TELEGEI

Home

Уақыт - заман ағыны. 3-том

Темірхан Медетбек

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Уақыт - заман ағыны. 3-том

Әйгілі ақын Темірхан Медетбектің өлеңдер топтамасына «Айтыс», «Жота басындағы домбыра», «Ордабасы», «Саған» өлеңдері енгізілген. «Айтыс», «Жота басындағы домбыра» өлеңдері тұғыры биік өнерге арналған болса, «Ордасы» өлеңі қым-қиғаш ұлт тарихындағы осы жердің айрықша орнын әспеттейді. «Саған» туын...

ҮШ ТОМДЫҚ ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ

(Туған әдебиет, уақыт және заман туралы ойлар) Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің үш томдық таңдамалы шығармаларына автордың ұзақ жылдардан бері талмай еткен еңбегінің ең үздіктері енгізіліп отыр.

БІРІНШІ БӨЛІМ

МЕНІҢ АБАЙЫМ

(Эссе)
«Всякий образованный руский должен иметь у себя всего Пушкина:
иначе он и не образованный и не русский»
В.Г.Белинский,

Полн. собр. соч., т. ІІ. М. 1958 г. стр. 384.

Менің Абайым! Әрине, бұл менің сөзім емес. Дәлірек айтсақ, сөз тіркесі менікі емес. Бұл сөздің төсегі, түп-төркіні сонау бір кезде М.Цветаеваның дуалы аузынан шыққан «Менің Пушкинімде» жатыр. Ол сөз – қазір қанатты сөз. Ал қанатты сөз – бәрімізге ортақ. Менің Абайым! Бұл сөз бәріміздің жүрегімізде жүрген, бәріміз айтуға тиісті сөз. Бұл сөздің мәні мен мағынасы менің бау-бақшам, менің машинам деп жалқы адамның атынан айтылар аса тар аядағы материалдық меншіктеп сөйлеумен ешуақта да қосылмақ емес. Бұл сөздің мәні мен мағынасы менің жерім, менің елім деп жалпы халықтың атынан айтылар аса кең аядағы рухани меншіктеп сөйлеумен сабақтас, салалас жатпақ. Сөз жоқ, менің жерім, менің елім, менің халқым дегенді рухани махаббат, рухани сүйіспеншілік қана тудыра алмақ. Адам – жерімен, елімен, халқымен ғана адам. Өйткені адамды адам ететін – сол жері, елі мен халқы. Олай болса, біздің рухани қалыптасуымызға, рухани түлеп, жаңғыруымызға, рухани баюымызға өлшеусіз әсер еткен, сарқылып, таусылу дегенді білмейтін рухани ресурстарымызды да менікі деп меншіктеуге хақымыз бар. Сол рухани ресурстарымыздың бірі және бірегейі, біз үшін, Абай шығармалары. Сондықтан да қазір менің Елім, менің Жерім, менің Халқым сияқты қастерлі сөздердің қатарында менің Абайым деген сөздің де орын ап, орнығуы заңды. Сондықтан да хат біліп, қара танитын адам Абайды оқымай, Абайды танып білмей өз халқының кешегі, бүгінгі рухани бет-ажарын танып білуі мүмкін емес. Біздің байқауымызша, Абайды оқу мен оны танып білу кезең-кезең, белес-белестерден тұрады. Яғни өміріңнің әр кезең бөлігінде кездескен сайын Абай – бұрынғыдан өзге, бұрынғыдан жаңа, бұрынғыдан биік, бұрынғыдан терең. Абайды оқу және оны өзіңше білу – қиын жол, ұзақ процесс. Бұл жерде танып білуді тек шартты түрде ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, Абайды тұтастай танып білу ешкімнің пешенесіне жазылған емес. Ол – жұмбақ. Бірақ әр адам Абайды өзінше ашып, өзінше танып білуге міндетті. Сонымен бірге біз бұл жерде «өзінше» деген сөздің астын тектен тек сызып отырған жоқпыз. Абайды тек хрестоматиялық қасаң аяда немесе ғылыми-зерттеулер аясында ғана түсіну – ол әлі «менің Абайым» бола алмайды. Бір өкінішті жайт, көп адам Абайды танып-білу, оны оқып үйрену – оның шығармаларын қайта-қайта оқи беру деп ұғады. Әрине, оны қайта-қайта оқу керек. Бірақ Абайды оқып үйренудің жалғыз тәсілі осы десек, қатты қателескеніміз. Өйткені мұндай жағдай бірсыдырғы оқумен Абайдың сиқыр әлеміне ешуақта да терең бойлай алмайсыз. Ондай тәсілге Абай алдыра бермейді. Абай әлемі – төл әдебиетіміз бен бүкіл әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінің алтын буымен дем алып тұрған, өзгеден өзге шаңырақ көтеріп тұрған әлем. Абай философиясы, Абай дүниетанымы сол кездегі әлем әдебиетінің ірі тұлғаларымен иық тірестіріп қатар тұр. Олай болса, ол тұңғиық әлемді түсінуге үлкен дайындық керек. Яғни Абай бүгінгі оқырман қауымнан үлкен ішкі мәдениетті, бір кезде өзі тәлім алған бүкіл әлемдік әдебиеттің мектебінен өтуді талап етеді. Сондықтан да Абайды әрбір оқырман өз бетімен бүкіл­әлемдік әдебиеттің контексінде танып білуі, оқып үйренуі керек. Өйткені Абай сөздерін құр жадағай жадыңа сақтап, жаттап алумен оны танып-білу мүмкін емес. Абай сөздерін ең әуелі, жадыңда емес, жаныңа, қаныңа сіңіруің керек! Сонда ғана оны біз «Менің Абайым» деп айтуға хақылымыз. Абай ұлылығын, Абай сөздерін түсіндіріп-талдайтын бағдарлап-бағамдайтын талай-талай кесек-кесек дүниелер жазылды. Әлі де жазыла бермек. Өйткені Абай әлемі табиғаттың өзіндей тылсым. Ол сәт сайын жаңғырып, түлеп, сәт сайын қозғалысқа түсіп, сәт сайын жан-жағына сәуле жамыратып тұрған әлем. Сол құпия тылсым дүниенің стихиялы қозғалысына үңілу, оны бақылау – Абайды ғана емес, өзіңді де өзіңше ашу болып табылады. Ұлылықтың ұлылығын анықтап беретін әлі алгебралық формула туған жоқ. Тумақ та емес. Солай бола тұра, ұлылық тудырған дүниеге өз қатынасыңды, ол туралы өз таным білігіңді айту, ортаға салу – азаматтық борышың. Біз үшін Абай ұлылығы – өзі өмір сүрген ортаның ой мен сана деңгейін, әлеуметтік терең қайшылықтарын, психологиялық атмосферасын, шынжыр балақ, шұбар төс озбырлығы мен өктемдігін, көзіне жас, жүрегіне шер ұялаған қалың қазақ халқының мұңы мен зарын тереңге сүңгіп көруінде немесе соның бәрін тереңнен алып кеп саған көрсетуінде ғана емес, сол тереңге өзімен бірге сені де сүңгітіп көрсетуінде! Яғни Абай өз шығармалары арқылы өзі өмір сүрген қоғамның қайшылыққа толы тіршілік қарекетін тереңнен сүзіп, өзі ғана сұңғыла зерттеуден өткізіп қоймайды, сол қоғамның қайшылыққа толы тіршілік қарекетін өзімен бірге саған да зерттеткізеді. Абай талантының ең басты тегеуріні осында жатса керек! Сонымен бірге, Абай өлеңдерінің қай-қайсысы да бізге сол заманның белгілі бір тарихи фактсын емес, ең бастысы, сол заманның тарихи факторын ашып көрсетеді. Сөйтіп, ол біздің белгілі бір кезеңдегі реалистік тарихымызды дүниеге келтірді. Рас, Абайға дейінгі әдебиетімізде белгілі бір қоғамның белгілі бір тарихи фактысын көрсететін дүниелер бар болатын. Бірақ олардың қай-қайсысы да ол қоғамның тарихи қозғаушы күшін, яғни тарихи факторын көрсетіп бере алған емес. Ол тек Абайдың қолынан келді. Тұтас бір халықтың белгілі бір кезеңдегі рухани тарихын дүниеге келтіру үшін орасан зор талант, жіті көз, зерек зердемен бірге, шалқар білім керек. Өйткені тұтас бір халық басынан кешіріп отырған қоғамның терең әлеуметтік қайшылықтары мен оны тудырып отырған қозғаушы күшті тек бір халықтың тарихи даму аясында ашып көрсету мүмкін емес. Ол тек адамзат тарихының рухани тәжірибелері негізінде зерттеліп, қарастырылғанда ғана мүмкін бола алады. Ойдан ой туады. Абайдың аса зор білімдарлығын сөз еткенде, көбіне-көп оны біз өзіміздің төл әдебиетімізден, Шығыс, әсіресе Батыс әдебиетінен молынан үйренген деп жатамыз. Үйренуін үйренген. Дегенмен, үйренген деген сөз Абай білімдарлығына өлшем бола алмайды. Абай білімдарлығының қуаттылығы сонда, оның өз ұлттық әдебиеті мен Шығыс және Батыс әдебиетінің бай мұраларын бойына әбден сіңіріп, оларды өз жүрегінде қайта қорытып, игеріп, меңгергенінде. Бүкіл әдебиеттің алып тұлғалары сияқты, Абайдың да соны қасиеттерінің бірі – қазақ даласының сонау қалтарыс түкпірінде Шыңстау баурайында тұрып-ақ, біздің бүгінгі әдебиетіміздің қадау-қадау проблемаларына – бейнебір өзің аш та, өзің ұғын дегендей – сырын тереңге жасырып-жауап беріп кеткендігінде. Бүгінгі таңда өсемін, өркендеймін деген жер бетіндегі әдебиет атаулының бәрі-бәрі үшін мәңгілік проблема­лардың бірі, сөз жоқ, аударма екенін жақсы білеміз. Осы бір таусылып, тамамдалмайтын проблеманың түйінін шешуге атсалыссақ болды, алдымен Абай есімін ауызға аламыз. Бұл мәселеде де әлгінде айтып өткеніміздей, Абайдың сырын тереңге жасырған жауабы әзір. Әрине, ол сыр мен мұндалап айқайлап тұрған жоқ. Олай болса, сырын тереңге жасырған сол жауаптан біз де сыр тартып көрейікші. Бұл тұрғыда, ең алдымен, бізді қатты ойландыратын мәселе – аударма саласындағы Абайдың тәжірибесін анықтап беру ниетінен туған тұжырым-пікірлердің әбден басы ашық, атамзаманнан белгілі аксиомадан бетер біреуден екіншіге, екіншіден үшіншіге... ешқандай кедергі-тосқауылсыз, сынаптай көшіп отыратындығы. Мәселен, Абай аудармасын сөз еткенде, көбіне біз, Абайдың құдіреттілігі сонда – ол Пушкин мен Лермонтовты қазақ тілінде Пушкинше, Лермонтовша сөйлетті деп, не айтып, не жазып жататынымыз бар. Міне, осы қате пікір, қате тұжырым. Өйткені ешуақта да Пушкин мен Лермонтов қазақ тілінде Пушкинше, Лермонтовша сөйлеген жоқ, сөйлемек те емес. Абай да оларды қазақ тілінде Пушкинше, Лермонтовша сөйлетуді мақсат тұтпаған. Абай Пушкин мен Лермонтовты қазақ тілінде тек Абайша сөйлетті. Абайша! Ал әлгіндей қате пікір, қате тұжырым, қате түсінік тонды теріс қаратып киіп алғанмен бірдей әсер қалдырады. Өйткені әрбір творчестволық тұлға – жеке бітім, жеке болмыс. Оның айналадағы құбылысты көріп, қабылдауы да, оны қорытып қағазға түсіруі де жұмбақ процесс. Оны сол творчестволық тұлғаның өзі де бүге шігесіне дейін түсіндіріп айтып бере алмайды. Творчестволық тұлғаның осындай жұмбақ қасиетінен бейхабар немесе өзінің не айтып отырғанына мән бере бермейтін адам тағы да Абайдың Пушкин мен Лермонтовты сәтті аударғанының себебін, өлеңге арқау болған белгілі құбылысты немесе материалды сол Пушкин мен Лермонтов көзімен көре алмайды. Оған таланттың табиғи ерекшелігі мүмкіндік бермейді. Ол тек өзінің көзімен ғана көре алады. Өйткені ол Пушкин мен Лермонтов өлеңдеріндегі бүкіл поэтикалық әлемді Пушкин мен Лермонтовша емес, өзінше түсініп қабылдаған. Ондай ірі тұлғаларды былай қойғанда, қарапайым оқырманның өзінің әр өлеңге қатысты пікірі әрқилы болып келмейтін бе еді? Егер мұндай қате тұжырым, асығыс қорытындылардың іске тигізер зияны болмаса, ауызға да алмай-ақ қояр ек. Амал не, зияны шаш етектен. Өйткені осындай қате тұжырыммен мұп-мұздай болып қаруланып алған аудармашы Абайды орыс тілінде Абайша немесе Пушкин мен Лермонтовты қазақ тілінде Пушкин мен Лермонтовша сөйлетіп беремін деп, алаөкпе болып, әлекке түсіп, тыраштанып бағады. Ондайлар, Егер Пушкин мен Лермонтов тіріліп келіп, Абайдың бір өлеңін қатар отыра қап аударса, Пушкиннің аудармасы Пушкинше, Лермонтовтың аудармасы Лермонтовша болып шығатынына мән бере бермейді. Содан барып, қате тұжырым, қате түсініктің салдарынан, кейбіреулер аударылған шығармадан аудармашының қолтаңбасын емес, түпнұсқа авторының қолтаңбасын талап етіп, өзін де, өзгені де әуреге салып, дабыл қағып, айқай көтеріп жатады. Аудармашы да – творчестволық дербес тұлға! Әңгіме бұл жерде тек талантты аудармашы жайында ғана болып отыр. Оның да өзіндік творчестволық бет-бағдары, өзіндік дүниетанымы бар. Ол айналадағы құбылысты тек өзінше ғана қабылдар қасиетке ие! Олай болса, аудармашы қолтаңбасын жоққа шығарам деу бос әңгіме, бос даурығу! Талант тегеуріні мықты аудармашының қолтаңбасы неғұрлым ажарлы, айқын болса, аударылған дүние де соғұрлым ажарлы, соғұрлым айқын болып шықпақ. Мәселен, Шекспирді орыс тіліне аударған Б.Пастернак, М.Лозинскийлерді алыңыз. Болмаса, сол Шекспирді орыс тілі арқылы қазақ тіліне аударған М.Әуезов, Х.Ерғалиев, Ә.Кекілбаевтарды қараңыз. Әрқайсысы жеке-дара қолтаңбаға ие ғой. Пастернак Пастернакша, Лозинский Лозинскийше, Әуезов Әуезовше, Ерғалиев Ерғалиевше, Кекілбаев Кекілбаевша аударған. Бірімен екіншісін шатыстырмайсыз. Сондықтан біз аударылған дүниеден түпнұсқа авторының қолтаңбасын іздеп жатпай, түпнұсқа авторының айтар ойын, идеясын, көтерген мәселесін, рухын аудармашы қалай түсінген, оны қандай деңгейде игерген деп сөз бастағанымыз абзал. Ал деңгей дегеніңіз әртүрлі болады. Сондықтан талантты дүниелерді тек қана таланттылар аударулары керек. Ондайда талант табиғаты бір-бірімен жақын болып жатса, нұр үстіне нұр. Шығарманың сөзін ғана аударып, оның ішкі әсер қуатын, рухын көтере алмай, түпнұсқаның өзінде қалдырып кететін аудармашылардан сонда ғана құтыламыз. Нағыз шығарманың ойы, идеясы, рухы, ұлттық колориті сыртқы сөзінде емес, ішкі өмірінде, тынысында ғой. Сөз тек соларға қызметші ғана. Ал шығарманың ойын, идеясын, рухын, ұлттық колоритін тек талант қана көтеріп алып шыға алады. Ондай жерде жұрт ойлап тапқан толып жатқан кітаби әдіс-тәсілдеріңіздің бәрі әлсіз. Өйткені әдіс-тәсіл кітаби емес, табиғи болуы тиіс. Әрбір творчестволық тұлғаның өз әдіс-тәсілі бар. Аудармада арифметика да, алгебра да жоқ. Оны тек творчестволық интуиция, творчестволық дербестік қана шеше алады. Мәселен, Абайдың жұрттың бәрі жатқа білетін Гете – Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін алыңызшы. Бұл аударманы қандай әдіс-тәсілмен таңбалап бересіз? Сөзбе-сөз аударма дейсіз бе, аналитикалық аударма дейсіз бе, жоқ еркін аударма дейсіз бе? Осы бір сегіз-ақ жол өлеңде әлгі тәсілдердің бәрінің бедер-белгісі бар. Қараңыз:

Лермонтовта:
Горные вершины
спят во тьме ночной.
Абайда:

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап

Мұны қай тәсілге апарып «теліген жөн»? Әрине, еркін аударма деуге де, сөзбе сөз аударма деуге де келмейді. Бұл, сөз жоқ, дәл түпнұсқадағыдай емес, бірақ соған жақын келетін, адекватты аналитикалық аударма. Ал одан әрі ше?

Лермонтовта:
Тихие долины
Полны свежей мглой;
Абайда:

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.

Бұл ше? Мұнда сөзбе-сөз аударманы тіпті ауызға алудың қажеті жоқ. Әлігі аналитикалық аударманың да ауылы алыстап кетті. Сөз жоқ, еркін аударма! Тағы да оқиық:

Лермонтовта:
Не пылит дорога,
Не дрожат листы...
Подажди немного,

Отдахнешь и ты.
Абайда:
Шаң шығармас жол дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

Ал бұл жолдарда әлігі үш тәсілдің үшеуі де қабат қатысып тұр. Бірақ біреу тұрып, сөзбе-сөз аударма мен аналитикалық тәсілдері бар болса, бар шығар, ал бірақ бұл жолдарда еркін аударма тәсілін көріп тұрғаным жоқ деуі мүмкін. Рас, бір қарағанда Абай сөздері Лермонтов сөздерінен алшақ кетіп тұрған соңғы екі жолында Лермонтов ойын еркін игеріп, еркін тереңдетіп жіберіп отырған жоқ па? Сонымен, біздің айтпағымыз – қандай бір аударма болмасын, ол ешқандай кітаби әдіс-тәсілдермен шешімін таппайтындығы. Ол тек дербес таланттың дербес әдіс-тәсілдерімен ғана жүзеге аспақ. Өйткені аударма – сіздің ешқандай теорияңызға, сіздің қолдан жасалынған әдіс-тәсілдеріңізге бағынбайтын, қандай бір болмасын анықтамаларыңыздың құрсау құшағына сыймайтын творчество. Сондықтан да ол керек кезінде сөзбе-сөз аударма, аналитикалық аударма, еркін аударма тәсілдерінің қай-қайсысын да жеке-жеке жұмыс істеткізіп, керек кезінде үшеуінің басын бір жолдың айналасына тоқайластырып қоя алады. Абайдың аударма мектебі бізге осыны үйретеді. Аударма жөнінде осындай ұлы дәріс берген Абайдың өзінің орыс тіліне әлі күнгн дейін жөнді аударылмауы біз үшін ұлттық өкініш! Ал ол өкініштен оның шығармаларын творчестволық қолтаңбасы айқын, ажарлы, ірі ақындарға аудартсақ қана құтылуымыз мүмкін. Соңғы жылдары әсіресе тіл жөнінде кең көлемде келелі-келелі әңгімелердің өткені белгілі. Оның соңы Жазушылар одағы ұйымдастырған үлкен конференцияға келіп ұласты. Дәл осы тұста тіл мәселесі – ел ішінде жүрген өзіміз куә болғанымыздай – барлық жерде әңгіме болып жатты. Яғни ол аясынан асып, жалпыхалықтық мәнге ие болды. Осыны дер кезінде терең сезіне білген «Қазақ әдебиеті» газеті, «конференция өтті, енді бітті» деп, тіл жөніндегі әңгімеге есігін тарс жауып тастамауы құрмет тұтып, құптарлық іс. Өйткені тіл жөніндегі әңгіме ешуақта толастамақ емес. Өйткені тілдің тарихи дамуының делбесін мен ұстап отырмын деп ешкім де айта алмайды. Сондықтан ол туралы әдебиетіміздің арғы-бергі тәжірибесіне сүйене отырып, өз түсінігінше әңгіме қозғауға кім-кімнің болсын еркі бар деп ойлаймыз. Бұл жөнінде де ден қойып тыңдай алатын есті құлақ болса, Абай дәрісі мен тәлімі жетерлік. Абай қоғамдық ойды жеткізуде де, адам жанының терең қалтарыс түкпірлерін ашуда да қазақ тілінің тегеурінді қуат пен шексіз мүмкіндігін дәлелдеп берді. Өйткені Абай мауыты шапан, құндыз бөрік киген ақсүйек сөз де, қора-қопсы, қазан-ошақ басында қалып қойған құл-құтан сөз де жоқ деп білді. Ол бәріне бірдей қарап, бәрін тең праволы санады. Ол тек халық тілі бар деп білді. Ол тек халық тілін ғана қастерлеп, халық тілін ғана қасиет тұтты. Сонымен бірге, ол өз творчествосы арқылы халық тілі өзінің сонау көне топырағынан қоректене отырып, жаңалық болып жапырақ ашып, жаңғырып тұратынын да көрсетіп берді. Солай бола тұра, Абайдың осы ұлы тағылымын үстірт ұғынушылық, атүсті қабылдаушылық әлі күнге дейін шаң беріп қалады. Бір мысал. Егер тіл тазалығы әңгіме бола қалса, көбіміз-ақ Абайдыңы мына сөзін алға тартып, көлденеңдетіп шыға келетініміз бар:

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы.

Осындағы «бөтен сөзді» көп жұрт біртекті тар аяда түсінеді. Содан барып олар қора-қопсы, қазан-ошақ басындағы ұсақ тұрмыстық сөздердің де, өзге тілден ауысып көшіп келген жаңа сөздердің де өлең есігін ашуға құқысы жоқ деп біледі. Олар өлең сөзін әсем киінген әдемі сөздер деп ұғады. Сондықтан олар өлең ішінен тезек, көң сияқты сөздерді кездестіре қалса, мұрнын тыржитып, теріс қарап жиіркеніп, «трактор», «двигатель» деген жаңа сөздерден темір шыңылы мен темір шуылын естіп, құлағын басып, үркектеп бағады. Сол мінезімен қаншама азапты жолдан өтіп, жұрттың бәріне бірдей қызмет ету правосына ие болған тіл демократиясына тіл тигізіп, қол көтеріп отырғанымен олардың жұмысы да болмайды. Шындығында Абайдың «бөтен сөз» деп отырғаны әлгінде тұрмыстық та, өзге тілден кірген де сөздер емес, ол бұл жерде басы артық, орнын таппаған сөзді айтып отыр. Әйтпесе, Абайдың керек кезінде тұрмыстық сөзден де, орыс сөзінен кірген сөзден де қашпағанына оның бүкіл творчествосы куә.

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Осындағы «қи» деген сөзді кім «бөтен сөз» дей алар екен? Сол бір сөздің өзі-ақ сол заманның бүкіл әлеуметтік қайшылығын көрсетіп беруге қызмет етіп тұрған жоқ па?! Ал Абайдың орыс, араб, парсы сөздерін кеңінен қолданғанына бұл жерде мысал келтіріп жату артық. Ол жұрттың бәріне белгілі. Бірақ осындай белгілі, басы ашық нәрсенің өзін білсе де білмегенсігендер, көрсе де көрмегенсігендер баршылық. Ондайлар өлең гүл сияқты құлпырып, шыны құсап сыңғырлап тұру керек деп ойлайды. Біз, әрине, өлеңнің гүл сияқты құлпырып, шыны сияқты сыңғырлап тұрғанына қарсы емеспіз. Ондай өлеңдер болған, қазір де бар, бола береді де! Бірақ өлеңнің ең басты миссиясы ақиқатты айту екенін естен шығармауымыз жөн. Ал ақиқатты алтынмен аптап, күміспен күптеймін деп ақ тер, көк терге түсудің қажеті жоқ. Ақиқаттың аты-ақиқат. Ол ең бір»төмен етек» «төмен сортқа» жататын сөздермен-ақ жарқырап көрініп тұра алады. Ондай жерде әдемі сөз– әлеміш бояу. Мұндай өлең тілінің тазалығына өзінше күйіп-пісеіп оның жалғыз жанашыры боп қорғап жүретін «эстеттер« барлық кезде де, барлық әдебиетте де болған. Олар Пушкиннің тұсында өлеңге «құлақ«, «мұрын« деген сөздердің кіріп кеткенін жабайылық деп, ал Некрасовтың тұсында өлеңге «шалбар», «портфель» деген сөздердің енуін сорақылық деп бағалаған. Ондай «жанашырлар« біздің тұсымызда әсіресе неологизмдерге жаны қас. Өлеңге неологизм пайдаланатын ақындар тіл тазалығын сақтамаушылар, тілді былғап, бүлдірушілер болып жатады. Осы дұрыс па? Рас, бүгінгі кезеңде тіл тазалығы мәселесі бірініші кезекте тұр. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Табиғат экологиясы сияқты тіл экологиясы кезек күттірмейді. Оған бәріміз де қатысуымыз керек. Бірақ орнымен. Өйткені өлең өзі өмір сүріп отырған қоғамнан ешуақта да оқшау өмір сүре алмайды. Өйткені өлең қай уақта да өзі өмір сүріп отырған ортамен қандас, кіндіктес. Сондықтан ол бүгінгі ғылыми-тхникалық революция заманыда сол заман тілімен сөйлеуге хақылы. Ал оған қарсы шығу -өлең табиғатына қарыс шығу. Егер ғылыми-техникалық революция алып келген ұғым-түсініктерді таңбалайтын жаңа сөздерден «өлеңді« «тазалауға« кіріссек, онда ол бүкіл табиғи құрамынан айырылған, ішуге болмайтын, дәм-тұзы жоқ, дистиляция­ланған суға айналады. Мұны ескермеу-өрескел қателік.

Осы тұста да Абай өзінің бүкіл творчествосымен үлгі, өнеге.

Бұл жерде сөз реті келіп тұрғанда тағы бір тоқтала кететін мәселе бар. Тіл тазалығы әңгіме болғанда, көп жұрттың, әсіресе тілшілердің қатты шүйіліп, қатты тиісетін тағы бір «измі« бар. Ол – өз сөздерінде көбіне көп диалект сөздердің бір-ақ түріне, кәсіптік сөздерге ғана кеңшілік жасайды. Рас, шығарма кейіпкерлерінің диалогтарында диалект сөздерді пайдалануға да қарсы емес. Ал авторлық баяндаулардан диалекті сөздерді кездестірді ме, онда өре түрегелді. Неге олай? Мұны да біз творчествоның табиғатын жете түсінбеуден деп білеміз. Өйткені шығарма авторы өз шығармасының ішінде жүріп жатқан оқиғаға, психологиялық талас-тартысқа, кейіпкерлерінің жүріс-тұрысына сырттай бақылаушы, сырттай баға беруші емес. Соған тікелей белсенді араласушы. Олай болса, ол өз тілімен сөйлеспей тұра алмайды. Сөйлеспеді ме, онда сырт көзге көріне бермейтін автор мен кейіпкерлер арасындағы ішкі тін, ішкі байланыс үзіліп кетуі кәдік. Ал оның соңы жасандылыққа әкеліп соғуы сөзсіз. Оның үстіне, әдеби тіл жаңғырып, жаңарып, жаңа реңк-бояулармен байып тұруы керек дейтін болсақ, онда оны жаңғыртып, жаңартатын, жаңа реңк-бояулармен байытатын үлкен резервтердің бірі, сөз жоқ, диалектологизм. Ал ол резерв көздерін көміп тастаймын деу – тілдің тынысын тарылтып, тұншықтырам деумен бірдей. Кезінде Абай қолданған «бастау» сөзі /бұлақ/ белгілі бір аймақ қолданатын диалект сөз болатын. Ал енді қазір бастауды білмейтін қазақ бар ма?! Сондықтан оңтүстік қазақтары қолданатын ирониялық ренішпен айтылар нәйеті, батыс қазақтары қолданатын кең мінезге ие арқайын, шығыс қазақтары қолданатын аллегориялық астарға ие “ләуқи” сияқты сөздерден қашуға болмайды деп ойлаймыз. Рас, бұл сөздердің орнын ауыстыра алатын бізде синоним сөздер бар. Бірақ олардың ешқайсысы да бұл сөздердің өздеріне ғана тән реңк бояуын бере алмайды. Бұл сияқты сөздерге тілшілердің қояр кінәсі: оларды басқа аймақтың қазақтары түсінбейді-міс. Түсінеді! Контекст арқылы түсінеді. Ал шынында түсінбей бара жатса, түсіндіріп беру тілшілердің тікелей міндеті емес пе?!

Түсіндірсін!

Не болғанда да, диалекті сөздерден қашуға, оларды ана сөйлем ішінен де, мына сөйлем ішінен де ұстап алып, сенің орның бұл жер емес деп орынсыз «қуғын-сүргінге» ұшыратуға болмайды. Олай етпес бұрын, алдымен ойланып алған жөн. Ондай сәтте әлемдік әдебиеттің арғы-бергі тәжірибелеріне көз салып қарап алу да артық етпейді. Мәселен, бүкіл адамзат баласының алып рухани ескерткіштерінің бірінен саналатын Дантенің «Тәңірінің тәл­кегі» жергілікті бір диалектіде – тек Флоренция диалектісінде жазылған ғой. Ол кезде итальян диалектілерінің бір-бірінен айырмашылығы аса зор болған. Бұл жерде біреулер ол кезде Флоренция әдебиеті мен мәдение­тінің дамуы Италияның өзге жерлерімен салыстырғанда биік деңгейде болған, ал әдебиеті мен мәдениеті жоғары дамыған белгілі бір аймақтың өзге жерлерге әсері мен ықпалы тимей тұрмайды деуі мүмкін. Ол кезде Флоренция Италияның басқа жерлерінен жазуды ең соңынан қабыл­даған, мәдениеті кешең қалған қала көрінеді. Флоренция мәдениетінің гүлдену кезеңі одан кейінірек басталған. Сонау тарих қиырында ғана емес, осы қазір де мұндай фактілер жетерлік. Испанияның бірқатар ақындары әлі де өз шығармаларын жергілікті диалектімен жазатынын «Иностранная литература» журналынан оқып жүрген жоқпыз ба?! Тіпті, осы қазірдің өзінде іргеміздегі Грузияда тек өз аймағының диалектісінде жазылған жеке өлең кітаптары пайда бола бастады. Бұл құбылыстар еріккендіктен немесе ол елдердің ақын-жазушыларының өзінің әдеби тілін білмегендіктен туып жатқан құбылыстар емес шығар. Ал француздардың ақын-жазушылары өз елінің алыс бір қиыр мекенінен бір диалект сөз тауып алса, алтын тауып алғандай қуанатын көрінеді. Ал біз болсақ, сөйлем ішіне анда-санда кіріп кеткен диалект сөздерімізбен алысып әуреміз. Олардың ең болмаса мүйізі сонадайдан сорайып көрініп, тұтас тіл тазалығына көлеңкесін түсіріп тұрса екен. Біздің тіліміздегі диалектілер өзге көптеген тілдермен салыстырғанда көп емес екенін тілшілеріміздің өздері де мойындайды. Мойындай тұра, күреседі.

Парадокс.

Қайта, біздер диалект сөздердің әдеби тілімізге жүйелі түрде енуіне, олардың орнығып, қалыптасуына шын мәніндегі қамқоры, жанашыры болуымыз керек емес пе?! Жалпы, бұл жерде біздің айтарымыз: ақын-жазушылардан тұрмыстық сөздерді, неологизм сөздерді, диалекті сөздерді, жалпы тілді Абай сияқты творчестволықпен пайдалана білуді талап еткеніміз дұрыс. Егер ол сөздер контексте белгілі бір қызмет атқарып, жүк көтеріп тұрса, онда бұрап сындырып, жұлып алып тастаймын деудің, біздіңше, қажеті жоқ. Сондықтан ол сөздерге ешқандай дәлел-дәйексіз, әйтеуір әдеби тіл нормалары заңдылықтары атынан сөйлеген болып, «крест жорығын« ашуға болмайды. Біз тілді жаңғырып, жасарып тұратын жанды процесс десек, онда тіл нормаларының заңдылықтары да жетіліп, өсіп-өркендеп, жаңа өріске шығып отыруы тиіс емес пе?! Ал осыны ескермей, тіл нормалары заңдылықтарының заңды дамуына тұсау салып, оларды «жасанды тоңазытқышта« қатырып ұстаймын деудің реті жоқ Сондықтан қайталап айтамыз: ақын -жазушылардан тілді Абай сияқты творчестволықпен пайдалана білуді талап етейік. Ал творчествоның ең басты қасиеті-- батылдық. Сонда ғана ол творчество.

* * *
Ұлы Абай сабағы бізді кең өріс, жаңа белестерге бастайды.

Оның шығармаларын қайталап оқыған сайын өзің рухани толыса түсумен бірге, туған әдебиетіңнің де бүгінгі тынысына тереңірек үңіліп, оның келешек көкжиегінің алыс қиырына қадала көз саласың. Өйткені Абайдың мың тәлімі бар. Бүгін біз бұл мақаламызда Абайдың сол мың қырлы мың тәлімінің бірер тәлімін ғана өзімізше түсініп, әңгіме еттік.

ӘР ӨЛЕҢІ – БІР ӘЛЕМ

Абайдың жалғыз-ақ өлеңі. Және, ол қандай!.. Тағы да, ол – көбірек ауызға алынатын «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» емес, одан сәл ертерек жазылған «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек». Бір өлең – бір әлем. Абайдың бар өлеңіне де осы сөзді айтуға болады. Тағы да, олар тек Абай сүрген кезең келбетін ғана емес, жұмыр басты пенденің бәрі өмір сүрген, өмір сүріп жатқан, өмір сүре беретін бар кезеңнің келбетін көрсете алады. Бейне бір Абай Алланың қалауымен адамзат өмір сүрген, сүріп жатқан, болашақта өмір сүретін барлық кезеңде де тіршілік етіп, ғұмыр кешіп келе жатқандай. Ол өз өлеңі арқылы сенің ішіңде көміліп жатқан қасіретті ашады, шеріңді тарқатады. Сол өлең арқылы өзің өмір сүріп жатқан заман мен уақытқа үңілесің. Таң қаларлығы сол, сонау федолизм дәуірінде өмір сүрген Абай сөздері арқылы осы заман мен уақытты танисыз. Мұны қалай құдірет демессің?! Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз Абайдың жалғыз-ақ өлеңі арқылы өзімізге, бүгінгі өмірге үңілу болатын. Ол ойымыз қаншалықты орындалды, оған сарапшы – оқырманның өзі...

І

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Міне, өзімен де, өзгемен де алыса-алыса қу пенденің өзегі толып, өзені тартылды. Шау тартты. Тәні үзілмегенмен, Тірлігі сола бастады. Оның жан дүниесін пәнидің алдамшы демінен гөрі, бақидың сабырлы лебі көбірек шарпитын болды. Күні кеше ғана өзі де қақ ортасында жүрген, қысқа күнде қырық құбылып тұрған мына өмірден ол, одан өмір сырт тартты. Тоң болып суыды. Бір кезде жолбарыс болып жағаласып, арыстан болып арпалысқан бұл өмірді енді ол пайымдап бақылаушы, қамығып қадағалаушы болып қана қалды. Сөйтсе, өзі ортасында жүргенде өмірдің де, өзінің де соншалықты парықсыз, соншалықты дәйексіз екенін байқамапты. Ол өкініш те жанының бір пұшпағын жегі құрт боп жеп жатыр... Жұртымды түзеймін, оны ел қатарына қосамын деп басын тауға да, тасқа да ұрды. Соның жолында санасын сарқып, қажыр-қайратын сарп етті. Бірақ содан не шықты? Ел қатарына қосылды ма? Осыны ойласа-ақ, омыртқасы омырылып, қабырғасы қақырап сөгіліп бара жатады. Қайғырып, ашуға бойын алдырады. Ол ашу – ет пен терінің арасындағы қызыл жел ашу емес, ол ашу күйзеліс пен күйіктің көз жасы тамған ашу. Ол ашу – уға айналған ашу. У болғанда да – көктемгі жыланның тіліндегідей ашыған у. Ол у, міне, өзінің қанына құйылып, жанына жайылып барады. Енді ол өлсе, сол ашынған ашудан, ашыған удан өледі. Елі үшін еңірей-еңірей, жұрты үшін жылай-жылай күйік пен күйзеліске түсіп, сол күйік пен күйзелістің көз жасы ашытқан удан дертті болған жанның ойы кермек болмай, қандай болушы еді?! Әрине, ондай жан мұңдасарға кісісі жоқ мұңлыққа айналары сөзсіз. Теңіздей толқып аласұрған, бұлттай көшіп жөңкіліп бара жатқан мына өмірден ат құйрығын кесіскен ол жан, енді бақсының моласындай жалғыз...

ІІ

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Сөз ұғарлық жан мен мұңдасарға кісі таба алмай тірліктен шерлі болған ол енді пәни мен бақи туралы ұзақ-ұзақ ойға шоматын болды. Сөйтсе, мына өмірдің бәрі көшпелі, бәрі өткінші екен ғой. Мәңгілік ештеңе жоқ екен ғой. Қайратымен қара тасты қақ айырып, жалынымен жер дүниені шарпып жіберердей болып жүрген бір кездегі жастық шақтың да күні өтіп, көзі сығырайып, белі бүгіліп қалыпты. Оның орнын шашағы желкілдеп, жапырағы жайылған мүлде жаңа ұрпақ басыпты. Жоқ туады, туған өледі! Дүниенің бүкіл болмыс-бітімі, жаратылыс-құрылымы осы ұғымның құдірет күшіне бағынышты. Мәңгілік ештеңе жоқ! Бір кезде қарасаң, от басы, ошақ қасының ғана қамын ойлап, бүгежектеген бейшара, енді бір кезде қарасаң, бұл өмір ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда деп, көкірегіне нан піскен пенде түгілі, аспан астын астан-кестен етіп долданып жатқан ұшы-қиырсыз көк теңізіңіз де, көкжиекті түгел көмкеріп, мұнартып жатқан алып тауларыңыз да – бәрі-бәрі, егер олардың туғаны жаратылғаны рас болатын болса, өледі. Иә, иә, диалектиканың заңы солай: туған – өледі, жоқ – туады. Өткен қайтып оралмақ емес, өшіп, күлге айналған – қайта жанбақ емес, өлген қайта тірілмек емес. Бірақ солай бола тұра, басқан ізің, сөйлеген сөзің, істеген ісің соңыңда қалады деп жататыны қалай? Оған илануға, көңіл тоғайтуға бола ма? Әбден мүмкін. Тек ол үшін, басқан ізің ертең жұрт жүретін соқпаққа, сөйлеген сөзің ертең жұрттың жүрегінде жанып тұратын шыраққа, істеген ісің ертең жұрттың жанын жадыратар қуанышқа ие болуы тиіс...

ІІІ

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек өздігінен көпке көнбек.

Бұл төрткүл дүние о бастағы жаратылысы кереғар әрекеттер мен қиғаш пікірлерден тұратыны рас болатын болса, онда ол кереғар әрекеттер мен қиғаш пікірлер, қалай да, ауық-ауық аласапыран құбылыстардың алдаспаны болып, күндердің күнінде елің мен жеріңнің үстіне қатер төндіретін алмағайып заманның кіндігін кесері хақ. Ондай кезде лап ете қалған сезімнің жетегінде кетпей, қайта, өртке ұмтылған сол сезімнің шалғайынан тартып, қолынан ұстап қалатын сабырлы ақылға ер! Өйткені ердің сойы ғана ақыл соңынан ермек, елін шын сүйген ер ғана бойын ақылға жеңдірмек. Бойды сезімге жеңдіру, түптің түбінде, ұшқарлыққа ұрындырып, көз шығарып, бас жардыратын ұр да жыққа ұластырып жіберуі қандай кәдік болса, бойды ақылға жеңдіру елді қатердің қара шоқпарынан, қауіптің қанды қақпанынан аман алып шығуы сондай мүмкін. Ел басқару да ерлік іс. Ол да өнер. Ел басқарудың да өзінің ою-өрнегі, үйлесім, жарасымы болады. Кереғар әрекеттердің қыбын, қиғаш пікірлердің ебін таба білуің керек. Тек, құдайым, ел тізгіні содыр-шодырлардың, өнерсіздердің қолына түсіп кетпесін деңіз. Егер солай болды ма, онда ел ішінен сойқан, ел төбесінен сойыл кетпейді. Әрине, ел боламын деген ел, таңертеңнен кешке дейін аузын ашып, көзін жұмып, ел басқаратын ердің ғана сөзіне ұйып отыра бермей, өзі де заманмен пәтуаға келіп, уақытпен тіл табысып, солармен әрекетке түсуі ләзім. «Көппен көрген ұлы той» деген жақсы. Бірақ оның да өз орны бар. Елмен бірге қауіпті көтеріп ал, бірақ қалған өмірде өзіңше ойлай біл. Өзіңше әрекет ет. Олай етпедің бе, онда сен көп тобырдың бірісің. Өзгеден өзгеше шыға ойлау ғана, шығандап әрекет ету ғана, өзіңнің ғана емес, еліңнің де еңсесін көтермек. Өз ойың, өз әрекетің жоқ па, онда сен мойнын ішіне тыққан именшек сорлысың, табанда иленіп қалған езсің!..

ІV

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Өзіңнің де, еліңнің де көсегесін көгертіп, мерейін асырам десең, еңбек ет! Қуатыңды сарқы, теріңді төк! Бұл – ежелден айтылып келе жатқан аксиома. Мұны жұрттың бәрі біледі. Бірақ тырбанып, тырмаланғанның бәрі еңбек, оның бәрі адал ма? Ол еткен еңбегің бүгінгі еліңнің алдында ұялтып, ертеңгі ұрпағыңның алдында қызартпай ма?! Көк айдын көліңді шалшыққа, көкорай жеріңді тулаққа айналдырып жіберетін еңбек те еңбек болып атала ма? Аталғанда да, ол адал еңбек бола ма? Не болғанда да, елін алдап, жерін жалдаған еңбек – еңбек бола алмас. Еткен еңбек отбасыңның ғана емес, ел дастарқанының берекесі, ел қазанының құты. Оны арамдап алма! Арам тірліктен отбасының ғана емес, ел дастарханының да берекесі кетіп, ел қазанының да құты қашады. Ұрлықтың түбі – қорлық, қулықтың құйрығы – бір тұтам, дүние жиып, дәулет баққың келді ме, онда сен, түптің түбінде, оның зауалын, тартпақсың. Өзің тартпасаң, ұрпағың тар­тады. Соны ұмытпа! Әруақтардың үрейін сыйла, ұрпақ­тардың наласынан қаймық, құдайдың қаһарынан қорық!

V

Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?!

Біз күні кешеге дейін өмірдің қарапайым ғана пәлсапасынан қаншалықты алшақ өмір сүріп келгенбіз. Жер басып жүрген жұмыр басты пенденің бәрі, яғни бүкіл адамзат баласы тірлік етуді дәулет деп біліп жатқанда, біз дәулетті тұрғанды мүйіздеп, дәулет іздегенді сұқ саусағымызды шошайтып кінәлап келген жоқпыз ба? Сол шошайған сұқ саусағымыз қаншама көзді шығарып, қаншама көкіректі тесті?! Қаншама жан дәулетімізбен бірге мал дәулетіміз сол қарғыс атқыр сұқ саусақтың ұшында кетті. Қандай бір ғұлама адамыңыз да өмірдің бүкіл сұрағына жауап бере алмайды. Ол қаншама Алланың аузынан, пай­ғам­бардың белінен түскен жан болса да, өмірдің қал­тарыс түкпір-түкпірінде болып жатқан құбылыстардың бәріне ақы­лы жете бермейді. Ол жан қаншама ақылды болса да, ел­ден ақылды емес. Сондықтан шын ақылды ғана елді кө­бірек тыңдайды. Ақымақ елді емес, өзін тыңдайды. Ақымақ қана елге менің ақылыммен жүр деп күш көрсетеді. Ал шын ақылды елден ақыл жинайды. Сол жинаған ақылды санасы мен жан-жүрегінде қорытып, елдің өзіне қайтарып береді. Амал не, тауып жатқан не ақылы, не малы жоқ, кеше ауыл кезген, бүгін көше тоздырған, не істеп жатқан ісі, не істеп жатқан қарекеті жоқ, елтең-селтең жандар қаншама?! Кеше олардың аңдығаны садақа беретін ауыл мен түтіні қою шығатын үй болса, енді бүгін олардың аңдитыны – арақ пен шарап сататын дүкен. Олар кеше бір ауылдың әңгімесін екінші ауылға тасып, бір ауылды екінші ауылмен атыстырып-шабыстырып қойса, олар бүгін арақ пен шарапқа бойын алдырып, былғаныш сөз бен былғаныш әңгіменің батпағына белшесінен батып жатыр. Қандай жиіркенішті, қандай қорлық!

VІ

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Әсілі, елдің басын қоспайтын, оның іргесін сөгетін, тіпті, керек десеңіз, жұлынына құрт боп түсіп, ғұмырын қылқадан қиятын, сөйтіп, түбіне жететін бір бәле болса, ол – надандық. Қара надандық. Надандық қана дұрысты бұрыс дейді. Надандық қана асылды тани алмайды. Асылды тану үшін ақыл болу керек. Надандық бар жерде сөгілген тігілмейді, жыртылған жамалмайды. Қайта, ол елеусіз ғана сетінеген жерді одан сайын қақыратып, елеусіз ғана тесікті одан сайын үңірейтіп тастайды. Өз қолымен өз абыройын ашады. Надандық бар жерде ұйыған іріп, көгерген көктей солады. Ал бір надандық басқа надандықтармен тізе қосса, онда ол қара дүлей, жабайы күшке айналады. Онда ол жолындағысын жапырып, қолындағысын опырып жібереді. Надандықтың бойына мәуелі ақылдың ұрығын егу өте қиын шаруа. Ол ұзақ уақытты керек етеді. Ал оның бойына арам ақылды егу оп-оңпй. Ол азған жерге алабұта егумен бірдей. Бір жылдың ішінде-ақ кісі жүргізбейтіндей ну болып өсіп шығады. Сондықтан да надандық, қай уақытта көрсең де, арам ой, жат пиғылдың не қолшоқпары, не қолжаулығы болып жүреді. Оның көбіне-көп, басқаны былай қойғанда, өз ұлтының жағасына жармасып, өз ұлтына қол көтеріп жататыны содан. Сонымен бірге, надандықтың бір тамыры аңғалдықта жатыр. Ал аңғалдық дегеніміз – піспеген балаң сана, жетілмеген балаң әрекет. Әдетте, балаң сана таңдайды қуырып жіберетін кермек дәмді рас сөзден гөрі, таңдайды үйіріп жіберетін ертегі сөзге тез ұйыйды. Әттеген-ай, ертегі сөзге есіміз кеткенше еліге-еліге қаншама жан қаншама жылдар бойы адасып келді, қаншасы әлі адасып жүр! Ал қаншамыз шынға сенбей, жоққа сеніп, иектегеннің иегінде, қақпалағанның қапталында жүрміз десеңізші!..

VІІ

Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек,
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Қызылды-жасылды әлеміш сөздің сыңғырына есі кеткенше елігіп, оның тіл үйіретін дәміне бойын тез алдыратын балаң сана үшін көпті көрген көне қарияның да, дүниенің ұңғыл-шұңғылынан ілім жинаған білімдінің де сөзі тым ауыр. Өйткені көне көз қарияның сөзі өмірдің ошағында қорытылып, білімдінің сөзі ғасырлар қазанында қайнаған. Ол қорғасындай салмақты сөздер. Ол сөздерді көтеріп кету үшін ыстық ықылас, жанкешті ынта, салауатты түйсік, табанды төзім керек. Оларсыз ол қорғасындай ауыр сөздерді көтеріп кету мүмкін емес. Ал қорғасындай ауыр сөздерді көтерем деп, жанын кім қинап жатсын? Кім басын ауыртып, кім балтырын сыздатсын? Одан да, басын да ауыртпайтын, балтырын да сыздатпайтын, тәттісімен таңдайды тамсандырып, сылдырмағымен құлақты алған не арам, не ертегі сөздің жетегінде кету әлдеқайда жеңіл. Тағы да ондай құтсыз, қысыр сөздерге қай кезең, қай заман да қысыр болмаған. Ондай сөздерге қай заман, қай кезең де құрсағы шермиіп, желіні жер сызып, буаз боп келген. Ертегі сөзге ойын, арам сөзге бойын алдырған да бір – апиын ішкен де бір. Ал апиын ішкен жанда ақыл-ес болушы ма еді?! Апиын ішкен адам – құдайдың емес, жануарлық ындынның құлы. Ал жануарлық ындын иесі, әдетте, қорқау аранын ғана тойдыруды ойлайды...

VІІІ

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы өз бойында,
Наданның сүйгені көп пен дүрмек.

Зорлық-зомбылықтың зобалаңы мен қиянат-кісә­пірліктің ойранынан түте-түтесі шығып, ту-талақай болып жатқан дүниенің оңы мен солын бағдарлап, ағы мен қарасын безбендеу үшін қаншама пайым, қаншама ғұлама парасат керек?! Егер зорлық пен зомбылықтың, қиянат пен кісәпірліктің тінін қалдырмай санап, түгін қалдырмай салмақтап, бар қимыл, бар әрекетті ойдың елегінен, сананың саңлауынан өткізіп сараптайтын, қара қылды қақ жарып сөйлей алатын сарабдал ақыл сөз алып, болып жатқан құбылыстардың нарқы мен парқын айтпаса, оларға баға бермесе, онда бұл өмірдің баяғыда-ақ құны түсіп, құты қашып, құрыған болар еді. Қандай болмасын қаскөйліктен, қандай болмасын қатыгездіктен қаймықпай, қамшысын алдына тастап айта алатын әділдік бар кезде ғана өмір-өмір, адам адам болып қала алмақ. Онсыз өмір мәнінен, адам әрінен айрылады. Онсыз өмір күлталқан болып күйрейді!

Ақылдының сүйенері әділдік болса, наданның сүйенері – тобыр мен дүрмек. Әділдік жалғыз, тобыр мен дүрмек көп. Әділдіктің көбіне-көп тобыр мен дүрмектің аяғының астында жаншылып қала беретіні содан...

ІХ

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Күні кеше ғана қасіреттен ел күрсініп, қатыгездіктен жер түршігіп жатқан заман келгенде ат үстінен ел тізгінін ұстаған көп-көп азаматтарымыздың табанының бүрі жоқ тайғақ, сөздерінің тірегі жоқ жалтақ екенін ағып түскір қу көзіміз көре қалды. Әншейінде, ел алдына шыққанда, оқтау жұтқандай болып оқшырайып қарайтын немелер, сол бір аласапыран тұстарда соншалықты бейшара күйге түсіп, соншалықты аласарып, құр сұлбаға айналып кетті. Көш бастайтын көсем деп жүргеніміз өз еліне күл шашатын көсеу, жұртты соңына ертетін серке деп жүргеніміз дұшпанның аяғын жалайтын сүмелек болып шықты. Ең сұмдығы, олар қарақан басының қамы үшін өз халқының үстіне май құйып, отқа тастауға да даяр екен. Өкінішке орай, ондаған жылдар бойы, көп ретте, елді жалаулары емес, елді әлдекімдердің қолжаулықтары басқарып келіпті. Ел басына күн туғанда, ұзақ жылдар бойы әркімнің тершіген мойынын, былғанған қолын сүрткен ол қолжаулықтардың қолқа қабатын исінің мүңкіп кеткені рас. Сөйтсек, ол оқшырайған немелер кезінде биік-биік лауазымды орындарға елдің қамын жеп, елдің сөзін сөйлеймін деп емес, елді айтқаныма көндірем, айдауыма жүргізем деп келген екен. Олардың көбі-ақ ел басқару дегенді шайқап төгіп, сапырып ішу деп ойлапты. Лауазымды орындарға олар алысты жақын етер кісілікпен емес, жақыннан жат санар кісәпірлікпен ие болған екен.

Х

Ел бұзылса, табады шайтан ермек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп, шайтанға болар көмек.

Өзің ортасында жүрген, астан-кестен болып жатқан мына заманның арсы-күрсі демінен ымы қай тұста, жымы қай жақта екені белгісіз небір түлкі бұлаң саясаттар мен түрі бөлек, түсі жат небір құйтырқы құбылыстар пайда бола бастады. Қазір сол әзәзілдік жасап жүрген түлкі бұлаң саясаттар мен құйтырқы құбылыстардың құйынын кіргізіп алған елдерде қан төгіліп, қасірет болып жатыр. Дәл қазір қазақ үшін де, елдің елдігі сыналатын кезең келіп тұр. Әлдеқайда топ пен тобырларға еріп, солардың сойылын соғамыз деп жүріп, өз шаңырағымызды өзіміз ортаға түсіріп аламыз ба деген қауып те жоқ емес. Қандай қадірлі топ болса да, топтың аты – топ. Ол топтың қайсысы болмасын, сөз жоқ, күндердің күнінде, байқамай болса да, шайтандық құйтырқылыққа еріп, өзінің бәсекелес тобына тас лақтырары хақ. Ал ол лақтырылған тас, ең алдымен, ынтымақтың іргесіне, бірліктің уығына тиеді! Ол тас, ең алдымен пәтуаның терезесін сындырады! Содан кейін-ақ келіскен кетіседі, бітіскен бүлінеді. Қазақ үшін топ пен тобырға бөліну аса қатерлі. Біреулер өркениетті әртүрлі саяси ағымдар бар ғой, олардың несі кетіп жатыр деуі мүмкін! Олар өркениетті елдер ғой. Біздің санамыз ондай деңгейге көтерілген жоқ. Олар ешуақта да саяси ағымдарды ұлтының мүддесінен жоғары қоймайды. Ал біз күні кешеге дейін белгілі бір идеология мүддесін ұлт мүддесінен жоғары қойып келдік қой. Ол психологиядан арылу үшін біздерге жылдар керек.

ХІ

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Ең сұмдығы, менің байқағаным, ол топ пен тобыр басында жүрген азаматтардың көбіне-көп екі жүзді болып келетіндігі. Бір қарағанда, олардың халқым деп күрсінгенде көкіректері қарс айрылып, ұлтым деп уһілегенде өзегі өртеніп жатқандай көрінеді. Әп дегенде сеніп қаласың. Енді бір қарағанда, олардың сумаңдаған сыпсың сөз, сыбыр мен күбірдің арасында жүргенін байқайсың. Оның халқым деп күрсінгені де, ұлтым деп уһілегені де бар болғаны өзінің түкке алғысыз болмысын бүркемелеген перде екенін бағамдайсың. Оның бар мақсаты – жұмсақ кресло, жылы кабинет екенін сезінесің. Бар мүддесі билікке ие боп, ел үстіне бишік үйіру екенін ұғасың. Соның бәрін көріп отырып, оларға деген адал сезіміңнің аяқ асты болғанына қамығып, налисың. Бәрінен бұрын, сондай екіжүзді адамдардың елді еліктіріп, соңынан ертіп жүргендерін көргенде, ішің қан жылайды.

ХІІ

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?
Адалдық, адамдықты кім теңгермек?!
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек.

Менің ол жандардың өздеріне өздері, жұртты соңыма ертуге қуатым, ілімім мен білімім, парасат пен пайымым, әділдігім мен әлім жете ме деп сұрақ қояды дегенге күмәнім бар. Өйткені олардың көбі лауазымды орындарға жету үшін соншалықты жанын салады. Сол жолда әдеп пен ізеттіліктің ақ жолын, адалдық пен адамдықтық ала жібін аттап кетеді. Ал лауазымның атына міну үшін адалдық пен адамдықтың ала жібін аттап барған адам күні ертең жәбір көрген адалдыққа қамқор, аяқ асты болған адамдыққа пана бола ала ма?! Ондай адам тізгін ұстап, атқа қонса, ел тағы да әділетсіздіктен қан қақсап, қайғы жұтпай ма, қасірет шекпей ме? Өзінің ұлықтыққа құмар ындынының құлқынын тояттауды ғана ойлаған ондай жан іс басына келе көрмесін деңіз, ол келе қалса, онымен бірге ел ішін де бүлік пен ойран қатар келеді. Рухани қуат, ілімі мен білімі, парасат пен пайымы жоқ, қайратсыз жандардың күпсіген мақсат үшін ел басына келуі, оның өзін ғана ит қорлықта қалдырмай, елдің де жанын қорлап, жәбірлеп кетпек. Елдің еңсесін түсірмек. Оның соңы бүлік пен ойран. Оған мысал іздеп бас қатырып жатудың қажеті жоқ. Іргелес елдерді ойша бір шарлап өтсек, жетіп жатыр.

Құдайым, қазағымды осындай пәледен сақтай гөр!

ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТІ – АБАЙ ҚАСІРЕТІ

Менің есіме дәл қазір бұдан он-он бес жыл бұрын «халқым» деп сөйлесе қабырғасы қақырап сөгіліп кететін қадірлі бір азаматпен арамызда болған әңгіме түсіп тұр. Әдебиет айналасынан өрбіген ол әңгіме ұлғая-ұлғая барып, Абайға барып тірелген еді. Екеумізді әңгіменің әбден еліктіріп алып кеткені сонша, сол отырыста бір-бірімізге ойымызға қордаланып жиналған пікірді армансыз шешіп, жанымызға шемен боп қатқан шерді алғаусыз ағытқан едік. Ондай кезде, әрине, бір сөзді бір сөз сүйрелеп, бір шерді бір шер қозғап, жаныңның қыртыс-қыртысындағы қырындыға дейін қалдырмай, сыртқа алып шығары сөзсіз. Сондай бір тұста әлгі қадірлі азамат: «Абай, әрине, ұлы ақын, қайталанбас құбылыс. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Бірақ мен ұлы ақындықты күрескерлік деп білемін. Әлбетте, Абайда күрескерлік жоқ қой дей алмаймын. Ол да ұлы күрескер. Дегенмен, күрескерліктің де күрескерлігі бар. Мен, ақын үшін ең ұлы күрес – елінің азаттығы мен бостандығы үшін күрес деп ұғам. Ал Абай, ең алдымен, ұлы ағартушы, реформатор. Оның өлеңдерінде Ақтамберді, Бұқар, Махамбет өлеңдеріндегідей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлік жоқ. Қанша қайталап оқысаңыз да, сіз Абайдан «жауға аттанам», «азаттық үшін күресем», «бостандық үшін жан берем », «отаршылдық –кісен, бодандық бұғау«? деген сияқты сөздерді таба алмайсыз. Ал Абайдың өмір сүрген тұсы Ақтамберді, Бұқар, Махамбет өмір сүрген кезеңдерге қарағанда мамыражай ма еді? Қайта, Абай өмір сүрген тұс– отаршылдықтың әбден меңдеп, кіріп алған тұсы емес пе еді? Әрине, мен бұл сөздерді айтқанда, Абайды тіпті де кемітіп отыр деп ойламаңыз. Абай– Абай! Қайталап айтам, ол– ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс! Бірақ менің сөзіме де ден қою керек деп білем. Оған көз жеткізу үшін Абайды тағы бір оқып шығыңызшы«, – дегені. Мен сол әңгімеден кейін Абайды бір емес, әлденеше рет оқып шықтым. Әрине, әлгі қадірлі азаматтың айтқан пікіріне көз жеткізу үшін емес. Өйткені мен Абайда Ақтамберді, Бұқар, Махамбет өлеңдері сияқты аттандап тұрған өлеңдердің жоқ екенін ол әңгімеге дейін де жақсы білетінмін. Тіпті, мен, сол тұста-ақ, азаттықты аңсап, отаршылдыққа жаны күйініп, опынып сөйлейтін өлеңдердің Абайдан кейінгі ақындарда да – Мұрат, Мағжандарда да жеткілікті екенінен азын-аулақ хабардар едім. Дегенмен мен, ешуақыта да, ұлы Абайдың халқымыздың өзіне дейінгі сан ғасырлар бойы ой-қазыналарын бойына қорытып алған, мүлде жаңа рухани дүние, мүлде жаңа әдеби әлем әкелген Алып екеніне күмән келтірген емеспін. Солай бола тұра, әлгі қадірлі азаматтың «Абай, әрине, ұлы тұлға, қайталанбас құбылыс деп, алып, «оның өлеңдерінде Ақтамберді, Бұқар, Махамбет өлеңдеріндей «азаттық» деп айқасып, «бостандық» деп шайқасып жатқан күрескерлік жоқ» деуі ұзақ жылдар бойы құлағымның түбінен ызыңдап кетпей қойғаны рас. Ол сөздер құлақ түбінен кетер де еді, егер сол қадірлі достың, ашық болмаса да, әлденені тұспалдап айтқан сөздері басқа жандардың пікірлерінен де әр жер-әр жерден қылаң беріп қала бермесе. Әрине, «азаттық», «бостандық» сияқты аса қастерлі, қасиетті сөздер айтылып жатқан ол тұспалды пікірлер талайды-ақ еліктірері сөзсіз. Өйткені «азаттық», «бостандық» деген сөздер кім-кімге де, жер басып жүрген жұмыр басты ұлылардың қай-қайсысына да үлкен сөздер ғой. Қарап тұрсаңыз, бәрі дұрыс.

Жырауларды оқып көріңізші:
Жиембет жырау:
Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерім!

Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерім!
Ақтамберді жырау:

Дұшпаннан көрген қорлығым.
Сары су болды жүректе.
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.

Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, құдай, тілекке.
Бұқар жырау:
Егер шүршіт келмесін,

Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді.
Махамбет:

Қатын-бала, мал бағып,
Үйде отырман өлем деп.
Қорлықта жүрген халқыма
Бостандық алып берем деп...

Міне, бұл жолдардың қай-қайсысы да «елім», «жерім» деп, «азаттық», «бостандық» деп қылыштары жарқылдап, қалқандары қаңғырлап тұрған нағыз сардар, сарбаз жолдар емес пе?! Бұл жолдардың қай-қайсысы да «өлсем, өлем, бірақ берілмен» деп тұрған жоқ па? Ал дәл осы жерде әлгі қадірлі доспен, яғни онымен пікірлестер: «Міне, көрдіңіз бе, ұлы жыраулар жаумен алысқан, ал Абай өз қағазымен алысқан», – деп шыға келуі мүмкін. Ондай сөз бола қалған жағдайда, ойы тайыз, білімі таңқылау жандар мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің селт етіп, еліге қалуы ғажап емес. Өйткені қалай болғанда да, «азаттық», «бостандық» деген ұғымдар Абай деген ұлы тұлғадан үлкен. Оған кім-кімнің де көзі жетсе керек. Міне, осының өзі-ақ сыбырға тілі жүйрік, сыпсыңға құлағы түріктердің қызба желдерін қыздырмалап кетер сөзсіз. Әрине, ақырын байқап, аңлап сөйлемесе, кез келген салыстыру қауіпті. Ондай кезде екі шоқып, бір қарамасаң, салыстыру салыстыру болып шықпайды, салыстыру біріне бірін қарсы қою, бір-бірімен салғыластыру болып шығады. Олай болса, Бұқар, Махамбет, Абайларды бір-бірімен салыстырулар арқылы емес, салғастырулар мен жалғастырулар арқылы қарастырған жөн. Әрине, мұны айтқанда, әр таудың өз биігі, әр мұхиттың өз тереңі бар екенін ұмытпау керек. Абай – Абай! Ол мүлде ерекше ұлы дүние! Онымен кім-кімді де қатар қою барып тұрған күпірлік болып шығады. Дегенмен, Абай тақыр жерге өздігінен пайда бола қойған жоқ еді. Абай деген алып бәйтеректің ұлы тұлғалар жатқан құнарлы топырақтан тамыр тартқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Солай бола тұра, Абайдың «азаттық», «бостандық» туралы отаршылдыққа қарсы бір ауыз сөз айтпауы, айтса да, алыстан орағытып айтуы қалай? Елі үшін жандасып, жері үшін қандасқан, ұлт азаттығы үшін күрескен, артық туған ерлердің, ең болмаса біреуінің есімін атамауы несі?! Бұл сұрақтарды мойнын ішіне тыққан жандардың, ашық болмаса да, әр жер-әр жерде қойып жүргені рас. Әрине, бұл сұрақтар – ішкі астарсыз, қауқарсыз, жалаң сұрақтар. Өйткені Абай даналығына, Абай құдіретіне, тереңірек үңілсеңіз, мүлде басқаша ойға қаласыз. Меніңше, Абай азаттық пен бостандықтың қадірін өз тұсындағы жандардың қай-қайсысынан да асып білген. Ақтамберді, Бұқар тұстарында қазақ жеріне отаршылдық әлі кіре қоймаған, тіпті, Махамбет заманында да отаршылдық Абай кезеңіндегідей әбден тырнағын батырып, ендеп кетпеген еді. Ақтамберді, Бұқар кезеңдерінде де, кейінірек Махамбет тұсында да қазақ халқы азаттықтың мәнін, бостандықтың дәмін көп-көп кезеңдерден жақсы білетін. Сондықтан да олар азаттық үшін шабысты. Ал Абай тұсында ше? Ол тұста отаршылдықтың әбден күшіне еніп, қанды балақ, шұбар төске айналған кезі ғой. Ал отаршылдықтың халыққа қарсы қолданатын ең үлкен қаруы – қараңғылық пен сол қараңғылық кіндігін кескен надандық. Көзін қараңғылық пен надандық байлап алған кезде халықтың азаттық пен бостандықты қорек ете қоюы қиын. Абай қазақ халқын дәл солай қараңғылықтың қалың тұманы тұмшалап алғанда өмір сүрді. Абай халықты азаттық пен бостандыққа қарай алып шығу үшін алдымен оны қараңғылықтың отарынан, надандықтың боданынан құтқару керек деп ұқты. Қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың кісенінен азат болмаған ел ешуақта да азаттық алмайды деп білді. Сондықтан да ол «азаттық» деп айқайлаған жоқ, «бостандық» деп бұлқынған жоқ. Қараңғылық – бар бәленің бастауы. Қараңғылық тұсында ел іші зымиян іс, сұрқия жүріске толып кетеді. Қара шоқпар, ақ сойылды зорлық-зомбылық, жұлын үзіп, омыртқа опырған озбырлық, малымен қосып арын сатқан билік құмарлық, не иманы, не ұяты жоқ екіжүзді сатқындық, әзәзіл күлкілі, әзірейіл сықпытты жексұрындық, ел түгілі, екі адамның басын қоспайтын алауыздық пен алакөздік, елдің берекесін кетіріп, ырысын қуған бұзықтық пен бүлікшілдік – бәрі-бәрі сол қараңғылықтың құрсағынан шығып, надандықтың жөргегінде өсіп-өнген аса қауіпті, қатерлі құбылыстар. Міне, Абай қазақ халқының көзін тұмшалап, бойын еңдеп жайлап алған осы аса қатерлі құбылыстармен күресті. Ол қатерлі құбылыстармен күресу, ол құбылыстарды халық бойы мен ойынан қуып шығу – жауға аттандап шапқаннан қиын болмаса, оңай болмаса керек. Керек десеңіз, Абайдың қараңғылықпен күресі әлі де жалғасуда! Абай бүкіл ілім-білімін, бүкіл жан жылуы мен қызуын, бүкіл күш-қуатын өз халқын сол қараңғылық құрсауынан азат ету жорығына жұмсады. Ол жорықта оның сарбазы да, сардары да болған жоқ. Ол жалғыз жүріп мыңмен алысты. Ол мыңдар «ала жылан, аш бақа күпілдектер» еді. Ал қаптаған күпілдектерді сөзге ден қойғызып, уәжге тоқтату мүмкін бе? Ол қаптаған күпілдектердің бәріне емес, біреуіне ғана көз салып қараңызшы:

Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып –
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Бұтып-шатып бір арыз бергенінен масаттанғаны сондай, «Ел менен Еділді қатар алып кеткендей ісінген» көрмәдік, өркөкірек, шексіз даңғойлық дұрыс сөзге, сірә да, құлақ қояр ма? Өйткені онда сана, санаға түсер сәуле жоқ қой. Тас қараңғы ғой. Тасқараңғы адамның құлағы да таскерең. Мықты болсаң, тасқараңғы, тас керең адаммен алысып көр! Қараңғылық пен надандықтың табиғатын арғы-бергі заманда ешкім де Абайдай терең зерттеп, Абайдай жете білмеген. Ол қараңғылықтың бір қатпар, бір қуысын да қалдырмай, түгелімен айқара ашып көрсетіп береді. Мәселен, надан адамның «сұм, сұрқия, қу« атанбаққа құмар болатынын бүкіл әлемдік әдебиетте алғаш рет кім айтты? Тек Абай айтты. Тағы да қайта-қайта айтты. Надандықтың сол портретін ол мына жолдармен тағы да нақтылап береді:

Сабырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ.
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су,

Ат, шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу»

«Сұм-сұрқия», «қу» деген сөздер–кім-кімді де, егер ол өзін сыйлай алатын адам болса, намыстан шарт сындыратын сөздер. Ал сондай қорлау сөздерге әлігіндей күпілдектердің мақтау естігендей марқайып, құс жастыққа сүйенгендей шалқайып қалатыны неліктен? Әрине, қараңғылығынан, надандығынан. Бұл қолдан жасалынған, қиылдан алынған портрет емес. Өмірден алынған портрет. Ол қараңғы надандықтың сарқыншағы, несін жасырамыз, әлі де бар. Олай дейтініміз, көбіміз-ақ, «о қу-ай« десе, жалпайып күліп жайраңдап, «о, сұм-ай« десе, шалқайып күліп марқайып қалатынымыз өтірік пе? Апыр-ай, надандық деген, ұлттық намыс түгілі, адамдық намыстың өзін жеп қоятын жебір екен ғой. Абай надандықты қолына ұстап отырған заттай ауда­рыстырып, төңкерістіріп, бар мүйіс-бұрышынан, бар бүйір, бар тұсынан қарастырып қана қоймайды, оны қақ жарып, қанын сорғалатып тұрып, өзегіне дейін ашып береді. Тіпті, ондайда надандықтан тура даңғойлықтың өзі әлденеше трге енеді. «Сұм-сұрқия, қу атанбаққа құмар« даңғоймен бірге:

Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп

кететін даңғоймен де кездесеміз. Абай, сонымен бірге өзінің жиырма алтыншы сөзінде: «... надан қуанбас нәрсеге қуанады және, қуанғанда да, не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, біртүрлі мастыққа кез болып кетеді. Және ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды«, – дейді. Бұл–адам болмысының бейшара күйге түсуі, адам жанының қараңғылықтың ең қапас түбіне дейін құлдырауы ғой. Мұндай қара талақ надандық сенің азаттығыңды, бостандығыңды неғылсын. Мұндайда, ең алдымен, адамды қараңғылықтың қапасынан құтқарып алу керек. Қараңғы надан– тек сөз ұқпайтын таскерең ғана емес, сонымен бірге ол ештеңені көре алмайтын, жақсыны жақсы деп, жаманды жаман деп айырып білмейтін көрмәдік те! Ондай көрмәдік жан:

Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.

Асылды, алтында тани алмайды. Жез бен алтынды айырып білмейтін неткен көрсоқырлық десеңізші! Ондай жан кімнің қадірін біліп, кімнің ұшпағына шықпақ. Кімді құрметтеп, кімді төрге оздырмақ? Оған алтын да бір, қамқа да бір, бөз де бір. Не адамның басын, не атаның жасын құрметтей алмайтын, асыл мен алтынның қадіріне жетпейтін ондай адамнан не үміт, не қайыр? Ондай көрмәдік жан кімнің намысын жыртып, кімнің сөзін сөйлей алмақ? Ұлттың ба? Ұрпақтың ба? Ондай жан кімге қорған, кімге пана болмақ? Көз алдында асылын алып, ардағын жағып бара жатсаң да оған бәрі бір. Оған өзі аман болса, өзінің өзегі талмаса болды. Ол жан– рухани өлексе жан. Тағы да, Абай надандық жайлап алған адамды қайырым дегенді білмейтін, қаны қатып қалған қатыгез, мейірім дегенді сезбейтін тасжүрек деп біледі.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды іште мұзын.

Неткен қатыгездік! Неткен тасжүректік! Көзіңнің жасы көл болып төгіліп, жүрегіңнің қаны сорғалап тұрғанда да селт етпейтін, міз бақпайтын ол жанға ешкімнің күнін салмасын. Бұл екі жалғанда ондай жанның алдыңда басыңды ауыртып, балтырыңды сыздатып бардың ба, ол бәрібір қайрылмайды. Қайта, қаһарына мініп, суға батырып, отқа лақтырып жібереді. Өйткені ол көздің жасына да, жүректің қанына да іштегі мұзы ерімейтін тасжүрек, қатыгез. Ең бастысы, ондай жанның қолына ел мен жердің тағдыры түсе көрмесін деңіз! Абай тек хат танымаған адамды ғана надан демеген. Егер иманы болмаса, құдайдан қорықпаса, онда ол бәрібір надан болып қалады деп білген.

Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.

Мұндағы шариғатқа шалалық деген сөз – иманшартқа шалалық деген сөз, құдай алдындағы парызға дүмшелік деген сөз. Ондай жандардың:

Ойында жоқ бірінде
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрінде ой.

Шен мен шекпен қуған білімді бола ала ма? Ондай жан өзінен басқа өзгенің де қамын жей ала ма? Өзгеге нұры түспейтін, шапағаты тимейтін білімнің керегі бар ма? Абай ондай шен-шекпен үшін алынған білімді халықтың өзіне қарсы жұмсалатын қатерлі қару деп біледі. Тағы да, Абай Жиырма бесінші сөзінде: «... осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам екен дейді», – деуі сондықтан. Біз кеше ғана емес, бүгін де иман шарттарынсыз, ұлттық дәстүрсіз орысша білім ап, орысша ілім жинаған, өз халқына қарсы қарау әрекеттерге дейін баратын кейбір рухани опасыздарды, білімді надан мәңгүрттерді, әрине, аз көріп жүрген жоқпыз. Бұл да біздің ұлттық, қасіретіміз! Ол қасіретті дана Абай, ұлы Абай сонау заманда-ақ байқаған. Бұл жерде Абай тек адамдық мінезді ғана емес, ұлттық, халықтық мінезді де айтып отырса керек. Өйткені жеке адамның мінез беріктігі ұлттық, халықтық мінез беріктігімен ұштаспаса, онда ол түптің түбінде қарақан басының ғана қамын күйттеп кетері сөзсіз. Ұлттық, халықтық мінезге ие білім ғана ұлт пен халық мүддесін қорғай алмақ. Сонда ғана ол білім «қазақты аңдып» отыратын білім емес, қазақтың қамын жейтін білім болады. Абайдың тағы бір өзегін өртеп, жанын жаралы ететін, «аузынан жалын бұрқ еткізіп, көзінен жас шығаратын іштегі қалың дерті» – елдің бойын жайлап алған қызғаншақтық, күншілдік, бақастық, билікқұмарлық, парықсыздық:

Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың, –

дейді ол. Досын жау көргізіп, өзін өзі қор еткізген сол талас-тартыс түбі неде? Соған көз салыңызшы:

Қыран бүркіт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.

Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінен шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос далақтап.

Міне, бізді халық етіп қалыпқа түсірмей, ұлт етіп ұжымаққа шығармай жүрген тағы бір қасірет! Қыранның қыран екенін біле тұра, топ-тобыр, жалған намыстың құлы болып, оған қабаттастырып қарға мен күйкентайымызды қосамыз. Алды-артын бірдей орап, құр далақтап шауып жүріп, түу аспаннан сорғалап түсетін «қыранымызға» алдырмаймыз. Бұл кеше ғана болған, бүгін де бар. Бүгінгі әрекетіміз кешегіден әлдеқайда қауіпті. Кеше қыранымызға алдырмасақ, бүгін қыранымыздың тұғырын талқандап, топшысын қиып жіберуге әзірміз. Ол тұғырға қарға мен күйкентайды ғана емес, елдің көзін ойып, елдің желкесін шоқитын құзғын мен сауысқанды да отырғызбақ болып жанталасамыз.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.

Бұл да сол қара күншілдік пен қызғанышқа қор болған кешегі де, бүгінгі де болмысымыз. Бүкіл ұлттық бой мен ойымызды осындай болмыс жайлап алған тұста, одан әлі арылмай тұрған кезде ел партия-партияға бөлінсе, не болар екен? Онда Абай айтқандай:

Болды да партия
Ел іші жарылды, –
болып шығады екен.

Өйткені біздің санамыз үлкен ұлттық деңгейге толық көтеріле қойған жоқ. Мүшелерінің санасы ұлттық деңгейге көтеріле қоймаған партия ұлттың емес, топ-тобырдың туын көтереді. Жиырма төртінші сөзінде: «Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай, тыныш таба ма?» – деп күйінгендей, әлі күнге біз сол күйкентай мүдде мен қарға мақсатты баптап жүрген жоқ­пыз ба? Ал ондай қарқылдаған мақсат пен шықылықтаған мүдде бүкіл елді күйікке ұшыратып, күйзелтіп кетпей ме?! Ел ішіне бүлік кірмей ме? Ұлттық сана толық жетілмесе, ол әлі шикілі-пісілі кезеңде тұрса, онда демократия дегеніңіз кез келген партияның қолшоқпарына айналады. Ал ол шоқпар, ең алдымен, сол ұлттың басын жарып, маңдайын қақ айырады. Қанша бөлінбе, қанша сөгілме десе де, бөрліккен қойдай жарылып бара жатқан елді көріп:

Барымта мен партия –
Бәрі мастық жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар, –

деп амалы бітіп, айласы таусылып, «құйрығы шаян, беті адамдардан» түңіліп қапаланады. Ұлы Абайдың қапаланып, қабаржуы тек осы ғана ма? Айтып-айтып өз сөзін өз халқының етінен өткізіп, сүйегіне жеткізе алмаған ол:

Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,

– деп бүк түссіп, белі үзіліп, омыртқасы опырылғандай күдерін үзеді.

Қырық бірінші сөзінде Абай: «Қазақты я қорқытпай, я қараламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен, еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас етіп алған, ананың сүтіменен емген надандық әлдеқашан адамшылдықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да, көңілі не көзі алаңдап тұрады. «Енді не қылдық, не болдық?» – деп тұйыққа тіреліп қалың қасіретке батады...

Абай әлі қасіретті.

Енді біз, бүгінгі ұрпақ, Абай қасіретін жеңілдете алар ма екенбіз? Абай қасіретін жеңілдету – қазақ қасіретін жеңілдету ғой

АБАЙ ӘЛЕМІ

(Алғысөз орнына) Қоғам өзгеріп, заман жаңғырған кезде бұрынғы қалыптасқан пікірлер мен орныққан көзқарастар қайта қаралып, оларға басқаша баға берілетіні табиғи заңды құбылыс. Өйткені өзіміз өмір сүрген кешегі қоғамда жезді алтын, алтынды жез деген тұстар аз болмаған. Бірақ солай екен деп, бүгін енді, керісінше, шын мәніндегі інжу-маржандарымыздың құнын түсіруге кіріссек, онда жаңа азат қоғамымыздың жүзіне де кіреуке түсіріп алатынымыз сөзсіз. Осыны біле тұра, өкінішке орай, сөзге деген мына заманның кеңдігін көтере алмай, пікір айтарда тарпаң болам деп тапырақтап, ой айтарда батыл болам деп тасыраңдап кететіндер көбейіп барады. Әсіресе күйкі қарекет, күңкіл сөздердің Абай айналасында бірде ишарамен, бірде тұспалмен, бірде жанамалап бой көрсете беруі кім-кімді болсын қатты алаңдатса керек. Біріншіден, ондай пікірлердің авторлары, адамдар бойында қалыптаса бастаған империяға қарсы психологияны дөрекі пайдаланып, Абайды орыстан яғни бізге озбырлық жасаған елден үйрен деп айтты деп кінәға тартқысы келеді. Олар бұл пікірді айтқанда, сол кезеңде қазақ баласы орыс ілімінсіз бүкіл адамзат баласының рухани қазыналарынан тыс қалатынын ескергісі де келмейді. Екінші бір пікір айтушылар: біз азаттық алдық, сондықтан енді бізге арғы-бергі замандағы рухани көшбасшыларымыз «азаттық» деп ұран көтерген ақын-жыраулар болу керек дейді. Әлбетте, мүның арғы жағында, атап айтпаса да, Абайды екінші сатыға түсіру керек деген жымысқы ой жатыр. Ілім-білімсіз азаттық — көзсіз көрсоқыр азаттық. Ал көзсіз көрсоқыр азаттық түптің түбінде не апанға түсіп, не жардан құлап, құрдымға кететінімен олардың ісі де жоқ. Әрине, азаттық алу — үлкен іс. Ал азаттықты ұстап қалу — одан да үлкен іс! Осыны көп адам біле бермейді. Азаттықты ұстап қалу үшін үлкен ілім-білім керек. Бұл ретте қараңғылықпен күресіп, ілім-білім шырағын жаққан Абай өсиеті бүгін де дара! Еңді әлгіндей жаңсақ, үстірт пікірлермен ойын да, бойын да бүлдіріп алған үшінші біреулер шыға бастады. Олар енді, тіпті, қазақ поэзиясының болашағын Абайсыз-ақ көзге елестете алады екен. Абайды аузына алмай-ақ, қазақ елінің келешегі туралы келелі сөз айтқысы келеді. Қандай тасыраң таңқылық десеңші! Абай әлемін күйкі қарекет, күңкіл сөздермен бұлдыратам деушілер қатты қателеседі. Абай әлемі — аспан әлемі. Ол әлем — күні көтеріліп, ол көкжиекке қайта батып, тұнжыраған түн басып, айы жылжып, жұлдызы жарқырап, ызғар лебі ұрып, күркіреген бұлты көшіп, көзге түртсе көргісіз тұман басып, күрсінген жел уілдеп жатқан әлем. Ол — сан қилы, сапырылысқан құбылыстан тұрады. Менің бұл шағын мақалалар топтамам өзім ғана байқаған сол құбылыстардың жеке бір сәттері ғана!

1. «ӨЛІМ БАРДА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ»

Саналы тіршілік иесінің табиғи аяқталуы болып саналатын адам өлімін дін мен ілім жан-жақты қарастырып келген. Мәселен, ертедегі египеттіктер адамның пәнилік ғұмырын бар болғаны бақилық ғұмырға барар алдындағы дайындық қана деп ұққан. Олардың өліп қалған перғауындарға көбірек құлшылық етіп, оларға арнап алып пирамидалар салып, денелері бұзылмайтындай етіп бальзамдап күтулері сондықтан. Ал ертедегі жапондықтар адам өлгеннен кейін оның жаны ұрпақтарының жанына кіріп, әрі қарай өмір сүре береді деп сенген. Сондай-ақ буддизм, зороастризм, иудаизм және басқа діни ілімдер де өлім табиғатын өздерінше түсіндіріп бағады. Бірақ бұл діни ілімдердің бәрі де бір мәселеде - өлімді қорқыньшты жат құбылыс етіп көрсетуде — бір-бірімен үндес болып келеді. Ал өлімді заңды құбылыс деп айтқан Сократ, Платон, Аристотель ілімі болғаны аян. Бұл ілім бойынша, өлім деген — тәннен жанның бөлініп шығуы. Яғни тән ғана өледі, ал жан мәңгілік. Сократтың, Платон мен Аристотельдің өлімінің аса зор қайғылы ауыр қасіретін жеңілдететін осы ілімін данышпан Абай қатты сезініп, терең ұғынған. Сондықтан ол:

Ақыл мен жан - мен өзім, тән — менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі,
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі« өлсе, өлсін, оған бекі.

Мінеки, бұл өлеңнің бүкіл тұла бойы «ақыл мен жан-мен өзім» өлмейді, «тән менікі» ғана өледі деп тұр ғой. Абайдың осы төрт қана өлең жолы Сократ, Платон, Аристотель ілімдерінің алтын арқауымен жалғасып жатқан жоқ па?! Абай ұғымынша, адам баласы өлімнен үрейі ұшып қорықпауы керек, өлім деген де өмір сияқты заңды құбылыс.

Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қандайсың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Сондықтан да Абай «тұла бойы ұят пен ар», «жасқа жас, ойға кәрі» сүйікті ұлы Әбдірахман өлген кезде жазған бірнеше өлең-жоқтауын, «сабырлық қылсақ керек-ті» деп, туған-туысқандары мен өзіне басу айтып аяқтайды. Сондықтан да Абай өзінің ең жақсы көретін інісі Оспан өлгенде: «Жан біткенге жалынбай, жақсы өліпсің апырмай» дейді. Егер Абай өлім табиғатын соншалықты терең түсінбесе, жас кеткен өзінің ең жақсы көретін інісіне «жақсы өліпсің, апырмай» деп айтар ма еді?! Тіпті, керек десеңіз, Абай өлімді зорлық пен зомбылықтан, зәбір мен қорлықтан құтқарушы деп ұғады.

Мен — мактанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ.

Өлім барда қорлық жоқ! Бұл – Сократ, Платон, Аристотель философиясының Абай арқылы одан әрі терендеуі. Жаңа мән, тосын мағынаға ие болуы.

2. ЕР ҚОРҒАНЫ НЕ?

Егер бір-бірімізге осы сұрақты қояр болсақ, онда біз: «Бұл сұрақ соншалыкты бас ауыртар сұрақ емес қой. Ер корғаны батылдық, намысқойлық, қайраттылық, адалдық, еңбекке талап етушілік емес пе?» — деп жауап берер ек. Шынында да солай ғой. Ал Абай осы қасиеттердің ешқайсысына аял етпей, «Бұл дәурен кемді күнге...» деп басталатын өлеңінде:

Уайым — ер қорғаны — дейді.

Ер қорғаны — уайым! Мүлде тосын ұғым, тосын түсінік. Ә дегенде ми да, жүрек те қабылдай қоймайтын формула! Ал бірақ осы тіркестің ішкі мәніне тоқталып, мағынасына ой жүгіртсеңіз, онда бұл сөздің мәні әлдеқайда маңызды, мағынасы әлдеқайда кең екеніне көзіңіз жетеді. Ұлы Абай ердің шын қорғаны болар қасиетті біздің ойымыз жете бермейтін, біздің сөзіміз іле бермейтін терендіктен іздестірген екен. Сөйтсек, ердің бойыңдағы батылдық пен намысқойлықты да, қайраттылық пен еңбекке талап етушілікті де тудырар құбылыс уайым екен ғой. Бажайлап қарасаң, шынында да, уайымы бар адам ғана намыстанып, еңбекке талап етпес пе?! Тағы да, Абай бұл сөздерді реті келген кезінде, поэтикалық шарықтау сәтінде айта салмаған. Бұл сөздерді ол уайым жеп отырып айтқан. Өйткені ол тағы бір өлеңінде:

Ішкені мас, жеген тоқ
Уайым айтар біреу жок, –

деп күйінеді, қапаланады, уайымға батады. Абайдың «уайым аз, үміт көп» деп қорқатыны сондықтан. Содан болса керек, Абай уайымсыз үмітті — қажырсыз үміт деп ұққан. Басқа түгілі, қиялдың тұлпарын ерттеп міне алатын үміттің уайымның аддына түсіп кететініне сенбеген.

Үміттің аты елеріп,
Қос тізгінді созбайды.
Қос тепкіні салсаң да,
Уайымнан озбайды.

Әрине, Абай адам баласының ылғи да уайымның тұманына тұмшаланып, уайымның қараңғылығына батып отыру мүмкін емес екенін ұққан. Ол өзінің Төртінші сөзінде бұл туралы: «Үнемі қайғыға жан шыдар ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғымен бол демеймін. Уайым-қайғы­сыз­дығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды қарекет табу керек... Әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады», — дейді. Дей тұрғанмен, Абай уайымды адам жанын үгітер дертті қасиет деп емес, қайта, уайымсыздықты дертті қасиет деп ұғады. Сондықтан да ол Отыз бірінші сөзінде, ой кеселдерін атағанда, уайымсыздықты бірінші қояды. Не болғанда да Абай уайымсыздықты адам баласына берілген қатерлі қасиет деп ұққан. Оның «адам баласы жылап туады, кейін өледі» деуі де содан болса керек. Өйткені оның өзі Ұлы Уайым иесі ғой. Яғни ұлы қасиетке ие адам ғой.

3. АБАЙДЫҢ ШАБЫТТЫ ШАҒЫ

Абай қай кезде де, ой бойламас терең ғана емес, сонымен бірге ол қай кезде де ой жетпейтін Биік, Бөлек, Тосын. Алла тағаланың өзі ерекше етіп жаратқан ерекше құбылыс. Оның, тіпті, шабытты кезі де ешкімге ұқсамайды. Әрине, ақынның қуатты серпіліс, бұла күшке ие ол шабытты шағы алғашқыда үйреншікті естіледі, ақын бойындағы «Адамның кейбір кездері Көңілде алаң басылса; Тәңірінің берген өнері Көк бұлттан ашылса; Сылдырлап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай» төгіліп қоя беретініне күмән келтірмейсің. Одан кейінгі ақын бойындағы құбылыс та бізге жат емес:

Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар кез.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.

Абай тосындағы дәл осыдан шығады. «Еркеленіп шығар сөзден» қуаныш, шаттық, нұрлы шақ, сәулелі сәт күтетінініңіз заңды. Бірақ Абай «Төңірінің күні жарқырап, сөздің өзі еркеленіп» тұрған осы бір шапағатты кезінде де «Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алады». Яғни Абай шабыттың ең бір шуақты шағында да мұң-зармен қалады. Одан әрі ақын:

Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсендер өзің біл, — дейді.

Сөз еркеленіп, тәңірінің күні жарқырап тұрған шабытты сәтінде де жүрегі ызаға толып, сиясы уға айналатын дүниеде тағы бір ақын бар ма екен?! Білсеңіздер, айтыңыздаршы! Мен білмедім.

4. АДАМШЫЛЫҚ ӨЛШЕМІ

Абай адамшылық туралы өзінің ең соңғы Қырық бесінші сөзінде: «Адамшылықтың алды махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтін де жері жоқ», – дейді. Әрине, Абай бұл жерде махаббат пен сезімді ұлы мағынасында, яғни өзі ниет еткен іске құлай жығылуды, құштарлықпен ұмтылуды айтып отырғаны оның «...махаббат сезімі кімде көбірек болса, сол кісі — ғалым, сол — ғақил» деген сөздерінен белгілі. Бірақ Абай бұл сөзінде ғаделет туралы, яғни әділдік туралы ештеңе айтпайды. Әділдік қалай болу керек деген сұраққа тоқталмайды. Өйткені ол бұл сұраққа «Жастықтың оты жалыңдап» деп басталатын өлеңінде:

Дұшпаныңа әділ бол — деген бірақ жолмен берген. Абай адамдықтың ең ұлы өлшем таразысы — дұшпанға әділ болу деп ұққан. Ол дұшпанына да қиянат жасай алмайтын, дұшпанына айтылар сөзінде де әділдіктің ала жібін аттамай, қара қылды қақ жарып сөйлей алатын адамды ғана нағыз адам деп білген. Тағы да, ол бұл сөздерді

Туысқаның, достарың бәрі екі ұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті

екенін, яғни дұшпаныңның қапысын тапса, қан қаксатып жіберетін саған деген өштігінен айнымайтын, қайтпайтын мерез табиғатын біле тұрып айтқан. Шынында да, реті келсе, сені талғамай жалмап, көзінді жойып жіберуге құмбыл, қанқұйлы қаскөй дұшпанға әділ болу адамның ішінде адамның ғана қолынан келсе керек. Ал жақтырмайтын адамымыздың бар ісін, тіпті, жақсы ісін де күстаналап, оның бүкіл әрекетін жерден алып жерге салып отыратын біздер Абай белгілеген адамдықтың осындай биік өлшеміне қалай қарар екенбіз?!

5. АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕК

Абай нағыз шынайы адам болмысы осы үш қасиеттен — ақыл, қайрат, жүректен тұрады деп біледі. Тағы да, ол осы ойға қайта-қайта қайырылып соғып, онысын қайта-қайта нақтылап, бекітіп отырады. Он жетінші сөзінде Абай қолға ұстап, көзге көруге болмайтын бұл дерексіз ұғымдарды аллегроиялық тұлғаға енгізіп, оларды бір-бірімен, кімнің өнері күшті деген сұрақ төңірегінде айтыстырып қояды. Үшеуі келіп Ғылымға жүгінеді. Ғылым олардың әрқайсысына түйіні берік, тұжырымы нақты мінездеме береді. Қайраттың «кейде жамандықты берік ұстап кететіндігін» айтады. Ал ақылға: «Жақсының, жаманның — екеуінің де сүйенгені сен, екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің соның жаман», – дейді. Ең соңында: «Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет» деп аяқтайды. Құдайшылық жүректе екенін ұқтырады.

Сондай-ақ, Абай «әуелде бір суык мұз — ақыл зерек» деп басталатын өлеңінде:
Акыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, — дейді. Үшеуі бір жерден табылмай, шынайы адам болмысы түзіліп шықпайтынын айта отырып, «тұла бойды ыстық жүрек» жылытпаса, «ақылдың суық мүз» екеніне тағы да тоқталып өтеді. Ақыл мен Қайраттың жамандыққа қызмет етіп кете беретінінен қатты сескенген Абай құдайшылығы бар, әділдігінен жаңылмайтын жүрекке жүгінеді. Бірақ жүрек те ақыл, қайратсыз әрекет ете алмақ емес. Сондықтан да Абай бұл тақырыпқа «Малға достың мүңы жоқ малдан басқа» өлеңінде:

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық кайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, –

деп қайталап соғады. Ақырында Абай шынайы адам қасиеті әйтеуір қайрат, ақыл, жүректен құрала салмау керек, ол қайрат — ыстық, ол ақыл – нұрлы, ол жүрек – жылы болу керек деген тоқтамға келеді. Өйткені Абай «ыс­тық қайрат» жамандықты емес, тек «жақсылықты берік үстай­ды», ал «нұрлы ақыл» жамаңдыққа емес, тек жақ­сылыққа ғана қызмет етеді деп ұғады. Ал жылы жүректің аты жылы жүрек қой. Оған дәлел іздеп жатудың қажеті жоқ. Яғни Абай «суық мұз ақыл» мен «қатты қайратқа», «нүрлы ақыл» мен «ыстық қайратты» қарсы қояды. Ол тек «нұрлы ақыл» мен «ыстык қайрат» қана адамды адам­шы­лық деңгейге көтере алады деп біледі. Нұрлы ақыл, ыстық қайратсыз мейірім мен қайырым бола қояды дегенге сенбейді.

6. ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ

Абай не нәрсені де ажарын арттырайын деп бояп, әрін келтірейін деп әрлеп жатпайды. Сондай-ақ ол ауырды жеңілдетем, қаттыны жұмсартам деп те әлекке түспейді. Яғни ол, өзі айтқандай, «өңкей жалғанмен Шынның бетін боямайды». Ол өмірдің өзін бар болмыс-тіршілігімен, бар қимыл-қаракетімен, бар ауырлық-салмағымен көтеріп алып сенің иығыңа салады. Оның сөздерінің омыртқа қайыстырып, бел майыстыратындай ауыр болатыны сондықтан. Мәселен:

Жақсылық ұзақ тұрмайды,
Жамандық әркез тозбайды, —

дейді Абай. Неткен ауыр сөз! Қайғысыз, қамсыздың өзін жылатып, тіршіліктің тірегін құлататыңдай сөздер ғой бұл! Бұл сөздерден кейін өмірдің мәні жойылып, адамның үміті үзілмей ме?! Олай демей, не дерсің?! Жақсылық дегенің «ұзақ тұрмайтын» болса, ал оның есесіне жамандық дегенің «әркез тозбайтын» болса, онда бұл өмірдің мәнінен не пайда, адамның үмітінен не қайыр?! Бұл ойын ол ертерек жазылған «Қажымас дос халықта жоқ» деген өлеңінде-ақ:

Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек, —

деп, бір шалыс бассаң-ақ жақсылығыңның ұмыт болатынын біздің ұғымымыз қабылдайтындай етіп айтқанмен, ол тұста жамандықтың тозбайтынын айтқан жоқ-ты. Кім-кімді болсын, егер ол нағыз бір қара жүрек, кара талақ, тасбауыр болмаса, қатты сескентіп, қатты шошытар сөз — осы сөз: «Жамандық әркез тозбайды». Өйткені бұл жерде жақсылық өткінші, жамаңдық мәңгілік болып тұр. Қорқынышты-ақ! Ол сөздің аса тегеурінді әсер-қуатының күштілігі сонда — ол сөздің басқаны былай қойғанда — жаны жамаңдыққа бейім адамның өзін тоқтатып, ойландыратындығында! Өйткені жамандық жамандық қана тудырады. Жамандыққа жамандықпен ғана жауап беріледі. Жамандық жасаған адам түптің түбінде, жамандықтың құрбаны болады. Жақсылық ұмытылады, тозады, бірақ жамандық ұмытылмайды, тозбайды. Жамандыққа құрбан болмаймын десең, ең алдымен өзің жамандық жасама! Яғни жақсылық жасамасаң да (бәрібір ұзақ тұрмайды), жамаңдық жасама! Бұл сөздің түбіне одан әрірек үңілсең, жамандық жасамағаннан үлкен Жақсылық жоқ! Бір қарағанда, жақсылықты бір сәттік өткінші етіп, ал жамандықты өлмейтін мәңгілік етіп көрсетіп, күн мен түннен, суық пен жылудан, қайғы мен қуаныштан жаралған бүтін дүниенің тепе-теңдігін бұзардай бұл өлең жолдарының тағылымы, біздің ұғымымызда, осындай қуатқа ие!

7. СӨЗ ХАҚЫНДА

Абайдың өленді, сөзді аспанға көтеріп, аса биік бағалағаны, құлай жығылып, құрмет тұтқаны баршамызға аян. Оның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген жолдары кім-кімге де ақын демінің алтын буымен жазылғандай әсер қалдыратыны сөзсіз. Ақынның бұл өлең жолын Абайдың атын естіген адамның бәрі біледі. Ал одан әрі ше? Абай өз сөзін одан әрі қалай бағалаған? Бұл сұраққа ә дегенде көбіміз тосылып қаламыз. Содан кейін Абай өлеңіндегі еңсені езіп, жанынды жаншып жіберердей ауыр бір күңгірт, бейуақ құбылыстардың жатататынынан шығар деп ойлайтынымыз рас. Біздің сол ойымызды ақынның «Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа» деген жолдары бекіте түседі.

Әуелесін, калқысын,
От-жалын боп шалқысын, –
деп тілек айтады. Сонан кейін:
Куатты оттай бұрқырап,

Уәзінге өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген
Кайран тіл, кайран сөз

Наданға қадірсіз, – дейді. «Қуатты оттай бұрқырап» деген тіркестің тосындағы мен әсер күшін айтпағанның өзінде, «Көк бұлттан үзілген Жаңбырлы жайдай сырқырап» түсетін найзағай сөздің құдіретін қайда қоярсыз. Әп-сәтте-ақ, ақын жаны жай ойнатып, жасын атқылатып жатқан тәңірлі көк әлеміне айналып кеткен жоқ па?! Тағы да Абай:

Куаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар,
деп сөзін нұрға малып алады да:
Жалын мен оттан жаралған

Сөзді ұғатын кайсың бар? —
деп әрі күдікпен, әрі үмітпен жан-жағына қарайды.

Абай неге өз сөздерін нұрдан, оттан, жай мен жасыннан өндіріп алады? Күңгірт, қараңғы, тұманды, бейуақ Абай әлеміне нұрлы отты, жай мен жасынды сөздер не үшін керек болған? Жауап жалғыз-ақ! Өзі өмір сүрген қараңғы, күңгірт, бейуақ, тұманды заманды нұрмен, отпен, жаймен, жасынмен сілкіп тастау үшін! Яғни Абай халықты қараңғылықтан тек нұрлы, отты, жай мен жасынды сілкіністер ғана құтқарып шыға алады деп білген. Сондықтан да ол қан жұтып, қайғы ішіп жүрсе де, өз сөздерін нұрдан, оттан, жай мен жасыннан алған. Абай өз қасіретін, қайғысын нұрлы отты, жай мен жасынды сөздердің ішінде сақтаған. Мұны құдірет демей көр!

8. «ӨЗІҢЕ СЕН...»

Абай өзінен бұрын өткен арғы-бергі аса ұлы ойшылардың, әсіресе Сократ, Платон, Аристотельдердің ілімдерін терең білгенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Тағы да, Абай адамзат баласының бітім-болмысын тануда да, оны қалыптастыруда да орасан зор ықпал еткен. Ол рухани інжу-маржан қазыналарын тек қана біліп қоймай, оларды Сарыарқадай салқам кеудесінен өткізіп, өзінше қорытып, өзінше жаңғыртқан. Сондықтан да Абайдың сан ғасырлар түбінен алып шыққан ілімі — альбом парақтарына ыждаhатпен жапсырылып, сыртқы сұлбасы мұқият сақталған гербарий ілім емес, оның ілімі — дала төсіне тамырын жіберіп, желмен алысып, жерден құнар тартып, күн нұрын сіміріп, жаңбырларға шомылып, иісі бүрқырап, гүл шашып, жеміс төгіп түрған ілім. Әрине, қайталап айтамыз, Абай ілімінің мүндай қасиетін жүрттың бәрі жақсы біледі. Бірақ сол жұрттың жақсы білетін қасиетінің өзін мысалдармен нақтылап отырсақ, артық болмас деп ойлаймыз. Абайда:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, —

деген жолдар бар. Күштіге, қүдыретке құлшылық етіп, соларға ғана табынып, соларға ғана сенетін, адам баласын құл мен құтан деп қана ойлайтын заманда өмір сүрген Абайдың Адамнан, «өзгеге сенбе, өзіңе сен» деп, ірі мінез, кесек қарекет талап етуі – сол тұстағы кесектіктің кесектігі, іріліктің ірілігі болатын. Ол замаңда мұңдай сөз айту үшін Абайдың үлкен ішкі рухани тірегі болғаны сөзсіз. Ол рухани тірек — философия іліміндегі «өзіңді өзің таны» деген үғым. Бұл сөз алғашқыда — Дельфадағы Аполлон храмының кіреберісіне жазылған сөз болатын. Аңыз бойынша, ол сөз Аполлонның «Адамның ең жақсы қасиеті не?» деген сұраққа берген жауабы көрінеді. Алғашқыда бұл сөз «өзінді біл», «өзіңе өзің ие бол» деген мағыналарда ғана қабылданып келді. Кейіннен бұл ұғымды Сократ одан әрі тереңдетіп, оған үстеме күш пен реңк берді. Сөйтіп, оны философиялық категорияға айналдырды. Яғни Сократ бұл ұғымға адам баласы іштей интелектуалдық имандылык жағынан қуаттанганда ғана өзіне сене алады, сонда ғана бақытқа жетпек деген мән мен мағына қосты. Абай да адамға «өзіңе сен» деп қана коймайды. Тек солай деп қойса, онда ол бар болғаны құрғақ ақыл болып шыгар еді. Абай адам баласы өзінің «жүрегіне сүңгіп», оның «түбін көздеп», одан «шын асыл» алып шығу үшін, сол адамның қуатты ішкі тірегі болу керек деп ұғады. Өйткені адамның өзін өзі тануы оңай шаруа емес. Адам болмысы да орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшін үлкен рухани күш пен қуат керек. Ал ол рухани күш пен қуат ілім мен білімнен кұралады. Соңдыктан да ол «Жапырағы куарған ескі үмітпен» деген өлеңінде:

Қарашы өз бойыңа, түгел ме екен
ЬІстық жүрек, өң-шырай, куат пен күш? —
дейді. Одан әрі:
Төңкеріліп құбылған жұрт — бір сағым,

Шынға шыңдап қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсің, күн көрмейсің,
Өзінді өзің күзет, кел, шырағым!

Адамның өз бойында «қуат пен күш» болмаса, ол адам кез келгеннің жетегінде кететін тайғақ, кез келгеннің қолына су құйып кететін бейшара екенін меңзей отырып, яғни ондай адам бойында өзіне деген сенімі болу мүмкін емес екенін қатаң ескертеді. Өйткені өзіне сенімі жоқ адам өзін тани алмайды. Ал өзін тани алмайтын адам — дүниені де танып жарытпақ емес...

9. «ОЙ КІРГЕЛІ ТИМЕДІ ЕРІК ӨЗІМЕ»

Біз әсіресе соңғы жыддары Заман мен Уақыт ауа райының шұғыл өзгерістерге ұшырап, саяси дүмпулердің, әлеуметтік аласапырандардың, санадағы жаңғырулардың тегеурінді ықпалды әсерлерінің салдарынан сөз бостандығы, пікір тәуелсіздігі, ой еркіндігі деген ұғымдарды жиі айтатын болдық. Әрине, біз ол ұғымдарды демократия әліппесінің алғы шарттары, адам құқығын қорғайтын ең басты заң талаптары деп білеміз. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ, несін жасырамыз, демократия басталған алғашқы жылдары, жүзінен иман төгіліп тұруға тиіс бұл асыл ұғымдардың ажарын әлем-тапырақ тұрпайыландырып, жүрісінен иба мен ізет қатар өріліп тұруға тиіс бұл қасиетті ұғымдардың тұла бойын өрескел дөрекілендіріп алғанымыз рас. Сөйтіп, сөз бостандығы, ой еркіндігі дегенді аузына не келсе соны айту, ойына не түссе, соны істеу деп қателестік. Содан барып құдай алдында қаншама күнәға баттық. Ибасы мен иманы, тәубесі мен тәрбиесі жоқ, жаны мен қанына үят пен ар ұяламаған одыраң мінезді демократия — нағыз жиіркенішті демократия екеніне көз жетті. Мұның бәрін түсіну үшін белгілі бір уақыттың өтуі ғана емес, ең алдымен, адам оның бәрін зердеге салуы, ойда қорытуы керек екен. Яғни санаңа ой кіруі керек. «Ойдан жырақ, албырт өскен» жан «айла мен ашуға» қарай кетіп қалуы әбден мүмкін екен. Ал тұла бойына ой кірген адам, қандай бір демократиялық елде өмір сүрсе де, сөзін шексіз бетімен жіберіп, пікірін жүген-ноқтасыз еркіне қоя бере ме?! Қайта, бойына ой кірген адам әр сөзіне қарауыл қойып, әр пікірін салмақтап, әр әңгімесін саралап отырмас па?! Бұл бір. Екіншіден, бойына ой кіргенін сезген адам — үлкен ой иесі адам. Ол адам – кәкір-шүкір тірліктің айналасыңда күңкіл-сүңкіл пікір айту мен үсақ-түйек мәселенің төңірегінде пыш-пыш әңгіме соғатын адам емес. Өйткені күңкіл-сүңкіл мен пыш-пыштың айналасындағы адам өзінің бойына ой кіргенін сезе алмайды. Ондай адамға ой да кірмейді. Бойына ой кірген адам – қандай бір ерікті қоғамда өмір сүрсе де — азатпын деп арсыздыкқа барып, тәуелсізбін деп тасыраңдап кетпейді. Бойына ой кірген адам — ел-мен жер туралы, халық пен қасиет туралы ой толғайтын адам. Ал ондай адамның сөзі де, пікірі де, ойы да сол Ел мен Жерге тәуелді. Ондай ойлы адам ешуақта да еркім өзімде деп айта алмайды. Өйткені ондай ойлы адамның еркі Елі мен Жеріңде. Абайдың:

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, —
деуі сондықтан.

10. «МЕН БІР ЖҰМБАҚ АДАММЫН»

Бұл жолдарды Абай есімін естіген жұрттың бәрі жақсы біледі, жатқа біледі. Шыныңда да, Абай — аса күрделі, аса қиын, құпия, жұмбақ тұлға. Оны түгел шешу мүмкін емес, ал түгел шешем деу – нағыз барып түрған күпірлік. Өйткені оның жұмбақтығы — дүниенің тылсым қуатынан, Алла тағаланың құдірет-күшінен жаратылған жұмбақтық. Содан болса керек, оның жұмбақтығының өзін кез келген адам — оның сөзінің соншалықты табиғи қазақы болғанына қарамастан – түсіне қоюы қиын. Дәлірек айтатын бол­сақ, жұмбақ Абайды түсінуің өзі — жұмбақ құбылыс... Мен бұл жерде Абайдың жұмбақтығын дәлелдеу үшін қолыма қалам алып отырғам жоқ. Жұрттың бәрі жатқа білетін бұл сөзге тоқтап отырған себебім, көп жұрт бұл сөзді біржақты кабылдайды. Олар үшін, Абай бұл жерде «мен бір жұмбақ адаммын», соңдықтан «сеңдер менің шешуімді табыңдар» деп отырған сияқты, әрине, Абайдың, ең алдымен, дәл осылай деп отырғаныңда дау жоқ. Сонымен бірге, бұл сөздің бажайлап караған жанға екінші астарлы жағы да бар. Ол астарлы жағы — Абайдың жұртқа ғана емес, өзіне өзі құпия болып көрінуі, өзін-өзі жұмбақ сезінуі. Абай, ең алдымен дүниенің тылсым қуатынан, Алла тағаланың кұдірет күшінен жаратылған өзінің бойындағы құпияны ашуға, өзінің болмысыңдағы жүмбақты шешуге ұмтылған. Ол өз бойыңдағы жұмбақты шешу — дүниенің тылсым құ­пия­сын ашу деп білген. Өзін өзі шешуге, өзін өзі ашуа ұм­тыл­маған жан ешуақта да, ештеңені де шешуге ұмтылмақ емес. Өзін өзі игеруге, өзін өзі ашуға ұмтылмаған жан өмір иірімдері мен өмір қабаттарын қалай игеріп, қалай түсінбек?! Оның үстіне, адамның өзін өзі игеруі, өзін өзі түсінуі деген өз бойындағы өзі мен өзгеге түсіңдіріп беретін жаңа тетіктерді іске қосу ғой. Ал ол тетіктер іске қосылмай тұрып, дүниені өзің қалай түсінбексің, оны жұртқа қалай түсіндірмексің?! Бір сөзбен айтқаңда, өзінің жұмбақ екенін білген адам ғана дүниенің жұмбағын шешуге ұмтылмақ. Яғни адам өз бойындағы жұмбақты шеше отырып, дүние жұмбағын шешпек...

11. АБАЙДЫҢ КҮЛКІСІ

Абайдың күлкіге үлкен мән бергені, оған адам табиғаты мен жаратылысыңдағы қадірлі қасиеттің бірі ретіңде қарағаны белгілі. Абай күлкіні, әрине, шын күлкіні, ыржаң мен ыржақайлық деп, жалпы жеңіл мінез, арзан қалжыңнан шығатын құбылыс деп бағаламаған. Абайдың:

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, — деуі сондықтан. Ол күлгенде жұртты мәз-мейрам етейін, оларды күлкіге қарқ қылып тастайын деп күлмейді. Ет-бауыры егіле отырып, сүйегі үгітіле отырып, аса қиналыспен күледі. Ол суреттеген «майға бөккеңдей кісімсінген», «қас маңғаз» замаңдасының келбетіне қараңызшы:

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,
Қолында бір сабау бар — ол да аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Калжындамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Әрине, «бет-аузын жүз құбылтқан», «қас керіп», «қоразданған» даңғой, тыраш бейшараның тырақы болмысын көз алдыңызға елестетіп, еріксіз күлетініңіз рас. Бірақ Абай оның портретін жасағанда, оны келеке ету үшін, мазақ қылу үшін жасамаған. Қайта, оның портретін «осыңдай сидаң жігіттің елде мол-ақ» екенінен жаны күйініп, жүрегі өртеніп отырып жасаған. Бұл жердегі күлкі — күйзеліс күлкісі. Оның Көжекбайға, Күлімбайға арнаған өлеңдеріндегі ащы мысқыл, қуатты сарказмдардан да осындай күйініш пен күйзеліс сезіледі. Ол «пайданы қуып алқынып» жүрген ондай жандардың күйкі болмысын – қатты қапаланып, қатты налып отырып – мынадай жолдармен ашады.

Момыннан жаман қорқақ жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай, атақ жоқ,
Алдамшы болмай, бақ қайда?

Міне, ондай жандардың бейшара моралі. Міне, ондай жандардың міскін бітім-болмысы. Ондай жандар қай уақта да, қай кезенде де «арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ жоқ» деп ойлаған. Сондай жандардың өмірді түсінуін көрсету түрғысынан жазылған бүл жолдарда қаншама уытты ыза, қаншама ащы күйзеліс жатыр десеңізші! Бейнебір Абай күлсе де – көкірегі қарс айрылып жылап күлетіндей. Оның күлкісі өрттен ыстық күрсіністен тұратындай. Сондықтан да ол өзінің Төртінші сөзінде: «Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғандығыңнан күл, ызалы күлкі — өзі де қайғы», — дейді. Күлкі де – қайғы. Мүндай сөзді Абай сияқты ұлы тұлға ғана айта алады.

12. ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК ХАҚЫНДА

Абай қазақты қазақ қылмай келе жатқан қасіреттердің бірі ел ішіндегі ынтымақтың іруі, бірліктің бүлінуі деп білген. Ынтымағы кеткен елдің іргесі сөгіліп, ырысы кетеді деп ұққан, бір-біріне алакөз боп, бірін бірі андып отырған елдің түптің түбінде азатынын, алтыбақан алауыз боп, бір-бірімен қырқысып жатқан елдің түптің түбіңде тозатынын сан қайталап айтқан. Ол ынтымақ пен бірліктің іргесі, ең алдымен, ел адамдарының сыйластығы мен құрметінен қаланады деп өсиет еткен.

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып.
Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс,
Түрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Мінеки, адамдар арасындағы татулық қаңдай болуы керек!

— Бүл әлі ешкім айтпаған, тек Абай ғана дүниеге келтірген татулық­тың Ұлы Формуласы! Бүкіл өлендерінде Алла мен Ар, Ұяттан қорқуды өсиет еткен ол, Татулық пен Ынтымақты да сол деңгейге көтереді. Өйткені ол елдің бар бақыты, бар берекесі ынтымақта деп біледі. Ол жоқ жерде елдің ел болуы мүмкін емес. Оның:

Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос

– деуі сондықтан.

Бәріміз жақсы білеміз, қазақ ынтымағының іргесі, әдетте, билікке талас тұсында қатты сөгіліп отырған ғой. Оған дәлел іздеп, дәйектеме іздеп жатудың қажеті жоқ. Несін жасырамыз, әлі де солай болып кете ме деген қауіп те жоқ емес...

Абай билік бір адамда болмай, бірлік болмайды деген ғой. Оның:
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел, —
деуі де,

Единнца - жақсысы,
Единица кеткеңде
Не болады өңкей нөл, —
деуі де біздің әлгі сезімізге дәлел.

Ол өзінің Отыз тоғызыншы сөзін: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір себебі сол көрінеді», — деп бастайды да, екі мінезді атайды. Бірінші мінез — ол заманда бүкіл жұрт ел басының қолына айтыс-тартыссыз, «елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстатады екен де, соның айтқанына көнеді екен. Екінші мінез — ол кездегі ел намысқор болған. «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен», — деп жазады да, Абай алқалы топ айнала жұрттан «Қанеки, осы екі мінез қайда?» — деп сұрайды. Абай бұл сұрақты өзі өмір сүрген заманнан ғана емес, бүгіннен, яғни бізден де сұрап тұрғандай.

13. ӨЗІНЕ ДЕ КӨҢІЛІ ТОЛМАҒАН

Несін жасырамыз, көп жұрттың Абайға деген іштей «реніші» мен «өкпесі» де жоқ емес. Абай өз халқы туралы соншалықты күйінішпен, соншалықты күйзеліспен, жан-жүрегі күйреп отырып сөз айтқан ғой. Ол күйініш пен күйзелістің кейде, тіпті, түңілумен ұласып кететіні бар. Абайдың сондай тұстарына дарақы топ, тыраш намысқойлар қатты «үялады». Олар, Абайдың өзі айтқаңдай, «ұялмас нәрседен үялатындар, ұяларлық нәрседен ұялматйындар». Әйтпесе, қазаққа Абайдай жаны ашитын қазақ жоқ. Өйткені шын жаны ашитын адам ғана шындықты айтады. Әрине, ондай ұлы шындықты Абай сияқты ұлы деңгейге, шырқау биікке шығып барып айту керек. Рас, топ-тобырдың ішінен төбесі түгіл, төбел шашы да көрінбейтін, ірі сөзі де, іргелі пікірі де жоқ, өз ұлтының тағдыры мен табиғатын жете білмейтін, білсе де, кітап арқылы ғана таныс әлдекімдердің Абай боламын деп, еддің атына катты сөз айтып, оған қатал кесім шығаратындар да бар. Әрине, ондай іші бос, кеуек көкіректерден шыққан дүңкілдек сөздер елді қайрамайды, қайратқа мінгізбейді, қайта, елдің еңсесін езіп, ұнжырғасын түсіреді. Біздің ойымызша, Алла тағаланың қүдіретімен Ұлт-әкенің ұрығынан жаратылып, Халық-ананың құрсағынан шыққан Абай ғана осылай күйзеле тұрып сөз айтуға құ­қы­лы. Оның үстіне, Абай өзін де аямаған. Оның өзіне көңілі толмаған. Мен бұл жерде Абайдың «Сап-сап, көңілім» деп өзіне тоқтау айтқанын да, «Жасымда ғылым бар деп ескер­медім» деген өкінішін де тілге тиек етіп отырғам жок. Ол:

Қайырылып карап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен

– дейді. Міне, Абайдың тағы бір кесектігі. Менің «ат шаба алмайтындай мініп көп» деп, қане, қай қазақтың ақыны айтыпты?! Өкініштісі сол, айтқызса – үлкеніміз де, кішіміз де – бәріміз де мінсізбіз ғой. Көбіміз-ақ Алла тағаланың кіндігінен домалап түскендей керемет, періште аймалап өсіргендей таза болып көрінеміз ғой. Пендешілікті белуардан кешіп жүріп — пайғамбар, күйкі тіршіліктің күйбеңіне малтығып жүріпқұдірет болып өлең жазатынымыз өтірік пе?! Бұл ретте де Абайдың бізге айтар тағылымы аз емес. Ол ол ма, Абай, тіпті, одан да өткізіп, өзін өзі жерден алып, жерге салады:

Осынша акымақ болғаным,
Көрінгенге қызықтым.
Ғаделетті жүректің
Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін

Біз, адам түгілі, Алла тағаланың алдында тұрып, өз күнәмізді осылай ашық мойындай аламыз ба?! Күмәнім бар! Ғаделетті жүректің әділетін бұзып жүрсек те, «Ғаделетті жүректің әділетін бұзыппын» деп айтуға көбіміздің-ақ батылдығымыз жетпейді. Айта алмаймыз. Жалпақ жүрттың алдына шығып, өзінің күнәсі мен кемшілігін айту тек өзіне деген ұлы сенімі бар адамның ғана, жан-жүрегінде иманы бар адамның ғана қолынан келсе керек.

14. ПАЙҒАМБАРМЕН ҮНДЕС

Абайды пайғамбар деп атап жүргеніміз тектен тек болмаса керек. Пағамбар деңгейінде сөз сөйлеп, пайғамбар биігінде өсиет қалдырып, пайғамбар ауқымында ой толғаған адамды басқаша қалай атамақсың?! Оның ең басты пайғамбарлығы сонда – ислам дінінің қазақ даласына терең тамыр жайып кетпегеніне қарамастан сол тұста қазақ жерінің сан идеология аласапырандарының бел ортасында тұрғанына қарамастан – Алла тағаланы алғаусыз сүйіп, оған бас иіп, құлшылық етіп, Мұххаммет пайғамбарды хақ деп мойындауында. Тағы да ол құлшылық пен мойындау әлдеқандай бір дүмшіліктен тумаған, оның бүкіл жан-жүрек, болмыс-бітімінен, үлкен ілім-білімнен, терең парасат-пайымынан шыққан. Ол тек:

Алланың, пайғамбардың жолыңдамыз,
Ынтамызды бүзбастык, иманымыз,

– деген сөздермен Алла мен пайғамбар жолын насихаттап қана қоймайды, сонымен бірге ол пайғамбар өсиетімен үндесер сөздер де айтады. Тағы да, ол өсиетпен үндесер сөздер бір-бірімен қаңдай ұқсас және бір-бірін қалай толықтырып тұр десеңізші?!

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!

Бәріміз жатқа білетін Абай өлеңінің бір шумағы. Енді Мұхаммет пайғамбардың мына сөзін оқыңыз: «Мен және маған дейін дүниеден өткен пайғамбарлар үй салған құрылысшылар сияқтымыз. Бірақ сол үйдің қабырғасында бір кірпіш жетпейді. Мен сол кірпішпін... », – дейді. Қараңызшы, бір пайғамбардың сөзі бір пайғамбардың сөзімен бітеқайнасып, бір пайғамбар бір пайғамбарды толықтырып тұрған жоқ па?!

15. «МАХАББАТПЕН ЖАРАТҚАН АДАМЗАТТЫ...»

Махаббатпен жаратқан адамзатты! Адамзаттың махаббатпен жаратылғаны рас болатын болса, онда оның белгілі бір атаулы ұғымдарға сүйіспеншілігі де болуға тиіс қой. Олар кімдер немесе нелер? Абай ол атаулы ұғымдар үшеу деп біледі. Абай айтқан ол атаулы ұғымдардың біреуін біз өте жақсы білеміз. Жиі қайталаймыз. Ол сөз — «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөз. Ал қалған екеуі ше? Оларды біз көп айта бермейміз. Оны айтқызбауға кезіндегі кесірлі идеологияның ызғарлы әсері де тисе керек. Енді біз сол атаулы үш ұғым сыйып тұрған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіңдегі бір шумақты мысалға келтірейік:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті...

Сонымен, махаббатпен жаралған адам бойында үш сүйіспеншілік болу керек екен. Бірінші, Алланы сүюің керек. Оны, тағы да, жаныңнан тәтті сүюің керек. Екінші, бауырым деп Адамзатты, үшінші, құдай жолы деп әділетті сүйген жөн.

Яғни,
Осы үш сүю болады иманы гүл...

Тағы да қайталап айтамыз, ұзақ жылдар бойы Абайдың «сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген сөзі әлгі аталмыш идеологияға карама-қайшы соғып, ауызға алынбай келген-ді. Ал шындығына келсек, Абай осы үш сүйіспеншіліктің ішінде әсіресе алланы Алдымен сүюге ден қояды:

Алла мінсіз, әуелден, пайғамбар хақ.

Абайдың Алланы қайта-қайта пысықтап айта беру себебі, Алланы сүйе алмаған адам адамзатты да, әділетті де сүйе алмақ емес деп ойласа керек. Не айтса да жеріне жеткізіп айтуды қалайтын Абай осы ұлы сүйіспеншілікті бұзатын үш іс бар деп біледі:

Пайда, мақтан, әуесқой - онан шошы.
Оны тағы да бір-ақ айтып қоймайды, қайталап айтады:
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Қані біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Абай ұғымынша, не нәрседен де пайда көздеп, не нәрсені жасаса да мақтан үшін жасап, не нәрсеге де еліге әуестеніп кететіндер, яғни құлқыңдық та, моральдық та, нәпсісін тыя алмайтыңдар да Алланы да, адамзатта да, әділетті де сүйе алмақ емес. Бұл жұмыр жердің үстінде жүрген жұмыр басты пеңденің бәріне, яғни адамзатқа айтылған мәңгілік өсиет болса керек.

16. ӨЛЕҢНІҢ ҰЛЫ ПАРЫЗЫ

Біз Абайдың өлеңнің тұрар тұғырын белгілеп, шығар биігін анықтап бергенін жақсы білеміз. Шынын айтсақ, Абайға дейін де, Абайдан кейін де өленді Абайдай құрмет тұтып, Абайдай өлеңнің қадіріне жетпеген. Оның:

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан киыстырар ер данасы, –

деген сөзінің өзі неге тұрады?! Өлеңді сөздің патшасы деп Абайға дейін, қане, кім айтыпты?! Тағы да бұл ойды сөзге құлшылық етіп, оған табынып отырған адам емес, қайта, сөзді қамырша илеп, қорғасындай балқытып, жүндей иіріп, жібектей есіп жіберетін, бір сөзбен айтқанда, сөз дегеніңізді айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп қоятын Құдірет иесі айтып отыр. Сондай-ақ оның:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең

– деген сөзін де жақсы білеміз. Ол бұл жолдар арқылы өлеңнің мәңгілік екенін айтса керек. Оның бүл сөздерді өлең қадірін одан да биіктетіп, оның қасиетін одан да арттыра түсу мақсатында айтқаны кәміл. Өйткені өлеңнің «мақсаты – тіл ұстартып, өнер шапшақ». Ал өнер шашу дегеніміз — адам жанына рухани дән шашу, рух егу.

Әрине, бұл сөздердің бәрі – өлеңнің қадір-қасиетін ұққан жанның сөзі. Ал өлеңнің көтерер жүгінің ауыртпалығын, оның атқарар міндетін, оның ел алдындағы парызын Абай қалай белгілеген дейсіз ғой? Өлеңнің атқарар міндетін, оның арқалар жүгін, ел алдындағы парызын Абай:

Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы ол,

– деп белгілейді. Сіз көз алдыңызға кісісі өлген біреуге қаралы болған өлеңді, оның қазасына жаралы болған өлеңді елестетіп көріңізші. Елестете алсаңыз, онда сіз өлеңнің ұлы міндеті мен парызын түсінгеніңіз.

Оның үстіне, Абай өлеңді жаны бар, жүрегі бар құбылыс етіп көрсетіп тұр ғой. Бұл да өзіне дейін болмаған тың сөз болса керек.

17. ІЛІМ МЕН БІЛІМ ТАБИҒАТЫ

Абайды қайта-қайта оқып жүріп түсінгенім (қателессем, кешірім өтінем), ол ілім мен білім деген ұғымдарды біз сияқты мағыналас синонимдік сөздер деп емес, мағыналары әр текті сөздер деп қарастырады. Ол ілім деген сөзге адамның өз елі мен жерінің касиеті мен қадірін, ойы мен пікірін, тағылымы мен дәстүрін, мінезі мен болмысын көңіліне түйген деген мағына артады да, «білім» деген ұғымға кітаптан оқып жинақтаған рухани қазына деген мағына береді. Сонымен бірге, Абай «ілім» деген ұғымда ел мен жердің қадірі мен қасиеті ғана емес, қасіреті мен қайғысы да болу керек, ал «білім» деген ұғымда рухани қуат қана емес, күйініп, ашынып тұрған ыза да болу керек деп білген. Абайдың:

Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен, —

деуі соңдықтан.

18. МАХАББАТПЕН ДЕ МАЙДАНДАСҚАН

Абайдың күпі мен шекпен киген қарапайым қара өлеңі аспанмен таласқан асқақ шындары жоқ, бірақ қойын-қонышы қазына байлыққа тұнып түрған Қаратау секілді. Әрине, ол байлықтарды іздеп табу да, оларды жарыққа шығару да оңай шаруа емес. Оларды іздеп табуға да, жарыққа шығаруға да орасан күш-қуат керек. Әрине, біз ондай орасан күш-қуатқа иеміз деп айта алмаймыз. Дегенмен, өз мүмкіндік, өз әл-қадіріміз жетеді-ау деген тұстарда қарап қалуға болмас деп білеміз. Әрине, үлкен жаңалық ашып тастау тіпті де міңдетті емес. Бірақ инедей болсын, көргеніңді жұртқа көрсету міңдет. Бір тарыдан мың тары өседі, дария да тамшыдан құралады. Мәселен Абайдың:

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? —

деген атақты жолдары бар. Осы жолдарға тереңірек үңіліп қарайықшы. Әрине, ғадауатпен /дұшпандықпен/ майдандасқан жүректі әбден-ақ түсінуге болады. Ал сіз махаббатпен майдаңдасқан жүректі ұғып көріңізші, бірден ұғу қиын. Өйткені жүректің бүкіл ықыласы, бүкіл аңсары, бүкіл ынтызары Махаббат емес пе? Әдетте, жүрек махаббаттан /біздің үғымымызша/ рахат, ләззат күтпейтін бе еді?! Ендеше, жүректің махаббатпен майданасқаны қалай?... Дегенмен, асығыс шешімге келмей, өлең астарына үңіліп көрейікші. Әрине, Абайдың бұл жерде махаббат деген ұғымды аса ұлы мағынасында қолданып отырғаны сөзсіз. Бұл жердегі махаббат – елге, жерге, ата мен анаға, жар мен балаға деген барлық махаббатардың қортындысы. Ұлы сүйіспеншілік. Ал осы ұлы сүйіспеншілікті біз күні кешеге дейін сап алдындағы салтанатты сөз беру ғана деп ұқтық қой. Сүйем деп айттық, сонымен бітті дедік! Ал шынтуайтына келсек, ел мен жерді, Отанды сүю деген рухани азапты сыннан өту ғой. Яғни ондай алып ұғымдарды сүю деген — ел мен жеріңнің, Отаныңның бүкіл қайғы-қасіретін, мұңы мен уайымын, ауыртпалығы мен салмағын жүрегіңнен өткізу. Яғни ол да Ұлы майдан. Абай жүрегінің ғадауатпен бірге махаббатпен де майдандасқанын біз осы тұрғыдан түсіндік.

19. АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛЫ

Онсыз да «жаяуы қауып, аттысы шауып» жатқан заманда арпалыспен өмір сүрген Абайдың салғырттық пен немқұрайыдылықты, еріншектік пен әзәзілдікті көргенде сең соққандай сенделіп, басы қаңғып, санасы сарсаң болып, істер айласы таусылғаңдай күйзеліп кететіні белгілі. Абай елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. Еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Абай еңбектен кашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді деп білген.

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық,

– деген ғой.

Еңбек пен өнер, ықылас пен ұмтылыс, талап пен ынта, жігер мен қайрат жоқ елде өсек пен өтіріктің өрті лаулап, жалған мен жаланың жалыны лапылдап, ұрыс пен жанжалдың қара шоқпары мен ақ сойылы үйіріліп, дау мен дамайдың дауылы тұрып кететіні сөзсіз. Жұмысы жоқ елдің бойын сұмдық пен сұрқиялылық, қулық пен зымияңдык, алдау мен арбау, алаяқтық пен алауыздық еңдеп алады. Ондай елде өскен адам қандай болмақ деген сұраққа Абай:

Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын,

— деп жауап береді.

Бірақ Абай еңбек еткенде, қалай да пайда табу үшін еңбек етпе, еңбектің де еңбегі бар, адамдық болмысыңа кір түсірме, арың мен ұятыңа кіршік қондырма дейді. Ол «саудасы – ар мен иманы» болған адамдардан қатты сескенген, қатты шо­шын­ған. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» дейтіні соңдық­тан. Ол ар, ұятын беліне түйіп жүре беретін адамдарға қарап:

Арын сатып, ант ұрып іздегені
Бір семіз ат аяғы бір табақ ас,

— деп жиіркенген.

Абай арыңды сатып, иманыңды саудаға салып мал тапқаннан гөрі, табан ақы, мандай теріңмен, тіпті:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

— дейді. Абайдың ар мен иманын сатып мал табатын адамдардан безінетіні соншама, ол енді «жалға жүрген, жат жерге кеткеннен де» өткізіп:

Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, –

деген ғой. Яғни Абай ары мен иманын сатып мал тапқан адамды есек артын жуған адамнан әлдеқайда төмен көріп, мүлде кісілік санатқа қоспайды. Әрине, Абай арынды сатпай, иманыңды саудаға салмай, еңбек етсең болды, басқаға басынды қатырма, өзге нәрсеге мойныңды бұрма деп айтпайды. Олай десе, Абай исі қазақтың, одан қала берді бүкіл адамзаттың Абайы болар ма еді?! Абай егер еңбегің елдің нанына, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те түптің түбінде шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», — дейді. Оның осы мәселеде: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», – деп ескертетіні де тектен тек емес.

20. ЖЕР ШАРЫНДАЙ ЖҮРЕГІ БАР АДАМ

Біз Абайдың адамды, адамзатты құлай жығылып, кұдіреттей табынып сүйгенін жақсы білеміз. Солай бола тұра, оның:

Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы

— деген — санаңды тілгілеп, ойыңның ойран-ботқасын шығарып жіберетін жолдарын әп дегенде қатты дағдарыс, аса қиналыспен оқитының рас. Бірақ осы жолдардың қатпар-қатпар астарына сезім-түйсіктің отын жағып, ақыл-ойдын жіті көзімен үңіліп карайықшы.

Байқайсыз ба, Абай «Боқтан сасық боласың өлсең тағы» деген сөзді жалпы адамға емес, жалқы бір адамға, сол адам болмысындағы мінез-құлыққа арнап айтып тұр ғой. Олай болса, «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген алғашқы жол да жалпы адам баласына емес, сол нақты мінез-құлыққа ие жалқы адамға арналған болып шықпай ма?! Ол қаңдай адам, ол қандай мінез-құлық? Әрі қарай оқиық:

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы.

Тағы да оқып шығыңызшы. Боқ көтерген боқтың қабы болған адам, өлгеннен кейін боқтан да сасық болып қалатын адам — «мені мен сен тең бе деп мақтанатын», кеудесіне нан пісіріп, көкірегін көтеретін, яғни өркөкірек, менмен, эгоист, өзімшіл, астам, өзін өзгеден артық санайтын адам екен ғой. Астамшыл, өркөкірек адам өзгені калай сүймек?! Егер сенің шын мәнінде арың таза, жаның пәк болса, білімің зор, тағлымың зор болса, өзінді өзгеден артық қояр ма едің?! Өзін өзгеден артық санамаған адам ғана шын адам! Соңдай Адамга ғана Абай:

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмрде онан басқа?!

– дейді.

Абай өзін өзгеден артық санайтын адамнан бойын тартып, тіксініп қана қоймай, оны адам қатарына қоспаған. Оңдай жаңды боқтың қабы немесе хайуан деп білген. Өйткені оңдай жанның өзі өзгені адам деп білмеген ғой. Абайдың «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар» деген бір ауыз сөзі де осыдан шықса керек. Адам мен адам бір-бірін тек тең тұтқаңда, тегін сыйлағаңда ғана сүюі мүмкін. Адам баласын осылай сүйе алған Абай: «Адамның баласы — бауырың», «Адам баласына адам баласының бәрі — дос», «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», деген ғой. Аса зор сүйіспеншілікпен айтылатын, Алла тағала мен пайғамбардың ғана аузынан шығатын мұндай ауқымды, құдіретті сөзді тек кеудесінде Жер шарындай алып жүрегі бар Абай сынды адам ғана айта алса керек.

21. АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ ҚУАТ-КҮШІ

Абай мектебі — қашанда, қай уақта да — ұлы тағылым мектебі. Қазақ өлеңінің ең ұлы деген хас таланттарының қай-қайсысы да Абай мектебінен дәріс алмай, оның тереңінен сусындамай, оның қалың ойына бойлап сүңгімей өткен емес. Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдерінен Абайдың қасіретті демінің лебі, қайғылы жан күрсінісі, дертті жүрек бұлқынысы сезіліп тұрады ғой. Тіпті, Абайдың «күңгірт», «сұрғылт», «бейуақ» әлемінен өзгеше шаңырақ көтерген, дүбірлеткен тарпаң екпінді, сөздерді тастай қағыстырып, жайдай ойнатып, жасындай сілкінтіп жіберетін Ілиястың өзі де Абай мектебінің шәкірті. Тағы да, ол ақын ретінде әбден толысқан шағында да Абайдан үйренумен, үлгі, тәлім алумен кеткен. Мәселен, сіз Абайдың жүйрік атқа ұлы еткерткіш болып саналатын «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» пен Ілиястың қазақ поэзиясынын алтын діңгектерінің бірі «Құлагер» дастанындағы сыншы Күреңбайдың Құлагерге берген сипатын қатар оқып көрсеңіз, әлгі біздің айтқанымызға көзіңіз жете түседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұл өлеңдерді, мүмкіндігінше, түгелге жуық оқып көрейік: Абай:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен кабақ.
Артқы омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке үңірейген болса сағақ.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірге келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі шығыңқы аламайлы.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем,
Иек қағып, еліріп жүрсе әсем.
Шапса – жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.

Бұл өлеңді оқығаннан-ақ Сіз бірінен бірі өткен, тың, тосын, жаратылысы бөлек, танымы ерек, бірақ – соншалықты табиғи, соншалықты қазақы теңеулер мен эпитеттердің, бейнелі сөздер мен метафоралардың ну қалыңына кіресіз де кетесіз. Енді Ілиястың сыншы Күреңбай аузына салған Құлагер суретін оқыңызшы:

Тәует бас, камыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлаң мойын, қой жұтқыншақ.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы калқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік.
Шашақиы, шақпақ етті, аласа ұршық,
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрык;,
Не қою, не болмаса емес ұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, куыс қолтық.

Шүйделі, шоқтығы ерек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі.
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қалбаң бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,
Шапса — жел, мінсе — жайсаң, тұрса - селсоқ.

Маңғұлдың мес аты емес тұғырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шапса — жүйрік, мінсе — берік
Озбайды жүгіргенге жылқы мұнан?

Мұнда да тұнып тұрған теңеу, қаптап тұрған эпитет, қалың метафора! Байқайсыз ба, Ілияс Құлагерді бейнебір, Абай өлеңі арқылы көз алдына елестеткендей. Қараңыз, Абайда:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс кұлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ілияста:
Тәует бас, камыс құлақ, куарған жақ,

Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.

Екеуіңде де қолданылған «қамыс құлақ» метафорасын былай қойғанда, бірде эпитет, бірде теңеу, енді бірде заттық мағынасында пайдаланылған «қой», «жақ», «мойын» сөздері де бар-жоғы екі жолда, екі реттен қолданылып тұр ғой. Тағы үңілейік. Абайда:

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Ілияста:
Сіңірлі, жерсоғарлы, аяғы тік.

Сонымен бірге, Абайда «күлте құйрық», Ілияста «жеңіл құйрық», Абайда «бота тірсек» Ілияста «желмаядай тірсегі», деген бейнелі сөздердің бір-бірімен туыстас мағынада қайталануы да Ілиястың Құлагер мүсінін сомдауда Абайдан кеп үйренгенін көрсетсе керек. Тіпті, екі өлендегі аттардың мінезі де бір-біріне өте ұқсас.

Абайда:
Бейне жел тынышты, екпінді, мініп жүрсек
Ілияста:
Шапса — жел, мінсе — жайсаң, тұрса – селсоқ,

Абайда:
Шапса — жүйрік, мінсе — берік, жуан, жуас
Ілияста:
Жануар шапса — жүйрік, мінсе — берік.

Міне, Абай мектебінің қуат-күші. Мәңгі өлместей етіп Ілияс соққан Құлагер тұлғасында да құдыретті Абай сөзінің өшпейтін рухы мен таңбасы жатқан жоқ па?! Бейнебір Ілияс Құлагер мүсінін соққанда Абайды көмекке шақырғандай... Біз бұл жерде толассыз жұмыс істеп тұрған, мәңгілік жұмыс істей беретін Абай мектебі берген мың дәрістің бір дәрісін ғана сөз еттік.

22. ТАМЫРҒА ЕНІП, ҚАНҒА ҚҰЙЫЛҒАН СӨЗ

Абайдың ғұмыр бойы сөзді ұғатын «есті құлақты», «көкірегі көзді» жан іздегені белгілі. Абай сөздің құнын білген адам — өмір мен дүниенің де құнын біледі деп үққан. Ол сөз ұқпайтындарды «көңілсіз қүлақ — ойға олақ» деп бағалаған. Дүниенің сыры мен қыры тек сөз арқылы ұғылатынына қатты ден қойған. Абай, сол дүниенің кілтін ашар «көкірегі сезімді», «көңілінің көзі ашық» жан іздеп шарқ ұрған. Абай сөз ұққан адам – бәрін де ұға алады деп ойлаған. Ол үшін мінез болу керек деген. Білім мен сөздің сауыты — мінез деп білген. Сондықтан да ол «сыпыра жылмаң желбуаз» адам сөз ұға алмайды, сөзді ұғу үшін «бойда қайрат», «ойда көз» болуы керек деп түсінген. Абай, тіпті, сөзді ақылмен де емес, жүрекпен сезіну керек деген ғой. Мүмкін, ол мұны айтқанда, сөзді жүрекпен сезінбей, жан толқынысы, ой тебіренісі болмайды деп ойласа керек.

Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.

Байқап отырсыз ба, Абай құдіретімен сөз дегеніңіз жүрек арқылы тамырыңызға еніп, қаныңызға құйылып, сіздің тірлігіңіздің, болмысыңыздың қажетті бір құрамына айналып кеткен жоқ па?!

23. ОТАРШЫЛДЫҚ ОЙРАНЫ

Біз бұрынырақ жазған «Қазақ қасіреті — Абай қасіреті» мақаламызда: «Абай халықты азаттық пен бостандыққа қарай алып шығу үшін алдымен оны қараңғылықтың отарынан, надандықтың боданынан қүтқару керек деп ұқты», — деген болатынбыз. Солай екенін бүгін де қайталап айта отыра, біз, әрине, Ресей империясы тарапынан болып жатқан отаршылдық озбырлықтарына Абай көз жұмып қараған деген пікірден мүлде аулақпыз. Абайдың әсіресе елдің ынтымағын қақыратып, берекесін туталақай етіп жіберген отаршылдықтың билік жүйесіне қатты наразы болғаны белгілі. Ол жүйені Абай қазақ даласына лаң әкелген отаршылдық салған ойран ретінде қабылдайды. Ол өзінің үшінші сөзінде: «... Малдан айырылғандар кебейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас санадық. Әрбірден сон сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластык,. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық билікке таластық... Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, — өзіндей арам қуларды қадірлейді» деген ғой. Осы сөздерден-ақ Абайдың отаршылдықтың қазақ даласына орнатқан билік жүйесіне деген жиіркенішті көзқарасы көрініп тұрған жоқ па?! Елдің ынтымағын бұзып, бірлігін бүлдіріп, ырысын шашып, құтын қашырып кететін бұл билік жүйесінің қалың жұрты қараңғылық қапасында жатқан қазақ халқы үшін аса қатерлі, аса қауіпті екенін бүкіл жан-тәнімен, бар болмыс-бітімімен сезінген Абай: «Үш жылға болыс сайлаңды. Әуелгі жылы, «Сені біз сайламадық па?!» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен алысып күні өтеді. Үшінші жылы, сайлауға жақыңдап қалып, тағы болыс боп қалуға болар ма екен деп, күні өтеді. Енді несі қалды?» – деп күйінеді. Шынында да, қарақан басының камын ойлап кеткен жан елдің жайын не қылсын. Елдің бірлігінің тоз-тозын шығарып, татулығының туырлығын кесіп, ынтымағының ырысын төгіп, ауыз­бір­лігінің шаңырағын ортасынынан түсіріп кететін болыстық сайлау сияқты құбыжық кұбылыстан қатты түршігіп, шошынған Абай билік басына келетін адамның одан да «уездный начальник военный губернатордың назначе­ниесі­мен» болғанын қалайды. Амалсыздықтан қалайды. Өйткені ол мұны сол тұста, елді болыстыққа екідай етіп таластырмай, бөлінуден, бүлінуден аман алып калар бірден-бір амал деп ойлаған. Өйткені Абай сайланып болыс болғандардың да бар билік, бар тізгіні жоғарыда отырған ұлыстардың қолында екенін білген. Абай, егер «назначениемен» болыс болу тәртібі енгізілсе, ең болмаса, ел екідай болып таласпай, бөлінбей, бүлінбей қала ма деп үміттенген ғой. Өйткені ол сайланып болыс болғандар, бәрібір, орыс отаршылдарының айтқаңдарына көніп, айдауына жүретін, кез келген жез мұрт, жез түймелі қолын созса жеңіне, аяғын созса — балағына айналатынын ұққан. Оларды Абай:

Ұрысса орыс,
Елге болыс
Үйден үрген ит құсап,

– деп суреттейді. Бұл – бір адамның ғана емес, сол кездегі отаршылдық саясаттың дала сахнасына шығарған билік жүйесіндегі барлық жанның қолжаулық бейшара бейнесі! Ал оңдай қолжаулық жанның, әдетте, «Пәле салып, андығаны өз елі болады». Сондай-ақ, өзіміз мектептен білетін:

Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қакқанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға,

— деген жолдардагы ұзақ уақыт бойы қанымызға сіңіп, бойымызға дарып кеткен мүсәпір психологиядан, керек десеңіз, қазір де арыла қойған жоқпыз. Еңді мына көрініске қараңызшы:

Бір кептірмей терімді,
Күн батқанша далпылдап,
Етек кеткен жайылып,
Ат көтіне жалпылдап.

Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.

Әрине, күні кешеге дейін бұл жолдарға біз тап түрғысынан қарап келдік. Ал шын мәніне келсек, бұл жолдар — отаршылдық тұсында, күні кешеге дейін, билік басында жүрген көп-көп азаматтарымыздың бейнесін бар болмыс астарымен ашып көрсетіп берген жолдар ғой. Қорыта айтар болсақ, қазақ даласын қан қақсатқан отаршылдық саясаттың ең қатерлі, аса қауіпті, өте зардапты билік жүйесін, яғни отаршылдықтың бет-бейнесін Абай осылай көрген. Оның отаршылдықтың билік, яғни ол жүйенің ел арасына іріткі салатын аса қатерлі екендігін көрсетіп берген сөздері, тәуелсіздік алған бүгінгі күнде де, өз құнын жоймағанын үмытпағанымыз абзал. Өйткені біздің кейбір азаматтарымыз билікке ие болу үшін ұлт мүддесінен гөрі жеке басының мүддесін жоғары қоятын психологиядан арыла койған жоқ.

24. ТАБИҒАТ ПЕН АДАМ

Адам бойындағы мінез-құлық, әрекет, болмыс-бітім және басқа да толып жатқан құбылыстар салдарын Абай көбіне-көп тәрбие мен тәлімнен, заман мен уақыттан, қоғам мен әлеуметтік ортадан іздестіріп келгені хақ. Ол адам болмысы тәлім-тәрбиесіз, заман мен уақытсыз, қоғам мен әлеуметтік ортасыз түзеліп шығады дегенге сенбеген. Ол бұл ойынан, тіпті, адамды осы құбылыстардың бәрінен бөліп алып, табиғатпен бетпе-бет жеке қалдырғанда да, ең болмаса, бір сәтке болсын, бас тарта алмайды. Яғни табиғат бойыңдағы құбылыс пен адам бойындағы құбылысты салғастырып отырып та, адам болмысынан қоғамның, заманның, әлеуметтік ортаның әсер-күшін алып тастамайды. Біздің бұл сөзімізге, басқа өлендерін былай койғанда, атақты мына екі-ақ шумағы куә:

Көкала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта,

— дейді Абай. Нағыз классикалық паралелизм. Табиғат пен адам үйлесімділігі. Табиғат пен адам бірінің «бұлты сөгіліп», бірінің «өне бойы егіліп» жылап тұр. Ал одан әрі ше? Одан әрі екеуі екі айырылады. Әлігі үйлесімін тауып, бірін бірі толықтырып тұрған (мейлі ол мұңды болса да) жарасымдылық кақ бөлінеді. Оқиық:

Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар.

Міне, жауып тұрған күн, яғни табиғат, жерді жаңғыртып, оған күш беретін жасампаздық қуатқа ие болып шықты. «Көкала бұлты сөгілген» табиғаттан мұң мен уайым көрмей­сіз. Ал «өне бойы егілген» адамнан ше?

Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.

Ашық айтылып тұрмаса да, бұл жолдардың ішкі астарынан уақыт илеп, қоғам жаншып тастаған, әбден күйзеліс пен күйінішке ұшыраған адам болмысы көрініп тұрған жоқ па?!

25. АБАЙДЫҢ ЖҮРЕГІ

Ақылдың Алатауы болып ойға шомып көк тіреген, қайғы мен қасіретке Қаратау болып қайрат көрсеткен дана Абай, бәрібір, ақылға да, қайратқа да сенбей, әділдіктің бұйдасын кеу­деде тыпыршып соққан беймаза жүрекке ұстатқаны белгілі. Абай өлеңдерін оқып отырып, Абай жүрегінің дүние құбылыстарына селт ете түсер сергектігіне, озбырлық пен қиянат көрсе, қып-қызыл шоққа қарылғандай безілдеп қоя беретін бәйектігіне таң қалмасқа болмайды. Ол о бастан-ақ:

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек,

— деген ғой.

Абай тұла бойды жылытар «ыстық жүрек» дүниені де жылытады деп білген. Бір байқағаным, Абай өлеңдерін оқып отырып, Абай жүрегінің өмірбаянын, дәлірек айтсақ, Абай жүрегінің қайрат-қүшін, оттылығы мен тектілігін, толқынысы мен сілкінісін, асаулығы мен тегеурінділігін, өршілдігі мен тәкаппарлығын, бұрқанысы мен бұлалығын, наздылығы мен налалығын – бәрін-бәрін оқуға болады. Бір сөзбен айтқаңда, Абай жүрегінің рухани кардиограммасы Абай өлеңдерінің ішінде жатыр. Ол кардиограммамен, яғни Абай өлеңдерімен танысқан кез келген адам Абай дертінің не екенін бірден-ақ айтып бере алады. Ол дерттің аты — Қасірет. Ол қасірет ауруы Абайдың жүрегінде. Ал Абай жүрегі – халық жүрегі. Ол өлмейтін қуатпен соғып түр. Абай өлендерін оқығанда, көп-көп қазақтың жүрегінің сыздап қоя беретіні содан. Абай жүрегі — өзінің қызығына емес, елдің азабы мен бейнетіне жаратылған жүрек. Оны, ең алдымен, Абайдың өзі жақсы білген. Соңдықтан:

Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар, –

дейді ол өз жүрегі туралы. Апыр-ау, асау жүрек, әдетте, ойын-думан, ләззат пен рахат немесе өрлік пен ерлік, батылдық пен бұлалық іздеп, соларды аңсамаушы ма еді? Ал Абайдын «асау жүрегі» «бейнет сусынын» ішуге асығады. Яғни Абай жүрегі азапты әрекет тілеп тұр. Әрине, ол азапты әрекет — ол мен жердің жолындағы азапты әрекет болса керек. Жүректі ар мен ұяттың мекені деп білген Абай «жүректің көзі ашылса, бүкіл әділдік пен ақиқаттың көзі ашылады» деп ойлаған. Дүниедегі бүкіл опасыздық пен сатқындықты, әзәзілдік пен аярлықты, қиянат пен қылмысты, өтірік пен өсекті, жалған мен жаланы, мұз бен шоқты, аяз пен аптапты Абай жалаңаш жүрегі арқылы өткізген ғой. Тар кеудеде аласұрған жүрек осыншалықты қарама-қайшылық пен ауыртпалықты көтере алар ма?!

Жүрегім, ойбай, соқпа енді! –
деп оның дауысы шырқырап, содан кейін:
Сорлы жүрек мұнша ауыр
Неге қатты соқтығар? –

деп үгітіліп сөйлеуі содан болса керек. Оның осы сәтте айтқан:
Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ит жүрек, –

деген сөзінің өзінен қапа мен уайымға батып отырған ақынның дәрменсіз, корғансыз халі көрінбей ме?! Дәрменсіздік пен қорғансыздықтан касірет ауруына шалдыққан жүрек – қандай жүрек болмақ? Оқып көрейік:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.

Өмір мен өлім арасындағы хал ғой бұл. Осындай халде тұрып та Абай айналасынан қуат, дәрмен күтеді. Ол:

Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын, –

дейді. Солай етеді де. Өмірдің соққыларынан, тағдырдың тепкілерінен, қаскөйлік пен қастандықтың оқтары мен шоқтарынан шұрқ тесік, тілім-тілім болған қайран жүрегін ұлы Абай жамап алып, қайтадан күреске салады. Оның:

Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден, –
деуі сондықтан.

Қиянатшыл дүниеден қырық жамау болған Абай жүрегі Абай өлеңдерінде әлі де соғып тұр. Ол жүрек көзге көрінбейтін талшықтар арқылы біздің бойымыз бен ойымызға, қанымыз бен жанымызға, санамыз бен пайым-түсінігімізге елдің қасіреті мен қайғысын, құяды. Ал халықтың арманы мен үмітін бойы мен ойына, қаны мен жанына, санасы мен пайым-түсінігіне құйып алған адам шын адам ғой. Шын қазақ қой.

26. КӨЖЕКБАЙ МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП ПА,

МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП ЕМЕС ПЕ?

Біздің бұл сұрақты қойып отырғанымыз тектен тек емес. Қазір сыншысы бар, сыншы емесі бар, ретті-ретсіз, мәңгілік тақырып және мәңгілік тақырып емес деген ұғымдарға тым үйірсек болып алды. Олардың түсінігінде, мәңгілік тақырыптар дегеніміз – аспан, ауа, жер, су, адамгершілік, имандылық, махаббат, замана, уақыт, т.б. Ал мәңгілік емес тақырыптар дегеніміз – өмірдегі жеке бір құбылыстар, майда қарекеттер, үсақ адамдар, күйкі тіршілік пен кішкентай мәселелер. Яғни олар бүгін бар да, ертең жоқ, науқаңдық немесе бір сәттік қана деп үғылады. Осылай ұғылып қойса да ештеңе емес, олардың қабылдауынша, мәңгілік тақырыпты жазған ақындар – шын ақындар, ал тарихи салмағы, заманалық орны жоқ құбылыстар мен адамдарды жазғандар — әншейін қара көбейтушілер ғана. Сонда қалай, Абай жазған Көжекбай мәңгілік тақырыпқа жатпай ма? Ол бар болғаны, Абайдың сөзінің нәрі жоқ, дәйексіз замандасы ғана болғаны ма? Яғни ұсақ адам, ұсақ тақырып болғаны ғой. Ал олай болса, ол өлең неге осы уақытқа дейін оқылады? Неге? Онымен тағы да жақынырақ танысып көрейікші:

Көптен тату кимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн,
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын:

Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.

Осындай опасыздыққа барған «көптен тату қимасың» өзінің бұрынғы «ескі досын көргенде» не дейді екен:

Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, кұдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап кайттым деп,

Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзін тоздырар.

Біз бұл жолдар арқылы Абай заманындағы сатқын, әзәзіл, Көжекбаймен ғана емес, осы қазір қасымызда жүрген, ал ертең балаңмен, немерелеріңмен замандас болатын көжек­бай­лармен танысып отырмыз ғой. Мұндай атаңа нәлет алаяқ­тар бүгін мүсәпір болса, ертең кісәпір. Сондықтан да олар:

Жау көп болса басыңда,
Бірі қалмас касыңда.
Ал «оңалып егер алсаңыз»:
Пәленшені ұрам деп,

Түгеншені кырам деп,
Таршылықта қайраңдап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға калдыңыз.

Бір сезбен айтқанда оңдай жан:
Күн жауганда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда.

Бейнебір Абай өзінің қасында ғана емес, бәріміздін қасымызда жүрген Көжекбайды жазған секілді. Сонда опасыз, күйкі, ұсақ жан Көжекбай мәңгілік тақы­рыпқа жата ма, жатпай ма? Оған еңді жауапты өзіңіз беріңіз.

27. ҚАЙҒЫЛЫДАН ДӘРМЕН КҮТКЕН

Қайғының қара бұлтын жамылып, қасіреттің қара тасын арқалап, мұң мен наланың мұнарына малтыққан Абайдың жүрегіне шемен болып қатқан шерін айтатын серіктесі, қуат жинап, күш алар тірегі не дейсіз ғой? Оған жауап біреу-ақ. Өз халқының қасіреті мен қайғысынан жаратылған Абайдың шер тарқатар серіктесі де, күш алар тірегі де басқа емес, сол – Қайғы, Қасірет, Мұң, Нала, Азап. Бұл ұғымдарсыз Абай өмір сүре алмайды. Дәлірек айтсақ, Абай үшін адам болмысына қатерлі (біздің түсінігіміздегі) бұл ұғымдар – ауа, су сияқты аса қажетті тіршілік көздері. Ол:

Тірілтіп өткен күңді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес карғап, міңдеп —
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп, –

дейді. Көрдіңіз бе, бақ пенен тыныштықты қалай іздесе, қайғы менен азапты да солай іздейді. Мен өз басым бұл дүниеде бақ пенен тыныштықты іздегендей қайғы менен азапты да дәл сондай, рухани қажеттілік ретінде іздейтін бір де бір ақынды білмеймін. Бұл ретте ол ұлы философтар Шопенгауэрмен, Ницшемен көбірек үндес. Мәселен, Шопэнгауер қайғыны адамдық қасиеттің негізі, яғни «имандылықтың серіппесі» деген. Тек қайғысы бар адам ғана басқа адамның жан дүниесіне түсінеді деп ұққан. Ал Ницше қайғыны адам болмысының ұлы қасиеті деп білген. Олай болса, «адамды сүй» деп өсиет еткен Абайдың қайғы мен азапты іздеуі, шын мәніңде, рухани қажеттіліктен туған табиғи занды құбылыс болса керек. Әрине, бұл ойын ол әлігі ұлы философтардың шығармаларын оқып барып айтты дей алмаймын. Бұл жерде, сөздің реті келіп тұрғаңда айта кететін нерсе, кейінгі кезде Абайдың дүние танымының кендігін, оқу-білімінің молдығын дәледдеу үшін оның сөздерінің бәрін, ретті-ретсіз, өзінен бұрын өткен ғұламалардың сөздерімен салыстыра қарастыру кебейіп барады. Бұл, егер науқанға айналып кетсе, катерлі құбылыс. Оның үстіне, біздің қолымызда әлігі философтардың шығармаларын Абай оқыған деген дәйектемелер жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл кесек ой оның ұлы тұлғасының өзінен өсіп шықкан ой болса керек. Бұны Абайдың өзі ашқан ұлы жаңалығы, өзі ашқан ұлы батылдығы деп ұққан жөн. Тағы да ол:

Көзіме жас бер, жылайын, – дейді. Сіз өміріңізде «жылап отырмын», «жылап жүрмін», «жылап келемін», «жылаумен өтемін» деп өлең жазған ақындардың талай-талайын оқығаныңыз сөзсіз. Олардан амалсыздық, дәрменсіздік сезілетін. Ал Абайдың «көзіме жас бер» деген сөзінен рухани қажеттілік сезіліп тұрған жоқ па?! Біздің бұл сөзімізге иланғыңыз келмесе, келесі өлеңге көз жүгіртейік. Қайғысыз жанға ғұмыры сеніп көрмеген Абай:

Қайғысыздың бәрі – асау,
Бізге онан пайда жоқ, —
дейді.
Содан болса керек, ол:

Канжүректі кайғылы-ау,
Қайрыла кет сен маған, –
дейді.
Абай қайғылыдан ғана серіктес, қайғылыдан ғана тірек тауып, дәрмен іздеген.

28. ӨМІР ХАҚЫНДА

Абай өмір туралы өкінішпен сөйлейді. Бүкіл ғұмыры қаратүнек надаңдықпен, алтыбақан алауыздықпен, күл шашқан өтірікпен, күйесін жаққан жаламен, дарақы даңғоймен, алақұйын әзәзілмен, қан ұрттаған қиянатпен, жанын жалдаған арсызбен, табансыз, тұрлаусызбен — бәрі-бәрімен арпалысып өткен Абайдың өмір туралы өкінішпен сөйлеуі занды болса керек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді-кетгі,
Қайта айланбас, бұрылмас бұлдыр заман.

Байқайсыз ба, Абайдың өкініші аса зор-ау. Әне жерден бір алып, мына жерден бір жұлып, бірін бірі талап, бірін бірі қанап, бірін бір тонап жаткан тіршілік иелері ғана емес, шықылдаған сағаттың өзі де, яғни уақыттың өзі де ұры...

Абай өткен күнді қалай қарастырса, келер күнді де солай қарастырады.
Көк тұман — алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, –
дей келіп:
Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына түк қалдырмас, –

дейді. Оның «ішім толы у мен өрт» дейтіні де осы тұс. Іші у мен өртке толы адам өкінбей, өксімей тұра алар ма? Бі­рақ Абай өмірден қанша көңілі қалып, қанша жүрегі шайлықса да, одан мүлде түңіліп, баз кешіп кете алмайды. Ол қайта-қайта өмір, уақыт туралы тұнжырап тұрған тылсымға шомып, тұнғиық ойға батады:

Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса,
Күнді уакыт қызартып,
Көкжиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуақка.
Төмен қарап мұндасар,
Ой жіберіп әр жаққа.

Өмір, уақыт туралы сөзбен салынған неткен ұлы ғажап полотна! Алысты көзден жасырып, басы ұзарып бара жатқан Көлеңке мен көктегі Күннің өзін қызартып, көкжиектен асырып тастаған Уақытты көз алдыңызға елестетіңізші. Бейнебір ұлы кеңістік үстінде төрт ұлы құбылыс қана қалған сияқты. Оның үшеуі — Көлеңке, Күн, Уақыт — бір-бірімен әрекетке түсіп жатқандай да, ал төртінші құбылыс — Абай соларды бақылап тұрғандай. Бірақ ол ұлы кеңістікте өтіп жатқан ұлы әрекеттерді сырттай емес, іштей бақылаушы. Өйткені көкжиектен асып кеткен Күнмен бірге оның көңілі де күңгірт тартты. Күңгірт көңіл сұрғылт тартқан бейуақпен сырласып өткен өмір өкініші! Ол өкініш «өңкей уды жиып ап, жүрекке себеді»... Мен өз басым, осы өленді оқыған сайын, күңгірт тартқан ұлы кеңістік ішінде иық тірестіріп, Уақытпен сырласып, Өмірмен мұңдасып отырған Абайдың алып тұлғасын көргендей болам

АСТАРЫ ҚАТПАР-ҚАТПАР

«СЕГІЗ АЯҚ»

Кейінгі кезде, Абай туралы сөз болса-ақ, көп адамның аузынан «біз Абайды танып-біліп жатқан жоқпыз» деген сөз жиі шығатын болып жүр. Кім-кімді де бет қаратпай мошқап тастайтын, кім-кімді де жерге тыққандай тұқыртып жіберетін бұл сөзге қарсы бас көтеріп сөйлеуге, неге екнін білмеймін, жұрттың бәрі дерлік дәрменсіз. Алғашқы кезде қайта-қайта айтылатын бұл пікірге «әйтеуір айтыла салған сөз шығар, арғы жағында Абайды танып, біле түсейік деген ақ ниет, жақсы тілек жатыр ғой» деп, мән бермей жүрдік. Кейіннен бұл пікір, көзі қарақты, көңілі ояу адамдардың емес, ілімі күмәнді, білімі күдікті әлдеқандай кездейсоқ біреулердің аузынан айтыла берген соң жүйкеге тиетін болды. Бара-бар бұл пікір, жұрттың санасына әбден сіңгені сондай, қоғамдық пікірге айналып кетті. Енді мен, өз басым, осы пікірді естіген сайын, соңғы жылдары үлкен үрдіске ие болған, Абайды танып-білу қозғалысынан туған танымдық-тағылымдық, ғылыми-сараптамалық, ғылыми зерттеу еңбектерін былай қойғанда, арғысы алып Мұхтар Әуезовтің, бергісі классик Тәкен Әлімқұловтың әруақтарынан ұялатын болдым. Апыр-ау, деймін, «Абайды танып-біліп жатқан жоқпыз» деп қылышпен шапқандай үзілді-кесілді пікір айтуға, басқаны елеп-ескермесе де, сол кісілердің әруақтарынан именсе қайтеді. Егер Абайды Мұхтар Әуезов танып-білмесе, оның қатпар-қатпар қазынасын ашып, зерттеп-зерделемесе, әдебиетіміздің, тек әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл рухани кеңістігіміздің алтын діңгегі, айдын шалқары болып саналатын оның теңдессіз ұлы эпопеясы тек бізді ғана емес, дүниенің төртбұрышын түгел тамсандырмас еді ғой. Егер Абайды Тәкен Әлімқұлов көз майын тауысып, әр сөзіне шұқшиып, ой елегінен өткізіп танып-білмесе көңілінің көзі бар қазақтың бәрін тәнті еткен «Жұмбақ адамы» дүниеге келмес еді ғой. Сондықтан, құдайға мың мәрте шүкір дейік, Абайды шамамыз келгенше, күш-қайратымыз жеткенше танып-біліп жатырмыз. Бірақ Абай таныған сайын түбіне жеткізбейтін терең, білген сайын басын шалдырмайтын биік қой! Абайдың Абайлығы дәл осында: оның таныған сайын тереңдей беретіндігінде, білген сайын биіктей түсетіндігінде! Егер біз Абайды танып-білу жағын сөз етер болсақ, онда оның дәл осы көзқарас тұрғысынан қарап сөз еткен жөн. Өйткені Абай әлемі – мына дүниенің өзіндей тылсым, мына дүниенің өзіндей жұмбақ ерек әлем. Ол әлем қайта-қайта қадалып оқыған сайын жаңғырып-жаңарып, оның сөздерін көңіліңе тоқыған сайын молайып, байи беретін әлем. Біздің жер асты қазына байлықтарымыздың көздері, яғни табиғи ресурстарымыз, оның қоры қаншама мол, қаншама көп болса да, түптің түбінде сарқылып таусылмақ, ал халық жасаған ұшан-теңіз мұра мен Абай бастаған рухани тұлғаларымыз дүниеге келтірген рухани ресурстарымыз ешуақта сарқылып таусылмақ емес. Әрине, мен бұл жерде ол қазынаның тек көлемін ғана айтып отырған жоқпын, оның орасан зор рухани қуаты мен қайратын айтып отырмын. Әрине, егер біз Абайдың ұланғайыр әлемін, сол ұланғайыр әлемнің ауа райын, қас-қабағын, болмыс-бітімін, лебі мен демін танып-біліп жатқандарымызды ойымызға құйып, бойымызға сіңіре алмай жатырмыз десек, онда сөз басқа. Абай әлі де өкінішке орай, өзінің толық мағынасындағы ұлттық идеямызға тіпті ұлттық идеологиямызға айнала қойған жоқ. Әлбетте, ұмтылыс бар, ниет бар. Бірақ жүйелі әрекет жоқ. Сөз реті келгенде айта кетейік, біз көбіне көп санамызға таяныш етер ұлттық идеямыз жоқ, ойымызды байлар ұлттық идеологиямыз жоқ деп жатамыз. Дұрыс-ақ. Солай бола тұра, егер біз ұлттық идея, ұлттық идеология деген аса қастерлі, аса қасиетті ұғымдарды әлдеқандай бір кісілердің бас қосып бірігіп жасаған, қатып-семіп қалған ресми тілмен кірпіш құсатып қалап шыққан стандартты тұжырымдама деп ұқсақ, онды біз қатты қателесеміз. Өйткені біздің бүгінгі де, ертеңгі де ұлттық идеямыз, ұлттық идеологиямыз – өзіміздің рухани кеңістігіміздегі аса қасиетті, аса қастерлі рухани қазына байлықтарымыз болу керек. Шүкір, бүгінде, құдай оңдап осы бағытқа бет бұра бастағандаймыз. Дүниеге «Мәдени мұра» бағдарламасы келді. Енді бұл бағдарламаның, қары еріген кезде ғана таситын шолақ сайдай шолтаң ете түспей, барынша кең, барынша қуатты, барынша арналы ағысқа ие болғанын қалар ек. Әлбетте, бұл тұста да Абайға қайта-қайта үңілу, оны бүгінгі күнмен ұштастыра қайта-қайта зерделеу, онымен сұхбаттасып сырласу, ішіңе шемен боп қатқан шеріңді ағытып мұңдасу, жаныңды жегідей жеген қасіретіңді айтып шағыну, одан санаңды сарсаңға түсіріп, ойыңның ойранын шығарып жатқан сүңгідей суық, қанжардай қатерлі сұрақтарға жауап іздеу, сол арқылы қашан қарасаң да қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып тұратын мына қатыгез қатал заманның табиғатын түсіну, онсыз да ширығып тұрған жүйке талшықтарыңды бір-бірлеп бытырлатып үзіп, онсыз да қанжылап тұрған жүрегіңді одан сайын қанжылатып шабақтап жатқан сұрқия тілекті, зымиян ниетті әрекеттердің түп-тамырын қарастыру процесі бір сәт те толастамақ емес. Көп адам секілді мен де, мына ақ құйын аласапыран дүние өзінің тосын сұрағымен тосылдырып, тіпті тоқыратып тастағандай болса, немесе бұйдасыз бейдауа тіршіліктің, бірде алдын, бірде артын беріп, қысқа күнде қырық рет құбылып шыға келетін берекетсіздігінен безінгендей болғанда алдымен Абайды қолға алам. Алдымен оқитыным «Сегіз аяқ».

* * * «Сегіз аяқ», оқыған сайын, бірде шоқ басып алғандай шошындырып, от жалап алғандай күйдіріп, енді бірде мың-мың су жыландай сумаңдаған суық жел қойын-қоншыңды түгел аралағандай тұла бойыңды түршіктіріп бара жатады. Етіңді иленген терідей езіп, сүйегіңді балғамен ұрғандай шатынатып шағады. Ішіңді жалап, теріңе сыймай бара жатқан ашу-ыза күйігін басу үшін қара мұзды тісің сынғанша қашырлатып шайнап, ақ қарды ұртың толғанша қарпып асағың келеді. Миың тозаңға, санаң шаңға толып кеткендей меңіреу дағдарысқа түсіп мең-зең хал кешесің. Абайдың өзі айтқандай «басың сандалады». Бірде өрт жанында тұрғандай ысисың, бірде жел өтінде тұрғандай тоңасың. Қалай болғанда да салғырт оқи алмайсың. Абайдың ең бір ұлы қасиеттерінің бір осында! Өзін оқыған адамды салғырттық құрсауынан суырып алатындығында! Ол өлең «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған» деп соншама бипаз байыппен, соншама сабырлы байсалмен бастала тұра, сәлден кейін сені қазақ халқының қасіреті мен қайғысының, опынысы мен өкінішінің, мұңы мен зарының қалың ну жынысына кіргізіп жібереді. Ең бастысы, тоғыз қабатты, тоқсан иірімді бұл рухани толғау Абай өмір сүрген заман лебі, уақыт демі жайлы ғана емес, сен өмір сүріп отырған дәл бүгінгі тіршілік жайлы алғаусыз сұхбаттасып, оны армансыз таразы-талқыға салып, сенімен ең жақын тамырлас-тектес жақыныңдай, ең құрсақтас-қандас туысыңдай сырласып, мұңдасады. Ол өлең сенің ішіңнің түпкі бір қалтарысында күл астына көміліп қалғандай көмескі тартып бара жатқан шоғыңды жел боп үрлеп қайта тұтатып, жаныңды жегі құрттай жеп, қаныңды жебір-бәледей ішіп жатқан шер мен шеменіңді шығарып алады. Абайдың ең ұлы күрестерінің бірі, кезінде арнайы тоқталғанымыздай, тұтас бір халықты тар қапаста қамап, айы ауып, жұлдызы сөніп қалған, яғни бағдарсыз түттей түнекпен тұмшаланған қараңғылықпен, надандықпен күресі. Қызық үшін де емес, келемеж үшін де емес, әрине. Халқын алқымынан алып, мойнын қылғындырып буып тұрған надандықтың бұғауынан, аяғын аттатпай қысып, сүйегіне дейін қиып тұрған надандықтың кісенінен, көзін көлегейлеп тұрған надандықтың пердесінен құтқару үшін. Халықтың көзі ашылмай, көкірегі оянбай қандай да бір жаңа өріс, қандай да бір көкжиек ашылмайтынын білгендіктен. «Сегіз аяқта» да Абай «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас», деп «толғауы тоқсан кызыл тілдің» құдірет-күшін айтқан бойда-ақ, алдымен сол өзінің халқының ежелгі қас жауы, қаскөй дұшпаны надандықпен, «не сен, не мен» дегендей бетпе-бет, қоян-қолтық кеп артқа қаратпайтын ашық шайқасқа түседі. Тұла бойын бұрқ етіп көтерілген ыза буып, жан-жүрегін лақ етіп ақтарылған ашу қысып жібергендей жеріне жеткізіп, өңменінен өткізіп тұрып «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ күлкішіл кердең наданның» дейді Абай. Біз көбіне көп надан адамды қой аузынан шөп алмайтын момын, бетегеден биік, жусаннан аласа жуас, қазыққа байламай-ақ қалай жүндесең де, ағашқа кермей-ақ қалай илесең де көне беретін сорлы, жігер дегеннен жұрдай, қажыр дегеннен мүлде ада бейшара көреміз. Абайдың айтып отырғаны ондай сорлы,ондай бейшара надандық емес. Өйткені ондай сорлы, ондай бейшара надан ешуақта да «күлкішіл кердең» бола алмайды. Ондай надандықпен Абай күреспес те еді. Яғни, Абайдың айтып отырғаны әлдеқайда қауіпті, тіпті қатерлі надандық. Басында баянды ой жоқ, дүниеге одыраң-одыраң қарап, кекірелеп сөйлеп, кеудесімен қағып кетердей кердең-кердең басатын надандық қай-қай заманда да болған, олар бүгін де бар. Абай бұл жерде қаншама одыраңдап, қаншама кердеңдесе де қарақан басынан аса алмайтын, халқының қамын күйттеуге қауқары жетпейтін миғұланы, жерінің тағдырына жаны күйіп көрмеген малғұнды айтып отыр. Ондай жан елі мен жерінің қамы үшін қамығып налып, елі мен жерінің тағдыры үшін қабырғасы қақырап сөгілмек түгілі, қайта әлдекімдердің қолындағы елі мен жеріне қарсы лақтырылатын тасқа, елі мен жеріне қарсы атылатын оққа айналып шыға келуі мүмкін. Ондай жан әлдекімдердің қалай сілтесе солай шабылатын айбалтасы, қалай ұрса солай қадалатын сүңгісі. Яғни ондай жан өз елінің емен-діңгегін айбалта боп кесуден, өз елінің жүрегіне сүңгі боп қадалудан тайынбайды. Өйткені «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ» ондай жан «көп айса көнді,жұрт айтса болды» принципімен ғана тірлік етеді. Не нәрсені де өзінің қауашағына салып ой елегінен өткізуге қабілетсіз, өз ақылына салып таразылауға қауқарсыз, тобырлық психологиямен ғана өмір сүретін ондай жан – қатерлі жан. Ондай жанның қатерлігі сонда, ол, ең алдымен, өз ұлтына күш көрсетіп, өз ұлтын көзге ілмей, оған менсінбей қарауында. Біз, сонау бала кезімізде-ақ, ауылымызға астанадан келген кейбір апайлар мен әжейлердің өзге тілде шүлдірлеп жүрген балалары мен немерелерін көрсетіп, «біздің бала қазақша білмейді» деп аса зор мақтанышпен, аса зор тоқмейілсумен сөйлеп, айнала жұртқа танауларын шүйіріп қарағандарын талай-талай көргенбіз. Иә, көкірек көзі көрсоқыр болған соң-ақ қиын ғой. Кейінде қуғын-сүргінге түсіп, елінен, жерінен көшіріліп, біздің жерімізге эшалон-эшалон болып төгілген түріктер мен шешендердің балалары өз мектептері, жөнді ортасы болмаса да,/ біразы бізбен бірге оқыды/ өз тілдерінен бас тартқан жоқ. Не деген ділдері берік халықтар!Үзіліс кездерінде бір-бірімен тек өз тілдерінде сөйлесіп жататын. Енді бүгін сол бізбен қатар оқыған түріктер мен шешендердің балалары мен немерелері де, өздерінің ұлттық мектептерін көрмей-ақ, өз тілдерінде еркін сөйлеседі. Ал біздің біразымыздың иіміз жетім қозының терісіндей жұмсақ болып шықты. Өз жерінде, өз елінде отырып-ақ кісәпір идеологияға шұғыл көніп жүре берді. Ал иі жұмсақтың «бойда қайраты, ойда көзі» бола бермейді. Қанша тәуелсіздік алдық, енді дербес елміз деп көкі­регімізді кергенмен көп-көп қандастарымыз сол идеологияға есі кеткенше иланып, әлі күнге ішіне жүн-жұрқа тығылған сол идеологияның тұлыбына қарап мекіренеді. Кейде баз бір адамдар, мінайы бір себептермен, өзінің итінен құтылу үшін оны алыс қиырға апарып тастамайтын ба еді. Бірақ иттің қожасына берілгендігі сондай, ол бәрі бір сол алыс қиырдан иесін іздеп келіп жатады ғой. Біздің де бойы мен ойын надандық жайлап алған қандастарымыздың сол бір идеологияға деген сенімі – дәл сондай иттік сенім. Яғни, қожайынсыз өмір сүре алмайды. Көз алдын тұтып тұрған иттік сенім пердесі дар еткізіп жыртып тастауға ондай жанның қайраты жетпейді. Бәле-жаласы өзімен кеткір Кеңес өкіметі кезеңін былай қойғанда, азат елміз деп отырған бүгіннің өзінде жаңа туған нәрестелерінің есімін «Клинтон», «Буш» деп қойып жатқандар да солармен кіндіктестер. Мен өзімнің бір аулада тұратын орыс тілді замандасыма осы бір жайсыз құбылысты айта отырып, Америкаға барып орын теуіп жатқан қытайлықтар өздерінің аты-жөндерін ешуақта өзгертпейді екен дедім. басқа ұлт өкілдері өзгертеді, ал олар өзгертпейді. «Какая глупость» деді әлгі замандасым мырс етіп. Мен алдында ол қай құбылысты «надандыққа» балап отыр деп бетіне сынай қарап ем, сөйтсем ол қытайлықтардың аты-жөндерін өзгертпейтінін меңзеп отыр екен. Апырай, десейші, ұлт үшін тіл мен дәстүрге тас керең, көр соқыр надандықтан өткен қатер жоқ екен-ау! Бір тал шашқа ілініп, қыпылдаған қылыш жүзінде тұрған ұлтының тағдырын ойламайтын жерде көп дүрмек пен тобыр елеусіз нәрсе үшін еліре екіленіп, түкке арзымайтын нәрсе үшін егесе текетіресіп, яғни «таласып босқа» өмір сүрмек. Сондай-сондай екіленулер мен текетірестерді көргенде, менің есіме ертеректегі бір оқиға түседі. Тезек теріп жүрген екі әйел айдалада жатқан бір жапаға таласып қалған ғой. «Бұл менің сиырымның жапасы» дейді біріншісі. «Жоқ, бұл менің сиырымның жапасы» дейді екіншісі. Не керек екеуі сол жерде ұстасып, сонан кейін шаштасып, ақырында бет тырнасып қызыл ала қан болады. Бүкіл бір ауыл дүрлігеді. Әңгіме сотқа дейін барады. Сондағысы, айдалада жатқан, қоңыз екеш қоңыз да қараудан қалған, кеуіп қалған жапа үшін! Жұртының бүгінін, елінің ертеңін, жерінің арғы күнін ойлап басын да қатырмайтын, балтырын да сыздатпайтын, екі көзі тесірейіп, есінен адасқандай ындыны құрып, бар көргені де, бар білгені де дүние-боқ боп, тіпті сол үшін бір-бірін отқа да байлап беріп, жан берісіп,жан алысып жатқан адамдарады көрген сайын әлігі «жапа» оқиғасы ойыма сап ете түседі. Осындай осындай талай сорақы құбылыстарды көзімен көріп, басынан өткізген Абай күйініп-күйзеліп тұрып «қор болып, құрып барасың» деген ғой. Әрине бұл жерде «нағашым мені құрметтеп, есек мінгізді» деп қос санын қоса шапаттап, бөркін аспанға атып, есі кеткенше еліріп қуанатын, тұрқы бір тұтам, кісілік тұрпаты міскін, тексіз надандықты әңгіме етіп, ауыз ауыртып жатудың қажеті жоқ. Абай өзінің қара сөзінде «қазақтың жауы – қазақ» дей тұра, «сегіз аяқта» «біріңді қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деп, сенің кеудеңе сұқ саусағын қадап тұрып, қабағынан қар жаудырып тұрып қатал үкім айтады. Тағы да оны кешегі өзінің заманына ғана емес, бүгінге, яғни сіз бен біз өмір сүріп отырған заманға да қаратып айтып тұрғандай. Олай демей, не дерсің! Кеше ғана емес, бүгінде қазақ пен қазақтың арасын бірікпестей етіп ажыратып, бір-біріне кірікпестей етіп бөлгісі келетіндер барған сайын, бейне бір өші кеткендей өршеленіп бара жатса! Олар сіз бен бізді, яғни қазақты патшалық Ресей тұсында болыстық сайлау арқылы ру мен ру арасына жік салу арқылы алауыз етіп құртқысы, Кеңес өкіметі тұсында интернационализм идеясымен улап, діл мен тілді жою арқылы жоқ еткізгісі келсе, енді бүгін планетаарлық, яғни жаһандану процесі арқылы ту-талақай етіп жібергісі келеді. Жақында ғана бізді бөліп, екі жар етіп айтыстырып-тартыстырып қоюға құштар пиғылдағы газеттердің бірі «МК»-дан/«Московский комсомолецтен»/ «Біз Мәмбет деп кімдерді атаймыз?» деген іріткі мақала оқыдым. Бәрін мысалға келтірмей-ақ қояйын, тек бір үзіндісімен ғана таныстырайын. Газет тілшісі Әлия Мәмбетова дегеннің сұрағына /фамилиясы әдейі адастыру үшін қойылған жалған болу керек/ Әнуар деген бизнесмен /оның да есімі жалған болуы әбден мүмкін/ былай дейді:

– Қазақ қоғамында мәмбетизм деген проблеманың неге туғанын білесің бе? Өйткені қазақтар – сирек кездесетін сирек ұлт. Бір ұрпақ кезеңінде үш формацияны бастан кешірдік: феодалдық-рулық құрылым, коммунизм, капитализм. Қарт ұрпаққа жататындар бүгінге дейін өз ата-бабаларымен қалай көшіп-қонып жүргендерін жақсы біледі, ал олардың балалары қазір зауыт, газет, параходтардың қожайындары...

... Прогрессивті қазақтар патрихалды қазақтарды мәмбеттер, ал патриархалды қазақтар прогрессивті қазақтарды мәңгүрттер дейді. Мәмбет, мамба, мамбик – қараңғылар. Ал мәңгүрт – өздерінің шыққан тегін білгісі келмейтіндер. Бұл Шыңғыс Айтматовтың айтуы бойынша. Ол өзінің романында адамды тірі өлікке, яғни құлға айналдырған оларды мәңгүрттер деп атаған.

– Сен өзіңді мәмбеттерге жатқызасың ба, әлде мәңгүрттерге жатқызасың ба?

– Өкінішке орай, мен – мәңгүртпін.

– Мәмбет болмағаныңа өкінесің бе?

– Өзің не айтып тұрсың? /күліп, үстелді тоқылдатты/...

Осылай жалғаса береді. Не болғанда да Әнуар бизнесменіміз ата-бабасының шыққан тегін білетін «мәмбет» болғысы келмейді, анасын өлтіретін мәңгүрт болуды қалайды. Тағы да тілші анасын өлтіретін мәңгүртті прогессивті қазақтар /!/ тобына жатқызады. Жан-жүрегіңнің сорасын ағызатын неткен сорақылық десеңізші! Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, қазақтардың арасына жік салудың мұнан өткен сұмпайы түрі бола ма?! Оның үстіне Мәмбет есімі Мұхаммед пайғамбар есімінің /Магомед, Махамбет, Мүхамбет т.б./ қазақша икемделіп айтылып кеткен бір нұсқасы ғой. Олар ең болмаса, Мұхаммед пайғамбарды келемеж құралына айналдырып алғанын білер ме екен?! Бірақ олар тіпті біле қойғанда да тайына қоймас! Рас, қазір қазақтардың бір тобы орыс, екіншісі қазақ тілінде сөйлеп барады. Бұл – біздің ең осал тұсымызға – Ахиллес өкшесіне айналды. «Інжілде» айтылатын Вавилон мұнарасының салыну хикаясын білетін шығарсыз. Ол мұнараны бір тілде сөйлейтін адамдар шырқау биікке дейін көтеріп, одан әрі де биіктетіп сала берген ғой. Мына мұндарлар мұнараны мен отырған жерге дейін жеткізбек пе деп ашуланған Жаратқан ие, сол құрлыста жүрген жандардың бәрін әр тілде сөйлетіп жібереді. Әр түрлі тілде сөйлесіп кеткен адамдар бір- бірімен түсінісуден қалады да, мұнара әрі қарай салынбайды... Кейде осындайда, біздің, қазақтардың Жаратқан ие отырған мекеннен дәметкендей күпірлікке барған ештеңесі жоқ еді, екі жаққа қарап, екі тілде сөйлеп кетуге қандай ниетімізден жаздық екен деп те қапаланасың. Мұны өткен заманның кесірлі идеалогиясынан қанша көргенмен, несін жасырамыз, өзімізден де бар ғой. Кезінде қуғын-сүргінге түсіп Қазақстанға келіп орныққан қаншама ұлттар, аса ауыр тауқыметтерді бастан өткізіп жүріп өз тілдерін жоғалтқан жоқ қой. Ал біздің көбіміз, өз жерімізде тұрып-ақ өз тілімізге ие бола алмай қалдық. Қалай дегенде де, бүгінгі таңда бір бөлігі әрі, бір бөлігі бері қарап тұр. Мұндайда екі жүзді Янус еске түседі. Әдетте, Янус бейнесі – опасыздықтың, яғни екіжүзділіктің символы ретінде қабылданады. Шындығында, оның әу бастағы мағынасы мүлде басқа. Көне Рим мифологиясында Янус– уақыт құдайы. Оның бір қыры бір жаққа, екінші қыры екінші жаққа қарап тұруында терең мән бар. Ол уақыт құдайы болғандықтан, оның бір жүзі күннің шығуына, екінші жүзі күннің батуына қарап тұр. Біз үшін, яғни қазақтар үшін қазір бұл мүлде басқа символдық мағынаға ие дер едік. Яғни, ол, қазақтардың бүгінде бір бөлігі Батысқа, батыс дүниесіне, екінші бөлігі Шығысқа, щығыс әлеміне беттерін бұрып алғанын көрсетеді. Бір- бірлеріне арқаларын беріп теріс қарап тұр. Ал бізге екеуі екі жаққа қарап тұрған қос профильді портрет емес, бір бағытқа қарап тұратын анфастық портрет керек. Оған бізді тек тіл тұтастығы ғана жеткізе алады. Бұл мәселеге осы бастан айрықша ден қойып, оған осы бастан ие болмасақ ертең жер қауып қалуымыз әбден мүмкін. Бүгінгі таңда көкейімізді қанжар боп кесіп тұрған, кеудемізді сүңгі боп тесіп тұрған ең басты шаруа осы. Әйтпесе, Абай айтқандай, “біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос” болып шығады. Өйткені ұлтты ең алдымен, тіл ғана мүдделес етеді. Олай дейтініміз өзіміз күнде көріп жүргеніміздей, екі бөлек тілдер бір- бірімен тіл қатысқандарымен, олардың көп мәселелерді түсінулері басқа- басқа емес пе?! Бұлай кете берсе, аражік ашыла береді. Оның ар жағы неге апарып соғарын бір Алла ғана біледі. Не дегенде де, бұл мәселе бейжайлықты көтермейді. Бейжайлық дегеннен шығады. Ертеде бір іргелі ауыл жайлауда отырады ғой. Сол ауылдың бас көтерерлері бір ақбоз үйге жиналып шай ішудің қамына кіріседі. Дастархан жайылып, буы бұрқырап семіз қойдың қызыл қуырдағы келеді. Сол кезде сырттан бір әйел ебіл- дебілі шығып “жау шапты, ойбай! Малдарды қыр асырып айдап барады” деп кіріп келмей ме. Сонда жұртты аузына қаратып жүрген бір кісі “түу, жау дегенің де нағыз саппас қырт екен ғой. Дәл қуырдақ келіп жатқанда шабуын қарашы! Жарайды, алдымен қуырдақ жеп алайық арғысын содан кейін көріп жатармыз” деген екен. Егер біз тезірек шешімді бір әрекетке бармасақ, малын айдап бара жатса да былқ етпейтін мұндай жайбарақаттық, мұндай бейжайлық, мұндай қомағай тоғышарлық енді бізді мүлде опындырып, мүлде жер соқтырып орны толмас өкінішке ұрындыруы кәдік. Әрі қарап бара жатқан қазағымызды өзімізге бет бұрғызуымыз қажет.”Ертең, ертең” дей берсек, еріміз мойынға кетіп, айдалада сыпырылып түсіп қаламыз. Қазақты бір- біріне алагөз қып қойғысы, бүтін іргесіне бүлік кіргізгісі келетін тағы бір ілік, ол– рушылдық. Бұл біздің қоғамымызда ойды да, бойды да білдірмей алып бара жатқан дертті құбылыс. Бүгінде ру десек, өзгені былай қойғанда әлгі “прогрессивті қазақтар—мәңгүрттердің” өздері ішкен асын жерге қояды. Белін буып, білегін түрініп шыға келеді. Әрине, олар оны білу үшін білмейді, өздерінің пасық мүдделеріне пайдалану үшін біледі. Бізде рушылдық жоқ деген сөздің бәрі жалған. Оған көз жұмып қарауға болмайды. Жауырды жаба тоқудың да қажеті жоқ. Олай етсек, онда ол күні ертең- ақ бас бермей кететін асау бәлеге, емдеуге әл бермей кететін алапес індетке айналып шыға келуі мүмкін. Мен бұрын көп адамдар секілді, рушылдықты таланттан жұрдай, қабілеттен мақұрым адамдар ғана қоздырады, ал талантты, қабілетті адамдар ондай кесапат, кеселді бәледен бойларын аулақ ұстайды деп ойлайтынмын. Аңлап қарасам, мүлде олай емес екен, қайта оның ашытқысы да, негізінен, үлкен- үлкен орындарда отыратын лауазым иелері, талалантты тұлғалар мен қабілеттілер екен. Ойыңызға салып қараңызшы, талантсыздар мен қабілетсіздерді, сондай- ақ лауазымы жоқтарды кім тыңдайды. Жоғарыда отырғандар оларға “тәйт” десе, бәрі де індеріне кіріп кеткендей жым болмай ма? Олар тек әлгі лауазым иелерімен талантты қабылеттілердің қолшоқпарлары мен сойыл соғарлары. Олардың алдымен көзге түсіп қалатындары содан. Әйтпесе бар бәле ар жағында жатыр. Не болғанда да, бұл қауіпті құбылыс бүгінгі таңда күл астындағы су сияқты байқатпай жайылып барады. Күндердің күнінде оны былш еткізіп басып қап, талай- талай адамның белуардан былғанары сөзсіз. Қазірдің өзінде олардың кім екенін жұрт біліп отыр. Ал ол былғану ұлтымызға қаншама зардап әкелетінін,іргелі ісіміздің Абай айтқандай “бәрі бос” боп шығатынын осы бастан пайымдай білгеніміз абзал. Енді тағы бірде Абай “Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма,қорға, татулас. Өтірік, ұрлық, Үкімет зорлық, құрысын көзің ашылмас. Ұятың, арың оянсын, бұл сөзімді ойлансын” деп қайырады. Өзіңіз бағамдап қараңызшы, бүгінде “малымыз жауға, басымыз дауға” түсіп тұрған тұстар аз ба?! Қаншама байлықтарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. Бұл ретте, әрине, тіземіз дірілдеп діңкелеп тұрғанда амалсыздықтан көнген кездеріміз де болды, сондай- ақ көзімізді бақырайтып қойып амалын келтіріп, айласын асырып кеткендер де болды. Тағы да олардың дені күманді келімсектер екені бүгінде ешкімге жасырын емес. Қазақтың қазаны да, шөміші де солардың қолында. Қолымызға қалайы тостағанымызды ұстап соларға көзімізді сатып, әлдене дәметіп телмеңдеп жүргендер бізбіз. Ол алпауыттардың қазіргі астам әрекеттерін өз жер, өз елінде қазақтың басын идіріп, бәсін түсіріп, көкірегінен итеріп, тіпті келемеж етіп жатқандарын көргенде, ойпыр-ай, “басымыз дауға” түсіп кетер ме екен деп қорқасың. Абайдың іле- шала айтылған “Өтірік, ұрлық, Үкімет, зорлық, құрысын көзің ашылмас” деген жолдары жан арызындай, жүрек шағымындай естілмей ме?! Абайға бұл сөздерді кезіндегі отарлау саясатының өтірікпен үптеп, ұрлықпен түптеп, жерді тонап, елді қанаған не бір сұмпайы әрекеттері айтқызып тұр ғой. Ол түгел бір халықтың болмаса да , едәуір бір аймақтың тұтастығына тұтқа болар сұлтандық билік жүйесінің жойылып енді рушылдықты қоздырып, ынтымақты ыдыратып, бірлікті бүлдіріп кететін болыстық сайлауды көріп бір күйзеліп, қазақтарды құнарлы шүйгінді мекендерінен шөл- шөлейтті жерлерге қуып тастағанын көріп екі күйзелмеді дейсіз бе?! Оның үкімет жасар зорлықтан “көзің ашылмас” деп күйінгені сондықтан. Бұл сөздер кеше ғана Абайдың өз көзімен көрген зорлық- зомбылықтың сұмпайы да кеспірсіз бет- бейнесін көрсетіп тұрған жоқ, сонымен бірге бүгінгі зорлық- зомбылықтың да елге көрсеткен құқайы мен алатай әлегін меңзеп тұр. Абайды тыңдасақ, өтірік ұрлықтан да, үкімет жасар зорлықтан да, дау мен жаудан да құтылам десең онда “ұятың, арың оянсын”. Ұятың, арың оянбай жүрегіңе сәуле түспейді, көзің ашылмайды. Түс пен өңнің арасында мүлгіген қалпыңда қала бересің. Біздің әлі күнге көп- көп нәрсеге көзімізді жұмып қарайтынымыз да, тіпті көрсек те көрмегенситініміз де, айтар сөзді айта алмай, сөздің атасын күнде өлтіретініміз де, не нәрсеге де именшіктеп, төменшіктей беретініміз де, сол ұят пен арымыздың оянбай жатқандығында. Қараңызшы, осылар оянды- ау дегендеріңіздің өздері көздерін ашып жұмып, айналаға есінеп қарап шала ұйқы болып жүрген жоқ па?! Мысық табан жымысқы саясаттар мен түлкі бұлаң зымиян әрекеттерді көре- көре көкірегі найзағайлармен тілінген қара бұлттардай қарс айырылып басын тауға да, тасқа да соққандай, шарасыздықтан өз ойына өзі маталған Абай “Ауырмай тәнім, ауырады жаным, қаңғыртты, қысты басымды. Тарылды көкірек, қысылды жүрек, ағызды сығып жасымды” деп дүниеден безгендей, бәріне сырт беріп, теріс қарап кетеді. Олай етпей қайтсін, егер “сабыр боп сөзі, мәз болып өзі, ойланар елдің сиқы жоқ” болса! Біз бұл мақаламызда қуаты қабат- қабат қатпарлы, сағасы сала- сала сексен тарау “Сегіз аяқтың” тек кейбір тұстарына ғана тоқталдық. Ол өлеңдегі, басқа да өлеңдеріндей, бүкіл бір ұлттың басына төнген қайғы мен қасіретті, өкініш пен наланы, зар мен ызаны қалай айтып тауысарсың?! Абай– қазақ халқының қайғысы мен қасіретінің алып Қаратауы ғой. Қаратауды қалай көтерерсің. Абай бүгінде, өзі айтқандай айдалада қалған “бақсының моласындай жалғыз” емес, салмағынан қара жер қайысқандай Қаратаудай жалғы

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ӨЛЕҢ ЖАЙЫН ОЙЛАССАҚ

Бізде дәстүрлі қазақ өлеңі немесе дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісі деген ұғым бар. Сөз жоқ, кез келген ұғым белгілі бір құбылыстың біздің санамыз бен зердемізде қордалануынан, сан жылдар бойы тырнақтап жинақталған тәжірибенің қортындысынан пайда болады да, біртіндеп барып қалыптасқан атауға иеленеді. Әрине, оның қалыптасу процесі кейде шұғыл, кейде шабан. Мұны айтқанда, біз дәстүрлі қазақ өлеңі немесе дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісі деген ұғымның шыққан тегін мүшелеп ажыратып, туған жылын анықтап берейік деп отырған жоқпыз. Әңгіме құлағымызға әбден сіңісті боп кеткен осы ұғымды қалай түсініп, қалай қабылдайтындығымыз жайлы болмақ. Бұл ұғым – аса кең ұғым, көл-көсір дүние. Бірақ осын­шалықты көл-көсір дүниені кейде мектеп хрестома­тия­сының аясында – тарыдай қауызға салып қарай­тынымыз бар. Егер сіз дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісі дегеніміз не деп сұрай қалсаңыз, сөз жоқ, екінің бірі төрт жолдан тұратын он бір буынды қазақтың қара өлеңін, жеті-сегіз буынды жыр үлгілерін алдымен ауызға алады да, тағы да тақымдап түртпектей түссеңіз, бірер өлең үлгілерін атаса атар, атамаса, ары қарай аттап баспасы хақ. Сонда қалай? Әлгінде ғана ауыз толтырып, көл-көсір дүние деп отырғанымыз екі көсіп алуға жарамай, түбі тақылдап қалатын таңқы, тапшы болғаны ма? Жоқ! Бәрі де өзімізден. Біз тым беріден бастаймыз да, әріге көз жүгіртпейміз. Бұл ретте ғасырлар бойы халықтың рухани қазынасын жасаған ақын-жыраулардың телегей-теңіз мұраларына көңіл аудара бермейміз. Содан барып ұзақ кезеңдер бойы сан дәуір мен сан қоғамның ақын-жыраулары арқылы айтыл­ған халықтың ой-арманы мен мұң-мұқтажына қызмет еткен жыр үлгілерін ұмыт қалдырамыз. Егер соларды тілге тиек ете қалсаңыз: «Жоқ, олар жыраулық жыр үлгілері», – деп шыға келетіндері тағы бар. Сонда жыраулық поэзия үлгісі дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісі бола алмағаны ма? Рас, жыраулық поэзия үлгілері жазба әдебиеті дүниеге келгеннен бергі белгілі бір кезең бойы қолданылмай жүрді. Оның үстіне, дәстүрдің де озығы, тозығы бар. Станиславский сөзімен айтқанда, кейбір дәстүрлер – жақсы сақталған «өлі дене». Бірақ кейбір «өлі денеге» айналған дәстүрлеріміздің күні-күні келгенде қайтадан түлеп, жаңарып, «тіріліп» кететінін біліп те жүрміз, көріп те жүрміз.

Махамбетті тыңдап көрелікші:
Шамдансам, шалқасмнан түсер асаумын,
Шамырқансам, шатынап сынар болатпын.
Құс ілген қуда сын жоқ ұят пен.

Жігіт жауға шаппай қалай деймісің? –
Қанды көбе киініп,
Бір аллаға сыйынып,
Кезенген жауға кез келдік

Жалаң найза, бір атпен!
Енді Төлеген Айбергеновке құлақ салайық:
Мен – қара төспін қайғыдан бақыт жасаған,
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам,

Мен жарық Жермін Жаңғырықтарға үн қосқан,
Төбемді көрсе, түн қашқан.
Омырауымнан жарқылдап ағып жатады
Құйрықты жұлдыз тынбастан.

Екі дәуір. Екі ақын. Екі өлеңдегі де серпіліс қандай! Біріншісінде – тәуекелге бел буған арыстан айбар! Екіншісінде – өр мінезден туған өжет пафос! Екеуі де екі басқа. Екеуіндегі де тізгін үзді шабысты өлең жолдары кенет аспанға тік шаншылғандай кілт үзіліп, қайта жосылады. Ырғақ ше? Тақыр жерге топылдап түсіп жатқан тұлпарлар тұяғының дүбірі! Екі ақын да көкірегін кернеп келген жыр жолдарының басын бос қоя берген. Өзі басталып, өзі аяқталып жатқандай. Қалыпқа құйылған штамптан мүлде ада. Ақындар жыр жолдарымен де, буын санымен де санаспайды. Содан болса керек, біз Махамбет жырларын поэзия үлгісіне жатқызып, Төлеген жырларын сол үлгіні жаңартып, жаңғыртушы немесе мүлде жаңа үлгідегі ақын деп айтып та жүрміз, жазып та жүрміз. Бірақ Төлеген өз өлеңін дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісімен жазған деген сөзді де өз басым естіген емеспін. Біздің қателесер тұсымыз да осы. Қаншама ғасырлар бойы рухани байлығымыздың молаюына өлшеусіз қызмет еткен жыраулық поэзия үлгісі бүгінгі таңда дәстүрлі қазақ өлеңінің үлгісі болуына толық қақылы. Сондықтан он бір буынды қазақтың қара өлең үлгісіне қандай көзбен қарасақ, жыраулық поэзия үлгісіне де сондай көзбен қараған жөн. Өйткені ол жаңғырып, жаңара өзгеріп, ортамызға қайта оралып отыр. Одан әлі талай ұрпақ ақындары өз творчестволарын қандыра суарары сөзсіз. Бұл жерде тағы да бір басын ашып алар мәселе – жаңа өлең үлгісі, яғни қазіргі түсінігіміз бойынша айтсақ, жаңа форма қалай, қайдан пайда болады? Бұл да бір өз кезегін күтіп жатқан проблема. Жаңа форма дегеннің қажеті не? Оны қолдан проблема жасаудың керегі бар ма? Бүкіл классикалық дүниелеріміз төрт жолдан тұратын он бір буынды, жеті-сегіз буынды өлең формаларымен-ақ жасалынған жоқ па деген қарсы дауыстарды мен қазір-ақ естіп отырмын. Бірақ, амал не, сөз етуге тура келеді. Рас, он бір буынды, жеті-сегіз буында өлең формалары арқылы жасалынған дүниелер ұшан-теңіз. Әлі де солай бола беретініне бәріміз де сенеміз. Оған ешкім де күмән келтіре алдмайды. Өйткені бұл формалар – уақыт тезінен өткен, ақынның айтар ойын ашып көрсетуге толық қызмет ете алар ең тиімді формалар. Бұл формаларды қолына қалам ұстап, өлең жазатындардың бәрі меңгеріп алған. Қазір атышулы ең мықты дүниелеріміз де, түкке алғысыз шикі, дүмбілез дүниелеріміз де осы үлгілермен жазылады. Нағыз ақындар үшін бұл формалар – ішкі дүниесінде қорытылған кесек-кесек сом ойлардың алтын қалыптары да, ал жалпы өлең жазғыштар үшін сыртқы сүлдерімен көз алдайтын, іші қуыс графикалық схемалар. Он бір буын да түлеп, жаңғырып, жасарып отырады. Оны түлетіп, жасартатын – ой мен мазмұн, ақын табиғатының ерекшелігі. Мына өлеңдерге назар салайықшы:

Өмір деген осынау майданда бұл
Қолбасы да, қорқақ та сайранда жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында
Кетер ме екем келе алмай байламға бір.

(М.Мақатаев)
Ақын болды десе де жасында әйгі,
Қақ жартысы жырымның басылмайды.
Бір сөзім бар – бәрібір айтылмайды,

бір есігім бәрібір ашылмайды.
(Ж.Нәжімеденов)

Екі ақын, екі характер. Бірінде – ашық өкініш, нала. Екін­шісінде – тұйық жұмбақтық. Екі ақынның да қыртысы аударылып, табиғаты көрініп тұр. Бірақ бұл екі өлең он бір буынмен жазыла тұра, басқа-басқа оқылады. Бірден айырып, бірден байқайсыз. Сөз жоқ, екі ақын да қара өлеңнің нағыз сарбаздары. Олар өлеңнің бұл формасының мол мүмкіндігін өз творчестволарымен өзгеше қырынан келіп дәлелдеп берді. Жалғыз осылар ғана ма? Қара өлеңнің ішкі мазмұны мен саздылығын өз дауыс, өз үнімен байытқан ақындар қаншама. Әлі де осы өлең формасымен талай тамаша өлеңдер дүниеге келетіні сөзсіз. Сондықтан Мұқағали: «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», – деуі тегін емес. Сөйте тұра, сол Мұқағали кенет:

Сіздер сезесіздер ме?
Түсінесіздер ме?
Сенесіздер ме кісіге Сіздер?
Сіздер – көтергіш крансыздар:

шығарасыздар да,
түсіресіздер.
Заманның жүгі арқаларыңызда,
Арқаларыңызда, жоталарыңызда.

Айтсаңыздар болды балапандарыңызға,
Лаулаймыз өрттей, от аламыз да,

– деп басқаша түр, басқаша мақаммен төгіліп қоя береді. Ақын бұл өлеңінде төрт жолды да, буын санын да жинастырып қойған. Өлеңнің жаңа формасы дүниеге келді. Бірінші жол – 13, екінші жол – 10, үшінші жол – 9, төртінші, бесінші жолдар – 12, алтыншы, жетінші жолдар – 13, сегізінші жол 10 буынмен жазылған. Сонысына қарамай, Мұқағали мінезі аңқып тұр. Ақын осы өлеңін қара өлең үлгісімен жаза алар ма еді Күмәнім бар. Жазылған күнде де, дәл осылай шықпас еді. «Жігіт боп барып ерлік сапарға, шал болып қайта оралғандарға» шұқшия қадалып, ағынан жарылып, ақтарыла айту үшін дәл осылай сөйлеу керек болып тұр. Өлең мазмұны мен табиғаты соны тілейді.

Сонымен,манадан бері айтып отырған сөздің тобықтай түйіні не дейсіз? Ол – жаңа форманы жаңа мазмұн мен мағы­на, ой ғана алып келе алады. Өлең форманы өзі таңдап киеді. Жаңа образ, жаңа сөз оралымдары мен ой кейде жаңа формаларды да әлгіндегідей дүниеге әкеп жатады. Сондықтан жаңа формалармен жазылған өлеңдерге тіксіне қарамас бұрын, ішкі мағынасына, көтерер жүгіне қарап алғанымыз жөн. Кейде әйтеуір бір ерекшелікпен көзге түсу үшін ішкі мағынадан да, ойдан да жұрдай жаңа формамен жазылған «өлеңдерді» оқитынымыз бар. Ол, әрине, формализм. Он бір буынмен жазылған, бірақ айтар ойы, көтерер салмағы жоқ өлең де – формализм. Өлеңнің өлең екенін ақтап алатын бір-ақ адвокат бар: ол – ой мен мағына. Олар жоқ болса, оған шеге ұйқас та, жұтынып тұрған ырғақ та ара түсе алмайды. Біз кейде көтерер жүгі мен салмағы, дәні бар, бірақ ырғақ әуенінен ақау табылып қалатын өлең, жырларды қарабайыр, прозаизм деп жерден ап, жерге сап төмпештеп жатамыз. Ондайда өлеңнің ойына да, мағынасына да қарамаймыз. Ал оның есесіне, ырғақ пен ұйқастан маска киген «өлеңсымақтарға» кешірім жасап, ләм деп пікір айтпаймыз. Біле білсек, нағыз қарабайырлық сол, нағыз прозаизм сол. Күрессек, ең алдымен сонымен күресейік! Өйткені өлең қалай да төрт жолдан, он бір буыннан тұратын конвейр-конвейр боп төгіліп жатқан кірпіш-шумақтар емес. Ол кейінгі кезде мағынасыз, мәнсіз жылтырақ сөздердің жиынтығы боп бара жатқан, заказбен жазылатын ән текстері де емес! Өлең-өлең! Бірде Константин Симонов Назым Хикметке, оның бір өлеңінің аудармасын әңгімелеп отырып, ұйқасы мен ырғағын жерге тигізбей мақтай жөнеледі. Оған Назым Хикмет: «Мұндай ұйқас пен ырғақтың қажеті жоқ, ең алдымен, менің ойым болсын. Жолма-жол қара сөзбен аударылса да, менің не айтпақ болғанымды жұртқа түсіндіріп берсін», – депті. Мұны Константин Симоновтың өзі еске алады. Сондықтан өлең формасын шектеп, шегелеп тастаудың қажеті жоқ. Менің ойымша, егер өлең табиғаты тілеп тұрса, қара сөзбен де жырлауға болады! Тек оқырман қауымды өзінің ішкі поэтикалық қуатымен сендіре алсын де! Кейінгі кезде ұйқас та жиі-жиі ауызға алынып, көп айтылып жүр. Кейбіреулер үшін ол өлең оркес­тиров­ка­сы­ның әрбір дыбысын бақылап отыратын «сиқырлы таяқшаға» айналып бара жатқан сияқты. Шынында да солай ма? Жоқ. Ұйқас еш уақытта да басқару пультінде тұрған емес, тұра алмайды да. Ол өлең организмнің жанды бір мүшесі ғана. Бұл жерде «жанды мүшесі» деген сөзді де дұрыс түсініп алуымыз керек. Егер ол өлеңнің ырғағы мен әуеніне ғана қызмет етіп, ой мен мағынадан тыс тұратын болса, жанды мүше бола алмайды. Ол онда – қандауырмен сылынып тасталуға тиіс «жат дене». Мен өз басым өлең көтерер салмаққа мүлде үлес қоспайтын, тек құр жалаң сөздердің жиынтығын жылтырақ түйме боп қаусырып тұрған екі-үш, тіпті, үш-төрт сөзден құралған күрделі ұйқастардан, өлеңнің ойы мен мағынасын ашуға қызмет ететін «барып-жарып», «келіп-желіп»... сияқты қарапайым ұйқастарды артық қоям. Ойлы өлең денесіне сіңісіп тұрған ондай мағыналы ұйқастар (әлсіз болса да) оқылған кезде сезіліп байқалмайды. Әрине, оларды контекстен әдейі бөліп алып, жеке қарастырсаң-ақ, онда олар мән-мағынасы жағынан нағыз «жабайы» ұйқастар болып шыға келеді. Сонан кейін төбе шашың тік тұрып, өзіңнің де үркуіңе, жұртты да үркітуіңе жол ашық. Сондықтан ұйқасты тұрған орнынан бөліп алмас бұрын, атқарып тұрған қызметі бар ма, жоқ па, соған да бір көз жүгіртіп алған дұрыс. Қалай дегенде де, ұйқас шектеулі. Ұйқас дейміз-ау, мұ­хит­тай шалқар тіл байлығымыздың да шеті мен шегі бар. Өйткені мұхит та белгілі бойлық пен ендіктің ара­лы­ғын­да жатады. Ал ой мен мағынаның шегі жоқ. Түпсіз терең! Әрине, мұны айтқанда, барлық ұйқастар табылып бітті, енді жаңа ұйқастарды іздемей-ақ қояйық деп отырған жоқ­пын. Іздейік. Бірақ айтылар ойға нұқсан келтірмейік, ұй­қасты ұйқас үшін жасамайық, науқан етпейік деп отырмын. Біз жақсы өлең оқығанда, «өмірдің өзінен ойып алғандай екен» деп тәнті боламыз. Олай болатын болса, ұйқас өлеңді ғана емес, өмірді де құшақтап тұруы керек. Ұйқасты сөз еткенде, осы тұрғыдан сөз етейік. Ұйқас та өзгереді, жаңарады (тозады деуге аузым бармайды. Бұл туралы соңынан айтармыз). Бұдан біраз жыл бұрын поэзиямызға түбірлі ұйқас келгенде, оған жұрттың біразы-ақ тіксініп қараған. Болашағы жоқ, өзінен өзі құриды деген пікірлер де айтылып жүрді. Бірақ солай болды ма? Қазір екінің бірі түбірлі ұйқасты қолданып жүр. Кезінде келіншек болып имене басып кірді де, келе-келе өзінің кексе абысын-ажындарымен тіл табысып кетті. Қазір оны ешкім де мін санап, кемшілік көріп жатпайды. Енді қазақ поэзиясына ассонанстық ұйқастар кіре бастады. Әрине, өзінен өзі емес. Оларды өлеңнің өзі алып келіп жатыр. Өйткені шегеленген ұйқас бар жерде схематизмнің ауылы алыс емес. Сондықтан бір өлеңінде болмаса, бір өлеңінде схема құрсауына түсіп қалатыны кәдік. Оған куә болып жүрміз. Содан қашу үшінтүбірлі ұйқасқа да, ассонанастық ұйқасқа да барады. Бүгін бармаса, ертең барады. Оны тоқтатам деп күрес ашудың қажеті де жоқ деп білем. Кезінде ассонанастық ұйқас француз, орыс поэзиясында да болмаған. Әзір бар. Сол кезде оларға дау айтылмады деп отырсыз ба? Бірақ келе-келе ет үйренді, құлаққа сіңісті болып кетті. Мына ұйқастарға қараңызшы: змеек-увеях, аллей-олень, трясется-солнце, глаз-баланс... Бұл ассо­нанс­тық ұйқастар кімдікі дейсіз ғой. Ғұмыр бойы классикалық дәстүрді дәріптеп өткен Илья Сельвинскийдікі. Ол бұл ұйқастарды ой өрісін кеңейтіп, мазмұнын байыту үшін тудырған. Әйтпесе, шеге ұйқас жасауға Илья Сельвин­скийдің шеберлігі жетпей қалған жоқ. Осындай творчестволық пікір таласы туғанда Абайға жүгінетініміз бар. Дұрыс-ақ. Абай – біз үшін эталон. Темірқазық. Ондай жүгініске біз «мұндай үлгі Абайда жоқ, сондықтан бізге жат» деп шыға келеміз. Абайша жазудың бізге қажеті жоқ. Өйткені Абай өзінен алдынғыларды қайталамаған, басқаша жазған. Үйренсек, сонысынан үйренейік. Сондықтан жаңалыққа тіксінбей тұрып, алдымен оның болашағын бір бағдарлап алғанымыз жөн. Поэзия бүгіннің ғана перзенті емес, болашақтың да перзенті. Өкінішке орай, бізде поэзияға болашақтың көзімен қарау жетісе бермейді Тағы да тоқталып өтер бір мәселе – сөз. Сөз – еш уақытта көнермейді де тозбайды. Бәрі де әдемі. Орнын тауып тұрса, өлең үшін архаизм де, неологизм де жоқ. Ал оларға ой мен мағына жүгін арқалата алмасақ, онда сөз басқа. Ой, сурет, мағынасыз-ақ, дыбыс үндестіктерін қуалап, сөзді алтын қоңыздай жылтыратып әлекке түсу бос әурешілік. Ал «тозды, көнерді» деген сөзіңіз, ірі суреткерлердің қаламына іліксе, тіріліп, жанданып жүре береді. Бізде «жыбырлап», «қыбырлап» деген сөз де бар. Құлақ кесетін сөздер. Осы сөздерді өлеңге қолдануға бола ма? Біз, сөз жоқ, етегімізге шоқ түскендей шыр-пыр боламыз. «Қандай тозығы жетіп, көнерген ұйқастар! Өлең түгілі, ауызекі сөздің өзіне қолдану сөлекет қой», – дейміз біздер. Бұл үшін ешкімді кіналай алмаймыз. Өйткені бізде түсінік солай қалыптасқан. Өлең тілін тек сыңғырлап төгіліп тұрған әдемі сөздер жиынтығы деп ұғамыз. Бірақ соған қарамай, әлгі құлақ кесетін сөздерді бір ірі ақын келді де қолданды. Ол – қазіргі қазақ поэзиясының классигі Әбділдә Тәжібаев:

Өрмекшідей қыбырлап,
Аяқтары жыбырлап,
Түнде жұлдыз жүреді.
Тозған жерін көгінің

Көкшіл торғын жібімен
Қайта торлап тігеді.

Қандай жанды сурет! Алдыңыздан ашылған құбылысқа қадалдыңыз да қалдыңыз. Бұл жерде сіз «қыбырлап-жы­быр­лап», «жүреді, тігеді» деген егістік ұйқастарды да еле­мейсіз. Бәрі де өлең табиғатына сіңісіп, жұтылып кетті. Тіпті, тырнақ астынан кір іздеушілер үшін осы өлеңде үлкен ұйқас «міні» де бар. Әлгі етістік ұйқастарды айтып отырғам жоқ. Әбекең төртінші жолдағы «көгінің» деген сөзді «жібімен» деген сөзбен ұйқастырған. Бірақ ол үшін ақынды кінәлай алмайсың. Бұл ақын бойында болуға тиіс саналы салақтық. Онымен есептеспеуге болмайды. Әйтпесе, Әбекең «көгінің» деген сөзге жібі түзу ұйқас таба алмай қалған жоқ. Әдейі таппай отыр. Ұйқаста мін болса, мін болсын, бірақ салынған суретте мін болмасын деп отыр. Көрдіңіз бе, «тозған, көнерген» деген ұйқаспен сөздеріміз ірі суреткердің қолына түскенде қалай жаңғырып, жаңарады! Тағы да өлең оқиық:

Қауырсынды ұстадық,
Қалам тауып алғанша.
Қарындашты ұштадық,
Гильзадай боп қалғанша.

(Қ.Мырзалиев) Бұл өлең соғыс кезіндегі тылдың жоқшылық картинасы. Дәл осы бір шумақта бүкіл бір ұрпақтың драмасы мен трагедиясы жатыр. Ал осы өлеңді өлең қылып тұрған бір-ақ сөз. Ол – гильза деген термин сөз. Сол сөзді өлең денесінен алып тастаңызшы, онда өлең жоқ. Өйткені ол сөз – тұла бойыңды сілкіндіріп өткен толқынның эпинүктесі. Ақын үрейлі соғыс картинасын жасау үшін гильзаны әдейі алып отыр. Кейінгі кезде термин сөздерді альфавит бойынша әдемілеп тізу модаға айналып барады. Қатерлі мода. Өйткені контекстен жеке бөлініп алынған сөз – өлі сөз. Термин сөз ғана емес, барлық сөз елі. Сондықтан ол термин сөз бе немесе байырғы өзіміздің төл сөзіміз бе, ең алдымен, оның өлеңдегі атқарып отырған қызметіне көз жүгіртіп алайық. Контекспен бірге қарастырайық. Егер біз олай етпей, бір ақынның үш-төрт жинағынан жүз қаралы терминді көгендеп тізіп, тағы да оны бір жинақтан алғандай етіп көрсетіп: «Бұл не, өлең кітабы ма шет тілдер мен терминдер оқулығы ма немесе техникалық ғылыми атаулардың сөздігі ме? !» – деп жатсақ, оқырман қауымды нағыз шатастыру сонда болып шығады. Мұндай кезде сыртқы әсерге қызықпай, ішкі байыптылыққа сөз берген жөн. Әйтеуір, бір айтып қалайыншы деген арзан ділмарлық емес, сабырлы байыптылық қана белгілі бір ақынға бағыт-бағдар бере алады. Біз бүгін бұл мақаламызда өлеңнің кейбір мәселелері жайлы толғандырып жүрген өз пікірімізді ғана сөз еттік. Әрине, бұл мәселелердің түйіні тарқатылып, осымен шешіле қалады деп отырған жоқпыз. Өйткені олар көп болып ақылдасып, кеңесе отырып шешілетін мәселелер.

МАҚСАТ ОЙ АЙТУ МА,

ОЙЛАНДЫРУ МА?

Ой!.. Ой!.. Ой!.. Өлең қалай да ойлы болсын! Табанды қан жоса қылатын шөңге мен шеңгелден түбіттей жұмсақ ой таба біл, асқар Алатаудың түймедей тасынан асқар Алатаудың өзіндей ой ізде, аспанда қаптап көшкен қара бұлттардың дертіп тұрған желінінен ой сау!.. Ой!.. Ой!.. Ой!.. Ойсыз өлең жоқ! Ойсыз өлең тұл! Бұл ақынға қойып отырған менің талабым, менің сөзім емес. Бұл – қазақ поэзиясында үлкен бетбұрыстар жылы болған, құлағымызда әлі күнге дейін жаңғырып тұрған алпысыншы жылдар талабы, алпысыншы жылдар даусы. Шынында да өзіміз куә болған сол жылдардың ақынға қояр талап-тілегінің ең бастысы ой болатын. Поэзияның көкейкесті мәселелерін қозғап жататын редакциялардағы талқылауларда да, студенттермен кездесу кештерінде де, ақын демей, сыншы демей қатысатын тартысты мақалаларда да, кез келген жерде өте беретін өрелі, өресіз айтыстарда да тірелер бір-ақ түбірлі қазық болды. Ол – өлең ойлы болуы керек! Өлеңге қойылар бұл талап, бұл міндет тротуарға тары себетін әлдеқандай біреулердің жалаң айқай, жадағай дақпыртынан емес, өлең топырағының өзінен өніп шыққан табиғи құбылыс еді. Поэзияда көпіртіп көп сөйлейтін жалаң баяндауларды алға тартқан тұрпайы социологияның шаң-тозаңынан мүлде арылу үшін осындай үрдіс сілкініс қажет болатын. Ол сілкіністі уақыттың өзі сахнаға алып шықты. Мұндай процесс жалғыз қазақ поэзиясында ғана емес, бүкіл Одақ көлемінде өтіп жатты. Сондықтан жұрттың бәрі де /талантсызы да/ жапа-тармағай өлеңде ой айтуға, ойлы өлең жазуға көшті. Тіпті, поэзияда бағыт-бағдары бар кейбір ақындарымыздың өзі де, бойындағы талант табиғатымен санаспастан, көзді жұмып жіберіп, осы жолға түсіп жатты. Өйткені ол жылдар айналасындағы құбылысты танауын желге төсеп «иіскеп» білетін интуицияның, эмоциялық поэзияның екінші планға түсіп, аналитикалық, философиялық, қазіргі түсінікпен айтсақ, интелектуальды поэзияның бел алып өркендеген кезі болатын. Сондықтан ақын не айтса да соны аяқтауға, үш нүктені қойып жіберіп, соңғы екі жолға ойын түйіп тастауға, қанатты Пегасты «жерге қондыруға» тиісті, тіпті, міндетті еді. Шынында да мұндай үрдіс сілкініс, соны серпіліс өлеңді томаға тұйықтықтан, жеңіл желсөзділіктен тазартып, оны өмірімен неғұрлым қоян-қолтық жақын араластыруға, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, әлеуметтік жүгін салмақтандыруға үлкен ықпал еткенін бұл күнде біз мақтан тұта еске аламыз. Бірақ сол жылдарда мәселенің екінші жағы, ең түйінді жағы көбіне көп ұмыт қала беретін-ді. Ол сол қаптаған «философиялық ойлы» өлеңдер оқырман қауымды толқытып жатыр ма, ең бастысы, ойландыруда ма деген сұрақтар еді. Шынын айту керек, өлеңге мұндай талап қою анда-санда, сөз арасында болмаса, арнайы әңгімеге арқау бола бермейтін. Содан ба, ұйқас, ырғағын былай қойғанда, дәлелді мотивировкасы бар қосақталған қос жолмен ой түйетін «төрт аяғынан тік тұрған» өлеңдердің ішкі поэтикалық қуатына назар салу, көңіл бөлу тым босаңсып кетті. Ал мұндай көзқарас жылусыз, қан-сөлі жоқ тақпақ риторикалардың, ақылгөй өлеңдердің өріс алып, қаулап өсуіне жол ашып берді. Шын талантты ойшыл ақындардың творчестволарын қалқан еткен өлең жазғыштар енді ешқандай тосқауылсыз әлгіндей «философиялық ойшыл» өлеңдерді қарша боратты. Содан барып машиналанған машық, механикаландырылған штамп пайда болады. Әрине, бүгінде бәрі де орны-орнына келген болса, бұл айтылғандарды өткен шақ еншісіне қалдырып, ауызға алмай-ақ, аттап өте шығуға болар еді. Амал не, өкінішке орай, олай емес. Әлі күнге дейін «ойлы» өлеңдердің жұлдызы жоғары, әлі күнге дейін «ойлы» өлеңдердің жолы болғыш. Сол «ойлы» өдеңдер жұртты ойландыра ма, – онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Бұрында олар «философиялы» деген сөздің күпісіне оранып жан сақтаса, енді «интеллектуальды» деген сөздің тасасына тығылатын болды. Бүгінде ішкі эмоция, сезім ағысы болмаса, интеллектуальды поэзияның құны көк тиын екендігін, ақын интеллектісі болмаса, эмоциялық поэзияның да құр жылтырақ сөздер жиынтығы боп қалатынын, құдайға шүкір, біразымыз білеміз. Біле тұра, кеңшілік жасаймыз. Біз үшін қазақ поэзиясында Абайдан өткен интеллекті, Абай поэзиясынан өткен интеллектуалды поэзия жоқ. Бірақ одан салқын ақылмен жазылған бір жолды, бір сөзді кездестіре алмайсыз. Бәрі де үлкен эмоциялық сезіммен,үлкен жүрекпен жазылған. Ақын эмоциясы сөздің бетінде емес, ішкі астарында, тереңде жатады. Ол ақылмен емес, жүрекпен ойлайды. Оның «ойлы құлақ», «ойлы жүрек», «ойлы көз» деген тіркестері де тектен тек емес. Оның он төртінші қара сөзінде: «Тіл жүректің айтқанынан көнсе, жалған шықпайды», – деуі де сондықтан. Енді Абайдың мына шумағын оқыңыз:

Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.

Көрдіңіз бе, сөзді ақылмен емес, жүрекпен сезіне білу керек. Жүрекпен сезінер сөз, әрине, жүрекпен жазылуы тиіс. Абай солай еткен де. Ол өз сөзін «жүректің айтқанына көндіре» білген. Бұл – ұлы рухани ерлік. Мұндай ерлік кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермейді. Сондықтан бұл жерде біздің айтпағымыз, интеллектуальды поэзияны кіл салқын ойдың жиынтығы деп қарамай, оның табиғатын терең түсіне білуіміз керек. Сонда ғана оның тонын жамылып жүрген «ойлы» өлеңсымақтардың бет-пердесін ашып, әшкерелеуге әбден болады. Манадан бері біз өлең де жұртты ойландыруы керек деп жатырмыз. Сонда қалай ойландыру керек? Ой айтып ойландыру керек пе, әлде ой айтпай-ақ ойландыруға бола ма? Сөз жоқ, ой айтып, ой айтпай да ойландыруға болады. Бұл ақынның талантының табиғатына, оның дүниета­ны­мы­на, одан қала берді, алып отырған тақырыбына байланысты. Кезінде дүниежүзін аралап кеткен Пабло Неруданың мына жолдарын оқып көріңізші:

... и по улицам кровь детей
текла просто, как кровь детей.

Өн бойыңызды ток соққандай дір ете түстіңіз. Жан түршіктірер үрейлі сурет. Ақын образбен сөйлемей-ақ, ғаламат образ жасаған. Әйтпесе, ағып жатқан бала қанын неге теңеуге болады? Бала қаны тек бала қанымен ғана теңесе алса керек. Ақын ешқандай жаңалық ашпай-ақ, жаңалық ашып отыр. Бұл – поэтикалық жаңалық!? Ақын артық ештеңе де айтпаған. Бар болғаны болмысты ғана көрсетіп берді. Бірақ жүрекке түсер ой салмағы қандай! Енді Мұқағали Мақатаевты оқып көрейік:

Өкінішті...
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті...
О, жүрек!
Менің алтын қазығым-ау!
Қайтейін, қажыдың-ау.

... Қытықтаған бауырдың «назы» мынау.
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!
Не істемекпін?
Жаным-ай, саған шипа істемек кім? !

Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:
Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,
Миым – Мұзды мұхиттай...
Не істемекпін?...

Бірақ өріліп, бірақ құйылған тұтас өлең. Жеке жолын, жеке шумағын бөліп алып қарастыруға келмейді. Оны өлең табиғаты, өлең архитектоникасы көтермейді. Өйткені ақын айтылар сөзін бір-ақ ақтарған. Өлеңнің әлденеше жеріне қойылған үш нүктелер ақынның айтылмай кеткен сөздері емес, оның өзегін өртеп шыққан қасірет күрсіністері. Бұл – өлең метафора болғанда, да образды метафора. Бұл өлеңде нағыз азамат ақынның бүкіл болмыс-бітімі жатыр. Жүрегін Африкаға, бауырын Кипрге, миын Мұзды Мұхитқа теңеу белгілі бір ұғымдардың сыртқы ұқсастықтарын дәл басқан сөз бейнелілігін ғана емес, белгілі бір ұғымдардың ішкі драмасы мен трагедиясын ашқан ақын ойының масштабтылығын, ақын ойының ірілігін көрсетеді. Бұл өлеңнен ақынның жеке басының дертті демі ғана емес, Африка қасіреті, Кипр трагедиясы, Мұзды Мұхиттың көрдей суық лебі ұрады. Ақын, басына түскен өз қасіретін дүние қасіретінен бөлек қоя алмапты. Дүниеге алпыс екі тамырымен сіңіп кеткен ақын ғана осылай сөйлесе керек. Енді осы өлеңнен (біздің түсінігіміздегі!) ой көрдіңіз бе? Жоқ! Бірақ ақын ой айтпай-ақ оқушысын тұңғиық ойға батырып отыр. Әр ақынның өзіне тән талант табиғаты, өзіне тән дүниетанымы болғанымен, өзі ғана еншілеп, өзі ғана отау үй ғып тігіп алған тақырыбы болмайды. Тақырып – жұрттың бәріне ортақ. Әңгіме оны қалай игеруде, қай қырынан келуде болса, онда сөз басқа. Бұл ретте шын талант үшін қайым заманнан бері келе жатқан мәңгілік тақырыптар да, бүгінгі таңда ғылыми-техникалық революция дәуірінде дүниеге келіп жатқан тақырыптар да – бәрі-бәрі де ашылмай жатқан құпия жұмбақ, игерілмей жатқан тың алқап. Қандай тақырыпқа болсын тек осы ниетпен барған талант қана өлеңдегі өз сөзін айта алады. Ал белгілі бір тақырыпты айтыла-айтыла жауыр болған тақырып деу талант өрісінің тарлығын немесе таланттан мүлде жұрдайылықты көрсетсе керек. Қандай ғұлама талант болсын белгілі бір тақырыпты ақи-тақи жазып кеткен емес. Егер тауысып кеткен дейтін болсақ, онда баяғыда-ақ махаббат туралы жазуды тоқтатқан болар ек. Сондай-ақ науқандық тақырып деген де тақырып болмайды. Науқандық өлеңдер ғана болуы мүмкін. Егер біз науқандық деген сөзді өткінші деп ұғынатын болса, онда мәңгілік тақырыпты жырлайтын өлеңдердің көбісі-ақ науқандық өлеңдер боп шығар еді. Өйткені ол өлеңдер бүгін бар да, ертең жоқ. Біз мұны не үшін айтып отырмыз? Кейінгі кезде тақырыпты бұтарлап бұзып, жіліктеп бөлу бел алып барады. Мұның теориялық мәні болғанмен, практикалық тигізер зардабын да естен ишығармаған жөн. Өйткені талантты белгілі бір тақырыптың тар аясында қарастыру авторға да, әдебиетке де абырой әпере бермейді. Жаңалықты тақырып жаңалығынан емес, көтерер мәселесінен, айтылар ойынан, көркемдік шешімінен іздеген дұрыс. Жаңалық – әрі-беріден кейін таланттың өзін өзі үңгуі тереңде жатқан жаңа қабаттарын ашуы. Сондай өзін өзі ашып, өзін өзі қопарып, өзін өзі тереңдетіп келе жатқан ақынның бірі – Сағи Жиенбаев. Ол, жұрттың бәрі сабылып, сарсаңға түсіп, «ой» іздеп кеткенде де өзінің талант табиғатына зорлық жасамады, дітіне берік боп қалды. Ол қанша жылдар бойы қазақ поэзиясында тек өзіне ғана тән үнмен, тек өзіне ғана тән тілмен жырлап келеді. Әрине, Сағи туралы айтылған сөз аз емес. Сол айтылғандарды ақтарып қарап отырсаңыз, көбіне-көп Сағиды сұлу жырдың «сұлтаны» ретінде қарастыратыны. Сондықтан бұл жерде басын ашып алар бір мәселеге тоқтала кетейік, біз өлең туралы сөз қозғағанда, «сұлу жыр» деген тіркесті, кейде беті жылтыр сазы болғанмен, астарында айтары жоқ өлеңдерге қолданатынымыз бар. Егер «сұлу жыр» деген ұғымды бұл жерде осы тұрғыдан қабылдар болсақ, онда ол тым үстірт, жадағай түсінік. Шынында да, Сағи өлеңдері сырнай үніндей сырбаз, бозторғай үніндей сазды. Бірақ ол үн, ол саз әр жерден теріп алынған әдемі сөздердің дыбыс үндестіктерінен емес, ақындық терең тебіреністен, ақындық болмыстан шығып жатады. Рас, Сағи алғашқы өлеңдерінде сылдырап тұрған сыртқы үйлесімге тым үйірсек болатын. Оның өлеңдеріне «сұлу жыр» деген тіркес сол кезде танылған-ды. Сол тіркестің сыннан сынға көшіріліп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, сыншыдан сыншыға өтіп, күні бүгінге дейін қалмай келе жатқаны таң қалдырады. Өйткені бүгінгі Сағи поэзиясы – кешегі елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басындағы Сағи поэзиясы емес, одан мүлде басқа. Өркенді, өрелі поэзия. Сағида:

Аспанды кенет тарылтып,
Ауылды жерге бұқтырып,
Астан да кестен сабылтып,
Жарқ етіп... өте шықты бұлт,

– деп шалт қимыл, шабытты жолдармен басталатын өлең бар. Баяндау мәнерімен жазылған бұл өлеңнің әрі қарай оқыған сайын бояуы да қоюлана түседі. Ауыл шетінде «орманнан келген өкілдей боп» тұратын жалғыз терекке жасын түсті. Күл-талқаны шығып, салбырап асылып қалған бұтақтар... шашылып қалған темірқанат балапандар...

Шыр ете қалды біреуі,
Біреуі соған қосылды.
Біреуі шөпке сүйеніп,
Қайталап жатты осы үнді.

Әкетті жел де есіріп,
Барады жүрек суылдап –
Балапан құсқа қосылып,
Даланың өзі шырылдап...

Трагедияның үлкен-кішісі бар ма екен? Мүмкін, бар шығар. Десек те, құйтақандай балапан құсқа қосылып алып даланың шырылдаған жан даусын бүкіл болмыс-бітіміңізбен, жүрегіңізбен тыңдап көріңізші. Құйқаңыз шымырлайды. Дәл осы өлең, тіпті, аяқталмай да тұр. Бірақ ақынға өлеңді аяқтау міндет пе? Тіпті де міндет емес. Ақын бұл жерде «дала шырылдап тұр» немесе «дала шырылдап жатыр» деп айтпаған, «даланың өзі шырылдап...» деп тұншыға бітірген. Ақынның көзіне жас үйіріліп, көмейіне тас тығылғандай. Балапанға табиғатпен туыстық, бауырластық осындай-ақ болатын шығар. Жалпы, қазіргі Сағи поэзиясы – ішкі динамикалық қуаттан, динамика-драмалық конфликтіден тұратын өз даусы, өз ерекшелігі бар, бүгіннен ертеңге бет алған поэзия. Оның поэзиясы өз оқушысын тебірентіп, толғантып, ойландырып келеді. Жұмекен Нәжімеденов – Сағи Жиенбаевтан поэзиядағы қолтаңбасы мүлде басқа, мүлде өзге пландағы ақын. Ол поэзия есігін ой айтып аттады. Сол алғашқы өлеңдеріндегі ойдың өзі қалай да ой айтайын деген ниеттен емес, ақынның табиғи жаратылысынан, болмыс-бітімінен, образды ойлау жүйесінен, ақын интеллектісінен шығып жататын. Бұдан он алты жыл бұрын дуалы ауызды ақсақал ақынымыз Әбділда Жұмекен поэзиясын талдай келіп: «Ол адамның, жаратылыстың сыртқы қалпынан гөрі, философиялық табиғатын ашқанды, адам мен жаратылыстың биік келісімін тереңірек сипаттағанды ұнатады», – деген болатын. Сол сөз бүгін де өз күшінде. Ж.Нәжімеденов поэзиясы – көкке көтеріліп, шалқып кететін поэзия емес, адам жанының терең қабаттарына түсіп, оның күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен қайғысын, дабыра айқайсыз-ақ, үнсіз ұғынып, үнсіз бойына сіңіре білген поэзия. Оның өлеңдерінің көп жұртқа тым бұйығы, тым жұмбақ, тым күңгірт боп көрінетіні де сондықтан. Ол өмір құбылыстарына бірер шумақ табу үшін емес, сол өмір құбылыстарының диалектикасын тану үшін үңіледі. Тіпті, оның өлеңдеріндегі музыканың өзі – ойлы музыка. Ол бір өлеңінің өзінде беллгілі бір затты әр қырынан келіп қарастыра алады. Бұл ретте Жұмекен Нәжімеденов таланты – қазақ поэзиясында сирек кездесетін құбылыс.

– Туған жерің қай жер? – деді жаңа ақын.

– Ол жерде де аспан мен күн болатын.

– Туған жерің қай жер? – деді бір келіншек күлегеш.

– Қара жер! – деп жауап бердім. – Су емес.

– Онжылдықты қайда оқыдың? – деді ер бір.

– Мектепте! – деп толқыдым мен,

Оқытқан өз ісіне ұсталар...

– Ауа райы қандай еді о жердің?

– Жауатұғын жазда – жаңбыр, қыста – қар,

бұлттар маңып жататұғын биікте,
бар еді онда бұралқы ит те, киік те.
Шөптің басы сыбдырлайтын жел ессе...

– Барлық жерде дәл осындай емес пе?!

– Міне, – дедім, – енді дұрыс ұқтыңыз,

Қайда да бар ойлы жігіт, мықты қыз.
Отанның қай жеріне де күн мен ауа тарайды,
Қай төбенің аспаны да арайлы,
Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды.

Өлең ақынның қойылған сұраққа мысқыл кекесінмен, қытымыр қиқарлықпен жауап беруімен басталады. Неге? «Туған жерің қай жер» дегеннің не сөкеттігі бар? Бірақ ақын қойылған сұрақтың жат пиғылдан, жікшіл ұғымнан шық­қанын тап басып, дәл тауып тұр. Олай болатын болса, сұ­рақ­тарға қайтарылған жауаптардағы ақын қи­қарлығының астарында ақын реніші, ақын ызасы да жатыр. Тек соңғы диалогта ғана ақын сөзі кілт өзгеріп, салиқалы да салмақты әуенге ұласып, азаматтық ойға келіп тіреледі. Өлең бітті, бірақ ол өз оқушысын ойға қалдырып барып бітті.

Шау бүркіт қонып шатқалға
Шарт сынды ақыр қу толғай.
Атырау тасып жатқанда,
Астауға жатты су толмай.

Ылғалдың бәрі сарқылып,
Шаңытып тұрды бұл шілде.
Ап-ащы суын бар құдық
Тауысып тынды бір түнде.

Аңдысу енді басталды,
Хабар күт көктің өзінен.
Шыңырау жатыр аспанды
Сығалап сыңар көзімен.

Бұл, неге екені белгісіз, жұрт аузына көп түсе бермейтін, ал бірақ баспасөз беттерінде орынды орынсыз мақталып жататын ақындардың көбінен-ақ иық тіресіп қатар тұруға хақылы Дүйсенбек Қанатбаевтың өлеңі. Ол бар-жоғы үш-ақ шумақ өлеңмен талмап жұтарлық тамшы сусыз қалған шөл даланың тұтас картинасын көз алдыңа ап келеді. Соңғы екі жолға тағы бір үңіліңізші. Шыңыраудың өзі нәр тілеп, аспанға телміріп қалған! Бізде тандыры кепкен шөл даланың талай-талай картинасы жазылып, талай-талай суреті са­лын­ған. Бірақ бұл сурет – өзінше, тек Дүйсенбекше салынған сурет. Бұл сурет шөл даланың стихиясын көз алдына елестете алатын кез келген оқырманды бейтарап қалдырмасы хақ. Ал біздің қайта айналып соғып айтып отырған ойландыру дегеніміздің өзі оқырман қауымды бейтарап қалдырмау емес пе!? Көрдіңіз бе, мазмұн жүгін арқалай білген бір деталь, бір сурет өз оқырманын ойландыра алады екен. Біз манадан бері ой айтып та, ой айтпай да ойландырып, толғандырып келе жатқан бір топ ақындардың әртүрлі характердегі бір-бір өлеңіне ғана тоқталып өттік. Ондағы мақсатымыз мақаламыздың басына қойылған тақырыпқа өзімізше жауап іздеу болатын. Әрине, бұлардан басқа, оқырман қауым демімен демі, жүрек лүпілімен жүрек лүпілі бір, олардың құрметі мен ілтипатына лайықты ақындар бізде қаншама. Олардың бәрін бұл жерде тізіп көрсету мүмкін де емес, міндет те емес. Ал бірақ мақаламыздың бас жағында айтып өткендей, «ойлы», «философиялық», ақылды өлең жазатындар олардан да көп десек, қателеспеген болар ек. Әрине, оларды «құрама команда» мүшелеріндей тізіп көрсетудің тіпті қажеті жоқ. Қазіргі қазақ поэзиясы жаңа есімдермен молыға, толыға түсуде. Олар поэзиядағы өз даусын, өз қолтаңбасын айқындап та алды. Солардың ішінде өз тұстарым Күләш Ахметова, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбаев, Жұматай Жақыпбаев, Нармахан Бегалиев, Исрайл Сапарбаев, Ұлықбек Есдәулетовтер өздерінің даусыз таланттар екенін дәлелдеп берді. Олардың қазір қай-қайсысы да оқырман жүрегіне жақын, оқырман жүрегі ділгір болып отырған өлеңдер жазу үстінде екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Амал не, көптеген қаламдас тұстарымыздың қалай да ой айтайын деген шектеулі шеңбер аясында қалып, көне сүрлеуді шиырлап жүргенін жасыра алмаймыз. Сондықтан өз тұстарымыздың бүгінгі таңдағы жетістіктері мен кемшіліктері туралы сөз де алдағы әңгімелердің арқауы болар деп ойлаймыз. Сөз соңында мақала басына қойылған сұраққа тағы бір оралайықшы. Сонымен, өлең мақсаты ой айту ма, ойландыру ма? Әрине, ойландыру.

БҮГІННІҢ ӨЗЕГІНЕН БҮГІНДІ ІЗДЕП

Жақында мен қызық бір ғылыми мақала оқыдым. Ол ғылыми мақаланың айтуынша, көптеген өсімдіктер алдын ала ертеңгі күннің, тіпті, одан кейінгі күндердің де ауа райын тап басып, дөп біле алады екен. Яғни бұл – есігіңіздің ал­дын­да, көше бойында, жапан түзде мың-миллион құй­та­қандай «метерологиялық тірі станциялар» жұмыс істеп тұр де­ген сөз. Сен үшін емес, әрине. Өзі үшін. Ертеңгі күннің ауа райына бүгіннен бастап бейімделу үшін, соған дайын бо­лу үшін. Ол өсімдіктер оны қалай біледі, қажетті ин­фор­ма­цияларды қалай жинайды дейсіз ғой? Олар оны бүгіннен, бү­гінгі ауа райынан – жаңбыр тамшыларынан, күн нұ­ры­нан, жел лебінен, топырақ қызуынан, т.б. толып жатқан өзін қоршаған ортаның табиғи құбылыстарынан жинайды екен. Олар өздерінің сезімтал талшықтары арқылы әлігіндей жүздеген, мыңдаған табиғат құбылыстарынан түсіп жатқан информацияларды әп-сәтте қабылдап, оларды сол сәтінде іріктеп-қорытып, нәтижесін шығара қоятын, сөйтіп, бүгінгі күннің жаймашуағынан ертеңгі күннің аптабын, бүгінгі күннің аптабынан, ертеңгі күннің тұманы мен ызғарын «көре» алатын қасиетке ие көрінеді. Яғни өсімдік екеш өсімдік те ертеңгі ауа райын білу үшін бүгінгі күннің ауа райы мен бүгінгі күннің табиғат құбылыстарын үздіксіз «зерттеуден» өткізіп отырады. Түсініп отырсыз ба? Ертеңді болжау үшін бүгінді зерттеуден өткізеді. Ақындар да осы өсімдіктер сияқты. Олар да өзін қоршаған ортада, уақыт пен заман лебінен, қоғамдық ойлар мен әлеуметтік құбылыстардан, адамдар қарым-қатынасы мен қимыл-қарекеттерінен, олардың характері мен психо­логиясынан, дүниетанымы мен болмыс-бітімінен толассыз түсіп жататын информацияларды сол сәтінде қабылдап, оларды творчестволықпен көркем іріктеп, қорытудан өткізіп отырады, тек олардың бір ерекшелігі – бүгінгі күн құбылыстарынан, ара-тұра болмаса, ертеңгі күннің қоғамдық-әлеуметтік жағдайын, оның психологиясы мен моралын болжап беріп жатпайды. Оның есесіне, олар бүгінгі күн тәжірибелері арқылы ертеңгі күнді ескерте алар қасиетке ие. Сондықтан да олар, ең алдымен, бүгіннің өзе­гінен бүгінді іздейді. Яғни ол бүгінгі күн инфор­мация­лары­нан бүгінгі күннің рухани бейнесін жасақтауға атсалысады. Енді біз сол бүгінгі күннің рухани бейнесін жасақтауға атсалысып жүрген, әдебиетімізге соңғы жылдары келіп қосылып, қазір өздерінің творчестволық ұста-дүкендерінде өнімді жұмыс істеп жатқан үш ақын поэзиясына тоқталып көрейін. Ұлықбек Есдәулетов – өз тұстарынан әдебиетке әлдеқайда ерте келіп, жұрт көзіне ерте ілінген жігіт. Ол шәкірттік мектептен шұғыл түрде өтті де, өлеңдегі өз жолын, өз үнін бірден-ақ белгілеп алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл ақын өлеңдері бүгінде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтіп, бұрынғыдан да тереңдей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының принципті сәттіліктерімен перспективті тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерілді дей аламыз. Оның образды ойлау жүйесі бүгінде кең ауқымдағы, кейде бүкіл­адам­заттық, кейде тұрмыстық характерлердегі ассоциаларды қамти алатын қабілетке ие. Бұл сөз жоқ, ақын масштабының кеңдігін, оның толысып өскендігін көрсетсе керек. Уақыт пен адам жанының психологиясы мен моралін қарастыруға құмар ақын бір детальдан бірегей ой айтуға, фактының өзін айтқаннан гөрі, оның қозғаушы күшін іздестіруге бейім. Сондықтан да ол бір детальдан екінші детальды, бір фактіден екінші фактіні таба алады. Тағы да, олар белгілі бір оқиғаның протоколдық фактілері емес, психологиялық, моральдық фактілері.

Ақынның «Әзәзіл» атты өлеңін қарастырып көрейік:
Көшбикеннің тізеден шалғыны бар,
Көше қалса, шалынып, шал жығылар.
Қалың шөпті таптаған тобыр топтың

Елеуреген жүздері сан құбылар.

– Ыбырайда ызам бар сан талайғы,

Қысас болмай, қыжылым тарқамайды.

– Ал қаптаңдар!

Абайды сабаймыз! – деп,
Сәмен сұмның көздері қанталайды,

– деп басталатын өлең біздің бәрімізге белгілі оқиғаны – Абайды соққыға жығу оқиғасын арқау еткен. Факт. Бәріміз білетін әлеуметтік-тарихи факт. Ширығып басталған өлең тек осы фактымен шектеліп қалмаған. Оқиық:

Жылпос біреу
Сәменді жанасалап,
Дырау қамшы ұстатты оңашалап:

– Бәрекелді!..

Абайды аямай ұр!
Ала алмасын ешкімде арашалап.
Қанды қамшы ақынға жауып кетті...
Әлгі жылпос тұрды да бағып көпті:

– Ойбай, Абай ағамды сабады! – деп,

Хабарлауға оязға шауып кетті...

Көрдіңіз бе, мына соңғы екі шумақ арқылы бәріміз жақсы білетін әлеуметтік-тарихи факт астарынан психологиялық-моральдық факт сопаң етіп шыға келді. Көзге көрінбей кеп: «Абайды саба», – деп Сәменнің қолына қамшы ұстата салған, артынша-ақ «Ойбай, Абай ағамды сабады», – деп оязға шауып бара жатқан ол адамның өлеңде аты аталмаған, «жылпос біреу». Ар-ұяттан жұрдай ондай жанның атының аталуы міндетті емес. Әңгіме оның атында емес, қимыл-қарекетінде, екі жүзді моральдық бейнесінде. Ақын соны екі шумақтағы екі әрекет арқылы тап басып, дөп көрсете білген. Сонымен бірге, тарихи оқиғаны арқау еткен бұл өлең, сөз жоқ, бүгінгі күнге де тікелей қызмет етіп тұр. Қазір де біреуді біреуге өз қолымен айдап салып, артынша-ақ оның әрекетін, жаны күйінген болып, биік моральдық категориялармен айыптап отыратын, адам мен адам арасына бүлік салып, өзі сүттен ақ, судан таза болып шыға келетін, адалдық пен әділдікке тасада тұрып тас лақтырып, ол әрекетін біреуге жаба қоятын адамдар аз ба? Ақын бүгінгі күн өзегіндегі әлеуметтік проблема арқылы кешегі тарихи оқиғаны тірілтіп отыр. Асылы, Ұ.Есдәулетов адам жанының қалтарыс-түпкірлерін, оның моральдық сапасын анықтауға, сол арқылы адамды ойлантуға, оның ар-ожданының айналадағы құбылыстарға үнемі сергек болуына күш салып, сол үшін беймаза күй кешеді. Осы беймазалық оны мына алыс пен жұлысқа, тартыс пен таласқа толы нөпір өмірдің сырттай бақылаушысы, сырттай баға берушісіне емес, соның ыстығына күйіп, суығына тоңа білетін бел баласына айналдырған. «Бұлттар мен жылқылар» өлеңінде ақынның сол рухани портреті анық байқалады. Көшеге шыға келген сәби аңтарылып, аспандағы бұлттарға қарап қалған. Күн шапағынан өртеніп жатқан сол бұлттарды тамашалап тұрған бала көзі кенет көше бойымен шауып келе жатқан қаптаған қалың жылқыға түседі. Бала ойында қауіп те, қатер де жоқ. Әбден еліріп, құтырып қалған жылқылар көше ортасында қалақтай болып селтиіп тұрған баланы не қылсын.

Тасыр-тұсыр...
Таусылмайды мол дүбір,
Жылқы жапты аспанымды, сөнді нұр.
Тас – тұяқтар эу-зу етіп төбемнен...

Құлағыма ащы дауыс келді бір...
Жалт қарасам –
Қолын созып тұр анам,
Жанары – жас...

(Неменеге жылаған)
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар,
Көп тұяқтың астында мен дін аман!..

Ақын енді осы бір оқиғадан өмір табады. Оқиға енді өмірлік сабақ, өмірлік тәжірибеге айналады. Яғни бір оқиға драматизмі өмірлік драматизмге ұласады.

Жылдар деген жылқылардан аумайды
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиіп кетер ме екен деп,
қорқып кейде, қап-қара тер саулайды...

«Үшке шыққан кезің, – дейді,
сонда», – анам,
Бүгін, міне, отыздамын!..
Толғанам...

Анам кеше тағы кірді түсіме,
Қолын созып, жете алмай тұр Ол маған...

Баласына қолын созып, жете алмай тұрған Ана әрекетінен біз ылғи бір жел өтінде тұрған, қиындық пен қатер астында жүрген өлең кейіпкерінің болмыс-бітімін танып білеміз. Ұлықбек Есдәулетов, не болғанда да, жалпыдан жалқы мән тапқаннан гөрі, жалқыдан жалпы мән тапқанды қалайды. Яғни ол талшықтан тамыр тіршілігін, тамшыдан теңіз дәмін іздестіреді. Өйткені ол өмірдегі сыртқы тұтастық ішкі үндестік пен сабақтастықтың нәтижесі деп біледі. Сондықтан да ол бөлшектен бүтінді танығысы, бөлшектен бүтінді қарастырғанды қалайды. Ол ойын ақын құрғақ тақпақтап айта салмай, тағы да сол оқиға, деталь тәжіри­бесіне, өмірлік дәлелдемелерге сүйеніп айтады.

Термометр сынды да,
сынаптары
ұстатпады, быт-шыт боп бірақ тағы.
бытырадай пышырап,

тоз-тоз болып,
қолдан қашып, қуысқа тұрақтады.
Бет-бетімен сызатқа кіріп, тегі,
уысыма бірі де ілікпеді.

Әр-әр жерден жылан көз жылтырайды,
мазақ еткен секілді күліп мені.

Бірақ ақын үшін термометрдің сынығы себеп қана. Өйткені ол термометрдің сынығына емес, әлі де болса байқалып қалатын «бір бүлінсе, бірлік пен ісі тірліктің тұрлаусыздығына» күйінеді. Бірақ ақын сенімі күйгелектіктен ада. Сондықтан да ол:

Мен білетін дүние – сынап болмас,
мен білетін дүние жиналады, –
дей алады. Ақын сеніміне, ақынның азаматтық поэзиясына ақаусыз сенесің.

Ұлықбек – ізденістің ақыны. Біздің бұл сөзімізді ақынның «Ақ өлеңдер» циклі тағы бір дәлелдей алады. Топырағымызда тамыры, қанымызда ағыны бар дәстүрді ол өзінше игере біліпті. Тек біздің бір байқаған кемшілігіміз – ақынның осы дәстүрді игеруге тартыншақтап, сақтықпен келгендігі. Үлкен бір кітап немесе бір көлемді бөлімге айналуға тиіс дүниені бар-жоғы сегіз-тоғыз өлеңмен шектеп қалған. Ақынның өз мүмкіндігін өзі мұншама тұсаулап, мұншама «сақтықтық» көрсеткеніне түсінбедік. дегенмен, біз әлі де өзінің творчестволық структурасын кең ауқымда игеру үшін таңдап алған бұл әдіс-тәсілді жетілдіре, дамыта түседі ғой деген ойдамыз. Әдетте, ақын – өмірдің шаппа-шап келіп жататын қайшылықтарына, біздің заманымызға жат, кесірлі, кесапатты құбылыстарға тағы да басқа толып жатқан толғақты проблемаларға абыздық көрсетіп, ақи-тақи жауап беріп тастаушы емес, сол құбылыстар мен проблемалардан туындайтын сауал-сұрақтарды көркем қорытудан өткізіп, адам мен адамзат алдына мәселе етіп қоюшы. А.Вознесенскийдің айтуынша, ақын дегеніміз – сұрақ. Өйткені құрғақ ақыл, құрғақ болжамнан тұратын жауаптан гөрі, шын жүректен шыққан сұрақтың әсер күші әлдеқайда пәрменді. Ақынның осы бір миссиясын жақсы түсіне білген Байбота Серікбаевтың «Не деп айтам сәбиге» атты өлеңіне құлақ салып қарайықшы. Ақын кішкентай інісімен әңгімелесіп отыр. Бала бәрін білгісі, бәрін ұққысы келеді. Сұрақ соңынан – сұрақ. Бәріне мүдірмей жауап беріп отырған ақын бір сұраққа, «оқты адамдар неге қолданады?» деген сұраққа тосылып қалады. Неге демек?

Өтірікті айтып болмас балаға,
Ұзақ қарап тұрып қалдым далаға.

– Аға, аға, айтшы, – дейді кіші інім,

Үнсіздігім тұр еңсесін түсіріп.

– Інішегім, балалармен бар, ойна,

Мен тынығып алайыншы, жарай ма?
Әпкең сенің әзірлесін шай-пайын,
Шай үстіндже барлығын да айтайын.
Санын сабап, айтқанымды ұғынып,

Інім кенет шықты аулаға жүгіріп.
Қазір қайтып келеді ол тағы үйге,
Не деп айтам сонда, Адамдар, сәбиге?!

Міне, ақын жанын қинаған сұрақ. Құлдыраңдап қазір қайтып келетін балаға не деп жауап беру керек? Бұл ақынға ғана емес, бүкіл адамзат баласына қойылған Ертеңнің, Болашақтың сұрағы. Шын жүректен шыққан сұрақ қашанда ойландырады, толғандырады. Сұрақ пәрменділігі, міне, осында. Бүгінгі күнде өмір сүріп отырған ақын бүгінгі күн проблемаларынан тыс өмір сүре алмайды. Шын ақын өлеңі сол проблемалармен біте қайнасып, сол проблемалармен бірге өрілсе керек. Оның көлеңкелі тұстарға көз жұмып қарап, әлеуметтік келеңсіздіктерді көлегейлеуге, бізде бәрі тамаша деп, өңеші жыртылғанша айқайлап, алақаны қызарғанша қол соғуға моральдық правосы жоқ. Ақын бойында өз-өзінен күпсіп отыратын арсы-гүрсі «урапатриотизмнің» жұқанасы да болмауға тиіс. Қазақ поэзиясында ауыл тақырыбын жырламаған ақын жоқтың қасы. Жоқтың қасы емес-ау, жоқ. Ол біз үшін ұлы тақырып, арналы өзек. Амал не, осындай ұлы тақырыпты көбіміз-ақ ұсақтатып барамыз. Қазір қаладан қарс адым жерден басталатын немесе бірер сағатта-ақ салып-ұрып жетіп бара алатын ауылды аңсап «еңірегенде етегі толатын» жылауық өлеңдердің, бара қалған жағдайда, ана төбесін бір жырлап, мына сайын бір жырлап, ақырында бар болғаны жергілікті ғана мәні бар географиялық атаулардың туристік анықтамалық кітапшасын еске түсіретін топтама жинақтардың, ел аузында айтылып жүрген асыл қазыналарымыз – аңыз-әңгімелерді ешқандай қорытусыз ұйқасқа көшіре салатын, дайындық жауапкершіліктен жұрдай тақпақ тарихшылдықтың шамадын тыс көбейіп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Жүрсін Ерманов әдебиетте сонау жетпісінші жылдары бір көрініп, ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз кетті де, тек сексенінші жылдардың басында ғана өлеңдерін баспасөз беттерінде қайта жариялай бастады. Ол өлеңдер поэзияға құлағы түрік жүрген оқырмандармен, ретсіз ибалық, ретсіз именшектік көрсетпей, бірден-ақ тілге келіп, ашық-жарқын сұхбатқа көшті. Өйткені Жүрсінң өлеңдерінде, ең бастысы, өмірдің өзі бар. Біз мұндайда, әдетте, ақын өмірді көре біледі деп жататынымыз бар. Әңгіме өмірді көре білуде ме екен?! Көре білгенін көркем көрсете алмаса, ондай ақыннан не үміт не қайыр?! Сондықтан, біздің ойымызша, ақынның ақындығы өмірді көре білуінде емес, өмірді көрсете білуінде. Өйткені ақын өлеңді өзі үшін жазбайды, жұрт үшін жазады. Ж.Ерманов та, өз әріптестері секілді, негізінен, өмір мен тіршілік, бейбітшілік пен еңбек, адамгершілік пен парасат туралы толғанып, махаббат пен сұлулық туралы сыр шертеді. Оның бәрі, негізінен, өмірлік тәжірибелерге сүйенген өзіндік үнмен жырланады. ... Жеңіспен оралған Зәбида деген жауынгер майдан екі метр барқыт ала келеді. Бүкіл сыйлығын бөліп берген жауынгер сол барқытын ешкімге қимады. Көздің жауын алар көк барқытқа кім қызықпасын. Бірақ...

Жұмысы жоқ – өкпелі ме ел, ырза ма,
Бір сараңдық кірді сахи мырзаға:
Талай тәуір жеңгелері жалынып,
Сол барқыттан ала алмады бір жаға.

Көк камзолмен көріне алмай көпке артық,
Әйелі де жүрді оған өкпе артып.
Бар ауылдың болып алды көз құрты
Жаудан келген екі метр көк барқыт.

Талай жеңгелері мен тіпті жан-жарына қимаған сол көк барқытты Зәбида не істемек? Бере салса, несі кетеді? Әлде ол екі метр барқытты да дүние, мүлік көрекр қу құлқынның құлы ма? Жоқ!

Пан барқытты ұстай алмай мүлкі етіп,
Келіншегі көз жасын да іркетін.
Ал Зәбида,
уәкіске малып ап

Көк барқытпен керзі етігін сүртетін.

Мына қызықты қараңыз! Зәбида екі метр барқытпен етігін сүртеді. Тапғы да ол хром етік болса бір сәр-ау, керзі етік. Мұнысы несі? Әумесерлік пе, жоқ қырсықтық па? Тағы да олай емес.

Қанды кешкен не бір сұмдық жайды ұққан,
Қырғыныңнан жүрегі әбден шайлыққан.
Зәбең болса байлықта деп бар індет,
Бар бәлені көруші еді байлықтан.

Осы бір шағын сюжетті новелла-өлең көп нәрсені аңғартады. Ақын кеше ғана қан кешіп, қатер ішінен келген Зәбиданың өмірлік сабағынан өмірлік мән шығарады. Бұл – Зәбида жауынгердің басынан өткен оқиғаны сол қалпында баяндап беру емес, бүгіннің ауласынан асылып ертеңге қарай алмайтын, кигенімен ішіп-жегеніне мәз, ел қамы мен жер қамын ойлауға өресі жетпейтін, өңешінен басқа жақыны жоқ Тоғышарлыққа қарсы күрес. Ол ойын ақын кеше ғана өмір мен өлімнің ортасынан келген, өмір мен өлімнің не екенін білетін Зәбида жауынгердің әрекеті арқылы көрсетеді. Сондықтан да еріксіз сеніп, еркісіз иланасың. Өмірлік сабақтың өмірлік мәнге ие болу деген осы. Жүрсін Ермановта жақсы өлеңдер қатары жетерлік. Оның өлеңдеріндегі оймен бірге өрілген ырғақ әуезділігі, сөздерінің қысылып-қымтырылмай, еркін орналасуы, логикалық жүйелігі мен композициялық тұтастығы нағыз қалыптасқан ақындықты танытып тұр. Дегенмен, Жүрсін Ерманов творчествосындағы бір осал тұс – оның өз сезімін өзі қызықтап кете беретіндегі. Біз енді Жүрсін Ермановтан жаңа белес, жаңа асулар күтуге хақылымыз. Оның бойындағы талант мүмкіндігі солай міндет қойғызып тұр.

* * * Жұртқа танымал болып қалған екі ақын творчествосына қысқаша шолу жасап шықтық. Әртүрлі творчестволық ендіктерде жұмыс істеп жүрген бұл ақындардың бәріне ортақ ең басты тақырыбы – бүгінгі өмір. Олар бүгіннің өзегінен Бүгінді іздеп келеді. Ең қуаныштысы да осы

УАҚЫТ РУХЫН ҰҒЫНСАҚ

Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан ұлы күреспен ғана жүзеге асырылады. Әсіресе, бүгінгі заманда астыртын әрекет пен жасырын қимылдың небір айла-шараларын әбден меңгеріп алған қулық пен сұмдықтың түлкі бұлаңынан, көз алдыңда зорлықтың шоқпарынан бауырыңның басы жарылып жатқанда, түк болмағандай безеріп тұрып алатын немқұрайлылықтың жүрек қаритын сұп-суық лебінен, көң демей, көмір демей, көмейіне қылғыта беретін темір өңеш тоғышарлықтың аранынан Адамды аман-есен алып шығу үшін біздің елімізде ұланғайыр жұмыстар атқарылуда. Адам тәрбиелеудің атамзаманнан бері келе жатқан ең үздік тәлім-тәжірибелері жинақталып, осы заманның өзі толғатып, кіндігін кескен жаңа әдісі мен тәсілдері жасақталынуда. Әрине, Адам аса күрделі. Бір индивидуумның иығына да ілуіне жарамайды: не тар, не кең. Сонда жан басына жеке әдіс, жан басына жеке тәсіл керек болғаны ма? Ғалымдардың қырық жаққа тартып, қырқай айтысқа түсетін жері де осы. Қанша ғалым болса, сонша әдіс, сонша тәсіл. Әрқайсысының алға тартатын аксиомасы, әрқайсысының бетке ұстар формуласы бар. Бәрі де бұлжытпас фактілермен бекітіліп, өмірдің өзінен ойып алынған дәлелдемелермен шегемделінген. Бірақ бүгіннің сол фактілері мен сол дәлелдемелерін ертеңнің жаңа фактілері мен жаңа дәлелдемелері ығыстырып, ысырып тастамақ. Айтыс жалғаса түспек. Алайда бірін бірі оққа байлардай, бірін-бірі жоққа шығарып жататын ғалымдар бір-ақ мәселеде бас изесіп, мақұлдасып, бір-ақ мәселеде қол алысып, келісімге келеді екен. Ол – адамға рухпен әсер ету, яғни адамды рухпен тәрбиелеу. Рух – ұлы күш. Оның адам тәрбиелеудегі коэфицентін ештеңемен де өлшеп бағамдай алмайсыз. Бір-ақ мысал. Соғыста қайтыс болған әкелер артында қалған балаларын тәрбиелеуге қатыспады деп кім айта алады? Ешкім де! Өйткені артында қалған ұрпақтың бойына нағыз адамдық қасиеттерді – ерлік пен сүйіспеншілікті еккен сол майданда қайтыс болған әкелер рухы болатын. Ол рух бүгін де тірі. Ол рух ертең де тірі болмақ. Ол рух болашақ ұрпақтарды да тәрбиелеуге қатыса бермек. Рух ұлы күш. Біз әңгімемізді өзіміздің негізгі объектімізден сәл ауытқыңқырап бастағанымыздың себебі, мәселені неғұрлым айқынырақ көрсету еді. Адам тәрбиелеу мәселесі – тек педагогика ғылымының ғана емес, әдебиет пен өнердің де, соның ішінде өлеңнің де ең басты міндеті. Рухсыз өлең – өлі өлең. Рухсыз адам – рухани өмірден баяғыда-ақ өткен, бар болғаны биологиялық тіршілік иесі ғана. Рухсыз жерден рухани қайшылық басталады. Оны тоғышарлықтың құс төсегіне орап аман алып қала алмайсыз. Сондықтан рух – ұлы күш. Уақыт рухын бойына сіңіріп, уақыт рухының төсіне тапталып, суғарылған өлең ғана өлең болмақ. Рух – от, рух – жан, рух – нерв! Ол – адам жанының ең қалтарыс түкпірінде сәуле түсіретін нұрлы шапақ, адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ. Ол ырғақ найзағай бұтақтарындай шалт, найзағай бұтақтарындай иір! Сондықтан біз өлеңді әңгіме еткенде, ең алдымен, оның рухын әңгіме етуіміз керек. Егер біз оқыған өлеңде уақыт рухы жоқ болса, оның образы, ойы, теңеуі, метафорасы, эпитеті, ұйқасы... т.б. компоненттері сөніп қалған шамдар ғана. Жылытпайды, сәулелендірмейді, толқытпайды. Рухты өлеңде оның бәрі ыстық, бәрі де сәулелі. Образ, ой, теңеу, метафораңыз рухсыз өмір сүре алмайды, ал рух, керек кезінде, оларсыз өмір сүре алады! Махамбеттің «Жалғыздық» атты өлеңін оқып көрейікші:

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ –
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ –

Күндіз бар да, түнде жоқ?
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ?
Бірде бар да, бірде жоқ.

Азамат ерлер кімде жоқ?
Еріскен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды –
Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт –
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, менде жоқ.

Амалы құрып, тістенген шарасыздық. Ыза. Кек. Намыс. Енді сіз осы өлеңнен көзге түсіп тұрған бір образ, бір тапқыр теңеу, ең болмағанда, тың эпитет көрдіңіз бе? Жоқ. Сезімі сөнген, көңілі соқыр адам үшін бұл өлең тіпті белгілі нәрселерді тізіп / айдың түнде бар, күндіз жоқ екендігін; күннің күндіз бар, түнде жоқ екендігін, т.б./, өзінің жалғыз екендігін айтуға құрылған хабарлы сөйлемдер ғана. Бірақ сіз өлеңді олай оқи алмайсыз. Ішкі ырғақты рух олай оқуға мүмкіндік те бермейді. Өлеңді оқып отырғанда, түу тереңнен естілетін – айналып соғып, дірілдеп тұрып алатын гуілге құлақ түріңізші. Ол – өзіміз айта беретін әуен де, әуез де емес. Ол – ақын жүрегінің қыжылы мен қызуын өзіні сіңіріп алған Уақыт үні, яғни рухы! Сол рух қарапайым ғана сөздерге жан бітіріп, тереңдік пен темперамент беріп тұр. Біз қазақ жырының дәстүр жалғасын әңгіме еткенде де көбіне- көп сыртқы атрибуттарына /ұйқасы мен буын санына/ ғана көңіл бөлеміз де, ішкі тынысы мен деміне, рухына мән бермейміз. Шынтуайтына келетін болсақ, қазіргі поэзиядағы дәстүр жалғастығын ұйқас пен буын санынан /қандай тайыздық/, тіпті, образ, ойынан да емес, оның рухынан іздеуіміз керек! Шатастырмаса, сол ғана шатастырмайды! Біздің дәстүршілдік пен жаңашылдықтың арасына «ұлы қытай қорғанын» салып, әлекке түсіп жататынымыз да сыртқы құрылыс материадарын ғана есептеп, ішкі тыныс рухын естен шығарып алатындығымыздан. Дәл сондай сөзді аударма жөнінде айтуға болады. Біз Абай мен Махамбеттің басқа тілге аударуға көне бермейтін күрделілігін, негізінен, олардың таза ұлттық ойлау жүйесінен, таза ұлттық бояуының молдығынан көреміз. Бұл пікірлердің белгілі бір мөлшерде дұрыстығын мақұлдай отырып, біз олардың аударылмауының басты себебі ешқандай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тек сезіммен, жүрекпен ғана сезілер ішкі тыныстың ескерілмеуінен, ұмыт қала беруінен дер едік. Біздің ойымызша, әрбір өлеңнің тексті мен ішкі рухы болады. Ішкі рух – текстің әр жолын, әр сөзін, әрбір үтір-нүктесін үрлеп тұтатып, сәулелендіріп жан кіргізер сиқырлы күш. Ол уақыт тынысы мен талант шарпылысынан пайда болар найзағайлы сәт! Олай болса, Махамбеттің жоғарыда біз келтірген өлеңінің тексі аударылмайды дегенге кім сене қояр екен? Аударылады. Аударылмаса, ішкі рух аударылмас! Ал рухсыз өлеңнің сұрықсыз сөздер жиынтығы ғана болып қалатынын бәріміз жақсы білеміз. Уақыт желінің ызғарлы өтінде тұрған ақын жүрегінен ылғи да рухты өлеңдер туған. Рухты өлеңдер қатарына біз көбіне биік пафосты, өршіл дауысты, соның ішінде адресі ел мен жерге ғана арналған, айқын ашық ұранмен күреске шақырған, яғни азаматтық өлеңдерді қосамыз да, басқа характерлердегі өлеңдерді табиғат, махаббат, көңіл-күй лирикалары, т.б. деп бөліп-бөліп жібереміз. Оларға рухты өлеңдер деген сөзді қолдану күнә да, күлкілі де сияқты. Шынында, осымыз дұрыс па? Біз әдебиетті, соның ішінде өлеңді адам жанының терең қатпарларын, яғни ішкі дүниесін зерттейді деп жатамыз. Бірақ ішкі дүние дегеніміз аузы мықты тығындалып бекітіліп тасталынған ыдыс емес қой. Ол – өзін қоршаған ортаның атмосфералық климатынан, әлеуметтік фактор әсерінен қаншама процестерге түсіп, қаншама өзгерістерге ұшырап жататын құбылыстар әлемі. Олай болатын болса, адамның жеке басының қуаныш-күйініші де, сөз жоқ, өз уақыты мен өз заманының лебі мен деміне жуынып, шарпылады. Сондықтан, мейлі табиғат, мейлі көңіл-күй лирикалары болсын, олардан белгілі бір заманның, белгілі бір уақыттың тынысы, рухы сезіліп жатуы заңды. Сонда ғана ол өлең өміршең бола алмақ. Ендеше, қандай өлең де, ең алдымен, уақыт үнімен, уақыт рухымен сөйлесуі тиіс. Халық көңілінен шыққан, халық қалаулыры болып кеткен өлеңдерден Уақыттың мен мұндалап тұрған даусы естіліп жатпайтын бе еді. Қасымның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда», «Дариға», Асқардың «Түрксіб», Әбудің «Ақша бұлт», Тайырдың «Миллион толқын», Сырбайдың «Ақ түн», тағы басқа да атақты өлеңдердің қай-қайсысының да кіндігін Уақыттың өзі кескен. Айдарынан жел есіп тұрған бұл өлеңдердің маңдайынан Уақыттың өзі сипаған. Тағы да, бұл өлеңдердің әрқайсысы әртүрлі характердегі өлеңдер. Осы бір даңқты өлеңдердің жұлдызды шоғырына Әбділданың мына өлеңі де қосылады:

Теңіз!
Сенен ұлы болған емес бір ақын,
Жырың қандай, жырың қандай сұрапыл!
Арасында бұрқыраған дүлейдің

Түн жамыла жылап тұрып тілеймін:
Жүрегіңнің бөлшегін бер,
Өлеңіңнің өлшемін бер.
Ол аз десең, өзімді де ал,

Толқыныңа аямай сал.
Я күйрейін, күл болайын,
Я теңізге айналайын!

Бұл – біртума талант қана дүниеге ап келер біртуар өлең. Дәл осы өлеңге толғатқанда, Әбділда ақын Афродитаның белбеуін қолға түсірген-ақ шығар. Тағы бір дауыстап оқыңызшы. Жердің жеті қат тереңінен бір бұла фонтан алапат қысыммен шапшып шықты да, кеңістіктің қиыр бір мүйісінде бір жұлдыз жарқ еткізіп көзін ашып алды. Шынында да олай болған жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Бұл қиял құбылысы ғана. Бірақ стихиялық сұрапылдан туған мұндай өлең рухы эмоциялық әсерленуіңізден пайда болған сіздің қиял әлеміңізде осы тектес бір құбылыстарды дүниеге ап келері сөзсіз. Біз кейде «Түсінікті өлең екен», «Өлеңіңе түсінбедім, «ол өлеңге түсінеді» деп күнәға белшеден батып жататынымыз бар. Шынайы түсіну мүмкін бе? Жоқ! Мүмкін емес. Өлеңді жан – жүрегіңмен, тұла бойыңмен сезінуің ғана мүмкін. Нағыз өлеңде бір сөздер екінші бір сөздердің мағынасына жұтылып кетіп, тағы бір ұғымын ұлғайтатын жаңа клеткаларға ие болып жатады. Сезімге суғарылып шыққан сөз бен сөздің соқтығысынан отты қимыл-қозғалыс, құбылмалы бояу, лепті әуен пайда болады да, өлең тұтас тірі организмге айналады. Ондай өлеңді сен қалай түсінбексің?! Сезінесің! Тек қана сезінесің! Түсіну – нақты ұғым жайлы дерек. Ал Әбділданың біз оқыған өлеңінде нақты ұғым бар ма? Қалай түсіндіріп бермексің? Мұны Әбділда ақынның өзі де түсіндіре алмас еді. Тек өз сезгеніңді ғана айтып беруің мүмкін. Мәселен, маған осы өлең буырқанған дүние алдындағы ақын антындай естіледі. Не болғанда да Уақыт рухы ұя салған өлең бұл.

Ығысыңдар,
Ей, таулар,
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.

Ата болып не маған ұрысыңдар,
Адам болып немесе ұғысыңдар,
Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар!
Ей, таулар, қойындарыңды ашып кірем,

Бар сырыңды айрандай шашып білем.
... Жартастардың беттері сора-сора,
Жылапты, қарсыласпас жасық білем.

Бұл – Мұқағали ірілігі. Ірілік болғанда, таулардың арасынан орын сайлап, шың болып көзге түсе қалайыншы деген құр кеуде ірілік емес. Ақынның тауларда «жұмысы бар», олардың «қойындарына кіріп», «сырын білмек». Ақын қайсар жартастан да жасықтық көріп тұр: жас ағызған беттері «сора-сора». Дәл осы өлеңнен, Мұқағалидың көзі тірісінде төрге шықпаса да, төменшіктеп көрмеген тарпаң мінезімен бірге күркіреген Уақыт үнін де естігендей боламыз. ХХ ғасыр, ғылыми-техникалық революция, барлық ғылымдар саласындағы дерлік ашылып жатқан ғаламат жаңалықтар Уақыттың шағын ғана кезең-қиындасында адамның дүниетанымын, оның жалпы ұғымын шексіздікке дейін кеңейтіп жіберді. Бұрын-соңды адамзат баласы өзінің ұлылығын, өзінің нағыз құдірет иесі екендігін дәл осы ғасырдағыдай сезінген емес. Оның қолында қазір бүкіл Жер шарының тағдыры тұр. Бұрын біз космосқа қарайтын болсақ, енді космостан Жерге де қарай алатын мүмкіндікке ие болдық. Енді біз көлеңке мен нұрға, үміт пен күдікке қатар шомылып, кеңістік ішінде дөңгелеп бара жатқан жетім планетамызды көңіл көзімізбен күнде көре алатын жағдайға жеттік. Олай болатын болса, Мұқағалидың «Ығысыңдар, ей таулар, ығысыңдар» деген тәкаппар даусынан уақыт үнін де естуіміз заңды. Оған осындай ірі сөзді айтқызып тұрған Уақыттың өзі. Уақыттың «әлеуметтік заказын» орындау миссиясына ие болған ақыннан бақытты ақын бар ма екен, сірә! Біз бұл сөздерді «қалай да уақытқа үн қосып тастайыншы» деп маңғазситын, ғылыми-техникалық немесе саяси тақырыпқа бірді-екілі өлең арнап, сонымен өзінің уақыт пен қоғам алдындағы борышын өтеп тастағандай сезінетін, уақытты бір бөлек, өлеңді бір бөлек қарастыратын, уақытты өткінші кезең ғана деп қабылдайтын тар ұғым тұрғысынан айтып отырған жоқпыз. Біз бұл сөздерді Уақыттың ұлы мағынасында айтып отырмыз. Бүгінгі заманда, егер дүниетанымың тар болса, мейлі қаншама талант иесі бол, сенің де барар жерің «ана қырдың аржағы болып қалары» сөзсіз. Біз бұл жерде дүниетаным деген сөзді де дұрыс түсініп алғанымыз жөн. Дүниетаным деген сөзді біреулер сансыз мол информациялардың басында жинақталуын айтып жүр. Олардың көбісінің кез келген сұраққа құдды бір ЭВМ машинасындай сартылдатып жауап беретіні рас. Бірақ ол информацияла рсанасына жетпей, сезімін толқытпай, салқын ақылмен ғана қабылданған болса онда ол – өлі капитал. Ондай интелект-білгіштің өзін қоршаған ортаға тигізетін пайдасынан гөрі, зияны әлдеқайда көп болады. Адам өзінің ірілігі мен ұлылығын неғұрлым кеңірек ұғынған сайын, өзінің табиғатпен жақындығын соғұрлым тереңірек сезіне түсті. Табиғатқа қол көтеру – өзіне қол көтеру екенін ұқты. Өмірдің басқа формаларымен генетикалық байланыста екенін білді. Ғылымда ағаштың, адамның, бактерияның генетикалық код құрылысы бірдей екендігінің ашылуы адамның табиғатпен құрсақтас, бауыр, тамырлас туыстығын тағы бір дәлелдеп берді. Адам енді өз тағдырын олардың тағдырымен бірге қарастырып, өзінің көңіл күйінің құбылысын табиғат құбылыстарымен бұрынғыдан да берігірек бірге өретін болады.

Жер үстінде жоқ іздеген көп шығар,
Жанға дауа ем іздеген көп шығар.
Күрсінгенде кеудесінен от шығар,
Жер үстінде жоқ іздеген көп шығар.

Мен де сондай іздеушінің бірімін,
Көп естимін жапырақтың дірілін.
Көп естимін тоғайлардың гуілін,
Мен де сондай іздеушінің бірімін.

Қарайды аспан жұлдыздарын жоғалтқан, –
Ертелі-кеш көк жүзінен көп аққан.
Қарайды көл аспан жаққа алаңдап,
Қарайды өзен толқындарын тонатқан.

Сұрайды олар, сұраймын мен олардан
Қымбатымды, қимасымды жоғалған.
Баяу ғана шайқалады бұлттар да,
Әлсіз ғана теңселеді көк орман.

Осы бір желсіз күнгі көлдей тұп-тұнық, мұңлы көңіл-күй жыры демімен темір иітіп, тастан тамыр шығарар зергер лиригіміз Сағи қолынан туыпты. Тұп-тұнық мұң. Бірақ сырт көзге ғана солай. Су асты ағысы сияқты өлең астарынан соғатын леп тамыр тамырыңызды шымырлап қуалап, өн бойыңызды кернеп бара жатады. Бұл өлең де түсінуіңе, түсіндіруіңе көне бермейтін, тек сезіміңнен ғана сезінер өлеңдер қатарына жатады. Мұнда адаммен бірге бүкіл табиғат ойға батып, тебіреніп, толқып тұр. Бұл кешегі емес, бүгінгі күн, ХХ ғасыр табиғаты. Сөз жоқ, онда уақыт үрейінің табы бар. Бұл өлең – жоғалғаныңды ғана іздеу емес, ең алдымен, мүлдем жоғалып кетпеуіңді ескеретін өлең. Міне, көрдіңіз бе, таза көңіл-күй лирикаңызда да уақыт рухы жатыр! Жалпы, Сағи Жинебаев – уақыт пен табиғаттың мұңы мен қасіретін адамдарға жан-жүрегімен жеткізіп жүрген нағыз азамат ақын. Оған жалған дидактика, ақылсынған тақпақ риторика мүлде жат. Оның, жарық көргеніне бірқатар уақыт болса да, неге екені белгісіз, әдеби баспасөзде жөнді әңгіме бола қоймаған, көп жылғы еңбегінің қортындысы – «Іңкәр дүние» атты жинағы осы сөзімізге толық дәлел бола алатын поэтикалық документ.

Ей, Күн-ана, аспа бесік Жерді осы
Ақырындап, ақырындап тербеші:
Ғашықтардың бұзылмасын бір кеші,
Сәбилерді оятып ап жүрмеші.

Тастар шошып, оянбасын жел үркіп,
Мұхиттарды ала көрме еліртіп.
Көк бүртіктер бұта бойлап өрлесін,
Шық көздері ағып түсе көрмесін...

Тұла бойыңды селт еткізер сурет-тілек. Жұмекен Нәжімеденов Уақыт символы Күн-анаға айтар өтініші мен тілегін осылай жеткізіпті. «Тастардың шошуы», «желдердің үркуі», «шық көздерінің ағып түсуі» – тек жиырмасыншы ғасыр ақыны ғана жазуға, тек жиырмасыншы ғасырдың ақыны ғана салуға тиіс орбразды тың суреттер. Хиросима қасіретін кім білмейді. Атом бомбасыының жарылысынан кейін ол жердің қап-қатты қара тасы да ұстасаң бордай үгітіліп кететін жұп-жұмсақ басқа денеге айналған. Қара тас та қасиетінен айрылған. Дәл осы өлең жазарда Жұмекен ойында осы факт болды ма, жоқ па, оны біз білмейміз. Біздің білетініміз, сөз жоқ, оның бүкіл тұла бой, сана-сезімі ғасыр қасіретіне, Уақыт құдіреті мен рухына тартылып, суғарылғаны. Сол ғасыр қасіреті мен Уақыт рухы сіңген жүректе туған өлеңдер осындай образдар алып шықпай, қандай образдар алып шықпақ?! Әрине, мұнда талант, көргенін көрсете білу сияқты ақынның индивидуальдық ерекшеліктерінің атқаратын рөлін ұмытуға болмайды. Дегенмен, ол ерекшеліктердің тамыр салар топырағы – Уақыт екенін де естен шығармағанымыз жөн. Олай болатын болса, «тастардың шошуы», «желдің үркуі», «шық көздерінің ағып түсуі» сияқты ескерту суреттер өзінен өзі туа қалған жоқ, оларды ақын бойындағы табиғи талант осы заман деміне шарпылып барып дүниеге келтірген. Біз бұл мақаламызда уақыт жайлы сөз қозғағанымызда, тек бар дүниелерімізге ғана тоқталып өттік. Бар дүниелеріміз біз тоқталған ақын-жазушылар творчестволарымен шектеліп қалмайды, әрине! Олар жеткілікті! Бірақ бәріне тоқталу мүмкін де емес. Біздің ниетіміз өз деңгейінде сөз болмай жүрген Уақыт рухын, үні мен тынысын кейбір аспектіде қарастыру еді. Ойымыз қаншалықты орындалды? Ол – оқырмандар билігінде! Барымызға тоқталдық, ал жоғымыз қайда деген заңды сұрақ та тууы мүмкін. Бірақ жоқ нәрсеге не істемексің? Жоқ нәрсе жоқ. Олар да өзінің дүниеге келер кезегін күтіп жатқан шығар. Кемшілік пе? О, ол жетеді. Уақыт пен заманның демі мен тынысы, яғни рухы сезілмейтін, қан-сөлі жоқ, кептіріліп қақталған, қай заманда жазылғаны белгісіз, мойнын ішіне тығып, бет-аузын тұмшалап алған өлеңдер барған сайын көбейіп барады. Оларды тең-тең қалпында көтеріп алып кеп, сіздердің алдыңызда-ақ түкке алғысыз етіп тастауға болар еді. Бірақ сынның міндеті – сынау ғана емес қой. Оның міндетіне көзге түспей, тасада қалып келе жатқан мәселені қолыңнан келгенше қозғалысқа түсіріп көру, сөйтіп, өлең жөніндегі оқырман қауымның ұғымы мен эстетикалық талғамына әсер ету де жатса керек.

БАБА ДӘСТҮРІНІҢ МҰРАГЕРІ КІМ?

Дәстүр жайында айтыла беретін әңгіме, оның айналасында өліспей беріспейтіндей өтіп жататын талас-тартыс, бірде бәтуалы, бірде бәтуасыз пікір алысу, сірә, мәңгі толастамас. Өйткені дәстүр дегеніміз – түп тамыры түу ғасырлар қойнауында жатса да – ылғи бір түлеп, жаңғырып көрінетін, әдебиеттің әр кезеңі сайын бұрын жұртқа белгісіз жаңа астарынан ашылып жататын жанды процесс. Оның тоқтап, тоқырауы мүмкін емес. Тоқтап, тоқырады-ақ, онда қандай бір әдебиет болмасын не меңіреу, не мешел күйге түсері хақ. Сондықтан да бүгінгі заманымыздың бұрын-соңды болып көрмеген ұлы өзгерістерімен, ғылыми-техникалық революциясымен ағайын-жұрағаттай қауышып, қоян-қолтық араласып кеткен, өскен, өрелі қазіргі поэзиямыздың өн бойында ғасырлар қойнауында жатқан сол рухты баба дәстүрдің көзге көрінбес тірі клеткалары мен талшықтарына дейін бар екенін дәлелдеп жату артық. Бұл жерде мақаламыз басталар-басталмастан-ақ ғасырлар қатпарында, ғасырлар қойнауында деген сөздерді қайталап жатқанымыз тектен тек емес. Шынында, біз анда-санда болмаса, көбіне-көп дәстүрдің тереңдегі тамырын емес, белеңдегі сағымын, әрісін емес, берісін сөз етіп келеміз. Сонау Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқарларды оқып-үйреніп жатқанымызбен, оларды қазақ өлеңінің дәстүр-бастаулары ретінде танып-зерделеп жатқанымыз шамалы. Оған ең басты дәлел: олардан қалған көл-көсір мұралардың осы қазіргі поэзиямен генетикалық бірлігінің әлі күнге қарастырылмай жүргені. Әлі де болса терең игеріліп, терең зерттелмей жатқандығы. Содан ба екен, біздің өткен, бұрынғы поэзиямыз жайлы өзге жұртшылық көп айта бермейді, айтқанның өзінде, Шығыс поэзиясы деген жалпы ұғымға қосақтап, қосып жібереді. Оның өзінде де тым саяз, тым бұлдыр. Оған, әрине, өкпе жоқ. Өйткені өз шеңберімізді өзіміз аядай қып шектеп отырсақ, өзге жұрт оны қайдан алып кеңейте қоймақ? Шынтуайтына келсек, Шығыс поэзиясы деген хрестоматиялық ұғымға географиялық белдеу арқылы қосылсақ, қосылармыз, ал бірақ көркемдік-эстетикалық белдеу жағынан біз еш уақытта қосыла алмаймыз. Бұл жерде жаңалық ашып отырған ештеңеміз жоқ. Мұны бәріміз де жақсы сезініп, жақсы білеміз. Өйткені Шығыс поэзиясына тән компонент-қасиеттер – көздің жауын алардай мың бұралып сылаңдаған ару мен үлбіреген гүл, жемісі таңдай үйірер бейішті бау-бақша мен құлақ құрышын қандырар сайраған бұлбұл, ұрттасаң, демімен жүрек шарпитын шарап пен шөптің әтірі себілген мөлдір хауыз, небір астан-кестен оқиғалардың өзін асықпай, ақырын жеткізетін сазды ырғақ пен фәни туралы бапты мақаммен айтылар даналық сол тұстағы қазақ поэзиясында жоқ, болса да, не орындалуы, не ракурсының қойылуы мүлде бөлек. Сол тұстағы қазақ жырауларының өлеңдерін оқып отырсаңыз, сөз жоқ., сіздің құлағыңызға шетсіз-шексіз даланы тірілтіп, дүрліктіріп бара жатқан тұяқ дүбірі, мың сан қолдың қиқуы мен айқайы, қынаптан суырылған қылыштардың сатұр-сұтыр соқтығысы, қысқада кегі, ұзында өші кеткен жандардың бір-бірімен ұстаса кеткендегі тұншыға шыққан арсы-гүрсі қыжылды демі, қару тиген қалқан шыңылы мен аңыратып тартқан адырналардан ұшқан қауырсынды жебелердің суылы – бәрі-бәрі естіліп жатары сөзсіз. Жортуылды ержүрек поэзия! Оған мамыражай экзотика мүлде жат! Сондықтан да біздің сол бір кезеңдегі поэзиямызды Көшпелілер немесе Далалықтар поэзиясы десе, әлдеқайда тиімді, әлдеқайда орынды сияқты. Әрине, бұл әлі де болса әдебиетшілер көп қадалып, көп зерттейтін мәселе. Бұл жерде тек біз оған сөз реті кеп қалған соң ғана аялдап, тоқталып жатырмыз. Әйтпесе, ол мәселенің шолақ қайырылған бірер сөйлеммен біте қалмасын біз де жақсы білеміз. Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар сияқты алыптарды ауызға алып отырған тағы бір себебіміз – бүгінгі әңгімемізге тікелей қатыстылығынан. Ол, жоғарыда жанамалап айтып өткеніміздей, бүгінгі поэзиямыздың дәстүр жалғастығын сол алыптардың шығармаларынан іздестірсек деген пікір. Сондықтан, ең алдымен, дәстүр жалғастығы дегеніміз не? Дәстүр қалай жалғасын табады? Оның лайықты ізбасар мұрагері кім бола алады? Осы сұрақтар төңірегінде сөз сабақтап, пікір тарқатып көрейік. Сөз жоқ, біз осы уақытқа дейін көбіне-көп дәстүр жалғастығы деген ұғымды тым ұшқары, тым үстірт, бір жақты қарастырып келеміз. Бұл ұғым, тіпті, кейінгі кезде өзінің табиғи жаратылысынан айрылған, не ұшып, не жүзіп жарытпайтын асыранды қазға айналып бара жатқандай. Ал мұндай үлкен ұғымды табиғи жаратылыс бітімінен айырып қарау түптің түбінде ауладан асылып ары қарай алмауға, қара құлыпты қақпа ішіне қамалған томаға-тұйықтыққа әкеліп соғатынын бәріміз ескере бермейміз. Біз дәстүр жалғастығы деген ұғымды көбіне-көп белгілі бір шығармалардың сыртқы пішін-құрылысынан, буын-бунақ өлшемдерінен, дыбыстық аллетрациялардан, сөздердің сыртқы қозғалыс-қимылдарынан іздестіреміз де, оның ішкі тынысы мен деміне, әлеуметтік көтерер жүгіне, көркемдік-идеялық қуатына үңіле бермейміз. Рас, бұл мәселені қозғағанда, қандай бір шығарманың болмасын, сыртқы пішін-құрылысын, буын-бунақ өлшемдерін, дыбыстық аллетрацияларын, сөздердің сыртқы қозғалыс-қимылдарын, т.б. толып жатқан атрибуттарды айналып өтуге болмайды. Өйткені олар жыр туар сәттегі ақын жүрегіндегі құпия құбылыстың сұрапыл сілкінісінен пайда болған жанды мүшелер. Оларды айырып, алып тастай алмайсыз. Бірақ солай бола тұра, біз, ең алдымен, ақын жүрегіндегі құдіретті құбылыс тудырған сол кездегі уақыттың ауа райын, әлеуметтік атмосфераны байыптап, бағдарлап алғанымыз дұрыс. Өйткені қандай бір стихиялы бұрқаныстан туған шығарма болмасын, бәрібір өзін қоршаған әлеуметтік ортаның, белгілі бір уақыттың көркем көшірмесі. Ақын жүрегінен қорытылып шыққан сол заман көрінісі. Сондықтан да біз қайта-қайта тәпіштеп айтып отырған дәстүр жалғастығын дәл осы жерден іздестіргеніміз мақұл. Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқарлардың кез келген өлеңін оқып көріңізші: әрқайсысы қадау-қадау алып діңгектер секілді үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұрған жоқ па?! Сондықтан да олар ғұмырлы, сондықтан да олар мәңгілік! Олардың әрқайсысы тұтас бір дәуір, тұтас бір тарихи кезеңнің бел баласы. Сондықтан да олар тек үлкен әдеби тұлғалар ғана емес, үлкен тарихи тұлғалар да! Сондықтан да олардың жыр, толғаулары тарихтың талай-талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып, жоғалып кетпей, бізге келіп жетті. Әйтпесе, сол кезде қора-қопсы, көрші-қолаң, қыз-қырқынды жырлайтын жыраулар болмады деп отырсыз ба? Болғанда қандай! Ьірақ олар бізге қарай сапар шеге алмаған, яғни халық жүрегінде сақталмаған, сол қора-қопсы, көрші-қолаң айналасында қалып қойған. Сондықтан біз бүгінгі ақын шығармаларынан ежелден келе жатқан дәстүр жалғастығын іздестіретін болсақ, онда, ең алдымен, оның көтерер әлеуметтік жүгіне, азаматтық үніне зер салып, назар тіктеуіміз керек. Жекелей атрибуттарын /ұйқасын, ырғағын, буын-бунағын, т.б./ әңгіме етсек, сонан кейін әңгіме етейік!.. Дегенмен, бұл пікір де біздің ойымыздың орнықты формуласы бола алмайды. Оған тағы әрірек көз салып, тереңірек үңілген жөн. Өйткені сол бір кезеңдер де, сөз жоқ, әлгіндей алыптардың мақамы мен сарынын, тақырыпты игерудегі методы мен метологиясын, бас ауыртып, балтыр сыздатпай-ақ, өзіне шапшаң икемдей қоятын әзір асқа тік қасық дайын ауыздар болған. Бірақ олар да бізге жетпеген. Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар шығармаларының бізге жеткен себебі, олардың әрқайсысы жырланар тақырыптың әлеуметтік маңызын өзінше ашып, өзінше көтеріп, бұрын белгісіз жаңа образдар жүйесін, сөздердің синтаксистік жаңа түзілісін, олардың семантикалық жаңа мәнін дүниеге келтірген. Яғни әрқайсысы бірін бірі қайталамайтын жеке-дара жаңалық әкелген. Шынында да Асанқайғының терең философиясын, Шалкиіздің еменнің иір бұтағындай айқасып жатқан жолдары мен Ақтамбердінің жортуыл ұранды даусын, Бұқардың бірлікке шақырған қайсар ақылды наркескен сөздерімен шатастыра алмайсыз. Әрқайсысы ерек үн, бөлек бітімге ие. Сонымен, біздің айтпағымыз: терең әлеуметтік мәні бар өз даусы, өз үнімен келген жаңалық қана дәстүрді жалғастыра алады, тек сол ғана дәстүр жалғастығын құрай алады. Яғни дәстүрді өзінше жетілдіріп, оны өзінше жаңғыртқан, жаңалық әкелген тұлға ғана баба дәстүрдің мұрагері болып табылады. Ал белгілі сарын, таптаурын жолмен жүргендер, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген бейшара моральдың қолына су құюшылар ешуақта да дәстүр жалғастырушылар бола алмайды. Олар – дәстүрді жалғастырушылар емес, дәстүрді былғаушылар, дәстүрді бүлдірушілер. Тасада тұрып талантқа тас лақтырушылар да, көлеңкеде отырып көсемсіп сөйлейтіндер де солардың ішінен шығады. Сөзді тоздырып, ойды аздыратын да солар. Ұйқасты бұзды, буынды сындырды деп, үнін емес, түрін сөз етіп, жаңалықтың жағасына жармасып жататын да солар. Өйткені жаңалық олардың сай-саланы ықтап қонған қамыс күркесін тегеурінді бір демімен-ақ ысырып тастай салуы мүмкін. Сондықтан да олар жылы орын, ықта-мекенін қолпаштап, қорғаштап бағады. Сондықтан да олар дәстүрдің сыртқы киімін ғана сөз етіп, ішкі иіріміне көзін тарс жұмып қарайды. Содан ұйқас пен тармақтарды, буын мен бунақтарды шотқа салып отыратын бухгалтерлер пайда болады... Біздің дәстүр жалғастығынан үлгі көрсетіп, дәріс беретін ұлы-ұлы мектептеріміз бар. Бұл ретте Махамбет пен Абай өлеңдерін атасақ та жеткілікті. Оның екеуіне бірдей емес, тек біреуіне, Абай мектебіне аз-кем тоқталып өтейікші. Абай, сөз жоқ, арғы-бергі әдеби тарихымызда бұрын-соңды болмаған ұлы мектеп, қайталанбас ғажап құбылыс. Оның бүкіл творчествосын былай қойғанда, әр өлеңінің өзі іргелі дүние, ірі оқиға. Әр сөз, әр жолы жаңалық! Бірақ осыған қарап, оны өзіне дейінгі бұрынғы ақын-жыраулардың бай тәжірибелерінсіз, тағылым-тәлімдерінсіз тақыр жерге тамыр салып өсті десек, онда біз қатты қателескен болар ек. Ол, керісінше, өзіне дейін жасалынған халқымыздың бойындағы рухани байлықпен мейірі қанғанша сусындап, оны жетілдіріп, қайта қорытып барып, жаңа әдеби әлемді өмірге әкелді. Ол, ең алдымен, өзіне дейінгі ақын-жыраулардан халыққа қызмет ету, халықтың үні болу, қоғамның әлеуметтік мәнін ашып көрсету, күрескерлік сияқты басты-басты мәселелерді мирас етті. Сөйтіп, ол өлеңнің қастерлі қасиетін, ең басты қасиетін ұстанып қалды. Дәстүр жалғастығы дегеніміз, міне, осы! Әрине, ол әрбір материал қарсылығын немесе тақырып қарсылығын, өзінше жеңді, өзінше балқытты. Содан барып, бұрын болып көрмеген ішкі мазмұны тұнба байлығынан бастап, сыртқы тұлға бітіміне дейін ерек өлеңдер дүниеге келді. Дегенмен, сол мүлде жаңа, мүлде ерек кесек дүниелерді пайыммен парақтап, байыппен бағдарласаңыз, олардың ішінен сіздің құлағыңызға сонау-сонау ғасыр қиырында қалған ақын-жыраулардың үні мен сазы, мақамы мен сарыны талып болсын естіліп жататыны сөзсіз. Тыңдап көрейікші:

Бұқар жырау:
Екінші тілек тілеңіз –
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа...

Алтыншы тілек тілеңіз –
Алпыс басты ақ орда
Ардақтағын аяулың
Күнінде бір күн біреуге

Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз –
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,

Сонан бір сасып тұрмасқа.
Енді Абайдың атақты мына өлеңін оқып көрейік.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз,
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Екі өлеңде де қозғалар мәселе – адамға айтылар ақыл, тілек, өсиет. Бұқар жырау оны рет-ретімен санамалап айтса, Абай оны қосып, жинақтап айтқан. Сонымен бірге, өлеңдердің мазмұны жағынан да туыстық бар. Екеуі де бір-бірімен алыстан орағытып, қашықтан қайырып жатпай, дәл қарсы алдында, дәл жанында отырып, ең бір сүйектес жақыныңдай ақыл айтып, нақыл үйретуімен үндес. Әрине, Абай өлеңі үлгі, түр жағынан да, мазмұн байлығы жағынан да, көркемдік-эстетикалық орындалуы жағынан да Бұқардікінен өзге екені рас. Бірақ осы екі өлеңнің еті бөлек болғанмен, сүйегі мен қаны бір, жақын екенін зерделі зерек оқырман бірден-ақ білері сөзсіз. Сондай-ақ біз Абайдың:

Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай, –

деп басталатын Оспан өліміне бағышталған жоқтауы мен басқа да бірқатар өлеңдері таза жыраулық үлгіде жазылғанын жақсы білеміз. Сонымен бірге, ұлы Абай дәстүр жетілдіруді, яғни дәстүр жалғастығын мүлде жаңа арнаға салып, мүлде жаңа сатыға көтерді. Ол алғашқы болып, тек өз халқының рухани байлығын меңгеріп, тек соны ғана игерумен халықтың тарихи санасын жаңа биік деңгейге көтеру мүмкін емес екенін ұқты. Есік пен терезені тас бекітіп, тұмшаланып алу ой мен сананың тұншығуына әкеліп соғатынын білді. Ауа қозғалысынсыз тіршілік атаулының күлталқаны шығып, күйреуге ұшырайтынындай, өзге халық, өзге жұртпен рухани байланыссыз ой, сананың опат болатынын сезді. Сондықтан да ол орыс әдебиетінің, сол әдебиет арқылы Европа әдебиетінің ең үздік үлгілерін мүмкіндігінше бойына молынан сіңіріп, молынан сусындады. Міне, бұл да Абай бізге өсиет етіп қалдырған дәстүр. Бұл құбылыс – дүние жүзіндегі барлық озық әдебиеттерге тән құбылыс. Мәселен, Пушкин. Ол өзіне дейінгі жасалынған орыс әдебиетінің барлық қадыр-қасиетін бойына жинақтап, оның ең бір елеусіз, қаға беріс қалтарыстарында қалып қойған дүниелеріне дейін үңіліп, адақтап аралап шыққан. Сүзгіден өткізген. Бәрін де профессиональдық дәрежеде меңгерген. Ол сонымен бірге тарихы мың жылдап саналатын бүкіл дүниежүзілік әдебиеттің арғы-бергі үздік үлгілерін аңқасы кепкен шөлдей сіңіріп алған. Өйткені ол халықтың рухани байлығын әдебиеттің озық дәстүрлерінсіз тек бір әдебиеттің дәстүр мүмкіндігімен ғана жасап шығам деу ғұмыр бойы тау басына тас тасумен өтетін сизифтік бос әурешілік деп білген. Егер Пушкин әлем әдебиетінің озық дәстүрлерінен өзін оқшау қойып, тек орыс әдебиетінің поэтикалық кафедрасында ғана жұмыс істесе, онда ол, сөз жоқ, ешуақта да ұлт мақтанышы, ғаламат ұлт ақыны деңгейіне көтеріле алмас еді. Тютчев те солай. Тіпті Брюсовтың айтуынша, неміс поэзиясы болмаса, Тютчев болмас еді дейді. Орыс тілін, орыс әдебиетін аса жетік білетін оның дүниетанымы, эстетикалық көзқарасы – сол кездегі бағдарлауша – немісше болып шыққан. Ал қазір ешкім де Тютчев творчествосынан «немісше» эстетикалық көзқарасты іздеп жатпайды. Қазір жұрттың бәрі Тютчевті таза орыс ақыны ретінде қабылдайды. Бүгінде орыс поэзиясында Тютчев дәстүрі, Тютчев мектебі бар. Дәстүр кейде осылай да дүниеге келіп жатады.

Мұндай-мұндай мысалдар дүниедегі ірі тұлғалардың бәріне дерлік тән. Сондықтан да дәстүр жалғастығы деген ұғымды таза ұлттық аяда қарастыруға болмайды. Ол – аса кең, аса терең ұғым. Бұл жерде тағы бір ашық айта кететін нәрсе – Абай дәстүрі, Пушкин дәстүрі, Тютчев дәстүрі деген ұғымдар туылған бойда дәстүр болып қабылданған жоқ. Алдымен олар Жаңалық болып, тұма көзін ашты да, сонан кейін барып үлкен арналы Дәстүр – өзенге айналды. Сондықтан дәстүр жалғастығын сөз еткенде, таразы басын тең ұстап қарастыруымыз керек. Cәл ауытқу үлкен адастыруға ұрындыруы мүмкін. Ең алдымен, жаңалықсыз әдебиет өспейтінін, дәстүр жалғаспайтынын қатты ескерген жөн. Біз, сонымен бірге, жаңалық дегеннің не екенін табиғат – ананың өзінен үйренуіміз керек. Табиғатта еш нәрсе де бірін бірі қайталамайды. Бәрі жаңа, бәрі тұңғыш! Әрқайсысы жеке дүние, жеке болмыс! Яғни дүниеде қаншама жапырақ болса, соншама өзгешелік бар. Бір жапырақ екінші жапырақты қайталамайды. Мейлі көлемі жағынан болсын, мейлі күн нұрын сүзіп, нәр жинау жағынан болсын, мейлі симметриялық түзілісі жағынан болсын, әйтеуір, олардың әрқайсысы бірінен бірі бөлек, ерек дүние! Бұл әлдеқашан ғылым дәлелдеп берген табиғи құбылыс! Ал біз табиғаттың ұлы мінезінен тәлім ала бермейміз. Содан барып бізде сыртқы құбылысынан бастап, ішкі болмысына дейін бір-бірінен аумай қалған өлеңдер тасқынды конвейрмен дүниеге келіп жатады. Содан барып не жандырып, не тоңдырмайтын, не толқытып, не тебірентпейтін, қызуы мен жылуы бірқалыпты кабинеттік температураны көрсететін сұрқай өлеңдер пайда болады. Содан барып баз біреулер өнер дегеніміз балқып тұрған темірді тас үстіне салып өзіңше илеп, өзіңше соғып шығару екенін біле бермейді. Міне, осындай табиғи, осындай қарапайым аксиоманы ескермегендіктен, кейбіреулер өлеңнің алдымыен тегі арқылы техникасын сөз етудің орнына, техникасы арқылы тегін тапқысы келеді. Ең болмаса, олар контекст арқылы қаралып жатса ғой. Өкінішке орай, ол да жоқ! Ондай сыншылар ұйқасты, буын-бунақты, тарам-тармақты өлең денесінен бұтарлап, бұрап сындырып алады да, мына ұйқас шолақ, мына жолдың бір буыны кем деп, ақылгөйсіп, анализ жасауға кіріседі. Сөйтіп, олар өзі шатасып қоймайды, оқырман қауымды қатар шатастырады. Тағы да ондайлар цитатшыл келеді. Екі сөзінің бірі – цитата. Пәленше деген классик пәлен деген, төленше деген классик былай деген деп, екі аяғыңды бір етікке тығатынын қайтерсің. Олар, ең сорақысы сол, ол цитаталарды өмірмен, уақытпен байланыстырып қарастырмайды, таза кітаби қалпында қарастырады. Сонымен сол атышулы классиктерге қиянат жасап отырғанымен жұмысы да болмайды. Олардың көбісі-ақ цитатаны тәлім-тәрбие беретін дәріс ретінде емес, таланты болғанмен, дайындығы аздау, тегеуріні әлсіз кейбір бос мойын тайғақтарды қорқытып-үркітетін шоқпар ретінде қолданды. Яғни олар үшін цитата – творчестволық күш-қуат беретін дәру емес, біреудің бетін қайтарып тастау үшін керек беліне қыстырып жүретін қару! Біз мұны бостан-бос айтып отырған жоқпыз. Біз мұны бүгінгі қозғап отырған әңгімемізге тікелей қатысты болғандықтан айтып отырмыз. Өйткені дәстүр жалғастығы деген кең ұғымды барынша тарылтып, барынша сығып қарайтындар да әлгіндегідей әпербақандар. Тағы да мұны айтып отырған бір себебіміз, біздің сөзіміздің даусы, аз болса да олардың жетесіне жетіп, сүйегіне сіңер ме екен деген ниеттен туған еді. Бұндай цитаташыл сыншыларға француздардың: «Платон айтты – бітті» дегеннен өткен күйкілік, одан өткен бейшаралық жоқ», – деген сөзін ескерте кеткеніміз мақұл. Енді қозғап отырған мәселеміздің негізгі желісін әрі қарай қысқаша жалғастырып көрейік. Әрине, өз творчествосын ғасыр қойнауларында жатқан өз халқының рухани мұраларымен, Европаның ең үздік текті үлгілерімен қатар байытқан Абай салған сол дәстүр көп ұзамай-ақ жарасты жалғастығын тауып кеткенін жақсы білеміз. Яғни Абай салған сол бір алтын көпір бара-бара әлемнің түкпір-түкпірінен рухани байлық әкеліп, әлемнің түкпір-түкпіріне рухани байлық апарып жатқан алып көпірге айналды. Қазақ поэзиясына нақақ көздің жасын іздеген нала көңіл Сұлтанмахмұт, Құлагер шабыстыы Ілиястар келді. Олар да ақын-жыраулар мен Абай дәстүрлерін – өз заманының, өз уақытының үні бола білуді, бесенеден белгілі жолмен жүрмей, өз жолыңды белгілеп алуды, өзің өмір сүріп отырған қоғам мен ортаның әлеумиеттік мәнін ашып көрсету сияқты қадау-қадау қасиетті дәстүрлерін өздеріне мирас етті. Олардың әрқайсысы қазақ поэзиясының топырағына жаңа тақырыптармен бірге жаңа сөз, жаңа образды оралымдар әкелді. Өлең мазмұн жағынан да, соның әсерінен дүниеге келген ырғақ, түр жағынан да байи түсті. Ілиястың «Бүгінгі дала» өлеңін оқып көрейікші:

Ертеде, ерте, ерте еді,
Ел шапқанның еркі еді.
Хан қаһарлы еді,
Қара матаулы еді.

Би беделді еді,
Бейкүнә не көрмеді?
Батыр балпаң еді,
Байғұс жалтаң еді.

Төре сұлтан еді,
Төленгіт ұлтан еді.
Бай мығым еді,
Кедей шілдіпірім еді.

Күн күңгірт еді,
Дала жым-жырт еді.

Енді осы өлеңнің бойында ғасырлар астарында жатқан ақын-жыраулар толғауының сазы мен мақамы, солар қолданған тәсіл-құралдар жоқ деп кім айта алар екен? Ешкім де. Сонымен бірге Ілиястың сол бір белгілі саз, белгілі мақамды жаңа тыныс, жаңа деммен, бұрын болып көрмеген поэтикалық бояулармен байытқанын да ешкім жоққа шығара алмас еді. Рухани байлықты игеру, оны жетілдіріп, жаңғырту осылай болса керек. Енді осы өлеңнің соңына зер салайық:

Қоныс қойнын еңбекке ашып,
Жаңа еліне шашу шашып,
Қыр кілемді сілкіп салды.
Кимешектер кітап оқып,

Малма тұмақ мылтық алды.
Жалба шекпен жауға аттанды,
Жер түрленіп, ел шаттанды.
Бүгін, бүгін, бүгін дала,

Мұндай ма еді бұрын дала?

Қандай қазақы, қандай табиғи өлең! Сонымен бірге сол тұстағы Европа поэзиясының ең үздік үлгілерімен иық тірестіре аларлық қандай жаңа! Сөз жоқ, кимешектердің ктап оқуы, малма тұмақтың мылтық алуы, жалба шекпеннің жауға аттануы жаңа заманның поэтикалық картиналары ғана емес, бұрын-соңды қазақ поэзиясының топырағында болып көрмеген жаңа образдар жүйесі де! Сондай-ақ Ілияс бір өлеңнің ішінде екі заман, екі кезең кескінін – өткен күн мен жаңа дәуірді – екі түрлі екпінмен, екі түрлі нақышпен қағазға түсірген. Біріншісіндегі «күн күңгірт еді, дала жым-жырт еді» деп көкірегі қарс айрылып, күрсініп естілетін дауыс, екіншісіндегі «бүгін, бүгін, бүгін дала, мұндай ма еді бұрын дала» деп күмбірлеп қоя беретін үн, ең алдымен, белгілі дәуір мен кезең үні, белгілі кезең мен дәуір даусы. Соны ақын қалай дәл тауып, қалай дәл көшірген десеңізші. Осы жерде Әбіш Кекілбаевтың Ілияс туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде (3 июнь, 1987 ж.) салиқалы мақаласында «Іргелі суреткер әуелі таңғалтады, сосын толғантады» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мұндай әуелі таңғалтып келіп, сосын ғұмыр бойы толғантып өтетін таланттар, шүкір, біздің поэзиямызда баршылық. Дариға жүрек Қасым Аманжоловты, ішкі рухты монологтардың құдіреті Әбділда Тәжібаевты, миллион толқынды Тайыр Жароковты, поэзиядағы түркісібіміз Асқар Тоқмағамбетовты, ақша бұлттай сұлулық әкелген Әбу Сәрсенбаевты, бұрқанып тасып төгіліп жатқан Хамит Ерғалиевті, өткен мен бүгінге қатар қоныс тепкен Қалижан Бекхожинды, «Мен – қазақпын» деп қиянға даусын жеткізген Жұбан Молдағалиевті, адам сезімінің сыршыл сырнайы Сырбай Мәуленовты, туған жерге кіндігінен байланып қалған Ғафу Қайырбековты, әр сөзі шеге боп қағылып жататын Тоқаш Бердияровты бүгінде бәріміз де мақтан тұта аламыз. Олардың қай-қайсысы да әдебиетке өз үн, өз даусымен келген, дәстүр жалғастырушы деген құрметті ұғымға лайық сутеркерлер Бұл жерде алпысыншы жылдары әдебиетімізге жаңа Гольффстрим ағысын алып келген буынды атамай өту күнә болар еді. Шынында да, бүгінгі біздің поэзиямыз Мұқағалидың кеңістігінсіз, Жұмекеннің тереңдігінсіз, Төлегеннің еркіндігінсіз, Сағидың іңкәр құштарлығынсыз, Қадырдың дәлдігі мен ойлылығынсыз, Тұманбайдың сыршылдығынсыз, Өтежанның шыншылдығынсыз соншалықты опырайып, соншалықты жүдеу көрінері ләзім. Осы бір түйілген жұдырықтай болып келген тегеурінді жетіліктің соңын ала әртүрлі эстетикалық радиустерде жұмыс істеп жүрген Фариза, Мұхтар, Дүйсенбек, Аяндар шықты. Сондай-ақ біздің тұстарымыз – Күләштің нәзік сезімшілдігі, Жарасқанның поэтикалық нақтылығы, Иранбектің иірімді ағысы, Нұрланның драмалық тебіренісі, Жұматайдың ұлпа кербездігі, Кеңшіліктің әуезді саздылығы, Исрайлдың сезім мөлдірлігі, Ұлықбектің психологиялық пейзаждары қандай бір мінбеден болсын сөз алуға лайық. Бұл ақындардың бәрін құр тізбелеп, құр марапат үшін айтып отырған жоқпыз. Жұрт мойындаған осы ақындардың, үлкенді-кішілі осы таланттардың творчествосын қарап отысаңыз, олардан сіз, сөз жоқ, сонау Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шал, Махамбет, Абай дәстүрлерінің заңды жалғасын, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінің элементтерін кездестіресіз. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін олардың әрқайсысына жеке тоқталу керек болар еді де, онда мақала монографиялық көлемнен де асып түсер еді. Әрине, олай етудің ешкімге де қажеті жоқ. Өйткені зерек оқырман біздің айтпағымызды онсыз да сезіп, онсыз да қапысыз танып отыр ғой деп білеміз. Сонымен, баба дәстүрдің мұрагері кмі? Тағы бір қорытып қайталайықшы. Баба дәстүрдің мұрагері – өз халқының рухани байлығы мен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін бойына жинақтап, оларды өзінше игеріп, өзінше қорытқан, өз уақытының үні бола білген, өз заманының әлеуметтік мәнін ашып көрсете аларлық қуатқа ие, немере Жаңалық! Тек сол ғана мұрагер бола алмақ.

АҚЫН МИКРОӘЛЕМ БЕ,

МИКРОБӨЛШЕК ПЕ?

Әдебиетіміздің айбарлы кезеңдерінен саналатын алпысыншы жылдардағы естен шықпайтын айтулы айтыстардың бірі лирикалық кейіпкер жөнінде болғанын көзі қарақты, құйма құлақ оқырман ұмыта қоймаған шығар. Лирикалық кейіпкер дегеніміз кім деген сұраққа ақын-жазушылар да, әдебиет сарапшылары да бір-бірімен қайтып қайрылмастай болып сөзге кеп жататыны әлі есімізде. Олардың бірі лирикалық кейіпкерді тыс күш, тылсым құдірет көріп, айға отырғызып әспеттесе; екіншісі оны ақ шаң, қара топыраққа аунатып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп қоятын-ды; сол кезде тағы бірі оның тұлғасын әлемге сыйғыза алмай, әлекке түсіп жататын да, екіншісі келіп оны тарының қуызындай тар қуысқа кіргізіп, қамап тастай салушы еді. Тағы да олардың әрқайсысы бұл тұжырымдарды әйтеуір бүйректен сирақ шығарып, көзге түсе қалайын деген құр дабыра ниеттен емес, дәлелі мен дәйегі жеткілікті өмір мен өлеңнің өзінен шығарып айтатын-ды. Жұртты да, сарапшы-сыншыларды да сарсылтып, ұзаққа созылған сол айтыс ақыры қол алысып|, бас изескен мынадай тұжырыммен – лирикалық кейіпкер дегеніміз ақынның өзі деген бір-ақ ауыз тұжырыммен аяқталып еді. Шынында жоғарыда бір-бірімен тебісіп жатқан кереғар пікірлер, негізінен, ақындардың бір-біріне ұқсамайтын әртектілігінен, олардың дүниетанымының, болмыс-бітімінің, талант-табиғатының, интеллект өресінің, т.б. өзгешеліктерінен туындап жатқан пікірлер еді. Бұзылмайтындай болып бетондалған осы формулалардан кейін лирикалық кейіпкер жөніндегі түтеп тұрған дау-дамай айтыс белгілі бір уақыт бойы пышақпен кескендей сап тиылды. Әдебиет проблемасы, сірә да, таусыла ма?! Бір проблеманың шешімін таптым дегенше, екінші проблеманың есігін қақтым дей бер. Енді жұрттың алдында, егер лирикалық кейіпкер дегеніміз ақынның өзі болатын болса, ақын деген кім, оның қоғаммен, қоршаған ортамен байланысы қандай болуы керек, уақыт пен кеңістік ішіндегі орнын қалай белгілеуге болады деген қыруар сұраулар аңыздап шыға келді. Яғни ақын дегеніміз өз бойында шабыттың шалқар желі есіп, жұлдыздар сорғалап, сұрапыл сілкіністер болып жататын, мынау қоршаған орта мен уақытқа тәуелсіз дербес өмір сүре беретін тылсым жұмбақ микроәлем бе? Жоқ, әлде айналадағы тіршілікпен қоян-қолтық араласып, бітеқайнасып кеткен, олардан дербес, тәуелсіз өмір сүре алмайтын, шыркөбелек айналып тұрған осынау дүниемен бірге шыркөбелек айналып тұратын микробөлшек пе?! Осының қайсысы? Ақынды қоршаған орта мен уақыттан бөліп ап дербес өмір сүре беретін тылсым жұмбақ деп қарастыратын болсақ, онда ол – қанша талантты болса да – өзінің қарақан басыныңы күйінен басқа асырып ештеңе айта алмайтын, қоғам мен уақыттан үзіліп тыс қалған, яғни өз заманы мен өз замандасына рухани қызмет ету сияқты ұлы миссиядан жұрдай болып тоналған, ақырында сырттан дем мен леп кірмегендіктен іштей іріп, бүлініп, творчестволық құлдырау мен күйреуге ұшыраған, үй-іші, ұсақ-түйектің бодауында кеткен тұлғаға айналар еді. Ал егер ақынды айналадағы тіршіліктен тәуелсіз өмір сүре алмайтын, өмірде болып жатқан құбылыстарды өзінше творчестволықпен қорытуға дәрмені жетпейтін микробөлшек дейтін болсақ, онда ол өзінің творчестволық дербестігінен айрылып қалған, осынау шыркөбелек айналып тұрған дүниемен бірге механикалық қозғалысқа түсіп шыркөбелек айнала беретін, өзіндік бет ажары жоқ машықкер мен кәсіпкер боп кетері сөзсіз. Дұрыс-ақ дейік. Сонымен, ақын деген уақыт пен заманнан тыс қалған тоң-теріс томаға-тұйық микроәлем де емес, заман мен диалогқа түсе алмайтын, өзіндік бет ажары жоқ механикалық қозғалыстағы микробөлшек те емес. Сонда ол кім? Егер бірер ауыз сөзбен жинақтап айтсақ, ол осынау ұлы заман мен уақыттың әрі микроәлемі, әрі микробөлшегі. Осы екі қасиет өз бойында бірігіп синтезделіп, өз басынан қатар табылғанда ғана ол Ұлы Мәртебелі Уақыт пен Заманның ақыны деген ардақты есімге лайық бола алмақ. Бірінсіз бірі жоқ. Әрине, бұл сөзді біз құр қиялдан шығарып алып отырған жоқпыз, өмірдің өзінен, өлеңнің өзінен шығарып алып отырмыз. Ақындарға сөз берейік.

Мен басымнан қорқамын атом ба деп,
Бір әлемет жасалып жатыр ма деп.
Мұндайдағы сұрапыл тап болар ма,
Өзі болған өзімен пақырға кеп.

Мен басымнан қорқамын атом ба деп.
Белгісіз элементтер миымда ойнап,
Миым қайнап барады, миым қайнап.
Белгісіз ғұмырларға мекен болып,

Өз денеме өз басым бұйырмай ма?!
Бұл ғаламның түбіне жететіндей,
Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетіндей.
Мен басымнан қорқамын, мен болмасам,

Атом миым жарылып кететіндей.

Бұл Мұқағали Мақатевтың «Басымнан қорқам» атты өлеңі. Міне, нағыз азаматтық өлең. Ақын бүкіл адамзат баласының басына түскен қасіретті өзінің жеке басының қасіретіндей қабылдайды. Ол өйткені өзін уақыт пен заманнан тыс қоя алмайды. Сондықтан да ол өзінің бүкіл болмыс-бітімін, тіршілік-тынысын уақытпен бірге өріп, бірге қабыстырып жіберген. Балталасаң, бұзылмайтындай тұтастық. Сонымен бірге бұл өлең әбден жауыр болған жаттанды сөздерден мүлде ада. Заман мен уақыт үнін ақын бойындағы дүниетаным, талант табиғаты, болмыс-бітім, интелектуальдық қуат өзінше шыңдап, суғарып, өзінше көркем қорытудан өткізген. Сондықтан да ақын үні заман мен уақыт үнімен біртұтас естіле тұра, өзінің ерекшелік дербестігін жоғалтпайды. Айқын да айбатты!

Енді Жұмекен Нәжімеденовтың «Қыс – 80» өлеңін оқып көрейікші:
Оң қарымды басқан сынды тау құлап,
глобустың оң жартысын су алды.
Кіші қызым сәл тұрды да жаудырап,

«папа тыныш ұйықтады» деп қуанды.
Төсегіме келгендердің бәрі осы –
Түсінбейді бірі тілді, бірі ымды.
«Тыныш» деген сөзден ұшып зәресі,

Шешем байғұс жетіп келіп сүрінді.
Ғұмыр бойы тыныштықты уағыздадым жан салып,
тыныштықты аңсадым:
Отаныма тек тыныштық тіледім,

ошағыма от басыма тіледім,
бірақ, бірақ тілегенім жоқ еді
Тыныш тапсын деп ешқашан жүрегім.
Оң жақ жартым тынып қалды біртүрлі,

Сол жақ жартым соған қарсы майдан ашқан сықылды.
Бір мұхитқа антициклон келді де,
Бір құрылықта революция жеңді де –
аман қалдым мен, міне.

Ақын төсек тартып жатыр. Қатаң ауру, қатты күйзеліс үстінде. Жеке бастың ауруы, жеке басының күйзелісі, бірақ бұл жолдардан сіз ақынның жеке басының аласұруы мен жеке басының гөй-гөйін естіп отырсыз ба? Жоқ! Әрине, ақын өз басының күйзелісін бүкіләлемдік сұрапылдармен, бүкіләлемдік құбылыстармен сабақтастырып жіберген. Бұл да нағыз азамат ақынның қолынан келетін іс. Уақыт пен Заманның төл перзенті ғана осылай сөйлей алмақ! М.Мақатаев өз өлеңінде бүкіл адамзат баласының басына түскен қатерді өз басына түскен қатердей қабылдаса, Ж.Нәжімеденов, оған керісінше, өз басына түскен күйзелісті заман мен уақыт күйзелісімен қатар қарастырады. Екі ақын, екі түрлі қарым-қатынас, бірақ азаматтық кредо бір. Екеуі де әрі заман мен уақыт денесіндегі микробөлшек, әрі өз қолтаңбасы, өз үні бар тылсым жұмбақ микроәлем. Қоршаған ортадан өздерін тыс, томаға-тұйық ұстау да, көрінген тақырыптың шылауында кететін «бос айналысқа» түсу де жоқ. Әрине, мұндай өрелі өлеңдерді жалғыз осы екі ақын творчествосынан ғана емес, басқа ақындар шығармаларынан да табуға болады. Дей тұрғанмен, қазіргі қазақ поэзиясының хал-ахуалы кім-кімді болсын қатты алаңдатуы тиіс. Жекелей ақындар болмаса, көптеген ақындар творчествосын «сұрқайылық ауруы» сортаң топырақтай жайлап бара жатқанын жасыра алмаймыз. Ол «сұрқайлық ауруының» басты себебі жоғарыда айтып өткен ең қажетті екі қасиеттің бір жерден табылмауынан, синтезделіп жинақталмауынан деп білеміз. Соның салдарынан қазір өзіне өзі тығылып, күн жаумай су болып, ұнжырғасы түскен жылаңқы өлеңдер де, көкірегін құс жастық қылып көпсігенше ұрғылайтын даңғаза өлеңдер де қаптап барады. Шын творчестволық ізденіс, шын творчестволық белсенділік жоқ. Ал шын творчестволық үрдіс жоқ жерде қандай бір ірі тақырыпты жырламасын шын азаматтық белсенділіктің көрінуі мүмкін бе? Әрине, жоқ!Ондай кездерде ұйқас-ырғағы, буын-бунағы түгел, яғни киімі бар, бірақ ішінде түйірі жоқ ортақол сұрқай өлеңдерді конвейрмен толассыз ағытатын механикалық машық фабрикасы іске қосылады. Творчество атаулыдан жұрдай, қаны да, жаны да жоқ ондай стандартты өндірістік өнім кімге дәрі, кімге шікірә? Лайым, болашақта біздің өлең әлемімізді содан сақтасын.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

АЛТЫННАН СОҚСА ДА,

БҰҒАУДЫҢ АТЫ БҰҒАУ

Өз басым он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген, жота-жота боп жатқан рухани ірі тұлғалардың ешқайсысының бәсін түсірмей, ешқайсысының биігін аласартпай-ақ, Абай мен Махамбет есімдерін айрықша атар едім. Әрине, бірден айтайық, Абайды ешкіммен теңестіруге болмайды. Өйткені Абай өзіне дейінгілердің де, кейінгілердің де қай-қайсысынан да биік, қай-қайсысынан да терең, қай-қайсысынан да ауқымды. Олай дейтініміз, қазақ халқының қара дауылдай өксіген мұң мен зарын дәл Абайдай қозғап, Қаратаудай ауыр қайғы мен қасіретін дәл Абайдай көтерген ақын жоқ. Көзінен жас, жүрегінен у сорғалаған Абаймен ешкім де теңесе алмақ емес. Бірақ солай бола тұра, біздің бүкіл мұңымызды мұңдайтын да, жоғымызды жоқтайтын да Абай ғана десек, онда одан кейінгі кеңістігімізде тұлдыры жоқ тып-типыл нағыз тайқымаңдайға айналар ек. Мына қу тағдыр біздің пешенемізге, басқа ырыс пен құтты қайыршыға тастаған садақадай қолының ұшымен там-тұмдап қана берсе де, мұңымызды мұңдап, жоғымызды жоқтайтын сөз-ырысымыз бен жыр-құтымызды уыстап-уыстап шашқан-ақ екен. Сол сөз ырысымыз бен сол жыр-құтымызды бойымыз бен ойымызға барынша молынан сіңіре білсек, бізден өткен рухани олжалы, бізден өткен рухани бай ел сирек-сирек болар еді... Абай – қазақ халқының рухани кеудесінде біздің жанымыздағы отты сөндірмей көріктей уһлеп үрлеп, күрсініп тұрған «қырық жамау жүрек». Ал Махамбет – қазақ халқының кегі, ызасы, намысы, жігері, қайтпас қайсарлығы. Яғни, Махамбет – қазақ халқының кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару. Мынаны қараңыз, Абай дүниеге Махамбеттің басы шабылғаннан кейін екі жыл өтпей келіпті. Тарих үшін екі жыл деген қас-қағым сәт. Аллатағала қазақ халқының құтты құрсағын ұлы тұлғаларға қай кезде де құрғатпаған ғой. Оған да шүкір! Иә, Махамбет – ұлы рух. Кезінде де айтқанбыз, қазір де қайталап айтамыз, рух – от, рух – жан, рух – нерв. Ол – адам жанының ең қалтарыс түкпіріне сәуле түсіретін нұрлы шапақ, адам жанының ең бір нәзік қыл ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ. Егер өлеңде рух жоқ болса, оның образы, ойы, теңеуі, метафорасы, эпитеті, ұйқасы... т.б. компоненттері сөніп қалған шамдар ғана. Жылытпайды, сәулелендірмейді, толқытпайды. Рухты өлеңде олардың бәрі ыстық, бәрі сәулелі. Образ, ой, теңеу, метафораңыз рухсыз өмір сүре алмайды, ал рух, керек кезінде, оларсыз өмір сүре алады. Сенбесеңіз, Махамбеттің «Жалғыздық» өлеңін оқып көріңіз:

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан ару нәрсе жоқ,
Ол түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,

Ол күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кім де жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ

Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ,
Еріккен күні қолда жоқ.
Заманың менің тар болды,

Тура билік биде жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт,
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, мен де жоқ...

Амалы құрып, тістенген шарасыздық. Ыза. Кек. Намыс. Енді сіз осы өлеңнен көзге түсіп тұрған бір образ, бір тапқыр теңеу, ең болмағанда, тың эпитет көрдіңіз бе? Жоқ. Сезімі сөнген, көңілі соқыр адам үшін бұл өлең тіпті атамзаманнан белгілі нәрселерді тізіп (айдың түнде бар, күндіз жоқ екендігін, т.б.), өзінің жалғыз екенін айтуға құрылған хабарлы сөйлемдер ғана Бірақ сіз өлеңді олай оқи алмайсыз. Ішкі ырғақты рух олай оқуға мүмкіндік те бермейді. Өлеңді оқып отырғанда түу тереңнен естілетін айналып соғып, үйіріліп тұрып алатын иірімді гуілге құлақ түріңізші. Ол өзіміз айта беретін әуен де, әуез де емес. Ол – ақын жүрегінің ызалы қыжылы мен өжет қызуын өзіне сіңіріп алған Рух. Рухсыз ел – бар нәрсеге де құлықсыз ел. Рухынан айырылып қалған ел, үстінен бөзі, аузынан сөзі түсіп тұрған ынжыққа, қарнынан басқа қамы, ұйқыдан басқа қызығы жоқ маубасқа, шоқайының тесігінен шұлғауы шұбатылған көнбіске, тұмсығынан суы сорғалаған сүмелекке, жағасын айырып жіберсең де, мұрнын қолқ еткізіп бір тартып жүре беретін можантопайға, үстінен құстың көлеңкесі өтсе де бұға қалатын жасқаншаққа, көң мен күл арасында қалған күйкіге, жападан жалғыз айдалада отырып алдындағы асын жан-жағына қарамай іше алмайтын жалтаққа, тірсегі тірсегіне соғылып келгенге де қайрат көрсете алмайтын дәрменсізге, етін жұлып жеп жатқанның бетіне тіктеп қарай алмайтын езге, кез келгеннің табанының астында иленіп жата беретін сорлы бейшараға, әркімге алақан жайған тілемсекке, тіпті су сұрап іше алмайтын сүйртілген сұлбаға айналады. Ондай ел, ақырында, ит мініп, ирек қамшылап кетпек. Рухсыз елде қадір де, қасиет те қалмайды. Рухсыз елді ешкім де сыйламайды. Қалай сыйлайды? Егер оның малақайы милығына түсіп, самайынан сіркесі мен биті ағып тұрса!

Рухты елдің ғана бойы тік, еңсесі биік!

Рухты ел ғана ешкімге кеудесін бастырмайды, жағасынан алдырмайды. Жағасынан алғанның жағын айырып жібереді. Күші жетпесе жағаласып өледі. Жағаласып жүріп, ең құрығанда, жастығын ала кетеді.

Рухты ел қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайратты!
Рухты ел еменнің иір бұтағындай берік!
Рухты ел найзағай бұтақтарындай шалт!
Рухты ел бөркін шың басындағы бұлттай оқшырайтып киетін асқақ!

Бүгінгі таңда біздің Рухымыз – Сарыарқаның құрышынан құйылып, Аспан мен Алатаудың арасында найзағайлармен тапталып, Атырауда суғарылып, Қаратаудың қайрақ сауырына қайта-қайта қайралған семсердей өткір, алдаспандай айбарлы, наркескендей қайратты Рух болуға тиіс. Ол тек сесті ғана емес, есті де Рух болуы керек. Өйткені ессіз рух – есерсоқтық рух. Есерсоқтық – аузына не келсе соны оттайтын әулекті әумесерлікпен, түбі түскен шелектей даңғырлаған даңғаза дарақылықпен жатырлас, кіндіктес, құрсақтас. Әулекілік пен әумесерлік, дарақылық пен даңғазалық елге сес болып жарытпайды, қайта елге сор болып жабысады. Ондай рух айнала қонған басқа жұртқа сенің еліңді көзге шыққан сүйелдей жеккөрінішті етеді. Әулекілік пен әумесерлікті, даңғазалық пен дарақылықты бойына кіргізіп алған ел, ең алдымен, өзін өзі жалмап, бүтінді бұтарлап бүлдіріп, түгелді ту-талақай етіп жібереді. Азуы алты қарыс алауыздыққа, ауқымы алпыс кез алакөздікке ұрындырады. Ақырында өз басын өзі жұтып бітеді. Қауіпті рух! Сондықтан да, біздің біреулердің сыртынан тұрып «қот-қоттағанына» еріп ісініп, ішке кіріп «шоқ-шоқтағанына» еріп күпсініп жүрген кейбір қандастарымыздың «шаң-шұңына» қолымыздан келгенше, шамамыз жеткенше басу айтып «қой-қойлайтынымыз да», олардың «даң-дұңына» басалқы айтып «ойбайлайтынымыз» да содан. Сесті рухты есті жүрек билеу керек. Сонда ғана ол нағыз ұлттық рухқа айналады. Сөз жоқ, ақар-шақар таулардың төсінен сарқырап төгіліп, айдынға бұрқырап құйылған, жасын ойнатып, жай лақтырған, күндей күркіреп, желдей бұрқырап жатқан Махамбеттің рухани әлемі біздің сол ұлттық рухымызды сомдап соғып жатқан алып Ұста Дүкеніміздің бірі және бірегейі. Алапат қуатпен жұмыс істеп тұрған ол Ұста Дүкеннің жұмысы мәңгілік тоқтамақ емес. Өйткені бұл дүниеде сөзден қуатты ештеңе жоқ. Оның қуатының алдында атом электростанцияларыңыздың қуаты да, мұхиттың терең қабаттарында жүрген құрыш денелі сүңгуір кемелеріңіздің қуаты да, жеті қат көкті дар еткізіп жыртып өтетін зымырандарыңыздың қуатты да дәрменсіз. Өйткені ол қуаттардың бәрі де дүниеге ой мен сөз арқылы келген. Сондай-ақ адам қолымен дүниеге келген қандай бір, мейлі ол дүлей, құбыжық қуат күші болса да, Сөз арқылы басқарылады. Дүниеде Сөз үстемдігінен өткен үстемдік жоқ.

Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,

Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпаныма келгенде
Тартынбай сөйлер асылымын.
Құла бір сұлу ат мінген,

Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,

Жауды көріп қуанған
Мен Өтемістің баласы
Махамбет атты батырмын.

Жаңа ғана мына күйкі тірліктің ғұмыры бітіп болмайтын күйбеңін ойлап, бойыңыздағы бүкіл қуаттан айырылып қалғандай ұнжырғаңыз түсіп, соншалықты бәкене, соншалықты пәс болып отыр едіңіз, мына өлеңді оқыдыңыз да қызыл көрген қырандай дүр сілкіндіңіз. Сіздің де «еңселігіңіз екі елі» боп шыға келді. Аптап кезіндегі ақырын ғана жылап ағып жатқан алпыс екі тамырыңыздың ішіне от, от емес-ау, өрт кіргендей болды. Сол өрттен жанарыңызға шоқ түсіп кеткендей айналаңызға жарқ еткізіп қарадыңыз. Күйбең тірліктің көлкілдеп тұрған күйбең ойлары аяғыңыздың астына шіріген пердедей боп сыпырылып түсті. Жел үрлеген шоқтай боп қозданып жанып тұрған жанарыңыз аула ішінен әрірек қарай бастады. Бірін бірі ала алмай, бірін бірі жыға алмай тайталасып, итжығыс түсіп жатқан мына аласапыран дүние-тіршілікті көрдіңіз. Көрдіңіз де, еліңіз бен жеріңіздің тағдырын ойлай баста­дыңыз. Тек ойлап қана қоймай, еліңнің еңсесін көтерткісі келмей, оның етегіне иттей жабысып алған әлдекімдермен алысып-жағаласқыңыз, жеріңнің құйқалы жеріне қол салғысы кеп тұрған басқа біреулермен тартысқа түскіңіз кеп кетті. Өйткені сіздің тұла бойыңызда жерінің бір пұшпағына дұшпанның иті сарыса намысы қозып шыға келетін ата-бабаңыздың қаны оянды! Міне, рух күші! Алақандай ғана өлең есік пен төрінің арасындағы күйбең тірлікті ғана ойлап, рухани мүсәпір боп қалған бір жанды қалай түлетіп жіберді.

Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған?!
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сая болмаған?!

Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған?!
Таңдап мінген тұлпарлар
Иесін қайда жаяу салмаған?!

Құландар ішпес бұршақ қақ
Кімдерге шәрбат болмаған?!
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің

Қайда басы қалмаған?!

Енді сіз алыс-жұлысқа түсіп алқымнан алып жатқан, жағаласқа кіріп, жаға жыртысқан, бір-біріне кірш еткізіп тісін басып, бір-біріне тырнағын мытып батырып тұрған мына қатал да қатыгез дүниеден мүлде күдер үзгендей боп оңаша қалдыңыз. Келісімі күнде үзіліп, бәтуасы күнде бұзылып жатқан бұл берекесіз тіршіліктен безгендей арғы-бергі өмір жайлы тылсым терең ойға баттыңыз. Сол тереңдіктің түкпір-түкпірінен екі кештің арасындағы сәттей күңгірт, құсы қайтып, қызығынан айырылған көл үстін тұмшалаған тұмандай ауыр қою үн көтеріліп тұла бойыңды түгел жайлап алды. Байқасаң, мына жалғанды жалпағынан басып өткен жалғыз сен емес екен. Саған дейін де алшысынан тұрып, алшайып жүргендер болыпты. Бірақ бұл дүние оларға да опа бермепті. Саған да опа бермек емес. Бодаусыз тірлік, баянсыз өмір бұл... Алайда ішіне кіріп үнсіз обып, ұйығына түсіп түбіне тартып бара жатқан осы бір опасыз ойды ақын шұғыл серпіп тастайды да, жаңа ғана өзін өзі кеміріп, қабаржып, қамықпағандай, тосқауылға тірелгендей боп жол таба алмай торықпағандай, айналасын түгел жаңғырықтырып, сұңқардай саңқылдап «ішелік те желік, мінелік те түселік, ойнайық та күлелік, ойласаңдар, жігіттер, мынау жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған» деп серіппедей серпіліп, шымыр сөйлеп кетті. Өйткені бұл өмірге келдің екен, онда ол өмірге беретінің де, ол өмірден алатының да бар. Жейтін ырыздық-несібең де, беретін күш-қуатың да, көретін қызық-қуанышың да, көнетін нала-мұңың да бар. Жарық дүниені көргенің үшін де, сен жарық дүниеге қарызсың. Сол қарызыңды өте, соны ақтап шық... Сонымен сіз ишарамен ғана айтқан ақын ойының ымын үңгіп, жымына сүңгіп кете бардыңыз... Махамбет өлеңдерінен сіз көзіңді де, өзіңді де арбайтын сылаңдап тұрған сұлу сөзді де, жайнаң қағып жайраңдап тұрған қылықты сөзді де, тамсанған сайын талғап сора бергің келетін таңдай үйірер тәтті сөзді де, жаныңды жай таптыратын жайдары сөзді де, жүзіктей құбылып жұтынып тұрған сөзді де, гүлі ашылып, мәуесі төгілген құлпырған сөзді де, тіпті салиқалыққа шақырар сабырлы сөзді де кездестірмейсіз. Оның өлеңдерінің бәрі дерлік бес қаруын беліне түгел байлап алған, кектей күйініп, ызадай өртеніп тұрған өлеңдер. Бәрі де аттың үстіне мініп, ереуілге шығып, жорыққа аттанып бара жатқандай. Әр жол, әр сөзінен қару-жарақтардың шыңылы, тақыр жерді тарсылдатып бара жатқан тұяқтар топылы, күпшектей-күпшектей білектерімен ұстасып жағаласқан жандардың бірін-бірі ала алмай ышқынып, кіжінген қыжылды үндері, қылыштасқан батырдың демі мен лебі естіледі. Оқи бастағаннан-ақ сенің де ішкі дүниең астаң-кестеңі шыққан аласапыранға толып, айналаң түгел орай да борай соққан желдей алағай да бұлағай боп кетеді.

Ереуілді жырлар!
Егеулі найза жырлар!

Ол жырларды оқығанда басы кеудесіне түсіп салбырап, қалғып-мүлгіген де, белі бүгіліп, еңсесі түсіп, езіліп отырған да тіктеліп кетері хақ. Ол жырларды оқыған жан қажыр-қайратсыз қалғып қалжырап жатқанда қайтадан құрыштан құйылғандай боп шоқтықтанып, жоталанып бара жатады.

Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!

Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!

Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен,

Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан,
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!

Ойпыр-ау, арнасына сыймай арқырап-сарқыраған, ақтарылып төгіліп, бүктетіліп жазылған, аспанға шапшып, қайтадан гүрс етіп құлаған бұл неткен дүлейлі тасқын. Жер сілкінген кездегі алып таулардың денесінен бірі-біріне соғысып, бірі-бірін лақтырып, бірі-бірін ұрып, сатырлап домалап жатқан тастардай бұл неткен бетпақ жөңкіліс. Қара ормандарыңды жерге басын тигізіп жапырып жіберетін қара дауылдай бұл неткен долы уіл мен гуіл. Қара бұлттардай күркіреп, шатырлап жатқан қып-қызыл найзағайлармен тауларды сүзгілеп жатқан бұл неткен сойқан диюлық. Алдына теңіз өңгеріп, сапырып отырған бұл неткен жойқын перілік. Осы бір арсы-гүрсі, алай-дүлейлі алақұйын боп жатқан дүниемен сіз де араластыңыз да кеттіңіз. Ақтарылып төгіліп, бүктетіліп жазылған дүлейлі тасқынның бір тегеурінді күшіне, таулардың денесінен сатырлап домалап жатқан бетпақ жөңкілістің бір тасына, жолдағысының бәрін жапырып жіберетін қара дауылдың бір гуіліне, тауларды сүзгілеп жатқан сойқан дюлықтың бір найзағайына, шалқар теңізді сапырып отырған жойқын періліктің бір толқынына айналдыңыз. Өйткені сіздің ішкі әлеміңізде де мына кең дүниеге сыймай бір-біріне қысастық жасап, бір-бірін қиянатқа байлап беріп жатқандарға деген ыза, бір-бірін жаныштап, бір-бірін балшықтай илеп жатқандарды көріп ашу, елдің ырысы мен құтын обып асап, опырып жеп жатқандарға қарап өштік, бір бүйіріңнен бір түртіп, екінші бүйіріңнен екі түртіп, етігіңнің өкшесін басып, етегіңе шоқ тастап жүргендерді көріп өшпенділік, қараптан-қарап жүрсең де жерге тығып жерлейтіндерге қарап намыс пен өжеттік атқа мініп шыға келді. Енді сіз де еліңіздің кеткен есесін даулауға, еліңіздің кеткен намысын жыртуға дайынсыз. Олай болса, өлең де өз міндетін орындады. Әлі де орындай бермек. Олай дейтініміз, кейінгі кезде басқа-басқасын былай қойғанда, Махамбет жырларының өзін тар түсінік, тар аяда қарастыруға тым үйірсек боп бара жатқан сияқтымыз. Әрине, Махамбет – тарихи тұлға. Сондықтан оған арналатын тарихи материалдар мен мақалалар барынша мол болғаны жөн. Ол материалдар мен мақалалар нақты деректер мен фактілерге негізделуі керек. Бірақ Махамбет өлеңдерін үнемі сол нақты деректер мен фактілерге қызмет етуші ғана етіп көрсетіп қойсақ, онда арнасын керіп асып-төгіліп жатқан ағысымызды тым тарылтып, көк тіреп тұрған биігімізді мүлде аласартып алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан Махамбет өлеңдері туралы сөйлегенде – қашаң қарасаң да! – сақал-мұрты басулы, түймелері түгел салулы, не күлмейтін, не жыламайтын, сұп-суық қалпында мұп-мұнтаздай боп оқтау жұтқандай қалшиып, не бүгілмей, не иілмей, айтқанынан қайтпай қасарысып тұрып алатын джентельмен Дерекпен, рыцарь Фактімен ғана сөйлеу аздық етеді. Әрине, деректің аты дерек, фактінің аты факті. Ол деректерге құлақ түрсек, Махамбет бір де бір рет жекпе-жекке шықпапты, тіпті қарсы келген дұшпаннан ретін тауып жылыстап, ығысып кеткен тұстары да болыпты. Ол туралы Тілекқабыл Боранғалиұлы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жазды да. Мен өз басым, ештеңені бүгіп-бүркемелемей, майлап-сыламай, ашығын айтқаны үшін Тілекқабылға дән ризамын. Сондай-ақ Тілекқабылдың, одан басқа да кісілердің жазғандарына көз салсақ, Махамбеттің соншалықты ызаланып «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп зәрі мен кәрін төккен Жәңгір ханыңыз да орман еккен, мектеп ашқан жақсы адам екен. Оған біз тіпті де шүбә келтірмейміз. Факт фактісімен, бірақ фактор қайда? Өйткені Махамбет Жәңгір ханмен ғана күрескен жоқ қой. Тіпті ханмен демей-ақ қояйықшы (хан десек қасиетті хандарымызға тіліміз тигендей болар). Сол замандағы халқының басына әңгір таяқ ойнатқан – Жәңгір хан болмай-ай қойсын! Жүздеген, мыңдаған әңгірбайлар мен әңгірбектерді қайда қоясыз. Саржағалар мен оқалы иық, жез мұрт, жез түймелерді қай тесікке тығамыз?! Әрине, мақала авторлары олар туралы да айтады. Бірақ тым көмескі, солғын айтады. Ол мақалалардағы басты екпін Жәңгір ханды Махамбеттен арашалауға түсіріледі. Тағы да қайталап айтамыз, әңгіме Жәңгір ханда емес. Одан әріректе. Махамбет күресінің алтын қазығы – «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деп қазақ даласын қос өкпесінен сығып бара жатқан отаршылдық құрсауына қарсы қайрат көрсетуі мен «қорлықта жүрген халқыма Бостандық алып берем деп» деген азатшыл арманында. Махамбетті іздесек дәл осы жолдар төңірегінен іздейік. Махамбет ешкімнен нан сұрайтын жағдайда болмаған. Елі де болған, жері де болған. Қадыр мен қасиеті көп-көп адамнан асып та тұрған. Бірақ оған халқының бостандығы мен азаттығы бәрінен артық болды. Оның қарекеті бұл ретте «алтынмен соқсаң да бұғаудың аты бұғау» деген араб даналығымен сәйкес келді. Ол бостандық үшін өзінің қара басының қам-қарекетін тәрк еткен. Яғни, Махамбет елінің қанын сүліктей сорып, жеріне күйе боп түскен отаршылдық жүйемен күресті. Тағы да оның күресі сол бір тарихи кезеңмен бірге бітіп қалды деп ойлайсыз ба? Оның өлеңдері бүгін де жорықта. Оның өлеңдері бүгін де жан берісіп, жан алысар ұрыс ішінде. Өйткені күні кеше елінің үстіне әңгір таяқ ойнатқан әңгірбайлар маен әңгірбектер болса, енді бүгін елдің берекесі мен құтын қылғытып жұтып жатқан жемірбайлар мен жебірбектер бар емес пе арамызда... Керек десеңіз, Махамбет өлеңдері, қай кезде де зорлық пен зомбылыққа қарсы, басқаны былай қойғанда, сүйегін зорға сүйретіп жүрген жанның өзін қолтығынан демеп, қолына қару ұстатып, атқа қондырып жіберердей қуатқа ие. Жаныңды қай жерге қоярыңды білмей, кеудеңдегі жүрегің атқақтап аузыңа тығылып, қаның басыңа шауып, намыстан қақ айырылып жарылардай боп тұрған сәттерінде де сүйенер тірегің сол рухани пірлер мен әулиелер болмақ. Ондай жағдай, сөз жоқ, талайымыздың басымыздан өтті. Тәуелсіздіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси арпалыстар мен сапырылыстарды есіңізге алыңызшы. Біреулер сойылын көтеріп Оралға, енді біреулер шоқпарын көтеріп Алтайға жүгіріп жатқан жоқ па еді?! Жұрттың бәрінің жанын жегідей жеп қинаған сол бір сәтте мен де Махамбет рухына жалбыранып өлең жаздым:

О, Махамбет, батырым,
Әулием, пірім, ақыным, –
Аруақ, жан мен рухым,
Қандасым, туыс, жақыным,

О, Махамбет, батырым.
Желеп сен, жебеп қолдашы,
Қолдашы мені, қорғашы,
Шайқалып тұр ғой, шайқалып,

Қазақтың қалың ордасы.
Талықсып жатыр бүгінде
Дінім де, білім, тілім де
Өшіп бір кете жаздап тұр

Арыстан дауыс үнім де.
Талқаны шыққан тойым-ай!
Ойраны шыққан ойым-ай!
Керек боп тұр ғой рухың

Кескекті ердей сойым-ай.
Дүние, мейлі, түнерсін! –
Қайратың менен айбатың.
Желеп бір мені жіберсін

Білмеген мұны пақыр ғой, –
Жармасып бүгін жағаға
Алқымнан алып жатыр ғой.
Көңілім менің ортайды

Жанымнан нұр мен әр тайды.
Бөліп ап Ертіс, Есілді
Кетпекші алып Алтайды.
О, Махамбет, пірім-ай,

Қуат пен қайрат бер маған –
Атырау болып долданам,
Алатау болып толғанам.
Маңғыстау болам зарлаған,

Сарыарқа болам сарнаған.
Қуат пен қайрат бер маған!
О, Махамбет, пірім-ай,
Қолдашы, қане, бүгін-ай!

Сол жылдары бүкіл ел-жұрт болып рухани тұлғалардың бәріне жалбарынып қана қоймай, солардан рухтанып та жаттық. Махамбет өзінің жорықтас серігі, сүйенер тірегі «арыстан Исатайынан» айырылып, «сағағы болат қылыштың балдағынан сынғаннан» кейін «тар қолтықтан оқ тигендей», ортан жілігі опырылып түскендей хал кешеді. Осы тұстан бастап оның өлеңдері бұлт астынан шақырайып шыға келген күндей ащы, жалаңаш жота үстіндегі борандай бұрқақ. Бейне бір әр сөз, әр жолына ашудың зәрі құйылып, ызаның уы себілгендей. Бірақ ол өлеңдерден сіз қамықса да, тауаны қайтқан жігерсіздікті, қажыса да, маңдайы тасқа соғылған қайратсыздықты кездестірмейсіз. Сөздері атан жілікті, арқа мүйізді мінезінен таймайды. Исатайдан айрылған күннен бастап Махамбет көбіне-көп өткен күнмен өмір сүреді. Яғни, өкінішпен... қандай азапты өмір десеңші?! Бірақ Махамбет рухынаң мықтылығы сонда, өкіне отырып, өркештене алатындығында. Сондықтан да ол өткен өмірінің қайғысын айтса тауға соғылған қара бұлттай теңселеді, қуанышын айтса арқасына қарағайдай қара жал бітіп кетеді:

Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн.

Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар
Арқанын қиып алған күн.

Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн.
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы теңді шешкен күн.

Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн.

Мұндай қайратты қайсар өлеңді тізеңе дейін жерге кіріп, мүйізіңмен көк тіреп тұрып жазу керек шығар. Тұла бойыңа сыймай бұлықсып тұрған бұла күш. Ерен әрекет. «Бұлтқа жетіп шарт сынар» долы мінез.

Сондықтан ол талма тұсына соққы тиіп талықсып жатса да ірі.

Тағы да бұл өлеңді, бұл өлеңді емес-ау, жалпы Махамбет өлеңдерін аузың астаудай толмай, көмейің жел сорған көріктей керілмей, алқымың пісілген сабадай іспей оқи алмайсың. Бұл да сол Рух деген сұрапыл құбылыстың құдіретті күші болса керек. Қазақта жер дауы мен жесір дауынан өткен дау жоқ. Оны бәріміз білеміз. Өйткені жер деген – кәрі текенің үстінен сыпырып алып, бөксеңе басып отыратын бөстек емес, сенің ырыс-несібең, береке-молшылығың, тарихыңның тарам-тарам тамыры бойлаған қасиетті топырақ, сол тамырдан нәр алып, қуаттанып жатқан бүгінің мен ертеңің. Жерден айырылу деген тарихыңның тамырын мүлде қиып тастап, бүгінің мен ертеңіңді біржола семдіріп тастаумен бірдей. Жесірден айырылу ар мен намыс үшін ауыр. Жесірінен айырылған ел ештеңеге қауқары жоқ, сорлы, ынжық ел. Адамынан айырылған елде не қадір, не қасиет қалмақ. Оның үстіне жесір деген сенің дүние салған не ағаңның, не ініңнің ошағын өшірмей, түтінін түтетіп, тағы да сол не ағаңның, не ініңнің бауырынан өрген балаларды өсіріп отырған ана ғой. Егер оның бұрын баласы болмаса, күні ертең әмеңгерлік жолмен бала табады. Яғни, жесір деген сенің әулетіңнің жапырақ жайған, немесе жапырақ жаятын асыл бір бұтағы. Ол асыл бұтақтан айырылу өліммен бірдей... «Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген» Махамбет үшін жерден айырылудан өткен қорлық жоқ. Ол тағы да қандай жер дейсің ғой!

Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер!
Жабағылы тоқтысы
Қой болып

Қора толған жер!
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған
Жер шортаны қара бақандай,

Бақасы сары атандай,
Балдырғаны білектей,
Батпауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,

Сонасы қоңыр үйректей
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдай қылды,
амал жоқ...

Туған жерді осыналықты емешегің үзіліп, есің кетіп, етің езіліп, сүйегің үгітіліп сүю үшін таудай алып жүрек керек шығар. Құдай-ау, «қымыздығының күректей» екендігін былай қойғанда, малдың сауырына қонса қанжоса ететін бармақ басындай содыр сонасының өзі «қоңыр үйректей» зор ол қандай жер?! Ондай жерге төбесімен көк тіреген, адымдаса көл аттап кете беретін, қолын созса бұлт ұстайтын кіл Дәулер өмір сүру керек қой... Рухты Дәулер. Тек Рухты Дәулер ғана туған жерінің үлкендігі «қоңыр үйректей» содыр сонасына дейін аңсап, оны өлердей сүйе алмақ. Әр сөзін асаудай жұлқынтып сөйлейтін Махамбет, сол өжет те өршіл қалпынан бір де түспей, кейде тұтамдай етіп тұқыртып та сөйлей алады.

Таудай болған талаптың
Назары қайтқан күн болған.
Жібектен бауы көнеріп,
Ақсұңқар ұшқан күн болған.

Бағаналы боз орда
Еңкейіңкі күн болған.
Телегей теңіз шалқыған
Қоғалы көлдер су алып,

Тізеге жетер-жетпестей күн болған.
Жаманға біткен жапырақ
Жапырағынан айырылып
Қу түбір болған күн болған.

Бұл – «ахақулап жау іздеген» жорықты күндерінен де, қарулас, үзеңгілес серіктерінен де, қызықты күндері мен қуанышты сәттерінен де жұрдай болып тоналған, көрінгенге көз түрткі боп ойдан орын, сайдан сая таппай, бірде қырға шығып, бірде құмға кіріп, өз еліне өзі сия алмай, өз жеріне өзі қона алмай «қанаты қатты, мойны бос» қызғыш құстай шарқ ұрған Махамбеттің қапалы бейнесі. «Жапырағынан айрылып қу түбірге» айналған кезі! Әсілі, Ақынға жалғыздықтан өткен дос та, жалғыздықтан өткен қас та жоқ. Дос болатыны: ақын Жалғыздыққа мұңын шағады. Зарлайды. Шер-шеменін ақтарады. Баянсыз өмірін, байлаусыз тірлігін айтады. Күйінеді. Күйзеледі. Соның, тек соның алдында еңірегенде етегі толады. Өйткені ол өзімен өзі оңаша қалып, сумаңдаған сөздер мен сұрқия көздердің табасына күймейді. Ол тек Жалғыздықтың алдында ғана ағыл-тегіл жылап отырып ақтарылады. Өйткені жалғыздық – ақынның өзі. Қас болатыны: Жалғыздық ақынның жанын талайды, жүрегін шеңгелдеп сығып, қанын сорғалатады. Адымын аштырмайды, аяғын бастырмайды. Тірсегіне кісен, мойнына бұғау боп түседі. Мазақ пен азаптың отына шыжғырылады. Анталаған дұшпанның қақ ортасында қарусыз қалдырады. Сенің жәбір-жапаңды, торығып қамыққаныңды бөлісетін бір жан жоқ. Айдалада қалған қу түбір қорғансызсың. Бұл өлең, не болғанда да, өжеттігін өшірмей тұтанып тұрса да, қамығып-қабаржыған сәтінде өзіне өзі жасаған бейнесі. Ал алқалаған әлеумет, қалың қауымның көз алдында оның бейнесі –

Мен, мен едім, мен едім
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Истайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,

Жамандарға көп едім.
Ерегіскен дұшпанның
Екіталай болғанда
Азыққа етін жеп едім.

Хан баласы ақсүйек,
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.

Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас
Хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып,

Сендей нарқоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраннан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем

Тамағыма қылқаның кетер демес ем, – деген бүкіл зорлық пен зомбылық атаулыға, бүкіл аярлық пен қаскөйлікке, бүкіл әзәзілдік пен сұрқиялыққа майдан ашып, қара жартастай қасқайып тұрған қалпында қала бермек. ... Ежелгі грек мифологиясындағы құдайлардың құдайы Зевс әйелі Герамен ұрсысып қалады да (Аллатағаланың құдіреті-ай, «құдайлар» да бір-бірімен сыйыспаған!), қатты ашуланған ол әйелінің қолындағы баласы Гефесті жұлып алып лақтырып жібереді... Содан да Гефест ақсақ боп өседі. Ұсталықтың құдайы болады. Ол өзінің дүкенінде күні-түні толассыз, бір-бірімен басы піспейтін құдайларға қару-жарақ соғады. Махамбет, әрине, құдайлардан туған жоқ. Халықтан туды. Сол халықтың қамын ойлаған оны құдайсынған әңгірбайлар мен әңгірбектер, маймағамбеттер мен жаймағамбеттер басын шауып, денесін айдалаға тастап кетсе де, ол өзінің Ұста Дүкенінде еркектері алтын құтылы, ұрғашылары күміс құрсақты Ұлтына, сол ұлтын жалғастырар алтын айдарлы, ай маңдайлы ұлдар мен күміс тұлымшақты, жұлдыз жүзікті қыздарына мәңгі өлмейтін Рух соғып, сомдады. Сомдай да бермек...

«ЕЛ ҚОРЫҒАН МЕН ЕДІМ...»

Махамбет жылы атанған осы жылдың жазы басталар тұсында Атырау жерінде айта-айта жүретін, рухани кеңістігіміз үшін елеулі де, ерек қалпымен есте сақталатын әдеби бір оқиға болып өтті. Ол – Махамбет рухына арналған Поэзия күні. Ол Поэзия күнінің тағы бір ерекшелігі, оған республикамыздың түкпір-түкпірінен, негізінен, тек қана ақындардың шақырылуы. Шынын айту керек, ол күндер – Атырау елін де мәз еткен, ақындарды да мол қуанышқа бөлеген күндер болды. Ақындар Жайық үстіндегі көпір арқылы, қас қағым сәтте Еуропаға сан қайтара өтіп, Азияға сан қайтара қайтып жүйткіді де жүрді. Ақындар бір кезде шаршап-шалдығып, етек-жеңін жинай алмай ми батпаққа белуарынан кіріп малтығып жататын, бүгінде үстіне тозаң қондырмайтын кірпияз, сылқым кейіпке кірген, сәніне мәні, мәніне сәні жараса қалған Атырау қаласын аралап, Бейбарыс, Құрманғазы, Дина сияқты алып бабаларымыз бен шешелеріміздің ескерткіштерінің алдында бас иіп, табандарының астына гүл шоқтарын қойып, айдын шалқар, ақ шағалалы Ақ Жайықты ұзынынан өрлеп те, көлденеңінен ендеп те жүзіп, сонан кейін ел-жұртпен мәдениет сарайларында бір, театрларында екі – қайта-қайта кездесіп, көрмелер мен мұражайларда болып, күркіретіп өлең оқып, күпілдетіп сөз сөйлеп өздері де арқа-жарқа, қалың көпшілікті де арқа-жарқа етті. Әсіресе, ақындарды айрықша арқаландырып, ерекше тебірентіп толқытқан күн – әрі қасіретті, әрі қасиетті Қаройға барасыңдар деген күн еді. Қасіретті болатыны – ол жерде Махамбеттің басы шабылған, қасиетті болатыны – ол жерде Махамбеттің денесі жатыр. Қаройға ертең ұшамсыз дегенде, мен өз басым, біз барар кезде Қарой аспанын құтырынған қып-қызыл найзағайлармен бауырын сабалаған күркіреген қалың қап-қара бұлттар толтырып, немесе құм суырып, құйын үйірген дауыл тұратындай әсерде болдым. Екі тікұшақпен Қарой жеріне аспаннан сау етіп түсе қалғанымызда өзім күткен табиғи сұрапыл мінездің бірі де болған жоқ. Мамыражай. Аспан шайдай ашық. Жел тұрмақ түгілі лүп еткен леп те жоқ. Ыстық болғанымен, ми қайнатар аптап та, аңқа кептірер аңызақ та емес. Табаныңның асты майда бұйра балапан жусан. Айнала түгел, алыстан етжақын туысы, сүйектес ағайыны келгендей құшағын айқара ашып, кеудесін кеудеңе басқан ақжарқын нөпір жұртшылық. Махаңның басына Маңғыстаудың ақ тасынан, маңғыстаулық шебердің қолымен дулыға-күмбез кесене орнатылыпты. Ақын аруағына бағыштап дұға оқылды. Кесене ішіне кіріп құлпытасқа алақанымызды басып, маңдайымызды тигіздік. Сонан кейін кесенеге алып барар жолдың қапталында кіл ақындар қаз-қатар тұра қалып ағаш көшеттерін ектік... Дегенмен бәрі бір мен қателеспеппін! Сол күні, мен күткендей, құтырынған қып-қызыл найзағайлы қара бұлт қара нөсерін төкпесе де, құм суырып, құйын үйірген дауыл соқпаса да, солармен пара-пар стихиялық құбылыс пайда болды. Оған менің ақындардың алқалаған қауым алдында шығып өлеңдерін оқығанда көзім жетті. Бейне бір әр ақын бір-бір қара бұлт көтеріп келгендей, әр ақын бір-бір дауыл арқалап жеткендей, әр ақын бір-бір арқырап-сарқырап жатқан Атыраудың бір пұшпағын алдына өңгеріп алғандай кез туды. Жағаласып жатқан бұлт пен өрттің, дауыл мен толқынның ішінде қалдық та қойдық. Ақындардан кейін сахнаға кілең бір жас өрім қарадомалақ мектеп оқушылары шықты. Шеттерінен сен тұр, мен атайындар екен. Олар Махамбет өлеңдерін кеудеңдегі жаның сіреу-сіреу көк мұз боп қатып қалса да ерітердей, бойындағы қаның көк су болып кетсе де қайнатып толқытардай етіп оқыды. Тебіренбеген жан, толқымаған адам қалмады. Құдіретті Махамбет өлеңдері келешек ұрпақтың көкіргінен атқақтап шығып, көмейінен астан-кестең боп ақтарылып құйылып жатты... Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз бар. Бұл сөзге ә деп құлақ қойғанда қанқұйлы қатыгездіктің ғұрпындай қабылдап қалатының сөзсіз: бас кеседі, бірақ тіл кеспейді. Сөйтсек, қазекем бұл сөзге анағұрлым терең мән берген екен. Оған дәл осы жерде көзіміз жете түсті. Махамбеттің қылыш тілі – басы кесілгеннен кейін – 168 жылдан соң сөйлеп тұрды. Тағы да бүкіл ашу-ызасымен, бүкіл қайғы-қасіретімен, бүкіл өкініш-наласымен, бүкіл өрт-өжеттігімен Ертеңгі Ұрпақ көмейімен тіл қатып тұрды. Тілді, кесу мүмкін емес! Оны кессең де кесілмейді! Көкіректері мен көмейлеріне көрік басылып жатқандай ауыздарынан от лапылдаған ақындар Махамбет рухына өз өлеңдерін бағыштап, сонан кейін жеткіншек ұрпақ бірінен соң бірі Махамбет өлеңдерін түйдектетіп жатқан кезде, ту желкеміздегі Махамбеттің дулыға-күмбезі де аспаннан түскен алып қоңырауға айналып күңірене күмбірлеп өлең оқып тұрғандай болды. Ол өлең сол сәтте мынау арынды ақындарға, өлеңдерін көкіректеріне құйып осынау ұрпаққа арнағандай.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің

Сен де айырылдың көліңнен.

Махаң мына алқалаған топқа мұңын шағып, наласын төгіп, өзегін өртеп бара жатқан өкінішін жеткізгендей. Енді сендер, «Ел қорыған мен едім» деп өткен шақтың өкінішімен емес, «Ел қорыған менмін» деп көкіректеріңді керіп, бастарыңды шалқақ ұстап, мәртебелеріңді өсіріп, мерейлеріңді асырып, қынаптан суырылған қылыштай жарқылдап сөйлеңдер деп тұрғандай.

Алла тағала соған жазсын!

АСҚАҚ РУХ АҚЫНЫ

Біз Мағжанды ұзақ күттік.
Біз Мағжанды зарығып, сарғайып күттік.
Біз енді онымен кездесуден үміт те үзе бастағандай едік...

Біз енді өмірдің халқымыздың қасиеті мен қастеріне тамыр салған, халқымыздың қасіретінен қара жамылып, соған қабырғасы қақырап сөгілген, өз ұлтының тұмандай қалың мұңына тұмшаланып, балқыған қорғасындай әрі ыстық, әрі ауыр көз жасына шомылған, мынау тайқы маңдай қу тағдырдың запыранын ішіп, уын ұрттаған Мағжан деп аталатын жұмбақ әлемнің есігін ашып, табалдырығын аттамай өтетін шығармыз деп ойлағанбыз. Бірақ Мағжанға запыранын ішкізіп, уын ұрттатқан бұл қу тағдырдың да кей-кейде ықыласы ауып, ниеті түсіп кететін тұсы болса керек... Құлдықтан теңдікке, езгіден еңсе көтеруге ұмтылған құбылыстардан туындаған саяси сапырылыс кезеңдер мен әлеуметтік аласапыран тұстар бізді Мағжанмен қайта қауыштырды. Азаттыққа қарай алысып-жұлысып ұмтылған, тәубадан гөрі тәуекелге көбірек сүйенген сол бір кезең қозғалысы бір кезде азаттық жолына басын тіккен Мағжандарды жеті қат жердің астындағы жеті шойын есіктің арғы жағынан суырып алды. Дәлірек айтсақ, халықтың қаһарлы жойқын қозғалысы ұлттың ұранын ұрлап, рухын тығып ұстаған сол бір жеті қат жердің астындағы жеті шойын есікті тас-талқан етті. Ол шойын есіктердің арғы жағы қанды сорып, сананы кеміріп жатқан жегілер мен жебірлер мекені болатын. Мағжандар рухы ұзақ жылдар бойы сол жегілер мен жебірлер талауында жатты... Мағжан жыр, Мағжан сөздің темір тор, тар қапастан босап шыққанына қаншама жыл болса да, ол туралы бір ауыз сөз жаза алмағаным сол процестің ұзаққа созылғанынан болса керек. Оның үстіне, талант қашанда тосын. Ал тосын әлеммен, тағы да Мағжан сияқты тосын әлеммен білісіп-ұғысу, оның ұңғыл-шұңғылына үңілу, қалыңына ену, тереңіне сүңгу, бір сөзбен айтқанда, ол әлемнің табиғатын жан-жүрегіңмен сезіну оңай шаруа болмаса керек. Ол да уақытты қажет етеді. Әрине, Мағжан сияқты алып тұлғаның бүкіл ұңғыл-шұңғылына үңіліп, оның тереңіне түгел бойлау мүмкін емес. Мен бұл жерде ол әлемге өз болмысыңмен, өз шама-шарқыңмен үңілу мен бойлауды айтып отырмын... Көп ақын әдетте, әдебиет есігін тек таза ақын ретінде ашады. Яғни олардың өлеңдерінің тұла бойынан құдай берген талант табиғаты қоспасыз балауса қалпында ғана көрінеді. Сондықтан да олардың өлеңдері алғашқыда негізінен табиғат көріністері мен сезім құбылыстары жайында болып келеді. Бұл керек десеңіз, табиғи заңдылық. Өйткені талант та бір, балауса тал шыбық та бір. Ол шыбық қуаттану үшін өмір мен тіршіліктің терең қатпарларында жатқан құбылыстардан, көз майын тауысар құнарлы ілім-білімнен, құйқалы дәстүр топырағынан тамыр тартуы, ол шыбық қайраттануы үшін заман мен уақыт желінің өтінде тұрып, буын қатайту керек. Сондай тезден өткеннен кейін барып, оның азаматтық биік тұлғаға көтерілуі мүмкін. Ал Мағжан осы бір балауса, балғын кезеңді бастан кешірмей әдебиет есігін ақындықпен бірге, азаматтық ірілікпен, үлкен тұлғаға тән өрелі мінезбен аттады. Ол қыршындай жас кезінде-ақ әрі ақын, әрі азамат бола білді. Яғни ол өзгелердей ақын болып туып, сонан кейін барып азаматтық тұлғаға көтерілген жоқ, ол о баста Ақын Азамат болып туды. Бұл – өте сирек кездесетін талант. Бұл өте – сирек берілетін табиғат сыйы. Ұлы табиғат оның ақындығын азаматтығымен қоса дүниеге келтірген. Сондықтан болса керек, көп-көп ақындардың азаматтық болмыс-бітімін сөз етпей-ақ, олардың таза ақындығына тоқтала беруге болады, ал Мағжанға олай ете алмайсыз. Мағжанның ақындығынан азаматтығын,азаматтығынан ақындығын ажыратып сөйлеу мүмкін емес. Оның, басқасын былай қойғанда, бүкіл ұйқас, үйлесім, тыныс белгілеріне дейін осы ұғыммен тұтасып кеткен. Мағжанды бөлшектеп қарастырам деу – оның табиғатына қарсы шығу.

Кең жері күннен күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр.
Әуелде жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен-күнге ұрып жатыр.

Міне, әлі жиырмаға да жетпеген Мағжан әдебиеттің ауыр есігін осылай ашып, биік табалдырығын осылай аттаған. Тағы да Мағжан әдебиеттің есігін ашып, табалдырығын аттаған бойда, алға озудан именіп, бозөкпелік пен бөстекілік танытып, босағада тұрып қалмапты, бірден төріне бет алыпты. Мен «төр» дегенде, бұл жерде құрмет пен сый-сияпатты айтып отырған жоқпын. Көтерер жүгін айтып отырмын. Олай дейтінім, әлгі өлең жолдарын сол кезде болсын, онан кейінгі сор кезеңде болсын, он сегіздегі балаң бозбала түгілі, күні көтеріліп, айы толысқан деген ақыныңыз да дәл осындай қуатпен, дәл осындай кесектікпен айта алған жоқ. Атан түйенің терісіндей алып дала баланың ұлтарағындай болып, күн-күн сайын тарылып бара жатса, ол да сөлінен айрылып, соры қайнап қалса, ежелден төбесіне бишік үйіріп бөгде жұрт билеп келген сорлы қазаққа тәңірінің рахымы құлап, әулие-әмбиелердің шапағаты түспесе, не істейсің?! Ашынасың. Өзегің өртеніп, зығырың қайнайды. Міне, осы бір озбырлықты, зорлық-зомбылықты, әлі қазақ даласын ендеп жайлап ала қоймаған сонау ғасыр басында түгілі, бүкіл қазақтың босағасын бұтарлап, табалдырығын талқандап, өз жерінен мүлде ығыстырып тастаған ғасыр аяқталуға жақын бүгінге дейін де талайымыз көре алған жоқпыз ғой. Ал оны Мағжан бар болғаны он сегіз жасында көрген! Мағжан азаматтығы – ерекше, мүлдем тумысы бөлек азаматтық. Ол ешуақытта да елім деп екіленіп, жерім деп желпініп кетпейді. Оның қай сөз, қай өлеңі де елім деп егіліп, жерім деп емініп тұрады. Оған құр даңғыра, бос дабыл жат. Бейне бір ол әр сөзін халық көмейіне тас боп тығылған өксік, ызадан алатын секілді. Мағжан күйзеледі, күйінеді, күрсінеді, уһілейді. Ол бейне бір екі иінінен дем алып тұрған қасірет көрігіндей... Бұл дүниеде дәл Мағжан секілді халқының қамын ойлай-ойлай толарсақтан қайғының қара суын кешіп, халқының ертеңіне зарыға-зарыға, мұң мен зардың зәрлі уын ішкен қазақ ақыны, болғанның өзінде де, бірен-саран шығар?! Ол қайғы суының шегі – қиырсыз болғаны, ол мұң мен зар уының тұла бойды меңдеп алғаны сонша, Мағжан үшін дүниеде ләззат болмаған секілді. Ол, тіпті, «денесін ысытып, суытып жіберетін» сайраған бұлбұл әніне де рақат сезініп, ләззат таппайды. Құйқылжыған бұлбұл әнін тыңдап отырып та еңсесін басқан мұңды, жанын жеген күйікті серпіп тастай алмайды. Бұлбұлға мұң шағады:

Бұлбұл құс! Көзімде жас, кеудемде от
Толып, мен саған келдім, ішімде шоқ.
Дертіме сенен ғана дәрмен болар,
Басқадан, анық білдім, еш пайда жоқ.

Сонда, шынында да Мағжан үшін ләззат мүлде болмағаны ма? Ол бұл сұраққа «Ләззат қайда?» деген өлеңінде өзі де жауап іздестіреді. Сонымен, бойды билеп, ойды алатын ләззат қайда екен? Жалпы ләззат деген бойды билеп, ойды алатын құбылыс па? Ақынды тыңдайықшы:

Ойында ма бос өткен?
Қайғылы ауыр ойда ма?
Жүйрік тазы салу мен
Қызойнақ иә тойда ма?

Байқап отырсыз ба, өлеңнің екінші жолы «ләззат деген қайғылы ауыр ойда ма» деп тұр ғой. Мағжан ләззатты қайғының тап өзінен қарастырады. Ол бұл өлеңін:

Жұрттың қамын көп ойла,
Уайым-қайғы жеп ойла!
Артта қалған сорлы жұрт
Алға бассын деп ойла, –

деп аяқтайды. Ақын елдің қамын жеуден өткен ләззат жоқ деп біледі. Міне ақын болмысы, міне оның азаматтық тұлғасы! Меніңше құдіретті табиғат – ана о баста Мағжан талантын дүниеге келтірерде оны алдымен халықтың көз жасына илеп алған секілді. Ал халықтың көз жасы сіңген сөздер қашанда ызалы, қашанда кекті. Халықтың көз жасы сіңген сөздер ешуақытта да боркемік, ез болмайды. Өйткені, қандай бір халық та боркемік, ез емес! Халықтың қасіреті көз жасына иленген сөзде қаны қайнаған ыза мен намыс жаныған кек қана болады:

Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,
Сөз ұқпас мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.
Көрінбес көзге түртсе қараңғыда,
Япырым-ай, қалдық па, рас, тіпті таңсыз?!

Тақаулы тамағына өткір пышақ,
Тек жатыр тұяқ серіппей сонда да аңсыз.
Тыңдамас, сөзге түспес, ырыққа көнбес,
Болды ма қайран қазақ тастай жансыз?

Ақынның жүрегін шоққа қарып, жанын табаға қуырып жазған бұл өлеңді сіз, қаншама ауыр болса да, ұнжырғаңыз түсіп, бор борлып езіліп, су болып егіліп оқымайсыз. Сіз бұл өлеңді бүкіл тұла бойыңызбен жұдырық болып түйіліп, найзағайлы бұлт болып түнеріп оқисыз. Біз бәріміз де өз жеріміздің патриотымыз, өз еліміздің перзентіміз дейміз. Біз бұл сөздерді кез келген жерде дабыстап шақырып, дауыстап айта аламыз. Құдайға шүкір, кез келген жерде басшылығымыз да, қосшымыз да оның арын арлауға, намысын жыртуға жарап қалды. Біз бәріміз де, тағы да құдайға шүкір, ешкімнің алдында именбестен жерімізді де, елімізді де мақтан тұта аламыз. Оларды өліп-өшіп сүйеміз, қадірлеп қасиет тұтамыз. Солай екеніне мен өз басым иненің жасуындай күмән келтіре алмаймын. Бірақ байқайсыздар ма, біздің көбіміздің еліміз бен жеріміз үшін мақтанышымыз бен оған деген сүйіспеншілігіміз тым біржақты сияқты. Біз айтсақ, алдымен аузымызға оның көкорай шалғыны, айдын көлдері, аспан арқалап тұрған асқар таулары, шудалары желкілдеген орман-тоғайлары, сондай-ақ сол ел мен жердің сермесе – семсері,қорғанса – қалқаны болған батыр-сарбаздары, аспандағы аққулармен қосылып ән шығарған сал-серілері, береке-байлығы тайқазандардан тасып-төгілген астары мен тойлары, көз бен қөңілді қатар арбаған үкілі салтанаттары мен қоңыраулары көш жерден күмбірлеп естілетін керуен-керуен көштері түседі. Соларды мақтан тұтамыз, соларды жан-жүрегімізбен құлай сүйеміз. Сондықтан да біздің бар сұлу саздарымыз соларға төгіліп, бар асыл сөздеріміз соларға шашылады. Дұрыс-ақ... Бірақ жер-қонысыңды, ел-жұртыңды сүйсең, алаламай сүй. Оның шолпылары сыңғырлаған үкілі аруын қалай сүйсең, көсеу ұстап, құл шығарған қара қемпірін солай сүй. Ол ел мен жердің ұран шақырып айқайласа – айбары, белін буынып, бес қаруын тағынса – қалқаны болған батырын қалай сүйсең, малақайы жапырайып, қой соңында жүрген қойшысын солай сүй. Ол ел мен жердің төгілген күмістей болып жалтырап жатқан айдынды көлдерін қалай сүйсең, құм суырып, құйын ұшырып тұрған аңызақты шөлдерін солай сүй. Олай ете алмадың ба, онда ол жартыкеш сүю. Ал жартыкеш сүюден өткен опасыздық жоқ. Бұл ретте ел мен жерге деген Мағжан сүйіспеншілігі – маңдай тигізіп, тәуеп етерліктей ұлы сүйіспеншілік. Сөзіміздің растығына көз жеткізу үшін оның «Сүйемін» деген өлеңін оқып шығыңызшы. Ал ол өлеңді түгел оқымау күнә:

Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп-сұр көр,
Тасбиық санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,
Көрше ауыр күрсінер,
Менің бір қарт анам бар.
Неге екенін білмеймін,

Сол анамды сүйемін!
Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы,

Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ Құрандай,
Білгені – қазан-ошағы,
Жабайы ғана жарым бар.

Неге екенін білмеймін,
Сол жарымды сүйемін!
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,

Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген

Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін!
Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,
Қысы – ақ кебін, жазы – сары,
Орманы жоқ, суы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы –
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін!

Міне, ел мен жерімізді дәл осы Мағжандай, бар шындығымызбен, ештеңені жапсырып, жамамай, ешнәрсені жылтыратып боямай, сол қалпында алғаусыз сүйе аламыз ба? Сүйе алсақ онда біз бақыттымыз. Сүйе алсақ, онда біз нағыз қазақ еркегінің кіндігінен жаралған азаматпыз, нағыз қазақ әйелінің құрсағынан шыққан перзхентпіз. Ел мен жерге деген шын сүйіспеншілікте күпсіп сөйлеу де, көтеріліп сөйлеу де болмауға тиіс. Қалай дегенмен де, күпсіп, көтеріліп сөйлеуде жасандылық болады. Ел мен жер де – әкең мен анаң. Әкең мен анаңа деген сүйіспеншілікте жасандылық болса, не болғаны?! Менің бұл жерде қазымырлық көрсетіп, қадалып сөйлеп отырғаным, кейінгі кезде бүкіл жұрт өздерінің арғы тектерін қалай да батыр-баһадүрлерге, би-болыстарға, әруақты адамдар мен жыршы-жырауларға теліп, соларға апарып тіреп қоюға әуестеніп кетті. Оларды тыңдап отырсаңыз, арғы заманда қой бағып, көтен жеген қазақ еркегі, тезек теріп, құрт қайнатқан қазақ ұрғашысы болмағандай. Бейне бір арғы аталарымыз түгелімен қалқандары қаңғырлап, семсерлері жарқылдап өткен батыр немесе жібек шатыр ішінде, құс төсектің үстінде шалқайып жатып төрелік айтқан би, шешелеріміз шетінен толған айдай толықсып, тал шыбықтай бұралып, батыр мен баһадүрлердің жан жарлары немесе басына қарқарадай кимешек киіп, би мен болыстардың қасында сырбаз сызылып, кербез кергіп отырған бәйбіше болып өткендей.

Әсілі, күпсіп сөйлеу – көсеге көгертпейді.

Сіз Мағжан тегіне үңіліп көріңізші. Ол жеті атасынан бері өрісі малға айналасы жанға толы бүкіл Ақмола атырабына аты мәлім Бекен болыстың бұлаңдаған баласы ғой. Шешесі Гүлсімнің де көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Бұл жерде Мағжан өз отбасының емес, халық перзенті, болып сөйлеп отыр. Ал халық перзенті егер ол шын халық перзенті болса, жауырды жаба тоқи алмайды, жоқты бар етіп көрсетпейді. Осы жерде бір ден қоятын мәселе, Мағжан ұғымындағы Сарыарқа біздің ұғымымыздағы Сарыарқа емес, одан әлдеқайда кең. Олай дейтініміз, оның «Өткен күн» өлеңі былай басталады:

Еділ, Жайық, Сырдария –
Белгілі жұртқа ескі су.
Тәтті, дәмді, тармақты
Ұзын Ертіс, Жетісу.

Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді.
Туып-өскен баласын
«Айбынды ер Алаш» – дер еді.

Біздіңше, бұл сөзге таласудың жөні жоқ. Енді біз бес су­дың – Еділ, Жайық, Сырдария, Ұзын Ертіс, Жетісудың ара­сын алып жатқан Сарыарқаның ұлы мағынасына қайта ора­луымыз керек. Оны қазіргідей әлдекімдердің өзімшілік эго­измі­нен дүниеге келген тар аумақта қарастыруға болмайды. Енді біз қайтадан Мағжанның «Сүйемін» атты өлеңінен туындаған тегіміз бен тамырымыз туралы әңгімемізге қайта оралайықшы. Рас, Мағжан да тегін, тамырын қарастырған. Сол тегі мен тамыры үшін мақтанып, аспан астына сыймай, тау болып қозғалып, арнасына сыймай, теңіз болып асып-төгілген. Бірақ ол өзінің жеке басының емес, өз халқының тамырын, өз ұлтының тегін қарастырған. Сол үшін де оған ұлтшыл, түрікшіл деген айдар тағылып, оның бүкіл ғұмыры қуғын-сүргіннің қыл тұзақты құрығының астында, бәле-жала үшкірген сумаңдаған сырығының ұшында өткен. Сол қарғыс атқыр құрық ұстап отырған отаршылдық өктемдік ақырында оны, қанша құтылам деп айла-әрекет жасаса да, құртып тынды. Сол құрық пен сырықты қолына ұстап отырған отаршылдық өктемдік, империялық өктемдік оны «ақтап» отырып та сол «қателігін» бетіне талай басты емес пе? 1989 жылы шыққан кітабына енбей қалған атақты «Орал» өлеңіне ден қойсақ, осы жайды анық аңғарамыз. Мәдениетті, өнерлі, қарапайым, дос құшақ Ресейдің емес, өзге жұрттың елін тонап, жерін талауға дегенде, сары ала оқасы жалтылдап, жез мұрты едірейіп шыға келетін зорлықшы Ресейдің қанқұйлы саясатына қарсы жазылған осы жыры үшін ақын әруағы өзі өлгеннен соң да қысастықтың қандай ауыр да азапты түрін көрмеді?! Ақ патша тұсындағы империялық пиғыл өз жалғасын қызыл кеңестің тұсында да аямай танытты. Түсі өзгергенмен, астамшылдығы, құлқыны өзгерген жоқ. Мағжанның жалпы отаршылдыққа айтқан мірдің оғындай өткір сөзін большевик империясының «жандайшаптары» да өз атына айтылған сөз деп ұқты. Расында да солай еді. Бұл жерде Мағжанның тіпті де қателеспегенін уақыт өзі дәлелдеді. Мағжан түріктің тегі мен түрін айтқанда, одан ол жүз бұтақты, тоқсан торапты шежірелі тін іздеп жатпайды. Одан ол елі мен жерінің қанат-қауырсынын бытырлатып жұлып, омыртқа-қабырғасын күтірлетіп сындыратын, апат пен опат әкелетін қанқұйлы отаршылдықтан құтқарар тірек пен сүйеніш іздейді. Сол үшін күреседі, сол үшін жанталасады. Аласұрады. Жан-жағына қолын созады.

Бір кезде иең сенің түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан-тастан батыр түрік
Қойнына жайыменен кіріп еді...

Ер түрік ен далаңа көрік еді...
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында
Іргесі жел, күн тимей, берік еді, –

деп халқына арғы тегінің кім екенін таныстырып алады да, бүгінде отаршыл езгіде қалған сол түріктердің мүшкіл халін, міскін кейпін айтады:

Қарашы төңірекке мойын бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп...

Сұмды бір үрейлі, қорқынышты түстен шошып оянғандай селт етіп басыңды көтеріп аласың. Басыңды көтеріп аласың да, жан-жағыңа қарайсың. Бір кезде бүкіл Орал, Алтай аймағын «іргесіне жел, күн тимей», тұтасқан мұздай боп жайлап жатқан түрік елінің енді әр жерде аралшық-аралшық болып қалғанын ұғып, Мағжан көрегендігіне таң қаласың. Мағжан бұл жерде қолдан келер амал, істер шара жоқ деп мүлде түңіліп, баз кешуден ада. Екі өкпені сығып бара жатқан бұл құрсау қатерден шығар жол іздестіреді. Ол жол біреу-ақ деп ұғады. Түрік ұрпағы бас қосуы керек деп біледі.

Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр, тұңғышыңа бермен орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Тоқтатпа, жолын кесіп, тізгінге орал!

Осыдан кейін Мағжанды көреген демей көр! Осыдан кейін Мағжанды тек қазақ емес, бүкіл түрік қауымының ұлы перзенті демей көр! Шынында да, қазір біз Мағжанның осы өсиетін орындап жатқандаймыз. Осы жолды баяғыда нұсқаған қайран Мағжан түрікшіл болып түрмеге түсіп, ұлтшыл болып ақыры көзі жойылды-ау... Халқының бүгінін айтқанда жаны түтігіп, сүйегі үгітіліп сөйлейтін, ертеңін айтқанда күйрей езіліп, күйзеліп кететін Мағжанның өткенін айтқанда аруақтанып, арқасына қарағайдай қара жал бітіп шыға келеді:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Тұранның шетсіз-шексіз шөлі қандай,
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендері
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қандай!
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың,
Көкке асқан Хантәңірге қарай-қарай.

Осы жолдарды оқығанда, нағыз бір намыссыз найсап, барып тұрған құлақкесті құл болмасаң, қаныңда тегіңнің лебі, жаныңда ұлтыңның демі болса, онда сенің де көкірегің өкініш аралас мақтаныштан қақ айырылып бара жатпай ма? Осы жолдарды оқығанда, егер сен нағыз тарихи көрбәдік болмасаң, томағасы сыпырылған қырандай дүр сілкініп қалмайсың ба?! Меніңше, бүкіл түрік әлемінде кеше де, бүгін де өзінің түріктік тегіне мақтанған, оны соншалықты ұлы жүрекпен дәл Мағжандай жырлаған ақын жоқ болса керек. Бұл ретте ол – бірегей. Мағжанды бүкіл түркі жұрты қазақ тілінде жырлаған ортақ ақынымыз деуі керек. Қажет десеңіз, оның бойындағы рух та – сол ертедегі түрік заманындағы түріктік рух. Бұл табиғат құбылысының құдіретіне шек бар ма, сол ертедегі, түрік заманындағы шаман дәуіріндегі рух Мағжан бойынан жарқырап көрінеді. Ол табиғатқа, отқа, күнге табынады. Мұсылманшылыққа, дінге құлай жығыла қоймайтын, онысы бірқатар өлеңдерінде /«Мешіт пен абақты», т.б./ айқын көзге ұрып тұратын Мағжанның көне түрік дүниесінің рухына келгенде құлай жығылып, оларды ауызға алғанда шатырлап, шамырқанып кетуіне таң қалмасқа болмайды.

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын,
Күнге ғана бағынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзімде – от,
Өзіме өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі – от,
Оттан басқа тәңірі жоқ, –

дей келіп:
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын,
Сескенбес, сірә, кім сенен.

Шынында, менің өзім де – от,
Қысылған қара көзім де – от,
Мен оттанмын, от менен.
Жалынмын мен, жанамын,

Оттан туған баламын, – дейді.

Біздің зәузат қорымыз қаншама рет тас талқаны шығып бұзылып, қаншама рет талан-таражға түсті десеңізші! Бірақ ол қасиетті қор, халық аман болса, қайта жасақталып, ұлт тірі қалса қайта түзеледі екен. Зәузат қор – ең алдымен халық рухы. Халық барда – халық рухы өлмейді. Олай болса, Күннен туып, Отқа табынып, көсіліп жатқан кең сахараны емін-еркін жайлаған көкжал түрік баба­лардың қанына қызу, жанына қуат берген рухтардың, ғасырлар өткеннен кейін, бүкіл түрік қауымының алтын діңгегі – ата жұртында дүниеге келген қазақ ақынының бойынан бас көтеруі заңды құбылыс болса керек. Ол енді Күннен туғанмын деп қана қоймайды. Одан да тереңірек сөйлей бастайды. Тағы бір қызығы, енді ол сөздер нышандық бейнелік мәннен шынайы-нақты реңке ие бола бастайды:

Кең дала көрсең ғой ана жақтан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдай тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан.

Шынында да, Мағжандай талантты бүкіл табиғат қосылып туа алса керек. Біз бұл тұста да Мағжан өлеңдеріндегі «нышандық бейнелеу» мен «шынайы реңк» туралы тектен тек айтып отырған жоқпыз. Өйткені Мағжан болмысы Тұранға, Түрік қағанатына тарих арқылы ғана емес, табиғат арқылы да астасып, қосылып жатыр. Қандай бір халық та белгілі бір табиғат аясында өсіп-өркендеп, дамып-жетіліп, күш алып, қуаттанады ғой. Ол халықтың тарихы сол табиғат аясында түзіледі. Яғни ол халық өзінің рухани қуат-күшін көрсететін нышандық таңбаларын айналасындағы табиғи құбылыстардан іздестіреді. Ол рухани таңба-белгілер Мағжан өлеңдерінде түгел көрінеді деуге болады. Қараңыз:

Ерте кезде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.

Немесе:
Тұрмап па ед біздің үшін мөлдір бұлақ
Сылдырлап, сылқ-сылқ күліп таудан құлап?
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,

Тілесек бір-бір тұлпар бейне пырақ.
Тағы да:
Қанатты, қажымайтын тұлпар міндік,
Жібекпен жетпіс қабат белді будық.

Құрсанып қылыш өтпес мұздай темір,
Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық.
Немесе:
Қыранымын сары сайран даланың,

Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым.
Немесе:
Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,
Шалқыған шегі-шексіз Теңіз – Арал.

Бір кезде қасиетті Ыстық көлдің
Бауырында дүние көрген түрік көкжал.
Тағы да:
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Міне, осы өлеңдердегі «Отты Гун», «Пырақ», «Қанатты тұлпар», «Қос қанаты Алтай мен Оралға айналған қыран», «Көкжал» /«Көкбөрі түрік»/, «Қара шаңырақ» бір кездері бүкіл түрік елінің өзі өскен табиғат аясынан еншілеп таңдап алған, сөйтіп, солармен өзінің рухтық күш-қуатын таңбалаған төл белгілері ғой. Апырай десеңізші, зәузат қорда сақталып қалатын табиғи-тарихи рухқа дауа жоқ. Түптің түбінде тесіп шығады екен. Біз кезде өзіміздің төл туымыз ту-талақай болып, төл таңбаларымызды білмей жүргеніміз өтірік пе? Соның бәрі күні кеше ғана болмап па еді? Енді күніміз туып, сәті келе қалғанда, оның бәрі жұтылып кеткен жоқ па? Ал әлгі айтқан сонау көне заманнан бері келе жатқан «көкжал-көкбөріден» басқа нышан-таңбалардың бәрі күні кеше ғана қабылданған Туымыз бен Елтаңбамызда көрініс тапты ғой. Қазір қанатты пырақтар мен шаңырақ көтерген Елтаңбамыз, қыран мен күн көтерген Туымыз Мағжан арманындай жарқырап, Мағжан арманындай желбіреп тұрған жоқ па?! Мағжан, қайталап айтамыз, өткен тарихын, яғни көне Тұран мен ертедегі Түрік елін жырлағанда ғана арқаланып, сонда ғана асқақ мақтаныш сезімі билеп әруақтанады. Басқа уақыттың бәрінде де ол – мұңлы, ол – қайғылы, ол – қасіретті. Мағжан тіпті өлең арнаған адамдарына да жалынды сөз, жақсы тілек айта алмайды. Оларға да ол мұңын шағады, жылайды, күңіренеді, күйзеледі, аһ ұрады, күрсінеді, уһілейді, көкірегі қарс айрылады, зарлайды, сарнайды, зарығады, сарғаяды. Ол тіпті:

Тауда түнде үн берген
Тәңірі ме, әлде байғыз ба?
Үнді естіп жаным күңіренген.
Тауда түнде үн берген

Тәңірі болсаң, кел бермен,
Қолымды көкке жайғызба!
Тәңірі ме әлде байғыз ба?

– деп те көкке қолын жаяды. Егер ол үн берген құбылыс байғыз болмай, Тәңірі болса, онда оған да мұңын шақпақ, датын айтпақ! Мағжан бұл жерде де Алла, Құдай демей, Тәңірі дейді. Айтқанынан қайтпайтын неткен көне түріктік көкжал мәрттік десеңші!

Мағжан туралы сөз әлі алда. Біз бұл жерде оның өлеңдеріндегі тек өзіміз байқаған басты-басты бағыттарды ғана әңгіме еттік. Ал поэмалары жайлы мүлде әңгіме қозғаған жоқпыз. Мағжан туралы сөз енді басталады. Ол енді аяқталмақ емес. Айта кетейін менің Мағжаннан алған ең үлкен ұлағат-тағылымым бар. Ол тағылым: егер сен өз халқыңның перзенті болам десең, онда сен оның қасіретін, уын іш! Халқыңның сол қасірет уы бойыңа жайылғанда ғана сен оны шын сүйе аласың! Халқыңның қасірет уын бүкіл жанымен, қанымен ішкен Мағжан – ұлы азамат, ұлы ақын!

ҚАТЕПТІ ҚАРА НАРЫ

МАҢҒЫСТАУДЫҢ

Құдайға шүкір, қазақтың бар-бар жері өнерге де, өлеңге де бай. Оны тек тыңдай білетін есті құлақ, көре білетін жіті көз болса біздің қай жеріміз де көкірегіне шемен боп қатқан шерін, жанын жегідей жеген мұңын алғаусыз айтып, ақтара сыр шертері сөзсіз. Бірақ амал не, кілең солай бола бермейді. Мәселен, Маңғыстаудың өлең-жырына, өнеріне дегенде, неге екені белгісіз, Республикалық теледидар мен радиосының түңліктей-түңліктей локатор құлақтары да тосаң тартып, еліміздің қай түкпіріне қараса да жанарының қуаты жететін жарқыраған камера көздері шелденіп қалады. Бірақ біз түптің түбінде Маңғыстау дегенде ол локатор құлақтардың ашылып, ол камера-көздерінің жарқырап кететініне сенеміз. Маңғыстау өнерінің қуаты мен тегеуріні солай еткізді де! Әрине, қандай бір болмасын өнерлі өлкенің сан қырлы, сан түрлі талантты тұлғалары болатыны хақ. Бірақ солардың ішінен атан жілікті, арқар мүйізді басты-басты тұлғалары оқшау көрінері сөзсіз. Мәселен, Маңғыстаудың ең Басты Рухы – Бекет болса, ең Басты Сөзі – Қашаған. Біздің бүгінгі сөзіміз, өзі айтқандай, «ағыны тасты аударған» ерен қуаттың иесі Қашаған туралы болмақ. Асылы, шын талант өзі өскен жердің топырағынан жаралатын болса керек. Олай болса, оның бойында сол жерге тән табиғи мінез сіңері сөзсіз. Қашаған да солай. Оның жырларын оқығанда, Маңғыстаудың маң даласын, сол маң даланы толтырып соққан қуатты қара дауылының уілін, аптап-аңызағының ыстығын, ызғырығы мың-миллион ине боп тұла бойыңды шабақтап кететін борасын үнін жан-жүрегіңмен сезініп отырасың. Бейне бір оның сөздері сол қатаң табиғи құбылыстардың құндағында жатып, омырауын еміп алғандай. Сондықтан да оның сөздері сол қайратты қара дауыл, аптапты аңызақ, борасын сияқты табиғи. Оның өлеңдерінің әп деп басталғаннан-ақ ешқандай кедергі-мүдіруді білмей, жөңкіліп ала жөнелетіндігі де, қайыру бермей ала қашатыны да, айтарын бүгіп, ірікпей, ешкімнің алдында ықпастан ақтара салатыны да сол табиғилығынан. Қашаған қалқан қағыстырып, қылыш сермесіп, найза сілтеспесе де, бүкіл ғұмыры күреспен өткен ақын. Ол көргенсіз әдепсіздікпен, қаскөй қиянатпен, дарақы даңғойлықпен, қараңғы надандықпен, таңқы дүмшелікпен, қомағай тоғышарлықпен, алакөз алауыздықпен, бетімен кеткен жүгенсіздікпен күрескен. Олармен жан берердей жағаласып, жан алардай шайқасқа түскен. Ол әлгіндей адам жанын бүлдіріп, тоздыратын жат пиғылдарды жойып, оның орнына ізгілік, инабаттылық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді орнықтыру үшін жан салған. Қашағанның Домбыраға тілі тиген Есқали сұпыға айтқанының өзі не тұрады?! Осы өлеңнен солқылдап тұрған бір сөз таба алмайсыз. Әр жол, әр сөзі шатырлап сынып, шарт кетіп жатыр. Неткен ашу?! Керек десеңіз неткен долылық?! Бірақ сонымен бірге неткен білімділік, неткен парасат жатыр десеңізші!

Қолымдағы қу ағаш,
Сайрап отыр бұл ағаш.
Асылы емен, қарағай,
Шыққан жері су ағаш.

Әруақты ерлердің
Қолындағы ту ағаш.
Жаның сая табатын
Орман болған бұл ағаш.

Қорыққанда жалғызға
Қорған болған бұл ағаш.
Бұтақтары бүгіліп,
Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде
Жүрегіңді жалғауға
Несіп болған бұл ағаш.
Пайғамбарлар туғанда

Бесік болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде
Мешіт болған бұл ағаш.
Шеберлердің қолында

Кәсіп болған бұл ағаш.
Өзіңді халық сұпы дейді,
Боқтағаның қай ағаш?!

Сіз де енді, міне, тұлпарлардың тұяғынан ұшқан топырақтай түйдек-түйдек сөздердің ішіне ендіңіз. Ағаштың қадірін асырып, қасиетін көрсететін шумақтар бірінен соң бірі құйылып келіп: «Өзіңді халық сұпы дейді, боқтағаның қай ағаш?», деп қайырып, қайта-қайта сілкіп кететін тұстары сізді де бірге ала жөнеледі. Қашағанмен қосылып Сізде айтып жатқандай қаныңыз қызып, делебеңіз қозады. Сізге сол домбыраның намысын жыртып, сол үшін шайқасқа кіресіз. Бұл өлең – мәңгілік өлмейтін өлең. Әттең, насихиат жоқ, қолдаушысы кем боп, шетқақпай қалып жүр. Әйтпесе, біздің домбыраны шын құрметтеп, шын құдірет тұтатынымыз рас болатын болса, домбыраны ғайбат тілден қорғаған осындай қуатты сөзді алдымен үкілеп, алдымен сахнаға шығармас па ек?! Ал қазақтың қара домбырасы ғайбат сөздерден қаншама қабаржып, қаншама жапа шеккенін бәріміз жақсы білеміз. Бұл өлең – жалғыз бір сұпыға емес, арғы-бергі барлық дипломы жоқ, дипломы бар түрліше сұпыларға берілген соққы ғой. Сол арғы-бергіде айтылған ғайбат сөздерден домбыраны дәл осы Қашағандай кім қорғап, кім көтеріп сөйлей алыпты?! Бірақ амал не, осындай қайратты, осындай парасатты өлеңді бүкіл қазақ жұртында біреу біліп, біреу білмейді. Басқаны былай қойғанда, бұл өлеңді домбыра ұстайтын, жыр айтатын қазақтың бәрі білу керек қой. Оған да күмәнім бар. Оның үстіне, бұл өлең тек домбыраны ғана қорғайтын өлең емес қой. Ол әншейінде ақ жүріп, адал тұрғандай боп, жеме-жемге келгенде өзіңе қырын қарап, сырт беретін сұмпайылыққа қарсы айтылған өлең. Қашаған халықтың ғасырлар қойнауынан азбай-тозбай келе жатқан асыл мұраларын, салтын, ғұрпын, әдетін бар қуат, бар даусымен қорғаған. Өйткені ол салт, ғұрып, әдеттен айрылу, олардан қол үзу – халықтық қасиеттен айрылу, ұлттық болмыстан қол үзу деп білген. Бабалардың батасынан көктеген ол рухани мұраларды мансұқтаған халық болып қатарға қосылмайтынын, ұлт болып өркен жаймайтынын сезген. Сол үшін де ол шамырқанып шайқасқа түскен. «Қашағанның Сақыпқа айтқаны» да сондай өредегі өлең. Бұл өлең – үлкен бір тойды Қашағанның сақалын сыйламай бастап кеткен Сақып деген жігітке айтылған өлең. Сақыптың ол қылығын Қашаған әдепсіздік, үлкенді ханым, кішіні жаным деп сыйлап құрметтейтін халық салтына түскен таңба көрген. Ал ондай кезде Қашаған шарт сынады. Әдепсіздікті қайтып көтеріле алмайтын етіп бетін мүлде қайтарып, қайтып көктемейтіндей етіп тамырын біржола отап тастайтын кілең бір азу тіс, ақберен сөздерді құйып кеп жібереді. Соның Сақыпты соншалықты қайтып тұрмастай етіп жерлеп,жер жастандыруын сол әдепсіздікті жер жастандыруы деп түсінген жөн. Өйткені Қашаған әдепсіздікті арамшөп сияқты, оны мүлде отап тастамаса, өлмейді деп ұғады.

Е, шырағым, Сақыпжан,
Сөз басталмайтын ба еді ағадан,
Жауапқа кәміл данадан?!
Ағасын іні қор тұтқан,

Өз көңілін зор тұтқан
Шығып па ед тәртіп жаңадан? –

деп басталып, неше бір шендестірулер мен салғастырулардан тұратын бұл өлең өз жолын, өз әлін білмеу түптің түбінде опық жегізетінін айта келіп:

Мен – сендей жабының
Талайынан озған тұлпармын.
Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын.

Сен – ауылда үрген көпек ит,
Мен – азулы арлан бөрі едім.
Ашулансам, шырағым,
Жас та болсаң желкеңнен

Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын.
Міне, Қашаған әдепсіздікпен осылай айқасады.

Бұл бәрімізге, сондай-ақ бүгінімізге де, ертеңімізге де дәріс, тағлым. Өйткені ол салт бұзылып, ғұрып қирап, әдеп бүлініп жатқан жерде қадір де, қасиет те болмайды деп біледі. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа салғырт қарап, оған мән бермеу – ертеңіңнен қол үзу деп ұғады. Қашағанның ондай тұстарда ширығып, шамырқанып кететіні сондықтан. Қашаған – қаратты айбаттың ақыны. Әсіресе, оның намысына шоқ түскенде, оның қайраты бұрынғыдан да жоталанып, оның абыройы бұрынғыдан да айбарланып кетеді.Әсіресе, оның бұл мінезі Ізбас деген жас ақынның бір тойда Қашаған атын меңзеп, оған:

Қашаған болсаң, таяма
Барың болса, аяма.
Оңтайлы жігіт, жүйрік ат
Қашқанмен сені қоя ма?! –

деп ұрынғанына қарсы айтқан сөзінде бар ойын, бар болмысын көрсете түседі. Міне, осы өлеңде Қашаған сөздерді бірінен бірін оздырып, бірінен бірін тұтатып, ұшқынды отқа, отты өртке айналдырып, өлеңді ұлы дүбіліс, ұлы құбылыс етіп жібереді. Оның алапат ағыны тағы да сол әдепсіздік пен көргенсіздіктің дөңкиген діңгегін түбірімен қопарып, ағызып алып бара жатады.

Не деп айттың бұл сөзді,
Алды-артыңды ойламай.
Мен – бір жатқан мұхитпын
Кетерсің, байғұс, бойламай.

Өзіңе малың бұйырмай,
Тасыдың байға отынды.
Түкірігім сөндірер
Сенің жаққан отыңды.

Асылы, Қашаған көргенсіздік пен жүгенсіздікке, жалпы қандай бір болмасын қасиетсіз әдеттерге кішкентай бір салғырттық танытып, олардың алдында жалғыз-ақ рет төменшіктеп, бұғып қалуды кешірмес күнә деп ұқса керек. Оларға шамалы салғырттық таныту – әдепсіздік пен көргенсіздіктің өркен жайып, өрісін кеңейтуіне жол беру деп біледі. Ендеше, оның ондай тұстарда бұршақша жауған сөздермен төпеп жіберетіні сондықтан. Қашаған – бір теңеуінен бір теңеуін оздырып, бір образынан бір образын күшейтіп сөйлейтін ақын. Сондықтан да оның сөздері қар көшкініндегідей немесе дауыл мен теңіздің арпалысындай сұрапыл күшке айналып кетеді. Ол – жалпы теңеуін немесе образын қайталай бермейтін ақын. Ал қайталаған кезінде ол теңеу, образды мүлде жаңартып, қуаттандырып жібереді. Яғни бұл оның бойында қайралу, жетілу, даму сияқты творчестволық процестің үздіксіз жүретінін көрсетеді. Мәселен, әлгі өлеңде ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармаларының ешқайсысында кездеспейтін, қазақ топырағында мүлде тосын, мүлде жаңа мынадай жолдар бар:

Сен – өзекте жүрген бөлдірке,
Мен – теңіздегі кемемін.
Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің, –

дейді. Осы қалпында-ақ оқыған адамның көз алдында өлместей, өшпестей сурет болып қалатын жанды образ сәлден кейін ақын аузынан басқаша құбылып, басқаша түрленіп, бұрынғысынан да дамып, бұрынғысынан да жетіліп кетеді. Еңсесін көтертпей езіп, қайта тұрмастай етіп тұралатып сөйлейді:

Мен – жоғарыда жүрген кемемін,
Сен – өзектегі жыртық қайықсың.
Беліңнен бассам – батарсың,
Түбіне барып жатарсың...

Не деген сурет! Не деген тарпаң, дүлей күш! Көз алдыңызға кеме мен жыртық қайықты елестетіңізші. Тағы да, олар қимылды нақты қарекетке түсіріп тұр ғой. Алып кеме қайықты белінен басып таптап кеткен. Қашағанның мұндай қуатты екпінмен қай заманның да көргенсіз ізбасының беті қайтып қалмақ. Сонымен, бірге Қашаған – улы мысқыл, ащы кекесіннің де ақыны. Халық жанына жара боп жабысқан әлгіндей індетті сорақылықтардың аузын кейде ол сол уытты тілімен жарып жібереді. Дүниеге құнығып, мал десе, жанын беруге бар, айналамен ісі жоқ, сөйтіп, өзі де малға айналып бара жатқан жан туралы айтқаны қандай? Ол жанның анықтамасын қалай дәл тапқан десеңізші Ол жан

Үлкен қойды анам деп,
Кіші қойды балам деп –

өмір сүрген жан. Осыдан кейін сен ол жаннан жиренбей көр! Осыдан кейін сен тоғышарлықтан бойыңды тартып, тіксінбей қара! Шын ақын саған, әдетте, ақыл айтпайды. Шын ақын сенің бойыңда жайлап бара жатқан қоқыстардың лап еткенінің тамырын қиып тастайды не ізгілік ұрығын себеді. Екінің бірі: әлгі екі жолды ғана оқыған адам, егер оның есі дұрыс, еңсесі тік адам болса, дүние қызығы тек мал емес екенін, олай ойласа, өзі де мал боп кететінін сезінбей ме?! Селк етіп шошынбай ма? Егер сол сөздерден ең болмаса бір адам дәріс алып, тағлым алса, онда ақын міндетінің ақталғаны. Мұндай өлеңдерінің санына «Қара шұбар, ала ешкі», «Мұстахқа», «Қуңдаған қу Бисен», «Оразалыға» деген өлеңдерін қосар едім. Соның бәрінде де ол айлакерлікті, көзбояушылықты, қулық-сұмдықты адымын аштырмай бүріп, жықпылға жеткізбей іліп түседі. Екі-ақ шумақтан тұратын «Қутыңдаған қу Бисенді» оқып көріңізші:

Қутыңдаған қу Бисен,
Өтірікші су Бисен.
Маған сатты бір атты
Шәртік қарын сұр атты,

Қазанаттай қампитып,
Түріменен тоқ қылды.
Он бес күннің ішінде
Үш қамшымды жоқ қылды.

Меніңше, бұл жолдарды түсіндіріп, талдап жатудың қажеті жоқ. Қашаған тек әлгіндей қасиетсіздіктермен ғана күресіп өтпеген, сонымен бірге ол – жылағанды жұбатқан, жақсылыққа тілек айтқан, еліне бата берген үлкен жүрек иесі. Оның өзінің замандасы Аралбайға айтқан жұбатуын тебіренбей оқу мүмкін емес:

Замандасым Аралбай,
Тұяғы бүтін сұңқар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ.
Кең пендеде іні жоқ,

Інісіз жанның күні жоқ.
Кейбіреуде аға жоқ,
Ағасыз жанда жаға жоқ.
Кейбіреуде бала жоқ,

Болмаса перзент шара жоқ.

Бұл жалғызынан айрылып, зар жылап отырған Аралбайды ғана емес, бір баласын жерге беріп, тұяқсыз өтіп бара жатқан оның өзіне де айтқан жұбатуы. Аралбай қасіреті – Қашағанның өз басының да қасіреті. Ал «Тойбастары» – келер ұрпаққа жақсы тілек, бата. Бірақ неге екені белгісіз, Қашағанның осы жақсы тілек, ақ батасы тойларда көп орындала бермейді. Мұны үркердей боп көрініп келе жатқан жас жыршылар ескергені жөн. Қашағанның менің өз басымды керемет таңқалдыратын тағы бір қыры – оның өлеңдерінің терең философиялылығы. «Бұл дүниеде не жетім» деген өлеңінің тек бас жағындағы төрт жолын ғана оқып көріңізші:

– Бұл дүниеде не жетім?

– Кім қажетсіз болса сол жетім.

Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.

Осы жолдарды зер салып, ой тоқтатып тағы бір оқып шығыңызшы. Бұл сөздер дүние жүзі ой алыптарының сөздерімен иық тірестіріп тұра алатын сөздер емес пе! Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Тағы да оқыңыз. Не жешім деген сұраққа: «Кім қажетсіз болса сол жетім», – деп тұр ғой. Шынында да, одан өткен жетімдік бар ма? Әкесі жоқ та, шешесі жоқ та жетім екен. Неткен аянышты. Осы бір жолды ғана оқығаннан кейін, сөз жоқ жан-жағыңа қарайсың, қарайсың да не қоғамда, не өмірде ісі жоқ, қарақан басын ғана күйттеп, тойғанына күпті, кигеніне мәз жандарды көріп, аяйсың. Онан кейінгі: «Хакімі әділ болмаса, бұқара байтақ ел жетім», – деген жолдары ше? Басқа басқа, талай-талай хакімдердердің әділетсіздігінен сүйегіміз қан қақсап, жанымыз қан жылаған біз бұл сөздердің парқын жақсы сезінеміз. Оның парқын ғұмыр бойы сол әділетсіздіктердің зардабын тартып, соның соққысына жетім құсап жасып, жетім құсап жаутаңдап келе жатқан біз білмегенде, кім біледі?! Қашаған ақынның тағы бір «Және бір жайды айтайын» деп аталатын өлеңі өзінің сонылығымен, тосындылығымен ерекшеленеді. Жалпы, Қашаған тосын сөз, тосын ойдың ақыны. Ол ешкімді де қайталамайды, сонан кейін өзін ешкімге қайталатқызбайды. Жаратылысы өзге, бітімі бөлек ақын. Оны тек талмай зерттеу керек. Әлгі өлеңге қайта оралайық. бір торғай ағаштың бойынан құтырған құрт тауып жейді. Құтырған құрт жеген торғай да, әрине, құтырады. Құтырған торғай нені тыңдасын. Ол енді бүркітке шабады. Бүркіт оны бір-ақ қылғытады. Бірақ ол құтырған торғай ғой. Енді бүркіт құтырады. Бүркіт нән балыққа түседі. Балық та әп-сәтте құтырып шыға келеді. Құтырған балық суға сыйсын ба?! Ол мөңкіп, тулап жүріп, сыртқа шығып қалады. Сыртқа шыққан олжаны бүкіл ел боп жейді. Енді бүкіл ел құтырады. Бірін бірі тонап, бірін бірі талап, бірін бірі жеп, бүкіл ел құрып кетеді.

Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырды.
Біреулерді біреу жеп,
Азайған сөйтіп қай халық?

Бұл – кім-кімді де үлкен ойға қалдыратын өлең. Бәле сәл нәрседен басталатынынан хабар беретін өлең. Шынында да солай емес пе?! Қазір кішкентай ғана құтырған құрт-сөзден ел бүлініп жатқан жоқ па? Бұл өлең сәл нәрсеге де сергек болуға, сәл нәрсеге де жіті қарауға үйретеді. Қашаған ақынның мерейлі тойын, биыл арысы Республика, берісі өз жері болып, ұлан-асыр той қылып өткізуге дайындалып жатыр. Оның жатқан жеріне көздің жауын алатындай қазіргі салынып жатқан ескерткіштердің ішіндегі маңдай алдысы боп саналып, күмбезді кесене көтерілді. Маңғыстаудың қай түкпірінен де Қашаған есімі жиі-жиі ауызға түсіп, Қашаған сөздері жиі-жиі естіле бастады. Бұл – Қашаған әлі де тірі, оның рухани ғұмыры сала-сала боп жалғасып, өркештеніп, жоталанып келе жатыр деген сөз. Яғни бұл – қатепті қара нардай қайратты Қашаған ақын, Маңғыстаудың ең Басты Сөзін қомына теңдеп, ертеңіне қарай маң-маң басып кетіп бара жатыр деген сөз.

“МЕН НЕ ЖАЗДЫМ, МҰНША ҚОРЛЫҚ КЕШКЕНДЕЙ”

Мықты ақынға алдымен сөз ереді. Ол сөз көбіне - көп жусаң кетпейтін, жайсаң кеппейтін майлы күйедей қап-қара жалалы, бәлелі боп келеді. Жоқ нәрсені бар етіп бадырайтып қояды. Сыпсыңдап адымын аштырмайды. Тіміскілеп артынан қалмайды. Ол сөздер тек күйе боп жабысып қана қоймайды, бірде басын жарып, көзін шығаратындай сойыл мен шоқпарға, енді бірде шынжырын үзіп кетердей абалап ұмтылған қызғаныштың құтырған қызыл итіне айналады. Ол сойыл мен шоқпар ала жүгіретіндердің шаң-шұң айқайына айқай үстеп, бір сілтеуден қалмай бырт етіп сынып түсетін кепкен шыбық сермейтіндер де, ол қызғаныштың қызыл итіне өздерінің шаптығып шәуілдейтін қанденін қосатындар да табыла кетеді. Бетін шымшып жып-жып ететін өсектері мен құлақ сарсылтар гу-гу әңгімелері тағы бар... Ол енді отырса опақ, тұрса сопақ болады. Оның енді тырнағының асты, кір болмаса да, күнде кір! Оның енді түймедей ғана бір қылығы түйедей боп көрінеді. Оның енді саңқылдап сөйлегенін де, жарқылдап күлгенін де көре алмайды. Көре алмайды емес-ау, көтере алмайды. Апыр-ау неге бұлай?! Ол байғұс соншалықты не жазып қалды. Оның айтқаны халқының мұңы, жоқтағаны халқының жоғы емес пе еді? Бар айыбы, мынау бей-берекеті қашқан жалпақ жұртты жарасылымдылыққа, жақынын да жау көріп жағаласып жататын үдеріскен қауымды үйлесімге, сондай-ақ әділдік пен адалдыққа шақырғаны ма? Неге бұлай? Оның бір-ақ жауабы бар. Өйткені ол–үлкен әріппен жазылатын Талант! Ал талант ешуақытта, еш жерде кешірілмейді. Сондықтан да оны, жас болсын, жасамыс болсын, бәрі бір, әйтеуір көрге тықпай тынбайды. Олардың тіпті оны көрге тыққаннан кейін де жандары жай таба қоюлары екіталай... Әрине, қоғамда бишігін олай да сілтеп,былай да сілтеп үстемдік етіп отырған идеялогияның ондай талант иесімен қарым-қатынасы сәл өзгеше болып келеді. Алдымен оны түрлі айла-тәсілмен алдарқатып маңдайынан бір сипап, арқасынан екі қағып өзіне икемдемек болады. Сермесе семсеріне, сілтесе сойылына айналдыруға барынша күш салады. Құрған тұзағына түсірмек боп, әртүрлі айла-шарғыға барады. Алдайды. Арбайды. Әлбетте, талант иесі де ет пен сүйектен жаралған пенде! Сондықтан олардың сол бір құрған тұзағы мен қақпанына түсіп қалатын кездері болмай тұрмайды. Бірақ асау жүрек, бостан талант бұған ғұмыр бойы қалай шыдас бермек. Оның, қалай болғанда да, ауық-ауық құрған тұзақты қиып, құрған қақпанды қаусатып кететін кездері аз болмайды. Сондықтан да оған үстем идеялогия үнемі сенімсіздікпен қарайды. Тиісті үлесінен қағады, көкірегінен итереді, аяғынан шалады, босаға жаққа ығыстырып кемсітеді, кекетіп, мұқатып бағады... Енді оның әр өлеңін, әр сөзін, әр сөйлемін қалдырмай, қадалып оқитын болады. Жай көзбен оқымайды, лупамен оқиды. Тіпті лупамен емес-ау микроскоппен зерттеп үңіледі. Өйткені ол өлеңдер мен сөздердің арғы астарында, түкпір-түкпірі мен қалтарыс-қуыстарында аса кесапатты жұқпалы аурулар тарататын микробтар мен вирустардан мына қоғамды билеп-төстеп отырған үстем идеялогия айықпас дертке, жазылмас кеселге шалдықса қайтпек?! Ақыры, үңіреңдеп қайта-қайта үңіліп жүріп лағнет атқыр сол бір қатерлі вирустар мен микробтарды табады. Табады! Сонан кейін-ақ ақынның күні күн болмайды. Енді абалап ұмтылып балақтан тартатын пенделік қызғаныштың қызыл итіне, үстем идеялогияның арпылдап кеп тура алқымнан алатын тайыншадай-тайыншадай алпауыт төбеттері қосылады. Ал оның соңы немен тынатыны айтпаса да түсінікті... Менің аса ірі, аса зор шет ел ақындарының , сондай-ақ өзіміздің қайталанбайтын қадау-қадау ақындарымыздың өткен өмірлері мен тағдырларына қайта-қайта үңіле жүріп ұққаным осы болды. Әрине, әр ақынның өткен өмір жолы да, тағдыр-талайымы да әр басқа. Бірақ жинақтап келгенде осыған саяды. Осындай тағдырды басынан өткізген, қилы-қилы тіршілік кешкен ақындардың бірі, сөз жоқ, Қасым Аманжолов дер едім. Қарап отырсақ, Қасым Аманжолов та тағдырын тәлкек еткен қатал заманның талай-талай тәшпіші мен құқайын көрудей-ақ көрген екен. Оның соңынан, әлгі жоғарыда айтып өткендей сұрқия сөз де , зымиян сөз де ерген. Қасым ақынның қыл тұзаққа да, темір қақпанға түскен шақтары да, аяқ асты боп табанға тапталған кездері де аз болмаған. Оны кейде арғы жағы түпсіз құлама тығырыққа тіреп, кейде тәртіпке көне қоймаған тентек баладай бұрышқа да тұрғызған. Аяусыз сыналған. Ешбір кінәсіз моральдық кемсітушілік пен рухани қуғын-сүргінге түскен. Әдетте ақын дүниеден озғаннан кейін оның соңында өлмес өлеңдерімен бірге аңыз қалады. Қасым Аманжолов туралы айтылатын аңыздар да аз емес. Соның бірі, жұрттың бәрі, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай,қайталап айта беретіні, оның елден ерек шатақ болғаны. Мінезі сәл нәрсеге шарт кететін шамшыл, шәлкес екен. Шамына, арына тиген адаммен, кім екеніне қарамай, “қап бәлем, кейін бір оқсатып ретін келтірермін-ау” деместен, дәл сол жерде шат-шәлекейі шығып ұстаса кететін көрінеді. Тіпті жығылса да шаптан тіреп жатып алады екен. Ешкімді басынан аттатпаған, ешқандай сөзді басынан асырмаған. Тарс еткізіп атқан, қарш еткізіп шапқан. Иілу, бүгілу дегенді мүлде білмеген, шатырлаған найзағай құсап шарт сынған. Өзі де “бұлт болып арпалысам, жалын шарпып” деген ғой. Мұндай мінезге ие ақынға қыспағы да, қысталаңы да көп, кім-кімді де манекен сияқты қатырып-семдіріп қоятын қатыгез қоғамда өмір сүру қандай қиын болған десеңізші?! Оның өткен өмір жолына көз салсаң, Қасым Аманжолов бұл тірлікке тек қиындық көру үшін, тек жәбір-жапа шегу үшін келген сияқты. Ол “өзге емес, өзім айтам өз жайымдa” деген сөзді текке айтпапты. Шынында да Қасым Аманжолов өлеңдерін оқып отырып оның бүкіл соқтықпалы жолдары мен өткелекті өмірбаянын түгелге жуық көз алдыңа елестетуге болады. Ол тұтастай өлең-–өмірбаян. Өмірбаян болғанда да, өзі өмір сүрген қоғаммен, уақытпен, заманмен, адамдар тағдырларымен тамыр-талшықтарына дейін бірге өріліп кеткен өмірбаян. Оның “Балалық шақтан бір елес” деп аталатын ұзақ өлеңін бар болмыс-бітіміңмен егіліп-езілмей, алқымыңа жұдырықтай тас тұрып қалғандай тығылып, кеудеңе өксік кептелгендей демікпей оқи алмайсыз. Ол бұл өлеңінде ағасы Тайжанның он бір, өзінің алты жасында тұл жетім қалғанын, екеуінің қаншама азапты да мехнатты күндерді бастарынан кешкендерін шерлене баян етеді. “Қасқырдай үйге түскен аштық жетті. Арадан қарындасты алып кетті. Бездіріп құсты ұядан, жасты үйінен, елсізде ебелектей тентіретті” дейді ол. Қос жетімнің барар жер , басар тауы қалмайды. Қол ұшын созып, бауырына басар, пана болар ешкім жоқ.

Жолаушы дұға оқып жаяулайтын,
Қалжырап келе жатқан ұзақ жолдан,
Дозақтай түсі суық бейіттер де
Біздерге әке үйіндей мекен болған.

Бейуақта не бейіттен, не қорғаннан,
Біздерді көрген жандар естен танған,
“Ойпыр-ай, Тайжанбысың, сайтанбысың”,–
Деген сөз ел аузында содан қалған.

Қандай қиын, қандай ауыр тағдыр! Басқаша қалай айта аласың?! Әйтпесе, құйтақандай екі баланың түн ішінде тентіреп ескі қыстаулар мен бейіттерді пана етіп жүргендерін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл көрініске енді сіз күні бойы жер ошақтың жанынан жүргізбейтін “қоқиланған мырзаның” қорлығы мен бастарына “шымшуырмен салып қалатын” қатыгез әйелдердің зәбірін қосыңыз. Жаның жылап, жүрегің қақ айрылады! Буыны бекімей, сүйегі қатпай жатып-ақ осыншама зәбір мен қорлықты, осыншама зобалаң мен зорлықты көп көрген ол, жапақ-жапақ еткен жалтақ, іштен тепсе де ыңқ демейтін ынжық, аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен солбырайған сорлы боп қалмайды. Әсілі, арғы тегі тегеурінді, мықты болса керек. Қайта, қысқаштай қысқан сол бір қиындықтардан қыл шылбырдай шиыршық атып ширатылып, көріктен қызарып шығып, балға мен төске тапталған сом темірдей шыңдалып өседі. Ақын ержетті. Есейді. Ұстаған жерінен айрылмай тырмысып, тастай тістеніп жүріп алға, тек алға ұмтылып бақты. Оқу оқыды, тоқу тоқыды. Оң-солын таныды. Жан-жағын барлады. Күндердің күнінде қиыр шет, қиян түкпірдегі Оралдан бір-ақ шықты. Әрине, біз бұл мақаламызда ақынның өмірбаянын тізбелеп шыққалы отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз мүлде басқа: оның өлеңін тану. Өлеңі арқылы, мүмкіндігіміз жеткенше, ақынның рухани кескін-келбетін, рухани сымбат-ажарын, рухани болмыс-бітімін ашу. Бұл тұрғыдан қарасақ, Қасым Аманжолов әдебиетке о баста, біздің ұғымымызға әбден сіңісті боп кеткендей, от шайнап,шоқ түкіріп емес, сұлулыққа ерен ынтызар, махаббатқа аса құштар боп келіпті. Ақынның отызыншы жылдар ішінде жазылған “Сұлудың сымбатын” оқып көріңізші. Оны кенет ғажайып құбылыс көргендей таңданбай, шекер сорғандай таңдай қағып тамсанбай оқымау мүмкін емес.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін,меруерт тіс,
Бейне мақпал, қызыл тіл шекер балдай;

Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай;
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай;

Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...
Мықыны тар,қиылған қыпша белі–
Бұралған бейне нәзік пружинадай;

Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар,
Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай;
Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы–
Түп-түзу мергендердің мылтығындай.

Еш мін жоқ көз тойғысыз сырт тұлғасы
Заказбен мрамордан құйылғандай.

Па, шіркін! Бұл өлеңді оқыған, әйтпесе тыңдаған еркебұлан жас жігіттің осыншама сұлулықтан басы шыр айналып, жүрегі кеудесіне симай атқақтап, санасы сарсаң болып, есінен айрылардай немесе отқа түскендей күйіп-жанып, ал әбден қартайып мәужіреп қалған шалыңның күнде қалған көнектей кеуіп қалған тамырларына ып-ыстық қан жүгіріп кетпес пе?! Әрине, бұл өлең– бар дүниені ұмыттырып есалаң күйге түсіретін, ерік бермей кететін есірік құмарлықты қoздыратын, яғни хайуaндық инстинктің құлы ғып жіберетін эротика да, адамдық ар-ұяттан жұрдай, иман дегеннен мүлде ада тыржалаңаш парнография да емес. Бұл өлең– сұлулықтың тылсым да сиқырлы қуат-күшін бар болмысымен ашып көрсететін, құныға еліктіріп, еліттіретін, оның өзіңді де, көзіңді де арбап алатын кескін-келбеті мен ажарына деген ынтызарлықты оятатын өлең. Осы тұстағы Қасым Аманжолов өлеңдері кілең бір ұйыған сүттей үйлесілімділік пен құйылған күмістей жарасылымдылықтан тұрады. Әуен мен әуезге, мақам мен сазға толы ол жырларды оқығанда бесіктегі періште нәрестенің гуілін, жапырақ ұшында үзіліп кетердей боп мөлтеңдеген таңғы шық дірілін, самалмен ақырын ғана теңселген құрақ сыбдырын, сол құрақ балағын шымырлап сипап аққан бұлақ сылдырын, аппақ тамағы сайраған бұлбұлдың көмейіндей боп бүлкілдеп тұратын сұлудың сыбырын, әуелеп ұшқан аққу қанатының сусылын жан-тәніңмен сезінгендей боласың. Оның бәрі Қасымның ойы мен бойындағы, тілегі мен жүрегіндегі кіршіксіз таза , сонымен бірге белгісіз құпия кеңістікке асығып алып-ұшып талпынып тұрған ұлы махаббаттан туындап жатады.

Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйейін,
Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің.
Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз,
Махаббатсыз жаны жоқ дүниенің.

Түсінбейді-ау кей адам махаббатты,
Оған, сірә, махаббат–гүл сияқты,
Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты,
Гүлі солды, тастады, болды ұятты.

Жоқ! Махаббат гүл емес, жанның күйі,
Табиғаттың адамға тартқан сыйы,
Кейде бейне күйсандық, білсең ойна
Оның да бар До, Ре, Ми...Соль, Ля, Сиі.

Махаббатты осыншалықты қорғаштап, оған осыншалықты бәйек боп, оны осыншалықты асқақтатқан, оным тылсым табиғаты мен тұңғиық болмысын танып-білген, сәулесіне шомылып, нұрына шалқыған ақындар бұл дүниеде бар-ақ шығар-ау , бірақ олар өте сирек болса керек. Мен әлгінде үйлесімділік пен жарасымдылықты айтқанда өлеңнің түрлік сыртқы пошымынан шығатын аллитерациялық немесе дыбыс үндестіктерін емес, оның ішкі мән мен мазмұнынан, қан тамырларыңды кернеп бара жататын ыстық жұмбақ қуатынан туындайтын құпия құйылысты меңзеген болатынмын. “Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені, жарқ етермін күндей боп көрсем сені, қарт болсам мен сен үшін жасарар ем, тірілер ем егер де болсам өлі” деп махаббатты өзегі өртеніп, емірене аспанға көтеріп әспеттеген ақын, оны аяқ асты етіп, мазақ пен тәлкекке айналдырып, еріккеннің ермегі етіп жіберетіндерге өлердей жаны қас.

Қара түнді жамылып
Қайда кеттің қайқаңдап.
Тыным таппай сарылып,
Шаршадың-ау бай таңдап.

Түнде жортып сенделмей,
Бай іздесең базар бар.
Екатерина келгендей
Қатар тұрып... қарсы алар.

Бір күндікке біреуін
Табарсың да тастарсың.
Сүйте-сүйте сұлуым
Бұл дүниені ластарсың,–

деп кебірге өсетін кекіре шөптей кермек, тозған таудың азған етегінен алынатын ашутастай ащы мысқылмен түйреп, одан безініп жиіркенеді. Мына өмірден тіліңнен бал сорғалап, жан жүрегіңді алтын шуаққа бөлеп, болмыс-бітіміңді жарқылдаған, жалтылдаған сәулеге орап жіберетін сұлулықтың сиқырлы сымбатынан көздің жауын алатын үйлесім мен сөздің нәрі мен құнарын құятын жарасымдылық іздеп шарқ ұрған, оған шаң қондырып, тозаң түсіргендермен бүкіл жан-дүние, бар табиғатымен аяусыз күрес ашатын ақынның қызықты да шыжықты сол бір сәттері бір-ақ күнде айра-жайра боп, ойран-ботқасы шықты. Соғыс басталды. Ақын майданға аттанды. Біздің соғыс жылдары туралы жырлар десек, есімізге алдымен Қасым Аманжоловтың есімі түсетіні белгілі. Ол тектен-тек болмаса керек. Өйткені соғыс стихиясын дәл Қасым Аманжоловтай орасан қуатпен, алапат бұрқаныспен берген бірде бір қазақ ақыны жоқ десек, оған ешкім де ренжи қоймас. Тағы да ол өлеңдер, өзіндік көркемдік қуатымен, екпінді бұла жаратылысымен әлемдік деңгейдегі шырқау биікке көтерілген өлеңдер. Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Мен өз басым соғыс тақырыбына жазылған орыс ақындарының өлеңдерін былай қойғанда, соғыстың от-жалынының қақ ортасында, бораған оғының дәл астында жүрген, оның бүкіл тауқыметі мен ауыртпалығын өз бастарынан өткерген еуропалық Қарсылық (Сопротивление) ақындары француз Поль Элюар, чех Витезслав Незвал, венгр Дюла Йиеш, серб Радован Загович, итальяндық Сальваторе Квазимодо, пoляк Юлиан Тувим және басқаларының шығармаларымен бір кісідей етене таныспын. Кейбіреулерінің шығармаларын аудардым да. Олар тұла бойларынан қан сорғалап түрған, әрі қаһарлы, әрі қайратты өлеңдерді дүниеге келтірген аса ірі тұлғалар! Қасым Аманжоловтың соғыс туралы жырлары, егер жеріне жеткізе аударылса, солардың қақ ортасынан ойып тұрып орын алатынына менің титімдей де күмәнім жоқ. Бәріміз баяғыдан жатқа білетін мына жолдарға назар тіктеңіз:

Құдірет күші жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу, кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені
Бомба бол да жарыл жүрек!

Құдай-ау, неткен долы, неткен қаһарлы, неткен сұсты, неткен ызалы, неткен сұрапыл күш бұл?! Ақын ішінде алапат магма булыға қайнап, тасып-төгіліп, отты бұрқақ боп атылып жатқандай. Тұла бойынан от шашыраған мұндай қуатты өлеңмен соғыс туралы жазылған қай ақынның өлеңі иық тірестіріп шендесе алар екен?! Жоғарыда соғыс стихиясын дәл Қасым Аманжоловтай берген қазақ ақыны жоқ дегеніміз де, ол жырлар әлемдік деңгейге көтеріліп кеткен дегеніміз де бостан бос, әйтеуір айтыла салған сөз емес екенін, оған мына төмендегі жолдарды оқысаңыз-ақ көзіңіз бұрынғыдан да жете түседі.

Айнала жау ырсыл қағып,
Айдаһардай көтерді бас,
Кейде ілезде қызып жанып
Дүниедегі бір ұлы айқас.

Зіл-зала боп жер мен аспан,
Соқты ұйтқып оқ бораны:
Қан кілкіте қара тастан,
Түткіледі кең даланы;

Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер,
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер!

Ақын жүрегінен қып-қызыл жалын боп атқылап, шапшып шыққан бұл жолдарды сен “па, шіркін” деп тамсанып, бас шайқап та, “неткен ғажап” деп тамсанып қол соғып та тыңдай алмайсың. Өйткені от құйыны ұйтқып, оқ борап жатқан тозақ күйін естігендей, зіркілдеген зеңбіректермен бірге сенің де басың зіркілдеп, қара тастың өзінен кілкілдеп қан ағып, алып далаңды жүндей түтіп түте-түте еткен бұл сұмдыққа шыдай алмаған өліктердің өзі жер астынан ытқып шығып жатса қалай өйтпексің?! Өйткені сен де асты үстіне түсіп ала құйын аласапыран дүниенің ішіне кіріп жұтылып кеттің... Қалай болғанда да Қасым Аманжолов ол қаһарлы соғыстың құрыштан құйылғандай берік, тастан қашалғандай айқын, кісі шошырлық сұмдық суреттерін жасаған ақын.

Құйрығы алтын снаряд, оқтар,
Кезіп жүр көкті дамылсыз ұшып.
Кеудеңе келіп қонуға құмар,
Тұмсығы сүйрік қадала түсіп...

Көрдіңіз бе, Қасым ақын өлім алып келер алтын құйрықты снарядтар мен оқтардың кім-кімді болса да сұқтана қарататын сұлу мүсінін жасаған. Менің ойымша, егер Қасым Аманжоловқа ажал-сұмның сымбаты мен кескін-келбетін суретке айналдыр десе, ол оны тұла бойын жалбыраған жүн менен түк басқан алба-жұлба, көзі шақшиған, тісі ақсиған албасты құбыжық кейпінде емес, мұз сияқты мөп-мөлдір көкпеңбек, немесе қаңтардың қарындай аппақ, бірақ ызғары мен ызбары бетіне теуіп тұрған сұп-суық сұлу етіп салар еді! Қасым Аманжоловтың соғыс тақырыбына жазған жырларын әңгіме еткенде оның “Дариға, сол қызын” аттап өтуге де, айналып өтуге де болмайды. Олай ету күнә балар еді. Бұл өлең– алағай да бұлағай, астаң-кестеңі шығып, ішек қарыны ақтарылып жатқан, қан сасыған дүниенің ішінде жазылған махаббат гимні ғой.

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.

Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз.
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

Қандай жанкешті махаббат! Өмірі мен тағдыры бір тал қылға ілініп, кез-келген сәтте көктей қиылып кететін кезде де, құтырған қып-қызыл оттың ішінде жүріп те “қайда екен, қайда, дариға, сол қыз” деп үздіге, аңсар құштарлықпен сөйлеу үшін де аса зор қуат пен орасан жігер, үлкен жүрек керек шығар. Бұл жыр– мәңгі өлмейтін ержүрек махаббат жыры! Соғыс, әрине, өлеңді есік-терезеңді қымтап, жайласып, жайғасып отырып жазатын жер емес. Оның отсыз, оқсыз жай күнінің өзі асығыс-үсігіс, абыр-сабыр. Бірақ жазатын адамға өлең деген де жазылмас дерт қой, жер таңдамайды, жағдай іздемейді. Жаныңды жегідей жеп, құрттай талап дегбіріңді қашырып бітеді. Ең бір қиын, қысталаң шақта да, тіпті бірер шумақ болса да өз-өзінен экспромт боп құйылады, фрагмент боп түсе қалады, этюд боп елп еткізеді, эпизод боп кестесін төгеді... Соның бәрінде ақын мінезі, ақын көзқарасы, ақын психоогиясы көрініс табады. Мейлі ол өлең көңіл мен көзді қатар арбайтындай сыланбай-ақ қойсын, мейлі ол өлең құлаққа құйқылжып құйылатындай сазға ие болмай-ақ қойсын. Жұртты сендірердей шындығы болса, жетіп жатыр. Оның Әшім деген өлеңін оқып көрейікші:

Ойбай, мынау
Малғұн фрау!
Неге маған көз қысад,
Қағып қасын?!

Дейді де Әшім
Сығып жасын
Есіне алып
Өзінің Жәмиласын.

Ракурсы дұрыс қойылмаған фотоаппарат түсірген сурет қой бұл. Кедір-бұдыры, олпы-солпы жері бадырайып-ақ көрініп тұр. Бірақ осы бір сегіз-ақ жолда қаншама гәп бар. Қанды қасап ішінде жүрсе де адалдығы мен ар-ожданына титтей де қылау түсірмеген Әшімнің аңғал мінезі мен Жәмиласына деген кіршіксіз махаббаты, серттей берік сенімі жатыр. Соғыс та бітті. Қасым Аманжолов та өзгелермен бірге, туған жерге, ғұмыр бойы аңсаған Алматысына оралды. Оның әр бұрышын бір мекен етті. Бірақ күні кеше ғана Отанын қорғап, өрт ішінен шыққан қайсар жауынгер ақын өзінің туған еліне, кең дүниеге симай қор болды. Қыңсылап қыр соңынан қалмайтын тіміскі тұрмыс деген бәле де ақынды әбден тұралатып бітті. Бойын жаздырмады, адымын аштырмады. Айналасының бәріне сөзімен от лақтырып жүретін тарпаң ақынға тиісті орындар тыжырынып, жек көріп қарады. Оның үстіне өкпесін шұрқ тесік етіп жеп жатқан құрт ауруы тағы бар. Оған енді осының бәрімен қасқая жүріп күресуге тура келді. Қасым Аманжолов осы бір тұста бір майданнан шығып, екінші майданға кіргендей күй кешті... Бәріміз жақсы білетін “Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды; өлеңнің отын жағып жылытармын өзімді, өлеңімді, жас баламды” деген шағынып, жалынудан, жылап-сықтаудан ада, әрі такаппар, әрі өжет жолдарды жазбас бұрын да

Құзға салған қыранның ұясындай,
Ұшпақтағы софының құжырасындай,-
Елестейді баспана , Алматының
Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай.

Ақын болдым, жырладым астанам деп,
Бос жүгіріп жүрмедім босқа нан жеп.
Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,
Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.

Жер сұрадым, ақыры күрке салар,
Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар.
Жер сұрасам– сілтейді зират жаққа,
Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар,–

деген еді.

Кеудесі отты жырға, жүрегі елі мен жеріне сүйіспеншілік пен махаббатқа толы қайран ақынды зират жаққа сілтеп әбден жәбірлеп, қорлаған ғой. Не деген мейірімсіз қатыбас, не деген қайырымсыз қатыгез заман десеңізші! Сол тұста ғой, соғыстан оралған жауынгерлердің бәрі дерлік Қасым құсап бас сұғар пана таппай қаңғып жүрмеген шығар-ау?! Әсіресе, “аға ұлт” өкілдерінің ортадан ойып тұрып үй алып жатқаны сөзсіз ғой. Бірақ ол кезде, менің олардан нем кем, неге бұлай деп айтуға тіл қысқа. Айтса, оны итжекеннен бірақ шығаруы мүмкін... Ойы озық, жігері шарболаттай өткір, наркескен ер- азаматқа өзінің қатарынан, қатарынан емес-ау, тіпті көп төмендерден кейін қалу, иіні жыртық жүдеу, өкшесі тесік жадау өмір сүру қандай қиын. Мұндайда ақын “Жігіттің көрдік жүйрік, шабанын да, япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба? Үстімнен қойды-ау түспей қара тоным көк бөрік, көк жағаның заманында”– деп налиды. Налиды да

Мен не жаздым, сонша соңға түскендей,
Мен не жаздым, мұнша қорлық кешкендей:
Мен не жаздым, жапырақтай қуарып,
Күлге айналып қоламтада өшкендей!

Мен не жаздым, өмірден қол үзгендей,
Мен не жаздым, панасыз боп кезгендей,
Мен не жаздым, аласталып тұрмыстан
Адамшылық дәрежеден безгендей!

Мен не жаздым, бойым жазып жүрместей,
Мен не жаздым, қызықты өмір сүрместей,
Мен не жаздым, жұрт көргенді бір көріп
Жұрт білгенді мен де бірге білместей!

Мен не жаздым, шығармастай үнімді,
Әлде маған қырқ дей ме екен тілімді,
Әлде менің жүрегіме су құйып-
Өшірмек пе оттай жанған көңілімді,–

деп күйзеле күйінеді. Егіліп сөйлеген ақынмен бірге сен де егіліп, бүгіліп кеткен ақынмен бірге сен де бүгіліп кетесің. Маңдайының соры бес елі болған қайран ақынмен бірге сенің де қабырғаң қасапшының қолына түскендей бырт-бырт сөгіліп, омыртқаң күтір-күтір омырылып бара жатады-ау! Шынында да байғұс ақын соншалықты не жазып қалды екен?! Әлде ол әлдекімдерді тұспалдап

Қарсы алдыңа келгенде сипақтайды,
Сорлы неме іште арам сыр сақтайды.
Бір сырыңды білдірсең, ондай арсыз
Қиратардай дүниені қипақтайды.

Қайдан білсін, бүгінгі мықты адамдар
Ондайларға жотасын сипатпайды.
Осы жұрт неменеге жыртақтайды
Түйедей ғып көрсетіп тырнақтайды.

Егерде халық өзін мақтамаса,
Бос әуре, қатыны оны құр мақтайды,–
дегені үшін бе? Жоқ, әлде бір бастықты меңзеп
Сырт кескінің дәл бұрынғы байдайсың,

Айырмаң тек, сен галстук байлайсың.
Еліретін, семіретін жөнің бар,
Құсасың да, оны қайта шайнайсың,–

деп келеке еткені үшін бе? Жоқ, әлде қуанышқа да, қайғыға да, бар-бар нәрсеге де күдік-күмәнмен қарайтын бір сорлыны ишаралап

Жылама сен, күл– дейді.
Күлсем, және сенбейді.
Қара тер боп тергейді,
Неге күлдің сен дейді.

Күле білмес– қуыршақ,
Жылай білмес– ақиқат.
Күлсек, яки қайғырсақ–
Бәрі болар оған жат,–

деп сойып салғаны үшін бе? Бәрі үшін! Елден ерек, оқ бойы озық талантты болғаны үшін. Жұрттан бөлек өжет те өршіл болғаны үшін, әділдікті қақ тіліп айтатыны үшін, тіпті ән салып, домбыра мен сырнай тартатыны үшін. Мұндай ақынды кім кешірсін! Мұндай ақынды оттан суырып ап суға, судан суырып ап отқа лақтыру керек. Таптау керек. Жаныштау керек. Басын көтермесін, көкірегін кермесін, көзіне көк шыбын үймелесін. Ондай жүгенсіз кеткен бәлені тоз-тозын шығарып тоздырып, аузына зәр құйып аздырып жіберу керек. Қалайда оның сағын да, жағын да сындыру керек. Керек... Керек... Ең керектің ішінде, оның жан дегенде жалғыз жұбанышы өлеңдерін керексіз ету керек. Қасымды солай еткен де! Оның өлеңдерін түкке алғысыз етіп жерден алып жерге салған. Бір емес, екі емес қайта-қайта сөйткен. Қанатын қайырмақ, маңдайын айырмақ болған. Өлім мен өмірдің арасында төсек тартып жатқан кезде де оған тыным бермеген. Ондай қиянатқа қарсы сөз айтпаса Қасым Қасым бола ма? Соңынан қалмаған сондай бір сұмпайы сыншыға

Жазғанымды жамандап,
Сен төккенмен жыныңды,
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Ұрдым сенің сыныңды!

Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат- жігермін.
Сорың үшін жазылам,
Ауызыңды бүрермін.

Құсқан жының, ірің көп,
Қылшық-қылшық бір шимай.
Адам болар түрің жоқ
Анаңнан қайта тудырмай,–

деп қинала кіжініп, сес көрсетеді. Жан-жағынан арадай жабылып жанын талаған ондай-ондай сөздерден кей-кейде мұңайып егіліп сөйлесе де, езіліп кетпейді. Қасекеңнің өзі айтқандай, “солдаттың етігіндей жаны сірі” боп шықты. Шыдады. Төзді. Әрине, ол тілін тістеп, аузын буып, өзіне өзі тығылып төзген жоқ. Тартысып жүріп шыдады, жағаласып жүріп төзді. “Біз осы дуракпыз ба, ақынбыз ба?” деп өзіне-өзі күмәнмен қарап алып, сонан кейін “естіге ақын, бұзықпыз ақылсызға” деп өзін-өзі жұбатып жүріп төзді. Бірақ қанша төзгенмен үздіксіз тамған тамшы да тасты теспей ме, толассыз жаншыған салмақ та темірді майыстырып, майырмай ма?! Олардың қасында ол бар болғаны ет пен сүйектен жаралған пенде баласы ғой. Қиянат көрген жаны күйінеді ғой. Ауру меңдеген тәні күйрейді ғой... Дей тұрғанмен, еш уақытта да не бәсеюді, не төмендеуді білмеген, көрген азап пен мехнаттан басы шыңылдап, әбден қажытқан дерттен көкірегі сырылдап жатып та, ең соңғы өлеңдерінің бірінде

Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім– жаз, көңілім– көктем кең пейілді
Жақсының жүрегіне ғашық едім;–

деген өжет те өр Қасым ғой ол..

ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ КӨНЕ ҚОҢЫРАУЫ

Оны о баста қоңырау етіп Табиғат пен Уақыт екеуі бірлесіп құйса керек. сілкініп қалған кезінде оның өз бойынан жасынның жарығындай-қып-қызыл от шашырап, тіршіліктің деміндей өрттей ыстық леп ұратыны сондықтан. Сілкініп қалған кезінде оның өн бойынан жалын бұрқырап, астан-кестен болып жатқан ұлы мұхиттардың сұрапыл шуылы мен гуілі әлденеден бөрлігіп, әлденеден үрейленген мына қан базар өмірдің төбесіне қатар төгіліп жататыны да сондықтан. Оның өн бойынан аспан мен адамның алапат күрсінісі қатар естілетіні де содан деп білеміз. Ақын Әбділдә Тәжібаевты о баста Табиғат пен Уақыт қоңырау етіп құяр кезде оны алдымен халық жүрегінде қорытып, халық жүрегінде шыңдап алғаны сөзсіз. Сондықтан да, қашан көрсең де, оның көмейінен халықтың ойы құйылып, тілінен халықтың сөзі сорғалап тұрады. Халықтың алып жүрегінде қорытылып, халықтың алып жүрегінде шыңдалған қоңырау, сол халықтың терең ойы мен сұңғыла сөзіне айналмай енді не істемек?! Ал халық жүрегінде қорытылып, халық жүрегінде шыңдалып барып құйылған қоңырау, сөз жоқ, күмбіріне құлақ түрген әрбір адамның жанын шыңдап, жүрегін суғарары тағы белгілі. Әбділдә Тәжібаев – шынында да көне қоңырау. Тозған, ескірген емес, көкірегіне елінің көсемдігін, көшелігін жиған, тұла бойына даланың дарқандылығын, даналығын сіңірген көне қоңырау. Ал ондай қоңырау – қай тұстан шықса да – селт еткен дыбысқа сергек, қылт еткен қимылға ояу. Қай уақытта көрсең де оның дамылсыз дабыл сап, тас төбеңде күмбірлеп тұратыны да сондықтан. Өне бойына мына мазасыз өмірдің құсасы мен қуанышын, күлкісі мен күрсінісін, қысастығы мен құштарлығын құныға сіңіріп алатын ондай сергек те ояу қоңырау дабыл салмай тұра алмақ емес. Дабыл сап тұрған ондай қоңырау күндердің бір күнінде салғырттың санасын жаңғыртып, қамсыздың қанын оятары кәдік. ... Міне, қазақ өлеңінің көне қоңырау тағы да дамылсыз күмбірлеп тұр. Үнінде риза қуаныштан гөрі, уайым-күрсініс көбірек секілді. Яғни уақыттың желі, дүниенің демі оны солай соқтырып тұр!

АТЫРАУДЫҢ АҚИЫҚ АҚЫНЫ

(Сексен жылдығындағы сөз) Қазақ совет поэзиясының дүлдүл жүйріктерінің бірі, туған әдебиетіміздің ыстық-суығын бірдей көріп, оның азабына төзіп, базарына балаша қуанып, жеңілінен жерініп, ауырына жауырынын төсеп келе жатқан ақпейіл азамат ақынымыз Әбу Сәрсенбаев сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Осынау тар жол, тайғақ кешулі, шың мен шаңыраулы үлкен ғұмырды басынан өткізген дарқан дарын Әбу Сәрсенбаевтың өз халықына рухани қызмет етіп келе жатқанына табаны күректей жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Риясыз рухани бейнет етіп келе жатқан осы талантты ғұмырдың дүниеге әкелген шынайы шығармалары халқымыздың рухани асыл қазыналарына айналып кеткелі қашан. Бұл шағын тоймақалада Әбу Сәренбаев қаламынан туған дүниелердің бәрін қамтып сөйлемек түгіл, тек сырттай шолып айтудың өзі мүмкін емес. Өйткені бүкіл өмірін қастерлі қағаз бен қасиетті қаламға арнап келе жатқан қаламгердің бітірген творчестволық шаруасы ұланғайыр. Осы ұланғайыр творчестволық шаруаның тек бір пұшпағына ғана көз жіберіп, тек соны сөз етудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етсе керек. Өйткені Әбу Сәренбаев шығармалары халқымыздың бір емес бірнеше ұрпағына рухани қызмет етіп тастады. Яғни ол шығармалар халықтық мәннен халықтық сипатқа ие болды. Ал халықтық мәннен халықтық сипатқа ие болған дүниелер жайлы сөз сөйлегенде, кім-кімнен болсын аса үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, Әбекеңнің ақындық жолына, оның ішінде жауынгерлік жырларына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Біз, әрине, Әбекеңнің ақындық жолының соғыс жылдарындағы жырларын тектен тек таңдап алған жоқпыз. Оған Әбу Сәрсенбаев творчествосына арналған мақалалар мен сын еңбектердегі кейбір пікірлер себеп болды. Ол мақалалар мен сын еңбектердегі пікірлер, негізінен Әбекең әуен мен әуезді, түтілген түбіттей биязы ақын деуге бейім тұрады. Әбу Сәренбаев шығармаларын мұқият қадағалап, оның өлеңдерімен сұхбаттаса сырласып жүретін адам, сөз жоқ, ол пікірлермен ешуақта да келіспес еді. Өйткені оның оқырман қауымға белгілі алғашқы жырларының өзінен үлкен азаматтық жүректің дүрсілі мен азаматтық дауыстың үні естіліп тұр. Ол өлеңдерден биік рух пен өршіл пафос, қайтпас жігер мен қайтпас қайсарлық сөз алады.

Соқ, дауыл, тұманды қу, толқынды
Тақытты талқан етер нөсер қайда?
Кел, менің азаттықты арман еткен
Қанжардай лирамның жүзін қайра!

Бұл жолдар ақынның 1939 жылы жазылған «Пушкин Қара теңіз жиегінде» деген өлеңінен алынып отыр. Лирасының жүзін қайрамақ ақынның творчестволық мінезін, қане, кім түбіттей биязы дей алар екен?! Тағы да, лирасының жүзін басқаға емес, дауылға қайратпақ болған ақын өршілдігі қандай десеңізші! Найзағай жарқылы сіңіп кеткендей, оқылған кезде шатырлап ойнап шыға келетін оның сол жылдары жазылған «Ескерткіш» өлеңі де бұл сөзіміздің толық дәлелі бола адады. Әбу Сәренбаев творчестводан тыс, қарапайым өмірде бұрқақ мінезсіз, биязы, тіпті, бір қарағанда, бетсіздің бетіне де жел болып тимейтіндей сыпайы жан. Бірақ ол бұйығы биязылық емес, керек кезінде, қынабынан қылышын суырып, белінен сойылын шешіп жатпай-ақ, кім-кімді болсын мақтамен бауыздап тастай алатын принципті, табанды биязылық. Ал ондай мінез ішкі сабыры мен қайраты мол жандарда ғана кездеседі. Әбу Сәрсенбаев дәл осындай жан. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі лепті екпін, динамикалық қозғалыс сол ішкі қажыр мен ішкі қайраттан туып жататын болса керек. Теңіз толқынындай тереңнен лықсып көтеріліп, ақжалданып бұрқырап жататын жолдар Әбу Сәренбаевтың соғыс жылдарында жазылған жырларында тіпті молынан кездеседі.

Тула, Балтық, тула, Балтық!
Тула, толқын, жарды қарпып.
Жау келеді, жау келеді,
Түн қойнынан өлім артып.

Жойып жібер жын ойнағын,
Толқыныңмен тебе тартып.
Шыңырауыңа батыр оны.
Тула, Балтық, тула, Балтық!

Крондштат, Крондштат!
Өмір берді Отан-штаб.
Көкірегіңмен қақ дұшпанды,
Ұлы орыстың өзіне ұқсап.

Бақытымызға қамал бол сен,
Өр кеудеңді жоғары ұстап.
От бер ауыр зеңбіректерге,
Крондштат, Крондштат!

Бұл жолдар, сөз жоқ, қазірдің өзінде жүрек үніндей, жүрек ұранындай естіліп тұрған жоқ па?! Жалыны сөніп, жаны қалғып кеткен жан болмаса, бұл жолдардан кім-кім де күн күркіріндей қуатты рух сезінері сөзсіз! Шіркін, өлеңнің өлеңдігі рухында ғой! Рух лебі шарпып жіберсе, көзге түсе бермейтін ең бір елеусіз қарапайым сөздердің өзі қоламтадағы қып-қызыл шоқтай көзін жарқ еткізіп ашып алатыны бар-ау. Шынында да, әлгі жолдарға тағы бір назар аударыңызшы. Жай көзбен қарағанда бәрі де қарапайым жолдар. Ал оқып көріңізші. Әр сөздің астарынан құйын үйіріліп, дауыл көтеріліп бара жатқандай. Бір қарағанда қой мінезді қоңыр сөздердің ақын аузына түскен бойда арыстан айбат пен жолбарыс қайратқа ие болып кететені-ай! Балтық пен Крондштадқа осылайша дем берген ақын өзінің ақжал Атырауына да алабөтен мінез бен қайрат тілейді.

Қош, еркін кәрі Атырау толқындары,
Ақынның қиялындай толқымалы.
Қалқан қып жүрегімді тостым алға,
Дабылын соқ майданның, толқы, қане!

Атырауға арналған өлең осылай аяқталады. Байыппен қараған адам бұл өлеңдегі ақын ойынан өзгеше тосындық көрер еді. Әдетте майданға аттанып бара жатқан ақын табиғат құбылыстарынан дем мен күш, қажыр мен қайрат сұрап тілемеуші ме еді. Ал бұл өлеңде керісінше, ақын майданға аттанып бара жатып Атырауға дем мен күш беріп тұр. Бұл – Атырау арқылы елі мен жерін жігерлендіру. Ал елі мен жері жігерлі ақынның әр уақта да маңдайы ашық, мерейі үстем. Әрине, ақын азаматтығы тек елі мен жеріне жігер беру ғана емес. Егер ақын азаматтығын осы тұрғыда, осы арнадан ғана іздейтін болсақ, онда оның аясын тым тарылтып алар едік. Ақын азаматтығы, ең алдымен, ақиқатты айтуында, ал ақиқатты айту нағыз патриоттың ғана қолынан келмек. Әйтпесе, тек ұран тастап, үндей беру түптің түбі жауыр жадағайлыққа, кебір көлгірлікке алып келуі кәдік. Ал ол күрессіз күпсу мен жалынсыз бықсуға алып барары сөзсіз. Міне, осыны дер кезінде ұға білген Әбу Сәрсенбаев соғыс тақырыбын барынша, терең, барынша дендеп игеруге кірісті. Ол соғыстың драмасы мен трагедиясын бүкіл болмыс-бітім, жан дүниесімен сезіне білді. Сондықтан да оның қаламынан мына төмендегідей өлең жолдары дүниеге келді:

Мазасыз Украина түні!
Түн түнеріп,
Тағы да төбемнен үңілді.
Ай мен жұлдызы артқа жасырып,

Түн қара түнегін киінді.
Қатерлі елім көлеңкесі
Менің жүрегіме келіп үңілді.
Мазасыз Украина түні!..

Мен окопта отырмын,
Батыстан алмай көз қырын.
Тынысымды ішке тартып, тыңдаудамын
Әрбір жапырақтың сыбдырын.

Тіміскілеген сұм ажал!
Сұм ажал төңірегім.
Мен окопта отырмын.

Бұл жолдарда «Тула, Балтық» пен «Атырауға» тән бұрқақ лепті ырғақ жоқ. Түтілген түбіттей биязылық та атымен сезілмейді. Осы өлеңді оқи бастағаннан тұнжыр тылсым түнекке еніп бара жатқандай болатының сөзсіз. Соғыстың сұп-суық сызды демі бетіңді шарпып жібергендей. Тағы да бұл, өлеңнен қалыпты өмірдің қалыпты ырғағы, әуені мен әуезін таба алмайсыз. Ол ырғақ пен әуен-әуезді соғыс түнегі жалмап, жұтып қойғандай, өлең де өзінің үздігіп тұрған гармониялық үйлесімінен аяқ астынан айрылып, тоналып қалған. Өлең жолдарындағы үн бірде рабайсыз созылып, енді бірде шорт кесіліп, омырылып естіледі. Осы өлең соғыс зұлмат алып келген ажалдың сұп-суық лебімен сөз алған. Әрине, онда қорқыныш та, үрей де жоқ. Бірақ онда тұла бойыңды дір еткізетін соғыстың ауыр, нақты картинасы бар. Осы өлеңнен кейін көп ұзамай-ақ дүниеге даңқты «Ақша бұлт» өлеңі келді. Қазір «Ақша бұлт» десек, Әбу Сәрсенбаев, Әбу Сәрсенбаев десек, «Ақша бұлт» көз алдымызға келері сөзсіз. «Ақша бұлттың» Әбу Сәрсенбаев творчествосының символына айналып кеткенін қашан. Өзегіңді өртеп, көкірегіңді қарс айырып жіберетін бұл өлеңдегі сағыныш ғұмыры, сірә, мәңгілік болса керек. Жалпы айтқанда, жауынгер Әбу Сәрсенбаевтың соғыс жылдарындағы жырлары сыншылар мен зерттеушілер үшін үлкен тиянақты зерттеуді тілеп тұрған рухани тың алқаптарымыздың бірі. Ол тыңды мұқият зерттеу жұмысы көп ұзамай басталарына да сеніміміз мол. Сонда ғана біз ақынның «Өлім ойпаты», «Жатырқама, жас сәби», «Солдат», «Солдат шинелі», «Сен құрметте оны», «Генерал кеуде», «Жеңіс жолы», «Жалғыз емен», «Түн», тағы да басқа толып жатқан тамаша өлеңдері жаңа бір қырынан жарқырап көрінер еді дей аламыз. Мәселен, ақынның «Жатырқама, жас сәби» өлеңін тағы бір қайталап оқып көріңізші. Біздің қазақ совет поэзиясында соғыс трагедиясын дәл осы өлеңдей көрсетіп бере алатын өлең қатары өте сирек. Өлеңдегі картина кескілескен ұрыстан кейін селоға кірген солдат көзімен берілген. Солдат жас сәбиге кездесті. Ол немістер бұтаққа асып кеткен анасының аяғынан құшақтап: «мама, мама, жерге түсші», – деп зар қағып еңіреп тұр. Бірақ анасы «екі көзін алартып, тіл қатпастан тербеледі». Бұл сұмдық үрейлі картинаны түсіндіріп талдап жатудың қажеті бар ма? Әрине, жоқ! Асылы, ақынның ақындығы көруінде емес, көрсетуінде ғой. Сонда ғана творчество баянды болмақ. Сонда ғана ол халықтың рухани қажеттілігін өтемек. Егер біз өлеңге осы талап тұрғысынан келер болсақ, онда әлігі өлең өзінің ең басты миссиясын орындап тұрғаны сөзсіз! Әрине, Әбу Сәрсенбаевтың соғыс тақырыбына жазылған шығармалары тек соғыс жылдарында жазылған жырларымен аяқталып қалмайды. Соғыс тақырыбы – ақын үшін мәңгілік тақырып. Бейбіт өмірдің сан салалы тіршілігіне, белесіне араласа отырып, оның сан салалы тақырыптарын жырларына үздіксіз арқау етіп келе жатса да, ол бір сәт те өзінің жауынгерлік міндетін естен шығарып көрген емес. Ақын бұл ретте де тамаша-тамаша дастандар мен өлеңдерді дүниеге келтірді. Ол дастандар мен өлеңдер қазір баршамыздың рухани игілігімізге айналған. Олардың ішінде әсіресе «Ақырғы гранаталар» мен «Соғыс жұлдызы» поэмаларын ерекше атаған жөн. Бұл поэмалар, сөз жоқ, тек ақын табысы ғана емес, бүкіл әдебиетіміздің де үлкен табыстары. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ақын творчествосын бір мақалада түгел сөйлету мүмкін емес. Біз тек сан арна, сан алқапты творчествосының бір саласын – соғыс тақырыбына жазылған жырларын ғана аз-кем сөз еттік. Ал ақын туралы сөз ешуақта да таусылып, тамамдалмақ емес. Оның жалғасы келер ұрпақтардың еншісінде де жатқаны сөзсіз.

МӘРТЕБЕЛІ АҚЫН ЖЫРЛАРЫ

Сөз басында бірден айтарым, Жұбан Молдағалиев сияқты өрісі байтақ, құлашы мен қарымы өте кең, үні мен дауысы аса зор, бояуы айқын, ажары айбарлы, айбыны асып тұратын ақын әлемін бір мақала, немесе бір баяндама қамти алмайды. Өйткені ол әлем – ақынның өз өміріндегі қатпар-қатпар жартасты-жарқабақтардан, алағай да бұлағай заманның аласапыранды кезеңдерінен, аптап пен аязды сапырылыстарынан, адамдардың өздері туғызып ап, өздері шарпысып, қақтығысып жататын алақұйын мінездерден тұратын аса күрделі әлем. Сондықтан мен Жұбан ақын шығармаларын тағы бір қайталап оқып шыққандағы әсерімді ғана Сіздермен бөліскім келіп тұр.

Жұбан ақынның «Туған жер» атты поэмасында мынадай жолдар бар:
Оқушым, сен де қабылда,
Сөйлесем «Мен» деп, сөкпе де.
Кеудеме кіріп дамылда

Сырымды бүксем өкпеле.
Өзіңсің менің «Менім» де,
Өзіңсіз тұлмын, жетіммін.
Демім бар сенің деміңде,

Бір кесек жүрек етіңмін...

Ақынның туған жер мен «мені» менімен, демі демімен бірге болып тұтасып, қабысып, ажырамастай болып бірігіп кеткен осы бір қарапайым жолдар ақынның өмірінің де, өлеңінің де жердің терең қабаттарынан нәр мен қуат тартатын күре тамырмен жалғасып жатқан тастай қатты, темірдей берік өзегі. Бұл жолдар тек ақынның кіндік қаны тамған Жыланды туралы ғана жолдар емес. Оның ауқымы әлдеқайда кең, аумағы әлдеқайда масштабты, бір ғана географиялық атаудан әлдеқайда зор. Бұл жолдар бүкіл қазақ жерін, бүкіл қазақ елін қамтып тұр деуге болады. Өйткені Жұбан ақынның өзі әу баста Жыландыда туып, соңынан бүкіл қазақ елінің, бүкіл қвзвқ жұртының асыл перзентіне айналған жан. Яғни ол, географиялық кеңістіктегі бір нүктеде дүниеге келіп, әдеби-қоғамдық, әлеуметтік-саяси оқиғалар мен құбылыстарда шындалып-суғарылған, тапталып-қайралған қазақ халқының өміріндегі шоқтығы биік, орны бөлек, тұрпаты ерекше тарихи тұлғалардың біріне айналған, үлкен әріппен жазылатын Перзент. Бірегей, біртуар Перзент. Әлігі мен мысалға келтірген екі шумақ өлеңнің соңғы жолы «Бір кесек жүрек етіңмін» деп аяқталады. Ал жүректен қуатты, жүректен батыл, жүректен адал, жүректен әділ не бар? Еліңнің басына бұлт үйіріліп, жеріңді тулақтай сілкіп жіберетін қиын-қыстау, қатерлі кезең келгенде қандай бір ғұлама ақыл да абдырап, қандай бір зерделі сана да сарсылып, қандай бір пайымды парасат та абыржып қалатынын тас керең боп қалғыр құлағымыз есітті, көр соқыр боп қалғыр көзіміз көрді. Ондай кезде тек Жүрек қана сөйлей алады екен. Ол жүрек сөйледі де! Ол жүрек – Жұбан Молдағалиев болып сөйледі. Оны да дүниенің әр сыбдырына түрік болғыр құлағымыз есітті, дүниенің әр қимылына қарақты болғыр көзіміз көрді! Ол дала перзенті еді. Сондықтан да ол өзінің бір кітабына жазған алғы сөзінде: «... Жалғанда даладан, оның көкжиекпен көмкерілген ұлан байтақ пен жазығынан, көк майса шабындықтары мен алтын дән теңіздерінен жақсы көретінім жоқ. Даладағы түнгі дауыстарды айтсаңызшы, қандай құдіретті, қандай асқақ келеді!» деген еді. Жұбан Молдағалиевтің әдебиеттегі, қоғамдағы дауысы да, сол даладағы түнгі дауыстардай, соншалықты құдіретті, соншалықты асқақ болды! Жалпы, мен Жұбан-аға шығармаларын қарап отырып, оның ең киелі, ең қастерлі, ең абыройлы тақырыбы – туған жер, туған ел туралы екеніне көзім жетті. Тіпті, өзі бір сөзінде, мені ақын еткен майданда өткен жауынгерлік кезеңдерім десе де, расында да ол кезеңдерде жазылған ақынның бірқатар қуатты жырларының бар екенін мойындай тұра, бәрі бір мен оның ең негізгі өрісі де, алтын қазығы да туған елі мен жері дер едім. Ол туған ел мен туған жер дегенде бәрін де ұмытады, бәрін де мансұқ етіп, бәрін де адыра қалдырады. Оның туған ел мен туған жерге деген махаббаты шексіз, ұлы махаббат.

Бұл тағдыр бабын алсын, бағын алсын,
Тілесе тіпті тіл мен жағын алсын.
Тек қана туған жерден айырмасын,
Тұл қалған тіршілікті жалын алсын, –

деп жалбарынады ол. Осы жолдарда Жұбан ақынның бүкіл арман-мүддесі, азаматтық болмысы, ақындық мінезі жатқан жоқ па? Оның кредосы да осы, философиясы да осы.

Ақын өзінің мамыражай мамық түнде маужырап жатқан ұлы даласымен кездескенде
Самалыңды – саумалыңды
Сімірейін грамдамай, –

деп мүлде масайрап, мүлде масайып кететін де содан болса керек. Ол өзінің осы бір ыстық ықылас, ынтызар көңілін, лүпілдеп лықсып толып тұрған сезімін

Желі анамдай маңдайыңнан сипасын,
Демі әманда ғашық жардай өртесін, –

деп бұрынғыдан да күшейтіп жібереді. Ақынның туған ел, туған жер туралы тағы бір өлең жолдарынан мысал келтірмеуге амалым болмай тұр. Өздеріңіз білесіздер, шет елге, жат жұртқа сапар шегіп бара жатқанда да, одан қайтып келгенде де паспортыңызға мөр соғылады ғой. Жай ғана ресми тәртіп. Мемлекет аралық деңгейде қалыптасқан ресми процедура: Осы бір жай ғана өмірдегі қарапайым деталь, ақын қаламына ілінгенде үлкен философиялық поэтикалық қуатқа ие боп кетеді.

Теңіз кез, не шарықта өр аспанда,
Өзіңнің босағаңнан төр асқан ба?
Үйіңнің сыртқы есігі сарт еткендей
Паспортқа «жол болсын» деп мөр басқанда.

Байқап отырсыздар ма, ақын алыс қиырдағы ел мен жер көруге, оның сәні мен салтанатын қызықтауға бара жатыр. Оны, сөз жоқ, құрмет пен қошемет күтіп тұр. Оның алдынан, енді сәл уақыттан кейін, тосын өмір, бұрын беймәлім тіршілік ашылмақ. Міне, ең болмаса, бір сәтке артындағы қым-қуыт әрі берекелі, әрі берекесіз тіршілікті ойдан өшіріп, естен шығарар болмас па? Ақын олай ете алмайды. Қайта, «үйінің сыртқы есігі сарт еткендей», тұла бойын үрей билеп, алмағайып алақұйын сезім құшағында қалады.

Енді, міне, ақын алыс сапардан қайтып оралды.
Теңіз кез, не шарықта өр аспанда,
Өзіңнің босағаңнан төр асқан ба?
Еліңнің барша есігі ашылғандай

Паспортқа «қош келдің» деп мөр басқанда!

Жаңа ғана тұнжырап, түнеріп кеткен тіршілік, қайтадан жарқ етіп, жадырап сала берді. Ақын туған еліне оралды. Оған шет елден көрген көл-көсір құрмет пен қошемет те, сән-салтанат та, таңдай тамсандырар тамаша да, көзді арбап, бас айналдырар қызық та, марқайған көңіл, ыстығы кетпей апталып-қапталған әсер де, туған жер алдында түк емес! Мұндай өлең жолдары өз елі мен жерін барынша құлай сүйе білетін қаламнан ғана туа алса керек. Мен бұл жерде Жұбан ағаның туған ел, туған жерге деген ұлан-ғайыр ұлы махаббатын паш ететін жолдарды шын ниетпен, ынтызар ықыласпен мысалға келтіргенде, мен оны мүлде фанатик етіп көрсетуден тіпті де аулақпын. Өйткені фанатизмнің қандай бір түрі де ішке түскен құрт. Ол жегі құрт, түптің түбінде фанатизм дертіне шалдыққан адамды да, қоғамды да іштен үңгіп жеп, құртып бітеді. Өйткені ол өз кемшілігін көрмейді, осалдығын білмейді, оспадарлығын ерлікке, бейбастығын батырлыққа балайды, көргенсіздігін көсемдік, даңғаза-дарақылығын шешендік деп ұғады. Ондай жан, қашан көрсең, көкірегін керіп, кеудесін қағып, бұтына толып, ісіп-кебумен болады. Айналаның бәріне аспандап қарап, асқақтап сөйлеп, озбыр сөз айтып, есерсоқ әрекет жасайды. Сөйтіп ол өзін де, елін де жан-жақтағы жұртқа жиіркенішті етіп көрсетеді. Яғни, өз еліне қиянат жасайды. Жұбан Молдағалиевтің туған ел мен жерге деген махаббаты есті, өрелі махаббат. Сүйер шапағаты мол, тиер шарапаты көп нұрлы да сәулелі махаббат. Әрі адал, әрі батыл махаббат. Қайталап айтам, әрі адал, әрі батыл махаббат. Ал әрі адал, әрі батыл махаббат кілең аспандап қарап, үнемі асқақтап сөйлей бермейді. Халқының өткен-кеткен өміріндегі өкініштерге өзегі өртенеді, омырылып опынады. Қайғысынан қан жұтады, қасіретінен қақырап сөгіледі. Қазақ өлеңіндегі қайталанбас сирек құбылыстардың бірі Қадыр Мырзалиевтің аузынан тастамайтын Жұбан ағаның

Асан боп туып қазекең
Өлетін Асан қайғы боп, –

дейтін екі жол өлеңі бар. Осы екі-ақ жолда бүкіл қазақтың трагедиясы мен тағдыры жатыр. Шынында да, қазақтың қай кезде маңдайы ышылып, ол қай кезде қаннен-қаперсіз мамыражай өмір көріп еді? Қай кезде жұлдызы оңынан, айы солынан туып еді? Болса да қысқа, келте болды. Бүкіл ғұмыры аттың жалы, атанның қомында өтті. Мал бағып жүріп, жан бақты. Жер іздеп жүріп, ел күзетті. Сондықтан да оның еңбек құралдарынан гөрі, қару-жарақ құралдары көп болды. Ата-бабамыз отырықшыл болмаған деп, басқаны былай қойғанда, өзіміз кінәлап жатамыз. Егер олар отырықшыл болса, осыншалықты ұлан-ғайыр даланы қорғап қалар ма ед?! Осыншалықты алып жердің, қашан да елі көп болмаған. Сол жаужүрек азғантай ел оны желіп, шауып, жөңкіп көшіп, қоныстан қоныс өзгертіп, қыстаудан қыстау ауыстырып, жайлаудан жайлау аударып жүріп сақтап қалған. Олай етпесе, біздің жеріміз әлдеқашан тарылып, әлдеқашан қусырылып қалған болар еді. Тіпті, біздің рухымыздың киелі ұлы иелері Қорқыт пен Асанқайғылар да бір жерде байыз тауып, барахат тауып көрмеген ғой. Біреуі өлімнен қашып, екіншісі өмір іздеп желдіртіп, жөңкіліп өткен. Қайғырып, қапа шексе де бүк түсіп отырып қалмаған. Қайғырып жүріп әрекет еткен, қайғырып жүріп арпалысып өткен. Біздің рухани тіректеріміздің тағдыры мен талайы солай болған. Яғни, біздің кешегі тағдырымыз бен талайымыздың солай болуы да заңды құбылыс. Жұбаңның әр бір қазақ Асан боп туып, Асан қайғы боп өлетін еді деген сөздерінің астында осындай қатпар-қатпар ойлар жтыр. Олай болса, Жұбан Молдағалиев та Асан боп туып, Асан қайғы боп кеткен қазақтың бірі. Бірі ғана емес, нақ өзі. Ол өз өмірінде, кешегі кеңес өкіметі кезеңін жерініп қаншама рет жәбірленгеніне, өзі де қорланып, өзі де жәбірленбеді деп ойлайсыз ба?! Қорланғанда қандай, жәбірленгенде қандай! Елінің тағдырын аяқ асты етіп, тарихын тор шолақтың құ­ры­ғындай шолтитып жатса, ол қорланбай, ол жәбірленбей, кім қорланып, кім жәбірленбек?! Сондықтан ол:

Тарихы бар ел ғана
тарих жасай алады, –

деп түйді. Яғни, тарихсыз ел – тұл екенін, оның өткені болмаса, ертеңі жоқ екенін білді. Егер біз тарихымыздың тамырын әріден, тым әріден тауып, оны тереңдетпесек, шаң мен топырақтың астында қалып қойған батыр мен баһадүрларымызды, хандар мен билерімізді, көсемдер мен шешендерімізді аршып ап, олардың әруақтарын айбындатпасақ, сөйтіп діңгегімізді аумақтандырып бекітпесек, бір қатты жел соққанда қаңбаққа айналып домалап ала жөнелетін, жердің бергі ғана қыртысын тырбық тамырларымен, ұстап тұрған ебелек-халық боп шығар ек. Яғни, тарихымызды тауып алмай, тарихи ел бола алмаймыз. Бүгін біздің, міне, асығып-үсігіп болса да тарихымызға үңіліп, ұлы да алып тұлғаларымызды тарихтың терең қойнауынан, ғасырлардың алыс түкпірі мен қатпарларынан көтеріп шығарып, ескерткіштер орнатып жатқандарымыз да, еске алып астар беріп жатқандарымыз да содан. Біз қазір тарихымызбен табысып жатырмыз. Егер біздің осы табысу, осы қабысуларымыз ұрпақтарымыздың рухани өзегін бекемдеп жатса, онда біз тарихты жасай алатын елге айналамыз. Жұбан Молдағалиев соны армандаған, соны ойлап көкірегі қарс айрылған. Олай болмаса, ұлт ретінде жойылып,халық ретінде құритынымызды сезген. Ұстараның жүзінде тұрған алмағайып заманда, өзі де алмағайып күн кешкен. Содан болса керек:

Енді бірде жылап тұрам
Табытымның басында өзім –

дейді ол. Өзінің табытында өзі жылап тұрған ақынды көз алдыңызға елестетіңізші. Міне, Жұбан Молдағалиевтің тағдыры. Яғни, ол бірде өліп, бірде тіріліп өткен. Ғұмыры өмір мен өлімнің арасында жүрген. Пендешілік ғұмырында емес, әрине! Рухани ғұмырында! Сондықтан да оның, өзін қазақпын деп сезінетін бүкіл қазақтың аузында жүрген:

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн тірілген, –

деген сөздеріне илхамдай ұйып, имандай иланасың.

Мен бұл сөзімде, өздеріңіз байқап отырсыздар, Жұбан Молдағалиевтің үлкен ұлы мағынасындағы туған жер мен туған елге деген шын сүйыспеншілік, шын махаббатынан туған шығармаларына өз түсінігіммен, өз қабылдауыммен шағындап-шектеп тоқталдым. Бұл тақырып ақын шығармашылығындағы үлкен, ауқымды тақырып. Оны мен түгел игеріп, тұтас қамтып шықтым деп айта алмаймын. Ол тақырып туралы әлі талай-талай таңдайлар тамсанып, талай-талай қызыл тілдер суырылып сөйлейді. Ол тақырыпқа әлі талай-талай ауыздар толып, талай-талай көмейлер бүлкілдейді. Әрине, Жұбағаң шығармашылығында толып жатқан тақырыптар – табиғат, сұлулық, әйел, ана, ұрпақ, ғашықтық тағы да басқа тақырыптар жетерлік. Оның бәріне тоқталып жату мүмкін емес. Олай ететін болсам, бір поэмасының өзіне бір сағаттық баяндама жасауға тұра келеді. Онда да сиса! Бұл жерде, менің өзімнің алдыма қойған міндетім – біреу-ақ болды. Сонау кешегі, өңменіңнен өтетін желтоқсанның ызғарлы өтінде, ызбарлы қабағының астында қасқайып тұрып қақыратып шындықты айтқан Жұбан Молдағалиевтің шығармашылық болмысы оның азаматтық болмысымен үндесіп жата алды ма, ол үшін ақын қандай шығармашылық жолдардан өтті, қандай шығармашылық процестерде қайнап, пісті. Мен өз сөзімде соны зерделемек болдым. Жұбан Молдағалиевтің халық тағдырымен тағдырлас ақын екенін өз пайым-байыптауыммен айттым.

ТАҒДЫРЛЫ ДАРЫН

Кім-кімге болсын алпыс айтулы, атаулы жас. Ол жасты әркім әртүрлі түсініп тойлайды. Біреулер оны «бәле-жалаға ұрынбай, әйтеуір аман-есен жеттім-ау» деп, таза пендешілік тұрғыдан ғана өлшеп тойласа, екінші біреулер көп нәрсені бітіріп, көп нәрсені қопарып тастадым», деп өзгеден бұрын өз бағасын өзі шығарып, аузын айға білеген астам­шыл­дықпен атап өтіп жатады, ал үшінші біреулері /олар ілуде біреу/ өзін күдік пен күмәнға байлап беріп, «не бітіріп, не әкелдім» деген жанын шабақтаған біздей істік сұрақ астына алып өткізеді. Ал былайғы жұрттың – оқырман қауымының мүшелмен жұмысы жоқ. оның мүшел той иесіне әлдеқашан беріп қойған өз бағасы бар. Рас, оның көзқарасын кейде әдейі ұйымдастырған мақтан мен марапатқа, қолпаш пен қошеметке толы жәдігөй, жайдақ насихаттың адастырып кететін кездері де болады. Бірақ олар ғұмырлы емес. Сондықтан оқырман жұртшылық, негізінен, белгілі бір ақын мен жазушының әйтеуір алпысқа келгенін емес, алпысқа қалай келгенін атап өтпек. Сондықтан мүшел той үстінде өз түсінігіңмен емес, зерделі оқырман қауыммен санасып сөйлеген абзал. Егер біз дәл осы принципті ұстанып сөйлер болсақ, онда бүгін алпысқа келіп отырған Тоқаш Бердияровты оқырман қауым өзінің творчестволық алқабында өнімді жұмыс істеп келе жатқан жұмыскер, бейнетқор ақынымыз, тағдыры бар талантымыз деп біледі. Өмірдегі Тоқаш Бердияров қамырдан суырылған қылдай боп сызылып жүретін, жұрттың бәрінің көңілінен шыға қоятын қолайлы, жайлы адам емес. Оның керекті-керексіз жерлерде де істің байыбына барып, бармай да шатырлап шарт сынып, тасырлап тарс кетіп жататын кездері жиі болып тұрады. Егер біз мүшел той күнгі сөзді кедір-бұдырсыз жылмиып, жұтынып тұрған сөз деп ұқпай, шындық айтылар сөз деп ұғар болсақ, онда Тоқаш мінезіндегі сол қолайсыздық, сол жайсыздық ұзақ жылдар бойы ақын творчествосы туралы айтылар әділ сөздің аяғына тұсау болып келгенін жасыра алмаймыз. Осы мақаланы жазар кезде арғы-бергі мерзімдік баспасөзді ойша шолып қарасақ, соған тағы да көзіңіз жете түседі. Айтылар тұста айтылмай, жазылар тұста жазылмай қалған сәттері жетерлік-ақ екен. Тіпті, ол «Қазақ совет поэзиясының антологиясында» өзінің тиесілі орнынан көп сырғытылып, кері ысырылып тасталыпты. Дегенмен, әділ қазы Уақыт күні-сәті келгенде ақынның әдебиеттегі алар орнын айқындап, шыққан биігін белгілеп берері сөзсіз. Өйткені кім-кім де түптің түбі әлдекімдердің қолтықтап демеп көтермелеуімен емес, халыққа көрсеткен қызыметімен, төккен тер, еткен еңбегімен бағаланады емес пе?! Ал Тоқаш Бердияровтың өз халқының рухани тіршілігінің тынысын кеңейтіп, оның қазына байлығын молайтуға қосқан үлесі елеулі. Ол бүгінгі қазақ әдебиетінде өз жолы, өз бояуы, өз даусы бар суреткер! Әдебиетті ардың ісі дейтін болсақ, онда Тоқаш Бердияров сияқты таланттар туралы айтылар сөзіңді кезегі келіп тұрғанда көкейінде бүгіп қалуға да, олар туралы мен емес, басқалар айта тұрсыншы деп бұғып қалуға да болмайды... Әдебиетте өз жолы, өз үні бар шын мәніндегі әрбір ақынның тек өзі ғана ұстап, өзі ғана тұтына алар құралдарымен жабдықталған творчестволық шеберханалары бар. Ол шеберханалардан шығар саз бен дыбыс та сан қырлы, әр қилы. Бірінен перне-пернені қуалап, ындыны құрып егілген саз, екіншісінен күркіреген күн мен шатырлаған найзағай дауысы, ал үшіншісінен сыбдыр қаққан жапырақ пен сылдырап аққан бұлақ үні естіледі. Осынау сан қырлы, әр қилы саз бен дауысқа көміліп кетпей, солардың дәл ортасына орналасқан, өн бойынан қадап ұрған қашау мен балға шыңылы естіліп жатқан қарапайым ғана бір творчестволық шеберхана жұмыс істеп тұр. Ол – Тоқаш Бердияровтың шеберханасы. Шынында да, Тоқаш өлеңдеріндегі нығыздап, шегелеп сөйленер нақтылық, құлаққа қасаң емес, бірақ қатаң еұстілетін шымыр үн, сөз жоқ, қашау мен балға шыңылын еске түсіреді. Өмірдің барынша қарапайым, барынша «үйреншікті» көріністеріне арналған оның өлеңдері қарапайым, үйреншікті еңбек құралдарының үйін иемденуі де заңды болса керек. Сондықтан оның өлеңдері қара жерге жеті рет аунап алғандай қажырлы, қайратты. Сондықтан да оның өлеңдері үстінен тер мен топырақ иісі аңқып тұрған табиғи. Сондықтан ол биік сөздер мен романтикалық пафосты тілеп тұрған материалды әуелетіп ұшырып сөйлегеннен гөрі, жерге қондырып, жерге түсіріп сөйлегенді жақсы көреді. Оның өлеңдерінде романтика бола қалғанның өзінде, ол тіршіліктің қарапайым «қасиеттерін» бойына сіңірген реальды жұмыскер романтика!

Күннің сәулесі қымыз ғой,
Ішемін сусыным қанғанша.
Күннің сәулесі – сиырдың емшегі,
Сауамын саусағым талғанша.

Күннің сәулесі – ақ мата,
Қанарға қаптаймын.
Күннің сәулесі – алтын дән,
Күннің сәулесін сатпаймын.

Әдемі сөздермен әсірелеп, аспандатып алып кетуді оңтай көретін материалды, яғни қымызды сәуле ғып ішіп, сиырдың емшегі етіп сауып, ақ мата етіп қанарға қаптап жатқан ақын құдіреті қандай! Сіз бұл жолдарда романтика жоқ дей алмайсыз. Бар. Бірақ ол романтика – көзбен ғана көре алатын құбылысты қолмен ұстайтындай етіп заттандырған романтика! Ақынның ақындығы материалды табуында емес, материалды игеруінде ғой. Материал дегеніңіз тек шикізат қана. Ол творчестволық шыңдаудан, творчестволық байытудан өтпей, халықтың рухани тұтынуы мен сұранысына қызмет ете алмайды. Шикізат қалпында қалады. Далада тот басып жатқан темір кімге керек! Оны сен қайтадан көрікке сап қыздырып, төске сап илеп, жұрт тұтынар құрал етіп шығаруың қажет. Шығардың ба, міне, сол Творчество. Ал Тоқаш Бердияров өз көрігін өзінше қыздырып, өз темірін өзінше илей білетін талант. Тағы да ол шыңдап шығарған өлең – тұтынуға болмайтын, тек көрікті жерге қойылып, көздің жауын алатын сувенир-өлеңдер емес, жұртшылықтың күнделікті рухани тіршілігіне қызмет ететін қашау мен балға-өлеңдер. Сондықтан оның өлеңдерінен әдемі киініп, сызылып тұрған, «тектілік» көрсетіп тепсініп, кеудесіне нан пісіп «пәлсініп» тұрған бірде-бір өлеңді кездестіре алмайсыз, бәрі де қарапайым жұмыс киімін киіп алған, қажетіңе жараса, құлшына қызмет етуге дайын тұрған елгезек, бейнеткер өлеңдер. Мұның бәрі ақынның табиғилығынан, табиғатқа етене жақындығынан болса керек. Ол тіпті айға ұшқанның өзінде, «табиғат лирикасын» жазу үшін ұшады. Тың ұйқасты айдан алғанмен, екінші ұйқасын жерден табады. Оның «өз аэродромына тұманды түнде қона алмаған самолеттей» болып тұратын кездері де жоқ емес. Бірақ ол өткінші сәт. Өйткені ол тағдыр «Марсқа лақтырса да, туған жердің кеудесіне түсетін» қасиетке ие. Тоқаш Бердияров поэзиясының осы қарапайымдылықтан өсіп-өнген тағы бір ерекшелігі – алып аудиторияның алдына шығып, жұрттың бәрімен бір сәтте тіл табысқаннан гөрі, жұрттың бәрімен жеке-жеке кездесіп, оңаша сырласып, оңаша сұхбаттасқанды қалайтындығы. Әрине, оларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Олардың қай-қайсысына да қойылар талап бір, қай-қайсысының да көтерер жүгі ортақ. Ол – халыққа адал рухани қызмет көрсете білу. Сондықтан аудитория алдына шығып сөз алатын қуатты үнге ие трибун өлеңдерге көрсетер құрметтен осындай қарапайым, қажырлы өлеңдер де тыс қалмауы тиіс... Бірақ қарапайымдылықты әйтеуір бір қарапайымдылық үшін жасауға, өзге жұрт тапқан қарапайымдылықтың дайын кірпіштерінен қамал соғып, соның ішінде жасырынып жатып алуға болмайды. Шын творчестводан туған қарапайымдылыққа қол жеткізу – ұзақ процесс. Оған өз үніңді, өз бояуыңды сіңіре білуің керек. Ол үздіксіз іздеу мен ізденуді талап етеді. Оған сырт көзге қарапайым болып көрінетін қарабайлықтың сірескен схемаларын быт-шыт етіп күйретіп қана жетуі мүмкін. Ол сірескен схемаларды күйретуге әрі батыл, әрі сәтті эксперименттердің ғана әлі жетеді. Тек сол шынайы батыл эксперименттер ғана ақынды қарапайымдылықтың қастерлі ауылына алып бара алады. Айтулы-айтулы деген ақындардың творчестволық жолы біздің бұл сөзімізге толық дәлел. Тоқаш Бердияровтың творчествосы да осындай қиын, қауіпті, бірақ ізгі процесті бастан кешірген творчество. Біз мақала тақырыбын «Тағдырлы дарын» деп қойғанымызда, сөз бен сөздің әуезді үйлесіміне қызығып, ойдан шығарып қойып отырған жоқпыз. Біз оны ақынның творчестволық өмірбаянының өзінен шығарып қойып отырмыз. Кейде біздің творчестволық өмірбаянды тым үстірт ұғынып, келте түсініп қалатынымыз бар. Творчестволық өмірбаян дегеніміз (тікелей қатысы болса да) ақынның тек жеке басының тіршілігі мен өмір жолынан құралмайды. Солай бола тұра, әлгіндей келте түсініктің салдарынан көп ақындар, (өкінішке орай, кейбір елеулі таланттар да) өз басынан өткен барлық жайтты тізбелеп, өлеңге көшіруге құмар. Ондай өлеңдерді, тағы бір өкініштісі, арашаға түсіп ақтап, бәйгеге қосып баптаушылар да көбейіп барады. Сондықтан да біздің поэзиямызда соңғы жылдары тұрмыстық, туризм өлеңдер бел алып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Творчестволық өмірбаян – ақын творчествосының өмірімен, әлеуметтік ортамен, қоғаммен тарихи байланысынан барып дүниеге келмек. Сонда ғана ол тағдырлы өлеңдер бола алмақ. Тоқаш Бердияров поэзиясын біз әлгіндей жеке басының тіршілігін өлеңге «оңай» көшіруден мүлде ада дей алмаймыз, дегенмен, оның өлеңдері, негізінен, тағдырлы болып келетінін баса айтқанымыз жөн. Сондықтан да ол дүбір мен дабырдың жетегіне еріп елігіп, желпініп кеткеннен гөрі, сол дүбір мен дабыр тұяғының астында қалып жатқан тіршілік тағдырын көріп, соған жаны ауырып, соған жылайды. «Бозторғай» деп аталатын өлеңін алып қарайықшы. Айдаладағы боз жусан түбіне ұя салған бозторғай. Ол ұядағы қос жұмыртқасын бейнебір әнмен, өлеңмен шайқап жүргендей. Кенет бозторғай мекендеген сол далаға ыю-қию дүбірлі көкпар тартылды. Бірақ ақын көзі жан беріп, жан алатындай боп өтіп жатқан тартысты көкпарда емес, тұяқ астында қалып бара жатқан ұядағы жұмыртқада! Сол үшін жаны ауырады, сол үшін шырылдайды:

Аттардың тұяқтары сатұр-сұтыр,
Ұядағы жұмыртқа сау болғай да!

Көкпар бітті... Аспанда – қос қанатын сабалап безілдеген ана торғай... Шаңға бөгіп қалған сұлық дала... Тасырлап түсіп жатқан тұяқ астында дүниеге келетін бозторғай тағдыры қандай қиын! Осында қаншама астар, қаншама ассосация жатыр. Ақын өз оқушысын қорқытып, үркітпейді. Аяушылық, адамгершілік сезімін оятады. Өйткені ол «көздің жасы қорқыныштан тумайтынын» білген. Бұл да тағдыр. Тағдыр үйреткен тәлім! Ақын тағдырының лүпілдеп соғып тұрған алпыс екі тамыры ел мен жердің алпыс екі тұсымен байланысып, жалғасып тұр.

Адам қаны білегіңе тамады,
Бір бұрасаң жердің көне көйлегін!

Осы жолдарды оқығаннан кейін Жерді сыйламай, Жерді қасиет тұтпай көрші, қане! Осылай тізе берсек, ақын творчествосында тағдырлы өлеңдер тізбектеле береді, жалғаса береді. Біз бұл жерде ақын есімін қазақ әдебиетінде өшпестей етіп бекітіп берген «Оқ және гүл», «Ескі паровоздар» поэмаларына тоқталған жоқпыз. Бірақ ақын творчествосы туралы айтылар сөздің соңы бұл емес қой. Тағдырлы бейнетқор ақынымыз туралы әлі талай-талай ойға кетіп, қалам ұстарымыз кәміл. ... Менің дәл қазір құлағымның түбінен шыңылдаған қашау мен балға үні кетпей тұр. Тағы да тағдырлы мүсінді жыр дүние есігін ашқалы тұр ма екен?!. Ылайым солай болғай да!

«ӘР СӨЗДІҢ ТАСАСЫНДА АСЫЛЫ БАР»

Аспанның бұлттан ауырлап, Алматы үстін бұлыңғыр мұнар бүркеген қарашаның алғашқы жартысындағы күндердің бірінде Жұмекен Нәжімеденовтің үйіне келдім. Жұмекеңнің жақында ғана ауруханадан шыққанын Маңғыстауда жүрген кезде-ақ естігем. Оның алдында инфаркт болып ауруханаға түскен хабары бізге жеткеннен-ақ хал-жағдайын сұрап, үйімен, жігіттермен телефондасып тұрғам-ды. Енді, міне, көңілін сұрауға үйіне келіп тұрған бетім. Жүкең әдеттегісіндей ақжарқын қарсы алды. Демалып жатқан бөлмесіне өттік. Терезе алдында кушетка, оның қасына шағын стол қойлыпты. Стол үсті бұрқырап жатқан көп қағаз. Менің сол жаққа көзімнің түсе бергенін байқап қалды ма: «Дайындап жатқан жинақ қой. Үстінен қарап, қағып-сілкір жұмысы ғана қалып тұр. Әрі-бері отырып, қолыма қалам алам да, жүрек бүлк ете қалса болды, мына кушеткаға қисая кетем», – деді Жүкең. Бұл сөздердің бәрін ол кірбіңсіз, көңілді қалыпта, ойнап-күліп айтқанмен, жағдайының онша мәз емес екенін байқап қалдым. Бірақ, шынын айтсам, соншалықты қауіп-қатер бола қояр деген ой қаперіме де кіріп-шыққан жоқ. Қатты құлап тұрғандікі ғой, әлсіздік болар дегем де қойғам. Көп ұзамай мәңгілік сапарға жүріп кеткенін естідік. Соңғы сәтке дейін жұмыс істегенін білдік... Артынан біраз уақыт өткеннен кейін, ойымызға өзегіңді от боп қарып түсер ақынның мына өлең жолдары түсті:

Күз күндері не суық қыс күндері,
Істеп жүргенде, әйтеуір, іс мүдделі,
ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған,
кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.

Сыншылардың ұрсуын, тамсануын
алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым.
Бір жинағым басылып үлгере алмай,
машинкаға басылмай қалса бірі.

Не бір түнде құйылып, қара көріп,
көп ұйқас отырғанда қамап еріп,
кетсем өліп нүктеге жете беріп,
жан таппаған бір теңеу таба беріп.

Әлденеше жыл бұрын айтқан бұл ауыр тілеу қалай дәл келді десеңші! Шынында да, ол күздің қысқа ауысар тұсында мүдделі іс атқарып отырған жұмыс үстінде, онысын машинкаға беріп үлгермей, соңғы нүктесіне жете бере жүріп кетті. Осы өлеңнен-ақ ақын мінезі, ақынның бітім-болмысы көрініп тұрған жоқ па? Ол не болғанда да өлетін болғаннан кейін қалай өлсең де бәрі бір емес пе дей алмапты. Ақын жүрегі ажал келер күні де азаматтық жүк арқалап кетуді қалапты. Солай болды да.

* * * Жұмекен Нәжімеденов әдебиетке ә дегеннен-ақ ешкімге ұқсамайтын, еліктеу-солықтаудан мүлде ада, өз даусымен, өз жазу стилі, өз дүниетанымымен келген болатын. Әрине, келген бойда-ақ оның қаламынан туған өлеңнің бәрі жұрттың көңіліне судай сіңіп, тастай батты десек, жұрттың бәрі қолдан қолға тигізбей, қақшып алып кетті десек, асырып айтқандық болар еді де, ал оның даусыз талант екенін жұрттың бәрі бірден мойындады десек, онда біздің бұл сөзімізге ешкім де қарсы шыға алмас еді. Дегенмен, бұл жерде айтылуға тиіс бір шындықты нақтылап кетпесе, тағы болмайды: тіпті, кешегі емес, бүгінгі күннің өзінде Жұмекен талантын мойындай тұра, ешкімге ұқсамайтынын біле тұра, оның творчествосын қабылдамайтындар немесе қабылдағысы келе тұра, қабылдағысы келмейтіндер жеткілікті. Және бір байқағанымыз, олардың көбісі-ақ өз пікірін өзінде ұстап қалмайды, қайта талғам тайыздығынан туған немесе талғам тәрбиесінің бөлектігінен туған сол пікірін басқа жұрттың санасына күштеп енгізгісі келеді. Бұл қауіпті құбылыс. Тек Жұмекен творчествосын түсіну үшін ғана емес, әдебиет үшін де қауіпті құбылыс. Өйткені қазақ поэзиясында бұрын белгісіз мүлде бір жаңа алқап көтерген, сөйтіп, өз әлемін, жұмекендік әлемін ашқан, сонысымен қазақ өлеңінің маңыз-мағынасын, кескін-келбетін байытуға, қуатын күшейтіп, тынысын кеңейтуге үлкен үлес қосқан ақынға мұндай поэиция ұстану, ең алдымен, әдебиетіміздің абыройы мен беделіне сөз айту, тіпті, тіл тигізу деп білген жөн. Егер біз бұл сөздерді ақынның көзі тірісінде айтуға хақымыз жоқ болған болса, енді айтуға хақылымыз әрі міндеттіміз. Әрине, біздің біреудің біреу туралы пікірінде жұмысымыз жоқ, тек ол пікір өз ұясында қалмай, басқаларды да улай бастаса, онда біз оған үзілді-кесілді жауап беруге тиістіміз. Рас, Жұмекен Нәжімеденов творсествосы бірден қабылданып, бірден ұғыла қоймайды. Өйткені ол ашынғанын да айқайламай, астармен жеткізген, қатпар-қатпар қыртыстардан тұратын тым күрделі ақын. Оның дүниетанымы, көркемдік-эстетикалық концепциясы, образды ойлау жүйесі, лексикалық деңгейі, логикалық құрылысы өлеңмен сұхбаты аз, өнермен таныстығы үстірт кез келген адамға бірден ұғыла қоюы қиын. Оның творчествосы өзінің оқушысынан қадалып оқуды, тіпті, қайта-қайта оқуды талап етеді. Неге олай? Өйткені ол осынау күрделі заманамыздың бел баласы, төл ақыны. Заман да күрделі, ондағы адам да күрделі. Сол күрделі заман мен адамды жырлар ақын да күрделі болып жатса, онда оның несі айып. Оның үстіне, талант табиғатын ескермеуге тағы болмайды. Ол ешуақытта да көп ақындарымыздай әдемі бір тапқыр сөз, табылған теңеу үшін не жалғыз ғана ой үшін өлең жазып көрген емес. Оның бір өлеңінің өзінде нешеме тапқыр сөз, соны теңеулер, қабат-қабат қатпарлы ойлар жатады. Яғни ол әдемі бір сәт, әдемі бір фонды қатырып түсіріп ала қоятын фотоаппаратпен емес, құбылып, түрленіп тұрған, ылғи да қозғалыстағы мына дүниені сол қалпында түсіретін кино камерамен жұмыс істеп өтті. Яғни ол жалт ете қалар бір сәттік эффект, жарқ ете қалар бір сәттік әдемі әсерді емес, өмірдің таласуы мен табысуы, ассонансы мен диссонансы, тартылуы мен шарпылуы қатар қоныс тепкен тұтастықты көрсету үшін күресті. Тіпті, оның «баяу алған бір демінің өзі күрсіну мен сүйсінуден құралған» күрделі болатын. Көбіне-көп өмірдің өтпелі бір кезеңін қалт жібермей ұстап ала қоятын өлеңді оқып үйреніп қалған баз біреулердің қыртыс-қыртыс боп аударылып жатқан Жұмекен творчествосын оқығанда малтығып, тұншығып қала беретіні де сондықтан. Осыған қарап кейбіреулер оны дүниенің күңгірт бір жықпыл қуысына кіріп алып, өзімен өзі болып қалған оқшау ақын деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Бұл мүлде қате пікір. Оның жыр шаңырағының өзгелерден оқшау тұрғаны рас, бірақ ол ешуақта да өмірден, уақыттан оқшау тұрған емес. Оның жыр шаңырағы дәл төбесінде қара аспан сатырлап қақ айрылып, қып-қызыл найзағайлар шатырлап тебісіп жатқан жел өтіндегі жота үстінде тұр! Оның өлеңдегі даусының құлағымызға күңгірт-қоңырқай бояумен, күңгірлеп алыстан естілуінің сыры оның сырттай бақылаушы, сырттай айқайшы болмауынан, жазылар тақырыптың, яғни игерілер материя мен заттың ішіне кіріп сөйлеуінен. Тереңдігінен.

* * * Ол әдебиетке алғаш аяқ басқаннан-ақ өлеңге контрасты бояулар, драмалық тартыстар алып келді. Ол кездерде көбіне-көп ақынның ішкі дүниесіндегі қуаныш пен күйініш қоршаған ортадан, сыртқы дүниеден, әсіресе табиғат құбылыстарынан көрініс табатын-ды:

Сайлардан қаптаған көлеңке
Тауларды қусырып барады.
(«Мен туған күн»)
немесе:

Ақ бұлақ көрпесін ысырып,
көк тасқа ұйықтады жалаңаш,
(«Мен туған күн »)
немесе:

Ұрды шапақ қара бұлтты қан қылып,
(«Мен туған күн»)
тағы да:
Кесті сәуле жапырақты пышақтап.

(«Мен туған күн») Бұлар тек табиғат драмасы, табиғат көрінісі ғана емес, бұлар адам жанының да драмасы, адам жанының да көрінісі. Өйткені ақын үлбіреп тұрған табиғаттың үйлесімі мен үндестігін қызықтап, сыртқы сұлулығына сұқтанып тұрған жоқ, оның ішкі драмасына, ішкі арпалысына үңіліп тұр. Сайлардан қаптап көтеріліп, тауларды қусырып бара жатқан көлеңкені көріп шошынып қаласыз да, көрпесін ысырып тастап, көк тасқа жалаңаш ұйықтап кеткен ақ бұлақты көріп аяйсыз; қара бұлтты қан қылып ұрған шапақтан, жапырақты пышақтап жатқан сәуледен де бойыңызды жинап аларыңыз сөзсіз. Драма ма? Драма. Қоршаған ортаның драмасын, сөз жоқ, өзінің бойында драмасы бар ақын ғана көре алмақ. Дегенмен, алғашқыда табиғаттың ішкі әлеміне, оның ішкі құбылысына үңіліп, содан ғана сыр іздеп, содан ғана сыр тартқан ақын бара-бара өз бойындағы құбылыстарды да сыртқа шығара бастады. Енді ол драманы көруші ғана емес, сол драманы бүкіл жан дүниесімен сезінуші де. Ақын есейді, ақын өсті. Яғни ол енді туған табиғаттың, қоршаған орта мен туған жердің драмасы мен трагедиясын өз жанының, өз жүрегінің драмасы мен трагедиясы деп ұғатын дәрежеге көтерілді. Өзін солармен бірге қарастырды.

Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.

Бұлақ мезгіл сырғыса,
Мен тамырға тараймын.
Сынып түссе бір бұта,
Қабырғама қараймын.

Уа, туған жер, шүкірсің!
Топырағыңа киелі
Бір есуас түкірсе,
Ол бетіме тиеді.

(«Мен туған күн») Осы бір үш қана шумақтың өзінен-ақ ақынның азаматтық болмыс-бітімі, әлеуметтік көзқарасы, қоғамдағы орны, өмірлік позициясы тайға таңба басқандай болып бадырайып көрініп тұрған жоқ па?! Дәл осы тұстан бастап оның позициясы қоғам, қазіргі заман проблемаларын бойына сіңіріп, уақыт рухымен органикалық байланыста, өрбіп бітеқайнасып кетті. Бұрын кеудесіндегі «кішкене бастың үп-үлкен дүниенің сырына алаң» екенін ашса, енді ол адамзаттың «жұдырықтай басымен-ақ жұмыр жерді шырқ үйірер» құдіретті күшке ие екендігін ұқты. Дәл осы тұста ол қоршаған орта дарамасы мен трагедиясы адам трагедиясы мен драмасына айналатынын ғана біліп қойған жоқ, сонымен бірге, керісінше, адам трагедиясы мен драмасы қоршаған ортаның да драмасы мен трагедиясына айналатынын білді.

Сол бір жас домалап кеп жерге түсті,
Жер дағы сезімдерді тербетісті.
(«Мен туған күн»)
Адам қасіреті – жер қасіреті.

Енді ол айналасындағы құбылыс заңдылықтарын зерттеп тануы үшін, өзгені білу үшін, ең алдымен, өзін тануы керек болды. «Өзіне тартып туған көлеңкесін» көрді. «Өзіне өзі құсап жарасқан ойды» сезіп қуанды. Ақырында:

Өзіңді өзің ұқпасаң,
Сені кім ұғар деп едің! –

деп үлкен өмірлік философия түйеді. Бұл ақынның өсу эволюциясынан, творчествосының диалектикалық дамуы әсерінен, өмірлік тәжірибесінен туған философия болатын. Көрдіңіз бе, бәріміз шеше алмай жүрген бір түйін екі-ақ жолмен шешімін тапты да жүре берді. Шынында да ең алдымен өзіңде өзің ұқ, сонда ғана сені жұрт ұғуы мүмкін. Өзіңді өзің зерттеу, өзіңді өзің білу, ең алдымен, сол үшін керек екен. Қандай қарапайым, қандай дәл. Жалпы, Жұмекен Нәжімеденов творчествосындағы ең басты доминант не десе, онда бәріміз бір ауыздан: ол философиялық ой дер едік. Және оның философиясы өмірдің өзіндей қарапайым, өмірдің өзіндей терең.

... Әлі жүрмін. Түк бітірген жоқпын мен.
Іш қазанын жалайды ыза от тілмен.
Алып-алып көп үмітті көп күннен,
Деп кетем бе түк бітірмей өттім мен?

Жоқ, өткем жоқ, өтпегенде қалды нем?
Жиырма бестен өттім елдің алдымен.
Туған едім ең соңынан бұл жұрттың,
Ең соңынан соғар ма екем санды мен?

Осы ойлармен атты, әнеки, таң дағы,
Тағы бір күн келе жатыр жанғалы.
Мен өткем жоқ, өтеді екен жылдар тек,
Бірақ менде қалады екен салмағы.

(«Мен туған күн»).

Бұлай сөйлеу, жылдар салмағын өз бойынан сезіне білу тек үлкен талант қолынан ғана келсе керек. Өлең әп деп басталғаннан-ақ өзін өзі жаныштап, өзін өзі сұрақ астына алып, өзін өзі тергеген ақын, соңғы шумақта сабасына түскенмен, өзін өзі ақтап алған жоқ. Қайта уақыт алдындағы өз миссиясын бұрынғыдан да ауырлатып тұр. Біз, әдетте, осындай бір жақсы өлең оқығанда, бір дем, бір леппен жазылған екен деп жатамыз ғой. Онымен біз өлеңнің органикалық тұтастығын білдіргіміз келетін болу керек. Шынында да, өлең басталғаннан оның өн бойынан ширығып естілетін діріл ең соңғы нүктесіне дейін үздігіп уілдеген қалпында ілесіп отырады. Әр сөзі тірі. Әр сөзі қозғалыста. Өлең бойындағы көзге көрінбес, тек интуициямен ғана ұғылар сөздің микроталшығына дейін ақын жүрегінің лүпілімен, ақын жүрегінің дірілімен сөйлеп тұр. Міне, Жұмекен философиясы! Онда құрғақ ақыл, жасанды қондырғы болмайды. Оның әр сөзі, әр ойы өмірдің өзінен көтеріліп, көктеп шығып жатады. Әлеуметтік көзқарасы, азаматтық болмыс-бітімі қалыптасып, қоғамдағы орнын белгілеп алған ақынның Уақыт алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да ауырлап, бұрынғыдан да арта түседі. Ақын – шалт, ақын – мазасыз. Өйткені оны «жаңа келген күн бұлбұлын өзгеше сайратып ұялтып тастады». Сондықтан ол «дүние ұлтаны сөгілсе, өзін шеге қып қағуға дайын», сондықтан ол «таң ата бала боп оянып, күн бата шал болып жатып жүр». Ақын бұдан былай жанына – дамыл, жырына – мігір бергісі жоқ. Енді ол Алатауды тастап, Қошалақтың құмындағы Әшім шалмен сәлемдесіп, «Қарулар палатасына» бір-ақ асады. Бәрін білгісі, бәрін көргісі келеді. Ақынның:

Анда барсам – мына жақты көрмеймін,
мында келсем – ана жақты көрмеймін, –
(«Мен туған күн»).

деуі де осы тұс. Мұнда үлгере алмай қапылып жүрген ақынның дүниенің құшаққа сыймас кең екендігін де сезінуі жатыр. Оның аспанға «сен егер де көзі болсаң адамның» деп сөйлеуі де ірі масштабтылықты аңсаудан туса керек. Тіршілік пен уақыт сахнасында өтіп жатқан сан драманың – күйініш пен сүйініштің, қаралық пен ақтықтың, адалдық пен арамдықтың, шындық пен өтіріктің бір-бірімен тайталас сайысын бір сәтте қамтып көрем деу, түптеп келгенде, әр жерден бір қарпып сөйлеуге немесе сырттай қызықтаушы, сырттай бақылаушы боп қалуға әкеп соғатынын ақын тез ұққан-ды. Сондықтан ол уақыт пен кеңістіктің географиялық кескін-келбетін емес, уақыт пен кеңістіктің тарихи болмыс-бітіміне көбірек үңілуге бет бұрды. Енді ол үміті мен күдігі қатар алмасып, таразы тіліндей қылпылдап тұрған уақыт портретін қолмен ұстап, көзбен көретіндей бояулар арқылы кескіндеуге кірісті:

Ауа жасыл, су да жасыл, қыр жасыл,
Жасыл бояу құрғамасын, құрғасын!
Қызыл бояу қызартады...
ал енді

Жасыл бояу жасартады әлемді.
Жер – жап-жасыл, көңіл дағы жап-жасыл,
Күн қалайша қып-қызыл боп жанбасын!
Қызыл күн мен жасыл жердің ортасын

Өзге бір түс бұза ма деп қорқасың...
(«Мен туған күн»).

Жұмекен Нәжімеденовтің осы кездегі поэтикалық картиналары өзгеше бір дүние. Жіпке моншақ тізгендей, ылғи бір үзіліп кетердей дірілдеп тұрған дыбысқа ылғи бір жұтынып тұрған сиқыр сөздерді тізе білген ақынның шеберлік-зергерлігі қандай десеңізші! Оқи бергеннен-ақ сөз біткеннің бәрі бір-бірімен кішкене күміс қоңыраулардай соқтығысып, айналаңды күмбірлеген үнге көміп жібереді. Бірақ ақын салған сурет контуры сол күмбірлеген үн асытнда басылып қалмай, қайта, бұрынғыдан да ажарланып, бұрынғыдан да қырлана түседі. Құлақпен естігеніңізді көзбен көресің де, көзбен көргеніңізді құлақпен ести аласыз.

Жайдақ құмдар суырылып,
жалын сияқты ағатын.
Жалпылдаған туырлық –
жапалақтың қанаты.

Шегірткелер тобы ұдай
қып-қызыл боп қанаты,
ақтікеннің шоғындай
пышыр-пышыр жанады

(Сонда) Міне, шеберлік! Енді осыдан кейін құм суретін естіген де, көрген де жоқпын деп көріңізші. Дей алмайсыз. Өйткені құлағыңызда – ысылдаған құм суылы, көз алдыңызда – құбылып тұрған құм суреті. Жұмекен Нәжімеденовтің поэтикалық картиналарын осы өлеңдерді алып отырған жалғыз «Жарық пен жылу» кітабынан ғана емес, бүкіл творчествосынан молынан кездестіруге болар еді. Оны біз сөз бен дыбыс концентрациясынан ғаламат бояулар тапқан бірегей ақын дей аламыз. Бірақ оның табиғат пейзаждары тек табиғат пейзажы деңгейінде қалып қоймайды, көбіне-көп уақыт пейзажына айналып кетеді:

Көкбеттеніп тұрды аспан,
Құмның жүзі қарасұр.
Жел суыпты сұр қашқан, –
Аласұр, қияқ, аласұр.

Ұлылығы не керек –
уілдеп тоңып дала тұр.
Дір-дір етпей, ебелек,
бір тасаға бара тұр.

(Сонда) Әрине, бұл – даланың күзгі суреті ғана емес. Алдымен суретке қарап, сонан соң үнге құлақ тосыңыз. Осы бір жолдардың ар жағынан сонау соғыс жылдарының сұп-суық лебі мен демі жүрегіңізді мұп-мұздай қып қарып кетпей ме?! Біз бұл жерде Жұмекен Нәжімеденовтің сөз-суреті мен дыбыс бояуын тектен тек қызықтап қарастырып отырғанымыз жоқ. Оны ақын да қызықтамаған. Оның бәрі уақыт үні мен уақыт суретінің ақын жанына, ақын жүрегіне молынан сіңуінен. Талант табиғатынан. Мінезден. Не болғанда да, Жұмекен Нәжімеденов поэзиядағы график емес, живописші. Өйткені ол әрбір сызық-штирхтан көзге түсіп көрініп тұрар ерекшелікті тапқаннан гөрі, әрбір жазылған бояудан жымы білінбей үндесіп кетер тұтастықты тапқанды қалайды. Ол өлеңнің әр сөз, әр буын-бунағын шүпілдеп тұрған дыбыстың сансыз бояуларына қалауынша шомылдырып ала алады. Сондықтан оның өлеңдерін оқығанда, ондағы сөздердің бөлек-бөлек болып көзге түспей немесе үзіліп, кесіліп қалмай, бір-бірімен жымдаса тұтасып кететіні де содан болса керек. Сөз жоқ, ол картиналар ақын шеберлігін ғана танытатын картиналар емес, ең алдымен, өмірдің өзін танытатын шығармалар. Яғни өмірдің өзінен көшірілген картиналар. Оның шығармаларында, әсіресе соғыс тақырыбын арқау еткен шығармаларында, өмірдің өзі сөз алып, өмірдің өзі өлеңге айналады.

Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.

Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
кей жесірдің кілттеулі есігін.

Ар күзетті туған жердің картасын,
көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
ай күзетті кәрі аспанның қабағын.

Жатты солай бірін бірі күзетіп...
(«Темірқазық»)

Оқыңыз да, құлақ тосыңыз. Құлақ тосыңыз да қайта оқыңыз. Өлең астарында төселген күңіренген үнді қайталап тыңдап көріңіз. Аңғар—аңғарды қуалап соққан желдей аңырап, ботасы өлген аруанадай боздап тұрған жоқ па?! Етіңізден өтіп, сүйегіңізге жеткендей. Соғыс зары мен соғыс қасіретіне суғарылған осы бір жолдарды қаншама салмақ, қаншама трагедия жатыр десеңізші?! Оқи бастағаннан өлең астарынан аңдағайлап бас көтеріп шыға келетін үнге құлақ қоймай, таза сөздің өзіне ғана ден салсаңыз, онда бұл жолдар көп бояу, көп әрін жоғалтып, жалаңаштанып қалары сөзсіз. Кімге қалай екенін қайдам, менің өз басыма осы жолдар қаралы киім киіп жоқтау айтқан жесірдей әсер етеді. Бұл – Жұмекен Нәжімеденовтің «Келін» поэмасының увертюрасы. Осылай тереңнен тұтасып, демін тереңнен алып басталған поэма ғұмырын тағдыр таразысына салған адам жанының қасіретіне, адам жанының күрсінісіне арналған. Дүниені келі етіп түйіп, жерді тозаң етіп жіберер соғыс зұлматтың алапат салмағы бір күннің ішінде нәп-нәзік келін иығына да келіп түсті. Бір тағдыр өмір табалдырығын аттамай жатып, бүкіл қызығынан тоналған жесір боп, әлі дүниеге келіп үлгермеген күнәсіз сәби әкесіз жетім боп қалды. Бірақ келіні төрт жыл бойы соғыс салған салмақты қасірет жасын ішіп жүріп қайыспай көтеріп шыға білді. Төрт жыл бойы күнгейіне көлеңке, арына дақ түсірген жоқ. Төрт жыл бойы ол да соғысты. Келін үшін соғыс – ар мен ождан үшін соғыс болатын. Оның бұл соғыста мерейі үстем болып шықты. Сондықтан да келін ерлігі – ар ерлігі, ождан ерлігі. Сондықтан да келін – адалдық пен тазалық символы. Поэмадан ақын атынан айтылар бір де бір айқайды, бір де бір асқақ дауысты кездестірмейсіз. Бәрі де сол қалпында, ащы, шындық қалпында сөйлеп тұр. Өйткені ақын сыртқы дауыс, сыртқы қапылыстан гөрі, түу тереңнен, жүрек түкпірінен көтерілер ішкі үнге, ішкі шарпылысқа қатты ден қойған. Яғни адамның анкеталық өмірбаянына емес, ішкі өмірбаянына, жан-жүрегінің өмірбаянына зер салған. Соның арқасында ақын терең драмалық адамгершілік позицияларды, биік моральдық қасиеттерді ашып көрсете білді. Бұл «Келін» поэмасы қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында дүниеге келген поэмалардың ең үздік үлгілерінің, інжу-маржандарының қатарында тұрары сөзсіз. Сондай-ақ бұл жерде ақынның осы соғыс тақырыбына жазылған «Қанды сүт», «Соңғы махаббат» поэмалары да тек ақын творчествосының ғана емес, сонымен бірге әдебиетіміздің де биік деңгейіне бір толық өлшем бола алатынын айта кету ләзім. Ылғи да өзін өзі үңгіп, өзі арқылы өзгелердің жанына үңілуді мақсат тұтқан ақын, ылғи да ізденіс үстінде жүретін ақын, сөз жоқ, шыққан биігіне шуақтап, тапқан табысына тояттап қалмақ емес. Ондай творчестволық мінезге ие талант аттаған сайын жаңалық ашып жатпағанмен, түптеп келгенде, не өзі, не өзге ашар жаңалықты бір елі болсын жақындатары сөзсіз. Ондай творчестволық мінезге ие таланттың кей-кейде олқылау тұсы болғанмен, тоқырау тұсы болмақ емес. Жұмекен Нәжімеденов дәл осындай творчестволық мінезге ие талант болатын. Шынында да, әлгіндей эпикалық ауқымдылығы жағынан болсын, философиялық тереңдігі жағынан болсын, эмоциялық қуаты жағынан болсын, «Жоқ, ұмытуға бол­май­ды» сияқты қуатты кітаптың уысынан шапшаң босап шығып, басқа тақырыпқа ауысу үшін, қаншама твор­честволық өжеттілік, қаншама творчестволық жігер керек десеңізші! Жұмекенде сол өжеттілік пен жігер табыла білді. Ақын қолынан бұрынғы шығармаларынан тек тақырып топырағы жағынан ғана емес, туыстық сүйегінен бастап, интонациялық деміне дейін мүлде бөлек «Күй кітабы» дүниеге келді. «Күй кітабы» – белгілі-белгілі күйлердің мазмұнын мақамдап баяндап беретін өлеңдер жиынтығы немесе олардың сөзбен салынған иллюстрациялары емес, бұл кітап – күй рухының поэтикалық галереясы. Сондықтан да оқи бастағаннан-ақ әр өлеңнің өн бойынан тартысқа толы тұтас бір дәуір үні атойлап шыға келеді. Әр өлеңнен сол бір зар заманның зарлаған үнін, әлеуметтік болмыс-бітімін танисыз. Бұл кітап, сайып келгенде, тарихқа үңілудің жаңа бір тың формасы. Яғни тарихымыздың кескін-келбеті мен тұтас бір әлеуметтік ортаның психологиясын күй арқылы, яғни өнер көзімен көріп ашу. Кітап идеясы, ең алдымен, осынысымен құнды.

Ыстық ұрды маңдайға –
кекірегінде бірте-бірте еріді үн.
Күйші қашты мазағынан түрменің
азабына бүкіл байтақ елінің.

(«Түрмеден қашқан». «Темірқазық»).
Қимыл кірді бар алапқа,
көз үйренді әрең бұған.
Көлеңкелер қара қатпа

жүгіреді қараң-құраң.
(«Қызылқайың». «Темірқазық»).
Кенеттен...
Салды ауызды әлденеге,

бұл шіркін азу салса әлдене ме!
Найзағай басқандай-ақ,
табанынан
бір діріл тарап жатты бар денеге.

(«Нар идірген». «Темірқазық»).

Бірінші шумақтан сіз тұтас бір дәуірдің әлеуметтік теңсіздігімен қоса, азапқа көнсе де, мазаққа көне алмайтын күйшінің үлкен мінезін танып, бағамдайсыз. Енді екінші шумаққа көз салыңызшы. Мұнда музыка сарынының ішкі қозғалысы, ішкі жанталасы елес-сурет арқылы беріледі де, сіз сол бір кезеңнің үрейлі картинасын дәл жаныңыздан көргендей боласыз. Музыкадағы құлақпен ғана ұғылар абстракциялы көрініс қолмен ұстап, көзбен қарауға болардай нақты, материаланған көрініске айналып шыға келеді. Үшінші шумақтағы образ құдіретіне қараңызшы. Күй әсерінен алпыс екі тамыры иіп бара жатқан нар денесіндегі діріл алапаты қандай?! Мұның нар табанының астында шатырлап сілкініп жатқан қып-қызыл найзағайды көз алдына келтіре алатын адам ғана ұға алмақ. Бұл жерде тағы бір ескертер жайт – Жұмекен Нәжімеденов күй аясында ғана қалып, күй рухына ғана қызмет істеумен шектелмеген. Ол күйлерге өзінше поэтикалық трактовка жасаумен бірге, олардың көркемдік-эстетикалық концепсиясын аша кетуді ұмытпаған. Әрине, мұны Жұмекеңнің ең басты мақсаты еді деп ұқпаған жөн. Бұл кітапты жазғандағы оның ең негізгі мақсаты – әлгінде айтып өткендей – өткенімізге өнер арқылы үңілу. Яғни күй тұтас бір қоғам қайшылықтылығын көрсетудегі Жұмекен қолындағы эстетикалық, творчестволық құрал қызметін атқарады десек, шындықтан көп алшақтамас едік... Жұмекен Нәжімеденовтің лирикалық кейіпкері – жан-жақты, сан қырлы, көргені де, көңілге түйгені де көп, жаны бай жан. Бірақ ол бүкіл ел мен жер қамын ойлай алатын, өткеніміз бен ертеңімізге қатар үңіле алатын азаматтық биік өреге, қарапайым тіршілік топырағынан, яғни «от басы, ошақ қасындағы» дүниені танып білуден барып өсіп шыққанын ешуақта ұмытпайды. Бүкіл уақыт салмағын иығында сезініп, бүкіл планетаны көзімен шолып қарай алатын оның лирикалық кейіпкері космоста қалқып тұра алмақ емес. Оның бақылайтын объектісі де, бақылау пункті де – Жер. Ол жердегі құбылыстарды жерде тұрып қана қарай алар қасиетке ие. Сондықтан бүкіл жер шарын глобус құшақтағандай құшақтай алатын оның үлкен мінезге ие лирикалық кейіпкері адам мен адам арасындағы қатынасқа «тұрмыстық тіршілік», «от басы, ошақ қасындағы» әңгіме деп қарай алмайды. Өйткені ол соншалықты үлкен диапазон, ірі масштабтылық деңгейге өзім көтерілдім, енді қалғаның не болсаң, о бол деген ойдан аулақ. Деді-ақ, түу төменге бір-ақ құлдырап түсетінін жақсы біледі. Өйткені ол төменде тұрып биікке қарай алмау қандай рухани тоғышарлық болса, биікте тұрып төмен қарай алмау да соншалықты рухани тоғышарлық екенін ерте сезінген. Өйткені ол әлем қамын ойлай алатын, өзі шыққан биікке басқа адамдар да шығу керек екенін, ал ондай биікке көтерілу үшін, ең алдымен, түу төменде жүрген адамдардың бір-бірімен тіл табысып, ұғысуы қажет екенін білген-ді. Сондықтан ба Жұмекен Нәжімеденовтің лирикалық кейіпкері кейде бірқыдыру уақыт өз арамызда, ауыл-үй ішінде «қыдырыстап» жүріп алатын-ды. Бірақ оның лирикалық кейіпкері, «жерге түстім ғой» деп, ондай сапарларында әр нәрсені жіпке тізіп жүретін пендешілік ұсақтыққа ешуақта барған емес. Ол жұрттың бәрімен қоян-қолтық, аралас-құралас жүре тұра, өзінің азаматтық позициясын, азаматтық миссиясын сол биік қалпында сезініп, сол биік қалпында сақтап қала білді. Ақын адам психологиясына, адам жанының қатпар-қатпар астарларына сол азаматтық позициямен қарап өтті. Ол адам жанын улайтын, адам санасы мен ойын әртүрлі моральдық «жұқпалы ауруларды» тарататын микробтардан тазарту үшін, сөйтіп, оның орнына сұлулық пен адамгершілік қасиеттерді егу үшін күресті. Адам бойындағы құбылыстар мен қайшылықтарды қадала зерттеді, қопара ақтарды. Және соны сол қалпында ашып көрсете білді.

Мынау ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам,
тым тәттілік таңдайды ояр болар.
Үміт деген әдемі көбелек қой,
қай жеріңе гүл өссе, соған қонар.

Мынау ойдың ащысы-ай,
болар, болар!
Тым ащылық қайтесің, обал болар.
Күдік деген – Сауысқан,

ал Сауысқан
Қай жеріңде жара бар, соған қонар.
Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап,
жараң ашып,

гүл тоңып жыпылықтап –
бір жағынан көзді арбап Көбелегің,
Сауысқаның бір жақтан шықылықтап.
(«Мен туған күн»)

Адам мен адам арасын былай қойғанда, бір адамның бойында бірін бірі ала алмай, сілкініп жатқан қаншама қайшылық, қаншама конфликт бар десеңізші! Асылы, адам жаны бір-бірімен үнсіз ұғысып, бір-бірімен үнсіз табысып, тартылып жататын аттас зарядтардан емес, жай ойнатып, жасын лақтырып жататын кері аттас зарядтардан тұрса керек. Олай болса, адамның өмірдегі күресі де – өз бойындағы жүріп жататын күрестің нақты көрінісі. Яғни адам өмірде, тіршілік қарекетінде өз бойында шайқасып жатқан жақсылық пен жамандықтың қайсысы үстем түссе, соның сойылын соқпақ. Үміті бар адамның күдігі де бар. Бірақ қайсысы басым түседі? Әңгіме, міне, осында. Ақын жоғарыдағы өлеңінде бір сәттік құбылысты, Үміт пен Күдік шарпылысын ғана алған. Бірақ бұл жерде ол қазылық айтып, қазымыр ақылгөйсіп те, анау қасиет жақсы, мынау қасиет жаман деп, жалаң пәлсапа соғып та жатпайды. Адам болмысын сол қалпында жалаңаштап көрсетіп беріп тұр. Көзбен көр де, іштен түй! Сайып келгенде, Жұмекен мақсаты – адамның өзіне өзін таныту. Бірақ бұдан ақын позициясы көрінбей, тасада қалады деген ой тумаса керек.

Айтатыным ақыл боп жүр үйткені,
тыңдаған жан мақұл деп жүр үйткені:
өз есігім қысты талай қолымды,
өз ауламда қапты талай ит мені.

Бұл не? Өкпе ме, наз ба? Жоқ, әлде түңілу ме? Қайсысы? Ақын позициясы көрінсе, дәл осы жерде, өз ауласында өз итіне таланып жатқан жерде көрінуге тиіс. Одан әрі оқып көрейік:

Қызық-қызық сөйлейді адам, күйінбе,
бұзып-бұзып сөйлейді адам, күйінбе.
Безе алмадым тіл тиді деп құрбымнан,
ит қапты деп безе алмадым үйімнен.

(«Мен туған күн»).

Бұл жолдардан кейін ақын позициясын анықтаймын деп арамтер болудың қажеті шамалы. Жалпы, Жұмекен Нәжімеденов өзінің творчествосының осы бір кезеңінде, мейлі ол «күлкімен бірге көз жасы да таусылып қалған» соғыс кезіндегі балалық шағын әңгімелесін, мейлі ол доспен арасындағы қарым-қатынасты қарастырсын, мейлі ол маңдайындағы жалғыз ұлымен сұхбат құрып сырлассын, мейлі ол «өзімен өзі» боп, өзін өзі парақтап, аударыстырып кетсін, ең алдымен, адам тануға, адам жанына үңілуге қатты ден қойды. Оның осы тұстағы үш кітабы /«Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ туралы баллада»/бұл сөзімізге толық куә. Жұмекен Нәжімеденов өзінің әдебиеттегі айтар сөзін тек өлеңмен ғана емес, бірқыдыру уақыт бойы прозамен де айтып көрді. Ол да бір ақын творчествосындағы сөз кезегін күтіп жатқан өзгеше кезең. Бұл жолы оған біз аялдай алмаймыз. Тек айтарымыз: араға жылдар салып өлеңге қайта келген Жұмекеннің мүлде басқаша болып оралғаны. Бейне бір ол проза ауылына бізге үйреншікті атына мініп кетіп, қайтарында біз көріп-білмеген, жүрісі де, мінезі де ерек басқа бір ат мініп қайтқандай. Шынында да, осы тұстағы оның өлеңдері өзінің эпостық ауқымдылығымен, тіршілік прозасы топырағынан көктеп шыққан тақырып қарапайымдылығымен оқырман қауымды бірде-ақ елең еткізген-ді. Сондай-ақ оның тақырыпты қопарып-көтеретін, қорытып-шыңдайтын, жұртқа жеткізер тәсіл-құралдары да өзінің әр текті, сан алуандылығымен тәнті етіп еді. Адам жанына өзі ашқан ылғи сол бір тұстан, ылғи бір сол жолмен сапар шеге беру не берсін. Түптің түбіне келгенде, өзгені болмағанымен, өзіңді қайталап тынатының сөзсіз ғой. Сондықтан Жұмекеннің адам жанына әр тұстан, әр жолмен барлау жасауын, ол үшін әртүрлі творчестволық тәсіл-құралдар қолдануын, бір жағынан, батылдық деп те қараған жөн. Өйткені өлеңдегі болсын, өнердегі болсын өз жолын анықтап алған адамның басқа бір тыңнан жол салуы – өте сирек кездесетін құбылыс. Оның өлеңдеріндегі сюжет, аллегория, мысқыл, сатира, гиперболаның, миф, аңыз-ертегілердің осы тұста молынан кездесуі әйтеуір қызықтаудан емес, осы ниеттен, яғни адам жанына басқа тұсынан барлау жасау ниетінен туғанын, және олар өзін өзі ақтап тұрғанын айта кеткеніміз ләзім. Ақын шеберлігінің қиял кеңістігінің, тәсіл-құралдарының жетіліп өскендігі сонша, енді ол жылт етер күлкі ғана шақырып, сөніп қалатын кішкентай мысалдың өзін үлкен адамзаттық ойға көтере білетін болды... Зоология мұғалімі бір шәкіртінен тышқан қанша жасайды деп сұрайды. Қыңыр шәкірт қыңыр жауап береді: оны мысықтан сұрау керек дейді. Бітіп, аяқталып тұрған мысал ғой. Бірақ Жұмекен дәл осы бітіп тұрған жерден өлең табады. Бақсақ, дәл осы бітіп тұрған жерде «мысық-тәбет», «мысық-тілек», «мысық көз», «мысық-тірлік», «мысық табан саясат» бұғып жатыр екен.

Оны тек Жұмекен ғана көре алыпты:
Жауыздық пен арамзалық бүгінде
әр есіктің түбінде.
Аузын аңдып әр іннің,

әр елдің бір сылдыратып бұтасын,
аш мысық боп дүниені кезіп жүр.
(«Темірқазық»)
Ақын бүкіл адамзат баласын сақтандырып тұр.

Кішкентай нәрседен үлкен ой түю. Жұмекен өлеңінің бойындағы бар қасиет болатын. Бірақ мұндағы тәсіл мүлде бөлек. Осы тәсіл арқылы Жұмекен оқырман жүрегіне бұрынғыдан да бір табан жақындай түскендей. Оның бұл тұстағы айналадағы көрініс пен құбылыстарды қабылдауы, оларды сөзге көшіруі де әдеттегіден өзге, бөлек болғаны құлаққа тосын естілгені рас.

Тасбақалар табысты кісінесіп,
(«Темірқазық»)
немесе,
Саусағымен ауаның

қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!
(Сонда)
немесе,
Ал табиғат қайрат жұмсап біз үшін

әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп,
газ бен удан тұр қорғап.
(Сонда)
Бөксе артып ем – тарғыл тасы тоқтықтан

тулап үркіп, жығып кете жаздады.
(Сонда)

Сөз жоқ, бұл жолдарды кез келген оқушы, тіпті, оқығаны мен тоқығаны көп деген оқушының өзі бірден қабылдай қоюы қиын. Бірақ бұл жерде халық ойына, мүддесіне, халық арманына қызмет еткен ірі ақындардың бәрі дерлік ешуақта да талғамға қызмет етпегенін қатты ескертуіміз керек. Ондай ірі ақындар ешуақта да оқушы талғамының қолына су құяр құлы, оқушы талғамының сулық-майлығына жүгірер малайы болмаған. Қайта, ондай ақындар көне көрпеге көміліп отырған консерватор талғамның зәре-құтын қашырып, орнынан көшіре келетін. Өйткені нағыз ақын оқушы талғамын қалыптастыру үшін, оны жаңа биікке көтеру үшін қызмет ететін-ді. Яғни, әдетте, ол оқушы соңынан салпақтап еріп отыратын көнбістік мінезге емес, мүйізі қарағайдай болып көшбастар серкелік мінезге ие боп келетін. Жұмекен Нәжімеденов дәл осындай ақын-ды. Бұл жерде жоғарыдағы жолдар не үшін жазылған, олар не үшін керек еді деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Әрине, Жұмекен сияқты берік мінезді ақын ешуақта да жалт етіп көзге түсуі үшін, әйтеуір, жұрттан бір оқшау көріне қою үшін жұмыс істей алмайды. Сондықтан жоғарыда біз мысалға келтірген жолдар, ең алдымен, бізді қоршап тұрған уақыт пен заманның Жұмекен қабылдауындағы күрделі көрінісі. Ақын әбден құлаққа сіңімді болып кеткен, бірден жұтылып, бірден қабылданатын образдар жүйесімен адам жанының немесе уақыттың бізге белгісіз түкпірінен жаңалық алып шығу мүмкін емес екенін білді. Уақыт пен адам жанының бізге белгісіз қатпарларын ашу үшін тосын мінез, тосын қарекет керек деп ұқты. Олай болса, бұрын бізге белгісіз жаңа образдарды тосын жүйесі дүниеге келмек. Сондықтан жоғарыдағы жолдарды тек осы тұрғыдан ғана қабылдаған жөн. Жұмекеннің соңғы жинақтары өзінің эпостық ауқымдылығымен, эпосқа тән мінез-қарекетімен, бірден көзге түседі. Әрине, олар шалқып, шарықтап, аспанда қалықтап тұрған жоқ. Олар реализмнің қара топырағына отырғызылған, соған тамыр сап, содан көктеп өсіп шыққан дүниелер... ... Міне, ақын Москвадағы Пушкин ескерткіші түбінде тұр. Ақын ақынмен сұхбаттаспақ. Ол өзін, халқын таныстырып өтті. Дала атынан сөз сөйледі. Бірақ Пушкин үнсіз. Оның «көзіндегі ұлы қайғы қабағын көтертпейді». Жаңа заман, жаңа тірліктің келгенімен хабардар еткен ақын енді Пушкинге жарының жазығы жоқ екендігін, оның артынан ерген сөздердің бәрі өсек пен жала екендігін айта келіп:

Өсек-ғайбат өршіткен қай оңбаған?
Музаң сынды
жарың саған болды адал! –

деп ашына шырылдайды. Осы кезде Пушкин ескерткіші қалай тебіреніп кетті дейсіз ғой:

Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын
жүрегінен оң қолын ап,
сұрапыл
ырзалықпен созды маған;

бір оймақ
Қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады –
қабыршық боп тастар сынып түсті, әне.

Жазылды да желеңінің қат-қаты,
тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын.
(«Темірқазық»)

Жұмекен Нәжімеденов, міне, осындай тас ескерткіштің өзін тебірентіп, оны тас тұғырдан түсіре алатын құдіретке ие болған кезінде, ақындық таланты әбден кемеліне келіп, толысқан шағында көз жұмды. Ол бір өлеңінде «бір сөздің тасасында асылым бар» деген екен. Шынында да оның «әр сөздің тасасында асылым бар» деуге хақысы бар еді. Ол сөзді енді біз айтамыз.

* * * Бұл мақала түйінделмейді. Өйткені Жұмекен туралы айтылар сөз әлі алда. Сондықтан бұл мақаланы оның творчествосына жасалынған барлау, экскурс, штрих, эскиз деп қабылдаған жөн.

ТЕРЕҢДІК

Мені Жұмекен ағамен, Алматыға оқуға келген кезімде, қолымнан жетектегендей боп ертіп апарып, рухани әкемдей болған Әбу Сәрсенбаев таныстырған еді. Ол кезде Жұкең Қадыр Мырзалиев ағамызбен бірге Жазушылар Одағының бір бөлмесінде қарама-қарсы отырады екен. Екеуінің де, әсіресе, біз сияқты әдебиетке енді ғана бет қойған жастар үшін, атақтары жер жарып, айдарларынан жел есіп тұрған кездері. Өлеңдері газет беттерінде топ-топ боп жарияланып жатады. Біз оларды құныға, жата-жастана оқимыз... Шынын айту керек, ол алғашқы кездесуде Жұмекен аға өзіме де, өлеңдеріме де соншалықты ықылас та, ылтипат та білдіре қойған жоқ. Әбекеңнің қолқалауымен менің сол жерде оқып берген бірер өлеңімді үнсіз тыңдап отырды да, қабағын кере көтеріп не ұнатқаны, не ұнатпағаны белгісіз үнмен «и-ия» деп, сіріңке қорабын бір сылдыр еткізіп шай­қап, папиросын аузына қыстырып бөлмеден шығып кетті... Мен содан оқуға түсіп орнығып алғанша, тек бір рет бас сұққаным болмаса, қайтып ол бөлмеге кіргем жоқ. Жұмекен аға маған ықылассыздау болғаннан кейін, ол кісіге деген пейілім суып қалмаса да, ортайып қалғандай еді... Ол тұста, жиналыс, бас қосулар көп пе, жоқ әлде Жазушылар одағының үйіне кіріп шықтым деудің өзі бір мәртебе ме, әйтеуір, сол жаққа жиі барып тұратынбыз. Бір күні Жұкеңді коридордың бойынан кездестіре қалғаным. «Ассалаумағалейкум» деген сәлемімді сондай бір ықыласпен қабылдап, мені ежелден етене білетін жандай, жай-күйімді, оқуымды ден қойып сұрастыра бастады. Жақын бір ниеттес, сүйектес бір ағаммен кездескендей менің де ішім жылып сала берді. Сол жолы «әй, бала, сен ауылдан келдің ғой, айранды сағынып жүрген шығарсың» деп бұрынғы балалар мен жасөспірімдер театрының жанындағы буфетке ертіп апарып айран алып бергені есімде. Сол күні, ол кезде дәстүрге айнала бастаған сыра, немесе арақ-шарап ішіп емес, қазақ үшін қасиетті дәм ақ ішіп тарқасып ек. Бүгінде қарап отырсам, сол ақ дәм Жұмекен ағам екеуміздің арамыздағы ұзақ жылдарға созылған ақ-адал көңілдің дәміндей болған екен-ау... Содан бастап Жұмекен ағаға жиі барып тұратын болдым. Өлеңдерімді көрсетем, немесе әдебиет туралы, соның ішінде поэзия туралы пікірлерін тыңдаймын. Ол кезде біз үшін бәрі таңсық, бәрі тосын. Бір жылдан кейін, яғни алпыс бесінші жылы ол кісі «Лениншіл жастың» әдебиет бөлімінің меңгерушілігі қызметіне ауысты. Бұрын ол орында жұмыс істеген Әбіш Кекілбаев ағамыз біздің алдымыздағы тегеурінді, талантты жастардың шығармаларын, олардың қоғамдық мәртебесін көтеру мақсатында болса керек, тура Қазақстан комсомолының Орталық комитетінің үйінде талқылатып жүретін. Сол үрдіс Жұмекен ағаның тұсында, ұзаққа созылмаса да, біршама жалғасын тапқан-ды. Бір күні редакцияға өлеңдерімді апарып жүретін маған Жұмекен ағам «сенің өлеңдеріңді талқыласақ қайтеді» дегені. Мен бұл тосын ұсыныстан абдырап қалдым. Абдырамай қайтейін, өлеңдерім әр-жер, әр-жерде жарияланып жүргенмен, ол кезде есімім қалың жұртшылық түгілі, әдеби қауымның ортасында соншалықты белгілі бола қоймаған. Оның үстіне, әлі бар болғаны ҚазПИ-дің екінші курс студентімін ғой. Жүзімнен соны байқаған Жұкең «абдырап-саспай-ақ қой, жас таланттарды көтеруіміз керек. Тек алдымен бас редактормен келісіп алайын» деді. Бас редакторы Шерхан аға. Шер-ағаңның түсі суық, сұсты көрінгенмен жастарға деген пейілі дарқан кең ғой, бірден мақұлдапты. Талқылауға бірқатар белді адамдар жиналыпты. Жанымды өсіретін, өлең алдындағы, жалпы әдебиет алдындағы жауапкершілігімді арттыратын жақсы-жақсы салиқалы пікірлер айтылды. Көп ұзамай газеттің жарты бетіне жуығын алып тұрған өлеңдерім жарияланды. Бұл – әлі буыны бекіп, сүйегі қатпаған мен үшін үлкен мәртебе еді... Жұмекен ағамен қарым-қатынастарымыз бұрынғыдан да жақындаса түсті. Ол жақындық бара-бара рухани туыстыққа, яғни рухани аға-інілікке ұласып кетті. Енді үйіне де барып тұратын болдым. Ол кез менің желбастау кезім ғой, содан ба көрінбей кетсем, «әй, балабас, қайда құрып кеттің» деп ренжіп қалатын... Ол кісіні көп жұрт бүгінде үндемейтін еді, тұйық еді деп еске алады. Мен ол сөздерді негізсіз деп айта алмаймын. Рас, абыр-дабыры көп, немесе сыралғы емес ортада Жұкең, өзімен өзі боп, томаға-тұйық отыратын. Өңмеңдеп, өңешін созып орынды-орынсыз кірісе кету де, айтылып жатқан әңгімеге киілге кету де ол кісіге жат еді. Сондай-ақ біреудің көзіне көлгірсу де, біреуге көпшік қоя сөйлеу де ол кісінің әдетінде жоқ болатын. Ал егер сондай бір жағымсыз, жұғымсыз қылықтарды көре қалса, онда ол басын әнтек шайқап, қалың қою қара шашын артқа серпіп жіберіп «ужас» деп түсі тұнжырап бұзылып кететін-ді. Қабағы керіле көтеріліп, маңдайы жиырылып барып, қайта жазылатын. Қолындағы сіріңке қорабының ішінен біртіндеп шырпы суырып, оны бас бармағы мен сұқ саусағының арасына салып бытырлатып сындырып, отырған жерін пырдай етіп шашып тастаушы еді... Ал, шындығына келсек, Жұкең өзінің сырлас достарының ортасында тіпті де тұйық емес еді. Ондай жерлерде барынша емен-жарқын еркін отыратын, әзіл соңынан әзіл, қалжың соңынан қалжың айтылатын. Папиросын бұрқ-бұрқ сорып, соның қалың түтініне басын еңкейте сұғып жіберіп тұншыға ұзақ күлетін. Солай бола тұра ол кісі, желкеуде әлдекімдер сияқты «мен ананы бітірдім, мен мынаны бітірдім» деген желөкпе әңгімелерге де, «мен анау тақырыпты жазбақпын, мен мынау тақырыпты жазбақпын» деген қашпаған қашардың уызынан дәметкен қысыр сөздерге де бармайтын. Ол кісінің бойында жалбыраған жалбақайлық, құркеуде бөспелік дегендер қалай болмаса, кекірейіп кердеңдеп тұру, аспандап қарау сияқты астамшылық та сондай жоқ еді. Бір күні, ұмытпасам «Қазақ әдебиетінің» бетінде болу керек, бір інісінің Жұкеңнің кезекті кітабын жерден ап-жерге салған, автор түгілі, өлеңге жанашыр кез-келген көлденең көк аттылының да жанын жаралайтындай өте бір жағымсыз мақаласы шықты. Ол мақаланың қысастықпен әдейі ұйымдастырылғаны оның өн бойынан баттиып көрініп тұр еді. Зәрлі, былғаныш мақала. Әдейі жамандау үшін, жала жабу үшін жазылған мақала. Ол кез Жұкеңнің есімі жиі-жиі айтылып жүрген кез болатын. Соны көтере алмаған, көре алмаған біреулер әлгі мақаланы әдейі ұйымдастырған болу керек. Сол мақаламен Жұмекен Нәжімеденовтың бетін қайтарып, тауанын шағып тастамақ болған. Міне, осы мақала Жұкеңнің жанына қатты батты. Мен Жұкеңе «қарсы мақала жазсам қайтеді» дедім. «Жоқ, – деді Жұкең, – жазбай-ақ қой. Біріншіден, сен жазғанмен, ол мақаланы дәл қазір еш жер баспайды. Екіншіден, алда-жалда баса қойғанда да оған қарсы тағы мақала жазылады... Сөйтіп жалғаса береді. Уақыт кетеді, жүйке тозады... Жұмыс бір жақта қалады. Ал олардың іздегені де сол. Оларға тек жұмыспен жауап беру керек» деді. «Сонда бұл мақаланы ұйымдастырып жүргендер кімдер» деп ем, «кімдер екенін білем, бірақ оның саған қажеті жоқ» деп бетімді қайтарып тастады... Біраз уақыт өткеннен кейін Жұкең маған бір топ өлеңдерін оқып берді. Кілең бір бесті айғырдың қылынан шымыр есілген шылбырдай шиыршық атып тұрған берік, бірақ айқай-сүреңсіз, қуатты өлеңдер екен. Ол өлеңдердің біразы көп ұзамай жарық көрді де. Сонан кейін-ақ Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы сыңаржақ пікірлер, мүлде жоқ боп кетпесе де, едәуір толас тапты. Қандай жала, қандай бәледен де, ең алдымен өзіңнің адал төгілген маңдай терің ғана арашалап алатынын сонда түсіндім... Кейіннен мен Маңғыстауға, ол кісі Мәскеуге оқуға аттанды да бірер жыл бір-бірімізден көз жазып қалдық. Бірашама уақыт өткізіп, мен Маңғыстаудан Алматыға демалуға келсем, ол кісі де демалыста жүр екен. Шұрқырай кездестік. Өзі бір керемет көңілді екен. Жолма-жол аудармалармен танысқан орыс ақыны Юрий Кузнецов қатты риза боп өлеңдерін аударуға сөз беріпті. Мен де қуанып қалдым. Өйткені мен өз басым Кузнецовты орыстың ең ірі ақыны деп бағалайтынмын. (Бүгінде марқұм боп кеткен оны, Кожинов, Распутин, Белов сияқты орыстың нағыз зиялылары орыс ұлтының ұлы ақыны деп атап жүр). Бірақ ол сәтті басталған істің неге жалғасын таппай қалғанын қазір білмеймін... Жә, айта берсек әңгіме көп. Ол кісінің жүріс-тұрысы да, сөйлеген сөз мәнері де, қабаржыған сәттері мен қуанышқа кенелген тұстары да, бәрі-бәрі көз алдымда... Ол кісі отырғанда да, жүріп бара жатқанда да, анда-санда шашын артқа қарай серпіп тастап, басын сәл еңкейіңкіреп ұстаушы еді. Бейнебір тереңге үңіліп отырғандай, немесе тереңге үңіліп бара жатқандай...

* * * Ақындардың түрі көп. Әрқайсысының табиғаты басқа-басқа. Біріне бірі мүлде ұқсамайды. Әрине, мен бұл жерде қаптаған өлеңшілердің бәрі туралы емес, қадау-қадау ірілері туралы айтып отырмын. Олардың бірі бауырын жазып көсіліп шабатын ұлан-ғайыр кеңістіктің ақыны болса, екіншісі қыран қанаты талатын шырқау биіктіктің, үшіншісі тылсым тұңғиық тереңдіктің ақыны боп келеді. Олардың бер жағында адам жанының құпия қыл ішектерін қозғайтын, немесе махаббат тақырыбына бейім, сондай-ақ табиғатты тамылжыта жырлауға құмбыл ақындар қаншама. Әрқайсысы бөлек-бөлек дүние, әрқайсысы бөлек-бөлек әлем. Мен бұдан біраз жыл бұрын өзімнің күнделік кітапшама Жұмекен Нәжімеденовтың поэзиясы туралы екі пікір жазып қойыппын. Сол пікірлерімді осы жерде толықтай келтіре кетуді жөн көріп отырмын. «Біріншіден, әр ұлы ақынның өлшемі болады. Олай болса, Жұмекен Нәжімеденовтың өлшемі – тереңдік. Сөз жоқ, биікте тұру мен кеңістікте жүру де қиын. Ал бірақ тереңдікте жұмыс істеу қиын ғана емес, аса ауыр да. Кеңістікті игеруге де, биіктікті меңгеруге де болады. Ешқандай асқандық деп ойламай-ақ қояйық, рухани кеңістігіміз бен биіктігіміз біршама игерілген де... Әдебиеттің өмірмен өзектес, тіршілікпен тамырлас екенін жұрттың бәрі де біледі. Тынысы да бір, тіршілігі де бір. Олай болса, мынаған қараңыз, адамзат баласының атмосфераның қалың қабатын тесіп өтіп космосқа шыққалы қашан. Ал бірақ, бар болғаны, он бір мың метрлік мұхит тереңдігіне әлі күнге жете алмауда. Яғни тереңдіктің алапат қысымына төтеп бере алатындай барокамералар жасай алмауда. Осыған дейін жасалынған ол шарболат барокамераларды тереңдіктің сұрапыл қысымы қалайыдай қабыстырып тастайды. Тереңдікте жұмыс істеудің қиын ғана емес, аса ауыр болатынын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Жұмекен Нәжімеденов ғұмыр бойы, кім-кімді де, қысымы жаншып, езіп жіберердей аса ауыр сол тереңдікте жұмыс істеп өтті. Әдетте, табиғат тереңге асылын жасырады. Ал халық, немесе адам тереңге, ең алдымен қайғы-қасыретін жасырады. Өйткені қайғы-қасіретін асылындай сақтамаған халықта, немесе адамда қадір-қасиет болмайды. Менің түсінігімде Жұмекен Нәжімеденов халқының сол қайғы-қасіретін бар табиғатымен, бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен сезіне отырып жұмыс істеген ақын... Екіншіден, Жұмекен Нәжімеденов деген есім – өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секілді рухани атауға айналып кеткен есім. Егер ол рухани ұғымдағы өзен болса, онда ол бұрқ-сарқ етіп бұрқырай құйылып, тегеурінімен тас домалатып жатқан тау өзені емес, аңқасы кеуіп шөліркеп жатқан елдің мейірін қандыратын сабырлысы мен салиқалысы. Егер ол көл болса, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін көлемдісі емес, түбіне құпия жасырған тереңі. Егер ол тау болса, аспанмен таласқан биігі емес, бойына қазына жинаған қадірлісі». Менің Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы түсінігім, жинақтап айтқанда, кеше осылай болған. Бүгін де осылай. Ертең де осылай болып қалмақ. Мен бұл сөздерді саусағымнан сорып шығарып айтып отырғам жоқ, бұл сөздерді мен оның поэзиясының бүкіл табиғатынан шығарып айтып отырмын. Бұдан да дәлірек айтсам, мен өз басым, Жұмекен Нәжімеденовты қазақ өлеңіндегі саусақпен санап аларлықтай оқшау құбылыстардың бірі деп білем. Әрине, Жұмекен Нәжімеденовты бірден түсіне қою, бірден ұғына қою аса күрделі, аса ауыр. Өкінішке орай, кеше де солай болған, бүгін де солай, бәлкім ертең де солай боп қалуы... Өйткені ол қысымы алапат тереңдікте жұмыс істеді. Өзімен бірге оқушысын да сол тереңдікке тартты. Ал тереңдік қысымына кез-келген оқырман төтеп бере алмақ емес... Ол үшін үлкен дайындық, үлкен рухани жігер керек. Өйткені ол «жапырағы жалбыраған» елтең-селтең ақын емес, тереңдікке тас жарып сүңгіп құнар сорған қуатты күретамыр ақын еді. Яғни, өзі айтқандай, оның тамыры «балшық емес, таспен жатыр тістесіп». Оның күрделі болатыны сондықтан. Тағы да өз сөзімен айтқанда:

... Ал тамырлар – топырақтың астында
шулап жатыр ұқсап ұлы тасқынға.
Әттең үні жетпейді
саққұлаққа, кереңге:

себебі – тым тереңде.

Оны құлақпен емес, тек жан-жүрек, сезім-ой талшық­тарымен ғана терең пайымдап, терең түсіне аласың. Ол өз оқырманын көзді арбап жалт ете қалар әсер мен жарқ ете қалар ұшқынмен алдарқату үшін емес, қозданып жатқан шоқтай тұла бойына шым-шымдап жылу сіңіру үшін жұмыс істеді... Оның өлеңдерінің әр сөзі «үп» десең ұшып кететін қауқарсыз қауыз сөздер емес, қауызынан аршылған дәндей әрі толық, әрі салмақты. Себебі ол нені жырласа да, сол жырланар тақырыптың соны тұсын, тіпті тосын қырын ашқанды қалады. Ашылмаған жаңа қыртыстар мен жаңа қатпарларды қопарды. Мүлде бейтаныс жаңа ұғым, жаңа түсінікке бет қойды. Жаңалықты әйтеуір жаңалық айту үшін ғана іздесең, онда ол бар болғаны бүйректен сирақ шығару болып шығатынын ақын о баста-ақ жақсы түсінген. Жаңалық дегенің дәстүр топырағынан, тіпті нақты тарихи оқиғалармен салаласа-сабақтаса жалғасып, солардан нәр алып, құнар сорып жатпаса онда оның бәрі бекершілік болып шығатынын жақсы ұққан.

Жата алмайды жыр текке
Жыр да жазда көктейді.
Бұл аспаннан бұлт өтсе
Бір жыламай өтпейді.

Аңызы да көп жұрттың –
Ескен желдің ермегі.
Көз жасымен сол бұлттың
Гүл жылайды жердегі.

Аспаннан өткен бұлт бір жыламай өтпейтін, сол бұлттың көз жасымен гүліне дейін жылап тұратын сонда бұл қандай жер?! Сөйтсек, бұл жер елім деп еңіреп, жерім деп тебіреніп өткен Махамбет батырдың өскен, сонан кейін өмірден баз кешкен жері екен. Бұл құбылысты тек Жұмекен ғана көре алған, Жұмекен ғана ұққан. Өлеңнің тарихи сабақтастығы дегеніміз осы емес пе?! Рухани сабақтастығы. Сонымен бірге тарихи тереңдік. Әрине, ақын тереңдігін тарихи салаластықтар мен тарихи сабақтастықтардан ғана іздестіріп отырсақ, онда біздің ол қарекетіміз оғаш қана емес, әбестік те болып шығар еді. Өйткені ақын, алдымен өз заманының, өз уақытының перзенті. Сондықтан ол әуелі өз заманы мен өз уақытының бойындағы келеңсіз құбылыстар мен кісәпір мінездерге қарсы күрес ашуы керек. Бірақ ақын міндеті ол келеңсіз құбылыстар мен кісәпір мінездерді даттап, балағаттауда емес, олардың шыққан тегін, яғни табиғатын ашып көрсете білуінде. Бірақ ашудың да ашуы бар. Мұндай тұстарда бір деталь, бір теңеу, бір образдың өзі құпия кілтке, ерен қуатқа, айрықша қаруға айналады... Дүниеде адамдардың бір-бірін көре алмаушылығы, қызғанышы деген әрі дертті, әрі қасіретті құлықтары бар ғой. Өз-өзінен табаға түскендей қуырылып, күн астында қалған терідей жиырылып тұратын ол құдай атқан құлықтар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. Сонда оның табиғаты қандай? Әрине, оның табиғаты сан қилы. Жұмекен оның табиғатын мына жолдармен ашады:

Екі көз тұр – екі жұлдыз жанады,
бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ.
Ақ қағазға екі нүкте тамады
бірін-бірі көріп жатқан жоқ бірақ.

Екі нүкте көрер болса бір-бірін
Қос нүкте емес, сызық болар еді ғой.
Екі көзің көрер болса бір-бірін
бір басыңды бұзып болар еді ғой.

Әрине, бұл жолдарда, өзіңіз байқағаныңыздай, «көре алмаушылық», «қызғаныш» деген сөздердің ешқайсысы да жоқ. Бірақ онда сол дертті ұғымдардың табиғаты бар. Тіпті маңдайындағы қос көзің бірін-бірі көрер болса, бір басыңның тас-талқанын шығарып, бұзып бітер еді. Көре алмағандықтан, қызғаныштан. Бұл өлеңде, сөз жоқ, өмірдің өзі алға тартқан философиялық тереңдік жатыр. Тағы да ол тереңдік бір кілтпен, яғни бір детальмен ашылған. Осы бір көре алмаушылық деген бәленің, осы бір қызғаныш деген қызыл иттің табиғатын барынша қопарып терең зерттеген ақын, «сыбырла оның құлағына күп-күрең: «құдай» екеу болыпты де, аман бол, жазбаса арыз біреуінің үстінен, маған кел» деп салады. Ондай жандардың тағы бір түрі: «күн көреміз деп біреулер күн көрсетпейді басқаға». Бұл жолдар «біреу өлмей біреуге күн жоқ» деген ежелден келе жатқан пасық, оспадар мәтелдің бір нұсқасы. Жұмекен Нәжімеденов келеңсіз, жиіркенішті бір ғана құбылыстың өзін жан-жағынан, сан тұсынан келіп, осылайша қазымырлана қазып көрсетеді. Бұл да оның өзгеше бір ерекшелігі. Сонда ол күншілдік пен ол қызғаншақтықты тудыратын кімдер? Егер күші де, қуаты да бір-бірімен шамалас, бір-бірімен тең түсетін адамдар, аярлыққа бармай, ададықпен тіресіп-күреске түсетін болса, ол күрес пен тірес күншілдік те, қызғаныш та болмас еді. Бірақ ол қызыл ит қызғаныш пен болған-толғаныңды ғана емес, жұмысыңның жүріп тұрғанын көре алмайтын ол бетпақ күншілдікті тудыратындар тырақы тыраштар мен тәштек міскіндер ғой. Ондай-ондай әлін білмейтіндер өзін ғана әлекке салып қоймайды, сені де әлекке салып бітеді. Ондай жандарды ақын тіпті аяп сөйлейді. Аяп отырып оның бейшара портретін жасайды.

Ес, ес, Самал, ес үдеп
есіп, есіп тоқташы,
қиратайын ба осы деп
қимылдаттың шөп басын.

Күштісің-ау жеңілге,
ауыр болғың келеді.
Білем, Самал, сенің де
дауыл болғың келеді.

Шәлтік есекдәмелік.

Ақын соны күлкі етіп, мазақ етіп отыр. Сондықтан да ақын «толқытатын теңізді дауыл да емес, тереңдік» деп алып, «буырқану не теңің, асып-тасып иланшы: тасып қайда кетеді тас табаққа құйған су» деп мүлде тұқырытып, келемеж етеді. Өзге жұрт, өзге елде емес, «өз елінің есігіне қолын талай рет қыстырып, өз елінің ауласында талай рет итке таланған» ақынның басына «тоқсан қабат бұлт пен тоқсан түрлі ой қонатыны» сондықтан. Өйткені ақынды «ойланбайтын пенделер ойландырмай тұрмайды». Сондықтан да ол күйінеді, сондықтан да ол опынады. Миллион қатпарлы, миллиард жықпылды өмірді түбегейлі түсініп, оны ақи-тақи ұғыну мүмкін емес. Оны түгел түсініп, оны түгел ұғынсақ, онда ол өмір де болмас еді. Сондықтан да өмір көбіне-көп жұмыр басты пенденің парық-пайымы жете бермейтін парадокстар мен шарпысып жатқан қарама-қайшылықтардан тұрады. Қарап тұрсаң, ол парадокстер мен ол қарама-қайшылықтар ақылы бар, сөзі бар, көзі бар, санасы бар адамдар бойынан шығып жатыр. Түсіну қиын, ұғу ауыр. Бірақ солай бола тұра олардың болмыс-бітіміне үңілу, олардың мінез-құлқын ашу парыз. Ол, ең алдымен өзіңді өзің тану үшін қажет. Адам өзін танымай, оның өзгені де, айналасындағы сан-сапат құбылыстарды да тануы мүмкін емес. Бұл жұмыс, бәрінен бұрын, қалам ұстап, қағаз толтыратын жандардың міндеті болса керек. Сонда, қоғамның да, адам жанының да ойран-ботқасын шығарып жіберетін жамандықтар не үшін жасалынады? Ол жамандықтың түпкі мақсаты не? Бұл сұрақтар кез-келген адамның санасын сарсылтып, шаршатып жіберетін сұрақтар. Егер біз оны өзіміздің қарапайым таным-түсінігіміздің таразысына салып қарасақ, онда біреуге жамандық ойлап, қиянат жасаған адам, түптің түбінде сол жасаған жамандығынан зардап тартып, сол жасаған қиянаты үшін зауалға ұшырауға тиіс. Бірақ кілең олай бола бермейді ғой. Көп-көп адам өзі жасаған жамандықтың зардабын да тартпай, өзі жасаған қиянаттың зауалына да ұшырамай шайқап ішіп, шалқақ басып жүріп жатқан жоқ па? Солай бола тұра, сол әлгі сауалды өзіңе-өзің қайта-қайта қоюмен боласың: жамандық пен қиянаттың түпкі мақсаты не? Бұл сауал төңірегінде де Жұмекен Нәжімеденов әбден бас қатырып, әбден сана сарсылтса керек. Ақынның айтуынша:

Жамандықты жасайды екен адамдар
Жақсылар тек тартады екен азабын.

Яғни, жамандық атаулы жақсыларды азапқа салу үшін жасалынады. Дәл осы жерде ақынға айтылар қарсы уәжің жоқ. Өйткені дүниені ту-талақай етіп, айнала тіршіліктің астаң-кестеңін шығарып жіберетін жамандықтың азабын тартып, мазағына ұшырап жататындар, өзіміз күнде көріп жүргендей, сол жақсылар ғой. Дүние қандай әділетсіз, қандай аяр! Әйтпесе, «иегімен құдық қазып ептілер, түйе байғұс оймақтан су ішпес» еді ғой. Сауалдан сауал туады. Осының бәріне кім кінәлі? Сөйт­сек, осының бәріне Біз Өзіміз кінәлі екенбіз. Өйткені

Тайғанақтап із секілді мұздағы
бірақ кейде қателестік біз-дағы:
тау мен сайдың арасына дес бермей,
төбелердің өсетінін ескермей,

байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
бақырдың да базары бар екенін

ұмыттық біз,
әділеттен үміт қып,
әділеттің бар екенін ұмыттық.

Міне, бар бәле осында: әділеттің бар екенін ұмытып кете беретінімізде. Әділет деген кейіннен келетін зардап та, зауал да емес. Әділет деген өзіміздің қолымызда. Осыны елеп-ескермегендіктен де біз азапқа түсіп, мазаққа ұшыраймыз. Яғни, кінә өзімізде! Не нәрсені айтса да, қай тақырыпты қозғаса да қатпар-қатпар боп жатқан арғы астарын қазып, тұңғиық түпкі тереңіне үңіліп өткен Жұмекен Нәжімеденов, сенің де жан-жүрегіңнің терең түкпірінде жатқан сан тарау сауалдар мен сан қилы ойларды оятып алады. Ақын мақсаты осында. Сені де тебірентіп, сені де толқытуында.

* * * Ақын, ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы-қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен, ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны емес. Әрине, Жұмекен Нәжімеденов өмір сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсіз болса да, жүрегінің бір түпкірінде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкін емес еді. Жазғанмен, бәрі бір жарық көрмес еді. Жарық көрмегені былай тұрсын, ақынды қоғамның көзіне шыққан сүйелдей етіп құртып тынар еді. Бірақ табанға түсіп тапталып жатқан ұлтының тағдырын, оның бүгініне бұғау салынып, ертеңіне қылыш сілтеніп жатқанын күнде көріп жүрген ақынның көкірегі қақ айрылып, жан-жүрегі жыламады дейсің бе?! Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы – үстеріндегі киімдерініңде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қиянат.

Жұлдыздар тұр суық күліп,
Суық, жылтыр жанарымен.
Дүние тұр бұйықтырып
Қарауытқан қабағымен.

Жас жапырақ қалады үркіп...
Бірі үзіліп түсті шеткі.
Түнгі дала алабұртып
өз-өзінен ыс-пыс етті.

Қимыл кірді бар алапқа
Көз үйренді әрең бұған.
Көлеңкелер – қара қатпа
Жүгіреді қараң-құраң.

Бұл қай заманның көрінісі. Құрекең заманындағы ма, Кеңес заманындағы ма? Байқасаң, қай заманға салсаң да, сол заманның суреті боп шыға келмей ме? Айырма жоқ. Дәлірек айтсақ, бұл екі қоғамның да қас-қабағыңның суреті. Яғни ақын Құрманғазы заманын айта отырып, өзі өмір сүрген қатал қоғамның да қас-қабағының суретін салған. Бұл кітап – азаттық аңсаған ұлттың ой-арманы жайлы, сол жолдағы қиямет-қайым, тар жол, тайғақ кешулері мен тағдыр-талайымы туралы кітап. Бүкіл халық – бұғауда. Ал халық нағыз бір құдай атқан, екі иінінен су кеткен сүмелек сорлы, барып тұрған можантопай бейшара болмаса бұғауға шыдар ма? Егер ол нағыз сорлы, барып тұрған можантопай болса, онда ол халық халық болып аталмас та еді. Онда оның баяғыда-ақ тамыры семіп, баяғыда-ақ жапырағы қурап, құмға түскен із сияқты тарих желі бір «үп» еткенде сүртіліп, ізім-қайым жоқ боп кетер еді! Халықты халық қылатын намыс пен жігер. Ал намысы бар, жігері бар халық ешуақытта да қолға түскен бұғауға, аяққа салынған кісенге шыдамақ емес. Ондай халықтың түптің түбінде қайрат көрсетері, қарсылық көрсетері хақ. Ондай халықтың қолын шынжырлы бұғау неғұрлым қатты қысқан сайын соғұрлым өшімді алам деп өжеттеніп, өзегіңді жарам деп өршеленіп кетері сөзсіз. Ондай халық пен ондай халықтан шыққан өршіл перзенттің «салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем мұнша қатты» дейтіні сондықтан. Қолына бұғау түсіп өжеттене өршеленіп кеткен ол жанның рухы тіпті асқақ, аса тәкаппар. Бұғауда жатып-ақ ықтырып сөйлейді.

Бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады.
Ханға бермес қолымды – кісен қиып барады.
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін.

Бірақ ол қанша асқақ, қанша тәкаппар болса да, тіпті өз басы бұғаудан құтылса да, ол бұғауды бәрі бір басқа бір мұңдасы, басқа бір қандасы киетінін сезеді. Соған қорланды, соған күйінеді. «Менен қалса шынжырды бұл, басқа біреу киер келіп» дейді ол түрме күзетшісіне. Осы сөздерді қан жылап айта тұрып, ол бірақ сонда да өз биігінен түспейді, төмендемейді. Сол тәкаппар қалпы: «сен ғой мені мүсіркейсің, ал, мен сені аяп тұрмын» дейді. Кейіпкер кесек турап, ірі сөйлеп тұр. Нағыз кескекті ердің сойы. Ол, міне, түрмеден қашты. Бірақ ол сонысымен азаттық ала қойды ма? Басы бостан болды ма? Жоқ, әлде, ол түрмеден қашқанда елі мен жері ішкені алдында, ішпегені артында қалып, арқасын кеңге салып арқа-жарқа боп жатыр ма?! Жоқ, тағы да жоқ! Өйткені, «күйші қашты мазағынан түрменің, азабына бүкіл байтақ елінің». Ол енді бүкіл байтақ елінің азабына келіп кірді. Ол азап күйші үшін түрменің мазағынан да ауыр. Өйткені азап бұғауы түрме бұғауынан да қатерлі. Түрмедегі мазақ бұғауы қолын қысса, елдегі азап бұғауы жанын қысады. Елім деп еңіреген ер үшін одан өткен ауыр қасірет бар ма?! Бірақ перзент бойындағы бұрқақ тасқын, бұла рух тізе бүгіп жасып, мойын ұсынып мойып қалмайды. Өйткені халық қасіретінің отына қақталып, халық қайғысының көз жасына суғарылған қайратты жігер мен айбатты намыс семсері бұрынғыдан да шалт суырылып, бұрынғыдан да қатты сермелмек. Ондай тұста «қанды желік» боп халық көтерілмек...

Сарнады-ай кеп дала сонда,
Құм да оянып аунады ақыр,
Қызды найза алақанда.
Ер тіл қатты жауға батыл:

«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Дауыл, дауыл!.. Ағала шаң...
Жалба-жұлба көрінді иық.
Қолдар жүрді жағада сан

Ел тіл қатты кегін жиып:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»

Бұл жолдар бейнебір бүкіл халық болып «қайт, қайт, қайт, қайт!» деп ел ішінен, жер үстінен қара бәлені аластап тұрғандай соншалықты қаһарлы естіледі. Халық бойында осыншалық ашу-ызаны, осынша жігер мен намысты тудырып отырған не? Зорлық-зомбылық. Тізе батыру. Саған жан деп емес, мал жеп қарау. Отырсаң опақ­сың, тұрсаң сопақсың деп қорлау. Алдына сап емпеңдетіп айдап, елпілдетіп жүргізіп қою. Оған кім көнбек?! Сон­дықтан да «ол асау болмас еді – болмасына қойды ма?» Егер сенің ашу-ызаң атқақтап, намыс-жігерің жарқылдап тұрса, сол үстем өкірем өркөкіректік те қанша қорланып қоқи­ланып қоқаңдағанмен күндердің күнінде аяғын тартады екен. Сондықтан да сол өпірем өктемдік күйшіні суға да, отқа да салып азаптаса да бәрі бір оның сағын сындыра алмапты. Өктемдіктің де амалы таусылып, айласы біткендей дағдарып қалғандай болыпты. Яғни, үстем өктемдік «Қор етпейін деген жоқ, қорқыта алмай қор болыпты». Бұл «Күй кітабында», негізінен жалды Құрманғазы күйлері арқылы азаттық аңсаған халықтың жігері мен намысы, қайғы-қасіреттен қабырғасы қақырап сөгіліп жүрсе де келсең кел деп білек сыбанып, бел буып шыға келетін елдің өршіл рухы жырланса, ал «Жаңғырық» толғауында тағы бір азаттық күрескері Махамбет батырдың басын алған тұстағы опасыздық пен сатқындық өзек болған. Бұл да қасірет. Ұлт қасіреті! Ол кез – ұлы даланың Исатайынан айырылып, Махамбеттің жалғыз қалған кезі. Бірақ патша үкіметінің итаршылары үшін Махамбет батырдың жалғыз қалғанының өзі қатер, қауіп. Махамбеттің бұл жалғанда көзі тірі тұрғанда, сөзі тірі тұрғанда зорлықтың шоқпарын, зомбылықтың сойылын көтергендер төсегінде тыныш ұйықтап, төрінде алаңсыз ас іше алмақ емес. Сондықтан оның көзін де, сөзін де құрту керек! ... Иен далада жалғыз отырған үйге бір топ адам сау етіп аттан түсе-түсе қалысты. Алдарқатып отырып айласын асырып ақын басын, сабағынан үзілген қарбыздай домалатып, кесіп алып кетті. Өз қандастары, өз бауырластары. Бұдан өткен сатқындық, бұдан өткен опасыздық бола ма?! Жоқ, дейсің, әрине! Бірақ одан да өткен опасыздық, одан да өткен сатқындық болады екен. Инемен шабақтағандай жаның түршігеді, кездікпен тілшелегендей жүрегіңнен сора-сора қан ағады. Ол сорақы сатқындық пен ол нәлеті опасыздық ақын басын сұлтанның алдына домалатып тастай салған сәттен басталады. Ақын басын алып келген қанды қол қарақшы топ, енді бірімен бірі ерегісіп,Махамбеттің басын мен шаптым, жоқ, сен шапқан жоқсың, мен шаптым деп сұмдық масқара айтысқа түседі. Сонда не үшін дейсіз ғой. Сұлтанның көзіне түсіп абыройын асыру үшін, ақын басына төленетін екі мың сом үшін. Неткен масқара бейшаралық! Бәлкім, тарихи факт бұлай сөйлемейтін шығар. Мүлде олай болмаған шығар. Бірақ рухани фактор бар емес пе?! Махамбет заманын былай қойғанда күні кеше, Кеңес заманында ғана сол сатқындық пен опасыздық талай-талай арыстарымыздың басын саудаға салып, ақырында оларды аттырып, астырып, қалғандарын көздерінен тізіп тұрып итжеккенге айдатып жіберген жоқ па?! Ал рухани фактор арғы-бергіні түгел жинақтап, оларды қорытып сөйлеуге әбден құқылы.

Сонымен не болды дейсіз ғой.
Талас қызып жатты:
Өлексеге түсетін қарға құсап қалбақтап:

– Уа, сұлтаным, мен – деді

біреу ұшып алға аттап.

– Жоқ, мен! – деді бір сымпыс екі бұтын иректеп

Қылыш шабуға үйренген жігіт едім үйде ептеп.

– Жоқ, ол емес мен! – шолақ адам бір мыртық, –

Қоя алмадым елімді «бір тентекке» бүлдіртіп.

– Семсерімді біраздан сынай алмай жүр едім, –

ақ семсерді – бірі айтты – өңменнен тіредім.
Сол-ақ екен, шолақ топ қаруларын серместі,
Қамшылары шошаңдап,
«Мен, мен» десті, «мен» десті.

Мұны енді сатқындықтан да өткен сатқындық, опасыздықтан да өткен опасыздық демей, енді не дерсің?! Бұл, енді, ұлттық трагедия! Жұмекен Нәжімеденов бетін тіліп жіберсең де қан шықпайтын кісәпірліктер мен адам етін тірідей жейтін кәззаптықтарды көрсетуде көп-көп ақындардан оқшау тұр дей аламыз. Бұл да сол адам табиғатының тереңде жатқан қалың қыртыс-қатпарларына үңіле білуден. Бұл жерде бір айта кетер нәрсе, адам бойындағы қыртыс-қатпарлар орасан зор қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшін орасан қуат керек. Жұмекен Нәжімеденов сондай қуатқа ие ақын еді.

* * * Менің ойымша, дәл Жұмекен Нәжімеденовтей еңбекқор ақын, өзін өзі азапқа салып қойып жұмыс істеген ақын жоқтың қасы. Бар. Бірақ сирек. Ол тіпті екінші рет инфаркт алып, өмірі қыл үстінде тұрғанда да, қолынан қаламын тастамай, алдынан қағазын жинамай өтті. Жанкештілікпен жұмыс істеді... Сұмдық асықты. Бейнебір ерте кететінін сезгендей... Жұмекен ағаның «Тез, тез!» деп аталатын сюжетті бір өлеңі бар. Бір күні оны кәрі әкесі, яғни атасы шақырып алып «көрші халсыз жатыр», «тез, тез барып Қошалақтан дәрі әкел» деп жұмсайды. Содан ол балағын түріп жіберіп, Қошалақты бетке алып жүгіріп алып жөнеледі. Жалаңаяқ табанына тікен мен шөңге кіргеніне де қарамайды. Өйткені «көрші халсыз жатыр». Соны құтқару керек. Ол көршінің тағдыры мұның жүгіргеніне тіреліп тұр. Қошалақтағы дәрігер де оған дәрі беріп жатып «тез, тез жет» деп асықтырады. Ол тағы да аяғы аяғына тимей зымырап алып жөнеледі. Әйтеуір ол өлдім-талдым дегенде ауылға ымырт үйіріле жетеді-ау. Бірақ алдынан шыққан кәрі әкесі оны «кешіктің ғой, ұлым» деген сөзбен қарсы алады. Баланың меселі қайтып, көңілі су сепкендей басылып қалады, кінәсі жоқ болса да, өз міндетін адал атқарып шықса да, ол өзін айыптыдай сезінеді... Кейіннен, ес жиып есейген соң да, ақынның ел алдындағы атқарар парызы мен міндеті, көтерер жауапкершілігі сол қалпында қалған. Сондықтан да:

Парыз десе атан-түйе тәрізді ек,
Менде ғана қалған-сынды бар ізгі от:
Әлі-әлі әлдекімге, асығыс
Шығатұғын секілдімін дәрі іздеп.

Өтелмеген бір парызым бар анық:
Табан тесіп,
сирағымды жара ғып,
әлдекімге мен, әйтеуір,

алқынып
келе жатқан сықылдымын дәрі алып.
Өйткені,
Әлі мені күтіп жатқан тәрізді

екі дүние ортасында әлдекім.

Ол бейнебір адамды қатыгездік құрсауынан, ажал тұзағынан құтқарам деп, адам жанына дендеп кіріп алған дертке дауа іздеп асығып жүріп, бұл дүниеден өзі де асығыс кетіп қалғандай...

ШАМЫРҚАНҒАН НАМЫСТАН АСҚАҚ РУХ ТУАДЫ

Ой орманы Ия, балалар әдебиетінде біршама уақыт өнімді де өрісті жұмыс істеп, үлкен поэзия есігін именбей ашқан кешегі Қадыр Мырзалиевтің, бүгінгі Қадыр Мырза Әлидің алғашқы жыр кітабы дәл осылай аталады: “Ой орманы”. Осы алғашқы жыр кітабының жалқы атауы—бара- бара , жылдар өте келе оның бүкіл щығармашылығын қамтитын жалпы атауға айналатынын жас ақын ол кезде білді ме, білмеді ме, бізге ол жағы беймәлім. Бізге мәлімі, ел арасында аса беделді, өте қадірлі, Қазақстанның ұшы- қиыры жоқ кең даласы аудиториясына айналып кеткен ақынның кез- келген оқырманынан Қадыр Мырза Әлидің ең басты ерекшелігі неде? деп сұрасаңыз , сөз жоқ, олар ешқандай кідіріп- күмілжіместен Ой дер еді.Ой! Ой! Ой! Түбі терең, ауқымы кең, дүмі мықты ұғым. Ия, Қадыр Мырза Әли—ой орманы. Бүгінде бұл атау оның бүкіл шығармашылық әлемінің—төлқұжаты. Әрине, ол ой орманы– өз- өзіне тұншығып, тұнжырап, өз уайымы мен мұңын ғана бойына жинап, тылсым мінезбен мүлгіп тұратын ой орманы емес. Ол ой орманы—бірде самал жүгіріп өтсе тұла бойына жан кіріп жапырақ- алақандарымен қол соғып тұратын, бірде аспан астын желкендей керіп, жер үстін астаң- кестең етіп соғатын сұрапыл дауылдай гуілдеп, уілдеп, шулап- улап алағай да бұлағай боп жататын, бірде ми қайнатар аптаптан еңсесі түсіп, енді бірде төбесінен алау- далау боп күркіреп жөңкілген қара бұлттар лақтырған жасыннан қып- қызыл өрт құшағында қалатын, драмасы да, трагедиясы да көп, қойны толы құпия, түбі көрінбес тылсым Ой Орманы. Менің, дәл қазір, тағы да тыңнан түрен салған, бізге бұрын- соңды белгісіз боп келген жаңа өрістерді—ендіктер мен бойлықтарды ашқан, әдебиетке тосын мән мен мазмұнды алып келген атыңнан айналайын Алпысыншы Жылдар ойыма оралып тұр. Сол жылдары республикамыздың түкпір- түкпірінен келген, Үркердей ұйысқан бір шоғыр талант қалыпты жолмен жүре- жүре әбден ығыры шығып, мүлде қалғып- мүлгіп кеткен рухани әлемімізді дүр сілкіндіріп жіберіп еді- ау. Солардың тепсе темір үзетін қуатты тегеурінінен ойымыз бен бойымызды құрсаудай қысып жатқан қасаң схемалар қарс- қарс айырылып , әбден тұяқкешті боп ақжем, ақшаңдақ таптаурынға айналған стреотиптер күн жеген тозған шүберектей дар- дар етіп жыртылып жатты. Әдебиетіміздің маңдайына бір-бір жұлдыз боп қадалған сол тегеурінді таланттардың қақ ортасында, сөз жоқ, Қадыр Мырза Әли тұрды. Оның “Ой орманы” баспасөз беттерінде топ- топ болып жариялана бастағанда біз әлі елде болатынбыз. Несін жасырамыз, ол өлеңдер шыққан бойда- ақ, өлі тыныштықта оқыс дауыс естілгендей жұрттың бәрін өзіне жалт қаратты. Елде жүрген өзім куәмін, жұрттың бәрі де, жасы да, жасамысы да, көптен хабар- ошарсыз кеткен ең бір ет жақын туысын, сүйектес ағайынын көргендей жапа- тармағай бас салды... Сол тұста халық бойында поэзияға деген құштарлықтың оянғанын айта кеткен ләзім. Түйіп, түйіндеп сөйлер болсақ, ол жылдар оқырман қауымның жалпы әдебиетке, соның ішінде өлеңге деген ынта- ықыласының бетбұрыс жылдары болды. Ал сол үрдіске Қадыр Мырза Әлидің үлкен құрметке лайық үлес қосқанын ешкім де, тіпті қашан көрсең де ішін қызғаныштың қызыл иті талап жататын қызғаншақ та жоққа шығара алмас еді... Сол жылдарды аса бір ылтипатпен есіне алған Қадекеңнің мынандай бір әңгімесі құлағымда қалыпты. “Мен, өзің білесің, әдебиеттегі жолымды балалар поэзиясынан бастадым ғой. Мен онда таза, адал жұмыс істедім деп білем. Мұны біреу біледі, біреу білмейді, сол кезде- ақ мен үлкендерге бағыштаған өлеңдер жазып жүргем- ді. Бірақ неге екенін білмеймін , ұзақ уақыт бойы еш жер баспай қойды. Сонда да жазуды бір пәске де тоқтатқам жоқ. Жұмыс істей бердім. Жұмекеннің бір жинағы жарық көріп қойған. Оларды қатты қызығып, құмарта оқығам- ды... Күндердің күнінде менің де өлеңдерімнің күні туып, жолы болды. Баспасөздерде жаппай жариялана бастады... Сонда сен мені не ойлады дейсің ғой. Жарияланып жатқан бұл өлеңдерге Жұмекен қалай қарар екен деп ойладым. Құдайлық шыным!” Қадыр ақынның бұл сөздерінен кейіннен қазақтың ұлы ақыны деңгейіне көтерілген әрі замандасы, әрі досы Жұмекен Нәжімеденовке деген құрметпен бірге , оның бойында үміт пен күдіктің де арпалысып жатқанын көреміз. Ақыры күдік қалды, үміт озды. Көп ұзамай “Ой орманы” жеке кітап боп шықты. Ол кітап шыққан бойда- ақ қазақ әдебиетіндегі ерек құбылыс болып қабылданды.

Өмір өзі қуарған
Ой дегенің ну орман.
Жолау қауіп оған да
Жоқ емесі жоқ онда.

Құмыр бұлбұл сайраған,
Қасқыры тіс қайраған,
Қарсақтары зорыққан,
Қояндары қорыққан,

Жолбарысы шабынған,
Жыландары жабылған,
Аюлары із кескен,
Арыстан да кездескен...

Ой деген де ну орман,
Талай бастар қуарған.

Ақын “ә” деп үлкен әдебиеттің биік табалдырығын аттағаннан- ақ осындай қатерлі де қауіпті өмірдің ой орманына енген- ді. Алдында қандай қатер мен қауіптің күтіп тұрғанын, ол әлем ешуқытта да бойкүйездікті де, салғырттықты да ешқашан кешірмейтінін әбден біліп, бойына бар қайрат күшін, қажыр- қуатын жинап, бүкіл тағдыры мен ғұмырын кепілдікке қойған- дай, соған басын тіккендей боп қадам басты... Бір сөзбен айтқанда ақын Өлең әлеміне білек сыбанып, бел буып, тас түйін боп кірді. Боласың немесе бордай тозасың... Біздің бұл сөздерімізге оның одан кейінгі бүкіл ғұмыры куә бола алады. Несін айтасың, оның ол кезде белдегі бес қаруы да сақадай- сай еді. Қайралған. Піскен. Жетілген. Үлкен дайындық мектебінен, мектебінен емес- ау университетінен өткен. Төл әдебиеті мен әлем әдебиетінің қайнар көздерінен мейірі қанғанша сусындап, отқа бір қақталып, суға бір түсіп, төс пен балғаға тапталып суғарылған-ды. Содан да ол бірден-ақ әлде біреулердің үстінен түскен жамау- жамау жадағай, әлде кімдердің қабағының астында қырық иіліп, қырық бүгіліп тұратын жалбақай сөздердің бәрін сыпырып, сілкіп тастап, қынаптан суырылған қылыштай жалт- жұлт еткен немесе адырнаны аңыратып ұшатын қозыжауырын жебедей шымыр да ұшқыр сөздермен жұмыс істеді. Тосын метафоралар мен метонимия, астарлы аллегориялар мен асқақ гиперболалар, өзгеше образдар мен теңеулер дүниеге келді. Ең алдымен ақын өзінің туған жерінің, туған даласының мерейін көтеріп, мәртебесін биіктетті.

Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма ед?
Ат мініп, көкпар тартып құлшынар ма ек!
Құдайда храм болса , ойлаймын мен
Ол—мына шетсіз- шексіз сен шығар деп.

Жаз болса сағым атты ағыс басып,
Жатады көл- көсір боп табыс тасып.
Ол дағы сенің арқаң, жақындасса,
Көкжиек көкжиекпен туыстасып.

Уа , далам! Кеңдігіңе тамсандым көп,
Айта алман бәрін жазып тауса алдым деп.
Сен– алып пластинка дөңгеленген
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп.

Еріксіз “па, шіркін” дейсің! Тіпті қаншама жылдардан кейін қайта оқысаң да! Жаңа сөз, жаңа сурет дегеніңіз осы ғой. Ал жаңа сөз, жаңа сурет ешуақытта көнермейді. Ақын алып далаға өз заманының, өз уақытының көзімен қарай білген. Құлазып жатқан, меңіреу мылқау далаға бірер жолмен- ақ жан кіргізіп жіберген. Осы өлеңді оқып біткен бойда-ақ, сенің де пластинка секілді дөңгеленген алып дала төсінде ине құсап ән салып кеткің келеді. Мұндай сөз- суретті тек дала стихиясын бар болмыс- бітімімен, бүкіл табиғатымен барынша терең сезіне білген адам ғана сала алса керек. Бұл жерде айта кетер бір нәрсе, егер сенің сөзбен салған суретің бостектілеу, шикілеу, бір қайнауы ішінде болса, онда ол суретті күні ертең- ақ біреуі бір тартып, екіншісі екі тартып жұлма- жұлмасын, түте- түтесін шығарар еді. Ал мына сияқты пісуі әбден қанған, бояуы сіңген суретті ешкім де әрі тарт та бері тарт ете алмайды, оның өңін жүз рет аударса да басқаша бере алмайды. Өйткені ақын бұл суретті жұла да, түте де алмайтындай етіп тасқа қашап сіңіріп жіберген. Сондықтан да ол тек Қадыр Мырза Әли ғана салған даланың кескін- келбеті боп қалады.! Ақын сол бір кезеңдегі өлеңдерінде туған жер, өскен өлкенің келісті көркем бейнесін көз алдыңа келтіретін тұтас бір галереяны дүниеге келтірді. “Төрт түліктің нанындай төрт бұрыш маялар”, “Теңге күн алып ыстық табадағы Тоң майдай жылжып еріп бара жатқан”, “Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап Аяғын жерге екі елі тигізбейді’, “Әр тұста жол күзеткен теректердің Шаң басқан жолаушыдай иықтарын”, “Жағалай жатқан бұлт түте- түте Жатқандай киіз басып байтақ аспан”... Тізсең, тізіле береді, тізіле береді. Кейде, қыза-қыза келгенде, кей өлеңдерін, үзіп- жұлмай, тұтастай көшіргің кеп кетеді. Өйткені пейзаждық көрмеге келгендей тұнып тұрған сурет, бірінен бірі асып түсетін, көз жауын алатын тең- тең теңеулер, тәтті сорғандай таңдайыңды тақылдатып тамсандырар метафоралар мен образдар... Сөйтсек, оқыған жұрттың бәрін таңғалдырып тәнті еткен ол суреттер мен теңеулер, ол метафоралар мен образдардың өзі алда жазылар үлкен істің увертюрасы, алғышарттары ғана болып шықты. Біздің соншалықты құлай жығылып, қол соғып ризашылық білдірген бұл өлеңдеріміз ұлт бойына қуатты да қайратты биік рух құйып жіберген өлмес- өшпес ұлы шығарма—“Дала дидарына” дайындық қана екен. Ия, сол жылдары ақынның Далаға деген ұлы махаббатынан туған “Дала дидары” кітабы қалың қазақтың шетсіз- шексіз сүйіспеншілігіне ие болып еді. Ең бастысы, қазақ рухының атойлап оянуына өлшеусіз олжа салып еді! Көп- көп қазақ сол кітап арқылы өзінің кім екенін біліп, өзін енді танып еді. Ол кітаптағы небір астарлы ойлар мен адуынды ағысты иірімдер қаншама уақыт бойы бұғып, бүгежектеп келген халықты, орман үстінен дауыл өткендей дүр сілкіндіріп, жан дүниесін астаң- кестең еткендей болып еді.

Қыл бұғаудың жылқыны
Қинайтыны рас-ау,
Бұғалықта бұлқынып
Бебеу қағып тұр асау,–

деп басталатын “Асау” өлеңін қараңызшы. Одан әрі:
Жәудіреген нұр көзде
Жалтылдайды жас шығып,
Қарғып мінді бір кезде

Қайратына жас жігіт.
Асау арда қызынған
Ай, шап келіп,
Шап келіп!

Екі езуі қызыл қан
Тұла бойы ақ көбік.
Келді басып ақырын,
Шықпаған тек жаны бар.

Еркіндіктің қадірін
Ұққан шығар жануар.

Құдай- ау, бұл өлең сонау бір замандарда ұшы- қиыры жоқ алып кеңістікті емін- еркін жайлаған, енді бүгін азат асаулығынан да, жал- құйрығы желмен желбіреген тарпаңдығынан да айрылып қалған қайран қазақтың тағдыры ғой. Бұл өлеңнен санасында иненің жасуындай сәулесі бар қазақ алдымен өзін көреді ғой. Көреді де, сол сәтте мұқалып қалған намысы сол сәтте қайтадан қайралып, қайтадан жасындай жарқылдап, құм басып қалған жігері құйындай түтеп шыға келмей ме?! Өлең астарын аударып-төңкеріп оқи алатын жанның бәрі сондай күйге түсері сөзсіз. Қадыр Мырза Әли Көне заман көріністері арқылы мойнына отарлық қамытын киген кешегі кеңес тұсындағы қазақтың рухын осындай астарлы әдіс- тәсілдермен оятуға күш салып еді. Оның, тіпті “Бесік жырының” өзінде қаншама зіл- батпан мұңмен бірге, айласы таусылған амалсыздық пен шарасы таусылған шарасыздық жатыр десеңізші!

Бөлетіндей пәршелеп.
Біз құдайға не қылдық?
Жетіспейтін нәрсе көп,
Соның бірі– әділдік.

Әлди, бөпем, әлди- ай!
Ханыңда ес жоқ дейді,
Халық қайтіп сенеді?
Шындық болса өтпейді

Қымбат қой ол себебі.
Әлди, бөпем, әлди- ай.

Бұл жолдарда көне заманның ғана емес, кешегі күннің де, бүгінгі күннің де сай- сүйекті сырқыратар қасіреті жатыр ғой. Өйткені бұл қазақ қай уақытта әділдіктің билік құрып, шындықтың үстемдік еткенін көріп еді? Қай уақытта? Қашан көрсең де кілең бір жат жұрттықтар, кілең бір көлденең көк аттылар қолындағысын қағып ап, аузындағысын жырып ап, онысымен қоймай, “көке”, “жәке” деп тұрсаң да ағаш атқа теріс мінгізіп, қит етсе болды қылтадан қиып жіберіп, отырса опақ, тұрса сопақ етіп келе жатқан жоқ па?! Тағы да ол жауыздықтың бәрін қазаққа қазақтың қолымен жасайды. Сөйтіп қиянат соңынан қиянат, қысастық соңынан қысастық кіреді. Сондықтан да мына өмір “біреулерге– кең дала, біреулерге—түрмедей”. Ұлттық рух дегеніңіз “мен, мен” деп кеудені дүңкілдетіп соға бергеннен гөрі ең бір жанды жеріңе, ең бір осал тұсыңа тиген кезде қурап, кеуіп қалған кеудеге от тигендей бұрқ ете түсетіні сөзсіз.

Төрт түлік төліңді
Түгелдей жалмаған.
Жұтың да
Елімді

Оята алмаған.
Көңілді қалаңды
Күйедей жалмаған
Жауың да

Даламды
Оята алмаған.

Қаперсіз, салғырт халқың үшін қаның қайнайды, жаның күйзеледі. Мойнын ішіне тыққан, сен тимесең, мен тимен бадырақ көз деген неткен марғаулық бұл. Бірде іштей егіліп, енді бірде шарт сынардай боп кіжініп, қынжыласың. Сол бір заманда (қазір де!) eлің мен далаңның қаншама зорлық пен зомбылықты, қаншама қорлық пен зобалаңды басынан өткізе тұра, қалың ұйқыдан оянбайтынына, қайрат көрсетпейтініне бір суып, бір ысисың. Солай бола тұра, осындай жан арпалысынан кейін, бәрі бір сенің тұла бойыңнан намысты рух оянып келе жатады. Ал жан күйзелісі мен жан арпалысына тамыр сап өскен рух, мақтан мен мадақтан өсіп шыққан рухтан гөрі әлдеқайда баянды, әлдеқайда қуатты. Әрине, ақын әлгі өлеңін

Қалғыған қалыпты
Қимай ел жатты ғой.
Ұйқысы алыптың
Қашан да қатты ғой,–

деп аяқтап, өзін де, жұртты да жұбатпақ болады. Енді қайтсін?! Бұдан басқа амалы бар ма?! Сөйте тұра ақын

Төгілген қан мен теріміз,
Туыстың біз де еріміз.
Білгіңіз келсе қазақты
Тегіне тиіп көріңіз,–

деген кезінде сіздің күңгірт жаныңыз от жаққандай жарқырап қоя береді. Шатырлап сөгіліп кетердей шамырқанып тұрған намысыңыз бұрынғыдан да қайраттанып, бұрынғыдан да айбаттанып шыға келеді. “Ия, біз осындаймыз” деп салбыраған басың көтеріліп, басылған кеудең керіліп бара жатады... Шын ақын қай заманды жазса да, ең алдымен ол бүгінді жазады. Өткен күн арқылы бүгінді көрсетеді. Ал бүгіннің ақыны бола білген ақын, сөз жоқ, ертеңнің де ақыны. Қадыр Мырза Әлидің кеудесіне ұлттық рух о бастан- ақ ұя салған. Қаны да, жаны да ұлт деп сөйлеп тұратын нағыз ұлтшыл ақын. Оның қай кітабын ашып қалсаңыз да сол ұлттық рух, сол ұлттық болмыс тайға таңба басқандай боп алдыңыздан андыздап шыға келеді. Тағы да ол ұлттық болмысты жадағай, жалаң қарастырмайды. Топырағын танып, тамырын тауып сөйлейді. Бір кереметі, ол оны кез келген жерде кездестіре қояды. Ойы—ұшқыр, көзі—көреген.

Ерлік иісі шығады ер- тоқымнан,
Тарих иісі шығады шаңырақтан.

Әдемі- ақ! Осылай екеніне ешқандай күмәніңіз қалмайды. Бұл сөздерден кейін- ақ сіз қандай бір болмасын көне заттарға өзгеше көзбен қарай бастайсыз. Олай етпеске тіпті де әддің жоқ. Қарап отырсам, Қадыр Мырза Әли өзі өскен, барынша өнімді жұмыс істеген, қазаққа кесірі мен кесапатын көп тигізген кеңес заманына деген ашынған ашу- ызасын, оның зұлым да сұрқия бейнесін тарихи тақырыптар арқылы қотара қопарып көрсетіпті. Қайтсін, басқа амалы жоқ қой. Дәл солай етуді мақсат етуді мақсат еткендіктен де сен сол өлеңдерден қиян алыста қалған өткен заманды, кешегі кеңес кезеңін ғана емес, бүгіннің кескін- келбетін де жазбай танисыз.

Куә- тарих мұны анық білдіреді.
Қалған өмір олардан тұлдыр еді.
Адам болсам дегендер емес
Бәрін

Құдай болсам дегендер бүлдіреді.

Бұл көне заман бейнесі ме, кешегі кеңес заманының бейнесі ме, жоқ әлде, бүгінгі заман бейнесі ме? Турасын айтсақ, бәрінің де бейнесі. Жинақталған образ. Біреу кеп түсіндірмей- ақ оны өзің танып, біліп, көріп тұрасың. Дәл осы жерде, бір айта кетер мәселе, бүкіл шығармашылық ғұмыры кеңес заманында өтсе де Қадыр Мырза Әли еш уақта да кеңес заманының, яғни Қазақ Совет әдебиетінің ақыны болған емес. Ол үлкен әріптермен ойып жазылатын Қазақ Ақыны болды. Қайталап айтамыз, ол қазақ ұлтының рухын оятып, оны көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Ал рух табиғатын, оның болмыс- бітімін тұтастай танып- білу мүмкін емес. Ол керек десеңіз стихиялық құбылыс. ... Осы жерде менің ойыма жақында ғана телевидениеде болып өткен бір пікір талас түсіп отыр.Тақырыбы—қазақ ұлтының рухы оянды ма? Ондай пікір таласта, әдетте әркім өзінің шама- шарқы жеткенше, өзінің ой- өрісі деңгейінде, әңгіме айтады ғой. Біреу олай айтады, біреу былай айтады. Әрине, біреуін қабылдайсың, біреуін қабылдай алмайсың. Бірақ сайып келгенде бәрінің ниеті дұрыс. Әйтеуір болсын деген әңгіме айтады. Дей тұрғанмен мен бір жігіттің сөзіне қатты шамданып қалдым. Ол жігіт рухты ғылыми жүйеге түсіріп, сол арқылы танып- білуіміз керек деген сияқты қисынсыз сөз айтты. Апыр- ау, рухты қалай ғылыми жүйеге түсірмексіз. Елі мен жерін қорғап атқа қонған Қабанбай мен Бөгенбайлардың, Райымбек пен Наурызбайлардың, Кенесары мен Сырымдардың, Исатай мен Махамбеттердің ерлік рухтарын қалай түсіндіріп бермексің. Тарихын, ерлікке толы баяндарын айтып беруге болар. Ал рухын қандай анықтамаға сиғызбақсың. Рух—рух! Ол сенің бойыңа туған жердің топырағының қызуынан, аптабы мен аязынан, туған еліңнің мейірімі мен қайырымынан, тіпті қатал мінезінен, ана сүтінен, бесік жырынан, дәстүрі мен салтынан, тәрбиесі мен тәлімінен, тағы да басқа, бәрін қамту мүмкін емес, толып жатқан компоненттерден құралады. Мына жерде рух бар, мына женде рух жоқ деп қалай түсіндіріп бере алмақсың. Рухқа ешқандай дипломның да, ғылыми атақтың да қажеті жоқ. Нақтылы түсіндіріп беруі қиын абстракталы ұғым бола тұра, ол, сөз жоқ, ең алдымен, халық тағдырынан өсіп шығады. Халық тағдырының ащысын да,тұщысын да, қайғысын да, қуанышын да, қасиетін де, қасіретін де, ашу- ызасын да, мейірім- қайырымын да... бойына жинаған рух– әруақта асқақ, әруақта биік. Қадыр Мырза Әли туған халқының бойындағы осындай асыл қасиеттерді болмыс- бітіміне барынша молынан жинаған ақын. Ол қандай бір тақырыпты жазса да , сенің жаныңды күнде жеп, миыңды күнде шағатын, бірақ сен айта алмай жүрген сөзді тап басып, дәл төбеңнен түсіріп айтады.Айтқанда да,– айызыңды қандырып,– шегедей қағып, қазықтай қадап айтады. Мәселен, ақынның Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңінен үзінді оқып көрейікші.

Құпия қару асынған
Ауруға мұндай көп өкпең.
Өрілді оның басында
Халықтың өзі венок боп.

Кеудесін жаншып тас батқан
Көшелер жатты шаңытпай.
Тұп- тура тартқан асфальт та
Түнерген қара табыттай.

Көр болғыр көзге жас алмай,
Жас алмай қалар қай кісі?!
Үлкен бе елдің қашаннан,
Кішкене жұрттың қайғысы.

М. Әуезовты ақырғы сапарға шығарып салып тұрған ақын күйзелісімен бірге, бұл өлеңнің айтар ойының ауқымы өте кең, аса терең. Шынында байқап, бажайлап, өткен- кеткен мен айнала дүниеге ой жүгіртіп қарасаңыз кішкене жұрттың қайғысы қашанда үлкен ғой. Тіпті айнала дүниені былай қойып, зерде танымыңызбен, сана түйсігіңізбен, сана сәулесімен, ой көзіңізбен қатпар- қатпар боп жатқан өз тарихыңыздың ғана қыртыс- қыртысын ақтарып, арғы астарын аударып көріңізші. Халқыңның бұлтты түндей ауыр қайғысы мен қасіреті , сай- сүйегіңді сырқыратар тағдыры тізіліп тұра қалады. Ақын Мұхтар Әуезов қайғысы арқылы—қазақ басынан өткен сұрапыл кезеңдерді мегзеп отыр. Соны бүкіл тамыр-талшығыңмен, бүкіл болмыс- бітіміңмен сезінесің де, сен де түндей қабарып, бордай үгілесің... Қадыр Мырза Әли шеберлігінің дұрыс мағанасындағы әдіс- айласы да, амалы да көп қырлы, сан түрлі. Бірде басқа бір ой айтатындай боп келе жатып, кенет жалт етіп бұрылып кетіп, сен күтпеген мүлде басқа тұстан шыға келсе, енді бірде (тағы да күтпеген жерден) жарқ етіп алдыңнан шыға келеді. Осы бір жерде айтарын қадап тұрып, шегелеп- ақ айтыпты ғой, енді бұл тақырапқа қайта оралмайтын шығар десең, жоқ, дәл сол тақырыпты сен ойламаған тосын тұсынан өзгеше бір соқталы ой табады. Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңде кішкене, аз халықтардың қайғысын айтса, ал Расул Ғамзатовқа арнаған өлеңінде сол халықтың перзенті қалай болуы керек деген? сұраққа тіліп түскендей етіп кесімді жауап береді.

Осал болса
Жырыңа
Ел көңілі толмайды.
Аз халықтың ұлына

Ұлы болмай болмайды!

Бұл сөздер ат төбеліндей ғана авар ұлтының өкілі Расул Ғамзатовқа ғана арналған өлең емес, сонымен бірге бізге де, әрбір қазаққа да арналған сөз. Ойланасың. Толғанасың. Өзіңді бұрынғыдан да әрі берік, әрі биік ұстағың келеді. Бейне бір мына тірлікте сен көтерер жауапкершілік жүгі бұдан былай әлдеқайда көбейіп кеткендей. Өз- өзінен тұлғаң зорайып, ойың ұлғайып бара жатады. Қадыр ақын бір өлеңіндегі ұтқыр ойды екінші, үшінші өлеңдерінде одан әрі ұштап, одан әрі дамытып, одан әрі таратып сөйлеуге қандай ұста! Масақ қалдырмайды- ау, масақ қалдырмайды. Мәселен, сен, М. Әуезов қазасы мен Р. Ғамзатовқа арнаған өлеңдерінен кейін әлгі кіші, аз халықтар тақырыбы осымен ақи- тақи бітті деп ойлайсың ғой. Жоқ, бітпепті. Ақын ол тақырыпты одан сайын індете түсіпті. Сенбесеңіз, тағы да өлең оқиық:

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Бұлтын оның бұлт демей түбіт дер.
Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға
Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Тұма- бұлақ дариядан үміткер.
Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге
Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Теңіз кешіп,
шың басына шығыпты ер.
Көре тұра мына ұлы даланы

Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!

Бұл жолдарды оқығаннан кейін енді сенің жауапкершілігің бұрынғыдан да артып, міндетің бұрынғыдан да ауқымдалып кетті. Өз ұлтының қадір- қасиетін, болмыс- табиғатын танып білуде, қайғысы мен қасіретін тереңінен қопарып қазып көрсетуде, оның мерейі мен мәртебесін асқақтатуда Қадыр Мырза Әлимен шендесетін ақын, бар болса да, сирек. Әрине, мен бұл жерде, Абай, Махамбет, Мағжан секілді алыптарды айтып отырған жоқпын. Ешқандай бұлтақтатпай да, жалтақтатпай да шынын айту керек, өзіміз куә болған кездегі кеңес заманында да , бүгінгі таңда да жұрттың аузына ең көп ілінетін ақындар кімдер деген сұрағыңызға үш- төрт ақын аталса, солардың алдымен аталатыны да—Қадыр Мырза Әли. Бүгінде уақытымыз, мүмкіндігіміз жеткенше, шағын отырыстарда да, той-томалақтарда да, ас- садақаларда да, тіпті талас- тартысты жиындарда да , құдайға шүкір, бір кісідей қатысып жүреміз. Соның көбінде дерлік, сөйлеген адамдар Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерінен үзінді оқып, мысал келтіріп жатады. Дәлірек айтсақ, ол көзінің тірісінде- ақ, аңызға, фальклорға айналған ақын. Өлеңдерін былай қойғанда, дастарқан басында, сапарларда, алқалы бас қосуларда, кафе- барларда оның айтқан мірдің оғындай өткір сөздері бүкіл Қазақстанды лезде- ақ кезіп кетеді. Көп жұрт оның ақ дегенін алғыстай, қара дегенін қарғыстай көреді. Тіпті оның сөздерін би өкіміндей қабылдайтындар да бар. Мен бұл сөздерді, мақтаудың жөні осы екен деп, қызыл сөздің жетегінде кетіп айтып отырғам жоқ. Шындығын айтып отырмын. Бұл сөзіме дәлел ретінде өз басымнан өткен мынадай бір оқиғаны айта кетейін. Маңғыстауда жүрген кезім. Қазақстан Жазушылар одағының сондағы кеңесшісімін. Әдебиеттегі атым да әп- әжептәуір шығып қалған кез. Баспасөз беттерінде біздің толқын туралы әңгіме айтылып, тізім тізіле қалса, әйтеуір сол тізімнің ішінен табылам. Алматыдан алыста жүрген адам үшін, ол да әжептәуір демеу... Бір күні “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде Қадыр ағамыздың “Көздің сәулесі мен сөздің әуресі” деп аталатын мен туралы жазылған сын мақаласы жарқ ете түсті. Қол жеткізген жетістігіме аз- кем тоқталыпты. Тіпті талантты, дарынды ақын депті... Ал кемшілік жағыма келгенде терімді іремей сыпырып сойып салыпты. Мені мұқият оқығандығы сонша, кітаптарымдағы терминдердің бірін қалдырмай теріп, тізіп шығыпты. Шынын айту керек, абайсызда қылмыс жасап алғандай, өзімді қоярға жер таппай кеттім. Менің хал- күйімді қойшы... ең қызығына енді келеміз. Көп ұзамай мені облыстық газеттің партия ұйымының хатшысы, журналистік жұмыстың нағыз еңбекторысы, өзім қатты сыйлайтын (қазір де сыйлаймын), ақжарқын жан Мұқтасын Суханбердиев шақырып жатыр деген хабар келді. Мен сол партия ұйымында есепте тұрам. Ол кезде хатшы шақырып жатыр дегенді елеусіз қалдыруға болмайды. Лезде- ақ жетіп бардым. Байқаймын, ағамның қабағы түнеріңкі. Бір кезде маған көзінің астымен сұстана қарап алды да “Сен осы, Темірхан, не істеп жүрсің?”деді. “Не істеуші ем, тиісті жұмысымды істеп жүрмін”. “Мен сенің ол жұмысыңды айтып отырғам жоқ. “Қазақ әдебиетінде” жарияланған Қадырдың сен туралы жазған мақаласын оқыдың ба?” “Оқыдым”. “Оқысаң,– деді Мұқтасын ағам одан сайын сұстана түсіп,– келесі партия жиналысында өзінің жұмысын жөндеп атқара алмай жүрген сенің мәселеңді қараймыз”. Мен не дерімді білмей отырдым да қалдым. Бірдеңе деп күмілжіген болып ем, мені бір тықсырып атына мініп алған Мұқаң, “жоқ, солай істейміз” деп кесіп тастады. Құдай оңдап, дәл сол кезде бөлмеге “Социалистік Қазақстан” газетінің Маңғыстаудағы тілшісі Саламат Хайдаров ағамыздың кіріп келмесі бар ма. Ол кісіге де Мұқаң келесі партия ұйымының жиналысында қандай мәселе қаралатынынын тәптіштеп айтып берді. Ал, бар болғыр Сәкең Мұқаңа шатынап бір қарады да шарт кетті. “Әй, Мұқтасын, сенің есің дұрыс пa? Не айтып отырғаныңды білемісің?! Әдебиетте айтыс- тартыс деген, сынау-мінеу деген бола береді. Атам заманнан бар үрдіс. Қадыр айтса, інісі туралы өз пікірін айтты. Ол Темірханды халық жауы деген жоқ қой. Егер ертең бәрімізді бүкіл республикаға күлкі етейін демесең, мұныңды доғар” деді. Енді Мұқтасын ағам көзі жыпылықтап, аңырайып отырып қалды. Ол кезде “Социалистік Қазақстанның” тілшісінен бәрі де аяғын тартады. Сөйтіп Қадыр ағамның сынынан әбден салым суға кетіп жүрген мен, жығылған үстіне жұдырық дегендей, сол мақаланың “арқасында” партиялық жаза да ала жаздағам. Мен бұл арқылы Қадыр Мырза Әли сөзінің халық арасында қаншалықты қадірлі, қаншалықты беделді екенін, оның ықпалы аса зор екенін көрсету үшін айтып отырмын. Әрине, Қадыр ағам айтқан сын – ескертпелердің кей тұстарын мақұлдай қоймаған мен, сол “Қазақ әдебиетінің” өзіне қарсы мақала жаздым. Сол кездерде газеттің сын бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Сайлаубек Жұмабектің кейіннен маған айтқанындай, газет редакторы Шерхан Мұртаза ағам мақаламды оқып шығыпты да өзі шақар екен деп сөзге келмей қол қойып жіберіпті. Оған дейін мен бұрын сын мақала жазып көрмеп ем. Мақала жазам деген ойым да жоқ еді. Содан кейін- ақ мақала соңынан мақала жазыла бастады... Ақырында осы үш- төрт жылдың көлемінде “Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл” деген сын кітабым да шықты. Бір күні Қадыр ағама “сіздің сын мақалаңыздың арқасында мен сын жанрына қатысып, кітап шығардым” деп ем, Қадекеңнен сөз қалған ба, “намысты ақынды мақтағаннан гөрі даттаған дұрыс болады” дегені. Осымен өткен оқиға хикаясы тәмәм болған- ды. Қадыр Мырза Әли өзінің шығармашылық ұзақ жолында жиырмадан астам жыр кітабын дүниеге келтіріпті. Шынын айту керек олардың әр бірі жарық көрген сайын!– елеулі оқиғаға айналып отырды. Сондықтан да оның бірде- бір жинағы кітап сөресінде жатып қалған емес. Жұрт біткен, ол кітаптар дүкенге түскен бойда, көптен бері көзге түспей жүрген таңсық бір дүниесін кездестіргендей, сыпырып алып кетеді. Осыдан кейін- ақ оны шын мәніндегі халықтық, ұлттық ақын демеске ләжің жоқ. Өйткені оның өлеңдері , нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен ниетті, бар мен жоқты айтады. Дәл табады, дөп басады. Тіпті ол бұл позициясынан қазақ топырағынан басқа тақырыптарды қаузаса да, қайтпайды. Қайта қазымырлана, өршелене түседі. Мәселен, оның сонау 1232 жылы Оpта Азияда болған халық көтерілісінің қаһарманы, тәжік перзенті “Махмуд Тарабидің елді ерлікке шақыруы” туралы өлеңінен үзінді оқып көрейік:

О, халайық,
Құзғындар
Қаптап ұшқан ұяны ат!
Қай жерде де азғындар,

Қай жерде де қиянат.
Жаны жабы адамға
Жеткізбейді қиял- ат.
Ез көбейген кезінде

Көбейеді қиянат.
Ердің басы жер болса,
Жармаспадық кездікке.
Елің өстіп қор болса

Соның бәрі ездіктен.
Жабыла атқа қонбаса,
Ерің ер боп оңбайды.
Елде ерлік болмаса

Әділдік те болмайды.

Әлімсақтан белгілі жайт, рухсыз ел—құлықсыз ел. Ақын ең алдымен соны айтып отыр. Қалай дегенмен де, не нәрсе де, халықтың өз қолында. Халық қаншалықты қажырлы, қайратты болса, қоғам да соншалықты қажырлы болмақ. Бұл—балталасаң бұзылмайтын аксиома. Айтар сөзін қасқайып айта алатын қажырлы, қайратты қоғам қандай бір болмасын жүгенсіздік пен арсыздыққа, алаяқтық пен кісәпірлікке, зорлық пен зомбылыққа,аярлық пен көзбояушылыққа, өтірік пен жалғандыққа жол бермейді. Ондай қоғамнан, кім болса да, кеудесіне нан піскен қандай бір астамыңыз да, аяғын тартып басып, аузын бағып сөйлейді. Өйткені ол қажыр мен қайрат—шамына тисе– бір сәтте- ақ шарт кетіп, кешірім бермейтін қаһарлы күшке айналып шыға келмек. Ездік, ынжықтық, можантопайлық ендеп алған елде мұның біреуі де болмайды. Қорлықтан көз ашпайды. Жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетеді. Өтірікпен өмір сүреді. Табанға тапталады. Көкпар боп тақымға түседі. Біреу кеп борбайын айырып, біреу кеп мойнын қайырып жатса да, мынауың не деп ыңқ демейді. Көрінгенге жем болады.Зорлықтың жуан дойырының, зомбылықтың темір тағалы тепкісінің астында өмір сүреді.Ондай елдің сөзін ешкім де сөз деп білмейді, мұңын мұң, қайғысын қайғы деп қабылдамайды. Қысқа күнде қырық иіліп, қырық бүгіліп имеңдеп тіршілік етіп, итшілеп өмір сүреді. Ынжықтық пен ездікті төзімділікпен тіпті де шатастырып алуға болмайды. Олар мүлде бір бірімен басы қосылмайтын басқа- басқа категориялар. Ездік пен ынжықтық әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен елде, әлгі өлеңде айтылғандай әділдік болмайды. Ал әділдігінен айырылып қалған ел мен қоғамда небір зымиян сұрқиялықлықтар , небір жексұрын сұмдықтар орын алады. Ақырында ол ел– бар байлығы мен бар құндылығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен байғүс, міскін елге айналады. Өз байлығына өзі ие бола алмаған ел, тапа- тал түсте талан- таражға түсіп тоналып қалған ел, ол ел– түптің-түбінде ел болып жарытпайды. Міне, бұл өлең бізді қилы- қилы қалтарыстары көп осындай- осындай ойларға жетелейді. Сондықтан біз күрессек– әлдекім, әлдебіреулермен емес, алдымен өзіміздің бойымыздағы ездік- ынжықтылықпен, салғырттық- немкеттілікпен күресуіміз керек. Ол үшін халықтың қажыр- қайраты қарсы келгенді опырып та жібере алатындай, жапырып та жібере алатындай қуатты болуы керек. Не нәрсені де тайсалмай , тайсақтамай қасқайып тұрып айта білу керек. Әрине, осынымнан опық жеймін- ау , біреулерге жақпай қалам- ау деген ішкі есеппен өмір сүрсең , онда ол өзіңе- өзің жасаған опасыздық болып шықпақ. Қадыр ақын “Садриддин Айни, немесе жетпіс бес дүре туралы хикая” өлеңінде бұл туралы да айтып кетіпті. Кезінде Айниге дүре соғылған ғой.

Көзбен көріп бұл сұмдықтың барлығын
Қара бұлтқа кірді ұялып арлы күн.
Түте- түте болған Айни арқасы
Күпісіндей ит талаған жарлының!

Ақындарға ұстап жүрген қолға алау
Мүмкін емес заман жайлы толғамау.
Елдің қамын жеген адам
Ел үшін

Таяқты да жеуге тиіс болған- ау!
Қолда бұғау,
Кісен кескен аяқты,
Қараңғы елді өмір қашан аяпты?!

Жеті жүз жыл таяқ жеген Бұхара
Көтермеді сол жетпіс бес таяқты.
Жендеттердің талған кезде білегі,
Ақын жігер асыл ой боп түледі:

Қандай шындық айтқаныңды
Келешек
Қандай таяқ жегеніңнен біледі.

Құдай-ау, қай заманда да шындықты айтқан адам үлде мен бүлдеге оранып, алтын астаудан ас ішіп, керіліп жатып, кердең- кердең басыпты?! Шындықты айтқан адамның көзі жастан кеппеген, жон арқасынан шыпыртқы кетпеген. Шындықты айту—ауыр. Ең алдымен шындықты айтқан адамға – ауыр. Ол адам бәрінен шеттетіледі, жағары жаққа көз түрткі болады. Күнделікті сыбағасынан қағылады. Ең болмағанда нәпақасынан айрылып, жұмысынан қуылады.. Ал көлбеңдеп, көлгірсіп, жарамсақтанып өмір сүргендердің, қай уақытта көрсең де қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қарны тоқ, көйлегі көк. Шайқап төгіп, сапырып ішеді. Ондайлардың кірмейтін емен есігі, шықпайтын жұмсақ төрі жоқ. Әрине, олар да халықтың қамын айтқансып, ұлттың ертеңіне алаң болғансып, шешенсіп, көсемсіп бағады. Бірақ оның бәрі де әншейін бір ет пен терінің арасындағы алдамшы қызыл жел екенін көзі қарақты, құлағы түрік қалың қауым біліп, көріп отырады. Бірақ онымен олардың ісі жоқ. Білмейді деп ойлайды. Тағы бір айламды асырдым деп ойлайды. Өйткені ондай- ондай жандарға халық қамынан гөрі өзінің қарақан басының қамы әлдеқайда жақын. Айта берсең, көкірегіңе шемен боп қатқан , өзегіңді өртейтін ызалы сөздер де, ызбарлы сөздер де көп қой... Өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар, мен көбіне көп Қадыр ақынның М. Әуезов, Р. Ғамзатов, М. Тараби, С. Айни туралы жазған жырларына көбірек жүгініп отырмын. Оның басты себебі—бұл тұлғалардың қай- қайсысы да өздерінің ойлары мен бойларына өз ұлтының рухын барынша молынан жинақтаған тұлғалар. Есімдерінің өзі- ақ рухыңа рух қосып жібереді. Содан болса керек, Қадыр ақын да оларды жазғанда қынаптан суырылған қылыштай боп жарқылдап кетеді. Мұндай кезде ақынның “Құрманғазы” өлеңін қалай оқымассың.

Болғаннан соң, Құреке, өзің кекті
Боран толы домбыраң безілдепті.
Жағадан ап сілкетін күйлеріңді,
Тартқан бойда, ұйқылы ел көз ілмепті.

Атылғандай алқызыл ыршып қаның,
Адуын күй– күйінген, қырсыққаның,
Аузын ашып тұрған құл босағада
Аңғармапты төрден кеп бір шыққанын.

Күйлеріңдей күйлердің бар ма асқағы?
Ұмытады ел көңілді зар басқанын.
Сені тыңдап отырған жасық жігіт
Аңғармапты найзаға жармасқанын.

Көңілденіп үстінде құрақ шыттың
Күй сапырып, осылай жыр ағыттың.
Көбік шашқан сезімге қойып кетіп
Келешектен бардың да бірақ шықтың.

Қайда жүрсе тілеген ел саулығын,
Қайран елге салушы еді тұсауды кім?!
Заманына жалынан сипатпаған –
Ұлылығың—осынау асаулығың! –

Міне, рух күші! Бірде құтыра құбылып, бірде қапыда қалып аһ ұрып, бірде дауылды күнгі теңіздей сапырылып, енді бірде ақтарыла тасып төгіліп жатқан алапат күй құдіретінен құлақ кесті құлдың өзін төрге ұмтылдырып, жаман- жәутік жасықтың өзін найзаға жармастырып жіберген жоқ па?! Ірі тұлғалардың болмыс- бітімі де, текті табиғи жаратылысы да, қайрат- қуаты да, қимыл-қарекеті де бір ғой. Олардың бәрі дерлік бұл жалған өмірде қоқан- лоққыны да, құқайда да аз көрмеген. Қуғын- сүргінде күн кешіп, айдауда жүрген. Атылған. Асылған. Біздің тарихымыздың беттерінің барлығы дерлік солардың қанымен жазылған. Қасіретті беттер... Қадыр Мырза Әли ондай қасіретті беттерді “Қызыл кітап” арқылы да қарастырады. Сирек кездесетін аңдардың неге азайып бара жатқанын олардың ірілігінен іздестіреді. “Құлжа” өлеңін оқиықшы.

Екі қанат сияқты оған екі өкпе,
Желдің өзі жарамайды жетекке.
Қайта- қайта қарайды ол бірақ та
Бір ғажабы—

Биікке емес—
Етекке!
Апыр- ай, неге? Сөйтсек:
Қалқан қылып сақтық деген сауытты,

Қызығын ол тау басынан тауыпты.
Биік үшін жаратылған жануар
Тек төменнен күтеді екен қауіпті!

Өлең бітті. Бірақ жаныңды кеміріп жейтін, миыңның ұңғыл- шұңғылына дейін кіретін ой арқалатып барып бітті.Елім деп еңіреп, халқым деп қамығып өткен арыстардың қай-қайсысы да,– қорлықты да, зорлықты да – өзінен әлдеқайда төмен жүргендерден көрген. Іріліктің алдына қақпан құратындар да, ор қазатындар да, солар—төмендегілер... Сондай- ақ ақынның кәрі қыран өлімі туралы жазған өлеңінің тәлімі мен тағлымы қандай десеңізші?! Қыран қартайды. Ол енді тышқан мен тасбақа құсап өле алмайды. Қыранша өлу керек. Шырқау биікке көтеріліп ап өзін- өзі көк тасқа соғуы керек!

Сабақ алып шежіре көне күннен
Бәрін көздің өткізіп елегінен
Қыранша өмір сүргенің—
Қандай бақыт!

Қандай бақыт—
Қыранша өле білген.

Неткен ірілік! Неткен тектілік! Неткен асқақтық! Неткен ұлылық! Неткен рух! Төмендемей, төменшіктемей ірі өле білу де—бақыт. Бұл өлеңді оқыған адамның бәрі де бір серпіліп, бір сілкініп қалары сөзсіз. Ал ол серпілу мен сілкіну үлкен, табанды ірі істердің де басы болуы мүмкін ғой. Бірақ мына өмір деген бірде былай аударылып, бірде былай төңкеріліп тұрады емес пе?! Аумалы- төкпелі заман! Сол заманға сай аумалы- төкпелі тағдыр. Кейде іріліктің маңдайына да ірі өле білу жазыла бермейді. Бұған көз жеткізу үшін ақынның “Aрыстан” өлеңіне зер салайықшы:

Болмайды онда қарсылас та,
Жақтас та.
Болмайды онда бәсекелес,
Бақтас та!

Болат қамшы сияқты анау құйрықпен
Бір қойғанда
Бұрқ етеді көк тас та!
Осындай алапат қайрат иесінің одан арғы тағдырына көз салыңыз.

Бұл өмірде бірақ жұмбақ арқау бар.
Бірте- бірте шөгеді екен нар таулар.
Күші қайтса,
Арыстанды түтіп жер

Күші барда жалбақтаған қорқаулар!

Тағдыр- ай десеңізші! Менің тап қазір осы өлеңді шіреніп сөйлеп, шәниіп отырған біреулерге арнайы апарып оқытқым келеді- ау, оқытқым келеді... Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай мен бұл мақалада тек Қадыр Мырза Әлидің ұлттық бітім- болмысы туралы, ел мен жер туралы, жалпы азаматтық табиғаты туралы сөз етпек болдым. Бірақ, амал не, мен оны түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Түгел қамту тіпті де мүмкін емес. Жеке бір кітап жазсаң да, оны ақи- тақи игере алмайсың. Таусылмайды. Алып қазына!

Менің ұққаным, Қадыр Мырза Әли– өлеңдегі ой орманы.

ШЫҢЫРАУ

(Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері
Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз)

Ол әдебиетке Өлең арқылы келді. Ол оқырман қауымға, ең алдымен өлең арқылы танылды. Оның баспадан шыққан “Алтын шуақ” деп аталатын тұңғыш кітабы да– Өлең кітабы болатын. Яғни, ол әдебиет есігін Ақын боп ашты. ...Менің Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерімен таныстығым, Алматыға келмей тұрғанымда, “Жұлдыз” журналында жарияланған “Қара талқан” , “Оппенгеймер” және де басқа жырларынан бастау алған еді. Таным- түсінігім әлі балаң,танып-білгенім әлі шектеулі бола тұра , бәрібір, ол өлеңдердегі тақырып сонылығы, қарымының кеңдігі, ауқымының молдығы бірден баурап алған-ды. Ол тұс, мүмкіндігімізше, республикалық баспасөздерде жарияланып жататын өлеңдердің бір де біреуін қалт жібермей қадағалап оқитын кезіміз ғой. Оның үстіне алпысыншы жылдар, – ең алдымен, Өлең дүниесінің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, оны жаңа биік, жаңа өреге көтерген жылдар болатын. Шығармашылық бәсекелестіктің бас бермей әбден ширығып, қызып тұрған кезі еді. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын ондай бәсекелестік ішінен тізгін үзді жүйріктердің бірі болып көзге түсе қою оңай емес- ті. Солай бола тұра Әбіш Кекілбайұлы өлеңдері бірден-ақ ауызға ілікті. Іліккенде де... – өткенді аңсайды деп сыналып ілікті. Бірақ белгілі идеялогияның сойылын соғатын ондай ұр да жық солақай сынға шын өлеңнің қадірі мен қасиетін біліп қалған қауым ылыға қоймады, қайта Әбіш Кекілбайұлы поэзиясына деген ынтазарлық пен ықыласты күшейте түсті... Көп ұзамай қойын қалтаға салып жүретіндей ғана шап- шағын “Алтын шуақ” жинағы қолымызға тиді. Күлшедей шап- шағын бола тұра сөзі салмақты, құшағы кең, шынында да шуағы мол кітап екен. Не нәрсеге де алдымен елең ете түсетін, не нәрсеге де сергектік танытатын студенттер қауымы ол кітапты бірімізден біріміз қақшып алып таласа- тармаса оқығанымыз әлі есімде. Бізге, әсіресе, балалық шағы соғыс жылдарында өткен, түсіне көкесі мен күрең қызыл бауырсақ қоса қабат енетін ақынның, сол бір ашқұрсақ ауыр кезеңге арналған өлеңдері қатты әсер еткен- ді. Мәселен, мен өз басым, қарапайым ғана жазыла тұра адам жанын алағай да бұлағай етіп жіберердей “Қарындасым Нұрайша” атты өлеңін күні бүгінге дейін, сол заман туралы жазылған шоқтықты өлеңдердің бірі деп білемін.

Жылдарға ерді Нұрайша.
Жылдар алға зулайды.
Көз көргендер шын айтса
Көкесінен аумайды.

Аумайды ма менен деп
Мазалап жүр талайды.
Көкешімді көрем деп
Айнаға көп қарайды.

Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыз баланың, өзін емес, көкешімді көрем деп айнаға қарауы кім- кімнің де тамағына тас кептелтіп толқытпауы, кім- кімнің де көзіне жас үйрілтіп тебірентпеуі мүмкін емес. Осы жолдарда қаншама сағыныш, қаншама аңсар жатыр. Бұл өлең әкесіз өскен тұтас бір ұрпақтың трагедиялық портреті! Алайда, Әбіш сол жылдары өзінің арнасына симай тасып-төгілген арынды шығармашылық қуат-күшін тек поэзияға жұмсаған жоқ. Сын жанрында да білек сыбанып, белсене жұмыс істеді. Ол мақалалар әдебиетіміздің ең өзекті , ең көкейкесті мәселелерін қозғауымен, жан- жақты сараптамалық қарымдылығымен, көтерілген тақырыпқа мүлде тың, мүлде тосын көзқараспен қарауымен көзі қарақты жұртшылықты өзіне бірден аударып алып еді. Несін жасырамыз, сол мақалалардан сусындаған көбіміздің қасаң түсінігіміз басқаша байып, дүниетанымымыз кеңейіп, дәлірек айтқанда, әдебиетке деген көзқарасымыз өзгеше қалыптаса бастады. Одақтық әдебиеттің шын мәніндегі үздік үлгігеріне үңіліп, әлемдік әдебиеттің қиырларына көз сала бастадық. Бұл—шындық. Өйткені Әбіш Кекілбайұлы сол кезеңде , жап- жас бола тұра, өзінің төсегі де бөлек, өрісі де өзге, тосын мақалаларымен күн астында қалған терідей әбден қаудырлап, қатып- семіп қасаң тартып кеткен схемалар мен әбден суалып- семіп қалған стреотиптердің быт-шытын шығарған реформатор-сыншы деңгейіне көтерілді. Оның “Дәстүр мен дәуір”, “Гамлеттің монологы”, “Өлі жандарды” Пушкин неге жазбаған”, “Романдағы адам” және тағы да басқа интелектуалды мақалалары әлі күнге дейін өзінің құндылығы мен бәсін жойған жоқ десек тіпті де асырып айтқандық емес. Мәселен, “Дәстүр мен дәуір” мақаласындағы “Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып өнердегі соны құбылысты дәл танып, дәл бағалау еш мүмкін емес. Әйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу етіп, бекерден- бекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та , өнердің, әдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, әдеби ойды, оқушыны, тіпті әдеби тіршілігімізді текке алжастырып, қиянат етуіміз де кәдік”. Бұл жолдар әдебиеттің де , қоғамның да даму тенденцияларынан бейхабар, ілім- білімі тайыз, дүниетанымы тар, арғы- бергіні салыстыра да, сабақтастыра да алмайтын, сәл нәрсеге қомпиып, сәл нәрсеге қампиып шыға келетін, өз бұтына өзі толып, дүниенің тірегіндей сезінетін желбуаз дүмшелерге айтылған сөз ғой бұл. Ал ондай желкенсіз желбуаздар бүгін де жетіп артылады. Сондықтан да Әбіштің, сол тұстың өзінде- ақ, мұндай астамшыл мінез-құлыққа, кеудесіне нан пісіп ісіп-кепкен эгоизмге “Романдағы адам” мақаласындағы “Әдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша әрі мен нәрін жеткізе алатын соны түр, соны әдістермен байыту жолымен өрістейді” деген сөздері әдейі арнап айтылған ғой. Ал оның кезінде “Жұлдыз” журналында жарияланған “Өлең көкжиегі” деп аталатын, қазақ поэзиясының арғы-бергі өткелектері мен өріс- кеңістіктерін жан- жақты қамтып, олардың ажар- келбеттерін аша отырып, алпысыншы жылдар поэзиясының ең үздік, ең тегеурінді, ең жаңашыл ақындары, бүгінде классиктеріміз деп аталатын Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов шығармаларын биік бағалаған, олардың қыры мен сырына үңіліп, дәнін аршып, мәйегін ашып көрсете білген көлемді мақаласы кезінде біз сияқты жастардың таным көкжиегін әлдеқайда кеңейтіп жіберген- ді. Ол мақала сол тұста өлеңнің ғана мәртебе- мерейін емес, сынның да мәртебе- мерейін асқақтатып еді. Ия, ол жылдар Әбіш Кекілбайұлының әдебиетке ет пен терінің арасындағы қызба қызыл желдің желігімен келіп, лап етіп жанып, жалп етіп сөне қалатын біреулер сияқты емес, болмысы бөлек, кең арналы, терең ағысты, тылсым құпиялы, тосын өрісті, шұрайлы алқапты, құнарлы топырақты, ең бастысы, әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін, күні ертең-ақ оның қаламынан сүбелі- сүбелі шығармалар, сом- сом ойлар, кесек- кесек бейнелер дүниеге келетінін дәлелдеп берген жылдар еді. Оны жұрттың бәрі дерлік айрықша дарын, ерекше талант, әдеби құбылыс деп қабылдағанын айту ләзім. Сол тұстарда жиі- жиі болып тұратын әдеби айтыс- тартыстарда да ол оқщау көзге түсетін. Мол ілім- біліммен мұздай боп жарақтанып алған ол, шешіліп сөйлесе шешен, көсіліп сөйлесе көсем бола білді. Ол өзін ғұмыр бойы қоғам өмірінен тыс қойып көрген емес. Сол тұстарда алдымен “Қазақ әдебиетінде”, соңынан “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кездерінде әдебиеттің мерейін, өнердің мәртебесін көтерер қыруар шараларды атқара жүріп, иненің жасуындай болып жылтырап көрінген қаншама бұлақ көздерін ашты. Сондай- ақ Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанынан әдеби клуб ашып, қаншама таланттардың шығармаларын талқылауға мұрындық болды. Олардың шығармаларын Шерхан Мұртаза басқарып отырған “Лениншіл жаста” бет- бет етіп жариялатты. Әдебиетіміздің өсуіне, қанатын кеңге жайып өркендеуіне, жастардың пісіп- жетілуіне ұланасыр тер төкті. Біздің бұл сөзімізді сол бір әдеби жылдарға куә болған бірде- бір адам, анық бір пиғылы басқа біреу болмаса, жоққа шығара алмайды. Әттең, адам жадындағы сөз бен сурет сол сәтінде қара тақтаға жазылған бордай боп айқайлап тұрады да, көп ұзамай сүртіліп кететіні бар. Сол өкінішті. Олай дейтініміз, бүгінде Әбіш Кекілбайұлының сол кездің өзінде-ақ қыруар шаруаның басы-қасында болғанын біреулер айтады да, біреулер біле тұра айтпайды. Не болғанда да, ол өзінің білгір- білімдарлығымен, қай мәселенің де түп-тамырын қопара сөйлеуімен, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін жан- жақты меңгеріп игеруімен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал еткенін қадап айтқымыз келеді. Осы орайда сол жылдары Әбіш Кекілбайұлын бізден жақынырақ білетін, не нәрсеге де бұлтақтатпай, әділ баға, дәл жауап бере алатын Герольд Бельгердің “Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес- білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын” деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Енді Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық өміріндегі ең басты кезең, жазушылық кезеңі басталды. Мен өз басым Әбіштің прозасымен алғаш рет 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ажар” триптихы арқылы танысқан ем. Әдебиеттегі өзінің орнын әрі ақын, әрі сыншы ретінде белгілеп алған ағамыздың аяқ астынан жазушылыққа ауысып кеткенін көрген біз, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Әсіресе, бұл өлең жазатын, жазғандарын сиясы кебер-кеппестен, екі күннің бірінде, алдына апарып қаратып жүрген мен сияқты бозөкпеге тіпті де тосын оқиға еді. Алғашқыда жақын ағам, ақын ағам деп жүрген адамым ойда жоқ жерден ірге көтеріп басқа жаққа көшіп кеткендей халде болғаным рас. Ол кезде мен Әбіш Кекілбайұлының өзінің ең құнарлы топырағына тамыр салғанын қайдан білейін. Шағын-шағын үш әңгімеден құралған “Ажарды” бас алмай оқып шықтым. Әрине, авторлық кіріспедегі “Бәрінің де басты каһарманы—Ажар, тіршілік ажары– әйел. Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тәнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек әйел ғана” деген сөздерді шолып шықтық. Үш әңгімені оқып бітіргенде кіріспедегі осы бір шағын пікірдің растығына одан сайын көзің жете түседі. Әсіресе, маған триптихтағы алғашқы әңгіме “Көз жасы” қатты әсер етті. “Таң әлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді,”– деп басталатын ол әңгімеден әп дегеннен әлде бір ызғар лебін сезініп, әрі қызыға, әрі құныға оқып шыққаным есімде. Бұл әңгіме—соғыс салған лаңның құрбаны болған әйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай- ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба боп түсер қасіреті жайлы әңгіме. Әңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айрылып, аз күн болса да, жанына медеу болған жаннан тірідей екі айрылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының әлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жәбір- жапа шеккенін көріп мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады. Ал бала тағдыры одан да ауыр. Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны ожар Сәбиттен есітті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сәбиттен өшін қайтармайтынын Нартай түсінді.

Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді.
Класқа кіре бергенде мұғалім:

– Неге кешіктің?—деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды.

– Жарайды, атың кім?

– Нұртай.

– Фамилияң?

Нұртай үнсіз.

– Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады.

Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң- таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді”. Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғүмыр бойы жанын жегідей жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр! Әбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы “Ажар”триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып еліне жол тартып келе жатқан көңіл- күйін суреттеген “Аш бөрі” арқылы- ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп, соны серпін әкелген- ді. Көп ұзамай жаңа әңгімелер мен жаңа хикаяттар дүниеге келді. Ол шығармаларында сексен сеңгір, қырық қатпардан тұратын адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңіліп, оны бүкіл болмыс-бітімімен әрі бояулы, әрі ажарлы көркемдікпен көрсете білген жас жазушыға деген ылтипат бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, оның қыртысына түрен түспеген тың жердің құйқасы аударылған қара топырақтай құнарлы тілі кім- кімді де тәнті еткені сөзсіз. ... Дәл осы жерде шамалы аял етіп, аз ғана шегініс жасағанды жөн көріп отырмын. Өйткені жазушы деген өзінің шығармаларында тек заман мен уақыт бейнесін жасайтын, сол заман мен уақыт тынысын бойына сіңірген кейіпкерлер сомдайтын ұста ғана емес, сонымен бірге оның өзі де маңдайына жазылған мына тіршіліктің тауқыметін арқалап, қиындығын белшесінен кешіп, оның небір құйтырқы әрекеттері мен амалы көп айла- шарғыларын басынан өткізетін, талай-талай тар жол, тайғақ кешулерін, сан-сапат аласапыраңды кезеңдерін көретін Өмір деп аталатын ұлы шығарманың кейіпкері ғой. Яғни, Әбіш Кекілбайұлы онсыз да сіңір создырып, жұлын тоздыратын шығармашылықтың азапты бейнетінен басқа, Алла тағаланың пендесі, қоғамның азаматы ретінде мына өмірдің тәлкегін де, тәшпісін де аз көрген жоқ... Бір күні “Әбішті армияға алатын болыпты” деген сөз қара күзде теріскейден соққан суық желдей қала ішін сумаңдап аралап кетті. Аң- таңбыз. Бұл қалай болғаны? Жасы болса отызды иектеп қалды. Салт басты, сабау қамшылы адам емес, үйінде балапандай боп аузын ашып отырған шиеттей бала-шағасы, құдай қосқан қосағы, сонау жер түбі Маңғыстаудан ел- жұрттан айырғандай боп алып келген қарт анасы бар. Әп- әжептәір белді қызметте. Оның үстіне денсаулығы да анау айтқандай керемет емес. Жүрегінде кінарат бар. Содан да кейінгі кезде денесі толысып кеткен. Оның қара жұмысқа қолапайсыз, дене еңбегіне мүлде жоқ екенін, мылтық түгілі кетпен мен күpекті қалай ұстауды жөнді меңгермеген адам екенін жұрттың бәрі біледі. Әйтеуір қай жағынан алып қарасаң да, ертеден кешке дейін темір тағаның өзін тоздыратын сартылдаған жүріс пен тарсылдаған атысқа жарайтын жан емес. Ондай кісіге күні түсетіндей Кеңес Одағының басына не күн туды екен?! Тепсе темір үзетін, құрыштай берік, қылыштай өткір жігіттер жетерлік емес пе?! Біз бұл жерде таусылғандай болып сөйлемес те едік, егер жұрттың бәрін жаппай алып жатса... Бірақ олай емес қой. Сол жылдары Кеңес Одағы мен Қытай арасы әлденеден шиеленісіп, бір- біріне оқ атып, бір- біріне бомба лақтырып жатқан-ды. Ең сұмдығы , Әбішті сол қып- қызыл өрттің, яғни Жоңғар Алатауындағы Жалаңаш көлде болып жатқан қып- қызыл соғыстың ішіне алып кетпек. Енді ғана кемеліне келіп, пісіп- толысып келе жатқан, бергенінен берері мол, ел боп, жұрт боп ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған , барған сайын жоталанып, тұлғаланып келе жатқан жасты көзапара өлімге айдағанмен бірдей ғой бұл. Сол бір күндері іші қан жылап тұрса да сыртына шығара бермейтін ділі қатты Жұмекен ағамның “Бұл– Әбіштің өскенін көре алмайтын іші тар біреулердің әдейі жасап отырған қысастығы. Әйтпесе , Әбіштен қандай солдат шығады. Көрмей, білмей отырған жоқ. Отқа, оққа әдейі айдап отыр” – деп, көзі жасаурап кіжініп, тістеніп сөйлегені әлі көз алдымда. Мұндай күдік-күмән бәріміздің де көкейімізде болған еді. Әсілі, не болғанда да, өзгелерден оқшау көрініп келе жатқан, кеудесі көмбе, талант-дарыны таудай азаматты не жасытып, не мерт етіп жіберудің амалы емес пе екен деген ой біздің ойымыздан әлі де сейіле қойған жоқ... Құдай жарылқап, Әбіш ағамыз оқ астынан аман-есен оралды. Қайраттанып, жалданып оралды. Келе сала бірден жұмысқа араласып кетті. Киностудияға бас редактор болып орналасты. Ол істе де абыройсыз болған жоқ... Бірақ ол, неге екенін білмейміз, әскерге неге алғаны туралы да , әскерде болған жылдары жайлы да ақтарылып көп айта бермейтін. Біз де сұрап, шұқшиған емеспіз. Бейне бір, ол әскерде өткерген екі жылында қолына қалам алмағандай, ештеңе жазбағандай болып көрінетін. Сөйтсек, тіпті олай емес екен. Оны біз тек 1999 жылы “Дүниеғапыл” деп аталатын өлеңдер жинағын оқығанда бірақ білдік. Оқығаннан –ақ ұққанымыз, сонау бір жылдары біздің көкейімізді жегідей жеп, құрттай кемірген күдік- күмән Әбіштің өзінде де болыпты.

Шығандап шыға шауып әп дегеннен
Барады дәурен өтіп әттегенмен,
Әуелден әуселеңді білгенімде
Жүрмес пе ем өзгелердей әктеп өлең.

Өйтпедім, айтқыш деген атаққа аздым,
Атақты қияды ма шатақты азғын.
Ақиқат іздегіш ең, көріп кел , – деп
Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым, –

деп күйіне отырып, оны әскерге алудың арғы астарында бір қара ниетті бәлеліктің, сұр жыландай сумаңдаған сұрқиялықтың жатқанынан хабар бергендей болады да, тағы бір өлеңінде

Бұл заман бұл шаңыраққа неге өш болды,
Ындыны тоймайтын бір өңеш болды.
Отыз жыл ойрандалып келген ордам
Оңалып кете алмайтын елес болды.

Обыр жыл аударыпты атамды аттан,
Қан қасап қақ кеудеден әкемді атқан,
Қытайдың қылғып салар бір шабағын
Жасамақ жауыз сұмдар мен ақымақтан.

Желбеңдеп жел өтінде нем бар еді,
Өжеңдеп өсиетіме кім зар еді?
Қырқылып қылтасынан келген тұқым
Жер басып жүргеніме ділгар еді.

Зар илеп ел шетінде шешем қалды,
Еңіреп екі бірдей бөпем қалды.
Қажаған қағаз, қалам қай саппастың
Мен талап алдым екен мүкәммалын!

Қиқулап қисыны жоқ мақтан қуған,
Есердің мен қайсысын тақтан қуғам ?
Аузымнан жаздым ба әлде, айтпай кетіп
Шатпағын бір дөкейдің шатқан- буған?

Білмедім бұл жаланың түбі қайдан,–
Қуалап шықпақ жері қызыл ойран.
Жер қазып, ой сапырып жете алмадым,
Тоқтайтын медет сұрап бір құдайдан,–

деп налиды. Аттың жалы, түйенің қомында жүргенде жазылғандықтан да орындалу жағы олпы-солпылау бұл өлеңді оқыған жан Әбіштің сол кезеңдегі шер- мұңын, зар күйін бүкіл тұла бой, жан- жүрегімен зерделеп сезінері сөзсіз. Оның қаншама аласұрып аласапранды күй кешкенін, қаншама азапты ауыртпалық арқалағанын бүгінгі қауым, әсіресе, жас ұрпақ, біле жүрсін деп бұл өлеңді тұтастай келтіріп отырмыз. Әрине, Әбіш кіл осылай, тіпті “Жыра мен жықпылы көп Жоңғар таудың, шұрқ-шұрқ тесік қып омырауын, жаппай қазып шығамыз түн атаулы, ал күн бойы төпейді қоңыр жауын” десе де мүлде сағы сынып, түңіле мұңайып, дүниеден баз кешкендей бір жола қаусап-қажып қалмайды. Ішін алай-дүлей етіп кернеген ашу- ызадан, намыс пен жігерден қайрат пен қуат алып

Ирек ойлар күйреткен күйзеліспен
Жан- жағыма жақ ашпай күйгем іштен.
Ел шетінде өлсем де биік түсем
Тұзақ құрған ізіме сол нәйістен.

деп дүр сілкінгендей болады да,
Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай,
Арзымсызға аузымды тұрам ашпай.
Зымырандай зырқырап шығам көкке

Ракетамен атпаса құламастай, – деп өзіне-өзі анттай берік сөз береді. Әрине, ол Отан басына күн туып, оған жұрттың бәрі бір кісідей болып аттанып жатса бұлай тістеніп, бұлай апшып, ашынып сөйлемес еді. Әңгіме, қаламнан басқа қару ұстап көрмеген адамды біреулердің қасақана қысастықтың қысталаң жолына салып жібергенінде болып тұр ғой... Әлгінде айтып өткендей, ол әскерден қайраттанып, жоталанып келді. Біреулерден кек қайтарам, өшімді алам, кеткен есемнің орнын толтырам деп емес, әрине. Өзі айтқандай, “арзымсыздарға” сөзін қор қылмай, түкке алғысыздарға уақытын босқа сарп етпей, жылмаңдаған жылпостарға ойын да, бойын да алдырмай, бар күш-қуатын ел мен жер алдындағы парызы мен борышын өтеуге, шығармашылыққа сарқып жұмсау үшін. Белін буып, білегін сыбанып, бесті айғырдың қылынан ескен шылбырдай ширатыла ширығып келген ол көп ұзамай-ақ жаңа дүниелерін бере бастады. Сол шығармаларымен ол қазақ әдебиетінің жаңа ендік-бойлықтарын, бұрын- соңды түрен түспеген тың өрістерін, бізге белгісіз тосын параметрлерін ашты. Яғни, атақты “Дала балладалары” дүниеге келді. Біздің пайымдауымызша, Әбіш Кекілбайұлының прозасы, шартты түрде тақырыптап жіктесек, кесек-кесек үш кезеңнен тұрады. Олар: аңыз- әңгімелер, бүгінгі заман және нақты тарихи тақырыптар. Сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлын қазақ әдебиетіндегі бітім- болмысы ерек, тамыр салған топырағы өзгелерден бөлек жазушы етіп танытқан да, алдымен Кеңес Одағы оқырмандарының назарына, одан әрі әлемдік аренаға алып шыққан да аңыз-әңгімелер негізінде туындаған осы “Дала балладалары” дер едік. Қандай бір аңыздың болмасын өзегінде тіндей созылып лүпілдеп соғып тұрған шындық жататыны сөзсіз. Бір кездегі белгілі бір шын оқиғаның ауыздан ауызға, елден елге көшіп , ғасырдан ғасыр қуалап, сол ұзақ сапарда жол-жөнекей қырық құбылып, сексен сыланып тұрған талай қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып шыға келгенде, оның туған жері көмескіленіп, шыққан тегі бұлдыр тартып кететіні, бара- бара аңызға айналатыны рас. Әбіш Кекілбайұлы, міне, осы аңыз-әңгімелердің өзегіндегі қан тамырдай лүпілдеп соғып тұрған тіндей шындықты ұстайды да, оны тұмшалап, тұмандандырып тұрған артық элементтерден ажыратып, аршып алады. Яғни, қиял әлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып тұрған шындықты шешіндіріп, оның басына реализмнің тер сіңген, күн жеген малма тұмағын, иығына реализмнің шекпенін жабады. Яғни, оның өзегіндегі тіндей созылған шындықты қиялдың қанатты атынан түсіріп, өзінің тортөбеліне қайта отырғызады. Енді оның Әбіш қаламының құдіретімен қалыпты, қарапайым, бірақ көркем өмірі басталады. Мұның бәрі, әрине, айтуға ғана жеңіл болғанымен, үлкен талант қуаты мен табандылықты, мол зерде мен білімпаздықты талап ететін шығармашылық процесс. Әрине, Әбіш Кекілбайұлының жазушылық ерекшелігі қиял қанатына мініп аспандап кеткен шындықты қалыпты өмірге қайта түсіруінде ғана емес, оның жазушылық сипатының басты ерекшелігін, ең алдымен, өткен заманның әдет-ғұрпын, тіршілік-қарекетін, философиясын, психолгиясын, ой- санасын, болмыс-бітімін бүгінгі осы заманның ортақ моралі мен этикасы негізінде қарастырып бүкіл адамзат баласын толғандырып отырған ортақ мәселелер көтеруінен іздеген дұрыс. Оның шығармаларының өн бойындағы тайталас- тартысқа түсіп жатқан жамандық пен жақсылық, сүйіспеншілік пен зұлымдық ғасырлар қойнауындағы тарих сахнасында емес, бүгінгі күн сахнасында жүріп жатқандай әсер қалдырады. Әбіш Кекілбайұлының бұл кезеңдегі жұрттың бәрін өзіне жалт қаратқан туындысы алғаш рет “Жұлдыз” журналында жарияланған “Күй” хикаясы болды. Ол хикаяға қанаттас, қандас екі ел арасындағы өліспей беріспейтін өшпенділік арқау болған. Ол өшпенділіктің неден тұтанып, неден басталғанын ешкім де дәл атап, ешкім де дәл түстеп бере алмайды. Улы тамыры тереңге жайылып кеткен қатал да қаныпезер ондай өшпенділік құрсағынан кегім бар , есем кетті деп, шеңбелімен қан уыстап жауыздық қана тумақ. Сол өшпенділік уытын қанына сіңірген , өз елін қорғауды, ең алдымен, өзге елді қорлау деп ұғатын Жөнейт, Дүйімқаралар дүниедегі не нәрсені болсын қылыштың жүзі, найзаның ұшымен сөйлесетін Жауыздық қана шеше алады деп ойлайды. Олар өз елін ықтырып, өзгені бұқтырып тұратын күш тек Озбырлық пен Өктемдік деп біледі. Сөйтсе, жауыздық тек өзге елді қырып, тек өзге елдің шаңырағын ортасына түсіріп қоймайды екен. Ол сонымен бірге өз елін де обып, өз елін де жалмап, өз елінің де шаңырағын ортасына түсіретін аранды аждаһа екен. Мұны Жөнейт көрер көзге қораш қаршығадай ғана домбырашының бітім мен бірлікке шақырған күйін тыңдағанда барып сезінгендей болады. Сол тартылған күй көкірегін өшпенділік пен кек жайлаған Жөнейттің бүкіл ішкі әлемін астаң- кестең етті. Бірақ ол күй әсерінен пайда болған өз бойындағы ол құбылысты бірден елеп, екшей алмады. Кесім айтылды, үкім орындалды. Күйшіні айдалаға апарып басын ғана қылтитып тірідей көміп тастады.Бірақ Жөнейт күйшіден құтылғанмен күй рухынан құтыла алмады. Енді күй рухы Жөнейтпен жекпе- жек қалды. Ақыры сол күй рухы Жөнейтті опат етті де, оның ұрпағы Құрбанға қару емес, дутар ұстатты. Жалаңдаған Жауыздық пен өршіген Өшпенділік адам айтқысыз, жантүршігерлік қатыгездікті ғана тудырады. Дүйімқараның Көкбөріні опырылып құлаған көне көрге аяқ-қолын байлап тірідей лақтырып жіберуі, Жөнейттің күйшіні айдалаға басын ғана қылтитып көміп тастауы... Сондай- ақ қолға түскен тұтқындарды мәңгүртке айналдыру процесі кім-кімнің болсын төбе құйқасын шымырлатар, етін езіп, сүйегін сырқыратар ауыр эпизод. Енді ол мәңгүрттер шыққан тегін де, түп-тамырын да, туған жер,туған елін де білмейді. Естен, санадан, ақылынан айырылып мәңгіп қалған құр сұлбалар. Жалпы, бүгінгі таңда бүкіл әлемдік рухани айналысқа түсіп кеткен мәңгүртизмді ең алғаш дүниеге келтірген, сөз жоқ, Әбіш Кекілбайұлы. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек. Кезінде “Күй” хикаясы қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде танылды да, іле-шала әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Қадірлі деген әдеби орталарда үлкен резонанс тудырды. Мәселен, көрнекті сыншы Л. Теракопян былай деп жазды: “Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да , Әбіш Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам бойындағы творчестволық бастау көзін, өзінше ойлау құқын әспеттейді” . десе, белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен “Адайлар мен түркмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы үлкен қоғамдық мәні бар, гуманистік мәні бар хикая жазуға болатынын дәлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейтесті мәселелерді қозғайды”. Екі сыншы да осы сөздерімен-ақ “Күйді” әлемдік, адамзаттық деңгейдегі мәселелерді қозғаған қарымды шығарма екенін көрсетіп беріп отырған жоқ па?! Сондай- ақ көлемі жағынан шап- шағын, ал көтерер мәселесі қара нарды қайыстырардай “Шыңырау” хикаясындағы астарлы, ауқымды ой қандай! Жалпы, Ә. Кекілбайұлы шығармаларының қуаты мен күші астарында жатады. Сондықтан Әбіш туындыларындағы айтылар ой мен көтерілер мәселені астарынан іздеген дұрыс. Амал не, көбіміз-ақ Әбіш шығармаларының сыртқы мәтінін оқимыз да, оның астары мен тереңін оқи бермейміз. Содан барып өз тайыздығымызды көрмей “ауыр жазады” деп авторды орынсыз күстаналап жататынымыз бар. Ал, шынында, Әбіш шығармаларын оқу үшін, оны қорыту үшін біраз дайындық керек. Сонымен бірге оның шығармалары өз оқушыларынан үстірт қызығып оқуды емес, зерттеп үңіліп, таратып- танып оқуды талап етеді. Сонымен “Шыңыраудағы” бейнетқор құдықшы Еңсеп ес біліп, етек жиғалы бері жапан дала, шөлді аймақты мекен еткен елде жер қазып, су шығарып еңбек етті.Талғап жұтар бір тамшы суға зар болып, таңдайы кеуіп отырған елдің мейірін қандыратын талай- талай күмпілдеген шыңыраулар қазып берді. Сол аймақтағы теңдессіз құдықшы атанды. Бірақ оның азап пен бейнетке толы өмірі ескеріліп, еленіп, бағаланды ма? Жоқ. Қайта мазақ пен келекеге айналды. Аяққа басылды. Бірақ сонда да ол өз өмірін құрбан етіп, аса бір жанқияр жанкештілікпен сол өңірде жоқ, ғұмыры сарқылу дегенді білмейтін ең терең шыңырау қазып өз Өнерін асқақ етіп кетті.Сол үшін де аяй отырып, оны мақтан тұтасың! Өйткені оның өзі өлсе де, өнері өлген жоқ. Өнері ертеңге таусылмас қазына , мәңгілік мұра боп қалды. Ол көтерген бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері сол біз айтып отырған астарлы ой мен сол астарлы қуаттан танылып, таралады. “Бәсеке” хикаясында асылын аяқ асты етіп тынған қызғаныш қарастырылса, “Ханша дария хикаясында” өзінің елі мен жерінің кеткен кегі үшін, намысы үшін қанқұйлы қаныпезердің алдында да иілуді білмейтін адам жанының асқақтығы жырланады... “Дала балладаларының” заңды жалғасы болып табылатын “Аңыздың ақыры” романы да өзінің тұтас кесектігімен, масштабтылығымен, әрі терең, әрі биіктігімен айрықша орын алады. Бұл роман аса күрделі, қатпар- қатпарлардан тұратын философиялық, психологиялық шығарма. Ол тартысты ішкі монологтармен,сана ағымы әдісімен жазылған. Адам жанының түкпір-түкпірінде болып жататын небір құпия құбылыстарын, ағысты иірімдерін жан- жақты ашып көрсетуге тиімді бұл тәсілді Әбіш өте сәтті пайдалана білген. Роман кейіпкері ұлы Әмірші де күні кеше ғана қатардағы қарапайым жан болған. Ол да мына өмірдегі жұмыр басты пенденің бәрі сияқты талай- талай кезең, талай- талай асулардан өткен. Қиналған, құқай көрген, қуғын- сүргінге түскен. Бірақ ол аса айлалы, аса ақылды еді. Содан да ол өзгелерден ақылын да, айласын да асыра білді. Аңдысқандардың бәрін торға да түсіре білді, орға да құлата білді. Бәрін жеңді. Ақыры жарты әлемді алдына жығып, аузына қаратқан Әміршіге айналды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын, аузын айға білеген шексіз биліктің делбесін қолына ұстады. Асты, тасыды. Бара-бара ол қол астындағы бүкіл елді өзінің құлақ кесті құлындай көретін болды. Қорқыныштың құшағында, үрейдің құрсауында ұстады. Әділдік деген менің жарлығым, менің үкімім деп білді. Жорықтан жорыққа барып, жеңістен-жеңіске жеткен сайын ол бұрынғыдан да айбарлана, бұрынғыдан да қаһарлана түсті. Қанағат дегенді де, шүкіршілік дегенді де мүлде естен шығарды. Араны барған сайын ашылып, құлқыны тойымсыз құрдымға айналды. Көкірегін менмендік пен такаппар астамшылық жайлады. Әрине, Әбіш өз кейіпкерін тек қана қанқұйлы қаныпезер етіп, оған қара бояуды баттастырып жаға бермейді. Оның да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, оның да опық жеп опынып қалатын сәттері болып тұратынын, әрі нақты, әрі нанымды детальдармен сәтті көрсетіп отырады. Оның жаны аса күрделі. Оның кезекті қаһарлы қатыгездігі тағы да қандай азап пен сор әкелетінін білмей бір дал болсаңыз, оның зұлымдығы мен қулығының да сондай түпсіз тұңғиық екеніне, оған құрық та, сырық та бойламайтынын көріп тағы да таң қаласыз. Бұл дүниенің ұңғыл- шұңғылына әбден қанық, оның түкпір- түкпірін пайымымен адақтап шыққан ол, ненің не екенін біле тұра, мейірімді жан қалауын емес, өктем де қатал билік қалауын жасайды. «Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Сол үшін талай рет ажалдың алдына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді”. Оның шын болмыс- бітімі осы жолдардан анық көрініп тұрған жоқ па?! Өзі кіріптарлық пен құлдық табиғатын терең түсіне тұрып, оның қорлық екенін ұға отырып, бірақ басқаларды құл- құтан, кіріптар етіп ұстауды жаны қалайды. Өйткені оның өзі өктем биліктің құлы. Енді Әміршінің шексіз билік құлдығынан құтылуға дәрмені де, пәрмені де жетпейді. Бұл—тағымнан айрылсам бағымнан да, барымнан да айрылым деп ойлайтын бүкіл билікқұмарлардың трагедиясы! Әмірші алыс жорыққа аттанған кезде жас ханым оның қайтар кезіне дейін көңіл мен көзді қатар арбайтын, аңсар сағыныштың куәсіндей, зеңгір көкке қол созып тұрған ғажайып сұлу мұнара салдырмақ болады да, іске кірісіп кетеді. Күндердің күнінде көк мұнараны қалап жатқан жас шебердің жас ханымға көзі түсіп, оған өлердей ғашық боп қалады. Мұның бұл сезімі аса қауіпті, қатерлі екенін, түптің түбінде басын жалмап, жұтып қоюы кәдік екенін біле тұра, ол өз сезімінен бас тарта алмайды. Қайта, күн өткен сайын желді күнгі өрттей өршіп, ерік- жігерін алып , бұрынғыдан да күшейе түседі. Жас ханым оны бұл оспадар қылығынан арылтпақ болып оған ең сұлу, ең ажарлы күңін сыйға тартпақ болады. Бірақ одан да ештеңе өнбейді. Енді оның қалап жатқан мұнарасы алыстан қол созып шақырып тұрған сағыныш мұнарасы емес, хас шебердің жас ханымға деген аңсар сезімінен өрілген Махаббат мұнарасына айналып бара жатады. Ақыры көгілжім аспанға тік өрлеп көтеріліп бара жатқан мұнара өруді тоқтатып, өзінің жүрек қалауын табандап талап етіп тұрып алған ұлы махаббат тегеурініне шыдай алмаған жас ханымның көкірегіне де құрт түседі. Ол құрт ақыр соңында Үлкен ханымның Әміршіге ишаралап көрсеткен алма ішіндегі, сонан кейін Әміршінің бүкіл ақыл-ойын, есі мен санасын күні-түні кемірген құртқа айналады. Жарты әлемді жатқызып- өргізіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған қаһарлы Әмірші ұстасаң үгітіліп кетердей үлбіреген гүлдей әлсіз, тисең үзіліп кетердей дірілдеген тіндей нәзік жас ханымның жүрегіне билігін жүргізе алмай, бір оң жақтан, бір сол жақтан ұйтқып соғатын желдей алағай да бұлағай күй кешеді. Енді ол үшін мына дүние “құлыпсыз түрме”, ал өзі сол дүниенің “кісенсіз тұтқыны”. Одан құтылар, одан шығар жол бар ма?.. Әмірші қаншама айлалы, қаншама ақылды , қаншама сұңғыла болғанымен жанын жегідей жеп, жебірдей кемірген дәл осы сұрақтарға жауап таба алмай ойы он саққа, санасы сан саққа жүгіріп сансыраған хал кешеді. Әр қимыл, әр сөзін бағып отырған анталаған көз бен сәл қияс басса қураған қауға тигендей лау еткелі тұрған сөздің алдын алу үшін бас сәулетшіні өзі салған зынданға (одан басқа оның өнер туындысы жоқ) тастап , жас шебердің көзін ойып, тілін қырқады. Санасын сарсылтып, жанын обырдай обып жатқан ойлардан құтылам деп ойлағандықтан осылай істейді. Бірақ құтыла алмайды. Өрмекшінің торындай шым-шытырық өз ойына өзі бұрынғыдан бетер шырматыла түседі. Әмірші өзінің күн өткен сайын іргесі қақырап, басынан бағы тайып бара жатқанын сезе тұра, махаббатқа ешқандай әмір жүрмейтінін, өнерді қандай бір қатыгездік те жеңе алмайтынын ұға алмады. Махаббат пен Өнерге қол көтерген жан түптің түбінде сол Махаббат пен Өнердің зауалын тартып, киесіне ұшырайтынын сезбеді. Өйткені Махаббат пен Өнерде халық рухы ұя салған. Ал халық рухын қандай бір қаһарлы, қандай бір қанқұйлы күш те құлатып, күйрете алмақ емес. Оларды күйретіп құрдымға жіберем дегендердің бәрі де, өздері күйреп, өздері құрдымға кетпек. Бұл жазылмаған заңдылық. Осы заңдылық тағы да үстемдік етті. Яғни, төрткүл дүниені табанының астына басқан Әміршінің қаһарынан Махаббат пен Өнердің рухты киесі , қаншама қорлықтың қанды шеңгеліне түсіп, зорлықтың табанына тапталса да, әлдеқайда зор, әлдеқайда қуатты болып шықты. Махаббат пен Өнерге , яғни халықтың рухына жасалынған ол қорлық пен зорлық, ақырында оны есінен шатастырып, ақылынан айырды... Бірде көзін ашып жан- жағына қараса “күллі дүниені “Барар жерің бәрібір жердің асты” деген шимай жазу қаптап кетіпті... Ол тағы көзін ашты. Төбесінен қарақоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ Әмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады”. Қаһарлы өктем деспот пен қатыгез диктатордың өмірі осылай аяқталмақ. Қанқұйлы ісінің зауалын тартып, халық рухының киесіне ұшырамақ. Әбіш Кекілбайұлы өзінің айтар ой, көтерер мәселесіне материал етіп аңыз- әңгімелерді неге таңдап алды деген сұрау тууы әбден мүмкін. Біздің пайымдауымызша, автор аңыз-әпсаналарды есіліп те, көсіліп те жазуыңа көне беретін, бір жерін алып, екінші жеріне қосып сөйлесең де ешкім келіп барын барлап , жоғын жоқтап жатпайтын қызықты хикаялар деп емес, керісінше, ол аңыз- әпсаналарда халықтың арман-ойы, үміті тілегі ұялаған, халықтың тарихи тәжірибелері жинақталған, ең бастысы, оның өн бойында сол белгілі халықтың ғасырлар бойы қадірлеп, қастерлеп келген Рухы жатыр деп біледі. Сол “көне” Рух лебімен бүгінгі оқырман жанына мәңгі өлмес намыс пен жігер, парасат пен пайым шоғын үрлеп тұтандырғысы келеді. Сол арқылы уақыт байланысы мен ұрпақ сабақтастығын орнықтыруды қалайды. Әбіш Кекілбайұлының аңыз-әңгімелерге барудағы көп мақсатының бір мақсаты осында жатыр деп білеміз. Ешқандай асырып та, жасырып та сөйлемей шындығын айтар болсақ, Әбіш Кекілбайұлының тарихи тақырыпқа жазылған бұл шығармалары тек қазақ әдебиетінде ғана емес, кезіндегі Одақ көлемінде де, шетел әдебиеті деңгейінде де елеулі оқиға болды деп айта аламыз. Бұл ретте заманымыздың ұлы суреткері Шыңғыс Айтматовтың “Талантты қазақ прозаигі Әбіш Kекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап ойшылдықтың жоғары сатысынан қарағанда да, аңыз- әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күн тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен” деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Ал классик жазушымыз Әбдіжәміл Нүрпейісов осы “Дала балладалары” туралы ойын былай түйеді: “Ол өзінің шығармаларында атақты тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр- сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен”. Осы дүниелерден кейін Ә. Кекілбайұлы арқауы бүгінгі күн тақырыптарынан өрілген, мүсінді де келісті бірқатар, негізінен, жеке адамдардың жан- дүниесіне бойлап, жан-жақты үңіле отырып, қоғамдық мән мен әлеуметтік сипатқа ие мәселелерді қозғауды мұрат еткен туындылар жазды. Ол шығармаларында Әбіш, ең алдымен, адам бойындағы игі жақсылық пен келеңсіз, кесірлі құбылыстардың тегін қарастырып, оны тудыратын қозғаушы кұбылыстардың түп-тамырын танып-табуға күш салған. Адамның қоғам, ел алдындағы, өзінің отбасы алдындағы, ары мен ожданы алдындағы жауапкершілігін барынша терең сезіну керектігін дәйекті көркем сүзгіден өткізген. Кім де кім өзінің жер үстіндегі адамдық миссиясын адал атқарса, әмәнда сол адамның мерейі үстем, мәртебесі биік, кім де кім өзінің қарапайым ғана қағидаларға құрылған адамдық миссиясын естен шығарып, адамдықтың адал жібін аттап кетті ме, онда ол ел, жер алдында, бүкіл тіршілік атаулының алдында кінәлі. Жазушының бұл топтама шығармалары да көп мәнді ашып, көп гәпті тарқатады. Ол топтаманы айтқанда, сөз жоқ, алдымен ауызға ілігері бірінен соң бірі дүниеге келген “Көлденең көк атты”, “Тасбақаның шөбі”, “Керек адам”, “Міне керемет”, “Ақырғы аялдама” әңгімелері мен “Бір шөкім бұлт”, “Бәйгеторы”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй”, “Бір шоқ жиде” хикаялары дер едік. Бұл әңгіме-хикаялардағы кейіпкерлердің дені дерлік қарапайым, өзіміз өмірде күнде көріп жүрген қатардағы жандар. Әрине, олардың өскен әлеуметтік орталары да, мінез-құлықтары да, болмыс- бітімдері де, қоғаммен және адаммен қарым- қатынастары да әр қилы, әр түрлі. Міне, жазушы осындай сан қилы, сан түрлі тағдырлардың ішкі жан-дүниесіне зер сала үңіліп, оларды харекет үстінде, ісі мен күнделікті тіршілігінде болып жататын процесс арқылы адамдық бітімін, кісілік болмысын ашады. Мәселен “Тасбақаның шөбі” деп аталатын әңгімесін алайықшы. Әңгімедегі Қарабала мен Оңбай екеуі бір жерде кіндік қандары тамған, бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, құрдас десең құрдас, ағайын десең ағайын. Бірақ, солай бола тұра, екеуі екі басқа. Мақсат-мұраттары да, өмірге деген көзқарастары да екі бөлек. Соғысқа барып бір аяғын беріп қайтқан, туғаннан екі иінін жұлып жеп, айқасқанмен айқасып, шайқасқанмен шайқасып, ел ісіне ерте араласып, соның арқасында билікке де тезірек қол жеткізіп, біршама уақыт тіпті абырой-беделге де ие боп, ал одан шеттеп қалғанда бәрінің апшысын қуырып, дүниеге өзі де симай, жұртты да сиғызбай, анамен бір тартысып, мынамен екі тартысып, тек өзі ғана аппақ, қалғанының бәрін қара көретін шәлкес мінезді жан. Оның бұл өңірде ұстаспаған, шатаспаған адамы жоқ. Оңбайдың, әсіресе, бастықтармен жаны қас. Өйткені ол өзінің жолының болмай қалғанын да, шегеріліп шеттеп қалғанын да солардан көреді. Ал Қарабала болса, кезінде сабақты да мандытып оқымаған, ғұмыр бойы Оңбайдың көлеңкесіндей болып қасына еріп, оны арқа тұтатын, оның айтқанының бәрі жөн, істегенінің бәрін дұрыс деп білетін, басқа жұртпен жұмысы жоқ, біреуге жақсылық жасаса да жақсылық жасадым-ау деп ойламайтын, еткен еңбегін ешуақытта бұлдап көрмеген, аудан орталығына да бір- ақ рет барған, жарамсыз боп соғысқа алынбаған, бар өмірі қара төс пен қара балғаның солқылы мен шыңылы астында өткен қарапайым жан. Күндердің күнінде Оңбайдың соғыстан алған ескі жарасы қозып төсек тартып жатып қалады да, Қарабалаға құрдастығын бір, ағайындығын екі салып жоғарыдағы бастықтарға барып, соғыс мүгедегі ретінде маған машина сұра деп қолқа салады. Әрине, ол машинаны өзі де талай- талай сұраған, бірақ ала алмаған. Ол жұмысқа Қарабаланы жегіп отырғаны, жоғарыда қандай кісәпір адамдардың жүргеніне оның да көзін жеткізіп масаттану, екіншіден, алдын ала біліп отырғанындай, жұмыс тындыра алмай келетін Қарабаланы кекетіп, мұқатып масайрау. Бірақ Оңбайдың жымысқы екі мақсаты да орындалмады. Қарабала өзінің бір кездегі ел адындағы бейнетқорлығы мен адамдарға жасаған қайырымдылығының арқасында бар шаруаны оп-оңай шешіп қайтты. Ол тіпті бұл шаруаның шаршатып- шалдықтырмай оп-оңай оңтайына келе қалғанын өзінің бір кездегі жасаған жақсылықтарының арқасы деп ойламайды да. Жолының болғанын ауданға бара жатқанда шалқасынан үйелеп жатқан тасбақаны аударып сап, аузындағы шөпті ырым етіп алғанынан көреді. Қайран, ырымшыл қазақы қарапайымдылық-ай! Бұл әңгімеде автор жасаған жақсылығы үшін титімдей де не алғыс, не қолпаш тілемейтін адам жанының жомарттығын паш етеді. “Көлденің көк атты” әңгімесі Самат деген жауынгердің өзінің командирі Ахаттың майданда қалай опат болғанын үйіне естірту үшін алыс жолға аттанғанынан басталады. Оның қандай тапсырманы да тапжылтпай орындайтын қатаң тәртіптің адамы екенін “Көлік күтіп бір күн жатыпты—кезікпепті, екі күн жатыпты—кезікпепті, үш күн жатыпты—кезікпепті. Төртінші күн –жаяулатып тартып кетіпті” деген сөздерден- ак байқауға болады. Командирінің қазасын естіртуге барған Самат сол үйде қалып қояды. Тұла бойы тәртіп пен тазалықтан тұратын ол бел шешіп, білек сыбанып жүріп жұмыс істейді. Бірақ кеше ғана қан майданда қайтпас қайсарлық көрсете білген, мейірімі мен қайырымы мол, кеше ғана жауды жеңіп қайтқан жан, енді бүгін ғұмырын ауырдың асты, жеңілдің үстімен өткізген Жаныс зымиянның айласы мен амалынан жеңіліс табады. Әбіш Кекілбайұлы келесі әңгімелерінің бір парасында қоғам мен адам бойын жайлап бара жатқан мерезді құбылыстар мен кеселді дерттерді арқау еткен. Ол әңгімелер, негізінен, әлеуметтік- психологиялық әңгімелер болып табылады. Мәселен, “Міне кереметті” қараңыз. Екі жақтан бір-біріне қарсы шыққан ұшқыр пойыз бір үлкен тораптық станцияға келіп түйіседі де, екі орынды жұмсақ вагонда келе жатқан екі азамат перронға шығады. Қасына ерткен жұбайлары. бала- шағаларымен қауын қарап келе жатып бір- бірімен ойда жоқта кездесе қалады да “Міне, керемет!,”– деп қуана құшақтарын ашып мәре-сәре болады. Шынында да, сырт қараған жанға бір-біріне деген ынта-ықыласы керемет- ақ. Солай болуға тиісті де! Өйткені жастық шағын, студент кездерін бірге өткізген, бірге тұрған. Содан да бір- біріне өліп- өшкен пейіл- ниеттерінде титімдей де кінарат жоқ. Жарасымды-ақ. Бірақ... Екеуі бала-шағаларымен өз вагондарына қайта жайғасып, бір- бірі туралы ойлағаннан- ақ әлгі ақ пейіл, ақ ниеттен жұрнақ та қалмайды. “Өзі олай боп еткен екен, бұлай боп кеткен екен, қалай өсіп кеткен, шамасы жоғарыда бір тірегі болды- ау деп, дүние- мүлік те жинап үлгеріпті, анаусы бар екен, мынаусы бар екен, аузының салымы бар екен, әйелді де соққан екен деп” бір- бірін іштей күстаналай бастайды. Екеуінің қызметтері екі бөлек, бір- бірімен ешқандай қарым- қатынастары да жоқ, солай бола тұра бір-бірін күндеп, қызғаныштың қызыл итіне таланып бара жатады. Сол баяғы бақастық, сол баяғы іштарлық, сол баяғы көре алмаушылық, сол баяғы бақталастық! Автор осы бір сұрқия, зымиян мінез-құлықтарды шағын ішкі монологтар арқылы шебер бере білген. Сондай-ақ “Керек адамда” ә дегенде аңқылдаған жайдары, жарқылдаған жайсаң жан болып көрінетін Ержановтың жағымпаздық пен жарамсақтықтың небір айла-тәсілдерін меңгерген, әрі құбылмалы, әрі жытқыр бола тұра “керек адамның” көңілін табам деп жүріп рухани құлдырап, өзінің адал төсегін де арамдатып, кісілік келбет пен адамдық болмыстан жұрдай болған жанның болмыс- бітімін ашып көрсетсе, “Ақырғы аялдамада” алған ілім- білімі де, қабілет- қарымы да, мүмкіндігі де көп адамнан ілгірі бола тұра , бірақ ол ілім- білімін, қабілет-қарымы мен мүмкіндігін ойына алған мақсат жолына пайдалана алмайтын, белді бекем буып нар тәуекел ете алмайтын жалтақ, үргелек, содан барып иненің көзінен өтіп кететін жылпос біреулерге жем боп, ғұмырын өзінен әлдеқайда төмен адамдарға қызмет көрсетумен өткізіп келе жатқан, тіпті махаббат үшін күресуге қажыр-қайраты жоқ дәрменсіз адам туралы сыр шертеді. Осы екі әңгімені оқып отырып бір-біріне қарама- қайшы, керағар, екі дай аяушылық сезімде қалатының анық. Біреуін мүсіркеп, екіншісін есіркеп аяйсың. Осы және басқа да әңгімелерін парақтап қарап отырып Әбіш Кекілбайұлының әрі қысқалықты, әрі нұсқалықты талап ететін әңгіме жанрының хас шебері екенін байқап, бағалауға әбден болады. Оның “Құс қанаты”, “Бір щоқ жиде”, “Шеткері үй” хикаялары да адам болмысының терең қатпарларына үңілуімен, олардың тағдыр- талайымының соншалықты күрделі, соншалықты күрмеулі екенін көрсете білуімен жұртшылық көңілін жаулап алған шығармалар деп білеміз. Бұл үш шығарманың үшеуінің кейіпкерлері де соғыстың өртіне шарпылып, ызғарына тоңған кейіпкерлер. Бұл жағынан ұқсас. Бірақ ол кейіпкерлердің тағдырлары бір- біріне мүлде ұқсамайтын үш тарапқа тартылған жолмен дамиды. “Шеткері үйдегі” ажарлы, көрікті қыз Зуһра ғұмыр бойы есеп-қисаппен өмір сүрген саудагердің үйінде дүниеге келген. Содан да олар тал шыбықтай таралып желкілдеп өсіп келе жатқан қызының да тағдырын есеп- қисаппен шешеміз деп ойлайды. Ешқандай, не құлқы, не ынтасы болмаса да олардың Зуһраны комсомол жиналыстарына қайта- қайта жіберулері, сол құрғыр құр есептен туған. Олар бірде келісіп,бірде керілдесіп қызылкеңірдек боп жататын бүгінгі комсомол жетекшілерінен күні ертең-ақ жұртты аузына қаратқар, жалғанды жалпағынан басар ортаң қолдай бір- бір лауазым иелері болып шыға келетінін жақсы біледі. Шынында да, бұл тұрғыдан келгенде, тіпті де жаңылысып тұрған жоқ: ертең- ақ мен деген дыңдай бір жігіттің етегінен ұстайды. Бірақ бұл қу тағдыр сенің сартылдатып салған есеп- шотыңа көнсін бе?! Оның өз есебі, өз жолы бар... Көп ұзамай енді ғана көзге түсіп, ауызға іліге бастаған күйеуі бауырына бір бала құшақтатып соғысқа кетеді. Ол бала әке- шешесінің қолында қалады да, ал өзі олардан бөлек, шеткері бір үйде сыбай-салтаң өмір сүреді. Бара- бара ол көзі түскен жанның көзін қарықтырар сыланып- таранған тоты құстай келіншекке айналады. Енді (тағы да!) шешесінің есеп-қисапқа толы ақылымен бағы озық еркек іздеп, аяғына оралғы болмас үшін жалғыз баласын қиыр алыстағы әскери оқуға жібереді. Сол- сол- ақ екен енді ол тағат та таппайды, тоят та таппайды. Бір қызықтан соң бір қызық, бір еркектен соң бір еркек. Мұны еркек ермек қылса, бұл еркекті ермек етеді. Енді бұған алыста жүрген жар дегенде жалғыз баласынан гөрі үй күзететін ит жақын. Ол тек өзінің көркі мен ажарын ғана қызықтайды. Көрік-ажарыммен кез келген еркекті ерттеп мініп, құрдай жорғалатып қоям деп ойлайды. Көбіне, солай болады да! Мақсатсыз, мәнсіз, мағанасыз өмір! Бірақ ол, ең өкініштісі, ғұмырының соңына дейін өзінің мақсатсыз, мәнсіз, мағанасыз өмір сүріп жүргенін білмей өтеді... Сонымен мына жер үстіне жел қуалаған бір ебелек келді де, бір ебелек кетті... Адамның өзін-өзі осыншалықты тәлкек етіп,өзін- өзі осыншалықты ойыншыққа айналдырып, өзін-өзі осыншалықты талан-таражға салғанына әрі күйінесің, әрі налисың. Ал “Құс қанатындағы”, бүгінде үлкен кейуанаға айналған қара кемпірдің бүкіл өмір жолы, бүкіл болмыс- бітімі Зуһраға мүлде қарама- қайшы. Ол да күйеуін соғысқа аттандырған. Ол да еркек кіндіктен жалғыз тұяқ– ұлмен қалған. Бірақ ол сол ұлды қашан жеткізем деп,қайтсем қалқитып адам қатарына қосам деп отқа да түседі, суға да түседі. Қаншама қиындықтың қиямет көпірінен, қанашама азаптың тозақты жолынан өтеді. Бірақ ол бірде бір рет арына да , жанына да дақ та, тозаң да түсірмейді. Мұқалмас жігер, қайтппас қайсарлық танытады. Арпалысады. Күреседі. Ақыры баласы оқу бітіріп, ел сыйлар азамат боп, анасын астанаға ап келеді. Әрине, есігіне құлып түгіл, жіп байлап көрмеген ауылдан келіп, қай уақта да есік- терезелерін тастай ғып жауып, мұнтаздай болып қымтанып отыратын қалаға үйрене қою оңай емес. Тіпті бір кезде абсын- ажындары айтқан, “асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай” ақ пәтерде отырса да! Жалғыз бала үшін не көрмеген қара кемпір бұл! Бұған да көнеді, бұған да көндігеді. Сол баланың жолында жадау тұрмыс, жүдеу тіршілік кешсе де, ғұмыры мақсатты, мәнді, мағаналы . Тамырын тереңнен тартқан бәйтерек ғұмыр. Мақсатына жету үшін оның күреспен өткен ғұмырына қарап отырып әрі тәнті боласың, әрі қайраттанасың! Өмірдің мәні мен мағынасына бұрыннан да тереңдеп бойлай түсесің! Сондай- ақ бұл шығарма– Әбіштің өз анасы Айсәуле бейнесін сомдап соққан ескерткіш-шығарма. “Бір шоқ жиде” хикаясында құла түздегі ата-баба қонысын тастамай, жападан- жалғыз отырған Тілеу қарт пен Зейнеп кемпірдің тағдыры баян етіледі. Олар да соғыс зұлматтың зорлығын көріп, зомбылығын тартқан жандар. Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз перзентінен айрылып қалған мұңлық пен зарлықтар. О бастан-ақ бұл әулет құрама әулет еді. Баласының бәрінен айрылып тұл боп қалған кесірлі, кесапатты кезеңдерде, жақын бір ағайынның немесе жекжат- жұрағаттың нәрестелерін бауырларына басып, соларды алданыш етіп, әйтеуір Өтеу әулетінің отын сөндірмей, шаңырағын құлатпай тіктеліп кететін. Бұл бір арғы аталары Өтеудің өзінен басталған қайырсыз үрдіс. Бірақ ол үрдістен де өткен үрдіс бар: қара шаңырақ қалай да құламау керек! Бірақ оған тап қазір не амал, не қайрат бар?! Екеуінің отырысы мынау... Енді олар осылай қу тізелерін құшақтап, Өтеу атасынан қалған “Бебеу күйді” ғана мирас етіп қалатындай күй кешіп отыр. Бірақ жалғыздарынан айрылып жер жастанып қалған екеуінің де құдайы бар екен. Күндердің күнінде алыс бір қиян шеттегі Зейнептің жеңгесі Жаңыл кебежеге қырқынан әлі шықпыған баласын салып, салдыртып жетіп келеді. Бұл Құдайдың көктен сұрағанын, жерден бергенін қарашы... “Отыз күн омырауымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес”—деп тырсиған қос емшегінің сүтін ошақтарына сауып, баласын екеулерінің бауырларына салады. Керегесі қақырап, уығы саудырап, шаңырағы шайқалып тұрған үйдің іргесі сол бір құйтақандай шаранадан қайтадан қатайып кеткендей болады. Құрдымға кеттік пе деп баз кешкендей боп отырған олар, сол бір бала үшін дүр сілкініп, қайта түлеп шыға келеді. Оны белінен үзіліп, құрсағынан шыққан баладан кем етпей аялап өсіріп, жұрт қатарына қосады. Енді олардың төрт құбыласы түгел: о дүниелік боп өмірден озғанда бастарына кеп аят оқитын, ең бастысы, әулеттің қара щаңырағын ұстап қалатын тұяқтары бар. Адам баласының бұл тірлікте бұдан өткен мақсат- мүраты бар ма екен, сірә?! “Автомобиль” хикаясында алыс бір түкпірге жаңа өркениеттің келгенін, оны ауыл адамдарының қалай қабылдағанын түрлі жағдаят, түрлі оқиғалар арқылы сипатталады. Заман да өзгерді, заманмен бірге ауыл да өзгерді. Ауыл өзгерген соң адам психологиясы да өзгерді. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынастар да өзгерді. Сол өзгерістердің бәрін автор нақты да, көркем суреттермен сәтті көрсете білген. Әбіш Кекілбайұлының аударма саласындағы еңбегінің өзі жеке бір үлкен әңгімеге жүк боларлық. Оның қаламынан қыруар аудармалар дүниеге келді. Ол сонау студент кезінде-ақ Г, Мопассанның “Өмір”, “Пъер мен Жан” романдарын, сонан кейін іле- шала Л. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романының тарауларын аударуға қатысты. Әсіресе, оның аудармадағы нағыз шеберлігі У. Шекспирдің “Ромео мен Джульетта”, “Kориолан”, “Король Лир”, К. Гоццидің “Туранбике ханшайым”, А. Чеховтың “Ваня ағай”, В. Буероның “Бүгін мейрам, бүгін той”, Г. Ибсеннің “Үрей”, Л. Дарионың “Сүйіктім менің Электра”, М. Фриштің “Ғылым қуған Дон Жуан” пьесаларын тәржімалаған кезде жарқырап көрінді. Ә. Кекілбайұлы қаламының қуаты арқасында шұрайлы да құнарлы қазақ тілі әлемді мойындатқан бұл қаламгерлердің шығармаларын ешқандай тосырқамай, кібіртіктеп-қыбыжықтамай, бейне бір өз жері, өз өрісінде жүргендей еркін құйылып, еркін көсіледі. Бұл жерде біз көріктен шыққан көркем дүниедей жазылған, таным мен тағылымнан , үлгі мен өнегеден тұратын қаншама сапарнамаларына тоқтала кетуге ешқандай мүмкіндік таппай отырмыз. Ә. Кекілбайұлы “Дала балладаларын” тәмәмдап, бүгінгі күн тақырыбын бірқатар жылдар бойы зерттеп- зерделегеннен кейін, масштабтылығы жағынан да, көтерер жүгі мен айтар ойы жағынан да аса ауқымды нақты тарихи тақырыпқа жазылған романдарға ауысты. Біз қазақ халқы тарихының, жалпы қазақ халқының ауыр да азапты, тартыс пен таласқа толы, тар жол,тайғақ кешулі ерек те айрықша кезеңдерінің бірін арқау еткен “Үркер” мен “Елең- алаң” романдарындағы тарихи фактінің игерілуі мен оның көркем көрініс табуы оқырман тарапынан болсын, сыншылар тарапынан болсын бірқыдыру лайықты бағасын алды деп ойлаймыз. Ол романдар, сөз жоқ, тұтас бір халықтың тарихи, саяси, әлеуметтік кескін келбетін, сол факторлардан туындайтын психологиясы мен моралін жан-жақты қарастырып, көркем мүсіндеп бере білген үлкен панорамалы шығармалар. Оған сол шығармалар өзегінде жатқан қорғасындай ауыр бүгінгі күннің ең көкейкесті проблемаларын қосыңыз. Онда ол шығармалар салмағы бұрынғыдан да ауырлап, ол проблемалар шоқтығы бұрынғыдан да айдарлана түсетіні сөзсіз. Әлем әдебиетінің ең гуманистік, ең текті үлгілерінен үйрене отырып, халқымыздың аса бай рухани қазыналарын шығарма қанына барынша сіңіріп, тарихи фактіні көркем қорыта білген жазушының олжалы табысы шынында орасан зор. Бұл романдардағы бір мәтіннен үш мәтін (кеше, бүгін, ертең) қатар оқылатынын кезінде айтқан болатынбыз. Соны бүгін де қайталап айтамыз. Оған біздің қосарымыз, жазушының тағы бір ерекшелігі—тарихи факт арқылы белгілі бір кезеңнің әлеуметтік болмыс-бітімін, саяси жағдайын, психологиясы мен моралін, трагедиясы мен драмасын жан-жақты көрсетумен бірге, сол белгілі фактінің философиясын ашатындығы, біздің ойымызша, бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да бұл шығармаларға пайдаланылған тарихи материалдар—мұрағаттық, кеңселік іс қағаздары, басқа да әртүрлі құжаттар Әбіш қаламы арқылы қанымызға сіңіп, рухани құжаттарымызға айналып кетеді. Шынын айту керек, бір қуаныштысы қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа бару, оны жан-жақты игеру қанатын кең жайып келеді. Бірақ белгілі бір тарихи тұлғаны немесе бір тарихи кезеңді көркем шығармаға айналдыруда жұрттың бәрі діттеген жеріне жетіп, жұрттың бәрі біз күткен деңгейден көрініп жүр деп айта алмаймыз. Әрине, олардың ішінде талантты авторлар да жоқ емес. Сонымен бірге, авторлардың өз тақырыбын зерттеуіне де күман келтіре алмайсың. Ол шығармалар авторлары, бәрі болмаса да , сол белгілі тарихи кезең материалдарын, мүмкіндігінше, дұрыс меңгерген болып шығады. Олардың, тіпті, кейбіреулерінің көркем орындалуы да тап- тұйнақтай, шып-ширақ. Бірақ ол шығармаларды—талантты деген шығармалардың өзін де—белгілі кезеңге ғана қамалып, тынысың тарылып, тұншығып оқисың. Салқарлық, кеңістік жетіспейді. Мұны,ең алдымен, автор дүниетанымының шектеулігінен, яғни тарихтың бір қуыс мекенін ғана игеріп, оның басқа дәуір, басқа кезеңдерін жете білмеуінен, біле қалған жағдайда да, ол кезеңдер мен дәуірлердің тәжірибе мен дәрістерін сол өзі зерттеген кезеңмен жанды түрде сабақтастыра , салаластыра алмауынан деп білген жөн. Жалпы, біздің ойымызша, белгілі бір халықтың, белгілі бір кезеңнің, тіпті оның бір шағын алқабын жазу үшін де бүкіл адамзат тарихынан хабардар болу шарт. Яғни сол тарихи алқапты бүкіл адамзат тарихының фонында қарастыра білген жөн. Және сол бүкіл адамзат тарихын , мәдениетін, эстетикасын, философиясын, олардың даму, құлдырау, шарықтау кезеңдерін терең түсіне білетін интелектуалдық қуатқа ие болу қажет. Сонда ғана автор өзі зерттеген сол тарихи кезеңнің саяси- әлеуметтік ахуалына, моралі мен психологиясына дәл баға беріп, оларды көркем де терең сараптамалық талдаулардан өткізбек. Сонда ғана ол шығарма бүгін мен ертеңге рухани қызмет көрсету хұқына ие бола алмақ. Бұл тұрғыдан алғанда Әбіш Кекілбайұлының “Үркер”, “Елең- алаң” шығармаларынан пішімі мол талант, үлкен жауапкершілікпен бірге, өрелі интеллектуалдық қуаттың тайға таңба басқандай болып көрініп тұратынын баса айтуымыз керек. Сондықтан да шығарма тынысы өте кең, қарымы өте ауқымды. Романдарда қазақ халқының белгілі бір тарихи кезеңі көршілес отырған басқа халықтардың тарихымен бірге өріліп, жанды байланыста қарастырылады. Және ол белгілі бір тарихи кезең қабатында ғана емес арғы- бергі кезең қабаттарымен де салаласып, сабақтасып жатыр... Біздің пайымдауымызша, көркем әдебиеттегі Тарих деген ұғымның өзі екі мәнге ие. Біріншісі– факт-тарих, екіншісі—рух-тарих. Факт-тарих—құрғақ деректер мен нақты құжаттар. Онда жан мен қан, леп пен дем бола бермейді. Ал рух—сол факт-тарихтан тамыр ала тұра, адам жанын жаңғыртып, жаңарта алар, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік рухын егіп, адам жанының түкпір- түкпірінде сілкіністер мен соқтығыстар тудыра алатын аса зор қуатқа ие. Шынын айту керек, көптеген жазушылар тек факт-тарихпен жұмыс істеп жүр. Олар тек фактының сыртын ғана бояп, оған әртүрлі қызылды- жасылды әлеміш өрнектер салып, оқырман қауымды алдарқатпақ болады. Ал рух- тарих, әдетте, факт-тарихтың ішінде, өзегінде жатады. Оны өндіріп алу оңай шаруа емес. Өйткені факт-тарих орасан зор қарсылыққа ие. Оны қақыратып, қақ жарып өндіріп алу үшін автор таланты шығармашылық қарулармен мұздай қаруланған, халықтың рухани күш-қуатын бойына молынан сіңіріп алған болуы керек. Әбіш Кекілбайұлының романдары, сөз жоқ, сол факт-тарихтың өзегінен өндіріліп алынған рух-тарих тілімен сөйлейтін шығармалар. Бұл романдардағы тағы бір байқалар ерекшелік—ондағы қандай бір кейіпкерді алсаңыз да, белгілі бір дәрежеде қоғамдық ой, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік жүк арқалап тұр. Әйтеуір қызық үшін, әйтеуір таңсық үшін жасалынған бірде-бір бейне жоқ. Кейіпкерлерінің бәрі дерлік өз заманының омырауын еміп, өз уақытының топырағына тамыр сап өскендер. Олардың қимыл-қарекеті, моралі мен психологисы, ең алдымен, сол заманның қимыл мен қарекеті, сол заманның моралі мен психологиясы. Мәселен, Әбілқайыр бойындағы қайшылықтар—уақыт пен заман бойындағы қайшылықтар ғой. Ол халық қамын ойлаған тұста қайраткер деңгейіне көтеріледі де, өзінің жеке басының қамын күйттеп кеткен тұстарда жәй пенде болып қалады. Батыр, Барақ секілді сұлтандар бейнелерінде сол кездегі қазақ көш басшыларының әрі тартқанды бері тартып отырған—тек тарихи ғана емес!—типтік бейнелері де, ал Тевкелев, Кириллов бейнелерінде патшалық самодержавияның ашқарақ, тойымсыз көзқарасы мен қорқау, обыр психологиясы қатар өрілген емес пе?! Сондықтан болса керек, жазушы кейіпкер болмысында жүріп жатқан сана ағымын замана ағымымен өзектес етіп, біртұтас өріп жіберген. Бұл романдарды талдап- талқылап, оның композициялық құрылымы мен архитектоникалық түзілімін, образдар галереясын, фактілерді тірілтуін, олардан алар тағылым мен тәлімді жіктеп, саралап, терең сараптамалық зерттеулерден өткізу үшін арнайы көлемді мақала, мақала емес- ау, тұтас бір еңбек жазуға тура келеді. Сондықтан біз бұл жерде оның рухты тұстарын ғана тезистеп беруге ұмтылдық. Бұл жерде тағы да қадала, қадап айтарымыз, бұл романдар, біреулер айтып жүргендей, тек Әбілқайыр туралы ғана романдар емес. Бұл романдар, ең алдымен, аса күрмеулі, күрделі кезеңдегі халық тағдыры туралы романдар. Дей тұрғанмен, сөз жоқ, басты кейіпкер– Әбілқайыр хан. Ал Әбілқайыр—тарихи тұлға. Ол туралы айтылып жүрген дәйексіз сөздердің бәрі, ең алдымен, тарихқа қиянат. Агрессияның ең үлкені—тарихқа жасалынатын агрессия. Өйткені тарихың құрыса—болашағың да құриды. Бой көтеріп келе жатқандарды отап, омыртқа түзеп келе жатқандарды омырып жіберетін отаршыл жүйенің қанқұйлы машинасы осы мақсатта жұмыс істеген. Енді, міне, өз алдымызға елміз. Бойымыз тіктеле бастады. Осы кезде біздің қай жағымызға болсын, әсіресе, тарихымызға сабыр-салиқалықпен үңіліп, сарабдалдық танытуымыз керек- ақ еді. Кеңес өкіметі тұсындағы бойымызға сіңген науқаншылдық пен бір жақтан екінші жаққа құлай жығылушылыққа өзіміздің өңеші ұзын шамшылдығымыз қосылып тағы да тарихқа тас лақтыра бастадық. Оның кей тұстарын қорс қып қопарып, кей жерлерін көмуге кірістік. Біздің бұл пікіріміз Әбіш Кекілбайұлының бас кейіпкері Әбілқайыр ханға да тікелей қатынасты болғандықтан әдейі тоқталып отырмыз. Біреулер оны тарихтан мүлде шығарып тастағысы кеп жанталасып жүр. Олай демеске амалың жоқ. Өйткені ол қатысқан қазақ халқы үшін теңдесі жоқ тарихи оқиғаларда оның аты бірде аталса, бірде аталмайтын болды. Аталса да жағымсыз ретте. Бейне бір біреулер тарих доңғалағын кері айналдырып, сол тарихи оқиғаларды өзінің қалауымен мүлдем қайта жасап, қайта тудырғандай. Біз 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итжеместе қазақтардың жоңғарларды ту-талақай етіп жеңгенін жақсы білеміз. Аңрақай деген атқа ие болған бұл жеңіс—қазақ халқы үшін—тарихи жеңіс! Ол жеңісті қандай бір тарихшыңыз да айналып өте алмайды. Сол жеңіске қол жеткізген қазақ сарбаздарының Бас сардары, басқа емес, Әбілқайыр ғой. Оны Бас сардар етіп әйтеуір пәленше-түгеншелер емес, сол кездегі ағаш шаңырақты, киіз туырлықты қазақтың игі- жақсылары тағайындаған жоқ па?! Қазақ халқының басына түскен ең қысталаң, ең қатерлі шақта оқшау жота Ордабасыда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би бастап (Әйтеке би ол кезде дүние салған) басқаны емес Әбілқайырды Бас сардар етіп еді ғой. Өйткені сол кезде ол өзінің алымдылығымен де, алғырлылығымен де ерекше көзге түскен болатын. Бұл фактіні тарихтың шойындай ауыр есігін айқара ашып кіре алатындарды былай қойғанда, оның саңлауынан сығалап қарай алатындарға дейін жақсы біледі. Мейлі, сіз қалаңыз, мейлі, сіз қаламаңыз, Қаракерей Қабанбай да, Қанжығалы Бөгенбай да, қазақтың басқа қалқандары мен семсерлері де сол Бас сардар Әбілқайырдың қол астында соғысты. Сол соғыстың бүкіл тізгіні Әбілқайырдың қолында болды. Бұл—тарихи факт! Ал, біз біле тұра, осы бір ақиқатты неге айналып кете береміз?! Сөйтсек, Әбілқайыр хан Ресейге бодан боламыз деп ант берген, содан да оған деген таудай ренішіміз бар боп шықты. Бұл, әрине, тарихи балаңдық! Біріншіден, бодан болам деген сөз, мен саған бүкіл еркімді бердім, енді сен кел де мені отарлай бер деген сөз емес. Отарлау саясаты көп жылдан кейін басталды. Екіншіден, сол кез үшін қазақ елінің Ресейге бодан болам деуі соншалықты күнә ма еді? Ол кез—күні кеше Жоңғар шапқыншылығынан босып кеткен ақтабан қазақтың ойылып қалған өкшесінің жарасы әлі бітпеген, маңдайынан сорғалаған сордың әлі кеппеген кезі емес пе еді?! Бір жағында қылышын жалаңдатып Жоңғар, бір жағында дар ағашын даярлап Хиуа мен Қоқан, тағы бір жағында зеңбірегін гүрсілдетіп орыс,тағы да басқа анталаған қалың жау тұрған жоқ па еді?! Ол кез—Ұлы Даланың бойынан дәрмен , қанынан қуаты кетіп қансырап жатқан кезі еді ғой. Осы жағдайды біле тұра, Ресейге қосылмасақ, бізге ешкім де тимейтін еді, өз бетімізше-ақ іргелі ел болып кете алатын ек деп, қане, кім кепілдік бере алар екен?! Ресейге бодандыққа, ең алдымен, сол кездегі қазақ даласындағы аумалы- төкпелі, қым-қуыт заманның өзі толғатып туған тарихи процесс итермеледі. Сондықтан пісіп-жетіліп тұрған тарихи процесті есепке алмауға болмайды. Оны есептен алып тастаймын деу, барып тұрған тайыздық болады. Тағы бір айта кететін тарихи факті, Ресейге бодан болу процесі Әбілқайыр кезеңінен бұрын, сонау он алтыншы ғасырда Тәуекел ханның тұсында- ақ басталған. Тәуекел хан Ресеймен тіл табысу үшін үлкен әрекеттерге барған жоқ па?! Соның нәтижесінде 1594 жылдың қаңтарында патша өкіметі Тәуекелге әскери көмек көрсеткен еді ғой. Тәуекел, өз кезегінде, Мәскеуге өзінің ұлы Хұсайынды аманатқа беруге келіскені қайда? Патша өкіметі осының қарымтасы ретінде Тәуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтармақшы болғанын қайда қоямыз? Ресейге бодан болам деген саяси әрекет Әбілқайырдан кейін де тоқтап қалған жоқ. Ұлы Абылай хан екі рет 1740 және 1771 жылдары патшаға бодан боламыз деп ант берген. Өйткені Абылай да Әбілқайыр сияқты сол кездегі тарихи жағдайды жіті пайымдап, зерек сезіне білді. Сондай- ақ тек Ұлы жүзді ғана емес, бар қазақты аузына қаратып отырған Төле би 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға, ал 1749 жылы Орынбор губернаторы И. Неплюевке жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп бодандықты қабылдауға ризашылдығын танытып еді ғой. Әрине, Әбілқайыр Абылай деңгейіне көтеріле алмады. (Өкінішке орай Абылайға да “шабуыл” жасаушылар бір толастар емес). Абылай үш жүздің басын қосты. Ал Әбілқайыр өмірінің соңғы жылдарында тышқаншылап кетті. Сол бір күрмеуі қатты күрделі заманды тарихи фактілерден қыл елі ауытқымай барынша көркем шындықпен көрсете білген Әбіш Кекілбайұлы “Қазақ әдебиеті” газетінде берген сұхбатында Әбілқайыр ханды “трагедиялық тұлға’’ деді. Ал үлкен тарихшы , академик Манаш Қозыбаев “Халық кеңесі” газетінде жарияланған “Сырым батыр және Хан Кене” мақаласында былай дейді.”Кейбір ғалымдар Әбілқайыр хан Ресейге өз бетімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мәнінде бұл іс қанды Жармақ (Ермак) жорығынан бастап бағдарланды. Ерте ме, кеш пе,– қазақ елі Ресейге қосылуы ақиқат болатын”. Осы сөз– сөз ғой! Біз бұл мәселеге, сөз реті келіп тұрған соң арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Тарихты әркім өз қалауымен қақпақыл етуге болмайтынын тағы бір еске салғымыз келді... ... Жалпы алғанда, Әбіш Кекілбайұлы дегенде біздің көз алдымызға етек- жеңі мол пішілген сахаралық кеңдік, арғы мен бергіні, өткен мен бүгінді қатар қамтып жатқан парасаттылық, ең бір түпсіз шыңырау- шүңеттерден сөйлеп тұратын тереңдік, күрделі өмірдің күрмеулі тұстарына көрегендік жасай алатын пайымдылық, далалық дарқан болмыс, ірі философиялық бітім, әлемдік деңгейдегі үлкен білімпаз- білгірлік, тарихи сарабдал саналылық пен құлашты ойлылық, кең дүниетаным, келісті кісілік пен көрнекті қайраткерлік келіп тұра қалатыны сөзсіз. Мен бұл жерде әйтеуір айтып қалу үшін марапатшыл әсіреқызылдыққа, қолпашшыл асыра сілтеушілікке салынып отырғам жоқ. Бұл сөздерді Әбіш Кекілбайұлының қадірін білетін, қасиетін ұғатын, оның тұлғасын көз алдына елестете алатын эамандастарымыздың бірқатары айтып қана қоймай, оны біздің тілімізге ілінбеген, аузымызға түспеген басқа қырларымен де толықтыра түсетініне, мен өз басым титтей де кұмәнданбаймын. Талай- талай белестерден өткен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық пен қоғамдық өмірдегі тыныс-тіршілігін бөліп , әрқайсысын жеке-жеке қарастыру мүмкін емес. Ол тұтас жаратылыс, тұтас болмыс. Сондықтан Ә. Кекілбайұлының шығармашылық жолын айтқанда оның рухани бастау көздеріне, ал қайраткерлігін айтқанда оның қозғаушы қуатына тоқталмау мүмкін емес. Рухани өміріміздің табалдырығын әп деп аттағаннан-ақ Әбіш Кекілбайұлы қоғам мен адам арасындағы қарама-қайшылықты, қоғамның адам санасы мен психологиясына әсер-ықпалын, адамның қоғамда алатын орнын, болмысы мен табиғатын, драмасы мен трагедиясын барынша қазып көрсетіп, қазымырлана сөйлеп келді. Оның ішкі ағымдары мен қат-қат боп жатқан терең қабаттарына үңілді. Әбіш Кекілбайұлы—шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық- қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мән-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол қандай үлкен қағидалар, ол қандай үлкен мұраттар? Ол халық халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жадын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты. Халық үшін де, ұлт үшін де тарихи жад пен тарихи санаға жасалынған қастандықтан өткен жауыздық жоқ деп білді. Өйткені тарихи жад өшіріліп, тарихи сана жойылған тұста шыққан тек оталып, тартылған тамыр қырқылмақ. Өткен– құрдымға кетіп, ал ертең—беймәлім болып қалмақ. Ондай кезде ұлт ұлт болудан қалып, жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетпек. Міне, осыны бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен терең сезіне білген Әбіш Кекілбайұлы, тағы да қайталап айтамыз, әлемдік әдебиеттің контексінде тұңғыш рет—түйенің жас терісін басына қаптап, адамдарды естерінен адастырып, туған жері мен шыққан тегін ұмыттырып жіберген—мәңгүрттік метафорасын дүниеге алып келді. Яғни сол бір жазған- сызғанына бір шоқытып екі қаратып қойған Кеңес өкіметі тұсындағы қиын да қысталаң тұста- ақ ұлт пен ұлыстың тарихи жады мен тарихи санасына жасалынып жатқан жауыздықтарға қарсы осы мәңгүрттік метафорасы арқылы күрес ашты. Бұл метафора бүгінде, несін жасырамыз, бұрынғыдан да тағылымды, бұрынғыдан да көкейкесті. Өйткені бүгінгі таңда біздің рухани тұтастығымызға аса қатерлі қауіп төнуде. Киіз туырлықты, ағаш уықты шаңырақ астынан өрген бір қазақтың баласы—бірі шығысқа, бірі батысқа қарап тұр. Бірі өз тілінде, бірі бөгде тілде сөйлеп барады. Біздің кешегі кесапат идеологиядан есін жия алмай тұрған әлі де жас тарихи жадымыз бен балаң санамызға қазір шприц-телемүнаралар бұзақы идеологияның уын егіп , алақанат сауысқан сияқты сұқақтаған газет-журналдар жанымыздың жарасын шоқып қан- жоса етуде. .. Мұндай әрекеттер тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тіпті бел алып, қазіргі таңда сәл бәсеңсігенімен бүтіндей толастай қойған жоқ. Міне, осындай тұста Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіздік хакында, оның алдындағы мемелекеттің, қоғамның, әр адамның міндеттері мен жауапкершілігі хакында байламы берік, қайрауы жетік көптеген мақалалар жариялады. Сөз жоқ, бүгінгі таңда тіл мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі боп тұрғаны белгілі. Бұл ретте, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған “Тіл және Tәуелсіздік” деп аталатын терең зерттеулерден туып, үлкен тебіреніспен жазылған сараптамалық мақаласын айрықша атауға болады. Өз тілдерінен айрылып қалған Латын Америкасы мен Африка елдерінің басынан өткен ауыр халді алға тарта отырып, тілін жоғалтқан елдің бәрін де жоғалатынын нақты дәлелдер мен дәйектемелер арқылы ескерту жасайды. Кейде сол мақаланы, шіркін, қоғамның әр мүшесі, басшысы да, қосшысы да тағы бір зерделеп оқып, парасат- пайымынан өткізіп алса ғой деп ойлаймын. Әбіш Кекілбайұлының Махамбет, Абай, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді және тағы да басқа халқымыздың алып тұлғалары туралы толқыған теңіздей толғаныстары мен желді күнгі шалқыған сар даладай тебіреністері, сондай- ақ, өз замандастары, өзінен кейінгі буындар жайында жазылған мақалалары мен пікірлері қаншама! Тағы да ол сол еңбектерінің бәрінде де сөз болып отырған объектінің тамырын тап басып, мәні мен мәйегін ашып айтады, көсіліп айтады, шешіліп айтады, бағасы мен бәсін дәл қойып, жеріне жеткізіп айтады. Бірде бір жылтыр сөз, бірде бір сылдыр сөз көрмейсің. Ол эсселер мен мақалалардан автордың қанының қызуын, жанының жылуын бүкіл тұла бой болмысыңмен сезініп отырасың. Соларды парақтап қарап отырып оның өз әдебиеті мен өнерінің көсегесінің көгеруі үшін, өрісінің кеңеюі үшін ешкімнен де ақ ниет, ақ тілеуін аямайтын жүрегінің кеңдігіне, жанының жомарттығына таң қаласың. Мұндай рухани атымтай жомарттық қазақ әдебиеті мен өнерінде бұрын- соңды болды ма екен, сірә! Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетер мәселе, Әбіш Кекілбайұлының қызметке қандай өкпесі болмаса, қызметтің де Әбіш Кекілбайұлына сондай өкпесі жоқ. Бәрін тізбей-ақ , оның Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болғанын айтсақ та жеткілікті. Әбіш Кекілбайұлы зорлық тек зорлық, жауыздық тек жауыздық, өшпенділік тек өшпенділік тудыратынын терең біледі. Яғни, кімде кім жауыздық жасаса, жауыздықтың қолынан опат болмақ. Егер ол дер кезінде жазасын алмаса, бәрібір түптің-түбінде зауалын тартпақ. Өзі тартпаса ұрпақтары тартады. Бұл– қолға ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін, Құдіреттің өзі жұмыр басты пендесін жаратқаннан бері үйретіп келе жатқан дәрісі. Құдайлық заңдылық. Оның шығармаларынан тарайтын тағылымдар да, қайраткерлік тірлігіндегі өсиет- пікірлер де осыған саяды. Бұл ретте ол бүкіл адамзат баласы басынан өткізген тарихи тауқыметтерді, тарихи азап пен сорды алға тартады. Әбіш Кекілбайұлы егер ел ішінде алауыздықтың ала құйыны, ашкөздік пен дүниеқоңыздықтың ақ түтегі кірсе, онда ол үлкен қауіп пен қатердің астында қалатынын барынша қазып, барынша қадап айтумен келеді. Іргені тек ынтымақ бекітіп, шаңырақты тек бірлік үстап қалады деп ұғады. Сондықтан да ол адам мен адам арасында жарасым, ұлт пен ұлт арасында үйлесім, мемлекет пен мемлекет арасында ықпалдастық орнатуға бар күш- жігерін, ілім- білімін, парасат-пайымын арнап жүр деп айтсақ артық емес. Әрине, Ә. Кекілбайұлы ол жарасым мен үйлесім, ол бірлік пен ынтымақ күні кеше зорлық пен зомбылықты, жәбір мен жапаны көп көрген белгілі бір ұлттың, яғии, қазақтардың есебінен жасалынуына жан-тәнімен қарсы. Сондықтан Әбіш ол үйлесім мен жарасымға, ол ынтымақ пен бірлікке жұрттың бәрі тең тұрғыда, заңдық аяда мүдделі болуға тиіс деп біледі. Ол бұл мәселеге әр адамның аса сақ, аса сергек, аса ыждаһатты болуын қалайды. Ол қазір де енді ғана қабырғасы қатып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі бүкіл дерлік саяси, әлеуметтік шаруаларының басы- қасында жүр. Жалпы, қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол—феномен. Ол—тұтас әлем. Ол тұтас әлемді қамтып сөйлеуге бір мақала түгілі, үлкен бір кітаптың қауқары жетпейді. Ол әлем айтқан сайын биіктеп, қадалған сайын тереңдей түсетін әлем. Ол әлемнен әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Қазірдің өзінде-ақ оның туындылары мен қайраткерлік ой-толғамдары ұлттық құндылықтарға айналды.

Ол—рухани ұлы тұлға.

АҢСАР САҒЫНЫШ ПЕН КӘУСАР

СЕЗІМ АҚЫНЫ

Біз әдетте бәріне уақыт төреші, бәрін де уақыт көрсетеді деген сөздерді жиі қолданамыз.Бұл сөздерді біз өзіміз құрмет тұтатын құндылықтардың көзден таса,көңілден тыс қалып есесі кетіп бара жатқандай сәтті сезінгенде,өзімізді жұбатқандай боп айтатынымыз бар.Әрине несін жасырамыз,көбіне-көп солай екені де рас. Бірақ тереңірек үңіліп, әрірек бажайлап қарасаң,өмірде кілең солай бола бермейтініне де көзің жетеді.Өйткені қара қылды қақ жарар әділ деп ойлайтын уақыт дегеніңіздің өзі кейде опасыз. Оның кейде бадырайып тұрған бар нәрсенің өзін көзапара көмескілендіріп,бұлдырландырып, алыстатып жіберетіні бар.Тіпті мүлде өшіріп жіберуі де кәдік. Менің мұны айтып отырған себебім,арғы замандарға бармай- ақ, күні кеше ғана азаматтығын да,шығармашылығын да өзіміз ерекше қадірлеп,құрмет тұтқан ағаларымыз бен замандастарымыздың есімдері бүгінгі таңда мүлде айтылмай, айтылса да сирек айтылатынын көріп, біліп отырғандықтан. Мәселен, аңсар, іңкар сезімнің ақыны, төгіліп тұрған мөп-мөлдір кәусар талант, қайталанбайтын ғажап лирик Сағи Жиенбаев, өлеңдерінің өн бойынан туған жер топырағының демі есіп қоя беретін Құдаш Мұқашев, өлең өрісін кеңейтемін деп басын тауға да тасқа да соғып, жанталасып өткен Жүсіп Қыдыров,қызғыш құстай шарқ ұрып ұшатын шымыр жырлар әкелген Меңдекеш Сатыбалдиев,сөздері от бүркіп,шоқ түкіріп жататын Өмірзақ Қожамұратов, өзі де, сөзі де Оқжетпестей асқақ боп өткен Еркеш Ибраһим және де басқа қаншама ақындарымыздың есімдері тек мерейтойларда болмаса, айтылудан қалып бара жатқаны бәріміз білетін шындық қой. Олардың шығармалары күнделікті рухани айналыстан шығып барады. Өкінішті-ақ!.. Сол ақындардың ішінде, сөз жоқ, Сабырхан Асановтың да есімі бар. Ал Сабырхан Асанов, біз жақсы білеміз, алпысыншы жылдары әдебиетке келген толқынның кеудежарды таланттарының бірі болатын. Сабырхан Асанов әдебиетке, ең алдымен, айнала тіршіліктен үйлесім мен жарасымдылық, әсемдік пен сұлулық іздеп келген ақын. Сондықтан да ол өз өлеңдеріне, көбіне-көп, ізгілік пен инабаттылықты, қуаныш пен шаттықты арқау етті. Ол қайғы мен қасіретті,мұң мен наланы қаузағанннан гөрі, жалт ете қалған үміт пен жалт ете қалған арманды қалт жібермей қаз-қалпында сөз- суретке түсіргенді қалады.

Алатаудай болсын мейлі айбыны,
Жетістіріп жаза алмайтын қайғыны.
Жырлары да бітті оның дей беріңдер,
Қуанышым бітсе менің қай күні!

Бұл – оның сол жылдардағы басты кредосы.

Ол тек сүлулыққа, әсемдікке ұмтылады. Оның “бақытымды сезінемін, достарым; гүл ұстаған саусағымның ұшынан” дейтіні де содан болса керек. Сондықтан да ол табиғат әлеміндегі ғажап, сұлу құбылыстарды сөздің суретіне түсірудің хас шеберлерінің біріне айналды. Сенбесеңіз, қараңыз:

Ағаштың бұтағында әрең отыр,
Қанатсыз балапандай қалтылдап қар.
немесе:
Қарайлайтын өткенді,

Қаулап өсер көк те енді.
Қалқиған әлсіз құлақтар,
Көтеріп тұрды көктемді.
немесе:

Қуғын көрген ала бұлт тыным таппас,
Айдың шамын бір жағып, бір өшіріп.
немесе бота туралы:
Сыр бойынан үзбей өткір қияқты,

Балпаңдатып тастайды кеп аяқты.
Жалғыз өзі сахнаға шыға кеп,
Би билеген балерина сияқты.
Қозы-лаққа тиісіп не жаусынбай,

Жүреді ылғи шыдам еркі таусылмай...
Бөлек шығып боздағанда дауысы,
Кішігірім паровоздың даусындай.
немесе:

Жел жапырған таудың дудар бастары,
Бұлаңдайды құйрығындай балықтың.

Сөзбен салынған тұнып тұрған табиғат пейзаждары. Тағы да бәрі де жанды тербелісте, қимыл-әрекетте. Оқисың да,тұтас бір табиғат пейзаждарына арналған галереяны аралап шыққандай боласың. Сұлулықтың тұнығынан су ішіп, сұлулықтың сәулесіне шомылып шыққандай ләззат аласың. Жаның жаңбырдан кейінгі даладай жадырап, көңілің тауға шыққандай марқаяды. Сабырхан Асанов табиғат көріністерін фотоға түсіргендей сөзге түсіріп қана қоймайды, кейде оларды адам жанындағы мың сан құбылыстармен астастыра қарастырады. “Қобалжыған көңілдей боп қозғалып,қою бұлттар қопарылып көшеді”. Бұл– тек сәтті теңеу ғана емес. Бұл—салмағы ауыр, айтары мол метафора. Оның өн бойын толтырып кернеп бaра жататын өлең табиғатын осы топырақтан іздеген жөн

Бөлісе алмай бұл дәуірдің дүрмегін,
Бір жақсы өлең жүрегімде жүр менің,
Шыға алмаған жандай бейне қамалып,
Таба алмастан тас есігін түрменің.

Атқан таң ба, алаулаған арай ма,
Жақсылықты жаны қалап қалай ма.
Күрсінгенде көзден ұшқан мұң болып
Көрінбестен көкжиекке тарай ма?

Көктем бе әлде,
Он екі айда бір келген,
Нөсер болса тіпті несін іркем мен.
Шаттық па екен шайқатылған ауада,

Сезім станцияларына тіркелген.

Сергек сезім станциялары ғұмыр бойы толассыз жұмыс істеп өткен ақынның,сөз, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері аз болмаса керек. Иә, дәл солай. Өз қолымен баспаға дайындап кеткен таңдамалысының атын жан-жары Шолпанның есімімен атауының өзі тектен-тек емес. Ол өзінің өлеңдерінде көктемге қалай қайта-қайта орала берсе,махаббат тақырыбына да дәл солай айналып соға береді, тағы да ол өлеңдерінің бәрі дерлік кенересіне келіп, шүпілдеп толып тұрған сезім. Алатаудың баурына қонған ақша бұлттай үлпілдеп тұрған аңсар арман. Сабырхан Асанов махаббатты белгілі бір кезеңнің, яғни жастық шақтың ғана тақырыбы деп қарамайды. Ақын үшін ол—мәңгілік тақырып. Құдайдан қалап алған, құлай жығылған тақырыбы. Жырлаған сайын шөлі бір қанбай, кенезесі кезерген үстіне кезеріп откен тақырыбы. Тіпті оны махаббатқа табынып өткен ақын деуге болады. Оны бейне бір махаббат қана билеп-төстеп, оған тек махаббат қана әмірін жүргізгендей.

Сенсің менің билеушім, әміршім де,
Тырп еткізбей қоятын Тәңірсің де.
Саған ғана табынам жер бетінде
Күш-қуатын жүректің танысын деп.

Сен биіксің барлық бар биіктерден,
Бар биікті алдына иіп берген.
Сен тазасың,сен таза мөп-мөлдірсің,
Құраған көз жасы мен құйып терден.

Кім бар, қане, бір саған тең келетін?!
Не данышпан сен десе сенделетін.
Әнші біткен бір сен деп ән салатын,
Ару біткен сенімен емделетін.

Сен өткірсің отты сөз, отты ісіңмен,
Қыз бен менің шықпаушы ең көп түсімнен.
Жарым болып жатырсың жаныма кеп,
Сенде ғана қиянат жоқ деп түсінем.

Махаббатты ғана билеушісі мен әміршісі деп көретін ақын, әрине, оның алдында пұтқа табынғандай тізесін бүгіп, басын иіп, көз жасын пора-пора ағызып,езіліп, егіліп отырмайды. Оны жанының шұғыла-шуағына орап, лүпілдеп соғып тұрған жүрегінің үстіне салып бәйек боп тербетеді. Содан күш алады, алапат қуатқа ие болады. Ұлғайып, іріленіп, “айналасына от таратып жататын сөнбеген планетаға” айналып бара жатады. Сол бір сөнбеген планета қызуына сенің де жаныңның өртенбеуі, сенің де жүрегіңнің қарылып, қақталмауы мүмкін емес. Сен де сол махаббат деген ғажайып сұлу әлемнің ішіне еніп, оның ажары мен базарына сұғыңды қадап,сұқтанып, арбалып бара жатасың.

Бақыт боп қонсаң басыма,
Тау болсаң да көтерем.
Даңғыл жол болсаң таусылмас,
Бойыңда қаңғып өтер ем.

Өрт-жалын болсаң өршіген,
Кетсем де жанып құштар ем.
Кең жазық болсаң, төсіңнен,
Сағымың болып ұшар ем.

Болар ма, сірә, жеңгенің,
Еркімді алдың еңсеріп.
Өзенім болсаң сен менің,
Өсер ем бойлап теңселіп.

Шығысым болсаң сен менің,
Таң болып сенде атар ем.
Батысым болсаң сен менің,
Күн болып барып батар ем.

Қиын-ау енді сенбегім,
Күнәң да болса, өсекке.
Аруым болсаң сен менің,
Жатар ем тартып төсекте.

Сен құдай болсаң, пендеңмін.
Не десең де көнер ем.
Ажалым болсаң сен менің,
Қарсыласпай өлер ем.

Егер бар болса, махаббат гимініңіздің өзі дәл осындай-ақ болар-ау! Сабырхан Асанов өлеңдерінің тағы бір өлең өрісі—қазақ даласы, туған ел мен туған жер. Ол бұл өлеңдерінде де кең байтақ даласы хақында,елі мен жері туралы үзіліп кетердей үздіге сөйлеп, оларға деген аңсар сағынышы мен кәусар сүйінішін қотара төгіп, қопарыла ақтарады. “Төсіңдегі түйе боп түрегелер менің сен деп боздаған сағынышым” деп емірене тебренеді.

О, дала, дала,сенің кеңдігіңді,
Ержетіп тентек балаң енді білді!
Көз салсам, қуанғаннан кеудем менің,
Түндіктей желпілдеймін желді күнгі.

Жалықпай кезіп алқап алабыңды,
Ізімді тауып алдым бала күнгі.
Жүгіріп кең төсіңде кеттім жалғыз,
Түруге үлгере алмай балағымды.

Бір қарағанда қарапайым ғана жолдар, қатардағы ғана шумақтар. Алып бара жатқан ештеңесі де жоқ сияқты. Солай бола тұра, өн бойына бір тылсым қуат жинаған бұл шумақтар жады өте нашар адамның өзінің есіне жатталып қалады. Неге? Оның себебі, бұл хал—қаладан ауылы мен даласын аңсап барған бүкіл қазақ баласының басынан өткен хал. Бәріміздің басымыздан өткен далаға деген сағыныш. Сабырханның туған ел мен туған жер туралы жүрекжарды жырларының өзін тұтас бір үлкен мақалаға арқау етуге болады. Ол жырлардың бәрі дерлік оңтүстіктің аптапты керімсалындай аптапты ыстық. Алатаудың ақар-шақар биіктігіндей асқақ, Сарыарқаның даласындай кең жазира. Бұл жерде біз ақынның қатал дертке шалдығып, төсек тартып өткенін ойша шолып, қамыға құныққан сәттеріне аз да болса тоқталмай өтсек, ең алдымен, өзімізге сын болар еді.

Күндер зулап, түндер зулап өтуде,
Талайлардың түбіне ол жетуде.
Бұл тірлікке бір келуін келген соң,
Кім еркімен көнер дейсің кетуге.

Бірақ мезгіл өз дегенін істетер,
Қаптап көктем, қаптап күз де, қыс та өтер.
Бірте-бірте кеміп жүрек жалыны,
Бірте-бірте бойдан қуат, күш кетер.

Бірте-бірте тілек, арман тиылар,
Үлбіреген үміт жібі қиылар.
Бар өмірім бірақ түйір тамшы боп,
Жанарыма жақұттай боп жиылар.

Сабыр тілеп, сонда іштей тынармын,
Тынармын да тұңғиықтай тұнармын,
Сол бір тамшы кетпесін деп домалап,
Кірпігімді қаға алмастан тұрармын.

Дертті ақынның жан-жүрегінен алғаусыз ақтарып салған осы бір шер мен мұңға толы өлеңін оқып отырып, сен де бір аса қимас сезіммен, іштей бордай үгітіліп, күн шуағы түскен тоңдай езіліп бара жатасың. Бар өмірі бір-ақ тамшыға айналған ақын тағдыры қандай ауыр. Кірпігін қағып қалса, өмір мөлт етіп үзіліп түспек. Сондықтан ол кірпігін қағуға қорқады. Сенің де көзіңе мөлт- мөлт жас тығылып, мына өмірдің соншалықты баянсыз, соншалықты тұрлаусыз екенін бұрынғыдан да жіті сезініп, бұрынғыдан құмбыл ұғына түсесің. Құдай-ау, бәріміздің де ғұмырымыз қас пен көздің арасында мөлтілдеп ілініп тұрған бір-ақ тамшы жас екен ғой. Егер кірпік бар болғаны жалғыз-ақ рет қағылып кетсе... бітті! Арғы жағы тұңғиық. Бір-ақ тамшы өмір!.. Өзінің осы бір дертті ауыр халін бар жан-тәнімен сезінген ақын, бәрібір өзінің о бастағы болмыс-бітімінен, Алла-тағала берген табиғатынан танбайды.Пәни өмірден бақилыққа кететініне анық көзі жеткен ақынның соңғы өсиеттей мына бір екі шумағын оқыңызшы. Ғұмыр бойы қыз бен көктемді сүйіп өткен сабырхандық мінез бен сабырхандық болмысты аумай танисыз.

Қойнында қызықтарым өткен бар,
Қойнында алаулаған көп таңдар.
Мені егер де алмақ болсаң, тағдырым,
Қыз кезіндей күлімдеген көктемде ал.

Кетпей тұрған кезінде өлкем қатайып,
Батсам, барып жұмсақ жерге батайын.
Бар мезгілден көктемді артық көруші ем,
Гүлге оранып, күнге оранып жатайын.

Міне, ақын өсиеті.Тірлігінде қалай өмір сүрсе, өліміне де соны тілепті. Гүл мен күнге оранған Сабырхан Асанов өлеңдері біздерді әлі талай рет қызуымен де, қызығымен де өзіне құштар ете берері сөзсіз!

“ҚЫЗЫЛ МЫЛТЫҚ”

Бұлтық- бұрылыстары да, кедір-бүдыры да, асу-белі де көп мына өмірдің біршама кезеңін бірге өткізген Сәкеңнің, Сайымжан ағамның ең жиі қолданатын мәтелдерінің бірі “Жақтырмасаң—қойыңды бақтырма” еді. Ол бұл сөздерді шамырқанып шарт кеткенде айтатын. Ал оның шамырқанып шарт кететін тұстары жиі боп тұратын Міне, дәл осы мәтелде оның бүкіл мінезі, бүкіл болмысы, тіпті бүкіл өмірлік принципі жататын деуге болады. Ол біреуге жағыну дегенді, біреудің көңілінен шыға қою дегенді, біреудің қас-қабағына қарай қояйын дегенді, біреудің көзіне түсе қояйын дегенді білмей өтті. Кіммен болса да—мейлі ол өзінен кіші болсын, мейлі ол өзінен үлкен болсын—лауызымына да, атақ—даңқына да қарамай терезесін тең ұстап сөйлесетін. Ешкімнің алдында да бұғып аласарып, ешкімге де жылтырап мәймөңкелемейтін. Ешкімнің де мұрнын шүйіріп, тұмсығын көтеріп сөйлескенін көтере алмайтын. Біреудің өтірік әрекетін көріп, жалған сөзін естісе—өзіне мүлде қатысы жоқ болса да—бейне бір шындықтың жалғыз өкілі сияқты отқа түсіп күйіп кететін. Ондайда қақ бөлініп, “тарс” атылатын. Мен оның сондай-сондай сәттерінде “ой, менің қызыл мылтық Сәкем-ай”, дейтінмін. Шынында да ол қызыл мылтық еді. Мылтық болғанда да шүріппесі үнемі қайырулы тұратын мылтық еді... Мен Сәкеңмен, Сайымжан Еркебаев ағаммен сонау өткен ғасырдың алпыс жетінші жылында танысып едім. Сол кездесу, суретке түсіріп алғандай, әлі көз алдымда. Жазушылар одағына жиі барып тұратын кезіміз ғой. Атақты бір ақынның ықыласты алақаны мен белді бір жазушының пейілді бір сөзіне марқайып қаламыз. Әйтеуір сол маңды төңіректеп жүретінбіз... Бір күні сол қасиетті ғимараттың басқышымен көтеріліп бара жатқан мені, төмен түсіп келе жатқан қып-қызыл кісі қолымнан ұстап тоқтатты. Мен алдында ішіп келе жатқан кісі шығар деп, тез сытылып кетпек боп бұрыла беріп ем, қолымды жібере қоймады. “Сен Темірхансың ба?”—қызара бөртіп тұрған жүзі ішіп алған адамның жүзі болғанмен, сөзі сау адамның сөзі. Нық, таза. “Иә, Темірханмын...” Не керек, сұрақтан жауап, жауаптан жөн сұрасу басталып, сөйлестік те кеттік.Менің, соның алдында ғана Қазақ телевидениесіне орналасқан кезім. Ал ол Қазақ радиосына жұмысқа жаңа ғана қабылданыпты. Содан бастап ол кісі дүниеден қайтқанша, біздің арамыз ажырап, жұбымыз жазылмады деуге болады. Жас алшақтығымыз он жыл бола тұра тең- құрбыдай қатар жүрдік. Көп ұзамай ол кісіні өзіммен бірге істейтін, менен лауазымы бір саты жоғары, сақа ақын болып қалған Дүйсекеңмен, Дүйсенбек Қанатбаевпен таныстырдым. Сол-сол екен қалт еткен бос уақытымызда үшеуміз бір жерден табыла кететін болдық. “Бір жеріміз”, көбіне-көп, телевидениенің жоғарғы жағындағы, көлеңкелі саялы ағаштар өскен алаңқайдағы доңғалықты цистернадан сатылатын сырахана. Кейіннен ол сырахана “Сайымжанның сары сиыры” атанып кетті. Сондағы бір байқағаным, Сәкеңнің өте көп білетіндігі, өте көп оқитындығы еді. Батыс пен шығыс классиктерінің шығармаларын бірінен соң бірін айтып, ауызымызды аштырып, көзімізді жұмдырып қоятын. Әр есік, әр босағаны паналап, пәтер жалдап жүрген оның сол кезде-ақ кітапханасы болатын. Қай жерге көшсе де сол кітапханасын, бір кітабын да тастамастан, буып-түйіп машинаға тиеп ап таситын да жүретін. Мен сол кітапхананың талай рет тұрақты жүкшісі болдым дей аламын. Сонымен бірге ол кітапхананың тұрақты жүкшісі ғана емес, тұрақты оқушысы да болып алдым. Айрықша айта кетер бір нәрсе, менің кітапқа деген құштарлығымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберген осы Сәкең еді. Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген соң Сәкең Атырау облысы Доссор кентіндегі мектеп интернатта, кейін Батыс Қазақстан облысы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданындағы Талап мектебінде неміс тілінен дәріс берген. Сол жылдары көп ізденген , көп оқыған, көп жазған. Өзінің болашақ кейіпкерлерінің арасында жүрген. Солармен талас-тартысқа түскен. Біліскен, күрескен, шыңдалып шыныққан. Ол Алматыға көптеген әңгімелер, бірқатар хикаяттар, яғни бірнеше кітаптың қолжазбаларын арқалап жеткен ғой. Бірақ солардың ішінен тек “Алғашқы адымы” ғана жарық көрді. “Алғашқы адым” хикаяты өмір есігін алғашқы ашқан жас жігіттің алғашқы қателігін, алғашқы күрсінісі мен алғашқы сүйіспеншілігін, алғашқы қиындығы мен сол қиындыққа қарсы күресін көрсететін шығарма. Сайымжан Еркебаев мойып жасуды білмейтін оптимист қана емес, нағыз барып тұрған романтик те еді. Бұл туралы Әбекең, Әбіш Кекілбаев жақсы айтқан: “Иә, Сайымжанды білем. Өзі де,өнері де желге қарап шапшитын қиқар жігіт. Бірақ , нағыз талант. Романтик. Дүниедегінің бәрін өз қолымен ұстап, өз тұмсығымен иіскеп, өз тісіне салып шайнап, өз тілін тигізіп талмап көргісі келеді”. Оның барып тұрған сол романтиктігі ғой қырыққа жақындағанында Маңғыстауға тартып кеткендігі... Ол кезде Сәкеңнің жағдайы тіпті де жаман емес еді. Жұмысы да бар, айлығы да, қаламақысы да жақсы. Жалғызілікті. Не кием, не ішем демейді. Солай бола тұра, бір күні ол біздің үйге нілдей бұзылып келді. “Мен Маңғыстауға кетем” дегені. “Неге?” деймін ғой мен. “Бұл жердегі сұрқай тірлік, сүреңсіз өмір мені жалықтырып жіберді. Маңғыстауға баруым керек. Өмірді қақ ортасынан қайта бастаймын”. “Кеш емес пе?” “Жоқ кеш емес, қайта дер кезі. Жүрем десең, менімен бірге жүр. Көлшіктен балық ұстап, балық қорыған тіршілік бола ма?” дейді ол. Өзімнің де мұңайып жүрген кезім. Не керек, әрі ойлап, бері ойлап, ақырында мен де баратын боп келістім. Сәкең Рахмет Өтесінов деген жақын жездесінің кең сарайдай екі қабатты үйінде жатады екен. Ал Рахмет Өтесінов ағамыздың Маңғыстаудағы ең беделді, ең абыройлы адам екенін кейіннен білдім. Ол кісі Өзен аймағындағы мұнай көздерін ашып, оны игеруге де, Жаңа Өзен қаласының ірге тасының қаланып, шаңырақ көтеруіне де өлшеусіз үлес қосқан адам. Тек біз барардан бірер жыл бұрын ғана жол апатына ұшырап, екі аяғы сал боп жатып қалған екен. Бірақ нағыз қайтпас қайсар жан екен. Мұнайшылар өмірінен қаншама кітаптар жазып шықты. Міне, сол кісі Сәкең екеумізге қаланың қақ ортасынан бір бөлмелі үй алып берді. Жасадық та қалдық. Мен бұл жерде Сайымжан Еркебаевтың Маңғыстауда жазылған сүйекті екі шығармасына – “Жолдар мен шақырымдар” және “Жел өті” романдарына аздап болсын тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. “Жолдар мен шақырымдар” атының өзі айтып отырғандай, өмір жолын енді бастаған, әлі балапан мұрты да алынып үлгермеген бозбала жігіттің мына қым-қуыт тіршіліктен, аспан асты, жер үстінен өз орнын табу үшін алыс сапарға аттанғанын, сол сапар үстінде көрген қиындықтары мен ауыртпалықтарын, жаман мен жақсының арасы қандай алыс болса, кейде сондай жақын екенін, сондай-ақ аралас- құралас жүретін жаны да бірде шуақ төгіп тұрса, енді бірде ызғар шашып тұратынын суреттейтін шығарма. Бұл кітаптағы оқиғалар қандай шапшаң дамып, қандай шұғыл әрекеттерден тұрса, оның жазылу стилі де сондай шапшаң, сондай шұғыл. Айналаның бәрі дамылсыз қозғалыс, тіршіліктің бәрі дегбірсіз қимыл. Сол қозғалыстар мен қимылдар бейнебір шығарма сөйлемдерін ширатып шиыршық аттырып жібергендей әсер аласың. Сайымжан Еркебаев Хэмингуэйдің диалогтарына аса бір қызығушылық танытып отырушы еді. Сөйтсем, жай ғана қызығып қоймаған екен. Ол оны өзіне мектеп етіп алған екен. Ол диалогтарды адам образын ашатын құрал, әдіс етіп ала біліпті. Мірдің оғындай ұшқыр, түскен тастай нық. “Жел өті” романы менің жаныма соншалықты жақын, менің көзіме соншалықты ыстық көрінетін шығарма. Өйткені Сайымжан көрген ортаны мен де көргем. Сол бір қиын да күрделі ортаның ыстық-суығын өз басымнан өткізгем. Маңғыстау—тек қызған еңбек майданы емес, шайқасып жатқан, шарпысып жатқан адамдар тағдырының да майданы болды. Маңғыстауды, бәрі болмаса да , көп жұрт қалта толтыратын қойма, шетінен қарпып асайтын майшелпек көрді. Олардың арасында, әрине бұрынғы жүрген жерінде қарау жолға түсіп, енді адамшылық жолға түсейін дегендер де, барар бағытынан адасып, панасыз қалып, енді осы Маңғыстаудан пана табайыншы дегендер де, оннан-мұннан қашқан алаяқтар да, адал еңбегімен ел қатарына қосылайын дегендер де болды. Бәрі, бәрі болды! Шынын айту керек, талантты жазушы Сайымжан Еркебаевтың шығармалары кезінде өз деңгейінде дұрыс бағаланбады. Көбіне- көп уәлі сөздерден де, дуалы ауыздардан да тыс қалып келді. Ал оның шығармалары талдап-талқылауға да, сараптап салиқалы сөз айтуға да тұратын салмақты шығармалар еді. Бірақ ештен кеш жақсы дейміз де. Олай дейтініміз, міне, оның үш томдық жинағы жақында жарық көрмек.

МЕЙІРІМ МЕН ҚАЙЫРЫМНЫҢ АҚЫНЫ

Жиырмасыншы ғасырдағы әдебиетіміздің алтын өзегіндей болған қайран алпысыншы жылдар- ай... қаншама жылдар бойы қатал да қатігез қыспақта қусырылып тұрған бұла күш бұлқынып шыққан вулкандай лап етіп аспанға атылып шығып еді- ау... Әдебиеттің қай жанрында да қайта түлеу мен қайта жаңғырулар процестері соншалықты шапшаңдықпен шұғыл жүріп жатты. Әсіресе,кенезесі кеуіп, шөлдеп, өзегі талып сусырап жатқан өлең өлкесі ағыл- тегіл, толассыз жауған нөсер жауыннан кейінгі түздей ду көтеріліп құлпырып шыға келген- ді. Поэзия атырабына Қадыр Мырзалиев ойлы орманын алып келсе, Жұмекен Нәжімеденов тылсым тереңнен шыңырау көзін ашып, ал Мұқағали Мақатаев оның кеңістік көкжиегін бұрынғыдан да кеңейтіп жіберді.Әрине, әдебиетке олардан сәл ертерек келген Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаевтар көшкен тұманнан қалған шықтай мөлдір жырларымен жұрттың мейірін мейлінше қандыра бастаған- ды. Ол жылдары тіпті ақбурыл , көк бурыл тартқан ақындарымыз да бұрынғы тұяқкешті өрістерін тастап, әдеттегі таптауырын жолдарынан жерініп жаңа атырапқа түрен сап, жаңа соқпаққа түсуге әрекет ете бастаған- ды. Яғни , олардың да шығырмашылық әлемдерінде түлеу мен жаңғырулар толассыз жүріп жатты. Шынында да, сол жылдары поэзия жамырасқан жаңалық пен жадырасқан жаңғырықтарға толып кетіп еді. Жарықтық өлең сол тұста даланың еркін желіндей есіп те, қаншама уақыт бойы күрмеліп жатқан түйінді шешіп те, шешілмегендерін алдаспандай жарқылдап кесіп те сөйлеп жатты. Сол бір жылдары поэзияның тың өлкесі түгелімен дерлік жаңа қонысқа айналып, түгелімен дерлік біржола игеріліп біткендей еді.Енді ешкімге де қоныс та, игерілетін атырап та қалмағандай көрінетін. Ендігі өлең сөйлейтіндердің солардың тасасында қалып, солардың көлеңкесінде жүретіндей еді. Бірақ өлең кеңістігі дегеніміз географияның кеңістігі емес екен. Күш- қайратың, талант- табиғатың, ерік- жігерің жетсе өлең деген әлемнің көкжиегі кеңіген сайын кеңи түсетін сиқырлы қасиетке ие болып шықты. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында- ақ, бес- алты жыл өтпей- ақ поэзияға жаңа леп әкелген жаңа лек келіп үлгерді. Солардың ішінде сонау қиянда жатқан Атырау өңірінен қызғыш құстың даусындай естілген Меңдекеш Сатыбалдиевтың сергек те шымыр үніне де құлағымызды тіге қалғанбыз. Ол үннің тілегі де, ниеті де сәуірдің ақша бұлтындай қылаусыз аппақ болып шықты.

Арман үшін!
Аяман жанды мына,
Жамандықтың көнбеймін даң- дұңына,
Жақсылықты ақ жібек ауаға орап

Үлестірем дүниенің барлығына.

Ақын жанының жомарттығына, ақын жүрегінің кеңдігіне, ақын мейірімінің көл- көсір молдығына тәнті болғанбыз. Жалпы, өлең деген алып атыраптың рельефі де алып жердің рельефі сияқты сан түрге, сан құбылысқа түсіп отыратын құбылмалы ғой. Оның да жер бедері сияқты, бір тұсын сортаң мен тұз басып жатса, енді бір жері көкорай шалғынды, жасыл жайлаулы мамық, ал басқа бір өңірі орман- тоғайлы көркем, одан әрірек көзді де көңілді де аңылжытар құлазыған дала, онан кейін сулы да нулы алқап, сонан кейін... осылай жалғаса береді. Осынау сан құбылып, сан түр мен сан түске ауысып тұрған өлеңнің әр алқап, әр өңірінің өз климаты, өз температурасы, өз демі мен лебі бар, яғни өз табиғатына сай өзінің өмірі мен тағдыры бар. Оған ол өңір мен өрістерде еңбек етіп жатқан ақындардың болмыс- бітімі мен мінезін қосыңыз. Шын талантты ақын ғана сол болмыс- бітімі мен мінезіне сай өлеңдерді дүниеге келтірмек. Яғни, шын ақын о баста құдірет құйып жіберген талант қуаты арқылы өз болмыс- бітімі мен мінезін көрсетсе керек. Сондықтан олардың біреуінің ақ бұрқақ ашулы, біреуінің қақпанға түскен қасқырдай ызалы, енді біреуінің тарыдай нәрседен таудай ой іздеп отыратын пәлсапашылдығы, үшінші біреуінің қара қылды қақ жаратын турашылдығы, сонан кейінгі біреуінің мамық мақта үстінде отырғандай мамыражайлығы, әйтеуір, осылай да осылай жалғаса беретін мінезге, сол мінез тудыратын сан түрлі харекетке ие болмақ. Егер осы талап тұрғысынан келіп қарастырсақ, онда біз Меңдекеш Сатыбалдиевті мейірім мен қайырымның ақыны дер едік. Ал мейірім мен қайырымның ақыны өмірге тек жақсылық қана тілейді. Сондай ақын ғана атар таңға қарап:

Тұрмын қарап қырық бірінші жыл құсап
Атпаса деп қара бұлтты жамылып,– десе керек.

Меңдекеш Сатыбалдиев сондай адам болатын. Қашан көрсең де оның тұла бойынан мейірімнің шуағы құйылып, қайырымның сәулесі төгіліп тұратын. ... Мен Меңдекеш ағаны сол айтулы алпысыншы жылдардың соңына таман көрдім. Ол кезде мен көп жұрт сияқты “Горный Гигант” дейтін жерде пәтер жалдап тұратынмын. Ол жерде менен басқа, бүгінгі таңда есімдері барша оқырман қауымға кеңінен танымал Әнес Сараев пен Дүйсенбек Қанатбаевтар да тұрып жатты. Екеуінің отбасы бір ауладағы бір үйдің екі қапталын қоныс еткен. Мен оларға жиі барып тұратынмын. Сол жылдары ол үйлерге, құдай- ау, кімдер келіп кімдер кетпейтін десеңізші?! Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, Сайымжан Еркебаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Есенжол Домбаев, Ахат Жақсыбаев, Төлен Қаупынбаев, Шәміл Әбілтаев тағы басқа толып жатқан азаматтар үйме- жүйме болып топырласатын да жататын. Есік алдында қапталдасып қатар тұрып, дастархан басында қауқылдасып әңгіме соғушы еді. Бүгінде қарап отырсақ, көңілімізден де, көзімізден де бұл- бұл ұшқан ол да бір заман екен-ау?! Бір күні Дүйсекеңнен Меңдекеш Сатыбалдиев көшіп келіпті дегенді естідім. Көп ұзамай Әнекең мен Дүйсекеңнің үйінде ол кісімен кездестім де. Жалдап тұратын пәтері Әнекең мен Дүйсекеңдердің үйлерінен алыс емес екен. Меңдекеш аға шыбықтай талдырмаш,, рең- ажары қағаздай жұп- жұқа, аққұба, толқынды қара шашты, сөйлегенде ернін шүйіріңкіреп сөйлейтін, күлгенде балаша мәз болып күлетін, ақжарқын әдемі кісі екен. Сыртымнан мені де жақсы білетін болып шықты.Бірден шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Көп ұзамай жұмысқа кірді. Мен ол кезде телевидениеден кетіп, бала- шағамды асырау үшін кездескен қара жұмысқа жегіліп жүргем- ді. Ақыры Маңғыстауға кетіп тындым да, Мәкеңмен байланысымыз шорт үзілді. Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін барлау экспедициясынан босап, облыстық газетке ауыстым да келесі демалысымда Алматыға соқтым. Ойда жоқ жерден көшеде Мәкеңмен кездесе қалғаным. Туған бауырын көргендей құшағына тартып, жік-жапар болып жағдайымды сұрап жатыр. Мен жағдайымның жаман емес екенін , тек бір тұрмыстық тұсаудың ғана бар екенін айттым. “Ол қандай тұсау” деді Меңдекеш аға. Қолымдағы екі баланы балабақшаға орналастыра алмай жүргенімді, сонан әйелімнің үйде отырып қалғанын қысылып- қымтырыла жеткіздім. “Ойбай- ау , оны шешейік те”—деді Меңдекеш аға. – “Сендердегі обдыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Есентаев деген кісі емес пе, мен ол кісіні жақсы білем, өзі бір жаны жайсаң жан. Сол кісіге хат жазып жіберем. Көмектесетін шығар” деді. Мен хат жаза қояр ма екен деген екіұштылау ойда болсам да , ақ адал ниетіне риза боп, рахметімді айтып қоштасып жүріп кеттім.Демалыстан оралып жұмысқа кірісіп кеткем, бір күні газет редакторы “Сені Есентаев іздеп жатыр, тез жет” дегені. Бардым. Төртбақ толық денелі, бірақ жүріс- тұрысы шұғыл Есентаев мені емен- жарқын қарсы алып, Меңдекеш Сатыбалдиевтен хат алғанын, ол хатты алған бойда тиісті орындарға тапсырма бергенін, сол тапсырмасының жаңа ғана орындалғанын, енді балаларымды ертеңнен бастап орналастыру керек екенін айтты.Жаным жадырап сала берді. Жаным жадырамай қайтсын ол кезде екі бала түгілі, бір баланың өзін балабақшаға орналастыру деген қиямет-қайым іс болатын. Сөйтіп, Мәкеңнің бір хатының арқасында арқам кеңіп, алдым даңғайыр болып еді. ... Бүкіл болмыс –бітімі мейірім мен қайырымнан тұратын жаны жайсаң ақын әмәнда сергек, әмәнда бәйек. Ондай ақын ешуқытта да өмір мен тірлік алдындағы, заман мен қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін ұмытпақ емес.

Тілегіміз—
енді қайта төгілмесін
көз жасы мен қан саулап,
Оу, тірілер,

бізге қалды,
бізге қалды
дүниедегі бар салмақ.

Ақын енді қандай бір дүлей күшке де қарсы тұруға, қандай бір ауырлыққа да иығын тосуға әзір. Белі буулы, білегі түрулі. Жарты өкпесі мен алты қабырғасын алдырып тастаса да! Бәрі бір даяр! Ал ондай жан қашанда ірі сөйлейді, ірі турайды. Қан құйлы жауыздыққа да, қатыгез жамандыққа да шыдамақ емес. Өлсе де жағаласып өлмек. Ондай ақынның поэтикалық кредосы, азаматтық принципі ешуақта да өзгермейді.Ондай ақын туған жер, туған ел туралы толғағанда

Бақыт емес бақытым
Егер сені
түк уайымсыз күнде де жоқтамасам,–

деп сөйлесе керек. Уайымсыз күнде де туған жер мен туған елін іздеп, жоқтап отыратын ақыннан кім-кім де айналып кетпес пе?!

«ҚАСІРЕТТЕН ТҰРАДЫ БАҚЫТЫМ ДА»

Ақынның тұтас бір әлемге айналуы кез келген талант­тың, тіпті, кейде тегеурінді таланттың да маңдайына біте бермейтін құбылыс. Әрине, ақын тұтас бір творчестволық әлемге бағы жанып, жолы болып кеткендіктен немесе әлдеқандай желеп-жебеушілердің қолынан тартып, қолтығынан демегендігінен айналмайды. Өйткені ақын ол творчестволық әлемді өзінің талант, зейін, зерде, ілім-білім, маңдай тер қуатымен дүниеге келтіреді. Шынында ол творчестволық әлемнің тұтас бір табиғатын, ауа райын, көлі мен шөлін, қысы мен жазын, қысымы мен қызуын түзіп,жаратылысқа айналдыру оңай шаруа емес. Ондай жанды жаратылысты ғұмыр бойы толастамайтын қуатты творчестволық толғақ қана дүниеге келтіре алмақ. Арғы-бергі қазақ өлеңіндегі ат төбеліндей жұлдызды шоғырдың ішінде Фариза Оңғарсынова атты тұтас бір творчестволық әлемнің де бар екені айдай ақиқат. Ол әлем, әрине, жылыға орап, жұмсағын алдына тартып, сені бойкүйез, бей-жай күйге түсіретін, бір сәтке болсын өткеніңді ұмыттырып, ертеңіңді естен шығаратын көгілжің аспан астында көз бен көңілді қатар арбап көсіліп жатқан көкорай шалғынды әлем емес. Ол әлем – дауыл тұрғызып, дабыл қақтырып тұрған әлем. Ол әлем – шарпылыстар мен тартылыстардан, қақтығыстар мен соқтығыстардан, бұлқыныстар мен сілкіністерден тұратын әлем. Яғни ол творчестволық әлемнің климаты – төбеңнен себезгілеп сәуле төгіп, әлсін-әлсін аспаннан жаңбыр бүркіп, табаныңа шүйгін шалғынның ұлпа мамығын төсеп, жаныңды жадыратып, рахатқа бөлер субтропикалық жібектей жұмсақ климат емес, ол творчестволық әлемнің климаты – аңқаңды кептірер аптап пен аңызақтан, құтыңды қашырар құбылған боран мен сақылдаған сары аяздан тұратын субконтинентальді қатал климат. Сондықтан да оның поэзиясы – өз оқырманының көңілін аулап, кішкентай кірбің-ренішін жуып-шаям деп сылап-сипап, бәйек бола қалатын елгезек поэзия емес, қайта қалғып кеткен оқырман көңілін алай-дүлей етіп, астан-кестеңін шығаратын, кірбің-ренішін күл етіп ұшырып, оның жан жүрегіндегі жараны қандауырмен қанын сорғалатып тұрып сылып тастайтын адуынды поэзия.

Ажалмен айқасқан сәтте
Қыршын жас көз ілгенін көріп,
өткінші сезімдерді көріп,
кешегі доспын дегеннің

минутта жерінгенін көріп,
кімнен өш аларымды білмей,
кімдерге кінә тағарымды білмей,
алдыңа лапылдап келем,

жарылуға жақындап келем.

Ақын жаны құйындай үйірілген құбылыстарға толы. Ол қасқағым сәтте қыршын жастың көз жұмғанына қайғырып, өткінші сезімнің өртіне шарпылып, опасыздыққа опынып үлгерді. Енді ол өлең боп құйылмақ... Біз бұл мақаламызда сол Фариза Оңғарсынова атты өлең – әлемнің бойында жүріп жатқан жанды құбылыстардың кейбір сәттеріне көз жібермекпіз. Фариза Оңғарсынова да жұрттың бәрі секілді әдебиет табалдырығын ел мен жер, әке мен ана, табиғат пен тіршілік, ерлік пен еңбек, өмір мен тағдыр, достық пен махаббат сияқты ақындар қанша жырласа да тозып тот баспайтын, көнеріп, көмескі тартпайтын атамзаманнан бері келе жатқан ежелгі тақырыптарды жырлап аттады. Тағы да, ол тақырыптар дәстүрлі канонда – серт пен сенім, аңсау мен сағыныш, мақтаныш пен сүйсіну негізінде жырланды.Бірақ осы таптаурын нұсқаудың тар көйлегін киіп алған сол алғашқы өлеңдердің өзінде бір бұлқынған күш, арнасынан асып төгілгелі тұрған ағыс, қажырлы қайрат, адуын мінез сезілетін. Ақынның талант табиғатынан сес беріп қалатын осы бір қасиеттер әсіресе махаббат тақырыбына арналған өлеңдерінде ерекше көзге түсті. Шынын айту керек, Фариза Оңғарсыноваға дейін қыз-келіншектеріміздің де махаббат тақырыбына арналған өлеңдері, негізінен, бір қалыптан шыққандай бір-бірінен аумай жататын. сондықтан да ол өлеңдер адам жанының табиғи сезіміне емес, заводтың өніміне көбірек ұқсаушы еді. Жасандылық. Штамп. Ол кездердегі өлеңдерде екі жас қалай да толысқан ай астында қол ұстасып, жымыңдаған жұлдыздардың сәулесі түскен көл үстінде қайықпен қыдырып, құйып тұрған жаңбыр астында құшақтасып, сылдыраған бұлақ басында кездесіп, сыбдырлаған жапырақ астында сүйісіп тұратын. Өзгеріс болған жағдайда да, тек олардың орны ауысатын да, сөзі мен ісі сол қалпында қалушы еді. Сонымен бірге, қыздарымыз ол өлеңдерде тым именшек, тым бұйығы боп келетін. тағы да ол именшектік пен ол бұйығылықты ибалық пен ізетке теліп әспеттеп бағушы ек. Содан барып махаббат тақырыбына арнаған өлеңдерімізде лакке малып алғандай жылтыр сөз, майлап қойғандай күлімдеген көз қаптап кетті. Осы бірінің аузынан бірі түскендей «джентельмендер» мен «бикештер» образдары біз үшін үйреншікті образдарға айнала бастаған-ды. Тіпті, ол өлеңдердегі махаббат драмалары да (айрылысу, режісу) бірер жаттанды арзан сценалармен басталып, аяқталып жататын. Осы сіреу-сіреу қардай сіресіп жатқан штампты алғаш бұзғандардың саны екеу болса, біреуі – Фариза, біреу болса – өзі. Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерінің бірінде-ақ «сыйласудан тағдырдай шын махаббат тумайтынын» кесіп айтты. Өйткені махаббатқа ай астында серуендеп қайту емес, тағдыр деп қарады. Сондықтан да ол:

Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
Сен маған жалынбашы,
Табынбашы.
Ер мінезді жігітті ұнатады

Осы бір қарындасың, – деп әбден мезі қып бара жатқан әлігіндей шарттылыққа қарсылық көрсетті. Бұл «сіз», «біз» деп сызылып, қылымсып тұрған жасанды сөз, жаттанды сөз,жаттанды қылыққа қарсылық болатын. Ақынның махаббат тақырыбы өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер оқырман көңіліне асау мінез, шалт қимылдың адамы болып енді. Оның әдемі сөздерге жаны қас, оның «сүйері – ащы шындық». Сондықтан да оның жаны «жүректің жалынымен сүйгізе алатын жігітті» қалайды. Міне, ол лирикалық кейіпкер де өмірдің сан тарау тармағынан, тар жол, тайғақ кешулерінен өтті. Есейді. Ол махаббаттың қызығынан гөрі, азабын көбірек тартты. Бірақ мойып, жасыған жоқ. Дей тұрғанмен...

Қуанышты мендегі
сенің қайғың улайды.
Ешбір адам жердегі
білмейді бұл мұң жайлы.

Сүйсе, бақыт емес пе –
мен біреуге тәттімін.
Түсесің де сен еске,
сап болады шаттығым.

Аяз шарпып денені
сүйген болам бекер кеп.
Сені іздегім келеді,
қай жерде отыр екен деп.

Сен жайлы ойды жасқадым,
қалмасын деп ол біліп.
құшағында басқаның
сені ойлаймын. Сорлылық.

Өмірде ең болмаса «икс пен игректі» қосатын алгебрамен де емес, екі мен екіні қосатын арифметикамен өлшеп үйреніп қалған бейшара педант пен адам жанының иірім-қалтарыстарындағы сезім құйылыстары мен құбылыстарынан бейхабар, тоңазытқыштан шыққандай қара мұздай сұп-суық, сезім атаулыдан жұрдай моралист үшін бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкердің мінезі – қауіпті мінез. Бірақ ол қайдағы бір бейшара педанттар мен қайдағы бір темір-ми, темір-жүрек моралистерден қорқып, жан-сырын жасырып, бүкіл болмысын бүгіп қала алмақ емес. Оның жан-сырын жасырып, болмысын бүгіп қап, өлең алдына күнаға батар жайы жоқ. Өйткені ол үшін өлең – ар мен ождан сөзі. Ал ар мен ождан алдында сырын жасырып, болмысын бүгіп қалса, онда оның кім болғаны?! Онда оның ақиқат, шындық алдында қиянат жасағаны да. Ал ақиқат пен шындық ылғи да көзбен көріп, қолмен ұстайтындай қасаң фактіден тұрмайды. Кейде ол осындай көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын ішкі алай-дүлей арпалысқан сезім фактілерінен де тұрады. Бірақ бұл өлеңге қарап Фаризаның лирикалық кейіпкері екіұдай сезімінің ортасында өртеніп жүрген жан екен деп ойлап қалуға болмайды. Ол сол бір қиын, құбылмалы сәттен тез арылған. Енді ол бұрынғысынан да батыл, бұрынғысынан да жігерлі:

Керек емес мекерлік, айла маған:
Сүйем сені сескенбей айналадан.
Менсіз сезбей, ұға алмай қаласың сен –
қайда жүрсің, тұрғаның қандай алаң.

Біреулер бар сескеніп аяқ басса,
біреу көріп тұр ма деп тайғанаған.
Жалтақтама солардың барлығына,
Тірлігіңді бір өзім жайлап алам.

Ақ сезімді алдыңа селдетемін,
Тек сен шыдар ма екенсің.... қайдам, оған...

Лирикалық кейіпкер өз сезімін айтқанда неге соншалықты батыл, ал жігіт сезіміне келгенде неге үргелек? Бұл да өмір. Бұл да тағдыр... Жалпы, Фариза Оңғарсынова махаббатты бәз біреулердей татқан сайын тата бергісі келетін қызықты тәтті дәурен, жүрген сайын жүре бергісі келетін сауық-сайран кезеңі деп қарастырмайды. Тіпті ол оны белгілі бір кезең мен дәуренге бөлмейді де. Өйткені ол махаббатты бүкіл адам өмірінің ғұмырлық жан серігі деп ұғады. Бұл жерде әңгіме сенің сүйгеніңе қосылған, қосылмағаныңда емес. Бұл жерде әңгіме сенің махаббатсыз өмір сүре алмауыңда. Яғни ақын сен сүйгеніңе қосылсаң, махаббат бар да, ал тағдыр-талайыңның қалауымен сүйгеніңе қосыла алмасаң, сенің бойыңнан да махаббат құриды деген тоғышар, эгоистік пікірге бар болмыс-бітімімен қарсы. Фариза Оңғарсынованың творчествосында айтпай кетуге болмайтын тағы бір кезеңді сала бар. Ол – тарихи тұлғалар мен өз көкірегінде қорытқан тағдырлар арқылы дүниеге келтірген қазақ әйелдерінің рухани портреттері. Ол портреттер бақ пен сордың, мұң мен қуаныштың, үміт пен күдіктің, нала мен шаттықтың, у мен балдың, көз жасы мен күлкінің, ашу мен сабырдың, көлеңке мен күншуақтың, кек пен кешірімнің контрасты бояуларымен салынған. Біз бұл жерде Ақбөбек, Майра, Саралардың рухани портреттерін аз-кем жинақтап қарастырып көрейікші. Ол тарихи тұлғалардың қай-қайсысы да өз басынан өткен ауыр хал, тартқан тауқыметтерін саусағын бүгіп санап, оларды саған белгілі қашықтықта тұрып баяндап жатпайды. Олар сенімен аралықтағы қашықтық – дистанцияны тас-талқан етіп, сол әлеуметтік теңсіздіктер мен алысып-арпалысқан, налып-күйінген, бұлқынып-бұрқанған қалпында сенің ішкі дүниеңе еніп кетеді. Өлеңді одан әрі оқи берсең, өзің де Ақбөбек, Сара, Майра боп сөйлеп кеткеніңді әрі-беріден кейін аңдамай қаласың. Сен енді бірте-бірте өмірге, заманға сол Ақбөбек, Сара, Майралардың көзімен қарай бастайсың. Бұдан да дәлірек айтсақ, олар сен арқылы сөйлеп, сен олар арқылы өлең оқып тұрғандайсың.

Ақбөбек:
Құса боп өтсе, қыздары елдің сәні ме,
Халқым-ау, қалай төзгенің!
Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрі де,

Махаббатымнан өзгенің.
Сара:
Әділет кетсе хандардан,
халқына шаттық аз шығар,

жазықсыз көзден жас шығар,
бірлігі тайып басынан,
ірмекті сүттей ашыған
абыройы елдің шашылар,

жаулары таптап басынар.
Майра:
Болғанмен жырым – жақұт, әнім – асқақ,
алмастай өмірімнің әрі қашпақ, –

шырқайтын сандуғаш үн сайрай алмай,
жыр көшін бара жатса жабы бастап!....

Өкініштің өрті, ыза мен наланың үні, уақыт пен заманның рухы сіңген бұл жолдарда сенің де торығып, жабыққан жан-жүрегіңнің назы, бұлқынып аққан қан тамырларыңның сазы бар екені сөзсіз. Асылы, нағыз ақынның кеудесінде ел мен жердің рухы ұя салатын болса керек. Ақын жүрегін жарып шыққан жырдан сен өз жүрегіңнің лүпілі мен өз қан тамырларыңның ағысты сарынын естисің, бәлкім, сондықтан. Фариза Оңғарсынова да – дәл сондай кеудесінде ел мен жердің жүрегі соғып, жанына ел мен жердің рухы ұя салған ақын. Ақын әлгіндей тарихи тұлғаларға айналып кеткен Ақбөбек, Сара, Майралардың рухани портреттерін салып қоймайды, сонымен бірге солардың көзімен сол бір заман мен уақыттың кескін-келбетін, дәлірек айтсақ, образын да сомдайды. Фариза, сондай-ақ, есімдері «қос ішектен шығатын» бір үнге айналып кеткен, «алау көңілдері бозбаланың деміне емес, соғыстың жалынына шарпылған» аяулы Әлия мен Мәншүктер жайында «табысына анасындай қуанып» отыратын Мәриям Хакімжанова мен «әлемді әнмен арбап тастай алатын» құдіретке ие Бибігүл Төлегеновалар туралы, даласының «тағдырын, тауқыметін көтеріп бара жатқан» Кәмшат пен анасымен сырласып отырған ақын әйел хақында жазған өлеңдерінде осы бір кредоны Темірқазық етіп ұстанады. Бұл жерде тағы бір айта кететін нәрсе, Фариза Оңғарсынова қазақ өлеңінің түр-үлгілерін барынша кең қолданған ақын. Жалпы, Фариза жырларының о баста кіндік қаны дәстүр топырағына тамып, сол дәстүр топырағының қызуы мен құнарын бойына молынан сіңіріп ержеткеніне бүгінде көз жеткізу қиын емес. Қасиетті жеріміздің қара топырағында армансыз аунап-қунап өскен тұла бойы қазақы қажыр мен қайраттан тұратын ол күнсінді қызу өлеңдер бүгінде өзінің ел алдында әлеуметтік, мәдени, рухани міндеттерін атқаруда. Қазір де Фариза Оңғарсынова – дәстүрлі поэзиямызды одан әрі жалғастырушы іргелі ақындарымыздың бірі. Бұл жерде орайы келіп тұрғанда бір мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Біреулер дәстүр жалғастырушы деген сөзді тым ұшқары түсінеді. Олардың түсінігінше дәстүр жалғастырушы ақын – өлеңді белгілі бір дәстүрлерде, ұлттық колоритпен жазатын ақын деп біледі. Бұл – тым саяз түсінік. Біздің түсінігімізде дәстүрлі ақын – дәстүрді жаңа мазмұнмен, тың образ, терең философиямен, тосын теңеу, жаңа саз оралымдарымен байытушы ақын. Олай болмады ма, онда ол – дайын асқа тік қасық! Онда ол – дәстүр топырағының бар құнарын бойына құныға сорып, обып жатқан, бірақ өзінің берері жоқ, барып тұрған асыранды жатыпішер. Ал мұндайлар, сақ болмаса, құнарлы дәстүр топырағын аздырып-тоздырып, тұяқкешті етіп, ақшаңдаққа айналдырып жіберері сөзсіз. шынын айту керек, қазір қазақ поэзиясында жұртты елең еткізерліктей алып келген бір образ, бір теңеуі жоқ, бірақ дәстүрдің ең құнарлы шүйгін жерлеріне қосын тігіп ап шалқақтаған асыранды жатыпішерлер көбейіп кетті. Жә, мұны тағы бірде кең көсіліп отырып сөз етерміз. Біз негізгі әңгімемізге оралайық... Жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында Фариза Оңғарсынова творчествосы жаңа бір кезеңге көтерілді дей аламыз. Ал шын ақын көтерілген жаңа кезең – қай уақта да, қай жағдайда да – әдебиеттің де айтулы сәті боп саналыр хақ. Олай болса, ол кезеңді айналып өту, көре тұра көрмегенсу тек ақын алдында ғана емес, әдебиет алдында да күнә болар еді. Дәл осы кезеңде ақын да өзінің бойындағы сол дүлей қуатты, тың күшті сезіп, өмірге, тіршілікке басқаша қарай бастады.

Енді үңілсем:
жер басқа, аспан да ерек,
Күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.
тегі, маған азабын, ақіретін –

бәрін, бәрін қайтадан бастау керек.

Осы тұстағы Фариза Оңғарсынованың өлеңдері жарқ етіп тұтанып кетуге, лап етіп өртенуге, бұрқ етіп қопарылуға дайын тұрған қасиеттерге ие. Бейнебір ақын сөздерді ішкі дүниесіне салып қорытқанда, оларға тез тұтанғыш, тез қопарылғыш бір элементтерді қосып жіберетіндей. Содан ба екен, Фариза Оңғарсынованың әрбір өлең жолы қопарылыстар мен жарылыстар тудыратын бикфорт шнурларын еске түсіреді. Бұл жерде заңды сұрақ тууы мүмкін. Ақын сонда күйретуші, қиратушы күшке ие болғаны ма? Дәл солай. Бірақ оның қирату, күйрету күші адам жанының түпкір- түпкіріне, жықпыл-қуыстарына ендеп кіріп, оны рухани жағынан ірітіп-шіріте бастаған әлеуметтік дерттерге – менмендікке, опасыздыққа, немқұрайдылыққа, немкеттілікке, әзәзілдікке, жағымпаздыққа, жарамсақтыққа қарсы бағытталған, дәлірек айтсақ, ақын сөзі – әлгіндей әлеуметтік дерттердің адам жанының жықпыл-қуыстарындағы ұялар мен күркелерін өртеп. қопарардай құдіретті қуатқа ие. Тағы да, ақын ол өрт пен қопырылысты өзгеден емес, өзінен бастайды.

О бастан бергі шетін істерім,
елемей көздің еті де іскенін,
тойғаным тасып...
солардан бүгін

бойыма сіңбей отыр ішкенім.
Кеудеңді қысқан менмендіктердің
талқандап құрсау-бекіністерін,
өртеңдер мені, өкініштерім!

Міне, ақын өз бойындағы құрсау-бекіністерін талқандап. оларды өртке беріп отыр. Біз кейінгі кезде азаматтық деген сөздің де құнын түсіріп, қуатын әлсіретіп алып жүргендейміз. Біз қөбіне-көп азаматтық деген сөзді мінбеге шығып алып жұрттың бәрін жақсы болуға үгіттеп, дұрыс жүріп-тұруға шақырып, жапырып жұмыс істеуге үндейтіндерге қолданамыз. Сөйтіп, біз азаматтық деген ұғымға тым жеңіл міндет жүктеп қойғандаймыз. Қазір біздің әлеуметтік өмірімізде «әркім өзінен бастау керек» деген сөз жиі атылады. Үлкен мағынаға ие сөз. Бірақ өзінен бастап жүрген адамды көріп жүрміз бе? Олар көп пе, аз ба? «Өзінен бастау» деген сөз тек жұмыс істеу ғана ма? Мүмкін, солайда шығар. Бірақ мен өз басым «әркім өзінен бастау керек» деген сөзді, ең алдымен, әрбір адам өзінің бойындағы кемшіліктермен, өзінің бойындағы әлеуметтік дерттермен аяусыз күресе білу деп білем. Ал біз өз бойымыздағы кемшіліктермен, келеңсіз құбылыстармен күресіп жүрміз бе? Өз бойымыздағы сол кемшіліктер мен келеңсіз құбылыстардың атын атап, түсін түстеп, айдай әлемге жария етуге біздің батылымыз жете ме? Жетсе, сен нағыз азаматсың! Өйткені біреудің бойындағы кемшілікті, тіпті, заман мен қоғам бойындағы келеңсіз құбылыстарды айту бүгінгі таңда соншалықты қиын емес. мықты болсаң, сен өз бойыңдағы кемшілікті айтып көр. Сонда ғана сен нағыз батылсың, сонда ғана сен нағыз азаматсың.

Фариз Оңғарыснова дәл осындай батыл да, азаммат ақын.
Өлең жазам өзімше данышпансып,
Жандай менен басқаға намыс таңсық.
Жарамаймын сөйтсем де құлап жатқан

Саз балшықтан алуға танысты аршып.
Жүрсем деймін жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмірде маған анық, –
біреулерді жиып ап айналама,

көсем болып отырам дараланып.
Көре тұра жандарды еңбегі шын,
кердеңдеймін еректей елден ісім.
Қалу үшін адам боп, өз кеудемнің

менмендігін баса алсам – сол жеңісім!

Шынын айту керек, өзін өзі жұрт алдына шығарып дәл осылай айытпау кезінде көбіміздің қолымыздан келген жоқ, әлі де келе қоюы екіталай. Өйткені біз ұзақ жылдар бойы табиғи мінез құбылыстарын емес, әлеуметтік дертті құбылыстарды ақтау үшін қолданылып келген «кемшілік кімде жоқ дейсің» деген тоғышар принциптің тасасына тығылып, соны паналап үйреніп алғанбыз... Яғни осы бір шірік принцип арқылы өзіміздің бойымыздағы кемшілікпен келісімге келіп, ол кемшілікті сырт көзден бүркеп жасырып, тіпті, керек кезінде оны қызметке жегіп қоятын дәрежеге жеттік. Ал өз бойындағы кемшілік, келеңсіз құбылыстармен келісімге келген, оларды тұмшалап, жасырып баққан жан басқа адам мен заман бойындағы кемшіліктерге де келеңсіз құбылыстарға да көз жұмып қарайды. Міне ақынның алмастай өткір ақиқатты айтқан өлеңінен алар тәлім біз үшін осы. Өзін көпшіліктің алдына шығарып, шындықтиың аптабына күйдіріп, аязына тоңдырып шыңдап, шынықтырып алған ақын енді адам мен заманның тұла бойын жайлап бара жатқан әлеуметтік келеңсіздіктермен анық күреске шықты:

Қызықтырмай өзгенің атақ, әні
жүргенімнен көп уды татам әлі.
Досын сатқан жандардан жиренемін,
Отанын да ондайлар сата алады, –

деп кесіп тастайды да:
Кей адамда қылық жоқ аяр аса,
бойы биік бақандай, ойы аласы.
Болмысымен тұру жоқ, жүре алмайды

беттерін де, мәнін де боямаса.
Бірақ олар кеңейтіп жиі өрісін,
тауып ала қояды сүйенішін.
Олар солай. Оларға қол соғатын

жандар үшін өртеніп күйеді ішім, –
деп күйзеледі.

Әділіне жүгінсек, әр сөзден сезіктеніп, әр үтірден күдіктеніп, әр бір әріпті ежіктеп оқыған тосқауылы көп кешегі тоқырау заманында Фариза Оңғарсынова сынды ақиқатты айқайлап, шындықты шырылдап айтқан ақын кемде-кем. Бұл ретте ол таймас табандылық көрсетті. Бұл жолдан ол:

Жылап жатам, төсектен тұрам жылап,
жеңілдік жоқ жаныма мұнан бірақ, –

деп күйінсе де қайтқан жоқ. Қайта, бұрынғыдан да ширығып, бұрынғыдан да өжеттене түсті. Солай бола тұра, ақынның аузын ашқызбаған үнсіздік кезеңге деген, бұрын айтылмай келген ойларына деген өкініші қандай демеңізші! Ақын қасіретіне қабырғаң қайысады:

Періштесіп, адалсып жүргеніммен,
созған болам қолымды күлген болып.
ой-баламның талайын тұншықтырып,
бүрісемін тышқандай інге кірген.

Туғызуға ойымның жалқыларын
ұятсындым, қорықтым, қалтырадым.
Сәбилерін жерлеген ана сынды
Жер бетінен жай таппай шарқ ұрамын.

Қанша ойы мен сөзін жерге беріп, «жер бетінен жай таппай шарқ ұрған» ананы, рухани ананы көз алдыңызға елестетіңізші. Сөзі мен ойын сәбиіндей көретін ақынды рухани ана демей, не дерсің! Олай болса, оның қасіретін бар жан-тәніңмен егіліп, езіліп сезінбеу мүмкін бе? Жалпы Фариза Оңғарсынова жырларында қайғы-қасіреттің суық лебі сезіліп тұрады. Айдың күннің аманында ақынды алып бара жатқан ол не қасірет дейсіз ғой. Ол – манадан бері айтып отырған адам мен заман бойынан мерез боп жабысқан әлеуметтік дерттер. Әзір ол дерттер бар боп тұрғанда ақын өзін қайғысызбен, қасіретсізбен деп айта алмақ емес. тіпті, ол өзінің бақытына да осындай қайғы-қасірет арқалап жүріп қол жеткізген. Енді ол өз бақытын қайғы-қасіреттен бөліп ала алмас халде.

Менің бақыттылығым сол жалғанда – қасіреттен тұрады бақытым да! Халықтың, адамның, заманның рухани тазалығы үшін бітіспес күреске шыққан нағыз азамат ақын ғана осылай сөйлей алса керек.

ӨЗЕГІН ӨРТ ЖАЛАҒАН ШЫҒАРМАЛАР

Әдетте, қай-қай әдебиетте болмасын өз заманы мен өз уақытының құрсағында бітіп, дүниеге келген, соңсоң сол заман мен сол уақыттың үніне айналған, болмысына үңілсе, ел мен жер деп сүйегі сырқырап, табиғатына ден қойсаң, адам деп жаны шырқырап қоя беретін шығармалар болады. Әрине, ондай шығармаларға уақыт пен заманның аяғы күнде ауырлап, күнде бақанға асылып толғатып жатпайды. Ондай шығармалар ілуде ғана дүниеге келсе керек. Егер біз бүгінгі үлкен кеңістік пен уақыттың өзіндей қазақ әдебиеті деп аталатын үлкен ұғымның қабырғасы қалың, іргесі берік, ортадан ойып тұрып шаңырақ көтерген Дулат Исабеков шығармаларын заман мен уақыт құрсағында пайда болған шығармалар десек, онда біздің бұл сөзімізге ешкім дауласа алмас еді. Олай болса, біз де оқырман ретінде Дулат Исабеков шығармалары жайында аз-кем пікір білдіргенді жөн көрдік. О баста-ақ тоқсан торапты, қырық шиырлы адам мінезі мен құлқы, оның пейілі мен пиғылы арқылы әлеуметтік өмірдің қатпар-қатпар астарларына үңіліп келе жатқан жазушы бұл «Ай-Петри ақиқаты» кғітабында да сол шығармашылық концепсиясынан бір елі таймапты. Қайта, оны бұрынғыдан да ширықтырып, бұрынғыдан да ширатып жіберіпті. Адам жаны мен әлеуметтік қатпар астарларынан бұрынғыдан да өрісті, бұрынғыдан терең мән мен гәп тауыпты. Тағы да, жазушы ол терең мән мен гәпті шым-шытырық оқиға, алыс-жұлыс арпалыстан емес, күнделікті қарапайым өмірден, тіпті, керек десеңіз, қарабайыр тіршіліктің өзінен іздейді. Күрделі ой айту үшін күрделі композиция да, тіпті, күрделі сөйлем де құрап жатпайды. Кейбір жазушылардай оқырманын шана сүйреткендей азапқа салып қоймайды. Не бір астарлы ауыр ойлардың өзін сізге соншалықты оңай ұғындырып, жеңіл қабылдатқызады. Кітап есігін ашқан бойда көзге түсетін «Өкпек жолаушы» деп аталатын шығармасымен аз-кем сұхбаттасып, оның айтар ойына үңіліп көрейікші. Өмірдің өзіндей қарапайым осы бір шығармада бірде бір артық қимыл, бірде бір жасанды әрекет жоқ. Шығарманың тігілген киімі де, тұрғызылған құрылымы да күнделікті тіршіліктен көшіріліп алғандай табиғи. Асылы, шын жазушы жұрт айта бермейтін ойды, жұрт көрсете алмайтын әрекетті ешкім мән беріп, ешкім ден қоймайтын сәттерден таба алса керек. Өйткені жұрттың бәрін жалт қаратқан оқиғадан жұрттың бәріне белгілі ойды айту түк емес. Мықты болсаң, жұрттың бәрі мән бермейтін тұстан, жұрттың бәрі ден қоя бермейтін сәттен гәп ізде. Өмірдің тылсым қатпарларына үңілу деген, міне, сол болса керек. «Өкпек жолаушы»... Үлкен қаланың ежелгі аудандарының біріндегі көне үйдің екі бөлмелі пәтерінде енді ғана зейнет демалысына шыққан Зейнеп атты жесір әйел өмір сүріп жатты.Бүкіл ғұмырын өмірдің ызғарлы өтінде өткізіп келе жатқан бұл әйелдің маңдайының соры бес елі, бейнетінің қалыңдығы бес батпан. Күйеуінен айрылып, бауырынан өрген төрт баланы адам қатарына қосам деп, оның көрмеген қорлығы, көтермеген жүгі жоқ. Өмір сүруді ол тіпті рахат деп, бақыт деп ұқпаған. Өмір сүруды ол ғұмыр бойы күрес, тірнектеп жүріп нәсіп теру деп ұққан. Қайырымы жоқ бұл тіршіліктің қаңтардай қатал қабағының астында жүріп, шиеттей төрт баланы аяғынан тұрғызып, қатарға қосу өмірлік мұратым, пенделік парызым деп білген. Сол үшін ол бойындағы бар қуатын сарп етіп, қанындағы бар қызуды сарқып берген. Онсыз да өмірі өксікпен өткен, ақырында төрт баласы төрт жаққа кетіп, соқа басы ғана қалғансомадай әйелдің күнін көрер ғана там-тұм ырыздағы болғанмен, көрер қызығы бәрі бір болмай шықты. Жаратқан құдай, ең болмаса, төрт балаға не береке, не бәтуа бермей қойды. Енді, міне, солардың күйігіне өртеніп, тағдырдың табасына шыжғырылып отырысы мынау. Күнделікті өмірі күйік пен күйзелістен тұратын осы әйелдің үйіне күндердің күнінде аяқ астынан сонау Қырымнан Сақа еліне ұшып бара жатқан өкпек /транзитті/ жолаушы Айтөре сап ете қалсын. Ол Алматы аэропортынан ұшар алдындағы үш сағатты пайдаланып, өз өмірінің ең қызықты да, қасіретті шағы өткен, бұдан жиырма жыл бұрынғы шаңырағының босағасына бір сығалап кетпек болды. Ол пәтер Зейнеп тұрған пәтер болып шығады. Айтөре мінезі ашық, жаны кең Зейнеппен сөйлесе келе тез тіл табысады. ауа райының қорлайсыздығына байланысты ұшағының ұшуы кейінге қалдырылған Айтөре Зейнеппен ұзақ әңгімелесіп, шер тарқатады. Бұрынғы пәтеріндегі бұл отырыс жиырма жыл бұрынғы ауыр азапты кезеңдерді оның есіне еріксіз салады. Айтөре Зейнепке билік десе, адамдық пен имандылықты аттап, ар-ожданды аяқ асты етіп кете беретін, қолына бақан алып, бас жарар бақастыққа ғана емес, қарсыласын қасіретке ұрындырар әрекетке баруға жүзі жанбайтын қорқау хайуандықты жаны езіле отырып әңгімелеп береді. Сол билікке талас жолындағы қорқау хайуандық ақырында оның жалғыз баласын мерт етеді. Тағы да ол қорқау хайуандық баласын хайуандықпен өлтірген болып шығады. Осы жерде жазушының өмірлік үлкен философиясына ден қоймау мүмкін емес. Тағдыр қатыгездігінің құрбаны болған Зейнеп бәрі бір өзінің туған жер, туған елінен кетпей қалған. Табан аудармаған. Ал адам қатыгездігі тағдыр қатыгездігінен әлдеқайда қатерлі, әлдеқайда қанқұйлы екен. Сол адам қатыгездігінің тепкіні Айтөрені жердің шеті – түу Якутиядан бір-ақ шығарады да, әйелін жындандырып, ақырында оны, артында мола да қалдырмай, адастырып өлтіреді. Адам қатыгездігінің қаншалықты сойқанды құбылыс екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Осы тағдыр мен адам қатыгездігімен қатар өрілетін Зейнеп балаларының бойынан көрінетін, жалғыз қалған анасына деген мейірімі жоқ қатыгездік бар. Бұл – аса қатерлі қатыгездік. Өйткені ол ұрпақ бойындағы, ертеңнің бойындағы қатыгездік қой. Ұрпақ бойындағы ол қатыгездік қайдан, неден пайда болған?! Қалай пайда болған? Апыр-ау, Зейнеп балаларына ана сүтімен бірге бүкіл жанының қуатын, жүрегінің жылуын берген жоқ па еді?! Оларды көз алдынан бір сәтке де қағыс қалдырмай өткізген жоқ па?! Солар үшін отқа да, суға да түскені қайда?! Сонда ол қайдан шыққан қатыгездік? Сөйтсек, ол қатыгездіктің түп тамыры, өскен топырағы әріде, яғни ұрпақты халықтық дәстүрден тыс, ұлттық ғұрыптан бөлек өмір сүргізуде екен. Бағамдап қарасақ, дәстүр мен ғұрып дегеніміз әр адам сақтауға тиісті әдеп жинақтары ғана емес, халықтық мейірім мен қайырымның қасиеті сіңген қастерлі ұғымдар болып шықты. Бір сөзбен айтқанда,халықтық мейірім аналық мейірім қосылғанда ғана толыққанды ұрпақ өсіп шықпақ. Онсыз өскен ұрпақ бәрі бір рухани мүгедек, рухани жартыкеш болып қалмақ. Бірақ мұны Зейнеп тым кеш ұққан. Ол бүгінде бір кездегі әжесінің екіқабат әйелдерді жолға шығармайтын әдетін, «үйде тумаған әйелдің баласы мейірімсіз болады» деген қатал ұстанар қағидасын қайта-қайта еске алып қана қоймай, оның үлкен философиялық мәні мен мағынасын енді ғана сезгендей. Дәстүрдің жөргегінде өспеген, ғұрыптың бесігінде тербелмеген бала өз ұлтына ғана емес, анасында да жат, бөгде боп өседі. Міне, Дулат Исабеков шығармаларының терең тағылымы! Дулаттың келесі «Тыныштық күзетшісі» атты шығармасы – да әдебиет деп аталатын қасиетті ғимараттың босағасын именбей еркін аттаған, оған өз үн, өз тіршілігімен өзіндік бояу нақышымен, өзіндік тосын әлемімен кірген шығарма. Бұл шығарма да адам қолымен жасалынатын қатыгездіктің бүкіл сұмпайы бейнесін бүкпесіз ашып көрсетеді. Сонда «Тыныштық күзетшісі» деген қастерлі ұғымға қызмет етіп, ұлы әрекетке барып жүрген кім? Ол – Демесін, кәдімгі жынды Демесін. Ол да «Өкпек жел» кейіпкерлеріндей қатыгездіктің құрбаны. Бала кезінде басына ауыр соққы тиіп, делқұлы болып қалған жан. Содан бері оның бойына табиғат құдіреті мен бүкіл жауыздық пен қатыгездік атаулыға қарсылық, жеккөрініш сезімі ұя салған. Ол тіпті балалармен соғыс ойыны кезінде де шын беріліп, делебесі қозып, оның ойын екенін ұмытып кетіп, Мүтанды таяққа жығып салады. Бойындағы қатыгездікке қарсы тұрпайы дүлей күш оны кез келген уақытта дөрекі, тіпті қатал әрекеттерге дейін барғызады. Бірақ сол қатыгездікке қарсы тұрпайы дүлей күштің өзі оқырман жүрегінде әрі аяушылық, әрі құрмет сезімін оятары сөзсіз. Өйткені қатыгездіктің сойылынан жарымес болып қалған ол жан барша адамзатты, барша тіршілік атаулыны соғыс зұлматынан, жауыздық пен қатыгездіктен қорғап жүрмін деп ойлайды. Оған өзі қатты сенеді. Шанаға ат жегіп, түні бойы ауылды айналып жүреді де қояды. Оның қолына мылтық алып, күзетке шыққан мұндай әрекетінен үркіп қалған жұрт соңынан тыныш ұйықтайтын болады. Өйткені ол суық қолды ұры-қарыларды да ауылға беттетпей қояды. Ақырында ол қанқұйлы қатыгездіктің қолынан опат болады. Тыныштық күзетшісі деген ұлы ұғымға қызмет етіп, соның жолында жанын пида етеді. Делқұлы, әумесер жанның осыншалықты ірі әрекеті кім кімді болсын бей-жай қалдырмасы сөзсіз. Менің ұғымымша, Дулат Исабеков – қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең үздік әңгімешілердің бірі. Олай дейтініміз, оның шағын әңгімелерінің өзі үлкен қабырғалы шығармалар көтеруге тиіс жүктерді кңтеріп тұрады. Мәселен, «Ескі үйдегі жаңа қонысты» оқып шығыңыз. Совхоз орталығынан бөлімшеге моторист болып келген Есіркеп, бір күннің ішінде-ақ бұтына толып, талтаңдап жүре алмай қалады. Бүкіл бір ауылдың жарығы қолына қарап қалған соң оңа ма?.. Көкірегі ісіп, айналасының бәріне аспандап қарап, көпсіп сөйлейтін болып алады. Әлі келмейтін жерде де тыраштық көрсетіп, күлкіге қалады... Бірақ ол күлкіні де «маған жасалынған қысастық» деп ұғып, болып жатқан тойдың қызығын бұзып, жарық беріп тұрған двигательді өшіріп тастады. Өзінің тыраш шамшылдығының тоятын табам деп, біреудің қызығын қараңғыда қалдырды. Міне, Дулат Исабеков осындай берекесіз жанды оқырманын күлдіре отырып әшкере етеді. Ал оның «Ескерткіш» әңгімесі үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Ол бұл әңгімесі арқылы жалғандық пен өтірік топырағында өсіп-өнген, тіршілігі азып-тоза бастаған қоғамның бар болмыс-бітімін ашып көрсетеді. Қарапайым тіршілік иесін асқақтатып, мерейін өсіретін қоғамның, шынтуайтына келгенде, оны жәбірлейтін озбыр қоғам екенін бір деталь арқылы жеріне жеткізе суреттеп береді. Қарапайым еңбек адамын асқақтатамыз деген идеология бар болғаны көбік ауыз догма екенін, оның бүкіл болмысы, түптің түбінде қарапайым еңбек адамын, яғни адамды қорлау екенін ұқтырады. Жазушының, сондай-ақ, «Конфронтация», «Қараспан процесі» және басқа әңгімелері де – адам мен қоғам бойын жайлап бара жатқан бойкүйездік пен салғырттыққа, шамшылдық пен жалған намысқойлыққа қарсы сөйлеп тұрған шығармалар. Сол бір келеңсіз қасиеттерді ол ұтымды деталь, сәтті ситуациялар арқылы әжуалап көрсете біледі. Ол шығармаларды оқыған оқырман күле отырып – тіксінері, тіксіне отырып – тағлым алары сөзсіз. Дулат Исабековтың «Талахан-186», «Ай-Петри ақиқаты» шығармаларын классикалық деңгейдегі шығармалар десек, түкте қателеспейміз. Мен өз басым, осы уақытқа дейін, адамдар бойын жайлап алған күйкі ұсақтықтың табиғатын дәл осы «Талахан-186» шығармасындай көрсетіп берген шығарманы білмеймін. Күндердің бір күнінде ауыл адамдарының бірі апанда өсіп тұрған помидорды көре қалады ғой. Бүкіл жан дүниесін, рухани болмысын, ел мен жерге деген биік махаббатын тонатып алған кілең бір күйкі адамдар сол бір апандағы помидордың қалай пайда болғанына, оның қалай өскеніне, қандай сортқа жататынына бастарын ауыртып, жүйкесін тоздырып, әлекке түседі. Енді олар үшін түзге отырған біреудің тезегінен өсіп шыққан помидордың сортын анықтаудан өткен үлкен мәселе, ұлағатты шаруа болмай қалады. Ең сұмдығы сол, тағы да бұл ұсақ күйкілік дертіне бірер адам ғана емес, бүкіл ауыл шалдыққан. Міне, қасіреттің үлкені қайда жатыр?! Адам жанының қуыс-қуысына түгел ұя салған бұл ұсақ күйкілік ел қамын, жер уайымын қылғытып, бүгін мен ертеңнің қамын қамдастырар парасатты отап тастаған. Ондай күйкі бейшаралық орын алған жерде даланың тозаңын шығарып жатқан Семейдегі жарылыс та, Иран мен Ирак арасындағы көнтөгіс те түк емес. Бұндай кезде Пікән сияқты сорлылар «Әй, оттамай, аузыңды жапшы-әй! Не істерге білмей жұрттың басы қатып тұрса, қайдағыны айтып қақсай беретіні несі?» Бұл – помидордың сортын анықтай алмай тұрған Пікән байғұстың Бектұрдың ядролық жарылыс пен қантөгіс туралы айтқан хабарына жауабы. Асылы, адам жанының азып-тозуы осындай күйкі ұғым мен ұсақ мүддеден басталса керек. Кезінде баспасөз беттерінде өзінің тиісті бағасын алған «Ай-Петри ақиқаты» әңгімесі де адам басына қонар бақтың қаншалықты баянсыздығы мен оған келер сордың соншалықты оңай екенін көрсетер көркем дүние.

ӨТЕЖАН ТУРАЛЫ СӨЗ

Мен, соңғы кезде, әлде кездейсоқтық па, әлде орайы мен реті солай келіп тұр ма, әйтеуір жұрттың ұғымы бойынша, өмірде қолайсыз адамдар болып саналатын ақындар туралы сөз айтатын болып алдым. Жақында ғана қатар жүргенде өте қолайсыз адам, бірақ үлкен ақын Сәкен Иманасовтың творчествосы туралы сөз айтқам. Бүгін, міне, тағы да сондай табысып, шүйіркелесіп кетуге өте қиын, тонның ішкі бауындай боп жақындасып дос болу мүмкін емес, түсінігі де, түйсігі де бөлек, тіпті кейбір адамдар үшін жат боп көрінетін Өтежен Нұрғалиевтің өлеңдері туралы, өз мүмкіндігімше әңгіме қозғауға тиіс боп тұрмын. Әрине, қолайсыздықтың табиғаты да әртүрлі болады. Сәкен Иманасовтың қолайсыздығы бетің бар, жүзің бар демей түйеден түскендей дүңк еткізіп қойып қап, осымен әңгіме бітті деп жөніне кететін қолайсыздық болса, Өтежан Нұрғалиевтің қолайсыздығы – тек турасын айтып қоймай, арты дау-дамайға соғып, тіпті жағаласуға ұштасып кететін, нағыз қызылкөз қолайсыздық. Жығылып жатса да, тілін тартпайды, айтқанынан қайтпайды. Бұл жерде айта кететін мәселе, Өтежан Нұрғалиевтің бұл өмірде жеңген тұсы болса, ол оны тік тұрып жеңіп алған емес, ол оны жығылып жатып жеңіп алған. Ол әлі күнге дейін жығылып жатып тағдырмен де, өмірмен де, адаммен де алысудан, жағаласудан танған емес. Бірақ Өтежан Нұрғалиев жығылып жатса да, екі аяғымен нық тұрған, дүниеге кеудесін керіп қарайтын көп адаммен биік екенін, өзге емес ең алдымен, өзі жақсы біледі. Енді адам Өтежан Нұрғалиевтан ақын Өтежан Нұрғалиевке қарай ойыссақ. Менің ұғымымда, Өтежан Нұрғалиев шығармашылық өмірге екі кезең боп екі рет келген сияқты. Тағы да екеуінде де құбылыс болып келген. Біріншісі – сонау алпысыншы жылдардың басында басталып, жетпісінші жылдардың ортасына таман келіп аяқталатын Өтежан Нұрғалиев те, екіншісі – сол жетпісінші жылдары мүлде басқаша боп түлеп, мүлде басқаша басталатын Өтежан Нұрғалиев. Шынын айту керек, әдебиетке алпысыншы жылдары «Менің махаббатыммен» келген ақын Өтежан Нұрғалиев өлеңдерінде жаңа бояу, тың үн, тосын мінез болса да, қолайсыз мінез жоқ болатын. Қайта ол қабағынан қар жаудырып, қанатымен ызғар соқтырып тұрған мезгілге күні күркіреп, найзағайы жарқылдаған, жаңбыры төгіліп, шуағы құйылған, кеудесі толы күмбірлеген күй, жаны мен жүрегі толы махаббат, тұла бойы тұнып тұрған жарасым мен үйлесімнен жаралған көктем болып кірген-ді.

– Нөсерлі еді найзағай

Шыбыртқы соққан шартылын,
Бұлттарды түріп айдамай
Қуатың қайда, жарқыным?! –
Тіл қатты таулар осылай

Аспанның найзағайына,
Қаһары келіп найзағай
Таулардың қайрағанына
Ашумен жұлып кетті де

Жартысын кемпір қосақтың,
Қосақтап қойған тамшыны
Қылышпен кесіп босатты.

Өтежан Нұрғалиевтің алғашқы өлеңдерінің бірінен саналатын бұл өлеңдегі табиғат құбылысы ақын табиғатына да тікелей тән дер едім. Ол да, Ақынның өзі де әдебиетке кемпірқосақтарын керіп, оған көгенделіп қосақталып тұрған жырларын найзағайлармен босатып, жаңбыр болып құйып, нөсер болып төгіліп келген-ді. Әдебиетке жаңа леп, жаңа тыныс қосылды. Оның жуас ағып, момын соғып тұрған тамырына бұла қуатты жас қан құйылды. Қасаң идеология қағазының тозаңын жұтып, семіп бара жатқан әдебиет өкпесі топырақ пен жусан исін жұтты. Сіре боп қатып, сіресіп жатып алған схемадан әбден мезі болған оқушы жанына сондай жақын, жүрегіне сондай ыстық құбылыстармен Өтежан өлеңдері арқылы қауышып, масайрап қалды. Енді оқырман қауым жалаң сөз, жадағай ұраннан қашып, Өтежан ауылдан арқалап алып келген «әнші жел, биші талдың» аралына кететін болды. Ақын да талғаусыз ақтарылып өлеңдеріне құлай жығылған оқырмандарының «түнде оттап, күндіз жусап жатқан таулардың» арасында қыдырып, өзінің ай астында кездескен алғашқы махаббатымен таныстырды. Тың теңеу, жаңа образ, тосын тіркестер дүниеге келді. Ол кезде жердің кіндігі – партия, аспанның тіреуі – Ленин мен Сталин деп қана жырланатын үрдісті бұзды.

Кіндігі болса жердің сенің үйің,
Ал өзің аспанымның тіреуісің! –

деді ол қарапайым ғана қазақтың қызына. Әрине мұндай оқыс, сол кездің көзімен қарағанда тіпті оғаш бұл метафоралардан жаман түс көргендей шошып кеткендер де, шоқ басқандай шоршып түскендер де аз болған жоқ. Әдебиетке жаңбыры да көп, шуағы да мол жаңа лепті, тың тынысты Өлең алып келгенін ақынның өзі де сезгендей, оған оның өз кітаптарының аттарын «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Кемпірқосақ», «Айшуақ» деп қоюы куә. Бұл тұстардағы Өтежан өлеңдері өзінің ерек образдылығымен есте қалады. Ол образдар мен метафоралар сондай табиғи, сондай қарапайым. Бірақ соншалықты масштабты, соншалықты ірі.

Бір төбенің басында
Сөнбей жатқан вулкандай, –

дейді ақын. Бұл момын қойлы ауыл түтінінің көрінісі. Ол суреттің астарына үңілсеңіз талай-талай гәп жатыр.Енді бұлаққа қараңыз:

Жер көзінен жас парлап
Жылап жатқан сияқты!
Жердің көз жасын көріп, оны аяйсың, оны жұбатқың келеді.
Көтере алмай көл жатыр

Жұлдыздарын шалқалап,
Таулар, таулар жолда тұр
Аспандарын арқалап!

Айтты да тастады. Қиналған да жоқ, күшенген де жоқ. Күнде көріп жүрген сурет, күндегі көз алдымыздағы болмыс. Тағы да бұ образ-метафоралар – қай әдебиеттің де ажарын арттырып, шырайын кіргізетін образ-метафоралар. Ақын қайраттанып, қуаттанып келе жатты. Ақын қайраттанса, тас жарып, тау қопармайды. Ақын қайраттанса әрірек қарайды, тереңірек үңіледі.

Тастай-тастай жалғанды,
Жеңілденіп алғанмын,
Іше-іше арманды
Көңілденіп алғанмын.

... Ұшырдың, жыр, құс қылып,
Қанаты жоқ еңсені.
Тайфундардай ысқырып
Шақырайын мен сені.

Өз өлеңінің тайфундардай ысқырып шақырып тұрған ақын қуаты алапат болса керек. Шынында солай болып шықты. Енді ол «Қазандай менің түндерім төңкеріп тастап ішетін» деп алшаң басып, асқақ сөйлейтін болды. Оның құрылысшылары аспанның бір қиырына шығып ап «кірпіштерін найзағайдың қып-қызыл жотасына қалай­тынды» шығарды. Берірек келе ақын тақырыбы кеңейді. Космосты, планетаны, космодромдарды жылады. Егер Өтежан Нұр­ғалиев ақынның бір сәтсіз тұсы болса, оның осы тақырыпты кеңейіткен тұстары. Тақырыбы кеңейген бойда оның күш-қуатының арнасы тартылып сала береді. Болмысы жүдеп, бояуы солғын тартты. Күшенгеннен дауысы қарлығып, асығыс болғанмен жайдақ боп қалды. Яғни жерден өкпесі көтерілмей кеткен Антей сияқты қауқарсыз халге түсті. Өтежан Нұрғалиев өлеңдерінің топырағы да, тақырыбы да өз елі, өз жері, тіпті керек десеңіз өз ауылы. Бір қызығы, оның космос, бүкіл әлем туралы жазған өлеңдері, өзгені былай қойғанда, өз ауылының да көңілінен шықпаған болса, ал өз ауылының жырға түскен тағдыры мен талайы, қасіреті мен қайғысы, егер дұрыс аудартып оқытса, әлемнің көңілін толқытатын деңгейге көтерілген дер едік. Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» кітабы біздің бұл сөзімізге толық жауап бере алады. Біздің манағы айтқан, тағы бір құбылыс болып оралған екінші Өтежан Нұрғалиев та осы кітаптан басталады. Ал екінші Өтежан Нұрғалиев бірінші Өтежан Нұрғалиевті, ол қанша күшті болса да, он орап алатын қуатқа ие. Оның «Соғыстың соңғы жазы» кітабы, шынын айту керек, қазақ поэзиясында қай жағынан болсын – орындалу жағынан да, батылдығы жағынан да, философиялық тереңдігі жағынан да, образды ойлау жағынан да, – сирек кездесетін кітап.

Ақ қағаздан қорқушы ем нүктесі жоқ,
Айдаладан қорқушы ем бүкпесі көп.
Нүктесін де көп көрдім, бүкпесін де,
Маған сірә, бұл жердің өкпесі жоқ, –

деп басталады бұл кітап.

Өтежан Нұрғалиевтің бұл кітабы – сонау соғыс жылдарында жалаңаяқ, жалаң бас өсіп келе жатқан бозөкпе баланың аянышты тағдыры туралы ғана кітап емес, жәбір мен жапа, зорлық пен зомбылық, қаталдық пен қатыгездік туралы кітап. Ал ол қаталдық пен қатігездікке, ол зорлық пен зомбылыққа бала көңілмен қарау – қандай ауыр, қандай қиын. Көлемі бір-ақ тұтам бұл кітаптың ішіндегі әр өлеңнің әр қайсысы үлкен-үлкен бір кітаптың салмағын көтеріп тұр десем тіпті де өтірік айтпаған болар едім. Ақынның «Бота баққан ақын» деп аталатын өлеңіне көз жүгіртіңіз. Енесіне жамыратпай бота бағып жүрген бала ақын бір күні өлең жазып қағаз шимайлап жатады. Өлең жазған адамда ес бола ма, ол басқа әлемге кіріп кетпей ме, міне, сол кезде бала ақынның құлағына «бота кетті» деген дауыс естіледі. Бала орнынан тұра сап, ботаның соңынан жөнеледі. Қалай да ол ботаны енесіне жамыратпау керек, өйткені бастықтың әйелі шұбатты өлердей жақсы көреді. Ботаны қуып ұшып келе жатқан баланың табынына тікен емес, тіпті шөңге емес, сояу кіріп кетеді. Ұшып түскен бала, домаланады да қалады. Сол сояуды атауызбен зорға суырып алады... Шынында да сол сояу суырып алынып па?! Жоқ суырылмапты. Табанынан кірген ол сояу «маңдайынан шор болып» шығыпты. Сол сояу арқылы ақын басқа бір арнаға түсіп, басқа бір пәлсапаны қаузап «Жүрегімде жатыр менің, Өмірдің, Талай-талай суырусыз шөңгесі» деп өз тағдырына қамыға үңіліп, оған өзгені де үңілдіріп кетеді. Тіпті ол сояу кіріп үңірейіп кеткен табанындағы тесік арқылы Өткен Күніне үңіледі. Меніңше, бұл образға түсініктеме беріп жатудың тіпті де қажеті жоқ. Тек айтарымыз, оның – кім-кімді болсын селт еткізетін тосындығы. Табанына кірген сояудан қалған Тесік арқылы Өткен Күніне үңіліп отырған ақынды көз алдыңызға елестетіңізші. Құйқаң шымырлайды. Өтежан Нұрғалиевтің бұл кітабындағы қай өлеңдері де жарасы үңірейіп, қаны сорғалар тұрған өлеңдер. Ол өлеңдерді оқып отырғанда ол жаралы өлеңдердің денесінен сорғалап тұрған қан сенің жүрегіңнің үстіне сорғалап тұрғандай болады.

Бұл ауыр хал сол күндердің елесі ед...
Сол күндерге қайта оралу неге сеп?!
Әрең жетті елуінші жылдарға
Екі қапшық ұн көтерген Көк Есек... –

деп басталады ақынның «Бақыт деген не?» деген өлеңі. Мүмкін «бақыт» деген ұлы биік ұғымға жексұрын мақұлық Көк Есектің не қатысы бар деп ойларсыз. Тікелей қатысы бар! Өйткені көк Есектің үстінде екі қапшық ұн бар. Яғни, Көк Есектің үстінде Екі Қапшық Бақыт бар.

Қабағынан есектің тер домамалп,
Қазір жетем деп келемін жобалап.
Есек болып келе жатқан Екеуге
Есек болып құлап қалу обал-ақ.

Неге қорқам неге сасам! Немді аяп!..
Мен келемін аяңымнан танбай-ақ...
Теңіздегі алтын артқан кемелер
Азар болса болған шығар мендей-ақ.

Қос қапшық ұн болар екен қанша нан?!
Сол бір нанға тояр екен қанша жан?
Өмір енді бұрынғыдан өзгелеу
Қарындасым, нан әкелем мен саған! –

деп сол бала жан-жүрегімен, бүкіл тұла бойымен бақыттың шуағына шомылып, бақыттың нұрына бөленіп келеді. Есектің үстіне тиелген неткен ұлы бақыт! Бәлкім, өмірді боямасыз көрсету дегеніміз осы шығар. Әлгінде айттым, бұл кітап туралы, ұзақ сөйлеуге болады. Өйткені бұл кітап – тағдырлы кітап. Адам қайғысы мен қасіретін арқалаған кітап. Бұл кітап – әлі күнге өзінің тиісті бағасын алмаған кітап. Бірақ «баға алу» деген не өзі? Орден бе, медаль ме? Немесе жақсы жасалынған баяндама ма? Қайсысы? Егер сұрақ төтесінен қойылса Өтежан Нұрғалиев те, мен де, сөз түсінетін ағайын, Сіздер де қай-қайсымыз да жауап бере алмас едік. Ол үшін алдымен «алтын артқан кемелерге» бергісіз Көк Есекке артқан екі қапшық ұнның бағасын беру керек шығар.

КЕҢІСТІКТІҢ КЕМЕЛ ЖЫРШЫСЫ

Әдебиетімізді түлетіп-жаңғыртқан, өрісін кеңейткен, өркешін биіктеткен алтын кезеңдердің бірі – алпысыншы жылдар екенін, бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол жылдары тау суындай екпінді, даланың желіндей тегеурінді әдебиетке келген қуатты жаңа толқын ғана емес, солармен бірге олардың алдыңғы аға ұрпақ өкілдері де дүр сілкініп түлеп, қоғам мен адамның бұрын айтылмай, ашылмай келген терең қабаттарын қопарып, әлеуметтік өміріміздің тоң боп сіресіп жатқан қыртыстарын үңгіп, мүлде жаңа ізденістер мен үрдістер алып келгені баршаға аян. Рухани өміріміз болмыс-бітімі ерен, мүмкіндік қарымы кең, таланттары зор, ілім-білімі бар ірі тұлғалармен толықты. Осыншалықты айбарлы, ауызын айға білген қуатты әдеби күш жинақталған тұста жас ақын мен жазушының дауысы жұртты елең еткізуі қиынның қиыны болатын. Ол үшін әдебиетке жаңа сөз, жаңа тыныс алып келе алатындай талант иесі болу керек еді. Құдайға шүкір, ондай талант иелері, аз да болса, бар боп шықты. Солардың бірі, сөз жоқ, Дүйсенбек Қанатбаев дер едік. Ол ақын әйгілі «Адыраспанымен» жұрттың бәрін жалт қаратты:

Дала – аңызақ қаптаған
Алтыннан қазір су сыйлы.
Өмірде тыным таппаған
Қып-қызыл шағыл сусиды.

Жалбарын, жалын, өл мейлі
Татырмайды аспан нәр.
Тек оған көңіл бөлмейді
Шөлдегі адыраспандар, –

деп басталып,
Исі мен кермек дәмі үшін
Оны ешкім көзге ілмейді.
Сонда да бұзбай болмысын

Өзінше ол да гүлдейді.
Даланың долы желі де
Жұлқиды адыраспанды.
Сонда да ол өнген жерінен

Екі ел ажыраспайды.., – деп аяқталатын жолдар, шын мәнінде, барша оқырманды тәнті қалдырғаны рас. Өйткені қарапайым ғана орындалған бұл өлеңнің өзегінде үлкен мән мен мағына жатыр. Ол мән мен мағына туған жерге деген, далаға деген махаббат пен ұлы сүйіспеншілік. «Жарбайы ғана жұлып, торғайы ғана қонатын» тұла бойы өттей ащы адыраспан екеш адыраспанның өскен жерінен екі ел ажыраспайтын қайсар мінезі, сөз жоқ, көп адамды ойландырып толғандырары сөзсіз. Осы өлеңнен кейін-ақ Дүйсенбей Қанатбаевтың поэзиядағы жұлдызы жанып жүре берді. Дүниеге «Ақ пышақ бірін шауып, бірін үзіп жатқан» «Адай» мен бұрын-соңды бізге беймәлім, тың әуен мен тосын сазға толы «Дүтар саздары» келді. Бұл жырлар да өлең сүйер қауымның есіне тасқа қашағандай болып сіңіп қалған жырлар.

Енді сол дутар саздарына құлақ түрейік. Қандай гәп, қандай сыр шертер екен.
Қалауын таппай қасқая тосқан қырғыннан
Алапат жаулар атының басын мың бұрған.
Ұлдарым менің жанымен үнсіз қоштасып ,

Намысы үшін шыңғырған!
Айтулы батыр айықпай кеткен айбардан
Арынды бұлақ атқылай шапқан қайнардан.
Жарқ ете қалған қайқы бел алмас қылыштар

Қараңғы түнге ай болған!

Осы бір шумақтың өзінен-ақ түркмен жұртының қайтпас қайсар өр мінезі мен асқақ рухын тануға болады. Көз алдыңа ауыздығын қарш-қарш шайнап тыпыршып бір орнында тұра алмайтын кілең бір ақалтеке мінген, елі мен жерінің намысы үшін “жанымен үнсіз қоштасуға” даяр ақберен атпал азаматтар тізіліп тұра қалады. Олардың қолындағы жарқылдаған алмас қылыштар қараңғы түнге ай болғандай. Тұла бойың жел кернегендей дуылдап, өз- өзіңнен қуаттанып, қайраттанып бара жатасың. Дүйсенбек Түркменстанда дүниеге келген. Түркмендермен ең бір сүйектес, тілектес ағайын-туыстай боп қоян-қолтық алғаусыз араласқан. Ол елдің мінез-құлқын да,салт-дәстүрін де, әдебиеті мен мәдениетін де, тарихы мен аңыз әңгімелерін де бойына жас кезінен молынан сіңіріп өскен. Содан болса керек ол түркмен халқының ұлы классик ақыны Мақтымқұлыны жеріне жеткізе аударып шықты. Ол енді бөлек әңгіме. Дутар сазын тағы бір тыңдап көрейікші. Не дер екен.

Ойы- қыры оймақтай- ақ осы аймақ,
Көрмеді- ау бір шаттығына масайрап.
Ту даламды тулақ етті қайтейін
Мынау қырғын, мынау соғыс, ат ойнақ.

Тауды төбе, қайраң қылған көлшікті
Бұл ойранға шыдар емес жер тіпті.
Ал қайрат қыл, қайран бахшым, серігім
Астыңдағы ақ табаның мертікті.

Қансыраcаң намысыңды тірек ет!
Ақ алмаспен жау жүрегін іреп өт!
Не боп қалды? Жер құштың ба, ант атқыр
Көтер басты! Отырма олай жүрелеп.

Бұдан дағы тұл болғаным көп жақсы.
Көкірегімді бабауратпай кел, бахшы.
Еркек болып жаудан қорғай алмадың
Енді әйел боп туған жерге төк жасты.

Бұл өлең ту даласын тулақ етіп, тауын төбе, көлшігін қайраң қылған, ойран соңынан ойран салған лағнет атқыр отаршыларға қарсы айтылған өлең. Ерлікке, өрлікке үндеу. Бірақ өлең өкінішпен , наламен аяқталады. Қайран ерлер қаптаған қалың жаудан жеңіліп тынады. Сол кезде дутар да сұңғағын созып жіберіп сыңарынан айрылған аққудай сұңқылдап қоя береді: “еркек болып жаудан қорғай алмадың, енді әйел боп туған жерге төк жасты.” Неткен қатал үкім, неткен аяусыз жазғыру! Нағыз түркмендік рух! Мен балаң, жас кезімде Дүйсенбек Қанатбаевтың қасында ең көп жүрген, бірге болған адамдардың бірімін. Оның тұрмыстық тіршіліктегі басынан өткізген тауқіметтері мен қуаныштарын да, өмірге деген, өнерге деген көзқарастарын да бір кісідей жақсы білем. Қаламынан туған бүкіл шығармаларымен түгелдей жете таныспын. Бірден айтайын, насихатының аздығына қарамай, мен оны қазақтың бүгінгі таңдағы үлкен ақындарының бірі деп бар даусыммен айта алам. Олай болса, маған Дүйсенбек Қанатбаевтың негізгі тақырыбы – қандай тақырып, ұстанар ұстанымы не, тамыр салған топырағы қайда жатыр, оның өнердегі концепсиясын не деп білесің деген сауалдар қойылып жатса, мен оларды заңды сауалдар дер едім. Менің ойымша, Дүйсенбек Қанатбаевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашылық тағдыры да – сахара кеңістік, ұлы Дала. Ол ондаған жылдар бойы бүкіл саналы өмірін қалада өткізіп келе жатса да, өзінің адыраспаны сияқты даласынан екі елі ажырасып көрген емес. Оның жырларындағы қайғы мен қасірет те, дүрмек пен дүбір де, сор мен зобалаң да, мейірім мен қайырым да сол ұлан ғайыр кеңістік үстінде, ұлы дала төсінде өтеді. Ол тіпті асқар Алатауға мақтаныш сезіммен қараса да кеңістікте тұрып мақтанады. Бірақ ол ешуақта да сол асқар таулардың иығына шығып ап өзінің байтақ даласына биіктеп қараған емес. Құдайға шүкір, қазақ поэзиясында шексіз кеңістік – Дала бейнесі аз жасалынған жоқ. Даланың шөлі мен көлін, қыстауы мен жайлауын, жолы мен жотасын, сортаңы мен майсасын, тағдыры мен тауқіметін, жаны мен малын, құсы мен аңын көрсететін поэтикалық полотнолар дүниеге келді. Яғни, әлемдік поэзияда болып көрмеген өлең тілімен жырлаптұрған тұтас галерея жасақталды. Мен бұл жерде «Әлемдік поэзияда болып көрмеген» деген сөзді бостан бос айтып отырғам жоқ. Асырып та айтып отыр деп ойламаңыздар. Шыны солай. Ал енді бұл сөзіме күмән келтірсеңіздер, қане, айтыңыздаршы, қай ел, қай ұлттың поэзиясынан, қазақ ақындарындай Дала образын жасаған, Дала бейнесін асқақтатқан жырларды табар екенсіз. Таба алмайсыз. Тек біз өзіміз таныта алмай жатырмыз. Міне, осы алып галереядан Дүйсенбек Қанатбаевтың дала туралы шығармалары да ортадан ойып тұрып орын алғанына ешкім де шәк келтірмесе керек. Ол өз шығармалары арқылы Дала образын тың теңеу, ажарлы бояу, тосын суреттермен толықтырды. Дала төсінде болып жатқан сан түрлі, сан қилы құбылыстарды мүлде жаңаша, мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайтын қалыпта қағазға түсіре білді. Өзінше көре алды, және өзінше көрсетті. «Киіз үй» өлеңіне көз жүгіртіңізші. дала өзгеріп, жаңғырып жатыр. Оның төсіне басқа қарекет келіп, өзге тіршілік орнығуда. Әрине, ғасырлар бойы қанға сіңген салт-дәстүрлерден, қастерлі қасиеттерден арыла қою, олардан қол үзіп мүлде енші алып кете қою оңай емес. Бірақ өмір өз дегенін істемей қоймайды. Күні өткеннің көкірегінен итереді, күші қайтқанның төбесінен басады. Әрине, мұндай кезде ақын да ауытқымалы аласапыран күй кешеді. Ол өзінің осы бір аумалы-төкпелі көңіл күйін бір кезде кеңістікті ақ жұмыртқадай боп мекендеп тұрған киіз үй тағдыры арқылы береді. Жаңа өмірдің екпінін бойына сіңірген «өзі шайқап өсірген түлектері» киіз үй – ақ жұмыртқаны келмеске жіберді. Ақын қамығулы. Ақын қимас сезімнің құшағында. Бірақ ол дәл осы жерде күрт өзгереді. Өйткені ақын салт-дәстүрді қорғаушы ғана емес, сонымен бірге жаңа өмірді қолдаушы да:

Біз оның ескі жұртын сызып тұрып,
Орнына сарай салдық қызық қылып.
Осылай ер жеткенде қанаттылар
Самғайтын жұмыртқасын бұзып шығып.

Бұл тек жұбату емес, әрине. Бұл жолдардың астарында талай-талай сыр, талай-талай гәп жатыр. Меніңше, Дүйсенбек даланы өзі көтеріп, өзі арқалап жүрген сияқты. Олай демеске амалым жоқ. Өйткені ол:

Мен сені жүрем ылғи думандатып
Керек жерде алдыма жайып тастап –
дейді ол.

Оның дала төсінен тапқан теңеулерін, образдарын, метафорасын, штрихтары мен детальдарын айтып тауыса алмайсыз. Айтпай тағы тұра алмайсыз.

Дала сері, дала сал
Мекені ғой ерке елдің.
Шыр айналып қарасам
Ұшындаймын циркульдің.

Бұл суретке әсерленбеу, тапқырлығына таңданбау мүмкін бе?
Қыр үстінде айқыш-ұйқыш жол жатыр
Батырлардың найзасындай айқасып.

Тұтас бір дала драмасы. Ойланасың, толғанасың. Бағзы бір замандармен еріксіз сырласып, еріксіз мұңданасың. Дүйсенбек суретті әйтеуір бір сурет үшін салмайды. Ол суреттер, сөз жоқ, тағдыр-талайымды болып келеді.

Анадайда қарнын сипап балбал тұр
Бір тостаған қалған-сынды ішілмей.

Бұған енді не дерсін. Бедірейген балбал тасқа да жан бітіп кетті. Оның үстіне, ол балбал таста, шын мәніндегі, кең етек, кең құрсақ далалықтың мінезі жатқан жоқ па? Ал киіз үйдің орнын айтса –

Тек жұрты жатыр дөңгелеп
Қоп-қоңыр пластинкадай.

Көрдің бе, көшіп кеткен иесіз үйдің дөп-дөңгелек жұрты да, қоп-қоңыр пластинкаға айналып ән салып кетті. Дүйсенбек ақын үшін «торғайлар – қанатты қоңыраулар», «сартікен – алтын ине», «жетіқарақшы – жеті күлше», «күзгі киіз үйлер малақайын басына баса киіп алған шаруа», «сортаңы – сорғыш қағаз», «жылт-жылт етіп іннен інге сүңгіген тышқандар жанды сынаптар» асығып жүгіріп бара жатқан «бұлақтар – жерді тепшіп тігіп бара жатқан инелер», «зу атылған оқ жылан – электроспираль», т.т. Әрине, Дала образын жасауға бар талант қуатын, бар мүмкіндік қажыр-қайратын сарқа жұмсап келе жатқан Дүйсенбек Қанатбаев оның тек жоғарыдағыдай деталь-суреттерін ғана салып қойса көп нәрсенің орыны толмай орта тартып қалғандай болар еді. Өйткені, Дала, ең алдымен, тағдыр, өмір. Адам тіршілігі. Заман мен Уақыт кеңістігі. Ал ол кеңістік қаншама қан жұтып, қайғы ішкен. Қаншама қасірет көріп, мұң арқалаған. Сондықтан да «қайғылы күймен тек қана, оянады әлі сол ауыл». Ол кеңістікті мекендеген елді де адамзат, ұлт басынан өткен таукіметті оқиғалар айналып өткен емес. Ұлы кеңістік үстіндегі талас пен тартысты келісім мен кетісуді, кісілік пен кісәпірлікті, имандылық пен имансыздықты, мәрттік пен нәмәрттікті шынашақтай кезінен көріп, танып өскен ақын, сол кеңістіктей кең философиялық ой айтады.

Құдайыңа адал болу – сол қиын, – дейді. Шынында да құдай алдында адал болудан өткен қиын, одан өткен азапты жол бар ма?! Адал болу – кісінің кісісінің, адамның адамынының қолынан келмек. Ол үшін сен қаншама қорлыққа төзіп, қаншама зорлықты көріп, қаншама зомбылықты басыңнан өткізуің керек. Ол жолда сен қаншама мехнат шегіп, қаншама бейнет арқалайсың. Тағы да сен мехнат пен бейнеттің зейнетін ешуақытта көрмеуің мүмкін. Міне, ақынның бір жол өлеңі ғана қаншама жүк арқалап тұр. Өзінің кеңістігіндегі шыңыраудай терең мұндай жолдар Дүйсенбек Қанатбаев шығармаларында аз емес. Оларды ондап, жүздеп келтіре беруге болады. Бірақ оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Сан түсті, сан бояулы ол жолдарды бір-бірімен жымдастырып, бір-бірімен үйлестіріп тұтас бір мозаика, ақынның өз тілімен айтқанда «құрау көрпе» жасауға болар еді де, сонан кейін:

Аман болсын әсем әлем бүп-бүтін
Аман болсын құрау-құрау дүние, –
деп бәріміз қосылып тілек айтар ек.

Дүйсенбектің өзінің даласына деген мейірім мен қайырымның орасан молдығы соншалықты, ол қозының көгенделіп, ботасының ноқталанғанына да күйінеді.

Қаулап шыққан қойнаудың қолтығына
Жіберейін раң мен мортығына.
Қақпақтының тұсына қақпан құрып
Жол бермеспін бөрінің жортуына.

Ақын енді ұлы даласының кеңістігіне азулы ажал, аузы қан жыртқышты кіргізбек емес. Жыртқыштықтың алдында қақпан боп жатып алмақ.

Дүйсенбек бұл өлеңінде тағы да дала туралы:
Жете алмаған еш қыран шырқауына
Шыңырауын еш қауға сарқа алмаған,–
деп толғанады.

Біз бүгін Дүйсенбекке, шырқауына, жете алмасаң да, қыран боп самғап, шыңыраудан, сарқа алмасаң да, мейір қандырар жырлар алып шыға бер демекпіз.

КӨБЕ СӨГЕР ЖЕБЕ ЕДІ

Жарасқан, жел үп етсе кебірі мен сорын кебектей суырып шыға келетін, аптабы мен аңызағы қандай ыстық болса, аязы мен бораны сондай ызғарлы Сырдарияның Аралға құятын көп саласының бір сағасында туыпты. Қандай бір ұлы өзен болса да, өзі құятын теңіздің орасан қарсылығына ұшырайды. Ағып келген ағысымен теңізге кіре алмайды. Дәл кірер тұста тарқатылған арқанның ұшындай, немесе, бәйтеректің тамырындай болып тарам-тарам, атырау-атырауға бөлініп, жан-жақтан сыналап сұғынып кіреді. Сөйтіп қана теңіз қарсылығын жеңеді. Сол өзен мен теңіздің ұстасып тұтасатын саласы әдетте, буырқанып, бұрқырап жататын, ең бір қауіпті, ең бір қатерлі тұсы. Ол жер тек өзен мен теңіздің ғана арпалысып-арбасып жатқан тұсы емес. Тұщы мен Ащының да, яғни тұщы Сырдария мен ащы Аралдың да арпалысып, арбасар жері. Құмы бір суырып, күні бір қыздырып, борасыны бетіңді темірдей қарып, аязы сүйегіңді шағып жіберетін, Ащы мен Тұщы арпалысып жатқан сол өңірдің мінезі қандай болса, Жарасқанның мінезі де дәл сондай еді.

Сондықтан да ол, өмірде де, өлеңде де қалқып сөйлемей, қарпып сөйледі. Тіпті ол сілтенген қылыштай кесіп те сөйлеген жоқ, өңменге тіке қадалатын кездіктей тесіп сөйледі.

Ол көп жебенің бірі болған жоқ, көбе сөгер жебе болды.
Ол ешкімнен тайсалған жоқ, одан – шынашақтай болса да – жұрт тайсалды.

Мен осы жерде кезінде көп адамның құлағына жетпей, көп адамның көзіне ілінбей қалған Жарасқанға арнаған өлеңімді келтіре кеткенді жөн көріп тұрмын.

Жарасқаным, дара тұлғам,
Сенде сезім, ой шыныққан.
Білем сенің
Жаратылған

Тұла бойың қайшылықтан.
Шарт кететін шешім күтпей,
Сөзге бірақ тұрақтысың.
Нәзіксің сен өсімдіктей,

Бәйтеректей қуаттысың.
Ақтарылып бұлақ құсап,
Кейде кенет іркілесің.
Тұрасың сен шырақ құсап,

Найзағайдай сілкінесің.
Жайлау болып көсілесің,
Сонсоң қайта қайраласың.
Түбіттей боп есілесің,

Тікенекке айналасың.
Кейде үйді ұмытасың,
Кейде үйге қамаласың.
От сияқты жылытасың,

Оқ сияқты қадаласың.
Өзіңді мен мүлде білдім,
Қайшылықты құбылыссың.
Өз еркіңмен – бұл өмірдің! –

Балын ішпей уын іштің.
Жайып келе жатырсың сен,
Жүрегіңді дастарқан қып,
Жарып келе жатырсың сен

Өзіңді өзің тас-талқан қып.
Мен білетін Жарасқанның мінезі осындай еді.

Ол бұл алдамшы қу өмірдің өзіне суық қарап, қайрылмастай сыртын беріп бара жатқанын біле тұра тағы бір мінез ірілігін көрсетті. «Құлыптас» кітабын жазды. Ендігі әңгіме сол кітап жайында болмақ...

* * * Бұл кітаптың тұтас аты «Құлыптас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін» деп аталады. Ол кітаптың алғашқы беті «Қабірстан қақпасындағы жазу немесе кітапқа кілт» деген өлеңмен ашылыпты. Байқадыңыз ба, Жарасқан «Қабірстан» дейді. Кез-келген пенденің құлағына сұп-суық боп естіліп, тұла бойын аяз қарығандай түршіктіретін «қорым» мен «зиратты» «Қабірстан» деп, яғни кешегі өткен ата-бабаларымыз бен бүгінде өтіп жатқан замандастарымыздың көшіп барып, қоныс теуіп жатқан жері мен елі деп қарайтындай. Ақын оларды тұрмыс пен түндіктің астынан кетсе де тіршіліктен түпкілікті кеткен жоқ деп тұрған жоқ па? Шынында да бұл өмірден өткен-кеткендердің күнделікті тәнін көрмесек те, жанын сезінбесек, сәт-сайын ырығымен жүрмесек те, рухымен өмір сүрмесек ұлттық тірлігіміздің тамыр-талшығы баяғыда семіп, көңіліміздің ішіндегі жанып тұрған шырақ әлдеқашан сөніп қалған болар еді. Оны Жарасқанның өзі де айтыпты:

Үнсіз-түнсіз тас қой! – деме.
«Құллытас!»
Үлкен-кіші құлыптастар астында:
Тірлік жатыр!

Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр біртұтас!

Ақын бұл жолдарды өмірінің соңғы кезеңінде өмір ызғары мен ажал тырнағын бүкіл болмыс-бітімімен, тұла бой, жан-жүрегімен әбден сезінген, көп ұзамай ақ кебін киіп ақыретке аттанар кезін білген кезде, өзін өзі алдарқату немесе иландырып жұбату үшін ғана жазып отырған жоқ, сенің ертеңгі өлімің бүгінгі өміріңнің жалғасы болатынын ұқтыру үшін жазып отыр. Абайдың өзі де біреуі шалғайыңнан тартып, біреуі өкшеңді басып, біреуі жағаңнан жармасып, енді біреуі алқымыңнан алып мүлде жер үстінде жүргізбеуге айналғанда «өлім барда қорлық жоқ» деп өлімді байыз табатын панасы тұтып, тағы бір өлеңінде

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қандайсың, білемісің,
Өлген үшін туғансың, ойла шырақ, –

демейтін бе еді. Жарасқан ойы да осы ойлармен кіндіктес.

Олар жер астында тек жатқан жоқ, біздің бүгінгі де, ертеңгі де тіршілігіміздің, тағдырымыздың, тарихымыздың тамыры сол әруақтар жатқан топырақтан құнар тартып, қуат алып жатыр. Біздің жігерімізді жанып, намысымызды қайрап, рухани қайрат беріп тұр. Олай болса, бүкіл қазақ даласын бізбен бірге жайлап жатқан қабірстан деп аталатын қара ормандай қалың елдің тірлік, тағдырын бүгінгі күнмен қатар қойып, неге жырламасқа? Сондықтан Жарасқан осы кітабы арқылы күні кеше елінің тағдыры қыл үстінде тұрған аумалы-төкпелі за­манда арыстандай арпалысып, жолбарыстай жағаласқан арыстарымыз – Ә.Бөкейханов, М.Шоқайұлы, М.Ты­нышпаев, Т.Рысқұлов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ду­латұлы, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, тағы басқалармен бірге дүниеден өткен өз заман­дастарының сондай-ақ өзінің бойына біткен сол баяғы, не тарпып, не қарпып алатын мінезімен іштар мен жағымпаздың, өсекші мен күншілдің құлыптастарына жазу жазып қана қоймайды, олардың болмыс-бітімі мен кескін келбетіне, кешегі және бүгінгі рухани тіршіліктері мен тағдыр-тауанындарына үңіліп, философиялық тұжырым жасайды. Жарасқан алдымен «Арыстар аманатын» жазып, олардың аузына мынадай сөздер салады:

Кім едік?
Кім болдық біз?
Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!

Марқұмбыз – бәріміз де болашаққа
Жер деген – Адамзатқа Алып қабір!

Ақын алдыңғы ойын бұрынғыдан да қазып тереңдетіп, бұрынғыдан да салмақтандырып ауырлата түскен. Мойынға түскен қыл бұғаудан, аяққа салынған темір кісеннен арылу үшін біздің ата-бабаларымыздың қай жерге қаны төгілмей, қай жерде басы қалмаған. Сондықтан сен басып жүрген жердің әр пұшпағы солардың көз жасымен, қанымен суғарылып, сен басып жүрген жердің әр шаршысында солардың сүйегі жатыр. Ата-бабаларыңның сүйегі! Сондай-ақ күні ертең өзің де топыраққа айналасың. Мәңгілік ештеңе жоқ. Қаншама зерлеп мазар тұрғызсаң да, ол да күндердің күні өткенде жермен жексен болады. Ұрпақ соңынан ұрпақ келеді. Жер-анамыздың омырауына кіріп, тоған мен топыраққа айналып кеткен сенің сүйегің жатқан жерде де шалғындар жайқалып, бау-бақша өсіп, егіндер көктеп, ормандар шулап тұрады. Кеше де солай болған, ертең де солай болады. Өйткені тау да шөгеді, көл де тартылады, сел де төгіліп, сең де көшеді. Олай болса, әр бір қылтиып өскен өсімдікте, әр бір бұтақтан үзіп алған жемісіңде, сен тастар әр бір дән мен сен отқа жағып жылынар әр бір ағаштың өзегінде солардың көз жасының кермегі мен қанының қызуы болуы әбден мүмкін. Содықтан да аяғыңды аңдап бас, өйткені сен Алып қабір үстінде жүрсің! Жұмыр басты пенденің бәріне Арыстар атынан айтылған аманат бұл! Жарасқан арыстарымызға арнаған жырларында сәтті түр тапқан. Мен, әрине, бұл жерде буын санын айтып отырған жоқпын. Тәсілді айтып отырмын. Әр арыстың құлпытасына қашап жазылатын (автор ойынша) сөздер екі-үш шумақтан аспайды. Ол шумақтар қара әріптермен терілген. Олар әрі қарай ақын тебіренісімен табиғи түрде жалғасып кетеді. Ақын бұл тебіреністерінде «асыл арыстарымыз-ай», «қабырғалы тұлғаларым-ай», деп басталып «сұмдар мен зымияндар сендердің көздеріңді қартты-ау» деген сияқты жұрттың бәрі білетін, бәрі айта алатын, шындығы болғанмен, дуалы ауыздардан дуасыз ауыздарға көшіп кететіндіктен шынайылығын жоғалтып бара жатқан жаттанды сөздерге бармайды. Қайта олардың жан дүниесіне тереңірек үңіліп, өмір, тіршілік туралы, елі мен жері хақындағы ішкі толғаныстарын алып шығуға ден қояды. Мәселен, Әлихан Бөкейхановқа арналған өлеңінде

Сұмдардың есерлігі – өлтірмейді,
Мыңдардың өлтіреді – Мешелдігі.

Шынында да солай емес пе? Біздің түбімізге жетіп келе жатқан өзегімізге кіріп үгіп, тамырымызға түсіп қиып келе жатқан жегі құрт – осы Мешелдік қой. Рухани Мешелдік. Бұл сөздер бүгінде актуальді. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген жылы-жұмсақ принциптің ішіне кіріп ап, есік-терезені тарс жауып, дүние төңкеріліп жатса да көзді жұмып, құлақты басып, «Сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп мойнын ішіне тығып отыратындарымыз аз ба? Мен, әрине, бұл жерде айқай-сүрең, дау-дамай, даурықпа даңғазалықты айтып отырғам жоқ. Есті адам өз үйінде айқай-сүрең салмайды. Бірақ, сол есті адам босағасынан сұрқия көз қадалып, табалдырығынан зымиян сөз аттап бара жатса қарап отыра алмаса керек. Қарап отырып қалдық па, онда біткеніміз. Бойын тіктеп, басын көтере алмайтын рухани мешелдік пен рухани сүмелектікті кез келген кесапатты сұм, екі кештің арасында көшетін жын-перілер сияқты иектеп, есінен шатастырып омалдырып отырғызып кетеді. Омалып қалғанның орнынан тұруы қиын. Сондықтан да біздің ең қатерлі жауымыз өзіміздің бойымыздағы рухани мешелдік. Бұл рухани дерт. Ол дерттен айықпай, ел боп кетуіміз қиын. Өз бойындағы осы бір қатерлі дертті халқымыз ертеден білсе керек. Өйткені бұл аурудың аты да көп. Қараңызшы: бойкүйездік, немқұрайлық, салғырттық, селсоқтық, немкеттілік, салбөкселік, енжарлық, бейтараптық, ынжықтық, көнбістік... іздесең әлі де табыла беруі мүмкін. Сұмдардың есерлігі әр уақты да болады, біздердің сорымыз мыңдардың мешелдігі. Жарасқан арыстарымыздың ішкі толғаныстарын ашумен бірге, олардың сөздермен сомдалған образдарын жасауға күш салыпты.

Түпкі ойы,
түпкі мақсат,
түпкі арманы –
Тұтасып түркі елінің жұрт болмағы,

Дуалап – дауасыз бір дерт секілді,
Қуалап – қайда барса – құтқармады.
Бұл Мұстафа Шоқайұлының рухани кескін-келбеті.
Демеймін:

«Пайғамбарсың!»
«Тәңірісің!»
Ел өзін танығанда –
таныры шын!..

Қазақтың текті қаны тулап тұрған
тарихтың сен бір – күре тамырысың.
Бұл Мұхаметжан Тынышбаевтың тарихи болмыс-бітімі.
Азабын сезінсең де жолдың жырақ,

Көздеген арманыңды көрдің мұрат!..
Емессің «халық жауы» қаны тамған,
Кеңестің анық жауы болдың бірақ.
Бұл Мағжан Жұмабаевтың қайсар бейнесі.

Әрине, бұл жерде Жарасқан сомдаған бүкіл арыстарымыз бен өз замандастарының образдарын түгел тізіп шығу мүмкін емес. Тіпті міндет те емес. Кітаптың екінші бөлімі «Уақытқа уәж» деп аталыныпты. Ол бөлімінде ақын ежелгі тарихи ескерткіштер мен тарихи тұлғаларды өлеңіне өзек етіп бастапты. Ол жырларында да ақын ел мен жердің қасиетімен қоса қасіретін, мұңы мен зарын, бағы мен сорын жырға қосады. Бұл жырлар кезінде баспасөз бетінде жарияланып, оқырман қауымның ықылдас-ілтипатына бөленгенін білгендіктен, оларға тоқталып жатпаймын. Менің бұл жерде аздап болса да сөз еткім кеп тұрғаны Жарасқанның бұрын еш жерде жарияланбаған көлемі шағын ғана «Сортопырақ» трагедиялық поэмасы.

Түсін балам. Мені де түсін балам.
Сыртым шуақ болғанмен,
ішім – боран...
Көптен бері түс көрмей өтіп едім

кеше түнде көрген бір түсім жаман!

Сонымен ақын не түс көрген дейсіз ғой. Ақын түсінде бұл дүниеліктен о дүниелік болып кеткен. Ә дегенде ол балалықтың базарына кіргендей болады. Анасымен кездеседі. Бірақ қол созым жерде тұрып бір-біріне жете алмайды. Анасы қанша мейірленіп тұрса да «реңінде реніш» бар екенін көреді. Бала жүрегіне мұң түседі. Сол кезде

Сескенбей де, саспай да, сақтанбай да
секірмей де, күлмей де, шаттанбай да,
Қарсы алдыма бір сәби жетіп келді
Жалғыз көзі жарқырап қақ маңдайда!

Келе сап түйдек-түйдегімен сұрақ қойған сол сәби ақын жүрегін алай-дүлей етеді. «Туған жоқпын... демек мен өлген жоқпын» дейді ол. Поэмадағы бүкіл трагедияның кілті осы сөздерде. Кепкен тулақтай боп тартыла-тартыла сортопыраққа айналып бара жатқан Арал өңірінің апатты трагедиясы. Сол сортопыраққа құрсағында тұншығып қаншама ұрпақтарымыз жарық дүниені көрмей о дүниелік боп кетіп жатыр. Құрсақтан шықпай. Яғни, ол туған жоқ, сондықтан өлген де жоқ. Бірақ ол о дүниеде өңменіңнен өтетіндей жарқыраған жалғыз көзімен қадалған тергеуші боп алдыңнан шығады екен.

«Фәни» деген не нәрсе – білмеймін мен,
«Сәби» деген не нәрсе – білмеймін мен, –

дейді. Дүниеге келмеген сол сәби. Ет-сүйектен жаралғаның рас болса, денең түршігеді, төбе-құйқаң шымырлайды. Осы бір тұла бой тіршілігін астан-кестең етіп, ой-санасын ойран еткен осы бір көріністен «Көке» деген сөз құтқарғандай болады. Бірақ ақын тағы да азапқа түседі. Сөйтсе, оған қарай «беймезгілде мерт болған құлыншағы» құлдырап ұшып келеді екен. Ақын жаны тағы да тас-талқан. Бірақ талқы мұнымен таусылмапты. Енді ақын алдынан «бақилық ақсақалдар» шыға келді. Бәрінің де айтатыны Арал қасіреті. Ақынды жан-жағынан қаумалап сұрақтардың астына алады. Ақын жанын қоярға жер таппай қиналады... Сонымен ақын айтары не? Оның айтары: ақын тек осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де қасіретті екен. Өйткені ол фәни дүниеде пенделердің алдында, о дүниеде әруақтардың алдында да жауап беруге тиісті екен. Ақын осылай ой түйеді.

Сөйтіп ақын миссиясын бұрынғыдан да ауырлата түседі. ... Мен үшін Жарасқан қасіретті де азапты миссиясын атқаруға о дүниеге асығыс аттанып кеткен сияқты.

КЕҢ ТЫНЫСТЫ АҚЫН

Бүгінгі таңда өзінің ұлттық топырағында тамыр сап, ата-баба дәстүрінен құнар тартып, бітім-болмысын жоғалтпаған республикадағы бүкіл исі қазақтың бәрі Жүрсін Ермановты жақсы біледі. Өйткені оның аудиториясы өте кең, өте үлкен. Жүрсін, екі күннің бірінде, ұлтымыздың ең игі дәстүрлі өнерінің бірі айтысты жүргізіп, сән-салтанаты келіскен алып Сарайлардың қақ төрінде мыңдаған, ал теледидарлар арқылы миллиондаған көрермендердің алдында отырады. Бүгінде халықтың Жүрсінге деген ықылас-ілтипаты да, құрмет-қошеметі де айрықша. Оны қазіргі заманның ауыртпалығын өзінен де үлкен алақапшыққа салып базар жағалап жүрген әйелдер де, тепсе темір үзер кезінде екі қолын қалтаға сап жұмыссыз теңселіп қалған азаматтар да, студент-оқушылар да, зиялы қауым да, бір сөзбен айтқанда, үлкен-кіші түгел біледі. Мен өзім оған талай куә болдым. Әсіресе қарапайым халық Жүрсін тұрған жерге қоғадай жапырылып, қамыстай иіледі. Әрине, ол құрмет-қошеметтің бәрі тек Жүрсіннің жеке басына ғана көрсетіліп жатқан құрмет-қошемет емес. Ең алдымен, ол құрмет елдің ең озық дәстүрлерінің бірі – Айтысқа көрсетіліп жатқан құрмет. Оны, құдайға шүкір, Жүрсіннің өзі де жақсы ұғып, жақсы сезінеді. Шынында да, қазіргі кезде ұлттық дәстүрлі өнеріміздің ішінде жұртшылықтың жанын жаулап, жүрегін баурап алған айтыспен үзеңгі қағыстырып тең шаба алатындай өнер жоқ. Ал шығып жатса, онда оның түк те әбестігі болмас еді. Өйткені ұлағатты дәстүрлердің қай-қайсысы да бізге көптік етпейді. Олар, қайта, бізді бұрынғыдан да қуаттандырып, бұрынғыдан да рухтандырып, бұрынғыдан да байыта түседі. Өйткені халық бойына да, жеке адам бойына да, ең алдымен, дәстүр арқылы ұлттық намыс, ұлттық жігер кіреді. Ал дәстүрін жоғалтқан ел – бәрін жоғалтады. Дәстүрсіз ел де, адам да «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбақ пен ебелекке айналады. Мұның бәрін біз неге айтып отырмыз? Кейінгі кезде, анда-санда болса да кейбір адамдар айтысқа деген өздерінің ұшқары пікірлерін сездіріп қалып жүр. Өкінішті-ақ. Егер ондай пікірлер күні ертең етек алып кетсе басқаны былай қойғанда, ұлтымыздың тіршілігіне кесапатты кесірін тигізері сөзсіз. Кім болса да, пікір айтар кезде айналаға бір қарап алған жөн. Жақында бір газеттен жапондықтардың салт-дәстүрі туралы мақала оқыдым. Олардың өз салт-дәстүріне деген құрметі бәрімізге бесенеден белгілі ғой. Мені, әсіресе, елең еткізгені, шет елге оқуға баратын жасөспірімдер жапон дәстүрі туралы арнайы емтихан тапсырады екен. Өйткені дәстүр – тамыр. Көгерем, өнем деген ел де, адам да тамырсыз өмір сүре алмайды. Сүрсе де, ұлттық болмыстан жұрдай болады. Ал біздің шет елдерге оқуға кетіп жатқан балаларымыздың көбісінің қайтып оралмайтындығы өз тілін шала-пұла біліп, құнарынан нәр алмайтындығынан. Бізде дәстүрлі өнеріміздің өркениетке ілесе алмай қалған қараңғылықтың нышанындай көретіндер жетіп жатыр. Ал байқап қарасаңыз, сол өркениетті елдердің өзегін ұстап тұрған дәстүр екенін бағалау қиын емес. Қай жағынан болсын мойыны озық деген американдықтардың мөңкиген бұқаның үстінен түспей, француздарыңыз қораз таластырғанын қоймай, қызыл шүберекті испандықтарыңыз бұқамен сайысын тастамай келе жатқан жоқ па? Мұның бәрін біз, әрине, әңгіменің орайы келгеннен кейін айтып отырмыз. Өйткені Жүрсін Ермановтың бүкіл рухани тіршілік-тынысы дәстүрлі өнерге, соның ішінде айтысқа бағышталып кетті. Сондықтан дәстүр туралы, айтыс жайлы айтып жатсақ, онда Жүрсіннің де рухани еңбегі жайында әңгіме болып жатыр деп ұққан жөн. Айтыс – қазақ пен қырғыздан басқа елде жоқ айрықша құндылық. Бізді ерекшелендіріп тұратын дәстүрлі өнер. Жапондықтар айтады екен: «егер біздің дәстүрімізді басқа елдер түгел түсінген күні жапон ұлты құриды» деп. Осы сөздің астарында көп мән жатыр. Біздің айтысымызды тіпті ауылымыз аралас, қойымыз қоралас деген өзбектердің өздері түсіне бермейді. Бір мысал. Оңтүстік Қазақстан облысында Сайрам деген аудан бар. Елдің табаны, негізінен, өзбектер. Бұдан оншақты жыл бұрын айтысқа кілт бетбұрыс жасалынып жатқан кезде Сайрамнан бір де бір айтыскер ақын шықпаған ғой. Өткеннен қалған жоспаршылдық пен науқаншылдықтың құрсауында өскен облыс басшыларының бірі мұны бір төзгісіз жағдай деп ойласа керек, сол кезде аудан басшысы болып жүрген өзбек жігітін шақырып алып, «сендер неге айтыспай жатырсыңдар» деп мәселені төтесінен қойыпты. Сөздің мағынасын жөнді түсіне алмай қалған өзбек жігіті сасып қалып «Әмекі, біз айтыспаймыз, біз «хұп!» дейміз? – деп оң қолын төсіне басып, басын иген екен. Яғни, дәстүрлі өнер – бізді рухани байытатын ұлттық қазына-құндылығымыз ғана емес, бізді қорғап, қорғалап тұратын рухани қорғаныс-бекінісіміз. Міне, елуге келіп отырған Жүрсін Ерманов осындай аса игілікті, сонымен бірге бүгінгі таңда бәріміз аса зәру, аса ділгір болып отырған дәстүрлі өнерге саналы түрде қызмет етіп келеді. Ол бұл өнерлі іске жұмыс таба алмай қалғандықтан, немесе ермек үшін барып отырған жоқ. Құдайға шүкір, Жүрсін Ермановтың білім-пайымы да, интеллектуалдық қуаты да, ұйымыдастырушы, іскерлік қабілеті де өз қатарластарының көбісінен көш ілгері. Оның бәрін былай қойғанда ол қазақтың бүгінгі таңдағы белгілі ақыны ғой. Жүрсін Ерманов – сонау жетпісінші жылдардың басында қазақ елінің шоқтығы биік қасиетті жерлерінің бірі Ұлытаудан келіп, қазақ поэзиясына қосылған айтулы ақындарымыздың бірі. Оның өз қатарластарынан бір ерекшелігі Алматыдан оқу бітіргеннен кейін де Жезқазғанға барып біраз жыл жұмыс істегендігі. Елдің қалың ортасында болып, оның рухани құнарын бойына да, ойына да барынша молынан сіңіргендігі. Сондықтан болса керек, оның өлеңдерінде ұлттық бояу-нақыштар, бай ажарлы бейнелі сөздер, кеңістікте алқынбай көсілетін кең тыныс, асқақ сөйлейтің биіктік жатады. Жүрсін Ермановтың бүкіл болмысы – далалық болмыс. Даланың жөргегіне оранып, даланың бесігіне бөленіп өскен оның жыры да, сыры да тіпті мұңы да – сол Дала. Есіліп сөйлеп, көсіліп жүретін ортада өскен оған қала тым тар, тым шектеулі.

От жақпаймыз күйелеш күл шығарып
«Құдығымыз» көрген жоқ бір суалып.
Көршің итпен сөйлесіп отырады
Иланбасаң үйіне кірші барып.

Елдегілер еткенмен осыны аңыз
Біз ішінде жүрген соң – шошынамыз.
Төрт қабырға – қыстауың,
Ал жаз шықса

Балкон деген жайлауға асығамыз.
Ие болар кезеңде бір атаға
Мейманыңа беретін – құр атала.
Желдегенде барарың – саяжайың,

Шөлдегенде табарың – сырахана.

Бәріміз де ауылдан келгенбіз. Бәріміз де жусанды даламызды, елдің аялы алақанын, оның мінез-құлқын елжіреп еске аламыз. Туған жер мен туған елге деген сағынышты өлеңдер бәрімізде бар. Бірақ Жүрсін сол сағынышты сезімін өзінше айтқан. Осы өлеңде «сағыныштан өліп бара жатырмын», «қыстауыңа қунап, жайлауыңа аунар ма едім» деген айтыла-айтыла әбден жауыр болған бір де бір тіркес жоқ. Өзінің қаладағы тіршілігін мысқылдай отырып, далаға деген сағынышын бізді әбден мезі еткен «сағынышты жырлардан» мүлде басқа жол тапқан. Шеберлік деген осы. Әрине, мұны айтқанда Жүрсіннің білетіні де, жазатыны да ауыл тақырыбы екен деп ойлап қалмаған жөн. Оның ең басты тақырыбы Қоғам мен Адам тағдыры. Олардың терең қатпарларын қопарып, тылсым құпия тұстарына үңіліп, біз біле бермейтін, бірақ бізге соншалықты жақын қасиеттер мен құбылыстарды ашып көрсетеді. Жүрсінде кез келген антологияның ажарын кіргізетін «Бас» деп аталатын үлкен философиялық жүк көтеріп тұрған өлең бар.

Тиіп басым тасқа
Кейде ашиды миым.
Дұшпаны көп болса
Ие болу қиын.

Көрешегін көрмей
Кірмес, сірә, көрге.
Мен игенмен жерге
Ұмтылады Ол төрге!

Қадірімді кісі
Біле түссін дей ме?! –
Ойға толып іші
Сықырлайды кейде, –

дейді.

Өлеңнің орындалуы қандай?! Тастақ жердегі тұлпардың тұяғындай нақ, сағаттың соғысындай дәл. Бірде бір бөгде дыбыс, бірде бір артық сөз жоқ. Ал көтерер жүгі, жүрегіңе түсер салмағы ше?! Мынау алашапқын, аласапыран дүниедегі қым-қуат тіршіліктің ішіндегі адам баласының басы бірде тау мен тасқа соғылып есеңгіреп, бірде «Алланың добына айналып» домалап, бірде танауын көтеріп кекжиіп, енді бірде тұңғиық ойға батып тұнжырап тұр. Ақынның айтпағы, бұл тіршіліктің осыншалықты қолайсыз, осыншалықты дүрбелеңді, осыншалықты шым-шытырықты, шат-шілекейі шығып; адамдардың бір-бірімен тіл табыса алмай жүз жыртысып, жаға ұстасып жатуы, ең алдымен, басқа ие бола алмаудан. Ақын соны меңзеп отыр. Ақындық өнерінде «жалғыздығын серік еткен» Жүрсіннің қазақ әдебиетіне тарту еткен қуатты жырлары аз емес, ал ендігі берері одан да мол боларына біз кәміл сенімдіміз.

ТАБИҒИ ТАЛАНТ

Несіпбек Айтұлы – бүгінде қазақ поэзиясындағы ең талантты өкілдерінің ортасынан ойып тұрып орын алған ақын. Басқаны қайдам, мен өзім, дәл осылай ойлаймын. Өйткені оның, шын мәніндегі, ешкімге ұқсамайтын, өзгеше, тіпті тосын жырлары, осы сөздерді еріксіз айтқызады. Әрине, Несіпбек туралы сөз аз жазылған жоқ, бірақ көп те жазылған емес. Бірақ ешуақта да мен туралы аз жазылды деп апшыған да, жасыған да емес. Ондай-ондай пендешілікке алаңдамастан, қайта өз ішіне өзі үңіліп, өз өрісін өзі кеңітіп, қатпарлы, күрделі тақырыптарды игеретін, оларды қорытып-сомдайтын құрал-саймандарын жылдар бойы жетілдірумен болды. Бұған менің жақында ғана шыққан оның «Рухымның падишасы» атты кітабын оқығанда анық көзім жетті. Бұл кітап – өрелі, салмағы ауыр, көтерер жүгі мол, салиқалы, бір сөзбен айтқанда, нағыз хас таланттың қаламынан туған кітап. Осы кітапты оқып отырып, мен мынадай ойға баттым. Егер осы кітапқа кірген өлеңдер Алла тағаланың қалауымен өсімдік дүниесіне айналып кетер болса, онда олар тамырын тереңнен тартқан, тұтас бір алқапты жайлап алған, кермек дәмді жусанға айналып кеткен болар еді. Егер суға айналса, айналаны күркіреген сарынға толтырып тұратын сарқырама болар еді. Ал жел боп соқса дүниенің бәрін қозғалысқа түсіріп, аспан астын мазасыз гуілге толтырар еді. Өйткені, ол жырлар ешкімді де бей-жай қалдырмайтын, қалғығанды қайтадан оятып, немкетті мен немқұрайлыны селт еткізіп жан-жағына қарататын қайратты да, қуатты жырлар. Жалпы, Несіпбек Айтұлының бүкіл материалы да, тақырыбы да өзінің бойында. Өйткені ол тағдырлы талант. Бармақтай бала кезінен көңіліне де, көкірегіне де көп-көп құбылыстарды құйып алған ақын.

Оған оның:
Кең аспанның астында пана таппай
Ары көшкен қазақтар бері көшкен, –

деген жолдары куә. Осы жолдардың астарында тұтас бір ғұмыр, толайым-тағдыр, аласапыран заман, алмағайып кезең, еңіреген ел, шырқыраған бала, жол таба алмай сандалып сарсылған ана мен әке, қаншама зорлық пен зомбылық, қаншама қасірет пен қайғы жатыр. Біздің Несіпбектің материалы да, тақырыбы да өзінің бойында дейтініміз сондықтан. Өмірді көп көріп, тағдыр қиындығын көп кешкен шын ақын қашанда дүниедегі бар келеңсіздікпен, зорлық пен зомбылықпен, мейірімсіздік пен қайырымсыздықпен, қаталдық пен қайырымсыздықпен жағаласып, арпалысып өтпек. Ол өз бойындағы сәулесін дүниені жылытуға, өз жанындағы шырағын адасқанның алдына жағып қоюға, өз жүрегіндегі қуатын қалжырап, шаршап-талғанның қолтығынан демеуге жұмсамақ. Яғни, ондай ақын өмірдегі бар оспадарлық пен өктемдіктің, бар сорақылық пен зымияндықтың, бар қорлық пен сұмдықтың, бар аярлық пен кісәпірліктің бет пердесін сыпырып алып жұртқа көрсетпек. Несіпбек Айтұлы дәл сондай ақын.

Еш нәрсе жоқ кең ғаламның
тар құрсағы қуырмас,
Тәубәсіне түскен жанның
шиін пенде суырмас.

Қара суды қайта-қайта
қайнатқанмен май шықпас,
Сарқылдаған қазаныңның
бұрқылдаған буын баc!

Дүниеде ештеңе бітірмесе де өз-өзінен күпсіп, өз-өзінен бұтқа толып, өз көкірегін өзі керіп, аспандап қарап, асқақтап шалқып жүретін өркөкірек, өзімшіл жандар аз ба?! Ондай жандар тек өзімен өзі болып, өзін өзі көкке көтерумен тына қалса екен-ау, онда да ештеңе демес ек. Жоқ, олар олай ете алмайды. Ондай жандар барыңды жоқ етуге, биігіңді аласартуға, асылыңды жасытуға, адалыңды былғауға, бірлігіңді бүлдіріп, тірлігіңді бұзуға дайын тұрмақ. Дайын тұрып қана қоймайды, солай етуге білек сыбанып, бел шешіп кірісіп кетеді. Өйткені ондай жандар тек өздерін ғана әспеттейді. Өздері болса болды, өзгелер ол болмаса, бұл болсын. Өзімшілдік пен өркөкіректіктің ит принципі осы. Енді ақын дүниеге басқа бар ракурстан қарап отыр. Қым-қуыт әлем. Тұнып-тұрған қарама-қайшылық. Шешілмей жатқан түйін. Бытысып, шатысып кеткен тіршілік.

Сөз тәттісі ақынның тілі ұшында,
Май тәттісі қарынның құрышында.
Жарқанаттың ұясы жарқабақта,
Ұлар құстың мекені ұлы шыңда.

Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ,
Әлімсақтан алысып, жұлысуда.

Енді бұл өлең – адамдардың қанағатсыздығы мен тойымсыздығы туралы өлең. Бар бәленің басы осы қанағатсыздық пен тойымсыздықта. Кедей бай, бай құдай болам деп жатыр. Шенсізі шен тағам деп, шендісі өзінен мықтымен тең болам деп арпалысуда. Жаппай жанталас, алыс пен жұлыс. Ал ондай кезде көп-көп адамның көңілін шаң, көзін шел басып, ойы мен санасын қомағай құлқын мен тойымсыз обырлық жаулап алмақ. Бірінен бірі озам деп, бірінен бірі биік тұрам деп, ар мен ұятын мүлде жинастырып тастап, бірін бірі жаншып, бірін бірі тұқыртып, бірін бірі таптап бақпақ. Осындай берекесіз бетпақ бәсекеліктен береке бүлініп, ынтымаққа іріткі түспек. Яғни, ел азып, жер тозбақ. Ақын осыған күйінеді, жүрегі қарс айрылады. Әрине, өмір деген кіл бір келеңсіздіктен, кіл бір көлеңке тұстардан тұрмақ емес. Оның да шуақты сәттері, сәулелі тұстары құдайға шүкір, баршылық. Ал ондай кездерде ақын жүрегі соншалықты бәйек, соншалықты сергек.

Сүйіншіге қиып қылдай жанымды
Домбыраның пернесіне тағайын.

Бұл да, ойланып қараған жанға, астарлы жолдар. Дүниенің қуанышы мен қайғысына, шаттығы мен мұңына, тірліктің ең бір нәзік ызыңы мен ең бір сыршыл әуенді ыңына көңілі ояу, көкірегі ашық ақынның жанынан қылдай етіп қиып алған пернеден өткен сезімтал, одан өткен ойшыл, одан өткен тебіреністі, одан өткен толқынысқа толы перне бола ма?! Сондай-ақ бұл кітапта мынау жұмыр жердің үстінде болып жатқан жұмыр басты пенденің басы жетпейтін аса күрмеулі күрделі тұстарына да үңіледі. Әрине, ақын ол күрмеулі тұстарды шешіп тастамайды. Шешем деп жанталаспайды да. Сен де ойлан деп, алдыңа тартады. Тағы да ол шешуі қиын күрмеулі тұстарды қарапайым өмірдің қарапайым ғана тұстарынан алады. Ақын қаңғыбас бір бұралқы итке қайырым көрсеткісі келді. Үйіне әкеліп жуынды берді. Күтті. Бақты. Бірақ бұралқы ит, ол қамқорлықты, ол күтімді сезінбейді. Мойнына түскен жіпті тісімен қыршып, босанғысы келеді. Ақын:

Сұмдықтай көрінді оған мұндай шара,
Босаттым, көнбес тіпті жүндей саба.
Өз басын өзі сұрап алғандай боп
Бүлкілдеп бара жатты бір бейшара.

Мұны енді не дейсіз? Өзінің бұралқы бостандығын аңсау ма, әлде қайырым мен мейірімді сезінуден қалған топас міскіндігі ме? Таба алмайсыз. Бірақ сөзсіз ойланасыз. Өйткені ол – тағдыр. Несіпбек жинағында мұндай өлеңдер көп. Оның бәріне түгел тоқталу мүмкін де емес.

Қорыта айтқанда Н.Айтұлы тағдырлы ақын.

ӨЛЕҢ ӘЛЕМІНДЕГІ ШЕРТПЕ КҮЙ

Ақын Ғалым Жайлыбай
шығармашылығы хақында

Өзіміз күнделікті ортасында жүрген, аптабымен күйдіріп, аязымен тоңдыратын, бірде табасына салып шыжғырып, бірде арқаңнан қағып марқайтатын, қызығы да, қыжылы да көп қым-қуыт мына дүние әуен мен әуезге, сарын мен сазға тұнып тұр. Табиғатқа құлақ түріңізші. Тереңінен толқын көтеріп, астаң-кестең болып жатқан көк долы теңіздің арсы-гүрсі демі; бір жотаның омырауын иненің көзіндей тесіп, жылт-жылт етіп ағып жатқан бұлақтың сылқ-сылқ күлген сылқым сылдыры; жер-дүниені түгел қозғалысқа түсіріп, аспан астын шу мен дуға толтырып жіберетін жел гуілі; жүрегің мен жаныңды қатар қытықтап жататын гүл мен шөп сыбдыры; ішіңдегі шер мен шеменді қозғап қамықтырып кететін қаз қаңқылы; сұңғағын созып сай-сүйегіңді сырқырататын аққу сұңқылы; сұңқар шаңқылы; боз торғай шырылы... қанша айтсаң да, мына жұмыр жердің сиқырлы жұмбақ сазы мен сарынын айтып тауысу мүмкін емес. Оған заман мен уақыттың дүбір мен дірілге толы үнін, сол заман мен уақыттың, бірде балғасы мен төсінің арасында иленіп, енді бірде жай оғындай жарқылдап жүрген адамның күйініш пен сүйінішке толы жан-жүрегінің қысқа күнде қырық құбылып тұратын сыры мен гәбін қосыңыз. Дүниенің тұнып тұрған сарыны мен сазы, әуені мен әуезі бір-біріне қанша ұқсамаса, сол сарын мен сазды, әуен мен әуезді тұла бойынан сүзіп өткізетін, қандай дыбыс, қандай үнге де құлағы түрік, көңілі ояу, сергек те елгезек жілікті ақындарымыздың сазы мен сарыны да бір-бірімен соншалықты ұқсамайды, әрқайсысының өз үні, өз дауысы бар, әрқайсысының дүниенің түкпір-түкпірінен тың-тыңдап, тылсымнан үн тартатын сан алуан әуе толқындары бар. Тағы да ол әуе толқындары телеграф сымдарынан да ұшқыр, радио эфирлерінен де алғыр. Мен өз басым бүгінгі қазақ поэзиясындағы, дүние сырына алаң, «әр дыбыстан дүбір іздеп тұратын» Ғалым Жайлыбайды да өз үні, өз дауысы бар әрі сергек, әрі ерек ақындарымыздың бірі деп білем. Байқасақ, оның ұйтқып-бұрқамай да, тасып-төгілмей де бір ырғақпен асығып-аптықпай сөйлейтін арналы ақындығы мен «жырларының жұлдызын жағып қойып» сұхбаттасатын көшелі мінезі өлең сүйер қауымның талайын тәнті еткеніне біраз уақыт болған екен. Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңеген болар едім. Шынында да Ғалым Жайлыбай шығармалары - бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды.

Шөлейттеу жердің шөбі едім
Шөліркеп әлі келемін,
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
Кезертпей еріндерімді

Құйып бір өтсе деп едім.
Сүмбіле соңы — сары тамыз,
Сары тамыз, тілден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,

Сарғайтып мені сәуірде
Сағым боп кеткен қалқа қыз.
Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр.

Мазала мені, Мағжан жыр,
Айнамкөз армандарымдай
Арқаға жауған ақ жаңбыр...
Сүмбіле соңы —

Түнгі ызғар.
Айқабақ барда — кім мұздар.
Сарғая көрме, гүл-қыздар,
Алқара көкті қақ тіліп

Із тастап ақты жұлдыздар...

Мұндай өлеңді «шөлейттеу жердің шөбі» болып өскен ақын ғана жаза алса керек. Ақын жаны тұншыққандай боп құмығып шығатын күмбірге, ерінін тақаса-ақ жүрегіңді елжіретіп қоя беретін құпияға толы күбір мен сыбырға, үзіліп кетердей боп үздігіп сыр айтатын дірілге неткен бай еді?! Бұл жыр мынау өткінші өмірдің өзегінде жатқан өкінішіңді оятып, сарша тамыздың шұғыла жіптерімен дәл жүрегіңнің үстіне келістіріп кесте төгіп, ботадай боздап тұрған сазымен көңіліңнің түбінде көміліп қалған қай-қайдағыны қоламтадай қозғап, алақандай-алақандай боп баяу төгіліп жататын сағынышының сарала жапырақтарын бір сәтте үйіріп ұйтқытып, сазыңды наздай, назыңды саздай иірімге түсіріп қырық құбылтып, қырық құйқылжытып кетері сөзсіз. Өйткені адам, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында, көбіне-көп тапқанын жоғалтумен өтеді. Жалаңаяқ, жалаңбас құм кешіп шапқылап жүріп - күндердің күнінде! - балалығын жоғалтып алады, маңдайына түскен кекілін шалқасынан қайырып үлгермей алғашқы махаббатынан, «қалқа қыздан» көз жазып қалады, тіккен қосынан көшуге, тапқан досынан кетісуге тура келеді. Жоғалту, жоғалту... Ал жоғалтқан қызық дәурендеріңнен өткен асыл, одан өткен қымбат не бар. Ал оларды аңсарың ауып іздей бастасаң-ақ ішкі дүниеңнің жықпыл-жықпылына кіріп тығылып жатқан жүз сырлы саз бен мың қырлы әуен көл үстіндегі құстардай дүр көтеріліп осындай өлең боп ұшып шықпай ма?! «Бақыттың соңы... өкіндіреді» дейді Ғалым ақын. Жоқ, олай емес дей алмайсың. Өйткені төбесінен алтын құйылып, табанының астына күміс төгіліп жатқан адамның да жан-жүрегін сыздатып мұң еміп, қабырғасын қақыратып қайғы қаусатып кететін сәттер аз болмайды. Өкінішсіз ғұмыр жоқ. Адам өмірінде татқан дәмінің татусыз, тапқан бағының тұрлаусыз болатын тұстары жетерлік. Әрине, жұмыр басты пенде өкінем деп өмір сүрмейді. Бірақ бұл дүние қай бір, сенің айтқаныңа көніп, айдауыңа жүріп тұр. Бұл дүние қай бір, шөңге мен тікен кірмесін деп табаныңның астына түбіт төсеп, күн өтпесін деп төбеңе ақша бұлт іліп қойыпты. Бұл қатыбас, кісәпір дүниенің түбіріне омақаса сүрінбеуің, арқанына башпайыңнан ілінбеуің мүмкін емес қой. Ғалымның көп-көп өлеңдерінің өзегі өкінішке толы. Бірақ ақынды ол үшін сөге алмайсың. Өйткені адам өзінің өкінішімен өсіп, өзінің өкінішімен жетіледі. Өкінген адам ғана өткеннен дәріс алады, бойын мейірімге, ойын қайырымға толтырады. Өкініші жоқ адам, қашан да қауіпті. Өкініші жоқ адамның өзегіне өңмеңдеген өркөкіректік пен көңілінің көзі жоқ көркөкіректіктің жегі құрты түседі. Өкініші жоқ адам өткен өмірімнің бәрі дұрыс деп ойлайды. Ондай адам бір кезде біреулердің жанын жабырқатқанын, өңменінен итеріп жасытқанын, аяғынан шалып етпетінен түсіргенін есіне де алмайды. Есіне алса да, ондай күнәлі тұстарын үлкен мақтанышпен, зор мархабатпен есіне алуы мүмкін. Ондай адамның жаны тарының қауызындай тар боп келеді. Ондай адамның көңіліне өзінен басқа ешкім симайды.

Өкпе артар жай жоқ ғаламға мына,
Жаутаң да жаутаң жанары.
Жаныңның Балқаш, Аралдары да
Тартылып неге барады?..

Ойнаса ғажап санаңда жасын,
Жасынға жастан құштармыз.
Апатқа бастар Адам баласын
Көңіл көлінен ұшқан тұз...

Адам жаны тазармай, дүние тазармайды. Адам жаны неғұрлым ластанған сайын, бізді қоршап тұрған орта да, табиғат та, пиғыл мен ниет те соғұрлым ластана түспек. Осындайда Лев Толстойдың бір әпсанасы еске түседі. Күндердің күнінде бір помещиктің көкорай шабындығында арамшөптер көбейіп бара жатады. Әрине, помещик арамшөптердің шыққанын шыққанынша түбінен орғызып отырады. Бірақ арамшөптер орған сайын бұрынғысынан да көбейе береді. Бір күні дана бір шал келіп, арамшөптерді ормаңдар, оларды тамырымен суырып тастаңдар дейді. Бірақ, данагөй шалдың сөзіне ешкім де құлақ аспайды. Арамшөпті оруларын тоқтатпайды. Ал арамшөп орған сайын қаптап көбейіп, қаулап өсе береді. Өйткені оның тамыры жер астымен жайыла түседі ғой. Ақырында көкорай жасыл шабындықты арамшөп мүлде басып, құртып жібереді. Біз де қазір сол қоғамдық, рухани әлемімізді қаулап басып бара жатқан арамшөптерді орған болудамыз. Ал оның тамыр-талшықтары көзге көрінбейтін шапшаңдықпен біздің рухани топырағымыздың құнарын астынан кеулеп, сорып, бүлдіріп бара жатқан жоқ па?! Бәріміз де «от ауызды, орақ тілдіміз». Тілімізбен оруына орып-ақ жатырмыз. Амал не, нақты әрекет шамалы. Арамшөптің тамырын жұлып алуға дәтіміз де, дәрменіміз де жетпей тұр. Бұл жерде біз Ғалым Жайлыбай меңзеп отырған рухани қуатты айтып отырмыз. Лев Толстойды ауызға алғаннан кейін, бір әңгімеден екінші әңгімеге көшуге тура келеді. Жақында «Литературная газетадан» орыс әдебиеті институтының директоры, белгілі әдебиетші Николай Скатовтың мақаласын оқыдым. Ол кейбір орыс баспасөзі өз ұлтының рухани «шабындықтарын» арамшөптерден тазарту үшін бар ғұмырын сарп еткен Лев Толстой сияқты әлемдік алып тұлғаны «халтурщик» деп бір келекелеп, ол (Лев Толстой) «Наташа Ростованың, ең болмаса бір рет, қалай дәрет сындырғанын жазбаған» ( он не описал, хоть раз, как Наташа Ростова писает) деп екі келемеж еткенін ашына жазады. Көрдіңіз бе, қолына қасиетті қалам ұстап, алдына қастерлі ақ қағаз жайып отырған әлдеқандай қаламгерлердің Лев Толстой секілді әулие жазушыға тіл тигізіп, қандай рухани азғындық пен қандай рухани қаскөйлікке дейін барғанын. Өкінішке орай, мұндай рухани аярлықтар мен арсыздықтар бізде де аз бой көрсеткен жоқ... Міне, Ғалым ақынның екі-ақ шумақ өлеңі адам жанында осындай тебіреніс пен толқыныс тудырады. әсілі, өлең қуаты ой айтуында емес, ойландыра білуінде жатса керек.

Мен, жалықтым, жалықтым...
Кешір мені меңіреу түн, жарық күн!
Артын бағып отырам деп әліптің —
Арты ашылып қалған бүгін ғаріппін.

Ақынсынып жоқты барға теңейміз,
Абайыма,
Ағайын, ә,
Не дейміз:

Біз қазақпыз - Байқоңырмыз, Аралмыз,
Аруақтарға ат ойнатқан Семейміз,
Ән орнына өксік толған көмейміз.

Міне, сенің де көмейіңе бір түйін кептелді де қалды. Бүкіл мұңың мен зарыңды, қайғы мен қасіретіңді ашына айттың. Бірақ оны есітіп жатқан жан бар ма? Бейне бір мына дүние екі көзін тарс жұмып соқыр, екі құлағын қос қолымен басып керең боп қалғандай. Амалың таусылып, айлаң сарқылғандай хал кешесің. Содан да Ғалым:

...Елден ерек атқан жоқ жеке таңым,
Жалғасымын жетілер жеті атаның.
Кешір баба!
Жырыма нүкте қойдым

Сынығының үстіне ракетаның!..

Енді қайтсін! Ыза мен өксікке толы өлеңіңді ешкім естімесе, ешкім құлақ аспаса не істемексің?! Ракета сынығының үстіне апарып жырына нүкте қойғаннан басқа не амалың бар. Бұл — қарсылық. Ақынның рухани жігерсіз ынжықтыққа, құлқынынан басқа ойлайтыны жоқ әлеуметтік құлықсыздыққа, санасын сор басқан немкетті мешеулікке, тұла бойын төсек еміп жатқан бойкүйез салғырттыққа деген азаматтық қарсылығы. Ақын қолында дүниені бүлдіріп, бұзып жатқан әпербақан келеңсіздіктерге де, әулекі кесапаттыққа да тосқауыл қоятын тұтқа бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Болмайды да. Бірақ ол, шын ақын болса, әлеуметтің үні, ұлттың ділі болуы керек. Басты борышы да, парызы да сол. Оның бас бұғып, айнала дүниеге бұта-бұтаның арасынан бой тасалап сығалауға да, «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп, тойғанына мәз, толғанына риза боп тоғышарлық күй кешуге де хақысы жоқ. Сондықтан да ол бойындағы бүкіл қуатын жүрегінен қан ағызып, тілінен керек болса, у сорғалатып айтады. Тіпті, оның дауысы жаңғырыққа айналып кетсе де айтуға тиіс. Жаңғырық демекші, жаңғырықты Абай да, Мағжан да жазған. Екі ұлы ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері, екі түрлі орындалғанмен, қанша айқайлап айтса да селт етпейтін меңіреулікке бағышталған ғой. Әрине, бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі тереңдетіп тұрған бұл өлеңдерді таратып сөйлесең тарам-тарам жолдарға түсіп кететінің хақ. Бірақ сол тарам-тарам жолдардың түйісетін түйіні бәрібір сол әлгінде біз айтқан әлеуметтік тосаңдық пен рухани меңіреулік боп шығады. Бірақ бұл жерде біздің айтпағымыз, уақыт өте келе, заман өзгере келе жаңғырық екеш жаңғырықтың да табиғаты өзгереді екен! Енді жаңғырық жұрт меңіреулігін көрсететін образ ғана емес, сол жұртты мүлде құртып жіберетін аса қатерлі, аса қанқұйлы зұлмат күшке айналыпты.

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып ?

Адасқан күшік секілді
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.

Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
Зар қылып,
Қазақтың қайран даласы -

Жаңғырықтардан мәңгіріп
Есімнен кетті тандырып.
Аймалап өстік Күн, Айды
Көкейде көктеп, көп өлең.

Жаңғырық шықса жылайды,
Абыралы, Мыржық, Дегелең...

Қатерлі жаңғырық. Ет пен сүйектен жаралған тірі пенде түгілі, қара жердің өзін кеудесіне өксік толтырып, зар илетіп жылатып қойған жаңғырық! Әрине, бұл жаңғырық өзінен өзі қауіп пен қатерге айналған жоқ. Тасыңды үгіп топырақ, топырағыңды түтіп тозаң етіп жіберетін, жер астынан құбыжықтай қопарылып көтерілетін дию мінезді бұл жаңғырықтың да тегі - сол Абай мен Мағжан айтқан рухани меңіреулікте жатыр. Олай болса, елін еңіретіп, жерін егілтіп кеткен жаңғырықтар ішінде өскен ұрпақтың төл ақыны қалай ызаланбай, қалай күйінбей, қалай өкінбей сөйлей алмақ?! Сол жаңғырықтардың алапат дүмпуімен аспанға өсіп шыққан алып саңырауқұлақтардың шаң-тозаңы ұзақ уақыт бойы қанымызды ғана бұзып қоймай, санамызды да мүлде басып қалған екен. Енді, міне, санамызды да, рухымызды да, қаншама жыл болды, қағып-сілкіп, жонып-қырып тазарта алмай жатырмыз. Көп-көп қандастарымыздың санасы сұрқия идеологияның бетонымен бекітіліп, темірімен құрсалып қалыпты. Қағып-сіліккенге де, жонып-қырғанға да көнбей тұр. Бірақ, сондай бір абдырап, шарасыз қалар сәттерде де ақын, сірә да, үнсіз қалмақ емес. Байыз таппақ емес.

Ей, енесі өлген құлын күн,
Құлыны өлген байтал күн —
Балауыз шамдай ғұмырдың
Сәулесі болып шайқалдым.

Біріне түспей көп іздің
Қабағын бақтым тағдырдың.
Дауыл тұрғанда теңіздің
Толқыны болып жарды ұрдым...

Ақын мәңгілік күресте. Аспан алақандай, жер тебінгідей болар шақ туып, дүние іші алағай да бұлағай болып кетсе де; семсердің жүзіндей қылпылдап тұрған алмағайып заман туып, «құлын күннің енесі, байтал күннің құлыны өліп» жатса да Ақын сөз борышын ақтау үшін «балауыз шамдай сәулесін» төгіп, «теңіздің толқыны боп жарды ұрып» жатпақ. Елінің етін талап, жерінің сүйегін кеміріп жатқан зымиян жыртқыштық пен сұрқия қорқаулықтың Сөзбенен кеңірдегін қырқып, өңешін жырта алмағанына опынған ақын, амалсыз, «көкжал-көңіл көкке қарап ұлиды, ит-тіршілік тышқан аулап жерде жүр» деп налып қана қоймайды, «көк толқынды көлдей екен күндерім, белес-белес белдей екен бұл жалған» деп, бұл ен тірліктің шегіне шыға алмайтынына опынғандай бәрінен сырт айналып түңілгендей, томырық мінез танытып өз ішіне өзі кіріп алады. Олай етпей қайтсін, «есіркеуге ебі жоқтай ескі Айдың, жарылқауға жайы жоқтай жаңа Айдың»... Елі мен жерінің, уақыт пен заманының қамын, ұлтының санасы мен сапасын ойлап, бұрынғыдан да лапылдап жансын деп, өртеніп жатқан өзегін желдің өтіне шығарып, бұрынғыдан да ширыға түссін деп, алпыс екі тамырын қыл шылбырдай ширатып сөйлейтін ақын қатыгез кезеңнің бар қаталдығын көріп қана қоймай, соған шарасыз көніп келе жатқан ұрпақ тағдырына да бей-жай қарай алмақ емес.

Қалтырап гүл...
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап бір жанады ма жұлдызы.
Қап арқалап бара жатыр көшеде

Арыс туар алашымның бір қызы.
Ажары да ашық екен ақ таңдай,
Базарына жетсе деймін қақталмай.
Аузын буған қытай қаптың ішінде

Тағдырының бар салмағы жатқандай.
Мұқым қайғы,
Таяз бақыт.
Күз.

Қала
Сықырлайды аяз уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.

Қазір, сөз жоқ, елдің иығына, көтеріліп келе жатырмыз десек те, зіл батпан ауыртпалық түсіп тұр. Ол ауыртпалық күні кеше бізді шырмап буып тұрған алып империяның ауыр қара шынжырлары шіріген жіптей боп бырт-бырт үзіліп түскеннен кейін еліміздің арсы-гүрсі боп тулап бұрқырап жатқан әлемдік мұхит ішінде, ә дегенде, бағыт-бағдарын таба алмай абдырап қалғанынан, зорлана да бір-біріне жан беріп тұрған тамыр-талшықтардың қысыр сиырдың желініндей семіп, суалып кеткендігінен, тәжірибеміз жоқтықтан өз күйімізді өзіміз шұғыл күйттей алмай әр жаққа бір жалтақтап күйбеңдеп жүріп алғандығымыздан, бәзбіреулердің бостандық пен азаттықты өздерінің тойымсыз арандарының құлқынына пайдаланып, өз жерінің асты-үстін қомағайлана қопарып, халқына қысастық пен қиянат жасағанынан туған-ды. Әрине, ол зіл батпан ауыртпалықтың салмағы алдымен адамдарға түседі. Ол жүктің әйелдеріміздің, соның ішінде алақанымызға сап аялап отыратын, қияға ұшырып қызығын көруге тиіс қыздарымыз бен отбасымыздың ошағын өшірмей отыруға міндетті келіндеріміздің арқасына қап пен қанар боп мініп алғаны қандай өкі­нішті! Құрсағында арыстай бала көтеретін келіншек таңалакеуімнен қызыліңірге дейін алақапшық көтеріп жүр... Ғалым Жайлыбай осы бір өлеңімен сенің де жаныңды зіл батпан боп езіп жатқан біраз нәрсені қозғап, көңіліңдегі «гөй-гөйіңді» бұрынғыдан да көбейтіп кетеді. Бірақ ақын туым жығылды деп қамықпайды да, тауым құлады деп қамырықпайды да, күні ертең елінің жалы қайта көтеріліп, шерінің түгі қайта құлпырып шыға келгенде, «ақ-қараның арасы ашыларда - бір қарармын, дүние, дидарына» деп ертеңгі күннен төрелік күтіп, іштен тынғандай қатал байлам жасайды. Өз оқырмандарымен - көзімен көргендерімен де, көңілге түйгендерімен де айқара ашылып, алғаусыз сырласатын Ғалым Жайлыбай енді бірде:

Басына Балқаш көлдің бақ қонақтар,
Ақ айдын,
Ақ өлеңде,
Ақпан,

Ақ қар.
Ақ әлем, ақыныңда ақ қанат бар.
Ағатай, қалсын біздер жаққан оттар.
Ақ айдын,

Ақ өлеңде
Ақпан...
Ақ қар, —

деп толғанады. Дүние мүлде басқа реңкке, түр мен түске еніп шыға келді. Бейне бір айналаңның бәріне аппақ шамдар мен аппақ шырақтарды жамыратып жағып қойғандай. Манадан бері біздің көңілімізді жаулап алған мұңнан да, өкініштен де түк қалмағандай... Бүгінгі поэзиямыздағы сирек-сирек кездесетін қуатты ақындарымыздың бірі Ғалым Жайлыбайға біз енді алғаусыз сөйлеп тұрған ақ жүрегіңнен, бұдан былай да, еліңнің ерінін тұщытып, көңілінің мейірін қандыратын ақ тұма жырлар ақтара бер демекпіз.

ҚИМАС АСЫЛ ДОСЫМ-АЙ...

Түн жарымы ауып қалған кез еді. Үйдегі бала-шағалар жатып, ересектері енді жатуға жиналап жатқан-ды. Ал, мен керекті бір қағаздарымды таба алмай көне бір папкілерімді қопарыстырып, өз-өзімнен әбігерге түсіп отырғам. Кенет телефон безілдеп қоя берді. Беймезгіл уақытта телефон шалып тұрған кім екен, шамасы бір шұғыл шаруасы болған-ау, деп тұтқаны құлағыма тостым. Темірхан, бұл Төлеген ағаң ғой дейді.Дауысы бір түрлі қарлығып, құмығып естілетіндей. Қай Төлеген? Төлеген Жұмабеков. Сайлаубектің ағасы. Көңілімде ештеңе жоқ мен: ассалаумағалейкүм, Төке. Қалдарыңыз қалай,жайшылық па? деп жатырмын. Төлеген ағаның даусы қатты қамығып естілді: Жайшылық болмай тұр ғой. Әлгінде ғана есіттік. Сайлаубек пен Санжарбек авариядан қайтыс болды. Құдай-ау, не дейді!? Төке-ау , не айтып тұрсыз?! Қалай?.. тұла бойым қорғасындай ауырлап, буын-буынымнан әл кетіп, қапелімде орнымнан тұра алмай, отырдым да қалдым... ... Сонан кейін Сайлаубектің үйіне бардық. Қос арысынан айрылған Зибагүл естіген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отыр. Қанша өзін-өзі ұстайын десе де Төлеген ағаның көзінен де ыстық жас ыршып-ыршып кетеді. Барлас, Жалғас, Қайраттарда өң-түс жоқ. Сең соққандай сергелдең халде. Олардың әрқайсысын бауырыма басып, ұзақ егілдім. Олар да бүкіл шері мен шеменін ақтарғандай еңкілдеп жылайды. Келесі күні үйінде бір түнетіп, екеуін де Жазушылар Одағынан ақтық сапарға шығарып салдық. Жазушылар Одағының алдында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Ол қаралы жиында маған да сөз берілді. Бұл жерде сол сөзімді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.

Қайран, асыл досым Сайлаубек!

Сен де, міне, бәрімізді ойда жоқта опындырып, өмірден озып барасың! Құдай-ау, мына тірлікте сен туралы қоштасу сөз айтамын деп ойлаппын ба?! Мұз шайнап, от жалағандай болып тұрмын! Сен екеуміз осыдан 42 жыл бұрын, яғни 1965 жылы, күздің осындай бір сарыала мезгілінде танысып-табысып едік. Содан бері, тіпті, бір-бірімізден алыста жүрген шақтарда да, жан-жұбымыз ажыраған емес. 42 жыл бойы арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. 42 жыл бойы бізді жалғастырып тұрған мың тініміздің бірі де үзілмепті.Үзілмек түгілі не сетінеп, селкеу тартпапты. Тіпті, кейбір жағдайларға деген көзқарасымыз әртүрлі бола тұра, бір-бірімізді кінараттап, бір-бірімізге ренжіп көрмеппіз. Аумалы-төкпелі мына заманда жамандық көрсем де, жақсылық көрсем де, алдымен сен жететін едің. Алған бетіңнен қайтпайтын бірбеткей едің. Ешкімнің артынан бықсып сөз айтпайтынсың. Айтатыныңды бетіне шыжғырып тұрып айтатынсың. Қаншама аңқылдап, ақтарылып жүрсең де, сыр шашпайтын берік болатынсың. Сенің осы мінезіңе риза болған мен Құлыптаулы қара сейфім-ай дейтін едім. Сен өз ғұмырыңда қыруар еңбек бітірдің. Қазақ сынының айбарын асырып, мәртебесін көтеруге үлкен үлес қостың. Қазақ сынының көкейкесті, ең түйткілді, түйінді мәселелеріне батыл барып,іргелі-іргелі қаламгерлер, аса ірі тұлғалар Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменовтердің шығармашылығына тұтас кітаптар, қомақты эсселер,салиқалы сын мақалалар арнадың. Ол еңбектердің қай-қайсы да әдебиетіміздің айшықты беттерінде ұзақ өмір сүретініне біз кәміл сенімдіміз.

Қайран, Сайлаубек досым-ай!

Сенің енді арқа-жарқа боп, аңқылдап-жарқылдап,дүбіліс, дүбір тудырып; айналаңды дүйім бір жұрт көшіп жатқандай етіп жіберетін саңқылдаған даусыңның енді естілмейтіні өкінішті. Сенің енді тігілген үйдей боп отыратын мол денеңді көре алмайтынымыз өкінішті. Әлі айтамын, жазамын деген қаншама жоспарларың бар еді. Солардың орындалмай қалғаны өкінішті.

Қайран Сайлаубек!

Мен үшін сенің мына өмірдегі орның опырайып,үңірейіп қалды. Ол орынды енді ешкім толтыра алмайды. Ең өкініштісі, Сайлаубек айналайыным-ау, өзің жаныңдай жақсы көретін кенжең, бәріміз де болашағынан үлкен үміт күтетін Санжарбектің де о дүниеге өзіңмен бірге кеткені болып тұр. Олай дейтінім, біздер, оның ішінде сен де, мен де бармыз, не болғанда да, мына өмірдің ащысын да, тұщысын да, қызығын да, шыжығын да азды көпті көріп үлгердік қой. Ал Санжарбекжанның он екіде бір гүлі ашылмаған еді ғой. Көктей солды ғой жас түлек! Қайтесің, осындай ауыр қаза үстінде де Алла Тағала пендесінің шүкіршілік етуін қалайды. Олай болса, шүкір, ғұмыр бойы сенің қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздеріңнің бәрін бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да асыл жарың Зибагүл, алтын асықтай ұлдарың Барлас, Жалғас, Қайрат пен немерелерің, бірге тумаса да, саған туған ағаңдай қамқор болғанТөлеген ағаң бастаған аға, іні, қарындастарың қалды. Шүкір!

Жабыққанда жан-жүрегінің лебімен дем берген достарың қалды. Шүкір!
Басқа не айтамыз.
Бақұл болыңдар, асыл дос Сайлаубек, қимас перзент Санжарбек!

Қаралы жиында менен басқа да Сайлаубектің ұстаздары,үзеңгілес достары, жүректері күйреп-күйзелгендей боп, егіліп тұрып сөз сөйледі. Сонан кейін мәңгілік мекен Кеңсайға апарып, екеуін Жер- ананың құшағына бердік. Жатқан жерлерің жәннатта болсын деп топырақ салдық. Әруақтарына бағыштап аят оқылды. Егіліп, үзіліп тұрып қош айтыстық. Бірақ сол кезде біз әлі ол аварияның қалай болғанын білмейтін едік. Әркім әртүрлі айтады, әртүрлі қисын келтіреді. Тіпті, мен өзім алғашқыда Сайлаубектің аяқ астынан Астанаға жол тартқанын түсінбей дал болдым. Өйткені, біз бір күн бұрын ғана жұмыста бірге болдық. Әншейінде бірер сағатқа сұранып немесе айтып кететін ол Астана жайында бір ауыз сөз қозғамаған. Сөйтсем, Зибагүлдің айтуынша, жолға шығу мәселесі шұғыл түрде шешіліпті. Осында, Алматыда іссапармен жүрген Санжарбек қайтар кезі жақындағанда, машина сатып алады. Ал, Сайлаубек баласын ұзақ жолға жалғыз жібергісі келмей, онымен бірге Астанаға дейін барып, келесі күні кері қайтпақ болады. Әйтеуір, не керек, келесі күні жолға шығады. Сонымен... Алматы- Астана трассасының 270 ші шақырымында машина апатқа ұшырайды. Қалай апат болды? Неден болды? Міне, осы сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ. Тағы да машина өзі жүріп келе жатқан жағына емес, трассаның қарсы бет жағына аударылған. Оған не себеп? Екеуі де аударылған жерде ұзақ жатып қалған. Құдай-ау трасса үсті ағылып жатқан машина ғой. Ол машинадағы адамдардың бәрі жол жиегінде жайрап жатқан жандарды, қирап жатқан машинаны сөз жоқ көрді ғой. Солардың қай-қайсысы да тиісті орындарға дер кезінде хабар беруге болады ғой. Әлде, хабар берілсе де, тиісті орындар не шабандық, не салғырттық танытты ма? Әлде... Әлде... Әйтеуір, ойлансаң-ақ самсап шыға келетін сан сұрақтың түбіне жете алмайсың. Ең сұмдығы, Санжарбектің қалтасындағы ұялы телефоны мен сексен мыңдай теңгесін әлдекімдер алып кетіпті. Кімнің алғаны белгісіз. Анық білмегеннен кейін, мынау шығар деп болжам айтудың өзі де күнә. Өліп жатқан адамды да тонайтын қандай зұлым, қандай қаскөй, қандай қатыгез заманда өмір сүріп жатырмыз, Құдай-ау! Осындай сұмдықтарды көре-көре немесе ести-ести кейде мына өмірден мүлде шығынып, қос қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді.

* * * Сайлаубек пен мені, әлгінде айтып өткенімдей, сарыала күздің тамылжып тұрған бір күнінде, маған әрі ағайын, әрі ауылдас болып келетін Балтакесті Өтебеков деген жігіт таныстырып еді. Мен ол кезде республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүргем. Ал, Сайлаубектердің КазМу-дың бірінші курсына енді түскен беттері. Ол кезде бәріміздің де сымға тартқандай талдырмаш, тарамыс кездеріміз. Сайлаубек пен мен екеуміз танысқан бойда табысып кеттік деуге болады. Бірден-ақ ежелгі сыралғы достардай емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, өзіміз де, сөзіміз де жарасқандай боп, ешқандай тосырқамай да, бір-бірімізге тосын мінез көрсетпей де, тізе қосып, қатар жүріп кеттік. Ә, дегеннен бір-бірімізді жақын тартып,, бір-бірімізге құлай жығылғанымыз сонша, енді ол маған жерлес десе жерлес, ағайын десе ағайын, Балтакестіден де жиі келетін болды. Мен де жиі-жиі іздеп барамын. Сол кездесулерде әңгімеміз махаббат, қыз-қырқыннан гөрі, әдебиетке көбірек ойысып кете беретін. О бастан-ақ қазақ әдебиетін жақсы оқып-біліп келген ол, көп ұзамай, орыс, шетел әдебиеті туралы да жиі-жиі айтатын болды. Әсіресе, оған бұл тұста жақын нағашы боп келетін Асқар Сүлейменовтың әсер-ықпалы көп тиді деуге болады. Ол кезде Асқар Сүлейменовтың есімі зиялы қауым арасында үлкен құрметпен аталатын. Оның білімпаздығы, шешендігі, қайтпас қайсарлығы ауыздан-ауызға аңыз болып тарайтын. Әлі есімде, Сайлаубек екеуміз 1966 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына қатыстық. Әрине, оған біз сияқтыларды кіргізе салмайды. Өйткені Жазушылар одағының мүшесі емеспіз. Мен Жұмекен ағадан, ал, ол Асқар ағасынан бір-бір шақыру қағазын қолға түсіргенбіз. Сонымен кірдік. Құрылтай жүріп жатыр. Төрде Мәскеуден, одақтас республикалардан атақтары жер жаратын небір жақсылар мен жайсаңдар отыр. Жазушылардың бірінен соң бірі шығып сөйлеуде. Байқаймыз көбісі бірін-бірі қайталайды. Алдымен, коммунистік партияның көрегендігі мен кемеңгерлігін мақтайды. Социялистік реализмді әспеттейді.Буржуазиялық қоғамды түкке алғысыз етіп, бужуазиялық реализмнің итсілікпесін шығарады. Социализмнің мәртебесі мен мерейін асыратын жарқын шығармалар беру керектігін айтады. Жаттанды. Әуелде желпініп кірген Сайлаубек екеуміз әрі-беріден кейін жалыға бастадық. Бір кезде сөз Асқар Сүлейменовке берілді. Мен Асқар ағамыздың терең білімді, аузымен құс тістеген шешен екенін сонда көрдім. Ол ондаған жылдар бойы сананы сартап, талғамды таптаурын етіп келген, қатып-семіп қалған сірескен схемалар мен қасаң стандарттардың быт-шытын шығарып сөйледі. Ол мінбеден түскеннен кейін, жиналысты жүргізіп отырған төраға оған қатқыл дауыспен зекігендей болып, ескерту жасады. Асекеңнің таймас қайсар мінезді адам екенін сонда көрдік. Жөнсіз жасалынған ескертуге қарсылық ретінде Асекең және Әбіш Кекілбаев, Атыншаш Жағанова үшеуі құрылтайды тастап шығып кетті. Сол күні нағашысы үшін Сайлаубектің мақтанғанын көрсеңіз. Шынында да, ол мақтанса мақтанатындай-ақ оқиға еді. Міне, сол Асекең Сайлаубекті көп баулыды. Ол тәрбиенің ықпал-әсері Сайлаубек арқылы маған да тиіп жатты. Асекеңнің айтуымен ол мынадай-мынадай жазушылардың мынадай-мынадай шығармаларын оқып жатырмын дейді. Жалпы менің бойымда, ол қаншалықты жақсы, қаншалықты жаман, оны білмеймін, біреуден қалмайын деген ұмтылушылық, бүгінгі тілмен айтқанда, бәсекелестік қабілет қатты дамыған. Содан ба, мен де Сайлаубектен қалмайын деп іргеміздегі Пушкин кітапханасына жиі-жиі барып, кітап дүкендерін жиі-жиі аралайтын болдым. Жалпы мен өз өмірімде, бағыма орай , көп оқитын, көп ізденетін адамдарға жақын жүрдім. Бұл тұрғыда маған Жұмекен, Әбіш ағаларымның, кейінірек Сайымжан ағамның ықпалдары көп тиді. Олардың қай-айсысы да білімдері ауқымды азаматтар болды. Бұл қатарға мен Сайлаубекті де қосар едім. Сайлаубек, сөз жоқ, Асқар Сүлейменов ағасына көп еліктеді, тек еліктеп қана қоймай, одан бойына көп қасиеттерді сіңіре де білді. Ең алдымен, оның Асекеңнен алғаны, қай нәрсеге де, белгілі бір шығармаға болсын, айнала болып жатқан құбылыстарға болсын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға болсын, жұрттың айтуымен жығыла кетпей, өз көзқарасы болу керектігін қалыптастырды дер едім. Алғашқы жылдары, басқаны былай қойғанда, оның күнделікті өмір сүру жүйесінен де, тіпті сөйлеу мәнерінен де Асқар Сүлейменовтің әдеті мен салты көрініп тұрушы еді. Мәселен, ол да күйлердің пластинкаларын жинап, соларда ұзақ уақыт бойы тыңдап отыратын. Шахматты да жақсы меңгеріп алды. Небір күрделі дебюттерді жатқа білетін. Әрине, о бастағы бұл балаң еліктеулер, жалаң еліктеу ғана болып қалған жоқ. Олардың бәрі Сайлаубек бойына терең тамыр салып, бара-бара оның да әдеті мен салтына айналып, оны бұрынғыдан да байыта түсті деп ойлаймын. Жаныңда жүрген адамның жан-дүниесінің бай болуы, дүние-танымының кең болуы, біле білсең, ол да бір Алла тағаланың басыңа берген бағы ғой. Кезінде мектепті күміс медельмен үздік бітірген Сайлаубек университетті де жақсы тәмамдады. Жақсы тәмамдап қана қоймай аспирантурасына түсті. Қорғайтын тақырыбан да бекітіп алды. Бірақ ол бір күні нілдей бұзылды да, ғылыми жұмыспен айналысқысы келмейтінін айтып, аспирантураны тастады да кетті. Содан кейін, ол таза сыншылық жолға түсті. Әрине сыншы болу үшін талант-таралғы, қабілет – қарыммен бірге, жан жақты үлкен білім керектігі бесенеден белгілі болса керек. Ғылым деген, не болғанда да, белгілі бір тақырып аясында қалып қояды. Оны біз қазіргі таңда дажиі көріп жүрміз. Әсілі, Сайлаубек осыны ерте түсінген болуы керек. Оның бастамай жатып, ғылыммен тез қоштасуына осы жағдай себеп болды ма деп ойлаймын. Оның үстіне, Сайлаубек те, бәріміз сияқты тұрмыс тапшылығын көрудей- ақ көрді. Пәтерден соң пәтер жалдап, әркімге бір тәуелді болып, күркешіктерде де отырды. Бірақ, құдай оңдап, күндердің күнінде қазіргі әкімдік тұрған жердің маңынан туған туыстарының көмегімен, құрқылтайдың ұясындай ғана жер үй сатып алды. Үш төрт адам ғана зорға сиятын тап тар үй. Бірақ өз үйі! Дүниеге балалар да келе бастады. Ал оларды аспиранттың стипендиясымен асырай алмайсың ғой. Оларды тек қызмет істеп жүріп қана дұрыс жетілдіруің мүмкін. Міне, бұл тұрмыстық фактор да Сайлаубектің ғылымнан қол үзуіне себепкер болса керек. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, Сайлаубек пен Зибагүл екеуі төрт ұл сүйді. Екеуі де бала тәрбиесіне аса мұқият , аса тыңғылықты қарады. Екеуі де оларға талап қойғыш болып шықты. Балаларының жүріп тұруын , қандай кітап оқу керек, қай уақытта сабақ оқу керек, әйтеуір , бәрін- бәрін белгілеп, солардың орындалуын қатаң қадағалайтын. Ал бұлардың бәрі адамнан қаншама күш қуатты, қаншама қайрат жігерді қажет ететіні кім кімге де белгілі болса керек. Сайлаубек пен Зибагүл бойынан сол ерік жігер мен қайрат қуат табыла білді. Олар сол төккен тер мен берген қуаттың жемісін де көрді. Барлық баласы мектепті алтын күміс медальдармен бітіріп, жоғарғы оқу орындарына еш қиналмастан өз күштерімен түсіп кетті. Сайлаубек оларды оқуға түсіру үшін адам да іздеген жоқ, ол адамға беретін қаржы да іздеген жоқ. Балалары оқуға түскенде , жууға ғана шығынданғаны болмаса,басқаға басын ауыртпады, жүгіріп табанын тоздырмады. Қазір сол балаларының бәрі сан салада қызмет істеп жүр. Сайлаубекке құдай Зибагүлдей асыл жар берді. Зибагүл Сайлаубекке де қасы мен қабағына қарап, келімді кетімді қонақтарға да қызметін көрсетіп, төрт баланың да жағдайын жасап, оның үстіне, өзі де ғұмыр бойы жұмыс істеп, бір тыным таппайтын. Бұл үймен қаншама қарым қатынаста жүрген біз Зибагүлдің бір рет те ренжіп, не қабақ шытып, тымырайып отырғанын көрмеппіз. Ол Сайлаубектің шын мәніндегі жан жары , Құдай қосқан қосағы болды! Достың достығы басына іс түскенде білінеді деген тап рас. Ол кезде Сайлаубектің қай жерде жұмыс істеп жүргені дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір мен қазақ телевидениесінде жүргем. Бір күні әкең қатаң жатыр дегеннен кейін буынып түйініп, әйел, бала шағаларыммен ауылға кеткем. Анам бір жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Төсек тартып қалған әкеме қарайтын жан жоқ. Содан әкемді төрт ай күтіп, ақтық сапарға шығарып сап, Алматыға қайта келсем, мені жұмысқа кешікті деп қызметімнен босатып жіберіпті. Бұл өмірдің әкең өліп қалса да қайрылып қарамайтын қйырымсыз қаталдығын сонда алғаш білдім! Содан далада қалдым. Вокзалға барып жүк түсірдім, ет комбинатының тоңазытқыш цехында жүкші болдым. Малая станица деген мекенде ақ амур деген балық өсіретін көлшіктер бар екен, сонда жұмысшы болдым. Қолым қалт еткенде редакцияларды аралап, жұмыс іздеймін. Бәрін дерлік әлденеше адақтап шықтым деуге болады. Бірақ бірде біреуі табалдырығынан аттатпақ түгілі, маңынан жүргізбейді. Мне осындай моральдық жағынан күйзелтіп, тұрмыс жағынан жаншып жіберетін қиындықта жүрген кезімде менімен бірер адам ғана қатысты. Мені бірер адам ғана іздеді. Соның бірі, тіпті бірегейі Сайлаубек айналайын болды. Қай жерге көшіп кетсем де, қай жерде қолымды күс, иығымды жара етіп, қан сорпам шығып, жұмыс істеп жүрсем де, әйтеуір, ол мені тауып алатын. Әңгімесін айтатын, қабаржып жүрген көңілімді көтеретн, әдебиетте болып жатқан қалт еткен жаңалықты жеткізетін, кейде ол кезде Зибагүлдің елінен келіп тұратын майы сорғалаған қаяз деген балықты қағазға орап алып кеп, сыраханаға алып кететін. Әйтеуір, Сайлаубек сол бір жаным жүдеу тартып, шаршап жүрген жылдары қасымнан табылды. Күндердің күнінде бірде бір редакция мені табалдырығынан аттатпай қойғаннан кейін, бала шағамды шұбыртып, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырдым. Ол кезде Маңғыстаудың атағы жер жарып, дүниені дүңкілдетіп тұрған кезі. Тек барсаң болды, ақшаны күреп тауып, қапшыққа сала беретіндей сөздер айтылады. Жаспын ғой, сол сөздерге қатты еліккен болуым керек. Әбден тұрмыс қажытып, діңкелеп жүрген адам ондай сөздерге елікпей қайтсін! Жиған терген аз мұз кітабымды Сайлаубек пен Дүйсенбектің үйіне теңдей бөліп, аманат етіп қалдырдым да, жолға шықтым. Иіні келіп тұрғанда, айта кетейін, мені Маңғыстауға ешқандай романтика емес, тұрмыс айдап барды. Сол кеткеннен мен ол жақта 25 жыл жүрдім... Бұл жерде менің айтайын дегенім, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздіксіз хабарласып тұрды. Бірде бір хабарын үзген жоқ. Біршама уақыттан кейін, ол “Қазақ әдебиеті” газетіне ауысты да, менімен хабарласуын бұрынғысынан да үдетіп жіберді. Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде аса бір құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менің шығармашылығым туралы “Қазақ әдебиетінің” бетінде қатал мақала жариялады. Әрине, ол мақаланың, білген адамға, пайдалы, құлақ қояр жақтары да аз емес. Бірақ ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менің кемшілігімді тым қазбалап, жерге тыққандай етіп тұқыртып сөйлегені жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейін көлемді сын мақала түгілі, рецензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол жазам десең өзің біл, Шер ағаңа, Шерхан ағамыз бас редакторға ұсынып көрейін деді. Қарсы мақаламды жаздым да жібердім. Әдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын. Сол мақаладан кейін ақ өлеңмен бірге сын жанрын да қатар алып жүретін болдым. Сын мақалалар кітабым жарық та көріп үлгерді. Бүгінде ойлаймвн , егер сол тұста Сайлаубек “Қазақ әдебиетінде” жұмыс істеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме еді, көрмес пе еді деп. Ал ол мақала жарық көрмесе, менің одан әрі қарай сын жанрына бара қоюым екіталай еді. Яғни, менің сынға баруыма, әдебиеттің қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бірден бір ықпал етті деп ойлаймын. Сайлаубектің сыншы болып әбден қалыптасқан кезі де, жұртқа кеңінен танылған тұсы да сол “Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеп жүрген жылдары деп білемін. Ол жылдар “Қазақ әдебиеті” газетінің сын жанрының өркендеуіне айрықша көңіл бөлген жылдар еді. Әрине, ең алдымен, басшыға байланысты ғой. Дәлірек айтсақ қай жерде редактор болса да , сол жердің бағын ашатын Шерағаңның іскерлігінің арқасы. Солай бола тұра, сол газет бетінде қазақ сынының беделі мен мерейін көтеруде бел буып, білек сыбанып жұмыс істеген Сайлаубектің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Сол жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде, әсіресе, қазақ сынының маңдайы жарқырап ашылуына Сайлаубектің де еңбегі зор деп білемін. Жаныңды түсінетін, не нәрсені де айтқызбай ақ қасы қабағыңнан ұғатын жақын доспен бірге жұмыс істеген қандай жақсы! Жұмыста не болмайды. Бірде күн шыққандай қуансаң, енді бірде бұлт басқандай ренжисің. Ондайда жақын досың реніщіңмен де қуанышыңмен де бөлісіп отырады. Бір біріңді жебейсің, бір біріңе демеу боласың. Несін айтасың біз бұрынғыдан да жақындаса түстік. Бәріміз жақсы білеміз, 2ОО2 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайы болды. Жазушылар одағының хатшылығына біраз жұрт қолдау көрсетеміз дегеннен кейін, мен де кандидатурамды ұсындым. Өтпей қалдым. Несін жасырам, құлап қалған оңай ма, күйреп, күйзеліп кетпесем де, жанымның жабырқап қалғаны рас. Сегіз ай, сегіз күн үйде жаттым. Жұмыссыз ұзақ жатып қалдың ғой дегендерге, Құлағанда да қатты құлаған екенмін, жамбасымды әлі ала алаалмай жатырмын деп әзілдейтінмін. Кейіннен “Ақиқат” журналына бас редактор болып тағайындалдым. Көп ұзамай, неге екені белгісіз, Сайлаубек те Жазушылар Одағынан кетіп, “Қазақ әдебиетінде” жұмыс істеп жүрген. Бір күні ол Темке, бұрынғыдай емес, мына жер маған, жас келіп қалғаннан кейін бе, ауырлау болып жүр, егер, мүмкіндік болып жатса, сен жаққа ойыссам қайтеді деді. Көп ұзамай, күтпеген жерде бір орынның да орайы келе қалғаны. Әрине, бұл әңгіменің бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, негізгі айтылар сөзім жұртқа неғұрлым түсінікті болсын деген ниеттен туып отыр. Менің туған күніме, жыл сайын, бала шағамнан басқа, тек Сайлаубек пен Зибагүл ғана келетін. Алматыға көшіп келгелі олардың келмей қалған күні болған емес. Сол дәстүрмен екеуі әдеттегідей гүлдерін құшақтап келе қалды. Дастарқан басына жайғастық. Өткен кеткенді айтып әңгіме дүкен құрдық. Несін жасырам, ащы судан да алып қойып отырмыз. Бой қызды, ой кеңіді, тіл шешілді. Бір кезде неге екенін білмеймін, төтесінен Сен осы өткен сайлауда кімге дауыс бердің, маған ба, Нұрланға ма? дегенім. Сайлаубек ешқандай мүдірместен: Нұрланға дауыс бердім деді. Сайлаубек өзін де, өзгені де алдау дегенді білмейтін. Досты алдау, қанша ауыр болса да ол үшін күнә болып саналатын. Әрине, шындығын айтты. Мен ренжіп қалдым. Пендешілікпен артықтау сөздер де айтып жіберген болуым керек. Ол сөздерім Сайлаубектің көңіліне тиді ме, тимеді ме білмеймін, өйткені, ол ештеңе дей қойған жоқ, тек Зибагүлдің қабағын шытып отырып қалғаны есімде. Ертеңіне екеуміз де жұмысқа бардық, бірақ арамызда түк болмағандай, кешегі әңгімені қайта қозғап бықсытқан жоқпыз. Біраз уақыт өткеннен кейін, тілімнің тағы да қыши қойғаны бар емес пе: Сайлаубек, байқаймын, осы Нұрлан екеуіңнің араларың салқын тартып қалғандай. Не боп қалып еді? дедім. Ол: Ештеңе де болған жоқ. Оның тек мені маған емес, сізге дауыс берді деп, іштей өкпелеп, күдіктеніп жүруі мүмкін. Ал мен кімге дауыс бергенімді өткен жолы өзіңізге айтқам. Құдайды да, өзімді де, өзгені де алдай алмаймын ғой. Шыным сол. Басқаша, Нұрланмен сөзге келген емеспіз деді. Мен бұл әңгімені бүге шігесіне дейін қалдырмай айтып отырған себебім, Нұрлан мен туралы не десе о десін, о дүниелік болып кеткен адамның соңынан пендешілік жасап, ғайбат сөз айтпасын деп айтып отырмын... Сайлаубек, әдетте сырт көзге салдыр салақтау болып көрінгенмен, жұмысқа келгенде, аса мұқият еді. Бір ісінен де шашау таппайтынсың. Бәрі орын орнында хатталып, қатарласып тұра қалатын. Мен оның бірде бір рет қойын қалтасына телефон блокнот салып жүргенін көрген емеспін. Жады өте берік еді. Бейне бір анықтама бюросы сияқты еді. Қаншама автобустардың нөмірі мен маршруттарын сұрасам болды, жатқа айтатын. Бұдан үш төрт жыл бұрын, бірер рет қана телефон шалған адамның телефон нөмірін ойланбастан айтып беретін. Шетелдің болсын, өзіміздің болсын, жазушылар шығармашылығындағы өзіне ұнаған абзацтарды түйдек түйдегімен соғатын. Бірақ ол қабілетін көрсетіп, білгішсініп көзге түсе бермейін дейтін болуы керек, кез келген жерге киліктіре бермейтін. Орайы мен оңтайы келгенде ғана айтатын. Бұл жерде тағы да айтпауға болмайтын нәрсе, Сайлаубектің кітапханасы дер едім. Сайлаубектің кітапханасы мен білетін кітапханалардың ішіндегі бай кітапханалардың бірі. Тағы да бір текті емес, әр текті: музыка, өнер, филасофия, архитектура, тарих, әдебиет боса болмасын, әйтеуір бәрі қамтылған. Сайлаубектің дүниетануының кеңдігі содан болса керек. Ол ғұмыр бойы кітап жинап өтті. Кітапханасын кез келген адамға көрсетпек түгілі, табалдырығынан аттатпайтын. Тіпті, балаларының өзіне рұхсатты сирек беретін. Ал, бірақ маған келгенде кең жайлау еді. Маңғыстаудан келген сайын, кітапханасында жататынмын. Көңілі жақын біреулер керек кітабын таба алмай, ақырында Сайлаубекке кеп Сенде ол кітап бар ғой, шамалы уақытқа бере тұршы, қарап шыққан бойда кері қайтарып берем, деп қиылып сұрап қоймаса, кітапты берсе де, қолхат жаздырып алып қана беретін. Бірде оның осы мінезін айтып күліп отырғанбыз. Ойбай, Темке ау, несіне күлесіз, ондай қолхатты сіз де жазғансыз дегені. Қой, Сайлаубек, мен сенен ешқандай кітап алған емеспін дедім. Бұдан жиырма бес жыл бұрын француз ақыны Аполлинерді алғансыз, қолхатыңыз үйде тұр, сенбесеңіз ертең әкеп көрсетейін деді. Ертеңіне әбден сарғайып кеткен бір қағазды әкеп тұр. Міне қолхатыңыз. Бүктеуін жазып ашып қарасам, шынында да, менің қолхатым. Түу, саған дауа жоқ екен дедім.. Сайлаубек туралы айта берсем, сөз көп. Құбылып түрған бұл өмірде қуансам да, ренжісем де алдымен көз алдыма Сайлаубек келеді. Ондайда сырлас та мұңдас досымды аңсап, жападан жалғыз қалғандай боп, іштей мүжіліп, іштей егіліп, үн- түнсіз отырып қалам. Қимас асыл досым ай, орның бөлек екен ғой...

ЖҰЛДЫЗЫНАН ЖАҢЫЛМАҒАН АҚЫН

Туған жердің қар, мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердің бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені.
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің шеңгелі,
Тырна аямай бетімді.
Туған жердің ермені,
Аузыма құй өтімді.

Туған жердің доңызы,
Қан жоса қып жарып кет.
Туған жердің қоңызы,
Домалатып алып кет.

Туған жердің қасқыры,
Кемір, ақын сүйегін.
Туған жердің тас, құмы,
Сені осылай сүйемін, –

дейді арқалы ақын Жәркен Бөдешұлы. Бұл өлең, сөз жоқ, ақылы кем аусар, немесе “тіпәй, кәпір” дегізетін әумесер болмаса, елім деп еміреніп, жерім деп тебірене алатын кім-кімнің де алпыс екі тамырын тарпаңның қыл құйрығынан ескен шылбырдай шиыршық аттырып, шыңнан құлаған тау суындай бұлқан-талқан еткізіп жібере алатын өлең. Бұл өлең – жаныңның мүлгіп кеткен алыс бір түкпірінде астаң-кестең дауыл тұрғызып, санаңның қалғып кеткен қиян бір қатпарында алай-дүлей бұрқақ соқтырып, жүрегіңнің ең бір сезімтал, ең бір сергек алқабында алапат сілкініс тудыратын өлең. Мұндай өлең, әдетте ыстық ықылас, ынтық көңіл, аста төк аңсар сезіммен бірге, туған жерге деген ұлы махаббаттан туады. Ұлы махаббаттан! Мен осы өлеңнен Махамбеттің “Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен, Аспанда ұшқан қызғыш құс, сені көлден айырған, лашын құстың тепкіні, мені елден айырған, хан Жәңгірдің екпіні” деп қайтара соғып, қайырыла сөйлейтін, ғасырлар астынан естілетін “Қызғыш құсының” қанатының суылын; Мағжанның “Сағымы сайран құрады, бораны ұлып тұрады, Қыс – ақ кебін, Жаз – сары. Орманы жоқ, шуы жоқ,Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, неге екенін білмеймін – Сол Арқамды сүйемін” деп туған жері үшін ет-жүрегі елжіреп, сүйегі үгітіліп тұрған “Сүйемін” өлеңінің оттай ыстық лебі мен демін, Төлеген Айбергеновтің “Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп. Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп, жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, омырауын жасқа толтырып” деген әрі қайсар, әрі қасіретті жолдарындағы ерек екпінді ағысты сезгендей боласың. Өйткені бұл өлең – оқыған сайын өзегіңде лапылдаған өрт тудырып, жан-жүрегіңнің астаң-кестеңін шығаратын жоғарыда келтірген даңқты өлеңдермен тағдырлас, тамырлас өлең. Түк те асырып айтып отырған жоқпыз. Дәл солай! Тағдыр талайымы таңқы, түсінігі тайыз біреулер миығынан мырс етіп Жәркеннің өлеңін ұлы тұлғалардың атақты өлеңдерімен тағдырлас, тамырлас деуі қалай болар екен деп күмән-күдікпен қарап, шәк келтіруі әбден мүмкін. Ондай жандарға Жәркеннің өлеңін тағы бір оқыңыз, қайта-қайта оқыңыз дер едік. Оның үстіне Жәркен бір өлеңінде “Мен ақын емспін, Тағдырым – ақын” дейді. Яғни, мұндай өлеңді жазу үшін Жәркеннің басынан өткен тағдыр сенің де басыңнан өтуі керек. Ең алдымен, бұл өлеңді Тағдыр туындысы деп қараған жөн. Тар жол тайғақ кешулі, тауқыметті ол Тағдырға сәлден кейін тағы да бір оралып соға жатармыз... Сондықтан ақынның туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігігін әлі де аша түсетін бірер жырларын одан әрі оқып көрейікші.

Туған жерден кеткелі
Сағынышым көп менің.
Айға қарап ұлыған
Мен бір жалғыз көкбөрі.

Айға қарап ұлысам –
Ай сарғайып батады.
Күнге қарап ұлысам –
Күн сарғайып батады.

Таңға қарап ұлысам –
Таң сарғайып атады.
Тауға қарап ұлысам –
Тас сарғайып қалады.

Суға қарап ұлысам –
Су сарғайып ағады.
Сарғайтпайтын заман жоқ,
Адам аз да, арам көп,

Ұрлығы көп заманда
Ұлымасқа амал жоқ.

Жаны да, жүрегі де, жыры да, сыры да, мұңы да – бүкіл ішкі дүние, болмыс-бітімі түгелімен туған жерге деген сағыныштан күзгі жапырақтай боп сарғайып , шемен боп қатқан шерін ақтарып, көбесі сөгілмей көк мұз боп қатып қалған қасіретін еріту үшін алып кеңістікке шығып қасқыр боп ұлыған ақын көзіне мына дүниенің бәрі сарғайып көрінеді. Ақын сағынышынан ай да сарғайып кеткен, күн де сарғайып кеткен, тау мен тас та... сарғайып кеткен. Бейне бір ақын бойын кернеп бара жатқан сағыныштың сары жалқыны ақтарыла төгіліп бәрін де сарғайтып жібергендей. Сағыныштың сол бір сары жалқынды жалыны барша дүниені шарпи жалап күйдіріп бара жатқандай. Онсыз да осылай күйдіріп, өртеп бара жатқан сағынышы қыспаққа түсіп, қысастық көрген кезінде, айналаңды ұрлық пен қорлық, зорлық пен зомбылық торлап алған сәтте бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да артып, ақырында дертке айналып кетері сөзсіз ғой. Мұндайда айтылар сөз де жетпей, ақын байғұс қасқыр боп ұлымай қайтсін. Ондай сәтте ол:

Бірде сөзім – шырын бал,
Бірде сөзім – қан жылым.
Көп қарадым қабаққа,
Аз қосылдым санатқа.

Бір көзімнен сор ағар,
Бір көзімнен қан ақса.
Тұла бойым сыз, қайғы,
Салқын жүрек қызбайды.

Бір бүйірім жылыса,
Бір бүйірім мұздайды.

Бұл жапа шеккен жанның шырылы ғана емес, жат жұрттың иелігіндегі алыста қалған туған жерін аңсаған әрі қапалы, әрі налалы жүректің ұлуы! Былай жүрсең шөңге, былай жүрсең шоқ басып, бірде отқа кіріп, бірде суға түсіп аласапыран күй кешкен ақын жаны соншама неге дегбірсіз?! Неге, ең болмаса, бір мезет, бір сәт байыз тауып дамыл етпейді. Неге? Сол кезде саған ол:

Ана жақта Анам бар,
Мына жақта балам бар.
Мен Анама алаңдап,
Анам маған алаңдар, –

деп өзегін өртеп, кеудесін керіп бара жатқан күйініш-күйзелісін ақтарып салады. Ақын тағдыры лапылдап жанып жатқан екі оттың ортасында қалған. Енді міне мақаламыздың бас жағында айтқан ақынның тауқыметті тағдырынан аз-маз хабар бермек болған уәдеміздің үдесінен шығатын сәт те келген сияқты. Жәркен Бөдешұлы өзінің ең ыстық, ең аялы, ең қимас туған жерін тастап 1969 жылдың сәуір айында Жоңғар Алатауының “арқар аспас қиын асуын” асып, Атажұртты бетке алып арғы беттен бергі бетке қашып шыққан ғой. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранға тап болған олардың көрген азабы адам айтқысыз. Бірде қалың қарға қамалып, бірде аш бөрілердің талауына түсе жаздап, әбден арып-ашып, итсілікпелері шығып жүріп, әйтеуір, шекараға ілігеді-ау. Бірақ олардың шекарадан өткеннен соң да көрген құқайлары аз болмайды. Жәркеннің өзін сөйлетіп көрейікші: “Шекарадан өтпей жатып-ақ тергеушім сол кездегі Совет өкіметінің басшының атына қаратып осы елден баспана сұрап өтініш жазып беруді талап етті.Мен қуана-қуана өтініш жаздым. Қара сөзбен емес, өлең сөзбен жаздым, есімде қалғаны мынау:

Кері қайтара көрмеңіз!
Кері қайтара көрмеңіз!
Тілегім осы сіздей көсемге
Өлсем өлейін осы елде.

Өлейін түрмеңде,
Өлейін көшеңде.
Өлейін атажұртым – Қазақстанда.
Өлейін,

Өлмесем осы топыраққа
Дән болып өнейін.
Бұл тілегімді қабыл етсеңіз,
Патша ағзам,

Не айтсаңыз да көнейін!
Не айтсаңыз да көнейін!

Арада үш күн өткен соң мұрты қияқтай бір қазақ офицер қасыма келіп отырып әлгі өлеңді жолма- жол орысшалады. Бұл менің бөтен тілге тұңғыш аударылуым еді” дейді.

Өлейін түрмеңде,
Өлейін көшеңде!

Атажұрт үшін өзін құрбандыққа шалып, басын азап пен тозаққа салуға бар не деген жанкешті жан айқайы бұл! Апыр-ай, атажұрт дегеніңіз “жыланының шырылдатып шаққанына” да құмбыл болып, тіпті содан рахат табуға да дайын туған жерден де қастерлі, туған жерден де қасиетті екен ғой. Өйткені ол тарихтың қатпар-қатпарларынан тамыр тартып сені қоректендіріп, бойыңа қуат, ойыңа суат беріп тұрған асыл діңгегің ғой. Мұндай халді тек өз басынан өткізген тағдырлы жан ғана сезіне алса керек. Бәлкім, біз айта беретін патриотизіміңіз де, біз қайталай беретін ұлттық рухыңыз да осындай қуатты сезімдерден бастау алғанда ғана қайырлы болатын шығар-ау. Атажұрт үшін туған жердің бауыры сая, сауыры салқын, бір жағы жақпар- жақпар жартасты биік, бір жағы ұлы кеңістікпен ұласып жатқан құнары асыл туған жерін де, құшағы ыстық туған елін де, алақанына сап аялап өсірген әкесі мен шешесін де, іні-қарандастарын да қиып кеткен ақын жанында күн сайын, сәт сайын жүріп жататын арпалыс – жауыңа да тілемейтін алапат арпалыс болса керек... ... Міне, ақын жиырма екі жылдан кейін балаларын ертіп туған жердің қасиетті топырағын басты. Әке-шеше баяғыда о дүниелік болған. Іні-қарындастарының да бірі болса бірі жоқ. Өмірден өткен ең жақын, ең асыл жақын- жуықтарына бір уыс топырақ сала алмаған ақынның жан-жүрегін өкініштің күйігі өртеп, көкірегін күйзелістің отты жасыны қақ айырып тұр... Өкініштен өзегі өрт-жалын боп тұрса да, әйтеуір тәңір жарылқап туған жеріне оралды ғой. Тәуба! Шүкір! Туған жердің майда самалы желпіп, ыстық күні аймалап, топырағы майдай жағып ақынның қамыққан шерлі көңілін елжіретіп, тоң болып торыққан жанын ерітіп жібергендей болды. Аз күнде-ақ көңіл көтерілді, жан жадырады. Ең бастысы , туған жердің дидар келбетіне қарап өзінің алыста қалған балалық шағымен қауышты. Балдай тәтті балалық шағымен қауышқан жазған ақында не ес қалсын?! Бірде құстай ұшып, бірде құйындай жүйткіп тартты да жөнелді!

Қараған, бұтаның түбінен,
Ұйқысы қанып түнімен
Ойнап шыққан қояндай
Орғып-орғып жүгірем.

Орғыған сайын алқындым.
Алқынған сайын шарқ ұрдым.
Соңымнан қалмай жүгірген
Тасбұлақ,

Өзен,
Самалды
Болдыртып артқа қалдырдым.
Ойдан қырға орғыдым.

Қырдан нуға орғыдым.
Нудан суға орғыдым.
Табанға қатты батса да
Орғыдым таудан тасқа да...

Қаншама жылдардан кейін туған жерімен табысып, оның мамықтай жұмсақ құшағына күмп беріп, ауасын құшырлана жұтып, суын мейірлене ішкен ақын жаны бәрі бір алаң, бәрі бір мазасыз. Жанының бір жағы Атажұрт, бір жағы Туған жер. Содан да ол “Құдайым шырылдаттың аямай- ақ, екі оттың ортасына тастадың да”, – деп налиды. Бұл ақынның мәңгілік тағдыры. Өйткені ол тіпті ертеректе-ақ “шекара жүрегімді бөлді екіге, анамның құрсағында жатқан шақта-ақ” деген болатын. Күрделі тағдыр! Содан ба екен, Жәркен ақын кілең екі айырылып, қақ бөлініп сөйлеумен келеді.

Тауға шықсам – ұлармын, шөлге түссем – құланмын.
Ұлар құсап тау жайлап, құлан құсап мойнымды
Тарғыл құмға бұрармын.

Екі жарылу, екі бөліну. Бір теріскейге, бір түстікке қарап, бір шығысқа, бір батысқа қарап екі дай күн кешкен ақынның ішкі әлемі алай-дүлей. Түп тамырын іздеп келген ақынның кіндік қаны тамған туған мекенді қия қоюы да қиын. Сана-сезімі, ақыл-есі, қай кезде де жол айрығында тұрғандай қақ айырылады да тұрады. Ақын туған жерінен қай бір жетіскеннен ауды дейсің?! Ол жердің түптің-түбінде айдаһар құлқынды алып елге жұтылып кете ме деген қауіп оған амалсыз ата тек, атажұртты іздетті ғой.

Туған жерім Жайыр тау,
Екі өркешті айыр тау.
Айыр таудан сұм тағдыр
Тірідей мені айырды-ау,

Тірідей мені айырды-ау!, – деп күйзеле тұра, ол туған жердің күні ертең-ақ жат ел, жат жұрт боп кетерін бүкіл болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне білді. Ақырында

Жоңғария ойпатынан – өлі құм,
Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін.
Төртқұбылалы тұрған темір құрсауда
Анау Шығыс Түркістанда тусам да

Ата жұртқа жетті менің өмірім... – деп іштегі шемен боп қатқан шерін алғаусыз ақтарып өксігі мен солығын басады. Шындығын айту керек, елім, жұртым деп өліп-өшіп келген ақынды Атажұрт емешегі үзіле еміреніп, құшағын құшырлана ашып қарсы ала қойған жоқ. Талай-талай топсасы берік емен есіктерді күзеттіріп, талай-талай қатал босағаларға телміртіп қойды. Қойын бақтырып, қотанын күзеттірді. Сандалтты. Сергелдеңге салды. Ол бәріне төзіп бақты. Өйткені ақын мақаламыздың бас жағында айтып өткендей атажұрттың “түрмесінде өлуге” де, “көшесінде өлуге” де құмбыл болатын. Аңсап келген ағайыннан не естімеді дейсің?

Жалғанда жаман бар ма бөлінгеннен,
Бөлінген емес екен өлімнен кем.
“Жансыз” – деп
“Қос жүрек”, – деп,

“Ауған ел”, – деп
Естіген сөзім аз ба көрінгеннен, –

деп қамығып, торыққан сәттері аз болмапты. Бірақ ол бейәдеп, былапыт жандардың ондай-ондай оспадар сөздеріне налыса да, жасыған жоқ. Қайта шыңдалып, ширыға түсті. Шамырқанса да шарт сынған жоқ! Қайралып, қайраттанып кетті. Ол бүгінде туған жердің тау-тасын, өзен-көлін, жайлауы мен құмын, аязы мен аптабын, қысы мен жазын, күзі мен көктемін, құсы мен аңын, гүлі мен тамшысына дейін қалдырмай, жұрегін қақтап сауғандай етіп жырлаудан бір танбай келеді. Жәркен Бөдешұлы бүгінгі қазақ поэзиясындағы ең белсенді, ең белді, шоқтығы биік, орыны берік саусақпен санап аларлықтай санаттағы ақындарымыздың бірі. Мен мақаламда Жәркеннің, айтқызбай-ақ, өздеріңіз байқап отырғандай, қырық қырының бір қырына ғана тоқталдым. Тағдырлы қырына!

Ол бірде:
Жер көгерді,
Мен қашан көгеремін,
Көгермей ішімде өлді көп өлеңім.

Қарақұмның семіртіп сексеуілін,
Қара нөсер жаудырсам деген едім.
Сыңсыған нуға айналып төңірегім,
Гүлдерді тозаңдатып көбелегім,

Араларым мұртына май жалатып,
Масаларым мертіксе қанға батып,
Ойлағаным болса осы не дер едім?!
Ауырмай, сырқамай- ақ өлер едім, –

деп бәріміздің көкейімізде жүрген тілегімізді алғаусыз ақтарып-ақ салған екен. Тілегі қабыл болғай! Жәркеннің бір өлеңінде “жұлдызымнан жаңылған жоқпын” деген жолдар бар. Шынында да ол жұлдызынан жаңылмаған ақын!

ТАУЫ ШАҒЫЛЫП, ТАУАНЫ ҚАЙТҚАНДАР

Менің ойымша, есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал Қуандық Түменбай қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі ең өнімді жазушы. Ол тіпті қолындағы қаламы бірде- бір суалып, алдындағы қағаздары бірде бір құрғап көрмеген менің қадірлі құрдастарым,үлкен талант иелері Тынымбай Нұрмағамбетов пен Мархабат Байғұтовтан да өнімді. Қаптап шығып жатқан газет- журналдардың беттерінен бір түспейді. Яғни ол өнімді ғана емес, өтімді де. Әрине, көп жазу үшін көп жазуға болмайды. Олай етті ме, онда ол жазушы көпірме көбік сөздер мен дәні жоқ кебек сөздерге ұрынар еді. Бірақ әркімнің талант табиғаты әрқилы ғой. Бір жазушылар бар оқырманын ұзақ күттіріп, аңсатып барып анда- санда бір көрінеді. Тағы да қалай көрінеді дейсің?! Қаталаған аңқаңды басып, мейіріңді қандырып, тіліңді жұтып қоярдай тамсантып көрінеді. Дей тұрғанмен, сараң жазушының бәрі сарабдал жазушы емес қой. Ұзақ жылдар бойы өзін өзі қазыққа байлап сарсылып жұмыс істеген кей жазушының шығармасын оқып отырып, ішінен іліп аларлық ештеңе таба алмай, босқа сарп болған уақытты аяп қапа боласың. Сондықтан біреуді көп жазады деп күстәнәлауға да, енді біреуді сараң жазады деп әспеттеуге де болмайды. Өйткені көп жазады, сараң жазады деген ұғымдардың бәрі—шартты ұғымдар. Мәселен, жұрттың бәрі біледі, Төлен Әбдіков сараң жазушы. Оның пәленбай жыл бұрын жазылған шығармасынан кейін, келесі шығармасын күте- күте көзің талып, ішегің үзілердей болады. Әбден күдер үзе бастағанда жұрттың бәрін жалт қаратқан, құбылыс деуге лайықты тосын бір шығарманы ұсына қояды. Қазақ әдебиетінің алтын қорына баяғыда енген сүйекті- сүйекті бірқатар шығармалар берген, енді прозадан қол үзгендей боп, драматургия жанрына мүлдем ауысып алған Дулат Исабековті алыңыз. Жанр ауыстырып жаңа қырынан көріне бастады. Соның арқасында өз бидайына өзі қуырылып, бұйығы боп келген қазақ драматургиясы шетел сахналарына қайта- қайта шыға бастады. Сондай- ақ бір шығармадан кейін бір шығарма беріп келген, енді үзақ күттіріп қойған Оразбек Сәрсенбаев, Марал Сқақбаев, Әнес Сараев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Смағұл Елубаев және басқалар күні ертең- ақ құлжаның асығындай салмақты дүниелер бермесіне кім кепіл? Мұның бәрін біз сол талант табиғатынан шығарып әдейі айтып отырмыз. Бұл ретте әлемдік әдебиеттен мысал іздеп тінтіп кетсек, мүлде шығандап ұзап кетер едік. Ең басты байлам—шығарма қалай жазылған , автор не айтпақ болған, көркемдік болмыс-бітімі қай деңгейде, көтерген тақырыбын қалай меңгерген, қолданған әдісі мен тәсілі өзін-өзі ақтап тұр ма, өрісі қалай, өресі ше? Міне, осы, және басқа да көкейкесті сұрақтарға жауап бере алатын шығарма ғана—нағыз шығарма. Ол шұғыл түрде шапшаң жазылып бітті ме, жоқ әлде ұзақ жылдар бойы жазылды ма, онда жұрттың шаруасы жоқ. Сондықтан, мен өз басым, шапшаң жазатын адамдардың бәрінен дүмбілез дүниелер, бір қайнауы ішінде немесе иі қанбаған шығармалар шығады, ал сараң жазатын жазушылардың бәрі дерлік әр сөзін қадағалап бағып отырған керемет стилист, ғажап сұңғыла болады дегенге оншалықты ден қоя бермеймін. Сараң жазатын адамдардан да көп- көп кемшілік тұстар кетуі әбден мүмкін. Тіпті қайта- қайта қарап, қайта- қайта қағып-сілкетін кей шығарма табиғи болмысынан, қан- сөлінен айырылып қалуы әбден мүмкін...

Енді өзіміздің сөз еткелі отырған объектімізге қайта оралайық. Ең алдымен айтарымыз, Қуандық Түменбай—бүгінгі қоғаммен қоян- қолтық араласып, бүгінгі уақыт тынысымен бірге дем алып, бүгінгі заман құбылыстарын зер сала зерттеп жүрген жазушы. Мен бұл мақаламда оның қаламы мен қағазынан шыққан барлық дүниелеріне тоқталып жатпаймын. Ол мүмкін де емес. Олай етсем, мақаламыз қайыру бермейтін ұзақ әңгімеге ұласып кетер еді. Сондықтан мен оның, соңғы жылдары, яғни тәуелсіздік жылдары жазылған, өзімнің табиғатыма да, жаныма да жақын, ең бастысы, шығармашылықта алған бағыт- бағдары мен ұстанымын анық көрсетіп беретін екі- үш хикаятына ғана тоқталмақпын. Қуандық Түменбайдың “Түрмедегі торғай” деп аталатын етек- жеңі дөңгеленген ып-ықшам хикаяты аярлық пен опасыздықтың, өтірік пен жаланың адалдықты қалай қорлап, имандылықты қалай аяқ асты еткенін қарастырған шынайы шығарма. Оқиға ауруханада өрбиді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ауру Барболсын Әйтшуовтың миындағы қатерлі ісікті соңғы рет компьютермен ақи- тақи тексеруден өткізіп болғаннан кейін, онымен бетпе- бет жеке отырып, күні ертең болатын операция алдында сәл де болса көңілі көтерілсін деп емен- жарқын әңгімелесіп, қысылтаяң мына заманда ауруханада, әдеттегідей, дәрінің қат боп тұрғанын, бірақ меңгерушіден қоярда қоймай жүріп екі құты дәріні сұрап алғанын, қалған екі құты дәріні өзінің сатып алуы керектігін, тағы да басқа дәрігерлік ескертпелерін айтып шығарып салады. Сонан кейін аса жауапты да қатерлі операция алдында дұрыстап демалу үшін, жақында ғана үйленген келіншегіне телефон соғып үйіне қайтады. Қаперінде басқа ештеңе жоқ. Бірақ бұл дүниеде жақсылығыңнан да сұмдық бір жамандық іздеп, адал ниетіңнен де бәлелік пен арамдық көретін, айнала тіршіліктің бәріне күмәнмен қарап, күдікпен үңілетін жаны күйкі адамдар бар ғой. Әйтшуов те дәл сондай сұмпайы сілімтік боп шықты. Есенбай оның сондай жан екенін қайдан білсін. Сонымен ертеңіне ол, әдеттегідей, жұмысына ертерек келіп, ақ желеңін енді ғана іле бергенде бөлмесіне өз- өзінен бүрісіп, мойнын ішіне тыққан сырқат Әйтшуов кіріп келсін. Екі сағаттан кейін басталатын операцияға ештеңеге көңіл бөлмей, асықпай өзін-өзі дайындаудың орнына бұл неғып жүр деп Есенбай ойланғанша, Әйтшуов “мен дәрі іздеп таба алмаймын. Ақысын берсем, бәлкім, өзіңіз тауып берерсіз” деп рецепт қағазы мен 500 теңгені үстел үстіне қойып, екі иығы қушиып, арқасы дөңкиіп есіктен шыға береді. Бәленің бәрі дәл осы жерден басталады. Милиция формасын киген екі жігіт кіріп келеді де «Қозғалмаңыз!” деп әй- шайға қаратпай, жаңа ғана салған қалтасындағы 500 теңгені суырып алады... Сонымен пара алды деген жаламен Есенбай Қойбағарұлы, қолы кісенге түсіп ұсталып кете барады... Сөйтсе (кейіннен білді!) , екі сағаттан кейін басына операция жасалатын сырқат Әйтшуов мұны нағыз алаяқтың өзі деп ойлаған екен. Яғни оның ойынша , рецепт әйтеуір көз алдау үшін жазыла салған, қоймадағы бар, бұған тиісті екі құты дәріні өздері қымқырып қалып, кейіннен әжеттеріне жаратпақ. Осының алдын кесу үшін, ол айғақ ретінде 500 теңгені дәрігердің қолына салған.Міне, осы бір арам ойға әбден арбалған ол шұғыл түрде тиісті орынға хабарлаған ғой. Осы бір қаскөй ойдың торына әбден шырмалған ол басындағы қатерлі ісікке жасалынатын операцияны да тәрк еткен. Сонымен нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ажалдан арашалап қалмақ болған өз клиентінің көрсетуімен түрмеге қамалды. Жазықсыз. Жаламен. Бірақ енді ол өзінің таза, адал екенін қалай дәлелдемек?! Жарайды, мұның бәрін аурухана меңгерушісі Анастасия Федоровна, одан қала берді ұжымдағы қызметтес әріптестері жақсы біледі, солар араша тіседі- ақ дейік. Бірақ оларға тексеруші сене қояр ма?! Ендігі арғы тіршілігі не болмақ? Құдай- ау, үйленгеніне де бір- ақ апта болған еді. Ол қосағының бетіне енді қалай қарамақ? Дос- жарандарына, таныс- білістеріне не демек? Әйтеуір жан- жағын анталап қамаған сұрақтар. Бірақ жазушы өз кейіпкерін жанын жеген осы сұрақтарға біржола талатып, оны отқа да, суға салып абдырап асып- сасқан шыжбалаң күйгелектікке де, өзегін өртеген күйінішке де түсірмейді. Қанша қиналса да, оған сабырын серік еткізеді. Айнала тіршілікке байыппен, байсалмен қараудан айырмайды. Тергеуші келіп жауаптасқанда да сол пайымды байып, сол парасатты байсал. Жауабы—нық, дәйегі– берік. Бірақ оған қарап жатқан, мәселенің түбіне үңілетін, сөз төркінін ұғайын деген тергеуші жоқ. Тап бір Есенбайда жеті атасының құны кеткендей, әп, бәлем, қолыма түстің бе дегендей, алақанын ысқылап құшырлана шүйлігеді. Ол үшін алдында отырған адам—адам емес, әйтеуір кеудесінде жаны бар сұлба! Адам өмірі, адам тағдыры деген ол үшін пішту. Оны қалай бүгем, қалай ием, қалай бұраймын десе де өз еркінде. Сондықтан да оның дауысы– өктем. Сондықтан да оның қимылы—озбыр. Сондықтан да айтқан сөзі жетіп, атқан оғы өтіп тұр. Сондықтан да ол Есенбайдың өзін де көзге ілмейді, сөзін құлаққа қыстырмайды. Ол үшін адамды жерден ап, жерге сап қорлаудан, алқымынан ап қысып, аяққа сап таптаудан өткен рахат пен ләззат жоқ. Ол үшін адамды құлдай кемсітіп, құрдай жорғалатып қойғаннан өткен мақсат- мүдде болмаса керек. Мейлі, ол жоғары немесе төмен болсын, бәрі бір, біздегі билік табиғаты осындай. Ол үшін адамды жаншып- жәбірлеулен өткен ірілік жоқ. Оның алдында адам деп аталатын мақұлығыңыз қаншалықты тапталып қорланса, ол соншалықты тоғайып, соншалықты семіріп кетеді. Сол тергеуші ғана емес, бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық кіргізіп алғандардың бәрі осындай. Бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық енгізіп алғандардың бәрі адамға үстемдік етсем деп ойлайды. Ондайлардың қай- қайсысы да жаншып жібергісі, таптап тастағысы келіп тұрады. Сенбесеңіз, дәл қазір айнала жайлаған тіршілікке бір сәтке көз салыңызшы. Сол мораль, сол психология. Қорланасың, мүсәпір күй кешесің. Қарап тұрып құйқаң шымырлайды, жаның түршігеді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлын тергеу астына алған тергеуші де осындай өктемдік дертіне шалдыққан жан. Ол Есенбайды қалаған уақытында шақырып алады да дәлел-дәйектен де, логикадан да жұрдай “тисе терекке, тимесе бұтаққа” саятын әйтеуір бір далбаса сұрақтар қояды да, жауабына құлақ та салмастан камерасына қайтарып жібереді. Оған қарсы тұруға Есенбай дәрменсіз. Онда енді екі көзін төбеге қадап келесі сұрақ-жауапты сарсылып күтуден басқа амал жоқ... Тек жанына демеу болатыны... ұшып шығып, ұшып кеп терезенің маңдайшасына ұя сап жатқан құйтақандай торғай. Ол байғұс түрмені түрме деп ұқпайды. Ол үшін бұл жер ұя салатын, жұмыртқа төгетін, оны шайқап басып балапан өргізетін құтты мекен. Әне, қарашы, ол тағы да ұшып кеп тұмсығындағы бір шымшым балшықты ұясына қалап қойды... Тіршілік. Түрмедегі тіршілік. Осы бір құйтақандай тіршілік иесі оның көз алданышы. Көз алданышы ғана емес, үміті. Ол үміт барда Есенбай, қанша қиналса да, беті қайтып жасып, жүзі қайтып мұқалмақ емес. Апыр- ай, адам жаны неткен нәзік, неткен сезімтал. Кейде үзіліп кетердей боп дірілдеген тіндей нәзіктіктен де алапат қуат алып, басына төнген таудай пәледен де тайсалмай өжеттеніп, өршеленіп кетеді. Есенбай да түрмеге ұя салып жатқан сол бір торғайға қарап жатып тап осындай гәпті басынан кешірді. Пыр етіп ұшып кеп, пыр етіп ұшып кететін сол бір торғайдан жан дауасын тапты... Есенбай, тіпті, қазақ тергеушінің алдында қазақша сөйлей алмай қор болады. Өзінің азаматтық құқын пайдалана алмай жапа шегеді. Өйткені о баста құрылған жүйе солай. Ол жүйенің өрмекші торы солай тоқылған. Ол торды қақ айырып бұзып шығардай шырпыдай да қауқары жоқ Есенбай дегенің кім болыпты?! Кімнің шікірасы! Қарсылассаң, сол тордың сілекей тіндеріне шырматылған шыбындай боп арбаң- арбаң еткен өрмекшілерге жем боп кетесің. Есенбай осыны ұқты. Оларға қанша түсіндіргісі келсе де, түсіндіре алмай әбден пүшайман болды. Солай бола тұра, айдан астам уақыт түрмеде жатқан Есенбай қаншама жан қиналысы мен сана сарсаңына түссе де өзінің кісілік келбетін, адамдық кейпін жоғалтпады. Келесі бір тергеуде отырғанда тергеушіден өзіне опасыздық, тіпті зұлымдық жасаған Әйтшуовтың басындағы ісікке операция жасалды ма, жасалған жоқ па деп сұрайды. Жаны ашып сұрайды. Сөз жоқ, бұл Есенбайдың кісілік ірілігі. Имандылық ірілігі. Тағы бір мысал. Екі күндік демалыс күндерінде түрмедегі бір сырқатқа шұғыл түрде операция жасау керек болады да қапелімде хирург табылмай, түрме қызметкерлері Есенбайға қолқа салады. Есенбай ешқандай бұлданып жатпастан шын ықылас- ниетімен, бар ынты- шынтысымен операцияны сәтті аяқтап шығады. Бұл детальдар Есенбайдың кісілік келбетін бұрынғыдан да ажарландырып жіберген... Ақыры Есенбай Қойбағарұлы ақталып шықты. Өйткені тағылған айыптың бәрі дәлелсіз, дәйексіз еді. Өйткені айғақтың бәрі Есенбай жағында болатын. Жазушының сот залынан далаға атып шыққан Есенбай “аулада қып- қызыл боп ұйыса өскен раушан гүліне қарай атылып барып, иіле ұзақ иіскеп, бір сәт бір уыс шөпті жұлып ап, аузына сап ашырқанбастан шайнай бастады” дегеніне де еріксіз сенесің. Бұл көріністе тек еркін өмір мен бостан тіршілікті аңсағандық қана емес, сонымен бірге өзегін оттай өртеп, ішін жалап бара жатқан күйіктің зәрдей ащы уытын қайтару да жатса керек. Хикаят сәтті жолдармен аяқталыпты. Сондықтан біз де бұл хикаят туралы қорытынды әңгімемізді сол сөйлемдермен аяқтағанды жөн көрдік. “Жылт еткен қиялы енді торлы терезенің ар жағында ұя басып қалған торғайды ойлады... Түрме бұзыла қалса, біздің үйдің терезесінің маңдайшасына келіп қонақтайсың” деді әлі де өзіне өзі келе алмай күбірлеп тұрып, түрмені қалқа ғып алған тар жердегі серігін есіне ап. Сол сәт көкірегінен бір қараторғай пыр етіп ұшқандай жан дүниесі тосын дір етіп, өзіне бақырая қараған бір топ адамға қарай құшағын аша жүгірді.” Қуандық Түменбайұлының келесі “Қой мен қойшы” хикаяты да сол бір дүниенің асты үстіне шығып, үсті астына түсіп кеткендей астаң- кестең уақыттағы асығыс- үсігістіктен парасат- пайымы мен сабырынан айырылып қалған тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңіндегі ауыл адамының, дәлірек айтсақ қарапайым ғана қойшының иығына түскен ауыртпалыққа арналыпты. Аспан ашық, ай жарықта, бұрылып қарауға шама келтірмейтіндей қас пен көздің арасында, алдындағы бір отар қойдан айырылып қалса, оны ауыртпалық демей не дерсің? Ия, бір күннің ішінде папка құшақтаған бір топ басшылар көктен түскендей сау ете түсті де, жердің құты, елдің ырысы дерліктей бір отар қойды айырбас деп, бартер деп Құмкөл жаққа айдайтын боп шешті... Сонымен не керек, қойшы байғұс қу таяғын қолына ұстап, бұтағы қырқылып, тамыры қиылған қу ағаштай айдалада, жападан жалғыз сопайып қала берді... ... Енді, міне, оның жол- жөнекей бір жерден, іштегі қыжыл мен ызаны басу үшін, ақ арақты қырлы стақанмен тартып- тартып жіберіп атымен үйіне келе жатқан беті. “Маңырап қалды- ау, маңырап қалды- ау момын мал. Құлағына өзі айшылық жерден танитын қара қойдың даусы естілді. Қошақан боп көзін ашқалы алдына сап айдаған малы еді, енді мүйізі шығып, құйрық байлағанда өзгелерге өз қолымен етке бергені өзегін өртеп барады... Артына бұрылып бір қарады. Дәл бір мүйізді қара тоқты ілесіп келе жатқандай елестеді... Қойшы артына тағы бір қарады. Сол тұқыл мүйізді, жүні тықыр қырқылып, құйрығы салақтаған қара тоқты елес боп артынан еріп келеді.” Ел аман, жұрт тынышта алдындағы қойынан айрылып қалған қойшының қазіргі халі осындай?! Құдай- ау, айырбасқа жанармай аламыз дейді. Онысын қайда құймақ? Ауылдағы қыбырлаған трактор мен машина біткеннің бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеп пе еді... Енді ол үшін санасы санға , ойы онға бөлініп сансыраған сергелдең тіршілік басталды. Аспан асты, жер үсті қанша кең болса да сияр емес. Жұмыр басын тау мен тасқа соқса да бұл тіршіліктен жанына керек боларлықтай тұтқа, көңілі көншірліктей байыз таба алмастан әрі жатып, бері жатып, Алматыдағы үлкен ұлына барып қайтпақ боп пойызға шықты. Салып ұрып станцияға келсе билет жоқ. Сөйтсе, жұрт біткен ешқандай билетсіз-ақ жолсеріктермен жең ұшынан жалғасып міне береді екен. Бетімен кеткен дүние... Бұл да ілінді- ау. Ілінгені бар болсын, ол орналасқан жолсеріктердің өздері жататын шағын купеге қой жетектеген бір жігіт кіріп келсін. Мұның не десе, бизнес дейді. Бизнесінің түрін! Қойды тірілей сатса, өлі еттен гөрі әлдеқайда қымбатқа өтетін көрінеді... Сонымен ол қоймен бірге пойызда бір түнеп Алматысына да келіп жетті- ау. Баласы күтіп алды. Үйге келді. Немересін иіскеп мауқын басты. Келіні алдында бәйек боп құрақ ұшып жүр. Бірақ бәрібір қойшының жаны жай табар емес. Мына дүние мұны бейне бір керексіз зат сияқты қоқысқа лақтырып тастағандай. Бәрі бөгде, бәрі жат. Енді оның Алматыда да байыз таппай еліне қайтқысы келді... Ертеректе бәйбішесін ертіп келген Алматысы бүгінде мүлде басқа боп кеткен. Сол келісінде үй жанындағы баққа шыққаны, жастар жағы алқа- қотан отырып ап ән шырқап, дабұр- дұбыр әңгіме соғып, кәуәп пісіріп, ал кемпірі алма ағашынан қып- қызыл апортты үзіп алып “мынау жұмақтың өзі ғой” деп тамсанатыны көзден бұлбұл ұшқан. Бақ та, жасыл желек те жоқ. Олардың орнын сопайған- сопайған сұп- сұр үйлер басыпты. Түбірімен отап тастау. Жаншып- таптау. Талан- тараж. Қай жаққа қараса да көретіні осы. Адам деген неткен тойымсыз. Неткен қанағатсыз. Араны ашылған үстіне ашылып, құныққан үстіне құнығып, жолындағысының бәрін бұрап сындырып, бұралақтап асап, құныға қылқытып, жалмап жұтып барады. Елді де, жерді де ойлап жатқан бірі жоқ. Ойлайтындары– бос қауғадай қаңғырлаған қарақан бастары. Міне, қарашы, күні кеше ғана, сол атаукересін ішкірлер, ауыл- аймақты тұттай жалаңаштап шешіндіріп алып еді, енді, міне, бір кездегі кең қолтық қаланы да абақтыдан бес бетер етіп қуықтай тарылтып қамап тастапты... Баласы қоймаған соң өтіп жатқан айтысқа барып, көкірегін жегі құрттай кеміріп жатқан шері мен мұңын ақтарып салған ақынға риза боп қайтқандай болса да көңілі орнына түсіп көнши қоймады. Сергелдең өмір. Қалаға келген ауыл адамының аңсары—базар. Ол енді мал көрмесе тұра алмайтын сіңісті әдетімен мал базарына тартсын. Барса, о, тоба, өз көзіне өзі сенсін бе, сенбесін бе, қарсы алдында пойыздағы купелес қойын ұстап өзімен бірге келген жігіт тұр. Қасында– қойын саудалаған бір әйел. Ақыры не керек, қойшы малды да, ең болмаса “бізде азық жоқ, сенде жазық жоқ” деп жөн- жоралғысымен бауыздауды да білмейтін орашалақ жандарға ызасы кеп өз өзінен әбден қапа болды. Қапа болды да, олар үшін емес, ғұмыр бойы өзіне серік болған, ешқандай кінәсі жоқ байғұс қойды, қолдарына жөндеп пышақ та ұстай алмайтын адамдарға қиналтпайын деп, қалған істің бәрін өзі тындырып, қойды өз қолымен бауыздап берді. Қойды өз қолымен бауыздап тұрып, қызығы да, шыжығы да көп болған өзінің бүкіл өмірін бауыздағандай болды. Сонымен күдері үзіліп, үміті қырқылғандай еді...

Қойшы базардан келген бойда шұғыл жиналып, ауылына қайтып кетті. Қойшы бейнесі—сол бір ешқандай жүйесіз, ешқандай бағыт- бағдарсыз басталып, тіпті бағыт- бағдар болса да оның бәрі шикі, дүмбілез қалыпта жүргізіліп, ақырында сергелдең күйге түсіп қаңғып қалған мың- мыңдаған адамдардың жиынтық бейнесі. Әрине, ол сергелдең кезең өз- өзінен келе қойған жоқ. Тізеге басып, қолын қайырып, қабырғасын қаусатып, омыртқасын үзген әпербақан биліктің озбыр пәрменімен болды. Өйткені ол билік капитализм талаптарын желеу етіп, тіпті жалаулатып жүріп жаны ашымайтын, иманнан жұрдай, адамды бит құрлы да, ит құрлы да көрмейтін қатыгез қоғам орнатты. Ал оның зардабын қарапайым халық тартты. Жазушының бұл хикаятынан біздің ұққанымыз осы. Біздің байқағанымыз, Қуандық Түменбай өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіндегі күйініш пен сүйінішті, нала мен өкінішті, қақтығыстар мен соқтығыстарды, күдік пен үмітті, сезім шарпылыстары мен ойлы толғаныстарды, ишаралы меңзеулер мен философиялық толғамдармен де, психологиялық сана ағымдармен де емес, құйылған қорғасындай салмақты детальдармен және шағын диалогтармен бергенді қалайды. Сол нақты детальдар мен шағын диалогтардан кейіпкердің бүкіл болмыс- бітімі, мінез- құлқы, пайым өресі мен парасат мөлшері анық көрінеді. Сондай-ақ оның кейіпкерлері, қандай бір жағдайда да, отқа бір түсіп, суға екі түсіп, айқайға аттан қосып, бір анда жүгіріп, бір мұнда жүгіріп, өз өзінен өртеніп, күйініп шыжбалақтаудан да, жыртылған матадай дарылдап, от алған мотордай парылдап кететін даңғаза дарақылықтан да ада. Олардың бәрі дерлік өн бойында болып жатқан тартыс-талқысын, реніші мен күйзелісін, айналада өтіп жатқан ситуациялармен келісуі мен келіспеушілігін ішіне бүгіп ұстайтын, қандай ауыртпалық болса да қайыспай қарсы тұруға даяр, тіршіліктің ыстық- суығын көп көрген көңтерлі қарапайым жандар. Салиқалы сабыр иелері. Олар ешуқта да, “ойбай мына бір пәле келіп қалды” деп ала қанат сауысқандай шықылық қағып сұқақтап та, сұр жыландай басын қақшитып сумаңдап та кетпейді. Оның “Депутат Аязби” хикаясындағы Аязби де осындай жан. Ол өзінің бүкіл ғұмырын—бақытын да, баянын да тек жерден іздеп, жерден тапқан адам. Агроном. Өмірі атыз бен арықтың, топырақ пен судың арасында өткен, осы уақытқа дейін табан ақы, маңдай терімен өз ырыздығын өзі теріп келеді. Анау бола қояйын, мынау бола қояйын деп бас қатырмапты. Мансап іздемепті. Лауазым қумапты. Енді, міне, аяқ астынан астаң- кестең болды да, бүп- бүтін жерден бүлік басталып колхоз тарады. Әркім- әркімдер өздерінше ұжымдасып жеке- жеке отау тіге бастады. Біреулердің айтуымен Аязби де сол науқанның үйірілген иіріміне күмп берді. Сол кезде алдындағы асқар таудай ағасы, айтқанын екі етпей орындататын Мылтықбай мұның қалыпты өмірін басқа арнаға салмақ боп киліксін. Ойы—Аязбиді депутат ету. Аязби айықпас дерт—қояншық ауруымен ауырады. Ал ондай сырқаты бар адам депутаттыққа ұсынылмауға тиіс. Бірақ аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, қолы ұзын Мылтықбай үшін ол мәселені шешу түк те емес. Денсаулығында ешқандай кінарат жоқ деген анықтаманы бір пәсте ала салады. Сонымен не керек, өзінің де, шешесінің де қарсылығына қарамай, ел алдында еңбегімен де, кісілігімен де абыройлы, ешкімнің ала жібін аттамай адал өмір сүрген Аязби ағасы Мылтықбайдың пәрменімен депутаттық талас- тартысқа түсті де кетті. Қарсыласы—ақын. Ол да депутат болам деп ақ тер, көк тер боп жұр. Бәсекенің аты—бәсеке. Бірақ Аязбидің ол ақыннан екі артықшылығы бар. Біріншіден, ол—осы жердің түлегі. Екіншіден, оның Мылтықбай ағасы бастаған сүйеушілері де, демеушілері де көп. Алғашқыда, Аязби не үшін депутат болу керек екенін, басқа емес, мұны не үшін итермелей беретінін түсіне қоймайды. Ақырында, басынан бір шықпай алаңкөңіл қылған бұл сұрақты ағасына қойып тынады. Сөйтсе, осы әулеттен бір депутат шығу керек екен. Басқа дәлел де . дәйек те жоқ. Әрине, Аязбидің көп адамнан, оқып- тоқыған жағынан болсын, дүниетаным жағынан болсын шоқтығы әлдеқайда биік. Бірақ оның сол қасиеттерін дәлел етіп, соларды алға тартып отырған бір ағайынды көрмеді. Ел мен жер мүддесі үшін депутат болуың керек деген сөзді де естімеді. Мақсат біреу- ақ, ол—Мылтықбай мен соның айналасындағылардың “бізден де біреу шықсын” деген жалған намыс пен рушылдықтан туған бейшара ұстанымдарын тояттандыру. Аңғал Аязби сол бейшара ұстаным мен жалған намыстың құрбаны боп кеткенін қапелімде өзі де байқамай қалды. Енді бәрі де кеш. Ауыр маховик айналып кеткен. Енді оны тоқтатуға мінезі жұмсақ Аязбидің күш- қуаты да,дәрмені де жетпейді. Ақыры сол ағайындарының күні- түні құлағын сарсылтып, біреулерінің аяқ- қолынан тартып сүйрелеуімен, енді біреулерінің ту сыртынан итермелеуімен, көңілі құлап тұрмаса да, Аязби депутат болып шыға келді. Осы процесс тұсында ол билікте отырғандардың өз мақсаттарына жету үшін ешқандай шімірікпестен тізеге салып опырып жіберетін озбырлықтарын да, жықпыл- жықпылы көп небір құйтырқы қулық- сұмдықтарын да өз көзімен көрді. Көрді де жаны шошып, жүрегі түршіккен оның қояншық ауруы қайта-қайта ұстап, талай рет талып та қалды... Жан шошырлық ондай сөзді бәсекелесі ақын туралы айтқан ағасы Мылтықбайдың аузынан естіген. “Адалдар” партиясының атынан түскен әйгілі ақын бір кездесуде “Америкада алты жазушы бар, бізде де солай болсын дейді биліктегілер. Бұл—дұрыс емес. Бұл– әдебиетті тұқырту. Осы отырған бәріміз де әдебиетпен адам болдық емес пе? Тіпті анау тапаншасын сипалап отырған майор мырза да “Әліппемен” тілін сындырып, “Ана тілінен” өлең жаттап, мектеп бітіргенде әдебиеттен шығарма жазды. Әдебиетсіз өмір жоқ” деді. Бар айтқаны осы. Қанша қадалсаң да артық айтқан ештеңе жоқ. Бәрі рас. Бірақ Мылтықбайдың жанына осы сөз шаншудай қадалды. Өйткені ол әдебиеттен мүлде мақұрым жан ғой. Содан да ақынның бұл сөзі оған мысқыл мен кекесіннен бес бетер естілді. Шамына тиді. Ашуын келтірді. Көп ұзамай Мылтықбай ағасы түйіліп отырып Аязбиге “Анау “Адалмын” деп жүрген ақының кім өзі, қайдан шыққан дәу еді. Мені әдебиетті түсінбейді деп мысалға келтіретін кім өзі, әкеңнің... Өзі іше ме екен? Гәстиницада өлтіріп ішкізіп, бар абыройынан айырайық... Қойнына қатын сап... Осы жағын ойлаңдаршы”... Міне, осы сөздерден- ақ өздерінің шамшыл тоятын басу үшін кім- кімді де обып жіберуден тайынбайтын, ар- ұятты аттап, ожданды өртеп, кісіліктің күлін көкке ұшырудан жүзі жанбайтын билік тізгінін ұстап отырғандардың бүкіл бет- пердесі ашылып отырған жоқ па?! Сонымен Аязби ағасының көңіліне бір қарап, жандайшаптардың көңіліне екі қарап, ең сұмдығы , дені- қарны сау деген жалған анықтама ап депутаттықтың жайлы орнына барып жайғасты. Жайғасқаны бар болсын, өз көзімен көрген құйтырқы қулық- сұмдықтың бәрі оның жанына батты. Жүрегі лоблыды. Басы айналды. Сырқаты қозды... Ақыры, мәжілістің алғашқы отырысының бірінде- ақ “басы шым ете түсті де”, қояншығы ұстап құлап қалды... Бірер күнде- ақ одан “депутаттық мандаты денсаулығына байланысты қайтарылып алынды”. Әлдекімдердің жалған намысы мен рушылдығының қуыршағы боп кеткен есіл азамат осылайша қор болды... Сонымен біз Қуандықтың үш хикаятына аз- кем тоқталып өттік. Үш хикаятта да әр түрлі ситуация, әр түрлі ортадағы қарапайым адамдардың өмір жолы суреттелген. Олар, тіршілік- тынысы бір- біріне мүлде ұқсамаса да, иманнан жұрдай, адамгершіліктен мақұрым қатыгез қоғамның илеуіне түсіп, ертеңі не болары белгісіз боп қалған, тауы шағылып, тауаны қайтқандар. Тағдырластар. Түйіндеп айтарымыз, әдебиетімізде өндіре еңбек етіп келе жатқан тегеурінді талант иесі Қуандық Түменбайұлы дәл қазір кемел шағында. Яғни, одан күтеріміз әлі алда.

ӨЗЕГІНДЕ БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЗАРЫ БАР

Шүкір, кейінгі кездері “қоғам бір формациядан екінші формацияғы өтер тұста әдебиетіміз не істерін білмей абыржып қалды”, “өтпелі кезең тұсында әдебиет тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады” деген мұңы ауыр, уайымы қалың сөздер сирексіп, дүниеге келіп жатқан жаңа шығармалар туралы әңгімелер, жиі болмаса да, естіле бастады. Әрине, мен өз басым, кешеуілдеп болса да, сол өтпелі кезең тұсында да поэзия жанрының ешқандай да дағдарысқа ұшырамағанын, тұйыққа тіреліп қалмағанын сөзім жеткенше дәлелдеп баққам-ды. Көңіліме бір демеу болатыны, менің ол пікіріме ешкім де, жоқ олай емес деп қарсы дау айта қойған жоқ. Демек ақыл, ақылдан артық емес, көп адамның көкейінде де сол ой жүрсе керек. Рас, асты-үстіне шығып, үсті астына түсіп жатқан аласапыран дүниемен әп дегеннен қоян-қолтық кеп шаппа-шұп ұстаса кететін поэзия сияқты емес, әдебиеттің қатепті қара нары боп саналатын проза жанры біршама уақыт дағдарып қалған-ды. Әр ай түгілі әр күні бір-бір жылнамаға татитын жылдар өтті. Дүниені дүрліктіріп жіберген құйынды дүбілістің ақ шаңы басылып, көзді де, көңілді де көлегейлеп, алды-артыңды бірдей тұмшалап, ертеңіңді болжатпай қойған қалың ақ тұман да сейіліп, жазушыларымыз сол бір қым-қуыт кезеңнің шым-шытырық оқиғаларын өн бойынан өткізіп, оны көңілінің көрігінде қыздырып, жан-жүрегінде қорытып, ой-санасы мен талғамының таразысына салып, сұрыптап, саралап сол өткен уақыттың кескін келбеті мен ажарын дүниеге алып келе бастағаны шындық. Ондай кезеңде ақылын ішіне жасырған астарлы пікірдің де, тағаттан жұрдай ұстамсыз ұшқары пікірдің де айтыла беретіні заңды. “Дағдарысқа түсті”, “тоқырауға ұрынды” деген сөздерді сын жанры да аз естіген жоқ. Әлі де естіп жатыр. Тіпті кейде “сын өлді” деген қатал сөз де таңғы ауада мылтық атылғандай гүрс ете қалатыны бар. Бірақ, бағамдап қарасаңыз, “сын өлді” деген сөздің өзі де – сын ғой. Яғни, қанша жаназасын шығардым десең де, бәрі бір сынның өлмегені ғой. Бұл жерде бір айта кететін мәселе, мен өз басым, өлең жазатын адам болғандықтан, ұзақ жылдардан бері, қазіргі қазақ поэзиясы, оның талантты өкілдері туралы сыни ой-пікірлерімді бірде бір үзген емеспін. Тағы да осылай жұмыс істеп жүрген жалғыз мен емес. Бәрі десем күпіршілік болар, ақын-жазушылардың бірқатары дәл осылай еңбек етіп жүр. Бізде бір тас қамалдай қатып қалыптасып қалған жаман түсінік бар: әдеби туралы сөзді тек сыншы айту керек. Шынымды айтайын, мен кейбір сыншылардың еңбектерін (әрине, бәрін емес) мүлде бағаламаймын. Неге? Өйткені ол дүниелер, ең алдымен, көркемдіктен жұрдай. Таптауырын. Схема. Сылдыр сөз. Қатып қалған қасаң. Қасаңдығы сондай, оларды оқып отырып ең болмаса түйіні де жоқ кендір жіп жұтып немесе тоң боп қатып қалған кесек кеміріп отырғандай болам. Шабыттана алмайсың. Шарықтай алмайсың. Шалқи алмайсың. Хайуанаттар паркіндегі шарбақта қалғандай пұшайман, мүсәпір күй кешесің. Ал сын деген де әдебиеттің басқа жанрлары сияқты көркем дүние, көркем әлем ғой. Яғни, ең алдымен ол көркемдік талаптарға жауап беруге тиіс. Әрине, көркемдік талаптарға толығымен жауап беретін шығармалар жаза алатын сыншылар бар. Бірақ олар өте аз. Сондықтан мен кей ретте кендір жіп есіп, тоң кесек теріп кеткен қалың сыншылардан гөрі ақын-жазушылардың өздері жазған сыни ой-пікірлеріне көбірек ден қоям. Өйткені олардың ой-пікірлерінің бойында қан бар, жан бар. Тақырыпқа ендеп кіру бар. Қаламдас әріптесінің лабораториясының тыныс-тіршілігін, демі мен лебін көрсету бар. Кейбір “паспортты” сыншысымақтар сияқты шығарманың оқиғасын ғана айтып, тысын ғана шолып шығу емес, автордың айтар ойының астарын ашып тастайтыны бар. Осы барлардың бәрінен де бұрын ол мақалаларда көркемдік бар! Тағы да бұл жерде айта кетер бір мәселе, әдебиетте шаш ал десе бас алатын әпербақан шолақ белсенділер ойлайтындай, сын деген кілең бір өлімші етіп дүрелеп сойып салу мен қорқыратып бауыздап тастаудан тұрмайды. Шолтаңдаған ол шолақ белсенділердің селебесі арқасы жауыр, кирелеңдеген көтерем хальтуршиктерге емес, ең алдымен, белі берік, сүбесі қалың, сауыры жалпақ жарамдыларымызды жайратып салады. Бейне бір олар сын жанрын қан сасыған қасапхана деп ұғатындай. Бүгінгі таңда сын жанрында не жетпей жатыр дейтін болсақ, онда оған әлі күнге дейін барымызды базарлай алмай жатқанымыз жетпей жатыр дер ек. Яғни, қарымды, қабырғалы қаламгерлеріміз күні бүгінге дейін өздерінің тиісті бағаларын ала алмай жүр дер ек. Қайта қайдағы-жайдағы көлденең келіп киліккен көк аттылар кимелеп, олардың аяғының астынан ұшқан шаң, көп-көп көркемсөз шеберлерінің кескін-келбетін көлегейлеп көрсетпей барады дер ек. Мұндай келеңсіз құбылысқа басқа ешкім емес, алдымен өзіміз кінәліміз. Несін жасырамыз, бір-бірімізге деген ниетіміз жұтаң, тілегіміз тапшы. Рас, өтпелі кезең тұсында әдебиетке келген жастар поэзиясы туралы “Алтынкөпірліктер” деп аталатын мақала жаздым. Одан бұрынырақта Тоқаш Бердияров, Өтежан Нұрғалиев, Сабырхан Асанов, Меңдекеш Сатыбалдиев,Сәкен Иманасов, Дүйсенбек Қанатбаев сияқты ағаларым жайында, сонан кейін қатарлас құрбылар мен қанаттас інілерім Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегман, Нұрлан Мәукенұлы, Болат Шарахымбайлардың (Құдай қаласа, бұл тізім жалғасын табады) творчестволарына жеке-жеке тоқталдым. Әрине, осы уақытқа дейін әлгі аты аталған ақын азаматтардың замандасы, ерен де ерек ақын Есенғали Раушановтың өлең әлемі туралы қалам тартпағаным ұят. Кезінде Есенғали екеуміздің, алауыз болмасақ та, алакөз болып қалғанымыз рас. Қазір де екеуміздің ауыз жаласып, қауышып кеткеніміз шамалы. Сондықтан Есенғалидың өзін былай қойғанда, өзгелер де неге ол туралы жазбайсың деп кінәлап, күстаналай алмайды. Мен жазбағаннан Есенғалидың бәсі тіпті де түсіп қалмайды. Бірақ ол туралы жазбау, ең алдымен, өзімнің азаматтығыма, адамдығыма сын деп білем. Ал Есенғали Раушанов әдебиеттегі кәмлеттік кезеңнен әлдеқашан өтіп, әбден толысып, кемеліне келген, шығармашылығы қалың-қалың қатпарлардан тұратын, ешқандай асырмай да, жасырмай да айтар болсақ, ұлттық үлкен ақындарымыздың ішіндегі санаулыларымыздың бірі. Мен үшін, сан тарап, сан тақырып, сан сала, сан өріс-белеңде жұмыс істеп жатқан алуан мінезді, алуан ауа-райлы ақындардың ішінде ұлттық ақын деген өлшем бәрінен де биік ұғымға ие. Өйткені ұлттық ақынды белгілі бір ұлттың рухани мұқтаждығы тудырады. Тағы да ол сол ұлттың қатерлі, қиын кезеңдерінде дүниеге келеді. Ондай ақын ұлтының алдында үлкен жауапкершілік пен міндет арқалайды. Ондай жуапкершілік пен міндет кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермейді. Бұл дүниеде ұлттың рухани мұқтаждығын өтеуден үлкен іс бар ма?! Бірақ бұл жерде рухани мұқтаждық деген ұғымның қатып қалған қасаң формуласы жоқтығын, оның аса кең ұғым екендігін, ол ұғым заман желімен, уақыт лебімен өзгеріп тұратын қоғамның әр саты, әр баспалдақтары мен әр иірім, әр иінінде басқаша реңк пен түске, басқаша мазмұн мен мәнге ие боп түрлене құбылып отыратынын ұмытпағанымыз ләзім. Мәселен, Махамбет ұлты үшін ақырып теңдік сұраса, Абай халқын қараңғылық қамауынан алып шығамын деп қайғы жұтып, у ішті. Пушкин жуылып-шайылмаған Ресейдегі құлдық пен зорлықты көріп зар илесе, Байрон Англиядағы ұлтына жасалынып жатқан әділетсіздікті көріп өз елінен өзі безіп кетті; француз Беранже ұлтын қан қақсатақан діни дүмшелік пен корольдің озбырлығын көздеріне шұқып тұрып көрсеткені үшін қуғын-сүргінге ұшырады... Мұндай мысалдарды көптеп тізе беруге болады. Қасіретті ұлтының қамын ойлап көкірегі қарс айырылған Мағжанды, өз шығармаларында ұлттық қасиетті бар бояу-нақышымен суреттей білген Ілиясты, сұм заманның сұмпайы сықпытынан шошынған Сұлтанмахмұтты, өлеңдерінен ұлттық өрлік пен адуындылық атойлап тұратын Қасымды айтпағанда, Кеңестік дәуірдің қышқаштай қыспағының азуы сәл босаңсыған тұста “мен қазақпын” деп әлемге жар салған Жұбан Молдағалиевті, туған жерге кіндігінен байланып қалған Ғафу Қайырбековті,ұлы даланың рухани дидарын, яғни ұлттық мінез-құлқын айқара ашып көрсеткен Қадыр Мырзалиевті, өз ұлтының бойындағы күйдей тылсым, күйдей жұмбақ болмыс-бітімінің философиялық мәні мен психологиялық мәйегіне үңілген Жұмекен Нәжімеденовті, ұлтының рухани кескін-келбетін кеңістіктің алып сахнасына шығарып сомдаған Мұқағали Мақатаевты, ғасырлардың құмы мен қыры астында қалып қойған сарын мен әуенді қайта оятып, оларды құлағыңның дәл түбінен естілетін ұлы дүбірге айналдырып жіберген Төлеген Айбергеновты, әрі тартқанды бері тартам деп әуре болмайтын, қайта әрі тартқанды одан да әріге итеріп жіберетін мінезге ие Фариза Оңғарсынованы, ұлтым деп сөйлесе ұрты басқан көріктей ісініп, тілі үшін тап қазір жүрегін суырып, тілін кесіп беруге дайын Мұхтар Шахановты, Лениннің туған күні аталып өтіп жатқан ресми кең залға арбасын шиқылдатып, өгізін аяңдатып кіріп келген Кеңшілік Мырзабековті, “дала сенің ұлыңмын” деген сөзі бірде шексіз мақтаныш, енді бірде жан айқайындай естілетін Әбдірәштің Жарасқанын, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай Иранғайыпты, “заманайлап” шерін ақтарған Ұлықбекті, “қасқыр баба” деп қасқайып сөйлейтін Серік Ақсұңқарұлын қайда қоясың?! Осы ақындардың қай-қайсы да ұлт ақыны. Олардың қай-қайсы да ұлттың рухани мұқтаждығы мен қажеттілігіне өз деңгей, өз дәрежесінде жауап берген ақындар. Әрине, бұл мақалада, өздеріңіз байқап отырғандай, талай-талай тамаша ақындардың аттары аталмай жатыр. Бірақ мен бұл жерде нағыз ұлттың бояу-нақыштары бірден көзге түсетін ақындарды ғана атап отырмын. Сондықтан басқа жұрт мұныма түсіністікпен қарар деген ойдамын. Есенғали Раушановтың поэзиясындағы орыны, сөз жоқ, жоғарыда аты аталған ақындардың қатарында. Ол ақындар бір біріне қалай ұқсамаса, Есенғали да оларға дәл солай ұқсамайды. Қазақта “илегеніміз бір терінің пұшпағы” деген сөз бар ғой. Ол сөз басқа бір ортақ мәселелерге келсе де, алдына қағаз жайып, қолына қалам ұстаған жандарға келмейді. Әр ақын-жазушы, мейлі ол қотыр лақтың терісі болса да, оны өзі жеке илейді. Олай болмады ма, онда оның бәлду-бәлдуінің бәрі өтірік. Әр ақын жеке индивидум. Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қалай болса, өлеңі де сондай. Әдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері бір-бірінің көшірмелері болмаса да ұқсас болып келеді. Бәрі де бір беткей, бәрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді. Есенғали бұл ретте былай дейді:

Тасырқағанда тас жауған
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау
қас жаудан

Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып

Тарпаңды міндім көлік деп.
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым “міне” деп

Жолбарыс-тағдыр атылса...

Міне еркектік мінез! Міне, ақындық тарпаң болмыс! Дүниені алағай да бұлағай етіп астаң-кестеңін шығарып жіберуге әзір, сұмдығы мен зымияндығы ібіліс пен шайтанның өзін шатастырып, айласы мен қулығы албасты мен перінің өзін адастыратын, қырсықтығы мен қыңырлығы қырық есекке жүк болатын мына сұмпайы заманға осылай күш пен сес көрсетпесең, онда ол сенің бұтыңды бұт, қолыңды қол етіп, терідей айырып, матадай жыртып тастары сөзсіз. Апан аранын айдаһардай ашып, жұтқан сайын жұлынып, қылғытқан сайын құнығып бара жатқан, обыр өңеш пен озбыр пиғыл әбден иектеп, халықтың қасиетін де, қасіретін де аяғына сап таптап, мүлде басынып, басқа шығып алған мына жыртқыш, кісәпір заманды енді жалынан сипап жуасытам, мойнынан қасып сабасына түсірем деу бос әңгіме. Оны тоқтатса осындай қаһарлы еркектік мінез ғана тоқтата алмақ! Бұл енді бүгінгі хал. Не болғанда да, қазір ептеп болса да, бойымызға ұлттық қан, ойымызға ұлттық жан кіре бастады.

Ондай тұста осындай еркектік мінез көрсетуіміз заңды.

Әрине, тұтастай алғанда, қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Орнымыздан дүрк көтеріліп кете алмай жатырмыз. Дей тұрғанмен, күні кеше ғана, анда-санда болса да, мұндай мінез көрсету мүмкін емес еді ғой. Өйткені біздің санамыз да, ой өрісіміз де, тіпті ақыл-есімізге дейін алапат күйзеліс пен апатты күйреуге ұшыраған болатын. Ұлттық болмысымыз бен рухымыздың тамыр талшығына дейін оталып қырқылып жатты. Ауызы кере қарыс, азуы алмастай өткір бір-ақ идеология үстемдік етті. Орыстану идеологиясы. Білім де орыста, ілім де орыста, мәдениет те орыста, өнер де орыста, өлең де орыста... Бәрі де орыста. Ер жүрек те сол, кең жүрек те сол. Кемеңгер де сол. Қалған ұлттардың бәрі де болар болмас бірдеме немесе түкке алғысыз. Ол идеология бойынша жалғыз Кеңес одағындағы ұлттар ғана емес, жер жүзін жайлаған басқа елдердің де оңғаны жоққа тән. Батыс Еуропаң да, Америкаң да солай. Өйткені олар дұрыс жол таңдай алмаған. Шетінен тонаушы, шетінен жыртқыш. Бір сөзбен айтқанда орыс бола алмасаң, күнің қараң. Орыс болмасаң мәдениеттен де, әдебиеттен де жұрдай боп жұртта қаласың. Міне, осындай сұмдық сұмпайы идеология ақырында дегеніне жетті. Ойымызды да, бойымызды да улап алды. Санамызда оған қарсы тұратын иммунитет жойылды. Әлбетте, орыс халқы – ұлы халық. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Үйренгеніміз де аз емес. Бірақ өзгенің еңсесін езіп, тіпті жерге тығып, оны осыншалықты дабырайту, осыншалықты шырқау биікке көтеру, алдына тізе бүгіп табынуға дейін бару не үшін керек еді. (Бұл үрдіс, өкінішке орай, әлі де жүріп жатыр). Әрине, бізді ұлт ретінде мүлде жойып, біржола орыс етіп жіберу үшін керек еді. Содан барып біздің санамыз да, атымыз да, ақыл-есіміз де, орыс рухымен отарланып, бүкіл болмыс-пішінімізді құлдық психология меңдеп алды. Мәңгүрттендік. Сол идеологиядан бәріміздің уланғанымыз сонша, қиыр шет, қиян түкпірде, мәселен Қызылқұмда немесе Қатонқарағайда жүрген қарапайым тракторшы не шопан, ешқандай алты аласы, бес бересісі болмаса да, “атаңа ғана лағнет американдық пен француз, көріңде өкіргір неміс пен испан” деп, жеті атасынан бері түк қалдырмай сыбайтын, оларды иттің етінен бес бетер жек көретін “дәрежеге” жетті. Не үшін? Өйткені олар бізбен, яғни орыспен қас. Кеңес өкіметімен, яғни орыс идеологиясымен жау. Тек орыс қана әдемі әйей, тек орыс қана ғажап, керемет. Қалғандардың бәрі не анайы, не жабайы. Міне, осы бір орыс идеологиясынан туындаған аса қатерлі психологиялық ауытқу процесін Есенғали қандай тапқырлықпен айта білген десеңізші?!

Француздар келіп жатыр полкке,
Еңлік көктем еркелейді шашып нұр.
Жақсы болды біз үшін,
Офицерлер асханасы ашық тұр.

Француздар,
Қызық, тегі, мінезі,
Зеңбіректі айналшақтап көреді:
“Қанша адамды жайпайды екен бұл өзі”.

Білмейді екем мен оны.
Комбат айтқан:
“Шылым берсе алмаңдар!”
Неге алмаймыз?

Түсінбеймін мұны да.
Дала – рахат.
Сай-салада қалған қар
Барады өрлеп қарт Кавказдың шыңына.

Шіңкілдеген жетеді үні құлаққа,
Майор Бурцов қонақтарды тілдейді:

– Мәдениетті-ақ халық сынды,

Бірақ та
Бұлар неге орыс тілін білмейді?

Көрдің бе, сол бір сұмпайы идеология орыс тілін білмеу барып тұрған бейшаралық деген қасқой ұғымды, басқаны былай қойғанда, орыстың өзіне сіңіріп жіберген. Шіңкілдеген майор Бурцовқа дейін империалистік эгоизммен, отаршылдық өркөкректікпен дерттеніп, айықпас рухани кеселге ұшыраған. (Ол кеселдің вирусы бізді әлі де буып тұр). Әлемдегі ең қадірлі мәдени алтын ошақтардың бірінен саналатын француздардың өздерін шіңкілдеген жәутік Бурцовтың өзі зорға көзге іліп тұрғанда, басқаларға не жорық. Қарапайым ғана, жай ғана айтыла салғандай боп көрінетін бұл өлең жолдарында қаншама ащы мысқыл, қаншама уытты сарказм жатыр десеңізші?! Көлемі шап-шағын, ал көтерер жүгі зіл батпан. Оқисың да, Есенғали шеберлігіне тәнті боласың. Әсілі шеберлік – қарапайымдылықта. Құдай-ау, түп-тамырларымызды түгел отап жіберуге кіріскен осы бір кесірлі де кесапатты идеология басталмай тұрған, сонау тарихи кезеңдерде не болып еді өзі?! Оған да бір үңіліп көрейікші. Ақын енді бізді тағы бір жыры арқылы алағай да бұлағайлы төңкеріс заманына ап кетіп ақ пен қызылдардың кезек-кезек кеп қазақ ауылына салған әлегі мен лаңын суреттейді. Жалпы, шын ұлт ақыны – ұлт тағдырымен қандас, тамырлас. Яғни, ұлт тағдырын жан жақты көрсете білген ақын ғана ұлт ақыны бола алмақ. Өлеңге қайта оралайық. Қысқа күнде қырық құбылып тұратын заман-ай. Ыспа құм ішінде отырған шағын ғана қазақ ауылы. Ол да қатыгез заманның сұрапыл дауылы астында қалған. Кеше ғана моп-момақан, тып-тыныш жатқан дүние асты үстіне түскендей әбігер. Айнала дүбіліс. Айнала алашапқын. Ағы кім, қызылы кім, айтып болар емес. Әйтеуір қызыл танау аптығу, дал болып абдырау... Міне, Кепкен шал “Алла-ай” дегенше болған жоқ “Құйылып келіп қалды кіл аттылар”, Шетінен өпірем, шетінен өктем. Жөн сұрап жауаптасып сөзге келмек түгіл, мынау да адам екен-ау деп көзге ілмейді. Олар үшін мына алдындағы адамдар адам емес, ербиген-сербиген әйтеуір бір сұлбалар секілді. Одан әрі не болды дейсіз ғой.

Ел емес,
Көктен түсіп “Құдай” келді,
Құдекең атаман боп сыбай келді.

– Мұның не, Орысжан-ау, – дегенінше

Кепкен шал – кескен терек құлай берді.

– Уа, батыр,

Жөніңе кет жылқыңды ал да,
Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма?
Бишік бір ыс-с ете қап,
өшірді үнін

Би-аға сауға сұрап ұмтылғанда.

Ыспа құм ішінде моп-момақан боп монтиып қана отырған қазақ ауылы әп-сәтте ойран-ботқасы шығып, қып-қызыл қанға боялып, зорлық пен зомбылықтың тарғыл ізді табанының астында қалды. Шектен әбден шығандап шығып, есіре еліріп кеткен сол зорлық пен зомбылық айналаның бәрін ту-талақай етіп, жүндей түтіп, жұмыртқадай жарып, мал біткенді алдына сап тайып тұрғаннан кейінгі ауыл көрнісіне қараңыз.

Жігіттер үнсіз-түнсіз тұрды ұғысқан,
Не пайда, шаппаған соң, құр қылыштан.
Басына төңкерулі қазан киіп
Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан.

Бармысың, тірімісің жарығым-ай,
Не жаздық, неден жаздық тағы, Құдай.

– Болғанда ағы мұндай, бұл итіңнің

Қызылы қандай болмақ, Тәңірім-ай?..

Ғұмыр бойы “ақ” деген сөз бен ұғымды қасиет тұтып келген жұрттың сол “ақтан” көрген құқайы мынадай болса, қан түстес “қызыл” деген сөз бен ұғымнан осылай шошымай қайтсін?! Бұл ауылдың басына тиер таяқ осымен бітпепті. Оның көрер көресісі әлі де алда екен. Көп ұзамай қыр астынан тағы да аттылардың қарасы көрінді. Бірақ бұл қазақ өткеннен дәріс, тарихтан сабақ алып көрген бе? Таспен ұрғанды аспен ұрып үйренген халық қой. Аузы күйген үрлеп ішеді дегенді айта тұрып, оны өзіміз істейміз. Ұмытып кетеміз. Ыссылай қауып аузымызды тағы да күйдіріп аламыз. Ең болмаса, алды-артымызға қарап бір пәске аял етпейміз. Өткеннен тәлім мен дәріс алмайтынымызды қараңызшы, сәскеде ғана асты үстіне түсіп ойран-ботқасы шыққан ауыл қыр астынан көрінген әлгі аттыларды, қонақ деп қабылдайды. Қазақы аңғалдық! “Сәске”, “Кешке”, “Азанда” деген тақырыптарды мезгілдің көркем шарттылықтары деп қабылдасақ та олардың шындықтан ауылы алыс емес. Сол-сол-ақ екен, лезде-ақ “Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді, Аққұман томпаң қағып шоққа мінді”. Барын ауыздарына тосып, құрмет көрсеткен мына жұртқа қарап жатқан командир кенет нілдей бұзылады. Оның ішіне “Питерде пролетариат ашығуда, Бұлардың не құқы бар тасынуға? Әдейі құм ішінде бөлек отыр, Астығын мал-дүниесін жасыруға” деген арам пікір кіреді. Содан кейін-ақ алатай бүлік басталады да кетеді. Сақылдап қайнап жатқан қазан төңкеріліп, түңлігі түріліп шалқайып ашық жатқан шаңырақ ортасына түседі. Маңдайының соры бес елі жазықсыз жазған ауылдың тағы да ойран-ботқасы шығып қала береді. Еркек кіндіктілердің бәрін ыза қысып, кек буып алған. Бірақ қылар айла жоқ, қолдан келер шара жоқ. Сонымен бұл озбыр қиянат қалай аяқталады дейсіз ғой. Оқиық.

Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл.
Алғандай төңіректің бәрін қасқыр
Көйлегі алау-далау,
өңірі ашық

Қобырап қара шашы қарындас тұр.
Қарындас жыламайды, қарғанбайды.
Қарындас – тас боп қатып қалған қайғы.

– Жаба гөр абыройыңды, айналайын.

Қасында кәрі анасы қалбаңдайды.

Бұл тікен кіргендей тұла бойыңды ду еткізіп, төбе шашыңды тік тұрғызатын, алпыс екі тамырыңа сумаңдаған қып-қызыл от қуалап, жаныңа ыза мен кектің құтырып тұрған зәрлі уытын құйып жіберетін сөз-сурет. Трагедиялық сөз-сурет! Бір айналдырғанды шыр айналдыратын бұл қу тағдырдың тәлкегі осымен тәмамдалып қалсын ба, енді бұл трагедия одан әрі таргокомедияға ұласады. Қалай? Енді соған келейік. Алдымен бір күнде, сәске мен кеште, төбесіне қатарынан екі рет әңгіртаяқ ойнап, жай түскендей опырылып омалып, есеңгіреп қалған ауылдың енді азанғы, яғни таңертеңгі кескін-келбетіне көз салайық.

Кең дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,
Сәріден жел бебеуге салды есіріп.
... Көзі ісіп,
Қаны қашып Күн де шықты

Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.

Айнала тып-тыныш. Сүзектен тұрған жандай боп ауылға да созалаңдаған харекет кіре бастады. Кенет...

Тып-тыныш,
Үріккен ауыл жат қонақтан,
Не болды шалды кенет жалт қаратқан.
Белдеуде бөтен ат тұр,

Кімнің аты?
Кепкен шал басты айқайға:

– Аттан! Аттан!

Әп сәтте алақандай ғана ауыл айқай сүреңге, алқын-жұлқын жүгіріске толды да кетті. Әні-міне дегенше біруді тауып алып “Басына қап кигізіп, байлап-матап, әлгіні алып шықты сереңдетіп”. Сонан кейін...

Әй, ұрды-ау,
ұрды,
ұрды,
Тағы да ұрды.

Кемпір-шал,
бала-шаға жабыла ұрды.
Тепкілеп,
Мама ағашқа таңып ұрды,

Бәрінің ұрған сайын жаны кірді.

Сонымен әбден ыза мен кектен, ашу мен өшпенділіктен өртенердей болып отырған ауылдың қолына ғайыптан-тайып, біреу болса да, әйтеуір, жаудың түсе қалғанын қарашы?! Құдай, сұрасаң, бүйтіп қараспас. Әлгіні биттей сығып, иттей тепкілеп, өткендегі өші, берідегі кегі түгел қайтпаса да, айыздары бір қанғандай болды-ау. Бір кезде... Құдай-ау не боп кетті өзі. Кенет (тағы да кенет!). Басты кептеп алған қап сөйлей жөнелсін:

Жау көріп
өзгені де,
өзгені де,
Уа, иттер,

Не көрінді көздеріңе?
Қазақпын,
Қазақпын мен,
Пәленшемін.

Гәп осы, құлақ ассаң сөзге міне.

Сөйтсе ол, кешегі отряд “жол көрсет” деп қосып ап, сонан кейін жол-жөнекей тастап кеткен, өздеріне етене таныс көрші ауылдың адамы екен. Бүкіл ауылдың жабылып сабаған адамы өзінің қазағы болып шықты. Апыр-ай, десейші, бізде кілең осылай ғой! Жауға тапталып иленеміз, сонан кейін бірде біліп, бірде білместен, өзімізді өзіміз өлімше етіп сабаймыз. Бұл өлең тек қана трагокомедия емес.

Бұл өлең – өлең-метафора!

Бес-алты-ақ беттік, үш-ақ тақырыптан (“Сәскеде”, “Кешке”, “Азанда”) тұратын бұл “Қазақ ауылы” өлеңін оқып шыққанда үлкен шабытты талантпен жазылған драмалық һәм трагедиялық үш кітап оқып шыққандай әсер аласың. Осы бір шап-шағын дүниеден-ақ Есенғалидың кең масштабтылығы мен эпикалық тыныстылығын жазбай танисың. Есенғали Раушановтың эпикалық зор ауқымдылығының түп-тамыры оның туабітті табиғи болмыс-бітімінде жатыр деп ұққан жөн. Яғни, оның әу бастағы талант табиғаты солай жаратылған. Содан да болса керек ол бірқатар тынысы кең, тамыры терең, биік өрелі, айтар ойының аясы ауқымды, көтерер жүгі салмақты, өткеннің өкініш-күйініші бүгіннің өкініш-күйінішімен бірге өрілген “Сары өзен”, “Ғайша бибі” сияқты кесек дастандарды дүниеге әкелді. Бұл дастандар, әсіресе, “Ғайша бибі” поэмасы өзінің композициялық және архитектоникалық құрылымы жағынан болсын, әрі көне, әрі жаңа сарындардың ұласа үндесулері жағынан болсын, қарама-қайшылыққа толы драмалық, трагедиялық күрделі сценаларды үлкен шеберлікпен көрсете білу жағынан болсын, адам мен адам, идеялар мен идеялар арасындағы бітіспес шарпысуларды терең ұғыну жағынан болсын, күрмеуі қиын психологиялық сәттерді тарқату жағынан болсын, сөз жоқ, шоқтығы биік шығарма. Бұл поэманы тек Есенғалидың ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің зор табысы десек артық айтқандық емес. Мұндай дүниені қарымы кең, интелектуалдық қуаты зор талант иесі ғана дүниеге келтіре алса керек. Әрине, қандай тақырып та қарсылыққа ие. Ал ғасырлар қойнауында жатқан, шырмауы бытысып, шырғалаңы шатысып кеткен тарихи тақырыпты жүйелеп, мейлі, өз пайымымен болса да, тарқатып шығу, оған жан беріп тірілтіп қана қоймай, оның бойына қуатты қарекет кіргізіп, бүгінгі күннің рухани айналысына түсіру аса қиын міндет, аса қиын шаруа. Яғни, тарихи тақырып қарсылығы алапат! Оны жеңу үшін үлкен жан-жақты ілімділік пен үлкен талантты ірілік керек. Бұл талап Есенғали бойынан табыла біліпті. Дей тұрғанмен, біз бұл мақалада Есенғали поэмаларына тоқтала алмаймыз. Өйткені ол біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Әлгі жоғарыдағы сөзімізді тек Есенғалидың ұлттық ақындығы мен эпикалық тыныстылығын дәйектей түсу үшін ықшамдап қана шолып айтылған шағын мінездеме деп қараған жөн. Бүгінгі әңгімеміз Есенғалидың өлеңдері, оның ішінде ұлттық болмыс-бітімі жайлы. Әрине, халық болып қалыптасып, ұлт болып ұйысу үшін, ол халық пен ұлт адам айтқысыз аласапырандарды, сұмдық сұрапылдарды басынан өткізуі заңды. Бір отқа, бір суға түсіп, төс пен балғаның арасында шыңдалмаған халық ұлт болып тамыр тарта алмайды. Қорлық та көреді, зорлық та көреді. Күйініші де болады, сүйініші де болады. Қай халықтың тарихын ақтарып, тағдырын іздесең де дәл солай. Біз әлі де сол гәпті, сол процесті басымыздан өткізіп жатқандаймыз. Өйткені дәл қазір, бәріміз біліп, ұғып отырғандай сын сағат, сын кезең үстіндеміз. Бірде отқа сап, бірде суға сап жатқан бұл кезеңнен Алла жазса құрыштай шынығып, шарболаттай шыңдалып шығамыз ба деген үміт те жоқ емес. Ол үшін қайтпас қайсар Күрес керек. Рухани қуатты күрес! Сондықтан “Қазақ ауылының” (автор меңзеп отырғандай бұл тіркес үлкен мағынаға ие). Көрген құқайын айтып, қақырап сөгіліп, күйзеле сөйлесең де күйрей жығылуға болмайтынын басқа-басқа Есенғали жақсы біледі. Халқыңның зарын айт, көрген қорлығын айт, бірақ ішкі рухыңды өлтірме! Күйзелсең де өзегіңе құрт түсірме. Тіпті тұрмыстық, шаруа харекетімен жүрген қарапайым қатардағы адамның бойы мен ойынан да, оның өзі мен сөзінен де ірілік сезіліп тұратын болсын. Олай болса үлегін іздеп жүрген түйекештің сөзіне құлақ түріп көрейікші.

Тілім-тілім,
Бұжыр-бұжыр денесі,
Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,
Борбас үлек – атасы,

Бопық мама – енесі,
Төс табаны отты басса күймеген,
Тасты басса қамырдайын илеген.
Қатар қойып отыз інген қайытқан,

Қатар қойып отыз шана сүйреген.
Үлек жоғалттым.
Кім көрді?

Құдай-ау, не деген жоталы, не деген ірі, не деген палуан сөздер бұл?! Түйешінің аузынан осындай қайратты, осындай қуатты сөздер шығатын халықтың рухы қалай төмен болмақ?! Сонда ол халықтың қалғандары қандай? Уысына түскенін үгіп, ұстағанын жыртып, тартқанын айырып, таптағанын илеп, қысқанын күтірлетіп сындырып жіберетін өңкей бір алыптар болып шықпасын! Құдайға шүкір, Есенғалида еңсеңді көтеретін, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрап, күшіңді еселеп, кеудеңді көріктей етіп жіберетін бұл сияқты поэтикалық қуатты, температурасы жоғары, тіпті кейде пері соққандай бой бермей арқаланып кететін өлеңдер жетіп артылады. Біз бұл мақаламызда Есеғалидың, әлгінде айтып өткеніміздей, бір-ақ қырын, яғни оның шығармашылығындағы ұлттық болмыс-бітімді ғана сөз еттік.

Соның өзін ақи-тақи айтып шықтық дей алмаймыз.

Өз ұлтының зарын да, қайғы-қасыретін де сонымен бірге биік рухын да бүкіл жан-жүрек, қарым-қайратымен жырлап келе жатқан Есенғали Раушанов шығармалары әлі талай кемел де өрелі әңгімелерге арқау болары сөзсіз. Есенғали бір өлеңінде “Әр қазақта он қазақтың зары бар” депті. Осы сөзді мен сәл өзгертіп, Есенғалидың өзіне қаратып “Өзегінде бар қазақтың зары бар” дегім келеді.

“ҚҰЛАҒЫҢ ШАЛСЫН ДАУСЫМДЫ!”

Қолымда—мына жарық дүниеден жоқ іздеген жандай асығыс аттанып кеткен талантты бауырым Нұрлан Мәукенұлының “Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн.” деп аталатын жыр кітабы. Кітапты ашып қалғанда, оның алғашқы бетінің маңдайшасында қазақ халқының асыл да батыл перзенттерінің бірі, өтірік пен жалғандық белең алып бара жатқан мына өмірде ешкімнен қаймықпастан әділдік пен ақиқаттың ақ туын көтерген қайсар азамат, сол үшін де қатыгез қаскөйлікпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының “Нұрлан! Соңыңнан қалған шығармаларыңды жарыққа шығаруды парызым деп санадым” деген бір ауыз сөзі жазылыпты. Қайран Алтынбек, өзінің малта құртты бөліп жескен курстасы, тілектес, ниеттес досы Нұрланның артында қалған жыр мұрасына қамқор болып, оны жарыққа шығаруды өзінің парызы санапты. Дос алдындағы борышым деп біліпті. Көп ұзамай Алтынбектің өзі де қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып мәңгілік сапарға кетіп еді- ау... Осы кітапқа шағын ғана алғысөз жазған тағы бір талантты інім Ғалым Жайлыбай “Сен өмірді сонша сүйюші едің. Жанарыңнан нұр шашып жымиып бір тұратын бейкүнә көңілдің иесі едің. Сайқалдық пен сатқындықты көрсең найзағайдың отындай жарқылдап кететінсің” – деп аһ ұрыпты. Кезінде мен бұл кітаптың тұсаукесеріне де қатысқан ем. М. Әуезов атындағы Академиялық театрында өткен ол тұсаукесерге де жатқан жері жарық, ауыр топырағы жеңіл болғыр Алтынбектің өзі бас- көз болған- ды. Онда Нұрланның замандас ағалары, құрбы- құрдастары мен інілері жан толқытып, жүрек тебірентетін қиналыс пен қимастыққа толы сөздерін айтқан- ды. Нұрлан Мәукенұлы әдебиетке үзеңгі қағыстырып қатар келген өз тұстастарының ішінде ерте көзге түсіп, ерте танылған ақындардың бірі болатын. Келгенде де , еліктеу-солықтаудан мүлде ада, өз бедері, өз ою- өрнегімен, образдар жүйесімен, ешкімге ұқсамайтын ырғақ- мәнерімен, әр- бояуымен келген еді. Содан да қай кезде де тосын үн, тың үрдіске сергектік танытатын жыр сүйер қауым бірден- ақ қабылдап, бірден- ақ ұққан болатын. Әсіресе өз өлеңдерінде абстракты ұғымдардың өзін иірімді үйірімдерге түсіріп, қарама- қайшы түсініктердің өзінен үйлесім мен жарасымдылық таба қоятыны оқыған жанды тәнті етуші еді. Нұрлан әдебиетке келген кезде мен Маңғыстауда болатынмын. Өлеңдерін білгенмен өзін көрмеген едім. Алғаш рет оны қазақ әдебиетіндегі шоқтықты көркемсөз шеберлерінің бірі Оралхан Бөкеевті ақырғы сапарға аттандырған азалы жиында кездестіріп ем. Шашы тікірейген ашаң келген қара торы келісті жігіт екен. Ағасының қазасына қатты қиналған оның қоңырқай жүзі қуарып, көзінің аласы молайып, айналасына абдырай қарап, қабағы ауырлап күйзеліп жүргені әлі көз алдымда. Мен Маңғыстаудан Алматыға қызмет ауыстырып келгеннен кейін маған ол жиі болмаса да, ауық- ауық ат ізін салып тұрды. Әрине, ол алғашқы жүздесулер, шынын айту керек, амандық- саулық пен хал- күй сұраудан әрі аса алған жоқ. Бірақ өмірінің соңғы жылдарында ол менің кабинетіме жиі- жиі бас сұғатын болды. Бұрынғыдай емес, әңгімеміздің тақырыбы да, аясы да кеңи түсті. Бір қараған сырт көзге біртоға, тұйықтау көрінетін Нұрлан сөйлесе келе ақкөңіл, ақжарқын жігіт боп шықты. Бара- бара екеуміз көшеге шығып сусындап та қайтатын болдық. Ондайда әңгіме көрігі бұрынғыдан да қыза түсетіні белгілі ғой. Бір- бірімізді тереңірек түсініп, бір- бірімізді жақын тұта түстік. Бір-бірімізге деген ықылас- пейіліміз, сый- құрметіміз арта түсті... ... Бір күні Нұрланым салы суға кеткендей қабағына кірбің қонып тұнжырап келді. Себебін сұрап ем, бауырының басына түскен бір жәйт қабырғасына қатты батып, соған алаң боп жүргенін айтты. “Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді”, ертең- ақ бәрі орнына келеді деп көңілін көтермек болдым... Бірақ Нұрланның қабағына қонған сол бір кірбің, жүрегіне түскен сол бір ауыртпалық ұзақ уақыт кетпей қойды. “Бір айналдырғанды шыр айналдырады” дегендей бір келеңсіз оқиғадан кейін екінші бір келеңсіз оқиғаға тап болып, төбесінде шырқ айналды да жүрді. Жан- жүрегін ауыртып, бүкіл ішкі дүниесін әңкі- тәңкі етіп әбігер мен әлекке түсірген сол бір кезеңнен өту оған оңайға соққан жоқ. Қатты қиналды. Қатты жүдеді. Бүгінде мен оның сезімтал, нәзік жүрегін сол бір батпандай түскен жайттар үзіп жіберді ме деп те ойлаймын... Енді, міне, Нұрлан бауырымның жыр жинағын қолыма алып қарап отырмын. Әр өлеңін оқыған оның айналасында болып жатқан аласапыранды қарбалас тіршілікке бей- жай қарай алмағандығы, сол тіршілікпен біте қайнасып, суығына тоңып, ыстығына күйгеніне, күнделікті болып жататын сан текті , әр қилы құбылыстармен бірге өріліп, бірге өскен шын мәніндегі нағыз ақын екндігіне көзім жете түседі. Өмір бойы, мен үшін аксиомаға айналған бір шындық, нағыз ақын қоғам мен заманнан өзін тыс қоя алмайды. Қоғам мен заман бойында жүріп жататын дүбіліс пен дүрбелең де , жаңғыру мен жаңарулар да, серпілістер мен сілкіністер де, қақтығыстар мен шарпылыстар да нағыз ақын жүрегінде тартылыстар мен соқтығыстар тудырмауы мүмкін емес. Сол заман мен қоғамның бірде өрттей ыстық, бірде аяздай суық лебі мен демінен ақын жаны бірде ашынады, бірде күйінеді,бірде толқиды, енді бірде тебіренеді... қым- қуыт құбылыстар, сан- сапат сапырылыстар тудырады. Сондықтан да оның

Қоғам кедей,
Қайда барам мен асып...
Шидем шекпен шилі ауылға жарасып,
Үлкендерім үйде отырып бал ашып, –

Қоғамымнан қайда барам мен асып, – деген сөзіне қалтқысыз сенесің. Өйткені қандай бір қоғамның да алдыра қоюы да, шалдыра қоюы да қиын. Алам десең алып ұруы, шалам десең шалқаңнан түсіруі әбден мүмкін. Бірақ солай екен деп бұта- бұтаны паналап бас бағып бұғып қалуға да, аяқ асты боп құм- топырақта тапталып қалуға да болмайды. Оның бойын барған сайын күш алып жайлап бара жатқан түкті құбыжықтардай аранды бәлекеттермен, жыландай сумаңдап ысылдаған зымияндықтармен сен алыспасаң, кім алыспақ. Олармен сен ұстаспасаң, кім ұстаспақ. Әрине, олармен жел диірменмен соғысқан Дон Кихот құсап жалғыз алыса алмайсың. Жалғыздың үні шықпас,жаяудың шаңы шықпас. Олай еттің бе, онда ол сені алмастай өткір тістерімен шайнап- шайнап бірақ түкіруі немесе қанды шеңбелімен бірақ бүруі мүмкін. Онымен тек ел болып, жұрт болып қана күресу керек.

Табаным жерге тиген күн
Тәй- тәй басуды үйрендім.
Маңдайым тасқа тиген күн
Байқай басуды үйрендім.

Қабырғада қаяу жоқ—
Қалың жұртқа сүйендім.
Омыртқада буын жоқ—
Ояу жұртқа сүйендім.

Бірақ ояу жұрт дегенің көп пе, аз ба? Арқа тірер сүйенішім, қорғанар қалқаным, сілтенер семсерім деп жүрген ояу жұртыңыз ат төбеліндей аз боп шықса қайтпексің? Сол бір ат төбеліндей ғана ояу жұртпен қай бір аранды бәлекеттің бетін қайтарып, қай бір сумаңдаған зымиян жыланның тісін опырып, улы тілін жұлып алмақсың. Бірақ бәрі бір ояу жұрт аз екен деп бармақ шайнап, бас шайқап отыра беруге болмайды ғой. Бел шешіп, білек сыбанып күресу керек. Күрес қана күрестің көкжиегін кеңейтеді. Бүгін ат төбеліндей ғана аз қозғалса, күні ертең селдей боп көп қозғалады. Таудың төбесінен бір тас домалатсаң, туу төменге жеткенше соқтығыстар мен қақтығыстарды тудыратын қаншама тастарды домалатады. Үлкен бір сатыр- сұтырлы жөңкіліс тудырады. Солайы, солай ғой. Бірақ оның бұл жолда қанаты қайырылып , қайраты майырылып, сағы сынғандай боп опынып қалған тұстары аз болмапты. Содан да оның

Жапырағымнан жаз ұшты,
Қанатымнан қаз ұшты.
Ирек те ирек су беті
Сұлулық сырын жазысты.

Көкірегімнен күн ұшты,
Көздерімнен түн ұшты.
Мен тата алмаған тұманың
Балдайын талғап кім ішті.

Бақыр басымнан бақ ұшты,
Тапталып қалды тақ үсті.
Уыты қайтқан уақыт
Кеудемнің отын жағысты.

Жылысып өткен жазым- ай,
Қаңқылдап ұшқан қазым- ай.
Қолымның қысқалығын- ай,
Қайрылмас күннің азын-ай, –

деп сөйлегенінде талай сыр, талай гәп бар. Көлденең жатқан көк тасты қамырдай илеп жібере алатындай арындаған тұлпар болмысының тұяғы кетіліп, сарқыраған тасқынды ағысының құрдымға жұтылып, жүрер жолының алдын амалсыздық бір, шарасыздық екі орап жатса, осылай өкінбей, қалай өкінбексің?! Нұрлан Мәукенұлы өз өлеңдерімен мына өмірдің қыры мен сырына, қыбы мен жымына, оның ақар- шақарлы қатпарлары мен шырқау шыңыраулы ұңғыл- шұңғылдарына терең үңілген ақын. Оның бойында толассыз жүріп жатқан қарама- қайшылықтарды да, көмейінен от шашып шаптыққан шарпылыстарды да, көзімен ата қарайтын алакөздік пен жүгенсіз кеткен алауыздықты да, аяқ асты ететін аярлық пен құрық пен сырық бойламайтын қулық пен сұмдықты да, қара суықтай қаталдық пен ішіне қан қатқан қатыгездікті де, қайырылу дегенді білмейтін қаскөйлік пен қолына түссең маңдайыңды қақ айырып жіберетін қаскүнемдікті де молынан зерттеп, зерделепті. Табиғатын таныпты, болмысын пайымдапты. Содан да оның зеределегені зілдей ауыр ойға , пайымдағаны батпандаған мұңға ұласып кетеді. Тағы да олардың өзегінде көктемгі жыланның уындай өткір ащы шындық жатады.

Тірінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің
Өлгенде ғана білінер.

Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанда білінер.

Атан ғана көтере алар сөз ғой бұл. Әсілі, мұндай сөзді тұрлаусыз мына тірліктің қойын-қолатын, шым- шытырық шырғалаң жолдарын, ойпаң мен өрін, ащысы мен тұщысын молынан көрген адам ғана айта алса керек. Тірілері бірін бірі жеп жатқан мына өмірде тіршілік ету қандай ауыр, қандай қиын. Қандай қатал, қандай қатыгез өмір! Бұл өмірді жайдары , жақсы- ақ өмір еткің келеді, бірақ амал не, әлдекімдердің пәрмені мен дәргейі сені қылшаңнан қиып, алқымыңнан үзіп жібереді... Нұрлан Мәукенұлы өз ғұмырында, осы кітаптағы жырлар куә боп отырғандай , үзбей ізденіп өткен ақын. Әрине, ізденістің де, ізденісі бар. Дүниені танып- біліп, арғы- бергі әлем әдебиетінің ең үздік інжу- маржандарымен өзіңді үздіксіз байыту, оның бастау қайнарларынан мейірің қанғанша сусындау қоғам мен заманға ауқымдырақ қарауға , уақыт пен өмірге тереңірек үңілуге молынан мүмкіндік берері сөзсіз. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Өз ұлтының топырағынан жүлге- жүлге , тарам- тарам тамыр талшықтарымен мейірі қанғанша нәр сорып, кепкен кенезесі мелдектегенше тоғайуы керек. Сонда ғана ол ақырып теңдік сұрайтын арқалы ақынға айналмақ. Олай болмады ма, онда ол ақын, ешуқта да ұлттық ақын деңгейіне көтеріле алмайды. Өз ұлтының топырағының сөлі мен нәрінен, шері мен шеменінен кеңірдегінен келгенше мол қоректене алмаған ақын, әлем әдебиетінің қайнар бұлақтарынан қанша үйреніп, олардан қанша сусындаса да, бәрі бір, өз халқының қасиеті мен қасіретін, асылы мен қастерін, мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын, назы мен наласын, болмыс- бітімі мен тіршілік қарекетін барынша ашып, барынша жарқыратып көрсету мүмкін емес. Қайталап айтамыз, әлем әдебиетінің түртіп қалсаң сүт саулап қоя беретін дертіп тұрған желінін қақтап сау, оның үлгі- өнегелерінен өле- өлгенше үйрен, бірақ сенің күре тамырың дәстүр топырағынан нәр тартып, қуат алып қоректенсін. Тіпті әлем әдебиетінің, атпен шауып жүріп сырық қадағандай қадау- қадау ірі тұлғаларынан алатын ең бірінші тәлім мен дәріс те осы болу керек. Өйткені әлемдік деңгейге көтерілген қандай бір ақының да, ең алдымен, өзінің ұлттық дәстүр топырағынан өніп, сол топырақтан өсіп шыққандар. Бір сүйсінерлігі, Нұрлан да осыны қатты ұстаныпты. Бұл сөзіміздің дәлелі мен дәйегі ретінде оның мына бір өлеңін тұтастай оқып көрейік.

– Терезеден Ай көрдім, апа,

Шоқша сақал шал көрдім, апа,
Қараң- құраң мал көрдім, апа,
Түнеріңкі тал көрдім, апа.
Қадалып қарадым, апа,

Шошынып барамын, апа,
Тіл- жақсыз қаламын, апа.

– Ай көрсең аман көр, қозым,

Тұсыңа таман көр, қозым.
“Ескі айда есірке” дегін,
“Жаңа айда жарылқа” дегін.
Таңдайың басайын, қозым,

Тылсымнан қашайын, қозым.
Түймеңді ағытшы, қозым,
Жерұшық жасайын өзім.

– Ай жүзін жасырды, апа,

Ұйқымды қашырды, апа.

– Періштең қолдайды, қозым,

Ұйқтамай болмайды, қозым,
“Бисмилланы” айта ғой, қозым,
Жоламас сайтан ғой, қозым.

– Бисмилла, бисмилла...

Қазақы болмыс- бітімімізге, тіршілік- қарекетімізге, жан- жүрегімізге қандай жақын өлең. Оқыған сайын апа, апалап, қозым, қозымдап еміне еміренген сөздер ет- сүйегің мен өкпе бауырыңды елжіретіп бара жатады. Бұл өлеңді оқығанда дүние тылсымы мен табиғат бойында жүріп жатқан құпиялы құбылыстарды көрген сайын тұла бойын үрей билеп, шошына үн қатып жатқан титімдей ғана бала жанындағы тербелістер мен толқыныстар, сенің де сонау бір қиырда қалған балалық шақтарыңның қызығы да, шыжығы да мол кезеңдерімен қайта табыстырғандай болары сөзсіз. Әдетте, бала деген мына дүниені кіл сүйсініп, кіл рахаттанып қана танымайды. Оны ол үрке үрейленіп, шошына қарап та таниды. Сонымен бірге бұл өлеңнің арғы астарында, өзіңіз де түйсігіңізбен сезініп, байқап- біліп отырғаныңыздай өн бойыңызды түршіктіріп, тоңазытып жіберер қатал заман мен уақыттың да қорқынышы мен үрейі жатыр. Солай бола тұра бұл өлеңнің біздің құлағымызға соншалықты жағымды, жанымызға етене жақын болып естілетіні, сөз жоқ, оның сонау бесік жырларынан бастау алатын сарын- әуенмен орындалғандығында. Егер сен дәстүр жалғастығының жолы осы екен деп көне сарын мен ескі әуеннің тек сыртқы сұлба- түрін ғана көшіріп, оны жаңа мазмұн , жаңа мәнмен байытпасаң, онда ол әлеміш бояулы, іші қуыс сылдырмақ ойыншық қана болып қалады. Осыны жақсы ұғып, терең түсіне білген Нұрлан қызуы көтеріліп табиғат құбылыстарынан әлдеқандай бір елестер көріп жатқан баланың үрейі мен қорқынышының арғы астарына уақыт пен заманның да үрейлі уілін қосып жібере алыпты. Дәстүрді игеру осылай болса керек! Жалпы, Нұрлан Мәукенұлы өмірінің соңғы жылдарында, дәл қазір оқып-біліп отырғанымыздай, өзінің өлең- тамырын дәстүрлі құндылықтарымыздың құнарлы топырағына тереңнен салып алған екен. Оның көп- көп өлеңдерінен сол үрдісті тап басып, дәл табу қиын емес. Бұл сөзімізді одан сайын бекіте түсу үшін оның тағы бір өлеңін оқып көрейікші.

Бір аяғы—сегіз,
Бір аяғы– тоғыз.
Бір атасы—сақ,
Бір атасы—оғыз.

Күмбірлесе– домбыра,
Күңіренсе—қобыз,
Созылғанда—сағыз,
Сазарғанда—нағыз,

Қызарғанда—қымыз,
Сыздағанда—нығыз,
Долданғанда—дойыр,
Сілтенгенде—сойыл.

Ақын бұл өлеңінде алуан түрлі реңк бояуға түсіп, райы да, шырайы да сан қилы, сан түсті, тамыры да, табиғаты да тарам- тарам, тіпті қарама- қайшылықтардан тұратын, бірде көл, бірде шөл, бірде жел, бірде шер,сәтте ашылып, сәтте қабынып шыға келетін қазақтың мінез- құлқын сипаттаған. Тағы бұл өлеңнен сен ерте- ертеден құлағымызға жақын, бала күнімізден жаттап өскен “бір дегенім—білеу, екі дегенім—егеу” деп басталатын кәдімгі санамақтың сарынын бірден танисың ғой.Тек ақын ойын үшін айтылатын ойнақы тақпақтың кәнігі түріне жаңаша мән мен жаңаша мазмұн арқалатқан. Бұл да шеберлік! Нұрлан Мәукенұлы жырларында бүкіл ішкі дүниеңді аласапран етіп, бірде аумалы-төкпелі, бірде алағай да бұлағай күйге түсіретін қамығып торыққан, налып қамыққан күйзелісті өлеңдер көп кездеседі. Ол сол өлеңдерде көрініс табатын өзінің жеке басының жан күйзелісін көбіне- көп қоғам мен уақыт бойында жүріп жатқан күйзелістермен салаластырып, сабақтастырып жібереді.Ақын тіпті өзінің жан күйзелісін де қоғам мен уақыттан тыс қоя алмапты.

Жылау да жылау,
Зар жылау...
Қотандай болып қалдым- ау—
Жылаудан басым қаңғырды,

Зарлаудан шашым ағарды,
Көре де көзім ағарды,
Сөйлей де сөзім жоғалды.
Таба алмай қалдым қоғамды.

Бұл жерде ақын тек өз басынан өткен ауыртпалықты ғана айтып, өз жанын жеген шер мен шеменді қотарып, сол үшін зар илеп отырған жоқ, әрине. Оның мынау айнала тіршіліктен көргені көбінесе зымияндық пен сұрқиялылық, қулық пен сұмдық, алдау мен арбау ғана болса , соларды нысанаға оқ қадағандай етіп атап- атап көрсеткен сөйлеген сөзің беталды желге ұшып, құрдымға жұтылып кетіп жатса, жыламағанда қайтпексің?! Ондайда амал жоқ “күңнен бетер күңренесің, желден бетер жынданасың!” Ол бірақ ішіне шемен боп қатқан шері мен мұңын, беріш боп түйілген наласы мен зарын ақтару үшін жылап күңіренбейді.

Жанымды қояр жер таппай
Жеті түнде желдеп кетіп барамын.
Жасымды құяр көл таппай
Жеті белден селдеп кетіп барамын.

Будақ- будақ бұлттай
Боз аспанда боздап кетіп барамын.
Боздағымды ұмытпай
Баста мұңын қозғап кетіп барамын.

Яғни, ол жыласа, өзгелердің де “мұңын қозғап” жылайды. Нағыз ақын миссиясы, атқарар міндеті осында жатса керек: өзгелерді де бей- жай, бейтарап қалдырмау! Не болғанда да ол өзін мына өмір мен тіршіліктен, қоғам мен уақыттан бөлек қойып сөйлей алмапты. Олай болуы мүмкін де емес.Өйткені оның бүкіл болмыс- бітімі, тіршілік-қарекеті, тамыр мен талшығы сол қоғам мен уақытпен салаласа бірігіп, тұтасып кірігіп, жамыраса жалғасып кеткен. Ол кешенің де келбетін көрген, енді бүгіннің де бейнесін көріп отыр...

Бақалы көлге түскенмін,
Балдырлы суын ішкенмін.
Бойлаулығын жұлғанмын,
Балығына ау құрғанмын.

Тарғыл бір тауға шыққанмын,
Тасының сырын ұққанмын.
Қынасын жиып жүргенмін,
Жаңғырық болып күлгенмін.

Сары даланы кезгенмін,
Белең боп белде безгенмін.
Ерменнің дәмін алғанмын,
Елжіреп жүрек қалғанмын.

Бұл Нұрланның туған жерінің кешегі көрінісі. Көркі көңілді де, көзді де қатар арбап, жұмақтай боп жұтынып тұрған, қайран туған жер, енді бүгін қандай?

Бағыма көлім бар- тұғын,–
Балдырлы суы бал- тұғын,
Көлім де бүгін таусылды.
Жасынның алған жарқылын

Тарғыл да тасым бар- тұғын
Тасым да бүгін таусылды.
Алмайтын бейне нар тыным,
Сайын бір далам бар- тұғын

Далам да бүгін таусылды.
Құлағың шалсын даусымды!

Сонымен “балдырлы көлі де”, “тарғыл тасты” тауы да, “ерменнің иісі бұрқыраған сардаласы” да тойымды да білмейтін, қойымды да білмейтін ашкөз, ашқарақ құлқынды айдаһар арандарға жұтылып кетті. Бұған ақын жаны қалай күйзеліп, қалай зар илемесін. Қазір, өкінішке орай, “бізде бәрі жақсы”, “бәрі керемет” дейтін, кіл бір жүрек лоблытар мақтау мен мадақтан, жарамсақтық пен жалбақайлықтан тұратын, күпсіп сөйлегенде күптей боп ісініп, күмпілдеп сөйлегенде құлағыңның жарғағын жарып жіберетін өңеші шланга, кеңірдегі керней өлеңдер аз емес. Ондай өлеңдерді жазатын жазғыштар бейне бір “менің жағдайым жақсы, төрт құбылам түгел, яғни елдің де, жердің де жағдайы жақсы, төрт құбыласы түгел” деп ойлайтын болса керек. Олар елінің де, жерінің де ту- талақай боп тоналып, талан- таражға түсіп жатқанын көрмейтіндей. Тағы да оларды өздері сияқты тайыз, таңқы әлдебіреулер “ұлы ақын” деп,”керемет ақын” деп аяқтарын жерге тигізбей әспеттейтіндерін қайтерсің?! Ондай- ондай әупілдеп әңкілдеген әлдебіреулер сол қылығымен біреуі шерленіп, біреуі кәрленіп өткен Абай мен Махамбеттің де әруақтарын аяқ асты етіп жатқандарын білер ме екен? Әй, қайдам... Жалпы, өз елі мен жерінің мұңын мұңламаған, жоғын жоқтамаған, тағдыр-талайына алаң болмаған, сол үшін нала- мұңға батып күйзеліп, күйінбеген ақын ақын боп жарыта ма?! Ондайларға Нұрлан Мәукенұлының жауабы даяр.

Көк су көлге айналды: не шара?
Көп шу селге айналды: не шара?
Ақ бу желге айналды: не шара?
“Гәкку” шерге ацналды: не шара?

Айналмаған сен ғанасың, бейшара!
Ойланбаған сен ғанасың, бейшара!
Басқа не десін? Бейшараның аты бейшара.

Нұрлан да, пенде деп аталатын, Құдайдың құлақ кесті құлдары біз секілді, бірде алысып, бірде шабысып, бірде келісіп, бірде кетісіп, бірде шарпысып, бірде шабысып жатқан алақұйынды аласапыранды мына дүниені көрудей- ақ көрсе керек. Ол да біреулермен құшақ аша келісіп, енді біреулермен ат құйрығын кесісіп кетіскен шығар. Өмір ғой! Біреулерге құлай жығылып, біреулерден көрместей боп безінуі әбден мүмкін... қалай дегенде де, бұл өмір қандай тайғақ, қандай тұрлаусыз. Қандай опасыз!

Ойдым- ойдым ойпаттың
Ой жағына бір қондым.
Қожыр- қожыр таулардың
Қыр жағына бір қондым.

Былдыр- былдыр бұлақтың
Бас жағына бір қондым.
Сылдыр- сылдыр құрақтың
Мас жағына бір қондым.

Сонымен күндердің күнінде не болды дейсіз ғой. Бәрімен үйлесім мен жарасым тапқан тіршілік күндердің күнінде безбүйректік танытып шыға келді.

Ойдым- ойдым ойпатым
Ой қаратты бір күні.
Қожыр- қожыр тауларым
Қой қаратты бір күні.

Былдыр- былдыр бұлағым
Бастықтырды бір күні.
Сылдыр- сылдыр құрағым
Қастық қылды бір күні!..

Көбіміздің- ақ басымыздан өткен жағдай ғой бұл. Бүгін ғана құшақтасып қауышып тұрғаның, күні ертең- ақ көкірегіңнен итеріп итжемеге қалдырып кетпеуші ме еді. Сондай-сондай жағдайды Нұрлан бейнелі сөздермен астарлап айту арқылы философиялық деңгейге көтере біліпті. Нұрлан Мәукенұлы бұл өмірдің отына түсіп жанып, суына түсіп тұншығып, “балын да ішіп, уын да ішіп”, “аялдамастан айы, кідірместен күні қашатынын” біліпті. Пәни өмірден бақилыққа ерте жиналыпты. “Басынан күннің озғанын” көріпті.

Жанымды жеген мына күн
Құлдилай ұшқан құладын.
Қанатын қақты қайрылмай
Баса алмай қалдым бір адым.

Қолымнан түсті құрағым,
Ұстатпай кетті ұры күн.
Тірінің істеп тірлігін
Өте де шығар ғұмырым.

Жүрегім тозар, жүйкем де,
Тіршілік, мені икемде.
Өле алмай жүрген, ей, өлең,
Өлетін жанға сүйкенбе, –

деп өмірден де, өлеңнен де сырт бергендей болыпты. Бірақ оның өлеңдері, қазақтың қабырғалы ақындарының деңгейіне көтерілген Нұрлан Мәукен ұлының өмірін жалғастыра бермек. Оған біз кәміл сенімдіміз!

«ТАНЫ МЕНІ, АШЫП КӨР ҚҰПИЯМДЫ»

Кімге қалай екенін қайдам, ал мен үшін ең жаман өлең-- ортақол өлең. Неге? Өйткені, жаман өлеңнен өлеңнің текті табиғаты мен бекзат бітім-болмысын, сыртқы мүсіні мен ішкі тынысын түгел қамтып, түптеп тани алмайтын, дайындығы аз, түсінігі шала оқырманның өзі де бірден жерінеді. Ал ортақол өлеңнен көп-көп оқырман, тіпті, өзін өлең дүниесінің білгірімін, сөздің тамыршысы, ойдың безбенімін деп санайтын көзіқарақты, көкірегі ояу адамдар да бірден бас тартып, бірден сырт айналмайды. Өйткені, ортақол өлеңде бәрі бар. Ұйқас пен ырғақ дегеніңіз буын-буынымен үйлесіп, бунақ-шумағымен қосылып сіресіп тұр. Балталамақ түгілі, көк мұздың көбесін сөгетін сүйменмен ұрсаң да бұза алмайсың. Теңеу ме? Ол да бар. Образ ба? Іздесең оны да табасың. Әрине, ол теңеулер мен образдар оқыған адамды селк еткізетіндей, ең болмаса, селт еткізетіндей жаңа да, тың да емес. Әбден таптаурын болған көне немесе әлжуаз, көтерем. Бірақ қалай болғанда да, ондай өлеңдер, ең бастысы, өлеңге қойылатын негізгі талаптар мен шарттардың барлығын игеріп алған. Енді оған не демексің? Ондай өлеңге бірдеңе деуге қандай себеп, нендей салдарың бар? Әлде, ол өлеңнің авторымен алакөз бе едің? Сұрақ дәл осылай төтесінен, кісілігіңе салмақ сап қойылғанда, өзің-ақ амалсыз тосылып қаларың хақ... Шынында да, ондай өлеңдерде бәрі болып келеді. Бірақ оқып шыққанда әлгінде айтқанымыздай, "не селк етпейсің, не селт етпейсің". Тым үйреншікті. Кәдімгі механикалық машықтан туған конвейерлік өнім. Штамп. Бірінен-бірі аумайды. Жарқ ете қалатын сілкініс те, сарт ете түсетін серпіліс те жоқ. Қимыл-қарекеттері - жіппен басқарылатын қуыршақтардың қимыл-қарекеттері. Жаныңның терең қабаттарына кіріп тебіреніске түсіретін сарабдал ой да, күркіреп, күрпілдеп келіп жарқылдап жататын жасындай асау мінез де жоқ, тек әлеміш бояулармен сылап-сырланған, күн көзінде жатқан шынының сынығындай жалт-жұлт етіп көзді арбайтын жасанды, алдамшы әрекет қана бар. Мұндай ортақол өлеңдердің қауіптілігі сонда, оқырман қауымның өлеңге деген талғамын барынша бүлдіріп, барынша аздырып-тоздыратындығында. Яғни оқырман қауымның осындай жылтыраған целофан қапшықтағы өлеңдерге әбден бой үйретіп, сүйексіңді болып алатындығында. Жұртшылықтың ондай өлеңдерге әбден бой үйретіп алатындығы сондай, кейде олардың қолына қан-жыны сорғалаған дүниені ешқандай орап-бүктемей, сол қалпында молынан қарпып ұстата салсаң, не боп қалды деп шошынып кетері хақ. Өйткені, ол жылтыраған целофан қапшықтағы өлеңдерге үйреніп алған. Әдемілеп, әрлеп, орап-сырлап беруің керек. Ақырында ортақол өлең оқырманды адастырып, шатастыратыны сондай, оны бидайдан арпаны, күріштен күрмекті, тарыдан қауызды айыра алмайтын жағдайға жеткізеді. Менің ортақол өлеңді жаман өлеңнен де жек көретінім содан. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебіміз, әсіресе, кейінгі кезде шын талантты өлеңдердің сұрқай, ортақол өлеңдердің лайлы тасқынының астында қалып бара жатқандығынан. Содан барып шын талантты өлеңдер қаламға көп ілікпей, көзге көп шалына бермейді. Оның есесіне ортақол өлеңдердің пысықай авторлары орынсыз әспеттеліп, орынсыз құрметке ие болып жатады. Міне, осындай келеңсіз үрдістердің салдарынан, сырт қалып көзге көп шалына бермейтін ақындардың бірі, сөз жоқ, Бауыржан Жақып дер едік. Әдетте, ақын деген, егер ол шын ақын болса, әдебиет табалдырығын аттаған бойда, ең болмаса, бір шумақпен болса да, жұртты жалт қаратары сөзсіз. Олай болмады ма, онда ол ақынның одан әрі жұртшылық аузына іліне қоюы екіталай. Бауыржанның оқырман қауымды бірден өзіне қаратқан өлеңі "Әжемнің ұршығы". Бұл өлең кезінде жай оқырманды ғана емес, қазақ өлеңінің күмбірлеп тұрған көне қоңырауы Әбділда Тәжібаевтың дуалы аузына іліккен болатын. Ол өлеңді бәріміз де сүйсіне оқығанбыз. Тағы бір оқиық.

Бір сәтке, әже, тыншып па ең,
-Шүйкеге мол жіп жиылып.
Отырушы едің ұршықпен,
Уақытты қоса иіріп.

Қолыңнан шыққан сыйлықтар,
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар және минуттар,
Иірілетін жіп болып.

Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап - бұл шыным.
Иесіз қалды төргі үйде,
Киелі сенің ұршығың.

Кетсең де алыс Күнге ұшып,
Кетпейсің естен ендеше.
Өзің боп мені жүр құшып,
Сен тоқып берген кеудеше.

Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем. ...
…Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген.

Міне, жай ғана тұрмыстық бір шаруа алып әлемнің тыныс-тіршілігімен жалғасып, кішкене ғана бір деталь - Уақыт дейтін ұлы ұғыммен ұласып жүре берді. Оның үстіне секундтар мен минуттардың өзін жіп қылып иіріп отырған Әженің сиқырлы қуаты қандай десеңізші?! Бейне бір ол Уақыт билеушісіндей... Бірақ бәрін де үгіп, бәрін де уатып, жалмап-жұтып жатқан жебір Уақыт күндердің күнінде кәрі кейуананы да өзінің иіріле үйіріліп тұрған иіріміне тартып алып кетті. Тағы да осы өлеңдегі Әжеге деген соншалықты құштар сағыныштан, қимас аңсардан тағы бір сөз айтсаң көз жасы құйылып жүре беретін қыстығып тұрған бозбаланың лебі мен демі қандай?! Сол леп пен дем сенің де көкірегіңе кіріп, сенің де жаныңа ұя сап жатқан әлде бір сағыныш пен аңсарды оятып, дүр сілкіндіріп кеудеңді кернеп алып бара жатады. Жалпы, Бауыржан өткеніне, балалық шағына көп үңілетін, сол бір дәуреннің тұнығына көп сүңгитін ақын. Рас, жалғыз Бауыржан ғана емес, бәріміз де өткенімізге, Бердібек ағамыз айтқандай, "балалық шаққа саяхат" жасамайтынымыз жоқ. Бірақ көбіміздің балалық шаққа жасаған саяхаттарымыз жалпылама баяндап беруден, сол бір шақты өліп-өшіп сүйетінімізді жел сөздермен күптіре айтудан әрі аспайды, немесе ол шақты суреттеп береміз деп көрген-білгенімізді этнографиялық мүражайдың библиографиялық көрсеткішіне айналдырып алатынымыз бар. Әрине, нақты бір детальді, айқын бір затты көрсетпей қандай бір кезең, қандай бір мезгілді өлеңмен өрнектей қою қиын. Бірақ ол деталь да, ол зат та тірі көрініс, тірі суретке айналу керек қой. Ол да бізден әлдеқайда жас бола тұра, бәріміз сияқты, "Қолтаңба" өлеңінде айтқандай, "ағаш қасықпен құрттың көбігін жалап" өскен ақын. Осы сөздің өзі-ақ талайымызды балалықтың шат-шадыман күндеріне алып кетіп, көңіл-көздеріміз уақыттың қалың тұманының ар жағында қалған талай-талай қызықты көріністерді бірінің соңынан бірін ілестіріп шығары сөзсіз. Бірақ өлеңнің міндеті өткенді тек көрсету ғана емес қой. Өлеңнің міндеті, ең алдымен, өткенді тірілту. Образбен көрсету. Тірі образбен! Сондықтан жұрттың Бауыржан ақыннан құрт қайнатып жатқан әжеңнің қолтаңбасын қай жерден көріп тұрсың деп сұрауы әбден заңды. Оның үстіне біздің қазіргі түсінігімізде қолтаңба деген қастерлі үғым, қадірлі түсінік. Олай болса, құртта қандай қолтаңба болуы мүмкін. Бірақ Бауыржан бізді дәл сол қастерлі ұғым мен қадірлі түсінікке алып келеді.

...Келешек бізді күтті алдан,
Келмеске сәби күн кетті.
Сол кезде сықпа құрттарда,
Қолтаңбаң барын білмеппін.

Құртыңды аңсап жаныммен,
Қолтаңбасын мен сәғындым –
Аялы алақаның мен
Салалы саусақтарыңның

Әжесінің аялы алақандары мен салалы саусақтарының ізі қалған құрт. Құрттағы әже қолтаңбасы! Өткеннің тірі образы дегеніміз осы емес пе?! Бауыржанның әжесі туралы, әжесінің қолынан шыққан дүниелер жайлы жазған өлеңдер біршама. Тағы да ол өлеңдердің бәрі дерлік сәтті, бәрі дерлік желсіз күнгі көл тұнығынан күміс кесемен шөп еткізіп іліп алғандай мөп-мөлдір, тап-таза. Өйткені, олар аса бір құштар сүйіспеншілікпен, аса бір құмбыл ықыласпен жазылған. Бауыржан үшін әжесі, өзі бауырында өскен аяулы адам, асыл ана ғана емес, ол тұтас бір әлем. Әжесі бұл дүниеден өткенде, сол бір тағдырлы тұтас әлем де әжесімен бірге қопарыла көтеріліп, барса келмес бақи дүниеге көшіп кеткендей... Бірақ әжесінен қалған мұра өлмек емес. Тағы да ол мұра мұра қалпында қалмай әлдеқайда масштабты, әлдеқайда ауқымды кең дүниемен жалғасып кетеді. "Алаша" өлеңін алайық. Әжесінің көзіндей кәдімгі алаша. Сол алаша үстінде жатқан ақын қандай күй кешеді дейсіз ғой. "Жатсам сенің үстіңде туған жерде ояндым" дейді. Бұл, әрине, детальдің ғана ойнауы емес. Тамыры да, қуаты да әріде.

Ойға баттым не түрлі,
Қасиетімсің төрдегі,
Ұшқыш кілем секілді,
Алып кеттің сен мені.

Енді, міне, туған жердің бәйшешек-гүлдері бетіне ою-өрнек боп түсіп, туған жердің бояуы сіңген алаша бір сәтте сиқырлы кілемге айналды да үстінде жатқан ақынды көтеріп ап әлем үстімен ұша жөнелді. Бауыржан, сөз жоқ, дәстүршіл ақын. Бірақ дәстүршілдікті әлдекімдердей тар қауызға салып қарастырмайды, әлдекімдердей тым үстірт, тым жадағай, тым таңқы түсінбейді. Кеңірек қарастырып, тереңірек үңіледі. Менің бұлай деп шұқшиып сөйлеп отырған себебім, қазір бәзбіреулер дәстүршілдік дегенді өлеңнің сыртқы кейпі, яғни формасы деп ұғады екен. Басқаны былай қойғанда, өлең әлемінде едәуір аты бар деген бір замандасымыз "Біз өлеңді Абайдың жыр үлгісімен ғана жазуымыз керек, сол нағыз дәстүр" деп байлам жасапты. Рас, Абайдың ғажайып жыр-үлгілерінен ешуақта да бас тартуға болмайды. Өйткені, ол үлгілермен біздің ұлы құндылықтарымыз дүниеге келген. Ол үлгілермен әлі де талай-талай таңдай қақтырып, таңғалтатын шығармалар дүниеге келетініне шәк келтірмейміз. Яғни ол үлгілер мәңгі жасайтын үлгілер. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек. Ешкімнің де! Бірақ Абай бұрын-соңды қазақ өлеңінде болып көрмеген жаңа үлгілер алып келді ғой. Тағы да ол жаңа үлгілер қазақ ұғымына соншалықты жақын. Сүйектес бауырдай боп сіңісіп кетті. Олай болса, оның сол дәріс сабағынан неге тағылым алмаймыз. Ол дәріс сабақтың біз үйренетін ең басты қасиеті -жаңа үлгілердің Абай ғана айта алған жаңа мән, жаңа мазмұнға қызмет етуінде. Абай ғана айта алған ол жаңа мән мен жаңа мазмүнды жеткізуге бүрынғы үлгілердің мүмкіндігі жетпес еді. Ол жаңа мән мен жаңа мазмұндағы Абай өлеңдері бізде бұрын болмаған жаңа үлгілерді киіп дүниеге келді. Табиғи түрде! Сондықтан бүгін өмірге келіп жатқан немесе болашақта өмірге келетін бөлек мән мен тосын мазмұндағы өлеңдер де өз үлгілерін киіп дүниеге келіп жатса оны жатырқамаған жөн. Тек табиғи болсын, арғы тамыры болсын Абай дәстүрі бізге осыны үйретеді. Олай болса, жаңа мән, жаңа мазмұнсыз жаңа үлгіңіз де, көне үлгіңіз де әншейін бір іші қуыс схема боп шығады. Тағы да қайталап айтамыз: жаңа үлгіні жаңа мән, жаңа мазмұн ғана тудыра алады. Әрине, көне үлгілермен де ғажап дүниелер өмірге келуі әбден мүмкін. Келіп те жатыр. Тіпті кейде ұйқасқа ғана құрылып, таңдайы тақылдаған дидактикалық үлгімен жазылған өлең де жүрегіңді баурап, жаныңды жаулап алады. Бұл да бір сиқырлы құбылыс! Бір сөзбен айтқанда, қандай үлгімен жазсаң да, ол үлгі қозғаған тақырыбыңның мән-мағынасын, болмыс-бітімін ашуға қызмет етуі керек. Бауыржанның "Домбыра" атты өлеңі бар.

Бұлбұлдың дауысы
сіңген домбыра,
Қыран боп түлкі
ілген домбыра.

Аңшы боп ойға
шомған домбыра,
Аттың шабысы
қонған домбыра.

Лекіткен домбыра,
лепірткен домбыра,
Ортекелерді
секірткен домбыра,

Бәйге атындай
баптаған домбыра,
Арыстарымды
жоқтаған домбыра,

Арқаны жаяу
кезген домбыра.
Азапқа талай
төзген домбыра,

Азаттық күнін
күткен домбыра.
Қазаққа ғана
біткен домбыра!

Біз бұл өлеңнің қандай үлгімен жазылғанына мән беріп жатпаймыз. Өйткені, бұл өлеңде, ең бастысы, домбыраның табиғаты мен тағдыры сөйлеп тұр. Қараңызшы, өлеңнің әр жолы саусақпен басқан сайын бір леп пен бір гәп шығаратын пернеге айналып кеткен жоқ па? Сонымен бірге, бұл өлеңге тек домбыраның ғана табиғаты мен тағдыры ғана емес, қазақ рухының да табиғаты мен тағдыры өрілген. Бауыржанның бізді тағы бір тәнті ететіні оның байқағыштығы мен қырағылығы. Ол, әдетте, жалт еткен жақындағыны шап беріп ұстай алатын, қиядағыны қалт жібермей қағып түсетін алғыр. Көзімен көргенді сол сәтінде сөзімен суретке түсіре қояды. Әрине, ол жылт еткен нәрсенің бәрін сырт еткізіп баса беретін ешқандай композицияны, ешқандай арақашықтық өлшемін, ешқандай көлеңке мен жарық тепе-теңдігін білмейтін, талғам атаулыдан жұрдай бей-берекетсіз фотограф емес. Оның сөзбен салған суреттерінің бәрі дерлік өрі нақты, әрі жанды. "Объектив - дерсің жанарым, жүрегім -фотоаппарат" дейді ол бір өлеңінде. Дәл солай.

Шілдені мүйізімен шайқап іліп,
Сиырлар бара жатыр оқалақтап.

Жанымызға соншалықты жақын, көзімізге соншалықты таныс аптапты күнгі ауыл суреті. Бірақ "шілдені мүйізімен шайқап іліп" бара жатқан сиырларды тек Бауыржан ғана көре алыпты. Енді Бауыржанның жаңбырлы күнгі күзгі ағаштарына қараңыз:

Күллі ағаш моншаға түсіп жатыр,
Шешіп тастап киімін сыртындағы.
Бұрын мүндай суретті қай ақын салыпты?

Бауыржанның кейбір суреттері аса іріленіп, зор қайрат, зор қуатқа ие боп кетеді. Сенбесеңіз, таңалакеуімнен тұрып жұмысына кіріскен көше сыпырушының қимылына көз салыңыз:

Сырылмен таңды оятып,
Сыпырып түнді жүргендей
Бұған енді қалай сүйсінбейсіз?

Тізе берсек, Бауыржан салған суреттерден тұтас бір көрме жасақтап шығуға болар еді. «Үлпілдеген көгалда, бүлкілдейді ақ бұлақ», «Жел жүгіріп барады су бетімен, су жүгіріп барады жер бетімен», «Дүр етіп қарағайдан ұшқан құстай кетті ұшып жүрегімнен қалың өлең», «Төсіне қырат-батырдың тағылған гүлдер орден боп», осылай жалғаса береді, жалғаса береді. Егер Бауыржан табиғаттың көңілді де, қөздіде арбар сыртқы құбылыстарын сөз-суретке түсірумен ғана болып, тек соны ғана қызықтап кетсе, | онда ол оқырман қауымды тез жалықтырып алған болар еді. Онда ол қаншама әдемі бояулар жағып, қаншама қызық суреттер салса да, бар болғаны пейзаждық қана ақын боп қалар еді. Өйткені, табиғат әлемі, бізді қоршаған мына дүние әсем қимыл-қарекеттер мен ажарлы әсем суреттерден ғана тұрмайды ғой. Оның да тартысқа толы драмасы, күйініші мен сүйініші, бітіспес күресі мен тіресі бар. Сондықтан енді ол дүние астарына үңілуге бет қояды.

Өзендерім желең төсі ашылып,
Тереңіне, ағады сыр жасырып.
Қара жердің астарында асыл бар,
Қойнауына шөккен талай ғасырлар.

Қалың бұлттың астарынан жай құлар,
Қуаныштың астарында қайғы бар.
Жарықтың да астары бар - қараңғы,
Ой да астарлы, ұстама, дос, жағаңды.

Дүниенің лебі мен деміне алаң ақын, енді бұдан былай антеннадай сақ, мембранадай сергек. Сондықтан да ол уақыттың кеше, бүгін, ертеңіне, яғни үш өлшемінен де сыр мен гәп іздейді. Дүниенің бар түпкірімен жалғасып, дүниенің бар тарабымен байланысқа түскен ақын көкірегі, сөз жоқ, күмбір мен дүбірге толып шыға келмек. Енді оның бәріне алаң, бәріне күпті көңілі, тіпті космос кеңістігімен де байланысқа түскендей.

Басқарып тұрған әр қадамды үнсіз,
Басқарып тұрған айналамызды.
Ғажап бір күш бар жалғаған сымсыз,
Кунге де бізді, Айға да бізді.

Әрине, бүл жолдар арқылы ақын өзінің дүние танымы мен қиял кеңістігінің мүмкіндігін ғана көрсетіп қоймай, айнала тіршілікпен біртұтас, бір жаратылыс екенін, мына әлемнің бірімен-бірі қабысып, бірімен-бірі жалғаса жамырасқан құбылыстардан тұратынын, оның діңі де, тіні де бір екенін, ол әлемнің бүкіл тыныс-тіршілігі де, болмыс бітімі де сенің жүрегіңде жаңғырып жататынын жеткізіп тұр. Ақынның дүниетанымы мен қиял кеңістігі қаншалықты масштабты, қаншалықты ауқымды болса да, оның жаны, ең алдымен, жер бетіндегі өмір мен жер бетіндегі тіршілікке, тіпті оның көл бетіндегі қоңыр үйрегінің тағдырына да алаң. Өйткені, космос корабльдері де, ең алдымен, осы жұмыр жердің қамын ойлап, күйін күйттеп ұшып жатады. Олай болса, қоңыр үйрек екеш қоңыр үйректе де мына қатыгез заманның қасіреті жатса, ақын жаны қалай күйінбесін, ақын жаны қалай тебіреніп солықтамасын. Сол өлеңді түгел оқыңызшы. Үзіп-жұлып, бөліп-жарып оқу - бүл өлеңге обал.

Қалмастан тілсіз жауға жаны күйреп,
Қаперсіз, су бетіне салып ирек.
Көрдім мен, кетпейді әлі көз алдымнан,
Уланған көлде жүзген қоңыр үйрек.

Қоға да, жағадағы қамыс та улы,
Қосылған бұлақтағы ағыс та улы.
Балапан кезінде-ақ бұл үйректі,
Дегелең дүмпулермен таныстырды.

Тұратын қалың қамыс бүркеп, қорып,
Өсті ол көл бетінде үркек болып.
Биікке ұшушы еді бір кездері,
Шалдығып, соңғы кезде жүр көп қонып.

Мойылдай жанарына нұр сіңді айдан,
Қалайша у сәулені жусын бойдан.
Саржалдың сағымына жүр шомылып,
Қайнардың қасіретін білсін қайдан?!

Көзінен үңілген жақ мұңды көрер,
Оны бір көрген адам шындық өрер.
Өн бойы сәулеленген қоңыр уйрек,
Өлсе де туған көлге сүңгіп өлер.

Қолтоқпақтай ғана қоңыр үйректе бүкіл туған жер мен туған елдің қасіретті трагедиясы жатыр. Адамның қарау пиғылымен жасалынған алапат жарылыстың улы сәулесін балапан кезінде-ақ тұла бойына сіңіріп алған қоңыр үйрек халі - аянышты хал. Зорға ұшып, зорға қонып жүрген ол үйрек, бірақ бәрібір туған жерін, туған көлін тастап кетпек емес. Бәрібір ол, өлсе де сол туған көліне, улы болса да, сүңгіп өлмек. Осы бір жол арқылы-ақ, жаңғыз қоңыр үйрек қана емес, сол жерді мекен еткен тұтас бір елдің тағдыры көз алдыңа келіп тұра қалады. Неткен жанкешті қайсарлық! Қоғасы мен қамысына дейін уланып жатса да, семіп те, суалып қалмайтын неткен ессіз махаббат. Олай демей не дерсің! Айналаның бәрі улы сәуле сіңіріп алған. Ауру, дімкәс, кеселді, дертті. Санасыз қоңыр үйрек, әрине, оны білмейді. Ал саналы адамдарға не болған? Қопарыла, көтеріліп көшіп кетпей ме?! Мұндай сұрақтың сан сапалағын, мың түрлісін қойсаң да оған басқаша жауап таба алмайсың. Оған бір-ақ жауап бар. Ол - туған жерге деген ессіз де көзсіз махаббат. Сол махаббат қана оларды шырмап буып, шідерлеп ұстап жібермей отыр. Бауыржан да сол тулақтай кеуіп, бордай үгітіліп жатқан Дегелеңнің дәл түбінде, яғни от бұрқырап, от жалмап, от жалап ойран-ботқасы шыққан Абыралыда дүниеге келген. Сол Бауыржаннан "сен үшін дүниедегі ең ыстық жер қай жер" деп сұраңызшы. Ол ойланып жатпастан-ақ: "Арқау болып келбетің көп өлеңге, қайта түлеп қырларың көгерер ме? Дерттенсең де, қырық жыл өрт көрсең де, перзент үшін сендей жер жоқ әлемде" деп жауап берері хақ. Туған елі мен туған жерінің ғұмыр бойы басылмайтын күйікті өксігі мен күйінішті зарын естіп өскен Бауыржан сылдырмақ-шылдырмағы көп мынау алдамшы өмірдің шаттығына шомылып, қуанышына жуынғысы кеп, өзін-өзі қаншама алдарқатқысы келсе де, бірақ бәрібір ол "ақ қан" боп ауырған туған даласының" ауруымен өмір сүріп, дертімен дем алады. Өзі солай дейді: "Келген сайын , қан жылап жан-жүрегім, қайтып жүрмін қайғы алып қала жаққа". Бейне бір ауылына қайғы алып қайту үшін баратындай. Неткен ауыр тағдыр! Неткен азапты ғұмыр! Сенің де жаның азапқа түседі. Тамұқтың отындай ыстық жалын сенің де жүрегіңді шарпып өтеді. Мұндайда жан дауысы керек шығар. Солай болады да. Бауыржанның қолынан "Жан дауысы" атты дастан дүниеге келген. Тағдырдың өзі қойғандай тақырып. Ақынның жан дауысы шырқырап, туған жер төсінен "айнадай жарқыраған,көлін" іздеп, "көкорайлы шалғынын" таба алмай", "ән шырқап ататын ақ таңынан" адасып бебеу қағады. Құлындаған дауысы құраққа жететіндей. " Киік те жоқ, арқар да жоқ, қыран да жоқ. Жоқ! Бәрі жоқ. Тіпті дөңкиіп-дөңкиіп жатқан төбелердің де "әскердің тәртібімен шаштары алынып тасталғандай". Туған жерді адам айтқысыз зұлмат басқан. Сол зұлмат сұмдығынан тау да шыдай алмай зар қағады. Дегелең зарлап тұр:

Басталды сол бір сұмдық бастан кешкен
Секілді әлдеқайда аспан көшкен.
Жазығым көрінбейді жадыраған
Барлығы төңіректің астаң-кестең.

Жалмады айдаһар-өрт жаппай маңды,
Барлығы төңіректің отқа айналды.
Қаптаған қарағайым шоққа айналды,
Жүрегім шошынғаннан соқпай қалды.

Таудың алып жүрегі тоқтады. Тау өлді. Енді ол күлге, үйіндіге айналды. "Жүрегім соқпайды енді, демім бітті, ей, таулар, жиналыңдар жаназама" дейді Дегелең. Жер үстіндегі бүкіл, тауларды жаназасына шақырып тұр. Ақырғы сөз, ақырғы тілек. Таудың өзін өлтірген ол сұрапыл сұмдық күшке ештеңе де төтеп бере алмақ емес. Сенбесең, қураған тоғайдың: "Улы ортаға қамалдым да, улы сәуле уыстадым, улы, судан нәр алдым да, улы ауамен тыныстадым. Бұтақтары қудай болып, құшағымда тұнған ағаш, абыройдан жұрдай болып, қалдым бір күн тыр жалаңаш" деген төбе құйқаңды шымырлатар соңғы сөзіне құлақ түр. Немесе "Жылайын десем жасым жоқ, тарайын десем , шашым жоқ. Әлдекімдердің қолымен көкірегіме басылды от. Қырлардың көші қаралы, қош айтып маған барады. Әнімнің бәрі мұңды да, тәнімнің бәрі жаралы" деп еңіреген алып Даланы тыңда. Әйтпесе, "Өткеннің бәрі ойымда , ұмытпағанмын, сүйретілемін ентігіп тұрып қаламын. Шалдықтым мен де ауруға, шамам жоқ енді, құрдымға суым кеткендей құрып барамын" деп тұншығып, демі бітіп бара жатқан тартылған өзеннің мұңын естіп көр. Болмаса, "Жерімдегі жарылыс, жетті маған дүмпуі. Ойламаппын болар деп мұндай сұмдық бір күні. Кидім ажал көйлекті, жоғалып ем тапқызбай. Рухымды сөйлетті көрде тыныш жатқызбай. Адам азды, жер тозды, су тартылды, ну жанды. Қайда апарып сақтармыз қу сүйекті, қу жанды" деп шошынған зираттағы Абай сөзіне мойын , бүрыңыз. Әйтеуір, бұл дастандағы қай тарауды оқысаңыз да қаның атқақтап басыңа шауып, жаның шүберекке түйіліп, ет-бауырың езіліп, сай-сүйегің сырқырап қоя береді. Сөз жоқ, Дегелең мен Абыралы қасіреті -бүкіл жердің, бүкіл қазақтың қасіреті. Ол қасіретті бүкіл болмыс-бітіміңмен, бүкіл тамыр-талшығыңмен сезінесің. Бірақ ол қасіретті дәл Бауыржандай сезіне қоюымыз қиын. Өйткені ол сол жердің ауасын жұтып, сол жердің суын ішіп, көлінен қоңыр үйрегін көріп, қорасынан қоңыр қозысын өргізіп өскен ақын. Алматыдан ауылына барса да, ауылынан Алматыға қайта оралса да алапат сұмдық зұлматтың аждаһа демінен әлі күнге азап шегетін жандармен күнде кездесіп, оларды күнде көріп, олармен күнде сөйлесіп отыр. Күнделікті күйбең тірлік жетегімен жүрген біздер біздер көбіне ол қасіретті естен шығарып алатынымыз рас. Ал Бауыржан тағдыры басқа. Бірде ол маған: 'Тем-аға, мен тіпті ойын-тойда да елегізіп отырам...Телефонның дауысы кейде маған шоқ басып шар ете қалған баланың даусындай естіледі. Тағы да не боп қалды деп шошып кетем" дегені бар. Яғни ақын жүрегі ел қасіреті мен ел азабын арқалап тұр деген сөз. Ол қасірет пен азапты Бауыржан енді жүрегінен сылып тастай алмайды. Ғұмыр бойы олай өмір сүру, әрине, ауыр. Бірақ лағнет атқыр, мына қу тағдыр оның жүрегіне сондай қасіретті жүк арқалатып қойса, не дерсің. Амалың жоқ қой. Олай болса, енді оның ақындық бағы да сол азапта. Басқаша айту мүмкін емес. Шындығы сол. Мен бұл мақаламда дауысы нық, тегеуріні қатты Бауыржан Жақып ақынның шығармаларының табиғаты өзіме жақын бағыттарын ғана сөз еттім. Шын ақынның бітім-болмысын, оның көркемдік-эстетикалық өресі мен өрісін түгел қарастыру, оның ұңғыл-шұңғылын түгел тану мүмкін болмаса керек. Бауыржанның «Таны мені, ашып көр құпиямды» деген сөзі де біздің сол ойымызбен үндесіп тұрғандай.

ӨТКЕННІҢ ӨКІНІШІНЕН ДЕ РУХ ІЗДЕГЕН

Бүгілген тізесін жазып, иілген еңсесін көтерген ел, ең алдымен, қаншама жылдар, тіпті қаншама ғасырлар бойы көз жазып қалған өткеніне ден қойып, сол өткеніне өткел салып, ондағы жасалынған жәдігерлер мен құндылықтарды қатал да қатыгез заманалар көміп тастаған уақыт құмының астынан қазып, аршып алуға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсе керек. Әрине, жүздеген жылдар бойы зорлық пен зомбылықта өмір сүрген, маңдайының соры бес елі болған біз сияқты елдің өткенде кеткен есесі де, өзекті өртер өкініші де көп. Тым, аса көп. Алдымен, бүгінгі күннің төбесінде тұрып, шет-шегі жоқ мыңжылдықтардың қиыр алыс түпкірлеріне дейін тарам-тарам боп созылып жатқан тарихыңның жолдарын, тарихыңның тамырларын тауып алуың керек. Әрине, тарих деген алдымен ғылым. Ал, ғылым көбіне-көп нақты фактілермен, қасаң дәлел-дәйектермен ғана сөйлейді. Сондай-ақ, тарих жолдары мен тарих тамырын табу бір бөлек те, оларды тану бір бөлек. Екеуі екі басқа. Сонымен бірге ол тарих тамыры рухани нәр, рухани құнармен байытылмаса, онда ол, мүлде қатып-семіп қалмаса да, тым әлсіз, тым сылбыр соғары сөзсіз. Ол тамырды буырқандырып, толтырып соқтыратын тек қана сол рух. Рух деген құдіретті сөзді де, біз кейде, біржақты түсінеміз. Оны біз көбіне-көп ұдайы жеңіске шақырып, жалауын желбіретіп, семсерін оңды-солды сермеп тұрған кілең бір атойлаған сөздер деп ұғатынымыз бар. Ал, шын мәнінде, ел мен жердің қамын ойлап қамығып сөйлейтін қынжылысыңызда да, оның өткенін ойлап опынып сөйлейтін өкінішіңізде де рух бар. Өйткені халық неғұрлым қатты қамықса, ертеңінің қамын соғұрлым көбірек ойлайды, өткеніне неғұрлым көбірек өкінсе, соғұрлым өжеттеніп, өршелене ұмтылады, неғұрлым қайғы-қасіретті болса, соғұрлым қайраттанып кетеді. Әрине, ол халық намысты, жігерлі болса. Ал намысты, жігерлі халықтың сөзі де, тілі де ақындар ғой. Халықтың қаншалықты намысты, қаншалықты жігерлі екені, бәрінен бұрын ақындарынан білінеді. Шынын айту керек, әсіресе, тәуелсіздік алар алдында да, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да ежелгі арқар мүйізді, арыстан дауысты «ақырып теңдік сұраған» жыраулардың бұла болмысын бойына сіңіріп алған біздің ақындарымыз бес қаруын түгел беліне тағынған нағыз сардарлық та, сарбаздық та мінез көрсете білді. Қатыгез заманның қабат-қабат темір қақпасы қақырап қаусап, темір шымылдығы сыпырылып түскен соң-ақ ол ақындар уақыт топырағының астында қалып қойған тарихи тақырып қамалдарын «жаулап алу» үшін лап қойды да, ұлт бойында өткен күндердің асқақ рухын оятуға кірісті. Міне, сол қадірлі қатардан қайратты ақын Қасымхан Бегманов та табыла білді. Оның «Ташкентпен қоштасу» атты өлеңін оқысаңыз өзегіңізді өрт боп жалар өкініш пен омыртқаңызды опырып жіберердей опыну құшағында қаласыз.

Шулы шаһардың самаладай боп
шамдары жанды жарқырап,
Көшелерінде даладай дарқан қазақтың көне салты қап.
Алшаңдай басып алашордашыл

осында жүрді-ау асылдар,
Асылдарымды біздерден бөліп түбіне
тартты ғасырлар.

Қалай өкінбейсің?! Қалай опынбайсың?!Қалай күйінбейсің?! Күні кешегі біздің ұлт көсемдеріміз бен алып арыстарымыздың осынау тас қаланың тас көшелерінде әлі күнге ізі сайрап, тас алаңдары мен тас сарайларында үндері сайрап тұрса! Енді ол іздер бірте-бірте суырып соғып тұрған уақыт құмынан көмескі тартып, ол үндер бірте-бірте қашықтаған сайын қашыртып, алыстан естілер сарынға айналмақ.

Еңсемді езген күн болды,
Жарық күнім түн болды,
Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың.
Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын!

Ақын жатбауыр-тасбауыр болып бара жатқан тасқала – Ташкентін қия алмай қиналып тұр. Бұл қоштасу ғана емес, айырылысу. Амалсыз айырылысу. Қайта оралмастай хал кешу! Өйткені қазіргі Ташкент «Алаштың тілін ұмытқан». Енді мүлде күдер үзуден басқа амал жоқ. Осымен арғы-бергі тарихымыздың тағы бір ауыр қақпасы сықырлап ашылды да, көкірегімізді қақ айырып, қайта ашылмастай боп сықырлап біржола жабылды... Рухсыз тарих – құлықсыз тарих. Құлықсыз тарих, әлбетте, фактілер жиынтығы ғана. Оның бойына бүлкілдеп соққан рухты қан жүгіргенде ғана ол тарих бүгінге, ертеңге, арғы алыс күндерге қызмет етпек. Ол үшін рухтың басты-басты бастау көздерінен мейірің қанғанша сусындап, оның оқшау-оқшау асқақ кезеңдерінен мерейіңді өсірер, мәртебеңді асырар қастер тауып, өршіл мінез бен өжет қайсарлықты бойыңа барынша сіңіре білуің керек.

Міне, ақын енді Махамбет қабірінің басында тұр.
Тарихқа найзаменен атын жазған, жан бабам,
Мәңгілікке асау жыр мен хатын жазған, жан бабам.
От шашырап, жалын атқан сөзіңе,

Бостандықтың жолында бассыз қалған өзіңе,
Бас июді парызым ғой деп білдім...

Өткеннің рухты тұстары мен рухты тұлғаларының алдында бас ие алмаған адам, ертеңгі күннің алдында кеудесін керіп, басын шалқақ ұстап жүре алмайды. Өткеннің қаны мен жанын бойына сіңіре алмаған адам бостекі бос елес, солбырайған сұлба! Тіпті, өткеніңді тани алмасаң, ертеңіңді таба да алмайсың. Бірінсіз бірі жоқ. Қасымхан осы бір аксиоманы бар болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне біліпті. Адам жанының рухтануы, қайта-қайта айтып отырғанымыздай, елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан өткен әруақтарға шын ниет, шын пейілмен құлай жығылып мінәжат етуден басталады. Өткенімізді танып-білмей жатып «ертең! ертең!» деген сөзді өңешің жыртылып, өндіршегің үзіліп кеткенше қанша айқайлап қайталап айтсаң да рухтана алмайсың. Өйткені «ертең» тұлғасы тұлдыр абстракция! Бос қиял! Оның келбетін тек қана өткеніңді танып, өткеніңмен табысып қана көз алдыңа нақты елестетуің мүмкін! Басқаша болуы мүмкін емес!

О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер,
Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел.
Сағым басқан қырда жатқан елеусіз
Мені мұңға батырады қабірлер.

Қабірлерім, өткен ғасыр, өткен күн,
Тарихы ол кеше өмірден өткеннің,
Мен қайғысын болмысыммен сезінем,
Иесінің сандықтағы шекпеннің.

Бәйіт арна, құрбандық шал, дұға қыл,
Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір.
Қабірлерге қамқор ана секілді,
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.

Осы жолдардан-ақ сен қыр үстінде жатқан қабірлер арқылы ақын бойына тылсым бір қайратты күш пен айбатты сестің сіңіп кеткенін бірден сезіп, бірден аңғарасың. Өйткені ол күш пен сес сенің де бойыңдағы қалғып бара жатқан қайрат пен жігерді дүр сілкіндіріп, қаның мен жаныңды дүбір мен дүрбелеңге толтырып бара жатады. Ойыңда от тұтанып, санаңда шақпақ шағылып жатқандай хал кешесің! Рух сабақтастығы, рух табиғаты деген осы! Өйткені рух жанды құбылыс. Рух, әдеттегі жай күндері ұлт бойында жайбарақат дамылдап жататын, көзге көрінбейтін тылсым сілкініс, найзағай, көк сүңгі. Егер біз еліміздің әйтеуір бір түкпірінде бір қазақ әлдебіреулерден жапа шегіпті, әлдекімдерден жәбір көріпті деген сөзді есітсек-ақ, әлгі біздің бойымызда дамылдап, жайбарақат жатқан сілкініс қопарыла жарылып, найзағай біткен қып-қызыл боп шатырлап, көк сүңгілеріміздің алмас ұшы көкке шаншылып шыға келері сөзсіз. Сондықтан қай ұлтты да рухтай ешнәрсе біріктіре алмайды. Рухынан айырылған ел, ырқынан да, тұғыр-тұрқынан да айырылады. Біздің барлық жерде де «рух, рух» деп жағымыз талғанша қақсап, деміміз өшкенше өзеурейтініміз содан ғой. Бірақ, амал не, ол сөзімізді құлағының дәл түбіне зеңбірек қойып атсаң да селт етіп естімейтін тас керең заманға тап болып отырмыз. Содан да рухымыз жасып, жігеріміз құм болып қала ма деп қорқасың. Өйткені рухы жасып қалған елдің құты қашып, жігері құм болған елдің тілегі түтілген жүн болады. Ондай елдің еңсесі ешуақытта көтерілмек емес. Сондықтан да Қасымхан ақын жүрген жолдары мен барған тұстарының бәрінен, алдымен, рухты тұлғалар мен рухты нышандар іздейді. Іздейді де табады. Табады да көкірегі қарс айырылып аһ ұрады, өңешін өрт жалап өкінеді, кеудесі көріктей керіліп күрсінеді. Оның «Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбір шақтарда, Хан Кенені ойлап көзіме ыстық жас келді» дейтіні сондықтан. Содан да ол «Ағыл да тегіл жастығым су боп ояндым, Жаныңа сенің Наурызбай болып жеткім кеп» деп күйзеледі. Содан да ол «Айналып көкті жүргендей кекті жебе бір» деп кесекті ойға батады. Содан да ол

Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым,
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды саңлағым.

Семей де болып сенделдім,
Ертіс те болып емделдім.
Қасіретіңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдім.

Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын,

-деп бірде шамырқанып шарт сынып, бірде далада қалғандай сандалып сансырап, бірде қабырғалары күтір-күтір етіп біртіндеп сөгіліп, енді бірде борандай бұрқырап түтеп, әйтеуір сан-сапалақ халге түсіп, сан-сапат күй кешеді. Өткенмен сырласу кім-кімге де оңай болмаса керек. Өйткені өткеннің өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысы аса ауыр. Қасымхан ақын өткеннің сол өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысын тұла бойынан өткізе біліпті. Менің бір жіті байқағаным, Қасымхан Бегманов көбіне-көп өткенмен өмір сүреді екен. Бейне бір оның бүкіл тіршілік мазмұны мен мәні өткенде қалғандай. Өйткені ол қайғысын да, уайымын да, тіпті қуанышын да өткеннен іздейді. Бұл сөздерді мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Ол бұл мінезін елі мен жерінің тағдырлы тарихын тану тұстарда ғана емес, аласұрған жастық шақтағы махаббатын жырлағанда да анық танытады. Жастық шағын есіне алса-ақ болды, оның жыр-шанағынан әбден сартап болған сағыныштың сары уайымы сарнап, перне-пернелерінің астынан емешегі езіле үздіккен саздар мен әуендер безілдеп, қыл ішегінен шері тарқатылмай ішқұса болған әуендер мен сарындар уілдеп қоя береді.

Жиырма жыл көрмегенмін, көрмегенмін,
Қалайша тірі қалғам, өлмегенмін.
Көзіңе ерініңе, әуезіңе,
Өлердей болып жаным, шөлдегенмін,

Алдыңда тұрмын міне, өлмегенмін,

–деп сол бір қызсыз осыншалықты өмір сүргеніне, өзге емес, өзіне өзі таңқалып қараған ақын, «Сені жырлап өту үшін жалғаннан, аяулым-ау, мұңын алғам Мағжанның...» деп өзінің мұңының да ет пен терінің арасындағы қызба жел емес, оның тамыры әріде, әруақты текте жатқанынан хабар береді. Махаббат мұңы Мағжан мұңымен мұңдас ақынның көкірегі қарс айырылып сөйлемеске әдді жоқ. Ондай ақын, ең алдымен, махаббатқа адал. Ондай ақын ғана «Махаббат жоқ» - деген сөзді естісем, көз алдыма сен келесің, аяулым» дей алады. «Сенсіз өткен жиырма жылым өтірік, сенсіз менің өткен емес бір күнім» деген сөздер де сондай ақынның ғана аузынан шыға алса керек. Сондай ақын ғана «Ең соңғы сөз айта алатын хал болса, жаным, Сенің есіміңді атармын» деп өліп-өшеді.

Сонау көктем, аңсатты ғой, аңсатты,
Жүректен жыр, көңілден күй қанша ақты.
Сенсіз өткен жылдар мені мұңайтып,
Сенсіз өткен айлар мені шаршатты.

Тұнжырайды аспан жалын жыймаған,
Жүрек бердің махаббатын қимаған.
Елеусіздеу осы ауылдың қызы ғой
Маған мәңгі жалғыздықты сыйлаған.

Мәңгі-бақи жалғыздықты сыйлаған махаббатқа да соншалықты еміреніп, соншалықты тебіреніп сөйлеуге де болады екен-ау! Есі кеткен, ынтығы құрыған неткен көзсіз махаббат бұл?! Олай демей, енді бұған не дерсің?!.. «Жалғыздықты сыйлаған» қатал махаббаттан да ләззат тауып тұрса! Қасымхан өзінің соңғы кітабының атын «Ол көктем оралмайды» деп атағанда да, сол қайтып оралмайтын, мәңгілік жалғыздыққа тастап кеткен өктем махаббатты тұспалдап, ишаралап қойса керек. Оның бұрқылдап қайнап, тасып-төгіліп жататын асау сезімдерге толы ғашықтық жырлары тұнып тұрған драма. Үзіліп кетердей боп үздігіп сөйлеп тұрған ол, кенет көп ұзамай амалы жоқ шарасыздыққа ұрынып күйзеле күдер үзеді. Бірақ ол күдер үзгенде ат құйрығын кесісіп, мойнын бұрмастай сырт айналмайды, енді жан арпалысына түседі. Өзімен өзі күреседі. Өз отына өзі өртенеді. Бірақ жанып кетпейді. Бір махаббат драмасынан құтылар құтылмастан тағы бір махаббат драмасының ішіне кіреді. Яғни, тағы да ғашық болады. Құдай-ау, бірде бір беті қайтпайтын, бұл неткен өжет, бұл неткен қажымас- қайратты махаббат! Басына қаншама соққы тиіп, қаншама таяқ жесе де қайтпайды-ау, қайтпайды!

Күйеуден бозым үстем ет
Жігітке сын ба, қалған сын,
Ерніңнен үнсіз тістелеп
Үстіңнен төніп сүйгенде

Жағымнан тартып қалғансың.
Ал сонда кімді қаусаттың,
Қаусырды қазір жыр мені.
Жағыма тиген саусақтың

Жүзіме емес, жаным-ау,
Жүректе қалды іздері.

Бірақ ақын шапалақ жесе де, не қызды, не өзін айыптап, кінәлап жатпайды. Өйткені «Жыласа былай шыға өзі жылар, Ақындар сүйген қызын жылатпайды». Бұл оның өмірлік кредосы. Сондықтан болса керек оның махаббаты қаншама сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра сүртілген шыныдай тап-таза, таңғы шықтай мөп-мөлдір. Жастық шағында өткен, тіпті олар сәтсіздіктер мен өкініштерге толы бола тұра, тамсанған сайын тамсандыра беретін, жан ләззаты мен жүрек құштарлығына шүпілдеп тұрған махаббат пен ғашықтық сәттерді еміне, егіле, кейде сөгіле жырлаған Қасымхан Бегманов заман мен уақыт алдындағы міндеті мен борышын, парызы мен қарызын бір сәт те есінен шығарған емес.

Тура жолда сүріндім де,
құладым,
Көкке қарап, бойға қуат сұрадым.
Көңілімнің ағыта алмай бұлағын,

Ақ қағазда...
өксіп-өксіп жыладым.
Кеше ғана атушы едік сақаны,
Қайда дейтін...

Қырығың да тақады.
Ақ кемпірдің жүзіндегі әжім мен
Ақсақалдың ойландырды сақалы.

Ақын толысты. Ақын кемеліне келді. Уақыттың қабағына, заманның ажарына зер салды. Алыс-жұлысы да, тартыс-таласы да көп мына өмірдің алағай да бұлағай кезендерін де, ыстық-суығын да, ащысы мен тұщысын да көрді. Өрге ұмтылсаң етегіңнен тартып, еніске түссең одан сайын еңсеңді езіп жіберуге даяр не деген қатыгез қатал заман бұл?! Адам біткен бір-бірінің абыройын айрандай төккеніне, бір-бірін жерден ап, жерге сап аяусыз жәбірлеп жатқанына мәз. Бір-бірін қабірге тықпай, бір-бірінің қадіріне жетер емес.

Таң атады,
күн батады,
Қара жерде айналар.
Қатал тағдыр тіл қатады,

Көкіректі қайғы алар.
Бақыт сенің қолдарыңда,
Күндер келер арайлы.
Жүріп өткен жолдарыңда,

Өсек қардай борайды.
Қанаттылар барады ұшып,
Уақыт шіркін зырлайды.
Қара түнде қара мысық,

Көкіректі тырнайды.
Іштен тынды-ау талай дана,
Қос ішектей септесер.
Жер басарсың қалай ғана,

Қадіріңе жетпесе ел.

Бұл өлеңнен бұрынырақ жазылған басқа бір өлеңінде айтқандай «алты қапты жарып шығар кездікпін» десе де, өмірдің өсегі мен жаласына, әділетсіздігі мен аярлығына адам жаны шыдас берер ме?! Ең сұмдығы, ақ тер көк тер боп адал еңбек етіп, оған барыңды да, базарыңды да қиып бергенде, артыңнан айтақтап ит қосып, алдыңнан қақпан құрып, үстіңнен қиқулатып құс ұшырып жататыны қалай?! Мұндайға жан да, тән де төзер ме?! Олай болса, ақын байғұс жоғарыдағыдай қамыға, жабыға өлең жазбай қайтеді?! Бүкіл ғұмыры алыс пен жұлыстан, тартыс пен таластан, шаппа-шұп айқастан тұратын бұл пенде ғұмыры тек қана пәнилік өмірден бақилыққа кеткенде ғана байыз табатын болса керек. Өз өмірінде көп нәрсені көріп, көргенін көкейіне әбден түйіп алған Қасымхан да мұны бір кісідей біледі. Біледі де, туған жердің төсінде төмпешік-төмпешік боп баракат тауып жатқан әруақтардан ғана рухани демеу тапқандай болады. Өйткені мақаламыздың басында қайта-қайта тәптіштеп айтқанымыздай, өткенсіз бүгін де, ертең де жоқ. Болмақ та емес. Олай болса, біз де мақаламызды Қасымханның бәйіттей естілетін бейіттер туралы өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік.

Бейіттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешіктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрі кеше өмірден өткендер,

Айналайын кептерлер.
Мәңгілікке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрінді,

Алуан адам талай келіп кеткен жер.
Бейіттерді аяқ асты етпеңдер,
Моншақ көзді үрікпейді кептерлер,
Дәм-тұз бітсе бізде барар орын ғой,

Бал өмірді қимай-қимай өткендер.
Сан айналар шыр көбелек көк пен жер,
Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер.
Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар,

Қоштасайық, қош болыңдар, кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас парлап,
Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ.
Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым

Бірте-бірте бара жатты аспандап.

Бұл жолдардағы кептерлер пәни мен бақилықты жалғастырып жүрген рухтар ғой. Рух өлмесін!

“КӨҢІЛІМДЕ МЫҢ ӘБІГЕР, МЫҢ СҰРАҚ”

Қазір не көп? Баспа көп. Қазір не көп? Сол баспалардан шығып жатқан кітап көп. Қазір не көп? Өлең көп... Бүгінде олардың бәрін қадағалап, бәріне баға беру мүмкін емес... Сонымен бірге ол кітаптарды, мемлекеттік тапсырыстан тыс, өз ақшаларымен шығарып жатқандары қаншама?! Олардың көптігіне қуана отырып... кейде қатты торығып, күйінесің. Сол топан кітаптарды қарасаң , әдебиетке деген талаптың төмен түсіп кеткенін, талғам - таразының бүлінгенін көре тұрып қалай күйінбессің. Өлең деген қасиетті ұғым еріккендердің ермегіне айналып бара жатқандай. Ғұмыры өлең жазып көрмеген, оның табиғатынан мүлде мақұрым адамдар, зейнеткерлікке шығып алып, балалары, немесе жақын- жуықтарының демеуімен, том- том өлең кітаптарын шығаратын болып алды. Содан бүгінде қасиетті өлең қадірі де , ақын қадірі де қашып барады. Тағы бір өкініштісі, сондай талаптың кеміп, талғамның бүлінуінің кесірінен, өлеңді өмірім деп білетін ақындар да рухани қатты зардап шегуде. Айтылмайды. Аталмайды. Көңілден де, көзден де таса қала береді... Сондай ақындардың бірі, өлеңге де , өмірге де шын пейіл адал қызмет етіп келе жатқан Болат Шарахымбай. Бір байқағаным оның көзі көреген. Құлағы сақ. Жаны сергек.

Сон- о- у аспан астында...
Қазығұрттай тектілімнің күрсінгенін естідім,
Кеудесінің түбінде дүрсілдерін естідім,
Бозатаны боз жусан боздағанын естідім,

Жүрегінің түкпірін қозғағанын естідім,
Қарғыбаусыз қара бұлт ашынғанын естідім,
Найзағайы нарттай боп шошынғанын естідім,
Безіп жүрген... дауасыз безгелдегін естідім,

Бос шелектей дүниенің безбендерін естідім.

Кәрі Қазығұрттың күрсінгені мен оның кеудесіндегі дүрсілдерді, найзағайлардың шошынғаны мен дүние безбендерінің бос шелектей даңғырап кеткендерін ести алатын ақынды қалай сен сергек дей алмайсың?! Заман лебін, уақыт демін тылсым түсініктер арқылы сезіне білу, сол арқылы сенің жаныңда да құпия бір құбылыстардың шоғын үрлеп, отын тұтатып жіберу ақынның ақынының ғана қолынан келсе керек. Шын өлең– қашанда құпия. Онда тіпті арбап алатын сиқырлық, бір сәтке болсын есіңді алып дуалап тастайтындай магиялық қуат болуы әбден мүмкін. Өйткені ол жансызға жан, тілсізге тіл бітіре алады. Шырпысыз от жағып, қашаусыз тас жара алады. Ең бастысы, ақын соған сендіре білуі керек. Мәселен, Cіз ақынның “Қазығұрттың күрсінгенін естідім” деген сөзіне , сөз жоқ бірден сенесіз. Ешқандай күдік, кұмәнсіз бірден қабылдайсыз. Оны cезгенде де, санаңыздың арғы түкпірінде жасырын жатқан түйсік арқылы сезесіз. Өйткені Қазығұрт азап пен мехнаттан тұратын ғасырлар куәсі. Оған уақыт пен заманның қайғысы мен қасіретінің табы сіңген. Олай болса, Қазығұрт қалай күрсінбесін. Ол күрсіністі Болат Шарахымбай қалай естімесін?! Ақын айнала тіршіліктің тұла бойында болып жатқан сан қилы құбылыстарға үңілу үшін, ең алдымен, өзіне үңіле білу керек. Өйткені өзіңді танымай, өзгені тану қиын. Солай бола тұра, өзіңді тану оңай шаруа емес. Өйткені өзіңді тану үшін, өзіңді отқа да, суға да салуға тура келеді. Қолыңнан ол келе ме?! Әй, қайдам... Бұл көп ақынның қолынан келе бермейді. Өйткені олардың көбі күпсіп, күмпілдеп сөйлеуге құмар. Дағарасын қағып, даңғазаланып кетеді. Мен ондаймын, мен мұндаймын дегенде Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жібереді. Орнымен болса екен- ау. Орынсыз. Ал Болат Шарахымбай өз өкініштерін ешқандай бүгіп- жасырмастан жұрт алдында ақтарып жайып салады.

Сезімім бар еді
Буынсыз тілге былғатып алдым.
Төзімім бар еді,
Қай жерде, білмеймін, ұрлатып алдым.

Шүкірім бар еді
Тіршілік итке талатып алдым.
Үкімім бар еді,
Үзіліп- талып құрғатып алдым.

Тәңірім бар еді,
Табансыз тұста тонатып алдым,
Жарығым бар еді,
Жол айрықтарда жоғалтып алдым,

Сабырым бар еді,
Сайқал тағдырға сабатып алдым,
Анығым бар еді,
Оны да, құрғыр, сорлатып алдым.

Бұл өлең – өзіңе үңілдіретін өлең. Ойландыратын, толғандыратын өлең. Құрықсыз, жүген-ауыздықсыз кеткен қым- қуыт мына заман, ең алдымен адамды аямайды. Жаныштап езіп жібереді. Табанға салып таптайды. Таптап- таптап бар асыл қасиеттеріңді тонап алады. Сенбесеңіз, айнала қараңызшы. Сезімі былғанбаған, төзімі ұрланбаған адам бар ма? Шүкірінен, үкімінен айырылып қалғандар қаншама. Тәңірі мен жарығын жоғалтып алғандарда есеп жоқ. Сабырын сабатып, анығын сорлатып алғандар ше? Мұның бәрін күнделікті көріп, біліп отырмыз. Ақын өз бойындағы өкініштерді жалпы адам, қоғам бойындағы өкініштермен жалғастырып, салаластырып, сабақтастырып жіберген. Мұндай кезде дәрменсіз күйге түскен ақын байғұс не істеу керек? Дәтке қуат таба алмаған ол, сөз жоқ, күйінеді. Күйініп қана қоймай, безінеді. Сондықтан да ол:

Заманауи запыран
Сенен қашып барамын.
Тасұр- тұсыр тапыраң
Сенен қашып барамын.

Өгейленген өлеңім
Сенен қашып барамын.
Керегі жоқ керегім
Сенен қашып барамын,–

деп бәрінен сырт беріп, бәрін де көрместей боп беті ауған жаққа лағып кеткендей болады да:

Қайда барам қашқанда?!– деп амалсыз күй кешіп, тұйыққа тірелгендей хал кешеді. Бірақ ақынның не болғанда да, салы суға кетіп, үміті мүлде үзіліп қалмайды.Рухани таяныш, рухани ұстын іздейді. Олай етпесе, ақын ақын болар ма? Енді ол өзегін өртеген өкініштерін ысырып тастап, тіреліп қалған тұйықтан шығып дүр сілкінеді.

Кер маралдай келісті
Еңселігі еңісті,
Сүйегі асыл сүлей- дүр,
Дүрегейдей дүлей- дүр,

Қандай еді тұрысы
Айбаты жауын жасытқан,
Айбыны қанды тасытқан,
Қайқайып тұрған қылыш- ты.

Алшайып жүрген ырыс- ты.
Тұлғасына тамсанып,
Елесіне арбалып,
Келбетіне қарасаң,

Шімірікпес шегір көз
Өңменіңнен өтердей
Көкжал жұмыр қылыш- ты.
Уа, Махамбет!

Сол- сол екен оның әп- сәтте тұла бойын керемет бір күш- қуат кернеп бара жатты. “Айбаты жауын жасытқан, Айбыны қанды тасытқан” баба Махамбет осындай болғанда, мен кім болмақпын? Махамбеттей ұлы рух бар кезде, мойныма су кетіп, бозымбай, болбыр тіршілік кешуім қалай? Ақын енді лап етіп жанып, жарқ етіп, жалт ойнатып шыға келеді. Енді оның екпіні селдей дүлей, жөңкілісі сеңдей қуатты.

Сен– тасқайрақ, мен– кекпін,
Сен– адырна, мен– оқпын,
Сен– шақпақ та, мен– отпын,
Сен– бозқоза, мен– шоқпын,

Сен–,
Салпыншақ
Мен– дойырмын алтын сап.
Сен– көк сүңгі бойлаттың,

Мен– көк байрақ байлаттым.
Байлатқанның белгісі:
Махамбет атты батырдың,
Махамбет атты ақынның

Сарқытын ішкен
Тфә! Тфә!
Қайраулы
Қазығұрттығы қайрақпын!

Өткен заманның өлмес рухын бойына құйып алған ақынның көзі енді бұрынғыдан да жіті, бұрынғыдан да өткір. Енді ол мына заманның жерінің шетінде, желінің өтінде. Оның көзінен ештеңе де қалыс қалмақ емес. Енді ол бәрін- бәрін де жаны мен жүрегінен бұрынғыдан да гөрі молынан өткізіп, молынан қорытуы керек. Мұндайда туған жердің әрбір ағашынан да құтырып тұрған уақыттың мінезін тани алатын қасиетке ие бола білген жөн.

Қайраты қайтқан , қажыған
Жел тұрды.
Ауыл. Кешқұрым.
Қамыстың шерлі даусынан

Сыбызғы үнін естідім.
Диірмен– жел жетті еңкілдеп,
Ауызды салды алқымдап.
Қара тал тұрды селкілдеп,

Кәрі емен кетті қалшылдап.

Бәрін асап, бәрін ұн қылып тартып жатқан уақыттың диірмен– желінің екпінінен сен де селкілдеп, сен де қалшылдап бара жатасың. Болат Шарахымбай, негізінен, өзі көрген құбылыстар мен әрекеттерін дәл осылай бейнелеп бергенді қалайды. Тағы да ол бейне суреттері жасандылықтан ада, соншалықты жанға жақын, соншалықты табиғи. Мұны айыру үшін мынандай мысал келтіре кетейін. Мәселен, үйіңдегі темір шүмектен тырс- тырс етіп тамшы тамып тұрғанын тыңдап көріңізші. Сәлден кейін- ақ ол сіздің миыңызды шағып, жүйкеңізге тие бастайды. Әріберіден кейін қажытып , шаршатады. Енді жаңбырлы күнгі терезеңізді тырс- тырс етіп қағып тұрған тамшының үніне құлақ түріңіз. Әсер мүлде басқа. Жаныңыз да, жүйкеңіз де демалады. Айырмасы жер мен көктей. Сондықтан да мен аузын ашса көмейі көрінетін Болаттың табиғи болмыс-бітіміне де, сол болмыс- бітімнен туған өлең- жырларға да қызығып қараймын. Шын ақын– өзі өмір сүріп жүрген қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тіпті онымен біте қайнасып біртұтас болып кетеді. Яғни қоғам дерті– оның өз дерті. Мұндайда ол дүниені қараң қалдырып, мүлде түңіліп сөйлеуге хақылы. Осы шақпен сөйленетін ол өлеңдерден Сіз өткен шақтың тағдыр- талайын да көре аласыз. Яғни осы шақ пен өткен шақ бірге құйылған. Ажыратып, айыра алмайсыз. Өткеннен осы күнді, осы күннен өткенді танып-білесіз. Оқиық.

Уытым у болды.
Рухым күл болды.
Кең дүнием тар болды.
Көрген күнім қор болды.

Миымды су алды.
Жүрегім тоналды.
Екі көз төрт болды.
Өзегім өрт болды.

Аспан да адасты.
Жұлдызым жоғалды.
Намысым нас болды.
Бүйрегім тас болды.

Шындығым шейіт болды.
Елдігім ғайып болды.
Ырысым кетті.
Өрісім өтті.

Талқаным шықты.
Бітерім бітті...

Бұл– ескерту- өлең. Өйткені, не болғанда да, бүгінгі күніміз, дәл осындай күйреп, құрдымға кеткен жоқ қой. Дегенмен, ақын деген кейде жұртты осылай шошытып та сөйлеу керек. Шошытып, үркіте сөйлеудің ықпалы кей- кей кезде қайрат беретін сөздерден де зор болады. Далақтап кеткен етек- жеңіңді тез жиып, құз басындағы қырандай тас- түйін боп отыру үшін керек. Бұл өлеңді ескерту- өлең дейтініміз содан. Қарап отырсақ, Болат Шарахымбай махаббат тақырыбына да аз өлең жазбапты. Ол өлеңдерді оқып отырсақ, махаббатының ерен қуатқа, тасқынды екпінге ие екендігіне куә боласыз. Өн бойынан үлкен сілкініс, ірі бұлқыныс лақ етіп ақтарылып төгіледі. Алағай да бұлағай аласапыран күй кешеді.

Өзіме өзім жасай алмай айла түк,
Жарықтарды жарып келем жайратып.
Бір құдірет жүрегімде жатқандай
Асыр- тасыр қара қазан қайнатып.

Бітті бәрі,
Отқа түспей, өртенбей!
Бұл дүниенің рахаты бекердей.
Мың ышқынып, орыныма мың қонам,

Өз денемнен өзім шығып кетердей.

Осындай үдірісті, осындай атқақтаған сезім сілкінісінен кейін, ғашығымен кездескен ақынның көңіл- күйі қалай болды дейсіз ғой.

Кеудең келіп кеудеме тұншыға ма- ай,
Одан әлсіз...
Әдемі үн шығама- ай:
Көлге тамған тамшының шолпылы сияқты;

Менің сорлы сезімтал солқылым сияқты.
Аққудың сұңқылдағаны сияқты,
Бұлақтың сылқылдағаны сияқты.

Үн мен ымның сезімтал пернелері бірінен соң бірі жымдаса өріліп, бірінен соң бірі жамырап төгіліп жатқандай неткен жарасымды әуен мен әуездер! Қылымсыған қылықты ноталардың қыл ішектегі нәп- нәзік, жіп- жіңішке дыбыстарындай. Осы бір шүпілдеген мөп- мөлдір сезім тұнығынан мейірі қанғанша сіміріп алған ол Хантәңірі тауына көз салып басқаша толқыныс пен тебіреніске түседі.

Беу, тарпаң мінез тарлан тау,
Маңғаз- маңғаз нар шөккен.
Бізден де ол бір қалған тау,
Өткен күндей жалт еткен.

Өмір, бақсам жол екен
Жалғыз аяқ, жол соқпақ.
Шындық деген сол екен:
Айырық жолдың бойында,

Көне шаһар Алмалықтың ойында
Бар мен жоқты баяғы
Жүретұғын салмақтап.
Кеңсай жаққа қарасам,

Тізбек- тізбек шұбатылған қалың ел
Бір жүреді, бір тоқтап.
Аспан жаққа қарасам,
Құс ұшады бұлғақтап.

Заман, сені қайтейін?!
Қырық бұрау қобызымның зарынан
Қырық жамау жасқа толды етегім.
Тауға дауыс шығарсам,

Өз дауысым Өзімді
Қайталайды.
... Не етемін?!
Ау–у–у, Хантәңірі– і–і...

Ақын жанын жарып шыққан заман мен уақыттың бүгінгі монологы ғой бұл. Бәріміз құлақ түріп тыңдап тұрмыз...

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

Алтынкөпірліктер
(Қазіргі жастар поэзиясы хақында)

БАСТАУ СӨЗ

Еліміз тәуелсіздік алар тұста да, алғаннан кейін де біраз уақытқа дейін мына заман аласапыран күйге түсіп, түрлі саяси, әлеуметтік сапырылыстарды басынан өткерді. Талай-талай күрмеуі тас түйін дағдарыстар мен ауыр да азапты күйзелістерді көріп үлгердік. Міне, сол кезеңдерде көбіміз, соның ішінде, өзіміз де бармыз, әдебиетіміз тоқырауға ұшырап тұр деп алқынып айтып та жаттық, жарыса жазып та жаттық. Бұл сөздің шындығы да бар еді. Әдебиеттің ауыр артиллериясы болып саналатын проза жанры, әсіресе, жаңа заманды бейнелейтін роман, хикаяттар дүниеге келе қоймады. Аспан жерге түсіп, жер аспанға шығып кеткендей аласапыран заманның түр-түсін, мінез-құлқын танып-білу, оны көркем қорытудан өткізіп, сомдап, мүсіндеу үшін ол кезеңдерден берірек алып кететін уақыт алшақтығы қажет болатын. Солай болып шықты да. Қазір ел үшін талмауыр тұс болған сол бір қиын кезеңдерді сипаттап, суреттей алатын роман, хикаяттар жазылып, жариялана да бастады. Мен өзім өлең жазатын адам болғандықтан, әрине, алдымен бақылайтыным да, бірден көз салатыным да поэзия жанры ғой. Мен, сөз жоқ, күнделікті баспасөз арқылы поэзияның сол жылдары да, онан кейін де бірде-бір үзіліп қалмай үздіксіз жұмыс істеп жатқанын көріп те, біліп те отырдым. Бірақ несін жасырып, жаба тоқимын, әдебиетке тоқырау келді деп толассыз айтылып жатқан көпшілік хорға қосылып кеткен өзім де біраз уақыт сол ойдың шырмауында қалған болатынмын. Поэзия тінінің үзілмегенін біле тұра дүдәмал күй кешкенімді бүгін енді жасыра алмаймын. Дүдәмалдың аты – дүдәмал. Онда күдік те, үміт те болады. Әрі тарт та бері тарт сол бір күйде біршама уақыт жүрдім де, ақыры не күдігімді, не үмітімді бекітейін деген ниетпен, алдымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, сонан кейін жаңа ғасырдың о жақ, бұ жағында әдебиетке келген жастардың шығармаларын мұқият оқып-білуге кірістім. Сөйтсем, бірден айтайын, поэзияда түк те тоқырау болмаған екен. Өскен, өркенін жайған. Жаңа өріске шыққан. Яғни, басты айып өзімізде жатқан болып шықты. Жастар поэзиясын өз кезеңінде оқып жарытпағанбыз, дер кезінде бағасын бермегенбіз. Менің бұл көлемді мақалам «Алтынкөпірліктер» деп аталады. Неге «Алтынкөпірліктер?» Енді соған келейік. Бірден айтайын, «Алтынкөпірліктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз – Маралтайдың сөзі. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңін осылай атаған. Яғни, ол толқын сол бір сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкіл ел тауқыметті, таршылық заманды басынан өткеріп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не істерін білмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы Мәртебелі поэзияның кешегі жағалауын ертеңге, яғни бүгінгі жағалауға қосқан көпір міндетін атқарды. Шын мәнінде алтын көпір бола білді. Мен алтынкөпірліктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айболатұлы, Әлібек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берікқожаұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темірбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдірасылқызы және сырттан өз еліне енді оралып жатқан Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлі Таңжарық, Нұрбәтима Байтұрсын, Отар Шауқан шығармалары арқылы танып-білгім келді. Әрине, жастар поэзиясы осы аты аталған жастармен ғана шектеліп қалмайтынын, Құдайға шүкір, мен жақсы білем. Олар әлдеқайда көп. Тағы да олардың ішінде мен әңгіме еткелі отырған жастардан қарым-қуаты да, талант-дарыны да бір де кем соқпайтын ақындардың бар екеніне, тіпті де, шүбә келтірмеймін. Бірақ бәрін қамтуға бір адамның мүмкіндігі жетпейді ғой. Оның үстіне, өзім сырттай қадірлейтін кейбір жастардың жыр жинақтары қолыма түсе қоймады. Сондықтан мен ағамыздың қаламына біз неге ілікпедік деп өкпе-наз айтатын іні, қарындастарым табылып жатса, олардан алдын-ала ғафу өтінем. Бұл жерде оқырман қауымның есіне сала кетер бір нәрсе, алтынкөпірліктер өздерін жастармыз деп санамайды. Олардың олай деуі дұрыс та. Өйткені олардың алды бүгін-ертең қырық жасқа кіргелі отыр. Бірақ мен үшін олар – жастар. Ол үшін менің қадірлі інілерім мен қарындастарым сөге қоймас.

Сонымен..

«РУХЫМДЫ ҚАН МЕН СҮТКЕ ИЛЕП ЕМ»

«Бастау сөзімізде» айтқанымыздай «Алтынкөпірліктер» атауының авторы – Маралтай Райымбекұлы. Сөз жоқ, осы алтынкөпірліктер ішінде жұрттың көзіне жай оғындай жарқ етіп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерімен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезімде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерінен-ақ мен ә дегенге мә дегелі тұрған шәлкес шамшылдық, иіліп-бүгілуді білмейтін, нені ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүріппесі қайырулы тұрған мылтықтай кім-кімді де сескентіп тастайтын сес байқағандай едім. Сөзіне тәнті боп жүрген Маралтайдың өзін 1996 жылы Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметіне келген кезімде бір-ақ көрдім. Ол кез – «Абайдан Маралтайға дейін» деген тіркестің де шыға бастаған кезі. Айналайын Маралтайдың да аспан асты жер үстіне сыймай дүрілдеп-ақ тұрған шағы екен. Артындағысын бір теуіп сеспей қатырып, алдындағысын бір қағып жапырып жіберетіндей тарпаң. Яғни, бір өлеңінде өзі айтқандай ол кез – Маралтайдың «бөтелкенің қасында» жүрген кезі екен. Ал «бөтелкенің қасында» жүрген адам ағаны неғылсын, жағаны неғылсын, қызметіңді неғылсын, құзыретіңді неғылсын. Ондай адамға аттың үсті түгілі танктің үстінде отырған кісің де, пішту. Шынын айту керек, сол бір тұста, жастардың ішінде менің әбден «нер-віме» тиіп, жүйкемді тоздырған да осы Маралтай болды. Мен де қай бір жібектей есіліп, түбіттей түтіліп, бір лып етіп, бір жылп етіп тұрған жұмсақ адаммын, Маралтайдың «қой» деген сөзге тоқтамай, «мен қой емеспін, мен арыстанмын» деп шатынаған кезінде, менің де қай-қайдағы жыным қозып, тұла бойымнан тікірейген тікендер мен сойдиған шөңгелер өсіп шыға келеді. Бірақ, құдай қалап, нешеме рет шекіссек те кетіскен тұсымыз болмапты. Маралтай ертеңіне-ақ тап бір нағашысының үйіне келгендей кабинеттің есігін шалқасынан ашып жайраңдап жетіп келеді. Мен де жайылып сала берем. Артынша-ақ әлгі шәлкестігі қайтадан басталады... Әйтеуір, абырой болғанда, күндердің-күнінде Маралтай да «бөтелкенің қасынан» босанып шықты-ау. Оның «бөтелкенің қасынан» босанып шығуы да бір хикая. Ол бір күні, шақырмаса да, бүкіл республика жұртшылығына белгілі, қадірлі ағайының тойына барған ғой. Цистерна болмаса да, бөшке-бөшке сыра, өзен боп ағып жатпаса да қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарап. Маралтайжан сол бөшке-бөшке сыраға қайта-қайта сүңгіп, қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарапқа қайта-қайта аунап-қунап құмардан бір шығып, ақырында құлап тынбай ма?! Ертеңіне көзін ашса – айдала... Кешегі бөшке-бөшке сырасын да, десте-десте арақ-шарабын да, солармен бірге жүретін қызық-шыжығын да ілестіріп, киіз үй біткеннің бәрі көтеріліп көшіп кетіпті. Бір сөзбен айтқанда, Маралтай жұртта қалған. Содан шекесі балғамен соғып жатқандай солқылдап, тілі аузына сыймай салақтап, ілбіп отырып бір қараға ілігеді де әупіріммен аман қалады. Сонда ғана Маралтай мына бөтелке деген «доспен» дәл қазірден бастап ат құйрығын кесіспесе, күні ертең керексіз жыртық шүберектей немесе түбі түскен шелектей біржола жұртта қалатынын сезеді. Сезеді де «ақаңмен» ант беріп қоштасады. Содан бері Маралтай арақты аузына алған емес. Бұл енді туа бітті тұла бойына біткен мінез беріктігі. Мінез дегеннен шығады, бір адамдар болады, ішкен кезінде дүниені түтіп жіберетіндей бетпақ болады да, ал ертеңіне жынынан айрылған бақсыдай жуас, бетіңе қарап сөйлей алмайтындай монтаны кейіпке түседі. Ал Маралтай олай емес. Ол қашан көрсең де тарпаң, қашан көрсең де дарқан. Әрине, қазір оның бойында жынды су ұрттап алған кездегідей есірік мінездің жұқанасы да жоқ. Ол есті ерке, бұла мінездің ақыны. Яғни, ол туралы Мейірхан Ақдәулет айтқандай: «Бұл – әбден қанау мен қақпай көріп, қамытқа жегіліңкіреп келген қазақы өлеңнің еркіндікке шыққан кезіндегі «тентек баласы». Бүкіл әлемнің шәуім басты ғұламаларынан бастап біздің Аманхан Әлімұлына дейінгілердің бәрі айтып келе жатқандай ақынды ақын ететін мінез, табиғи талант мінезі. Қай талант та өз мінезімен туады.

Менің жаным аппақ емес, қап-қара.
Қапияда от тигендей мақтаға.
Қарап қоям айнасынан уақыттың,
Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға.

Тәніне орап тәлімінің кебінін,
Жалпылдайды көптің жықпай көңілін.
Жатырында қулық пенен сұмдықтың
Ессіз өскен бала-сынды өмірім.

Жүрек содан жетім жандай ашынар,
Ашынар да шаншып, қайта басылар.
Жалғыз Жерде жалғыз ғұмыр кештім мен,
Көзім, сірә, көрге кіріп ашылар.

Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе?!
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді
Көкке кетем көресімді көрем де!

Міне, мінезді өлең! Әйтпесе, «менің жаным аппақ емес, қап-қара» деп қайсымыз айтыппыз. Айтсақ, бәріміз де мақтадай аппақпыз. Жанымызға шаң да қонбаған, тозаң да түспеген. Титімдей кінәміз де, тырнақтай күнәміз де жоқ сияқты. Осылай деу адам алдында да, ар-ұждан алдында да, Алла тағала алдында да барып тұрған күпіршілік екенімен жұмысымыз жоқ. Шын адам, шын ақын ғана өз бойындағы мін мен өз басындағы күнәні жасырып қала алмақ емес. Абайдың өзі «ат көтере алмас мінімді» демеуші ме еді. Жұрт бойындағы мінді әркім-ақ көре алады. Мықты болсаң, өз бойыңдағы мінді көре біл! Пендешілік жасап отырып, періштенің аузынан түскендей аппақпын деп кеудеңді керіп, көкірегіңді ұрма! Бұл опасыз жалғанда, Құдай-ау, бейшара пендешіліктің қармағына кім түспеді дейсің, оның күл-қоқысына кім былғанбады дейсің! Бұл өмірде қулықтың құйтырқы, сұмдықтың сұрқия жолы кімді адастырмапты. Өзің адаспасаң, өзгелер алдап-арбап жүріп адастырады. Ол да мін, ол да күнә. Ондайда шын адам ғана өзін-өзі ақтайтын дәлел мен дәйек іздеп кетпей, өзін-өзі жерден алып, жерге салып даттай алмақ. Сондай жан ғана өзін-өзі ұяттың уысына салып үгітіп, өзін-өзі ардың дарына асып қоя алмақ. Сондай адам ғана күйреп, күйініп сөйлеп, сондай адам ғана ашынып тұрып ашығын айтпақ. Сондай адам ғана «көзім, сірә, көрге кіріп ашылар» деп өзінен-өзі безініп, өзінен-өзі түңіліп сөз айтпақ. Сонда ғана адам жаны лас былғаныш пен күл-қоқыстан аршылмақ. Маралтайдың өзін-өзі бір отқа, бір суға салып сөйлеуі, өзін-өзі кінәлап, өзін-өзі айыптап сөйлеуі осы өлеңмен ғана аяқталмайды. Ол арқасын қайта-қайта дойырдың астына төсеп, маңдайын қайта-қайта сойылдың соққысына тосады.

Бүгінгі түн – мен үшін ақырғы түн,
Өмірімнің ажалға атын бұрдым.
Мың ұмтылып Аллаға ділім жетпей
Аян боп тұр сайтанмен жақындығым.

Әрине, ақынның өзін-өзі кілең осылай жерлеп, өзін-өзі осылай қаралай беруі, түптің-түбінде, оны іштей күйзеліске түсіріп қана қоймай, ақырында рухани күйреуге алып келері кәдік. Бұл жердегі ақынның «мені» жалқылық мәннен жалпы ұғымға ұласып кететінін біле тұра осындай ойға келмеуіміз мүмкін емес. Өйткені жалпы ұғым да жалқы көңіл-күйден шығады. Бір-бірімен жалғас, бір-бірімен мұңдас. Ал ол жалғас, мұңдас ұғымдарды байланыстырып тұрған нәзік тінге соншалықты ауыр салмақ түсіре бермеу керек. Әйтпесе, соншалықты ауыр салмақтан нәзік тін бырт етіп үзіліп кетуі кәдік. Ондай кезде ақынның жалқы көңіл-күйі жалпылық мән болудан қалады да, оны оқырман қауымның қабылдауы қиынға соғады. Дәл осыны өзінің ішкі инстинкті арқылы, өз бойындағы сезім талшықтары арқылы жақсы түсіне білген Маралтай ақын тез серпіліп, тез түлейді.

Бәрі мені алдайды, алданам мен,
Алла, өзіне аманат қалған өлең, –
деп алады да:
Жүрегімнен жүз бұтақ өріп шығып

Айналып кетсе, шіркін, талға денем, – дейді.

Бұл енді ақынның жанын жеп жатқан күмән мен күдіктің темір торларын тас-талқан етіп дүр сілкініп, қарға аунаған түлкідей түлеп шыға келуі. Мейірім мен қайырымға, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылуы. Бұл жолдар – Маралтай шығармашылығындағы күре тамыр, басты кредо. Енді ол қашанғы «көлеңкелермен сүйісіп» өмір сүрмек. Енді ол, бір сәтке болса да, «қобыз тартып қаңқылдап» өмір сүргісі келеді. Әсілі, мінез ғана адамды өзгелерден дараландырып, мінез ғана ақынды өзгелерден тосын сөйлетпек. Ондай мінезді ақынның қуанышы да өзгеше образды тілмен жауап қатпақ. Сенбесеңіз, оның нәрестелі болған кездегі сәтіне көз салыңыз.

Өмірге мұрсат берілді...
Жарық дүние дидарын –
Екеумізге бірге жазды көруді.
Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемі!)

Дұрысталды дүниенің сәлемі.
Ластауға лайықсыз – Лә ил Аллам,
Сүйіншіге жанымды алсаң, ал енді!
Бес күн ойдым бесігіңнің бедерін.

(О, кішкентай, – қайталанбас өлеңім).
Шүмегіңнен шүметейің шықса аман
Көрімді де өзің қазсаң деп едім.

Тұңғыш рет перзентті болып көкірегі қарс айырылып тұрған әкенің жан-жүрегін қақ тіліп тұрған осы өлеңнен бәрімізге етене таныс қазақы қуаныштың иісі бұрқырап тұрған жоқ па?! Бірде өзіне-өзі күмән мен күдікпен қарап, енді бірде, нәрестелі болғанда, жер мен көкке сыймай қуанатын ақынның, кейде бәріміз сияқты, мына қым-қуыт, қырық құбылып тұрған дүниенің қыры мен сырын да, қатпар-қатпар боп жатқан қыртысын да, тылсым-тұңғиығын да түптеп тани алмай әрі-сәрі күй кешіп дал боп тұратыны бар. Өйткені ол әлі де өзін-өзі толық танып болған емес. (Жалпы, адам баласының өзін-өзі танып, білуі мүмкін бе?!) Егер ол өзін-өзі танып болса, бірде «құран сүйіп», енді бірде «шарап ішіп қарқылдап» жүрмес еді ғой. Ақын жаны тұнып тұрған қарама-қарсылық, бір-бірімен кетісіп, бір-біріне кері келіп тұрған қайшылық. Сондықтан да ол кейде:

Айт дедің-ау, не айтам, жаным, саған.
Елді айтам ба етегін жаңа жапқан.
Жерді айтам ба денесін жара жапқан.
Көлді айтам ба шөл болып бара жатқан, –

деп жол айырығында тұрған жандай аңырап мұңын шағады.

Қай жағынан қараса да көңіл жұбатарлық, көз сүйсінтерлік ештеңе таба алмай қабаржып қамыққан ақын:

Жазылмаған жырымды оқып тұрамын
Қазылмаған қабірімнің қасында, –
деп бір-ақ қайырады.

Қазір Маралтай шығармашылығы бабына келген дер шағы. Жілік майы толық, сіңірі болат сымдай берік, ең бастысы – рухы қайратты. Өйткені ол рухын халқының «қаны мен сүтіне» илеп алған. Ондай таланттың бізді әлі де талай- талай тамсандыра берері сөзсіз.

«КӨҢІЛІМЕ ТАУДЫ АЛЫП,

СЕНІМІМЕ АСПАНДЫ АП»

Кейде көзге көрінбейтін тозаңдардан қаптаған гүлдер, немесе тырнақтай ғана дәндерден ағаштар өсіп шығатыны сияқты, кішкентай ғана елеусіз бір детальдан да қайратты өлең дүниеге келеді. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады... Алтынкөпірліктердің тағы бір талантты өкілі болып саналатын Әмірхан Балқыбекте де сондай бір тамырын тереңнен тартқан қайратты өлең бар. Өлең – «Баба-ырым» деп аталады. Тақырыбының атына мынадай түсінік беріліпті: «Бабалар ырымы бойынша тілі шығуы кешеуілдей бастаған сәбиге итаяқтан су ішкізеді екен. Сондай жағдай менің басымда да қайталаныпты». Енді сол өлеңді оқып керейік.

Жұтаңдаумын, демен бірақ жарлымын.
Баба ырымы, әлегі емес жарғының.
Қызыл тілді сөзге иілту үшін де
Итаяқтан суды да ішкен бар күнім.

Итаяқтан суды да ішкем, сөкпегін.
Айыптарға өзге күнәм көп менің.
Ырзығымды табам қазір еңбекпен,
Тілді бірақ иемдендім теп-тегін.

Итаяқтан суды да ішкен бар шағым
Кез емес-ті ол көңіл күпті, арса мұң.
Сен шаршадың сәнді қуып, мен байғұс
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.

Итаяқтан суды да ішкем.
Бабаның
Ырымына мінезі жат қаланың
Көшесінде көп-көрікті қызбен де

Қызып кетсем ырылдасып қаламын.
Осы болды-ау замананың өлеңі.
Көп болған соң көр сезімі, көбеңі.
Исі тілге илікпеген жандарға

Итаяқпен тамақ бергім келеді.
Құдай сақтасын.

Бір ырым – бір деталь. Ал одан өніп шыққан өлең қандай! Сол өлең көтеріп тұрған жүк қандай! Шоқ жұтқандай көкірегіңді күйдіріп жіберетін ашыну мен ыза қандай! Әрине, Әмірхан ол ашу мен ызасын ала көзденіп айқайлап, жер тоқпақтап байбалам салып айтпайды. Исі тілге тілдері сынбай жүргендерге «итаяқтан тамақ бергісі келетінін» айтып салады да, сол бір ашынуға толы ызалы ойынан шошып кеткендей «Құдай сақтасын» деп жағасын ұстап, тәубеге келгендей болады. Бірақ айтылуға тиіс сөз, не болғанда да, айтылып кетті. Шын ақын – ұлттың үні, рухы. Ұлттың үні бола алмаған ақын, бар болғаны өлең құрастырушы ғана. Әрине, әр ақынның табиғаты да. болмыс-бітімі де, дүние танымы да әр қилы. Ақын біткеннің бәрі ұлттың ұранды сөзі мен үні бола бермейді. Біреулері – табиғат құбылыстарын, екіншілері – махаббатты, үшіншілері – адам жанының иірімді қатпарларын, тағы біреулері – сұлулық пен әсемдікті жырлауға бейім тұрады. Бірақ шын мәніндегі ақын болатын болса, сол табиғат құбылыстарынан да, махаббат тақырыптарынан да, адам жанындағы иірімді қатпарлардан да, сұлулық пен әсемдіктен де қазақы әуен, қазақы мінез, қазақы көзқарас табуы керек. Сөз жоқ, жоғарыда біз келтірген Әмірхан өлеңі бүкіл қазақ халқының мұңы мен зары боп келген бүгіні көмескі, ертеңі бұлдыр тіл тағдырын көрсете білген. Ия, бәріміз көріп отырмыз, дәл қазір елдің екі тізгін, бір шылбырын қолдарына ұстап отырған азаматтар тіл тағдырын әрі тарт та бері тарт етіп, қақпақыл етіп ойыншыққа айналдыра бастады. Әмірханның осы өлеңін оқыған кезде солардың бәріне, өз қолыңмен, итаяқтан тамақ бергің кеп кетеді. Жақсы өлеңге тәнті болу деген, оған тамсанып, таңдай қағып, көзіңді жұмып бас шайқау емес. Жақсы өлеңге тәнті болу деген сенің де тұтас бойыңда жатқан ой мен сойды, әрекет пен «бәлекетті» қозғап, орнынан көтеру. Тебіренту, толқыту. Жалпы, Әмірхан Балқыбек уақыт пен кеңістікте өзін еркін сезінеді. Содан болса керек ол бүгіннен ертеңге, ертеңнен өткенге емін-еркін өтіп кете береді. Ол, тіпті, кешені жырлап отырып бүгіннің гәбін, бүгіннің мұңын айтып отырып кешенің мұңын ешқандай кедір-бұдырсыз үйлестіріп жібере алады. Бұл – Әмірханның әдебиетке мол дайындықпен келгенін көрсетсе керек. Шынында да, Әмірханмен әдебиет туралы әңгімелесіп пікір жарыстыра қалсаң, айтысқан адамын білімпаз Асқар Сүлейменов секілді алып та, шалып та жығып кетпесе де, бірқатар мәселеде көп адамға алдырмайды да, шалдырмайды да. Бойында интелектуалдық қуат жеткілікті. Оның уақыт пен кеңістік ішінде өзін «еркін жел» сезінетіні содан болса керек. Сондықтан да ол:

Жанды тербеп мәңгіліктің ағыны
Тән арыды. Арман бірге арыды.
Жанарымды қытықтайды нұрымен
Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы, –

дей алады.

Әдетте, уақыт пен кеңістікте өзін еркін сезінетін ақын, ең алдымен, өзінің өткенін, яғни, рухани тамырын іздесе керек. Ондай ақын сол рухани тамырдан қоректеніп, рухани тамырдан көктеп-өнері сөзсіз. Әмірхан дәл сондай ақын. Тіпті оның ғасырлар ар жағында қалған өткеніңізбен күнделікті қатысып, хабарласып, солармен аралас-құралас қатар қонғандай болып отыратыны бар.

Аптап.
Ыстық
Ақыл-естен тандырған,
Дұрыс болар кең далада қаңғырған.

Қонатұғын жер жоқ деме,
Қыр асты
Балбал қала қарсы алады алдыңнан, –

деп ғасырлар қойнауына кіріп бара жатады. Әрине, сол балбал қаланы қызықтап, оған тамсанып, таңғалу үшін емес. Ең алдымен, өзін көру үшін, өзін тану үшін.

Бәрі осында,
Қас батыр да, қаған да.
Бәрі осында
Арғы атаң да, анаң да.

Айтшы, досым,
Өзіңді емес, Өзіңнің
Өзегіңді көре білсең жаман ба?!

Енді ол біздің болжамымыздан да әрірек кетті. Өйткені ақын ол балбал тастардан өзін ғана емес, өзінің өзегін, яғни түп-тамырын танып-білмек. Тіпті ол балбал тастарға жан кіргізіп, оларды әрекет пен қарекетке түсіріп қояды. Оның балбал тастармен «достасып» алғаны сонша, «қала жақта жанжал болса жан-жағың, балбал жігіт сыйлар саған қанжарын» деп олардан қолма-қол көмек алатын дәрежеге жеткен. Әрі қарай оқиық.

Ер мұратын қолдағандай дауыс көп.
Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.
Бала болып аттанасың далаға,
Дана болып ораласың қалаға...

Сосын сені ойлайды жұрт ауыш деп.
Қала өмірі,
Ит тіршілік тағы да.
Асау мезгіл маза бермей қаныңа

Шөлдегенде...
Тостағанын ұсынған
Балбал тастар оралады жадыңа.

Бәрін былай қойғанда, ақын енді ғасырлар қойнауында қалған балбал тастардың қолындағы сусынға шүпілдеп тұрған тостағанынан шөлін басыпты, мейірін қандырыпты. Енді ол шақпақ тасқа қайралған шарболат қанжардай әрі қайратты, әрі өткір. Дей тұрғанмен, ол қаншама өткен тарихпен көрші-қолаң қонып, онымен ауыз жаласқан дос-жарандай араласқанмен, ол бәрібір осы уақыт пен заманның ақыны. Өйткені ол: «Он ғасыр бұрын туғанда, бабамның жолын қуғанда, тоғысқан тоғыз тараптың таңдау боп бірі тұрғанда, бойыңды, ойым, жасырма. Кім болар едім расында?» деп, өткен заманнан өз орнын іздеп алағай да бұлағай күйге түсіп, бүгінгі күннің көкейіңді бірде кесіп, бірде тесіп жатқан сан қилы, сан сырлы тіршілігіне қайта оралады. Оралады да уақыттың дауылды өтінде қалтырап, қамығып тұрған халқын, тығырыққа кептеліп қамалып тұрған сол халықтың көздері жәутеңдеген арманы мен үмітін көреді. Жанарында – жас, жүзінде – нала.

Уақытымды күте-күте бітті әлім.
Маңай тұман, жұлдыз біткен адасты.
Кім біледі, кімдер не істеп жатқанын,
Кімдер қалай жұбатарын алашты? –

дей келіп,
Қасіретімді түсін мейлі, түсінбе,
Өз талайын әркім өзі тапқандай.
Жонарқамда, жұлынымның ішінде

Жауынқұрты қабір қазып жатқандай.

Бұл – тек қана ақынның жеке қара басының ғана азабы емес, әрине. Бұл – халқының бүгіні мен ертеңін ойлап қамығып-жабығатын бар қазақтың қазіргі халі. Шынында да, халқының келешегін ойлап қабырғасы қақырап сөгіліп бара жататын, өзін-өзі қадірлейтін қай қазақтың да санасын жебір құрт кеміріп, жұлынын жауынқұрт жалмап жатқан жоқ па?! Тағы да Әмірхан жұлыныңды жауынқұрт жалмап жатыр демейді. «Жұлыныңның ішінде жауынқұрт қабір қазып жатқандай» дейді. Бейне бір мына қатыгез тағдыр, зұлым уақыт тәніңді жерге бермей-ақ өзіңе-өзіңді көметіндей. Неткен қатал үкім! Мына дүние ту-талақай боп тозып, ойың онға, санаң санға бөлініп, тұла бойыңнан қан сорғалап қансырап, жан-жағыңнан андыздаған сан сұраққа жауап таба алмай сансырап қалған ақын не істеу керек.

Иа, Аруаһ!
Қалмасам да тұралап,
Біздің бастан ұшады енді, сірә, бақ.
Ақының боп аңырайын соңғы рет,

Соңғы сөзді Тәңірімнен
Сұрап ап!

Әмірханның өзі айтқандай «Құдай сақтасын» дейсің мұндайда. Ондай халді басымызға бере көрмесін. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ демеп пе еді дана халқымыз! Бұл сөздер тіпті де күйректік емес. Қайрау. Сені, мені ойландыру. Ояту. Сілкініп, серпілмесең түп-тұқияныңмен құрдымға жұтылып құрып кетесің дегені. Әйтпесе, Әмірхан Балқыбек «көңіліне тауды алып, сеніміне аспанды ап» жүре алатын ақын. Тек менің бір байқағаным, байқағаным емес-ау, байқап жүргенім Әмірхан Балқыбек тым сараң жазады. Әрине, сараң жазу кемшілік емес. Оны өзіне-өзі қатал қарау деп ақтап алуға болады. Бірақ оның да шеті мен шегі болса керек. Не болғанда да, менің ойымша, Әмірхан өз мүмкіншілігін тұсап, өз қарым-қабілетін арқандап ұстап отырғандай көрінеді де тұрады. Арқырап-сарқырап келіп тұрған шабыт арынын тізгіндеп, екпінін тежеп, өзі айтқандай «шабытты құлыптап өмір сүру күнә». Бұл жерде мен оның өз «Ескертуін» өзіне қаратып айтқым кеп тұр.

Бір ғасырдың аяғы, бір ғасырдың басында,
Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда.
Қырығында қарт болған ақындардың да
Болғанын

Ей, Уақыт, ұмытпа!
Ұмыттырмау үшін не істеу керек екенін басқа-басқа Әмірхан жақсы біледі.

«АҚЫН БОЛУ АЗАП ҚАНДАЙ, ТӘҢІРІМ»

Жарас Сәрсек – кісілігі де, кішілігі де бір басына молынан жететін, жұртты да сыйлай алатын, өзін де сыйлата алатын жайсаң азамат. Аспайды да саспайды. Биязы сөйлейді, бипаз жүреді. Тіпті үлкенге сәлем берер кезінде де алдымен жаға, омырауын жөндеп, шашын тарап алып барып сәлем береді. Жүрісі де ерек. Денесі қаршығадай шағын бола тұра, қашан көрсең де, салмағы тонна тартатындай асықпай баппен басып бара жатқаны. Ол осынысымен, өлеңінен де, өзінен де, сөзінен де Жетісудың бүкіл өсімдігінің иісі бұрқырап тұратын құрдас замандасым, марқұм Жұматай Жақыпбаевты еске түсіреді. Ол да осы Жарас сияқты жартас көтеріп келе жатқандай асықпай баппен басатын. Жүріс-тұрыстары ұқсас болғанмен, екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бөлек ақындар. Арналары да бөлек, өрістері де бөлек. Жарас та алтынкөпірліктердің ішінде алғаш көрінген, жұрт аузына ертерек ілінген, көзге бірден түскен ақындардың бірі.

Халқы еркелеу,
Сүмбе дейтін ауылдан
Алматыға өзімді іздеп келіп ем, –

дейді ол алғашқы өлеңдерінің бірінде. Басқа жұрт Алматыға ілім-білім, орта іздеп келуші еді, ал біздің Жарас Алматыға өзін іздеп келген. Ә дегенде тосаңдау естілгенмен, аңлап қараған жан бұл жолдардың астарынан үлкен мән мен мағына көрген болар еді. Шындығында да, қай-қайсымыз Алматыға өзімізді тану үшін, яғни өзімізді табу үшін келдік қой. Өзіңді тани алмасаң өзіңді таба алмайсың. Яғни өзіңді таба алмасаң, өзіңді тани алмайсың. Жұрт та сені тани алмайды. Бұл – бесенеден белгілі жайт. Жарас осыны дәл тапқан.

Өзімді іздеп таба алдым ба бұл маңнан
Ол жайында жар салғам жоқ ертерек.
Мойнын қысып мұңданады бір арман,
Қойнын ашып бір үміт жүр еркелеп.

Әрине, мен өзімді-өзім таныдым, өзімді-өзім таптым деп ешкім де айта алмайды. Тіпті, өзін-өзі тапқанына көзі жеткен адам да. Айтса, ол адам даңғой, немесе өзін-өзі әлі таппаған адам. Сенің өзіңді-өзің тапқаныңды былайғы жұрт айтуы керек. Біздің сырт көз ретінде бірден айтарымыз, Жарас Сәрсек өзін өзі тапқан ақын. Оның қазір әдебиетте өз орны, өз дауысы бар. Ол, тауда өссе де, тау өзендеріндей бұрқан-талқан боп, тасып-төгіліп, астан-кестені шығып, аптығып, асығып сөйлейтін ақындардың сойынан емес. Өзінің жүріс-тұрысы сияқты баппан сөйлейтін, баппен сөйлеп отырып, қатпарлы қыртысқа, астарлы астарға үңілетін ақын. Сондықтан да ол жұрттың бәрі көре алатын жайттарды емес, «тігістердің қыртысын қалқан еткен биттерді, асаяқтың ернеуін талқан еткен иттерді» көргенді жақсы көреді. Сондықтан да ол:

Топырағын тамырдың жерінбейтіндігіне,
таңқаламын
Содан соң көрінбейтіндігіне, –
дейді.

Атам қазақта «айтпасаң, сөздің атасы өледі» деген аса қадірлі, аса қасиетті сөз бар. Бұл сөз, ең алдымен, алдына ақ қағазды ақ жайнамаздай жайып, қолына текті құстың қауырсынындай қалам ұстаған ақынды үлкен мүдделерге міндеттеп тұрған сөз. Егер сен табиғат берген талантыңды сол міндеттің үдесінен шығаруға жұмсай алмай, анадан бір үркіп, мынадан бір шошып, анаған бір жалтақтап, мынаған бір жалбақтап, өзіңді-өзің рәсуа етіп айта алмадың ба, онда сен сөзді ғана емес, өзіңді де өлтіріп тынғаның. Сөз, қашанда киелі. Сөз өлсе де, оның киесі өлмейді. Оның киесі дүниені кезіп жүретін болса керек.

Ертеде-ерте, тұншығып өлген сөздер мың,
Түрегеп келіп түсімде мені қарғады.
Тәңірім,
Маған көрсін деп тағы көз бердің,

Көрсоқыр екем,
Ақталар амал қалмады.
Сөзім мен көзім кебінсіз өлік секілді –
Жалаңаштанды,

Барады бастан күз өтіп.
Халқыма қайтып көрсетем қансыз бетімді.
Өліктерімді отырар болсам күзетіп.

Сіз енді, бір пәске, сөздердің өліктерін күзетіп отырған ақынды көз алдыңызға елестетіңізші. Тұла бойыңыз дір ете түсері сөзсіз! Сонан кейін ақын:

Келісті ұл деуге кейпімде кескін кем менің
Бесіктен босап,
Есікке жетпей көнергем, –

деп жабығып, күйзеледі. Жабығып, күйзелмей қайтсін «ермін деп елге семсерді сүйіп серт етсе де» «қара орман ойды қашқақтап жүріп мерт етіп, оның да бейітін кеудесіне салып» көтеріп жүрсе. Бұл өлең, сөз жоқ, өзін елдің перзентімін, халықтың азаматымын деп жүрген кім-кімді де қатты ойға қалдыратын, осы мен өзі не істеп жүрмін, не сітеуім керек еді деген мәңгілік сұрақтар астына байлап қоятын өлең. Шынында, біз неге осыншама күйгелек, неге осыншама жалтақпыз? Апыр-ау, біз мына өмірге «ұрпақ үнін ұран етсем деп едім, мұң-зарыңды бір ән етсем деп едім» деп келмеп пе едік?! Сол анттай уәденің үдесінен, көзін алмай қадалып қарап отырған қалың қауымның сенімінен неге шыға алмаймыз?! Жанды жаралайтын, ой-сананы сарсылтатын сұрақ көп. Сұрақ, сұрақ, сұрақ! Жарас та сол сұрақтарға жауап іздейді. Әрине, оның әлеңкедей жалаңдап тұрған бұл сұрақтарға нақты жауабы жоқ. Бұл сұрақтарға ешкім де нақты жауап бере алмақ емес. Оның тек нақ білері, сол елің мен жерің үшін әрекет ет, қолыңдағыны үлестір, аузыңдағыны жырып бер. Сондай әрекетке дайын екеніне ол ғашық жанның алдында тұрып серт бергендей болады.

Сезім дейтін жанымды өртеп жасынды от,
Сен шөл болсаң жаумақ болғам жауын боп.
Асқақ басын табанында таптаған
Әттең менің бабам-сынды жауым жоқ!

Сенің ғана үстем болып жарлығың,
Менің тіптен шықпай сөніп қалды үнім.
Мен денемді төртке бөліп жоқ болам
Үлестіріп кемтарларға барлығын.

Көңілімнен көріп соңғы жолымды,
Көзсіз тауып барам сонсоң қорымды.
Әлі ешкімнің жағасынан алмаған
Сыйға тартам қолсыздарға қолымды.

Шатастырған жасық пенен жасынды
Қаншаңызды бассыз иық басынды.
Сыйға тартқан қолымменен кесіп ал
Азығы көп, жазығы жоқ басымды.

Енді ақын өзінің қолымен өзінің басын кесіп алсын мейлі, бәрібір ол, не нәрсеге де бейіл. Иығына үлкен жүк арқалатып, алдына ірі мақсат қойған ондай ақын мына дүниенің жалт-жұлт еткен қызығы мен дуылдаған той-думанына қарамақ емес. «Көңілді жыр жазуға келмей қойды ыңғай бір» деп ондай жалтылдақ, жыртақай өмірден өзін сырт ұстап қана қоймай, құлқының да, ниетінің де мүлде жоқ екенін білдіреді. Ал ондай ақын сонда не істемек, нені бақпақ?

Өзіме-өзім ақын болдым, ләйлідім,
Жырға қосып Мәжнүнін Ләйлінің.
Қара түнде білте шамның түбінен
Ауылын шолып отырамын қайғының.

Енді ақынның мұңдасы да, сырласы да елінің қайғысы. Мұндай сәтте оның көзіне «қардың өзі аппақ қайғы» боп көрінеді. Дегенмен, егер ақын тек халқының қайғысын бақылап-шолушы деңгейінде қалса, онда ондай ақыннан не үміт, не қайыр. Онда ол өзін ғана емес, оқырманын күйретуге, оның сағын сындыруға қызмет етсе керек. Шын ақын, әдетте, халқының қайғысын көре отырып, оған қанжылап ортақтаса отырып, одан рухани қайрат алуға тиіс. Ия, ия, қайғының өзінен рухани қайрат алуы тиіс. Осыны жақсы түсіне білген Жарас Сәрсек ауылына хат жазған бір сәтінде «дайын бол, таңданбастан, мен бір күні наладан найзағайға айналғанда» деп өзінің басты мақсатын жайып салады. Халқының бүкіл мұң-зары мен уайым-қайғысын жан-жүрегіне құйып алған ақын, қалайда наладан найзағайға айналуға міндетті. Онсыз бәрі бекер, бәрі бос сөз. Әрине, қайғыға ортақтаса білу де үлкен азаматтық болмыс. Бірақ ол ақын үшін аздық етеді. Өйткені ақын парызы қайғыға ортақтаса отырып, сол қайғыны сейілтуге ұмтылса керек. Осындай мақсат-тілекке білегін сыбанып, белін буып шыққан ақын «аттап өтіп өзінің қабірінен» жолға шығады. Тосын мінез. Тосын әрекет. Басқа-басқа өз қабірін аттап өтіп жолға шығу, тіпті «қайда барарын» анық білмей тұрса да, осындай тосын мінезді қажет етсе керек. Сөз жоқ, ол жолдың кедір-бұдыры, ирелең-бұралаңы көп. Ол енді талай-талай қиямет-қайым қиындыққа, талай-талай сарсаңға түсіріп сабылтып қоятын кедергілерге кездесері хақ. Өмір деген де қызық қой. Жүрген сайын, оны көрген сайын, оған үңілген сайын дал боласың, тіпті бәрінен көңілің суып, айдалада қалғандай бүкіл ішкі дүниең аңылжып, не істеріңді білмей дел-сал боп, дағдарысқа түсерің хақ. Ондайда ақынның:

Қыр басынан төменге сенбей қарар,
Қайыңдар-ай, бұл күнде жайым басқа.
Шариғат пен табиғат ұқсас деуші ем
Адам басқа екен ғой, қайың басқа... –

деп мұң шағатын тұстары аз болмайды, әрине.

Бірақ, бәрібір, дүниенің әр бір үні мен дыбысына құлағы түрік, оның әр бір қимыл-қарекетіне көзі ашық, бәрін былай қойғанда «Тәңірінің керуетінің сықырлағанына» – дейін естіп, біліп отырған Жарас Сәрсектің «ақын болу азап қандай, Тәңірім» деп айтуының өзі-ақ оның зор міндет, үлкен мақсат жолына түскенін көрсетсе керек. Біздің Жарастың сол азапты жолда арымасына сеніміміз мол.

«КІРПІГІНЕ ҚАН ҚАТЫП ҚОҒАМЫҢ ТҰР»

Бауыржан Бабажанұлы барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бір сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Бізде қазақы жазуды, қазіргі заман құбылысынан кеш қалып қойғандай, уақыт көшіне ілесе алмай қалғандай, көне стиль, ескі сүрлеуді шиырлап жүрген сияқты көретіндер бар. Бауыржан туралы олай ойлау күнә. Ол тіпті де заман құбылыстарынан да, уақыт көшінен де сырт қалған ақын емес. Қазақы көрінейін деп өлең жолдарына қаптаған архаизмдерді арқалатып та қоймайды. Оның ерекшелігі сонда – қандай бір күрделі ұғымды да қазақ жанына жақын етіп қорыта білетіндігінде. Ол сөз іздеп, оны жамап-жасқап жатпайды, сөздің өзі табиғи түрде құйылып жатады. Яғни, қазақы ситихиялық мінез. Қай өлеңін оқысаңыз да, одан көкірек сарайыңды ашып жіберетін даланың аңқылдаған желі есіп, нөсерден кейінгі жусанның кермек иісі бұрқырап қоя береді. Оның өлеңдеріндегі мұндай қазақи жайдары мінез ұлттық тақырыптарды жазғанда ғана емес, мүлде басқа тақырыптарды жырлағанда да, атап айтқанда, «Ескендірдің мүйізі», «Сүлейменнің жүзігінде» де анық көзге ұрып тұрады. Мәселен, сол «Сүлейменнің жүзігін» алайықшы. Бұл өлеңде Бауыржан жұрттың бәріне белгілі оқиғаны хабарлы сөйлемдермен баяндап жатпайды. Одан осы заманға сай философиялық мән-мағына іздейді. Іздегенде де нақты әрекет арқылы, яғни Сүлейменнің жүзігін қолына киіп алып сөйлейді.

Қайран басым болған кезде бір әлек
Жалғай алмай бір ойлардың үзігін,
Пайғамбардан қалған маған мұра деп
Тақтым қолға Сүлейменнің жүзігін.

Содан кейін күндер кештім қызықты ең,
Құшағы ыстық Бақтың ауылын мекендеп.
Сәуле түсіп, жазу шықты жүзіктен
«Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деп.

Тақырыпты қазақша қорыту, яғни қазақ ұғымына жақын, қазақ ұғымына сіңімді етіп беру деген осы. Әйтпесе, Сүлейменнің жүзігіндегі мәтінде «байқа, бала», деген тіркес жоқ қой. «Байқа, бала, бұл күндер де өтер» деген тіркес қазақ үшін әлдеқайда салмақты, әлде қайда ұғынықты. Әрине, Бақыт дегеніңіз де баянсыз. Ол да тас төбеңде бұлбұлдай тамыл жытып сайрап, тотықұстай мың құбылып тұрады да, күндердіңкүнінде басыңа бір саңғып ұшып кетеді.

Аттан түстім, түстім дұшпан торына,
Азап шектім, ит өмірден жеріндім.
Далбасалап қарап едім қолыма
Бұл күннің де өтетінін ұғындым.

Әлбетте, Бауыржанды қинайтыны өз басының халі емес. Оны қинайтын жайт, көкіректері аяққаптай-аяққаптай боп, кеуделеріне нан пісіп, ысқырықтарымен жер жарып, жеті қабат таралғыны қатар үзіп жіберердей боп шіреніп, көздерін шел басқан асып-тасқандар. Соларды көріп тұрған Бауыржан:

Соңына ерген көп итіне үргізіп
Енді тізе батырмас деп мына елге,
Тым болмаса түссе көктен бір жүзік
Кигізер ем, шіркін, ана біреуге... –

дейді. Өлең бітті. Бірақ оқырманды толғандыратын, толқытатын толғақты ой қалды. Жалғанды жалпағынан басып жүрген сол шіренген шіркіндердің қолдарына сенің де Сүлейменнің жүзігін кигізгің келіп кетеді. Жалпы, Бауыржан сөзді аса қасиетті ұғым, яғни, дүниенің алтын діңгегі, асыл қағидасы деп біледі. Ол ертеректе жазылған «Сөз» деген өлеңіне киелі кітаптағы «әуелі сөз болған» деген тіркесті эпиграф етіп алуының өзі содан болса керек.

Мақсат басқа, өзге арман,
Болмысым да... көнерді.
...Атамыздан сөз қалған,
Не қалдырам мен енді?

Сап, сап, көңілім – бозжорғам,
Жоқ нәрсеге налыма.
«Ең әуелі сөз болған»,
Сөз болады соңы да!

Рас қой. Адамды шыр етіп жерге түскеннен әуелі сөз күтіп алады, соңғы сапарға аттанарда сөз шығарып салады. Сондықтан да, сөз қадірін білу деген сөз – өз қадіріңді білу деген сөз. Өз қадіріңді асқақтатам десең, онда сен сөз қадірін асқақтат. Өйткені мына дүние сөзбен ғана өлшенеді, сөзбен ғана бағасын алады. Өмірдің алағай да бұлағай аласапыран тіршілігіне де, адам жанының жықпыл-жықпыл түкпірлеріне де қоғамда болып жатқан ақ түтек, қара құйынды құбылыстары мен сапырылыстарына да тек сөз арқылы үңіле аласың. Несін айтасың, қазір біздің күніміз, қашанғыдай, «қасқыр байлап ұстағандай қорада» болып тұр ғой. Ылғи бір бітпейтін де қоймайтын арбасумен, аңдысумен күн кешіп келеміз. Содан барып сан соғып опынасың, тіпті омақаса құлап, бір жақ қабырғаң опырылып құлағандай боласың. Олай болмаса, ақын:

Мен, мен едім, мен едім,
Тауға айналдым, төбе едім.
Егеменді ел болдым,
Енді мәңгі жайқалады желегім

... деп едім.
Бірақ, бірақ азат, дарқан еліме
Тілім керек болмады.
Ділім керек болмады.

Дәл осылай кете берсе егерде
Менің дағы болар ма екен керегім?! –

демес еді ғой. Дәл қазір бәріміздің жанымызды жеп, етімізді езіп, сүйе-гімізді кеміріп жатқан сұрақ осы ғой. «Мен, мен едім, мен едім» деп жүрген мына елдің керегі бар ма өзі?! Әй, қайдам... Өйткені «Қазақты алдау» дейтұғын бір ойын бар, Қазақстан дейтін мемлекетімде»... сол ойыннан «ойынымыз осылып» кетпесе игі еді... Ел мен жер тағдырын ойлаумен қабаржып жүретіндіктен бе, жоқ, әлде о бастағы табиғи болмыс-бітімінен бе, Бауыржанның ең бір жақсы көретін мезгілі – Күз. Күзді мол жырлапты. Тіпті ол күзді адам кейпіне енгізіп, оны шәлкес мінезді, долы, дүлей қимылды Құдағай ретінде қабылдайды.

Сәлем бердік, төрге шық, Күз-құдағай,
Құрметіміз қалған ба, сізге ұнамай?
Қабағыңнан қаймығып, кетті шығып
Қыз мінезді жаз дейтін біздің ағай.

Даңғыратып бұлт-нөкер шелектерін
Желіктірер анау жел желөкпені.
Әжеміздің өрмегін күрт үзіпсіз,
Сәл сабыр ет, құдағай, о неткенің?

Біздің әрбір ісіміз күнә сынды.
Өршелене жаясың құлашыңды.
Жекжат жөнін білмейтін ел емеспіз,
Ақылға кеп, бер енді бір ашуды.

Қайың шашын жұлыпсыз, обалдағы-ай,
...Бұрын қалай келгенбіз абайламай.
Біз еңкейген сайын сіз шалқаясыз
Мінезіңіз, апыр-ай, қалай-қалай?

Бұл өлеңге түсінік беріп жатудың өзі артық. Сурет – өлең. Образ – өлең. Ешқандай талқылап, таратып жатпай-ақ бәрі ап-айқын. Бұл өлеңнің тағы бір көзге ұрып тұрған ерекшелігі барынша қазақы мінезінде, яғни қазақы орындалуында. Сол үшін де әдейі келтірдім, Бауыржанның сөзден өзімізге етене таныс сурет сала білетін шеберлігіне тәнті болғандықтан. Әйтпесе, Абайдың «Қыс» өлеңінен бастап жыл мезгілдерін адам кейпіне келтіріп суреттейтін өлеңдер, Құдайға шүкір, жетіп артылады. Негізінен, Бауыржан күзді өзімнің көңіл-күйімнің ауа райы, жан құбы-лыстарымның климаты деп біледі.

Мөлдір бұлттан пәренжі жамылды Ай да,
Шаршады ғой... аспан сәл дамылдай ма?
«Жылама енді, сүрткін, – деп – көз жасыңды»
Ақыл айтар күзге ешкім табылмай ма?

Мен-ақ ақыл айтар ем, түсін, бірақ...
Біреу алып кеткендей күшімді нақ.
Айқайлаймын, дауысым шығар емес,
Тұр өйткені, менің де ішім жылап.

Көңілдің көп бояуы оңар шерден,
Бізге-дағы көп адам болар сенген.
Сол сенімнен шығайық, жылама, күз,
... Алдыменен сен тоқта, содан соң Мен.

«Көңілінің көп бояуы шерден оңып» кеткен Бауыржанның ішін қанжылататын жағдаяттар көп болып тұр. Тым көп. Өйткені «шындығыңыз бүгінде тұлдыры жоқ тұл жетім». Өйткені ол «мыстан-өмір қолынан көземенен қайғы ішкен». Өйткені ол:

Данғазаның буына маң дала мас,
Жапырақсыз қурады орман-ағаш.
Кірпігіне қан қатып қоғамың тұр.
Үміт күткен ұрпағың ол жалаңаш.

Арманымен қондырған айға өлеңін
Адалдықтың әр кезде байрағы едің.
Етік сатып ертеңің базарда жүр,
Енді күнің не болар қайран елім? –

деген етін езіп, сүйегін үгітіп жіберетін ауыр сұрақтың астында жүр. Қай жағына қараса да еңсесін басып, жан-жүрегін талап, сезім талшықтарын отап жіберетін көріністерді көре-көре көңілі әбден қайтқан ақын «бақытсыздық пен ақында бар ма екен әлде үндестік» деген зіл батпан тұжырымға келеді. Мен бұл мақаламды Бауыржанның өз өлеңімен аяқтағым келіп тұр. Өйткені ол өлең көбіміздің қазіргі көңіл-күйіміздің ең керекті пернесін дәл басып, шер-мұңымыздың шегін дер кезінде қағып жіберетін жұп-жұмыр қалпында, аяқ-қолы балғадай боп туа салған өлең екен.

Жүрегімді билегенде нала-мұң,
Хал-жайымды сұрай берме, қарағым,
Құлай-құлай таусылған бар амалым,
Күрсінуден күлге айналған жанарым.

Лаулай алмай, бықсып жанған шаламын.
Қарашаның бұлты-сынды түнерген
Қара көзден қан ағызып күлем мен.
Жанарында қайғы жусап, мұң өрген

Қара түннің үрпінен мен жыр емгем.
Содан болар көңілдің көп кетеуі,
Менің жаным – көңілсіздік мекені.
Қиялымның қанжылаған жанары,

Арманымның жасқа толған етегі.
Көкірегімде күрсінгенде шерлі өлең,
Сәби-мұңды бесігімде тербеп ем...
Өз сезімін өзі өлтіріп жерлеген

Қанды қолды қатыгезбін мен деген.
Хал-жайымды сұрай берме сен менен.

«ОРМАНДЫ СӨЗДІҢ АЙМАҒЫН ОМБЫЛАҒАН ОЙ БҰЗАР»

Осы топтама мақалаларымның бас жағында Әмірхан Балқыбек туралы жазған пікірімде мен оның тым сараң жазатынын ескерткендей сөз айтып, бірақ сараң жазудың тіпті де айып емес екенін, солай бола тұра, қолына қаламды жиірек қолға алғанын қалайтынымды білдіргендей болып ем. Бұл толқынды оқи келе, сараң жазу «ауруы» олардың бәріне де тән екенін ұқтым. Алды қырыққа кеп қалған, баяғы біздер секілді қыспақ пен құрсауда, яғни қатып-семіп қалған, сықиған стандартта емес, аласапыраны да, алыс-жұлысы да көп қым-қуат, алақұйын дүниенің ішінде жүрсе де неге соншалықты сараң жазатындарына түсінбей-ақ қойдым. Құдай-ау, өлең дейтін бірде жамыраса табысып, бірде жағаласа тебісіп жатқан мына қатал да қазымыр уақытпен шаппа-шұп ұстасып, қоян-қолтық тартысқа түсетін соншалықты ұшқыр жанр емес пе?! Әрине, не болса соны жаза бермеу керек, не болса соның жетегінде кете бермеу керек, не болса соны ешқандай електен өткізбей, ішкі қуат-қарымыңда қорытып алмай, дүмбілез қалпында өлең ете бермеу керек. Мұның бәрі түсінікті. Дей тұрғанмен... Дей тұрғанмен... Бірақ, солай бола тұра, бұл толқынға сүйсінгенім, олардың әр қайсысының өз жолы, өз дауысы бар. Бір-біріне мүлде ұқсамайды. Шығармашылық ара-жіктері бір-бірінен алшақ-алшақ жатыр. Бірі мен бірін тіпті де шатастырып алмайсың. Осы «сараңдардың» қатарындағы Нұржан Қуантайұлы да өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келіп қосылыпты. Бұл жерде біз жол мен соқпақ метафорасын тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Өйткені оның «Күмбір» кітабының алғашқы бетіндегі өлең «Жолда» деп аталыпты. Бұл өлең – ақынның өзін қанағаттандырған, көңілінен шыққан алғашқы өлеңдерінің бірі болса керек. Өлеңдегі «сүреңсіз күннің сүт қосқан шайға бір қанған Анама ұқсап ашылып қапты қабағы», «қоға мен қамыс үңіліп тұрды жапырлап, етекті кесіп есіле аққан өзенге» деген жолдар, сөз жоқ, жас ақынның әрі сергек, әрі байқағыштығын көрсетсе керек. Нұржан қиядағыны қапы жібермейтін байқағыш қана емес, сол көргенін қаршығадай қағып түсетін алғыр. Тағы да ол көргендерінің бәрі қазақ жанына жақын. Ұлттық колоритке бай.

Сары шалдың тарамдалған
сақалындай
Ошақта от көлбеңдейді жел лебімен.
Кім-кімді де қызықтыратын жанды сурет.

Жалпы, Нұржан сөзбен сурет салуға шебер-ақ. Тағы да ол суреттердің бәрі сондай нақты, бояуы сондай қанық. Сонымен бірге, ол суреттердің бәрі де уақыт табымен көмескі тартып көнермейтіндей. Бейне бір олардың бәрі жаңа ғана, сенің көз алдыңда салынғандай. Тіпті ұстасаң қолыңа бояуы жұғып қалардай немесе нақты бір заттың табы алақаныңа сезілетіндей. Оқып көрейік.

Аңдаусызда аспанға нұрын шашып
Нәлісіндей етіктің... Ай қағылды.
Немесе:
Бұлақтың суы бүйірі қызып биледі

Қақпақыл қылып қайраңда малта тастарды.
Немесе:
Жаңа сытылған терісі құсап соғымның
Көкжиек сонау көлбең де көлбең бу болып.

Немесе:
Ақша бұлттар түтініндей мүштіктің.
Немесе:
Жайып қойған өреге ақ малтадай

Ауыл үйі көрінген ағараңдап.
Немесе:
Салы суға кеткен көктің
Еңсесі

Ескі тонның етегіндей салбырап.

Міне, осылай жалғаса береді, жалғаса береді. Әрине, бұл суреттердің бәрі дерлік ғылыми-техникалық төңкеріс заманының шынжыр табаны жерін таптамаған, сорайып-сорайып тұрған тұрба өңештері көгіне көкала түтін құспаған туған жердің тұнып тұрған келісті келбеттері. Бірақ сол айшықты суреттер мен әдемі көріністерді көтеріп тұрған ол сұлу аймақтың да сұңғыла тарихы болмас па? Әрине, көрген көзді сұқтандырып, айтқан ауызды тамсандырып жіберетін сол ғажап көріністерге толы бұл аймақ ғасырлар бойы осындай тамылжыған қалпында тұрмаған екен, ол жер де талай-талай қанды оқиғалардың куәсі болып, басынан талай-талай тартысты оқиғаларды өткерген екен... Енді ақын да өзінің қылқаламын көз бен көңілді қатар арбайтын сары ала, жасыл бояулардан арылтып, қара ала, қанқызыл бояуларға малып алады.

Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам.
Тұтам емшектей ту бие үшін нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшін нар бабам

Басы қайда қалмаған?
Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қараша жұрттың қай сөздерін қарманам»,
Қадірі қашқан, қаһары асқан заманда

Қазағым қайда аумаған.

Енді ақын бойында не нәрсеге де, қандай құбылысқа да тарихи көзқарас қалыптаса бастады. Ақын бойындағы тарихи көзқарас деген категорияны нақты бір тарихи аяда ғана қарастыруға болмайды. Бұл жерде ол ұғымды қай тақырыптың да арғы астарына үңіліп, тамырына бойлап, қыртысын аршып, тегін тануға ұмтылу деп қараған жөн. Яғни Нұржанның көру аясы ауқымдалып, дүние танымы мен көңіл көкжиегі кеңи түсті деген сөз. Яғни, енді ол қылт етіп көрінгенді кәнігі фотографтай сырт еткізіп түсіре қоятын немесе көзді арбап тұрған көріністі шұғыл түрде көшіре қоятын пейзажистен гөрі, тақырыпқа айналған материалдың арғы жағына, ішкі әлеміне зер сала бастады. Сол әрекет, сол жолға түскеннен-ақ мына жарық дүниенің шеті де, шегі де жоқ екеніне көзі жетіп, оның драмасы мен трагедиясы андыздап шыға келді. Ақын енді қияметтен де қиын сол дүниенің ішіне кірді.

Көкжиектің кемері,
Көзімді менің алдама.
Шегі бар жердің деп еді,
Шексіз екен-ау жалған, ә?

Көкжиектің кемері
Көзіме қарар сұғына.
Жалықпай-ақ ел сенеді
Жалғанның жалғандығына.

Көкжал тағы қайда бар?
Көзіме айтшы, сыр бүкпе.
Диірмен құсап айналар
Дүниесі де, тірлік те.

Дүние шыркөбелек айналуда. Тағы да диірмен құсап. Алапат айналыс. Дәндей басыңды ұндай үгітіп тартып жібермек. Көкжиекті, көкжиектің кемерін ол бұрын да көрген болатын. Ол кезде көкжиектің кемерінде бұлың-бұлың етіп жататын «сағымды малтып барсам ба» деп әдемі бір ойнақы қылық көрсетіп, туған жерге деген аңсар сезімін ғана білдіріп қойған-ды. Сөйтсе, табиғат көкжиегінің кемерінен гөрі, өмір көкжиегінің кемері әлдеқайда ауыр да қиын болып шықты. Нұржан ақын енді көмейіне түскеннің бәрін ұн етіп тартып жіберетін диірмендей айналып тұрған дүние мен тіршілік түгілі, күні кеше ғана моп-момақан боп монтиып, жұп-жұмсақ боп жұтынып, өзінің бүкіл сұлулығы мен сымбатын сыртына шығарып жататын табиғаттың өзінен де драма, табиғаттың өзінен де тартыс көретін болды. Өзінің көңіл-күйі мен көзқарасын сол табиғат құбылыстарымен астастыра қарастырып, өлеңін сол құбылыстармен үйлестіре, үндестіре өретін болды.

Сіре, сіре, сіре қар,
Сіре қарда кім оңар.
Сірі қалған мына біз,
Сіз табыңыз бір амал.

Қара түннің қаймағын
Айқай бұзбас, ой бұзар.
Орманды сөздің аймағын
Омбылаған ой бұзар.

Айтылар ойдың, ішкі психологиялық арпалыстың балқыған қорғасындай боп құйыла қалғанын былай қойғанда, орындалуының өзі қандай әдемі. Құлағын келтіріп, бұрауын қалай дәл түсірген. Сыңғыр-сыңғыр, сыңғыр-сыңғыр. Бейне бір әр буын, әр бір сөзге көзге көрінбейтін құйтақандай-құйтақандай күміс қоңыраулар іліп қойғандай. Ақын мына тіршілікке бұрынғыдан да жіті, бұрынғыдан да сергек қарайтын болды. Көру де, сонымен қоса көзқарас та өзгерді. Бір кезде қағылған нәл сияқты көрінетін Айыңыз, енді «бұлтқа сіңген қауғаның шелегіндей суға батып бара жататын» болды. Алдынан «ошаққа ұқсап жұртында қалған моладай суық қыстақтар» шығып, соларды көрген өзінің де көңілі «қабырғасы құлаған ескі жұрттай қақырап» қалатын болды. Махамбет ақынның: «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп қылыштай тіліп сөйлегенін оқып, оны көңіліне мықтап тоқып өскен ақын, енді мына аяр заманның сол бір серттей берік сөзден сырт айналып кеткенін көріп «ежелгі дұшпан ел болды, етектен кесіп жең болды, тең-тең болды, тең болды, тең-тең жүгің жем болды» деп қамықты. Нұржан Қуантайұлының тағы бір мені сүйсінткені өзінің бір шыққан биігінде қалып қоймай, өзіне де, өзгеге де тосын, өзіне де, өзгеге де белгісіз тың өрістерге шығуға құмарлығы. Бұл ретте ол оқыған көзге де, естіген құлаққа да оқшау көрініп, тіпті оғаштау естілетін образдар мен сөз тіркестерінен де қашпайды. Абай айтқандай «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей Нұржан да қиыннан қиыстырады. Қиыстырады деген сөзден (тіпті Абайдың өзі солай деп тұрса да) біреулер шошып кетуі кәдік. Өйткені көп жұрт үшін өлең деген құйыла салу керек. Олар өлең дегенің де өмір екеніне мән бере бермейді. Олай болса, өмір сияқты өлең де кейде мозайика сияқты құрастырылады. Тек сол құрастыруда үндестік болсын, сендіре алатын қуат болсын деңіз. Мәселен ол: «Менің жырым – сонау ерте көктемде қасат қарды теуіп шыққан бәйшешек» дейді. «Қасат қарды теуіп шыққан бәйшешекті сіздің, әрине, қабылдамауға толық хақыңыз бар. Ал мен осы образды қабылдадым. Көрінбейтін процесс болса да, көріп тұрғандаймын. Тағы да Нұржан «Алматының бетіне ала плакат жабысып» тұрғанын көріпті. Мұны енді қабылдамасаңыз да қабылдайсыз! Нұржан шығармашылығы туралы пікір жазған Бекжан Әшірбаев: «Жаңа, тың теңеулер, үйреншікті емес лексикаға ұмтылу, оқыс метафоралар жасау, шарттылықтан жалт бұрылып кету Нұржан поэзиясында аз кездеспейді» депті. Мен бұл пікірге әбден қосылам.

«СОРДАН БАҚЫТ ТАРТЫП АЛДЫМ БІР СӘТТІК»

Менің алдымда шығармашылығын өзім қадағалап жүретін ақындардың бірі Батырболат Айболатұлының «Мен ғашық қыз» атты бір жапырақ қана жыр кітабы жатыр. Әдебиетке ол ертерек келсе де, кітабы тек 1996 жылы ғана жарық көріпті. Содан бері он бір – он екі жыл өткен. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұл топтама мақалаларымда алтынкөпірліктердің тым сараң жазатындарын айтып өткем. Бірақ бұл сөзді тек біржақты түсінуге болмайды. Сараң жазады дегенде олар қаламдарын мүлде суытып қойған деген ұғым тумау керек. Сөз жоқ, олардың қай-қайсысында дәл қазір ең құрығанда бір-бір жыр жинақтары дайын екендіктері сөзсіз. Алайда оларға деген министрлік тарапынан да, баспалар тарапынан да тиісті ықылас пен қамқорлық жетпей жатыр ғой деп ойлаймын. Пышақтың қырындай ғана сол жинақтағы алғашқы өлеңдердің бірі «Өз әлемім бар менің» деп аталады. Сол өлеңінде ол: «Жаңа жырды шырақ етіп кіремін пенделікті босағада қалдырып» дейді. Ал ақынның ішкі әлемі деген мына қапылысы да, қақтығысы да жетерлік, мұңы мен қуанышы салаласып-сабақтасып, бірде қатар өріліп, енді бірде тарқатылып жатқан, дүркіреген дүрмегі де көп, шешімі табылмай жатқан күрмеуі де көп дүние ғой. Ондай әлемге ендеп кіріп, ондағы болып жатқан қым-қуыт оқиғалар мен алыс-жұлыс арпалыстарға кесім айтып, шешім шығару үшін сен, ең алдымен, өз басындағы күнкөріс қамын ғана ойлайтын күйбең-күйбең мінезден, бейшара пендешіліктен арылып алуың керек. Тек сонда ғана сен өзіңнің ең бір жауапты аймағыңа кіре аласың... Ақын, міне енді, өзінің ішкі әлемін қарастырып отыр.

Күз сыпырып кетті ішімді
Үздім ойдан жапырақ-мұң.
Тоғышарлау, тоқ пішінді
Ақымаққа – ақымақпын.

Көңіл қалды пенделіктен
Әлім бітті – зая күндер.
Таппай келем сенделіп мен
Сезімімді қоятын жер.

Ақын жаны да мына өмірдің өзі сияқты алай-дүлей, ығы-жығы, сапырылыс. Тіпті онда сезіміңе де орын жоқ. Өмірдің өзіндей алай-дүлей болып жатқан өз әлеміне үңілген ақын, әдетте, сол алай-дүлей дүниені реттеп немесе «жуасытып» тастау үшін үңілмейді, соның ішінен керегін тауып, қажетін «өндіріп» алу үшін, оны рухани игілікке айналдыру үшін үңіледі.

Өкінбеймін! – Жанды жырмен жұмсарттым,
Аш көңілді абаданға құрсақ қып:
Көкке қарап ұлып тұрып қасқайып
Сордан бақыт тартып алдым бір сәттік.

Кейде ақын дәл осындай өжет, долы болуға тиіс. Жақсылықтан әркім-ақ бақыт таба алады. Мықты болсаң, тіпті бір сәттік болса да, сордан бақыт тартып ал! Міне, қайрат! Міне, рухани қуат. Адамның намысын жанып, жігерін қайрайтын жолдар осындай болса керек еді. Әрине, «сордан бақыт тартып алатын» ақынның өзі де кілең маңдайы жарқырап, жалы күдірейіп, мерейі өсіп, мәртебесі биіктеп жеңіске жете бермейді. Оның да жабығып жасып қалатын, соққыға жығылып, тауаны қайтатын тұстары аз болмаса керек. Ал ондай кезде ақын күйі қандай болмақ?

Рухымды дертке шалдырдым
Кәсіпкерлікке обалы.
Тәнімді жерге қалдырдым...
... Жұлдызым жоғары.

«Рухы дертке шалдығып» ақыры тәнін жерге қалдырып бақилыққа кетсе де, бәрібір өршелене өжеттік танытып «жұлдызым жоғары» деп тұр. Бірақ оның қаншама өршеленіп, қаншама өжеттік керсетсе де айналада болып жатқан алақұйын, аласапыран тіршіліктен қажып шаршамауы мүмкін емес. Бұл – бәріміздің басымыздан өтетін жайт. Ондай сәттерде тұмандай тұнжырап, итсілікпең шығып қалжырап қалатының хақ. Сондай бір сәтті Батырболат әдемі-ақ айтқан.

Бір түнімнен ұйқым қашты,
Бір түнімнен күлкім қашты...
Баянсыздау сезімдердің
Байсал ойым

жұртын басты.
Бетке жамап жасаң әрді,
Көңілімнің шашы ағарды...
Көзден қызық бұл-бұл ұшты,

Көрген қызық тасаланды.
Жеңді білем тұрмыс мені
Жұрттың, қырттың түрлі істері...
Жеріп, тойып,

ойдан мүлгіп
Қартқа айналдым жиырма үштегі...
Бір түнімнен ұйқым қашты...
Бір күнімнен күлкім қашты...

Небір кісәпірліктер мен мүсәпірліктерді көре-көре жиырма үш жасында-ақ қартқа айналған Батырболатты ғана емес, сондай сәттердің талайын басынан өткізген көзі ашық, көңілі ояу барша есті қауымды аяйсың! Өзінің ішкі әлемінде болып жатқан сан сапырылыстар мен сан қапылыстарды, беріш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерін ақтарып сөйлей алатын Батырболат, бәрібір, ең алдымен лирик. Лирик болғанда да, төгіліп тұрған лирик. Махаббат лиригі. Оны «Жұматайдың інісімін өлеңде сіңілісіне өле ғашық Ләйлінің» деп өзі де мойындайды. Ол әрине,

Қылығы бала сықылдым,
Қытығым жеңіп ұтылдым:
Жанарымды ұрлап жұтындық,
Тамағым құрғап, жұтындым,

Қылығы бала сықылдым... – деп тандайына кәмпит салып тамсанып тұрған бұл өлең, одан гөрі тереңірек, одан гөрі әлдеқайда қуатты естілетін «Махаббатын мәшһүрлейтін мұнара біткен күні басы алынар шебердей» деген басқа бір өлең жолдарына ауысады. Бәріміз де махаббат туралы жазғанбыз, бірақ көбіміз барша әлемге паш ету үшін махаббат мұнарасын салып ап, басын семсер астына тосатын шебердей хал кештік деп айта қоюымыз екіталай-ау, екіталай. Сонда ақын ғашық болған қыз, Құдай-ау, қандай болғаны?! Ай десе аузы, күн десе көзі бар, көркімен көңіліңді де, көзіңді де арбап тұратын сиқыр перінің қызы ма, жоқ, әлде, көктен ғана көлбеңдеп көрінетін періште ме?! Енді жүзімізді соған бұрайықшы.

Мына жалған – жалған екен, тым жалған!..
Бейбақ басқа берген болды-ау мұңды арман.
Мен сүйген қыз сыймайды екен жалғанға, –

Немесе оған лайық емес бұл жалған! – деп біз күткендегіден де асыра мақтап, марапаттап

алады да:
Осы болса өміріңнің сияғы,
«Өлең емес, өксік» десем сияды.
Түкірдім мен сол бейнеден басқаға

Жетпейтіндей еш пенденің қиялы!..»

Ал, әйтпесе! Сүйсе, Мәжнүн ғана осылай сүйген шығар-ау! Бірақ ақын өзегін суырып берердей боп өліп-өшіп сүйген сол жанның қасына баруға жасқанады, батылы жетпейді. Тағы да ақынның оқырманды әрі-сәрі ғып, не айтарыңды білмей ал-дал етіп қоятын бір қызық тұсы, ол өзінің ғашық қызын өзіне де қимайды! Түсініп отырсыз ба, өзіне де қимайды!

Құдай куә, қол созуға жасқанам...
Сен өйткені ерекшесің басқадан!
Өзіме де қимаған соң, қорқамын
Қадіріңе жетпей ме деп басқа адам.

Сүттен де аппақ, ауадан да жеңілсің...
Сұқтанғандар бағаңды ұқпас сенің шын.
Нәзіктен де, нәзігім-ау, менің сол
Олар сенің қадіріңді не білсін?!

Талшыбығым, таң шығындай
тұнығым,
Сәби сынды сүп-сүйкімді қылығың.
Өміріне жүрегімнің жүгініп,

Тәңіріме айналдырды ұғымым.
Атыңды мен аяттайын жаттадым,
Көз моншағым, кәусар ауам, ақ таңым.
Гүл қауызды ерініңнен әдемі

Қиялымда өбуге де батпадым...
Бақиға хас бақытыма мас болам,
Сен ерекше жаралған соң басқадан...
Өзіме де қимаған соң, қорқамын

Қадіріне жетпейді-ау деп басқа адам.

Сүйгенін «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегі таңғы шықтай таза, ақ бұлттай аппақ болса керек. Ал ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесіз аңқылдап айтылатын, кінәратсыз талай-талай сыр мен гәп тыңдай береріміз сөзсіз.

«КӨҢІЛДІ МҰҢМЕН КӨКТЕППІН»

Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейін көл-көсір мол сағынышқа Әлібек Шегебай өлеңдері арқылы кездестім. Әрине, екеуінің сағыныш тамыры бір болғанымен орындалуы, адам жанына әсер етуі екі түрлі. Төлеген сағынышы тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскеніндей дүбірлі, дүрмекті, қуатты сағыныш болса, Әлібек сағынышы егіліп тұрып, есіліп айтылатын мұңлы сағыныш. Бірақ мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнеріп, қалың қорысқа кіргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердің сары ала белдері мен ақ адырларын, баталарын беріп жататын аталарын аңсайтын, тілеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын іздейтін, сөйтіп сенің жаныңда да өз ауылыңа деген үлбіреп тұрған аңсар сезімді оятып, жүрегінің дәл басынан өсіп шыққан шидей жіп-жіңішке үміт сабағына шырақ іліп кететін нәзік сағыныш.

Сабырым қанша дем берді
Әлі де талай шыдармын.
Сағыну үшін сендерді
Алыстап кеткен шығармын, –

дейді. Бұл, әрине, ауылдан алыстап кеткені үшін ақталу емес. Бұл, ең алдымен, өзінің де, өзгелердің де көңілін аулап, жұбату. Әсілі, сағыныш деген де дерт. Ол дерт сенің ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды әбден меңдеп алған кезде ес-түстен айрылғандай боп мәңгіріп қалар сәттерің аз болмаса керек. Ондай халді Әлібек мына төменгі жолдармен әдемі жеткізе білген.

Соққылап жүректегі тасқын ағын,
Көлдетті көңілімнің жас құрағын,
Менде бір түрі жаман ауру бар
Осылай анда-санда асқынатын.

Әрине, Әлібек өлеңдеріндегі туған жерге, туған ауылға деген сағынышты тек аңсаудан, аңсар сезімнен ғана туған сағыныш десек, қатты қателесеміз. Оның өлеңдеріндегі мұң – ақ дәкедей жұп-жұқа шарбы бұлт астынан, немесе ауада жеп-жеңіл буалдыр ішінен сүзіліп түсіп, нұрын себезгілеп құятын күн сәулесіндей жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайымы бар мұң. Өйткені күні кеше ғана мына заманның қабағынан қар жауып, дүниені алағай да бұлағай етіп әуре-сарсаңға түсірген қатал кезеңде тәлкекке түскен туған ауылының тағдырына, мүшкіл халіне бейтарап қарай алмайды.

Ағаштар тұр тыр жалаңаш тоналған,
Өткен күзді енді қалай сөгерсің.
Қырман қаш-а-а-н бұл ауылдан жоғалған
Итаяққа көз тігеді көгершін.

Ақ ниеттің символындай көрінетін көгершіннің өзі итаяққа телмеңдеп көз тіккен соң-ақ бұл ақынның ауыр халін бүкіл болмыс-бітіміңізбен ұғарыңыз хақ. Туған ауылының жыртық шекпен кигендей жадау, жағы суалып, білегі талып қалған жүдеу кескінін көрген ақын жаны жабығып, ойы онға, санасы санға кетіп, сергелдеңге түсері сөзсіз.

Қайран күндер, қайтейін, көп сенделген,
Көп сенделдім көңілге көп сенгеннен.
Жалғыздықты көзіме шұқығандай
Топ шымшықтар ұшады топ шеңгелден.

Топ шымшықтар ұшады
жазбай жұбын,
Майшамдағы білтедей маздайды күн.
Азаптады-ау бұлар да жан-жарамды

Азапталған аяусыз аздай мұңым.
Жетегінде қиялдың жүрек самғап,
Арманыма жетуге жүрем сан қап.
Алсам деп ем аунап бір төскейіне

Бұл даланың шөбі де кілең жантақ.
Жыр жұтатып жүректің шоғыменен
Шыққан ақын бұл жерден соңы мен ем.
Топ боп ұшқан шымшықтар,

Топ шеңгелден
Топ жыңғылға қонады тобыменен.
Ақын болып не таптым соныменен?!

«Топ боп ұшқан шымшықтардың топ шеңгелден топ жыңғылға қона-тыны» ана жерден де, мына жерден де не барақат, не байыз таппай сансырап сандалған ақын жанының бейнелі көріністері ғой. Тұралап жатқан ауылының бүгінгі халін көріп көңілі құлазыған қалалық ақынның күні күн емес. Заманның екі өкпесі қысылып, жан-жағының қуырылып, қысылып бара жатқаны мынау. Уақыт салмағы да екі иінінен басып, жаншып барады. Ақын жаны да ауыл сияқты әрі жадау, әрі жүдеу. Ауыл да, қала да әбден діңкелеп, қалжырап қалған. Ашқұрсақ. Ашқұрсақ жан– ашкөз. Сондай халді Әлібек тайға таңба басқандай етіп көрсете біліпті.

Кей кездері дөңбекшумен түнімді әр
Ұйықтай алмай өткіземін ұғыңдар.
Қайыршының алдындағы жиналған
Ақшаға да көзді тіккен күнім бар.

Бұл – күні кеше ғана тек ақын басынан ғана өткен жай-жағдай емес, бұл – сол кездегі заман кескіні, уақыт портреті. Көз алдында жүндей түтіліп, бордай үгітіліп тозып бара жатқан мына заманның кейпін көре-көре, жан-тәнімен сезе-сезе «өмірі сары уайымға айналған» ақынның

Бәрі бар, таңым да бар, көлім де бар,
Бұлт сүзген шыңым да бар, шөлім де бар.
Өң мен түстің арасын өмір дейді,
Өң мен түстің арасы өлім болар, –

дегеніне еріксіз иланасыз. Ондай кезде ақынның «өл-е-е-ең деп ем айқайлап, мең-зең дала қайталады өл-е-е-ем деп жаңғырығып» дегеніне де сенесіз. Әрине, Әлібек, ең алдымен жас. Тіпті жастық шағы, жастық дәурені әлгіндей әуре мен сарсаңға, сананы сандалтып, сезімін сергелдеңге түсірген уақытқа тап келсе де, Абайша айтқанда: «Махаббат қызық мол жылдарын» талақ етуі мүмкін емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегі қанша езіліп тұрса да оны селт еткізіп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдіретті күшке еріксіз мойынсынбауға оның әдді жоқ.

Күндерім сырғып әттеңмен,
Көңілді мұңмен көктеппін, –
дей тұра, сол бір қызды көрген кезде ол:
Өзіңді көрген сәттен мен

Өмірге ғашық боп кеттім, – деп салады. Бейне бір жабыққан ақын жанында төңкеріс болғандай. Әбден жабығып тарыққан ақын сол бір аяулы жанды көргеннен-ақ басқаша қам-қарекетке кіріп, басқа кейіпке енеді. Әлібектің осы кезеңдерде жазған өлеңдерін оқып отырып, «әлемді сұлулық құтқарады» деген даналық сөзге еріксіз ден қоясыз.

Қасың қандай қиғаш еді,
Көрген көз де қимас еді.
Аллам өзі жібергендей
Жер бетіне сыйға сені.

Кірпік қандай қайырылған
Бір талына қайың құрбан.
Жігітті енді түсіндім мен
Жүрегінен айырылған.

Шашың қандай тарқатылған,
Шолпан ба едің таңда туған.
Талай жандар жүр-ау жерде
Өзіңді ойлап таңды атырған.

Бітім қандай, күтім қандай
Көз де сенен ұтылғандай.
Шаршап тұрған шалдың өзі
Шарасыздан жұтынғандай.

Алқым қандай, алтындалған,
Алтыныңмен жарқылдар маң.
Сендей қызды туа білген
Жоқ та шығар халқымда арман.

Міне, бұл сұлулыққа ода. Әрине, арудың қасы мен көзін, кірпігі мен шашын Әлібекке дейін де талай-талай ақындар таң-тамаша болып тамылжытып жырлаған. Ол өлеңдерден бұл өлеңді бөлек етіп көрсетіп тұрған соңғы екі жол: «Сендей қызды туа білген жоқ та шығар халқымда арман!» Халық тудырған сұлулыққа қандай сұлулық тең келмек. Ал ондай сұлулыққа ғашық жанның хал-күйі қандай болмақ. Әрине, беймаза күй кешпек.

Намыссыз деп санама,
Момынға да балама.
Аймен бірге тентіреп
Күтіп жүрмін далада, –

дейді. Ондай сұлулыққа ғашық жан, тентіресе де Аймен бірге тентірейді. Бұл – махаббат ірілігі! Қалай болғанда да, адам жаны қатпар-қатпар, сан салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бір әлем ғой. Бүгін опырылып, опынып қалсаң, ертең жадырап қайта сілкінесің. Бүгін қуанышқа кенеліп құлпырып тұрсаң, күні ертең итсілікпең шығып шаршап-шалдығып, бейшара халге түсесің. Сондай бір сәтте ақын:

Өлімді келеді екен өмір айтып,
Жалған-ай! Білмегенбіз соны қайтіп.
Жоқтау айтып жылаған сезіміме
Келіп тұр қайғы мен мұң көңіл айтып.

Құдай-ау, басқа емес, қайғы мен мұңның өзі көңіл айтып келетін ол неткен ұлы қасірет. Ондай қасіреттің аумағы теңіздей көлемді, ондай қасіреттің салмағы таудай ауыр болу керек қой! Мұндай сөзді тек «жаны тәнін жылатып, тәні жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Айнала қараса, өзін қойшы, бәрінен бұрын, жанына бататыны, әлдекімдер елі мен жеріне бәлесін үйіп-төгіп, жаланың қара күйесін жағып, ту-талақай етіп тоздырғысы кеп, бүлік кіргізіп бұзғысы кеп жатыр. Бұдан өткен қасірет болар ма?! Әсілі, адам баласы, мына өмірдің қысастығын көріп опынып,мына өмірдің кісәпірлігін көріп өкініп «әттең-ай» деп бармақ шайнаумен өтсе керек.

Әттең-ай, әттең, әттеңім,
Әттеңім неткен көп менің.
Күліп келгенмен көктемім,
Жылап барады өткенім.

Түк көрмеген боп тұр күнім.
Жасатып жерге құлдығын.
Тәп-тәтті еді-ау тірлігім,
У қосып кетті кім бүгін?

Жанымды жейді кей-кейде
Күткенің тура келмей де.
Тірлікте мынау байқасаң
Адамның бәрі шынында

Гөй-гөйлеп жүріп өлмей ме?!
Әттең-ай, әттең, әттең-ай!
Дәл солай деп біз де бұл өлеңнің соңына жамыраса қол қоямыз.

«ЗАРЫҢДЫ АЙТЫП КӨККЕ ҰШАДЫ ТЫРНАЛАР»

«Көкемарал – тамыр қошы аңқыған иірдейін иелі, киік-отындай киелі дәру шөп. Үйірін жауға бермейтін кербез де кесек кер бұғылар жыртшықтардан жазатайым жарақат ала қалса, көкемарал дәруіне аунап-қунап сақаяды. Кералаң замандардың талайын бастан өткеріп, енді-енді ғана еркін тыныстай бастаған Еліміздің де Жан жарасы мен Тән жарасы жетерлік, Менің «Көкемаралым» соған шипа болса екен» депті Бақыт Беделханұлы өзінің жыр жинағы жайында. Сөз жоқ, ықылас толы ізгі ниет. Қаншама ғасырлар бойы зорлық пен зомбылықтың өзегіне қорғасын құйылған тоқпақтай жуан дойырының астынан, босағасында бұралқы иттей сүмеңдетіп қойған кемсіту мен қорлаудың тепкісінен, жыртқыш, қорқау азулылардың аяусыз талауынан өліп-талып, қансырап зорға құтылған байғұс халқымыздың, несін айтасыз, тағдыры да, жаны да, жұлым-жұлым, жара-жара. Оны емдеу үшін халқым деп қамыға білетін қайсымыз да дәру табуға, шипа іздеуге міндеттіміз. Кезінде абыз ағамыз Әбіш Кекілбаевтың дуалы аузымен үні де, уілі де ешкімге ұқсамайтындығынан, айрықша тосындығынан «біртүрлі ақын» атанып кеткен Тыныштықбек Әбдікәкімұлы осы жинаққа жазған алғысөзінде былай тебіреніпті: «Түпкі Жаратушыны да байырғы бабалар дәстүрімен «Жұпар іие » (Жұпар Алла) айтатын Бақыттың «Көкемаралының» іші толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлеңсөз! Біреуі оның шашыратқыдай ащы, екіншісі – қызамықтай жасыл, үшіншісі – барқытшөптей бояуға бай, төртіншісі – қызанақтай әтір иісті, бесіншісі – бес саусақтай тәтті, алтыншысы – қарғакөздей бек уытты, жетіншісі – кәдімгі ... гу-гу гүлдеу үстінде! Қалай десек те, соның бәрі, өз уағында, өз кезегінде, қазіргі мына жатбауыр қоғамнан да өгейлікті көп көріп өксіп жүрген өзектерге, автордың өзі тілегендей, өзінше ем болып қонады деп ойлаймын» деп әдемі тілек айтыпты. Көкемарал шөбі неге соншалықты дәрулі, неге соншалықты шипалы? Ең алдымен, ол өсіп тұрған топырақ – қасиетті топырақ. Өйткені ол топырақты аралап мына халықтың «сан ғасырлық қаны жүр». Яғни, көкемаралдың бойына да ғасырлар бойы төгілген қанның ыстығы мен қуаты сіңген. Ол қан ыстығы мен қан қуаты дәру мен шипаға айналған. Сонымен бірге, туған жердің топырақ, тас, шөбіне дейін ақынмен тамырлас. Тіпті тағдырлас. Мен осы алтынкөпірліктердің шығармаларын оқып отырып бір сүйсінгенім, тамырларын да, тағдырларын да өткеннен іздейтіндері болды. Бейне бір олар өткенсіз өмір сүре алмайтындай. Яғни, олар өткенің тұлдыр болса, ертеңің бұлдыр деп біледі. Олардың өлеңдеріндегі өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің тізе қосып бірге өмір сүріп жататыны қандай жарасымды. Тіпті Бақыт Беделханұлы өткенге бүгіннің көзімен ғана қарап қоймайды, өткеннің көзімен бүгінге де қарай алады. Күні кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есік-терезелері үңірейіп қалған ауылға кімдер қарап тұр дейсіз ғой.

Күйкі тірлікпен мүжілген аядай ғана
Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, әне...

Біз, әдетте, бүгінсіз өткен де, ертең де жоқ деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгін мен ертеңсіз өмір сүре алмайды екен. Өткен де кілең бір өлі төмпешіктерден тұрмайды екен. Ол да тірі әлем екен. Ол да бізге, бүгін мен ертеңге алаң екен. Бүгін түгілі, өткеннің бізге алаң көңілін аңғара білген сергек ақын бұл жалған дүниенің түп-тамырын кеміріп, ішінен үңгіп, етін езіп, сүйегін үгіп бара жатқан не бір әлеуметтік зардаптарды көріп қапаланып, налып сөйлейді. Не нәрсеге де әрірек, тереңірек қарауға шақырады. Әрине, ұран тастамайды. Атамзаманнан бері келе жатқан әрі қадірлі, әрі кәделі сөздің байыбына баруға, байламын аңғаруға, түпкі түйінін ұстауға шақырады. Ондай кезде Бақыт үшін тақырып болуға халықтың «қарға тамырлы қазақпыз» деген дана тіркесі жетіп жатыр.

Қарғаның жарық дүниесі-ай,
Айналасы түгел аппақ пар.
Алақұстың айтқан әңгімесі-ай,
Тақылдап тұрған тақпақтар.

Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да,
Қарға тамырлы қазақ-ау!
Әлде бір құстай зарламай таңға
«Қарқ» еткен үні ғажап-ау, –

деп сүйсінеді. Құдай-ау, әдетте, біз үшін қарғадан өткен сұмпайы, қарғадан өткен жексұрын құс бар ма еді?! Бұл ұғым – заңдылыққа айналған ұғым еді ғой. Қазақтың қарға тамырына құрт түсе бастағанда ол ұғымымыздың да тас-талқаны шығады. Біреуі олай, біреуі былай қарап бара жатқан қалың қазақ баласы тамырына қайта бір қайырылып қарағанын қалайды.

Жалына тақтың жармасып өлген,
Көкесі,
қарғаны жазғыра көрмеші!
Қарға тамырлы қазақпыз ғой

Үмітімді үшке бөлмеші.

Тас керең боп қалғыр құлағымыз талай-талай есітіп, ағып түскір көзіміз талай-талай көріп жүргендей қазір көп-көп азаматтарымыздың бойын кесапатты кеселге, ойын жазылмас дертке шалдықтырып бара жатқан рушылдық пен жүзшілдікті Бақыт та аз көрмегендей. Соларға ол «үмітімді үшке бөлмеші» деп ызалана жалбарынады. Жалпы, Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тіліп түсетін өлең жолдарының жылан бауыр бишігін сілтей алатын ызалы ақын. Туа бітті табиғаты солай ма, жоқ, әлде, мына өмірдегі аттаған сайын андағайлап шыға келетін келеңсіздіктер мен оспадарлықтарды көре-көре солай болған ба, білмедім. Көп ақын күйініп сөйлесе болды күйреп шыға келеді ғой, ал Бақыт олай емес, күйініп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзі шайнап, ызаға толып, өршеленіп, аласұрып кетеді екен.

Арман жолынан тайқып кетті.
Жалған жанымнан тартып кетті.
Қалған көңілім қамығып,
Ардан кебінін жамылып

Аппақ әлемге қайтып кетті.
Уақыт санамды қырқып кетті
Бақыт жағамды жыртып кетті.
Кімнен көрерін білмей,

Кімге сенерін білмей
Үміттерім үркіп кетті.
Адам да, қоғам да
бәрі әдемі ғой деп

Анау көкем
Неменені қыртып кетті?!

Мен осы жолдардан, дәл қазір, әбден ызаға бұлыққан жанның, бірақ басқа қылар амалы қалмай отыз екі тісін шақұр-шұқыр еткізіп қайрағанын естіп тұрғандаймын. Мен бұл жерде болмашы нәрсе үшін өн бойынан боран тұрғызып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін тұландай түтігіп шыға келетін бейшара пендешілік ашу мен ызаны айтып отырғам жоқ, халқының қамын ойлап булығатын азаматтық ашу мен ызаны айтып отырмын. Сондай адам ғана «тірімде – сірімін, өлгенде – тірімін» дей алса керек. Тағы да Беделханұлының ызасы – мұңды ыза. Мұңды ыза! Былайша тіршілікте бір-бірімен қабысып-табыспақ түгілі, мүлде жанаспайтын керағар ұғымдар ғой. Ақынның ақындығы сонда, кейде ол керағар ұғым-дарды да қабыстырып, табыстырып жібере алады. Сондықтан да оған «мұңдымын, кейде, жындылығыммен құндымын» деген сөздерді де сол табиғи болмысы айтқызып тұр. Кейде Бақыттың да аласұрған ашу-ызасын ақылға жеңдіріп, барақат тауып аялдап, салиқалыққа бой алдырып, сабырмен сөйлер тұстары болады. Ондайда ол:

Ол жақтағы өлерменің
Өмір сынды қияли.
Оу, ақыным, бөгелмегін
Қаламыңа сия құй.

Қақтап сауып қаныңды құй
Аппақ арың сөйлесін!
Ал, ол үшін жаныңды қи
Тоқтамасын ой-көшің.

...Қанбадың ба әлі ұйқыңа,
Алдыңда азап тұр бүкіл.
Тасқа айналған тағдырыңа
Тағдырыңмен тіл бітір.

Бірақ мұндай салиқалық пен сабырлылық бір сәттік қана хал. Айналада болып жатқан кісәпірліктер мен мүсәпірліктерді, зорлық пен зомбылықтарды көре тұрып, төбесінен жаңғақ шағып жатса да түк болмағандай, етегі егіс, жағасы жайлау боп отыра беретін, тіпті, тойдан-той өткізіп жататын мына қалың қауымды көріп назаланған ақын қайтадан қыл шылбырдай ширатылып шиыршық атып шыға келеді.

Ұлыңды құрбан шалып,
Күңіңді думан салып
Көргенім үшін,
Күн үшін тілді сатып

Біріне-бірін шатып
...Келгенің үшін, –

дейді ол аузымен от бүркіп жібергендей. Енді ол олай сөйлемей қалай сөйлесін. Қарап тұрса, халқының мұңы мың батпан, халқының зары мың қатпар.

Пенделікке қарамайтын пысқырып,
Сұр заманға қайтеді ақын сұс қылып.
Өз кеудесі, өз бөлмесі – кең сарай,
Табанында қоғам жатыр ысқырып.

Арасында жанның зары тыңдалар...
Тау басында мұнарланып мұң қалар.
Мұңыңды айтып жерге сіңер жылғалар,
Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар.

Бұл қатыгез дүлей дүние енді тырналар үнімен аспаннан айтылар ол мұң мен зарды естір ме екен?! Әй, қайдам-ау...

«УЛАҒАН САЙЫН ЖАНАРЫҢ ҰЛЫ АҚЫН БОЛЫП БАРАМЫН»

Дәурен Берікқожаұлының 1996 жылы жарық көрген жыр жинағы қолға түспеді. Қолға тигені – биттің қабығындай ғана соңғы жинағы. Содан да мен Дәуреннің толық мүмкіндігін қамтып сөйлей алмайтын сияқтымын. Бірақ оның ақын екендігі анық. Бұл сөзімізге осы жинақтың алғашқы бетін ашып қалғанда-ақ, жанып тұрған пештің ауызын ашып қалған кездегі жалын қызуындай лап ете түсетін екпінді леп куә.

Есіре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған елге егесіп,
Егізің болып кетіп ем...

Бөлтірік елім шығарып
Бөрілігін есінен
Қанымды менің қарайтса
Қан майдан шығар, несібем!

Осындай құрыштай берік, арқар мүйізді, атан жілікті сөздер жонын күдірейтіп алдыңнан анталап шыға келген кезде, оны ақын емес деуге кім-кімнің де әдді бара қоймас. Әсілі, өлеңнің өлеңдігі, ең алдымен, өзегіне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай білтесі бықсып өлеусіреген өлеңнен, тіпті образы бар, теңеуі орнында, ұйқасы мінсіз бола тұра, бірақ рухы жоқ болса, яғни қайратсыз болса, не үміт, не қайыр. Өлеңнің жан бітіретін тамыры – рух. Оны Дәуреннің «Найзақарамен тілдесуінен» де танып-білуге болады.

Ей, ажары талақ – көкбет шың!
Намысты туған нар қайда?
Өртенбей жатып өкпек мұң,
Өкіртіп бізді алмай ма?!

Маңдайда не тұр, маңдайда.
Еңсесі биік ер біткен
Айылын тартса болмай ма?!
Аруағы биік қай-қайда –

Абылайдай Ар қайда?
Наурызбайдай нар қайда?
Алаңсыз, арсыз айқайға
Шаңқ етпей шерім тарқай ма?!

Ей, қатулы қабақ – найза шың!

Дауылды күнгі арқырап, шулап көтерілетін теңіз толқындарындай жал-жал боп көтерілген сөздердің орамдары сенің жүзіңе дым бүркіп, су сілкіп жібергендей сен де тіктеніп, ширығып бара жатасың. Тағы да оның асқақтығын, ірілігін айтсаңшы. «Ей, ажары талақ – көкбет шың» деп тұр ғой. Ақын бейне бір найзақара шыңнан да биікте тұрып сөйлеп тұрғандай. Өзегінде оты бар ақын, кезегінде ешкімге де есесін жібермейді. Айтатынын айтып қалады. Ондай ақынның тақырыбы да, қадап сөйлер нүктесі де әйтеуір бір қауқар-салмағы жоқ кәкір-шүкір, ұсақ-түйек болмаса керек. Кеше ғана Найзақарамен кеудесін керіп сөйлесіп тұрған ақын, бүгін енді неге төменшіктей қалсын. Енді ол өр Алматымен тіл қатысып тұр. Әрине, Алматыға кіру де, оған сіңу де оңай емес. Ол орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшін үлкен күш керек, қайтпас жі-гер керек. Әлбетте, Алматыға етігіңнің жыртығынан шұлғауыңды сүйретіп, сүмелектеніп сүмірейіп кіруіңе де болады. Солай кірдің бе, онда сен сол сүмелек қалпыңда қалдым дей бер. Сен Алматыдан өз орныңды сүйменмен мұз ойғандай ойып тұрып алмағаннан кейін, бәрі бекер. Сондықтан да ол Алматы табалдырығын атой сап аттайды.

Ханың бар ма әділетті?!
Бар датым!
Мен болайын ең ақырғы
Зарлы ақын.

Өз еміңе жарап қалар
Ұлыңды
Өзегіне теппеші енді,
Алматым!

Тағы да ол Алматыға жүк артайын деп, салмақ салайын деп немесе бәл сініп, бұлданып келіп тұрған жоқ. Дертті Алматыны емдейін деп келіп тұр. Бұл – азаматтық ірілік! Жалпы, Дәурен кесек турап, ірі сөйлейтін ақын. Жан-жүрегі ірілікті қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тіршілік, жалған өмір-дің қыбыр-жыбырын көру ауырдың- ауыры. Сондықтан да ол:

Тәмәм болып сал-серілеу ғұмырым,
Арғы бетте адасады ақыл да.
Жер бетінде жәндіктердің жыбырын
Көру қандай қиын еді ақынға! –

деп, басқа емес, тура Тәңірінің өзіне шағынады. Бұл өлең одан әрі өрби кеп:
Менің бейнем өміріңізде бар күні
Маған бекер жымиясыз, Тәңір, сіз.
Қаралы күн ақындардың барлығы

Қара жерге жерленеді қабірсіз!

Міне, тосындық! Әрі кермек демімен кеудеңді қақ жарып жіберердей ащы шындық. Халқының басынан өткен немесе күнделікті болып жатқан небір нәубеттер мен толайым тауқымет терді көріп жүрген ақын біткеннің бәрі күн сайын, сәт сайын жер тоқпақтап опынып, күнде бір өліп, қара жерге қабірсіз жерленіп жатқан жоқ па?! Соны дөп басқан, дәл айтқан. Өрттей өкінішке орап, дерттей күйінішке буып тұрып айтқан. Дәурен өлеңдерін оқып отырып, тағы бір ұққаным, ол өлеңді тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дәрі мен дәруім деп емес, керек кезінде айналаға айбар көрсетіп тұла бойына тағынып алатын қару-жарағым деп біледі.

Жалғыз өзім қап, жабырқап тұрмын...
Қайдасың, менің өлеңім?
Бәріңе бүгін таңырқап тұрмын...
Қайдасың, менің өлеңім?

Елдерге тағы егесіп тұрмын...
Қайдасың, менің өлеңім?
Ертөстіктермен кеңесіп тұрмын...
Қайдасың, менің өлеңім?

Өлеңді қару-жарақ етіп мұздай құрсанып алған мұндай ақын кім-кімге де есесін жібере қоймас. Биік азаматтық ірілікпен сөйлей алатын Дәуреннің көп өлеңдері махаб-бат тақырыбына арналыпты. Бірақ ол нәзік сол тақырыпта да ірі сөйлеуден бір танбайды-ау, бір танбайды.

Тулаған сайын анарың
Бұла түн болып қарадым.
Улаған сайын жанарың
Ұлы ақын болып барамын.

Қыз алдында қысылып-қымтырылу, инабаттық көрсету деген болмас па?! Жоқ, қайта бұрынғыдан да қайраттанып «ұлы ақынға» айналып бара жатады. Әрине, махаббат болған соң, оның айналасында шыбындай құжынаған гу-гу сөз де еріні-ерініне жұқпайтын сымпылдаған өсек те көп болуы мүмкін. Ондай кезде де Дәурен өз мінезіне әбден берік. Әлгіндей пасық, бықсық сөздердің ешқайсысына пысқырып та қарамайды. Ондай сөздердің бәріне қолын бір-ақ сілтейді.

Өсек болып,
Төсек болып керегі,
Мейлі, жағы талғанынша толғасын.
Бұл ел солай «аңыз» айта береді,

Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.
Ақын тәкаппар. Ақын биікте тұр.

«ТАМҰҚТАМЫН КҮНДІЗ, ТАБЫТТАМЫН ТҮНДЕ»

Мен жоғарыда жазған сөздерімнің бірінде жас ақындардың өлеңдері туралы осы уақытқа дейін пікірлер жоқтың қасы, олардың шығармашылығы мүлде дерлік насихатталмайды дегендей сөз айтқан едім. Әрине, мен бұл пікірді жастар шығармашылығына деген бұқаралық ақпарат құралдарының қатысынан шығарып айтқан болатынмын. Әрине, осылай екеніне ешқандай күмән болмаса керек. Дейтұрғанмен, олардың шығармалары мүлде ескерілмей, көңілден аулақ, көзден таса қалды деуге болмайды. Ара-тұра, ауызекі болсын, олардың шығармашылығы туралы әңгіме біржола суалып, тартылып қалған емес. Оның үстіне, ол ақындардың жыр жинақтарын ақтарып отырып оларға жазылған бірқатар алғысөздерді оқыдым. Ол алғысөздердің бәрі дерлік шын ниет, жақсы тілекпен жазылған алғысөздер. Мәселен, Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» атты жанағына өз басым аса қадір тұтатын үлкен көркемсөз шебері Мархабат Байғұтов «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөрісті өлеңдер» деген тақырыппен салмақты да, салиқалы алғысөз жазған екен. Мархабат өзінің Бақытжан інісінің шығармаларына жан-жақты тоқталып, терең талдау жасапты. Бағыт-бағдарын анықтап, бағасын беріпті. «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделікті күйбең тірлікте де, өзінің өзгеше өлең-дерінде де ішкі рухани еркіндігіне залал келтіргісі жоқ күйде қинала тіршілік кешеді. Халықтың, қазақы ұлттық көркемдік уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тіл, Алдиярлық діл – біз сөз етіп отырған ақынның айрықшалығы» – дейді Мархабат. Бұл орнықты пікірге Бақытжан өлеңдерін оқыған кім-кім де бір сөзге келмей келісетініне мен кепілдік бере алам. Әсіресе, маған осы пікірдің ішінде «ішкі рухани еркіндік» деген тіркес қатты ұнайды. Ақынды ақын ететін ең басты қасиет – осы. Ішкі рухани еркіндігің жоқ па, анаған бір жалтақтап, мынаған екі жалтақтап өзінің қара басына өз билігі жүрмей өмір сүрдің бе, онда, әсілі, қолға қалам алмай-ақ қойған абзал. Шынында да, Бақытжан өлеңдерін оқып отырып оның ішкі рухани еркіндігіне тәнті болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ «Алла мені жаратарда маңдайыма өлең жазған бір шумақ» деп өзінің ия бағы, ия соры екені белгісіз парыз-борышты, рухани міндет-жауапкершілікті мойындаған ақын, ештеңеден де тайынбақ емес. Сөз жоқ, маңдайына өлең жазылған ақынның бұл өмірден көрер құқайы да, бұл тіршіліктен көрер тәшпіші де аз болмаса керек. Тіпті Алла тағала өлеңді де тек сондай жанның ғана маңдайына жазатын болар.

Иен дала, ерен дүз,
Иесі біз дегенбіз.
Алаң сүтін ішкенбіз,
Аю етін жегенбіз, –

деп желпініп жүрген ақынның күндердің-күнінде аңшы әкесі қансонардан қайтпай қалады. Сонан кейін-ақ қоңторғай тіршілік қана емес, иіні түскен жадау, иығы жамау, жүдеу тіршілік басталады. Бір кезде «қабыланмен қағысып, қанын жұттық қасқырдың» деп кеудесін керіп жүрген бала қабағы күреңітетін де тұратын сұрықсыз сұрқай өмірге тап келеді. Енді ол «пісте сатты шешеміз... пісірді ғой бізді өмір» дейтін болды. Бірақ ол жабығып жасып, қамығып арып қалмайды. Қайта кетілген үстіне жетіліп бара жатады.

Көлге-көзге жас тұнбай,
Кеудені өзге бастырмай
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.

Өлтірем деп өпремдеп келген тағдырдың болат тырнағынан қаймықпастан өршіл өжеттігін көрсетеді. Ондай жанға бұл өмірден өз орнын, орнын болғанда да, біреудің ығында немесе тасасында жүретін емес, қайта біреуге пана болатын, жердің шетінде, желдің өтінде жүретін орын белгілеп алу оңай емес. Сонда ғана Мархабат айтқандай «ішкі рухани еркіндікке» ие бола алмақсың. Ондай жанның тар қауызға, тар қауыз емес-ау, мына жалпақ дүниенің өзіне сия қоюы қиын. Ондай жанның өмірден алар еншісі – сергелдең өмір, сансыраған сана.

Жарытпастан жыр түлеп
Көзімді ашсам кіл түнек.
Әлеміңе сыймадым
Әр пәтерге бір түнеп.

Ақын өсті. Ақын ержетті. Енді ол өз қарақан басының қиындығын ғана емес, уақыт пен заман үстінен өтіп жатқан ауыртпалық өз басынан өтіп жатқан ауыртпалықтан да ауыр, зілмауыр екенін білді. Байқаса, мына қу өмір зымиян жүріс, сұрқия әрекетке де, жын-жыбыр, қыл-қыбырға да, құдай-ау, қаптап кеткен екен ғой.

Көнергеннің есте тұтпас көбін ел,
Көрем деген көзге бірақ көрінер, –
Жер үстінде – ыбырсыған тірілер,
Жер астында – ыңырсыған өлілер.

Неткен күйініш, неткен ашыну десеңізші?! Дүниенің қорқау құлқынын көре-көре жаны түршігіп шошынып, дүниенің сұмпайы сұрқын біле-біле жаны күйреп безінген жан ғана осылай сөйлесе керек. Мына күйкі тіршілікте өмір сүріп жатқан «ыбырсыған тірілерге» назалы болған «ыңырсыған өлілерді» жан-дүниесімен ұғып отырған ақын бұлай сөйлемей, енді қалай сөйлемек. Бұл өлең:

Бақ – иесіз, бап киесіз қалмақ па?
Ей, ағайын, әруағыңды ардақта!
... Арқа сүйеп темір қоршау шарбаққа
Айналарын түсінді ме әруаққа

Бір қария жылап тұрды аулақта, –
деп аяқталады.

Кімге қалай екенін қайдам, мен үшін айтар ойын ашып айтқан ақыннан гөрі, айтар ойын тұспалдап, астарлап айтқан ақын әлдеқайда жақын. Өйткені астарлы ой оқырманның өзін көбірек ойландырып, көбірек толғандырады. Қазақшалап айтқанда, оқырман үшін шайнап бергеннен гөрі, өзі шайнаған әлдеқайда дәмді, әлдеқайда құнарлы. Олай болса, темір шарбаққа сүйеніп жылап тұрған қарияның ішкі иіріміне көз салып көріңіз. Күні ертең ол қария да әруаққа айналмақ, яғни жер астында, дәлірек айтқанда, ыбырсыған тірілердің аяғының астында күңіреніп, ыңырсып жатпақ. Ол сол үшін жылайды. Міне, ақынның тұспалдап айтып отырған ойы. Еріксіз, сол қарияға деген, оның әруаққа айналатын фәнилік тағдырына деген күйінішті сезім сенің бүкіл алпыс екі тамырыңды құтырта қуалап есеңгіретіп, сансыратып жібергендей болады. Мына дүниеден осы сияқты місәпір құбылыстарды көп көрген ақын «тамұқтамын күндіз, табыттамын түнде» деуге әбден хақы бар. Бірақ ол еңсесін түсіріп, қысастықтың құрсауына қамалып, күйрей жығылып, орнынан тұра алмастай халге түсіп, опынып тұралап қал-майды. Ақын бәрібір әрекетте, бәрібір жолда. Өйткені өмірді бұрынғыдан да тани, бұрынғыдан да біле түсуі керек. Әрине, қатыгез заман мен қатыбас уақытпен келісу үшін де емес, кетісу үшін де емес. Күресу үшін! Жалпы, мықты ақын ешуақта да өзі өмір сүріп жатқан заманмен келіспек емес. Тек күреспек! Жеңілсе де күреспек! Сондықтан да ол жолда, сондықтан да ол әрекетте.

Асағандарға қасасып,
Қашағандарға төс ашып,
Көргісіз көрден қос асып,
Белгісіз белден бас асып,

Оралмас жерге жол алдым,
Бола алмас жерде боп алдым.
Моламның өттім жанынан
Оған да бір күн соғармын.

Енді оның моласының да жанына аядауға мұршасы жоқ. Бәрін білу керек, бәрін көру керек. Енді ол «нән өтірік – мінбеде, нағыз шындық – төменде» екенін ұғу үшін де, «ит жетектеп барады әлдебіреу, жетегінде біз жүрміз ит-өмірдің» деп апшу үшін де, «ішқұсалық зарпымен ішкен уы басқа екенін Абайдың» деп тереңірек үңілу үшін де өмір сүруі керек. Бақытжан өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің әрі салалас, әрі құрамдас екенін бүкіл болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сергек сезінетін ақын. Осы сөздеріміздің куәсі ретінде оның бір өлеңін сәл ұзақтау болса да тұтас келтіргім келіп тұр.

Бәз-баяғы келер күн мен өткен күн,
Таныс маған гүлі әнебір көктемнің.
Мен осыдан екі жүз жыл бұрын да
Жер бетінде өмір сүріп кеткенмін.

Мұным, сірә, боп көрінер, сірә, аңыз,
Сенбесеңіз табиғаттан сұраңыз.
Дәл осыдан екі ғасыр бұрын да
Маған өле ғашық болған мына қыз.

Ауық-ауық күрсінетін ана аспан,
Анау таулар көк аспанмен таласқан.
Баяғыда-ақ кейіпкер боп жырыма
Содан бері мәңгілікке жол ашқан.

Тау мен тасты өлең еткен сол ақын,
Бүгінде де әйгілеген жоқ атын.
Баяғыдай жұрт та...
Бірақ, ол кезде

Ездерінен ерлері көп болатын.
Тәңірінен тірілігін тілеген,
Жұрт сөзінен таппаған соң тірек, ем,
Күлтегіндей күллі жаһан білсін деп

Жартасқа ойып жазғам сосын бір өлең.
Сол өлеңнен әлі күнге жоқ дерек,
Көркем сөзді етпеген соң көп керек.
Жер бетінде жүріп-жүріп бір күні

Ғарыш жаққа кетіп қалғам өкпелеп.
Еді, мендегі мұңға ғашық
кәрі өлке,
Таңғалғыштау жүрегімді тағы өрте.

Үлгермеген жырларымды жалғасам
Деген едім, келдім білем сәл ерте.
Жұлдыздардың аржағынан жобалап
Уақытыңнан жаңылысқан жаман-ақ.

Талай жылдан таныс болған қара жер,
Тәнім саған аманат,
Қайтып келгенше...
Әттең, жадың берік болса, жаттап-ақ алатын өлең.

Бақытжанның көп өлеңдері махаббат тақырыбына арналыпты. Ол өлеңдерге біз бұл жолы аялдай алмадық. Бірақ ол өлеңдердегі тұнып тұрған сезімге бір сүңгіп шықтық. Бақытжанның ол махаббат әлемі бірде тып-тынық күндегі көлдей мөлдіреп, бірде құтырған дауылды күнгі құмдай бұрқырап, бірде сыңарынан айрылған аққудай сұңғағын созып сұңқылдап, бірде бұлттай көшіп, енді бірде арнасынан асып-тасыған өзендей сарқырап... жатқан әлем екен. Біз бұл мақалада оның тек өз ыңғайымыз бен өзіміздің оңтайлы тұсы-мызға келетін өлеңдеріне ғана тоқталдық.

«КҮРСІНУМЕН КҮН ӨТІП, ӨКІНУМЕН ӨТТІ ТҮН»

Айым туып солымнан
Адасайын жолымнан.
Жеті басты жалмауыз
Жетелесін қолымнан

Қу жиылсын қасыма,
У бұйырсын асыма!
Бұлдырықтай оқ жаусын
Жұдырықтай басыма.

Маңдай терім құрысып,
Самай терім тырысып! –
Жат жерінде жатайын
Өз-өзіммен ұрысып!

Тақтан тайсын тақымым,
Жатқа айналсын жақыным.
Өмірем қап өлеңім
Адыра қап ақылым!

Жүйкем жүндей бұрқыра,
Шыбын жаным шырқыра!
Итім өліп ішімде
Иісі шықсын сыртыма!

Отыз омыртқам үзіліп
Қырық қабырғам қақыра!
Ібілістің іліміне қызығып,
Кір тигізсем,

Тіл тигізсем
Ақын деген атыма! –
дейді тегеурінді талант иесі Алмас Темірбай.

Шіреп тартылып қозыжауырын жебе ұшырған адырнадай аңырап немесе атылар кездегі жыландай ширатыла бүктетіліп, шиыршық атып немесе тастақ жерде тұлпар тұяғындай дүбірлеп немесе тау домалаған тастардай сатырлап естілетін бұл өлең, сөз жоқ, кез-келген анатологияның райын кіргізіп, шырайын келтіретін, ажарын асыратын мықты-ақ өлең. Біз өз өмірімізде талай-талай серт те, талай-талай ант та естіп келе жатырмыз. Әсіресе, кейінгі кезде алтынмен аптап, күміспен күптеген ертегідей ғажайып орда-сарайларда кекірейіп кердеңдеген әлдекімдер пәпкісін жайып, көзілдірігін жөндеп халыққа қамқор болам, елге қызмет етем деп ант-су ішіп жатады. Бірақ олар берген анттарының үдесінен шыға алмайды. Олардан берген анттарыңның үдесінен неге шықпадыңдар деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Сөйтіп қасиетті ант сөзінің де құтын қашырып, қадірін ұшырып біткендей ек. Тағы да ол ант пен серттердің сөздері де қандай жадағай, қандай құрғақ еді десеңізші! Сүйек жұтқандай өңешіңді орып жіберетін. Алмастың мына өлеңін оқи отырып қадірі ұшып, құты қашып кеткен, үлкен әріппен жазылуға тиіс Антпен құштарлана қайта қауышқандай болдық. Құдай алдында тұрғандай қарғанып тұрып, айтылған дұғадай естілетін үлкен ақындық тегеурінмен, ақындық шабытпен айтылған мұндай Ант пен сертті бұрын-соңды естімеген екенбіз. Шығарып салу үшін айтыла салған жай сөз емес, көктің төсінен үзіліп ұшқан жай оғындай сөз екенін бірден-ақ ұғасыз. Алмас Темірбай сөздің иінін де, иірімін де, екпінін де, тепкінін де, құрылысын да, құбылысын да жете меңгерген ақын. Ол тіпті кез-келген сөздің өмірден алатын үлес салмағын ғана біліп қоймайды, кейде сол сөздердің құрамын жаңа элементтермен байытып, оны бұрынғыдан да салмақтандырып, бұрынғыдан да сән-салтанатын келтіріп құбылтып жібере алады. Алмастың екі жыр жинағына алғысөз жазған қазақ поэзиясының үлкен өкілдері болып саналатын, ірі талант иелері Серік Ақсұңқарұлы мен Есенғали Раушановтар да оның поэзиясына тәнті екендіктерін жасыра алмапты. Серік айтады: «Адамзаттың алтын рухани бекеті – ұлы Мәртебелі поэзияға ақын атаулы екі жолмен келіп ат шалдырған. Біреулер өлеңге өлеңнен келеді. Біреулер өмірден келеді. Алмас Темірбай өлеңге өмірден келген ақын. Ойы – ордалы, сезімінде селкеу жоқ. Шығармашылығы – өмірдің өзіндей шынайы. Жаттандылықтан ада. Өмірдің өзіндей қайнаған қайшылықтарға толы. Тақпақ оқымай, өлең оқып отырғаныңды бірден сезесің». Енді Есенғали айтады: «Көкшетау бір таза жер пері жүрген, мұнда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген» – деуші еді ғой Ілияс Жансүгіров. Алмастың өлеңдерін оқығанда осы жолдар ойымызға орала береді. Жаны таза, рухы биік, дүниеауи заттарға алданбаған, былғанбаған жас жүректің лүпілі сезіледі бұл өлеңдерден. Кейде таң-тамаша қалдырып, кейде көзіңе жас үйіріп, кейде еріксіз езу тарттыратын таза жырлар бұл. Оның үстіне, Алмас Алматыдан шалғай жүрсе де, бәлкім, ұстаздары тәуір болды, әлде өзінің алғырлығы болар, техникасы және содан туындайтын барлық шартты және шартты емес міндеттерді шебер меңгеріп алыпты. Бәрекелді, дейміз оған!» Осылайша екі ағасы да Алмасқа өздерінің жүрекжарды пікірлерін білдіріпті. Алмастың өмірді танып-білуі де тосын. Тосындығы – айналадағы құбылыстарды тосын образ, тосын метафора, тосын тіркестер арқылы ашатындығы.

Деп ойлап ем: «дүниені ізгі етем».
Сорлылықтың сорақысы бізде екен.
Еркекшораң ер болам деп еркінсіп,
Қыздан бетер қылымсиды қызтекең.

Ит тірлік-ай, ала көзді ақшиттың,
Мен – өлігін көрсетпейтін жақсы итпін.
Апырмай, ә, ақыл тісім шыққалы
Ақылсызға азуымды ақситтым.

Әсілі ақын өлеңін оқығанда оның астарына үңіліп оқыған жақсы ғой. Мұндағы ақын айтып отырған «еркекшораң» мен «қызтекең» тек табиғи кеселді кесапатқа ұшыраған кемтар, міскін жан иелері емес. Мәселе төркіні – әріде. Ақынның айтып отырғаны рухани «еркекшоралар» мен рухани «қызтекелер». Дәл қазір мына дүниеде мәрт сөзі де жоқ, шалт ісі де жоқ кілең бір аяр жүзді, әлеміш тілді қылымсыған қызтекелер мен тәйтік еркекшоралар қаптап бара жатқан жоқ па? Ондай сәтте «ақыл тілі шыққан» ақын «ақылсызға азу тісін ақситпай» тұра ала ма?! Шын ақын, әдетте, қолына қалам ұстап, алдына қағаз жайған күннен бастап өзін-өзі іздеуі керек. Болдым-біттім деп бұтына толып ізденістен қол үзген күні ақынның да күні бітеді. Ақын үшін «айы солынан туған» күн – сол күн. Алмас, сөз жоқ, ізденістің ақыны, яғни өзін-өзі іздеп жүрген ақын. Оның ізденісі де өзгешелеу болып шықты. Байқасаңыз, ол өзін «өлілер мен тірілерден» сыр тартып іздейді екен. Әлдеқайда қомақты, тамырлы, тәлімді ізденіс. Өзін-өзі іздеп жүрген ақында аса ұлы жауапкершілік болуға тиіс. Алмаста сондай жауапкершілік бар. «Қолыма қалам алсам, ұғады ішім, үстінде қылкөпірдің тұрғанымды» дейді ол. Әдетте, Алла тағала алдындағы ақиқат – қылкөпірдің үстінде ғана айтылмақ. Алмаста иманды жырлар, мұсылманшылыққа уағыздайтын жырлар молынан кездеседі. Бірақ ол уағыз өлеңдер таңдайы тақылдап тұрған құрғақ ақыл мен нақыл емес, тереңнен ырғап сөйлейтін, қолыңмен ұстағандай немесе көзіңмен көріп тұрғандай әсер ететін бейнелі сөздер.

Шақырғанын шалып қалды құлағым,
Бұрын қайдан естіп едім бұл үнді?
...Мен құдайға жақындап ем бір адым,
Құдай маған құшақ жая жүгірді.

Құдайды кім көріпті дейсің?! Бұл жердегі әңгіме Құдайды көру, көрмеуде емес. Бұл жердегі әңгіме – Алла тағаланың өзінің құл-пенделеріне деген ықыласында. Біз Құдайға өз іс, өз әрекетімізбен бір адым жақындай аламыз ба!? Жақындасаң, онда Алла тағала ықыласы да сен жаққа аумақ. Бірақ бұл уағызды дәл осылай айтсаң не болады. Қуаты жоқ құрғақ сөз боп қана шығады. Ал оны қимыл-қаракетке түсіріп, көз алдыңа келтіріп сөйлесең, оның әсер-ықпалы әлдеқайда зор болмақ. Алмастың тағы бір ерекшелігі, ол әрі сиқырлы, әрі құпия дүние тылсымына ден қоя білетін, құлақ тіге білетін ақын. Оның бүкіл болмыс-бітімі, жан-жүрегі аса бір сезімтал мембрана секілді сәл нәрсеге де селт ете түсетін өте сергек.

Түнгі дыбыстар,
Түрлі дыбыстар,
Өлі үндер мен
Тірі тыныстар.

Үннің мұңы бар,
Бұны кім ұғар?!
Жаның оянып,
Тәнің тынығар.

Біреу бұлқынар,
Біреу жұлқынар.
Жансыз ыңылдар,
Арсыз ыңқылдар.

Түнгі дыбыстар,
Түрлі дыбыстар,
Ащы қорылдар,
Тәтті сыбыстар...

Бірде үйлесім мен жарасымнан, енді бірде кереғарлық пен қайшылықтан тұратын осынау дыбыстар мен сыбыстарды тыңдап, сол дыбыстар мен сыбыстардан сенің де сонау жан түкпіріңде жатқан әлдеқандай бір аңсар мұң мен кәусар жырлар самал шайқаған шөптей сілкініп қап, содан айналаңды діріл мен гуілге толтырып жіберетін, тілмен айтып жеткізе алмайтын құпия сыр мен гәп оянып кеткендей. Бұл – Алмастың дүние дыбыстарын поэтикалық болмыспен есіте білуі. Рухани саққұлақтығы. Ол сонымен бірге, айнала ортаны поэтикалық құлақпен есітіп қана қоймайды, поэтикалық көзбен көре де біледі. Яғни, айналадағы қарапайым тіршілік, тіпті, жансыз заттарыңыздың өзі жанды поэтикалық кейіпкерге айналып шыға келеді.

Әлдекімнің жеті атасын тілдеді.
Әлдеқайдан әңгүдік, мас жел келіп.
Қайда қашып құтыларын білмеді
Қыз Қайың мен кәрі Терек сенделіп.

Бір-ақ шумақ осы жолдарда қаншама қимыл-қозғалыс, қаншама драма жатыр. «Әңгүдік, мас жел» келіп, әлек салып, жүндей түтіп жібергісі кеп жұлқылап жатқанда қорғансыз «қыз Қайың мен кәрі Теректің» теңселіп, сенделіп кеткенін көріп сенің жан-жүрегіңнің түкпірінде аяушылық сезімі аласұрары хақ.

Бұл тек табиғат драмасы ғана емес, өмір драмасы да!

Бұл түнгі драма әлі біткен жоқ. Енді ақын «терезесінен телміріп қарап тұрған түнді» аңғарады. Қап-қара түннің де тыныштығы қашып, берекесі кеткен. Сонан кейін ол «шақырайған шамды түгел сөндіріп, түнді сосын алдым үйге шақырып» дейді. Ақын енді Түнмен бірге жатыр. Бірақ оның жаны бәрібір дегбірсіз. Амалы таусылған. Өйткені ол жел өтінде қалып «дір-дір еткен Дүниені бір бөлмеге сыйғыза алмай» қауқарсыз халге түскен. Алмас заман арқылы адамның, адам арқылы заманның бейнесін нақты бір штрих, дәйекті бір детальдар арқылы салуға құмар-ақ. Онысы көбіне сәтті шығады. Туған ауылында он жыл бойы болмаған бір азамат, күндердің күнінде «Тайотасын» мініп құйғытып келе жатады. Көз алдында баяғы ауылдың дарқан да қонақжай мінезі. Топырағына мейірі қанғанша аунап-қунап, «жал мен жая жемекші. Міне, жақындап та қалды. Қараса, туған жері ит тартып кеткен тулаққа айналыпты. Ал ауыл ше?»

Көші қайда ауылымның мақпалдай,
Көрші қайда қыз қылықты, ақ маңдай?..
Сол бір сәтте сезінді өзін, үйге емес
Зиратқа бір кіріп келе жатқандай...

Ащы шындық. Мына көріністі көріп сенің де тамағың құрғап, алқымыңа әлдене кептеліп қалғандай... Өйткені бұл көрініс – кеше ғана бәріміз көрген көрініс. Алмастың, бәлкім, кейде «күрсінумен күн өтті, өкінумен өтті түн» деуі содан ба?! Кім білсін...

«ҰЙЫҚТАП КЕТ, ҚАЙҒЫ, СЕН ДЕ ЕНДІ»

Нағыз ақын, сөз жоқ, ең алдымен, әділдіктің жоқтаушысы, шындықтың ту көтерушісі. Олай болмады ма, онда ол, жүрегі жарылып кетсе де айту керек, ақын емес! Солай бола тұра, біз кейде жақсы бір теңеуі үшін, сәтті бір образы үшін «па, шіркін, мына бала құйылып тұрған ақын ғой» деп таңдайымызды қағып тамсанып, тіпті, бұрын-соңды басқа өлең оқымағандай тебіреніп, еміреніп кететініміз өтірік емес. Әрине, жақсы теңеусіз, жақсы образсыз, тосын сөз тіркестерінсіз жақсы өлең болмайды. Бірақ ол өлеңдерде шындық пен рух болмаса, әлгі айтқан жақсы теңеуіңіз де, сәтті образыңыз да, тосын тіркестеріңіз де жай ғана әлеміш, жансыз иллюстрациялар ғана болып шықпақ. Сондықтан әдебиеттің табалдырығын аттаған әр бір жас, алдымен ақынның сол міндеті мен парызын біліп алуы тиіс. Танакөз Толқынқызы әдебиетке ақынның сол парызы мен борышын біліп келген екен.

Ақын деген кім дейді?
Махамбетпіз біз деген Жәңгірлерді жылатқан.
Бұхар жырау боламыз бұқараны жұбатқан.
Ойхой, біздер Абаймыз, абайлаңыз ендеше,

Рысқұлбеков Қайратпыз ұлы Одақты құлатқан.
Ақын деген кім дейді?
Қасымбыз ғой біз деген Алматыға сыймаған.
Төлегенбіз біз деген тәңір тегін сыйлаған.

«Мен – қазақ» деп жар салған Жұбан да біз боламыз.
Тағдырменен тартысып, тайталасын тыймаған.
Ақын деген кім дейді?
Танытады көкесін талайлардың ол әлі.

Мұқағали секілді поэзиямыз шоң әлі.
Танымасаң, танып қой, дәл Құдайдың қонағы.
Ақын деген, қарағым, міне осылар болады.

Рас қой. Ақын деген, міне, осылай болу керек. Елдің көзі, Елдің сөзі! Ол ешқашан да әлдекімдердің қолына су құйып, ешкімнің де майлық-сулығы бола алмайды. Ешкімнің де алдында бүгежектемей, ешкімнен де тайсалмай, айтатынын айтып тынбақ. Сонда ғана оның көңілі тыншып, сонда ғана оның жан сарайы ашылады. Сонда ғана ол өзіне-өзі риза болады. Әрине, шындықты айту оңай емес. Оның өтеуі ауыр болуы мүмкін. Оны айтам деп азапқа да, тұзаққа да түсуің кәдік. Солай бола тұра нағыз ақын шындықты айтып қана опа табады. Танакөздің «шындықты айту – ол үлкен бақыттылық» деуі сондықтан. Шындықты айта алатын адам, әдетте, өр, өршіл, өжет болып келеді. Танакөз өлеңдері де өршілдік пен өжеттіктен туып жатады екен. «Біз таулықпыз!» деп шың үстінде тұрғандай асқақ сөйлеуі, мына жалпақ дүниеге биіктен қарауы содан болса керек. «Ей, Таулар! Құдай бізге берген сені, бір күні кетпесін деп аласарып» деуі біздің бұл сөзімізге куә.

Мағынасын аша алмай аяттардың
Тағы да бір ғасыр аяқталды.
Бостандықта қаңғырған, босқындар-ау,
Тағдырымыз неліктен таяқталды?!

Мағынасын аша алмай сүрелердің
Ібілістің ғасыры жүре бердің.
Ұрандардан тапталып бітті жүрек
Құранменен келеді түрегелгім.

Мінеки, кешегі, бүгінгі күн суреттері. Басқа-басқа, «бостандықта қаңғырып босқын» болудан аянышты хал бола ма?! Не аяттың, не сүренің мағынасын аша алмай, не бостандықты танып-біле алмай дәлдүріш болудан өткен сорлылық бар ма екен?! Шындық па? Шындық. Бетімізге шыжғырып басу ма? Шыжғырып басу. Танакөз, әлігінде айтып өткендей, қайта-қайта өзінің таулық екенін еске салумен болады. Ол таудан қайрат пен күш, өрлік пен асқақтық алғанын, сондықтан да аласарып өмір сүре алмайтынын, жақсы әннің қайырмасындай қайталап отырумен бірге, таудың мен дегенде түйткілі немесе күмән-күдігі жоқ па екен дегендей кейде именіп, кейде тартынып сөйлеуге мәжбүр. Өйткені ол Тау ғой! Қанша өршіл болсаң да қиясына шығарып ұясында өсірген Тауға өжектей беруге болмайды.

Ей, таулар, басы бұлттан арылмас көп,
Сенімен ақын жыры сарындас деп
Өзіңді құшақтаймын жүрегіммен
Сен маған қарайсың ба, қарындас деп.

Өзіңе не басты қаратам деп,
Құйынын құлшыныстың боратам деп,
Мен сені әке көріп масаттанам
Сен маған қарайсың ба, балапан деп.

Паң көркің балаң тілді кері күрмеп,
Айтуға дәт жетпейді серігім деп.
Мен сені шеше көріп еркелеймін
Сен маған қарайсың ба, елігім деп.

Бетіңнен сүйгім келді ақырын кеп
Бұлтыңа жантаймақпын жақыным деп.
Мен сені Муза көріп таңырқаймын
Сен маған қарайсың ба, ақыным деп.

Апыр-ау, әншейінде адамның жанын жегідей жеп жіберетін күмән-күдігіңіз соншалықты кесапатты, кеселді құбылыс емес екен ғой. Күдік пен күмән дегеніңіз кейде осы мен, алақанына сап елбіретіп өсірген туған ел мен желбіретіп төбесіне көтерген туған жердің сенімінен шығып, ниетін ақтап жүрмін бе деп өзіне сын көзімен қарататын сарабдал да құбылыс екен ғой. «Таудың бетінен ақырын кеп» сүйе алатын, оны әкесі мен шешесіндей көре алатын Танакөздің мақсаты да үлкен, мұраты да биік. Енді оның өзі де тауға айналғысы келеді.

Мен тау болам,
Жараланса жүрегім,
Ақ тұманнан табам оның бір емін.
Аппақ бұлтты дәке етіп ораймын

Жүрегімнің қанға бөккен сілемін.
Мен тау болам,
Үнсіз жиям күйікті.
Күн бірінші содан мені сүйіпті.

Ескерткіш боп тұрам мәңгі мұнартып
Ажыратып аласа мен биікті.

Осындай өрлік пен биіктікке қол созған ақын басынан талай-талай тағдырлы сәттердің өтуі заңды болса керек. Ол да қамығырылып қамыққан, омырылып тарыққан. Тапқанын жоғалтқан, барынан айырылған. Бірақ оның бәрін ол өмір берген сабақ, тағдыр берген дәріс деп қабылдаған. Сондықтан ол «жаныма батса жеке мін, жабырқап, жүдеп кетемін. Қайғы ғой бірақ танытқан – бақыттың қандай екенін» деп философиялық мән мен мағына табады. Ал мұндай мән мен мағыналы қорытынды жасау үшін ақын қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өту керек десеңізші! Қайғының қаншалықты ауыр екенін сезіне білген жан, оны ешкімге тілемейтін адам тосын әрекеттерге, тіпті, қиял жете бермейтін құбылысқа айналады. Әрине, ол тек шын ақынның ғана қолынан келмек. Сөзіміз құр сөз боп қалмас үшін Танакөздің мына бір өлеңін тұтас оқиықшы.

Ренжітпес үшін тұл құзды
Күшімді барлық жұмсағам.
Мойныма тағып жұлдызды,
Тұрмысқа шықтым, түн, саған.

Игеріп түннің сиқырын,
Ұйықтаттым барлық жандарды.
Керегін сонда ұйқының
Бұл әлем сонда аңғарды.

Кеудемде менің қалғыды,
Ауылдар, алып қалалар.
Тыныштығымды аңдыды
Өзенді құшқан сағалар.

Әнімнен дала мүлгіді
Барлығын ұйқы жеңген-ді.
Даладан алып үлгіні
Ұйықтап кет, қайғы, сен де енді.

Күнге де емес, жұлдызға да емес, түнге тұрмысқа шыққан арудың тілегі қандай ауқымды, ниеті қандай ірі?! Алып анаға айналып дүниені бауырына алып, оны тыныштық құшағына енгізіп жіберіп, қайғыны да ұйықтатпақ боп тербетіп отырғандай. Осындай ақ адал тілекпен, осындай сүттей аппақ ниетпен өмір сүретін ақынның арамызда жүргені қандай жақсы!

«СЕРГЕЛДЕҢ ЕТПЕЙ СЕРТІМДІ

НЕ ЖОЛҒА БАСТА, НЕ СОРҒА»

Айнұр Әбдірасылқызының «Мезгілсіз дәурен» атты шағын жыр жинағына алғысөз жазған кескекті ердің сойындай тегеурінді ақынымыз Фариза Оңғарсынова былай депті: «Александр Пушкин жазған екен: «...егер мұңы болмаса, ол поэзия болмайды деп. Айнұр ақынның өлеңдерінде мұң көп, яғни ол – Ақын, өйткені мұңсыз ақын болмайды». Әрине, Пушкин соқтықпалы заманның қай-қайсысында да солқ еткізіп соғып өтетін ауыртпалыққа қайрат көрсете алмай үнжұрғасы түсіп, мойнына су кетіп, мұңның мұнарына кіріп, қайғының қалың тұманында адасып кететін әрекетсіз ақын туралы айтып отырған жоқ. Қандай бір ауыртпалық заманда да бел шешіп, білек сыбанып күреске кірісіп кететін әрекеті бар ақын туралы айтып отыр. Яғни, Пушкин мұңды ақын жанын қозғалысқа түсіретін күш деп білген. Фариза ақын айтса айтқандай, Айнұр өлеңдерінде мұңды өлеңдер, уайымды жырлар жетерлік-ақ екен. Айнұр, бейне бір, мұңмен кіндіктес, тіпті мұңмен егіз туғандай. Одан да дәлірек айтсақ, көңілді де, көзді де қатар арбайтын қызылды-жасылды көп гүлдердің ішінде күңгірттеу қоңырқай бояуын ішіне тартып өзінен-өзі тұмшаланып алған Мұңлықгүл секілді. Әлгінде айттық қой, мұң мен уайым деген кейбір ақын үшін қозғаушы күш деп. Бұл сөз Айнұр үшін де айтылған. Әрине, ол өзіне-өзі қаншама тұмшаланып алып тұнжырап тұрса да, бәрібір айналасына мұңын да шашпай, сырын да ашпай тұра алмайды. Тағы да ол мұң өзінің қарақан басының қамын қамдап, жайын жайғаудан туған мұң емес қой. Оның мұңы – халық қамын жеуден, ұлтының ертеңін ойлаудан, елдің иығына түскен зіл батпан ауыртпалықты қайтсем жеңілдетем деген кісіліктен туған үлкен Азаматтық мұң.

Таусылып бітпес толғауым,
Тарқалып бітпес шеменім!
Түнектің көрдің торлауын
Есіңді жишы, ер елім!!!

Тұсалар тұсқа таядың:
Тегіне тартар түрің жоқ.
Аңдасаң етті, аяулым,
Мінезсіз ұлттың мұңы көп.

Бұл жолдар, сөз жоқ, бәріміздің өзегімізді өртеп, бәріміздің жанымызды жеп, етімізді езіп, сүйегімізді кеміріп жатқан ойлармен жымдас, үндес қой. Жанымызды жеп жүрген ол ойлар осы өлең жолдарын оқыған кезде тағы да сенің бойыңнан көл бетінен әлденеден дүрліге үріккен қаз-үйректердей ду етіп көтеріліп шыға келмей ме?! Міне, дәл осы тұста ақын мінезі, ақын позициясы айқын танылуға тиіс. Ол, не күлталқаны шығып күйреп, бас көтермей құмығып бүк түсіп жатып алу керек, на қайрат көрсетіп, дүр сілкініп орнынан тұрып кетуі керек. Екінің бірі. Басқа жол жоқ. Сүйсінгеніміз, Айнұр мінезі – қайратты мінез екен. Сондықтан да әлгі өлең:

Сезімнің сеншіл шегі жоқ:
Тұғырым, тінім, теңі жоқ!
Сен барда маған сему жоқ,
Мен барда саған өлім жоқ! –

деп аяқталады. Бұл – нағыз ақын мінезі. Ақын қызып тұрған табаға түскендей шыжғырылып, күйіп-пісіп тұрса да күйгелек емес. Биік, еңселі! Мінезсіз елінен түңілу де, безіну де жоқ! Қайта ол өз елінің тамырын семдірмейтін де, өз елінің жарығын сөндірмейтін де күш-қуат көзі. Әсіресе, Айнұрдың өзіне деген, өзінің бойындағы қайратына деген сеніміне тәнті боласың. «Мен барда саған өлім жоқ» деп тұр ғой ол. Неткен асқақ, ірі сөз! Мұндай асқақ, ірі сөзді ірі мінезді ақындар ғана айта алса керек. Айнұр секілді ірі мінезді ақындардың, сөз жоқ, айнала қауымнан да ел алдында ту боп желбірер, ел аузында ұран боп айтылар ірі мінезді ұлан іздеуі заңды.

Құндылықтарың құнсыздап,
Құрдымның жайлап жиегін,
Құмыққан кегі құр сыздап,
Есіл де елге кім ие?!

Үлгіме тұтар үрдіс жат,
Тұғырсыз туған тұл емен.
Тектіден қалған туды ұстап
Бұрар ма көшті бір ерен?!

... Тағдырдың таңы бозармай,
Таптырмай түнек жоғымды.
Көкжиек жақтан көз алмай
Күтумен келем жолыңды...

Парасатты ерім, пір тұлғам!
Ер салсаң атқа елтінжал,
Ұл ермес болса ұлтымнан
Сабыңда тұрар сертім бар!

Белгіңді білдір, бекем ер!
Жарағын жұртың сайласын.
Ғаламның рухын көтерер
Ғасырдың ұлы қайдасың?!

Көбіміз айта алмай, бірақ көкейімізде хатталып, көмейімізде жатталып жүрген сөз ғой бұл. Дәл қазір біздің мына өмірімізге қанында қазақтың рухшыл қаны атқақтаған, жанында қазақтың рухшыл жаны лапылдап тұрған, қарағайға қарсы біткен, артық та туған бір ұлан керек-ақ. Мұндай жілік майы толық, жұлыны берік, алмастай өткір сөзді «толықсып тұрған заманның аш өзегінен жаралған» ақын ғана айта алса керек. Сондықтан ол мына заманның бүкіл ауыртпалығын мойнына алуға, оны бүкіл тұла бойымен көтеруге әзір. Тағы да ол жүкті қатар тұрып көтерісуге өз замандастарын, өз буынын шақырады. Үндеп те, ұрандап та емес, әрине. Міндеттеп, салмақ сала отырып!

Талқы-тағдыр тектісін тұлымдайды.
Көңіліне көп түнеп ұрын-қайғы.
Қан кеш мейлі, қаза кеш, ей, замандас,
Біздей буын ешқашан туылмайды!!!

Қайрай түссін кегіңді құйын-заман,
Сүйгеніне сақтаған сыйын далам:
Бізден бұрын өткеннің бәріне де
Біздей ауыр аманат бұйырмаған!

Мұндай емендей еңселі сөз айта алатын буынға сенбегенде, Құдай-ау, енді кімге сенесіз! Сондай аманатты арқалауға бел шешіп, білек сыбанып дайын тұрған буынның анттай адал, серттей берік сөзін естігенде іштей шүкіршілік етіп еріксіз «Тәубә, тәубе!» дейсің. Айнұр жалт-жұлт еткен әлеміш бояулы, жарқ-жұрқ еткен әсіреқызыл ойын-сауыққа алданып, оларға бой алдыра қоятын жан емес. Әйтпесе ол, «шаттығым шығар тым таяз, ал мұңым менің – тереңде» демес еді ғой. Қыл шылбырдай әбден ширығып, шиыршық атып алған мұндай жан, сөз жоқ, дауылды күні астаң-кестең боп жатқан теңізге де қойып кететін тәуекелшіл жан. Алған бағыты, таңдаған жолы қайда апарады? Алдында не күтіп тұр? Қазір оның бәрін есепшотқа сап есептеуге, маршрутын сызып белгілеп отыруға уақыты да жоқ, пейіл-зауқы да жоқ. Не болса да, айтқан бетінен қайтпақ емес.

Тіріден таппас тіректі
Өліден іздеп өксіген,
Жұбатып жырау-жүректі
Жебеушім болып жетші, дем!

Естаңды болған еркімнің
Күрмеулі күйін шеш, онда!
Сергелдең етпей сертімді
Не жолға баста, не сорға...

Мұндай кескекті ой мен кесімді сөзді әр адымын өлшеп, әр қимылын алдын ала пішіп отыратын, өзінің қамын ғана күйттеп, өзінің жанын ғана ойлайтын мүсәпір міскін, бейшара бейбақ айта алмайды. Елі мен жері үшін бәріне де әзір, тәуекелі зор, жігері серпінді, намысы найзалы, өзегінде өрті бар ірі мінезді ақын ғана айта алмақ. Бір сөзбен айтқанда, Айнұр Әбдірасылқызын біз, қаншама ол «жолсыздықтан жаратылған екен мұң» деп тосылып қалса да, «азабым менің ай-толғақ емес, жыл-толғақ» деп қиналса да, бәрібір мұңнан да қайрат табатын, шемен боп қатқан шерден де күш-қуат алатын қажырлы ақын ретінде қабылдадық.

«КҮЗДІҢ СУЫҚ ЖОЛЫ ЕДІМ МЕН ЕГІЛГЕН»

Шынтуайтын айтқанда, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әдебиетімізге үлкен олжалы көш келіп кірді. Тағы да ол тең-тең қазына арқалаған құтты керуен боп шықты. Құдай сәтін салып, жолын оңғара берсе, ол керуен көші үзілмес, әлі де жалғаса берер деген ниеттеміз. Керуенді олжа деп отырғанымыз сыртта жүрген қандастарымыздың елге оралуымен бірге, біздің әдебиетіміз бен мәдениетімізге құйылып жатқан ақын-жазушылардың шығармалары. Әрине, бұл үрдіс алпысыншы жылдары басталған болатын. Сол жылдары келген қаламгерлердің бірқатары қазіргі қазақ әдебиетінің қадау-қадау ірі тұлғаларына айналып үлгерді. Қазіргі толассыз келіп жатқан жастардың ішінен де күні ертең-ақ іргелі қаламгерлер шығатынына өз басым еш шүбә келтірмеймін. Бірден айтарым, ол жастардың шығармаларын түгел қамтып сөйлеу мүмкін емес. Сондықтан мен бұл жерде тек ел аузына ілігіп, жұрт көзіне түсе бастаған үш-төрт ақын шығармаларына ғана тоқталмақпын. Менің олардың әрқайсысына жеке-жеке мақала арнамай отырған себебім, сөзіме арқау болып отырған ол ақындардың шығармаларының бәрі «Жапыраққа тұнған тамшылар» деп аталатын, едәуір көлемді жинаққа топтастырылған екен. Сондықтан мен де олардың өлеңдерін бір мақалада бірге қарастырғанды жөн көрдім. Бірден айтарымыз, олардың өлеңдері де, негізінен, қазақ жерінің, қазақ елінің мұңымен мұңдас, сырымен сырлас болып келеді. Сырттан келгенбіз деген сырғақтық та, тосырқау да жоқ. Олардың бәрі де осы ел мен жердің төл перзентімін, туа бітті ұланымын деп сөйлейді. Бір діңгектен шыққан бұтақтар секілді. Сөзіміз дәйекті болу үшін Ұларбек Дәлейдің «Емханада» деген өлеңіндегі мына бір жолдарын оқып көрейік.

Біреу жүр көтеріп анасын,
Біреу жүр көтеріп баласын,
Кім солай көтеріп емдетер
Қазақтың жаралы даласын.

Қарапайым ғана жолдар. Ит тартып кеткен бөстектей жұлым-жұлым, жырым-жырым боп жалбырап жатқан Қазақ даласының бүгінгі таңдағы мүшкіл халін күнделікті біліп, көріп отырған қай-қайсымыз да Ұларбектің осы өлең жолдарын жанымыз күйзеле отырып қайталап айтқымыз-ақ келеді.

Ұларбектің ата-баба топырағына деген сағынышы да аса зор, аса үлкен.
Қуанышым құм астына көмілген
Ақын ем мен аянбаған өмірден.
Күздің сары жапырағы ем төгілген,

Күздің суық жасы едім мен егілген.
Бейуақта қарсы алдыңды кес-кестеп,
Бейуаз шақта жұлқыласа кешкі өкпек,
Саған деген махаббатым деп ойла

Жылап жатқан жапырақты етпеттеп.

Езіліп, егіліп тұрып айтылған осы бір алғаусыз айтылған жүрекжарды махаббатқа қай-қайсымыздың сенбеуіміз мүмкін емес қой. Қаншама мұң мен сырды арқалап тұрған бұл жолдар тамыр-тамырыңды қуалап, жан-жүрегіңді толқытып жіберері хақ. Жалпы, Ұларбек құлыптаулы жатқан құпиясы да, құйындай үйірілген құйтырқысы да көп мына өмірдің жұрт күтпеген тұсынан кеп тосын әрекеттер жасап, тосын сөздер айтуға құмар. Онысы көбіне-көп, өзін-өзі ақтап та тұр

Түн келді.
Тәтті шағын кімге берді?
Мен тұрмын жоғалтқандай бірдеңемді.
Сырлы өмірдің сыртынан бұғып барып

Бастап кеп жіберер ем дүрбелеңді.

Бұл жолдардың сиқырлы қуаты сонда, сен де Ұларбекпен қосылып бұйығып жатқан мына өмірді бір сілкіп, бір жұлқып оятып алу үшін дүрбелеңді бастап-ақ жібергің келеді. Енжар тартып, еңсесі түсіп бара жатқан елдің бойында ереуіл тұрғызғың келеді. Ұларбек жырларының тағы бір мені сүйсінткені астарлы сыршылдығы. Ол өзінің сыры мен мұңын, зары мен шерін жалаңаш, қасаң қалпында бере салмайды. Егер олай етсе, ол сыр мен мұң да, зар мен шер де біздің жүрегімізге сіңбес еді, жанымызға бойламас еді. Қасаң нәрсе қалай сіңіп, қалай бойласын! Мәселен, ол өз бойындағы мұң мен шерді қаһарлы қыстың қыспағында, боранды желдің өтінде қалған бақ арқылы береді.

О, зарлы бақ, зарлы бақ!
Ояндың ба, өз қайғыңмен қалжырап.
Қарт теректің қабағында қарыс мұң,
Қаусап біткен иықтары салбырап.

О, зарлы бақ, жетім бақ!
Сүркей күннен ояндыңдар не тыңдап?
Желікті ме қыстың суық бораны
Сәби талдың аяқ-қолын отындап.

Өзіңдегі қасіретті, қайғыны,
Түсіне алар адамдардың қай бірі?!
Өліп-өшіп құлады ма үстіне
Ақ кебінді албастыдай Ай нұры.

Дүниеге тірлік отын маздатқан,
Көктем келер шуақ шашып жан-жақтан.
Жаудан қашқан жалғыз кемпір секілді
Шашын жайып жоғалады қарлы ақпан.

Бұл тек қысқы бақ ішінде болып жатқан драма ғана емес. Ақын жанында болып жатқан драма.

Осы жинаққа енген Тоқтарәлі Таңжарық та төгіліп тұрған ақын екен.
Болған шығар болмашы еркелігім,
Еркелігім – екен ол келте күнім.
Мен енді кешегіге ертегімін,

Мен енді бүгінгінің ертеңімін.
Тегін біліп келеді тентек ұлың, –
депті ол өнердің үлкен жолына шығарда әкесінен бата сұрап.

Әлбетте, жас жігіттің махаббат тақырыбын айналып өтуі мүмкін емес. Оның сүйгеніне деген ынтық пен ынтызарлыққа толы сезімі таудың бөктерінен көшкен тұманнан қалған шықтай мөп-мөлдір, тап-таза. Мөп-мөлдір, тап-таза ол шықтар ақырын ғана соққан самал желден мөлтең-мөлтең еткен самал желден үзіліп кетердей дір-дір етеді.

Өзіңе бұйырғым келеді, сыр болып.
Көзіңе құйылғым келеді, нұр болып.
Шашыңды тарағым келеді, жел болып.
Өзіңе қарағым келеді, сен болып.

Өзіңе жеткім келеді, үш аттап,
Өзіңді өпкім келеді құшақтап.
Мойныңа асылғым келеді. білек боп.
Кеудеңе бас ұрғым келеді жүрек боп.

Сенің күйгім келеді, отыңа,
Сені сүйгім келеді, шошыма...

Жүректің ең бір алыс түкпірінен лақ етіп төгіліп, сол қалпында құйыла салған жыр ғой бұл. Дәл осындай ынтызар халді, Құдай біледі, бәріміз де жас кезімізде басымыздан өткердік қой. Сол ынтызар ыстық халді Тоқтарәлі тап-тұйнақтай етіп тамжылытып-ақ қағазға түсірген екен. Тоқтарәлінің айнала құбылыстарға құлағы түрік, көзі жіті. Не нәрсені де қалт жібермей қағып алады. Тағы да сол көргенін оқалы образбен орап, бедерлі бейнелі сөзге бөлеп көрсете алады.

Оқушылар қайтқандай мектебінен
Құстар қайтып барады лек-легімен.
Әжем менің көз тікті көк аспанға
Айырылғандай көңілдің көктемінен.

Тоқтарәлінің құстардың қайтқанын мектебінен қайтқан оқушыларға теңеуі қандай әдемі болса, сол құстарға қарап тұрып көңілдің көктемінен айырылған қарт әженің бейнесі қандай аянышты. Тіршіліктен озып бара жатқан қарт әженің көңіл-күйін құстардың қайтқанымен астастыра айтылуы жаныңа мұң ұялатар жарасымды шыққан. Бұл өлең:

Күйзелумен батты да күрсініп күн,
Жапты өлкені жабырқау түршігіп түн.
Мысы қайтып барады қарт әжемнің,
Құсы қайтып барады тіршіліктің.

Енді бұл өлең біз ойлағаннан да әрірек, яғни жан-жүрегіміздің қалта-рыс-түкпірлерін аралап кететін мән мен мағынаға ие болды. Қарт әже көңілінің көктемінен ғана айырылып қоймай, күші де, құсы да қайтқан тіршілік иесіне айналды. Образ тұтас сомдалып шықты. Біз сөзіміздің бас жағында Тоқтарәлінің құлағы түрік, көзі жіті деп айтқан болатынбыз. Сол сөзімізге тағы бір дәлелдей оның әдемі бір өлеңі бар. Ол өлеңге талдау жасап, түсініктеме беріп жатудың тіпті де қажеті жоқ. Оны тек оқып шығып, тұла бойыңмен сезінуің керек.

Жатырмын ұйқым келмей,
Бойымды билеп алды сиқыр нендей!
...Беймаза шақтарыма жартыкеш ай
Әйнектен сығалайды сүйсінгендей.

Қадайды өңменімен сұғын қайғы,
Жұлдыздар да үн-түнсіз жымыңдайды.
Қос құлағым неліктен шыңылдайды,
Сыбырлайды,

Әлдене сыбырлайды.
Бұл түннің сұсы қандай?
Бәйекпін өзіме өзім түсіне алмай.
Жұп-жұмыр жұдырықтай жүрегімде

Ғаламның ғаламат бір күші бардай.
Мұң деген сары күшік,
Санамда сарпалдаң боп сабылысып.
Көз алдыма бір бейне елестейді

Ақ жүзі ай нұрымен шағылысып.
Жатырмын ұйқым келмей,
Көкірегім кей сәтте күрсінгендей.
Менің нәзік жанымда,

Ой, тәйір-ай,
Бар екен тылсым нендей?!
Жатырмын ұйқым келмей.

Ұларбек пен Тоқтарәлінің замандас құрбысы болып саналатын Нұрбәтима Байтұрсынқызының да өлең мен өмір жайлы айтатыны көп екен. Тіпті, әлі жап-жас бола тұра. Әсілі, өмір жайлы сөйлеу тек өмірлік тәжірибесі мол, көрген-түйгені көп жандардың ғана еншісінде болмаса керек. Өйткені кейде өмір тәжірибесі мол жандардың ішінде де өмір жайлы жарытып ештеңе айта алмайтындары болады. Ал кейде өрімдей жас, әлі оң-солын танып-білмеген дейтін өскелең ұрпақтың сарабдал сақа адамдардан да бетер бәрін көріп, бәрін біліп қойғандай сөйлейтіндері аз емес. Тағы да ол сөздері сені сендіріп, баурап алатындарын қайтерсің?! Бұл да бір ақын бойындағы таланттың құпия бір құбылысы болса керек.

Өмірдің мынау соқпақтарымен,
Келемін кейде от қапталымен, –
депті бір өлеңінде Нұрбәтима.

Нұрбәтиманың алдына қойған мақсаты да үлкен, арманы да биік. Қазір ол сол мақсаттың үдесінен шығуға, арман биігінен табылуға құштар. Зор әрекет үстінде. Оған мына төмендегі жолдар куә.

Күндер күңгір,
Өмір мынау бұлыңғыр.
Қайтсін жүрек сол елесті қуып жүр.
Ұмыт болмай, үміт болып үлбіреп,

Қолға түспей торға түскен сезім бұл.
Құс ұшпады.
Қарлығаш та келмеді.
Сағынышты түсінбеді-ау мендегі.

Көктем болып,
Қар жауғаны жаман-ақ,
Жас бүршіктің жайы мені тербеді.
Аңсағаным жұлдыз да емес, ай да емес.

Бірақ оған жарық біткен сай келмес.
Нұрға ғашық, жырға ғашық жаныма
Кез болады –
Қайсы биік, қай белес?

Нұрбәтима осы өлеңінде айтып отырғанындай үлкен асу алдында тұр. Ол асуды алуға оның қуаты да, қажыр-қайраты да толық жетеді деп білеміз. Отар Шауханұлының өзіндік бір ерекшілігі – ол алдындағы қатар-құрбылары секілді айтарын ашық айтқаннан гөрі, өз ішіне өзі кіріп, өзіне-өзі тығылып айтқанды жақсы көреді екен. Кейде сол өзіне-өзі тығылып айтқаны түңіліп айтқандай естіледі екен.

Маңдайымнан сүйеді жел еркелеп,
Дегендейін,
Аяулым мені ерте кет!
Жалыққандай жалғаннан кіріп барам

Құшағына үрейдің көлеңке боп.

Әрине Отардың үрейдің құшағына көлеңке боп бара жатқанынан қорықпау да, үрікпеу де керек. Өйткені ол үрей құшағында да дүниені көре білу керек, тек көріп қана қоймай, оның қыры мен сырын адақтап ақтаруы тиіс. Бұл өмірді жан-жақты тану үшін кейде осындай бір жұрт күтпеген сәттер де керек. Отар ақын өзіне-өзі тығылып, жападан жалғыз жүріп-ақ, көп нәрсені аңғарып, көп нәрсені алдымызға жайып салады.

Мен жылап отырмын.
Күңіренемін жалғызбын.
Терезеден телміріп түнге қарап барамын,
Жалғыздықтан жабыққан үнін естіп байғыздың.

Мен қиялдап жатамын
Жүрегіме ем іздеп,
Арман арытып сағым қуған кезім көп.
Жартастарға тіл қатам

жалығып мынау өмірден,
Амал нешік, мылқау маң,
үн қатады өзім боп.

Айнала тіршіліктің бәрі мұңлы. Өйткені олар да Отар секілді өзіне-өзі тығылып, жалғыздықтан аңылжып жапа шегіп тұр. Тіршіліктің мұндай қапалы құбылыстарымен тіл табыса білу үшін сенің де табиғатың, болмыс-бітімің соларға тартып тууы керек. Отар өлеңдерінің табиғатынан мен соны ұқтым.

БЕСІНШІ БӨЛІМ

“АДАМ ЖАНЫН ЖЫЛЫТУҒА АСЫҚ”

(«Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісімен әңгіме)

– Ақыл ойды байлап-матап ұстаған тоқырау кезеңі өтті.

Қазір қайта құру процесі қоғамдық, әлеуметтік өміріміздің арна-салаларында толассыз жүріп жатыр. Ол – ешкім жоққа шығара алмайтын факт. Бірақ байқайсыз ба , кейінгі кезде анау жоқ, мынау жоқ, анау жетпейді, мынау жетпейді деген торығу көбейіп бара жатқан сияқты.

– Біз, шынын айту керек, көбіне үстірт сөйлеп, шұғыл тұжырым жасаймыз. Әйтпесе, тоқырау кезеңі өтті деп дабыл қағып, дүниені дүңкілдетіп жібермес едік. Рас, еліміздің қоғамдық-саяси өмірі ұлы өзгерістерге ұшырады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ мен адамдарымыздың моральдық, психологиялық өмірі сондай елеулі өзгерістерге ұшырай қойды деп айта алмас едім. Адамдарымыздың моралі мен психологиясы ондаған жылдар бойына сталиндік өктемдіктен, хрушевтік астамшылдықтан, брежневтік тымырсықтан бүлініп, ластанған. Олардан тазарып шыға келу оңай шаруа емес. Оған уақыт керек. Ауру, әдетте батпандап кіріп, мысқылдап шығады. Ал әзірше адамдар бойында өткен кезеңдердің әлеуметтік дерттері жетерлік. Ол дерттерден арылмай тұрып, тоқырау кезеңі өтті деген үзілді-кесілді тұжырыммен келісе қою қиын. Экономикалық дағдарыс та соны растап отыр.

Енді сұрағыңыздың екінші бөліміне келейік. Рас, қазір барлық жерде торығушылық бар. Менің ойымша, осы торығушылық та тоқырау кезеңіндегі торығушылықтың кіндік кескен перзенті. Торығушылықтың қашан да жақсылыққа көзі соқыр. Ол ешуақта да болып жатқан қоғамдық-саяси өміріміздегі ұлы өзгерістерге, демократияға, жариялылыққа, солардың арқасында ғана мүмкін болған көптеген ұлттық тілдердің мемлекеттік статус алуына т.т. көзін ашып қарамайды. Жалпы, торығушылық психология – біздің бүкіл рухани жайлауымызды жапырып, рухани белсенділігіміздің белін үзіп жіберген озбыр, обыр психология. Оның көңілі тек үлде мен бүлдеге оранғанда, шайқап-төгіп, шашып ішкенде ғана көншиді. Ал басқа нәрсеге ол күл болмаса бұл болсын деп қарайды. Жалпы, менің ойымша, адамдардың моралі мен психологиясын өзгертуде үлкен жұмыстар істеуіміз керек. Әрине. оған еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер ықпал етпей қоймайды. Дегенмен, бұл ретте адамдық, имандық жұмыстардың әсері көбірек пе деп ойлаймын.

– Қазіргі заманда жазушылар бойындағы қандай қасиеттерді қадір тұтасыз?

– Әрине, белсенділікті. Қазіргі заманда жазушы белсенділігі ауадай қажет. Оның өзінің қоғамдық өмірді жаңғыртуда да, адам жанын жаңғыртуда да ықпал ету коэфиценті өте жоғары. Белсенділік дегенді мен әйтеуір суырылып сөйлей беру деп ұқпаймын. Белсенділік дегенді мен тәуекел, батылдық деп білем. Әрине, менің бұл жерде тәуекел үшін тәуекелді, батылдық үшін батылдықты айтып отырғам жоқ. Азаматтық тәуекел, азаматтық батылдықты айтып отырмын. Құдайға шүкір, біздің қазақ жазушыларының арасында да тәуекелі де, батылдығы да жетерлік, әлеуметтік белсенділігі жоғары жазушылар баршылық. Мәселен, Семей полигоны деген сөзді екі адамның арасында айтудың өзі қиын болып тұрған кезде Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әнуар Әлімжановтар Москвада өткен беделді жиындар мен газет беттерінде сол туралы батыл әңгіме қозғады. Сонан кейін осы әңгімені Олжас Сүлейменов әрі дамытып, қоғамдық деңгейге көтеріп әкетті. Тарихымыздың денесінде теміреткідей боп жатқан ақтаңдақтарды ашып көрсетуде үлкен еңбек сіңірген Шерхан Мұртазаға, қоғам бойындағы әлеуметтік дерттер мен әлеуметтік әділетсіздіктер туралы, кісілік, елдік хақында сөйлеп келе жатқан Әбіш Кекілбаевқа, Арал тағдырын одақ болып ойлануға шақырып жүрген Мұхтар Шахановқа, ана мен баланың бүгіні мен ертеңіне көңілі күпті Фариза Оңғарсыноваға, меніңше, жұрт дән риза. Сондай-ақ Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Баққожа Мұқай, Сұлтанәлі Балғабаевтар да заманмен, қоғаммен қоян-қолтық араласып жүрген қаламгерлер.

Жазушы белсенділігі қоғамдық пікір қалыптастыруда үлкен күшке ие. Ал қоғамдық пікірдің атқарар ролін өзіңіз білесіз. Халық санасы сол қоғамдық пікірге сай өсіп, жаңғырады ғой. Ең бастысы, жазушы белсенділігі, халықтың творчестволық белсенділігін тудырады. Қазіргі кезде мұнан өткен үлкен миссия бар ма?

– Өлең жетпейді немесе өлең өтпейді деген сөздер көп айтылады. Не болғанда, өлеңнің бүгінгі халі кім кімді болсын қатты алаңдататыны сөзсіз.

– Өлең кітаптарының жер жерге жете қоюы, жете қалған жағдайда оның өте қоюы төмендеп, жұрттың өлең оқуға деген құлқы да салғыртсып кеткені рас. Бұл – бірімен бірі қойындасып, шырматылып жатқан мәселе. Сондықтан оның проблемаларын жалғыз-жарым емес, комплексті шешу керек. Жалғыз-жарым шештік пе, онда бұл мәселені одан сайын қиындатып алуымыз мүмкін. Мәселен, өлең жетпей жатыр екен деп, жер-жерге машина-машина өлеңді төгіп тастағаннан мәселе шешілмейді. Өйткені онсыз да өлеңнің өтуі нашар. Өлең өтуі үшін алдымен суысып кеткен оқырман қауымының жүзін өлеңге қарай бұру керек. Ол оқырман қауымның жүзін өлеңге қарай бұру үшін баспаға қарай да, басқа жаққа қарай да жол тауып кете беретін сумаңдаған сұрқай өлеңдердің алдын кесіп тастаған жөн. Және, сонымен бірге, сол жарық көріп кете беретін жабы өлеңдердің үстіне кілем жабуды тоқтату керек. Жабы өлеңдердің жабы екенін көзіне шұқып көрсетіп, жақсы өлеңдердің айдарынан жел естіріп қоймай, өлеңнің маңдайы ашылмайтыны тағы белгілі.

Міне, сағаттың ішкі құрылысы сияқты бірімен бірі салаласып, сабақтасып жатқан осы мәселелердің біреуін ғана бөліп алып айналдырғаннан қалғандары қозғалысқа түсе қоймайды. Бәрін де бөліп-жармай, бір сәтте бірімен бірі байланыстыра қозғалысқа түсіру қажет. Бұл мәселені комплексті шешу керек дейтініміз сондықтан. Өлеңге қамқорлық керек, оны қорғау керек деген өтінішімізді, өлеңді оқуды жұрт сирексітіп кетті деген ренішімізді кейбіреулер дұрыс түсінбейтін сияқты. Олар өлеңді қорғау керек деген өтінішімізді тілемсектік деп, жұрттың өлең оқуы сирексіп кетті деген ренішімізді мүсәпірлік деп ұғатындай. Ал бұл – білген адамға халықтық мәселе. Керек болатын боса, ұлттық проблема. Өлеңнің оқылмауынан мен өлеңмен өскен халықтың өзін табиғи болмысынан алшақтап, сол халық жанының бір қалтарыстары жүдеп, қасаң тартып бара жатқанын көргендей болам. Сондықтан бізге өлеңге қамқорлықты сол халықтың болмысына қамқорлық деп ұққанымыз жөн. Өлеңді қорғап, қамқор боп жатсақ, халық жанын қорғап, халық жанына қамқор боп жатырмыз деп ойлаған мақұл. Не болғанда да, халықтың өзінің табиғи болмысынан алшақтап бара жатуына салғырт қарауға болмайды.

– Қазір әдебиетімізде ақтаңтақ кезеңдерді игеріп немесе сол кезеңдерде жазылып, ұзақ уақыт бойына халықтың қолына тимей келген рухани игіліктерімізді оқып-үйренудеміз. Яғни әдеби өмірімізде тарихилық белең алып, қазіргі заман тақырыбы ұмыт қалып бара жатқан сияқты.

– Мұндай тұжырымға келмес бұрын, алдымен бір мәселені анықтап алайық. Меніңше, қазіргі заман тақырыбы деген ұғым шартты ұғым. Өйткені жалпы әдебиетті анау тақырып, мынау тақырып деп бөліп-жіктеуге болмайды. Бұл ойымды мен дәлірек жинақтап айтар болсам, тек осы заманды бейнелейтін шығармалар ғана емес, талантты жазылған бүкіл тақырып – мейлі ол тарихи болсын, мейлі ол фантастика болсын – қазіргі заман тақырыптары. Неге дейсіз ғой? Айтайын. Әрбір шығарма – егер ол талантты шығарма болса – қай тақырыпқа жазылғанына қарамай, осы заман адамын рухани жағынан байытады. Ол адам бойына ізгілік рухын егеді, жаңғыртып, жаңартады. Ал адам жанында осындай процестерді тудыру – тарихи тақырыпта жазылған шығармалардың да, бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармалардың да басты міндеті. Сондықтан мен қазіргі заман тақырыбы деген ұғымды аса кең ауқымда қарастырғанды қалаймын. Адам жанын жаңғыртып, жаңғыртуға пәрмені де, дәрмені де жетпейтін, көркемдік қуаты әлсіз шығармалардың қай-қайсысы да, мейлі ол тарихи тақырып болсын, мейлі ол бүгінгі күн тақырыбы болсын – бұл ұғымға жат, бөгде.

Сонымен бірге тарихи тақырып пен қазіргі заман тақырыбы деген ұғымдардың шартты ұғымдар екенін, түптеп келгенде, олардың ағайындас, аталас ұғымдар екенін дәлелдейтін бір мысал келтіре кетейін. Өзіміз жақсы білеміз, белгілі бір кезең кезінде жазылған талантты шығармалар уақыт өте келе тарихи шығармаларға айналып кетпей ме?! Мәселен, Лермонтовтың «Біздің заманның геройын» алайық. Кезінде ол шығарма сол кезең үшін «қазіргі заман тақырыбы» болатын. Ал қазір ол біз үшін тарихи шығарма. Өйткені біз ол шығармадан белгілі бір заманның құлқын, рухани болмысын танимыз. Сонымен бірге ол шығарма бір кезде «қазіргі заман тақырыбына жазылған шығарма» аталып, енді бүгін «тарихи мәні бар шығармаға» айналғанмен, өзінің адамдарға қызмет ету міндетін өзгерткен жоқ қой. Атау өзгергенмен, міндеті сол қалпында қалды. Б.Майлин әңгімелерін де, М.Әуезовтың «Қилы заманы» мен бірқатар әңгімелерін де осы негізде түсінген жөн. Сондықтан әдебиетті бөліп-жіктеуге болмайды. Бөліп-жіктедік-ақ, шығармаға қойылар талапты әлсіретіп аламыз. Мұны мен тектен тек айтып отырғам жоқ. Шыны солай. Бір кезде «қазіргі заман тақырыбын» жазу мода боп тұрғанда тең-тең болып «мата атымен бөздің» өтіп кеткенін көзіміз көрді. Тарихи тақырыпты игеру басталғанда да, несін жасырамыз, кейбіреулердің оны науқанға айналдырып жібере жаздағандарын жақсы білеміз. Ал ондай шығармалардың атына бір сын айтпақ болсаң, сені халықтың атына күл шашқысы кеп жүрген адам деп көрсетуге жүзі жанбайтындар табылды. Қайта,халық қамын ойлайтын, халық үшін қабырғасы қайысып, омыртқасы майысатын адам халық тарихын қабілетсіз, талантсыз адамдардан қорғамас па? Жалпы, әдеби шығарма бір-ақ өлшеммен – адам жанын байытатын, оны жаңғыртып, жаңартатын биік рухани өлшеммен ғана өлшенуге тиіс. Сонда ғана қай тақырып та саудаға түспейді.

– Қазіргі кезде қатты қауіптеніп қорқатыныңыз не?

– Сөз. Сөзден қорқам. Қазіргі кезде одан жалғыз мен ғана емес, талай адам қорқатын болса керек. Менің бұл сөзім біреулерге тосын естілуі де мүмкін. Өйткені ондаған жылдар бойы сөзіміз тұншығып өмір сүрді. Оның еркіндігі, бостандығы болған жоқ. Енді ол қазір көшелерге, алаңдарға, қандай бір болмасын биік мінбелерге емін-еркін шыға алатын болды. Өткен ақтаңдақ кезеңдердің ақ шаңдағының астынан әр халық өзінің асыл сөздерін аршып алып жатыр. Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Аймауытов, Міржақып Дулатов шығармалары сөз алды. Ал осындай жағдайда сөзден қорқам деу ерсі қылық, бүйректен сирақ шығару сияқты боп көрінбей ме? Мұны жұрт сөздің аяқ-қолын қайтадан байлап-матап тастауға ұмтылушылық деп ұқпай ма?

Дегенмен, мен қазір сөзден қорқам. Әлігі айтылғандардың бәрі рас. Сөзіміз бостандыққа да, еркіндікке де ие болды. Бұл – ұлы жеңіс! Бірақ байқайсыз ба, кейінгі кезде сөздеріміз тым қатал, тым суық болып бара жатқандай. Маған адамдар кейде бір бірін сөзбен талап жатқандай көрінеді. Қазір көп адамдардың сөздерден жан-жүрегі қан жоса. Содан барып адамдар қазір бір біріне үрке қарайды. Сонымен бірге, сөз, несін жасырамыз, адам жанын, тіпті, мына қоғамды рухани дертке шалдықтаратын вирустарды таратушы боп барады. Ал бұдан сақтанбаса, болмайды. Сөздің құрамында қайырымдылықтың, мейрімділіктің элементтері азайып бара жатыр. Сөздерден қайырымдылық, мейірімділік азайған кезде адам жаны жадап-жүдеп, тоза бастайды. Сондықтан біз адам жанын құтқару керек деп білсек, алдымен сөзді қайырымдылық, мейірімділікпен байытуымыз керек. Бостандық алған сөздің қатал, ашулы, суық емес, қайырымды, мейірімді, шуақты болғаны дұрыс. Сондықтан әр адам дәл қазір өз сөзіне өзі ие болғаны жөн. Өз сөзіңе өзің жауап бере білетіндей бол. Сонымен бірге, мүмкіндігіңше, айтылар сөзіңді жан-жүрегіңнің қызуымен айт. Сөйтіп, басқа адам жанын жылытуға асық, қатал заманның қас-қабағындағы қырауды жібітуге ұмтыл дегім келеді.

– Творчествоңыз жайында, соңғы бітірген шаруаларыңыз жайында не айтар едіңіз?

– Былтыр «Сырым бар саған айтатын» атты басылым қайта шықты. Әрине, ол баспа үшін қайта басылым, ал мен үшін таңдамалы. Сондай-ақ соңғы бес-алты жыл бойы жазып жүрген «Аңқа кептірген аңызақ» атты кітабымды бітіріп «Жалын» баспасына тапсырдым. Бұл баспадағы жолдастар ол кітапты ешқандай кедергісіз қабылдап алды. Менің қазір соған көңілім тоқ. Сын кітабым да дайын тұр. «Жазушы» баспасына тапсырмақ ойым бар.

Біткен шаруалар осылар. Ал әлі жазылып жатқан, ойда жүрген істер туралы, абзалы, үндемеген жөн.

– Қазір қайта құрудың революциялық жаңару кезеңінің арқасында дінге көзқарас мүлде өзгерді. Осыған сіз қалай қарайсыз?

— Рас, ұзақ жылдар бойы біз дінге тек біржақты ғана қарап келдік. Ал шындығында, діннің кез келген халық тарихында орны орасан зор болған. Халық террито­рия­сының түзілуі мен оның сақталуында, халық өзінің бостандығын алу жолында, халық басын қосуда, көршілес басқа халықтармен ауызбіршілік, бітімге келуде, тіпті, белгілі бір халықтардың дәстүрлерін өзінше қалып­тастыруда діннің атқарған ролін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан дінге құрметті тарихқа да құрмет деп қараған жөн сияқты.

Әрине, діндегі дүмшеліккее ешуақта төзуге болмайды.

– Сіздің ұрпақты тоқырау заманының ұрпақтары дейді. Осы сөзден Сіздің ұрпақтың адресіне айтылған кемсіту сезілмей ме?

– Біздің ұрпақ, негізінен, сонау алпысыншы жылдардың басындағы творчестволық еркіндік кезеңінің ауасымен аз да болса дем алып үлгерген ұрпақ. Сонымен бірге, біздің ұрпақ сол алпысыншы жылдары бүкіл әдеби, мәдени өмірімізге жаңа серпіліс әкелген өзінің алдындағы ұрпақпен жұбы жазылмай, тізе қосып қатар келе жатыр. Біздің ұрпақтың мұңдасы да, сырласы да сол алдындағы ұрпақ.

Бірақ солай бола тұра, алғаш рет Кеңшілік марқұм айтқандай, біздің ұрпақ – тоқырау заманының ұрпақтары. Өйткені біздің ұрпақ өзінің бүкіл творчестволық өсу кезеңін осы тоқырау кезеңінде өткізді. Тек біздің ұрпақ қана емес, сол алпысыншы жылдарда құбылыс болған ұрпақтың да кемелдену кезеңі осы кезеңге тап келді. Бірақ мен бұдан ешқандай да кемсіту сезінбеймін. Өйткені қандай қиын ауыр кезеңдерде де творчестволық ой, творчестволық тіршілік белгілі бір дәрежеде тежелуге ұшырағанмен, мүлде тоқырап, өліп қалмайды. Тіпті, қылышынан дірдектеп қан тамып тұрған сталиндік репрессия тұсында да ұлы шығармалар дүниеге келген. Басқасын айтпай-ақ қояйын, М.Әуезовтің даңқты эпопеясын ғана алайық. Ол, негізінен сол жылдарда жазылды ғой. Ал тоқырау кезеңінде ше? Атақты «Қан мен тер» дүниеге келді. Бұл жерде басқа да іргелі-іргелі прозалық шығармалардың бәрін атамай-ақ, тек біздің алдымыздағы аға ақындарды ғана еске алып көріңізші: М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Т.Айбергенов, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов. Міне, бұл ақындар бүкіл өздерінің шығармаларын осы тоқырау жылдарында берген. Біздің ұрпақ та осы жылдардан түк бітірмей жүдеп, жадап шықты десем, ақиқатқа қиянат жасаған болар ем. Әрине, ол жылдары тоқырау да, тежелу де болды. Ол тежелу, тоқырау болмаса, бұдан гөрі әлдеқайда көбірек іс бітер еді. Бірақ тоқырау жылдарында да творчестволық ой, негізінен, өзінің су асты, жер асты жолдарымен ағысын тоқтатқан жоқ. Сондықтан мен тоқырау заманының ұрпақтары деген сөзден ешқандай кемсіту көрмеймін. Оның үстіне, біздің ұрпақтың шаруа бітіретін кезеңі енді келді ғой. Аңысын аңлайық.

«ӨЛЕҢІ ӨЗДЕРІМЕН БІРГЕ ӨЛМЕСІН»

Ақын Темірхан МЕДЕТБЕК пен «Қазақ әдебиетінің» бөлім меңгерушісі Думан РАМАЗАННЫҢ сұхбаты

«Әттең ұлтым татар,
Әйтпесе болар ем
«Пушкинмен қатар»

Ғ.ТОҚАЙ.

– «Қазақ әдебиетінің» бетінде өрбіген әдеби пікірталасқа тағы да оралсақ деп отырмын. Сыншы Бақыт Кәрібаева газетімізде жарияланған мақаласында «Шын әдебиет енді туады» десе, іле-шала осы мәселеге орай өз көзқарасын білдірген сыншы Қадырбек Уәлиев қазіргі кезеңнің қиыншылықтарын көлденең тарта отырып, «Шын әдебиет тумайды» деп тұжырым жасайды. Осы пікірталасқа байланысты сіздің көзқарасыңызды білсек...

– Бұл сұрақтың маған қойылып отырғаны тектен-тек емес деп білем. Өйткені мен өткен ғасыр әдебиетіміз үшін – қаншама қым-қуыт дүрбелеңнен, тар жол, тайғақ кешулерден өтсе де – алтын кезең болды деп өз сөзімде талай айтқам. Кім не десе де, сол пікірімде қалам. Ал сондай пікірдегі адамға, әрине, сол әдебиеттен докторлық диссертация қорғап, ғылыми атақ алған Бақыт Кәрібаеваның пікірі ауыр тиетіні сөзсіз. Бақыт Кәрібаева бар бәлені – сөзді де, ойды да, рухты да – қытымыр қысымда ұстауға бүкіл айла-шарғысын, зымиян-сұрқиялығын, қарау қатыгездігін жұмсап келген коммунистік идеологиядан көреді. Әрине, ол идеология рухты тұқыртты, сөзге қысым жасады. Бірақ қысым болмаса күрес бола ма?! Ал әдебиет – күрес! Әлемдік әдебиеттің ірі тұлғаларының бәрінің өміріне, олар тіршілік еткен ортаға үңіліп қараңызшы. Солардың қайсысы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда өмір сүріпті. Ешқайсысы да! Өйткені қай заман, қай қоғамда адам тағдыры да, қоғам тағдыры да тауқыметті! Тіпті, аста-төк байлыққа малынып отырған таланттар да рухани қысымға шыдай алмайды.

Рухани қысым көрмей, дүниеге шын әдебиет келмейді.

Әрине, ол сұмпайы идеологияның майлық-сулығына айналған ақын-жазушылар аз болған жоқ. Ондай ақын-жазушылар қай заманда да болған. Әлемдік әдебиет мысалдарын былай қойғанда Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Махамбет заманындағы жыраулардың бәрі шетінен наркескен мен алдаспан болған жоқ қой. Күн көрісі үшін көр-жер, күл-қоқыс, қора-қопсының айналасынан аса алмаған бейшара жыраусымақтар аз болмаған. Олардың «өнерлері» өздерімен бірге өлген. Сол сияқты кешегі ақын-жазушыларымыздың шығармаларының талайы ғасыр табалдырығынан өте алмай қалды. Бұл – заңдылық. Егер Бақыт Кәрібаева жаңа ғасырдағы әдебиетіміз әлем­дік және төл әдебиетіміздегі ұланғайыр құнарлы құн­дылықтарымен байи отырып, жаңа өзгерістерге шығып, тың үрдістер алып келеді десе, әлдеқайда иланымды болар еді. Мен өз басым Қадырбек Уәлиевтің көп пікірлеріне қосыла отырып, оның «Шын әдебиет тумайды» деген тұжырымын қолдай алмаймын. Ол тұжырым – ашынып сөйлеймін деп асырып жіберген тұжырым. Сөз жоқ, әдебиет жалғасады. Біз біліп-көрмеген жаңа ендіктер мен байлықтар игеріледі. Қазірдің өзінде, көңілі ояу, көзіқарақты адам өлеңде болсын, проза мен сында болсын тосын нышандарды байқамауы мүмкін емес. Өйткені олар қазірдің өзінде кешегіден түрі де, тұрпаты да бөлек, тағы да рухани қысым құрсауын сезіне бастады. Ал ол, сөз жоқ, қанында қызуы, жанында қыжылы бар талантқа қалам ұстатпай қоймайды.

– Қазақ әдебиетіндегі ең мықты әдебиет деп көлгірсімей-ақ қояйық, дегенмен, үздіктердің қатарынан орын аларына өз басым еш шүбәланбаймын. Қанша жерден аузымызды қу шөппен сүрте бергенімізбен, әлемдік әдебиеттің классиктерімен иық теңестіретін тұлғалар да жоқ емес. Егер Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин сияқты көптеген қазақ қаламгерлері еврей болып туып, еврей болып өмір сүрсе баяғыда-ақ әлемдік тұлғаларға айналып кетер ме еді, кім білсін?!

– Мұны саған ызалы күйініш айтқызып отыр ғой. Түсінемін. Өйткені біздің әдебиет – көптеген елдердің әдебиетінен оқ бойы озып кетіп, талай-талай іргелі деген әдебиеттермен иық тірестіріп қалған әдебиет. Құдайға шүкір, көмейлеріміз бүлкілдеп, алқымдарымыз ісіп, ауыз толтырып айтатын айбарлы да, айдарлы да шығармаларымыз бар. Ал жоқ деп жүргендер өз ұлтының рухани әлеміне шекелеп қарайтын, не анда, не мұнда жоқ, шөре-шөре боп жүрген, шикіөкпелер мен шибұттар.

Бірақ осындай алып әдебиетіміз бола тұра, ол әлемдік әдебиет деңгейінде, өз дәрежесінде әңгіме болмай келе жатқаны, өкінішке орай, тағы рас. Оған әртүрлі себеп-салдарлар бар. Біріншіден, күні кеше, негізінен бір-ақ әдебиет, орыс әдебиеті ғана насихатталды. Шынында да ол, несін жасырамыз, мектебі бай, дәстүрлі, сан қырлы ұлы әдебиет. Оған мұрын шүйіріп қарау асылық болады. Солай бола тұра тек сол әдебиеттің ғана мерейі үстем, мәртебесі биік болды. Ұлт әдебиеті тек саясат үшін ғана әңгіме етілді. Татар ақыны Тоқайдың «Әттең ұлтым татар, әйтпесе болар ем Пушкинмен қатар» деп күйінетіні тектен-тек болмаса керек. Көп-көп ұлттардың тарихы да, рухы да шовинистік идеологияның уынан шалажансар боп, соның керзі етікті табанына түсіп, иленіп жатты. Әдебиетті шетелдерге насихаттау тұтқасы да солардың қолында болғаны ешкімге жасырын емес. Ал сол тұтқа иелерінің көңілін табуға кейбір жылпостар болмаса, қадірлі тұлғаларымыз бара қойған жоқ. Ал олардың шығармалары шетелдерге аударылып жатса, олар сірескен тоңды өз күштерімен қақыратып сөгіп барып шықты деу керек. Не болғанда да, әсіресе, қазақ әдебиеті ол тұста, ішінде оты бар, бірақ томаға-тұйық өгей баланың күйін кешті. Әрине, орыс тілінде жазып, олардың өз баласы боп кеткендер де бар... Екіншіден «еврей болып туса» деген сөзіңнің астарын ұғып отырмын. Сөз жоқ жаңа өзің атын атаған жазушылар және бірқатар қаламгерлер еврей болып туа қалса, несін жасырамыз, баяғыда-ақ әлемнің түкпір-түкпіріне белгілі болар еді. Өйткені, талантты да қабілетті ол халық – дүниежүзіне дерлік атқанын жеткізіп, айтқанын өткізіп отырған халық. Көптеген елдердің ресми де, ресми емес те идеологиялық рухани кеңістіктері солардың қолында. Солар ықпал етіп, солар үстемдік жасап отыр. Әрине, сондай рухани кеңістікті билеп-төстеп отырған халықтың кез келген талантты перзентінің (тіпті, ортақол болса да) маңдайы жарқырамай, кімнің маңдайы жарқырамақ! Бірақ солай бола тұра әлгіндей талантты тұлғаларымыздың қазақ боп туғандары қандай жақсы болған! Өйткені біздің рухани тіректеріміз солар сияқты ат төбеліндей ақын-жазушылар ғой. Алла жазса, әлі-ақ біздің талай-талай асыл дүниелеріміз әлемдік рухани айналысқа түсетініне кәміл сенемін.

– Қазір сөзден қадыр кете бастаған сияқты. Қаламгерлердің тұрмыс-тіршілігі шатқаяқтап, қалтасы мен жүйкесі жұқара бастағандай. Бұрын ел жазушыларға құрметпен қараушы еді, қазір мүсіркей қарайтын болды.

– Думан-ау, қазір кімге кім мүсіркемей қарап отыр дейсің. Ел қаламгерлеріне қалай мүсіркей қарап отырса, қалам­гер­лер де еліне солай мүсіркеп қарап отырған жоқ па?! Мұны да әлеуметтік заңдылық деп қарау керек шығар. Егер бүкіл ел-жұрт осындай азып-тозып жатқанда қаламгер біткеннің бәрі шекелері шылқып, үлде мен бүлдеге оранып отырса, міне, сол нағыз әлеуемттік те, адамдық та әділетсіздік болар еді. Өйткені, қаламгер халық перзенті. Яғни елі көріп отырған күнді олар да көру керек. Өзің білесің, ұлы Толстой қарапайым халық алдында өзінің тоқ тұрмысынан өзі ұялып, жарлы-жақыбайларға байлығынан үлестіріп берген ғой.

Дегенмен ақын-жазушылар да, басқа өнер адамдарының да еңбектерін осыншалықты еш қылып, оларды осын­шалықты тұрмыстық тауқыметке салып, мүлде тұралатып тастамау керек еді. Әрине, өкінішті-ақ... Әлі де дәмеліміз.

– Менің бірнәрсеге анық көзім жетіп келеді. Біз мәдениетке көңіл бөлмей, ел дәулетін ешқашанда молайта алмайды екенбіз. Жоғары жақ та осы қағиданы түсінген сияқты. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Өркениетті ел боламыз деп жатырмыз ғой. Ал өркениетті ел болу үшін, әсіресе, біз үшін, ең алдымен, мәдениетті ел болуымыз керек. Мемлекетіміздің өзегінде ұлттық мәдениет жатқаны жөн. Олай болмады ма, онда бәрі бекершілік болып шығады.

Несін жасырамыз, тәуелсіздік алған аз жылдың ішінде талай нәрседен айрылып қалдық. Ең бір қиын жылдарда дүниеге келген айбарымыз бен айдарымыздай көрінетін Қазақстан Ғылым академиясының бойынан қуат, ойынан қайрат кетіп, Опера театрымыздың омыртқасы опырыл­ған­дай болып тұр. Қаншама кітапханалар мен клубтардан айрылдық... Айта берсек көп. Өзіміздің мәдени ошақта­ры­мызға, бейне бір өшіміз кеткендей, оспадарлықпен қол жұм­садық. Бүлдірдік, күйреттік, құрттық. Енді олардың бәрі өз ор­нына келеді дегенге мен өз басым сенбеймін. Өйткені, бүлдіру – оңай, жасау – қиын. Оған көп уақыт керек. Сон­дықтан Мәдениетті қолдау жылы бір жылдық науқанға ай­нал­май, жоспарлы түрде ұзақ жылдарға созылу керек. Со­нымен бірге ол, ең алдымен, қазақ ұлтының мәдениетін бас­ты бағыт етіп алу қажет. Сонда ғана оған сеніммен қарауға болады.

– Мен осыдан он жыл бұрын бір қазақ қаламгерінің Нобель сыйлығын алмағанына іштей қысылып-қынжылатын едім. Ал қазір ол ой мүлде өзгерген. Оған қайта іштей қуанатын болып жүрмін. Өйткені, шашасына шаң жұқпайтын жүйрік болса да қазаққа ол сыйлықты ешкім де тегін бере салмайды. Ол үшін әлемге әмірін жүргізіп тұрған шет ұлтқа қызмет етуің, яғни, еңбек сіңіруің керек. Ал мен болсам әліме қарамай әдебеиттің саясат пен бақай есептен ада болуын қалаймын. Сіз ше?

– Нобель сыйлығын алу – мықты қаламгер үшін шарт емес. Толстой кезінде ол сыйлықты, тіпті, менсінбеген, одан бас тартқан. Ол сыйлықтың айналасында әр түрлі құйтырқы әрекеттер болатынына қазір көз жетіп отыр. Мәселен, Ресейде де, басқа елдерде де көркемдік қуаты жағынан Солженцынды он қорап алатын жазушылар бар. Бірақ қайтесің... Саяси ойын дегенін істеді. Соған бұйырды. Сондықтан ол сыйлыққа табынудың тіпті де қажеті жоқ.

Ал сенің «... әдебиеттің саясат пен бақай есептен ада болуын қалаймын» деген сөзің сыйлық алу, омырауына орден тағу тұрғысынан айтылып тұрса, әрине, мен сен жағыңдамын. Бірақ көзім жеткені, ол мінез ешуақытта қалмайды.

– Сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев: «Сұм өмір абақты ғой саналығы» дейді. Әрине, ол кезең мен бұл кезеңді салыстыруға болмас. Дегенмен, арқалы ақын Қадыр Мырзалиевтің «Заман мен қоғам ақынды қорлаудан ләззат алады» дегені есімізде. Сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма? Жалпы, өзіңізді абақтыда жүргендей сезінбейсіз бе?

– Бұл сөздерге Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген сөзін қосыңыз...

Әрине, саяси бостандық алып, тәуелсіз ел болып жатқан тұста абақтыда жүрмін деп айту ерсі естілуі мүмкін. Бірақ саяси тәуелсіздік алғанмен, рухани тұтастығымыз қалыптаспай, көп ретте рухани тәуелділікке кіріптар болып, сырттан ағылып жатқан идеологшиялық агрессиядан бас көтере алмай жатқан қазіргі кезеңде мен өзім рухани азатпын, рухани еркінмін деп айта алмаймын. Қалай айтарсыз? Рухани тұтастығымыз күн өткен сайын бүліну үстінде. Үлкен бір бөлігіміз басқа тілде сөйлеп барады. Олардың аты-жөндері, сығырайған көздері мен жалпайған беттері ғана қалды. Бойларында ұлттық бірде бір қасиет жоқ. Өйткені, олар басқа дәстүр, басқа тәлімге тәрбиеленген. Ұлттық мақтаныштарымыз бен ұлттық қандылықтардан мүлде бейхабар. Оның есесіне олар әлемдік эстрада, спорт жұлдыздарының то-п модельдер мен секссимволдардың есімдері мен өмірлерін туған нағашысы мен туған жиендерінен гөрі жақсы біледі. Бейне бір солармен тамырлас, солармен құрсақтас секілді. Несін жасырамыз, рухани тұтастығымызға қауып төніп келеді. Осылай кете берсе, бұл құбылыс қатерге айналуы мүмкін. Екіншіден, біздің ұлттық рухани кеңістігіміз адам айтқысыз тарылып кетті. Газет-журналдарымыздың тираждары қуырыла-қуырыла бір шөкім боп қалды. Қазақ тіліндегі хабарлар, экрандар мен эфирлерден ысырылып тасталудың сәл-ақ алдында тұр. Жалпы, рухани кеңістіктегі қазақ тілінің алтын орны аттөбеліндей. Оның үстіне ол рухани кеңістігімізге бүкіл әлемдік идеологиялық, рухани қоқыстар аяусыз төгілуде. Сол қоқыстардан тұншығудамыз, уланудамыз. Міне, осылардан кейін қалай ғана рухани азатпын деп айта аларсың?! Қаьырғасы жоқ камерада жүргендей сезінетінің рас. Дәл осы жерде өзімнің «Түрмеден қашқан адамның шошынуы» деген шағын өлеңімді оқып берсем артық емес-ау деп ойлаймын.

Атадан қалған мұрадай
мұңданып күн-түн жылаған, –
қысымға қатал шыдамай
түрмеден қашты бір адам.

Күл болып кенет арыны,
қалды оның жаны тарынып, –
сығылып бүкіл жан-жағы
айнала кетті тарылып.

Жәутеңдеп қалды табанда
ашылды жанның жарасы, –
мұп-мұздай тартып адамдар
суық боп кетті қала іші!

Шошынды –
тиып желігін.
шошыны арсыз иттерден
Жандарды көріп

елінің
тәуелсіздігін жек көрген.
Шошынды –
тиып желігін.

шошынды бұғып қашқақтап –
жандарды көріп
елінің
азаттығынан бас тартқан.

Өкінішке орай, өз елінің тәуелсіздігін, азаттығын жек көретін қандастарымыз да бар. Олар аз да емес. Бұл – шын­дық. Оны жасырып, жаба тоқуымыздың қажеті жоқ. Ал бұл да ойлы, саналы адамның өкпесін қысып, демін тарылтатыны сөзсіз...

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ әдебиетінің даму жолына көңіл көзімен ой сала қараңызшы. Ұтылған жеріміз бен ұтқан тұсымыздың ара жігін ажыратып бере аласыз ба?

– Тәуелсіздік алғанымызға бар болғаны оншақты-ақ жыл өтті. Осы азғантай жылдың ішінде ақтаңдық тұстары­мыз­дағы құндылықтарды аршып алуға, оларды игеруге, рухани айналысқа түсіруге, шындығын айту керек, үлкен күш жұмсалды. Бұрын оқылып-тоқылмай келген ұлы арыс­тарымыздың шығармалары рухани ұлттық игліктерімізге ай­налды. Бұл – үлкен шаруа. Меніңше, біздің ең басты ұтқан тұ­сымыз – осы. Сонымен бірге, бірқатар белгілі қалам­гер­леріміз балалық шағы, өмір жолдары туралы, ғасыр аяқта­лар алдында есеп бергендей боп, мемуарлық шығармаларды дүниеге әкелді.

Әсіресе, өлеңдер мен әңгімелердің, аз да болса сыни мақалалардың жолы болды дей аламыз. Олардың тынысы да, өрісі де кеңи түсті. Солардың бойынан мен тосын сөздер, тың ойлар кездестірдім деп айта алам. Әрине, бүгінгі өмір туралы жазылған ауқымды үлкен дүниелер әлі жасала қойған жоқ. Бірақ мен оны «ұтылған жеріміз» деп айта алмаймын. Үлкен, ауқымды дүние үшін үлкен, ауқымды уақыт керек. Ондай дүниелердің біраз жылдан кейін дүниеге келетініне мен өз басым шәк келтірмеймін. Өйткені, білімді, зерделі, тынысы кең, қалам қуаты қайратты жастар өсіп келеді.

– Қазіргі кезде не болса соны жазып, кітап етіп шығаратындар көбейді. Өлеңге, өнерге деген талғамды төмендетіп жіберетін осындай жазғыштарға тиым салуға бола ма, жоқ әлде, мүмкін емес нәрсе ме?

– Көтерер жүгі де, айтар ойы да жоқ жазғыштар кеше де болған, ертең де болады. Олардан ақи-тақи құтылу мүмкін емес. Бүгінде олар мүлде бетімен кетті. Баспалардың көбі қалай да күн көру үшін, ақша ұсынса, не болса соны шығаратын болып алды. Ең өкініштісі, эстетикалық, көркемдік талғам жойылып барады. Бейне бір сұрқай ақтаңдық сор көкорай шалғынымызды жалмап-жұтып келе жатқандай. Қазір оған қарсы тұратын дәрмен көріп тұрғам жоқ. Тәуір шығармаларымыз елге жетпейді. Өйткені, елде ақша жоқ. Өздері қалт-құлт етіп зорға отыр. Кітап тарату ісі шорт кесіліп қалды. Оқырманмен байланыс үзілді. Ал мұндай жағдайда бүгін-ертең ондай жазғыштарға тиым салына қалады деп айта алмаймын...

– Кейде бізде әдебиетке деген түсінік дұрыс қалыптаспаған ба деп ойлайсың. Кейбір жазушылардың әдебиетті педагогика немесе тарих ғылымымен шатастырып алатынына куә болып жүрміз. «Ұрлық түбі – қорлық» деген қарапайым қағиданы дәлелдеу үшін ондаған, тіпті жүздеген беттік көркем шығарма жазып, әуреге түсіп жатады. Немесе тарихта мынандай оқиғалар болған, солардан бүгінгі ұрпақ сабақ алса екен дегенді айту үшін барды-жоқты үйіп-төгіп, «қара терге» түсіп жатқандары. Меніңше, бұлар әдебиеттің міндеті емес сияқты. Өйткені, педагогика мен тарихтың міндетін әдебиетке жүк етіп артудан ұтылмасақ, ұтарымыз шамалы-ау! Жалпы, біздің ойымызша, әдебиеттің міндеті – адам жанына үңілу, жаратылысына бойлау, адамның жан дүниесіндегі қойма-қалтарыстарды ашып көрсету, адамның ішкі ілхамын ақтару сияқты. Осы тұрғыдан алғанда маған Толстой, Достоевский, Әуезов, Аймауытовтар қатты ұнайды. Сондықтан әдебиет­те мораль айтып езбелеу мен ақыл айтып көсемсу артық па деймін. Әрине, бұл біздің пікіріміз. Қателесуіміз де мүмкін-ау!

– Қателескен жоқсың. Адам жанына, психологиясына, әлеуметтік ортасына, оның сана ағымы мен болмысына үңілуге көркемдік қауқары жетпейтін, сырғақтап сырғып отыратын жайдақ тайыз шығармалар, өкінішке орай бізде аз емес. Олардың тарих пен педагогика ғылымына да қосар үлестері шамалы. Тіпті, кесірін тигізіп, кедергі келтіріп жатулары мүмкін. Бұл тұрғыдан келгенде мен сені түгел құптаймын.

Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Көркем шығармаларсыз тарихымыз да, педагогикамыз да өлі. Соны ұмытпайық. Мұны айтып отырған себебім, мен сенің «... тарихтың міндетін әдебиетке жүк етіп артудан ұтылмасақ, ұтарымыз шамалы...» деген пікіріңе мүлде қосылмаймын. Егер көркемдік қуатқа ие болса, тарихи тақырыптарға жазылған шығармалар тәлімдік қана емес, үлкен тағылымдық та жүк атқара алады. Тарихи тақырыптарға тек қазақ жазушылары ғана емес, әлемнің талай-талай атан жілікті алып жазушылары да барған. Өйткені, басқа көтерер жүгінің бәрін былай қойғанда тарихи тақырып – көркемдік метод, тәсіл. Айналып келгенде оның да шұқшиып зерттейтіні адамның ішкі дүниесі, яғни, адам арқылы қоғамға немесе қоғам арқылы адамға үңілуі. Буржуазиялық сезім, социалистік сезім, капиталистік сезім деген болмайды. Парасаттылық барлық қоғамда да парасаттылық, мейірім барлық қоғамда да мейірім, озбырлық барлық қоғамда да озбырлық. Олар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола береді. Оның үстіне кешегіңді білмесең, бүгінің – баянсыз, ертеңің – мақұрым. Әрине, тарихи тақырыпты жазудың жөні осы екен деп әрбір фактіні жадағай тәптіштеп, әрбір датаны құрғақ тізбелеу көркем шығарма болмайды. Толстой ғұмырында Мәскеудің дәл түбіндегі Бородиноға барып көрмепті. Бірақ Бородино соғысының рухын дәл Толстойдай қай тарихшы жазып қалдырыпты. Теңдесі жоқ Шекспирдің талай шығармалары өзінен бұрын өткен тарихи оқиғаларға арналған. Ол тіпті, «Отеллосын» Венецияға бармай-ақ жазған. Гюго, Бальзактарды айтпай-ақ қояйын. Данте ше? Ол бәрін жинасырып қойып о дүниеге кіріп кетпей ме?! Өлілермен сөйлеспей ме? Оның бер жағындағы Пушкин, Лермонтовты қайда қоясыз. Өзіміздің Әуезовімізді не істейміз? Ғабит Мүсіреповтің «Қыз – Жібегінен» бас тартамыз ба? Осылай жалғастыра берсек таусылмайды. Рух – жанды құбылыс. Яғни, онда да тарих бар. Оның тегі, тамыры – тарихи көркем шығармаларда. тарихи рух табиғатын қандай талантты болса да, тарих ғылымының докторы жазып бере алмайды. Қорыта айтқанда әдебиеттің міндетінен жатпайтын мәселе жоқ. Әңгіме сол міндетті қалай атқарып шығуда.

– Кейбір ойы олақ, танымы шолақ сыншылар әдеби шығарманы теорияға салып өлшеуге әуес. Әрине, үй тұрғызу үшін кірпішті қалыппен құюға болар, ал көркем шығарманы қалыпқа салуды түсіне алмаймын. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?

– Әрине, теория өзінен өзі туа қалған жоқ. Теорияны тудырған – әдебиет. Бұл жерде алдымен дүниеге жұмырқа келген бе, жоқ әлде, тауық келген бе деген мәңгілік тартысқа орын жоқ. Бірақ соған қарамай кейбір сыншыларымыз теориямен мұздай қаруланып алып, әдебиетті өздері тудырғандай сөйлейтіндері бар. Қарап отырсаң – соншалықты қасаң, соншалықты таптаурын. Өлі. Схема. Сондықтан ондай сыншыларға жаңа нәрсенің бәрі жат. Өйткені жаңа дүниені талдап-талқылауға, тереңіне сүңгіп, биігін шолуға оның бойында тиісті қару жоқ. Қару жоқ болған соң, қауқарсыз. Олар әдеби процестің жанды құбылыс екенін, ол үнемі қозғалыста, үнемі ізденісте бола беретінін ұға бермейді. Теориялық схемаға сай келмеді ме, бітті. Қабылдай алмайды.

Әрине, қандай бір тумысы бөлек жаңа шығарма болмасын, өзінің архитектоникасы, композициялық құрылысы, формасы болады. Оларды ішкі мазмұн, көтерер тақырып, дүние таным , шығармашылық қуат тудырады. Ал оны түсіну үшін зор білім, мол тәжірибе, нәзік интуиция қажет. Міне, өзің айтқандай, «ойы олақ, танымы шолақ сыншыларда» осы қасиеттер жетісе бермейді.

– Кейінгі уақытта орысша ойлап, орыс тілінде жазатын қазақ жастары көбейді. Бұл біздің басымызға қонған бақ па, жоқ әлде, маңдайымызға біткен сор ма?

– Мен бұл құбылысты еліміздің басынан өткен тарихи-әлеуметтік, саяси зұлматтарды терең сезіне отыра, басымызға бақ дей алмаймын. Өйткені жоғарыда айтқандай рухани тұтастығымызға орасан зор нұқсан келгелі тұр. Мен бұл сөздерді тек орысша жазатындар үшін ғана айтып отырғам жоқ. Мен бұл сөздерді орыстанып немесе орыстілденіп бара жатқандар үшін айтып отырмын.

Ұлттық тілсіз – ұлт бола ма?! Ұлттық мәдениет пен дәс­түр­сіз ұлттық рухы бар ұрпақ өсе ме?! Өз тілін, өз мәдение­тін, оның ауырлықтарын сезінбейтін адамдар еліміздің барлық саласына еңдеп кіріп барады. Ендеп кіріп қоймай, билеп-төстеуге кірісті. Қараңызшы, өкімет мүшелерінің ішінде тек үш-төрт-ақ қазақ министр өз тілдерінде бірқыдыру сөйлей алады. Қалғандары «ә» деп аузын аша алмайды, ашса да екі сөздің басын жөндеп құрай алмайды. Өзің айтшы, қай елде өз тілін білмейтін үкімет мүшелері бар?! Тек бізде ғана осындай өрескел жағдай орын алған. Бұған жаның күйе ме, күймей ме?! Мен бұл сөздерді айтқанда олардан мүлде қол үзу керек деп айтып отырғам жоқ. Олай десем, мен де өрескелдікке, тіпті, оспадарлыққа барған болып шығар ем. Бәріміздің есімізде Президент: «Екі қазақ бір бірімен қазақша сөйлессін» деп жақсы сөз айтты ғой. Енді «Үкімет мүшелері болған қазақтар бір бірімен қазақша сөйлессін» десе, тағы да оны жүзеге асыруға тікелей ықпал етсе, сөз жоқ, ол талап қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік деңгейге көтерілуіне үлкен бетбұрыс жасар еді. Реті келіп тұрғанда айта кетейін, мен оппозицияда жүрген адам емеспін. Бірақ оппозицияда емеспін деген сөз, бар мәселені бас шұлғып мақұлдай беру емес қой. Мүдделес, партиялас адамдардың ішінде де, тіпті, сүттей ұйып отырған отбасында да пікірталас болып жатпай ма? Олай болса, ойымызды, пікірімізді айтып отыру, әрі-беріден кейін біздің азаматтық борышымыз. Оның үстіне мен қазіргі оппозициялық күштердің көбін оппозиция деп қарамаймын. Өйткені, оппозиция эконо­ми­калық бағдарламасы қаншама бөлек болса да, ұлттық мүд­деге, тәуелсіздігімізге, мемлекетті нығайту мәселесіне кел­генде кез-келген өкіметпен ойлары алшақ болмауға тиіс. Ал біздегі оппозициямыз деп кеуде соғып жүргендер ше? Олар­дың біразы ұлттық мүддені мүлде аяқ асты етіп, мем­лек­е­т­ті­гімізге, мемлекетімізге күмән келтіреді. Сыртқа сатуға даяр тұрады. Яғни, олар оппозиция емес, біздің ұлттық мүддемізге, мемлекетімізге қауіп төндірушілер. Тәуелсіздігімізге қарсы адамдар. Сондықтан оларды оппозиция деу қате, олар басқа, жат пиғылдағы адамдар. Әр нәрсені өз атымен атау керек. Ендеше, оларды да басқаша атаған жөн.

– Сөзден-сөз туып, тақырыптан ауытқып бара жатқандаймыз. Олай болса, әңгімеміздің соңында тосындау бір-екі сұрақ қойсам айып етпессіз-ау деп ойлаймын.

– Жақсы.

– Ақын Мағжан Жұмабаевтың: «...Әлдиле, өлім, әлдиле!..» дейтінін қалай түсінесіз?

– Өлім туралы жазбаған бұл дүниеде ақын да, философ та аз. Мәселен, ертедегі мысырлықтар өмірді өлімге дайындық десе, Платон мен Сократ өлімді жанның «қараңғы» тәннен босап шығуы дейді. Ал басқа бір философтар өлімді адамның жер бетіндегі күнәсі үшін жазалануы деп ұғады. Осылай жалғаса береді. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес.

Меніңше,Мағжан философиясы – дүниеден түңілу, безіну, сонымен бірге өлімнен ғана пана, байыз тауып, рахаттану философиясы. Бұл өлең:

Қажыдым, енді, күн бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,
Жел бұйығып тербелген,
Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін,
Әңгіме қып күңіренген.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..

Көріп отырсың, «қажыдым, енді, күш бітті» деп күресе-күресе әбден қалжыраған ақын «Өлім күйі – тәтті күй, балқиды жаным бұл күйге» деп өлімнен ғана барақат табады. Енді қайтсін! Қай жаққа қараса да – өлім. Өлеңді одан ары оқы­саңыз жас қайың да, жас ұлан да, жолаушы жан да, жас сұлу да, балауса бүлдірген де, ақ отаудың балдырған иесі де – бәрі-бәрі өлім құшады. Байқап отырсың ба, кілең жас пен балдырғандар қыршынынан қиылып жатыр. Яғни, болашақ оталып, болашақ қырқылуда. Болашақтан үміт үзген ақын осыдан кейін өлімнен пана іздемей, неден пана іздесін?! Осы жерде Мағжанның «Қорқыт» поэмасы еріксіз еске түседі. Ол ғасырлар бойы өлімнен қашырып, халық өлтірмей келген Қорқытты қобызымен бірге көрге кіргізеді. Өлтіреді. «Қорқыт» поэмасымен «Әлдиле, өлім, әлдиле» бір шамада, жиырмасыншы жылдарда жазылған. Яғни, Мағжан үшін Кеңес өкіметі нағыз «Қорқыттың көрі».

– Егер сізге ең жақсы көретін адамыңыз тот басқан алмас қылыш сыйласа не істер едіңіз?

– Әрине, алам. Бірақ ол сыйдан, сөз жоқ, ишара іздеймін. Өйткені, жақсы көретін адамың тот басқан алмас қылышты тектен-тек сыйламайды. Яғни, ол екеуміздің арамыздағы кіршіксіз қарым-қатынасты, риясыз көңілді тот баса бастағаны. Немесе сөзімнен өткірлік кетіп, тоттанғаны... Не болғанда да ишара. Не болғанда да маған деген кейістік, реніш.

Лайым, қай-қайсымыздың да бір-бірімізге деген ықыласымызды да, сөзімізді де тот баспасын.

– Әңгімеңізге рахмет!

ҰЛТТЫҚ РУХЫ БОЛМАСА, ОЛ ӘДЕБИЕТТІҢ ҚҰНЫ КӨК ТИЫН
(«Жас алаш» газетінің қызметкері, ақын Әмірхан Балқыбекпен әңгіме)

– Алпысыншы жылдардағы оқырман мен бүгінгі оқырманды салыстырып бере аласыз ба? Дүниетанымы, ой-өрісі, әдебиетке, өмірге көзқарасы т.т.т. айырмашылықтарын тілге тиек етсеңіз.

– Алпысыншы жылдардағы оқырман мен бүгінгі оқырманды салыстыру тіпті де қиын емес.

Алпысыншы жылдарға дейінгі әдебиет пен өнердің қандай күйде болғанын білесіздіер. Қатып қалған қасаңдық, жанды жүдетіп, сананы тоздырған сұрқайылық. Адам жаны, ұлт жаны тандыры кеуіп шөліркеп, кенезесі кеуіп қаталап жатты ғой. Міне, сол тұста әйгілі алпысыншы жылдардың жылымық кезеңі туды. Бұл – ұзақ жылдар бойы кепкен тулақтай қаңсып жатқан далаға жаңбырдай әсер еткені рас. Әдебиет пен өнер ду көтерілді. Дүниеге мүлде жаңа сөздер, мүлде тың ойлар келе бастады. Ол сөздер мен ол ойлар аңқасы кепкен жұрттың жанына нұр боп құйылып, ұрық боп себілді. Шұғыл түрде оқырмандар қалыптасты. оның қатары аз уақыттың ішінде жүздеген мыңға толықты. Оған тек «Жұлдыз» журналының өзі ғана 300 мың данаға жеткені дәлел. Басқа басылымдардың таралымы да шарықтап өсіп кетті. Ол кездегі әдебиет пен өнер ұлттық сананың оянуына, оқырманның дүниетанымының кеңеюіне, танымдық қана емес, тағылымдық мәнге ие болуына орасан үлес қосқанын бәрі жақсы біледі. Біз бүгін сол оқырманнан айырылдық. Тұрмыс ауыртпалығы оларды әбден тұралатып жіберді. Жұрт қазір басына шоқпар, беліне сойыл тигендей есеңгіреп, қиралаңдаап қалды. Қазір ел газет-журнал, кітап сатып алмақ түгілі, нан сатып алуға зар. Сананы тұрмыс билейді деген осы. Жұртшылықтың енді бір тобы ақша табудың жолына түсті. Ал олардың санасын ақша билеп алған. Баяғы жаппай бұқаралық құштарлықтың ізі де жоқ. Бәрі де құрдымға кеткендей. Оқырмандар саны қусырыла-қусырыла ат төбеліндей ғана болып қалды. Сананы не жоқшылық, не ақша билеген мұндай жағдайда алпысыншы жылдар мен бүгінгі оқырманның дүниетанымында, ой өрісінде өмірге көзқарасында, сөз жоқ, елеулі айырмашылық болуы заңды. Әрине, ат төбеліндей азғантай оқырманның ойлау деңгейі де жоғары биік, еркін. Оған дау болмаса керек. Енді біз осы оқырмандардың айналасына жаңа оқырмандарды тартуға күш салуымыз керек. Әрине, әдебиетке деген бұрынғы құштарлықты қалпына келтіру қиын.

– Шығармашылығыңызға қатысты тағы бір сұрақ. Ақын Жұмекен Нәжімеденов күнделігінде «Әттең, Олжасты Темірхан аударса ғой, бірақ білімі жетпейді-ау» деген сөз бар көрінеді. Егер, шынымен, осындай пікір айтыла қалса, оған қалай жауап берер едіңіз?

– Мен бұл сөзді бұрын естімеппін. Бар болса да менің бозбала, балаң кезімде айтылған шығар. Оның үстіне Олжас поэзиясы – әр жолы арнайы түсініктеме қажет ететін, аса күрделі ағылшын-американ ақыны Томас Элиоттың поэзиясы емес қой. Оның өлеңдерін аудару үшін үлкен білімділіктің қажеті жоқ. Ал егер осындай пікір айтыла қалса да, мен Олжасты аудармас едім. Өйткені Олжас поэзиясындағы екпін-тегеурін де, тарпаң мінез де, образды ойлау жүйесі де көзі қарақты қазақ үшін соншалықты таңсық емес. Ондай мінез, ондай екпін-тегеурін Бұқар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Махамбеттерде тұнып тұр. Оның поэзиясын кім аударса да, қалай аударса да, ол аударма қазақты елең еткізе қоюы қиын. Оны ең үздік ақындарымыздың бірі Қадыр Мырза Әлі аударды ғой. Меніңше, жаман аударған жоқ. Бірақ одан қазақ поэзиясының реңіне-рең, ажарына ажар қосылды деп айта алмаймын. Оның поэзиясын орысша оқығанда ғана қызық. Әрине, орыстар үшін ол поэзия жаңалық болуы әбден мүмкін. Меніңше, аударылатын ақын өзінің мінезімен, образды жүйесімен, қуат-күшімен тосын болуға тиіс. Олай болмады ма, оны аударудың қажеті жоқ.

Әрине, Олжас өз заманының перзенті, үлкен қоғам қайраткері, тарихи тұлға. Басталған әңгімеңізге қайта оралсақ, мен үшін Жұмекен поэзиясы әлдеқайда күрделі, мүлде жаңа, тосын поэзия. Оны түсіну үшін белгілі бір деңгейде дайындық керек. Жұмекен поэзиясы мені өзіндік шүңет тереңдігімен баурайды. Қай уақытта да тереңді игеру қиын. Адам баласының жердің тартылыс күшін жеңіп, көктің жеті қабатын қақ жарып космосқа шыққанына ондаған жылдар өтті. Биіктік алынды. Ал тереңдік әлі де алына қойған жоқ. Мұхиттың ең терең тұсы он бір мың метр. Оған эхолокация болмаса, ішінде адамы бар барокамера жете қойған жоқ. Өйткені тереңдіктің қысымы қандай бір барокамераңызды да сығып, қабыстырып жібереді. Шыдатпайды. Қай тереңдік те, соның ішінде адам жанының тереңдіктері де осындай «мінезге» ие. Жұмекен, міне, осындай қысымы аласат тереңдіктерде жұмыс істеген ақын. Яғни, тереңдікке жету де, онда жұмыс істеу де, ол жерде жазылған жыр да күрделі, тылсым.

– Жұрт арасында жетпісінші жылғылар алпысыншы жылғылардың тасасында қалып қойды деген де әңгіме айтылып жүр. Расымен осылай болса себебі неде? Жағдайын, салдарын таратып айтып берсеңіз. Жетпісіншілердің арасынан Мұқағали, Төлеген, Жұмекен секілді поэзия кемеңгерлерінің болмауы неліктен? Өз буыныңыздың өкілдеріне портреттік суреттеме жасап берсеңіз?

– Бұған «жұрт не демейді» деп сырт бере салуға болар еді, бірақ сұрақтың арғы астары өйтіп көкірек керуге төзбейді. Оған салиқалы мән берген дұрыс. Алдымен «алпысыншы жылғылар», «алпысыншы жылдар кезеңі» деген ұғымдар туралы. Нақты уақыт мөлшерін білдіретін бұл ұғым, қазір қолданар аясы да, танымдық мағынасы да кеңіп кеткен әдебиетке тек сол жылдары ғана келгендер /бұл терминнің дүниеге келуіне алдымен солардың қатысы болса да/ емес, оған одан бұрынғы ұрпақ та, одан кейінгі келген ұрпақ та жатады. Өйткені, алдыңғы ұрпақ сол рухты жылдары қайта түлегендей болып, өздерінің басты шығармаларын сол жылдары жазса, ал алпысыншы жылдардың өкшесін баса келген ұрпақ, өздерінің бастау кезеңдерін сол тұста ашты. Сондықтан «алпысыншы жылғылар» деген терминге кеңірек қараған жөн.

Енді берілген сұраққа нақты жауап. Әрине, алпысыншы жылдары әдебиетке келген ұрпақ – өте қуатты ұрпақ. Оған ешкімнің дауы жоқ. Оның үстіне әлгіндей айтылғандай ол кезеңде әдебиетке деген құштарлық аса күшті болды. Яғни, насихат толқыны аспанға шапшып, астан-кестең ақтарылып жатты. Ал ол толқынды тудырғандар да әдебеитте сол жылдары келгендердің өздері. Солардың талант қуаттары. Біздің ұрпақ, мойындау керек, бірқатар уақыт бойы сол буынның тасасында қалып қойғаны рас. Оның басты себебі, бәріміз болмасақ та, біразымыздың оларға еліктеп-солықтап ұзағырақ жүріп алғанымыз. Тасасында қалып қойды деген сөз сол тұстарда айтылған. Ол сөз жабысқақ құсап әлі де қалмай келеді. Одан бері қаншама уақыт өтті. Өзің білесің, алпысыншы жылғылар түгелімен шабыс-екпінінен жаңылмай келе жатқан жоқ қой. Олардың ішінде шоқырақтап қалғандары да, тоқырап қалғандары да аз емес. Ал оның есесіне, кейінгі ұрпақ ішінен «тасадан» шығып, бойын тіктеп, өз арна, өз жолын тапқандар да бар. Бұл өмір заңы. Меніңше, бұл пікірге осы тұрғыдан қараған жөн сияқты. Ал жетпісінші жылғылардың арасынан Мұқағали, Жұмекендердің болмауы неліктен деп сұрақ қою қалай болар екен? Бұлар бір кезеңнің ғана емес, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы ұлы ақындар ғой. Өздерінің алдындағы буында да олармен деңгейлес ақын жоқ. Тек біздің ғана емес, бізден кейінгі әлденеше ұрпақта да олармен деңгейлес келетін ақындаар болмауы мүмкін. Тіпті бола қалғанның өзінде де Мұқағали Мұқағали, Жұмекен Жұмекен болып қала береді. Өтініш айтылғаннан кейін, өз буынымның, бәріне емес, кейбіреулеріне ғана портреттік штрихтар жасап көрейін. Жұматай Жақыпбаев. Ол табиғаттың бас әріпсіз-ақ қарапайым ғана жазылатын Жұматай деп аталатын өсімдігі еді. Тау мен дала өсімдігі болатын. Ал өсімдік, күзде қуарса да, көктем сайын өсіп шығады. Кеңшілік Мырзабеков. Сөздің нәрі мен сөлін сығып ішкен, сөздің бояуын бойына барынша мол сіңірген ақын. Содан болса керек, оның аузынан шыққан ең жадау сөзіңіздің өзі жалы көтеріліп, құбылып-құлпырып тұрады. Жарасқан Әбдірашев. Абстракциялық ұғымның өзін көзбен көріп, қолмен ұстайтындай етіп заттандыра алатын ақын. Сөзді желімдеп жапсырмайды, шегелеп тастайды. Оның кейде өзгенің де, өзінің де жарасына тұз сеуіп отыратын бар. Иранбек Оразбаев. Ол енді өмір-бақи оқ тиген ала қаздай мойнын созып жіберіп, қанатымен су сабалап қаңқылдап, аласұрып өтетін шығар. Оның кейде өзіне өзі кісен салып, мені біреулер кісендеп кетті деп зар қағатыны да бар. Күләш Ахметова. Лапылдап қатты жансам, біреуді күйдіріп алармын деп маздап қана тұратын, қатты сөйлесем біреуді ренжітіп алам ба деп назданып қана сөйлейтін ақын. Осы мінезінен ауытқыған тұста оның өлеңдері барынша опаланып алған әйелдің ел-селі шығып терлегеніндей әсер қалдырады. Исраил Сапарбаев. Сезімге шомылып, сезімге малтығып, сезімге тұншығып жүрген ақын. Оның, тіпті, етек ашылып, аброй шашылып жатқан мына заманда тән қоздыратын өлеңдер жазуы... Сонысы қинайды. Серік Тұрғынбеков. Ашу-ызасыз бұрқырап, тасып-төгіледі де жүреді. Өлеңдері кейде көйлегін теріс киіп алады. Тынышбай Рахимов. Сазы сөзге, сөзі сазға айналып кетеді. Оның сөзін сазсыз, әуенсіз түсіну мүмкін емес. Тынышбайдың суға түскеннен гөрі, суды жағалап жүргенді ұнататынын түсіне бермеймін.

– Қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып отырсыз. Бұрын да басшылық қызметте болдыңыз. Басшылық қызметтің шығармашылыққа кедергісі жоқ па?

– Болғанда қандай! Бірақ амал қайсы. Отбасымды асырауым керек қой. Мен ғұмыр бойы қаржы тапшылығын сезініп келе жатқан адаммын. Енді қалған ғұмырымда ол проблеманы шешем деп те ойламаймын. Яғни, ғұмыр бойы басшылық болсын, жай қызмет болсын, жұмыс істеп өтетін секілдімін. Жұмыс істеп жүріп өлең жазуға үйренгем...

Егер сұрақ басшылық қызметтің шығармашылық кредома, шығармашылық мақсатыма кері әсері тимей ме деген ниетте қойылған болса, жоқ, тимейді. Өйткені менің басшылық қызметке келгеніме бес-алты-ақ жыл. Яғни, басшылық қызметке сақайып келдім. Жер ортасынан ауған адам өзінің мақсат мүддесінен қандай кедергі болса да тая қоймас.

– Шығармашылық психикалық процесс. Бірақ шыбық отырғызар топырағы дүниетанымда жатары анық. Сіздердің дүниетанымдарыңыз кешегі кеңістік дәуірде қалыптасты.

Бүгінгі заман талабына сай кесек туындылар бере алмай жатқандарыңыз сол буыны бекіп, сүйегі қатып қалған дүниетанымдардың кесірі емес пе?

– Адамға ауыр тиетін сұрақ. Шығарма белгілі бір ортада, белгілі бір аяда дүниеге келеді. Ол орта мен аяның шығармаға әсері тимей қоймайды. Бірақ оны біржақты түсінбейік. Өйткені кей адам бойында сол ортаны мойынсұну болса, кей адам бойында сол ортаға қарсылық та болады ғой. Ол да психикалық процесс. Сондықтан белгілі бір қоғамда өмір сүрген адамдардың бәрінің дүниетанымы сол қоғам идеологиясымен қалыптасады да, сол деңгейде қалып қояды деу қате. Онда қоғам да, адам да алға жылжымас еді. Бүкіл адамзат таирхында, қай қоғамда да, қай империяны да, – көбіне-көп – сол қоғамда, сол империяда өсіп-өнген адамдар құлатқан.

Тағы бір мысал. Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулат т.б. орыстың семинарияларында, кадет корпустарында және басқа орындарда оқығандар. Оларды оқытқанда, осылар қазақ халқының көзін ашсын деп емес, орыстың отарлау саясатының қолшоқпарлары етіп шығару үшін оқытты. Дүниетанымдары солай қалыптасады деп ойлады. Бірақ олардың дүниетанымдары басқаша қалыптасты ғой. Өз ұлтының ұлы перзенттеріне айналды. Кешегі әдебиетіміздегі көшбасшы классик жазушыларымыздың бәрі дерлік коммунистер болды. Қалталарында партия билеті жүрді. Олардың көбі коммунистік партия қатарына өздерінің әрекет мүмкіндігін кеңейту үшін, сол мүмкіндікті пайдаланып ұлтына, еліне, жеріне кішкентай болсын септігін тигізу үшін өтті. Олардың дүниетанымдары да, көзқарастары да мүлде басқаша қалыптасты. Оған олардың шығармалары куә. Тағы бір айта кететін мәселе көп адам ұлы шығармалар мен ұлы идеялар тек ел бостандық алғанда ғана дүниеге келеді деп ойлайды. Адамзат тарихында, қаталдығы кеңес өкіметінен кем түспейтін қоғамдар да болды ғой. Мәселен, ортағасырлық инквизиция. Атып-асты, тіпті өртегеніне қарамастан сол қатігез қоғамда да ұлы шығармалар мен ұлы идеялар келді ғой. Оған Римде тірідей өртелген философ, ақын Джордано Бруноны, ғұмыр бойы қуғында өткен шығармалары екі ғасырдан кейін ғана жарық көрген Николай Коперникті айтсақ та жеткілікті. Ал кейде қысымы, қуғын-сүргіні жоқ мамыражай заманда ұлы шығармалар тумай қалуы мүмкін. Шығарма деген ширығу мен ашынудан, күйіну-күйзелуден туады. Ал ширығу мен ашынуды қысым тудырады. Асанқайғыша айтсақ «Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады». Бүгінгі заман талабына сай кесек туындылар жоқ болса, онда күте тұрайық. Творчество деген базар емес, керегіңнің бәрін төлеп ала қоятын. Ол толғанысты процесс. Егер мықты туындыларды біз алып келе алмасақ, сендер жазарсыңдар. Қай ұрпақ жазса да, ол – ортақ қазына ғой.

– Қазақ поэзиясын өзге елдердің поэзиясынан, мысалы американ /Латын Америкасы емес АҚШ/ поэзиясынан ерекшелендіріп тұрар басты ерекшелігі, айырмашылықтары неде деп ойлайсыз!

Бізде дәл қазіргі тұста ұлттық поэзия бар ма? Бар болса өкілдері кім және ұлттық поэзия туралы түсінігіңіз?

– Қызық сауал. Бұрын іргелес, жапсарлас елдердің, немесе қарым-қатынаста болған жұрттың поэзиясымен салыстырулар болатын еді. Енді мұхиттың арғы жағына бір-ақ шықтық қой. Бұл да керек шығар... Өзіңді тану үшін.

Әрине, мұндай жағдайда өлең жазатын әйтеуір бір Джонның творчестволарын емес, әр қайсысы бір халықтың рухани алтын діңгегіне, рухани арналы өзегіне айналған ұлы тұлғаларды ғана салыстыру керек шығар. Мәселен, Абай мен Уолт Уитменді. Екеуі екі дүние, екі әлем. Уолт Уитмен шын мағынасындағы космостық масштабтағы ақын. Ол бүкіл планетаны, бүкіл адамзатты құшағына сыйғызып сөйлейді. Өлеңдерінде өз еліне, өз жеріне деген ұлы мақтаныш, ұлы қанағат бар. береке, ырыс, құт, молшылықты мадақтауы қандай! Тіпті ажалдың өзін «Ты, милая, ты ласковая смерть» деп қарсы алады. Ажалдың өзін еркелетеді, ажалдың өзіне ең бір сүйіктісіне айтылатын сөздер айтады. Уитмен өз елінің өз халқының рухын биік пафос, мадақпен асқақтатады. Сол дәстүр американ поэзиясында әлі күнге дейін бар. Солай жалғаса да беретін шығар. Өйткені Американың бүкіл табиғаты, идеясы жер жүзін өзіне тарту, өзіне жүзін бұрғызу. Онда космополиттік тенденция басым. Біз үшін ол қандай сұмпайы, қандай сорақы болса, олар үшін ол ұғым сондай жақын, сондай қажет. Ал Абай ше? Оның бүкіл творчествосы наладан, өкініштен, күйініш пен ызадан, қайғы мен қасіреттен тұрады. Өз елімді, өз жұртымды қатарға қоссам, қараңғылық түнегінен құтқарсам деген тілекпен жанталасқан ол қазақ бойына меңдеп кіріп, еңдеп алған арамдық пен қулықтан, зұлымдық пен зымияндықтан, дарақылық пен даңғойлықтан, жалқаулық пен салғырттықтан, аярлық пен алакөздіктен аршып алу үшін күресті. Халық рухы сонда ғана көтеріледі деп ойлады. Яғни, біз өзімізді «төске сап, балғамен соғып» өсіріп келе жатқан халықпыз. Солай бола береді де. Рас, Абайдан бұрынғы семсерлері жарқылдаған, қалқандары қаңғырлаған жауынгер поэзиямыз да бар. Бірақ ол да өкініш пен күйінішке, ыза мен ашуға тұнып тұр ғой. Енді ұлттық поэзия туралы сауалға келейік. Мен кім қалай ұқса солай ұқсын, мен осы сұраққа жөнді түсінбеймін. «Ұлттық поэзия» деген ұғым болғаннан кейін «Халықтық поэзия» деген ұғым болады ғой. Халық бар жерде ұлт бар, ұлт бар жерде халық бар емес пе?! Ал енді ат төбеліндей қазақтың бір жағын халық, екінші жағын ұлт деп бөліп жатсақ не болғаны?! Сен өзің байқаған шығарсың, «ұлттық поэзия» деген тіркес бүкіл сөздіктерде жоқ, соның ішінде әдеби сөздерде де жоқ. Рас, кезінде орыс сыншылары кейіннен кеңес өкіметі тұсындағы сыншылар ұлттық әдеби тіл Пушкиннен басталады дегені бар. Оның да өзіндік себептері болған. Оған тоқталып сөзді созбай-ақ қояйын. Орыс әдебиетінде сол тенденция сақталып қалған. Әлі де оларда сол бөлектеушілік бар. Ең басты себебі, орыстың шовинистік көзқарастағы әдебиетшілері орыс әдебиетінде жұмыс істеп жүрген басқа ұлт өкілдеріне төзбейді. Әрине, олардың айтып жүргендерін де мүлде есептен шығарып тастауға болмайды. Өйткені орыс тілінде жазатын ұлты бөлек ақын-жазушылардың арасында планетарлық, яғни космополиттік бағыттағылар аз емес. Міне, бұрынғы және қазіргі орыс әдебиетіндегі жікшілдіктің түп-тамыры осында жатыр. Құдайға шүкір, бізде ондай проблема жоқ қой. Әрине, қазақтардың ішінде де космополиттік ағымдағы ақын-жазушылар бар. бірақ олардың бәрі де орыс тілінде жазатындар. Рас, орыс не істесе, біз де соны істейміз деген рухани бейшара басыбайлықтың салдарынан кезінде қазақтың әдеби тілі Абайдан басталады дегендер көп болған, әлі де бар. Сонда, құдай-ау, «күлдір-күлдір кісінеп», «алп-алп басып» жатқан өткен замандардағы поэзиямыз әдеби тілге жатпай ма?!Мұндай әбестіктерден арылатын уақыт жетті. Бүгінде өзім жақсы көретін, творчестволарын сыйлайтын кейбір қаламдастарым, қазақ әдебиетінде ұлттық поэзия жоқ дегенге дейін барып жүр. Қандай өкінішті! Олардың ойынша, ұлттық поэзия деген ұлттық тұрмыстық атрибуттардан, ұлттық дәстүрлерден, ұлттық аңыздар мен әпсаналардан ғана тұруы керек сияқты. Мен бұл пікірлерді ешуақытта да, жоққа шығармаймын. Бірақ поэзия кейіпкері – адам, яғни ұлттың өкілі ғой. Яғни, оның кейіпкері өткен замандағы ит жүгіртіп, құс салып жүрген салт атты қазақ та болуы мүмкін, бүгінгі ғылыми техника заманында компьютер жанында тұрған қазақ болуы да мүмкін. Сонда, ит ертіп, құс салып жүрген салт атты қазақты жазған ұлт ақыны да, компьютер жанында тұрған қазақты жазған ақын ұлт ақыны болмай ма? Логика қайда? Меніңше, нағыз ұлт ақыны мақсат пен мүддеге қызмет етуі керек! Ұлттық поэзияның одан үлкен міндеті болмайды. Болады дегендер өтірік айтады.

– Кейінгі кездері жұрт аузында ұлттық поэзиямен бірге рух та көп әңгіме болып жүр. Бұл тақырыптың сізді де ойландырып жүргені сөзсіз.

– Шынында да, рух кейінгі кезде жиі-жиі әңгіме бола бастады. Өте жақсы. Бірақ оны біз сауаттандырып, кітабиландырып бара жатқандаймыз. Тағылымдықтан гөрі танымдық басым. Ал рух ешуақытта да кітаби сауаттандыруды көтермейтін ұғым. Өйткені, кітабилық, түптің түбінде схемаға барып соғады. Ал схемадағы рух-рух па? Схемада намыс та, жігер де, құдірет те болмайды.

Рух деген елге, жерге, отанға деген ұлы сүйіспеншілік, ұлы махаббат. Ата-бабамыз ешқандай университетте бітірмей-ақ, ғылыми тұжырымдарды оқымай-ақ елін, жерін қорғаған. Ол – адам бойына ананың ақ сүтімен, бесіктен, дәстүрден келіп кіретін құбылыс. Голсуорсидің рух табиғатын ашып беретін «Жеңіліс» деп аталатын шағын новелласы бар. Новелланың басты кейіпкері Мэй Белинский деген аяр әйел. Ұлты – неміс. Тағдыр айдауымен Лондонға келген. Ағылшындар мен немістер арасында соғыс жүріп жатады. Мэй, негізінен, ағылшын солдаттарының көңілін аулап, нанын айырып жүреді. Күндердің күнінде Мэй бір ағылшын солдатымен оңаша жатқанда көшеде абыр-сабыр, дүрлігу, дүбіліс басталады. Сөйтсе, соғыста ағылшындар немістерді жеңген екен. Көшедегі абыр-сабыр, дүбіліс сол қуаныштың әсері екен. Төсек ләззатын татып жатқан ағылшын солдаты тұрады да, асығыс киініп, кетіп бара жатып Мэйге әдеттегідей ақша ұсынады. Немістер жеңілді деген сөзден тұла бойы дірілдеп, ызадан өртеніп, намыстан жарылардай болып тұрған Мэй ұсынған ақшаны алып, қырық бөлек қылып жыртып тастайды да жүрелеп отыра қап, қаптап жүрген ағылшындар естіп қалады деп қорықпастан, Лондонның қақ ортасында немістердің асқақ дауыспен айтылатын «Рейн үстіндегі күзет» деген рухты әнін құйылған көз жасын сіміріп отырып бар даусымен шырқай жөнеледі... Бұған енді түсініктеме беріп жату артық. Рух – құдыретті тылсым құбылыс... Рух сөз алғанда бәрінің бояуы көмескі, бәрінің даусы бәсең тартады. Менің бұл жерде, кезінде сөздің бір реті келгенде мысалға келтірген, Махамбеттің «Жалғыздық» атты өлеңін тағы да оқығым келіп тұр:

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ –
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ –

Күндіз бар да түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ –
Тіл де бар да, дінде жоқ.
Көштей дәулет кімде жоқ –

Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ –
Еріскен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды –

Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт –
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ.

Амалы құрып тістенген шарасыздық. Ыза. Кек. Намыс. Енді сіз осы өлеңнен көзге түсіп тұрған бір образ, бір тапқыр теңеу, ең болмағанда тың эпитет көрдіңіз бе? Жоқ. Сенімі сөнген, көңілі соқыр адам үшін бұл өлең тіпті атамзаманнан белгілі нәрселерді тізіп /айдың түнде бар, күндіз жоқ екенін; күннің күндіз бар, түнде жоқ екенін т.б./ өзінің жалғыз екенін айтуға құрылған хабарлы сөйлемдер ғана. Бірақ сіз өлеңді олай оқи алмайсыз. Ішкі ырғақты рух олай оқуға мүмкіндік бермейді. Өлеңді оқып отырғанда түп тереңнен естілетін – айналып соғып, дірілдеп тұрып алатын үнге құлақ түріңізші. Ол – өзіміз айта беретін әуен де, әуез де емес. Ол – ақын жүрегінің қыжылы мен қызуын сіңіріп алған рух! Сол рух қарапайым ғана сөздерге құдіретті қуат беріп тұр.

– Әдебиет басындағы бақ та бір халықтан келесі бір халыққа, жер шарының бір жартысынан екінші жартысына көшіп-қонып жүретін сияқты. Өткен ғасыр басындағы француз, орыс, соңғы жылдардағы орыс әдебиеті, 60 жылдардағы Латын Америкасы әдебиеті, қазір жалын күдірейтіп келе жатқан жапон сөз өнері. Әдбеиет тарихына қарасақ, әлдебір елдер үшін әдебиеті бақ болған осындай кезеңдерді байыптар еді. Сыры неде деп ойлайсыз? Түркі, оның ішінде қазақ әдебиетінің болашағына көзқарасыңыз?

– Әдебиет тып-тыныш, мымыражай жерде өспейді. Қай жерде саяси сілкіністер, қай жерде әлеуметтік қайшылықтар бой көтеріп, қоғам өмірі аласапыран қақтығыстарға түсіп, адам тағдыры таразы басында тұрған кезеңдерде әдебиет те бар даусымен сөйлей бастайды. Франциядағы буржуазиялық төңкерістерден кейінгі сан алуан саяси-әлеуметтік сапырылыстар, сөз жоқ, ұлы-ұлы тұлғаларды– Стендаль, Бальзак, Гюголдарды дүниеге келтірді.

Осындай сапырылыстар мен сілкіністер, жаңарулар мен жаңғырулар Ресейде де болғаны, соның арқасында әлемдік әдебиетті байытқан ұлы шығармалардың, ұлы тұлғалардың келгені белгілі. Сондықтан белгілі бір елдің әдебиетіне бақ өзінен өзі келіп қона қоймайды. Оның арғы астарында оны тудыратын ұлы дүмпулер жатады. Зерттеуші әдебиетшілердің айтуынша, Латын Америкасындағы әдебиеттің дамуына латынамерика елдерінің халықаралық саясаты объектіден субъектіге айналуында жатыр деп біледі. Латын Америкасы дүниежүзілік сахнаға қалай көтерілді, оның әдебиеті де дүниені өзіне жалт қаратты Мүлде тосын әлем әкелді. Бұрын Еуропа жазушысы үшін мифологияға жазу қандай архаика болып саналса, ал латын америка жазушысы мифология қазіргі заман санасы позициясынан қарай бастады. Қарап қана қойған жоқ сол мифология арқылы бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларына жауап іздестірді. Ал жапон әдебиетінің өрлеуі, сөз жоқ, ғылыми-техникалық төңкерістің өркендеуіне тікелей байланысты. Қандай бір төңкеріс те өз проблемаларымен дүниеге келеді.

Ал проблемалардан әдебиет сырт қала алмайды.

Қазақ әдебиеті бұрын кеңес әдебиеті дейтіннің ішіне кіріп, үй ішіндегі үй сияқты болып келді. Енді басқа жұрттар, еліміз сияқты, біздің әдебиетімізді де жеке атай бастады. Елімізде болып жатқан ұлы қарекеттер мен қозғалыстар, талас-тартыстар мен пікір қайшылықтары, сөз жоқ, ақын мен жазушының жанын тебірентпеуі, жүрегін толқытпауы мүмкін емес. Мұндай ғаламат өзгерістер жаңа ізденістерге, тосын сөздерге апармай қоймайды. Егер оны біздің ұрпақ жасай алмаса, оны сендер жасайсыңдар.

– Әңгіме әдебиет болашағы туралы болғанда, жастар мәселесіне соқпай кету мүмкін емес. Ақын ретінде, басқарманың екінші хатшысы ретінде, бүгінгі жастар жасап жатқан әдебиетке көзқарасыңыз? Жалпы, мынау болашағымыз деп көрсетуге болатын жас сөз өнер шеберлері бар ма?

– Өзің білесің, жастар творчествосына күдікпен де, үмітпен де қарайтындар жастарды білмейтіндер. Соңымыздан толқын-толқын қуатты ұрпақ келеді. Мен бұл жерде біздің өкшемізді басып келе жатқан танымал болып қалған ұрпақтарды да, содан кейінгі ұрпақты, яғни сенің тұстастарыңды да айтып отырмын.

Жақында Тұрсынжан Шапаев, сен және мен студенттер мүшайрасына қазылық жасадық қой. Сонда-ақ көзіміз жеткен жоқ па, дүниетанымы кең, қуаты мол, көркемдік құралдары жеткілікті рухты ақындар өсіп келеді. Сендердің тұстастарыңнан мен Маралтай Ыбыраевты, өзіңді, Роза Қараеваны, Бауыржан Алдияровты, Бауыржан Омаровты, Батырболатты, Амантай Шәріповты, Саят Қамшыгерұлын айтар едім.

– Ақын сөзі көне санскрит тілінде кави, яғни пайғамбар, көріпкел деген ұғымдарды білдіретіні де бар. Ғасыр бойында неміс еврейі Освальд Шпенглер «Еуропа ымырты» кітабын жазды. Ол кісі сол кітабында ақын мәртебесінен гөрі жай есепшінің техника маманының дәрежесін жоғары қойып, «болашақ осылардікі» деп еді. Жандүниесі романтик ақындарға күлгендей болған. Және бұл пікірін өркениеттің аяу білмес қанды шенгелімен түсіндіріп еді. Шынында да бүгін Батыс Еуропада сөз өнері қадірленбейді. Тіпті кеше ғана Асекеңнің /Сүлейменов/ «ондағылардың бәрі бір қалыптан шыққандай, мінездері де ұқсас. Мінез жоқ жерде әдебиет қайдан болады» деп күлгені есімізде. Бұл не? Өркениет тудырған парадокс пе? Уақытша кедергі ме? Жоқ әлде өркениет өктемдігін мойындаған үлкен мәдениет өз тағынан түсті деп түсінгеніміз дұрыс па? Қазақ әдебиеті Батыс әдебиетінің құмар-құпиясына ақындық қиялмен көріпкелдік жасап көрсеңіз.

– Бұл мәселе бәрімізді ойландырып, бәріміздің түн ұйқымызды төрт бөліп жүрген мәселе. Бұл мәселеге пайғамбарлық жасаудың да, ақындық қиялмен көріпкелдік жасаудың да қажеті жоқ. Сөз өнері қадірленбейтін Батыс Еуропаның кебін киеміз бе деген күдік көңілімізге қазірдің өзінде кіре бастады. Кітап оқу күрт азайды. Оны тарату, сату жүйелері мүлде жойылды, немесе жойылу қарсаңында. Кітап бұрынғыдай шықпайды. Ал шыққандарын ақын-жазушылардың өздері құшақтап қалды. Қайда өткізерін білмейді. Оқырман сырт айналып барады.

Оның есесіне, күмәнді бұқаралық ақпарат құралдары мен коммерциялық каналдардан құйылып жатқан сұрғылт запыранды толқын адам санасын улау үстіне улауда. Қазір жұрттың санасы сандырақ күй кешіп, есі есеңгірей бастады. Егер бұл уақытша кедергі болса, оған да шүкір дер едік. Олай да дей алмай тұрмын. Шошимын. Қорқамын. Бірақ бізде де сөз өнерінің қадірі кетті, осымен оның болашағы бітті, ертеңі қараң деуге аузым бармайды. Көріпкелдік жасай алмағаныма кешірім өтінем.

– Батыс дегенде көзге алып қалалар, мұражайлар мен ірі кино өндірістері елестейтін болып алды. Одан қалса поп музыкасы бар. Шығыс дегенде баяғы сол мұнара, мешіт, ел кезген дәруіш түсінігінен шыға алмай келе жатқан сыңайлымыз. Ал қазақ дегенде осы екі түсінікте әлем оқырманында ол туралы толыққанды ұғымға қалыптастыра алмайтын секілді. Бәлкім, бізге өркениет пен мәдениеттің өзара бірігуінің жалпы Батыс пен оған Шығыстан бөлектеу нұсқасын жасау керек шығар. Осындай нұсқа қалыптастыру керек десеңіз, оның алғышарттары және міндеті, бәлкім, адамзат алдындағы парызы қандай болмақ деп ойлаймыз?

– Бізде Батысқа да, Шығысқа да кірікпейтін барынша еркін, барынша тарпаң, қайсар мінезге ие көшпелілер мәдениеті болды. Кезінде оны – үзіп-жұлқып болмаса – әлем таныған жоқ. Өзіміз танытуға мүмкіндігіміз болмады. Қолымызға қағаз бен қалам алған кезде кеңес өкіметі ол мәдениетті өшіріп тастамақ болды. Ұзақ уақыт бойы солай етті де!

Көшпелі мәдениеттен кейін, Сахараға ұлы Абай шықты да төл мәдениетін бойына сіңіре отырып, Батыс пен Шығыстың ең үздік үлгілерімен байытылған жаңа мәдениетті дүниеге келтірді. Біз қазір сол үрдіспен жұмыс істеп келеміз. Сонымен бірге біз өткеніміздің терең қабаттарына сүңгіп, сонау Орхон-Енисей жазуларына дейін сүңгіп, керегемізді ала бастадық. Яғни әдебиетіміз ертең-бүгін болмаса да, түптің түбінде, бұрынғы қадау-қадау дәстүрлі үрдістерінен бас тартпай-ақ, тың өрістерге шығып, жаңаша байып, жаңаша толығып, қуаттанатынына кәміл сенем. Ал оның алғышарты да, адамзат алдындағы парызы да – адамға қызмет ету, имандылық қасиеттерді адам бойына егу, ұлтты рухани қуаттандыру боп қала бермек. Басқаша болса, ол жаңалықтардың да, ол тың өрістердің де құны көк тиын.

«МЕН СӨЗДЕН ҚОРҚАМ»

(«Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері, сыншы
Әмірхан МЕҢДЕКЕМЕН сұхбат)

– Өткен жылы қазақ халқының тарихында мәңгі қалатын ұлы оқиға болды. Астана Ақмолаға көшті. Осы оқиғаның айналасында әр түрлі әңгімелер айтылды. Айтылып та жүр. Соның бірі: Ақмолаға таза әкімшілік көшті, ал мәдениеттің рухани тірегі болып саналатын іргелі мәдениет, әдебиет, өнер ошақтары Алматыда қалып қойды, деген сөздер. Осыған Сіздің көзқарасыңыз?

Шынында да астананың Ақмолаға көшуіне байланысты күпілдеген де, гуілдеген де көп сөздер болғаны рас. Әсіресе, көп айтылғаны: экономиканың осындай тұралап тұрған кезінде, әлеуметтік жағдайдың қиын кезеңінде астананың көшуі асығыс емес пе деген сөздер. Бірақ, бізге асықпауға бола ма? Біз қазір шапшаң, шұғыл шешімдер заманында өмір сүріп жатырмыз. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Олай болса, бізге асығыс қимыл-қарекеттер аса қажет. Кешігіп, кешеңдеп қалмасымыз үшін қажет. Бұл көштің, бәріміз жақсы білеміз, ұлы стратегиялық мәні бар. Сондықтан әлдекімдердің кекесін күлкісіне де, күлкілі сөзіне де мән бермеген абзал. Не болғанда да бұл көш – ұлы көш, ұлы оқиға. Ал, Ақмолаға таза әкімшілік көшті, мемлекеттің рухани тірегі болып саналатын іргелі мәдениет, әдебиет, өнер ошақтары Алматыда қалып қойды деген сөздер негізсіз емес. Рас. Егер, осы қазіргі принцип сақталып қалар болса, қаншама сұлу ғимараттар, қаншама әсем сарайлар салынғанымен Ақмола рухани өте жүдеу, мәдени өте жадау болып шығады. Біреулер, «ел іші – өнер кеніші» деп, ол жерде де ән айтатын, сурет салатын, кітап жазатын адамдар бар десе, онда олардың келте ойлағаны. Олай ойлау – шын мәдениет пен әдебиетті жәбірлеу. Профессионалдық деңгейдегі өнердің құнын арзандату. Сондықтан Ақмола биік профессионалдық деңгейдегі мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлерімен, бірден болмаса да, біртіндеп толығу керек деп білем. Бұл – мемлекеттік мәселе. Бір сөзбен айтқанда, Ақмолада қуатты рухани институттардың орнығуы, оның қуатты рухани орталыққа айналуы қажет-ақ.

– Осыған байланысты туындайтын тағы бір сұрақ. Көп адам, тек әлгіндей мәдениет, әдеби, өнер орындары ғана емес, өкіметке оппозициялық күштер де, түрлі партиялар мен қозғалыстар да Алматыда қалып қойды. Бұрын да Қазақстанда оппозиция әлсіз еді, енді одан да әлсірей түсетін болды деген пікірлер айтады. Бұл пікірлерге не дер едіңіз?

– Алдымен, Қазақстанда оппозиция әлсіз деген пікір туралы. Осы сөз тым көп айтылады. Мен Қазақстанда оппозиция әлсіз деген пікірді мүлде түсінбеймін, сонан кейін мүлде қабылдамаймын. Өйткені, мен өз басым, Қазақстанның оппозициялық күші аса күрделі деп білем. Қазақстандағыдай оппозициялық күші бар дүние жүзінде бір де бір мемлекет жоқ, егер бар болса бірен-саран ғана. Тағы да Қазақстандағы оппозицияның күрделі болатыны – ол оппозиция өкіметке емес, негізінен, мемлекетке оппозиция ғой. Олай дейтініміз, біздің тәуелсіздігімізді іштей мойындағысы келмейтін, мемлекеттік тілімізді ашықтан ашық қабылдамайтын жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар бар емес пе? Қане, кім оны жоққа шығара алар екен? Тіпті, өкіметке ғана оппозициямын деп жүргендердің сөздерін зер салып, құлақ қойып тыңдасаңыздар, олар көбіне-көп, сол тәуелсіздігімізді іштей мойындай қоймайтындардың, мемлекеттік тіліңді қабылдамайтындардың сойылын соғып, қамшысын үйіріп жүргендеріне көзіңіз жетеді. Олардың ішінде аса қадірлі қазақ азаматтары да бар...

Өркениетті басқа мемлекеттердегі оппозициялардың қай-қайсысы да өкіметке ғана оппозиция. Өз мемлекетіне оппозиция емес. Біздегі оппозицияның аса күрделі, қиын болатын содан. Сондықтан Қазақстанда оппозициялық күш әлсіз деген сөз – әншейін көз байлау үшін айтылған сөз. Ол сөздің арғы мақсаты – Қазақстандағы жағдайды ушықтыра беру, орнықтылықты, тұрақтылықты болдырмау. Қазіргі экономикалық, әлеуметтік қиын жағдайда ол пікірдің жиі айтылуы да содан болса керек. Енді астананың Ақмолаға көшуіне байланысты оппозициялық күштер де, түрлі партиялар мен қозғалыстар да Алматыда қалып қояды, яғни олардың өздерін азат етті деген сөз де – бос сөз. Егер біздің жоғарыда айтқан пікірімізді ескерер болсаңыз, мемлекеттік басшы аппаратты да, өкімет те оппозицияның ең күрделі, ең қиын қалың ортасына барды. Тағы да олар қазақ халқының болашығы үшін сол аса күрделі қиындықты біле тұра барды деп білем. Әр нәрсені өз атымен атаған жөн. Бұл – Президентіміздің жеке ерлігі. Сондықтан біз Қазақстандағы оппозициялық күш әлсіз екен, оны қалай күшейту керек деп емес, қайта оны қалай әлсіретуге болады деп бас қатыруымыз керек шығар. Әрине, күшпен емес, саяси әдіс-тәсілмен, білім-іліммен, төзім-сабырмен...

– Бұл сөздеріңізге қарағанда біздің өмірімізге кіре бастаған демократияға да өз көзқарасыңыз бар сияқты ғой...

– Мен жалпы демократияға қарсы емеспін. Бірақ, мені кім қалай түсінсе, олай түсінсін, демократияның барлық принциптерінің Қазақстанға түгел бірден кіргізілуіне қарсымын. Егер Қазақстанға демократияның барлық принциптері кірер болса, онда ол тұншығып, қақалып қалады. Оған біздің еліміздің іргетасы төтеп бере алмайды. Сондықтан көп-көп мәселе, ең алдымен, заңның қатал қадағалауында, мемлекеттің жіті бақылауында болу керек. Мәселен, сөз бостандығын қолдай тұра, мемлекеттің абыройына кір келтіретін, ұлттың жанын жәбірлейтін бейпілдікке қатаң тыйым салынғанын қалаймын. Өйткені, бейпілдіктен, көп бәле туып жатыр. Сондай-ақ біреулер демократия принципін алға тартып, жергілікті облыс әкімдері Жарлықпен тағайындалмау керек, сайлану керек деп жүр. Мен бұған мүлде қарсымын. Тоқсан проценттен астамы бір ұлтты құрайтын Ресейдегі губернаторлар сайлауы қаншама саяси сапырылыстар мен әлеуметтік тартыстар тудырып жатқанын көріп отырған жоқсыз ба? Демократия дегеннің жөні осы екен деп, оны бізде қолданып көріңізші. Онда, бірлігіңнің бөлініп, ынтымағыңның ыдырап жүре беретініне мен кепіл. Сонан кейін тәуелсіздігіңіз тәлкекке ұшырайды. Мемлекеттің іргесі шайқалады. Сондықтан, мен өз басым, қаншама ғасырлар бойы енді ғана қолымыз жеткен тәуелсіздігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің ірге тасын шайқалтатын не нәрсені де, соның ішінде ұлы мәртебелі демократияны да, ондай тұста қабылдай алмаймын. Өйткені, маған қандай бір демократияңыздан да тәуелсіз қазақ мемлекеті қымбат.

Оның үстіне, толыққанды демократия болу үшін, ұлттық сана әбден кемеліне келіп қалыптасу керек. Сонда ғана демократия қауіпсіз. Ал бізде ұлттық сана қалыптасқан деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз ғой. Ұлттық санамыз балаң ғой. Бізде көп адамдар партиялық мүддені ұлттық мүддеден әлдеқайда артық қояды. Бұл да біз үшін қатерлі. Өркениетті елдерде алдымен ұлттық мүдде тұрады. Сондықтан ұлттық санамыз балаң қалпында тұрғанда демократияға қарай жүгіру, азулының аузына жем болам деп жүгіргенмен бірдей. Тағы бір түсініп алар мәселе, біз демократияға емес, демократия бізге, яғни тәуелсіздігімізге, мемлекетіміздің нығюына қызмет ету керек қой. Ал біз болсақ, демократияның көңілін қалай табамыз деп әлекке түсеміз. Қателіктің бәрі осыдан туындауда. Не болғанда да, оған біздің демографиялық тепе-теңдігіміз де, ұлттық санамыз да, тіпті мәдениетіміз де дайын емес.

– Енді әңгімемізді әдебиет мәселелеріне қарай бұрсақ. Кезінде әдебиеттегі алпысыншы жылдар туралы Сіздің ойыңызды және ол жылдарға берген бағаңызды жақсы білеміз. Сіз ол кезеңді – алтын кезең деп атағансыз. Сіздің ол ойыңызды мүлде қарама-қайшы келетін пікірлер бар екенін өзіңіз жақсы білесіз. Бір пікірді бір пікір жоққа шығарып, бір пікірді бір пікір мойындатып жатқан заман ғой. Сол пікірлер Сіздің ойыңызға өзгерістер енгізген жоқ па?

– Жоқ. Мұхтар Әуеұзовтен басталып кеңес өкіметі құлаған тұсқа дейін жалғасатын әдеби кезеңді, алтын кезең деп атағам, солай атай берем. Тағы да бұлай ойлайтын жалғыз мен емес. Біреулер сол алпысыншы жылдарда дүниеге келген аса тегеурінді ұрпақты «әкесі соғыста өлген жетім ұрпақ» деп кемсітсін, «күшігінен таланған ит оңбас» деп қорласын, мейлі, алпысыншы жылдардың аты – Алпысыншы жылдар! Сол жылдары әдебиетке келген ұрпақты кемсітіп қорлап сөйлеген азамат, келесі сөзінде басқаша құбылмай, әңгіме арнасын мүлде басқа жаққа бұрмай, түлкі бұлаңға салмай одан да сол ұрпақтың алдында кешірім сұрау керек еді. Өйткені, өзін-өзі сыйлайтын, өзінің кеудесін ешкімге бастырмайтын ол ұрпақ әлгіндей қорлық сөзді ешуақта ұмытпайды. Тек кешірім сұрау ғана ұмыттыруы мүмкін. Әңгіме менде емес, маған не айтса соны айтсын. Әңгіме – тұтас бір ұрпақта, сол ұрпақ бітірген, халқымыздың игілігіне айналған рухани қазынада.

Егер біз бүгінде әдеби терминге айналып бара жатқан алпысыншы жылдар деген ұғымға кеңірек қарайтын болсақ, онда ол ұғым өзінің мағынасына алпысыншы жылдары әдебиетке келген ұрпақ шығармаларын ғана емес, сол алпысыншы жылдары ұлттық мақтанышымызға айналған алдыңғы ұрпақтың сүбелі-сүбелі шығармаларын да қосып алады. Сол жылдары жұртшылық қолына тиген, елді елең еткізіп қана қоймай, ұлттың рухына айналып кеткен Хамза Есенжановтың «Ақ жайығы», Зейін Шашкиннің романдары, Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Тахауи Ахтановтың «Бораны», Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тері», Тәкен Әлімқұловтың «Ақбоз аты», Сафуан Шаймерденовтың «Мәжнүн талы», Сәуірбек Бақбергеновтың повестері, Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Садықбек Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз», Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Тоқаш Бердияров, Ізтай Мәмбетов, Мұзафар Әлімбаевтардың тамаша жыр-дастандары, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Нығмет Ғабдуллиндердің т.б. зерттеу, танымдық-тағылымдық еңбектері қазақ халқымен бірге жасай беретіндері сөзсіз. Сондықтан алпысыншы жылдар туралы абайлап сөйлеген жөн... Егер алпысыншы жылдар туралы сөйлесек, сол алпысыншы жылдар жөндеп зерттелмей жатыр деп сөйлейік. Өйткені, Алпысыншы жылдар бізді үздіксіз рухтандырып, қуаттандырып тұратын, қанаттандырып ұшыратын Алып Алтын рухани қазынамыз. Сондықтан әлгіндей түкке арзымайтын, қауқары жоқ әлжуаз пікірлер бұрынғы ойыма өзгерістер енгізбек түгілі, титтей көлеңке де түсіре алмайды. Өйткені ол пікірлер – тұлғасы жоқ елес пікірлер.

– Кейінгі кезде әдебиеттегі ұлттық рух, ұлттық дәстүр және дәстүр жалғастығы туралы әр түрлі ойлар айтылып жүр. Осы ұғымдар туралы пікіріңіз?

– Шынында да кейінгі кезде әсіресе, әдебиеттегі ұлттық рух туралы аз айтылып жүрген жоқ. Олардың біреулері тым атүсті жадағай, екінші біреулері тым кітаби. Тіпті кейбіреулері ұлттық рухани болмысты тұрмыстық заттардан іздеп, Рух атты ұлы ұғымды соншалықты қарабайландырып, тортөбелендіріп жібереді.

Сондай-ақ, ол пікірлерді айтқандардың көбі, ең басты мәселеге әдебиеттегі ұлттық рухтың ең басты міндеті не деген сұраққа жауап бере алмай ма деп қорқам. Біздің ойымызша, ұлттық рухтың ең басты қасиеті – өз ұлтына деген ұлы сүйіспеншілік. Ақын мен жазушы жан жүрегінің жылуы арқылы шығарманың тұла бойына сіңген өз ұлтына деген ол сүйіспеншілік оқырман қауымның да сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын, махаббатын тудырары сөзсіз. Сол ғана ұлттық рух бола алмақ.

Ұлтына деген сүйіспеншілік тудыра алмаған жерде – ұлттық рух та жоқ. Жалпы рух қолмен ұстап білетін атрибуттардың жиынтығы емес, ол – жан мен жүрек құбылысы. Ақын мен жазушы ұлтына деген сүйіспеншіліктің отты ұшқынын өткен күннен де, бүгіннен де тұтатып ала алады. Ол – тылсым құбылыс. Яғни, оны айтыстың тақырыбына айналдыру – бос әлек. Бұл жерде сүйіспеншілік деген сөзді біржақты түсініп қалуға болмайды. Өз ұлтының бойындағы жағымсыз қасиеттерді қан жылап, қайғыдан у ішіп отырып көрсеткен Абайды өз ұлтыньсүймейді дей аласың ба? Сүйгенде қандай! Қазақта Абайдан өткен рухты тұлға жоқ. Өйткені – Абай рухы қазақ ұлтының қайғы-қасіретінің көз жасына шомылған рух. Ал ұлттың көз жасы сіңген рухтан өткен рух бола ма? Ұлттық дәстүр туралы кезінде көп сөз болды. Ол да ұлттық рухпен үндес. Мен тек дәстүр жалғастығы туралы кезінде айтқан бір ойымды қайталап кеткім келіп тұр. Дәстүр жалғасы, яғни оның мұрагері – өз ұлтының рухани байлығы мен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін бойына жинақтап, оларды өзінше игеріп, өзінше қорытқан, өз уақытының үні бола білген, өз заманының әлеуметтік мәнін ашып көрсете аларлық қуатқа ие, немере Жаңалық! Абай, Мағжан, Ілияс т.б. классиктердің шығармалары маған осындай қорытынды жасатты.

– Бүгінгі таңда қолына қалам алып шығарма жазған адамды қатты қинайтын түйінді мәселелер – кітап шығару және оны тарату болса керек...

– Дәл айтасыз. Қазір ақын-жазушыларды қатты қинайтын мәселелер – осы мәселелер. Әрине, кітап шығару мәселесі мүлде тоқтап қалды десек, онда бетіміз шылп етпей өтірік айтқан болып шығар ек. Кітап құдайға шүкір, шығып жатыр. Менің ойымша, баспасөз министрлігі бұл жұмысты белгілі дәрежеде жүйеге түсіріп келеді деуге болады. Әрине, ойдағының бәрін олар да қамти алмай жатқан болу керек. Өйткені, барлық жердегідей, ол жерде де қаржы тапшылығы қол байлау болып тұр. Біз ол министрлікпен қоян-қолтық жұмыс істеуге кірістік. Олар бізді өздерінің жылдық жоспарларымен таныстырып, ұсыныс-пікірлерімізді тыңдап отырады. Сондықтан да дәл қазір ол министрлікке тағар кінәміз жоқ. Әрине, жаңа айттым ғой, қаржы тапшылығынан бәрін қамту мүмкін болмай жатыр. Өйткені, бес-алты жылдан бері кітаптарын шығара алмай жүрген жазушылар аз емес.

Әрине бұл жерде айтылар проблемалар жетерлік. Әдебиетке алты айқайласа атасы қосылмайтын сұрқай шығармалар толқыны толастар емес. Оларды қалталы азаматтар ақшаның күшімен шығаруда. Аш құрсақ отырған баспалар да ондай ақшалы азаматтардан бас тарта алмайды. Осыдан барып сүреңсіз дүниелердің әдебиетті былғап жатқаны рас. Кітап тарату мәселесі – тұралап жатып қалған проблема. Капитализмге келдік, енді өз тауарыңды өзің сат дейтін болды. Капитализмнің барлық принциптерін көзді жұмып жіберіп қабылдай беруді, мен өз басым түсінбеймін. Жеке мемлекет болғаннан кейін, оның өз мүддесі, өз ерекшелігі, өз қасиеті, өз мінезі болмай ма? Мен не болғанда да мына суықта көше-көшенің бұрышында, аяқтарын аяқтарына соғып, айқайлап кітаптарын сатып жүрген Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауаинді, Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевті көз алдыма елестете алмаймын. Басқалар да елестете алмас. Олай болса кітап тарату ісіне мың жерден капитализм келсе де мемлекеттік қамқорлық керек. Мемлекеттік қамқорлықсыз бұл тығырықтан шығу қиын.

– «На атеистическом фундаменте не была построена еще не одна культура!» Бұл – Достоевскийдің сөзі. Демек шын әдебиет, шын мәдениет Аллаға ғана мойынсұнып, Ақиқатқа жүгірген ортада ғана адамға құлшылық ету жойылып, Құдайға құлшылық ету жөнге қойылғанда ғана жасалады. Ал біздер болсақ дінсіз өстік. Дінсіз өсіп келеміз. Дінсіз әдебиет жасадық. Дінсіз әдебиет жасау үстіндеміз. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Сен өте үлкен сұрақ қойып отырсың. Бұл сұрақ – бұрын көп қойылмаған сұрақ. Ә, дегенде кімді болсын абыржытып қоятын сұрақ. Өйткені біз атеистік қоғамда өстік. Отызыншы жылдардағы «ұр да жық» кезеңінде, тіпті, мешіттер дінге қызмет еткен орындар қиратылды. Діни адамдар қуғын-сүргінге түсті, айдалып, атылды...

Дегенмен, бағамдап қарайықшы, «ұр да жық» кезеңнен бері қарай жылжыған сайын жұрт ашық болмаса да дінге бет бұра бастағанын, жаппай болмаса да, бес уақ намазы мен құран-сауабына қайтқанын жоққа шығармайық. Жасырын болса да балалар, мұсылманшылықтың бірінші белгісі сүндетке отырғызылып жатты. Сені мен біз бет сипап өстік. Сонымен бірге, тағы да сол Алпысыншы жылдардан бері қарай бұрын дінге қызмет еткен белгілі-белгілі орындардың бәрі тарихи-ескерткіштер ретінде мемлекеттік қамқорлыққа алына бастады. Сол жылдары мүлде тас қапаста, қамауда жатқан тарихи дастандарымыз азаттық алды. Сол жылдары құдайдай табынған – жеке адамға табыну жойылды. Яғни сол кезеңде аға буын да, кейінгі ұрпақ та халықтық рухты бойына шұғыл сіңіріп алды. Ал халықтық рухты құрайтын элементтердің ішінде, сөз жоқ, діни әпсаналар, діни аңыз-әңгімелер барлығын ешкім жоққа шығара алмас. Оның үстіне біз Абайдың «алланың өзі де рас, сөзі де рас» сөзін көңілімізге түйіп өскен ұрпақпыз. Сондықтан идеология қанша дінсіз болса да, әлгіндей ортада өскен ұрпақ мүлде басқа тәрбиеде болғанын, дінсіздікті іштей қабылдамағанын ұмытпаған жөн. Содан болса керек, біздегі үлкен белгілі жазушылардың бір де біреуінің шығармаларынан дінге қарсы бір де бір сөз таба алмайсыз. Қайта ол шығармаларды кейде алыстан орағытып, кейде астар-ишарамен білдіретін қасиетті орындарға яғни дінге деген іштей ықылас, жақсы пейіл жатпаушы ма еді? Әрине, діни дүмшелікті келеке ететін образдар аз емес. Ал дүмшелікке қай уақытта да қарсы күресу керек. Әсіресе, осы кезде. Ол енді басқа әңгіменің жосығы... Не болғанда да мен қазақ әдебиетін дінсіз әдебиет, яғни имансыз әдебиет дей алмаймын. Өйткені бұл әдебиет – адам бойына имандылық қасиеттерді орнықтыруға талмай қызмет етіп келе жатқан әдебиет. Оның үстіне қанша ұлы болса да Достоевскийдің көзқарасы – бір адамның ғана көзқарасы. Оны да естен шығармаған жөн.

– Тағы бір томпақтау сұрақ. Марқұм Асқар Сүлейменовтің мынадай сөзі бар: «Ғабит Мүсіреповтің о жақ бұ жағынан табылатын жазушылар бізде бесеу-алтау ғана». Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері 600-ден асатыны белгілі. Ал шын жазушыларымыздың саны қанша деп ойлайсыз? Жалпы, осы мәселені нендей өлшемдермен анықтаймыз, айқындаймыз? Санмен бе, сапамен бе, жоқ әлде...

— Жарықтық Ас-ағаң, не нәрсені де өңменінен өткізіп, сүйегіңе жеткізіп айтатын кісі еді ғой. Бұл сөзінде де сол мінез көрініп тұр. «Ғабит Мүсіреповтің о жақ бұ жағы» деген өлшем – классиктер ғана жүретін деңгей ғой. Ал тұтас әдебиетті тек классиктер жасамайтыны белгілі. Жақсы ақын-жазушылар құдайға шүкір, бар. Бірақ, Ас-ағаңның айтып отырғаны негізсіз дей алмаймын. 600-ден астам жазушының бәрі – жазушы емес, әрине. Соның тең жартысы жазушы болса да тақиямызға тарлық етпес еді... Нансаңыз ол мүшелердің ішінде ғұмыры аты есітлмеген, ешкім танымайтын, кезінде көңіл жықпастықпен бе, тамыр-таныстықпен бе, әйтеуір өтіп кеткен адамдар жүр. Қарап отырып күйінесіз. Ал аттестация жасап, оларды сұрыптап, іріктейін десең, ол белгісіз адамдарға кепілдеме бергендердің негізі, белгілі-белгілі қаламгерлер. Яғни, ол сұрыптауымыз бітпейтін дау, өнбейтін іске айналатынын біліп отырмыз. Сондықтан біз осы жұмысқа келген бойда, былтырғы жылға мүшелікке ешкімді қабылдамау жөнінде маратория жариялап, сол сөзімізден шықтық. Жақында әдеби жанрлар кеңестерінің басшыларымен бас қосуда мен мынадай ұсыныс айттым: Белгілі бір атаулы күн қарсаңында жылына бір-ақ рет мүшелікке қабылдауды әбден елеп-екшеп отырып бес адамнан асырмау керек. Кеңестер басшылары бұл ұсынысты мақұлдады. Енді ол ұсынысты мен секретариаттың алдына қоймақпын. Сөйтіп мүшелікке қабылдауды барынша шектеп, оны белгілі бір күні оқиға етіп өткізбекпіз. Бұл жерде мен белгілі ақын-жазушыларға мүшелікке кепілдеме беруге тым жомарт бола бермеңіздер деп айтқым келеді. Сондықтан біз сапа үшін күреске шықтық дей аламын.

– Итің ұры десе намыстанатын, намыс қылатын халықпыз ғой. Сіз өз басыңыз нені намыс көресіз? Неге намысыңыз келеді?

– Дарақылыққа және ынжықтыққа намысым келеді.

– Сіз қазір неден қорқасыз?

Сөзден қорқам. Сөзден кеше де қорыққам, бүгін де қорқам. Әрине, өзімнің атым айтылған сөзден емес, елді аралап жүрген іріткі тудыратын зымиян сөздерден. Сөз деген бүгінгі таңда аса қауіпті, қатерлі болып кетті. Менің қазір есіме Шортанбай, Дулат, Мұрат Мөңкеұлы, Әубәкір Кердерілермен замандас, солармен қатар тұратын Қашаған ақынның бір өлеңінің мазмұны түсіп отыр. Күндердің бір күнінде айдалада ұшып жүрген бір торғай құтырады. Құтырған торғайдың аты – құтырған торғай ғой. Ол аспанда қалқып ұшып жүрген бүркітке шабады. Бүркіт кесек еттей торғайды неғылсын. Бір-ақ қылғытады. Бірақ ол құтырған торғай ғой. Енді бүркіт құтырады. Бүркіт құрлықтағы мақұлықтарды місе тұтпай теңізде жотасы көрініп жүзіп жүрген алып жайынға түседі. Алып жайын оны құйрығымен бір қағып, бір-ақ жұтады. Енді жайын құтырады. Құтырғаны сонша теңізге сыймай жағаға шығып кетеді... Жағадағы ел таңертең әлі де әлсіз ғана аузын ашып-жұмып жатқан дөңкиген алып жайынды көреді. Оның құтырып жағаға шығып кеткенін қайдан білсін. Толқынмен шығып қалған деп ойлайды ғой. Бүкіл ел алыстағысы бар, жақындағысы бар – таласып-тармасып әлгі алып олжа жайынның етін бөліп алып кетеді. Енді құтырған жайынның етін жеген ел құтырады... Міне, сөз де солай құтыраған бір торғайдай бүкіл елді дүрліктіріп, бөрліктіріп жіберуі мүмкін. Әсіресе, біз осы бір қиын-қыстау кезде, әр сөзімізге абай болуымыз, әр сөзімізге қарауыл қойып сөйлеуіміз қажет сияқты... Сөз түзелмей ештеңе түзелмейді.

«ТАЛАНТЫҢ БОЛСА ТҮРМЕДЕ ДЕ, КҮРКЕДЕ ДЕ ТАЛАНТТЫ ТУЫНДЫ ТУДЫРА АЛАСЫҢ»
(«Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына жауаптар)
1.Қазір жазушылардың беделі де, ықпалы да өте төмендеп кетті.

Бір ғана мысал. Өткен сайлауда Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ғана округтен төрт бірдей жазушы депутаттыққа сайлауға түсті. Бірде-біреуі өтпеді... Жазушының беделі мен ықпалының күрт төмендеп кетуін Сіз қалай түсіндірер едіңіз? 1. Сіздер бұл сұрақты соғыс жылдарының бергі кезеңінен ғана салыстырып қойып отырсыздар ғой. Әйтпесе, ақын-жазушылардың беделі мен ықпалы қай заман, қай дәуірде аспандап тұрып еді? Әлемдік әдебиет тарихына үңілсеңіз ақын-жазушылардың атқаны өтіп, айтқаны жетіп тұрған беделі мен ықпалынан гөрі, қуғын-сүргінге түскені, атылып-асылғаны, қайыршылық күн кешкен тұстары әлдеқайда көп болған. Шынтуайтына келсек, хас таланттардың нағыз беделі мен ықпалы өлгеннен кейін басталады. Әрине, ақын-жазушылардың аса қадір тұтып, құрмет еткен, оларды рухани көш басшыларымыз деп ұққан мәдениетті елдер де болған. Менің ойымша, біз осы жолға түсетін сияқтымыз. Оған соңғы кезде үкіметіміздің мәдениетке, өнерге, сонымен бірге әдебиетке бет бұра бастағандығы дәлел. Әсіресе, Президентіміздің жазушыларды жекелей қабылдап жүргенін былай қойғанда, бірқатарына өзі тікелей телефон шалып хал-жағдайларын біле бастауы, көп нәрсеге дәмелендіреді. 2. Бүгіндері «жеңілген мәдениет» деген сөз тіркесі пайда болды. Өзіндік бет-бағдары мен ұлттық қабілеті сөнген, топырақ пен тамырдан айырылған, өзге үлкен мәдениеттердің нашар көшірмесі іспетті қасаң, қайталама, еліктеп-солықтағыш, көшірмешіл сипат­тағы мәдениетті «жеңілген мәдениет» деседі. Кейбір ғалымдар қазақ мәдениетін «жеңілген мәдениетке» жатқызып жүр. Сіз осы пікірге келісер ме едіңіз? 2. Бұл сөздер өздерің айтып отырғандай «Өздерінің бет-бағдары мен ұлттық ерекшелігі жойылған, жасампаздық рухы мен жаратушылық қабілеті сөнген, топырақ пен тамырдан айырылған, өзге мәдениеттердің жетегінде кеткен» – мәстек бродскийлер мен мыртық кенжеевтердің, яғни дүбаралар мен космополиттердің сөздері ғой. Қайта, біздің мәдениетіміз ұлттық түлеу жолына түсетіндей. Өйткені біз сыртқы идеологиялық агрессиядан бұзылып, бүлініп бара жатқан рухани кеңістігімізді қорғауға кірісе бастадық. Білгенге, бұл үлкен бетбұрыс. Сонымен бірге көк түріктер дәурінідегі көне ескерткіштерімізді Сарыарқаның төріне шығарып, аса ұлы рухани игілікті іс бітірдік. Жеңіліп бара жатқан мәдениет, басқасын былай қойғанда, осы екеуін де атқармас еді. 3. Қазір екінің бірі «Заман қатігезденіп кетті. Мейірім азып, қайырым кеміп барады» дейді. Демек, бұл – біздің мәдениетіміз де төмендеп кетті деген сөз ғой... 3. Қатыгез деген сөз – ауыр сөз. Құдайым қатыгездіктің бетін әрман қылсын. Қатыгез заман Ахметтің, Мір­жақыптың, Мағжанның, Жүсіпбектердің заманы ғой. Рас, біздің заманымыз қатал. Мейірімнің азайып, қайырымның кеміп бара жатқаны да өтірік емес. Ал мейірімі азайып, қайырымы тарылып кеткен қоғамда мәдениеттің өсіп-өркендеуі екіталай. Бірақ сол қоғамды мейірім-қайырыммен байытатын да рухы биік мәдениет пен әдебиет. Яғни, мәдениет пен әдебиетке қамқор болу, қоғам бойындағы дертті кеселдерді емдеуге кірісу деген сөз. 4. Бізде оқырманы жоқ жазушылар бар. Атап айтып бере алар ма едіңіз? 4. Олар көп қой. Қайсысын айтып жатасың. 5. Қазір, егер аңдай алған болсаңыз, республикалық баспасөзде қилы-қилы әдеби пікірталастар жүріп жатыр. Осы жөнінде өз көзқарастарыңыз? 5. Иә, әсіресе, постмодернизм дегенді жалаулатып жүргендер бар. Бұл да сол ұлттық топырақта тамыры жоқ дүбәрә тыраштардың шығарып жүргендері. 6. Соңғы екі-үш жылда ұлы тұлғаларымыз (Абай, Иассауи, Абылай, Шыңғысхан, Қаракерей, Кенесары, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және т.б.) туралы бірсыпыра көркем дүниелер жарық көрді. Осылардың ішіндегі ең тәуірін атаңызшы. 6. Менің бұл сұраққа әлі де ойлана түсуім керек сияқты. Бір айтарым, ол ұлы тұлғаларымыз туралы жазылған шығармалардың ішінде биіктері де, аласалары да бар екені даусыз. 7. Әйелдер поэзиясы, Әйелдер прозасы. Қандай жақсылық-жаңалық байқадыңыз? 7. Бұл туралы Әкім Тарази ағамыз Роза Мұқанованың «әйелдер поэзиясы, әйелдер прозасы деген ұғым жоқ» – деген сөзіне қосыламын депті ғой. Мен де сол пікірге қосылам. Егер әйелдер поэзиясы мен әйелдер прозасы деген ұғым бар болса, онда еркектер поэзиясы мен еркектер прозасы деген ұғымның да бар болғаны ғой. Қандай ерсілік! 8. Бір сәт өз кемшіліктеріңіз туралы толғанып көрдіңіз бе? Өзіңізге толыққанды талантты туынды тудыруға не жетпей жүр деп ойлайсыз? 8. Кемшілігім туралы күнде толғанам. Адам кемшілігін білмеген күннен бастап рухани күйреуге ұшырайды. Ал, толыққанды талантты туынды тудыру үшін жасыл жайлау, алтын Сарай керек пе екен?! Егер талантың мен жігерің болса түрмеде де, күркеде де талантты туындылар тудыра аласың. 9. «Өлі жандардың» идеясын Гогольдің Пушкиннен алғаны белгілі. Өзіңіз іске асыра алмай жүрген, бірақ әріптестеріңізге қиюға болатын идеяларыңыз бар шығар? Бар болса, айта кетсеңіз? 9. Өкінішке орай мен Пушкин емеспін. Өз идеям өзімнен артылмайды. 10. «Шеңберден шығу керек!» дейді кейбіреулер. Сіз өз басыңыз «шеңберден шығу» дегенді қалай ұғасыз? 10. Мен, қандай данышпан айтса да, осы «шеңберден шығу керек!» деген сөзге түсінбеймін. Шеңберден қалай шығасың. Өйткені, сенің дүниеге қарайтын көзіңнің қарашығы шеңбер. Басың да шеңбер. Киіз үй де шеңбер. Күн, Ай, Жер де шеңбер. Бүкіл ғалам алып Шеңбердің ішінде тұр. Шеңберден шығам деген сөз – әлемнің жарасымдылығы мен үйлесімділігін бұзам деген сөз. Бұл – даңғойлық. Сондықтан Шеңберден шығам деп емес, шеңберді кеңейтем деп ұмтылған жөн. Мықты болсаң, көкжиекке дейін кеңейт. 11. «Литература – это посмертная справедливость» (Достоевский). Келісесіз бе, келіспейсіз бе? 11. Достоевскиймен келіспей көр! 12. ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында жазушы­лардың 72 пайызы дворяндар (ақсүйектер)болыпты. Жазушылыққа тектің, нәсілдің қатысы бар ма? 12. Дүниені бүлдіріп жүргендер тексіздер мен нәсілсіздер және тегі мен нәсілін ұмытқандар ғой. Бұл сұрақ – өз нәсіліңе де үңілдіретін сұрақ екен. Менің әке-шешем қолдарынан кетпен мен күрек түспеген қарапайым ғана шаруа адамдары. Сонда маған өлең жазу қайдан келді деп ойланасың ғой. Алдымен қыз алыспайтын өзіңнің аталас әулетің есіңе түседі. Ол әулетімізден атақты ақын Молда Мұса, сондай-ақ, кезінде үлкен қоғам қайраткері болған, өмірінің соңғы жылдарын тіл зерттеуіне арнаған Нұртас Оңдасынов шыққан. Нәсіл тек өз аталастарыңнан ғана емес, нағашы жұртпен де құралады ғой. Ал нағашыларым Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев, Сабырхан Асановтар болып келеді. Сондықтан менің қалам ұстап, қағаз толтыру қабілетімнің ашылуына нәсілдің нәзік те тылсым жолдарымен таралып жататын күштің ықпалы болғанына сенем.

«МЕН ӘДЕБИЕТКЕ ТӨБЕ БИ ЕМЕСПІН»

(Жазушы Думан РАМАЗАНМЕН әңгіме)

– Көңіл-күйіңіз қалай?

– Шүкір.

– Темірхан аға, әңгімені қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі, даму барысы, бағыт-бағдары, аяқалысы туралы айтудан бастасақ деп отырмын. Бүгінгі әдеби ахуал, сөз жоқ, көңіл көншітерлік дәрежеде емес. Қаламгерлердің басым көпшілігі қаламдарын тартпаларының түпкі жағына тығып тастап, қаламгерлік азаптан гөрі, жарық жалғанның аз күндік қызығына мәз болып, күнделікті күйкі тірліктің жырын жырлауға көшкен сияқты. Соңғы уақыттарда ауыз толтырып айтарлықтай шығармалардың тумай жатқаны да сондықтан шығар. Бұның себебі неде? Әдебиетіміз неге осындай дағдарысты кешіріп жатыр. Жағдайсыздықтан ба? Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаевтар бағындырған биікке шығудың орнына, шегіншектей-шегіншектей етекке түскен жайымыз бар. Сан бар деп күмпиеміз. Санды қойшы, сапа жағын сөз етсек, ұялып қалмаймыз ба?

– Мен сенің, әңгімемізді бастамай тұрып-ақ, салған жерден сарыуайымға салынып, қара бұлт үйіріп сөйлегеніңді, не болғанда да түсініп отырмын. Тіршілікте қанағатсыздық, тойымсыздық, ашқарақтық деген соншалықты жексұрын, соншалықты сұмпайы ұғымдар бар. Ондай қасиетсіз, кесірлі, кесапат ұғымдарды біз тұлабойымызбен түршігіп қабылдаймыз. Бірақ солай бола тұра, әдебиетте, жалғыз әдебиетте емес-ау, бүкіл рухани өмірімізде бұл түсінік- ұғымдар соншалықты сұмпайы, соншалықты жексұрын болып көрінбейді. Рухани қанағатсыздық, рухани тойымсыздық, рухани ашқарақтық, рухани қомағайлық адамды асқақтататын, адамды адам ететін, адамды ажарландыратын, тек жеке адамды ғана емес, ұлтты ұлт ететін, тіпті мемлекеттің ірге тасын бекітетін аса асыл, аса қастерлі түсінік- ұғымдар. Неұғрлым рухани ашқарақ, неғұрлым рухани қомағай болған сайын, соғұрлым қайраттана, қуаттана түссесің. Құдай сақтаса, рухани бойкүездіктен, рухани немкеттіліктен, рухани салғырттықтан сақтасын!

Мен сенің сұрағыңды рухани ашқарақтықтан туған іштей ширығу деп түсініп отырмын. Оның үстіне, бүкіл дүние жүзінде кезеңдік тұстарда, қай ел болса да, біздің әдебиетіміздің маңдайы жарқырап тұр деп айдай әлемге айқайлап жар салған емес. Ағылшындар Шекспирдің тұсында әдебиетіміздің айы оңынан туып тұр деп айтпапты. Тіпті білмеген. Айтса, кейіннен айтқан. Сервантес «Дон Кихотты» дүниеге келтіргенде бүкіл испан жұртшылығы, кеуделерін қуаныш кернеп, жаппай көшеге шығып кетпеген. Біреу білген, біреу білмеген. Қайта, бізде жөнді әдебиет жоқ деп жабығып, қамыққан. Пушкин мен Лермонтов бар кезде де орыс әдебиеті тұралып қалды деушілер көп болған. Бүгінде бүкіл американ халқының мақтанышы Уольт Уитменнің өлеңдеріне кезінде ешкім де көңіл бөлмеген. Соған қатты қамыққан Уитмен, бүркеншік атпен, өзі туралы өзі мадақ мақалалар жазған. Қазір олар сол Уитмен өмір сүрген әдеби кезеңді ең биік кезеңіміз деп есептейді. Бұлай мысал келтіре берсек, тіпті көп. Сондықтан, әдебиеттің қандай бір кезеңінде де баға беру үшін, ол кезеңнен біраз уақытқа алшақ кету керек. Бұл бір. Екіншіден, жаңа «дағдарыс» деген сөзді ауызға алып қалдың. Егер, сен айтқандай, әдебиетіміздің басына, шын мәнінде, дағдарысты кезең келсе, одан мүлде қорқып- қашуға болмайды. Ол – тығырыққа тіреліп, салы суға кетіп, барар жер-басар тауы қалмаған, уайым-қайғыға жаншылып қалған аса дертті хал ғой. Бірақ Абайдың «Үміттің аты елеріп, қос тізгінді созбайды, қос тепкіні салсаң да, уайымнан озбайды» деген сөзін есіне алсаң ол сөзден, тағы да қайталап айтам, соншалықты үркуге болмайды. Уайым – зор қарекетке, мол іске жұмылдыратын ұлы қозғаушы күш. Сондықтан сен айтқан дағдарыс осындай уайымы бар дағдарыс болса, қанеки!

– Сіз ақынсыз. Ақын болғанда да елімізге танылған, өзіңізді өзіңіз мойындатқан ақынсыз. Жалпы ақындық деген адамға туа бітетін қасиет пе, жоқ әлде, есейе келе кейбір өлеңшілердің басына ұшып қонатын бақ құсы ма? Бұны сұрап отырғаным, өлеңді өміріне серік ететін ақындар бар да, өлеңді ермек ететін ақындар бар. Жаратушы жаппар иеміздің бермегенін тартып аламын деуші өлеңшілермен қалай күресуге болады? Тіпті жазаласа да артық етпейтін шығар. Өйткені талғамды төмендетіп, өнердің құнын түсіретін де солар ғой. Бұл, біздіңше қылмыстың көкесі емес пе.

– Әй, Думан-ай, тым ашынып, ашулы сөйлейді екенсің. Ұстаған жеріңді бұрап сындырып, тістеген жеріңді жалбыратып жұлып ап, тырнағыңды құрақұстан салып лақтырып тастағың кеп тұр-ау. Жассың ғой!..

Ал, шынтуайтына келсек, шын ақынды уақыт пен заманның өзі тудырады. Мұны менен бұрын талай-талай бастары тай қазандай данышпандар айтып қойған. Әр уақыт өз ақынын тудырады. Мысал іздеп бүкіл әлемдік әдебиетті аралап кетпей-ақ қояйық. Өзімізге ғана үңілейікші. Мәселен, әлі де бір шайқасып, тағы бір жаға жыртысып қалуға мүмкін болып тұрған заманда Махамбет кезеңі Махамбеттей асылды тудырды. Ол:

... Құла бір сұлу ат мінген,
Құйрық жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,

Ту түбінен ту алған,
Жауды көріп қуанған
Мен Өтемістің баласы
Махамбет атты батырмын –

деген сөздер Махамбеттің аузымен айтылып тұрған уақыт рухы. Отаршылдықтың қара түнегі әбден басып, ерді езіп, елді жаншып жіберген тұста дүниеге Абай келді.

Қуатты ойдай бұрқырап,
Уезінге өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап
Көк бұлттан үзілген

Қайран тіл, қайран сөз
Наданға қадірсіз.

Бұл да Абайдай алыптың аузымен айтылған уақыт сөзі. Сондықтан Абай «өлеңді ермек үшін» жазбаған. Ол өлеңнің атқарар міндетін «біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, қаза көрген жүрегі жаралы ол? деп белгілеген. Қазір, қай кездегіден де, өлеңші көп. Зейнеткерлікке шыққан соң, ермек болсын деп, өлең жазып жүр едім дегендерді талай рет көзіміз көрді. Жазса жаза берсін, бірақ олардың бәлдір-батпақ, салдыр-сатпағын том-том етіп шығарып жатқандары, әрине жанға батады. Тоқтар емес, толастар емес. Былғап жатыр. Оған не амал бар? «Жазалау керек шығар» дейсің. Қалай жазалайсың?! Оларды құдай жазаласын!

– Тамырсыз ештеңенің өсіп-өнбейтіні, мәуелеп жеміс бер­мейтіні белгілі. Тексізден текті баланың туа қоюы да неғайбыл. Әдебиетте дәстүршілдер мен жаңашылдар деген ұғым-түсі­нік бар. Ұлы Абайдың өзін біреулер дәстүршіл ақын десе, енді біреулер жаңашыл ақын дейді. Осы дәстүршілдік пен жаңашылдықтың айырмасы неде? Меніңше осы екеуінің ымдасып-жымдасып, араласып-құраласып, ауылдары қоңсы қонып, құяр сағақтары біреу болып жатқаны жақсы сияқты. Дәстүршіл ақындардың ішінде жаңашыл ақындардың болмауы мүмкін емес қой. Мәселен, Абайды дәстүршіл ақын десеңіз де, жаңашыл ақын десеңіз де жарасып тұратын сияқты. Өз басым дәстүршіл ақындардың жаңашыл ақын атауларын қос қолымды көтере отырып қолдаймын. Ал дәстүрсіз жаңашылдыққа ұмтылғандарды түсіне алмаймын. Түсінгім де келмейді. Сіз ше?

– Мен де. Бірақ бұл жерде Абай есімі ауызға алынып отырған соң, аздап аял етуге тура келеді. Жақында, осы газеттің өткен нөмірінде, менің кездескен сайын сағаттар бойы әдебиет туралы пікір таластырудан жалықпайтын, өкшелес, ең жақын талантты інілерімнің бірі Аманхан Әлімұлының сұхбаты жарияланды. Сұхбаттың біраз тұсы ұнады. Сауатты. Бірақ кейбір тұстарына таласым бар. Қаншама дәлелдемек болса да, Аманханның «Абайды жаңашыл емес, дәстүршіл ақын деуіміз керек» деген сөзін тіпті де қабылдай алмаймын. Басқа, басқа Абайды бұлай қарабайырландыруға болмайды.

Абай тек жаңашыл ғана емес, ол ұстындай үлкен алтын әріптермен жазылатын реформатор! Абай – өлеңді мүлде жаңа өріске шығарып, мүлде жаңа биікке көтерген ақын. Қазақтың кешегі әдебиеті де, бүгінгі әдебиеті де Абайдың алдында қарыздар. Тіпті Абай болмаса, Әуезов те болмас еді. Өйткені ол бала кезінен Абай сөзінің ықпалында болған. Дәстүршіл деген не? Рас Аманхан бұл сөзге үлкен мән, үлкен ұғым бергісі келген. Өйткені Абайдан бұрынғы рухани кеңістігіміз соншалықты жүдеу қу тақыр болса, Абай да болмас еді. Оны ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ «дәстүршіл» деген сөз Абайға өлшем емес. Өйткені «дәстүршіл» деген сөз керек десеңіз соншалықты тайғақ, соншалықты екіұшты сөз! Олай дейтініміз дәстүршіл деген ұғымды төрт жолдық шумақпен, буын санымен ғана өлшейтіндер қаптап жүр. Олар – мес қарын масылдар, дайын асқа тік қасықтар! Олар сол бунақ пен буыннан ғана тұратын «дәстүр» деген күмәнді күркені паналап алып, шын мәніндегі толықтай ұғымдағы дәстүрдің қанын теспей сорып жатыр. Мен, әрине, төрт жолдық шумақты да, дәстүрлі буын сандарын да жоққа шығармаймын. Егер образ, ой, метафораға, сондай—ақ сәуле мен нұрға, от пен шұғылаға, тебіреністі толқын мен сарқыраған сарынға, қуат пен күшке шүпілдеп толып тұрса олар алтын қалыптар, ал егер бойында ештеңе жоқ болса, онда олар дәні жоқ бос қауыз, яғни графикалық сұлба схемалар. Нағыз формализм деген осылар. Форма деген /бұл жерде Аманханды қолдаймын/ бар болғаны киім. Оны өлеңнің өзі киіп туады. Ертеректе «Баба дәстүрдің мұрагері кім» деген мақала жазып, оны «баба дәстүрдің мұрагері – өз ұлтының рухани байлығы мен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін бойына жинақтап, оларды өзінше игеріп, өзінше қорытқан, өз уақытының үні бола білген, өз заманының әлеуметтік мәнін ашып көрсете аларлық қуатқа ие немере Жаңалық» деп қорытқан едім. Әлі де осы пікірдемін. Жаңалықсыз бәрі тұл!

– Кейде өзімнен-өзім оңаша қалғанда бір нәрсеге таңқалатыным бар. Таңқаламын да тұңғиық ойға батамын. Неге біз жылт еткен жаңалықты көрсек жатырқай қараймыз?! Бұл біздің мәдениетіміздің жоғарылығының белгісі ме, жоқ әлде, төмендігі ме? Осы арасын түсіне алмай өзіммен-өзім әлек боламын. Мәселен, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовті сіз жақсы білетін шығарсыз. Мен де бір кісідей білемін. Сыйлас-сырластығымыз да бар. Мен осы ақынның ақындығына, талантына, ақыл-ойына, білім-білігіне тәнті жандардың бірімін. Аадамгершілігі мен қарапайымдылығын, елуге келсе де бала сияқты пәктігін айтпай-ақ қояйық. Бірақ, неге екенін қайдам, әдеби ортадан шеттеу жүрген осы бір талантты ақынды сынап-мінейтіндер көп. Мұның себебін бір білсе, сіз білер деген ойдамыз. Өйткені ақынды ақын, талантты талант танымауы мүмкін емес қой. Тыныштықбек ақынның шығармашылығын сіз қалай бағалар едіңіз? «Ауылдағының аузы сасық» дегеннің кері келіп, Алаш сыйлығын да ала алмады. Әлде шынымен лайықсыз ба?

– «Бұның себебін бір білсе, сіз білер деген ойдамыз» дейсің. Кесімді жауап беретін мен әдебиеттің төбе биі емеспін. Бірақ өз ойымды айтайын. Тыныштықбек – бүгінгі таңда саусақпен санап аларлықтай ең талантты ақындарымыздың бірі. Ол айнала тіршілікті мүлде өзінше көреді және соны өзге жұртқа, қабылдасын-қабылдамасын, өзінше көрсете алады. Бұл – таланттың сирек тұрпаты. Әбіш Кекілбаев «Таң-Шолпан» журналында жарияланған мақаласында Тыныштықбекті «бір түрлі ақын» деп бағалады. Шынында да ол, ешкімге ұқсамайтын бір түрлі ақын! Несіне жасырайық, көбіміз «бір түрлі ақын» бола алмай қор болып жүрміз ғой. Инкубатордан шыққандай бір тектіміз. Жаман болса сол жаман!

Ал Алаш сыйлығына келер болсақ, кезінде мен Тыныштықбекке осы сыйлықты алып бермек боп жүгірдім. Бірақ, қайтейін, комиссия мүшелері, білімді, өрелі жандар бола тұра, Тыныштықбекке бұл сыйлықты қимады. Тыныштықбектің қолына су құя алмайтын талай адамдар «Алаш» сыйлығын алып кетті, алып та жүр. Жалпы кейінгі кезде Алаш сыйлығының Мемлекеттік, басқа да сыйлықтардың айналасы құйтырқы ойынға айналып бара жатыр. Жақсы құбылыс емес.

– Алматыдан жырақтау жүрген, облыстарда тұратын талантты ақын-жазушылар баршылық. Тыныштықбек сияқты ақындар да, өзім шығармашылығына құрметпен қарайтын Мархабат Байғұтов сияқты қара сөздің кәнігі шеберлері де бар. Өзіңіз де облыста көп жыл тұрып, ұзақ жыл қызмет еттіңіз. Сіз Алматыға Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып келгеннен кейін жаңа бір ақындық тынысыңыз ашылғандай сезіледі маған. Әлде, бұл сырт көз-сыншыға ғана солай ма? Жоқ әлде, шынайы талантқа Алматыдағы әдеби ортаның ықпалы бола ма? Меніңше, қандай талантты қаламгерлерге болмасын кем-кетігіңді түзеп, артықшылығыңды айтып отыратын әдеби орта қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен олай ойламаймын. Сол Мархабат та, Тыныштықбек те, Қарағандыдағы Серік те, Маңғыстаудағы Светқали мен Сабыр да олай ойламайды. Әдеби орта деген не? Әдеби орта деген – өмірдің өзі, кітап, газет-журналдар. Оларда осылардың бәрі де бар. Қайта Алматыға қарағанда артығырақ. Өмірді көбірек біледі, кітап пен газет-журналдарды көбірек оқиды. Таза. Алматыдағы әдеби орта деген – өсек-аяң, көлгірсу, бірін-бірі жамандау. Ондай жерлерден қашығырақ жүрген жақсы. Мен, қайта, қазір Алматыдан алыста жүрген кезімді, несіне жасырам, көбірек аңсаймын.

Оның үстіне, кезінде Шыңғыстаудағы Абайда, Нарындағы Махамбетте әдеби орта болып па?!

– Сіздің «Бәле жайлаған елдей қажыдым, құзғын сарыған жердей қажыдым, ит сарыған көлдей қажыдым» дегеніңіз осындай көңіл-күйде жазылған жолдар емес пе?

– Бәлкім, солай болса солай шығар.

– Темірхан аға, сіз кейінгі кезде «Арымас аттар мінетін, тозбас тондар киетін; қара тастарды қақ жарып, қарағайлардай қаптап өсетін, қара нарлары шудалары желкілдеп қара бұлттай көшетін; Айғырлары күнге қарап кісінеп, биелері айға қарап құлындаған, кетіссе – бұрылмаған, тәңірден басқа қайтпаған ешкімнен, ібіліс, жындарға қара тастарды түттіріп, дию мен періге құмнан арқан естірген» деп сөйлейтін биік рухты көк түріктер сарынына салып, ата-баба үлгісімен жыр жазып жүрсіз. Ежелгі ата-баба сарынын аңсап, жыр төгуіңізге не себеп болды? Әйтеуір, бір нәрсенің түрткі болғанын ішім сезетін сияқты. Сезетін сияқты мен өз ойыңызды білудің арасында қаншалықты алшақтық жатқанын сіз де білетін шығарсыз. Саят Жанатбекұлы деген досым бар. Ірі бизнесмен. Сіздің өлеңдеріңізді жақсы көреді. Аузынан тастамай айтып жүреді. Көк түріктердің сарынына салып жазатын жырларыңызға қарап, Сізді баяғының алып батырларындай көз алдыма елестетем дейді. Өлеңдегі алып тұлғаның өмірдегі алып тұлғаға айналуын жақсылықтың нышаны деу керек шығар. Бақыттысыз ғой...

– Алдымен Саят Жанатбекұлы досыңа сәлем айт. Рахмет.

Ал енді көк түріктер сарынына келетін болсақ, ол сарынды саусақтан сорып шығарып алғаным жоқ. Қанымызда, жанымызда бар сарын. Бірақ қаншама ғасырлар бойы қамауда жатқан сарын. Тәуелсіздік алғаннан кейін барып құлағымызға жеткен, жан-жүрегімізді қозғаған сарын. Сол сарынмен жазғым келді де тұрды. Мазалауын қоймады. Жаздым. Ірі сөйлеуге, молынан қамтып, тіпті қарпып сөйлеуге мүмкіндік беретін сарын екен. Қабылдап жатқан жұрттар да бар, қабылдамайтындар да бар. Әрі қарай ештеңе айтпаймын... «Бақыттысыз ғой» дейсің. Пенделік тұрғыдан, шүкір, бақыттымын. Бас аман, бауыр бүтін, көйлек көк, қарын тоқ. Бірақ азаматтық тұрғыдан ше? Тәуелсіз елміз. Бұл – ең үлкен бақыт! Бірақ солай бола тұра ауыз толтырып «бақыттымын» деп айта алмай, күмілжіп қалатын тұстарым бар... Жақында немерелерімді ертіп паркке бардым. Қазақтардың қарасы аз емес. Бірақ бәрі, үлкен-кішісі түгелге дерлік орысша сөйлеп жүр. Сонда бала-шағасын ерткен екі-үш қапқаздықтарды көрдік. Бір-бірімен өз тілінде тіл қатысады. Бұл не? Құдай-ау, өз жері, өз елінде сая таба алмаған қазақ тілі соншалықты сорлы, соншалықты бейшара ма еді. Күні кеше ғана «ақырып теңдік сұраған» тіл емес пе еді?! Енді не боп қалды? Тек иегімізбен жоғары жақты меңзеп көрсете береміз. Кінәні соларға артамыз. Әрине, сөз жоқ, бұл тұрғыда жоғары жақтың әлі атқарар қыруар шаруасы бар. Бірақ өзімізге де талап қоймаймыз ба? Орыстың НХЛ-да ойнайтын атақты Павел Буре дейтін хоккейшісі бар. «Известиядан» оқыдым: сол Буре Мәскеуге бір келгенінде аэропорттан түскен бойда интервью берген. Ағылшын журналисі де сұрақ берген, әрине, ағылшынша. Бірақ Буре қаншама жылдар бойы шетелде жүргенде өз тіліндей болып кеткен ағылшын тілінде емес, орыс тілінде жауап қатқан. Бұған таңқалған ағылшын журналисіне Буре «мен дәл қазір өз Отаным – Ресейде тұрмын. Мен Ресей азаматымын. Орыс жерінде тұрғанда орысша сөйлесу менің азаматтық борышым» деген. Ал біз болсақ, өз жерімізде өз тілімізде мансұқ етіп, бір-бірімізбен орысша сөйлесеміз. Ұят! Өз еліңде өз тілің еңсесін көтере алмай тұралап жатқанда, азамат ретінде, өзіңді қалай бақытты сезіне аласың?! Жең ұшымен жалғасып, ауыз жаласып, опырып асап, қотарып ішіп, өз елін өзі тонап жатқан өз қандастарыңды көріп отырып, өзіңді сен қалай бақыттымын дей аласың?! Арым дейтін аруларың жезөкшелікке салынып, қорғаным дейтін ұлдарың ішімдікке түсіп, ине сұқтырып кетсе, елін қорғамақ түгілі қара басын қорғауға жарамайтын қауқарсыз боп бара жатса «бақыттымын» деп қалай көкірек кермексің?! Дәл осы жерде Чеховтың бір әңгімесі есіме түсіп тұр. Елді мекеннен жырақта, тау-тастың ішінде орналасқан бір монастырьдің игумені күндердің күнінде жұрттың болмыс-бітімін көргісі кеп, қалаға кетеді. Қалада үш ай болып шаршап-шалдығып қайта оралады. Келген бойда, әңгіме күткен монахтармен де кездеспей, тамақ-су да ішпей бір апта бойы «аһлап-уһлеп» бүк түсіп жатып алады. Бір аптадан кейін басын көтереді. Монахтарды шақырады, оларға көрген-білгенін, сол көрген-білгеннен әбден түңілгенін айтады. Қала деген әбден бұзылған екен. Қыздары омырауы ашық көйлек киеді екен. Кім құшақтаса соның құшағында кетеді. Бір еркектен екінші еркекке, екінші еркектен үшінші еркекке ауысып жүре береді. Қаланы нағыз ұятсыздық, бетсіздік, жалдаптық жайлап алыпты деп сөгеді. Сөгіп қана қоймайды, ағыл-тегіл еңіреп жылайды. Содан соңы не болды дейсің ғой? Ертесіне бүкіл монах монастырьді тастап жалдаптық жайлап алған қалаға қашып кетеді. Игумен безініп айтқан ұяттан жұрдай болған қалаға – аңсарлары ауып, естері шығып – қашады. Ал біз болсақ, «омыраулары ашық көйлек» киген қыздарды емес, тыр жалаңаш қыздарды жарнамалап жатырмыз. Жакстарымыз қайда бара жатыр деп ал-дал боламыз. Мұндайда сен өзіңді бақытты сезіне аласың ба?!

– Сіздің «Мен қазір әлдекімдермен күресе-күресе – таудың басына тас арқалап шыққандай – борша-боршамын, арса-арсамын. Мен қазір әлдекімдермен тіресе-тіресе аспаннан күркіреп жатқан қорғасындай ап-ауыр қара бұлттарды жерге сүйреп түсіргендей қажып шаршадым» дейтін жолдарыңыз осылай ойлаған сәттеріңізде жазылса керек.

– Не болғанда да, бұл өлеңнің тек жеке басқа түскен қиындық кезде жазылмағаны анық. Тақырып-тамыры әріде.

– Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтың «Жыл келгендей жаңалық сезінемін» дегеніндей, әдебиетке жыл өткен сайын жастар легі толқын-толқын болып қосылып жатқаны заңдылық. Ұлт бар жерде, халық бар жерде, әдебиеттің де жойылып кетпесі анық.. Бізде де әдебиетке келіп қосылып жатқан жаңа есімдер баршылық. Солардың ішінен қай жас қаламгердің шығармашылығы өзіңізге көбірек ұнайды. Қай есімді ерекше атар едіңіз? Несімен ерекшеленеді. Шығармашылығынан нендей жаңалық, қандай жақсы нышандар байқайсыз? Кімдерге сенім артасыз, кімдерден үміт күтесіз.

– Соңымыздан, құдайға шүкір, тегеурінді, талантты жастар легі келе жатыр. Олардың бәрін тізіп беру де, тізіп бергенмен ерекшеліктерін атап-атап көрсету де мүмкін емес. Бізге қарағанда бәріне ортақ бір-ақ ерекшелікті айтуға болады: ойы бостан, еркін жазады. Қалт жібермей қадағалап отыратын цензура жоқ. Оларға айтар бір-ақ тілек бар: ар-ождан цензурасын ұмытпаса екен.

– Кейінгі жылдары ең өнімді, ірі, сапалы жұмыс істеген қай ақын-жазушыны атар едіңіз. Соңғы уақытта жарық көрген қай шығарманы үздік деп танисыз? Қай қырынан?

– Ең өнімді, әрі сапалы жұмыс істеген ақын-жазушыны, ол мынау еді деп көрсетіп беру қиынның қиыны. Өйткені бәзбір ақын-жазушылар қыруар шаруа бітіріп оны баспаға бермей отыруы мүмкін.

Ал енді қандай шығарманы оқыдыңыз, олардың қайсысын үздік деп танисыз деген сұраққа келетін болсақ өз ойымды айтып көрейін. Мен жалпы поэзия болсын, проза болсын, сын, публицистика болсын мүмкіндігімше мұқият қадағалап оқып отыратын адаммын. Кейінгі кезде, байқайсың ба, әңгіме жанры қатты дамып келеді. Бұл – үлкен өрістерге алып барар жақсылықтың нышаны. Жарық көрген әңгімелерді жібермей оқуға тырысам. Әсіресе, маған Мұхтар Мағауиннің «Тамызда жазылған әңгімелер» топтамасы қатты ұнады. Ал Төлен Әбдіковтің «Парасат майданын» бүкіл әдебиет кеңістігіміздегі құбылыс деп ұғам. Ал ақындар туралы қазір ештеңе айтпай қоя тұрайын. Олар туралы үлкен топтама мақалалар жазбақпын. Айтарымды сонда айтармын.

– Прозашылар туралы сөз болып қалғандықтан осыған байланыстырып тағы бір сұрақ берейін. Кейінгі кезде үлкен ақсақал Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы қилы-қилы пікірлер айтылып жүр. Сіз ол пікірлерге қалай қарайсыз?

– Ия, әдебиеттегі аса ірі тұлғамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовке орынды-орынсыз тиісушілер тым көбейіп барады. Бірқатар адамдар үшін ол кісі отырса опақ, тұрса сопақ. Осыған таңқалам.

ПЕН клубы бар деп тиіседі. Ол клубтың негізін салушылар еврейлер көрінеді. Ал болсын. Бірақ адамды фактімен, жасап отырған іс-қаракетімен бағалау керек емес пе?! Егер ол кісі қасына бүкіл еврейлерді жинап ап, қазақтарды кеудесінен итеріп отырса, бәріміз де өре түрегелер едік. Беті аулақ деп теріс қарар ек. Бірақ олай емес қой. Мүшелігіне Морис Симошко деген бір-ақ еврей бар еді, ол да Израильге кетіп, өліп тынды. Жыл сайын қазақ әдебиетінің маңдай алды азаматтарына, өзіміздің үзеңгі қағыстырып қатар жүрген талантты тұлғаларына он мың доллардан сыйлық беріп жатыр. Тағы да ол сыйлықтың айналасында Алаш сыйлығының айналасындағыдай жалпақшекейлік жоқ. Алған адамдардың бәрі де сен тұр, мен атайындар. Мен, бірден айтайын, ол клубқа мүше емеспін. Мені Әбіджәміл ақсақалымыз клубына шақырған емес. Шақырмайды да. Шақырса да бармаймын. Өткен сайлауда, өзің білесің, мені сол кісінің адамы деп қарсы үгіт жүргізді. Ал мен ол кісімен бетпе-бет жеке отырып шай ішкен жан емеспін. Мен ол кісіден тіпті бір ауыз жақсы сөз дәметпеймін де! Қажеті де жоқ. Бірақ шындықты айту бәрімізге парыз емес пе? Екіншіден, ол кісінің шығармашылығы туралы ерінбегеннің бәрі екі ауыз сөз айтатын болды. «Соңғы парыз» туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатқандықтан оған мен араласпай-ақ қояйын. Бірақ түбі ол шығарма да өзінің лайықты бағасын алатынына сенем. Мені, әсіресе, айран-асыр ететіні «Қан мен тер» туралы айтылатын пікірлер. Оу, ол шығарма – біздің, біздің емес-ау бүкіл халқымыздың бойына, қанына, ойына сіңіп кеткен шығарма ғой. «Қан мен тер», керек десеңіз, әдебиеттегі санаулы ғана ұлттық құндылықтарымыздың бірі, оған тиісу сол ұлттық құндылықтарымызға тиісумен бірдей. Бүгінде қолтығынан демеп қоқырайтып жүрген шығармалардың көбі күні ертең-ақ күл-қоқыстың арасына кетеді, ал «Қан мен тер» қалады. Басқасын былай қойғанда, Тәңірберген, Еламан, Ақбала, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт... сияқты тұтас образдар галереясын қайда жібересің. Оларды санаңнан сүртіп тастай алмайсың. Сүртпек түгілі, балталап бұза алмайсың. Бұзам деу бос әурешілік! Бос тыраштық!

– Шамырқаныңқырап кеттіңіз. Шамалы жүйке тамырларды босататын бір сұрақ берейін. Сұлулыққа қалай қарайсыз, сұлулармен қалайсыз?

– Сенің «жүйке тамырларды босататын» сұрағыңа болайын! Біздің жасымызда жүйке тамырларды бір-бірлеп үзетін осы ғой. Қалай қараушы ем, өліп-өшіп қараймын да! «Сұлу» деген өлең жазғам. Содан үзінді оқып берейін.

Ғажабын-ай!
Көрген кезде
Жүрегіңді жарып жіберердей,
От қылып жағып жіберердей

Мынау сұлулықтың
Азабын-ай.
Неткен сиқыр бұл?!
Дуалап, арбамай-ақ

Жан алғандай...
Айдың нұрынан,
ақынның жырынан,
Ақ гүлдің кекілі мен

Тереңнің тұнығынан
Жаралағандай...
Ғажабын-ай!
Азабын-ай!

Демі тисе –
Алтынмен
Апталып қалардайсың,
Күлкісінің

Лебі тисе –
Күміспен
Қапталып қалардайсың.
Аққудай сыланып,

Тал шыбықтай бұралып,
Үкідей
Үлпілдеп тұрғаны-ай!
Сөйлесе –

Ақ тамағы
Бұлбұлдың көмейіндей
Бүлкілдеп тұрғаны-ай!
Ғажабын-ай!

Азабын-ай!
Мен сұлуларға осылай қараймын. Салғырт қарай алмаймын!

– Қазір орысша ойлап, қазақша көркем шығарма жазатын дүбәра жас қаламгерлердің саны артып келеді. Бұл жақсылықтың нышаны ма, әлде жамандықтың белгісі ме?

– Бұл – жамандықтың ғана белгісі емес. Бұл рухани қатер! Қатерлілігі сонда, олар жазатынын жазып, өз беттерімен жүрмей тілімізге де, ұлттық ділімізге де /менталитет/, тіпті дінімізге де аузына келгенін айтып, әрпіл-тәрпіл сөз айтады. Бірі «әдебиет үшін тілдің не керегі бар» деп соқса, екіншісі «тоңқаңдап намаз оқиды» деп дінімізге тіл тигізеді.

Постмодернизм деген ағымды қайта-қайта алға тартады. Олардың мұнысын түсінуге болады. Өйткені олардың одан басқа қорған-бекінісі жоқ. Топырақ жоқ, тамыр жоқ. Ұлттық болмыс-бітімнен ада. Кейбіреулері таланттан жұрдай. Сонан кейін «постмодернизм!» деп айқайлап жар салмай қайтсін! Шынын айтқанда, сол бір даңғыраған түбі тесік бос шелектерге мән бермеймін. Менің мән беретінім, сол бір даңғырлаған түбі тесік бос шелектерге кейбір ағаларымыздың қамқор болатыны. Соған ренжимін.

– «Көк түріктер сарынынан» кейін қандай бағытта өлең жазбақ ойыңыз бар. Сезім, ғашықтық, махаббат тақырыбына айналып соғу ойыңызда жоқ па?

– Сезім, ғашықтық, махаббат тақырыптарын көк түріктер сарынымен де жазуға болады. Ол сарынның мүмкіндігі аса мол. Тіпті шексіз. Іс-жоспар жайына келер болсақ, әлгінде айттым ғой, көк түріктер заманынан бері қарайғы өлең өлкесіне экскурс жасағым келеді, яғни мақалалар жазбақ ойым бар. Арғысын, құдай ғұмыр беріп жатса, көре жатармыз.

– Қазіргі әдебиет майданында Сізді көбінесе не нәрсе алаңдатады?

– Көп нәрсе алаңдатады. Бірақ, әсіресе, мені көп алаңдататыны, өзің де біліп-көріп отырсың, тұтас ұлт ауыздарына қарап отырған рухани ұстындарымыздай ағаларымыздың бір-бірімен жаудай жағаласып, айтысып-тартысып бара жатқандары. Ең жаманы, былапыт сөздермен айтысатыны. Бізде бір күмәнді түсінік қалыптасқан. Айтыс-тартыстан ақиқат туады деген. Айтыс-тартыстан, тағы да былапыт сөзбен айтылатын айтыс-тартыстан, ешуақытта ақиқат тумайды. Ақиқат ондай былапыт жерден қашып кетеді. Ондай былапыт айтыс-тартыстардан тұла бойын жалба-жұлба жүн басқан, аузынан күл бұрқыраған қара бәле туады. Қара бәле ел ішіне бүлік әкеледі. Сол ағаларым, бір-бірімен ауыз жаласып бітісіп кетпесе де, тынышталса екен деймін.

Әрине, әдебиетте түрлі көзқарастар болуы заңды. Бірақ ол көзқарастарды, көз алартпай-ақ, мәдениетті түрде пікір таластырып айтуға болады ғой. Ағаларым бір-біріне қорлайтын сөз айтпаса екен. Олар қойса, қалғандары да «қаруларын» қолынан түсіреді.

“АҚЫН ТАҒДЫРЫ– АЗАПТЫ ТАҒДЫР”

(Темірхан Медетбекпен сұхбат)

–Темке, сізбен болатын әңгімені мына сұрақтан бастағым келеді: ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы қандай, және ұқсастығы қандай? Мұның анық-қанығын білгіміз келіп отырған себебі, ол оқырман талғамының өсуіне ықпал ете ме деп ойлаймыз.

– Ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ оны танып білу үшін үлкен талғам керек. Ал талғам жұрттың бәрінде бірдей бола бермейді. Қай заман, қай кезде де ақындар да, өлеңшілер де болған. Мәселен, Бұқар заманында басқа жыраулар болмады деп ойлайсыз ба?! Болғанда қандай! Бірақ олардың көбі ауыл- аймақ, қора-қопсы төңрегінде ғана қалған ғой. Ірі тұлғалық мінезге ие болмаған. Жеке бас немесе күйкі тірліктің күйкілігінен аспаған. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді көрсете алмаған.Уақыт, заман талабына жауап бермек түгілі, сол уақыт пен заман талабын түсінуге, оларды зерделеуге күш- қуаттары жетпеген. Дүниетанулары тар болған. Соған қарамастан олардың кейбіреулері жұрт арасында белгілі бір дәрежеде беделге ие болған. Бәрі бір олар бізге жетпеген. Құмға сіңіп, құрдымға жұтылып жоғалған.

Өкінішке орай, қазір де солай. Ертең де солай болады. “Ерінбеген етікші болады” дегендей көп- көп адам өлең жазып кетті. Кейбіреулер, тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін ақын болды. Том- том кітап шығарып жатыр. Оқып отырып жаның жылайды. Өлең деген қасиетті сөздің қор болғанына күйінесің. Оларды саралап, елеп- екшеп отыратын сын дегеніңіздің ерік- күші де, қайрат- жігері де жетпейді. Жетсе де оны тоқтату мүмкін емес. Өйткені олар демеушілікпен, яғни өз қаржыларымен шығарып жатыр. Ал баспалардың ақшаға қарсы тұрар қауқарлары жоқ. Өйткені олар күндерін әзер көріп отыр. Міне, осындай сұрқай тасқын астында қалған оқырман талғамы әбден бүлініп, күйреуге ұшырауда. Ең өкініштісі, осы!

–“Сөз саптамы жақсы”, “тақырыбы жақсы”, “көтерген мәселесі жақсы” деген қолпаштарды қазақ ешкімнен аямайды. Бірақ сол “жақсылардың” уақыт талқысынан өтпей қалатыны қалай? Осы туралы қандай пікір айтар едіңіз?

– Міне, осындай шынжырдай шұбырған “жақсы”, “жақсылардың” шылауында кеткендер кеше де болған, әрине, бүгін де бар. Соның салдарынан көпірген көбік сөздерге көміліп тұншығып қалғанымыз рас. Мата атымен бөз өтедінің кесірінен жадаулыққа, жадағайлыққа ұрынғанымызды бәріміз жақсы білеміз. Қопарып, қотарып сөйлеудің орнына бетін қалқып кеткенімізді кім жоққа шығара алады. Адамның, қоғамның сыртқы сұлбасын ғана суреттеп, оның ішкі жан- дүниесін, жан арпалысын аша алмадық қой. Содан барып қаншама есіл таланттар қор болды. Пленум, съезд шешімдерін насихаттаймын деп жүріп, өздерінің бойындағы Құдай берген таланттарын рәсуә етті. Сол бір жаман әдет әлі де жалғасын табуда. Менің бұдан басқа айтарым жоқ. Тек ертеңгі күннің қатал сұрыптауынан ғана дәмеленеміз.

–Сіз алғаш рет ақындық жолға бетбұрған кезде қандай әсерге бөлендіңіз, қалай арқаландыңыз? Ақындық тағдыр сізді несімен қызықтырды?

– Менің Түркістандағы теміржол мектебінде оқып жүргенде Жұмағали Әбуов деген парталас досым болды. Қазір ағылшын тілінің маманы. Ғылым докторы. Мақалалар, өлеңдер жазды. Мен де соған еліктеп қолыма қағаз, қалам алатын болдым. Екеуіміз ағайынды қоңыр қаздай болып аудандық газетке барамыз. Әрине, ондағы ағайлар өлеңдеріміздің беттерін шимайлап- шимайлап қайтарып береді. Бәрі бір қайтпаймыз. Тауымыз шағылмайды. Біршама уақыт өткеннен кейін жаңа өлеңдерімізді қайтадан алып барамыз... Ақырында, бір күні менің:

Қабырғада сұр шеге,
Ұстап тұр ғой киімді.
Мен де сондай өмірге
Болсам деймін тиімді, –

деген шумағым жарық көрді. Сол күні мен үшін іргеміздегі Қаратау қарс айрылып, алдымыздағы көлденеңдеп ағып жатқан Сырдарияның суы сирақтан келмей қалды. Алғашқы әсер осылай! Ақындық тағдырдың—азапты тағдыр екенін кейін түсіндік. Өйткені ақын болу деген елдің мұңын, халықтың қасіреті мен қайғысын жырлау. Ал елдің қасіреті мен қайғысын, мұңы мен зарын арқалап жүру оңай болып па?! Менің ақын тағдыры—азапты тағдыр дейтінім содан.

–Жазушы болу қиын, өйткені көз майын тауысады. Ал ақын болу оңайырақ, жырды жазады да жүріп кетеді деген түсініктер пайда болып жүр. Ал, сізше қалай? Мұндай пікірлерге не дейсіз?

– Осындай сөздердің бары рас. Жазушы қаламдастарымның дәл осылай деп әзіл- шыны аралас түйреп кететіндері бар. Ондайда мен оларға “Сендер ғой бір хикаят (повесть) жазғанда от пен суға бір- ақ рет түсесіңдер. Ал екі хикаяттарың толық бір кітап боп шығады. Ал біз ақындар әр өлең сайын от пен суға түсеміз. Жүз өлең жазсақ, жүз рет от пен суға түсеміз. Ал жүз өлеңіміз сендердің әлгі кітаптарыңның жартысындай да болмайды. Сонда от пен суға екі- ақ рет түскен адамның азабы көп пе, жоқ әлде жүз рет түскеннің азабы көп пе” деп жауап берем...

Шынын айтқанда, екі жанрдың да табиғаты екі түрлі ғой. Жазушылыққа талантпен қоса аса үлкен төзімділік керек. Ал ақындыққа шап- шұп ұстасып, шартпа- шұрт айқаса кететін шапшаңдық қажет. Екеуі де оңай шаруа емес. Мен жазушы болу дегенді неміс классигі Генрих Бель мен орыс және ағылшын классигі В. Набоковтың романдарын аударғанда көрдім. Азапты жұмыс! Күн ұзаққа, түні бойы үстел үстінде қаққан қазықтай боп шаншыласың да отырасың. Сарғайып, сарылып кетесің! Ал ақындықта мың өртеніп,мың жанасың! Екеуі де ауыр. Әр қайсысының орны бөлек.

–Өмір шындығы дейтін ұғымды қалай ұғындыруға болады? Мәселен, өміріміз, тұрмысымыз жақсы десек, айналамызда оған да мысал бар. Өміріміз, тұрмысымыз жетіліп тұрған жоқ десек, оған да келтіретін дәлелдер аз емес. Бірақ ақын көзі қырағы. Ақ пен қараны айырудың мәнісін қалай ұғындырасыз?

– Өмір шындығы деген ұғым– өте ауқымды ұғым ғой. Оған тек әлеуметтік жағдайымыз, яғни тұрмыстық деңгейіміз ғана кірмейді ғой. Әрине, Қазақстанда тұрмысы өте жоғары адамдар да, тұрмысы өте төмен адамдар да өмір сүріп жатыр. Тұрмысы өте жоғары адамдарға қарағанда, өкінішке орай, тұрмысы төмен адамдар әлдеқайда көп. Бұл– әлеуметтік теңсіздік!

Сонымен бірге, елді сыбайластық жемқорлық жайлап барады. Ол әбден күшіне мінгенде мемлекеттігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Қазірдің өзінде олардың салып жатқан ылаңдарынан Қазақстанның екі өкпесі сығылып барады. Оны бәріміз көріп, біліп отырмыз. Оған қарсы күрес өте мардымсыз. Сондай- ақ біз, саяси тәуелсіз болғанмен толық рухани тәуелсіз бола қойған жоқпыз. Не болғанда да, орыс тілі үстемдік етіп тұр. Мемлекеттік тіліміз, несін жасырамыз, мүсәпір халде. Өзінің мемлекеттік тілінде сөйлемеген мемлекеттік тілді қалай сен, толыққанды дей аласың?! Бұлардан басқа қаншама қаптаған проблемалар бар. Айтып тауыса алмайсың. Ал бұл проблемаларға, көрсең де көрмегенсіп, көзіңді жұмып қарап, жауырды жаба тоқу, ақындығыңа да, азаматтығыңа да сын емес пе? Сондықтан ақын болдың ба, онда сен қоғам бойына дерт боп жабысқан кесірлі, кесапат құбылыстармен шайқасқа түс. Солармен күрес. Менің ұстанымым осы.

–Мұқағали ақынмен қаламгерлік әріптес ретінде сырласқан, кездескен,мұңдасқан сәттеріңіз болды ма?

– Мен Мұқаңмен тонның ішкі бауырындай боп қоян- қолтық араластым деп айта алмаймын. Олардың әдебиеттегі есімдері әбден бабына кеп күркіреп тұрған кезінде Маңғыстауға кетіп қалдым. Рас, Маңғыстауға кетпей тұрғанда аздап болсын кездесіп сөйлескендеріміз болған. Бірақ ол кездесулерді сырласу, мұңдасу деп айтуға болмайды. Өйткені онда біз сарыауыз балапандармыз ғой. Яғни ол кісілердің бізге сырын айта қоюы мүмкін емес қой.

Тек бірде Мұқаң мен Жұкең екеуі (Мұқағали мен Жұмекен) бірігіп соғымға бір жылқыны тұтас алып келіпті. Сол жылқыны екеуіне, (әрине, олар қай жерден қалай шабу керек екенін айтып тұрды), бөліп бергенім бар. Кейіннен бірер рет кездескенде Мұқағали ағамның “Әй, бала, сенің біздің үйде дәм татып кететін сыбағаң бар. Келмейсің бе?” – дегені бар. Содан кейін Маңғыстаудан келіп Жазушылар Одағында бір шаруамен жүгіріп жүр едім, сонадай жерде бір топ ағаларымның ішінде тұрған Мұқаңның “Әй, қараңдаршы мына жүгіріп жүрген бала Темірхан Медетбековтен аумайды екен” деген дауысын естіп қалдым. Бұрылып сәлем бермеді дегені ғой. Ал менің бұрылуға мұршам жоқ. Өйткені Одақтың бір басшысы қағазыңды қазір әкелмесең кетіп қалам деген. Ертеңіне Маңғыстауға жол жүруім керек. Не керек, қағазыма қол қойдырып төмен түссем Мұқағали ағам екі- үш адаммен тұр екен. Ол кісілерге “Ассалаумағалейкум” деп сәлем бердім. Сәлемімді алған Мұқаң: “Әй, бала, жаңа ғана екінші қабаттан сенен аумайтын біреуді көрдім” дегені. Бұрылып сәлем беруге жарамадың деп астарлап айтқан назы ғой. Мен жағдайымды айтып, айыбымды жуып- шаю үшін “Қаламгерге” шақырғаным бар... Ол кісімен кездескендегі осындай бір эпизодтар ғана есімде қалыпты. Ал ол кісінің поэзиясын өте жоғары бағалайтын адаммын. Мұқаңның баспасөзде жарияланып жататын өлеңдері мен дастандарын қалт жібермей оқитын едім. Ықыласым да, ылтипатым да болды дей аламын. Содан ба, ол кісі қайтыс болғанда, сонау қиыр алыс Маңғыстауда жүрсем де, қабырғам қайысып отырып өлең жазып “Лениншіл жасқа” жіберген болатынмын. Бірден жарияланды. Бұл жерде ол өлеңді тұтастай келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.

Мұқағали қайтқанда
Келді бүгін ажал- сұмның кезегі.
Өрт боп жанды өлең- жырдың өзегі.
Ақпай қалды, ағып жатқан бұрқырап

Жетісудың тағы да бір өзені.
Қала алмассың мұндай күні опынбай,
Әр жүректе “Қайран Мұқа”, ойпырмай.
Ақындардың жыр оқитын кешінде

Бір керемет өлең қалды оқылмай.
Тағы мұны қала алмасссың түсінбей,
Жүрек жылап, боран соқса ішіңде.
Сырахана үстелінің үстінде

Бір саптыаяқ сыра қалды ішілмей.
Жаңа үнменен қарсы алатын әр таңды,
Жек көретін өсек пенен жалтаңды,
Ақыным жоқ бүгін енді ортаңда

Жалақысыз еркін кешкен жалғанды.
Галстуксіз айқара ашық омырау.
Туы—Алатау,
Көкірегі – Атырау,

Болған емес онда өтірік көлгірсу,
Болған емес онда қайту, тоқырау.
Елемейтін,
Ескермейтін ептіні,

Тастайтұғын бетінен ап беттінің.
Өлең етіп ызғарлы түн, от күнін
Жол қозғалыс ережесін елемей
Көшелерді кешіп келе жататын

Мұқағали Мақатаев жоқ бүгін.

Мұқағали Мақатаев поэзиясына деген сол ықылас, сол пейіл әлі де сол қалпында. Қазір ол ұлы ақын, классик!

– Мұқаңның “Фаризаға” деген өлеңі бар. Сіз де талай рет оқыған шығарсыз. Осы өлең неге Фаризаға арналды? Кейде пайымдау деңгейлеріне қарай бұл туралы әркім әртүрлі болжам жасайды. Ал, сіздің пікіріңіздің қорытындысы қалай?

– Кезінде Мұқағали ағамыз,– кім не десе, о десін,– теперішті көп көрген ақын. Тұрмыс жағынан да, жұмыс жағынан да! Ондай кездерде адам жалғыз қалады. Көп- көп адам сырт айналады. Кешегі достарың сені көргенде көшенің келесі бетіне шығып кетеді. Ондай жағдай бірер жыл менің де басымнан өткен. Сондықтан білем... Ондай кездерде адам мұңын шағатын, сол мұңыңды түсінетін адам іздейді. Кешегі достардың келбеті әлгіндей: теріс айналған. Ал, Фариза қаншама ер мінезді дегенмен, әйел ғой. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ. Содан да ол Фаризаға мұңын шаққан, жүрек сырын ақтарған. Менің пайымдауым осы.

– Мұқағалидың мұңы дейміз, ол қандай мұң? Тұрмыстық жетіспеушіліктен қозғалған мұң ба, әлде қоғамдық дерттің науқасын дәл аңғарып буырқанған толғаныстардан туған жан күйзелісі ме? Бұл мәселеге сіз қалай баға берер едіңіз?

– Екеуі де бар. Бірақ ақынның жеке басындағы мұң қоғамдық, әлеуметтік, адамзаттық тіпті бүкіләлемдік мұңдармен бірге өрілмесе, оның өресі тым пәс, ауқымы барынша тар боп қалады. Мүқаңның Емханада деген атақты өлеңі бар. Соны оқып көрейікші.

Өкінішті...
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр
Бүзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті.
О, Жүрек!
Менің алтын қазығым- ау!
Қайтейін қажыдың- ау.

... Қытықтаған бауырдың “назы” мынау,
Қажыдың- ау, байғұсым, қажыдың- ау!
Не істемекпін!
Жаным- ау, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:
Жүрегім—Африка, бауырым—Кипр,
Миым—Мұзды Мұхиттай...
Не істемекпін?

Міне, осы өлеңде ақынның тұла бойын жайлап алған дерт қана емес, әлемнің дерті жатыр ғой. Өз дертін әлемнің дертімен салаластырып, сабақтастырып жіберген. Кезінде осы өлең туралы былай деген екем: “Бір- ақ өріліп, бір- ақ құйылған тұтас өлең. Жеке жолын, жеке шумағын бөліп алып қарастыруға келмейді. Оны өлең табиғаты, өлең архитектоникасы көтермейді. Өйткені ақын айтылар сөзін бір- ақ ақтарған. Өлеңнің әлденеше жеріне қойылған үш нүктелер ақынның айтылмай кеткен сөздері емес, ақын өзегін өртеп шыққан қасірет күрсіністері. Бұл өлең– метафора болғанда да, образды метафора. Бұл өлеңде нағыз азамат ақынның болмыс- бітімі жатыр. Жүрегін Африкаға, бауырын Кипрге, миын Мұзды Мұхитқа теңеу белгілі бір ұғымдардың сыртқы ұқсастықтарын дәл басқан сөз бейнелілігін ғана емес, белгілі бір ұғымдардың ішкі драмасы мен трагедиясын ашқан ақын ойының масштабтылығын, ақын ойының ірілігін көрсетеді. Бұл өлеңнен ақынның жеке басының дертті демі ғана емес, Африка қасіреті, Кипр трагндиясы, Мұзды мұхиттың көрдей суық лебі ұрады. Ақын басына түскен өз қасіретін дүние қасіретінен бөлек қоя алмапты. Дүниеге алпыс екі тамырымен сіңіп кеткен ақын ғана осылай сөйлесе керек.” Осыдан артық не айта алам. Тек қосарым, Мұқағали Мақатаев осы бір өлеңімен- ақ Адамзаттық деңгейге көтерілген. Ал мұндай өлеңдер онда жетерлік.

–Мұқағали “Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты Мұқағали Мақатаев бар мұнда” дейді. Осындағы “Махаң” деген сөздің мағанасын сіз қалай талдап бере алар едіңіз?

– “ Махаң” деген сөзден адамның ойына бірден халықтың бостандығы жолында басын құрбандыққа шалған, қайтпас қайсар тұлға Махамбет түсетіні сөзсіз. “Махаңдар” деп тұрғаннан кейін бұл ұғым көп мағананы мегзеп тұруы әбден мүмкін. Яғни тағы бір ұлттың ұлы перзенті Мағжан бейнесін де танып білуге болады. Тіпті Махамбет, Мағжан сияқты елі мен жері үшін қайғы мен қасіретке батқан, жан- жүректері мұң мен зарға толы барлық ардақтыларымызды қамтуы да кәдік.

– Сіздің қатарласыңыз, жазушы Марат Қабанбаев Мұқағали туралы ағынан ақтарылып жазғанда “миына ұлттық коды жазылған ақын” деген керемет теңеуге жүгінеді. Осының мәнісін оқырмандарға қалай ұқтырар едіңіз?

– “Код” деген сөз, жалпылама тілмен айтқанда шартты белгілер жүйесі деген мағынаны береді ғой. Дипломатиялық, коммерциялық, әскери кодтар болатыны белгілі. Оның шешуі– жұмбақ. Оны белгілі бір адамдар ғана шеше алатынын бәріміз жақсы білеміз. Сонымен бірге генетикалық та код болады. Енді бұл, табиғи код, жаратылыс бітімінде болатын код. Марат осыны, генетикалық, яғни ақынның болмыс- бітімін ұлттың рухани табиғатымен бір қарастырып отыр. Бір сөзбен айтқанда Мұқағали табиғаты ұлттың құпия бір тылсым табиғи құбылыстарымен тамырлас деп отыр. Мен бұл бейнелі сөзді осылай ұқтым. Ол тылсым құпияны шешу біздің, және болашақ ұрпақтардың міндеті.

– Мұқағали “Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін” деп еңбек етті. Солай деп ұлы мұратты көздеді. Сол сәуле маздап тұр. Сол сәулені әрі қарай сөндірмеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Абай өзінің бүкіл ілім- білімін, ой- өрісін, қуат- күшін қараңғылықпен күреске жұмсаған адам. Бұл күресте оның қаптаған қалың қолы болған жоқ. Мыңмен жалғыз жүріп алысты. Халқының жүрегіне сәуле құйғысы келді. Сол сәуле жарығымен халқын қараңғылықтан алып шығатын жол іздеді. Әрине, ол азапты күрес еді. Құдай- ау, “Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме жынды сөзденіп” кететіндермен күресу оңай болып па? Бірақ күресіп бақты. Бәрі бір ол өзінің мақсат- мұратына көзі тірі кезінде жете қоймаса да, түптің-түбінде жетті. Өйткені Абай жаққан сол сәуле көп- көп адамдардың санасында, жаны мен жүрегінде жанып тұр. Мұқағали ақын сол сәулені сөндіріп алмайықшы деп тұр. Ал ол сәулені сөндіріп алмау да ұлы күрес. Заман да, қоғам да қазір тоғышар боп барады. Ал ондай тоғышар қоғам мен заманда адам бойындағы рухани отты сөндірмеу оңай шаруа емес. Ол үшін күрес, рухани күрес керек.

– “Мұқағали” журналының жарық көруіне қалай қарайсыз? Ол туралы сіздің ой-пікіріңіз, жеке көзқарасыңыз қалай?

– Әрине, дұрыс қараймын. Бірақ бұл журналдың бүкіл бағыт-бағдарына жан-жақты мінездеме бере алмаймын. Өйткені ол журнал қолыма анда-санда ғана түседі. Ал журналдың тұтас кескін- келбетін көрмегеннен кейін кесімді пікір айта қою қиын. Бірақ қолға түскен нөмірлері ұнады. Ол нөмірлерден Мұқағалидың рухын, Мұқағалидың мақсат- мүддесін, Мұқағалидың арман- тілегін танып- білуге болады.

– Енді тағы да өзіңізге оралайық. Сіздің шығармашылығыңызды зерделеп, зерттеп қарап отырсақ, екі кезеңді көреміз. Екінші кезең “Көк түріктер сарынына” енген кезіңіз. Бұл жерде сіз ұлттың рухымен тұтасып кеткен сияқтысыз. Мұндай әлемге енуіңіздің себебі қандай?

– Жалпы мен ізденістің ақынымын. Мен туралы жазып жүргендер де осылай дейді. Сіз менің шығармашылығымның екі кезеңнен тұратынын жақсы аңғарғансыз. Бірінші кезеңімде де эксперименке көп барғам- ды. Соған байланысты мені кезінде ғылыми-техникалық революция заманының, урбанизацияның ақыны деп мақтағандар да, даттағандар да болды... Енді ол жағына көп бара бермей- ақ қояйын. Оны өзіңіз де біліп отырсыз.

Екінші кезең—“Көк түріктер сарыны”. Мен бұл сарынға ұзақ дайындалдым. Ол “Күлтегін”, “Тоныкөктермен” танысқаннан басталғанды. Қаншама рет сол сарынның ішіне кірем деп жанталастым. Алдырмады. Көбі сәтсіз боп шықты. Сонда да қайтпадым. Ақыры, өзімше, дегеніме жеткендей болдым. Көк түріктер сарынының ішіне енгендей болдым. Орхон- Енисей жазулары тасқа қашалған ғой. Яғни ол тарихи дастандар жолынан қара тасты соққан қашау мен балғаның шыңылы естіледі екен... Менің өлеңдерімнен де, егер құлақ сап қарасаң, сол балға мен қашаудың үні шығады. Содан ба қағазға жазып отырсаң да тасқа қашап отырғандай болам. Әрине, ол сарынды мына уақыт пен заманға орай жетілдірдім, дамыттым. Әрине, мен ол сарынды тұтас меңгеріп алдым деп айта алмаймын. Толық игере алмаған, күш- қуатым жетпей қалған тұстарым да бар шығар. Бір айта кетер нәрсе, осы бір сырты қарапайым ғана форманың мүмкіндігі аса зор екендігін білдім. Еркін айтасың, еркін сөйлейсің. Бірақ сарын шеңберінен шықпауың керек. Оның да өз заңдылығы бар. Ол үшін ол сарынды өзіңнің бүкіл тұла бой, жан дүниеңе сіңіріп алуың керек. Сонымен бірге, ең бастысы, ол сарын сенің табиғи болмыс-бітіміңменен үйлесім табуға тиісті. Ал менің табиғи болмыс- бітімім нақтылық. Міне, осы үйлесім, мені белгілі бір дәрежеге жетуіме мүмкіндік берді деп ойлаймын. Жаңа айттым ғой, бұл сарынның мүмкіндік аясы аса кең деп. Әсіресе, ол осы заманның қыры мен сырын, бет- бейнесін барынша көрсетуге кең жол ашып береді. Қысылып-қымтырылмай сөйлейсің. Сондықтан да мен қазір осы сарынның “тұтқынымын”. Шынын айтқанда ол “тұтқындықтан” босанғым кеп тұрған жоқ.

–Сіз де Мұқағали ағаңыз секілді ата- бабаның жан дауысын анық естігендей күй кештіңіз. Және оны қайта жаңғырттыңыз. Ол үн өзінің ежелгі ұлттық бояуын сақтай отырып түрленіп, түлеп жаңаша естіле бастады. Бұл әдіс пе, тәсіл ме, жоқ әлде сіздің бойыңызды кернеген табиғи құбылыс па?

– Бұл– әдіс те, тәсіл де, сондай- ақ, жаңа ғана айтып өткенімдей, менің табиғи болмысымның сол сарынмен үйлесім мен жарасымдылық табуынан болуы мүмкін. Оның себебін шамалы тарқатып кейін айтам. Алдыңғы сұраққа орай, мен ізденіс пен эксперименттің ақынымын деп айтып өткенім бар ғой. Сол кезде, эксперименттер жасап жүрген тұсымда, бір көз жеткізген нәрсем, қандай бір болмасын, тіпті сәтті деп ойлайтын эксперименттеріңіздің өзі, егер ол ұлттық дәстүрмен, ұлттық рухпен өзінің күре тамырымен жалғасып жатпаса, өлі дүние болып шығатынына көзім жетті. Ал ғасырлар қойнауында жатса да көк түріктер сарыны біздің қанымыз бен жанымызда бар ғой. Сондықтан бұл сарынды жұртшылық, ұлттық рух үніне құлағы тосаң боп қалғандар болмаса, бірден қабылдады.

– “Өлеңге әркімнің де бар таласы” қазіргі шақта тіптен үдеп тұрған секілді. Жыр жинақтарының санынан жаңылатын болдық. Осы үрдіске көңіліңіз тола ма, әлде толмай ма? Қазылығын айтсаңыз. Себебі , өлең жазып жүргендер сіздің сын-сыншылдық пайымдарыңыздан сабақ алуға тиісті.

– Сіз, адамның жанын жегідей жеп, қанын қайнататын сұрақ қойып отырсыз. Өйткені бұл сұрақ сіздің де жаныңызды жегідей жеп жүрген сұрақ болуы керек. Бұндай қазіргі процесті “Өлеңге әркімнің де бар таласы” деп атауға мүлде болмайды. Өйткені бүгінгі таңда өлең деген “Еріккеннің ермегіне” айналды. Аса қастерлі, қасиетті өлең деген ұғым қорланып жатыр. Содан барып оқырман қауымның талғамы тым төмендеп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Ал талғамы дұрыс деген адамдар көкжасық, сұрқай өлеңдерді оқып, поэзиядан көңілі қалуда.

Рас, өресі биік, өлшемі кең өлеңдер жоқ емес, бар. Бірақ ондай өлеңдердің бет- жүзін, кескін- келбетін көлегейлеп, топан судай жөңкіліп жатқан әлгіндей лайлы өлеңдер көрсетпей бара ма деп қорқам. Ал олармен күресудің жолы әзір табылмай тұр.

– Сіз қызметтік салада баспасөздің қара жұмысынан ешқашан кол үзіп көрген емессіз. “Газет– ақынға қол емес” дейтін ұғым бар. Сол түсінікті сіз жоққа шығарган сияқтысыз. Оқырмандарыңыз осылай сұрақ қойса, не деп жауап қайтарар едіңіз?

– Мен бұрын да айтқам, қазір де қайталап айтам, мен ешуақта да өзімнің отбасымды өлеңмен асыраған емеспін. Отбасымды журналистикамен асырадым. Өлеңмен қалай асырайсың? Кезінде менің өлеңдерім жылдар аралатып 2- 3 баспа табақ көлемінде ғана кітап боп шықты. Ең төменгі ставкамен болар- болмас қаламақы қойылды. Ол қаламақы құрбы- құрдастарыңа жуумен- ақ Алматы ресторандарында қалатын...

Сондықтан менің асыраушым, сөз саласындағы қарапайым жанр, бірақ азабы мен мехнаты қай жанрдан да ауыр болмаса, кем емес журналистік қызмет болды. Мен оны шын ниетіммен беріле атқардым. Шынымды айтайын, мен ешуақытта жерінген емеспін. Журналистика деген алысып- жұлысып, тартысып- табысып жататын аласапыран мына дүниемен күн сайын бетпе- бет келетін ең бір белсенді алғы шептегі жауынгер жанр ғой. Өмірмен кілең бір ұстасқандай боп, қоян- қолтық араласып жүретін ол жанрдан творчествома алғаным да аз емес. Сондықтан мен журналистиканы өзімді байытатын құнарлы топырағым деп білем. Ал бірақ “газет ақынға қол емес” деп жататындарға ештеңе дей алмаймын. Өйткені әр адам– әр басқа ғой. Менің түсінігім әлгідей.

– Адам қартаяды. Ол болмыстың заңы. Ал көкіректегі ақындық қартая ма? Өмір тәжірибеңізге сүйеніп не айтар едіңіз?

– Біліп отырмын, мені қартайып қалдың демесең де, соған жақындап қалдың деп отырсың ғой. Қайтесің, оның рас. Қартаю болмыстың заңы екені де рас. Бұрынғыдай күш- қайрат жоқ, бұрынғыдай тасып- төгіліп жататын ой арпалысы да, сезім бұлқынысы да жоқ. Бірақ оның есесіне сабыр бар. Көпті көрген тәжірибе бар. Не нәрсеге де саралап қарайтын, сарабдалдық танытатын пайым бар. Менің ойымша, әр жастың өзінің артықшылығы бар. Әркім сол жасқа лайықты өмір сүру керек деп ойлаймын.

Менің жасымды кешегі Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқандар көрген жоқ. Өкінішті. Тіпті көбісі елуге де келе алмай кетті. Мен бұл жерде Мағжан бастаған ағаларды тіпті ауызға да алып отырғам жоқ. Сондықтан осы жасқа келгеніме шүкіршілік деймін. Ал енді ақындыққа келетін болсақ, әлі де көңілдің суы тартылып, бойдың қуаты сарқылып қалған ештеңесі жоқ. Әрине, бұрынғыдай екпін болмаса да, Құдайға шүкір серпін бар. Ең бастысы, өлең– менен, мен өлеңнен суыған жоқпыз.

– “Ақынның ақындығы—арда ғана” деп еді Мұқағали. Шығармашылықтағы ар, намыс деген ұғымды қалай ұстанып келе жатырмыз? Бұл туралы сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Бұл сұрақ—ең үлкен, ең басты сұрақ. Өйткені ақындықтың ақындығы, Мұқағали айтқандай, арлылығында. Арлы ақын ғана ұлттың үні, елдің намысы бола алады. Арлы ақын ғана әділдік пен шындықты айтады. Ал әділдік пен шындықты айту оңай шаруа емес. Оған батылдық керек. Қазір, құдайға шүкір, арлы ақындар жоқ емес, бар. Бірақ олар тым аз. Аз екен деп күйінуге де болмайды. Өйткені олар қай кезде де аз болған.

Бұл жерде мен өзім туралы ештеңе демей- ақ қояйын.Оны жұрт айтсын.

– Егер сізге өмірді қайта бастау мүмкіндігін берсе, ақындықтан бас тартар ма едіңіз?

– Қалай бас тартпақпын?! Ақындық деген Алла тағаланың берген сыйы ғой. Адам деген, егер ол ақымақ болмаса, Алла тағаланың сиынан бас тарта ма?!

– Келешектен күтер үміттеріңізді де баяндай кетсеңіз. Қазақтың жүрегіне сенім шұғыласын қалай ұялатуға болады.

– Бәріміз жақсы білеміз, адам мен адам арасындағы сенім, ең алдымен, бір- біріне өтірік айтпаудан басталады ғой. Ал қазір, бәріміз мұны да жақсы білеміз, қоғамды өтірік жайлап барады. Таңертеңнен кешке дейін көретінің де, еститінің де қулық пен сұмдық, алдау мен айлакерлік. Мұндай кезде болашақ деген сенім де тым бұлыңғыр, тұманды. Оны сейілту үшін қоғамды өтірік пен өсектен, қулық пен сұмдықтан аршып алу керек. Оны аршып алу дегеннің өте қиын екенін де жақсы білеміз. Ол үшін демократиялық үрдістерді молынан енгізіп, қанша ауыр болса да,шындықты, әділдікті айта білуіміз керек. Осылай болса екен деп тілеймін. Сонда ғана бұлыңғыр үмітіміздің жұлдызы жарқырап, көмескі сеніміміздің тұманы сейілетін болады. Олай болмады ма, онда бәрі бекер!

Әңгімелескен Жақыпжан Нұрғожаев
“Мұқағали” журналы № 9. 2010 ж.
“БІЗДІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМДЫ ЖАҒЫМПАЗДЫҚ МЕҢДЕП АЛДЫ”

– Жұрт сізді аузы дуалы ақындардың қатарына қосады.Ал сіз кез келген жерде азаматтық, ақындқ позициямды көрсете білдім деп ойлайсыз ба?

– Шүкір, реті келген жерде ақындық позициямнан да, азаматтық позициямнан да кері шегініп көрген жоқпын.Айтатын жерде айттым. Жазатын жерде жаздым. Алла тағала тіл мен жақ берген соң қоғамда болып жатқан жақсы-жаманды құбылыстарды қызыл тіліммен жанып отырдым.

– Демек, бәз біреулер тәрізді қап, әттеген-ай,айтарым ішімде кетті-ау деп аһ ұрып қалған кезіңіз жоқ қой.

– ...Әрине, бүкіл шындықтың бетін түріп тұрып айттым немесе ақиқатты шегіне жеткізе сөз еттім деуге болмас. Адам болған соң кейде шындықты айтуға мүмкіндігің жетпей қалатын кездер болады. Шындықтың қанын сорғалатып тұрып айтатын тұста алды-артыңды ойлайтын сәттер де кезігеді.

Бірақ өз басым еш уақытта пікірімнен тайып, бұғып қалған емеспін.

– Жалпы, сіз “біздің қоғамда өтірік сөйлемейтін, әйтсе де шындықты айтпайтын тым жалтақ зиялылар легі көбейіп кетті” деген пікірмен келісесіз бе?

– Жалтақтық өз алдына, біздің зиялы қауымды жағымпаздық дерті меңдеп алды. Қазір біздің зиялылар белгілі бір лауазымды адамды мақтағысы келсе де, жерден алып жерге салып даттағысы келсе де үндеу хат жазуды сәнге айналдырды. Соны өздерінше бір қадірлі іс көреді. Есіңізде болсын, хат жазу арқылы тарих жасалмайды. Мәселен, түнеукүнгі Елбасының атына мадақтау айтып жолданған “28 дің үндеу хатын” алайықшы. Кешіріңіз, Президентті мен де қатты сыйлаймын, мына отырған сіз де сыйлайсыз. Өзі сыйлаған қарапайым халық та сыйлайды. Ал енді соны міндетті түрде дабырайтып, әр жерге бір жазып, әр жерде бір айту қажет пе? Сол 28 дің әрекетін қоғам әртүрлі қабылдады. Тіпті олардың бұл ісін жағымпаздық деп бағалағандар да болды. Айналып келгенде солардың бірсыпырасы мен мәтінмен таныспай қол қоя салып едім деп масқара болды. Сонда олардың жетесінің жеткен жері осы ма? Асыра дәріптеушіліктен тұратын хаттың түп-тамыры жарамсақтықта жатыр. Жарамсақтық зиялы қауым аузымен айтылып жатса, жараспайды-ақ. Мен өзім бұл хатқа қол қойғандардың ішінен Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Әшірбек Сығай сияқты азаматтардың жоқ екенін көріп сүйсіндім.

– Рас, “28 дің хатын” қоғам сан-саққа жүгіртті. Қазір жоғары билікке ауызба-ауыз дат айтатын жан қалмады деп күйініп жүргендер де баршылық.

– “Көзі ашық, көкірегі ояу” адам әр кез халықтың сөзін сөйлеуге ықыласты болғаны ләзім. Әйтсе де зиялыларға да батпандай базына айта беруге болмас. Себебі олардың арасында да халыққа жаны ашып, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге жүрегі сыздап, Үкіметке өз үнін дүркін-дүркін айтып жүргендер баршылық. Баспасөз беттері арқылы да пікірін білдіріп жатқандар қаншама.? Өкініштісі, соларды тыңдайтын құлақ жоқ. Бейнебір бәрі тас керең болып қалғандай.

– Ұсыныс айту үшін Үкіметтің құлағының түбіне жақынырақ жүру керек қой. Сіз осы ақын-жазушылардың мемлекеттік саясатқа араласып, билікке бір табан жақын жүруін қалайсыз ба?

– Саясатқа кез келген адам араласуы керек. Саясатты білмей, түсінбей жатып елдің мұң-шерін айту мүмкін емес. Тіпті бүкіл дүниежүзінде саясатсыз өмір сүретін адам жоқ десе болады. Мәселен, еуропалықтар әлеуметтік жағдайы келіспесе, тұрмысының күйі кете бастаса түгел жаппай бейбіт шеруге шығып, наразылық білдіреді. Біз қайта саясатпен дұрыс айналыса алмай жүрміз. Біздің халқымыз әлі күнге дейін демократия деген ұғымға үрке қарайды.

– Сонда демократияны желеу етіп біз де еуропалықтар тәрізді қит етсе шеруге шығуымыз керек пе?

– ...Жоқ, сіз мені түсінбедіңіз. Мен еуропалықтарды мысал еткенде, олардың қоғамда болып жатқан өзгерістерге дер кезінде сауатты түрде үн қата білетіндіктерін айтып отырмын. Саясат дейтін бір елді құртады, бір елді жұтады. Енді бір елдің еңсесін көтеріп, аяғынан тік тұрғызады. Сондықтан саясатқа өте сақ қарауымыз керек.Қоғамның әрбір өкілі саяси сауатты болса ғана мемлекетіміз ілгерілей түседі. Саясаттан тыс өмір сүруге болмайды. Егер ұстанған саясатың сауатсыз, әлсіз,тым солқылдақ болса еліңнің, жеріңнің ту-талақайы шығады. Біз саяси өзгерістерді бақылап отыруға ден қоюымыз керек. Мысалы, қазір біздің қоғамда күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі—тіл мәселесі. Қазақ тілінің байғұс халге түскенін қанша жыл айтып, құдайдың зарын қылып келеміз. Бірақ тіл мәселесі шешілді ме? Жоқ. Қажет десеңіз шешілетін түрі байқалмайды. Осы жерде өзім куә болған бір жайтты айта кетейін. Жақында көшеде келе жатсам, анадай жерде бір топ жігіт жол жөндеп жатыр екен. Негізінен орыс жігіттері. Оларға жақындағанда байқағаным әлгі орыс жігіттері бір-бірімен өзбекше сөйлесіп жүр. Мен Түркістанда өскен адаммын. Керемет сөйлеп кетпесем де өзбекше жақсы түсінемін. Бұрылып тұра қалдым. Бес-алты жігіт. Өңкей орыстар. Араларында бір-ақ өзбек бар. Өзбекстаннан Қазақстанға келіп өзбекше сөйлеп жүр. Соларды көріп, қазақ тілінің нақ қазіргі жағдайына ішім удай ашып, қатты күйіндім. Бұл да –сол осы мәселеге келгенде саяси сауатсыздығымыздан орын алып отырған жайт. Дін мәселесі де солқылдап тұр. Қоғамды жемқорлықтың жаулап алуы да саясаттың әлсіздігінен. Сондықтан, тек қана ақын-жазушылар немесе зиялы қауым өкілдері ғана емес, кез келген қазақстандық саясатқа араласа білуі тиіс.

– Ал сіз өзіңіз неге саясаттың шаужайына жармасып, лауазымды орынтақтың буына қызықпадыңыз?

– Мен саясаттың шаужайына жармасқым-ақ келді. Бірақ мені араластырмады ғой. Кеңестік дәуірде “тек қана коммунистік партияны мақтап, мадақтап, сонымен ғана жүру керек” деген ұғым бар еді. Саясаттың үлкені—осы. Біле-білсеңіз саясатпен айналыспа деудің өзі—ең зұлым саясат. Сен біздің саясатымызға кіріспе,өлеңіңді жаз, қойшыңды мақта, мұнайшыларды жаз. Міне адамды қор қылып, зиялы қауымның басына перде тұтып қоюдың көкесі– осы.

– Жақсы, бұл кеңестік дәуірдің идеялогиясы делік. Ал тәуелсіздік алған кезеңнен бастап өзіңіз тәрізді қазақ өнеріне жаны ашитын, ұлттық өнер жолында өмірімді сарп етсем дейтіндер билікке ұмтыла бастады ғой. Қазір көбісінің құрығанда депутат болғысы келеді...

– Шын мәнінде, осындай үрдістің пайда болғаны рас. Бірақ жаңағы өзің айтқандай саясаттың шаужайына жармасып, биліктің буына қызығып мансап қуған өнер адамдарының арасында халыққа шын жаны ашығандықтан осындай әрекетке барғандары да бар. Олар Парламент қабырғасында жүріп те өнердің жоғын жоқтап, халықтың мұң-зарын айтудан жалыққан емес. Рас, депутаттық мандатты иеленіп алып, халық мүддесі ұшін қызмет етудің орнына жеке басының қамын күйттеп жүргендер де баршылық. Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Өйтіп қарақан бастың қамын күйттейтін қарабайыр саясаткер болғаннан, адал еңбекпен нан тапқан артық шығар. Сөз жоқ, саясатта сайқалдыққа салынатын кездер болады. Бірақ оның өзі де ел мүддесі үшін жасалынуы керек. Саясатта ұлттық рух болуы қажет. Ұлтын әуре-сарсаңға салатын, шаршататын саясаттың қажеті қанша?

– Осыған керісінше қалыптасқан тағы бір құбылыс бар. Ол лауазымы мықты шенеуніктердің еріккеннің ермегіне айналдырғандай өлең жазып, ән шығаруға көшкені. Қалай ойлайсыз, бұл қақпақылдықтың астында ұлтқа төнер қауіп-қатер жатқан жоқ па?

– Әрине,ұлттық өнерге шын жаны ашитын адамдардың лауазымды қызметке қызығып, мансап қуып кетуі, ал сол билікке бір табан жандардың ән салып, өлең жазуы ұлттық өнерге, қазақ ұлтының рухани дамуына өзіндік кері ықпалын тигізеді. Ойлап қарасам, қолыма қалам алып, өлең жазғалы бері өз басым таңдамалымның екі-ақ томын шығарыппын. Түнеукүні үлкен қадірлі адамдардың, тәуелсіздігімізге қызмет еткен ел сыйлайтын тұлғаларымыздың үш-төрт том болып шыққан таңдамалыларын көріп таң-тамаша болдым. Тіпті біреуінікі бес томнан құралған. Іші толған өлең. Оқып көрсеңіз, қарның ашады, іліп алар бір өлең таппай жыларман боласың. Бұл енді—ұлттық әдебиетке жаны ашымаудың белгісі. Нағыз сорақылық. Қазақ әдебиетінің құнын түсіріп, бәсін кетіру. Еріккеннің ермегі деп өзің дұрыс айтып отырсың. Айналып келгенде, жаңағы еріккендердің ермегін оқыған жұрттың талғамы бұзылады. Рухани байлығымыздың құны төмендейді. Егер бұл үрдіс осы күйінде қалыптаса берсе, күні ертең қазақтың қанын ширықтыратын, рухтандыратын дүние таппай қаламыз.

– Ал енді бұған қандай да бір тосқауыл қоюға бола ма? Мүмкін нақ осы мәселеге қатысты заң қабылдау қажет болар...

– Жоқ. Бұл келеңсіздікті тізгіндеудің бір-ақ амалы бар. Ол үшін қазақ баспасының ар-ұятын ояту керек. Сонда ғана бұл сұрқайлықтан құтылуға болады. Қазір ақшаға қызыққан баспалар жазылған дүниенің мағнасын жете түсінбей-ақ , он томдығыңызды да шығарып бере салады.Қолында қаржысы бар адам біздің елде кітап шығару деген айтарлықтай бас ауыртар мәселе емес. Бастысы—ақшаң болса болды. Екі миллион, бес миллион салып жіберсең болғаны, кітабың шығып, қоғамға атың белгілі әжептәуір интелект болып шыға келесің. Сосын әлгі кітабыңды кез келген үлкенді-кішілі мінбеде мақтанып, масаттанып көрсете беруіңе болады.

–Бірақ сол баспалардың басында отырғандардың көпшілігі әдебиетті түсінетіндер ғой...

– Иә, басым бөлігінде әдебиетті түсінетін жандар отыр. Амал қанша, олар шығармаймын, мен мұндай сауатсыздыққа қарсымын деп бірден кесіп айта алмайды.Сапасыз, ойсыз дүниелер шығып жатыр. Баспа маңындағылар пайда тапқандарына масаттанып отыра береді. Оларға мол қаржы болса болғаны. Қазір “біз рухани құндылығы бар дүниелерді ғана басамыз” деп табандап отырып алатын бірде-бір баспа жоқ.

– Соңғы кезде қазақ қоғамының басын қатырып жүрген тағы бір мәселе бар. Қарапайым жұрт зиялы қауым деп кімді айтарын білмейді. Тіпті бәз біреулер бізде зиялы қауым жоқ деп айтып жүр. Мұндай пікірдің айтылуына не себеп деп ойлайсыз?

– Зиялы қауым дегенді әркім әрқилы түсініп жүр. Мәселе—осында. Біреулер үлкен қарияларымызды оқымаса да зиялы қауым деп түсінеді. Зиялы қауым дегеніңіз—көзі ашық, білімдар, бүкіләлемдік білімнен хабары бар, салиқалы ой айтатын адам болуы керек. Ал адам баласына қиянат жасамайтын, жалған сөйлемейтін, бетіңді тіліп тұрып шындықты айтатын, әйтсе де көкірек көзі біліммен сусындамаған қарияларды біз ақылгөйлер санатына қосуымыз қажет. Осы екі ұғымды бір-бірімен шатастырып алуға болмайды. Негізінде, зиялы қауымның терең болғаны абзал. Оның ақыл-парасаты тек қана бір ұлттың түйткілдерінің аясында ғана емес, әлемдік ойлармен жалғасып жатуы тиіс. Өзінің ішкі болмыс-бітімін әлемдік тұрғыда байыта білетін, ой-пайымы әлемдік межеден асып-төгіліп жататын адамды ғана біз зиялы қауым санатына қоса аламыз.Ол әрі арлы, әрі білімді, батыл, өткір адам адам болуы керек. Зиялы қауым дегенңіз—осы. Ал біздің қазақта мүндай адамдар саусақпен санарлық. Жұрт осыдан кейін де “бізде зиялы қауым жоқ” деген пікірге бой алдырған болар. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір зиялылардың бойында жоғарыда аталған қасиеттердің бәрі болуы мүмкін. Ол ақылды,арлы, білімді , өткір бола тұра, өте қу адам делік. Өзінің бойындағы ілім-білімін халқы үшін жұмсамайды, тек өзінің жеке басына, немесе білгенін ұлтқа қарсы пайдаланады. Мұндайларды зиялы деуге болмайды. Бұлар—қоғамға өте зиянды адамдар. Олар тіпті қазақтың мүддесінен, өзге ұлттың мүддесін жоғары қояды. Мұндай адамдар қазақта да бар. Десе де, олардың білімі бір басынан асып- жығылады. Солардың ішінде орыс тілінің сойылын соғып, “Қазақстанда орыс тілі құрып барады” деп байбалам салып жүргендер де баршылық. Олар асыра сілтегені соншалық 2005 жылдары Қазақстанда қазақ тілін білмегендерді азаматтықтан шығарып тастайды деген өтірік ақпарат таратты. Өзіңіз айтыңызшы, ондай бізде болды ма? Осылай ұлт пен ұлтты бір-біріне қарсы қойып сөйлеу—бұл зиялылық емес. Анада “Қазақстан” телеарнасының мерейтойы тек қана қазақ тілінде жүргізілді. Осы тұста тағы атағы әжептәуірім адамдарымыз “адам құқы бұзылды” деп өре түрегелді. Бұл да сонда зиялылық па?

– Рас, неге қазақтың бетке ұстар азаматтары тым “орысшыл” осы? Әлде бұл тағы сол жалтақтық синдромы ма?

– Жоқ, бұл жерде оларды бірден жалтақ дей салу келіспес. Бұл ретте рөл ойнап отырған бірінші нәрсе—психология. Орысша тәрбие оларды осындай деңгейге жеткізді. Олардың ойынша біз орыс тілін сақтап қала алмасақ, бітті, болды, құримыз. Нақ осы жерде бір-ақ нәрсені мысал етуге болады. Мысалы, Шоқан Уалиханов бүкіл шығармасын орыс тілінде жазды. Бірақ қазақ Шоқанды мүлдем жадынан шығарып тастаған жоқ қой. Керісінше, ұлықтап, ұлылардың қатарына қосты. Сондықтан біздің зиялы қауымға еш қорықпай-ақ, алдымен орысшыл психологиясын өзгерту керек. Реті келген жерде қазақтың жүрегін тырнаған жебір қайғысын айта білу қажет. Олар ынты-шынтысымен қазақтың болашағын бағдарлап, ұлттық мүдденің мәртебесін көтеруге үлес қосуға міндетті.

– Біраз жайттың басын қайырдық. Ал енді ақын.ақынға келіп, поэзияға қатысты сауал тастамасақ болмас. Сіз осы мүшайра дегенге қалай қарайсыз? Соңғы кезде жас ақындар арасында да, аға буын арасында да мүшайра өткізіп, бақ сынау әдетке айналып жүр. Осы үрдісті жиілету арқылы тек біз мүшайра үшін ғана өлең жазатын мүшайрашыл ақындар легін қалыптастырып алып жүрмейміз бе?

– Мүшайраның кейбір сәтті өтетін кездері де болады. Жыр жарысы өлеңді насихаттау үшін ғана керек. Дегенмен “мүшайра қазақ әдебиетінің деңгейін көтереді” деп дабырайтуға болмайды. Бұған мен ешуақытта сенген емеспін, сенбеймін де. Мүшайра тек халықтың өлеңмен сұхбаттасуына ықпал ете алады.

– Ал көркем шығарма тудыруға мүшайра ықпалын тигізе ала ма?

– Жоқ. Бұл да күмәнді нәрсе. Жаңа өзің айтып отырғандай ақындар мүшайра үшін ғана өлең жазатын болып алды. Мәселен Жамбылға арналған мүшайра өтетін болса, онда тек қана Жамбыл туралы өлеңдер жазылады. Абайға арналған жыр жарысы өтті. Онда да тек Абай жайлы өлеңдер жазылды. Мүшайраның табиғаты мүндай болмауы керек. Ақындарды тақырыптың аясына шектеп қоюға болмайды. Тақырыпқа байлап-матап қойғаннан кейін ақындарда бірін-бірі қайталау пайда болады. Тіпті ақындардың баз бірі жүлде алсам болды деген оймен өлең жазуы мүмкін. Өкінішке қарай, осыдан барып, астарында зіл жоқ, қоғамға ой салатын тұсы кемшіндеу, сылдыр суы мол өлең жазылады. Негізінде, мүшайрада еркіндік болса, ақындардың кең көсілуіне мүмкіндік туар еді.

–Сіз қазақ поэзиясында саяси астар жоқ деген пікірмен келісесіз бе?

– Поэзия—көркем шығарма. Құрғақ саясат пен әдебиетті шатастырып алуға болмайды. Көркемдігі болмаса өлең тумайды. Саясат—қоғамды өзгертетін алып құрал. Ол қоғамның лакомотиві іспетті. Саясаттың ықпалымен қоғам өзгереді. Мәселен, бір жерде төңкеріс болып жатады, енді бір елдерде түбегейлі реформалар орын алуы мүмкін. Осы тұстағы кез келген құбылысты көркем шығармаға айналдыруға болады. “Саясаттан әдебиет бөлек, әдебиет саясатты сөз етпеуі керек” деген, ол—ақылға қонбайтын нәрсе. Саясаттың арқасындағы өзгерістер қандай болды, жүргізілген саясат нендей нәтиже берді, соны көркемдеп, қорытып алып барып, өлеңге айналдыра білу керек. Мысалы, Әуезовтың “Қараш-қараш оқиғасын” алайық, тұнып тұрған саясат. Сол замандағы отаршылдықты, болыс-билердің әділетсіздігін, байшыкештердің озбырлығын осы туындыдан- ақ көруге болады. Әуезов осы туындысы арқылы сол заманның саясатын ашып көрсетіп отыр. Толстойдың “Война и мир” шығармасы да қып-қызыл саясат. Достоевскийді оқыңыз, ол да—саясат. Байрон мен Шекспир де саясаттан айналып кеткен жоқ. Қоғамды өзгертетін саясат болса, сол қоғамның портретін көрсететін көркем әдебиет. Ал осыдан кейін келіп қазақ поэзиясында саяси астар жоқ дегенді қалай айтасыз? Қазақ ақындары саяси салмағы басым өлең жаза алмайды деп қалай көз жұмуға болады? Біздің ақындарымыз қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді сөз етпей жатыр ма? Қоғамдағы өзгерістерді өлең-жырына арқау етпейтін ақын жоқ.Демек, “қазақ поэзиясы саяси астарсыз өлеңге құмар” деп тағы да айта алмаймыз.

– Әйтсе де көсемдерді мақтап жазатын да ақындар бар ғой...

– Рас, көсемдерді мақтап, олардың ұстанған саяси бағытын көкке көтере әспеттеп жататын ақын-жазушылар да бар. Бұл үрдіс Кеңестік кезеңде де болған. Әлі де бола бермек. Мұның несі ерсі? Мәселен, ақындардың бір легі тәуелсіздік алған тұста ел астанасы Ақмолаға көшірілгенін бірауыздан қуаттады. Ал олардың енді бір қатары Алматы астана қалпында қала беруі керек еді деп өкініш білдірді. Өз басым Елбасының бұл саясатын қос қолыммен қолдаймын. Орыстанып бара жатқан Ақмоланың Астана болуы құптарлық-ақ дүние. Осы құбылысты да біреулер мақтап жазды, енді біреулер даттап жазды. Қоғам болған соң пікір қайшылықтары кездеседі. Екі жақты пікірдің қалыптасуы бәсекелестік деңгейімізді көтереді. Ал бәсекеге қабілетті ортада болашаққа деген ұмтылыс күшейе түсетіні айтпаса да түсінікті.

– Болашақты әркім өзінше болжайды. Сіз осы қазақтың болашағын қалай елестетесіз?

– Жақсылыққа сенемін. Қазақ мүддесінің биік тұрғанын қалаймын. Ұрпақтан-ұрпаққа не қалатынын білмесем де, қайран қазағымның арман-мұратына жететіні көз адыма елестейді. Бірде ірі ойшыл Конфуций шәкіртіне “Он ұрпақтан кейінгілердің болашағы қандай болатынын болжай аласың ба?” деген сауал қойыпты. Сонда шәкірті: “Әкеден балаға, ұрпақтан-ұрпаққа не қалатыны анық белгілі болса, жүзінші ұрпаққа дейін болашағын болжау қиын емес” деп жауап берген екен. Сол сияқты қазақтың болашағын болжау үшін де ұрпақтан ұрпаққа не қалатыны анық белгілі болуы керек. Қоғамды жайлаған келеңсіздіктер жойылмай, рухани құндылықтарымыздың бәсі артпай, саяси сауатымыз жетілмей тұрып іргесі берік ел боламыз деудің өзі қиындау. Елдің тірегі—рухани құндылықтарымыз. Тіліміз бен дініміз, діліміз бен салт-санамыз әр қазақтың тірегі іспетті. Тірегі мықты болмаса, шағын ғана шаңырағыңда береке болмайды. Ал үлкен мемлекеттің іргесі берік, халқымыздың болашағы сәулелі болуы үшін біз қазақы құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, жеткізіп отыруымыз қажет. Сонда ғана жүз бәленбай мыңыншы ұрпақтың санасында қазақтық рух шиыршық атып тұратын болады. Ал ұрпақтан-ұрпаққа қазақтық рух жалғасып отыратын болса, қазақтың болашағы еш күмәнсіз байырлы болады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

“ҰЛТТЫ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРЫП ЖҮРГЕНДЕР ҮШІН КҮНДЕ ҰЯЛАМ, ӨЗІМНІҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНДІГІМЕ КҮНДЕ ҚУАНАМ, КҮНДЕ МАҚТАНАМ.”

«Жас алаш» газетінің тілшісі Ержан Әбдірамановпен әңгіме.
27 шілде, 2001 ж.

Осыдан сан ғасырлар бұрын жазылса да, керемет рух беретін қасиетке ие жазбалар бар. Ол – Күлтегін, Тоныкөк дәуірінен қалған тас ескерткіштердегі жырлар. Біраздан бері қазақ поэзиясында сол жырлардың сарынымен жазылған, бірақ көркемдегі, шеберлігі жағынан жетілдірілген өлеңдер пайда болды. Авторы – бүгінгі біздің кейіпкеріміз Темірхан Медетбек. Т. Медетбек – бұрын да рухы биік өлеңдерімен танымал болған, «махамбетшіл ақын» атанған қаламгер. «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы үшін 2001 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ақын Аманхан Әлім ол кісінің әфсаналарды, ертегілерді өлеңге пайдаланудағы шеберлігіне тәнті екенін айтқан еді. Ал Орхон-Енисей жазбаларының сарынымен жазған соңғы дүниелері әдеби ортада үлкен пікірталас туғызып отырған көрінеді. Біздің алғашқы сұрағымыз осы жайлы, яғни, ақынның қазіргі шығармашылығы турасында болды.

– Біраз уақыттан бері «Көк түріктер сарыны» дейтін кітап жазып жүрмін. Зерттеумен айналыспасам да, көк түріктер туралы, олардан қалған жазбаларды оқыған едім. Сол түріктердің:

«Түрік елі үшін...
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым
Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді жүгірттім...» дейтін сөзі бар ғой. «Жүгірттім» дегені – «сорғалаттым» дегені болу керек. Бұлар – біздің ойымызға үлкен эпикалық тыныс, леп, дем беретін сөздер. Осы жолдар ойыма қайта-қайта оралып келе берді. Бірақ шығармашылығыма үлкен бетбұрыс жасайды деп ойламаған едім. Сосын осы бағытта, осы сарында біраз жұмыс істеп көргім келді. Кешегі күн басымыздан кешірген аласапыранды, алағай да бұлағай кезеңдерді, бүгінгі азаматтығымызды, бүгінгі биігімізді, сонымен қатар қазіргі келеңсіздіктерді көк түріктер сарынымен жырлағым келді. Яғни, бұл бүкіл тарыхымыздағы айтулы оқиғалар, ірі құбылыстар жайлы болмақ. Жұрттың айтуынша, жаман шықпаған сияқты. Қабылданып жатыр. Ең бастысы, бұл – адамға күш-жігер, рух беретін форма екен. Еркін айтасың, еркін сөйлейсің, өзің жазып отырып, таудай биіктейсің, даладай кеңістікке ие боласын. Бұрқырап тасисың, өзіңдегі бар қажыр-қайратқа барынша мүмкіндік бересің. Осыны қалап, қазір осы тұрғыда жұмыс істеп жатырмын. Бұл – тек көк түріктерді жазу емес, көк түріктер сарынымен поэзияның жаңа өрісіне шығу. Ол мақсат орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Өйткені, шығарма әлі жазылып жатыр. Сосын көптен көкейімде жүрген бір мәселе бар еді. Ол мәдени байланыстар жайында. Қазір өзге мәдениеттермен бұрынғыдай рухани байланыстар жоқ. Ол байланыстарды мүлде үзуге болмайды. Онда өз мәдениетімізге құрып кету қаупі төнеді. Осы арада мен мынадай үш мысал келтіргім келеді. Түйінін соңынан айтам. Бірінші мысал. Ертеде біздің жерімізден Үндістанға қайың көшетін апарып егіпті. Ол өзге климатқа тез бейімделген, өсіп-өркендеген. Бірақ өзінің генетикалық кодын сақтаған. Өсімдіктері мәңгі жасыл қалыпта тұратын тропикалық климатта әлгі қайың ағашы жыл сайын біздегідей күз мерзімінде жапырағын төгіп, ал көктемде бүршік жарып, жапырақ жаятын болған. Яғни, өзінің тегін жоғалтпаған. Екінші мысал. Мен біраз уақыт Маңғыстауда жұмыс істедім. Шөлейт аймақ болғандықтан ол жердің жылқысы бәкене бойлы, бірақ өте төзімді болып келеді. Осының тұқымын жақсарту үшін Ресейден асыл тұқымды айғырлар әкелді. Бірақ ол жылқылар Ресейдің шөбі белуарға дейін өсетін шалғынды жерлеріне үйренген болу керек, Маңғыстауға келгесін, ол аймақтың тықыр шөбіне мойындары жетпей, бәрі аштан қырылып қалады. Енді үшінші мысал. Иттің «бультерьер» дейтін тұқымы бар. Осында – Алматыда да қаптап жүр. Әртүрлі тұқымдарды будандастырудан шыққан, тегі жоқ. Осы иттің жақ сүйектерінің күшін, яғни, жыртқыштық қабілетін арттыру үшін адамдар былай істеген. Жоғарырақтан көлденең керме темір орнатылған саңылаусыз бітеу бөлмеге «бультерьерді» қамап, суға электр тогын қосады. Сол кезде жанын қоярға жер таппаған ит секіріп, әлгі белдеме темірге тістей жабысады. Осы арқылы иттің азу күшін арттырып, оны нағыз жыртқыштық дәрежеге жеткізген. Еуропа елдерінде қазір бұл итті ұстауға тыйым салынған. Ал бізде өріп жүр.

Енді осы үш мысалға байланысты қорытынды айтайын.

Бірінші. Біздің рухани тегіміз Қазақстанда жаңағы ақ қайың сияқты қай жерге апарса да өзінің тегін, табиғатын жоғалтпауы керек. Әуезовті қай тілге аударғанда да қазақы табиғат, болмыс сақталуы тиіс. Екінші. Пейілі дұрыс, ниеті түзу болғанымен, жерсінбейтін, қабылданбайтын ағымдар болады. Олар жаңағы Ресей жылқысы құсап, өзінен-өзі өліп қалады, залалы тимейді. Бұл екінші мысалға қатысты. Үшінші. Ал бізге келіп жатқан әлгіндей бультерьер ит сияқты құбыжық құбылыстардан, былғаныш рухани (рухани демеске амал жоқ) тасқыннан қауіптенуіміз, сақтануымыз керек. Бультерьердің жыртқыштығының тағы бір дәлелі – оның тісі қолына бір ілінсе болды, одан білегіңе, қарыңа жетіп, алқымнан алып өлтіріп тынады. Сақтанбасақ, өзімізге жіберіп алсақ, мұндай «бультерьер құбылыс» біздің руханиятымызды тұншықтырып өлтіреді.

– Тәуелсіздік алған жылдарда бізде демократияға, сөз бостандығына деген сұмдық «махаббат» пайда болды ғой. Ең сүйікті сөзіміз «демократия» болды. Соған ұмтылдық, соны идеал етіп алдық. Енді байқап қарасақ, сол демократияның бізге әкеліп жатқан зардабы аз болып жатқан жоқ. Жаңа сіз меңзеген құбыжық құбылыстардың бәрі осының «арқасында» келіп жатыр. Соған қарағанда, біздің демократияға құшағымызды айқара ашқанымыз дұрыс болмаған сияқты. Ал елдегі орыстілді ақпарат құралдары мен халықаралық ұйымдар дәл Батыстағыдай демократияның Қазақстанда да тез орнап қалуын армандайды. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?

– Біз демократиясыз өмір сүре алмаймыз. Өйткені, тәуелсіздігіміздің кіндік шешесі – демократия. Ол болмағанда, жариялылық болмағанда, біздің тәуелсіздік алу-алмауымыз екіталай еді. Сондықтан демократиядан мүлде безудің жөні жоқ. Бірақ сол кіндік шешемізді өзімізге қарсы салып, еліміз бен жерімізге топалаң әкеліп жатқанына төзуге тағы болмайды. Біз демократиямызды қорғауымыз керек. Біз өзіміздің сөз бостандығымызды қорғауымыз керек. Былғаныштан, бүліншіліктен қорғауымыз керек.

Римнің атақты императоры Октавиан Августың Меценат дейтін ақылгөй досы болған. Өзі өте бай болған және ақын-жазушыларды, өнер адамдарын қолдап, көмек беріп отырған. Қазіргі «меценаттық» деген сөз осыдан қалған. Сол Меценаттың «Бостандық пен демократия парасаты мол адамдардың иелігінде болса, онда ол – құт пен береке, ал егер керісінше болса, бостандық пен демократия – есерсоқтардың қолындағы семсер» деген сөзі бар. Қазір демократияны өзімізге қару етіп сілтеп жатқандар ішімізде де, сыртта да бар.

– Осының бәрі қоғам мен саясаттың мәселелері ғой. Гарсиа Маркестің «саясатпен айналыспай отыра алмаймын» дейтіні бекер емес сияқты. Біздің қаламгерлеріміздің де біразы кейінгі кездері саяси қайраткерлік жолына түсе бастады. Сізде ондай ой жоқ па?

– Мен «саясатшымын, үнемі саясатты қадағалап отырамын» деп айта алмаймын. Бірақ онсыз өмір жоқ. Саясатты назарда ұстап отыру – шопанның да, ғалымның да, үй шаруасындағы әйелдің міндеті деп білемін. Неге? Өйткені, біздің бүкіл тағдырымызды осы саясат шешіп келе жатыр. Шұрайлы жерлерімізді тартып алып, өзімізді тулақтай тақыр, жалаңаш жерлерге ысырып тастаған – сол саясат. Кешегі Кеңес дәуірінде, аға мен ініні, әке мен баланы бір-біріне айдап сап, жау қып қойған – саясат. Ағайынды адамдарды бай, кедей деп екіге бөліп, біріне-бірін атқызды, асқызды. Оның алдында, 32-де үш миллион қазақтың қырылуына себеп болған не? Саясат. 37-де бүкіл арыстарымызды сыпыра отап әкеткен де сол саясат. Одан кейін тың игереміз деп жеріміздің топалаңын шығарды, аздырды, тоздырды. Бізді рухани мүгедек қылып, ұлттық санамызды мүлде жойып жіберу үшін мектептерімізді құртты. Осыншалық қанқұйлы, сұмпайы, зымиян саясатты бастан кешкен халықтың оған енжар қарауына болмайды.

Әрине, саясаттың жақсы тұстары да болды. Тәуелсіздік алдық. Президентіміздің қазір жүргізіп отырған сыртқы саясатын мен толығымен қуаттаймын. Сосын астананы көшіруі өте пайдалы, ұтымды, бұрынғы тың игеру саясатына қарсы саясат болды. Бірақ сырттан бізге алая, адырая қарап тұрған саясаттар бар. Басқан ізімізді аңдып, бойымызды тіктетпей, еңсемізді түсіруді мақсат ететін саясат бар. Мен мұны «ұтылап қуу» саясаты деп атар едім. «Ұтылап қуу» дегенді білесің бе? Қасқырлар жүйрік аңды ұстап, жем ету үшін бір шеңберді таңдап алады. Сосын соның бойымен ұшқыр аңды қуады. Басынан бірінші қуған қасқыр шаршаған кезде шеңбер бойынан екінші қасқыр қосылып, қуғынды әрі қарай жалғастырып әкетеді. Сөйтіп, діңкелетіп барып, ұстап жейді. «Ұтылап қуу» деп осыны айтады. Сол сияқты біздің өзіміз таңдап алған демократиялық жолды, сөз бостандығын өзімізге қарсы пайдаланып, бізді былғап, санамызға, рухымызға қарсы әрекеттер жасап жатыр. Енді «Глобализация» деген бәле шықты. Ол – айдаһар. Шайнамайды. Бірден қылғыта салады. Осылай бірінен соң бірін салып, бізді қуғын-сүргінге түсіргісі келіп жатқанда, саясатқа қалай енжар қарауға болады? Әрқайсысымызға сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері құсап бәрін қалт жібермей, қадағалап отыру керек емес шығар. Бірақ тәуелсіздігімізді қорғау үшін әлгіндей жымысқы саясаттардан сақтанып, мысық пен тышқандай аңдысып отырмаса болмайды. Ол – әр адамның міндеті. Айғайлап, аттандау қажет емес. Бірақ бірлікпен соның бәрінен сақтанып, сезініп отыру керек.

– Ауыл әкімдерін сайлау туралы ұсынысқа қатысты не пікір айтасыз?

– Менің ойымша, президент айтқан ұсыныс болғандықтан, бұра тартып, қарсылық жасауға болмайды. Бұл – айналысқа түсіп кеткен. Басталып кеткен шаруа. Бірақ өз басым мұны қолдамаймын. Сайлау дегенді Абай қолдамаған. Өйткені, сол сайлау, билік дегендер аз ғана Тобықтыны алатайдай бүлдіріп біткен. Соны Абай көрген.

Рушылдық дегеннен қазақ осы күні құтылды деп мен айтаалмаймын. Бұл індет әлі бар. Ал мына сайлау соны қоздырады. Бір-бірімен қыз алыспайтын ауылда үлкен алауыздық туғызады. Мен мұны көріп отырмын. Мұны президент те көріп отыр деп білем. Оны сезбеу мүмкін емес. Бірақ кейбір ішкі-сыртқы күштер қоймағандықтан «көрсін» деп әдейі істеп отыр. Мұны ауылдан аудан деңгейіне көтерсе, дау ұлғаяды, ал облысқа апарса, мүлде алай-дүлей болады. Біз елді, елдің ынтымағын бүлдіріп алмауды ойлауымыз керек. Елдің ынтымағы тек демократияның арқасында орнайды дегенге мен сенбеймін. Өкіметтің сесі де керек. Әр адам сол сесті, заңды сезінуі керек. Азаматтары биліктен именбейтін болса, ол ел үлкен қиындықтарға тап болады.

– Мұқағали Мақатаевтың қазасы туралы, сосын Жұмекен Нәжімеденовке арнаған өлеңдеріңіз бар. Мұқағалиды, Жұмекенді білуші ме едіңіз?

– Мен 25 жыл Маңғыстауда жүрдім де көп адамдармен жақын таныстығым болған жоқ. Бірақ белгілі қаламгерлердің творчествосын жақсы білетінмін.

Алматыға бір келген кезімде Мұқағалидың үйіне барып, Жұмекен екеуіне соғым бөліп бергенім бар еді. (Ол кезде жаспын, қолымның қаруы бар). Жұмекен– терең ақын. Адамның бойындағы өзіміз сезіне бермейтін қатпарларды ашып, қарама-қайшылықтарды көрсете алатын ұлы ақын. Мұқағали – кеңістіктің ақыны. Кең сөйлейді, сөзді кең пішіп айтады. Екеуі екі түрлі ақын. Екеуін де мен ұлы ақындар, қайталанбайтын құбылыстар деп білем. Екеуі де көп оқитын еді, көп білетін еді. Оны сөздерінен де байқауға болады ғой. Мен Жұмекеннен көп нәрсе үйрендім. Ол кісілер туралы кейін де жаза жатармын. Әзірге айтарым осы.

– Жас кезіңізде сізге ықпалы тиген ақын болды ма? Сосын қаламгерлерге қойылатын дәстүрлі сауал бар. Қазір не оқып жатырсыз?

– Менің творчествома көп ықпал жасаған ақын – Қадыр Мырзалиев болды. Қазір кейбіреулер мұрнының астынан міңкілдеп, ол туралы әртүрлі пікірлер айтып жүр.

Қадыр – қазақ өлеңінде реформа жасаған ақын. 60-жылдары поэзияға ұлттық рух алып келгендердің бірі. Бірі емес бірегейі. Мұқағали да, Жұмекен де содан кейін шықты. Бар айыбы – тірі жүргендігі болмаса, Қадыр – жаңа айтқан екеуімен қатар тұрған ақын. «Білімді болу үшін жүз кітап оқысаң, жетеді. Ал жүз кітапты таңдап алу үшін мың кітап оқу керек. Одан да білімді болу үшін мың кітап оқу керек. Ал мың кітапты таңдап алу үшін он мың кітап оқу керек» деген сөз бар. Мен өзімді эрудит санамаймын. Оған ұмтылмаймын да. Бірақ өзім оқуға тиісті нәрселердің біразын оқыдым. Әсіресе, мен ақындарды көп оқыдым. Зерттеп оқымасам да Батыс пен Шығыстың поэзиясын бір кісідей білем. Бірақ жадым нашар, тез ұмытып қалам. Өзімді қойшы, Абайдың бір өлеңін жаттай алмай қор болатыным бар. Бірақ рухын сезінем. Абай туралы кітап та жаздым. Дәл қазір мен батырлар жырын оқып жатырмын. Бұл рухани қажеттіліктен туды. Кейде ертегілерді оқитыным бар. Кішкентай немерем: «Ата, сен баласың ба, неге ертегі оқисың?» деп мені күлкі етеді. Ертегілерде өлеңге өзі сұранып тұрған мифтік оқиғалар бар. Жақында творчествоға пайдалану үшін әлемдік мифологияның кітабын сатып алып қарағанымда, біздің ертегілердің солардан артық екенін көрдім. Біздің мифологиямыз, ертегілеріміз, әфсаналарымыз әлемдік деңгейде. Оны бүкпесіз айтуымыз керек. Ақындар ғана емес, прозаиктар үшін де тұнып тұрған материал. Соларды рухани айналысқа түсіруіміз керек. Менің осы бағытқа кілт бетбұрыс жасаған себебім содан.

– Темірхан аға, Мемлекеттік сыйлыққа ие болатыныңызды өзіңіз қашан білдіңіз?

– Тек алған кезде білдім. Соңғы сәтке дейін лауреат атанатынымды сезгем жоқ.

Мен ешкімнің алдына барып, «маған дауыс бер» деп жалынғам жоқ. Кітабымды өз қолыммен апарып бердім. Себебі, ол кітап дүкендерінде жоқ, сосын этика деген бар. Шынымды айтайын, жиырма дауыс алам деп ойлағам жоқ. Өйткені, мынадай қызметте отырған соң, біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Жиырма екі адамның жиырмасының маған дауыс бергеніне тағданып қалдым.

– Өзіңіздің қазақ екендігіңізге ерекше мақтаныш сезімін оятқан оқиғаны айта аласыз ба?

– Мен өзімнің қазақ екендігіме күнде қуанам, күнде мақтанам. Осыншалық ұлан-ғайыр жерді сақтап қалған – қазақтар. Сол үшін мақтанам. Терең жатқан, бірақ әлі қопарылмаған тарихымыз бар. Сондай мол рухани қазынаға ие халық екендігімізге мақтанам. Абай, Әуезов сияқты феномендерді туғызған – қазақ. Сол үшін мақтанам. Тәуелсіздік алғанымыз – үлкен мақтаныш. Ал кешегі Сиднейдегі Ермахан, Бекзат, Мұхтархандар үшін қалай мақтанбайсың?

– Ұлт үшін ұялған кезіңіз болды ма?

– Ұлтты ұятқа қалдырып жүрген адамдар үшін мен күнде ұялам. Тәуелсіздік алдық. Бұл – әкеңнің құнын кешетін заман. Бірақ Кеңес өкіметі дейтін қай-қайдағы ескі жұртта қалған замандағы өкпе-реніштерін бүгін бақастыққа айналдырып жататын жілікті азаматтар бар. Қандай ұят?! Мен сол үшін ұялам. Одан кейін, қиын-қыстау заманда елді тонап алып, халық үшін еш пайда жасамай, сонау Мәскеуден әртіс шақырып, солардың етегін көтеріп жүргендерге намыстанам. Көшеде тұрған қыздарымыз үшін (ар-ожданымыз ғой), маскүнем ұлдарымыз үшін жерге кіріп кете жаздаймын. Ал есірткінің құлына айналған жастарды ойлағанда ұятты қойып, жылағың келеді.

– Күнделігіңізде «Маған өткеніне өкінішпен қарайтын, сонымен бірге ертеңіне күдікпен қарайтын адам жақын» дегеніңізге қарағанда оптимист емес секілдісіз. Сізді өкіндіретін, ертеңгі күннен қауіптендіретін не нәрсе?

– Бұл Абайдан шыққан нәрсе. Біз күдіктенуді қойып, үміттенуіміз керек» дейміз ғой. Осыған байланысты Абай «Уайым – ел қорғаны» – дейді. «Уайым – аз, үміт – көп» деп қорқады. Одан әрі «Ішкен – мас, жеген – тоқ, уайым айтар бірің жоқ» деп күйінеді Абай. Ал біздің айналамыздың бәрі күдік қой. Бүйіріңнен қадалып тұрғаны, алыстан аларып тұрғаны, желкеңнен қарап тұрғаны бар. Осының бәріне күдікпен қарамай, қалай қарайсың? Әрине, үміт те болуы керек. Үміт – тәтті. Ештеңе істемей, тек үмітпен жүре беруге болады. Ал күдік сені қайрай түседі. Сол күдікті сейілту үшін іс етуге тура келеді. Күдік етек-жеңіңді жинақы ұстап, бәріне дайын болуға үйретеді.

– «Біз де уақыт қаншама уын құйып жатса да адыраспанды даламызға бір аунап ап алыса беруіміз керек. Сонда ғана аман қалуымыз мүмкін. Әйтпесе, құримыз» дегеніңіз бар. Біз кіммен, немен алысуымыз керек? Қазақты құртатын не нәрсе деп ойлайсыз?

– Қазақ өзінің салғырттығымен, енжарлығымен, қолын бір сілтей салатын немқұрайдылығымен, жатып алатын бойкүйездігімен күресуі керек. Міне, осы мәселеде әрбір қазақ өзіне-өзі майдан ашуы керек. Ешкімге сойыл көтермей-ақ, мылтық кезенбей-ақ, алдымен өзін-өзі жеңсе, ілім-біліммен қаруландырса, өзін, ұрпағын патриоттық сезімге баулыса, жаңа айтылған қауіп-қатерді, қиыншылықты жеңеді. Мен оған құдайдай сенемін.

Енді саған бір өлең оқып берейін.

БІЗ ҚАНДАЙ ЕДІК?

(көк түріктер сарыны)
Арымас аттар мінетін,
Тозбас тондар киетін;
Қара тастарды қақ жарып,

Қарағайлардай қаптап өсетін;
Қара нарлары
Шудалары желкілдеп,
Қара бұлттардай көшетін;

Айғырлары
Күнге қарап кісінеп,
Биелері айға қарап құлындаған;
Кетіссе –

Бұрылмаған;
Сөздерін
Тасқа қашаған;
Алыпсоқтарының итаяғын

Оюлап жезден жасаған;
Алтайды жастанып жатса,
Аяғы Үрімге жеткен;
Керілсе,

Үрімнен де өткен;
Кермелеріне
Тайбурыл мен
Керқұла байланған;

Алты айшылық жолды
Алты күнде айналған;
Қамалдары
Құлжалар шыға алмас

Ақар-шақар құз болған;
Қағандары
Күн астындағы
Күнікей қызды алған;

Тәңірден басқа
Қайтпаған ешкімнен;
Ібіліс, жындарға
Қара тастарды түттіріп,

Дию мен періге
Құмнан арқан естірген;
Күн жағы күміс діңгекті,
Ай жағы алтын діңгекті

Ордада отырған;
Сол жақтан келгенді
Жапырған;
Оң жақтан келгенді

Опыраған;
Желдей аңқылдап,
Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін;
Даладай кең,

Таудай биік халық едік, –
Алып едік!
Сол елді
Алқымынан сыға-сыға

Шымшық торғайдай
Шиқылдап сөйлейтін
Төменшік етті.
Төбесінен ұра-ұра

Таудай денесін шөктіріп,
Төбешік етті...
Шүкір!
Қайтадан көтеріліп келем!

Баяғы Айым қайта туардай.
Баяғы Күнім қайта шығардай.

“ЖАЗУШЫ – ЖАЗУ ҮСТЕЛІНДЕ ҒАНА ҚҰБЫЛЫС”

«Ақ жол Қазақстан» газетінің тілшісі
Роза Ынтықбаевамен әңгіме
Өмір өрнектері

... Кезінде Маңқыстауға ешқандай да романтикамен барғам жоқ, мені онда тұрмыс қуалап барды. «Ақша тауып, үй сатып алам» деп ойладым. Бірақ адамның тағдыры деген қиын ғой. Онда барғаннан кейін бұрғылау станогы бұзылып қалды да содан пәленбай жыл тарифпен отырдым, түк те ақша тапқам жоқ. Бәрібір өміріме, жүріп өткен жолдарыма ризамын: басым аман, бауырым бүтін, қолымдағы қағаз-қаламымнан айрылғам жоқ, ең басты байлығым сол...

– Темірхан аға, сіздің біраз уақыттан бері үйде отырғаныңызды білеміз. Әңгімені қалай жұмыссыз қалғаныңыздан бастасақ...

– Ол рас, міне, алты айдың жүзі болды, үйде жұмыссыз отырмын. Кезінде Жазушылар одағында әр түрлі жағдайлар болды. «Базар жоқ» дейді, шын негізінде, ол бар, бірақ Жазушылар одағына қызмет етіп отырған жоқ.

– Түсінбедім. Қандай базар?

– «Аякөз» деген базар. Ол – солардың адамдарына жалға берілген Жазушылар одағының жері. Келісім-шарт болған, қол қойғандардың ішінде өзім де бармын. Содан бізге миллиондаған ақша түсуі керек еді, бірақ түспеді. Бухгалтериядағылар білмейді, жоғары тұрған басшылардан сұрасақ, «сенің онда жұмысың болмасын» дегендей әңгіме айтты. Нұрлан Оразалин өзімнің досым еді. Осындай белгісіз, күмәнді нәрселер көбейіп бара жатқаннан кейін екеуміз сөзге келіп қалдық.

– Содан өз кандидатураңызды Одақ хатшылығына ұсындыңыз...

– Ол бір бастық болғым келгеннен емес, «әлгіндей дүниелерді жазушылардың өз игілігіне жұмсайық» деген ниеттен туындаған әрекет болатын. Бірақ қаламдастарым мүлде басқаша ойлайды екен. Бұларға мені бастық сайламағаны үшін емес, өздеріне тиесілі мүліктің, игіліктің қолды болып кеткеніне ешқандай жаны ашымайтындығы үшін өкпелімін. Сөйтіп, бірінші хатшылыққа өте алмай қалдым. Оған өкінген де емеспін. Өйткені, қолымда қаламым мен қағазым бар. «Жұмыссыз қалдым-ау» дегем жоқ, дәл сол өткен күннің ертесінде өлең жазуға отырдым.

– «Қолды болып кеткен» игілік тек базар ғой сонда?

– Базар аз ба? Базар кеткеннен кейін болды ғой. Содан түскен қаражатқа шығармашылық үйді жөндеуге тиіс болатын, сосын жұмыссыз жүрген адамдарға ақша төлеу деген сияқты басқа да пәленбай тармақтан тұратын міндеттемелер бар еді. Сол келісім-шарт ұшты-күйлі жоқ болды, ақша ол зым-зия... «Көрдім-білдім» деген адам болса, неғыл дейсің. Содан Нұрланға «Мейлі, төлемесе, төлемей кетсін, әйтеуір ел-жұрттың алдында өзіміздің арымыз таза болады ғой, сотқа берші» дедім. Бермеді ғой. Мен содан күмәндандым.

Сосын «Мейір» деген серіктестікке де Одақ ғимаратының үлкен залдары, буфеті, мейрамханасы жалға берілген. Олар ай сайын үш мың доллар төлеуі тиіс-тұғын. Үш жылға жуық пайдаланды, үш мың доллар түгілі үш тиын төлеген жоқ. Осының бәріне қалай жаның күймейді. Ал, жазушыларға ғой бәрібір, селт етпейді ғой, селт етпейді. Тіпті мені «батыстық топтан», «Нұрпейісов пен «Пен-клубтың» адамы» дейтіндер де бар. Мен Нұрпейісовпен бір рет жеке отырып шәй ішкен адам емеспін. Одақта алты жыл істегенімде Нүрпейісов менің алдыма бір-ақ рет келді. Онда да кітапханада тұрған Анатолий Ким дейтін жазушының кітабын алып кетті. Болды. Ешқандай қатысым жоқ, алайда, оны да, онымен айтысып жүрген адамдарды да жақсы көрем, құрметтеймін. Өйткені, әрқайсысы – өзінше классик. Бірақ неге екенін білмеймін, осы көптеген қаламгерлердің арасында ежелден келе жатқан, қара жұртта қалып қойған бір бықсық әңгімелер көп. Уақыттың өзгеріп, әкесінің құнын кешетін заман келді. Ал, бұлар болса, ел-жұрт, жер, тіл туралы айтудың орнына баяғы айтыс-тартыспен әлі жүр.

– Сонда ол айтыс-тартыс неге байланысты? Руға, жүзге ме?..

«Жазушылардың арасында трайбализм тұнып тұр» деп тағы айта алмаймын. Дегенмен, белгілі бір топтардың бар екені рас. Мысалы, батыс дейді. Сондағысы – «Пен-клуб». Бірақ онда басқа да жүздің жігіттері жүр. Демек, бұларды құртып жүрген – «Мен мықтымын. Мен біріншімін. Менен кейін тұруы керек» дейтін эгоизм. Осы уақытқа дейін «Мен екіншімін» деген жазушыны көрген емеспін. Бәрі – «нөмір бірінші!». Сосын билік басындағы жігіттердің бір әдеті – өзіне ұнамаса болды, ол адамның шығармасын іске алғысыз етіп тастайды. Ешқандай шығармайды да, мойындамайды да, «чепуха» дейді. Өйткені, өзі жек көреді. Яғни бір кезде кетісіп қалған. Осындай нәрселер мені қатты жүйкелетті. Әрине, Одақтың нанын жедім, суын іштім, ауасын жұттым. Солай бола тұра, кейбір адамдарға қатты қарным ашады. Бәріне емес, кейбіріне... Тіпті сайланбай қалғаныма, кеткеніме еш өкінбеймін. Бұл соншалықты бір керемет орта» емес.

– Ендеше мұндай Одақтың керегі де жоқ шығар?

– Олай деп айта алмаймын. Жазушылар үшін Одақ осы қалпында да керек. Ең болмаса, бір мезгіл барып кететін, айтысып-тартысатын, өкпе-назын айтатын да бір жер болуы керек қой. Кейде «жерлеу бюросы» деп қағытып жатады. Ол да дұрыс емес. Адам қайтыс болғаннан кейін қалайда бір жерден шығуы керек қой. Жазушы енді Жазушылар одағынан шықпағанда қайдан шығады? Тіпті өлген адамды ақтық сапарға аттандыру дегеннің өзі – үлкен миссия... Оның сыртында мерейтойлар өткізу, жазушы шығармасын талқылау дегендей де шаралар бар. Осының бәрі – қыруар шаруа. Оған мен өзім куәмін.

– Ал, қызметтен қол үзіп, үйде отырғалы бері жалпы, өмірге, адамдарға көзқарасыңызда өзгеріс болды ма?

– Жоқ. Бәрі сол қалпында қалды: позициям да, өкпем де, ренішім де. Бірақ мүжіліп көрген емеспін. Өйткені, осы айтып отырған әңгімелерімнің бәрін мен жұмыс істеп жүргенде-ақ білгем. Өзіме дауыс бермеген адамдарға да көңілім баяғыдай. Мысалы, Мұхтар Мағауин дауыс берген жоқ, Әкім Тарази дауыс берген жоқ. Анық білем. Солай екен деп, солармен кетісіп, немесе творчестволарын балағаттауым керек пе?

– Жалпы, жазушы деген қандай адам?

– Жазушы деген – сен мен мен сияқты-ақ адам. Творчестволық жазу үстелінде отырғанда ғана ол бөлек... Сол кезде ол басқаша: ол – талант, ол – шабыт, ол – аққұйын. Толқиды, тебіренеді, тасиды, төгіледі, шөлдейді, құм болып суырады, жел болып уілдейді, орман болып шулайды. Қалған уақытта екеуміз сияқты пенде. Жазып отырғанда ғана ол басқаша. Егер басқаша болмаса, жаза алмайды. Мен таланттыларын ғана айтып отырмын. «Алты жүз жазушының бәрі сондай» деп отырсың ба, түк те ондай емес, алпыс-жетпісі ғана сондай... Иә, жазушы – жазу үстелінде ғана құбылыс. Ал, былайғы кезде көшеде жүрген, өсек айтатын, бір-бірін жамандайтын кәдімгі адам. Үлкен-үлкен жазушылардың өзі қарама-қайшылыққа толы болған. Мәселен, Толстой Достоевскийді жек көрді, Чеховты жақсы көрді. Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтер бір-бірін мойындап, бір-біріне керемет бас иіп кетті дейсің бе? Мойындаған-мойындамаған, айтысып-тартысқан, арпалысқан тұстары да бар. Бірақ «анау жақсы еді», «жоқ, мынау жақсы еді» дейтіндей, біз қасында болған жоқпыз ғой. Сол себепті де, әңгіме жазушының тек творчествосы, халыққа қалдырған әдеби мұрасы туралы ғана болуы керек.

– Ал, суреткердің азаматтығы, адамгершілігі туралы не айтуға болады? Ол сонда мүлде бөлек нәрсе ме?

– Мен «ұлы суреткерлердің бәрі шығармасы сияқты ұлы еді, кіршіксіз таза еді. Ол ешкімге жәбір көрсетпеген, асып сөйлемеген» дегенді ешуақытта мойындамаймын. Талант пен биік парасат-пайымды, адамгершілікті құдай қатар берген адамдар, рас, бар. Бірақ өте сирек. Өте сирек. Ал, ғажап таланттардың көбісі – менмен, эгоист, өзінен басқа ешкімді мойындамайды. Әзір айтудың қажеті жоқ. Кейін мемуар жазам. Тіпті осы менің де тұла бойым тұнып тұрған адалдық деп отырсың ба? Олай болуы мүмкін емес. Бір жерде біреуге оңбағандық әрекеті үшін «мынауың сенің оңбағандық тіршілік» деп айта алмағандығымның өзі – үлкен кемшілік. Бірақ кіммен қашанғы өйтіп жағаласа бересің? Одан да құдай берген талантымды игеріп, соны қажеттілікке жаратуға, тырысқаным артық емес пе? Әрине, мүмкіндігінше таза болғанға не жетсін! Дегенмен, оған өне-бойы күшің жете бермейді ғой. Мысалы, қарашы: бір рет базар туралы әңгіме қозғап едім, не болдым? Далада қалдым. Оған өкініп отырғам жоқ. Бірақ шындығы сол ғой. «Өнбейтін дау қуғаннан өскен ешкім жоқ...»

– Бізде үнемі сол: бәрі кейіннен... Сіз де «мемуар жазам» дейсіз. Ал, кімнің кім екені неге дер кезінде айтылмайды?

– Айтып жүргендер де бар ғой. Анау Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановтың Шыңғысхан туралы айтысын алайық. Ал, енді осыны қалай түсінуге болады?

Мысалы, мен өзім Шыңғысханды қорғап та, қолдап та сөйлей алмаймын. Ол деген – тарих. Мақтап та, жамандап та ештеңе таппайсың. Оны « түрік қылам» деу де, «моңғол қылам» деу де орынсыз. Кім болса да, әйтеуір тарихтың еншісіне кеткен адам. Енді келіп жерден көтеріп алып, елу метр ескерткіш қойғаныңмен ештеңе өзгермейді. Біздің жігіттердің осындай бір өнбес дау қуып жүргеніне өз басым наразымын. Одан да бүгінгі шаруалармен айналысса етті!

– Менің айтайын дегенім – қатарлас қаламгерлердің көп жағдайда бір-бірінің әділ бағасын беруге жоқ екендігі. Көбінесе артық мақтайды, орынсыз дәріптейді. Әсіресе, мерейтой үстінде... сол – ең керемет жазушы, сол – ең керемет ақын. Ол оған лайық па, жоқ па, бәрібір...

– Енді дәл елуге келіп жатқан адамға «сен ортаңқол жазушысың» немесе «дарынсызсың» деп қалай айтасың! Ол да адам ғой. Жақсылы-жаманды еңбек етіп жатыр. Өмір бойы бірге жүрсің, бірге тұрсың, қатар келе жатырсың дегендей... Тіпті қарашы: «алыптар» деп М. «Әуезовты, С. Мұқановты, Ғ. Мүсіреповты, Ғ. Мұстафинді айтады. Мен осының өзіне былай түзету жасар едім: алып – Мұхтар мен Ғабит. Ал, Мұқанов пен Мұстафин қанша жерден жақсы жазушы, жақсы қайраткер болса да, алып емес. Олар ешқашан Әуезов пен Мүсіреповтей классик бола алмайды. Қажет болса, ол екеуінің орнына мен Жүсіпбек пен Мағжанды қояр едім. Сол сияқты, басқа да түзетулер ене береді ғой.

– Ал, әдебиеттегі қазіргі жастардың шығармашылығына көзқарасыңыз қалай? Қозғап жүрген тақырыбы, аяқ алысы көңіліңізден шыға ма?

– Қазір бір өте қайратты толқын келе жатыр. Және олар менің көңілімнен шығуға міндетті де емес. Бізге үнасын, ұнамасын, жастар деген өздерінің жаңа сөзімен, жаңа сазымен, жаңа әуенімен келуі керек. Ондайлар бар да.

– Қалай дегенмен де, әсіресе, жастардың поэзиясында күйреуіктік, сары уайым, одан қалса, жан-жағындағылардың бәрін жау көру сияқты сарындар басым сияқты...

– Өйткені, заман сондай ғой. Бізге жабайы демократия келді: қалайда біреуді жамандау, қалайда кемшілік көру деген бір сәнге айналды. Адамдар қазір кез келген уақытта бір-бірімен келісуге емес, кетісуге дайын. Әйтеуір, себеп тапқысы келіп тұрады. Сол запыран, сол у жастарға да жұқты. Ал, одан арылу үшін біраз уақыт керек. Шамалы ілік болса, болды, жан-жағынан жау іздеп шыға келетін әдет пайда болды. Тіпті менің өзімді «Әй, ол саған дауыс бермеді ғой, неге онымен кетіспейсің!» деп оқытатындар көп. Неге кетісем? Солай өмір сүруге бола ма? Өйтетін болсаң, ең алдымен өзіңді күйретесің ғой. Адамды жек көру, өз бойындағы мейіріміңді қуып шығу деген – ішіндегі сәулені өшіру деген сөз. Ал, сәуле өшсе, от сөнсе, күл қалады. Сосын ол бұрқырайды. Көп адамдар қазір өзінің жақсылығын өзі тұншықтырып, күлін бұрқыратын жүр. «Жек көру» деген сол. Жәй ғана философия: жек көре берсең, ақырында өзің жеккөрінішті боласың.

– Қалай ойлайсыз, қазір әдебиеттің, әсіресе, поэзияның «өтімділігі» қандай? Ел оны керексініп отыр ма?

– Рас, поэзия Мұқағали мен Жұмекеннің, Қадырдың кездеріндегідей оқылып жатқан жоқ. Жыр жинақтарының да тиражы кеміп, шолтиып, шолтиып қалды. Соның өзінде де «өлең керек болмай қалды» деп айта алмаймын. Тіпті оның жаппай бұқаралық мінез алып, оқылып кеткенінің де қажет жоқ шығар деп ойлаймын. Өйткені, бұл ауыз әдебиеті емес қой. Рас, екеуі де керек. Бірақ ауыз әдебиеті дейтін, ол – эстрада. Оны сол қалпында қабылдайды. Және Мұхаметжан мен Аманжолды бес жасар балаға дейін біледі. Бірақ солай екен деп, «ауыз әдебиеті керемет болып кетті, жазба әдебиетінің өкілдері далада қалды» деуге болмайды. Олардың тағдыры сондай. Көбісі кейіннен бағаланады. Мысалы, кезінде Мұқағали мен Жұмекеңді алақанға салып жүрген ешкім болған жоқ. Ал, қазір қалай? Сол сияқты, ел аузында жүрген бүгінгі айтыс ақындарының да айтуға тұратыны, тұрмайтыны бар.

– Одақта қызметте жүргенде өзіңіз де біраз айтыстарға төрелік еттіңіз ғой...

– Мен айтыстан ешуақытта да қашқан емеспін. Өйткені, ол деген – уникум! Өзі сөзге тәрбиелейтін болса, тыңдарманды өлеңге құштарлықтың алғашқы баспалдағынан өткізіп отырса, оның несі жаман? Мысалы, анау француздар тауық таластырып, өзбектер бөдене төбелестіріп те ұрпақ тәрбиелеп отыр ғой! Оның жанында адам мен адамның айтысы деген қазақ пен қырғыздан басқа ешкімде жоқ ғажап құбылыс. Мен жазба поэзия екеуін айтысты жоққа шығарайын деп салыстырып отырғам жоқ. Әрқайсысының өз жөні, өз ерекшелігі бар екенін айтып отырмын.

– Бағана «мемуар жазам» деп едіңіз. Ондағы ойыңыз не?

– Міндетті түрде біреуді жамандау, біреуді мақтау үшін емес, өзімнің тағдырымды, осы өмірде көрген-білгенім мен көкейге түйгенімді айту үшін жазам. Оның ішінде өлең де, қара сөз де, драматургиялық дүниелер де болып қалуы мүмкін. Біраз жыл дайындық жасаймын, сосын мүлде басқа стиль, басқа формамен келем. Жалпы, қазіргі жазылып жүрген мемуарлардың көпшілігін қабылдай алмаймын. Бірақ бәрібір керек. Қалай болғанда да, жазылғаны жақсы, дүниеде жазылмай қалғаны жаман...

Ақының жан сыры: ... Менің басымнан талай қиын кезеңдер өтті. Үйсіз-күйсіз де, жұмыссыз да жүрдім. Вокзалдарда жүк те тасыдым. Әйелім көп нәрсені түсінетін адам. Әрине, можантопай, айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін біреу емес, мінезі де бар. Бірақ қандай қиын жағдайды да тең бөлісе білді. Одан артық маған не керек? Осы уақытқа дейін өзіме бір нәски алған адам емеспін, тіпті керек болатын болса, бір дәрінің де атын білмеймін. Оның бәрі – тағы да сол әйелімнің арқасы.

“КӨК ТҮРКІЛЕР САРЫНЫ – АҚҚАН СУ МЕН КӨШКЕН БҰЛТ...”
«Нұр Астана» газетінің тілшісі Нұрлан Жұмаханмен әңгіме.
24 наурыз 2005.

– Ақын қалай өмір сүруі керек деп ойлайсыз?

– Әрине, ақын жұрт қатарлы өмір сүреді. Қуанады, шаттанады, мұңаяды, зарығады. Біреулері барын қанағат етеді, біреулері қанағат етпейді. Біреулермен ренжісіп қалады, біреулермен тіл табысады. Жалпы жұрт сияқты. Кәдімгі пенде. Бірақ шын ақында пендешіліктен биік тұратын екінші өмір, рухани өмір бар. Әдетте, ақынның рухани өмірі өлгеннен кейін басталады деп жатады ғой. Дұрыс-ақ. Әйтсе де, ол рухани өмір аспаннан келіп түспейді. Оның бүкіл шығармасында тұрады. Яғни, оның екінші өмірі, рухани өмірі тірі кезінде-ақ жұмыс істейді. Олай болса, нағыз ақын – төрт құбылысы түгел болып тұрса да сол өмірдің күйінішімен өмір сүреді. Яғни, дәлірек айтсақ, ақын пенделік сүйінішпен де өмір сүре тұра, рухани өмірінде күйінішпен өмір сүрмек. Өзі өмір сүрген қоғамның күйінішімен өмір сүрмеген ақын, ақын емес. Мен мұны тектен-тек айтып отырғам жоқ. Өзіңіз ой жүгіртіп қарап көріңіз. Аға сұлтанның баласы Абай да, старшын Махамбет те, болыстың баласы Мағжан да, лорд Байрон да, дворян Пушкин де азап пен күйінішпен өмір сүрген. Осы алыптарға қарап отырсаңыз, не кием, не ішем демеген жандар ғой. Пенделік өмірге не керек, бастарында соның бәрі бар. Ал, бірақ шығармаларын оқып отырсаңыз азап пен сор, қайғы мен қасірет, наза мен нала. Яғни, ақындардың рухани өмірі қасіреттің көз жасын ішіп өтеді. Шын ақын қоғамның күйінішімен өмір сүреді дейтінім содан.

– Ақынның рухани өмірі осылай дейік. Ал қарапайым, күнделікті тірлікте ше?

– Алдында айтып кеткен пенделік өмірде дейсің ғой. Пенделік өмір – пенделік өмір. Жұрттың алдына түссең, күндейді. Жұрттың соңында қалсаң, жүндейді. Жұртпен қатар жүрсең, не өзің сыймайсың, не сені сыйғызбайды. Бір сөзбен айтқанда, отырсаң опақсың, тұрсаң сопақсың. Не болғанда да, өмір деген осы.

– Сіз бір сұхбатыңызда, мүмкіндігінше, шындық айтып жүрмін депсіз. Неге, мүмкіндігіңізше? Яғни, айта алмай қалатын да тұстарыңыздың болғаны ғой.

– Әрине. Барлық шындықты айдай әлемге жария етіп айтып жүрмін десем, ең алдымен өзімді алдаған болар ем? Қуат-күшім, қайрат-жігерім жетпей қалатын тұстарым аз емес. Мен саған бір тәмсіл айтайын.

Дәу тау көтеріп келе жатады. Алдынан шынашақтай адам шығып:

– Дәуекесі, қайда бара жатырсың? – дейді шырылдап. – Мына тауды диірменге тарттырып алайын деп ем, – дейді Дәу. – Ойбай-ау, тауды диірменге тарттырып алайын деп ем, дегенің не сұмдық. Дүниеде тауды тартатын диірмен жоқ қой. Сонда Дәу:

– Тау болады, тауды тартатын диірмен неге болмайды! – деп ашуланып сілкінгенде, бір тас домалап кетіп, әлгі шынашақтай адам тасқа басылады да қалады... Шындықты қопарып айту оңай емес. Әсіресе, Дәулерге...

– Қит етсе біреулер «уақыт көрсетеді» дейді. Осы сөзге қалай қарайсыз?

– Иә, «уақыт көрсетеді!» деген сөз бар. Осы сөзден біреулер пана іздегісі келеді. Шындығында оған көрсететін ештеңе болмаса, ол саған ештеңе көрсетпейді. Қайта «гу» еткен желімен ұшырып жіберуі мүмкін. Өйткені, уақытта күрке жоқ. Онда тұғыр ғана бар. Ал, тұғырға шығып дауылды желге, борасын-боранға, аптап пен аязға төтеп беру үшін, сенде тонналаған салмақ болуы керек. Тонналаған!

– Сіздің өлеңдеріңіздің буыны мен ұйқасы келіспей жатады дейді. Бұл сынды қабылдайсыз ба?

– «Қабылдаймын». Тырнақша ішінде. Рас, буын мен ұйқастың құлақкесті құлдары менің өлеңдерімді қабылдай алмайды. Мен бірақ оған өкінбеймін. Өйткені, мен – бостанмын! Маған бостан оқырмандар керек!

– Дәл қазіргі уақытта әдебиетте де дауылдан кейінгі тыныштық орнағандай болып тұр. Осыдан екі-үш жыл бұрын Жазушылар одағы төрағасының орынбасарлық қызметінде жүргеніңізде әдеби өмірімізде көптеген пікір қайшылықтары ақын-жазушылар арасында талқыға түсіп жатушы еді...

– Ол кезде еске алып пікірімді айтар болсам, өзім сол тұста Одаққа басшылық қызметте болған азаматтарды мақтағандай боламын. Дегенмен, айтуға татымды жайттар да бар. Солардың біразына тоқтала кетсем де болады. Нұрлан Оразалинмен келе салып кідірістеп қалған әдеби жыл қорытындысының бойына қан жүгірте бастағанымызды жетістік ретінде тілге тиек етуге болар еді.

Жыл қорытындысын қалпына келтіргеніміз – біз атқарған шаруаның ең ірісі деп айтуға болмас. Біз істі қолға алғанда Жазушылар одағы айтыс-тартыстан көз ашпай тұрған кезі еді. Жазушылар одағы үйін алып қою үшін кейбіреулер жанын салғанын көзіміз көрді. Соттасып, дауласып жатып әдебиетшілер үйін 49 жылға жалға алуға әрең көндірдік. Кейіннен Әдебиетшілер үйі басы бүтін қазақ ақын-жазушылардың игілігіне өтті ғой. Шығармашылық өмірде қандай серпілістер болғаны жайында аз-кем әңгіме. Басшылық қолымызға тигеннен кейін проза, поэзия секцияларының жұмыстарын жандандыруға күш салдық. Қысқасы, барлық жанрды қамтуға тырысқан едік. Ал, қазір сол секциялардың жұмысы жанданбай тұрғаны мен үшін түсініксіз. Меніңше, Жазушылар одағының құрылымдық жүйесіне тұтастай өзгеріс енгізу керек. Одақ кеңес дәуіріндегідей ескі сүрлеумен жұмыс істеуді доғарғаны жөн. Заман өзгерген тұста бүкіл елдің рухани діңгегі болған одақтың ескіліктен айырылмай отырғанына өз басым қатты наразымын. Осыған байланысты жеке пікірімді айтар болсам, біріншіден, басшылыққа қазіргі экономикалық жағдайды жете білетін, талантты жастарды тартқан ләзім. Шынын айту керек, өзім қатарлы жандардың үйлестірушілік қабілеті өте төмен. Заман талабына ілесе алмауымыздың өзі одақ жұмысының жандануына кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, мемлекет одаққа көк тиын ақша бөлмейді. Қаржылық қыспақта қалып отырған қазіргі жағдайда ақша табудың жолын білетін менеджер әдебиетшілер төрағалық қызметте отырғаны дұрыс. Мұнан бірнеше жыл бұрын, бағымды сынап төраға сайлауына түскен едім. Бірақ, мен өте алмадым. Бәлкім, ол кезде жұртты соңымнан ерте алмаған да шығармын.

– Сіз басшылықта жүрген кезде шығармашылық жұмысқа жауапты болдыңыз. Әдебиеттегі қайшылықты пікірлерге қозғау салынып, жұрт бір жасап қалған секілді еді ғой.

– Алдымен, әдебиеттегі қайшылықты пікір деген мәселенің басын ашып алайық. Менің пайымдауымша, әдебиетте қайшылықты пікір болмаса, әдебиет дамымайды. Ондай жағдайда әдебиетіңіз тоқтап қалған тоспа су болып қалар еді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкен айтыстарға тәуекел жасай білді. Шындығын айтсам, кейбір батыл әрекеттер үшін кейбір жандарға әлі күнге дейін ұнамаймын. Жігіттердің даулы мәселелерге қаймықпай барып, өткір мақалалар ұйымдастырғаны әдебиетке серпін әкелгенін мойындауымыз керек. Кейіннен газеттің арыны біршама бәсеңдегені анық. Соңғы кездері Ұлықбек сол позицияны қайта жандандыруға күш салып жатқан секілді. Мәселен, Ресейдің «Литературная газетасын» үзбей оқимын. Олар қазір шовинистік бағытқа көшіп алған. Әрбір санында орыс ұлтының мұратын көксеген мақалаларды басады. Бұрынғы империялық өктемдігін қайта орнату үшін орыстардың намысын жанитын мақалаларды үзбей басуы Ресейдің сыртқы саясаты үшін тиімді. Сондықтан еліміздегі басылымдар ұлттық ерекшелігімізді ту етіп көтеретін мақалалар басудан қорықпау керек.

– Жеме-жемге келгенде ақын-жазушылардың немқұрайлылығын да бүгіп қалуға болмас?

– Одақта қызмет істеген кезімде ақын-жазушыларды жиналыстарға қатыстыра алмай діңкелейтінбіз. Рас, тәуелсіздік алған жылдары ақын-жазушылардың белсенділігі өте жоғары еді, ұсынысшыл, бастамашыл болатын.

– Кезінде жерді сатпау туралы мәселе көтеріп, ол Үкімет талқысына дейін ұсынылған жоқ па еді. Шыныңызды айтыңызшы, одақ биліктен қаншалықты тәуелсіз?

– Одақ мемлекетке кіріптар емес, Кеңес заманында Жазушылар одағының төрағасы қызметі өте мәртебелі қызмет болатын. Тіпті, Орталық комитеттің төртінші хатшысындай болды десем, артық айтқандық емес. Өз басым одақты үлкен ұлттық мәселелер көтеруге тиіс орын ретінде қабылдаймын. Ал, өзім қызмет атқарған уақытта билік тарапынан «мына бір істі дұрыс істемепсіңдер» деп қысым көрсетілгенін, ескерту жасалғанын естіген де, көрген де жоқпын. Ұлтшыл деген сөзді жоғары бағалаймын. Мысалы, Қазан төңкерісіне дейін қазақ ұғымында ұлтшыл деген сөз болмады. Отаршылдар кейіннен осы бір қастерлі ұғымды қорқыныш пен үрей тудыратын ұғымға айналдырып жіберді.

– Ана тіліміздің ахуалы туралы не айтасыз?

– Тәуелсіздік алғанымызға 13 жыл болды. Дәл бүгінде мың-мыңдаған қазақ баласы орыс тілінде сауат ашып, білімін жетілдіруде. Ертең олар мың-мыңдаған отбасы болып шыға келеді. Олар өсе келе пәленбай миллионға жетеді. Осындай жүрек ауыртар жайттар есіме түссе, қазақтың ертеңі қандай болар екен деп уайымға батамын.

Мұхтар Шахановтың мемлекеттік тілді қолдау бағдарламасын құруынан көп үміт күтемін. Сондықтан қазақ тіліне жаны ашып жүрген жандарды осы бір ортақ істе қолдауға шақырамын.

– Балаларыңыз қазақша біле ме?

– Төрт ұлым қазақша орта мектепті бітіріп, қазақша тәрбие алды. Қазір оқу жасындағы бес немерем қазақ мектебінде оқиды.

– Сіздің поэзиядағы қолтаңбаңыз жайында сөз бола қалса ойға бірден көк түркілер сарыны оралады. Ықылым заманда пайда болған сарынды қайта жаңғырту не үшін қажет болды?

– Шығармашылық деген қызық құбылыс қой. Ойламаған жерден тосын дүниелерге тап боласың. Күлтегін жазған «Күндіз отырмадым. Түнде ұйықтамадым. Қызыл қанымды төктім. Қара терімді ағыздым» деген жолдарын қайта-қайта оқып, осы сарында жыр жазсам деген ой келді. Содан осы пішінде жыр жаза бастадым. Поэзияда кейбір ойлар буынға сыймай жатады. Көк түркілер сарыны аққан су мен көшкен бұлттай еркін. Мұндағы элементтер ақ өлеңде де кездеседі. Ертеде қалған бабалар үнімен соншалықты жақын, осы сарыннан шыға алатын емеспін.

Қазір бүкіл түркі дүниесіне қатысты, аңыз-әңгімелерді оқып жүрмін. Сол рухани құндылықтарды оқи отырып, көк түркілер заманындағы асаулығымыз, жүректілігіміз, дүниетанымымыз қан арқылы қазір де көрініс тапқанына көз жеткіздім. Ауыз әдебиетін оқып отырып, соған лайықты жаңа ойлар мен тамаша қуатты теңеулер, көркем образдар пайда болады. Халықтың бойында бұғып жатқан осы қасиеттер шығармашылығыммен үндестік тапқаны мені жаңа белеске көтергендей болды.

– Жеке өміріңізге қатысты бір сұрақ. Жұрт Тем-ағаңның бір-екі келіндері басқа ұлттың өкілдерінен дейді. Сол рас па?

– Менің үш келінім бар. Тек біреуінің ғана ұлты орыс, қалған екеуі қазақ. Бір қызығы, бұл әңгіменің жұрт арасына тез тарайтындай өзіндік себебі де бар. Келіндерімнің ешқайсысы қазақстандық емес. Бірі – Түркіменстанның қазағы болса, екіншісі – Астраханның қазағы. Екеуі де орысша сауат алғанымен, қазақ тілін жақсы біледі.

– Балаңыздың орыс қызына үйленетіндігін білгеніңізде қарсы болдыңыз ба?

– Алғашында баламның ісіне наразы болып, ашумен оны үйден қуып шыққан едім. Бір жылдан кейін келінім қазақша үйреніп алғанын естіп, ішім жылып қалды. Мұсылмандық бойынша өзге діндегі бір адамның тілін кәлимаға келтірсе, үлкен сауап іс дейді ғой. Сол себепті, келінімнің арқасында отбасымызбен сауапқа батқандай болдық. Кез-келген шығармашыл адамның керемет туындысы – бала-шағасы мен отбасы. Егер мен отбасымнан өлеңді жоғары қоямын десем, мен ақын емеспін.

– Шығармашылықты қоя тұрып, қызметтің жетегінде кеткен жандарға кінә артпайсыз ба?

– Жоқ, мен оларды кінәламаймын. Әдебиетте жан қинаудың қажеті жоқ. Толстойға баласы «Әке мен жазушы болғым келіп жүр, қолымнан келе ме?» депті. Сонда Толстой «Болмай-ақ қоюға бола ма?» деген ғой. Баласы «болады» деген. Онда «болмай-ақ қой» деген екен әкесі. Сол сияқты жазушы болу үшін үлкен өжеттік керек.

– Сіз өзіңізді қандай ақынмын деп ойлайсыз?.. Және болашақтағы жоспарыңыз?

– Мен алғаш поэзияға келген кезімде ештеңені де бұзып-жармастан кәдімгі қалыпты өлеңдер жазып бастадым. Көп ұзамай ол менің табиғатыма келмейтінін сезіндім. Адам жас кезінде максималист болады ғой. Сондықтан өрісімді, ең алдымен, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтпекке ниет еттім. Максималистікті сезініп тұрсыз ғой. Әрине, бұл сөздер – біреулердің құлағын кесетін-ақ сөздер. Қайтейін, шыны сол. Өйткені, мен поэзияға келген кезде қазақ елі «Өмірдің өзі – өлең» деген аксиома рас болатын болса, қалада тұрып қаланы жырламау, ең алдымен, өлеңге обал еді. Мен соны жырладым. Урбанизация ақыны атандым. Сынға ұшырадым. Ұлтқа қиянат жасағандай күй кештім. Сонан кейін «алп-алп басқан» ауыз әдебиеті үлгісімен де жаза алатынымды көрсеттім. Енді Көк түріктер сарынымен өлеңдер жазып жүрмін. Жұрттың қабылдауы жаман емес. Бір сөзбен айтқанда, мен – тәуекелшіл ақынмын. Шынын айтқанда, қазір өлең «ақырын, ақырын шегініп» алыстап барады. Бұрынғыдай келуі жиі емес, сирексіді. Жас та кеп қалды ғой. Бірақ, өлеңнең айрылып қалмауға тырысам. Ал жоспар жағына келсем, жоспар көп те емес, бірақ аз да емес. Ең алдымен, кешегі, бүгінгі поэзия туралы, оның ірі, мықты өкілдері туралы мақалалар топтамасын бастасам ба деп ойлаймын. Оған дайындық жұмыстары ептеп болса да, жүріп жатыр. Құдай қаласа, кірісіп кетермін. Сонан кейін біздің де көрген білгендеріміз аз емес. Сол өмір өткелдері көкіректе сайрап тұр. Оған тек кезек келу керек.

ТІЛ ҚАСІРЕТІ «НЕВАДА – СЕМЕЙДЕН» ОН ЕСЕ АУЫР БОЛАДЫ
«Ана тілі». Дағжан Белдеубайұлымен әңгіме

– Сізді қарапайым оқырманның көбі маңғыстаулық деп біледі. Әңгімені осыдан бастасақ қайтеді?

– Мен Түркістан қаласының жанындағы Нұртас Оңдасынов атындағы ауылда дүниеге келгем. Ауылдағы 7 жылдық мектепті тәмамдағасын, Түркістандағы № 386 мектепте оқыдым. Отбасында әкемнің 55 жасында көрген жалғыз ұлымын. Менен үлкен бес апайым бар. Мектептен соң ауылға барып қара жұмыс істедім. Әке-шешеме көмектестім. Дегенмен, есіл-дертім жазу-сызуда еді. Ақыры, сол талпыныстың жетегінде Түркістанға көшіп келдік. Аудандық газетте корректор болып істедім.

Ол аздық етті, әрине. Оқуға Алматыға тарттым. Ешбір оқу орнының есігін ашпастан, тура Әбу Сәрсенбаевты іздеп таптым. Өйткені, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Қанипа Бұғыбаева, Дүйсенбек Қанатбаев қатарлы ақын-жазушыларға қамқорлық жасалып жатқанын еститінбіз, оқитынбыз. Әбу аға Ғабдол Сланов екеуі отыр екен, өлеңдерімді ұнатты. Келесі күні Қадырмен, Жұмекенмен, Әбішпен таныстырды. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінде бас редактор Шерхан Мұртаза. 1964 жылы 6 тамызда өлеңдерім жарияланды. Әбу аға (ҚазПИ-ге) Қажым Жұмалиевке де жетелеп апарған-ды. Өзім де әдебиетке жақсы дайындалып келіп едім, ҚазПИ-дің филология факультетіне түсіп кеттім. Кейіннен үйленген шақта, Алматыда баспаның зарын тартудай-ақ тартқан қазақтың бірімін. Вагондардан көмір, цемент, картоп түсіріп отбасымды бақтым. Алдымен шешем, сосын әкем қайтыс болғанда ауылда 3-4 ай жүріп қалдық. Алматыға қайта келсем, телеарнадағы тәп-тәуір жұмысымнан (сырттай) шығарып тастапты. Адамдарды кінәлау қиын. Жүйенің қатыгездігі ме деп ойлаймын. Алматы маңындағы көлшіктерде балық өсіріп жан бақпақ болдым. Нәтиже шықпады. Қыс келіп қалған.

– Сондықтан Маңғыстауға көшуге бел байладыңыз ба? Онда етжақын ағайындарыңыз бар ма еді?

– Маңғыстауға бет алғандағы себеп сол – күнкөріс. Ағайын дегенде, менің алдымда жазушы Сайымжан Еркебаев Маңғыстауға кеткен. Мен де соның ізімен барып, кәдімгі мұнайшылық кәсіпке кірістім.

Маңғыстау мені тәрбиеледі. Мәңгілік қарыздармын деп білемін. «Көк түріктер сарынының» алғашқы ұшқындары Маңғыстауда пайда болған. 1971 жылы шыққан «Жанымның жас құрағы» атты тұңғыш кітабыма көңілім толыңқырамайды. Онда да қимайтын өлеңдерім жеткілікті. Екінші кітабымның атын «Сапар алдында» деп қойдым. Себебі, менің әдеби сапарым сол Маңғыстаудан басталған. Әрине, туған жерден, Алматыдан алғаным аз емес. Маңғыстау шындап ширықтырды мені.

– Сіздің басты кітабыңыз – «Көк түріктер сарыны» деген пікірмен келісесіз бе? Ол кітап қалай жазылды?

– Әбден келісем. Алдында жарық көрген он неше кітапты қорытындылап, «Тыншыңды алам, дүние» атты таңдамалы шығарғам.

Күлтегін мен Тоныкөктің өр мінезіне, қарпып сөйлейтін, тарпып жүретін асау тірлігіне баяғыдан іштей қызығып жүретінмін. Тастағы жазудың табиғатынан қалай дегенде де сезіліп тұрған асқақтық таң қалдыратын «Түнде ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім. Қара терімді жүгірттім...» дейді. Керемет емес пе? Осы сарынмен жазуға бірнеше мәрте ұмтылдым. Ештеңе шықпай жүрді. Тіпті, күдер үзген сәттерім де болды. Бірақ, бәрібір шоқтың үстіндегі шәйнек құсап, әлгі сарын кеудемде қайнады да жатты. Бірде аяқ астынан тасыды. (Әлгі сарынды жыраулық үлгіге салып көріп ем оң жамбасыма келе кеткені). Отырып қатарынан бірнеше өлең жазып тастадым. Оның кітапқа ұласуына мынадай жағдай дем берді. Дәл сол тұста Жазушылар одағындағы қызметімнен босап, жұмыссыз қалдым. Сегіз ай күтіп жатуға тура келді. Сондағы ашу-ыза көк түрік сарынымен өлең болып құйылды. Азғантай уақытта көл-көсір дүние туды.

– Жазушылар одағы дегеннен шығады. «Әдебиет айдыны» деген газет шықты ғой. Пікіріңіз.

– Меніңше, ол газеттің ғұмыры қысқа. Не үшін, қандай мақсатта шығарылды, оншасын білмеймін. Әдебиетімізді «Қазақ әдебиеті» газеті жарқыратып көрсете алады. Сол жігіттердің сөздерін де, байырғы газетіміз басар еді ғой. «Әдебиет айдыны» жұрт білмейтін таңсық нәрселерді көтереді немесе газет одаққа абырой әпереді дегенге өз басым сенбеймін. Тиіп-қашып болса да, әдеби шығарма баспайтын газет-журнал жоқ. Демек, мұның аты – үй ішінен үй тігу.

– Ал, Жазушылар одағының қажеті жоқ деген пікірмен келісесіз бе?

– Келіспеймін. «Қайта кірер есігіңді қатты серіппе» дегендіктен де емес. Ең болмаса ақын-жазушылар шүйіркелесіп, пікірлесіп қайтуы үшін де Одақ керек. Кейін мүмкін клубтар пайда болар, тіпті, «Пен-клубтың» адамдары да Одақтың мүшесі. Бірен-саран болмаса, көпшілік жазушы қауымы Одақ қажет емес демейді. Одақтың орашолақ істері жоқ дей алмаспыз. Ендігі жерде, бөлмелерін жалға беріп жәйбарақат отыратын емес, нарықты экономиканы меңгерген жастар келгені абзал одақ басшылығына.

– Шығармашылығыңызға қайта оралсақ. Сізді көрудің ақыны деседі сыншылар «Сөйлейді оттардың тілінде, айқайлап аншлаг... трамвай сымынан, оттар тамшылап» – деп келетін өлеңдеріңіз есімізде. Сол сыншылар тағы да ұйқасы олпы-солпы деп тиіскенін де білеміз. Жалпы Абайдың «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» – дегеніндей ой ауыр да, ұйқас жеңіл. Кейбір атағы дардай ақындардың ойын, образын ұйқасы солғындататынын, тіпті жұтып қоятынын көріп жүрміз. Айтайын дегенім, 5-6 буынмен сақылдатып ұйқастырмай-ақ, Абай заманындағыдай қарапайым ұйқасқа қайта оралуымыз мүмкін бе, күндердің күнінде.

– Көрудің ақыны екенім рас. Ұйқасқа байланысты айтылған сындармен ешқашан келіспеймін. Мен ерекше ардақ тұтатын Махамбет пен Абайдан да кінәрат іздесең табасың. Махамбетте ұйқасы жоқ 17-18 жол бір өлең бар, оны ешкім ұйқассыз демейді. Табиғаты солай. Абайдан тек ой іздейміз. Бізде бір ақындар бар, балталасаң бұзылмайды ұйқасы. Бірақ мән-мағына жоқ. Ұйқас жанама шарт. Жадыда сақтау үшін қажет. Оны сөз етуден әлдеқашан кеткенбіз...

Абайдың заманына қарай шегінуіміз әбден мүмкін. Елден бұрын шегініп кеткеннің бірі менмін. Өлең ұйқастырылып жасалмайды, тулап туады. Абай мен Махамбеттен соң Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, Төлеген, Тұманбай, Сағиларды жаңа құбылыстар деп білемін. Өліп-өшіп ешкімге еліктеген емеспін. Ең нашар өлеңімнің өзі – өзімнің нашарлығым... Әлемдік поэзияны бір кісідей оқыдым. «Ұлы қарсылық» өкілдері делінетін Лоркадан бастап Назым Хикметке дейін барлығы ұнайды. Біздің жыраулық поэзияға ұқсайды олар. Емін-еркіндік. Астаң-кестең дүние дәл сондай форма алып келеді. Тіпті, менің еркіндікке ұмтылуым да содан басталуы мүмкін... Біршама эксперимент жасап көрдім. Соның кесірінен «таяқ та жедім». Терминді көп қолданасың деп кінәлайды кей ағаларым. Әңгіме терминде де емес. Егер таза эксперимент жасасаң өлеңің, нағыз постмодернизм болып шығар еді. Эксперименттің күре тамыры дәстүрлі топырақта жатса ғана ғұмырлы болмақ. Күре тамырдан өзге тамырларыңды мейлі жапоннан, қытайдан, француздан дегендей ала бер. Тек күретамырдан келер нәр өз топырағымыздан болсын. Алғашқы кезде мен де сондай кепті бастан кешірдім. Шығандап натурализмге кетіп қалыппын. Дереу кейін қайттым.

– Өлең жазуда қалыптасқан ғадеттеріңіз бар ма?

– Өзім көктемде тусам да, күзді жақсы көремін. Күй талғай бермеймін. Маған жұмыс кабинетімде отырып жазу шарт емес. Онда немерелерім отырса, кітап қарасын деп оларды мазаламауға тырысамын. Негізінен, күндіз жазамын. Түнде жұмыс істеу деген қалыптасқан заңдылығым жоқ. Аударма жасағанда ғана тұрақты тәртіппен жұмыс істеймін. Өйтпесе, өндімейтін шаруа ол.

Өлеңімді қашанғы басымда, ойымда пісіріп жазып алмай үстелге отырмаймын. Бошалап жүрем де қоям. Екі күн қиналуым мүмкін, бірақ әбден қайнауы жеткесін отыз минөт қана отырып, қағазға түсіремін. Егер зәудеғалам аяғымнан жүре алмай қалсам, алдымен шығармашылығым опат болар еді деп ойлап, сол ойымнан зәре-құтым ұшқаны бар. Бір қызығы – мен бір өлеңімді де бастан-аяқ жатқа білмеймін. Қағазға түсіргесін ұмытып қала берем. Кездесуге бармайтын себебім сол. Менен гөрі өлеңімді басқалар оқыса деймін. Мәселен, «Көк түріктер сарыны» бойынша спектакль қойылса деп армандаймын. Алайда, оған режиссер, актер жалдап дегендей толып жатқан қаржы қажет екен. Осыны бір колледждің балалары жасады. Сондай сүйсініп тамашаладым. Өзге ақындар секілді концерт бере алмаймын. Мен оларды ешқашан қызғанбаймын. Менің қолтаңбам әнге келмейді. Талай сазгер менің өлеңдерімен ән жазбақ болып қиналған. Бірақ, ештеңе шықпады. Өмірімде екі-ақ рет әнге сөз жаздым. «Абылай», «Бейбарыс» деген атпен. Екеуі де кезінде бас бәйгені алды. Бірақ, орындалмайды қазір, неге екенін білмедім.

– Аудармаларыңыз көп пе?

– Бодлерді тұтастай дерлік, Пушкин, Лермонтов, Лоркалардан жаныма жақын өлеңдерін аудардым. Бірақ, басын қосып жинақтап шығарғам жоқ. Қысқа әңгімелер, көсемсөз жазатынымды білесің.

– Қазақ әдебиетінде баяғы орыс әдебиетіндегідей үлкен-үлкен ағымдар пайда болуы мүмкін бе?

– Әдеби ағымдар қазірдің өзінде баршылық. Біздіңше де әлем әдебиеті үшін де, реализм қазылмай жатқан қамба...

Постмодернизм біреулерге керек шығар. Мен үшін түкке қажеті жоқ. Француз әдебиеті сияқты бәрін бітіріп тастаған әдебиет емеспіз. Кейбіреу постмодернизмнің не екенін білмей, бәзбіреу біле тұрып әдейі айтады. Дәстүрді тірілте алмай жатқанда, одан «кетіп қалғанда» қайда барамыз? Бос сөз.

– Дәстүрден қол үз деу кешірілмес қастандық демеске болмас. Осындайда тықпалайтындар негізінен орыс-шатыстар. Олар қазір қазақ ұлтына ашық шабуылға шықты.

– Мен орысша жазатын Олжасты қызықтап көп оқыған адамның бірімін. Кейіннен түсінгенім қазақ бола тұра орысша жазу әбестік екен. Турасын айтайын, Олжас Сүлейменов ешқашан орыс әдебиетінің де, тіпті қазақ әдебиетінің де өкілі бола алмайды. Қазақ екен деп қазақ әдебиетіне қосайын десең, арғы, бергі тарихта аудармамен ешкім сол елдің әдебиетінің өкілі болған емес. Қазақша Пушкин мен Лермонтовтан көп аударылған ешкім жоқ. Онда Олжаспен бірге соларды да қазақ әдебиетіне енгізейік. Қазекеңдер өтірік мадақтайды. Орыс әдебиетінде Олжасты он орап алатын ақындар көп. Қазақтар туралы қандай махаббатпен жазса да, Павел Васильев бәрібір орыс жазушысы болып қалды. Басты айырым белгі – тіл.

Мұхтар Шахановтың орысша жазғаны, оның ең бір сәтсіз беттері. Бір жағынан мен оларды аяймын.

– «Ақиқат» журналының бас редакторы ретінде, сіз өзіңізді саясаткермін деп есептейсіз бе?

– Қоғамдық-саяси басылымның бас редакторы деген мансап саяси технолог дегенді білдірмесе керек. Маған дейін осы журналды басқарғандар да сол пікірде болған деп ойлаймын. Алайда, саясатты білу – азаматтық борыш. Саясатпен араласпай, сұхбаттаспай тұра алмайсың. Өйтпесең, саясат өзіңмен айналысады. Саясат деген өз өмірің. Бүкіл қоғамды өзгертіп жібере алатын қуатты күш. Саясаттың айтқанына көніп, айдағанына жүрмеуіміз үшін оның алдына түсіп бағындыруымыз – міндет. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігінен» тартып «Қажымұраты» түгел-түгел тұнған саясат. Әуезов «Абай жолын» сол заманның саясатынсыз жаза алар ма еді? Саясатты ең болмағанда түйсікпен сезбеген адамнан жөндеп ақын да, жазушы да шықпайды. Саясат дүниені демде өзгертіп жіберетін сұрапыл қуатқа ие... Тілден үлкен саясат жоқ.

– Ендеше, Шаханов қанша шырылдаса да көпшілік жазушылар неге үнсіз отыр? Біздіңше, Атазаңға мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазып қойып, оны орындамау – халықты алдау.

– Осы үнсіздікке мен де таңқалам. Баяғы «Невада – Семей» қозғалысы тұсындағы белсенділік қайда? Тіл мәселесі қазақ үшін одан да зор мәселе. Біздің бүкіл дертіміз, жан дүниеміздің шырқырайтын тұсы тіл. Тілден айырылсақ қазақ халқы үшін тәуелсіздіктің құны қалмайды. Ұлт ретінде тәлкекке ұшыраймыз. Біреулер ұраншылдық, айқайшылдық, дер, өз басым Мұхтар Шахановты қатты қолдаймын. Қозғалыс өз жұмысын тегеуірінді түрде жүргізсе деймін. Қозғалысқа Президент те, Үкімет те қарсы болып отырған жоқ. Өкіметтің орынтағына, билігіне таласу емес. Ұлттың мүддесін қорғау. Билік басындағылардың бетін әрі емес, бері қаратудың қамы.

– Ал, халық неге бей-жай күйде сіздіңше?

– Әсіресе, өткен Мәжіліс сайлауы тұсында ел іші кәдімгідей дүрлігіп қалды. Жәмиғаттың көкірек көзі ояу. Сөйте тұра, бір марғаулық бары рас. Бұл – дауыл алдындағы тыныштыққа да, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ахуалға да ұқсамайды. Бірақ, аңысын аңду, билікті арқа тұтушылық байқалады. Қазақ парасатты халық. Ұланасыр жерін біреулер қолынан келсе ескі шүберектей дар-дар жыртып әкетерін сезеді.

– Сол парасатты пайымдай алмайтын әкім-қаралар момынсынып мойнына мініп алса ше?

– Ондай жағдайды да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, оны әркімнің өз ар-ұятына тапсырамыз. Ешкім Абайдан кемеңгер емес. Абай өлеңдерінде де, қара сөздерінде де сайлауға қарсы болған. Мәселе бірлік-берекеде дегені.

– Әдебиеттегі жас буын туралы пікіріңізді білсек деп ек.

– Жастар дегенде тізім жасап сөйлесем, бірқаншасының көңілі қалуы ғажап емес. Әрқайсысын хал-қадірімше түгендегенмен бір бауырымыз, бір баламыз, бір қарындасымыз ауызға ілікпей қалса көңілдері қалады. Жастар бетіме баспағанмен артынан өзім ұялам. Бірақ бұлар еркін, ізденіс үстінде, өз көзқарастары бар. Арғы дәстүрден сусындай отырып, бүгінгі тіршілікпен қатыстыра сөйлегендері ұнайды. Поэзия тоқырауға ұшырап тұр деген пайымға қосылмаймын. Қазақ өлеңді қойған емес. Жас жігіттердің өлеңдерін жүйелі түрде басу ісін жолға қоя алмай жүрміз. Нәтижесінде қалтасы қалың өлеңшілер кітаптан кітап тоғытып, мерзімді басылымдарды да жаулап алды. Сосын оқырманның көңілі қалмағанда қайтсін. Мұндайда талантты жастар шыға алмай жүрсе обал.

Баяғыда «Социалистік Қазақстан» газетіне шығу қиямет-қайым болатын. Олар Коммунистік партияны, Ленинді мақтаған өлеңдерді ғана беретін көбінесе. Алпысыншы жылдардың басында «Лениншіл жастың» поэзия бөлімінде Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов жұмыс істегенде әдебиетке кәдімгідей батыл түрде септігін тигізгені есімізде. Қазір тек талапкершілік жетіспей жатыр.

– Әбіш Кекілбаев бірнеше мәрте Алматыға шақырғанда Маңғыстаудан келіп алып, қайта кетіп қалыпсыз. Неге? «Адайлар-ай, тақырда ат ойнатқан» – дегендей, Маңғыстауға өбектей бергеніңіз түркістандық жерлестеріңіздің көңіліне келмей ме?

– Алматыда тұрақтап қалуға үйім-күйім болмады. Әйтпесе, қызмет ұсынылғаны шындық. Жұмекен мен Әбіш ағаны ерекше қадірлеймін... Қай-қашанда сананы тұрмыс билейді ғой. Мен әлі күнге Алматыға сіңісіп кете алғам жоқ. Негізінен, түзге жаралған жан болсам керек. Достарым да аз. Саяқ жүретін адаммын. Мен үшін қаланың мына ығы-жығы тірлігіне, бетіңе көлкектеп, шыға бере артыңнан піспектейтін екіжүзіділікке көндігу қиын. Жұртқа, сене алмаймын. Кейде адаммен емес, шайтанмен бірге жүргендей күй кешем. Сондай өлеңім де бар.

Мен де барлық ақындар секілді туған жерден қол үзе алмаймын. Сондай-ақ, менің маңғыстаушылдығым – олардың көңіліне келмеуі тиіс. Шындығым сол болса қайтем.

– Сұхбаттың соңында отбасы туралы сауал қоятын әдетіміз бар ғой. Келіндеріңіздің бәрі қазақ па?

– Келіндерімнің біреуі орыс. Ол қазақша үйреніп жүр. Ұлдарымның төртеуі де қазақ мектептерінде оқыған. Бес немерем қазақ мектебінде қазір. Біреуі екі жарым жаста болғандықтан үйде. Жауабыма қанағаттанған шығарсыз.

– Әрине, рахмет әңгімеңізге.

“ҚАЙ ПАРТИЯҒА КІРСЕҢ ДЕ ЕРКІҢ ШЕКТЕЛЕДІ...”

«Түркістан» газеті. Көлбай Адырбекұлымен әңгіме.
3 наурыз, 2005 ж

– Темірхан аға, Құдайға шүкір, қазақта ақындар көп. Бірақ азамат ақындар аз дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен сенің бұл сұрағыңды шамалы таратыңқырап айтайтын. Сенің сөзіңнен ұғып отырғаным, мынау. «Қазақта өлең жазатындар көп, бірақ ақындар аз». Әдетте, тек қазақта ғана емес, қай халықта да ақындар аз, өлең жазатындар көп болады. Ол заңды құбылыс. Сондықтан қазіргі өлең жазып жүргендердің талайы, тіпті, ауызға ілініп жүргендерінің біразы ертең уақыт шаңы мен тозаңының астында көміліп қалары кәдік. Кәдік емес-ау, солай болады да. Оны талай рет уақыттың өзі дәлелдеп берген. Өкінішті-ақ. Амал не, уақыт бұл тұрғыдан келгенде аса қатал!

Енді сенің сұрағыңа нақтырақ келсек яғни, «азамат ақын» деген тіркесіңді саралап қарар болсақ, мен өзім бұл ұғымнан біржақтылық көргендей болам. Өйткені «азамат ақын» деген сөз көбіне көп уақыт пен қоғамның үні бола білген ақындарға ғана қолданылады. Ал ақындар сан қилы, сан қырлы ғой. Біреулері табиғатты, біреулері махаббатты, біреулері адамның ішкі иірім-қалтарыстарын, тағы біреулері имандылықты жырлауға бейім. Егер олар адам жанын табиғатты сүюге, махаббатты асқақтатуға шақырып, адамның сана-сезіміне имандылық ұрығын егіп жатса, неге олар да азамат ақын боп аталмасқа. Егер ақын адам бойында жерден қылтиып көтеріліп келе жатқан бір тал шөпке деген махаббат оята білсе, онда ол нағыз азамат ақын. Ол ақын қоғамдық сілкіністер мен уақыт арпалыстарын жырлайтын ақындардан бір елі де төмен тұруға тиісті емес. Тек ақынға қойылар бір-ақ талап бар: ол қай тақырыпты да талантты жырлау. Ал таланттың да үлкені бар, кішісі бар. Ол енді басқа әңгіменің сұлбасы...

– Абайдың поэзиясына қалам тартқаныңызды білемін. Кемеңгер ақынның:

Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жайым жоқ.
Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар бір жан жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым тап шыным,

– дегені бар ғой. Бақ-дәулеті отбасына жетіп артылған Абай неге осыншалық күйзелген? Сол Абайдың заманы мен қазіргі заман қазақтарының саналарында, болмыстарында нендей өзгерістер бар? Әлде баяғы жартас, бір жартас па?

– Абай өмір сүрген заман мен қазіргі заман айырмасы аспан мен жердей ғой.

Абай – отаршылдықтың әбден бел алып, мүлде шегіне жеткен кезеңінде, қараңғылықтың қалың түнегі басқан уақытта өмір сүрді. Оның сөзін, оның қасіретін түсінетін адамдар жоқтың қасы еді. Тағы да Абай от-басы, ошақ қасылық емес, бүкіл елдің, бүкіл халықтың мұң-зарын айтты ғой. Ал елдің, халықтың мұң-зарын айтатын сөздер қора-қопсы маңында қалып қойған адамның құлағына кіре қоюы екіталай. Міне, Абай осыған құса болған. Осыған торыққан. Сөзін ұғатын зерде, шерін бөлісетін жан таба алмаған. Сондықтан да ол «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп зар иелеген. Ал қазіргі заман мүлде басқа. Алақандай үйіңнің іші ақпарат құралдарына толып тұр ғой, газет-журналдар, теледидар, радио, интернет. Елің, жерің туралы, ұлтың туралы айтылып жатқан жұрт сөзін не оқып, не тыңдап отырасың. Айтарың болса, сол құралдар арқылы жер-жерге тарап жатады. Әрине, ақпарат құралдарының ұрпақ үшін орасан кері әсері де бар. Ұлттық сананы күйретіп, ұлттық рухты омырып, имандылықты ластап, бүлдіріп жатқандары да бар. Олармен күрес те оңай күрес болмай тұр. Бейнебір қазір біз сын сағатта өмір сүріп жатқандаймыз... Абай заманы мен біздің заманымыз, мүлде салыстыруға болмайтын, екі түрлі бола тұра, жан күйзелтер ортақ мәселелер сол қалпында қалып тұр. Мәселен, Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі дәл бүгінге айтылған сөздей естілмей ме?! Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне қызмет ететін, оны қопарып көрсететін сөздерді Абайдан жүздеп, мыңдап табуға болады. Сырттай қарағанда технологиясы әбден жетілген бұл заманның таным-түсінігі сол қалпында қалғандай. Құлағы түрік, көзі ашық түсінетін адамдар көп сияқты, бірақ рухы биік ұлт бола алмай жатырмыз...

– Таяуда ақын Аманхан Әлім маған: «Жұрт Олжасты әулие ақын дейді. Бос сөз. Құлдық пікірдің шырмауынан шыға алмай жүргендердің айтқаны. Ал мен жоққа шығардым. Білемін, ертең менің де жазғандарымды біреулер быт-шытын шығарады. Солай болуға тиіс. Тіптен оған қуануымыз керек» – деді. Сіз осыған не дейсіз?

– Бұл ауызекі айтыла салған әңгіме шығар. Ауызекі айтыла салған әңгімеге түсінік беру қиын. Өйткені ауыз-екі әңгімеде әртүрлі көңіл-күй болады.

Оның үстіне ол бір-ақ адам туралы айтып тұр ғой. Олжас туралы. Әрине, Олжасты да жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені ол тек әдеби ғана емес, тарихи да тұлға. Оны ешкім сызып тастай алмайды. Оның өлеңдері де, қоғамдық жұмыстары да кезінде атаулы оқиғаларға айналғаны рас. Оған бәріміз куә болғанбыз. Ол кездерде, несіне жасырамыз. Олжас есімі ұрандай естілетін. «Аз и Ясының» өзі қандай дүбіліс тудырды. Оның еңбегі, тағы да қайталап айтам, тек әдеби ғана емес тарихи оқиға болды. Бірақ кейінгі кезде несін жасырамыз. Олжас мүлде басқа Олжасқа айналды. Ол өз ұлтының мүддесін қорғап, өз ұлтының рухын көтерудің орнына, қайта сол өз ұлтының намысына тиетін, жанын ауыртатын сөздер айтатын болды. Оның бұдан екі-үш жыл бұрын Қазақстанда орыс тілі қағажу көріп жатыр деп шу көтергені бар. Содан кейін басылғандай болып еді, енді бұрынғыдан да бетер адам аузы бармайтын ауыр сөздер айта бастады. Әйтпесе, оның қазақ халқын басқа ұлттар құрсаулап ұстап тұрмаса өздігінен ел, өздігінен мемлекет бола алмайды деуі не сөз? Сондай-ақ, оның 400 жыл бойы орыстар да қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресіп қан төккен деуі нағыз шектен шыққан өрескелдік. Бұл – қорлау. Ұлтты, азаттық үшін күресіп шәйіт болған бүкіл әруақтарды қорлау. Олжастың бұл оспадар сөздерін кезінде сіздердің газеттеріңіздің бетінде Болатхан Тайжан, Әзімбай Ғалилар әдемі айтып берді.

Қазір қазақ халқының өзін-өзі сыйлайтын зиялы қауымы Олжасқа үлкен ренжулі. Неге екені белгісіз, әп-әжептеуір, ұлт үмітпен қарайтын кейбір азаматтар Олжасқа неге тиіседі деп, оны қорғауға әрекет жасауда. Оларға айтарымыз, Олжас қанша Олжас болса да ұлттан үлкен емес. Олардың соны ұққандары жөн. Қайта олар, Олжасқа шын жаны ашыса, оны жөнге шақырсын.

Аманхан да саған осыны айтқысы келген болу керек деп білем.

– Ақындардың екі түрі бар. Жазба ақыны, айтыс ақыны. Бір қызығы жазба ақындарға айтыс ақындарын мақтай бастасаң кейбірі беттерін тыржитады.

– Айтыс – әлемде сирек кездесетін, сирек кездесетін емес-ау, басқа елдерде жоқ өнер – қазақ пен қырғыздың ғана маңдайына жазылыпты. Бірақ, солай бола тұра, жаңа сен айтқандай оған қолын сілтей салатындар да, мұрнын шүйіріп, қарайтындар да табылады. Тағы да ол қол сілтейтіндер мен мұрнын шүйіріп қарайтындар, негізінен, осындай сирек кездесетін аса құнды ұлттық өнеріне қамқор болуға тиіс зиялы қауым арасында көп. Өкінішті-ақ. Солар жан-жағына, әлемнің әр түкпіріне көз салып қараса қайтеді деп ойлаймын. Испанның тереодорлары қызыл шүберек ұстап бұқалармен шайқасады, американдықтар мөңкіген бұқалардың үстінде жүреді, француздар әтештер таластырады, тағы да әтеш олардың ұлттық символы, ал іргеміздегі өзбектер бөдене таластырады. Сол елдердің зиялы қауымдары ол ойындарды кінәлап, сөкпейді. Қайта оларды ұлттық өнеріміз деп мақтан тұтады. Соларды күнделікті көріп, біліп отырған зиялы қауымдарымыздың өзінің ең үздік ұлттық өнеріне әлгіндей менсінбеушілік танытуы ұят-ақ. Құдай-ау, бұл сөз жарысы ғой, сөз айқасы ғой. Ал сөз – бар өнердің бастауы! Оны, ол өнерді біз бағалауымыз керек. Әрине, оның да жетпей тұрған олқы тұстары бар болуы мүмкін. Соларды жетілдіре түсуге атсалысуымыз керек.

– Иран-Ғайып дау жоқ мықты ақын. Кезінде сол ағамды бес рет сыбағасынан қағып, мемлекеттік сыйлықты бермей қойды. Ол: «Атағы маған керек, ақшасы бала-шағама керек», – деп жүріп, алтыншы рет ұсынғанда зордан алды-ау әйтеуір. Сарапшылар неге сонша қиянат жасады? Әлде сыйлықты өлеңіне емес, адамына қарап бере ме?

– Басқа бір күдік қалмас үшін бірден айтайын: Иранбек бұл сыйлыққа толық лайықты адам. Бұл сұраққа жауабымды осылай бастап отырған себебім, бұл сыйлыққа лайықсыз біреулер ұсынылып та жатады, тіпті солардың, бірен-сараны болса да, кейбіреулері алып та жатады. Бірақ мен сенің осы сыйлық жолында Иранбектің «өзегі талып, іштей мүжіліп, жүйкесін тоздырды» деген сөздеріңе онша қосыла қоймаймын. Оның «өзегін талдырып, іштей мүжіліп, жүйкесін тоздыратын» мәселелері басқа деп білем. Ұлт тағдыры, имансыздық, қоғамдағы келеңсіздіктер. Оның жүйкесі тозса, осы мәселелерге тозады.

Әрине, бес рет ұсынылып, ала алмай қалу адамды шаршатса, шаршататын шығар. Бірақ оған басқа-басқа, дәл Иранбек мойып, жасып қалмайды. Жалпы ол, мен оны жақсы білем, оп-оңай мойи қоятын жігіт емес. Оған парасат-пайымы да, жігері де жетеді. Жалпы сыйлық біреуге ерте, біреуге кеш келе береді. Ол да бір картаның ойыны. Күні ертең-ақ, ол сыйлыққа кімнің қанша рет ұсынылғаны да, кімнің кімнен ерте, кімнің кімнен кеш алғаны да ұмтылады. Тек факт қана қалады. Мемлекеттік сыйлықты лауреаты.

– Мемлекеттік сыйлық тағайындаудың қажеті бар ма? Осы күні оның қажеті жоқ дейтін пікірлер де айтылып жүр.

– Мемлекет болғаннан кейін Мемлекеттік сыйлық болғаны дұрыс деп білем. Бұл дәстүрге айналып кеткен үрдіс. Пәленбай деген елде ешқандай мұндай үрдіс жоқ екен, төленбай деген елде мынадай нәрсе жоқ екен деуден-ақ шаршадық. Сөйтіп жүріп қаншама нәрселерден айрылып барамыз. Оларда жоқ болса, жоқ болсын, бірақ бізде бар болсын. Ал әлгіндей сөздерді бықсытатындар, негізінен, ұсынылып сыйлық ала алмай қалғандар, немесе ғұмыры сыйлық алуға шығармашылық күш-қуаты жетпейтіндер. Солардың біреуі егер, ғайыптан-тайып, сыйлық ала қалса, сыйлықтың керегі жоқ деп айтуды бірден доғарады. «Жоғарыдағы таныстарын арқаланып, сол атақ үшін жазатындарды» білмеймін де, жоғарыдағы таныстарын пайдаланып, ортақол шығармаларымен-ақ атақ алып кеткендерді білем.

Жалпы, шығармашылық адамы үшін мемлекеттік сыйлық мақсат болмау керек те, ал сенің талантыңды, шыққан биігіңді бағалап жатса, одан бас тартудың қажеті жоқ.

– «Жас Алашқа» Қадыр Мырзалиевтің «Иірімі» үздік-созық жарияланып жатыр. Шынын айтсақ осы «эссеге» ел ішінде кереғар пікірлер көп. «Иірімнің «Өз ұлтыңды жақсы көрмей ағайын...» деген соңғы бөлігінде «Жә-дігөй» деп атаған өлеңін қоса беріпті.

Ұлтшыл болсам,
Бірінші ғып үйіме.
Муром қызын түсірем бе келін ғып?!

Қадыр ағам, неге өзге ұлттың қызын келін етіп, түсіргенімен ақталады. Қазір ұлт тазалығына қолымыз жетпей жатқан жоқ па. Сол келіннен өрбіген ұрпақ шынайы қазақ бола алады ма? Күмәнім бар.

Ұлтшыл болсам,
Жүрер ме едім,
Әдемі
Тақиямды айырбастап қалпаққа?!

Құнанбай да, Абай да, Шәкірім де тақия киген. Тақия да қалпақ та қазақтың киелі бас киімдері емес пе?

Менің қаным талай қаннан құралған.
Бірақ әсте пайда іздемеген ұраннан!
Сендей жандар «ұлтшыл» дейді екен деп,
Мен халқымды жақсы көрмей тұра алман!

Шумақтың соңғы үш тармағы түсінікті. Ал бірінші жолын қалай түсінуге болады. Жалпы атақты ақын әлдекімнің ұлтшылсың дегеніне неге осыншама ақталған. Әлде сақтанғаны ма?

– Қазір, өзің айтқандай. «Иірім» туралы әртүрлі кереғар пікірлердің бары рас. Біреулер қоштайды, біреулер мошқайды дегендей... Мен де «Иірімді» оқып отырып, ол шығарманың бір жерлерін қабылдаймын, бір жерлерін қабылдамаймын. Ол енді менің, оқырман ретіндегі, өз құқым. Қадыр Мырзалиевтің де авторлық құқы бар. Яғни, қалай жазғысы келсе, солай жазады. Ал шығарманың болашақ тағдырын уақыт шешеді. Ал уақыттың атынан сөйлеуге менің азаматтық құқым жоқ. Бірақ талқылап талдауға әркім ерікті.

Сұрағыңа нақты жауап бермес бұрын айтарым, Қадыр Мырзалиев өз ұлтын бар жан-тәнімен, шын ниет, бар болмыс-бітімімен сүйетін ақын. Оның бұл қасиетін үлкен де, кіші де, қасы да, досы да мойындайды. Бар нәрсені бар, жоқ нәрсені жоқ, таласты нәрсені таласты, талассыз нәрсені талассыз деп үйренгеніміз дұрыс. Не болғанда да, Қадыр Мырзалиевтің «Иірімі» таласты нәрсе. Оны өзі де біліп, ұғып отырған шығар. Ал оның «Дала дидары» талас тудырмайтын талантты шығарма болатын. Ол шығарма ұлтына деген зор махаббат, үлкен сүйіспеншіліктен тұратын өлеңдерден құралған еді. Егер Қадыр Мырзалиев сол шығармасынан кейін ештеңе жазбай қойса да әдебиетте мәңгі қалар еді. Қадыр ағамыз сол шығармасынан кейін де кесек-кесек туындылар берді. Тағы да олардың көбі ұлттық мүддеге, ұлттық санаға қызмет етіп тұр... Енді сенің сұрағыңа нақтырақ келейін. Сен Қадыр ағамыз «ұлтшылсың» деген сөзден неге сонша қорқады дегендей ой айтасың. Алдымен бұл өлең менің пайымдауымша, Кеңес заманында жазылған. Ал, Кеңес заманында оның қай кезеңінде болсын, «ұлтшылсың» деген сөзден өткен қаралау болмайтын. Ол тұста «ұлтшыл» деген сөз «нацист», «фашист» деген сөздердей естілетін. Яғни, ол қарғыс таңбасындай қабылданатын. Кезінде отызыншы, қырқыншы, тіпті беріректегі елуінші жылдар осы сөз қара жарқанаттай боп бойына жабысқан адамдар атылды, жер аударылды, түрмеге жабылды. Яғни, ол сөз – ең үрейлі, ең қорқынышты сөз болды. Оны сен өте жақсы білесің. Қуғын-сүргінге түскен, атылған, асылған адамдар туралы көп, әрі келістіріп жазып жүрсің. Кейіннен, Кеңес заманының қыраулы, қатал қабағы жібіді-ау дегеннің өзінде, бұл сөзбен айыпталған адам моральдық қуғын-сүргінге түсетін: қызметтен қуылатын, партия қатарынан шығарылатын, жалпы адамдық, кісілік қатарынан аластатылатын. Қадыр ағамыздың шығармашылық өрлеу кезеңін көре алмаған бір замандасы оны осы «ұлтшыл» деген сөзбен қаралап жоғары жаққа арыз жазып жіберген ғой. Жалғыз Қадыр Мырзалиев емес, оның талай-талай талантты замандастарының үстінен осындай арыздар жазылған. Тіпті ол кісілердің тізімі жасалған. Оларға қауіпті, күдікті адамдар деп қараған. Егер ол арыз айналысқа түсіп кетсе, Қадыр Мырзалиев оталып кетер еді. Бала-шағасы қаңғып далада қалар еді. Өзін осы жолмен қорғамаса, енді қайтіп қорғайды. Қалай шырылдамайды. Саған, бұл жерде, тағы бір ескерте кететін мәселе, Қадырдың айтып отырған қалпағы, қазақы қалпақ емес, «шляпа» ғой. Сонан кейін сен, ақынның «Менің қаным талай қаннан құралған» – деген сөзіне күмән-күдікпен қарайсың. Сенің өз ойың өзіңше, ал менің ойымша, бұл жолдарға күмәнмен де, күдікпен де қарауға болмайды. Ең мөлдір деген шынының өзі шыны қалпында жаралмайды ғой. Талай-талай қоспалар қосылып, қорытылып барып дүниеге келеді. Қытайдың да, орыстың да, француздың да, тіпті алыс аралда жатқан жапонның да қандары талай қаннан құралған. Бұл баяғыда ғылыми да, тарихи да дәлелденген нәрсе. Оған бола дау шығарудың қажеті жоқ. Оның үстіне, Қадыр Мырзалиевтің баласы ғана емес, бүгінде маңдайымызға басып тәу ететін қаншама арыстарымыз да орыс қыздарына үйленген ғой. Енді соларды да айыптаймыз ба? Бұл «ұлтшыл» деген сөзді ауызға алғаннан кейін ол сөз туралы ойдағымды айтып кетейін. Бұл сөз негізінен, кейіннен Кеңес заманында шыққан сөз. Оған дейінгі ауыз әдебиетімізде де, жазба әдебиетімізде де бұл сөз жоқ. Бұл сөз – ішіне үрей мен қорқыныш кіргізіп алғаннан кейін жасалынған сөз. Енді бұл сөз – мәні мен мағынасындағы үрей мен қорқыныштан арылып, жақсы мағыналы сөзге айналуы тиіс.

– «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетіне ара-тұра бір өлеңіңіз жарияланып келеді. Солардың бірін руно жазуларына арнапсыз. Оның бір әрпін найзаға, бір әрпін жебеге, бір әрпін қамшыға ұқсатып, әр беріп, оқырман ойын түркілер тарихына қарай тартасыз. Сөз жоқ өлең рухты көтереді. Менің Тараздағы Мекемтас ағам: «Жүз жыл өтер, екі жүз жыл өтер, мейлі үш жүз жыл өтер. Бәрі бір кейінгі ұрпақ сол түркілердің руно жазуларына қайта оралады» дейді. Өлеңіңізге қарағанда сіз де сол ойда секілдісіз. Ал қазіргі қоғамдық пікір латын әрпіне көшсек дейді.

– Мен, лайым, Мекемтас ағамыздың айтқаны келсе екен, деймін. Ол кісі де «Жүз, екі жүз, үш жүз» деген сөздерді тектен-тек айтып отырған жоқ. Өйткені дәл қазір біздің оған ұлттық санамыз да, құлқымыз да дайын емес. Бұл мәселені қазір екі-үш-ақ адам көтеріп жүр. Яғни, жалпы ұлттық рухани деңгейге көтеріле қойған жоқ. Тек армандауға ғана болады.

Менің ойымша, бүгінде латын әрпіне көшкен дұрыс. Неге? Біз саяси тәуелсіз мемлекет болғанмен, несін жасырамыз, рухани тәуелсіз мемлекет бола алмай жатырмыз. Көп-көп мәселеде әлі де тәуелдіміз. Латын әрпіне көшу, ең алдымен, сол рухани тәуелділіктен құтылудың бір жолы, бір адымы. Біреулер ол үшін асықпау керек дейді. Мен ол пікірге қосылмаймын. Бұл іс неғұрлым тез атқарылса, соғұрлым жақсы болар еді. Ұлтымыздың рухани еркіндігі үшін жақсы болар еді.

– Темір аға, осы бізде шын мәніндегі оппозиция бар ма? Жұрт «Ақ жол» партиясына солай қараушы еді. Енді олардың бірлігі қожырап қалған секілді. Кеше Республика Президенті Н. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында оппозцияның да жақсы ойларын пайдаланайық деді. Жалпы Сіз оппозиция туралы қандай пікірдесіз? Түбінде оппозициялық бағыт ұстанғыңыз келмей ме?

– Соңғы сұрағыңнан бастайын. Оппозицияда болу деген сөз – белгілі бір оппозициялық партияға кіру деген сөз. Мен, бірден айтайын, ешуақытта да, ешқандай партияға кірмеймін. Неге? Өйткені, қандай бір партияның болмасын өзінің идеологиясы болады. Партияға кіргеннен кейін сол идеологияға қызмет етуің керек. Яғни, қай партияға кірсең де еркің шектеледі. Қарсы жақтың жақсы жағын да жақтырмауға тура келеді.

Ал маған ұлттық идеологиядан үлкен, ұлттық мүддеден үлкен идеология жоқ. Қазір ұлттық мүдде мәселесі өз деңгейінде жөнді көтерілмей жатыр. Көтерілсе де, жеткіліксіз. Ал ұлттық мүдде мәселесін, ешқандай партияға кірмей-ақ, айтып та, жазып та жүрмін. Жалпы қоғамдағы келеңсіз жағдайларды айту үшін қалай да бір оппозициялық болсын, оппозициялық емес болсын, бір партияға кіру міндетті емес. Сондай партияға кіріп алып та ештеңе бітірмейтіндер көп. Қоғамдағы келеңсіздіктермен күрескеннің бәрін оппозиция дейтін болсақ, онда Абай да, Махамбет те, Пушкин де, Байрон да өз замандарының оппозиционерлері боп шығады. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей осы ұлы адамдардың ұстанған жолында болғым келеді. Бұдан да түсінікті болу үшін айтайын, егер ғайыптан-тайып қазіргі оппозициялық күш билік басына бара қалса мен оларға да оппозиция болам. Мен тіпті қазірдің өзінде оппозицияға оппозициямын. Өйткені олардың бағдарламасында да, Конституция жобаларында да ұлттық мүдде аз қамтылған. Нақты, жұрттың дәлірек айтқанда, ұлттың рухын көтеретіндей ештеңе таба алмадым. Жалпы қазақ халқынсыз, оның мүддесін алға шығармай бірдеңе бітірем деу әурешілік. Енді бұдан былай билік басындағылар болсын, оппозицияда болсын ұлттық мүддені «көзір» етіп ұстамаса, жеңіліске ұшырайды. Қазақ халқын көзге ілмей саясат жасаймын деу – үлкен қателік. Әрине, бәрі де заң аясында болу керек. Мұны мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Конституциямызда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады деп жазылған ғой. «Қатар» деген сөзге назар аударыңыз. Яғни, Конституция талабы бойынша, орыс тілін қазақ тілімен деңгейлес қолдану керек. Одан аспау керек. Міне, бізде осы талап орындалмай отыр ғой. Қазақ тілі орыс тілінің шаңына ілесе алмай қалды. Бұл – Конституцияны таза бұрмалау. Қазақ тілі, тек көз бен көңілді аулайтын декортивті тілге айналып барады, айналып барады емес-ау, айналып кетті. Бұл – қатер. Ал оппозиция керек пе, керек емес пе деген мәселеге келсек, ол керек. Оппозициясыз демократиялық қоғам болмайды. Демократияның ең басты белгісі – оппозиция.

– Алдағы сайлауда оппозиция жеңіске жетеді деп ойлайсыз ба?

– Біреулердің көңіліне келсе де айтайын, жеңіске жете алмайды. Неге? Соған тоқталайын. Әрине, көп адам Грузия мен Украинаны алға тартады. Грузияның экономикасы нашар дамығандықтан оппозиция бел алып кеткен болсын, ал Украинаның экономикасы дамып келе жатса да билік жеңіліске ұшырады ғой, сондықтан да ол факторды алға тартпай-ақ қояйық дейді. Солай-ақ болсын. Бірақ, мәселенің үшінші жағы бар ғой. Көп адам соны ескермейді.

Дәл бүгінгі таңда, қазіргі билік басындағылар өте оралымды, өте шалымды, өте икемді болып тұр. Яғни, өздерінің әрекеттерімен оппозицияның қай жағынан болсын алдын орап кетеді. Көріп отырсыз ғой, оппозиция көтере бастаған істің бәрін билік басындағылар бірінен соң бірін іске қосып жіберді. Әлеуметтік жағдайлар да, саяси реформалар да жүзеге асырылып жатыр. Бұл – не деген сөз? Бұл – билік басындағылар да демократиялық ұстанымдармен жұмыс істеп жатыр деген сөз. Кезінде Грузия мен Украинада бұлай болған жоқ. Ол елдердің бұрынғы басшылары қатып-семген, сірескен жүйемен жұмыс істеді. Икемділік таныта алмады. Ал біздегі билік, дәл қазір өте икемді. Демократиялық үрдіске лайықты жақсы идеяны не ойлап табады, немесе айтылған жақсы идеяны пайдалана қояды. Сөйтіп оппозициялық күштердің қолындағы «қару-жарақтарды» бірінен соң бірін сыпырып жинап алып жатыр. Жаңа өзің айтқан, Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында, оппозицияның да жақсы ойларын пайдаланайық деуі, жай көңіл үшін айтыла салған сөз емес екеніне, қазіргі көп жұрттың көзі жетті. Ал мұндай биліктің ғұмыры келте деуге ауыз бармайды.

– Соңғы кездері «космополит» деген термин сөзі жиі айтылып жүр. Жуырда ақын Мұхтар Шахановтың «Космополит қазақтар» деген өлеңі біраз басылымға шықты. Космополиттер шынымен-ақ біз ойлағандай өз ұлтын, тілін, салт-дәстүрін жек көретіндер ме?

– Сөз жоқ, космополит ұғымы біз үшін – өте жексұрын, сұмпайы ұғым. Естіген кезде, еріксіз тыжырынып қаласың.

Ал американдықтар үшін тіпті де олай емес. Әрбір американдық өзін космополит санайды. Өйткені олар сол космоплит сөзіне американдық рухты, американдық идеяны сіңіріп жіберген. Әрбір американдық, ең алдымен Американы асқақ тұтады, сол өз елі үшін мақтанады. Кез келген мерекеде кішкентай баласына дейін Американың жалауын көтеріп жүреді. Олар өз ұлтының тілін, салт-дәстүрін аспанға көтеріп мадақтайды. Сонан кейін барып бүкіл планетаның баласымын деп жар салады. Әрине, бүкіл планетаның жартысы солардың тілінде сөйлеп тұрса, космополит болу олар үшін мақтаныш. Қалған елдер де менің тілімде сөйлесін деп ойлайды. Ойлап қана қоймайды, сол үшін бар күш-қуатын жұмсайды. Сондықтан да олар космополитизмді ұран етіп көтереді. Егер бүкіл планетаның тең жартысы қазақ тілінде сөйлеп тұрса, мен де космополит болар ем. Бірақ жағдай олай емес қой. Біз сол космополитизмге жұтылып кетпес үшін күресіп жатырмыз. Біздің космоплиттер американдық космополиттерден мүлде бөлек. Американдық космополиттер өз елін асқақ тұтып барып, бүкіл планетаның перзенті болғысы келсе, ал біздің космополиттер өз ұлтын аяқ асты етіп, түкке алғысыз етіп барып бүкіл планетаның перзенті болғысы келеді. Яғни, американдық космополит үшін космополитизм басқа елдерге жүргізетін үстемдік құралы да, ал біздің космополит үшін космополитизм өз ұлтының мойнына құлдық қамытын кигізу құралы. Міне, айырма қайда! Кезінде интерноционализм де орыс шовенизміне қызмет етті. Өз ұлтынан безген, өз ұлтының тілін білмеген, орысша оқыған, орысша сөйлеген интерноционалист болды ғой. Міне, космополит те сондай. Енді космополитизмнен біз түгілі, сол орыстардың өзі қорқып отыр...

– Әңгімеңізге рахмет.

“ЕҢ АЛАЯҚТЫҚ ТІРШІЛІК,ЕҢ ОПАСЫЗДЫҚ «САЯСАТПЕН ЖҰМЫСЫМ ЖОҚ» ДЕГЕН АДАМДАРДАН ШЫҒАДЫ”

«Айқын». Төреғали Тәшеновпен әңгіме.
27 мамыр, 2006 ж.

– Темірхан аға, әріптестеріңіздің көбісі, ақындарды айтам, «өлең жаза алмай жүрміз» дейді. Сіз керісінше соңғы уақытта өз поэзияңызды мүлдем жаңа бір биікке, тың сапаға көтердіңіз. Сізді түртіп оятқан қандай күш?

– Бұл сөзді баспасөз бетінде болмағанмен, былайша көп адам айтады. Әсіресе, жастар: «Көк түріктер сарыны» біз жазатын дүние еді, алпысты алқымдаған кезде сіз жазып, бізді далаға тастап кеткендей болдыңыз» деп. Бұған айтатыным, бұл өзі – менің ертерек қолға алған шаруам. Жалпы, әдебиетте өзіңнің бір даусың, өзіңнің үнің, өзіңнің жолың болмаса, еш уақытта шыға алмайтыныңды, онан кейін біреудің көлеңкесінде қалып қоятыныңды мен ертерек сезген адаммын.

Жан-жағымды көбірек қарап, тексеріп, зерттеп жүрдімдағы, онан кейін эксперименттерге, оның ішінде ешқандай тамыры жоқ, шыққан топырағы жоқ эксперименттерге де бардым. Бірақ бүкіл үлкен, мықты ақындарды зерттеп қарап отырсам, еш уақытта да жалаң эксперименттің ешқайда алып бармайтынын сезіндім. Өйткені қандай жаңалық болсын, өзінің дәстүрлі тамыры болуы керек. Оның күре тамыры дәстүр болуы керек. Онан кейін ағаш күре тамырымен ғана қоректенбейді ғой, оның тарам-тарам сала-сала тамырлары болады, сол тамырлары әлемдік әдебиеттен сусындап отыруы керек. Осыған ден қойып, жыраулық поэзияны меңгеріп, оны рухани айналысқа түсіріп жатқан ақындар, құдайға шүкір, бар. Күндердің күнінде, онда Маңғыстауда жүрген кезім, ертеректе қайтыс болып кеткен Құлмат (Өмірәлиев) ағамыз, сосын Мырзатай мен Айдаров ағаларымыздың «Күлтегін», «Тоныкөктен» аудармалары бар ғой, соларды қарап отырсам, «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды сорғалаттым» деген жолдар, ұйқасы жоқ шығар, бәлкім, бірақ тура өлең ғой. Ары қарай ізденсем, «Күлтегін» эпикалық ұлы шығарма екен. Сол кезден бастап әрі іздендім, бері іздендім. Былай қарасаң қарапайым, бірақ оған келудің жолы өте ауыр болды маған. Үнемі ішімде жатты да қойды. Біраз уақыт өтіп, Алматыға келгеннен кейін де, тағы да сол қайта-қайта, анда-санда соғылған қоңырау сияқты, ішімде жатып алды. Күндердің күнінде... бір сілкініс... келді! Көк түріктер сарынынан. Бұл форманың кереметтегі сонда – өзіңді шектемейсің, ұйқасқа тықпайсың. Өзіңді белгілі бір жерге байлап-матамайсың. Буын санамайсың. Бунақ іздемейсің. Бірақ оның да өзінің музыкасы бар. Сондай керемет елітіп кеткендей болмаса да, мұнда қашаудың, ұста дүкенінің даусы шығып тұрады, симфонияның даусы жоқ мұнда. Ұста дүкенінің даусы шығады: қашап жатқандай, немесе темір жонып жатқандай, немесе шеге қағып жатқандай. Білдіңіз бе? Сондықтан осы форма дәл осы кез, осы уақытқа лайық, жалпы. Қашап, ойып түсіретіндей жазу керек болды да, жаздым. Бірақ бұл өзінің тамыры бар жаңалық. Сондықтан да мұны жұрт ерсі көрген жоқ. Өйткені, ерсі көрмейтін себебі, өзінің қанында бар ғой, өзінің табиғатында бар нәрсе. Сондықтан да көп адам мұны бірден қабылдады. Алдында қауіп те, күдік те болды «осы қалай болар екен?» деген, бірақ қабылдады. Сондықтан да бұл – алдымен Алла Тағаланың, сосын ата-бабамның аруағы арқасында, ежелгі сарынның мен арқылы қайталанғаны.

– Жаңа экспериментке көп бардым дедіңіз. Сол өлеңдеріңіз эксперимент күйінде қалып қойған жоқ па?

– Эксперимент жасаған өлеңдерімнің көбісі жарамайды. Былтыр екі томдығым шықты, соған көп эксперименттерімді құрбандыққа шалып жібердім, қосқам жоқ. Әрине, оның ішінде бірең-сараң енгендері бар, ал қалғанын өз қолыммен алып тастадым.

– Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Егер әліпбиді өзгертер болсақ, онда көне түрік әліпбиіне – руна жазуына көшейік» дегені белгілі. Оның сыртында «ескі тәңір дініне оралайық» деп мақала жазып жүргендер бірқыдыру. Осы түрікшілдік, тәңіршілдік идеясы бізге қаншалықты қажет? Жалпы, бұл өзі қазақты, жалғыз қазақ емес, жалпы түркі әлемін араб-ислам әлемінен бөлшектегісі кеп жүргендердің әрекетімен белгілі бір дәрежеде ұштасып жатқандай көрінеді. Бір жағынан, бұл сұрақты қойып отырған себебім, ерсілеу блса да айтайын, сіздің «Көк түріктер сарынында» жоғарыдағы пікірлермен сырттай байқалмаса да, іштей жалғасып, жымдасып жатқан қандай да бір байланыс бар ма дегенім ғой?

– Бұл айтылған екі пікірге де мен үзілді-кесілді қосылмаймын. Мекемтас ағам – менің ұстазым, абайтанушылардың ішіндегі алдыңғы қатарлы азамат. Мен оқуға түскен кезімде, ол кісі аспирант болған, сол кезде қамқорлығын да көргенмін. Ол кісіні қатты қадірлеймін. Бірақ солай бола тұра, ол кісі айтты екен деп, бұрынғы руна жазуына көшудің қажеті жоқ. Ол үлкен машақат тудырады. Мен өзім қалай да орыс ықпалынан шығу үшін кириллицадан кетуді, сөйтіп, латын әліпбиені көшуді қалаймын. Қазір дүниежүзілік ықпалдастық жүріп жатыр, латын әліпбиі соған кірігуіміз үшін, ағылшын тілін меңгеру керек. Жаңа тәңір діні дегенді айтып жатырсың. Баяғыдай отқа, суға табынуымыз керек пе, сонда? Ислам дінін қазір таза еуропалықтар қабылдап жатыр. Ислам дінінен ажырасақ, қазақ болудан да қалғанымыз емес пе? Ал енді мен жазып жүрген көк түріктер сарынында ешқандай бір діни, басқа да қайшылыққа алып баратындай сөз жоқ. Менің ұлықтап жазып жүргенім – ол біздің кәдімгі өткен тарихымыз, өміріміз ғой. Онан еш уақытта бас тартуға болмайды. Біздің қанымыз ол, жанымыз.

– «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналын басқарып отырсыз. Атынан да көрініп тұрғандай, журналдың басты мұратының бірі – тарихтың, қоғамның ақтандақтарын, жабулы жатқан ақиқаттарды ашу ғой. Осы орайда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында әлі күнге ашылмай, жарық көрмей, сарғайып жатқан құнды құжаттар, құпия мұралар, мәліметтер көп деп естиміз. Осылардан хабар алып көрдіңіз бе?

– Ондай әрекет жасаған жоқпын, шынымды айтайын. Ұлттық Қауіпсіздік комитетімен ешқандай байланысымыз жоқ. Шынында да, бұл ой салатын мәселе екен. Бірақ олар бізге мұрағатын бере қоя ма? Ол үшін де рұқсат болу керек шығар. Бірақ сол ашылмай жатқан мәселелер бар екенін сен де білесің, мен де білемін, жұрттың бәрі де біледі, сезеді. Әсіресе Желтоқсан оқиғасына байланысты көптеген мәселелер сол жылы жабылған күйінде жатыр. Қаншама азаматтардың қуғын-сүргіндері, ұсталған-ұсталмағаны бар, қандай бәлекеттер жасалды, біздің білетініміз – қалқып жүрген бер жағы, беті ғана. Аттың басының бәрі сонда. Әсіресе бізге бүкіл қасірет, қайғы, нағыз жауыздық алып келген құжаттардың бәрі Мәскеудің мұрағатында жатыр. Оны енді алуға қолымыз жете ме, жетпей ме? Ол үшін енді ұзақ өмір сүру керек шығар. Біз болмасақ, оны басқа ұрпақ алып келетін шығар. Ал бірақ жаңағы өте бір жақсы сұрағыңмен маған ой салып отырсың. Соған баруға мен енді әрекет жасауым керек шығар.

– Қаламгерлер «жазушылар қоғамға керек болмай қалды» десе, қарапайым жұрт «зиялы қауымның белсенділігі жоқ» деп кінәлайды...

– Осы бір нәрсеге мен түсінбеймін. Жазушы байғұстың қолында не қалды?! Баяғыдағы Жазушылар одағын аңсайды. Ол Жазушылар одағы басқа еді ғой. Ол Жазушылар одағын басқарып отырған адам Орталық Комитеттің бір төртінші хатшысы сияқты еді. Бүкіл ақшасын беретін, қаржыдан ешқандай тапшылық көрсетпейтін, қалтасын томпайтып қоятын. Үлкен-үлкен лауазым иелерімен қатар отыратын. Депутат болатын. Әзір не? Әзір көк тиын бермейді. Жазушылардың бәрі демей-ақ қояйын, біразы күнін қалтақтап, әрең көріп жүр. Олардың қолында ешқандай механизм қалған жоқ. Ал бірақ тіл мәселесіне келгенде, өзің білесің, кезінде осы жазушылар еді ғой шырылдап көтерген. Қазір де көтеріп жатыр. Мұхтар Шаханов жазушы емес пе екен? Қоғамдық қолдау комитетін қайбір жетіскеннен құрып жатыр? Бірақ соның айналасына топтасу мәселесіне келгенде, әрине, жазушылардың өздері сыңаржақ болып, бір-бірімен алакөз, алауыз болып, айтысып-тартысып, тек соның зиянын көріп жатыр. Өз басым Мұхтар Шахановтың тым екпіндей беретінін де жақтырмаймын. Бірақ жеке бастың мүддесіне қарамастан, оны осынадй елдік, халықтық мәселеде бәріміз бірігіп қолдауымыз керек. Соны қолдау, айналасына топтасу мәселесі қиын. Дәл осы жерде Жазушылар одағының қолын байлап, аяғын тұсап қойып отырған ешкім жоқ. Жазушылар одағы қалай болғанда да, алдымен Тілді көтеру керек еді. Біз осы кезде жиналыстың үстіне жиналыс жасап, тіпті керек болса, рұқсат алып тұрып шеруге шығып, сондай мәселелерді ұйымдастыруымыз керек еді. Тек жазушы, ақындардың кештерін өткізумен шектеліп отырмыз. Саясатта белсенділік көрсетуіміз керек еді, әсіресе Тіл мәселесіне келгенде. Іш қазандай қайнайды, қолдан келер қайран жоқ. Жазушылардың тағы бір беті қайтып қалғаны – қанша айтса да жоғары жақ бір былқ етпейді ғой. Журналистер, сендер де аямай айтып жатырсыңдар. Соған селт етіп жатқан нәрсені көресіңдер ме, анда-санда ғана бір реакция болады, болды. Сондықтан тіптен көңілі қалып, титықтап қалатын кезі жоқ емес жазушылардың. Әрине, көлеңкесінен қорқатын жазушылар толып жатыр ғой. Бірақ қалғандары күресіп жатыр. Күресе де береді.

– Сіз үшін қазақ қоғамындағы ең бір өткір мәселе?

– Ол – білім. Білім беру реформасы. Білім беру реформасын әлі аяқтай алмай отыр. Мен таяуда аяқтай қояды деп ойламаймын. Реформаның бәрі әйтеуір реформа үшін жасалынбау керек. Ұлттық сананы, ар-намысты оятатындай етіп жасалу керек. Мәселен, қараңызшы, Қытайда қазақ, ұйғыр мектептері бар. Сонда, мұғалімдерге қытай тілін білу керек деген міндет қойылған. Білдіңіз бе? Пекинге барып, немесе Пекиннен келіп, олардың қытай тілін қандай дәрежеде меңгергенін тексереді. Олар қытай тілінен емес, қазақ тілінен, ұйғыр тілінен сабақ береді, бірақ қытай тілін білуі керек. Ал бізде қалай? Бізде ағылшын тілін білу керек, басқаны білу керек, бірақ қазақ тілін білу керек деген сөзді білесің бе? Ресей біз үшін шет ел. Орыс тілін орыс мектептеріндегі диаспора қанша оқыса, оқи берсін, бірақ қазақ мектептерінде оқытып керегі жоқ, оқытсақ, халықаралық ағылшын тілін оқыту керек. Дүние жүзінде солай. Мәселен, Малайзия мен Сингапурды біз керемет санаймыз ғой, солар дәл Қытайдың іргесінде отырған елдер. Малайзия халқының отыз пайызы қытай бола тұра, олар қытай тілін оқымайды. Ағылшынша оқиды. Ал бізде орыс тілінен шыға алмайды. «Орыс тілін үйрен» дегенде Абай өз тіліңді ұмыт деген жоқ қой. Дәл қазір ана тілінен безіп кеткен адамдарды көргенде, Абайдың аруағы қалай күңіренер еді. Біз қалай болғанда да әлемдік ықпалдастыққа ену үшін ағылшын тілін үйренуіміз керек. Орыс тілі – біз үшін шет ел тілі. Балалардың ол тілді үйреніп, босқа уақыты кетеді. Ресейдің өзінің балалары түгел ағылшын тілін үйреніп жатыр. Әсіресе зиялы қауымның балалары.

– «Ақын адам, жалпы өнер адамы саясаттан тыс тұру керек» деген пікірмен келісесіз бе? Келіспесеңіз, онда поэзияны саясатпен қалай ұштастырасыз?

– Саясатсыз өмір жоқ. Саясат деген бір сайқал дүние деп, одан безіп кетуге болмайды. Өйткені дүниенің бәрін жасап жатқан саясат. Біздің тәуелсіздігімізді алып келген де саясат. Бізді отарландыруға, отарсыздандыруға алып барған да саясат. Біреулер «менің саясатпен еш жұмысым жоқ» дейді. Ең алаяқтық тіршілік, ең опасыздық сол «саясатпен жұмысым жоқ» деген адамдардан шығады. Саясат деген сенің бүкіл тағдырыңды жасап жатыр. Болмаса, сені жоғары көтеріп жатыр. Сені илеп жатыр. Болмаса, оған қалай жетесің? Саясаткер болмай-ақ қой, бірақ өзіңнің ішкі, сыртқы саясатың болуы керек. Қыл аяғы адам мен адамның сөйлесуі де саясат, дипломатия. Халқың сын тезіне түсіп жатқан кезде, «мен саясаттан бөлек едім» деу, шалқаю – барып тұрған нағыз оңбағандық, сатқындық. Өмір бойы саясатпен тыныс алып, саясатпен өмір сүруің керек. «Саясатты мен ғана жасаймын» деу – ол халықты бұғауда ұстау, халықты топас ету, надандыққа алып бару деген сөз. «Саясатта жұмысың болмасын» деген кезінде жазушыларды саясатқа араластырмас үшін Кеңес Одағының миға сіңірген пікірі. «Саясатпен тек Сыртқы істер министрлігі айналысу керек» деп кім айтты? Дамыған елдерді алыңыз. Бүкіл француздың студенттері ереуілдеп, көшеге шыққан жоқ па? Америкада әне, бүкіл мигранттар шулап, көшеге шығып жатыр. Әрбір ел, әрбір азамат саясаттан көз жазбай, қадағалап отыруы керек. Ол деген жоғары жақ не айтты, соны тура қабылдау емес, соны қорытып, өз пікіріңмен салғастыру. Саясат – сенің тағдырың. Саясаттан еш уақытта кетуге болмайды. Саясатпен жүру керек дегенде, мен жалаң, құрғақ саясат емес, ішкі терең саясатты айтып отырмын.

Поэзия да тұнып тұрған саясат. Кезінде кеңестік ақын-жазушылар саяси тақырыптағы роман, өлең-жыр жазса, тек қана мақтау, мадақтау керек болды. Көсемдерді мақтап өлең жазу – ол саясат емес, дүмбілездік, жағымпаздық. Білдіңіз бе? Сол кезіндегі қызыл саясат ақын-жазушыларды саясаттан сұмдық жиіркендіріп жіберді. Әйтпесе Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» тұнып тұрған саясат емес пе? Әлем таңдай қағатын Достоевкийдің бүкіл шығармасы – қарап отырсаңыз, саясат. Байрон да, Пушкин де, Гете де бастан-аяқ саясатпен айналысқан. Әуезовтің «Қаралы сұлуы» сұмдық саясат емес пе? Бүкіл теңсіздікті, әлеуметтік қайшылықты, қараңғылық пен надандықты, бейшаралықты көрсетіп, сол арқылы қоғамдық жүйемен күресіп отыр. Мен «Егемен Қазақстанның» бірінші бетіне өлеңдер шығарып тұрам. Әдейі шығарам. Оның ішінде мақтау, мадақтау жоқ, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар, теңсіздіктер, келеңсіздіктер, мен соларды жазам. Газеттің бірінші бетіне шыққаннан кейін, кейбір ойы таяздар баяғы түсінікпен «саясатты мақтап жырлап отыр» дейді. Ішкі мәніне қарамайды. Әрине, өлеңді саясаттандырып жібермеу керек. Ол қорытылуы керек. Поэзия көркем шығарма ғой. Шынайы өмірді өлеңде шынайы өмірден де асырып көрсету керек.

– Қазір аға буын ақын-жазушыларымыздың арасында мемуар жазу етек алды. Онда елге белгілі тұлғалардың қоғамдағы орны, жеке өмірі болсын артық-кем айтылатыны бар. Оны біреулер мақтайды, біреулер даттайды. Сіз осыған қалай қарайсыз? Және болашақта мемуар жазсам деген ойыңыз бар ма?

– Шынындықты ашудың да ашуы бар. Бір ағаларымыз Сәкен Сейфуллинді ұлтқа қарсы жау етіп көрсетеді. Олай деп айту енді артық қой. Сәкенде де қазаққа болсын деген ниет болды. Құдай жалғыз, оған баратын жол көп дейді ғой. Сол сияқты халықтың болашағы үшін Алаш қайраткерлерінің әрқайсысын жоққа шығаруға болмайды. Ал енді серілігі болса, несі бар, серілігін жазсын, егер біреулер кәдімгідей көзімен көріп тұрған болса. Өз басым біреудің серілігін күнделікті көріп жүрсем де, оның көрпесін көтеріп сығалап қараудың маған қажеті жоқ. Ал енді соған ұяты барып жазып жүргендер өздері біледі. Әрине, ондай-ондай жазылғандар дүниежүзілік әдебиетте ежелден бар нәрсе, бірақ біздің менталитетіміз басқа, өз басым ондайды қабылдай алмаймын. Мәселен, қатты ішкен ағаларымыз бар, көргем. Солардың ішкенін, төбелескенін айту, жазу керек те шығар, бірақ соны алдыңғы планға шығарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен мемуар жазбаймын. Бірақ өзіме қатысты күнделік жазып жүрмін.

– Көптеген ақындарымыз қазір прозаға барып жүр. Ал сіздің аудармамен айналысып жүргеніңізді білеміз. Проза жазуға барар ма едіңіз?

– Мен көптеген романдар аудардым. Тапсырыспен. Айтушылардың сөзіне қарағанда, жаман аударылмаған сияқты. Сол сияқты Батыстың көптеген ақындарын аудардым. Бірақ роман, повесть, драма жазамын деп айта алмаймын. Жазсам, публицистикалық, сын мақалалар жазамын. Ондай кітаптарым да шығып жатыр. Кезінде публицистиканың дәуірлеген кезінде шама-шарқымша ат салыстым. Қазақ публицистикасы тәуелсіздіктің алдында, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде әлемдік деңгейге көтерілді. Оған журналистер де, жазушылар да қызу қатысты. Сол кездегі бір түйір мақалаларды қайыра оқысам, бір повесть оқығандай боламын, немесе қаншама ақпарат алып, өзімді-өзім байытамын. Қазір кішкене саябырсыды. Мұның себебі жазушылар өзінің үстелдеріне оралып жатқан болуы, ал журналистер өздерінің күнделікті үйреншікті тақырыптарына ойысып, сонымен жүрген болуы керек.

– Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар арасында «айтыс ақындарына айрықша көңіл бөлініп, жазба ақындар далада қалды» немесе «айтыс өткізу дегенді мүлдем доғару керек» деп жүргендер аз емес. Сіз осы, айтысқа қалай қарайсыз?

– Айтатыным, айтыспен айтыспау керек қой. Айтыс жүре беру керек. Айтыссыз қалай болады? Өзбектер бөдене таластырады, француздар қораз төбелестіреді, испандықтар мөңкіген бұқаны қызықтайды. Ал біздікі, Құдай-ау, сөз өнері ғой. Тек шектен шықпау керек, болымсыз ақындарды сахнаға беталды шығара бермеу керек. Кейбір айтыс ақындарымыз дүниетанымнан жұрдай, былапыт, жұғымсыз сөздері айтады, жұрт соған мәз болады. Міне, осы ақындарды сұрыптап шығару жағы болса, онда сөз басқа. Әйтпесе айтыспен айтысуға болмайды. Мен бір сөз айтайын. Айтыс ақындары елге өте танымал болады. Жазба ақындар, қаталдау болса да айтайын, өлгеннен кейін мықты. Тірі кезінде олар бәрібір бірін-бірі жібермейді. Сондықтан «аналар машина алып қойды» деп қызғанудың қажеті жоқ, ол да қазақтың баласы ғой.

– Ірілік дегенді қалай түсінесіз?

– Ірілік дегенді мен ұлттың қамы, ел мүддесі үшін өзіне қатер төніп тұрған кезде немесе соны сезе, көре, біле тұра, сахнаға немесе ел алдына жасқанбай шығып, халқының ар-ұятын қорғап, сол жолға басын тігіп, жанын пида ете отырып, сөз сөйлеу деп түсінемін.

– Сіздің тастың сынығын, ағаштың тамырын жинайтын әдетіңіз бар екен...

– Кезінде көп жинағам. Бірақ соңғы кезде сәл ауырыңқырап қалдым да, тоқтап қалды. Бірақ оны түбі жалғастырамын. Әлі күнге тас не тамыр көрсем, бір қарамай өте алмаймын. Неге екенін білмеймін, қызық. Әлдебір персонаждарға ұқсап тұратын ағаш тамырларын, мүсінге ұқсайтын тастарды жинаймын. Қазір соған қайтадан қызығып жүрмін.

– Адамдық, ақындық тағдырыңызға өкпеңіз бар ма?

– Жоқ. Өкпем жоқ. Өкініштер бар, болған. Өкінішсіз өмір бола ма? Тым болмағанда, біреуге артық айтып қоясың дегендей. Немесе қаншама уақытымды бос жіберіп алдым деп. Далада да жүрдім, қиындық та көрдім. Туған жерім Түркістан болса да, талай жыл Маңғыстауға барып, қара жұмыс та істедім. Бірақ бәрін қорытып келгенде, өміріме ешқандай өкпем жоқ.

– «Ақындар екіге: өлең жазу үшін өмір сүретіндер мен өмір сүру үшін өлең жазатындар болып бөлінеді» дейді білгіштер...

– Қасым Аманжоловтың сөзі бар ғой, «мені жаман өлеңдерім асыраған» деген. Сол сияқты, қазір жаман өлең жазсаң да, жақсы өлең жазсаң да, ол сені асырай алмайды. Қайта Қасым бақытты екен. Өлеңге қазір ешқандай қаламақы берілмейді. Менің екі томдығым шықты. Соған алғаным жақсылап достарыңа бір жуғаннан, әй, артылмайды-ау. Қайта қасыңа еріп барғандардан қарыз алып құтылуың мүмкін. Мені өмір бақи асырап келе жатқан – осы журналистика. Мен жазушылар мен журналистердің арасындағы бір қарама-қайшылыққа таңғаламын. Бір адамдар ғой, олар. Бірін-бірі кемітіп, «анау журналист, күнделікті өмірден аса алмайды» деуге де, немесе «өй, анау жазушы, кабинетіне тығылып алып, оны қай уақытта жазып бітіреді, ол бітіргенше, мына шаруаның бәрі бітіп кетеді ғой» деп, бір-бірін нұсқап көрсететін адамдар – жақсы адамдар емес. Мені асыраған – журналистика. Өмір бақи асырап келе жатыр. Міне, қазір осы жерде бас редактормын. Журналиспін. «Егемен Қазақстанның» тілшісі болдым, Маңғыстау облыстық газетінде істедім. Журналистикадағы жолымды Түркістан аудандық газетінде корректорлықтан бастадым. Мені асырап келе жатқан – журналистика. Өлең емес. Өлеңнен алған кезіндегі қаламақыларымның бәрі Алматының мейрамханаларында қалды. Үйіме, Маңғыстауға одан бір тиын апарған емеспін. Одан үстіме бір көйлек алдым ба, алмадым ба, білмеймін. Мені еш уақытта Өлең асыраған емес. Мен де Өлеңді күнелту үшін жазған емеспін.

– Әңгімеңіз үшін рақмет!

“ҚАЗАҚТАР ӨЗ ЖЕРІНДЕ ДИАСПОРА СИЯҚТЫ”

«Жас алаш». Әмірхан Мендекемен әңгіме.
5 маусым, 2007 жыл

– Тем-аға, сіздің соңғы жылдардағы жазып жүрген поэтикалық-көркемдік жағынан болсын, қоғамдық-әлеуметтік жағынан болсын әрі өткір, әрі тегеурінді өлеңдеріңізге, сондай-ақ әртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген сұхбаттарыңыз бен публицистикалық мақалаларыңызға қарап, көп жұрт сізді оппозицияда жүрген шығар деп ойлайды...

– Бірден айтайын, мен оппозицияда емеспін. Ешқандай партияға да мүше емеспін. Әрине, мен бұл сөздерді биліктің түйілген қабағы мен қырын көзіне ілігіп қаламау деген қорқыныштан айтып отырғам жоқ. Оның себебі мынау: Бұдан бірер жыл бұрын «Түркістан» газетінің тілшісіне берген сұхбатымда айтқам: «Егер сен бір партияға мүше болсаң, онда сен мейлі қала, мейлі қалама, сол партияның шоқпарын көтеріп, сойылын соғып кетесің де, басқа бәсекелес немесе қарсылас партияның дұрыс ісін де бұрыс деуге ыңғай тұрасың, объективтіліктен айырыласың», – деп, сондықтан мен ешқандай партияға мүше болғам жоқ. Болмаймын да! Мен қазір кейбір мәселелер жөнінде, әсіресе қазақ халқының ұлттық мүдде мәселелері жөнінде билікке де, оппозицияға да оппозициямын. Зиялы қауым өкілдерінің бірер-жарымы болмаса, көбіне-көп билік партиясына да, оппозициялық партияларға да мүше болмайтыны сондықтан. Мұндай позиция дұрысты бұрыс деп, бұрысты бұрыс деп, атын атап, түсін түстеп отыру үшін қажет.

– Яғни, екі жақтың да даттайтын жақтарымен бірге мақтайтын жақтары да бар деп білесіз ғой?

– Дәл солай.

– Ондай биліктің қандай мақтайтын жақтары бар деп ойлайсыз?

– Қарап отырсаңыз, бүгінде билік деген жалпылама айтылмағанмен, біз үшін ол ұғым жалқы ұғымға, яғни нақты бір тұлғаны меңзейтін ұғымға айналып кетті. Өйткені бүгінгі таңда биліктің тізгіні де, тұтқасы да бір-ақ адамның, Нұрсұлтан Назарбаевтың, ғана қолында. Кезінде «партия дегеніміз —Ленин, Ленин дегеніміз — партия» деп бар дауыспен шырқамайтын ба едік. Мейлі, біреу қосылар, біреу қосылмас, бірак, бәріміз көріп-біліп отырмыз ғой, қазір де солай, билік дегеніміз— Назарбаев, Назарбаев дегеніміз — билік.

Ешқандай бұра тартпай, турасын айтсак, Нұрсұлтан Назарбаев, сөз жоқ, мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне аса зор еңбек сіңіріп, көптеген ауқымды жұмыстар атқарды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ол реформа жасап жүріп республиканы экономикалык, әлеуметтік тығырықтар мен дағдарыстардан алып шықты. Әлгі әйтқандарға сол түстағы саяси сапырылыстарды, саяси дүрбелең-дүбілістерді қосыңыз. Несін жасырамыз, Қазақстанның тағдыры, яғни әупірімдеп жүріп қол жеткізген тәуелсіздігіміз қыл үстінде тұрды. Бырт етіп үзіліп кетсе, құрдымға кетуіміз кәдік еді. Сол түстағы президенттің еңбегі жойқын болды. Ұстасып жүріп, тістесіп жүріп Қазақстаңды сол дағдарыстардан да, сапырылыстардан да аман-есен алып шықты. Жалпы, адамның жады тақтаға жазылған бор сияқты, тез сүртіліп қалатын болса керек. Әсіресе, тойынған кезде. Қазақстан қазір, не болғанда да, тоғайды. Ұмытшақтығымыз содан болса керек. Мен өткен президенттік сайлау тұсында ол кісі туралы «Егемен Қазақстанға» «Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» деген көлемді мақала жазғам. Сол мақаламда президентіміздің елімізді экономикалық дағдарыстардан, саяси сапырылыстардан алып шығудағы ерен еңбегін айта келіп, қазақ мемлекеті үшін, қазақтың үлттык, мүддесі үшін атқарған төрт еңбегіне айрықша тоқталғам. Біріншісі, астананың Ақмолаға көшірілуі. Бүл оқиғаны мен стратегиялык. тарихи ұлы оқиға деп білем. Кез келген уақытта қолды болып кетуі немесе дау-дамай, алақұйын объектіге айналуы кәдік аймақты ың-шыңсыз бауырымызға кіргізіп алдық. Екіншісі, шекара мәселесі. Біреу олай, біреу былай десін, бәрібір шекарамызды бекітіп алдық. Бүл да — үлкен жеңіс. Өйткені қазір біз шекара бөлісе алмай бір-біріне алакөз болып отырған елдерді көріп отырмыз ғой. Ол дау-дамайлардың түбі немен тынарын қүдайым білсін. Үшіншісі, «Мәдени мұра» бағдарламасы. Ол да ұлтымыз үшін жасалынған игілікті іс болды. Тарихыңды, мұраңды танымасаң, болашағыңды тану мүмкін емес. Бірақ бұл игілікті істің, әттең, насихаты да, жұртқа таралымы да кемшін соғып тұр. Тек көңілге демеу болары, жиналған дүниелерді қайта басып шығару ісі үздіксіз жүре беретін процесс қой. Төртіншісі, оралмандардың елге келуіне жол ашуы. Квотаның аз бөлінуіне, келген ағайындарға жөнді жағдай жасалмауына, тағы да басқа проблемаларына қарамастан, бұл да президенттің айта қаларлықтай еңбегі деп білем. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл көш те бара-бара түзу жолға түсіп кетер деген үміттеміз.

— Әрине, бұл атқарылған істерді жоққа шығару қиын. Сөзімізді басқа арнаға бұрып алмай тұрғанда, бір сұрақты індетіп бітіріп алайық. Енді оппозицияның мақтайтын тұстарына да тоқтала кетсеңіз...

— Біздегі оппозиция жас. Оның әлі буыны бекіп, сүйегі қатып кете қойған жоқ. Оппозицияның шын мәнінде жарқырап көрінген кезі «Ақ жол» партиясының шаңырақ көтерген тұсы еді. Бәріміз де ол партияны үлкен күшке айналар деп ойлағанбыз. Бірақ өз араларынан жік шығып, өкінішке қарай, екіге жарылып кетті. Содан жұдырықтай жұмылған күштерін әлсіретіп алды. Қайта көтеріліп кетер ме еді, егер Алтынбек Сәр-сенбайұлы жауыздықпен өлтірілмегенде. Бұл қаза жұрттың бәріне ауыр тиді. Оппозиция Заманбек Нүрқаділовтің өлімі тұсында да, Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы тұсында да зор жігерлілік танытты. Ешқандай бұлтақтамай, ешқандай жалтақтамай, жоғары жақтан көп нәрсені принципті түрде талап етті. Әлі де талап етіп отыр. Болашақта да талап ете бермек. Әрине, қазір де оппозиция қарап отырған жоқ. Биліктің саяси болсын, әлеуметтік болсын, қазіргі жүргізіп отырған жұмыстарын үздіксіз сынға алуда. Майлап-сайлап, сылап-сипап жұртты алдарқатпай, түбегейлі саяси реформалар жүргізу керек екенін толассыз сөз етуде. Бүкіл Қазақстан денесін өрмекшініңторындай сыбайлас жемқорлықтың орап алғанын, ол тордан құтылмасақ еліміздің мүлде талан-таражға түсіп, тоналып, содан кейін әлдекімдердің артына жұтылып кететінін бүкіл дәлел-дәйектер көлтіріп, айтудай-ақ айтуда. Қараңғы жағы да, көлеңкелі жағы да жоқ ашық демократиялық мемлекет құрайық деп жатыр. Қазіргі жүйе тұсында ешқандай бағдарлама, соның ішінде бүкіл қоғам аса ділгір болып отырған инновациялық,-индустриялық бағдарлама да ешқашан жүзеге аспайды деп дабыл қағуда. Олардың білім, денсаулық салаларын дамыту жөнінде құнды пікірлері бар деп білем. Мен өз басым осы талаптардың көбісіне қосылам.

— Онда неге оппозицияға өтпейсіз?

— Бұл енді пластинканың екінші беті. Тағы да ол бет — мен үшін, тек мен үшін ғана емес, көп жұртшылық үшін де ең басты беті. Яғни, оппозициялық күштер бүкіл қазақ халқы үшін ең өзекті, ең көкейкесті мәселені, ұлт мүддесін мүлде жылы жауып қойған. Бейне бір ондай мәселе жоқ сияқты. Қарап отырсаң, бәрі де қабілетті, қайсар, білімді әрі білікті азаматтар. Қазактар.Бірақ қазақ халқының ұлттық мүдделерін ауыздарына алғылары келмейді. Әрине, ондай оппозицияға, дәлірек айтқанда, ұлттық рухтан жұрдай ондай оппозицияға жалпы қазақ, бірлі-жарымы болмаса, ермейді. Міне, біздегі оппозициялық күштердің ең осал тұсы, жазылуы қиын дертті тұсы — осы. Олар түптің-түбінде тарап кете ме, тарап кетпей ме, оны білмеймін. Білетінім, бұдан былай да олардың қатарының молая қоюы екіталай.

— Түсінікті, Енді биліктің осал тұсы, яғни даттайтын тұсы деп қандай мәселелерді атар едіңіз?

— Әрине, билік кейбіреулер айтып жүргендей, көзін тарс жұмып алған көрсоқыр, құлағын тарс бекітіп алған таскерең емес. Бірден сергектік танытпаса да, оппозиция айтқан кейбір мәселелерді кешеуілдеп болсын, біртіндеп енгізіп келеді. Оны оппозициялық күштердің өздері де айтып жүр. Жұрт та көріп отыр. Сондыктан әлгінде жоғарыда айтып өткеніміздей, оппозицияның қойып жүрген талаптарының біразы біртіндеп орындалуы да мүмкін. Біразы орындалмауы да мүмкін. Бұл заманда бәрі мүмкін ғой...

Бірақ, бұл жерде менің айтпағым басқа. Қарап отырсақ, билік пен опозицияның бір-бірінен аумайтын, бейне бір сол мәселе жөнінде бір-бірімен келісімге келгендей ұқсас жері де бар. Ұқсас жері — тағы да сол ұлттық мүдде мәселесі. Ұлттық мүддеге келгенде, яғни ұлттың омыртқасының ішіндегі жұлыны, өзегі болып саналатын тілге келгенде, екі жақтың да соншалықты салғырт, соншалықты немкетті бола қалатындары. Тіл – рухани анамыз. Ал анаңа, Құдай-ау, салғырт, немкетті қарауға бола ма? Онда сенің қатігез, жатбауыр болғаның ғой. Өйтіп сенің бар болғаныңнан не үміт, не қайыр? Жоғарыда, билікте жүргендердің бәрі дерлік казақ халқының перзенттері. Бәрі де қазақтың аялы алақанында, қазақтың омырауын еміп өскендер. Өз тілін, яғни өз анасын телмендетіп, телміртіп қоятындай, оларға соншама не болды? Не көрінді? Ең болмаса, олар осы елдің жерін қорғап, жандарын пида еткен аруақтардың, ата-бабаларының рухтарынан именсе қайтеді? Жоқ, шімірікпейді.

— Қаттырақ айтып қалып отырған жоқсыз ба? Президентіміз «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жатқан жоқ па?

— Деуін деп жатыр. Мен өз басым бұл сөзді алғаш рет естігенде сұмдық әсерлендім. Жалғыз мен бе, жұрттың бәрі сондай әсерде болды. Ертеңнен бастап Қазақстандағы бүкіл казақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп кететіндей көрдік. Бірақ олай болған жоқ қой. Қазір ол сөзді біз титімдей де зандық қуаты жок, жай бір көңіл аулау үшін айтыла салған сөз ретінде қабылдаймыз. Неге? Өйткені біз жоғарыға қарап үйренген халықпыз. Яғни, президенттің аузынан шыққан сөздің бәрін қақшып ап, сол сәтінде оны іске қосуға ұмтыла кірісетін үлкенді-кішілі шенеуніктерге қараймыз. Сол жоғары жаққа көз тігіп, құлақ тосыңыз. Ондағы қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп жатыр ма? Сөйлесіп жатқан жоқ! Қазақшаны шала-шарпы білетін премьер-министр Мәсімов мырза мен оның қарауыңдағы министрлердің бәрі қазақша сөйлеседі екен дегенге кім сенеді?! Немесе, Жақсыбеков пен Қарақұсова бір-бірімен қазақша сөйлеседі екен дегенге сіз өзіңіз иланасыз ба? Тіпті, менің президентіміз өзінің бала-шағасымен, немерелерімен қазақша сөйлесетініне күмәнім бар. Әлде олардың бәрі қазақтар емес пе? Сонда «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген «қанатты» сөзіңізде не қасиет, не қадір қалды? Соларды көріп, біліп отырған бер жақтағы қазақша білмейтін қазақтар бір-бірімен қалай қазақша сөйлөспек?! Сондықтан бүл сөз қазір рухани айналыстан шығып қалды деуге болады. Шыкпаса, тек желөкпелер мен желбуаздардың аузымен айтылады. Желөкпелер мен жел-буаздарға қазір кім сенеді?

— Мемлекеттік мекемелерге қазақша білетін қазақтар алынсын деген де сөз айтылды ғой...

— Әлденеше айтылды. Бірақ ол орындалып жатыр ма? Егер орындалып жатса, орындайық деген шын ниет болатын болса, онда қазақша білмейтін Мәсімов мырза премьер-министр болып тағайындалмас еді ғой. Президенттің өзі орындамайтын заңның көрегі не? Айтылған сөз қайда, атқарылған іс қайда? Алшақтығы жер мен көктөй. Оны айтасыз, президенттік аппарат пен Үкімет аппаратына барып көріңізші. Бәрі дерлік қазақ, бірақ бәрі дерлік орысша сөйлейді. Қазақша сөйлеп жүргендер ілуде біреу. Бейне бір сен Қазақстанның емес, Ресейдің билік орындарында жүргендейсің. Қүдай біледі, сол Ресейіңіздің субъектілері болып саналатын Татарстан мен Саха елінің билік органдарында да бұлай емес шығар. Сонда деймін-ау, айтылған сөз атқарылмаса, халықты алдап не керек?

— Көптеген облыстар мен министрліктер іс қзғаздарын қазақша жүргізуге көшкен жоқ па?

— Бұл әрекетке алғашқыда мен де сендім, сен де сендің, жұртшылық та сенді. Бажайлап қараған адамға бұл мәселе де «бақсам бақа екен» болып шықты. Өйткені қазақшаға көшті деген облыстардың бәрі де жоғары жаққа іс-қағаздарын екі тілде жібереді. Ал әлгіндей орысша сөйлеп отырған жоғары жақтағы аппараттардың қызметкерлері сенің жіберген қазақшаңды оқып отырады дейсің бе, әлбетте қасына қосақтап жіберген орысшасын оқиды. Сондықтан бұл мәселеде көңіл аулау ғана емес, көзбояушылық орын алған. Яғни, мундай кеңіл аулау, көзбояушылық тамыр салған жерде қазақ тілі ешуақытта өркендемейді, өрісін жаймайды. Бір жерді шиырлап жүреміз де қоямыз. Ал бір жерді шиырлап жүре берсең, ол жер алдымен таптаурын болады да, сонан кейін ол жерден тозаң мен шаң көтеріліп тозып бітеді. Құру деген сол. Өзіңіз қараңызшы, біз казір бірде былай, бірде олай жүгіріп, бір жерді айналып жүріп жатқанымыз өтірік пе? Жоғары жақтың бірде былай дегеніне де, бірде олай дегеніне де сеніп қаламыз. Оның бәрі әншейін алдарқату екенін кейіннен барып білеміз. Енді қазір сенуден де қалып барамыз.

Тағы бір мысал. Мәдениет және ақпарат министрі Ертісбаев мырза биылғы жылды өз министрлігінде «қазак, тілінің жылы» деп жариялады. Соны естігенде жерге кіріп кете жаздадым. Сонда не, олар келесі жылы кайтадан орыс тіліне көше ме?! Осыдан кейін қалай сенеміз?

— Сонда не істеу керек деп ойлайсыз?

— Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік, мәжбүрлік тудыру керек. Онсыз бәрі бекер. Ол үшін, ең алдымен Конституциядағы ресми тіл деген тармақты алып тастау керек. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте диаспораның тілі мемлекеттік жүйеде үстемдік құрмайды. Билеп-төстемейді. Әрине, Швейцария, Бельгия сияқты елдерде мемлекеттік тіл бірнешеу. Бірақ ондағы халықтар өздерінің ежелден келе жатқан атақоныстарында отыр ғой. Ал біздегі халықтардың қазақтардан басқаларының бәрі — диаспоралар. Диаспора деген ешқандай қорлық та сөз емес, шеттететін де сөз емес. Тек не нәрсені де өзінің атауымен атау керек. Олардың диаспора болатын себебі, олардың ата-бабалары біздің ата-бабаларымызбен тізе қосып, осы ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Қанын беріп, жанын берген жоқ. Қазақ жерін қазақ қана қорғады. Яғни, ел иесі де, жер иесі де — қазақ! Әрине, бізге келген халықтардың біразы зорлық-зомбылықпен келгендер. Оларға ең алдымен қазақтар қамқор болған. Паналатқан. Қолындағысын бөліп берген. Қазір де оларға ешкім кет деп жатқан жок,.

— Көп ұлтты, көп дінді мемлекетпіз деп жатырмыз ғой...

— Міне, осы дұрыс сөз емес. Мәселен, Түркияда 13 миллион күрд бар. Олар ата коныстарында отыр. Басқа да ұлт өкілдері толып жатыр. Бірақ түріктер біз көпұлтты мемлекетпіз деп ешуақытта айтпайды. Олай десе, Түрік мемлекетінің мәртебесі төмендейді. Францияда да, Германияда да, Англияда да диаспоралар толып жатыр. Сонда олар ақымақ та, біз ақылдымыз ба?

— Керісінше сияқты...

— Біз өзімізді қазақ еліміз, қазақ мемлекетіміз дейміз. Кеуде ұрғанда жер дүниені дүңкілдетіп жібереміз. Шыққан биігіміз мынадай-мынадай деп айқайлағанда дауысымыз Алатаудан асып кетеді. Ал рухани шыққан биігіміз соншама пәкене, соншама пәс. Әйтпесе, рухани биік, рухани асқақ ел диаспораның тілінде сөйлеуші ме еді?! Қазір қазақ халқы өз жерінде (!), өз елінде (!) диаспора сияқты. Олай демей не дейін, қалалардағы көше аттарын сұрасақ та біреулерден жалынып-жалпайып жүріп сұрап аламыз. Қазақша мектеп ашып беріңдер, қазақша балабақша керек деп иіліп-бүгілетіндер де — қазақтар. Диаспора ғана осылай етеді. Кейбір елдерде диаспора ештеңе сұрай да алмайды. Бүйте берсек, күндердің күнінде біздің де ештеңе сұрай алмай қалуымыз мүмкін.

Бүгінде қазақ тілі декоративті тілге айналды. Өзіміз күнде көріп отырмыз ғой, президентіміз бастап, қалғандары қоштап жиын біткеннің бәрінде бас жағында 5-6 минут, соңында 3-4 минут қазақша сөйлейді. Яғни, мемлекеттік тілде мемлекеттік мәселелер шешілмейді. Бүл — қорлау. Қазір мен өз жерімізде өзіміздің диаспора деңгейіне түсіп кеткенімізге таңқалам. Орыстар республика халқының 25-26 пайызы ғана. Қалған ұлттар мен ұлыстар 3 пен 1 пайыздан аспайды. «АиФ» газетінен мынадай ақпаратпен танысқаным бар: Ресей ең жақын тұтатын Арменияның өзі және бірқатар ТМД елдері орыс тілін шет тілі, қалған бірқатары оны шағын халықтар тілі деңгейіне ысырып тастапты. Белгілі орыс режиссері, қоғам қайраткері Говорухин «Известия» газетіндегі сөзінде россиянин және орыс деген сөздерді синоним ретінде қарастырыпты. Яғни, ол үшін өздерін россиянинбіз дейтіндердің, яғни татарыңыз да, башқұртыңыз да, қалмағыңыз да — орыс. Енді мен саған мынадай бір мысал келтірейін. Көктерек деген ағаш бар. Сұлу ағаш. Біз көріп жүрген теректердің қай-қайсысынан да әдемі. Жапырақтары алақандай-алақандай. Діңгектері де жұп-жуан. Бұтақтары да, бір қарағанда, қайратты. Жасыл бояуы сыртқа теуіп тұратын тоқ. Айналасындағы қай ағаштан да әрі айбарлы, әрі қуатты көрінеді. Бірақ, сол ағаш қатты дауыл соққанда бірінші боп құлайды. Оның қасында бұта сияқты жарбиып көрінетін жиде, қарағаштар құламайды. Неге? Өйткені көктеректе күре тамыр жок, сол күре тамырмен жалғанып жататын өзек жоқ. Түсініп отырсыз ба, өзек! Біз де қазір сол көктерек сияқтымыз. Мемлекетімізде өзек жоқ. Қазақ халқы Қазақстан мемлекетінің өзегіне айналмай тұр. Бұл қауіп пе? Қауіп. Құдай бетін әрі қылсын, егер дауыл соға қалса, әрине көзге қораш көрінетін жиде, қарағаштар аман қалады. Ал көктеректей сән-салтанатымыз келісіп тұрған, бірақ өзегі жоқ біздің күніміз не болмақ? Өлең жазатын адаммын ғой, тағы бір метафора келтіре кетейін. Біз мемлекет құрылысын енді салып жатқан елміз. Ал кез келген құрылыс арматурасыз салынбайды. Іргетасында да, ұстап тұратын ұстындарында да арматура болуы керек. Онсыз қай құрылыс та жай бір сілкіністен құлап қалады. Мемлекеттік құрылыстағы арматура — ұлттық рух. Кез келген мемлекетті ұстап тұратын бір ұлт. Яғни, Ресейді ұстап тұратын арматура — орыс, Германиянікі — неміс, Франциянікі — француз. Ал біздікі кім? Белгісіз. Өйткені біз «көпұлтты мемлекетпіз». Біз қазір Кеңес одағының түбіне жеткен интернационализм идеясын ұстанып отырмыз. Өткеннен сабақ алмайтынымыз калай? Түсінбеймін.

— Мемлекеттің көпұлттылығы еліміздегі тұрақтылықтың кепілі деп жатқан жоқпыз ба?

— Тұрақтылықты қаламайтын адам түп-тамырымен жойылып кетсін. Кім тұрақтылықты қаламайды? Бірақ тұрақтылық тек бүгін ғана емес, ертең де болуы керек қой. Біз үшін, тіпті барлық халық үшін де, ертеңгі тұрақтылық бүгінгі тұрақтылықтан да қымбат. Өйткені ертеңгі күні біздің ұрпағымыз өмір сүреді ғой. Бірақ ол тұрақтылық мемлекетті құраушы халықтың есебінен жүргізілмеуі керек. Бірден айтайын, өзінің мемлекетінде өзінің тілін шын мәнінде мемлекеттік тілде сөйлете алмай отырған халықтың ішінде қордаланып қалған бүгінгі өкпе-наз бұрқ етіп түтеп шыға келетін ашу-ызаға айналуы мүмкін. Оны бүгіннен бастап ойламау - ертеңгі тұрақтылықка қатер.

Қазір бүгежектемей турасын айтатын болсақ, қазақ халқының ұлттық мүддесі өте мүшкіл халде. Алдарқатқанға халық сенуден қалып барады. Бір газеттен оқыдым, белгілі бір қадірлі депутатымыз қазақ тілі құрып барады, оны құтқаруға қолұшын беріңіздер деп ОБСЕ-ге хат жазыпты. Қайтсін, амалы таусылған ғой. Қазір біздің жанымыз нала, тәніміз жара...

— Алдымен неден бастау керек деп ойлайсыз?

— Жаңа айттым ғой, Ресейде орыс тілін білмесең өмір сүре алмайтының сияқты, Қазакстанда да жұрттың қазақ тіліне деген қажеттілігі мен мәжбүрлілігін тудыру керек. Орыс тіліне деген кіріптарлықтан сонда ғана құтыламыз. Ол үшін алдымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қазақтар болсын, қазақ еместер болсын, оларға қазақ тілін білу керек деген қатаң талап қойылсын. Ол талап әйтеуір айтыла салған сөз болмай, толық іске асуы керек.

Осы жерде орыс газеттерінен оқыған бір ақпаратты келтіре кетейін. Былтыр Ресейдің Ульяновск қаласының әкімшілігінде істейтін шенеуніктерді тестіден өткізген. Бүкіл шенеуніктер орыс тілінен диктант, шығарма жазған. Қате жіберген шенеуніктердің бәрі жүмыстан шығарылған. Міне, өз тіліне деген қамқорлық. Ал біз болсақ, айтамыз да, ол айтқан сөзіміздің үдесінен шыға алмаймыз. «Уа, аса мәртебелі президент мырза, айтқан сөзіңіз бен ісіңіз қабыспай жатыр ғой!» деуге шамамыз жетпейді. Айтпақ түгілі, бұл ретте түк бітпей жатса да мақтаймыз кеп, мақтаймыз кеп... Әрине, президентті сыйлау керек, құрметтеу керек. Бірақ ұлттық мәселе сияқты аса үлкен мәселеге келгенде, қателігі болса, айтуға міндеттіміз. Өйткені ол да мен, сен сияқты казақтың баласы. Бұл мемлекет қазақтың арқасында мемлекет болып отыр. Олай болатын болса, президент басқа ұлт өкілдеріне түсіндіре отырып, ең алдымен, қазақ халқының мүддесіне, оның тілінің мәртебесі мен мерейін өсіруге қызмет етсін. Әріберіден кейін бұл жұмыс оның президенттігімен бірге перзенттік те борышы. Алдарқатудың, көңіл аулаудың түк те қажеті жоқ. Табанды, нақты іс керек. Несін жасырамыз, бізді қазір орыстілділер билеп-төстеп отыр. Ең алдымен осы бір жағымсыз құбылыстан арылған жөн. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін маман азаматтар жеткілікті.

— Солай бола тұра, қазақтың ұлттық мүддесі деген мәселеге келгенде басқа ұлт өкілдерінің тек бірен-сараны болмаса, көбісінің қырын қарайтыны несі?Солар кезінде қазақ халқынан қайырым мен мейірімнен басқа жат қылық көрген жоқ. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Бұл ең алдымен Кеңес одағы кезіндегі бізге қарсы жүргізілген сұмпайы идеологиядан. Сол сұмпайы идеология қалыптастырған психологиядан. Бізді де, басқаларды да ол кезенде қазақтар ғасырлар бойы сауатсыз болған, тарихы да, мәдениеті де жоқ көшпелі тірлікте, яғни тұрпайы, жабайы деңгейде өмір сүрген деп оқытты ғой. Оған өзімізді де, өзгелерді де иландырып бақты. Ең, сұмдығы, бұл сөздерді тағы да өз аузымызбен айтқызды. Ал өзің «мен осындай сорлы, бейшара едім» деп сарнап тұрсаң, басқа жұрт сені қалай ғана сыйлай қоймақ? Сорлы, бейшараны кім сыйлаушы еді?! Ал тәуелсіздік алғаннан кейін де оларға өзімізді танытатындай ештеңе жасай алмай жатырмыз. Рас, тарихымыздағы ақтаңдақтар біршама ашылды, мәдени, рухани мұраларымыз айналысқа түсе бастады. Бірақ оларды негізінен өзіміз ғана оқып-біліп жатырмыз. Яғни, өз бидайымызды өзіміз қуырып жеп жатырмыз. Бізді танып-білсем деген басқа халықтардың ынта-ықыласы жоқтың қасы. Басқа жұрт түгілі, космополиттік санамен өмір сүріп жүрген орыстілді қазақтардың өздері де қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, мерейінің өсуіне мүлде ынталы емес. Олардың ішіндегі қазақтың тарихын, мәдениетін біледі деген азаматтардың өздері қазақ тілін, мүмкіндігі болса, шеттетіп тастауға даяр жүр.

— Атап айта аласыз ба?

— Атап айтқанда, солардың үлгісі, эталоны — бүкіл халық алақанына салып ардақ тұтатын Олжас Сүлейменов. Ол кісіге ұстанып отырған позициясының дұрыс емес екенін жұрттың бәрі айтудай-ақ айтып жатыр. Мен де айтқам.

Былтыр Олжекеңнің 70 жылдығына орай ҚазҰУ-дің Студенттер сарайында кездесу өтті. Соның алдында ғана ол кісіні, сіздердің газеттеріңізде болу керек, «мен қазақ тіліне қарсы емеспін, бірақ оның әлі көптеген проблемалары бар, алдымен соларды шешіп алайық» деген іспетті мақаласы шыққан. Маған сөз бергенде мен Олжас Сүлейменов деген есімнін тек әдеби ғана емес, тарихи тұлға екенін айта келіп: «Құрметті Олжеке, сіз алдымен қазақ тілінің проблемаларын шешіп алайық дейсіз, бірақ барша тірі дүние сияқты тірі тілдің де проблемалары ешуақытта таусылмайды, тек өлі тілде ғана проблема болмайды», — дегем-ді. Басқа жұрт та толассыз айтып жатыр. Дей тұрғанмен, менің көзімнің бір жеткені, қазіргі таңда ол кісі қазақтың пікірін құлағына ілуден қалған адам. Оның өткен жолын, атақ-абыройын, құрметтей отырып айтар болсақ, дәл осы кезеңде Олжас Сүлейменов қазаққа, өкінішке қарай, жат, бөгде. Ол қазір ешқандай қауіп төніп тұрмаса да, орыс тілінің корғаушысы, қолдаушысы. Міне, содан болса керек, ол Путиннің жарльғымен Ресей орденімен марапатталды. Енді ол бұл бағытынан мүлде қайтпайды. Міне, қазақ халқының қазіргі ұлттық мүддесінің хал-күйі. Ашығын айту керек,бүгінгі таңда қазақ тілі қазақ халқы алақанына сап көтеріп отырған азаматтарының өзінен теперіш, шет қақпай көріп отыр. Олай демей не дейін, Олжас Сүлейменов сияқты азаматтарды былай қойғанда, қазақ тілін бір кісідей білетін президентіміздің өзі шетелдерден келіп-кететін қонақтармен немесе өзі шетелдерге шыққанда және басқа да ресми кездесулерін тек қана орыс тілінде өткізеді ғой. Апыр-ау, жапон, ағылшын, неміс, француз, арабтар ол кісіге «жоқ сіз бізбен тек қана орыс тілінде сөйлесіңіз» деп талап қоймайды ғой. Өзі ғой қазақ тілін ысырып тастап, орыс тілінде сөйлесетін. Әйтпесе, дәл қазір, Құдайға шүкір, сол тілдердің бәрін меңгеріп алған қазақ тілді аудармашылар жетеді. Бұл жерде әңгіме ниетте. Ниет жоқ.

Дипломатиялық корпустарымыз да солай. Бәрі орысша.

Осылардың бәрін күнделікті көріп отырған өзін сыйлайтын әрбір қазақ, сөз жоқ, өз ана тілінің болашағына қатты алаңдаулы. Өйткені айтылып жатқан сөз басқа, жасалынып жатқан іс басқа. Әлемдегі бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосыламыз дейміз, сонда біз сол елу елдің қатарына диаспораның тілімен сөйлеп барамыз ба? Ұят қайда? Менің көңілге мықтап бір түйгенім, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды қазақ ұлтының мемлекеті етуді ойламайтын сияқты. Ішкі рухани қуатын жұмсағысы келмейтіндей. Яғни, ол Ататүрік те, Махатхир де емес. Өкінішті...

– Оның есесіне халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді ғой.Экономикамыздың қарқыны жаман емес. Жалпы ішкі өнім барған сайын артып келеді. Бір сөзбен айтқанда, көйлек көк, тамақ тоқ...

— Бәрі рас. Мынадай байлық үстінде отырып, олай болмауы мүмкін емес. Қаншама байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті дегенмен, әйтеуір дастарқанымыз нансыз, қалтамыз тиын-тебенсіз емес.

Бірақ, бұл жерде де қазақ халкының мүддесі дұрыс қорғалып жатыр деп айта алмаймыз. Қорғалмақ түгілі, аяқасты болып жатыр. Әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздіктің құрбаны болуда. Құрбаны болуда демей не дейін, егер олар сол әлеуметтік теңсіздікке қарсы әрекет етсе, бірден солар айыпты боп шығады.Бұған Теңіздегі, Ақтаудағы, Байқоңырдағы оқиғалар мен мәселелерді қосыңыз. Бұл оқиғалар мен мәселелердің арғы астарына үңіліп қарасаңыз, олардың бәрі қазақ халқының ұлттық, мүддесінің мүлде ұмыт қалуынан, елеп-ескерілмеуінен туындап жатыр. Таяу арада бір газет жазды, Қарашығанақтағы жергілікті жұмысшылар сырттан келетін жүмысшылардан жеті есе аз айлық алады екен. Яғни, қазақ өз жерінде құл болып жүр деген сөз. Неткен масқара! Басқа мемлекеттер өз халқының әлеуметтік жағдайына осылай қарай ма? Қарамайды! Алдымен өз халқының жағдайын жасайды. Мұндай қорлыққа жол бермейді. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Қарап отырып күйінемін, ашынамын. Күйінбей, ашынбай кайтесің! Қазақтар қазір өз жерінде өгөйлік көріп отыр. Кез келгеннен теперіш көруде. Мен саған бір оқиға айтайын. Ертеректе болған оқиға.Қыстың көктемге ауысатын аласапыран тұсы болса керек. Аяқ астынан қатты боран соғады. Жылқылар өкпек желден ықтап жөңки жөнеледі. Жылқышылар қапталдасып, қалмай жүріп, иесіз қалып қойған көне бір қораның қалқасына жөңкіген жылқыларды әупірімдеп жүріп әрең кіргізеді. Сонан кейін қорадағы көңді қопарып жіберіп, от жағып жылынуға кіріседі. Біраздан кейін бір жылқышы жанындағы көңнің арасынан, сабынан үзілген қамшыдай боп созылып жатқан жыланды суырып алады. Әлгінде көң аударыстырып жүргенде сыртқа шығып қалған жылан суықтан мүп-мүздай боп қата бастаған екен. Әлгі жылқышы жыланның сауабын алғысы кеп, оны отқа жақындатып жылыта бастайды. Шамалыдан кейін оттың қызуынан жыланға жан кіреді... Енді тағы бір шамалы уақыт өткенде жылан тіпті әлденіп кетеді. Оны ұстап отырған әлгі жылқышы жыланның бүлғақтап, шиыршық ата бастағанын қызықтап, жолдастарына көрсетпек боп, оны тағы көтере бергенде, жылан... жылқышының қолын шағып алады. Жыланның тіліндегі қыс бойы пісіп, әбден құтырып тұрған у жігітті сеспей қатырады. Мен осы оқиғаны есіме алған сайын өз халкымды есіме алам. Ол да тоңғанды, жаурағанды жылытам деп құшағына алып, бауырына басып, пана болып, ақырында сонысынан өзі опық жеп, уланып, қаншама рет өлім аузынан қалған жоқ па?!Әсілі, жыланға мейірім жүрмейді-ау. Біз осы ащы сабақтан тағылым алар ма екенбіз?!Экономикамыз асып жатыр, байлығымыз тасып жатыр деп күмпілдей бергенше, ең алдымен осындай мәселелерге көңіл бөлу керек. Осының бәрі өз байлығымызға өзіміздің ие бола алмай қалғанымыздан. Кезінде келісім-шарттардың дұрыс жасалмағанынан. Қазір энергетикалық ресурстарымыздың 85 пайызы шетелдіктердің қолында. Ал Ресейдің энергетикалық ресурстарының 27 пайызына ғана шетелдіктер иелік етеді. Осы жылдың басында Мюнхенде болған халықаралық конференцияда Путин осының өзін көп деп ескертіп өтті. Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда қазақ халқы әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартудай-ақ тартып отыр. Біз кереметпіз деп дүңкілдетіп кеуде соға бергеннен гөрі, осы бір көкейкесті мәселелермен дұрыстап айналыспаймыз ба? Бар нәрсені ешкім де қолымыздан тартып алмайды, ең алдымен жоқ нәрсемен шұғылдану керек.

— Қазір біз баймыз деп жатырмыз ғой. Миллиардерлеріміз де жыл санап көбейіп келеді...

— Бай екеніне баймыз. Ұлттық қордағы қаржымыздың өзі 17 миллиард долларға жақындады. Бірақ ол ақша қазір біздің мүддемізге қызмет етіп жатқан жоқ. Болашақта қызмет ете ме, етпей ме, оны бір Құдайдың өзі біледі. Ресейде де Тұрақтылық қоры дейтін қор бар. Путин өзінің жолдауында оның бір бөлігі елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалатынын айтты. Егер біз де ұлттық қордың бір бөлігін сыртта жүрген қандастарымызды көбірек алып келуге, оларға жағдай жасауға жұмсасақ, болашағымыз үшін қаншама игілікті іс тындырған болар едік.

Байлар мен кедейлер арасы барған сайын алшақтап барады. Байлар одан сайын байып, ал кедейлер өлместің күнін көруде. Елдің байлығы байларының санымен өлшенбейді. Елдің байлығы елдің тұтас әл-ауқатымөн өлшенеді. Жапонияны бай еткен не? Орта бизнес. Ал бізде орта бизнес өлімші халде. Газеттен оқыдық, Жак Ширак президенттіктен кетер кезде өз мүлкіне Франция заңы бойынша декларациясын жариялады. Бұдан 3-4 жыл бұрын жарияланған декларация бойынша оның байлығы 1 миллион 720 мың еуро болған екен. Ал президенттіктен кетер кезде оның байлығы 1 миллион 400 мыңға азайып қалған. Азайып қалған себебі, қала ортасындағы өзінің жеке меншік үйін қызына сыйға тартыпты. Францияны он екі жыл бойы билеген кезінде Жак Ширак қызына жібі түзу жөнді бір үй алып бере алмаған. Ал біздің президенттің қыздары мен күйеубалаларының, інілерінің басқа байлықтарын былай қойғанда, қаншама коттедждері бар. Судың да сұрауы болмайтын ба еді?! Түптің-түбінде олардың да бір сұрауы болар-ау.. Басқа жақтан мысал іздемей-ақ, Қонаевты мысалға алайықшы. Бәріміз жақсы білеміз, Колбин келген бойда бірден Қонаевты тексерудің астына алды. Бірақ, тырнақ ілінерліктей ештеңе тапқан жоқ. Неткен таза, неткен адал адам еді десеңші! Көзінде жарық көрген шығармаларына алған қаламақыларына дейін балабақшаларға аударып отырыпты. Түбіртектерін сақтап, тігіп қойыпты. Жалпы қоғам құнығып барады. Қазір «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген психология берік орнықты. Ондай жерде халық қамы, ұлттық мүддені түбегейлі шешу мәселесі ұмыт қалады да, оның орнын алдарқату, алдау, көзбояушылық басады. Біз дәл қазір, өкінішке қарай, осындай кезеңді бастан кешіп отырмыз. Мен саған «Көк түрік қағанына қарт абыздың айтқаны» атты өлеңімді оқып берейінші:

Уа, аспанның суына,
Тәңірінің нұрына
Шомылып отырған
Ұлы Қағаным,

Алдыңа кеп
Белімді бүгіп,
Басымды иіп тұрмын.
Аяғыңа жығылып,

Сүйрік саусақтарыңды
Сүйіп тұрмын.
Мен сені бүгін
Мақтайын деп те

тұрғаным жоқ.
Ақиқатты аттап
Бәле-жаладан
Ақтайын деп те

тұрғаным жоқ.
Тәңірінің дәргейі мен
Пәрмені арқасында
Мұртыңнан май,

Сақалыңнан бал ағып тұр ғой.
Ал, халқыңа карашы,
Жаман-жәутікке айналып
Жан бағып тұр ғой.

Қатын, балалары
Зар қағып тұр ғой.
Соларға көз салсаң қайтеді.
Әлде күндей көзіңді

Шел басып қалды ма?!
Көлдей көңіліңді
Шөл басып қалды ма?!
Ел басына күн туса

Шоқпыт киген
Кілең жаман-жәутіктер
Сермеп қылыш сілтеп,
Шіреп найза ұра ала ма?!

Сенің алтын тағың мен
Алтын шатырыңды
Қорғап тұра ала ма?!
Ойлансаң қайтеді!

Сен сенген
Уәзірлер мен бектерің
Шексіз қазынаңның
Алтынын дорбалап,

Күмісін арбалап
Тасып жатыр.
Қырық күн ойын,
Қырық күн тойын жасап

Асып-тасып жатыр.
Тыйым болмай ма?!
Нұр дидарлы Ханым,
Ай дидарлы Ханшалар мен

Нұр дидарлы Ханзадалар
Елді ит құрлы көрмей,
Сөзін бит құрлы көрмей
Басынып барады.

Уа, Ұлы Қағаным,
Халқың ыза мен намыстан
Жарылардай боп
Ашынып барады.

Мойындарына қыл шылбырлы
Құрық салмайсың ба?!
Ауыздарына қара тастай ауыр
Құлып салмайсың ба?!

Цин елінен келгендердің де,
Сұм елінен келгендердің де
Көңілін табамын деп
Біреуіне иіліп,

Біреуіне бүгіліп барасың.
Неге сен бірақ
Өзіңді ақ киізге орап,
Ақ сүтке шомылдырып,

Ақ түйені сойып
Қаған еткен еліңнен
Түңіліп барасың?!
Шалқайғанға шалқайып,

Еңкейгенге еңкейіп,
Тік келгенге
Тік келсең қайтеді?!
Шік келгенге – шік,

Бүк келгенге
Бүк келсең қайтеді?!
Бәрі де –
Жел сияқты! –

Келеді, кетеді.
Уа, Ұлы Қағаным,
Суы мен ауасын жұтқызып
Саған қуат берген

Жеріңмен бірге бол!
Сені қаған етіп
Алтын таққа отырғызған
Еліңмен бірге бол!

– Тем-аға, өзіңіз жақсы білесіз, жақында саяси реформаның басы ретінде Конституцияға өзгертулер енгізілді. Сіздің осы өзгертулерге көзқарасыңыз қандай?

— Әрине, бүкіл ел болып көптен күткен бұл реформаның, кім қалай деседе, мүлде болмай қалғанынан болғаны дұрыс. Олардың кейбіреулері бүгін толыққанды жұмыс істемесе де, ертеңгі күні жұмыс істейтін болады. Бірақ мен, не болғанда да, екі мәселені қабылдай алмаймын.

Біріншісі – халық Ассамблеясының ұсынысымен өзге ұлт өкілдерін депутаттыққа сайлау. Құдай-ау, Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің кетіп жатқан есесі жоқ қой. Қазақстанда қазақ мүддесі ғана бар. Кетсе, қазақтың ғана есесі кетіп тұр. Енді қазақ мүддесі бұрынғыдан да нашарлай түседі. Бұның түбі жақсылыққа апармайды. Екіншісі – тұңғыш президентіміздің қанша сайланамын десе, сонша сайлана алатындығы. Немене, сонда қазақ халқы ел басқара алатын басқа азаматты тууға қауқарсыз болғаны ма?! Мұны мен өте ұят деп білем. Өз халқын бұлай кемсітуге болмайды.

— Рахат Әлиев оқиғасы туралы не айтар едіңіз?

— Кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы «Рахат Әлиевтің елге оралуы — қантөгіс» деп айтқан болатын. Айтқаны айдай келді. Оны 2001 жылы-ақ аластап тастау керек еді. Рахат Әлиев — ылаң, бүлік, ойран. Президенттің бұл шешімін бүкіл жұртшылық қолдап отыр. Әрі қарай да осындай батыл шешімдер керек-ақ...

— Тағы бір сұрақ. Ертең жазушылардың көзекті Құрылтайы ашылады. Бұл Құрылтайдан не күтесіз?

— Өткен-кеткеннің бәрін теріп, Қазақстан Жазушылар одағының қоғамдық рөлін айтпай-ақ қояйын. Бір-ақ оқиғаны еске түсірейін. Кезінде Жазушылар одағы Колбиннің тізесін дірілдеткен еді. Сондықтан мен жазушы қауым ұлт мүддесін өз мүддесінен биік қоятын ірі мінезді, жігерлі бір азаматты сайлап алады деп ойлаймын. Күтетінім осы.

— Әңгімеңізге рахмет!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙