Мазмұнға өту
Home

ҚАРАСАЙ-ҚАЗИ, ХАН ӘДІЛ

Үбіғали Бақтығалиұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

ҚАРАСАЙ-ҚАЗИ, ХАН ӘДІЛ

Авторы: Үбіғали Бақтығалиұлы

ҚАРАСАЙ-ҚАЗИ, ХАН ӘДІЛ

(ҮШ АРМАН)

«Қырымның қырық батыры» дастанынан үзінді

Едігенің тұқымы Ер Мұсаның бәйбішесінен Орақ, Мамай туады. Тоқалдан тоғыз ұл: Әліш, Смайл, Тобаяқ, тағы басқалары туады. Орақ батыр болады да Мамай ел билеген хан болады. Тоқалдан туған балалары бұларды көре алмай, іштен бәсекелес болады. Орақ батыр тоқалдан туған інілерімен сыбайлас (көршілес) болады да Мамай Астраханда хан болып тұрады. Күндердің күнінде Орақ батыр жорыққа аттанып, алты ай дегенде ауылға келеді. Тоқалдан туған Тобаяқтар Орақтың келгенін біліп, өзара кеңеседі. «Осы бүгін Орақты өлтіруге болады». Себебі Орақты өз алмасы болмаса, басқа қылыш кеспейді, оқ өтпейді екен. Тобаяқтардың ақылы былай болады: Түн ортасы ауғанда, Орақ әйелімен (Хұсылмен) ұйқтап жатқанда Орақтың алмасын ұрлап алып, есікке көлденең керіп қояды. Содан кейін көп жылқыны дүркіретіп қуады да: «Ойбай, Орақ батыр, елге жау келді!» – деп айқай салады. Сол уақытта Орақ батыр төсектен тұра жүгіріп, есіктен шыға бергенде, керіп қойған алмасқа ұшырап, ортасынан екі бөлінеді. Қасында жатқан әйелі ойбайлап: «Сен хұсылыңмен жауға жүгірме», – десе де оны тыңдамайды. Осы жағдайда жатқанда әйелі келіп, басын сүйеп, су беріп есін жиғызады. Есін жиғаннан кейін әйеліне: «Менің үш арманым бар, өзім бітіре алмаған сол үш арманымды Қарасай, Қази ержеткен соң орындасын», – деп тапсырады.

Батыр Орақ, Хан Мамай – Ел мақтаған ер еді. Қарасай, Қази екеуі – Орақтан туған ұл еді. Еділдің бойы Сарайшық, Ақтөбе мен Қорғанша – Орақ пенен Мамайдың Атақоныс жері еді. Аталары кім десең, Білдірейін білмесең – Баба түкті Шашты Әзиз, Әулие-шайхы пір еді. Онан туған Едіге Кереметті ер еді. Едігеұлы Нұрадын Жау келер деп жабдықтап, Тарқатпаған құралын. Нұрадынұлы Ер Мұса, Мұсаның ұлы кім десең – Батыр Орақ, Хан Мамай Ақылға диқан, кен еді. Жасынан Мамай хан болып, Орақ асқан ер еді. Аттанып кеткен жауынан Алты ай болды дегенде Еліне Орақ келеді. Мамайдың да сол сәтте

Астраханда хан болып, Сұрап тұрған күні еді. Тоқалдан туған тоғыз ұл – Әліш, Смайыл, Тобаяқ Орақтың елге келгенін Хабарланып біледі. Өлтіруге Орақты Амалын іздеп жүреді. Таң сарғайып атқанда, Таң Шолпаны батқанда Шаршап келген Ер Орақ Әйелімен ұйқтап жатқанда Ұрлап алып алмасын, Есігіне кереді. Керіп қойып алмасты, Көп жылқыны үркітіп, Дүркіретіп қуады. Дүрсілдеген тұяғы Жерді жарып барады. Сол уақыттар Тобаяқ «Аттан! Орақ, аттан!» – деп, Шулап айқай салады. Аттандаған дауыстар Ұйқыда жатқан Орақтың Құлағына барады. Сол уақытта Ер Орақ Ақ алмасын таба алмай, Айбалтасын қолға алып, Есіктен шыға жүгірді. Есіктен шыға бергенде Керіп қойған алмасқа Батыр Орақ ұшырап, Ортасынан бөлінді. Тобаяқ мұны біледі, Соның үшін алмасты Ұрлап алып, кереді. Қасындағы әйелі Қансырап жатқан Орақтың Басын келіп сүйеді. Су ішкендей әлі бар, Бір сөйлейтін жаны бар Қасындағы әйелге Сонда Орақ не деді:

– Некелескен жұбайым, Қосқан сені Құдайым. Тыңдамай сенің сөзіңді, Хұсылменен жүгіріп, Басыма түсті уайым. Ноқталы басқа бар өлім, Не де болса шыдайын. Жалғаннан өтіп барамын, Бітіре алмай баратқан Үш арманым бар еді, Соны баян қылайын:

Бірінші менің арманым – Орал, Орал, Орал тау, Орал таудан биік тау болмас. Орал таудың баурында Шұбырып өскен бес тұлпар, Олардан артық мал болмас. Бес тұлпардың ішінде Ешкі тұяқ қызыл ат Еш жылқыдан кем болмас. Жауға мінсең жаратып Үстіне мінген батырға Атылған оқтар дарымас. Ер Көкшенің аты еді, Осыны ұстап астыма Мінермін деп жүр едім, Міне алмай кетіп барамын, Бір арманым сол еді. Қарасай-Қази шырағым Кемалына келген соң Менен туған ұл болса, Ұл екені шын болса, Осы атты мінсін деп едім.

Екінші менің арманым – Бірге туған Мамайым Баласының жоғынан, Қайғысының зорынан Күлдіре алмай барамын. Соңынан перзент ермеді, Жаратқан Алла – кең Құдай Маған берген екі ұлдың Біреуін соған бермеді. Сол себептен Хан Мамай Қанша қызық көрсе де Езуін тартып күлмеді. Қиғаш қасты, қанды бет Хан қызын алып сүйгіздім, Теңселтіп жорға мінгіздім, Ит жүгіртіп, құс салып, Құс қызығын көрсеттім, Сонда да Мамай күлмеді. Қарасай-Қази шырағым Кемалына келген соң, Қызыл атты алып мінген соң Қайғылы Мамай атасын Бір күлдірсін деп едім, Екінші арман сол еді.

Үшінші менің арманым – Қиғаштың биік тауы еді, Қызылбастың жауы еді. Он екі ханның елі еді, Әскері мықты, көп еді. Бұрынғы өткен ерлердің Бара алмай кеткен жері еді. Барайын деп жүр едім, Қызылбасты қиратып, Жесірін қойдай шулатып, Шабайын деп жүр едім, Бара алмай кетіп барамын. Қарасай-Қази шырағым Кемалына келген соң, Қызыл атты мінген соң, Қайғылы Мамай атасын Бір күлдіріп алған соң Қиғаштың биік тауына, Қызылбастың жауына Аттанып барсын деп едім, Үшінші арман сол еді...

Осылай деп Ер Орақ Көп сөйлеуге шама жоқ, Бұл жалғаннан өтеді. Орақ өлген кезінде Ағасы Мамай жоқ еді. Өлгенін естіп Орақтың Елге жетіп келеді. Жаназаға шақырып, Еліне хабар береді. Жеті күн сақтап Орақты, Қабан құлақ қара атты Асына сойып таратты. Осылайша арулап, Ақ жауып оны көмеді. Тоқалдан туған жаманға Таянып кезек келеді. Ұстап алып бәрін де Сарсаң-кесек атқызып, Елі-халқы жиналып Жазаларын береді. Арадан күндер өтеді, Күн дәуірге жетеді. Қарасай-Қази ержетіп, Кемалына келеді. Атасының тапсырған Үш арманын анасы Шақырып алып қасына Қарасай мен Қазиға Баяндап соны береді:

– Қарасай-Қази шырағым, Жақсыдан қалған тұяғым, Атаң Орақ батырдан Не естіп қалған құлағым. Өлерінде атаңның Тапсырып кеткен сіздерге Үш арманы бар еді. Құлақ салып тыңдаңыз, Соны баян қыламын. Бірінші айтқан арманы – «Орал, Орал, Орал тау, Орал таудың баурында Шұбырып өскен бес тұлпар. Бес тұлпардың ішінде Ешкі тұяқ қызыл ат Жал-құйрығы ұзын ат – Ер Көкшенің аты еді. Қарасай-Қази қарағым Кемалына келген соң, Ат жалын тартып мінуге Өз қолдары жеткен соң Осы атты мінсін», – деп еді.

Екінші оның арманы – «Бірге туған Мамайды Баласының жоғынан, Қайғысының зорынан Күлдіре алмай барамын. Қарасай-Қази шырағым Кемалына келген соң, Қызыл атты алып мінген соң Қайғылы Мамай атасын Бір күлдірсін», – деп еді. Үшінші оның арманы – «Қиғаштың биік тауы еді, Қызылбастың жауы еді. Он екі ханның елі еді, Әскері мықты, көп еді. Бұрынғы өткен ерлердің Бара алмай кеткен жері еді». Атаң Орақ батыр да: «Арманда кеттім», – деп еді. Атаң Орақ тапсырған Үшінші арман сол еді – «Қарасай-Қази шырағым Кемалына келген соң, Қызыл атты алып мінген соң, Қайғылы Орақ атасын Бір күлдіріп алған соң Қызылбастың жауына Аттанып барсын», – деп еді.

Осылайша балдарға Анасы хабар береді. Анадан хабар есітіп, Қарасай-Қази екеуі Орал тауға келеді. Жайылып жүрген бес тұлпар Қызыл атты көреді. Қасына барып жақындап, Дорбада жемі маһылап Ұстап атты алады. Ауыздықтап, қызылдың Үстіне ерді салады. Қызыл ат бөтен көрмеді Қарасай айтты баланы. Қарасай-Қази қос батыр Қызылды алып мінеді. Аюке деген қалмақтың Бағынбай жүрген Мамайға Елін шауып келеді. Атасы Хан Мамайға Кегін алып береді. «Орақтан қалған көзім, – деп, – Қалмақтан бітті кегім», – деп, Атасы Мамай күледі. Атасының тапсырған Екі арманын бітіріп, Ендігі қалған біреуін Бітіре алмай қос батыр Қарасай-Қази жүреді. Бір күндері болғанда Шақырып алып балдарын, Ақылын айтып анасы Қос батырға не деді:

– Ау, Қарасай-Қази шырағым, Жақсыдан қалған тұяғым. Атаң Орақ батырдан Көп естіген құлағым Атаң Орақ батырдың Үш арманы бар еді. Бітіріп едің екеуін, Енді қалған біреуін Бітіре алмай жүдедің. Ол арманы атаңның – Қиғаштың биік тауы еді, Қызылбастың жауы еді. Он екі ханның елі еді, Әскері мықты, көп еді. Бұрынғы өткен ерлердің,

Атаң Орақ батырдың Бара алмай кеткен жері еді. Бармағанның себебі – Қызылбас мықты ел еді. Дербент деген қаласы Көп қаладан зор еді. Тастан салған қорғаны, Айналасы ор еді. Орға салған тас өткел Жалғызаяқ жол еді. Әскер күшің болмаса, Жалғызаяқ, тар жолда Қауіп-қатер көп еді. Он екі жерде мұнара Хан белгісі бар еді, Ханның басы – Қарғаса, О да күшті ер еді.

Барамын десең, қарағым, Сен Қырымға бар, – деді. – Қырымда Әділ хан, – деді. – Досың ғой сенің сол, – деді. – Қырық мың әскер Қырымнан Жинап берер ол, – деді. Осылай деп балдарға Анасы ақыл береді. Анасының ақылын Балдары мақұл көреді. Қарасай-Қази қос батыр Даярланып жорыққа, Қырымға жетіп келеді. Сәлемдесіп, құшақтап, Әділ досын көреді. Атасы Орақ батырдың Өлерінде тапсырған Үш арманды қалдырмай Әділге айтып береді.

Сол уақытта Хан Әділ Қырық мың әскер жинауға Бұйрық берді деп еді. Қырық мың қолға бас болып, Қайратына мас болып Өзі де еріп жүреді. Көп әскерге бас болып, Қызылбасқа қас болып Жүргенінің себебі – Түріктің сұлтан-патшасы Әділге хабар жіберіп: «Мықты болсаң, Әділ хан, Қызылбасты қиратып, Шауып келші», – деп еді.

Қарасай-Қази қос батыр, Әділ ханмен үш батыр Қырық мың әскер қолменен, Белгілі талай ерменен Қызылбасқа жөнеді. Құлақ салып тыңдасаң, Қырық мың қолдың ішінде Белгілі ерді айтайын. Қалың Ноғай қамы үшін Табаны жаудан таймаған, Мұсылманның ары үшін Өлімге басын байлаған Айсаның ұлы Ахмет, Бұл жорықта бұ да бар. Және кімдер бар десең – Барған жерін тындырған, Басына бақыт қондырған, Бір соғыстың ішінде Алпыс балта сындырған Айсадан туған Серік бар. Және кімдер бар десең, Ерік пенен Серікті Ерегескен жерінде Тізелесіп отырып Айтысады екен деректі. Еті қызып шапқанда Қылмаған керек көмекті Айсадан туған қос батыр Бұл жорықта тағы бар. Және кімдер бар десең – Дұшпанын шауып жылатқан, Найзамен түйреп сұлатқан, Қатын-бала қамы үшін, Мұсылманның ары үшін Тілеген тілек бір Хақтан, Хан Әділдің жолдасы – Ер Сүлеймен бұ да бар. Тағы да кімдер бар десең, Әруағы өрттей қаулаған, Ата жауын жаулаған, Атасының арманын Бітірем деп Қырымнан Қырық мың әскер жәмдеген. Едіге ердің тұқымы – Қарасай-Қази қос батыр Бұл жорықта бұ да бар. Және кімдер бар десең – Таққа мініп хан болған, Қараңғы жерде шам болған, Бұйырғанда Қырымға Қырық мың әскер жәм болған.

Бес жасынан белсенген, Өскен сайын өрленген. Алты жаста оқ атып, Жеті жаста желденген. Сегіз жасқа келгенде Қиялай қылыш сермеген. Тоғыз жасқа келгенде «Жау қайда?» – деп іздеген. Он жасқа дейін жас жүрек Алысқа жүріп көрмеген. Он бір жасқа келгенде Хан болып халқын билеген, Он екі жасқа келгенде Биіктен өрге өрлеген. Қырық мың қолға бас болған Арыстандай айбатты Он үш жасар Әділ бар.

Және кімдер бар десең – Жауды көрсе жайнаған, Жай тасындай қайнаған. Мың қалмақты кез келсе Айдарынан байлаған, Көгендеп қойдай айдаған Қараның ұлы Сидақ бар. Тағы да кімдер бар десең – Көпті көрген көне еді, Көрмеген жауы жоқ еді. Көп жасаған Қоянақ, Қоянақ ұлы Қартқожақ, Көңілі сергек ер еді. Адастырмай әскерді Келе жатқан бастап сол еді. Күні-түні тынбастан Әскер жүріп келеді. Қоянақ сынды қартыңыз Адаспайтын ер еді. Қамысты көл, құрақ көл, Қоянақ қартқа сынақ көл. Осы көлдің басына Әскер келіп қонады. Шаршап келген көп әскер Жатып тынным алады. Қарасай-Қази қос батыр, Хан Әділмен үш батыр Қызылбас жаққа қарады. Тауды көзі шалады. Қиғаштың ала таулары Аспанменен тіресіп, Бұлтпенен күресіп, Мұнарланып тұрады.

Әлқисса, көп әскер осы жерде демалып жата берсін. Енді Қырымнан хабар берелік. Көп әскерге Әділ хан бас болып аттанып кеткен соң арадан бір жеті өткенде Әділдің анасы Бәйбикеш ханым түс көріп, көрген түсінен қорқып, шошып оянып, қасында жатқан қызы Ілияны оятып, соған түсін айтып баяндай береді. Қырық мың қолға бас болып, Қайратына мас болып, Әділ хан үйден кеткен соң Бәйбикеш ханым анасы Үйінде жатып түс көрді, Түсінде жаман іс көрді. Өзі жорып өз түсін, Ілия қызын оятып, Көрген түсті сынатып, Қызына қарап сөйледі, Сөйлегенде не деді:

– Айналайын Ілия, Тарылды заман-дүния, Заманым қашан оңады? Қолдан кеткен сұңқарым Оралып қашан қонады? Жаңа жатсам, түсімде – Жалғыз ағаң есімде, Елестейді көзіме. Әділім бе екен деп едім, Еркін оны көрмедім. Асқаралы биік тау Алтын сарай үйімнің Үстіне келіп құлады Бұл не болар, шырағым? Және жатсам, түсімде – Арқадан борап қар жауса, Боран борап, жел соқса, Соққан желге құлатпай Ақ Орданы сақтаған Ортасынан морт етіп, Ашасынан сырт етіп Сынды алтын сырығым, Бұл не болар, қарағым? Және жатсам, түсімде – Әділ ағаң есімде, Жібектен есіп бау таққан, Байланбаған асауды Жібере тартып тоқтатқан Ортасынан морт сынды Жібек баулы құрығым, Бұл не болар, шырағым?

Ілия сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Айналайын анам-ай,

Ақ сүт берген кәбам-ай, Көргенің қиын түс екен. Мен жоримын қалай-ай? Алланың салған ісіне Көнбеске, сірә, бола ма-ай? Асқар биік ала тау Алтын сарай үйіңнің Үстіне келіп құласа – Асқар таудай бақ қонар. Кеткен Әділ балаңа-ай, Көрінген шығар соған-ай. Арқадан борап қар жауса, Боран борап, жел соқса, Соққан желге құлатпай Ақ Орданы сақтаған Сынған болса сырығың – Осы жерін білмедім. Аман-сау келсе жақсы еді Жауға кеткен құлының. Жібектен есіп бау таққан Байланбаған асауды Жібере тартып тоқтатқан Сынып қалса құрығың – Аман келсе жақсы еді Жауға кеткен құлының. Алтын айдар басымда, Отырсам сенің қасыңда. Басымдағы тұлымым Ортасынан қиылса – Айналайын анам-ай, Жоқ саған енді балаң-ай. Туысқан аға-іні жоқ, Бірі болса, бірі жоқ. Есіркейтін елің жоқ, Жалғыз ұлда сенім жоқ. Жауға түссе аяу жоқ, Жау өлтірсе амал жоқ. Ер Әділден айрылсақ Ел көретін заман жоқ. Сол себептен, анам-ай, Соңынан қуып бармасақ, Енді бізге балаң жоқ.

Осылай деп Ілия Қайғыны қатты шегеді, Екеуі атқа мінеді. Көзден жасы төгіліп, Қабырғасы сөгіліп, Екі мұңлы бейшара Жауға кеткен Әділдің Соңынан қуып келеді. Сол күні жүрді күнімен, Ертең де жүрді түнімен. Қуғанына үш кін боп Бір атаудан құлады. Ер Әділге жете алмай, Екеуі бірдей жылады. Белес-белес бел жатыр, Белге шығып қараса Айдын шалқар көл жатыр. Осы көлдің басында Жағалай тіккен ақ шатыр. Ақ шатырдың ішінде Қызылбасқа аттанған, Қырық мың қолға бас болған, Қайратына мас болған Қарасай-Қази қос батыр, Әділ хандай ер жатыр.

Әлқисса, көлдің басындағы шатырларды көргеннен соң Бәйбикеш ханым Әділге жеткенін біліп, екеуі ақылдасып: – Қарағым Ілия, сен Әділдің бірге туған жалғыз қарындасы – бауырысың ғой, барып осы жолғы сапарын сұра. «Ат шыдамас жауырға, ер шыдамас бауырға» деген бар. «Сапарыңды бер!» де. Сені көргенде Әділ қия алмас, – деп, Ілияны Әділге жұмсайды. Сонда Ілия аттан түсіп, шашын жайып, камзолының ілгегін ағытып, ағасын құшақтап тұрып сөйлеп тұрған сөзі мынау:

– Құтты болсын, ағеке-ау, Тұлпар атқа мінгенің. Қырық мың қолға бас болып, Қайраттанып мас болып Сапар тартып жүргенің. Аттанып сіздер кеткен соң Анамыз жаман түс көріп, Түсінен біздер қорқып, Соңыңнан қуып келгенім. Сапарыңды бересің, Елге қайтып жүресің. Сапарыңды бермесең, Шын айтқан сөзге сенбесең, Кейін қайтып жүрмесең, Қайғыменен өлгенім. Алды-артыңда таяу жоқ, Жауда қалсаң аяу жоқ. Ағеке, кімге сенгенің? Әділ сонда сөйледі: – Айналайын бауырым, Сен жыласаң кетеді Басымда хандық дәуірім. Қарындасым нашарым, Ұяда бірге жасарым, Біліп тұрмын өзім де Сапарды сұрап келген соң

Буынымның босарын. Құлақ салып тыңдашы, Жалғыз көпке ермей ме, Жары – Құдай демей ме? Ажал жетіп ауырса, Үйде де пенде өлмей ме? Құдай аман сақтаса, Қырық жыл қырғын болса да Жаудан жалғыз келмей ме? Айналама қарасам – Айсадан туған бес батыр, Бесеуі қалмай баратыр. Өзің ойлан, қарағым, Қарындасы Ақ Сүңгі Ол жылап келсе, көрмей ме? Қарасай-Қази қос батыр, Екеуі бірдей баратыр. Қарындасы Ақ Қибат Ол жылап келсе, көрмей ме?

Осылай айта бергенде Ілия қайта сөйледі: – Туысқаным, туғаным, Болайын сенің құрбаның. Басыңа қиын іс түссе, Кім болады қорғаның? Сонда түсер есіңе Атадан жалғыз туғаның. Айсадан туған бес батыр, Бесеуі бірдей баратса, Ақ Сүңгі неге жыласын? Бір-бірін жауға тастай ма, Бұларды үлгі қыласың. Қарасай-Қази қос батыр, Екеуі бірдей баратса, Ақ Қибат неге жыласын? Қарасай жауда қалғанда, Қази барып алмай ма? Қази жауда қалғанда, Қарасай барып алмай ма? Осыларды, жан көке-ау, Ойласаңыз болмай ма? Ағайынды екеудің Біреуі қалса, бірі алар. Жазатайым іс болса, Жауда қалар күн болса, Сен байғұсты кім алар?

Осылай деп тұрғанда, Күн ортадан ауғанда, Қайтпаған соң баласы, Жетіп келді қасына

Әділ ханның анасы. Анасы келіп сөйледі, Сөйлегенде не деді: – Айналайын шырағым, Қызылбас болды құмарың. Барған ерге қатер деп Естуші еді құлағым. Сен кеткен соң, қарағым, Оңбады менің сабырым. Қалайша оңсын сабырым? Жоқ еді сенің аға-інің, Жас та болсаң әр жерге Кетіп еді дабылың. Қызылбас мықты ел еді, Аламаны көп еді. Бұрынғы өткен ерлердің Бара алмай кеткен жері еді. Айтқанымды тыңдамай, Қызылбасқа кетерсің. Қиын жолға жетерсің. Көзімнің жасы – көк дария, Емшек сүтім – ақ дария, Болып шықса алдыңнан, Онан қалай өтерсің? Бара жатқан жауыңның Алты айшылық жолы бар, Үш айшылық шөлі бар. Онан қалай өтерсің? Алдыңда биік тауы бар, Тауда мықты жауы бар, Оған не амал етерсің? Ақ сүт берген анаңды, Салған сарай, қалаңды, Қарындасың Ілияны, Атадан қалған мал менен Толып жатқан дүнияны Тастап неғып кетесің?

Сонда Әділ сөйледі: – Жылама, ана, жылама, Жыламай көңілің тына ма? Осы жолы, жан ана, Сапарымды сұрама. Көңілге жедел енгесін, Қырық мың әскер ергесін, Қызылбасқа кетермін, Бармай қалсам, бекермін. Көзіңнің жасы – көк дария, Емшек сүтің – ақ дария Болып ақса алдымнан, Батаңды берсең, ой, ана, Қырық мың әскер қолым бар,

Көпір салып өтермін. Алты айшылық жол болса, Үш айшылық шөл болса, Әулие-пірлер қолдаса, Жай бұлтты жаудырып, Әскерімді қандырып, Шөлдетпей алып өтермін. Асқар биік тау болса, Қызылбас мықты жау болса, Қырық мың әскер қолым бар, Қол бастаған ерім бар, Бұзып-жарып өтермін. Қиын да болса бұл жолы Бір тәуекел етермін. «Түс – түлкінің боғы» деп, Айтып кеткен бұрынғы. Бір Алланың салғанын Маңдайымнан көрермін. Уайым етпе, анам-ай, Тапшы қылды Құдайым Іні менен ағаға-ай, Күні бүгін болғанда Ізденіп қайдан табам-ай? Жалғызбын деп балаң-ай Сапарынан қала ма-ай? Көп тұрмайын кідіріп, Батаңды берші, анам-ай!

Хан Әділдей батырың Осылай деп тұрғанда Қарасай-Қази тұрмады, Бір қиялды ойлады – Қала ма деп ойланса, Әділ сынды батырды. Аламанды жүргізіп, Құмырсқадай өргізіп, «Орақ!» деп ұран салады. Желбіреген жасыл ту Қолдарына алады. Анасымен қоштасып, Батасын алып ананың Сүйегі қызып Ер Әділ Ол да кетіп барады. Қалмаған соң баласы, «Әумин!» деп қол жайып, Ер Әділге қарады: – Қарағым, жалғыз баласың, Тілін алмай анаңның Жауға кетіп барасың. Ақ шалмалы бір кісі, Қысылғанда есіңе ал, Әлдеқалай боласың. Ұмытпа, балам, піріңді, Ұмытсаң егер піріңді – Көруің қиын Қырымды! Өзіңді көріп тарқаттым Іштегі дерт пен сырымды.

Батасын алып ананың, Жөнеліп кетті Әділ хан Бұрынғы өткен ерлердің Бара алмаған жеріне. Ілия менен анасы Қайтпаған соң баласы Кейін кетіп барады Қырымдағы еліне. Әскер жолға жөнелді, Күні-түні тынбастан, Тоқтамай жүріп келеді. Көп жасаған Қоянақ Адастырмай әскерді Келатқан бастап сол еді. Көп жасаған Қоянақ Қартайса да қайтпайтын Көңілі сергек ер еді. Таудың келді бетіне, Жолдың шықты шетіне. Келе жатыр жақындап Қызылбастың кентіне.

Осы араға келгеннен кейін Әділ-Қарасай-Қазилар өзара ақылдасып, әскерді демалдыра тұрады. Таудың қиын жолдарын, қалаға қалай кіретін бағдарын білуге, қызылбастан барып тіл ұстап әкелуге, сол көріп келген жолға әскерді бастап тесік жолға кіруге көріп қайту үшін батырларды бір-бірлеп жұмсайды. Дегенмен қиын жолды көрген батырлар тесік жолға кіре алмай, тіл алып келе алмай беріден қайтады. Көріп келген хабарын айтады. Ер Әділдің батырларды жұмсап жатқан кезі былайша:

Әділ сонда сөйледі, Сөйлегенде не деді: – Қоянақ қартым, сен, – деді, – Маған жақын кел, – деді, – Бұйырамын мен, – деді. – Жолдас қылып Серікті, Тауға барып кел, – деді. – Таудың қиын бағдарын, Жалғызаяқ жолдарын Көздеріңмен көр, – деді. – Өтірік айтпай, Қояке, Көріп келген жолыңа Әскерді бастап жүр, – деді. Жұмсаған соң Қоянақ Тұлпарына мінеді. Жолдас қылып Серікті,

Беліне қару іледі. Оқ өтпейтін сауытын Үстіне баса киеді. Тұлпар атты қамшылап, Қолда туы желбіреп, Тауға қарай жөнелді. Баруы қиын күш болды, Әжептәуір іс болды. Жолға шыққан кезінде Қас қарайып, кеш болды. Түніменен жүреді, Ертең сәске болғанда Таудың шықты шетіне. Атынан түсіп Қоянақ Жолдың түрін байқады. Қиын жолды көргенде: «Бұған кірсек болмас, – деп, – Кірген адам оңбас», – деп, Қоянақ басын шайқады. Тесік жолға кіре алмай, Ар жағын серлеп біле алмай, Екеуі кейін қайтады. Көріп келген хабарын Ер Әділге айтады: – Жұмсаған, Әділ, сен едің, Тауға барған мен едім. Жалғызаяқ тар жолды Тау басынан серледім. Ішіне кіріп көрмедім, Кірейін десем сенбедім. Мұндай қиын тар жолды Өмірімде көрмедім. Тілімді алсаң, қайталық, Алдырмайтын ел екен, Біз бармайтын жер екен. Айналайын Әділім, Жалған айтар ер ме едім?

Әділ сонда сөйледі: – Ау, Қоянақ қартым, не дейсің? Неге жалған сөйлейсің? Кірмеген соң тар жолға, Тау басынан қайтқан соң Жол мәнісін білмейсің. Көп жасаған Қоянақ, Қырық жыл қырғын болса да Жетпесе ажал өлмейсің. Қырық мың әскер қолменен, Қол бастаған ерменен Жолды іздеп бір таппай, Қызылбасты бір шаппай Елге қайтар кім дейсің?

Айсадан туған Серігім, Ер деп сені жібердім. Хабар білмей қайтқаның, Қорқақ неме екенсің. Осылай айтып болды да Ахметке қарады. – Айсаның ұлы Ахмет, Алладан болғай рахмет. Жолды байқап келуге, Тесік жолға кіруге Жаманға болды ақырет. Өлімге басты байлаған, Алмасын тасқа қайраған. Қолтығына қол салып, Ұйқтап жатқан жерінде Айдаһарды барлаған. Барлаған болсаң шын, – деді, – Бұйырамын мен, – деді. – Сен атыңа мін, – деді, – Тауды барлап кел, – деді. – Таудың қиын жолдарын, Жалғызаяқ бағдарын Өз көзіңмен көр, – деді. – Көріп келген жолыңа Қызылбасты шабуға Әскерді бастап жүр, – деді.

Бұйырған соң Ахмет Тұлпарына мінеді, Алладан жәрдем тіледі. Алабас атты қамшылап, Қолда туы жалтырап, Тауға қарай жөнелді. Баруы қиын күш болды, Жолға түскен уақытында Қас қарайып, кеш болды, Түніменен жүреді. Ертең сәске болғанда Таудың келді бетіне, Жолдың шықты шетіне. Көзін салып байқаса, Келіп тұрған секілді Қоянақ пен Серіктің Келіп-қайтқан жеріне. Осы жерге келгенде Атынан түсіп Ахмет Жолдың түрін байқады. Қиын жолды көргенде Батыр басты шайқады: – Қоянақ қартым ер екен, Көргенін айтып жүр екен. Жолдың қиын екені

Жалған емес, шын екен. Ағайыннан әл кешпей, Шыбын жаннан баз кешпей, Біз бармайтын жер екен. Ақиқаттан айтқанда, Бұрынғы ерлер бармаған Көз қорыққандай жер екен. Тесік жолға бара алмай, Баратын жолын таба алмай, Ар жағын серлеп біле алмай, Ахмет батыр қайтады. Көріп келген хабарын Ер Әділге айтады: – Жұмсаған, Әділ, сен едің, Тауға барған мен едім. Жалғыз аяқ тар жолды Тау басынан серледім. Ішіне кіріп көрмедім, Көрейін десем, сенбедім. Тілімді алсаң, қайталық, Мұндай қиын тар жолды Өмірімде мен көрмедім.

Осылай айта бергенде Әділ тұрып ақырды. Батыр еді батымды, Қатты ашуы келгенде Ойламайтын жақынды: – Ай, Ахмет оңбағыр! Сен қорқақ па едің, құрымағыр, Айдаһарға қол салып Барлаған болсаң сен өзің, Айдаһар деп жүргенің – Өлген жылан болғаны, Жүргенің айтып осы ма-ай? Ертпей адам жібердім Ер деп сенің қасыңа-ай. Тар жолға кірмей қайтқаның Ылайық па сенің басыңа-ай? Тау басынан қайтыпсың, Қорқақ неме, қашып-ай. Жанар болат дегенім – Болып жатыр жасық-ай. Бұл сөзіңе сенбедім, Кірер едің тар жолға Ер болсаң нағыз асыл-ай. Осыны айтып болды да Қарасайға қарады: – Орақтан туған Қарасай, Асыл ердің баласы-ай,

Осындайда ашылар Жақсы менен жаманның Екеуінің арасы-ай. Қара тауды көргенде, Таудай болған батырлар Болып жатыр аласа-ай. Таудың жолы тар, – деді, – Бүгін бітсін ар, – деді. – Қызылға ерді сал, – деді, – Жасың үлкен болса да Жұмсаймын сізді, Қареке, Тар жолға өзің бар, – деді.

Орақтан туған Қарасай, Асыл ердің баласы-ай, Айтуына мұң екен, Жұмсасын деп тұр екен. Жалғыз аяқ тар жолға Барып-келген ерлердің Кірмейтұғын себебі – Барса-келмес жол екен. Қарасай батыр кідірмей, Қызылға тоқым салады, Оттай лаулап жанады. Орақтан қалған жасыл ту Желбіретіп қолға алады. Қызыл атты қамшылап, Маңдайдан тері тамшылап, Тауға қарай шабады. Түніменен жүреді, Ертең сәске болғанда Таудың келді бетіне, Жолдың шықты шетіне. Көз жіберіп байқаса, Келіп тұрған секілді Ахмет, Серік, Қоянақ Келіп-қайтқан жеріне. Қарасайдай батырың Бұл арадан өтеді, Тесік жолға жетеді. Осы араға келгенде, Тесік жолды көргенде Қарасай батыр сөйледі: – Көрмегенім көп екен, Алға қарай жүруге Жүретін жолым жоқ екен. Ат бауырын ала алмас Орғыл-орғыл құм екен. Құмның арғы жағына Көз жіберіп байқаса, Жалпақ жатқан сор екен. Сорға салған тас өткел

Екі адам қатар жүре алмас Жалғызаяқ жол екен. Көз жіберіп байқаса, Сол бір жолдың ар жағы Шалқып жатқан көл екен. Көлдің арғы жағына Көз жіберіп қараса, Алты қатар қазулы Ат қарғымас ор екен. Қазылған ордың ар жағы Он екі ханның елі екен. Он екі жерде мұнара Хан белгісі бар екен. Асты теңіз су екен, Үсті биік тау екен. Арасынан салдырған Қызылбастың айтулы Дербент деген қала екен. Он екі пар өгізбен Қырық құл ашып-жабатын Дарбазасы бар екен. Бұл қалаға кіретін Оңай жолы жоқ екен. Ақиқатын айтқанда – Көз қорыққандай жер екен. Қалаға батыр кіре алмай, Кіретін жолын таба алмай, Жаудан белгі ала алмай, Айран-асыр дал болып, Бұл да кейін қайтады. Көріп келген хабарын Ер Әділге айтады:

– Әділ, досым сен едің, Сенің досың мен едім. «Өзің бар, аға!» деген соң, Тауға қарай жөнелдім. Жалғызаяқ тар жолдың Ішіне кіріп көрмедім. Кірмесем де ішіне, Алыстан байқап серледім. Жалғыз аяқ жол екен, Үсті биік тау екен, Асты теңіз су екен. Арасынан салдырған Дербент деген қала екен. Бұл қалаға баратын, Қиратып елін шабатын Оңай жолы жоқ екен. Ақылға салып ойласам, Қауіп-қатер көп екен. Ендігісін өзің біл, Нағыз шынын айтқанда – Көз қорқатын жер екен.

Әділ сонда сөйледі, Сөйлегенде не деді: – Орақтан туған Қарасай, Асыл ердің баласы-ай, Өз басыңа бермесе, Не болады жігіттің Атасы мен анасы-ай? Атаң Орақ – болғанмен Едіге ердің тұқымы, Туыпсың төмен, шамасы-ай. Досым болсаң қайтейін? Бұл сөзіңе сенбедім. Қанша батыр болсаң да Ахмет, Серік, Қоянақ, Солардан артық көрмедім.

Қарасайға Хан Әділ Осылай айта бергенде Екеуінің қасында Жатыр еді жамбастап Сөйлемейтін бейбастақ Орақтан туған Ер Қази Көтеріп алды басын-ай. Қатты келді ашуы-ай, Ашуы қатты келген соң, Әділдің келді қасына-ай, Сөйлей берді осылай: – Алдымдағы жас Әділ, Қырық мың қолға бас Әділ, Құдайласқан досым-ай, Қатты-қатты сөз айтып, Жасы үлкен ағаға Неге тұрсың ұрысып-ай? Орынсыз ұрсып тұрғаның Өзіңе болар қырсық-ай. Тарта сөйле тіліңді, Артық көрме өзіңді. Жасы үлкен ағама Тигізе берме тіліңді. Жолдың қиын-оңайын Таудан құлап білерсің. Жалғызаяқ тар жолмен Шұбыртып әскер жүрерсің. Кімнің қорқақ-батырын Сол уақытта көрерсің.

Осылай деп Әділге, Қарасайға қарады: – Ау, Қарасай, Қарасай, Асыл ердің баласы-ай, Орақтан тудым дегенше, Орманнан тудым десейші. Ерден тудым дегенше, Елден тудым десейші. Құралақан келгенше, Қызылбастан бір белгі Қолыңа алып келсейші. Әкелмесең, Қареке, Сол жақта жүріп өлсейші. Өлмегенің осы ма? Таба қылдың досыма. Әділ менен Қарасай, Рұқсат берің басыма-ай. Жан ертпей қасыма-ай, Тауға қарай шабайын, Қызылбасты табайын. Тіл әкеліп берейін, Егер алып келмесем, Сол жақта мен өлейін, –

Деді дағы Ер Қази, Шұбар атқа ер салды. Ат басындай тас шоқпар Қази батыр қолға алды. Әне-міне дегенше, Ашуменен Ер Қази Қара тауға кеп қалды. Түніменен жүреді, Ертең тал түс болғанда Таудың шықты шетіне, Жолдың келді бетіне. Келе жатыр жақындап Қызылбастың кентіне. Көз жіберіп қараса, Келіп тұрған секілді Қарасайдың ат салып Келіп-кеткен жеріне. Осы араға келгенде Атынан түсіп Ер Қази, Жолдың түрін байқады. Қиын жолды көргенде Қази басын шайқады: – Қарасай көкем ер екен, Көргенін айтып жүр екен. Жолдың қиын екені Жалған емес, шын екен. Абайламай сөз айтқан Хас ақылсыз мен екен. Көтерген ауыр сөзімді Хас әулие пір екен.

Ау, Жаратқан Құдайым! Өзіңнен жәрдем сұрайын. Өзің жәрдем бермесең, Басыма түсті уайым. Тіл ұстамай құрдан-құр Таудан қалай шығайын? Тілді қайдан табайын, Әділге не деп барайын? Осында өліп қалайын, Көрінбейді адамзат, Қалаға қалай шабайын? Батыр Орақ ұлы едім, Бір Тәңірдің құлы едім. Қызылбастан бір белгі Әкелемін деп едім. Бұл тілегім болмады, Басыма бақыт қонбады. Тілегімді берсейші, Көз жасымды көрсейші. Қызылбасты алдыма, Тәңірім, айдап келсейші?!

Осылай жылап тұрғанда, Күн ортадан ауғанда Тілегін Құдай береді, Тілегі қабыл ер еді. Көмір артқан түйеге Қырық көмірші келеді. Тарығып тұрған Ер Қази Қабағын ашып күледі. Қызылбасқа жолықты, Көміршілер қорықты. Төгіп тастап көмірін, Айдап жолға салады. Ер Әділдің алдына Шұбыртып айдап келеді. Қызылбастан тіл алды, Әділ көріп қуанды. – Елі қандай, сездің бе? – Әділ жауап сұранды. Қази сонда сөйледі: – Оңай деп жолды қуанба. – Сұраған соң Хан Әділ, Хабарын айтпай тұра ма: – Барғандар айтып келгендей, Асқаралы тау екен, Қызылбас мықты жау екен. Асты теңіз су екен, Тау қуыстан салдырған Дербент деген қала екен. Он екі жерде мұнара

Хан белгісі бар екен. Ханның басы – Қарғаса, Өзіңдей мықты ер екен. Жалғызаяқ тар жолда Қауіп-қатер көп екен. Барып-келген ерлердің Айтқан сөзі шын екен. Баратқанда жолымнан Қырық көмірші табылды. Қолыма белгі алған соң, Онан ары бармадым. Не қылсаң да, Хан Әділ, Ендігісін өзің біл, Менің айтып болғаным. Әділ сонда сөйледі: – Орақтың Қази баласы, Асыл ердің данасы, Өз басыңа бермесе, Не болады жігіттің Атасы мен анасы? Атаң Орақ болғанмен, Туыпсың жаман, шамасы. Сенің айдап келгенің – Қаңғырып жүрген көмірші. Батыр болсаң сен деймін, Қызылбастың елінен Бір сұлу алып кел деймін.

Қази сонда сөйледі: – Сен қайдан білдің кемімді? Қалдырып тұрсың көңілді. Білесің бе ата-тегіңді? Ата-тегің кім еді? Тегіңде ерлік жоқ еді. Сен қайдан таптың ерлікті? Бересің кімге кемдікті? Арғы атаң сенің Шынтемір – Сығымдай жұмыр ұрттаған. Қималысы белінде, Құрттауышы қолында, Жығып қойып құрттаған, Сенің атаң сол еді. Менің атам Ер Орақ – Едіге ердің сойы еді. Қарсыласқан хан-қастың Тай-құлындай талпынтып, Басын кесті деп еді. Атаң болса батыр-ай, Мінші сен, Әділ, атыңа-ай, Өлшеуіңді көрейін.

Осылай деп Ер Қази, Тауға қарай шабады. Әскерді айдап салады, Таудан құлап болады. Сол уақытта Ер Әділ Жолдың түрін байқады. Қиын жолды көргенде, Әділ бір сөз айтады: – Қасарай-Қази сен едің, Сендердің досың мен едім. Қиынын жолдың көрген соң, Жауға түссең аяу жоқ. Тек екеуің болмаса, Жоқ еді менің сенерім. Әуелде елде жүргенде Қол алысып, құшақтап, Екі досым, не дедің? Айтқан сөзің шын болса, Ердің сөзі бір болса, Сол сөзіңде тұр деймін. Жалғызаяқ тар жолға Түсейін деп біз тұрмыз, Жар болсын әруақ, пір деймін.

Қази сонда сөйледі: – Әділ досым сен едің, Сенің досың мен едім. Қарасай жауда қалса да Сені алармын деп едім. Бұрынғы көңіл сол еді, Бұл көңілді білмедің. Тигізіп маған тіліңді, Солдырдың қызыл жүзімді. Өз обалың өзіңе, Жүре бер, Әділ, жөніңе. «Орақ!» деп жауға шабармын, Атадан қалған жасыл ту Желбіретіп қолға алармын. Қалың Ноғай қамы үшін Мұсылманның ары үшін Жауда қалсаң, Әділім, Сонда іздеп табармын. Әділ сонда сөйледі: – Бұл жалғанға келген соң, Аяқ басып жүрген соң, Өлерімді білгенмін. Атадан жеке туған соң, Беліме жарақ буған соң, Жалғыздық, саған көнгенмін. Жалғыз болып жүрсем де Қайратыма сенгенмін.

Мұндай тайғақ, тар жолда Кісіге жүріп сенгеннен Жақсы емес пе одан да Жауға шауып өлгенім? – Осылай деп Ер Әділ Көп әскерге қарамай, Жалғыз аяқ тар жолға Жалғыз шауып жөнелді. Қази көріп шапқанын, Атына мініп алады. Баратқан шауып Әділге «Тоқта!» деп айқай салады. Қуып келіп соңынан Қази сонда сөйледі: – Әділ, қайда барасың? Жолға неге шабасың? Жол менікі шабатын, Менен қалай аласың? Аламын деп жүргенде Мың бәлеге қаласың. Менен бұрын жол алмақ, Қала бұзып, хан алмақ Келмес, Әділ, қолыңнан, Аулақ жүр, Әділ, жолымнан. Жолымды беріп өзіме, Ере бер менің соңымнан. Қол бастамақ – ердікі, Келе жатқан бұрыннан.

Әділ сонда сөйледі: – Шапқан Әділ тұра ма? Атының басын бұра ма? Өзі болған жігіттің Ата-тегін сұрама. Ажалы жетпей өле ме? Қорлыққа Әділ көне ме? Жол менікі дегенге, Артынан қуып келгенге, Қорқып жолын бере ме? Жолымды қорқып бере алман, Қорлығыңа көне алман. Сендер екеу, мен жалғыз, Жалғыз да болсам тұра алман. Жолын берер мен емес, Жолымды беріп біреуге, Болмаймын елге келемеш. Мықты болсаң, тартып ал, Ерлігім сенен кем емес. Осылай деп Хан Әділ, Қайырылмады жолынан. Алтын туын көтеріп, Тастамады қолынан. Ұрысуға тар жолда Қазидың шықты алдынан. Ашуы келіп Әділдің Атайын деп Қазиды Суырып алды оғынан.

Достықты бұлар бұзғанын, Таласып жолға тұрғанын, Екеуін Құдай ұрғанын Қарасай батыр біледі, Бұл ақылдың кені еді. «Өзім барсам болмас, – деп, – Екеуі де тұрмас», – деп, Қоянақ қартқа келеді, Келе сөйлей береді: – Ау, Қоянақ, данам-ай, Жар болғай ата-бабам-ай! Қази менен Әділдің Таласып жолға тұрғанын, Сөйтіп Құдай ұрғанын Тапсырамын саған-ай. Екеуі де ер еді, Шайтан кіріп араға, Болмаса еді жаралы-ай. Қойеке, жылдам бара гөр, Ұрыстырмай екеуін, Тату қылып ала гөр. Екеуі екі көзім-ай, Өтпес менің сөзім-ай. Бара қойсам осыдан «Інісіне Қарасай Болысуға келді деп, Досымның келер көңіліне-ай».

Қоянақ қартың ер еді, Ақылға диқан, кен еді. Ер Қази мен Хан Әділ Табан жолға таласып, Ұрысуға тұр еді. Ұрысуға тұрғанда Екеуінің қасына Ортаға болып араша Қартың жетіп келеді. Алдында тұрған Әділге Келе сөйлей береді: – Қырымның ханы жас Әділ, Қырық мың қолға бас Әділ! Табан жолға таласып, Шайтанның еріп тіліне,

Досыңменен, қарағым, Болып жүрме қас, Әділ! Ешкім өлшеу ете алмас, Алланың берген бағына. Досыңменен татулас, Оралғай істер оңына. Айналайын Әділім, Әр жерге кетті дабылың. Қырық мың әскер қол еді, Қол бастаған сен еді. Қолбасшы өзің болған соң, «Жол – менікі!» дегенің, Сенікі де жөн еді. Жөн де болса, Әділім, Досыңа жолды бер, – деді. – Басыңа қиын іс түссе, Орақтың ұлы Ер Қази Пайдасы тиер ер, – деді.

Қоянақ атты қартыңыз Әділді сөзбен тоқтатып, Қазиға жетіп келеді, Келе сөйлей береді: – Орақтың ұлы Ер Қази, Әділ сынды жолдасың Жолын берді, сыйлады. Тұрмайсың ба сен, Қази? Арғы атаңды айтайын – Баба түкті Шашты Әзиз, Әулие-шайхы пір еді. Онан туған Едіге – Кереметті ер еді. Онан туған Ер Мұса, Мұсадан туған Нұрадын Жауға шабар кезінде Достарымен сүйісіп, Тарқатпаған құралын. Сенің атаң Ер Орақ – Едіге ердің сойы еді. Қарсы келген дұшпанның Тай-құлындай талпынтып, Басын кесті деп еді. Атаң Орақ болған соң, «Жол – менікі!» дегенің – Сенікі де жөн еді. Әділ сынды жолдасың Жолын беріп, сыйлады. Қол алысып, құшақтап, Досыңмен тату бол, – деді. – Ашуды қойып, батырлар, Шайтанның ермей тіліне, Табан жолда күл, – деді. –

Әскерді бастап, ұрандап, Жасыл туды қолға алып, Бір Аллаға сыйынып, Жауға қарай жүр, – деді.

Қоянақ қарт пен Қарасай екеуі Қази мен Әділді дос қылып, татуластырғаннан кейін, өзара ақылдасып, әскерді таудан құлатып, табан жолдың аузында демалдырады. Батырлар кеңесіп, жалғызаяқ жолға қырық мың қол сыймайтындықтан әскерді үшке бөледі. Он төрт мыңға бас болып Хан Әділ мен Ер Сүлеймен кетеді. Онан соң он үш мыңға бас болып Қарасай-Қази кетеді. Қалған он үш мың әскерге Қоянақ пен Ахмет бас болып ойланады. Бұлар айтады: «Осы сапарда Әділ хан асылық сөз айтып келеді және жолды білмей, бұрын кетті. Адасуы да мүмкін. Сөйтіп қырғынға ұшырап, Әділ жауда қалады-ау» – деген пікірге келеді. Қарасай-Қази – Орақтың сойы еді. Бұлар Қазбан деген қаланы барып шабады. Сол уақытта қызылбастар шабылған қалаға қарамай, осы тесік жолға келеді. Тесіктен шығатын кезде соғысамыз. Ал қызылбастар тесікті алса, ішінде көп әскерімен Қарасайлар қалып қоймасын. Не де болса, біз осы шығар ауызда тұралық деп, сол жерде қалады. Қарасай мен Қази Қазбан деген қаланы алты күнде шауып алады. Дербент деген үлкен қаланы Әділге қосылып бірге шабамыз деп келе жатқанда сорда Әділ әскерлерінің қырылып жатқанын көреді. Қарасай мен Қази Әділ досының жеңіліске ұшырағанын біліп, қатты қайғырады. Жеті күндей соғысып, Әділді таба алмайды. Жеті күнгі соғыста Қарасай жаралы болып, әлсіреп қалады. Баяғы тесік жолда қалған Ахмет пен Қоянақ көп соғыспай, таудан аман-есен шығып, елге қайтады. Қази да Қарасай жаралы болған соң, аюдың ақ дәрісін Қарасайдың жарасына жағып, тәуір болғанша он күндей кідіріп, елге қайтады. Бұл батырлар елге кете берсін, біз енді Әділден хабар берелік. Әділ хан он үш мың әскерімен келе жатқанда Харасан деген батыр жолығып, Әділдің әскерін қырып тастайды. Әділ атысып жүргенде сарыжайы сынады. Қасындағы жан жолдасы Ер Сүлеймен оққа ұшады. Әділ хан қолына қылышын алып соғысып жүргенде қазған орға кездеседі. Астындағы ат ордан қарғыған кезде өмілдірік үзіліп кетіп, Әділ ерімен сыпырылып түсіп, орда қалады да аты шығып кетеді. Соғыс басылғаннан кейін қызылбастар өліктерді жинай келіп, олжа теріп жүргенде ордан шыға алмай жатқан Әділді көреді. Қызылбастар топырақпен көміп, Әділді ұстап алып, басшысына алып келеді. Ол Әділден: «Сен кімсің? Қайдан келдің?» – деп жауаптайды.

Ақылдасып, кеңесіп Қарасай-Қази, Хан Әділ Әскерді үшке бөледі. Айтқанынан қайтпайтын Қасарған Әділ ер еді. Он төрт мыңға бас болып, Қызылбасқа қас болып, Ер Сүлеймен досымен Әділ батыр бұл кетті. Он үш мыңға бас болып, Аламанын шұбыртып, «Орақ!» деп ұран шақырып, Қарасай-Қази бұл кетті. Жөнеліп бұлар кеткен соң Ахмет пен Қоянақ Жолға түспей тоқталып, Өзара кеңес ойланып,

Ахмет сондай сөйледі: – Ау, Қоянақ қартым-ай, Амандық – ерге артық-ай. Сор жолға біздер түспелік, Егер де түссек қырылар Он үш мың әскер халқың-ай. Әскерің қалар тұтылып, Боз тұлпардың күшімен Кетерсің өзің құтылып. Өзің аман шығарсың, Елге жалғыз барарсың. Әскеріңді қырдырсаң, Хас масқара боларсың. Өзіңе ерген әскердің Обалына қаларсың. Қарасай-Қази ер еді, Едіге ердің сойы еді. Осы жолы Хан Әділ Асылық айтып келеді. Жалпақ сорға қамалып, Әскерлері адасып, Қырылып бәрі өледі, Әділ жауда қалады. Қарасай-Қази қос батыр Қазбанды шауып алады. Сол уақытта қызылбас Шабылған елге қарамай, Тауға қарай салады. Қолынан келсе қызылбас Тесік жолды бекітіп, Бізден бұрын алады. Тесік жолды алған соң, Қырымнан келген көп әскер Тесік жолдан шыға алмай, Жазылып ұрыс сала алмай, Ішінде жаудың қалады. Сөзіме айтқан құлақ ас, Көп жасаған Қоянақ, Көрген түсім шын болса, Осы айтқаным болады. Сол себептен, Қойеке, Осы арада қалалық, Тесіктің аузын алалық. Келе қойса қызылбас Солармен ұрыс салалық. «Сабыр түбі – сары алтын», Қоянақ қартым, шыдалық.

«Мақұл!» – деп бұған Қоянақ Ахметпен екеуі Осы арада қалады. Қарасай-Қази қос батыр

Қазбан деген қаланы Алты күнде алады. Дербент деген зор қала Әділге аман қосылып, Шабуға ақыл табады. Әскерлерін шұбыртып, Әділ келе жатқанда Жалпақ сорға қамады. Бытыратпай, қашырмай, Қызылбастың белгілі Харасан деген батыры Айламен, күшпен қырады. Сол уақыттар Ер Әділ Атысып жаумен тұрғанда, Намаздыгер болғанда, Күн қызылы солғанда, Қасындағы жолдасы Ер Сүлейен оққа ұшып, Шалқасынан құлады. Құптанға дейін атыста Көп қызылбас сұлады. Түн ортасы болғанша Қасарысқан Әділ хан Талайларын қырады. Таң сарғайып атқанда Азайған соң әскері Қолбасшысы Харасан «Жекпе-жек!» – деп шығады. Алдынан келген залымды Толғай тартқан кезінде Әділ хандай батырдың Сарыжайы сынады. Сол уақыттар Ер Әділ Жалғыздық түсіп ойына, Не қыларын біле алмай, Бармағын тістеп жылады. Ендігі тапқан амалы – Алмасты қолға алады, Харасандай батырды Желкесінен шабады. Қылышын Әділ сермеді, Жауды көзі көрмеді, Жауға алдырар ер ме еді? Бір шетінен тиеді, Бөлінген қойдай қырады. Қылыш тиген адамның Бастары қалды домалап, Басы сауы жылады. Осылай шауып Хан Әділ Қызыл аттың күшімен Алты қатар орының Бесеуінен шығады.

Алтыншы орға келгенде, «Шүу, жануар!» – дегенде, Өмілдірік үзіліп, Сыпырылып ерімен Әділ орға құлады. Әділ орда қалған соң Қызылбастың көп қолы Әділге ерген әскерді Дым қалдырмай қырады. Қарасай-Қази қос батыр Әділді іздеп жүргенде Қырылып жатқан әскердің, Сүлеймендей батырдың Өлігін көріп қамығып, Өксіп-өксіп жылады. – Әділ қайда? Табың! – деп, Қызылбасты найзамен Кез келген жерден ұрады. Әділ досын табам деп, «Таба алмасам досымды, Елге не деп барам?» – деп, Жеті күн соғыс қылады. Соғысып жүрген кезінде Қызылбастар найзалап, Қарасайды ұрады. Омыртқада он жара, Қақ жүректе бір жара, Аяқ-аяқ қан құсып, Қарасай батыр құлады. Қази көріп ағасын, Шауып келді қасына. – Құладың неге, аға? – деп, – Қызылбастан жара жеп... Қарасайды сынады.

Қарасай сонда сөйледі: – Айналайын Қазижан! Мені қорғап жүргенде Өзің түсіп қаларсың, Өліп кетсем осыдан, Қазижан, риза боларсың. Әділ сынды досың мен Қарасайдай ағаңды Маһшарда іздеп табарсың. Қарасайдың Ер Қази Әлсіздігін көрген соң Басын келіп сүйеді, Қолтығынан демеді. Жақынды неге тілейді? Осындайда тар жерде Тарықсаң тиер көмегі. Жараларын таңады, Таудан алып шығады. Ақ дәрісін аюдың Жарасына жағады. Он күн бағып ағасын, Жарасын жазып алады. Жауға қайтып бара алмай, Тесік жолдан кіре алмай, Қарасай-Қази қос батыр Елге кетіп барады. Әділ хандай жолдасы Қазған орда шырқырып, Жауда жалғыз қалады.

Ахмет пен Қоянақ, Қарасай-Қазилар елге кеткесін соғыс басылғаннан кейін қызылбастар өлгендерді көміп, олжа теріп жүргенде қазған ордың ішінде шыға алмай жүрген Әділді көріп, оны топырақпен бастырып, көміп ұстап алады. Қол-аяғын байлап, ханына алып келеді. Сонда ханның Әділді «Сен кімсің?» – деп, жауаптап айтқаны:

– Орға түскен сұм бала, Жөніңді айт, бұл кім бала? Шыныңды айтсаң босатып Жіберейін, бейшара. Бұл не деген жер еді, Әрбір елден зор еді, Қай елдерден кем еді? Ер Әулие Едіге, Бұл келмеген жер еді. Едіге ұлы Ер Мұса, Мұсадан туған Нұрадын Бұл келмеген жер еді. Орақ-Мамай-Қобыланды Келмеген бұлар жер еді. Басып кірген еліме, Бүлігін салған жеріме, Жылатқан қатын-баламды, Қазбан деген қаламды Шауып кеткен әскердің Қолбасшысы кім еді?

Әділ хан сонда сөйледі: – Атаңа нәлет қызылбас, Қолыңа түсті біздің бас. Менің атым – Ер Әділ, Өлтірер деп сіздерден Қорқып атын жасырмас. Қорыққаным бола ма-ай, Жалынбаймын саған-ай. Жалғызаяқ жолменен Қырық мың қолдың басшысы Мен Әділ хан болам-ай. Қарасай-Қази қос батыр

Он үш мыңға бас болып, Қызылбасқа қас болып, Жылатқан қатын балаңды, Қазбан деген қалаңды Шапқан ерлер солар-ай. Екінші әскер мен едім, Айтулы ердің бірі едім. Жалғызаяқ жолыңмен Келе жатқан кезімде Харасанның көп қолы Алдымнан шығып қамады. Әскерім сонан қырылып, Бақ құсы ұшып басымнан, Тұлпарым орға сүрініп, Секіріп шыға бергенде Өмілдірік үзіліп, Сыпырылып еріммен, Қараңғы орға жығылдым. Қазған ортың ішіне Топырақты жаудырып, Көрсетпедің көзімді, Естімедің сөзімді. Топырақпен бастырып, Ұстап алдың өзімді. Атаңа нәлет қызылбас, Қарасай-Қази сау болса, Екі досым аман бар болса, Мен де саған бір күні Көрсетермін көрімді.

Сол уақытта Әділге Қызылбас ханы долданды: – Әділ болсаң сен, – деді, – Маған таман кел, – деді, – Күшіңді сенің көрейін, Не қылмадың бізге сен? Мықтымсынған батырдың Жазасын енді берейін. Осылай деп қызылбас, Байлап қолын әкелді Қазбан деген қалаға. Алып келіп Әділге Алты арбаны жегеді. Арбалардың үстіне Толтырып тасты төгеді. Шыбықтап айдап жүретін Бір қызылбас мінеді. Айдап жүрген қызылбас Қолына алды тал шыбық, Әділге болды жан қызық. Алты арбаны Ер Әділ

Өгіздей өрге тартады. Қаһарланып тартқанда Үзіледі арқаны. Арқан қиып арқасын, Жанына қатты батады. Қасына жақын келуге Қызылбастар қорқады. Бұрынғыдай Әділге Еркелейтін күн қайда? Алты арбаны сүйретіп, Жолға түсіп жортады. Тас тасытып арбамен, Қарасай бұзған Қазбанды Алты айда салып болады. Қаланы салып болған соң Тісімен тезек тергізіп, Кездіріп қойды даланы. Оныменен қоймайды, Және бір азап сайлайды – Табанына тас қойып, Сыналап, мықтап байлайды. Қызылбастың балдары Шаршап келген Әділдің Үстіне шығып ойнайды. Қуалап ұстар қолы жоқ, Аузына түскен баланы Пашырлатып шайнайды. Жалғыз туған Ер Әділ Жау қолында қор болып, Екі көзі жайнайды.

Қызылбастан көреді Алма деген бір жеміс. О кеш пенен бұ кешке Жарым алма жейді екен. Жаны ашыған жақсылар: «Ардақтаған бір ананың Шырағы ғой!» – дейді екен. Кейбір жүрген адамдар, Дым білмейтін надандар «Екі алмаға тоймаған, Әр сұмдықты ойлаған Бір жалмауыз!» – дейді екен. Дым көрмеді жарықты, Күндіз-түні азапта Сағынды ана, Ілияны, Елі-жұрты, халықты.

Енді Әділ батыр қызылбастың қолында азап тартып жүре тұрсын. Елге қайтып кеткен батырлардан хабар берелік. Ахмет пен Қоянақ батыр елге жақындап келгенде Ілия алдынан шығып, ағасы Әділді, жан жолдасы Қарасай-Қазиды сұрайды. Ахмет өтірік айтып: «Жауды жеңдік, Қарасай-Қази мен Ер Әділ кейінде келе жатыр», – деп бұларды

алдайды. Ілия оларға сенбейді. Сенбесе де жолға қарап жүре береді. Бір күні Қарасай-Қази да келеді. Қарасай алдаусыратса да Қази шынын айтып, бұларды жылатады. Батырлар елге келіп жата береді. Қызылбастың қолында азапта жүрген Әділ бір күні анасы тапсырған ақ шалмалы пір есіне түсіп, піріне жалынады. Пірі қара құс болып Әділдің қасына қонады. Әділ еліне, анасына, Қарасай-Қазиға тірлігін білдіріп хат жазып, пірінен беріп жібереді. Айдап жүрген қызылбас: «Қара құстан хат кетті», – деп ханына хабар береді. Еліне хат кеткенін естіген соң қызылбас ханы Әділді өлтіруге бұйрық береді. Бірақ пірінен жәрдем болған соң, атса – оқ өтпейді, шапса – қылыш кеспейді, отқа салса – жанбайды, суға салса – батпайды. Ең соңында Әділді қырық құлаш қараңғы зынданда сақтайды. Әділ зынданда жата тұрсын, хат алып кеткен пірі – қара құс жазылған хаты таң намазын оқуға дәрет алып шыққан Әділдің анасы Бәйбикештің алдына тастап кетеді. Хатты Ілиямен екеуі оқып көріп, Әділдің тірі екенін біліп, қуанып, Қарасай мен Қазиға әкеліп береді. Қарасай-Қази хатты оқып, Әділ досының жау қолында тірі, бар екенін біліп, іздеуге даярланады.

Келмеген соң Ер Әділ Екі мұңлы бейшара Не жаны бар өлмеген? Қорлығы жоқ көрмеген. Қырық мың қолға бас болып Кеткен Әділ келмеген. Омар менен Оспан құл Мал мен басты билеген, Есіктен төрге өрлеген. Екі мұңлы сорлыға Зәбірі жоқ бермеген. Қызылы жоқ кимеген, Жорғасы жоқ мінбеген. Ер Әділдің барында Мінбек түгілі жорғаны Орынсыз қатты күлмеген.

Арадан күндер өтеді, Күн дәуірге жетеді. Екі мұңлы жыласып, Келер ме деп Әділді Төбеге шығып қарасып, Жалаң аяқ, жалаң бас Қарауылдап жүреді. Бір күндері болғанда Қызылбас жақтан келатқан, Ұйқы көрмей, түн қатқан Топ қараны көреді. Ахмет батыр екенін Ілия мұңлы бейшара Алыстан болжап біледі. Алдынан шығып кеселеп, Алайын деп хабарын Ахметке келеді. Көрмеген болып Ахмет, Сөйлесуге беті жоқ, Теріс қарап жөнелді. Сол уақытта Ілия Бір тіріліп-өледі. Есін жинап Ілия Ахметке не деді:

– Ахмет батыр, ағасың, Бағыма қайғы саласың. Хабарын айтпай көкемнің Қоянақ пен екеуің Қайда кетіп барасың? Бірге кеткен қасыңда Қарасай-Қази ер қайда? Қол бастаған хан Әділ Жалғыз көкем, бұл қайда? Оларды тастай дұшпанға, Өздерің аман келесің, Келгеніңнен не пайда? Сендей қылып көкемді Көретұғын күн қайда? Хабар айтпай қашасың, Бұл еткенің не айла? Ахмет сонда бұрылып, Ілияны көреді. – Жылама, қалқам, жылама! Жыламай көңіл тына ма? Қарасай-Қази достары Келе жатыр кейінде. Қарасып Әділ досына. Барған жерді тындырдық, Олжа дедің басында. Қарасай-Қази достары Екеуі де қасында. Басқа саған не айтайын? Хабарым осы, Ілия!

Ілия сонда сөйледі: – Ахмет, жалған сөйлейсің, Сөзбен көңіл делбейсің. Расыңды айтпайсың, Келе жатса көкем-ай, «Сүйінші!» – деп, Ахмет, Неге үйге бармайсың? Олар жетіп келгенше Шойынға асып, Ахмет, Мал семізін соймайсың? Ел-халықты жидырып, Алтын қабақ аттырып, Неге тойды қылмайсың? Ойлап тұрмын, Ахмет, Осы сөзің бекер деп. Осыдан көкем келмесе, Қарындасың Ілияны Көрінгеннің қолында Олжа болып кетер деп, Ахмет аға, ойлай бер.

Ахмет кетіп қалған соң Екі мұңлы жылады, Көздің жасын бұлады. Қарасай-Қази-Әділдің Жолын күтіп екеуі Қарауылдап тұрады. Бір күндері болғанда Қосарланған зор қара Қызылбас жақтан шығады. Қараны танып Ілия Анасына сөйледі: – Айналайын анам-ай, Ақ сүт берген кәбам-ай, Келе жатқан қос қара Қази менен Қарасай. Сол екеуі секілді Көтеріп аяқ басқаны-ай. Өздері аман келеді Тастап кеткен құсайды Жалғыз туған қасқаны-ай. Осыны айтып Ілия Жүрек-бауыры езіліп, Көзден жасы төгіліп, Бауыры еске түскенде Қабырғасы сөгіліп, Жоқ болған соң ағасы Аш күзендей бүгіліп, Жақындап келіп Ілия Қарасайды көреді. Келе сөйлей береді:

– Ау, Қарасай-Қази досым-ай! Әділді жауда қалдырып, Өздерің аман келесің, Дос болғаның осы ма-ай? Не де болса хабарын Айта берің жасырмай. Қарасай сонда сөйледі: – Айналайын Ілия, Шүкірлік етші Құдайға. Жауды жеңдік, жеңіспен Кейінде Әділ келеді. Басшы болып Ноғайға. Осылай айта бергенде Қази батыр ақырды. Өтірік сөзді айтпайтын, Айтқанынан қайтпайтын Батыр еді батымды. Көңіліне қатты келер деп, Ойламайтын жақынды.

– Ау, Қарасай, не дейсің? Жалған неге сөйлейсің? Өтірік сөзді айтқанмен Бұлар нанар дедің бе? Шыныңды айтсаң, Қареке, Жаныңды алар дедің бе? Әділді тастап келесің, Оныңменен өлдің бе? Айналайын Ілия, Ақ үйге қара тіге бер, Қайғы түнін шеге бер. Әділ мінген жорғадан Күдер үз де көне бер. Әділің қалды, біз келдік, Етерің болса, ете бер.

Сол уақыттар болғанда Екі мұңлы бейшара Екпетінен құлады, Өксіп-өксіп жылады. Алты күн жатты дым татпай, Бар тапқаны – зар қақты-ай. «Әділ жауда қалды» деп, Екеуін Қази зарлатты-ай. Екеуі жылап жатқалы Алты күннен асқанда Анасы басын көтеріп, Ілияға қарады: – Тұр, қарағым, тұршы, – деп, – Өзіме қуат болшы, – деп, – Кімге еркелеп жатырсың? Қасыңа келіп аймалап, Кім есіркеп шақырсын? Еркелетер ағаң жоқ, Саған түгіл, қарағым, Ішімнен шыққан маған жоқ. Осылай деп Бәйбикеш Орнынан тұрып жүреді. Буындары дірілдеп, Ақ ордаға кіреді. «Әділ жауда қалды» деп, Омар менен Оспан құл Қуанып ойнап-күледі. Ойлары жаман екі құл Ілияға таласып,

Төбелесті салады. Бірін-бірі өлтіріп, Ілияны алмақ болады. Әлқисса, екі құл Ілияға таласып жүре тұрсын. Жауда қалған Әділден хабар берелік. Әділ пірінен жәрдем болғасын, пірі қара құс болып ұшып келіп қасына қонып, Әділдің жазған қағазын Қырымдағы анасы Бәйбикешке тапсырады.

Арадан күндер өтеді, Күн дәуірге жетеді. Әділ батыр қор болып, Қызылбастың қолында Қасірет-қайғы шегеді. Алты арбаны сүйретіп, Өгіздей өрге тартады. Арқан қиып арқасын, Жанына қатты батады. Еркелейтін Әділге Бұрынғыдай күн қайда? Алты арбаны сүйретіп, Жолға түсіп жортады. Бір күндері болғанда, Жыл, алты айға толғанда Анасының тапсырған Пірі түсіп есіне, Әділ сорлы зарланды:

– Ау, Жаратқан Құдайым, Өзіңнен жәрдем сұрайын. Өзің жәрдем бермесең, Басыма түсті уайым. Ақ шалмалы пірім-ай, Сізден медет болмаса, Кетті менің күшім-ай. Тезек теріп көнерді Меруерттей ақ тісім-ай. Көніп жүрмін, қайтейін, Алланың салған ісіне-ай. Табан етім жарылды, Заманым менің тарылды, Қолға түсіп қор болып, Қызылбасқа құл болып, Басымнан бағым арылды. Бүгін түсіп есіме, Айналайын пірім-ай, Балаңыз сізге жалынды. Жер жүзінде бар болсаң, Етсейші қабыл тілекті. Тілегімді берсейші, Қасыма менің келсейші. Әділ сынды балаңның Әл-жағдайын көрсейші.

Ақ шалмалы бір адам Ер Әділдің пірі еді. Есі кетіп Әділдің Есіне түспей жүр еді. Бір қара құс болды да Қасына ұшып келеді. Қанатын қағып қалықтап, Қасына келіп қонады. Пірі екенін анық білген соң, Төс қалтадан еңкейіп Қалам-қағаз алады. Тісіменен тістеді, Ерніменен күштеді. Әділ байғұс амалдап Қырымға сәлем жазады:

– Бір Жаратқан Алланы, Екінші рет жазалы Ақ сүт берген ананы. Айналайын анам-ай, Ақ сүт берген кәбам-ай, Қызылбастың қолында Аман жүр балаң, аман-ай. Әуел баста Құдайым Жазған шығар соған-ай. Үшінші сәлем жолдайын Қарындасым Ілия, Қолға түсіп, қор болып, Тарылды маған дүния. Төртінші сәлем айтамын Қарасай-Қази досыма-ай, Достықтың түрі осы ма-ай? Қолға түсіп, қор болып, Тарығып досың жатқанда Бір келмедің қасыма-ай. Қызылбастың қолында Аман жүр досың, аман-ай. Алты арбаны сүйретіп, Өгіздей өрге тартады. Қаһарланып тартқанда Үзіледі арқаны. Қасыма жақын келуге Қызылбастар қорқады. Арбадан босап келген соң Тісіммен тезек тергізіп, Кездіріп қойды даланы. Тезек теріп жүремін Өліп-талып, аш болып, Күн батқанда келемін. Оныменен қоймайды, Тағы бір азап сайлайды.

Табаныма тас қойып, Сыналап, мықтап байлайды. Маған қылған қастығы – Қызылбастың балдары Үстіме шығып ойнайды. Түсе қойса аузыма Оларды досың шайнайды. Көп жазуға уақыт жоқ, Осы хатым барған соң, Қарасай-Қази сау болса, Іздер деп досың ойлайды. Және сәлем айтамын Омар менен Оспанға. Екеуіне ескерту – Алтын сарай үйіме Ықтиярсыз кірмеңіз. Екі бірдей мұңлыға Жылатып зәбір бермеңіз. Кім біледі, келермін, Кім біледі, өлермін. Келер күнім бар болса, Сіздерді сонда көрермін. Және дұғай көп сәлем Ел билеген биіме. Қатар-құрбы теңіме. Ал, қара құс, қара құс, Аманат еттім өзіңе, Осы жазған қағазды Тапсырғайсың еліме.

Айдап жүрген қызылбас «Осындай нәрсе көрдім» деп, Ханына хабар салады. Өлтіруге Әділді Ханы бұйрық қылады. Атса – мылтық өтпейді, Шапса – қылыш кеспейді, Отқа салса – жанбады, Суға салса – батпады. Өлтірейін дегенмен Пірінен жәрдем болған соң Бәрінен Құдай сақтады. Ендігі тапқан амалы – Жеті қабат зынданға Апарып қамап тастады. Қара құс емес, пірі еді, Қағазға қарап тұр еді. Әділдің берген қағазын Қанатына қыстырып, Қара құс ұшты аспанмен, Әділ айтқан жоспармен.

Таң сарғайып атқанда Ер Әділдің анасы Таң намаз оқып жатқанда Әділдің жазған қағазын Алдына тастап барады. «Бұл не қылған қағаз?» – деп, Әділ ханның анасы Ашып оқып қарады. Өзінің жалғыз баласы Әділдің жазған қағазы – Қара құстан жіберген «Тірімін» деген хабары. Әділден хабар келген соң Екі мұңлы сорлының Ашылды көз бен қабағы. Үйінің кірді ажары, Көзайым айтып көршілеп, Оралды қайта базары. Сүйіншілеп қағазды Қарасайға береді. Қарасай-Қази қос батыр Бұлар да оқып көреді. Тірі екенін білген соң Жүректері жарылып, Қуанып ойнап-күледі. Естіген соң хабарды Орақтың ұлы Ер Қази Қарасайға сөйледі:

– Тұлпар атты бағайық, Аттың күйін табайық. Тасқа тисе сынбайтын, Мұзға тисе таймайтын Болаттан таға қағайық. Ат-жарақты сайлалық, Жәрдем сұрап, ағеке, Бір жаманға бармалық. Жоламай көптің қасына, Жаман күні көп жаман Болады бейнет басыңа. Үш күннен қалмай жүрелік Әділ сынды досыңа. Осылайша қос батыр Тұлпарына мінеді. Атадан қалған ақ сауыт Үстеріне киеді. Беліне жарақ іледі, Алтын туы жалтырап, Батасын алып кетуге Әділ ханның анасы Бәйбикешке келеді, Келе сөйлей береді:

– Алла оңғарса сапарды, Қызылбасты шабуға Аттанып кетіп барамыз. Батаңды берші, анасы, Әлде қандай боламыз. Ата-баба жар болса, Жиырма күннен қалдырмай, Әділді алып келеміз. Жиырма күннен қалдырсақ, Алланың ісі болғаны. Әділ досын таба алмай, Қызылбасты шаба алмай, Досының жауда қалғаны. Бүгіннен бастап санай бер, Сөздің болмас жалғаны.

– Әумин! – деп қол жайып, – Жолдарың болсын, балам, – деп, – Бір Алла болсын панаң! – деп, Батасын ана береді. Батасын алып ананың, Қарасай-Қази қос батыр Қызылбасқа жөнелді, Бір ұзақ жолға кенелді. Ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып, Астындағы тұлпарлар Толмаған беске дөнен-ді. Күні-түні тынбастан Қоянақ жүрген жолменен Адаспай жүріп келеді. Төртінші күні сәскеде Тау қарасын көреді. Тесік жолға келеді, Ауызда тұрған қарауыл Қырық кісіні көреді. Ұстап алып оларды, Алмаспен шауып, бөледі. Осы араға келген соң Қази тағы сөйледі: – Ау, Қареке, Қареке, Қызылбасқа шабалы. Орақтан қалған жасыл ту Қолымызға алалы. Күншығыстан біреуміз, Күнбатыстан біреуміз «Орақ!» деп ұран салалы. Ұрандаған бұл дауыс Қалада жатқан әскердің

Құлағына барады. «Қарасай-Қази келіпті, Енді қашып кетпесек, Бізге салар бүлікті». Осылай деп қызылбас Қаласын тастап қашады. Тар жолға бұлар сыя алмай, Сасқанынан қызылбас Бірін-бірі басады. Қарасай-Қази қос батыр Ақыл, айла, амалмен Қызылбасты қырады. Ұстап алып нешеуін – Әділ қайда жатыр? – деп, – Өлтірем! – деп сұрады. – Білмейміз, – деп, – Әділді, Көп қызылбас жылады. Қызылбасты танымай, – Әділмісің сен? – деді, Қорыққаннан қызылбас – Әділ досың мен! – деді. Жарық жерде қараса, Мұрны орақтай құл деді. Алмаспен шауып, кескілеп, – Сенің жайың бұл! – деді.

Сегіз күндей соғысып, Қарасай-Қази қос батыр Әділ досын таба алмай, Айран-асыр дал болды. Қиналып бұлар жүргенде – Әділ досың мында, – деп, – Қарасай-Қази, тыңда, – деп, – Қараүлектей қарт ана Дауыстап хабар береді. Анасының дауысы Құлағына келеді. Әділ досын тапқанша Соңынан еріп жүреді. – Әділ досың мында! – деп, Зынданның аузын көрсетіп, Ғайып боп көзден жөнеді. Зынданға келіп үңілсе, Асты тас та, үсті тас. Қараңғы, төрін байқаса Қурап жатқан шандыр бас. Осы жерде жан берген Патшасына болған қас. Қарасай-Қази екеуі Аузына келіп зынданның Дауыстап сәлем береді: – Айналайын Әділім!

Жатырсың ба зынданның Жеті қабат түбінде? Екі досың келіп тұр, Келмеді деп түңілме. Сау-саламат бармысың, Қалың қалай бұл күнде? Қара құстан хат жазып, Жіберген соң біз келдік. Арсыз, біздер шерменде. Дауысыңды есітіп, Дидарыңды көруге Асығып тұрған біз пенде.

Әділ сонда дауыстап: – Қарасай-Қази, саумысың? Сау-саламат бармысың? Зынданда жатқан байлаулы Мен Әділ досың байғұсың. Екі досым болмаса, Іздейді мені қай кісің? Сол уақытта Қарасай Құлаштап арқан салады. Екі қолы байлаулы Тісімен тістеп Ер Әділ Зынданнан аман шығады. Екі досы құшақтап, Әділ сынды досының Үстіне сауыт кигізді. Беліне қару ілгізді. Найзасын беріп қолына, Тұлпарына мінгізді. Қызылбасты шабуға Жолды бастап жүргізді. Қарасай-Қази қос батыр Шын достығын білгізді. Қарасай-Қази, Хан Әділ Пірлеріне сыйынып, Қызылбасты шабады, Жауды көзі көрмеді. Екі досы қасында, Пірінен жәрдем болған соң Жауға алдырар ер ме еді?

Алты күндей ұрыста Қазбан деген қаланы Қайтадан шауып алады. Азап берген Әділге Харасан деген батырды Тауып ұстап алады. Қылышпен шауып, кескілеп, Тамағынан шалады. Қазбанды шауып, қиратып,

Дербентке таман барады. Ханның басы Қарғаса Әділ сынды батырмен Жекпе-жекке шығады. Әділ батыр қаһармен Қарсыласқан батырды Шоқпармен ұрып жығады. Ақ желекті найзаны Қақ жүректен сұғады. Ханның басы Қарғаса – Өлтірме! – деп жалынып, Әділге қарап жылады. Қарғаса ханды өлтіріп, Қарасай-Қази-Әділдің Арманы, көңіл тынады. Қолбасшысы өлген соң Қалған елі бағынып, Қол көтеріп, дауыстап, Қаласынан шығады. Қарасай-Қази, Хан Әділ Бағынған елге тимеді, Орынсыз азап бермеді, Сабақты жібін алмады. Қырымдағы еліне Қайтуға талап қылады. Таудан шығып аман-сау, Елге қарай жүреді. Қарасай-Қази-Әділ хан Елге қайтқан уағында Әділ ханның анасы Бәйбикеш түс көреді. Түсін айтып қызына, Анасы хабар береді:

– Айналайын Ілия, Тарылған бізге дүния. Заманым қашан оңады? Қолдан ұшқан сұңқарым Қашан қайтып қонады? Жаңа жатсам, түсімде – Жалғыз ағаң есімде, Елестейді көзіме. Әділім бе екен деп едім, Еркін жүріп көрмедім. Бұл не болар, шырағым? Алтын сарай үйіңе Жақсы адамдар келіп жүр, Ақ батасын беріп жүр, Бұл не болар, шырағым? Аяғы жоқ, басы жоқ Ағыны қатты дария Бөгесем де болмайды, Ағыны бұзып тұрмайды, Бұл не болар, қарағым?

Ілия сонда сөйледі: – Айналайын анам-ай, Ақ сүт берген кәбам-ай, Мынау жақсы түс екен, Мен жоримын оңай-ай. Ұйқтап жатсаң, түсіңде – Әділ балаң есіңде, Елестесе көзіңе – Кім екенін білмесең, Еркін жүріп көрмесең, Қараңғы зындан ішінде Әділің жалғыз жатқаны. Жәрдем болып пірлерден Қарасай мен Қазидың Оны іздеп тапқаны. Аяғы жоқ, басы жоқ Ағыны қатты дария Бөгесең де болмаса, Ағыны бұзып, тұрмаса – Батырдан дұшпан өте алмас. Қарасай-Қази, Әділге Дұшпаны айла ете алмас. Судай қанын ағызып, Қызылбасты шаппайтын Ерлер ме бұлар кек алмас?! Әділ сынды балаңның Оң жағынан Ай туса – Қарасай досы болғаны. Сол жағынан Күн туса – Қази досы болғаны. Әділді жаудан босатып, Ортасына алғаны. Қайғың кетіп ішіңнен, Шам-шырағың жанғаны. Осыларды ойға алсаң, Алладан болған бұйрық Әуелде солай болғаны. Ақ орданың ішіне Жақсы адамдар жиылса – Әділ келіп қуанып, Халқың келіп той қылар. Кеткен Әділ балаң-ай, Көрінген шығар соған-ай.

Түсті жорып осылай, Екі мұңлы бейшара Қарасай мен Қазидың Жолын күтіп тұрады-ай. Бір күндері болғанда, Жиырма күнге толғанда Жүрісі қатты бір қара Қызылбас жақтан шығады-ай. Қараны танып Ілия Анасына сөйледі: – Айналайын анам-ай, Көрінеді бір қара. Мен танысам егер де Қарасай болар сол қара. Бұрынғының жолымен Қуантуға біздерді Сүйінші сұрап келатқан Ұйқы көрмей түн қатқан Қарасай ғой ол, сірә!

Осылай деп екеуі Келатқан жалғыз қараның Алдынан кетті жүгіріп, Етек-жеңін түрініп. Жылағанда егіліп, Көзден жасы шұбырып. Дәрмені кеткен сорлылар Кез келген жерге жығылып. Еңкейеді Бәйбикеш Аш күзендей бүгіліп. Қарасайды көргенде – Әділ мен Қази қайда? – деп, – Артыңда олар бар ма? – деп, Екі мұңлы сұрады, Көзден жасы төгіліп. Қарасай сонда сөйледі Жылағанын қойдырып, Бір азғантай кідіріп: – Ассалаумағалейкум! Бәйбикеш ханым, саумысың? Сау-саламат бармысың? Әділді жаудан құтқарып, Қази мен Әділ келатыр, Тілегің қабыл байғұсым!

Ақ аюдай керілген, Қайғыменен езілген, Ілияжан, аман жүрмісің? Әркімдер тәуір көреді Өзінің қатар-құрбысын. Қыс та кетіп, жаз келді, Қолыма қонды жыл құсым. Құс дегенім – Әділім, Ілия қалқам – бұлбұлым. Қызылбас деген жауды алдық, Әділді аман шығарып, Қолымызға алған соң, Азар бермей еліне Кейін қарай қозғалды. Қуантуға сіздерге Бұрынғының жолымен Бәйбикештей анадан Сүйінші сұрап толғандық.

Бәйбикеш сонда сөйледі: – Айналайын балам-ай, Бір Алла болсын панаң-ай! Қуантқаның шын болса, Ұзақ болып өмірің, Бақыт оты өшпесін, Тілеймін тілек саған-ай. Әділді алып қайтқанда, Елге қарай тартқанда Ардақтаған Ілияны Сүйіншіге өзіңе Қойғанмын арнап саған-ай!

Бәйбикеш ханым қуанып Осылай деп жылады. Қарасайды құшақтап, Ілия байғұс бейшара Мауқын басып тұрады. Кіші бесін болғанда Қосарланған қос қара Қызылбас жақтан шығады. Ер Қази мен Хан Әділ Бұлар да жетіп келеді. Мұңлыларды құшақтап, Қос батыр сәлем береді. Әділ батыр аймалап Ақ сүт берген анасын, Қарындасы Ілияны Алма кезек сүйеді. Түймелерін ағытып, Бәйбикештей анасы Әділ хандай жалғызға – Қайтадан туған балам! – деп, Емшек сүтін береді. – Рақым ет, – деп, – Бір Алла! Ықыласпен берген соң Емшектен парлап сүт шығып, Анасы сонда иеді. Баласы аман келген соң Жеті күндей той қылып, Елі-халқын жидырып, Мал семізін сойдырып, Алтын қабақ аттырып, Ілиядай аруды Неке қиып, құрметтеп

Қарасайға береді. Екі асыл қосылып, Қызықты дәурен сүреді. Ұмытып кетпей айталы Омар менен Оспанға Таянып кезек келеді. Тарттырайын дегенде Күнәсі мықты көп еді. Жамандыққа – жақсылық – Ерлердің етер ісі еді. Екі құлды босатып, Байлауынан шешеді. Қарасай-Қази, Хан Әділ Өмір сүріп олар да Фәниден өтті деседі. Қарасай-Қази қос батыр Қызылбас деген жауды алды. Асқаралы тауды алды, Жауда қалған ерді алды. Атасы Орақ батырдың Тапсырып кеткен үш арман, Үшеуін де орындап, «Уһ!» – деп демін зорға алды.

Ал, оқушыларым! Осы «Үш арман» дастаны қазақтың мерекелерде құмартып тыңдайтын ел арасына кең тараған жырларының бірі. Біздің ұсынғанымыз Адай Қырықмылтық Қарасай жырау Қалыұлының жырлаған нұсқасы екен. Мен бұл жырды 1938-1945 жылдары тойда айтып отырғанда Құнанорыс Мұса жыраудан, Қырықмылтық Тәжік жыраудан үйренгенмін. Бұл дастанды өзім де достарымның, құрбыларымның, ағажеңгелерімнің тілектері бойынша домбырамен айтқанмын. Қазір жасым 70-тен өтті. Үлкейдік. Көп жерлерін ұмытып қалуым мүмкін. Оған тыңдаушыдан кешірім сұраймын. Бұл дастанды еліме, қазағыма, жастарыма қалсын деп, 40 күнде жазып бітірдім. Осы Қарасай-Қази, Хан Әділді, «Үш арманды» жырлағанда жаңбыр жауады дейтін үлкендер... 25.10.1997 («Атамұра» жинағынан, 5-81 беттер)

Үбіғали БАҚТЫҒАЛИҰЛЫ (1925-18.11.2015)

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙