TELEGEI

Home

Аудармалары

Ілияс Жансүгіров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аудармалары

Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасы ақын дарынын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көрсетеді. Тақырып өрісі кең, көп қырлы шығармашылығы – өнімді еңбектің нәтижесі. Кез келген туындысы елдің тұрмыс-тіршілігі, халық тағдыры тақырыптарына арналады. Қуатты суреткерлік дарыны шығармаларының бояуын...

М. Ю. ЛЕРМОНТОВТАН

АҚЫННЫҢ ӨЛІМІ

Ақын өлді - ардың құлы құлады,
Өсек, жала, ғайбатпенен былғанды.
Көкірегінде оқ, кектің оты шөлімен,
Менмен басын иді дағы сұлады.

Майда қорлық масқарасын, күңкілді
Көтермеді ақын жаны, жеркенді:
Қарсы шапты жеке-дара қауымға,
Ол ежелден еді жалғыз - өлтірді!

Өлтірді!.. Енді жылап-сықтау не?
Шулап босқа, даурығып құр мақтау не?
Ердің басын ермек етіп жыртаққа,
Өшер өртті үрлеп әдей жандырған.

Ал енді не? Масайраңдар! Өлді ғой,
Азапқа әбден шыдамай жан берді ғой!
Қуаныштың гүлі солып қалды да,
Даналықтың нұрлы шамы сөнді ғой.

Оны өлтірген арсыз, қансыз сұм жендет,
Салқын қанмен салды соққы, болды мерт!
Қуыс жүрек соғады тек жай ғана,—
Қалтырамай қолындағы пистолет.

Неткен сұмдық!.. Бізді пәле басты ма,
Жүз-жүздеген қалдық қашқын астында.
Бақыт аулап, шен қуалап жүргенді
Тағдыр бізге шеттен арнап шашты ма?

Жат жер заңын, ел нысанын көрді жек;
Ақынымызды аямастан көрді көп.
Жауыз жендет осы қанды сағатта,
Кімге қолын көтергенін білген жоқ!

Қызғаныштың құрбаны боп өлген бір
Ақынға арнап айтқан еді әсем жыр,
Сол ақындай жауыз қолдан майданда,
Өлтірілді ол - құшағына алды көр.

Тыныштықты, шын достықты тәрк етті,
Оны тастап жат дүниеден не күтті?
Еркін көңіл, отты құмарлығына
Тар, қаскүнем дүниеге неге өтті?

Қансыз қуға қолын неге берді екен?
Жалған жылмаң, сөзге неге сенді екен?
Ол танысса керек еді кісіні,
Бала жастан білмейтіні кемде-кем?

Басындағы балғын гүлін алыпты,
Жай жапырақ, тікен тәжді жауыпты,
Заһар тікен, зәрлі инелер қадалып,
Ұлы басқа улы дертін жайыпты.

Надандықтың сықақ қой сұм сыбыры,
Улады оны, уланды да көз жұмды,
Құсасында үмітінің алданған
Кек алуды көксей-көксей ол өлді!

Тыңды даусы әсем әні.
Енді естілмес, жапты көр:
Ақын жайы тар, қараңғы,
Ауызына бастыр мөр.

Мазағы боп қорланғанның сор, бағы,
Құл табаны таптап тамұқ ұнтағын.
Аты шыққан азғындықпен атаның
Сендерсіңдер әйгілі паң ұрпағы.

Ай, сендер-ай, тақта тұрған қорқау топ,
Бостандық, даңқ, даналықта жендет боп!
Тығылғандар қалқасына законный,
Сендерге сот, хақиқаттың тілі жоқ!

Бірақ бар, бар тәңірі соты, қар қауым!
Тосып отыр, тігіп қатты қаһарын,
Алуға оны алтын әлі жетпейді,
Іс, ниетің оған бұрын мағлұм.

Жамандауға, жалалауға құр далбас,
Етсеңдер де, ешбір жәрдем қыла алмас.
Барлық қара қандарыңды құйсаң да,
Ақынның ақ қанын ешбір жуа алмас!

ТҰРМЫС ТОСТАҒАНЫ

Тостағынан тұрмыстың
Таңулы көзбен жұтамыз.
Ернеуін алтын ыдыстың,
Жаспен жуып, тұтамыз.

Таңылған мықты көз байлау,
Өлерде көзден жұлынса,
Баршасы, алдау, жарқылдау,
Сол байлаумен құрыса.

Көреміз сонда, біз құмар:
Бостығын алтын кесенің,
Ондағы сусын - құр қиял
Біздікі емес екенін.

ҚАНЖАР

Ұнатамын сүйкімді болат қанжар,
Ақшыл, салқын, жолдасым өзіме аужал,
Сені соққан грузин сақ ұстасы,
Еркін черкес қайраған тілеп жанжал.

Балауса қол басында берген маған,
Айрылғанда «ұмытпа» деп арнаған.
Қан емес, қасиетті малшыған жас;
Ішкі өртім ұшқыны еді маржан.

Қара көз қадалғанда назарланып,
Қайғы атқарған жасырын күйіп-жанып...
Жалындағы болаттай дір-дір етіп,
Кейде күңгірт, кейде ашық ажарланып.

Сен сапарда бергенсің бейбіт өмір,
Бірақ жан-жақ қалдырған сенен көңіл.
Мен ауыр жан болайын, айнымайын,
Сен қандайсың? Қандайсың, достым темір?

ТІЛЕК

Қараңғы маған, қамауды аш!
Көрсет жарық күн көзін!
Қара жалды көк жорға ат,
Бер, қара көз ел қызын.

Біржола бер көк дала,
Сол атпен ойнақ салайын.
Жат қолында сыбаға,
Жақындайын, қарайын.

Тозған, шірік болса да,
Кемеше берсең басымен.
Жалпылдап сұр желкені,
Сырлас болсын жасылмен.

Кетермін сонда теңізге,
Машақатсыз, әм дара...
Серуендерміз сол маңда,
Жұбанармын мәз болып,

Әпербақан жанжалда.
Биік-биік сарай бер,
Айналасы жасыл бақ.
Кең көлеңке саяда,

Көрейін мейіз су моншақ.
Сылдыр қаққан фонтаннан,
Ақ меруерттей су ақсын.
Ұжмағында тәтті ойдың,

Елжіреп ойым, жан жатсын.
Сондағы мені сол фонтан,
Суық су бүркіп жаңалап,
Ұйықтасын да оятсын.

ЧЕРКЕСТЕР

Алтын күн аспандағы таудан кетті,
Алқапты мастандырып ұйқы жетті.
Батыста қызыл шабдар шапақ сөніп,
Алыста талған дауыс шың-шың етті.

Даланы ауыр, күңгірт басты тұман,
Аспанда «тұлқатын» тұр жымыңдаған.
Далада жайылған мал көрінбейді,
Жалғыз-ақ тағы марал дөнде орғыған.

Жүгірген көкше қасқыр тауға таудан,
Қомағай, қызыл көзі қанталаудан.
Дудар бас кәрі еменнің тақымында
Іні бар: соған кіріп қалқалаған.

Мылтықты қырағы көз, сұрша мерген,
Қапталдап жүгіреді оны көрген.
Байлауда тарлан тазы, екі күшік,
Тыншымай тұр жұлқынып, қыңсып үрген.

Жып-жым-жырт, барша тоғай, барлық дүлей,
Естілмейді зауза даусы әлсіремей.
Жалғыз-ақ ойнақ салған жаздың желі,
Бадалдың басын желпіп тыным бермей,

Қалыңда «көк-көк!» дейді көкек көкке;
Көлеңке, көк қойында қонып жеке.
Шырт түнде қара қарға қаңқылдайды,
Қылғандай түнді мазақ, иә күлкі.

Жабайы жақдарлардың қысанында,
Сарқырайд асау Терек, күшті ағында.
Дірілдеп көбік көпіріп суда билеп,
Алады жарын жауып құшағына.

ІІ

Тұншығып қараңғыға оранды аспан,
Тұманда ай өлусіреп түсі қашқан.
Түнгі жел құзға біткен шөпті шайқап,
Тербейді сылдыратып мызғытпастан.

Бұлдырлап қорған денде, алыстағы,
Онда орыс күзетшілер найза ұстайды,
«Ұйықтама, арғы жақта чечен жүр!» — деп,
Біріне-бірі қатты дабыстайды.

Атты әне, дәлдеп тиді атылған оқ,
Шапшып кеп ұшты қазақ жұрындай боп,
Қорғанды, құшқан жердің бәрін бойлап,
Ыстық қан дірдектейді көкке шапшып,

Өлімнің көзі ойнатып қараңғысын,
Көре алмай, өскен Дунай заманғысын,
Көре алмай қатын-бала, жылы көңіл,
Тауысты ол осы өліммен өз тұрмысын.

Тоғайдың дүлейінде азғана ашық,
Ай күңгірт жылтырайды тұман басып,
Алыста қорған да тұр жанған отын
Ойнатып лапылдатып, көкке шашып.

Аңсызда салдырлады жым-жырт тоғай,
Шықты да атты адамдар барды солай,
Жалтақтап айналаны көзбен шолып,
Бәрі де аттан түсті жапа-тармағай.

Оқтаулы мылтық асқан, қылыш белде,
Алтыатар, қос пистолет өздерінде.
Сәйгүлік мінгендері ылғи тұлпар,
Айқара сулық шекпен жатыр ерде.

Черкестер отты жақты түтіндетіп,
Айнала отырысты отты үрлетіп,
Ағашта қаңтарусыз байлаулы аттар,
Шөп жұлад ауыздықпен күртілдетіп.

От маздап, шоқ шатырлап, түтін булап,
Айнала жарық болды жалын тулап.
Басқандай жүректі ыза, қабақты aшy,
Тұнжырап отты айнала жатыр сұлап.

ІV

Бір черкес шынжыр қаттап сауыт киген,
Ақ күміс әсем сәнді үстіне үйген.
Өзгесі соны айнала мүлгігендей,
Жамбасы жантайысып жерге тиген.

Кейбірі тазартады болат қылыш,
Иә ұштап ұшқыр оғын тілейді ұрыс.
Солардың ашуымен түнергендей,
Айнала бәрі жым-жырт, бәрі тыныш.

Айтады әлгі князь атып тұрып:
«Черкес елім, іздеген жаугершілік,
Атақты өлім, өлімнің құрбанына
Дайындап, салар кезек, бүгін бүлік!

Көзің сал биік шепке, тауға таман,
Онда тұтқын, байлауда отыр ағам.
Қайғыда, қасіретте, жауда жалғыз,
Жә өлем, жау қолынан, жә құтқарам.

V

Ұйықтадым салқын түнгі қараңғыда,
Елестеп ағам тұрды көз алдымда.
Ол айтты: «Кешіккенің - өлтіргенің.
Тезірек құтқар мені бауырым, шында».

Соны айтып жоқ боп жетті жеңіл үрей,
Мен тұрдым дымқыл жерден зорға, әлсірей.
Мен оны құтқаруға қылдым талап,
Іздеймін, үрей кетті түк көрінбей.

Шаңқан ақ көлеңкесі атар таңдай,
Болады «бауырым кел!» деп шақырғандай.
Жә, өлем, жә құтқарам, қайрат қылам,
Ежелден сызылған сол ақыр маңдай.

Атымен Мұхамметтің ішемін ант,
Ант қылам, барлық дүние, жаралған зат,
Не өлім, не азап қылам орыстарға,
Қолыма түсті, міні, қашпайтын серт!

Алда күн ашық шырай сәулесімен,
Тұр шығар маған сірә қарап сағат.»
Томсарып қатып қалды, айтып князь
Үш рет бәрі сөзін қылды қоштас.

«Орысты тақа құртып талқандаймыз,
Болмаса денемізден үзілсін бас!»
Шығыс жақ жолақтанып жалындады,
Күйігіп күн қошқыл боп сағымдалды,

Ауылда таңғы тауық айғай салып,
Бұлттана ай жоғалып сөніп қалды.
Алтындап, безеп, жым-жырт тоғай, дөнді,
Ақырын күн жылынып көтерілді.

Жас сәуле қараңғымен майдандасып,
Жалт етіп, міне таудан шыға келді.
Сарғайып піскен егін жатыр жайнап,
Тыңқитқан егіншілер баулар байлап.

Таза әне, таңертеңгі ерке самал,
Теректің бетін толқып салады ойнақ.
Шаңытып желге ұшады жеңілтек құм,
Көк күмбез таза тұнып тұрғандай жым.

Жақсы иіс, жас жапырақ жаз жаңғыртып,
Өзеннен самал үріп, соғып салқын.
Айнала қабаланған, тоғай көктеп,
Маңай жым, қараңғылық кеткен шеттеп,

Ағаштың басын, түбін нұрға бөлеп,
Күміс күн сәулесімен тұр меруерттеп.
Жалғыз-ақ самал желпіп өрлеуімен,
Үзілген жапырақ ұшад ұйтқып желмен:

Жалтылдап, ұйтқып, ойнап ұшып қонып,
Бұзғандай тыныштықты етіп ербең.
Міне осы күн ашығын таңдап алып,
Черкестер қаруланып шықты аттанып.

Арадай быжылдатып оқ зулатты,
Зырқырап кетіп жатыр тоғай жарып.
Әу, егер тыңдасаң сен, әдемі күн,
Қусаң ед қу қайғыны, үркін-қорқын.

Алдампаз жалған елес көрген түсті,
Қуғандай, қуалмас па ед қараңғы түн.
Қалада талған дауыс таңертеңгі,
Таратып тауға, өлкеге жел әкелді,

Естілді сол қалада қатты дауыс,
Дабылды даңғырлатып қағып еді.
Әскерлер иығына мылтық асқан,
Сапталып қаз тізіліп қатар басқан.

Мейрамда шырыштай боп киінген жұрт,
Шіркеуден қайтты арбалар салдырасқан.
Таралды күймелі арба, жайдақ арба,
Аспанда топ-топ ұшып ұзақ, қарға,

Тарады үйді-үйіне жанның бәрі,
Ертеңгі керексініп ас оларға.
Кейбірі терезеден ашты қақпақ,
Кейбірі серуендейді көше таптап.

Кейбірі қорғандағы әскерлерді
Қарайды тамашалап, айналақтап.
Тауда бұлт, мұнарытып қарауытты,
Жарқырап күн биіктен нұрын төкті.

Лыпылдап таудың самал жеңіл желі,
Бұтаны қағып, тербеп елеңдетті.

VІІІ

Таудағы үлкен қорған, шөпке таман,
Айналды таралуға әскер тұрған...
Емескі естіледі сарын шапқан,
Бұрқырап көз ұшында шығады шаң.

Көрінед шаң астында шапқан атты,
Қорыққандай жан-жағына жалтақтаған.
Ол міне, шауып келіп аттан түсті,
Бастыққа жалпаң қағып жаяу ұшты.

Айтады: «жойылдық біз, жоғалдық біз,
Әскерге бұйырыңыз жисын күшті.
Черкестер тауға шапты оқты шашып,
Екеу едік, құтылдым жалғыз қашып.

Жүрегім жарылуға жақындап тұр,
Ат болмаса, қалмас па еді мені басып»

ІX

Соғысқа даярлан деп болды бұйрық,
Соғылды дабыл дүңк-дүңк, шықты полк.
Топтанды, бөлектенді, сапталды әскер,
Қақпасын шеп қорғанның жапты сарт-сұрт.

Сайгүлік әскер аты баққан баптап,
Құйын боп кейбір солдат шапты ойнақтап,
Не жойып біржолата черкестерді,
Қалсын деп не мәңгі атақ мола мақтап.

Айнала у-шу, айқай, түтін, атыс,
Қаптаған қалың черкес шығыс, батыс.
Түйіліп арыстандай тиіп берді,
Қылыштан шақылдаса шыққан дауыс.

Быжылдап оқ борады бұршақ жауып,
Ыңыранып, қан, қырқырап, құлап жатыс.
Ерлердің бірқатары түсті баудай,
Түнекте араласты салып айғай.

Ойнақты ат бүйірінен найза тиіп,
Шапшиды, шыңғырады зар қаққандай.
Жығылды жерге ол ат омақаса,
Жаныштап жерге иесін, үстін баса,

Қызыл қан қылыш бояп, құлақ тұнар,
Маңайда өлім ұлып ыңыранса.

X

Әр жерде зеңбіректер күрілдейді,
Жаралы ер, өзгелерге «жүгір» дейді,
Өлді әне ол әлсіреп үні шықпай,
Ал бірі бет алдына жүгіреді.

Шаң қауып, жүгіреді жұтып топырақ
Сілтеген болат қылыш етіп жарқ-жарқ.
Қимылсыз босқа жатыр тыншып қылыш,
Сылдырап көк сауыты түсті қақырап.

Талқандап ұшқыр болат найза тиген,
Бұлақтай атқылақтап қаны сиген.
Жараның аузын қысты сорлы бейбақ,
Әлі жоқ, салқын қолмен дірілдеген.

Қармалап қолы іздейді тағы мылтық,
Жан-жақта ызылдайды оқ, у-шу, шақ-шұқ.
Жан-жақта өлім сеуіп зеңбіректер,
Тау, дала, тоғайларда қырғын бық-бық,

Қаланың қалтырасып халығы тұр.
Аспанды қаптағандай қаңғыр-күңгір,
Черкесті әне біреу құлатты ғой,
Қылышы жатыр әне жарқылдап құр.

Сілтенді оның қолы бұлғаң етіп,
Аяғы «жүр» дегендей арбаң етіп.
Сылқ етіп тулап тұрып жығылды да,
Қорқырап қалды қатып жаны кетіп.

Жауынгер черкес міне келді шауып,
Қақ жарып қарсы жауды қылмай хауіп.
Қайратпен қайқы болат көкке сермеп,
Казакпен қағысады қанға жауып.

Олардың қылышы өткір жарқылдайды,
Сартылдап жақ ұшқыр оқ қалтырайды.
Болғандай оқ екпіні қанды тағдыр,
Ысқырад, жылтырайды, жалтылдайды.

Қазақты өлтіреді қас қаққанша,
Қамалып қалды өзі де көз ашқанша.
Найзамен болат ұшқыр найзаланып,
Ер князь ыңқылдайды қатты сонша.

Жығылды аттан, өзгесі кетті қашып,
Тастады жүрген жерін жанжалдасып.
Үстінде орыстардың оғы ойнайды,
Қорқыныш, бас тажалы, қанға ғашық.

Баяулап, бәсеңдеді соғыс шуы,
Бұрқырап тау кебелеп шаң қуғыны,
Безеді тозғындаған қашқан черкес,
Қылады қозы құйрық оны қуып.

Дунайдың жаугер туған балалары,
Атақты Рейн, Лoap, Роналары.
Қуырған арттан қалмай өлім, хауіп,
Білетін сол сулардың жағалары.

XІ

Тыншыды бәрі жалғыз анда-санда
Шығады мылтық даусы атқан тауда,
Көрінед бірлі-жарым казак-орыс,
Туралап ағындатып шапқан жауға.

Орыстар тынышталды баяуқырап,
Қала аман, дөнде оба тұр жалтырап,
Ондағы қарауылшы қақиып тұр,
Жан-жақты өткір көзбен шола қарап.

Асқаны оқты мылтық иығының,
Жалғыз-ақ естіледі «сен қайсының?»
Жалғыз-ақ қапы тауда дабысталад,
Шақырған жаугер казак бірі-бірін.

Ашыққан қарқылдайды қара қарға,
Кісі өліп тойынған соң жара, қанға.
Жалғыз-ақ анда-санда жылтылдайды
Солдаттың жаққан оты балағанда.

Соғыста ақ жүзіне салып белгі,
Тұтығып қаннан болат күңгірттенді.
Аулақта күзетші орыс айқайлайды,
Тыншығып, төңіректі маза жеңді.

Н.А.НЕКРАСОВТАН

ТЕМІР ЖОЛ

(Балаларға арналған)
Ваня. Әке, бұл жолды жасаған кім?
Әке. Граф Петр Андреевич Клейнмихель,
шырағым!

(Вагондағы саз.)

І

Па, көркем күз! Сергек, cay, байсалды күз!
Әлдендірер саф һауа адамды әлсіз;
Әлі бекіп қатпаған өзендегі
Қанттайын еріген қабыршық мұз.

Мамық, майда төсектей тоғай маңы
Тыныштық, кең - ширатар шаршағанды!
Әлі мүлде жапырақ тотықпаған,
Көркі көркем кілемдей жаңа, сары.

Па, көркем күз! Тымырсық суқай түндер,
Айқын, айық, тап-таза, қоңыр күндер...
Табиғаттың жирентер бір міні жоқ!
Мүк басқан саз, төмпешік, томар, түбір.

Әсемденген бәрі де ай нұрында;
Орыс бауырым кездесер онда-мұнда...
Шойын жолда келемін зырқыратып,
Өзім болып өзіммен ойым ойда...

Мейірімді әке! Ақылды бұл Ваняға
Танытпаудың дүниені керегі не?
Рұқсат қыл, мына айдын жарығында
Хақиқатты мен бұған көрсетуге.

Ваня, мынау ірі еңбек соры қалың,
Келе алмастай қолынан жалғыз жанның.
Жанға мағлұм жалғанда падыша бар,
Аты аштық - ол жауыз падышаның.

Әмір шашқан ол өзі, әскер сайлап;
Адамдарды артельге тығады айдап;
Кемелерді жүргізер теңіздегі;
Соқалардың соңына түсер жайлап.

Өрмек тоқып, тас қашап жатқандардың
Желкесінде тұрады тісін қайрап.
Сол падыша - көп елді мұнда айдаған.
Қатер-қауіп майданда талай адам

Еңбегі еш, тұзы сор, арам тер де,
Топырағы бұйырған осы арадан.
Жатыр міні жол түзу: ені қытық,
Рельс, көпір, діңгектер шымшытырық;

Байқа, Ваня, бәрі орыс сүйектері —
Жол бойына жыбырлап кеткен бықып.
Түу! Қорқыныш шықты бір шу дабысы!
Сарындаған, сақылдап тұрған тісі.

Терезеге түседі көлеңкесі,
Аналар не? Көп өлік алпарысы!
Кейде озып кетеді темір жолдан,
Кейде жарыс салады оңнан, солдан;

Құлағың сал әніне, не дейді олар?
«Еңбек қызық нұрлы айда соққан қолдан.
Белімізді өмірге жазбай бүгіп,
Суыққа тонып, ыстыққа жүрдік күйіп;

Алпарыстық жер үйде аштықпенен,
Үсіп, жүдеп, сарп боп дертке ұрындық.
Хат білгендер - ондықтар алды талап,
Бастық қысып, қор болдық, жоқтық қанап.

Құдай құлы, еңбектің момын ұлы
Не де болса бәріне көнген шыдап.
Бауырым! Біздің жеген жемістерді!
Бізге арнаған шіруге осы жерді.

Жақсылықпен ескерер жан бар ма екен,
Я біржола ұмытты жан біздерді?..»
Жырларынан шошыма қауіп қылып!
Волхов, Ока ене-Еділ мұнда ағылып,

Жиылғандар мемлекет жан-жағынан
Бәрі баурың осында толған - мұжық!
Биялаймен бет бүркеп, қорғанышты
Істеу ұят, емессің, сен нәресте;

Ұзын бойлы, күрең шаш, безгек сорғаң,
Көрдің бе сен, ауыру, ақ орысты?
Ерініңде қаны жоқ, түскен қабақ,
Жанды жара білекте, шаш қайызғақ.

Тыным көрмей күні-түні өміріне,
Күптей ісік тізеден су кешкен аяқ.
Еңкеюден өмірге көрмей көкті,
Кеуде кемеш, бел бүкір, еңкек бопты.

Байқаңқырап, е, Ваня, көзін жібер,
Өмірге азар тапқандай жан керекті.
Өміріне жазбаған белін бүкір,
Әлі күнге ол міні меңірейіп тұр.

Тотты тозған күрекпен жердің тоңын
Бүрсең қағып әйтеуір түртпектеп жүр.
Жақсы еңбекке осындай сен де, мен де,
Бізге теріс болар ма ед үйренгенде;

Ел еңбегін шын сүйіп бағалай біл,
Мұжықты да әдеттен қадірлеуге.
Ардақты отан үшін сен қауіп етпе...
Орыс халқы шыдамды шын бейнетке.

Шыдаған ол бұл темір жолға дағы —
Не салса да шыдайды ол құдыретке!
Барлығына көнеді - және дағы
Өр кеудемен жолды ашар алдындағы.

Тек қана біз екеуміз көре алмаспыз
Елге бақыт орнаған сол заманды...
Осы кезде ысқырық құлақ жарды,
Кетті пойыз - өліктер кейік қалды!

«Әке-ау, қызық түс көрдім, — деді Ваня,
Бес мыңдаған мұжықты көзім шалды».
Алуан тұқым орыстан, әртүрліні,
Көз алдымда мен көрдім неше мыңды.

«Жолды салған осылар!..» - деді мынау,
Осы арада генерал қарқ-қарқ күлді!

- Ватиканнан жуырда қайттым мен де,

Екі түндей қыдырдым Колизейде,
Венадағы Стефан әулиені
Көрдім: бәрін жаратқан жабайы ел ме?

- Аялдаңыз күлкіңіз о жарырақ,

Ойыңыз да көрінеді аса шолақ.
Не болмаса Бельведер Аполлон да
Пеш шөлмектен ол сізге жаманырақ?
Монша, терме - біздің жұрт, бәрі сол-ақ,

Өнер көркін қиратып - кетті талап.
«Менің сөзім сізге емес, Ваняға еді...»
Бермей кетті генерал сөзге қонақ.
«Англо-сакс, славян және неміс

Бұзуға ұста бәрі де - түзеуге емес,
Жабайылар, қаптаған маскүнемдер,
Ванюшаға шынында айтарлық кез.
Өлімдердің, қайғының суретімен

Сескентуің баланы қаншама жөн:
Жас балаға көрсетсең болмас па еді
Жарык, жақсы жақтарды...»

ІІ

Көрсетем мен!
Тыңда, қалқам!
Міні бұл ежелгі еңбек
Бітті - неміс рельсті салды жөндеп;

Өліктерді көмілген жерге мықтап;
Жер кепеде аурулар жатыр еңіреп.
Жұмысшы жұрт конторда анталасып,
Желкелерін тұрысты қатты қасып:

Подрядчикке әрқайсы-ақ бересі боп,
Бос күндері ақша боп борыш басып.
Жуынды ма моншада, ауырды ма
Онбасылар бәрін де жазыпты сол.

«Бола ма екен азырақ артылары,
Болар, бар сен!..» десті де сілтесті қол...
Көк шалбарлы, кердең, кер бір бай құрғыр,
Дүмді және жуантық, мыстан қызыл.

Өзі істеткен қарауға жол жұмысын
Подрядчик мейрамға келе жатыр...
Жол беред - барлығы болып быт-шыт,
Келді бай да бетінен терін сүртіп,

Бүйірін таяп сөйледі қоразданып...
«Бәрекелді... ісіңе... жігіт!.. жігіт!..
Құттықтаймын! Қайтыңдар үйлеріңе,
(Бөрік алыңдар - демедім бе мен көбіңе!)

Жұмыскерге сыйладым бір бөшке арақ...
Недоимке қалғанын кештім мүлде!..»
Айқайлайды әлде кім «уралап» кеп,
Үнін қосты өзгесі көтерді өргек...

Әне: әндетіп ондықтар бөшке айналды...
Осы кезде жалқау да тұра алған жоқ!
Доғарылды ат - уралап байға бұлар
Жолды бойлай жүгірді жұмысшылар.

Бұдан артық мәз-мәйрам көріністі
Суреттеуге, генерал, қиын шығар?..

ҚЫЗЫЛ ТҰМСЫҚ

«Жабығып, әнмен, күймен жұмысы жоқ,
Тімтініп тіршілікпен жабайы боп
Кетті деген сөздер жала маған,
Дүние үшін ән мен күйден кетуім жоқ.

Ие өзі өшірмесе жаққан отын,
Ән, күйден ажырауға жоқ ниетім.
Ал бірақ ақын деген жалғыз бауыр,
Жолы алыс, жүгі де ауыр көтеретін.

Түнекте өзгені ойлап қараңғы түн,
Жұлқынған жүрегімен алысқан кім?
Көп үшін жанын қиып, жанып, күйіп,
У ішіп, ішін өртеп, қан құсқан кім?

Сөзі азғана, қайғысы өзен –
Қайғысы өзен түбі терең.

ОРИНА СОЛДАТ АНАСЫ

Өлімші боп күзгі түнде,
Біз саяттан қайтқан күнде,
Уһлеп кеп жығыламыз,
Өткен жылғы қонған үйге.

- Келдік міне біздер тағы

Сау жүрсіз бе, е, құдағи!
Неге мұнша жүдегенсіз?
Алайып көз, солып жағың,
Өлім бе әлде ойлағаның?

Сақтан сөзден тілім, жағым.
Әлде қырсық ұшырады ма,
Айтшы, бәлкім, жұбатармын.
Көргенімде Оринаны,

Ауыр қайғым қозғалады.

- Сегіз жылдан бері ұлымды

Көрмей, өлі, әлде тірі?
Болмай хабар сонан бері,
Сорлың жылап жүретін-ді.
Бір күндерде ұлым қайтты,

Босандым - деп күліп айтты.
Солдаттықтан босаныпты,
Босанғаны, әй, қуантты.
Ыстық қылып монша жақтым,

Құймақ құйдым, күтіп бақтым.
Қараймын да қуанамын,
Несі болсын мен бейбақтың?
Болмады ұзақ қуанышым,

Бала ауыру, бұзған түсін.
«Жазыламын, жазылам» деп
Айтқаны тек көңілім үшін.
Жаңсақ айтты, жазылмады,

Ауырды Иван, ыңқылдады.
Тоғыз күндей ауырып жүріп
Оныншы күн жатып қалды.
Сөз айтуға оқталады.

Сөйлей алмай тоқталады.
Дәрмені жоқ, даусы әлсіреп,
Қу шүперек боп барады.

- Балаң бұрын ауырған ба?

Не туғаннан жарымжан ба?
Жасын сүртіп жауап беред;
Біздің бұлай сұрағанға:
«Батыр сүйек, балғын балам,

Туып бір күн ауырмаған.
Петр жақтан генерал кеп,
Шешіндіріп көріп алған.
Жалғыз өзі осы тамға

Тасыды ағаш, жапты қора.
Қарағайдай құйған тұлға,
Орыс еді жирен бұйра.
Осыны айтып үндемеді,

Жас ағызып егіледі.

- Айтшы жеңгей, балаңыздан

Сұрадың ғой, дерті не еді? —
Ұнатпаушы еді сұрағанды.
Сорлы анасы сұрамады.
Солдаттарға көргендерін

Сөйлеп жүру ұнамайды.
Айтса сайтан қуанады,
Алла ашу қып қарғанады,
Артық сөзді сөйлемеске,

Генералы ант алады.
Ақ көңіл боп Гайса дайын,
Ант ішкен соң айтпас жайын...
Иванымның дерті не екен?

Құдай білер, мен не айтайын?
Не қылса да үлкен құдай.
Ешкімді де айыптамай,
Өзін өзі жұбатады.

Өлерінде болды былай:
Қорада ақырын жүруші еді
Балтаменен ұрушы еді.
Ақырын ілбіп, әлсіз қолмен

Жаман үйді жамап жүрді.
Жеміс екті, жерді шапты,
Сарайды да қайта жапты.
Тілегіне жете алған жоқ

Бір күн құлап, төсек тартты.
Өлерінен бір күн бұрын
Көрем деді күннің нұрын.
Алып шықтым күн көзіне

Шошып кеттім көріп түрін:
Моншаменен арыздасты,
Малдарға да хош-хоштасты.
Шабындыққа барып тұрып

Шоқынды да жерді басты: —
Хош-хош, жерім, сау бол мүлде,
Шаптым сені жас күнімде.
Ақырын басып қайтты кейін

Иван жылап жіберді де.
Келе жатып әнге салды,
Даусы аяныш құлақ жарды.
«Ақ қар» деген әнге бастап

Саламын деп сала алмады.
Лекіл-лекіл жөтелгені,
Ақырын сүйеп алып жүрдім,
Азар-азар үйге кірді.

Міне осындай күн батарда,
Сайрап бұлбұл жүрген талда,
Сол түн соңғы түні болды,
Мен байғұста ес қалған ба?

Өлерінің алдында да
Қызыметін қалдырған ба:
Крестің де тазартады,
Белдігін де жанартады.

Тіліменен қағып дабыл,
Солдат әнге жырлайтын жыр.
Нысананы атқанында,
Сілкінетін осы үй құрғыр.

Тырнадай боп тіке тұрад,
Бір аяғын созып қояд...
Кетті құлап бір мезгілде
Көзі алайып кетіп барад...

Өкіреді, тәуба қылад:
Тақсырлап кеп жалбарынад.
Басын сүйеп есім шықты,
Тынши беріп тағы ұсынад.

Тілге көнді, жатты көнге.
Ғайса менен тәңіріме
Шоқындым да, жалбарындым
Кірпік қақпай ұзақ түнге...

Таң алдында есі кірді.

— Хош... Хош... Анам... — деп жөткірді.

Қалдың тағы... Тағы жалғыз...
Көзі алайды, бүркей бердім.
Селк етіп бір сергіп кетті,
Сүйтіп марқұм өліп кетті.

Анау икон алдындағы
Білте шамдай сөніп кетті.

ЖАСЫЛ ШУ

Келді, жетті жасыл шу,
Жасылды шу, жазғы шу.
Ойнақ салып, әндетіп,
Жел жорғасын шайқалтып,

Шөп, бұтаны теңселтіп,
Байшешекті құлпыртып,
Бұлтты айдай, құтыртып.
Жасыл аспан, жасыл су,

Келді жетті жасыл шу,
Жасылды шу, жазғы шу.
Наталья дейтұғын
Қойдан қоңыр әйелім,

Мен қалаға барғанда
Ұшырапты бір сорға.
Аузыңа түскір тас,
Айтады өзі, есуас.

Достым үйге иемденді,
Әйеліммен серуенді
Салды: қыстың қысқаны-ай,
Қысылдым-ау бірнеше ай.

Қатын көзге салды шөп,
Жалғыз жылы сөзі жоқ.
Қарайды қатын бетіме
Ақыра, берe, жекіре.

Ұяламын... Менде үн жоқ,
Ызалы кек, жаман ой,
Жанымды жаман жеді ғой.
Өлтірсем бе екен? Обал көп...

Шыдасам ба екен? Сабырым жоқ.
Қыс бір жақтан қысқаны-ай,
Қысылдым-ау бірнеше ай.
Күндіз-түні жоқ мазам:

Азғынды өлтір! Бауызда,
Басыңды босат жауыздан.
Әміріне зарлайсың,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы,

Бір тыныштық алмайсың.
Арсыз көрші айналаң
Қадіріңді кетіре түкіреді бетіңе.
Боран әндеп кекіді,

Ойға сұмдық бекіді.
Пышақты өткір қайрадым.
Жаз шығыпты, қарадым.
Келді, жетті жасыл шу,

Жасылды шу, жазғы шу.
Ақ жамылып шайқалып,
Шие бақша жайқалып,
Ақырын ғана шулайды.

Күншуаққа шайқалып,
Той болғандай дулайды.
Қалың тоғай, қарағай,
Жасыл жапырақ, көкорай.

Әнге басты жаңа саз,
Боз жапырақ жөке ағаш,
Жасыл желек жамылған.
Соққан жылы жел сайын,

Солқылдайды ақ қайың.
Сылдырайды тас бұлақ,
Судырайды жас құрақ.
Шуылдайды зор кілең,

Жан-жануар айтты өлең.
Шуылдайды жаңа әнмен,
Жаңа сазбен, жазғы әрмен.
Келді, жетті жасыл шу,

Жасылды шу, жазғы шу.
Әлсіреді жаман ой,
Пышақ қолдан түсті ғой...
Жан-жағым ән шулаған,

Жерде-көкте бір-ақ ән:
«Сүй, сүйетін кезінде,
Шыда, шыдар кезінде,
Қоштас кетер кезінде,

Тапсыр тәңірің өзіне!»

ЖЫР

Сарғайған жапырақ сарт ұрар
Ағашқа, дауыл боларда.
Сорлы жүрек қалтырар,
Сор маңдайға орнарда.

Жалғыз жапырағымды жел
Алысқа айдап кетсе аулақ.
Дейсің қай жан күйзелер?
Қынжылар ма сүр бұтақ?

Жабырқасын несін жас
Жазса жазмыс түзде өлім.
Дейсің қай жан «есіл жас!»
Қозғар ма қыз жүрегін?

И.А. КРЫЛОВТАН

ЖАПЫРАҚТАР МЕН ТАМЫРЛАР

Жасанған, жасыл ағаш, жазғы күнде,
Маңайын көлеңкемен жауып мүлде.
Сыбырлап желге ағаштан жапырақтар
Мақтады көптігін де, көктігін де:

«Бекер ме, өлке көркі біз емес пе?
Кім сенер ағаш көркі біз демеске?
Көркейіп, бұйраланған бізбен ағаш,
Айбынды шын сұлудың өзі емес пе?

Ағашта біз болмасақ бар ма көрік?
Мақтансақ тұрған жоқ па жеңі келіп!
Ыстықта күйген малшы, талған жолшы
Бәріне тұрмаймыз ба сая болып?

Билетіп малшыларды той қылғандай,
Ерте, кеш күй тартады бұлбұл торғай.
Самал жел, өзің дағы айналсоқтап
Кетпейсің қасымыздан байланғандай».

Дегенде жер астынан күңкілдеді үн:
«Жөн жоқ па, бізге рахмет айтатұғын.»
Жоғарғы шулап кетті жапырақтар:
«Тіл қатқан төмендегі арсыздар кім?»

— Біз солар, қараңғыда жерді қазып,

Сіздерді асыраған беріп азық.
Ағаштың тамыры — біз сізді өсірген,
Білмейсіз бұл күнгеше бізді нағып?
Қашаннан мұның бәрі белгілі ғой,

Жол болсын, көгере бер, көтеріп бой.
Аз ғана арамызда айырма бар,
Жалғыз-ақ осы арасын ескеріп қой:
Жаз сайын жапырақтар жаңарады;

Егерде десек тамыр суалады,
Болмайсыз біржолата сіз де, ағаш та,
Қопарыла құлауға қуарады».

СЫНШЫ-АҚ

(Еркін ayдарма)
Тоғайдағы бір есек жолықты бір күн бұлбұлға;
Тәтті тілді, мұңды үнді жолықты бұлбұл бұл қуға.
Есек айтты: «Бір сайра! Шығар екен не пайда

Рас па екен сынайын, мақтаушы ед әркім, әрқайда».
Салды бүлбұл енді әнге, құйқылжытқан келді әнге,
Тау менен тас мұңданып, арғы мен салды бергі әнге.
Қоян, қозы, қой, қасқыр, тоқтап қалды жел де әнге;

Ағаш, тоғай қуанып, ап кетті ерітіп жерді әнге.
Жан-жануар таңырқап, тамсандырды елді әнге;
Тоқсан толғап қайырып, тоқтады барып әреңге.
«Жарайсың!» — деді сонда есек, —

Сен де тәуір зарлы-ақсың,
Әтегене-ай, бишара-ай, қораздан тәлім алмапсың,
Оны дағды қылмасаң, әшейін-ақ шалжақсың».
Дегенде бұлбұл мұңайды, ұшып кетіп жылайды:

«Тәңір жазған екен ғой сынға мұндай сұмырайды».

ДЕРЖАВИННЕН

СЫПАЙЫЛЫҚ

(Скромность)
Еркетай, қоңыр желемік,
Еркеме соқсаң егерде,
Күрсінгендей сыбырла,

Кімдікі десе, — үндеме.
Ойнақы, тұнық бұлақша,
Жолықсаң еркеме егерде,
Бетіңе жастай сорғала.

Кімдікі десе, — үндеме.
Жайдары, шуақ күнікей,
Еркеме түссең егерде,
Күйдіре қарап, сеп сәуле.

Кімдікі десе, — үндеме.
Қараңғы жым-жырт тоғайшық,
Қойныңа еркем кіргенде,
Бұтақпен төсін қытықта.

Кімдікі десе де үндеме.

A.M. ГОРЬКИЙДЕН

ДАУЫЛПАЗ

Телегей тегіс теңіздің,
Көкше бұрын айдының
Сапырды дауыл, сапырды.
Сол айдынға бұлтты

Иірді, дауыл, жапырды.
Тулаған теңіз үстінде,
Қайнаған бұлт астында,
Жай отындай жалтылдап,

Қағады қанат Дауылпаз
Дауылда даусы саңқылдап...
Қанаты қағып толқынды
Кейде қыран зырлайды.

Жел де бұлтты қақ жарып,
Кейде оқтай зымғайды.
Шаңқ-шаңқ етсе Дауылпаз
Оның ащы даусынан

Бұлттар шаттық тыңдайды.
Дауыс — аңсап дауылды,
Ызалы қуат, күш қысқан.
Құмарлы жалын от шашқан,

Жау жеңуге сенім мол, —
Бұлт тыңдай дауыстап.
Бұл дауылдың алдында
Шыңғырады шағала.

Жалп-жалп ұшып теңізде
Жете алмастай жағаға.
Оларды қуып қуғындап
Тыққандай теңіз түбіне

Зар қылып баспанаға.
Шырылдаған үйрек көп,
Қаупі қатты, жүрек жоқ,
Оларға өмір майданын

Серуендесіп жүрмек жоқ...
Тіпті оларда үрей жоқ,
Жалт-жұлт еткен нажағай
Шатыр-күтір су мен көк...

Есалаң құтанда ес те жоқ,
Қатты қорыққан, зәре жоқ.
Жасырынды жартасқа...
Аударылды жер мен көк...

Жалғыз-ақ қайсар Дауылпаз
Көбіктенген бурыл көк
Телегей теңіз үстінде
Қағады қанат бейне оқ.... —

Маңай мұнар сұр, күңгірт,
Құшақтады теңізді.
Аударылды аспан, бұлт,
Көк жөтеліп күрк-күрк-күрк,..

Өкіреді, жылайды
Жайға ұмтылып жоғары,
Толқын серпіп тулайды,
Теңіз қайнап бұрқ-бұрқ-бұрқ...

Күркірейді аспан, көк
Арпалысып дауылмен.
Ашу көбік, ыза — кек,
Арсылдайды толқын соқ...

Теңіз дауыл жекпе-жек
Алысқандай жұлқысып,
Палуан күшті жел білек,
Құшақтады толқынды.

Алыптайын ашумен
Жел тасқа алып соқты кеп,
Тасқа ұрылған тау толқын
Шашты быт-шыт меруерт...

Шыңқылдайды Дауылпаз.
Ол дауылда жай оты,
Бұлтты айырып Дауылпаз,
Оқтай ұшқыр қуаты —

Толқындардың көбігін
Қағып жыртар қанаты.
Ол дәу пері желде ұшқан,
Дауылдың дәу қарасы.

Күңіренеді. Күледі.
Бұлттарды сықақтап,
Қайсар, сақ-сақ күледі.
Қуаныштан күңіреніп,

Күңіренеді, күледі...
Ашуланса ажағай
Сергек пері — Дауылпаз,
Дауылға ырық бермейді.

Көптен сезген шаршауды
Ол өзгеге сенбейді.
Сенетіні жалғыз-ақ:
Күнді бұлт көнбейді,

— Жоқ, жоқ, бұлт көнбейді!

Өкіреді көк дауыл,
Шатырлайды найзағай,
Түпсіз терең теңізде
Қошқыл қара жалынмен

Жалындайды бұлт кезбе...
Телегей төсі теңіздің,
Тулап, аунап бір кезде
Көктен оғын атса жай,

Қақшып жұтып телегей
Сөндіреді лезде.
Теңіздегі сәулесі
Ажағай оғынан,

Ойнақтайды от, шоқ жылан,
Дауылпаздың дауысы:

– Дауыл, кезің соғатын!

Арсылдаған ашулы
Түпсіз теңіз үстінде
Қайтпай қанат қағатын.
Ол дауылдың дабылы

Даусы дауыл шақырады.
Жау жеңудің жаршысы ол,
Ер Дауылпаз етті шаңқ:

– Соқсын дауыл қаттырақ!..

Ғ. ТОҚАЙДАН

ТАСТАЛҒАН ТАТАР ҚЫЗЫНА

(Зиләйкөк әніне)
Сүйеніпсің бұрышта бағанаға,
Жапырақтай сары жүздерің.
Аямасқа көндім шыдамады,

Телміреді тіпті көздерің.
Атылған құс, адастырған иттей
Өткен жанға үмітсіз қарайсың.
Сыбырлайды екі еріндерің

Қайсы татар байын қарғайсың?
Көрдім әлі сенің залымыңды,
Дайым сайраңдап, дулатады,
Рахаттанады кәпір!Сені солай

Бағанаға сүйеп қуратад.
Сезбейсің сен, сенің жаныңнан
Нәзік көңіл ақын өткенін,
Сенің мұндай сорланған халың

Оның көңілін бей-жай еткенін!

КҮЗГІ ЖЕЛ

Күзгі бір түн.
Келмейді ұйқым,
Үй төрінде жел жылайд,
Жел жыламайд, аш өлімнің

Қорқынышынан ел жылайд.
Ең сүйікті жұмысшы ұлым
Биыл аштан қалды деп,
Мейірімді — мархаматты,

Аяулы ана — жер жылайд.
Қойдырғанда мыстан мұнда
Түскен тісін алтыннан,
Зар болып бір тілім нанға

Онда нәзік бел жылайд.
Бір сынық нан болмағаннан
Өлген сап-сау ер көріп,
Жан алуға жаны ашудан

Онда Әзірейіл жылайд.
Күзгі бір түн.
Тым қараңғы,
Үй төрінде жел жылайд.

Жел хабар ол: аш өлімнің,
Қорқынышынан ел жылайд.

ЭЖЕН ГЮТЬЕДЕН

ИНТЕРНАЦИОНАЛ

Оян, таңбаланған қарғыспен
Құлдардың, аштардың әлемі!
Қайнап ақылымыз ашынған
Майданға бастар дер кезі!

Құлатамыз қанау әлемін
Тамтығын қоймай, сүйтіп ал
Орнатамыз жаңа өмірді:
Барлығын қолға құл алар.

Бұл міне ең ақырғы
Шын майдан, шын қайрат,
Интернационалмен
Көркейер адамзат.

Азаттық бізге ешкім бермес
Батыр да, патша, құдай да.
Аламыз азаттықты өзіміз
Оны алу біздің өз қолда.

Алуға жауға кеткен есенді
Айырып қол мен әлді, епті, —
Темірді ұрқызған кезінде,
Баса соқ, бас, бас көрікті!

Бұл міне ең ақырғы
Шын майдан, шын қайрат,
Интернационалмен
Көркейер адамзат!

Тек біз — жұмыскері әлемнің
Еңбектің ұлы әскері,
Жер-жиһан билігі біздікі,
Паразиттерге жоқ, тегі.

Ал егер қиратса қорқау, қанқорды
Найзағай ойнап шартылдап, —
Сонда да төгер күн сәулесін
Нұрлары бізге жарқырап.

Бұл міне ең ақырғы
Шын майдан, шын қайрат,
Интернационалмен
Көркейер адамзат.

ДЕМЬЯН БЕДНЫВДАН

СОҚА МЕН ЗЕҢБІРЕК

Сықыр, сықыр дөңгелеп,
Жүргенін көріп зеңбірек:
«Тыңда, бабай мені», — деді,

– Саңыраумысың сен соқа?

Күні бойын күркіреп,
Қалтыратсам жер мен көк,
Тыңдаймысың бүкшеңдеп;
Не қылып жүрсің? Ха-ха-ха!»

Соқа:
«Жыртам жерімді,
Асыраймын елімді.
Тыңдамаймын, тыңдағым

Келмейді күркірегіңді...»
«Жыртамысың жеріңді,
Шығардың, кімге теріңді?
Бол оған соқам сенімді:

Ойрандаймын еліңді.
Жалғыз там қалмас қалаңнан,
Жалғыз жан қалмас далаңнан.
Егінің болар тозаң — шаң,

Қой, соқа, жат, ал деміңді!»
«Жырта берем жерімді,
Асырай берем елімді.
Елім жесе алам дем

Жемісімді, жемімді.
Бұйраланып боразда,
Жер жыртылса, ол аз ба?
Татуды тартқан аразға,

Ойраншыл, бүлік бір жаусың,
Бұзуға дүние арнасын,
Жоюға еңбек ордасын,
От, су, қырғын жолдасың.

Тілегің сенің «қан жаусын»
Дүние сені мәңгіге,
Қан көрген сайын қарғайды.
Дүние мені мәңгіге,

Нан жеген сайын алғайды».

ЖАН ҚАЙЛА

Қасқырды есек көре кетті,
Көре сала өле кетті.
«Аяғымды-ағымдап»,
Бақырғанда зәре кетті.

– Не боп қалды? — деді қасқыр,

Бақырасың, қара басқыр!

– Аяғыма шөңір кірген,

Көрмеймісің іріңдеген...-
Ой-бай, бай-бай, өлем... өлем...
Іріңдеді барлық денем,
Іріңнен улап, шіріп,

Өледі ғой мені жеген.
Құдай үшін, бірәдар-ай,
Ете гөрші, маған жәрдем!
Ой-бой, бой-бой, өліп барам,

Жаман болды менің жарам.
Сол шөңірді aп жіберсең,
Көп-көп алғыс айтам саған.
Бәрі есекке жүгіреді,

Аяғына үңіледі:
Аяғың ба?
Тұяғың ба?
Кәні қай жер?

Жара қайда?

– Міне!

Ол емес... ой-бой, бой-бой!..
Жаным шығып барады ғой!
Ойбай! Тиме! Қақпа! Қақпа!

– Тоқта! Тоқта!

Алдыменен тазалайын,
Тұяғыңды толған боққа.
Тікен іздеп қасқыр жатты,
Есек біраз бой тоқтатты.

Тепті қатты.
Қасқыр құлап омақатты.
Есек қашты.
Бір сағаттай талып жатып,

Қасқыр отыр тастай қатып, —
Кімге алдандым?
Кім алдады?
Алдады есек жаман шартық.

Көк есекке күлкі болдым,
Сол есектің иті болдым.
Кәрі қорқау қасапшы едім,
Есектерді асаушы едім.

Алдағанға неге көндім?
Аяғына неге төндім!

В. МАЯКОВСКИЙДЕН

ЛЕНИНШІЛДЕР

Егер бізді
Жабылған жау
Алмаса,
Егер бізді

Жұта алмаса
Жебірің.
Бізге үлгі,
Бізге өлшеу,

Болғанды:
Ойы.
Сөзі,
Ісі істеген

Лениннің.
Республика!
Десіп алға
Жалпы аттан!

Ал қимылда,
Жапыралық
Жау туын.
Қорғануға

Деген солай
Ленин!
Екіншіден
Әр машина,

Әр дүкен
Өркендетсін
Өз жұмысын
Өз кенін.

Іс қылуға
Деген солай
Ленин:
Толсын мұнай

Республика күбіге, Жер

Идірсін
Бізге көмір желінің.
Іс қылуға
Деген солай

Ленин.
«Баға арзандат!
Құрсын бірақ»
Деп завод,

Күрілдетіп
Шақырады гудогін.
Іске солай
Шақырған-ды

Ленин.
Комбайнды
Жаппайынан жерге жап!
Ен даланың

Алсын фабрик сілемін
Іске солай қосып еді Ленин.
Әр тиынды
Өз орнына

Жұмсап бақ.
Ұқыпты бол,
Мал кәдірін біле біл!
Шаруа басқар

Деген солай Ленин.
Жарықты шаш,
Қараңғыны қуып шық,
Елімізді

Электрле
Нұрға көм!
Нұрлануға
Деген солай

Ленин.
Дін деген — у.
Дін деген — жау.
Молданың

Алдауына,
Арбауына
Берме жол,
Көз ашуға,

Деген солай Ленин.
Төрені тарт
Қағаз басты жерінен;
Жоғарылат

Жұмысшыны төменнен
Күресуге
Деген солай Ленин.
Білек сыбан!

Сынды күшейіт,
Мінді тап.
Ақталуға
Сақтамасын беделін.

Мықтануға
Деген солай Ленин.
«Солдан»
Жыртпа

Коммуна туын тартқылап.
«Онан»
Шошып айнымасын жүрегің.
Алға аттауға

Деген солай Ленин.
Тазы қосып,
Жұмысшы аулап,
Қан ішкен

Фашистерге
Тұмылдырық жүгенін
Кигізуге
Қосқан солай Ленин.

Жасымаймыз,
Қайрат қатты.
Қайнаймыз.
Ленин тірі

Ортасында
Елінің.
Дүниені
Дүбірлетті;

Ойы,
Сөзі,
Ісі істеген Лениннің.

И. УТКИННЕН

КҮНБАТАР

Төмендеп күн,
Тұнып көк,
Алқызыл алысты аралайд.
Жан саям, жаным жақында

Ымырықты ымырт
Әңгіме айт.
Қозға, құрбым,
Отырма,

Әңгіме сол!
Әлгі сөз.
Мынау шуда, бұл дуда,
Дәметем:

Дәнді ой,
Дәмді сөз.
Жарқылдап жаздың жайы да,
Сездірген мені,

Сені де.
Көніккен көздер, алайда,
От берген
Елдің еріке.

Бәрі бір,
Күн — күлгін гүл.
Жас күлгін гүл — күн күңгірт.
Бәрі бір,

Қайың қаулар дүр,
Өсірген
Осы ел үміт.
Шаршау жоқ,

Бізде айну жоқ,
Сусаған сусынды ішкенше.
Бізде беттен қайту жоқ,
Қазулы төсек

Түскенше.
Төгілді аспан,
Төнді күн.
Ендігі таң баяу ат!

Әлі де, саям, бер таман!
Жүрекке жуық —
Әңгіме айт.

А. ЖАРОВТАН

ЛИБКНЕХТ

Қалың қырған қажытпай,
Қайнаса жастық майданда...
Кім айтты кәрі өлімін,
Кім айтты жоғын, ол қайда?

Карлдың үні тынды ғой,
Майдан шуы танбайды.
Либкнехт өлді дегені: —
Көкейге тіпті қонбайды.

Әні ол:
От жауын ішінен
Шыға шапты өлімге;
Бірақ ол оған ұқсамайд

Аты да келмейд Карлге.
Әні олар:
Оқ жауында!
Түтінге түтін... қан жауды,

Әне олар — жастар, жас ерлер,
Қолында«Кимнің» жалауы.

ҚЫЛЬІШТЫҢ ҚИЯЛЬІ ЖЫРЫ

(Еркін аударма)
Көк теңіз өтсең кеме көп,
Көк теңіз өтсең көк те көп,
Онда жер бар, жер де жоқ,

Онда жем бар, жем де жоқ.
Онда нан бар, нан да жоқ,
Онда қан бар, қан да көп.
Тегеуріні темір патса бар,

Тырнағында жер мен көк.
Көк теңіз етсең күн аяз,
Суығы суырады денеңді.
Сел жүргендей селкілдейді,

Көк теңіздің кемері.
Асқарда жалын лап етіп,
Дамыл-дамыл сөнеді.
Көңіліміз содан дәме етіп,

Көзіміз соған төнеді.
Ондағы уайым жалғыз сол:
Бәрі де жаудың жері еді.
Біздегі жер де — өзге жер,

Біздегі ел де — өзге ел.
Қазғанымыз қанды көр
(Оның аты Октябрь).
Көрге көзін жоғалттық,

Көмілді патша, бай, король.
Мола болды мұрасы,
Көмілді бірге көп нөкер.
Көк теңіз өтсең кемелер,

Көк теңіз өтсең күн тұман.
Ұшқынды оты жылтылдап,
Бұлқынып шығар бұлтынан.
Кемелер бізге көп келед

Теңіздің ту-ту сыртынан.
Алуға сабақ, алысуға
Азулы жаумен құтырған.
Сәлем де!

Сабақ береміз,
Келе берсін бертаман
Тарыққан тап, талған жан.
Тап таласы — тамақ, нан,

Таластың түбі — қан майдан.
Сол майданға арналған
Қылшылдасын қылыштар;
Қылтылда найза, жайнап жан.

Қорғасын оған құйылсын,
Қайралсын қамсыз алдаспан!

Н. ТИХОНОВТАН

ГАУДАН ҚАҚПАСЫ

Туған болсам егерде
Азияның жерінде,
Мешхед бенен Қалаттан
Кетер едім бұл жақтан

Солтүстікке жол тартып...
Қашар едім құлдықтан,
Кәрлі, зәрлі байымнан,
Жоқшылықтан қаңғыртқан.

Қамшы менен пышақтан
Безер едім бер жаққа;
Туындай зор майданның,
Қуанышымдай ардақты —

Қақпасына Гауданның
Қылар едім тауапты.
Өйткені бұл қақпада
Чарыкерге, құлдарға,

Шаруаларға, диқанға
Жазып қойған тұр сөзі:
«Мұнда Совет Союзы».
Бұл Гауданым — сол Гаудан:

Жатқан мынау жол жылан;
Сол жыланға құрылған
Тұзақ — Гаудан;
Сол жаудан

Қағар қақпа — бұл Гаудан.
Бұл Гауданым — сол Гаудан,
Айда, жылда, күн, түнде
Жау тауының үстінде

Тұрған Гаудан — жауға сақ;
Жауға айбынды қамалдай,
Айдынды айғай, көрген жақ.
Бұл Гауданым — сол Гаудан:

Шығыстағы үнді-иран
Қамалының түбіне,
Коммунизм күніне
Арнап тіккен ту, ұран —

Коммунистер дабылы
Азаттыққа шақырған.
Жау келеді қақпаға
Жай кісі боп нұсқыны-ай,

Ол қауіпті қақпаға
Жай бір ғана пышқыдай.
Онда біздің тұр күзет,
Біздің жұмыс емес жай.

Шегарадағы отряд
Жауға жеккен күшті ұдай.
Өзгені де, өзін де
Тексереді бір тынбай.

Адамды, аттың тағасын,
Госторгтің қағазын
Қадағалап қарайды.
Өткен менен кеткенді

Қақпа анықтап санайды.
Мұндағы көз қырағы,
Өткір күннің нұрындай.
Қуаныштың қақпасы

Гаудан — шаттық шыңындай.
Егер тауға тіл бітсе,
Кеңестерін гулетсе;
Егер түнге қол бітсе,

Жазып қалам жүгіртсе;
Әлі ақындар айтпаған,
Әлі газет таппаған,
Естілмеген соңы сөз

Есітер ек сонда біз!
Шегараның ерлері
Міне, сондай жұмыста;
Ұлы Отанның қақпасы

Гаудан біздің шығыста.
Таң алдында нұр берген,
Маған мұндай ой келген:
Үстіндегі бұл таудың,

Бұл қақпасын Гауданның
Орнатармыз біз бір күн —
Теңізіне Үндінің.

А. КРАЙСКИЙДЕН

ЕРКІН ЕҢБЕК ЖАСАСЫН

(Еркін ayдарма)
Жерге тұқым шашылды..
Шірімес пе екен тұқымдар? —
Жаз жабығы ашылды,

Дән есер, егін құлпырар.
Шығыста сәуле жарқ-жұрқ,
Таң сөнер ме? —
Жоқ, жоқ, жоқ.

Желдетіп күн шыққанда
Тұруға жөн жоқ қара бұлт.
Дүйім дүние майданда,
Еңбектің ері тартты сап.

Жойыла ма? — Жоқ.
Өспек,
Жарық күн, сепкен дәнге ұсап.
Құрымайды.

Өлмейді.
Еңбек — жеңбек, жасамақ.
Өлім — өлімші өмірге!
Еңбекке еркін — даңқ, атақ!

А.И. БЕЗЫМЕНСКИЙДЕН

ПАРТБИЛЕТ № 224332

Жиһанды жұмысшы қол қармап еркін —
Партия, айтшы маған, айтшы нең жоқ?
Сипалап таба алмай жүр жердің бетін...
Қайғылы жауап берді:

— Партбилетім...

Тек қана бір кішкентай... шошып жүрек,
Жүректе қалтырады соңғы дірдек.
Қолымда кеше ғана тұрғанда ұстап,
Ұрды ажал — ұшып қолдан түсті билет.

- Жұмысшы, ей! Жан-жақтан есікті қақ!

Жоқ па әлі, алғаны ма өлім шын-ақ?..
Тек қана бір кішкентай, бір билет жоқ,
Денесі Партияның қалды ойсырап...
Тыңдадым

Партияны, жарасы зор,
Тек құрыш білектермен күшейді қол.

– Партия?

Тыңда!
Саған!
Саған айтам!
Жұмысшы жұмыстағы құрметтеп тұр.

Жаншылып жүрек, жанның ауырғанын,
Жәрдемге жетер жедел миллиондарым;
Бастаған Коминтерн жұмысшы күш
Жарасын жазар жылдам Партияның.

Мен барам, алдыменен,
Кеңес жақтан!
Ей, тыңда, Партия!..
Сөз саған айтқан:

Партбилет жүз мыңдаған тез толтырар
Лениннің бір билетін біз жоғалтқан.
* * *
Жандаралдар, ойлама

Аттануды Мәскеуге.
Біздің отпен ойнама,
Тиме Қызыл Әскерге!
Соқ аспаннан самолет,

Ұмтыл жауға жау жүрек.
Сатырласа пулемет,
Жауға шапты большевик.
Жат жерінен біз аулақ,

Жиһангерге ермейміз...
Жерімізден бір вершок
Бөтен жанға бермейміз...

Ғ. ЛАХУТИДАН

ИРАН ҚЫЗЫНА

Жыбырла жел, жыбырла,
Кетемісің Иранға?
Онда барсаң сыбырла
Иран қызы — Баһрамға:

«Таудан арман нұрлы, кең,
Болдым Өзбекстанда.
Еңбек еркін, адам тең,
Езгіндік жоқ һеш жанға.

Жатыр жасап жаңа өмір,
Өмір өзі-пыланда,
Қыз бетінен қара қап
Түсті ұқсаған зынданға.

Таңертеңгі күлген гүл
Шықты күнге, қалмастан
Паран жылы тұманда;
Қуаныштың құйыны

Соқты ойнақтап сол күні,
Сондағы бір адамға;
Қуанбаған жалғыз мен
Тиді ауыр жарама.

Түсті есіме сол Шығыс,
Сен сықылды сорлы қыз,
Тұтқын әлі құранға.
Тұшықтым да төктім жас...

Ойлап сені тұрғанда!..»
Жел, жел, маған берші дем,
Жорық жырын жырларға;
Тәжік қызы сілтер жөн —

Ирандағы қыздарға.
Өзбек қызы болар дем
Азаттыққа шығарға.

В. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН

ТҮРКСІБ

Миллион жыл меңірейіп қосыла алмай
Жатқан қыр, дала мен шөл, тау мен тоғай,
Мінекей қол алысып қойындасты,
Түрксіб сол құшақтан туған ұлдай,

Мақталы байтақ қырда
Арыстағы Паровоз қыр желінен қалыспады.
Биік бел, мөлдір бұлақ, мұз асқарды
Қақ жарып қара айғырым қарыштады.

Алатау, Алмалытау, Алматытау,
Көк жасыл қаладағы бақша мен бау,
Қаласы Алматының — алма бағы,
Көлеңке күн жағында мұздан қоршау,

Түрксіб кейде өтеді тауды кесіп,
Кей жерде өтер таудың астын тесіп;
Балқашты баса көктеп,
Сібірге айдап,

Ертістің ен қырына кетеді есіп.
Түрксіб кен Сібірден астық тартып,
Қыста қар, жазда құмды бұрқыратып;
Даланың елтірісі ақ мақтамен

Керуендеп қорғасын, мыс кендерді артып.
Қазақтың кең далада бақытты ұлы,
Көгертті еңбегімен ойды, қырды.
Ауылда тай үйретіп мінген ұлдар

Жүр міне аттай мініп паровозды.

БАЛЬМОНТТАН

ТҮНГЕ

Теңізден тұзды терең жұтып улап,
Дымқылмен ауырлықпен, қиял бунап.
Терең түн, бері кел жақын,
Сұлу түн, жақын кел бері.

Құшайын, тәтті ұйықтайын,
Сүйетін сені мен ақын.
Тереңіндей теңіздің
Түпсіз түн, бері кел жақын,

Сүйетін сені мен ақын!
Өртті кештің түтіні тұншықтырған,
Сүйтіп сорлы жүректі ушықтырған.
Тәтті түн, тыныштық, бер сабыр,

Қуалауды көп көрдім,
Улы жанды осынша
Түн қуғыны қылды ығыр.
Тербе, ұйықтат, терең түн,

Қажыған жанға бер дамыл!

ЯНКА КУПАЛАДАН

Сан тоғайдан күңіреніп
Шыққан кімдер мынау кеп?
Белорус.
Арқасында қандай жүк,

Мойнында отыр кім мініп?
Соры (теңсіздігі).
Сорын қайда әкетпек,
Оны кімге көрсетпек?

Әлемге.
Біреу емес — миллион көп,
Сорға үйреткен кім мұны,
Неден тіпті тыным жоқ?

Жоқшылық, қайғысын.
Сорлы соқыр, көп керең
Не тілегі бар екен?
Адам болу.

Ш. ПЕТЕФИДЕН

ИТТЕРДІҢ СӨЗІ

І

Қалың қара бұлт қаптаған
Қара қоңыр аспан.
Қар да жаңбыр, жаңбыр да қар
Қаһарын қыс шашқан.

Мейлі бізге не қылмақшы,
Орнымыз тошала.
Қожайын бай қумайды онан
Орнымыз босаға.

Қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ,
Ие тоқ, ішед, жейд.
Сүйек-саяқ тастаса да
Бізді аш етпейд.

Рас, кейде жотамызды
Қамшы осады.
Сонда да біз ит жандымыз
Өмір озады.

Ашуы аз басылғанда
Ие, — «қарағым»
Аяғын да аямастан
Жалатад табанын.

ҚАСҚЫРДЫҢ СӨЗІ

Қалың қара бұлт қаптаған
Қоп-қоңыр аспан.
Қар да жаңбыр, жаңбыр да қар,
Қаһарын қыс шашқан.

Біздің мекен жапан түзде
Өлік сұр дала.
Жалпақ, шетсіз, кең сақара
Не бұта, не пана...

Тыстан суық, іштен аштық,
Жүрміз қаңғырып.
Қаңғыртады осы екі жау
Таңды таңға ұрып.

Және бір жау тағы да бар
Оның аты мылтық.
Қанды қарға ол ағызар
Сұмдық! Сұмдық!

Шұбырамыз, қынжыламыз,
Қысқан қыстан.
Аш арықпыз, бейшарамыз,
Бірақ бас бостан!

ҚҰМЫҚ АҚЫНЫ МАНАЙДАН

АЛПЫСТАҒЫ ШАЛДЫҢ ЖИЫРМА БЕСТЕГІ ЖЕСІР СҰЛУ ӘЙЕЛГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ
Шал дәмесі:
Көршідегі гүл терек,
Біздің бауға бұл керек.

Көрген сайын шаттанып,
Қуанушы ед қу жүрек.
Гүл терекке жаушы кеп,
Гүл терек һеш көрмейді.

Терек те өз орнында
Гүлдеп жеміс бермейді.
Біздің бауға орнатса
Гүл тегер де, нәр пісер.

Таза пісіп біткен нәр
Нәсіпті жанға дәл түсер.
Күн өткен соң бола ма,
Құйылмай мейіз тұра ма?

Көп сақталса шіриді
Пісіп түскен құба алма.
Мен — қарағай, сен — терек,
Төгер едік көп өрік.

Амал қанша, не керек,
Араға шықты тікенек.
Жол ашам деген адамның
Тырнайды қолын тікенек.

Жол табар жалғыз өзіңсің,
Егер тартсаң ішкерек.
Сен онда да, мен мұнда,
Жетсе игі еді қолымыз.

Ынша алла бұйырса,
Әлде де бірге болармыз.
Әйелдің жауабы:
Қоңсыдағы қарт кісі

Қуандырад жүрегін;
Үміті шын ба екен деп,
Осыған жырқ-жырқ күлемін.
Ақ сақалын бояйды,

Ақ түгін жұлад, алпыс жас,
Ойына, ойбай, келмейді-ау,
Әкеммен түйдей, тең құрдас.
Жасты торып, жағынып,

Жалғандайды, алдайды.
Бір жылы сөз айтқын деп,
Тіркеліп тіпті қалмайды.
Алдымнан күнде көлбеңдеп,

Шал шырыштай киініп.
Қанағат қылса қайтеді
Кемпірі бар ғой, сүйініп.
Бетіне бірер қарап ем,

Құрдасы-ау деп әкемнің.
Көңіліне келіп қапты ғой,
Отағасы әкемнің.
Шешем байғұс айтушы еді;

Той болған топыр, жан толған,
Шешемнің бұ шал тойында
Төрде отырып хан болған.
Ақсақалға көп заман

Ақтан шалма шалғанға,
Ата болар жөні бар
Арманы мені алғанда.
Мәні-жайын түсініп

Күлдім, сілем сүле-сал.
Қашырып та алмайды-ау,
Қашып келсе деді шал.
Адамды кәрілік жеңген соң

Күш таяды, ес кетед.
Қашып қатын үстіне
Тисе екен деп дәме етед.
Маған қағаз жазыпсыз

Гүл терек деп ат тағып,
Онымен алдай алмайсыз,
Аңқау ата-ай, хат салып.
Сусыз жерде гүлдемес,

Орнатса да гүл терек.
Тілден балау пісер ме,
Күріш керек, май керек...
Көп шалдан бұл өзгеше,

Ақ қылшық жоқ басында.
Жиырма бесте қалыңдық,
Күйеу алпыс жасында.
Күн өткен соң қала ма,

Алмасынбай қылықтар?
Қатыны — жас, ері — шал
Не болды онда құмықтар.

В. ПОГОДАН

ҚЫРҒЫНДА

Шеңберіңнен шыпылдап,
Қанға батты бір дала.
Қолға түсті неше ерлер,
Басы-көзі қан, жара.

Сол қиналған ерлермен,
Бірге ұсталды бір бала.
«Сөйле, бала, сен кімсің,
Мыналармен бір ме едің?»

«Бұлар менің жолдасым
Осылармен бірге едім».
«Атыласың ендеше,
Бәріне өлім бірге өлім».

Қатарлап жарға тұрғызды
Ататұғын адамын.
Солдаттар қатар тізілді.
Мылтықтар ашты аранын.

Өкірді күрс-күрс құлады,
Жолдастары баланың.
Бала келді бастыққа:
«Капитан, айтам сізге дат.

Келейін барып үйіме,
Етіңізші рұқсат.
Қоштасайын анаммен.
Тез қайтайын... атсаң ат»,

«Жоқ, қу бала, алдайсың,
Жібермеймін, бармайсың!»
«Жоқ, капитан, келемін,
Өтінем неге нанбайсың?»

«Үйің қайда?» «Әне, анау...»
«Бар, тез келмей қалмайсың!»
«Балаға нанған қашаған,
Капитан аңқау, бошалан», —

Деп, ду күлді солдаттар,
Атуға оны, жасанған.
Ол күлкіге үн қосты
Өлім, қанға шашалған.

Жалт қарасты отряд,
Күлкі тынды тым-тырыс,
Қайтты бала асығып,
Қалған осы-ақ, атусыз,

Оқ аузына тұрды да, Деді:
«Ал келдім, атыңыз»

Г. ГЕЙНЕДЕН

ТОҚУШЫЛАР

Тұнжыраған көздерінде жасы жоқ,
Тісін қайрап өрмекте отыр осы топ.
Арқауына үш лағанат қосып біз,
Германия, кебініңді тоқимыз!

Тоқимыз, тоқимыз!
Аязда да, аштықта да жалбардық.
Ол алдады, бос үмітпен сандалдық.
Ол қорлады, күттік, бізді қылды ақымақ,

Біз табынған құдайға бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!
Жарлымызға рақымы жоқ зарлаған,
Жалғыз тиын ақшамызды жалмаған.

Жарлығымен итше бізді деген «ат»
Бай королі, корольге бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!
Масқаралық, сұмдық мүлде жайылған,

Әр гүл онда көтерілмей жайраған.
Шірік қаптап, өңезденген нас, ылас,
Жалғаншы, арам отанға бір лағанат!
Тоқимыз, тоқимыз!

Қылыш зыр-зыр, өрмек дір-дір етеді,
Біз тоқимыз күндер-күндер өтеді.
Арқауына үш лағанат қосып біз,
Германия, кебініңді тоқимыз

Тоқимыз, тоқимыз!

САЛАУАТ

Мен қылыш, мен жалын!
Алғашқы түнгі соғыста,
Алдымен отты мен жаққам.
Алдымен мен ем айқасқан,

Алдымен оқты мен атқам.
Айналам өлік жусаған
Жолдастарым сүйегі.
Бірақ біз жеңдік жау,

Жеңуін жеңдік-ау;
Жусаған өлік айналам,
Жолдастарым сүйегі.
Шырқалған жеңу жырында,

Күңіренгендей көр шуы.
Әлі ерте күнде жан тынар,
Қуануға жөні жоқ,
Мұңаюға орын жоқ,

Тағы да дабыл даңғырлар.
Тағы да майдан қансырар...
Мен қылыш, мен жалын.

ЕГІНШІГЕ

Торғын топырақ қусырып,
Алтын дәнді жер бүркер.
Онан да төмен түсіріп,
Салқын тәнді кер бүркер:

Тарашта, талма дәнді сеп,
Өнер егін еңбекке.
Жалғыз-ақ үмітке өлім жоқ
Көрде де тірі көкіректе.

ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР

Түсінік Бұл жинаққа ел әдебиетінің белгілі бір түрлері — өтірік өлең, өтірік ертегі, өтірік айтыс, өтірік мақтан, тағысын-тағылар енген. Ел әдебиетінің бұл түрі - бұл күнге дейін жиналып, басылып жарыққа шықпай жатқан қазына. Өтіріктен А. Диваев жинағында там-тұмдап ұшырайды. Бірақ ел ішінде өтірік аз емес, өтірік орасан көп. Қазақтың өтірік өлеңі, өтірік ертегі дегендері расында кенеуі жоқ, босқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің орамдылығымен өзгеше өңделген сөз, тұрмыс құбылысындағы құнарсыз нәрсені дардай қылып, ойдан орақ орып, қырдан қысырақ матап, болымсыз нәрсені әлденеге ұқсатып, дандайсытып, тыңдаушының сілекейін шұбыртқан өтірік. Ел жанына жақпайтын жай сөз болса, белгілі бір түрдегі алып «ел әдебиеті» болмас еді. Ел бұл күнге шейін сақтамас еді. Өтіріктің өмірге ұқсастығы болмаса, ел әдебиетінің бойына сіңбес еді. Жоқ, өтірік — ел әдебиетінің бір мүшесі. Өтірік әдебиетте өмір көп. Салыстыруы бар, сықақ мол. Әр жануардың, әр айтылған нәрсенің тұрмысқа байланысы бар. Өтірік өз мәнісінде не тіршіліктің шын жаңа жағына, не көңілдің күйін көксеуге байланысып отырады. Айталық:

Инелік пен масаны құда қылып,
Инеліктің үстіне шекпен жаптым.

Иә, қазақта құдалық бар, оның арасында делдал бар: құда киіт киеді, ат мінеді, шапан жамылады. Сондықтан өтіріктегі инелік те шекпен жамылып, киіт киіп, жамбас жейтін құда болуға лайық.

Әкесіне ас беріп жатыр екен,
Көбелектің үйіне кіріп келсем.

Әрине, қазақ айткан соң, көбелекте ас береді. Ас беру әдеті көзді аша көрген мұра ғой. Көбелек «отаусыз» неге қалсын . Міне, бұл — жалпы елді билеген салт-сананың, әдет-танымның жарық шоғы.

Кенеге кежім жауып бесті ат қылдым,
Бетегені бес жарып келсап қылдым.
Бозторғайдың шудасын күзеп алдым,
Күндіз-түні иіріп бес қап қылдым.

Мұнда не? Кежім жауып мәпелеп әдетте атты күтетін. Жылқы мен кенені шабыс жағынан салыстырғандық. Ағаштан келсап жасап (қазақтың өзінше қолөнері), келі түйетін, жіп иіріп, қап қылатын тағы тіршілік қыстырыңдысы, кәсіп түрі, өмір белгісі суреттеледі, шаруа ыңғайы көкселеді. Әдейі соларды көзіне көрсету үшін келі мен бозторғайды кежімдеп баптап, күзеп әуреленеді. Тағы да:

Ауыры бұл дүниенің үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
«Сөс!» — деп барып түйеме қойғанымда,
Көтере алмай жығылды атандарым.

Бұл не? Күлкі, жан алданышы, ой сергектігі. Әсіресе өтірікте ел құлағына жаққан нәрсе де, біздің керек қылатынымыз да — қара сөзбен орамды, майда айтылған бейнелер. Осында кірген Мейірбанның өтірігіндей:

Қақпақ бел, қамыс құлақ, бөкен мойын
Ағы бар алақандай тобығының.
Немесе:
Әнді жанның жылы майда жібегіндей

Қол егі жолбарыстың жүрегіндей... —
деген секілді әдемі суреттеулер ұшырайды.
Жауыр, көр биеге жел-қом ерттеп,
Бір жағын жел-қомның қылмен көктеп,

Саудагер сарт кеп қалды мата жүктеп, — деген секілді кезіндегі тұрғылас халық кәсіп түрінде, алыс-беріс ретінде Жетісу қазағына Қашқар, Қоқан жағынан жамырай қаптайтын саудагерлердің ел арасына дәрі-дәрмек деп тарататын тотияйын, құшала, сарыбұға, бозбұға, құмжеміл, жемжеміл жайында да Мейірбан айта келеді. Бүгін де біздің өтіріктен, ертегіден, ел әдебиетінен топшылайтынымыз осындайлар болмақ. ...Жоғарыда айттым: «Өтірік — ел әдебиетінің өзгеше өңделген көріктісі», — деп. Шынында, біздің ел әдебиетімізде өтірік араласпаса, ажары кірген сөз бар ма? Ел әдебиетінің бәрі де өтірікке, желдіртпеге, желөкпелікке шырмауықтай шырмалған. Қобыланды, Тарғын, Ер Сайын, Алпамыс сықылды батырлар жырының басынан бақайына шейін ағып тұрған өтірік. Тауды-тасты төрт тұяқпен жүндей түтіп, тозаңдай тоздырған, ұшып берген құстың көтерілгенше белінен қырқа аттай түскен, бесінде Қазан қаласына шауып барған Қобыландының Тайбурылы, әйтеуір, өтіріктің, көпірменің дегені емес пе? Мұнда шауып отырған Бурыл емес, көңіл сөз ғой. Мықтаса, Қобыландының Тайбурылы, әйтеуір, батыр арнап тақымына басып мінген белді бір жуан тұғыр шығар. Бірақ Қобыланды Қазанға Бурыл шолақпен жол бойы қонып, аяңдап барыпты десе, оның не дәм-татымы қалар еді. Бұл күнге шейін ел сақтамай, әлдеқашан Қобыланды әңгімесін жоғалтар еді. Елге ертегі болмас еді. Әне, ақынның ақындығы сонда — сұлу сурет, кесек бейнемен елге сөз сіңірте алуында. Сондықтан өтірік — қазақ әдебиетінде өзгеше өң, келесіде киетін ел ауқымының өзі пішкен тон десекте болады. Әрине, өтіріктіңде өтірігі бар. Оның ішінде құнарсыз, жалғыз тиынға тұрмайтыны да бар. Және бар өтірік бұл ғана емес, бұл мыңнан бірі де болмас. Өтірік те күн сайын көбейіп отырады. Бұрын өтірікті айту үлкен мақтан, мақсат та болған. Өтірікшілер бәсекелесіп бәйгеге түскен, айтысқан. Ұлы жиындарда ел енжарласып, бұларды ақындардай жарысқа салған. Әдейі ел қыдырып өтірікті таратқан белгілі өтірікшілер де болған. Бұлар асқан «суайт» деген атаққа ие болған. (Мәселен, осындай Ығай мен Сығай). Әрине, бұны туғызған — ел өмірінің, қоғам құрылысының жағдайы, өмір құны, шаруа шарты, қолы бостық, жұмысы жоқтық. Айдаладағы аң мен аспандағы құс сияқты табиғат құшағына бөленіп өскен еркін еркелік. Бұл жағдайлар өз өмірінде күшті күй, әсем ән, өзгеше өтіріктерді туғызып кетті. Бірақ ел заман тауқыметін тартып, кәсіп түрінде өзге өріске ауысты. Жан бағу далбасасына бұрынғыдан да бел байлап, белсенді кірісті. Ән, сауық, әңгіме сияқты көңіл ермектері екінші кезекке шегінді. Бір «атқамінерден» басқа қолы бос қазақтың барлығы шаруа адамы болуға айналды. Осы күні егін салатын елден гөрі мал бағатын көшпелі елдің сөзуарлығын, әңгімеге үйір болатұғынын әркім абайлайтын шығар. Баяғыдай көңіл алданышы, жан ермегі үшін өтірік айтатын ауылда бұл күнде ешкім жоқ. Өтірікші енді күлкіге айналып барады. Бұл — өмірдің ұлы заңы. Енді елде сақталып қалған өтірік тамтығын жинап қалу қалам білген қазақтың міндеті болды. Мұндағы жиналған өтіріктің бәрі де Жетісудағы найман, албан, суан, дулат, жалайыр секілді елдерден жиналған. Әдейі соңына түсіп жиналған нәрсе емес. 1920 жылдан бастап ыңғайы келген адамнан сұрастырып жазып алына берген. Көбін Алматыдағы қазақ институтындағы жоғарыда айтылған елдердің балаларынан алып толтырдым. Ел әдебиетін соңына түсіп жинаушыларға белгілі өлеңді, әнді, ертегіні әр ел, әр ру, тіпті әр кісі өзінше артылтып, бағаландыра береді. Осы өтірікті жинағанда да мен сол күйге ұшырадым. Мысалы, бір Мейірбанның «Шыбын» деген өтірігін маған айтып жазып берген кісілер саны 12. Оның албаны да, суаны да, дулаты да, найманы да бар. Бірақ осылардың барлығының тәуір айтқанының бір-екеуін негізге алдым да, өзгесін соның маңайына тердім. Сөйтіп, бұл жинағым — өзімше сондайлардың таңдамалысы. Ел тіршілігінің өткендегі, болашақтағы айнасы — әдебиет. Ел әдебиетінде өтірік — өзгеше түрлі айна. Ел өмірінің барлық тармағын ашып, алдына жаятын әдебиет бұл жинауға мұқтаж. Сол оймен кішкентай болса да осы жинақтағы өтіріктен өзгеше көрінетін қоғам құрылысының, салт-сананың жарықшағын шұқылап зерттеуге, әдебиетке ел өмірінің белгілі бағыты бар табанды көзқарас туғызуға дерек іздейтіндерге «ел қазынасы» деп еңбек қылдым. Бұл — жинақтың түпкі орны. Ел өтірігі — үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады. Бізде балалар әдебиеті әлі жасалмай, жадағай жатыр. Балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоқтың қасы. Жасалғанда да табан тасы, табалдырығы ауыз әдебиетінің үлгісімен өсуі тиіс. Олай болса бұл жинақтың жарыққа шығуымен тиетін қолқабысы қраш (құр, бос. — Ред) болмайды. Ермек үшін де, еңбек үшін де балалар әдебиетінің бұл күнде де, болашақта да жалауына жарайды. Мектептерде тіл сабағында, аймақ танытуда, бала бағуға, бас білер мұғалімдерге де бұл жинақ бірқатар дерек береді. Осы оймен бұл кітапша балаларға бейім жазылды. Өтіріктен басқа өтірікке сыбайлас жинақ аяғына қосымша ретінде отбасындағы балалар сөзі, қысқаша балалар ертегісі, ұсақ әңгімелер тіркелді. Ауызша айтып ат салысқан, жазып беріп жәрдемдескен азаматтарға алғыс айтам.

Ілияс.
Мәскеу.
1926 жыл, 14-қаңтар.

ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР

Айттым да өтірік өлең жұртқа жақтым,
Қой қылып құмырсқаны жаздай бақтым.
Айғырын құмырсқаның ұстап бағып,
Қойтастан адыр-адыр түлкі қақтым.

Мен өзім жас күнімде тырна бақтым,
Тырнамды семірсін деп қырға бақтым.
Балықтың бас-аяғын түгендеуге,
Іледе итке мініп үш жыл ақтым.

Мен өзім жас күнімде қарға бақтым,
Қарғаны семірсін деп қарға бақтым.
Мешін жылы ақсүйек үлкен жұт боп,
Арығына қарғаның жабу жаптым.

Мен өзім жас күнімде қарға бақтым,
Арықтап, әр қарғама жабу жаптым.
Желді күні жетеуі желдеп кетіп,
Түу Бақастың түбінен әрең таптым.

Қарғам жеріп, ішпеді суын қақтың,
Суы қылды қашықтық Белбұлақтың.
Ақ өзектен инемен құдық қазып,
Күнде үш уақыт қарғамды суға жаптым.

Шымшықтың шылым қылдым қу басынан,
Бозторғайдың шылбыр қылдым шудасынан.
Көбелектің қанатын көпір қылып,
Теңіздің өте шықтым турасынан.

Көбелек тумай жатып үйін көрдім,
Балықтың соймай жатып миын көрдім.
Өзгем өтірік болса да осыным шын,
Астыма тышқан мініп, түйе өңгердім.

Келемін өзен құлдап, масаны айдап,
Үркіттім инелікті адағайлап.
Болғанда құрбан айты құрбан шалдым,
Асауын бөгелектің жемге байлап.

Айттым да өтірік өлең, желдей естім,
Ұстап ап қос құланның мұрнын тестім.
Болса да өзге өтірік осыным шын,
Жүк артып бес қоңызға түнде көштім.

Айттым да өтірік өлең желдеп кеттім,
Соңымнан көбелекке кел деп кеттім.
Асауын бөгелектің ұстап мініп,
Астыма бес қап бидай теңдеп кеттім.

Бөгелек ертең ерте пісіріп жүр,
Тақымға тамақты таудай қыстырып жүр
Өзгем өтірік болса да осыным шын,
Мойнында бөгелектің бес құрық жүр.

Үлкені бұл дүниенің маса батыр,
Маса батыр бір тауды қашап жатыр.
Бір масаның семізін сонда көрдік,
Алпыс екі табаққа жасап жатыр.

Ауыры бұл дүниенің үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
Көтеріп «Қос!» деп барып қойғанымда,
Көтере алмай жығылды атандарым.

Жыланды жолда жатқан таяқ қылдым,
Тасбақаның сүйегін аяқ қылдым.
Шегірткенің айғырын шертіп мініп,
Қоспастан үйіріне саяқ қылдым.

Айттым да өтірік өлең елге жақтым,
Қайырып көбелекті көлге жаптым.
Инелікпен масаны құда қылып,
Үстіне инеліктің шекпен жаптым.

Айыл қылдым жыланның жонын илеп,
Көбелекке жүр екен сона күйлеп.
Сол сонаның айғырын іздеп жүрсем,
Бір тоғайда жүр екен түйе сүйреп.

Инелікке міндім де сона қудым,
Үш күн түнеп сонаны қона қудым.
Енді жеттік дегенде ине сынып,
Енді инелік мінбеске тоба қылдым.

Төске тарттым жыланның иегінен,
Tіc шұқышым шіркейдің сүйегінен.
Ар жақтағы араны алты ай қуып,
Жаңа қайтып келемін түнеугіден.

Ор тышқанның тісінен балта еткенмін,
Бас терісін боқжама қалта еткенмін.
Көбелектің қанатын көпір қылып,
Адам өтпес дариядан алты өткенмін.

Атасы сона деген кәпір екен,
Құмырсқа — бірталай жан батыр екен.
Үйіне көбелектің кіріп келсем,
Ac беріп әкесіне жатыр екен.

Асына тамам сона тойған екен,
Қырық өгіз, алпыс бие сойған екен.
Асына бүгін барып, кеше келдім,
Бейіт қып Алатауды ойған екен.

Келеді мына жақта топты маса,
Біреуінің тұмсығы темір аса.
Жегенге ептеп-септеп тамақ жоқта,
Ет шықты елу табақ, бір тамаша.

Кенеге кежім жауым бесті ат қылдым,
Бетегені бес жарып, келсап қылдым.
Бозторғайдың шудасын күзеп алып,
Күндіз-түні иіріп, бес қап қылдым.

Көбелектің көнектей майын алдым,
Төрт елі иегінен айыл қылдым.
Атым сиген жерден көл тұрғызып,
Көлденеңі қырық көз жайын алдым.

Жібердім бес сауысқан ұры жарға,
Жануар бірі жүйрік, бірі жорға.
Өзгем өтірік болса да осыным шын,
Жүк қылдым кекілікті бес жүз нарға.

Бөденемен қайырдым бөлтірікті,
Басына қарағайдың қол тұрыпты.
Өзгем өтірік болса да осыным шын,
Бір шалды шіркей теуіп өлтіріпті.

Байладым жылқы қылып отыз түлкі,
Борсықты ұстап мінсең — аттың мүлкі.
Ішінде топ кісінің жығып кетіп,
Қылдың ғой, ойбай қарсақ, мені күлкі.

Күмістен ақ тышқанға таға қылдым,
Терісін бір тышқанның жаға қылдым.
Терісін сары масаның жыртпай сойып,
Жиыны он бес қарыс саба қылдым.

Жоғары жақтан келемін құлан атып,
Құла шолақ тышқанды бұлаңдатып.
Жеті өзеннің жанынан түлкі қақтым,
Көртышқанның жонынан айыл тақтым.

Маса қызын беріпті көбелекке,
Күйеу жолдас болыпты бөгелек те.
Шаранадан қарық қып жыртыс жыртып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.

Маса қызын беріпті көбелекке,
Қара шыбын жүріпті жеңгелікке.
Тоғыз сона тойға мал айдап сойып,
Ақ киізін артыпты инелікке.

Түментіден келемін жоғары өрлеп,
Төрт қап өлең теңдедім аузын түйреп.
Төрт қабының бірінің аузын ашсам,
Анау-мынау қашады тонын сүйреп.

Шымшықтың шылым қылдым қу басынан,
Бозторғай шідер қылдым шудасынан.
Бір өзіме қарайтын мың торғай бар,
Ешкім менен бай емес бір басымнан.

Бозторғайдың жүзі жүр жұлмасынан,
Тоқитұғын қап-шекпен шудасынан.
Торғай тұрып қатыным түйе іздейді,
Болады екен олағы ұрғашыдан.

Бит айтады сіркені қатыным деп,
Сірке айтады жейдені шатырым деп,
Біз өлгенде бұл сірке не деп жоқтар,
Ақ тырнақпен алысқан батырым деп.

Алтыннан ақ қоянға қақтым таға,
Бір тышқаннан үш тонға піштім жаға.
Суыған сайын кигенде күйдіреді,
Кешке оранып жатады бала-шаға.

КІРПІКШЕШЕН

Бір күні жол жүруді ойыма алдым,
Ұзындығы жүз төрт көз сойыл алдым,
Қырық путь; кем қырық қадақ қойдың етін,
Қыра турап, біржола тойып алдым.

Көр ала кірпікшешен мініп алдым,
Бүлдіргенді қамшымды іліп алдым.
Қырық бес тақта қағаздан киім жасап,
Қырық түйме тақтырып киіп алдым.

А, құдайлап мал айтып шықтым жолға,
Өтірік жоқ, жамағат, таза тыңда.
Мінгенім кірпікшешен болғаннан соң,
Ер жігітке қырық күндік жол қиын ба?

Құбыланы бетіме алдым қисақтатып,
Кірпікшешен жорғалайды қипақтатып.
Етігімнен омбы қар сауылдатып,
Шауып кетіп барамын бұрқақтатып.

Шауып келем дауылдай дәуірлетіп,
Әр ауылдың иттерін шәуілдетіп.
Қырық бес күндік ұдайы ұзақ жолға,
Қырық бес сағат ішікке бардым жетіп.

Ол жерде ұлы жиын, той бар екен,
Бәйгесіне жеті мың қой бар екен.
Кераланы қосуға осы тойға,
Жәкеңде де аз ғана ой бар екен.

Ат айдаушы айдады аттың бәрін,
Нан саттырып қойыпты сарттың бәрін.
Екі қадақ, бір мысқал бала тауып,
Қосып жібердім, барсын деп жануарым.

Алты сағат дегенде айғай шықты,
Келе жатыр кералам жалғыз тіпті.
Топты жарып атымды атағанда
Шыдап шыққан шыбын жан неткен мықты.

Сүйінгеннен Жәкеңнің терлегені-ай,
«Сауға батыр, сауға», — деп ел келгені-ай.
Екі-екіден үлесіп бәйге қойды,
Өз малымды өзіме бермегені-ай.

Сонда да төрт мың қоймен қалдым кетіп,
Тойдан шығып үйіме келдім жатып.
Үйден келсем оң жақта бір бесік тұр,
Сұрамадым ешкімнен сабыр етіп.

Кешегі күн қатыным жерік еді,
Бүгін бесік көремін — еніп еді.
Шолпылдатып баламды сүйіп тұрмын,
Бұл да болса құдайдың беруі еді.

Мал боп кетті төрт мың қой соныменен,
Кералаңның бәйге алған жолыменен.
Кірпікшешен жайына және кетті,
Жүрміз, міне, сол қойдың қорыменен.

Бір өлеңім бар еді ойға кетті,
Ойдағы балықтағы тойға кетті.
Бір өлеңім үйіне бармай қойып,
Лақ іздеп өрістегі қойға кетті.

Бір өлеңім бар еді жатқа кетті,
Бір өлеңім жүген ап атқа кетті.
Бір өлеңім жейдесі тозып қалып,
Жейде алам деп саудагер сартқа кетті.

Бір өлеңім, дариға, кетті қолдан,
Келуші еді пұл тауып оң мен солдан.
Бір өлеңім Сүйдінге кетіп еді,
Томажынай қуыпты орта жолдан.

Бозды мініп, қараны жетелеп ап,
Аман келді біреуі әрең зордан.
(Омарбек ақыннан)

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙