Алуа
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Гүлбақыт Қасенова
Гүлбақыт ҚАСЕНОВА
АЛУА
Кітап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көріп отыр Жетісудың жыр өлкесіне, өнер мен әдебиет айдынына жаңа толқынның келіп қосылып жатқаны қуантады. Гүлбақыт Қасенованың поэзиясында жанына тән нәзіктік, әдемілік, жылы, иірімді бейнелермен қатар, азаматтыққа тән асқақ ойлар да жетіп артылады. Туған жер, дәстүр, ана тілі туралы толғаулары өзінің перзенттік парызын өтегісі келген жанның тәбәрігі тәрізді. Оның әрбір өлеңінен өмірден өзгеше жол, соны соқпақ, жан дүниенің тазалығын, ардың адалдығын іздеген адам сол қасиеттерді таба алатынына сенімдіміз.
АЛУА
Жүректі кернер жырларым менің – алуа, Бұлақтай тұнық сырларым менің – алуа . Тербеткен бесік анамның тілі – алуа, Қаныма сіңген бабамның үні – алуа. Аңсаудан тұрар сағыныш сазым – алуа, Жарасым құрар еркелік назым – алуа. Жайдары, әсем, әдемі күлкім – алуа, Қуаныш сыйлар уәделі бір күн – алуа. Балалық дәурен, ертегім менің – алуа, Аппақ армандар, ертеңім менің – алуа . Ататын алда арайлы таңдар – алуа, Сеніммен маған қарайтын жандар – алуа. Алуа өмір, асықсам сен деп асықтым, Тәттісін білем, ащысын білем, бәрібір саған ғашықпын! Бәрібір саған ғашықпын!
МҰРАСЫН ЕЛ-ЖҰРТЫМНЫҢ СҮЙІП КЕЛДІМ
Қарлығаш қанат қағар ұмтылғанда, Қуаныш мұрагер боп ұл туғанда. Тұсауын мен өзіңе кестіремін, Кәдеңе жарар халқым, жыр туғанда. Қазақтың даласында талант керім, Тудырған тамсандырып талай ерін. Сезбекке құдіретін қара өлеңнің, Өнерді ниет етіп қалай келдім. Көрінер шоқтығы боп биіктердің, Өнерлі ұл-қызы бар сүйікті елдің. Ізбасар болайын деп ақындарға, Мұрасын ел-жұртымның сүйіп келдім. Білінбей уақыт тезі бара жатқан, Сыры мол сан ғасырды аралатқан. Қаншама жауһар жырдың сүлейлері, Өлеңнің өлкесіне қалам тартқан. Өлең-жыр өрнегі әсем жаңаланған, Жетелер болашаққа жаңа арман. Жетісу өнерліге шабыт сыйлап, От берген сөнбес мәңгі жанарларға.
ӨМІР ЖОЛДА ІЗ ҚАЛАР
Балалықтың бақ ұясын бұзбаған, Көз саламын сол аулаға қызғана. Маған қарап қол бұлғайды періштетұлымшағы желбіреген Қыз бала. Ақ жүзіме сәуле түссе әйнектен, Ойға батам. Уақыт жылдам, ой, неткен?! Бақ ішінен күлімсіреп қарайды, шолпысына сыр жасырған Бойжеткен. Сағынышты жіберді ме сағым ғып, Кестеленген орамалдан хәлімді ұқ. Сәукелеге тиіп кетсе саусағым, шымылдықтан сығалайды Қалыңдық. Алға басар жігер алып сенімнен, Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен. Ақбоз үйдің маңайынан аялдап, ұшырасам ақжаулықты Келінмен. Тәтті елестер ой санадан өше ме? Тәубе етемін. Бүгінгіге, кешеге. Жақсылықпен
жолықтырған тағдырым, бесік тербеп, әлди айтқан Шешеге. Тосын сыйы шексіз мынау ғаламның, Өткелдерді артқа тастап барамын. Өмір жолы - керуен жолда із қалар, Естелікті жырларымнан табамын.
АЛТЫН БЕСІК АЙДАРЛЫМ
Туған жерім – Алтын бесік Айдарлым, Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың. Түлеп ұшып кетсем дағы құсың боп, Тілекшің боп кіндігіммен байландым. Сенде қалды балалығым балдырған, Бақ түбінде тәтті ұйқымды қандырғам. Табанымда ізі құмның, тікеннің, Таңдайымда кілегей мен тандырнан. Сенде өткіздім тәтті бала күнімді, Күлдім, жылап, тізем неше бүлінді. Жүгерінің шашағынан шаш өріп, Тердім жусан, жиде, бақбақ гүліңді. Сен шығардың менің ана тілімді, Өзің бердің ең алғашқы білімді. Бестас ойнап, алтыбақан түбінде Ертегі оқып көзім әрең ілінді.
Сенде қалды достар бала күндегі, Албырт сезім алма ағашпен гүлдеді. Топырағыңнан түлеп ұшқан жастарың Қандай арман жетегінде білмедім. Сенде ұстаз ұлағаты жатталған, Дәптерінде қалды арманым ақтарған. Дүниенің төрт бұрышын шарлатса, Сыр ұғушы ек қанаты жоқ хаттардан. Сенде қалды көршілердің көңілі, Туғандайын мейірімі төгілді. Бір шәугім шай – бөлінбеген еншісі, Қимас жандар той ететін төргі үйді. Сенде мәңгі баба ескерткіш, мазары, Қазыналы қарттарым мол ғажабым. Алтын ауыл бұзылмаған қаймағым, Бесігіңде тербелсінші қазағым.
Туған жерім – Алтын бесік Айдарлым, Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың. Жерұйығым, Құдіретіңе бас иіп, Қасиетті топырағыңнан айналдым!
ЖАРКЕНТ ЖЕРІМ
Жүрегімнің хақ төрінен орын алған мекенім, Жаркент жерім, жарқын болсын болашағың, ертеңің. Қасиетті ана тілдің мәртебесін көтерген, Рухы биік ел-жұртымды сүйіп, тағзым етемін. Байтақ далам, ұл-қызыңды бала құстай баптадың, Тамыр алып мен өзіңнен жаңа өмірге аттадым. Туған өлкем, тау көрінер әрбір шоқың мен үшін, Бұл ғаламнан дәл өзіңдей жер шұрайын таппадым. Тарихымнан сыр шертетін жерім дархан еңселі, Таңғалдырар шаһарыма артар үміт, ел сенім. Жетісудың бір уығы, мықты болсын керегең, Шаңырағыңды биіктетіп, мақтан етем мен сені. ЖЕТІ ТҮС АРҚЫЛЫ ТАНЫСТЫРУ (немесе философиялық ой...)
Аталса аталы сөз нарқыменен, Жол табар жүрегімнен шалқып өлең. Өзімді таныстырам жеті түспен Қазақтың қанға сіңген салтыменен. ... Бір дана келіп, түсіме еніп, сұрады: - Қалқам, атың кім ? Текті жанбысың, затың кім ? Тосын сұрақ па, естір құлаққа. Әлде бұл – бір сын, дегендей, ел-жұрт танысын. Жетелеп дана, ақырын ғана шығарды биік мінберге, Мәнісі зор-ау, білгенге. ...Мен сөйлеп кеттім: Есімім менің – Гүлбақыт Қасен атаның ұрпағы. Бұйырмай жүрген ұл тағы, Хан тағы емес сұрарым. Мақсатқа толы ер жүгі Шамам да сірә, белгілі. Сипатым менің: аққұба өңді, қиылған қасым, қаракөз. Туылған жылым – мың тоғыз жүз жетпіс бес.
Білімім менің: Мектепте –алтын, институт – қызыл, кілең бес, озаты болдым,- дей бергенімде, - Мақтану, қалқам, жөн емес!- деді де дана, ақырын ғана ғайып боп кетті тағы да. Мен сөйлеп кеттім: - САРЫ түс - менің балалық шағым, баспалдақ, Жаркент жерінде өмірге қадам басқан шақ. Сары балапан, сап-сары алтын күз едік, Өмір ағартқан сондағы сар қыз біз едік. КӨК шыбық көктеп өркендеп өсіп өнеді, Балдырған бала білімге көңіл бөледі. Айдарлыдан да, Қоғалыдан да оқыдым, Үздік біліммен санама көп ой тоқыдым.
ҚЫЗЫЛ аттестат, Талдықорғаным, қайдасың? Талапты жасты білім сынағы байқасын. Ілияс бабам аруағы мені қолдады, Сырын меңгердім ұстаздық өмір жолдағы. ЖАСЫЛ жастық шақ, ғашықтық тұрды қол бұлғап, Жалындап тұрған жастарға қарсы кім тұрмақ? Еңбек жолымды мұғалім болып бастадым, Кеудемді тербеп ұстаздық дейтін асқақ үн. АЛҚОҢЫР түстей Ұстаз мінбері лауладым, Білім жолында биігін көрдім таулардың. Үйрендім талай алдыңғы толқын ағадан, Есімде әлі алғырсың деген баға алғам. Көкжиектегі АППАҚ түс көркем өң берер, Адам өмірі диірмен тасы дөңгелер. Шәкірттерімнің алғысы көкке көтерді, Жақсы ұстаз деген атақты маған әперді.
КӨГІЛДІР түспен өркендеп, көктеп келемін, Әлі де анық жақсы жандарға ерерім. Жетісу жерім, қызыңмын сені сүйетін, Ақыл мен көркім бұрым боп қатар өрілген. Асырып айттым, жасырып айттым сырымды... Дана қария тыңдап тұрыпты шынымды. Жүрекке құйды ұстаздық жолда ілімді, Қанжармен жанып қасиетті ана тілімді. Дана қария жеті түспенен бақ берді, Ахаңдар ізі көрінер жолды сап берді. Небір құпия өрнекті кітап ұсынды, “Ұшырып алма бастағы бақ құсыңды!”- деді де ғайып болды ол ... Ойланып тұрмын, өңім бе әлде түсім бе... Есте сақтадым ұсынған жеті түсін де. Әлемнің жеті кереметіндей көрінді, Киелі санмен ой толғанысым төгілді.
ЕЛГЕ АЯН
«Біз қазақ мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз»,- деп өткен менің би бабам. Ұрпағы үшін ұлтарақтай жерінің шетін біреу басуға қимаған, Найзасына үкі тағып ер жүрек Батырларым тар бесікке сыймаған. Ұрпағына құт-береке сыйлаған, Бар байлығын мәрттік үшін жинаған. Қазақ халқы Тәуелсіз ел болсын деп, Батырларым қалмады-ау жан қимаған. Күлтөбеде күнде жиын өткізген, Ұлы билер жүріп өткен текті ізбен. Заман өтіп, бақ қондырған Тәңірім, Мың бір тәуба, осы күнге жеткізген! Аяулы елім, Алтын сенің керегең, Шаңырағым шаттық нұрға кенелген. Уық болып қадаламын қабыл ал, Жүрегімде төрт құбылам теңелген.
Тұғырыңнан тәлім алар таймайтын, Сәулелі ой ар, санамды жайлайтын. Даналардың ақылы бар бойымда, Елдің қамын ер жігітше ойлайтын. Қазақ елі, Қасиетті мекенім, Құдіретіңе басымды иіп өтемін. Ұлы аналар жақсылығы дарыған, Елге аян қазақ қызы екенім.
ӨЛЕҢМЕН СЫРЛАСУ
Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын, Ақ қағазға арманмен сырды ашамын. Жүрек үнін тек үнсіз түсінер деп, Ойнатамын ойға арай, құмға сағым. Кетем кезіп даланың мұң-соқпағын, Тәтті сезім лүпілін аңсап жаным. Есімде әлі нұрлы өмір қуантқаның, Есімде жоқ сағыныш шаршатқаның. Өтер уақыт, өтер күн, өмір ағын, Тақпа менің кер тағдыр жолыма мін. Нәзік қызбын, әрине жалғыз қалсам, Қаламыммен сырласып отырамын. Бірімін мен өлеңмен мұңдасқанның, Ауыр жүгі жеңілдер сырды ашқанның. Әрбір ойын өлеңге мұң ғып жазған, Кейіпкері болармын жыр-дастанның.
Орындалып жанымның от тілегі, Уақыт өтіп бұл күн де ескіреді. Сол уақытта албырт ұл, балғын қызға, Жазғандарым аңыз боп естіледі.
ШАБЫТ
Шабыт бүгін шалқып тұр ғой, қарағым, Мен өзіңе ынтызар боп барамын. Көңіл бағын әдемі оймен көмкеріп, Гүл сезімге толтырдың жыр парағын. Шабытыңа шабыт қоссын ақ жауын, Көкірекке нұрын құйып ал, жаным. Әрбір тамшы жыр бұлаққа айналсын, Мен қалаймын бақытыңның жанғанын. Шабытыңды шарықтатсын асқақ ән, Сенің жырың өзгешелеу басқадан. Өрнек гүлің әдемі боп жайқалсын, Өлеңді өр, тілгендей ғып таспадан. Шабыт кәусар таусылмасын құйылған, Әр сырыңда нәзік жан бар қиылған. Өлең-жырмен үзеңгілес өмірің, Өнер жолы – сенің жолың бұйырған.
ҚАС ҚАҒЫМ СӘТ
Қас қағым сәт, Өтіп жатқан сағаттар. Әр кеудеде сарқылмайтын тағат бар. Өкпелеме, Зырғып өткен уақытқа. Мүмкін бәрі... асығады бақытқа. Иә, солай... Бір күн өтті, Өзі қысқа өмірдің. Күркіретті найзағайын көңілдің. Иә, солай... Бір ай өтті, Жақындатып бір айды. Жұмбақ әлем жауабын кім сұрайды? Иә, солай... Көктем өтті, Гүлге орап бақтарды. Ғашық жүрек сырын кімге ақтарды? Иә, солай... Жаз да өтті, Тамылжытып тамызды. Орындалып мұрат-мақсат маңызды. Иә, солай... Күз де өтті, Беттен өпті самалы. Қимас сезім тырналарын санады. Иә, солай... Қыс та өтті, Жауып аппақ мамығын. Қар астында қалып қойды қалың мұң.
Иә, солай... Бір жыл өтті, Сағынышпен сарғайып. Армандарға қанат байлап самғайық. Өтер уақыт, Мезгілімен қоштасып. Өтер ғұмыр мәңгі өмірмен достасып.
ӨМІР
Өмір – мектеп, үйренуден тұрады, Болмас оның жауабы жоқ сұрағы. Көп жасаған білмес, сірә, жалғанда, Сын сағатта көргені мол – қырағы. Өмір – сынақ, сан белестен тұрады, Есебі жоқ. Кім сүрінді, құлады? Мәз біреулер биік шыңға шыққанға, Бәз біреулер сағы сынып, жылады. Өмір – дана, ізгі ойдан тұрады, Саналыға тұнып ағар бұлағы. Парасатпен өлшей білсе ғұмырын, Есті жанға мәңгі болар тұрағы. Өмір. Өмір... Кімдер сенде өтпеген? Болашақ бар саған қарай беттеген. Келте тағдыр ете көрме өтінем... Пенделер көп арманына жетпеген.
ҒАЖАП СЫР
Біз білмейтін бұл өмірде сыр бар ма? Заманымыз толды ғажап сырларға. Дүниені ұшқыр оймен шарлаған Күміс шашбау тақты ақын жырларға. Ерік беріп тіл мен көмей, ойына, Шындық айтса тыңдай бергін, мойыма. Ғажап сырдан алқа тізіп ақындар, Шақырады бір күн сені тойына. Өмір сырын ақындардан білесің, Таусылмасын өнердегі үлесің. Ақындыққа өзіңше бір үн қоссаң, ЖауҺар жырдың жұмағында жүресің.
ҚАЗЫНА БАЙЛЫҚ КІТАПТА
Қазына байлық – кітапқа қара құрметпен, Білімсіз өткен өмірің мәнсіз құр өткен. Мұрасы елдің сақталған қанша ғасырлар, Керуен жолда тарихтың көші асығар. Тарихы елдің, дастаны, жыры халқымның, Сарқылмас білім, жолында қалар алтының. Кітаптан бастау алады өшпес өнеге, Оқып отырып зер салғын аңыз көнеге. Ұрпақ алмасар, шежіре болып із қалар, Таңбалы тасқа, мүсінге мезгіл жүз барар. Кітаппен сонда тілдесер ұрпақ үндесер, Саналы ойын біліммен шыңдап күн де өсер. Біліммен шыңдал, кітап оқуға құмартқын, Өнерді танып, ашатын көзін бұлақтың... Қазына байлық – кітапта, оқы талаптан, Сиқырлы әлем ғаламға ілім таратқан.
АЛЛАНЫҢ ШЕКСІЗДІГІ
Іліктірмей сұқкөздің садағына, Нұрын төккен әр басқан қадамыма. Жаратқан Аллам менің – шексіз Ізгі, Жанымды жамандықтан ада қылған. Иманжүзді пендесін сүйікті еткен, Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен. Жаратқан Аллам менің – шын Төреші, Ақ туын адалдықтың биіктеткен. Асыл аят санамда жаңғырады, Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады. Жаратқан Аллам менің – шексіз Ұлы, Ғайыптан барды жасап таңқылады. Түзеткен ниетім мен пейілімді, Жаратқан Аллам шексіз мейірімді. Өсірген түсінік пен пайымымды, Жаратқан Аллам шексіз қайырымды.
ТИЕГІН ТІЛДІҢ АҒЫТТЫМ...
Бабаларым, Рахмет сендерге! Балаларым болмасын деп көр-кеуде, Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің, Өмірге мен мылқау болып енгенде. Бабаларым, Рахмет сендерге! Мұқағали Мақатаев
ТИЕГІН ТІЛДІҢ АҒЫТТЫМ...
Шапанын киіп шабыттың, Тиегін тілдің ағыттым... Жүректен шыққан сөзді айтып, Жауһардай жырды таныттым. Түбінен сырлы сандықтың, Шындықты танып, арды ұқтым. Шамшырақ етіп елдікті, Тарихта қалған сан мықты. Шабуын таппай кетілген, Балтадай кесек ет ілген. Махамбет ақын сияқты, Қайраса тағы жетілгем. Қамалым берік бекінген, Қағажу көрмей бетімнен. Қасқайып тұрсам жырыммен, Айыра қоймас еркімнен. Тақылдап тұрар таңдайым, Жарқырап тұрар маңдайым. Алмастай шындық тілімде, Ұсындың деме қандайын. Көңілім аппақ қардайын, Сөздерім семсер әрдайым. Қуат бер маған, Жаратқан, Қанатым талмай самғайын!
РУХЫ БИІК ҚАЗАҚТЫҢ
Шаңырағымнан киелі шашып нұрын, Қасиетті тіліме ғашық күнім. Кіндігінен қазақтың өсіп-өніп, Топырағыңды қара жер басып тұрмын. Зер басылған тілімнің таңбасы бар, Тәу етеді биік құз, заңғар шыңдар. Тарихымнан тағылым алып жүрмін, Аңыз болып сыр шерткен әр ғасырлар. Сағым дүние зулаған сан қыр ассын, Бұлбұл әуен әрдайым әнге ұлассын. Он сегіз мың ғаламда орның бөлек, Тілім менің – тірегім мәңгі жассың. Төрт ананы құрметтеп, бас идірген, Үш бақытын басқадан басым көрген. Рухы биік қазақтың тілі ғажап, Саф алтындай сөздерін Асыл дер ем.
Талабынан танырсың өсер елді, Ана тілмен білімім еселенді. Болашаққа ұмтылған, барыс елім, Тілімменен көгертем көсегеңді. Ғарыштан да еңсесі биік тұрар, Тілім менің – тәуелсіз билік құрар. Ұлағатты ұл-қызың бір өзіңді, Ақ сүтімен ананың сүйіп туар.
ТІЛІМДІ ТАПТЫМ
Тілімді таптым Орхон Енесей жазбаларынан. Жырымды таптым Көне Отырар қазбаларынан. Бай мұраларым аз ба табылған? Санамды таптым Халықтың ауыз әдебиетінен. Бағамды таптым Ежелгі түркі мәдениетінен. Дастаным аз ба әлемге әйгі етілген? Күйімді таптым Қорқыт, Қойлыбай қобыздарынан. Үнімді таптым Марғасқа, Асан абыздарымнан. Айтылмас сыр бар ма аңыздарымнан? Ілімді таптым Қожа Ахмет Иассауи дәріптерінен. Білімді таптым Ыбырай, Ахаң әліппелерінен. Оқулық аз ба дәріптелмеген? Әнімді таптым Біржан мен Ақан сезім сазынан. Сәнімді таптым Сұлу Көкшенің кербез жазынан. Сағыныш жырлар аз ба жазылған?
Сырымды таптым Ілияс, Сәкен сыр сандығынан. Сынымды таптым Халқымның қатал күй талғамынан. Сарқыт ұсынам сыйтабағымнан.
ТІЛІМ МЕНІҢ
Тілім менің – баға жетпес ырысым, Тілім менің – ақтық демім, тынысым. Тілім менің – ғасырлардың маржаны, Бізге жеткен бабалардың үнісің. Тілім менің – кәусар бұлақ тасыған, Тілім менің – алтын астық басылған. Тілім менің – кең даланың байлығы, Ұрпағына жақұт болып шашылған. Тілім менің – әсем жиһаз үйілген. Тілім менің – қыздың сыры түйілген. Тілім менің – ауыз екі өлең-жыр, Домбыраның шанағына күй ілген.
ЖАНАШЫР ЖАННЫҢ ТІЛЕГІ
Жетелейді арман, мұрат, мақсаттар, Үлкен сынақ – лайық болу жақсы атқа. Тілейтінім мәртебелі Тілімнің, Құт қадамын ешуақытта ақсатпа. Қол жеткізер біреу ғажап арманға, Сырты әдемі дүниеге алданба. Ең көркемі, ең сұлуы – Ана тіл, Жәутеңдетпе оны өзгеге жалғанда. Жетер біреу таудай асыл мұратқа, Оңай болса оның сырын сұратпа. Біздің байлық – ұлттың Ана тілінде, Өтінемін Тілдің туын құлатпа. Ұмтылады ұлы жандар мақсатқа, Тілің үшін қиын істен бас тартпа. Биік болсын Тіліміздің тұғыры, Ана тілдің абыройын асқақтат. Ана тілден бастау алар даналық, Тілімізбен болашаққа баралық. Тілге қызмет – әр азамат борышы, Бойда болсын жігер, намыс, саналық.
ТІЛ САРАЙЫ
Тіл сарайы – Тәуелсіздік тартуы, Жетісудың қасиетті тұмары. Тілге деген шын құрметтің артуы, Ұлылардың биік рухы, ту, ары. Тіл сарайы – Тәуелсіздік жемісі, Бақ тілеген бабалардың арманы. Алтын ғасыр ұрпағының жеңісі, Асыл сөзін, жауһар жырын арнады. Тіл сарайы – Жетісудың сәулеті, Асқақтатты мәртебесін тілімнің. Ырысы мол қазағымның дәулеті, Ана тілі – бастауы бар білімнің. Тіл сарайы – Жетісудың ордасы, Билік айтар өз тілінде қазақтың. Мәңгілік ел рухы бізді қолдасын, Мәңгілік Тіл өзің барда азатпын!
АСҚАҚ ҮН
Күндерге Күндер, Үндерге үндер қосылған, Жақсы күнге тарту болсын тосын ән. Ана тілде ақтарылсын ақ тілек, Өлең-жырмен ажарлансын осы таң. Айларға айлар, Арнаға арна тоғысқан, Туған тілім айдай болып толысқан. Тіл сарайы Жетісудың төрінде, Ұлылыққа тұрар әркез жол нұсқап. Жылдарға жылдар, Жырларға жырлар жалғансын, Ардақты елге асыл сөздер арналсын! Ел мүддесін ұштастырған еңбекпен, Арыстарым өз бағасын алған шын. Ғасырлар бойы, Асырған ойын, мақсатын, Бабаларым осы күнді аңсапты. Қазақ тілін асқақтатып Ақ сарай, Шыға берсін Жетісудың жақсы аты!
КӨКІРЕГІ ОЯУ АЗАМАТҚА
Жүрсе өзіңді намыс оты мазалап, Көзіңді аш, көкірегі ояу азамат! Салтдәстүрді жаңғырт, тілді қастерле, Қайрат, жігер серпін қажет басты ерге. Ту ғып ұста ана тілді қолыңа, Биік рухты серік еткін жолыңа. Қазақ болып туғаныңды ұмытпа, Туған жерді, өз ұлтыңды ұлықта! Жеткіз жұртқа ел мұрасын ғажайып, Бара жатыр жәдігерлер азайып. Тасқа қашап жазған терең тарих бар, Тәлімді ұрпақ тегін таныр, байыптар. Қазағымның ән-жыры бар, күйі бар, Санаң берік, көкірегіңе құйып ал. Өсер елдің азаматы марқасқа, Заңғар ойлы, болсын сөзі алдаспан!
ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРІ
Салт-дәстүрі мұра болып сақталған, Үміт сөнбей, артқан сенім ақталған. Наурыз тоймен менің елім қауышып, Ағайынға тілек, сырын ақтарған. Шырақ болып қайта жанды өшкені, Осы емес пе мерейімнің өскені? Ұлыс күні құт әкелсін еліме, Үйі жанға, малға толып төскейі. Наурызымда күн менен түн теңелер, Барша әлем ғажайып бір күйге енер. Селт еткізіп жігіт қызды тосыннан, Нәзік сезім ғашықтарға сый берер. Жаңа жылға айқара есік ашайық, Ғасырларға ізгі қадам басайық. Қазағымның қасиетті күні бұл, Наурызды - Ұлы тойды жасайық.
НАУРЫЗ ТОЙЫ
Наурыз тойы – жаңа жыл құтты болсын, Шаңыраққа ырыс-құт, шаттық толсын. Ұлыс күні оң болып, ақ көбейіп, Әз Наурызда еліме бақыт қонсын. Наурыз тойы дәстүрді жалғастырсын, Жаңа жылын ақ қыстың алмастырсын. Қыдыр ата аралап, Өнерлі ұл-қыз, Жарапазан ән-жырын арнап тұрсын. Күнім есен, Ай аман аттап енсін, Ел бірлігі нығайып арта берсін. Ақ тілектер Алланың ақ нұры боп, «Әумин» деп қариялар бата берсін!
АТА-БАБА ЖЕРІ - БІЗГЕ АМАНАТ
Ата-баба жері - бізге аманат, Қорғамасақ бізге кінә, жаман ат. Сұрауы бар судың, жердің, ауаның Қанымызда бар емес пе қанағат? Табиғаттың тылсым күші ерекше, Оны қорғау парызымыз емес пе? Туған жердің тамсандырар келбеті, Айналғандай сырлы жұмбақ елеске... Сексен көлді Көкшетеудан сыр кетпес, Отырардан сын кетсе де жыр кетпес. Атырауым, Алтай тауым кенге бай, Алтынемел, Алатауым шың тектес. Бетпақдала, Сырдария елге аян, Сарыарқа, Тарбағатай – кең далам. Жерұйығым Жетісуым – бар байлық, Қорқыт ізі, Асан мінген Желмая.
Сағым болмай ораларсың Аралым, Шыңғыс тауым, Семей жері жаралы. Жеті қабат жер астына маза жоқ, Жер-Ананың мөлдірейді жанары... Орман, тоғай ел дәулеті оталды, Кім қорғайды оттан да ыстық Отанды? Байқоңырдай бай жерімді қайтейін, Ракетамен шаң қаптырар ортамды. Жайық пен Шу, Есіл, Тобыл, Қаратал, Бұлақ көзі тіршілікті таратқан. Іле менен Ертіс жетім бұл күнде, Мөлдірлігін кім айтады жаратқан? Ұлытаудың ұлылығын мадақтау, Зайсан, Балқаш, Алакөлді ардақтау – біздің міндет. Болашақтың еншісі – Бабалардың нақыл сөзін салмақтау.
Қорықтар мен сардаламда сыр тұнды, Қызыл кітап парақтары жыртулы... Бабалардан мұра болған жер тозса, Қайда апарып мекендетем ұлтымды? Ұран салу ойымда жоқ, Іс керек. Табиғатты қорғау үшін күш керек. Бар адамзат сақтай білсе жер, суын Болашақтың бағы үшін істелмек. Жеріміздің сыны, сыры кетуде, Енжар болдық елге қызмет етуге. Жаудың шебін бұзып өткен батырлар Армандаған туған жерге жетуге. Қайран заман...Қалай-қалай өтуде?!
ТАБИҒАТ КҮШІ
Жаңбыр жауса, реніштіміз кей-кейде, Жаңбырменен жерге ырыс келмей ме? Кесіріңді тигіздің сен шаруама, Дегендей боп, табиғатты тергей ме? Күнделікті күйбең мынау тіршілік Табиғат та осыларды тұрса ұғып. Дәл адамға ренжігендей томсарып, Жаңбыр жауса, желі соғар қырсығып. Ешбір дауа таба алмайсың мұндайда, Ерегессең бұршақ жаңбыр ұрмай ма? Бар зиянын үйіп-төгіп ісіңе, Рахат тауып, жаны тыныш тұрмай ма? Табиғаттың күші болар барлығы, Болар кейде дүниенің тарлығы. Желі соқпай, жаңбыры да жаумаса, Бұл да міне, табиғаттың жарлығы.
ӨЛІ ДҮНИЕ
«Нашақорлық, індет жайлап сананы, Күннен-күнге саны өсіп барады»,- деп қария мұңға батып күрсініп, Жас жігітке ақыл айтты: - Қарағым, Заман қандай, сен қандай? Ұрпағымсың бағы қашқан, сормаңдай. Қу басыңа не жетпейді, айтсаңшы?! Бұл өмірде бәрін көріп болғандай. Бір қолыңа шарап алдың азғандай, Темекіні тартып болдың тозғандай. Әке-шешең осы екеуі сияқты Құшақтадың ішкі дертті қозғамай. Соңындасың бүгін міне, шөлмектің, Ине сұқтың тамырыңа өлмепсің, Тар қапаста тұншығасың, тарылып Тағдырыңда тағы нені көрмексің?
Не ойладың өзіңді-өзің еккенде, Өкінерсің содан зардап шеккенде. Ине – досың, жақсылықтан безесің Бәрі де кеш торға түсіп кеткенде. Жанашыр жоқ сүйеу болар қасыңда, Серік еттің есірткіні жасыңда. Шөл далада жалғыз өзің қаласың, Болмаса егер торғайдай ми басыңда. Деп қария бәрін айтты жігітке. Түсінерлік ой жоқ еді жігітте. Елестеді көз алдына бас сүйек Өлі дүние – ауа, су жоқ тас түнек. Деп қария бәрін айтты жігітке. Түсінерлік жоқ еді ой жігітте. Елестеді көз алдына бас сүйек, Өлі дүние – ауа, су жоқ тас түнек. Тұра алмады, қарт сөзіне жүгермек, Жас жігітке жетпей тұр-ау жігер бек. ***********
Ақылды болса азамат Ары боп мәңгі өтер ем, Ақылсыз болса азамат Қайғысын қалай көтерем? Білімді болса азамат Бас ұрар едім жығылып, Білімсіз болса азамат Намыстан өлем булығып. Саналы болса азамат Серігі болам жалғанда, Санасыз болса азамат, Арманда өтер арманда...
ЖАН СЫРЫМ
Жолын кесіп өтіп жүрміз атаның, Қадірін де білмей кеттік батаның. Көшіміздің басы қайда жол тартты? Жауап таппай қалың ойға батамын. Ұлың қайсы, сайлаулы ма ер-тұрман? Инабатты қызың қайсы құлпырған? Бұрындары бір ауылды билейтін Елін қорғап, ер намысты ұл туған. Қыздарымыз берік еді арына, Берік еді еліне де жарына. Ал қазіргі қыздарымыз не үшін Араша да тұра алмайды жанына? Бұл айтқаным – жүректегі жан сырым, Шын ақындар жасырмайды жан сырын. Ойымдағы әрбір жырды тізгенде, Ішкендеймін шөлім қанып тау суын. ************
Бұл өмірдің ызғар шашар, сәуле төгер күні бар. Бұл өмірдің нағыз ғажап, үрей тұнған түні бар. Мәңгі ғұмыр құдіретін сан ғасырға жеткізетін тынбастан, Мұхаммедтің үмбетінің шындық айтар үні бар. Шын сөз айтсаң, жүрегіңнің ақ болуын тілер ем. Адамдар көп ақиқаттың басымдығын тілеген. Жалған айтып, дәл жаныңда алшаң басып жүргендерді көргенде, Сен шындықтың қымбат нарқын өз сөзіңнен білер ең.
ТАҒЫ ДА ШЫНДЫҚ
Шындық айтса отты көзбен қадалдың. Тіліп айтса шырылдатып жан алдың. Жайын бір сәт ойладың ба, адамдар, Ары таза, жаны жүдеу жандардың? Адамдар-ай, бар ма шара, басқа амал, Неге жетім қалу керек жас бала? Бұғанасы қатпай жатып жығылып, Уызына жарымаса масқара! Әлі емдеп, жаза алмадық тіл дертін, Өз қазағым біле алмай жүр міндетін. Туған тілде егер сөйлей алмасаң, Өз анаңа көрсетпеген құрметің. Адамдар-ай, асқар таудай талабы, Жалған сөзден көңіл семіп қалады. Ұрпағымыз ұлтшыл болып өссе екен, Ащы шындық Тілден бастау алады.
НЕГЕ?...
Өмірдің мынау әсем де жарқын бояуын Жеткізіп маған, тұрғандай айтып баяу үн. Құлаққа еміс келеді әлем шындығы, Құлақ сал оған тыңдашы бір сәт,аяулым. Тірліктің мынау шырмалып түйнек жібіне. Тірелгендей өмірдің шыңырау түбіне. Келісе алмай, шындық пен жалған белдесіп, Бөлінер әлі сан қилы заман түріне. Шындықты әлі айта алмай келе жатырмыз. Басқаны айтсақ ондайда сөз жоқ батырмыз. Ауызға түссе, жұтынып кері жіберген Пенденің бәрі Неге, білмеймін батылсыз?! ...
ДОСҚА СЫР
Жалған сөзде жақсылық бар ма, достым? Арзан дүние жаныңды жалықтырар. Өзегіне өмірдің арна қостым, Шыңыраудан шындықты алып шығар. Ар-намыстың ауылы қайда, достым? Жігерсіздік - тұйық жол, адастырар. Үміті мол дүбірге айғай қостым, Келешектен бір ұшқын қарастырар. Абыройды сақтайды қалай, достым? Жөнсіз сөздер жүректі жаралаған. Шолпан атқан таңдарға арай қостым, Шын талапты Тәңірім бағалаған. Өтемесең борышты жөн бе, достым? Иығыңа жүк арттым күшің келер. Қарыз бенен парызды бөлмей қостым, Ұлы істерге ұмтылар түсінген ер.
Адам болу оңай ма айтшы достым? Аманат көп арқаға батады шын. Ақиқатты аралап қайтшы достым, Қайырлы таң атса екен АДАМ үшін!
ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҚТЫҢ ЖІГЕРІ
Жалынды жастықтың жігері Биікке жетелеп жүреді. Жас қайрат намысын маздатқан Ол – қазақ халқының жүрегі, Ол – қазақ рухының тірегі. Сол жастық «Абылай» дегізген, Хан етіп көтеріп киізден. Бүгінде ерлік бар, өрлік бар Толқыны қаттырақ теңізден. Сол жастық Шоқанды ұлы еткен, Ғылымның көгіне ту еткен. Қаншама іздер бар сол жолда, Тарихта жас жанын түлеткен. Жас Сұлтанмахмұттың өлеңі, Күн болып шуаққа бөледі. Нұр құйған санаға жастар көп, Наданға найза боп төнеді. Сол жастық Ғаниды бас еткен, Жас Алаш ұраны, жас өткен. Бүгінде сол шуақ жолында Бүршігін жарғандай жас өркен.
Сол жаста Әміре ән салды, Париждің даласы тамсанды. Жыр болып, гүл болып егілген Жастарым елім деп жар салды. Сол жастық Сәкенді сері еткен, Ақан боп, Біржан боп өрлеткен. Жастықтың кең ашып сарайын Босаға жақтауын төр еткен. Сол жастық Мағжанды сендірген, Өзгеге айбатын төндірген. Шоқ болып маздаған сол сенім От етті үмітті сөндірген. Сол жастық Қанышты көтерді, Қажырлы еңбегі өтелді. Тау мен тас, жер байлық қазына Бұза алмас жас қайрат өткелді. Сол жастық Қайрат боп түнерді, Бас иген бодандық күні өлді. Желтоқсан жол ашқан теңдікке Жастықта бақ өмір сүр енді!
Сол жастық Нұр ұлын шыңдаған, Елбасы шыққан шың – нұрлы арман. Әлемге танытқан қазағын, Сүрінбей өткелден, шыңдардан. Осылай жастықта жаныңдар, Жас жанда жігер бар, Жалын бар! Жастықта азаттық ары бар, Бойымда қазақтың қаны бар. ЕРЛІК ІСТЕР Ақын елміз даламызда жыр ескен, Батыр елміз Абылайдай ұл өскен. Ел бірлігін сақтап қалған бабалар, Елі үшін, жері үшін күрескен. Бейбіт күнде ізбасарлар ерсін де, Ер намысын қолдан оңай берсін бе? Найзасына үкі таққан халықтың, Батырлары мәңгі халық есінде. Игі істер ұмыт болып қалмайды, Ерлік жолын ұрпақ ізі жалғайды. Батырлықтың бек үлгісін бұл күнде, Ақыл оймен нұрлы елге арнайды.
Ерлік істер мәңгі есте сақталар, Бейбіт күнде ел сенімі ақталар. Ұлы жеңіс мәңгі жеңіс әкелсін, Тарихымыз ел жадында жатталар. Естеліктер – тарих сыры, жұлдызы, Қалықтайды жүрегімде жыр құсы. Бас иеді тағзым етіп ұрпағың, Жалындаған Жетісудың ұл-қызы.
ҮШ ҰЛЫ БИ
Тарам-тарам жолдар жатыр болашаққа апарар, Таңдауыңды жасармысың, алда қиын сапар бар. Тарихымның шежіресі сыр шертеді ғасырдан, Теңдесі жоқ ұлылар бар ел мерейін асырған. Абылай хан ақылшысы болған дана кемеңгер, Билер – биік, парасатқа ақыл-оймен тереңдер. Әділдік пен шешендікті ту көтерген өмірде, Үш ұлы би – Қазағымның қасиетті төрінде. Күлтөбеде күн де жиын, ақыл-кеңес құратын, Ел бірлігін биік қойып, асыл еткен мұратын. Тәуке ханның заң жобасы «Жеті жарғы» – өзекті , Үш ұлы би – Бітімгерлер, дауды шешер кезекті.
Жаугершілік, шапқын кезде жоңғар жерге таласқан, Қиын сәтте қаһарлы хан билерімен санасқан. Ордабасы жиынында ұйытқы болған даналар, Үш ұлы би – Қайраткерлер, ынтымақты бағалар. Кесек шешім ата-жолын, салт-дәстүрді сыйлаған, Ұлтарақтай жерін қорғап, жат қолына қимаған. Тоқсан ауыз сөзді түйген нақыл сөзбен жүйелі, Үш ұлы би – Саясаткер, озық ойлы, киелі. Билер – батыр, алдаспаны жарқыраған ел үшін, Қасқалдақтай қасық қанын, жанын қиған жер үшін. Отауызды, орақ тілді, шешендікті танытқан, Үш ұлы би – Әділ билер, алғыс алған халықтан.
Билік төрден орын алар болашаққа жол салып, Құрмет шексіз ұрпағына Тұлғасы зор болса анық! Ақты ақ деп бағалаған бабалар – ел тірегі, Үш ұлы би – қазағымның азаттығын тіледі!
ТАРИХЫМНЫҢ СҰЛТАНЫ
ХХІ ғасырдың мәдени мол мұрасын, Ұрпағыма аманат, сөзі - алтын, жыры – асыл. Әлкей Марғұлан айтқандай: “тарихи-мәдени белгілер – ұлы Отанның бір қырын танытатын айнасы”. Білімді жас көне тарих қойнауына бойласын, Ата жолын білмесе егер, ақылға – мін, ойға –сын. Ұлт тарихын түгендеуді мақсат еткен ұрпағы, “Қадырғали Жалайыри кім екен?” деп ойлансын. Ұлыларға басын иген түркілердің ұрпағы, Бағы жанып өрлегендей бұйырып бір ұл тағы. Ғұламалар хақ төрінен орын алған ғажайып, Қадырғали Жалайыри – тарихымның сұлтаны.
Бір мың бес жүз отызыншы жылдың төлі ерен ер, Жалайырдың тайпасының бесігіне бөленген. Бабыр қайтыс болған жылы дүниеге келіпті, Қадырғали Жалайыри – тумысынан кемеңгер. Бабалары Қараханның заманынан белгілі, Хан Нояны, уәзірлері, қолбасылар – елге игі. Қосынбектей әке ұлы, Тепшік батыр атасы, Қадырғали Жалайыри – дастан болған ерлігі. Орта ғасыр ғұламасы бірнеше тіл меңгерген, Араб, парсы тілдерін де өз тілімен тең көрген. Озық шығыс классикалық әдебиетпен сусындап, Қадырғали Жалайыри – даналыққа өң берген.
Күресмайдан, қай сәтте де ерлік тілер жігіттен, Жаугершілік кезеңдерде қол үзбеген үміттен. Ақылшысы Ондан сұлтан, Сібір ханы Көшімнің, Қадырғали Жалайыри – ер боп туған түріктен. Аласапыран кезеңдерде әскербасы болған ер, Білек күші, найза ұшы, ат жалына қонған ер. Қара қазан, сары бала қамы үшін күрескен, Қадырғали Жалайыри – өр тұлғалы сомдай ер. Күмбірлеген көкірегі жыр керуенге күй қосып, «Жылнамалар жинағымен» қазынаға сый қосып. Он алтыншы ғасырдан сыр шертіп берер мұрасы, Қадырғали Жалайыри – теңдесі жоқ философ.
Перзентінің даңқы асқан ширатқандай ел сыны, Мәскеуде де патша-сұлтан айқара ашқан есігін. Азаттықты аңсап өткен тарихында түріктің, Қадырғали Жалайыри – мәңгі өлмес есімің. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСЫМЫ Өршіл намыстан жаралған, Аңыз боп атың таралған. Қасымы қайсар қазақтың, Намыстың отын маздаттың. Батырын елі таныған, Тектілік бойға дарыған. Сүйетін ұлтын жүрекпен, Ерлігін ұрпақ жыр еткен. Аямай жауды күйреткен, Төзімге ерді үйреткен. Қайратпен сынды өткерген, Жол тапқан қиын өткелден. Қаһарман ұлы халықтың, Ерлік үлгісін таныттың. Жазылған кітап мұраңыз, Атыңыз мәңгі жыр-аңыз.
Ұраны болған ұлтының, Айбыны Алаш жұртының. Абырой болған қанағат. Ел мен жер бізге аманат, Қалдырған тарих атыңды, Қаһарман тұлға батыр ғып. Жұлдызың биік, сөнбейді! Есімің мәңгі өлмейді!
ҰЛЫЛЫҚ ДЕЙТІН АТАҚҚА
Ұлылар өткен, Билері өктем, Хан, батыр туған даламда. Ел бар ма, шіркін, жететін Бізге кіршіксіз мынау ғаламда? Тағылым берер тарихтың тұнып тұр сыры санамда. Ту етіп арын, Құрбан ғып жанын, От болып лаулап жанғандар. Елі үшін туып, тарихта қалған өлмейтін мәңгі жалғанда. Ұлылық дейтін атаққа лайықты бізде жандар бар. Батырмын демей, Атаққа ермей, Қалдырған ерлік іздерін. Ереуіл атқа ер салмай өткен жалғаған жырау тізбегін. Болмысы берен еріңнен Махамбет рухын іздедім. Іздедім, таптым, Төрінде тақтың, Батыры нағыз Қазақтың. Момыштың қаны ақылы зерек ұлы деп тегін жазатын, Домалақ қара баладан естілген үні азаттың.
Жуалы жері, Туғалы ерін Тербеткен құба талбесік. Маңдайда жұлдыз бақ болып жанған Көлбастау берген бар несіп, Күнтуған сәтте жұртына әперген жеңіс қан кешіп. Бауыржан аты, Ерлікте заты, Көзінде жалын оты бар. Тасбауыр заман өзгерткен бәрін жабығып жүріп отығар. Жазылған қанмен кітабы – тарихым болып оқылар. От шашып көзі, Бір ауыз сөзі, Қылыштан өткір алдаспан. Марғасқа батыр – тағдыры дастан, қаншама ұрпақ алмасқан. Жаужүрек ерім – мұрагер, бабалар ізі жалғасқан. Ту етіп арын, Құрбан ғып жанын, От болып лаулап жанғандар. Елі үшін туып, тарихта қалған өлмейтін мәңгі жалғанда. Ұлылық дейтін атаққа лайықты бізде жандар бар.
АБАЙ ЕЛІ
Абай елі – қазақ елі, жыр елі, Өлең-жырға толы оның жүрегі. Ақындықтың пайғамбары ұлы Абай, Әрбір пенде мұны жақсы біледі. Абай елі – қазақ елі, ән елі, Тамаша әнмен ырғалады дәнегі. Абай салған «Айттым сәлем, Қаламқас», Үкілі әуен қыз-бозбала сәні еді. Абай елі – қазақ елі, күй елі, Менің елім өнерге бас иеді. Құлақ түрген Абай нағыз дарынға, Бабам сүйген күйді елім сүйеді.
МҰРАСЫ МОЛ
Ғасырлардан ғасыр аттап келеміз, Өнерімен, өлеңімен ел - егіз. Ұлы Мұхтар қазағымды танытқан, Тарихымда мәңгі өшпейтін терең із. Мұрасы мол тағылым алар данадан, Сөзін тыңда шыққан ұлы санадан: «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ - әлдекімнің азығы». Ақылдының кең болады өрісі, Үлгі болар өнегелі ер ісі. Топырағында Мұхтар сынды ұл туған, Бұл – елімнің, қазағымның жемісі.
ӘУЕЗОВТІҢ ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ
Сөз бастадым ұлылыққа табына, Туған жан ол Алашымның бағына. Сырлы ой жазып сезімімді білдірем, Әдебиеттің Әуезовін сағына. Көркем дүние ой маржанын жалғаса, Ойсыз ғұмыр кешу деген далбаса. Бар ғаламға Абай даңқы өрлей ме, Әлем сүйген Әуезовім болмаса? Перзенті ол арда туған ғасырдың, Академик ұлы ұстазға бас ұрдым. Жетпіс өнер аздық еткен бойына, Рухы қонған Абай сынды асылдың. Менің далам – Абай, Мұхтар мекені, Қиялымның шарықтайды жетегі. Алаштардың нұрлы арманы, ақылы, Әуезовтың сөзіменен жетеді.
“Абай жолы” – теңдесі жоқ шығарма, Тағылымды тарих болар мыңдарға. Әдебиеттің еңкеймейді жалауы, Абай ай боп, Мұхтар күн боп тұрғанда. Ғасыр өтсін, дәуір өтсін арада, Алмас қылыш жарқылдамай қала ма? Сарқыттарын сіңіремін санама, Мұра етем ұрпағыма, балама!
БЕС БӘЙТЕРЕК
Ел-жұртымен қауышқан бес бәйтерек, Шындық сырын ұқпаппыз біз ертерек. Тарихымның түрілмей шымылдығы, Жалған болып жетіпті елге дерек. Жеңер әркез әділдік зұлымдықты, Жұмбақ өлең өмірдің сырын ұқты. Рухын биік көтерген Шәкәрімдер, Елін сүйген ерекше ділі мықты. Тамырына тілінің терең бойлап, Ұрпағына сөз айтқан кемел ойлап. Ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Ұлтшыл» болды елінің қамын ойлап. Дүниенің бесігін еркін ашқан, Білімімен наданның мысын басқан. Мұралары жыр-дастан Жүсіпбектер, Ұлылық пен өнердің нұрын шашқан.
Ұмытылмас тарихты айту – парыз, Ғұмыр – күрес, өмірдің өзі арпалыс. «Оян, қазақ!» деп өткен Міржақыптар, Халық үшін атқарды ардақты іс. Бірі болған Абайдың ізбасары, Олар нағыз – сезімнің сырлас ары. Өрлік жыры Мағжанды мәңгі етер, Анық оның елімен мыңжасары. Алаш жұрты тарихтан сыр ұғады, Сыр ұғумен білімге құнығады. Қанша ғасыр өтсе де ұмыт болмас, Бес бәйтерек – Қазақтың Ұлылары.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ
Тойла халқым, бүгін сенің мерекең, Асқақ мерей, мақтана алам мен ертең. Бабалардың өткен жолын құрметтеп, Арта берсін бірлігің мен берекең! Нұрлы үміттер болашақтан тосады, Жігерлі істер үлкен сенім қосады. Биік-биік асқар шыңға шығарсын, Мәртебелі бақыт-шаттық қосағы. Жарқын өмір ел еңсесін көтерер, Қиындықтар жақсылықпен өтелер. О, Жаратқан, Тәуелсіздік - тұмары ғой халқымның, Қуанышын ұзағынан ете гөр!
АЛАКӨЛ – АҚ АЙДЫН
Ақ айдынды Алакөлдің айнасын, Ақ шағала мекен етсін, айналсын. Күн мен Ай да шуақ нұрын төгеді, Ғажап өлке әсем гүлдей жайнасын! Бұл Алакөл – жасыл желек мекені, Көлі күміс, балығы алтын ертегі. Ақ жүректі, дархан көңіл елі бар , Жолы нұрлы, жарқын болар ертеңі. Бұл Алакөл – өнерімен танымал, Сәкен, Зейнеп – сұңғыла жыр, әні бар. Ер намысты батыр туған мекенде, Қабанбай мен Қасабайдың қаны бар. Бұл Алакөл – ұранды ел, туы бар, Үйгентаста Әнуардай ұлы бар. Бір Мыңбаев, Шуақовтар ізімен, Әлі талай марғасқалар туылар.
Бұл Алакөл – сұлу Айдай келбетті, Бесігінде ақындарды тербетті. Қастек, Ғұсман, Ахмет жырын жаттаған, Бойжеткен мен бозбалалар ержетті. Бұл Алакөл – білім, ғылым ордасы, Ақылы - алтын, күші - құйған қорғасын. Бауыржандай жомарты бар Атымтай, Ұл мен қызын адалдық ар қолдасын. Жетісудың бір мекені Ақ айдын – Жыр Алакөл арманысың талайдың. Толқыныңда бақытты ел тербелсін, Айбыныңның асқақтауын қалаймын!
АСТАНАМ
Береке-бірліктің ұшқыны басталған, Айналар аңызға, дастанға - Астанам, Таза да кіршіксіз, сымбатты келбетің, Жігерлі жастарды асырар асқардан. Арналып асқақ ән, төгіліп жыр лағыл, Төріңде отырар ұлы Абай, жыр Жамбыл. Сәулетің асқақтар болашақ үнімен, Алмасып ғасырлар, қосылып жылға-жыл. Астанам – өскелең ұрпақтың мекені, Ұл-қызың мәңгілік мақтаныш етеді. Бақытын болжаған кең пейіл қазақтың Өзіңмен гүлдене береді ертеңі. Өркендеп өсе бер, қазақтың қаласы, Абылай жол салған азаттық даласы. Ақорда - тірегі, жүрегі елімнің, Ерке Есіл - елдіктің суыны, қарашы.
Досына айқара ашатын есігін, Тыныштық тербесін жас қала бесігін. Шартарап сәніңе тамсана қарасын, Тарихқа жазылсын алтынмен есімің! АНА МЕН ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ (аяулы анам Сейілхан Төреханқызы мен әкем Тоқтам Қасенұлына перзенттік көңілмен) Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер? Мен үшін асқар тау Әкелер - кемеңгер. Жұмақтың кілті Ол – ананың табаны, Жұмақтың кілті Ол – атаның қабағы. Анам мен әкешім – ең алғаш көргенім, Солардың ақылы сүйреген өрге мың. Мәңгілік перзент боп өтер ем еркелеп, Жалғанда “жан алар” келмесе ентелеп.
Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары, Бақытты балалық – сезімнің сырлары. Анамның тілімен өмірді таныдым, Дарыған бойыма өнеге, тағылым. Анадан қабылдап инабат, әдепті, Ою мен кестені үйреніп әндеттім. Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы Әлемді әдемі етуге баулыды. Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты, Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты. Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі. Бес қыздың жатжұрттық екенін білсе де, Жабдығын қамдайды иегі кемсеңдеп. Жұлып ап жүректің бөлінбес парасын, Сыйлы еткен мың жылдық құдалар арасын.
Өзі - Ана, Өзі - Ене, Өзі - Әже болса да, Құрбыдай сырласар сексенге толса да. Жарыңды сыйла деп ақылын айтады. Елу жыл отасқан шалының басына... Дұға етіп жұмада бір барып қайтады. Әкемнің ақылы – жүректе мейірім, Басылған қадамдар жолдардай иірім. Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім, Үмітін үкілеп, артқандай ел сенім. Аузында иманы, қолында құраны, Текті ұрпақ өсіру – мақсаты, ұраны. Үстемдік етсе де қаhарлы қаталдық, Бақытты болсақ деп, Әкеден бата алдық. Ақсақал атанып бір басын сыйлы еткен, Асырап асықтай алты ұлын үй еткен. Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға, Серік боп жүр дейтін жақсы мен арлыға.
Әкеден жетім қап қиынды өткерген, Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген. Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай, Бойжеттім еркелеп өмірде қаймықпай. Мұра етіп төс, балта, ер-тұрман құралын, Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын. Өрілген қамшысы түспейді төрінен, Әлі де жөн сілтеп тұрғандай көрінер... Анамыз ұяда ұл-қызын тосады, Немере, шөбере бал үнін қосады. «Ардақты Ана» деп төс белгі қадалған, Ұлылық есімге тұрарлық адал жан. “Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!” Құранда айтылған есті сөз, әлеумет. Ата-ана алғысы – ақ нұры АЛЛАНЫҢ, Перзенттік парызбен өлең-жыр арнадым.
АЯУЛЫ АНА, АРДАҚТЫ ӘКЕ
Аяулы Анам, Ардақты Әкем – алтын арай! Бақыт құсы самғасын Сізге қарай. Әр жылдың асуынан еркін асып, Сәтті қадам басыңдар жүзге қарай! Аяулы Анам, Ардақты Әкем – қия шыңдар! Біз үшін мәңгі жылы ұясыңдар. Шұғыла шуақ төктің, айналаңа, Тамаша мінездерде ұнасым бар. Аяулы Анам, Ардақты Әкем – шалқар әнім! Сіздер барда қуанып, шаттанамын. Дарытқан өнеге іс, тәрбиемен, Тербеледі толқындай бақ талабым. Аяулы Анам, Ардақты Әкем – жұлдыздарым! Өмірдің көрсетпеген бір ызғарын. Тілейді ұзақ ғұмыр, тек амандық, Ұяңнан түлеп ұшқан ұл-қыздарың.
Аяулы Анам, Ардақты Әкем – бал қаймағым! Алғыс айтар сендерге ел-аймағың. Ғасырға жетіңіздер қол ұстасып, Мәртебең биік болсын, бақ таймағын!
КИЕЛІ ӘЖЕ
Әже отыр кимешекті киелі, Батыр ана. Неткен асыл сүйегі. Мәуелі бақ – өзі өсірген ұрпағы, Еркелейді, аялайды, сүйеді. Әже отыр самай шашын ақ басқан, Сәнді өрнек жасап қара, ақ тастан. Өзге түстер ілінбейді жанарға, Сіңіп кеткен көкжиекпен астасқан. Әже отыр құлақ түріп ән-күйге, Үн қосады бесік жыры әлдиге. Ғасыр сыры әжімінде тұрса да, Көкірегі зерек оның мәңгіге. Әже сөзі ұлылықпен үйлесер, Жібек мінез құбылады түрліше. Бір ұлыстың отын жаққан кейуана, Қартайғанда бала болып күй кешер.
БАҚЫТТЫ АНА
Тынбай сүйреп жанұяның кемесін, Толқындардан қорғап, Ана, келесің. Таусылмайтын қайратың бар жігермен, Тәңір Алла қуат берсін, демесін. Бақытты ана, бағың гүлдеп жайқалған, Бейнет түбі зейнет болып байқалған. Бар тауқымет қуанышқа айналып, Бесік жырмен тербетілді айтар ән. Ұл-қызыңыз бір-бір төбе көрінген, Шөберелер орын алған төріңнен. Жүрек бірге, сағынғанда ойласаң, Ойың онға, санаң санға бөлінген. Бақытты ана, берекеңіз тасыған, Ақылыңыз көкейде зер басылған. Аман-есен ортамызда жүріңіз, Ғұмырыңыз асса екен ғасырдан.
АСҚАР ТАУЫМ
Болмасам да қамшы ұстар текті ұлың, Дұға ететін бұл қызыңа бет бұрғын. Сенің шексіз мейіріміңді сағынып, Әкетайым, қабіріңе кеп тұрмын. Алла деуші ең Азаныңды шақырып, Өзің барда алшаң бастық, шалқыдық. Иманыңды серік етіп жүрсің бе, Балажүрек сені іздейді шарқ ұрып. Қазынасы, бір ауылдың қарты едің, Қарапайым болсаңдағы мәрт едің. Қоғалының жайлауында үзілді... Немереңе айтып берер ертегің. Ақсақал ең сый-құрметке бөленген, Ұлағатты сөзің қалды өнеге. Төрде отырып бата берер сен жоқсың, Шапаныңа қарап қоям көнерген.
Ұрпағыңа алаңдама бәрі аман, Өсіп-өнген, еңбекқор боп жаралған. Асқар тауым, төмпешік боп жатырсың, Сағынышым жас боп ақты жанардан...
БАСЫҢА КЕЛЕР
Баласы ма, әлде әке басым ба? Әкесінің келді бала қасына. Ақылына көнбей бала шүйлікті, Қол тигізді қарамай ол жасына. Ерсі көріп, әке оған қарады, Мөлдіреді жасқа толы жанары. Баласынан сыбағасын алса да, Мұны айту парызым деп санады: «Баламсың сен, мені тыңда басынба, Мен жүрмеймін ылғи сенің қасыңда. Сыйламасаң ата-анаңды өмірде, Келтіреді мұны құдай басыңа». Өмірдегі ащы шындық бұл жағдай, Әке – тіреу құлағалы тұрғандай. Иманды ұрпақ ойланыңдар бір сәтке, Қызың қандай, мұра болар ұл қандай? *************** Жалығып жалтақ өмірден мынау, Кезіп кеткім кеп тұрады, ана. Жан-жағым қорқау, болмаса сынау... Безіп кеткім кеп тұрады, ана.
Сен мені туған кезіңде, ана Жұлдызы жанған қыз болар дедің. Жанарым солғын, сездің бе, ана, Сырымды айтсам, мұз болар демім. Жүрегім мұңға кеткендей батып, Тырнап жатырмын жарасын, ана. Жалған өмірге өкпем тым қатты... Жаманға қимас баласын ана!
АЙНАЛАЙЫН, АНАШЫМ
Мұңды ұшырып көңілімде түнеген. Қамқор жансың бақытымды тілеген. Жігер бердің үзілгенде үмітім, Әрбір сөзің – жанға дауа, түгел ем. Мен бақытты болса екен деп тіледің, Мен жүдесем, сен де қоса жүдедің. Қасиетіңнен айналайын, Анашым, Қызың үшін ауырды-ау сан жүрегің. Өмір жолда орындалса сан арман, Бақытымның шыңы болып саналған. Сәл шаттанып қадам бассам алдыға, Асыл сөзің жаңғыратын санамнан. Тәуба дедің, шықсам биік белеске, Ақтап алдың түссем жөнсіз егеске. Ел алдында жарқыраса маңдайым, Сенің, Ана, ақ тілеуің емес пе? ************
Ана жаным! Ренжіттім мен білемін, Алаңдаулы бүгін менің жүрегім. Сынағы мол тағдырым аямаған, жаралы жүрегіме сая болған СІЗ едіңіз! Енді қалай қуанамын, күлемін, қалай табам көңіліңіздің бір емін, өтінемін «ренжімеңіз!» - тілегім. Ана жаным! Мейіріміңді сезінем, Мәпеледің мені сәби кезімнен. Күн өткізбей төбемнен пана болған, Қандай қиын сәтте де Ана қорған СІЗ едіңіз! Немеренің орындайтын талабын, Бағып жүрер ұл-қызының қабағын, Дәл өзіңдей жанды қайдан табамын?!
БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Балалық шақ байлығының иесі, Болып қалу – менің мәңгі арманым. Ақ бесігім – бар қазақтың киесі, Сәби жүрек өмірімнің бар мәні. Қол бұлғайды балалықтың кемесі, Бүлдіршіннің қалды атты таяғы. Анық нәрсе – еркеліктің ермесі, Еске түсер ертегілер баяғы. Жанарымда қуаныштың жасы бар, Болашақтың оты лаулар жүректе. Балалығым мойныма кеп асылар, Сағынышпен тілек қосып тілекке.
КІМ БАҚЫТТЫ...
- Кім бақытты? - десе егер, Мен дер едім. Отбасымды Отанға теңгеремін - Кім аяулы? - десе егер, Мен дер едім. Жанұямның бағында тербелемін. - Кім сымбатты? - десе егер, Мен дер едім. Сұлулықтың нұрына емделер кім? - Кім сүйікті? - десе егер, Мен дер едім. Еңбегіммен еліме еркеледім. - Жаны таза кім? – десе, Сен дер едім. Жан жарымсың – өмірде сенген ерім.
ШАҢЫРАҚТЫҢ ИЕГЕРІ
Үлкен бір шаңырақтың иегері, Риза боп азаматын сүйеді елі. Жігер, күш, арман, мақсат болмаса егер, Дәлме-дәл атқан оғың тиер ме еді? Әлі де қажыр керек, қайрат керек, Абырой құнсыз болса кімге керек? Қасиет – тектілік пен дарындылық, Тамыры терең кеткен дәу бәйтерек. Басыңда ырыс, құт пен бақ, дәулетің, Тұлғаң зор, тірегісің бір әулеттің. Еңбек пен қанағатта болар байлық, Жанұя-жұмағыңды мәуелі еткін.
ЖАНҰЯ БАҚЫТЫ
Келеміз талай-талай белден асып, Алланың жолына алғыс берген ашып. Махаббат лаулап тұрар алау от па, Өмірде жан жоқ шығар менен ғашық. Тамсанып түсімдегі елесіңе, Мен сені сағынамын сезесің бе? Өзіңе қатал талап қойсам егер, Ол менің шын сезімім сенесің бе? Сеземін сағынасың сен де мені, Жаныма шуақ, нұрың себіледі. Бақытың – жанұяңның жүрегімін, Құрметтеп, бағаласаң егер мені. Жанұя – бақыт сыйлар ұлы мекен, Бақытым – өзің менен ұлым екен. Махаббат жырларымды мәңгі өлмес, Сайраған бұлбұл құстың үні етем.
БЕС ҚЫЗЫМЫЗ БІР ҮЙДІҢ
Бәріміз де бір-бір үйдің гүліміз, Неге іздейміз бірімізді біріміз? Түсінетін шығар мұны тек жүрек, Түсінбейміз мұны біз! Шаңырақтың отын жақтық әр бөлек, Үйімізде отағасы, бар бөбек. Бір анадан туған соң ба әйтеуір, Әлдилейтін ән керек! Бес саусақтай бес қызымыз бір үйдің, Ата-анадай мына бізді сүйді кім? Балалық шақ бір ұядан ұшырған, Сағынамыз бір күйді! Көрікті еткен бұрымымыз он өрім, Бойға жидық қазағымның өнерін. Аңсап жүрміз әкеміздің ақылын, Анамыздың өлеңін! Қанша алыс болса дағы арамыз, Сағынғанда құстай ұшып барамыз. Туған жердің түлегіміз бас иер, Ата-анаға баламыз!
ӘПКЕМ МЕНІҢ АРАЙЛЫ
Алыстағы Әпкем менің, арайлы Өзіңізден жан жылуы тарайды. Үлкені боп туылған соң бес қыздың, Сіңілдерің ақылшы деп санайды. Қыздар едік бір қуанып, бір күлген, Теретінбіз жеміс-жидек, бүлдірген. Сәби болып бір туғанмен өмірде Бірге жүрмек жоқ екенін кім білген? Туғандардың мауқын басып келе алмай, Бауырларды жиі-жиі көре алмай. Жетісуды жүрсің бе сен сағынып, Ұшқан құстың қанатына ере алмай. Арамызды бөлсе де алыс кеңістік, Ата-ананың құшағында өбістік. Келінісің ұлы Абай жерінің, Шығыстағы алтын әпкем ең ыстық. Аяулысың, анасың сен қымбатты, Ұл-қызың бар тәрбиелі, сымбатты. Шаңырағың тола берсін шаттыққа, Немерелер бал қылығы тым тәтті.
КЕНЖЕҚЫЗЫ АНАМНЫҢ
Балалықтың жыры – сен, Бақытымның гүлі – сен. Қымбат болса, екі адам, Бірі – Анам, бірі – сен. Бұл өмірдің мәні – сен, Гүл көңілдің әні – сен. Ішіндегі бес қыздың, Жаны нәзік, сәні – сен. Сіңілімсің, барым – сен, Бірге туған қаным – сен. Жабырқаса көңілім, Мені ұғар жаным – сен . Шаңырақтың нұры – сен, Кәсар бұлақ суы – сен. Кенжеқызы анамның, Жанұяның туы – сен.
БАЛАМА
Балапан – бүлдіршін, балам, Жыр арнап жазамын саған. Ақылды азамат боп өс, Біліммен көркейер заман. Жылы сөз – жаныңа дәрі, Еркелік қалады әлі. Жан-жақты өнерлі болсаң, Кім бұл? – деп таңданар бәрі. Аппақ қар көңілің сенің, Бойыңда керемет сенім. Көкке ұш, қанатың талмай, Батыл боп қорғайтын елін.
БӨБЕГІМ
Бүлдіршін балам – бөбегім, Бетіңнен аппақ өбемін. Лүпілім жүрек бір соққан, Арналар саған өлеңім. Балдырған балам – бағымсың, Тәп-тәтті шекер балымсың. Алланың сүйген құлысың, Жалғанда жалғыз барымсың. Алтыным балам – тірегім, Бауырым бүтін жүрегім. Алдыға қарай талпынғын, Өзің деп өмір сүремін.
ҚАЙЫРЛЫ ТҮН
Қайырлы түн, мейірімді адамдар, Бір түн келді бір күніңді тамамдар. Сан тарапқа, шартарапқа ой кетті, Көңіл деген бар нәрсеге алаңдар. Қайырлы түн, жақсы адамдар жаны ізгі, Ұмытпаған қасиет пен парызды. Сәл мызғысаң санаң нұрға сүңгиді, Тербететін тәтті ұйқы емес маңызды. Қайырлы түн, ғазиз достар тілектес, Қауыз жарар бір мезетте гүл тектес. Түн шапағы нұрын төксін сендерге, Салмақ салмай жүріңдерші жүрекке еш. Қайырлы түн, аға, бауыр, жеңгелер! Қадірлі түн мың күніңе тең келер. Жайлы жатып, жақсы-жақсы түс көргін, Мақпал түннің шуағы мол емделер.
Қайырлы түн, туғандарым жанашыр, Сандығыңда Ай мен жұлдыз, бар асыл. Таң алдында таңғажайып түс көріп, Бір түніңе бір күн жалғап барасың.
САҒЫНЫШ ЖЫРЛАРЫ
Сағынышпен басталады әр таңым, Сағыныштың мұң-зарын да тартамын. Сағыныштан тұрар мүмкін жүрегім, Сағынышсыз қалай өмір сүремін. Сағынышпен өтіп жатыр күндерім, Сағынышсыз өмір барын білмедім. Сағыныш ол – жанға қымбат адамдар, Сағыныш ол – жарқын күнге қадамдар. ******* Сағынышпен қауышатын, жан анам, Ардақтымсыз, ақ сүтіңнен нәр алғам. Сізге деген құштарлығым басылмас, Асыл жансыз сағынуға жаралған. Сағынады перзент жүрек лүпілдеп, Өсірдіңіз алты ұл, бес қыз үкілеп. Ақжаулығың ақ жол салған өмірге, Саулығыңды ұрпағыңыз жүр тілеп.
******* Сағындым, әке, өзіңді іздеп жыладым, Байқалушы еді бар болмысыңнан жылы ағын. Орындай алсаң, әкемді менің қайтар деп, Жаратқанымнан өтініп тұрып сұрадым. Сағыныш-мұңмен сені алып кеткен көктемім, «Айналайын» деп тұрғандай қазір өктем үн. Әкешім, сені сағынып жүрміз бәріміз, Оралса шіркін, өзіңмен бірге өткен күн. ******* Күндіз ойда, түнде түсте өбіскен, Сағыну ғой дерттің аты мен ішкен. Қашан-қашан жолығысар екенбіз, Жүрегіме мекендеген періштем? Күндіз-түні ойымнан бір кетпейсің, Сағынғанда ұшып маған жет дейсің. Арманыма қанат байлап жүрмін мен, Жаным менің, сәл-сәл сабыр еткейсің. *******
Жаным жақын, сезімім де лезде саған жетеді, Сағыныштан жабығамыз, кімнің несі кетеді. Қиялым да көкке самғап, саған қарай ұмтылар, Мендегі арман – мәңгі арман, аяқталмас ертегі. Расында да ертегі... Мына сезім екеумізді өртеді. Сағынышым басылмайды өзіңе, Саған ғана жүрек сырын шертеді.
САҒЫНЫШ
Сағынбай жүрген жалғанда жандар кемде кем, Сезімсіз болып өмірге сәби келмеген. Аспаны ортақ жұлдыз ғұмырлар бір-бірін Сағынған сәтте уақыттың өзі емдеген. Сағынған ана төрт бөліп түнгі ұйқысын, Оралмай жүрген ұядан ұшқан ұл-қызын. Жарқ ете қалған жасыннан қорғап ойларын, Қыраттан күткен көктемде келер жыл құсын. Сағынған достар кемшіліктерін жасырып, Маңайын жұмақ, әр жылын өткен ғасыр ғып. Күндерде қиын қол ұшын берген нағыз дос, Қауышар сәтте уақыттан да озар асығып. Сағынған бауыр езіліп ет пен жүрегі, Қарындас, туыс – тіршілік берер тірегі. Таулардай биік, арманы асқақ ағаның Болса да реніш, ақжарма шуақ тілегі.
Сағынған сұлу алыстап кеткен егізін, Қарсы тұра алмас, дауылы қатты теңізің. Сырлары мөлдір ақ маржан, лағыл тастардай, Жасырған жанар жас болып аққан сезімін. Сағынбас адам жоқ шығар сірә, жалғанда, Қуанам әркез кеудеде сәуле жанғанда. Сағыныш деген қысқа ғұмырды ұзартар, Амандық тіле, сағынып жүрген жандарға. Осының бәрін сағынбай өткен жан бар ма? Сағынышы билеп қол созам әрбір таңдарға. Әрдайым мен де амандық тілеп келемін, Алыстан аңсап сағынып жүрген жандарға.
ҰЛЫ СЕЗІМ АЛДЫНДА...
Құлы емеспін байлықтың да, бардың да, Қызықтырмас жақұт тастар, алтын да. Асқақ болып көрінгенмен арманым... Қауқарсызбын Ұлы сезім алдында! Гүлі емеспін қырдың, дала, таудың да, Ұлпасы емен жаңа жауған қардың да. Биіктікке бойлағанмен көңілім... Дәрменсізбін Ұлы сезім алдында! Кей сәттері қамалсам да тар мұңға, Сырымды айтып ел алдына бардым ба? Құлашымды кеңге жайып жүргенмен... Әлсіздеумін Ұлы сезім алдында!
Дәмін таттым ащының да, балдың да, Қанатымды сәл күйдіріп алдым ба? Босағадан төрге мені сүйреген... Бас иемін Ұлы сезім алдында! Ұлы сезім! Ортақ жасқа, балғынға, Махаббат та, шапағат та бар мұнда! Сынбас едім сынағына өмірдің, Садағамын Ұлы сезім алдында!
МАХАББАТ ЖЫРЫ
Сол бір мезет тылсым тыныш түн еді, Сазды үндер махаббаттың үні еді. Жұлдыздардан нұрлы сәуле тамады, Жүректерде сұлу сезім гүлдеді. Күлім қаққан, балбұл жанған жүздері, Түнгі алаудан от сезімді іздеді. Қол бұлғайды бақыт таңы арайлы, Жетелеген адал сенім ізгі еді. Бір-біріне қарай берді қос ғашық, Алған олар баяғыда-ақ достасып. Көз жанарын мәңгілікке байлайды, Орта жолдан кетпес үшін қоштасып. Екі ғашық адалдықтан жаралған, Табиғаттан тартуы мол нәр алған. Айға қарай асықтырар мақсаттар, Жүректерде тұнып жатыр сан арман... 1993 жыл
ОН СЕГІЗ ЖАС
Он сегіз жас өрге қия бастырған, Ер жігітті ақылымен бас қылған. Жалындаған албырт сезім, махаббат, Он сегізде қыз жүрегін мас қылған. Тамыз айы қандай ғажап керемет. Ойладым ба он сегізге келем деп? Кәмелеттік жасқа толып мен бүгін, Ойға баттым болашаққа елеңдеп. Бар дүние қызық болып кеткендей, Бүгін менің төбем көкке жеткендей, Он сегіз жас ақ сеніммен жүк артар, Қадам басам жаңа өмірге сескенбей. Иә құрбым, он сегізге келіппін, Сәби етер қиялыма еніп кім? Қалар бәрі, еркелік пен балалық Жүруші едім лағындай боп еліктің.
Он сегіз жас шыңы болған өмірдің, Жыры болған жас жүректің, көңілдің, Құдай менің ақ жолымды оң қылсын, Он сегіз жас жырым болып төгілдің. 1993 жыл
БЕРІЛМЕЙДІ ЕКІ ӨМІР
Сүйем деме, ғашық жігіт өтінем, Адам аз ба бұл өмірде өкінген? Орамашы лапылдаған жалынға, Жанып кетем махаббаттың өртінен. Маған деген жан сезімің адал ма? Әлде жалған, ермек етер амал ма? Жүрегіңе шын мейірім орнасын, Берілмейді екі өмір адамға. Өзгелерге құрмет болсын бойыңда, Құдірет жи адалдықтан ойыңа. Қыздар нәзік өкпелетіп қойса егер, Жігітсің ғой, ешуақытта мойыма! 1993 жыл
ЖҮРЕГІМ
Жүрегім сезеді, қиялым кезеді, Арманның әлемін! Көңілім іздейді, үмітін үзбейді, Дертімнің тап емін!! Жүрегім бағынып, алқа сыр тағынып, Аңсайды өзіңді. Күндерім арайлы, шуақ нұр тарайды, Сағындым көзіңді. Жүрегім дүрсілдеп, сен аман жүрсін деп, Тілейді Алладан! Көңілім сен жақта, сезім от сен жаққан, Сөнбейді, жанардан!
САҒЫНҒАНЫМ
Тек өзіңді ойлағаным, іңкәр сезім бойлағаным. Ерік бермей еркелейді, Саған қарай жетелейді ойлы арманым. Ойла Жаным! Ойла Жаным! Ойлағаным – сағынғаным, өткен күндер – сағым бәрі. Ынтық болмай көз ілмеуге, Сен сыйлаған сезім гүлге бағынғанмын. Сағын Жаным! Сағын Жаным! Сағынғаным – аңсағаным, тәтті қиял – тамсанамын. Мейірімді көздеріңді, жанға дауа сөздеріңді бал санадым. Аңса Жаным! Аңса Жаным!
ҚЫМБАТ БІЗГЕ...
Қымбат бізге ізгі күндер, бал күндер, Жанды тербер әсем жырлар, ән, күйлер. Жүректерге сезім өрнек салады, Махаббаттың құдіреті жанды емдер. Қымбат бізге ізгі айлар, бал айлар, Көңіл көктем, жанда шуақ арай бар. Бақыт, шаттық шақырады үмітпен, Арманына қол бұлғайды талайлар. Қымбат бізге ізгі жылдар, бал жылдар, Жадымызға мәңгі естелік қалдырар. Алтын уақыт – алтын ұғым жоғалмай, Сағыныш боп жүрегімді жандырар. Сағыныш боп тереземнен қағылар... *********** Жанымсың жақсы көретін, Жалынсың беттен өбетін, Жауынсың нұрын себетін, Жарықсың шуақ төгетін.
Балымсың сезім беретін, Барымсың көзбен көретін, Бағымсың ұшып келетін, Базарсың шаттық өнетін. Елессің түске енетін, Емессің жұлдыз сөнетін, Ерексің Жаным сенетін, Ерекше Жаным сүйетін ! Жанымсың! Жанымсың! Жанымсың!
МҮМКІН БӘРІ
Кінәрат жоқ шын көңілде, Сырғыттық-ау бір күнді әрі. Тосын сый көп бұл өмірде, Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі... Өрнегі әсем жырға айналар, Сағыныштың гүлтұмары. Әрбір күнге сыр байланар, Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі... Қар жаумайды қабағыңнан, Жайдары етті күлкім бәрін. Әдемі ән боп қаламын ба? Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі... Бақ құсың боп қалықтасам, Мүмкін бәрі, мүмкін бәрі... Тек ән-жыр боп қалып қалсам, Кім кәнәлі? Кім кәнәлі?!
ӨЗІҢ ЖАҚҚА
Өзің жаққа... Өзің жаққа үнемі қарап өтем, Тілекшімін, ойым жоқ ала бөтен. Қиын кезде қолұшын берген адам, Жанашыр боп жүректе қалады екен. Ізгі жаның... Ізгі жаным өзіңмен толығады, Жақсылығың бағың боп жолығады. Шын ғашықсың өмірге ақ жүрекпен, Ақ көңілім көзіңнен соны ұғады. Өзің жаққа... Өзің жаққа қарадым мен неліктен, Көрінбеді елесің мені күткен. Керемет бір сезімді серік еткем... Арыла алмай жүрмін-ау пенделіктен? *************** Сағынып тұрам арайлы таңда, Сағынып барып көз ілем. Аңсарым ауса аяулы жанға жасырам неге өзімнен?
Мұңайып тұрам бозарған таңда, Мұңайып барып көз ілем. Жүректің сырын қозғаған жанға жауап жоқ неге өзімнен? Сібірлеп атқан таңда, іңірде Іңкәрлік сезім кетпейді. Жұбатқандардың мені бірі де Сағынған жанға жетпейді...
МҮМКІН ЕМЕС
Айдай әсем арай нұры таралған, Арулар көп бұл өмірде менсіз де. Әдемілік сүю үшін жаралған, Ғашық болып қалсам қайтем, Мен Сізге? Аяқталар жақсылықпен ертегі, Періште мен хордың қызы тең сізге. Отжүректің жалыны кеп өртеді, Ғашық болып қалсам қайтем, Мен Сізге? Өмірде жоқ Махаббаттан асқан заң, Шартты нәрсе - сезімді ойға алуым. Cіз емессіз, жүректегі басқа Жан, Мүмкін емес, ғашық болып қалуым! Қия бассам шалыс кетер қадамым, Жақсы жанды танымау мен тану – мұң. Сіз емессіз, жүректегі Адамым, Мүмкін емес, ғашық болып қалуым!
ЕШНӘРСЕ АЙТПАЙМЫН
Мен енді ешнәрсе айтпаймын: Әдемі жырым болыңыз, Ғажайып сырым болыңыз, Жап-жарық күнім болыңыз, Ақ мақпал түнім болыңыз. Мен енді ешнәрсе айтпаймын: Жайдары жазым болыңыз, Ерке үн, назым болыңыз. Көңілдің әні болыңыз, Өмірдің мәні болыңыз. Мен енді ешнәрсе айтпаймын: Тұп-тұнық көзім болыңыз, Сағыныш сөзім болыңыз. Мөп-мөлдір сезім болыңыз, СІЗ менің өзім болыңыз!
ҚЫМБАТТЫСЫЗ
Ерекшесіз, жанымның жұмақ мекенісіз! таң атады, күн де батар екеумізсіз. Күн сәулесі күліп мені оятқанда, нұрмен барып аяласам, жүрек бағын саяласам, Сіз ренжімей, маған рұқсат етемісіз! Құрметтісіз, жүректің төрі тұрағыңыз! сағыныштан сізге жазған жырым аңыз. Кешкі самал бұрымымды тербегенде, желмен барып еркелесем, жалын атып өрте десем, Сіздің болмас маған қояр сұрағыңыз! Қымбаттысыз, бағаңыз биік көгімдесіз! аппақ көңіл - тартылмайтын көл мен теңіз. Тәтті қиял түнгі ұйқымды ұрлағанда, жұлдыз болып жанып тұрсам, қасыңызға барып тұрсам, Өтінемін... түсім емес өңім деңіз!
АЙҒА ДА ҒАШЫҚ ЖҮРЕГІМ
Айға да ғашық жүрегім, Тек саған құшақ жаяды. Кім табар оның бір емін Біреулер мені аяды... Күнге де ғашық жүрегім, Тек саған құшақ жаяды. Күйемін ертең білемін Тобығым қайта таяды... Жұлдызға ғашық жүрегім, Тек саған құшақ жаяды. Жылаймын дағы күлемін, Баяғы жартас баяғы... Өмірге ғашық жүрегім, Өзіңе құшақ жаяды. Бүгінім аян, білемін... Не болар екен аяғы? ************* Мен саған ғашық емес ем... Не десем екен, не десем? Жараланған жанымды дедің бе сен емдесем... Мен сені жақсы көрмеп ем, Ешқашан көңіл бөлмеп ем. Жүрегімде сезім жоқ, жанарым бар өлмеген...
Мен сені ұғам, түсінем, Үндемей ғана күрсінем. Өз-өзімді жасырам, Сезімнің тылсым күшінен.
ҚОСЫЛМАЙДЫ АРНАМЫЗ
Жаның таза. Сұлу мұңды ұнаттың, Сезіміңе сезімімді ұрлаттым. Шөлімізді қандырғанмен бал сөзбен, Бола алмаймыз қос тамшысы бұлақтың. Алмастайсың. Сыналатын кезеңде, Өмір тағы у ұсынса төзем бе? Жақсы істерің жұбатқанмен көңілді, Бір жүзбейміз өмір атты өзенде. Өткір жансың, Бойыңда бар ар-намыс, Тағдырыңда сайрап жатыр арман із. Мөлдір сырлар тоғысқанмен жүректе, Ешуақытта қосылмайды арнамыз.
ҚАНАТ ҚАҒАР ҚҰСЫҢМЫН
Өзгеде жоқ ерек сезім ұсындың, Мен жүрекпен қабылдауға қысылдым. Жанды емдейтін осы жылы сөздер ғой... Қуаныштың не екенін түсіндім. Ырық бермес ықыласты ұсындың, Қаламадың басылғанын мысымның. Жанды ауыртар осы жалған сезім ғой... Өкініштің не екенін түсіндім. Биік арман, бұлдыр сағым ұсындың, Қолым жетпей кей сәттері күрсіндім. Тұрлауы жоқ бес күн мына жалғанда, Бәрі алдамшы екендігін түсіндім. Иә, Тағдыр, маған бәрін ұсындың? Ақиқаттың анықтайды тұсын кім? Мың тосқауыл қарсы алдымнан шықса да, Көкке қарай қанат қағар құсыңмын. *************
Бірге жүріп өткен жолдар мәңгі есте. Ізгі сұлу, ғажап сәттер емес пе? Ұзақ жолдар тілектерді бір еткен, Сезімдерді жібермесін келмеске. Ән әуелеп, домбырадан күй ақты, Гүл жарыпты қызғалдақтар қияқты. Әдемі етіп аялайды мені әлем, Сенің ыстық, от құшағың сияқты. Сол сағыныш жүрегімді тасытты, Жаным жалғыз. Саған қарай асықтым. Осы жолда биік арман, мақсаттар... Өткен шаққа, Мен өзіңе ғашықпын!
ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНДЕСІҢ
Тағам қалай өмірге сын, Еншім болып бөлінгенсің. Бірге жүру жазбағанмен, Жүрегімнің төріндесің. Жүрегімнің төріндесің, Өмірімнің өріндесің. Күн шықты ма деп қаламын, Сенің төбең көрінгесін. Жүрегімнің төріндесің, Әрқашанда көңілдесің. Ай туды ма деп қаламын, Сенің жүзің көрінгесін. Айдын шалқар көлімдесің, Таңғажайып өмірдесің. Сағынышпен әлдилейтін, Жүрегімнің төріндесің. ӨШІРМЕШІ БІР МЕНІ... (mail.ru – агентінен) Бұл өмірдің қашанда бар бір кемі, Сеніменен толтырып ем іргені. Бәрін, бәрін өшірсең де өзің біл, Өтінемін, өшірмеші бір мені!
Маған қымбат қасымда бір жүргенің, Әзілдесіп, жарқылдап бір күлгенің. Бәрін, бәрін өшірсең де өзің біл, Өтінемін, өшірмеші бір мені! Ғанибет ол – өмірді бір сүргенің, Тыныстасам жетпей қалар бір демім. Бәрін, бәрін өшірсең де өзің біл, Өтінемін, өшірмеші бір мені!
ҮНСІЗДІК
Мен де үнсіз, сен де үнсіз тым-тырыс, Маза бермес сезімдегі ұмтылыс. Қанша уақыт тежеледі белгісіз, Жүректегі бұлқыныс. Дегенменен мөлдір сырға берікпіз, Қиял көкте, арман ойда серікпіз. Түбі әйтеуір, бүршік жарар ақ сезім, Көңілдегі еріп мұз. Үндемей-ақ бірімізді біріміз, Түсінеміз ортақ біздің тіліміз. Табыстырар екеумізді әлдилеп, Жүректегі үніміз.
СЕН
Жұлдызды түн, арайлы таңым да сен, Жасыл әлем, гүл жұпар бағым да сен. Жүрегімді нұрлы етіп жүрсең болды, Жалғыздықты сездірмей жанымда сен. Шаттық өмір, қуаныш, қайғым да сен, Шалқар көлім, аққулы айдын да сен. Шырағымды сөндірмей тұрсаң мәңгі, Шабырқанып, мұңайып, қайғырмас ем. Сұлу әнім, сұңғыла жырым да сен, Сертім болған құпия, сырым да сен. Сыналғанда төзімің берік болса, Сайыпқыран тұлғадан бұғынбас ем. *********** Күз де келді... қоңыр тартты өмірім, Жауып жатыр жапырақтар сары ала. Балалық шақ қимасымдай көңілім, Тырналарға қол бұлғайды бар бала.
Жапырақсыз ағаш қалды бақтарда, Жастығымның желбіремей жалауы. Сағынышпен өзің келер жақтарға, Үкілі үміт... жәутеңдейді жанарым. Қимас сәтте армандардың бәрі ізгі, Көңілім де күздей күрең тартады. Көктем менің сағынышым тәрізді, Гүлге ораған Алатау мен Арқаны.
АҚ ҰЛПА ҚАР...
Ақ ұлпа қар... риясыз менің көңілім, Тілектес адал жандарға. Қас-қағым сәт қой өмірің, Айналып кетер арманға. Ақ ұлпа қар... құларсың, жерге сіңерсің, Кіршіксіз ақтық жойылар. Ажалды қайдан білерсің, Қармүсін бар ма қойылар? Ақ ұлпа қар... ауада қалқып тұра бер, Әдемі өрнек сақталсын. Қара жер тоймас, құба бел, Жамылып мамық мақтасын. Ақ ұлпа қар... Қалықта, мәңгі қалықта, Нұр болып төгіл еліме. Алақан тосам жалықпай, Бақыттың мұзы еріме!
ҚАР ЖАУЫП ТҰР
Қар жауып тұр менің сұлу қалама, Қайда жүрсің, қайда жүрсің, жан аға? Қар секілді менің жаным еріп тұр, Тамшы-сезім сағыныш боп бара ма? Қар жауып тұр менің сұлу қалама, Қарға айналсам мені ұғар, жан аға. Жылы нұрға зәру қырау кірпіктер, Сезім тоңнан, жүрек мұздан жаралған. Қар жауып тұр менің сұлу қалама, Қайда жүрсің, қайда жүрсің, жан аға. Баяу қалқып қонақтайды ұлпа қар, Маған серік жолдағы көп бағана. Қар жауып тұр менің сұлу қалама, Қаңтар өтіп, ақпан келді, жан аға. Аппақ әлем періштесін күтіп жүр, Бір қалауын тапса қар да жана ма... Қайда жүрсің, қайда жүрсің, жан аға?!
ГҮЛ ЖАРЫПТЫ ЕРТЕ ӨРІК
Биыл міне, гүл жарыпты ерте өрік, Бүкіл бақты алыпты ғой көмкеріп. Ең бақытты сәттер ойға түседі, Кетсем бе екен гүл ішінде өртеніп? Ондай БАҚЫТ бізге жиі оралмай, Ғайып болған, жүрмін саған бара алмай. Мен бақтамын, ал сен болсаң жырақта, Анау өрік тұрғандай гүл жара алмай... Мен бақтамын, жүрмін босқа сенделіп, Гүл аңқыған өрікті искеп, емделіп. Жазылмай тұр жүрек дерті бәрібір, Шаттық нұрға бөлесеңші сен келіп. Биыл міне, гүл жарыпты ерте өрік, Бүкіл бақты алыпты ғой көмкеріп. Сенсіз жұпар ем болмайды жаныма, Неғып тұрмын шоқ боп кетпей өртеніп? Биыл міне, гүл жарыпты ерте өрік...
САҒЫНДЫМ СЕНБІНІ
Ақ ару періштем, Өмірдің сен гүлі. Уәделі келіскен күндердің ішінде... Сағындым сенбіні! Қос өрім бұрымды, Жүректің сен гүлі. Бейнеңдей бұрынғы күндердің ішінде... Сағындым сенбіні! Әсемдік әлемі, Махаббат теңдігі. Кештері әдемі күндердің ішінде... Сағындым сенбіні! Танытқан пейілін, Құшақтың кеңдігі. Төгілген мейірім күндердің ішінде... Сағындым сенбіні!
АҚ ТҮС
АҚ түс – менің әдемілік әлемім, Ақ сүтіммен тіршілікке нәр бердім. Жылап алып ажарланам қайтадан, Жауһарымын ана жайлы әндердің. Ақ түс – арым, сүріндірмес тағдырым, Қара түсті тасасында қалдырдым. Өз-өзіме есеп беріп әрбір кеш, Ақ-қарасын анықтап-ап қалғыдым. Ақ түс – ойым, жария етер шындықты, Адалдықпен жаншыр үрей, сұмдықты. Ащы болып көрінгенмен әділ сөз, Көкірегімнен ұша алмай тұншықты. Ақ түс – өңім, сырын бермес сынығым, Таза жүрек, кәусар бұлақ тұнығым. Ақ мейірім жапқан кезде пердесін, Әжім болып көрінбейді сұлу мұң.
Ақ түс – өмір, лайланғаны арға мін, Асыл арман биікте тұр талғамым. Мұңын айтып, сырын айтып өтеді, Ақ пен қара арпалысқан жалғаным.
КӨҢІЛ-ТОЛҚЫН
Күнім менің сырғып жатыр сынаптай, Айым менің жылдарыммен астасқан. Әрбір өткен сәттеріме кінә артпай, Тағдырымның тартуымен достасқам. Санам менің сары далада сағым боп, Ойым менің өлең-жырды бағып жүр. Кешегі өткен менің бала шағым боп, Әлдекімдер ақ бантикті тағып жүр. Хәлім менің көктем, күздің нөсері, Жаным менің жарқын жаздың шуағы. Жастық бақта үміт гүлдеп өседі, Қайта оралмас, қайталанар сұрағы. Көзім менің сырларымды сездіріп, Сөзім менің шындығымды жасырар. Қалған кезде өткеніммен кезігіп, Көңіл-толқын жағалауға асығар.
ТАҢДАР БАР
Қуанышпен қарсы алатын таңдар бар, Ізгі ниет ақ жүректі жандар бар. Үзілуге шаққалғанда соңғы үміт, Саңылаудай сәуле тамса таңданба. Сынық сәуле өміріңді нұрлы етер, Тағдырыңа өкпе айтпа құр бекер. Мына өмірден патша да өтер арманда, Риза болып тағдырына құл да өтер. Жарық сәуле үмітіңді жалғайды, Қанат бітсе көңіл көкке самғайды. Сабыр, сабыр... барлық нәрсе сәтімен, Алма ағашы мезгілсіз гүл жармайды. Қуана біл бес күн өмір жалғанда, Шақырады асқақ, асыл армандар. Қиындықты ақыл-оймен жеңе біл, Жақсылықпен қарсы алатын таңдар бар.
ӨМІР ӨЛШЕМІ...
Теңіздерден тереңдікті түсіндім, Тұңғиықтан маржан таппай күрсіндім. Шөл далада тамыр алып нөсерден, Көл ұлына жүрегімді ұсындым. Тауға қарап сырын ұқтым биіктің, Күйін кештім жалғыз ауған киіктің. Құмда туып күй толтырып кеудеме, Көлдің ұлын шын жүрекпен сүйіппін. Көкке қарап арманымды өлшедім, Жинай алмай жүрмін жанның бөлшегін. Ай-жұлдызға қанша ғашық болғанмен, Бақытымның молаймады мөлшері. Теңіз, тауда, заңғар көкте жүрсем де, Алақанда екен өмір өлшемі... ************ Аға десем, сенесіз бе шындыққа? Әлі жүрмін жалған менен шынды ұқпай. Алдамшы өмір шыға берді алдымнан, Көңілімді неше мәрте қалдырған.
Аға десем, сенесіз бе пендеге? Кездерім жоқ дегеніне көнбеген. Шын жанашыр жан табуға қиналдым, Адамдар аз қорған етер иманын. Аға десем, сенесіз бе сырыма ? Үміт-сәулем тамбай жатып сынуда. Болса дағы қырық жаным кеудемде, Бір дауасын таба алмадым емдеуге.
БІРЕУЛЕР
Біреулер күліп миықтан, Біреулер қағып иықтан. Алдамшы өмір әлдилеп, Пендесін жырмен ұйытқан. Біреулер жалған жақтайды, Біреулер сынап мақтайды. Сырт айналған сұм тағдыр, Ішіне сырын сақтайды.... Біреулер шындап жылатар, Біреулер жардан құлатар. Адастың деп жолыңнан Кімің бар жайды сұратар. Біреулер өрге сүйрейді, Біреулер сөзбен түйрейді. Жалғанға жаным шыдамай, Күйрейді көңіл, күйрейді... *************** Қызыл түске әуессің, қызыққа да құмарсың. Тұрлауы жоқ дүние, таусылғанда ұғарсың. Байлық, мәнсап ешкімге мәңгі жолдас емес қой, «Тәмам болды неге?» деп ойлап жүрген шығарсың.
Ақылың да жоқ емес, білімдісің өзгеден. Биіктерге жете алмас, қиындыққа төзбеген. Жігеріңді жасытпа, сенім болсын серігің, Орындалар бар мұрат, мақсаттарың көздеген. ************** Айтылмай жүрген, айта алмай жүрген сырым көп, Көтерер ме екен қатпарлы ойды жырым бек. Онсыз да тағдыр жылатып мені жүргенде, Алмаса екен жағамнан бір күн ұлым кеп. Телміртпе тағдыр, телміртпе мені шыраққа, Жауап таба алмай қиналып жүрмін сұраққа. Шағылмай тауы, ренжімей жүрсе болғаны, Ұлымды сақта, шыдайды жаным сынаққа.
ӨТІНЕМІН
Өтінемін, мені ешкім сынамаңдар, хәлімді де сұрамаңдар! Сырын ашып айта қоймас, Нардан оңбай құлағандар. Әлдилемес тағдыр мені, көздің жасын бұлағанда, ойдан тағдыр құрамаңдар... Өтінемін! Өтінемін, мені ешкім ұнатпаңдар, жылы сөзбен жұбатпаңдар! Өмір – сынақ, шалынысам, «Неге?» деген сұрақтардан. Шын бейнемді таппай жүрмін, бүлдіргенді қыраттардан, қасиетті бұлақтардан... Өкінемін!
...ӨЗЕГІМДЕ ӨРТЕНБЕСІН ГҮЛ АРМАН!
Биік болып көрінгенмен арманым, Бұл өмірден аз екен ғой алғаным. Несібеңе шүкір етем, ЖАРАТҚАН, Болашақта бұйырарсың қалғанын. Сынақ бердің көтерер деп иығым, Сәл қуантсаң иманымдай ұйыдым. Тірлігіме тәубе етем, ТӘҢІРІМ, Алыс әкет тағдырымның құйынын. Отын жақтым Өмір атты орданың, Қай кезде де Құран болды қорғаным. Жүрегіммен сиынатын Бір Аллам, Сүйген құлың жыламасын қолдағын! ...Өзегімде өртенбесін гүл арман!
СЕНІ БІР ЖАН...
Сені бір жан іздемесе мұңайма, Түсінемін, көмек етпес мың айла. Жұлдыздары жымың қағып тұрғанмен, Түнгі аспан да зәру болар бір Айға. Сені бір жан сағынбаса жылама, Ұғам оны, жұбата алмас жырлар да. Шолпан дағы ғайып болар көктегі, Алтын арай Күн ұядан шығарда. Сені бір жан сүйе алмаса қайтесің? Сезем оны, айта берем әй, несін. Өкінішті өткен Күнің ұмыт қып, Жүрегіңді нұрландырар Ай келсін. ************* Кімге қайран, Бұл жүрек жаралы ма? Жас тұрса да жасырам жанарымда. Мен бәрібір сүйікті бола алмаймын, Неге сонша ақталам ар алдында?
Тас қараңғы... жүрегім нұрланбайды, Қонақтаған төріне мұң мен қайғы. Сезімсіздер сезімсіз емес, сірә, Сәл қуансам ұрлайды Күн мен Айды. Мейірімді бәрібір нәзік жүрек, Тұрғанымен мұңайып қазір жүдеп. Мезгілімен күрең күз, қыс та өтер, Шыға келер көктем мен жазым гүлдеп.
ӘР АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ БАР
«Бақыттымын» деген сөзім далбаса, Мына жүрек тағы нені қалады? Саған деген құрмет бәлкім, жалғасар... Ал сезімім мұздай болып барады. Мен несіне өкпелеймін, кінә артам, Ешкім мені міндетті емес сүюге. Жылап алып, өз-өзімді жұбатам, Жаратылғам сезім-отқа күюге. Әр адамның тағдыры бар түрліше, Маңдайына жазып қойған о баста. Мен де жаным, сағынышпен күй кешем, Енді бізде өмір басқа, жол басқа... ************ Бізге ел-жұрт қызыға қараушы еді, Белгісіне қос аққу балаушы еді. Қатал тағдыр сый тартты ойламаған, Бақыттың да есебі, бар-ау шегі.
Кім сенеді дегенге сені жаман, Кім иланар дегенге мені жаман. Таныс жандар қалжайды сұрағанда, Дей саламын: бәрі де тегіс аман. Естеліктер таусылды, айтылмайды, Біздер үшін жаңадан Ай тумайды. Быт-шыт болған өмірді ойлап кетсем, Жүрегімде жүгенсіз тай тулайды. Тас төгіліп төбемнен тау құлайды...
ЖАЛҒАН БАҚЫТ...
Сәтті ойлар... сәтті күн... сәтті қадам... Аңдып басып жүрсің бе аяқты адам? Табан асты өзгеріп тәтті ғұмыр, Бағы жанбай баянсыз аяқталған. Теріс ұғым... Теріс сөз... Теріс ойлар... Ағын судай екпіні тегіс бойлар. Көлеңкеден жеңілем қауқарым жоқ, Ақыл қалмай барады жеңісті ойлар? Жалған сезім... Жалған күй... Жалған бақыт... Мына әннің қойғаны-ай алаңдатып. Көктемі жоқ, жазы жоқ... Күн шықса да, Селт етпейді жүргім қалған қатып.
КІНӘСЫ ЖОҚ
Жаным, сені ойлап жүрмін бұл расы, Сенбей тұрсаң жүрегімнен сұрашы. Алшақ тағдыр арасында адастық, Сірә, мұнда ешкімнің жоқ кінәсы. Кінәсы жоқ менің, сенің, оның да, Бір жүрмедік бақыт өмір жолында. Бәлкім, ғажап түсің шынға айналар, Үміт үзбе бәрі өзіңнің қолыңда. Алақанда алтын кілті тағдырдың, Бақытың жүр тасасында сан қырдың. Менің жаным жалғыздыққа жаралған, Жүрегіңді мен өзіңе қалдырдым. ************ Алдап жүрмін өзгелерді, өзімді Серік етіп сабырменен төзімді. Жылап келем жетегінде тағдырдың, Шаттық күнді тасасында қалдырдым.
Күліп тұрам ішім қайнап жатса да, Кінәм қайсы, сырларымды сақтасам. Қарсы шығып үкіміне өмірдің, Намыс отқа неше мәрте көмілдім. Күтіп жүрмін орындалар үміт деп, Ой-санамды жұлмалайды күдік кеп. Мәнді өтсе екен өнегелі ғұмырым, Биік қойып адалдықтың тұғырын.
ҮМІТІМНІҢ МОНШАҒЫ
Жалғыздықта достасамын мұңменен, Сірә, жан жоқ жыламаған, күлмеген. Үзілді деп үмітімнің моншағы, Наз білдіріп, арыз айтам кімге мен? Кімге барып шер, мұңымды шағамын, Тағдырыма қандай кінә тағамын? Түсінер деп көңілімді кірпияз, Жүрегімнің терезесін қағамын. Өзіме аян өмірімнің өткелі, Көңіл жазы, күзі, қысы, көктемі. Сан сынақтан алып шыққан жүрегім, Қайғы-мұңға жығып берме тек мені!
СҮРІНСЕМ – СЫН
Қиындықтар – тиесілі еншім бе? Айтшы, Тағдыр, жігер-күшім кемшін бе? Жамап-жасқап білдіртпеймін жоғымды, Сенім артам еңбек атты елшіме. Жамандықтар – бойымды алған үрей ме? Не бәлекет, түгін тартса түлей ме? Жақсы ісімнің өтеуін бер, Жаратқан, Жем етпегін мені соқыр дүлейге. Сәтсіздіктер – сорым әлде, бағым ба? Өтінемін, Тағдыр, маған тарылма. Құлауға да, жылауға да хақым жоқ, Сүрінсем – сын, ақылыма, арыма.
ШЫН ЖҮРЕКТЕН
Шын жүректен жазылатын жырлар бар, Арқау болар ойы ай менен жылдарға, Шын жүректен айтылатын тілек бар, Сағынышпен үн қосатын жүрек бар. Шын жүректен ақ тілегін арнаған, Қамқор болған өзің барсың, жан анам! Шын жүректен дұға еткен әр кешін, Асқар тауым өзің барсың, әкешім! Шын жүректен сағынатын ғашығын, Бұл өмірде өзің барсың, асылым! Шын жүректен сәлем жолдар таңертең, Қуантатын өзің барсың, жан еркем! Шын жүректен мені күтіп алатын, Асыл қалқам, өзің барсың, қанатым! Шын жүректен аялайтын күні-түн, Үзілмеген өзің барсың, үмітім! Шын жүректен бақытымды тілеген, Өзің барсың, өзің барсың білем мен!
ШЫНАЙЫ ТІЛЕК Күлімдеп тұрар, «Күнім» деп тұрар үнемі, Ізгілік пенен мейірге толы жүрегі. Ақ, адал ниет танытып әркез баршаға Жақсы бір істің бастауы болып жүреді. Баласы болған, Ағасы болған елінің, Туын көтерген биік намыс пен сенімнің. Өршіл парасат өлшемі болған ісінің, Танытып жүрер қайдан шыққанын тегінің. Әлемі бөлек, Сәлемі бөлек басқадай, Елдің ағасы көрінер биік асқардай. Бала тәрізді, көңілі күндей ашылар, Жайдары мінез, танытар ойын жасқанбай.
Талабы басқа, Арманы асқақ болатын, Ақылы әркез көкейге келіп қонатын. Нұры тасысын, жолы ашық жақсы жандардың, Шынайы тілек айтылса көңіл толатын. Ары деп білер, Бары деп білер қазағын, Өнеге іспен үлгі еткен өмір базарын. Тәрбие берер, тілекші болған Ағаға Арналған жырды ана тілімде жазамын. ҮЛКЕН ЖҮРЕК ИЕСІ (өлең өлкесінде тілекші болған Әли Ысқабай ағаға) Жетісудың бесігі қымбат маған, Ән-жырымен сәбиін құндақтаған. Қанша жетпіс атбасын бұрса дағы, Жетіөзенім бұлағын құрғатпаған. Жетісуда шалқып тұр өлең-өзен, Арман бар ма өшпейтін өнерде өнсең. Тілекшісі қашанда жас талаптың, Сөйлер шешен болғанда көрер көсем. Әли аға – көне көзем.
Зерлі жыры өмірдің таласында, Әдемі өрнек айналған жарасымға. Даналығы бір төбе бесік жырмен, Қанық қылған жұмбақ ой, бала сырға. Жырға тұнған арай нұр, таң шуағы, Көлге айналған ақ көңіл тамшылары. Үлкен жүрек иесі жастар үшін, Жарығы мол шырағдан-шамшырағы. Әли аға – ар шырағы. Ізбасарлар балаған жыр шыңына, Жібектей сөз байланған ұршығына. Үлгілі ісі үйретер талаптанып, Ықыласпен еңбекке құлшынуға. Ақылманы ел-жұрттың, беделдісі, Кемеңгердің кемімес кемел күші. Рухы биік қазақтың азаматы, Қаламгері, еңселі ерен кісі. Әли аға – кемел кісі!
************* Танып, біліп табиғат тылсымдарын, Үйренеміз еңбектің қыр-сырларын. Адал қызмет етуге шыныққан жан, Ұға білер өмірде бір сыр барын. Жиған-терген білімді желкен етіп, Ақтау ләзім, сенімді ерте бекіп. Қырық уәзір ақылы болса ерде, Хан көтерер халқы да еркелетіп. Тек Қырандар қияға қанат ұрған, Бар болмысы ерекше жаратылған. Жетісудың ғана емес, бар қазақтың, Азаматы болыңыз дара туған. Жақсылықты үйренген еншілеуді, Жұрты сүйер, құрметтеп өршіл ерді. Тәрбиелеп жатырсыз парасатпен, Елге қызмет ететін елшілерді.
ЖАРҚЫН ЕЛДІҢ АҚЫНЫСЫЗ
Жарқын елдің Ақынысыз бағы бар, Жырларыңыз тұмар болып тағылар. Қыран құстай көкке қарай самғаңыз, Қанатыңыз болып жүрем қағылар. Жыр кәдені мұра етіп сақтайтын, Жұртыңыз бар ерлерін шын мақтайтын. Ана тілдің Айбыны боп жүріңіз, Көмекшіңіз болам сенім ақтайтын. Сын-сағатта тек биікте тұрыңыз, Жақсы іске бар көңілді бұрыңыз. Күндей ыстық шуағыңыз шашылсын, Мен болайын әдемі бір нұрыңыз. Сізге арнар тілегім мол толайым, Жыр көгіне аққу болып қонайын. Үйретіңіз әліппе-жыр Ұстаз боп, Тәлім алар шәкіртіңіз болайын.
НАҒАШЫЛАР
Нағашылар – қамқор жандар Әкелер, Асқар таудай қорғаны бір ұлыстың. Ұл мен қызын бала құстай мәпелер Қамын ойлар жан-жақтағы туыстың. Нағашылар – ақ жүректі Аналар, Жаулығында ұрпағының тілегі. Ардақты жан «қасиетті» саналар, Жұмақ кілті табаныңда білемін. Нағашылар – мейірімді Ағалар, Тілеуіңді тілеп жүрер алыстан. Тұяқ тайып кетпесін деп тағалар, Жаман болсаң өліп кетер намыстан. Нағашылар – жаны шуақ Әпкелер, Жақсы ісіңе марқайып бір қалатын. Гүл ғұмырға жамандықты жат көрер, Демеу болар, талмасын деп қанатың.
Нағашылар – жарқын жүзді Жеңгелер, Сырғалым деп сырларыңды сақтайтын. Көңілі ақ жан әпкеңе тең келер, Қайындарын «батырым» деп мақтайтын. Нағашылар – ізгі ойлы Інілер, Сөздерінен байқалады пейілі. Бойларына аталы сөз сіңірген, Дана елдің ізбасары кейінгі. Нағашылар – жаны кербез Сіңілдер, Көркіне сай ақылы бар саналы. Парасат пен кішілігі білінер, Құрмет тұтар әпке, бауыр, ағаны. Нағашылар – үш жұртымның біреуі, Аузын ашса жүректері көрінер. Нағашылар – Анашымның тіреуі, Орын алған шаңырақтың төрінен. Нағашылар – Мырзакелді би елі, Жаркентімнің төрелері киелі. Нағашылар – асылдардың сынығы Адалдықтың, әділдіктің тұнығы!
АСҚАР АСУ БИІГІНДЕ (нағашы ағам Әуелхан Жақыбаевтың рухына) Жаны ізгі жан едіңіз Жетісудың төрінде, Бүгін, міне, биіктесіз жебеп жүрер көгімде. Жақсылықтың нұрын құйып санамызға жүретін, Текті атаның ұрпағысыз түбін білген тегінде. Ізгі жандар ізді жалғап келе жатыр тәп-тәуір, Асқар асу биігінде Әуелхандай атты ауыл. Алатаудың ар жағынан ұрпағыңды қолдап жүр, Шаңырағың биіктеуде, аманатты ақтады ұл. Ел есінде ерен еңбек, жарқын істер жарқылы, Ағайын да сағынады ет жүрегі жақынын. Өнегелі ізбасарлар орнын тауып келеді, Ғибратты, өрісі кең салған жолың арқылы.
ЖЕТІСУДЫҢ АРУЛАРЫ
Жетісудың аналары – даналары халқымның, Ақ жаулықта мейірім бар, өрнегі бар салтымның. Мәңгілік ел шаңырағын биік етер өздерің, Жақұтсыздар, қолда барда қадірі зор алтынның. Жетісудың арулары – мақтанышы қазақтың, Бақыттымыз тұрған кезде көгімізде азат күн. Әрбір үйдің шұғылалы шуағысың сөнбейтін, Сіздер ғана жыр өзегі шаттық пенен ғажаптың. Жетісудың гүл қыздары – құндыздары даламның, Ай мен Күні, жұлдызысың шексіз мынау ғаламның. Сұңғыла жыр, терең білім, парасатты ойыңмен, Ару болып, Ана болып бұл өмірде жаралдың.
Арта берсін арайланып әрқашанда таңдарың, Менің қимас, менің сұлу, менің қымбат жандарым. Құтты болсын мерекеңіз ардақты ана, арулар Мен сіздерге шын жүректен осы жырды арнадым!
БЕЙБІТ ӨМІР
Бейбіт өмір, нұрлы болсын әр таңы, Ерлеріне ел сенімін артады. Қорған болар, пана болар жұртына Азаматтар – Алатаудай арқалы. Алаңдамай жақсы ғұмыр кешеді, Ұмыт болып, қиын заман кешегі. Бауыржан мен Қасымдардың ерлігі, Болашақта өр істердің өлшемі. Көңілімде ерлік жырдың өрнегі, Жарқын күнім – қуанышым жердегі. Ел мерейін үстем еткен ісімен, Жасай берсін Жетісудың ерлері! ҰЛАҒАТТЫ ЖАН (ең алғашқы ұстазым Гүлсім апайыма) Алтын ұя мектебіне оралар, Қанат қаққан қарлығаштар кешегі. Құшақ толы гүлдеріңмен орап ал, Қателігін Ұстаз ғана кешеді.
Нұр құятын жанды аңсап жетеді, Ақыл ойы толысса да арнаға. Шәкірт жүрек қарыздар боп өтеді, Дәл өзіңдей ақыл айтар бар ма адам? Еркелігін анасындай көтерген, Жетекшісі шәкірттердің ардақты. Ұлағатты жан емессіз бекерге, Өнегелі сөздерің зор салмақты. Жүрегесің соғып тұрар мектептің, Білім нәрін құйған мәңгі санаға. Арман толы мақсаттарға жетпек кім, Лайықты кім өзің қойған бағаға? Өмір беріп жатқанымен сабағын, Күнделігін кілең беске толтырмас, Ешкім сендей бағып шәкірт қабағын, Мейірленіп бастап сипап отырмас. Алтын ұя сағынады бесігін, Түлектері мектеп атты кеменің. Ұлықтайтын Ұлы ұстаздың есімін, Білім теңіз айдынында келемін.
ҰСТАЗ
Ардақты ұстаз – шәкірттің ғажап бағбаны, Білімді жанға бас иіп өтер бар қауым. Өнеге-тәлім, берілсе білім жан-жақты, Өскелең ұрпақ жасайды дұрыс таңдауын. Сапалы білім, тәрбие беріп саналы, Өсірген ойды, ғибрат сөзбен сананы. Жүректе қалар ұлағат ісі ұстаздың, Әкенің қаны, сүтіндей асыл ананың. Іске асып жатса ізгі мұрат пен мақсаттар, Еңбегі жанып, қуанған көңіл асқақтар. Парасат, ақыл, даналық дәнін себетін, Ардақты ұстаз қашанда лайық жақсы атқа.
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Соңғы қоңырау, Құдіретті үн бе едің? Естелігі оқушылық күндердің. Сыңғырлашы, сыңғырлашы тағы да, Құлағыма сағынышты үн келді. Соңғы қоңырау, Сенде үміт, арман бар, Қарсы алып ең мектепке алғаш барғанда. Ашып бердің үлкен өмір есігін, Ерекше үнің жанды баурап алғанда. Соңғы қоңырау, Құдіретті сөз бе едің? Алмастырмас сені ешбір өзге үн. Үзіліске шығарыпсың ең ұзақ, Қанат қағып ұшарымды сезбедім. Соңғы қоңырау, Құдіретті үн бе едің? Естелігі оқушылық күндердің. Соңғы қоңырау – жаңа өмірдің бастауы! Қуат алып, түлеп ұшқан жас қауым! 20 ЖЫЛДЫҚ КЕЗДЕСУ (1992 жылы мектеп бітірген сыныптастарыма)
Өмір сырғып, уақыт зырғып болашаққа барады, Ашылады өткен күндер парағы. Алыстаған жиырма көктем, жиырма күз, Шәкірттерге сағынышпен қарады. Алтын бесік кел-кел десіп, шақырады біздерді, Мектептегі өмір неткен, ізгі еді? Ақ бантикті шаштан тартып қалатын, Тентек ұлдар ұяң қызды іздеді. Қағаз атқан, сан жылатқан қиқарлар жоқ, қараңыз, Алшақтапты бала күнгі арамыз. Бор мен тақта, парта есте сақталар, Ұстаздарға шәкірт болып қаламыз. Кездесуге, жүздесуге асық болып келеміз, Жарқын мақсат, армандарға ереміз. Ой толысқан, өмір-өзен ағыста, Тербеледі тағдыр атты кемеміз.
БІЛІМ ОРДАСЫ
Жетісу жері – өлкесі өшпес өнердің, Ілияс ақын өрнегін салған өлеңнің. Университет – білім мен ғылым ордасы, Тағылым алып, шапағат нұрға бөлендім. Есімін алған кемеңгер Ұлы ақынның, Кәусар бұлағы, көзісің білім, ақылдың. Білім ордасы мамандық беріп жастарға, Ұл-қызды баулып, тәлім алуға шақырдың. Жастарға жігер беретін нұрлы қуат бар, Ғылым кемесі білім теңізде тұрақтар. Білім ордасы тарихтың сырын ашатын, Мәңгілік ағар, сарқылмас сенде бұлақ бар. Біліммен бірге өмірдің көші басталған, Атаққа лайық болу бақытым, басты арман. Білім ордасы, ақталсын күткен зор үміт, Жарқын болашақ, кемел келешек жастардан.
АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР
Ақ халатты абзал жандар көңілі аппақ қардай, атқан таңдай нұрландырар өмірді. Арманы көп, күтері аз жалғаннан Қанша жанның ажарына өң кірді. Дем беретін дәрігерлер жүрегі мейірімді, пейіліңді атқызбай-ақ біледі. Аманатпен арқалаған жүгі ауыр, Аман-саулық – адамдарға тілегі. Өміріңді сақтар жандар жанары күліп тұрар, біліп тұрар сөнбес сәуле, сананы. Өмір жырын, сәбилердің күлкісін Есту үшін жұбатады ананы. Ақ желеңді адал жандар пейілі даладай кең, баладай ме ең, көңіл қалар сейіліп? Құтқарушы бір өзіңсің Жаратқан, Көмекшіңе таусылмас күш бер үйіп.
МЕНІҢ ТУҒАН КҮНІМДЕ
Менің туған күнімде Тілек тәтті, ой тәтті, Жақсы тілек оятты. Ең алғаш боп құттықтаған бір өзің, Таң нұрымен аялады гүл сезім. Менің туған күнімде Аппақ арман әдемі, Әлдиледі, ән берді. Өзек болса өлең-жырға ақ тілек, Жүрегімде бейнең тұрды бақ тілеп! Менің туған күнімде Күн де, ай да арайлы, Нұрға бөлер маңайды. Салтанатын тарту етіп тамаша, Өмір белес жол салады жаңаша.
ҚҰРБЫМА
Ақ тілекпен сәлем жолдап таңертең, Жылы сөзбен жұбанамыз, жан еркем. Жақсы күнде жүздесеміз деуменен, Бізді алға сүйреп келеді әр ертең. Бізді алға жетелейді бір үміт, Сол үмітке жүректер жүр жылынып. Біз сияқты сағынысқан достарға, Келер күндер қарар ма екен бұрылып? Келер күндер қуанышын сыйласын, Бала күнгі құрбым менің қимасым. Бұл өмірде үлкен достық қымбатты, Менің титтей жүрегіме сыйғасын. Жүрегімде сағынышым сақталған, Күнделіктер, сырлар қайда ақтарған? Ақ желкенді арман бізді тербетсін, Кездескенде гүл терейік бақтардан.
ҚАЛАРМЫЗ ІЗ БОЛЫП
Қызымын ізгі елдің, Сенде бар батылдық. Бұл өнер біздерді жіберді жақын ғып! Қалайша жасырам, ерке наз күлкімді. Әйтеуір асығам, тыңдауға бір күйді. Өнеге іс керек, өрнегін салатын. Жансың ғой ізгі ерек, көп үлгі алатын. Сіз болып, біз болып, кешті де батырдық. Қалармыз із болып, жалғассын ақындық.
Гүлбақыт Тоқтанқызы Қасенова 1975 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясында білім алған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол – қазіргі таңда Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы. Жыр мүшәйраларының жеңімпазы болған оның өлеңжырлары облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Мемлекеттік қызметте жүрсе де шығармашылықтан қол үзбей, оқырмандарға ой салатын жырларын ұсынуда. Облыстық, республикалық деңгейдегі өткізілген жыр бәйгелерінің жыр жинақтарын құрастырып, өңірдегі тіл мәселесіне қатысты кітаптарды шығару ісіне де атсалысып жүрген тіл жанашыры. «Еларна» арнасының «Ақындар аллеясы» бағдарламасында ақын қыздың шығармашылығы көрермен назарына ұсынылған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру