Қазағымның иесі
Құралбек Ергөбеков
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Құралбек Ергөбеков - «Қазағымның иесі» шығармасы.
ҚАЗАҒЫМНЫҢ КИЕСІ — ҚАЗЫҒҰРТЫМ
ҒАЗАЛ
Аты бір жақсы Аллам һақ,
Алла болғай бізге жақ.
Алла деңдер пәнделер,
Алла деген ар болмас.
Алланы айтқан құлдары,
Ақыретте қор болмас.
Зорсынғанға Құдай бар,
Әуелі Құдай пайғамбар.
Жағдайсыз жерде жауды қар,
Жамандардың пейілі тар.
Сом темірге балға бар,
Пейілі тарға Құдай бар.
Жад еттім Жапбар Құдайым,
Ақтан мәдет сұрайын.
Аққа мойын бұрайын,
Ақ жолында тұрайын.
Мәдеткер өзін болмасаң,
Неше бір ила қылайын?
Өр істі қылған Құдайсың,
Пәндеңді сөйтіп сынайсың.
Қанша бір басып жүрсең де,
Жер ескілік қылмайсың,
Адам соққан ғимарат.
Аз жылдан кейін құлайсың.
Құдіреті кең Алланың,
Ұстынсыз аспан шыдайсың.
Ақ пейілмен тілесе,
Не бермеген Құдайсың?
Шыныменен тілесе,
Тілегін қабыл қылғайсың
Он сегіз мың әлемнің,
Егесі өзің Құдайсың.
Қазығұрт ауданындағы Рабат елді мекенінің тұрғыны Ілескүл Әшірбайқызынан (қазір марқұм) жазып алынған.
НҰРНАМА
Бисмиллаһир — Рахманир — Рахийм.
Әуелі Аллаһ тағала жаратқан нарсе — ән Һәзірет саллаллаһу ғалейһи уәсаламның нұры. Аллаһ тағала он сегіз мың ғалам және Адамнан бұрын ән Һазірет саллаллаһу ғалейһи уәсалам басын сәждеге қойды. Рәбіл ғизаттан пәрмен жетті, айтты: Әй, менің нұрым, һәм әй, менің хабибім, һәм әй, менің баргузидам. һәм ай, менің бәндайы хасим! Сенің достық маһаббатыңнан жеті дария жараттым. Әуелі — ілім дариясы, екінші — хилм (мүләйім құлық) дариясы, үшінші — ғақыл дариясы, төртінші — хикмат дариясы, бесінші — пақыр дариясы, алтыншы — мағріфат, жетінші — мағфірат дариясы». Ән Һәзірет саллаллаһу ғалейһи уәсалам нұры барша ғаламдық нәрселерді жаратушы Һәзірет ием пәрменімен әр дарияда он мың жылдан тұрды және жетпіс мың жылдан соң Аллаһ тағаладан пармен жетті һам айтты: «Әй, менің нұрым, һәм әй, менің хабибім, һәм әй, менің баргузидам, һәм әй, менің бәндайы хасим, әй, достым! Дариялардан шық». Ән Һәзірет нұры дариядан шықты. Және тағы он сегіз мың ғалам иесі Құдай тағала пәрмен етіп айтты: «Әй, менің нұрым, һәм әй, менің хабибім, әй, менің баргузидам, әй, менің бәндайы хасим! Мүбәрак төн бойыңды сілкілен», — деді. Ән Һәзірет нұры сілкіленді. Сонда жүз жиырма төрт мың тамшы су мүбәрак ағзаларынан тамды. Барша пайғамбарлар содан пайда болды. Үш жүз он үш тамшы су мүбәрак басынан тамды. Үш жүз он үш пайғамбар мүрсәл пайда болды. Екі тамшы су мүбәрак оң көзінен тамды, Лаух-у Қаламды (тағдыр жазуын) пайда қылды. Екі тамшы су мүбәрак сол көзінен тамды. Әуелгі тамшыдан Ғаршыны пайда қылды. Бір тамшыдан Күрсіні пайда қылды. Және екі тамшы су мүбәрак оң құлағынан тамды, Жәбірейіл және Мекайіл періште пайда болды. Және екі тамшы су мүбарак сол құлағынан тамды, Ісрафіл, Ғазірейіл періште пайда болды. Және тағы сегіз тамшы су мүбәрак мұрнынан тамды, сегіз пейіш пайда болды. Және жеті тамшы су мүбәрак қаһрынан тамды, жеті дозақ пайда болды. Екі тамшы су мүбәрак жүзінен тамды, одан ай, күнді пайда қылды. Бес тамшы су мүбәрак оң қолынан тамды. Әуелі сидрат-үл мүнтаһа. екінші туба ағашын жаратты. Үшінші хауіз кәусарды, төртінші Байт-ул мұқадасты, бесінші Адамның асасын жаратты. Аса Адам ғалейһи саламнан Шиш Нәбиаллаһқа қалды, одан Мұса пайғамбарға, одан барша машайықтарға қалды. Және бес тамшы су мүбәрак сол қолынан тамды. Әуелі бад сарсар (екпіні күшті суық жел) пайда болды, екінші бад рафраф (қоңыржай жылы жел) пайда болды. Үшінші рағд-и барқ пайда болды. Төртінші Сүлеймен пайғамбар жүзігі пайда болды, бесінші Ісрафіл сүрі пайда болды. Және екі тамшы су мүбәрак аузынан тамды. Одан түнді және күндізді жаратты. Жане Һәзірет хақ субһанаһу уа тағала бикам уа бизабан уа билаб уа бидандан уа қадір йазданнан аян келді. Айтты: «Әй, менің нұрым, һам ай, менің хабибім, ай, менің баргузидам, әй, менің бандайы хасим! Сенің достық маһаббатыңнан төрт нарсе жараттым, менің Құдалығым, сенің пайғамбарлығыңды әуелі мен ақырына машһүр қылайын деп, пайымыңа жетті ме?» — деді. Ән Һәзірет саллаллаһу ғалейһи уасалам нұры айтты: «Аһад-а, самад-а, пәк-а, пәруәрдігар-а, сен білесің», — деді. Сонда Құдай тағаладан аян келді: «Иә, Мұһаммед, мен саған баян етейін, әуелі от, екінші самал жел, үшінші су, төртінші топырақ». Нұр ән Һазірет әуелі илаһи пәрменімен дереу самалға барып, салем қылды. Самал илаһи парменімен тілге кіріп: «Уа ғалейкүм ас-салам», — деді. Нұр ән Һәзірет айтты: «Әй, самал, кімсің?». Самал айтты: «Meн Рахман пендесімін». Нұр ән Һазірет айтты: «Сен дүниеде не іс қыласың?». Айтты: «Әр не мұратым болса, өзім істеймін». Нұр ән Һәзірет айтты: «Сен өз ғайыбыңды білемісің?» Самал айтты: «Менің не ғайыбым бар?». Нұр ән Һазірет айтты: «Сен барша адамды көресің, сені ешкім де көрмес». Самал айтты: «Әй, нұр ән Һәзірет, сонда сен ғайыбсыз болғаның ба?» Нұр ән Һәзірет: «Әй, самал, астағфир- уллаһ дегін, пәнденің ғайыбы көп, ғайыбсыз Аллаһ тағала»,— деді. Одан кейін самал: «Ашһаду ан ла илаһа иллаллаһ уа ашһаду анна Мұһаммадан ғабдуһу уа расулуһ», — деп, дін Исламға мойынсұнды. Одан кейін ән Һәзірет нұры судың алдына келді. Сәлем қылды. Ол да хал тілімен: «Уа ғалейкүм ас- салам», —деді. Ән Һәзірет нұры айтты: «Әй, су, сен кімсің?» Су айтты: «Құда пәндесімін». «Дүниеде не іс жасайсың? — деді. Айтты: «Әр не мұратым болса, өзім жасаймын». Нұр ән Һәзірет айтты: «Әй, су, астағфир-уллаһ дегін, пәнде өз мұратынша іс жасай алмас. Әй, су, сен өз ғайыбыңа қара, нендей ғайыбың бар?» Су айтты: «Менің не ғайыбым бар?» Нұр ән Һәзірет айтты: «Барша нәрсені таза қыласың, өзің лас боласың». Су айтты: «Сонда ғайыбсыз сен бе?» Нұр ән Һазірет айтты: «Астағфир-уллаһ дегін, пәнденің ғайыбы басынан аяғына дейін. Ғайыбсыз Аллаһ тағаладүр». Одан кейін су: «Ашһаду ан ла илаһа иллаллаһ уа ашһаду анна Мұһаммадан ғабдуһу уа расулуһ» — деп, бұл да мұсылман болды. Содан кейін, нұр ән Һазірет оттың алдына барып, салем қылды. Қарсы сәлем алды. «Әй, от, не істейсің?» От айтты: «Әр не мұратым болса, өзім қыламын». Нұр ән Һазірет айтты: «Пәнде өз мұратынша іс қыла алмас. Әр іс Құдадандүр». Және айтты: «Әй, от, сен өз ғайыбыңды білемісің?» Айтты: «Менің не ғайыбым бар?» Нұр ән Һәзірет айтты: «Астағфир-уллаһ дегін, пәңденің басынан аяғына дейін ғайыбдүр. Сенің бар ғайыбың, тірілмегің самалменен һәм өлмегің суменен. Ғайыбсыз Аллаһ тағаладүр», — деді. Сонда от бұл кәлиманы айтып, мүслім-у мұсылман болды: «Ашһаду ан ла илаһа иллаллаһ уа ашһаду анна Мұһаммадан ғабдуһу уа расулуһ». Мұнан кейін, нұр ән Һазірет топырақтың алдына барып, салем берді. Топырақ: «Уағалейкүм ас-салам», — деді. Нұр ан Һазірет айтты: «Әй, топырақ, сен кімсің?» Топырақ айтты: «Мен Рахман пәндесімін». «Не іс қыласың?» Топырақ айтты: «Аллаһ тағала әр не әмір қылса, соны жасаймын». Сол-ақ екен нұр ән Һазірет дереу топырақты құшты. Айтты: «Әуелі — ақыры сені ықтияр қыламын». «Не үшін?» «Сенен тәкапбарлық көрмедім. Һәзірет Адамды сенен жасаса керек. Жане тағы саған жіберер. Құдай тағала хабар берер, қаулуһу тағала уа һуа бикулли шайғилим». Әр адам төрт нарседен алыс болмас. Біреудің болмысы — от және біреудің болмысы — самал жел жане біреудікі — су және біреудің болмысы — топырақ. Әр кім бұл нұрнаманы оқыса, немесе өзімен бірге тұтса, екі жаһанның бәлесінен аман болғай һәм әр мәжілісте оқыса, жиылған жамағат естісе, ол пәнденің намасына (амал кітабына) шексіз сауап жазылғай. Маһшар күні намасы оңынан келгей. Әр қанша күнәлары кешірілгей, көрде тәні шірімегей. Иманы шайтан малғұнның азғыруынан аман болғай. Жане тағы ол пәңдеге Тәурат, Інжіл, Зәбүр, Фурқанның сауабын бергей. Және де ата мен анасының күнәларын өтеп, рақым қылғай. Және тағы мұнафық болудан һәм суханшылықтан һәм ақырет балесінен һам зілзаладан аман болғай. Жақсылардың қатарында болғай жане ғазилардың сауабын бергей. Және де әр кім ықыласымен естісе, Құдай хабар етер: «Онымен менің арамда еш перде болмағай һәм үш жүз он үш пайғамбар мүрсалдің сауабын бергей. Жане тағы жұма түнінде, немесе дүйсенбі түнінде оқыса, әр не талабы болса, қабыл болуына лайық болғай». Және хабар келді: «Иә, Мұһаммед, сенің үмметтерің менің пәнделерім. Бұл нұрнаманы шафиғ келтіріп, жүзіне сүртсе, қажеті орындалғай». Хабарда келіпті, әр кім пайғамбар ғалейһи саламның сипаттарын оқыса. сондай шарапат тапқай, екі дүниенің бәлесінен аман болғай. Жад қылыңдар, бұл рисаланы өздеріңмен бірге тұтыңдар. Егер де ажал жетсе, жан тыныс табуы оңай болғай. Рахым періштелері күнәларын тілегейлер һәм әр кім оқыса, шәһидтерді һәм азат құлды жеті мәрте жамғат қылғанның сауабын бергей һәм жеті пұстына Құда рақым қылғай. Және тағы рәуаят қылар, Һәзірет Әлі карама Аллаһу уа жаһадан. Пайғамбар Құдаға Құдай тағала Һәзірет Жәбірейілді жіберді: Бұл нұрнаманың сауабы аса көп сипаттан тұрар. Барлық жер жүзіндегі пұл мен малды садақа қылғанның сауабын тапқай. Һәм кім дәретпен оқыса, ғақылды осыған қойса. қасиет өлшеусіз арта түсер. Тәмам үмметтерге берсін». Һәзірет Жәбірейіл: «Аһийан уа шираһийан», — деп жетіп келді: «Ия, Мұһаммед, Құдайың салем деді, мұқым періштелер салауат айтты, достым Мұһаммедке хабар бер, әр кім оқыса, немесе оқытып естісе, ол пәндеме салиһтардың сауабын берермін». Һәм олар жайында аят келді, қаулуһу тағала: «Фамин табиға һұдайа фала хау-фун ғалайһим уа ла-һум йаһзануна». Жане тағы олар жайында аят пәрмен келді, қаулуһу тағала: «Аллазина йастамиғуна-л-қаула файаттабиғуна аһса-наһу». Жәбірейіл ғалейһи салам айтты: «Иә, расул-уллаһ, бұл нұрнаманы оқыған мейлі түркі, һәм мейлі тәжік, һәм мейлі ғараб, һәм мейлі ғажам болса да. Оның мұратын Құда берер Кім дәретпен оқыса, төрт мұқарап періште күнәларын тілеп, қияметке дейін оның һақында истиғфар айтар және Құдай тағала ол пәндеге Жаһия һәм Ғайса һәм Һарун һәм Жақып һәм Ысһақ һәм Ибраһим һәм Ысмағыл һәм Нұһ һәм Ыдырыс һәм Шиш һәм Дауіт һәм Айуб һәм Сүлеймен һәм Жіржіс һәм Қызыр һім Ілияс һәм Шұғайып һәм ан Һазірет һәм бақилық барша пайғамбарлар салауатуллаһ ғалайһим ажмағиннің сауабын берер. Мен хабар етпекпін, ол пәнденің күнәлары шөл даладағы құмдардай болса да, кешірім болғай. Өлер халде көрі жарық болғай. Һәм бұл нұрнаманың қасиетінен үйге ұры кірмес, һәм қарыздар болмағай. Және егер қарыздар болса, Құдай тағала жәрдем бергей һәм нәмәртке мұһтаж қылмағай. Дүние ақыретте жамандық көрмегей. Һәм әр кім бұл рисаланы һамра қылып. Майданға барса, оқ, қылыш һәм мылтық һәм найза һәм шоқпар һәм қанжар өтпегей. Еш бале және зияндық көрмегей һәм әр кім өлер уақытында көріне бұл нұрнаманы һамра қылып қойса, ол үмметім көр азабынан аман болғай. Мүнкәр мен Нәкір сауалына оңай жауап бергей. Сират көпірінен жасындай өткей. Амал кітабы (намайы) оң қолына келгей Әй, үмметтерім. бұл дүние опасыздығына кұмар болмаңдар. Ақырет ісінен хабарсыз болмаң Бес күндік өмірлеріңізге кесір қылмаңдар, әлбетте». Нақыл қылыпты, Имам Мұһаммед Ғазали рахматуллаһ ғалейһидің төрт жүз кітапханасы бар еді һәм оған кіріп, назар қылып еді. Сонда бұл нұрнаманы көріп, көп назар қылып. өлшеусіз хұшнұр болды. Бұл рисаланы Сұлтан Махмұт Ғазнауиға алып рауана болды. Бұл нұрнаманы тауып, он күндік жерге қара жаяу шықты. Һәм Имам он күндік жол жүріп, бір жерде жатты. Ертеменен тұрып, Сұлтан Махмұттың қызметіне барып. бір-бірімен көрісті Сұлтан Махмұтты көріп, шадыман болып, қуанышты нәрселерді әңгімеледі, мың түйе құрбандық қылды. Он мың жалаңашқа киім берді. Мың мешіт һәм мың медресе һәм мың рабат бінә қылды. Қағба жолында мың құдық қаздырды. Жетім-жесірге мұшфық һәм мейірбан болды. Әр кімнің ісі шешіле алмаса, бұл рисаланы өзімен тұтса, немесе оқыса, егер оқи алмаса, оқытып естісе, ол пәнденің ісі риуаж тапқай. Әр кім шәк келтірсе, не ісі жарамас һәм бұл сауабтан маһрұм болар.
НҰРНАМАНИ ДҰЪАСИ БҰ ТРУР Бисмиллаһир рахманир рахийм
Аллаһума ижъалний ъиндака нұран уа фи уажһи нұран уа фи раъси нұран уа фи шаъри нұран уа фи саһиби нұран уа фи нафаси нұран уа фи самъи нұран уа фи басари нұран уа фи фамми нұран уа фи лисани нұран уа фи сифати нұран уа фи ъишқи нұран уа фи қалби нұран уа фи ъизами нұран уа фи бадан нұран уа фи бади нұран уа фи шимали нұран уа фи фауқи нұран уа фи таһти нұран уа фи жанби нұран уа фи ъадли нұран уа фи дини нұран уа фи имани нұран уа фи ислами нұран уа фи һидайати нхран уа фи маути нұран уа фи қиами нұран уа фи қираъат нұран уа фи рукуъи нұран уа фи сужуд нұран уа фи қуъуди нұран уа фи қабри нұран уа фи анафи нұран уа фи мадхали нұран уа фи мизани нұран уа фи замири нұран уа фи бужри нұран уа фи маъани нұран уа фи ахири нұран уа фи қалби нұран. Аллаһумма қадри нұран уа фи иъти нұран. Аллаһумма ъиндака нұран йа нұра-с-самауат уал-арз нұран уа фи маърифатика нхран уа фи жаддика нұран уа фи ил-карим нұран субһана халиқ нхран раббана таммим лана нұран иннака ъала кулли шайъин қадир уа саллаллаһу ъала хайри халқиһи Мұхаммад уа алиһи уа асһабиһи ажмаъйин. Амин. Араб әрпінің қадімшесінен кириллицаға түсірілген һәм шағатайшадан, яғни көне түрікшеден қазақшаға аударылып, басылымга дайындалған. (Бекасыл Биболатұлының қолжазбасынан).
НӘСАПНАМА
Бисмиллаһир — Рахманир — Рахийм.
Әуелі Һәзірет Адам ғалейһи салам (лақабы — Сафиолла), жарық дүниеде мың жыл жасады. Адам Атадан Қабыл, Әбіл, Шиш ғалейһи салам. Шиш пайғамбар 912 жыл ғұмыр кешті. Оның ұлы Анус (950 жыл жасады), оның ұлы Қайнан (840 жыл), оның ұлы Салаһилла (895 жыл), оның ұлы Бәзді (960 жыл), оның ұлы Ақнұқ (лақабы — Ыдырыс). Һәзірет Ыдырыс ғалейһи салам жарық дүниеде 365 жылдай ғұмырын өткерді. Осы ғұмырында Аллаһ тағаланың пәрменімен 82 жыл елшілік жолын істеді. Сонан соң Ыдырыс пайғамбар пейішке тірі кетті. Оның ұлы Мұташалқы (970 жыл жасады), оның ұлы Ләмак (777 жыл). оның ұлы Нұһ ғалейһи салам. Нұһ пайғамбар 950 жыл ғұмыр кешті. Оған 250 жасында Аллаһ тағаладан нәбилікке уаһи келді. Нұһ ғалейһи саламнан Кенан, Хам, Сам, Иафес және бір қыз. Самның ұлы Арда, оның ұлы Арпаһаш, оның ұлы Үт (Һұд) пайғамбар, оның ұлы Әмір, оның ұлы Салық пайғамбар, оның ұлы Озған, оның ұлы Ашад, оның ұлы Тарих, оның жлы Азар, оның ұлы Һәзірет Ибраһим пайғамбар, оның ұлы Һазірет Ысмағұл пайғамбар, оның ұлы Қайдар, оның ұлы Амал, оның ұлы Ниет, оның ұлы Қамаш, оның ұлы Адын, оның ұлы Назар, оның ұлы Нәзір, оның ұлы Ілияс, оның ұлы Мәдарык. оның ұлы Хазима, оның ұлы Нәдір, оның ұлы Ардут, оның жлы Мәлік, оның ұлы Паһар, оның ұлы Ғалып, оның ұлы Лой (Лауһий), оның ұлы Кәһап, одан үш бала: Омар, Ады, Мәрра. Омардан Ғамыр, оның ұлы Осман, оның ұлы Әбуқаһапа, оның ұлы Әбу Бәкір ас-Сыддық. Адыдан Раззақ, оның ұлы Қарыз, оның ұлы Рая, оның ұлы Әзі, оның ұлы Нәпіл, оның ұлы Хаттаб, оның ұлы Һәзірет Омар. Мәррадан Кәллап, оның ұлы Құсай, оның ұлы Ғабдіманап, одан Әшім, Ғабдішәмсі. Әшімнің он жылы бар еді. Үлкені — Ғабдімүтәліп. Одан — Арыс, Әбілкүшем, Нәпіл, Ғаббас, Әбулақап, Әмір Әмзе, Әбутәліп, Ғабдішәмши, Фазыл, Ғабділла (Абдуллаһ). Ғабдішәмсіден Үмия, оның ұлы Абылһас, оның ұлы Апан, оның ұлы Һәзірет Осман. Ғабдімүтәліп баласы Әбутәліптен Һәзірет Әлі (Ғали). Ал, Ғабдімүтәліп баласы Ғабділладан Һәзірет Мұһаммед Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уәсалам. Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны, ғұлама молда Ереген АҒЫБАЙҰЛЫНЫҢ айтуынан жазып алынган.
ШИШ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚЫЗЫ ТУРАЛЫ
Өте ертеде Шиш пайғамбардың бір қызы болыпты. Оның тумысынан шашы жоқ екен. Ол қыз күнде кешкісін әкесіне: «Менің не күнәм бар?» — деп жылапты. Содан Шиш пайғамбар Аллаһ тағалаға мінәжат етіп, жалғыз кызының шашын өсіруге жәрдем беруін сұрапты. Аллаһ тағала бұл жұмысты Жәбірейіл періштеге тапсырыпты. Ол әуелі самал желді алдына шақырып: «Пайғамбар қызының шашын өсіретін бір тал шаш алып кел», — депті. Самал жел: «Тақсыр, бұл жұмысты орындауға табиғи жаратылған құбылысым мүмкіндік бермейді. Бір тал шашты тауып, жұлып алғаныммен, самал желім арқылы ол шаш бөтен жерге ұшып кетеді» — деп, басын иіп жөнеліпті. Жәбірейіл енді бұ жұмысты орындауды отқа тапсырыпты. Сол сәтте от: «Тақсыр, менде де дәл сондай жағдай. Егерде мен бір тал шашты ұстар болсам, ол шаш жанып кетеді. Тіпті шаштың иесіне зияндық келтіруім мүмкін. Бұл жұмысты суға тапсырғаның жөн», — деп, от алау өз орнына кетіпті. Жәбірейіл суға: «Егерде бұл жұмыс сенің де қолыңнан келмесе, онда топырақ жерге тапсырайын», — дегенде, ол дереу: «Топырақ жер, әлбетте, сіздің тапсырмаңызды бұлжытпай орындайды. Бірақ жер өлген адамның шашын ғана таба алады. Ол шаш сапасыз, ІІІиш пайғамбар қызының шашын өсіре алмайды», — депті. Жәбірейіл: «Бұл жұмысты орындауды тек саған сеніп тапсырдымі, — депті. Су дереу тапсырманы орындауға кірісіпті. Су алуға келген қыз-келіншектерді бақылып отырыпты. Бір шашы ұзын сұлу келіншекті көргенде, су нұрланып кетіпті. Келіншек су алуға еңкейген сәтінде бір тал шашынан айрылғанын сезіпті. Алайда үн қатпапты.
Су бір тал шашты өзінің ағыны арқылы Шиш пайғамбардың қызына беріпті. Қыз оны өзінің шашы ретінде пайдаланып жүріпті. Кейіншелік қыз шашы шығып, ол да ұзын болып өсіпті. Жәбірейіл суға ырза болып: «Қандай арманың бар?» — деп сұрапты. «Мен мөлдір тұнық сумын. Көпшілік пайдаланушылар мені ластайды. Жақсылыққа жамандық қылады. Осының шегі бола ма екен?» — депті су. Жәбірейіл: «Егерде кімде-кім сені ластаса, Аллаһ тағала ол пәнденің жазасын тарттырар», депті. Төбеден бақылап қараса, бір келіншек кір жуып, суды ластап жатыр екен. Дереу адам кейпіне еніп, сол келіншекке: «Енді сені қатаң жазаға аламын»,
— депті. Сылдыр су сыбырлап: «Тақсыр, бұл бір тал шашын алған келіншек қой», — депті.
Ол келіншекке кешірім беріліпті. Алайда алдағы уақытта кейінгі буын ұрпақтары «Судың да сұрауы бар» екенін ескеретін болсын деп талап етіліпті. Бұл туынды Қазығұрт кентінің тұргыны Аякөз Сейітжанқызы Әбішеванікі. Автордың өз рұқсаты бойынша енгізілді.
НҰҺ ҒАЛЕЙҺИ САЛАМ ӘПСАНАЛАРЫ
Өз заманында Нұһ иманды, нағыз момын кісі болды. Ал, оның халқы түпкі тегі Адам Атаны жаратқан Аллаһты ұмытып, бұттарға сыйынды. Бұттарының Уад, Суағ, Яғус, Яғуқ, Насыр деген секілді аттары бар еді. Тілеу жасағанда сол бұттарға қарай құлдық ұрып, мінәжат етті. Аллаһтың аяттарын өтірікке шығарған қауым өте қатерлі еді. Олар көзсіздікке бой ұрып, ақиқатты көре алмайтын мешеу күйге жетті. Құдай тағала діл жүрегі мен көз көңілі таза Нұһқа екі жүз елу жасқа келгенде нәбилікке уаһи жіберді. Аллаһтан: «Қатал күннің азабы келмей тұрғанда қауымыңды сақтандыр», — деген әуез келді. Нұһ Нәбиолла күндіз-түні жүріп, өз қауымын үнемі иман келтіруге уағыздаумен болды. «Мен әлемнің жаратушысы Аллаһ жіберген сенімді хабаршымын. Сендерге Тәңірдің елшілігін жеткіземін, насихат айтамын. Сендер Құдай тағаладан кеңшілік тілеңдер. Ол- өте жарылқағыш. Ол сендердің кейбір күналарыңды кешіреді. Сендерге малім мерзімге дейін ғұмыр береді. Аллаһтың хақтығын ойламай, сендерге не болды? Жеті қат аспанды бірінің үстіне бірін келтіріп, қалай жаратқанын неге көрмейсіңдер? Оған жарық түсіртіп — айды, нұр шашыратып – күнді жаратты. Бір Аллаһтан басқаға құлдық ұрмаңдар, мен сендердің қатал күннің азабына ұшырауларыңнан қорқамын», — деді. Қауымы Нұһты тыңдамады. Набилігін мойындамады. Өздерінің басшы шонжарларына еріп кетті. Аллаһ тағапа мен Нұһ ғалейһи саламның пайғамбарлығына бой ұсынып, иманға келген момын адам аз болды. Нұһ Нәбиолла өз қауымымен ұзақ уақыт бойына дауға түсті, көп таласты. Тіпті олар Нұһты мәжнүн есалаңға теңеп, өздерінше менменсіді. «Сен бәріміз секілді ғана бір жансың. Енді келіп, сен бізден үстем болып шықпақшысың. Саған біздің арамыздағы жетесіз. жеңілтектер ғана ілескен. Соған қарап, біз де иман келтірмекпіз бе? Біз сені нағыз азғырушы түрінде көріп тұрмыз. Егер сен айтқаныңнан қайтпасаң. сөз жоқ. таспен атып өлтірілгеңдердің бірі боласың»— деді. Кесек қышпенен, таспенен ұрып, масқаралап қуды. Барынша зымияндық жасады. Нұһ абден тәлкекке ұшырады. Иманға келмеген кәпірлер тоңмойындық жасап, қатты қасарысып отырып алды. Аллаһ пайғамбарының момындық жолға шақыруы оларды тіпті алыстатып жіберді. Одан әрі кері кетті. Кәпірлердің басшы шонжарларынан басқа қалың көпшілігіне жүргізген жасырын насихаты да оншалықты нәтиже бермеді. Ақырында Нұһ ғалейһи салам: «Тәңірім! Бұлар мені жалғанға шығарып отыр, оларға қарсы маған өзің жәрдем ет. Тәңірім! Біздің екі арамызда үкім айт, мені де, маған ілескен момындарды да құтқар! Тәңірім! Жер бетінде кәпірлерден ешкімді қалдырма! Залымдарға бәлекет жібер!» — деп, шын ниетпен жалбарынып, дұға тілегін оқыды. Құдай тағала оның тілек дұғасын қабыл етті. Аллаһтан: «Момын болуға көнбесе, сөз жоқ, олар енді қатал күннің азабын көреді. Күнәларына орай жарық дүниесінде топан суына тұншықтырылып, зор апатқа ұшырайды. Ал, қияметте тозаққа тасталады. Міне, оларға осындай бәлекет жіберемін», — деген әуез келді.
Аллаһ жіберген топан суының ғибраты Топан су жайындағы хабарды жеткізген Аллаһ періштесі Жәбірейіл еді. Нұһ: «Біз қайтеміз?» — деп сұрады. Жәбірейіл: «Сонау үлкен таудағы дарияның ішінде арша ағашы бар. Соны пайдаланып, кеме жаса», — деді. «Ол аршаны қайтіп әкелемін?» — дегенде, Аллаһ періштесі: «Тауда отын тасып, нәпақа табатын дәу бар. Ол мың бау отынды әкеліп, бір нан мен бір табақ көжеге айырбас жасап, жан шақырып, ел қондырады. Сол дәуді бір тойғызсаң алып келіп береді», — деп, жол көрсетті. Нұһ дәуге келді. «Сені бір тойғызайын, маған таудағы дарияның ішінен аршаны жеткізіп бер», — деді. Дәу: «Мақұл», — деп, Нұһты иығына отырғызып жайғастырды. Дарияның суы дәудің сирағынан ғана келді. Түбіндегі сексен батпан лайымен қоса аршаны басынан жұлып алды Нұһтың айтқан жеріне жеткізді. Аллаһ пайғамбары арпадан жасалған бір бүтін нан және оған қосымша жарты нан алып шықты. Дәу: «Мені келеке етіп жүрсің бе?» — деп, дүрсе қоя берді. Нұһ: «Келеке қылғаным жоқ. Мынау нанды Бисмиллаһир рахманир рахийм деп жегін, тоймасаң тағы беремін», — деді. Дәу: Бисмиллаһир рахманир рахийм», — деп, бүтін нанның жартысын жегенде, ашқарақтығының беті қайтып, орталау болды. Бүтін жеп еді, әбден тойды. Ал, қалған әлгі жарты нанды беліне қыстырып, алып кетті. Нұһ иман келтірген момын кісілермен бірге кеме жасады. Ал, кәпірлер Нұһқа түрліше кекесін сөздер айтып, оны барынша әжуалап бақты. «Бұл маңда дария суы көрінбейді. Кеменің керегі не?» — деп, мысқылдап күлді. Нұһ ғалейһи салам: «Маған Аллаһ аян береді де, сендердің білмейтіндеріңді мен біліп тұрамын. Егер сендер бізді мазақ етсеңдер, дәл осыларың сияқты біз де сендерді сөзсіз мазақ етеміз. Қатал күннің азабы кімнің басына келетініне, мәңгілік қорлықтың кімнің басында қалатынына келешекте көздерің жетеді», — деді. Кәпірлер: «Егер айтқаның рас болса, бізді қорқытқан қаһарыңды көрсетіп бақшы», — десті. Нұһ Нәбиолла оларға: «Оны егер қаласа Құдай ғана көрсете алады. Сеңдер одан қашан болса да құтыла алмайсыңдар. Сендердің жаратушыларың — Аллаһ, бәрің де Оның еркіне барасыңдар», — деп, жауап берді. Нұһ ғалейһи саламның үлкен ұлы Кенан еді. Ол иманға келмеді. Аллаһ пайғамбары: «Құдай тағала топан су жібереді. Біз кемеге кіріп, аман қаламыз Сен де момын бол», — дегенде, Кенан көнбеді «Біз де білгенімізді жасаймыз»,- деді. Ол шыныдан бұйым жасауды білетін еді. Кәпірлердің басшы шонжарлары: «Топан су келсе, бес-алты күн болар, одан әріге бармас», — деп, бас-басына саңдықшалар мен құмырашалар жасатып, ішіне ас ауқаттарын салып алды. Белгілі мерзім уақыты жетті. Аллаһтан: «Кемеге хайуаннан бір-бір жұптан салыңдар. Содан соң иман айтқан адамдарыңмен бірге кемеге шығыңдар»,- деген әуез келді. Нұһ ғалейһи салам барлық жануарларды, басы — піл, аяғы құмырсқаға шейін, құстардан басы — самұрық, аяғы шіркейге шейін бір жұптан кемеге шығарды. Және барлық жеміс ағашының ұрығын алды. Момын ер кісілер мен момын әйелдер де кемеге кірді. Есектің құйрығынан шайтан тартып, кіргізбей қойды. Нұһ ғалейһи салам: «Малғұн, неғып тұрсың, кір!» — деді. Есектен бұрын шайтан жүгіріп кірді. Шайтанға кемеге мінуге рұқсат етілмеген еді. Нұһ ғалейһи салам көрді, кемеге шайтан кіріп тұр. «Саған мұнда кіруге кім жол берді?» — деді. Шайтан айтты: «Мен айла таба алмай тұр едім. «Кір малғұн» дедіңіз. Малғұн менмін, есек малғұн емес. Сол үшін мен кірдім». Нұһ ғалейһи салам ешнәрсе дей алмады. Сол сәт күн шығар уақыт болатын. Бір кемпір тандырда нан пісіріп тұр еді, кенет тандырдан бұрқ-сарқ қайнап су шыға бастады. Бірте-бірте барлық жер бетінен су атқылап шықты. Құдай тағала көктің қабатын да ашып жіберді. Аспаннан жаңбыр суы нөсерлетті. Жерден шыққан су мен жаңбыр суы екеуі қосыла тасыды. Кәпірлердің қалың көпшілік бөлігі қашып, үлкен тауға шықты. Олар сенген биік таулардан су қырық кез жоғары көтерілді. Нұһ Нәбиолла кемеден сыртқа қарап еді, су беті пырдай сандықшалар мен құмырашалар болып кетті. Аллаһ пайғамбары: «Тәңірім! Кәпірлердің бір бөлігі шыныдан жасалған бұйымдарына отырып, тірі қалатын болды ғой», — дегенде, Жәбірейіл Аллаһтан: «Дауыл жіберемін. Нұһтың кемесін өз дәргейімде шайқалтпай сақтаймын», — деген жауап әкелді. Сонда дауыл тұрып, сандықшалар мен құмырашаларды бір- біріне ұрып, талқандап сындырды. Аллаһтың момындық жолын мойындамаған тоңмойын қауым ақыры қатал күннің азабын көрді. Құдай тағала оларды жер бетінен жойып, топан суына батырып, мүлдем набыт етті. Нұһ баласы Кенан да суға кетті. Андағанға мұнда, әрине, зор ғибрат бар еді. Аллаһ тағала адам баласы тура жолдан адасып, әбден азғындаған уақытында олардың ортасына шынайы пайғамбар жібере отырып, пенделерді сынап бағады. Ол жер-жаһан үшін толан әлегін ғибрат етті, пенделеріне ескертті. Нұһ: «Бүкіл мақтау — бізді кара ниеттілер қауымынан құтқарған Аллаһқа лайық. Тәңірім! Мені ең кұтты қонысқа қондыр. Сен орналастырушылардың ең жақсысысың», — деп, мінәжат етті. Дінсіз кәпірлерді су жалмады. Аллаһ тағала Нұһты және оның кемесіндегілерді құтқарып қалды. Соңында мәңгілік боп оның нәсілі таралды. Қазығұрт ауданындағы Мақанбет) ауылының тұрғыны Дәнегүл ЕРЖАНҚЫЗЫНЫҢ (қазір марқұм) айтуынан жазылып алынған.
Карлығаштын кұйрығы неге айыр болған?
Нұһ кемесі Аллаһ тағаланың корғауымен жүзіп отырды. Кеменің іші хайуанаттардың нәжісінен сасып кетті, Нұһ ғалейһи салам мінәжат етті: «Тәңірім, нәжістің сасығынан саған ғибадат ете алмай жүрмін». Аллаһтан жауап келді: «Пілдің арқасын сипа». Оның арқасын сипап еді, мұрнын жыбырлатты, ішінен шошқа түсті. Ол кемедегі нәжістерді жеп, таза етті. Кеме үстінде шайтан малғұн күншілдік қылуға көшті. Ол шошқаның арқасын сипап, мұрнынан тышқанды түсірді. Тышқан қашып жүріп, кеменің ағашын кеміріп, тесік етті. Кемеге су кіре бастады. Нұһ ғалейһи салам: «Тәңірім. қандай амал қыламын?» — деп, мінәжат етті. Жәбірейіл періште келіп: «Бұл тышқанның ісі, жолбарыстың арқасын сипа», — деді. Сипап еді. оның мұрнынан мысық түсті. Мысық шап беріп, тышқанды алды. Нұһ мысыққа ырза болып: «Ой, жануар-ей», — деп, оның арқасынан сипады. Мысықты жоғарыдан тастағанда, арқасынан емес, тек аяғымен түсетін қасиеті содан болған екен. Әлгі тышқан жасаған тесік арқылы ішке қарай кірген су толастамады. Кеме суға толып келе жатты. Оның үстіндегілердің суға батып кету қаупі туды. Барлығының есі шығып кетті. Нұһ: «Тесікті тауып бекітетін жан иесі табылмас па екен?» — деп еді, жылан: «Егер қалаған тілегімді берсеңіз мен бекітемін», - деді. Аллаһ пайғамбары: «Мақұл, не тілейсің?» — деп сұрады. Жылан: «Ненің еті тәтті болса, соны беріңіз», — деді. Нұһ Нәбиолла ғалейһи салам Аллаһтың жәрдемімен қабыл етті. Жылан суға түсіп, тесікті» тауып, оған құйрығын тығын қылды. Сөйтіп, тесікті бекітіп, иіріліп жатты. Судың ішке қарай ағуы тоқтады. Кірген суды шашып, тазартты. Жылан құйрығының сүйір ұшы мұздай су ішінде жүрді. Жыланның суық болатыны содан қалған екен. Уақыты келіп, топан су басылды. Барлығы да кемеден шықты. Жылан келіп, Нұһқа: «Менің қалағанымды беріңіз, өзіңіз берген уәдені орындаңыз»,- деді. Нұһ ғалейһи салам: «Барша мақұлықтардың етін татып көр. Олардың ішінен ненің еті тәтті екенін біліп кел», — деп, сонаны жіберді. Ол барып, адамның етінен тәтті ет жоқ екенін білді. Сонда қарлығаш оның алдынан шығып: «Е, сонекем, ненің еті тәтті екен. білдің бе?» — деп сұрады. Сона: «Адамның етіндей артық ләззатты ет жоқ екен, онан басқа тәтті етті кездестірмедім», — деді. Қарлығаш айтты: «Қойшы, шын ба, қане, тіліңді шығаршы, мен де титтей жалап, дәмін көрейінші». Сона мақтанып: «Сенбейсің бе, міне», — деп, тілін шығарғаны сол еді, қарлығаш оның сорайып тұрған тілінің ұшынан тістеп, суырып, үзіп ап қойды. Тілінен айрылған сона «ың-ың- ың» деп қоңылдап Нұһқа келді. Қарлығаш та оның арқасынан жетті. «Ненің еті тәтті екен?» — деп сұраса, сона қарлығашқа қарап, «ың-ың-ың» деп қоңылдап, безілдей берді. Сол кезде қарлығаш: «Далада маған кездескенде, бақаның еті тәтті екен деп айтты. Бір нәрседен корқып қалған ба, қоңылдап, сөйлей алмай қалыпты ғой», — деді. Нұһ ғалейһи салам жыланға бақаның етін ырыздық етуге дұға қылды. Сол күннен бастап жылан тапса бақаның етін, таппаса топырақ жейтін болыпты. Жылан сонаның «ың-ың-ың» деп қоңылдап қалғанына қарап, өзіне қарлығаштың қарсы іс жасағанын білді. «Ә, бәлем, бұл сенен келген айла амал екен ғой»,- деп, жылан қарлығашқа ұмтылды. Ол ұшып, жерден көтерілем дегенше, жыланның аузы құйрығының арасына ілініп, екі - үш қауырсындарын жұлып алды. Қарлығаштың құйрығы содан айыр болып қалыпты. Осылайша карлығаштың себебіменен адам жыланға ырыздық болудан аман қалған көрінеді. Қарлығаштың адамға жақын дос болып, шаңыраққа ұя салатыны, бір үйде тұратыны содан екен деседі. Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылының тұрғыны Ілескүл ӘШІРБАЙҚЫЗЫНЫҢ (қазір марқұм) айтуынан жазылып алынеан.
ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ ӘПСАНАЛАРЫ
Он сегіз мың ғалам жаратылыстың ең жоғарғы ұлығы Аллаһ тағала жер бетіндегі адам баласының бұттарға табынып, азғындап кеткен уақытында олардың ортасындағы ділмәр, шешен Нұһқа нәбилік һақында уаһи жіберді. Сөйтіп, тумысынан адал, ақкөңіл ол кісі пайғамбарлыққа жетті. Нұһ ғалейһи салам — Аллаһ елшілерінің ең алғашқыларының бірі еді. Ол бір махалладан екінші махаллаға барып, өзінің қауымын үнемі үгіттеумен жүрді. «Ей, жұртым! Құдайға құлшылық етіңдер. Сендер үшін одан басқа ешқандай Тәңір жоқ. Құдайдың қаһарына ұшырамай, оған иман келтіріңдер!» — деді. Бірақ, Аллаһ пайғамбарының бұттарды ұлық тұтып, мінәжат ететін халқы оның уағыздарына құлақ аспады. Тек адамдардың шағын бір бөлігі ғана Аллаһ тағалаға һәм Нұһтың нәбилігіне нанды. Аллаһ өзінің төрт мұқарап періштесінің бірі Жәбірейіл арқылы Нұһ ғалейһи саламға: «Енді сенің жұртыңда бұрын иман айтқандарынан басқа сенім келтірушілер болмайды. Сен ендігі жерде біздің көз алдымызда кеме жаса», — деген хабар берді. Нұһ кеме жасады. Әлгі бұттарға сыйынатындар оның қасынан өткен сайын келекелеп, мазақ етіп жүрді. Нұһ сабырлығымен Құдай тағаладан хабар күтті. Аллаһ Жәбірейіл арқылы: «Тандыр бұрқ-сарқ қайнаған шақта, яғни жерден су атылып шыққанда кемеге әр хайуанаттан бір-бір жұптан сал, барлық жеміс ағашының да ұрығын ал, нанымдас адамдарыңды да шығар. Өздеріне өздері жамандық жасап, азғындық жолға бой ұсынғандар туралы маған өтініш айтпа. Сөз жоқ, олар набыт етіледі», — деген уаһи жіберді. Көп ұзамай жердің тиегі ағытылып, су бұрқылдай атылып, аспаннан көк нөсер жаңбыр жауып, топан су қаптады. Нұһ өзіне ерген адамдарына: «Кемеге шығыңдар. Оның жүзуі, тоқтауы Аллаһ тағаланың ықтиярына байланысты болады», — деді. Нұһтың төрт ер баласы бар еді. Солардың үлкені Кенан Аллаһ тағалаға нанбады. Сөйтіп, бұттарға табынушылардың ортасында жүрді. Кеме қозғалар алдыңда Нұһ ғалейһи салам жағада, жырақта тұрған Кенанды: «Ей, ұлым, бізге ілес, кемеге шық. Дінсіз кәпірлермен бірге қалма!» — деп, өзіне шақырды. Оған баласы: «Мен суға кетпеймін, бір биік тауға шығып аламын», — деді. Нұһ Нәбиолла: «Бүгін Аллаһ рақым еткен адамнан басқа, ешбір жан апаттан құтыла алмайды. Құдай тағаланың жарылқауына иман айтқан момындар ғана ие бола алады», — деп, үміт жібін үзбей дауыстағанда, кенет араларын үлкен толқын бөліп кетіп, баласы Кенанды су жалмады. Соңдай-ақ, бұттарды халық тұтушылардың барлығы топан суына қарық болып, ажал тапты. Нұһ ғалейһи саламның кемесі шығыс тараптағы бір аласа тауға аялдады. Аллаһ пайғамбары осы арада барлық хайуанат пен төрт түлік малды түсірді. Сол уақытта өркештенген бір толқын келіп, кемені соқты. Нұһ адамдарына: «Қазық ұр!» — деп, бұйырды да, кемені бекіту үшін өзі де алға ұмтылды. Құдай тағаланың жәрдемімен қазық ұрылып, таудың басында кеме қалды. Сөйтіп, төрт түлік мал осы жерден таралды. Аллаһ елшісінің құтты аузынан шыққан сөзге орай бұл тау «Қазықұр» деп аталды. Ол келе-келе Қазығұрт атауына айналса керек. Нұһ Нәбиолла: «Қай жерден нұр жарығы шықса, сол араға қоныс қала саламын», — деді. Сонда Кәрі Сайрамның орнынан нұр көрінеді. Әсілінде Сайрамның көне атауы — Сарйам болған. Сар, сәр — арабша сөз, ол бас дегенді білдіреді. Йам — халық жиылып, топтанған жер, яғни, қала. Сарйам топан судан кейін алғаш бірінші болып орнаған бас қала, бағзыдан келе жатқан ескі мекен демек мағынасында. Кейінірек Сарйамның аты Испижаб, Мадинат әл-Байда (Аққала) деген атаулармен өзгерген. Сол кезде Құдай тағаланың құдірет күшімен, оңтүстік Алатау жақтан үлкен су ағып, қаланы жоқ етейін деп топандай қаптап келгенде, Сарйам деген жазу қосақ секілденіп шұғылалана көмкеріліп тұрыпты. Сонда әлгі су екі жарылыпты да, Ақсу мен Бадам өзендері пайда болыпты деседі. Төлеби ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Ақаш ТӨРЕБЕКҰЛЫНЫҢ (қазір марқұм) айтуынан жазылып алынған. Нұһ ғалейһи саламның кемесі топан су тасқынында алты айдан аса уақыт жүзді. Содан соң Құдай тағала: «Ей, қара жер! Суды жұтып ал. Ей, бұлт! Сен ыдыра!» — деп, бұйрық берді. Көктен жаңбыр жаумады. Ал, жер суды өзіне тартып, жұта бастады. Аллаһ Жәбірейіл деген періштесі арқылы Нұһқа: «Кемені ең құтты қонысқа, тау үстіне қайырлатамын», — деп, хабар берді. Сол уақытта заңғардай биік таулардың барлығы: «Кеме маған тоқтайды», — деп, менмендік танытты. Ал, Қазығұрт тауы аласа еді, оның қиялына ештеңе келмеді. Өзге таулардай үміт етпеді. Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Аллаһ тағала ақкөңіл адал пейілі мен кішілігін танытқан осы тауды өзіне дос көрді. Сөйтіп, Нұһ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтады. Менмендік жасаған басқа таулар қалып қойды. Топан судан кейін Нұһ ғалейһи салам: «Жердің беті кеуіп құрғады ма, жоқ па, бір жан иесі барып, соның хабарын алып келсін», — деді. Сонда қарға: «Мен барып келейін», — деп, ұша жөнелді. Алайда қарға топан суы кезінде опат болған өлікгерді көріп, есінен айрылды. Дереу ол өліктерді шоқуға кірісіп, сонымен айналып қалды. Жер қарамады. Аллаһ пайғамбары қарғаға: «Тәңірім саған сор бейнет берсін», — деп, теріс бата берді. Қарғаның жемқорлығы мен үнемі өлексе нарселерді жейтін ғадеті содан болған екен. Содан соң жер қарап, айналаны барлап келуге ақ кептерді жіберді. Ол әр тараптағы жерге қонды. Бір жер — лай, бір жер — су болды. Лай жерге қонғанында кептердің аяғы балшық болып қалды. Соңында күн шығар тараптағы Кәрі Сайрамның орнына қонғанда, оның аяғына ешнәрсе жабыспады. Топан судан кейін бірінші рет кеуіп, құрғаған жер — осы орын екен. Өйткені, өзге тараптағы жерлерден Кәрі Сайрам орнының 40 метр биіктігі бар көрінеді. Нұһ Нәбиолла ғалейһи салам ақ кептерге қарап: «Адамдар саған үнемі мейірбан боп қалсын, бұл күннің белгісі — аяғыңа дейін жүн болсын», — деп, дұға жасады. Ақ кептердің адамға жақын болып, қолқанат құсына айналып, аяғының барақ жүнді болуы содан екен деседі. Төле би ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны Ереген АҒЫБАЙҰЛЫНЫҢ айтуынан жазылып алынған. Аллаһ тағаланың әміріменен жер бетін топан су басқанда, Нұһ ғалейһи салам кемеге кіріп: «Тәңірім! Мені ең құтты қонысқа қондыр», — деп, мінәжат етті. Аллаһ пайғамбарының тілегі қабыл болды. Нұһтың кемесі қасиеті жоғары, бірақ өзі аласа тауға аялдады. Бұл — шындығында да он сегіз мың ғаламды құтқарып, сақтап қалған аса киелі, кереметі күшті құтты мекен еді. Бағзыдан бергі бұл кереметті таудың әсілі аты — Қазыққұт екен. Бабаларымыздан қалған мәтел сөзде: «Құттың алтын қазығы», — дейді. Қазыққұт атауы бертінгіректе Қазығұртқа айналғанға жқсайды.
Рабаттық Ілескүл ӘШІРБАЙҚЫЗЫНЫҢ айтуынан жазылып алынған.
ҚАЗЫҒҰРТ ЖЫРЫ
Сонау ескі қадім заманнан бергі түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының, яғни бабаларымыздың артықша әзіз тұтып, ақ адал пейілдерімен тәуап етіп, назір садақа беріп, ғибадат жасап келген қасиетті зиярат орындарының бірі һәм бірегейі — қарт Қазығұрт тауы болып саналған. Бұл киелі тау оңтүстік Алатаудың батыс қапталынан оқшауырақ жерде орын тепкен. Солтүстік тарабынан алыстан көз тіге бақылап қарағанда, Қазығұрттың өзінің шығысыңда жатқан өзге таулардан шарт үзіліп кетпегенін байқауға болады. Мұның мәнісі, оңтүстік Алатаудың батыс жағы бірнеше бөлік мұрын жон жоталарға тармақтанып, бұтақтанып кеткен. Сондай үлкен жоталардың қат-қабаттасып, бір-бірімен сіңісіп жатуынан алынбас асуға ұқсас биіктеу бір бел түзілген. Қазығұрт — Оңтүстік Алатаудың батыс сілемдерімен нақ осы бел арқылы жалғасып, ұласып жатқан тау. Мұқым түркі халықтарының, олардың ішінде қазақ жұртының әуел бастан тұтынып келе жатқан асыл мұра жәдігерлерінің бірі — шежіре нәсапнама болған. Ол түйенің қомында, аттың жалында жүріп, көшпелі мал шаруашылығымен күнкөріс тіршілігін жасап, ғұмыр кешкен бабаларымыздың көне дәуірінің көзі, ауызша қалыптасқан тарихи жады болып саналған. Әрісі Адам Атадан, берісі Нұһ ғалейһи саламнан бастау алатын шежіре насапнамалар қазақ сахарасында соңғы ғасырлардың көлемінде ғана хатталып, қағазға түсе бастаған. Осындай шежірелердің көпшілік нұсқалары Аллаһ тағаланың жіберген топан суына байланысты айтылатын Нұһ пайғамбардың басынан кешкен оқиғалары жайындағы қария сөздерге һәм басында кеме қалған делінетін Қазығұрт тауының керемет әулиелігі жөніндегі аңыз әпсаналарға тоқталып өткен. Екінші сөзбен айтқанда, Қазығұрт — бабаларымыздын шежіре нәсапнамасының басы болып баян етілген. Түркілердің түп ата жұртындағы қарт Қазығұрт тауының қасиеттілігі туралы сыр шертетін қызықты хикаяттар ұшан-теңіз. Мұндай ғажайып әңгімелер ел арасында түрлі нұсқада айтылып, кең тарап кеткен. Солардың бірі былайша өршеді: «Нұһ ғалейһи саламның уақытында бұтқа табынушылар тым аса көбейіп кетті. Мұнын түбі жақсылыққа соқпайтыны белгілі болды Нұһ Набиолла ел-жұртын Аллаһ тағалаға иман келтіруге шақырды. Алайда бұтқа табынушылар пайғамбардың айтқан уағызына көнбей, бұдан бас тартты. Сол уақытта оның халқынан бар болғаны сексен жан ғана Аллаһ тағалаға сенім келтірді. Ақырында Аллаһ тағала өзінің елшісіне Жәбірейіл арқылы таяу уақытта топан су жіберетіні жөнінде хабар берді. Сөйтіп, Нұһ пайғамбар ертеректен қамданып, кеме жасауға кіріскен еді. Бүкіл әлемді топан су басқанда, Нұһ ғалейһи салам қанатты ұшқан құс пен аяқты жануарлардың аталық және аналық жұптарын алып, кемеге шығарды. Мұның ішінде төрт түліктің де тұқымы болды. Нұһ Нәбиолланың нанымдас адамдары мен туған туысқандары, барлығы сексен жан ғана кемеге кірді. Аллаһ тағаланың әміріменен топан су тасқыны алты ай, он күнге созылды. Нұһ пайғамбардың кемесі күн шығардағы Қазығұрт тауына келіп қайырлады. Бұл киелі таудың жоталарына аң мен құстың, төрт түлік малдың алты айлық аштыққа төзіп, әбден арыған тұқымы түсті. Олардың аман қалуына пір иелерінің де шарапаты тиген дейді. Топан су оқиғасына арналған Қазығұрт жыры ел жадында сақталынып қалған. Ол былайша айтылады:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім тайлақ үстінде қалып кетіп,
Уәйіс Ата әулие содан болған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде қалып кетіп,
Қамбар Ата әулие сонда қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Қотыр бұзау үстінде жатып қалып,
Зеңгі Баба әулие сонда болған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Ақсақ қозы үстінде ойнап қалып,
Шопан Ата әулие сонда қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Қосқұлақ лақ үстіне ойнап түсіп,
Сексек Ата әулие сонда қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол-әулие болмаса неге қалған?
Баян деген балапан шөпке қонып,
Шегір Баян әулие сонда аталған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Ала күшік үстіне ыршып түсіп,
Құмай тазы піp болып сонда қалған.
Қазығұрттың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиіп, басқан жерлері қасиетті болып қалыпты. Олар: Қазығұрт Ата, Ақбура Ата, Шілтер Ата, Көзді Ата, Қызыл Ата, Қайнар Ата және Мейрам Ана деп аталыпты. Кемеден түскен сексен адам қоныстануға бет алған. Олар өздеріне қоныс қала салған. Осы қоныстану кезінде жетпіс үш жан дүниеден бақилыққа кеткен. Нұһ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иафес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалған. Бұлардан адам ұрпағы өсіп-өніп, өркендеген екен». Біз бұл аңыз әпсананы Төлеби ауданындағы Айтуби ауылының түрғыны Имантай Үсіпұлының қолында сақталған шежіре нұсқасынан жазып алған едік. Бұдан басқа нұсқаларда ұшырасатын Қазығұрт тауының әзелден сакралдық (киелі, шарапатты, қасиетті) орын екендігін айқындайтын ертегіге жақын хикаяттардың қазық етер түпкі нысанасы да осыдан оншалықты алыстап кетпейді. Барлығының да әңгіме желісінің өзек етіп тоғысатын жері — Аллаһ тағаланың жіберген топан суы һәм Нұһ ғалейһи саламның он сегіз мың ғаламды сақтап қалған ғажайып кемесі болып келеді. Белгілі этнограф және фольклоршы (халық қазынашысы) Әбубәкір Диваев қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерінен құрастырып, 1924 жылы Ташкент қаласындағы баспадан шығарған «Тарту» атты жинақ кітабында ел аузынан өзі жинақтаған Қазығұрт тауы һақындағы аңызды да жариялаған. Оңда былай делінген: «Бұрынғы қарт адамдардың айтуларына қарағанда, Қазығұрт тауы туралы халық арасында ертеректен қалған нақыл сөз бар. Құдай әуел баста жерді және көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған дейді. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар, ол жер Нұһ пайғамбардың кемесінің орыны дейді... Қазақтардың бұрынғы заманда домбыра тартатын ақындары Нұһ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар деп мыналарды айтады екен. Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неден қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсыл Қара жануар содан қалған...
Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен. Кейбіреулер «Қазығұрттың басында көп әулие, мінсең аттай желеді айыр түйе» деген мақалдар да бар». Оңтүстік тарабынан алыстан зер сала қарағанда, Қазығұрт тауының өркеш- өркеш болып жатқанын аңғаруға болады. Кәдімгі үлкен мұрын жон жотаға шөгіл жатқан кос нар бураға ұқсайды. «Қазығұрт — айыр төбе», — деп, айтылған мәтел сөзінің түпкі мәнісі де осы еді. Баскаша сөзбен айтқанда. Қазығұрт — екі өркешті түйе секілденеді. Қос өркешті Қазығұрт тауының солтүстік шығыс өркешін Алмалык деп, оңтүстік батыс өркешін- Кемекалған деп атайды. Ә.Диваевтың жариялаған нұсқасында өздерінің керемет қасиеттерімен желеп-жебейді делінетін төрт түлік малдың қорғаушы иелері түгелдей аталған. Ал, Имантай Үсіпұлынан жазылып алынған нұсқаның өзіндік ерекшелігі, сол төртеуін атаумен ғана шектеліп қалмай, киелі пірлердің ұзын-ырғасын қасиетті сан жетеуге жеткізген. Мұндағы толыға түскендері — Сексек Ата (ешкінің пірі), Шегір Баян және Құмай тазы. Шегір Баян — қанаттылардың желеп- жебейтін қорғаушысы болғанға ұқсайды. Қазақ арасында таралған өлең сөзде «Құс атасы болады Шегір Баян» деген жолдың кездесуі осыған меңзесе керек.
ҚАЗЫҒҰРТ — ҰЛЫҚ ӘУЛИЕ
Қарт Қазығұрт тауының өркеш-өркеш жатқанының өзі ерекше. Бұл киелі таудың географиялық орналасқан қалпына байланысты ертеректе бабаларымыз бергі жағы Қыңырақ шоқысы тарабынан, арғы жағы Масат өзеніне дейінгі жерлерді жайлаған жұртты Төс елі деп атаған. Сондай-ақ сонау етектегі Сыр қазақтары өздерінің шығысында қоныстанған, яғни оңтүстік Алатаудың бөктеріне таман орын тепкен халықты жоғарғы ел деген. Сәкен Сейфуллаұлы 1932 жылы латын әрпінде жарық көрген «Қазақ әдебиеті» зерттеуінің «Билер дәуірінің әдебиеті» дейтін 1-інші кітабында Қазығұрт тауына қатты сөз қозғаған. Ол былай деп жазған: «Жоғарғы айтылған билер табы... өмір сүрген замандарда, қазақ болған ел әр төрт түлік малдың өз алдына бөлек-бөлек «бақташы иелері» бар деп сенетін. Қойдың «Шопан Ата» деген «иесі» бар. Түйенің «Ойсыл Қара» деген, сиырдың «Зеңгі Баба» деген, жылқының «Жылқышы Ата» деген «иелері» бар деп нанатын. Бұлар туралы да көркемдеген әңгімелер айтатын. Және өлең-жырлар айтатын... Қазығұрт тауы — Тәңірі артық жаратқан тау екен... Қазығұрт тауының басында, күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер НұҺ пайғамбардың кемесінің орны екен. Барлық хайуанның тұқымы, төрт түлік мал тұқымы топан суына қарық болмай, сол кемеге мініп аман қалған. Қазығұрттың басындағы үңгір, Қазығұрт Атаның моласы, оның белгісі — шаншулы ағаш көпке дейін тұрып келді. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын еді». Халық қазынашысы Ә.Диваев Шымкент өңірінің қазағы Әлі Мақтыбаев деген молдадан жинаған ауызша аңыз әпсаналарды негізге ала отырып, XІX ғасырдың аяқ шенінде, дәлірек айтқанда, 1896 жылы орыс тіліндегі оқырмандарға арнап «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты ғажайып әңгімелердің топтамасын жариялаған. Мұндай қария сөздер мен ежелгі дәуірде шығарылған делінетін өлең-жырдың әрігеректегі көне нұсқасының баян етіп айтуына қарағанда, Қазығұрт — ұлық әулие болып саналған. Белгілі фольклоршының айтуынша, қазақтың ақын-әншілері қолдарына қобыз немесе домбыра алып, Нұһ ғалейһи саламның кемесінде баспана тапқан малдарын өлеңге қосып, өзіндік сарын мақамдарымен әндетіп, былайша жырлайтын болған:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ұлұғ әулие болмаса неден қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Уайс әл-Қара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ұлұғ әулие болмаса неден қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Жылқы Ата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ұлұғ әулие болмаса неден қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгі Баба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ұлұғ әулие болмаса неден қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопан Ата жануар содан қалған.
Ә.Диваев жырдың бұл қазақша мәтінін араб әрпінде берген. Оны орыс тіліндегі оқырмандар үшін былайша аударған: «На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся сирота верблюженок, покровителем его был Увайс — иль — Кара! На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся паршивый жеребенок, покровителем его был Джылкы — ата! На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спаслась телка, страдаюшая по- носом, покровителем ее был Занги — баба! На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся годовалый барашек, покрытый коростой, покровителем его был Чопан — ата!» Ұлық (ұлұғ) әулие — үлкен әулие, керемет қасиеті жағынан шоқтығы биік, әулиелердің әулиесі деген мағынада айтылған көне сөз. Кешегі кеңес заманында әулеттен әулетке ауызша өтіп келген ескілікті өлең-жырларды зерттеген әдебиетшілер сол кездегі солаңқай саясаттың салқын лебінен сақтанып, «ұлық» деген сөзден бойларын аулақ салғанға ұқсайды.
ҚАЗЫҒҰРТ — ЖЕТІ АҒАЙЫНДЫ
Арыс ауданындағы Монтайтас ауылының тұрғыны Әжібай Мақанбетұлы Қазығұрт аңызы туралы былайша әңгімелеуші еді: «Құдай тағаладан Жәбірейіл атты періште арқылы аян келгеннен соң, әлемдегі биік таулар «кеме маған тоқтайды»- деп даурығысып кетіпті. Алайда Аллаһ пайғамбары Нұһтың кемесі сол таулардың бәріне де емес, кішігірім ғана Қазығұртқа аялдапты. Сол сәтте Қазығұрттың мерейі үстем болып, ал, әлгі биік таулардың үміттері шағылып, намыстары жер болыпты. Тап осы жай олардың қызғанышын тудырыпты Биік таулар бұрқанған ашудын еркіне жығылып, қылыштарын сүйреп, өз аласа Қазығұртты шауып, әбден бөлшектеп, мүлдем жоқ етпекші болып, ұрыс ашып келіпті. Қазығұрт — жеті ағайынды екен. Ол дереу өзінің батыс тарабында орналасқан туғандары мен ағайындарына хабар жіберіп, көмекке шақырыпты: «Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт.
Әлімтау мен Қойлыққа айт,
Алақсырақ, Аңқиға айт,
Қыңыраққа бар да қайт».
«Мені ең соңында айтты» деп Қыңырақ өкпелеп, қыңырайып қалыпты. Ұрыс ашқан таулар Қазығұрттың ағайындарын шақырғанын көріпті де, лезде сескеніп, бір-бір шауып, қайтып кетіпті. Содан Қазығұрт өркеш-өркеш болып қалған екен деседі». Рабаттық Ілескүл Әшірбайқызы да Қазығұрт — жеті ағайынды дейтін ертегіге жақын аңыз әпсананы баян ететін. Ол кейуананың айтуынша, Қазығұрттың тумаластарын шақыруының басқаша мынандай екінші нұсқа түрі бар екен: «Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт,
Ешкілі мен Қойлыққа айт,
Бағаналы, Маңсарға айт,
Қайтарыңда Қыңыраққа айт».
Кей нұсқада мұның үшінші жолын өзгертіп: «Тулы Тұрбат, Қойлыққа айт», — деп те кездеседі. Өйткені, Тұрбат — әуел бастан әулиелердің бас қосып, ту тіккен, содан бермен қарай үнемі кеңес құруға түйісіп отырған тұрғылықты да қасиетті жайы екен. Осындай әпсаналардың бірін халық қазынашысы Ә.Диваев өзінің «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалында жариялаған. Онда былай делінген: «Қазығұрттың басы өзінің сыртқы көрінісі арқылы қос өркешті түйенің арқасын еске салады. Бұл хақында ежелгі заманнан аңыз әңгіме сақталынып қалған. Нұһ ғалейһи салам кемесі аласалау Қазығұртқа қайырлап, ал, әлемдегі басқа таулар суға батқан кезде, соңындағылар ашуланып, қаһарларын тігіпті һәм оны жойып жіберу үшін Қазығұртқа қарсы ұрыс ашып барыпты. Сонда Қазығұрт тауы айқайлаған дейді: «Маған көмекке ең жоғарғы бел Ордабасы басшылық ететін барлық тасты белдерді шақырыңдар. Менің балам Ордабасыға, менің қызым Қызылсеңгірге, менің ағам Қыңғыраққа айтыңдар, олар Ешкілік пен Зарлыққа һәм Сырдарияның арғы жағыңдағы қарайып жатқан тауларға хабар жеткізсін». Қазығұрттың шақыруын естіген дұшпан таулар айтты: «Біз Қазығұртпен ұрыспаймыз, өйткені, егер оның шақыруымен барлық таулар мен белдер жиналып келетін болса, олар басым түсіп, бізді жеңіп мүмкін. Алайда біз мұнда аса қиындықпен, үлкен еңбекпен қозғалып, жылжып келдік, сол себептен кері қайтқанда, біз өзіміздің қылыштарымыз бен Қазығұртқа бір-бір соққы болса да ұруға тиістіміз». Міне, осы ұрылған соққының салдарынан Қазығұрттың басында қос өркешті түйенің арқасымен өте ұқсас үлкен ойпаң пайда болыпты». Бұл қызықты хикаят Әбубәкір Диваевтың «Тарту» деген жинақ кітабына енген «Қазығұрт тауы» атты аңыз әңгімелерінде былайша берілген: «Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған. Оның себебі: басқа таулардың бәрін топан суы басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған соң, басқа таулар намыс қылып, оған қарсы ұрыс ашыпты. Сонда барлық уақ тасты, төбелерді Қазығұрт шақырыпты дейді. Бәрінің үлкені Ордабасы деген, Бадамның Қазығұртқа қараған жағының күн батыс жағында болған.
«Ордабасы балама айт,
Қызылсеңгір қызыма айт,
Еншілес інім Қыңғыраққа айт,
Сырдан ары Қараққа айт,
Ешкілік пен Зарлыққа айт», — деп, айқайлаған дейді. Барлық таулар сол дауысын естіп: «Шақырғандары бәрі келсе, бізден көп болып кетер, қой, ұрыс қылмай-ақ қоялық», — деген дейді. «Әуре болып келген соң тым болмаса, қылышты бір сілтеп қалайық», — деп қылышты сілтегенде Қазығұрттың басы айыр болып қалыпты дейді екен. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған себебі осыдан деген кәриелердің сөзі». Ә.Диваевтың әуелгі қисса ертегіше әңгіме нұсқасында Қыңғырақ — Қазығұрттын ағасы болып көрінсе, кейінгі хикаят нұсқасында еншілес інісі ретінде аталады. Үлкен бе, кіші ме, әйтеуір бірге туған бауыры болғанға ұқсайды. Ал, Қазығұрт ауданындағы Шанақ ауыл округіне қарасты Абай бөлімшесінің тұрғыны Сүйеубай Қалшабайұлының айтуынша, Қыңырақ — Қазығұрттың жан серік жолдасы болып келеді, Сүйекең былай дейді:
«Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт.
Бағаналы балама айт,
Маңсар менен Қойлыққа айт,
Алақсырақ, Аңқиға айт,
Ешкілі мен Зарлыққа айт.
Жан серігім Қыңыраққа айт».
Қыңырақ «жан серік жолдасы едім, менен бұрын балаларын айтты» деп араз боп қыңырайып қалған екен деседі». Қазығұрт — жеті ағайынды. Әжібай Мақанбетұлының нұсқасы бойынша: 1. Қазығұрт. 2. Ордабасы. 3. Әлімтау (Ешкілі). 4. Қойлық. 5. Алақсырақ. 6. Аңқи. 7. Қыңырақ. Қазығұрт — жеті ағайынды. Ілескүл Әшірбайқызының нұсқасында: 1. Қазығұрт. 2. Ордабасы. 3. Ешкілі (Әлімтау). 4. Қойлық. 5. Бағаналы. 6. Маңсар. 7. Қыңырак- Кей нұсқада Ешкілінің орнына Тулы Тұрбат айтылады екен. Тұрбат — таудың емес, ауылдың аты екенін еске салып өткеніміз жөн. Әбубәкір Диваевтың нұсқасы бойынша: 1. Қазығұрт. 2. Ордабасы. 3. Қыңғырақ (Қыңырақ). 4. Қарақ (Мұрынқарақ), 5. Ешкілік. 6. Зарлық. Сырдарияның арғы жағындағы қарайып жатқан таулардың бірі — «Қазығұрт кемесі туралы аңызда», яғни әуелгі нұсқада аталмай қалған болса, ол халық қазынашысының «Тарту» жинағында, яғни кейінгі нұсқасында: «Сырдан ары Қараққа айт», — деп аталған. Ілескүл Әшірбайқызы: «Әлімтаудың байырғы көне атауы — Ешкілі (Ешкілік) болған, бұл тау бертінгірек уақытта сол жерді жайлаған атақты байдың есімімен Әлімтау атанып кеткен», — дейді. Э Диваевтың Ешкілік дегені — Әлімтау болса, ол Сырдарияның бергі жағындағы Қойлықпен («Әлімтау мен Қойлыққа айт» немесе «Ешкілі мен Қойлыққа айт») қатар жатыр. Ал, Зарлық — Сырдың арғы жағындағы Мұрынқарақпен қатар жатқан төбе екен. Сонда Ә.Диваев нұсқасындағы аталмай қалған жетінші таудың аты — Қойлық болғаны. Сүйеубай Қалшабайұлының нұсқасы — тек Мұрынқарақтың аталмай қалғаны болмаса, осы жоғарыда келтірілген нұсқалардың қосынды жиынтығы секілді. Мұндай қосындыға назар аударсақ, Қазығұрт — жеті ағайынды емес, он бір ағайынды болып шығады. Қарт Қазығұрт тауының оңтүстік тарабындағы Жаңабазар ауылының тұрғыны Айтбай Баймұратұлы (1903-2004) үлкен ғұлама молда болатын. Ол ақсақал мынандай қызықты әпсананы әңгімелеп айтушы еді: «Ілгеріде Алатаудың оңтүстік бөлігі қазіргі қалпынан да биік, өте үлкен тау болыпты. «Кеме маған тоқтайды», — деп, менменсініп. өркөкіректенген биік таулардың бірі осы екен. НұҺ Нәбиолла ғалейһи саламның кемесі Қазығұртқа қайырлаған соң, оған қарсы барлық биік таулар ұрыс ашып келіпті. Қазығұрт өзінің оңтүстік-батыс тарабында орналасқан Жетімшоқы деген төбені балалары мен ағайындарын, барлық жанашырларын шақыруға жіберіпті. Оның атағаны көбейіп кеткеннен соң шығыс тарабындағы оңтүстік Алатау сескеніп, келген ізімен кері қаша беріпті. Оның соңынан Қазығұрт қуыпты. Алатау ұрғанда, Қазығұрттың басы айыр болып қалыпты. Ал, Қазығұрт ұрғаңда, Алатау сілем-сілем бол бытырап, үлкен аумаққа шашырап, ұзарып кетіпті деседі». Шымкенттен Бадам стансасына қарай шығар жолдың сол тарабында, қаладан 10-12 шақырымдай жерде Қызылсеңгір деген жарқабақтанған биік төбе кездеседі. Ордабасы — Қызылсеңгірдің батыс жақ тарабында, одан 12- 15 шақырымдай қашықтық шамасында орналасқан. Ордабасы мен Қызылсеңгір екеуі қатар жатыр. Әлімтау Сарыағаштың батыс тарабында, қаладан жетпіс шақырымдай қашықтық шамасында, сол маңайдағы Жабай әулиенің қабатында орналасқан. Қазығұрттың бір белі Әлімтаумен жалғасады. Қойлық — Әлімтаудың солтүстік тарабында. Әлімтау (Ешкілі) мен Қойлық екеуі қатар жатыр. Алақсырақ — Шанак стансасының оңтүстік тарабында, стансадан 3-4 шақырымдай қашықтық шамасында орналасқан. Шанақ ауыл әкімшілігінің орталығы болып саналатын Абайдың батыс тарабында. ауылдан 3-4 шақырымдай жерде Аңқи тұр. Сүйеубай Қалшабайұлы: «Аңқи — Ызабұлак лен Басқұдық аралығында 7-8 шақырым жерді алып жатқан үш биік аңғар. Үлкен Аңқи, Орта Аңқи және Кіші Аңқи. Бірінің етегі біріне жалғасып жатыр. Үшеуі де оңтүстікке қарай аңқиып тұрғандай», — дейді. Анқидан қарағанда. Қазығұрт анық көрініп тұрады. Алақсырақ пен Аңқи екеуі қатар жатыр. Қыңырақ — Сарыағаштың солтүстік тарабында, қаладан бес шақырымдай жерде орналасқан. Барлай қараған адам Қазығұрт пен Қыңырақтын арасын бір ұзын бел жалғап жатқанын байқайды. Қыңырақ (Қыңғырақ) өз алдына бір бөлек жатыр. Бағаналы — Қазығұрттың батыс тарабында, 15 шақырымдай қашықтық шамасыңда орналасқан. Арыс ауданындағы Монтайтас ауылының оңтүстік тарабында, ауылдан 10-15 шақырымдай жерде Маңсар тұр. Қазығұрттың бір үлкен белі Маңсармен жалғасады. Бағаналы мен Маңсар екеуі бір тарапта қатар жатыр. Мұрынқарақ — Сырдың арғы жағында, Арыс ауданындағы Байырқұм ауылының батыс тарабында. ауылдан 40 шақырымдай кашықтық шамасында орналасқан. Айтбай Баймұратұлы: «Сырдың арғы беті теп-тегіс құм, шөл дала. Сол құмның ішінде мұрын жонға ұқсас бір төбе бар. Міне, осы төбе Мұрынқарақ деп аталады», — дейтін. Ол құмның арасындағы биіктеу төбе болған соң Қарақ атанғанға ұқсайды. Қарақшы, Қарауыл төбе деген секілді. Зарлық та Сырдарияның арғы жағыңдағы қарайып жатқан биіктеу төбелердің бірі болып саналады. Шымкент қаласының тұрғыны Олжабек Нәлібайұлы: «Мұңлық пен Зарлық екеуі бір-біріне бауыр болып келеді. Тіпті бір қап, бір саптан егіз туған. Қазіргі күнде Арыс ауданындағы Байырқұм ауылының солтүстік тарабында, ауылдан 8-9 шақырымдай жерде Мұңлық пен Зарлық қабірханаларына қойылған мұнаралары тұр. Сырдың арғы бетінде осы мұнаралардан бөлек кішігірім тауға ұқсас Зарлық төбесі бар», — дейді. Мұрынқарак пен Зарлық екеуі бір тарапта қатар жатыр.
КЕМЕҚАЛҒАН ӘУЛИЕ
Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының зиярат ететін, әзелден ұлық әулие болып саналатын қарт Қазығұрт тауының қос өркешінде һәм оның төңірегінде тарихи орындар мен әулие деп танылатын киелі, қасиетті жерлер баршылық. Қос өркешті Қазығұрт тауының оңтүстік батыс өркешінде Кемеқалған деп аталатын әулие орын бар. Ол алып жатқан көлемі жағынан оншалықты үлкен емес, ұзындығы 15-16, ені 8-9 метрдей шамасында алаңқайлау жер. Кемекалған әулиедегі көкмайса шөп шілденің шіліңгір ыстық аптабында да сарғаймайды һәм қурамайды. Содан да ол үнемі астауға әлденені құйып қойған тәрізденіп жап-жасыл болып көрінеді. Кемеқалған әулиенің жан-жағының барлығы шағала тастар және көп қабатты үйлерге ұқсаған биік-биік үйінді жартастар. Нұһ пайғамбардың кемесі, міне, осы шыңда қалған деседі. Тау бөктеріндегі ақбастаулық Зәкір Ыбырайымұлы Кемеқалған әулие туралы былайша әңгімелейді: «Қазығұрттың басындағы Кемеқалған — киелі жер. Қысы-жазы көкпеңбек боп тұрады. Желтоқсан айында Қазығұрт Ата, Ақбура Ата, Көзді Ата, Шілтер Ата секілді әулиелердің барлығы да ұзатылған қызға ұқсап Кемеқалғанға кетіп, сол жақта болады. Өз орындарына ақпан айында келеді». Әбубәкір Диваев өзінің «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалында Кемеқалған орыны турасында былай деген: «Қазығұрт шыңының батыс жағында, тас үйіңділерінің арасында түбі теп-тегіс терең бос кеністік байқалады. Аңыз бойынша, кеме тоқтаған орын осы болған, Қарама-карсы жағында, қара тас үйіндісінен кейін үңгірге алып баратын шағын ғана кірер есік бар. Осы жерде (келіп-кетушілер) от жағады». Кемеқалған әулиенің шығыс жақ тарабындағы тас үйінділерінің жазыңқылау келген бел ортасында үңгірдің кірер аузы бар. Бұл үңгір құдық тәрізденіп төменге қарай жол алған. Ол тереңдеген сайын кеңейе беретінге ұқсайды. Ал. кірер аузы үлкен емес, бір адам сиярлықтай ғана шағындау тесік. Тіпті оны таспен жауып қойса, ол жерде үңгір бар екені байқалмай да қалады. Кемеқалған әулиеге бала көтермеген әйелдер келіп көкмайсасына аунап, Аллаһ тағаладан перзент тілеп, зиярат ететін болған. Міне, осьндай ғибадат етіп келушілер аялдап. түнеп қалған жағдайда әулиеге таяу жерде от жаққан. Мұның өзі ілгерідегі бабаларымыздың отты киелі санап, оған қорғаушыдай сиынғанын меңзесе керек. Сондай-ақ, Кемеқалған әулиенің тап маңайында орналасқан әлгі үңгірді де бабаларымыз бен аналарымыз қасиетті деп есептеген. Көнекөз кісілердің айтуларына қарағанда, үңгірге түскен адам бойын меңдеген бар ауырлығы мен күнәсінен арылғандай жеңілдеп шығады екен. Өйткені, үңгірге нешеме әулиелер түнеп, оны зиянды жын-шайтандардан тазалап кетіп тұрады деседі. Академик Өлкей Марғұлан «Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі» деген мақаласында киелі Қазығұрт тауы жөнінде былайша анықтама берген: «Қазақ аңыздары бойынша, бүкіл дүниені топан суы басқанда, Нұһ пайғамбардың кемесі Алатаудың бір бөлігі Қазығұрт тауының басына келіп тоқтайды. Бұл мәселе әдебиетке жазылмаған, түбі Библиядан (Таураттан) тараған бір ғажайып аңыз. Арараттан кейін Нұһтың екінші рет тоқтаған жері — таудың бір биік басы, Қазығұрт тауы». Ә.Марғұланның айтуынша, топан су жайындағы аңыздың түбі Библиядан, яғни Таураттан шыққан. Профессор Әуелбек Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» кітабында былай деген: «Нұһ топаны жайындағы аңыздар Таяу Шығыс қана емес, Қытай, Орта Азия фольклорында да бар. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» — деген жолдардың ислам рухында жасалғанын кейбір зерттеушілер аңғармайды». Қасиетті Құран Кәрімге жүгінсек, Нұһ пайғамбардың кемесі Жуды тауының үстіне барып тоқтаған. XVІІ ғасырда «Шежіре-и түрк» деген еңбек жазып қалдырған хиуалық Әбілғазы баһадүр ханның баяндауынша, Жуды тауы Шам жұртындағы Мүсіл шаһарының қасында орналасқан. Академик В.В.Бартольдтың айтуына қарағанда, X ғасырдан (бұрын емес) недәуір кейініректе пайда болған аңыз жүлгесінде Ной (Нұһ) пайғамбардың кемесі Армениядағы Масис (еуропалықтардың Тауратынан Арарат атауын алған) тауында аялдаған деп айтуға ауысқан. Ал, Әлекеңнің пікірінше, қазақ халқының Қазығұрт тауы жайында айтатын аңыз желісі одан да бертінгіректе туған. Оның: «Арараттан кейін», — дегенінде, осындай ойды айтарлық түпкі нысанасы бар еді. Әуелбек Қоңыратбаев та: «Бұл — кенже туған аңыз», — дейді. Біздің ойымызша, Кемеқалған әулие орыны тек Қазығұртта ғана бар. Бұл киелі орын — Аллаһ тағала назарының осы тауға түскенінің төл куә белгісіндей. Төрт тараптағы басқа таулардан (Жуды, Арарат, Синай және т.б.) Қазығұрттың ұлық қасиеттілігін нақты танытатын айғағындай ақиқат артықшылығының өзі осы Кемеқалған әулие болса керек.
ҚАЗЫҒҰРТ АТА ӘУЛИЕ
Қарияның айтуынша, сонау ерте дәуірде бұл киелі тауда Қазығұрт Ата әулие өмір сүрген көрінеді. Ел аузында сақталған аңыз әпсанаға илансақ, осы арада Қазығұрт Ата ғұмыр кешіп, мекен тұрағы еткендігінен тау Қазығұрт атанып қалған екен деп баян етеді. Біздің ойымызша, нақ осы аңыздың түбінде ақиқат бар болса, онда Қазығұрт тауының ұлық әулие саналып, сахарамыздың төрт тарабына әйгіленіп, атышулы ғажайып хикаят әңгімелерге бөленуінің түпкі сыры да осы — Қазығұрт Ата әулиеге байланысып жатса керек. «Қазығұрттың басында көп әулие» — деген сөз бекерден шыққан емес. Қазығұрт тауының Кемеқалған өркешінде әуелі Тоқтама су әулие кездеседі. Ескіден келе жатқан аңыз әңгімелердің бірінде бұл Тоқтама суды Һәзірет Әлі дүлдүлінің тұяғы тепкен жерінен шыққан су екен деседі. Осындай әпсанаға иланған көнекөз кісілер оны Һәзірет Әлі дүлдүлінің су ішкен ақыры деп атайды. Ал, рабаттық Ілескүл Әшірбайқызының айтуына қарағанда, бұл — тау басында өмір сүрген Қазығұрт Ата әулиенің жуынатын һәм дәрет алатын суы болған көрінеді. Нақ осы су сонау биікте, тау басына таман орналасқанымен, не ернеуінен асып, төгіліп жатпайды, не мүлдем ғайып болып, құрғап кетпейді. Оның кереметі сол, қысы-жазы бір қалыптан айнымай тұрады. Тоқтама суды Тамшыбастау деп те атайды. Қазығұрттың Кемеқалған өркешіндегі әйгілі орындардың бірі — Айналма тас әулие. Оны Тесіктас деп те атайды. Қасиетті тауға зиярат етіп шыққан адам алғаш осы Тесіктастан үш рет айналып өткені ләзім деседі. Кемеқалған өркешінің ең жоғарғы шоқысында кесек-кесек тастардан түзілген обаға ұқсас үйінді тас кездеседі. Қазығұрттың ең ұшар биік шыңы — осы. Тауға шыққан жасы мен кәрісі, адамдардың барлығы сол араға бір-бір кесек тастан қоюды әдетке айналдырған. Бір ғажабы, қаншама кісілер тастағанымен, сол үйілген тас не көбеймейді, не азаймайды. Осы тастың орыны турасында атбұлақтық Шалғынбай Биқожаұлы бізге мынандай құнды деректеме берді: «Бұрынғы кәрі ауыз шалдар Қазығұрттың басындағы үйінді тасты — Қазығұрт Атаның қабірхана жайы деп айтып отырушы еді». Бұл мәліметті атбұлақтық Қанайым Кенбайқызы Қалшабайкеліні де өз әңгімесінде қуаттайды. Ол кейуананың айтуына қарағанда, Арыстан бабқа түнеп, Һәзірет Сұлтан Әрипін Йасауиден тілейтін жол секілді бұл арада да ілгеріде Ақбура Атаға түнеп, Қазығұрт Атадан тілейтін (зиярат ететін) ғұрып болған екен. Фольклоршы Әбубәкір Диваевтың «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалындағы ғажайып әңгімелердің ішінде Қазығұрт Ата әулие жайында айтылатын қызықты хикаят та бар. Ол Қазығұрт Атаның мәңгі тыныштық тапқан жері турасында былай деп жазған: «Таудың нақ өзінде, ең жоғарғы ұшар биік шенінде тастан ұзын қабір қойылған, басында орнатылған биік туы бар. бұл — Қазығұрт Ата әулиенің жерленген орны. Мұнда көптеген адам зиярат етеді». Академик Әлкей Марғұлан «Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі» атты мақаласында Қазығұрт Ата һақында былайша ой түйіндеген: «Қазақ аңызы бойынша, Қазығұрттың үстінде кеме тоқтаған алаң бар, асты үңгір, төбесіне ағаш қадаған Қазығұрт Атаның ордасының орны сақталған. Ол жерді қазақтар осы күнге дейін Қазығұрт бабаның тауы... Қазығұрттың ақ қойлары, шудалы түйелері жайылған жері дейді. Бірақ, Қазығұрттың кім болғаны ұмытылған. Мүмкін бұл сөз Қазы-Қорқыт шығар. Оған себеп, Қазығұрттың басына бұлт айналғанда әйелдер сескеніп, даладағы нәрселерін үйге кіргізеді. Түбі қорқудан шыққан (Қорқыт). Ақындар домбыраға қосылып: «Қазығұртты торлаған бұлт жаумай кетпес» деп, Нұһ пайғамбардың кемесіне арнап жыр шығарады («Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?). Жетім ботамен бірге Қазығұрттың басында көп әдемі құлындар ойнап. одан Қамбар Ата шығады. ақ қошақандарға Шопан Ата ие болады, сиырға Зеңгі Ата қолдаушы болады (Ө.Диваев. «Тарту». 1924. 113-114 беттер). Малдың шығуын қазақтар мифке айналдырып, «жылқы желден», «түйе сордан», «сиыр судан», «қой ауадан» деп әдемі жырлар айтады». Әлекеңнің дерек мағлұматында: «... асты үңгір, төбесіне ағаш қадаған Қазығұрт Атаның ордасының орны сақталған», — делінген. Бұл жерде баспадан қате кеткен, ордасының емес, моласының деп оқылғаны жөн. Біз бұл маліметті Ә.Диваевтың 1924 жылы Ташкенттен жарық көрген «Тарту» атты жинақ кітабынан кездестірдік. Онда былай деп жазылған: «Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол үңгірдің үстіне ағаш шаншып, Қазығұрт Атаның моласы дейді екен. Оның үстіне шыққан адамдар зиярат етіп шығады екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шөгіп, көрінбей қалса, кәриелер Қазығұрт қарасын киді деп, қатындар күләпарасын киеді дейді екен. Сол уақытысында жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды екен, Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпес деп». Бір ескертіп айтарлық жай, Қазығұрт Ата қабірханасының маңында үңгір жоқ. Сөз болып отырған Қазығұрттың оңтүстік батыс өркешінде шағын ғана кірер аузы бар үңгір кездеседі. Оның өзі Кемеқалған әулиенің жоғарғы қапталында. Ал, Қазығұрт тауының Алмалық деп аталатын солтүстік шығыс өркешінде аумағы үлкен, қоралы қой сиып кететін Үңгір әулие бар. Қазығұрт Ата әулиеге таяу жерде биіктігі 1 метрдей, төрт бұрышты, тастардан қаланған ескерткіш белгі тұр. Оның бетінде бұрынырақта медальон болатын. Ол медальон 1990 жылдары бұзылып түскен. Медальонда «НКВД — 1938» деп жазылған еді. Осының өзінен-ақ қазақ халқының бар қаймағын сырып алып, «халық жауы» деген жаламен улап, оларды жою мақсатында жалпы айдауға түсірген отызыншы жылдардың оқиғасы Қазығұрт өңірінде де өзінің суық ізін қалдырғанын сезінуге болады. Әбубәкір Диваевтың «Тарту» деген жинақ кітабында Қазығұрттың жаңбыры жайында айтылған. Мұндағы негізгі мақсат — Қазығұрттың сан қырлы қасиетінің тағы біреуін сол жаңбыры арқылы айқындап, халық назарына ұсыну болған. Әсілінде бабаларымыз бен аналарымыз Қазығұрттың басына бұлт айналғанда сескеніп қорықпаған. Содан кейін қалай болғанда да жаңбыр жауатынын анықтаған. Төлеби ауданындағы Кеңесарық ауылының тұрғыны Паң Кеуенұлы былайша әңгімелейді: «Ілгеріде кәриелер: «Егер алғаш күн күркірегенде Қазығұрттан күркіресе, жаңбыр төрт тарапта бірдей жауады. Егер Түркістан жақтан күркіресе, онда жаңбыр ала жауады», — деуші еді». Қазығұрт Атаның қандай тарихи кезеңде жасағаны мүлдем ұмытылып қалған. Ол жайында айтылатын ғажайып әңгімеге қарағанда, Қазығұрт Ата — Аллаһ тағаланың назары мен нұры түскен мұстажаб дұға, яғни батасы мен тілегі қабыл бүзірік болғанға ұқсайды. Бүзүрік — ұлық, үлкен, аты шыққан әулие деген сөз. «Қазығұрт кемесі туралы аңызда» Қазығұрт Ата һақында былай делінген: «Бірде Қазығұрт әулие халықты Құдай тағаланың бәлекетінен құтқарды. Оқиға былайша болды. Қалың жұртшылық арасында ұрлық пен зорлық-зомбылық көбейіп, кәдімгідей күнделікті дағдылы іске айналып, шектен тыс асып кеткендіктен құдіретті Жаратушы оларға жылан мен шаянды жіберді. Жылан- шаяндар жерге жаңбырша құйылып, адамға өздерінің улы шанышқыларын сұғып, улы тілдерінен заһарын төгіп, халықтың көпшілігі жан түршігерлік қоркынышпен, ауыр азаппен өлді. Зәресі ұшып, үрейленген һәм дірілдеп, қалшылдаған халық не істеу керектігін біле алмай, моншақтап аққан көз жастарымен және жалбарынған өтініштерімен Қазығұрт әулиеге келді. Сол кезде Қазығұрт әулие Алатау тауының батыс тарабында өмір сүрді. Бұл жерде жылан да, шаян да жоқ, тіпті болмаған екен, оған адамдар таң қалды һәм мұндай таңғажайыпқа іші-бауырлары елжіреді. Олар Қазығұрт әулиеге: «Сен бізді келген апаттан және осы қырсықтардан құтқара көр!» — дел, жалынып жалбарынды. Сонда әулие айтты: «Сіздер өздеріңіздің жаман істеріңізді қойыңыздар, зорлық- зомбылықтарыңызды тастаңыздар». Дүйім жұрт өздерінің кешірілмес ауыр күнәларына өкінді, ал Қазығұрт әулие көз жасын төгіп, еңіреп жылап, Жаратушының күнәһарларға кешірім жасауын сұранды. Шаяндар мен жыландар одан кейін болған жоқ, ал Құдай тағалаға сиынушы Қазығұрт сәуегей әулиелік қасиетімен ғайып болып кетті. Содан бері Алатаудың батыс тарабы Қазығұрт атауына ие болды». Қазығұрт атауының этимологиясын, яғни оның түбі неден шыққандығы немесе ғасырлар бедерінде қалай пайда болғандығы жайында сөз қозғайтын жорамал пікірлер баршылық. Біз олардың барлығын тізбелеп, талдап жатпаймыз. Тек өзіміз тұжырымдаған төмендегідей ой-пікірімізді ұсынамыз. Белгілі жазушымыз Сәуірбек Бақбергенов 1984 жылы жарық көрген «Қазығұрттың басында кеме қалған...» атты кітапшасында былай деп жазған: «Қазы — төреші, әділ төреші болса, құрт деген — қасқыр деген сөз». Құрт — көне сөз. Ол сөз қасқыр, яғни , бөрі деген мағынасында осы күнгі Түркия түріктерінің тілінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Түркітанушы ғалым, тарихшы Сайран Әбушәріп: «Құрт сөзіне келетін болсақ, ол «куртулуш» (немесе оның түрлі вариациясының) сөзінің түбірі болып табылады және «құтқару», «құтылу» дегенді білдіреді», — дейді. Осыдан кейін біздің мынандай ой түюімізге негіз қаланады. Қазығұрт Ата әулиенің шын әсілі аты — Қазы болғанға ұқсайды. Қазының халықты түрлі апат лен балекеттерден Аллаһ тағаланың жәрдемімен құтқарған қызметіне қарай оның есіміне құрт түбір сөзі жалғанса керек.
ҮҢГІР ӘУЛИЕ НЕМЕСЕ ҚАЗЫҒҰРТ ҮҢГІРІ
Қарт Қазығұрт тауының Алмалық деп аталатын солтүстік шығыс өркешінде Үңгір әулие бар. Бұл киелі үңгір бөлме-бөлме болып кете беретін көрінеді. Оның ақыр соңы Кәрі Сайраммен жалғасатын жер асты жолына ұласады деседі. Қазығұрт ауданындағы Атбұлақ ауылының тұрғыны Жарылқасын Ниязбекұлының айтуына қарағанда, ел арасында ертеректе болған оқиғаны баян ететін мынандай әңгіме сақталынып калған. Ілгеріде Ақбура Ата әулиенің шырақшысы Акым шайық қасына бір тақуа кісіні серік етіп шығып, Үңгір әулиеге барыпты. Олар қолдарына қой майымен жанатын жез шырақ алып, үңірге кіріпті. Сонда үңгірдің бір бөлмелерінде жыландар ысылдал, тағы біреулерінде қылыштар шабысып тұр екен. Ақым шайық пен серігі тәспі айтып, Аллаһ тағалаға мінәжат еткенде, жыландар мен қылыштар, барлығы да жол ашып берген көрінеді. Сөйтіп, олар Сайрамнан шығыпты. Тек кейінгі уақытта ғана тастар құмданып түсіп, әлгі бөлмелерді басып, жол жабылып қалғанға ұқсайды. Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ адамзат баласының бұрынғы заманындағы алғашқы тұрған қонысты мекені, әуелгі ізі түсіп, өсіп-өнген жері деп, бабаларымыздың рухына арнап құрбандық шалып, тәжім етіп келген қасиетті орындарының бірі — Қазығұрттағы Үңгір әулие болған. Ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан «Қазақ аңыздарындағы Қорқыттың болмысы және оның жүрген жерлері» атты мақаласында былай дейді: «Үңгірді қасиеттеу, үңгірдегі ата-бабалардың сүлдесіне бас ию — ежелгі түркі тайпаларының байырғы ісі болған. Бергі заманда жаратылыстағы ғажайып көріністерді қадірлеу, асқар тау, қия тас, жер-суды қасиеттеу оғыз бен қыпшақтарда ерекше орын алады. Салт-сананың бұл түрін қазақтар сол ежелгі қалпында сақтап келді». Біз сөз етіп отырған Қазығұрттың Алмалық өркешінде, Үңгір әулиенің шығыс жақ тарабындағы екінші қапталында үсті жабық бастырмаға ұқсас үлкен кеуектенген тас кездеседі. Бабаларымыз оны Мешіттас деп атаған. Мешіттастың ішінде неше түрлі таңбалы тастар, көне тас жазулары ұшырасады. Оның қабырғасында алып адам қалдырған саусақтарының ізі бар. Атбұлақтық Жарылқасын Ниязбекұлы: «Һәзірет Әлі Мешіттаста өзінің саусақтарының ізін қалдырған екен», — дейді. Ілгеріректе Мешіттастың да негізінен үңгір болғаны көрініп тұр. Бұл үңгірлер сонау ерте кезде, көне тас дәуірлерінде пайда болғанға ұқсайды. Кейінгі заманда ислам діні жергілікті халыққа әбден сіңіскеннен соң мұсылмандар қауымы осындай үңгірлердің кейбірін көркейте өндеп, бес уақыт намаз оқитын мешіт ретінде пайдаланған. Мешіттастың алдыңғы жағындағы биіктеу жерде алыстан көзге шалынатын үлкен төртбұрышты тас орнатылған. Сірә ол азан айтатын орын болған секілді. Академик Ә.Марғұлан «Қорқыт бұрынғы ғалымдар мен ақындардың есінде» дейтін зерттеу еңбегінде былай деп жазған: «Халықтың ойында бұл ғажайып үңгірлер үлкен әсер етіп, дін сарынына түсе бастайды. Ол тілек бата істеудің, құрбандық шалудың, әпсаналар шығарудың орны болады. Қытай тарихында табынатын, құрбан шалатын үңгірлерді сәуегей орындары деп атаған. Ондай «сәуегей орындардың» кейінгі заманға дейін география атымен сақталып келгендерінің бірі «Қоңыр әулие» (Шыңғыстауда). «Тас әулие» (Тарбағатайда), «Қазығұрт үңгірі» (Шымкент маңында), «Ақмешіт үңгірі» (Ұлытаудың басында), «Керей үңгірі» (Ойыл өзені бойыңда), тағы басқа өлкелерде». Мұқым түркі халықтарының әуел бастан-ақ қарт Қазығүрт тауы мен оның Алмалық өркешінде орналасқан үңгірді киелі, әулие санап келгенінің һәм осы арада дұға тілек жасауды берік дәстүр етіп ұстанғанының бір жарқын көрінісі — Қорқыт Ата (VІІІ-ІX ғ.ғ.) мен оның замандасы Салар Қазан алып жайындағы ғажайып аңыз әпсаналардан аңғарылады. «Қорқыт Ата кітабының» баян етіп айтуынша, бектердің бегі, батырлардың басы Салар Қазан — тарихи дәуірдегі Сыр суының аяқ шенін орталық қылып, қазіргі қазақ сахарасын қоныс еткен оғыз-қыпшақтар мен қайы-қаңлылардың ұлы қорғаныш панасы, хандардың ханы Баяндырдың күйеу баласы, толы (таулы) құстың тұқым түлегі, Түркістанның тірек діңгегі, қара халықтың (қарашықтың, қарашаның) қабыланы һәм жолбарысы, қоңыр аттың (немесе қара аттың деп айтылады) иесі, бала Ораздың әкесі. Әбілғазы баһадүр ханның анықтауынша, Оғыз елі жұрттарының бір тарабы — Сайрам, Қазығұрт тауы боп саналған. Салар Қазан алып үнемі Қазығұртқа зиярат етіп келіп, Үңгір әулиенің алдында құрбандық шалып, ас берген, садақа таратып, дұға тілек жасап отырған. Сол уақытта Қорқыт Ата қобызын тартып, күй шалумен бірге Салар Қазанды аса құрмет тұтып, ардақтап, барынша мадақтап, сарын жыр шығарып айтқан. Бұл сарынның қысқаша мәтіні Әлекеңнің (Әлкейдің) жоғарыда аталған зерттеуінде мынандай нұсқада берілген:
«Қазығұрт тауындағы сәуегей үңгірді сылатты,
Салар Қазан онда барып бабасына ас берді.
Ит бешене оны көріп есі кетті.
Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін?
Бір қазанға қырық, бір аттың етін салды,
Ол қазанды сол қолымен көтерді,
Оң қолымен елге жүріп үлестірді,
Алыптар, билер, көремісін Қазанбектің кім екенін?»
Ал, Немат Келімбетовтің 1986 жылы «Мектеп» баспасынан жарыққа шыққан «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты кітабында бұл нұсқаның бас жағына былайша өзгеріс енгізілген:
«Қазығұрт тауындағы үңгір тасты
Салар Қазан барып көркейтті.
Онда ата-бабасына садақа таратты...»
Ұзандарымыздың, яғни ақын-жырауларымыздың һәм әулие пірлеріміздің ұлығы - Қорқыт Ата. Оның сарын жырында осылайша Қазығұрт сөзінің топоним болып. яғни таудың аты ретінде кездесіп отырғанының өзі тарихи жағынан өте манызды. «Қорқыт Ата кітабының» әуел баста осы өлкеде, ертеректегі оғыздар мен қаңлы-қыпшақтардың қонысында, кейінгі қазақ сахарасында туғанына куәлік берерлік ақиқат айғақтың бірі — осы болса керек.
КҮН ШЫҒАРДА КӘРІ САЙРАМ, ОЛ — ПЕЙІШТІҢ ШЫРАҒЫ Қазақ халқының арасында тараған ауыз әпсаналардың баян етіп айтуларына қарағанда, осынау шетсіз де шексіз он сегіз мың ғалам жаратылыс дүниесінің ең жоғарғы ұлығы Аллаһ тағаланың назарына ерекше ілінген төрт тірі пайғамбар бар екен. Сол төртеудің әуелгісі — Ыдырыс ғалейһи салам болып саналады. Қазіргі Түріменстандағы көне Үргеніш қаласында туып, Хиуаға хан болған Әбілғазы (1603-1663) баһадұрдың жазып қалдырған «Шежіре-и түрк» атты кітабында Ыдырыс пайғамбар жайында былай делінген: «Құдай тағала оны сол заманның халқына пайғамбар қылды. Халықты сексен екі жыл Құдай жолына үндеді. Аллаһ тағаланың әміріменен Ғәзірейіл келіп, Ыдырыс ғалейһи саламды перінің үстіне отырғызып, жұмаққа алып барды. Ыдырыс сол ктннен осы уақытқа дейін жұмақта тұрады». Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының ата жұртындағы әулие әнбиелері көп қасиетті де киелі орынның бірі — Кәрі Сайрам жері болып танылады. Көнеден келе жатқан аңыздың айтуынша, Ыдырыс Нәбиолла ғалейһи салам нақ осы жерде мешіт мінәжатханасын салған. Сол орыннан ол пейішке тірі кеткен делінеді. Бұл жөнінде Ереген Ағыбайұлы былайша әңгімелейді: «Оңтүстік Алатаудың бөктеріндегі Кәрі Сайрамның ескілікті орынында Һәзірет Ыдырыс ғалейһи саламның салған мешіті болған. Ол мешітті салғанда бір сарауды қоюға ағаштарды қалай кессе де, не кем, не артық болып шығыпты да, ешбірі де тура келмепті. Сарау деп ұстынды айтады. Болмаған соң ақыр соңында Ыдырыс пайғамбар Аллаһ тағалаға сиынып, мінәжат еткенде, аспаннан адам бойындай тас түскен екен. Бір ағашты кесіп, сол тасқа қойып көрсе, әлгі сараудың орынына тура келіпті. Ыдырыс Нәбиолла ғалейһи салам ғибадатхан болған. Ол Кәрі Сайрам жерінде салған мешітінде отырып, Аллаһ тағалаға күндіз-түні қүлшылық еткен. Сонда оған төрт мұқарап періштенің бірі Ғәзірейіл зиярат қылып келген. Ыдырыс оны көреді де: «Сен барған жеріңде жанды алмай қоймайсың. Тек жан алуға келесің. Келген екенсің, енді менің жанымды ал», — деп, ыразылық білдіреді. Ғәзірейіл: «Мен жан алуға келгенім жоқ. Сізге зиярат етіп келдім», — дейді. Ыдырыс пайғамбар: «Ақыры мені тәберік көріп келген болсаң, жанымды ала бер», —деп, өзі ыразылығын беріп, ұсынып тұрған соң, Ғәзірейіл оның жанын алыпты. Сөйтіп: «Е, Құдайа құдауанда, мен Ыдырыстың жанын беймезгіл алып қойдым. Енді қалай қыламыз?» — деп, сұрапты. Сол кезде Аллаһ тағала: «Мен оған жан беремін», — депті. Құдай тағаланың құдіретіменен Ыдырыс ғалейһи салам тіріледі. Ол Ғәзірейілге: «Мен өлдім. Қайта тірілдім. Енді мені тозаққа алып бар, оны көрейін», — дейді. Ғәзірейіл Ыдырысты тозаққа алып барады. Тозақты көрген пайғамбар: «Өте беймаза болдым. Енді мені пейішке алып бар», — депті. Ғәзірейіл оны пейішке алып барыпты. Пейішті көріпті. Содан соң Ғәзірейіл: «Енді сені жерге, орныңа қайта алып барамын. Пейіштен шық», — дегенде, Ыдырыс ғалейһи салам пейіштен шығады. Бірақ ол кебісін пейіштің ішіне тастап кеткен екен. Ыдырыс Нәбиолла Ғәзірейілге: «Менің кебісім іште қалыпты. Алып келейін», — деп, пейішке қайта кіреді. Одан кейін «шық» десе де шықпайды. Ғәзірейіл: «Неге шықпайсың?» — деп, сұраса, оған Ыдырыс: «Адамзат баласы бір-ақ рет өледі. Өлгеннен кейін нәсіп еткеніне қарай не тозақты, не пейішті көреді. Мен өлдім. Содан соң тірілдім. Тозақты көрдім. Енді пейішке келдім. Маған осылайша нәсіп етілген екен. Пейіштен шықпаймын», — деп, жауап береді. Ғәзірейіл: «Е, Құдайа құдауанда, мынау Ыдырыс осындай уәж айтады. Оны не істейміз?» — дегенінде, Аллаһ тағала: «Оныкі дұрыс. Оған тиме, пейіште қалсын», — деген екен. Сөйтіп, Ыдырыс пайғамбар пейіште, яғни жұмақта тірі қалған деседі». Төс еліндегі «Қарасора» ауылында (қазіргі Төлеби ауданындағы Кеңесарық елді мекені) жасаған Бекасыл Биболатұлы (1821-1914) бойына өзгеше керемет қасиет дарыған, ілім-білімге терең жетілген, жұлдызшылық һәм емшілік қызметімен төрт тарапқа аты шыққан, тәпсірлер жазатын әдеті бар, ауызы дуалы, айрықша ғұлама болған кісі екен. Оның жазып қалдырған «Іспінжаб туралы рәуаят сөздерінде» Кәрі Сайрам һақында былай деп айтылған: «Һәзірет Мұһаммед Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уәсалам шірін лебізімен, шекер әңгімелермен баян етіп айтты: «Күн шығарда бір мекен бар. Ол мекен — пейіштің шырағы. Ол мекен — қасиетті. Онда Һәзірет Ыдырыс ғалейһи саламның рабат қадам жайлары бар. Ол мекенде 12 мың әулие адам шейіт болған. Іспінжаб (қолжазбада ІспінжіҺ баб деп те оқылатын вариациясы бар) екі уәлаяттың арасында тұр. Күн шығыс тарабында Кәсан тұр, қыбыла тарабында Ташкент тұр. Әр кісі ықыласымен барса, ол мекенде екі бас (рәкаат) намаз өтесе, 75 мың бас (ракаат) намаздан абзал тұр». Бекасыл бабаның осы еңбегінде тағы да былай делінген: «Һәзірет пайғамбар саллаллаһу ғалейһи уәсалам аузынан дүр шашып айтты: «Күн шығарда бір мекен бар. Онда нұр бар. Ол — пейіштің нұры. Құдай тағала оны артық жаратып тұр. Әр пәндайы момын ол мекенде 70 бас (ракаат) намаз өтесе, 70 жылдық тағат ғибадаттан бәһарырақ тұр». Бекасыл Биболатұлының анықтауынша, Кәрі Сайрам турасында айтылған тағы да мынандай сөздер бар екен: «Жеті қат жер мен жеті қат аспан Іспінжабтың нұрынан жарық боп тұрар», — деді. Әр пәндайы момын шын ықыласымен барса, егер сондай надан, намаз оқымайтын болса да, Аллаһ тағала Һазірет Ыдырыс пайғамбардың себебінен барлық күнәсін ғафу қылар, инша Аллаһ». Төрт тірі пайғамбардың алғашқысы — жұмақта қалған Ыдырыс Нәбиолла болса, екіншісі — Қызыр ғалейһи салам. Оны қиямет қайымға шейін өмір сүреді деседі. Ілияс ғалейһи салам — Қызырдың туған інісі. Қария сөздердің айтуынша, ол да тірі екен. Тірі пайғамбарлардың соңғысы — Ғайса. Біздің жаңаша жыл санауымыздың өзі (қазіргі 2008 жыл) Ғайса пайғамбардың дүниеге келуімен тура келеді. Сонда тарих ғылымында Ғайсадан бұрынғы деп сөйлеудің мәнісі, біздің жыл санауымызға дейінгі уақытты көрсетеді. Қарт Қазығұрт тауының атышулы ғажайып әңгімелерге бөленіп, мұқым түркі халықтарының әзелден зиярат ететіңдей үлкен әулие орынға айналуының түпкі сырының бірі — Кәрі Сайрамға байланысып жатқандай. Қазығұрт ауданындағы Басқұдық ауылының тұрғыны Сүйеубай Қалшабайұлы: «Қазығұрт тауының Ақбура Ата, ІІІілтер Ата, Көзді Ата, Мейрам Ана секілді дүйім жұртқа белгілі әулие әнбиелері Сайрамның сансыз бабының есебіне кіреді», — дейді. Ыдырыс пайғамбардың қадамжайы бар делінетін Кәрі Сайрам — пейіштің шырағы болса, ол нұрымен жеті қат жер мен жеті қат аспанды жарық қылып тұрса, тап сол манайда Нұһ ғалейһи саламның кемесі қалған деп айтылатын қарт Қазығұрт тауы өркештеніп жатса, шындығында да бұл екеуі бір-бірін керемет қасиетімен толықтыратын секілді. Қалай болғанда да түркі жұртының Қазығұрт тауына арналған аңыз әпсаналарында Нұһ пайғамбардың топан судан кейінгі ең алғашқы салған қоныс қаласы — Кәрі Сайрам болған деп айтуы бекерден бекер шықпаса керек.
ҚАРТ ҚАЗЫҒҰРТ - ТҮРКІЛЕРДІҢ ҚАСИЕТТІ ТҰРАҒЫ
Құдай тағаланың әміріменен Нұһ ғалейһи саламның кемесі таудың басына, ең құтты қонысқа қайырлады. Топан су тартылып, жердің жүзі тазарды. Кемедегі момын кісілер сыртқа шықты. Алғашқы кезде олар тау етегінде отырды. Сонда бұл момын кісілердің баршасын ауру жайлады. Нұһ пайғамбар және оның үш ұлы мен үш келіні ғана тәуір болды. Олардан өзге кісілердің барлығы бақиға көшті. Нұһ ғалейһи салам жерді оңтүстік пен солтүстікке қарай үш тақсымға бөлді. Сөйтіп, үш ұлын үш тарапқа жіберді. Хам атты ұлы оңтүстік тарапқа, Үндістан жаққа кетті. Сам атты ұлы орталық бөлігін, Иран жақты егеленді. Иафес атты ұлына солтүстік тарабы тиді. Нұһ Нәбиолла үшеуіне былай деп айтты: «Адам перзенттерінен сіз үшеуіңізден өзге кісі қалмады, енді үшеуіңіз үш жұртта тұрыңыздар. Ұрпақтарыңыз өсіп, ошақтарыңыз көп болса, әрдайым сол барған жерлеріңізді жұрт қылып отырыңыздар». Базбіреулер Иафесті пайғамбар еді деп көрсетеді. Ал, біреулер пайғамбар емес еді дейді. Ол атасының (әкесінің) жөн сілтеуімен Еділ мен Жайық суының жағасына барды. Сол арада екі жүз елу жыл тұрып, опат тапты. Сегіз ұлы бар еді. Олардан ұрпақ көп болды. Ұлдарының аттары мыналар: Түрік, Хазар, Сақлаб, Орыс, Мың, Шын, Кәмари, Тарых. Иафес дүниеден өтерінде үлкен ұлы Түрікті өз орнына отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз өздеріңе Түрікті падишаһ деп біліңіздер, оның сөздерінен шықпаңыздар», — деп, өсиет қылды. Содан Түрікке «Иафес ұғыланы» деген лақаб ат қойды. Түрік, яғни Иафес ұғыланы өте әдепті, ақылды кісі еді. Атасынан (әкесінен) кейін оның қалдырған көп жерлерін аралап көрді. Шығыс тараптағы бір жерді ұнатып, өзінің үрім ұрпағымен сонда отырып қалды. Кейінгі уақытта ол жер Ыстықкөл деп аталды. Ол күркеде тұруды шығарды. Түркі халықтары ішіндегі кейбір рәсімдер сонан қалды. Иафес ұғыланының, яғни Түріктің төрт ұлы бар еді. Әуелгісі — Түтек, екіншісі — Жакел, үшіншісі — Берсежар, төртіншісі — Әмлақ. Түрік дүниеден көшерінде Түтекті өз орнына падишаһ қылып, қайтпас сапарға кетті. Түтек ақылды, дәулетті, жақсы падишаһ еді. Ол бір күні аңға шығып, киік өлтіріп, кәуап қылып жеп отырғанда, бір тілім ет қолынан жерге түсіп кетті. Оны алып, аузына апарғанда тіліне тәтті дәм келді, өйткені, ол жер тұзды еді. Сөйтіп, Түтек асқа тұз салуды шығарды. Түркі жұрттары ішінде көп рәсімдер сонан қалды. Әбілғазы баһадұр хан өзінің шежіресінде Түтек жайында: «Ажам (Иран) падишаһларының біріншісі Қауймарстың тұстасы еді... Екі жүз қырық жыл ғұмыры өткен соң ұлы Амулжа ханды өз орнына отырғызып, “"барса келмес» деген жерге кетті», — дейді. Қадырғали би Қосымұлының айтуынша, Хам — суданның, яғни қара зәңгілердің (негрлердің) атасы болатын. Самның нәсілі — арабтар мен ажамдар (парсылар) еді. «Тарих ғумуми» деген кітапқа сүйенген Шәкәрім былай деп жазған: «Барша араб, асур, гілдан, фінике, картаже, ғибрани мысырлар — Сам нәсілінен. Барша хабаш, судан, зәңгібар, барша қара түсті жұрт — Хам нәсілінен дейді». Қадырғали Жалайыри өзінің жылнамаларында: «Иафес — Түріктің атасы еді, яғни кітапсыз, күн шығысындағы халықтар оның нәсілінен еді. Иафесті (әкесі) күн шығыс жаққа жіберді. Моғолдар мен түріктер осылай деседі, бірақ түріктер Иафесті Абулжа хан деп атайтын еді және анығын нақты білмес еді. Бұл Абулжа хан Нұһ ғалейһи саламның өз ұлы еді немесе ұлының ұлы еді... Абулжа хан сахарада отырықшы еді. Оның жайлауы Ор тау және Көр тау деген таулар еді. Олар өте үлкен һәм биік еді. Ол жерлерде Анжа там (басқа нұсқада Инандж) атты қала болған, оның қыстауы сол жерде еді», — дейді. Шәкәрімнің шежіресінде былай делінген: «Тарих ғумуми» деген кітапта барша түрік, иран, юнан, қытай һәм европадағылар Иафес нәсілінен. ...Барша хун, мажар, бұлғар, улах, ауар, моғол, татар, манжу, фин, жоңғар атанған халықтар Түрік нәсілі дейді». Қадырғали парсыларды Самның нәсіліне жатқызса, Шәкәрім оларды Иафес нәсіліне қосады. Біз бұл жерде әуелгісін қуаттаймыз. Түрік нәсілі делінген халықтарды атауда да Шәкәрімде ағаттық бар секілді. Кейбір қаламгерлеріміз: «Нұһ пайғамбардың Ефет (Иафет, Иафес — Е.Қ.) атты баласын түркі халқы Бұлжа хан (Абдулджа хан, Булджа хан) деп атапты» немесе «Иафеске түріктердің әдет-ғұрыпы бойынша лақаб ат беріледі. Лақабы — Олджай хан (Олжа хан)», — деп, Қ.Жалайыридің нұсқасын, не болмаса соған ұқсас өзгенің мәліметін пайдаланып жүр. Бұл — жаңсақ. Әсілінде Абулжа хан (Амулжа хан) — бізге белгілі шежіре дерегі (Әбілғазы. «Түрікмен шежіресі») бойынша, ол — Иафестің шөбересі болып келеді. Бір ескерерлік жай, біз бұл жерде нақты тарихи шындық тұрғысынан емес, геналогиялық шежіре мәліметіне сүйенуден туған пікірімізді алға тартып отырмыз. Әдебиетіміз бен тарихымыздың ересен білгірі, академик Әлкей Марғұлан «Қазақтың ерлік жырындағы әлеуметтік сарындар» атты мақаласында былай деп жазған: «Рашид ад-диннің жазуынша, Оғыз хан төңірегіне топталған елдердің жалпы атасы «Абулша хан» не Әбілғазы баһадұрше «Аланча хан» түрінде айтылады. Мұндағы «Абулша» не «Аланча» қазақ аңызындағы «Алаша» ханның варианттары болуға тиісті. ...Рашид ад-дин: «Абулша хан әр уақыт қырда тұруды сүйген. Оның жазғы жайлауы Ортау, Кертау атты мәуелі биік таудың саласы, ол жерде Анажан (кейін Жұбан-ана) атты қала болған. Борсық... Қақажан (Қадырғали биде Қатан — Е.Қ.), Қарақұм бойын қоныстайтын. Талас, Кәрі Сайрам қалалары бұл айтқан жерлерге көршілес тұрады», — деп көрсеткен». Әсілінде бізге белгілі шежіре мәліметінде Абулша (Абулжа) хан мен Аланча (Алынша) хан бір адам емес, екеуі екі басқа жан. Алынша (Алынжа) хан — Амулжа (Абулжа) ханның шөбересі болып келеді. Әбілғазының шежіресінде былай деп айтылған: «Амулжа хан тағы көп жылдар падишаһтық қылып, асарын асап, жасарын жасап, атасының соңынан кетті. Қаза болар уақытында ұлы Бақой Диб ханды орнына отырғызды. Дибтің мағынасы — тақтың жері, Бақойдың мағынасы — елдің үлкені деген сөз. Ол тағы көп жылдар падишаһлық қылып, достарының күлгенін, дұшпандарының жылағанын көріп сүйініп, онан соң қайтпас сапарға кетер болғанда ұлы — Көк (Шәкәрімде Киік — Е.Қ.) ханды тағына отырғызды. Ол тағы көп жылдар падишаһлық қылды. Әкесінің жолынан тысқары шықпады. Күш куаты қайтқанда ұлы — Алынжа ханды өз орнына отырғызып, ұзақ сапарға кетті». Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре-и түрік» («Түрік шежіресі») атты кітабы филология ғылымдарының докторы Бабаш Әбілқасымовтың аударуымен 1992 жылы «Ана тілі» баспасынан қазақ тілінде жарыққа шықты. «Түрікмен шежіресіндегі» Амулжа (Абулжа) ханды осы аудармада Елше (Шәкәрімде Елже) хан деп берген екен. Әсілінде Елше хан осы Абулжа (Абулша, Әбулше, Бұлше, Улше. Елше) ханның нақ өзі болатын. Сонда Абулша хан Әбілғазы баһадұрше Аланча (Алынша) хан емес, Амулжа немесе Елше (Елже) хан болып шығады. Қадырғали би Қосымұлы жылнамасының бір тұсында: «Түрік деп аталатындар, яғни кітапсыз, сахарада отырықшылық күн кешкен қауымның бәрі Диб Иақойдың (Шәкәрімде Бақой — Е.Қ.) төрт ұлынан тарағандар еді. Абулжа хан Нұһ пайғамбар ғалейһи саламның оғлы (ұлы) болатын. Абулжа ханды (Аллаһтың нұры жаусын) Нұһ ғалейһи салам солтүстік шығысқа жіберген. Сондай-ақ Қара хан, Ор хан, Көр хан және Көз хан — бұлар сол жақта пайда болды. Қара ханның ұлы Оғыз атанды», — дейді. Нақ осы Қ.Жалайыри нұсқасында Оғыз қаған — Иафестің шөбересі (Нұһ — Абулжа хан (Иафес) — Диб Иақой — Қара хан — Оғыз) болып келеді. Әбілғазы шежіресіңде Абулжа хан — Иафестің шөбересі, Алынша (Шәкәрімде Аланшы) хан — Абулжа ханның шөбересі, ал, Оғыз қаған — Алынша ханның шөбересі (Алынша хан — Моғол — Қара хан — Оғыз қаған) боп тарап шыққан. Екінші сөзбен айтқанда, Оғыз қағаннын үшінші атасы — Алынша (Аланча), Алыншаның үшінші атасы — Абулжа (Агиулжа), Абулжаның үшінші атасы — Иафес. Осы үш жерде үшінші атаның назарға ілігуі бекерден бекер емес. Содан да оларды бір-бірімен алмастырып, шатастырып алушылық көп болғанға ұқсайды, Шежіре нәсапнамалардың бір нұсқасында Алаша ханнан — Жайылхан, одан — Субиян, одан — Қазақ дейді. Алаша ханның шөбересі — Қазақ немесе Қазақтың үшінші атасы — Алаша хан. Моғолша үшінші атаны алынчил дейді екен. Оғыз қағанның үшінші атасы Алынша хан мен Қазақтың үшінші атасы Алаша ханның атаулары әуел баста осы алинчил сөзінен пайда болуы да ықтимал. Ал, геналогиялық шежіре нұсқасында аталатын Абулжа хан немесе Елше (Елже, Елжа) хан дегеніміз негізінен тарих жүзінде Ғайсадан бұрынғы Үйсін Ордасының күнбиі Елжау болып шығуы да мүмкін. Базбір нәсапнама нұсқаларында Абулжа ханның немесе Олжа ханның жайлауы Ор (Үр) тауы мен Көр (Кер) тауы болған деп сөз етеді. Абулжа (Абулша) ханды Әбілғазының шежіресіндегі Алынша хан деп шатастырып алған Ө.Марғұлан былайша ой түйіндейді: «Әбілғазы баһадұр да өзінің «Шежіресінде» Аланча хан атымен бір талай мәдени істерді байланыстырып, оның кезінде жұртшылық тіршілігі өркендеп, қызықты әңгіме, ертегі-жыр шығуға себеп болғанын айтады: «Аланча хан заманида юрт абадан уа ел дәулетті болды», «Аланча хан заманида халықтың башы уа малы көп болды, дәулетке әсір болды». Мұнда Әбілғазы тарихи дәуірдегі жер аттарын, оны қоныстаған елдердің көшпелі тұрмысын Рашид ад-диннен гөрі де ашық, нақтырақ суреттеген. Әбілғазының жазуынша, ең ескі дәуірдегі аңызда кездесетін «Ор-тағ», «Көр- тағ» оның заманыңда (XVІІ ғасырда — Е.Қ.) «Улуг-тағ», «Кичиг-тағі деп аталатын болған. Оғыз бен қыпшақ, қаңлылардың жұрт атасы болған Аланча хан жаз ол жерді жайлап, «Қыш болғанда Қарақұм, Сырдарияның яқасын қышлар ерді» дейді» Әбілғазының шежіресіне жүгінетін болсақ, әсілінде Ор тауы мен Көр тауын жаз жайлаған кісінің аты — Амулжа (Абулжа, Олжа, Елше) хан да емес, Аланча (Алынжа) хан да емес, Қара хан екен. Оның жазуынша, Қара хан — Алынша ханның немересі болып келеді. Алынша хан көп жылдар падишаһлық қылды. Аталарының уәлаяттары, ел ұлыстары көп болды. Нұһ пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеп мұсылман еді. Ол падишаһ болғаннан соң халықтың басы және малы көп болды. Алынша хан заманында жұрт байып, хал жағдайы көтеріпді және ел дәулеттеніп, асылық жасады. «Ит семірсе иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Барша ел Тәңірін ұмытты және дінсіз кәпір болды. Әр кісі өзінің ең қимас адамы, не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі кайтыс болса, соған ұқсатып қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл — пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Мұндай әдет қайталана- қайталана бұтқа табынуға әкелді. Алынша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі — Татар, бірі — Моғол. Алынша хан қартайған соң, елін екі ұлына бөліп берді. Ол бақилыққа көшкеннен соң Татар мен Моғол әрқайсысы өз жерлеріңде падишаһлық қылды. Бұл екеуі бір-біріне жамандык ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді. Моғол ханның төрт ұлы бар еді. Үлкенінің аты — Қара хан, екіншісі — Ор хан, үшіншісі — Көр хан, төртіншісі — Көз хан. Моғол хан үлкен ұлы Қара ханға жұртын беріп, баршаның баратұғын жеріне кетті. Қара хан заманында кәрілік күшейе түсті. Егер әкесінің мұсылман болғанын естісе ұлы өлтірер, ал, ұлының мұсылман болғанын естісе әкесі өлтірер еді. «Түрік шежіресінде» былай делінген: «Қара хан атасынан кейін бүкіл елге патша болды. Қазіргі Ұлұғтау және Кішіггау дегендерді ол кезде Ор тауы жане Көр тауы деп атайтын. Ол тауларды жайлар еді, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар еді. Қара хан заманында жұрттың бәрі қәпір болып, араларында бір де бір мұсылман қалмады». Әбілғазы баһадұр хан бұл дерек мағлұматын «Түрікмен шежіресінде» былайша қайталап айтқан: «Қара хан Ор тауы мен Көр тауын жайлап еді, бұл жақта оны Ұлұғтау және Кішігтау дейтін, қыс болғанда Сыр суының аяғы, Қарақұм жане Борсықты қыстайтын еді». Өзге шежіре нұсқаларында нақ осы аталған жерлерге Талас қаласы мен Кәрі Сайрамның жақынырақ, көршілес аймақта жатқанын атап айтады. Түркі халықтарының. яғни бабаларымыздың тарихи жадында аңыздық бейнеде сақталып қалған тұлғаларымыздың бірі — Оғыз қаған болып танылады. Ол өзінің заманында төрт тарабындағы елдерді қолайтына қаратып, ежелгі түркі тайпаларын бір атаның баласындай ұйыстыра білген. Әлбетте, карсылық көрсеткенін күшпен бағыңдырған. Оның жорық жолдары Әбілғазының шежіресіне һам «Оғыз-намада» жарқын түрде суреттелген. Әбілғазының айтуынша, Оғыз қаған басы — Кәрі Сайрам, аяғы — сонау Мысырға жететін уәлаяттарының баршасына әкімдер қойып, басқарып отырған. Тарихи жәдігерліктердің бірінде сол көне, ескі уақытты сөз ете келіп, Кәрі Сайрам турасыңда былайша сипаттама берген: «Ол қала ертеде өте үлкен болған. Оны көрушілер айтады: Ол қаланың бас аяғына дейін бір күндік жер және қырық қақпасы бар еді. Бұл кезде ол жерде түркілер мұсылман болған жане бүкіл мұсылманға табиғи жер еді». Ескілікті аңыз әпсаналардың беретін мәлімет көздеріне назар аударсак, түркі халықтары Кәрі Сайрам жерінде алғаш рет Оғыз қаған заманында момын (мұсылман) болған екен. Әбілғазы баһадұр хан: «Оғыз елінің жұрттарының күншығысы — Ыстықкөл және Алмалык, кұбыласы — Сайрам, Қазығұрт тауы. Қарашық тауы, темірқазығы — Ұлығтау, Кішігтау мыс кені еді, күнбатысы — Сыр суының аяғы, Жаңакент, Қарақұм. Осы айтылған жерлерде төрт мың. бес мың жыл отырды, қайсы ру көп болса, содан падишаһ көтерді», — дейді. Бұл жерде Әбілғазы төрт мың жыл деп Оғыз ханнан хижратқа, яғни пайғамбарымыз Мұһаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламға дейінгі, бес мың жыл деп өзі өмір сүрген XVІІ ғасырға дейінгі уақыт аралығын айтып отыр. Атақты қытайтанушы ғалым Н.Я.Бичурин (Иакинф) өзі жазып қалдырған «Ежелгі дәуірде Орта Азияны мекендеген халықтар жайлы деректер» дейтін тарихи зерттеулерінде Оғыздың эпостық бейнесі біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда (209-174 ж.ж.) өмір сүрген ғұндардың тәңірқұты Модэ қағанға тура келетінін көрсеткен. Ал, Әбілғазы өзінің «Түрікмен шежіресінде»: «Оғыз хан біздің пайғамбардан төрт мың жыл ілгері өткен-ді». — деп, тым әрігеректе сілтеген. Мұның да өзіндік сыры бар еді. Өйткені, бізге белгілі геналогиялық шежіре түркі нәсілінен шыққан Оғыз қағанды Нұһ пайғамбардың кенже баласы Иафестің үрім ұрпағы ретінде бар болғаны 10-11 буынның өзінде-ақ таратып шығарған. Мұндай қысқа қайрылатын геналогиялық шежіре тарихи дәуірді нақты көрсете алмайды. Біздің ойымызша, геналогиялық шежіре дерегіндегі Олжа (Олджай) немесе Елше (Елже, Елжа) деген атаулардың негізі болған Абулжа хан Үйсін Ордасының күнбиі Елжауға тура келеді. Елжаудың он баласы болған. Солардың бірі — Дулы. Осы Дулы намы кейінгі Дұғлат атауының түпкі негізі болған секілді. Мұндағы Дұғла — түбір сөз, т — көне түрікше көптік жалғауын білдіреді. Шәкәрім өзінің шежіресіңде: «Тукю деген — дулыға деген сөз. Қытайда «р» деген әріп жоқ болған. Тукюдың ортасына «р» қосылып, «турку» болады», дейді. Дұғла мен дулыға атауларының ұқсастығы жайында сөз айтып жатудың өзі артық. Сонда түркі деген сөз Ғайсадан бұрынғы уақытта, Дулының заманында пайда болған тәрізді. Бұл жорамалымызда ақиқаттың ұшқыны бар болса, онда Дұғлат деген — түркілер деген сөз болып шығады. Түркі нәсілінен шыққан әрігеректегі Абулжа ханның, Алынша ханның, Оғыз қағанның, бертініректегі Алаша ханның түпкі тегі Нұһ пайғамбардың кенже баласы Иафеске барып тірелетіні тарихи шындық. Мұны мойындауымыз керек. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында былай делінген: «Аталарымыз пәлендей бір ғарабтан, Нұһтан тарапты деп қазіргі бір шала молдалардың айтып жүргенін жөн көрмеймін. Біз Ислам діні жоқ кезде ғұмыр кешкен халықтың үрім-бұтағымыз». Әсілінде Ислам дінінің түлкі негізі — бір Аллаһ тағаланы тану, соған мойынсұну, яғни момындық жолды ұстану әлімсақтан бар. Оған дүние жаратылысын баян ететін «Нұрнама» айғақ бола алады. «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабында түркілердің Қазығұрт тауы туралы айтатын аңызын ойға оралтатын мынандай жолдар да бар: «Біздің халқымыз
— ежелгі елдің бірі. Жалпы, біздің Алатауымыздың бауыры — Тұран жері — бүкіл адамзат ғаламының Отаны. Ол сонау ежелгі заманнан бүгінге дейін адамзатқа, оның аяқтануына, жетілуіне бірден-бір дәйекші болған жер»
Қадырғали Жалайыри мен Әбілғазы баһадұр ханның және тағы баскалардың жазып қалдырған жоғарыдағы геналогиялық шежіре деректемелері түркілердің әуел бастан-ақ шығыс тарапты егеленіп, Кәрі Сайрам мен карт Қазығұрт тауының бауырын мекен тұрағы, алғашқы қонысы қылғанын көрсетеді.
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ ИСПИНЖАБ ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ?
Бисмиллаһир рахманир рахим.
Алхамду лиллаһи рабил ғаламин. Уа ахли бәйтуһу лил муттакин. Уассалату уәссаламу ғала расуллиһи Мухаммадин уа ғала әлиһи уа асһабихи ажмағин. Жағфардың ұлы Мәнсүр разиаллаһу ғанһу, Ғабдуллаһ ұлы Мүбәрак разиаллаһу ғанһу, Хамадтың ұлы Суд разиаллаһу ғанһу тәрізді белгілі ұлық кісілердің һазрат расул саллаллаһу ғалейһи уәссаламның құтты аузынан есіттік деп айтқандары. Һазрат Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу ғалейһи уөссалам шірін лебізімен, шекер әңгімелерімен баян етті: «Күн шығарда бір мекен бар. Ол мекен — пейіштің шырағы. Ол мекен — қасиетті. Онда Һазрат Ыдырыс ғалейһи саламның рабат қадам жайлары бар. Сол мекен Испинжаб деп аталады. Ол мекенде 12 мың әулие адам шейіт болған. Испинжаб екі уәлаяттың арасында тұр. Күн шығыс тарабында Кәсан тұр, қыбыла тарабында Ташкент тұр. Әр кісі ықыласымен барса, ол мекенде екі рәкаат (бас) намаз өтесе, 75 мың рәкаат намаздан абзал тұр». Және тағы былайша рәуаят қылады. Һазрат пайғамбар саллаллаһу ғалейһи уәссалам аузынан дүр шашып айтты: «Күн шығарда бір мекен бар. Онда нұр бар. Ол — пейіштің нұры. Құдай тағала оны артық жаратып тұр. Әр пәндайы момын ол мекенде 70 рәкаат намаз өтесе, 70 жылдық тағат ғибадаттан бәһарырақ тұр». Һазрат расул ғалейһи салам баян етті: «Әр пәндайы момын Мұхаммед үмметі болсаң, ғазиз тұтып, ғанибет біліңдер. Әр пәндайы момын ол мекенде қаза болса. сондай күнәсі таудан ауыр болса да, қабірдің азабын көрмес». Және тағы һазрат пайғамбар саллаллаһу ғалейһи уәссалам айтты: «Әр кім ол мекенде менің хақымда екі рәкаат намаз өтесе, таңда қиямет күні шапағат қылармын», — деді. Һазрат Әбу Бәкір Сыдық айтты: «Әр пәндайы (момын) ол мекенде менің хақымда екі ракаат намаз өтесе, бір, сираттың қыл көпірінен оңай өткізермін», — деді. Һазрат Ғұмар разиаллаһу ғанһу айтты: «Әр пәндайы момын менің хақымда екі рәкаат намаз өтесе, мизан таразынан оңай өткізермін», — деді. Һазрат Ғұсман разиаллаһу ғанһу айтты: «Менің хақымда екі ракаат намаз өтесе. оған пейіштің есігін ашармын», — деді. Һазрат Ғали карамаллаһу уа жаһа айтты: «Әр пандайы момын менің хақымда екі рәкаат намаз оқыса, оған хәуз гәусар шарабын берермін», — деді. Имам Әбу һарайра разиаллаһу ғанһу рәуаят қылар еді. «Һазрат расул саллаллаһу ғалейһи уәссалам: «Һазрат Жәбірейіл ғалейһи салам мені жеті қат аспанға алып шықты және сол уақытта бір мекенді көрдім. Пейішті және ғаршыны көрсем де, ондай мекенді көргенім жоқ еді. Ол мекенде бір ағашты көрдім. Ағаштың әр бұтағынан неше мың бұлбұл көрдім. Жолдасым Жәбірейілден сұрадым, ол айтты: «Иә, Аллаһ елшісі, бұл мекен Испинжаб, ол бұлбұлдар осында зияратқа келген адамдардың рухы. Сенің үмметтеріңнің жаны, әруағы». Һазрат расул ғалейһи салам аса көп куанышты болды». Тағы рәуаят қылады: «Он екі мың зат әулие адам шейіт болған, рақмет суынан ішкен. Олар 7 мың кәпірді өлтіріп, тозаққа жіберген. Әр кім Испинжабқа барса, сол кәпірге үш жол тас атса, ғазилардың сауабын табар. Әр пәндайы момын ол жайда тұрақты мекен қылса, қияметте қауіп-қатерден аман болар. Әр пәндайы момын ол мекенде үш күн ораза тұтса, 70 жол Мәккеге хаж қылып барғанмен барабар сауап алар. Әр кім зияратқа барып, қаза болса, жүз медресе салғанның сауабын берер». Және тағы рәуаят қылар еді. Һазрат Бибі Айша Сыдықа разиаллаһу ғанһа айтты: «Бір түні Һазрат расул саллаллаһу ғалейһи уәссалам алдымда жатыр еді. Түн жарымында ұйқыдан оянсам, орнында жоқ екен. Орнымнан тұрып, қарап, бір жайда басын сәждеге қойғанын көрдім, айтты: «Ай, Айша Сыдықа, бір нәрсе көрдім, сіз де көрдіңіз бе?» — деді. «Жоқ, көрмедім». Сол кезде һақ субһан тағала жүзімнен пердені көтерді. Көрдім, бір шырақ ғаршыдан асып, жеті қат аспанды жарық қылып тұр. «Бұл — Испинжабтың нұры»,- деді Һазрат пайғамбар ғалейһи салам айтты: «Әр пәндайы момын осы рабат ішінде екі рәкаат намаз оқыса, 1000 жылдық тағат ғибадаттан бәһарырақ. Екі рәкаат намазы 600 мың рәкаат намаздан және 600 қызыл түйе құрбандық қылғаннан артық. Және тағы 6000 пәнде азат қылғанның сауабын берер. Әр пәнденің бағасы 12000 руина болса да», — деді. Және тағы рәуаят қылады, Хасан Басри рахматуллаһ ғалейһи айтты: «Бір күні памдат намазын оқып, бесін уақытын күтіп жатыр едім, һақ тағаладан уахи келді: «Ай, Хасан Басри, не үшін шәк келтірдің?» — деп. Сол уақытта бір кісі келіп, қолымнан тұтты. Жеті қат аспанға алып шықты да: «Сенің шәк келтіргенің, мұнда назар сал», — деді. Қарадым, қызыл жақұттан, зебер заттан, мәрмәр тастан жасалған бір көшені көрдім. Мен: «Бұл қандай жай?»
— деп сұрадым. Сырттан бір жауап келді: «Испинжабқа барған һәм шейіт болған адамдардың көшесі», — деді». Және тағы рәуаят қылар еді, һазрат Әмір-үл мүҺмінін Ғали карамаллаһу уа жаһа айтты: «Һазрат Мұхаммед ғалейһи салам айтқан екен: «Жер жүзіндегі қасиеттен Испинжабта қасиет көп», — депті.
Расул саллаллаһу ғалейһи уәссаламның бір ақ райыс (Салман — Е.Қ.) деген сахабасы бар еді. Һазрат расул ғалейһи салам сұраған екен: «Испинжабты барып көрдіңіз бе?» Райыс: «Барып, зиярат қыпдым», — деді. Һазрат расул айтты: «Егер барған болсаң, сауабына серік қыласың ба? Мен де пайғамбарлық сауабыма серік қылайын», — деді. Және тағы һазрат Ғали разиаллаһу ғанһу айтты: «Әр пәндайы момын зияратының сауабына серік қылса, дүниедегі қылған ғазатыма серік қылайын»,
— деді.
Ғабдуллаһ ибн Мүбәрак разиаллаһу ғанһу рәуаят қыпар еді: «Һазрат расул ғалейһи саламнан есіттім: «Әр пәндайы момын ол рабатқа қарап, бір қадам басса, 70 жол барып, Мәккә мағзымны тәуап қылғанның сауабын табар Аллаһ тағала ол пәнденің тәніне тозақ отын арам қылар, инша Аллаһ тағала». Және тағы һазрат пайғамбар саллаллаһу ғалейһи уәссалам айтты: «Мен жолдасым Жәбірейілден есіттім». Жәбірейіл айтты: «Мен Мәкайылдан есіттім». Мәкайыл айтты: «Исрафилдан есіттім». Исрафил айты: «Мен Лауһил Маһфуздан көрдім: «Әр кім рақмет суына тәһарат қылып, ғұсыл қылып шомылса, екі рәкаат намаз оқыса, һақ сүбһан ол пәндені тозақ отынан
құтқарар. Барғандарға тағам берсе, ақирет дүниеде күнәларына кешірім болар. Әр пәндайы момын білсін. хаж қылмақ парыз. Былайша, парыз емес, сауабы есепсіз көп. Әр кім сол жайларда бір күн ораза тұтса, йа бір түн ұйықтамай отырса, 70 жылдық тағат ғибадаттан артығырақ, әрі жақсырақ. Және тағы ғаршыда жазылған намайы амалынан көрдім: «Жетпіс жыл ораза тұтқаннан бәһарырақ», — деді. «Жеті қат жер және жеті қат аспан Испинжабтың нұрынан жарық боп тұрар», — деді. «Әр пандайы момын шын ықыласпен барса, егер сондай жаман, намаз оқымайтын болса да, Аллаһ тағала һазрат Ыдырыс пайғамбардың себебінен барлық күнәсін ғафу қылар, инша Аллаһ». Баршаны таупық, ынсапқа келтіріп, осы сауаптарды нәсіп еткейсің, амин. Уа раббил ғаламин.
Би рахматика йа архамар рахимин.
Араб әрпінің қадимшесінен кириллицаға түсірілген һәм шагатай- шадан, ягни көне түрікшеден қазақшаға аударылып, басылымға дайындалған. (Бекасыл Биболатұлының қолжазбасынан).
ТӨРТ ТҮРЛІ ӘЙЕЛ ҺАҚЫНДА
Халық поэзиясы өкілдерінің бірі, тарихи жырлардың жүйрігі Қазанқап Байболұлының (1891-1945) соңына жазып қалдырған шоқтығы биік, аса құнды мұраларьіның бірі — «Еңсегей бойлы ер Есім» дейтін жыр-дастаны болып танылады. Жорналшы Иманәлі Ырсымбетұлы өз кезінде нақ осы жыр-дастанды араб әрпінің қадімшесінен төте жазуға аударып, көшірме жасап, оған көптеген ескертулер мен түсініктемелер жазып қалдырған. Біз сол Имекең пайдаланған мәлімет көздеріне сүйеніп, солардың негізінде төрт түрлі әйел һақында сөз етеміз һәм оларды белгілі дерек мағлұматтармен салыстыра қарап, түпкі сырларын да ашып айтуға пейіл танытып отырмыз. Қазанқап ақынның аталмыш жыр-дастанында ең әуелі ер Есімнің арғы тегі — Шыңғыс хан жайында халық арасында кең таралған ауызша аңыз әпсаналар мен тарихи дерек мағлұматтар кездеседі. Иманәлі Ырсымбетұлы оларды XVІІ ғасырда хатқа түскен делінген «Шыңғыс туралы әңгіме» атты шағатай (көне түрікше) тілінде жазылған жәдігерлікте ұшырасатын мәлімет көздерімен салыстыра қараған. Сондағы шағатай жазбасының хабарлауынша, Нұһ пайғамбардың төрт қызы болған деп айтылады: «Нұһ пайғамбардың төрт ұлы, төрт қызы болды. Ұлдарының аты: Хам, Сам, Ынғам және Иапыс еді. Хамнан араб жұрты пайда болды. Самнан парсы жұрты пайда болды. Ынғам топанда суға кетті. Иапысты Абдулда хан деп те атаушы еді. Бұдан Рум (Евролеецтер) жұрты пайда болды. Абдулда ханнан Бәкір хан туылды, Бакір ханнан Өзі хан, Өзі ханнан Көк хан, Көк ханнан Бөгде хан, Бөгде ханнан Қара хан, Қара ханнан Құнамыр хан». Әдебиет пен тарихтың ересен білгірі, ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан өз кезінде Қазанқап ақынның жыр-дастандарынан дерек көздерін алып пайдаланған. Әлекең Есім хан туралы жырмен танысқанда, И.Ырсымбетұлынын жазып қалдырған ескертулеріне ерекше мән беріп, өзінің пікірлері мен түсініктемелерін ұрнысы келген тұсында қолжазбаға тұсіріп отырған. Нақ осы арада Ә.Марғұлан Нұһ пайғамбардың топаннан аман қалған үш ұлынан тараған халықтар һақында былай деген: «Хам — қамиттер, қазіргі абесиндер, тағы басқа африка жұрттары.
Сам — семит, араб, жауіттер.
Иапыс — иафет халқы, грузин, армян, түрік, сақлабан, тағы басқалар. Құнамыр хан — Оғыз хан». Шағатай жазбасының Ынғам дегені — топанда сута кеткен Кенан екені көрініп тұр. Ал, Абдулда хан дегені — түрік нәсілінен тарап шыққан Абулжа хан. Белгілі шежіре мәліметіне жүгінсек, солтүстікті жайлаған Иапыстың (Иафестің) бір баласы Түрік шығыс тарапқа кетіп, осы күнгі Ыстықкөл алабын ұнатып, өсіп-өнген үрім ұрпағымен бірге сонда тұрақтап қалыпты. Түріктің ұлы Түтек, оның ұлы Абулжа хан. Қазанқап ақынның «Еңсегей бойлы ер Есім» жыр-дастанындағы Өмір Темір турасында айтылған деректемесіне байланысты Иманәлі Ырсымбетұлы жазған ескертпесінде тағы да мынандай бір шежіре нұсқасы берілген: «Нұһ пайғамбардан Иапыс, Иапыстан Абыл түрік, Абыл түріктен Олжа хан, Олжа ханнан егіз бала: Татар, Моғол туылды. Татардан сегіз бала туылып, сегіз ру елдің, Моғолдан тоғыз бала туылып, тоғыз ру елдің басшысы болады». Бұл шежіре нұсқасындағы Абыл түрік дегені — жоғарыда түрік несілінен шыққан делінген Абулжа (Абылша) ханның нак, өзі еді. Ал, Абыл түріктің баласы деген Олжа ханның аты да нақ осы Абулжадан (Абулжа, Булжа, Улжа, Олжа) пайда болғанына күмән жоқ. Белгілі шежіре мәліметі бойынша, Абулжа ханнан Диб Бақой, одан Көк (базбір нұсқада Киік) хан, одан Алынша хан. Әлгі егіз бала Татар мен Моғол екеуі осы Алынша ханнан өрбіп шығады. Әсілінде Нұһ пайғамбардың төрт қызы емес, тек бір қызы ғана болған. Қорқыт Атаның нақыл сөздеріне сүйенсек, әйел төрт түрлі болады екен. Оның бірі — кепкен ағаш секілді ынсапсыз, қанағатсыз әйел, екіншісі — үрген қарын секілді салақ, ниеті қураған әйел, үшіншісі — үйдің құты, тіреуі болған әйел, төртіншісі — қанша айтсаң да бәз баяғысындай мелшиген қырсық, кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы да осы соңғысы екен. Міне, осы әйелді төрт түрге бөлудің түпкі мәні — сол төрт қыздың құпия сырына барып тіреледі. Бұрһанеддин ұлы қазы Насреддин Рабғузидің қисса әңгімелерінде Нұһтың қызы жайында баян етілген қызықты хикаят бар. Осы хикаят төрт қыздың құпия сырын былайша ашып береді: «Нұһ ғалейһи саламның қызы бар еді. Оған төрт жерден төрт күйеу құда түсті. Барлығына: «Құп, берейін», — деді. Төрт жерден қызды алуға бір күнде келді. Нұһ ғалейһи салам қайран қалды. Сол халде Жәбірейіл ғалейһи салам келіп айтты: «Ей, Нұһ, Құдай Тағала хабар жіберді, періштелер сәлем айтты». Сәлемдескеннен кейін (Аллаһтың атынан) былай деді: «Итті, есекті, қызды бір үйге қойсын. Менің құдіретімді көрсін». Нұһ ғалейһи салам солай етті. Ертеменен көрсе, төрт қыз отыр. Бір қызды пейіштен жіберіп еді. Нұһ ғалейһи салам өз қызын танымады. Бұл төрт қызды көруге берді. Өз қызының қайсы күйеуге кеткенін біле алмады. Бір сыйлық алып, қыздарын көруге сапарға шықты. Күйеуінен сұрады: «Қатыныңыздың пиғылы мен мінезі қаңдай?» Күйеуі айтты: «Өте жақсы. Алайда тағам жемейді». Білді: үрдің қызы екен. Одан кейін және бірінің үйіне барды. Сұрады: «Қатыныңыздың пиғылы мен мінезі қандай?» «Бір енжар есек сияқты жатыр». Мағлұм болды: есек екен. Үшіншісіне барды, «Қатыныңыз қандай?» — деп сұрады. «Ит сияқты маған үреді», — деді. Білді: ит екен Одан кейін төртіншісіне барды. «Қатыныңыз қандай» — деді. Күйеуі айтты: «Жақсылығыңда кемістік жоқ. Бұйрығыңды екі етпейді». Білді: өз қызы екен. Алып келген нәрселерін берді». «Қорқыт Ата кітабында» кепкен ағаш секілді ынсапсыз, қанағатсыз әйелді былайша суреттейді. Ондай әйел таңертең жатқан төсегінен тұрып, беті- қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін ауызға салып, толтыра тыққыштап, тойғанынша асап жейді. Бір көнек айранды басына көтеріп, жалап-жұқтап, қарынды қампитады. Содан соң маңдайын сабалап, жылана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйге мен қайдан душар болдым? Осы үйдің қожасына келгеннен бері бір қарным тойып ас ішпедім, аяғымнан жыртық шәркей түспеді, жүзіме күлкі, рең кірмеді. Ерім өліп, басқа біреуге тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», — дейді. Үрген қарын секілді салақ, ниеті қураған әйелдің де жағымды қылығы жоқ. Ондай әйел жұлқылап оятқанша орнынан тұрмайды. Беті-қолын жумайды. Үйінің о жағынан бұл жағына бір, бұл жағынан о жағына бір шығып, бұрқыратып жатады. Күбіні абыл-құбыл пісіп, көрпе-төсегін де жинамай, «шүу!» деп ауыл кезіп, өсек айтып, есік-тесіктен сығалай тыңдап, қыдырумен жүреді. Түстен кейін үйіне оралады. Келсе, үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, құлағалы тұрған үйіне тайынша-бұзау сүйкеніп тұрғанын көреді. Қорада байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Тауық қораның да ұйқы-тұйқысы шыққан. Сонда әйел көршілеріне барып, шалтыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылиһа, Зүбәйда, Рубейда, Чанқыз, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна-Мәлік, Құтты-Мәлік, қайдасыңдар? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Мен-ақ өлейін, көзімді құртайын да кетейін. Үйіме көз қырын салсаңдар, нелерің кетер еді? «Көрші хақысы — Тәңір хақысы» деген қайда?» — деп өзінше ренжіп безек қағады. Қанша айтсаң да баз баяғысындай міз бақпайтын, адам тілін алмайтын қырсық, кесір әйелді бейнелегеніне келейік. Үйге даладан, жапан түзден бір сыйлы қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, өзіміз де желік, қонағың да жесін, қатып қалса нанның нәрі болмас, жемек керек», — десе, қатыны: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Бұл қараң қалғыр Үйде нан жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не акелері белгісіз. Дастарханымды жемесе, берерім жоқ», — деп, еріне сыртын беріп, теріс айналып, бармағын шошайтып, қос саусағын көрсетеді. Дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Бір сөйлесе қоймайды, бірақ ерінің айтқан сөзі құлағына қонбайды. Ондай әйелді Нұһ пайғамбардың есегінің нәсілінен пайда болғандар дейміз. Ал. отбасының құты, тіреуі болған әйел дегенінің мәнісі, жапан түзден үйге бір қонақ келсе, ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар — Айша мен Фатимадан бата алған, солардың нәсілінен үлгі өнеге көрген әйелдер. Пайғамбарымыз Мұһаммед салаллаһу ғалейһи уасалам өзінің уақытында он шәкіртінің пейішке баратынын тізбелел айтып кеткен. Оның екеуі ғана әйел затынан екен. Бірі пайғамбарымыздың зайыбы Һазірет Айша разиаллаһу ғанһа болса, екіншісі — қызы Бибі Фатима еді. Қорқыт Ата өзінің нақылиятыңда үйдің құты, тіреуі болған әйел һақында сөз еткенде, бір жағынан, ондай әйел Айша мен Бибі Фатимадай ер адамды nіp тұта білген, күйеуіне құрмет қылып, оған қалтқысыз қызмет еткен әйел деген емеурінді білдірсе, екінші жағынан, нақ осындай әйелдер Нұһ пайғамбардың қызының нәсілінен пайда болған әйелдер деген ишараны танытып өткендей. Олардың қатарынан Сайрамдағы Ыбырайым Атаның зайыбы — Қарашаш Ана, Қожа Ахмет Иасауидің кызы — Гауһар Бибі, Қарабура әулиенің қызы — Бегім Ана, Тараздағы Айша Бибі, Зеңгі Бабаның жұбайы — Әнуар Ана, Жиренше шешеннің өмірлік қосағы — Қарашаш сұлу, Домалақ Ана секілді касиетті әйелдердің ойып орын алатыны анық.
ТӨС ТОПОНИМІ ТУРАЛЫ
Оңтүстік өңіріндегі бағзыдан келе жатқан топонимдердің бірі — Төс деп аталады. Төс атауының мән-мағынасына назар аударып, зер сала қарасақ һәм ол жайында айтылған қария сөздердің деректемесіне жүгінсек, нақ осы топонимнің шығу төркіні «басында Нұһ пайғамбардың кемесі қалған» деп аңыз ететін қарт Қазығұрт тауының географиялық орналасқан қалпымен байланысып жатқанын аңғарамыз. Расында да Қазығұртгың табиғи жатысының өзі бейнебір адам төсіне ұқсайды. Міне, мұқым түркі халықтары ұлық әулие санайтын киелі таудың осындай ерекшеленіп жатқан қалпынан Төс топонимі пайда болғаны анық. Бұл жөнінде филология ғылымдарының кандидаты Құлмат Өмірәлиев өзінің 1967 жылы жазған «Қазығұрт және оған қатысы бар топонимдер жайлы» атты зерттеу еңбегінде былай деген: «Шымкенттен шығып, Ташкентке бет алған үлкен жолдың бойында алып Қазығұрт тауы тұр. Бұл тау өзінің географиялық жатысы жағынан ерекше: ол қат-қабаттасып іргесін шашпай жатқан Өгем таулары тізбегінен үрке қашып, анадай барып орналасқан. Келесінен жырыла бере шаршап тұрып қалған алып қос нар сияқты. Қазығұрт көп тау сілемінен бөлінгенде арасын шарт үзе қоймаған және өзі де кілт үзілмей, мұрын жон үлкен жоталарға жалғасып, сіңісіп жатыр. Осы жоталар Қазығұрт тауынан басталған Келес өзенін қақпалай отырып, Сырдарияға апарады. Былай қарағанда, Қазығұрт тау — алыптың иығы да, бұл жоталар қолы сияқты болып, арада кең қолтық бауыр-өлке жатыр. Сонау етектегі Сыр қазақтары бұл өлкені Төс деп атайды». Зайыр Сәдібековтің 1994 жылы Ташкент қаласындағы «Өзбекстан» баспасынан жарыққа шыққан «Қазақ шежіресі» кітабында: «Төс деп — қазіргі Оңтүстік Қазақстаннын Қазығұрт пен Қосмола тауларының бөктерін атаған», — деп, нақтылай түседі. Бірақ Төс топонимінің шын мәнінде алып жатқан көлемі мұнан да үлкен болған секілді. Қазығұрт ауданындағы Шарапхана елді мекенінің тұрғыны Тайжан Нұрбекұлы былай дейді: «Қазығұрт пен Қыңырақты жалғап жатқан ұзын белдің шығыс жағы Төс елі деп аталған». Бұл да бір жақты айтылған пікір. Шынтуайтына келгенде, Төс топонимінің ауқымы мұндай тар көлеммен, Қазығұрттың Келес өзені бастау алған, Қосмола мен Қыңырақ шоқылары орналасқан оңтүстік бөктерімен ғана шектеліп қалмаса керек. Біз Төлеби ауданындағы Ұзынарық елді мекенінің тұрғыны, шежіреші Бәйдібек Жақсыбайұлының айтуынан Майлы ақынның «Досалы, Қасымбек ең Төс елінде» («Қазығұрт тынысы» газеті, №32, 30 сәуір, 1994 жыл, 4-бет) дейтін бір бітім сөзін жазып алып, жариялаған болатынбыз. Онда былай делінеді: «Ертеректе Дулат ұрпағынан Сиқым Қасымбек датқа мен Жаныс Досалы би екеуі малдың жаз жайлауына таласып, бір-бірімен келісімге келе алмай, жер дауы әбден ушығыпты. Олар өздерінің сайдың тасындай ер жігіттерін іріктеп, шоқпарларын дайындап, соғысармаңға барыпты. Сонда Қоңыратта Сапак деген кісі би екен. Ол қасына Майлы ақынды ертіп, Қасымбек пен Досалыны жарастырайын деп келіпті. Бірақ Сапақ би датқаға сөзін өткізе алмапты. Досалы бимен сөйлессе, ол да ешбір ымыраға көнбепті. Сол кезде Майлы былайша бітім билігіндей тоқтау сөз айтқан екен.
«Жылқы мал тебіспейді өсерінде,
Досалы, Қасымбек ең Төс елінде.
Артыңды алакөз к,ып шабыстырма,
Қартайып, дүниеден көшеріңде.
Досалы, Қасымбекпен қырда жатқан,
Естерің бар еді ғой Тәңір атқан.
Шоқпарын соғысуға сайлап жатқан,
Осы ма жұмыстарың істеп жатқан?
Ерегіссең Дулаттың баласы өлер,
Қоңырат өлер деп пе едің Сырда жатқан?»
Сөйтіп, Майлы ақын Салақ биді ертіп, екеуі аттанып жүріп кетіпті. Сиқым мен Жаныстың екі жағына да: «Шынында да біз бір атаның баласымыз, ағайынбыз ғой», — деген ой түсіпті. Дереу арқасынан ат шаптырып, ақын мен биді қайтарыл әкеліпті. Олардың алдында Қасымбек датқа мен Досалы би екеуі құшақтасып, жарасқан екен». Мұндағы дүлдүл ақынның сөзінде кездесетін «Төс елі» деген топонимдік атау Қазығұрттың оңтүстік тарабындағы емес. солтүстік жағындағы жерге қатысты айтылып отыр. Төлеби ауданындағы Кеңесарық ауылының тұрғыны Қанат Пошатайұлы: «Қазығұрт тауынан Масатқа дейінгі жерлерді жайлаған жұртты Төс елі деп атаған», — дейді. Сонда Төстің оңтүстік жағы — Қыңырақпен шектессе, солтүстік тарабы — сонау Масат өзеніне дейінгі жерлерді алып жатыр.
ҚЫДЫР АТА
Қазақ халқы Қызыр ғалейһи саламды құрметтеп «Қыдыр Ата» дейді. Оны адамзат баласына жақсылық сыйлаушы қасиетті, шарапатты, әулие кісі екен деседі. Әрбір отбасы рамазан айындағы Қадір түнінде аспланнан түсетін періштелермен бірге Қыдыр Атаны да өз босағасына келеді деп үміттеніп күтеді. «Қырықтың бірі — Қыдыр» деген қазақ мәтелі бар. Аныз бойынша. Қыдыр да, Ілияс та Кәрі Сайрамда туған. Олардың әкесінің аты Салық қожа делінеді. Оның қәбірхана жайы Сайрамның шығыс тарабында, Қарамұртқа шығатын жолдын бойында әлі күнге дейін сақталып отыр Салық қожаның зайыбының есімі — Бибіғияс (Нұрали деп айтылатын нұсқасы да бар). Ол Сайрамның батыс тарабында жатыр. Қыдыр мен Ілияс жас уакыттарында диканшылық кылыпты. Бидайды орып, бастырып, кызыл етіп үйген кезде түнде Қыдыр келіп, өз үлесінен алып, інісі Ілияска сездірмей. онын бидайына косады екен. «Ініме болсын», — деп, одан кейін Ілияс та келіп, өз бидайынан алып, ағасы Қыдырға білдірмей, оның үлесіне қосатын көрінеді. «Ағама болсын», — деп. Сонда Аллаһ тағала олармен сұхбат жасап: «Сен екеуің бір-біріңе өте мейірімді болдыңдар. Мен сендерге қияметке шейін өмір беремін. Сендер адамдар үшін тек жақсылық тілеңдер. Біреуге бас, перзент, біреуге дүние, мал керек, адамзат баласы үшін сендер не тілесеңдер де тілектеріңді қабыл етемін», — депті. Қария сөздің айтуынша, күн шығыс тарапта оби хаят (немесе әбілхаят) деген су бар екен. Оби хаят — парсыша сөз, ол — өмір суы дегенді білдіреді. Халық түсінігі бойынша, тірінің жасын ұзартып, өмір беретін мәңгілік су осы екен. Құдай тағаланың керемет құдіретімен Қыдыр отыз жасында сол оби хаят суына шомылыпты. Ол тоқсан жасқа келгенде Аллаһ тағалаға һәм өзіне ғана аян осы суға түсіп, шомылып, жасаратыны соншалық, нақ отыз жастағы жігіт қалпына қайта оралып отыратын көрінеді. Қазіргі уақытта Қыдыр Ата бір жұма ішінде Сайрамға екі мәрте келіп кетеді екен. Дүйсенбіде пайғамбарымыз Мұһаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның туған күніне орай зиярат қылып келсе, бейсенбі күні ата-анасына арнап Құран оқуға келеді деседі. Біз Қыдыр Ата туралы аңыз әңгіменің бір нұсқасын төлебилік шежіреші, ғұлама молда ата Ереген Ағыбайұлының айтуынан жазып алған болатынбыз. Ол әңгімеде былай делінеді: «Қыдыр Ата бір жас жігітке жолығып: «Осындай дарияның жағасында бір шынар ағашы бар. Сол жерге келіп, сен не тілесең де, байлық пен дәулет, патшалық пен мансап сұрасаң да, соның барлығы болады. Мен Аллаһ тағалаға тілегіңді жеткізіп айтамын», — депті. Жігіт ертеменен таңғы памдат намазы уақытынан да бұрын тұрып, әлгі ағашты іздеп шығыпты. Жол бойында сол елдің патшасы өзінің бау-дарақтарын аралап жүр екен. Көрген бойда оған салем беріпті. Жігіттің сәлемін алған патша:
— Ей, жігіт, сен ерте қайда кетіп барасың? — деп сұрапты. Жігіт:
— Осындай дарияның жағасында Қыдыр Ата мені күтемін деген. Соған тілек айтқалы барамын, — депті.
Сонда патша:
— Қыдырға барсаң айта бар, менің еккен егінім дән алмайды. Осының себебі неде екен? Соны сұра, Қыдыр біледі, — деген екен.
Одан әрі барса, бір диқан бидайын аралап жүр екен. Ол да:
— Қайда барасың? — деп сұрапты. Жігіт оған да:
— Қыдыр Атаға барамын, — деп айтыпты. Диқан:
— Қыдырға барсаң оған айт, менің бір танап жердегі бидайым сарғайып, қурап кетеді. Ол неден қурайды? Осыны сұрап, біле кел, — депті.
Жігіт тағы да әрігерек барса, бір айдаһар жылан ауырып, басын көтере алмай жатыр екен. Құдай тағаланың құдіретіменен оған тіл бітіп, сөйлеп:
— Қыдырға барсаң айта бар, менің ауруыма не ем болады? Соны сұра, Қыдыр біледі, — деген екен.
Содан не керек, әлгі жігіт Қыдыр айтқан шынар ағашқа барыпты. Сол жерде Қыдыр оған жолығып:
— Мансапты, дәулетті, бақтылы бол, — деп бата беріпті.
Жігіт Қыдыр Атаның батасын алып, қайтып келе жатса, патша әлі бауында
жүр екен. Ол:
— Қыдыр маған не деді? — деп сұрапты. Жігіт:
— Қыдырдың айтуынша сен еркек емес, әйел екенсің. Әйелдің еккен егіні дән алмайды деді, — деп, жауап беріпті.
Патша жігітке:
— Қыдырдың айтқаны рас. Әсілінде мен әйелзатымын. Әкем патша еді. Ол өлерінде ұл баласы болмаған соң орнына мені патша қойды. Еркекше киінемін. Содан ешкім білмейді. Мені некелеп алсаң орныма сені патша қоямын,
— деген екен. Оған жігіт:
— Мен енді Қыдыр дарыған кісімін. Маған қатын көп, сені алмаймын, — деп айтыпты.
Содан кейін жігіт диқанға жолығыпты. Ол да:
— Қыдыр маған не жауап айтты? — деп сұрапты. Жігіт:
— Қыдырдың айтқаны, сенің бір танап жеріңде ат басындай алтын бар екен. Сол алтынның буымен бидай қурап кетеді деп жауап айтты, — депті, Диқан:
— Маған бидайының өзі нәсіп болсын. Сол алтынды сен ал, — десе, жігіт:
— Қыдырдың батасын алған жігітке алтын көп. Мен ол алтынды алмаймын,
— деген екен.
Ақырында жігіт айдаһар жыланға кезігіпті. Айдаһар да:
— Қыдыр менің ауруыма қандай ем айтты? — деп сұрапты. Оған жігіт:
— Дәулеттің басына тепкен адамды іздеп тапса, содан жазылады деді, — деп жауап беріпті. Жылан нақ осы алдындағы жігіт патшаның, яғни қыздың «мені некелеп ал» дегеніне құлақ аспағанын, тіпті диқан ұсынған алтыннан да бас тартқанын біліпті де:
— Анық дәулеттің басына тепкен адам сен екенсің. Сені маған Аллаһ тағаланың өзі алып келді. Міне, іздегенімді таптым, — деп оны жұтып, содан ауруынан айыққан деседі.
ОЙСЫЛ ҚАРА ӘУЛИЕ
Ілгеріде мал баққан бабаларымыз төрт түлігін аса қадірлеп, олардың әрқайсысының бақташы иелері, желеп-жебейтін қолдаушы пірлері бар деп түсінетін. Ол пірлердің керемет қасиеттері туралы неше түрлі ғажайып әңгімелер айтатын. Осындай ауызша кең таралған қызықты хикаяттардың бірқатары түйенің пірі болып саналатын Ойсыл Қара әулие турасында сыр шертетін. Ойсыл Қараның әсілі тума аты — Уәйіс болатын. Ол Араб еліндегі Йемен қаласының төңірегінде, Қаран деген мекенжайда туып-өскен. Оның Уәйіс әл- Қарани атануының түпкі мәнісі де осы еді. Бұл — қарандық Уайіс немесе Қараннан шыққан Уәйіс дегенді білдіреді. Уәйіс Ата Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның замандасы болған. Ол пайғамбарымызды көруге, онымен жүздесуге құлай ниет еткен. Алайда қаншама рет іздеп барса да, бұл жарық дүниеде Уәйіске Мұхаммед пайғамбармен жолығудың ешбір сәті түсе қоймаған. Жыл сайын бұл кісі керуеншілерге жөн сілтеп, оларды бастап, Иеменнен Мәдинаға бір марте келіп кететін екен. Сонысы үшін де ол түйенің көсемі боп саналып қалған. Қазақ атам Уәйіс әл-Қараниды өзіндік тіл ерекшелігімен, сәл ғана дыбыстар өзгешелігімен Ойсыл Қара деп атаған. Пайғамбарымыздан кейінгі жоғары дәреже — сахаба. Одан соңғы дәреже — табиғун. Табиғундар Мұхаммед пайғамбарды көрмегендер, сахабаны көргендер. Керемет қасиеті мен әулиелігі жағынан табиғундардың ұлығы — Уәйіс Ата (Ойсыл Қара) болған. Белгілі этнограф және фольклоршы Әбубәкір Диваев XІX ғасырдың аяқ шенінде, дәлірек айтқанда, 1896 жылы жарияланған «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалында: «На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся сирота-верблюженок, покровителем его был Увайс-иль-Кара!» — деп, түйенің қолдаушы пірін атаған да, оған былайша түсініктеме берген: «Дұрысы: Уәйіс әл-Қарани... Ол алапес ауруымен дүниеге келген. Оның барлық денесін дақ басып кеткен-ді. Ақырында ол бәрінен жоғары Жаратушы иемізден осы сырқатынан айықтыруын жалбарынып сұрады. Құдай тағала оның өтінішін қабыл етті һәм оның денесін алапестен тазалады. Тек динар (сол кездегі ақша белгісі, жиырма тиын шамасына тең) көлеміндей ғана бір дақ қалдырды. Уәйіс әл-Қарани өте кедей адам болды және соншалықты бейшаралық хәлге түскендігінен оны анасынан басқа ешкім білмеді. Ол анасына аса құрметпен һәм үлкен сүйіспенділікпен қарады және оны үнемі өзінің иығына көтеріп, әлпештеп алып жүрді. Осынысы үшін оны барлық мұсылмандар қадір тұта еске алады және балаларына үлгі етеді. Ол бар ықыласымен берілген Мұхаммед пайғамбардың жолын қуушы болды. Жыл сайын Иеменнен Мәдинаға қажылық жасайтын. Бұл сапарға шығу оған үлкен қиыншылықтар және өте қауіпті мұқтаждықтар келтіретін. Ол әдетте керуенге қосылып һәм түйелердің жол бастаушысы болатын. Осындай сапарларының бірінде ол Мұхаммед пайғамбарға кездесуге катты іңкәрланды. Ол Мәдинаға келіп жеткен соң осы мақсатпенен сонда жөнелді. Бірақ пайғамбардың үйінде жоқ болғаны турасында Уәйіс әл-Қараниға Мұхаммедтің зайыбы Әзіреті Айша хабарлап айтты. Ол бойын өкініш кернеген уайым- қайғымен қайтып кетті және одан соң Мұхаммед пайғамбарды ешқашанда жолықтыра алмады. Өлім төсегінде жатқанда пайғамбар айтты: «Мен Қарандағы бір сопыға сәлдем мен шапанымды мұра етіп қалдырамын. Оны іздеп табыңдар және мұраға қалдырған аманатымды тапсырыңдар. Оның есімі Уәйіс, денесінде дағы бар адам. 0, менің ізбасарларым! Оған ыкылас білдіріңдер, өйткені, оның дұға тілек еткені бәрінен жоғары Жаратушы иемізге лайықты келіп, қабыл етілген». Айтылған аманатты орындау борыш болды. Оны Әзіреті Омар (екінші халиф) орындауға кірісті. Ол Қараннан керуенмен бірге келген адамдардан сұрастырды, бірақ ешкім де Уәйісті білмеді. Ақыр аяғында соңда келгендердін біреуі оларды әрдайым бір пақыр сопының алып жүретінін айтты. Осы пақыр сопыны іздеп тапты. Әзіреті Омар оның бетіндегі дағын көрді және аманат мұраларды табыс етті. Пақыр сопы сыйлықты қабыл алды һәм осы жерде Құдай тағала берген керемет қасиетімен көзден ғайып болып кетті... Соңыра Уәйіс әл-Қарани Мұхаммед пайғамбардың ілімін уағыздап жүрумен қаза болған және Қытайдың Құлжа қаласынан 60 шақырым жердегі дүйім жұрт дұға оқып, тәжім етуге көп жиналатын орынында жерленген. Бізге жеткен бұл мағлұматтардың жарым-жартысы парсының «Машкват үл-масабих» деген кітабынан алынған». Біз өзіміз Уәйіс әл-Қарани жайында тараған аңыз әңгімелердің ішіндегі оның ұлық қасиетін танытатын бір нұсқасын Түркістан шаһарындағы халықаралық университеттен білім алған башқұрт азаматы Ахат Магафурұғылы Нигматулла шөбересінің айтуынан жазып алған болатынбыз. Ал, Ахат бұл аңызды әкесі Магафур Абдулғаниұғылы Нигматуллиннен (Башқұртстандағы Баймақ ауданының Мансұр ауылында туған) есітіп, ұғып алған екен. Міне, бұл әңгіме былайша сыр шертеді: «Уәйіс әл-Қарани Мұхаммед пайғамбарға кездесу үшін шешесінен белгілі бір уақытқа ғана рұқсат алыпты. Нақ сол сәтте пайғамбарымыз үйінде болмаған екен. Уәйіс күдерін үзбей, оны келіп қалар деген үмітпен күтіпті. Алайда шешесіне айтқан уақыты бітіп қалыпты да, кері қайтып кетуге мәжбүр болыпты. Содан соң Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уасалам келсе, үйінде бір керемет иіс бар екен. Ол: «Мұнда мен болмағанда хош иісін қалдырған кім болды екен?» — деп, зайыбынан сұрапты. Әзірел Айша разиаллаһу ғәнһа: «Сізге жолығу мақсатымен шешесінен белгілі уақытқа ғана рұқсат алып келген Уәйіс әл-Қарани болды», — деп, жауап беріпті». Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылының тұрғыны Айтбай Баймұратұлы Уәйіс әл-Қаранидың керемет қасиеті һақында былайша әңгімелейді: «Уәйіс Ата пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламды қаншама рет іздеп барса да, бұл жалғанда онымен жүздесе алмапты. Бірде пайғамбарымызды періштелер пыраққа мінгізіп, жеті қат аспанға көтеріп алып кетіпті. Уәйіс Атаның кереметтілігі сол, бұл жоғарыға өзінше көтеріліп шығыпты. Ол: «Нәсіп болса, пайғамбармен осы арада кездесейін», — депті. Жеті қат аспанның басы — ғаршы ағыла. Одан арі қарай жоғарғысы — сідірат үл- мүнтаһа. Уайіс Ата өзінен жоғарыға кеткен пайғамбарымыздың жолын тосып, ғаршы ағыланың түбінде шапанын жамылыл, ұйықтап қалыпты. Аллаһ періштесі Жәбірейіл бастап Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламды алып жүреді. Пайғамбарымыз ғаршы ағылада ұйықтап жатқан Уәйісті байқап қалып: «Бұл кім екен?» — десе, Жабірейіл: «Ол бір адам ғой», — деп, оны тоқтатпай алып өтіп кетіпті. Уәйіс Ата ояныпты да, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның өз маңайынан жанай өткенін кереметімен біліпті, Сөйтіп: «Бұл жалған дүниеде маған пайғамбармен жүздесу, сұхбаттасу насіп болмаған екен», - деп, күдерін үзгендей өкінішті күйде қайтып кетіпті». Әбубакір Диваев жазып қалдырған дерек мағлұматқа илансақ, Уайіс Атаның мәңгі тыныштық тапқан орны Құлжа қаласынан 60 шақырымдай қашықтық жерде екен. Ал. Айтбай Баймұратұлы: «Қайтыс болған соң өзінің жерленген орнын таптырмай кеткен кісілердің біріншісі — Уәйіс, екіншісі — Әзірет Өлі. Төрт халифаның соңғысы — Әлі шерінің де моласы жоқ», — дейді. Және де Уәйіс Атаның өз қабірханасын таптырмай кеткен таңғажайып оқиғасы турасында Айтбай ақсақал мынандай мазмұнда сөз қозғаған-ды: «Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уасалам дүниеден өтерінің алдында сахабаларына Уәйістің кереметті адам екенін айтыпты. Содан олар: «Пайғамбарымыз айтып кеткен Уайісті тауып, оған кездесейік, қолын алып, сұхбат жасайық», — деп, Қаран мекенжайына барыпты. Сөйтіп: «Уәйіс деген әулиені іздеп келдік. Үйі қайсы екен?» — деп сұраса, Қаранның тұрғындары: «Ондай әулиені білмейміз», — депті. Олардың барлығы да Уәйісті тентек дейді екен. Оның өзі де біртүрлі қылықтар жасап, жындыға ұқсап жүретін көрінеді. Қаранның тұрғындары Уәйістің керемет қасиетінен бейхабар болыпты. Содан да олар келген сахабаларға: «Бізде Уәйіс деген әулие жоқ», — депті. Сахабаларды бос қайтарыпты. Мұндағы тағатсыздана хабар күтіп отырғандар олардан: «Уәйісті таптыңдар ма?» — деп сұрайды. Бұл кісілер: «Таба алмадық», — дейді. Тағы бір сахаба адам: «Мен де іздеп көрейін», — деп, жеке өзі жаһан кезіп шығып, бір тауда Уәйісті кездестіріпті. Онымен сұхбат жасап, біраз уақыт серік болып жүріпті. Бірде Уәйіс таудың үстінде отырып: «Мен енді осы арада өмірден өтемін. Сен мені жақсылап көміп кетесің», —депті. Сахаба: «Менің ешқандай аспабым жоқ, қалай көмемін?» — деп сұрайды. Сол уақытта олардын жанына бір киік келіпті. Кенеттен киік басын сілкіп жібергенде, оның мүйізі ұшып келіп Уәйістің алдына түсіпті. «Міне, аспап мынау. Осыменен қазасың», — дейді. Уәйіс жан тәсілім қылыпты. Сахаба киіктің мүйізімен жерді қазып, оны сол орынға жатқызып, жақсылап көміп, айтылған аманатты орындапты. Содан кетпекші боп әрігерек барып, соңына қараса, әлгі көмген орыны байқалмайды. Қайта барып көрсе, топырақ та жоқ, мола да жоқ, ештене білінбейді. Теп- тегіс болып кеткен тап-таза жер. Сахабаны күтіп отырғандар одан: «Уәйісті таптың ба?» — деп сұрайды. Бұл: «Таптым, бірақ ол дүниеден өтіп кетті. Өзім көміп келдім», — дейді. Сахабалардың көпшілігі: «Енді жатқан жеріне барып, зиярат қылайық», — депті. Сонда әлгі сахаба: «Сендердің зиярат қыламыз дегендерің дұрыс. Бірақ аз ғана уақыттан соң көмген менің өзім де оның моласын таба алмай қалдым. Не топырақ жоқ, не мола жоқ, орыны тып-типыл тегіс жер болып кеткен» — деп, болған жайды баян етіпті». Бір айта кетер жай, Сарыағаш ауданындағы Әлімтаудың солтүстік тарабында. Сіргелі ішіндегі ақкөңірдектердің байырғы ата жұртында Қырыққұдық деген жер бар. Осы құдықтардың шығыс тарабында, 15-20 шақырымдай қашықтық шамасында бір биік төбе кездеседі. Төбенің үстінде әрқылы тастар ұшырасады. Бір үлкен тастың асты кеуектеніп, үсті жабық бастырмаға ұқсап, мал паналайтын орын сияқтанып кеткен. Бұрынғы кәриелердің айтуларына қарағанда, бұл — Ойсыл Қараның түйе жайған қадамжай жері екен. Төбеде түйенің шөккен ізі бар. Оның соңғы жағында тас-тас болып құмалақтары жатыр. Ал, төбенің бір жанбауырында Дәретбұлақ деген су ағады. Оны сол жерді мекен тұрағы еткен Ойсыл Қараның жуынатын һәм дәрет алатын суы екен дейді. Бабаларымыз осы төбені Ойсыл Қара әулие деп атап кеткен.
ҚАМБАР АТА ӘУЛИЕ
Сонау ескі қадім заманнан бері түпкі тегі бір түркі халықтарының, яғни бабаларымыздың ұстанып келген өзіндік жолы, сенім-нанымы болған. Сол ертедегі адамдар жаратылыс дүниесінің таңғажайып түрлі құбылыстарына табынып, арғы аталарының әруақтарына иланып, оларда тылсым қасиет, жарылқаушылық күш бар деп ойлаған. Бертінірек уақытта пайғамбарымыз Мұһаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның жолы, яғни ислам діні келіп таралғаннан соң керемет қасиеті жоғары кісілерді әулие санау, солардан мейірім шафһат күту ғадеттері етек алған. Түркістан өңіріндегі, яғни байтақ қазақ сахарасындағы мұндай бетбұрыстардың орын алған кезеңдері — біріншіден, Һәзірет Сұлтан Әрипін Қожа Ахмет Йасауидің уақыты болса, екіншіден, әйгілі жаһангер Әмір Темір гүргеннің заманы еді. Шоқан Уәлиханов өзінің «Қазақ шежіресі» дейтін еңбегінде былай деп жазған: «Темірлан (Әмір Темір — Е.Қ.) Тоқтамысқа қарсы бірінші жорығында, кезбе қазақтардың мекені Қарақұм арқылы өтіп бара жатып, олардың ұлыстарын тас-талқан етіп: Ахмет, Самет деген екі ханын дарға асып, өздеріне нағыз дінді уағыздатуға және шамандық (бақсылық) ұғым-сенімнің тамырын кесуге арнайы ұстаз машайықтарды жібереді. Сары даладағы тозығы жетіп қираған мешіттер мен молалардың басындағы күмбірлеген күмбездер, қарақұрымдай қаптаған құлпытастар сол ұстаз машайықтардың дінге сіңірген еселі еңбектерінің жемісі болса керек. Темірланға дейін қазақтар арғы аталарының әруағына, отқа (күнәдан тазартатын күш ретінде), айға, күнге, жерге және төрт түлікке табынған: Қамбар Ата — жылқының киесі, Зеңгі Баба — сиыр киесі т.б. Қазақтар жануарлардың бәріне сиына бермей, адамға пайда келтіретіндеріне ғана табынған». Жылқының сақтаушы пірі — Қамбар Ата әулие. Қазақ атам оны Жылқышы Ата (немесе Жылқы Ата) деп те атаған. Ол ең әуелі Қазығұрт жырында аталады.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол керемет болмаса неге қалған?
Бір қатпа тай топанда жатып қалып,
Қамбар Ата қылқұйрық содан қалған.
Сол топан судан аман қалған қатпа тайды (немесе қыршаңқы тайды) малшылар бағып-қағып өсіріп, ол бертін келе үйір-үйір жылқы болыпты. Ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан «Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі» атты зерттеуінде: «Бұл мал көбейту иелерінің шыққан, тараған жерлері Жетісу, Қазығұрт тауы, Қаратау, Сарыарқа, Арал, Каспий теңіздерінің жағасы, Ертіс бойы, Алтай, Тарбағатай таулары. Солардың ішінде ерекше орын алған жерлер Алатау төңірегі. Бұл байтақ өлкелер ерте заманнан бері қарай мал өсірудің кең өрісі болып келген», — дейді. Әбубәкір Диваев өзінің 1896 жылы жариялаған «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалында: «На вершине Казыгурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся паршивый жеребенок, покровителем его был Джылкы — Ата!» — деп, жылқының қолдаушы иесін атаған һам оған қысқаша ғана былай деп түсініктеме берген: «Қазақтар аулие санап, құрмет тұта еске алатын Жылқы Ата — жылқылардың бақташысы (малшы иесі) болған. Жылқы Ата — оның өз аты емес, бұл — лақабы». Расул саллаллаһу ғалейһи уәсаламның шаһариярының (төрт досының) бірі — Һәзірет Әлі болса, сол кісінің үрім ұрпағының бірі — Ысқақ баб өз уақытысында Оңтүстік өңіріндегі Қаратауға келіп, орнығып қалған, нақ осы таудын бойында жасаған адам Ысқақтан (немесе Баба Атадан) Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи өрбіп шығады. Төлебилік шежіреші Ереген Ағыбайұлының қолында сақталған «Өулиелердің баяны» деген көне қолжазбаның хабарлауына қарағанда, Жылқышы Ата — Ысқақ бабтың малшыларының басшысы болған делінеді. Қамбар (Жылқышы) Ата әулиенің сүйегі Оңтүстік өңіріндегі көне кенттердің бірі — осы күнгі Шымкент қаласының нақ орта тұсында жатыр. Бұрынырақта әулиенің басында күмбез ескерткіші болған көрінеді. Алайда өкінішке қарай, Жылқышы Атаның кесенесі кешегі кеңес заманында талқандалып, онын жерленген орны сақталынбай, сол күйінде өшіп кеткен де, кейінгі ұрпақ одан хабарсыз қалып қойған. Тарихшы Жанәлі Ырсымбетұлы 1980 жылдары жазған «Көненің көзі жоғалмасын» дейтін мақаласында Шымкенттегі ескілікті ескерткіштерге біршама тоқталып өткен. Онда былай делінген: «Көне мәдениет — бұрынғы ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихи жолы. Біздің қазіргі мәдениетіміз осы мұралардың негізінде дамуда. ...Академик Ә.Марғұлан айтқандай, Сайрам әр дәуірде әр түрлі себептермен қиратылған сайын, ізін суытпай бас көтеріп, бұрынғы бүтін қалпына қайта келтіріліп отырған және ешқайда қоныс аудармай, үнемі осы күнгі өз орнында тұрып келген. Мұның үстіне, көне Сайрам өлкесін бағзы заманда «Жетікент» деп те атаған. Шымкент ең алғаш осы қалалардың бірі ретінде тарих бетіне түскен. Демек, Шымкентте көне заманның архитектуралық ескерткіштері аз болмаған. ...Шымкент көне ескерткіштерінің соңғысы Дәруіш Ата сағанасы осыдан небәрі 4-5 жыл бұрын бұзылғаны рас. Оны талқандап. орнына жаңа үй салғызған. Ескерткіш бұрынғы базар қақпаның аузында, Қошқар Ата каналының оң жағындағы биік төбенің үстінде тұратын. Екі қабатты, төбесі күмбезделген, күйдірген кірпіштен салынған-ды... Дәруіш Ата кәдімгі Йасауидің замандасы заңғар темір ұстасы болған деседі шежіреде. Демек, оның күмбезі XІІ ғасырдың архитектуралық ескерткіші деуге әбден болады. Біздің қолымызда оның басына қойылған, арабша көне жазуы бар «сым» тасының суреті бар. Мұнан кейін көненің көзі — Жылқышы Ата бейіті. Ол базар көше мен Ташкент тас жолының түйіскен жерінен сәл жоғары автостанция мен аурухана аралығында болған. Тамтығы 1931 жылы бұзылған. Төрт бұрышты, шағын, кішкене күмбезі бар күйдірген кірпіштен тхрғызылған ғимарат екен. Шежіресінде жергілікті жерден ең алғаш оқып шыққан зиялылардың бір болған деседі. Шынында бұл аймақты (Сайрам өлкесін) мұсылмандар 840 жылы шауып алған ғой, сонда ол әрі кеткенде X ғасырдың ескерткіші болып шығады. Бұл Орта Азияда саманидтер династиясының құлап. елді қараханидтер династиясы билей бастаған кезі болатын». Жанәлі Ырсымбетұлының жазып қалдырған анықтамасына қарағанда Жылқышы Ата (Қамбар Ата) өз кезінде ілім-білімге жетілген адам болған екен. Ел арасында Дәруіш Атаның керемет қасиетін танытатын ғажайып әңгімелер сақталынып қалған. Жылқышы Атаны Ысқақ бабтың кезіңде жасаған деп ескерер болсақ, онда оның өмір сүрген уақыты ІX ғасырға тура келеді Бір айтарлық жай, қазіргі Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауыл округіндегі Қаржан елді мекенінің оңтүстік тарабында Жылқышы Ата деген орын бар. Көрші ауылдың қызы Қарашаш Құлыбековаға түсінде аян беріп, ол кісі 1997 жылы шәкірттерімен осы араға келіп, әулиенің өзіне және оның екі баласына құлпытас орнатып, сағана салдырған. Жылқышы Атаның Ақберген, Бақберген деген екі ұлы және Шынар атты қызы болыпты. Ілгеріде ол сонау жоғарыда Сарытепсеңде отырыпты. Сонда жылқы бағып жүргенде, нөсерлете жауған жаңбырдан топан су болып, бар малымен бірге селге ағып кетіпті. Содан келіп, әулиенің сүйегі осы арада қалыпты. Сарытепсеңнің оң жағындағы Ырғайлыдан бастау алатын Шынар өзені Жылқышы Атаның жайын жанамалап өтеді. Әулиеден сәл ғана жоғарыда оған Шынар бұлағының суы қосылады. Жылқышы Атаның маңайында ғасырлар қойнауынан келе жатқан үлкен жуан ағаштың түбінде көздей тесікте су жылтырайды. Оған тек қасық сияды. Халық оны Көзді Ата дейді. Бұл әулиенің шын әсілі аты — Сейдахмет екен. Оның кереметі сол, түсі сарғыш тартқан суы емге қолданылуға қаншама рет қасықпен алынса да, я жоғалып кетпейді, я сыртқа ағылып төгілмейді, бір қалыпта тұрады. 1819 жылдары Жылқышы Ата әулиеге арналып мешіт тұрғызылған. Ескі мешіт әлі күнге дейін сол күйінде бұзылмай тұр. Оның қасынан ауыл тұрғыны Жапбар Жұмабекұлы өткен 2007 жылы өз қаражатымен жаңа мешіт салдырды. Бұл да Жылқышы Ата мешіті деп аталды. Қарашаш Егембердіқызының шәкірттері сағана құрылысын жүргізген кезде ауылдағы бір Үйден қымыз алдырып ішеді. Қымыздың егесі ақшасын сұрағанда, әлгі кісілер: «Ұстазымыз жоқ. Сол келген соң ақшасын аласыз», — дейді. Көп ұзамай-ақ биенің емшегі ісініп, ауырып қалады. Бұл әңгіме ел арасына лезде тарап кетеді. Сонда Қарашаштың шәкірттері биенің егесіне: «Малыңызды әкеліп, әулиеге айналдырып алыңыз», — дейді. Биені әкеліп, Жылқышы Атаға үш марте айналдырғанда, оның ісігі қайтады. Содан кейін ол кісі әулиенің кереметін сезіп, қымызын тегін берген екен. Бұрынырақта бұл әулие орындарға Құсан Қосанбаев шырақшылық жасаған. Ал, 1998 жылдан бері бұл қызметті Түймен (Әмірәлі) Құлтайұлы атқарып келеді
ШОПАН АТА ӘУЛИЕ
Жаратылыс дүниесінде қандай да бір құдіретті тылсым күштің бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Он сегіз мың ғаламда әлі күнге дейін шешімі жұмбақ боп табылмай келе жатқан таңғажайып құпия сырлар көп. Және де адамзат баласы ол құпия сырлардын түбіне ешқашанда жетіп көрмек емес. Өйткені, ол шетсіз де шексіз. Ілуде бір адамға қонатын ғұламалық, көріпкелділік, аулиелік қасиет жөнінде де калыптасқан түбегейлі анықтама. шектеулі ұғым жок Қалай болғанда да осындай керемет қасиеттер қонған адам өз дәуірінде дүйім жұртқа машһүр болып, төрт тарапқа әйгіленіп калатыны бар. Ал, кейінгі әулет ұрпақтары ол әулиені жадында сақтап, оның қабірханасына тәуап етіп зиярат қылып отырған Әсілінде бұл — Аллаһ тағалаға серік қосушылыққа жатпаса керек Біздщ бұлай дейтін себебіміз. түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының, яғни бабаларымыздың түсінігі бойынша, әлгіндей әулие орындарға Аллаһ тағаланың нұры (назары) түсетінге ұқсайды. Міне, киелі әруақтарға сиынудың түп-төркіні осындай ұғымнан пайда болған секілді. Бабаларымыздың байырғы түсінігіне назар аударсақ, төрт түлік малдың ішінде қойдың киесі, қолдаушы пірі — Шопан Ата әулие боп саналады. Бұл турасында Сәкен Сейфуллин былай деп жазған: «...билер табы әкімшілік қылған... өмір сүрген замандарда, қазақ болған ел, әр түлік малдың өз алдына бөлек-бөлек «бақташы иелері» бар деп сенетін. Қойдың «Шопан Ата» деген «иесі» бар. Түйенің «Ойсыл Қара» деген, сиырдың «Зеңгі Баба» деген, жылқының «Жылқышы Ата» деген «иелері» бар деп нанатын. Бұлар туралы да көркемдеген әңгімелер айтатын жене өлең жырлар айтатын» (С.Сейфулла ұлы. «Қазақ әдебиеті». 1-інші кітап. Қызыл-Орда. «Қазағыстан» баспасы. 1932.103-бет). Шопан Ата әулие ең әуелі Қазығұрт жырында аталады. Филология ғылымдарының кандидаты, қазығұрттық білікті ғалым Құлмат Өмірәлиев өзінің 1967 жылы жазылған «Қазығұрт және оған қатысы бар топонимдер жайлы» атты мақаласында былай деген: «Қазығұрт тауы аңызға бай. Шығыс әдебиетінде бүкіл дүниені топан су алғаны, топан су қайтқанда Нұһ пайғамбардың кемесі Арабиядағы Жуды тауына тоқтағаны туралы аңыз бар. Кейініректе X ғасырдағы аңызда бұл кеме Арменияның Масис (Арарат) тауына тоқтаған боп айтылады. Ал, қазақта Нұһ пайғамбардың кемесі осы Қазығұрт тауына тоқтаған деген аңыз сақталған. Ол аңыз:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?,
Басында бір жаман тоқты жатып қалып,
Шопан Ата жануар содан қалған, — деп басталады. Аңызда Қазығұртты әулие деп атайды».
Бекмұрат Уахатовтың «Алтын бастау» кітабында былай делінген: «Ал, енді сол сіңіріне ілінген «жұрын тоқты» мен «жетім ботаны», «жалғыз тана» мен «қатпа тайды» көзінің қарашығындай сақтап, бағып-қағып өсірген малшылар болыпты. Келе-келе сол жұрын тоқтыдан қора-қора қой тарапты. Жетім ботаның соңы тоғай толған түйе болыпты. Жалғыз танадан қотан толған қара мал, қатпа тайдан үйір-үйір жылқы баласы өсіпті. Оны өсірген малшылардың бірі — Шопан Ата, енді бірі — Жылқышы Ата (Қамбар) атаныпты. Г.Н.Потанин жазып алған қазақ аңыздарының бірінде: «сиыр судан жаралды, қой көктен, адам жерден, ешкі тастан жаралды», — дейді. Әрине. мұнда төрт түліктің шығуы оның әрқайсысына тән мінезіне, тіршілігіне. сыр- сипатына лайықты баяндалады. Мысалы, түйенің шөлге шыдамдылығын ескеріп оны күннен, жылқының жүйріктігін көріп, оны желден жаралған дейді. Сол секілді сиырды судан, ешкіні тастан жаралды дегенде де, осындай жайлар ескерілген. Жылқы желден, түйе югннен жаралды дегенді Н.И.Гродеков те айтады. Ол: «Қажылық жолымен Меккеге жүрер алдындағы қжрбандыққа түйе, сиыр және желден жаралған жылқы сойылады», — дейді». Академик Әлкей Марғұлан өзінің «Эпос тудырғән ортаның медениетке қосқан үлесі» атты мақаласында былай деп жазған: «Жетім ботамен бірге Қазығұрттың басында көп әдемі құлындар ойнап, одан Қамбар Ата шығады, ақ қошақандарға Шопан Ата ие болады, сиырға Зеңгі Ата қолдаушы болады (Ә Диваев. «Тарту». 1924. 113-114 беттер). Малдың шығуын қазақтар мифке айналдырып, «жылқы желден», «түйе сордан», «сиыр судан», «қой ауадан» деп әдемі жырлар айтады». Біздің Арыс ауданындағы Монтайтас елді мекенінің тұрғыны Әжібай Мақанбетұлының (қазір марқұм) айтуынан жазып алған «Қыз бен жігіттің жұмбақ айтысы» («Өртең» газеті, №11, Мамырдың 14-і, 2004 жыл, 7-бет) дейтін нұсқамызда былай делінген:
«Құдаша қыз:
Базардан алып келген қызыл күлшең,
Қамшы алып жыланбауыр, дүлділ мінсең.
Өзіңнен ақын болсаң, мен сұрайын,
Қой қайдан шыққан екен, айтшы білсең?
Құда бала:
Базардан алып келген арбір кез бар,
Ішінде әрбір кездің сары жез бар.
Ақын қыз, сен білмесең, мен айтайын,
Шығыпты қой пейіштен деген сөз бар».
Мұндағы қойды көктен (аспаннан), ауадан (әуеден) немесе пейіштен шығыпты деген сөздің өзіндік түпкі сыры бар. Бұл — Ибраһим пайғамбардың Аллаһ тағаланың әмірін орындап, өз баласы Ысмағұлды құрбандыққа шалмақ болғанда, жеті қат аспаннан шығыршық мүйіз, қалы бар көк қошқардың жіберілген уақиғасын ойға оралтатын әуезе. Ә. Диваев өзінің «Қазығұрт кемесі туралы аңыз» атты орысша материалында: «На вершине Казыкурта остановился корабль, еслибы не был он великим, святым, то зачем бы ему останавливаться? На вершине Казыкурта спасся годовалый барашек, покрытый коростой, покровителем его был Чопан-ата!» — деп, қойдың қолдаушы иесін атаған да, ол жайында былайша түсініктеме берген: «Шопан Ата — қойдың бақташысы болған. Оның аты Түркістан өңіріндегі жергілікті тұрғындардың ортасында әулие ретінде өте танымал. Оның сүйегі Самарканда, толқынды Заравшан өзенінің жағасындағы Шопан Ата деп аталатын биігінде жерленген». Қарт Қазығұрт тауының оңтүстік батыс тарабында да Шопан Ата деп аталатын орын бар. Қазығұрт ауданындағы Атбұлақ ауылының тұрғыны Сүйеубек Қалықұлұлы Шопан Ата әулие жөнінде былай дейді: «Шопан Атаның бір кереметі, ол өзі бұрын көрмеген койдың да қозысын ажыратып, теліп сала берген көрінеді». Шопан Ата — Һәзірет Сұлтан Әрипін Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті болған. Әсілінде оның сүйегі Заравшанда да емес, Қазығұртта да емес, Маңғыстау өңірінде жерленген. Осы аталмыш мекенде, ертеде 362 әулие бар деп айтылады екен. Солардың бірі һәм бірегейі — Шопан Ата әулие болып саналады. Сансызбай Нызанұлы Құрбанқожанемересінің 1995 жылы Түркістан қаласында жарыққа шыккан «Мұхаммед пайғамбардың аманаты» атты кітапшасында «Шопан Атаның Қожа Ахмет Йасауиге шәкірт болуы» дейтін аңыз әңгіме баян етілген. Оның қысқаша мазмұны мынандай. Шопан Ата Һазірет Сұлтан Әрипін Йасауидің сүйікті шәкірттерінің бірі болған. Бірде Қожа Ахмет шәкірттерін жинап алып, олардың қабілет қарымын тексеріп көрейін деп: «Қазір мен мынау асаның жебесін түңліктен асыра лақтырамын, оны түскен жерінен тауып, әкеліп берген шәкіртке лайықты құрмет көрсетемін» — депті. Барлық шәкірт үй ортасына жиналып, «Жебе қай жаққа қарай ұшар екен?» деп жоғарыға қарап тұрыпты. Һәзірет Сұлтан Әрипін Йасауи жебені лақтырып жібереді. Ол күн батыс тарапқа қарай бағыт алады. Шәкірттердің барлығы шулап, далаға шығады. Сөйтіп, жебені алғашқы боп табуға асыға- асыға жүгіріп кетіп жатады. Үйде тек бір шәкірт ғана орнында қалып қояды. Сонда ұстазы: «Сен неғып отырсың, жебені іздеуге бармайсың ба?» — дегенде. әлгі шәкірті: «О, ұлы ұстазым, ол шәкірттеріңіз қанша іздегенімен, жебені таба алмайды. Жебе өте алысқа ұшып кетті. Оған жетіп, тауып келуім үшін әлі мен көп оқуым керек», — деп, жауап беріпті. Бұл — Шопан Ата еді. Содан көп жылдар өткен соң ол ғұлама ұстазынан рұқсат сұрап, батасын алып, жебені іздеуге шыққан екен. Шопан Ата көп жүріп, Маңғыстау аймағына келгенде әлгі жебені табады. Ол жер Баян деген бай кісіге тиесілі көрінеді. Оныменен кездесіп, байдың қойын бағуға келіседі. Ой-өрісі кең, зердесі белек Шопан Баян байға қатты ұнайды. Содан ол жалғыз қызын Шопанға некелеп қосыпты. Шопан Ата аузынан шыққан сөзі жерге түспейтін әулие болыпты. Ол XІІ-XІІІ ғасырларда Маңғыстау түрікмендері мен хорезмдіктердің арасында болған ұрыстардың бірінде қаза тауып, денесі сол жердегі бір таудын үңгіріне қойылыпты. Сол жер әлі күнге дейін Шопан Ата әулие деп аталады екен. Бағзы дәуір ескерткіштерінің бірі — Шопан Ата жерасты ғимараты жайында айта кеткен жөн. Бұл — Шопан мен оның ер жүрек қызы Айымға арналған. Айым сұлудың кегін алмаққа жауға аттанған күйеу жігіт те шайқаста қаза болған. Туысы Қараман бек Шопан Атаны шейіт еткен жауды жеңіп, кек алады. Тау көбесінен қашалған ғимарат жеті бөлмелі мешіттен, жаңбыр суы жиналатын құдықтан, тұт ағаштары өсірілген алаңқайдан тұрады. Бөлмелердің бірінде Шопан Атаның, екіншісінде Айымның қабірі бар. Қараман Ата көзінің тірісінде өзіне арнап күмбезді мешіт салдырып, жанынан лахат шығарып, жер асты жолын жүргізіпті. «Сүйегіміз бір жерде калмаса да, жанымыз қатынап тұрсын» дегенге ұқсайды. Расында да Қараман Атадан басталатын жер асты жолы Шопан Ата бейітіне дейін тартылған. Көп жері құлап қалғандықтан қазіргі кезде онымен жүру, ара қашықтығын білу мүмкін емес.
ЗЕҢГІ БАБА КЕРЕМЕТТЕРІ
Ата-анасының Зеңгі Бабаға азан шақыртып қойған шын әсілі аты — Айқожа екен. Тумысынан қап-қара кісі болған соң халық оны Зеңгі деп атап кетіпті. Оның төрт атасын білмеген жан тәкбірге күмәндар болады. Яғни, ол адам тәкбір айтуды дұрыс білмейді деп есептеледі. Зеңгінің әкесі — Тәжқожа, атасы — Әбдімәлікқожа, бабасы — Мансұрқожа (Мансұр Ата), арғы бабасы — Арыстан баб. Зеңгі бақташы боп елдің қара малын, падасын жиып баққан. Ол сиырды табын-табын етіп жайып, тұқымын молайтып, көбейткен екен. Сол уақытта бір қыңырлау кісі:
Қара малды ылғи Зеңгі жая бере ме7 Біз де бағайық. Елден біз де нәпақа алып пайдаланайық. Неге өзгеге бермейсіздер? — деп, ел басшысына шағым жасапты. Ауыл ақсақалдары жиналып, кеңес жасағанында, Зеңгі Баба әлгі қыңырға
— Мақұл, сен бақ, — деп паданы беріпті. Ол адам сиырды өріске шығарып жүргеннен кейін бір ай уақыт өтпей-ақ оқалақ пайда болыпты. Содан қара малға оқалақ тиіп, олар быт-быт боп қашып, падаға әлгі кісі ие бола алмай қалыпты. Сол оқиғадан кейін ол:
— Қой, болмас, Зеңгінің киесі бар екен. Біз баға алмайды екенбіз, — деп өзіне қайтарып беріпті.
Малдың әр түлігінің өз Тәңірісі, қамқоршы иесі, сақтаушысы бар деп түсінген халық ұғымында Зеңгі Баба сиырдың пірі ретінде сақталынып қалған. Зеңгі ежелгі Шаш, қазіргі Ташкент қаласына таяу жерде орын теуіп, сол араны жай етіпті. Ол таңертеңгі уақытта үйден шығып, паданы айдап, алдын қайтармай еркінше жіберіп: «Ош!» — деп сонау қырғыздың жерінен бір-ақ кайтарып әкеледі екен. Ош қаласының атауы содан пайда боп қалса керек дейтін әуезе сөз бар. Һәзірет Сұлтан Әрипін Қожа Ахмет Йасауидің ізбасар шәкірттерінің бірі Хакім Ата Сүлеймен Бақырғани өте тақуа, әулиелікке жетіп қалған кісі екен. Бірде ол тәғарат алып отырса, өзінің жұбайы Әнуар Ана келіп, сыртынан қарап тұрыпты. Шариғат заңын, яғни мұсылманшылық жолын ұстанып, ол бұған дейін ерінің денесін көрмеген екен. Шариғат заңы бойынша, ілгеріде әйелдер еркектің денесіне үңіліп қарамаған. Ер адам да зайыбының денесін көрмеген.
Құл Сүлейменнің дене терісі қара болған көрінеді. Ол жұбайының келіп,
көріп тұрғанын байқап:
— Әнуар, сен менің тәнімді көргелі келдің ғой. Мен жақында дүниеден көшемін. Содан кейін сен менен де қап-қара кісінің өмірлік қосағы боласың, — депті.
Айтқанындай-ақ көл ұзамай Сүлеймен Бақырғани өмірден өтеді. Мұсылманшылық жолды берік ұстанған адамдардың жеті-сегізі үміттеніп, бірінен соң бірі Әнуар Анаға сөз салады. Сұлу жесір олардың ешқайсысын да жақтырмапты. Соңында Зеңгі барып, көңілін білдіріпті. Әрі өзінен жасы үлкен, әрі түр келбеті келіспеген, қап-қара болған соң, мұны да ұнатпай, әйел теріс карап, басын бұрып әкетсе, сол күйінде мойыны қатып қалыпты.
Сонда Зеңі Баба оған:
— Құл Сүлейменнін өзі саған айтпады ма, менен де қап-қара кісінің қосағы боласың демеді ме, сол айтқан адамы мен боламын, — деген екен. Бұл
сөзді естіген сон Әнуар Ана райынан қайтып:
— Мен саған ықылас қылдым. Мынау бәлеңді енді қайтар, — депті. Зеңгі:
— Аллаһу акбар. — дегенінде. сұлу жесірдің мойыны босап, басы жайына келіпті.
Сөйтіп, ол Зеңгіге некеленген екен.
Алғашкы ері құл Сүлейменнен Әнуар Ана Асқармахмұт және Үббі атты екі ұл бала көрген екен. Әнуардың өзі өте келісімді, сұлу әйел болыпты. Ол Зеңгіге некеленгенде де сұлулық сынын жоғалтпай, реңін бермей жүріпті. Бірде Һәзірет Ысмайыл Ата әл-Қазығұрдидің бір баласы жолын тосып, алдынан жүгіре шығып:
— Жеңеше, бетіңізден бір сүйгізіңізші, — депті.
— Қой, айналайын, аулағырақ әрі жүр, — деп, Әнуар Ана бетінен сүйгізбепті. Әйелдің сұлу ажарына ынтыққан он сегіз жасар бозбала қайта-қайта өтініп, жабыса беріпті. Оның жуық арада ажырай қоймайтынына көзі жеткен соң әбден ашуға булыққан Әнуар Ана:
— Әй, жүгермек кеткір-ай, — депті. Сол-ақ екен бала сылқ түсіп, жан тасілім етіп, дүниеден бәз кешіпті.
Бұл болған оқиғаны паданың басында жүрген Зеңгі Баба керемет қасиетімен біліп отырады. Түс мезгілінде жұбайы өзіне ас алып келгенінде ол:
—Eй Әнуар, сен бекершілік қылдың. Бетіңнен сүйгізсең не етер еді? Жусаң кетер еді. Енді ол да сені қарғайды. Содан кейін сенен бала болмайды. Мен үрім ұрпақсыз қалатын болдым, — деген екен.
Шынында да Зеңгі мен Әнуардан перзент болмапты.
Зеңгі Баба ілімі терең, өз жолын таза ұстайтын тақуа ғана емес, сиыр ішіндегі бұзаудың түр-түсін нақтап айтатын, жаңылмай табатын ләхит (аулие) көріпкел болыпты. Оның өмірлік қосағы Әнуар Ананың да іштегі бұзаудың қандай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Бірде зайыбы ерінен:
— Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба? Сауапқа серікпін бе? — деп сұрапты. Зеңгі оған қарап:
— Сен сауапқа серік бола алмайсың. Бұл бейнеттің бәрі менікі. Өзім тақуамын, сондай таза ісіммен әулиелікке иемін. Бұл қасиет өзімнен, оған сен ортақ емессің, — депті.
Әнуар Ана ері Зеңгіні ерекше ықыласымен күтеді екен. Ас-ауқатына бір қыл түсірмей таза дайындап, қызмет жасапты. Ол ас дайындағанында, ыдыстарды тоғыз марте жуып, шайқап, шаятын көрінеді. Бірде Әнуар түс мезгілінде ас дайындап жатып, ауқаттың ішінде алдене қараң ете қалғанын көзі шалып, байқап қалыпты. «Бір ноқатта қара дақ бар екен-ау», — деген күмәнмен қанша аударыстырып, іздесе де таба алмапты. «Осы арада жүр ме екен?» — деп шамалап астың бір-екі жерінен алып, төгіп тастапты. Пада бағып, ашығып, ыстық күннің астында қап-қара боп өзін күткен ерінің жай-күйін ойлап, Әнуар асыға ауқатты Зеңгіге алып барыпты. Ол ауқатты лезде ішіп қойыпты. Арада бірер уақыт өтіпті. «Әлгі қараң еткен нарсе ас ішінен алынды ма, жоқ па?» — деген күманді сауал Әнуар Ананың көңілінен кетпепті. Ол соны байқау ниетімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін нұсқай көрсетіп:
— Анау сиыр қандай бұзау туады? — деп сұрапты. Сол кезде Зеңгі:
— Түсі қызыл, маңдайы қасқа бұзау, — деп жауап беріпті. Сонда жұбайы сәл езу тартып, жымиып:
— Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, — депті. Уақыты жетіп, әлгі сиыр бошалап, қызыл түсті, құйрығының ұшы ақ бұзау туыпты. Әнуардың айтқаны
тура шыққан соң Зеңгі одан:
— Мен қалайша жаңылдым? — деп сұрапты. Жұбайы:
— Сіздің жаңылғаныңыз, сол күні ауқаттың ішінде, бір ноқатта кішкентай қара дақ кетіп, қанша іздесем де таба алмаған едім. Сол көзіңізге перде боп тұтылып, іштегі бұзаудың құйрығы қайрылып, аяғының арасынан өтіп, маңдайына тиіп жатқанын байқай алмадыңыз, — деген екен. Сол уақытта Зеңгі Баба:
— Менің бойымдағы айрықша қасиеттер сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланысты болды. Егер сен тазалығыңнан сәл ғана мүлт кетсең, мен ол қасиеттерден айрылып, жарым-жартылап, толық кұйде бола алмайды екенмін, — деп мойындапты.
Әнуар Ана бір бақыр суға жас көк шыбықтарды салып, оның жанына кепкен қақ шыбықтарды тізіп қоятын болыпты. Оның мәнісі, Зеңгі далада жүріп, күні бойы ыстық күнге қақталып, көңіл қошы болмай шаршап оралғанында, шыбықпен мені сабап, ашуын жазсын, жеңілдеп қалсын дегені екен. Сонда жуық арада тарамайтындай ашуы қатты келсе, сынбайтын көк шыбықты пайдалансын, шамалы ғана ашуланса, тез сынатын қурағанымен сабасын десе керек. Һәзірет Сұлтан Әрипін Қожа Ахмет Йасауидің төрт атасын білмейтін адам қыбылаға күмәндар болады. Яғни, ол кісі қыбыланы дұрыс танымайды деп саналады. Құл Қожа Ахметтің әкесі — Ибраһим шайқы, атасы — Ілияс шайқы, бабасы — Махмұт шайқы, арғы бабасы — Әбтахар шайқы. Қожа Ахмет Йасауиге Зеңгі Баба: «Перзент», — деп сөйлейтін көрінеді. Бұл сөзіне қарағанда, Зеңгі одан әкесіндей үлкен болғанға ұқсайды. Бірде ол екеуі дидарласып, сұхбат жасап отырғанда, өзі қап-қара Зеңгі Бабаның аппақ тістерін көріп, Қожа Ахметтің ерінін күлкі қытықтап, езу тартыпты. Сонда Зеңгі:
— Перзент, неге күлдің? — деп сұрапты.
Тісіңізге күлдім, —— депті Ахмет. Зеңгі табан астынан.
— Тісімнің көрімдігіне не бересің? — дегенінде, оған Қожа Ахмет:
_ Әуелі жайды сізге, одан кейін бізге салсын, деген екен.
XІV ғасырдың соңында алты ықылымды билеген әйгілі жаһангер Әмір Темір гүрген Қожа Ахмет Йасауидің күмбез мазарын жаңадан көтеруге кіріскенде, күндіз адам бойы тұрғызса. онысы түнде құлап, азаңда қирап жатыпты. Содан
жеті-сегіз ғұламасын жиып: .
— Бұл не әдиса болды екен? Осы неге құлайды? Сіздер түңде қарап, соны байқаныздар — деп тапсырыпты. Олар таза тәғарат алып, Аллаһ тағалаға мінажат етіп қарауылдап отырыпты. Сонда түн ішінде бір көк өгіз келіп, дуалға сүйкеніп барлығын құлатып кетіпті. Ғұламалар бұл болған жайды Темірге баян етіпті. Сол уақытта тарихта өткен әулие бабалардың сырына қанық кісілер жиналып келіп:
— Ілгеріде Һәзірет Сұлтан Әрипіннің өзі Зеңгі Бабаға: «Әуелі жайды сізге, одан кейін бізге салсын», — деп айтқан көрінеді. Алғаш Зеңгінің басына күмбез мазар салынбайынша, Қожа Ахметтің кесенесі тұрмайды, — деген екен.
Әмір Темір адамдарына бұйырып, ежелгі Шаш (қазіргі Ташкент) қаласының маңайындағы Зеңгі Бабаның қабірін тауып, оған бінә ескерткіш салуға кіріседі. Бірақ, оны да әлдеқандай күш қиратып отырады. Тағы да бұл қандай сыр болды екен деп Әмір Темір қайран қалады. Оның түсінде Арыстан баб аян береді. Ол: «Менің жасым барінен де үлкен, жол менікі еді», — дейді. Сөйтіп, Әмір Темір гүрген әуелі Отырар төбеде Арыстан бабқа кесене салып, одан кейін Зеңгі Бабаға күмбез тұрғызып, соңында Һәзірет Сұлтан Әрипін Ахмет Иасауидің бінәсіне ауысып келеді.
Бұл күнде Ташкент облысының Жаңажол ауданында Зеңгінің күмбез мазары тұр. Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны Ереген Ағыбайұлының айтуынан жазып алынған..
ӘНУАР АНА ӘПСАНАЛАРЫ
Сиырдың пірі — Зеңгі Баба. Ол 1258-59 жылдары бақилық сапарға аттанып, сүйегі қазіргі Ташкент облысындағы Жаңажол ауданында жерленген. Әнуар Ана — Зеңгі Бабаның зайыбы. Ол өзінің өмірлік қосағын бар ықыласымен қадірлеп күтіп, оған қалтқысыз қызмет қылып, ер адамды піp тұтудың, адалдық пен тазалықтың теңдесі жоқ ең жоғарғы үлгі өнегесін көрсеткен жан. Осындай сүйегіне біткен асыл қасиеті үшін мұсылман халқы оны аса құрметпен еске алып, ұлық әулие санап, тіпті әйелдердің сиынатын пірі — Бибі Фатимадан да жоғары көтереді. Сол себептен де ХІІ-ХІІІ ғасырларда жасаған Зеңгі мен Әнуарды әрігерекке апарып, оларды пайғамбарымыз Мұһаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның замандасы етіп қояды. 2001 жылы жарық көрген Қамзабек Мықтыбекұлының «Қазанат» атты кітабынан Әнуар Ана жайлы аңыз әпсананың бір нұсқасын кездестірген едік. Онда пайғамбарымыздың қызы Фатиманың өзі әуелде менсінбеген Һәзірет Өліні (Ғалиды) қалайша мойындағанын һәм оған тұрмысқа шығып, адал жары болғанын былайша баян етеді: «Мұһаммед пайғамбардың қызы Фатиманы Һәзірет Ғали айттырып, некелесемін деп жүргенде елге жау шауып, ол аттанып кеткеңде Ғалиды менсінбей, қиялындағы ғажайып жігітті іздейді. «Әйел басымен менсінбеуі не сұмдық?» — деп, нөкерлері сыбысты пайғамбарға жеткізеді. Ол: «Ебін тауып Фатиманы елеусіз Зеңгі Бабаның лашығына кіргізіп шығыңдар», — деп ақыл береді (Зеңгі Баба — пайғамбар сиыршысы). Нөкер басы лашыққа алып кіреді. «Төрлетіңіздер! Көп ұзамай үй қожайыны да кеп қалар, қонағымыз болыңыздар», — деп, төгілген қара шашты, бота көзді, сұңғақ бойлы сұлу айел атып тұрып, ізет білдіреді. Фатима: Ойпыр-ай, көрікті әйелдің еркегі де керемет сұлу болар», — деп, таңданып, оны көруге лашықта қалып қояды. Отау иесі маздаған ошақ отына жақындап, бір құмғанды шетіне, біреуін жиегіне, біреуін ортасына қояды. Фатима: «Неге бұлай қойдыңыз?» — деп сұрайды. «Қазір даладан қожайыным келеді. Жұмыс-соқты болған еркектің мінезі аумалы-төкпелі құйын секілді емес пе? Бір күні ыстық, бір күні қам жылы, бір күні қоңыр салқын суды аңсайды. Қайсысы керек болса, сонысы дайын», — дейді. Байбішесінен мұны есіткеннен кейін Зеңгі Бабаны көруге іңкәрланады. Біраздан соң ұзындығы бір құлаш солқылдақ шыбық екеп, су бүркіп жұмсартып, босағаға іліп қояды. Фатима: «Ешкім жоқта күйеуін көкала қойдай етіп сабайтын шығар. Мұндай сұлу еріне не істесе де жарасар, еркек атаулы қарсы болмас», — деп ойлайды. «Шыбықты не үшін баптап жатырсыз?» — дейді. «Мынау ыстықта күні бойы мал соңында жүру оңай ма, өрістен оралғанда кейде өн бойын ашу қысып, не істерін білмей кететіні бар. «Таз ашуын тырнадан алады» демекші, көп еркек ашуын үйде отырған әйелінен алмай ма? Сондай сат бола қалса, мені шыбықпен екі тартып жіберсе, ашуы тез тарқайды. Бұл сол үшін», — дейді. «Ойпырмай, тұщы етіне ащы таяқ тисе де тек қана ерінің қамын ойлайтын бұл неғылған әулие әйел. Осыған орай Зеңгі Баба да силамасқа болмайтын ер тұлғалы айтулы азамат болды- ау», — деп, оны көруге асығады. Күн қонақтап, өрістен малдар қайтқанда кең көйлегінің алдыңғы етегін қайырып әкеліп, ышқырына қыстырып қояды. Сұрағанда: «Шырағым, далада жалғыз жүрген еркектің қиялына не кіріп, не шықпайды? Кейде емешегі үзіліп әлсіреп келетіні бар. Сол кезде: «Сенің ниетіңе қарсы емеспін», — дегенді білдіру ғой менікі. Құдай қосып, некелі болғаннан соң әйел затының өзінің ерінен асқан пірі болмайды. Одан әулие адам табам деу күпірлік», — дейді. Бұл сөзді естіген соң Фатима ынты- шынтысымен Зеңгі Бабаны көруге асыға түседі. Ақыры күткен сәт туды. Сиырды үйді-үйіне таратып болып. қатты қалжырап шаршаған, қап-қара боп тотығып, көзін балшық басқан, екі иығы қушиып, ұзын бишігін сүйреткен тапал еркек лашыққа кіріп келе жатты. «Фатима, шырағым, осы үйдің қожайыны мына кісі болады», — деп, Зеңгі Баба бәйбішесі өзінің ерін таныстырып, күйеуін күтіп, қызмет қылуға тұра жүгірді. Фатима Ғалиды менсінбей, өзіне одан да келісті жар болатын адам іздеп, пендешілік жасап жүргеніне Тәңірден кешірім сұрап, сабасына түскен екен. Некелескеннен соң, ерінің алдынан кесе көлденең өтпей, адал жар болыпты. Мұсылман әйелдері босанарда Фатимаға сиынып: «Бибі Фатима пірім-ау, қолдап мені, жебей гөр!» — дейді». Біз Әнуар Ана туралы айтылатын аңыз әпсаналардың ең көрнекті нұсқасын Отырар ауданындағы «Шәуілдір» елді мекенінің тұрғыны Бейсенбек Асанұлының айтуынан жазып алған болатынбыз. Бейсекеңнің айтуына қарағанда, Фатима Зеңгі мен Әнуарды һәзірет Әліге (Ғалиға) тұрмысқа шыққаннан соң кергенге ұқсайды. Тіпті Әнуар Анаға жолыққанда Бибі Фатимадан туған Асан мен Үсен бес-алты жасқа толған ойын балалары екен. Және де бұл әпсананың езек қылып, арқау етер түйіні — пейішке қаңдай әйелдер баратынынан сыр қозғайды. Бейсекең былай дейді: «Бірде Бибі Фатима: «Әйелдерден пейішке ең әуелі мен баратын шығармын» — деп, іштей қиялдапты. Сейтіп. әкесі Мұһаммедтен: «Ата, әйелдерден жәннатқа ең алғаш кім кіреді?» — деп сұрапты. Пайғамбарымыз: «Әнуар кіреді». — депті. Фатима: «Неге ол менен бұрын кіреді? Қандай қасиеті мен қызметі бар» — деп, ішінен оны қызғанып қалыпты. Соны білген әкесі. «Қызым, сен сол Зеңгінің үйіне барып, қыдырып қайт». — деген екен. Фатима ертеменен Зеңгі Бабаның үйіне барыпты. Барса, Зеңгінің жұбайы Әнуар далада. ыстық күннің астыңда ұршық иіріп отырыпты. Шамалы уакыттан соң оны доғарып. еңді жіптен шарық тоқуға кірісіп кетеді. Иірілген жуан жіптен тоқып, үйдің ішінде аяққа киіп жүретін бұйымды шарық деп атайды. Фатима: «Апа, мына күннің ыстығына қақталып, бекерге күйгеніңіз қалай? Бұл шарықты үйдің ішінде, сая жерде отырып тоқымайсыз ба?» — деп сұрапты. Әнуар: «Е- е, шырағым-ай, менің қожайыным Зеңгі сиыр бағып, оның жаны ыстық күннің астында қандай қиналып жүр, соны біле тұра өзімнің көлеңкеде, саяда отырғаным бола ма? Ерім қандай ауыр халде болса, мен де сондай күйді өз басымнан кешуім керек. Сонда ғана оның қадірін түсінемін», — деп, жауап беріпті. Фатима ішінен: «Ойпырай, ешуақытта менің қиялыма мұндай іс келмепті», — деп ойлапты. Және тағы да Әнуар Ана: «Шырағым, ерімнің рұқсатынсыз мен сені үйге кіргізе де алмаймын, саған қонақ бол дел айта да алмаймын. Мен азанда ерімнен рұқсат алып қалайын, сен ертең кел, сонда ішке кіріп әңгімелесеміз», — депті. Ертеңінде Бибі Фатима Асан мен Үсен деген балаларын ертіп, Зеңгінің үйіне барыпты. Әнуар: «Қап, шырағым-ай, балаларыңды ертіп келетініңді білмедім ғой. Білгенімде, азанда оларға да рұқсат алар едім. Енді балаларың далада ойнай берсін. Өзің үйге кір, төрлет», — деген екен. Асан мен Үсен далада ойнап қалыпты. Фатима ішке кіріпті. Содан соң Әнуар Ана тысқа шығып, есік алдындағы бақтан солқылдақ жас шыбық пен кепкен қақ шыбықты әкеліп, екеуін екі босағаға қыстырып қойыпты. Фатима: «Бұл шыбықтарды неге іліп жатырсыз?» — деп сұрапты. Әнуар: «Е-е, шырағым, Зеңгінің өзі кейде пададағы сиырға ашуланып, оның ақысын менен алғысы келіп, үйге буырқанған бурадай болып келеді. Сонда ашуы жуық арада тарқамайтындай қатты келсе, сынбайтын су шыбықпен, шамалы ғана ашуланса, тез сынатын құр шыбықпен мені ұрсын, ашуын тарқатсын деп екеуін де дайындап жатқаным», — депті. Күн кешкіріп, өрістен сиырлар келе бастапты. Әнуар Ана: «Шырағым, Фатима, сен отыра бер. Мен Зеңгінің алдынан сусын алып шығайын, жағдайын жасайын», — деп, дамбалының бір балағын шешіп алып, қайырып әкеліп, ышқырына қыстырып қойыпты. Бибі Фатима: «Еріңіздің алдынан сусын алып шыққаныңыз дұрыс. Ал, дамбалыңыздың бір балағын шешіп, ышқырыңызға қыстырғаныңыздың мәнісі қандай?» — деп сұрапты. Оған Әнуар: «Балақтың біреуін ышқырыма қыстырғаным, ол кейде көңілденіп, шабыттанып келеді. Өзі жасы келіп қалған адам, дәл уақытында дайын болмасаң, ренжіп қалады. Ойнағысы келген шабыты қайтып кетуі мүмкін. Әйтеуір ойда-қырда сол ырза болсын дегенім», — деп, жауап беріпті. Әнуар Зеңгінің алдынан шығып, сусынын беріпті. Құмғанмен су құйып, шодыр-шодыр бетіндегі шаң топырағын тазалап. әбден жуыпты. Әнуар Зеңгіге: «Фатима балаларын ертіп келген екен. Рұқсатсыз үйге кіргізбедім», — депті. Сонда Зеңгі: «Қап, әттеген-ай, бекершілік болыпты. Бұдан былай кім Мұһаммедтің үмметі болса, не болмаса Құдайы қонақпын десе, кіргізе бер, есік ашық». — деген екен. Қазақ атамның есігі ашық, меймандос болатыны, Құдайы қонақпын дегенді қабылдай беретіні содан қалыпты. Бибі Фатима: «Менің Әнуар Анадан бұрын пейішке барамын дегенім қиянат екен», — деп қайтыпты». Нақ осы оқиғаны Қазығұрт ауданындағы Ақпан ауылының тұрғыны Көпжасар Маденұлы әрі қарай былайша өрбітіп айтушы еді: «Бибі Фатима Зеңгі Бабаның үйінде болып, Әнуар Ананың қызметін көргеннен соң оған әбден қызығыпты. Неше түрлі қиялға беріліп: «Әнуар Анадан үйренген қызметімді мен де еріме жасайын, сондай болайын», — депті. Сөйтіп, Әлі түзден келгенде Фатима оның алдынан шығып, зұлпыһарын алып, дүлдүл атынан түсіріп, күтіп алыпты. Һәзірет Әлі Фатиманың мұндай қызметін бұрын көрмеген екен. Содан да көңілін мақтаныш сезімі билеп, оның ісініп, көтерілгені сонша, денесін басқан қалың түктері сауытын тесіп шығыпты. Мұндай болады дел күтпеген Бибі Фатима әуелде сасып, дағдарып қалыпты да, дереу әкесі Мұһаммедке келіпті. «Ата, Әліні осылайша күтіп алған едім, оның түктері сауытынан сыртқа шығып кетті, енді не қыламын?» — деп сұрапты. Һезірет Әлі дүние жинамаған, түзде көп жүрген кісі екен. Оның бар байлығы астындағы дүлдүл аты мен қолындағы зұлпыһар қылышы ғана болыпты. Сол себептен де Мұһаммед қызына: «Әліге барғын да, сіз бір баладан қарыз ақша алған екенсіз, сол бала қарызын сұрап келіп тұр деп айтқын», — деп, ақыл беріпті. Бибі Фатима Һәзірет Әліге келіп, қарыз ақшасын сұраған бала жайлы айтқанда, оның ісініп кеткен денесі лезде сылқ ете басылып, көтерілген сауыты саудырлал түсіп, жайына келіпті деседі». Төлеби ауданындағы Елтай ауылының тұрғыны Болдықай Жолдасқызы Жұмабайкеліні Әнуар Ана һақында былайша әңгімелейтін еді: «Әйел таза болмай еркек таза болмайды. Әнуар Ана ері Зеңгі Бабаға қызмет еткеңде, ас-ауқатын ұқыптылықпен дайындап, ыдыс-аяғын кіршіксіз таза ұстайтын көрінеді. Бұл — Бибі Фатиманың уақытында болған әулие. Олар бір-бірімен араласып, үйлеріне барып, айттап жүреді екен. Сонда Бибі Фатима Әнуардың Зеңгіге жасаған қызметіне қызығып, Әліні қаншалықты күтсе де, оншалықты дәрежеге жете алмапты. Сонда әкесі Мұһаммед қызына: «Әнуардай болу қайда? Оның сүйегіне біткен қасиет қой», — депті». Міне, осындай қария сөздердің баян етіп айтқандарына жүгінер болсақ, пайғамбарымыз Мұһаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның қызы Бибі Фатима ер адамды күтіп, оған қызмет ете білудің өнеге жолын алғаш Зеңгінің зайыбы Әнуардан үйренген секілді. Бұл — тарихи шындыққа тура келмейді. Тек Аллаһ тағаланың аян етуімен керемет жүзесінде іске асқан ишара белгісі болғанға ұқсайды. Әсілінде Бибі Фатимаға әуелде пайғамбарымыздың өзі жөн сілтеген. Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны, молда ата Ереген Ағыбайұлының баян еткен әңгімесіне қарағанда, оқиға былайша болған: «Бірде Һәзірет Әлі түзден келіпті. Сыртта тұрып: «Әй, Фатима!» — дел дауыстапты. Фатима далаға шықпапты. Һәзірет Әлі дүлдүл атын байлайды. Ішке кіреді. Сөйтіп, жүресінен отырыпты. Фатима қараса, Һәзірет Әлі қапа болып қалыпты. Оны жеті марте айналыпты. Сонда соңғы рет айналғанда, аздап езу тартыпты. Оншалықты ырзалығы білінбепті. Фатима: «Күнім не болады екен?» — деп, ақыреттің азабынан қорқып, Мұһаммедке барыпты. «Е, ата, Һәзірет Әлі маған қапа болып қалды», — деп, болған жайды баян етіпті. Сонда пайғамбарымыз кейіп: «Ешқашанда ердің сөзін екі қылма, даладан үйге келгенде жақсы қарсы алып, киімін шешіп, орнына ілгін. Отыратын болса көрпеше салғын. Сонда саған бір мың сауап, Һазірет Әліге бір мын сауап, барлығы екі мың сауап болады. Егер аяғың кірлеп кетіпті, жуып берейін деп еріңнің аяғын жусаң, саған дозақ һарам болады. Дозақтың бетін көрмейсің», — деп, сауаптың барлығын айтыпты. Содан кейін Бибі Фатима әкесінің айтқанын қылып, Һәзірет Әліге қызмет істеген екен». Міне, жоғарыдағы ақиқат шындықтан тым алшақ, ертегіге жақын аңыз әпсаналардың тарихи негізі — осы болса керек. Және тағы да пайғамбарымыз өзінің уақытында он шәкіртінің жәннатқа баратынын тізбелеп айтып кеткен. Оның екеуі ғана әйел затынан екен. Бірі — Бибі Фатима, кейінірек ол әйелдердің сиынатын піріне айналған, екіншісі — пайғамбарымыздың өмірлік қосағы Һәзірет Айша разиаллаһу ғәнһа болатын. Ал, Зеңгі Баба мен Әнуар Ана пайғамбарымыздан көп кейін жасаған. Әнуардың жоғарыдағы үлгі өнеге тұтарлық аңыз әпсаналық бейнесі кейінгі жас өскін жаңа ұрпаққа бір тылсым құпияның сырын ашып, аңғартып өткендей болады. Пайғамбарымыздың үмметтерінің ішінде Әнуар Ана жәннатқа баратындардың қатарынан ойып орын алатыны һақ.
АҚБУРА АТА ӘУЛИЕ
Қарт Қазығұрт тауы баурайындағы аты аңызға айналған жердің бірі — Ақбура. Ол бұлақ таудың оңтүстік батыс тарабындағы долана, жыңғыл, бадамша, қатреңке, өрік, жиде тәрізді ағаштар қалың өскен аңғарлы сайдан бастау алады. Ертеректе бұлақ суы жер астынан ақ көбіктеніп, шашқан орамалдай оралып, толқынын тастап-тастап, қайнап шығатын екен. Сондағы судың екпіні сонша. ол түйені де ағызып кететін деседі. XX ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі дәуірде, тауды сағалаған бандылар елді сусыз қалдыру ниетімен бұлақ көзін үлкен қойтастармен бекіткен. Содан, су үш-төрт есе азайып кеткен. Бұл күңде бұлақ тасты жарып шығып жатқанға ұқсап қалған. Бұлақ басында Ақбура Ата әулиенің қабірханасы бар. Қалың көпшілік һәм дертіне шипа іздеген сырқаттар Атаның басына түнеп, зиярат етеді. Садақа тастап, ниет еткендері әулиенің әруағына арнап мал шалып, Құран бағыштайды. Біз Ақбура әулие туралы әңгімені атбұлақтық Есбай Елікбайұлы мен рабаттық Әбдіқұл Байқонысұлының (қазір бұл екі қария да марқұм) айтуларынан жазып алған едік.
— Ілгеріде Түркістандағы һәзірет Сұлтан Қожа Ақмет Йасауидің тұсында бір шайық су маңайында отырыпты. Сол шайық түйенің жүйрігі желмаядай есіп, гуілдей жөнелгенде, оған ұшқан құс ілесе алмайды екен. У-һулеп зікір салғанда, ол әулиенің аузы ылғи көпіріп жүретін көрінеді Өзі аппақ киініп, түйенің бурасына ұқсап «ауф, ауф, ауу, ауу» деп күркіреп, екі езуінен шыққан көбігі иықтарынан жауырындарына қарай төгіле ағып, лезде Йасыға жеткенде, Қожа Ақметтің өзі алдынан шығып: «Бурам, келдің бе, бурам» деп қарсы алады екен. Оған ата-анасының азан шақырып қойған әсілі аты — Мұхаммедәлі деседі. Бірақ бұл намы ұмытылып, Ақбура атанып кетіпті. Ол шайқы таңертеңгі памдат намазының екі бас сүннетін киелі Қазығұрт әулиенін бүйіріндегі бұлақ басында, екі бас парызын Йасыдағы мешітте, Һәзірет Сұлтанныц ізбасар шәкірттерімен бірге оқитын көрінеді. Сонда оның у-һулеген дауысы Йасыға жетіп, әш-пүш дегенше өзі де барып қалады екен. Кейін Ақбура әулие Қазығұрттағы бұлақ басында көз жұмып, сүйегі сол су маңайына қойылыпты. Содан ол бұлақ Ақбура атанып қалыпты.
Осы күнгі Төлеби ауданындағы Қарақия ауылының тұрғыны Бұқарідін Ахметұлы (қазір марқұм) деген қариямен де Ақбура әулие жөнінде әңгімелескеніміз бар.
— Ақбура, — деді ол ақсақал, — қысы-жазы ылғи жалаңаяқ жүреді екен. Сонда ол ойылған табандарын малдың терісінен жасалған таспамен тігіп алатын көрінеді. Жыл сайын Құрбан айтта Тұзкенттен бір сисер, яғни сегіз пұт тұз алып, оны тісімен тістей көтерген бойда Йасыға жеткенде, алдынан Қожа Ақмет шығып: «Бурам келді, бурам» деп күтіп алады екен. Сол жерде Құран оқып, дұға жасайтын болған. Ертеректе Ақбура әулие Йасыдағы өтетін түрлі садақаларға ылғи тұз жеткізіп беріп тұрған.
Міне, ұрпақтан ұрпаққа өтіп, бізге жеткен Ақбура Ата туралы айтылатын әңгімелер осылай өрбиді. Қалай болғанда да шыдамды, қайратты, қара күштің иесі болған қасиеттеріне орай оны Ақбура деп атаса керек. Біздің ойымызша, мұндағы Ақ түбір сөзі — Һақ дегенге тура келеді. Һақ — шын, ақиқат дегенді білдіреді. Сонда Ақбура (Һақбура) — оның алпауыт күшіне қарай шын бураның өзі деген мағынаны танытса керек. 1991 жылы «Күйік» асыл тұқымды қой зауытының сол кездегі директоры Әліпбай Емқұловтың бастауымен. оны қариялардың қолдауымен Ақбура Атаға арналып екі бөлмелі кесене салынды. Бір бөлмесінде әулиенің қабірханасы болса, екінші бөлмеде шырақшы зиярат етушілермен бірге әруаққа бағыштап Құран оқиды. Әкелі-балалы Дәржан және Дастан Сақиев пен Сапар Есалиев үшеуінің қолымен өрілген бұл кесене өте көрнекті шықты. Бұл күнде қарт Қазығұрт тауындағы Ақбура Ата әулиенің басына түнеуге келушілер толастамай ағылуда. Ләйім, Атаның шапағаты тие берсін!
ШІЛТЕР АТА ҺАҚЫНДА
Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының тәуап қылып, зиярат ететін, сонау ескі қадім заманнан ұлық әулие болып саналатын қарт Қазығұрт тауының төңірегінде қасиетті орындар көп. Солардың бірі — Шілтер Ата әулие. Киелі таудың солтүстік тарабындағы биік жотаның бүйірінен орын тепкен нақ осы аталмыш әулиенің Ата тасы мен Ана тасы аспанмен таласқандай болып алыстан менмұндалап көз тартады. Әсілінде біз сөз етіп отырған әулие орынның аты — Шілтер Ата. Алайда бұл әулие жөніңде, оның атауы жайында басқашалау түсініктің белең алғанына біршама уақыт өтті. Ендігі жерде ол халыққа Ғайып ерен қырық шілтен деп жаңсақ танылып, атауы турасында өзіңдік қалыптасу кезеңін аяқтап отырғанға ұқсайды. Оған Сапарбай Парманқұлдың «Ақ жол Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған «Ата-тас пен Ана-тас» дейтін мақаласын оқып танысқанда, көз жеткізе түсетіндейсің. Өйткені, бұл мақаланы қаншама рет қайталап оқысаң да. оның ішінен әулиенің Шілтер Ата деген баиырғы атауын кездестіре алмай діңкелеп болдырасың. Қазак халқының қария сөздерінің айтуынша, төрт тараптағы мұсылман жұртына әйгілі әулиелер — Ғайып ерен қырық шілтен кәдімгідей тірі адамдар болып есептеледі. Ал. Шілтер Ата әулиені Ғайып ерен кырық шілтен деп тану — жаңсақтық болады. Шын мәнінде Шілтер әулиенің өзі жеке бір тұлға. Ғайып ерен қырық шілтен дейтін атауды иеленген тірі адамдар — одан өзге бөлекше әулиелер. Шежіре нәсапнама мен ауызекі тарихи әңгімелерді көп жинақтаған төлебилік Ереген Ағыбайұлының (1912 ж.т.) қолында сақталған «Әулиелердің баяны» деген көне қолжазбада: «Ақбура Ата Қаңлы еді, Шілтер Ата Үйсін еді», — делінген. Қамзабек Мықтыбекұлы өзінің «Қазанат» атты кітабында былай деп жазған: «Ғайып ерен қырық шілтен» — кәдімгі тірі адамдар. Жасы келгеннен кейін өледі. Тірі адам есебінен толықтырылады. Талап-тілектерге сай келсе, мұсылман болса, ұлтына қарамастан кез келген адам шілтен бола алады... ...«Ғайып ерен қырық шілтен» көне түрікше, аудармасы — «Ғайып болған қырық ер» деген мағына береді». Міне, Ғайып ерен қырық шілтен дегеніміз тірі адамдар һәм ұзынсаны қырықтан я кем емес, я артық емес әулие кісілер екен. Олар Шілтер Атаны ғана емес, киелі таудағы Қазығұрт Атаны да, Ақбура Атаны да, Көзді Атаны да, Мейрам Ананы да, Кемеқалғанды да, осылар секілді төрт тараптағы өзге әулиелердің барлығын да мекен тұрақ етіп, қасиетті орындардың киелілігін көтеруге септігін тигізіп, адамзат баласын желеп-жебеп жүр деп түсінгеніміз жөн. Түйіндей айтқанда, қарт Қазығұрттағы әулие орынның намы — Ғайып ерен қырық шілтен деп емес, байырғы есімімен Шілтер Ата деп аталуы керек.
ДОМАЛАҚ ПЕН КҮНДЕСТЕРІ
Домалақ Ана жайлы.ертегі де бар. Оның айтушысы — Қазығұрт ауданындағы Рабат елді мекенінің тұрғыны Тұрдыгүл Мақанбетқызы Тегісбайкеліні. Бұл кісінің анасы Ілескүл Әшірбайқызы (қазір марқұм) әңгімеге қатысып, ертегіні толықтырып отыруға септігін тигізді. Тұрдыгүлдің нағашы атасы Әшірбай Тұрсынбекұлы 1958 жылы 84 жасында дүниеден бәз кешіпті. Сол қария Домалақ ене женінде түрлі әпсаналарды айтып отыратын екен. Бұл ертегіні соның бір ұштығы десе де болатындай. Домалақтың екі күндесі болыпты. Халық оларды Ақдолы және Көкдолы деп атапты. Екеуі де тумаған екен. Сол себептен, ері Домалақты некелеп алыпты. Домалақ өте мейірімді, халыққа сондай жағымды болыпты. Өзі пәкене бойлы, денесі домалақтанған, қол саусақтарының буындары молақтау, етжеңді кісі екен. Екі күндесі еріне: «Домалақты ескі жұртқа тастап кет», — депті. Содан оны жұрт орнына тастап кетіпті. Кейін ері: «Домалақты көріп келейін», — десе, Ақдолы мен Кекдолы оған: «Түйеден түспей тез кері қайтқын», — депті. Ері солай етіпті. Екінші рет барса, Домалақ босанып қалыпты. Жақын жерде су жоқ екен. Домалақтың өзі шөкелеп отырып, толғатып, қатты қиналып, қолдарын, яғни алақаны мен саусақтарын жерге тірей босанған көрінеді. Сонда қолдарын тіреген орнынан, нақ сол жерден он саусаққа ұқсас бір өсімдік лайда болыпты. Бұл — өсіп шыққан кәдімгі патиссон еді. Жарық дүниеге келіп, жылап жатқан баланың өкшесі жерге тиген тұсынан су шығыпты. Әлгі патиссон судан өніп, көбейіп кетіпті. Ері түйеден түсіп, баланың кіндігін кесіп, суға жуындырып алыпты. Сөйтіп, Домалақ пен баласын түйеге мінгізіп, алып қайтыпты. Бұл әйелінен ері өсіп-өніпті, балалары көп болыпты. Ақдолы мен Көкдолы бір-бірімен ұрысып, жұлысып қала беріпті. Оларды бір-біріне жете алмасын деп үлкен дария судың екі жағына бөліп қойыпты. Сонда да олар ұрыстарын қоймай, судың екі бетінде отырып, бір-біріне ұмтылады екен. Ұмтылған кезінде Көкдолы суға түсіп кетіпті. Судың ішінде дарияны шайқап, теңізді толқындандырып, бұрқасынға айналдыратын долы жел — соның ашуы екен дейді. Құдай тағала өз құдірет күшімен Ақдолыны сүзеген желге айналдырып жіберіпті. Құйынға ұқсап үйіріліп, ол судан Көкдолыны іздейді екен деседі. Көкдолы ішінде, Ақдолы сыртыңда, екеуінің ашуынан суда жел пайда болып, сол себептен дария толқып, теңіз шайқалатын көрінеді. Домалақта емшілік қасиет бар екен. Оған адам ниет қылып барса, емі қонып, ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Көздіккен адамның басын уқаласа, оның сырқатын сылып алғандай бойы жеңілдеп сала беріпті. Балаларды да уқалап, сипалап, жауырынын жазып, түкіріп, кірнесін шығарыпты. Әйелдер босанғанда, туып болғаннан кейінгі келетін толғақ қиындау болады. Оны соңғы толғақ дейді. Домалақ ене босанған әйелдер үшін патиссонды дайындап, оны пісіріп, соңғы толғаққа қарсы беретін болыпты. Сонда оны жеген әйелге аталмыш толғақ аса қатерлі болмайды екен. Бұрынғы мама шешелеріміз патиссонды пайдаланатын болған. Сөйтіп, Домалақ ене өзінің емшілік қасиетімен ел ішінде әулие атаныпты.
МЕЙРАМ АНА ТУРАЛЫ
Мейрам Ана әулиенің шын әсілі аты — Мәһрам екен. Аңыз әпсананың айтуына қарағанда. ол Ақбура Атаның қарындасы болған көрінеді. Мәһрам көне Кәрі Сайрам кентінен Қазығұртқа қарай келе жатса керек. Тау бауырына жеткенде жолсоқты боп шаршап, әбден шөліркеп, жерге отыра кетіпті. Өзі жүкті, ай-күніне жеткен мезгіл екен. Айналаға көз салса, ел де, су да жоқ, үлкен-үлкен мұрын жон төбелер ғана көрінеді. Сол арада толғағы келіп, Мәһрам аман-есен босаныпты. Енді баланы шомылдырып, өзі де тазалануы керек. Әpі шөл қысып барады. Мәһрам не істерін білмей далбасалап, бір-екі бел асып көріпті. Су таба алмай әбден шарасы таусылып, уайымдап, нәрестенің шырылдай жылаған дауысына қарай кері қайтыпты. Мәһрамның көздерінен жас бұршақтай ағыпты. «Е, Аллаһ тағала, су бере гөр», — деп, шын ықыласымен жалбарыныпты. Сонда жылаған сәбидің жер тепкілеген өкше тұсынан мөлтілдеп су шыккан екен. Мәһрам Құдай тағаланың бұл құдіретіне тағзым етіп басын иеді Судан ішіп, шөлін басады. Су бірте-бірте тұзданып, әрі жылылау күйге түседі. Туған баланы шомылдыруға нақ осындай су лайықты еді Мәһрам баласын жуындырып, өзі де тазаланып алады. Мәһрам дүниеден өткен соң, оның сүйегі қайда қойылғаны белгісіз. Біреулер Ақбура маңайында жатыр деседі. Қалай болғанда да кейін келіп қоныс тепкен жергілікті халык Маһрамның қадамжай орнымен әлгі суды әулие тұтып, оны Мейрам Ана деп атап кетеді. Бұл күнде Қазығұрт тауы бауырындағы Ұйымшыл ауылының маңайынан жерді жарып, қайнап шығып жатқан Мейрам Ана бұлағының айналасына қаншама қара ағаштар мен талдар. тұттар мен алмалар секілді түрлі жеміс ағаштары отырғызылып, ну тоғай болып кеткен. Бұлақтың өзіндік бір ерекшелігі, қыстың қақаған аязында да судың төңірегінде қар жатпайды. Ауыл тұрғындары қаншалықты аяз жоғарылаған сайын соншалықты судың жылылығы да артып, тіпті қол күйдіретіндей ыстыққа жетеді деседі. Мәселен, Кеңесбай Исатайұлы: «Далада аяздаған адам сол суға түссе, жаны қалады. Ал, жазды кұндері көкөністерді суарса. тұздылығының арқасында күйдіріп, қуратып жібереді», — дейді. Көтермеген әйелдер әулие басына келіп, оған зиярат етіп. Аллаһ тағаладан перзент тілейді. Түйе күлден, жылқы жамалдатқаннан, сиыр қарасаннан, қой топалаңнан, ешкі кебенектен ылаңдап ауырса, оны айналдырып, ем қолданады. Мейрам Ана әулие суының емдік қасиеті де бар. Денеге шыққан түрлі жаралар мен қотырларға, асқазан ауруы тәрізді іш құрылысындағы сырқаттарға шипа. Мейрам Анадан кейін оның ері де дүниеден озыпты. Баласы жетім қалып, Қазығұрт бөктеріне келіп, осы арада көз жұмыпты. Оның қабірханасы қазіргі Абай ауылындағы Төрткүл төбенің алдында орын тепкен. Оны жергілікті халық «Жетім бала әулие» деседі. Аталмыш ауылда тұратын емші Бибі әже өзіне шипа іздеп келген сырқаттарды әулиеге апарып, оларды айналдырып. ем қолданады. Өзі талай жылдар бойы әулиені қоршап, күтіміне қарап келеді. Жетім бала әулиеге де көтермеген әйелдер, түрліше ауруларға ұшыраған науқастар зиярат етеді. Мал ылаңдап ауырса, айналдырып алады. Ауылдың жас жігіті Бердібай Бекболатұлы бір игілікті іс бастап, әулиеге арнап сағана салдырды.
МАЙҚЫ БИ — ҚАЗАҚ ШЕШЕНДІГІНІҢ ТӨЛБАСЫ
Түпкі тегіміз боп саналатын бабаларымыз сонау ескі қадім замандардың өзінде-ақ шешендікті өнер санаған. Тіл безеген ділмарларымыз ел арасындағы дау-шарларға төрелік, қазылық жасап, бітім билігін құрған. Сол уақытта елден ерек шыққан, төрт тарапқа әйгі боп атағы тараған би-шешендер даналық жолды. шешендік өнерді қоғамдық қару ретінде қолданған. Солардың бірі һәм бірегейі — әділ шешімдері арқылы жұрт көкейіндегісін дөп тауып, кесімді өкімдерімен ақиқат пен шындықты көксеушілердің мүддесіне сай келіп отырған Майқы би еді. Содан да оның есімі ғажайып аңыз әпсаналарға арқау болып, ел жадынан өшпей, шешендік сөздері де сақталынып, кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. XІІ ғасырдың ішінде түркі тілдес халықтарды құраған ру-тайпалардың барлығы бірге көшіп-қонып, араласып, өзара қатынасып жүргені тарихтан мәлім. Біздің сөз етіп отырған Майқы биіміз нақ осы ру-ұлыстық дәуірде жасаған тарихи тұлғамыз болатын. Ол өз уақытында керемет қасиеттерімен әйгі боп аты шыққан, бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ төбе биі, атақты шешені болған адам. Түпкі тегін қазбаласақ, Майқы би қазіргі қазақ қауымындағы Ұлы жүз ішінде аты сақталынып қалған Үйсін тайпа бірлестігінен өрбіп шыққан. Содан да оны қазақ шешендігінің төлбасы, көшбастаушысы деп танимыз.
Шежіре деректемелерінде Сіргелі Жылқыбай ақын назым қылып айтқан шежіре деректемесінде мынандай мәліметтер сыр болып шертілген:
«Төбе бидің түбір xamma төртеу ұлы;
Мекіре, Майқы, Қоғам дейді мұны.
Төртінші Құйылдыр деп аталады,
Шынжырлы шежіреде мұның шыны.
Қоғамнан Қаңлы халқы таралады,
Шығады Құйылдырдан Шанышқылы.
Халық, боп Нұр тауында Қырық пан Жұз,
Таралар Мөкіреден мұның ұлы.
Майқыдан көп Бақтияр жалпы жатқан,
Уақытында шықты не ерлер баһадүрі.
Екі арыс Ойсын, Үйсін Бақтиярдан,
Бұл жұрттан шықты қанша жақсылар һәм».
Ш. Уәлихановтың «Ұлы жүз қазақтарының ертегілері мен аңыздары» атты еңбегінде де Қоғамнан қаңлылардың, Құйылдырдан қатағандардың (Қатаған — Шанышқылының арғы тегі), Майқыдан Үйсін абақтардың тарайтыны айтылған. Шоқан жазып алған шежіре деректемесінде былай делінген: «Ұлы жүз (Үлкен Орда) үйсіндері ұрпақтарының шыққан тегінің ру басы ретінде олар белгісіз бір Төбей деген кісіні атайды. Ол Майқыға дейін көп уақыт бұрын өмір сүрген. Аңыз бойынша, Төбейдің төрт ұлы болған: Құйылдыр, Мекірен, Майқы және Қоғам. Құйылдырдан қатағандар тараған. Кейін олар жаңа халық өзбектердің ішінде басты руы болып, соның құрамына кіріккен. Мекіреннен тарағандар... Майқыдан үйсіндер. Қоғам — қаңлылардың ру басы, арғы тегі... Майқының әулеті жинақы есіммен Абақ деп аталынады... Бүкіл Ұлы жүзге Үйсін аты берілген болса, ол көбінесе тікелей Үйсіндерге қолданылады... Орда (жүз) ішінде тараған аңыз әңгімелерінде, олар монғолдарға дейін жеке халық болған. Үйсіндердің Майқы биі Шыңғысты хаңдыққа сайлау жиынына қатынасқан» (ІВалиханов Ч., Собрание сочинений в пяти томах. Том первый. Алма-Ата. 1985. с. 274-275). Майқының өмір сүрген заманында оның өзі шығарған әр қилы нақыл сөз үлгілері, даналық маржандары ел арасына кең тараған. Оның болашақты бағдарлап айтқан болжамдары уақыт өтуімен бірге көріпкелді әулиенің сәуегейлігіндей тура шығып, шындыкқа айналғанына көз жетіп үлгерген. Сондай-ақ Майқы би халқымыздың ертеден келе жатқан ғұрып-ғадеттері мен жол-жоралғыларының негізінде тұңғыш рет заң ережелерін түзіп, қази (қазы) атанған, көзінің тірісінде-ақ мұқым алты Алаштың үрім-ұрпағы асылындай қадір тұтқан теңдесі жоқ ардағымыз еді. Оңтүстік Қазақстан облысына карасты Төлеби ауданындағы Зертас ауылының тұрғыны Ереген Ағыбайұлы тарих пен шежірені көп жинаған адам. Ол ақсақал Майқы жайында былайша әңгімелейді: «Бұрынғы кәрі құлақ шежірешілер «Сөз иесі — Майқы болған», — деп, айтып отырушы еді. «Түгел сөздің түбі бір түп атасы — Майқы би» деген мақал сөз содан қалыпты. Және тағы да «Жер иесі — Майқы болған» — деуші еді. Қазіргі Астрахан төңірегінен сонау Алтайға дейінгі жер қаншама уәлаятқа бөлінсе, солардың барлығына Майқы ие болып, билік жасапты. Тағы да: «Заң иесі — Майқы болған», — дейтін. Бұл кісі тек төрелік, билік жасап қоймаған, жарғы-заңдар шығарып, қази атағын алған. Ілгергі уақытта заң ережелерін шығарушы және ғұмыр жолында сол жарғы-заңдарды тікелей өзі қолданып, іске асырушы адамды қази деп атаған».
Майқы қазы-ак Тарихи әдебиетте «қазақ» атауының (этнонимінің) шығу тарихы мен мән мағынасын «қази-ақ» (яки «қазы-ақ») деген сөз ұғымымен байланыстыра баяндайтын дерек көздері кездесіп отырады. Оның аңыздық желіде Майқы би атына қатысты айтылатын нұсқасы да бар. Онда былай делінген: «Ерте заманда осы кезде қазақпыз деп жүрген көптеген рулар бір шеті анау Бұқара, Хорезм, Қарақалпақ, бір қанаты Еділ, Жайық, Кереку, Баянауыл, бір жағы қазіргі Қытайға дейін еркін көшіп, қонып жүреді. Барлық рулардың өз алдына басқарған билері болады екен. Бірақ сол билердің ішінде барлығын бағындыратын төбе биі Майқы болыпты. Рулар арасындағы ала ауыздық, тәртіпсіздіктің барлығы Майқы шығарған, ауыздан ауызға тарап, 6үкіл елдің барлық адамдарына жад болған заңдар арқылы жазаланады екен. Әрине, Майқының ол заңдарын өз заманында 6үкіл ел жатқа білгенмен, бізге олар түгел жеткен жоқ... Сол заманда Майқы басқарған халықтың бір пысық жігіті ел жұмысымен қазақ руларына көрші хандардың біреуінің ордасына барыпты. Әңгіме үстінде ханның бас уәзірі Майқы елінің жігітіне мынандай сұрақ қояды: «Осы кең далада көшіп жүрген көп рулар сондай ұйымшыл, тәртіпті, соншама көп халық бола тұрса да өзара жанжалы сезілмейді. Мұндай төртіп қалай орнатылған, қандай заңдарың бар?» — деп сұрайды. Сонда Майқы елінің жігіті: «Еліміз көп рулы, барлық ру адамдарының ғұрып-ғадеті бір, әр рудың өз алдына билері бар, бірақ сол билердің барлығы еліміздегі билердің биі — төбе биге бағынады. Ол — Майқы би. Оның бүкіл еліміз бұлжытпай орындайтын заңдары бар, ол заңды еліміздің барлық адамдары жатқа біледі, бұл заңнан ешкім бұлтара алмайды», — деп, Майқы заңдарының жобасын баяндап береді. Сонда Ордада отырған хан: «Апырмай, қазыларың қазы-ақ екен», — дейді. Сол уақыттан бастап Майқыны жұрт «қазы-ақ» деп, бері келе «қазақ» деп, бірте-бірте Майқы басқарған рулардың барлығын қазақ дейтін болады. Майқы бидің әділдігіне ешкім шек келтірмейді, сондықтан да осы күнге дейін ол жөнінде «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» дейді бүкіл қазақ халқы» (2. Жазып алушысы: Қ.Есжанов. Айтушысы: Абықай Оразов. «Түгел сөздің түбі бір...» «Оңтүстік Қазақстан» кәзиті, N161, 15-тамыз, 1970 жыл, 3-бет).
Шыңғыс хан заманында Филология ғылымдарының кандидаты Құлмат Өмірәлиевтің «Ата тарихымызға үңілсек...» атты зерттеуінде 1820 жылы Қазанда баспадан шыққан «Axвал Чыңыз хан уа Ақсақ Темүр» деген кітаптан тарихи дерек көздері алынып берілген. Бұл мәліметке қарағанда, Шыңғыстың уақытында, яғни XІІІ ғасырдың басында оны хан деп тануға Жетісудан он би барыпты. «Олар әуелі Үйсін Майқы би, Қалдар би, Ордаш би, Қыпшақ би, Тамбан би, Керейт би, Бортақ би, Темүр Құтлы би, Мутбан (не Мгйтен) би, Таңғут би» (3. Өмірәлиев Қ. «Ата тарихымызға үңілсек...» «Жалын» жорналы, N5, 1985, 114-бет) екен. Тағы да Қ.Өмірәлиев былай дейді: «Міне, осы он би Шыңғыс ханмен одақ жасаған он тайпаның өкілдері еді. Ал өзге төрт би «өзіміздің ханымыз бар» деп бармады. Олар: Қоңырат би, Қытай би, Селжүт би, Қият би еді» (3. 114-115 беттер). Қазақ кеңес энциклопедиясында Майқы би туралы былай деп жазылған: «Майқы би, Байқы, Байки, Байку (т.ө.ж. белгісіз) — XІІ ғасырдың соңы — XІІІ ғасьрдың бірінші ширегінде өмір сүрген атақты би, шешен. Билік, шешендік сөз өнерімен бүкіл қазақ қауымы арасында атағы шыққан. Абайдың айтуына қарағанда, Майқы би — Шыңғысты хан көтерген 12 бидің бірі... Парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты шығармасында (қошындық Байку деген атпен) Майқы бидің Шыңғыс ханның ел басқару ісіне көмектесіп, ақылшы, жорықтарға шыққанда орнына қалдыратын биі болған, XІІІ ғасырда Жошы ханның батысқа жасаған жорығында монғол әскерінің оң қанатын басқарғаны айтылады...» (4. «Қазақ кеңес энциклопедиясы». 7-том. Алматы. 1975. 383-бет). Шыңғыс ханмен одақтасқанға дейін Майқы би түркі тілдес қауымдар мен ұлыстардың басын құрап, билік құрып, оларды өзі шығарған заң ережелерімен басқарып келгенге ұқсайды. «Ахвал Чыңыз хан уа Ақсақ Темүр» атты кітапта баяндалған деректерге сүйенсек, Шыңғыс хан он төрт биге атақ белгі етіп, ескі салтпен «ағаш». «құс», «ұран», «тамға» үлестіріпті. Олардың көшбастаушысы Майқы би болған көрінеді.
Майкы казидың заңдары Майқының шығарған заңдары ғасырлар қойнауынан бізге түгел жеткен жоқ. Ел арасында ауызша айтылып жүрген ол заңдар бірте-бірте жадтан шығып, ұмытылып кеткен. «Сонда да елден елге, ауыздан ауызға көшкен бұл заңдардың кейбіреулерін көне көз, кәрі құлақ адамдар сақтаған. Мысалы, мынадай заңдары болыпты. Майқы басқарған елде бірте-бірте ұрлық жойылыпты, өйткені ұрлық жөнінде Майқы:
«Қой ұрлаған қос есе,
Түйе ұрлаған төрт есе,
Бие ұрлаған бес есе», — төлеу төлейтін тәртіп жүргізіпті.
Ұрыға ағайын жағынан да тыйым салуды көздеп.
«Ұрлық қылса біреуің,
Ағайын көтер төлеуін», —
деген жүйе шығарыпты. .
Ел ішінде ұрыс-төбелес, бірін-бірі зәбірлеу де кем болыпты, өиткені жанжалдың ақыры мынандай жазаға апарады екен:
«Оң қол сынса — отыз кой,
Оң көз шыкса — қырык
Сол қол меннен сол көздің
Он қойы кем — біліп қой!»
Ал ел арасында жеке кісілер кездейсоқ апатқа ұшыраса, оның орнын ел болып толтырады екен. Бұл жөнінде.
«Ерге келген жұт —
Елге келген жүк», —
деген сөз заң күшіне еніпті» (2. 3-бет).
Майқы би қайда жерленген?
Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында Майқы би жайында айтылған. Нақ осы дерек көздеріне қарағанда, бабамыздың қабірханасының орны белгісіз екен. Бұл жайында «Қазығұрт» энциклопедиясында былай делінген: «Қазыбек бек кітабының көрсетуі бойынша «Майқы би сексен тоғыз жасында өткен» ғұмырын Алатаудың бауырында — Лабаста, Шуаста, Таласта, Шымбаста өткізіпті. Өлерінде Қазығұртты мекендепті. Аныт - қабыр қалмаған» (58-бет), — деп жазылған кітапта. Әрине, қабырының қайда екені белгісіз болғаны өкінішті, дегенмен өзі қорғаған қасиетті Қазығұртты өмірімен қоштасар шағындағы мекені етіп таңдауында да сыр жатыр емес пе?» (5.«Қазығұрт». Энциклопедия Алматы. «Тоғанай Т» баспасы. 2002. 478-бет). Майқы бабамыздың сүйегі сонау қиырдағы Самарқанға қойылған екен. Ол дәуірде қадірлі адамдарды Самарқанға жерлеу рәсімі болған көрінеді. Түркістандық Әбубәкір қарының атасы (әкесі) Айтжан Ергөбекұлының жазып қалдырған «Шежіре тарих баяны» атты нәсапнамасында Майқы бидің жатқан жері жайында былай деп жазылған: «Түмен Алаш түбі бір, түп атасы — Майқы би», — деген сөз бар. Майқы би заманында сөзге үлгілі шебер болғандықтан қазақ арасында жақсы мақал, меһірі шафһат жақындық, туғандық, әділдік, туралық сол кісіден қалған. Майқы бидің қабірі Самарқанда уа қойылған тас уа өлген тарихы бар. Ата-бабаларының намы бар рәһмәтүлләһе әләйһе». Майқы қазидың шығарған жарғы-заңдары мен тәртіп- ережелерінің көлшілігі Шыңғыс ханның «Ясасына» түпкі негіз болғаны тарихи шындық. Ол заңдар кезінде алты Алаштың үрім ұрпағының дұрыс қалыптасуына елеулі әсер еткеніне де күмән тумаса керек. Түйіндей айтқаңда, Майқы баба өзінің уақытында даналық, шешендік сөздері һәм істерімен мамыршылық заманның орнауына себепші болған.
МАЙҚЫ БИ, АЯЗ БИ ЖӨНЕ ҚҰМЫРСҚА БИ ТУРАЛЫ
«Майқы би елді билер арқылы басқарған. Содан қалған хан, би жоралғысы бүгінге дейін келе жатыр... Майқының ғаділдігі, қара қылды кақ жаратын тазалығы, ойласпай, ақылдаспай іс қылмайтыны, сондықтан да Майқы көз жұмғанша бір ру қыңқ демей, байқұтшылықта тұруы көрші қызылбастарды, қытайларды, сол кезде жаңа бас көтеріп келе жатқан Жоңғар қалмақтарын қатты іш жиғызған... Майқы төңірегінде дана адамдар көп болған. Соның екеуі Әндір, Мәді деген ағайынды жігіттер (Азық жұртынан) аспан ғаламының тілін жақсы білетін. Қай жұлдыз, қай жерге барғанда мал оңалады, қай жұлдыз қалай айналғанда мал қырылады, Зуһра жұлдызы қай уақта аспанның қай жеріне барғанда ұрыс болады, соғыс қай бағыттан болады, қай елдің патшасы өліп, орнына кім келеді, осының һәммасын олар тізіп айтып отырады. Осылардан ғақыл ала отырып, Майқы би өз көшін түзеп, бартал тартады екен. Жауырыншы, құмалақшы, балгерлер де Майқы төңірегінен көп табылады екен. Майқы би Мәді мен Әндірді ерекше ардақтайтын болған. Өйткені, тумысынан артық жаралған жандарға қатты құрмет көрсетіп, өзінің ең ардақты, өте ғаділ биі Аяз Жаман баласының қасынан орын береді. Ордаға аптасына бір шақырылып тұратын ағайынды екі жігіт келгенде, Майқы олардың сүдінін, аузын бағады Бір күні Мәді айтыпты:
— Би, артыңда қалың ұрпағың қалады, артыңда көп сөз қалады, жазылған тауарих болмайды. Сонда да бүкіл жұртың сені күнде біреуі еске алып отыратын болады. Сенің сөзің күнде аузынан түспейтін болады, — депті. Оған Әндір былай деп қосып айтыпты:
— Би, біз осыны айтып отырғанда, өзің де ұрпағыңның ұсақтайтынын, бет- жүзінің өзгеретінін. өзін-өзі құртуға таяйтынын біліп отырсың. Сенің жұлдызың: «Майқы өзі біліп отыр», — дейді. Біз аспан шолып, жұрттың шаруасы күйзелмеуін қарайық та, басқасын, адам болашағын бізден өзің абзал аңғарасың
— Аяз би, сен де ұмытылмайсың, — депті Мәді қосарланып, — сенің істерің де үрім-бұтағыңа жария болады. Құмырсқа, сенен із қалмайды.
Майқының Аяз, Құмырсқа деген екі биі де ғақыл иесі адамдар екен. Бұлар қазылық құрудан гөрі елшілік-жаушылық жасаумен көп айналысыпты. Екі биіне Майқы ерік берген деседі. Бірде осындайды пайдаланып, Майқы сөйлеп отырғанда екі би тәртіпті мансұқ етіп, Майқы алдын кес-кестей берген. Сонда Майқы:
— Билер, бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ғакылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ,
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би. басарсың шоқ.
Аяз би, әліңді біл,
Қажмырза, жолыңды біл! — депті. Міне мәтел осыдан қалыпты. Аязды Майқы бір топта сөйлеген сөзінен танып алған екен Ол Майқы үмітін ақтаған ғаділ де, елге жайлы да би болыпты Майқы анда-санда екі биге кірафыт жасап, мейманасы тасып, жұртты ұмытып кетпесін деп, менменсініп көкіректенбесін деп, ауық-ауық ел арасына айлап жіберіп алып отырады екен. Oл заманда Майқы кол астына қараған елге билеушіні бұрынғылар сияқты өз тұқымынан жіберіп отырмапты. Әрбір уәлаятты, әр руды, ар ұлысты өздерінен шыққан, мойны озған, сөйлесе сөзі бар, көрсе көзі бар адамдардан таңдапты. Соларға өз сұлыбынан шыққандарды басқартыпты... Майқы бабамыздан мынандай даналық қалған. Ол күні бүгінге дейін ел арасында айтылып келеді
- Қас батырда ұйқы жоқ.
Қас сұлуда күлкі жоқ,
Күлкі қайдан болады?
Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ.
Тамағыңнан жақын жоқ,
Майқыдан өткен ақын жоқ.
Мамада атың болмаса,
Еркегінде тақым жоқ.
Серікке сенсең секемсіз,
Шын көңілде сақын жоқ.
Еттің бәрі қазы болмас,
Иттің бәрі тазы болмас.
Өзі қатты сараңдардың
Ешкімге айтар назы болмас.
Келіні кеу кемпір-шалдың
Көрер күні жазы болмас.
Жекжат берер бекер пұлдың
Көбі менен азы болмас.
Құлақ жарар шіңкіл әуен,
Тыңлағандай сазы болмас.
Ұрыс көрген ұл мен қыздың
Мінезінің мәні болмас.
Еттің бәрі жал болмайды,
Бар сөз білген сал болмайды.
Күйгелектің тез күні өтер,
Ол қартайып шал болмайды.
Жапырақ жайған қызыл мия,
Саялайтын тал болмайды.
Қара көже күбідегі
Ас болады, бал болмайды.
Түйе түлік шыдамы мол,
Бір шөккен соң мал болмайды.
Науқас билеп кеткеннен соң
Шал-шауқанда әл болмайды.
Тұрған іркіт тамақ қырнар,
Тамақ болар, мал болмайды.
Ғақылы асқан зейінді ұл,
Басына іс түссе ботпан,
Тәсіл табар, дал болмайды.
Қойдан қойдың несі артық?
Қос табақтық еті артық.
Қардан қардың несі артық?
Жылтыраған беті артық.
Маннан манның несі артық?
Бірі — алпауыт, бір шартық.
Аттан аттың несі артық?
Адымдап басқан ізі артық.
Қыздан қыздың несі артық?
Қылмыңдаған көзі артық.
Ерден ердің несі артық?
Ептел айтқан сөзі артық.
Пұлдан пұлдың несі артық?
Тозғанда шұлғау, тозы артық.
Екі лақтан бір тоқты,
Шікірәдан қозы артық.
Жыпырлаған жұлдыздан
Жартыкеш болса да ай артық.
Биік-биік жотадан,
Су сыйлайтын сай артық.
Митыңдаған есектен
Күзелген бөдіс тай артық.
Қисусан салған ұлпадан,
Бір-ақ уыс жүн артық.
Тіршілік берген һәммеге,
Барлығынан күн артық.
Адам бақсаң, атаң бақ,
Көз жұмар сапар аттанып.
Сөз білген атаң ата-ақ,
Айтқаны қалар жатталып.
Түйе бақсаң, атан бак.
Атаның туар айында.
Бие туар жылында.
Салмай жортқан жігіттен,
Салмай құлындаған бие артық.
Жүргенде шөп тілемес,
Тілесе де көл тілемес.
Атыңнан атан түйе артық.
Сулы жерді таңдамас,
Алма, өріктен шие артық.
Ексең балам, ағаш ек,
Жеті жасар бала асырамайды,
Жеті жылғы ағаш асырайды...
Конаққа асла жауырын,
Таңлап бергей тәуірін.
Билаз сөйле кеткенде,
Сипал жібер сауырын.
Жілік жесең біреуден,
Сақта оған жамбасты.
Басыңа іс түскенде,
Жамбастан ол танбас-ты.
Болмаса егер албасты.
Қонақ қойдан жуас-ты,
Май берсең де жей берер,
Жекжатыңнан тай сұра,
Ең болмаса қой берер.
Майға шылқа өзіңді,
Күнде тойсаң бөлерсің.
Аптада бір тоймасаң,
Тоңқалаң асып өлерсің.
Тыныштық бер балаға,
Қазымыр болма, шал болсаң.
Көз шырымын алған жөн,
Ғақылың кетіп дал болсаң.
Шаруадан тыс қаларсың,
Бәрің бірдей сал болсаң.
Ақымақтық істей бер,
Ғақылың жоқ мал болсаң.
Ардақтамас соқақты,
Салар ол саған қоқақты,
Түбінде тыныш жатпайды,
Дайында ұрпақты.
Ұйғыр деген ел болар,
Пұлың болса бел болар,
Алдыңда малың тұрғанда
Берер болар, көл болар.
Көгенің кетсе есіктен,
Қайырың қылған сел болар.
Көрдім талай қытайды,
Көңілім одан жұтайды,
Іші-тысы қараңғы,
Жымиып тұрып тұтайды.
Құтылған соң шүршіттен,
Сонан соң барып мал-жаным
Байыды, байсал құтайды.
Тағы бір жағым тор болар,
Көргенің одан сор болар.
Үндемей үңгір ішіңді,
Көз жасың сонда сорғалар.
Таңғұт түбі — шын болар,
Көрер күнге сын болар,
Кісесінде жасырған
Қайраулы пышақ, қын болар.
Айналамыз тау болар,
Алма, өрік бау болар,
Жылмаңдап бәрі жүргенмен,
Ертеңгі күні Үйсінге
Осының бәрі жау болар.
Баршылық болса мал-жаның,
Көп ағайын көре алмас.
Жоқ болса егер өзіңде,
Туысқаның бере алмас.
Танысаң қара егерде.
Оқи білсең, хат жақсы.
Жыласқанға өз жақсы.
Сыйласқанға жат жақсы.
Қара жаяу қалғаннан
Жаман да болса ат жақсы.
Жауға салма жалғызды,
Тұқымы құрып кетер-ді.
Жаман болса қыз балаң,
Жеті атаңа жетер-ді.
Қатының жаман болса егер,
Қонағың сыйлы кетер-ді.
Келінің жаман болса ше?
Астынан танау міңгірлеп,
Күңкілмен күнің өтер-ді.
Ұл жаман болса ұрыншақ,
Сүргенің өмір бекер-ді
Жаман айғыр қашанда
Жатырына шабады.
Иттің - дағы тегі бар,
Тексіз болса ол шіркін
Иесін де қабады.
Жақынның бәрін жатсынған
Туысқан қайдан табады?
Туысқан қайдан табады?!...
Майқы билік құрып отырып, қалғып кетіпті. Жанындағы билердің бірі мұны ұят көріп, Майқы ұйқысынан сергісін деп, тамағын кенеп жөткерініпті. Сонда көзін ашып алған Майқы:
— Қап, шіркін-ай аяғын біле алмай қалдым-ау! — депті. Қасыңдағы дүбірлері мен нөкерлері, билер оның түрі кетіп, түсі қашқанынан шошып, үңдей алмапты. Сөзді өзі бастап, әрі қарай жалғап кеткен деседі: — Көзі қысық, тісі қисық түстіктегі жаудан, көзі шегір, өзі жемір жаудан үрім-бұтақ, зау-затым көп қорлык көріп, көп азап шегеді екен. Тілін де, дінін де құртады екен. Аяғын біле алмай қалғанымды көрдіңдер ме?!. Ұрпағымның керегесі сөгіліп, көз жасы төгіліп, жігері құм болып, үгіліп, уығы қаламынан қарс айрылып, шаңырағы шарт кетіп шайқалатын кез болады екен. Ұрпағым ынжықтық көрсетіп, мына маған жағын жара алмай отырған сендерше, оның айтқанына көніп, айдауына жүріп, зорлығына, қорлығына мөнді-мөнді деп, ұзақ уақыт соның табанында таусылады екен. Әттең шіркін, аяғын көргенімде, шаңырағы шайқалмауының амалын осы бастан іздестіретін едім. Біреуің тамағыңды кенеп, біреуің біреуіңді шенеп, жөтелдің бе-ей, жөткеріндің бе-ай, сәл сыбырламадыңдар. Мажалы алғашқы бағыну-жағынуды. шағынуды да өз тұқымымыз бастайды екен. Көзі шегір, өзі жемір. жүн бас, талқаяқ. жегені жалқаяқ жұрт елдің батысынан
келеді екен. Әттең...
Майқы таққа (әсілі төбе билікке — Е.Қ.) отырғаннан кейін он үш жыл өткенде, тағы бір таңғажайып оқиға болған. Таң азаннан шабарман жіберіп, Аяз биді жылы төсегінен тұрғызып, Ордаға алғызып, оған қысқа-қысқа жарлық беріпті.
— Әміріңізге құлдық! — депті Аяз би.
— Әмір ғаскерге, — депті.
— Майқы, — кешке дейін осы төңіректің атқа бұтын артатын бар адамын, күндік, түндік жердегінің һәмме ат ұстарын атқа қондыр. Әр қайсысының қолында ұзын-ұзын сырық болсын. Ертең таңертеңмен Шымбастың Қазығұрт бауырында тұратын болсын!
— Майқы басқа сөз айтпапты.
— Басқасын кешке түсінесің!
Түс ауа бергенде ... түстік шекарадан шапқыншы келген. Жасанған жиырма мың қол Ор тауда тұрған. Кешке қарай қасында жүздей жасағы бар Қызылбас елшісі Нөшір келген. Оны сол кезде парсылардың өз ішінде болған қиын-қыстау соғыста Артабанды жеңген Сасан патшасы Зиядин жіберген... Нөшірді Майқы түнімен әбден сыйлайды, ол парсылар өкімдігін тыңдаса, маған сөзсіз бағынсын, әйтпесе қанға бояп бағындырамын дейтін көрінеді. Таңертең тұрған елшіні Майқы: «Қазығұрттың төбесіне шығып, біздің елдің жайын көре кетіңіз, ақыр бағындыратын болсаңыздар, көргеніңіз жөн ғой», — дейді. Майқы мен елші Нөшір Қазығұрттың төбесіне шығады. Нақ төбеге шыққанда, Нөшірдің түсі қашып кетеді. Қазығұрттың арғы жағында, шығыс бауырында көз жетер жерге дейін қаптаған қол, бәрі қару асынған, соғысуға дайын, бәрінің қолында қарағай найза, жер қайысады. Майқы: «Патшаңызға сәлем айта барыңыз», — дегеннен басқа тіл қатпайды.
...Міне, Майқы осындай мәмілелі, мәймөңке, өте тапқыр кісі болыпты... Майқы бабамыз ... сексен тоғыз жасында дүние салыпты. Ғұмырын Алатаудың бауырында — Лабаста, Шуаста, Таласта, Шымбаста өткізіпті. Өлерінде Қазығұртты мекендепті. Аныт-қабыр қалмаған». Шапырашты Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабынан алынды.
МОШҚАЛ БОЛЫС
Қазақтың Шегір руындағы Айт әулетінен өрбіп шыққан Тоқтамыс бабадан екі бала қалыпты. Үлкені — Мошқал, кішісі — Нұрлыбек. Мошқал 1854 жылы қазіргі Қазығұрт ауданындағы Жігірген ауыл округіне қарасты Қызылбұлақ (бұрынғы Ұя) елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Тоқтамыс орта шаруа болған адам. Анасы Фатима ер мінезді, шешен тілді, қасы-көзі қиылған сұлу, келбетті әйел болыпты. Шегірлердің түпкі ата қонысы Главасайда Әкімбек датқа өмірден өткен соң, сол арадағы көргенді кісілер: «Бізден дәулет құсы көтеріліп кетті. Ол Ұядағы туыстарға бақ болып қонды», — депті. Сонда әлгі бақыт құсы Ұядағы атақты Дом бидің шөбересі, енді ғана 40 жасқа толған Мошқалға қоныпты. Содан оған дау-шарларға төрешілдік ету қасиеті дарыпты. Келесі жылында оны Қазығұрт өңіріндегі жеті болыстың бірі етіп сайлапты. Мошқал әуел баста кембағал болыпты. Жеті болыстың біреуінен теңге алыпты. Содан дәулет біткен екен. Бір ғажабы, әлгі болыстың қарамағындағы жерлердің барлығы Мошқалдың еншісіне өтіпті. Сөйтіп, таудағы Ақбастау, Ақтам, Көмірлі, Ордақонған, Ақбұрқан, Құржайлау, Ақтас, Жамбасымен бірге бәріне ие болып, өгізбен жер жыртып, егін еккен. Байлыққа, дәулет маңдай терімен жеткен. Тағы бір әңгімеде былай дейді: «Мошқал мен Нұрлыбек Сауапта тары еккен. Бастырып, енді суырайын дел барса, тарының үстінде бір аппақ жылан оралып жатыр екен. Мошқал дереу анасына айтыпты. Анасы Фатима: «Бұл — жақсылықтың нышаны» деп, жұртқа Құдайы ауқат таратып жіберіпті. Сонда жиырма қаптай шығады деген тарысы таусылмай, берекет дарып кетіпті». Үш рет Меккеге, қажылыққа сапар жасаған. Ол арада өз қаржысына мешіт салдырған.
Ресей патшасы Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына қатысқан. Әсілінде Мошқал болыс Ұяның қарсы бетінде Әулие тасты қоныс еткен. Тұрбат елді мекеніндегі Ысмайыл Ата әулиенің кесенесін қайта өңдеп күрделі жөндеуден өткізген. Ашаршылық кезінде барын төгіп, халыққа қарасқан. Сауаптың үстіндегі Қоғалыда Мошқалдың бидай қамбасы болған. Бүгінде оның орны жатыр. Оның егіп қалдырған бауы Сауапта әлі күнге дейін сақталған. Нешеме дау-шарлардын шешімін табуға ықпал етіп, талай кембағалдың ақысын жегізбей, сауап іс жасаған. Мошқалдың Балташ, Балғабай, Айтбай, Бөрте, Үсіпбай, Мәулен, Тағай атты жеті ұлы мен екі қызы болған. Бабамыз 1917 жылы 63 жасында дүниеден өткен. Оның Балташы мен Балғабайы Главасайда жатыр. Анасы Фатима, Мошқалдың өзі және бес баласы Ысмайыл Ата мазаратында бір жерге қойылған. Басына жай салынған. Ел аузында Мошқал болыстың керемет қасиеттері жайында көп әңгімелер сақталған. Оларды жинақтап, жүйелеп, халыққа ұсынса, оның үлкен тарбиелік, тағылымдық мәні зор дүние болып шығар еді. Үстіміздегі жылы бабаның туған ауылындағы Қызылбұлақтың үлкен көшесіне Мошқал Тоқтамысұлының аты берілді. Ол баба жайында Уәлихан Сүлейменұлының «Шегір (Өтей) ұрпағы» кітабында айтылған. Біздің нақты есебіміз бойынша, бүгінде Мошқалдан 50 түтін, інісі Нұрлыбектен 42 түтін өрбіп, өсіп-өніп отыр.
ҚАЗАНҚАП АҚЫН
Өзінің ғұмырлық тіршілігінде халық арасында ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа өтіп келген ел әдебиетімен сусындап, оны кейінгі буынға жеткізіп отырған ақын-жыршылар Оңтүстік өңіріндегі Қаратау мен Қазықұрт бойынан көп тарап шыққан. Осы сөз зергерлерінің қайсы біреулері жадында сақтап айту өнерімен шектеліп қалмай, өз дәуірінің көкейкесті өзекті мәселелерін сөз қылған болса, енді біреулері халық даналығынан туған нақыл сөздерді іріктеп, оларды саралап, талдап, өмірлік тұтынуға қажеттілерін жаңарта қолданып, соңына мол үлгі өсиеттер, насихаттар қалдырған. Олардың ішінде, шығыс хикаялары мен ел аңыздарынан оқиға желісін алып, «назирагөйлік» дәстүрінде көптеген қисса-дастандар жаратқан жырау ақындар да, үлкен топ жиындарда өзге әріптесімен сөз сайысына түсіп, айтыс үстінде өзінің суырып салмалық өнерін танытқан, сөйтіп, бойына біткен қасиетін басқаларға мойындатқан ақпа-төкпе майталман жүйріктер де болды. Ілгергі уақытта Оңтүстіктегі «басында Нұһ пайғамбардың кемесі қалған» деп аңыз ететін қос өркешті Қазықұрт тауының жағрапиялық орналасқан қалпына байланысты, бергі жағы Қосмола шоқысы тарапынан арғы жағы Масат өзенінің айналасына дейінгі жерлерді жайлаған жұртты бабаларымыз Төс елі деп атаған. Сол Төс елінен халық поэзиясы өкілдерінің бірі, тарихи жырлардың жүйрігі, дастаншы жырау ақын Қазанқап Байболұлы шыққан еді. Қазанқап осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Ұзынарық елді мекенінде (бұрынғы Түркістан генерал - губернаторлығы, Сырдария облысы, Шымкент (Черняев) уезіндегі Бадам болысының «Бесбала» ауылында), дәлірек айтқанда, Оңтүстік Алатаудың төріндегі Сарыбұлақ жайлауында 1891-інші қоян жылы туған. Оның әкесі Байбол өз еңбегіне арқа сүйеген. шаруа баққан, момын, қарапайым жан екен. Ал, шешесі Бегімжан сөзге шешен, ер мінезді, өткір, ақынжанды адам болыпты. Байболдың жұбайы Бегімжан әуелде Тұрымтай, Жәудір және Ұлтуар атты үш қыз тапқан. Одан кейінгі туған перзенттері шетінеп, тұрақтамай қойыпты. Байбол мен Бегімжан екеуі ұл бала көруге зарығып, олар енді шынымен-ақ ізсіз қалатын болдық па деген уайымға батып, көршілес «Қарасора» (қазіргі Кеңесарық) ауылының тұрғыны Бекасыл молдаға көрінген. Соның үш күндік демін қабылдаған. Соңында тұмарын жаздырып алған. Не керек, ерлі-зайыптыларға Бекасыл қолданған демнің шарапатыға тиген. Көп кешікпей Байболдың жұбайы тағы да құрсақ көтерген. Содан «Бесбала» ауылы көшіп барып, Сарыбұлақ деген жайлауда отырғанда, Бегімжан ана босанып, ұл табады. Сол уақытта ерлі-зайыптылардың қуанышында шек болмайды. Олар: «Жаратқан ием, осы баланың амандығын, өмірін бере гөр» — деп, арман тілегін айта-айта нәрестені көтерген бойда апарып, белдің арғы бетіндегі Жергентал жайлауын қоныс еткен Бекасыл молданың етегіне орайды. Бекасыл Биболатұлы (1821-1914) жұлдызшылық өнерді меңгерген, өз кезіндегі ілім-білімге жетік, тәпсірлер жазатын әдеті бар, ауызы дуалы, айрықша ғұлама болған кіcі екен. Ол төрт тараптағы мұсылман баласына емшілік касиетімен, әсіресе, жын-перілерді қайтарып оқитын қасидахандығымен әйгіленген. Бекасыл молданың болашақты болжап айтқан сөздерінің тура шығып отыруына, яғни көріпкелділік қасиетіне орай жұрт оны сәуегей әулие санаған. Сол Бекасыл жаңа туған сәбиді қолына алып, балаға үш рет үшкіріп, дем салып береді. Байбол жарық дүниеге келген перзентінің атын Қазанқап деп қояды. Ол қазақ атамның ежелден келе жатқан ғұрып-ғадеті бойынша ырымдап: «Тіл-көзден сақтасын», — деп, елеусіз ғана есімді таңдаған екен. Сөйтіп, ата-анасы ұл баладан тұңғышы Қазанқапты зарығып жүріп көрген. Үш күн өткеннен соң Байболдың шаңырағында бір мал садақаға шалынып, құрметті қонақ ретінде шақырылған Бекасыл молда: «Қазанқап!» — деп, құлағына үш марте айқайлап, азан шақырып, баланың атын қойып береді. Байболдың босағасында Қазанқаптан соң Жолдас және Қартай деген екі ұл өмірге келген. Сол кезде аурушыл, қарт әке дүниеден қайтқан. Оның артында қалған алты перзентті өсіріп, жетілдіру ауыртпалығын Бегімжан ана өз мойнымен көтерген. Бегімжан жас уақытыңда өзінің өлеңшілік өнерімен ел арасында өтетін ойын-той, жиын-мерекелердің гүлі болған көрінеді. Ол бәдік кештерінде және халықтық қара өлең дәстүрінде жігіт-желеңдермен айтысып, талай майталмаңдармен сөз қағысқан екен. Қазанқап бала кезінде-ақ шешесі айтқан түрлі өлең-жырларды зейін қойып тыңдаған. Олардың бірді-екілілерін жаттап алып, бұлжытпай қайталап айтып беретін болған. Баласының ерекше талабын таныған сезімтал, қағылез ана оны кезі келгенде сөз өнеріне баулып, машықтандыра түскен. Бүлдіршін бала осылайша алғаш рет ауыз әдебиетінің түрлі үлгілерімен сусындаған. «Ат биеден, алып анадан» дегендей шеше бойындағы жақсы, асыл қасиеттер Қазанқапқа дарыған. Бекасыл молда Бұқара қаласындағы үлкен медреселермен байланыс жасап, олардан көптеген тарихи, ғылыми һәм әдеби кітаптар әкелген. Ол өзінің емшілік ісіне Орта Азияның көрнегі ғалымы Әбу Әли ибн Синаның еңбектерін де пайдаланған. Б.Биболатұлы «Қарасора» ауылында медресе ашып, бала оқытқан. Бегімжан ана заман ағысын түсіне біліп, жас Қазанқаптың қолынан жетелеп, кейде арқалап жүріп, Бекасылға оқытқан. Сөйтіп, Байбол баласы Қазанқап Бекасыл молдадан сауат ашып, хат таныған. Бекасыл жас бүлдіршіннің зеректігін байқап, оны өзіне өкіл бала тұтынып, қолына алған. Оған түрлі білім нарімен бірге тәлім-тәрбие беріп өсірген. Оңтүстік өңіріндегі көне кенттердің бірі Сайрамда XІX ғасырдың аяқ шені мен XX ғасырдың басында Кәттә Ирисмет және кіші Ирисмет дейтін ахундар жасаған. Олар өзбек халқынан шыққан ғұламалар еді. Қазанқап осы Ирисметтердің медресесінде оқып, білімін жетілдіре түскен. Одан кейін Шымкенттегі Кенже қожа ешеннің медресесіне түсіп, оны 1907 жылдары бітіріп шыққан. Содан он алтыға келген жас жеткіншек басына ақ сәлде орап, молда болып, Аққұм деген ауылда мектеп ұстап, мұсылманша бала оқытқан. Он алты жасқа толғанға шейін түрлі білім салаларын игеру жолында жүрген Қазанқап енді бала оқытып, халыққа ұстаздық қызметімен танылған. Оны Қ.Байболұлының ел арасында айтылып, тарап кеткен мынандай өлең жоддары да мәлімдеп көрсетеді:
«Ілімге ілгеріде ілінгенмін,
Халыкқа он алтымда білінгенмін».
Қазанқап өзінің алғашқы ұстазы, тәпсірші Бекасыл Биболатұлынан қол үзіп кетпей, онымен жиі қатынасып тұрған. Ол ұстазынан тарихи кітаптарды, аңыз, қисса, хикаяларды алып, кеп оқыған. Соның нәтижесінде араб, парсы (иран), көне түрік (шағатай) тілдерін меңгерген. Қ.Байболұлы ел арасында жүріп, қазақтың ауызша айтылған аңыз әпсаналарын, ертегілерін, нәсапнама шежіресі мен тарихын көп тыңдап, жадына ала білген. Тарих жүзінде өткен атақты хандар мен шешен билер туралы кездескен әңгімелерді, дерек мағлұматтарды хаттап, ұқыптап жинақтаған, болашақ ақын үшін бұлар рухани нәр болған. Қазанқап бала оқыту ісінде ұстазы Бекасылдың өнегесі мен тағылымын қолданып отырған. Өзі молда атанғанымен, оның жолы неке қиып, жаназа шығарып, Құран бағыштайтын ауыл имамының жолынан бөлекшелеу болған. Ол балаларға хат танытып, мұсылманшылық жолын үйретумен бірге оларға елдің ежелгі ғұрып-ғадеттері мен жол-жоралғыларынан, қазақтың көне шежіресі мен тарихи әңгімелерінен хабар берген. Қазанқап халық аузындағы өлең-жырларды, атақты ел ақындарының қисса- дастандарын, тағы басқа да ауыз әдебиетінің түрлі үлгілерін көп оқып, жаттап үйренген. Содан қолына алғаш домбыра, кейін гармон алып, жыршылық өнер жолына түскен. Ол өзі жатқа білетін шығармаларды насихаттап, өзіндік әуенімен айтып, таратып жүрген. Арада бірер ай өткеннен соң Қ.Байболұлы сылқ түсіп, ес-түсін білмей сырқаттанып қалған. Оны Бекасыл молдаға алып келген. Ұстазы шәкіртіне дем салып, Қазанқап есін жинап, өз қалпына келгеннен кейін Бекасыл оған үш күн үзбей қараған. Сөйтіп, Қ.Байболұлы сырқатынан құлантаза айыққан. Одан кейін Бекасыл шәкіртіне: «Е, балам, сақтанбасаң сені ілім ұрады. Қолыңа домбыра, гармон ұстап, ән салып кетіпсің. Ол жарамайды. Ілімнің жолына түс», — деп, кеңес берген. Қазанқап енді Оңтүстік Алатаудың қойнауындағы Мыңшейіт әулиеге келген. Бұл арада да мектеп ашып, елдің балаларын оқытқан. Бірде Қ.Байболұлы Мыңшейіт әулиеде түс көреді. Түсіне бір ақсақалды қария кіріп: «Йа сен молдалықты ұстап, ілімнің жолында бол. Йа болмаса қолыңа гармон алып, ақындық пен әншіліктің жолына түс», — деп, аян береді. Сонда Қазанқап ұйқылы-ояу халде жатып: «Молдалықты тастадым, ақындықты ұстадым», — деген екен. Содан соң Қ.Байболұлы бала оқытуды мүлде тоқтатып, бірыңғай жыр жырлап, қисса-дастан айтумен айналысқан. Қазанқап ақындық өнерге барар жолында әуелі халыққа жыршы ретінде кең танылған. «Қазақ ұғымында жыршы ақын емес, өз жанынан өлең, жыр шығармайды. Ол негізінде бұрынғы дайын өлең жырларды таратушы» (1. 47). Қазанқап небір оқиғасы қызықты ескі қиссалар мен жыр-дастандарды жаттап, той-жиындар мен мерекелерде айтып, таратып келген. Ол ел арасында «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», «Мұңлы-Сейіл», «Сауда ешен», «Әмір Әмзе», «Үш мұңлы», «Жетім Құбыл», «Кесікбас», «Дотан бала», «Абдулла-нама», «Тамаша қабақ», «Мекер қатын», «Әзірет Әлінің Дариғамен күрескені», «Наурызбай-Қаншайым» тәрізді көптеген туындыларды жатқа орындап айтқан. Әсіресе, ол Қаратау қойнауынан шыққан Нұралы Нысанбайұлының көлемді дастандарын жаттап, жырлап, насихаттап таратқан. «Байболов Қазанқап... Ташкент, Шымкент, Түркістан аралығында жыршылық өнерімен мәлім болған» (2. 31). Қазанқап Байболұлы жыршылық дәстүрін қанағат тұтып қалмай, 1914 жылдардан бастап өз жанынан өлең шығарушылық, ақындық жолына мойын бұрған. Оның:
«Халыққа он алтымда араластым,
Өнерге жиырмада қадам бастым» (3. 4), —
деп келтірген сөзінің түпкі мәнісі де сол еді. Қазанқап жиырманың ішінде, нақтырақ айтқанда, жиырма үш жасында ғана ақындық өнерге қадам басқан. Қ.Байболұлының жасынан өлеңшілікке, кейіннен жыршылық пен ақындыққа құмарланып, әуестеніп өсуіне ең әуелі оған туған шешесі көп түрткі болған. Қазанқап ауыз әдебиетіндегі түрлі өлең-жырларды, халықтық қара өлеңдерді, бәдік кешіндегі айтыстарды бірінші рет анасының айтуынан жаттап үйренген. Оның шешесі Бегімжан Ұлы жүз ішіндегі қапал руының қызы еді. Қазанқаптың осы нағашы жұртында ақындық өнер болыпты. Бұл жөнінде Сұлтанқұл Сәметов былай деп анықтама берген: «Қазанқаптың ауыз әдебиетіне, халық шығармаларына құмарлығы, оның үстіне азды-көпті білім алуы оны творчестволық табысқа жеткізіп отырған. Інісі Тұтқыш (Жолдас — Е.Қ.) ақсақалдың айтуына қарағанда, ақындық бұлардың нағашыларында болған екен» . Қазанқап өз бойындағы ақындық өнерді ата кәсібіндей өмірінің соңына дейін ұстанып өткен. Қ.Байболұлына ауыл арасындағы Ырсымбет, Тұрсынбай секілді өлеңшілер алғашқыда күшті әсер еткен. Көршілес Майбұлақ ауылында туған Ырсымбет Балпықұлының (1869-1917) осы атыраптағы жер атауларын үлкен шеберлікпен халықтық қара өлеңге қосып айтуы оны еліктіріп әкететін. Бірақ олар Қазанқаптың өлеңшілікке қызығушылығына елеулі әсер еткенімен, оған шын мәнінде ұстаздық жасайтындай өреге жете алмаған. «Өлеңші ақпа ақын да емес, асқақты әнші де емес, сонымен бірге жыршыдай ақындықтан құр алақан да емес. Өлеңші ауыл арасының жеңіл-желпі ақыны. Өлеңші өз бойына шақтап әртүрлі репертуар жинап алады... Өзін көтермелеп, құрметтеп отырған ретте, қолайлы жағдайда екі-үш ауыз жарым-жартысы жаттамалы суырып салып та өлең айтады» . Қазанқаптың алғашқы өлеңдері суырып салмалық дәстүр арнасында туған. Ел ішінде Қазанқап айтқан екен дейтін бір қақпай сөз үлгілері мол сақталынып қалған. Ол сөздердің құрылысына бағамдай қарасақ, олардың көпшілігі халықтық қара өлең үлгісінде туғанын айқын ажыратамыз. Көп жыл бойы жыршылық дәстүрді кәсіп етіп, ұзағырақ шұғылданған Қазанқап ауыз әдебиетінің көрнекті үлгілерін мол көлемде жаттап, сусындаған болатын. Оның ақындық жолда төселіп, тез шеберленіп, өсіп отыруына сондай үлгі мұралардың да игі әсері тиген. ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарихшы Жанәлі Ырсымбетұлының «Ол жүйрік жырау еді» атты мақаласында былай делінген: «Қазанқаптың жас шағын жақсы білетіндер оның ес білгеннен-ақ қағылез, сезімтал әрі мысқылшыл болғанын атап айтады. Оның ақындық ой- өрісінің өркен жаюына... өзінің бірінші ұстазы Бекасыл молда да күшті ықпал еткен. Бұл өзі молда болғанымен, сол заманның асқан зиялы адамдарының бірінен саналған екен. Сөзді үнемі тақпақтап, әсірелеп, өлеңмен айтқан. Қағазды көп жазып, тарих, шежірені мол жинаған адам. Ұзақ жырларды үнемі жатқа айтатын көрінеді. Қазанқап: «Есім хан», «Қамбар батыр», «Абдулла- нама», «Орқа-Күлше» тағы басқа да сол сияқты тамаша, қызық әңгімелерді алғаш осы кісіден естіген едім», —дейтін» . Қазанқап кейінірек жыршылық өнерін тастап кеткен жоқ. Ол қайта өз репертуарын жаңа жыр-дастандармен толықтыра берген. «Жыршылық дәстүр халық ақындарының көбінде болды және бар. Мәселен, Қазанқап Байболов (1946 жылы қайтыс болды. Оңтүстік Қазақстан), Ертай Құлсариев (Алматы облысы), Омар Шипин (Қостанай)... тағы басқалар. ...Бұл ақын-жыршылар өздері шығарған, жаттаған өлең-жырларды, шешендік сөздерді, дастандарды жыршылардың дәстүрімен халық арасында жатқа айтып орындайды» (1. 49-50). Әсілінде Қазанқап 1946 жылы емес, 1945 жылғы 10-ақпанда дүниеден бәз кешкен. Қ.Байболұлы халық арасынан Құлмамбет, Майкөт, Майлы, Нұралы, Мәделі, Мұсабек (Молда Мұса), Құлыншақ тәрізді атақты ел ақындарының айтыстары мен бір қақпайларын, тапқыр шешендік сөз үлгілерін жинап, хаттап отырған. Ол өзінен бұрын жасаған аталмыш ақындардың сыншыл сөздерінен көп тәлім алған. Сөйтіп, оның өзі де суырып салмалық дәстүрмен сын өлеңдерін шығарған. Содан кейін табиғи тумысынан мысқылшыл Қазанқаптың сөз өнеріне қызығушылығы бұрынғыдан да арта түскен. Қазанқап жиырма бес жасында салдарлы ақын болған. Оның аты Оңтүстік Алатаудың төрінен бір тарапы Ташкент, екінші жағы Түркістан, әрісі Жетісу өңіріне дейін белгілі болып, жұртшылыққа кең танылған. Қазақ кеңес энциклопедиясында былай делінген: «... Белгілі ақындар да жыршылық қызмет атқарып, ескі мұраны ел ішінде таратысқан. Машықты жыршылардың бір өзгешелігі, олар кейде белгілі жырды аздап өңдеп, жаңартып жырлаған. XІX ғасырда жасаған Арыстанбай, Жанақ, Шөже, кеңес заманында жасаған Жамбыл, Нұрпейіс, Қазанқаптар — ерекше мәшһүр жыршы ақындар» Қ.Байболұлы 1939 жылдың бас айында шығарған «Кеңестер Одағы туралы жыр» деген толғау өлеңінде өзінің шығармашылық, ақындык, ғұмыр жолына көз салып, өсу сатылары туралы былай деп айтқан:
«Салдарлы жиырма бесте ақын болып,
Шарықтап отызымда судай тастым.
Келгенде отыз беске өрлей шауып,
Аузында боп жүруші ем кәрі-жастың? (3. 4).
Қазанқап Байболұлының жаратқан көлемді шығармаларының бірі — «Есім хан». Әсілінде Есім хан туралы тарихи жырдың ілгеріде шығарылған, ауыздан ауызға өтіп келген, көлемі шағындау нұсқасы болған. Жанәлі Ырсымбетұлы Әзбердішөбересінің өз мақаласында берген анықтамасына қарағанда, Есім хан жайын сөз ететін жырды Қазанқап өзінің ұстазы Бекасылдың айтуынан алған. Қ.Байболұлы «Есім ханды» Шәкәрімнің шежіресінен алынған мәліметтермен және басқа да сол сияқты дерек көздерімен толықтырып, өңдеп жырлап, оны отызыншы жылдардың басында жазып аяқтаған. Қазанқап ел ішінде беделді болған. Бұл дәрежеге жетуіне оның жалғыз ақындығы ғана емес, асқақ азаматтығы да көп себін тигізген. Халық арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың бірі есебінде Қ.Байболұлы 1930 жылы коллективтендіру ісіне тартылған. Оны алғашқы құрылған колхоздың бастығы етіп сайлаған. Қазанқаптың азаматтық қасиетінің жоғары екендігі осы қызметін жүргізген уақытында айқынырақ көрінген. Ұжымның алдына қойылған міндеттемесі орындалмаса да: «Еңбек осылардікі ғой», — деп, жоқ-жітік пен кембағалдарға көмек ретінде астықты еңбек ақысынан артығырақ бергізген. Онысын ауылдағы кейбір белсеңдісымақтар көре алмаған. Олар Қ.Байболұлының бұрынғы діни медреселерде білім алғанын, бала оқытқанын қозғап: «Әрі ақын, әрі молда», — деп, жоғарғы жаққа шағым жасаған. Ақырында олар Қазанқаптың тұтқынға алынуына себепкер болған.
Бұл — ақынның өз өлеңінде айтқанындай:
«Үстіме шөкпен кигіздің,
Егеудей қылып тигіздің», —
дегенінің нақ өзі еді. Ақын абақтыда отырып:
«Жұртқа бастык, болам деп,
Өз басымнан айрылдым...» —
деп, Ырсымбеттің баласы Иманәліге (1910-1944) өлеңдетіп хат жазған. Бұл турасыңда Иманәлінің інісі Жанәлі Ырсымбетұлы өз мақаласында былайша еске алған: «1930 жылы коллективтендіру науқанына ақын белсене қатысты. Сөйтіп, көршілес «Бірлескен» (қазіргі Диханкөл) колхозына председатель болып сайланады. Қой терісін жамылған кейбір «белсенділер» Қазанқап үстінен: «Міндеттемені орындамай жатып, халыққа астықты көп беріп жіберді, саботажник», — деп, жоғарғы жаққа арыз түсіреді... Сөйтіп, ол кешікпей тұтқынға алынды. Сонда ғой, оның артынан колхоздағы кейбір жанашыр ағайындары дәм алып келіп: «Нендей жаңалық (бостандық) хабары бар?» — деп, хат жазып кіргізсе, Қазанқап:
«Тірікөрде болмайды ондай хабар,
Қиянатшыл пәнданы Құдай табар.
Ағайыным Құдайбақ жаны ашыйтын,
Ішімізде Тоқпан да, соққан да бар», — деген жауап қайтарады...
...Қазанқап тұтқында отырып, сол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында қызмет істейтін жерлесі Иманәліге өлеңдетіп, өзінің аты-жөнін айтпай, хат жазып жібереді. Иманәлі жолдастарымен ойласып, Қазанқаптың атынан М.И.Калинин ақсақалға арыз жазып жіберген. «Қазанқап әсте осы арыз арқылы босанған болуы керек, өйткені, ол амнистияға жатқызылып, босатылды, сотталған жоқ», — дейтін Иманәлі. Қазанқаптың меншікті кітапханасында небір қызық ескі қыса, шежіре, атақты халық ақындарының өлеңдері көп еді. Өзі қамалғанда әйелі белсенділерден қорқып, бар кітапты киізге орап, жерге көмген. Ал, өзі жас балаларын ертіп, Ташкент жағындағы ағайындарына паналап кеткен» . Қазанқап қазақтың Улы жүзіндегі Жаныс руынан, оның ішіндегі Бесбала тармағынан тарап шыққан. Ақынның: «Ағайыным Құдайбақ... Тоқпан...» — дегендері Жаныс руындағы үлкен аталардың атаулары. Бұл арада Қ.Байболұлы шолақ белсендіге айналған кейінгі ұрпақты арғы бабаларымен атап, оларды астарлы мысқылға алып отыр. Әсілінде Қазанқап екі некелі болған. Ол әуелде 1911 жылдары Ұлы жүздегі шапырашты руының қызы Кенжегүлмен бас қосқан. Бұл жұбайы ақыннан алты жас үлкен екен. Оның өзі Қазанқаптың жыршылық-әншілік өнеріне қызығып келіпті. Қазанқаптан бәйбішесі Кенжегүл он екі құрсақ көтеріпті. Сол кезде ел ішінде: «Қазанқап ақынның үйіне барсаң, бала-шағадан аяқ алып жүре алмайсың», — деп сөз қылады екен. Неге екені белгісіз, бірер жылда Қазанқап Сабай, Иманбек, Сыбанбек атты үш ұлы мен үш қызынан айрылыпты. Кейінірек зайыбы Кенжегүл Өзбекстан жеріне өткенде, қайнысы Жолдас екеуі Бөркібай, Сейітмет, Сеңкібай, Ырысты (Ысты атанып кеткен) деген төрт баласын Ташкенттегі интернат үйіне тапсырыпты. Тек Шәріпбай атты ұл баласы мен қызы Күләй екеуі ғана қолында қалыпты.
Әйелінің сонынан Қазанқап та 1930 жылы Өзбекстанға өтіп кеткен. Ол жақтан елге тек 1931 жылы ғана оралып келген. Сол жылы Қазанқап екінші рет некеленген. Ол үлкен әйелі Кенжегүлдің үстіне Сіргелі ішіндегі Шалдар руының қызы Күлшайыны алған. «Ақын сол сарсаңда жүргенде 1934 келіп, есін жинады... Туған жері «Бесбала» ауылына қайтып келіп, қоныс тепті. Қоғалы бастауынан арық шығарып, жерлестеріне бау-бақша ектірді, көшелерді түзеттіріп, ауылға жаңаша сән-салтанат орнатты. Өзі қатардағы колхозшы болып істеді. Қазақтың өткен өмірінен үлкен-үлкен қысалар, өлеңдер жазды. Сондай-ақ республикалық, облыстық, аудандық ақындар айтысына да белсене қатысты. Әрі үнемі жүлдегер болып отырды» (6.3). 1934 жылдың көктемінде әр облыстар мен аудандарда олимпиадалар, ақындар айтысы байқаулары болып өткен. Шымкент қаласындағы облыстық олимпиадаға Сақ (Ысқақ), Үмбетұлы (1871-1956), Төлеш Баймырзаұлы (1889- 1946), Қазанқап Байболұлы, түлкібастық Белгібай және шұбарағаштық Айкөз ақындар, тағы басқа да сөз өнерінің майталмандары қатысып, өз шеберліктерін көрсеткен. Қазанқап пен Төлеш екеуі айтысып, өнер жарыстырған. Екеуінің ақындық, суырып салмалық қарымдары жоғары деңгейде көрінген. Тек Төлеш ақынның дінді уағыздай сөйлегені хатшыларға ұнамаған. Кеңес дәуіріндегі саясаттың лебін жедел аңғарып, соның ығына жығылып, сөзінен артық шашау шықпаған Қ.Байболұлы Алматыдағы алғаш рет ұйымдастырылып отырған мәслихат-жиындарға баруға қатынас қағаз алған. 1934 жылғы 12-маусымда Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезі ашылған. Оған қаламгерлермен қатар Жамбыл, Кенен, Қазанқап, Тайжан, Нартай, Үмбетәлі сияқты ел ақындары да делегат болып қатынасқан. Сол маусым айында халық таланттарының республикалық бірінші слөті өткізілген. Ақын, әнші, күйші, биші, қобызшы, суретші тәрізді өнерпаздардың осы слөтіне Оңтүстік Қазақстанның өкілі есебінде келген Қ.Байболұлы небір саңлақ сөз шеберлерінің ортасын көріп, топқа кірген. Нақ сол жиында Қазанқап:
«Мен келдім алыстағы Іленгірден, Бір-ак, өзім екенмін бір тайпы елден, — деп, сөз бастай отырып, жыр мәйегін ағызған. Сондағы толғаған үздік өлеңі үшін Қазанқап халық ақыны деген құрметті атаққа ие болып, Шымкентке үлкен абыроймен оралған. Осы күнгі Төлеби ауданына қарасты Ұзынарық елді мекенінде, Қ.Байболұлы атындағы орта мектебінің жанынан ашылған әдеби-өлкетану мұражайында мынандай мандат сақтаулы тұр:
«Мандат»
Осыны көрсетуші Байболов жолдас Оңтүстік облыстан 1-інші жалпы халық өнерпаздарының слөтіне келген өкіл. Үйен. 1934-жыл. Алматы қаласында. Слөт өткізуші комиссия бастығының орынбасары Виноградов». 1936 жылғы сәуір айында республика көлемінде екінші рет халық таланттарының слөті болып өткен. Бұл слөт мамыр айында Мәскеуде болатын қазақ әдебиеті мен көркем өнерінің бірінші он күндігіне әзірлік ретінде шақырылған. Бұл жиынға Қазақстанның барлық түкпірінен ақындар келген. Байболдың қызы Жәудірден туған, Қазанқаптың жиені, әрі ақын шәкірттерінің бірі Тәліп Анарұлы былайша әңгімелеуші еді: «1936 жылдың көктем мезгілі болатын. Біз қазіргі Төлеби ауданындағы Төңкеріс ауылында тұратынбыз. Үйге Қазанқап келді. «Алматыдан қатынас қағаз жіберіпті. Жүр», — деп, мені ертіп алды. Орынбай, Қазанқап, Қызыл жыршы, Айкөз ақын, әнші Жамал Омарова, бәріміз Шымкенттегі Ахмет мектебіне жиналдық. Содан Алматыға поезбен барған едік». Кеңес дәуіріндегі ақындар тобына Орынбай Тайманұлының (1867-1946) алғаш рет кіргені осы мәслихат болатын. Сол жиында ол жезтаңдай шешен, майталман жүйрік ақын ретінде бағаланған. Сөйтіп, үздік шыққан Орынбай Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен көркем өнерінің бірінші он күндігіне қатынасқан. Қ.Байболұлы республикалық екінші слөтте жаңа қырынан таныла түскен. Бірақ ол Мәскеудегі он күндікке бармаған. Қазанқап ауылда өтетін сайлау, мәслихат секілді түрлі жиындарда ел алдына шығып, өлең-жыр айтып, өзінің өнерін жұртқа жария етіп көрсететін болған. Әсіресе, мереке күндері халықтың өзі оның жыр-дастандарын тыңдауға, өнерін тамашалауға жиналады екен. Ауыл мен жергілікті жұртқа репертуарының ауқымдылығы әбден мәлім боп, танылған соң ендігі жерде ол өз өнерін көрсету үшін шалғайдағы басқа жерлерді аралап кететін болыпты. 1937 жылы Шымкентте облыстық олимпиада болып өткен. Оған әр қилы өнер саласынан екі жүз адам қатысқан. Ақындар айтысы байқауында Орынбай, Сақ, Қызыл жыршы, Қазанқап, Төлеш, Белгібай, Елеусіз, Айтбай, Келімбет және басқа да сөз шеберлері өз бақтарын сынасқан. Әрқандай өнер саласындағы екі жүз кісіден маңдай алды алпыс адам теріліп, Алматыда ашылатын халық шығармашылығының республикалық олимпиадасына қатысуға жіберілген. 10-қазанда болған бұл өнер жарысына Орынбай да, Қазанқап та қатынасқан. Сол кезден бастап Оңтүстік өңірінен шыққан қос жүйріктің жұптары жазылмаған. «Қазанқап Байболов Қазақстан Жазушылар одағының барлық мәжілістеріне қатынасып, олардан жөн-жоба, ақыл-кеңес алып отырады... Облысымыз мақтан ететін халық ақыны Орынбаймен кездесіп, онымен пікірлесіп, көп мәселелерді бірлесіп шешіп отырды» . Қазанқаптың ақындық, шығармашылық жолда ілгеріпеп өсе түсуіне Орынбай Тайманұлы үлкен ықпал жасаған. Ақынның өзі: «1935-36 жылдары Орынбаймен табыстым. Оған еріп, үлгі өнегесінен көп үйрендім. Орынбайға қалай еріп жүрдім, солай ісім оңалды», — деп, үнемі айтып отыратын екен. Дастаншы жүйрік жырау Нұралы Нысанбайұлының ең жақын сыралғы шәкірті Орынбай Тайманұлы болған. Сондықтан да Қазанқаптың Орынбайдан тәлімденгенін сөз еткенде, ол шеберлік мектебінің бастау алған қайнар көзі дастаншылдық, жыраулық өнер үлгісінде жатқанын ашық айтуымыз керек. Сонымен бірге О.Тайманұлының өзі табиғи тумысынан ақпа-төкпе, айтыс өнерінің майталман жүйрігі еді. Қазанқап Орынбайдан басқа да ақындық жақсы дәстүрлермен бірге суырып салмалық өнерді көбірек үйренгені бізге мәлім болып отыр. Орынбай мен Қазанқап екеуінің тарихи жырларына мән беріп, зерделей қарасақ, қос жүйріктің туындыларында өздеріне тән ерекше қолтаңбасы да, сондай-ақ шығарымпаздық тұрғысынан бір-бірімен байланысып кеткен ұқсастық, сабақтастық жайлары да назік аңғарылады. 1938 жылдың мамыр айында Жамбыл Жабаевтың ақындық еңбегіне 75 жыл толған мерейтойы аталып өткен. Мереке құрметіне республикалық халық ақындары мен жыршыларының слөті болған. Слөтке Қазақстанның барлық облыстарынан 60 шақты ақын, сондай-ақ Мәскеудің, Санкт-Петербургтің және сол кездегі Кеңес Одағына біріккен республикалардың таңдаулы жазушылары қатынасқан. Мұқтар Әуезов «Жамбыл және халық ақындары» дейтін баяңдама жасаған. Біз Шымкент қаласының тұрғыны, кезінде ел ақындарының бірі болған Қысыраубек (Қысыраупадиша) Байділдаұлы Амантаевқа жолығып, одан замандас сөз зергерлері жайлы сұраған болатынбыз. Сонда ол кісі бізге былайша әңгімелеп берген еді: «1938-жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жиналыс болды. Мен Қазанқапты бірінші рет сонда көрдім. Реңі таза, ақсары, ірі ақын еді. Жамбылдың 75 жылдық юбилейінде Қазанқаппен екінші рет кездестім. Жәкеңнің тойы астанада, одан кейін Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Жамбыл ұжымшарында, үлкен бау-бақшаның ішінде, саялы жерде өтіп жатты. Ақынның өзі құс жастыққа қисайып, мамық көрпе үстінде отырды. Галстук тағынған жігіттер тойды жүргізіп, ақындарға: «Бір-бір ауыз өлең айтыңыздар», — деді. Алғаш Нартай сөз бастады. Нұрпейіс, Орынбай, Қазанқап та бар. Кезек Орынбайға келгенде, ол домбырасын қолына алып, Жамбылға арнаған жырын төгіп айтты. Содан соң: «Ей, Шашубай, сен жас кезіңде Жәкеңмен айтысқан екенсің. Енді менімен айтысуға кел бері», — деген еді, шоқша сақалды Шашубай жантайып жата кетті. Тойды жүргізуші әлгі жігіттер: «Орекеңнің өлеңі таусылды, Шашеке, шығыңыз», — дегенінде, оларға: «Болмайды. Біріншіден, бұл дайындалып келген. Екіншіден, мұны Жәкең болмаса, өзге ешкім тоқтата алмайды», — деп, сол күйі бас көтермей қойды». Ташкент облысы, Бостандық ауданындағы Азатбас қыстағында жасаған халық ақыны, Қазанқаптың шәкірттерінің бірі, марқұм Орал Қалдыбайұлы былай деп әңгімелейтін: «Ертеректе осы Азатбас Шымкент облысына қарайтын. Сол кезде бұл «Керегетас» ауылы деп аталатын. Мен өзім 1915 жылдың 28- сәуірінде дүниеге келіппін. Жамбай Жаныс руынанмын. «Ақын-жыраулар» атты библиофафиялық анықтамалықтың 88-бетінде менің туған уақытымды 1910 жыл деп қате берген. Біздің ауылға Қазанқап алғаш рет он алты жасымда, 1931 жылдары келген еді. Сол уақытта маған «жүр» дейтін. Бірақ онымен ілесіп кетуге әкем Қалдыбай рұқсат етпейтін. Қазанқап ауылға екінші рет жиырма үш жасар уақытымда, 1938 жылдары келді. Бұл жолы еріп кеттім. Шыршықтың арғы жағындағы «Жаңабазар» ауылында (Өзбекстанда) Қарасу деген өзеншік бар. Соның екі жағыңда өлең айтып, той-тамаша қылып, Тойтөбеге дейін бардық. Тойтөбеде бір ай өлең айтып жүрдік. Сол жерде Қазанқаптан бата алдым. Маған ол өзінің он тілді гармонын берді. Менің өз басым Қазанқаптың айтысынан Үйрендім. Одан өзге ұстазым болған емес. Өзбекстандағы Сексен Атада қаспан қаңлы руынан Әбдікерім Тағайұлы деген бар еді. Сол Әбдікерім де Қазанқаптың шәкірті болатын». 1939 жылдың 9-ақпанында бұрынғы ҚК(б)П Орталық комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Қазақстанда көркем өнер мен әдебиетті бұдан былай да өркендету туралы» қаулысы шыққан. Сол жылы «Оңтүстік Қазақстан» облыстық үнпарағында мынандай хабарлама басылған: «Халық ақыны Орынбайдың дәмді жырлары облысымыздың еңбекшілеріне, қала берді, республикамызға белгілі. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, газет- жорналдарда әлденеше мыңдаған дана боп басылып, халыққа тарауда. Түркістан ауданының «Балтакөл» колхозында Арысбай ақын, Шәуілдір ауданының «Қызыл Түркістан» колхозында Елеусіз ақын, Ленгірде Қазанқап ақын, тағы басқа да ондаған халық ақындары Сталиндік дәуірдің шаттық жырын мақтаныш етіп жырлауда» (9. 1). Кешегі кеңес дәуірінде И.В.Сталинді әр қилы мадақ сөздермен марапаттап, оны В.И.Ленин ісін бірегей жалғастырушы, шынайы алға алып барушы, ең сорақысы, бүкіл Одақтағы халықтардың «әкесі», «қамқоршысы» дегендей дақпырттармен әспеттеген. Оның уақытында Кеңес кезеңін «Сталиндік дәуір» деп атаған. Оңтүстік өңірінен шыққан қос жүйрік Орынбай мен Қазанқап 1939 жылдың 21-27 маусым аралығында Алматыда болып өткен қазақ кеңес жазушыларының екінші съезіне делегат ретінде қатынасқан. 1987 жылы баспадан шыққан «Кеңестік Қазақстан жазушылары» атты библиографиялық анықтамалыққа зер сала қарасақ, осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысында жасаған халық ақындарынан тек Қазанқап Байболұлы (10.97) мен Орынбай Тайманұлы (10.596) екеуі ғана Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданғаны көрінеді. 1939 жылы Орынбай мен Қазанқап жұптары жазылмаған күйі Мәскеудегі бүкіл одақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылуы салтанатына қатысуға барған. Бұл көрмені тамыздың бірі күні бұрынғы КСР Одағы Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.М.Молотов ашқан. Төлеби ауданындағы Ұзынарық елді мекенінде жасаған, бұл күнде марқұм Бәйдібек Жақсыбайұлының айтуынша, Қ.Байболұлы Мәскеуге, ауыл шаруашылығы көрмесіне барған кезінде сол жердегі Қазақстан павилонында өзінің «Кеңестер Одағы туралы жыр» дейтін ұзақ толғау өлеңін жазып, қалдырған екен. Қазанқап ақынның баласы Оңғар бізге әкесі һақында мынандай мәліметтерді баян етіп айтқан болатын: «Мен Қазанқаптың кіші әйелі Күлшайыдан 1939 жылы туылғанмын. Сол жылы ақын Алматыда бір мәслихат жиында болып, содан кейін көп ұзамай Москваға баратын болады. Сол жақтан әйелі Күлшайыға телеграмма салыпты. «Осындай уақытта Шымкенттен өтеміз. Теміржол вокзалына баланы алып шық. Бір көріп өтейін», — деп. Содан шешем Күлшайы мен нағашы ағам Жұмағұл екеуі мені көтеріп, вокзалға алып шығыпты. Әкем Қазанқап менің маңдайымнан сүйіп, аялап отырғанда, Орынбай ақын оны көріп, көзіне жас алыпты. «Артыңда ізің бар екен», — деп. Орынбай Тайманұлының өзі жалғыз ұл баласынан 1933 жылдары айрылып қалыпты. Кейін әкем Қазанқап: «Москвада болдық. Шымылдық ашылғанда, Сталин оң қолын көтеріп, сілтеп, сөйлеп тұрды. Содан кейін Сталинді көргенім жоқ», — дел айтып отыратын екен». Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылының тұрғыны Күзенбай Төребекұлы айтады: «Орынбай, Нартай, Қазанқаптар 1939 жылы Мәскеуге барған. Сонда олар Калининнің қабылдауында болған. Ол қабылдауда өлеңді Нартай Бекежанов айтқан». Қазанқап ақын 1931 жылдан 1941 жылға шейін он жыл бойы ізденіп, ел арасындағы қолдан қолға көшіп жүрген жазба деректемелердегі мэлімет көздерін жинап, «Төле бидің тарихы» атты көлемді жыр-дастанын жаратып шығарған. Ол аталмыш еңбегін «1941 жылы, наурыздың 28-і, жұма күні» (11. 317) жазып аяқтаған. 1941 жылдың 22-маусымында фашистік Германия тарапынан соғыс өрті бұрқ ете қалған. Осы екінші дүние жүзілік соғысы біздің елімізде ашылған күннен-ақ Қ.Байболұлы атқа мініп, үгітші ақынның бірі болып, «Жауды өрттей жайпаңдар» (12. 58-59) деп аттан салған. Онан кейін де Қазанқап соғыс тақырыбына арнап өлең-жырлар мен қисса-дастандарды үздіксіз шығарып айтқан. Олар сол кездегі облыстық үнпарақ беттерінде басылып отырған. 1943 жылы Алматыда бірінші рет республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, ол жылдың соңғы айы желтоқсанда болып өткен. Оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Орынбай Тайманұлы, Қазанқап Байболұлы және ақын қыз Күлтай Бейбітова үшеуі барған. Сонда халык, ақындарының бірі Айтбай Белгібаев Оңтүстіктің қос жүйрігіне арнап былай деп сәт сапар тілеген:
«Хат жаздым Орынбай мен Қазанқапқа,
Бәйгеге суытылған осы шақта.
Тұлпардай ағып тұрған өрен жүйрік,
Өрлей шап, жарысқа түс, өзіңді бапта!» (13.1).
Оңтүстіктің қос дүлділі Қызылорда облысының ақындарымен, Орынбай Әлібекпен, Қазанқап Нартаймен сөз сайысына шығып, екі облыстың жетістігі мен кемшіліктерін алма-кезек салыстыра жырлаған. Ал, Күлтай Бейбітова Үржамал Шәукебаевамен өнер жарыстырған. Ақындардың мәселе етіп көтеріп, қозғаған тақырыбы, өз облыстарының майданға нендей көмек беріп жатқандарына арналған. Сол кездегі ауылдық кеңестің нұсқауымен Қазанқап соғыс жылдары колхоздарды аралап, шоғырланған халықтың алдына шығып, майданға астық, киім-кешек беру үшін елге насихат айтып, үгітші ақын ретінде жыр жырлап жүрген. Сондай сын сағатта елді жігерлендіріп, оларды қажырлы еңбек етуге шақырған. 1945 жылдың бас айларының бірінде Қ.Байболұлы ел-елді аралап, жыр жырлап жүріп, Сайрам ауданындағы «Қызылқыстау» ауылына келген. Осы ауылда өлең айтып отырғанда Қазанқап өзінің екі иығына дүр етіп қара құс қонғандай әсер алған. Содан сол жерде ол өлең-жырларды төгіп айтқан. Бір сәтте қара құс иығынан теуіп жіберіп, ұшып кеткендей болған. Сол-ақ екен ақынның мазасы қашып, аяқ астынан дизентерияға, іш ауруына шалдыққан. Көзкөрген куәлардың баян етуінше, сол арада Қазанқап көздіккенге ұқсайды. Өзінің өңі қап-қара боп түтігіп кеткен екен. Қалай болғанда да Қазанқаптың ақындық өнерінің киесі, қолдаушы пірі — қара құс болған тәрізді. Ақын ауылдан ауылға арбамен жүріп, Ленгірдегі інісі Қартайдың үйіне жеткен. Байбол баласы Қартай 1944 жылдың қазан айында еңбек армиясына алынып, Ленгірдегі шахтада жұмысшы боп істеген еді. Сол уақытта ол үй-жайын Ленгірге көшіріп әкелген болатын. Қартай екі некелі болған. Үлкен әйелінің аты — Нышанкүл, кішісі — Рәшида еді. Келіндері түтігіп, сырқаттанып келген Қазанқапты ұшықтап, үйге кіргізіп жатқызған. Содан ақын төсек тартып, төрт күн бойы бас көтермей жатқан. Одан кейін Қазанқап: «Түсімде аян берді. Мені ақ түйеге артып кетті. Енді қатарға қосылмаймын. Ауылға жеткізіңдер. Тым болмаса жалғыз баламды көрейін», — деген. Ақын «жалғызым» деп Күлшайыдан туған баласы Оңғарды айтқан. Қазанқап Ленгірден ауылға шанамен жеткізілген. Оны әкелген кезінде, қамыс үйдің кенінен от шыққан. Сол өртті өшіреміз деп барлығы әбіржіп жатқанда, Қазанқапты әкелушілер оны ұшықтамай, үйге кіргізіп қойған. Алдын-ала садақа ретінде шалуға дайындалған мал да пышаққа ілінбей қалған. Ақын үйге қалай кірген, от та солай өшкен. Қазанқап жұбайы Күлшайыға: «Мен бүгінгі түннен қалмаймын. Мынау бала- шағаны өсіріп, жетілдіру ауырлығын енді өзің көтересің, тағдыр осылай екен», — деп, соңғы аманат сөзін айтып, кәлимаға тілін келтіріп, иманын өзі үйіріп жатып, таң қылаң беріп қалғанда үзілген. Қ.Байболұлы жеңіс күніне жете алмаған. Ол 1945 жылдың 10-ақпанында, 54 жасқа қадам басып, оған толар-толмаста дүниеден қайтқан. Қазанқаптың көзін көргендер оны өте меймандос, көпшіл болған деседі. Ақын: «Адамның сырт келбетінен гөрі мінезі мен сөзі сұлу болсын, олай болмаса, келбет сұлулығы тіфәй күйсін», — деп, үнемі айтып отыратын екен. Тағы да Қазанқап: «Басты Құдай береді, басқаны Құдай бере ме? Адам боп туылған соң, еңбек етіп, әрекеттену керек», — дейтін көрінеді. Ақынның өзі қол өнершілікті кәсіп етіп, ағаштан түйін түйетін шебер болған екен. Келі- келсап, күбі, қасық, ожау, зерен секілді ыдыстардың бәрін де жасаған. Жүген тігіп, қамшы өрген. Аттың ерін де шапқан. Қазанқаптың үлкен әйелі Кенжегүлден туған төрт баласы Ташкенттегі интернат үйінде жатқан. Кейінірек оларды басқа жерге ауыстырып жіберген. Содан қанша іздегенмен, табылмай қойған. Сол күйінде төртеуінен де ешқандай хабар болмаған. Ақынның бәйбішесінен көрген ұл балаларынан қалғаны — Шәріпбай еді. Ол әкесі секілді домбыра мен гармон тартып, ән айтатын. Дауысы әсем болатын. Қисса-дастандар орындайтын. Қазанқап 1934 жылы алғаш рет Алматыға барғанда, баласы Шәріпбайды өзімен бірге ертіп жүрген. Оның астанаға баласын ертіп баруына Шәріпбайдың осы өнерпаздығы себеп болса керек. Қазанқаптың Кенжегүлден туған қызы Күләй тұрмысқа шығып, Киров каналын қазу жұмысына барғанда, күннің ыстығында дария суына шомылуға түсіп, ішіндегі төрт айлық баласымен бірге су тартып кетіп, қаза болған. Қазанқап баласы Шәріпбай 1937-38 жылдары «Совет» колхозының (қазіргі Қаратөбе кооператив!) «Молотов» бөлімшесіндегі жеті-жылдық мектепте мұғалім боп, бастауыш сыныпқа сабақ берген. Сол жерде жасап, «Мәдени» бөлімшесіндегі Сиқым руынан Қамаштың қызы Қызылкүлмен бас қосып, отбасын құрған. Шәріпбайдың өнерпаздығынан 1934 жылдан бастап хабардар Алматыдағы филармония үйі оны өздеріне қызмет істеуге шақыртқан. Осыған баруға бала әкесінен рұқсат, бата сұраған. Сонда Қазанқап Шәріпбайға: «Бір үйден әкелі-балалы боп домбыра мен гармонға қосылып, екеуміздің де зарлай бергеніміз ерсі емес пе? Екінші жағынан, менің ақырым болмай бара жатыр. Он екі перзенттен сені ғана ұстап қалдым. Қу ағашқа тіл бітіріп, қасиет көргенім жоқ», — деп, рұқсат бермеген. 1939 жылы Шәріпбайды әскерге шақыртқан. Ол әскерге кеткенде, зайыбы Қызылкүлдің қолында қызы қалған екен. Қазанқап келіні мен немересін өз қолына көшіріп әкелген. Шәріпбай Финляндия соғысына қатысқан. Одан үзілмей хат келіп тұрған. 1940 жылдың аяқ шенінде ауылға кезекті демалысқа келгенде баласы әкесіне: «Мен әскерде қалатын болдым. Үй-жай, бәрі де бар. Келініңіз Қызылкүлді алып кетейін. Рұқсат етіңіз», — дейді. Қазанқап Шәріпбайдың өз қолында, қасында болуын қалаған. Бәйбішесі Кенжегүлден туған бар баласынан айрылып, көңілі әбден күпті болып қалған соң Шәріпбайды ұзаққа, алысқа жіберуге қимаған. «Ауылға жақынырақ жерге ауысып келсең ғана келінді жіберемін», — деген. Сол екі ортада біздің елімізде екінші дүние жүзілік соғысы басталған, 1941 жылғы шілденің 2-сі күні Шаріпбайдың соңғы хаты келген де, әрі қарай ол хабарсыз боп кеткен. Соғыс кезінде Шәріпбай аға лейтенант дәрежесіне дейін көтерілген. Бірақ одан сол күйінде хабар-ошар болмай, соғыстан оралмапты. Қазанқап қашан көз жұмғанынша Шәріпбайдан күдерін үзбей. хабар күткен. Және де келініне рұқсат бермеген. Қазанқап өмірден өткеннен соң ғана келіні Қызылкүл еліне кеткен. Қазанқаптың кіші жұбайы Күлшайыдан көрген перзенттерінің үлкені Гүлнәр деген қыз еді. Одан кейін Күлшайы көп уақытқа дейін бала көтермеген. Қазанқап Мыңшейіт әулиеге барып, зиярат етіп жүрген. Мойнына бұршақ салып (тілеп), түнеп жүрген күндерінің бірінде түсінде аян көрген. Ол: «Түсімде бағандар үстінде лампылар қатарласып жанды. Құдай ақырымды берсін, аяқ жағы жаман болмайды», — деп, жорыған екен. Содан 1939 жылы бір ұл бала көрген. «Тірлігім оңғарылсын», — деп, оның атын Оңғар қойыпты. Бір жылдан аса уақыт өткеннен соң екінші қызы Тоғыскүл туылыпты. Одан кейін кенжетайы Нұргүл 1944 жылдың сәуір айында дүниеге келіпті. Гүлнәр тұрмысқа шықпаған. Бой жетіп қалғанда қайтыс болған. Тоғыскүл Қазықұрт ауданындағы Рабат елді мекеніне тұрмысқа шығып, сол арада жасауда. Төлеби ауданының Елтай ауылындағы сиқым Бәйтей деген кісінің өмірлік қосағы болған Нұргүл 55 жасында дүниеден озды. Қазанқап ақынның қара шаңырағына ие боп қалған ізі, ұл баласы Оңғар қазіргі уақытта Төлеби ауданындағы Ұзынарық елді мекенінде жасап, жетпіске қадам басып, бұл күнде немере сүйіп отыр. Қ.Байболұлының сүйегі өзінің осы туған өлкесіне қойылған. Басын қарайтып, шағын ескерткіш орнатылған. Оны кесене үлгісіне келтіріп, әрі еңселі, әрі көрнекі етіп қайтадан өңдеп салуды ел болып ойластырғанымыз жөн болар еді. Бұл күнде уақыт табының шаңына көміліп, күңгірт, көмескі тартқан, әсте- әсте ұмытыла бастаған Қ.Байболұлының шығармашылық ғұмыр жолында ақиқатын ашып, дәлірек айқындай түсуді, нақтырақ анықтауды қажет ететін жайлар баршылық. Тіпті осы күнге шейін ғылыми еңбектер мен басылымдардың барлығында да Қазанқаптың туған және қаза болған жылдарының өзі жаңсақ беріліп, нақты зерделенбей келді. 1939 жылғы қаңтар айында Қ.Байболұлының «Кеңестер Одағы туралы жыр» деген ұзақ толғау өлеңі республикалық «Социалистік Қазақстан» үнпарағының бетінде жарық көрген. Бұл толғауында ақын өзінің шығармашылық өсу жолын термелей айта келіп:
«Қырықта қырқа сөйлеп қырдан асып, Дәл биыл қырық тоғызға қадам бастым»,— деп, өмір жасынан нақты мәлімет қалдырған екен. Фольклортанушы, әдебиетші ғалым Мәлике Ғұмарова құрастырып дайындаған «Ленин, Сталин туралы жырлар» (1949) атты қазақ халық ақындарының өлең, поэмалар жинағында (14. 374) да, профессор Есмағамбет Самұратүлы Ысмайыловтың «Ақындар» дейтін монографиялық еңбегінде (1. 337) де Қазанқаптың туған жылын 1889 деп, қайтыс болған уақытын 1946 жыл етіп көрсеткен. Яғни, олар ардақты ақынды 57 жасында дүниеден қайтқан деп айқындаған. Қ.Байболұлы өзінің жоғарыда аталған толғау өлеңінде 1917 жылғы Қазан төңкерісін айта келіп, соңында: «Содан бері жиырма бір жылдар өтті» (3. 4), — деп, қайыратыны бар. Міне, осы мәлімет көзіне сүйенген қос әдебиетші ғалым М.Ғұмарова мен Е.Ысмайылов ақын айтқан 49 жасты 1938 жылдан шегеріп, Қазанқап 1889 жылы өмірге келген дегенге саяды. Тарихшы Ж.Ырсымбетұлы «Бостандық жыршысы» атты мақаласында Қ.Байболұлының туған жылын 1890 деп келтірген де, дүниеден қайтқан мезгілі туралы былай деген: «Қазанқап Байболов 1945 жылы, 10-февральда суық тиіп, қатты ауырып, өзінің туған ауылында қаза болды. Арманда кетті. Жеңіс күнін көре алмады» (6. 3). Ж.Ырсымбетұлының осы кейінгі мәліметі ақиқатқа дәлірек келеді. Шынында да Қазанқап 1945 жылғы тоғызыншы мамыр жеңіс күніне жетпеген. Оны көзкөрген кәрі ауыз куәлардың айтқан сөздері растайды. Және де оған жыршының «Оңтүстік Қазақстан» облыстық үнпарағында 1945 жылдың қаңтар айында басылған «Ленгірдің момақандары» (15. 4) деген фельетоншасынан кейін әрі қарай мерзімді басылымдарда ешбір дүниесі жарияланбай, кілт үзілгені де дәлел. Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылының тұрғыны Күзенбай Төребекұлы бізге мынандай деректемелерді баян етіп айтқан болатын: «Менің атам Дәулет Баймырзаұлы (1869-1945) күйші, домбырашы, ұқпақұлақ, шежіреші кісі еді. Ол Қазанқап ақынмен сыйласып, көңілі тату болып, екеуі бір-біріне жиі қатынасып тұрған. Кешегі кеңес дәуіріндегі Оңтүстіктің бас ақыны боп танылған Орынбай Тайманұлы мен оның шәкірті Қазанқап екеуі 1939 жылғы қараша айында Алматыда өткен республикалық слөтке Дәулет атамның қатысып, өнерін көрсетуіне себепкер болған. Қазанқап пен Дәулет атам екеуі 1945 жылдың 10-ақпанында, бір күнде көз жұмған. Ал, 12-ақпаңда екеуінің де жамбасы жерге тиген. Сол уақьптағы қариялар: «Дәулет пен Қазанқаптың дәм-тұзы бір екен», — деп, екеуінің бір күнде дүниеден көшкенін, бір күңде жаназасы шыққанын сөз етіп, әңгімелеп отырушы еді». Ж. Ырсымбетұлы ақынның шығармашылық ғұмыр жолына арнаған «Ол жүйрік жырау еді» дейтін екінші мақаласында Қазанқаппен ауызба-ауыз сұхбаттасқаны жайында былай дейді: «Мен алғаш ардақты ақынға 1933 жылы Шымкентте жолығып, танысқан едім... Мұнан кейін, екінші рет Қазанқапқа 1939 жылы жазда, Алматыда, Иманәлінің үйінде жолықтым. Астанада халық ақындарының бір кездесуі болып жатқан көрінеді. Соған әйгілі Орынбай Тайманов екеуі қатысып жүр екен. Бұл жолы Қазанқаппен кеңінен отырып, жақсы сөйлестім... Марқұм Қазанқаптың творчестволық өмір жолын о баста өз аузынан сол тұста жазып алған едім» (5. 4). Ж.Ырсымбетұлы Қазанқап ақынмен 1939 жылдың бел ортасында әңгімелескен. Ол Қ.Байболұлының «Кеңестер Одағы туралы жыр» атты толғауының республикалық үнпараққа 1939 жылдың бас айында жариялануына және ақынның өзі айтқан: «Дәл биыл қырық тоғызға қадам бастым», — деген мәліметіне қарап, 1939 жылдан 49 жасты шегерген де, Қазанқап 1890 жылы өмірге келген деп түйін жасаған. Төлеби ауданындағы Ұзынарық елді мекенінде, Қазанқап Байболұлы атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс жүргізген ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, қазіргі зейнеткер Сұлтанқұл Сәметов баспа жүзіне шыққан Қазанқап шығармаларын жинап, оларды сабақ жоспарымен байланыстыра пайдаланып, оқушыларға насихаттап, таныту барысында көп тер төгіп, еңбектенген болатын. Ол өз тәжірибесін «Қазақстан мектебі» (16. 49-51) жорналына жариялап, көпшілікке ұсынған. Және де С.Сәметов Қазанқап ақынға арналған кабинет материалдары негізінде мектеп жанынан комплексті әдеби-өлкетану мұражайының ұйымдастырылуына мұрындық болған. Біз Сұлтекеңмен бірнеше марте жүздесіп, әңгімелескен болатынбыз. Бірде ол кісі Қазанқаптың інісі Жолдас ақсақал айтқан мынандай деректемені есіне алды: «Ауыл адамдары оны Тұтқыш деп атайтын. Шын аты — Жолдас. Жеңгелері оны ілгеріде Тұтқыш деп атап кетсе керек. Мен орайы келгенде Жолдас ақасақалмен әңгіме-дүкен құрып, көп отырушы едім. Соңдай сәттердің бірінде ол қарияның: «Қазанқап қоян жылы туған», — деп, айтқаны бар еді». Біз мұндай мәліметті Сайрам ауданындағы «Бескепе» ауылының тұрғыны, Қазанқаптың жиені Тәліп Анарұлының айтуынан да кездестірген болатынбыз. Тәлекең өз уақытында ақынға шәкірт болып, көп еріп жүрген. Тәліп ақсақал ұстазын ойға алып, бізге баян еткен әңгімесінің арасында: «Қазанқап қоянның етін жемейтін. «Жылым қоян», — деп ауыз да тимейтін», — деген еді. Бұл естелік әңгімелерге қарағанда, Қазанқап ақын қоян 1891 жылы туған болып шығады. 1939 жыл да қоян жылына тура келеді. Сол жылы Қ.Байболұлы 49-ға, мүшел жасқа толады. Ақынның 1939 жылдың басында: «Қырық тоғызға қадам бастым», — дегенінің манісі де сол еді. Мүшел жасты санауда баланың ана құрсағындағы мерзімімен қоса есептеп, алғашқысын 13 жыл деп алатынын (13, 25, 37, 49) ұмытпаған жөн. Біздің пайымдауымызша, жоғарыда аты аталған қос әдебиетші ғалым да, тарихшы, қарт жорналшы Ж.Ырсымбетұлы да Қазанқаптың 49 жас деп мүшел жасты айтып отырғанын ескермеген. Біз кейбір жайларда ақын туралы айтылған ел әңгімелері мен естеліктерінің негізге алуға тұрарлық маңызды мәнге ие болатынына көз жеткізіп, «Қазанқап жырлаған Абылай хан туралы дерек» атты мақаламызда (17. 42-43) Қ.Байболұлының 1891-інші қоян жылы дүниеге келіп, 1945 жылдың 10- ақпанында 54 жасқа қадам басып, оған толар-толмаста өмірден өткенін айқындап жазған болатынбыз. Осы арада бір келтіре кетерлік қосымша далел, расымен-ақ ақын 1941 жылдың ортасында шығарылған “«Жастарға» деген өлеңінде жасының елуден озғанын айтқан:
«Қазанқап, гармоныңды ал, әнді шырқа,
Елуден жасың озып, астың қырға...» (18.3).
Міне, осылайша зерделеу арқылы айқындалып шыққан жоғарыдағы жаңа дерек мағлұматтардың 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында профессор М.Мырзахметовтің ұсынуымен орын алғанын (19. 49-50) ескерте кеткеніміз ләзім. Қазанқаптың шығармашылық ғұмыр жолына қатысты басылымдарда кетіп жүрген тағы да бір жаңсақтық жайлы сөз қозғасақ, ол ақынның өз жанынан өлең шығарушылығына байланысты болып келеді. Ақынның өнернамасы хақында тұңғыш рет анықтама берген Малике Ғұмарова былай деп жазған: «Қазанқап Байболов... Хат біледі. Өлең шығаруды 16 жасынан бастаған. Өлең жырларының тақырыбы әр алуан: тарихи, ертегі, аңыздар, колхоздағы еңбек, кеңес халқының ерлігі, тағы басқалар» (14. 374). Қазанқап ақынның «Кеңестер Одағы туралы жыр» атты толғау өлеңі 1939 жылы латын әрпінде баспадан шыққан «Сталин туралы жыр» жинағына «СССР» (20. 173-177) деген атаумен енген. Қ.Байболұлының осы толғауында:
«Халыққа он алтымда араластым,
Өнерге жиырмада қадам бастым» (20. 173), —
деп, келтірген сөзіне терең мән бермесе, оның астарында түйіні шешілмейтіндей үлкен сыр бар еді. М.Ғұмарова Қазанқаптың «Халыққа он алтымда араластым» деген мәлімдемесіне назар салып, ол сол аталмыш жасында өлең шығарушылық, ақындық жолға түскен деп пайымдаған. Профессор Е.Ысмайыловтың «Ақындар» атты монографиялық еңбегінде де осы пікір көрінеді: «...Қазанқап гармонмен өлеңді, жыр айтуды он алты жасынан бастаған. Хат таниды, жазба ақындардың, Орта Азия халықтары ақындарының шығармаларын көп оқып жаттаған. Қазақтың тарихи шыққан тегі, қалмақпен, Орта Азия хандарымен соғыстар туралы ауыз әңгімелерді, эпикалық жырларды мол білген адам» (1. 337). Ақиқатын айтар болсақ, Қазанқап ауелде молда болған. Ол он алты жасында бала оқытып, елге ұстаздық қызметімен танылған. Сонымен бірге нақ сол уақытта Қ.Байболұлы ел ақындығынан туған өлең-жырлар мен қисса- дастандарды көп оқып, жаттап үйренген. Оларды той-жиындарда жатқа айтып, жыршылық өнерімен шұғылданып, халыққа араласа түскен. Кейінірек ақынның: «Халыққа он алтымда білінгенмін», «Халыққа он алтымда араластым», — деп, еске алуының түпкі мәнісі де осы болатын. Қазанқап ақынның өмірі мен шығармашылық қызметі жайында жазылған «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» атты мақалада былай делінген: «Қазанқап Байболұлы 1889 жылы (дұрысы: 1891-інші қоян жылы — Е.Қ.) жалпы түркі жұрты, соның ішінде қазақ көне мәдениеті бесіктерінің бірі Қазықұрт өңірінде дүниеге келіп, егіншілік пен көшпелі мәдениеттері, ауызша айту мен жазба дәстүрлері тоғысқан құнарлы ортада өсті. Терең білімі мен ақыл парасаты, ұстаздық өнері мен жиған-терген кітап қазынасы үшін Сыр бойы түгел қадір-қасиет тұтқан, оның өнер-білім алған ұстазы айтулы Бекасыл еді. Өкінішке орай, сахара ғұламасы жиған кітап, қолжазбалары әркімнің қолында кетіп, бізге ештеңесі жетпеді. Осындай ірі ұстаздан тәлім алған Қазанқап ақын ретінде ерте қалыптасып, сөз өнері қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс екендігін терең түсінген көрінеді» (11. 10). Шын мәнінде Қазанқап ақындық өнер жолына ерте емес, кештеу, жиырма үш жасында ғана мойын бұрған. Ақынмен ауызба-ауыз сұхбат жасап, әңгімелескен Ж.Ырсымбетұлының жазған мәліметіне (6. 3) назар аударсақ, Қ.Байболұлы өз жанынан өлең шығарушылық өнеріне 1914 жылдарда бой ұрғанын көреміз. Оның ақындық жолға кештеу түскенімен, тез төселіп кеткені жөнінде жоғарыда айтылды. Сахара ғұламасы Б.Биболатұлының жинаған кітаптары мен қолжазбалары бізге түгел жеткен жоқ. Бірақ, ел арасында Бекасылдың бірлі-жарым дүниелерінін сақталынғандығы қазіргі уақытта айқындала бастады. Мәселен, оның бір құңды қолжазбасы бізге, кейінгі ұрпаққа Қазанқап арқылы жетіп отыр. Бұдан Бекасыл молда өзінің халықты емдеу ісіне «Палнама» атты дуа кітабын да қолданғаны анықталды (21. 4-5). Ол 400 бетке жуықтайтын осы аталмыш қолжазба кітабын өмірінің соңына таяу, дүниеден өтерінің алдында Қ.Байболұлына табыс етіп кеткен екен. Бұл күнде Бекасыл молдадан қалған, асыл мұра «Палнама» кітабы Қазанқап баласы Оңғардың қолында сақтаулы тұр.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру