Бабалар сөзі. 83-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
ШЕЖІРЕЛІК АҢЫЗДАР
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНДАҒЫ РУЛАР, ТАЙПАЛАР, ҰЛЫСТАР, БІРЛЕСТІКТЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ОҒЫЗ ХАН ТУРАЛЫ
1. Оғыз хан және Қаңлы елі
Оғыз хан өзіне қараған елдің баршасының мұсылман болуын талап етті. Мұсылман болғандарын құрметтеп, болмағандарының өзін өлтіріп, бала-шағасын құл қылды. Ол кезде Қара ханға тәуелді елдерден басқа да жұрттар көп еді. Әрбір үлкен жұрттардың өз патшасы болар еді, кішірек елдер соған бағынып тұрар еді. Қара ханның қол астындағы мұсылман болған елдер Оғызға келіп қосылды да, мұсылман еместері өзге жұртқа қарап кетті. Оғыз хан жыл сайын моңғол жұртында отырған елдермен соғысып, жеңіп келер еді, ақырында олардың бәрін бағындырды. Қашып құтылғандары татар ханына барып паналады. Татарлар ол кезде шүршітпен қатар отыратын еді. Шүршіт деген бір үлкен жұрт еді, қалалары мен кенттері көп болатын, қытайдың солтүстік жағында болатын. Үнділер мен тәжіктер оны «Шын» дейтін. Оғыз хан татарларға шабуыл жасады. Татар ханы көп әскермен оған қарсы тұра алмады. Оғыз жеңді. Оғыз хан әскерінің қолына көп олжа түсті. Бұл дүнияны артуға ат-көлігі аздық етті. Әскердің ішінде бір шебер адам бар еді, ол арба жасауды ойластырды. Сөйтіп, арба жасап, барлық олжаны оған тиеді. Бұрын арбаның өзі де, аты да жоқ еді. Жүргенде қаңқ-қаңқ еткен дыбыс шығарғанына қарай, оның атын “қаңқ” деп атады, оны жасаған кісіні “қаңқлы” деді. Бүкіл Қаңлы елі осы адамның балаларынан тарады.
ІІ. АЛАШ, АЛАША ХАН ЖӘНЕ АЛАШ ҰРАНЫ
2.[Әнес сахаба ұрпағынан Алаш пен Наурыздың таралуы]
Қазақ шежіресі көп аңызда Әнес сахабадан басталады... Әнес сахабаның атасы Мәлік деген кісі екен. Басыра деген шаһарда хан болып тұрып, сол мекенде қазаланады. Әнес бес жасында жетім қалады. Тоғыз жасында анасы дүниеден қайтады. Әнесті бір жақын-жуық ағайыны жетелеп әкеліп Мұхаммед пайғамбарға табыс етеді. Пайғамбардың тәрбиесін алып, оның ілімін бойына сіңіреді. Бірінші болып дінді Әбубәкір, сосын Омар қабылдайды. Үшінші – Біләл деген құл. Оны Әбубәкір сатып алып азат етеді. Ол өмір бойы азаншы болып өтеді. Төртінші болып Әнес үбі, бесінші болып дінді Омардың қарындасы қабылдайды. Әнес әуелі жарлы болып өмір кешеді. Халі нашарлаған соң пайғамбарға келіп жағдайын айтады. Пайғамбар: “Бір әйел алыңыз”, – дейді. Әнес айтқанын орындайды. Бірақ шаруасы түзеле қоймайды, қайта тұрмыс-тіршілігі бұрынғыдан да ауырлай түседі. Әнес ұнжырғасы түсіп пайғамбарға тағы да келеді. Мұхаммед пайғамбар тыңдап болып: “Неше әйелің бар?” – деп сұрайды. Әнес үбі: “Екеу”, – дейді. Пайғамбар: “Тағы бір әйел ал, жақсы болып кетесің”, – дейді. Әнес үбі бұл ақылға айран-асыр болып, қайғыланып жүреді. Басқа діндегілер (кәпірлер) оны мазақтап: “Сен пайғамбарыңнан жәрдем сұрасаң, ол басыңа қайғы салады. Жарлы адамға әйел бара ма?” – деп әжуа қылады. Арада бірнеше күн өткесін, Әнес үбі бір күні Әбубәкірге келеді, жағдайын мәлім етеді. Пайғамбардың әйел ал дегенін айтады. Әбубәкір де: “Неше әйелің бар?” – деп сұрайды. Әнес үбі: “Екеу”, – дейді. “Олай болса Пайғамбардың айтқаны сүннет, – дейді, – және бір әйел ал”, – деп қолына шамалы тіллә береді. Сол тілләні мекер ақыға беріп, Әнес біреудің қызын алады. Үш әйелімен өзі төртеу болып даладан отын шауып, оны арқалап тасып әкеп, сатып халдерін түзей бастайды. Кіші әйелі отын пұлынан үнемдеп бір ұрғашы лақ сатып алады. Онысы ешкі болып, буаз болып, лақтайды. Шапағаты тиер деп сүтін сауып, Пайғамбарды шақырып дұғасын алады. Бір күні Пайғамбар жорыққа аттанады. Қыс айы, күн суық еді. Амалсыз жапан далаға түнейді. Жағуға отын таба алмайды. Пайғамбар ерте тұрып, намаз оқиын деп дәрет алмақ боп жатқанда, Әнес келіп қолына құманымен жылы су құяды. Пайғамбар жылы суды қайдан алғанын сұрайды. Сонда Әнес: “Түнде жатқанда қойныма алып жылытып жаттым”, – дейді. Разы болған Пайғамбар рақымы төгіліп: “Балам, қолыңды жай, ықыласыңа дұға оқиын”, – дейді. Әнес қолын жайып отыра қалады. Пайғамбар дұғасын оқып, сонан соң: “Жақсы боларсың. Тұқым-зүрриятың көп болар, сізден Медине халықтарының нашарлары қуат алып ауқаттанып тұрар”, – дейді. Міне, осыдан кейін Құдайы беріп Әнес үбі бай болады. Малы мыңғырып шаһарға симайды. Пайғамбар оған: “Енді сіз сахараға барыңыз”, – дейді. Содан біздің бабамыз малын айдап сахараға – далаға кетеді.
Сол Әнес үбіден ұрпақ былай тараған дейді:
Әнестен Жабал, Мағаз, Сахел туады. Сахелдің үш әйелі болады. Бірінші әйелден: Естек (орысша – Башкир), Ноғай. Екінші әйелден – Қырым татары. Үшінші әйелден: Ақшолпан, Қорай. Осы Қорайдан екі бала тарайды: Шешен мен шеркеш. Бұлар қазір Кавказда мекендейді. Ал Ақшолпаннан Аламан, Аламаннан Алаш пен Наурыз туады. Наурыз баласыз болыпты да өлерінде: “Менің атым жойылмасын, өлген уақытымда жыл сайын бір қазан көже құдайы беріп тұрсын. Балаларыңа айт!” – деп табыстап-аманат етіп кетеді. Алаш аманатын мақұлдап жыл сайын март айында бір қазан құдайы көже беріп келеді. Ол халық арасына келе-келе Наурыз көже атанып кетті...
3. Алаш жайлы аңыз
Ертеде Қырым жұртында бір хан болған. Бұл ханнан бір бала туып, туған баланың еті ала болып туған. Сонан соң хан: «Бала ала болып туды, – деп, – бұл бала ержеткен соң елімді ала қылып болады, – деп, – қолыма ұстамаймын», – деп, баланы құндағымен орап, Сырдария бойындағы мекендеген «Үш алашқа» апарып тастаған екен. Бұл «Үш алаш» қолында тұрып өсіп, ержеткен соң дария бойындағы халыққа хан болған екен. «Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген сөз сонан екен.
4. Алаша хан әңгімесі
(І нұсқа) Қазақ жұртында ауызда сөйленіп жүрген бір сөз бар: «Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз – ағаш болғанда, ұранымыз – Алаш болғанда» десіп келеді. Оның мәнісі: Бұқар хандарынан бір хан қазақ ханы болып тұрғанда бәйбішесінен бала болмапты. Қызылбасты шауып, соның ханының қызын олжалап алып келіп, аяғын салған екен дейді. «Аяғын салды» деген сөз – некесіз алды дегенді айтады екен. Сол қыздан бір бала туыпты. Өзі сауысқанның аласындай ала туыпты. Бәйбішесі ханға айтыпты: «Бұл бала өскенде жұртты ала қылып ұстап, өзіңе жау қылады екен, мұнан осы күнде құтыл!» – депті. Хан бәйбішесінің ақылы мен тілін алып, жігіт-желеңдерді шақырып алып арымастан, тозбастан, таусылмас азығын беріп: «Осы баланы менің өкіметім жүрмейтін жерге алып барып, асырап-сақтап өсіріңдер. Бұл Бұқарды бала көрмесін, сендер де көрмеңдер!» – деп, жер аударып жіберіпті. Сол қырық жігіт баланы алып, Сыр-дариясынан өтіп, Алатау, Қаратаудан өтіп, аралық жеріндегі жайлап, көшіп жүрген жұрттың ортасына келіп, бір жәйді мекен қылып, баланы асырап өсіріп, бала 12 жасқа жеткеннен соң қырық жігітпен баланың ісі болмай, баламен қырық жігіттің ісі болмай алды-алдына кетіпті. Сол заманда ол жерлерде: Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобаң деген төрт атаның елі бар екен. Сол елдің ішінде: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы –Майқы би» деген би бар екен. Ол Майқы бидің Үйсін деген баласы ат жүгіртіп, құс салып жүріп он екі жасар балаға кез болыпты. Бала бұл Үйсінге тіл қатып сөйлеспепті. Тілі жоқ мылқау кісідей бедірейгеннен бедірейіп тұрып қала беріпті. Кеш болып қас қарайып, Үйсін батыр ауылына қайтып, әкесі Майқы биге айта келіпті:
– Далада бүгін бір ағаштың түбінде отырған бір бала көрдім, айдары аш беліне түседі. «Ай» дейін десем, аузы бар, «Күн» дейін десем, көзі бар, бір қасық сумен жұтып жібергендей, бірақ сөйлесуге тілі жоқ екен, құлағы да естімесе керек, әгар құлағы мен тілі болған күнде дүниеде ешкімнің қолына түспейтін, ексе бітпейтіннің өзі екен, – дейді.
Майқы би аяғы ақсақ, арбамен жүретін кісі екен. Ертеңінде: «Мені арбаға салып, алып барыңдар, көрейін», – депті. Ертең таң атқан соң Майқы биді арбаға мінгізіп, баланың отырған жайына алып барған екен. Бала ұшып түрегеліп:
– Ассалаумағалайкум, тәмам ханның қазығы, пақыр жұрттың шірімейтін, таусылмайтын азығы, – депті.
Сонда Майқы би:
– Уағалайкум ас-салам, құрсақта жатып несібесін алыстан тілеп туған балам. Боламын деп туған өр екенсің, болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің, кел, балам, қасыма мін, – деп, баланың маңдайынан науап қылып, арбасына мінгізіп, ауылына келіп, қой сойып, асықты жілік ұстатып, он күн мейман қылып, ертең таң атқан соң Үйсінді шақырып алып, жүз жігіт жолдас қосып:
– Мына баланы алдарыңа салып, ту қылып ұстап, жаға қылып бастарыңа шаншып, Қаратаудан әрмен қарай асыңдар! «Шу» деген, «Сарысу» деген екі өзен бар, соны кесе-көлденең басыңдар! Ұлытау, Кішітау деген тау бар, соның о жақ бір жағында қара халық «Қатты Сыбан» деген жау бар және Есіл, Нұра деген екі өзеннің арасында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар, соның бойында он сан ноғай Орманбеттің елі бар. Сол екі жұрттың аралық жерінен килігіңдер, килігіп тас түссе, таңдайыңнан, алтын түссе, маңдайыңнан, үш жылғаша бақ, талаптарыңды байқаңдар! – деп пана беріпті.
Бұлар сол жүргеннен жүріп, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір – үш Кеңгірдің бойына келіп, ақ найзаның үшімен, ақ білектің күшімен үш жылдың ішінде алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, өз алдына жұрт болды дейді. Сонан соң Майқы би үш жылдан соң Ақжол дегенді жүз жігітке бас қылып, «Соларға барып қосыл» деп жіберді дейді. О да келіп бұларға қосылды. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшын дегенді жіберді дейді. О да келіп қосылды. Баяғы қырық жігітті іздеп тапты. Ал енді өз жұртына өкпелеген, онан қашқан, мұнан қашқан – бәрі бұларға келіп тығылып, өз алдына бір жұрт болды дейді. «Кел, енді ортамыздан хан сайлайық», – деп, алашаға салып, баяғы ала баланы хан көтеріп, Алаша хан деп ат қойды дейді. «Алаша» деп өз алдына ұран қойды дейді. Бұлар жауға шапқанда: «Алаш, Алаш!» – деп шабалық, өз кісіміз екенін содан білейік», – деп, ал енді әуелгі келген Үйсінді «Ұлы жүз –Үйсін» деп атады. Және ортадан келген «Орта жүз» деп атанды, соңғы келгенді «Кіші жүз –Алшын» деп атады дейді. Осынан үш жүздің баласы қазақ атанып, руға таңба үлестірді, сол таңбаларын бір тасқа басып, талас болса сонан қарайық деп, үш жүздің баласы, қазақтың таңбасы сол тасқа басылған. Бұл күнде ол жерді "Таңбалы Нұра» дейді. Қазақ атында жұрт Алаша ханның ауызына қарап, Үш Кеңгірдің бойын жағалап, қыстап жүрді дейді.
5. Алаша хан әңгімесі
(ІІ нұсқа) «Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай» бүлгенде, Ормамбет хан өлгенде”, – делінген бір заман болған екен. Сол заманлардың тұсында: Қондыгер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болған екен. “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деген бір би болған екен. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен дейді. Осылардың заманында қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген хан сол уақыттарда Бұқарада тұрып, уақытында Бұқараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, сонан бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:
– Бұл балаңды, балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртынды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді! – деген соң хан қырық жігітке бұйырыпты:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер! Өлсе, өлсін. Өлмесе, өз бетімен қаңғып күнін көрсін! – деп, жер аударыпты – зинақар қайтып бұл жұртты, мына қатын мен баланы да көрмесін, сендер де көрмеңдер! – деп.
Сонда бұл бала Майқы биге ұшырап, Майқы би қасына өз баласы Үйсін батырды жүз жігітпен қосып:
– Қаратаудан әрман қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар болады, Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген бұлақтар болады. Сол жайларды барып, ірге теуіп, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! – деп батасын беріп, қоя берген екен.
“Болар ұлан боғынан” деп, бұлар бір-екі жылдың ішінде көзге түсіп, ауызға іліне бастады. Ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай қайратты, батыр болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан есітеді. Қотан, Қоғам, Қондыгер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді: «Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны? Баламды өзіме алып келіп берсін де, менен не қалағандарын алсын!» деп. Сонан соң бұлар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Сендер барып шақырып келіңдер!» деп. Бұлар келген соң бұларға еріп қайту былай тұрсын, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді. “Аты бестісінде қатаятұғын, жігіт жиырма бесте қартаятұғын, көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ» сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз?» – деп. Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жіберді: «Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер!» деп. Олар да қайта алмады: «Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен. Ішкені – жылқының сүті, сапырылулы сары қымыз, жегені – қазы-қарта, жал-жая – жылқының еті. Құдайдың құтты күні құшқаны – сұлу қыз-келіншек бұларда!» [деп], орнығып тұрып алды. Бұл сөзге дәлел боларлық бір сөз – Бұхарай-Шәріптен кеше Мұса, Секербай заманында бір “Тентек ишан” деген ишан келіп, Бұхараға қайта барғанда, халық сұраған екен:
– Тақсыр, не көрдіңіз? – деп.
Сонда Тентек ишан айтыпты:
– Сахараға бардым, мұнда көрмеген төрт нәрсе көрдім: бағылан семіз қозы, сары қазы, сапырулы қымыз, сәулетті қыз! – деген екен.
“Тоқсан ауыз сөздің түйіні бір” деп, сөздің мылжыңын қойып, тұрғысын айту керек. Бұлар енді: “Ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік!” – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған “Алаша хан” деп ат қойды. “Әуелгі келгенді – Ұлы жүз, оның басы Үйсінге: “Ұлы жүз – Үйсін” деп ат қойды. Ортаншы келгенді – Орта жүз, оның басы Болат, оған Ақжол, “Орта жүз – Ақжол” деп ат қойды. Соңғы келгенді – Кіші жүз, оның басы Алшынға “Кіші жүз – Алшын” деп ат қойды.
“Жауға шапқанда, “Алаш! десіп шабайық!” деп, “Алаш!” деп ұран шақырды. Кеше: “Алаш –Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз – ағаш, ұранымыз– Алаш болғанда, Үш жүздің баласы – Қазақ емес пе едік?!” деп айтылған сөз сонда қалды. “Сонда Болат ел шапқанда, соғысуын [да] жан аянбай соғысады екен, олжа алғанда, алмайды екен. Затында, сүйегінде абыздық бар екен. Сонан: “Болатқожа” атанған екен» деседі. «Және қайда барса, жолы ақ болғандықтан, “Ақжол” атанған екен» деседі. “Бұрынғы аты Ақарыс екен” деп сөйлейді. Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін өз тізгіні өзіне тиіп, қатын керек болса, ноғайлардың қызын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгенше жек көріп кеткені –сол дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған, онан олжаға ұл түссе, “құл” дейді де, қыз түссе, “күң” дейді.
6. Жүз, Алаш туралы аңыз
(І нұсқа) Ақарыс (Үйсін), Жанарыс (Сары Келімбет), Бекарыс (Қара Келімбет) осы үшеуінің уақытында Аланша деген хан болып, халқын үшке бөліп, үшеуіне үш жүз кісіні үш бөліп Үш жүзге бастық қылып, Үйсінді «Ұлы жүз» деп, Сары Келімбетті «Орта жүз» деп, Қара Келімбетті «Кіші жүз» деп ат қойып, «Үш жүз» аталыпты дейді. Осы үшеуі бірігіп қалмақты шаба берген соң қалмақтар «Алаш» депті. Бұл Аланша ханның әуелгі аты Ахмет екен. Алаш дегеннің мағынасы «жан алғыш» деген сөз дейді.
– Қалмақтар менен қорыққан ғой, енді қалмаққа шапқанда «Алашалап» шабыңдар деп халқына әмір қылған соң «Алашалап» шауып, сонан ұран болған екен. Енді «Алаша» дегені Алаш аталып, қазақтың: «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмадық» деген сөздері осы болса керек.
7. Алаша, Алаш, Қазақ және Жүз
Қазақтардың пайда болуы Сыр бойына ноғайлардың қоныстана бастаған кезінен басталады. Ноғайлар мен орыстар бұрын бір-бірімен жауығып жүреді екен. Бірде орыс жағының елшілері ноғайларға бейбіт мақсатпен келіпті. Елшіліктің құрамында орыс кінәздері жіберген 30 жауынгер мен олардың әйелдері де болса керек. Мұның мәнісі, орыс кінәздері өтініш етіпті: “Егер татар (ноғай) ханы да өз жағынан 30 жауынгерді әйелдерімен шығарып, екі жақтың өзара араласқан жауынгерлерін шекараға қоныстандырса, олардан жартылай орыс, жатырлай татар тайпасы құралар еді, сөйтіп, екі елдің арасындағы жауығушылық тыйылар еді”,– деп. Бұл ұсыныс татар ханына өте ұнайды да келісімін береді. Тек 30 жауынгердің орнына 30 құлды отбасыларымен бірге жібереді. Құлдардың ішінде ақыл-қайратымен көзге түскен Алаша және Алаш есімді ағайынды екі жігіт болыпты. Содан, татар құлдары мен орыс жауынгерлері межелі жерге келе жатып, жолда бір қоналқыға тоқтағанда Алаша мен Алаш: “Түнде орыстар ұйықтап жатқанда қырып тастайық”, – деп жолдастарын үгіттейді. Жолдастары келісім береді де, түнде ұйқыдағы орыстарды құлдар оп-оңай қырып салады. Сөйтіп, олар өз алдарына бөлек тайпаға айналады. Алашаны – хан, Алашты би етіп сайлайды. Бұл екеуінен басқа, қара қылды қақ жарған бір әділ қазы болады екен. Оны әділдігіне бола тайпаластары: “біздің қазымыз қазы-ақ қой” деп мадақтайтын болса керек. Содан, жүре келе тайпаластары оны “Қазақ” деп атайтын болыпты.
8. [Алаштың әйелі Ақшолпан туралы]
Ендігі бір ауыз сөз, анамыз Ақшолпанның көрегендігі жайында. Алаштың әйелі Ақшолпан анамыз перзентті кешігіп көреді. Сол кешігіп көрген баласын көтерерде, анамыз әртүрлі нәрселерге жерік болады. Әдепкі баласын – Ақарысты көтергенде, құс пен қойдың етіне жерік болады. Осы баласын туғанда, анамыз ауыл адамдарын шақырып алып, тамақ беріп отырғанда: “Бұл баламды көтерерде құс пен қой етіне жерік болдым. Мұның тұқымы – майда, ұсақ және қой мінезді жуас болар”, – депті. Екінші баласы Жанарысты көтерерде түйенің өркеші мен қомына, жылқының қазысы мен қартасына жерік болады. Бұл баласын туған соң шілдеханаға келген адамдарға: “Мұны көтерерде жылқының қазысы мен қартасына, түйенің өркеші мен қомына жерік болдым. Мұның тұқымында қазақтың хандық дәрежесі мен сән-салтанаты қалар, ханның тағы осы баламның ұрпағында тұрар!” – депті. Үшінші баласын көтерерде, анамыз өзінің ерінің ерлігіне құмартады. Бұл баласы – Бекарысты туған соң шілдеханаға келген адамдарына анамыз: “Мұны көтерерде ерімнің ерлігіне құмартып едім, бұл баламның ұрпағы кілең ірі, сой болып туып, бек қазақтың қорғаны болар!” – депті.
9. [Руының атын «Қазақ», ұранының атын «Алаш» деп атауы]
(ІІ нұсқа) Әбубәкір Күлбабаның заманында “Отыз екі баулы Өзбек” атанған деседі. Өзбектің үш баласы болған: Мың, Жүз, Қырық. “Адам Атадан бұ заманға шейін пәленнің баласы пәлен, түгеннің баласы түген”, – деп сөйлеуші өтірікші, жалғаншы болса керек. ...Қай тұқымнан, қай нәсілден шыққандығын айырып, дәлелімен айтып отырса, оның өзі де – толық білім. Әуел басы “Тоқсан екі баулы Қыпшақ” атанған Еділ, Жайық, Ертіс, Сыр – төрт өзеннің аралығында, сондықтан “Дешті Қыпшақ” атанған, онан соң “Отыз екі баулы Өзбек” атанған. Өзбек заманында отырықшы халық болған. Өзбектің үш баласы болған. Заманындағы бір ханға біреуі мың ділда берген, біреуі жүз ділда берген, біреуі қырық ділда берген. Сол себепті: “Мың, Жүз, Қырық” атанған. Мыңнан өрбігендер отырықшы халық болған. Жүзден өрбігендер көшпелі халық болған. Сол жүздің ұрпағынан Қазақ шыққан. “Жүз” деген де аталарының аты болған. “Қазақ” деген де аталарының аты болған, “Алаш” деген де аталарының аты болған. Сонымен келіп Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болған заманда руының атын “Қазақ” қойып, ұранының атын “Алаш!” қойып, “Ұлы жүз”, “Орта жүз”, “Кіші жүз” деп үшке бөліп, “Үш жүз” атанған.
ІІІ. ҚАЗАҚТЫҢ ҮШ ЖҮЗІ ТУРАЛЫ
10. [Қазақтың үш жүзге - Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп бөлінгені]
(І нұсқа ) Енді бірінде Адам ата 1000 жыл жасапты дейді. Нұх пайғамбарға дейінгі ұрпағы өсіп жүз мыңға жеткен. Адам ата өлерінде халықты Шышқа тапсырған. Шыш 912 жасқа жеткен. Шыштан Қайнал туған, одан Мағауия, Бөрден, Ыдырыс туған. Ыдырыс өте білімді зор ғалым болып, 750 жас жасаған. Халыққа неше түрлі өнер үйреткен, дүниеден тірі ғайып болған. Ыдырыстан Манғұрат туған, одан Лайса, Нұх туған. Нұх атасының орнына патша болған. Нұхтың патшалығы кезінде халық өте көп өсіп, бұзақылар көбейіп, патшаға бағынбай, жанжал шығара бастапты. Жаратушының бұйрығымен жер бетін топан су қаптаған. Содан Нұх пайғамбар үш ұлымен, үш келінімен және сексен адам әр түрлі жануарлардан өздерімен бірге алып, кемеге түскен. Нұх пайғамбар кемемен қырық жыл алты ай суда жүзген. Су тартылып, құрғаққа шыққан соң оба ауруынан үш ұл, үш келінімен қашып құтылыпты. Жер бетіндегі халық сол үш ұлдан тараған. Ол үш ұлының бірі Қам, екіншісі Сам, үшіншісі Якиш екен. Қамның ұрпағы: Орыс, Герман, Румын, Түрік. Самның ұрпағы: Арын, Габар, Шалық, Арпахмет, Аргон, Анеток, Тарах. Тарахтан Ибрахим пайғамбар.
Якиш ұрпағы: Шын, Шыннан Қытай және сол тектес елдер.
Ибраһимнен Смағұл – Араб халқы және Сақақ. Сақақтан: хандар, Түрік, Табағы. Табағыдан Масагет, Қасах, Махалла, Сах. Сахтан: Әнсәрі, Әнсәріден Хамит. Хамиттен: Әннес-сахаба, Охас-Сахаба. Охастан Кавказ халқы. Әннастан: Мадат, Ғажат, Сыбай, Оқас.
Мадаттан: Өзбек, Ұйғыр, Гагауыз.
Оқастан: Түркмен, Болғар, Қарашай, Құмық, Текежау.
Ғажаттан: Ноғай, Татар, Башқұрт.
Сыбайдан: Алаш, Алаштан Жайылхан, Сейілхан.
Жайылханнан: Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Созақ. Сейілханнан Қыпшақ, Палауса. Созақтан Моңғол, Түркмен халықтары. Қазақ үш жүзге тараған: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз немесе Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп бөлінген.
11. Үшбу қазақтың үш жүз атанған себебі баяны
(ІІ нұсқа) Былайша атамыз қазақ Әнас әулиеден оныншы атада дүниеге келіп, атамыз Қазақ балалары үшінші және төртінші атаға жеткен кезде Бұқараға қараған жерге келген еді. Сол уақта Бұхардың ханы Қызыл Арсылан ханның бәйбішесінен бала болмай, екінші қатын алып одан бір ер бала туып, бірақ баланың тәні ала болып туыпты. Бәйбіше күншілікпен бұл бала халықты бұзады деп, ханды азғырып, қатын тілімен мал-түлік болған баланы қасына қырық жігіт қосып Сыр-дариясынан өткізіп, Сарыарқаға жер аударып жіберген. Ол уақта Сарыарқада ноғайлы деген халық бар екен. Орманбет ханның әйелі бар екен һәм Қара қалмақ және Құба қалмақ деген қалмақ бар екен. Енді ханның баласы «түрі жақсы жігіт болыпты» деген, «өнерпаз болыпты», «аман жүр» деген хабар атасы Қызыл Арсылан ханға жетеді. Бұрынғы есіне түсіп пұшайман болып өкініп, өзіне қараған адамдарын жиып ақылдасып, қазақ ұлы Ағарыстан аға[сыз] еді, халық Ағарыстың немересі Үйсінді бас қылып жүз кісі жібереді. Күш қылып, бұлар келіп баламен танысып, бала қайтпаған соң бұлар баланы қимай һәм Сарыарқаның салтанатын қимай тұрып қалыпты. Мұндағылар үш жылдан кейін тағы да жүз адам жібереді. Бұған Жанарыстың шөбересі Ақжолды бас қылып, тағы үш жылдан кейін Бегарыстың немересі Алшынды бас қылып жүз кісі жібереді. Бұлар тағы да тұрып Алаша ханды хан көтеріп, «ұранымыз Алаш болсын!» дескен екен. «Аламан Алаш болғанда» деген осыдан қалған сөз болған. Әр елден қуып мал алып, қызықпен қыз алып жүргенде, ел шабу сияқты біраз заман өтеді. Алаша ханның Жошы деген баласын құлан теуіп өлтіреді. Енді Алаша ханның өзі болып, ел иесіз қалып, содан кейін өздері өсіп-өніп, көбейіп бір жерге сыймастай болып, сондықтан Қаратаудың бір жағында бір өзеннің бойында халық үшке бөлініп, Үйсін батырға қараған ел «Ұлы жүз» болып атанып, Арқаға қарай шығып, ортада тұрған Ақжол мырза Сарыарқаға қарай шығып «Орта жүз» атанып, Соңғы келген Алшын мырза Сыр-дариясына қарай шығып «Кіші жүз» атанып, үш жүздің баласы деген атақ содан қалған екен. Солай да болса қазақтың үш баласынан басқа атаның аты жоқ. Өзгесінің өсімі кем болып, ақырында тұқым қалмады дейді.
Тәмам.
12. [ «Қазақ» халқының шығуы туралы ...]
(ІІІ нұсқа) Бір замандарда Яаман уәлаятында «Сейхұлхәрәм» деп аталған күшті сел болған. Міне, бұл сел Яаман уәлаятын көп харап еткен. Сол уақиғада бұл қәбиллердің (Қозаға мен Хұзаға) әрбірі бас-көздері қараған тарапқа көшіп кетіп, таралып бытырап біткен екен. Міне сол уақыттарда олардан кейбір рулар түркі-татарлармен араласып, қабаттасып кетіп, осы күнде қозаға мен хұзағадан өзгеріп «Қазақ» болған дейді.
13. Қазақтың қысқаша шежіресі
(ІҮ нұсқа) Өткен VІ ғасырда түрік нәсілінен бөлінген Қырымдық тұқымдар арасына жоғарыдағы Әнәс келіп, түрікше бала оқытады. Оның Мағаз деген бір баласы ержетіп, өсіп келе жатқанда Қырымдық хан өз қаласында бала оқыту мақсатымен Әнәстан Мағазды сұрап алады. Мағаз хан қолында бала оқытады. Сүйтіп жүріп үйленіп, одан Сапыл деген бала болады. Мағаз үйлі-баранды болғасын, оның үстіне ханның ықпалымен Мағаз Қырым адамы болып қалып қояды. Мағаздың Сапыл деген баласынан Ақшолпан, Қурай – екі баласы болады. Қурайдан: Татар, Маңғұл тұқымдары болады. Ақшолпаннан Аламан, одан Алаш, Алаштан Жайылхан, Сейілхан дегендер туған. Сейілханнан сегіз арыс түрікпендер, Жайылханнан Майқы, одан Өзбек және Қобян деген екі баласы болыпты. Өзбектен өзбек тұқымы тарайды. Қобаннан Қазақ пен Созақ, Созақтан Қарақалпақ тарайды. Қазақтан төрт бала болады: Көзел, Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Қырым халқы Көзел батыр ержеткенше әкесі Мағаздан өрген тұқымға «Қиякелді» атап, теңдік бермей, малдарын, әйел-қыздарын тартып алып, кісілерін өлтіріп, сүйтіп, ел қатарына кіре алмай жүргенде Көзел ержетіп қатарға қосылып, өз тұқымына көрсеткен Қырым халқының озбырлықтарын сол күнінде қайыра бастап, Қырымның әлділеріне көрсеткен қайратына риза болып, әкесі Қазақ: «Ой, көзелім!» дейтін болыпты. Қазақтың бір адамға риза болғанда «Ой, көзелім!» дейтіні осыдан дейді. Көзелдің жоғында зәбір көргендер көбейіп, мал тонау, кісі өлтіру сияқты әдеттерді тиюға өз күші жетпей, Қырымның ханы Ресей патшасынан көмек сұрайды. Ол көмек бермеген жағдайда, Ресей қол астына кіруді мақұлдағанын білдіреді. Ресей патшасы алыс жолға әскер жібермей-ақ, Қырым ханының соңғы тілегін қабылдап, Қырымды өзіне алу үшін елші жібергенде, келген елші Қырым ханынан қанша халық бар дегенде: «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, сегіз сан Сыйылхан, жеті сан Жем бойы, әр жерден келген келімсектер, алты сан Алаш, барлығы – қырық сан халқым бар», – депті. Көзел де, әкесі Қазақ та Қырым жерінде қайтыс болды. Бұлардан кейін Мағаздың тұқымдары Қырымның Ресей патшасына бағынуына риза болмай, Қырымнан көшіп, Еділ бойын жағалап, осы күнгі Астраханды салдырады. Қазақтың төрт баласы болғанын айтып өткенбіз. Қазақтың үлкен баласы – Көзел, оның тұқымынан дерек жоқ.
14. [«Қазақ» халқының шығуы туралы ...]
(Ү нұсқа) Бір заманда бір патшаның қызы түсінде ахтылам (үйлену) болып, жүкті болып қалады. Себепсіз жүкті болып қалғандықтан атасынан қорқып, бұл сырды дәйесі мен қызметкер қызға білдіреді. Олар: «Иә, сенің пәк, таза екендігіңе куәлік берсек, жағдай қиын болады. Енді бұның бір шарасы, басқа бір тарапқа қашпақ-дүр. Онда сені жалғыз қашырып, өзіміз қалғанымызбен біздерге амандық болмас», – деп, бұлар күтіп алғандарға азық-түлік алып, алтын-күміс алып тауға қашады. Бұларға бір жерге барып тоқтағанда, бір аңшы үш киік баласын ұстап алып, байлап қойып, енесін ұстау мақсатымен тұрғанда қыздарға жолығып қалып, хал-ахуалдарын сұрапты. Сонда қыздар шын сырларын баян қылыпты. Сонда аңшы жүкті патша қызымен қосылып тұруын талап етіпті. Қыз да талайыма шыққан кісім деп разы болыпты. Сонда қыз аңшыдан мәһәр (қалың) сұрайды. Аңшы:
– Мақұл, не сұрайсыз? – депті.
– Осы үш киік баласы менің қалыңым болсын, – депті.
Аңшы мақұл болып, үш киік баласын қызға береді. Сонда қыз киік балаларының бастарынан сипап, азат қылған екен. Киік балалары жүгіріп, шабысып барып енелерімен қосылған екен. Ене киік бұл тамам шаттанғаннан бұларға жақын келіп, төңіректі үш қайтара айналып, көзінен жас төгіп, қыбылаға қарап дұға қылған сықылды тұрып, кейін балаларын ертіп алып жолына кеткен екен. Бұл себептен Құдай қызға үш перзент берген. Содан нәсілі көбейіп кетіп, бұлар көп уақытта рахат, тыныш, қайғысыз жасаған екен. Сөйтіп, аңшы киік балалары мен садақты ортаға қойып, мекем уәде қылып, қызды еліне алып келеді. Сонда қызды көргендер қыздың сұлулығына қайран қалып: «Бәрекелді, қыз-ақ екен бұл, бұдан артық не болсын, шіркін-ай! Сұлуын-ай!» – деп, кейін бұл лақап қызға мүбәрак нам болып, ұл-қыздарын һәм анасына ертіп, «қыз-ақ балалары» деп мәшһүр болып кеткен екен. Кейін бала деген сөз қалып «Қазақ» болып қалған.
15. [«Қазақ» халқының шығуы туралы ...]
(ҮІ нұсқа) Қазақ деген сөз «қыз» бен «ақ» деген сөзден қосылып «Қазақ» болған дейләр. Бұларның делеллері: бір заманда бір патшаһтың қызы түсінде ихтіләм болып, иүклі болып қала дүр. Себепсіз иүклі болып қалғандықтан, атасынан қорқып, бұ сөзні даясы білән қызметкер қызға білдіре дүр. Алар исә, – сенің пәк, таза екендігіңе гуаһлық берсекте нандыру қиын болар, енді мұның бір шарасы – басқа бір тарапқа алып қашмақ дүр. Мұнда сені жалғыз қашырып, өзлерің қалған біленде, бізлерге де аманлық болмас деп, бұлар көтере алғанларынша азық-түлік алып, алтын-күміс алып тауға қашады. Бұлар бір жайға барып тоқтағанда, бір аңшы үш киік баласын тұтып алып, бағлап қойып, анасын тұтмақ мақсаты білән тұрғанда, қызларға жолығып қалып, хал-ахуалларын сұрапты. Сонда қыздар шын сырларын баян қылыпты. Сонда аңшы иүклі патша қызыбілән қосылып, төрелік талап етіпті. Қыз да: «Талима шыққан күмішім!» – деп разы болыпты. Сонда қыз аңшыдан қалың сұрапты. Аңшы:
– Мақұл, не сұрайсыз? – депті.
– Осы үш киік баласы менің қалыңдығым болсын, – депті. Аңшы мақұл болып, үш киік баласын қызға береді. Шонда қыз киік балаларын басларынан сипап азат қылған екен. Киік балалары жүгірісіп, шабысып барып аналарыбілән қосылған екен. Ана киік бұ ішке тамам шатлығынан бұларға жақын келіп, төңірегіні үш қайтара айналып, көзінің ясын төгіп, қыбылаға қарап дұға қылған сықылды тұрып, кейін балаларын ертіп алып жолына кеткен екен.
Бұ себептен Құда қызға үш перзент берген. Шондан нәсілі көбейіп кетіп, бұлар көп уақыт рахат, тыныш, қайғысыз жасаған екен. Шүлен қылып аңшыбілән, киік балаларыбілән садақны ортаға қойып, шын-мекем оғда қылысып, қызыны еліне алып келеді. Шонда қызыны көргенлер қыздың сұлулығына қайран қалып: «Бәракалла, қыз-ақ екен, бұ мұндан артық не болсын? Шіркін-ай, сұлуын-ай!» – деп кейін бөлектеп, қызға мүбәрәк нам болып, ұғыл-қызларын һам анасына ертіп «Қызақ» балалары деп мәшһұр болып кеткен екен. Кейін бала сөз қалып «қазақ» қана болып қалған. ... Жоғарыда айтылған қыздан туған үш ұлдың ең үлкені – Ұлы жүз, ортаншысы – Орта жүз, ең кішісі – Кіші жүз болып, күллі қазақтың асылы бұ дүр дейләр. Сонда аңшы түрік нәсілінен болып, қыз исә бәлихденміш болған. Сүйтіп, қазақтың ата жұртын Жиделі-Байсын деп атаған дейді. Жиделі-Байсын Балхқа жақын болып, өзен суы бар қалың тоғайлық-мыс. Аңшы қызбен келген даяр нөкер білән қызметкер қызны өзінің ең жақын жолдасына некелеп қосқан екен. Сонда Дайеден Қарақалпақ, Қыпшақ тараған дейді. Қызметкер қыздан Қырғыз тараған-мыс. Бұлай болған Қырғыз, Қыпшақ, Қарақалпақ халықтары Қазақпен ғамазада, яғни аға-інінің әуләтләрі бұлар дүр.
16. [Қазы–ақ – Қазақ туралы]
(ҮІ нұсқа) «Қазақ» атауы «қазы-ақ» деген сөзден өзгерген екен. Жәнібек хан бастаған көшпелілер Әбілхайыр (Өзбек) хандығынан бөлініп шыққан соң Жәнібек қазақ тайпаларын үш жүзге бөліпті. Ұлы жүзге Үйсінді бастық қойып, Жалайыр деген кісіні оған орынбасарлыққа бұйырыпты. Орта жүзге Арғынды бек сайлап, Найманды оған көмекші етіп бекітті. Кіші жүзге Алшынды би қойып, Жаппасты оған жәрдемші етіп белгіледі. Көшпелілер Еділ-Жайық, Есіл-Нұра, Арал, Жем аймақтарында көшіп-қонып жүрді... Кітап оқымайтын көшпелілердің ақылымен біріктірген биліктерінің орынды шыққанына қайран қалған патша: «Бұларға қазы, мүпти керек емес екен, өздері қазы-ақ екен» депті.
17. [Қазақ ұлдың тууы]
(ҮІІ нұсқа) Ертеде бір жорықта Қалша Қадір деген қолбасшы жарақаттанады да құбажон, жапан далада жалғыз қалып қояды. Өлейін деп қатты қиналып жатқанда, аспаннан бір қаз ұшып келіп, аузына су тамызады. Содан оны тірілтіп, аман алып қалады. Осыдан екеуі қосылып, сол ақ қазбен бірге өмір сүріп, үрім-бұтақты болады... Қаз-аққу болып келген перизат – ақ қыз екен. Ол үстіндегі аққу терісін сыпырып тастап, ару қызға айналып Қалша Қадірдің жарасын емдеп жазады. Қалша Қадір осы ақ қызға үйленеді, олардан туылған ұл «Қазақ» атаныпты.
18. [Үш жүздің баласы]
(І нұсқа) Сол заманда сүйегі ноғай Әбілхайыр деген хан болады. Мұны әз- Жәнібек деген кісі біледі. Жұрт Әбілхайыр ханның қасына Арғынды отырғызады. Арғынның ақылы ханнан артып, ел Арғынға ауады. Бұған Әбілхайыр хан іштей наразы болады да, Қобыланды деген батырына Арғынды өлтіртіп тастайды. Сонда әз-Жәнібек Әбілхайырға кісі салады. «Қобыландыны берсін, қанға қан аламын!» – дейді. Әбілхайыр хан «Жеті кісінің құнын алсын!» деп, батырын бермей елшіні қайтарады. Әз-Жәнібек «қанға қан аламын» деп үш жүз әскерімен келіп, Әбілхайыр ханды шауып кегін алады. «Үш жүздің баласы» атанатын себеп осы...».
19. [Атамыз – Алаш]
(ІІ нұсқа) Есте жоқ ескі заманда Сыр бойында 32 рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болады. Бұл ханның төңірегінде бес жүз түтін төлеңгіті бар екен. Ол өзінің жасақтары мен төлеңгіттерін бастап соғыс жорықтарына аттанып ырғын олжа, көп тұтқын түсіріп қайтып отырады. Бір жорықта асқан сұлу бір қыз тұтқын болып қолға түседі, хан бұл қызды алады. Бір мезгіл өткен соң ханның әлгі тұтқын әйелі жүкті болып, тұла бойы түгел ала бір ұл туады. Мұны сұмдық жаман ырымға жорыған хан да, қарашылары да қатты қысылып, қайтерін білмейді. Ханның бәйбішесі «ала» баланы аулақ апарып, Сырдарияның суына тастап жіберіп, құтылуды ұйғарады. Ханның жасауылдары мен бөкеуілдері ала баланы апарып Сыр-дәрияның суына тастап жібереді де, қайтып кетеді. Сырдариядан балық аулап жүрген бір кедей кәрия дарияға ағып бара жатқан баланы көріп, секіріп суға түсіп құтқарып алады да, шөп күркесіне алып келеді. Бұл кәрия баласыз адам екен, ала баланы асырап ержеткізеді. Кедей шалдың шөп күркесінде өскен ала бала асқан ақылды және батыр азамат болып, «Алаш» деген аты жұртқа жайылады. Мұны естіген хан оны ордасына әкелмек болады. Бірақ, ханның қасындағы қарашылары Қотан бай мен Майқы би: «Ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт қосып беріп өз еркіне қоя беру керек» деген кеңес береді. Хан бұл кеңеске мақұл болады. Сонымен Қотан байдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады. Келесі жылы Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт барып қосылады. Үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Бұлардың бәрі де ержүрек жігіттер екен. Осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай Алашқа еріп еркін жүріп, ерлік жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырып «Қазақ» деп аталады. Мұның мәнісі: «ержүрек еріктілер», «еркін адамдар» деген сөз еді. Кейін бұлар бас қосып ақылдасып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріп, «Алаш хан» [«Алаша хан»] атандырады. Өзара кеңесіп өріс-қоныстарын бөліседі. Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігітке (Ұлы жүз) Сыр-дәрияның басындағы жерлер; Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігітке (Орта жүз) Сырдарияның орта өңіріндегі жерлер; Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігітке (Кіші жүз) Сырдарияның төменгі саласындағы жерлер беріледі. Қазақ қауымы өз еркімен Алашқа барып бас қосқан осы үш жүз жігіттен таралыпты. Қазақтардың «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», – дейтіні осы екен.
20.[ Үш жүз ]
(ІІІ нұсқа) Қырым жұртында қырық сан Ноғай болғанда, бір ханның баласы анасынан шала туыпты. «Тілеп алған балам шала туып, жұртымды шала қылады екен» деп, ханым баланы Дешті-Қыпшақта көшіп-қонып жүрген он сан Ноғай ішіне тастатыпты. Бала өсіп, ер жеткен соң әйдік өнерпаз болыпты. Бір күні хан өзінен туған бала, сөйтіп, өнерпаз болыпты дегенді естіп, Үйсін батырдың қасына 100 жігіт қосып, іздеуге жіберіпті. Бұлар баланы тапса да Сырдария мен Арқаны қимай тұрып қалыпты. Үш жылдан соң Болат мырза 100 жігітпен келіп, о да тұрыпты. Және 3 жылдан соң Алшын мырза 100 жігітті ертіп келіп, о да тұрып қалыпты. Сол 300 жігіт манағы шала туған мырзаны алаша төсекте хан көтеріп, “Алаш!” деп ұран қойыпты. Үйсін, Болат һәм Алшын мырзадан тұқым қалып, өзге жігіттер жауда өліп, олардан тұқым қалмапты. Қазақтың «Үш жүз» болғанының, «Алаш» атанғанының мәнісі осы-мыс.
21. Үш жүздің баласы
(ІҮ нұсқа) Мәселен, олардың бірінде былай деп әңгімелейді: хижыраның 780-790 жылдары шамасында (яғни XVІ ғасырдың соңы) түрікше сөйлейтін 32 тайпаның қол астында 500 немесе 600 отбасы болған бір ханның тұтқын әйелінен «Ала» аталған бала туады. Хан бәйбішесінің айдап салуымен баладан құтылмақ болып, оны Сырдарияның арғы бетіне апарып тастайды. Мұнда оны бір кедей бала етіп асырап алады. Кейіннен жігіттің батырлық, ерліктерімен аты шығып, оның жеңістері туралы хабар ханға жетеді де, ол баласын үйге қайтармақ болады. Хан кеңесшілері Қотан би мен Майқы би оған жүз жігіт жіберуді ұсынады. Бұл жүз жігітті басқаруға Қотанның үлкен ұлы Үйсінді қояды. Барар жеріне жетіп, хан баласымен достасқан соң Үйсін жігіттерімен үйге қайтудан бас тартады. Келесі жылы тағы да жүз жігітпен Қотанның екінші баласы Болат, үшінші жылы Қотанның кенже ұлы Алшын жіберіледі. Екеуі де қайтып оралмайды. Үш жүз жігіт бірігіп алып, өздерінің көршілеріне шабуыл жасап, олардың малдарын айдап кетіп жүреді, ал олар жігіттерді «Қазақ» деп атайды. Бұл түрікше «еркін», «басы бос» дегенді білдіреді. Кейін жігіттер хан мен басшыларды сайлауға келіседі. Үйсінді оның үш жүз жігітімен Сырдарияның жоғарғы бойына, Болатты орта ағысы бойына, ал үшіншісі Алшынды оның жүз жігітімен өзеннің төменгі ағысы бойына қоныстандырады. Хан баласын ақ киізге көтеріп, хан деп жариялайды. Қазақтың «үш жүздің баласы» деп атануы осыдан деп айтылады аңызда.
22. Үш жүз туралы
(І нұсқа) Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс үрім-бұтақтарымен жүз үйге толғанда енші алысады. Қоныс белгілеуге келгенде сөз үлкені Ақарысқа беріледі. Ол сөз кезегін Бекарысқа береді. Сонда Бекарыс тұрып:
– Алдымда ағам, артымда інім тұрғанда менің не айтарым бар? – дейді. Осы кезде Жанарыс:
– Сөз бітті. Жоғарғы бөлік – Ақарысқа, орталық жер – Бекарысқа, төменгі жағы – Жанарысқа тиді, – деген екен.
«Енді үш үй үшке бөліндік. Бірақ әрқайсымыз өз ауылымызды жүзден кем етпелік» деп, содан «Үш жүз» аталған деседі.
23. Үш жүздің шығуы
(ІІ нұсқа) Қазақтар жерлеген руларға ноғайлар шабуыл жасайды Темір шолақ деген. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген қазақтың үш аталы баласынан 300 қазақ сұрайды. Үш жүз жігіттің әр қайсысына 360 құрт, қоржындарына жылдық астық етіп жауға аттандырады. Әскер басшылары Ақарыстан – Бақтияр, Бекарыстан – Данияр, Жанарыстан – Құдияр. Ту көтерушілері – Ақшора, Бекшора, Жаншора.
24. [Үш жүздің баласы және ұрандары]
Бұрынғы заманда қазақтың “Жүз” деген, “Алаш” деген атты руға қойған аты болған екен. “Алаш” деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, “Алаш, Алаш!” – деп шабыңдар! “Алаш” демегенді әкең болса да ұрып жыға беріңдер”, – деп бата қылысты. Кеше: “Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!” – деп айтылған сөз содан қалған. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып көзге көрініп, ауызға іліккен емес. Өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы болып жүрген. “Болатқожа” дейді. “Ақжол” дейді – екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты – Жанарыс екен. Жұрт аузында «Ақжол» аты қалған.
Ұлы жүз ұраны – “Бақтияр”
Кіші жүз ұраны – “Алдияр”
Орта жүз ұраны – “Ақ жол”.
25. Қазақ қай уақытта «үш жүз» атанған?
(Ү нұсқа)
Қазақ жұртында ауызда сөйленіп жүрген бір сөз бар:
“Кеше Алаш Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Үйіміз ағаш болғанда,
Ұранымыз “Алаш!” болғанда”, –
десіп келеді. Оның мәнісі: Бұхара хандарынан [Қызыл Арыстан] хан қазақ ханы болып тұрған күнде ханының қызын олжалап алып келіп, аяғын салған екен дейді. “Аяғын салды” деген сөз некесіз алғанды айтса керек. Сол қыздан бір ер бала туыпты. Өзі сауысқанның аласындай ала туыпты. Бәйбіше қатынға айтты:
– Бұл бала өскенде, жұртыңды ала қылып, өзіңе жау қылады. Мұнан осы күнде құтыл! – депті.
Хан бәйбішесінің тілімен қырық жігітті шақырып алып, арымас ат, тозбас тон, таусылмас азық беріп:
– Осы баланы менің хүкімім жүрмейтұғын жерге алып барып, сақтап [сақлап] өсіріңдер. Бұл Бұхараны [Бұхарды] бұл бала да көрмесін, сендер де көрмендер! – деп, жер аударыпты.
Сол қырық жігіт баланы алып, Сыр дариясынан өтіп, Алатау, Қаратаудың аралық жеріндегі жайлап, көшіп жүрген жұрттың ортасына келіп, бір жайды мекен қылып, баланы асырап, өстіріп, бала он екі жасқа жеткен соң қырық жігітпен баланың ісі болмай, баламен қырық жігіттің ісі болмай бет-бетіне кетіпті. Сол заманда ол жерлерде Қотан, Қоғам, Құндыгер, Қобаң деген төрт атаның ұлы ел бар екен. Сол елдің ішінде: “Түгел сөздің түбі бір, Түп атасы – Майқы би”, – деген би бар екен. Ол Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп, он екі жасар балаға кез болыпты. Бала бұл Үйсінге тіл қатып сөйлеспепті. Тілі жоқ, мылқау кісідей, бедірейгеннен бедірейіп отырып қала беріпті. Кеш болып, қас қарайып, Үйсін батыр аулына қайтып, әкесі Майқы биге айта келіпті:
– Даладан бүгін ағаштың түбінде отырған бір бала көрдім. Айдары аш беліне түседі. “Ай дейін десем, аузы бар, Күн дейін десем, көзі бар”. Бір қасық сумен жұтып жібергендей. Бірақ не керек, тілі жоқ екен, құлағы да естімесе керек. Егер тілі мен құлағы болғанда, дүниеде ешкімнің қолына түспейтұғын, ексе бітпейтұғын, қуса жетпейтұғынның өзі екен! – дейді.
Майқы би аяғы ақсақ, арбамен жүретұғын кісі екен:
– Ертең мені арбаға салып алып барындаршы, көрейін! – депті.
Ертең таң атқан соң Майқы бидің арбаға мінгізіп, баланың отырған жайына алып барған екен. Бала ұшып түрегеліп:
– Ассалаумағалейкум, тәмам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы! – дейді.
Онда Майқы би:
– Уағалейкумассалам, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Кел, балам, қасыма мін! – деп, баланың маңдайынан тауап қылып, арбасына мінгізіп, аулына алып келіп, қой сойып, асықты жілік ұстатып, он күн мейман қылып, ертең таң атқан соң, баласы Үйсінді шақырып алып, жүз жігіт жолдас қосып:
– Мына баланы алдарыңа салып, ту қылып ұстап, жыға ғып бастарыңа шаншып, Қаратаудан әрмен қарап асыңдар! Шу деген, Сарысу деген екі өзен бар, соны кесе көлденең басыңдар. Ұлытау, Кішітау деген тау бар. Соның о жақ, бұ жағында қарақалмақ Қатысыбан деген жау бар. Есіл, Нұра деген екі өзеннің арасында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар. Оның бойында он сан ноғай Ормамбеттің елі бар. Сол екі жұрттың аралық жерінен килігіп, “Тас түссе, таңдайыңнан, алтын түссе, маңдайыңнан”, үш жылғаша бақ-талайыңды байқаңдар! – деп, бата беріп аттандырды дейді.
Бұлар сол жүргеннен жүріп, Қара Кеңгір, Сары Кеңгір, Жезді Кеңгір – үш Кеңгірдің бойына келіп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен үш жылдың ішінде алдарына мал салып, үстіне үй тігіп, өз алдына ел-жұрт болды дейді. Сонан соң Майқы би Ақжол дегенді жүз жігітке бас қылып:
– Соларға барып қосыл! – деп, жіберді. Олар да келіп, бұларға қосылды. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшын дегенді жіберді. Олар да келіп, бұларға қосылды. Баяғы Бұхарадан шыққан қырық жігіт, олар да іздеп [ ізлеп] келіп тапты. Өз жұртына өкпелеген, онан қашқан, мұнан қашқан, – бәрі бұларға келіп тығылып, өз алдына бір жұрт болды – дейді.
– Кел, енді ортамыздан хан сайлайық! – деп, алашаға салып, баяғы ала баланы хан көтеріп: “Алаша хан” деп ат қойды дейді.
“Алаш!” деп, өздеріне ұран қойды дейді. “Жауға шапқанда: “Алаш, Алаш!” – деп, шабалық! Өз кісіміз екенін сонан білейік!” десіп, әуелгі келген “Ұлы жүз – Үйсін” атанды. Ортадағы келген: “Орта жүз” атанды. Соңғы келген: “Кіші жүз” атанды. “Үш жүздің баласы – Қазақ” атанып, әр руға таңба үлестірді. Сол таңбаларын тасқа басып: “Талас болса, сонан қарасайық!” десіп, үш жүздің баласы қазақтың таңбасы сол таста. Бұл күнде ол жерді: “Таңбалы Нұра” дейді. Қазақ атында болған жұрт Алаша ханның аузына қарап, Үш Кеңгірдің бойын жайлап, қыстап жүрді дейді.
26. Қазақ қай уақытта «үш жүз» атанған?
(ҮІ нұсқа) Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан Қарақалмақ-Қатысыбан, он сан Ноғай бүл (ін) генде, Орманбет (Ормамбет) би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. “Ала тайдай бүлдірді” делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген. Сол замандарда Қондекер (Құндакар), Қобан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты. “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деген болыпты. “Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен!” деседі. Сол замандарда Қырым ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұхарада тұрып, хандық қылған екен. “Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен!” – деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала тауып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:
– Бұл балаңды “балам” деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, “ала тайдай” бүлдіреді! – деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін! – деп, (“бадаре” қылыпты деседі, онысы “жер аударыпты” дегені) егіз-екі қайтып бұл жұртты, мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер! – деп.
Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып атып жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетін мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим бір ауыз тіл қатпай, қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң, әкесіне сөйлепті:
– Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. “Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар”, көрген кісі қызыққаннан, “бір қасық сумен жұтып жіберерлік” келбеті, сымбаты бар, құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы – тілі жоқ екен! – депті.
Майқы би өзі ақсақ, өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайд[ы], жаяу кісіге тартқызады екен:
– Мені арбамен алып барыңдар, көрейін! – депті. – Баяғы “сағымнан пайда болған” Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен! – деп, барса, бала Майқы биді көре сала, ұшып тұра келіп:
– Ассалаумалейкім! “Хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы!” – дегенде, Майқы би:
– Әлейкімүссалам! Әмісе аман бол, балам! Сәтті күні туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін! – деп, үйіне алып келіп:
Төркіл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырып.
Төменгі елді жидырып,
Жорға бие сойдырып.
Жоғарғы елді жидырып,
Ала бие сойдырып,
Аймақ елді алдырып, баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, “ердің ері, егеудің сынығы” дегендей іріктеп, таңдап, жүз жігітті қасына қосып:
– Мына баланы жыға қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер! Қаратаудан арман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Соған барып, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! “Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, Қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген”, – деп, батасын беріп жөнелтіпті.
Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі үйге дап-даяр ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сауынсыз да дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберді:
– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп тапсырып, менен қалағанын алсын! – деп.
Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: “Барып, шақырып келіңдер!” – деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:
– “Қайт!” деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа! Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың (бұйдайдың) нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлдеқандай көріп, мас болып, біттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларын қалды?! – деген соң:
– Рас-ау, рас! – деп, шақыра келгендерің өздері де қайтуды керек қылмады.
Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғам ұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді, он үш ақсақал қосты: “Есеп сан үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып, жау болса, бетіне келе алмайды деп айтылған сөз бар еді”, – деп. “Үндемесе де, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі” дегендей, ақсақал шал жұмысты жатып, жайлап жасаса керек. Бұлар да кеп, орнығып тұрып алды. «Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік!» – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған: “Алаша хан” деп ат қойды. Бастапқы бірге келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы – Үйсін «Ұлы жүз – Үйсін» атанды. «Түп қазық салықшы. Жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас-түйін боп тұрсын!» – десті. Ортаншы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы – Болатқожа. «Бұл жүз жігіт тосқауылшы. Орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын!» – деп, оны: “Орта жүз – Ақ жол” атады. Соңғы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы – Алшын. «Беті қайтпаған, жаужүрек, жан қадірін білмейтұғындар. Бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатұғын осылар болсын!» – деп, “Кіші жүз – Алшын” деп ат қойды. Кезеуілші қашса, тосқауылшыға; тосқауылшы қашса, салықшыға; салықшы қашпайды тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың: “Үш жүз” аталған жері – осы. Бұрынғы заманда қазақтың “Жүз” деген де аталарының аты болса керек. “Алаш” деген де аталарының аты болса керек. “Жүз” деген атты – руға, “Алаш” деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, “Алаш, Алаш!” деп, шабыңдар! “Алаш, Алаш!” – демегенді әкең де болса, ұрып жық! – деп бата қылысыпты. “Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаш хан болғанда, үйіміз – ағаш, ұранымыз – Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!” – деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген. Біреу “Болатқожа” дейді, біреу “Ақжол” дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. “Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс – үш жүздің аталарының аты” деседі. Ақсақ Келімбет, Қара Келімбет, Сары Келімбет, Науан, Шуан деген аталар бар” десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң, біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.
27. [Қазақ атының қойылуы]
Бидаштың баласы – Қазақ (оның шын аты – Әбдірайым). Бір күні әкесінің тұлпарын сатып жіберіп, «Құдыққа жығылып өлді» деп, әкесіне айтады. Кейін ол тұлпар басқа жерден шыққансын: «Сен каззап, жалғаншы» деп, «Қазақ» деп ат қойды. Сол сөздің мағынасы «жалғаншы» деген сөз.
Баласына әкесі: «Сенің әулетің бытыраңқы болсын!» деп қарғыс айтқан.
28. Қазақтың атасы
(ҮІІ нұсқа) Өткен заманда қырық сан Қырым жұртында қырық ханы болған замандарында, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, Құба қалмақ, Қазақ- қалмақ болған болған замандарда, он сан Орманбет бидің елі Дешті-Қыпшақ шаһарларында тұрған замандарда, Түркістан тараптарында түріктің Өзбек деген баласы өте көбейіп өсіп, «отыз екі баулы Өзбек» атанған. Сол Өзбектің руынан біраз үй көшіп-қонып, сол маңайды қоныс қылып жүреді екен. Сол көшіп жүргеннің ішінде Майқы би деген би бар екен. Майқы бидің Аламан деген ұлының тоқал қатынынан ала бала туыпты. Бәйбішесінің ұлы жоқ екен. «Тоқал бала тапты» деп күншілік қылып, Аламанды азғыра бастапты.
– Бұл ала бала жұртыңды ала қылады, мұның көзін жоғалт! – депті.
Сонсын Аламан бәйбішесінің тіліне еріп:
– Сырдарияның суынан өткізіп таста, – деп жарлық қылған соң, елі бидің сөзін екі қыла ма? Сырдарияның суынан өткізіп тастапты.
Сол ала баланың аты «Алаш» екен. Алаш Сырдариядан өткен соң оның аржағындағы сахарада он сан Ноғайлы Орманбет бидің елінің ішіне барып, сонда жүріпті. Өсіп, үлкейіп, сондай өнерпаз: оқ атуға, қылыш шабуға, ат ойнатуға бек ұста, бек қуатты бір жігіт болып, шұһраты әр жаққа таралып, аты елге мәшһүр бопты. Сөйтіп жүргенде баяғы атасы Аламан естіп, өз баласы екенін біліп: «Әттеген-ай, бекер жіберген екем, қатынның тілін бекер алған екем», – деп өкініп, алдырсам деп ниет қылып, басқа елде жүргеніне іші күйіп жүріпті. Сонсын, ақырда Аламан шыдай алмай, елін жиып ақылдасып, Қотанбай деген биге айтып, сол Қотанбайдың тағы баяғы атасы Майқы бидің баласы Аламан өзінің інісіне жүз жігіт қосып беріп, «еліктіріп, алдап алып келмекші» қылып жібереді. Жіберген Қотанбайдың үлкен ұлы – аты Үйсін екен. Сол Үйсін батыр қасында жүз жігіт нөкерлеріменен бірге Сырдариясынан өтіп, балаға келіп көрісіп, қосылыпты. Сол бала мен Үйсін екеуінің мінезі, сыры лайық «Ерге – ер, сырға – сыр» дегендей, әбден айырылмастай дос болыпты. Сарыарқаның сапырулы сары қымызын, салулы сары төсегін көріп Үйсін көңілі балаға елігіп, алданып, баяғы елін ұмытып, Алаштың жанында нөкерлерімен тұрып қалыпты. Және Алаш бала: «Өзі тастаған әкенің маған керегі жоқ», – деп, әкесі Аламанға бармайтын болыпты. Мұнан соң үш жыл өткен соң әкесі Аламан тағы шыдай алмай, тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып кеңесті. Бұлар тағы да Қотанбай бидің ортаншы баласы Болат мырзаны аттандырып, жанына жүз жігіт нөкер қосып беріп, баяғы Алаш баланы және жүз жігіт нөкерімен Үйсін мырзаны еліктіріп алып келмекші қылып жібереді. Болат мырза нөкерімен бірге келіп, ағасы Үйсінге, Алашқа қосылып, өз еркімен жұртына жеріп болған соң және ағаларының сауық, ойын-күлкілерін көрген соң көңілі алданып, елін, әкесін есінен шығарып, ағасы Үйсіннің жанында тұрып қалыпты. Үш жыл өткен соң Алаштың әкесі тағы шыдай алмай, баласын сағынып, іші күйіп тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып алып, тағы ақылдасып, бірінікін бірі мақұлдасып және жүз жігіт нөкер қосып беріп, Қыдырқожа байдың үлкен ұлы Алшын мырзаны Алаш баланы, Үйсін, Болат мырзаларды нөкерлерімен бірге алып келмекші қылып жібереді. Алшын мырза нөкерлерімен Сыр дариясынан өтіп, баяғы Үйсін, Болат, Алаштарға қосылып, о да сонда тұрақтап қалыпты. Ол үш жігіттің батыры өзінде, биі өзінде, өңшең бойдағырақ жүз балалар қосылған соң қайдан тыныш жатсын?! Жан-жақтағы елдерді шауып, жылқыларын тұқылап айдап алып, жасқы ат, жақсы қыздар болса, тартып алыпты. Жан-жақтағы елдеріне өте тынышсыз болыпты. Қыр ноғайлы Орманбет бидің ықтиярсыз қыздарын тартып алып, сонан жанжал болып, «Жошы хан, Тоқтамыс хан дегендерін үш жүз жігіттің ішінде Едіге деген батыр өлтіріпті, елін бұлдап шауыпты» деген сөз осы күнге шейін мағұлым, мәшһүр әңгіме-дүр.
Сонда:
«Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен шаншимын дер екен», – деген сөз сонан қалған екен. Ноғайлардың қазақтарға өш болып келе жатқандығы әуелден осы еді, дұшпан болудың себебі осы еді. Сонда барымтадан, ұрлықтан әкелген малдың етін, ортадағы жүздің бастығы болып келген Болат мырза жемейді екен, нәрселерін алмайды екен: «кісі ақысы қиын болады» деп. Өзгелер «Бұ не қылған тақуаланған адам еді» деп оттайды екен. Жемеген соң «қожа» деп қойыпты. Орта жүздің атасының атын Болатқожа деп аталудың себебі осы еді. Осындай барымташыл, ұрлықшыл, зорлықшыл болған соң бұлардың бәріне «қазақ» деп ат қойыпты. Қазақ деген кісі емес, күллі халыққа қойылған ат. Және қазақтың «қазақ» деп аталу себебі, Өзбек балалары Қазақ аталмастан бұрын, сол Түркістан жағында орын алып, қазы болып тұрыпты ғой. Сонда екі сарт баласы бір нәрсеге таласып, қазыға келеді. Қазы екеуіне де болыспай, ғаділ хүкім қылады. Сонда сарт айтыпты: «қашқын, қасиақ» деп, «қасиақ» деген сөзді жеңілдік үшін «и» һәрпін алып тастап, қазақ (қасақ) деген еді. Қазақ һәріп айырмайды. Бәрін «ла» мен айтады. Соның үшін «қазақ» деп аталу себебі – сол дейді. Сол үш жігіттің басы қосылып, көбейіп, ұйымдасып, ұрандасып, антмақ қылысып, өздері ортасынан біреуін шығарып, хан сайлапты. Хан сайлағанда баяғы ала бала Алашты сайлапты. Ақ киізді жайып, алаша төсекті салып, хан көтеріп «Алаш!» деп ұран шақырып, «ел болайық, жұрт болайық!» деп, тағы да уәде үстіне уәде қылысып, қол көтерісіпті. Сол атмақ қылысқан соң, уәде болысқан соң баяғы әуелгі жүз жігітке бастық болып келген Үйсінді: «сен – Ұлы жүз,Үйсін» деп, Ұлы жүз, Үйсін атын беріп, Сырдарияның бас жағын өрлете қондырыпты. Орта жүзбен бірге келген Болатқожаны: «сен – Орта жүз,Болатқожа» деп, атын беріп, Сырдарияның орта кезін ала қондырыпты. Соңғы жүзбен келген Алшын мырзаны: «Сен – Кіші жүз, Алшынсың» деп атын беріп, Сырдариясының етегін ала қондырыпты.
29. Кейбір қазақ рулары турасынан хикая
Тұрған екен екі туған адам ағалы-інілі. Бірінің есімі – Моғұл, уа, бірінің есімі – Татар. Моғұл тұқымынан қазақтар тараған екен. Моғұлдарды жеңіп, бытыратып жіберген екен татардар. Қаюлардан үш жүздейі аман қалған, яки ордалар. Олар тауға кіріп кетіп көбейіп, өсіп-өнген екен. Ең олардың әуелгі ұлықтары бар қалған “Алаш” деген. Алаш хан жіберген үш бөлек қып өңшең бойдақ жігіттерді шет жайдың облыстарының шекарасына өзіне қараған жердерін сақтамақ үшін. «Қазақ» деген сөздің мағынасы еркіменен жүрген бойдақтар деген-дүр. Бұ бойдақ жігіттер, яки қазақтар қыр жайында жүрген сыған халықтарының қатындарын азғырып, байларын өлтіріп, қазақтардың өздеріне тиетұғын қылған. Міне, со сыған қатындарынан туған қазақтар, яки қазақ ордалары, ең үлкен орда, яки Ұлы жүз қалған. Тұрақты болған жайларында Түркістанның сыртына Орта жүз малға жайлы жер деп, қыр жайында қалған. Ең Кіші жүз – бұлар олардан да арғырақ кетіп, Россия шет жайдарына шейін барғандар. Бұл айтылмыш хикаяларынан анық мағлұм болып тұр қазақтардың ілгергі тұқымдарын кеп, қаратып алғандар өз әулетіне жақын халықтардан, бәлкім, со манғол халықтарынан шығар Шыңғыс ханға қараған қаюлар қыр жайдарына Сибирия мен Түркстаннан қаптай жабылған толқын секілді боп. Сол уақытта, бәлкім жеңіп алған халықтар арасында қалған қаратушылардың тұқымдарынан тұрмыс-халдері мен тілдері бір-біріне жақын болғаннан соң. Бірақ мұндай һәм болса да, олардың араларынан артықша дегендер әулетінен боп шыққандар ерекше бөлініп “ақ сүйек” деп аталыпты. Соған қарағанда, “ақ сүйек” дегендері қазақтардың оларды жеңіп қиратып алғандардың тұқымынан-дүр және “қара сүйек” дегендері жеңіп қиратушалардың тұқымдарына қайғы болушылар-дүр. Қазақтар “ақ сүйек деп болмайынша бір-ақ тұқымды айтады. Тағин біліп айтады хан тұқымдарын ғана, билеп қана тұрған қыр жайында Абылай хан ғайриларымен. Қара қырғыздарда қыр қазақтарындай “ақ сүйек” дегенді білмейді, олардікі бір бөлек болады. Олардың бәрі де бірдей, бәрі де бір әулеттен-дүр. Олар бәлкім шашылып қалған тұқымдары болса керек қаратушыларынан таралған. Дәм ешбіреудердің араларында болмаса керек, ескі тұқымнан қалғандардан өз араларынан айырмыш қып айтударына “төре”, яки “сұлтан” деп һәм тағы да халықтарды екіге бөлулеріне сүйектеріне қарай “ақ сүйек” һәм “қара сүйек” деп. Өздерінің тұқымдарының қалай екенінің мағынасын қара қырғыздар баян етеді былай деп: «Қара қырғыз» деп бұларды атап жіберген орыс халықтары. Олар өздерін айтады «қырғыз» деп. Бұ айтылған сөздің мағынасы мынау: өздерінің айтуынша «қырық қыз» деген бұрынғы айтмыштарынша бұлардың бас иедерінің жалғыз қызы болған. Оны күтушіге қырық қыз қойған. Бір суға шомылып жатып ханшасы мен қырық қыз сумен ағып келе жатқан көбікті көреді һәм есітеді су ішінен шыққан дауысты: “О да хақ һәм бұ да хақ” деген. Олар со арада қолдарын көбікке малып алғаннан кейін кенетінен бәрі де буаз боп қалады. Оларды биік тауға қуып жібереді. Барған жерлерінде олар қырық қыз һәм қырық ұл табады. Ұлдары қыздардың бәрін де қатын қып алады. Қырық қыздан бұ халықтар жаралған екен қырғыз деген. Қазақтар менен қырғыздардың әулет жөндері, тұрмыс-тұрақ, мүлік жөндеріне шейін тұқым қуаласып отырысады. Рулас өз руласын жоқтап болысады һәм оның қылған жаманшылығына жауап береді. Бүтін бір руласы құн төлейді һәм кегін қайтарады, яки алады, қалыңдығы болса, рулас елден шықпайды. Қонақ күтпек рулас жақындықтан болған. Ру жөндеріне қарай қырық атаға шейін тұқым қуалап отырады. Кімде кім жеті атаға шейін аталарының аты-жөнін білмесе, адамшылықтан шыққаны. Қазақтардың өздерінің үйретеді рәсім-жөндерін, сол себепті әуелі танымаған кісісіне онан бір нәрсесін байқап-білуге қалағаннан кейін көре салысыменен жауап сұрайды. Кім болған сенің жеті атаң деп әрбір қазақ баласы. Мұндай берміш жауаптарынан қайтадан анықтап, жауап берулеріне қадыр-дүр. “Өз еліңде малшы бол, кісі елінде патша болғанша”, – деген қазақтардың мақалдары бар. Үлкендерін сыйлауға тұқымына қарай қатты мықты қазақтар қазақтардың жиылыс-тойларында қонақтардың тұқымдарының үлкеніне қарай сыйлай, оған жол береді. Әр нешік болса да қазақтардың араларында рәсім-жөн боп қалған тамақтарды мүшелеп қоюларына ру жөндеріне қарай... Қонақты сыйлап, күтуге қазақтар өздерін міндетті көреді. Соған көре, алыс жолға шыққан жолаушылар аз алған көжесіне сеніп шықпайды, әр нешік болса да қонақасыға сенеді. Өзін де, атын да толаусыз сыйлайды. Қазақша тамырлар алыс қыр жайына шығып бара жатқан жолаушылап қазақтар айтады жол азық алмайынша: “Жан берген Алла, дән береді”, – деп. Қонақа жақсылап қонақасысын беріп сыйлап тойғызғаны қазақ көзіне бір ерлік құрмет еткені-дүр. “Бір күн тамақ беріп тойғызғанға қырық күн сәлем бер!” – деп қазақ мақалында айтады. Басқа тағы да айтысады: “Қонақ –Құданың жіберген мүлкі”, – деп. Егерде, үй иесінің қонағына сый етіп тамақтандыруына берер нәрсесі болмаса, онда жақын тұрған үй иесі міндетті-дүр оған жәрдем етіп, болыстық қып әр қаюдары берудеріне қонақасыны.
30. Халықтың «Қазақ» аталуы туралы аңыздар
Разақтан Қазақ, одан үш бала туады. Қазақ өз заманында батыр болды. Орта жасқа келгенше баласы болмай, бала үшін Өзбектің бір батырының қызын алады. Ол кешікпей екіқабат болады, мезгілі жақындағанда Қазақ аңға шығады, «ұл туса, шүйінші сұраңдар!» дейді. Сонымен әйелі толғатады, күтуші әйелдер қасында болады, әйел аман-есен босанады. Әйелдер қараса, туған бала емес, тұлып болады. Мұны көрген әйелдер қорқып дер [еу] батырдың шешесіне хабар береді. Шешесі келіп көрсе, туған – тонды бала. Үлкен ұстарамен тонын жарса, ішінен үш баланың бейнесі шығады. Бәріде ер балалар, арқалары біріне-бірі жабысқан, беттері үш жаққа қараған. Мұны көрген адамдар қорқады. Бір қажап тұрды. Тел батырдың шешесі айтады: «Сендер ешқандай қорыңбаңдар, дереу барып баласынан шүйінші сұраңдар!» – дейді. Батыр естісімен тез үйіне келеді. Шешесіне: «баланы әкел, көремін» деп, шешесі балаларды алып келеді. Мұны көрген Қазақ шошып кетеді де қылышын суырып алады, балалардың арасын ашпақ болып. Сонда шешесі баласының қолын тез ұстап тоқтатады: «сен шошыма!» деп. Дереу жылқыдан жеті жылғы ту биені алдырып сойып, қазысына балаларды орайды да, өзі қазымен балалардың арасын аялап отырып, ашады. Сонда үш ер бала болып шыға кетеді. Мұны көрген Қазақ қатты қуанады.
Сонда шешесі былай дейді:
– Балам сен қылышыңды суырдың балалардың арасын ашпақ болып, оның жарамаған іс болды. Бұл балалардың ұрпақтарының ауыз бірлігі аз болып, араларына аз да болса қылыш жүретін болды.
Егер балалардың арасын қылышбен ашқаныңда, бұлардың ұрпақтары ғұмыр бойына жауласып, бірін-бірі қырумен өтетін еді, – деді. Мұны естіген Қазақ қатты қорықты. «Мен бір қаталық істедім» деп, садақалар үлестірді. Қазақ бірден үш балалы болғанына қуанып, үлкен той жасады. Атақты адамдарға сыйлық беріп, кембағалдарға құдайы садақалар берді. Той тарқаған соң Қазақ ақылды ғалым, шешен, данышпан адамдарды жинап былай деді:
– Менің сіздерден сұрайтыным, мына балаларға лайықты етіп ат-қойыңыздар, – деді.
Сонда олар кеңесіп, ақылдасып мынадай ат қоюды лайық деп тапты. Бұл балалар тонда болып, аралары бірігіп, жүздері үш шаққа қарап тұрды және біріне-бірі. «Сол қалқыңқы – үлкендеу, сондықтан: үлкендеуінің аты –Ақарыс, Ұлы жүз, оған таяуының аты – Бекарыс, Орта жүз, ең кішілеуінің аты – Жанарыс, Кіші жүз болсын», – десті. Сонда бір балада төрт есім бар, баланың туыстарына қарай осылай деп ат қоюды ұйғарысқан десті. «Дұрыс қойылған ат» деп, Қазақ өте риза болды. Ат қоюшыларға ат-шапаннан сыйлықтар берді. Осы үш бала өсе кеп үш жүздің атасы болды, «Үш жүз» деген атқа ие болды.
31. Қазақ туралы аңыз
Мәдәйун әулеттері Умахыдан Тәлит, оның ұғылы –Жәмит, оның ұғылы – Мырдан, оның ұғылы – Ысмағұл, оның ұғылы – Ағзам, оның ұғылы –Миям, оның ұғылы – Өзбек, оның ұғылы – Мәлік. Осы Мәлік сопы, адал болғандықтан «Ақтам сопы» атанған екен. Оның ұғылы – Әніс, оның ұғылы – Ақаша дейді. Осы Ақаша Мұхамет пайғамбарымыз дүниеден өтерінде:
– Ақысы бар адамдар ақысын алсын, – дегенде:
– Менің ақым бар, ақы дегенім, Мұхамет мені жалаңаш ұрған болатын, соған орай мен де ұрып аламын, – деген екен.
Көптеген сахабалар оған:
– Сен ұрма, Пайғамбарымыз үшін алтын, күміс ал, – десе де ол көнбей, Пайғамбарымызды жалаңаштатқан кезінде жаурынындағы әлемет мөрін көріп, сонан аяғын құшақтапты.
Пайғамбарымыз Ақашаға: “Сенің тұқымың басқалардан бір-екі есе артық болар, бірақ бірлігі болмас, бірінің тілін бірі алмас”, – депті. “Сен енді бұл жерде тұрма, қыр-сахараға шығып кет!” – деген екен. Осыдан соң Ақаша өз ұғылы Зымырданды ертіп алып шаһардан қашып, сахараға шыққан екен. Сонан Зымырданға “Қазақ” деген ат тағылыпты. Сол кездегі бұл сөз “қашқын”, “қашақ” деген мағына беретін сөз екен. Кейінгі “Қазақ” аты содан қалған екен дейді.
32. Қазақтың түбі
(І нұсқа) Адам ата, Хауа ана. Күллі адамзат осы екеуінен өрбіп-өнген. Бұл Адам ата мың жасап, ұрпағының қырық мыңға саны жеткенін көріп өлген. Бел баласы Шиыш тоғыз жүз он екі жыл жасап өлген. Оған белбала – Анұш. Бұл Анұш та тоғыз жүз он екі жыл жасап өлген. Мұның белбаласы Қайнар сегіз жүз қырық жыл жасап өлген. Қайнардың белбаласы Майлауыл тоғыз жүз жиырма жыл жасап өлген. Майлауылдан туған Жарты тоғыз жүз алпыс жыл жасап өлген. Бұл Жартыдан бүтін болып Ыдырыс пайғамбар туған. Бұл жалғанның жүзінде төрт жүз жыл тұрып, тірілей аспанға ұшып, өрлей-өрлей Ұшпаққа барып, сонда тұрып қалған. Бұл Ыдырыстан мұнда қалған бала – Мөтешалық, мұның қандай жасағанын білген жан жоқ. Қазақтың айтып жүрген «Нұх пайғамбар дарақтан кеме жонған, кемесінің түбін тышқан тескен» деп жүрген жарапазаны – осы жарықтық. Мұның заманында бұл дүние малға да, басқаға да толған, онан соң қайтып ондай толған, жетілген емес. Тіпті дүниенің жүзіне сыймай кететін болған соң топан суы тасып, бір наубіт болған. Бұл Нұх пайғамбардан үш бала қалған: Хам, Сам, Жаппас. Хамның ұрпағы: Һинді, Зәңгі. Қасы көмірдей қара жұрттың бәрі мұнан өсіп-өнген. Сам ұрпағы – араб. Ажам жұлдыздай көп пайғамбарлар арабтан шыққан. Тарихта зор атақ алған патшалар Ажамнан шыққан. Бұл айтылғаннан басқа адам ұрпағы Жаппастан өрбіп-өнген. Тарихтан көрген, атын білетіндеріміз Түрік, Хазар, Сықалба, Рус, Мин, Чин, Кимарш, Тарх – бәрі де алды-алдына ел болып, жұрт болып өсіп-өнген. Бұл Жаппас ұрпағы, ең жасы үлкені Түрікті хан көтеріп, соның аузына қараған. Мұның тұқым-нәсілінен болған хандар «хақан» аталды. Түрік заманында көшіп-қонып жүретұғын жұрт болды, өзі Ыстықкөлді ұнатып, сонда тұрақтады. Қазақ «жұлым үй» дейді, керегесі жоқ қос – баспаналары болды. Бала-шаға, ұрпағы көп болды. Түтік деген баласын көзі тіріде орнына тұрғызып, өзі «Барса келмеске» кетті. Түтік те тұрақты, табанды патша болды. Асқа тұз салуды осы ұғындырды. Бұлардың заманы Ажам патшалары Кимаршпен тұстас болды. Бұл Түтік екі жүз қырық жыл жасап, Еділше дейтұғын баласын орнына отырғызып, ата-бабаларын іздеп кетті. Бұл Еділше де көп жасап, орнына Деб Бақұй деген баласын отырғызып, алды-артына қарамай о да жөнелді. «Деб» деген сөзі – «тақ үсті», «Бақұй» дегені – «ұлыстың ұлығы» дегені екен. Бұл Деб Бақұй баласы Киік ханды орнына тұрғызып, жөнеліс қылды. Киік хан баласы Алтыншыны орнына ие қылып, баратын жағына бет түзеді. Нұх пайғамбардан Алыншы заманына шейін жұрт әбден пұсырман еді. Алыншының заманында алаң болды. Алаңдықпен тұрмады, елең болды. Ата-бабаларының жол-жобасынан айрылды. «Ит семірсе, иесін қабар» дегендей күй болды. Жанкүйер, жақсы көретұғын жандары өлсе, қуыршақ жасап, астың алдын соның алдына қоятұғын қылып, құшақтап сүйіп, әркім ойына келгенін қылып, жұрт бозалаңдады. Бара-бара сол қуыршақтарға шоқынатын, табынатын болды. Алыншы ханның қатыны егіз бала тапты. Екеуі де еркек ұл боп туды. Бірінің атын Моғұл, бірінің атын Татар қойды. Бұлар өсіп ержеткен соң өзіне қараған ел-жұртын екі балаға енші қылып бөліп беріп, екеуі екі жұртқа хан болды. Татар хандығы жеті атасына шейін келді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймақшы емес. Моғұл, Татар балаларының бір-біріне жаулығы қазақ пен қалмақтай болды. Моғұл мағынасы «мұңлы, қайғылы» деген сөз деседі. Бұл Моғұл хандығы тоғыз атаға шейін келді. Түрік халқының ішінде әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылу, санның толығы – тоғыз деп, сондықтан болған деседі. Моғұл көп жыл патшалық қылды. Төрт баласы болды: Қарахан, Оғызхан, Көзхан, Көрхан. Моғұл Қарахан деген баласын орнына отырғызып хан көтеріп, «шу!» деп, зып ете түсті. Қарахан ірі дөкей хан болды. Ол заманда «Ертауы, Кертауы» дейді екен. Бұл заманда Ұлытау, Кішітау дейді. Жаз болса, сол жерлерді жайлады, қыс болса, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстады. Қарахан заманында бір пұсырман жан емге іздесе табылмайтын дейді. Қарахан бәйбішесінен бір ұл бала туды. Айдан әдемі, күннен көрікті, судан сұлу. Үш күн, үш түн емшек ембеді. Туған шешесін егіз екі көрмеді. Тек шешесінің көзі ілініп кетсе түсіне кіріп:
– Ай, анажан, мені өлмесін, жасасын десең, Құдай бар – соны бір біл, пұсырман қауымында бол! Бұл айтқанымды мақұлдамасаң, өлсем, өлемін, өлдә-білдә, сенің емшегіңді ембеймін, – деді.
Анасы баласын өлімге нағып қисын, Құдай – бір деп, бірлігіне сенім келтірді. Бала емшек емеді. Анасы түсінің мән-жәйін жанға айтпады, жасырды. Алтыншы хан заманынан бері қарай бір пұсырман жоқ еді, баласы пұсырман болса, әкесі өлтіріп тастайды. Әке пұсырман болса, бала өлтіріп тастайды. Ол шақта Моғұл жұртының рәсім-ғадеті – бір жасқа толмай балаға ат қоймайтұғын еді. Бала бір жасқа толды. Басқаның баласының он жастағысындай толық болды. Қарахан жұртқа сауын айтып, ат шаптыратұғын зор, тамаша той қылды. Той күні баланы мерекеге келтіріп:
– Міне, баланы сынап, ат қойыңдар! – деді.
Бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп қоя берді:
– Атым – Оуыз, лақабым – Қысырау, – деді.
Естіген, көрген жұрт таң қалды. Бір жасар баланың сөйлегенін кім көріпті. «Мынау өзі туысы бөлек бала болды, уысы ұзарған, жаны жайылған, ұзын өмірлі, зор бақытты патша болады екен», – десті. «А» деп тілі шыққанда «Алла, Алла!» деп тілі шықты дейді. Естіген жанның бәрі: «Жас бала тілі орамға келмегендіктен, өзіне айтуға оңай болғаны – сол ғой», – дейді. «Алла» – араб тілі. Жеті атасынан араб тілін оғыз жұрты естіген емес. Құдай өзі Оуызды жаратуда Оуыз қылып жаратқан екен. Оуыз ержетті, жігіт болды. Қарахан өзінің туысқан інісі Көрханның қызын алып берді. Оуыз кісі жоқта қатынына айтты:
– Айдай әлемді, сені, мені жаратқан біреу бар, оның аты – Алла, сен оны бір біл! – дейді.
Қатыны:
– Ол жағымда, бұл жағымда естіген сөзім емес, жұрт айтпаған сөзді айтпаймын, – деді.
Оуыз бел шешіп қойнына жатпай кетті. Жұрт аузында сөз бола бастады. «Оуыз қатынын менсінбей, жақтырмай қойнына жатпай кетті» десіп, бұл сөз Қараханның құлағына тиіп, «оны менсінбесе, онан да сұлу қыз алып берейін» деп, тағы өзімен бір туысқан Көрханның қызын алып береді. Оған да айтып еді, о да «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба соның ізімен жүреді» деген сөз бар ғой, солай болды. Мұның да қойнына жатпай кетті. Айлардан айлар өтті, жылдардан жыл өтті. Оуыз бір күні ит жүгіртіп, құс салып, күні бойы аң аулап үйіне қайтып келе жатса, әкесінің інісі Көрханның тағы бір бойжеткен қызы көп қатындармен, өзімен бастас қуыршақ дос қыздарымен бір көлге кір жуа барып, қайтып келе жатқандарында Оуызға оқтай ұшырасып, Оуыз қызды оңаша шетірек шығарып, бұрынғы қатындарымен тұз-еңбегі жараспағандығын айтты.
– Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, мен өзіме басыбайлы жолдастыққа сені алар едім, – дейді.
– Жарайды, сен өл десең, өлейін, тіріл десең, тірілейін, сен өлген жерде бірге өлейін, – дейді.
Үйге келе әкесіне кісі салды.
– Әкем маған қатын алып беретұғын болса, өзім сүйген Қалдықызды алып берсін, – дейді.
Әкесі:
– Жарайды, мен жалғызымнан не жанымды аяймын, – деп, зор, тамаша той қылып, өзі сүйген қызды алып берді.
Оуыз мұны жанындай жақсы көрді, бір-екі жыл өтті. Бастапқы екі келін төркіндеп келген әйелдер: «ханның келіншегі» дегенге мәз болып, сөйлеп, отырып қала берді. Оуыз өзінің бала күнінде асық ойнап атысқан, бір үзім нан болса, бөліп татысқан құрбы-құрдастарымен елсіз жерден аң аулап келеміз деп кетісті. Аң көздің құрты ғой, көрінген аңды қуа-қуа ел-жұрт, үйлерінен шығып кетіп, жуырда қайта қоймай, кешікті. Қарахан баласы жуырда келе қоймаған соң іші пысты. Қатын-қалаш, келін-кепшіктерін қонаққа шақырып, «шүлен тамақ» деген тамақ берді.
Хан бәйбішесінен сұрады:
– Біздің Оуызхан бастапқы алып берген келіндерді қалай ұнатпады екен, соңғы келіннен екеуі де көш ілгері, өңді ғой, – деді.
Бәйбіше:
– Жастар өзі біледі, мен қайдан білейін, – деді.
Қатын-қалаштан араға кісі жүгіртіп, келіндерден сұратты. Бұрынғы екі келіні айтты:
– Мына жақта біреу бар, мен бұл әке-шешеден туғаным жоқ, содан туғанымын. Сендер де соны бір деп біл, бар деп біл деді. Біз бала бастан, құлын жастан осы бәйбішеден туған деп естіп едік, көрінбеген біреу бар, мен содан туғанмын деген. Сөзіңе нанбаймыз, бұл тіліңді алмаймыз дедік, сондықтан бізді жек көрді. Соңғы алған нақ сүйер тоқалы айтқанын қылып, айдауына көніп, тілін алған соң оны жақсы көргендігі – сол, – дейді.
Қарахан бұл сөзді естіген соң жұртын жиып, көпке естіртті, көп жағасын ұстап шошыды. Мынау бір жұрт естімеген сұмдық екен деді. Мынау жұртты бұзар, мұның қарашығын батырып, көзін жоғалту керек десті. «Жә, бәсе» деп сөзді осыған қойды. «Мұны елге жуытпай, түзде жүргенде жайын табайық» десіп, Қарахан атқа мінер азаматқа: «Үйде бір жан қалмасын!» деп жарлық қылып, қосын қылып аттана бастады. Бұл сөзді Оуыздың соңғы алған қатыны естіп, Оуызға хабар жіберді: «Әкесі өлтіргелі, қарашығын батырғалы бара жатыр. «Қатын ердің жеті дұшпаны», үйде қатыным қалады-ау деп алаңдамасын, басының қамын қылсын, өзі тірі болса, қайда барса бір қатын табылар», – деп. Бұл хабар барған соң Оуыз да елге кісі шаптырды: «Әкем мені өлтіргелі келеді, «мен» деген маған келсін, әкемді көксеген әкеме барсын», – деп. Нар түйе десе, жаны құмар, бурыл бас, көк тұқыл, қауқылдаған шалдар Қараханға қарай гулесіп жөнелді. «Жас жігіттің тілеуі бір, жібектің түйіні бір» деп жастар, замандастар, құрбы-құрдастар Оуызға барды. Қараханның туысқан бауырларының бала-шаға, өндірдей жастары көп еді, көтеріле бәрі Оуызға кетті. Оларға «айғыр» деп ат қойды. Айғыр – түркі тілі, мағынасы: «шап етіп жабысқыш» деген сөз. Ұйғыр деген халық солардың жұрағаты. Әке мен бала айдалада ұрыс-төбелес бастап, соғысты. Пір болысушы жанға көрінбей келіп, Оуызға болысты. Болысқандық белгісі сол – Қараханға оқ тиіп мұрттай ұшты. Ол заманда «оқ, жақ» дегенді жұрт көрмеген, білмеген. Қарахан құлап қалған соң, қасындағылар үркіп-шошып қашты. Оуызға ергендер сол бойымен топтанып келіп Оуызды атасының орнына таққа отырғызып, хан көтерді.
Оуыз хан болған соң:
– Алланы бір деп біліңдер, пұсырман болдық деңдер! – деп, тілін алғанды сыйлады, тілін алмағанды өлтірді, қинады.
Қараханға бағынбаған ел-жұрт та көп еді. Соларды өзіне бағындырып, қарату үшін қосын жасап аттанып, «пұсырман болдық» дегендерін аман қойып, сыйлап, қалғанын шаншып, талап, өздерін өлтіріп, қызын – қатын, қатынын – отын қылып, ұлан-ұсағын жетім қылып, пұсырман болғандарға олжа қылып үлестірді. Пұсырмандыққа мойындағандары Оуызға бағынды. Мойындамаған тоң мойын, шу асаулары татар хандарына барып қорғалады. Татарлар да көп жұрт болып өсіп-өніп, Шүршітке жақын маңайлас отырушы еді. Шүршіт деген көп жұрт, кент салған, шаһар салып ақар-шаһар болған. Қытайдың темірқазық жағында тәжік «чин» деп атаған, патшаларын «пағфур» атап, «пағфур чин» аталған, мақтаулы жұрт болған. Оуыз аттанып, татарды шапты. Татар көп қосын жасап, ұрысты. Оуыз қолы басым болып, татар қолы бәсең болып, Оуыз жеңді, олжа көп түсті. Айдап қайта қоятұғын мал емес, тастап кетуға көзі құрғыр қимай, көп те не жоқ, бір шебер кісі екі аяқты арба жасады. Арбаға «қаңқ-қаңқ» деп ат қойды, жүргенде қаңқылдағаннан. Оны жасаушыны «Қаңқылы» деді, бұл күнге шейін ат қалды. Қаңлы деген жұрт – ұрпақ, жұрағаты. Оуыз хан жетпіс екі жыл Моғұл, Татармен жауласып, жетпіс үш жылда бәрін өзіне бағындырып, пұсырман қауымына кіргізді. Сонан соң жүріс қылып Қытайды алды. Қара қытай атанғаны кісілерінің өңі-түсі һүнді халқындай қара түсті болады деген. Һүндістан мен Қытайдың аралығында болады екен. Бұлардан ары дүние айналған. Мұхиттың жағасында, заңғар биік тауларды қоныс-тұрақ қылған жұрттар бар екен. Патшаларының аты Итбарақ екен. Солармен соғысты. Итбарақ хан басым шықты да, Оуыз хан қосыны бәсең тартып, жеңіліп бара жатқан соң, қашты. Ұрысқан жерінің бір жағында ағатұғын екі дария бар еді, сол дарияларды көрген соң Итбарақ хан қосыны қайтып кетті. Оуыз хан қосыны есін жиып, етегін жауып, дем алып қашқан-босқан, қалған-құтқанын жинады. Ол заманда соғысқа аттанғанда қатын-қалаш, бала-шағасын қалдырмай бірге алып жүреді екен. Оуыз ханның бір өзіне жағымды жігіті бар екен, соғыста өлген екен де, қатыны қашып құтылып, ел соңына келіп орын тапқан екен. Өзі буаз екен, толғақ тұтып, күн суық, бас паналауға үй жоқ. Бір іші қуыс шірік ағаштың ішіне қорғалап босанып, ұл тапты. Ол заманда іші қуыс ағашты «қыпшақ» деп атайды екен. Оуыз хан бұл баланың атын Қыпшақ деп қойып, өзі бала қылып алды. Осы бала өсіп, жігіт болған соң қолбасы қылып, көп жігіт-желең беріп орыс, ұлақ, башқұрт, мажар жақтарына жауласуға жіберді. Бұл айтылған жұрттар Тең деген судың бойында болады екен. Қыпшақ келіп орыс, ұлақ, башқұрт, мажарды өзіне қаратып алып, үш жүз жыл патшалық қылды. Бұған қараған ел – «Қыпшақ елі» атанды. Тең, Еділ, Жайық – осы үш судың өлкесінде төрт жүз жыл тұрақ қылып, тарихтарда «Дешті-Қыпшақ» атанды. Оуыз хан Итбарақ ханнан жеңіліп қашқандығын ар-намыс көріп, он жеті жыл арада өткеннен кейін қайта қам қылып, аттанып барып ұрысып, Итбарақ ханды өлтіріп, елін жер-жебір қылып шауып, «пұсырман болдық» дегенге тимей, болмағанын қырып, қиратып, ордасына қайта келіп түсті. Сондағы орда деп жүргендері – керегесіз ағаш шаншып, кигіз жапқан жұлым үй. Оуыз хан моғұл-татар елінің азаматын жинап, Талас, Сайрам, Ташкентке аттанды. Ол заманда бұл айтылып отырған шаһарлар шаһар болып аталған емес. Басы – Қожакент, аяғы Өзкент, Шыршықтың бойында тоқсан мың Қыбрай дүрмен деген жер бар екен. Бір шеті – Шымкент, Сайрам. Отырықшы болған халықты «кент халқы» деп атайды екен. Не десе, о десін, осы аталған жер-суды, отырған жұрттың бәрін өзіне қаратып, алты айда апа-сапа қылып, Зарапшан, Аму суының бойындағы жұртты жайластырып, Құндыз, Талқан, Балқ, Бадақшаннан арман асып, Ғұр уәлаятының үстіне барды. Зымыстан қыс түсіп, күн суық болып, қар қалың жауып, қос-қолаңды қосын жүруге жол ауырлық қылып, жұрт жүдеубас болайын деді. Өктеп отырып, жұрт барып Ғұрды алды. Жыл шығып, жаз болды, қосын санына қараса, бұрынғыдан аз болды. «Бұл қайда қалды?» десе, қардан жүре алмай тау басында қалған екен. Жаз шыққан соң келіп қосылды. Хан оларға: «Сендерге қарлық тисін!» – деп қарғады. Қарлық деген жұрт – солардың жұрағаты, үрім-бұтағы. Бұл күнгі атымен атай берейік. Кабул, Ғазауин, Кашмирді де алды. Бәрін өзіне қаратып, Балқ, Бадақшан үстімен Бұхара, Самарқан топырағын басып қайтып келіп, Моғолстан жұртына орнықты. Бір жыл жатып тынығып, екінші жыл Иран, Шам, Мысыр жұртын ойға алып аттанды. Ол күнде Талас бойы отырықшы жұрт болған екен. «Талас» шаһарға қойылған ат екен. Таласта жатып алды-артын қоғамдап жинағанда, жұрттан кейін қалған бір үйлі-баранды болған, өзі жалғыз үй қалған. Біреуі тауып алып, ап келді.
– Нағып қалдың? – дегенде:
– Өзім аш болдым, атым-тоным жоқ жалаңаш болдым, қатыным екіқабат еді, босанып бала тапты, қалжаға сойып жеуге мал жоқ, емшегіне сүт шықпай баласын жарытпады. Сөйтіп, алақтап тұрғанда бір шүйебөрі анадай көз алдымда қырғауылды алды. Жүгіріп бардым, шүйебөрі қаша жөнелді, қырғауыл қала берді. Алып келіп қатыныма қалжа қылып етін асып, сорпасын ішкіздім, емшегінен сүт шығып, баласын жартты. Сонан кейін сіздің жігіт-желеңдеріңіз оқтай ұшырап келіп, жеткенім-ақ осы еді.
Оуыз хан бұған ат, азық, ешкі, лақ, қой, қозы беріп: «Енді сен шұбатылып жүрмей-ақ қой, қал, аш!» – дейді. Сонан «Қалаш» атанып, бұ да өсіп-өніп көп жұрт болды, «Қалаш елі» атанды. Бұл күнде «Ахлаж» деп атайды. Мауралмизде үрім-бұтағы көп жұрт болып өсті. Ол шақта Иран, Тұранда атақты патша жоқ еді. Киамәрш өліп, Қошан таққа отырмаған күні еді. Өз үйіне әркім өзі қожайын, үй басы «Қарахан» аталған заман дейді. Бассыз елді баудай орып, қирата берді. Ирақ, Араб, Әзербайжан, Армиан, Мейіршамға шейін алды. Бір заманда дәуірі жүрген, бақ-талайы жоғары өрлеген патша болды. Оуыз хан Шам аймағында тұрғанда күндіз-түн қасынан қалмай бірге жүретұғын бір жігіттің қолына жағын берді. «Қасыңа жан ертпей жалғыз кет, құс ұшпас, құлан жортпас шөлге шығып алтын жақты жерге көм. Көрінген тауып алып кетерлік болмасын!» – деп бұйырған соң, бұл жігіті айтқанындай орындап келеді. Бір жыл өткен соң бәйбішеден туған үш баласын шақыртты. Бірінің аты – Күн, бірінің аты – Ай, бірінің аты Жұлдыз екен. «Үшеуің жігіт-желеңін көп қылып көттеріңнен жүргізіңдер. Бір шөл, суы жоқ құм бар дейді, аң көп жер дейді. Сонан барып аң аулап келіңдер, аң қуып арсалаңдап, көздерің далада болмасын, инесін жоғалтқан қатындардай екі көзің жерде болсын, істік ине, сыдырым таспа табылса, тастамай үйге алып келіңдер, жерден табылған нәрсе ырым болады, бақ-талайларыңды сынау үшін жіберіп тұрмын» – деді. Бұлар кеткен соң тоқалдан туған үш баласын шақырып алды. Бірінің аты – Көк, бірінің аты – Тау, бірінің аты Теңіз екен. Алдыңғы балаларына айтқан сөзді айтып, бұларды да аң аулауға жіберді. Бірсыпыра күн түзде жүріп, Ай, Күн, Жұлдыз алтын жақты тауып алып, адам көрмеген аңдарды мұрнынан тізіп, үйіп-төгіп алып келісіп, әкелерінің алдына қойды. Соңғы кеткен балалары да: «күмістен жасалған үш оқ тауып алдық» десіп, бірсыпыра аңмен оларда әкесінің алдына ап келіп қойды. Хан балаларының оқ, жақ тауып алғанына қуанып:
– Бағым, тағым айдалада қалмайды екен, балаларымда қалады екен, – деп, ел-жұртын шақырып, шүлен тамақ беріп, алтын жақты тауып әкелген үш баласына берді. Үш күміс оқты, оны тауып ап келген балаларына берді.
– Жақ тауып алған сендер, хан боласыңдар, міне. Оқ тауып алған сендерге нөкер болады, алған жұрттарының бәріне, өздерінің ішінен іске татырлығын бас сайлап, өзгең осының аузына қарап тұрыңдар, сонда жұрттықтарың жоғалмайды, – деп, өзінің туған жұрты, кіндік кесіп, кір-қоңын жуған жұрты Моғолстанға қайтып келіп түсті.
«Бала-шағамен, қоңсы-қолаң, құл-құтанымен, аймақ-отанымен көп жұртты аралап, жаманын жаралап, жақсысын саралап, аман-есен келгеніме той беремін», – деп, ұлық, зор тамаша жасамақшы болды. Сонда сол тойда жұрт көзіне түсу үшін уық, шаңырақ, керегелі киіз үйді жасатты. Ағаш біткеннің басын алтынды қылып, аяғын күмістен жасатты. Лағыл, жақұт, зумрат, фируза – бұл тастардан сол үйге қадалмай, орнатылмай қалғаны жоқ.
Абулғазы сөйлеген шежіреден жазылған сөз:
Бір үй тікті алтыннан, ол – шаһарияр,
Кім ол үйді фәләк ойы қылды ғар.
Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой өлтірді,
Былғарыдан тоқсан тоғыз саба құяр.
Тоғызына арақ, тоқсанына қымыз толтырды, барша нөкерлерін шақырып келтірді. Әуел басы алты баласына көп өсиетті, үлгілі сөздер сөйледі. Онан ел сұрайтын билеріне: «Жол-жоба, ақыл-таразы, ақылға билетіп сөйлейтін сөзге әркім-ақ риза болмақ» деп, солайша үйретті. Әр қайсысының еңбегіне, қызметіне лайықты сыйлар сыйлап, бас болуға жарарлығын – бас, құл болуға жарарлығын – құл, аяқ болуға жарарлығын – аяқ, әркімнің сыбағасын, өзі орнын жобалады.
Балаларына:
– Жасы үлкен үшеуің алтын жақ тауып келдіңдер, өздеріңе байлап едім, бұзып, бөлектеп алыңдар. Аттарың «Бұзық» болсын. Сендерден болған үрім-бұтақты «бұзық» атасын, мүйізды қошқар бола тұра, сендер – екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Бір атадан екеу тусаңдар, бір-біріңді мүйіздеп, бақ күндестікпен әуре боласыңдар.
Үш оқ тауып келген үш бала, ол пенде жұмысы емес, Алла жұмысы. Жақ патша есепті, оқ жақтың атып жіберген жұмыскері, жақ оқты қалай нұсқап атса, оқ солай кетеді. Мен өлген соң көп хан таққа мініп, менің орныма отырып әділдік қылсын, сонан былай «Бұзық» тұқымының іске жарарлығы хан болсын да, хан болмағаны оң қол болсын, үш оқ тұқымы сол жақта отырсын, сол қол болсын, бір түйеде екі өркеш, бірінсіз бірінің күші бола ма? Осы сөзді ұмытпаған – оңбақ, мұны ұқпағандар – тоңбақ. Оуыз хан жүз алты жыл патшалық қылып, Хақ рақыметіге барды. Оуыз ханның тұңғышы – Күн хан патша болды. Ұйғыр елінен Ерқұлқожа деген кемеңгері бар еді. Соның қас-қабағының ыңғайымен іс қылды. Оуыздың алты баласында жиырма төрт немере болды. Бұл айтылған балалар, немерелер қадірлеп айтылатын қатындарынан «Құма» деп айтылатұғын қатын болады екен. Оны қатын есепті алған емес, олжаға түскен соң сұлулығына қызығып, басқаға қимай жинай береді екен. Мұндайдан болғандары биттей быжынап, құрттай құжынап толып жатыр. Күн хан атасы жасатқан Алтын Орданы тіктірді. Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой сойдырды, былғарыдан тоқсан тоғыз саба тіктіріп, тоқсанына – қымыз, тоғызына арақ толтырды. Жұртына қырық күн шүлен тамақ беріп, «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген сөзді орнына Ақтан тигізгендей, оқтай келтірді. Киіз үйді қолдан жасатып, жұртқа өрнек-өнеге қылған Оуыз хан болғандықтан, «киіз туылдырықты Оуыз үйі» атанып қалды. Және:
– Дәл өзіме ше [йін] тоғыз атаға хандық үзілмей келді және өзімнен кейін тоғызға толғанша үзілмейді, – деп, тоғызды толық сан қылды. Қазақта: «Киіт те тоғыз, сиіт те тоғыз» деген сонан жол-жоба болып қалды. Балаларының аттары: Күн хан, Ай хан, Жұлдыз хан, Көк хан, Тау хан, Теңіз хан.
Күн ханнан төрт бала: Қали, Баят, Алқа аюлы, Қара аюлы;
Ай ханнан төрт бала: Ошат, Қонақ, Дудырға, Дөкір;
Жұлдыз ханнан: Салар, Әміре, Алажонты, Өзгер;
Теңіз ханнан: Ектұр, Бектұр, Ауа, Қонық.
Көк хан, Тау ханның аты жазылмапты. Құмарларынан болған бел балалар: Кене, Көне, Төрбат, Керейлі, Сұлтанды, Оқты, Көкті, Сушыл, Арасан, Жұртшы, Жәмші, Тұрышы, Қойсорқы, Қошық, Қазғұрт, Қырғыз, Лақай, Тікен, Лала, Мөрдем, Шот. Бұл шежіре – біздің алып отырған үлес, сыбағамыз. Оуыз хан балаларына өз пайым-парасатымен көзіне көрінген нәрсенің толымды, жарамдысын ат қылып қоя беріпті: Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз деп. Сол аттар күні бүгінге шейін біздің қазақта: айдың басында туған баланың атын Айбас қояды. Таң ата туған баланың атын Таңатар қояды, күн шыға туса, Күншығар қояды, түн ортасында туса, Түнқатар қояды, көл басында туса, Көлбай қояды, тауда туса, Таубай қояды, жайлауда туса, Жайлаубай қояды, қыстауда туса, Қыстаубай қояды, күзекте туса, Күзек, Есілде туса, Есілбай, Нұрада туса, Нұрабай. Оуыз ханнан ұстап қалған өнеге-үлгі осы. Екінші өрнек үлігісі – киіз үй. Бір нәрсені біреу іздеп таба алмай келсе: «Осы Оуыз үйлі Айдаболдан таба алмағаның ба?» – дейді. Үшінші өрнек үлгісі – топырлатып жылқы сою, қой сою, қара сабаға қымыз толтыру. Төртінші өрнек үлігісі – тоғыз-тоғыздан сыйға сияпат. Өлген өлігіне мал шығарса да – тоғыздан. Байлар өлсе, жаназаға барып келушіден: «неше тоғыз шығарыпты?» – деседі. Арғы атамыз – Ер Түрік, екінші буын атамыз – Моғол, моғолискиге қосыламыз. Үшінші буын атамыз – Оуыз хан. Ай мен Күн, Жұлдызына таласпай-ақ қоялық, үшінші оқты бізге қимай ма? Біз неге бұл күнге шейін «Үш жүз» атанып, «Үш алаш» атанып жүрміз?!
33. Қазақтың түбі
(ІІ нұсқа) Первый человек – Адам Ата топырақтан жаратылды. Второй человек - Нұх пайғамбар Топан суынан үш баласы, үш келінімен аман қалды. Басқа қалғандар [ы] бәрі қырылды. Нұх пайғамбардың үш баласынан өрбіп-өніп өсті: Хам, Сам, Иафас. Бұл үшеуін өзі тірісінде үш жаққа жіберді. Хамды Һиндстан жаққа, Зәңгі Хабаш қара түсті жұрттар мұның нәсілінен өсті. Самды оңтүстікке – Иран, Зминге жіберді. Ғараб, Ғажам мұның нәсілінен өсті. Иафасты солтүстікке жіберді. Мұның нәсілінен отыз алты түрлі жұрт өсіп-өнді. Сегіз баласының аты тарихшыларда қалды: Түркі, Хазар, Сақлаб, Рус, Мың (Мен), Шын, Кимер, Тарф. Бұл Иафас тұңғышы Түрікті өз үрім-бұтағына хан сайлады. Басқа балаларына: “Бұған бағынып, қараңдар!” деп бұйрық қылды. Сонымен Түркі первый (перуай) хан атанған, ханның толық дөкейі болды. Бұл Түркі ақылды, милы, әдепті, ибалы жан болды. Сонда ұнатып орныққан жері Ыстықкөл болды да, керегесіз төбе қосты баспана қылуды бұл Түркі шығарды. Төрт баласы болды. Тұңғышы – Түтік. Бұл Түтікті өз қолынан хан сайлап, үрім-бұтағына басшы қылып, ахирет сапарына кетті. Түтік ғақылды, дәулетті, жақсы патша болды. Түркі жұртында көп жол-жобаны жұрт көзіне түсірді. Ғажам патшалары әуелі Кеймарыспен замандас болды. Күнлерде бір күн аң аулап, киік етін жейді, аузына сүйкімді тиді. Сөйтсе, ол жер тұзды жер екен. Тұз асты ләззатты қылатұғынын сезіп, асқа тұз салуды бұл Түтік шығарды. Екі жүз қырық жыл жасап, баласы Елші ханды орнына отырғызып, “Барса келмеске” кетті. Елші хан көп жылдар патшалық қылып, асарын (ашларны) асап, жас жасап, баласы Деб Бақой ханды орынға отырғызып, бабаларының соңынан бұ да барды. Баласына “Деб Бақой” деп ат қойғаны: “Дебтің” мағынасы – “тақ үсті” “бақой” мағынасы – “ас ағасы” – деген екен. Бұл Деб Бақой көп жылдар (иллар) патшалық қылып, достысы күлгендей, дұшпаны жылағандай іс қылып, баласы Киік ханды орнына отырғызып, “көші-қоны жоқ, жайлы орынға” бұ да барды. Киік хан тағында отырып, неше жылдар дадғыдыллық қылып, баласы Алтыншы ханды орнына қойып, “халық баратұғын орынға” бұ да барды. Алтыншы хан көп жиллар (жылдар) елге патшалық қылды. Нұх пайғамбар заманынан бұл Алтыншы ханның заманына шейін Иафас үрім-бұтағы мұсылман еді. Алтыншы заманында жұрт абадан, ел дәулетті болды. Өзбекте айтыла қалған сөз бар: “Ит семірсе, иесін қабар” деген. Әркімнің бір сүйері өлген болса, я ұл, я қыз, я аға, я іні – соған ұсатып (ұқсатып) үйлерінде қуыршақ жасап, өзіне бөлек сыбаға ас қойып, соны құшақтап сүйіп, солай қыла-қыла өршіп, ұлғайып, шытпырситлық (пытшырситлық) күшейді. Бұрынғы ата-бабаның ізінен, соқпағынан айырылды. Алтыншы хан екі баласы егіз туып еді. Бұрынғы туғанының аты – Татар, соңғы туғаны аты – Мұғыл. Алтыншы хан қартайған соң елін екі баласына бөліп беріп, бұл екеуі бірімен-бірі тату-тәтті болып, екі жерде патшалық құрды. “Татар кім болды?” деп, ешкім сұрамайды. Біз Мұғыл кім болғанын таратайық. “Мұғыл” мағынасы: “мұңлы, қайғылы” делінген сөз. Бұл Мұғылдан тоғызыншы атаға дейін ханлық (хандық) үзілмей келді. Әуелі – Мұғыл хан, ақыры – Елхан. Түркі халқының ішінде рәсім, үлгі, өрнек болып қалды. Әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылмақ. Ол “тоғызы”– Мұғылдың тоғыз ханының соқпағы. Мұғыл хан көп жылдар патшалық қылды. Төрт ұғлы бар еді: Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан. Мұғыл хан Қараханын өз орнына хан сайлап кетті. Қарахан атасынан соң тамам елге патша болды, Ұлытау, Кішітауды жайлады. Қыс болғанда, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстады. “Қарахан заманында жұрт сондай кәпір болды, орталарында бір пұсырман қалмады” десе, өтірікші болмайды. Қараханның бәйбішесінен бір ұл туды: көрерге көркі ай-күннен әдемі болып туды. Үш күн, үш түн емшек берсе, ембеді, анасының қарасын егіз-екі көрмеді. Жұрт дағдарды, састы. Құдайдың құтты күні бала шешесінің түсіне кіріп:
– Ай, анажан, мұсылман (пұсырман) бол! Сені, мені жаратқан Біреу бар, сен соны бір біл. Сен солай қылсаң, емшегіңді емемін, әйтпесе, ембестен, тіл тартпай өлемін! – деген соң, шешесі баласын өлімге қимағандықтан, баланың «айт!» дегенін айтты. Бала сонан соң шешесін емді.
Бәйбіше көрген түсін, мұсылмандығын (пұсырмандығын) жанға айтпады, жасырды. Ол шақта Мұғол жұрты сондай бұзылған еді. Атасының мұсылман екенін білсе, баласы өлтірер еді. Баласының мұсылман болғандығын білсе, әкесі өлтірер еді. Және Мұғыл жұртының заңында бала бір жасқа толмай ат қоймайтұғын еді. Бір жасқа әбден толғанда, топ ортасына қойып, көпке сынатып, сөйтіп ат қойғызады екен. Бала бір жасқа толған соң Қарахан елге сауын айттырып, зор той қылып, баланы мерекеге алдырып:
– Кәне, бұған лайықты ат тауып қойыңдар! – дегенде, бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп:
– Менің атым – Уыз, – дейді.
Жиылған жұрт айран-асыр қалып:
– Бұл бала өз атын өзі қойды. Мұнан жақсы ат бола ма, мұның аты “Уыз” болсын! Бір жасар баланың сөйлегенін ырым көріп: «Бұл өрісі ұзаған, жаны жайылған, өрісі кеңіген, ұзын өмірлі, толық дәулетті патша болады екен!» – десті.
Сонда Уыздың тілі шыққанда: “Алла! Алла!” деп қақсап айтып жүретұғын болыпты. Жұрт “Алла!” деген сөздің не екенін де білмейді “Тілі шықпаған бала аузына не түссе, соны айтады ғой!” десіп, аңыз қылысыпты. Уызды Құдай тағала жаратылыста шын уыз қылып жаратқан екен. Ер жетіп, жігіт болған соң әкесі өзінің кенже інісі Көрханның қызын алып берді. Уыз оңашада қызға айтты:
– Айдай әлемді, сені мен мені жаратқан Біреу бар, соның аты – Алла, сен соны: “Бір біл! – дейді.
Қыз:
– Не оң жақта, не бұл жақта мұндай сөз естігенім жоқ, айтпаймын! – дейді. Уыз оның қойнына жатпайтын болды.
Ханның құлағына тиді: “Балаңыз келіншегін сүймейді” деген сөз.
– Олай болса, қыз табылар, – деп, Көзхан деген інісінің қызын айттырып, алып берді.
Уыз оған да айтып еді, о да:
– Елде-жұртта жоқ сөзді айтар жайым жоқ! – деп, тілін алмады.
Оны да жаратпай, қойнына жатпайтын болып кетті. Уыз өзі аң аулауға шығып, қайтып келе жатса, көл басында көп қатын-қыздар кір жуып, суға шомылысып жатыр екен. Уыз оңаша шеткері түсіп, бір қызды шақырып алып сөйлесті:
– Әкем маған екі қатын алып берді, екеуі де менің тілімді алмады. Сонан соң мен екеуін де жақтырмай, қойындарына жатпайтын болдым. Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, сені жолдастыққа ұнатып алар едім! – деген соң:
– Жарайды, сен не бол десең, мен сол болайын, қазылған жолыңда, шашылған топырағыңдамын! – дейді.
Сонан соң Уыз әкесіне сөз салды:
– Маған өзім сүйген қызды алып берсін! – деп.
Сонан соң әкесі ол қызды алып берді. Уыз мұны жанындай жақсы көріп сүйді. Арада бірнеше күнлер өтті. Уыз көп жігіт-желеңмен ұзақ жерге аң аулай кетті. Қарахан келін-кепшік, қатын-қалаш, құл-құтандарының басын қосып, қонақ қылды. “Ішкен – мас, жеген – тоқ”, мәре-сәре болып отырғанда, бәйбішесінен сұрады:
– Біздің Уызжан бастапқы екі келінді не пейілінен жақсы көрмеді, соңғы келінді қалайша артық көрді екен? – деп.
Бәйбішесі:
– Мен қайдан білейін, келіндер өз қылығын өздері білетін шығар, – дейді.
Хан келіндерінен сұрады, дөкей келіні:
– Балаңыз: “Мұсылман бол!” дейді. – Бір жақта Біреу бар, соны: “Бір деп біл! – дейді. Біз тілін алмадық, соңғы келініңіз “ашса аясында, жұмса жұмырында болды”, сондықтан оны жақсы көрді де бізді жек көрді, – дейді.
Қарахан бұл сөзді естіген соң, бастастарын шақырып:
– Мұндайды естіп, білгендерің бар ма? – деп сұрады.
– Жоқ, жоқ, мынау бір кісі есітпеген сұмдық екен! – деп, үрпиісіп, шошып қалды.
– Сірә, мұның көзін жоғалтпасақ, мәнісі болмас, жұртты бұзар! – десіп, сөзді осыған байлап:
– Мұны түзде жүргенде, қарашығын батырайық, жоқ қылайық! – деп, жұртына жар салдырды: «Аңға шығамын. Мен деген үйде отырып қалмасын!» – деп.
Бәйбіше мұны сезген соң Уызға кісі шаптырды: “Әкесі өлтіруге барады, басының қамын қылсын, қашсын!” – деп. Уыз мұны естіген соң, о да елге кісі шаптырды: «Мені деген маған келсін, әкемді керек қылған әкеме барсын!» – деп. Қараханның інілері бала-шағалы, өскен-өнген еді. Тамам немерелер көтеріле Уызға қосылды. Оларды Қараханнан бөлек жайылады деп, ешкімнің ойына келмеген еді. Уыз бұларға: “Айғор!” деп ұран шақыртты. Мағынасы: “жабысқыш” деген сөз екен. Және үйірін таныған айғырдай оқыра түсті деп, сүйіп қойған ат болды. Партия десе, жаны құмар, қауқылдаған шалдар Қараханға жақтасты. “Жастың жасқа тілеуі бар, жібектің түйіні бір” десіп, жастар Уызға қосылды. Жапан түзде айғайласып ұрысты, қарсыласып тұрысты. Баршаны жоқтан бар қылған жалғыз Құдай Уыз жаққа болысты. Қараханға оқ тиді, кім атқанын білмеді. Ол заманда оқ деген, жақ деген нәрсе зым-зия жоқ нәрсе. Қарахан өлді, оған ерген бықпырт болып бүл [ін] ді. Түге[л] уызы ауызынан шыққан жастар Уыз ханды алып келіп, таққа отырғызып, хан көтерді. Заман – “Уыз хан заманы” деп жар шақыртты. Уыз хан өзіне бағынған елдің бәрін мұсылмандыққа көндірді. Мұсылман болғанды сыйлады, болмағанды шапты, талады. Уыз ханның жүрген-тұрған тарихын жазуға аз ғана қалған өмір жарамайтұғын болды. Жүз он алты жыл патшалық қылды. Бір күн үйде жайланып отырған жоқ. Бетіне жан қарсы келмеді. Алты ұлды, жиырма төрт немерелері болды. Бәрі де ат арқасына мініп, “жау жаулауға” жарады. Бәйбішеден үш ұл, аттары: Күн, Ай, Жұлдыз. Тоқал қатынынан үш ұл, аттары: Көк Тау, Теңіз. Бұл алты баласын сынамаққа аң аулауға бұйрық қылды. Бәйбішеден туған: Күнді, Айды, Жұлдызды күншығыс жаққа аттандырды. Тоқалдан туған: Көкті, Тауды, Теңізді күнбатыс жаққа аттандырды. Бұлар ұзап шығып, көп күн жүріп, күншығысқа барған: Күн, Ай, Жұлдыз жазы жапан далада бір алтын жақ тауып алып, көп аңмен атасына аман-есен келіп, үйіріне қосылды. Күнбатысқа барған: Көк, Тау, Теңіз – бұл үшеуі үш оқ тауып алған екен, қанша көп аңмен бұлар да келіп, атасының алдына қойды. Уыз хан алтын жақты да, үш оқты да ертерек уақытта өзі көмдірген екен: “Балаларым тауып ала алар ма екен? Жоқ, ала алмай, жерде қалар ма екен?!” – деп. Балаларының тапқандығын ырым көрді. Бұған шаттанып, зор мереке, той қылды... Тойға тігуге кигіз үй жасатқан екен: кереге мен уықтардың басын алтындатып, керегенің көктерін лағыл, жақұт (иақұт), зүмрәт, фируземен көктеткен екен. Алғаш кигіз үйдің жасалған күні – сол күн екен. Онан бұрын дүниеде ешкім жасамаған екен. Сол үй һәм сол той туралы айтылған сөз:
Бір үй тікті алтыннан шаһар- иар.
Кім ол үйден філік үй қылды?
Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой өлтірді,
Былғарыдан тоқсан тоғыз қос қылдырды.
Тоғызға – арақ, тоқсанға қымыз толтырды.
Барша нөкерлерін шақырып келтірді.
Алтын жақ тауып алған балалар біріне-бірі қимағандықтан, үш бөліп алған екен де, үш оқ тауып алғандар жасы үлкеніне байлаған екен: “Дүние зәру емес, біріңе-бірің қимай, үлесіп алғандықтарың алтынның жүзінің ыстықлығы, егер алтын жолда жатса, қызыққандықтан періштелігін былай қойып, алтынды алса керек. Сендердің атың “Бұзық” болсын және сендерден өрбіп-өнген жұрағатты “Бұзық” деп атасын. Әрқайсың әр жұртқа бас болып, жан сақтамасаңдар, үш үйің бір жерде тату-тәтті отыра алмайсыңдар. Ылғи қошқар болып туасыңдар. “Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма?” – депті.
– Міне, үш оқ тауып алып, біріңе-бірің қиып, байладыңдар! Сендерді және сендерден өрбіген жұрағатты: “Үш оқ” аталсын!» – деген екен. Жақ оқты қалай тартып жіберсе, оқ солай кетеді. Жақ тауып алғанның тұқымы хан сайлансын да, оқ тауып алғанның тұқымы оған нөкер болсын! – деп, өзі тірісінде Күн ханды хан сайлаған екен. “Бұзықтың” іске жарарын хан сайлаңдар да, “Үш оқ” тұқымы оған нөкерлікке бас ұрыңдар! – деп бата берген екен.
“Үш оқ” тұқымынан біздің қазақ нәсілі өрбіп-өнеді. Оның шындығына көктен түскен төрт кітаптан дәлел іздейміз бе? Қазақтың “Таубай, Теңізбай, Көлбай, Адырбай, Бұдырбай деген аттарының өзі-ақ растайды. Және қазақ Уыз нәсілі екендігіне кигіз үйі айтпай танытып, сұрамай білдіріп тұр. “Уыз үйлі елден табылмағаны ма?” деседі. Бұл Уыз ханның заманын білем десең, Кеймәріс өліп, һошыңның таққа орнықпаған заманы еді деседі. Уыз ханның бір нөкері Қарақытайдың ханы Итбарақ хан соғысында өліп, буаз қалған қатыны іші қуыс шірік ағаштың ішінде босанып, ұл тауып, Уыз хан ол баланың атын “Қыпшақ” қойып, өскен соң өзін батырбасы қылып, көп қосынмен орыс, ұлақ, башқұр, мажар жағына жіберіп, бұл көп жұртты бағындырып, үш жүз жыл патшалық дәурен сүріп, сонан Еділ, Жайық, Ертіс, Сырдария аралығындағы дала “Дешті Қыпшақ” атанды. “Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?” делінген сөз осы қыпшақ заманында айтылған сөз екен.
34. Қазақтың түбі
(ІІІ нұсқа) Бір Алтынбел деген хан болған, ханның жалғыз ұлы бар еді, аты – Қайшылыхан, сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды, бір уақытта бір қыз бала келтірді, ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ. Тапқан шешесі қызын көріп көп күнге дейін талып қалды. Сондай бір қыз келтірді деп ханға айтады.
Хан айтты:
– Адамға көрсетпе. Кісі көрмесін деп бір жерге жасырып асырат! – деді. Сонан соң ханның қатыны бір кемпірді шақырды, кемпірге бір жүз ділдә жылында берді. Кемпір бұл баланы алып, қараңғы темір үйге салып асырады.
Сол қыз бір күндерде ер жетіп өсті. Өскеннен соң бұ қыз бір күнде кемпірден сұрайды:
– Сен қайда барып жүресің?
Кемпір айтады:
– Е, балам, бір жарық дүние бар, жарық дүниеде әкең бар, шешең бар, талай жандар бар, анда барамын.
Қыз айтты:
– Е, енеке! ешкімге айтпаймын, маған со жарық дүниені көрсетші!
Кемпір айтты:
– Жарайды, ешкімге айтпасаң, көрсетейін!
Кемпір бұ қызды тысқары шығарады, шығарғаннан соң қыз бұ жарық дүниені көріп, бойы балқып, есі ауып қалды. Сол тысқары шыққан күндерінде оған Алла тағаланың көзі түседі. Алланың әміріменен со қыз құрсақты болды. Бір күндерде іші өсіп үлкен болды. О қыз буаз болғанын кемпір білді, енді мені өлтіреді деп қайғы жеді. “Енді мені өлтірсе де қаным ақ! Ханның қатынына айтамын”, – деді.
Кемпір келіп ханның қатынына айтты:
– Қызыңыз құрсақты болды, еш адамға мен оны көрсеткенім жоқ, өлтірсеңіз – қаным ақ. Тірі қалсам, жолы – ақ!
Ханның қатыны айтты:
– Сен онан басқа не қылдың?
Кемпір айтты:
– Қылғанымды жасырмаймын, менің қылған жазығым, бір ақ рет тысқа шығарған едім. Шыққан күннен құрсақты болды.
Ханның қатыны айтты:
– Сен жамандық қылмаған болсаң, ханға жауабын мен өзім берейін.
Солай айтып ханға барды. Ханға келіп айтады:
– Қызымыз құрсақты болды Алланың әміріменен. Оны еш адам көрген жоқ еді.
Хан айтты:
– Олай болса, өлтір оны! – деді.
Ханның қатыны айтты ханға:
– «Хан қызын өлтіріпті» деген атақ жаман болар?
Хан айтты:
– Енді не қылсаңдағы, көзімнен жоғалт! – деді.
Қатын өлтіруге қызын қимады, бір алтынды абдыраға салып, ішіне азық салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып қоя береді. Сол бір жерде Домдағұл соқыр, Тоқтағұл мерген бір жерде аң аулап жатушы еді. Сол дарияның ортасында ағып келе жатқан абдыраны көрді. Тоқтағұл мерген көргенде:
– Ай, жолдасым – деді, – судың ортасында жарқырап бір нәрсе ағып келеді, Құдай берсе, оны біз алармыз, ала қалсақ сен ішін аламысың, тысын аламысың? Со жерде үлеселік, қолымызға келген соң бір-біріміз таласып араз болармыз.
Ол Дамдағұл соқыр:
– Мен тысын аламын”,– деді.
Тоқтағұл мерген айтты:
– Мен ішін аламын, не шықса да, шықпаса да менің бағымнан болсын!
Сонан соң жібектен жіп есіп, оққа байлап, Тоқтағұл мерген атады, ол оқ барып абдыраға қадалады. Абдыраны тартып судан шығарып алады. Абдыраның аузын ашады. Ашса, ішінде он төртінен туған айдай боп бір қыз жатады. Екісі көргеннен соң көркіне есі ауып қалады:
– Не қызсың? Не еткен жансың? – деді.
Қыз айтты:
– Мен Алтынбел ханның қызы едім, – деді. – Мені бір қараңғы жерде асыраған екен, мен Алланың әмірімен құрсақты болыппын. Мені сонан соң әкем: “Өлтірсін!” – деді. Шешем өлтіруге қимай: “Қайда кетсе де тірі кетсін!» деп, осы абдыраға салып қоя беріпті.
Тоқтағұл мерген айтты:
– Сені біз алармыз, бізге тиемісің?
Қыз айтты:
– Тиейін, мен осы ішімдегі баламды дүниеге келтіргеннен соң мен сонда тиейін саған! – деді.
Тоқтағұл мерген:
– Олай болса, жарайды, – деді.
Сонан соң уақыт жеткен соң бір ер бала келтірді, өзінен көркем болды. Сонан сон некесін қиып алды. Далада жүрмейік деп еліне келді. Еліне келген соң со бала ер жетіп өсті. Өзі жақсы, әділ болды. Со баланың атын Шыңғыс қойды. Ол уақытта олардың тұрған жерінің патшасы өлген екен, бала қалмаған екен, елі патша қылуға жақсы кісіні таба алмайды. “Сол Шыңғыс деген баланы патша қылалық” деседі. Баланы патша қылады, “Өл десең, өлерміз!” деп ант береді. Сол Шыңғыс патша болып, әділ болды, кісіге зұлмат қылмады, зорлық қылмады, жұрты тыныш болды, елде ұрлық, өтірік жоқ болды. Шыңғыс туғанда Тоқтағұл мерген Алтынбел ханның қызын алған екен, сол қатыннан үш ұл бала туды. Ол үш ұл ер жетті, ер жеткеннен соң сол Шыңғыс деген патшаға зорлық қылды: “Бұ атасы жоқ бала еді, мұны патша қылмаймыз, біздің атамыз бар, біздің бірімізді патша қыл!” Сол патша сол үш баламен егес болды. Сонан соң патша: “Мен жалғыз едім, мені өлтірер” деп, қашпақшы болды. Шешесінің қасына келді, айтты:
– Е, шеше, мен кетемін қашып, мына үш жаман балаң мені өлтіретұғын болды, – деді.
Шешесі сұрады:
– Енді, балам, сен қайда барасың, барған жеріңді маған айтып кет! Мен сенің өлі-тірі хабарыңды қайдан білейін, – деді.
Шыңғысхан айтты:
– Қайда барайын? Өзің ағып келген судың басына барып, сол атамның тұсына барып, анда жетермін! Атам судың ар жағында болса, судан өтсем өтермін, өте алмасам, судың бері жағында, со жерде жатармын. Е, шешекем, менің өлі-тірі хабарымды білдірермін саған, осы өзің ағып келген судан құстың жүнін салып тұрармын, құстың жүні өтіп тұрар. Өтіп тұрса, менің тірім, құстың жүні өтпесе ағып, менің өлгенім, – деп уәде қылды да: – Аман бол, шеше! – деп кетіп қалды.
Шыңғыс қашып барып суды өрлеп кетті, атасының тұсына келіп, судан өте алмай, бұ жақта жатып қалды. Жатып аң атарға шықты, аң атып, құс атып, аңның терісінен үй қылып алды. Құстың жүнін суға салып тұрады. Құстың жүні аққан суменен өтті, шешесі тірісін біліп тұрды енді. Шыңғыс құстың жүнін таудай қылып үйіп қойды. Сол Шыңғыс кеткеннен соң ел патшасыз болып қалды, кімді патша қылармыз деп састы, онан соң “осы қатынның баласы жақсы болушы еді” деп бір Бергелтай деген баласын хан қойды. Бергелтай жұртты бүтін тұтып жақсы қылып тұра алмады, жұртында ұры көп болды, тентек көп болды, өтірік көп болды, оның тілін адам алмады, өзі әділ болмады, парақор болды. Сонан соң сол жұрты азып-тозды. Жұрты бір жерге жиылып кеңес құрды. “Біздің патшамыз әділ болмады. Жаман болды, ол жұртты тұтып тұра алмады. Шыңғыс хан патшамыз тұрған уақытта жұртымызда ұрлық, өтірік, зорлық жоқ еді, жұртымыз көп еді, енді аз болып қалды, жұртымыз таусылатұғын болды. Бергелтай патша бола алмас, со Шыңғысты іздеп табайық, Мұны қайдан табамыз? Қайда кеткенін Құдай біледі, өзге жан біліп болмас, бір білсе шешесі білер, онан сұралық!»
Жұрты жиылып сол шешесінікіне келді, айтты:
– Сол Шыңғыстың қайда кеткенін білемісің? – деді. – Мына жаман балаң патша бола алмады, жұртты бүтін тұтып тұра алмады. Шыңғыстың заманында жұртымыз жақсы еді, со Шыңғысты іздейік,– деді. – Біз қайда кеткенін білмейміз, сіз соны білерсіз, сіз айтыңыз, білсеңіз!.
Шешесі айтты:
– Мен айтайын! Барсаң-дағы, тауып алсаң-дағы мында келмес! Келсе, түзу айтайын! Осы суды өрелеп жұрт отыр, осы судың бойында Шыңғыс бар-ды, табарсыңдар барып, жалынарсыңдар, Шыңғыс келер, жаман сөз айтпандар, көптен кісі көрген жоқ, шошып кетпесін!” “Жарайды” деп жиырма бес кісі Шыңғысты іздеп кетті.
Бір күндерде Шыңғыстың жеріне келіп жетті. Шыңғыстың аң терісінен қылған үйін көрді, таудай қылып үйіп тастаған құстың жүнін көрді, орнатып қойған ат байлайтұғын діңгегін көрді. “Е, Шыңғыс осында екен” деді. Шыңғыстың өзі жоқ екен, аң аулауға кеткенін білді. “Біз бұған көрінбейік, бізді көрсе, қашып кетер, атымызды жасырып, өзіміз құстың жүніне еніп жаталық, келіп ұйықтап жатқан жерінде ұстап алалық”. Жасырынып жатады. Бір күндерде Шыңғыс келеді, діңгекке Шыңғыс хан келді өзі. “Ханның атын ұстаңыз!” деді, аттан түседі, және өзі: “Ханның атын байлаңыз!” деді. Хан үйге кірді, өзі: “Ханға есік ашыңыз!” деді. Үйге кіргенде: “Ханның астына құс салыңыз!” деді. Өзі отырды. “Ханның алдына ас әкеп қойыңыз!” деді. Асты өзі алып ішеді. Асын ішкен соң ұйқысы келді. “Ханға төсек салыңыз!” деп, өзі салып жатты. Жатып қалған жерінде жиырма төрт кісі бас салып ұстап алды, жиырма төрт кісіні бірін бұлай, бірін бұлай лақтырады.
Кісілер айтты:
– Е, тақсыр хан! Құлдық қыламыз деп жалынып келдік, сіз кеткен соң еліміз азып, тозып кетті, қайтып жүріңіз! Патша болып орныңызға тұрыңыз!”
Сонан соң қайтып алып жүрді, еліне алып келді. Бұрынғы орнына хан қыламыз дегенде, соңғы байдан туған үш інісі:
– Мұны патша қылмаймыз, бұл кетсін, кетпесе, мұны өлтіреміз! – деді. Сонан соң жұрт жиылып кеңес құрды:
– Мұны қайтеміз? Бұны патша қылсақ, өлтіреміз дейді, өздерін патша қылса да шешесі білсін! – деді.
Шешесіне үшеуін жіберді: «Төрт баласының қайсысын шешесі патша қылса да біз соған ризамыз!» – деді. Төрт баласы шешесіне келді. Бірісі: «мен боламын патша» және бірісі «мен боламын!» – деді. Төртеуі таласып келді.
Төрт баласына шешесі айтады:
– Бәрің де менің баламсың, – дейді. – Сендер таласпаңдар! Мен төртеуіңді әділ шариғат қылайын. Мына сағымға садақтарыңды іл, сағым садақтарыңды көтерсе, соның патша бол!
Төртеуі апарып сағымға садақтарын ілді. Үшеуінің садақтары жерге түсіп кетті, манағы Шыңғыстың садағын көтеріп тұрды сағым, астында біреу жоқ, үстінде байлау жоқ. Сол жерде сол қатын жұрттың бәрін жинап алып:
– Мынаны көріңдер! – деді. – Бұл Алланың әмірінен бала болған, мұның садағын Алланың әмірімен сағым көтеріп тұр. Мұны патша қылыңыз! Анау үшеуі бұған зорлық қылса сол үшеуін өлтіріңдер! –деді. – Сендер көпсіңдер, зорлық қылдыртпаңдар! – деді.
Сол хан болып тұрып қалды, тозған жұртын жиып алды, өзі сондай әділ патша болды. Өзі бір жақсы қатын алды. Қатыны үш ұл тапты, бір қыз тапты. Сол патша болып тұрған заманында әр патшадан артық болды, ешбір жауға алдырмады, жұртына қайғы салдырмады. Сонан соң сол жақсы патша бар деп Үрім шаһардың кісісі келіп, «бір баласын бізге бер» деп сұрап келді: “оны патша қыламыз”. Үрім шаһаріне берді бір баласын. Қырым шаһарінің кісісі келді, «Шыңғыс ханның баласын хан қылғалы аламыз» деп сұрап келді, ол бір баласын алды патшалыққа. Қалипа жұрты келді: “Бір баласын бізде патша қыламыз” деп, оған бір баласын берді. Онан соң сол «Шыңғыстын бір баласын біз де аламыз» деп орыстан келді. Оған ұл баласы қалмаған cоң Ақбибі деген қызын берді. “Оны патша қыламыз” деп орыс алып кетті. Ол Шыңғыстың өзі өлгеннен соң әділ, жақсы патша болмады. Сол Шыңғыстың үш баласы патшалықта болып, үш жерде тұрды. Енді бізде қазақта қалмады. Әз-Жәнібек, Пепегетай, Бергелтай – шешесінің үш баласы осы тұрған жаман төрелердің аталары. Әз-Жәнібек ханның баласы Досан хан Ұлы жүзде болған, оның баласы Әлихан болған, оның баласы Бөпехан болған, оның балалары көп болып кетті. Шешесінің атасы – Алтынбел хан, оның баласы – Қайшылы хан, оның баласы – Темір хан, оның баласы – Досым хан, оның баласы – Есім хан, оның баласы үшеу болған: Еңсегей бойлы Ер Есім, Есімнің баласы Абылай хан болған.
35. Қазақтардың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты
«Қазақ» деген сөз ноғайдың сөзі бола-дүр. Ләкин «бойдақ» деген сөз- дүр. Қазақтардың асыл тегін былай деп айтады: Бұрынғы уақытта Қазан шаһары өз алдына хан болып тұрған заманда Қазанның ханының бір ұғлы адам жиіркенгендей болып, ала тәнді болып туған екен. Қашан есі кірген уақытында бұл баланы құрбы балалары “алаша” деп шақырар екен. Бұл бала ызаланып жүреді екен. Әбден ержетіп болған соң бір күні назаланып отырып: «мазақ болғанымша бұл жерде тұрмай бір жаққа кетейін» депті. Мұнан соң өзі тең-ді бір жүз жас жігіттерді алып, далаға шығып кетіпті. Бұлардың кеткендеріне тәмам бір жыл өтіпті. Атасы ешбір хабар білмей, қапаланып: «Баламның хабарын біліп кел», – деп біреуді бас қылып бір жүз бойдақ жігіттерді жіберіпті уа бұлар қайтпапты. Мұнан соң соңынан бір жүз бойдақ жігітті тағы да бірін бас қылып жіберіпті. Бұлардың баршасы қайтпастан Алашаны хандыққа сайлап, “Алаша хан” деп ат қойыпты уа бұлар аң аулап һәм мал бағып тұрыпты. Бір күндерде көшіп бара жатқан көп сарт керуендеріне жолығып, талап алып бұлардың еркектерін құл қылып, ұрғашыларын қатын қылып алыпты. Кейін бұлар көбейген соң бөлініп, әр жаққа таралып кетіпті. Әуелгі бір жүздің тұқымы оңтүстікке қарай кетіпті, “Ұлы жүз баласы” деп атаныпты. Ортада келген бір жүздің тұқымы орнында тұрып қалыпты, “Орта жүз” деп атаныпты. Соңғы келген бір жүздің тұқымы солтүстікке қарай кетіпті, “Кіші жүз” атаныпты. Бұл себептен қазақтарды қазір де «Үш жүздің балалары» деп атайды.
36. Қазақтардың қайдан шыққан турасынан бұрынғыдан қалған сөз
Ноғайдың Батый деген ханы Россияда жүргенде өзінің Алаша деген бір атақты әскер басшысын бас қылып Күншығыс жаққа, ноғайларға: «Белгісіз жаңа жайды барып қарап, біліп келіңдер!» – деп, жүз жігіт жіберіпті. Бұл жіберілген жігіттер іздеп барған жағын барып көрсе, бұл жақ кең, бай һәм жүріп-тұруға бостандық, ыңғайлы екен. Бұл келген жігіттерді бұл келген жайда бұрыннан орнығып тұрған халықтар қуанысып күтіп алыпты. Қашан бұлардан олар: «біздің қол астымызға қарап, алым төлеңдер» деп сұрағанда, көп қарсыласпастан айтқандарына ықтияр болыпты. Жігіттерге бұлардың мұнысы жаққан соң Батыйға қарамастан, өз алдына хан болмаққа ойланыпты. Батый өзіне қараған халықты реттеп жөндеймін деп әуре болып жүріп, жіберген жігіттерін ойламастан ұмытып кетіпті. Бір жыл өткеннен кейін жіберген жігіттері есіне түсіп, бұл жақтағы жайдың «мәнісін біліп кел» деп тағы да бір жүз жігіт жіберіпті. Бұл соңғы келген жүз жігіт бұл бөтен жайда көп уақытқа шейін іздеп жүріп, бұл жайдағы тұрған адамдардың көрсетуі бойынша, ақырында бұрынғы келген жүз жігіттің тұрған орнын тауып алыпты. Әуелгі жүз жігіт бұларды: «Батыйға қайтып барма, бәріміз бірігіп, бұл жақтағы халықты қараталық», – деп көндіріп алыпты. Батый бұлардың қайтқанын күтпестен тағы да жүз жігіт жіберіпті. Бұлар да қайтпастан тұрып қалыпты. Бұл қосылған үш жүз батыр дем алмастан соғысып, өздерінің халқын көбейтпекке жаһат қылыпты. Батыйдың тұрған ордасы алыс болған соң мұндағы халық бөлек-бөлек, ала һәм момын болған себепті соғысқан адамдарға қаратып алуға ыңғай болған еді. Бұлар өздерінің күшіне сеніп, бөлек хан болуға ойланып, халықты көбірек соғысып қаратып алып уа бұл қаратқан халықты бір жерге жинап һәм өздері де бұларға бірігіп, бір халық болмаққа ойланған еді. Біраз уақытта соғысушы адамдар һәм бұларға қараған халықтар бір жерге жиналып, қосылып, бір халық болған еді. Бұл келген жігіттер өздері оларға бас болып, қасындағы елді шауып, керуендерді талап ала беріпті. Ноғайлардың бұл ханының жауынгер адамдардан маңайындағы халықтар мал-басынан қатты қорқады екен. Әр елден қылмысты болып қашып келген қашқындар бұларға келіп тығылар екен. Бұл ханға қараған адамдар өздерін-өзі «Қазақ» деп атайды, яғни «бос жүрген, еркін ерлер» деген сөз болады (әуелгі жүз жігітті бастап келген басшының құрметі үшін). Қазақтарды «Алаштың жұрты» деп атақ қылыпты. Ақырында Алаштың жұрты көбейген соң үшке бөлініпті. Әуелгі жүздің тұқымы оңтүстікке қарай көшіп кетіп, “Ұлы жүз” атаныпты. Екінші жүздің тұқымы тұрған орнында қалып, “Орта жүз” атаныпты. Соңғы жүздің тұқымы күнбатысқа қарай кетіп, “Кіші жүз” атаныпты.
37. [Қазақтың баласы]
«Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс» дейді. Осы үш Арыстан өсіп-өніп үш рулы ел болады. «Үш жүз» атанудың себебі, жаудан қорғану үшін үлкені Ақарысқа «Сен бір жүз кісі шығар» дейді. Ортаншысы Жанарыстан тараған тұқымға «Сен бір жүз кісі шығар» дейді. Кішісі "Бекарыс тұқымына «Сен бір жүз кісі шығар» деген. Сол себептен «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз» атануы себебі қазақтың осыдан дейді. Қазақтың ұраны «Алаш» болған. «Алаш» атанудың себебі, қазақ, қалмақ жаралып ел болғаннан-ақ бір-бірімен соғыса бергені болу керек. Қазақ бір кезде жеңе берген болу керек. Сонда қалмақ бұл «Аланшы» болды деген екен дейді. Аланшы деген сөз қалмақша «жаналғыш» деген сөз екен дейді. Содан былай қазақтың Алаш атану себебі: «Бұл атты қалмақ қойған» деп бір айтады.
ІҮ. ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛДЕС, ҚАНДАС ХАЛЫҚТАРМЕН ТУЫСТЫҒЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
38. [Қырғыз, Қыпшақ, Қарақалпақ және Қазақтың туысқан болуы]
Өткен заманда бір патшаның қызы көрген түсі арқылы екі қабат болып қалыпты. Мұны әкесіне айтудан қорқып, тәрбиешісі мен күтушы қызметкер қызға айтады. Олар: «Сенің пәктігіңе айғақ болғанымызбен, сендіруіміз қиын, мұның амалы – бір жаққа кетіп, жан сақтау. Ал өзіңді жолға салсақ, әкеңнің басымызға қандай күн туғызатынын кім біледі?!» – деп, көтергендерінше азық, алтын, күміс алып үшеуі бір тауға қашып кетіпті. Бір жерге келгенде бір аңшының киіктің үш лағын байлап қойып, енді енесін ұстамақ болып тұрғанын көреді. Бұлар жолығып жөн сұрасқан соң, аңшы қыздың жайын ұғып, оны алмақ болады. «Бағыма кезіккен осы шығар» деп қыз разы болады... «Мына үш лағың менің қалың малым болсын!» – дейді қыз. Аңшы мақұл болған соң, қыз лақтардың жібін шешіп, басынан сипап қоя беріпті. Осы себептен Құдай бұл қызға үш ұл беріпті де, олар ұрпақты болып, қам-қайғыдан арылыпты. Аңшы келіншегін үйіне әкелгенде, көргендер қыздың сұлулығына таңырқап әрі разы болып: «Бәрекелді, қыз-ақ екен! Бұдан артық не қыз болсын, шіркіннің сұлуын-ай!» дегендіктен, бұл есім сол қызға ардақты есім болып қалыпты. Ұрпақтары анасына қарай «Қыз-ақ балалары» атаныпты. Кейін келе «балалары» деген сөз қалып, «Қазақ» деген сөзге өзгеріпті дейді... Қазақтың үш ұлының үлкені – Ұлы жүз, ортаншысы – Орта жүз, кішісі Кіші жүз болып өсіп-өніпті. Аңшы Түркі, яғни қыз Бәлх жерінен екен. «Қазақтың ата-мекені – Жиделі-Байсын» дегені осыдан. Жиделі-Байсын Бәлхтің маңы. Аңшы әлгі тәрбиеші мен күтушіні өзінің екі туысына некелеп қосып, тәрбиешіден – Қарақалпақ пен Қыпшақ, күтушіден – Қырғыз туыпты...». бұлай болғанда қырғыз, қыпшақ, қарақалпақ, қазақ өзара туысқан болады.
39. [Қырғыз атануынан]
Аққазы ханның қызы Күлсім туралы шежіренің бір аңызы: Күлсім күйеуге шықпай тұрып екі қабат болады. Мұны хан естіп, тексере келіп, бұл туралы: «Кінәлі адам – Әлібек» деп табады. Әлібекті өлтіруге, Күлсімді қырық қыз нөкерімен Алатау асырып жіберуге бұйырады. Жұрт ақылдасып, Әлібекті қорғау ниетімен, қырық қыздың біреуін өлтіріп, қанына Әлібектің киімін бояп, ханға әкеліп көрсетіп, «Әлібекті өлтірдік» деп ханды сендіреді. Күлсімді нөкер қыздарымен Алатау асырып, Әлібекті қыздарға қосып бірге жібереді. Әлібек қыздарды ерте отырып Алатауға келіп, жақсы жерден қоныс алып, орнығады. Күлсім мен Әлібек қосылып, басқа қыздарды көршілес елдерге ұзатып, таратады. Күлсімнен тоғыз ұлы болады. Осы тоғыздан өсіп, өрбіген ел – Қырғыз халқы. Бұл елдің қырғыз атану себебі: «Қыр қызынан, қыр қызының нәсілі” деуден Қырғыз атанған»,– дейді.
40. [Ноғай аталуы]
Мұхаммед пайғамбар заманында екі-үш сахаба рұқсатпен Бұлғар еліне келіп, тәуіпшілдікпен айналысып, көп адамға шипалық жасаған. Ресей патшасының да қызы ауырып, оған ем қонбай жүр екен. Бұлардың атағын естіген патша емшілерді шақыртады. Келген соң емшілер патшаға шарт қойған: «егер қыз шипа тапса, исламды қабыл етесіз» деп. Патша келісім береді. «Қызды моншаға кіргізіп, қайың жапырағымен сабалаттырып көрсеңіз, жазылып кетеді», – деген екен. Күн қыс мезгілі, қайыңның көк жапырағы жоқ, табылатын емес. Сонда сахабаның бірінші қолындағы асасы қайың екен, «Бисмиллаһ» деп, жерге шаншығанда қайың өсіп, соның жапырағымен емделген қыз ауруынан айығады. Қураған ағаш беймезгіл уақытта жапырақ жарып шығуын, емдеуден қызының айыққанын көрген патша: «Бұл тегін тәуіп емес» деп, түгел елімен исламды қабылдаған.
Кейін бұлар Мәдинеге қайтқанда Пайғамбар бұл хабарды естіп, риза болғаннан: «Нұру Ғайни» деген атақ берген. Бұл – «көзімнің нұры» деген сөз. Бұл сөз кейіннен «Ноғай» атауына өзгерген.
Ү. ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ҚҰРАМЫНА КІРМЕЙТІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ҚҰРАУҒА ҚАТЫСҚАН ӘУЛЕТТЕР
[ТӨРЕЛЕР]
41. Төре жайында
(І нұсқа) Төрелердің тұқымы бір жерде емес, әр жерде болған. Бір жерден он, он бес үйден артық болмаған. Оған себеп, ертеде қазақ Мамай хандық дәуірінің кезінде қарадан хан қойса, қан төгілді, тек төре тұқымынан ғана хан болуы керек деген. Сондықтан төре тұқымынан ғана болып, ол жетіспесе, жаңа туған ер балаларының бесігін кертіп, түбінде біздің елдің ханы болады деп белгілеп кететін болған. Таратып алып кеткен дейді. Төре тұқымының әр жерде болып және аз болатын себебі осында деседі ел аңызы. Сондықтан төрелерді қазақ, моңғол, арабтан деп те айтуға болады.
42. Төре руы
(ІІ нұсқа) Ал төре руы қазақ арасына монғол-татар шапқыншыларынан кейін тарай бастады. Бұл жөнінде мынадай әңгіме бар. X ғасырдың екінші жартысында қалмақтармен, моңғолдарымен жауласып, бір соғыста арабтың Аби Малик Бахадур деген халифасының зайыбы Гүлсара ханым моңғолдардың қолына түсіпті. Әйел өте сұлу болғандықтан, моңғолдар өлтіруге қимаған. Моңғол әскерінің қолбасшысы Нехнур Гүлсара ханымға үйленбекші болады. Бірақ ол кезде ханымның құрсағында алты айлық баласы бар екен. Сол себепті ханым қолбасшыға шариғат жолымен өзінің тілегін білдіреді: “Менің құрсағымда алты айлық балам бар, қазір сізге тұрмысқа шығуыма шариғат бұйырмайды, бірақ босанып, сәбиді қырқынан шығарған соң некемді қиып, мені жар етуіңізге болады”, – депті. Нехнур ханымның тілегін орындап, баласын туып, қырқынан шығарғаннан кейін әйелдікке алыпты. Гүлсара ханым ұл туып, атын Темучин деп қояды. Кейін анасы бұл есімді “Шыңғыс” деп өзгерткен. “Шыңғыс” – араб тілінде “сен пәк, тазасың” деген мағынаны білдіреді. Ханым Нехнурға үйленгеннен кейін төрт бала туған: Богентай, Боргелтай, Сарықызыл, Саргалтай. Бұлардың үрім-бұтағы моңғолдың өз ішінде өркен жайған. Ал Шыңғыс өсе келе, бүкіл моңғол-татар тайпаларын біріктіріп, ірі мемлекет құрып, хан болады. Бұдан кейін Шыңғыс хан ірі феодал шонжарларға сүйеніп және әскер жасақтан, көрші елдерге жорық жасайды. ...Шыңғысхан бастаған моңғол әскері Жетісуға баса-көктеп кіреді. Жетісуды жаулап алғаннан кейін Шыңғысхан Орта Азияны бағындырады. Ол қол астына қараған аймақтарды балаларына бөліп береді. Олардан қазақ арасына төре тұқымдары тарайды.
43. Шыңғыз хан шежіресі
Әуел нағашы бабаларын сөйлейік. Қадым заманда Ақ теңіздің ішінде Малта деген шаһар бар ерді, ол шаһар ханының аты – Алтын хан. ханшаның аты Көрлауыш деген ерділер. Ол екі падишаһтан бір қыз туып, атын Ғамәлік көріклі атадылар. Айға, күнге көргізмей, қырық құлаш тас сарайда қоймыш ерділер. Ләкин көркі андағ ердікүм: құрығ ағашқа күлсе – жапырақ, тақыр жерге бақса – өлең бітер ерді. Шашын тараса, інжу төгіліп, түкірсе алтын-күміс болар-ды. Әма дүниеде артық туғмыш жан ерді. қасындағы даяларынан өзге жақын даясы Орда хан деген ерді. Күнлерде бір күн балиғ болғандан соң айттыкүм:
– Әй, Орда хан, сен бұ жерден шығып, тысқарыны көресің, әма дүние деген бұ жер ме, я өзге жер бар ма? Иә, үшбу сарай іші ма дүр, – дейді.
Орда хан айтты:
– Дүние деген тысқары кең жаһан дүр, һәм күн деген, ай деген нәрселер бар ку, дүниенің раушанлығы анлар бірле дүр, – дейді.
Ондан Ғамәлік көріклі айтты:
– Әй, Орда хан, сен беңа ол нәрселерні көргізгіл, – дейді екен.
Орда хан айтты:
– Сен ол нәрселерні көрсең өлерсің, – дейді.
Аңа Ғамәлік көріклі:
– Өлсем, өлейін, көргізгіл, – дейді. Ирсә, Орда хан терезені ашып жіберіп еді, күн жарығы үйге кірді. Аны көрген Ғамәлік көріклінің хошы кетіп, өле қалды. Даялары: «Ханға не айтамыз?» – деп жыластылар. Бір күн болғаннан соң, хошыға келді. Даялары сүйінісіп тұрадылар. Хошы келгенден соң айттылар: «Не көрдің?» – дейділер.
Анда Ғамәлік көріклі айтты:
– Баяғы көрген күннен соң құрсағыма бір ұғлан пайда олды, атама не айтасың, – дейді. Әма ол Алтын хан бір уақытта қызын келіп көрер ерді, соң Алтын хан қызын көрмекке келді. Ирсә, қызы хамле болмыш.
Қызына айтты:
– Хамлені қайдан хасыл еттің? – деп көп сөкті. Үйге қайтты, қатынына бұ сырды айтты:
– Ғұмырымыз ішінде мұндағ баднам іс болмағай, не қылармыз? – дейді. Анда қатыны айтты:
– Емді мұны бұ жерге, бұ жұртқа беріп болмас, аның үшін күм адамы шайтанбірлән барабар дүр, көп сөзлер, көп ауазлар шығар – дейді, – емді мәслихат солкүм, бір гүзел кемебірлән Түн теңізіне салып жіберің, бір нәсібліге жолыққай! – дейді. – Кеме жасаттырдылар, қырық қызметкер илә алтын қозыбірлән, тотықұсбірлән, сөнмес шырағбірлән, түгенмес азығыбірлән, Тора тауынан Түн теңізіне салып жіберділер.
Алтын кемебірлән бір қанша күннен соң теңізбірле алтын кеме көп заман жүріп, бір жұртқа жақын келерінде, ол заманда Тұрымтай шешеннің ұлы Тұмауыл мерген атасына ашу ерді, ел тысына шығып жатыр ерді. Жанында қырық кісі бар ерді әма ішінде бір қараушысы бар ерді, Шыба соқыр деген түркімен ерді, маңлайында бір көзі бар ерді.
Бір күн айтты:
– Аға мерген, жырақтан бір қара көрінеді.
Мерген айтты:
– Ол не қара дүр? – дейді.
Шыба соқыр айтты:
– Бір алтын кеме келе дүр бір қара таудың пәстінен, соны өтінемін, іші сеңа, тысы меңа болсын.
Мерген айтты:
– Қош, алай болсын, теңлес күн түс уақытында кемені көрділер. Ол кемені һеш бұзмай ылаж жоқ.
Андан Шыба соқыр түркімен айтты:
– Әй, мерген, атып бұзғыл.
Мерген айтты:
– Тура атайын ба, қия атайын ба?
Шыба соқыр түркімен айтты:
– Тура атсаң, ішінде жанлық нәрсе болса, тиер, иә, мерген, қия атқыл, – дейді.
– Қош, алай болса, қия атайын, – деп, оқты жаға кездеп андағ аттыкүм. Кеменің үш тақтасын айыра ерді. Емді қият халқының асылы бұлардан тұрар.
Андан соң, ол кемені бұзғаннан соң Ғамәлік көріклі шыға келді, қырық қызметкері иле көк көгаршынлар иле алтын қозыилән, тоты құсилән баршасын Тұмауыл мерген алды. Кеменің тысын Шыба түрікмен алды. Андан соң Тұмауыл мерген ол кемені шатыр қылып, ол қызны алып жатпағына тіледі.
Ирсә, қыз айтты:
– Әй, мерген, сабыр қылғыл, мені сеңа Тәңірі берген дүр. Қашанда болса, сендікпін, мегер бірнеше күн сабыр қылғыл, құрсағымда бала бар-дүр, ләкин бұ ұғлан адамнан ермес, құяш нұрынан пайда болған дүр, – дейді. Анда Тұмауыл мерген айтты:
– Мен құрсағыңдағы балаға бақпаспын, алып жатармын, – дейді.
Ирсә, анда Ғамәлік көріклі айтты:
– һәй, мерген, әрине мен көкте жүрген ақ сұңқар ердім, сіздің қарағай тік бойыңызға қоныппын, сен – ер кісі, мен зағиф басымбірлән көп қарсы болмаспын, әма сабыр қылып, көңілімді қалдырмасаңыз ерді, – дейді. Ирсә, Тұмауыл мерген һеш жауап айтпайынша, қызды шатырға алып кіріп, мұратынша жаттылар, ирсә, анда мерген айтты:
– Әй, Ғамәлік көріклі, бұ құрсағыңдағы ұғлан раст құяш нұрынан болған ерміш, Адамнан болса, қыз болмас, ердің тиіс жүкліклері артық болды.
Анда қыз айтты:
– Сіз меңа сенемісіз, ғұмырым ішінде өзге ерні һәм көргенім жоқ, – дейді. Өзі хикаятны бір-бір айтты.
Анда мерген айтты:
– «Өзі буаз, өзі қыз оразалы ерге тұс болды» деп, ашықлығымның себебі бұ ерді.
Андан соң қыз айтты:
– Емді, мерген, қадірімні жақсы білгіл, біліп сақлағыл, – дейді. Андан Тұмауыл мерген айтты:
– Әй, көріклі! Меңа сүймеклік себебі үшбу дүр, нышаны менің ағашым – қарағай, сұңқар құсым – шашын тарағай, тамғам – ашамай (Х).
Андан соң, бірнеше күннен соң құрсақтағы ұғлан туғды, ирсә, атын Тәңір берген дойынлық дүр деп, «Дойынбаян» деп атадылар. Бірнеше күннен соң Тұмауыл мерген ата жұртына барып, хан болып олтырды. Андан соң Ғамәлік көрікліден тағы да екі ұғыл болды. Бірісін – Бұданатай, бірісін Белгұдай атады. Сол екі ұғыл туғаннан соң Ғамәлік көріклі биғайт көңілі пәришан болып, қайғылы болды.
Анда Тұмауыл мерген айтты:
– Әй, Ғамәлік көріклі, халық ұғыр табып сүйіншілер, сен не үшін ұғыл тауып қайғылы болдың?
Анда Ғамәлік көріклі айтты:
– Мен бұрынғы ұғлым Дойынбаян үшін қайғырармын, бұрынғылар айтқан ерміш: «Құланға ерген шешекке аунар, доңызға ерген балшыққа аунар», сен хан өкілісің, жұртқа лайық өкілсің, халны білмессіздер, көпті малға тоймассыздар. Бұданатай, Белгұдай жұртқа лайық ермеслер, «арыслан баласы мен едім, сеңа келіп не көрдім», – дейді.
Ирсә, хан Тұмауыл айтты:
– Қош, не айтмақ қоясың? – дейді.
Ғамәлік көріклі айтты:
– Дүниеден өтсек, жұртыңды ұғылларың Бұданатай, Белгұдай билер, менің құяш нұрынан болған ұғлымның халі нешік болар? Аның үшін қайғырармын, – дейді. – Емді бұ екі ұғлымыз Бұданатай, Белгұдайды қалмаққа жіберелі, – дейді. Андан соң Тұмауыл мерген екі ұғлын – Бұданатай, Белгұдайды қалмаққа ханлыққа жіберді. Дахи екісіне жеті шар нөкер қосты, олар қалмақта жұрт тұттылар. Екісі бір жерде тұрдылар. Емді қалмақ төрелерінің асылы Бұданатай, Белгұдайдан тұрар. Дахиде ол Бұданатай, Белгұдай кеткеннен соң Дойынбаянға қыз алдылар. Алтын хан нәсілінен жеті сұлтан бар ерді, кішісі Төгіл деген ерді. Аның қызы Алаңқаны Дойынбаянға алдылар. Дахиде ол Алаңқадан үш ұғыл туды. Бірінің аты – Боданжар, екіншісі – Қиғынжар, үшіншісі – Салжұт ерділер. Емді Қият ханның аруағы Салжұт ханнан тұрар. Емді Тұмауыл мерген игырма жыл ханлық сүрді. Андан соң Дойынбаян он тоғыз жыл ғұмыр ханлық сүрді. Андан соң Дойынбаян өзі өлерінден бұрын үш күн халықны, беклерні жиып:
– А, әй, а, қалтақ халық ұғлы біліңлер, өлімнен һеш құтылмас жоқ ерміш. Ажал жетіп келсе, дәру-дәрман болмас ерміш. Мен алған қатыным Алаңқа бірле өлермін деген ердім, емді ажал ерішті, мен өлермін, сізлер қаласыз, емді сізге, әй, халық ұғлы, өсиетім сөзім болсын, бұ бенен туған үш ұғыл Боданжар, Қиғынжар, Салжұт – бұлар жұрт тұтпаққа жақсы ерлер ермізлер, емді және әй, халық ұғылы, мен өлген соң қатыным Алаңқаға түс болып енермін, анда жұртқа лайық жақсы ұғыл пайда болса һам және әй, халық ұлы, оны күткейсіз және белгім ол болсын, мен өлгеннен соң күн болып енермін, бөрі болып шығармын, сонан білгейсіз, – дейді. Бұ сөздерді халыққа өсиет қылған соң, Дойынбаян дүниеден өтті әма Дойынбаян дүниеден өткен соң қалмақтағы екі інісі Бұданатай, Белгұдай естиді.
– Ағамыз Дойынбаян өлді, жеңгеміз Алаңқа тұл қалды, – деп, олар дағы келеді, отыз үш мың нөкерлербірлән өрден өтті және Бұданатай, Белгұдай айттылар:
– Жеңгеміз Алаңқа ағамыздың күйігінен қайғыра-қайғыра көңілі жаман болып тұрар, – деп, тобышақ аттарын мініп, ау аулай шықтылар. Ертағына барып бір киік ауладылар, бір киікті тірік тұтып, алып қайттылар. Аналар қайтып келіп тұрғанда ағаштан бір қауым кісілер шықты. Барып жолығып сұрадылар:
– һай, қайдан келерсің, о не кісілерсің?
Аналар айттылар:
– Сіздер сұрасаңыз, Қытай шаһарынан босып келеміз, сіздер кімлерсіздер һам не кісілерсіздер?
Бұлар айтты:
– Бір қалмақ төрелері Бұданатай, Белгұдаймыз, – дейділер.
Ол қауым айттылар:
– Біз үш айдан бері босып келеміз, азығымыз түгеді, ашпыз, бізге рақым етіп, бірдеме берсеңіз, я үшбу киікті берсеңіз не болар ерді, – дейділер. Бұлар айттылар:
– һай, төреңізден не үшін бостыңыз, бегірек аш екенсіз, қош, алай болса да тірі киікті бермеспіз, аның үшін бір тұл қалған жеңгеміз бар, ағамыз өлгенге қайғырып, аның үйіне алып барамыз, көңілі ашылсын, – дейдідер. Аналар айттылар:
– Әй, жарандар! Жоқ, ирсә, біздің бір ұғыл баламызды алыңыз, бізге киікті берсеңіз, біз аш өлмелік, – дейділер. Оларға қойдың бір бұтын беріп, ұғыл баласын алды. Бұданатай, Белгұдай: «жеңгемізге бұ жақсы болар» деп сүйінділер. Ол алған ұғылдың аты Ялын деген ерді. Аның атасы Маңғытай би аштықтан, дәрмен жоқтықтан ұлы Ялынды бір бұтқа берді. Сол Бұданатай, Белгұдай ұғылды алып келділер: «Жеңгемізге жылқысын бағып, қымызын тұтарға бұ жақсы лайық», – деп Ялынды жеңгесі Алаңқаға келтіріп, тапсырдылар. Алаңқа аның асыл түбін біліп, жақсы асырады.
Андин соң Бұданатай, Белгұдай айттылар:
– Әй, жеңгеміз! Бізге рұқсат бергіл, бізлер қайтамыз, аның үшін де біз мұнда кеткен соң Таңғұттан елші келіпті дүр, жаман хабары бар ермиш, емді біз қайтамыз, – дейділер.
Анда Алаңқа айтты:
– А, әй, һай, қайын інілерім Бұданатай, Белгұдай! Бірнеше күнге сабыр қылсаңыз болар ерді, аның үшін бенің бұ үш ұғыллырым Боданжар, Қиғынжар, Салжұт халықты білмес болдылар, күш қылдылар, сөзімді тыңдамаслар, бұларға ғақыл, үгіт берсеңіз болар-ды.
Бұданатай, Белгұдай айттылар:
– Әй, жеңгеміз, біздің ақыл, өсиет, үгітіміз ол дүр, бұ інілерім сеңа, беклеріңе тағы ел ұлықларына имен олар жақсы тұталар. Емді біліңлер! Оңар жұрттың нышан белгісі ол дүр:
Жаудан елін көп етер,
Қала түбін ор етер.
Дарбазасын кең етер,
Жау елге, жат нөкерге
Сырын айтпаслар.
Ұлықтарын төрге отырғызады,
Кішілерін қызметке қосалар .
Және біліңдер, үгітіміз, оңбас жұрттың нышан белгісі ол дүр:
Өз жұртын жаманлар,
Кісі жұртын мақтар.
Өз аруағын жамандар,
Кісі аруағын мақтар.
Өз ағасын жамандар,
Кісі ағасын мақтар.
Ұлығы тұрып, кішісі сөйлер,
Атасы тұрып, ұғылы сөйлер.
Мысқылшы болар, жирен ат мінген қызыл жүзді ұғланлардан кеңес сұрайлар, ол кісі – кісі болып жұрт күтпес.
Ел болмаған, ел болса,
Ол – ел болмас.
Мал күтпеген мал күтсе,
Қу ауылыны оттар.
Құс сүймеген, құс сүйсе,
Қарғаменен қаз алдырармын дер.
Төре күтпеген, төре күтсе,
Кісі етін берермін дер.
Күн көрмеген, күн көрсе,
Етігіні кимен дер.
Мал таппаған, мал тапса,
Кісіні көзге ілмен дер.
Аңды күтпеген төре күтіп, малсыз малды болып, андағ кісілер біздің бұ інілерімізді аздырып тұралар. Һәрине, білмегендер біліңдер, үйретпегенді үйретіңдер, бұған дәлел сөзді һам бар дүр. Айтпақшыдан кеңес сұрамағыл, теміршіден кеңес сұрамағыл, қасапшыдан кеңес сұрамағыл, көрген көргенін айтар, құтырған естігенін айтар, енді Тәңір ісіне тәубе қылсын, ұлықтардан, бектерден кеңес сұрасын, бенім енді өсиетім, үгітім, айтар сөзім бұнан артық жоқ дүр, – дейді. Бұ сөздерді айтқан соң Бұданатай, Белгұдай жұрттарына қайттылар. Аналар қайтқан соң бұ ұғылдар – Боданжар, Қиғынжар, Салжұт ағаларының өсиет, үгіттерін сөзлерін тұтмадылар. Анасының санға санасы болдыдар. Ел, күн бектеріне және халық ұғылына, қыздарына күш ете бастадылар. Байлардың айыр өркеш түйесін, нарларын, айыр аяқты малын, жорғасын, бойы ұзын арғымақларын, батыр жігіттер киер күпісін, жақсы беклердің қызларын алды. Бұ іске халық ұғылы көнбес болып, жиылып келіп Алаңқаға айттылар:
– Әй, Алаңқа! Біздің етіміз бітіп, сүйегіміз қалды, енді шыдар халіміз қалмады, – дейділер.
Анда Алаңқа айтты:
– А, әй, халық ұлы! Олар бенің сөзімді тыңдамаслар, сіздердің қадіріңізді һам білмесләр. Әй, халық ұлы! Менің ерім Дойынбаян сіздерге айтпады ма, мен өлген соң түс тұл болып келермін, – деп, – енді келер уақыты ерішкен дүр, ырыс халыңыз болса, ер ұғыл болған, – дейді. Сонда Алаңқадан бұ сөзді естіп, халық ұлы сеніп, шат болдылар. Андин соң Алаңқаның бұ сөзі халық арасында мәшһүр болып, дүниеге қашан келер деп аны күтер еділер. Сонда Алаңқаның үш ұғылы Боданжар, Қиғынжар, Салжұт халайықтан бұ сөзні естіділер. Ашуланып, жиылысып бір күн анасына келеділер.
Анда Алаңқа:
– Әй, балалар! Қалай барасыз, – дейді.
Аналар айттылар:
– Сенің бір өтірік сөзіңді естіп келдік.
Сонда Алаңқа айтты:
– Әй, уәй, шомылар! Менің сөзім не үшін өтірік болсын, – дейді. Аналар айттылар:
Әй, ана, өтірік болмай не болсын, «құрсағымда ер бала бар» деп халық ұғылына айтыпсың, бізді ұғылға санамайсың, құрсағыңдағы баланы көтересің. Сақалықпысың, су ішіп буаз болған, мәни деген құспысың, күн астына буаз болған, қауын-қарбызбысың, жерсіз ұрлық жемеген, тауықпысың көңге аунап, жұмыртқа салған, қара сумысың, көбік асап буаз болған? Сенің ерің өлгенде, «құрсағымда бала бар» деп халықты аздырасың, анау түнеге күн бір бұтқа сатып алған Ялынменен ойнас болып, буаз болғансың, – дейділер. Сонда Алаңқа:
– Әй, әй, халық ұлы! Бұ сөз сөзім дүр, я сендердің сөзіңіз бе еді дүр? – дейді. Халық ұлы жыласып, еңіресіп: «Бұ сөз ұғылдарыңның сөзі дүр», – дейділер. Анда Алаңқа айтты:
– Әй, халық ұлы! Емді сенбеңіз оларға, екі-үш айттыңыз. Белгісі ол дүр, күн болып енер, бөрі болып шығар, – дейді. Сонан соң Алаңқаға білдірмей үш кісі қарап тұрдылар. Ол үш кісінің аттары: бірі – Қыпшақ, екіншісі – Кілмұхаммед, үшіншісі – Ораж деген ерді. Бұл кісілер қарап тұрдылар, ирсә, таң уақыты болғанда, суаттан күн енді, көрділер, ирсә, еслері кетті. Бұлар бірнешеден соң есін жиып алдылар. Бір-бірінен сұрайдылар: «Баяғы күн болып енген не ерді? Келіңіз, бізлер есірген кісі тік болып отырғанша, жайларымызды шегелік, бөрі болса, шығар», – дейді. Андин соң не тұра салып жалдан шықтылар, көреділер, жылқы жалы кебек болып бөрі шыға келді. Артына қарап «Шыңғыз», «Шыңғыз» – деп ауаз берді. Орман ішіне енді. Бұны бұ үш кісі әшкере көріп, білділер. Бұлар және барып Боданжар, Қиғынжар, Салжұтқа айттылар. Олар бұ үш кісіден естіген соң: «Боласы болар, болмай қалмас, біздің өшімізді алмас», – дейділер. Андин соң Алаңқа, көзін жарып бір ер ұғлан тұғды, алтын айдарлық, иығында – миһырлы. Ол миһырде – Жебірейіл періштенің аты ерді. Өзі бөрі иықты, Жәбірейіл көрікті жүзін көрген: «артынан өлейін» дер ерді. Қасында отырғандар майдай еріп, тағы «атым сенікі олсын» дер ерді. Андин соң Шыңғыз өсті, ұлғайды, халыққа әділдар қылып, пайдалық болды. Халық ұлы оны сүйіп, о көп Шыңғызға ере бастады. Шыңғызды «ғайт жақсы ханның хасби баласы» деп мақтарлар еді. Ағалары Боданжар, Қиғынжар, Салжұт бұ Шыңғызды көре алмас болып күнделер еді. Тағы айтты: «Көріңлер емді нөкерлеріміз, халқымыз ойнастан туған ұлға әуейі болдылар, емді аны өлтірейік, жоқ, ирсә, тимеспіз», – дейділер. Андин соң ұш ұғыл кеңес етіп, бір күн жиылып келділер, халыққа жар салып:
– Шыңғызды өлтіреміз, – дейділер.
Анда халық ұғылы:
– һай, Шыңғыз, сіз үшеуіңізден жұртқа лайық, пайдалық дүр, Бұ Шыңғызды сіздерге өлтіруге бермейміз, агар мал үлесіп алар болсаңыз, атаңыздың малын алыңыз, жоқ, ирсә, аның үшін біз өлішсіз, – дейділер.
Анда бұ үшеуі халық ұғылынан бұ сөзді естігеннен соң қорқып, нәрсе қыла алмай әма көңілдерін айтты: «Халық ұлы бұ Шыңғызға барыпты, мұны белгілі өлтіріп болмас, белгісіз, халыққа білдірмей өлтіреміз», – дейділер. Андин: «қош, атамыздың қалған малын үлесіп алармыз» деп, аталарының қалған малын алдылар. Әммә Дойынбаянның бір алтын садағы бар еді, бағасын таппай, үлеспей қалдыр дейділер. «Енді анамыз кімге берсе, бұ садақты сол алсын», – дейділер. Үлестеріне тиген малды алған соң садақты алып анасы Алаңқаға келділер. Тағы:
– Әй, анамыз! Сіз кімге жарылқап, хандық бұйырсаңыз бұ садақты ол ұғылың алсын, – дейділер.
Сонда Алаңқа айтты:
– Аһ, әй, балаларым, өз жұртын жамандаған, өзге жұртты сүйуші болар, өз анасын жамандаған, жат дұшпанға тұтқын болар, өз кісісін жамандаған, жат дұшпанға қор болар, сіз шұмлар менің сөзімді тұтармысыз? – дейді. Ол үшеуі: «бәлі, қош, тұтармыз» дейділер.
– Емді сізлер бенің сөзімді тұтар болсаңыз, терезеден түскен күнге (қояшқа) құтылы фотаңызды салыңыз, әгар қайсысыңыздың фотасы ілініп тоқтаса, ол ұғылым хан болсын, тағы бұ алтын садақты һам ол алсын, – дейді.
Ирсә, Алаңқаның бұ сөзіні аналар қош көрділер. Беллеріне дейін алтынды садақты салып бақтылар, үшеуінің фотасы ілінбеді, мигир Шыңғыз ханның жәпек фотасы бар еді, ол һам салды, соның фотасы ілініп тоқтады. Аналар бұ істі көріп таңға қалдылар, тағы ашуландылар: «Біздің бұ анамыз Алаңқа жады ерміш, көзімізді бағлады», – деп, көңілдеріне жаман алып кеттілер. Әма һәр дәйім Шыңғызны өлтірмек қысасымен жүрділер. Андин соң бұ жас ұғыл Шыңғыз: «Бұ ағаларым неге дұшпан болдылар, шынымен мені өлтірер», – деп, басынан қорқып, – «қазақ» болып шығып кетейін, – деп кеңес айтты. Екі-үш жігіт ертіп өзінің анасы Алаңқаға келді, айтты:
– Әй, анам, емді бұ жерден, бұ жұрттан кетермін, үшбу Текелік суының басында Көргөрган деген Қаратау бар дүр, ол тауда мақам жұрт тұтармын, құс, құрт аулармын, ол аулап алған құстардың жүнін жұлып суға жіберермін, біздің тірлігімізді ол құстың жүндерінен білгейсіз, аю ақыртармын, арсылан жүгіртермін, әркім мені іздей, сұрай барса, мұндын білсінлер, – дейді. Өздері кетті, аналары жылай-жылай қалды. Ертеңгісін халық ұғылы көрінуге келеділер. Ирсә, Шыңғызны көрмейділер, тағы: «ханымыз қайда?» деп сұрап, іздейді. Еш таба алмайдылар, шулап жыластылар. Соң Алаңқадан сұрайдылар, ол һам айтпады. Тағы Шыңғыз хан қазаққа шығып кеткен соң, ағалары Боданжар, Қиғынжар Салжұт халық ұғылына залым күш еттілер. Ол халық ұғылы шыдамай Алаңқаға келіп:
– Әй, Алаңқа, ол ұғылың Шыңғызны бізге көргізбей жанымызды алған болсаңшы, енді не үшін көрсетіп жанымызды алдың? Уәй, Алаңқа, Шыңғыз ханымыздың хабарын біздерге айтқыл, – деп шулап, жыласты. – Біздер оны іздей барамыз, – дейділер.
– А, әй, халық ұғылы, ондақ болсаңыз, ұлым Шыңғызны сұрасаңыз, ертебірлән бес-алты жақсы лайық кісілер келіңіз, аналарға жолдың ізін көрсетейін, – дейді. Онан соң ертеменен алты руғының лайық кісілері келіп:
–Жол қайда? – деп сұрайдылар. Алаңқа:
– Қош, емді, сол Текелік суды бағып тұрыңыз, хабары келер, – дейділер. Бұлар су жағасына барып, бағып тұрдылар, еш нәрсе көрмейділер, мигир құм-құм құс жүнін көрділер және қайтып Алаңқаға келділер. Алаңқа сұрады:
– Не көрдіңіз? – деп. Аналар:
– Еш нәрсе көрмедік, мигир бір-бір қауым құс жүнін көрдік, – дейділер. Алаңқа айтты:
– һай, біліңлер, емді менің ұғылым Шыңғызның хабары ол дүр, – дейді. Үшбу Текелік суын қыдырып ізлеңіздер, Текелік суының басындағы Көргөрлен деген Қаратаудың басында бес-алты ағаш болар, ол сол жерде мақам тұтармын деген ерді. Емді сол жөндерді іздеп барыңыз әма Текелік суының екі қыры жолсыз, ол дүр күндіз тасып қабағынан асар, кеште сабасына түсер, – дейді. Және Алаңқа айтты:
– Сіздер ол жерге барып жетіп, қаһарына жолықсаңыз, көрсеңіз: «Сіздер бұнда не кісілер?» – деп сұрағанда «Дойынбаян» дегейсіз. Әма ұлым Шыңғыздың түсі, нышаны ол дүр: ақ тонлы, көк алтын бөріклі, жүзі ғайт көріклі, алтын садақты, ер шырайлы, Жәбірейілдей сипатты дүр, атын қамшыласа, ғайып болғандак дүр, андин оны білгейсіз, – дейді. Әма Шыңғыз ханды іздей барған беклердің аттары, есімдері бұлар дүр: Үйсін Майқы би, екінші – Қалдар би, үшінші – Ордаж би, төртінші – Қыпшақ би, Бесінші – Тайман би, алтыншысы – Керейіт би, жетіншісі – Бортақ би, сегізіншісі – Темірқұтлық би, тоғызыншы – Мотиян би, оныншысы – Таңғұт би ерділер. Бұл он бек Шыңғыз ханды сүйіп, кеңес қылып, оны іздемек қысасынан болдылар. Әма төрт бек Шыңғыз ханды іздемекке ұнамайтын: «Қолдағы ханымызды қорлап, алыстан іздемекке бос дүр», – дейділер. Солардың бірі – Қоңырат би, екіншісі – Қытай би, үшіншісі – Салжұт би, төртіншісі – Қият би ерділер. Әма бұлардан Қытай, Салжұт, Қият үшеуі халық ұғылы билері ерділер. Қоңырат би олардың ишаншылы, кеңесшісі болып, Шыңғыз ханды ізлемекке бармады. Шоныки бұ айтылған он кісі Қоңыратқа қарамай кеттілер. Әма бұлардан Үйсін Майқы би өзгелерге білдірмей, Алаңқадан бір миһырлы жүзігін алды, онан соң Текелік суын қыдырып кетіп, үш айда барып жетті.
Бұ үшеуі Қая тағына бекініп қарайдылар, орталарында ақ сарай, бір көк сарай көрділер және қайтып аз ғана келділер. Ол сарайға енбей, анда бір тау бар ерді, ол таудың қабағында жаттылар. Біраз ғана тұрып һеш нәрсе нышан білмеділер. Агар біраз ғанадан соң қарға шақырған, кісі сөйлегендек бір ауаз келді. Қарап тұрып бақтылар біраз кісілер келіп дүр, «жолдары жаңа, жол шығып жатыр, сол таудың қабағында, бері келмеген ұқсай дүр», – дейділер. Әма бұлардың ауаздарын естіп: «бұлар ненің ауаздары?» депті. Ол күн еш нәрсе білмей, ертеңгісін аю ақырды, арсылан қышқырды. Білді, Шыңғыз хан аулай-аулай шықты. Ол ауазды естігеш, жүгірісіп бардылар. Көрділер, бір көк атлы, ақ тонлы, алтын бөріклі, алтын садақлы, ер шырайлы, Жәбірейілдей көріклі Шыңғызны білділер.
Анда ол келген Шыңғыз айтты:
– Кімлерсіз, не іздеп жүсіңдер? – дейді.
Бұлар айттылар:
– Дойын, Дойын, – деп. Бұлардан бұ сөзді естігеннен соң ғайып болды. Бұлар және жыласып қайтып, ол кеш және қайғырысып жаттылар. Андин және болды, ирсә, ауаз бірдән шақырып отырған «Тұтлық», «Ақтайлақ» – деп, соңыра еш нәрсе ауаз келмеді. Андин және екі-үш күн жатты. Және бір күн аю ақырды, арсылан қышқырды. Білділер: «Шыңғыз дүр ау аулай шықты» деп, сүйінісіп және барып көрселер, ол сол кісінің өзі дүр. Сонан соң бұларға Шыңғыз хан:
– һай, сізлер келерсіз, Һәрдәйім бізні іздеп жүрсіздер, – дейділер. Бұлар «Дойын», «Дойын» – деп, жыласып тұрды. Бұлар бұлай жылағанға Шыңғыз хан өзі жылап және аналарға:
– һәй, сіз не үшін бұнда келдің? – деп сұрады.
Бұлар айтты: – сенің артыңда аулайык деп жүрміз. Анда Шыңғыз хан айтты:
– һәй, сізді бұнда келерге кім үгіретті? Бұлар айттылар:
– Бізге рақым қылып сойғап, анаңыз Алаңқа үгіретті. Анда Шыңғыз хан:
– Емді алай болса, қане, менің анамның бір белгісі бар ма? – деді. Өзге бектер тік тұрдылар әма Үйсін Майқы би Алаңқадан алған жүзікті қолынан шығарып үйірді. Анда Шыңғыз хан жүзікті алып бағып, Алаңқаның миһирлы жүзігін көріп, таныды. Тағы күліп айтты:
– Әй, Майқы би! Әгар бен хан болсам, биіклік сенен болсын, соның үшін, әгар сен осы миһирлы жүзікті алып келмеген болсаң, анамдин беңа бір нышан келтірмесең, мен сізлерге жоқ ердім, тағы сіз беңа еш жолдас болмас едіңіз, енді қосқа қайтып әма бұл сөзден сіз, өзге билерім, көңіліңізге жаман алмаңыз, сіздер баршаңыз менің жанымсыз. Келіңіз, емді қосқа қайтып, анда отыралық, – деді. Сарайға барды, бір жұма сонда жатып, түрлі шарапты аштылар, сөнбес шырақ, түгемес ас жеділер. Сонан соң Шыңғыз хан айтты:
– Келіңіз, емді кеңес айтып отыралы, бізді іздеп келген сіздер неше ұрық халықпенен? – дейді. Бұлар аяққа қалтып өре тұрып, тағы өтініп айттылар:
– Әй, ұлығымыз! Ханымыз! Жанымыз! Келген ұрықтан сұрасаңыз, бізлер мұнда сізді іздеп келген он кісіміз, тоғыз ұрықтан. Әма Қалдар би –жалғыз өзі дүр, анаңыз Алаңқа бізлерге қосып жіберді, лекин, Қоңырат би сізді іздей келмеге ұнамады, ол өзі тағы ұрығыбірлән сенің ағаларыңның қасында дүр, әма бізлер сенің мүбәрәк жүзіңді арзу қылып, әуел жете келдік, сізге қосылдық һам өзіміз һам барша ұрық халқымызбенен сенің қолыңыз, – дейділер. Анда Шыңғыз хан аналардан бұ сөзді естіді, ирсә, сеніп:
– Әй, беклерім, ұлықларым, бұ күннен соң сіз бенімен, – дейді. Бұлар Шыңғыз ханнан бұ сөзді естігендерінде ғайт сүйіністі, тағы емді:
– Сені бізге Тәңірі берді, аның шүкіршілігі үшін біз мініп келген аттарымызды азат жіберелі, – деп, мініп барған аттарын Шыңғыз ханы болғандығы үшін азат қылдылар. Андин соң Шыңғыз хан бұларға:
– Маған, мені неменемен елтерсіздер, – дейді. Ирсә, аналар немен алып баратынын білмей әма Қалдар би аналарға:
– Мен бір өнер шығардым, – дейді. Сонда бұлар:
– Көрсет! – дейділер, білмес ерді. Қалдар би өз ұсталығымен бір арба жасады.
– Емді арба берейін, сұраған кісіге. Ялын би ұлы Қалдар би сонда арбаны, тамам қылған соң Шыңғыз ханды арбаға өтінділер. Ирсә, Шыңғыз хан келіп арбаны қарады әма «хош қылыпсың» деп, Қалдар биді мақтады.
Сонан соң Шыңғыз хан арбаға олтырып, бұ барған билер өздері арбаны сүйрей тарттылар. Ирсә, анда Үйсін Майқы би:
– Әй, билер! Мен сіздің жайыңызға бара алман, аяғым қысқа дүр, – дейді. Аңга кәрі билер айтты:
– Нетік қыларсың? Анда Майқы би айтты:
– Мен ханнан өтінейін, рұқсат болса, ханбірлен арбаға отырып, қайыссыңыз арбаны тартсаңыз, мен соны таяқбірлен көтке түртейін, – дейді. Анда бұлар:
– Қош, алай болса, айт! – дейді билер. Сонан соң Майқы би Шыңғыз ханнан өтініп:
– Әй, ханым, аяғым қысқа дүр, арбаны тарта алман, – дейді, – әгар, рұқсат берсеңіз, сеніңбірлән бірге арбаға олтырамын, – дейді. Анда Шыңғыз хан:
– Дәһи қош, олтыр, – дейді.
Сонан соң бұ билер бірнеше күнлерден соң Шыңғыз ханды алып келіп, Алаңқаның шаһарына енді, ирсә, Алаңқаға хабар қылып, сарайға енділер. Әма Шыңғыз хан артынан қайсысы енерін білмеклерінде, Майқы би:
– Әй, ханым! Сізден соң арба тартқан өгіз енер ме? Яки оны жеккен иесі енер ме? – дейді. Сонда Шыңғыз хан айтты:
– Иесі енбей, өгіз ене ме? – деді. Ирсә, Майқы би рауан жүгіріп еніп, ханның оң жағынан орын алды. Өзге билер және отырдылар. Ертеңгісін Шыңғыз хан төрт ұрық елдің кісісіне ұлық қырғын етіп, сол ұлық қырғында Боданжар, Қиғынжар, Салжұт тағы Қоңырат биді аман, иіріп тамамын қырып өлтірді. Әма сол уақытта Қоңырат батырдың бір қыз қарындасы болып, Бөрте қошын атты еді. ол Бөрте қошын ұлық қырғында һәләк болмасын деп төрт ұлын алып қалып, жасырын асырар ерді. Бірісі – Боданжарұғылы, екіншісі – Қиғынжарұғылы, үшіншісі – Салжұтұғылы, төртіншісі – өзінің ағасы Қоңырат би ұғылы. Бұларды ешбір кісіге білдірмес ерді. Соң халық ұғылы аңласып, тергесіп шығарар ерді. Тағы ханға барып айттылар. Шыңғыз хан ашуланып: «Кісілер не жасырған? – деп айтты. Анда тұрған билер:
– Әй, ханым! Қоңырат бидің қыз қарындасы Бөрте қошын жасырыпты, – дейділер. Сонда хан айтты:
– Барыңдар, оны мұнда келтіріңдер, – дейді. Рауаноқ барып Бөрте қошынға:
– Тез сені хан шақыра дүр, – дейділер. Ирсә, анда Бөрте қошын бұл сөзді естіп, айтты:
– Қош, барайын, – деп, тұра салып, сырт кіші тонын желбегей, бір ала жібек бешпетті оның үсіге, бір қара түлкі бөркі бар ерді, басына киді. Тағы ол жасырып қалған төрт ұғылды өзібірлен бірге алып барды. Қайсысы он жасар, қайсысы он үш жасар, қайсысы он төрт жасар болып, ғайт көріклі еді әма Бөрте қошын өзі дәһи олардан бек артық көріклі, андақ сұлу кісіні ол заманда еш кісі көрміш жоқ, ол Тәңірінің құдіретібірлен пайда болып, қырық құлаш шашы бар еді. Ол шашын алтын табаққа салып, артынан екі даясы тарар ерді. Сонда халық ұғылы көріп:
– Әй, Бөрте қошын, бұ Қыдыр сипатты көріклі кісісің, не үшін бұндай іс қылдың? – дейді, – ұғылдарды жасырып, ұры болдың, – дейділер.
Анда Бөрте қошын аналарға:
– Әй, халық ұғылы! бен сізге не іс қылдым? Ләкин ұғыры болдым, ханға ұғыры болдым, – деп жауап берер ерді. Бұндин соң Бөрте қошын ұғылдардың біреуін Шыңғыз ханға алып келділер. Хан тағы мұның көркін, ұзын шашыны көріп таңға қалды. Тағы:
– Бөрте қошын, не үшін бұ ұғылдарды жасырып беңа ұғыры болдың? Сонда Бөрте қошын өтініп:
– Әй, ханым! Бен сені аяған үшін жасырып, ұғыры болдым, – дейді. Шыңғыз хан оған:
– Не үшін мені аядың? – дейді. Ирсә:
– Әй, ханым! Сенің жаныңа күш болар дедім. Сонда хан:
– Менің жаныма не үшін күш болар? – деді. Бөрте қошын:
– Әй, ханым! Аның үшін Нұқ Ғалиассалам заманында Құдай Тағалла кәпірлерге қаһар қылып, топан суды жіберді. Кәпірлерді топан суына батырып, жоқ қылды. Тағы ол топанда жандының еркегі уә ұрғашы нәсілдеріне келмесін деп, Нұқ Ғалиассаламның кемесінде құтқарып азат қылды. Хан болсаң да Тәңірінің құлы дегаймын, арсылан, киік ергеш аса секіріп артындағыға қайта алмай азат қылар. Әй, ханым! Сен адамсың, бені тағы бұ ұғылдарды азат қылғайсың? Зира ол ашық-жабық жаман қырғында бұлардың қадірін білмей өлтірер деп, нәсілдері, ұрықтары кесілмес үшін жасырып қалдым, – дейді. Сонда Шыңғыз хан айтты:
– һай, сенің жақсы сөзің тағы теңіздей жақсы көңілің үшін жүз мың өлімнен азат болыңдар, – дейді. Шыңғыз хан енді:
– Әй, Бөрте қошын, көңіліңді қалдырмайын, өзіңді бенен айырмағыл, – дейді. Анда Бөрте қошын оған:
– Қош, сізлер бені сүйсеңіз, мен сізникімін, – дегенде, Шыңғыз ханның көңілі ериді. Екеуі бір-біріне құп адал жәфәт болып, халайыққа ұлық той қылдылар. Бұ фәни дүниеден озды дейді. Және шолкім Шыңғыз ханның Бөрте қошыннан төрт ұғылы олды. Ұлық ұғылы – Жошы хан, екінші – Жыдай хан (Шағатай), үшіншісі – Керей, Төртіншісі – Толы хан ерділер. Андин Шыңғыз хан жақсы оғдылар қылмақбірлен еді, нәсілі ол ләшкерлерібірлән жүріп ұрысып, көп ханларыны, ордаларыны бақтұрып, тағы аты, шөбі, дүния әшре толғай еді.
Андин соң Шыңғыз хан өздерін ізлей барған билерге, тағы өзге билерге әр бірісіне орын, мақам, тағын белгі қылып, ел, күн сұрағақ берді. Тағы барша үшбу билерінің өзді-өзіне тамға, құс, ағаш, ұрандар беріп, бөлек-бөлек халық қылып айырды. Әуелі бастап Боданжарұғылы Қиятқа айтты: «Сенің ағашың – қарағай болсын, құсың – сұңқар, ұраның – арухан, тамғаң – ашамай, яғни өрне тамға болсын», – деді. Хан, Қоңырат би ұғылы Нескілеге айтты: «Сенің ағашың – алма ағаш, құсың – лашын, ұраның – қоңырат, тамғаң – ай тамға болсын», – деді. Бұл елдерде жарым ай сипатында да жортылады дүр. Андин соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Үйсін Майқы би, сенің ағашың – қара ағаш, құсың – қара құс, ұраның – салауат, тамғаң – сірге болсын», – дейді. Бұ елдерде соңғы да мақбұл, қазақта бұ тамға төре тамға деп жорытылады. Андин соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, мың садақлы Ораж би, яғни мың түмендік андин қалды. Ораж би биғаят кісі еді. Ұрысқа шығар болса, мың садақты кісі болсын шығар еді. Соның үшін сенің ағашың – қайың, құсың – қаршыға, ұраның – алаш, тамғаң – құс қабырғасы болсын», – дейді. Және Шыңғыз хан айтты: «Әй, Тайман би, сенің ағашың – терек, құсың – қырғи, ұраның – тотия, тамғаң – арғақ болсын», – дейді. Сонан соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Қыпшақ би, сенің ағашың – қараме, құсың – бүркіт, ұраның – тоқсаба, тамғаң – тарақ болсын», – дейді. Андин соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Юрматы би, сенің ағашың – үйеңкі, құсың – ителгі, ұраның – ақтайлақ, тамғаң – сенек-айыры болсын», – дейді. Және Шыңғыз хан айтты: «Әй, Керейіт би, сенің ағашың – жөке, құсың – қаз, ұраның – арбор, тамғаң – көр тамға болсын», – дейді. Және Шыңғыз хан айтты: «әй, Мотиян би! Сенің ағашың – милеш, құсың – тырна, ұраның – байқоңырат, тамғаң – құйысқан болсын» дейді. Андин соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Боржын би, сенің ағашың – емен, құсың – күшіген, ұраның – ақтоған, тамғаң – жағалбай болсын», – дейді. Онан соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Борқыт би, сенің ағашың – жықан, құсың – һодһод, ұраның – борож, тамғаң – һамзе болсын», – дейді. Және Шыңғыз хан айтты: «Әй, Қиғынжар ұғылы Қият, сенің ағашың – артиш, құсың – қауыт, ұраның – тайлақ, тамғаң – сыро болсын», – дейді. Андин соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Қалдар би, сенің ағашың – сандал, құсың – көгершін, ұраның – арнау, тамғаң – шөміш болсын», – дейді. Және Шыңғыз хан айтты: «Әй, Салжұт би, сенің ағашың – көброх, құсың – койка, ұраның – барлас, тамғаң – үй тамға болсын», – дейді. Онан соң Шыңғыз хан айтты: «Әй, Темірқұтлық, сен құарақшыдан байлығың көп, мал бермегіңбірлен билік таптың. Сенің ағашың – жирек, құсың – сауысқан, ұраның – табан, тамғаң – жарым тарақ болсын», – дейді. Әмә Шыңғыз ханның өз ұраны – жанықпа еді. Шыңғыз хан үшбу етілген билерді әр бірісін ләшкер (әскер) басы қылып орда алғалы жібереді. Ама ол ұлық шиырларда халық ұғылы бір-бірін орынды ұраныбірлен табар ерділер. Емді барша ұранларының атлары бұнылар дүр: әуелі хан ұраны – жанықпа, андин соң билердің ұрандары: аружан, қоңырат, салауат, тотия, тоқсаба, ақтайлақ, арбот, байқоңырат, аққоған, бороһ, тайлақ, арнау, барлас, табан және мағұлым Шығыз хан киік аулауға шығар болса, үшбу айтылған билеріні һәрдайым құстары бірлен алып шығар еді. Енді ол құстардың аттарын жамиһ қылып, баршасын айталық. Әуелі Шыңғыз ханның өз құсы – бас қарақас ерді, өзге билерінің – сұңқар, лашын, қара құс, қаршыға, қырғи, бүркіт, ителгі, қаз, тырна, күшіген, һодһод, көгершін, койка, сауысқан ерді. Және Шыңғыз ханның ағашы шынар ерді. Өзге билерінің ағашы – қарағай, алма ағаш, қарағаш, қайың, терек, қарама, үйеңкі, жөке, милеш, емен, шаған, артиш, сандал, көбырож, жирік ерді. Және мағұлым, ол хакиім Шыңғыз ханның өз тамғасы – құс басы ерді. Және маұлым, ол хакиім Шыңғыз хан бұ айтылған билерінің һәрбірісіне ұрысқа лайық бірер сауыт берді. Ғибетлемек үшін Шыңғыз ханның өз сауыты – боян деген ерді. Ұлық ұғылы Жошының – қаратау деген ерді, екінші ұғылы Жадайдың – алтын сандық ерді, үшінші ұғылы Керейінің – бектарын ерді. Андин соң Шыңғыз хан билерінің һәрбірісіне сауыт берді. Әуелі Боданжарұғылы Қиятқа – ғақала деген сауытты берді, қоңыратқа – айқолтық дегенді берді, Майқыға – сифр дегенді, Ордажға – шөжекөз дегенді, Тамиянға – көйлексе дегенді, Қыпшаққа – көкиқа дегенді, Юурматқа – көйлексе дегенді, Бөржінге – құмғаш дегенді, Борқытқа – көрлауыж дегенді, Қиғынжарұғылы Қиятқа – бізқалпақ дегенді, Қалдарға – шықтұрған дегенді, Салжұтқа – құйыршақ дегенді, Темірқұтлыққа – бұзаубас деген сауытты берді, енді үшбу сауыттарды жамиһ қылып айталық: боян, қаратау, алтын сандық, айқолтық, сфир, жөжекөз, көйлекше, көкиқа, он қырыш, үйлмеқаты, қабақ, құмғаш, көрлауыж, бізқалпақ, шықтұрған, құйыршақ, бұзаубас ерділер. Шыңғыз хан бұ билерінің тамамын көз үстінде қасдай көріп, әшірә-әшірат өзара дүниесіне қуанып, патшалыққа мәзрүр мәшқұл иле һәрдайым тамаша қылар ерді. Күнлерде бір күн Шыңғыз хан ұғыланлары, билерібірлен ау аулай шығып, жүргендерінде жолбарыс деген киікті көрділер. Һәрбірі оқтарын жаға кездестіріп қойдылар. Үй қарны ашур дейлар, һешбірі жете алмай, ақыр бір үш кісі қуып, жеткендерінде жолбарысны атып жықтылар. Аналарының бірі Қоңырат батырның ұғылы Сынале, екіншісі – мың садақлы Ордаж, үшіншісі – Тамиян ерді. Бұ үш кісі жолбарысыны өлтіріп, Шыңғыз ханға келтірділер. Хан бұларының о сол ерліктерін көріп, таңға қалды. Һәр қайсысына міңер теңге алапа беріп (ғалфе), һәр жерде бұларының ерліктерін сөйлер ерді. Және күнлерде бір күн билерібірлен ауға шығып жүргенде, жапанда бір киікні көріп, қудылар. Біржан биінің бір жүгірік аты бар ерді. Жүгіргенде андағ ерді: бұланды жетіп бүйірден тұтарды. Біржан би киікні тегінде атып жығып, хан алдына келтірді. Хан аңга даһи иллас теңге алапа беріп, һәр күн андағ зоуық сыпа қылурлы ерді.
Және даһи бір күн Шыңғыз хан аналарға:
– Әй, билерім! Барыңдар, құс аулап келтіріңдер! – деп, жіберді. Билер даһи һәрбірісі құсларын алып шығып, құс аулап келтірділер. Қият сұңқар құспенен аққуны алдырды, Сынала лашынбірлен тырна алдырды, Ордаж қаршығабірлән қаз алдырды, Тамиян қырғибірлән бөдене алдырды, һәрбір құсты құспенен алдырған құстарын Шыңғыз ханға алып келіп, алдыға салдылар. Хан бұ құстарды көріп һәрқайсысына миңир теңге алапа ама Қиятқа, Сыналаға, Ордажға, Тамиянға екшар мың теңге алапа берді. Андан соң Шыңғыз хан Киндоның ұлық ұғылы Жошыны: «Асыл, мал анда табар, алтын-күміс көп дүр, жұрті кең дүр», – деп, Тирміз ордасына ханлыққа қойды. Екінші ұғылы Жыдайыны: «Ел, ұлыс, түмен, түрлі халық анда болар, ұлы жұрт дүр», – деп һиндыстан ордасына ханлыққа қойды. Үшінші ұғылы Керейіні: «Ер киер сауыты, ер құшанар қылышы көп дүр, асылзада халық дүр», – деп, Корал ордасына ханлыққа қойды. Тағы төртінші ұғылы Толыбині; «Халқы рақымды, ер жұрт. Ер киер шұғасы, атласы, торқасы көп дүр, ашқаты, аштатлу таймас ұлы жұрт дүр, – деп, Мыкуо ордасына ханлыққа қойып, үшбу айтылған һәрбір ордаларыны халқыбірлән аналарға үлесіп берді. Емді ол шаһарлердегі ханларының асыл бұлардан дүр. Білгейсіз қу, Шыңғыз хан тарихи һижырадан соң бес жүз қырық тоғызыншы жылда тоңғоз жылы ерді, зи һәжжи айында анадан тұғды, жетпіс екі жыл ғұмыр сүріп, он үш жасында ханлыққа олтырды. Елу тоғыз жыл ханлық сүріп, жетпіс екі жастан соң тоңғоз жылында мүбәрак рамазан айының он төртінші күні, тарих алты жүз жиырма төртте дүниядан өтті. Шыңғыз ханның туған шаһары, отырған жұрты Қытай ерді.
[САХАБАЛАР]
44. Әнес туралы аңыз
Қазақтың шежірешілерінің айтуынша Әнес жайындағы аңыз-әңгіме былай басталады: Әнестің әкесі Мәлік, ол арабтың Ғажам руынан дейді. Шешесі Ұмсалима Мәкеннің қызы, о да араб еді деп шегелейді шежірешілер. Аңыздың негізіне қарағанда, Мәлік ірі сәудегер және батыр адам болғанға ұқсайды. Сонымен қатар ол өз дәуірінде көршілес елдерге белгілі болған. Ол сауда жасап жүріп Қытай мен Үндіге, Дум мен Мысырға, Шам мен Бағдатқа барып, жиі қатынап жүреді. Бір күні Мәлік көп керуен жүгімен, қаруланған шағын жасағымен Индияға сапарға шығады. Мәліктің осы сапары сәтсіз болып, жолда торып жүрген қаруланған көп қарақшыға кездеседі. Олармен аянбай сағысқан Мәлік, олардан ақырында жеңіліп, сол соғыста өледі. Сүйегі сонда қалады. Мәлік өлгесін әйелі еуропалық бір сәудегерге тиіп кетеді. Әнес жастай жетім қалады. Әке-шешеден түгел айрылған жас Әнес жетімдік пен жоқтықтың ауыр азабын тартады. Жоқшылық тұрмыстың тауқыметін тартқан Әнес қиындық көріп, машығады. Кейде аш, кейде жалаңаш дегендей, тұрмыстың ащы дәмін татады. Осыдан келіп Әнес жастығына қарамастан өз бетімен еңбек етіп, күн көре бастайды. Ол кездегі кәсіптің түрі – мал бағу ғана еді. Әнес те осы кәсіппен айналысып, ауқатты адамға жалданып, мал бағады. Ол осы бай адамда біраз жыл мал бағып тұрады, өзі де мал өсіреді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтқандай, ерінбей еткен еңбегінің арқасында, бұрын біреуге “Ол не берер екен?” деп тұратын Әнес, енді жоқшылық қамытынан бір жола құтылады. «Кем-кемнен – кем ал» дегендей, еткен еңбегінің нәтижесінде Әнес тұрмысын жақсартып, тәуір қалыпқа келеді. Ауқатты адамдардың қатарына қосылады. Малы мен басы тең өседі. Әйел алады. Алғанда біреу емес, үш әйел алады. Тұрмысы жақсарып, шаруашылығы өскен Әнес, енді жаңа қоныс, жайылым іздеп, тың жерді жайлайды. Кең даланы иемденеді. Көшпенділікке айналады. “Сол атамыздың кәсібі қырғыз бен қазақта ғана қалған” деп өкінеді сөз білетін қариялар. “Әнес он екі ұл, екі қыз, барлығы он төрт перзент көрген” деп шегелейді шежірешілер.
45. Хоралас руының тегі жайлы
Ұлы жүз Дулаттың баласы Ботпай өз заманында елден асқан байдың бірі болған. Осы Ботпаймен замандас Хорасан қожаның тұқымы Аннақ ишан өтіпті. Аннақ ишан ел-елді аралап ислам дінін үйреткен. Ишанның қасында Тәсін қожа баласы діндар, емші Алдияр деген кісі бірге жүрген. Күндердің күнінде жолы түсіп, қожалар Ботпай ауылына келеді. Ботпай ишанды үлкен құрметпен қарсы алып, ауылына үш ай ұстап қонақ қылады. Сонан бір күні бай елін жинап, ишанға төрт түлік малдан нәзір береді де: “Тақсыр, Ишан, сізбен құдандал болайын, мына қызым Қалыкүлді қалыңсыз сіздің жолыңызға қидым”, – дейді. Аннақ Ишан жанындағы Алдияр қожаға Қалыкүл қызды таныстырады. Сол күннен бастап Алдияр қожа Қалыкүлмен бірге тұра береді. Ишан үш айдан кейін басқа жолдастарымен қыруар олжасымен еліне қайтады. Алдияр қожа елшілік жұмысымен айналысып, бір жылдан астам уақытқа Ботпай ауылында қалып қояды. Алты айдан соң Ботпай ауылына қалмақтар шабуыл жасап, бар малын айдан әкетеді. Сол шапқыншы қалмақтармен соғыста Ботпай ауылының көп адамдары қырылып, солармен бірге Алдияр да қаза болады. Жаугершіліктен кейін Алдиярдың әйелі Қалыкүл әкесі Ботпайдың үйінде ұл туыпты, бірақ көп ұзамай Қалыкүл қайтыс болған. Жаңа туған сәбидің атын Ботпай «Хоралас» қойып, бәйбішесінің қойнына салып, тәрбиелеп өсірген. Хораластан екі бала: Қарақойлы, Қарақосай дүниеге келеді. Хораластың әулеті – қожа, ұлты – араб.
46. [Сахабалар тарихы]
(І нұсқа) Замандардан заман өткенде бұрынғылар өліп, таусылып қалғандарға нәубет жеткенде: “Араб жұртынан бір Мұхаммед деген пайғамбар шығыпты” деп, әуезесі айдай әлемге жайылып кеткен-ді. Түркістан аймағынан, Түркі ұрпағынан Үшоқ нәсілінен “Тоқсан екі баулы Қыпшақ” атанып тұрған заманда тоқсан екі батыр атқа мінді дейді: “Сол пайғамбарды барып көрелік! Жақсы болса, жанына жолдас болып ерелік!” – деп. Мінген көліктері – ат, ұстаған қарулары – бір-бір сойыл. Құрғақ шөлмен жүріп барса, Мұхаммед пайғамбар екі соғысты мұнан бұрын өткеріп, үшінші соғыстың үстіне барған екен-ді. Жан-жақтан ереуілдеп шаң шығады екен де, шаңдатып келе жатқандар кәпірлер тобына қосыла береді екен. Мұсылманға үйден шыққан өздерінен басқа ешкімнің шаңы қосылмайды екен. “Күншығыстан бір шаң шықты, о да кәпірлерге қосылады ғой!” – деп тұрысып еді. Бұл шаң кәпірлерге бармады, мұсылмандар тобына келіп килікті. Аң хазретіміз[ге] Мұхаммед Мұстафа ғалайссалам ғараб тілімен сөйлеп еді, білмеді, парсы тілімен сөйлеп еді, білмеді.
Хазірет Әбубәкір Сыддық (Алла разы болсын!) көлденеңдеп жетіп келді:
– Ия, Расул Алла, – дейді, – Менің атам – Қыхафа (Қыжафса, Қыпшақ) Түркістаннан келген екен. Бұлар Түркістан жұртының саяқтары болса керек. Түркі тілімен айтсаңыз, білер! – дейді.
Түркі тілімен сөйлеп еді, бастарын изеп, шұлғып оқырана түсті:
– Өзіміз әдейі сізге біріміз – оқ, біріміз – жақ болып, қазылған жол, шашылған топырағыңызда арқамыз соқпақ, басымыз омақа болсын! – деп келдік! – деп, кәпірге қарай лап қоя шауып, дүрсе қоя берді.
“Кірген жерін – есік, шыққан жерін – тесік” қылып, лездің арасында апа-сапа: кәпірлер – қой, бұлар бір оған тиген топалаң есепті болып, көп кәпір мұсылман дініне кіріп, бұрын-соң көрмеген тамаша майдан болды. Сонда бұлардың батырбасы, азаматы – Ақкөсе екен де, оған таяулары: Мәлік, Ақтам, Құтқожа, Имамбайыр дегендер екен.
Сонда Пайғамбарымыз шаттанған (шадланған):
– Алла түркі ғайри мен үмматы! – дегенде, Сүлеймен парсы сахаба ұғып алып:
– Алла түркі, – дегенде, Ақкөсе бабамыз ұғып алған екен.
Сонан кейін бұлар қалған өмірін Пайғамбар қасында өткізіп, ансарылардан саналған екен. “Мұһажирин ансары!” деген – Құм Құбыла ұруы. “Құм” ел аты емес. Меккеден Пайғамбарды іздеп, қажылық қылып көшкендер: “Мұһажирин” аталған екен де, Пайғамбарға болысып, күш-көмек бергендер: “Ансары” аталған екен. «Уалсабқұн лаууалун мин әл-Мұһажирин уа әл-Ансары»: Бәйгенің озып алдын алған – «Мұһажирин” мен «Ансарылар» делінген сөз екен. Ақкөсе мен Мәлік екеуі бір ағайынды, Нәзір деген әкелерінің аты екен. Мәліктен – Әнес туады да, сол Әнестің үрім-бұтағынан: Түрікпен, Қарақалпақ, Қазақ тарайды. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз: “Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз” деп жүргені, Пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін: “Мұныхтырса” (Мохтырса) деген кәпірмен соғыс ашамыз!” – деп, хазірет Ғұмардың халифа күнінде Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа сахабалар Қаратауда шаһид болып, зиараттары сонда болғандықтан: “Ақкөсе сахабамыздың моласы”, – деп зиарат қылғандықтан: “Соның ұрпағымыз” – деп жүргені – сол екен. Бұл күнде Қаратаудың күнбатысында. Ол кісіні: “Домбы ата” десе, жұрт біледі.
47. [Сахаба ұрпағы]
(ІХ нұсқа) Қырық сан Қырым жұртынан Он сан Оймауыт, Құба қалмақ, Он сан Ноғай Ормамбет би халқы Дәшті-Қыпшақ, Сарыарқаларыны Отан тұтқан заманларда Түркістан атырафында Отыз екі баулы Өзбектің ұруынан бірер жамағатлар көшіп, қонып Отан тұтқан екен. Мәзкұр Қырым елінің ханларынан бір ханның баласы анасынан туғанда ала болып туады. Бәйбішесі күндеп күншілік еткен екен. Соның тілін алып, ала болып туған баланың елді ала тайдай қылып бүлдіреді деген соң бәйбішенің тілін алып хан жарлық етіп, қырық кісіні қосып, Сыр суынан өткізіп тастаған екен. Бұл бала сақалда Он сан Ноғай Ормамбет елінің ішінде өсіп-өніп, халыққа мәшһүр болып, өнерпаз болған екен. Баяғы хан баласының өнерін естіп, өз баласы екенін біліп алдырсам екен деп мәслиқат қылып, түрік тайпаларын жинапты. Жетпіс бес үй көшіп-қонып, жуықтайды. Сол жамағатларда Қотанбай деген бай бар екен.( Майқы би түсіп қалған – О.Қ.) Сол екеуін шақыртып алып ақылдасып, Қотанбайдың үлкен баласы Үйсін батырды 100 жігітке басшы қылып хан баласын іздетіп жіберіпті. Ол 100 жігіт Сыр суынан өтіп, хан баласына қосылып, Сарыарқаның қызығын қимай тұрып қалыпты. Енді үш жыл өткен соң хан тағы да Қотанбай мен Майқы биді шақырып алып ақылдасып, 100 жігітке басшы етіп Қотанбайдың екінші баласын мырзаға жіберіпті: “Ағаң мен хан баласын алып кел” деп. Бұл 100 жігітлер бұларға қосылып тұрып қалыпты. Енді бұлар һәм халқымен жау болып жылқы алған. Болат мырза олжа алмайды екен. Кісі ақысы қиын болады деп. Сол себептен Болат қожа атанған екен. Мұнан соң үш жыл өткен соң тағы да хан мәслиқат қылып, Қотанбай мен Майқы биге ақылдасып, 100 адамға бас қылып Алшын мырзаны жіберіпті. Бұл үш батыр нөкерімен жатып әр елден жылқы алып, теңдік бермейтұғын бойдақ болған соң “Қазақ зиянды” атанған. Ноғайлардың қорлықты «бойдақ» деген мәнісі (мына) еркінің тауым байсыз, қағусыз деген мағынада екен. О һәм солай уақытын қыр артады, ноғайлының елінің қыздарын ықтиярсыз тартып алып қатын қылған екен. Ноғайлардың қазақты жамандай беретіні сол екен. Батырлары ноғайға көп қиянат, жапа қылған екен. Ноғайлар үй қылып, енші беріп, қайтадан Ноғайлының ханы Тоқтамыс ханды Едіге батыр өлтіріп, елін шапқан екен. Ол белгілі. Және сол жігіттердің басы бірігіп көбейген соң: “Біз сізді хан көтерейік, – деп, – Біз сізді қолбасы қылайық һәм ұран қойып, аруақ шақырайық!” – деп бәтуа қылғандар манағы бұрынғы келген 100 жігіт Үйсін батырын «Ұлы жүз» деп, Сыр суының басын орай қондырып, соңғы келген Алшын мырзаны 100 жігітімен Сыр суының аяғына қондырыпты. Ортаншы келген 100 жігітті, Болат мырзаны Сыр суының орта жерінен қондырып, «Орта жүз» деп ат қойыпты. Ақ кигіз жайып, алаша төсеп, жиналып, манағы Алаша баланы хан көтеріп, «Алашы» деп ат қойып, әр жерден қосылдық, ел болдық, «Алаш!» деп ұран шақырып, кешегі Алаштың – Алашы болып, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз – үш жүзге бөлініп, «Қазақ» атанған жері осы-дүр. Бұлардың туысқаны өсіп ел болды. Өскені жау жолында жау қырып, көбінен тұқым қалмады. Ұлы жүз Үйсіннен тұқым қалды. Орта жүз Болат мырзадан тұқым қалды. Өзгесі Қарақалпақ, Қырғыз, Қызылаяқ, онан-мұнан қашқан «шырма, тырма» болып кетті.
48. [Сахаба ұрпағы]
(Х нұсқа) Шамалап айтқанда, уақыты 789-810-ншы жылдарда Түркістан аймағында Отыз екі баулы Өзбек ұриямынан азғана көшпелі халық болды. Қырық сан Қырымнан шыққан бір ханның баласы шешесінен туғаннан ала туды. Үш оқ нәсілінен 500–600 үй көшпелі жұрттың ішінде Майқы би, Қотан бай деген кісілер болды. Болат – Қотанбайдың баласы. Өзгелері ел талағанда Болат шаппайды да алмайды. Сол себептен басқалар мұны дәнеме де алмайды деп «Болат қожа» атаған. Алшынды 100 жігітпен жіберді. Сонан соң «Қазақ» атанды. «Қазақ» деген ноғайлардың ескі тілінде “бойдақ” деген, «қашақ», «қолға түспейтін қулар» дегені. Ескі түркі тілінде – «өз еркімен жүретін жұрт» деген сөз. Сол жақта бойдақ жүрген қазақтар ноғайлардың қатын-қызын еріксіз алып кете берген. Ноғайлар бұл күнгеше қазақты жек көреді. Түркістанда Тоқтамыс хан – Ноғайдың ханы. Оны қазақ өлтірген – ер Едіге. Жалғыз баласы – Нұралы. Қазақ ежелден әлі жеткенін итше талайтын бассыз, баусыз жұрт болған. “Қазақ болмай, азап болмас” деп басқа жұрт мақал қылған. Қырғыздың қатындары күні бүгінге шейін балаларын: “Қасақ алғыр” деп қарғайды.
ҰЛЫ ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ШЫҒУЫ ТУРАЛЫ
49.Ұлы жүз туралы
(І нұсқа) Үйсін батыр өзі жау жаулап кеткенде елі үркіп, Доғалақ тоқал жүкті екен. «Толғатып, жүре алмайсың» деп Доғалақты жұртқа тастап кеткен екен. Ертеңіне жау келіп, жұртта баласын алып отырған қатынға келіп:
– Ел қайда? – деген екен.
Әйел:
– Ел кеше үркіп кетті, – депті.
– Бұл жерде не бар? – дегенде:
– Осы тұрған таудың аржағында осы елдің жылқысы бар, – деді. – Айдап кеткенін, кетпегенін білмеймін, – депті.
– Бұл таудың жолы қайда? – деп жау сұрапты.
– Таудың жолы күн жарымдық. Тұманғынан айналып барасың ,–депті.
Жау жағы адамын жіберіп, жартысы кейін үш күнде жылқыны жатқан жерінен айдап келіпті. Жылқыны айдай келгенсін әйелге бір жылқы берейін десе, әйел айтыпты:
– Маған жылқы берсең, осы кәрі құла айғырды беріңіз, – депті.
Құйрығы шұбатылған бір құла айғырды берген екен. Әйел соны байлап алыпты. Жау жылқыны алып кетіпті. Таң алдында құла айғыр қатты бір кісінейді. Ертең кеште жылқының жартысы қайтып келіпті. Ертеңі, келесі күні жартысы келіпті. Соңынан адам келмейді. Жаудың ішінде бір жақсы адам бар екен. «Осы жылқы тек жылқы емес. Бұл жылқыны қумайық, елге қайтайық», – депті. Әйел құла айғырды үйіріне жіберіпті. Жылқы тауды айналып орнына барғансын, әйел таудың белінен қиялай түсіп, жылқының ішінде қос қылып отырыпты. Бірнеше күннен соң Үйсін батыр жұртына келсе, елі жоқ. Тау жағына қараса, бір арбаның ізі бар. Сонымен батыр атын жаяу жетелеп қиялап көп бейнет, машақатпен қуалап келсе, жылқының ішінде әйелі баласын алып отырған екен. «Ел қайда, не қылып отырсың?» – десе, болған уақиғаны баршасын бір-бір баян еткен екен. Сонан кейін еліне бармай, сол әйеліне үй тігіп беріп, әйелінің қолында болған. Бәйбішесінің он екі балалары атасынан жылқы қуып, араз болыпты. Сонан қарғыс кетіп, бұл күнде ол он екі баланың тұқымы әр елде аз-аз, тозғындап аз болды. Тоқалының тұқымы «Ұлы жүз» болып жүр екен.
ІІ. ЖАЛАЙЫР РУЫ
50. [Қабылан батырдың «Жалайыр» атануы]
Қазақ елін Тұран хандығы заманында «қызыл қалпақтылар» билейді. Бұл заманда өз еліменен жауласып, қазақтың ру-тайпа және ата қонысындағы (отцовство) жиналыста «Жалайыр» деген атақ алып шыққан Қабылан деген батыры болады. Ашулы Қабылан Жетісу, Іле, Шу, Қаратал, Ақсу-Алакөл жеріне талас Найман тайпасының қастандықпен Тентек, Көксу жайлауына талас, керісі басталады. Ашуланған Қабылан жүгенсіз ағып келе жатқан айғырдың кекілінен ұстап, жығыла тартқанда [оны] жалымен қоса қапсыра тартып, арқасынан жалын айырып, құйрығынан бір ақ шығарып, айғырдың жаясын қып-қызыл қанталатып, құйрығының қылын қолына іліп қалады. Осы оқиғадан кейін болған істі, керемет күшті көріп, халық Қабылан батырды – «Жалайыр» деп атап кетеді.
ІІІ. ҚАҢЛЫ РУЫ
51. Дүрбін мерген туралы бір аңыз
Есте жоқ ескі заман болса керек, қырдағы елдің бас иелік ететін ханы өліп, кімді хан қоярын білмей ел-жұрт қатты дағдарыста болады. Сонда ошарылған ел-жұрттың алдына бір ақ жаулықты ана шығып, ақыл айтады:
– Талабы бар ерлердің бәрі садақ тартсын, кімнің садағының оғы сағымға ілінсе, соны хан көтеріңдер, – дейді.
Хан болуға лайық жұртшылық уәжге тоқтайды. Бірақ ешбірінің оғы сағымға байланбайды. Сонда жаңағы ақ жаулықты ана:
– Менің Дүрбін деген мерген балам бар еді, тауда аң аулап жүр, соны шақырып әкеліңдер, бәлкім соның атқан оғы сағымға тоқтар. Аң қызығын балам қимағандай болса, мына жүзігімді көрсетіңдер!” – деп, қолындағы жүзігін шешіп береді.
Елдің жөн білетін адамдары, атақты билері Дүрбінді шақырып келуге аттанады. Шешесі айтқандай, аң қызығына берілген Дүрбін шақырушылардың сөзіне алғашқыда құлақ аса қоймаған екен, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көрген соң бармақшы болады.
– Бірақ, мен жанды нәрсеге мінбеймін, маған күйме керек”, – деп шарт қояды.
Ел-жұрт Дүрбіннің шартын ырым тұтып, күйме-арба жасап алып барады. Дүрбін күйме-арбаға мініп келе жатқанда арбаны жасаған шебердің жол-жөнекей аяғы мертігіп, ол да арбаға мініп жетеді. Содан, ел-жұрттың көз алдында Дүрбін садақ тартады. Садағының оғы сағымға сіңіп, ілініп қалады. Ел-жұрт бір ауыздан Дүрбінді хан көтереді. Содан бері Дүрбін мінген күйме-арбаны қаңғырлап жүретін дыбысына бола “қаңқа” деп атайды. Ал арбаны жасаған кісіні де, арбаға мінген кісіні де “қаңқалы” деп атайтын болады. Бара-бара “қаңқалы” сөзі біраз өзгеріп, “Қаңлы” сөзіне айналады...
52. Қаңлы
Ұрыстан соң Оғыз қағанның шеруіне, нөкерлеріне, халқына соншама көп жансыз олжа-мүлік түсті, жүкті тиеуге, тасуға ат, қашыр, өгіз аздық етті. Сонда Оғыз қағанның шеруінде үздік жақсы бір шебер кісі бар еді. Оның аты Бармақлық Жосын Білік еді. Бұ шебер бір қаңға (арба ) шапты. Қанға үстіне жансыз олжаны тиеді. Қаңғаның алдында тірі олжаны жегіп, тартып кете барды. Нөкерлердің, халықтың бәрі мұны көріп, тездетіп тағы қаңға шапты. Мұндай қаңға жүргенде «қаңға, қаңға» деп дыбыстап бара жатушы еді. Соның үшін оларға «қаңға» деп ат қойды. Оғыз қаған қаңғаларды көріп күлді де айтты: «Қаңға мен өлі олжаны тірілер алып жүрсін. Саған Қаңғалық аты беріліп, Қаңға аты сақталсын, – деп кетті.
ІҮ. БӘЙДІБЕКТЕН ТАРАҒАН РУЛАР
53. Жарықшақ туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Бәйдібектің төрт қатыны болады. Бірі – Сары бәйбіше, басқалары: Домалақ тоқал, Сыланды, Мапыраш (Шежіреші соңғы екі әйелді қате көрсеткен, шын мәнінде бұлд екеуі – Бәйдібектің келіндері – Т.Ә.). Бәйдібектің мекені Әулиеата уезінде, Күйік деген жерде екен. Ол уақытта қырғыз Қарын-Әнжан жағында болады екен. Бұл екі ел жау екен. Қырғыздан Бәйдібектің елі (Үйсін) Билікөл деген жерге қарап үркиді. Бәйдібек жылқысымен кеткенде, Сары бәйбіше толғатып жатқан Домалақ тоқалды «жау алсын» деп қастап, жұртқа тастап кетіпті. Домалақ қара лашықпен жұртта толғатып, баласын туып, емізеді де әлсіреп талып қалады. Сонда баласының басы соғылып жарылып қалады. Сондықтан баланың аты «Жарғышақ» болады. Қырғыздың қолы келіп жұртта балалап жатқан қатынды тауып алады. Қырғыздың қолы:
– Ел қайда, сен кімсің? – дейді.
Домалақ тоқал:
– Мен Бәйдібектің тоқалымын. Мен толғатқандықтан қарамай кетті, пәлен жолмен барса, Билікөлден елді табасың, – дейді, – Тез барсаң, аласың, егер елді шауып, аман алып келсең, маған сауын сал–сауғаға Бәйдібектің жылқысындағы бір ақсақ сары айғырды бер, – дейді.
Қырғыздар қатынның нұсқауымен елді шауып, қалың жылқыны топырлатып айдап келеді де, қолбасы қырғыз:
– Менің мына қатынға айтқан уәдем бар еді, – деп, ақсақ сары айғырды Домалаққа ұстап береді.
Қырғыздар жылқыны бұл күнгі Талас суын өрлей айдайды. Таластың өзенінен жылқы қайта қашып кетеді. Талас суының бойында қатынға келіп, айғырға үйелейді. Бұл кезде артынан қуғыншы соғысып, жылқыны айырады. Сондықтан сол судың аты «Талас» атанады. «Аса» – асудың аты, қырғыздар асып кеткен. Мұнан соң Домалақ бәйбіше әулие атанған. Бәйдібек Әулие ата, Шымкентті жерлеп жүріп өледі. Қазірде Домалақ бәйбішенің һәм баласы Жарғышақтың моласы Шымкент қаласы мен темір жол станциясының арасында. Тұқымдары күні бүгін «Домалақ енем, Жарғышақ, айналайын аруақ!» дейді.
Бұл ұранды осы күні қатыны толғатқанда, қызылбөрік елінің қатындары айтады.
54. Жарықшақ
Нүрила қыз Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан соң көп кешікпей дүниеге бір ұл келеді. Есімін Тілеуберді деп қояды. Нүриланың ерекше жаралған парасат-пайымын бағалап үйленген Бәйдібек би Тілеуберді дүниеге келген соң бұл шаңырағына одан сайын көңіл бөлетін болады. Бәйдібек бидің Нүрилаға көңіл бөлгенін Сарықыз бәйбіше қызғанып, мінез көрсете бастайды. Нүриланы бұрынғыдай есікте жүрген күңі сияқты ұстап, орынсыз кінә тағып, тіптен қол жұмсайтын болады. Тілеуберді дүниеге келген соң Сарықыз бәйбіше қызғанышын одан сайын үдете түседі. Ел ісімен көбінесе ат үстінде жүретін Бәйдібек бидің көзі тайса болды, Нүриланың басынан таяқ, құлағынан қаңқу кетірмейтін болып алады. Сарықыз бәйбішенің ержеткен тоғыз ұлы болса да, Бәйдібек би бар мұрасын тоқалдан туған Тілеубердіге бұйыртатындай көріп, бара-бара бесіктегі бейкүнә нәрестені қарғап-сілейтін болады. Қит етсе болды, Нүриланың қазан-ошағын шашып, әбігер етеді. Ең арғысы, түн баласында да тыныштық бермей, қара мал болып үйге сүйкеніп, Нүрила мен Тілеубердіні шошытады. Бір күні Сарықыз бәйбіше жеті түнде тұрып, қолына пышақ алып, Нүриланың үйінің сыртына келеді де, әдеттегідей қара мал болып үйді сықырлата сүйкенеді. Сонда әбден төзім-шыдамы таусылған Нүрила:
– Хайуан болсаң, өрісің кеңейсін, адам болсаң, мазасын алған жалғыз ұлым Тілеубердінің құзырында бол!” – деп дауыстайды.
Бұл сөзді естісімен, онсыз да булығып жүрген Сарықыз бәйбіше:
– Ә-ә, салдақы, енді менің үрім-бұтағыма тіл тигізейін дедің бе? – деп, есікті бір теуіп үйге кіріп келеді де, қолындағы пышақты бесікте жатқан Тілеубердіге сермеп қалады. Қараңғыда жұмсалған пышақ бесіктегі баланың шекесін тая тиіп, бала шар ете қалады. Жанталасқан Нүрила Сарықыз бәйбішенің екінші рет пышақ жұмсауына бөгет болып, қолындағы пышақты жұлып алады. Сол бетінде Сарықыз бәйбішенің шектен шыққан мына қылығына қатты назаланған Нүрила:
– Жүзге жетпе, жүзге жетсең, күзге жетпе! – деп қарғыс айтады.
Осы бір сойқанды түнде Нүриланың аузынан шыққан екі ауыз қарғыс сөздің салқыны Сарықыз бәйбішенің балаларына тиіп еді дейді. Сарықыз бәйбішенің тоғыз ұлы тоғыз шаңырақ болып отырғанда, Балабөгеннің аңғарынан сел жүріп, ауылды шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей бала-шағасымен суға қарық болады, тек қана Байтоқты деген баласының Ұшан атты келіншегі төркіндеп кетсе керек. Сол Ұшаннан туған Сарыүйсін ғана Сарықыз бәйбішенің ұрпағын жалғайды. Бірақ оның ұрпағы да онша өсіп-өнбейді. Нүриланың баласы Тілеубердінің шекесіне тайып тиген Сарықыз бәйбішенің пышағынан кейін баланың жас еті тез бітіп жазылады. Бірақ Тілеубердінің шекесі жарық сияқты ағарып, тыртық болып бітеді. Осыған байланысты Тілеубердіні төңірегі «Жарықшақ» деп атап кетсе керек. Жарықшақтан (Тілеуберді) – Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды «Қара үйсін» деп те атайды.
Ү. САРЫ ҮЙСІН РУЫ
55. Сары үйсін
(І нұсқа) Ақсақалдан Қараша би жалғыз екен. Қараша би болып, жұрт сұрапты. Өзінен бала болмаған екен. Бір жиында біреудің тілі тиіп, қатты назаланып, жатып алған екен. Елі жиылып, қожа қызы Қоңырбикені алып беріпті. Қоңыр жүкті болып, ұл туған екен, атын Байдәулет қойыпты. Бұны бәйбіше әйелі Зеріп бауырына салып, оның өкшесі жұғып, Зеріп бәйбіше жүкті болып, Жәлменбетті туыпты. Онан соң Қоңырбике Бәйдібекті туыпты. Сөйтіп, екі қатыннан үш ұлды болыпты. Байдәулеттің әулеті Дулат ішінде болып, бір болысқа таяу ел болған. Жәлменбеттен Ошақты, Иісті (ысты – Е.Қ.), Шапырашты руы тарайды. Бәйдібектен Жарғышақ туыпты. Тегінде Бәйдібек екі қатын алған екен. Үлкені Сарыүйсін, кішісі Нұрбүбі деп аталады. Нұрбүбі домаланып жүретін домалақ адам болғандықтан “Домалақ ене” атаныпты. Сарыүйсін (Бәйбіше) тоғыз ұғыл туып, оның біреуі ғана қатын алып, одан бір қыз туған кезде жұқпалы тамақ ауруы пайда болып, қалған ұлдарының бәрі шетінеп кеткен екен. Қыз туған ұлының әйелі де өлгендіктен оған үйде күң боп жүрген қырғыз қызы мен сарт қызын алып беріп, осы екі әйелден қалың “Сарыүйсін” атанған елдер тарапты.
56. Сарыүйсін
(ІІ нұсқа) Бәйдібектің бәйбішесінің есімі Сарықыз екен. «Сарықыз» десе, дегендей, ақсары, шегір көз адам болыпты. Бәйбішелік жолына лайық әміршіл, адуын мінезді еді дейді. Сарықыз бәйбішеден Бәйдібек тоғыз ұл көріпті. Бәйбіше ауылы атанып, ақарлы-шақарлы ел болып отырады екен. Бірде ел жазылып жайлауға шыққан кезде, Сарықыз бәйбішенің ауылы да тау бөктеріндегі шүйгін шатқалды өрлеп барып қоныс етеді. Таулы жердің жауын-шашыны мол. Бір күні жойқын нөсер жауып, таудан сел жүріп, Сарықыз бәйбішенің балаларының ауылын сел шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей бала-шағасымен опат болады. Тек қана Байтоқты деген баласының Ұшан атты келіншегі төркіндеп кетіп аман қалады. Ұшанның жанына ерген Сарықыз бәйбішенің қызы, яғни Байтоқтының қарындасы Алтын да аман қалса керек. Ұшанның аяғы ауыр екен, төркіндеп жатып босанады. Әжесі сияқты шикіл сары ұл туады. Оған Мырзақаз деп ат қояды. Мырзақаздың емшектегі кезінде Ұшан қайтыс болып, Алтын қыз Мырзақазды сүт беріп асырайды. Бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ – Мырзақазды Алтын “Сыйлықсары” деп мәпелесе, нағашы жұрты “Сарыүйсін” деп еркелетеді. Ақыры нағашы жұртының аузы дуалы болып, Мырзақаз есейе келе ел ішіне «Сарыүйсін» деген атпен танылады.
57. Сары үйсін
(ІІІ нұсқа) Бәйдібек бәйбішесі Мараудан он ұл (Мөйлау, Қойлау, Мойсал, Қайсал, Айтуған, Байтуған, Ерсары, Бисары, Байтоқты, Сарыбай), екі қыз көреді. Марау өжет, бірбеткей, қайсар: өз дегені болмаса ешкімге көнбейтін, кісінің тіліне ермейтін мықты адам болған деседі. Бүкіл елге билік жүргізген ақылды ана болғандықтан, ел-жұрты оны құрметтеп атын атамай “Сары бәйбіше” деп, одан туған балаларды “Сарыүйсін” деп атаған екен.
58. («Сары үйсін» аңызы)
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанады. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып Арыстан би аулына барғыштай береді. Түстеніп, қона жатып, би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды, оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке-шешесі, аға-жеңгелері еркелетіп “Сары қыз” дейді екен. Бәйдібектің сары қызбен көңілдес, бір-бірін ұнатып, сырласып жүргенің шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ жек көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады.
Бір күні Арыстан би:
– Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде құда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?
– Ондай жанашыр әке-шеше менде жоқ, өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.
– Ендеше Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді?
– Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірақ мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен, менде де ел бар, жұрт бар. Ауылға барайын, ағайын-туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей қайтып айналып соғайын.
– Жарайды, мұның да жөн екен.
Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болды.
Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар жылқысын еліне беттетіп, айдай жаяды. Бірнеше күн дегенде олар еліне жетеді. Шынтас бай жылқысының мұрты бұзылмай аман-есен оралғанына қатты қуанады. Жылқышылар Мойынқұм жайлауын қыстап шыққанын, ол елдің Арыстан деген биінің көрсеткен аталық қамқорлығын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді.
Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірі түсіпті:
– Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенің арқаң. Жайлы өріс тауып жылқымның тай-тулағына дейін сондай қаһарлы қыстан аман қалғаны тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің, енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін, Арыстан биге бар-дағы қалыңдығыңды алып қайт!
Осылайша Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би елінің тайлы-таяғы жиылып, Сары қызды ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе – барлық салт, дәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі. Шынтас бай да Арыстан биден қалмаймын деп барын салып той өткізеді. Беташар, жар-жар жырланады. Бәйге, көкпар беріледі. Елі-жұрты Бәйдібек пен Гүлжамалға ақ отау тігіп, енші береді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Көп кешікпей елі оны би етіп сайлап алады. Гүлжамал Байтоқты деген ұл, Алтын деген қыз туады. Байтоқты он сегіз жасында Керей жұртының Ұшан деген қызына үйленеді. Келесі жылдың көктемінде таудың қуысында отырған бес-алты үйді мал-жанымен бір түнде таудың тасқын суы алып кетеді. Солармен бірге Байтоқты да үй-мүлкімен опат болады. Соның алдында ғана төркініне кеткен Ұшан аман қалады. Төркінінде жүріп Ұшан ұл табады. Оның атын Мырзақаз қояды. Еліне келген соң Ұшан да қайтыс болып, бір жасқа толмаған баласы жетім қалады. Жас нәрестені Байтоқтының қарындасы Алтын ақ ешкінің сүтін беріп асырап алады. “Құдайдың берген сыйлығы” деп оны “сыйлық сары” қояды. Келе-келе ел оны «Сары үйсін» атап кетеді.
59. [Сұлықсары ұрпақтарының «Сары үйсін» руына сіңуі]
Кейбір шежірелерде Кішкене Палуанға өкпелеп кетіп қалып, Ұлы жүзге барып, Үйсіндерге қосылып, Бәйдебек бидің бәйбішесінен туған Сарыүйсін баласы Байтоқты байға келіп малын бағып, жалшы болады. Байтоқтының Мырзатаз деген бір ұлы, Қоңыр деген бір қызы бар еді дейді. Кішкененің жұмысы жағып, қойдан жылқы бағуға ауысыпты. Бір жылы қыс қатты боранды болып, жылқы оңтүстікке қарай ығады. Жылқымен бірге Кішкене де ыға береді. Жылқы Боқан тауына барып тоқтайды. Жылы жерге барып, жылқы қыстан аман шығады. Жаз шыға Кішкене жылқыны айдап аман-есен Байтоқты ауылына қайтып оралады. Жылқыны аман қыстан алып, шыққан еңбегіне риза болған Байтоқты қызы Қоңырды Кішкенеге береді. Сол төркінінде тұрып, Қоңыр ұл бала туады, атын Сұлықсары қояды. Сол баланы Байтоқтының бәйбішесіне бала етіп беріп, елге көшерде қалдырады. Сол Сұлықсарыдан Жақып, Қалша туады да “Сары Үйсін” аталып, сіңіп кетіпті дейді.
60. [«Сары үйсін» руы аталуы туралы]
(Ү нұсқа) Бәйдебек бидің бәйбішесі Арыстан бидің қызы Марау (шын аты – Гүлжамал) «Сары бәйбіше» атанған текті, жақсы адам болған дейді. Сол бәйбішеден тоғыз ұл болған дейді. Қытайлар оның малдарын барымталап айдап алып кеткенде артынан сол тоғыз ұлы қуып жеткен, тоғызын да өлтіріп кетіпті. Сарыбәйбіше бетін жыртып, Құдайды қарғап, күндіз-түні күңіреніп жүргенде Құдай оны келеке қылғандай, аяқ-қолы бүріскен, іштен кеміс бір ұл туыпты. Атын Байтоқты қойып, кейін Сирықты немесе «Силықсары» атап кетіпті дейді. Байтоқты–Силықсарының аяқ-қолы кем болғанымен, ақыл-ойы бүтін болған. Оған ер жеткен соң Ұшан деген қызды әйелдікке алып берген. Сол Ұшаннан бір сары үрпек бас ұл туып, атын Түргеш қойыпты. Кейін сол баланы Сары немесе «Сергексары» атап кетіпті де, осы баладан тараған ұрпақтар кейін “Сары Үйсін” руы аталып қалып еді дейді.
ҮІ. ШАПЫРАШТЫ РУЫ
61. (Үш таңба немесе тұмар таңба туралы)
Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен Жәлмәмбет туады. Жәлмембет отызға келгенше үйленбей, серілік құрып жүріп Мапыраш атты қызбен көңіл қосады. Мапыраш анамыз ұл табады. Бірақ қан көп кетіп, ұлын сүйе де алмай, қайтыс болады. ...Баланың атын анасына ұқсатып Шапырашты деп қояды. Бұдан соң Жәлмәмбет өзінің туған балдызы Қарашашқа үйленеді. Ай-күні жетіп, Қарашаш ұл табады. Толғатып жатқанда «мәрту» басып Қарашаш анамыз да қайтыс болады. Нәрестенің атын Ошақты қояды. Тегі Жәлмәмбет атамыз серілеу болса керек, сол екі арада Сыланды деген қызметшісімен көңіл қосып, оған да үйленеді. Іле-шала Сыланды ұл босанып, атын Ысты қояды... Шапырашты туғанда бір жылқышы Бәйдібекке сүйінші сұрап барыпты. Сүйіншісін берген бабамыз жылқы ішінен бір торы тайды ұстатқызып, темір көсеуді отқа қыздырып тайдың санына тартып жіберген екен. Ошақты мен Ысты туғанда да дәніккен жылқышы сүйінші сұрап барыпты-мыс. Бәйдібек баяғы тайды ұстатқызып, жамбасына тағы екі жерден қарып таңба басыпты. Кейінірек: «Сонша жылқыңыз бола тұра, ұш ұлға арнап жалғыз тайды бәсіре еткеніңіз қалай» деп сұрағандарға Бәйдібек: «Таңбасы бір болса тату болады» деген жауап қайтарса керек. Тайдың санына көсеуді үш тартқанда түскен таңбаны «Үш таңба» немесе сыртқы түріне қарай «тұмар таңба» атайды.
62. Шапырашты
(І нұсқа) Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріп – Шынтас байдың қызы. Биязы мінезді, асқан сұлу, адамгершілігі мол, үй тіршілігіне ұқыпты кісі екен. Одан жалғыз ұл Жалманбет дүниеге келеді. Отызға келгенше үйленбеген көрінеді. Серілік құрып жүргенде Жұпар деген қызбен көңіл қосады. Жұпар – шығыста көршілес жайлаған Қоңырат руынан шыққан атақты Мелде бидің үлкен қызы. Мелде биді замандастары “Қызыл би” деп атаған екен. Жұпар келін болып түскеннен кейін биязы мінезіне қарай ауыл адамдары оны «Мапырашты», «Мараш» деп атаған екен. Күндердің бір күнінде Бәйдібек өздері терең ұраға түсіріп алған жолбарысты қыл шылбырмен тұмылдырықтап, тірідей жетелеп, ауыл шетіне жақындағанда сонадайдан алдынан бір келіншек шығып, тізе бүгіп сәлем береді де, бабамыздан «сыралғы сауға» сұрайды.
Бәйдібектің жасауылдары жолбарысты жеткіздіріп береді. Келіншек Жұпардың сырлас жеңгесі болатын. «Ол жолбарысты сойғызып, жүрегін ашкідет қайын сіңлісіне жегізіп, жерігін қандырыпты», – деседі.
Жалманбеттің әйелі – Жұпар (Мапырашты) анамыз айы толып, ұл табады. Бірақ өкінішке орай, жолдасы түспей, дүние салады. Анамыз өлер алдындағы енесі Зеріпке айтқан өтініші бойынша баланың есімін “Шапырашты” деп қояды. Ал ел арасындағы тағы бір әңгімеге қарағанда, «баланың бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туыпты. Сондықтан баланың есімі «Шапырашты» болыпты» – деседі. Нәрестені Мапыраштының енесі Зеріп пен сырласы Сыланды ақ сүтін беріп өсірген екен. Сыланды Мапыраштыны ұзатқанда бірге келген қыздың біреуі еді. Шапырашты қайратты, жаудан жүрегі қайтпаған батыр, зерек жігіт болып өседі.
63. Шапырашты
(ІІ нұсқа) Бірде Бәйдібек би жанына сенімді серіктерін ертіп, сайланып шығып саят құрады. Аң-құсы жыртылып-айырылатын қалың жынысты кешіп келе жатса, «гүр-р» еткен жолбарыс дауысы естіледі. Бес қаруын сайланып шыққан жігіттер дереу тақым қағып, із кессе, уыздай байталды жығып, етін еңсере жеп жатқан жолбарысты көреді. Жас етке сылқия тойған жолбарысты аңшы жігіттер қаумалап жүріп соғып алады да, “үйірімен үш тоғыз” деп Бәйдібек бидің алдына көлденең тартады. Түз шерісіне Бәйдібек бидің де көңілі толып, жетектегі атқа өңгертеді. Аңшылықтың дәстүрі бойынша аң патшасын соққан соң әрі қарай аң аулауды тоқтатып, ауылға бет түзейді. Бәйдібек бастаған топ сарыала жолбарысты салақтатып бір ауылдың тұсынан өтеді. Сол кезде бұлардың соңына жаулығы желбіреген бір әйел ілеседі. Өкшелеп қалмай келе жатқан әйелді байқаған Бәйдібек тізгін тартып жөн сұрайды.
Сонда әлгі әйел:
– Мырзалар, айып болмаса, мына жолбарыстың бауыры мен жүрегін беріп кетсеңіздер, – дейді.
Бәйдібек сөзге келместен әйелдің тілегін қабыл алып, жігіттеріне жолбарыстың жүрегі мен бауырын алдыртып бергізеді. Әйел алғысын айтып кері қайтады. Сол жерде Бәйдібек бір жігітін жұмсап, жансыздап білдіртсе, әлгі әйел қоңырат ішіндегі «Қызыл би» атанған Мелде бидің Тәуіркөз деген бәйбішесі екен. Жолбарыстың жүрегі мен бауырын жеп, жерігін басқаны белгілі болады. Бұл оқиғаны Бәйдібек бір сыр көріп, көкейіне түйеді. Көп кешікпей Қызыл бидің бәйбішесі Тәуіркөздің босанып, қыз тапқанын, оған Жұпар деп ат қойғанын естиді. Сонда Тәуіркөз белін бекітіп, бала қырқынан шығып, бесікке салынған кезде Бәйдібек би барша жөн-жоралғысымен, сән-салтанатымен Қызыл бидің үйіне келіп түсіп, «бесік құда» болғысы келетін ниетін білдіреді. Бәйдібек өзінің «Сұлу Зеріп» деп атанған екінші әйелінен туған Жалмамбет (Жәлменде) дейтін баласына Жұпар қызды қалап, Құдай қосқан құда болғысы келетінін айтады.
Сонда, Қызыл би ойланып отырып Бәйдібекке:
– Бәйдібек, бұл ниетіңнің қандай себебі, нендей негізі бар? – деп сұрапты.
Бәйдібек:
– Себебі де, негізі де біреу-ақ: Тәуіркөз бәйбішенің жерігін өзім қандырып, ырым көріп едім, – депті.
Сонда Қызыл би:
– Е-е, баламның тіні менікі болғанмен, ділі сенікі екен ғой?! – деп оң шырай танытыпты.
Арада он шақты жыл өткенде ата-аналарының ақ баталарын алып, Жалмамбет пен Жұпар қосылады. Бәйдібек ауылына келін болып түскен Жұпар қазақтың жанама ат қоятын дәстүрімен «Мапырашты» атаныпты дейді. Кешікпей Мапырашты жүкті болып, арыстай бір ұл табады. Ауылдың дуалы ауыз бір қарты нағашы әжесінің жолбарыс жүрегіне жерік болғанын ырым көріп, баланың есімін анасы Мапыраштыға ұйқастыра «Шапырашты» деп қояды. Шапырашты ержүрек, батыр болып даңқы шығады.
64. Шапырашты
(ІІІ нұсқа) Бәйдібек би үш некелі болса керек. Бірінші әйелі Сары бәйбішеден – Байтоқты (кейбір деректерде – Сарыбай) туып, одан өрбіген ұрпақ «Сарыүйсін» атанған. Екінші әйелі Зеріптен – Жалмамбет, одан Шапырашты, Ошақты, Ысты туған. Үшінші әйелі Нүриладан (бұл кісіні ел-жұрт қадірлеп «Домалақ ене» деп атаған) Тілеуберді (жанама аты –Жарықшақ), одан Албан, Суан, Дулат туған. Атадан балаға жеткен қария сөздің айтуы бойынша, Бәйдібек би екінші әйелі Зеріптен перзент көріп, қоңырат Қызыл бимен (шежіре деректерінде «Мелде би» деп те айтылады) құдаласып, Мампырашты деген қызын ұлы Жалмамбетке алып береді. Күндердің бір күнінде Бәйдібек би қосшыларын ертіп, аң аулау үшін салбурынға шығады. Бәйдібектің қостап шыққан салбурыны сәтті болып, қанжыға майланып, қайтуға қамданған күні қан сонар түседі. Аңсақ жігіттер: “Құдай сәтін салып тұр ғой, бір сонарлап, төңіректі шолып қайтайық”, – деген соң Бәйдібек серіктерінің сөзін жықпай атқа қонады. Кешікпей-ақ өзіне ғана сеніп жортқан жалғыз арланның сонарға мөрдей болып түскен ізі кезігеді. Аңшылар: “Иә, сәт!” деп шоқыта жөнеледі. Сонар күнгі іздің мойны қашық болмайтын әдеті ғой, әне-міне дегенше қасқырдың да бойы көрінеді. Айтса айтқандай, өзіне-өзі сенген есік пен төрдей көкшулан екен, ұзақ жүгіріп, жігіттерді біраз әуре-сарсаңға түсіріп барып әрең соқтырады. Содан аңшылардың мінген аттары қырауытып, ауылға кештетіңкіреп оралады. Ас-су қамдалғанша жігіттер көкшулан арланды союға кіріседі. Сол кезде көрші-қолаңның бір қыз баласы келіп, сыпайы ғана тілмен қасқырдың бауырын сұрайды. Мұндай тосын қылықты жігіттер елей қоймаған екен, сол жерде Бәйдібек би: “Баланың меселін қайтарма!” деп, қасқырдың бауырын алдыртып береді. Сонсоң жігіттерінің біріне иек қағып: “байқашы, қайтер екен?” деп, ізіне салып жібереді. Сөйтсе, жерігін басу үшін қасқырдың бауырын алдыртып отырған Бәйдібек бидің келіні Мапырашты екен дейді. Мұны Бәйдібек би бір сыр етіп: “Е-е, Тәңірім, қайырын бере гөр!” – деп, көкейіне түйіп қояды. Арада біраз уақыт өткенде Мапыраштың айы-күні жетіп, дүниеге бір ұл бала келеді. Баланы Бәйдібек би алдыртып қараса, бір көзі ашық, келесі көзі қысық және алақанында шеңгелдеп қысқан қан бар екен дейді. Сол жерде Бәйдібек би: “Ниеттілегім қабыл болған екен, баланың аты Шапырашты болсын!” – депті. Шапырашты туған соң, жолдасы түспей Мапырашты қайтыс болыпты. Мұны естіген Қызыл би: “Бәйдібектен кіндігімді үзбеймін”, – деп ниет білдіреді. Содан Мапыраштының сіңлісі Қарашашты Жалмамбет балдыздай алады. Қарашаш Шапыраштыны бетінен қақпай, ешкімнен кем қылмай өсіреді. Шапырашты дүйім жұртқа даңқы жайылған батыр болады.
65. Шапырашты
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек бидің ортаншы әйелі Зеріптен туған жалғыз ұлдың есімі – Жалмамбет. Жалмамбет ақыл тоқтатып, оң-солын танып, жасы отызға жақындағанда қоңырат Мелде бидің (Қызыл би деп те атайды) үлкен қызы Жұпарға үйленеді. Жұпарды биязы мінезіне орай ауыл адамдары «Мапырашты» (кейбір шежіреде «Мираш» деп те аталады) деп атап кетеді. Жұпар келін болып ұзатылғанда өзімен сырлас болып өскен Сыланды деген қыз бірге келсе керек. Күндердің бір күнінде Бәйдібек би аңға шығып, олжалы оралады. Арнайы қазылған аран-орға жолбарыс түскен екен, соны тұмылдырықтап тірідей алып қайтса керек. Жұпарға тілеуқор, сырлас бір келіншек алдарынан шығып, тізе бүгіп тағзым етеді де, Бәйдібек биден сыралғы-сауға сұрайды. Сол жерде Бәйдібек сөзге келместен серіктеріне жолбарысты жеткіздіртіп береді. Мұның мәнісі, Жұпар жолбарыс жүрегіне жерік екен дейді. Жұпар жолбарыс жүрегін жеп, жерігін басады. Содан айы-күні толып, Жұпар арыстай бір ұл табады. Бірақ жолдасы түспей өзі дүние салады. Жұпар өлер алдында енесі Зеріпке айтқан өтініші ескеріліп, “Мапыраштының көзі ғой, анасын еске салып жүрсін” деп, баланың есімін Шапырашты қояды. Анасыз қалған Шапыраштыны Зеріп пен Сыланды қамқорлықтарына алады. Баланың Шапырашты атануы, туғанда «бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туған екен» дейтін де сөз бар. Шапырашты ерекше жаужүрек, батыр, зерделі болып өсіп, жұрт аузына ілінеді. Кейін ұрпағы өсіп-өніп, рулы елге айналғанда, ұлы аналары Жұпар (Мапырашты) жолбарыс жүрегіне жерік болғандықтан, бүкіл Шапырашты елінің киесі – қызыл шұбар жолбарыс болады.
66. [Шапырашты батыр]
(ІҮ нұсқа) Бәйдібек бидің екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет туады. Ол да әкесі сияқты насат батыр боп өседі. Жалмамбеттің бірінші әйелі қоңырат Қызыл бидің (шын аты Мелде би) қызы Жұпар еді. Ол да жасында еркекшора боп өскен ер мінезді екен. Жұпар жолбарыс мінезді, өзі белді, мықты келін боп өседі. Ел оны алапаш, жолбарысқа ұқсаған келін деп, кейін «Мапырашты» атап кетеді. Мапырашты Бәйдібек батыр үйіне келе сала еңсеріп, игеріп кетеді. Қысы-жазы малға да қарайды, боранды күндері кәдімгі қарулы, палуан жігіттермен бірдей қимылдап атасының ойынан шығып жүреді. Кешікпей Мапырашты Досымбет деген ұл туады. Оның көзі бір-біріне атысып, шапыраштанып туған соң ел «Шапырашты» атап кетеді. Шапырашты да өсе келе әкесі Жалмамбет, атасы Бәйдібекке ұқсап насат батыр боп ер жетеді.
67. Шөңке
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, Шөңке қартайған шағында Албанның Құрман атасынан тараған Киікбайдың баласы Шалабайдың ауылына жас баласы Жұмабайды ертіп барады. Олар келгенде ауыл иттері мен Шалабайдың да қасқыр алатын төбеттері жан-жаққа қашады. Баласы мен екеуінің де киімдері көнетоздау болғандықтан Шалабайдың үйінде отырған басқа байлар “бұларың кім?” деп менсінбей, орындарынан қозғалмағанда, Шалабай қарғып тұрып қалбалақтап екеуін өзі қарсы алып, жақсылап күтіп, бұйымтайын сұрап, сый-сияпатын жасап шығарып салады.
Сонда әлгі байлар:
– Шалабай, сен неге соншама бір жаман шалдың алдында қалбалақтап кеттің? – дейді.
– Шал қасиетті жерден шыққан екен. Бірақ қасиеті өзіне емес баласына дарыпты. Олардың қасында үлкен қызыл жолбарыс бірге еріп жүрді. Иттер содан қашты және ол маған көрінді, – дейді Шалабай.
Шалабай да қасиетті адам болса керек. Көп ұзамай-ақ рудың игі жақсыларының басын қосып Шөңкені баласы Жұмабаймен шақырып, Шөңкені төрге отырғызып, асықты жілік ұстатып, Жұмабайды өз баласы Көлбаймен дос, бауыр жасайды. Содан бастап ел екеуін бөлмей ағайынды Көлбай, Жұмабай деп, бірі – Шапырашты, бірі – Құрман, екі ата ел болып Көлбай–Жұмабай ұрпақтары күні бүгінге дейін “бауырмыз” деп қыз алыспайды.
68. Асыл
[Түңқатар балаларының «Шала қазақ» атануы] Байбағыстың екінші ұлы Түнқатар саудагерлікпен айналысқан адам екен. Осы кәсібімен Қазанға барғанда бір әйел алады. Ол әйелінің тілінің мүкісі болғандықтан қазақ арасында тым сіңісе қоймаған көрінеді. Түнқатардың Бұқара, Самарқандқа барып жүріп алған екінші әйелі сарт болады. Бірі – ноғай, бірі – сарт екі әйелдің балаларының да тілі қазақша сүріншектеу болса керек. Сапырылысып көшіп-қонып жүрген заманда Түнқатардың балалары көбінесе Арқадағы Қарқаралыға қоныстанады екен. Ондағы қазақтар: “мыналарың қазақ емес, шала қазақ қой” деп жүріп, ақыры олар «шала қазақ» атаныпты. Содан бері олардың бір ауылы «Шала қазақ» атанған күйі Қарқаралы төңірегін қоныстанып, біржолата қалып қойыпты.
69. Айқым
Қалдының әйелі он екі бала туған екен. Өкінішке орай, он екі баланың екеуі ғана – Қалдықыз бен Айқым тірі қалады. Қалдықыздың есейген шағында, Айқымның жас кезінде анасы қайтыс болады. Қалдықыз бойжеткен соң Тобықты еліне ұзатылады. Ол кішкентай жас інісі Айқымды бірге ала кетеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін Айқымның немере ағасы Асыл сағынып, бауырын іздеп Тобықты еліне келеді. Осы кезде бес жасар Айқымның көшіп-қонып жүргенде жоғалып кеткеніне бір-екі жыл болған екен. Асыл жоғалған баланы жан-жаққа ат шаптырып іздестіреді. Бала көпке дейін табылмағаннан соң Асыл елге қайтып келе жатып, жолшыбай ойнап жүрген бір топ балалардың ішінен көңілсіз, селқостау бір баланы Асылдың бәйбішесі Жаңыл шырамытып, ат басын тура әлгі балаға тартады. Жаңыл ана аттан түсіп, Айқым екенін танып, құшақтап көзіне жас алады. Бірақ Айқымды иемденген адам:
– Бұл сендердің балаларың емес, – деп ешкімге дес бермейді. Сонымен Асыл жергілікті билерге жүгінеді.
Билер алқасының төрағасы Қариен:
– Баланың қандай белгісі бар? – дегенде, Қалдықыз былай дейді.
Арқасында алақандай қара қалы бар, менің де осындай қалым бар, бұл – біздің әкемізден қалған белгі. Баланың жейдесін шешіндіргенде, әппақ денесіндегі қалды отырғандардың барлығы көреді. Баланы иемденген адамға билер алқасы айып тағады. Асыл: «баламыздың өсіп-өнгеніне жақсы болар» деп, салынған айыпты алмай, қуанғаннан Айқымды атқа мінгізіп, тікелей ауылға тартады. Мінеки, содан бері Асыл мен Айқымның еншісі бір болған. Айқым өз көзі жұмылғанша Асылдан енші алмай өткен екен. Жалқы тұяқ Айқымнан: Қайдауыл, Сейітқұл, Қалқаман. Сейітқұлдан – Береке (Көнтек). Сейітқұл бұл дүниеден ерте қайтқандықтан, әмеңгерлік салт-дәстүр бойынша оның жесір қалған әйелін інісі Қалқаманға қосады. Одан Байғұл, Шал туады. Қайдауылдың немересі Әйтек табиғатынан дәулетті, мырза, жомарт, қайырымды болған. Үйіне келгендерді сый-құрмет жасамай жібермейді екен. Өз кіндігінен ұрпақ болмай ағалары Тойғұл мен Досқұлдың әкесінің (Қарамолда) інісі Бәйімбеттің және Базарқұл мен Сымбылдың ұл-қыздарын бауырына салып өсірген. Одан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін өздерін «Әйтекпіз» дейді.
70. [«Бәйбішенің баласы», «Үш тоқал» туралы]
Бәйбішеден туған Ақтөбет, Бертіс ерте марқалап өсіп, кейінгі үш қатынының балалары кенжелеп өседі де, аз болады. «Аздың атасы бір» деген, біз бірігіп жан сақтайық», – деп, Әлти, Қосай, Баянай бірыңғай болып, бұлар «Үш тоқал» атанып, үшеуі еншілес болады. Ақтөбет, Бертіс тұқымы «Бәйбіше» атанады. Осы күнге дейін ел арасында «Бәйбішенің баласы», «Үш тоқал» десіп, Жәрімбет ұрпағы екіге бөлінеді.
ҮІІ. ЫСТЫ РУЫ
71. [Жалмембеттің Сыландыдан өрбіген ұрпағының “Ысты” атануы]
(І нұсқа) Бәйдібек бидің екінші әйелі сұлу Зеріптен Жалмембет туған. Жалмембеттің бірінші әйелі – Қоңырат ішіндегі әйгілі Қызыл бидің (Мелде би) қызы Жұпар. Осы Жұпар ұзатылғанда өзімен бірге бірнеше күтуші қыздар еріп келсе керек. Солардың ішінде ақылына көркі сай Сыланды есімді бір қыз болады. Кейін осы қызды Жалмембет ұнатады да, бәйбішесі Жұпардың ризашылығымен екінші әйелі етіп алады. Сыланды үнемі таза киініп, үстіне иіс май сеуіп жүретін кербез жан болса керек. Осы қасиетіне бола Сыландыны Бәйдібектің кіші әйелі Нүрила (Домалақ ене) «Иісті келін» деп еркелетеді екен. Дуалы ауыз Нүриланың қас-қабағын баққан төңірегі де Сыландыны “Иісті” деп атап кетеді. Сыланды алғаш құрсақ көтеріп, ұл тапқанда тілеуқор енесі Нүрила баланы жерге түсірмей етегіне орап алып, өзінің емшек сүтімен ауыздандырып: “Ұрпағың өсіп-өркендесін, өзің сияқты иісті болсын!” – деп тілек айтыпты. Осы “иісті” сөзіне орай «Жалмембеттің Сыландыдан өрбіген ұрпағы “Ысты” атанып кетіп еді», – дейді.
72. Ысты туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Жалмамбет батырдың екінші әйелі Қарашаш сұлу Мапырашты ананың сіңлісі екен. Мапырашты қайтыс боларының алдында күйеуі Жалмамбетті шақырып алып айтыпты:
– Мен өлген соң басқа бір елден келіншек аларсың. Ол менің артта қалған балаларымды түрткілеп, өгейсітер. Сөйтіп, отбасының берекесін кетірер. Мені сыйлап тілімді алсаң, былай етерсің: менің сіңлім Қарашаш та бойжетіп қалды. Сен соны ал! Ол біздің балаларымызды өгейсітпейді. Бауырына тартып, менен бетер бағып-қағады. Келіннің бұл өсиетін атасы Бәйдібек те, оның әйелдері де құптайды. Жалмамбет өзінің сүйікті жары Мапыраштының өсиетін бұлжытпай орындайды, 14 жасар Қарашашты айттырып алады.
Қарашаш сұлу әрі салдарлы, сабырлы, ақылды болыпты. Оның өзгелерден бір ерекшелігі, үнемі өн бойын таза ұстап, иіс сабынмен жуынып-шайынып, қолы-бетіне иісті әтір жағып, сыланып-сыйпанып, үстіне қонымды таза асыл киімдер киіп, сән-салтанатпен кербез жүреді екен. Оның бұл әдет-дәстүрі келе-келе ауылдың қыз келіншектеріне үлгі-өнеге болып таралыпты. Қариялар, абысын-ажындар Қарашашты “Сыланды келін”, “Иісті келін” деп атайды екен. Одан өсіп-өнген ұрпақтарды “Сыланды балалары”, “Иісті балалары”, кейін “Иісті”, “Ысты” деп қысқаша атап кетеді.
ҮІІІ. ОШАҚТЫ РУЫ
73. Ошақты туралы
Жәлменбеттің үшінші жұбайының аты – Тұмар. Қартайғанша шашы ағармапты. Сондықтан жасы кішілер ол кісіні «Қарашаш ана» деп атайтын болыпты. Одан туған баланың аты – Атшабар. Бұл есім ру атын алып кете алмайды. Одан жараған үрім-ұрпақ «Ошақты» атанып кетеді. Ол жөнінде мынадай аңыз бар: Енші алу рәсімінде Тұмардың алдына боз биені жетелеп әкеліп, оның «сауырын тамғала» деп қолына ыстық көсеу беріпті. Ол қып-қызыл көсеумен бие санына үш бұрыш тұмарша тамға басыпты. Сол тамғаны кейін ел-жұрт «үш аяқты ошақ тамға» деп кетіпті. Бұл аңыздың бірінші түрі. Екіншісі – ауылға жау шапқанда біреу малын жетектеп, екіншісі көрпе-төсегін арқалап қашқанда, Тұмар ана үш аяқты ошағын ала қашыпты. Үшіншісі – ұлы Атшабарды ошақ басында босаныпты дегенге саяды.
ІХ. АЛБАН РУЫ
74. «Төрт шам – сегіз сары» атануы
Ерте кезде Дулат елінің Сары биі (қайсыбір әңгімеде Қара би деп те аталады) Албан елін аралап жүріп Досалы бидің ауылына келеді. Сол кезде Бірімбеттің бәйбішесі (Үмбеттің бәйбішесі) Шажаға тон тігіп жатса керек. Сүйерқұлдың өз кіндігінен тараған төрт ұлы (Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты) және Шоғанның еншілестері Алжан (Мәмбет), Үмбет бұларға қоса Бірімбет пен Шажа түгел бас қосып, алыстан келген мейманға ықылас білдіреді. Сонда Сары би әбден риза болып еліне барғанда «Төрт шам (Шоған, Досалы, Қожбанбет, Жарты), сегіз сарының (осы төрт ата мен олардың Алжан, Үмбет, Бірімбет, Шажа деген ұрпақтарын айтып отыр) ықыласына тойып келдім. Қызыр қонған ел екен», – деп қайтыпты. Содан кейін бұл ауыл «Төрт шам, сегіз сары» ауылы атанып кетсе керек.
75. Қайыпберді мен Қалпелер хақында
Ағымсары ішінде ағайынды Қайыпберді, Қалпе дейтін аталар бар. Қайыпбердіге қарағанда, Қалпелер аз ауыл. Ежелгі ел тарихын жақсы білетін қариялар Қалпелердің неге аз екенін әрі кешігіп, кенжелеп өскенін былай деп айтып түсіндіретін еді. Қалпе атадан Желкілдек жалғыз туады. Мәйеке – екінші жанама аты. Қалпе ауылының әйелдері ат тергеп Желкілдекті «Майеке» деп атаған. Ал Желкілдектің жеті ұлы болыпты. Жетеуі жеті түрлі кәсіппен айналысады екен, соның бірі – Ботбай. Ботбай болса батыр шалыс, өр мінезді тәкаппар болып өседі. Үнемі бес қаруын белінен тастамай асынып жүреді екен. Бір күндері ауыл жігіттерімен бірге бір жортуылдан қайтып келе жатып, ат белін суытып аялдайды. Олжаға түскен жылқылардың біреуін сойып болған соң үлкендері Ботбайға: “Жақын маңда ауыл болса, қазан сұрап кел!” – деп, жұмсайды. Ботакең бір ауылға келсе, қыз-келіншектер жиналып үлкен тай қазанға көже қайнатып жатса керек. Қазан иелері: “Ішінде көже тұр, қалай береміз” дейтін көрінеді. Оған қарайтын Ботбай ма, тез арада бере қоймадың деп үзеңгіден аяғын шығарып қазанды төңкере төгеді. Енді еңкейіп алдына ала бергенде, қазандағы шала төгілген көженің біразы атының жалына құйылып, жидіп түскен. Сонда қыз-келіншектердің біреуі тұрып: “Құдай бар болса, Желкілдектің жеті ұлы өліп, жетім қалсын Ботбайы” деп қарғаған, – дейді. Содан көп ұзамай алты бауыры бірдей өліп, Ботбай ғана жалғыз қалыпты. Ботбайдан – Кемпір, бұдан Есіркеп туады. Есіркептің Жалтыр мен Наурызбай деген екі ұлы болған. Осы Наурызбайдың Ысқақ, Толыбай дейтін балалары бір жылдары Шу өзені бойында тұратын Дулат еліндегі Құлшық, Жарғақ деген нағашыларына көшеді. Елден көшкен кезде бұлардың кішірек бір баласы адасып, осында қалып қояды. Бір күндері Жаркент князы (ұлы татар) Шаныш деген бай көпес кездесіп жетім балаға пана болыпты. Баланың есімі Санай екен. Үйіне әкеліп өз баласындай бағып, өсіреді. Санайдан бұрын Шаныш байда бала болмаған деседі. Санай бұл үйге құт болып, көп ұзамай әйелі бала көтеріпті. Бірінен кейін бірін туып қатарынан екі ұл көреді. Аттарын ұйқастырып Батырқан, Қасымқан деп қояды. Сонымен Санайды қосқанда үш баласы болған. Санай ержете келе ақылды, қайырымды, өте пысық, алғыр жігіт болып өседі. “Ел құлағы – елу” деген, біреуден-біреу естіп, Кетпен тауындағы туыстары Санайды іздеп Жаркентке келеді. Бала бауыр-буғандарымен табысқан соң, енді өзінің ел-жұртына кеткісі келеді. Бұған кейінгі өкіл әкесі Шаныш та қарсы болмаған, қайта біраз мал-мүлік беріп, амалсыз шығарып салған деседі. Бұлар Іледен өтіп Тастықараның тұсына келгенде Қоңырбөрік еліндегі Қырғызбайдың көшіне кезігіпті. Сол жерде Қырғызбайдың Тінікей атты бойжеткен сұлу қызына Санайдың көзі түседі. Ол күні кеш болғандықтан, барлығы бірге қонады. Ертесі Санайдың ағалары: “Қызыңызды берсеңіз, құда болсақ”, – деп Қырғызбайға қолқа салады. Бірақ қыз әкесі оларды онша менсіне қоймаса керек. Айдаған малын соларға табыстап, үшеуі Жаркентке қайта келіпті. Ақыры Шаныш байдың тікелей араласуымен Қырғызбаймен шынымен құда болып, Тінікейді Санайға алып беруімен бұл оқиға аяқталған екен. Санай үйленгеннен кейін екі балалы болады. Шаныш байдың ересен еңбегі мен құрметіне балаларды екі ұлының атымен атап, бұларға да Қасымқан, Батырқан деп ат қойыпты. Қазіргі аз санды Қалпе тұқымдары осы екеуінен өрбіп отыр.
76. Шоған атасының аз болу себебі немесе Жартының табылуы
Ол заман – қырғызы, қалмағы және қалғаны бар, көршілес қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шапқыншылық жасап, маза бермейтін жаугершілік уағы. Бірде атқа мінер еркек кіндік түгел жауға аттанады. Осындай қарбалас шақта басқа жақтан тағы бір жау келіп ауылды шабады. Аласапыран кезінде ауыл адамдары үйлерін тастай қашып, кереге басында ілулі тұрған Жарты ұмыт қалса керек. Шырқыраған қатын-бала бір жерге жетіп, естерін жиған. Бұл уақытта жауға кеткен еркектер де елге келеді. Екінші бір жерге қоныс жөткеп, арада екі-үш күндей (біреулер бір жеті дейді) уақыт өткен сияқты. Елден бұрын еңіреп Жартыны іздеп жоқтаған шешесі қатты мазасызданады. Үйдегі баланың үлкені – жігіт болып қалған Шоғанға: “Біраз күн өтсе де Жартым өлмеген, тірі сияқты. Егер аман болса, барып баланы алып кел!” – деп жұмсайды. Сонда Шоған тұрып: “Осы уақытқа дейін бала тірі тұр дейсіз бе, оның үстіне адамға сандығы жоқ, өзі жарымжан баланы несіне іздеп әуре боламыз”, – деп, барғысы келмеген сыңай танытады.
Шешесі:
– Япыр-ай, шынымен Жартым жұртта қалды-ау! Бірге тусаң бүйтпес едің ғой. Ой, өрісің толып, онша өспегір-ай!.. – деп, аңыраған анасы отыра кетіп, қатты назаланған екен. (Сол шеше қарғысынан ба екен, басқа өзі қатарлы рулар сияқты Шоған ата ұрпақтары өркендеп, өсе қоймапты дегенді естиміз).
Шоған бармай қойғанда, естияр болып қалған Қожбанбет іздеп барыпты. Киіз үйлердің ойран-топыры шыққан, тонаған, қиратқан. Арса-арса үйлердің арасында, кереге басында кебентай ілулі тұр. Қараса, бала тірі. Қожбанбет қуанып кетіп, Жартыны қойнына тығып, томпайтқан күйі үйіне келіпті.
77. Батырша туралы
“Батыршаның азан шақырып қойған аты – Бесбұлақ екен. Қалдаудың Бесбұлақ және Қосбұлақ атты екі ұлының есімі де жер-су атауына байланысты қойылған. Қоныс болған «Бесбұлақ» басында туған баласының атын Бесбұлақ қойған ғой. Баласы ержетіп 15 жасқа келгенде атасы Тілеу батырдың жылқысын қалмақтар айдап кетіпті. Тілеудің қартайған кезі болса керек, Қалдаудың (Тұрсын әлі жас екен) қасына ауыл жігіттерін қосып, жауға кеткен жылқыны қайтарып келуге жұмсайды. Қалдау қасындағы жігіттермен қалмақтарды қуып жеткенімен, күші басым жауға тиісуден қорқып, елге қайтпақшы болады. Сонда елеусіз топта жүрген Бесбұлақ: “Әке, батаңызды беріңіз, жылқыны мен қайырып келейін, қалмақ қанша көп болғанымен, өзінің кінәлі екенін оңай білдіреді. Бейбіт жатқан елге келіп, барымталаған өздері. Қашанда кінәлі жақ жапырылған шөппен бірдей. Сіздер осы арада тоса тұрыңыздар. Маған өзіме ерліктері таныс он жігіт беріңіз!” – депті. Қалдау қанша қимағанымен, баласына батасын береді. Бесбұлақ қалмақты қайта қуып жетіп, “Бақтиярлап” ұран шақырып, қарақшыларды бірінен соң бірін шоқпармен ұрып, аттан түсіре беріпті. Сөйтіп, атасына жылқысын қайта айдап келген екен. Немересінің ерлігіне разы болған Тілеу қарт батасын беріп: “Сен жас та болсаң, хас батырларша ерлік көрсеттің. Бүгіннен бастап сенің атың – Батырша болсын!” – депті.
78. Жауғаш
Батыршаның сексеннен асқан кезі екен дейді, үлкен келіні атасының дәретінің көбіктенгеніне қарап: “Атамның белінде әлі бір-екі бала бар екен, күш-қуаты да мығым, әйел әперсек қайтеді?” – деп күйеуі мен қайындарына ақыл салады. Бәрі мақұл көріпті. Әкелеріне келіп айтқанда: “Ондай ойларың болса, кәнеки, онда да Мақпал сұлудай болса, шіркін!” деп, тамсанып бір жас иісті аңсаған екен дейді айтушылар. Батыршаның байлығы жетеді, 87 бас қаракүреңнің үйірін бұзбай түгел беріп, балалары өзі айтқан Мақпал қызды әкелеріне айттырып, ауылға алып қайтады. Бұл уақытта әкелері бармай үйде жатса керек. Айтқанындай-ақ, Мақпал сұлу жыл уағына жетпей балалы болады. Келіндерінің бірі: “Ата, шүйінші, нақсүйеріңіз ұл туды”, – десе: “Ой, қарағым-ай, шүйіншің қашпайды, менен туған бала жарғақ бас, шашы жоқ болып туушы еді, алдымен соны көріп келші?!” – деп, күдіктенген екен дейді. Өз баласы екеніне көзі жеткен қария жарғақ бас, өзі аппақ аршыған жауқазындай жас нәрестеге «Жауғаш» деп ат қояды. Мақпал сұлу Жауғашты туғаннан кейін бір жылдан соң дүние салыпты. Тағы бір ел әңгімесінде Батырша ауылына бір әйел келіп тұрақтайды... Әйел бекер емес, текті жердің қызы болса керек. Батыршамен некелесіп бір ұл табады. Осының аз-ақ алдында бір немересі өліп, енді сол бала төленді деп қуанады да, оның есімін Төле қойыпты. Мұны кіші ұлы Жауғашқа еншілес еткен. “Ағайынды Жауғаш-Төле” дейтіні содан. Одан кейінгі туған екінші баланың есімі – Естемес. Бұдан соң Батырша бай қартайып қайтыс болады. Кейінгі жас жесірі және бір ұл туған. Шешесі мұны Естемеске ұйқастырып атын Естен қойыпты. Бұлар аз ата болғандықтан, екеуін қосып “Естемес-Естен” деп бірақ атайды. Мұның сыртында Батыршаның Кәдір және Малай атты екі баласы тағы бар, сонда барлығы – 11 ұл. Естенді туғаннан кейін әйелге қастандық жасалған. Себебі Сұлу бәйбішеден туған бес ұл: «әкеміздің атына дақ келтірді, ғайыптан бала туды» деп намыстанады да, соңғы өгей шешелерін өлтірмекші болған жәйі бар. Ол кезде намыс, ұят күшті. Түн қатып бесеуі бірдей саусылдап үйге кіріп келгенде шошынған әйел: “Келіңдер, қарақтарым! Япыр-ай, түстерің суық қой... әкелеріңнің маған етегі тиген шешелерің едім ғой, бұларың не?” –дегенде басқалары шығып кетеді де, қатал мінезді Қазыбай ғана үйде қалыпты. Ажалы да содан болса керек. Сондағы назасы шығар: “Жер баспа, екі үйден аспа!” – деген ана қарғысынан Қазыбай тұқымы өспеген.
79. [Кәдір – басқаларына қарағанда шағындау, аз ата]
Кәдірдің шын аты – Бәйіт екен. Еліне елеулі қадырлы болғандықтан Кәдір деп атап кетіпті. Кәдір Қабылдың қолында өсіп, ержетеді. Осы арада бір әңгіме қозғаудың реті келіп тұр. Ол әңгіме Кәдірдің осы елге, яғни Батырша ауылына қалайша келіп тұрақтағаны жайында. Мұны білетін кәрі құлақтар бізге былайша түсіндіреді: Кәдірдің жігіт болып қалған кезі екен, кездейсоқ бір жағдайға душар болып, арты үлкен іске айналады. Бір бай кісінің қымбат қазына-мүлкі жоғалып, «оны көрген, алған осы» деп біреулер өтірік куәгер болса керек.
Кәдір безілдеп: “ақпын, алған жоқпын” дейді.
Оған мүлік иесі сенетін емес. Егер де ұры деп күмәнданған адамның адалдығын анықтау үшін бет-беделі бар жақын бір туысы келіп, “адалдығы үшін мен жан берем” деп, қолына Құран мен нан ұстап тұрып ант береді екен ол заманда. Алайда, Кәдірдің ондай ағайын-туыстары бола тұрса да, жан беретіндей етене ешкім табыла қоймапты. Олардың ойлағаны, алса алған шығар, босқа күйіп кетеміз бе деген дүдәмал қауіп. Әбден шарасы тусылған Кәдір жан сауғалау үшін амалсыз жақын жамағайындары Батырша байдың ауылына барыпты. Сонда басқаларынан бұрын ерекше ер мінезді, өжет Шора деген баласы оның адалдығына сенгендіктен жан беріп, Кәдірді аман-есен ақтап алады. Содан бастап: “Менің шын жанашыр бауырым – Шора ғана”, – деп, Батыршаның бір баласы болып атанып кетеді. Кәдірдің жас шамасы үлкендеу және Шораға қарағанда ұрпақтары көбірек болғандықтан, алдымен ағасы айтылып “ағайынды Кәдір-Шора” дейтін сөз осыдан келіп шығады. Кейіннен Кәдір тұқымдары көбейтіп, өсе келе, Қожбанбет ішінде өзінше бір ата болып қалыптасқан-ды.
80. Шахантай
“Қосқұлақұлы Қаржау батыр халыққа танымал Үйсіннің бір тармағы – Албанның Ханкелдісімен жолдас әрі сенімді серігі, бас сардары болған. Ол Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұрыстарда соғыс өнеріне жетілген, ерен ерліктерімен жұрт көзіне түседі. Абылай ұйымдастырған Қабанбай жорығына, қырғыз батыры Әтеке жырықты және қалмақ ханы Шахарды алу жорықтарына қатысады. Сондықтан: “қақ жарған қаһарлы Қаржау қасқа” атаныпты. Қабанбай жорығынан босап қайтқан Қаржау еліне келсе, Қожбанбет-Жарты ауылдарын жау шауып, малдарын барымталап алып кеткен. Шапқан жау Жоңғардың Шахар ханы (кейде Шаған деп те айтылады) Итішпестің Алакөліндегі шаһарында тұрады екен. Жау шапқан ел-жұртын көріп: “Түзге шықсаң, үйің жоқ, үйге келсең, күйің жоқ”, – деп қатты назаланды. Сол түні шапқыншы жіберіп, төңіректен 300-ге жуық қол жияды. Әкесі Қосқұлақтың есігінің маңдайшасына маңдайын үш рет тигізіп, Бөрте үйінен дәм татып: “Жауға кеткен жылқымды және кек алып келемін, не өліп келемін”,– деп серт берген екен. Алайда, Қаржау барғанымен өзінен күші басым, қорғаны мықты жауға тиісе алмай, үш күн бойы ториды. Соңында қорғанды бұза алмаған болып, жылыстап бойы тасалайды. Шағанның аңдаушылары қарсыласының қайтып кеткенін ханға хабарлаған. Қаржау бірнеше күнді өткізіп барып түн қараңғысында бейғам жатқан қалаға шабуыл жасайды. Бірақ қақпаны қолма-қол бұза алмай дағдарып, барлығы тұрып қалады. Осы кезде Қаржау өзінің немере інісі денелі, алып қара күштің иесі атанған Сасбақ батыр оңайлықпен қозғала қоймағанда, астындағы нарын тебініп келіп, оның толарсағына найзасын сұғып, намысын оятып, қаһарын қозғаған екен. Жанына найза батқан Сасбақ кіші әкесіне үндей алмай, қолындағы ауыр шоқпармен қақпаның тас-талқанын шығарыпты. Қалаға кірген қазақтар қарсыласқанын қанға бояиды. Күн төбеге келмей-ақ хан мен уәзірдің бастарын кесіп, қаланың қарсы алдындағы қақпаға іледі. Тізе бүккендеріне тиіспей, халыққа өзінің шапқыншы емес, намыс қуып, кек алуға келгенін ұғындырады. Хан ордасының бірқанша дүние-мүкамалын, бірнеше қыздарын олжалайды және тұтқын адамдарды босатып, әкеткен мал-мүлкін қайтарып, елге келеді. Қаржаудың шағын қосынмен барып шапқыншы Шағаннан кек алуы, ордасын ойрандауы ел арасында үлкен аңыз туғызады. Олжа үлесі кезінде Шахар ханның қызын Қаржау батыр өзі алады. Аты – Қоңыр екен. Қаржау сүйікті әйелі болғандықтан, Қоңырды еркелетіп «Қоңыртай» деген, бірақ кейіндей келе бұл атау қалып қояды да, жұрт көбінесе әкесінің атымен Шахантай деп кеткен. Қаржау тұқымындағы Шахантай әулеті осы ұлағатты ананың есімімен әлі күнге солай аталып келеді.
81. «Бесшал деген ел едік»
Сағым атамыздан жалғыз ұл Елбақты ғана, одан төртеу: Тоқан, Тоқыш, Есбол, Байбол туады. Үлкендердің айтуынша, Елбақты ерте үйленгендіктен бе екен, балалары өзімен қарайлас қатар өседі. Бәрінің де шал болып қалған кезі екен. Елбақты атамыз балаларын ертіп бір тойға кешігіп барады. Ел тарқаса да төрт баласымен бір үйде оңаша тамақтанып, ұзақ отырып қалса керек. Той иесі: “Ой, бұлар кімдер, қашанғы отырады, енді кетпей ме”, – десе, күтушілер: “Білмейміз әйтеуір бес шал отыр ғой, қалай кет деп айтамыз”, – дейді. Бұдан кейін де жұптары жазылмай бірге жүреді екен, содан “Бесшал” атаныпты.
82. Бозымның Айттан көптігі туралы аңыз
Атамыз Таубұзар деген кісі балуандықпен ел шауып, дүние кезіп жүріп, Үндістан деген шаһарға кезігіпті. Бұл шаһарда Мысыр қиссасы, Нұр қиссасы деген екі палуанмен кездесіп, шаһар халқы болып бұл үш палуанды күрестіретін болыпты. Сонда Туабұзар айтыпты:
– Мен бекер ел кезіп жүрген адам емеспін, – депті, – менің екі жетімдік бәйгім, алып жүрген алтын-күмісім бар, мынау екі палуанмен күрестірсеңдер, жығылсам, осы екі жетімдік алтын-күмісімді осы шаһардың ие адамына беремін. Олжа қылып алсын. Егар палуандарыңды жықсам, осы шаһардан екі жетім беріңдер.
Сонда шаһардың екінші бастығы Әбділғазиз деген көне ғылыми мешіт иесі бар екен. Бұл кісінің қолында ата-анасынан туа жетім қалған екі ұл бар екен. Ахмет Уәли, Қожа Ақмет Ясауи деген балалар екен. Әғылыми Әбділғазиз шаһар халқын жиып алып, мешіт майданында үш палуанды күрестіріпті. Уәде, тоқтам мешіт иесімен болыпты. Бұл Таубұзар алты күн күресіп, бұл шаһардың екі палуанын жығыпты. Әғылыми Әбділғазиз бұл кісіні неше күн мейман етіп, бұл Таубұзардың бәйгісіне қасына екі бала – Ахмет Уәли, Қожа Ахмет Ясауиды қосып беріп, барлық шаһар халқы болып жолға салыпты. Бұл Таубұзар неше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіпті. Бұл елде Көтібар деген бай бар екен. Бұл кісінің бірнеше әйелі бар екен, барлығының баласы жоқ екен. Туса да тұрмайды екен. Сондықтан ел-жұртын жиып алып, Таубұзарды ауылына қонақ қылып, бастан өткен көне тарихын, төрт әйелінен бір перзент жоқтығын айтыпты:
– Мынау алып келе жатқан екі баланың бірін бер, менің атым өшпесін, сенің Таубұзар атың әлемге жайылсын!» – деп. Жылқыдан ақбоз биені алып кеп сойып, асықты жілігін Ахмет Уәлиге ұстатып, бұл Көтібарға беріпті.
Сонда Таубұзар Көтібар байға айтыпты:
– Сен атам Үш жүздің кенжесі едің, бермесем жолым болмас», – деп, – өсіп-өнгін! – деп Ахмет Уәлиге батасын беріп, Көтібар байға беріп кетіпті.
Таубұзар Қожа Ахмет Ясауиды еліне алып келіп, Айт, Бозым екі баласына, еліне жөнін айтып, бұрынғыша асық жілігін ұстатып бала ғып алыпты. Айт пен Бозым өсіп еншілерін алып, екі ауыл болып кетіпті. Ағасы Айт бай болыпты. Інісі Бозым кедейлеу адамның бірі болыпты. Әкелері Таубұзар өлген соң, інісі Бозым саудамен айналысыпты. Таубұзардың үлкен үйінде Қожа Ахмет Ясауи, Бозым, қарындасы Қарашаш үшеуі осы үлкен үйде болыпты. Неше жылдар өткеннен кейін бір үлкен көпестің бай керуені келіпті. Сол керуенмен бірге інісі Бозым сауда қылып, ел аралап кетіпті. Бұл Бозым жоқ уақытында қарындасы Қарашаш жүкті болып қалыпты. Мұны Айт ағасы біліп, баяғы Қожа Ахмет Ясауиды өлтірмек болады екен.
Сонда атамыз Сарының үлкен ұлы Сүйерқұл кәрия келіп, Айтқа айтыпты:
– Мұны неге өлтіресің, сен алып келген жоқсың, сенің әкең, менің інім – Таубұзарым дүние кезіп жүріп, сен екеуіңе іні қылып, еншілес болып едіңдер, енді мұны өлтірмеңдер, осы Бозыммен бірге осы үлкен үйіңде болсын, ұл туса атын өзім қоямын, – депті.
Жылдардан жыл өткенде бұл Қарашаш ұл тауыпты. Бұл Қарашаш толғатқанда Қожа Ахмет Ясауи баяғыда атасы Таубұзар беріп кеткен кіші жүз Көтібар байдағы інісі Ахмет Уәлиді іздеп, соған қашып кетіпті. Ендігі сөзді Қарашаш қыздан естіңдер. Бұл толғатып ұл тауыпты. Шүйінші сұрап бір кедей ағасы Айтқа барыпты. Бұл Айт мұны өлтірмек болыпты. Мұны Таубұзардың ағасы Сүйерқұл естіп, шүйінші сұраған кісіге ат мінгізіп шығарыпты. Сүйерқұл кәрия келіп баланы бесікке салып, атын Жиенқұл қойыпты. Сонда Сүйерқұл кәрия бата беріпті Қарашашқа: «Кейін менің тұқымым қанша өссе, шырағым, Бозым екеуіңнің тұқымың соншама өссін!» – деп бұл кісі бата беріпті. Сол себептен Айттан Бозым көп, барлық қыстақ «Бозымбыз» деп сөйлейді.
Х. СУАН РУЫ
83. Бағыс Суан
Қазығұрт тауының оңтүстік бауырынан Келес өзені ағады. Келесті көргенде Асан Қайғы: “Екі Келес, бір Талас тастамай ат сауырына артып жүрер жер екен”, – депті. “Таяқ ұстап келген тай мініп кетеді, тай мініп кеткен таяқ ұстап қайта келеді”, – депті тағы бір бабамыз. Осы Келес өзенінің саға тұсында Бағыс Суандар тұрады. Суан ерке, сері бала екен. Жиырмалардағы жігіт кезінде бір күні астына ақ шабдар ат мініп аңға шығыпты. Жапанда келе жатып бір қашқынға жолығады. Ол қырғыздың ханы екен. Екі хан соғысып, бұл жеңіліп қашып келеді екен, астындағы аты әбден болдырыпты. Суан астындағы ақ шабдар атын ханға беріп, оның болдырған атын алып қапты. Хан сонда: “Балам, мә, қамшымды сен алшы!” – деп, қамшысын беріп кетеді. Артынан жеткен қуғыншылар Суанды ұстап алады да, ауылдарына әкеп көгендеп қояды. “Хандарыңа айтар арызым бар!” – деп Суан өтініш айтады. Ақыры хандарына алып келеді.
Хан:
– Менің жауыма неге атыңды бердің? Қолға түсетін жерінен құтқарып жібердің? Ол сенің кімің еді? – дейді.
– Мен оны танымаймын, бірінші көргенім – сол. Сұрасам, елдің ханы екен. “Хан өлсе, халқы қараң қалады ғой”, – дедім де, атымды бердім. Ханды сыйлау қашаннан айып болушы еді? – дейді Суан.
Ханға Суанның сөзі ұнайды. Босатады да, иығына шапан жауып, ауылына қайтарады. Ал сол кезде қуғыннан құтылған хан аман-есен еліне келіп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жатады. Еліне: “Егер мені құтқарған жігіт осы отыз күннің ішінде тойға келсе, қызымды қалыңсыз берем, оған қоса өз атын өзіне қайтарам, ал егер келмесе, оған мұның екеуі де жоқ”, – деп жар салады. Бірақ жігіт келмейді. “Ойпырмай, қыз бен ат бекер иесіз қалатын болды-ау”, – деген қу жігіттер ханға келіп: “Ол жігіт мен едім”, – десе, хан: “Сен болсаң, белгіңді көрсет!” – дейді. Белгі дегені не екенін біле алмай, олардың мысы құриды. Сөйтіп, жиырма тоғыз күн өтеді. Ауыл-ауылдағы барлық жігіт түгенделеді, бірақ құтқарған жігіт жоқ. Соңғы күні бір қойшы қой шетіне келіп, бір жігіттің кеше кешке ұйықтағанын, содан әлі ұйықтап жатқанын хабарлайды. Хан жасауылын жіберіп, әлгі жігітті алдырады. Жолай жасауылдан мән-жайды ұққан Суан:
– Сізді құтқарған мен, – дейді ханға.
Хан сенбей, қасына шақырады. Сонда Суан қойнына тығып жүрген ханның қамшысын алдына тастайды. Хан енді сенеді.
– Қырық күн той жасап, қызымды берем. Туыстарыңнан кім бар? Құдаларымды алдырайын, – дейді хан.
– Ағам Албан бар, інім Дулат бар, – дейді Суан.
Оларға: “Құдалыққа келсін!” – деп сәлем жібереді. Сәлемді естіп, оған Албан сенеді де, Дулат сенбейді: “Оған хан қызын беруші ме еді?!” – дейді. Албан келіннің қалыңмалы деп бір қора жылқы айдап ханға келеді. Жылқының шаңын көрген хан алдынан жасауылын жібереді. “Мен қызымды қалыңмалсыз берем дегем”, – деп жылқыны жолдан кері қайтарады. Сөйтіп, Суан қалыңмалсыз үйленеді. Сол қырғыз анамыздан Қарабас атты ұл туады. Одан Албаба деген ұл туып, одан Ханбағыс, Досбағыс, Ешбағыс немесе Сарыбағыс атты үш ұл туады.
84. [Суан туралы]
Суан Жетісу өлкесіне алғашқы әйелімен көшіп барып, тұрақтап қалады. Өзі атқа мінгенде, тізелері ат құлағына жетердей сом денелі, көрікті екен. Жай мінері – «Торытөбел» деген мықты аты, жарыстарға қосары, шаң жұқтырмас «Ақшабдар» жүйрігі, палуандығы, тапқыр сөзді, турашылдығымен маңына жұрт жиналған, сері мінезді. Оған сол жердегі беделді төренің қызы ғашық болып, екеуі сөз табысыпты. Ол кезде төре қызы қараға ерге шыға алмайды екен. Мұның амалын қыз тауыпты. Оның кеңесіне сай, Суан ешкі жоғалды деп жариялап, “күмәнім осы – төре үйі” депті. Бұған шамданған төре: “Түгел тінт, таба алмасаң айыбың мен жазаңның жеңіл болмасын біл!” – депті. Көп тінткілемей-ақ, ешкі төре қызының бөлмесінен табылып, енді төре масқара болуға айналыпты. Төре ғұрпы бойынша, үйінен ұрлықты мал табылса, мал егесіне бір адамын беруі керек екен. Төре қызы әкесіне: “Ел алдында абыройыңыз түспесін, сол Суанға мені-ақ бере салыңыз”, – депті. Сөйтіп, екі ғашық осылай қосылыпты. Бұған шыдамаған Суанның алғашқы әйелі Қазығұртқа қайтып келіп, босанып, ерінің мұнда келмесіне көзі жеткендіктен, әкесіз қара басы қалды деп, «ұлының атын Қарабас қойыпты» дейді.
85. Бай Суан
Суан өте ірі, кеуделі адам болған екен. Ат үстінде екі тізесі жерге аз тимейтін көрінеді. Бұл алып адамды тек бөрте қызыл аты ғана көтереді екен. Жоңғарлармен көрші отырғандықтан, жылқыларына тыныштық болмапты. Бір жолы сондай бір қарбалас кезде Суан байдың жылқысын жоңғарлар айдап кетіпті. Жасы жетпіске таман келіп қалған қарт жол жүруді ауырсынып, өзі бір шатқалда қалып, өзінің басына киіп жүрген ақ қалпағын Хоңтажыға жібереді.
Баратын сарбазға былай депті:
– Хоңтажыға айт: “Мынау – Суан батырдың қалпағы. Өзі келе алмады. Өзі үшін бұл қалпақ келді. Жер мен көкті малтап келді. Иіскесін деді тарқап шері”, – де. Хоңтажы еріксіз иіскейді. Сонда оның басына бүкіл мынау Алатау құлайды, қара орман күңіренеді. Жетісудың жеті өзені басып-жаншып итін шығарады. Иіскет, қызығын көр! Бір ескертетінім: Хоңтажыға жеткенше қалпақтан айрылып қалма. Бар, жолың болсын, Әумин!” – дейді.
Көкірегі әлі басыла қоймаған сарбаз Хоңтажыға келді. Алдына келіп жүгінді. Суан батырдың айтқан сөзін бұлжытпай айтты. Хоңтажы Суанның қалпағын қолына ұстады. Ары-бері көрді.
Көрді де айтты:
– Бұл өзі адам ба, осы қалпақ сұмдық қой. Мынау қалпақ па, жоқ әлде түңлік пе? – деді таңданып.
Содан кейін қасиетті қалпақты иіскеді. Көзі шарасынан шықты. Езуінен су ақты. Екі қолы ербеңдей бастады. Өзінің нөкерлерінің атын атады. Үй іші қорқып, Хоңтажыға су шашты. Есі кірді.
Хоңтажы есін жиды:
– Мына Суан жігітінің малын тегіс қайтарыңдар. Көзі барының көзін, көзі жоғының төлеуін үш еселеп беріңдер! – деді.
Сарбаз барлық малды айдап таудың ішінде жатқан Суан батырға келеді. Батыр ұйықтап жатыр екен. Оятып, бар мән-жайды айтыпты. Бұлар аулына келсе, бәйбішесінің үйі жоқ. Досбағыс, Жанбағыс деген екі ұлымен ғана әйелі Тәшкеннің түбіне қарай көшіп кетіпті. Себебі: “Суан өлді, енді бізді өлтіреді”, – депті. Кіші әйелі: “Суаннан жаным артық емес, Бәйтүгейден, Тоғарыстаннан жаным артық емес”, – деп қалыпты. Суан кеткен екі баласы мен әйелін іздемепті...
86. Суанның Бөлегі
Бөлектің шешесі Айбике атты кісі екен. Бөлек өзінің ата қонысы «Долаңқара тауы» аталып кеткен жайлауда дүниеге келген. Оның атын Бөлек қойған анасы көрінеді. Ол жөнінде мынандай аңыз бар. Бөргелтайдың Киікбай атты тұңғыш ұлы болған. Айбике екінші баласына жүкті болып жүргенде күйеуі қайтыс болып, жесір қалады. Жас қалған Айбикені қазақ салты бойынша күйеуінің жақын туыстарының біріне қосу жөнінде әңгіме болғанда, Айбике анамыз:
– Менің ішімде Бөргелтайдан қалған бала бар. Сол жарық дүниеге келмей мен ешкімге күйеуге шықпаймын, – деп кесімді сөз айтады.
Ол ақылына көркі сай, әр істі кеңінен ойлап шешетін адам екен. Кейін сәби дүниеге келіп, оның атын қоярда осы көрегендігін жасапты.
– Бұл Бөргелтайдан қалған соңғы ұрпақ. Сондықтан бұл баланың жөні бөлек, аты – Бөлек болсын! – деп, өзі қойыпты.
Анасы: «Киікбайдан туған Үмбетей жалғыз болмасын, екеуі бірге туғандай жұбын жазбасын», – деп екеуін еншілес еткен екен. Содан Үмбетей, Бөлек екеуінің аттары әлі күнге дейін қатар аталады.
ХІ. ДУЛАТ РУЫ
87. [Қанкөшектің ру ұранына айналуы туралы]
Құттықадамұлы Қанкөшекке 600-дей жылқы бітіпті. Сауын биелерін үйірімен бөлек баққызады екен. Бірде осы сауын билерді бағып жүрген жылқышыларды байлап тастап, ұрылар түгелдей айдап кетіпті. Қол-аяғы байлаулы жылқышыларды ертеңіне өрістен тауып алыпты. Қанекең төңірекке сұрау салып, көрген-білгендер болса, сүйіншісі дайын деп елге құлақтандырады. “Ел құлағы – елу” деген емес пе, біреуден біреу естіп, жылқылары Іле жаққа айдап бара жатқан беталысын айтып бір адам келіп сүйіншісін алады. Уақытты өткізбей ертеңіне ағайындарын жинап, батырлық аты төңірекке жаңадан шығып келе жатқан Масақ атаның баласы Барлыбайды басшы ғып сегіз жігітті жылқының соңынан аттандырады. Қуғыншылар Іле бойына жақындаған соң күндіз жатып, түнге қарай торып жылқы жатады ау деген жерлерді аралайды. Сөйтіп жүріп, таң алдында көп жылқының қарасын көреді. Бәрі сайланыпғ сегіз жігіт екі топқа бөлініп: “Ия, аруақ, аурақ! Қолдай көр, Қанкөшекті. Қанкөшек!” – деп, жылқыларды айдап жүріп береді. Жылқышылар ұйықтап қалған екен, жылқылардың дүрсілінен оянып, жылқылардың артынан 3–4 жігіт тұра қуады. Бұл кезде Барлыбай бастаған төрт жігіт қуғыншының алдын тосып, төрт жігіт жылқыларды сырғытып айдап кете береді. Қуғыншылар жетіп шарт та шұрт ұрыс болып, ұры жағының бір-екі адамы аттан түсіп қалады. Батыл қимылдап, сойылын еркін сермеп, талма жерден ұрып түсіріп жүрген Барлыбайды дәл көздеп «кеуде тұсы осы ғой» деп садақпен тартып қалады. Барлыбайға оқ тигеннен кейін қаша жүріп ұрыс салып, өз жылқыларын өңі-түсімен түгендеп, ұры жағының жылқыларын қайырып тастап кетеді. Біраз жер жүргеннен кейін Барлыбайдың атқа жүруге шамасы келмей, төрт жігіттен арттан қалады. Төрт жігіт жылқыларды тоқтаусыз айдап кете береді. «Менің халім болмай бара жатыр, тоқтаңдар!» – дейді Барлыбай, – «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық деген осы», елге менің атымнан сәлем айтыңдар, «Қанкөшек!» деп айқайлап, жылқыларды айдап бара жатырсыңдар. Осыдан былай Күнту елінің ұраны “Қанкөшек” болсын! Бұл –менің бірінші тілегім. Елімнен екінші тілегім – артымда үйелмелі-сүйелмелі үш бірдей балам жетім қалып жатыр, ағайын көз қырларын сала жүрсін!” – деп сөзге келіпті де көп ұзамай көз жұмыпты. Сөйтіп, есіл ер 37 жасында Іленің ну орманының ішіне жерленіп қала беріпті. Барлыбайдың тілегін орындап, елінің үлкен-кішісі жиналып, «Күнту елінің ұраны “Қанкөшек” болсын!» деп бәтуаласады. Содан бері неше ғасыр өткен шығар, ұлан-асыр бәйгеге ат қосса, бәйге атына мінген бала, сол сияқты екі жақ болып ерегісіп тартып жатқан көкпарды “Қанкөшек!” деп ұран тастап шабады.
88. [Қаттықұлақ]
Бименбеттің ағасы, Таздың екінші баласы Бәйімбеттің ертерек қайтыс болуына байланысты Қайып атты бір баламен әйелі жесір қалады. Бименбет жесір жеңгесіне әмеңгерлік жолмен қосылып, Қайыпты тәрбиесіне алады. Бименбеттің бірінші әйелінің қара, жеңгедей алған екінші әйелінің сары болуына байланысты, ел біріншісінен тараған ұрпақты “Қаракемпір”, екіншісінен тараған ұрпақты “Сарыкемпір” атандырып, ағайынды екеуінің аттары аталмай қалады. Бименбеттің құлағының ауырлығына байланысты ел “Қаттықұлақ” деп атаған.
89. Қоралас руының тегі жайлы
Аппақ ишан ел-елді аралап, ислам дінін үйреткен. Ишанның қасында Тақсырқожа баласы, діндар емші Алдияр деген кісі бірге жүрген. Күндердің күнінде жолы түсіп, қожалар Ботбай ауылына келеді. Ботбай ишанды үлкен құрметпенен қарсы алып, ауылында үш ай ұстап, қонақ қылады. Сонан бір күні бай елін жинап, ишанға малдан нәзір береді де: «Тақсыр ишан, сізбен құдандалы болайын, мына қызым Калкунды қалыңсыз сіздің жолыңызға қидым», – дейді. Аппақ ишан жанындағы Алдияр қожаға Калкун қызды тапсырады. Сол күннен бастап Алдияр қожа Калкунмен бірге тұра береді. Жолдастарымен қыруар олжамен еліне қайтады. Алдияр қожа емшілік жұмысымен айналысып, бір жылдан астам уақытқа Ботбай ауылында қалып қояды. Алты айдан соң Ботбай ауылына қалмақтар шабуыл жасап, бар малын айдап әкетеді. Сол шапқыншы қалмақтармен соғыста Ботбай ауылының көп адамдары қырылып, солармен бірге Алдияр да қаза табады. Жаугершіліктен кейін Алдиярдың әйелі Калкун әкесі Ботбайдың үйінде ұл тауыпты. Бірақ көп ұзамай Калкун қайтыс болған. Жаңа туған сәбидің атын Ботбай «Қоралас» қойып, бәйбішесінің қойнына салып, тәрбиелеп өсірген. Қораластан екі бала: Қарақойлы, Қарақосай дүниеге келді.
90. Көрпе
Жаугершілік заманның бір шатқалаңында төрт бала елден айырылып, айдалада адасып қалады. Құлан 13–14-терде. Жанай мен Теке 7–8-дерде, ең кішісі Төлеміс аяғын енді апыл-тапыл басқан шамада болса керек. Балалар аш-жалаңаш, бір-бірімен қол ұстасып, Төлемісті біресе жетектеп, біресе арқалап күн жүреді, түн жүреді, елін таба алмай әбден шаршап, ашығады. Олардың қанша жүргендерін кім білсін, әйтеуір аштықтан жандары қиналып, бастарына түскен ауыртпашылықты көтере алмаған бауырларының үлкені Құлан:
– Елсіз далада аш-жалаңаш, өзіміз шаршап-шалдығып өлгенше, жүк қылмай, мына жүре алмайтын Төлемісті тастап кетейік, – дейді.
Құланның мұнысына Жанай мен Теке үзілді-кесілді қарсы болады. Інілерін көндіре алмаған соң Құлан оларды айдалаға тастап, ел ауған жақты бетке алып, жалғыз өзі жүре береді. Оның қанша уақыт жүргені белгісіз, бірақ ел-жұртқа жетіп, ата-анасын табады. Олар құшақтасып, жылап көріседі.
Әкесінің:
– Інілерің қайда? – деген сұрағына Құлан төмен қарап күмілжіп:
– Олардан адасып, жоғалтып алдым, – дейді.
Осындай аласапыран заманда көп бала тұрмақ, бір баланың өзін қуат тұтып, аман-есен көргеніне құдайға мың бір шүкіршілік еткен ата-анасы, басқа балаларының асын беріп:
– Алла өзі берді, Алла өзі қайтып алды, – дескен көрінеді.
Елсіз далада ішерге суы, татарға дәмі болмаған үш бала қаңғырып қала береді. Аштықтан көздері қарауытып, әбден әлдері кетіп, өлді-талдық дегенде таудан сарқырап аққан өзеннің жағасына ілінеді. Беті-қолдарын жуып, су ішіп отырғанда үлкен қара тастың көлеңкесінен бір күлше нан тауып алады. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, бұл Қызыр ғалейһисалам бабаның балаларға берген ризығы екен деген сөз бар. Табылған күлшені Теке теңдей ғып екіге бөліп, жартысын Төлеміске береді де, қалған жартысын Жанай екеуі бөліп талшық етеді. Әйтеуір, күндердің бір күнінде үш бала сүйретіліп, азып-тозып ел шетіне жетеді. Оларды өлдіге санаған ата-ана, туған-туысқандары жүрегі жарыла қуанып, құшақтасып көріседі. Біраз күн өткен соң шындықтың беті ашылады. Өз бауырларын өлімге қиып тастап кеткен Құлан ата қарғысына ұрынады. Сондықтан оның ұрпағы өспей қалыпты деген әңгіме бар.
91. Алакүшік туралы бірер дерек
Бір аңызда Борас бабамыз он төрт перзент көрген, бірақ олар жастайынан шетіней берген. Осындай ауыр қайғыға душар болып, бір Аллаға жалбарына әулие-әмбиелердің басына түнейді. Бұл жолы да түсінде Баба Түкті Шашты Әзіз келіп аян береді: “Тоғатайдың 9 ұлындай ұл берейін бе, әлде түйенің 4 емшегіндей төрт ұл берейін бе?” – дейді. Содан ұйқыдан шошып оянған Борас баба Ташкентке өз еліне қуана қайтып оралады. Ел-жұртын жиып, құдайы жасап, қуанышын бөліседі. Осылайша әулие бабаның аяны ақиқатқа айналып, арада бір жыл өткенде бәйбішесі жүкті болады. Осы кезде Борас ата бір топ серіктерімен бірге аң аулауға кетеді. Көп ұзамай бәйбішесінің толғағы қысады. Қиналған ананың айналасына абысын-ажындары жиналады. Өйткені осыған дейін он перзентті дүниеге әкелген ананың бірде-бір перзенті аман қалмай, шетіней беретін. Осыны білетін абысындары ешкімге білдірмей, тек қана өздері құпия түрде ақылдаса келе “ырым” жасайды. Сондағы ойлап тапқан амалдары мынау: жаңа босанып, ес-түстен айырылып талықсып жатқан ананың омырауына жуырда ғана күшіктеген ала қаншықтың күшігін білдірмей әкеліп салады. Жас босанған ананың уызын емген күшік аман қалғанын бақылап тұрған абысындары енді оның орнына ертесіне жаңа туған нәрестені әкеліп емізеді. Сөйтіп, екі-үш күн бойы баланы да, күшікті де бақылаған абысындар екеуінің де аман-сау қалғандарына анық көз жеткізеді. Тек осыдан кейін ғана аң аулап жүрген Борас атаға кісі аттандырып, сүйінші сұратады. Бұған дейін перзенттерінің шетіней бергенінен әбден запы болған Борас ата бұл қуанышты хабарға сенерін де, сенбесін де білмей: “Бала аман ба?” деп қайталап сұрай береді.
Сүйінші сұрай келген адам:
– Аман! Міне, бір апта болды, Құдайға шүкір, аман-есен өсіп келеді, – деп жауап береді.
Ол енді;
– Баланың атын кім қоямыз? – деп сұрайды.
Сонда Борас ата:
– Жаман болса да, аман болсын, о неме! Оның аты не болса, о болсын, әйтеуір аман болсын!” – десе керек қуаныш, шаттықта аузына оңды есім түспей.
Хабаршы осыдан кейін елге құйғыта шауып келген бойы Борас атаның “Ұлдың аты не болса, о болсын, әйтеуір аман болсын!” деген сөзін жеткізеді. Міне, содан кейін баланың аты “Небосын” деп аталыпты. Осы аңыз соңында Небосынның есіміне қатысты құпия ашылады. Яғни, Небосын өзінің жалғыз ұлы әрі мұрагері Бақалайдың үшінші ұлына Алакүшік деген ат қояды. Сөйтіп бұл есім ел аузында айтыла-айтыла келе, «Алакүшік» деген атқа айналып кетеді.
92. Бозан қалай Көкірек аталды?
Бозан – Шымырдың кенжесі. Ол еркелеу өскен, өткір ойын батыл да бүкпесіз айтатын бірбеткей кісі болыпты. Бір елдің бетке ұстар зиялылары мен ақсақалдары жиналып даулы мәселелер туралы әңгіме қозғап жатады. Әрқайсысы өз ойларын ортаға салып, пікір таластарын көпке жібереді. Бұлардың ішінде қатысып отырған Бозан шыдамай, белсенділік танытып:
– О, оу, ағайын, жамағаттар, айтқан қоймылжың болып басталып еді, арты бара-бара сұйылып бара жатқан жоқ па осы, кесіп-кесіп айтпайсыңдар ма, кібіртіктей бермей, – дейді.
Аз үнсіздіктен соң әңгіме-дүкен қайта қозып кетеді. Әсіресе, жесір дауы мәселесі ұзаққа тағы созылады. Үлбіреген жас келіншек өксіп жылап отыр. Жиынға қатысқанның ішінен, әсіресе екеуі өрекпіп сөйлейді.
– Жесір менікі, – дейді біреуі.
– Жоқ, менікі, – дейді екіншісі шақ-шақ сөйлеп.
Төртпақ келген әлгі біріншісі орнынан қопаң-қопаң тұрып:
– Жоқ, сен ала алмайсың, алып көр осыдан, – деп көзін алартып кіжіне түседі. Екі жақ төбелесе кетуге дайын отырғандай қабақтары қатулы. Қамшыларын үйіріп-үйіріп қояды.
Қарамұртты жігіттік санатқа қосылып қалған Бозан орнынан қарғып тұрып, билік құрып отырған ел ақсақалы алдына қамшысын тастай:
– Дат, ақсақал, – дейді.
– Датың болса, айт! – дейді манадан бері екі жақтың сөзін үнсіз тыңдап отырған ақсақал.
Менің ойымша қызыл кеңірдек болып отырған мынау екеуіне де жесір жоқ. Мен бұлардың сырын аздап білемін. Келіншектің қайтыс болған күйеуі кезінде кедей адамның осы қызын зорлық жасап, алып қашып келген. Артынан қуып барып, қалың мал даулаған мүсәпір әкесіне ұялмай-қызармай: «Мә, саған осы да жетеді», – деп көтерем бір сиыр берген. Дауласуға дәрмен жоқ, “Қой аузынан шөп алмайтын” қыз әкесі жүрегі қан жылап, берген сиырын алып қайтуға мәжбүр болады. Көп ұзамай ол сиыр өліп қалады. Ал дөрекі мінезді әумесер жігіт бұл келіншекті екі жыл әйел етеді. Демек, “жесір менікі” деп өзеуреп отырған мына екеуінің ешқандай қақысы жоқ. Бұл келіншіктің қыз кезінде жақсы көретіп жігіті шетте отыр. Алдымен келіншекке бостандық беру керек. Өзінің сүйген жігітіне бара ма, әлде мына екеуінің біріне бара ма, оны келіншектің өз талғамы білсін! – деп Бозан қызулау сөйледі.
Сол-ақ екен:
– О, бәрекелді, – деп қалды отырғандардың бірі.
– Ау, мынау өзі көкірек қой, қалай-қалай сөз тастайды, – деп екінші қария сақалын сипады.
Дау шешіміне билік құрып отырған ақсақал Бозан айтқан шешімді мақұлдайды. Сонымен жесір дауы лажсыз бәтуаға келеді. Келіншекке бостандық беріледі. Ол сүйгеніне қосылады. Кейіннен Бозан келе жатқанда “Е, Көкірек келе жатыр” дейтін болыпты. Бұлай атау, әсіресе жеңгелеріне ұнап кетсе керек, өйткені, қазақтардың салты бойынша қайындарының атын атамай “пәленше мырза аға”, “түгенше мырза аға” деп айтатын. Ал Бозанды «Сазан мырза аға” деп келсе, енді “Көкірек мырза аға”, “Көкірек мырза”, “Көкірек қайным” аталып кетті», – дейді кейбір айтушылар.
ХІІ. ШАНЫШҚЫЛЫ (ҚАТАҒАН) РУЫ
93. Шанышқылыны үйлендіру
Алатау батырдың даңқы көпке жайылып, елін-жерін қорғап жүрген шағы. Бірде қазақ, бірде қалмақ жеңіске жетіп, кейде текетірес түсіп жатады. Бірде Хазар теңізі жақтағы Кіші жүз елінен “жау тиді” деген хабар келді. Алатау Қоңыраттың батырларын жинап, жорыққа әзірленеді. Өздері қарамағында отырған Ташкендегі Тұрсын ханға жағдайларын, “Елімізге, жерімізге, малымызға бас-көз болыңыз, қараулық жасамаңыз!” – дегенді айтады. Хан уәдесін береді. Кіші жүз еліндегі соғыстан жеңіспен оралса, елі аңырап отыр. Хан Тұрсын антын бұзып, жарамды жігіттердің жоғын пайдаланып, елін шауыпты. Алатау батыр сарбаздарын аттан түсірмей Ташкентке тартады. Хан ордасын “Хан Тұрсынды – ант ұрсын!” деп шабады. Хан Тұрсын қашып кетіп, оның айдай сұлу қызын олжалайды. Қызды жайдақ нарға мінгізіп алып келеді. Ол сүйекке таңба екен. Асқан сұлу қызға Қоңыраттың батырлары көз тігіп, таласып қалардай халге жетеді. Сол кезде Алатау батыр:
– Кешегі Хазар теңізі маңындағы соғыста асқан ерлік көрсеткен найзагер жігіт болды. Жекпе-жекте де, қалың қол соғысында да жан шыдатпады. Осы қызды «Шанышқылы» атанған батырға берелік, – дейді. Қалың Шанышқылы елі осылайша пайда болған деседі.
ХІІІ. СІРГЕЛІ РУЫ
94. Ұлы жүз Сіргелі руы жайлы
(І нұсқа) Ойсылдың отыз ұлы болған. Отыз ұлы ешкімге бағынбай, еркін жүреді екен. Тіпті сол кездегі Жәнібек ханға да бағынбай, оны басынып, ханның қызын Бораш деген батырдың баласы алып қашып кетіпті. Жәнібек хан ашу-ызасын білдірмей, өтірік құда-жекжат болып, тойына Ойсылдың отыз ұлымен қоса туыстарын да шақырыпты. Тоғайда қырық қара үйді қатар тіктіріп, есігін біреуінен кіретін етіп, ең соңғы қырқыншы үйдің есігінен шығып кететін етіп жасапты. Тойға келген Ойсылдың балалары мен туыстарын есіктен кіргенін кіргендей өлтіре беріпті. Соңында Бораш бастаған төрт батыр келсе, тым-тырыс. Сезіктенген олар аттан түсіп, қайта атқа мінгенше екеуін өлтіреді. Екеуі ат үстінде Жәнібек ханның бас кесерлерімен ұрысып, әрең қашып құтылыпты. Жәнібек ханның қызы төркініне екі қабат болып кеткен екен де, сонда босанады. Баласының атын Құсабай қояды. Құсабай ер жетіп, азамат болғанда Кіші жүз – Алшын, Тама нағашыларынан туыстарына кету үшін рұқсат сұрайды. Нағашылары алғаш рұқсат етпеген соң жас жігіт жылқы ішінде жүрген кішкене ғана тайды тұмсығындағы сіргесімен мініп кетеді. Нағашылары да соңынан қуып келсе, туыстарына келіп қосылған екен. Туыстары қарсы алып, ақ түйе сойдырып, той жасайды. Туыстары Құсабай деген баланы «тұмсығында сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргесі бар тайға мініп келген бала», «сіргелі бала» атап кетеді. Құсабайдан бері қарай «Сіргелі» руы тарқайды. Туыстары Құсабайға ұрпағы көбейсін деген мақсатта екі қатын алып береді. Бәйбішеден бес бала: Батыр, Жайдақ, Елібай, Жаңабай, Айт-Бозым. Тоқалдан үш бала: Қарабатыр, Шалдар, Байжігіт. Құсабай баланың малы көбейіп, бай болып кеткен соң «Байұлы» атаныпты. Қарабатыр «Байұлының» жинақты аты деп те аталады. Сонда жоғарғы сегізі бір адамның баласы.
95. Ұлы жүздегі “Үш тамғалы” Сіргелі руларының шығу тарихы
(ІІ нұсқа) «Ұлы жүзде бері келе Бақтияр деген атадан екі бала болады» – деп еді. Үлкені – Ойсыл, кішісі – Үйсін. Ойсылдан “Үш тамғалы” мен “Сіргелі” тарайды. Ойсылдың отыз ұлының бірі – Бораш батыр екен. Бораш кезінде ру көтеріп, жау басқыншыларға қарсы бірнеше жорық-шабуылдарға шығыпты дейді. Тағдырдың жазуымен Кіші жүздің ханы Жәнібектің (қай Жәнібек екені әзірге белгісіз) әскерін басқарып қалады. Жәнібек жалғыз қыздан басқа перзент көрмеген дейді. Қызы бойжеткен күндердің бірінде Бораш пен қыз бірін-бірі сүйіп, тіл табысып, екеуі үйленбек болады. Табиғат заңы бойынша, жастықтың әсерімен екеуінің тәндері де жақындасып, қосылған екен. Мұны қыз әкесі білмейді. Қызының қатардағы адаммен сондай уәделестігін естігенде хан ашу шақырып, ызадан жарылып (өртеніп) кете жаздайды. Себебі “ақ сүйек – хан тұқымы” қыздарын “қараларға” әйелдікке бермейді екен. Не істерін білмеген хан бас уәзірімен оңаша отырып ақылдасқан екен.
– О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртып шығуға болады, – депті бас уәзір. – Егер ашық іске кіріскенде Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз келе ма, жоқ па? Мұны “шариғат жасына” туралайық. Біз қызымызды Борашқа береміз, Ойсылдан тараған еркек кіндіктілер құдалыққа келсін. Қызымызды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап ұзатамыз, – деп хабарлайық дейді.
Қырғиқабақтың (бас уәзірдің ел қойған аты) бұл ақылын хан мақұлдап үлкен, кең алқапқа қырық үйді жалғастыра тігеді. Бәрінің шығар есігі біреу-ақ. Тосын хабарды қуана қарап алған Ойсыл әулетінің еркек кіндіктісі түгелдей атқа қонып, сол түні хан ордасына жетеді. Мейман күту, құда түсу рәсім, салт-дәстүрлері басталады. Әрине құда күтушілердің сырттары күліп тұрғанмен, іштері түнеріп тұр еді. Ел дастархан басына отырып болған кезде далаға байланған Ойсыл әулетінің аттарының тартпа-бау, айылдарын, үзеңгі бауларын кесіп, тізгіндерінде шолақ етеді. Алдын-ала даярланып қойылған бірнеше топ баскесер – жасауылдар үйден шыққандардың бастарын кесе береді. Солайша Ойсыл әулетін бір түнде қырып болған хан Жәнібек оған қосымша бұйрық жариялайды: “Ойсыл әйелдерінің жүктілеріне тыңшы қойылсын, егер ол әйел ұл туса, сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз тапса, тимеңдер!”. Ханның бұл қаралы бұйрығынан соң жесір қалған Ойсыл әулетінің әйелдері төркіндеріне кете бастайды. Ордада тек «алтын қайшылы Ізбике» атанған Бораштың бәйбішесі ғана қалады. Пұшпағы қанап көрмеген Ізбике қолы ісмер, аса өнерлі пішуші, тігуші атанғандықтан, Орда адамдарының киімдерін әсемдеп тігіп, хан иесіне жағымды болып қалған көрінеді. Оны “қайшылы Ізбике” деп те, “қайшылы кемпір” деп те атайды екен. Ізбикенің күндесі Бораштың екінші әйелінен (жалайыр руының қызы) Тола, Нан деген екі ұл туады. Жасырын өсірген екі ұлдың бірі Толаға өзі ие болып, Нанды Ізбикеге әкеліп: “Мынаны ал да, өзіңе бала етіп, бауырыңа сал!” – деп тастап кетеді. Хан күмәндәніп жүрер деп сескенген Ізбике Нанды: “Мына баланы жаугершілік болған жерден тауып алып едім, өлсе обал болар, асырап бер, ақыңды төлеймін!” – деп бір әйелге береді. Бұл шақта хан дүниеден өтіп бұйрығы күшін жойды ма, кім білсін, әлгі әйел Нанды асырап, адам етіп, ер жеткізіп Ізбикеге қайтарыпты. “Қайшылы кемпірдің” тәлім-тәрбиесінде өскен Наннан тараған ұрпақ өсе келе ұлғайып, “Қайшылы” деген ел атанады. Наннан – Сауқым сопы. Бұл кісі – Қайшылы руының арғы атасы. Күндердің-күнінде айы-күніне жетіп толғатқан хан қызы ұл табады. Бойына Бораштан пайда болған нәрестенің кіндігін өзі кесіп, еш бір жанға айтып, көрсетпей, оңашада құндақтап, асылы жерде жатсын деп, қойдың қиының арасындағы көңнің ішіне апарып қояды. Оны өлтіруге көзі қимаған хан қызы Ізбике апасына келеді:
– Тағы бір сорлы перзент дүниеге келді, өлтірсең де, адам етсең де, өзің біл деп”, – хан қызы ұлды Ізбикеге қалдырып кетеді.
Ізбике ана ол баланы да: “Жаугершіліктен қалған болу керек, баласыз едім, осыны маған бала етіп асырап берші, ақыңды жемеймін!”, – деп тағы бір әйелге жасырын түрде өткізіпті дейді. Ол әйел баланың жайын білген соң оның атын «көңнен шыққан Көңірдек» қояды. Көңірдектен рулы ел таралған. Уақыт алға зымырап Нан мен Көңірдек Ізбике ананың қолында ер жетіп, есейген шақта мынандай хабар жетеді: “Ордадағы бәйбіше едің ғой, мына Ойсылдың бір ұлынан туған Тұрымбет есейіп қалды. Өзі ақылды, зерек ынталы болғанмен, ойнап жүріп балаларға тиісе беретін ұрыншақ, тентектігі де бар. Ашынып ыза болған біреу мұның Ойсыл әулетінен екенін ханға жеткізсе, басып кесіп, көзін жоғалтады ғой, осыны амалдап, қарауыңа алсаңшы!”
Бұл Тұрымбеттің нағашыларынан келген хабар еді.
– Жарайды, – депті Ізбике. – Ол баланы жасырып атпен қайыршы етіп жіберіңдер. Тек өз атын атасын. “Әкем де, анам да жоқ, кешегі өткен жаугершілікте қаза тауыпты. Әркімнің есігінде жүрдім. Әке-шешемнің кім екенін де білмеймін. Өз атым – Тұрымбет десін», – деп келісіп қояды.
Ізбике ана жерошақ басында сүт пісіріп отыр еді, қасына бір “қайыршы” бала келді. Кездес жоғарыда келісілгендей болып шықты. Баланы тамақтандырып, аржағына ел қондырған соң оған үй іргесіне апарып түйенің қомын төсеп беріп, дем алғызған Ізбике ана Тұрымбетке мал баққызып қояды. Күндердің күнінде Ізбике ана хан Жәнібекке бір ұсыныс жасады:
– О, алдияр тақсыр! Сізге айтатын бір шаруам бар.
– Айт, айт бәйбіше, – деп хан оны жылы жүзбен қарсы алады.
– Мына Тұрымбет жетім бала еді, – деп бастаған Ізбике оның “өмір тарихын” баяндай бастайды. – Кім білсін бейшара қарадан туды ма, төреден туды ма, онысы беймәлім. Бірақ та өзі өте зерек, ақылды. Елде сөз бар ғой: “Туғаннан бере ме, тұтынғаннан бере ме жақсылықты” деген. Маған сенсеңіз жаман адам шықпайды бұдан. Осы баланы жілік ұстатып бала тұтынсаңыз қайтеді.
Біраз күн ойланып барып хан Тұрымбетті бала тұтынады. Әскер басыларын жиып алған ол:
– Мына Тұрымбет менің балам, бұған соғыс ілімін үйретіңдер, – депті.
Бірнеше айдың ішінде-ақ соғыс өнерінің бәрін де үйреніп, өз ұстаздарынан да асып түскен дейді. Тұрымбет жүре келе ханның ойына тағы бір арамдық туды: «Қайшылы кемпір осыны тым айналып, үйіріліп кетті-ау! Тұрымбет Ойсылдың біреуінің баласы емес пе екен? Бір күні мені құртып, хан тағынан дәмелі боп жүрмесіне кім кепіл? Мен оны ту ұстайтын тубегі етіп жариялайын. Жау қолы әуел бастан-ақ ту ұстағанда нысанаға алады ғой. Мерт болса, сонда- ақ мерт болсын!» – дейді. Ханның арам пиғылы жүзеге аспай Тұрымбет дін-аман ер жетіп, үйленіп одан “Ту тамғалы” руы тарапты.... Хан Жәнібек дүние салған кезде қанды қырғыннан қандайда бір себеппен тірі қалған Ойсылдың отыз ұлының бірі Кіші жүздегі он екі ата Байұлы руларының бірінің қызына үйленген еді. Кейбіреулер оны Бораш алған әйелдердің бірі еді дейді. Сол әйелден туған ұл да нағашыларында жүріп ер жетіпті. Байұлы ынтымақты ел екен.
Ел жақсылары ойласып:
– Қой, енді жиенімізді үйлендіріп отау тіккізейік, қасиетті тұқымнан тарағандардың бірі еді ғой. Өз елі Ұлы жүзге апарып қосайық, – деп келісімге келеді.
Бұл пікірлерін Орда төңірегінде отырып қалған Ізбике анаға да хабарлайды. Ол:
– Жарайды, айналайындар! Ойсылдың аруағы қолдасын, келе берсін! – дейді. Байұлы елі жиендеріне отау тігіп, құл-күңдерін беріп, қаншама мал айдатты: жылқы, сиыр, түйе. Мал төлдері жолда енелерін еміп қоймасын деп, құлын, бұзаулардың тұмсығына сірге тағып, байлады. Бұлар содан “Сіргелі” руы атанды.
96. Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы
(ІІІ нұсқа) Жәнібектің бір ерке қызы бар екен. Сол қызға Ойсылдың ең кенже ұлы Бораштың көңілі ауады. Кенже ұлдың сотқарлау келетін әдеті бар емес пе?! Байлығы тасыған әкенің, кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай батыр ағаларының арқасында Бораш тіршілікке мойын бұрмай, ел қыдырып, үнемі серілік құрып жүреді екен. Сөзге көсем, тілге шешен Бораш әу дегенде-ақ ханның сұлу қызын өзіне қаратыпты. Сөйтіп, бір-біріне ынтық болған жастардың тілегі ақ неке дәстүрін аттаумен аяқталыпты. Ол заманда ата-ананың рұқсатынсыз жасалынған мұндай іс кімге болса да қылмыспен бірдей саналған. Сөйтіп, ел ішінде қалыптасқан қатал заңды аяққа таптап, іңкәр сезімнің жетегіне еріп қалған екі жастың тағдыры осылайша тығырыққа тіреліпті. Өйткені хан қараға қыз бермейтін кер заманның жұртты “ақсүйек”, “қараша” деп бөлінетін таптық салты екеуінің қосылуына кедергі жасапты. Хан қызының аты – Жанбике еді. Сол Жанбике бөтен көзден таса, келесі бір құпия кездесуде Борашқа бойына бала біткенін сездіріпті.
Албырт Бораш мұны естіген соң әкесі Ойсылдың алдына келіп құлады:
– Әке, сіздің алдыңызды орадым. Өйткені, сіз алдымен біреумен төс қағыстырып, құйрық жесісіп, құда болуыңыз керек еді. Осыдан кейін ғана қалыңдық менікі болуға тиіс-тін. Бірақ болар іс болды. Ақ шымылдықсыз, қызмет көрсетер жеңгесіз мен екінші біреуге ие болдым. Ер жігітке екі әйел көптік қылған емес қой. Бірақ, сізге келін – маған екінші әйел болатын адам өзіміз секілді қарашаның қызы емес, ханның қызы. Қыздың аяғы ауыр. Халы мүшкіл! Ханға кісі жіберіп, құда түсіңіз. Төре болса, төбеден түскен жоқ қой. Өзіміз секілді ол да екі аяқты пенде. Жағдайды түсінер, – деді.
Қарт Ойсыл ойлады: “Отыз ұлым атқа қонса жер қайысқан қол емеспіз бе? Артымнан шұбырған немерелерім анау, бәрі де отау иесі болып қалды. Сай-тасқа сыймай, шашырап жатқан малдарым мынау, жеті жұт қатарынан келсе де қырып тауыса алмас. Шүкір, өз атақ-даңқым да өрге домалап тұр. Інім Үйсіннен тарағандар да бір табын ел. Ендеше менің ханнан қай жерім кем. Жәнібек те жан-жағын терең ойлайтын кісі емес пе? Біріміз хан, біріміз қара болғанымызбен, даңқ-дәрежеміздің бірдейлігін еске алар. Осыны ойласа, құдалығымызға қарсы болмас...”
Сонымен Ойсыл хан Жәнібекке бар жағдайды айтып, кісі салды.
Қызының төре тұқымына қызмет ететін қарамен көңіл қосқан уәделестігін есіткен Жәнібек ашуға бой ұрып, бас уәзірі Қырғиқабаққа Ойсыл әулетін құртуды тапсырады.
Оған Қырғиқабақ:
– О, хан ием, бұл істі көпке жария етпей, Ойсылдан тараған әулетті бір түнде құртуға болады. Ұлы жүз ауқымды, іргелі ел ғой, оған күшіміз жете ме? Оның үстіне, Әбілқайыр ханның қысымына шыдамай Алтын Орда қарамағынан ауа көшіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш өңір деп осы Шу бойына, Ұлы жүз ішіне келгенімізге де көп уақыт болған жоқ. Біздің сүйенеріміз Моғолстанның билеушісі Есенбұға десек, арқа сүйер тірегіміз етекті ел Ұлы жүз болып тұр. Сондықтан бұл істі шариат жолымен туралайық, – депті. – Болар іс болып кетті, ашуды ақылға жеңдірейік те, қызымызды Борашқа береміз деп құда түсейік, бізді шақырсын, құда кәдесін жасасын. Сөйтіп, Ойсыл әулетінің сенімінен шыққан боламыз. Әрі құда болғангымыз жайлы ел құлақтанады. Ойымыздың астарын ешбір жан байқамайды. Құда түсу кезегі бізге де келеді. Сонда іске асырар кегімізді алу үшін құдалар түскен кезде жау шауып кетті, қырғынға ұшыратты деп, олардың көзін құртамыз!” – дейді.
Дәстүр бойынша Ойсыл әулеті төрелерді құдалыққа шақырып, жақсы ниеттердің барлығы айтылып жатты. “Қара халық хан әулетімен құда болды, төренің қызын Бораш алыпты”, – деген әңгіме үйден үйге, елден елге тарап кете берді. Ойсыл әулетінің жақсылары өздеріне құрылар тордың боларын, елдің егесіз қаларын, аналардың жар мен баладан айырыларын қайда білсін. Құдалыққа шақырған соң хан ауылына төрт көзі түгел болып барған. Орда маңында құдаларды күту үшін жасалған дайындықтар күні бұрын жүріп жатты. Киіз үйлер шеңбер бойымен бір-біріне тақастыра тігіліп, қырығының да есік жағы шеңбер ішіне қарай ашылатын болып орналастырылады. Сол үйлерге жайғасатын адамдар кіретін де, шығатын да сыртқы есік біреу ғана болды. Меймандарды күтіп алып, қызмет істеп жүрген адамдар ісінде де мін жоқ. Әр үйге енген адамдар уытты шараптарға бой алдырған сәтте Жәнібек жағы көп жылқыны тігілген үйлерге қарай қуа айдап, жау шаптылып айқай-сүреңге салды. Ойсыл балалары далаға шыға ұмтылған кезде, алдын-ала даярланған жендеттер олардың бастарын шаба береді. Құтылып шығатындары бола қалған жағдайда қашып кетпесін деп аттарының мінер жағының таралғысын қиып, тартпасын босатып, тізгінін үзіп қояды. Осындай айламен жасалған келісімнен кейін меймандарды қырғынға ұшыратқан Қырғиқабақ жазалаушы топты бастап ешнәрседен хабары жоқ, тыныш ұйқыда жатқан Ойсыл ауылына қарай бағыт алады. Көпшілік жүрген жерде Жәнібектің жасап жатқан әрекеті хабарсыз қала ма, сатылап сол түннің ішінде жайсыз хабар Ойсыл ауылына жеткені сол екен, есітіп қалғандары жан-жаққа бас сауғалап көзге түспей кетуге әрекетін жасайды. Уәзіріне қосымша бұйрық берген Жәнібек: “Ойсыл ұрпағының еркек кіндіктілері қалдырылмасын, екіқабат әйелдер арасына тыңшы қойылып, ұл туса – сол кезде-ақ өлтірілсін, қыз туса – тимеңдер”, – деп айтқан қатал үкімі орындалады. Бұл жағдайды баяндай келе, Ойсыл ауылында еркек кіндік қалмады деп күңіренеді шежіре. Осы оқиғадан кейін Жәнібек Қаңлы мен Үйсін Ойсыл үшін кек алып жүрер деген оймен бар елін жиып, Арқаға қарай ауа көшеді. Ұзақ жол үстінде баяғы Бораштан екіқабат болып қалған Жанбикенің ай-күні жетіп, толғақ қысады. Жәнібектің мұны білсе, өзін де, баласын да өлтіретінін сезген Жанбике қасына Қайшылы бике дейтін сенімді күтуші әйелін ертіп, таң алакеуімде көштен жырақтап барып, бір сайдың ішінде босанады. Нәресте ұл бала болып шығады. Жанбике оны алғашқы аналық уызбен емізіп алады да, Қайшылы бикеге егіліп отырып былай дейді:
– Ойсыл сорлының шаңырағы күйреді, Құдайға шүкір, менің туғаным ұл боп шықты. Мен бұл баланың қасында қала алмаймын. Қалсам, әкем іздеп келіп, екеумізді де өлтіреді. Бірге тағы алып жүре алмаймын. Себебін өзің білесің. Осы бала өмірлі болсын десек, менің кетуім керек. Мұнымен сен қал, лаждап адам ғып өсір. Ойсылдан ұрпақ, Бораштан тұяқ қалсын.!..”
Арада біраз уақыт өткенде жорықтан оралған Тұрымбет өз жұртының орнын сипап қалды. Бар оқиғаны естіген ол Жәнібек ханды шауып аламын деп, қолын ертіп, көштің соңына түсті. Екі-үш күн жүрген соң айдаладағы жалғыз құдықтың басында жас баламен отырған Қайшылыға жолығады. Мән-жайға қаныққан Қайшылы Тұрымбетке тоқтау айтты: “Азғантай ғана қолыңмен хан елін қалай шаппақсың? Сен оны емес, ол сені өлтіреді. Райыңнан қайт! Мына баланы алып, елге баралық. Екеуміз бірігіп, түтін түтетейік. Әкеңнің сөнген шоғын маздатып, елдің іргесін көтерейік...” Тұрымбет Қайшылының айтқанына көнді. Баланы алып, Қайшылыны атына мінгестіріп, Жиенқұм жеріне келді. Шағын болса да мәзірін жасап, Қайшылы екеуі үйленді. Әлгі балаға көң арасына түсіп еді, сондықтан өсіп-өнсін деген ниетпен ырым ғып “Көңірдек” деп ат қойды. Жылдар өте Көңірдек өсіп, ержетті. Сарысу бойындағы хан Жәнібек ауылында Ойсыл ұрпақтарына жасалған ойраннан бұрын Бораш мырзаның әйелі төрт жасар Құбасай деген баласымен Кіші жүздің Алшын руының атақты байы Қыдырбай әкесінің үйінде меймандықта жатқан еді. Қыдырбай Ойсыл әулетіне ханның жасаған қатыгездігін қызына айтып, еліне баруға болмайтынын, бара қалса Құбасайға төнетін қауіпті ескертіп, жібермей қойған. Уақыт өтіп жатады, осылайша жиен нағашысының ауылында өсіп, әкесі мен туған-туыстарын ұмытуға айналады. Ержетіп келе жатқан Құбасай ауыл балаларымен қосылып жарамазан айтып, тапқандарын бөліске салмақ болғанда Құбасайға табыстан аз беру үшін балалардың бірі: “Олжамызды алдымен әкесі барларға береміз”, – дейді. Құбасай:
– Менің де әкем бар, маған неге олжаны тең бөлмейсіңдер? – деп өзеурейді.
Сонда балалардың бірі:
– Қыдырбай сенің әкең емес, ол шешеңнің әкесі”, – дегенді айтады.
Осы сөзді есіткен Құбасай үйіне келіп, шешесінен:
– Менің әкем қайда? Мен кіммін? Руым кім?” – деп сұрайды.
Шешесі жауап бермеген соң:
– Үйде нан да жоқ екен, бидай қуырып бер”, – дейді. “Бұл бір нәрсе есітіп келген бе?” – деп ойлаған анасы сөзге келмей айтқанын орындайды.
– Қарның ашса, жей ғой, – деп ыстық бидайды уыстап берген кезде оны Құбасай уысының сыртынан қос-қолдап қысып:
– Әкемнің кім екенін айтпасаң жібермеймін! – деп біраз тұрып қалады.
Ыстық бидайға қолы күйіп бара жатқан анасы:
– Айтайын, қолымды босат!” – деп жалынады.
Әлден соң:
– Әкең Ұлы жүздегі Майқы бидің ұрпағы – Ойсылдан туған Бораш, – деп, өз білгендерінің бәрін айтып береді.
– Мен еліме неге бармаймын, туыстарымды неге таппаймын, әкемнің ағайындары кімдер, қонысымыз қай жер, өз жұртымызға кетеміз”, – деген баласының қиғылығын есіткен ана оған елге оралуға болмайтынын ескертсе, Құбасай өкпелеп тамақ ішпей, үйден шықпай жатып алады. Мұны есіткен нағашысы Қыдырбай:
– Балалығы шығар, бірге ойнаған құрдастарынан бір нәрсе есітті ме екен, басылар”, – дейді.
Жиенінің өкпесі тарамай ұзақ жатып қалғанын өз көзімен көрген нағашысы:
– Түбінде бұл жерде қала қоймас, «жиен ел болмас, желке ет болмас» деген осы да, – деп еншісін беріп, ата-бабасының қонысына апарып, Үйсін әулетіне табыс етейін деген оймен бірнеше түйеге жүк артқызып, жанына қызметші қосып, ақсарыбас түйеге көш бастатады. Көштің белгісі болу үшін алты ақ түйені салт қосады, үйірлеп жылқы айдатып, қоралап қой береді. “Ақ түйең алтау ма еді?” деген мақал осы көшке байланысты шыққан деседі. Бұзау мен құлын ембесін деп тұмсықтарына сірге байлатқан. Сірге анасының шабы мен бүйіріне қадалған соң енесі шоршып түсіп төлін емізбейді. Сірге – төлді енесінен күдер үздіру (емшектен шығару) үшін қажет болса, ал оның анасының оңалуына пайдалы әдіс. Құбасай көшіндегі бұзау мен құлынға салынған сірге – көш ұзақ жол жүретін болғандықтан ондағы адамдардың айрансыз, қымызсыз қалмауы үшін жасалған тәсілі.
Көш Ұлы жүзге қарай бет алған соң нағашысы Қыдырбай көшті бастаушыға «Ханның адамдары Құбасайды Ойсыл әулеті екенін біліп қойып қастандық жасап жүрер» деген сақтықпен:
– Жолда сұрағандарға Кіші жүздегі Байұлымыз деңдер”, – деп үйретеді.
“Ойсыл мен Үйсін бабаларыңның негізгі қонысы Қазығұрт тауының маңы еді. Көш басын сонда тіреңдер, туысыңды сол жерден табасың!” – дейді ол тағы. Қыдырбайдың «Байұлы» деп отырғаны Алшын, Әлім – үшеуі де Кіші жүздегі үлкен ру аттары. Көш қазіргі Бөген ауданы Қ.Спатаев атындағы совхоз жеріндегі бір төбешік бауырына ат басын тірейді. Бұл жерде біраз күн демалып аялдапты. Бұзауы мен жабағысына сірге салған кім деген сөзден, Құбасай «Сіргелі бала» атанып, ол біраз күн қоныс еткен төбешік «Сіргелі төбе» атанады. «Байұлы», «Сіргелі» деген сөздер – Құбасайға осылайша берілген қосымша лақап аттар.
97. Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары
(ІҮ нұсқа) Ойсыл отыз ұлды болыпты. Хан Жәнібектің уақытында әрі дәулетті бай, әрі өте зорлықшыл болған екен. Олардың ішінде Бораш мырзаның домбырашылық өнері басым болыпты. Бораш әрі балуан, батыр болыпты. Ол хан Жәнібектің қызына ғашық болып, сөз байласып, кездесіп жүреді. Бір күні қыздың екіқабат екені де білінеді. Бұл ұнамсыз жағдай Жәнібек ханның құлағына шалынып, ол ашуланып, қыздың шешесін алдына шақыртып алады да:
– Сенің басыңды кесемін, қызыңа неге ие болмайсың? – дейді.
Оған ханның бәйбішесі:
– Хан ием, сіздің қолыңыздағы қаншама уәзір мен жасауылдар батыр да палуан денелі Бораштың бетін қайтара алмағанда, менің қолымнан не келеді? – деген сұрақпен жауап беріпті.
– Бас уәзірді шақырыңдар! – деп айқайлайды хан.
Жәнібектің бас уәзірі Жағалбайлы руынан шыққан кісі екен. Бас уәзірі Қырғиқабақ та ханның қызына іштей ғашық болып жүреді екен. Хан осы уәзіріне:
– Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Бұдан Борашқа қызымды беріп құтылайын ба, қайтеміз? – дегенде, ол:
– Үш күнге мәулет бер, мен ойланып, жауабын берейін, – дейді.
Үш күннің ішінде өз ойынша бас уәзір бір іс жоспарын жасайды да, хан алдына кіріп:
– Тақсыр, хан ием, Борашқа қыз беруге болмайды. Біріншіден, сіз хан тұқымысыз, ол – қара. Екіншіден, зорлықшыл отыз ұлды Ойсылмен құдаласып, қандай жетістікке кенелемін дейсіз. Одан гөрі оларды үрім-бұтақтарымен қоса көздерін құрту керек. Ол үшін «қызымды беремін» деп дәмелендіріп, өтірік той жасаңыз. Отауларды қатар-қатар, бір-біріне тіркеп, қырық отау тіккізіп, олардың ішінен ор қаздырып, босағаларына екі жендеттен қойыңыз. Күтуші жігіттер құда балаларды отауларға біртіндеп кіргізсін. Сол кезде екі жендет олардың басын кесіп тастай берсін! – дейді.
Жәнібек хан сөзді мақұл көреді де, Ойсылдың бір баласы ту ұстаушы Тұрымбетті өлімге қимай, көп уақыт жүретін ұзақтау сапарға жұмсайды. Сөйтіп, “Борашқа қызымды беремін” деп, Ойсылды бар балаларымен қоса тойға шақырады. Оның алдында ғана Бораш Алшын руынан Қыдырбай деген дәулетті кісінің қызына үйленген көрінеді. Сол жас қатыны, өзінің үстіне тоқал түсіртетін бұл құдалық жолына ырзалық бермей, өкпелеп жүреді. Бораш ханның қызына қалайда некелесіп қосылуды көздейді де, наразы қатынын төркініне апарып тастайды.
Ойсылдың бауыры Үйсілдің жеті ұлы бар екен. Олар:
– Хан сендермен құда болуға қалай келісім беріп отыр? Сонда, амалсыздан қызының сырын ашық жария еткені ме? Бұл ақылға қонбайды. Тойға бармаңдар, хан қиянат жасайды, – дейді.
– Сендердің бос үгіттеріңе сеніп, басымызға кеп тұрған бақытты тебеміз бе? – деп, Ойсыл балаларының біреуі де оларды тыңдамай, тегіс тойға барады. Болашақ құда балаларды сақадай сай қаруланған жігіттер күтіп алып, қолтықтап, тігілген ақ отауларға біртіндеп кіргізеді. Екінші бір күшті жігіттер аттарды байлап, үзеңгілерді сылдыр еткен дауысын шығармай, кесіп тастай береді. Соңында жеті-сегізі суық тірлікті байқап, қашып аттарына мініп үлгереді. Сол уақытта алдын ала дайындап қойған найзаларды найзагерлер алады да соңынан қуады. Үзеңгісі жоқ тұлпарларға мініп, Ойсыл балалары ойдағыдай шайқаса алмай, көпшілігі опат болады. Олардың ауылына хан жасағы келіп, жас балалар мен екіқабат қатындарына дейін жаусатып салады. Сол кездегі отыз ұлды Ойсыл ұрпақтарының қырылған жері “Өлікті” деп аталады.
Әйел затынан хан мен оның жасауылдарының киімін тігетін, он саусағынан өнері тамған “алтын қайшылы” шебер әйел Әзбике деген қатын ғана аман қалады. Ойсылдан ұрпақ қалдырмауға бекінген ханның оған мән бермеуінің себебі – Әзбикенің бедеу атанып, бала көтермегенінен екен. Хан қызының толғағы келіп, ұл туады. Жібек жөргекке орап, далада малдың жатқан жерінен көң ашып, баланы соған жасырып, Әзбикеге хабар етеді. Әзбике анамыз баланы бауырына басып, емізіп еміренгенде, бедеу атанған анамыздың емшегінен өз-өзінен сүт шығады. Оң жақта отырған қызының екіқабат боп қалған жағымсыз ісінен кейін Жәнібек хан намыстанып көшіп, Ертіс басы Қарадеңгейге барып, сол жақта хандық құрады. Тұрымбет батыр алыс сапардан оралып келсе, бауырларына хан Жәнібек қырғын келтіріпті. Тек Жәнібек батырдың қызынан туған Бораштың баласы ғана Әзбикенің қолында қалыпты. Ол баланы ел-жұрттан жасырып, көңге көміп, ылғи іңірде емізіп баға береді екен. Содан “көң, көң, көң, іңір, іңір, көңір” деп жүріп, бала “Көңірдек” атанып кетеді. Бұрын бедеу атанып, енді ғана қос анарынан сүт шыққан “алтын қайшылы” Әзбике Тұрымбетке қосылып, Нан және Нау деген екі ұл перзент көреді. Кейбір шежірелерде Науды “Манат” деп атаған жері де бар. Әрі-бері өткен жолаушы Тұрымбеттің үйінде ойнап жүрген үш баланы көріп: “Мынау бейшаралардан да үш таңба қалыпты ғой”, – деп айтады екен. Сонда Көңірдек, Нан, Нау – үшеуі “Үштаңбалы” аталады. Тұрымбет Жәнібек ханның туын ұстаушы болғандықтан, ел-жұрт Тұрымбеттен туған Наудың үрім-бұтағын “Тутаңбалы” деп атап кетіпті. Шешесі Әзбике “алтын қайшылы” шебер атанғандықтан оның Нан деген баласының ұрпағынан Қайшылы руы тарапты. Кей деректерде қайшылы Әзбикені “Қайшылыбике” деп атайды. Бораш батырдың төркініне кеткен қатынынан ұл бала туып, оның атын Құбасай қояды. Ол кей әңгімелерде Құтабай деп те аталады. Құбасай дегені алпамсадай палуан боп өседі. Он екі жасқа толып, балиғатқа жетіп, додаға түскенде, одан серкені алатын жан шықпайды. Ақыры Алшын – Жағалбайлылар намыстанады да, Қыдырбайға:
– Сен елмен бол, иә болмаса жиеніңмен бол!” – депті. Содан Құбасайдың алдына құлынды қырық биені салып, еліне қайтарады. Сонда бала:
– Мұнша көп малды алдыма салмаңыз. Жол торыған ұры мен қарақшы кездессе, малымды аламын десе, қайтемін? – деп сұрайды.
– Байұлымын десең ешкім тиіспейді, – депті атасы.
Сонда Құбасайдың лақап аты «Байұлы» боп тарап кетеді. Ол уақытта биенің қымызын жолда азық етеді екен. Сондықтан да нағашы жұрты құлындар биені еміп қоймасын деп, құлындарының мұрынына сірге өткізіп, мұрындық салып береді. Құбасай еліне келіп, Тұрымбеттің үш баласына аман-есен қосылады. Бұрынғы үштаңбалы енді “Төрттаңбалы” боп атанады. Көңірдектен Уылдырық, Буылдырық деген екі бала болады. Дәулет бітіп, ақ отау тігіп отырған Уылдырық ұрпағы «Ақкөңірдек» атанса, кедейлеу болған Буылдырық ұрпағы «Қаракөңірдек» атанып кетеді. Құбасайға нағашылары тарту еткен құлындарының біреуі жүйрік болып шығады. Оның «жүйрік сіргелі тай» деген атағы тарап, «сіргелі, сіргелі» деп жүріп, Ойсылдың өсіп келе жатқан жалпы әулеті “Сіргелі” аталып қалады.
98. Сіргелі
(Ү нұсқа) Қазақтың қария сөзі бойынша Үйсін мен Ойсыл (Ойсын деп те атайды) ағайынды болса керек. Ойсылда отыз ұл болыпты. Сол отыз ұлдың ішінде Бораш есімді баласы жарамды болып ержетіп, әз-Жәнібек ханның қызметінде жүреді екен. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деген емес пе, ханның Алтынай есімді қызы мен Бораш екеуі бірін-бірі ұнатып, көңіл жарастырып жүреді. Күндердің бір күнінде бұл оқиға ханның құлағына жетіп, әз-Жәнібек: “Хан етегін қара басты, алтынға жез араласты”, – деп қатты қорланады. Сөйтіп, Бораштың көзін жоймаққа бел буады. Бораш болса ел-жұртқа танымал, жағымды жігіт. Оның үстіне отыз ағайынды. Хан осының бәрін ойластыра келе, ел жазылып жайлауға қонғанда, оңашалау бір қалтарысқа қырық үй тіктіріп, Борашты бас етіп, үзеңгілес серіктерімен бірге қонаққа шақырады. Ойында ештеңе жоқ Бораш өзінің нөкер жігіттерімен бірге ханның шақырған жеріне келеді. Аттарынан түсіп, қару-жарақтарын тастап, белдерін шешіп, қонақ үйлерге жайғасады. Осы кезде ханнан арнайы тапсырма алған әскер сау етіп келе қалып, Бораш бастаған жігіттерді қырып салады. Бұл қырғынды ел-жұртқа жаудың ісі деп қауесет таратады. Осы оқиғадан кейін хан дегеніне жетіп көңіл демдегенімен, ханның қызы Алтынай жүкті еді дейді. Болар іс болған соң Алтынай қайғысын ішке жұтып, сыртқа сырын шашпай, көзден таса жүріп, ай-күні жеткенде оңаша босанады. Содан, бала қырқынан шыққанша хан сарайының сыртындағы көң қорада сақтайды. Сол кезде Ойсылдан шыққан Тұрымбет деген бір ісмер адам хан сарайында қызметте жүреді екен. Алтынай жасырын тапқан баласын қырқынан шыққан соң құндақтап, Тұрымбетке:
– Сендердің қандас бауырларың еді”, – деп әкеліп береді.
Тұрымбет ісмердің өзінде де екі бала болса керек. Үшінші баласы етіп Бораш пен Алтынайдың арасынан туған баланы да асырап алады. Бұл үш баладан өсіп-өнген ұрпақ кейін “Үштаңбалы” атанған. Енді Сіргелі тайпасының қалай жаралғанына келейік. Ойсылдың Борашы хан қызы Алтынаймен көңіл жарастырып жүргенде өзінің некелі әйелі болады екен. Ол әйелі Алшын Қыдырбай дегеннің қызы болса керек. Ол Бораш қайтқан соң жыл уақытына дейін аза тұтып, сонсоң төркіндеп қайту үшін Құбасай деген жалғыз баласын ертіп еліне келеді. Сол келгеннен елінде қалып қояды. Түбі Ойсыл Құбасай Алшын ішінде ержетеді, әкесінің өзіндей болмаса да көзіндей жігіт болады. Жақсы болып өсіп келе жатқан жиеніне деген Қыдырбайдың да ықыласы ерекше болса керек. Күндердің күнінде Қыдырбай жиені Құбасайға батасын беріп, еліне қосылуына рұқсат етеді. Көшінің басы болсын деп алты ақ бас атан шығарып, жиеннің жолы деп сіргеленген тайларымен қырық қысырақты алдына салады. Содан, Құбасай көшкен елдей болып Қазығұрт өңіріне жетеді. Ел-жұртымен табысып өркен жаяды. Нағашысынан алып келген сіргелі тайлары бар қырық қысырақ қырық үйір жылқы болады. Сол сіргелі тайларды меңзеген былайғы жұрт Құбасайдың өсіп-өнген ұрпағын “Сіргелі” деп атайтын болады.
99. [Құлшығаштың өз атымен аталмай «Сіргелі» деп аталуы]
(ҮІ нұсқа) Пошан көкемнің айтуы бойынша Құбасай (Бораш емес) ханның қызын екі қабат қылып, екі жақ құда түсіп, келін түсіріп, құдалықта отырғанда ханның сарбаздары Ойсылдың отыз ұлын қырып салады. Сосын шабармандар ханның қызын алдына алып келеді.
– Ойсылдың балаларының бәрінің де басын кестік, екі қабат әйелдерінің ішін жардық, бесіктегі балаларын тулақша турадық, бірақ қызыңызға қолымыз батпады, – дейді.
Хан ойланып-ойланып «кісі қанын осы судай шашқаным да жетер» деп, қызын оң босағаға қояды. Ол ұл тауып, атын Құлшығаш қояды. Есін жиған соң жиенінің денесі қатайсын деп, хан оған жылқы бақтырып қояды. Батыр болатын тұрқына қарап, хан сыртынан сүйсініп жүреді. Бір күні жасы онға жеткенде бірге ойнап жүрген балалар ерегесіп қалып «еліңді тап» дейді.
Бала шешесіне келіп:
– Шеше, мен хан баласы емес екенмін ғой, – дейді қатуланып.
Шешесі шынын айтады. Бала еліне қайтамын деп, нағашы атасына барады. Атасы алдына мал беріп: «Жеке басыңа сыйлыққа қалағаныңды айт!» – дейді. Халқының ішінде өскен бала болашақ тұлпар болатын қулықтан туған (бірінші туманы қулық дейді) Құлагер тайды (толық қара емес, толық сары емес жылқыны құла дейді) көрсетіп, «Осы тайды бер!» – дейді. Хан оның құлағына алтын сырға салып, аттандырады. Содан Құлшығаш өз ағайыны Үйсіл елін тауып, олар Ойсылдан қалған тұяқты көріп қуанып, оған жаз жайлау, қыс қыстауын береді. Бала жайғасқан соң көңнің астында тірі қалған, ошақтағы күлдің арасына кіріп аман қалған ағайындарын тауып соған басшы бола біледі. Бораш құдалыққа бармай, момындау болған соң мал-жанға қарап қалған екен. Осылайша қан-қасаптан тірі қалып, балаларды асырып отыр екен. (Қисынға келетіні: он жерден той болса да мал-жанға еге болатын біреу керек қой). Құлшығашты елі өз атымен атамай Сырғалы дей келе, Сіргелі деп кетіпті. Сіргелі батыр болып өседі. Бірге туған бауырларының кегі тыныштық бермейді. Бір күні: «Мен Жәнібек ханды шабамын, сөйтіп ата тегін қайтарамын!» – деп қол жинайды. Сөйтіп ханды шабады. Сонда өзінің қолын қырып келе жатқан батырды көріп:
– Мынау кім? – деп сұрайды хан.
– Баяғы Құлшығаш, – дейді уәзірлері.
Сонда хан:
– Құлдан туған Құлшығаш,
Ер боларын білгенде,
Бесікте басын кеспес пе ем.
Қулықтан туған Құлагер,
Ат боларын білгенде,
Желіде басын кеспес пе ем, –
деп бармағын шайнап, түкіріп тастаған екен дейді
100. [Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы]
Бірде Тоғанас ауылы Қаратау үстіндегі «Көсегенің көк жонын» көктей өтіп, жайлауға көшіп бара жатқанда бір жырада, тығылып тұрған барымташылар көшкен елге тосыннан шабуыл жасапты. Ештеңені қауіп қылмай бейқам келе жатқан көштегі адамдар барымташыларға тиісінше қарсылық қыла алмапты. Қарсылық қыла алмағаны былай тұрсын, кейбірі жас балалары мен әйелдерін, малдарын тастай қашыпты. Кейбірі барымташылардың найзасына ілініп, жер құшыпты. Елдің еркек кіндіктісі бас көтере алмаған соң шабуылдаушылар малдармен бірге жас қыздар мен әйелдерді де аттарына өңгеріп, олжа ретінде талауға түсіре бастапты. Сол кезде көшбасшы қария:
– Азғантай ғана барымташыларға қарсы тұра алмай, қасқыр көрген қояндай зыта жөнелген біздің еркектер – ер емес, шетіне ез болып кеткен екен. Бұл Бәйжігітте елге тұтқа болатын бір жігіттің қалмағаны ма? – деп еңіреп жіберген екен.
Соны естіген Тоғанас:
– Налымаңыз, ата! Қоян жүрек еркектер қашса, қаша берсін. Ал мен қашпаймын. Малдарымызды біреуге олжа, әйелдерімізді оларға күң еткенше, өлгеніміз жақсы. Жаным – елімнің садағасы. Батаңызды беріңіз. Мен түсейін ұрысқа», – депті.
Сонда қария:
– Қашқан ересек, еркектің бетіне өмір бойы «қорқақ» деген таңба басылар, жас та болсаң, ұрысқа түсіп, үстем болсаң, бағың ашылар. Әумин! – дейді.
Содан Тоғанас найзасын қолына алып, барымташыларға тап береді. Шеттегі тұрған екі-үшеуін бірден жайпап түседі де: «Іштеріндегі батырымын дегендердің ата-баба жосығын ұстап, менімен жекпе-жекке шығыңдар!» – деп айқайлап, атын ойқастата, ары-бері шапқылай бастайды. Оңай олжаға кенеліп, мәз-мейрам болып тұрған барымташылар осы сөзді есіткенде айқай-сүрендерін сап тиып, қораланып тұра қалады. Араларында еңсегей бойлы, апайтөс, кең жауырынды бір батыры бар екен. Найзасын ойнатып, ары-бері ойқастаған Тоғанасқа ол:
– Әй, боқмұрын, әлі піспеген шикі өкпеңнің демі осы жерде бітсін демесең, анау қатын ағаларыңның артынан зыт. Әйтпесе, тамағыңды орып, басыңды домалатып тастаймын!» – деп ақырады.
Тоғанас болса:
– Жекпе-жекке шығарда қатын ғана айбат қылады. Ал еркек сөзге келмей, айқасқа түсер болар, – дейді.
Осы сөзден кейін әлгі батыр ортаға шауып шығады. Тоғанас та атына «шу» деп қамшы басып, анаған қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген әлгі қария: « Ойпырым-ай, бұл баламыз әлі жастау еді, батамды бекер бердім бе?! Жазым боп жүрмесе игі еді», – деп алақанымен санын шарт ұрады. Тоғанас болса, сол шапқаннан арындап барып, атын ойқастатып тұрған барымташылардың батырын найзасымен бір түйреп өтеді. Найза дәлденген жеріне тимей, ат ерінің қасына қадалады. Тоғанас ерден найзасын алмаған күйі ары шауып өткенде, найзамен бірге анау батырдың аты да айналып кетеді де, үстіндегі кісі бір жағына жантайып, құлай жаздайды. Осы кезде бәйжігіттер: «Ұр, ұр! Шоқпармен ұрсайшы!» – деп шу етіседі. Бірақ Тоғанас оны ұрмай, оның ер үстіне қайта түзеліп отырғанын күтіп, сәл тұрады. «Ай, мына бала, жауын жантайғанда ұрып құлатпай, қателік жасады-ау. Енді опық жеп қалмаса де», – дейді манағы қария күрсініп. Барымташылар батыры ерге түзеліп отырған соң Тоғанасқа ақыра ұмтылады. Оның найзасын Тоғанас қағып жібергенде, екеуі де найзаларын жерге түсіріп алады. Көк сүңгіден айырылған олар, енді сойылдасуға кіріседі. Қатты ағаштан істелген сойылдар бір-біріне тигенде, ауыр соққының әсерінен сынып түседі. Сынған сойылдарды лақтырып тастаған батырлар қылыштарына жармасады. Қос мықты бес-алты рет қылыштасқанда, болат қылыштардың жүздері майысып кетеді. Тағы біраз ұрысқанда, қылыштары морт-морт сынып түседі. Бар қаруларынан айрылған екі ер ат үстінде ұстаса кетіп, аударыспақ тәсіліне көшіп, бір-бірін аударып тастауға құлшынады. Алайда Тоғанастың өзіне қалыспайтын мықты екеніне көзі жеткен барымташылар батыры ат үстінде ұстасып тұрғанда, беліндегі қанжарын ала сап, мұның қарын тұсына сілтеп кеп жібереді. Абырой болғанда, Тоғанас атының басын кейін тартып, шалқайып үлгереді. Қанжар сол жақ санына қадалады. Санының ауырғанына қарамаған Тоғанас сәл кейін шегініп барып, ерінің қасында ілулі тұрған тұзақ-қақпанды лақтырып жіберіп, өзіне тағы ұмтыла берген қалмақтың мойнына дәл түсіреді. Анау арқанды мойнынан сыпырып үлгергенше, бұл атын тебініп шаба жөнеледі. Істер хайласы болмай қалған жау, керілген арқанмен бірге ат үстінен сыпырылып түседі. Тоғанас оны сүйреткен бойда біраз жер шапқылап, артына қараса, бәйжігіттер де, барымташылар да бұған аңтарыла қарап тұр екен, арқан ұшындағы жау қимылсыз жатыр. Батырларының мерт болғанына көздері жеткен барымташылар не істерлерін білмей тұрғанда, Тоғанастың жеңісіне масаттанып кеткен аз ғана бәйжігіттер оларға атойлап қарсы шабады. Бассыз дене сияқты, батырсыз қалған барымташылар қаша жөнеледі... Ұрыс біткесін, әлгі қария оған: «Желпініп тұрған жастығыңның желігімен жекпе-жекте жауыңмен біраз уақыт шайқасуға құмарландың-ау деймін. Әйтпесе, оны о баста-ақ жайратып тастауға шамаң бар еді. Бұл жолы сені әруақ қолдады. Бірақ есіңде болсын, бұдан былайғы жекпе-жектерде әлгіндей мүмкіншіліктерді қалт жіберме. Ұзақ шайқасқың келіп бара жатса, одан кейін де ұрыс көп қой. Күшіңді соған сақтарсың», – дейді. Осы оқиғадан кейін батыр атанған Тоғанас құба қалмаққа қарсы соғыс кезінде де көптеген жекпе-жектерге шыққан. Ондай кездері әлгі қарияның сөзі түрткі болды ма, жекпе-жекте жаңағыдай мүмкіндікті тез және оңтайлы пайдаланып отырған. Жоғарыдағы жекпе-жектен кейін алған әдісі – қарсыласына қарай шауып барып, найзасын оның ерінің қасына қадап, сол шапқан күйде ананың атын айналдырып жіберіп, үстіндегі батырды бір-ақ сойыл соққысымен жайратып тастап отырған. Ол он тоғыз жекпе-жекте осы әдісті пайдаланып, жеңіске жеткен. Қалмақ кезіндегі бір соғыста қазақтар саны басым жаудан қатары сиреп, жеңіліске ұшырай бастапты. Қолды сол кезде Абылайдың өзі бастап тұр екен. Қазақтардың қатарын селдіреткен қалмақтар Абылайдың өзіне тап беріп, қолға түсірмекке әрекеттеніпті. Аты да, өзі де болдырыңқырап қалған Абылай жасар амалы болмай, соңғы күшін жиып соғысқа кірісіпті. Мұны байқаған Тоғанас бір тың атты жетелеп келіп, Абылайдың алдына тосыпты. «Хан ием, сіз өлсеңіз, ел иесіз қалар. Ал мен өлсем, қазақтың бір әйелі тағы бір батыр ұл туар да. Мынау атқа мініп, қылмақтардан сытылып шығыңыз!» – дейді. Тың атқа мінген Абылай шауып барып, бір қосын әскерді әкеп, қалмқтардың тоз-тозын шығарыпты. Жеңістен кейін ол Тоғанасты шақырып алып: «Қарағым, сен қай бала едің? – деп сұрайды. Тоғанас жөнін, шыққан тегін айтады. Абылай тұрып: «Сенің есімің – елде жоқ есім екен, елде жоқ есімді иеленген адам бір тайпаға көсем болуға лайық. Лайықтығыңды ісіңнен көрдім. Атың бір елге ұран болатындай-ақ ер екенсің. Көп жаса, шырағым!», – депті. Аузы дуалы Абылайдың сөзі бар, кейін Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болып қалыпты.
ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ОРТА ЖҮЗДІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ
101. [Орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарауы]
Шежіре бойынша Бекарыстың әкесі Қазақ, Қазақтың атасы Алаш екен. Бекарыс бабамыз керемет бай, кемеңгер, данышпан, көпшіл әділ және қарапайым болған екен. Үйіне келген қонақ қара ма, хан ба талғамай, мейілінше дұрыс қабылдап, дастарқан жайып разы қып аттандырып отырған. Бірақ ұлы, перзенті болмаған деседі. Бірде осындай көптің бірі болып Әулие Қыдыр-ата үйіне келіп дәм татып, сый-сияпатына дән риза болған. Ақыры Бекарысқа риза болып ақ батасын беріп, тілегін айтқан. Арада тоғыз ай он күн өткен соң бәйбішесі ұл туыпты. Оның атын Қарақожа деп қойыпты. Сөйтіп, бірінен соң біріне босанып, Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Мойынқожа, Ысмайыл, Қасым атты алты ұл көтеріпті. Қарақожа үлкен ұл болған соң бөлек отау етіп шығарыпты. Қарақожадан Арғын туады. Арғынның «аға баласы» атануы – осыдан. Ақтамбердіден Қыпшақ, Дайырқожадан Қоңырат, Момыннан Най ман, Ысмайылдан Керей, Қасымнан Уақ туады. Сонымен орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарайды.
102. [Орта жүздің алты тайпасының шығуы туралы]
(І нұсқа) Жанарыстың екі қатыны болыпты. Оның бір де біреуінің пұшпағы қанамай, “қайран жас иісті баланы-ай!” деп зарығып, қамығып жүрген кезінде ойламаған жерден алты қожа келіп, қона қалады.
“Ой, Құдай-ай,
Берді ғой бала беретұғын,
Әулиелер келді ғой!
Сыйынбасам маған серт,
Қолдамасаң саған серт,
Сарт болсаң, садағаң кет! –
деп, алтауына алты қой сойыпты. Қойын сойғаннан кейін Жанарыс әлгілерге:
– Аттарыңды тынықтырып, осы қойлардың етін жеп, тауыспай жібермеймін! – дейді. Сонда қожалар мұның шынымен құлап, ықылас қылғанына риза болып:
– Осы алтауымыздың атымызды бердік, алты ұлға ата боласың! – деп баталарын беріпті. Олардың аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа екен.
Содан Жанарыстың қатындарының аяғы ауыр бола бастап, бәйбішеден төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожаның аты қойылыпты. Бәйбішеден туған төрт ұлға – Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа деп қояды. Қарақожадан – Арғын, Аққожадан – Найман, Ақтамбердіқожадан – Қыпшақ, Дарақожадан – Қоңырат, тоқалдан туған Есімқұлқожа мен Қосымқожадан Керей мен Уақ тарайды.
103. [Орта жүздің алты қожадан тарауы туралы]
(ІІ нұсқа) Жанарыс [тың] екі қатыны болыпты, бір де бірінің пұшпағы қанамай: “Бізге көру қайда, Жас иісті баланы-ай!” – деп, зарығып, қамығып жүрген күндерінде ойламаған жерден алты қожа кез болып, қона қалыпты.
Ой, Құдай-ай,
Берді ғой бала беретін
Әулиелер келді ғой!
Сыйынбасам, маған серт,
Қолдамасаң, саған серт!
Сарт болсаң, садағам кет! –
деп, алтауына алты қой сойыпты: «Кір-қоңдарыңды жудыр, аттарыңды тынықтыр. Осы қойлардың етін жеп тауыспай, жібермеймін! – деп.
Сонда қожалар мұның шын құлап, ықылас қылған пейіліне риза болып:
– Осы алтауымыз да атымызды бердік. Алты ұлға ата боласың! – деп, баталарын беріпті. Аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Смағұлқожа, Қосымқожа.
Сонан соң қатындар буаз бола бастап, бәйбішеден – төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожаның атын қойыпты. Бәйбішеден туған төрт бала: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа. Қарақожадан – Арғын, Аққожадан – Найман, Ақтамбердіқожадан – Қыпшақ, Дарақожадан – Қоңырат, Тоқалдан туған – Смағұлқожа, Қосымқожа. Біреуінен – Керей, біреуінен – Уақ.
104. [Қарақожа - Жалаңаш баба]
Қарақожа жасында жалаңаш жүреді екен. Үстіне киім кигізсе, жұлып тастай беретін болыпты. Мұның бала күнінде, заманында бір шадта болыпты (қазақша бір хикаят деп айтады). Ол шадта бір байдың жалғыз баласы қырық жігітпен жорыққа аттаныпты. Аттанып кеткен күні кешке байдың жалғызы:
– Басым ауырды, атқа жүре алмадым, қырық жігітім кетті, өзім үйге қайттым, – деп, келіп жатып алыпты.
Екі келіншегі бар екен. Бірінен-бірі өткен сұлу екен. Екі келіншегінің бірі– ұл тауып, бірі – қыз тауып, бай төменгі елді шақырып ту бие сойып, жоғарғы елді шақырып жорға бие сойдырып, үлкен, зор той қылыпты. Жыл он екі ай өткенде баяғы жорыққа кеткен қырық жігіт мырзасы қасында көп олжамен олар да келіпті. Байдың жалғыз баласы – екеу болыпты. «Ауырып үйге қайтқанмен, бұлар өздері түзден біреуді тауып алып, «аумаған мен» қылып, жасап жүрген қулықтары», – деп, үйде жатқан мырза айтты. «Былтыр өзімізбен бірге үйден аттанған мырзамыз, басшымыз, бала жастан бірге ойнап, бірге өскен, бай-ау, жалғызың – осы. Ауырған да жоқ, сырқаған да жоқ. Үйден бірге аттанды, бірге жүрді, міне, бірге келіп түсті», – деп қырық жігіт айтты. Не жұрт, не бай, не қатын – ешкім екеуін айырып, бөлектеп тани алмайды. Сол замандағы тірі жұрт осыған айран-асыр болып дағдарып, күнде жиылыс, күнде кеңес болыпты. Сонда Қарақожа – жалаңаш бала шаршы топтың ортасына келіп: «Мен мұның күмәнін ашып берейін. Бай, қырық түйе сексеуіл алдыр да, бір араға үйіп от қойып өрте! Сонан соң маған бір шойын құман тауып бер. Аузына құятұғын қалайы қорғасын, мүсәтір даярлап бер де, екі баланың – екеуін алдыма алып келіп жүгіндір! Мен төре айтамын, өз балаң қайсысы екенін айырып беремін», – деген соң, бай баланың айтқанының бәрін даяр қылды. Жұрт қоршап алып, «не қылар екен?» деп тамашалады. Екі баланы алып келіп, жалаңаш баланың алдына жүгіндірді.
Сонда айтқан төресі:
– Менің қолымдағы құманның аузынан кіріп, шүмегінен шығып, шүмегінен кіріп, аузынан шығып, үш кіріп, үш шығып түбіне барып жата қалуға жарағаның – байдың баласы боласың, екі қатын да соныкі, мал да, жан да, қырық нөкер де соныкі. Оны қыла алмағаныңды мына жанып тұрған отқа тастатамын. Менің берген төрем – осы, – дейді.
«Қырық жігітпен бірге барып, бірге келіп тұрмын» деген құманның аузын бір сүзді, шүмегін бір сүзді. Ол заман мен бұл заман адам баласы құманға сыйған ба, мұңайып, салбырап қалды да, отырды. Бір жыл үйде жатып ұл-қыз таптырып жүрген мырза жып етіп, ұшып түрегеліп, құманның аузынан кіріп, шүмегінен шығып, шүмегінен кіріп, аузынан шығып, үш кіріп, үш шығып, түбіне барып жата қалғанда, жалаңаш бала құманның аузы мен шүмегін тарс бекітіп, отқа тастайды да жібереді.
– Ал, бай, міне, құманға сыя алмай қалған – балаң да, анау – шайтан ғаләйки лағнет! – деген соң, жұрт шулай қоя берді.
– Мынау өзі жалаңаш бала болмады, жалаңаш баба болды ғой, – деп, «Жалаңаш баба» атанған екен дейді.
Қыздың аты Иланбике қойылыпты. Құрттай бала күнімде естіген сөзім еді.
105. [Қара қожа]
Күлік қожа диуана болған. Мәжзуп қатын-баласыз, үйсіз-күйсіз, тажародлік һалатта харабатлардан болған. Заманындағы адамлар таһир әулиешілігін көрген. Мұның заманында “Шоң бидің Қарақожасы” деген әулие өткен. Сол Қарақожаның бибісі (бәйбішесі) пұшпағы қанамай, перзент көтермей кешіккен. Жаздың күнінде Қарақожаның бибісі құрт қайнатып, бір ошаққа құрты қойылған соң қазаннан түсіріп, өзі шаршап, сілесі қатып, шалқасынан жата қалыпты. Ұйықтап, қата қалыпты. Күлік диуана шап беріп, үстіне мініп алып, бетінен бір сүйгенде, қатын бар күшімен шалқасынан итеріп, теуіп жібергенде, диуана жер ошаққа жығылып, үсті күйіп, көлге қарай жүгіріп, ит қуып, азан-қазан суға барып түсіп, жаны қалыпты. Артынан Қарақожа естіп, қатынына ұрсыпты:
– Жұрт мені әулие дейді. Мен әулие емес, бұл әулие еді. Бекер қылған екенсің. Ол неше сүйсе, сонша бала болатұғын еді. Енді жалғыз-ақ сүйген болса, бір бала табасың да, тұрып қаласың, – депті.
Айтқанындай, бір бала тауыпты да тұрып қалыпты. Ол бала һәм диуана мызажы болыпты. Қожалық қылып келгенде, заманындағы жұрт көріпті. Қолына түскен малды сояды да, жұртқа үлестіреді. Сол малдың етін жеген есіне ие болмайды. Нәзірді гулетіп бере бастайды. “Бір қойды сойса, жүз қой жиылып қалатұғын болды”, – дейді.
ІІ. АРҒЫН РУЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
106. [Мейрам сопы ұрпақтары немесе «Момынның жеті арысы»]
Осы күнгі Керей, Уақ деген елдер бар. Олар Арғынның тоқалы Момынның қоңсысы болыпты. Момын оларға қатын әперіп, енші бөліп беріпті. Олар Момын балаларына Момыннан енші алған кірмесі болады. Уақ, Керей – екеуі екі арыс болады. Бұл екеуі «жолдан келген жеті руға» қосылады. Жетіру дегеніміз – Асанқайғының елінен, Бәйбәше деген жерінен келген жеті жігіт екен. Осы жеті жігітті үш жүз бөліп алыпты. Қаңлы менен Шанышқылыны Ұлы жүз – Үйсін алыпты. Керей менен Уақты Орта жүз – Болатқожа алыпты. Табын деген жігітін, Тілеу екеуін Кіші жүз – Алшын алыпты. Тама деген жігіт жалғыз қалыпты. Қайсысы аларын білмей, ортада қалған соң үшеуі ынтымақтасып, ат шаптырып, қай аты озғаны алатын болыпты. Сонан соң үшеуі ат шаптырып, ақырда Кіші жүздің құла қасқа аты келіп, Таманы Кіші жүз алыпты. «Құла қасқа Тама» деген сонан қалыпты. Және Тарақты деген ел бар. Тарақты – Орта жүздің қызынан туған жиені. Арғын, Қыпшақ – екі арыс, Найман, Қоңырат – екі арыс, Керей, Уақ – екі арыс, Тарақты – бір арыс, айналасы жеті арыс болады. осы күнгі «Момынның жеті арысы» деп сөйлейді, сол – осы.
107. Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары
(І нұсқа) Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып қанжығалы Піспек байдың жылқысын баққан. Ішпек, Піспек деген екі ағайынды байлар екен. Сонда Піспек бай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, орнынан таба алмай әуре болады екен. Таң атса, шөптің, оттың, судың тұнығында арқандаулы тұрғанын көреді екен. Себебі Алтай жылқының өрісінен келіп, байдың арқандаулы атын бір түнде үш жылжытып арқандайды екен. Малға аса жаны ашып қарағандығы байдың көңіліне ұнап, Алтайға әбден ден қойыпты. Жаз өтіп, күз мезгілі жетіп, бай жылқысын қостап шығармақшы болып, қос көтеріп жатқанда Алтай Піспек байға:
– Атай, осы малыңды аман ап келіп бер деймісің, жоқ, жаман да болса, бағып келе бер деймісің? – депті.
– Балам, жаман болғанын не жақсы көрейін, аман ап келіп бергеніңді тәуір көрем, – депті.
– Ендеше, маған малымды аман шығарып ап кел дейтұғын болсаң, іңірітші, күзетші, бақыршы иттеріңді өзің алып қал, маған сенгенің шын болатұғын болса, жалғыз өзіме тапсыр да қоя бер, жаздай жылқы түсінен шошып, ойым да жылаулы болды, қыс биыл мейілінше қатты суық болады. Бұ дүнияда бұрынғы-соңғы көрмеген, айта қалғандай жұт болады. Қыс қатты болып, үргін-сүргін жаманшылық болғанда, мал баққаннан да жаман кісіні баққан қиын болады. Мал айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді. Жаман сойып жейін дасең, еті арам, сатайын десең, пұлы арам, өлтіріп тастауға Құдайдан қорқасың, өзі білмей де сиырша сіресіп айтқаныңа көнбейді. «Қасымдағы жолдасымды өлтіріп алармын» деп қорқып, малға сыңар жақ болып, малды көңілдегідей күтіп қарай алмай, қолбайлау болады. Жылқыдан аяулы малың жоқ қой, маған берсең, ұзын аяқты түйе-сиырыңды қоса бер, биыл қыстан мал алып шығамын деме! Қысқа аяқты қойыңды семіз күнінде сойып, адал бауызда да қарға тығып тастай бер, сойюға мал таба алмай ашаршылық болғанда, көп жұртқа жеуге үлестірсең, қайырымды бай атанып, қияметке шейін жұрт аузында қалады, – деген соң бай Алтайдың тілін алып, жылқы, түйе, сиырын түгел береді де, өзі жатын мал қоймен қалды.
Алтай үстіне қос алған жоқ, жабдыққа бір қыл арқан, бір темір қазық, бір қолжаулау алды, қолжаулау бақырашқа бие сауып, бие сүтін іше беру үшін. Темір қазық алғаны – жер қара, күн жылыда жер мұз болып, тоң болып шегедей қатты болғаны үшін темір қазықты қағып жер тоңын байқайды. Бір кірген жерге бір күн, екі кірген жерге екі күн аялдайды. Темір қазықтың үші батпаған жерге ат ауыздығын алмайды, «құс жаман жерге бармайды ғой» деп, құстың жолының астымен айдай беріпті. Піспек байдың ұзын аяқты малын алдына салып айдаған бойымен Алтай кетті. Бұл Сарыарқада қыстың суықтығы сондай болды: киіз үйде тұрған қара қазан тарс етіп айырылды. Бұзау-тайыншаның маңдайы тарс етіп айырылып кетті, жұрт жұтап, қыс ішінде шұбырып тозды. Қызылтауда қызыл иттен басқа қалған дәнеме болмады. Далбада жабуы далба-далба бір тайлақ қалыпты. Ағыс қудың қуында шаңқан боз ақ қояндай бір боз ат-ақ қалыпты. Піспек бай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішпек бай, Піспек бай деген екі ағайынды байлар екен. Күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішпек, Піспектің Ішпегінде екі нар қалыпты. Жазғы тұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада тірі қалған сол екі нармен тасынып, көшіп-қоныпты. Кәрі құлақтардан естуіміз, сонда жалғыз-ақ аман қалған Баянаула тауында Барлыбай ұранды Бәсентин тышқақ лақ өлтірмей аман қалыпты. Ол кезде желкілдеген Жеті Момын бұл жақта екен де, Қуандық-Сүйіндік Ұлытау, Кіші тау, алпыс екі Торғай, отыз екі өлке жақта екен. Ұлытаудың жақсы жерлеріндегісі – аман. Жаман, жалтаң жерін қыстағандар қыс ішінде үйдің киізін еркек қойларға артып, көшіп, шұбап Керей, Қыпшақтың бойында семіз, күйлі балалары тайынша қуалап, асыр салып жатқан елдің үстіне келіпті. Сонда Қыпшақта Қауған би деген жақсы адам бар екен. Қыс ішінде ауып келген елдің ішінен ақын бар екен. Соның бір ауыз өлеңі:
– Ассалаумағалайкум, Қауған аға,
Несібеміз бұл жаққа ауған аға.
Құнан өгіз ұстапсыз құйрығынан,
Біз келеміз алысып жаумен аға! –
деген соң, Қауған би келген елді елінің ішіне қорғалатып, төбесіне көтеріп күтіп алып, аяғынан жүріп жарап келген малы дін-есен шығып, жаз шыққан соң иесіз жатқан жер бар деуменен Баянаула, Қызылтауға қарай көше берген екен. Сол жолдың аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атаныпты. Жұрт жаяу шұбырғанда табандары аппақ болып, жалтырап бір жерге келіп жатқанда: «атасы басқа, жат ру бас салып сойып, жеп қояр» деп, ішіндегі семізін ортасына салып, арықтары айнала қоршап, алқа салып жататұғын болыпты. Сонда бір мерген он бес ауылды тамақтан тарықтырмай асырауға жарапты, бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарайды. Көк ала биенің иесі көз, тілден қорыққаннан көк ала биені елсіз-күнсіз жерге апарып, енесіне құлынын қоспай, құлынды енесіне қоспай сауып, сүтін сүйретпекпен тасып, үйіндегі үлкен сабаға әкеліп құя береді екен де, күні-түні биенің бұтынан қол айырмайды екен. Бір күні жапан түзде елсізде биесін сауып отырса, төрт кісі тұп-тура келе жатыр екен. Тұрайын десе, биенің сүті саулап ағып кетерлік. Тұрмайын десе, төрт кісі оқтай қадалып келе жатыр. Сасқаннан жұдырықтай тасты «Көз болғаның көнекке, тіл болғаның тасқа» деп көнегінің ішіне тастай беріп, биесін сауып отыра берді дейді.
Сол биені сауып отырғанның үстіне төрт кісі келіп:
– Мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сонан бері биеңді сауып отырғаның ба, жоқ, ұйықтап отырмысың? – дегенде:
– Биемнің мінезі жаман еді, биенің бір сауымы бұтында отырмаса, иімеуші еді, мана өздерің көргеннен жаңа ғана иіді, – дегенде:
– Бәсе, солай ғой! Онан басқа біз көргеннен бері қарай иігенде ендігі мұның сүті көнек түгіл, сабаға сыймай жерге ағып, бұлақ болып жатса керек еді? – деп, жүре берді дейді.
Олар бұлай кетісімен көнектегі сүтті сүйретпеге құйған екен, көнектің түбіндегі тас төрт бөлек болып қалыпты. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса, бас жарар» деген мақал содан қалған екен. Жұтаған жұрт жұтады, шұбырған ел шұбырды. Алты ай қайта кетіп, қайта жарқырап жаз шықты, күркіреп көк шықты, елдің жайлауы, биенің байлауы болды. Былтыр кеткеннен соң Алтай да жоқ, хабар-ошар да жоқ. Піспек бай ауылының қасындағы бір төбенің басына ала киімменен шығады. Ас ішпейді, дым да сызбайды, қасқарая әбден түңіліп, күдер үзіп үйіне келеді. Байдың ұлы жоқ екен. Байбике деген жаңа бойжетіп келе жатқан қызы бар екен. Бір күні әкесі төбенің басынан үйге қарай келе жатса, қызы далаға шығып әкесінің алдынан қарсы ұшырап:
– Әке, немене күн жаумай салбырап, осыншама жүдеп, ас ішпей, дым сызбай қара ағаштай қатып қалғаның? – деп, көзінің жасын мөлт-мөлт төгіп, жылап қоя берді дейді. Қызының жасын көріп бай да еңкілдеп, өксігін баса алмай:
– Қарағым-ай, көппен көрген ұлы той емес пе, елден-жұрттан артықпын ба? «Байдың малы бық-бырт тауыпты, Алтай өліпті», – деген хабарды естісем, көңілім жай табар еді де. Алтайдың өлі-тірісін біле алмағандық қой маған батып жатқан, – дегенде, қыз:
– Әке, сүйінші! – депті.
– Көз ұшында бір қос атты көрінеді, атқа отырысы Алтай ағам сықылды. Астына мінгені де қара, жетегіндегі ат – мен көшке мінетұғын қара жорға атым, білемін, – депті.
Байдың жүрегі аз-ақ жарылмай қапты.
– Қап, балам, менің көзім қасымда тұрған үйдің де қаралдысын көрмей тұр, айтқаның шын болып, ол –Алтай болса, сүйіншісіне сені бердім Алтайға, – депті.
Бұла да көз айырмай телміріп қарап тұрыпты. Айтқанындай-ақ Алтай екен. Пұшпағынан бастырып, қашаған ұстайтұғын қара айғырды мініп, Байбикенің қара жорғасын жетектеп, бір қара сүйретпе қымызды артына бөктеріп келіп, түсіп жатқанда:
– Малың аман ба? – дегенде:
– Барған жерінде боғы қалды, тышқан боғынан басқа шығын жоқ, – депті.
– Үш түлік малдың ортасында жалғыздық көріп, сасқан жерің болды ма? – дегенде:
– Болды, неге болмасын. Жалғыздық бір Құдайдан басқаға жараспаған қылық қой, барған жерімде жылқының қонысы басқа, түйе, сиырдың қонысы басқа болды. Түйе мен сиырды бір қопаның ішіне тастап, күнде бір көріп қатынап тұрушы едім, бір күн жылқыдан босана алмай, түйе мен сиырға бұрылуға мұрша келмегендіктен мезгілін асытып барсам, бір інген түйе жабуының баурын тартып байлаған жібіне артқы аяғы ілініп қалып, енді болмаса үйелеп, өлуге қалған екен. Үстінен шығып көргендігім себеп болып, өлуден аман қалды. Ұры мен бөрінің өзін түгіл ізін де көргенім жоқ, айғырдан қысыр қалғаны болмаса, басқа жері түгел, бір малдың да мұрны қанаған жоқ, – депті.
Піспек байдың қуанышы қойнына сыймай: «Мұның былтырдан бергі жалғыздығы да жетерлік болды, енді мұны бір түн жалғыз жатқызбаймын», – деп, Байбикені қойнына салыпты. Сол Байбикеден туған Алсай, ол Байбике өлген соң балдызы Аққоянды беріп, онан туған балалар: Әліке, Байдалы, Сайдалы. Ол өлген соң үшінші қызын және беріп, бұл – кіші тоқал атанып, мұнан туған бала – Мойын. «Мойын болмай, ойын болмас» аталған Мойын – осы... Алтайдың жеңгелей алған қатынынан туған – Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Жауға түсіп кеткен жерінен, Нұрбай өзі жанынан кешіп, қызыл қанды су орнына ішіп, батырлық қылып барып алып келгендігінен, ол сауыттың аты «шөжекөз» еді, сонан әлі Нұрбайдың ұраны –«Шөжекөз».
Бұрынғы айтады екен:
Арғын болсаң, Алтай бол,
Алшын болсаң, Адай бол!
Үйсін болсаң,
Сиқым, Жаныс, Ботпай бол!
Найман болсаң,
Қаракерей, Матай бол!
Өзгең қалай болсаң, солай бол! –
деген екен. «Тышқанның да сауыры болады» деген сөз бар, сонда Алтай – Арғынның сауыры.
... Арғын бабамыздың 106 жасында алған Айнакөз дейтұғын тоқалынан – Танбыс сопы, бұл Танбыс сопыдан: Үсенбай, Елемес. Елеместен – Ерман, бұл Ерманнан: Шағыр, Бөрлітік. Шағырдан: Ақай, Жолдыбай, Тағашы, Аманжол, Сомжүрек. Бөлтіріктен: Сырлыбай, Сары. Үсенбайдан – Қарамерген, мұнан – Байташы. Аманжолдан – Көшей, бұл Көшейден – Шақшақ батыр. «Шар жетім Шақшақ» атанған Шақшақ – осы. Ақташы, Байташы, Бұғышы, Тағашы – «Шар жетім» атанатұғын солар. Бұл Айнакөзден тарағанды «Тоқал арғын» деп атайды, «Жоғарғы шекті», «Төменгі шекті» деп екі руға бөлінеді. Таңбалары – Арғынның дөңгелек таңбасы. Жоғарғы шекті сабағын жоғары қаратады, Төменгі шекті сабағын төмен қаратады.
108. Ақжігіт ұрпақтары
[Ақжігіт, Жанжігіт туралы] Ақжігіт, Жанжігіт қызы өз күйеуімен қашып кеткенін естіп, Есқара би көңіл айтқан екен:
– “Қыз ұзатқан қырғыз шапқанмен бірдей”, – деп еді. Жасаусыз қыз ұзатыпсыз. Өзімен-өзі қашып кеткен баланың алдын не қылайын?! Арты өзіңе қайырлы болсын! Құдай берген жоқ шығар. Сенің ырысында қой түнетсе де жарайды. Күйеудің қалың соры да ықтиярсыз өз үйінен өзін кетірген, – дегенде, Ақжігіт Есқараға риза болды дейді.
– “Ат төбеліндей жаман Малайдан не қылғанда, би туатұғын болды” деп, жақсылықты анық саған қимай жүруші едім. Сен Құдай анық би қылып жаратқан, жақсының өзі екенсің. Жаңа мойын қойдым артық жақсы екендігіңе, – депті.
Осы қыздың барған жері Қара қасқа Керей болған. Онан туған жиен: “Керейіт Шоңай абыз” атанған. Бұл Қатықұлақ мергеннің моласы Терісаққан бойында, жаудан өлген жеріне қойылған. Бесімнің бәйбішесінің аты – Бүктік. Бәйбіше – Қатықұлақ мергеннің қызы, үлкен, зор тәуіп болған кісі. Үшкіргені ем болып, айтқаны айтқандай келетін. Келіншек күнінде қалмаққа түсіп кетіп, ішінде көтеріп барған баласын қалмақ ішінде тауып, сол бала қалмақ қолында тірі қалған. Өзі қашып келген. Жаяу-жалғыз елдің шетіне келіп, өз ауылына жүрерде жете алмай, жүрген жерінде әуелі жүн түтіп, екі кесек киіз басып алған. Бұл Бесім заманында күллі Дөртуыл Ұлытау, Кішітауда екен. Жайлауы Сорқара, Сөртені жайлайды екен. Баянаула, Қызылтауға ел аумақшы болғанда Бесім Ақжігіт, Жанжігітке:
– Биыл көшпеңдер, мен өлемін! Мені осы Ұлытауға қойып, ендігі жылы көшіңдер? – деген.
Балалары:
– Жерден құр қаламыз, алдыңғы барған ел алып қояды? – десіпті.
– Ендеше, менің биыл өтетұғын жылым. Мені осы Ұлытаудың басына әкеліп қоямын десеңдер, көшулеріңе рұқсат беремін, – депті.
Сонан балалары уәде қылып, көшіп барып Қызылтаудағы Ашамай тасқа қыстаған жылы өліпті. Алып келіп балалары Ұлытауға жерлепті. Сонан «Бесім дарасы» атаныпты. «Тілеуқабыл дарасының» дара басында. Ақжігіт абыздың ең үлкен қызы – Зараухан, онан соңғы қыздарының аты: Дәме, Дәне. Зарауханы Қозы керейге ұзатқан. Бір қызынан туған жиен: Дөртуіл Қалқа, бір қызынан туған жиен – Керейіт Шұнай абыз деген. Қатынын «құдағи» деп сөйлейді екен. Ең үлкен қызы Зарауханның сегіз жасар күнінде, онан соңғы қыздары үйемелі-сүйемелі, еркек бала көрмей тұрған уақтысында екі туысқанның екі қызын назар қылып, қалыңсыз беріп, Оспанқұл Әздерді мектепбасы молла қылып ұстап, үйінің сыртына ақ қос тігіп, Құдай үшін бала жинатып, дүкен қылған екен. Қазаққа әуелі молла ұстап, бала оқытуды бастаған осы кісі екен. Сонда бір күні өзі намаз оқып тұрса, от басында отырған кішкене қыз балалары төрт ши шаншып от басына: «Бірінің аты – Құлмұхаммед, бірінің аты – Сырмұхаммед, бірінің аты – Досмұхаммед, бірінің аты – Ізмұхаммед», – деп, намаз оқытып ойнайды.
Ақжігіт абыз намазын оқып болып:
– Құдағи, құдағи! Құдай береді екен. Балалардың ойынын байқадың ба? Сен төрт ұл табады екенсің, осы төрт атты қояды екенсің, «баланың аузы – періштенің аузы» деп еді, – деп ырым қылыпты.
Айтқандай Құдағи кідірмей бала көтеріп, бір ұл тауып, атын Құлмұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Сермұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Досмұхаммед қойып, сол шағында Ақжігіт абыз қырық тоғыз жаста екен. Ел жайлауда отырғанда, Көкшетау бауырында Қыздың қарасуы, Шөртек қарағай деген жерлерде бір жақтан жолаушы келе жатып, түсте ат шалдырып, ұйықтап жатқанда түс көріп, оянысымен астындағы жирен қасқа атын «түс садағасы» деп айтыпты. «Түсіме көк кептер кіріп, ұятты жерімнің басына қонды. Ол ұжмақтың құсы, енді мен өлемін. Мені, осы түс көрген жеріме қойыңдар?» – депті.
Сол күні үйіне келе аурыпты. Қатыны екіқабат екен.
– Мына ішіңдегі еркек бала болып туар. Атын Ізмұхаммед қой, менің ізімді жоғалтпас!» – деді.
Кідірмей опат болыпты. Айтқан жерлеріне алып барып қойыпты. Өзі өлген соң «Құдағи» еркек бала тауып, атын Ізмұхаммед қойып, «Ізден абыз» атапты. Ендігі жыл ел жайлауға келгенде, ауыл-аймағы басына бата қыла барса, моласының үстіне үйрек ұя жасап, жұмыртқа салған екен. Соны заманындағы қариялар: «Мынаның арты жақсы болады екен-ау!» – десіп, ырым қылысыпты. Айтқанындай-ақ Ізденнің ұрпақтары Рус заманында бір түрі бай болып, өзінен жақсы кісілер шығып, Алашқа белгілі бопты.
109. Жеті момын туралы
(І нұсқа) Арғынның екінші қатынының аты – Момын. Бұл Момыннан туған: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Надырсопы. Ақсопыдан: «Толыбай» ұранды Қанжығалы мен «Маябоз» ұранды Тобықты. Қара сопыдан: «Қарақай» ұранды Қарауыл мен «Барлыбай» ұранды Бәсентиін. Сары сопыдан: «Үшбай» ұранды Атығай, он екі атаның ұлы Дәуіт. Керей, Уақ – Орта жүзге тоқал қатын баласы болып қосылады. Осы Момынның балаларымен ыңғайлас болғандықтан «Желкілдеген жеті Момын» аталған.
110. Үш құрт туралы
Ақбура Есен тентек жолаушы болып бір ауылдың сыртына түсіп отырса, бір бала жүгіріп келіп қасына отыра қалыпты. Қоржынының аузын сөгіп балаға үш құрт алып беріпті. Бала құртты алып, ауылға қарай жүгіріпті. Есен тентек өз қоржынын өзі пышақпен жарып, құртты жерге төге салып, баланы қуып барып, жатып жабысыпты. «Менің қоржынымды жарып, үш құртымды алып қашты», – деп, даулап үйіне сол баланы алыпты. Атын Үшқұрт қойыпты. Есен тентек өз балаларынан артық ұстап, бала жігіт болған соң Есен тентектің бір тоқалын меншіктеп кетіпті. Есен тентек баланың бетін қайырмай тоқалын өз қолынан соған қосыпты. Үшқұрттан туған баланың аты – Айтқожа, онан туған – Байсалбай. Бұл Байсалбайдан: Қалша, Баутан, Байтақ, Күлік би, – дейді айтушылар, – Төкей болса керек дейді.
111. Жылқыбайдың күшігі туралы
Қаракесек ішінде Қалдыбай қожа деген ақын қожа болған. Бір аяғы бір аяғынан шолақ, жергілікті ақсақ екен. Кемпірдің шабаданындай қораш кісі екен. Жылқыбай мырзаға келіп қонып, аттандырып тұрғанда Жылқыбай мысқыл қылып күліп:
– Қожекеңнің үзеңгі бауы ұзарайын деген екен, тегі аяғы ұзын-ау, – дегенде, Қожа айтты дейді:
– Бұ сөзді не деп айттың, жаным-ботам,
Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам.
Аяғым күннен күнге қысқарады,
Тұрған соң жұртты билеп құл мен құтан.
Қожа «құл мен құтан» деп Жылқыбайды айтты. Жылқыбай – құл, құтан. ...Қаракесек сауыры, Шаншардың нығызы, толығы Болатқожаға барғанша ата-бабасынан бір кімдік жоқ. Сұрастырып, қағыстырып білсек, Жылқыбайды тапқан анасы күң болып шықты. Елді «құл мен құтан билеп тұр» деген осы екен. Қаз дауысты Қазыбек немересі болған Қанай бай, сүт кенжесі Базілге атақты бір байдың қызын алып бермей, күңді қалай алып беруі осы адам нанарлық сөз бе? Мыйға салып ойлау керек. Сөзді түгел айтамын деушілер атасының көз құны қалғандай жоқтайды, зерттейді, сонан соң табылды. Бұл сөздің мәнісі былай болады.
Көтеш ақынның бір ауыз өлеңі, хан ауылын жау тонап жатқанда айтқаны:
– О, балам, танымаймын, не ел боларсың?
Не дәулет, не перзентке кем боларсың?
Көтешті жүзге келген тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың –
делінген, сол Айдабол Күліктің күлігінен, Жаңа батырдың інісі Өміртайдың Қайнарбай деген байы болған. Сол Қайнарбай – жеті соққанның бірі, мың соққан дейді. Сол мың соққан болғандықтан, балама орынды, аруақты, тақты жерден қыз алып беремін деп, Қаракесек Қаз дауысты Қазыбек немересі Қанай байдың Ұрфая деген қызын Жәдік деген баласына айттырып, құда болған. Сонда қалың мал бергенде, бас жақсысы үшін бір жетім берген екен. Ол жетім дегені – аты Болыс екен де, өзі қыз екен. «Осы Болысым сідігі асыл, жатыры жақсы. Мұнан туған бала таптырмайтын жақсы болып туады және өзі топшыл болады, өсіп-өнейін деп тұр. Өз балаңа қос, басқа бөтенге беріп жібере көрме!» – деп, сынап айтып берген екен. Бұрынғылар бірінің сөзін бірі тақайыр қыла ма, Болысты Қанай сүт кенжесі Базыл деген баласына қосқан екен. Қанайдың келіні, Базылдың әйелі болған соң әйелдің болысы болыпты. Болыс бәйбішеден Жылқыбай, Саржан туады. Саржаннан – Жаманкөт қажы. Жылқыбайдан Қорабай, Шалабай туады. Жылқыбайды, онан туған Құрбайды, Саржаннан туған Жаманкөт қажыны көрген-білген кісілер Болыс бәйбіше демей: «Дуанбасы» бәйбіше болды десем, нанады. Ия, Қаракесекке барды, құтты да болды, сүтті де болды, бұтты да болды. Күлік кімнен туды? Күң болғандығы қалайша? Сөйлеп өтейік. Күлік Жобалай баласы Жаңабатыр, Өміртай болады. Жаңабатыр «үш жүзге билікті Жаңабатыр би» атанған және жаламен Жаңабатырды үш шабылды деген жұрт аузында сөз болып қалған. Өміртайдың төрт баласы болған: Ақбота, Тайлақ, Қайнар, Көшек. Бұрынғы заманның бай емесі жоқ, бәрі де бай болған. Оның ішінде өте-мөте Қайнар ебдейсіз бай болған. Қайнардың балалары: Жәдік, Бәйтік. Бұл Қайнарбайдың заманында Күлік ортасында қалмақтан Қаракөз деген бір қыз олжаға түседі. Жұрт оны Қайнарбайға байлайды. Байға қыз зәру ме? Күң зәру ме? Өзінің малмен артын ай шелегі бар шығар, жер ошақтың басында, көгеннің қасында жайып жүрген күнінде Жобалай алты ағайынды болған. Біреуінің аты – Ақай. Ақайдан: Бекмырза, Санмырза. Бекмырза балалары: Бұзау, Сары, Байкен. Сонда Сарысы – «Сарымырза» атанған. Сол Сарымырзаның Бұқа деген баласы бұқалық қылып Қаракөз қыз тауып: «Іннің түбі өзімдікі, аузы әлде кімдікі» деп, Қайнарбай қыздың атын Болыс қойған. Туған кезінде оған ат қойыла ма? Тілі шыға бастағанда қылықты, құлықты болып, көзіне көрінген үй жұмсай бастауынан «болысым, болысым!» деп байдың сүйгенінен «Болыс» атанған деседі. Бұл Қайнарбайдың Торғай бойында, Апай-Бөрі деген елде «қарға тамырлы қазақ» құдандалы сүйек-шат Шабай деген он жеті-он сегізге жаңа жеткен бір бала атқосшысы болады. Сол Апайдың Тоқтыбай деген бір мосқал кісісі қасына қылып, жаз жайлауда жоғалтқан малға жоқшы болып Қаракесек, Шаншар елін аралайды. Жолаушыға тамақты тойғыза беретұғын үй керек болып, Қайнарбайдың сүйек шатыс жерін іздейді. Бір жаңа өспірім, судан шыққан сүйріктей бала атқа мініп шапқылап жүрген ел шетінде кез болып қалып:
– Осы елде Күлік Қайнарбайдың күңі бар деп еді, соның үйін білесің бе, шырағым? – деді.
Баланың өңі қашып, түсі бұзылып кетеді де:
– Аппақ шағаладай ауылға барсаңыз, сол ауылдағы бас үй – сол сұраған үйіңіз, – дейді.
Бұлар барып түсе қалады. Қанайдың кенжесі Базылбайдың үйі екен. Бағанағы ауылға жөнін айтып берген бала – сол үйдің өз баласы екен.
Қонақ аттанып кеткен соң бала әкесінен сұрайды:
– Нағашым кім? – дейді.
– Сенің нағашың Күлік Жобалай немересі Қайнарбай, – дейді.
– Жоқ, түндегі қонақтар «Қайнарбайдың қызынікі қайсы?» деген жоқ, «осы ауылда бір күң бар деп еді. Сол күңдікі қайсы?» – деді.
«Күңнен туып мен қалай кісі қатарына кіріп жүре аламын» деп долданып жылап, жарылуға таяп:
– Осыны қатын қыламын деп алған сені де, балама қатын алып берем деп, біреудің күңін алып берген әкеңнің де, – деп, екеуінің аузына бірдей жіберді.
Ал жыла, ал жыла. Отырғандар баланы аяды, сөзін қоштаушы жоқ болса, жарылып өлерлік халге тақалған сықылды.
Бір ақсақал Базылге ұрысты:
– Не жорға бие сой, жоғарғы елді шақыр, төбел бие сой, төменгі елді шақыр, ала бие сой, аймақ, еліңді шақыр! Бұл Болыс келіннің сүйегі қалай қылса ағарады? Мұның сүйегін ағартудың бір есебін табу керек. Көйлек кірі жуса кетеді, көңіл кірі айтса кетеді, сүйек кірі қайтсе кетеді?! Ал енді жатпай-тұрмай осының қамын қыл! «Бір қыдыр бар – құт қыдыр, бір қыдыр бар – тұт, пұт қыдыр» деп, түндегі қонақ саған құт қыдыр болмай, тұт, пұт қыдыр болғаны ғой. Қайдан қаңғып келді? Балаға қайдан естіртті, – деген соң Базыл бай ағайын, аймағын жиып, ол жиынға сойылатын малды жан-тәнімен қиыпты. Бұрынғы айтқан емес пе: «Пайғамбар үмбеті көп жиылмайды, көп жиылса, тек жиылмайды», – деп, айтысты дейді.
«Базыл бұл Болыс келінді қырық кісімен жіберіп, төркіндетсін! Төркіндеп барған жолына малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы – екі жетім ертсін. Қара қазанын, қара кебежесін қара бураға артып берсін! Сонда Қайнарбайдың өзінің қызы екендігі айқын болып, екіленеді. Төркіндеп барған жолына екі жетім ап келген жанды «күң» деп ешкім айта алмайды. Сүйек солай қылса, ағарады», – деген екен. Бұл мәслихат бойынша Базыл қырық кісімен Болысты төркініне жібереді. Қайнарбай да қайнап, тасып-төгіліп тұрған күні екен. «Құдам Қанайға да ризамын, балам Базылға да ризамын. Мен өз көзім тіріде оларды жерге қаратпақшы емеспін, – депті. – Берсе де жасып бермеді, тасып берді. Малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы – екі жетім беріпті. Еркегінің аты – Малайдар, ұрғашысының аты – Дәнеш. Қара бурасына қара кебежесін, қара қазанын ошағымен қабат арттырып мені бөгіп, өз қызым болмаса, осынша сый-сияпат аламын ба? Алшынбай мен Итемген енді былшылдауын қойсын!» депті. Алшынбай – Тіленші бидің баласы. Алшынбай «Бостанның ақ серкесі» атанған. Сірә, сол екеуі Базылмен құрдас болса керек. Малайдар мен Дәнештен Томпақай, Күшік – екі бала туып, Күшіктен: Қонақбай, Қоқанбай, Әйнекбай, Терекбай, Тойлыбай, Қисық, Кенжебай. Томпақайдан да бала-шаға бар, толық бір ауыл болып, бұлар «Жылқыбайдың күшігі» атанған.
112. Жетіру туралы бір аңыз
(ІІ нұсқа) Арғынның ортаншы тоқалының аты – Момын. Бұл Момыннан туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Надырсопы. Ақсопыдан: «Толыбай» ұранды Қанжығалы, «Маябоз» ұранды Тобықты. Қарасопыдан: «Қарақай» ұранды Қарауыл, «Барлыбай» ұранды Бәсентин. Сарысопыдан – «Аушыбай» ұранды Атығай. Ана екі сопыдан нәсіл, тұқым жоқ. Желден келген жеті ру дейтін тағы бар. Қанжығалыдан: Ішпек, Піспек. Піспектен – ұл жоқ, екі қыз. Онан өрбіп-өнген Қуандық та Алтай ұрпағы. Өр Алтай, төменгі Алтай Піспекбайдың қыздарынан туған. Ішпектен: Қамбар, Жапар, Қармыс. Қармыстан: Есен, Бозым. Есеннен ұл болмаған, жеті қызы болған. Қыздарын қалың малсыз жеті жерге берген. Әр қызынан бір ұл асырап алып, бала қылған. Сол жеті жиеннен жеті ру өсіп-өнген.
113. [Қуандықтың алты баласының «Қаракесек» атануы]
(І нұсқа) Мейрам сопының қайыны Алшын Құдысбай екен. Қалыңдығының аты Нұрфая екен. Өзін қыс ішінде ұзатыпты. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалған екен. «Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін» деп, Нұрфаяның ағасының қатыны – жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектеуге бір жетім ертіпті. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел түзге отырыпты. Ат үстінде келіп:
– Жолшыбай түзге отырған кім болды? – деп, қараса, біреуінің сідігі тонды бір қарыс айырып жіберген екен.
Түнде қойнында жатқан қалыңдығы Нұрфаядан сұраса:
– Ол Қарқабат еді. Ол отыра қалып күрілдеткенде, қасындағы өзіміз де шошып қаламыз, ат та тас-талқан болып үркеді, – депті.
Елге келіп орныққан соң, екі елдің арасы жау болып, қайын сіңлісін ертіп келген қатын еліне қайта алмай қалыпты. Сонан соң Нұрфая:
– Ағамның төсі тиген жеңгем еді, басқаға қимаймын! – деп, – Өзің ал! – деп, Мейрамның өзіне алғызыпты.
– Мына күңді де өзің ал, жатыры асыл, өсіп-өнейін деп тұр. Бір жұрттан келген үш ұрғашы – өлсек, тірілсек, бір жерде болайық! – деп, оны да алғызыпты.
Нұрфаяның өзінен Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен Бегендік, Шегендік туады. Күңнен Болатқожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп: “Бес Мейрам” аталған – осылар. Күңнің аты Қарқабат екен. Өмірінде Мейрам бабамыздың етіне су, табанына сыз тигізген жоқ екен. Отын тергенде, қу көдені көп қылып қоса алып келіп, табанының астына төсейді екен. Құманды түнде қойнына алып жатады екен. Суға түскен сайын:
– Ой, көсегең көгерсін! – деп, алғысты көп айтады екен.
Бұрынғының: “Алғыс түбі – ақ май, қарғыс түбі – қара қан” дейтіні сондайды көргендіктен айтқан. Қуандық марқа туыпты. Сүйіндік ұмытыңқырап кетіп, екі арасы тым алыс, кенжелеп туыпты. Қуандықтың алты баласы ат арқасына мініп, соңына еріп, жасаққа шығуға жарағанда, Сүйіндіктің отауы сонда түсіпті. Ұлы жүз – Үйсін Өгіз бидің қызы екен дейді. “Сонда бұл қыз – дейді, – жеңгесі ертіп келіп, еліне қайта алмай қалған екен”. Мейрамсопы ертерек өліп қалып, Нұрфая бәйбіше көп заман “бес берекенің біріне” қосылған бәйбіше болып, халқына ұйтқы, құт бәйбіше атанған екен. Қара мал еншісі бөлек, басқа екен де жылқы үлеске түспеген екен. Сонда Қуандық жылқыны үлеске салып, енші бөлуге келгенде:
– Өзім – бір сыбаға, алты балам – алты сыбаға. Қара шыңырақтағы қалғандарың – бір сыбаға! – депті.
Сүйіндік Болатқожаны оңаша шығарып алып:
– Мына Қуандық алты баласын арқа тұтып, маған көптік күшін көрсетті. Сен маған жақтасып, жасаққа шықсаң, қалай болады? Сен маған болыссаң, мен өлмей артық мал бергім келмейді, – дейді.
Болатқожа Сүйіндіктің қолындағы жеңгесін сұрайды. Сүйіндік айтады:
– Өзің қыз аламын демесең, сенен бір таңбалы байталды аяймын ба? Қазір алсаң да, ешкім таласпайды.
Жеңгесін беріп, Болатқожаны өзіне ертіп алып, Қуандыққа қарсы жасаққа шығады. Қуандық та келеді. Алты баласы қасында. Алты ұлдың кенжесі – Сүйіндікпен тұстас Қуандық, Сүйіндік арасы сирек туған. Сонда Болатқожаның істеген жұмысы: жерден алты томар шымды қопарып жұлып алып, Қуандықтың алты ұлын алты шыммен ұрып жығып, Қуандықтың өзіне жетіп айтқан:
– Сөзге көніп, түзулікке келесің бе? Болмаса, балаларыңның қасына қосайын ба? – деген соң, Қуандық:
– Сен бәрімізден кіші босаң да, сенің ырқыңа көнбеске болмады. Бұрынғылар айтқан сөз бар еді: “Қой асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой, Жасы кіші деме, ақылы асса, аға қой!” – деген. Енді мен аға емес, сен аға болдың. Жылқыны қалай бөлсең де билігін саған бердім! – дегенде, Болатқожа айтты:
– Мына жақтан, жылқының ортасынан қақ жарып жүремін. Сен аға едің, таңдаған жағын сен ал, қалған жағын Сүйіндік екеу міз алайық! – деген соң, “алты сыбаға” артық алмақ былай тұрсын, жанынан қайғы болып, қорқып тұрған Қуандық қорыққаннан:
– Құп болады! – деп, көніпті.
Айтқанындай, қаптап, жер қайысып жатқан жылқының ортасынан қақ жарып жүріп бөліп берген. Осылай бөлген соң Сүйіндік Болатқожаға өкпеледі дейді:
– Сені мен жеңгемді беріп, өзіме тартқанда, істегенің осы ма? Өзің екеуміз бір-ақ сыбаға болып қалдық және жылқының көп жағын ол алып кетті! – деп.
Сонда Болатқожа айтты:
– Жылқының бытырап жатқан жағын алды. Артық болса, бір-ақ айғырдың үйіріндей артық шығар. Ондық ағалығы жоқ па? Біздің тумаған күнімізде ол бізден бұрын еңбек сіңірген шығар! – деп, Сүйіндікті сөзден тоқтатып қойыпты.
Артынан санап тексере келгенде, Болатқожаның айтқанындай бірлі-жарым айғыр үйірі ғана артық болып шығыпты. Еншіні екі ағасына Болатқожа бөліп берген екен. “Сонан кейін Қуандықтың алты баласын алты шыммен ұрып жыққаннан, кесекпен ұр[у]ды, кесекпен ұрғанды шығарғаннан “Қаракесек” атанып, “Болатқожа” атынан “Қаракесек” аты даңқты болып кеткені – сол” дейді.
114. Нұрпия
(ІІ нұсқа) Нұрпия Алшын ішіндегі Құдаспай деген кісінің қызы екен. Шешесі ертерек қайтыс болып, Нұрпия ұзатыларда жеңгесі: “Еркежанға шешесінің жоқтығын білдірмеймін”, – деп, бірге ере жүріпті. Ұзатылып бара жатқан Нұрпияның жасауы теңделген түйесінің бұйдасын ұстау үшін бір жетім қызды да ала кетіпті. Ел ішінің бүліншілігі көп, жаугершілік заман болса керек. Нұрпияның жеңгесі мен жетім қыз еліне қайта алмай қалады. Сонда Нұрпия Мейрамсопыға қолқа салып: “Елден бір мен деп еріп келген көзкөргендерім ғой, үшеуміз бір босағада болайық. Жеңгеме ағамның төсі тиіп еді, басқаға қимаймын, өзіңіздің адам қылғаныңызды қалаймын, еріп келген жетім қызды да шеттетпей, бауырыңызға бассаңыз екен. Сіз жалғыз жігітсіз. Ұрпағыңыз өсіп-өнсін! Мен өз тарапымнан еш уақытта таршылық жасамаймын”, – деп сөзін өткізеді.
115. [Сүйіндік – Мақпал бәйбіше]
Ол заманда Арғын Сырдарияның күнбатысында жүреді екен. Арғын дариядан өтіп, Қаратау жайлайды деген сөз естіле бастаған соң Қарақалпақ: «Арғын бұл жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды. Өткелден өткізбейміз», – деп, өткел аузын алып тұра қалды дейді. Сыр суында аяқтап өтетұғын өткел болмайды. Сонда Мақпал бәйбішенің астында тор жорға аты бар екен, нар жетелеп судан өтерде, қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алады да, іркілместен аты да үйректей қайқаңдап, жүк-мүгімен нарлары да тұрып қалмай, байпаңдап өте шықты дейді. Өткізбейміз деп тұрғандар ләм-мим дей алмады. “Пай-пай, бәйбішенің бөксесіне болайын!” – десіпті. Сонда Мақпал бәйбіше:
“Күлсең күлерсің, күлерсің,
Күндердің күнінде көбің,
Езуің жия алмай жүрерсің.
Бұл қай бөксе,
Айдабол шыққан бөксе,
Артың болса, Айдаболдай ұл тап!” –
деп жүре берген екен.
116. [«Майлытон», «Шегір» аталуы]
Тымақ киіп жүрген күң көгеннің басында, жер-ошақтың қасында жатып жүріп, бір еркек бала тапқан. Атын Қабыла қойған. Жасында қой, түйе бағып, онан жылқы бағып жүрген. Күнінде көтінен ерген баласы бар қатынды алып, баланың көзі шегір болған соң “Шегір” атанып кеткен. Онан соң және бір балалы қатынды алып, ол баланың киген тоны май-май болған соң “Майлытон” атанып, Майлытон, Шегірдің аталары – осы екеуі.
117. Қуандықтың бір баласы – Алтай
Бұрынғылар айтқан сөз дейді:
“Алшын болсаң, Адай бол!
Арғын болсаң, Алтай бол!
Үйсін болсаң, Сиқым, Жаныс, Ботбай бол!
Найман болсаң, Қаракерей, Садыр, Матай бол!
Өзгең қалай болсаң, солай бол!” –
деп. “Тышқанның да сәуірі (сауыры) болады”, – деседі. Алтай – Арғын [ның]
сәуірі болған екен. Алтайдың бәйбішесі – Қанжығалы Піспекбайдың қызы Байбике. Онан туған Алсай [дың] жеңге [лей] алған бір қатыны болған. Онан туған – Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжаға түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып, алып келген. Сауыттың аты – шөжекөз. Сондықтан Нұрбай ұраны “Шөжекөз” болған. Нұрбайдан басқасында белгілі ұран жоқ , «Әуіп-ай, Қуандық!» аталған. Байбике өлген соң Піспекбай Аққоян деген қызын беріп, мұнан туған балалар: Әлике, Байдалы, Сайдалы. Әлике, Байдалы “Төменгі Алтай” атанады. Сайдалы Ақтау, Өртау жақта, “Өр Алтай” атанып кеткен. Аққоян өлген соң Піспекбай тағы бір қызын берген. Мұнан туған – Мойын, “Мойын болмай, ойын болмас” атанған. Алтайдың балаларының ішінде өскен-өнгені, толығы – осы Мойын болса керек. Бұл тоқал Мойын туған соң, қалмаққа олжа болып, жау қолына түсіп кеткен. Нұрбайдан басқа қайсысы қалмаққа барады дейсің. Нұрбай барып алып келген. Тоқал қалмақтан екіқабат келіп, ер ұл тапқан. Алтай бабамыз: “Кенже қарам ғой!” – деп айтқандықтан, “Кенжеқара” – атанып кеткен. Қалың Алтайдың ішінде сонан да ұрпақ бар, бұл күнгіше “Кенжеқара” атанады.
118. Қуандық шежіресі
Жұман байдың бәйбішесі – Мәулім бәйбіше, онан – Қорым жалғыз. Бәсентиін қызы Мапашты (Мапаны) тоқалдыққа алған. Өзінің іргесінде отырған төрт-бес үй қоңсы сиіп отырғанда, сідігінің сарылдағанынан Жұман байдың астындағы аты үріккен. Әдейі барып қараса, қара жерді қарыс айырып жіберген екен. Онан [Мапа тоқалдан] туған балалар: Қошқарбай, Тәті, Сәттібай. Тәтінің кенжесі “Жақсы Тәті” атанған.
119. Баянның ұрпағы
Айдабол ішінде бір Баян деген азғана қаралдысы есектің басындай ел бар. Сол Баян өз балаларына тақымы толмай Бұқар, Самарқан жағынан Көшен деген баланы ұнатып, алып келіп бала қылған екен. Оны өз балаларынан ілгері ұстап күтіп, жүргізіп-тұрғызған екен. Сол Көшен Бұқар базарына барғанда шешесін көрген екен. Елге айта келіпті:
– Көшеде қаңғып жүрген шешемді көрдім. Досан деген інімді көрдім. Мен кеткесін қаңғып қалған екен. Сізден батып алып келмедім, – депті.
Сонда Баян айтыпты:
– Мен сені іске жарай ма деп едім. Сыныма жарамай қалдың ғой! Шешеңді алып келсең еді. Оны мен алсам нетті. Онан туған балалар, сендер маған бала боласыңдар ғой! – депті.
Ендігі барғанында Бұқардан шешесін де, інісін де Көшен ала келіпті. Осы күнгі жүрген Көшен, Досан Баянның ұрпағы аталады.
120. [Оразкелдінің «Қаржас» аталуы]
(І нұсқа) «Толыбай» ұранды Қанжығалы дейді. Сол Қанжығалыға ұран болған Толыбай сыншы заманында бір жаққа жорыққа бара жатып, бір көлдің басынан бір тірі еркек бала тауып алыпты. Аяғын апыл-тапыл басқан, тілі шықпаған баланың мойнында алтынды айкіл шұбар төсі бар екен асулы, ішінде бір алтын сақа бар екен. «Өзіміз жолаушы, өзі қысқа қараған суық күн. Бұл қиын болды-ау!» – деп дағдарып тұрса, көз ұшында бұлдырлап қара-құра көрінген соң соған келсе, түйе екен, бақташысы бар.
– Бұл кімнің түйесі? – десе:
– Нұрфая бәйбішенің түйесі, – деген соң:
– Менің атым – Толыбай. Мына бала жолдан тауып алған олжам. Мойнындағы – баланың өзінікі, Нұрфая бәйбішеге байлағаным. Екі баласына серік қылып, асырып алсын! – деп, түйешіге беріп кетіпті.
Сонда түйенің үстінде жабуы бар екен. Басын қылқитып, түйенің өркешіне тығып, ауылға алып келген соң Нұрфая бәйбіше:
– Бұл өзі олжалы келді, Олжалдым, – деп, атын Оразкелді қойыпты.
Сонда Нұрфая бәйбішенің өзінен туған екі бала: бірі – Қуандық, бірі – Сүйіндік. Қуандық марқа туған екен де, Сүйіндік кенжелеу туған екен. Қуандықтың алты ұлы ат арқасына мінгенде, Сүйіндіктің отауы сонда түссе керек. Қайыр, Қуандық енші алысқанда, Оразкелдіге таласады: “Еншілес қылып, қара бауыр қылып аламын!” – деп.
Сонда Нұрфая бәйбіше:
– Екеуің таласпас нәрсеге таласпаңдар. Мұның өзінің алтын сақасы бар. Соны алып берейін. Жүз асықтың ішіне салып қаржысыңдар да, алтын сақа қайсыңның қолыңа тоқтаса, мұны солайша алыңдар, – деген соң, Қуандық, Сүйіндік асық қаржысқанда, алтын сақа Сүйіндіктің қолына тоқтапты. Қуандық тұрып үлкендік зорлығын қылыпты:
– Мен жалаң қаржысқанға тоқтамаймын. Алтын сақаны иірісіп, алайық. Бүкесі – менікі, оңқа түссе, сенікі, – деп. Қуандық өзі иіріп жібергенде, оңқасынан дірілдеп тұра қалып, сонан Оразкелдіні Сүйіндік алып кетіп, өзіміз Нұрфая бәйбішенің қойған атымен “Оразкелді” дейміз де, басқа ел: “Асықтың қаржауына келген” деп, “Қаржас” атанып кеткен себебі – сол.
121. [«Пәлі, Төлебай!»]
“Пәлі Төлебай!” атанған себебі: бұрынғы заманда Арғынның қойшысынан өрт кетіп, Ұлы жүз – Үйсіннің бірнеше қотан қойлары күйген екен. Соны Ұлы жүз – Үйсін Арғыннан даулаған екен. Сонда соның бітіміне Ұлы Жүз Үйсіннен Төле би шыққан екен. Арғыннан Төлебай шыққан екен. Үйсін Төле би:
– Қолыңмен салған өртті етегіңмен қалай сөңдіремін деп келдің, Төлебайым?! – дегенде:
– Алладан деп білсеңіз, қойыңыз да, адамнан деп білесіңіз, алыңыз, – деген екен.
– Пәлі, Төлебайым, жарайсың, жарайсың! – деп, Төле би тақ тұра қалған екен.
Сонан “Пәлі, Төлебай!” атанған екен деседі. Және бір дәлелі – атқан оғы жаза соқпайды екен, өзі атып, өзі: “пәлі!” – дейді екен. Өзін аң көрмейді екен. Бір топ киіктен киік жібермейді екен. Қара бойын аң көрмеген соң қанша атып, қиратып жатса да алдынан аң ешқайда қашып құтылып кетпейді екен. Сонан: “Пәлі, Төлебай!” – атанған екен. Тама Сарыбас мерген: “Менен асқанда, жалғыз-ақ “Пәлі, Төлебайдың” мергендігі асты”, – деген екен. Мықанлық Бабабек деген сартқа жалшылыққа жүрген жері де болған екен. Сонда Бабабек қатынына айтқан екен:
– Осы қазақтың ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып жатады. Бойында жанып тұрған шам-шырағы бар екен, – депті. Сонда Бабабектің бір бойжеткен қызы бар екен: «Қалайша мұның үсті жарық болып жатады екен?» – деп, есікті ашып, сығалап қараса, қараңғы үйдің өзге жерінің бәрі қараңғы, жатқан қазақтың үсті шам жаққанда қандай жарық болса, онан да жарық және өзі ашылып-шашылып, қаннен-қаперсіз, бейғам жатады екен. “Бері кел!”, – деп, қол бұлғап шақыратұғын қолы жоқ болса да: “Мені көрдің бе?” – деп, қаққан қазықтай қақиып тұрған батырды көрген соң аяғын кейін салуға шамасы келмей, жүгіріп келіп: “Бейәдеп қазақ!” – деп, шап беріп ұстап, отыра қалды дейді. Жан [ды] жерін біреу бөріктей бүріп, шеңгелдеп жатқан соң:
– Бүрген олай емес, бұлай! – деп, бауырының астына басып алып, жұмарлай бастағанда:
– Есебі рақым, қазақ, есебі рақым, қазақ! – деп, бір жаққа кетіп қалар дегендей, екі қолымен аш белден қысып алып, шамасы келгенше босатпасқа тырыса бастады дейді.
Бұл жұмыс болған соң, көп кешікпей-ақ сол қызды алып, Арқаға қарай жөнеліп берді дейді. Сары сонда кез болып, жолдастасып, үшеуден-үшеу жапан түзде оттас-ораздас болған. Елге алып келген соң: “Енді мал керек” – деп, Төлебай жапа-жалғыз Орал тауындағы Естекке аттанбақшы болды дейді. Сонда сарт қызы:
– Сіз кешіксеңіз, мен қандақшын қыламын? – деп, қайта-қайта айта берді дейді.
– Мені бір жыл күт. Егер бір жылда келе алмасам, Қосқұлаққа тие бер, – деп, солай дығаса [десе] жібермейтін болған соң:
– Қой, хош-есен бол! – деп, жөнеле берді дейді.
Төлебай сол кеткеннен кете берді дейді. Бір жылда қайтпаған соң сарт қызы Қосқұлаққа тиіп кетті дейді. Сол жорығында үш жыл жүрген екен. Сонда айтқан екен:
«О, көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Қара сабам жоғы үшін,
Қатын-бала қамы үшін,
Тең-құрбымнан кем үшін,
Ерлер жортар мал үшін!» –
деген екен. «Елде менімен теңмін деген көп еді, сөйткенімен менен басқа теңнен өткені жоқ еді, – деген екен. Үш жылдан соң жапа-жалғыз өзі үш жүз жылқы айдап, жолшыбай биесін байлап, қара сүйретпені қымызға толтырып, ырғап-жырғап келе жатқанын естіп, ағайын-аймағы жүректері лүпілдесіп, қуанысып тұрды дейді. Қосқұлаққа тиген соң бір ұл тауып, талпынып, шоқақтап, еңбектеуге тырмысып қалған баланы:
– Мұны ұялмай не деп көрсетеміз және не бетімізді айтамыз? – деп, қатын-қалаш бетін үзіп алып, бір-біріне күңкілдесе бастады дейді.
Сонда сарт қызы:
– Сізлер өз амандасуыңызды түзеңлер, мен не деп амандасуды кісіден сұрамаймын. Менімен, баламен ісіңіз болмасын! – дейді.
Төлебай келіп аттан түсіп жатқанда, сарт қызы баланы көтеріп алып шықты:
– Үш жыл жоқ болып келгендегі сіздің олжаңыз қандағы? Үйде отырған менің олжа қандағы? Көріңіз мына менің олжамды! – дегенде:
– Жарайды, жарайды, бұ да осы жолдың олжасы ғой, – деп, атын “Жолан” қойған екен. Сонан соң қатынын өзі қайта алып, Едіге, Еламан туған екен. Онан соң Ырыс тоқалды алып, онан Елкелді, Малкелді туған екен. Бұл балалар туған соң енді Төлебай түгелденді. “Қандай Төлебай?” – десең, сондай Төлебай болды.
122. [Айдаболдың Қошетерді Тайкелтірге еншілес қылуы]
Кенжеқозы жастай өліп, қайны Ұлы жүз Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: “Тайкелтірге қосамын!” – деген соң, Жанқозы онысына көнбей: “Көттесімнің жесірін тоқал [дың] баласына бермеймін!” – деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл (Ырысқұл) – төрт бала туған. Батыр Олжабай – Үйсін Қаратай батырдың жиені. Шешесін қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, босанғаннан: “Осы жолдың олжасы болды ғой!” – деп, атын Олжабай қойғаны сол екен. Қаратай батыр Шанышқылы Қошетер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. Ол қыз да жолда босанып: “Бұған ат болуға қостың аты да жетер” деп, атын “Қосжетер” қойғаннан “Қошетер” атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Сонан Тайкелтір, Қошетер әуелден ыңғайлас, қоныстас, сыбайластығы – сол.
123. Қаржас
(ІІ нұсқа) Жасы егде тартқан кезінде Мейрамсопы бір себеппен оңтүстікке сапармен барып, қыс ерте түсіп кетіп, елге қайта алмайды. Ондағы ел жақсылары Арғын ағаның баласы Мейрамсопы тізесін құшақтап, қалай жатады деп, қойнын жылытуға бір жас қыз әкеліп салады. Көктем келген кезде, Мейрамсопы еліне қайтпақ болады. Қыстай тізесін жылытып жатқан қызға: “Біраз уақыт ашына болдық. Бір кәрі мен бір жастың арасынан дүниеге келген нәресте, екеуіміздің белгіміз болсы. Ұл тусаң, есімін Кәріжас қой, ал қыз туса, онда өзің біл!” – дейді. Сопы аттанып кеткеннен кейін әлгі қыз ұл туады, атын Кәріжас қояды. Ол ер жетіп, ат арқасына ер салуға жарағанда, шешесі:
– Балам Орта жүзде Мейрамсопы деген бабаң бар. Ол – ел адамы, рубасы, тірі болса, сол атаңа барып сәлем беріп кел! Өлсе, басына зиярат етіп қайтарсың”, – деп, батасын береді.
Кәріжас жолға аттанып, үлкен жиынға кез болады.
– Мұнда не болып жатыр?” – деп сұрайды.
Есік алдында күзетте тұрғандар бала кеудесінен итеріп:
– Өндіршектемей әрі жүр! Мейрамсопы ел жақсыларымен келелі мәселе шешіп, мәжіліс құрып отыр, – дейді.
Бала бабасының есімін естісімен есіктегі екі жігітті итеріп тастап, есікті айқара ашып, жетіп келеді. Жаздың күні түндігі шалқая ашылған, етегі түрілген ақ киіз үйдің қақ ортасында қапсағай денелі, оқалы шапанды ақсақал сол кезде басын көтеріп, жалт қарап:
– Атың кім, қарағым? – депті.
– Атым Кәріжас, ата, сізді іздеп, шешем айтқан тапсырмасын орындап сәлем берейін деп келдім, – дейді.
Сонда Мейрамсопы:
– Келші бермен. Енші менің қолтығыма! – деп шапанның оң жақ етегін аша берген екен. Кейін ел оны Кәріжас демей, «Қаржас» деп атап кеткен.
124. Кәріжастың «Қаржас» аталуы және Сүйіндікбен еншілес атануы
(ІІІ нұсқа) Мейрамсопының бәйбішесі Ұлпая – Кіші жүз Құдыш бидің қызы. Сол Кіші жүзде Ақшаханның Бибігүл деген қызы бар екен. Қалмақтың бір мықты батыры: «Сен қызыңды маған бер, бермесең, сенің аулыңды шабамын!» – деп маза бермепті Ақшаханға.
Содан әкесі қызына жағдайды айтқан соң, қызы әкесіне:
– Мен қалмаққа бармаймын, маған пана, өзіңе қамқоршы болатын ер бар ма? – деп сұрапты.
Содан әкесі:
– Мынау Орта жүзде өзіңнің жездең Мейрамсопы деген бар. Балалары мықты, тұрақты жер, сол болмаса?! – депті.
Сонда Бибігүл:
– Қалмаққа керегі менмін ғой. Ер арасына бүліншілік болмасын. Мен сол жездемнің еліне кетейін. Мені жетті-ау деген кезде “қыз қашып кетіпті” деп қалмаққа хабарла! – депті.
Ақыры осыған келісіп, қыз Мейрам ауылына жетті-ау деген мезгілде “қыз қашып кетті” деп қалмаққа хабарлаған. Қалмақ қол жиып келіп, ауыл маңайынан із кессе, аттың кеткен ізі жатыр, ол кездегі тұлпар аттың ізі жерге білініп қалады екен. Сол ізбен қалмақ кісісінің жартысын тастап кетіп, аз адамымен қуады. Бір-екі күн жүрсе керек, қалмақтың бір ақылшысы: «Мынау қыз Орта жүз Мейрам ауылына бара жатыр. Біз осы бетімізбен барсақ, Мейрам балалары ұстап алып, бәрімізді өлтіріп тастайды, одан да осы жерден қайтып, елге барып қол жинап, толығып келейік», – дегенді айтады. Осыған келісіп кейін қайтқан, бірақ артынан келе алмапты. Сүйіндік жылқы ішінде жүрсе, бір салт атты кісі келе жатыр. Алдынан шығып тосса, бір бойжеткен қыз. Амандасқаннан кейін Сүйіндік жөн сұрағанда Бибігүл:
– Жездем мен апамды іздеп келем, шаруамды барған соң айтамын, – деген.
Сүйіндік Бибігүлді ертіп үйге келген соң әкесіне:
– Бүгін олжалы қайттым, әке!» – депті.
Сонда Мейрамсопы:
– Бүгінгі олжаң өзімдікі, – деген.
Бибігүл дем алып, тыныққан соң мән жайды жездесі мен апасына айтады. Сонда Мейрамсопы:
– Олай болса, мен сені өзім алам. Иншалла, төркініңе қорған да болармын, – депті. Сонда Бибігүл:
– Мен осы келгенде, ол елге қайтып барам деп келгенім жоқ. Жалғыз-ақ қояр шартым бар. Содан өтсеңіз, өзіңізге, өте алмасаңыз, бас еркімді өзіме бересіз”, – деп, келісіпті. – Шартым сол: сіз өзімнің мініп келген атыма ер тоқымсыз ырғып мінесіз, егер міне алмай қалсаңыз, менің басым бос!». Атты әкеліп тосқанда, бірінші ырғығанда мініп кетіпті. Әдет бойынша Бибігүл Мейрамсопының өзіне тиіпті.
Бибігүл анамыз аяғы ауыр болып жүргенде Мейрамсопы бабамыз қатты ауырады. Содан Ұлпая мен Бибігүлді шақырып алып, бәйбішесі Ұлпаяға:
– Мынау Бибігүлдің аяғы ауыр, мен болсам күннен күнге кемудемін. Енді саған айтарым, мен ол дүниелік болып, Бибігүл кейін босанып ұл бала тапса, мен кәрі, бұл жас еді, сол себепті «Кәріжас» қой, егер қыз болса, өздерің біл! Екінші айтарым, «Екі әйелдің баласы – екі рулы ел» деген және бұл әлі жас қой, отыра алмас. Егер ерге шығамын десе, еншісін өзің дұрыстап бер де, Кәріжасты алып қал! Қиямет күні сенің қолыңнан аламын. Ал Бибігүл, саған айтарым, сен Ұлпаяның ақылымен бол және Кәріжасты Ұлпаяға бер! Күндердің күнінде өзіңе де, Кәріжасқа да қиын болар, – деген екен.
Осыған үшеуі де уәделесіпті. Сол науқастан бабамыз жазылмай қайтыс болыпты. Шешеміздің күні жетіп босанып, ұл бала тауыпты. Әркімдер атын қоямыз дегенде, Ұлпая шешеміз: “Сіздер жолын ала беріңіздер, мұның аты кеше ғана әкесі қойып кеткен “Кәріжас” деп әйгілепті. Келін-абысындар арасында Бибігүлді «тоқал пәлен-түген» деген әңгімелер шыға бастаған соң Ұлпая Бибігүлді оңашаға шақырып алып:
– Мынау келіндер мен абысындардың сұрқы жаман, бір күні жын соғып абыройымыз төгілер. Мен сені төркініңе жіберемін, еншіңді дұрыстап беремін! Мынау Кәріжасты алып қалар едім, өте жас-ты. Есейген соң өзіме табыс ет, мен өлсем ағалары бар ғой. Мынау кешегі ақсақал ұстаған сақаны, мынау торғын орамалға ораймын. Екеуіміз екі саусағымыздан қан шығарып, мынау орамалға жағамыз – екеуміздің Құдай алдындағы антымыз. Кәріжас бізді іздеп келген күні «белгіңді бер!» деп, мен немесе ағалары сұрайды. Сонда берсін!» – деп екеуі келіседі.
Сонымен ұлдары мен келіндеріне Ұлпая шешеміз айтып, Бибігүлді толық еншісімен төркініне апарып салады. Сол нағашысында ержете бастайды. Мұны сол елдің жастары кешегі қаңғып келген жетім еді, енді міне, абыройы бізден асып барады деген күншілдік пайда бола бастайды. Мұны Бибігүл шешеміз біліп, Кәріжасқа айтады:
– Сен атыңды әбден бапта, содан соң өзіме кел! Саған айтатын сырым бар, бірақ сен ешкімге айтпа! – деп тапсырады.
Атын әбден баптап болған соң:
– Шеше, мен болдым – деген. “Олай болса, сен, Кәріжас, бұл ауылдың баласы емессің, Орта жүз Мейрамсопының баласысың. Сенің Ұлпая деген үлкен шешең, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік деген ағаларың бар. Енді сен ағаларың мен еліңді тапІ Мынау орамал бойыңда болсын! Сен барған соң «Кәріжас болсаң, белгіңді әкел!» деп шешең сұрар. Ол кісі жоқ болса, ағаларың сұрар, сонда бересің”,– деп, жүретін жолын [ың] бәрін айтып, Кәріжасты түнде аттандырып жібереді.
Айту бойынша жүріп келе жатса, бір қалың жылқыға кездеседі, ішінде жүрген жылқышыдан жөн сұрайын деп Кәріжас жылқышыға жолығып, жөн сұрайды.
Сонда жылқышы:
– Жөн сұрау маған лайық еді, сен менен бұрын сұрадың, мен Мейрамсопының баласы Сүйіндікпін, ал енді өзің жөнінді, айт кімсің дегенде:
– Мен де Мейрам сопының нағашысында жүрген Кәріжас деген баласымын” – депті.
Екеуі құшақтасып, жыласып табысады. Сүйіндік енді апамнан «сүйінші» алайын деп, Кәріжасты ертіп әкеліп:
– Апа, сүйінші! Кәріжасыңды әкелдім, – дегенде, Ұлпая анамыз: “белгісін берсін!” депті. Сол уақытта Кәріжас орамалды береді. Үлкен шешеміз қуанып, мәз болады. Бұл күні Қуандық ағамыз ауылда жоқ екен. Әбден жайғасқан соң Сүйіндік шешесіне:
– Мынау Кәріжасты маған еншілес етіп бер. Ешқандай кемшілік көрсетпеймін, інім де, балам да болсын! – деп сұрапты.
Шешесі:
– Сенікі дұрыс, бірақ ағаң жоқ қой. Келсін, оған да осыныныңды айт, түсінер. Ал қазір саған беріп жіберсем, ағаңның мінезін өзін білесің ғой, есімізді шығарар, – депті.
Қуандық та үйіне келіпті, әйелі болып жатқан жағдайды айтып:
– Кәріжасты Сүйіндікке беретін болды, – депті.
Қуандық шешесіне барған кезде Сүйіндік пен Кәріжас та барып, сәлем береді. Ұлпая анамыз Қуандыққа:
– Өте қуаныштымыз, мына Кәріжас келіп, мәз-мәйрам болып жатырмыз, – дегенде, Қуандық:
– Әкенің үлкен мен ғой. Кәріжасты өзіме бер! – депті.
Ұлпая анамыз:
– Қарағым, сенің балаларың бар ғой, өзіңе серік, ер жетіп қалды. Мынау Сүйіндік болса, кемдік көріп жүр ғой және балалары болса жас. Кәріжасты осыған берейік, іні де, бала да болады, – депті.
Сүйіндік те ағасынан қиылып сұрапты. Шешесі:
– Қуандықжан, екеуі де сенің інің ғой, Сүйіндікке бере ғой! – депті.
Сонда Қуандық:
– Олай болса, екеумізге де жоқ қылып, қазір басын бірақ кесемін! – деп ашуға басыпты. Қуандықтың ашуын көрген соң Ұлпая шешеміз:
– Енді екеуің де таласпа! Мынау орамалдың ішінде кешегі әкелерің ұстаған (сақа бар). Осы сақаны мен иіремін. Мынау тәйтөріге, Қуандық, сен үлкенсің, таңдауын сен ал! – дегенде:
– Алшылы шігі, тәйкелі бүгі – менікі,– депті.
Оған Сүйіндік:
– Аға, сіз әмәнда үлкендігіңізді салып, маған зорлық етесіз. Асық оңқа тұра ма, маған бір жағын беріңіз, – дегенде:
– Алсаң, оңқасын ал, алмасаң қой, – деп отырып алыпты.
Сонда Ұлпая шешеміз:
– Таласпай-ақ қойшы, ағаң ғой. Құдай нағыз жазған болса, қайда кетер дейсің. Сен жұмсақ көңіл едің, Сүйіндігім! Құдай өзі шешер! – деп, көндіріпті.
Сақаны шешеміз иіргенде, оңқа тұрыпты. Қуандық шешесіне: “Сен Сүйіндікке бұрылып, әдейі тұрғыздың, қайта иір!” – деп дау шығарыпты. Болмаған соң қайта иіріпті. Сақа тағы оңқа тұрыпты. Қуандық сөзге келместен кетіп қалыпты. Кәріжас осындай даумен Сүйіндіктің еншісіне тиіпті. Міне, асықтың қаржауынан келген «Қаржас» дейтін әңгіме – осы.
125. Айдабол, Қаржас – емшектес
(ІҮ нұсқа) Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып:
– Алшы түссе де, тәйке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де – менікі, – деп отырып алыпты.
Сүйіндік шешесіне шағынып:
– Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен? – десе, Нұрпия шешесі:
– Балам, бұйырғаны болар, асықтың «омпа» деген бесінші жағы да бар емес пе? – депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың «Қаржас» атануы – осыдан еді дейді.
Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі “Айдабол, Қаржас – емшектес” деген сөз содан қалған дейді.
126. [Айдаладан табылған баланың «Қаржас» аталуы]
(Ү нұсқа) Қалмақ пен қазақтың қырқысып жүрген шағында ата-анасынан айырылып, ай далада адасып қалған бір баланы Қарқабаттан туатын бес бала мал қарап жүріп тауып алады. Балаға қызыққан бес жігіт: “Мен аламын, мен аламын!” – деп өзара таласады. Біріне-бірі көнбей шешесіне келіп төрелеседі. Сонда шешесі балаларына: “Сендер өзара керілдесіп таласпаңдар, шырақтарым! Одан да асыққа тұрыңдар!” – дейді де, бір асықты береді. Ағалары асықтың төрт жағын төртеуі бөліп алады да, омпасы кенже балаға қалады. Сосын біреуі асықты аттың үстінен қаржап-қаржап тастайды. Жерге түскен асық омпасынан түседі. Баланы кіші бала іні етіп алады да, атын “Қаржас” деп қояды.
127.[Шегендік- Қақсал]
(І нұсқа) Сал ес біліп, оны-мұныны аңғара бастасымен, көрінгенді бір сұрап қоймай қайталап, сұрауын тоқтатпайтын әдеті болған. Баласының бұл әдетін ертелі-кеш байыптаған Шегендік:
– Ай, Қақсалым-ай, қақсап, қақылдап, қайталап сұрауыңды қоятын уақытың болар ма екен? – дейді екен. Шегендіктің осы сөзінен Сал – «Қақсал» атанып кеткен дейді.
128. [Шегендіктің баласының атын Мейрамның «Қақсал» қоюы]
(ІІ нұсқа) ...Ел-жұрттың көшіп-қонып жүретін заманы екен. Сондай бір абыр-сабыры көптеу көш-қон кезінде Шегендіктің бәйбішесі босанып, арыстай бір ұл бала дүниеге келеді. Дәл сол күні жауын-шашын болып, ол да бір жағынан берекені алыңқырап тұрса керек. Көш үстінде асығыс құрылған қамсау күрке, сол күркенің панасында босанған ана, жарық дүниеге келген нәрестенің іңгәлаған үні, жаялық-жөргегін қамдаған қатын-қалаш, абыр-сабыр сәт... Жас босанған ана есеңгіреп жатып нәрестенің қамын ойлайды, жас шаранасының тәніне алғаш тиетін жөргек-жаялықтың жылы болғанын қалап: “Анау отқа қақ сал”, – дейді әлсіз ғана. Қазақтың ат тергейтін дәстүрі бойынша сиырдың ақ жапасын немесе ақ сөңке болып қураған тезекті “қақ” деп атайтын әдеті. Сол жердегі әйелдердің бірі: “Мына бейбақ баласының атын “Қақсал” деп жатыр ғой!” – деп іліп әкетеді. Енді біреулер Мейрамсопыдан: “Қақсал деген немереңіз дүниеге келді!” – деп, сүйінші сұрап та үлгереді. Сонда Мейрамсопы: “Мейлі, Қақсал болса, Қақсал болсын, аман өсіп, ақ шал болсын!” – деп тілек айтыпты дейді. Кейін Қақсал ержетіп, әулеті ұлғайған кезде Қозғанмен еншілес болады. Бұлардың өсіп-өнген ұрпағының “Қақсал-Қозған” деп қатар аталатыны содан дейді.
129. Жалықпас, Қамбар, Шұбыртпай туралы
(ІІІ нұсқа) Мейрамсопының бәйбішесі Кіші жүзде зор Тымақ байдың қызы екен. Соны ұзатып әкелгенде үш әйел ертіп келіпті. Біреу қызметші күңі Болатқожаның шешесі – Қарқабат. Анау екеуі – бірі жеңгесі, бірі сіңлісі әкеп-салып қайтатын. Бірақ қазақ пен қалмақтың шабыншылығынан ауып, Кіші жүз бір жаққа, Орта жүз екінші жаққа көшіп, ел арасы алыстап, ұзап кетіп, әйелдер қайта алмай қалып, арада төрт-бес жыл өтіп, жас әйелдерге әркім бір қызыға берген соң екеуін де Мейрамсопы некелеп алыпты. Қыздан Жалықпас, жеңгеден Қамбар туыпты. Мейрамсопының өзі алған ана жеңгесінің ана жақтағы қалған күйеуінен бір баласы болған екен. Сол бала бір ашаршылық жұтта қаңғып, мұндағы шешесін тауып, Мейрамсопыға бұл да бала болып, сіңіп кетіпті. Бұрынғы аты Ертоғай екен, шұбырып келді деп «Шұбыртпай» атандырып кетіпті.
Сонымен бәйбішенің төрт баласы Болатқожаға зорлық қыла бергісі келеді. Оған Болатқожа да көнбей, «сендер төртеу болсаң, мен де төртеу» деп мына үш бұралқыны да өзіне баурап, ұйымдастырып, еншіге таласып, жылқысын бөліп, айдап қашыпты. Бәйбіше балалары қуып жетіп соғысқанда бұлар таспен, кесекпен атып бәйбіше балаларын жеңіп, аттарын алып, өздерін жаяу айдап жіберіпті. Сонан бәйбіше балалары: «Бізді таспен, кесекпен атып жеңді», – деп, «Қарагесе» деп «Қаракесек» атандырып жіберіпті. Сондықтан Қаракесек деген ат осы төрт жалғызға ортақ болып кеткен.
130. Болатқожа, Шұбыртпалы, Қамбар туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Мейрам бабамыздың бәйбішесі Алшын Құдыс деген байдың қызы екен. Ұзатып бергенде бір күң беріпті. Сүйегі бітімі сұлу екен, аты – Қарқабат. Бәйбішесінен рұқсат алып, мұны да алыпты. Мұнан бір ұл туады, атын Болатқожа қойыпты және үлкен бәйбішесін ұзатып алып келгенде, енесі қарттықтан келе алмай, Құдыс байдың бір келіні ертіп келіп, жер алыс, екі араға жаугершілік болып, қайта алмай, оны да алып, онан бір ұл туады, атын Шұбыртпалы қойды және Мейрам бабамыз енші алған соң Алшын Сұртымақ деген бай өкіл атасы екен, соған барса, қанша малдарымен бір күң беріпті, қолғанат қыл деп. Ол күң буаз екен, ұл тауыпты. Он жасқа жеткенше мешел болып, борбайы жіңішке, қарны үлкен, арық болған соң әркім: «қарны Қамбардай» деп, сонан Қамбар аталыпты. «Қамбарсың, Қаракесекке жамбарсың» деген сөз – осы дейді.
131. Қаракесек
(ІІІ нұсқа) Руы – Арғын, оның ішінде Қаракесек. Осы Қаракесек болып аталуының себебі бар екен. Арғы атасы Мейрамсопы (деген) адамнан төрт бала туады: Қуандық, Сүйіндік, Бегіндік, Шегіндік. Бұл төртеуі бәйбішеден туады, ал тоқалдан Болатқожа туған екен. Бәйбішеден туған төртеу Болатқожаны кем ұстаған. Болатқожаға еншіні кеш береді. Ол соған өкпелеп, қашады. Ол келіп бір бейітке бекінеді. Оны төрт ағасы қуады. Бұл ожар бейітке әбден бекініп ағаларын жолатпайды. Төрт ағасына қарап, сол бейіттегі кесектерді алып ағаларына қарсы лақтырып, маңына жуытпаған және өзінің түсі қара болса керек. Содан «Қаракесек» атанған екен. Бірақ ағалары оны ұстап алып, еншіні ырза қылып береді. Ол Ұлы жүзге немесе басқаға ауысады. Осыдан қорықса керек. Одан тараған ру көп.
132. Қаракесек, Шор аңызы
(ІҮ нұсқа) Бәйбішеден Тарақты жалғыз екен. Ортаншы әйелден: Алтай, Қарпық, Шаншар, Бошан, Қостанай, Торғай – осы алты ұл туыпты. Кіші әйелден Шор жалғыз екен. Шор әрі батыр, әрі би болған қара кісі екен «Қаракесек» атаныпты. Өсіп-өнген ел болғандықтан “Қаракесек, Шормыз, бір Құдайдан өзгеден зормыз” десетін сөздері болған екен.
133. [Қаракесек – Апай, Бөрі туралы]
«Жесір қатын Апай атанған Қаракесек қатыны еді», – деседі. Байы өлген жесір қатын үйінен қара-торысымен төркініне келіп, артынан Қаракесек іздеп келіп: «Бұрында тапқан баласы бар болу керек, буаз, екіқабат кетіп еді» деп, даулаған. Еркек бала тапқан екен де, оны бөтен бір жерге асыратқан екен. “Екіқабат келмеді” деп, жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма, бұл жақта тиген байынан бала тауып, “Апай-апай” аталған атпен үрім-бұтағы “Апай” атанып, Апай, Бөрі оттас, ұрандас болып кеткен.
134. [Кәрсен аталуы]
Тәңірімбердінің бәйбішесі Бибі баладан ерте тоқтап қалыпты. Оған Тәңірімбердіден үш бала: Дүзей, Есенаман, Наурызымбет бұйырады. Бибінің ойында: «Керней жуан ата болып өсіп келеді, біздің балалардың ертеңі не болар екен?» – деген ой жүреді. Сол тұста апасын іздеп Бәтима сіңілісі келе қалады. Сөйтіп, жездесінің үйінде ерулеп жатқанда шабыншылық басталып кетіп, қыз еліне қайта алмай қалады. Ертеңін ойлаған ақылман Бибі сіңлісін қайтармайды. Кейін оны Тәңірімбердіге некелеп өзі қосады. Бәтима шешеміз Тәңірімберді әкемізден Алданазар, Бабаназар, Бекназар, Ерназар, Құлназар есімді бес бала көреді. Бұл бесеуін ел ішінде «Бесназар» атайды. Бірде әлгі қалмақтар тағы да сау ете түсіпті. Сонда, Майқы, Машай баласы абыржығанда Бибі кәрін шақырып, Көктеңіздің бер жағын көлге толтырыпты. Қаптаған қалмақ теңіз асып келгенде тағы да көл көреміз деп ойламаса керек. Таңертең қараса, жан-жағы кілкіген көл дейді. “Қарсүн, қарсүн” деп шуласыпты қалмақтар. Содан әрі тұрып, бері тұрып, кері қайтыпты. “Қарсүн” дегендері қалмақша “көп көл” деген сөз екен. Сөйтсе, қалмақтардың әлгі “көп көл” деп жүргендері ойдым-ойдым сорлар екен. Соны Бибі қалмақтардың көзін байлап, көл қылыпты. Осыдан кейін Бибі біржолата «Қарсүн» аталады. Кәрсеніміз – осы Қарсүн.
135. Тілеулі [Тәңірімбердінің «Таз» атануы]
Сұраулыдан көпке дейін бала болмай жүреді. Жаугершілік заманы болғандықтан Тілеулі де салтаң жүріп алыпты. Осыдан барып Бораншы бабамыз сынық жүреді. «Тілеулі бас құрап, дүниеге ер бала келгенде біз де ұран отын жағамыз, кернейлетіп абадан байрағымызды көтереміз», – деп баланың атын ырымдап Керней қояды. Көп ұзамай Сұраулы да өз түтінін ұшырыпты. Қас қылғандай бала бола қоймайды. «Ниетіміз түзу еді, біреуін берген Тәңірім, екіншісін де бермей қоймас», – деп, Сұраулы әкеміз шешемізді ертіп, әулие-әмбиелердің басына түнеп жүреді. Бірде Тәңірі Сұраулыға аян беріпті: «Бала берейін, баланың орнына өзінді алайын ба, әлде қатыныңды алайын ба?» – депті. Қуанып кеткен Сұраулы бабамыз қапылыста: «Қатынымды да ал, өзімді де ал!» – депті. Тәңірі айтыпты: «Жақсылығымды балаңның алдынан берейін бе, әлде артынан бе?» деп. «Артынан», – депті Сұраулы. Сонымен не керек, Сұраулы елге қайтып, болған әңгімені әкесіне айтыпты. Сонда Бораншы: «Әттенген-ай, бір ағаттық кеткен екен, бір қуаныштың бір реніші болушы еді, реніші болмағай!» – депті. Ақыры солай болады. Сұраулының әйелі баладан қайтады. Бірақ өмірге келген бала тірі қалады. Мұны ырымдап: «Тәңірім тілегімізді берді» деп есімін Тәңірімберді деп қояды. Оны Кернеймен емшектес етеді. Содан көп ұзамай бір індет шығып, Сұраулы бабамыз да опат болады. Әлде шешеміз тасбауыр болды ма екен, әлде Керней ашқарақ па, Тәңірімберді сүтке жарымай, әлжуаз болып өседі. Мұны біліп қалған Тілеулі көз қойып, Тәңірімбердіні күндіз еміздіртеді екен. Ел ішіндегі шежірешілеріміз Кернейді Кәрсенмен бірге туғызады. Омар баласы Қайдар ақынның:
Жылқы ішінде сұр қулық,
Кәрсен – Керней бір тудық –
дейтін өлеңі бар. Тәңірімберді ержете келе қасқа тартыпты. Осыдан барып жақын жеңгелері «Таз» деп атап кетеді.
136. Керней
Тілеулі өз ұлы Кернейді ерте аяқтандырған екен. Кіші жүз Сәһар Құйған бидің бәйбішесінен туған Айша деген қызын алып беріпті. Той үстінде Қоныштағай ағалары Тілеуліге өкпе артыпты: «жол ағанікі еді» деп. «Бізге інілікке жараған Сұраулы саған ағалыққа жарамады ма?» – деп ауыр сөз айтады. Енді Тілеулі сасады, ағаларының уәжі орынды. «Кернейдің қатыны қандай болса, Тәңірімбердінің қатыны да сондай болу керек. Одан бір мысқал да кем болмау керек!» – деп ойлайды. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры жол табады. Құдасы Құйған би діндар адам болыпты. Оның екі әйелі болыпты. Бәйбішесінің есімі Аққу да, тоқалының есімі Гәкку екен. Осыдан барып Құйғанға «Сәһар» деген жанама ат жамалған. Қазақ «сәһар» деп аққудың қоразын айтады. Сол Аққудан туған қызының есімін Айша қойыпты да, тоқалынан туған екі қызына – Бибі, Бәтима деп есім беріпті. Бұл Пайғамбарымыздың қосағы мен қызының есімі. Тілеулі сол Құйған құдасына қайта барып, ержетіп отырған Бибісін Тәңірімбердіге сұрайды. Бибі түскен жерін дөңгелетіп әкетеді. Өзі әйел баласының естісі болып шығады. Өзінің қаһары бар дейді. Талай қысылтаяң жерде Бораншы – Бәйімбет баласын аман-есен алып шығып отырыпты. Бибінің талай рет кәрін шақырып, жауын жаудырып-тоқтатып, қол жайдырған күндері аз болмапты. Керней батыр болған адам, жебеушісі Көкбөрі дейді. Содан барып «Көкбөрі Керней» аталған.
137. [Күшік– Сырым]
Көп Арғынның жолаушылары келе жатып, он екі жасар бір бала тауып алады. Бәсентиінге байлайды. Сөйтсе, ол бала:
– Қожант шаһарыныкімін, хан баласын ойнатып жүрген балалар едік, ортамыздан хан баласы суға кетті. Сонан соң: “Барсақ, бізді хан өлітеді ғой!” – деп, тоз-тоз болып жонға қашып шығып кеттік. Түбі-тегім түрікпен еді, – деген соң, Бәсентиін бала қылып алыпты.
Мұнда келген соң, жерінде көрген өнегесі болған соң, балық аулайтұғын бала болып: “Балықшы түрікпен” атанып, бұл күнгеше тұқым-жұрағат, ұрпағы бар дейді. Және келе жатып, бір жас сұлу қатын тауып алыпты, соңына еріп жүрген бір кішкене баласы бар дейді.
– Бұл балаң кімдікі? – дегенде:
– Өзімнің күшігім, – депті.
Ол қатынды да Бәсентиін алыпты. Қойнына жатқанда буаздығы білініп:
– Бұл қалай? – дегенде:
– Бұл бір жанға айтпайтұғын сырым, – деген екен. Сол баланың атын Сырым қойған екен. Осы екі бала қатын алып, өсіп-өніп, бірінің тұқымы “Күшік” атанып, бірінің тұқымы “Сырым” атанып, ел-жұрт болып кеткен. Күндердің күнінде осы қатынның артынан жоқшы келді дейді. Белгілі байы жоқ, қыз күнінде бала тауып, тағы буаз болған соң өз үйінен өзі ұялып, қашып шығып кеткен екен. “Белгілі байы болмағандықтан, ешкімнің де сөзі пұл болмады. Қатын да, екі бала да Бәсентиін олжасы болып қала берді” – дейді.
138. [Бұқа, Күбір аталары]
«Бәсентин ішінде Бұқа-Күбір» дейді. Бұқа-Күбір кім (нің) баласы десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзімен көріп, қолынан туғызып алған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы – бұрынғы заманда Бұхар, Қоқан хандарының біреуінікі, Татарбай деген құл екен. Тамақ араластырушы болған деседі. Қазынаға қиянаты білінген соң: «елге, жұртқа жолама» деп қуып жіберген екен. Елсізде жүріп, жігітке саяқ бір қатын кез болып, екеуі қосылып, ерлі-байлы болып жүргенде буаз болып, бірінің аты – Бұқа, бірінің аты – Күбір қойылыпты. Екеуі ержеткен кезде бір қоңыр бұқалары болып, жалғыз қаңғып кете беріп, сонда бір тауды жатақ қылып, сол таудың аты «Қоңыр бұқа» деп аталып қалған дейді. Басқа сиыр жоқ, өзі жалғыз бұқа болған соң, бір кесу білетұғын жан кез болған соң кестірсе, бұқаның ені жалғыз-ақ екен. Соны: «мен пісіріп жеймін!» деп екі бала өзді-өзі таласып, төбелесіп, бірін-бірі көргісіз болып, бірі ойға қашыпты, бірі қырға қашыпты. Бұқа қырға қаңғырып шығып кетіпті. Күбір Сырға кетіпті. Сонда Бұқаға жолдан бір қатын килігіп, ерлі-байлы болысып келе жатқанда, жұртта қалған бір қара күшік еріп жолдас болып, Сарыарқаға келіп Маңдай, Бәйімбеттің дүрілдеп, дәуірлеп тұрған күнінде елге келіп, үйір-шүйір болуға беттей алмай, қамыстан шайла жасап алып, жата беріпті. Қара төбет түн болса алыс жердегі ауылдан майды қарынымен, ірімшік, құртты боқшамасымен тасып, бұларды ас-судан тарықтырмайды. Бір күндерде Маңдай, Бәйімбет біліп:
– Сендер бүйтіп елсіз, күнсізде жатпаңдар, елге келіңдер, асқа барамыз, бізден ат мініп, сол асқа жүр! – деп, Бұқаны ерте жөнеліпті.
Сонда Бәйімбет, Маңдай мұны қайсымыз қарабауыр қылып аламыз десіп, «екеуіміз екі бөлек түсейік, бұл өзі атын қайсымыздың атымыздың мойнына байлар екен, сол байлау болсын!» депті. Сонда атын Маңдайдың атының мойнына байлаған екен де, Маңдай алған екен. Бұқадан: Майемер, Тауасар. Бұлардың түпсіз, тексіз екендігі мынадай жұмыстан білінеді: Тауасар өлгенде үш күн жаназасыз жатыпты.
– Кім болса, ол болсын, «мен жаназа білемін» деп біреу жаназа оқыпты. Сонда жаназаға айтқан дуасы:
«Мұның тегі Бұқа-ды,
Бұқа шабы жұқа-ды.
Өзің, өзің, өзіңе,
Өзіңдікі көзіңе.
Бер, Тауасар, бер,
Жаназаңды кеше оқығанмын», –
депті. «Тауасар жаназасы» деген Бәсентин ортасында күңкіл болған. Мұнан да әдемілеп айтушылар бер еді, олар өліп қалды.
139. [Апай - Бөрі]
(І нұсқа) Атбасарға жер ауып барған бір қария: «Бәсентинмін, Қызылағаш болысынікімін», – дейді. Баласы қасында, дұрыс ескі сөз білетұғын кәрі құлақ қария екен.
Ол сөйледі:
– Биыл оған он тоғыз жыл болды. Бөрі – Бәсентин Есенаман байдың әз аты, – дейді.
Есен-аман әз атын шығарған толық бай кісі екен. Жалғыз баласы Ботасқа енші беріп, қой қосақтатып жатқанда бөрі тонды, бөрте атты бір жалғыз жас бала жігіт үй сыртынан келіп сөйлес қылыпты.
– Жөніңді айт, кімсің? – дегенде:
– Атым – Келімсек, жалғыз балаңа енші беріп жатыр деп естіп, қосағының басында ие болайын деп, өзіңе бала болайын деп келдім, – депті.
Сонан соң бай ырым көріп, асықты жілік ұстатып, бала қылып, атын Бөрі қойыпты. Осы күнде «Апай-Бөріміз» десіп келеді.
140. Момын
Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Ергүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрам (Мейрамсопы) есімді бұл ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, «Тәңірдің берейін десе, рақымы мол ғой!» – деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Ергүл бәйбіше: “Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде Ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!” – деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады. Бәйдібектің ауылы орнында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би “Бастасымның бәйбішесі келді!” – деп, шат көңілмен қарсы алады. Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда, одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді. Осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: “Шырағым-ай, түсіңнің түйіні бар екен, “Қырықтың бірі – Қыдыр” деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Ергүл айтсыншы!” – дейді. Ергүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момынның түсін былай жориды: “Ақиық қыран – Арғын би болар, аңсары ауса, айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар! – деп-деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрын сөзін жалғайды:
– Уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!” – дейді.
Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып:
– Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!” – депті.
Осылайша Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. Ол жетеуі өсіп-өніп, өркен жайып, Орта жүз Арғын ішіндегі “Жеті Момын” деп аталатын іргелі руларға айналады.
141. Қанжығалының қақ жарылған жері
Қазақ орысқа ең алғаш қарағанда Ибан Сменыш деген Бөлкебай келіп, Баянауылдан қала салдырып, дуан аузын ашқанда дуанбасы болыс сайлаған. Сонда Қанжығалы ойдағысы, қырдағысы өз алдына бір болыс болып жолға байлаған. «Жол маған байлағандарың рас болса, мен Әжіке Дәненнің Дәненіне бердім», – деген. «Дәнен күндердің күнінде кімге берсе, өзі білсін!» – деген. Сондықтан Қанжығалыға ең алғаш Дәнен болыс болған. Дәнен өлерінде өз балаларына байламай, жолды баласы Әлдебекке берген. Әлдебек өлерінде Дәнен балаларына бермек болған. Мұстапа деген баласы тілін алмай, өзі болған. Соған өкпелеп, Қанжығалы екі айырылып, Жеті румен Әжібай – Баянауылаға қарап қалып, Қамажапар, Қарабұжыр – «Тентек қанжығалы» Ақмолаға қарап кеткен. Қанжығалының қақ жарылған жері – сол.
142. Қаһарлы Қарқымбай (Жанақ) балалары
Бәйбішеден – Қарқымбай. Жанай – екінші алған қатыннан жалғыз. Екі қатыннан «Екі жалғыз» атанған. Қарқымбайдың қатыны бала көтермей бедірейіп, қалшиып тұрып алыпты. Бір күні Қарқымбай қасында тізелесіп отырған қатынын:
– Сен бала таппайтұғын немені бір жолата жоқ қылайын, – деп, пышағымен періп қалғанда, пышақ қатынның қара санынан кіріп, қатын жүрегі қозғалып, талып қалыпты. Оттың басын телегей-теңіз қан қаптап кетіп, үш ай қозғалмай жатып, әйтеуір, өлмей қалып, жазылып түрегеліп, соның артынан итше күшіктеп, тұңғышының атын Күшікбай қойып, онан кейін Ата би, Анай, Айқасқа, Әбіт туыпты.
143. [Сары]
Құлболдының қара шаңырағы Мамиттың кенжесі батыр Барменнің Бәрменінде болып, оның кенжесі Сары байдікі болған. Кешегі Мұса Секербай заманындағы ата атанған. Жақсылар «қара шаңырақ» деп сол үйді атап жүретұғын. Ол Сары байдың бәйбішесі – Қарашаш бәйбіше Қарауыл Сарының қызы еді. Шоқубай Тасбектің Тасбикемен бірге барып, қонақ болып, аттанарда Тасбекпен қош айтысып қалған бір ауыз өлеңі:
Торышым, аяңдай бер, алдыңда ел жоқ,
Арқада Сарытайдай үлкен көл жоқ.
Көргенше, көріскенше, қош, аман бол!
Енді айланып келгенше кім бар, кім жоқ?!
Тұлпардың қатыны қалмақ қолына олжа болған. Қатынын іздемекші болған соң Күлік ағасы, Айдабол інісі: «Екеуіміз екі қыз алып берейік. Іздеме, қатын соңынан барма!» – деп, екі қыз алып берген. Күлік алып берген қыздан екі бала туады: Байкүшік, Болат. Айдабол алып берген қыздан екі бала туады: Даутей, Сарша. Тұлпар өлген соң Даутей, Саршаның шешесін Жанғозы алады. Жанғозы алған соң Сары туады. Сарының шикілік жері – оны тапқан қатын белгілі, таптырған кім екені белгісіз.
144. [Кенжеқара]
Алтайдың балалары: Байбикеден – Алысай, жаңа алған қатыннан: Нұрбай, Аққоян, Әліке, Байдалы, Сайдалы. Кенже тоқалдан, бұл – тоқал Қанжығалы Ысқақбайдың қызы, мұнан туған – Мойын. Бұл тоқал қалмаққа олжаға түсіп кетіп, қалмақтан келгенде бір бала көтеріп келіп, мұнда келген соң туған Алтай бабамыз «кенже қарам» деп айтқаннан «Кенжеқара» атанып кеткен.
145. [Орынбай ұрпағы]
Қарсұн–Кернейдің Қарсұнынан Қыдыр батыр шыққан. Қыдыр батырдың жас баласы олжаға түсіп кеткен. Сонан соң Қыдыр батыр зерттеп, қоймай, қалмаққа жеті барып, жеті жас баласын алып қайтыпты. Сонан соң қалмақ елші жіберген: «Біздің балаларымызды алып келіп, баласын алсын!» – деп. Сонда Қайып төре деген төреден де бір жас бала қалмаққа түсіп кеткен екен. Қыдыр батыр мен Қайып төре балаларын танып алуға елдесе барған. Сонда қалмақ жұрты айтқан: «Біздің қолымызда қазақтан олжаға түскен жалғыз-ақ бала бар. Қолына асықты жілік ұстатып орталарыңа жібереміз. Бала қайсыңа барса, соның ал!» – деп. Баланы жібергенде, бала Қыдыр батырдың тізесіне келіп отырып алған. Қыдыр батыр сол баланың атын Орынбай қойған. Өз баласы болмағандығына дәлел – осы «Орынбай» деген атты неге қойған десең, «Баламның орнына келді» деп, атын Орынбай қойғандығы. «Бұл баланы алатұғын жол менікі еді. Төре тұрғанда, қара алушы ма еді? – деп Қайып төре, «маған байламады» деп ауып көшіп кеткен. «Осы Орынбайға мен жала жабамын. Біздің шешеміздің қалмаққа тірі тастап кеткен баласы – осы. Қалмақ балаларын қайтып алу үшін, Қыдырды разы қылу үшін Қыдырдың баласының орнына берілгендіктен, атының Орынбай қойылғандығы. Осы күнгі Орынбай ұрпағы мен біздің Бесім ұрпағын таразыға салып өлшестіріп байқаса, қалыпқа қойғандай мінездес.
146. [Төртуыл – Сарқозған]
Нұрфая бәйбіше кенже баласы Сүйіндікті, Қаржасты, Бегендікті, Шегендікті – төртеуін бала қылып, төртеуіне қатын алып беріп, енші беріп, сол төртеуін «Төртуыл» деп атаған екен. Бегендік өлген соң қатынын Сүйіндік алып, Оразкелді Бегендіктен туып қалған бала екен. Сүйіндік алған соң онан Суғыншы туады. Оразгелді, Суғыншы – анасы бір, атасы басқа екеуі бір кісінің баласындай ауыз жаласып, тату-тәтті болып өседі. Оразкелдіге қатын алып беріп, енші берген. Сүйіндік–Суғыншының балаларының аты: Шуманақ, Мәжік. Оразкелдінің балаларының аты: Тәңірберді, Сәрік. Тәңірбердінің үш баласы бар: Ораз, Малқар, Жолымсопы. Сәріктің балалары: Қожамберді, Тоқтас, Қожакелді. Қозған деген кісі [нің] аты жоқ. Қозғала берген соң, шіркін, қоза берді ғой деп «Қозған» қойған екен. Сүйіндік өлген соң Оразкелді, Суғыншыны тапқан қатын Темешке тиіп кетіп, одан да бала тауып, ол бала да өсіп-өніп ел атанады. Жас кезімізде Темеш ортасында қариялар айтып отырғанын есті (дік): «Бір қатын осындай үш-төрт елді өсірген», – деген сөзді. Бұрынғыдан қалған сөз бар: «Қозғанның қозылы-қойлық залалы болады», – деген. Қожамбердінің балалары: Байназар, Есназар, Қозыбақ. «Сарқыз» деген – Тоқтастың тоқалының аты. Оның балалары «Сарқозған» атанады. «Тәңірберді – тауып алған бала» деседі. Сондықтан аты Тәңірберді қойылған деседі. Бұрынғылардың: «Ораз түбі – Үйсін» дейтіні осындай болғаннан айтылса керек. «Қозғанның кенже қатыны қалмаққа олжаға түсіп кетіп, соны Малқар іздеп барып, тауып келіп, қатын қалмақтан жүкті болып, мұнда келген соң ұл туып, Қалмақшы – сол бала», – дейді.
147. [Қойлыбай–Орыс ауылы]
Қойлыбай – Шағырайдың Қойлыбайының баласы. Әкесі Қойлыбай бай болған күнінде ақ патшадан отыз орыс Абылай ханға елшілікке келген. Қар жауып, қыс түсіп кеткен соң: «Осы отыз мейманды бірінен-бірін айырмай, бөлектемей ала қыстай күтіп, аман-есен аттандыруға қайсысың қонаққа аласың?» – дегенде, Қойлыбай бай:
– Өмірінше боламын десе де, біздікінде болсын, – деп, Құдайдың құтты күні бір ақ қарабас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен. Ақ патшаға барған соң қазақ жұртының бір-біріне: «Сыйының алды не болады екен?» деп сұрағанда: «Қазақ рәсімінде – жетім болады екен» деген соң Қойлыбайға бір қыз жіберген екен және ит терісіне атын жаздырып, достық хат жіберіпті. Сол қыздан екі бала туыпты, бірінің аты – Малтабар, бірінің аты – Қосжетер. Осы екі баланың тұқымы осы күнде өсіп-өніп, өз алдына ел-жұрт болыпты, «Орыс ауылы» деседі. «Орыс ауылы» атанудың мән-жайы – осы.
148. [Айырғақты-Шөптеміс]
Ерте заманда жалғыз түйемен жүріп саудагерлік қылған бір сарт болыпты. Түйесіне мініп, алашаға буып алған ұсақ-түйегімен ана ауылға да, мына ауылға да танымал болып «Айырғақты» атаныпты. Сонда Қанжығалының қызы жасырын жұмыстан еркек бала тауып, баласын шөптің ішіне жасырып тастаған жерінен жұрт тауып алып: «Бұл бала қайдан пайда болған?» деп сұрағанда, Айырғақтыдан болғандығы білінген соң баланың атын «Шөптеміс» қойып, қызды Айырғақтыға қосыпты және Айырғақтының өзі Қаракесек ішіндегі Байбөрі деген елден бір қыз алып, Қанжығалы қызынан туған Шөптеміс, Қаракесек қызынан туған Айырғақтың атын да алып, осы күнде «Айырғақты–Шөптеміс» деген ел болды. Түп-тегі үш жүздің баласы қазаққа қосылмайды, кәдуелгі – сақалы қаудиған сарт.
149. [Қозыбай – Шолақ]
Қалы Төлебайдың заманында Айырғақты-Шөптемістен шыққан бір жігіттің аты – Төлебай екен. Бай болып, заманындағы қожаға нәзір-ниязды үсті-үстіне төпелеп бере бергендігінен «қожа, істік мұрт» деп атап, сонан «Істік мұрт» атанып кеткен. Кеше Мұса Секербай заманындағы қариялар бәрі де «Айырғақты-Шөптеміс» деп қақсап кетті. Істік мұрт Айдабол ішінде кірме, бұратана, шеттен келіп ел болған, Қозған ішінде де бар. Қозған, Қожамберді –Тоқтастың балалары. Тоқтастың әйелінің аты – Сарқыз. Бұл Сарқыз–Қозған Есіл бойында да бар, Қызылтауда да бар. Қожамбердіден үш бала: Есназар, Байназар, Қозыбақ. Осы күнде «Қозыбай–Шолақ» дейді. Шолақ қайдан қосылған? Бұрынғы қариялардың айтуы: Шолақ өзі Кіші жүз, түбі-тегі – Рамадан екен. Атадан туғанда жеті ағайынды екен. Жетеу болса, «жеті ит» атанатұғын бұрыннан бар сөз. Бесеуі – бірыңғай, екеуі бірыңғай болып, екі айырылып кеткен екен. Сонда екеуі бірыңғай кеткеннің аттары Айдар, Шолақ екен, Айдар – ағасы. Айдардың қатынын Шолақ бауыр басып кетіп, бармақтың көлеміндей нәрсеге бола ағасы Айдарды Шолақ өлтіріп, сонан соң жеңгесі өкпелеп, бұған тимей сартқа тиіп кетіп, ол сарттан бала тауып, атын Айдар қойыпты: «Байымның атын жоғалтпаймын», – деп. Жұрт құлақтанып, біліп қойып, өзін өлтіретін болған соң Шолақ зым-зия жоғалып, Арқаға қашып кетіп, Қозыбаққа келіп сіңіп, қатын алып, мал малданып, жан жанданып «Қозыбай–Шолақ» атанып кеткен. Айдай әлемге аты шыққан Алдаркөсе Рамаданнан шыққан. Бұрынғылардың аузында мақал болып қалған: «Рамаданның өлген өлігі жеті кісіні алдаған» деген сөз бар.
150. [«Арғын болдың, әркім болдың»]
Бұл Арғынның ішінде «Төлек», «Қырық мылтық» деген қара бауырлары бар кеше Кенесары-Наурызбай заманында, қырғыздың соғысында аты аталған батырлардың бірі болған Шәкір мен Төлебай – сол Жәуке Тоқал арғын Төлек деген таптан шыққандар. Шәкір – ноғай, Төлебай – Қырғыз Жәуке батырдың бұрынғы аты. Төлектің – Бөлек екендігіне ақындардың мына бір өлеңі дәлел, Арғынның бір ақыны мұны айтқан:
А, Жәуке, қастастың ба Төлекпенен,
Арғыннан шығып жүрген Бөлек бимен.
Төлекті сен ұрғанда, мен де ұрайын,
Бір салып қолымдағы көнекпенен.
«Аздың – атасы бір» деп, Қырық мылтық, Төлек бірыңғайлас болады. Бұл жақтағы Аргүл мен Момыннан туғандары: «Алты атаның ұлы Арғын» аталады. Ол жақтағы Айнакөз бен тағы кісі білмейтұғын қатындардан туған төрт жалғыз бар. Айнакөзден – екеу, ол төртеуі – алты ата болып, шын Арғын он екі атаның ұлы болады. Солай болғандықтан бұрынғылар айтқан: «Арғын болдың, әркім болдың» деген көптің сөзі дәлел.
151. Күлік шежіресі
Әкесінің аты – Құлболды, шешесінің аты – Мақпал. Мақпал бәйбішенің тұңғышы – Күлік, ортаншысы – Тұлпар, кенжесі – Айдабол. Он үшінде Айдабол би [дің] аты әлемге жайылып, Сыр дариясынан Сары арқаға қарай өткенде, өткел аузында тұрған Алшын мен Қарақалпаққа Мақпал бәйбіше: «Артың болса, Айдаболдай ұл тап!» – деп өте берген. «Күлік» – қырғыз тілі (нде) «жүйрік деген сөз. «Ат арықтан, нұр пыстан» – қазақ мақалы: «Ат аспан, ғарыштан құйылады» деген сөз. Күліктен шыққан жүйріктен жүйрік озған емес. Жобалай баласы Жаңабатырдан би асқан емес, Күнту баласы Жанайдардан шешен асқан емес, Жаңабатыр баласы Жанақтан қасиетті ер асқан емес, Жанайдар баласы Өтеміс абыздан бір басты, екі аяқтының әулиешілігі асқан емес. Күні кеше Мұса Секербай заманында Ақжігітұғылы Ізден абыздың алдына қара сөзден жан қарсы келмеген. Күліктің бел баласы Ақылдың байлығы үзілместен үрім бұтағына, бұл күнге шейін келді. Наурыздан туған Ақайдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына, бұл күнге шейін келді. Мырзалыда Ақай немересі Сарымырза баласы Байғанадан мырзалық асырған қазақ жоқ. Күліктің бәйбішесінен: Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, тоқалдан – Сексен. Сексен – Күліктің сексен жасында туған ұрпағы. Баласы Қайдауыл Күлікпен құрдас екен. «Сексендегі шалдан бала болушы ма еді?» дегенде, Күлік Қайдауылды қарғаған екен. Сонан мәтел болып қалған: «Қайдауылға қарғыс кеткен» деген сөз бар. Қайдауыл ортасына Есенқұл Мәуке ұрпағына келіншек болып түскен Тоғжан ақынның өлеңі бар:
Түндіктің жары өспейді, талы өседі,
Мәукенің жасы өспейді, шалы өседі.
Қозы бұты, қой саны көздей іске,
Ертеден кешке дейін күліседі.
«Жас өспейді, шалы өседі» деген сөздің мағынасы – бір тұқымға қарғыс кеткен болса, қыршын жасы мұрттай ұшып, шалдары еркелеп самаладай болып қала береді екен. Мұны заманымызда көзбен көріп, қолмен ұстадық. Тілеуімбеттің он бес ұлы ат арқасына мініп, соңына ерген. Көшіп келе жатқан қазақтың көшіне қара қалмақтың Қаты Сыбан қосыны килігіп, алты ұлды Наурыз қашып құтылған. Он бес ұлды Тілеуімбет қашуды ар-намыс көріп, соғыса берген. Қалмақ рапайсыз көп, қашпай қалған қазақ аз, жанын тәтті көріп, басын қорғап балалары қашып шықса, Тілеуімбет отағасы өзі жауға қарай қайта қуып тығады дейді: «Жаудан қашып барып, қатын қойнына қорғалағанша, жаудан жаралы болып жарқырап жатсаң, әне, сонда кісілігіңді білемін» [деп]. Басы – үлкен отағасының өзі болып, он бес ұл сол жолы қырғын тауып, бықбырт болыпты. Орманшы Бәпке-Тайлақтың Тайлағы батыр кісі екен. Жайрап, жарқырап жатқан жерінен қайта-қайта кіріп, Тілеуімбеттің үш баласын алдына өңгеріп алып қашып құтылған. Күліктің тоқалының баласы Сары атты Сексен екеуін алып қашып құтылған. Егер Сексен мен Тайлақ болмағанда, Тілеуімбет деген елден нам, нышан болмақшы емес екен. Сол бес тұқымнан өсіп-өнген Тілеуімбет осы күнде: Күнту, Айтқожа, Жаңабай, Бесім, Құтиан – бес атаға бөлінеді. Ол бес ұлдың ең үлкені – Аспантай. Оған тетесі Амантай екен. «Аспантай тұқымсыз кетті» дейді. Сол жолы алдымен жайрап, сол қалған бойымен қалыпты. Амантайдан тұқым бар. Онан соңғыларының атын анықтап жан біле алмаған. Қалған бесеудің үшеуі – белбала. Екеуі немере болса керек. Күнту, Айтқожа, Жаңабай – белбаладан өсіп-өнген тұқым. Бесім, Құтиан – немереден өсіп-өнген тұқым. Қалмақ пен қазақ жай жүрген бе? Бесім ат арқасына мініп, ауылы баранды болған күнде қазақ-қалмақтың тағы бір соғысы болып, Бесімнің қатыны Бүктік бәйбіше қалмаққа олжаға түсіп кетіпті. Өзі Қыпшақ Қатықұлақ мергеннің қызы екен. Аузы-мұрнынан шығып тұрған екі қабат көн екен. Қалмақ қолына барған соң бір ұл тауып, ит терісін биялай қылатұғын кісі екен. Қол ісімен күн кешіріп, баланың бойындай дорба тігіп алып, соны құртқа толтырып күнде бірін аузына салып суын жұтумен ауқат кешіріп, өзін әбден жаратып, қатырып алып: «Қалмақ қолында тірі болып, құлдығында жүргенше, өлген артық қой», – деп, баласына ине шаншыпты да өзі жаяу қашыпты. Артынан қалмақ қуып, құтқармасын білген соң бүркенген көк шапаны бар екен, шапанын бүркеніп жата қалыпты. Жатқан жері бұжырмақ қойтас екен. Алыстан қара бойын қалқиғандығын көрген екен. Шапанның көк түсі қойтастың тасына түстес болғандықтан ба, олай-бұлай қарап, былдырлап-былдырлап таба алмай, қайтып кетісіпті. Түкейдің Ақайынан: Бекмырза, Сарымырза. Бекмырзаның үш баласы бар: Бұзау, Сары, Байкіл. Сары мырза атанған екен. Заманында жақсы-ақ кісі болыпты. Бесімнің үш баласы: Жанжігіт, Ақжігіт, Қармыс. Жанжігіт балалары: Бектемір, Байтемір. Бектемірінен – Ыбрайым. Байтемірден – Берәлі. Сол Берәліні бала күнінде әкесі Бектемір Сарымырзаға бір жұмысқа жіберіпті.
Сәлем беріп кіріп барған соң:
– Қай баласың? – депті.
– Бектемір баласымын, – депті.
– Неше ағайынды едің? – дегенде:
– Үш ағайынды едік, – депті.
– Үлкені ме ең, кішісі ме ең? – деп және сұрапты.
Сонда Берәлінің берген жауабы:
– Ой, Сарыекей, жұрт сізді жақсы кісі, есті кісі дейді, алжыған екенсіз ғой, – депті.
– Жаным, жазығым не? Неден жазып қалдым? – депті.
– Алжымасаң, кенжесі екенімді мына шалбарымның бауының ұшындағы көк моншақтан білсеңіз керек еді ғой, – деп, шалбыраның бауындағы көк моншағын көрсеткен екен.
Сонда Сарымырза мырыс-мырыс күліп:
– Күлікте білдей жеті жаман бар-ды, жаман да білінбей аяқ астында жүре береді екен-ау, мынаумен сегіз болды ғой! – деген екен.
Үй ішінде отырған бәйбішесі сұрапты:
– Сол Күліктегі жеті жаман дегендеріңіз кім-кім? – деп.
– Қой, бәйбіше, өзгені білсең де аз болмас, бұларды сен сұрамай-ақ қой, мен айтпайын, – депті.
– Неге? Сіздің қасыңызда отырып білмей қалғандығым жамандығым болады ғой, білейін-дағы, – депті. «Ендеше пәлен жаман, түген жаман» деп бесеуін айтып беріпті, екеуін айтпапты.
– Енді екеуі кім? – деп сұраған екен.
– Қой, бәйбіше, онысын білмей-ақ қой, мен айтпай-ақ қояйын, жабулы қазан жабуымен қалсын, менің суым жасып қалар, сенің көңілің қайтып қалар, – деген екен.
Бәйбішесі сұрап, қадалып айтшы-айтшылап қоймайды.
– Ал қоймадың, айтайын, өзімнен туды демесең, Барақ, Бапақ – екі балаң да жақсы ма, сол жеті жаманның соңғы екеуі өзіңнің осы екі балаңдай, – дегенде:
– Не дейді, көтек, не бетімді айтайын, - деп, бетін жұлып-жұлып алған екен. Құдай рахмет қылсын Сарыға, кісі болса, сондай болсын, естимін сол Барақ, Бапақ ұрпағы – Байтастың Исмайылы деп. Қазақтың шетіне келіп, біреудің қаттысы болса, қайрап, жұмсағы болса, жұмыра отырған үйін өз үйіндей бүтіндей бастап, ұлы жүн түтіп, қаңғып жүріп екі кесек кигіз басып алыпты.
Бай Бесім құлақтанып, естіген соң іздеп барып, алып келіпті. Ол күнде бұ жақтағы Арғын елі Айдабол, Күлік Ұлытау, Кішітауда екен. Ұлытау, Кішітауды қыстап, Сорқара, Сортыны жайлап жүреді екен. Сонда Бесім қатыны қолына келген соң және екі кесек кигіз олжасы бар болғандықтан, үстіне үй көтермекші болып, кереге жонамын деп Ұлытаудан ағаш кесті дейді. Кереге қылатұғын ағашының ұзындығын өзінің отырған бойынан қол созым биік қылып, отырып қолын жоғары созып, мөлшерін сондай қылып ағашты турап тастайды. Қатыны Бүктік бәйбіше:
– Жазған-ау, мұның іске жарап кереге бола ма? – дегенде:
– Әкем керегенің басына кесесін отырып алмаушы ма еді, – деген екен.
«Әкем» деп жүргені – әкесінің әкесі Тілеуімбет екен. Сонда Бүктік бәйбіше айтыпты:
– Әкеңнің отырған бойы сенің тік түрегелген бойыңдай емес пе еді және әкең төсек ағаштың үстінде отырып кесесін алмаушы ма еді, – деген соң:
– Мұндайы бар ма еді, – деп, қайта тауға ағаш кесуге кетеді екен.
– Қай реттеп кереге жонып, адам қатары үй қылды дейсің, «Олақтың жыны бар, өз ісін өзі бүлдіредіге» дәл келіп жүрді де. «Өлсін» деп ине шаншып кеткен бала өлмей тірі қалып, осы күнде өсіп-өніпті», – деп естимін. Қайда тұрып, қайда жүргенін анық білген жан жоқ. Өлмей тірі болғандығы анық деседі. Байына қосылған соң үш ұл тауып, үлкені –Жанжігіт, ортаншысы – Ақжігіт, кенжесі – Қармыс. Осы күнгі Бесім ұрпағы осы үшеуінен өсіп-өнген.
152. Биеші руы туралы
«Он сан Орта жүзге ұран болған – Олжабай» деседі. Бұл сөзге дәлел боларлық әңгіме айтады. Бұрынғы қазақтың жорықшыл, жортуылшы болып жүрген күндерінде бірін-бірі танымайтұғын екі жау кездесе, қайсысы бұрын «Олжабайлап» шапқаны жойып, жеңістік алып кете береді екен. Бірінен-бірі естіп, құлағы естіген қазақ жауға шапса, «Олжабай, Олжабай!» деп шабатұғын болыпты. Қазақ орысқа қарамаған күнде Айдабол ішінде Құлнияз, Бабыр аталған екі рулы елдің жылқыларын жау алыпты. Қазақ отыра ала ма? Тайлы-таяғына шейін қалмай жабыла қуыпты. Сонда жауға шапқанда «Құлболды, Құлболдылап» шауыпты. Сонда жау қуып жеткендерін қызыл көтен қылып түсіріп, қиратып барады дейді. Қуғыншылардың ішінде Құлнияз ұрпағы, Құнды баласы Байдалы бар екен. Аты жүйрік болмағандықтан жігері құм болып, кейінгі қуғыншылардың ішінде келеді екен. Құлболды: «Жолы қызыл жосын қан болады дейтұғын, «Олжабай, Олжабай!» деп шаба көріңдер!» – деген соң: «Олжабай, Олжабай!» десіп шуласыпты. Сүйтсе, Бабыр ішінде түбі, тегі – сарт бір биеші, сауып жүрген бір құлынды биеге жайдақ міне салып шапқан екен. «Олжабай, Олжабайлап» барып жауды жайратып, қалғаны тым-тырақай қашып, жұрт жылқысын аман айырып алып қалыпты. Жауды түсірген кім? – дегенде: «Бір биеші» делінгеннен, «Биеші» атанып, осы күнде соның ұрпағы «Биеші балаларымыз» деседі.
153. Жалаңаяқ Әздер
Жалаңаяқ Әздер жалаң бұт, жалаң аяқ жүреді екен. Бір үй тола отырған қыздарға:
– Қайсыңның үстіңе сиейін, – деп, тасағын ұстап шаптырамын дегенде, қыз біткен үркіп қашып шыққан екен де, бір қыз етегін тосып алдына отыра қалған екен. Осы қыздан Көшен туып, «Көшен-Қарауыл» атанған.
Атығайдан – Дәуіт жалғыз. Дәуіттен он екі ұл туып, он екі атаның ұлы «Дәуіт» атанған. Ең үлкені – Дандай, «Дандайсыма!» деген сөз осыдан басталған.
154. Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік
Бұл Олжабай батырдың туысы – он үш жасында «Айдабол би» атанған Айдабол-Күліктің Айдабол ұрпағынан шыққан. Айдабол бидің бәйбішесінен: Жанғозы, Малғозы, Кенжеғозы, ортаншы қатынынан: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, кенже тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Осының бәрі де өсіп-өніп ру-ру ел атанған. Жалғыз-ақ, бәйбішенің кенжесі Кенжеғозы қыршын жас күнінде өліп қалып, атастырып қойған қалыңдығы оң жақта жесір қалған. Қайыны Үйсін Қаратай батыр екен. Айдабол Қаратай батырдың қызын тоқалынан туған Тайкелтірге алып берейін деген соң, Жанғозы: «Күндесім жесірін тоқал баласына алдырмаймын, – деп, – тетелес інім Малғозының баласы Толыбайға алып беремін», – деп барған.
Қаратай батыр:
– Құдай дескен, құйрық-бауыр жескен құдамсың. «Құданы Құдай қосады» деген, Арғындығың кетіп, аңғалдық қылып, бұл келісің қай келіс? Жасанған қолыңнан, адасқан жолыңнан қорықпаймын, жол-жобадан адаспаймын, көп жолдасыңды қайырып жібер, қосшы-қолаңмен өзің қал, бір жолата ұзатып алып қайт! – деген соң Қаратай батырдың айтқанына көніп, айдауына жүріп, жаз барған жолаушы қысқа килігіп қалып, қызын көктем шыға ұзатып алып қайтқан
Қаратай батыр түйесінің басын жетектеуге Шанышқылыдан Бүктік деген бір қызды алдырып, қызына жетім қылып қоса берген. Жолда келе жатып осы екі қыздың екеуі де босанып, ер ұл тапқан. Қаратай батырдың қызынан туған ұлдың атын Олжабай қойған. Шанышқылы қызы Бүктіктен туған баланы: «бұған ат болуға осы отырған қос та жетер» деп, Қосжетер қойған. Аман-есен елге келген соң еңбек қылып барған, жүрген-тұрған үйінен бізге олжа болуға Олжабайың жарар деп, Бүктікті, онан туған Қосжетерді Айдабол бидің босағасына байлап, Жанғозы әкесі Айдабол биден бата алған. Айдабол бидің толып жатқан көп баласының өсімі-өнімі – бір төбе, Жанғозының өсімі-өсімі – бір төбе. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас» деген сөз осындайдан айтылған. Айдабол бидің Қожакелді, Тайкелтір – екі баласы құба қалмақ ханы Қалдан Серенге олжаға түсіп кетіп, қалмақ қолында қалған. «Ол екі бала өлді ғой, не тірі жүрсін?!» – деп, Айдабол мұнда қалған балаларына енші үлестіргенде тоқал балаларына үлес, сыбаға қалдырмаған. «Болат пышақ қап түбінде жата ма?», Тайкелтір аман келіп, еншіден құр қалғанын білген соң жылап қоя берген. Сонда Айдабол би сасқан, ұялған.
– Мұндағыларға шөп кіндікті малды бердім, саған ет кіндікті адам қойдым. Міне, Бүктік, онан туған Қосжетер сенің еншің болсын, қарабауыр қылып ал! Менің кісілігім, бақ-берекем сенде қалады, – деп, батасын берген.
Сондықтан Тайкелтір, Қосжетер бір бауыр, бір ауыр боп, «Тайкелтір-Қосжетер» атанған.
155. Апай – Бөрі
(ІІ нұсқа) Жесір қатын Апай атанғаны Қаракесек қатыны еді деседі. Байы өлген жесір қатын үй-ұланымен, қара-қорасымен төркініне келген. Артынан Қаракесек іздеп келіп, «бұрында тапқан бала-шағасы болса керек, буаз екіқабат кетіп еді» десе керек. Ер ұл тапқан екен де, оны бөтен жерге асыратқан екен. «Екіқабат келмеді» деп жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма? Бұл жақтағы тиген байынан бала тауып, «Апай, Апай» аталған атпенен үрім-бұтағы «Апай» атанып, Апай-Бөрі оттас, ораздас болып кеткен.
156. Қаржау руы
Мен өзім Пабладарда тұрдым. Керекудің о жақ, бұ жағына да қатынап жүрдім. Шежіреге жүйрік, айта білетұғын жанды таба алмадым. Бұрын жазып алып жүргендер кім көрінгеннен сұрап, айтқанын жазып ала берген. Менің сұрыптап, ақ тарыдай ақтарып жазғаным – осы. Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан. Ақмайданнан – Көкшекөз. Бұл Көкшекөзден: Бәйімбет, Бейсен, Жаманай, Қоянбай, Көшен, Шөрек, Таңатар. Бейсеннен: Таз, Бүкі, Шоқай, Отай, Матай, «Бейсеннің бесеуі» дейді. Матайдан: Қаржау, Өмір, Қойбақ. Бұл Өмір би қара қылды қақ жарған, ауыл биі болып атағы шығыпты. Мұның бір қара төбеті болыпты, төрінде жатады екен. Төрт аяқты, қайқы құйрықты болғаны болмаса, «ит» деп жанның аузы бармаса керек. Өмір би «құтым, құтым» дейді екен, сонан «Құтым» атанып кетсе керек.
Бір күні аузы кең, сөзі тең бір бастас би қонып отырып сұрайды дейді:
– Мұны мұнша ардақтап ұстағаныңыз қалай? – деп.
Сонда Өмір би айтты:
– Бұл ит жазғытұрым мал жас төлін төгіп жатқан кезде жас қозыны, жас лақты, жас бұзауды, жас құлынды, жас ботаны алып келеді. Алып келгені мал болып, өсіп-өніп малға қосылады, өзімді ебдейсіз байытты. Жалғыз-ақ бір басты, екі аяқты адам баласын ап келген жок, – депті.
Осы сөзді айтқаннан кейін қара төбет жоғалып кетіпті. Бір жұмадай жоқ болып кетіп, бір күні құндаққа оралған бір жас бала алып келіп, еркелеп тұр дейді. Өмір би: «Бұл – Құтым алып келген Құттыбайым!» деп ат қойған. Сол Құтымбай өзі өсіп-өніп Қаржауды көбейтіп, берекелендірген осы Құтымбай деседі.
157. [Ырысбике]
Жаманайдан: Қойсары, Қозыбақ, Ырысқұл, Сағынай, Тайлақ. Ырысқұлдың қатынының аты – Ырысбике. Өзі он екі жасында Естектің жауласқандары өлтіріп кетіп, Қыпшақтан шыққан Қошқарбай батыр нағашысы екен, қанын жоқтап, барып Естекті шапқан. Осы күнде шешелерінің атымен «Ырысбике» атанып кеткен.
158. [Елатанның Тобықты атануы]
Ерте заманда қазақ, қалмақтың шабыншылығында бір қояндай боз атқа мінген қазақ қатыны қашқан-босқан елдің соңынан келіпті: “Қалмақтан қашып құтылдым”, – деп, өзі екіқабат буаз екен. Келгенмен, бұл елде байы да бар бола қоймапты. Үй жоқ, күй жоқ, оны ала қоятын елде тірі жүрген қатынға бай жетпей жатқан күн. Өзі балгерлік, бақсылық қылып, аты боз ат болғандықтан, қазақ ортасында “Маябоз” атаныпты. Бір еркек бала тауып, атын Елатан қойыпты. Енді сондай аяқсыз қаңғыған бір бала болып, оның аты Елехан болыпты. Елатан, Елехан егіз бала сықылды болыпты. Елехан кім болғанын анық білген ешкім жоқ. Елатанға: “Мен алам, мен алам!” деп, талас-тартыс болып, бәйгеге ат қосып: “Қай атымыз озғанымыз алайық!” – десіп, Арғынның ақ тобық аты алдында келіп, Арғын алып, сонан сол бала “Тобықты” атанған екен” деседі. Бұрынғы заманда кеміту үшін сөйлегендер: “Елатан елге теңелді, ешкі қойға теңелді” деседі екен. Сол Елатаны «Тобықты екен» деп сөйлеуші еді.
159. Ақбикеш пен Мақпал
[Арғын Әйдерке, оның ішінде Мақпал ] ...Дәстүр бойынша Бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы Арғын ішіндегі Әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады. Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: “Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын”, – деп. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді. Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: “Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбің – перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды Құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!” – дейді. Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: “Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын! Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!” – деген екен. Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, Құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі. Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең: “Арғын – Әйдеркеміз, оның ішінде Ақбикешпіз” немесе “Арғын –Әйдеркеміз, оның ішінде Мақпалмыз”,– деп отырады.
160. [Қарауыл ]
Боттыбайға Қарауылдан бір жігіт келіп, сіңіп тұрып қалыпты. Өзі әр нәрсенің жөнін білетін, онымен бірге күн есебін, әуе райын байқайтын есепші болыпты. Бір үлкен жұтта ел жұтап қалғанда, Боттыбайдың жылқысын басшы боп бағып, алыс жақсылық жерге апарып, аман, семіз, күйлі қылып әкеп берген екен. Сонымен байдың қолайына әбден жаққан соң, бай Дәулетбике деген көп ұлдың ортасындағы жалғыз қызын екі жүз еншіменен сол жігітке беріпті. Сол жігіттен Аяз, Дос деген екі бала туып, Лашынқара, Есқара деген ел болып, бұрынғы Қарқаралы үйезі Кенші болысында тұратын Қарауылдар – осылар. Сондықтан бұларды «Қызшор» деп атаған және «Дәулетшор» деп те айтылады.
161. [Кіші Арғын немесе Тәнбісопы]
Қаранайдың Нартайлақ деген бір ұлы болыпты. Балғаның өзі, бәйбішесі және онан туған ұлы Тай түгел өліп, Айсұлу мен Күнсұлу [деген] қыздары өгей ағасы Барғананың қолында қалып, жетімдік зарын тартады. Сөйтіп жүріп Нартайлақ пен Айсұлу бір-біріне ғашық болып, байланысады. Айсұлу жүкті болып қалады. Оны сезген өгей ағасы Барғана Айсұлуды Найманның жауыз қатыны бар бір жаман байына күңдікке сатып жібереді. Екі-үш айдан соң барған аулында оңаша үйде Айсұлу толғатып, ұл табады. Айсұлуға байдың жауыз бәйбішесі көп қорлық көрсетеді. Айсұлу қорлыққа шыдай алмай, баласын сол ауылдағы Томан деген күң кемпірге беріп, Нартайлаққа тапсыруын сұрап, өзі буынып өледі. Нартайлақ баласын күң кемпірден алып, балдызы Күнсұлуға үйленеді. Баланы әуелгі кезде жұрт “Тірі жетім” деп атаса, кейін “Саржетім” деп атайды. Сөйтіп, Нартайлақ батырдың бірінші әйелі Айсұлудан – Саржетім, екінші әйелі Күнсұлудан – Шақпақ (Айдарке). Шақпақты жұрт “Шақшақ” деп кетіпті.
162. [Тарақтының Апай аталығы]
Орта жүз Тарақты тайпасының құрамындағы он екі ата рудың бірі Апай деп аталса, енді бірі Тоқтауыл деп аталады. Апай Тоқтауылдың Жағалбайлы еліне ұзатқан апасы (әпкесі) екен, бала көтермепті. Содан, уақыт өтіп, Апайдың жасы ұлғайып, күйеуі дүние салған соң, елге көшіп келіпті. Сонда, Тоқтауыл апасының көңілін аулап, бір баласын апайдың бауырына салады. Сол баланың өсіп-өнген ұрпағы “Апай” атанған.
163. Әлеуке
Орта жүз Тарақты тайпасы он екі рудан құралған. Олар: Қыдыр, Жәші, Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ, Қарашие (Көгедей), Келіс (Әлеуке), Алакөз, Шәуке, Апай, Тоқтауыл рулары. Шежіре дерегінде Келістің әйелі Әлеуке деген кісіден ұл бала болмапты. Содан, өзімен қадірлес күндесінің (Келістің екінші әйелі) баласын етек астынан жерге түсірмей көтеріп алып, бауырына басқан екен. Сол баланың өсіп-өнген тұқымы Әлеуке апасының есімімен аталып кетіпті. Қария сөздің келесі бір нұсқасы бойынша Әлеуке Қарашиенің (Көгедей) бәйбішесі еді дейді. Ал Келіс Қарашиенің тоқалынан туған бала болса керек. Әлеуке бәйбіше бала көтермеген соң Келісті бауырына басып, бала етіп алыпты. Әлеуке бәйбіше ақылды да алғыр, адуын адам болыпты. Әулет-атаға ғана емес, ауыл-аймаққа сөзін өткізіп, билігін жүргізіп отырады екен. Ақылды бәйбішесін Қарашие де бетінен қақпай, қайта мақтан тұтып, “бәйбіше біледі” деп отыратын болыпты. Содан, Қарашие қартайып, есейген балаларына енші бөлерде Әлеуке бәйбіше: “Тоқалдың балалары өз алдына еншілес бола берсін, менің баламның еншісін бөлек ата!” – деп, Келісті жеке-дара енші иесі етіпті. Он екі ата тарақтының ішінде Келістің (Әлеукенің) өз алдына бір ата болуының және “Әлеуке-Көгедей” деп екі атаның қатар аталуының сыр-себебі осыдан еді дейді
ІІІ. ҚЫПШАҚ ТАЙПАСЫ
164. [ Қыпшақ туралы аңыз]
(ІІІ нұсқа) Ұлы патшалардың алыс сапарға шыққанда әйелдерін алып жүретін әдеттері болатын. Осы әдетпен нөкерлерінің кейбіреуі де әйелдерін ала жүруші еді. Оғыз ханның бір бегі де әйелін алып барып еді. Өзі ұрыста өліп, қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Әйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ, бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан: “Әкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ” деп атын “Қыпшақ” қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты қыпшақ дер еді, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын Қыпшақ қоюы содан еді. Бұл кезде іші қуыс ағашты “шыпшақ” дейді. Қара халық тілі келмегендіктен “к”-нің орнына “ш”-айтып кеткен. Бұл баланы хан өз тәрбиесінде ұстады, жігіт болғаннан соң көп ел және нөкер беріп, Оғыз ханға жау болған орыс, олақ, мажар, башқыр елдеріне жіберді. Қыпшақ үш жүз жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында патшалық етті. Барша Қыпшақ елі соның нәсілінен шықты. Оғыз ханның заманынан Шыңғыс ханның заманына шейін Дон, Еділ, Жайық аталатын бұл үш судың жағасында қыпшақтан өзге ел жоқ еді, Ол жерде қыпшақтар төрт мың жылдай отырды, сондықтан ол жер «Дешті-Қыпшақ» («Қыпшақ даласы») деп аталды.
165. Бес таңбалы қыпшақ туралы
Бұрынғы қариялар Орта жүзды «Жеті арыс» деп сөйлейтұғын. Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Қыпшақтан: Шолым Әліп, мұнан: Ақкөбік Әліп, мұнан – Мүйізді сары Әліп, мұнан – Тоқтар, мұнан– Қобыланды. Қара, Сары, Қытай, Еділ, Жайық атанған аталары бар. «Бесеуі бір туысқан» деседі. Кімнен туып, өсіп-өнгенін айырып білуші болмады. Бұрынғылардан айтылып жүрген бір сөз бар еді: «Қыпшақ бұзады, Арғын түзейді». Қыпшақтың қарасы – ашуланшық, омырау келеді. Сарысының көзі өткір, тілі ащы келеді. «Жақсы – кезекке таласады, жаман – отыратұғын орнынан адасады», «Жақсы басын қосқанда, әңгіме кезек-кезек айтса, сонда жарасады», «Екі жақсы ерікпес, екі жаман бірікпес», – бір жүйріктің аузынан шыққан сөз. Оның аржағы кімнен туып, қалай өсіп-өнгендігінде нем бар, «естіген құлақтың жазығы жоқ» деген, естігенімді сөйлеймін.
«Бес таңбалы Қыпшақтың» аналары айтқан екен деседі:
– Ұзын бітті бойыма, ерлік, батырлық толды ойыма, – депті. Қол таңбалы Ұзын Қыпшақ атанады (Атыс, Кедел, Бірдікей, Қырықжігіт).
– Бұлтың бітті бойыма, көптік толды ойыма, – депті. Әліп таңбалы Бұлтың Қыпшақ таңбасын жақтан басады. Бұғыс, Орыс. Бұғыстан –Жолаба, Орыстан: Төбет, Құлатай, Мадияр, Құдас.
– Торы бітті бойыма, кемшілік толды ойыма, – депті. Мойын таңбалы Торы Қыпшақ таңбасын мойыннан басады. Тойешке, Қыйтаба, Көкмұрын, Шашты.
– Балық бітті бойыма, байлық толды ойыма, – депті. Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарынынан басады. Көсеу таңбалы Көлден Қыпшақ бар, бұлардың бәрін «Бес таңбалы Қыпшақ» дейді.
Ел аузында айтылып жүрген әңгіме – Қара қыпшақ Қобыланды батыр. Сондықтан ойлаймын: «Қара, сарылар Қобыландыдан бұрынғы аталары болады-ау!» – деп. Бұл Қыпшақ екеу – Шайқы, Борқы. Дуананың дуасымен бір кісіден тоқсан екі ұл туған. Бәрі де өсіп-өніп ел-жұрт болған, «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?» деген Қыпшақ – осы. Бұл Қыпшақтар Моғұл-Татардың Моғұлынан шыққан.
166. Құрман-Қыпшақ Апай
Керекуге жиырма бес шақырым жерде «Құрман тұзы» деген тұз бар. Сол Құрман Қыпшақ екен де, өзі мейілінше бай болған екен. Жылқысының есеп санын өзі де білмейді. Жалғыз баласы болыпты, «бөрі тонды, бөрте атты» атанған жылқышысы болыпты. Малға шын жаны ашып қарағандықтан, жылқы билігі сонда болыпты. Байдың жалғыз баласы сері болыпты. Он жігітпен жүреді дейді. Жазғытұры бие құлын төгіп жатқанда бай баласы он жігітімен жылқы аралапты. Жаңа туып жатқан қара құлынды сойып, терісін ала беріпті: «Осы жүрген он бір жігіт бір түсті қылып, қара құлын жарғақ киеміз», – деп. Бөрі тонды бөрте атты жылқышы мұны көрген соң іші күйіп, жылап байға келіпті:
– Бай, маған батаңызды беріңіз, бұл малға менің иелігім болмады. Мына қорлықты көріп жүргеннен, қаңғып өлгенім артық, – деп.
Бай жалынып-жалпайып тоқтата алмайды.
– Мен ризамын, осы жылқының қақ жарымын ал да, өзің маған риза болып кет! – депті.
– Жоқ, бай, бір тай да алмаймын, батаңды бер! – дей беріпті.
– Жоқ, балам, дәнеме аламай кетсең, бата да бермеймін, ризалығым жоқ, – депті.
– Ендеше, бір теңбіл көк айғыр бер, үйірінде бес байталы бар, соны берсеңіз болады, – депті.
– Уа, шырағым! Көбікті көктің тұқымы еді. Өзімнің аузымды көбікті саумалға тигізген жануарым еді, ала ғой, ала ғой! Мал қадірін білмейтін қу жалғызда болғанша, мал қадірін білетұғын сенде болсын! – деп, батасын берген екен.
Сонан соң Ертістің бір жағына өтіп, Апай деген жесір қатынның қызын алып, онан бес ұл туады: Келден, Қыстау, Қақа, Сатыбалды, Жаңбыршы. Мал мен басы таласып өсе бастайды. «Көбікті көк» атанып жүргені – биеге шапқанда, биенің үстінен айғыр түскенде ақ көбік шұбалып, үзілмей ағып тұрады екен. Соны Бөрі өзі тосып алып, балаларына әкеліп жалатады екен. Бір баласы жаламайды екен. Сол жаламағанның ұрпағы ана төртеуіндей болмай, жарлы-жақпай, өсімсіз-өнімсіз болды деседі
167. Дәулетбике
Орта жүз Қыпшақ, оның ішінде Торы Қыпшақ, оның ішінде Түйішкеден өрбіген аталардың бірі “Дәулетбике” деп аталады. Дәулетбикенің қыздай тұрмысқа шыққан адамы Түйішке ішіндегі Мұрат деген кісі екен. Мұрат қайтыс болып, Дәулетбикені әмеңгері Мәмбет алады. Әмеңгері Мәмбетке қосыларда Дәулетбике: «Бөлек ауыл болып отырайын”, – деп шарт қояды. Бұл шартын Мәмбет орындаған. Содан, бәйбішесі бір ауыл, тоқалы бір ауыл болып отырған соң Мәмбет ары-бері қатынайтын болады. Сонда, жолшыбай жөн сұраған адамға Мәмбет: “Дәулетбикенің ауылына барамын”, – деп жауап береді екен. Осылайша Дәулетбикеден өрбіген ұрпақ анасының есімімен аталып кеткен. «Дәулетбике Есім хан тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы еді» деген сөз бар.
ІҮ. НАЙМАН РУЫ
168. Орта жүз - Найман руы туралы
Найман елі Қытай тарихында сегізінші-тоғызыншы ғасырда белгілі болған екен. Оқыран өзенінің басы Моңғолдан Ертіске дейін қоныстанған, Найман руының алғашқы патшасы Нарқыш Таян, Инаш қаған, Бұқа хан, Таубұға, Бұйрық хан және үлкен рулардың басшылары Тоқпан, Елата, Өкіреш, Кетбұға, Төлегетай, Сүгірші болған екен. Он үшінші ғасырға дейін Найман руы өте күшті мемлекет болғаны рас, тарихта бар. Тек, Бұйрық, Таян, екі хан бауырлас болғанымен, берекелері болмай Найман елі ыдырай бастайды. Найман бабамыз Бұхарадан оқыған ғұлама молда болған көрінеді, жүзі ақ, киімді ақтан киіп, атты ақтан мінеді екен. содан оны «Ақсопы» атаған. Он бесінші ғасырда Ресей еліне шекаралас отырған кезінде найман атадан Құлманай деген жалғыз ұл тауып, жиырма жасында ерте қайтыс болған екен. Содан, әйелі Гүлшара жесір қалған. Найман ата сексен жасқа жақындап қалған кезінде жалғыз ұлы өлген соң, өкіріп мүлде жатып қалған. Бір жылға жуық жесір қалған келіні Гүлшара атасын күтіп отырады. Гүлшара өте сұлу әрі ақылды әйел болған, қазына-мүлік, малға таласып әйелдің мазасын алған. Содан, Гүлшара Орта жүздің игі жақсыларын шақырып, көк қасқа тай сойып, қонағын күтіп жайласқаннан кейін оларға: «Баршаларыңызға айтар сөзім бар», – деп ұлқсат сұраған. «Мына Найман ата қартайғанда жылғызынан айрылып, тұра алмай қайғырып жатыр, оған қарамастан мына мырзалар мені алам деп таласып, мазамды алды. Ал, көпшілік, аталарыңды тірідей жылатқанша, қолдарыңмен өлтіріңдер! Содан соң мен сіздерге тиемін бе? Жоқ басқа жаққа кетемін бе, ерік өзімде, ол менің тілегім болсын, мені қинамаңдар!» – дейді. Сонымен халық әйелдің сөзінен жеңіліп, жол-жорасын алып тоқтауға келген. Гүлшара атасы дәретке отырғанда, зәрі тамған жерді көріп: «Осы атамнан әлі ұрық бар», – деп сынап, Үйсін Ақсүмбі деген байдың қызын айттырып, көп мал беріп, атасына алып берген. Әйелге «Қызеней» деп ат қойған, ал көпшілік Гүлшараға «Жезетек» деп ат қойған. Содан Найман атамыздан бір ұл туады, оны Гүлшара өзі бағып, тәрбиелеп, анасына емізіп өсіреді. Содан ұл он жетіге толғанда Гүлшара үлкен той жасап, өз некесін қиғызып, тиіпті. Содан Гүлшара жүкті болып бір ұл тапқан, сөйтіп, Сүгірше туады.
169. [Найман ұрпақтары]
Арғын, Найман бір туған. Найман (Өкіреш Найман) 88-нде қайтыс болады. Найманның өз ұлы өліп қалады. Оның әйелі өте ақылды кісі болыпты. Атасының дәретін көріп, әлі де бір бала тудырарлық қайраты бар екен деп, Үйсін Төле бидің қызын алып береді. Найман ол қызбен бірінші түнеген түні бойынан әлі кетіп, өкіріп жығылыпты да, кешікпей өліпті. Сол себептен Өкіреш Найман деп аталған. Содан әлгі келіншек жүкті болып, мезгілі жетіп ұл туады. Ұлдың атын Белгібай қояды. Артынан әулие келін Белгібайға әйел алуға рұқсат береді. Ал Найманның келіншегі (тегі –Бағаналы-Балталы) Ел-ата дегенге тиеді. Ел-атаны арғын, найманның бозбалалары күндей берген соң, оны келін бәйгі қоңыр атқа мінгізіп, қашырып жібереді. Белгібайдан екі ұл туады, аттары: Келбұға, Кетбұға. Шүршейіт атасы – Келбұға, Қожагел атасы Кетбұға болып бөлінеді.
170. Өкіреш найман
[Найман туралы бір аңыз] Көтеш ақын өзі бай болған, өзі семіз болған, жүз асып жасаған. Сабаз дейтұғын бәйбішесі: «жалғыз шұнақ қойды жеті қотан қылдым» деген екен. Қартайған шағында ауылы Қарағайлы шоқыда тұрғанда жау тонап, жалаңаш тастап кетіп, өзін ит-құс жеп тастапты. Шеру деген жерден денесінің қалған тамырын тауып алысыпты. Жатқан жеріне май сіңіп, топырақ қап-қара болып қалған екен депті. Табылған сүйектерін жинастырып, Қарағайлышоқы түбінде Балықтыкөл басына қойыпты. Бұрынғы заманның қариялары: «түн болғанда дене тырағынан шырақ жанып тұрады» дескен екен.
Жоқшы, зерттеуші (Құдай рахмет қылсын!) Шоң би болып, тонаған жауы Найман екен. Қыс ішінде Айдабол жиырма үй тігіп, үш ердің құнын алыпты «сүйек құны», «өнер құны», «қара құн» деп. Найман шабылып қалған тозып, шұбырып. Сондағы құнның төлеуіне келген Найман ұрпағы – Айдабол Күлік ішінде Қоқым жұрағат бар, «Найманбыз» дейді, басқа білері жоқ.
171. Найман тарауынан
(І нұсқа) Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі – Қарақожа, онан Арғын дедік. Бірі – Аққожа, бұл Аққожадан – Найман. Кейбір сөйлеушілер «Момынқожа» дейді. Найманнан – жалғыз бала – Шұбартай. Бұл Шұбартайды да зарығып көрсе керек. Шұбартай қыршын жастай өліп, келіншегі жесір қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары:
– Мен алам, мен алам! – деп таласты дейді.
Қатын:
– Мен тоқсандағы атам көзі бақырайып қалып, тірі отырған күнде жалғызының жайрап қалғандығының үстіне оны күңірентіп, ешқайсысыңа тимеймін. Тоқсан асқан атамның бір атары бар шығар, – деп, құрбы-құрдасына жалынды дейді. – Атамның сиген жерін байқаңдар, сідігі көпіре ме екен. Жерге із салуға жарай ма екен? – депті.
Сонда байқаған біреу айтыпты:
– Із салуға жоқ, бірақ көпірді, – депті.
– Бір атары бар екен. Малды аямай беріп, бір кедейдің жалаңбұт қызын қойнына жатқызыңдар? – дегенімен бір қыз алып беріп, қойнына салған екен.
Жұмыс үстінде өкіріп өліпті. Найманның «Өкірек шал» атанғаны сол деседі. Шал өлді, қыз тірі қалды. Қыз сол жұмыстан буаз болып, ер-ұл тауып, атын Төлегетай қойыпты. Шұбартайдан жесір қалған келін осы Төлегатайдың өсуін, ержетуін күтіп, отырып қалыпты. «Арғын алты ауыл болғанда, Найман жалғыз-ақ үй екен» деген сөз ертеден айтылып жүретұғын. Төлегатай сол заманда жұрт аузында «әулие» атанған Қылышқожаның қойын бағып, қойшысы болған. Қылышқожада ұл жоқ, жалғыз қызы бар екен. Қыз жасқа толып бойжеткен соң сарт-сауанның байлары құдалық сөйлесіп, балаларына Қылышқожаның қызын айттырмақшы болып, анауы да, мынауы да қалың мал беруге қожаны қызықтыра бастағанда, қой бағып жүрген Төлегатай қойшыларға айтқан екен:
– Бұ қазақ қатынсыздан өлейін деп жүрсе, қожа қызын сартқа береді екен-ау! – депті.
Қылышқожа қойшылардан бұ сөзді естігеннен соң қарқ-қарқ күліп:
– Рас айтады, сөз – Шұбартайдың төлеуіне келген Төлегатайымдікі, – деп, Төлегатайға қызын қосыпты. Өр Найман, Қаракерей, Садыр, Матай, Дөртуыл – қожа қызынан туғандар. Баяғы сарғая сақтап, тосып тұрған жеңгесін алып, онан бір ұл туып, атын Қытай қояды.
Төлегатай Қылышқожаның қызын алған соң бай болды, әр нәрсесі сай болды. Бір асқа ат апарып қосып, аты алдында келіп, бәйгесіне бір күң келіп, ол күңге аяқ салып, онан бір ер ұл тауып, атын Сүгірші қойды. Күңнен туған Сүгіршіні Қытай айбалтаның астына алып, өлімші қылып тастағаннан Қытай – «Балталы» атанды. Шу бойында болады, Атбасар дуанына қарайды. «Балталы–Бағаналы» атанған Найман – солардың ұрпағы. Бұрынғылар айтады екен:
Алшын болсаң, Адай бол,
Арғын болсаң, Алтай бол!
Үйсін болсаң,
Сиқым, Жаныс, Ботпай бол!
Найман болсаң, Қаракерей, Матай бол,
Өзгең қалай болсаң, солай бол! –
дейді екен.
Қаракерейден сөйлейік. Қаракерей баласы: Ерторы, Байторы. Ерторы баласы: Қызылым, Жиренім. Жиренім баласы – Байсық. Өздері беске бөлінеді: Меңдібай, Төбет, Жаңқолы, Жаңбыршы... Жаңбыршыны «Ақбелбеу» деп те атайды. Қарамолда үш қатынның баласы, бұларды «Семіз Найман» дейді. Байқозыдан: Тайлақ, Жайнақ, Айрам, Майрам. Айрамнан – Қожамбет, Майрамнан – Байыс. Байсиық мал қолға түссе, Байыс ата малындай көріп, төлеу бермей кете береді екен. Байыстан бесеу: Сыбанқұл, Ақымбет, Мәмбет, Құлсары, Тоқабай. «Тоқабай Сарыны сәнге сабайды» делінген сөз мәтел болып қалған. Тоқабайдың жуаны Кигенбай бай ел болады. «Білсең Кигенбаймын, білмесең, дегенбаймын!» – дейтұғыны тағы бар. Қаракерей Қабанбай батыр –осы Тоқабайдан, онан бергісі Кигенбайдан шыққан деседі. Байыстың бір баласы – Сыбанқұл, бұл Сыбан Найман атанды. Бір баласы – Мәмбетқұл, бұл жасында асқа өкпелеп, қыржиып отыра бергеннен «Қыржы» атанды, және бір қатынынан: Алдаберді, Алмамбет. Алмамбеттен – Шұрантай, Шұрантайдан: Мұңайтпас, Тума. Мұңайтпастан: Тоқпақ. Тоқпақ, Тума – екі болыс ел. «Мақта апай» деген бір ұрғашының аты шыққан. «Байыспен бір туысқан Майрам қызы», – деп біреу сөйлейді. Түркістандық Тоқтарқожа алып, екі бала тудырған (Жанжігіт, Байжігіт). Байжігіт Мақта апайдың қолында қалып, Жанжігіт қожаға еріп кеткен деседі. Байжігіттен өрбіп-өнген сегіз болыс ел Темірсу бойында. Байыс ұлы – Ерсары. «Мұрын» атанған ел – осы Ерсарыдан өскен деседі. Мұрын – Ерсарының бәйбішесі, аты – Ақбике екен. Мұрны зор болғандықтан байының аты қалып, бәйбішенің мұрнымен аталып кеткен. Мұрында сегіз болыс ел бар деседі. «Мен көппін!» – деп Байжігіт – Қызайдың Байжігіті мақтанады. «Мен көппін!» – деп Мұрын – Сыбанның Мұрыны мақтанады. Үй саны мен жан санына қарағанда Мұрын көп. Жоғарғы Матайдың үш баласы: Аталық, Кенже, Қаптағай. Күллі Найманға ұран болған «Қаптағай» – осы. Аталықтың қатынының аты – Қызай. Мұның атымен тұқымы «Қызай» атанды. «Білсең, Қызайыңмын, білмесең, Құдайыңмын!» – дейтұғын есер осының ұрпағынан шыққан: Байжігіт, Бура, Көкжарлы. Аталықтан – Иманғали, мұнан – Бақтүйіс, мұнан – Елтынды. Елтындыдан: Байназар, Қожас. Қожастан: Ебіке, Жұртшы, Қоқан, Жарылғамыс, мұнан: Лезңке, Жиембет, Сүйін болды. Төртеуі де қара екен, сондықтан бұлар «Қара» атанды.
172. Өкіреш Найман
(ІІ нұсқа) Найманның жалғыз ұлы Тоқбан жиырма алты жасында өліп, оның әйелі Ақсұлу жиырма екі жасында жесір қалыпты. Бұл кезде Найман сексен алты жаста, ал Арғын тоқсан алты жаста екен. Арғын «інім белгісіз қалмасын» деп, ал келіні Ақсұлу «атамның аты жойылмасын» деп Найманға әйел алып беріпті. Ақсұлу «қыз ене» дейді екен. Қызене жүкті болып, ұл тапқанда: «артымда қалатын белгім» деп қуанғаннан, өкіріп жылаған Найманның жүрегі жарылып өліпті. Ел жиналып баланың атын Белгібай деп қойыпты. Сондықтан Найманның өкіріп жылап өлуіне байланысты Белгібайдың қосалқы лақап аты «Өкіреш» болыпты. «Өкіреш Найман» деген лақаптың шығуы осыдан екен.
173. [Өкіреш» деген лақап аттың шығуы]
(ІІІ нұсқа) Найманнан туған төрт ұл: Тоқпан, Үйелеш, Күйелеш, Сартсопы майданда жаугершілікте өліп, Найманбайдан туған Елтай ауыр жарақатты болып, үйіне найзаға салып әкеледі. Найманның төрт ұлы бірдей өлген соң Найманда ұрпақ қалмайды. Тоқпан жиырма алты жасында өліп, әйелі Ақсұлу жиырма екі жасында жесір қалады. Алатын әмеңгері болмаған соң, ажарына қызығып Арғын, Қыпшақ жігіттері алмақшы болып, сөз салады. Ақсұлу бұларға көнбей, «атамның орын жоймаймын» деп, атасының сексен жасқа келсе де әлі де қайраты бар екенін сезіп, он жеті қараны қырқа матап беріп, Дәмелі деген қызды алып береді. Ақсұлу Дәмеліге «Қызене» деп ат қояды. Бір жылдан кейін Қызеней жүкті болып, ай күні толып ұл туады. «Артымда қалатын белгім», – деп, қуанғаннан өкіріп жылаған Найманның жүрегі жарылып өледі. Ел жиналып, баланың атын Белгібай деп қайыпты. Сондықтан Найманның өкіріп жылап өлуіне байланысты, Белгібайдың қосалқы лақап аты «Өкіреш» болыпты. «Өкіреш» деп лақап аттың шығуы осыдан еді дейді. Белгібай он бес жасында отыз жеті жастағы жеңгесі Ақсұлуға некеленеді. Найманның жылын берген соң, әулеттен басқа адам болмаған соң Дәмеліні Найманбайдың баласы Елтайға қосады (Елтайдың бірінші әйелінен бала болмайды). Ақсұлу: «Атамның орнына маған ата болдың», – деп, Елтайды «Ел-ата» деп атаған. Елтай мен Дәмелі қосылған соң бір ұл туады. Белгібайға серік болды деп, ұлдың атын «Серікбай» деп қояды. Одан кейін тағы бір ұл туады, оның атын «Қоңырат» деп қояды. Сонымен, Ел-атадан Серікбай, Қоңырат деген екі бала болады. Белгібаймен Ақсұлу қосылған соң бір ұл туады атын «Сүйінші» деп қояды. Бұдан кейін Ақсұлу тағы бір ұл туады атын «Сүгірші» деп қояды («Бергеніңе шүкірлік!» деген мағынада еді дейді). Ақсұлу: «Мен жеңге алған әйелің едім, енді қыздай ал!» – деп өз сіңлісі Тоқсұлуды қосады. Бұдан Саржомарт туады. Сүйтіп, Белгібайдың Ақсұлу, Тоқсұлу деген екі әйелінен Сүйінші, Сүгірші, Саржомарт деген үш ұлы болады.
174. Өкіреш туралы аңыз
(ІҮ нұсқа) Орта жүзде Қарақожа тақуалығымен, «Ақсопы» мырзалығымен «Атымтай», әділеттілігімен «Қазы» деп аталған. Қарақожаның өзінен, яки баласынан Найман туған. Найманның баласы – Өкіреш, бағзылар «Өкіреш» лақабы дейді, оған мынадай мәтел де айтады:
«Өкіреш атты Найман-ды,
Қартайғанды қыз құшып,
Өкіреш атын алған-ды».
Найманның Шұбартай атты жалғыз ұлы болып, жасында опат болған. «Есті келін» деп аталатын оның әйелі ерге шықпай, қайын атасы Найманның қолында отырған. Бір күні атасы дәретке шыққанда зәрдің орны көпіріп қалған екен. Оны көріп келіні: «Атамның әлі бір балалық қуаты бар көрінеді», – деп, атасына әйел алдырған. Ол кезде қарттың жасы тоқсаннан асып кеткен. Сонда, әйеліне қосылып болған да қырылдап жатып, жан берген. Соңында әйелі бір ер бала тауып, атын Өкіреш қойған. Өкіреш өскен соң әлгі жеңгесіне үйленіп, онан Сүгірше туған. Сол кезде Арғынның алты ұлы Шұбартай өлген соң: «жесірімізді аламыз!» деп, кезінде көп таластар, дау-дамай өтіп, тіпті дау күшті болғаннан уәзірлер де екі дай болып, ханның өзі араласып, келісімге келтірген.
175. [Әлпештің Өкірешке тиіп, Найман ұрпағын сақтап қалуы]
(Ү нұсқа) Найманның осы үш баласы жаугершілікте өліп, Әлпеш деген он жеті жастағы келіні жесір қалған. Найманның мұны алатын баласы болмаған. Туысқандары Арғын, Қыпшақ балаларының алғысы келген Найманның келіні Әлпеш: «атамның атын жоғалтпайым» деп, қырық жетіні қырқа матап беріп, бір қыз алып береді. Найман бұл уақытта жетпістің ішінде еді. Алып берген қызды «маған қыз ене болды» деп, атын «Қызене» деп атады. Қызене жүкті болып, алты ай отасқаннан кейін Найман ауырып өлім халіне келеді. Содан соң Арғынның баласы Қарасопыны шақырып алып: «Жасым жетпіске келіп өкіріп жылап жүргенде көрем бе деген балам еді. Ұл туса, атын «Өкіреш» қоярсындар», – деп өсиет етеді. Найман өлгеннен кейін Қызене ер бала туады, атасының өсиеті бар еді деп атын Өкіреш қояды. Бұдан кейін Қызенені Ақсопының інісі Елтанға қосады, Бұдан Қоңырат туады, «Найман–Қоңырат» деп аталуы осыдан. Өкіреш ер жетіп, он үш жасқа толған соң Әлпеш осыған неке қидырып тиеді.
176. [Әлпештің Өкірекке қосылып мұратқа жетуі]
(ҮІ нұсқа) Найманның соңғы уақытында Ақсары дейтін баласы Әлпеш дейтін қызға үйленеді, бірақ көп ұзамай Ақсары өледі. Әлпеш он жеті жасында жесір қалып, атасы қарт Найманды бағып отыра береді. Найманның атастыруға басқа баласы болмаған соң, туыстарынан Тоқпан дейтін бір жігіт-баланы еншілес інісі әрі бала етіп асырап алады. Тоқпанға келіні Әлпешті қоспақшы болғанда, Әлпеш: «Асыраңды балаңа тимеймін. Өз ұрпағың болса, кім болса да тиер едім», – дейді. Ел-жұрты мұны естіп, Найман шалға Күлше дейтін он тоғыз жастағы қызды алып береді. Найман сонда сексен жасында. Сол Күлше біраз уақыт өткеннен кейін екі қабат болып, бала көтереді, бірақ Найман шал бала тумастан үш ай бұрын өледі. Өлерінде келіні Әлпешке өсиет етіп тапсырады: «Әйелім Күлше ұл туса, атын Өкірек қойып, өз қолыңа алып өсір, түбінде игілігін де көрерсің!» – деген екен. Найман шал өлгеннен кейін әйелі Күлше бір ұл туады, атын шалы айтқан «Өкірек» қояды. Баланы келіні Әлпешке береді, Күлше өзі үйіңдегі қайнысы Тоқпанға қосылады. Әлпеш Өкіректі он екі жасқа дейін бағып өсіріп, ақырында Өкіректі «өз қайным» деп сол балаға қосылып, мұратына жетіседі.
177. [Өкіреш Найман немесе Әзбураның ұрпақты сақтауы]
(ҮІІ нұсқа) «Өкіреш Найман» дегеніміз – Найманның аты. Сопы мырза тоқсан үш жасқа келгенде жалғыз ұлы өліп, келіні Әзбура зарлап, жесір қалыпты. Ол: «Атам ұрпақсыз кетпесін, қатын алып беріп тілеу тілейін, атамнан ұрпақ қалса, орнын сақтайын», – деп ойлайды. Сонан Ақтобық деген атқа мініп, Қарақалпақ деген елге барып, бір байдың Тұрымтай деген қызына құда болды. Алым-берім болып, атасына қызды алып береді. Қыз оның енесі болды. Сонда келіннің қыз енесіне айтқан ақылы: «Шал ары қарап жатса, белін құшақта, бері қарап жатса, белін құшақта!» – деп, атасын күтті. Қара тоқтының сүтінен қатық ұйытып берді. Бір кезде шалға қуат келіп, Тұрымтайға дарығанда шалдан дыбыс шығып кетті. «Өкіреш Найман» дейтін себеп – сол екен. Шалдың ұрығнан Тұрымтай жүкті болыпты. Ол жүкті болып жүрген кезде Сопы мырза дүниеден қайтыс болды. Тұрымтай жесір отырып босанып, еркек бала тапты. Сопы мырзаның әлгі Әзбура атты есті келіні: «атамнан қалған белгі ғой» деп балаға «Белгібай» деп ат қойды. Белгібай он үш жасқа келгенде Әзбура келіні өзіне неке оқытып, оған қосылды. Әзбура Белгібайдан бір ұл тапты. «Құдайдың бергеніне шүкір!» деп, атын Сүгірші қойды.
178.[Ақсұлудың Найман ұрпағын жалғастыруы және ел билеуі ]
(ҮІІІ нұсқа) Тоқпанға әкесі Найман Үйсін Найманбай бидің қызы Ақсұлуды алып береді. Тоқпан жиырма жасында ауырып өледі. Тоқпан өлгеннен кейін көп кешікпей-ақ артынан шешесі де өледі. Найман жетім, Ақсұлу жесір қалады. Жетім қалған, ұлғайған Найманға Ақсұлу кемпірінің қырқы өткеннен кейін Үйсін Дулат бидің қызы Әлпешті алып береді. Бір жыл өтісімен Әлпеш ұл бала туады. Ол баланың атын Ақсұлудың өзі “Белгібай” деп қояды. Белгібай деп қоюдың мәнісі: «Тоқпаннан қалған белгі» деген сөзі еді. Белгібай он жеті жасқа шыққанда Ақсұлу отыз жетіге шығады. Осы жасында Ақсұлу Белгібайға тиеді. Екі бала – Келбұға, Кетбұға деген бала туады. Сол кезде Ақсұлу қырыққа шығады. Ол қырыққа шығысымен ел басқару жұмысына ауысады. Белгібайға өзінің сіңлісі Тоқсұлуды және түрікмен Арлауыт бидің қызы Ақбаршынды алып береді. Өзі билік жұмысымен айналысып кетеді. Сонымен бүкіл Найман тайпасы Ақсұлудың ақылымен жүзеге шығып, қабырғалы елдің біріне айналған.
179. Найман шал
(ІХ нұсқа) Найман шалдың Шыбартай атты жалғыз ұлы бар екен. Ол Найманның өзінен бұрын өліп қалыпты. Келіні атасының қолында оны бағып-қағып отырыпты. Бір күні осы келін атасының кіші дәрет алған орнындағы көбікті көріп: «Атамның әлі де бір перзенттік қуаты бар екен», – деп, оған келіншек алып беріпті. Жасы тоқсаннан асқан шалдың жас иіс құшып, бой суытар кезінде, даусы оқыс шығып кетіп барып, жан үзіпті дейді. Осыдан соң жүкті болған Найман шалдың жас тоқалынан туған жас баланың аты «Өкіреш» қойылыпты. Атасына көрсеткен сыйына сай ел Найман келініне «Есті келін» деп ат беріпті. Өкірештің жеңгесі (Найманның жалғыз ұлы Шыбартайдың әйелі) әлгі Өкіреш ержеткен соң, соған тиіпті.
180. [ Найман шалдан Сүгіршінің қалуы ]
(Х нұсқа) Найманнан Қытай би деген жалғыз ұл екен. Ол есейгенде Айшолпан деген қызды алып беріпті. Бірақ Қытай би жас өліп кетіп, Айшолпан жесір қалыпты. Арғынның көп баласы әмеңгерлікке аламыз деп таласқан екен. Айшолпан бір қошқарды жетектетіп, Арғын атаға келіпті. “Келін неге келіпті”, – деп Арғын кіші әйелінен сұраса: “Басына сауға сұрап келіпті”, – депті. “Ол не дегені?” – десе: “Не дегені болушы еді, мына балаларыңыз оны аламыз десіп зорланып жүріпті. «Соларды тоқтатса!» дейді екен”, – депті. Сонда Арғын ата ойланып кетіп: “Жетектеген қошқары несі?” десе, кіші әйелі тұрып: “Құр қолға бата жүрмейді” деген бұрынғылардың сөзі бар екен деп, өзіңізге ала келіпті”, – десе: “Олай болса, қалсын қошқары!” – депті. Сөйтіп, Айшолпан Арғын атасынан өз басының еркін алып, үйіне келген соң Найман атасын бағып-қағып жүре беріпті. Атасының сындырған дәретін көріп, оның әлде де бір тұқым қалдырарлық дәрмені барлығын сезген Айшолпан елімен ақылдасып, өз төркіні жақтан бір жас қызды алып беріпті. Ол әйелі сол жылы екіқабат болып, ұл туыпты. Найман шал бұны көріп, “Бір тұқым қалды ғой, Құдайға шүкіршілік” депті. Сонан ұлының атын Сүкірші қойыпты. Кейін ел «Сүгірші» атап кеткен екен. Осыдан соң Найман шал дүние салыпты.
181. [Найманның ұрпағы «Сүгірші» аталуы]
(ХІ нұсқа) Найман өз өмірінде үш әйел алыпты. Бәйбішесі көп жыл тумаған соң, тоқал алыпты. Одан Қытай туыпты. Жастай би болған соң «Қытай би» деп аталған екен. Осы баласы 16 жасқа келгенде келіншек алып, бір-екі жыл өткен соң бала көрмей, өліп кетіпті. Сонан соң әйелі Әлпеш бикеш атасы Найманға өз төркінінен тағы бір жас тоқал алып беріпті. Одан бір ұл туыпты. Атын Белгібай қойған екен. Осы кезде Арғынның балалары жесір келіншекті аламыз деп таласып жүрген екен. Әлпеш бір өлең шығарыпты:
Қойды елім ұлдың атын Белгібай деп,
Белгі боп атасынан қалды ғой деп.
Бағамын осы ұлды Әлпеш өзім,
«Құдайым тілегімді берді ғой!» – деп.
Тиемін ержеткен соң осы ұлға,
Ойлама, таласқандар, шерлі ғой деп...».
Келіннің ақылды, данышпан екенін көрген Найман шал қатты разы болып: «О, Тәңірім, берген ұлыңа да шүкір, оны күткен келінге де шүкір, осы шүкіршіліктен басқа айтарым жоқ. Шүкір, шүкір!..», – деген екен. Ұлы бір жасқа келер-келместе Найман шал дүние салыпты. Әлпеш айтқанына опа қылып, Белгібай ержеткенде: «Өз қолымда бақсам да – ата баласы», – деп, оған тиген екен, ұл туыпты. Оның атын атасы айтқандай «Шүкір» қойыпты, кейін ел жағынан «Сүгірші» атанып кетіпті.
182. [ Найманның баласы Белгібай немесе Сөгірше туралы аңыз ]
(ХІІ нұсқа) Найман атамыздың жалғыз баласы Тоқпан жиырма жасында қайтыс болып, жұбайы Ақсұлу жесір қалады. Атасы Найманның бәйбішесі де дүние салады. Үйсін Дәулет бидің Әлпеш деген қызын атасына алып береді. Сол кезде Ақсұлу Әлпешке «Қызеней» деп ат қояды, Қызенейді өзі тәрбиелейді. Қызеней бала көтеріп, күні жеткенде ұл табады. Ұлан-асыр ұлы той болады. Ақсұлу баланың атын «атамның белгісі» деп «Белгібай» қояды (шежіреде Белгібай емес, «Төленді»), кейіннен оған «Сөгірше» деген лақап ат тағылады.
183. [Бура, Көкжарлы туралы]
(І нұсқа) Арнауыттың бүкіл елге белгілі қасиетті «Шұбарат» деген аты болады. Аттың қолтығында және таңдайында қара қалы (белгісі) болады, бірақ оны Арнауыт байқамайды екен. Сүгірші жолдастарымен жолаушылап, Арнауыттың аулына келіп түссе, Шұбарат кермеде байлаулы тұрады. Сүгірші аттан түсісімен Шұбараттың белгісін жақсылап көріп алады.
Гүлбаршын ару қыз болса керек, әкесі Арнауытқа:
– Қонағың құтты да, тентек те, – деп, ескертіпті.
Сүгірші: «Құнан күнінде жоғалтқан Шұбарат – «менікі», – деп даулайды. Арнауыт би: «Бүтін ел біледі, құлын күнінен қолбала болып өскен», – деп көнбейді. Ақыры екеуі қазыға жүгінеді, қазы атты алдырып қарағанда, Сүгіршінің айтқан белгісі дұрыс болып, ат Сүгіршіге тиеді. Арнауытта ұл бала жоқ екен. Гүлбаршынды Сүгіршіге қоспақшы болады. Сүйтіп, Сүгіршінің Гүлбаршынға үйленуін осыған байланыстырады. Сонымен Сүгірші мен Гүлбаршын қосылған соң Наймантай, Төлек деген екі бала болады. Наймантайдан Бақана, Бақанас деген екі ұлы болады. Наймантай ертерек өліп, екі бала Саржомарттың тәрбиесінде болады. Саржомарт жолаушылап жүргенде екі бала өздерін «жетімбіз» деп санап, саудагер кірекештерге еріп, Түркістан кетеді. Арттарынан қуып барған Саржомарт Түркістан әкіміне Бақана үшін бір бура беріп, Бақанас үшін көк жал атын беріп, еліне алып қайтады. Арада біраз жылдар өткен соң өздеріне әкесі қойған аттары аталмай, Бақананы – «Бура» деп, Бақанасты – «Көкжарлы» деп аталып кеткен.
184.[Саржомарттың екі баланы қайтарып, олардың «Бура», «Көкжарлы» атануы]
(ІІ нұсқа) Бір жылы Саржомарт саудамен Бұхар, Ташкент, Хиуа жаққа кетеді. Келер күз салқын түсе келеді. Бұл аралықта Бақы мен Бақанас Сарының бұрынғы әйелі мен балаларынан қақпай көреді, күйістері кетеді. Ішсе асқа, кисе, киімге жарымайды. Ташкеннен келген сарт саудагерлер сауда жасап, қазақтардан көп мал жиып алады. Малын айдап бару үшін Бақы мен Бақанасты көндіріп, жалдап алады. Олар сартпен бірге кетіп қалады. Саржомарт жолаушылықтан келген соң балалардың жай-күйін сұрап, басқалардан біледі. Келер жылы Сармырза екі баланы іздеп, табады. Ташкент бегінің алдында жүгініске түсіп, екі баланы алып қайту қамына кіріседі. Бекке параға бір көк жал бесті арғымақ пен қара бура түйені сыйға беріп, Бақы мен Бақанасты алып келеді. Екі баланы Сармырза ерекше тәрбиелейді. Екі бала Сармырзаның малын бағып, жаз жауға, қыс жұтқа бермейді. Малдары бұрынғысынан да көбейе түседі. Бақы мен Бақанасты жастары 17-18-ге келген кезде екеуіне де толық жерден қыз айттырып, енші беріп, бөлек шығарып, екі ауыл етіп қоныстандырады. «Көкжал бесті арғымақ беріп алған, көкжалым!” – деп жүріп Бақы, кейіннен Көкжалдының орнына “Көкжарлы” атанады да, «қара бура беріп алған, бурам!” – деп жүріп Бақанас “Бура” атанады.
185. Бура, Көкжалды жайлы аңыз
(ІІІ нұсқа) Сарымырза бір жерде жолаушы жүргенде елін жау шауып әкетеді. Сонда Сарғалдақтың екі жетім баласы Ағалық пен Ерше көлде шомылып ойнап жүріп, қалып қояды. Балалар қайда барарын білмей, сандалып жүргенде ел қыдырып, сауда қып жүрген сарт сол жерге қонып, балаларды көріп, өзімен бірге алып кетеді. Сарымырза батыр жолдан келіп, елін түгендегенде інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше жоқ болып шығады. Іздестіріп, сұрастыра келгенде: «Пәлен жерде, бір сарттың қолында қазақтың екі жетім баласы тұр», – дегенді естіп, іздеп барса, өзінің інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше болып шығады. Екеуін екі кісі бала қылып, асырап отыр екен. Ағалықты асыраған кісіге өзінің азық артып барған бурасын беріп, Ершені асыраған кісіге қос ат қылып апарған көкжал айғырын беріп, алып қайтыпты.
Сондықтан Ағалық атын қалдырып «Бура» деп, Ерше деген атын қалдырып «Көкжалды» атандырған екен. Ақырында Көкжалдыны да қалдырып, «Көкжарлы» дейді.
186. Бура Найман
Найман деген малшының бір үйір түйесі болыпты. Түйелерінің ішінде адам алатын бурасы бар екен. Бірде кешкісін түйелерін жинап алайын деп барса, жылаған баланың даусын естиді. «Дауыс қайдан шығып жатыр», – деп жан-жағына қарайды. Бағанағы адам алатын бурасының өркешіне кереғапқа салынған бала байлап кетіпті. Дереу сол арада түйені шөгеріп, кереғапты алып қараса, балпанақтай ұл екен. Қуанғанынан баланы алдына ала салып, үйіне келеді.
– Бәйбіше, көктен бала түсті! – дейді. Екеуі баланы өсіріп жеткізеді. Содан «Бура Найман» деген ру пайда болыпты.
187. Төрт Төлегетай тармағы
Төлегетай алғашында Қылышты қожаның қойшысы екен. Ол таң атысымен бір қора қойды далаға өрістетіп, өзі бір төбешіктің басына шығып, тоғайдың көлеңкесінде салқындап жатады екен. Өрістегі ешкі-қойларды екі көк қасқыр қоса бағып-жайып, ит-құстан аман сақтап жүреді. Екі көк қасқыр Төлегетай атаның Құдай берген пірі болса керек. Оны көрген жұрт қайран қалады. Содан Төлегетайды әулие тұтады. Қылышты қожа Төлегетай әулиеге әйелдікке қызын беріпті. Ақырында Төлегетай бай болады, әр нәрсесі өзіне сай болады. Қылышты қожа артына қалдырған өсиетінде: «Құран-дұғаны өзінен бұрын Төлегетай әулиенің аруағына бағыштаңдар!» – деп тапсырады.
188. [Қылышты қожаның Төлегатайға қыз беруі]
Момынқожадан Сағынай (Найман). Сағынайдың жалғыз баласы болған. Ол аңшы [пен] қақпан, бүркіт салатын еді. Баласына аңшының қызын алып берген. Баланың бүркіті аң алмай, қапа болып аңнан келгесін, бүркітті жібермек болады.
Әйелі: «Бүркітті мен қайырамын, аңға шығатын күнді мен айтамын!» – дейді. Бала айтқан уақытына шыдамай аңға шығады. Әйелі: «Аңға жалғыз шықпаңыз, қасыңа кісі ертіңіз!» – дейді. Айтқанын орындамай, аңға шығады. Бүркіттің талпынғанына тыңдамай томағаны алып, жібереді. Аң таппай баланың өзіне түсіп, бала қаза табады. Тумаған жас келінді Ноғанай алмақ болады, келін күйеуі өлгесін Сағынайға қыз алып береді. Ол бір бала туады, оның атын келін «Төлекатай» деп қояды. Төлегатай он үшке келгесін келінге қосады. Ноғанайға жас келінді қосады. Төлегатай жеңгесін алғасын, онан екі бала туады: Ержомарт (Ертінді), Саржомарт. Екі балаға қарамастан зияратқа Түркістанға, онан Қорасан Қылыштыға келеді. Қылыштының он екі адам баққан қойын бір өзі бағады. Қылышты сыртынан байқаса, Төлегатай құмның басында құбылаға қарап зікір салып отырады. Құдықтан су науаға құйылып, қойлар бөлініп-бөлініп су ішіп, жайылып жүргенін көрді. Қылышты үйіне келіп: «Баланың дәрежесі менен артық келді, біз қызды берейік!» – деді. Бибісі оған көнбеді: «Қаңғырған балаға қыз беріп», – деді. Төлегатай оны біліп, наразы болды. Қыз оң жақ аяғын ала алмай ақсады. Қылышты сезді де, қызын Төлегатайға берді.
189. Төрт Төлегетай
(ХІІІ нұсқа) Шұбартай жастай өліп, келіншегі жастай қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары: “Мен аламын, мен аламын!” – деп таласқан көрінеді.
Сонда қатын:
– Мен атамның көзі тірісінде ешқайсыңа тимеймін, мына атамның бір атары бар шығар, – деп құрбы-құрдастарына жалынды дейді. Содан әлгілер малды аямай беріп, бір кедейдің қызын алып береді. Жұмыс үстінде Найман шал өкіріп өліп кетіпті дейді. Қыз шалдан екі қабат болып, ұл туады. Оның атын «Төлек атай» қойыпты. Шұбартайдың әйелі әлгі Төлекатайдың өсуін, ер жетуін күтіп, отырып қалыпты. Кейін соған тұрмысқа шығып, одан бала көтеріп, ақыры үбірлі-шүбірлі болады. Осы жерде: «Арғын алты ауыл болғанда, Найман жалғыз-ақ үй болып жүрген екен», – деген сөз ертеден айтылып келеді.
Төлекатай сол заманда жұрт аузында әулие атанған. Қылышқожаның қойын баққан. Қылышқожаның ұлы жоқ, жалғыз қызы болған екен. Қыздың жасы толып, бой жеткен соң сарт-сауанның байлары мал беріп, қызды балаларына алып бермек болады. Сол кезде Төлекатай өзімен бірге қой бағып жүргендерге:
– Бұл қазақ қатынсыз өлейін деп жүрсе, қожа қызын сартқа береді екен, – депті. Қойшылардың бұл сөзін естіген Қылыш қожа қарқ-қарқ күліп:
– Рас айтады, Шұбартайдың төлеуіне келген Төлекатайға қызымды бердім, – деп, қызын қосыпты.
Өр Найман, Қаракерей, Садыр, Матай – Төртуыл қожа қызынан туғандар екен. Баяғы сарғая күтіп отырған жеңгесін алып, одан бір ұл туып, оның атын Қытай қояды. Төлек атай Қылыш қожаның қызын алған соң бай болады, әр нәрсесі сай болады. Содан ол бір аста атын бәйгеге қосып, сол бәйгеден аты келіп, бір күңді беріпті. Күңге Төлекатайдың өзі аяғын салып, одан Сүгірші деген ұл туады. Олар өсе келе Сүгіршіні Қытай айбалтаның астына алып, өлімші етіп тастап кетеді. Сонда ел: “Бағанағы кәйтті, бағанағы кәйтті?” – деп жүріп, Сүгірші «Бағаналы» аталады. Бағаналы, Балталы аталған – солардың ұрпағы.
190. [Ақсұлу келіннің немересі Төлегетай]
(ХІҮ нұсқа) Найманның келіні Ақсұлуды Арғынның кіші баласы Сүйіндік деген әмеңгерлікке аламын деп мазалаған соң Ақсұлу: “Атамыз тұқымсыз кетіп, түтіні өшіп қала ма деп”, – деп атасының сарықға отырған жеріне барып көріп, «атама бір қыз айттырып әперейін» деп ойлайды да, Арғынның баласы Сүйіндікке: “Мен саған тимеймін!” – деп, оған әмеңгерлік жолын беріп, құтылады. Содан әкесі Дулат биге барып “Атама, бір қыз алып берсем бе деген оймен келдім, сізге айтып ақылдасайын деп келдім” деген соң әкесі Дулат би: “Балам, тілеуің дұрыс, дұғаң қабыл болсын, Аллаһу акбар!” деп батасын беріп қайтарған соң Үйсіннен өзі барып, қалың малын беріп қыз айттырып әкеледі. Қыз әкелсе, атасы Найман жатыр екен:
– Балам, мынау ертіп жүрген қызың кім? – деп сұрайды.
Сонда Ақсұлу атасына айтады:
– Бұл қыз енем әрі қызым, – деп, сонда ол қызға «Қызеней» деп ат қояды.
Сол уақытта атасына тоқтының құртын езіп беріп, тұмса туған түйенің сүтін қымыран қылып ашытып береді. Атасын солай тәрбиелейді екен. Сонымен молда алдырып, қыздың некесін қидырып, атасына қосқан. Сонымен Ақсұлу «Найманның әулие келіні» атанады. Содан Қызеней екіқабат болып, бір еркек бала табады. «Атамнан қалған белгі ғой!» – деп атын «Белгібай» қойған. Белгібайды өзі тәрбиелеп өсіріп, Белгібай он сегіз жасқа келгенде өзі отыз алты жасқа келіп еді. Молда алдырып өзі Белгібайға некеленеді. Әулие келін Белгібайға некеленген соң екіқабат болып бір еркек бала табады. Оның атын Сүйініш қояды. Сүйініштен Төлегетай туады. Төлегетайдан Қытай туады. Қытайдан: Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр – төртеу туып, Қытай отыз алты жасында қайтыс болады да, төрт ұл үлкен әкесі Төлегетайдың тәрбиесінде қалып, одан «Төрт Төлегетай» атанады.
191. Қызай руы
Қызайдың (Нұрбикенің) сіңлісі Күнбике мұрны үлкен болғандықтан «Мұрын» аталыпты. Ол кісі ұзатылған соң көп жыл бала көтермепті. Төркініне барып шешесіне (Үйсін Бәйдібек байдың тоқалы Домалақ енеге) айтқан екен. Шешесі:
– Менің барлық ақыл-пейілім апайыңа ауған. Сол апайыңа барып батасын ал! – депті.
Күнбике шешесінің айтқанын орындапты. Нұрбике сіңлісі Күнбике аттанарда, оның қалауы бойынша бір іш киімін беріпті. Мұрын разы болып, аттанған соң ұзап кеткенше Қызай оның артынан қарап тұрыпты. Мұрын артына бұрылып қарамай кете беріпті.
Сонда Қызай:
– Япыр-ай! Мына сіңлімнің артына бір қармай кеткен-ай! Оның ұрпағы енді менікінен көп болатын болды, – депті.
192. Ағарыстың ұрпақтары туралы
[Қызайға байланысыты аңыз] Ақсақалдың, асылы аты – Бәйдібек екен. Бәйдібек ел атасы болғандықтан, «Ақсақал» атаныпты. Оның бәйбішесінен 6 ұл туған екен. Кейін Бәйдібек қожа қызы «Домалақ ене» атанған кісіні тоқалдыққа алыпты. Домалақ енеден бір қыз туылыпты. Осы келіннің аяғы жаққандықтан, Ақсақалдың атасы Абақ жылқылы болған екен, Бәйдібек одан көп жылқыны енші алыпты. Кейін елден шауып алған жылқысымен қосылып, оның жылқысы өте молайған екен. Бір жылы жайлауға көшерде Бәйдібек Домалақ енені жұртқа тастап көшіп кетіпті. Жалғыз ғана кер биені сауып ішіп, жапан далада Домалақ ене қызымен екеуі күн кешіпті. Бір күндері Ақсақалдың жылқысын шабуға келген жаушылар жапан даладағы қосты көріп, қосқа бұрылады. Домалақ енеден Ақсақалдың қайда кеткенін сұрайды. Домалақ ене оларға: «Ақсақал қара жұртына мені тастап көшіп кеткен», – деп жөнін айтады. Жаушылар: «Біз Ақсақалдан кегімізді алғалы келдік. Шауып әкеткен жылқымызға бар жылқысын қосып қайтарып әкелгелі кетіп барамыз», – депті. Оларға көже жасап берген Домалақ ене: «Қайтқанда қара қосқа түсе кетіңдер, малдың сілекейін алып қалайын», – деген талабын айтыпты. Сүйтіп, бұл жортуылшылар сол жолы ақсақалдың сан мың жылқысын шауып қайтыпты. Жол жөнекей қара қосқа тағы келіпті. Малдың сілекейі үшін Домалақ ене қалың жылқының ішінен қара жал сары айғырды ұстап алған соң: «Ал, балалар, мал сілекейіне сары айғырды алып қалдым, сендерге разымын, жылқыларыңды айдап кете беріңдер!» – депті. Арадан неше күндер өткенде Ақсақалдың бәйбішеден туған алты ұлы шабындыға кеткен жылқысын қуалап осы араға келіпті. Домалақ ене оларға: «Балаларым, жарақтанған жауларың тым мықты көрінеді. Сендер қумай-ақ қойыңдар, мен жылқының түп қазығын ұстап қалдым, ол кісінесе барлық жылқың қайтып келеді. Жазым боласыңдар, соңынан қуалаушы болмаңдар!» – деп насихат айтады. Ашулы алты ұл бұл сөзге көнбей, жылқының соңынан қуып кетеді. Олар жол ортада қуып жетіп, жортуылшлармен сайысқа түседі. Қалың жортуылшы неден тайынсын, олар алты ұлдың алтауын да садақпен атып өлтіріп кетеді. Қуғыншыдан құтылған жортуылшылар бір түбекке барып емін-еркін дем алады. Бір күні таңертең Домалақ ене сары айғырды «күйт-күйт!» деп кісінетеді. Сары айғыр кісінегенде түбекте жатқан қалың жылқы оқыранып, қайыру бермей, алды-алдына қаша жөнеледі. Жортуылшылар тағалы тай да ұстай алмайды. Қуғыншыларды өлтіріп, мінді болған жортуылшылар жылқы соңына түспей, еліне қайтыпты. Ақсақал жылқысы шабындыға кеткенде үйінде жоқ екен. Кейін ауылына келсе, жылқысы жоқ, жылқыны қуған ұлдары жоқ болған соң, отыра алмай, жылқы ізімен жолға шығыпты. Жүре-жүре жапанда қалған қара қостың маңынан қалың жылқыны көріп, қосқа бұрылады. Домалақ ене оған болған ахуалды айтып береді: «Ұлдарың тілімді алмай кеткен. Жылқы келіп, олардың келмегеніне қарағанда, жауынан жазым тапқан болар», – дейді. Бәйдібек жылқы қайтқан жерге дейін іздеп барса, расында алты ұлы алты жерде сұлап қалыпты. Оларды жерлеп, қайта келген соң, Домалақ ененің шарапатты адам екеніне көзі жетіп, өзі атқа көтеріп мінгізіп, жылқысымен бірге көшіріп кеткен екен. Домалақ ене сол жылы екі қабат болыпты. Ол ай-күніне жетіп толғатып жатқанда, ұлдары өлген бәйбіше қатын іштарлықпен: «Сен секілді домалақтың тұқымын тұқым қылмай-ақ қойдым!» – деп, Домалақты ішке тепкен екен. Сөйтсе де Құдай сақтап, Домалақ ене босанып ұл туыпты. Бәйбішенің аяғы тигендіктен нәрестенің бас сүйегі жарқаштанып кеткен екен. Емсектер таңып, ем-дом жасапты. Ұлдың атын Жарықшақ қойыпты. Міне, осы Жарықшақ Бәйдібектің өсіп-өнген ұрпағы болыпты. Домалақ ененің қызын кейін алпысқа келген Шағыр алыпты. Аты Күнбүбі екен. «Қыз-ей, қыз-әй» деп жүріп, Қызай атанған екен. Шағырдың бұрынғы екі әйелінің бірінен 6 ұл туған екен. Олар кейін «Алты Шағыр» атанған ел болыпты.
1933. Семіз найман туралы аңыз
(І нұсқа) Қара Керейдің Ерторысының немере-шөберелері: Жаңбыршы, Қарамолда, Жанғолы, Меңдібай, Төбет. Осы бес адам аса семіз болып, «бес семіз атанып», рулары да «Семіз найман» атанып кетіпті. Семіз найман деген бір кісіге қойылған ат емес, осылардың барлығын «семіз найман» деп атап кеткен.
194. Семіз найман
(ІІ нұсқа) Байсыйық (Байсымақ) атамыз көкпаршы болып, орта жүздің бір тойында тақымынан лақты тартып ала алмапты. Сонда, Арғынның бір дуалы ауызды адамы: «Мына семіз Найманың кім, бәрің жүріп лақты тақымынан тартып алмадыңдар ғой!» – депті. Содан “Семіз” Найман атанып кетіпті.
195. «Тоғыз таңбалы найман»
(ХҮ нұсқа) Найман атамыз Арғын, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақпен бірге туысқан алты ағайынды болып, бұларды «Алты арыс» деп атайды екен. Найманның Қытай би деген ұлы жастай дүние салады. Жаңа түскен жас келіншегі желегі желбіреген күйі жесір қалады. Жас келіншекті Арғынның балалары: «әмеңгерлікке аламыз» деп жігінеді. Келіншек Найман атасының ұрпақсыз кетпеуін ойлап, бидің алдына жүгініп, арыз айтады:
– Мен Найман атама қатын алып беріп, одан туған балаға (қайныма) өзім тиіп, атамнан ұрпақ қалдырамын!» – дейді.
Жас келіншектің бұл тілегін билер қабыл алады. Сонымен келіні Найман атасына қыз әпереді. Одан туған баланың атын Сүгірші қояды. Ержеткен соң оған өзі тиіп, одан талай ұрпақ көреді. Сонда да Найманға қарағанда, Арғынның ұрпағы көп болған екен. Қазақта «Арғын алпыс отау болғанда, Найман әрең алты отау болыпты» деген сөз, міне, осыдан қалыпты. Найманның баласы Сүгіршіден Көкжал, Төлегатай, Терістаңбалы, Сарыжомарт, Ергенекті, Бура, Бағаналы, Қожамбет, Жарболды деген тоғыз ұл туған. Бұларды «Тоғыз таңбалы найман» деп атайды.
196. «Тоғыз таңбалы Найман»
(ХҮІ нұсқа) Найман екі қатын алып одан бала болмапты. Бала көрем бе деп көп жасын өткізген соң тағы бір әйел алыпты. Одан бір ұл туған екен, атын Қытай қойыпты. Ол он алтыға келгенде үйлендіріп әйел алып беріпті, әрі сол жылы ақ кигізге отырғызып би етіп көтерген екен. Сонымен «Қытай би» атаныпты. Ол он сегіз жасқа келгенде ауырып өліп кетіп, әйелі жас қапты. Найманмен бір туған Арғын өзі кедей болғанымен 8-9 ұлы бар, басқа бай екен. Оның ұлдары Найманбайдың жесір келінін аламыз деп талас тудырыпты. Жесір келін оларға тимейтіндігін білдірсе де, олар: «Мен алам, мен алам!» – десіп, өзара соғыс тудырыпты. Сонда Найман шал зар жылап: «Басынғаны-ай, мына тобырлардың!» – деп назаланып кеткен екен, мұны көрген Арғын балаларына насихат айтып, жесірге таласын тоқтатқызыпты. Сонда Найманның келіні түс көріп, ол түсін «сәуе» көрдім деп былай айтады: «Менің көрген сәуеме қарағанда, үлкен атаның ұлдары: «біз сегіз боламыз» деп көптігін көрсетпекші болады. Мен атама тағы бір әйел алып беріп, содан туған ұл ержеткенше ергеншегіме күзет қойып сақтаймын да, сонан сол ұлға тиіп, атамның ұрпағын тоғызға жеткізем, соғанға дейін ешқайда кетпеймін». Жесір келін шынында да атасына ақыл айтып, оның күтімін жақсылайды, кейін өз төркінінен бір жас қызды алып береді. «Шалекең алмай, мал екең алады» деген сөз осыдан шыққан дейді. Найман шалдың жас әйелі бір жыл өтісімен жүкті болып, ұл туады. Найман шал қуанғанынан: «А, Құдай, ұл бергенге шүкір, шүкіршілік қылайын бұған да!» – деп өкіріп кеткен екен. Елдің Найманды «Өкіреш Найман» деуі де осыдан екен. Бірақ кейбіреулер руларара қағысу-түртісудің салдарынан, Найманды жас әйелімен қосылғанда өкіріп кетіп өлгендіктен: «Өкіреш найман» деген екен десіп, сылтың қылады. Бұл дұрыс емес. Найман осы баласына шүкіршілік еткендігі үшін атын «Шүкір» деп қояды. Баласы жасқа толып талпынғанда, әр күні алдына алып «әлдилейді» екен. Сонда:
«Әлди-әлди, шүкірші,
Қаз-қаз басып жүгірші.
Әбиір беріп атаңа,
Қаңқу сөзден құтылшы...
Әлди-әлди, Шүкірім,
Бәйгеге қосқан үкілім.
Тәңірім саған жар болсын,
Өркен жайсын тұқымың...» –
деп ыстық ықылас білдіріпті. Міне, осы Шүкір кейін ел жағынан «Шүкірші» атала жүріп барып: «Сүгірші» делінетін болған. Ол ержетіп есейген кезде Қытай биден қалған келіні оған некеленіп, одан бір ұл туады. Ұлдың атын Құрманбай қояды. Бұл әйел осыдан кейін бала таппаған соң, тағы бір әйел алып береді. Сүгіршінің бұл әйелінен 8 ұл туады. Бұларды: Терстаңбалы, Бағаналы, Қожамбет, Саржомарт, Бура, Жарболды, Көкжарлы, Ергенекті деп атайды. Сонымен, Құрманбаймен қосылып «Тоғыз таңбалы Найман» аталады.
197. Теріс таңбалы найман руы
(І нұсқа) “Теріс таңбалы” атамыздың әкесі Сүйініш барлық інілеріне әділ, ел ортасында беделді адам болған екен. Інілерінің кенжелері Көкжарлы, Бура Сүйінішке: «Бәріміздің еншімізді әділ бөлдіңіз, сіздің құрметіңізге келіп жататын сыйлық малы мол, сол үшін малыңызға өзгеше таңба салыңыз. Бізде мал таусылса, сізден ала береміз ғой! – деген екен. Содан Сүйініш жылқыларына теріс таңба салады. “Теріс таңбалы Найман” деген атау осыдан шыққан деседі.
198. Терістаңбалы найман туралы аңыз
(ІІ нұсқа) Терістаңбалы атанатын найман – осы Ақтана тұқымы. Оның себебі Ақтана мырзаның малы аса көп болып, малының есебіне жете алмай, танымағандықтан малын әркім пайдаланып кете бергенін өзі танымайтын болыпты. Сонда әкесі Ақтанбай мырзаға айтыпты: «Сен, балам, малыңа ерекше артық, теріс жағынан таңба салсаң, малыңды кім болса, сол таниды», депті. Сонымен теріс жағына таңба салып, «Терістаңбалы» атаныпты. Және осы Терістаңбалы Найманның ноқта ағасы атанады. Сүгірші өзін күтіп, тиемін деп отырған жеңге алған әйелінен туады. Үлкен болған соң, «ноқта ағасы» деп кеткен.
199. Қаракерей руы
...Қазақ пен қалмақтың соғысы кезінде 100-дей жасақ жинап, оны жас, қайратты жігіт Ақбелбеу басқарады. Соғыс алма кезек жеңіспен аяқталып отырады. Кешке қарай демалуға сайды өрлеп, үлкен шатқалдың ішіне ене бергенде, жау алдын-ала жасырынып жатқан екен. Ақбелбеудің адамдары қоршауда қалғанын сезіп саса бастайды. Қалмақтар қуанып, өзінің көптігіне сеніп, қыспаққа алады. Сонда Ақбелбеу өзінің жігіттеріне қоршауды бұзу үшін, бала кезінен садақ тартып жүрген жолдастарына: “Нар тәуекел – бізді құтқаратын жол, оқты қарша боратып қоршауды бұзу керек”, – дейді. Содан, қарамағындағы жігіттері, садақты қарша боратып атқылайды, қалмақтар сасады. Олардың ойы өздерінің көптігіне сенгені және сайдың ішінен ешқайда қаша алмайды деген жоспар-ойы іске, аспай өздері көп садақтың оғынан қырылып, алдынан жол ашады. Содан Ақбелбеуліктер аман-есен құтылады. Осы ерлігі үшін ақсақалдар қуанышты той жасап: “Сені оқты жаңбырша боратқаның үшін және еліңді аман құтқарғаның үшін халқың «Жаңбыршы батыр» деп атайды”, – депті. Содан Ақбелбеу атамыз «Жаңбыршы» болып аталып кеткен.
200. Байжігіт – «Бес байыстың бірі»
Сайбек ханның елін қалмақ шауып, содан жерінен ауып көшіп келе жатып, әз-Жәнібек ханның қорығына келіп, білмей қонып қалады. “Рұқсатсыз ханның жеріне қонған қандай адам ажалына “серік” болған. Қазір біз ханға алып барамыз. Хан бастарыңды алады”, – деп әскерлер ажыраңдаған соң: “Елімізді қалмақ шауып, жерімізден ауған мүсәпір адамдармыз. Қарақтарым, келіңдер, бізге қамқорлық қылыңдар. Үйге түсіп тамақ ішіңдер. Дастарханнан үлкен ешнәрсе жоқ”, – деп жалынып-жалбарынып үйге түсіріп, қатты құрмет көрсетіп, жағдайын айтқан соң, әскерлер қаһарланғанын қойып, қайтпақ болған соң, шеріктердің қасына кісі қосып ханды қонаққа шақырады. “Келіп қонақ болып, дәм татып қайтуын төменшілікпен өтінеміз» дегенді айтып кісі жібергеннен кейін Жұпар ханым айтады еріне (Сайбекке): “Хан алды тар, қаһарлы келеді ғой, сен үйде тұрмай, далаға аң аулап кетіп қал! Ханды балаларымызбен бірге қарсы алып күтеміз”. Сайбек аттанып кетіп қалады. Артынан кешікпей әз-Жәнібек хан нөкерлерін ертіп келе жатқанда Сайбектің 30 ұлы біркелкі болып алдынан шығып, тағзым етіп қарсы алып, үйге түсіреді. Хан да жылы жүзбен аман-сәлем қылып, отырған соң бәйбішеден жағдайды егжей-тегжейлі сұрап түсінеді де:
– Мына жүрген көп жас өспірім бозбала жігіттер кім?” – деп сұрайды.
Бәйбіше:
– Бәрі де өз балам, 30 ұлым бар”, – дейді. Сонда хан:
– Ойпырым-ау, 30 ұлдың бәрі де өзіңнен бе?” – дейді. Сонда: «15-і өзімнен, 15-і кіші әйелден» дегенді айтады.
Сонда Жәнібек хан:
– Өзіңіз сонша кемеңгер бәйбіше көрінесіз, қалайша үйіңізге тоқал алдырғансыз? – дейді.
– Қатын да бақ болмайды ер қорыған,
Хан да ақыл болмайды жер қорыған.
Кеңшіліктен кемшілік болмас деген,
Тараң болса, таймайды кім жолынан.
Алдырмасаң, 15 ұл қайдан келер,
Әркім зиян шекпей ме өз сорынан, –
деп бәйбіше өстіп өлеңмен жауап берген соң, әз-Жәнібек хан жеңіліп:
– Бәйбіше, осы қорық сіздікі болсын. «Жұпар қорығы» атансын», – деп, рұқсат еткен екен.
Сол жерге мекен-жай салып, мекендеген шарасынан асып-толып тұрғанда Сайбек те, Жұпар ханым да қайтыс болды. Елін тағы да қалмақ шауып, 30 ұлдың көпшілігі өліп, тұтқындалып, тірідей қолға түсіп кетеді де, содан Қойшаға, Толымқожа, Тоқтарқожа деген үшеу қалды. Қойшаға Қызай-Матайға кетіп, Толымқожа Керейдегі Жәнібектің еліне барып тиянақтайды. Сол Жәнтекей ішінде өсіп-өніп, Меркіт деген тап атанып, 12 Абақ керейдің біреуі болып кеткен. Ал енді, үшінші – Тоқтарқожа Байыс бабамыздың қолына келіп, бала болып тұрып, Байыстың жылқысын бағады. Өзі күннің есебін айыратын есепші, сәуегей адам екен. Бір жылы Байыс бабаға: “Биыл алдымыздағы келер қыс қатты болады. Елдің малы ақ сүйек болып жұтайтын болады. Сол үшін сіз осы бастан сиыр, түйе, қойдың қыстайтын жерінен үш түлік малды қамағанда сиып тұратындай етіп шымнан қора салдырыңыз. Қысқа салым жер таусылып, елдің малы жұтай бастағанда өзіңіздің үш түлік малыңызды осы шым қораға қамасаңыз, ашыққан мал шым қораны жеп те бітірер, сонда қар да кетер. Сонымен сіздің малыңыз аман қалар. Әйтпесе, мал көп жұтқа шалдығар! Бойдақ қойыңызды соғым уағында қырғызып, етін қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыға деп елге үлестіріп жіберіңіз. Ал мен жылқыны жылы жаққа айдап, қыстан шығарудың қамын ойлаймын дейді. Қызыл қозы деген қойдың ішіндегі жазғытұрым туатын қозыны айтады. Күз айналып, тоқты болып, енесінен айыратын уақытта жиып алатын болады. Сонымен, Байыс бай жылқышысы Тоқтарқожаның тілін алып жаздай мал қыстайтын жерден қараған, тобылғы араластырып шымнан қора салғызыпты. Енді күз болып, қар жауар алдында Байыста 2 мыңнан астам жылқы бар екен, соны қостап отарға шығарады. Бірнеше жылқышыға Тоқтарқожа бас жылқышы болып жылқыны айдап кетеді. Сонымен күз жаңбырлы, қыс қатты болып ертеден малдың сұрқын кетіре бастайды. Сонда Байыс байда 2 мыңнан артық бойдақ қой бар екен. Соғым уақытында бәрін қырғызып, қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыдан келер күздегі мизам (қыркүйек) айында жинап алатын болып елге таратып жібереді. Қалған үш түлік малды бағып, қыстан аман алып шығудың әрекетімен шұғылданады. Қыс керемет қатты болып, мұз жауып, ел жұтай бастайды. Байыстың да жерінің шөбі таусылып, жайылым болмай қалған соң үш тәулік малды шым қораға қамайды. Ашыққан мал шым қораны жеп бітіруге айналғанда күн жылынып, қар да кете бастайды. Байыстың қойы да, түйе, сиыры – үш түлік малы қыстан аман шығады. Басқа елдің малы жұтайды. Күн жылынып, көк шығып, жетіліп шөп қарабас шалғын болады, ел жайлауға [шығатын] уақыт тақайды, жылқыдан әлі хабар жоқ. Байыс бай күнде дөң басына шығып қарап отырады екен. Бір күні жылқының кеткен жағынан мұнарланған шаң көрінеді. Сонда Байыстың Мақта деген жас қызы әкесінің қасында ойнап жүр екен. “Балам, осынау біздің жылқының кеткен бетінен көп мал айдағанға ұқсаған мұнар шаң көрінеді. Көзің өткір ғой, қарашы!” – дейді. Мақта қыз қарап отырады да: “Ата, көп мал айдаған келеді”, – депті. “Е, балам осы біздің жылқы-ақ болар. Тағы да қарашы!” –дейді. Мақта қыз қарап отырып: “Ата, көп жылқы айдаған келеді. Жылқыдан қосар ат жетектеген біреу озып шықты”, – дейді де тағы да қарап отырып: “Ата, Тоқтарқожа ат жетектеп келе жатқанын таныдым”, – дейді. Сонда Байыс бай ішін тартып: “Осыдан жылқы аман келсе, осы Мақтамды Тоқтарқожаға беремін!” – деп ойлайды. Сонымен Тоқтарқожа бір атты ыңыршақтап алып, дөң басында отырған Байыс байға сәлем береді де:
– Жылқыны күзде айдап кеткеннен бастап желе көшіп қонып отырдық. Қонған жерімізге долана қазықты қағып отырдық. Қазық бармайтын жерге тоң жерлерге тоқтамадық. Сонда барып Тоқта тауына барсақ, жаңбыр жаумаған, жері құрғақ, қысы жақсы жер екен. Сол жерге қыстап шықтық. Жабағы шолақ болып шықты. Тағалы тайымыз арықтап өліп, шығын болған жоқ. Жылқы аман. Көшейік деген кезімізде бие қауырт құлындап қалып, одан биені тегіс құлындатып, құлыны қарақұлақ болған соң көштік. Кешеуілдеген жайымыз – сол, – деп жөнін айтып, аттарын байлап, торсықтарын түсіргенше Байыс бай үйге жіті басып кіріп, бәйбішесіне айтады: “Мына үйдің босағасына сеңсең тасташы!” – деп. Солай деудің себебі, ол уақыттағы салт бойынша күйеу болатын жігітке отыратын жеріне сеңсең тастайды екен. Бәйбіше ақсақалдың айтуы бойынша босағаға сеңсең тастағанда, Тоқтарожа келіп, сол сеңсеңге отыра кетеді. Сөйтіп, Мақта бойжеткен соң басына отау тұрғызып, Тоқтарқожаға береді. Алдына енші мал салып беріп, бөлек ауыл қондырады.
Мақта апайдан Байжігіт, Жанжігіт деген екі ұл туады. Бұл екі ұл ержетіп, ат жалын тартып мінуге айналған соң, Тоқтарқожа дастархан үстінде отырып: “Ер туған жеріне, ит тойған жеріне” деген бар, біз енді елге қайтайық, көшейік. Балаларға ел-жұртымды таныстырайын дегенді айтады. Оған Мақта апай көніңкіремей:
– Көрмеген, білмеген елге қайдан көшіп барамыз? Бұл жерден не зиян көрдің? Жалғыз басың келіп едің, төрт адам болдың, басыңа үй тұрғызып, бауырыңа қазан астың, алдыңа мал салып, бөлек ауыл болдың, Құдайға шүкір, көшпейміз!” – дейді.
– Ендеше, екі баламды алып өзі кетемін, бармасаң өзің қал. Балалардың киім-кешегін түгендеп кигіз! Және жолай жейтін азық-түлік сал қоржын толтырып, – дейді Тоқтарқожа.
Сонымен Тоқтарқожа екі ұлын ертіп келе жатса, май айында таудың басындағы қар бұзылып, еріп екі жағындағы жар көрінбей, қатты тасып жатқан бір үлкен өзенге кез болады. Бұрынғы өткелді тауып, Тоқтарқожа мен Жанжігіт аттарын суға салып жіберіп ар жаққа малти өтіп шыққанда, Байжігіт өтпей тұрып қалады. “Өт, өт, неге тұрып қалдың?” деген екен олар ар жақта тұрып айқайлап. “Мен өтпеймін, нағашыма барамын және шешемді тастап кетпеймін. Қош болыңдар!” – деп айтады да, кері қайтады.
Байжігітті Байыс қарсы алып, қайтып келгенін қатты құрмет қылып:
– «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген, сені ана ұлдарымнан артық көрмесем, кем көрмеймін , – деп, ұлдарына:
– Байжігітімді қақпай қылмаңдар, сендермен бірдей өсіремін! – дегенді айтып, ықыласын берген екен. Сондықтан Байжігіт елі «Бес Байыстың біріміз» дейтіні осыдан дейді.
201. Ақнайман туралы ел аузында ертегі-аңыз
Жолымбет жолаушылап әлде базарлап Ташкент қаласына барады, сол жерде бір сотталып кеткен өзбектің жесір әйелімен көңіл қосып, әйел ұл туып, атын Қуансейіт қояды. Бала 5 жасқа толған соң баланы алып Жолымбет елге келеді. Қуансейіт ұзын бойлы ат жақты, аққұба батыр тұлғалы көрнекті жігіт болып өседі. Бұған сүйсінген елдің ақсақалдары «Ақ найман» деп атаған. Жүре келе Қуансейіт аты аталмай, лақап атымен «Ақ найман» деп аталып кетіп еді делінген.
202. [Қаптағайдың бүкіл Матайға ұран болғаны]
Найманнан тарайтын төрт Төлегатайдың бірі Матайдан 3 бала туған. Олар: Келдәулет, Дүзжігіт, Кенже деп аталады. Бұларды «Үш матай» деп те атайды. Матай көп жас жасап, Кенженің қолында тұрған екен. Бір күні Келдәулеттің ауылына барғысы келіп, атқа мінеді. Аталарының келе жатқанын көрген Келдәулеттің балалары дереу ақылдасып: «Біріміз ат байлайық, біріміз атамызды аттан түсіріп сүйемелдейік, біріміз төрге көрпе салып, беліне жастық қояйық» ,– деседі де, айтқандарындай істейді.
Бұған разы болған Матай шал:
– Ата көрген аңғарлы азамат екенсіңдер, кейін аталықты адам болады екенсіңдер, – деп ыстық ықылас білдіріпті. Осыдан кейін Келдәулет «Аталық» атаныпты. Матай шал Дүзжігіттің ауылына барғанда, оның балалары:
– Атамды мен түсіремін, – деп арт-артынан келіп қаптаған екен. Мұны көрген Матай шал:
– Атаң келсе, қаптағайсың, жалқауланып жатпағайсың! – депті. Сонымен Дүзжігіт «Қаптағай» атаныпты. Кейін осы Қаптағай бүкіл Матайға, тіпті, тұтас Найманға ұран болған екен.
Ү. ҚОҢЫРАТ ТАЙПАСЫ
203. [Қоңырат елі]
Қиян нәсілінен бір кісі бар еді, оның үш ұлы болды. Үлкені – Жорлық мерген, екіншісі – Қабай шере, үшіншісі – Табұдай. Жорлық Қабай шеремен ұрысып қалды. Жорлық жағын алып, көздей бастап еді, Қабай шере басын аттың жалына жасырып, бұғып қалды. Бір кезде басын көтерді. Жорлық інісін аяп, бірақ қорқытайын деп, оның құлағындағы қалқасын көздеді. Оқ қалқаны тесіп өтті. Жорлық мергеннің Қоңырат атты ұлы бар еді, барша қоңырат елі соның нәсілінен шықты.
204. Қоңырат туралы аңыз
Бекарыстың төрт баласы болады: Арғын, Қыпшақ, Тарақты, Найман. Тарақты үлкен үйде қалады. Ол кіші бала, сондықтан оны «Ноқта ағасы Тарақты» деп атайды. Арғынға, Қыпшаққа енші беріп бөлек шығарады. Ал Найманға жалғыз өзін бөліп, енші береді. Найман Жошы ханның баласы – Жолбарыс ханға арыз етеді. Онда былай дейді: «Туысқаным, мені әкем жалғыз шығарды. Маған қарашыңыздың біреуін еншілес қылып берсеңіз?» Сонда Жолбарыс хан айтты: «Мен 11 жасар күнімде әкем Жошы хан Қызылбастың еліне аттанды. Ол кезде Қызылбасты «Апашы» деп атаушы еді. Сонда әкем мені «жол көрсін, жұртын танысын» деп, ала барған еді. Қысқасы, Жошы қызылбастың елін шауып, малдарын алып, 15 адамын байлап алып қайтты. Елге келгесін: «Баламның бірге шыққан сапары қайырлы болды», – деп, елге келгенсін той қылып, бәйге шаптырмақ болды. Бәйгеге 306 ат жиналған. Сол кезде алыстан бір шаң шықты. «Не шаң?» деп жұрт қарап тұрса, шаңның ішінен қоңыр аты бар бір адам болуы керек, сол келіп топқа қосылды. Қарттар: «Қайдан келесің, кім боласың?» деп сұрады. Ол айтты: «Қызылбастан келем, ханға арызым бар», – деді. Ханға келіп жолықты. «Қайдан келесің?» – деп жөн сұрағанда: «Қызылбастан келемін, өз атым – Менкеншөп Раязал баласы. Келген себебім Жошы хан бәйге қылып жатыр деп естідім. Сол бәйгеге атымды қоспаққа келдім. Мына шартпен қосамын: әгар менің атым озса, бәйгеге не беретін болсаңыз да, менің 15 адамымды босатып беріңіз, соның ішінде төртеуі – жақыным. Егер атым озбаса, 16-құл қылып, ең ауыр қызмет істейтін орынға жұмсауға ризамын. Бұған хан да, халық та риза болып, ант қылып атын қоспақшы болды. Сонымен 307 ат болып жарысқа шықты. Мерзімді жерге барып, атты қатар тұрғызып, аттарын шабысқа жөнелтті. Сол кезде аттың бәрі алға қарай шаба жөнелгенде Менкеншөп баяу шауып, артта қалды. Бірақ тиісті жерге жете бергенде оның аты оза бастайды. Сонда Менкеншөп айтты:
Тұлпардан тер шыққанша,
Жабыдан жан шығар, –
деп, атын тежеп, орта келе барғанда қатты шабысқа салды. Аттың өкімдігімен алда шықты. Сонымен Менкеншөп озып, жақындағанда халық: «Қай ат озып келді?» деп шуылдасты. Көпшілік: «Қоңырат келе жатыр» деді. Аты озып келгенсін атам уәдесін орындап, он бес адамын мал-мүлкімен қайтармақшы болды. Менкеншөп өзінің қызылбастығын жасырып, астындағы атын орай қылып шабады. Адамын босатқансын атам Қоңыратқа айтты: «Саған сансыған жұрттан сан тимесін, менің қырық жігітімнің бірі бол!» – деді. Менкеншөп мұны қабыл алып, адамын елге жіберіп, өзі атама нөкер болып қалды. Атам өлгенсін мен патша болдым, бұл маған да өте жақсы қызмет істеді. Сол айтқан жігітім мына қарсы алдыңда отырған, дыбысы өте алал, сенімді болған үшін саған еншілес қылып бердім! Бұрынғы шын аты – Менкеншөп, қазіргі лақап аты – Қоңырат». Сонда Найман: «Алдияр тақсыр, ханым, құлдық басы», – деп, Қоңыратты ұстап үйіне алып келді. Үш арыстың баласын жинап, боз бие сойып, той жасап: Мына Қоңырат – інім», – деп, көптің ішінде асық жілік ұстатып, еншілес қылды.
205. Орта жүздің бір атасы Қоңырат туралы мағлұмат
Орта жүздің бір баласы – Қоңырат. Қоңыраттар Шыңғысханның жорығына қатты қарсылық білдірді. Содан «Қоңырат» дегенді өлтіре берді. Солай бола тұрса да, қоңыраттың бір қызын алады. Ол кісі 7 жасар Мейрамды (інісі) сандыққа салып жасырып жүреді. Шыңғысханның бір көңілді кезді пайдаланып: «Сіз үлкен қателестіңіз, өзіңіз қайынсыз, балаңыз нағышысыз, әйеліңіз, мен төркінсіз қалдық”, – деген екен. Сонда “Қоңыраттан ұрпақ болса, Алатаудан асыра көтерер ем!” – деген екен. Қоңыраттың «Алатаулап» ұран шақыратыны содан қалған екен. Сонда сандықтағы Мейрамды шығарып көрсеткен екен. Мейрамды өзіне бас уәзір етіп алады.
Кейін Мейрамнан – Қызылсопы, одан Ұзынсопы туады.
206. «Алатау» аты қалай шықты?
Жиенәлі он үш-он төрт жастардағы бозбала шағында салт бойынша нағашысының ауылына қыдырып барады. Нағашылары Божбан руының бақуатты, бас көтерер азаматтары болады. Қалмақтардың қайта-қайта шабуылдап, тыныштық бермей жүрген кездері. Ала тайға мініп барған жиен қонған алғашқы түні қалмақтар ауылға шауып, божбандардың қалың жылқысын айдап кетеді. Жиенәлі таңертең тұрғанында ауылда атқамінер азаматтардың қалмағанын көреді. Сұрастыра жүріп, жылқы барымталған жаудың соңынан қуып кетіпті. Желіде тұрған тайына жайдақ міне шапқан Жиенәлі жаудың соңынан қуа жөнеледі. Нағашылары қалмақтармен шайқасып жатқан жерге де көп ұзамай жетеді. Қалмақтардың саны басымдау екен. Төбенің басында қасындағы нөкерлерімен қолбасысы бақылап тұрады. Жиенәлі ұрандатып ұрысқа енгеннен соң қалмақ біткен тым-тырақай, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Төбе басындағы қолбасы қашып келген қалмақтардан: “Тайға мінген баладан неге сонша үріктіңдер?” – дегенде: “Бала емес, таудан көшкен селдей болды ол бізге. Таптап кете ме деп қорықтық”, – деп біреулері уәж айтса, екіншілері: “Алатаудан көшкен селдей болды. Өзінің екі иығында екі жолбарыс бар”, – дегенді айтты. Қолбасы жасағының бұл сөзіне тоқтап, “Бұл – қазақтың болайын деп тұрған батыры. Алатаудай тұлғасы бар екен. Малды тастап қайтыңдар!” деген екен. “Алатау батыр” аты осылайша пайда болған деседі.
207. [Қылбелбеу]
Жалпы Жаманбайдың бес баласын «Қылбелбеу – Құрбан» деп атайды. Қылбелбеу деп отырғанымыз – Сырман, Ноғай, Таңатар, Мәмбет. Төртеуі де батыр, барымташы, оның үстіне заман сондай, бала-шағаны асырау керек дегендей, сыртқа шықса мал жетектеп қайтатын өнерлері болған екен. Сондықтан да белдерінен қыл арқан түспепті. Осыдан төртеуі «Қылбелбеу» атанып кеткен.
208. [Көтен атануы туралы]
(І нұсқа) Құрбан әулие кісі болған. Ұрлық пен зорлықты жаны сүймеген. Адал, таза жан екен. Ағаларының ұрлықтарын беттеріне басып, қойыңдар деп талай айтады. Бірақ олар көне қоймаған. Құрбан енді олардың ұрлығын қойдырамын деп, қоңсы-қолаңдарға да айтатын болған. Ағайындылар қанша қорқытқанымен, Құрбан оларды әшкерелеуден қайтпаған. Бірде төртеуі сырттан біраз мал айдап келеді де, тоғайға әкеп жасырып қояды. Артынан қуғыншылар іздеп келеді. Ағайынды төртеуі Құрбан айтып қояды деп, Құрбанды киізге орап, жүктің арасына жиып қойған екен. Құрбан сонда да қуғыншыларға ағаларының жасаған ұрлығын айтып қойыпты. Содан төртеуі Құрбанды сол киізге ораулы күйінде тұншықтырып өлтірмек болады. Сонда Құрбан айтады: “Сендер менің қанымды мойындарыңа жүктеп, босқа күнәһар болмаңдар, дұрысы, мен өз жөніммен кетейін”, – дейді. Құрбан еншісіне тиген қазан-аяғын, қақпан мен балық ұстайтын торын, балтасын алып осы Балтакөлге барыпты дейді. Сонда балық аулап, құс ұстап күнін көріп жүреді. Бірде көл жағасында үсті-басы шоқпыт-шоқпыт мүсәпір әйелді көреді. Әуелі қорқып жүреді, кейін қаңғып жүрген бейшара екенін түсініп, тілдеседі, мәмілеге келеді. Бұл да болса Құдайдың жібергені шығар деп, үйленеді. Ескі көз қариялар Құрбанның кемпірін жалғыздық пен қорқыныштың салдарынан атының да, руының да кім екенін білмейтін мүсәпір жан болған, уәжден ұтылып бара жатқандар Құрбанның балаларына алдымен: “Нағашыларыңның кім екенін біліп алыңдар!” – деп тиісетін дейді. Құрбанның бұл әйелінен Киікші, Тіней, Сасық, Жары, Жартыбас туады. Киікші туғанда қақпанға киік түскен екен, «бұл балам киікші, аңшы болады екен» деп, атын Киікші қойыпты. Ал Жары, Жартыбас қоюының мәнісі: “мендей сорлыға жарым-жартылай бақыт та жетеді” деп, шүкіршілік қылуынан деп түсіндіреді. Сасық – бұл да сол ырыммен қойылған ат. Құрбан тоқсанға келгенде Киікші әкесіне жас келіншек әпереді. Ол жүкті болғанда: “Тоқсанға келген шалда не қауқар бар, бала көлденең өткен көк аттыдан шығар?!” – деген сыпсың әңгіме шығады. Мұны шал да естіп жүреді. Әйел босанарда айтады: “Баланың құйрығын көріңдер, менікі болса көтенінің жиегі болмайды”, – дейді. Шалдың айтқанындай, бала көтені жиексіз туылады. Содан «Көтен» атанып кетеді.
209. [«Құйысқансыз» атанып жүрген Қожамберді туралы]
«Құйысқансыз» атанып жүрген – Қожамберді. Осыған байланысты мынадай аңыз бар. Құдайберді Қанымкүл деген қарындасын көрші жатқан Қаракерей найман Есбайдың баласы Жантуға берген. Қанымкүл құрсақ көтермеген. Сосын ағасының баласы Аманбайды тәрбиелеп алады. Аманбай ер жетеді. Жанту оны өз баласындай бағып-қағып өсіреді, үйлендіреді, одан Қожамберді туады. Көп ұзамай Аманбай қайтыс болады. Жетім қалған Қожамбердіні Қанымкүл бетінен қақпай өсіреді. Ол ірі, батыр тұлғалы болып ер жетеді. Қанымкүл оған сол өңірге белгілі бір байдың қызын алып береді. Одан Шоқай, Шонық, Сарымсақ, Ақбадырақ туады. Бір көкпарда Қожамберді қарсы келгенін тізеден қағып аударып кете береді, басқаларға көкпар бермейді. Сонда наймандар: “Мына қаңғырып келген неме қайтеді-ей?” – деген екен. Осы сөз Қожамбердінің құлағына шалынады. Қожамберді Қанымкүлден мұның мәнісін сұрайды. Айтпасқа лажы болмайды, бар болған жағдайды айтып береді. “Анық бұлардың арасында сондай сөз шығып қалған болса, онда есің барда, еліңді тап! Руың – Қоңырат. Сауран маңында әкеңнің Жаманбай деген інісі бар, соны тауып ал!” – дейді. Арқаның жері тегіс болғандықтан, ондағылар атты құйысқансыз мінеді. Ал қаратаулықтар ылдиға түскенде ер аттың мойнына кетіп қалмасы үшін ерді аттың құйрығының астына құйысқанмен тартып қояды. Арқадан келген Қожамберді атты арқалықтарша құйысқансыз мінеді. Бір жанжалда көзге түскен Қожамбердіні бір дуалы ауыз қария: “Мына құйысқансызың кім?” – деп қапты. Содан Қожамберді, одан тараған ұрпақ «Құйысқансыз» атанып кеткен.
210. Қоңыршұнақ
Құдайбердінің Жаулыбайынан туған Қоныр сопы деген кісі болған, өзінен тараған балашағасымен Шолаққорған жақты мекендеген. Бір шапқыншылықта жоңғарлар Қоңырдың әулетін түгел қырып кетеді. Сонда жалғыз қалған шал: “Шұнақ Құдай, мені де өзің сияқты қу шұнақ қылып қойдың ғой!” – деп жылаған екен. Қоңырдың «Қоңыршұнақ» атануы сонан. Шал сөйтіп бала-шағасынан айрылып, боздап отырғанында: “Ата, мен бармын!” – деп қазанның астынан кіші келіні шығып келе жатыр дейді. Бұл Қоңырсопының ең кіші баласы Жананның әйелі екен, ішінде бес-алты айлық бала қалған. Мына соққыдан басын көтере алмаған шал келінін шақырып алып, былай депті: «Мен өлген соң Қылбелбеу, Құрбандарға бар, Жаманбайдың балалары ғой, шеттетпес», – дейді. Шалды жайғастырып болған соң, жесір келіншек Қылбелбеу, Құрбандардың ауылын іздеп шығады. Жолда Қырғызалылардың аулына кездеседі. Бір қулар: «біз Қылбелбеудің балаларымыз» деп алдап, келіншекті ауылда қалдырады. Біреуіне қосады. Ол адамның өлген әйелінен бала бар екен, бұл да көп ұзамай босанады. Екі бала қатар жетіледі. Бірақ іште келген, әкесі бөлек балаға кім мейірін төге қойсын. Шын аты ұмытылып «Жетім малай» атанады. Екі бала ержеткенде жақындарының бірі өліп, соңында жесірі қалады. Жесір таласы басталады. Әкесі өзінен туған балаға қосамын дейді, шешесі Жетіммалайға қосамын дейді. Әкесі бұған көнгісі келмейді. Сонда шешесі баласына айтыпты: «Сен бүйтіп жүре берсең, қатынсыз өтесің, мыналар сенің қамыңды ойлап жүрген жоқ. Қайтсең де осы жесірді алудың амалын жаса. Ертең інісінің жылын берген соң, мына шал жесірді өз баласына қоспақшы. Сен былай ет. Сенің жақындарың Қылбелбеу, Құрбан, ертең асқа олар да келеді. Сонда сен қолыңа сырық ұста да, жесір даулаудың белгісі солай болады: “Қылбелбеу-Құрбан бармысың, ақымды әперіңдер!” – деп ұран таста», – дейді. Бала солай етеді. Мұның аяғы үлкен жанжалға ұласып, ақырында бала теңдік алады. Жесірді Жетіммалайға қосып, Қылбелбеу-Құрбандар ауылға әкеледі. Таңатардың балаларының «Шоқпарлы» атанып кетуіне осы ұрыс себеп болған деген сөз бар.
211. Тиекті
Жезбикенің Жиделі Байсыннан Түркістанға келе жатып, жолда қарақалпақтан туып алатын баласын: «Тиекті еді», – дейді. Енді біреулер Тиекті Жығалының елде қалған Қожахмет деген ағасы болған, соның баласы дейді. Бұл әңгіме бойынша Тиекті елге Құлшығаш қайтыс боп кеткен соң қосылып, Жақып ағаларының бірінен саналатын Мәмбетәлімен ауылдас тұрған. Кейін жілік ұстасып Оразгелдінің бір атасы ретінде сіңісіп кеткен. Ал «Тиекті» атану себебі күміс тиекті ат мініп жүреді екен. Жалпы Оразгелді дегеніміз – Мәмбетәлі. Мәмбетәлі аса дәулетті, кезінде ел билеген кісі екен. Жұрт “Оразғарлы Мәмбет” деп жүріп, өзі де, кейін одан тарағандар да «Оразгелді» атанып кеткен.
212. [Тентек Көбек]
«Тентек Көбек» атанып жүргендер – Аманқұл батырдан тарағандар. Аманқұл батыр да аңғал, сіңірі шыққан кедей болған. Ол жөнінде мынадай әңгімелер бар. «Итке сүйек қарыздар» демекші, әркімнен қарыздар болып қалған. Қайтарайын десе не малы, не теңгесі жоқ. Бір күні әйеліне айтады: “Бүгін бір кісілер қарызын сұрап келетін шығар. Мен анау жантақтың үстінде жатамын, шәйді сонда әкеліп бер!” – дейді. Даушылар келеді: “Аманқұл қайда?” – деп, әйелі: “Анау жатыр”, – дейді. Қараса, Аманқұлы шешініп тастаған, үйілген жантақтың үстінде жалаңаш, шәй ішіп жатыр. Ішіндегі ересегі айтады: “Мәссаған, мынауың қып-қызыл тентек қой. Қой, бұдан қарызымызды өңдіреміз деп жүрген біз де ақымақ екенбіз, қайтайық!” – дейді де, қайтып кетеді. Аманқұл кедейліктен үйлене алмай жүреді. Бірде мұздан суат ойып жатып ағалары: “Аманқұл, мына суға бір сүңгіп шықсаң, келіншек әпереміз”, – дейді. Аманқұл тайсын ба, шешініп жібереді де сүңгіп шығады, «мынау неке қияр сағылағына» деп екінші рет сүңгиді, «мынау өлі-тірісіне» деп үшінші рет сүңгиді. Ағалары сөйтіп үйлендірген екен. Бірде кәлөшін қолтығына қыстырып, Сырдың таяз жерінен кешіп өтіп келе жатса, ар жақтан біреулер: “Ей, кімсің?” – дейді. “Аманқұлмын” десе: “Қай Аманқұлсың?” – дейді. Аманқұлды танымағанға ашуы келіп: “Көбектің Аманқұлымын” демек болып, “Көбек...” деп екі қолын көтеріп айғайлай бергенде, қолтығындағы кәлөші суға кетіп қалады. Осыдан келіп отырыстарда Көбектің жігіттері мақтана бастаса: “Сөзді қой, Сырдың түбінде жатқан кәлөшіңді тауып ал!” – деп тоқтатады.
213. [Байлар-Жандар ішіндегі Бөлек]
Бөлектің азан шақырып қойған аты Бекболат екен. Кішкентай кезінде үлкен шешесінің баласы Шорапалдың қолында біраз тұрыпты. Бір күні інісін көруге келген Құлшық Бекболаттың көзіндегі мөлтілдеген жасты көріп, әкесіне айтып келеді. Әкесі: “жәутеңдетпей, әкеліңдер баланы!” – дейді. Бұған Шорапал өкпелеп: “Тоқалдың балдарының бөлектенуін қарашы!” – деген екен. Содан Бекболаттан тарағандар «Бөлек» атанып кетеді.
214. [«Қара» атануы]
Мынадай да әңгіме бар. Жолдербіс өлген соң, әйелі тоғыз жасар Жандербісті қорқамын деп қасына алған екен. Күйеуінің жылы өткен соң, әйелдің екі қабат екені білініп қалады. Қайнағасы Байдербіс жанжал шығарады. Әйелді жұрттың алдында қаралап, тас атып өлтірмек болады. Байдербістің сол тұста келінін тілдеп шығарған өлеңі ел аузында әліге дейін сақталып қалған. Сонымен жеңгесі жылап отырса, Жандербіс келіп: «Жеңеше, неге жылап отырсың?» – дейді. Жеңгесі: «Осындай да осындай, ертең мені өлтіргелі жатыр”, – дейді. Қайнысы: “Тірі қалатын жолы бар ма?” – деп сұрайды. “Бар, – дейді жеңгесі, – ол үшін іштегі бала менікі деуің керек”.
Жандербіс солай етеді. Жанжалмен туған бала «Қара» атанып кетеді.
215. [Тама-Көбек]
Ораз қайтыс болғаннан кейін Жезтаңдай баласы Ақылбегін алып, төркініне Қарақайға келеді. Әкесі Есқұл мен ағасы Қыдырдың қолында жүреді. Арада бес-алты жыл өткен соң елден қайнысы Аққошқар іздеп келіп, Жезтаңдайды алып кетпек болады. Бірақ Аққошқар момын, мүсәпірлеу болған екен. Жезтаңдай үй-жайға еге бола алмас деп барудан бас тартады. Амалсыз Аққошқар осында жеңгесімен тұрып қалады. Екеуінен Құлман, Баубек туады. Арада жүз жыл өткен соң, бір қауым ел болып қалған тама-көбектер мен байлар-жандардың арасында жанжал шығады, кісі өлімі болады. Мұның аяғы жақсылыққа апармас деген оймен Құрақ тамалардың датқасы Әйгелді туысқандарын еліне көшіріп әкетпек болады. Бұған көбектердің датқасы Тұрлыбек: “Алда-жалда жақындарың көшеміз десе, мен үндемедім”, – дейді. Осыдан кейін Әйгелді Қоқан хандығының осындағы зекетшісі мыңбасы Мырза биге кіріп, жағдайды айтады. Мырза би: “Елін тауып, кетеміз десе, кім кедергі болады?” – дейді. Сонымен Әйгелді туысқандарына: “Елге көшесіңдер, дайындалыңдар!” –дейді. Тама-көбектер екі жар болады, бірі көшеміз десе, бірі көшпейміз дейді. Тама-көбектің ақсақалы Жаманбай деген кісі ақырында Сапаққа келіп жағдайды айтады: “Көшеміз деп жүрген көп емес, бірен-саран. Бірақ ана Тұрлыбек жақының көшсе, көше берсін!” – депті. Жілік ұстасып, аға-інілі болып едік, мұнысы несі, бір ауыз жылы сөз айтпағаны. Ана Қоқанның құсбегі де көшсін деп жатқан көрінеді. Бата бұзған болмайық”, – дейді. Сапақ Тұрлыбекке келіп: “бұл қалай?” дейді. Тұрлыбек төмен қарап: “Мырза би көшсін депті ғой, менде тұрған не бар?” – депті. Сапақ датқа Мырза бидің: “Елін тауып көшемін десе, кім кедергі болады?” – деген сөзін көкейіне түйіп алады да, Мырзабиге келеді. Сапақтың тегін келмегенін түсінген Мырза би қыпылықтап:
– Жәйша жүрсің бе? – дейді.
– Жәйше. Жұрт туысқандарын тауып, еліне көшіп жатыр екен. Сізді де Қоқанына кетіп қалар, амандасып қалайын деп кеп тұрғаным, – дейді.
Уәжге тұрған Мырза би:
– Әй, тілің кесілгір, сенің осылай дейтініңді жүрегім сезіп еді, қайтарсаңдар қайтарыңдар! – дейді.
Көшті қонған жерінде қуып жетіп, байлар-жандардың жақсылары қайтарып әкелген екен. Сонымен тама-көбек: Ақылбек, Құлман, Баубек болып үш атадан тарайды. Алғашқыда тама-көбектер нағашыларының намымен «Есқұл-Қыдыр Тама» деп аталып жүрген, бірақ бері келе бұл атау ұмыт қалған. Аққошқар үстінен жыртық ақ тонын тастамайды екен. Содан Аққошқардың балалары Құлман мен Баубектен тарағандар өздерін «Ақтонды Тамамыз» деп те атайды.
216. Көлеген
Жандербіс босқыншылықпен жүрген бір қарақалпақты асырап алып, малын бақтырып қояды. Ол ер жеткен соң Қараның балаларының бір қызын алады. Аты – Кенжей екен. “Жағдай қалай, Кенжей?” – десе: “Шүкір, сіздерді көлеңкелеп жүрміз ғой!” – дегеннен басқа ештеңе айтпайды екен. Содан «Көлеген» атанып кеткен.
217. Тоқболат
Жабаттың тағы бір баласы Көккөзден Тоқболат, Ақпанбет, Тоқпанбет, туған. Тоқболаттан: Барақ, Қарасақал. Барақтан Түкетай, Масакөшек, Жиенас, Жұдырық. Барақ батыр кісі болған, одан тарағандар: «біздің бабамыз Тәшкеннің қақпасын талқандаған екен» деп мақтаныш қылады. Оның кіші баласы да әкесі сияқты қарсы келгенді бетіне қаратпайтын жаужүрек болған. Содан өз аты ұмытылып, «Жұдырық» атанып кеткен.
Ақпанбеттен: Тойты, Бұғы.
Тоқболат пен Жандар еншілес болған, көпке дейін қыз алыспаған. Бері келе Тойтының бір баласы Жандардың Қарашаш деген қызына ұрын барып қояды. Содан екеуін ортаға алып, қаралап жатқанда Қарашаш былай деген екен:
Қаңтарда бура мас,
Көктемде айғыр мас.
Байдың қызы мен баласы
Қысы-жазы бірдей мас.
Осындай бір іс болды,
Аламын десең, міне, бас!
Ақсақалдар уәжге тұрып, жеті атадан асса болды емес пе деп, екеуін қосқан екен.Осыдан кейін Тоқболат пен Жандар қыз алысып кеткен.
218. Жетімдер
(І нұсқа) Мелдеби атамыздың үлкен әйелдері: Құндыз, Бибайша, кіші әйелі Жезбике болды. Бибайша орта жасқа келгенше перзентті болмаған екен. Екінші әйелді сол себепті алса керек. Кіші әйелі Жезбике ұл тауып, атын Құдайберді қояды. Мұның лақап аты «Көктіңұлы» атанып кетті. Анамыз Құндыз да жылап жүріп бір балалы болды, атын Тәңірберді қойды дейді. Бұның жанама аты «Көтенші» атанып кетсе керек. Көктің ұлынан: Құлшығаш, Байлар, Жандар, Алғи (Алпас), Оразкелді, Қаракөсе (Қаракөби), Тоқболат. Бұл бес баланың әулеті Көктіңұлы деген елдер болды дейді. Көтенші мен анамыз Бибайша ора жасқа келгенше перзенті болмай көп айлар тарығып жүргенде, Бибайша анамыз жүкті болып, ұл туды деседі. Байдың жүрегі жарылып қуанып, өз заманындағы ишанын шақырып алып: “Тақсыр, сіз де балаға тілектес болыңыз”, – деп, бір шұбар жорға береді екен. «Тарығып жүргенде Құдай берді» деп, баласының атын өзімен серік болсын деп, сүйеніш болғай деп Сүйеніш қояды. Баланы ишанның етегіне салып, батасын алып қалды дейді. Көтеншінің кіші әйелінен: Мақы, Софы, Досымқұл. Досымқұл Қарашық бойында хан болған. Сол кезде Қарашық бойында Азарғ деген шаһар бар еді, ханы Алихан (Бегәлі) деген төре еді дейді. Бұл хан зор хан екен. Мұның жалғыз ғана Сұқсыр ханым деген қызы болды. Қарашық шаһары қырық қақпалы шаһар еді дейді. Бұл Алиханның жалғыз қызы бой жетіпті, мұны көрген хан өз қол астында бір зор жігіт бар еді, оның есімі – Атам төре еді. Соны хан шақыртып алып, қызын берген екен. Күндердің күнінде күйеу баласы ханға қастандық ойлапты, оны сезген хан Атам төрені дарға асып өлтіреді. Қызы жесір қалады. Қызы бір жылдай отырып қалады. Хан жақсы көретін адамдарының бірі Көтенші (Тәңірберді) еді. Шақыртып алып, қызын Көтеншіге береді екен. Содан Сұқсыр ханым анамыз қаза болды дейді. Баланың атын Досымқұл қойған екен. Бұл баланы анамыз Бибайша асырап еді. Досымқұлға бір әйел алып беріп, бөлек үй қылып қояды. Досымқұлға ақыл айтып, басшылық қылатын үлкен ағасы Сүйеніш еді. Бұл Досымқұл етек астында жетім қалған соң, «жетім» аты қалмаған екен. Бұл кісінің ауылы да «Жетімнің ауылы» болып атала береді дейді.
219. Жетімдер
(ІІ нұсқа) Нағанайдың қонысы Отырар деген қаланың қасында болады екен. Бір күні Нағанайдың бір үйір жылқысы жоғалып, әкесі Мелде би деген жастау баласына: “Ас-ауқатыңды алып, қарап кел!” – деп жіберсе, артынша Отырар қаласын қалмақтар басып алып, ел бет-бетімен тарай бастайды. Нағанайдың отыз ұлы сегіз әйелден екен. Үш бала – Орынби, Жығалы, Мелдеби бір анадан. Қалмақтар шауып Отырар халқы үдіреп көше бастады. Бұл отыз ұл бастаған ел Жиделі Байсын, Ысар, Күлеп жаққа қарай шұбырады. Бағзын ба, Нұрата ма деген жерге жеткенде, жоқ қарай жеткен Мелде бимен шешелес Орынби мен Жығалы ақылдасып: “Біз көштен қалайық. Анау жылқы қарап кеткен баланың өлі-тірісінен хабар естігенше осы жерде болайық”, – деп, мәміле қылады. Бірақ Қарақалпақ Байымбет бидің елінде жүріп кеусанмасах істеп жүрген екеуіне де Бадының күні өтіп, ауырып қаза болған секілді. Екі ағасының екі әйелі екі баласымен қалады. Жығалының әйелінің аты – Бозан, баласының аты Бозым еді. Ендігі сөзді жоқ қарай кеткен Мелде биден айтайық. Мелде би келсе, ел басып кеткенін көріп, аң-таң болып тұрғанда жанашыр адамдар: “Олардан хабар естігенше оларды іздеме, іздеймін деп өзің майып боласың”, – деп ақыл айтады. Қырық қақпалы Қарашықтың ханы Бегалы хан дегенге қызметші жігіт болып күн өткізеді. Күндердің бір күні Мелде бидің екі ағасы Байымбет бидің елінде жүріп қаза болыпты. Екі жеңгесі екі баламен қалыпты деп, Мелде биге естіртеді. Мелде би естіген соң, Бегалы ханнан қол, күш жинап, жолға шыға екі інісі мен екі жеңгесін алып келеді. Орын биден қалған Бозымның баласы Божан болды. Кейіннен балалары өсіп, ел-жұрт болған соң, «Божан» руы содан шықты. Жығалының баласы Құлыншақтан Құлшығаш туды. Бұлар елге келген соң Бозан жеңгесі қаза болды. Мелде би Жезбике жеңгесін өзі алады. Мелде бидің өзінің қыздай алған әйелінің аты Құндыз еді. Құндыз бәйбіше бала көтермей жүрсе керек, Жезбике жеңгесі бала көтереді, бұны Құндыз бәйбішесі қызғанып айтатын сөзі бар. Мелдеби жоқта көшіп, айы-күні жеткен Жезбикені жезөкше атандырып, көшкенде жұртқа тастап кеткен. Алланың әмірімен аман-есен ұл тұған, шүберек таппай оны көк жапыраққа орап алған, осы себеп баланы «Көктің ұлы» атандырады. Болмаса шын аты Тәңірберген екен. Құндыз бәйбіше ұзамай бала көтеріп, ұл туып, атын Тәңірберді қояды. Келе-келе жұрт «Көтенші» атандырады. Мұның Көтенші атану себебі, Мелде би атын ерттеп бір жаққа жүретін болса, ерке бала әр нәрсесін әр жаққа апарып тастайды екен. Басқа адамдар балаға ұрысса, мазақ қылып кетеді екен. Мелде би өзі айтады-мыс: «Бұл балаға ұрыспаңдар, бұл бала күшіне сенген бәйбішенің баласы ғой. Бұдан былай сендерге “көтен зорлық” жасайтын болады», – десе керек. Сөйтіп жүріп бала өзін «Көтенші» атандырған.
220. Бесата қалай шыққан?
Жетімдердің о бастан ата қонысы – Түркістан мен Шәуілдір өңірі. Түркістандық Жайма жетім Әжіқожа деген кісі аса дәулетті адам боған екен. Бәйбішесінен туған Мырзагелді, Оразгелді, Аспантай, тоқалынан туған Байтелі деген балалары да заманының алды болған. Соның ішінде, әсіресе, Оразгелдіге ырыс-дәулет артықша қонған екен. Бірде Оразгелді байдың Жолдыторы деген айғыры үйірімен жағалбайлылардың есіне түседі де, ал олар жылқыны айдап, Оқшы төбенің сыртына қуып әкетіп, жасырып қояды... Айғыр үйірімен табылғаннан кейін дау басталады. Кіші жүз о бастан жауынгер халық, оның үстіне егін салып, отырықшы ел болып қалған, ұйымшыл Көтеншінің балаларына ірілік жасайды екен. Жылқыларын Егізқара мен Талдысудағы қыстай азық ететін егінімізді таптады деп 200 ұра дән дау қылады. «Соны төлемесеңдер зиян қыламыз», – деп, бітім жасауға келген Оразгелдінің інісі Байтелі мен аралас жатқан Жаманбайдың жарамдысы Қазан мырзаны жанға ұстайды. Кейін жағалбайлылар мен көтеншінің жақсылары 70 ұра астыққа бітімге келіп, жарасқан болады. Бірақ бұл іс Оразгелдінің абырой-атағына дақ болып жабысады да, намыстанған бай Қоқан ханына 27 жорға, үш тоғыз сыйға тартады да: “Жағалбайлылар жолдан қосылған, өзіміздің ата қонысымыз еді”, – деп Егізқара мен Талдысуды егін-пегінімен өзіне қаратып алады. Сол жолы Оразгелді мырза ханнан датқа болып оралады. Осыдан кейін көтеншілердің жағдайы біршама жақсарып, жағалбайлылардың зорлық-зомбылығынан құтылған. Соңынан ерген руларды отырықшылыққа тартып, егіншілікке үйреткен, сонда ғана ынтымағымыз артып, бірлігіміз нығаяды деген осы Оразгелді датқа екен.
«Отырған Оразгелдіге жаққан,
Қаңғырған хан құлына жаққан.
Оразгелдімен оттас болсаң,
Күліңді Ақтөбеден өшіресің,
Хан құлымен жолдас болсаң,
Ат үстінен су ішерсің», –
деген сөз ел аузында осы күнге дейін сақталып қалған.
Кейінірек датқа қартайып, күші қайта бастағанда, енді жағалбайлылар емес, жаманбайлар зорлық қыла бастайды. Баяғыда Қазан мырзаның Байтелімен бірге жағалбайлыларға жанға ұсталғанын желеулетіп: “Дауыңа дауластық, жауыңа жауластық, туыстығымыздың белгісі болсын”, – деп, алтыйлар Талдысуды алып қойған. Жаманбайлар күнделікті ұсақ-түйек тіршілікте де үстемдік жасай берген. Егін суарса, алдымен жаманбайлар суарған, сал жайса құнарлы жерге жаманбайлардың малдары жайылған. Осының бәрін Оразгелді мырза көзімен көріп, басын шайқап өткен. Мырзаның мүрдесі Әзірет сұлтанда, Абылай ханның көктасына қарсы қойылған. Оразгелді мырза қайтыс болған соң, інісі Аспантай ағасының жылын өткізіп, үлкен бәйге бермекші болады. Мәслихатқа Жауғашты Беласар би ауылда болмай қалады да, қатыса алмайды. Кейін жетімдер осындай дүрілдеген бәйге бермекші дегенді естіп: “ондай бәйге олардың не теңі” деп іштарлық жасайды. Аспантайға келіп: “Баймын деп тым үлкейте берме, кейінгілерге сор боларсың”, – дейді. Ондағысы Жаманбайдың жақсысы өлсе, өстіп бәйге беру қолдан келе ме, келмей ме деген қауіп болуы керек. Бірақ Аспантай: “Атағымызға қарай, дәулетімізге жарай іс қыламыз”, – деп, көнбей қояды. Содан жанжал шығып кетеді де, төбелес үстінде Аспантайға қорғасын қоса өрілген қамшының ұшы жазым тиіп, қайтыс болады. Аспантайдың қабірі Қойлықатада. “Әжіқожа баласы шейіт Аспантай, хижра 1201 жыл” деп жазылған. Жаманбайлардың мықтылығы сонша, олар кісі өлтірсе, құн төлемейді екен де, өздерінен кісі өлсе, екі-үш есе құн алады екен. Ер арасындағы осындай араздықтың салдарынан балалары әкесі Аспантайға ас та бере алмайды. Құн да ала алмайды. Арада біраз жылдар өтеді. Аспантайдың үлкен баласы Көккөз бір шілдеханада Қазан мырзаның қызы Алтынға сөз салады. Сонда есті қыз былай деген екен:
Аспантайдың алты ұлы ағаң, Көккөз,
Жаманбайдан жыртылды жағаң, Көккөз,
Әкең – құнсыз, атаусыз атаң жатыр,
Той-жиын жараспайды саған, Көккөз,
Ас қылып, әкең құнын сұраймын деп,
Мал-жаның боп жүрмесін талаң, Көккөз.
Бұл сөзге намыстанған Көкөз ел жиып, қара сойып, ақылдасып, ағалары Байтелі мен Бақы мырзаны Қоқан ханына жібереді. Әкесіне ас беруге рұқсат алады. Сонда Түркістан шаһарының төрт қақпасында тұрған жыршылар масаттанып, былай деп жар салған екен:
Аспантайдың асы бар,
Алпыс қойдың басы бар,
Тауыса алмасаң асты жеп,
Үйді-үйіңе тасып ал.
Он бес бие сойылар,
Пақыр-міскін тойынар.
Әр табаққа қайқайтып,
Сыңар қазы қойылар.
Ас беріп жатқанда Түркістан ұлығының әкесі жаманбайлардың телі- тентектерін киіз үйге қамап ұстаған екен. Сол жиыннан кейін Саңғыл, Маңғытай, Божбан, Жетімдер руларының ақсақалдары жиналып: “Сен – аңғыл, мен – маңғытай, сен – божбан, мен – жетімдер дегенді қояйық, бірігіп төрт ата болайық, ынтымақ жасамасақ, жаманбайлар күн көрсетпес”, – деп мәмілеге келеді. Төрт қошқар сойып, аруақтарға құрбандық шалады. Осы жерде бір керемет болады. Құданың құдіретімен қазанға салған төрт қошқардың басы алғанда бесеу болып шығады, соған орай, Сары, Сапар болып бөлінетін Жетімдер руы сол кезде-ақ өсіп-өнген халық екен, екі ата болып өнеді де, Саңғыл, Маңғытай, Божбан – бәрі бес ата болып бірігеді. Ақсақалдар осыған бата қылды.
Бесатаның тарихы, міне, осындай.
221. [Қоңыраттың Жетімдері туралы]
Баласы:
– Неге бізді Таздар-Жетімдер дейді? Біздің ауылда бірде-бір таз адам жоқ қой. Өткенде төмендегі Игіліктен жылқы іздеп келген екі бала бізді “тазсындар” деп әбден мазақтап күлді, – деп сұрады. Соңдағы айтылған әңгімеден құлақта қалғаны мынау еді.
– Біздің ең үлкен жетінші атамыз Кенжеғұлдан басталған аңшылық, саятшылық әлі күнге дейін атадан балаға мұра болып ауысып, ата кәсібіміздей қалыптасып кетті. Сол Кенжеғұл атамыз атақты аңшы болыпты. Садағының атқан жебесі бос кетпейтін көзмерген, аңға салатын қыран құс баптап, ат суытып ұстайтын аңшы адам екен. Осы саятшыл, сауықшылдығына қарамай, өте жуас кісі болған көрінеді. Қайда барса да аяғының астыңда аң алатын, асыл текті жүйрік құмай тазылары жатады екен. Сегіз құмай тазысы сегіз жақтан орай қуғанда қашқан аң құтылып көрмепті. Екеуі тас түбіне жата қалып, өзгелері қашқан аңды қоршай, әлгі тас түбінде тығылып жатқан екі тазыға қарай қуады екен. Астындағы жарамды жүйрік қазанаты да әлгі сегіз тазысы секілді Кенжеғұл атамыздың ойын сезе қоятын өте сезімтал, есті жылқы екен, жануар. Бірде сол Кенжеғұл бабамыздың ауылы Қаратаудың төсіндегі жайлауда отырғанда өзі үйге аңнан шаршап оралыпты. Ерте сауып алған сүттерін сәске болмай қыз-келіншектер дәу қара қазанға қайнатып, пісіріп жатады. Дәл сол сәтте қазан астына от жағып жатқан үлкен шешеміз желідегі құлындарға қарай азу тістерін сақылдатып жақындап қалған бес-алты қасқырды көріп қалып, бар даусымен айғайға басады. Аңнан шаршап келіп, ұйықтап жатқан Кенжеғұл бабамыз орнынан атып тұрып, ұйқылы ояу сыртқа жүгіріп шығады. Аяғының астында жатқан сегіз құмай тазысы да өзімен бірге сыртқа қарай атылады. Әлгі жерде тазылар опыр-топыр қасқырлармен айқаса кетеді. Сегіз тазы сыртқа секіргенде есіктің алдыңдағы қайнап жатқан дәу қазан сүтті аударып төгіп кетеді. Айғай-шуға ауыл адамдары жиналып қалады. Шыға сап садағымен тартып жіберген көзмерген Кенжеғұл бабамыз дәу қасқырдың көкжалын жұлып түсіріпті. Қалғанын сегіз құмай шайнап тастапты. Тек жаралы болған екі көкжал ғана қаша жөнеліпті. Атына міне сап, тазыларының соңынан бабамыз да шауыпты. Алғашыңда ештеңеге түсінбеген ауыл адамдарына шешеміз: “Әлгі тазылар ғой, тазылы жетімдер ше, тазылы жетімдер”, – дей беріпті сасқалақтап. Ол кезде ерінің атын атамайтын ата салт бар емес пе? Солайша шешеміз де Кенжеғұл бабамыздың атын атамайды екен. “Міне, балам, біздің Таздар-Жетімдер аталып кетуіміздің қысқаша тарихи осылайша Кенжеғұл бабамыздың тазыларынан шыққан” деген атамның әңгімесі менің есімде мәңгілік қалып қойды. Біз осылай сол “тазылы жетімдер” деген сөзден жүре келе “Таздар, Жетімдер” аталып кетіппіз.
222.[Қоңырат Нағанай аңызы]
Қазақтың үш баласы болған. Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс (Кіші жүз). Біз – Бекарыс балаларымыз. Аңыз бойынша Бекарыстың әкесі – Қазақ, Қазақтың әкесі Алаш екен. Алаштың әкесі Түрік керемет бай, кемеңгер данышпан кісі болған екен. Тәж-дәулет, сән-сәулет, азан-хәумет – бәрі-бәрі бір басында жетіп артылыпты. Бірақ ұл перзенті жоқ екен деседі. Күндердің бір күнінде күнде той, күнде думан боп жататын Бекарыс мырзаның аулына алты әулие келіп, аттан түсіпті. Әулие болса-дағы жарықтықтар, дәруіштің киімін киіп, қолдарына аса таяқ ұстап, өрім-өрім, кір-қожалақ, міскін, мүсәпір қалыпқа түсіп, ақ боз үйдің босағасынан аттап, ішке өтіпті. Төрде отырған Бекарыс мырза орнынан тұрып, қаңғып келген міскін-пақырларды хан келгендей қарсы алыпты. Қалы кілемнің үстіне отырғызып, алдына қазы-қарта, жал-жая, қымыз, бал, шәрбәт, зәмзәм тағамдарын үйіп-төгіп, ас қойыпты. Дәрет алатың суын дайындап, ақ матаға алты бірдей жайнамыз жайыпты. Бекарыстың өз табалдырығынан аттанған қонақ қара ма, хан ба – бірдей құрмет көрсететін әдеті екеніне көзі жетіп, дарқан пейіл, кең дастарқанға риза болған алты әулие ақыры шындарын айтып, өздерінің кім екендіктерімен таныстырыпты. Сөйтсе, алтауы да нағыз дін исламның шайхылары, пәк мұсылмандар екен. Алтауы да Бекарысқа ақ баталарын беріпті. Арада тоғыз ай, он күн өткен соң Бекарыстың бәйбішесі ұл туыпты. Ол ұлдың атын баяғы әулие қожалардың құрметіне Қарақожа деп қойыпты. Келесі жылы тағы бір ұл туады. Оның атын Ақтамберді қойыпты. Сөйтіп, бірінен соң бірі – Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Момынқожа, Ысмайыл, Қосым атты алты ұл өсіпті. Қарақожа үлкен ұлы болған соң бөлек отау етіп шығарыпты. Қарақожадан Арғын туады, Арғынның “аға баласы” атануы осыдан болса керек. Ал Ақтамбердіден – Қыпшақ, Дайырқожадан – Қоңырат, Момыннан – Найман, Ысмайылдан – Керей, Қосымнан Уақ туады деген болжам бар. Ол аңыз бойынша Қоңыраттан Байбөрі, Құлтай, Шынай, Байсары, Дарқожалар туады. Сонымен, Орта жүз – Бекарыстан алты арыс ел болады. Енді бір аңызда Орта жүз – Бекарыстың Мейрамсопы деген баласынан Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ туады. Қоңыраттың төрт баласынан тараған ұрпақ бүгіңде қазіргі өзбек халқының құрамына еніп кеткен. Сонымен Дарақожадан – Ұзынсопы, Ұзынсопыдан Нағанай туады. Осы Нағанайдың отыз ұлы болған. Бірде осы атақты бай Үргеніштің ханына тарту-таралғы тартады. Әбден разы болған хан оған Емен, Семен деген екі құл сыйлапты. Мейірімді Нағанай әлгі екі құлды құлдықтан босатып, жілік ұстатып, өзіне бала етіп алады. Сол екеуін қосқанда Нағанай байдың отыз екі ұлы болыпты. Нағанай байдың бізге есімдері белгілі Ардақ, Қалампырдан өзге тағы бес әйелі болған екен. Осы жеті әйел отыз ұл туған. Ал Қалампыр шешеміз үш бала туған – Орын би, Мелде би, Жығалы мырза. Негізгі айтпағымыз, осы Қалампырдан туған үш баласынан өзге 29 баласы басқа жаққа ауып кеткен. Орын би, Мелде би, Жығалы мырзалардың түпкілікті ата-қоныстары Түркстаннан басталатын ұлан-байтақ территорияны мекендеген. Олар қабырғалы, іргелі руларға айналып, қазақ халқының туын көтерді. Нағанай да, балалары да өңшең сәйгүлік қоңыр аттарды мінеді екен. Содан бірте-бірте Нағанайдың өз аты ұмытылып, бертін келе «Қоңыр аттылар», одан «Қоңырат» аталады.
223. [Жетімдер руы аңызы]
(І нұсқа) Көне Түркстан шаһарының іргесінде Қарашық деген өзен әлі күнге дейін ағады. Сол өзеннің жағасыңда қырық қақпалы әдемі қала болыпты. Сол заманда әлгі қаланы Әліхан деген қалмақ билепті деседі. Бүкіл қала халқы Әліхан ханға алым-салық төлеп тұрыпты. Әліхан ханның үш жүздің баласынан алым-салық жинаушы өкілі Жығалы мырза болыпты. Қаладағы қазақтан басқа жиырма үй сарттар да тұрыпты. Салық жинайтын Жығалы мырза сол үйлердің бірінде жатады екен. Жығалы мырза Әліханды араға салып, сол жатқан үйінің Жезбике атты сұлу қызына үйленіпті. Жезбике шешеміз Жығалы мырзадан Құлшығаш атты бір ұл туады. Жығалы мырза нағашылары Сарыүйсінге қыдырып барғанда қатты ауырып, қайтыс болған соң, Мелде бидің досы Атабай деген кісі Жезбикені елге көшіріп әкеліп, әмеңгерлік жолымен Мелде биге некелеп қосады. Мелде бидің өзінің Құндыз (Құндызай) деген бәйбішесінен Құдайберді атты бір ұлы бар еді. Енді Жезбикеден жыл өткен соң тағы бір ұл көреді. Есімін Тәңірберді қояды. Ендігі бір аңызда «Мелде бидің екі әйелі бір күнде босаныпты» дейді. Екіқабат Жезбикені Құндыз бәйбіше жұртқа жалғыз тастап кеткен екен. Мелде би ауылын жайлауға қондырып болып барып Жезбикені іздепті. Соңынан ескі жұртқа қайтып іздеп келсе, Жезбике босанып, баласын орайтын еш нәрсе таппай, көкке, яғни көк шөпке орап алып, жалғыз өзі емізіп отыр екен. Ал Құдайберді көтіне сенген бәйбішеден туғандықтан «Көтенші», Тәңірберді көкті жөргек қылғандықтан «Көктің ұлы» деп атанып кетіпті деседі. Әліхан ханның ұлы болмапты, тек Сұқсыр ханым деген жалғыз сұлу қызы болыпты. Сол Атамтөре батырға хан қызын қосыпты. Сұқсыр ханым Атамтөреден бір ұл туыпты. Атын Соркүйік қойыпты. Жүректі Атамтөре күндердің күнінде ханның өзіне қарсы шығыпты. Хан Атамтөрені бір түнде өлтіртіп жібереді. Сөйтіп қызы Сұқсыр ханым Соркүйікпен оның артыңда жесір қалыпты. Құдайберді – «Көтенші» салық жинап жүріп ханға жиі барады екен. Бір күні жесір отырған Сұқсыр ханымға ғашық болып, ханға жүз қаралы жылқы беріп, қызына некелеседі. Артынан еріп келген Соркүйікті Құдайберді асырап, бала қылып алады. Құдайбердіден ханның қызы төрт ұл туады. Бірақ бәрі шетінеп кетеді. Соркүйік ер жетіп, Құдайберді оны үйлендіреді. Соркүйіктен Досымқұл деген бір ұл туады. Досымқұл ер жетіп, үйленеді. Одан әйелі төрт перзент көреді. Төрт ұлы – Сапар, Сары, Сыппас, Сүйіліш батырдан тараған ұрпақ Қоңыраттың бір бұтағы «Жетімдер» деген үлкен рулы елге айналады. Бұл – бір аңыз.
224. [Бозжан, Жетімдер аталуы]
(ІІ нұсқа) Сұқсыр ханым сұлуды әкесі Әліхан хан Атамтөре деген батырға қосады. Олардың төрт ұлы болады. Бір соғыста батыр Атамтөре өзінің төрт ұлымен бірге қаза табады. Жесір қалған сұлу Сұқсыр ханымды Мелде бидің ұлы Құдайберді некелеп алады. Сұқсыр ханым алты айдан соң жүкті болады. Дәл осы сәтте елге жау шабады. Ер-азаматтар түгел атқа қонады. Аласапыранда өзгелермен бірге Сұқсыр ханым мен Құдайберді (Көтенші) бір-бірінен ажырасып қалады. Жауға аттанар алдыңда Құдайберді әйеліне Қоңыраттың босаға таңбасын (ІІ) салып көрсетеді: «Егер ұл тусаң, балам мені осы таңба бойынша іздесін!» – дейді. Сұқсыр ханым аман-есен босанады. Есімін Сүйіліш қояды. Сол Сүйіліш ержүрек бала болып өседі. Ол тоғыз жасқа толғаңда әкесін іздеп жолға шығады. Белгілі Бөген бойындағы Қараспан деген жерде Жортпасбай деген адамға кездеседі. Оның руы – Қоңырат, Көктің ұлы екен. Ол жас баланы алдап, өзінің қозысын бақырып қояды. Біраз уақыт өткен соң Сүйіліш қозыларды далаға тастап, әулие Арыстанбабқа қарай қашады. Отырарға келгенде Сүйіліш Жортпасбайдың үлкен ұлы Кебекші батырдың астындағы атынан баяғы шешесі берген Қоңыраттың босаға таңбасынан таниды. Кебекші рахымы түсіп, жетім қалған баланы бауырына басып, ер жеткен соң үйлендіреді. Әліхан хан туған жиені Сүйілішті соңынан іздеп келіп, Кебекшіге алғысын білдіріп, Сүйілішті еліне алып қайтады... Құдайбердінің бір әйелі Қанымқыз бала көтермеген екен. Мелде бидің інісі Орын бидің әйелі босанады. Сол ұлды Қанымқыз шешеміз бауырына басыпты. Құрсағы қанамаған Қанымқыз анамыздың Сүйілішті емізгенде емшегінен сүт саулап шығыпты деседі ел. Сүйіліш Қанымқыз анаға бақыт болып қоныпты. Бауырына басқан соң, көп ұзамай Қанымқыз жүкті болып босанады. Ұл табады. Есімін Сопы деп қояды. Сопыдан Мақы деген ұл туады. Сонымен Құдайбердінің Қанымқыздан Сүйіліш, Сопы, Мақы, Сұқсыр ханымнан Досымқұл – төрт баласы бар еді дейді. Сүйіліштен Жолдыбай туады, Жолдыбайдан Игілік деген ұл туады. Игілікті әкесі еркелетіп «Бозжігітім», «Бозжаным» дейді екен. Сол бала кейін «Божбан» аталып кетеді. Бүгінде сол Божбаннан тараған ұрпақтар сегіз атаға жетті. Ал Сұқсыр ханым анамыздың ұлы Соркүйіктен Досымқұл туғанда, Сүйіліштің анасы Қанымқыз шешеміз Досымқұлды «жетімегім, жетімегім!» деп жүріп, кейін енші беріп шығарғанда «Жетімектің ауылы» атанады. Одан өрбіген ұрпақтар ел аузыңда «Жетімдер» деген іргелі, қабырғалы, рулы елге айналады.
225. [Сүйіліш батырдың Бұхараға сапары жайлы]
(ІІІ нұсқа) Бірде Сүйіліш Бұхараның көшесімен келе жатып өлімге кесілген әлдебір адамға ара түсіп, хан алдына барып уәжден жеңіп, бейбақты өлімнен алып қалады. Өзін өлімнен алып қалған Сүйіліш батырға әлгі адам қатты разы болып, өмірлік дос боп қалады. Күндердің күнінде әлгі досы қатты ауырып, көз жұмар алдыңда Сүйілішке: «Сенің алдыңдағы достық қарызымның бодауы болсын, мал-мүлкім, жас тоқалыма өзің ие бола гөр!» – деп аманат етеді. Осылайша, досы өлген соң Сүйіліш батыр оның жас тоқалына некелесіп, Бұхарада тұрып қалады. Арада бірер жыл өткенде Сауран, Қарашық, Түркістанға жау шапқанын естіген Сүйіліш батыр шыдап жата алмай, аяғы ауыр әйеліне Қоңыраттың босаға таңбасын сызып беріп: «Ұл тусаң, өскесін мені Түркістан төңірегінен іздесін!» – деп, елге жедел жүріп кетіпті. Тағы да жалғыз қалған сорлы әйел күні жетіп, босанады. Баласының атын Шері деп қояды. Жалғыздығына, тағдырына қатты налыған аурушаң, әлсіз әйел көп қиындық көреді. Бала емес, күйік болды деп, баласын «Соркүйік» деп атапты. Кейін Соркүйік аты біртіндеп «Сұркиікке» айналып кетіпті. Сорлы анасы баласынан жасырған сырын тек өзі көз жұмар алдыңда ғана баяндайды. Әкесінің Қоңырат руынан екенін айтады, атының таңбасын сызып береді. «Іздей қалсаң, тек қана атақты көне Түркістан төңірегінен іздеу керектігін» айтып, жылап жатып қайтыс болыпты. Көп ұзамай Сұркиік әкесін іздеп алыс жолға, ата-бабасының мекеніне сапарға шығады. Ғасырлар бойына сыр бермей толқып ағып жатқан атақты сұлу Арыс өзенінің бойында жортпас Құлшығаштан шыққан белгілі Кебекші батырдың атының сауырындағы Қоңыраттың босаға таңбасын көріп қалады. Жүгіріп барып: «Сіз Сүйіліш батыр емесіз бе»? – деп сұрайды. Ал Кебекші: «Иә, сен іздеген Сүйіліш батыр мен боламын», – деп баланы алдап, ауылына әкеліп, малын бақтырып қояды. Оның «Жетім малай» аталып кетуі осы кезең екен. Осылай бала алты айдай мал бағып жүреді. Қамыстан сырнай жасап алып, мұңды әндерді ойнауды әдетіне айналдырады. Бірде Сүйіліш батыр аң аулап жүріп қамыс арасынан сыңсыған сырнай дауысын естиді. Жақыңдап келіп қараса, жасөспірім бала екен. Сол жерде жөн сұрасады. «Кімнің баласысың?» деген сұраққа: «Қоңыр атты Сүйіліш батырдың баласымын» дейді. Екеуі осылай кездейсоқ құшақтасып табысады. Сүйіліш батыр ел-жұртын жинап үлкен той жасайды. Иесіз қалған бір отар қойды қасқыр қырып кетеді. Мал ашуы – жан ашуы, Кебекші әкесі Есім ханға келіп шағым айтады. Ол: «Сүйіліш батыр менің малайымды алып кетіп, бір отар қойымды қасқыр қырып кетті, төлесін!» – дейді. Бұны естіген Сүйіліш қатты қаһарланып: «Баламды алдап-арбап малға салғанымен қоймай, енді қай бетіңмен ханға келіп отырсың?» – дейді. Хан екеуін де сабырға шақырып: «Туысқан адамсыңдар, дауды қойыңдар!» – деп, бітістіріпті. Тек бай: «Қалай болғанда да сенікі жөнсіз тірлік екен», – депті. Сүйіліш батырмен жауласып опа таппасын сезе қойған бай,батырдың арқасынан қағып:
– Менің қателігімді, бір жолға кеш, не тілегіңді де орындайын, – дейді.
Онда, – дейді Сүйіліш, – Сұркиік мені іздеп келе жатқанда, ең бірінші рет көзі түскен керқасқа атты Сұркиікке мінгіз. Бай да екі сөзге келместен, керқасқа атты Сұркиікке мінгізіп жібереді. Сол Сұркиік бала ержете келе әкесі Сүйіліштей жау жүрек батыр болып шығады. Талай рет ел тәуелсіздігі үшін қандай айқастарға керқасқа атпен қарсы шапқан екен. Бірде майдан даласын Есім ханмен бірге бақылап тұрған Сүйіліш батыр баласының ерлігіне риза болып: «Қайран жетімегім, аман жүр»» – деп қалыпты. Дуалы ауыздан шыққан сөз қалың қазаққа жылдам жайылып кетіпті. Сөйтіп, анасынан ерте айырылып, әкесін іздеп келген Сұркиікті «жетім» атаған халық, одан өрбіген ұрпақты «Жетімнің балалары» «Жетімдер» деп атап кеткен деседі.
226. Көтен
(ІІ нұсқа) ...Орта жүз – Қоңырат ішіндегі Жаманбай атасынан Құрбан туады. Оның алты баласының бірі «Көтен» деп аталады. Құрбан қартайып, жасы тоқсанға жақындағанда балалары әкесінің көңілін аулап, елден қыз айттырып, мол етіп қалыңмалын беріп, бір қыз алып беріпті дейді. Құрбан осы қыздан перзентті болып, оған “атамыз қартайғанда Құдай берді” деп келіндері қуанып, қайын атасынан сүйінші сұрайды. Сонда Құрбан: “Сүйінші алуларың қашпас, әкенікі – некүмән, шешенікі – хақ деген, алдымен баланы барып көріндер, егер менен туғаны рас болса, көтенінің жиегі болмас, жамбасында алақандай қалы болар”, – депті. Келіндері жаңа туған нәрестені барып көрсе, Құрбан атасының айтқандары айнымай келіп тұр дейді. Осыдан кейін Құрбанның алты баласының кенжесі “Көтен” деп аталып кетсе керек.
227. [Көктіңұлы және Көтенше туралы аңыз]
(ІІІ нұсқа) Жезбике шешеміз аса сымбатты, үй тірлігіне ұқыпты кісі болған. Мелде биге тиген соң ұзамай жүкті бопты. Ай-күні толып, босанар шағында, Құндызай бәйбіше күндестік кесірімен Мелде биге айтқанын істеп, Жезбикені жұртқа тастап кеткен. «Біз барған соң саған көлік береміз», – деп алдап көшіп кеткен екен. Көшкен жұртта қалған Жезбике Әзіреті Қызыр Ілиястың көмегімен аман босаныпты. Және де сол Қызыр көшіп кеткен көштен бұрын баратын жеріне жеткізіп салады. Жаңа туған баланы орайтын жөргек таппай, көк шөпке орап алған екен. Сол себептен Жезбикеден өрбіген ұрпақ «Көктің ұлы» атанған деседі. Жезбике шешеміз әулие кісі. «Ұрпақтарым көктей болып көбейсін!» – деген ырым жасапты. Жезбикенің тегін кісі еместігін түсінген Құндызай бәйбіше одан бата алып, бала көтерген. Сол Құндызай бәйбішеден туған баланы ауыз дуалы Мелде би: «Бұл көтіне сенген бәйбішенің баласы, аты «Көтенше» дегендіктен, азап шақырып қойылған есімі айтылмай, одан тараған ұрпақ «Көтеншілер» атанып кеткен екен.
228. [Көтенші – Көктіңұлы аңызы]
(ІҮ нұсқа) Қоңырат–Қара–Құдайберді, онан – Берді–Сүгір, оның баласы – Мелде би, Оның үш баласы болған. Мелде би – Отырарда би болған адам. Оны жайлаған бұрынғы қарақалпақтар болған. Мелде бидің әкесінің қолынан қалған екі бала болған: Демен, Семен. Сонымен 32 балам бар деп отырады екен. Қазақтан келген би деп Мелде биді қарақалпақтар өлтіргісі келеді. Мелде бидің төрт баласы: «мал айдап, тоқыма алам» деп Кабул қаласына кетті. Екі құл бала қарақалпақтың әйелінен туған, қарақалпақтар нағашысы болған. Олар – қорғанның есігін ашып-жауып тұрушы. Мелде би екі құлдың баласын нағашыларына қалдырып, өзінің 26 баласымен Отырардан қашып шығады. Отырардан қашып, Қоңырат қаласы деген жерге орнығады (Қоңырат қаласы қарақалпақтарға қарайды). Төрт баласы әкесі өлді деп естігенсін, Жиделі-Байсын деген жерде қоныстап қалады (Самарқан облысына қарайды, сол жердегі өзбектер қоңыратпыз деп атайды, тегі олардың қазақ). Шыңғыс тұқымының бірі қарақалпақтарды Отырардан қуып, Төрткөлге қарай айдағанда Емен-Семен деген екі құлдың ауылы «қазақпыз» деп ажырап қалады. Емен батыр болып өтеді, бала болмаған. Семеннен жалғыз бала туады, ол – Көтенші. Олардың жайлауы жазды күні Сарыарқаға көшеді, қыстағы – Қызылқұм. Бір күні «Қызылқұмнан көң табам» деп Емен батыр бір төбеге шыға келсе, төбенің астында жаңа көшіп кеткен үйдің жұртын көреді. Сол жерде ыңырсыған дауыс шығады. Жанындағы адамын ауылына жібереді (көшіртіп келуге). Ыңырсыған нәрсе көңнің арасынан шығады. Ол көкке ораған жас бала болып шығады. Өзінің перзенті жоқ екен, әйелі бала тумайтын адам екен, сонда Емен батыр әйеліне соны туған етіп, бала туды ғып қояды. Сол баланың аты – Көкұлы деп аталады. Арыстың маңайы, Бақтыаралдың қазақтары: «Емен, Семен, Көкұлы, Көтенші, Қоңырат боламыз», – дейді.
229. Көтенші
(Ү нұсқа) Жаманбайдың балалары: Құрбан, Ноғай, Шоқпарлы, Жауғашты, Қыйра. Құрбан – мүсәпір, момын адам, оның қалған төрт інісі – Жауғашты, Ноғай, Шоқпарлы, Қыйра, бұлардың көзі ұрлықпен өткен. Інілерінің ұрлығын ағасы Құрбан айта берген. Ұры інілері қылдан белбеу буынып ұрлыққа аттанған. Біреулер малын іздеп келсе: «Біздің мына қыл буынған белбеулерің әкелді», – деп отырған. Сондықтан кейінгі төрт ағайынды ұры інілері: «Қылбелбеулі жаманбаймыз» деп атайды. Ұры төрт інісі Құрбанды «өлтірейік» деп мәсілихат құрады. Соны Құрбан естиді де өзінің інілеріне айтады: «Сендердің пиғылдарың бұзылды, мені өлтіресіңдер. Мені өлтіріп қанымды мойындарыңа жүктемеңдер, менің өтініп сұрайтыным бар. Ол мені тірідей Шудің бойына тастап кетіңдер, маған бір балта, бір қақпан, екі қармақ балыққа салатын және бір керме беріңдер! Мен сөйтіп Шудың бойында аң аулап күнімді көрейін, сендердің ұрлықтарыңды айтпайын». Інілері айтқанын істейді. Құрбан күнін көріп жүре береді. Сол кезде Құрбанға жарымжан, бір ақсақ соқыр әйел кездеседі. Әйелдің мүгедектігі болмаса, жасты болған. Жолаушы есекке мінген бір қария адам кездесіп, осы екеуін көріп, некесін қиып, қосып кетеді. Бір күні қақпанына киік түсіп үйіне келсе, мүгедек әйелі ұл тауып отыр. Сол баланың атын «Киікші» деп қойған. Әлгі мүгедек әйел келесі жылы басы сеніп, жарты бас болып бір бала туады. Оның аты «Жарықбас» қойылады. Мүгедек әйелден тағы үш бала туылады. 1.Түней (Тіней) – түнде күркеде туған бала, 2. Жары (балаға жарып қалдық қой дегеннен шыққан), 3. Сасық (бала көбейіп, тіпті, балаға сасып кеттік қой дегеннен шыққан). Үлкен баласы Киікшіге Арғыннан Анар деген қыз әпереді. Кейін келе Киікші өледі. Сонан кейін басқаларына шеше болып, тәрбиелеген Анар болған. Бір күні мүгедек әйел өліп, Құрбан қартайып 80-ге келеді. Сонда келіні күтуге атасын ұялып, қалың мал беріп, Құрбанға күтуші, бір жағы әйел етіп бір қазақтың қызын алып береді. Бір күні ол жүкті болып, еркек бала табады. Сонда Анар келіп, шалды қуантып, шүйінші сұрайды. Сонда шал айтады: «Егер бала менен болса, оның белгісі болады. Ал басқадан болса, белгі болмайды. Егер әлсіз адам менің балам болса, көтенінің жиек бауы болмайды, қызарып еңіреп жатады. Ал басқа жігіттен туған болса, ол белгі болмайды». Баланы қарап жіберсе, бала шалдікі болып шығады. Көтенінің жиек бауы болмайды. Сонда шал «баламды Көтен» деп атаңдар деген.
230. Көктіңұлы
Көктіңұлы тоқалдың баласы. Қоңырат көшкенде тоқалын жұртқа тастап кетеді. Келесі жылы келсе, тоқал баласын (жүкті болған) көкке орап өсірген екен. Содан «Көктіңұлы» атанған.
ҮІ.КЕРЕЙ РУЫ
231. Ашамайлы Керей жайында
Абақ – Ұлы жүз–Үйсіндегі Сарымырза деген адамның қызы, Керейдің немересі Дана бидің келіні еді. Абақ тұрмыстанып, бір балалы болғанда күйеуі қайтыс болыпты, Шымыр атты бір баласымен Абақ жесір өтіпті. Бірқанша уақыт өткеннен кейін жесір отырған жас Абақты сол кездегі қазақ салты бойынша әмеңгерлік жолмен Уақтың немерелерінің біріне қаратпақшы болыпты. Бірақ Абақ Керей шаңырағын сақтап, баласын ержеткізетіндігін, Керей түтінін өшірмейтіндігін, сол үшін басқаға некеленбейтіндігін айтыпты. Сонымен Уақ ұрпақтары мен Абақ ортасында енжарлық туылыпты. Абақ Уақ ұрпақтарының қағажуы мен қақпайлауына шыдай беріпті. Олардан ізгі ниет, туысқандық көре алмапты, ақыры Абақ баласын алып, төркіні Ұлы жүзге көшіп кетіпті. Абақ және жас Шымыр Үйсін елінің жанашырлық қамқорлығына ие болыпты. Әсіресе, Шымырды нағашы жұрты бетіне қақпай, еркелетіп өсіріпті. Нағашысы өзі барған той-думан, топты жерлерге жиенін бірге алып баратын, сөйтіп ел-жұртпен таныстыратын болыпты. Бұны көрген бұрын Шымырды танымайтындар: «Мына балаңызды танымадық қой, сізде осындай бала жоқ сияқты емес пе еді?» – деген сұрақ қойғанда: «Бұл менің «Ашамайлы керейім ғой», – деп жауап береді екен нағашысы. Сөйтіп, жүріп күндер өте келе Шымыр ержетіп, сол елде сыйланып, Шымыр аты ел есінен көтеріліп кетіпті де, оның ұрпақтары «Ашамайлы Керей» атаныпты. Сол ел де медіресе ашып, бала оқытып жатқан заты түрік пе, жоқ өзбек пе, белгісіз Нәзір атты молда бар екен. Абақ ана жалғыз ұлын оқыту үшін медіресеге апарып, молдаға баласын жақсы тәрбиелеп беруді өтініпті. Молда Абақтың кім екенін ұғыса келіп: «Ислам діні, шәриғаты жолында жас әйел сөзсіз некелену керек. Ері жоқ некесіз отырған жас әйелдің қолынан тамақ ішуде харам, тіпті, сол әйел су алған бұлақтың аяқ жағындағы ел сол сумен дәрет алуға болмайды. Сондықтан сіз біреумен некеленгеніңіз жөн», – деген пәтуа айтқан екен. Діннің шырмауына тап болған Абақ ана ұзақ ойлана келіп, Нәзір молдаға келіп: «Мен төркін жұртымда отырмын, менің некеленетін әмеңгерім алыста қалды. Егер бұдан кейін мен туған ұрпақты «Керей» деп айтуға мақұл болсаңыз, сізбен некелесем!» – деген тілек қойыпты. Нәзір Абақ ананың бұл тілегіне келісім беріп, Абақпен некеленіпті де, Абақ ана одан бір ұл көріпті. Ұлының атын Құттықожа қойыпты. Құттықожадан Майқы туыпты. Майқының кейінгі ұрпақтарынан он екі абақ керей тараған екен.
232. Көшебе мен Сибан
Танаш би өзінің үлкен баласы Балғаны Сібір татарының бегі Ағайынбектің қарындасы Ғалия сұлуға үйлендірген. Балға мен Ғалиядан Әзім есімді жалғыз ұл туған. Әзім туған соң, көп ұзамай Танаш бидің бәйбішесі Айша да босанып, бір ұл тауыпты. Ел жайлауға көшіп жатқан кез болса керек, баланың атын Көшебе деп қояды. Дәл осы тұста Танаш бидің інісі Апбас батырдың әйелі Бәтиха да босанып, ол да бір ұл тауыпты. Оның атын Жайлаубек қояды. Ырымшыл қазақ Әзімнен кейін екі шешесінің бірдей босанғанын жақсылыққа балап, Әзімге жеңгелері: “Сыйлы бала”, “Сый бала” деген жанама ат қойып алады. Сол жанама есім еркелете атау барысында “Сибан” болып кетеді. Ашамайлы керейдің Сибан руы – осы Сибанның (Әзімнің) өсіп-өнген ұрпақтары.
233. Руым – Шұбарайғыр, ұраным – Қожаберген
Абақтың үшінші ұлы Құтбердіден – Бағаналы, Жаппас екеуі. Жаппастан: Кенел, Жабай. Кенел жас кезінде Үйсін еліндегі Өміржол деген байдың қызы Ақшыраққа көңіл қосып жүргенде, әкесі Ақшырақты бір байдың ұлына айтырады. Кенел Ақшырақты алып қашып кетеді. Үйсін жағы дау көтеріп, үш жүздің бас қосқан жиынында әр жүзден адам шығып, үш жыл іздейді. Табылмаса, жүз жыл тосуды, табылса, Орта жүзден үш адамның құнын алуды кесім етеді. Арт жағынан осындай дау туып, ауыр жағдай болып жатқан соң Кенел өз атын «Мұғылға» өзгертіп, қырғыз елінің Мұндыр деген руына барып сіңіп, мекендеп, өсіп, өркен жаяды. Өз тектерін айтпауға ант еткендіктен, қатты сыр сақтайды. Кенелден Мәнжол, Қаңылы туады. Мәнжолдан – Байбағыс, Келбағыс екеуі. Кейін Келбағыс балаларын алып, өз елі Жаппасты табады. Сонда әкенің де, баланың да мінетін жалғыз шұбар айғыры бар екен. Ел оларды «Шұбарайғырлы» деп жүріп, оның ұрпақтары “Шұбарайғыр” атанып кетеді.
234. «Бодансыз Керей» аталу мәнісі
“Керейден бір Жәнібек деген батыр шығыпты. Шақшақ Жәнібектің жиені екен”, – деп естіген едім. Бұл “Ер Жәнібек” атаныпты. Мұның қылған ісі: “Керейді орысқа қаратпаймын! – деп, – Алатау мен Алтай тауының аралығында Алакөл деген көл бар, бір өзіне жеті өзен құяды. Тайы құлындап, тайлағы боталайтұғын жер, бұл Сарыарқадан да артық, Жиделі-Байсыннан да артық!” – деп, елін солай қарай аудырыпты. Өзіне ерген ел барыпты. “Қалғанын тағы алып келемін! – деп, – бұл жаққа келіп қайтып бара жатқанда, ажал шап етіп аяғынан алып, жолда өліп, қайда өлсе де, бұл күнге шейін аты жоғалған жоқ”, – дейді. Төрт атаның ұлы Керейдің екі атасының ұлы сол жақта есепсіз бай: “Бодансыз (бодамсыз) Керей атанған” деседі.
235. Шұбарайғыр
Орта жүз Абақ керей тайпасынан тарайтын іргелі рулардың бірі – Шұбарайғыр. Шежіре дерегі бойынша Абақ керейдің Жаната деген жігіті қалмақтардан шұбарайғыр бастаған бір үйір жылқы айдап қайтыпты. Сол шұбарайғырдың үйірі құт болып, өсіп-өніп, Жаната бас құрап, елге танылған екен. Жанатадан тараған ұрпақ рулы елге айналып, олардың “Шұбарайғыр” атануы содан еді дейді.
236. Бес қасқа
... Аласапыран заманда егеулі найза қолға алып күрескен Еламан балалары Бес Қасқа – Көшімбай (Күштібай), Қылжақбас (Қылжықай), Ашан, Қақал, Доғал болады. «Бес Қасқа» бірнеше күн мен түнге алай-дүлей шайқаста жауға дес бермей, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Бұл бесеуі қайда жүрсе де, соғыста болсын, тамақ ішісін, дем алсын, қашан да бірге болып, бірге жүрген. Қаңды шайқаста ерліктерімен көзге түскен Еламан балаларын Әбілхайыр хан өзіне шақыртыпты. Хан алдына “Алдиярлап” келген жігіттерден: “Сендер кімсіңдер?” – деп сұрапты. Сонда олар бір кісідей: “Біз Еламанның балалары едік” деп жауап қайтарыпты. “Ал, бәрің бірге неге соғысасыңдар? – деген хан сұрағына: “Жалғыз қанша мықты болса да, жауға төтеп бере алмайды, көпке шыдамайды. Бірге жүрген бізді жау ала алмайды, шепті бұзып жеңе алмайды. Сондықтан да біз бірге ойран саламыз”, – деп жауап берген екен. Сонда Әбілхайыр хан: “Мыналардың аузынан неше түрлі сөз шығады. Бірлік түбі – қуаныш. Бұларды осы ерліктері мен жау жүректілігі үшін “Бес Қасқа” деп атайық” – дейді. Содан кейін Еламан балалары «Бес Қасқа» атаныпты. Сөйтіп, Еламан руы Қасқа атанып, тарих шежірелеріне “Қасқа” болып еніпті.
ҮІІ. УАҚ
237. (Қарабақ-Уақ әулеті туралы)
Бірде жолаушылап келе жатып Бармақ қалмақтардың қолына түсіпті. «Өлтіру керек!» – деп ұрандайды қалмақтар. Қалмақ ханы жөн сұрайды. «Мен жауласуға шыққан жоқпын. Жолаушымын, қаруым да жоқ», – дейді Бармақ. Оны танығандар: «Бұның бізге істемегені бар ма, жоқ қылу керек!» – деседі.
Сонда Бармақ:
– Әй, мен сендерге жалынбаймын. Өлтіріңдер! – дейді.
Хан:
– Неше ағайындысың? – дегенде:
– Бес ағайындымын. Жәнібек, Жәуке, Есет, Сәрке – бесеуіміз, – дейді.
– А, бұны құртқанмен, аналар бізді тыныш қоймас, сыйын беріп қайтарыңдар, – деп Бармаққа бостандық беріпті.
Оған сол жолы қалмақтар берген қыздан қазіргі Қарабақ Уақ әулеті тарапты.
КІШІ ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ АҢЫЗДАРЫ
І. БАЙҰЛЫ
238. Байұлы
Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар біреу тайына, біреу атына мінгенде бір бала жыламсырап, қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:
– Сен неге атыңа мінбейсің? –деді.
Бала қамығып:
– Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, – деді.
Содан Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:
– Мен атқа мінгенде ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба? – деді.
Әкесі:
– Кімге бересің? – деді.
Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп: «Тайыңды кімге берсең де өз еркіңде», – деді. Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды, шауып көп балаға қосылды. Сол уақытта бір ақсақал, жақсы кісі қонақ болып жатыр екен. Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді: «Ей, Құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер!» – деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру содан болды деседі.
239. [“Он екі ата Байұлы” атануы]
Қыдырқожа өте асқан бай болады. Малы мен басы тең өседі. Баласы – он екі, малы жерге симайды. Байдың жанында жүрген кедейлер, сондай-ақ оның отын-суын, қора-қопысын істеп жүрген жалшылар, байдың балаларын мадақтап: “Бай баласы”, “Байдың ұлы” деп жағына сөйлеп, қолпаштауынан келіп шығады. Байдың балалары да: “Сері”, “Мырза” дегенді жек көрмейді. Қайта масаттанып: “Біздер бай баласы, байдың ұлдарымыз”, – деп көтеріле сөйлейді. Міне, осыдан келіп “Байұлы”, “Байбаласы” деген сөз өмірге келіп, оған 12 баланың саны қосылып, “Он екі ата Байұлы” болып атанып кетеді. Он екі ата Байұлы осылайша атанған деп шежіреші қариялар сөзін шегелейді.
240. [Кіші жүз руларының Нәдірқожа мен Қыдырқожадан тарауы]
Нәдірқожадан бел бала болмай, жеті бала да киімшең келген екен. Сол себепті бұл балаларды «Жеті ру» атапты. Қыдырқожа ағайын ішіңде бай болыпты. Қысырақтың бір үйірін сұлтанға, бір үйірін ханға соғымға беріп тұрған. Сондықтан мұның өрнен-жараны «Байұлы» атаныпты. Қыдырқожада төрт әйел болған екен. Бірінші әйелі Жанбикеден бала болмапты. Екінші әйелі – Күңіш, одан Ану туған. Бірақ Ану өліп кеткен. Үшінші әйелі Тотан үш ұл туған: Сұлтансиық, Қыдырсиық, Бақытсиық. Төртінші әйелі – Айжан сұлу, кейде Анай сұлу деп те атайды. Қыдырқожа Орта жүздегі Арғын Құба бидің Айжан сұлу деген қызын алмақ болып, құда түседі. «Бір қыз емес, үш қыз беремін, бұған ханның құдіреті жетер ме екен?» – депті би. Осы Айжан сұлудан Беріш туған. Адай Қыдырқожаның қызынан туыпты. Тоқтамыс ханды жау шауыпты, сол кезде Алтай Тоқтамыс жақтан қашып келіп, Қыдырқожаны паналапты. Осы Елтай байдың қызымен ойнап қойған. Адай қыздың баласы деседі. Таз – Қыдырқожаның күңінен туған. Күңнің аты – Моншақты. Қара күң екен дейді. Есентемірдің шын аты – Темір, Ұлы жүзден кісі өлтіріп қашып келген де, Қыдырқожаны паналаған. Байдың жылқысын бір жұттан аман-есен алып шыққандықтан Қыдырқожа оны «Есентемір» деп атап кетіпті. Қыдырқожаның етек-жеңін жаппай жүретін ноғай қызы – күңнен туған баланың атын «Алтын» қойған. Қыдырқожаның күңі мен құлынан туған баланың атын «Жаппас» қойыпты. Алтын қыз бала болса керек. Жасырақ кезінде өліп қалған. Осы Алтын аты -руы аты «Жаппаспен» қабаттасып, «Алтын – Жаппас» болып та аталады.
ІІ. ШЕРКЕШ РУЫ
241. [Зылиха – Қаракемпір]
Бірде Әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң: “Апыр-ай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!” – деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: “Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім”, – депті. Сонда, Дербіс батыр “Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!” – деген екен.
242. [Қаракемпір- Шеркеш]
...Бір байдың қызына қаншама құдалар түсіп, айттырыла тұрса да, келісімін бермей қала береді екен. Әкесі қызының бұл қылығына ренжи тұрса да, көңілін қалдырмай:
– Өз сүйгеніңмен кет, қалың мал сұрамай-ақ қояйын, – дейді. Осыны естіген Дербістің әкесі баласына:
– Сен барып осы қызға жолығып көрсеңші! – деп кеңес береді.
Дербіс қыздың аулына келіп түскенде, бұрын қанша қонақ келсе де бұтын жимай көсіліп отыра беретін Зылиха ұшып тұрып, тамақ дайындау қамына кіріседі. Сонда жеңгесі: “Саған не боп кетті?” – деп таңданса керек. Осы қыз ұзатылып кетіп, Дербістің аулында өтілген тойға қатыса алмаған бір ағайыны тойдан оралған балаларынан:
– Жеңгелерің ұнады ма, қалай екен? – деп сұраса, олар жарыса:
– Ой, несін сұрайсыз, әке, отыр ғой бір қара кемпір! – депті.
Бір күндері әлгі тойға келе алмаған адам Дербістің үйіне келіп, үй сыртынан:
– Әй, Дербіс, бармысың үйде, сөйлесейін деп едім, десе:
– Дербіс үйде жоқ еді, аң қағуға кеткен. Түсіңіз, үйде қара кемпір бар, – деген әйел дауысы естіледі. Бұдан кейін осы атау бүкіл елге жайылып, бертін келе рудың аты «Қаракемпір» атанып кеткен деседі.
243. [Шеркеш ұрпақтары туралы аңыздар]
Шағырай, Шенеш, Шеркеш – үшеуі бірге туған ағайындар болса керек. Шағырай батыр болыпты, үйленбеген жас жігіт кезінде жаугершілікте елі мен жері үшін соғысып жүріп, мерт болады. Артында тұқым жоқ болса да, аты ұмытылмасын деп, Шағырайдың атын ұранға шығарады. Исі Шеркештің ұранының “Шағырай” болуы содан. Шенеш жасы жетіп қайтыс боларында, Шеркешті шақырып: “Менің бес балам саған аманат, көз болып жүр!” – деп тапсырыпты. Шенештің бес баласы именшектеу болып өседі. Шеркештің балалары олардан жастау болса керек. Шеркешке мал біткен, дәулетті адам болыпты. «Батыр аңқау, ер әңгүдік» деген бар емес пе, бірде Шеркештің ауылының үстімен құлан үйірі өтеді. Түз тағысы көз алдарында құлдыраңдап бара жатқанын көріп шыдай алмай, ауылдың ат жалын тартып мінетіндері жапа-тармағай қуа жөнеледі. Сонда, Шенештің бір баласына ат жетпей қалып, желіде тұрған биені міне шабады ғой. Ол көк бие Шеркештің малының басы екен. Құланды қуып жүргенде сол көк бие зорығып өледі. Сонда, Шеркеш: “Әй, қырылғырлар-ай, он қос жылқыдан мінетін ат таппадыңдар ма, малымның құтынан айырдыңдар-ау!” – деп налыпты дейді. “Ата қарғысы – оқ” деген, содан көп кешікпей елге жау шауып, соғысқа аттанған Шенештің бес баласы бірдей опат болады. Бұл хабарды естігенде Шеркеш: “Ағамның бес баласын өзім қарғап өлтірдім-ау, есіл бауырым-ай, тұқымсыз қалдың-ай!” – деп күйзелген екен дейді. Арада біраз уақыт өткенде Шеркештің бәйбішесі қуанышты хабар айтады: “Тұр, басыңды көтер, қайғырма, ағаңнан тұқым қалды, бір келіннің аяғы ауыр екен!” – дейді. Айтқанындай, айы-күні жетіп, Шенештің келіні арыстай егіз ұл табады. Олардың бірінің атын – Қосым, екіншісінің атын Досым қояды. Осыдан кейін Шеркеш басқа келіндеріне әмеңгерлеріне қосыла беруге рұқсатын береді. Қосым мен Досым ержеткен соң Шеркеш: «Қосым мен Досым бөлек қос болсын!» – деп, еншісін бөліп, бөлек ауыл етіп шығарады. Бөлек шығарарда дәстүр бойынша боз биені сойып, бірлік-пәтуа үшін бармақтарын қанға батырғанда, Шеркеш тұріп: “Қосым аға баласы, жолы үлкен. Бұдан былай менің алпыстағы ұрпағым Қосымның алтыдағы ұрпағына сәлем беретін болсын! Бес Шеркештің ағасы Қосым болсын!” – деп өсиет етеді. Күні бүгінге дейін жөн білетін Шеркеш баласы бұл өсиетті бұзған емес... Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен атасынан өрбіген Балпық деген кісінің алты бірдей баласы жау қолынан қаза табады. Балпық сол кезде сексенде екен. Бала күйігі оңай ма, өзі қол бастап барып, қалмақ елін шабады. Сонда жау елінде тұтқын болып жүрген бір бала кезігеді де: “Ата, мен қазақпын, жау қолында қалдырмай, елге ала кетіңізші!” – деп шырылдайды. Балпық баланы елге алып келіп, қолына асықты жілік ұстатып, бәйбішесінің омырауын иіскетіп, өзіне бала етіп алады. Сонсоң, Қылыш–Кестен әулетіне тілекші болсыншы деп, атын “Тілекші” қояды. Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен–Тілекші аталарының жай-жапсары осындай. Қазір баяғы жау қолында кететін бала Досымның ұрпағы тілекшілер екеніне бірде-бір Шеркеш күмәнданбайды. Қосымнан Мырза, Шора туады. Шора туғанда, көргендер таң қалыпты дейді: “Ана құрсағына осындай ұзын бала да сияды екен ғой!” – деп. Бала құрсақта екі бүктетіліп емес, үш оралып жатқан ғой. Содан, оның әуелгі аты “Үшора” болады, жүре келе “Шора” болып кетеді. Шора өсе келе бойы мейлінше ұзын болып, жеңгелері оны: “Қатыңқы қара” дейді екен. Сол атау алдымен “Кәтеңке” болып, бара-бара “Кәтеней” атанып кетеді. Шеркеш ішіндегі «Кәтенай» атанып жүрген ру – сол Шораның ұрпақтары.
ІІІ. АДАЙ РУЫ
244. Нұрдан жаралған Адай
(І нұсқа) Кіші жүздің Жанарыстың Алауынан өрбіген Алшынның ішінде Қыдыр деген бай болыпты. Қыдырдың байлығында қисап болмаған соң, жұрт оны «Бай» деп атайды екен. Сол әдетпен Қыдырдан тараған ұрпақ «Байұлы» деп аталып еді дейді. Байдың (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек, сейіл-серуен құрған қыз-келіншек бір гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлде неден тұла бойы шымырлай балқып, оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен сулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді. Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, ай-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды. Ертеңінде серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақырады. Әспенбет баланы көріп: «Атыңды шығарар арысың осы болар!» –деп, батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай деп қояды. Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз даген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп өсіреді
245. [Адай мен Таздың туысқан болуы]
(ІІ нұсқа) Темір – Ұлы жүздің батыры. Ол сол елдегі әділетсіз хандардың бірін өлтіріп, қашып келіп, Кіші жүздегі Қыдырқожаға келіп паналайды. Шамасы, Қыдырқожаның мейілінше әділ, қайырымдылығын пана тұтса керек. Темір келген соң Қыдырқожаға жасырмай, бар шынын айтады.
Сонда Қыдырқожа:
– Өзіңе-өзің сыйсаң, маған да сиярсың.
Сені мен қусам, қайдан пана табарсың?
Табарсың да барарсың,
Айналып бір қарарсың,
Қасиетімді қайдан табарсың?! –
деген екен. Темір де: «Паналатсам, әділ бол деп тұр-ау?!» – деп түсініп, осы Қыдырқожаның қолында қалып қалды. Қыдырқожа айдаса жаудікі, ысқырса желдікі болып жүрген көп жылқысының билігін Темірге беріп, басқартып қояды. Ал Қыдырқожаның қызы жүкті болып қалады да, босанып, әке-шешесіне білдірмей, баласын Қыдырқожаның төбе басына шығар жолына құндақтап, тастап кетеді. Баланы тауып алған Қыдырқожа әйеліне әкеліп: «Ұл бала ғой, аман сақтап өсір!» – дейді. Бәйбіше баланы Таз деген баласына беріп: «тәрбиелеп өсір» деп аманат етеді. Таз баланың атын Адай қояды. Таз да қолға келген кірме бала екен, Қыдырқожа оны да асырап алған. Таз баланы Адай деп ат қойып, іні етіп өсірген. «Адай мен Тазбыз, үйрек пен қазбыз» деп мақтанады екен олар.
246.Таңба
Есте жоқ ескі заманда Бай деген кісінің балалары енші бөлісіпті дейді. Еншіні Байдың адуын бәйбішесі бөліп, әр баласының таңбасын қоса атап отырады. Осы кезде өзгеден саяқтау жүретін, тентек мінезділеу бала Адай жүгіріп келіп: «Апа, менің де таңбамды аташы!» – дегенде, адуын бәйбіше үш саусағымен бұтының арасын сүйкей нұсқап: «Міне, сенің таңбаң!» – деген екен. Сол жерде бәйбішенің қимылын көзі шалып қалған Бай: «Әй, бәйбіше-ай, бүкіл ырыс-құтың Адайға кетті-ау!» – депті дейді. Десе дегендей, бір мүшел айналғанда Адайлар 600 шаңырақ болса керек. Шынында да он екі ата Байұлының ішіндегі ең бір өсіп-өнген ру – Адай. Ал Байдың бәйбішесінің борбайын үш саусағымен нұсқаған ишарасы, кейін ортасы тілік үшкіл таңба болып белгіленетіні содан қалып еді дейді.
247. Адай туралы қысқаша мәлімет
Ұлы жүз Үйсіннің екінші әйелінен туған қаракерейдің баласы, Құба бидің баласы Елтай батыр жас жігіт күнінде Кіші жүзге ұзатылып кеткен апасын іздеп Қыдырқожа байдың аулына келеді. Келсе, атасы Апай сұлу ері өліп, қайнісі Қыдырқожаға атасып, сона отыр екен. Елтай келсе, бай үйінде жоқ, жолаушылай кеткен. Бір-екі күннен кейін сол байдың аулына жау келеді. Елтай батыр тасада жатып атысып, жаудің бетін қайтарады. Сүйтіп, ауылды, малды, жанды аман алып қалады. Бай келеді жаймен, шет біледі де, бәйбішесінменен кеңесіп Қыдырқожа айтады: «Бұл жаудың мақсаты қыз әкету малменен, бұл жау ұмыттырып қайталауы мүмкін, бәйбіше, дейді, – кел қызымыз бен Елтайға бата берелік», – дейді. Бәйбіше де мақұл көріп, қызымен отасып бір балалы болып, атын Адай деп қояды.
248. Жеменей мен Айтумыс
Қаһарланса қара тасты үгітер, өр мінезі өлі рухты тірілтер, айбаты мен ақылы талай дүр мен дүлейлерді бір өзіне табындырып, жүгінтер Адай бабамыз тұңғыш ұлының атын Құдай қойыпты, сонда қазақтың ақсақалды-қарасақалды қарттары тәубелеп жалынып, баланың атын Құдайке деп атауға мәміле жасапты. Құрсақтан жаңа шыққан шарананы бұлайша атағаны – ұлы атамыз әлімсақтан Алла Тағаланың өзін артық жаратқанын сезінгенінен болар. Құдайкеден кейін сағындырып барып көрген екінші ұлдың аты – Келімберді. Келімберді дүниеге келгенде Адай атамыздың тұңғышы Құдайке келін әкеліп жатса керек. Қара шаңырағына келінінің түсуімен бір мезгілде дүниеге келген сәбиінің атын ырымдап осылай атапты дейді. Осы екі перзенті Құдайке мен Келімбердіден көрген Адайдың немерелері Тәзіке–Қосай, Ақпан–Құнанорыс, Балықшы–Бұзау, Мұңал–Тобыш Сегіз арыс Адай болып, дүйім рулы елді құрайды. Сол сегіз арыстың біреуі – Бұзау. Бұзаудың о басында азан шақырып қойған аты Ораз–Әлнияз екен дейді кейбір шежіре деректері. “Ер мұрынды, ат ерінді келеді” демекші, атамыз жалпақ мұрынды болса керек. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша атын тергеген жеңгелері атамыздың осы келбетіне сәйкес «Бұзау» атандырып кеткен екен. Бұзау атамыздан: Жеменей мен Айтумыс. Бұл аталарымыздың даңқы да, есімі де кейінгі ұрпақтарына ел аты – ру болып, жер аты, ұлыс болып мәңгілікке қалды.
249. «Кедей» аталуы
Хан елге хабар береді: «Қалмақпен соғысамыз, дайындалсын!». Хабар жетісімен Аталық жылқыдан өңкей қысырақты бөліп алып, нулы жерге айдап салып, сулы жерге саялатып бақтырады. Қыс бойы сойылған соғымның сүбесі мен қазысын, жал-жаясын, нар түйенің өркеші мен ісек қойдың құйрығын тұздатып сүрлетіп, тең-тең етіп түйелерге арттырып, жарау аттарды жетекке алдырып, сірелетіп бақтырған қысырақты үйірді айдатып, жорыққа аттанады. Осылайша Аталық жорық кезінде ұдайы бір көштей ілгері озып, қалың жасақ, ауыр қолды ас-сумен қамтып, бірнеше ай бойы азықтандырып отырады. Осы жолғы жорықта қазақ қолы жеңіске жетеді. Олжа бөліске түскенде хан Аталықтың қалауын сұрайды.
– Бүлінген елден бүлдіргі де керек емес...
Ілкіде осылай деген Аталық батыр хан қолқалап қоймағасын көкейіндегі бұйымтайын айтады. Өйткені олжаға түскен қалмақ қыздарының ішінде нұрлы жүзді, нәркес көзді жас аруды байқап қалып, көңілі кеткендей-ді.
– Е-е, Хан, Ие! Қайта-қайта қалауымды сұрадың, ендеше:
– Ақбоз атты мінбей бер,
Ақ сауытты кимей бер!
Ақ беренді ілмей бер,
Ақсұқсырды сүймей бер!
Ханға айтқан сөзі өткен, Аталықтың дегені болды. Хан қас батырдың қалауын ғана беріп қоймай, өзінің ерекше құрметін де білдірді.
– Аталықтың аты бүгіннен бастап Жомарт болсын! Жомарттыққа жомарттық жасау ердің ісі!
Хан айтса, қапысыз. Қаумалаған халық содан былай Аталықты «Жомарт» атап кетеді. Енді Жомарт батырдың інісі Нұрмағанбеттің Кедей атануы туралы шежірешілер не дейді? Жақсы ат пен сәнді киім киіп, сауық құрып, көрікті қыз біткеннің жеңгесіне сый-сыяпат тасып, қолындағысын шашып жүретін, шаруаға икемі жоқ жігітті: “Бұл қылығын қоймаса, тақырға отырып, кедей атанары сөзсіз”, – деп, шашпалығынан арылсын деп «Кедей» атап кетіпті.
250. Алдасай ауылының өспеуі жайлы
Жомарт батыр жаугершілікте көз жұмады. Ата-салт бойынша “жесір ерден кетсе де елден кетпек емес, аға өлсе – іні мұра”, ел ақсақалдарының ұйғарымы бойынша қайнысы Алдасайға некеленді. Алдасай – өзіне бөлген еншілі малының жайына бас ауыртқаннан гөрі мергендік пен саятшылыққа құмар, мінезі шапшаң, еркіндеу жүріп-тұратын адам. Бірде аң аулап келсе, жеңгелей алған әйелі Ақсұқсыр ақ балтырын көсіле көрсетіп, жарқырап ұршық иіріп отыр.
– Пай, пай, балтырың қандай аппақ!
– Бұл балтырға талайлар қызыққан…
Ақсұқсырдың бұл сөзі өр мінезді жігіттің жүрегін шоқтай күйдірді.
– Адал деп тамсағаным, талайлар дәмін татып көрген шалап па еді, талақ-талақ! Тулап үйінен шыға жөнелген Алдасай райынан қайтпады. “Айттым – бітті, кестім – үзілді” деді.
Алғашқы қосағынан өлідей, кейінгі қосағынан тірідей айырылып, жазықсыз жәбірленген Ақсұқсыр, жаны күйіп қарғанған екен дейді:
“Алдасай, ауылыңда жүз жігітің болмасын,
Жүзге жеткізем десең де, толмасын!”
Қасиетті әйелдің наласына қалды ма, қаралай күйген қарғыстың зарпы ма, Алдасай ауылы өспеген ауыл дейді айтқыштар.
251. Тоғыз тақта Шылым
...Айтумыс баһадүр 19 жасында қалмақпен соғыста қаза тапқанда, оның жары Асылай жүкті болып қалып, өмірге ұл бала келді. Жас батырдың артында қалған тұяғына ат қоймақ болған ағайын біраз ойласты. «Жастай қыршын кеткен Айтумыс баһадүрдің атына сай ұл болып өссін, дүние тұрғанша тұрып, ұрпақ жалғастырсын, “үш ылымды (үш ілімді) – жердің, судың көктің ілімін меңгерсін»” –деген тілекпен жас сәбидің атын “Үш ылым” қойды. Бұл есім қазақты тілдің аталу ерекшелігімен «Шылым» делініп аталып кетті. Айтумысұлы Шылымды Жеменей: “әкеңнің жүзін көрмедің” деп, асыл қамқа кигізді, «қара шаңырақ иесі» деп ақ ордаға кіргізді, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады, армансыз дәурен сүргізді. Ал Жеменейдің бәйбішесі емшек сүтін бермесе де, ене сүтін берген-ді, Шылым бала жасынан шандоздықты көргенді. «Көңіліне қаяу түсер» деп әкесі Айтумыстың жаугерлікте өлгенін білгізбеді. “Қу жалғыз сәл нәрсені кектеп қалар, сәл нәрсені кектеп қалса, тумаларынан шеттеп қалар”, – деген оймен Жеменей оған: “Өзімен туған ұлсың”, – деді. “Үш ілім” деп жақсы ырыммен атап қойған есім текке қойылмапты. Көп тілегі қабыл болды. Атадан қалған бір жылғыз осылай өркендеп, өсіп-өнген-ді. Сол себепті Тоғыз тақта Шылымнан өрген үрім-бұтақ күні бүгінге дейін “Жеменейміз” деп келген-ді. “Өз әкелерің Айтумыстың атын ұмытып, неге Жеменейміз дейсіңдер?” – деген әзіл-қалжыңды сұраққа шежіреші Әбді Рахманұлы: “Айтумыс –руымыз, Жеменей – ұаранымыз! Әлбетте, рудан бұрын ұран ауызға алдымен ілігеді. Жеменей – үлкен әкем, қазақта інісінің баласын үлкен аға еншілейтіні ата-салтымызда бар емес пе! Әкемнің ағасын әке десек айтып па!” – деп жауап береді екен. Не себепті жоғарыдағы Бұзау атамыздың аты руға айналмай, оның баласы Жеменейдің атағы шығып, бір тайпа елдің атауына айналды? Шежіреші шалдар айтады: Қазақтың аузы дуалы, елге сыйлы бір ақсақалы айғыр топ нөкерлерімен жолаушылап келе жатып, Бұзаудың үйіне түседі. Күн кешкіріп қалған мезгіл дейді. Есіктің алдында үлкен тай қазанда ет асылып жатады. Бұл – бұрынғы сүрленіп қақталған ет. Бұзау келіп қалған қонаққа дайын болып, пісіп қалған етті тартқызбақ болады. Сол кезде бозбала жігіт Жеменей сапарлап кеткен жағынан келіп қалып, үлкен кісілермен амандасып болған соң, әкесіне қонақтарға арнап қонақасы соятынын айтады.
– Балам дайын ет пісіп тұр ғой, оның үстіне күн кешкіріп қалды.
– Келіп отырған құдайы қонаққа өлі ет асып беретіндей керегемізге қараған кедей емеспіз, атымызға ұят, абыройға сын!
Жеменей түн мезгіліне қарамай таңдап семіз қой сойып, қонақтарға қонақасы беріп, риза етеді.
“Бір бала әкесіне жете туады,
Бір бала кері кете туады,
Бір бала әкесінен өте туады».
Сен соның осы соңғысы екенсің. Бақытың да, байлығың да әкеңнен өткей! Бұл сөзімді жаратқан ие қабыл еткей! Дегеніңе жет балам!” Осылай деп Жеменейге бата берген ақсақал нөкерімен аттанып кетеді. Жолшыбай кездескен ауылдардың адамдары жөн сұраса:
– Өзі мәрт, өзі жомарт жас мырза Жеменейдің ауылынан келеміз, депті.
Содан былай, ел ішіне мырза да мәрт Жеменейдің атағы жайыла беріпті. Шындығында Шылым бабамыз Ақсұқсыр сұлудың бағын ашты. Рулы елдің анасы ретінде атын ғасырдан ғасырларға жеткізді. Ақсұқсыр анамыз шекесі торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді. Олар: Ақбота, Көшке, Ордек. Сұқсыр сұлудың қадамы құтты болып, пұшпағы қанамай жүрген бәйбіше де бірінен соң бірі – төрт ұлды дүниеге әкелді, олар: Баба, Рахан, Түгел, Теке. Олардан өрбіген ұрпақтар, үлкен анамыздың құрметіне «Бәйбіше» атанды... Ал Шылымның кіші әйелі, қараторының әдемісі Түймеден туған екі бала Қозым мен Қосақтан тараған ұрпақтар кіші анамыздың құрметіне «Қаратоқа» атанады. Түйме анамызды қайнылары қалжыңдап “қара тоқал” атаған деседі. Қаратоқа деген атау осыдан шыққан көрінеді. Сонымен Шылымның бірінші әйелі Балжаннан туған төрт ұл, екінші әйелі Ақсұқсырдан туған үш ұл, үшінші әйелі Түймеден туған екі ұл – “Тоғыз тақталы Шылым” аталады.
252.Оғылмеңді
(І нұсқа) ...Бір жылы күзгі қатқақтың көш-қонында дарияның мұзы әлсіз болып, Қосай ауылы түгел дарияға кетеді. Қосайдың Әлдеке, Төлен, Сүйін деген үш баласы, Бердіғожа, Бегалы, Едіге, Ермек, Қаныш, Кеніш деген немерелері, әйелі мен келіндері, малшы-қосшылары тегіс осы апаттың құрбаны болады. Дарияның арғы бетіне Қосай мен ауыл молдасы ғана аман шықса керек. Қосай батыр күтпеген қасіреттен есеңгіресе де, есін жоғалтпай: “Иә, Тәңірім, оңын бере гөр, тілегімді қабыл ете гөр!” – деп тілек тілепті. Сонда молда тұрып: “Әй, Қосай-ай, жасың алпысқа келгенде басыңа түскен ауыртпашылық болды-ау! Енді не оңы, не солы болар деп отырсың”, – депті. Бұл сөзге Қосай: “Молда, шырағым, біз туғанда жалаңаш туып едік қой. Қазір үстімізде киіміміз бар, астымызда атымыз бар. Тәңірден дұрыс тілек тілейік. Тәңірдің рахымы мол, әлі де біз үшін сақтағаны бар шығар!” – деп, жүріп кетіпті. Сол бетінде інісі Тәзікенің үйіне келеді. Қайғы-қасіретке шомып, керегені теріс құшақтап жата беретін болыпты. Бара-бара күйігі ішке түсіп, екі көзі көрмей қалады. Жаманат жата ма, осы оқиға Қосайдың анттасып-андаласқан түркімен досы Ерсары Сейітқұлыға да жетеді ғой. Сейітқұлы андасына көңіл айту үшін дереу жолға қамданады. Жай қамданбайды, өзімен бірге 40 боз биені жылқышысымен, 400 қойды қойшы-қолаңшысымен, ақбоз үйді жасауымен қамдап, досының көзін емдету үшін Оғылмеңді деген тәуіп қызды ертіп, жолға шығады. Андасының бұл келісі Қосай батырдың көңілін сергіткендей болады. Сейітқұлы қайтарында: «Қосайдың көзін емдерсің», – деп Оғылмеңдіні қалдырып кетеді. Оғылмеңді Қосайдың көзін жазады. Опатты оқиғаға жыл толғанда Қосай ел-жұртты шақырып ас береді. Асқа андасы Сейітқұлы да келеді. Осы жолы Сейітқұлы Оғылмендіге батасын беріп, Қосайға некелеп қосады. Сол Оғылмеңді анадан Қосай батыр Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндік деген алты ұл көреді. Аналары түркімен болғандықтан, бұлардың өсіп-өнген ұрпақтарын “Түркімен Адай” деп атайды. Қосай ұрпағы туралы әңгімені “Алты қосай” деп бастайтын да дәстүр бар.
253. Адай мен Таз
Адай дүниеге келгеннен кейін әкесі Елтай жаугершілікте жау қолынан қаза болады. Жұбайы Елтайдың қайтыс болғанын естірткенде, Адайдың шешесі Қанбибі апамыздың жүрегі жарылып өліпті. Адай қас жетім қалады. Ал Таздың шешесі Моншақ емізулі екен дейді. Адайды бауырына басып, Тазбен қосып, екеуін өзінің сүтімен емізіп өсіреді. Сондықтан Адай мен Таз бір ананың емшегінен сүт еміп өскендіктен, туыс есебінде саналады. Алшын елінің аузында: “Аққу мен қаз – егіз, Адай мен Таз – егіз” деген нақыл сөз осыдан қалған дейді.
254. Түркімен Адай
(ІІ нұсқа) Қосай ауылы жаз болса, Сырға қарай көшіп, қыс айларында Әмудің солтүстігін қыстап қайтып жүреді екен. Бір жылы көктемде Әмуден өтерде Қосайдың көші мал-мүлкімен, үш баласы, алты немересімен ұйыққа тап болған суға кетеді. Жасы алпысқа келіп қалса да қайраты қайтпаған Қосай жағаға жалғыз шығады. Сол кезде жапсар жатқан түркімен ішінде Сары деген батырмен Қосай қияметтік дос екен дейді. Тағдырдың жазуымен қара сопайып қалған Қосай досына Сары батыр түркіменнің Оғылмеңді деген қызын айттырып, алып береді. Сол түркімен қызына қосылған соң Қосайдың кіндігінен: Байбол, Бәлі, Тіней, Сүйіндік, Әйтен, Бегей атты алты бала туады. Осы алтауынан өрбіген ұрпақ “Түркімен Адай” деп аталады. Адайлар өз ішінде бұл алты баладан өсіп-өнген ұрпақты айырып атау үшін “Алты Қосай” деп те атайды. Қосайдың алты баласының бірі Сүйіндіктен тараған ұрпақ өз алдына бір ауыл болғанда көшіп-қонуға ерініп, бір орында сары жұрт болғанша ұзақ отырады екен. Содан, былайғы жұрт оларды “Жаман адай” деп атап кетіп еді дейді.
255. [Елтайдың «Адай» атануы]
Байдың (Қыдырқожаның) Жәнби бәйбішесінен Қанбибі (Айсұлу, Баршабике, Бәше деп те атаған) деген жалғыз қызы болған. Бір жылы Орта Жүзден Елтай деген жігіт елінен қашып келіп Асанқожаға бала болып, Байға (Қыдырқожаға) іні болып паналайды да, Қанбибімен көңілі жақын болып, қыз екіқабат болып қалып, үйінде отырып ұл туыпты. Бай некесін қиып, қызын Елтайға қосады да, ұлдың атын «Адай» деп қояды. Адай – жиен болады, бірақ Байдың бір баласы есебінде саналып тәрбиеленеді. Себебі әкесі Елтай жаугершілікте қазаға ұшырап, шешесі Қанбибі де өліп, жетім қалған еді дейді.
256. [Адай туралы]
Елді қалмақ шапқаңда екі буаз әйел, бір жетім бала (Темір), бір бойдақ жігіт (Естай) жарға тығылып, жасырынып қалады. Естай Темір мен аяғы ауыр екі жеңгесін қалдырып, өзі Сыр бойыңдағы ағасы Қыдырқожаға келеді. Азық-түлік, күш-көлік, құрал-жабдық алып, жетім інісі мен екі жеңгесін елге әкеледі. Аман-есен келгендіктен, Темірді енді «Есен-Темір» деп атайтын болды. Ағасы той жасап Естайға Анайы деген қызды тарту етеді. (Кейде Анайыны Қыдырқожаның немере қызы еді. “Немере неке тұяқ болады” деген ұғым осыдан тарайды дегенді де айтады). Анайы 16-17 жастарында ұл табады. Анайы жас болып ұялады да баланы емізбейді. Баланың атын Адай қояды. Бұл баланы Таздың шешесі Қаракүң деген кісі ауыздандырып, емізеді. “Таз бен Адай – егіз, Егіздетіп еміз” деген мәтел осыдан қалған. Он екі ата Байұлының он біріне әкесі таңба береді де, Адайға түбі шикі қыз баласы болғандықтан, таңба бермейді. Адай тентек болып өскен екен. Таңбасыз кетпеймін деп отырып алады. «Ендеш,е шешеңнің абиырының сүретін таңба қыл!» – деп, жерді үш саусағымен бір сызып, осы таңбаны берген екен деседі.
257. Бес Есенғұл
Байболдың ішінде өскен ауылы – Есенғұл батыр ұрпақтары, бұлар “Бес Есенғұл” атанады. Есенғұл батырдың өзі кешегі қазақ-қалмақ жауласқанда, жаугершілік салдарынан жастық шағы алашабуыл аттың жалында өтіп, қырық жасқа келгенше үйленбепті дейді. Қырық жасында үйленіп, әуелгі туған бір-екі баласы өле беріпті. Содан ауылдың үлкен шалдары жиналып келіп, Есенғұлға: “Әй, Есенғұл, шырағым, сен қатын алмай біраз жүріп едің, енді туған балаларың өле беретін болды ғой! Келін тағы екі қабат сияқты, егер аман босанып, ұл бала туа қойса, сәбиді есектің жабуына орап алып, есектің сүтімен ауыздандыр да, атын “Есек” деп қойшы, мүмкін сонда балаларың тұрар, иншалла!” – депті. Әйелі туып, ұл балалы болады. Нәрестені есектің жабуына орап алып, әуелі есектің сүтімен ауыздандырып, атын Есек деп қойыпты. Есек те, одан кейінгі туған балалары да тұрып, арттарына ұрпақ таратыпты, Есенғұлдың Есектен кейін туған Еміл, Өрезек, Нұрбай, Қоңыр деген інілері өсіп-өніп, ел олардың ұрпақтарын “Бес Есенғұл” деп атап кетіпті. Қосайды Қосай қылған белгілі іргелі ауыл болыпты.
258. Адай руы туралы аңыз
(ІІІ нұсқа)
Сегіз арыстың ағасы: Тәжіке (Тәзіке), Қосай, Құдайке балалары болған екен.
Құдайкенің үй-орманы, мал-мүлкі мұз ойылып, суға кетіп қалады. Өзі ақтабан атпен жалғыз қалады да, Келімбердіге келіп жатып алады. Екі көзінен айрылып, қаріп болып қалады. Бір күндері Келімбердінің үйіне арып-ашқан түрікпеннің әйелі тап болыпты. Келімбердінің жұбайы:
– Мына әйелді қайнағаға алып берелік, – депті.
Келімберді тұрып:
– Жатысы мынау, бұл әйелді не қылсын? – депті.
– Жоқ, әперген жөн. Дәретке отырған жерін көрдім. Әлі зәріңде көпіршік бар. Құдай берсе, әлі бір-екі бала таптырарлық халі бар депті. Сол әйелді әперіп, одан ұл туған. Баланың атын «Түрікпен Адай» қойған.
Сол Түркпен Адайдан: Тәзіке, Қосай туыпты. Адай Әзіреттінің Алатауынан көшкен екен. Тәзіке сол жерден көшпей, қалып қойған екен деген аңыз бар.
259. Қожамберді
(ІҮ нұсқа)
Енді Бала Қожамберлі «жайындағы бір ауыз сөз:
Бала Қожамберлі – үлкен Қожамберлінің баласы. Оның мәнісі мынау: үлкен Қожамберлі Хиуа жанына сенімді жігіт болып, сонда жұмыс істеп жүрген кезінде түрікменнің бір бегінің әйелімен көңілдес болады. Мұны бек сезіп қалады да, Қожамберліні өлтіруге әрекет жасайды. Бектің бұл әрекетін Қожамберлі де біліп қалады да, өзінің сенімді жігіті Әбдірахыманға бекті өлтіртеді. Сосын Әбдірахыманды өзінің кенже інісі Сырлыбайға қосып, Сырға қашырып жібереді. Өзі сонда қалады. Ақырында өзіне де қауіп төне бастайды. Содан соң қызметін тастап, өзі де Сырға қашып келеді. Хиуадан қашар алдында түрікмен әйеліне: «Егер ұл тусаң, атын Қожамберлі деп қой, қыз тусаң, кім деп қойсаң о деп қой, ерік өзіңде!» – деп айтып кетеді. Әйел ұл туады да, атын Қожамберлі деп қояды. Сол бала 18-ге толған соң әкесін іздеп Сырға келеді. Қожамберлі бала әкесі Қожамберліні тауып алады да, осында қалады. Содан соң жұрт оны: «Бала Қожамберлі» деп атап кеткен. Содан соң Қожаберліден өскен ұрпақтар он шақты үйдей. Мұның бәрі де Мойнақтың ішінде тұрады. Бірақ басқа Қожамберлілер бұларды «Түрікмен Қожамберлі» деп атайды.
ІҮ. БЕРІШ РУЫ
260.Он екі ата Байұлы ішіндегі Беріш руы туралы аңыз
...Беріш – Қыдырқожа байға келіп паналаған, байдың жалшылығында болған бір әйелдің ішінде келген бала. Себебі мынау: Алтай, Елтай деген ағайынды екі жігіттің ағасы жауда өлгесін, ағасының әйелі мен екеуі (Алтай, Елтай) Қыдырқожа байға жаудан қашып келіп, паналайды. Сол әйел қайнысы мен екеуі келгенде жүкті болып келіп, сонан ұл бала туып, атын «Беріш» қойыпты. Кейін сол әйелді Қыдырқожа алады. Беріштің «Қыдырқожа баласымын» дейтіні осы болар. Ал Қыдырқожаға тигесін «Таз» деген бала туады. Әйелдің қайнысы Елтайға Қыдырқожа қызын береді. Онан «Адай» туады. Халық аузындағы «Беріш, Адай – бір кісі» дейтін осыдан алынған. Енді Есентемір байдың жылқышы екен. Жұмыс істеп, жағымды адам болғандықтан, оған әйел алып береді. «Жаппас – Қыдырқожаның әйеліне еріп келген күңнен туған бала», – дейді. Сонымен «Он екі ата Байұлы» осымен аяқталады дейді.
261. Ағатайдың Берішке ұран болуы
...Берішке ұран болуы былай болады: Ағатайдың жасы он алтылар шамасында екен. Жігіт болып есейіп қалса да, ол жасындағы тынымыздығы қалмайды. Бір күні елді жау шауып кетіп, ауылдың адамдары жауды қумақшы болады. Ағатай бірге барғысы келсе де, әкесі жібермейді. Жұрт кетіп қалғасын қолына бір қылыш алып, Ағатай тай мініп қуып жетеді. Жұрт оған: «қал!» дейді. «Орталарыңа бір есер керек болар, мені қумаңдар!» – дейді. Жұрт: «Жүрсе, жүре берсін. Бізге не зияны тиер дейсің», – дейді. Сонымен жауды қуып жетіп, соғыс болады. Соғыста Беріш жағы жеңіліп, қашады. Ағатай жаумен араласып кетеді де, оны ешкім аңғара алмайды. Ағатай жаудың артында шауып отырып бір-бірлеп құлата береді. Бір уақыттар болғанда жаудың саны азайып қалады да, жау кейін шапқылайды. Сонда Ағатай: «Ағатай! Ағатайлап» айғай салып, қуа жөнеледі. Беріштің адамдары да қуып, жаудың қалғанын тұтқынға алады. Осы жолы Ағатай олжа алмайды. Енді не керек дегенде: «Беріштің ұранын берсеңдер болады», – дейді. Сонымен Беріштің ұраны жас батыр Ағатайдың атымен аталатын болады.
262.[Бессары-Беріш]
Қыпшақ елінен шыққан Қареке деген бір палуан ұлан-асыр той жасап жатқан үлкен бір жиынның үстінен шығып, күресіп жатқан жігіттерге делебесі қозады да, қарап тұра алмай өзі де күреске қатысады. Ұстасқан жігітін әй-шайға қаратпай алып ұрғанда, оқыс құлағандықтан, қабырғасы сынады. Сол жігіт үш күннен соң дүние салған көрінеді. Ел-жұрты оның құнын дауламақ болып, жыққан жігітті іздестіре бастағанын суық хабардан естіген Қареке (шын аты – Өтеміс) қашып отырып, Ақжайықтың бергі бетіндегі Индер (Ендір) тауының етегін мекен еткен ағайынды, руы Есенғұл-Беріш Асан-Үсен дейтін екі жігіттің үйіне кеп паналап, кейін осыларға қолбала ретінде біржола қалып қояды... Сол Қареке батыс жақтың қызына үйленіп, одан Қосшетер (Қошетер) дейтін бір ұл туған көрінеді. Бала 15 жасқа толып, есейген шақта Қареке өз еліне көшпек болып, жиналып жүрген кезде кездейсоқ науқастан дүние салады. Дегенмен көзі тірісінде жалғыз ұлына: “Біз Кіші атаның елінде өстік, енді ошарыла Арқаға қарай қашуымыз жөн болмас, сен қалсаң, қала бер!” –деп өсиет айтқан екен. Әке өсиетін қабылдаған Қошетер үйленген соң, одан Арал, Қайып, Мақатай, Көлбай және Бейбіт деген бес бала өрбиді. Қызық болғанда, осы бесеудің бесеуі де сап-сары болып туады. Содан да ел-жұрты оларды бас-басына атап жатпай, “Бес сары” деп атап кетулі.
Ү. ЕСЕНТЕМІР РУЫ
263. [Темірдің «Есентемір атанып, бір рулы елге айналуы]
(І нұсқа) Қыдырқожаның жылқысына Темір ие болып жүрген бір жылы қыс қатты болып, жылқы тебіндей алмайтындай қауіп туады. Осы кезде Қыдырқожаның жылқысымен қатар тебіндегі жүрген киік үйірінің арқар мүйізді өте ірі текесі жоқ болып шығады. Бұл текені атып алмақ болып, Темір жолдастарымен келе жатады. Киіктер тегісінен жусап жатыр екен. Келе жатқанда адамдарды көрген киіктер шоқтай болып иіріліп, ежірейе қарап тұрады, ал бастаушы текесі келе жатқандар жүз метрдей жер қалғанда алдынан шығып, олар таман жақындағанда оқтай болып тұра қалады да, басын жерге салып, мойынын бір жағына бұрып, жата кетеді. «Кессең, басым, міне» дегендей сыңай білдіреді. Сол жерде бұл көрініске қайран қалған Темір жолдастырана: «Тимеңдер!» –деген екен. Темірдің сол жерде қанша тұрғаны белгісіз. Теке келгендер мен Темірге екі көзін қадаған күйі, тырп етпестен жата берген екен. Осы аз уақытта Темір өзінің туған жерін, бүкіл өткен өмірін көз алдынан өткізіп, туған жерін, басшысыз елін, талаудағы қам көңіл халқын еске алып: «Мына текені атып алсам, үйірі талан-таражыға түсіп, менің басымдағы, ел басындағы хал бұларға да келеді-ау!» – деп, мұңая кері қайтып кеткен екен. Қытымыр қыстың ызғары батып, жылқыны аман сақтау қамына айналады. Темір қатты толғанады. Аяқ жетер жердің халі мүшкіл. «Япырай, ана киіктің отары не күн көреді?» деген ойға қалып, отарды көріп қайтпақ болып келсе, киік үйірінің текесі жоқ болып шығады. Біреу атып әкетті ме деген қүдік те туады. Темірдің ойына: «ізге түссем «деген ой келіп, ізге түссе, ешкім де келмеген, атпаған болып шығады. Текенің ізі ұзаған үстіне ұзай береді. Сонда темір жолдастарына: «Ал мына теке жайылым, қоныс, тебін іздеп кетті. Егер ол тебін тапса, қайта келіп, мына үйірін ілестіріп кетеді. Солай болса, біз де олармен бірге сапар шегуіміз керек. Әйтпесе, мына жылқыларды қыстан шығара алмауым хақ», – дейді. Жолдастары да қуана құптап, текенің келуін күтеді. Бір күні байқауға барса, киік үйірінің орнын сипап қалады. Үйір маңайда жоқ дегендей жылқышылардың қуанышында шек болмайды. «Мың қосшыға – бір басшы» дегендей Темір де тез жолдастарымен жиналып, мыңдаған жылқыны айдап киік отарының ізіне түседі. Апталап жол жүріп, түтеген боранмен арпалыса Оңтүстіктің бір аймағына тұяқтары ілінеді. Әлі де киік үйірінің шұбырған ізі бітер емес. Бір күні шұбырған із қалың нудың ішіне алып кіреді. Күн де жадырап, жайылым да молая түседі. Жылқышылар қостарын тігіп, апыл-ғұпыл дегендей семіз тайды сойып, былбырап піскен етті алдырына ала бергенде, жұпыны киінген бір әйел есікті ашып қарап тұрады. Үрпиісе қалған жылқышылар қапелімде тіл қатпайды. Темір әйелге: «кір!» деп бұйырады. Келіншек қосқа кіріп, босағадан ары аспай отыра кетеді. Осы кезде Темір үшкір кездігімен қиялап ет турап жеп отыр еді. Жарты метр шамасындай кездігінің ұшына үлкен бөлек етті шаншып, келіншекке ұсынады. Келіншек киген киімнен қолын шығармай, етті алып, босағада отырып жейді де, тіл қатпастан қайта шығып кетеді. Ас желініп, әңгіме дүкен үстінде Темір: «Ал бұл маңда ел болуы мүмкін, жортуылшылар мен қарақшылар да аз болмас, жылқыға қатты күзет керек, бір адам ас пісіруге қоста қалсын, қалғандарың күзетке кетіңдер! Мен өзім қарауылға тұрамын», – дейді. Айнала тыныштық. Түн ортасы ауа қосты байқауға келіп, есіктен сығаласа, кешегі келген әйел ас пісіруші жігітті өлтіріп, етін отқа қақтап жеп отыр екен. Темірді көрген әйел екі қолын басынан асыра көтеріп, қанталаған екі көзінен от шашып, Темірге қадала қарайды да, бүркітше қомданып, шабуыл жасайды. Темір алдап та үлгермей қалды ма, әлде әйелдің қам-қарекетімен қайратын байқамақ та болған шығар. Оқ жыландай бір атылғанда-ақ, Темірдің үстіндегі қой терісінен тігілген тізеге жетер-жетпес тоны мен сыртындағы жадағай шекпенді қатар айырып түсіреді. Өзіне жармасқан әйелді қайта шабуылға жібермей, әйелдің екі қолын ұстап алады да, байлап тастайды. Әйелдің қолының тырнағы қара құстың тырнағынан бетер, тағы болып кеткенін көреді де, нағыз жез тырнақтың өзі екенін байқайды. «Ал мұның жақтаушылары кім болмақ?» деген ойға келеді де, әйелді екі күн байлаудан шешпейді. Жолдастары әйелді өлтірмек болады. Темір әйелді шешіп жібереді. Содан кейін біраз ізге түсіп көріп еді, жігіттер:
– Орманның қалың қойнауына кіретін із бар, оған атпен жүріп болмайды. Ал із таудың үңгіріне қарай, ілгерілей береді. Іздің өзі біресе түйе табан, біресе тағы бір ұзыншалап келеді де, тағы бірде жоқ болып кетеді, – деп келген еді жылқышылар.
Сонда Темір тұрып:
– Бұл маңда ел жоқ, тек ізге түсіп келетін қарақшылар ғана болмаса, бұл жерде таутайлақтың ізі бар, ол да қауіпті. Ол кездессе, оған бір-екі адамның әлі келмейді. Сондықтан жылқыны кезектесіп күзетеміз. Қоста қалғандар да қарулы әрі сергек болуы керек, – деп түсіндереді.
Талай қиыншылықты бастан кешірген Темір бесаспап қарулы жігіттерімен елге аман оралды. Қыдырқожа Маңғыстау жағын жайлаған екен. Бірнеше ай хабарсыз кеткен Темірден де, жылқыдан да күдер үзіп отырған Қыдырқожаға Темір келіп сәлемдеседі.
Сонда ол Темірге:
– Түлкілімісің, күлкілімісің? – дейді.
Темір:
– Түлкілімін, – деп жауап береді. Қыдырқожаның «түлкілімісің» дегені: «Қырмызы қызыл түлкідей құлпырып келдің бе?» – дегені еді. Ал «күлкілімісің» дегені: «Тігерге тұяқ қалмай қырылып, елге күлкі болып келдің бе?» – дегені екен. Елде жұт болып, тігерге тұяқ қалмағандар көп болған екен.
Қыдырқожа Темірге қатты риза болып:
– Қайда барсаң да есен-аман келесің-ау, батырым! Енді сенің атың Есентемір болсын, – деген екен. Ел жиып, бұдан былай аты «Есентемір» болады деп хабарлаған екен.
Қазір сол әділетсіз ханнан қарғыс алғанмен, әділетті ханың алғысы қабыл болып, Есентемірден бір рулы ел тарайды.
264. [Темірдің “Есентемір” аталуы]
(ІІ нұсқа) Сол заманда, Ұлы жүзден Байбоз деген биді қысастықпен өлтіріп, елінен қашып кеткен Темір деген жас жігіт Кіші Жүзге барып, Қыдырқожаның (Байдың) ұлы Қыдырсиықтың қолына келіп паналапты. Қыдырқожа бай еті тірі, пысықша келген жігіт болғандықтан, оны өз қарамағына алып, жылқысын бақтырып қойыпты. Бір жылы қыс қатты болып, ұдайы боран соғып, мал жұтап, қаһарлы қысқа шыдамай жылқы белгісіз бір жаққа қарай, желдің ығына ығып кетіпті дейді. Темір де жылқымен бірге ығады, жылқыдан айрылмайды да, қайда кеткені белгісіз, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Бай жылқы мен Темірді іздеп, сұрау салады. Жылқысын қимай қиналады. “Көрдім, білдім” хабар болмайды. Дегенмен «есен-аман жүрсе, бір хабары келер» деген оймен шыдамдылық жасап отыра береді. Қатты қыс өтіп, көктем де келеді. Жылқы жұтамай, қыстан аман шығыпты. Темір сол шуақты көктемнің бір күні биелерін құлындатып болып, енесінің ізіне ертіп, малды көбейтіп, жылқысын айдап, есен-аман елге қайтып келіпті. Бай атамыз жылқысының жұтамай, түгел төлін ертіп келгеніне қуанып, жігіттің ерлігіне, есен-аман қайтып оралғанына ризашылығын білдіріп той жасап, елді жиып ас беріп, Темір есіміне есен-аман қауышқанының белгісі ретінде “есен” деген сөз қосып: «Есентемір» деп атапты. Сөйтіп, сонан бастап жігіт Есентемір атанған. Бай Есентемірге өзінің қызын некелеп қосып, отау тігіп, алдына мал салып, бір шаңырақ етіп шығарып, Қыдырқисықтың қарамағына беріпті.
265. Темірдің «Есентемір» атануы
(ІІІ нұсқа) Қазақтың қария сөзінде: Алшынның Сыр бойын қоныстап қалған Байқожа деген немересі ауыл-аймағымен жаугершілікке ұшырайды. Сол жаугершілікте Байқожа өз кіндігінен туған Ата, Қалпақ, Естай деген балаларымен бірге жау қолынан қаза табады. Осылардың ішінде Атаның Темір деген баласы ғана тірі қалады. Темір бүкіл әулеттегі жетім-жесір қалғандарды ертіп, атасы Қыдырқожаның (Байұлы) қолына көшіп келеді. Малы көп болған соң “Бай” атанған Қыдырқожа Темірге жылқысын бақтырады. Бір жылы қыс қатты болып, Темір қалың жылқымен бірге ығып кетеді. Боран басылған соң, Қыдырқожаның жігіттері мал амандауға шығады. Алайда, Темірді де, ол бағып жүрген қалың жылқыны да таба алмайды. Аяқ жетер сұрау салады, бірақ еш дерек болмайды. Ел-жұрт Темірден де, жылқыдан да күдер үзе бастайды. Содан қар кетіп, жер көгеріп, ауыл-ел желпініп жайлауға шыққан күндердің бірінде көкжиектен мұнартып шаң көтеріледі. «Жау ма, дос па?» деп үрпиіскен ауыл-үйдің адамдарынан оқшаулау шығып, Қыдырқожа да көз тігеді. Әлден уақытта белгілі болады, жер қайысқан қалың жылқы ауылға беттеп келеді. Қалың жылқыны бастап алпамсадай Темір ат үстінде келе жатса керек. Сонда көңілі өскен Қыдырқожа “Темірім есен екен ғой!” – деп дауыстап жіберіпті. Темірдің “Есентемір” атануы осыдан еді дейді.
266. Есентемір туралы
(ІҮ нұсқа) Алтай, Елтай жауда атысып, Алтай қаза табады. Елтай жеңгесімен қашып Қыдырқожаның қол астына келіп паналайды. Сол әйелдің ішінде келген баланың атын дүниеге шыққан соң «Беріш» қояды. Сол әйелді кейін Қыдырқожа алып, одан Таз туады. Қыдырқожа бай ауылында жоқ мезгілінде оның ауылын жау келіп, қамайды. Қашып келіп паналаған Елтай жаудың алдынан шығып қайрат көрсетіп, қашқан жауды тоқтатып, кері қайырады. Қыдырқожа келген соң оның бәйбішесі бұл жайларды қожаға айтып: “Елтай ер жігіт екен, ауылды жаудан аман алып қалды”, – дейді. Бай Елтайдың қайратына разы болып, ер жетіп отырған қызын беріпті. Одан Алтай туыпты, Адайды «жиен» дейтін себебі – осы. Есентемір емес, оның шын аты Темір екен. Шеттен келіп Қыдырқожаға паналаған жігіт екен. Бір жылы қыста байдың жылқысымен отарға кетеді. Жазғытұры жылқыны түгел аман-есен айдап алып келеді. Бай оның қайратына разы болып “есен” деген сөзді қосып, оған әйел алып береді. Осыдан кейін ол «Есентемір» атанып, баласы болып кетеді.
267. [Есентемір]
(Ү нұсқа) Есентемір Қыдырқожа байға жылқышы болған. Сауыт-сайман асынып, батыр атанған. Төрт баланың үлкені Есентемір екен. Қыдырқожа бай жұтқа ұшырайды. Ол кезде Есентемірдің аты Темір көрінеді. Темір жылқыға жайлы қоныс іздеп, оны «Шетпе» маңынан тапқан екен. Бай Темірдің тапқан қонысына бар жылқысын айдатып жібереді. Қыс өте қатты болады. Төрт жігіт қыстан жылқыны шығынсыз, аман-екен алып шығады. Жылқыларды елге айдап келе жатқанда Темірдің астындағы қаракөк ат жер танып, кісінеп жібереді. Қыдырқожаның қызы Темірдің қаракөк атының дауысын естігенде: “Бай өзімнен туған бала емес қой, малдан да, баладан да айрылдым ғой!» – деп уайымдап, қыр басыңда отырады екен. Байға малдың келе жатқанын хабарлайды. Бай Темірге риза болып, аман-есен келгендіктен “Есентемір” деп атақ береді. Солай Темір енді «Есентемір» атанады. Есентемірдің жоқтығын пайдаланып, Алқожа байдың бел балалары: Ата, Елтай, Естай Қалпаққа енші бермей, оны бөлек қондырады. Мұны естіген Есентемір үшеуін бір пәлеге – «барса, келмеске» жіберу үшін, ұрындыру үшін: «Күміс құйрық күрең айғырдың үйірі бар, соны айдап келіңдер!» – депті. Үшеуі барғалы жатқанда, Қыдырқожа бұл Есентемірдің ісі деп, туысының балаларын жібермейді.
268. Есентемір
(ҮІ нұсқа) Арғында Құбаның баласы Темір деген кісі болған. Түбі – Төлеңгіт. Темір еліне симай, Қыдырқожаға келіп паналайды. Қыдырқожа бай болған екен. Темір осы байдың жылқысын бағады. Байдың қызы Күміспен Темір жақындасып қояды. Күміс жүкті болып, түнде босанады. Әкесі қой өргізетін жолға туған баласын шүберекке орап, талға іліп кетеді. Қыдырқожа нәрестені етегіне салып, үйіне әкеледі де, бәйбішесіне: «Не ұлдан, не қыздан болды. Мына баланы бақ!» – деген екен, бәйбіше тілін алмайды. «Қыдырқожаға – Моншақты қара күңге апарып бер!» – дейді. Күң Таз бен Адайды қатар емізеді. Екеуі бір-біріне тете екен. «Таз бен Адай – егіз, Егіздетіп еміз» деген мәтел содан қалған екен. Темір байдың жылқысын жұттан аман алып шығады. Отардан жылқыны елге айдап келе жатқанда байдың қызы Қоңыр айғырдың даусын естиді. Бай: «Темір өзімнен туған бала емес, малдан айрылдым- ау!» – деп уайымдап, төбенің үстінде отырса керек. Темір Сары жорғаға мініп, қыздың қара жорғасын жетегіне алып, төбеде отырған байға келіп, сәлем береді. Бай Темірге:
– Аман-есен келдің бе, Қарағым! – депті. Темір:
– Алшыншара мінген ат өлді. Қақшеке мінген тай өлді, кәрі бие өлді. Басқа жылқы аман, – депті. Бай қуанып, дін риза болыпты. Байдың бәйбішесі қызы Күмістің некесін қидырып, Темірге қосады. Тағы да жүкті болып, ұл туады. Жылқы аман-есен келген жылы туған бала еді деп, атын Есен қояды. Әкелі-балалы екеуінің аты қатар айтылып, Есентемір деген ру атына ие болған.
Ү. ЖАППАС (АЛТЫН-ЖАППАС) РУЫ
269. Жаппас қойылуы
Кіші жүз Байұлы тайпасының құрамындағы он екі атаның бірі – Жаппас. Жаппастың шешесі Тобан бибі тоқал болып босаға аттаса керек. Келін болып түскен үйінің бәйбішесі адуын адам екен дейді. Тобан бибі Жаппасты табарда ауыл-ел көшіп жатыпты. Адуын бәйбіше жаппа тігіп беріпті де, Тобан бибіні жұртқа тастап кетіпті. Содан, жаппаның астында туған соң баланың атын «Жаппас» қойып еді дейді.
270. Алтын-Жаппас
Жаппасты Алтын төрт баласына қосып бесінші бала етіп, асырап өсіріпті. Сөйтіп, ол төрт бала «біз Алтынбыз» деп, ал Жаппаспен бірігіп, кейін “Алтын–Жаппас” руы атанған.
271. Алтын–Жаппас туралы
Халық арасында тараған ауыз екі шежіреде Кіші жүздің қабырғалы Байұлы бірлестігі он екі атадан тұрады делінеді. Ол көбінде былай тізбектеледі: Шеркеш, Есентемір, Таз, Ысық, Адай, Беріш, Байбақты, Қызылқұрт, Тана, Масқар, Алаша, Алтын, Жаппас. Бірақ санамалай келгенде олардың біреуі артық болып келеді. Кіші жүздің Батыс бетінен келген шежірелерде өздерінен қашықтау Сыр бойы мен Ырғыз жақты мекендейтін Алтынды санаққа қоса бермейді де, оны бірде: «Алтын – қыздың аты, ұзатылған жерінен қайтып келіп, туысы Жаппаспен қоныстас болады, содан Алтын-Жаппас атанады», – десе, екінші бір шежіреде: «Жаппастың шешесі Алтын Орта жүз Қыпшақтың қызы екен. Кейбіреулер «Алтын–Жаппас» деп шешесін баласына қосып, Байұлын 13 атаға жеткізеді», – деп түйеді. Келесі бірінде «Алтын Жаппастың қызы екен. Адайдың баласы Келімбердінің Ақпан деген баласына шығыпты. Ақпан мезгілсіз өліп, жесір қалады. Әмеңгерлік заңына көнбей төркінінің маңына көшіп келіп, өз алдына Алтын деген ру болып қалыптасып кетеді», – делінеді. Ал Алтын елінің шежірешілері Бақтысиықтың (немесе Қыдырсиықтың) бәйбішесінен Алтын, тоқалы Самса шешемізден Жаппас туыпты. Екеуі еншілес болғандықтан, қатар аталады», – деп түйеді де, өздері тарпынан он екі ата Байұлына Тананы немесе Байбақтыны (екеуін бір-бірінің баласы деп) қоспайды.
272. Шыбар айғыр туралы
Келбағыстың (Шыбар айғыр) атасы Кенел жас шағында үйін елінен шыққан Өміржол деген байдың қызы Ақшыраққа көңіл қосып жүргенде, қыз әкесі бұлардың махаббаиына ырық бермей, басқа бір байға бермекші болғанда Кенел ол байдың ұлын өлтіріп, Ақшырақты алып қашып кетіпті. Кейін Үйсін елінің қыз жағы да, ұл жағы да дау көтеріп, рулар ара кереғарлықтар туылады. Сонан үш жүздің бас қосқан жиынында әр жүзден адам шығып үш жыл іздетуді, табылмаса, 100 жылға дейін күтуді, сол арада білінсе, Орта жүзден үш адамның құнын алуды кесім етіпті. Арт жағы осындай ауыр зардапқа жолыққандықтан, Кенел өз атын Мұғұлға өзгертіп, қырғыз елінің Мұндыр руына барып (олардың жиен күйеуі болғансып) сіңген екен. Бұлар осы арада мекендеп, өсіп өркен жаяды. Өз тектерін айтпауға ант ішкендіктен, қатты сыр сақтайды. Кейін Келбағыс балаларын алып, өз елі Жаппасты табады. Сонда әкенің де, баланың да бір жаққа шықса мінетін бір тал шыбар айғыры бар екен. Ел оларды «Шыбар айғырлы» деп жүріп, оның ұрпақтары «Шыбарайғыр» атанып кеткен екен
273. [Алтын –Жаппас]
Енді бір сәт осы шежіреші жазған аңызға құлақ түріп көріңіз: Бір жаугершілікте Әлқожа мен Асанқожа бірдей қаза табады да, әмеңгерлік заңы бойынша олардың жесірін жасы кіші Қыдырқожа алады. Нұрқожа да сол ұрыста жарақат алып, кейін қайтыс болады. Әлқожаның жесірі Қыдырқожаға әйел боп келген соң: “Ішім әуелден ауырады, бершімегім бар”, – деп сылтау айта бастайды. Сол себепті дүниеге келген баланың атын Беріш деп атайды. Ал Асанқожаның жесіріне Сәду, Салау деген екі ұл еріп келеді. Қыдырқожа оларды аса ұнатпаса керек, Сәдуді тіксінген ұсқынына қарай «Ожырай» деп, ал Салауды мінезіне орай «Жаппас» деп атайды. Өзін кемсіткен сөзге арланған Ожырай (Сәду) өкпелеп, нағашы жұртына көшіп кетеді. Бай өзінен туған Алтын атты қызға Жаппасты еншілес етіп, Ожырайдың жұртына апарып қондырады. “Ожырай кетсе, орнынан, Жаппас қонар жұртына” дейтін мәтел содан қалған деседі.
ҮІ. ТАЗ РУЫ
274. «Таз» атануы
(І нұсқа) Байдың үйінде жаугершілікте қалмақтан алып келген қызметші бір қыз жүреді екен. Мойнында моншақ тағып жүргендіктен оны «Моншақ» деп атап кетіпті. Сонымен қатар Ерназар («Қалпақ» атанған) деген басы таз жігіт малын бағып, жалшылықта жүріпті. Бай Моншақты сол Ерназарға некелеп қосады. Бұлардан бір ұл туып, атын «Таз» деп қойыпты. Кейін Таз да Байдың бір баласы есебінде саналып кетіпті.
275. (Таз руы атануы)
(ІІ нұсқа) Қыдырқожа тағы бір жаугершілік кезінде қарсы жақтың 14-15 жасар қалмақтың қара қызын қолға түсіріп, ат артына мінгестіріп әкеледі. Қыз қазақшаға түсінбегендіктен, өзінің атын айта алмайды да, Бай оны бетіндегі меңіне және мойнындағы моншағына қарап: “Меңді қара, моншақты күң” деп атайды. Бұдан туған ұлдың атын Таз қояды.
ҮІІ. БАЙБАҚТЫ РУЫ
276. [Алаша-Байбақты атануы]
Кейбір материалда Сұлтансиықтың блалалары: Асқар, Масқар, Алаша, Тана, Алқа. Асқардың лақап аты Жабу екен. Оның себебі Асқардың кірпігі көзін жауып тұрады екен, сондықтан «Жабу» атаныпты. Асқар өлгеннен кейін Шешемізді Танаға атастырыпты. Одан Қараман, Қалқаман туады. Асардан Байбақты, Жанбақты, Тынбақты туады. Байбақты өсіп ержеткен соң, өгей әкесі Тақамен араздасып Алашаға барып бірігеді. Алашамен бірлесіп күш алады, екі інісімен өз алдына бөлек ру болады, таңба алады. Сондықтан да ел арасында ру сұрасқанда: “Алаша– Байбақтымыз” деп айтады.
ҮІІІ. ӘЛІМҰЛЫ
277. [Әлім ата балаларының ру таңбаларын алуы]
(І нұсқа) Әр рудың өз таңбасы болған. Ол таңба сол рудың малын бірден тануға мүмкіндік берген. Сырт көз жайылып жатқан түлікті көріп: “Мынау пәлен рудың малы екен”, – деп таниды екен. Рулық таңбалар Әлім аталарында да бар. Олар жайлы кішкене әңгіме-хикаят мынадай: Әлім балаларының алдына аттарды әкеліп: “Ал өз таңбаларыңды басыңдар!” – дейді. Сонда үлкен баласы Жаманақ аттың сауырына айқасқан қос шек (X) салыпты. Содан «Шекті» атаныпты дейді. Бұл таңбаны баласының аттың сауырына салғанын көріп, Әлім ақсақал: “Балам, сауырлы ел боларсың”, – депті. Енді кезек Ұланақ–Сасықбайға келеді. Ұланақ бір шетін жамбасқа, төменгі жағын шідерлікке келтіріп шақпақ таңба салады. Сонда Әлім ақсақал: “Балам, сен де жанбастан қалмайтын болдың ғой!” – депті. Кезек Қарамашаққа келеді. Қарамашақ келеді де, таңбасын сызық етіп аттың қабырғасынан сүбесіне (бұны «көсеу таңба» дейді) дейін тартып жібереді. Сонда Әлім ақсақал: “Балам, қабырғалы ел болатын болдың”, – депті. Айнықтың таңбасы жоқ, ерте өледі. Ал Тегінболат–Қарасақалдың, Тойқожаның таңбаларын ұшырата алмадық.
ІХ ҚАРАКЕСЕК РУЫ
278. Қаракесек
Кәдірқожа жарлы, кедейлеу болып өседі. Оның үстіне бір жылдары оның үй-жайы, қора-жайы өртеніп кетеді. “Өрт қырсықты ала кетеді”, – деп халық айтқандай, сол өрттен соң атамыздың дәулеті өсіп, ықпалы жүре бастайды. Үйге қонақ айналып, той думан жиі болып тұратын қалге жетеді. Бай атанады. Жалғыз ұлы Қаракесек те ер жетіп, жігіт болады. Әкесінің дәулетімен ұлы Қаракесек – “Қаракесек бай” атанады, би болады. Кәдірқожа қалың мал беріп, ұлына бір байдың Ханбибі деген қызына құда түсіп, айттырып қойған еді. Сол келінді түсіреміз деп жүргенде қыз үйінде отырып, кімнен екені белгісіз, екіқабат болып қалған дейді. Оған дейін Қаракесек атамыз “ұрын” бармаса керек. Оған қарамай, құдалардың сыйластығы мықты болуы керек, Ханбибіні Қаракесекке алып беріпті дейді. Келін болып түскеннен соң, көп ұзамай Ханбибі әжеміз бір ұл туыпты, атын Байсары деп қойыпты. Кейін ел ішінде: “Атасыз туған Байсары” деп аталып кеткен екен дейді. Байсары үш жасқа толғанда шешесі Ханбибі қайтыс болып кетіпті. Жылын бергеннен кейін, қайын атасы бұрынғы қызының үйінен екіқабат болып келгенін бетіне баспай, алып кеткеніне разы болып, енді үйіндегі жас қызы Қағаз сұлуды (Ханбибінің сіңілісі) қалың малсыз Қаракесекке әйелдікке беріпті дейді. Міне, осы шешемізден – Әлім мен Шөмен туыпты.
279. “Қаракесек” деп Ұланақтың аталу себебі
(І нұсқа) Ұланақ туысынан кедей, жарлы болған екен. Оның үстіне Ұланақтың өзі шатақ, тезқатар болыпты дейді қариялар. Осы мінезіне қарай, ол көптен бөлек, оқшау отырады екен. Келген адамға мезірет айтпайды. Бір күні оның қора-қопсысы, үй-жайы өртеніп кетеді. Орнында тек қара кесегі мен күлі ғана қалады. Оны көрген адамдар Ұланақты табалау мақсатымен: “Әшиінде қара кесегі шығып жүретін сорлының, енді қара кесегіне қосылып қара күлі шығыпты ғой! – деп, “Қара кесек” деп айта бергендіктен, Қаракесек атанып кетеді дейді қариялар
280. [Ұланақтың «Қаракесек» аталуы]
(ІІ нұсқа) Алты аталы Әлім – көп өскен ел. Әлімнің бір баласы Ұланақтың жанама аты «Қаракесек» деп атануын шежірешілер былай түсіндіреді: Қаракесек қартайған шағында кіші немерелерінің бірі Ұланақты қолына алып, өз баласы ретінде “сасығым!” деп еркелетіп өсірген екен дейді. Ақырында Қаракесек өлгесін, қара шаңыраққа Ұланақ ие болып, өзге жұрт содан оны Қаракесек деп атап кетеді. Үлкен Қаракесек, Кіші қаракесек аталу себептері осыдан.
281. (Қаракесек руы атануы)
(ІІІ нұсқа) Қаракесек (Ұланақ–Сасықбай). Ұраны – Ақпан (әулие). Ұланақ– Сасықбай: Есіл, Тобыл (Тепер). Осы екі ұлдан тараған ұрпақтар “Қаракесек” руы атанып кеткен. Оның мәнісі былай еді дейді, Серікбай көкем: Қаракесек бай (Байсары, Әлім және Шөменнің әкесі) қартайған кезінде жас әйел алып, балалары Әлім және Шөменнен бөлек отырыпты дейді. Бірақ бұл әйелінен бала болмайды да, Қаракесек атамыз Әлімнің тоқалы Күлтебикенің қолында болып, Ұланақты – немересін сүйіп, қолына алып, еркелетіп өсіріпті. Күлтебике әжеміз салақтау болса керек, үйі кір-қожалақ сасып жататын еді дейді. Атамыз Ұланақты, құйрық-жалына қызылды-жасылды күлтелеп тұмар таққан, әдемі көк сауырлап күмістен шегелеген ер салған, оюлы өрнекті жабу жапқан құнанға мінгізіп қояды екен де, сол Күлтебикеден туған немересін: “Күлтелі сасығым, осы балам бай болады, Сасық бай болады”, – деп, алдына алып отырғанда бетінен сүйеді екен. Сонан ол бала “Күлтелі Сасық”, кейін “Сасықбай” атанып кетіпті. Ал сол Сасықбай (Ұланақ) өз әкесі Әлімді атамай: “Мен Қаракесектің баласымын”, – деп, еркелеп өсіпті. Ер жеткен соң Ұланаққа әйел алып беріп, Қаракесек бай Ұланақтың әйелін – келінін жұмсап, осы үйде қартайып, өлгенде осы үйден шығарылып, Ұланақ атасының шаңырағының егесі болып қалыпты. Осыған орай Ұланақтың ұрпағы кейін атасының атымен “Қаракесек” руы атағын иемденіп қалыпты.
282. Тобылдың “Қазан тебер” немесе “Тепер” деп атанғаны
Тобыл – “Қазан тебер” немесе “Тепер” деп атанған. Оның мәнісі: Тобыл өте тентек болып өсіпті, әпербақан, ұр да жық, мінезі жағымсыз, бірбеткей бала екен дейді. Бірде Есіл мен Тобылға енші бөліп беріп, елге ас бергелі мал сойғызып, астырып жатқанда Тобыл өзіне бөлінген еншіге риза болмай, өкпелеп, ет асылып жатқан қазанды теуіп, төңкеріп кеткен көрінеді. Сонан бастап ол: “Қазан тебер”, кейін “Тепер” атанып кетіпті, ал оның ұрпақтары кейіннен “Тепер Қаракесек” руы атанған дейді.
283. [Қасай-Қаракесек]
Жақау он алты жасқа толғанда, әдейілеп іздеп нағашысы Қобыландының аулына барыпты дейді. Онан ешкім жөн сұрамапты, өзі де өзін таныстырып ештеңе айтпай, көптің бірі болып жүре беріпті. Қыс өтіп, қар еріп, көктем шығатын кезде Жақау жылқышыларға қосып баққызып қойған атын алдырып, ерттеп, еліне қайтқалы жатқанда Қобыланды шал: “Сен бала, былтыр келдің, биыл кетейін деп тұрсың, неғып жүрген жансың?” – деп сұрапты. Сонда Жақау: “Мен сенің жиенің боламын, сіздің қарындасыңыздан туған баламын, нағашымның – сіздің ауылға әдейі іздеп былтыр келіп едім, менен ешкім жөн сұрамады, енді еліме қайтқалы тұрмын”, – деп жауап беріпті. Қобыланды шал ойланып тұрып, онша мән беріңкіремей, ашыла қоймай: “Онда, мал алып қайта ғой!” – депті. Осы кезде Жақау атына мініп, үндемей жүре беріпті. Сонда Қобыланды қасындағыларға қарап: “Мына баланың артынан қарап бақылаңдар, байқаңдар! Кетіп бара жатқанда, атын тебінбес, атын қамшыламас, артына қайырылып қарамас. Осы айтқаным тура келсе кері, шақырып әкеліңдер!” – депті. Айтқанындай солай болады да, баланы кері шақырып Қобыландыға алып келеді. Оның жиендігіне сеніңкіремей тұрған Қобыланды сонда: “Жиен болсаң, боларсың, мына сауытты киіп кет, саған сыйға бергенім”, – деп, өзінің сауытын берген екен дейді. Кейін Жақау батыр сол сауытты киіп, бірнеше рет жауға шапқан екен дейді. Өлерінде сауытын ұлы Қасаболатқа қалдырыпты, ал қазір қайда, кімде екенін білмеймін деп Серікбай көкем айтып отыратын еді. Себебі Серікбай көкемнің түп нағашысы осы қаракесектер болатын. Сонда көкем нағашыларын үлкен мақтанышпен айтып, есіне түсіріп, дұға етіп отырады екен-ау!? Ол әруақтардың жандары жәннатта болсын! Жақау батыр бірнеше әйел алған көрінеді. Бәйбішеден Әтеке деген балалы болыпты, онан – Аталық, онан Тінібек туыпты. Жақау батыр қалмақтармен соғыста жүргенде бәйбішесі қайтыс болыпты. Ағайындары Жақауға сыртынан үйінде қызметші болып жүрген Нәбира деген қызды әйелдікке ұйғарып қойыпты. Соғыстан қайтып оралған ол ағайындарының ұйғарымына мақұлдасып, сол қызды әйелдікке алыпты. Сол Нәбира тоқалдан Аман мен Түмен деген екі балалы болыпты. Қайтыс болған бұрынғы бәйбішесінің төркіндері Нәбираны Жақауға қосыпты деген сөзді естіп, келіп: “Қызымның ақ төсегін есікте жүрген күңге бастырмаймын!” – деп, үйіндегі екінші қызын Жақауға әйелдікке беріпті. Осы әйелінен Жақсылық деген ұл туыпты. Онан кейін Жақау төртінші әйел алған көрінеді. Бұл әйелінен Ноғай, Шоңай деген екі балалы болыпты. Бір соғыста күймелі арбасымен Қалмақ ханының Қасай, Жекей деген екі қыздары тұтқындалып, Жақау батырдың қолына түседі. Жекейді Шыңғыс атамыз тауып алып, бала қылған Қалудың (Мәкудің) ұлы Бөлекке тоқалдыққа береді де, Қасай қызды Жақау батыр өзі тоқалдыққа алыпты. Осы әйелі Қасайдан Қасаболат, Малайсары және Шой деген үш ұлды болыпты. Осы үш ұлдан тараған ұрпақтар өздерін “Қасай Қаракесекпіз” деп, шешесінің атымен ру атандырған дейді.
284. [“Қаракесек” деп атанудың мәнісі]
(ІҮ нұсқа) Қадірқожа ырсиған жарлы, қу кедей болып өседі. Кедейлігінің үстіне, бір жылдары Қадірқожаның үй-жайы, қора-қопсысы дымы қалмай өртеніп кетеді. Орнында тек бұрқыраған қара күлі мен күйген қара кесегі ғана қалады. Қара кесегі шығып, күлі бұрқырап ұшып жатқан қора-қопсының орнын көріп, қазымыр, күншіл адамдар: “Жарлылықтан ыңғыршағы айналып отырған Қадірқожа сорлыға, жаман лашығы да, көне бақтық қарасы да бұйырмай өртеніп кетіп, қасқаның қара кесегі ғана қалған екен ғой деп кекетіп, мұқатып табалаудан келіп: “Қаракесек” атанып кетеді.
Х. ШЕКТІ РУЫ
285. Шекті
(І нұсқа) Әлім, оның баласы Жаманақ мал біткен адамдар болыпты. Үйір-үйір жылқыны бір-бірлеп ұстап, оларға жеке-жеке таңба басуды қиынсынып, өтіп бара жатқан таңбасыз жылқының санына қайнап тұрған май шашады екен. Ыстық май жылқының терісін күйдіріп, түгін сыдырып, сорғайлай ағады. Кейін, жылқының май күйдірген жеріне шектей шұбатылған тыртық таңба пайда болады. Жаманақтың “Шекті” аталуы осыдан еді дейді.
286. [Жаманақтың “Шекті” аталуы]
(ІІ нұсқа) Әлім атамыз малы көп бай болыпты дейді. Қаратау мен Ұлытау ортасында, Айыртау маңындағы жайлауда отырған екен. Бір күні Әлім атамыз үш баласын – Жаманақ, Қарамашақ, Ұланақты шақырып жинап алып: “Кәне, мініп жүрген аттарыңа әрқайсыларың өз таңбаларыңды басыңдар, кейін осы таңбаны өздеріңе тиісті малдарыңа, жылқыларыңа басыңдар!” – депті. Сонда Әлімнің үлкен ұлы Жаманақ атының екі танауын тіліп, атының сауырына қос шек таңба салыпты. Мұны көріп тұрған Әлім: “Балам, Сауырлы ел боларсың”, – деген екен дейді. Сөйтіп кейін Жаманақ барлық малдарына осы “Шек” таңбасын салғызыпты. Далада жайылымда жайылып жүрген көп малдың “Шек” таңбасын көріп, басқа жұрттар: “Мына жатқан “Шек” таңбалы малдар Жаманақ ағамыздың малы, ағаның малына тимеңдер!” – деп айтып жүріпті. Міне осыдан Шек – Шекті атауы елге таралып, Жаманақтың ұрпақтары кейін “Шекті елі” деп аталып кетіпті.
287.Жаманақ руының “Шекті” деп атануының мәнісі
(ІІІ нұсқа) Жаманақ аулының бір күні үлкен асы болады. Асқа Әлім әулетінің барлық аталықтары қатысады. Асқа сойылған қыруар малдың ішек-қарнына жаманақтың балалары өзара таласып, төбелеседі. Төбелес үлкенге кетеді. Ақыры төбелес басылмаған соң араға ақсақалдар түсіп, төбелесті басады. Төбелесті басқан ақсақалдар, төбелестің басталған оқиғасын сұраса, төбелестің басы – ішек пен қарыннан шыққаны анықталады. Осыдан бастап жаманақтың тұқымын: «Ішекке төбелескен ішекті – деп аталып кетіп еді» деп баяндайды шежіреші қариялар.
288. Асан батыр
Асан батырдың жұбайы Мақпал шешеміз текті, тәрбиелі, ақылды, парасатты адам болған екен дейді. Қазіргі “Қамыстыбас” темір жолы бекетінің қасыңдағы “Ақирек” алқабының бір бөлік көлі сол шешеміздің атымен “Мақпал көл” атаныпты. Асан батыр Жалаңтөс батырмен тұстас ғұмыр кешкен, Жоңғар қалмақтарымен соғысқа қатысқан. Жақайым атамыз асқан бай болған екен. Бір жылы қалмақтар барымталап Жақайымның жылқыларын қуып, айдап алып кетіпті. Олардың ізінен Асан батыр бастаған топ қуып жетіп, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып, жылқыларын қайырып алады, бірақ Асанның өзі жиырма үш жасында сол соғыста шейіт болыпты. Алла аузына салып, алдын болжағандай, ол соғысқа аттанар алдында: “Жұбайым Мақпал екіқабат еді, егер осы соғыстан келмей қалсам, түс көрдім, атым өшпесін, Мақпал ұл туса, атын Асан қойыңдар!» – депті. Мақпал шешеміз ұл туып атын қайтадан Асан деп қойыпты. Кейін бір баласымен жесір қалған Мақпалды немере қайнысы Көгістің баласы Көлімбетке некелеп қосыпты. Мақпал әжеміз Көлімбеттен Айтымбет, Дандай, Баселек, Бозтай деген төрт ұлды болыпты. Асан мен Көлімбет ұрпақтары шешелес, Мақпал әжемізден туып, тараған еді дейді. Әкеден жетім Асан да ер жетіп, батыр жігіт болып өсіпті, үш әйел алып, онан «Тоғыз арыс Асан» тайпасының ұрпақтары тараған. Ұрпақтарының ұраны – “Сартай”. Кіші Асан атамыз асқан батыр болған, қалмақтармен соғысқа қатысқан, Сол бір жылдары қалмақтармен соғысып, жеңіп, көп олжамен ауылына қайтып оралғанда, Тоқбике әжеміз – Асанның әйелі екіқабат екен, келу қарсаңында босанып, ұл туыпты. Көп олжамен соғыстан қайтып оралған Асан қуанып сол баласының атын Олжа деп қойыпты. Тағы да бір жаугершіліктен қайтқанда, үйіне келгенде екіқабат әжеміз Тоқбике қодас етіне жерік екенін айтыпты. Атамыз аңға шықса үш қодас алдынан қашыпты. Үшеуін де ұстап алып, олардың екеуін босатып жіберіпті де, біреуін жерік болған әжемізге әкеліп сойып, асып, жегізіп жерігін қандырыпты. Осыдан кейін әйелі бір ұл туып, атын Қодас қойыпты. Олжадан – Есен, ал Қодастан – Шеру, екі арыс тайпа ұрпақтар тараған.
289. Бердіңғұл
Осы апамыздың күйеуі бір жаугершілікте шейіт болып кетіпті, апамыз екіқабат жесір қалып, төркініне қайтып келіп отырғанда босанып, ұл туыпты дейді. Сол ұлға атамыз Бердіңғұл: «Бұл бала елге игілікті жақсылық әкелсін!” – деген тілекпен Игілік деп ат қойыпты да: «Бес баламның бірі Дәуленің ізінен ұрпақ тарайтын болды», – деп қуанып, той жасапты. Сонымен Игілік “Бес Бердіңғұлдың” бірі есебінде саналады. Тағы да бір жаугершілікте Саңырық пен Шораны қалмақтар тұтқындап алып кетіпті, ал Мырта үлкен тайқазанды төңкеріп тастап, астына жасырынып қалып қойыпты дейді. Кейін ер жетіп, жігіт болған соң Саңырық пен Шора қалмақтардан қашып шығып, сауда керуеніне еріп жастай кеткендіктен, өзінің туған елінің қайда екенін білмегендіктен, ұзақ жүріп Иранға өтіп кетіпті. Сол елде жүріп үйленіп, ұрпақтап, мал жинап байыған екен дейді. Кейінірек Бердіңғұлдың Сырлыбайынан шыққан Байсалбай болыс туыстарын іздеп Иранға барып, оның ұрпақтарымен кездесіп, көрісіп, олармен жолығысып қайтқан еді. Байсалбай бір жылдан кейін Бердіңғұлдың елдегі басқа балаларының ұрпақтарын да Иранға көшіріп апарып, қоныстануға әрекет жасаған еді, бірақ бұлар елден көшпей қойыпты, ал Байсалбай бастаған жұмысын аяқтай алмай қайтыс болып кеткен еді дейді. Сонымен кейін Мырта, Балталы, Жаманша, Қожас, Игілік ұрпақтары “Бес Бердіңғұл” руы атанып, елге осылай тарап кетті.
ХІ ТӨРТҚАРА РУЫ
290. Төртқара руы
(І нұсқа) Ақманақ өлгенсін, оның әйелі Зылиқаны Тегенболат алады. Одан Пұсарман, Шыңғыр – екі бала туады. Ағасы Сарбас, үшеуі бірдей киінеді. Үшеуде қара сақалды, әдемі көрікті бірдей тең өскен жігітер болады. Сол ізбен барып Үш Қарасақал атанады. Сонда Ақманақ бен Тегенболат екі баласы «Үш Қарасақал» атанып кетеді. Енді бір айта кететін жайт, Майлыбайдан – екі бала туады. Оның аттар шын, аты Сырлыбай, Тойлыбай болады. Екеуі де ожарлау, тентек болады. Алтыншы бала енші алысқанда Сырлыбай еншіге риза болмай: «Мен кетемін, бұл жерде тұрмаймын» деп, төбелес, шатақ шығарады. Содан Тойлыбай адамға қарағанда ожырайып қарайды екен, сол үшін бұл екеуінің аттары «Кете, Ожырай» болып атанып кетеді. Содан кейін ең кенже баласы Ұланақ енші алысқанда, үлкен атасы Қаракесектің шаңырағын басады. Сонымен Қаракесек болып қала береді... Әлімнің 6 баласының біреуі – Қарамашақ, одан туған 4 бала төртеуі де, бірдей тең болып өседі және өте бап болады-мыс. Тойда, аста, жиында төртеуі бірге тізе қосып жүреді, содан халық: «Әй, мына бір төрт қараның жүрген жері айқай-шу, төбелес шығарса, жүрген жерін оңдырмайды, осы бір төрт қара жігіттерден сақтану керек», – деп сөз бола бастапты да, содан барып, аяғында, Қарамашақтың төрт баласы кейінде “Төртқара” делініп атанып кетеді.
291. Қаракісі
Қасым жаужүрек батыр жігіт болған дейді, жоңғарлармен соғыста ол қалмақтарды қыра өлтіріп, көзге түскен екен, сол бір жылғы соғыста қалмақтар жеңіліске ұшырапты. Сол соғысқа қатысқандар: “Қалмақтарды бір ірі қара кісі қыра өлтірді, қалмақтарға бөрідей тиді, алдына жан келтірмеді, келгендерін бір ұрып құлата берді, қайрат-күшіне де болайын, денесіне де болайын, нағыз күш иесі батыр екен”, – деп мадақтапты. Сұрастыра келіп іздестірсе, ол Қасым екен дейді. Ол сол күннен бастап “Қаракісі” атанып кетіпті дейді.
292. Қарамашақ руының “Төртқара” болып атануы
(ІІ нұсқа) Құба қалмақтың қазаққа құтырына тиіп, шабуылдап жүрген кезі еді. Сол қалмаққа қарсы шабуылға шығуға, бүкіл Әлім ұрпағы жиналып кеңес өткізетін болады. Сол жиынға қарамашақтар уақытысында келе алмайды. Жиынға келген адамдар біреуді жіберіп қаратады. Барып қарап келген жігіт: “Алыста төрт қара көрінеді. Олар адам ба, әлде мал ма? Оны айыра алмадым” – дейді. Сол көрінген төрт қара - қарамашақтар болып шығады. Содан бастап “Төртқара” деп аталып кетеді.
293. Қарамашақ (Төртқара)
(ІІІ нұсқа) ...Ол кез – қазақтардың Жоңғар қалмақтарымен жауласып, қайталап шауып, соғысып жүрген уақыты. Әлімнің балалары сол кезде Қаратаудың солтүстігіндегі, Ұлытауға жақын “Айыртау” жайлауында отырған еді дейді. Сол тұста Қарамашақ 21 жасында қалмақтармен соғысып жүріп шейіт болыпты да, Айыртауға жерленіпті, әйелі жесір қалыпты. Қарамашақтың ағасы Жаманақ қамқорлығына алып, Қарамашақтың ағасы Жаманақ қамқорлығына алып, Қарамашақтың әйелін, яғни келінін, жылдық асын берген соң некелеп алыпты. Осы төрт қара балалар Жаманақтың қарамағында қамқорлығында, тәрбиесінде өсіпті. Ал Жаманақ болса осы төртеуіне: “Сен, төрт балаларым, Қарамашақтың баласысыңдар, әкең –Қарамашақ, әкең осы жерде соғыста қайтыс болды, “Айыртауда” жерленді, сендер әкеңнен жас қалдыңдар, әкең Қарамашақ екенін ұмытпаңдар, өскен соң “Айыртаудағы” әкеннің бейітіне келіп зиярат етіп, дұға оқып тұрыңдар, мен сендерді – “төрт қарамды” ер жеткізіп, ел қатарына қосып жіберсем, арманда жастай марқұм болып кеткен інім Қарамашақтың рухы риза болып, оған деген туыстық, ағалық борышымды ақтаған болар едім”, – деп күніне бір рет айтып, сол төрт қара балаларының құлағына құйып, санасына сіңіре берген екен дейді. Шешесі, Қарамашақтың жұбайы, әжеміз ұзақ ғұмыр кешіп, сексеннен асып қайтыс болыпты дейді. Сол төрт қара бала Қарамашақтың (қысқартып “Қараның”) баласымыз деп өсіпті, Жаманақ атамыз осы балаларды тәрбиелеп өсіріп, ер жеткізіп, әйел алып беріп, ел қатарына қосыпты. Отау тігіп, батасын беріп, алдарына мал салып беріпті. Бұл төрт балалар да жауынгер, ер жігіт болып өсіп, қалмақтармен соғысқа қатысыпты. Жауға шапқанда әкесі Қарамашақтың бейітіне барып дұға оқып, сиынып шығатын болыпты да, “Қарамашақ!”, “Қарамашақ!”, “Айыртау!”, “Айыртау!” деп ұрандап, атой салып жауға тиіседі екен дейді. Сонымен сол төрт қара балалардан тараған ұрпақтар: «Қараның (Қарамашақтың) төрт баласынанбыз» деп жүріп, елге “Төртқара” атанып кетіпті де, кейін осы руды “Төртқара” деп атапты. Ал Қарамашақтың жерленген жері “Айыртау” олардың ұранына айналып кетіпті. Айыртау деген “Төртқарада” кісінің аты жоқ.
ХІІ. ҚАРАСАҚАЛ РУЫ
294. Қарасақал
(І нұсқа) Айнықтан бір бала – Сарбас жеке туады. Сарбас онның шамасында еді, ойламаған жерден қалмақтар шабуыл жасап, қамсыз үйде жатқан Айнық батырды қолға түсіріп, Сарбаспен екеуін алып кетеді. Күтініп отырғанда мың адамға бірі өзі болатын Айнық батыр қапылыста қалмақтың қолында кетеді. Сол бетімен Сарбас қалмақта 61 жыл өмір сүреді. Қалмақтан әйел алып, төрт бала көреді. Олар – Өзден, Өзбек, Майлы, Сайлы деген төртеу. Олардың ұрпағы сонда, қалмақ ішінде, бір рулы ел болып отыр. Сарбасы жасында әйел, бала-шағасына қарамай бір ретін тауып, мында аман-есен қашып келіп, еліне қосылады. Әйел алады. Одан – екі бала, Бақтыберлі, Была деген баланы көреді. Міне, осы екі баладан өскен ұрпақтарды: «Сарбас қарасақал» деп атайды. «Қарасақал» деп атанудың мәнісі: Айнық ірі, арыстан кеуде, шомбал, алып күшті балуан, батыр қапасақалды қара кісі болған, содан «қарасақал» атанып кетеді. Тегінболат туралы шежірешілер былай дейді: Әлім атамыз үлкейген шағында, есігінде жүрген жетім қызға неке салады. Осыдан кейін ол қыз екіқабат болып, бір ұл туады. Атын Әлім атам: «Қартайғанымда Құдай бір ұлды тегін берді ғой!» – деп, Тегінболат деп қояды. Ол 17 жасқа толғанда, Айнақты қалмақтар өлтіріп кетеді де, оның әйелін Тегінболат алады. Содан Пұсырман, Шіңір туады. Сондықтан Тегінболаттың ұрпағын да «Қарасақал» деп атаған.
295. Айнықтың “Қарасақал” деп атану мәнісі
(ІІ нұсқа) Ол өте ірі, қапа сақалды, болуан денелі, батыр адам екен. Мөлдірдей қалың қара сақалына қарап жеңгелері: “Қарасақал бала” атай бергендіктен “Қарасақал атанып кетіп еді», – дейді қарттар.
296. [«Үш Қарасақал” атануы]
(ІІІ нұсқа) Ал Айнық пен Тегенболат екеуінің бірдей «Қарасақал» деген жанама атының болуының мәнісі: Айнық сақалы үлкен кісі екен. Ол дүниеден ертерек өтеді де, жесірін Тегенболат алады. Айнықтың баласы Сарбас және Тегенболаттың балалары Пұсырман мен Шіңгірдің жанама атпен “үш Қарасақал” атануының себебі де осыдан.
297. [Қарасақал]
(ІҮ нұсқа) Қалмақтармен болған бір соғыста Айнық баласы Сарбас пен екеуі тұтқындалып, жау қолында кетіпті дейді. Жау қолында тұтқында жүргенде Айнық қайтыс болыпты. Ал Сарбас сол тұтқында жүріп үйленіп, қалмақтан қыз алып, оларға сіңіп, Майлы, Сайлы, Өзден, Өзен деген төрт балалы болыпты. Елден әкесімен бірге тұтқындалып, он бір жасында кеткен Сарбас қалмақ арасында елу жылға жуық жүріпті. Бұлар тұтқындалып, хабарсыз кеткендіктен, біраз жыл өткен соң елде жесір қалған айнықтың әйелін Тегінболатқа некелеп, елдегі туыстары қосыпты. Тегінболат Пұсырман мен Шіңгір атты екі балалы болыпты. Тегінболат – ірі денелі, сақалы қауғадай, қара мұртты, қараторы, сұсты, күшті-қайратты жігіт болса керек қалмақтармен болған бір соғыста батыр қимылдап, жауды қирата қырып- өлтіріп, олардың бетін қайтарып, көзге түсіпті. Сол сапары қазақтар жеңіске жетіпті. Сол күннен бастап оны сол соғысқа қатысқан басқалары: “Қара сақалды батыр жігіт” немесе қысқартып “Қарасақал” деп атап кетіпті.
298. Әлімнің Қарасақал аталығы туралы
(Ү нұсқа) Ертеде қазақ пен қалмақ соғысып, жеңісе алмай, барымталасып жүрген кезі екен. Бір күндері қазақтың ханы қалмақтың жиі тұтқиыл шабуылынан мезі болып, қалмақта кеткен мал-жанын қайтару үшін қол жинап, жорыққа аттаныпты. Барса, қалмақтар қорған ішінде тұрып таспен, садақпен атып, қазақтарды қорғанға жолатпайды. Сөйтіп, бірнеше тәулік қамалды қоршағанмен, жауды ала алмай, ханның әскері қайтуға бет алады. Айнық пен Тегенболат өздерінің аздаған сарбаздарымен ханға келіп: «Қамалды алудың бір жолы бар, әскеріңізді бір күнге кідіртіңіз», – дейді. Басқа шарасы таусылған хан келісімін береді. Хан әскері күн бата еліне қайтқан болып, таң қараңғысында Айнық пен Тегенболат бастаған көп қосын қорғанға жаяу еңбектеп, қамал қақпасын балталап бұзып, қалың атты әскерді ішке кіргізіп, қалмақтарды жеңіп, мал-мүлкін олжалап, еліне қайтыпты. Ел шетіне келген соң олжа бөлісіпті. Олжа бөлушілер бірінші бөлісті ханға, екінші бөлісті билер мен қожаларға, үшінші белісті ханның ұсынысымен: «Қарасақалды екі батырдың арқасында жауды жеңіп, олжа салып отырсыңдар, сондықтан үшінші бөліс олжаның билігін сол екі “Қарасақал батырларға беріңдер”, – депті. Хан нөкерлері: «Екі қарасақал батырларды көрдіңдер ме?», – деп қалың сарбаз ішінен көп іздепті. Ол кезде Айнық пен Тегенболат қасындағы сарбаздарымен көл жағасында жуынып жатса керек. Хан нөкерлері екі батырды тауып, хан алдына апарып, олжадан үлесін беріпті. Екі батырдың “Қарасақал” атануының мәнісі осылай болған екен деген аңыз-әңгіме бар. Айнық пен Тегенболат жауға шапқанда “Алдажарлап” шапса керек, содан Қарасақалдың ұраны “Алдажар” екен. Айнық өте батыр адам болыпты. Бірде тұтқиылдан жау шауып, соғыста жүз адамға пай бермейтін, сауыт-саймансыз, тұсаулы атына жете алмаған Айнық батырға Жем бойында қапылыста оқ тиіп, қаза тауыпты. Он жас шамасындағы баласы Сарыбасты жау қол-аяғын байлап, алып кетіпті. Сол кеткеннен Сарыбас қалмақтың Кесеарқам деген жерінде елу жыл тұрып, үйленіп, Өзен, Өзден, Майлы, Сайлы деген төрт баласы болып, олар батыр болыпты. Олардың ұрпағы «моңғұл ішінде, “Сарыбас” деген ұраны бар, төрт болыс ел бар екен» деген аңыз бар. Сонымен Сарыбас алпыстан асқанда еліне қайтып келіпті. Келген соң ағайындары үйлендіріпті. Сарыбастан: Бақтыберлі, Была – екі бала.
Әлемде алты жүйе, бес шекті көп,
Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп.
Екеуі алты Әлімнің – Қарасақал,
Ішінде бізді айтады «Сарыбасы», –
деп жазған екен Қарасақал Ерімбет.
ХІІІ. КЕТЕ РУЫ
299. Бес Естек
Шежіре сөзінің айтуында Тәуке ханның баласы – Сәмеке (Шахмұхаммед) ханның (т.ж.б.–1738) тұсы болса керек. Сәмеке ханның Орта жүздегі іргелі тайпаларға билігін жүргізіп, ордасын Түркістанда ұстап тұрған кезі еді дейді. Ел іргесі тынышсыз болып тұрған заман. Еділдің құба қалмақтары орысқа арқа сүйеп, елдің тынышын алып болмаған соң, Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан тізе қосып, екі дүркін (1723, 1726 жж.) жорық жасайды. Екінші жорықта Аюке ханның баласы Серен Дондық хан бітімге шақырып, содан екі жақ та: “Бесіктегі бала ат жалын тартып мінгенше соғыспайық”, – деп келісіп, қанға қол батырып анттасады. Осы бітімнен кейін Сәмеке хан бастап барған Орта жүздің біраз шаңырағы “Ақтабан шұбырындыдан ес жиғанша” деп, Кіші жүздің жерінде тұрып қалады.
Сол тұрып қалғандардың ішінде Орта жүздің Қаракесегінен шыққан Балта (Балтас) батыр да бар еді дейді. Кешікпей-ақ бұлар ағайын елмен қыз алысып, қыз берісіп, мидай араласып кетеді. Тіптен, тілі мен ділі бір, тағдырлас-қоңсылас естектермен (башқұрттармен) де құдандалы болып, «ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей заман болады. Содан, арада біраз уақыт өтеді. Балта батыр қартаяды. Мұнда келген соң туған балаларының өзі атқа мініп, ел қамын ойлайтын жасқа келеді. Бұл кезде орыстар құрығын алысқа сермеп, қалмақ демей, башқұрт демей, қазақ демей өктемдігін үдете түседі. Ақыры сол өктемдікке шыдаймай, Еділ бойының құба қалмағы – қалың торғауыт қиянда жатқан Алтай сыртындағы ата қоныстарына түріле көшеді ғой. Шежіре сөзінде “Шаңды жорық” деп аталатын бұл көш қалмақтарға қайырсыз болған. Алтайға әрбір он қалмақтың бірі ғана ілікті деген сөз бар.
«Шаңды жорық» кезінде қазақ пен қалмақ арасында жойқын ұрыстар болған. Сондай ұрыстардың бірінде қалмақ жағынан шыққан ақ сауытты батырға қарсы екі күн бойы қазақтар жағынан ешкім шықпай қойса керек. Соғыс шарты бойынша “ер кезегі үшке дейін”, жекпе-жекке қазақ жағынан үшінші күні ешкім шықпаса, онда Кіші жүздің Әжібай биі мен Арал батыры бастаған әскер қалмақ көшіне тиіспей, өткізіп жіберулері керек. Бұл – әрине, сүйекке таңба. Осындай сын сәтте, баяғы Сәмеке ханмен келетін Балта батырдың баласы Қармыс батыр Әжібай бидің батасын алып, Арал батырдың қара сауытын киіп, жекпе-жекке шығады. Жекпе-жекте Қармыс қалмақ батырын өлтіреді. Мұнан кейін қазақ әскерлері бел алып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратады.
Сол күннің кешінде қазақ қосындары дамылдап жатқан алапты Әжібай би мен Арал батыр аралап, соғыстан кейінгі жағдайды көзбен көрмек болады. Содан, қалың қосынды аралап келе жатса, оңашалау тігілген бес шатырды көреді. Орталарында жалғыз мосыға ілінген шөңкенің астында жалпылдап от жанып жатыр дейді. Жақындап келіп жөн сұраса, бүгінгі жекпе-жекте жеңіске жеткен Қармыс батыр бастаған бес жігіт. Бесеуі де – “сен тұр, мен атайын” дегендей атпал азаматтар. Өре түрегелісіп, үлкендерге сәлем береді. Жөн сұраса келсе, бірі – естек, бірі – түркімен, бірі – ноғай, екеуі қазақ, аласапыран заманда тағдырлас болып, Кіші жүздің ішінде жүргендерін айтады.
Сол жерде дуалы ауыз Әжібай би: “Елмен бірге от кешіп, оққа оранған сендерді бұлай бөлектеуге болмас. Бүгіннен бастап бүкіл әулеттеріңмен бесеуің де бас біріктіріп, “Бес естек” деген ру болыңдар, қалаған жерлеріңнен қоныс алыңдар!” – деген екен.
300. “Кете” атанғаны
(І нұсқа) Байсары бір соғыста қолға түсіп қаза табады да, Кетебикені Әлім алады. Ол Әлімнен Тойқожаны туады. Әлім қайтыс болған соң, Кетебикені Шөмен алып, одан Түменқожа туады. Қаракесектің үш баласының Кетебикеден өрбіген тұқымдары шешесін төңіректеп жүріп, өздері оның атымен “Кете” атанған екен дейді.
301. Құлыс
Сайдан (Сәбден) бір балалы (Ожырай) болғаннан кейін қайтыс болып кетіпті дейді. Оның әйелі Қараға некелейміз десе, Қара көнбей, алмапты. Адамқожа әкесінің айтқанын қылмапты. Сонымен ол жесірді Сарыға некелеп, онан Асан мен Жанбақты туыпты. Бірде Сары би бір тойға бара жатып, жолдан көштен түсіп қалған бір бала тауып алыпты дейді. Баладан:
– Атың кім? – десе:
– Құлыс, – депті.
Үстіндегі белгісін – меңін көріп біліп, бала етіп алуға онымен келісіп, сол барған тойда жар шақырып, баланың белгісін айтып, жиналған жұртқа жария етіп, сүйіншісіне бір құла тай атап, баланы бұрын жоғалтып, енді тауып алып тұрғанына жұртты сендіріп, ауылына алып келіпті. Ауылына келген соң той жасап, балаға Құлсын деп ат қойыпты дейді.
302. [«Кете» руының қалыптасуы]
(ІІ нұсқа) Байсары өлгеннен кейін Кетебике шешеміз екіқабат болып қалып, бір ұл туады. Әлім атамыз ұлдың атын “Тегіннен келген бала” деп, Тегінболат қойып, Кетебикені өзіне некелеп алып, Тегінболатты бала қылып алады. Кетебике Әлімнен бір ұл – Тойқожа туады. Онан кейін Әлім Құба деген шешемізді қыздай алады. Кетебике Әлім өлгесін Шөменге тиіп кетеді, Бозанша мен Тойқожа, Тегінболат Әлімнің қолында қалады. Шөменге тигеннен кейін Кетебике тағы да бір ұл – Түменқожаны туады. Сонымен Байсарыдан туған Бозаншаның, Әлімнен туған Тойқожаның және Шөменнен туған Түменқожаның ұрпақтары Кетебикенің атымен атап: “Біз Кетебикеден туғанбыз” – деп жүріп, “Кете” руы аталып кеткен екен дейді.
303. [Қара Кете]
...Шуақ бала жігіт кезінде еліне симай келіп, Әлімнің Жақайымынан Асан тайпасының ішіне келіп, Тәжібай деген атамыздың қолында іні болып, үш жылдай жүрген екен. Сонан Тәжібайдың әйеліне Шуақ құлаққағыс жасап, келіншек алғысы келгенін, өз алдына үй болғысы келгенін айтыпты. Әжеміз мұны Тәжібай атамызға айтып білдіреді. Ол үлкен ақсақалдарды жинап: «Отырған Қанша қызды оған қос!” – деп ақыл беріпті. Сонымен Қаншаны Шуаққа қосып, өз алдына бір үй етіп, алдына мал салып, Ізбас Асан Тәңірбергеннің ұрпақтарымен еншілес етіп, қасына көшіріп қондырыпты. Ізбасы ішіндегі “Қаракете” атанған дейді. Шуақтың ұрпақтары Жақайымның Асан тайпасына жиен болады.
304. Кетелер туралы
(ІІІ нұсқа) Ауызекі шежіреде Құдиярдың үлкен баласы Қайырбайдың жарлы болғаны айтылады. Оның Қаракесек атануы да осы кедейлігіне байланысты таңылған атау ретінде байыпталады.
Қаракесектің бәйбішесінен Байсары туады. Әйелі көп ұзамай қайтыс боп кеткесін, қайын атасы Қаракесекке екінші қызын да қосады. Одан Әлім, Шөмен туады. Байсарыдан – Бозаншар, Майлыбай деген екі бала. Майлыбайдан ұрпақ болмайды да, Байсарыдан Кете әулеті тарайды. Оның Кете атануы Байсарының Кетебике деген әйелінің атына қатысты делінеді. Байсары бір соғыста қолға түсіп қаза табады да, Кетебикені Әлім алады. Ол Әлімнен Тойқожаны туады. Әлім қайтыс болған соң Кетебикені Шөмен алып, одан Түменқожа туады. Қаракескетің үш баласының Кетебикеден өрбіген тұқымдары шешесін төңіректеп жүріп, өздері оның атымен «Кете» атанған екен дейді. Бозаншар мен Түменқожа ұрпақтары «Ожырайкете», «Қаракете», ал Тойқожа тұқымдары «Ақкете» аталады.
305. [Үш Кете және Майлыбай]
Байсары баласы Майлыбаймен бірге соғыста қолға түсіп, өледі. (Жемнің аяғы Құлсары деген солтүстік шығыста 15 шақырымдай жерде «Бақашы әулие» деген қорым бар. «Бақашы» деп отырғанымыз – Байсары атамыз). Әжібай бастаған батырлар қазіргі Батыс Қазақстан делініп жүрген аймақты қалмақтардан тазарту кезінде жорыққа шығарда, ең әуелі Байсары әулиенің басына келіп тәу ететін көрінеді. Ал «Ақтабан шұбырынды...» жылдары Қаратауға ауып кеткен елді алғаш ата қонысқа бастап келушілер: Адай Есек батыр, Шотан, Шектіден – Сәңкібай, Беріштен – Есболай, Тамадан – Есет, Табыннан Бөкенбай батырлар екен. Олар Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл бойына келгенде Әжібай би бастап келіп, алдымен Байсары қорымына тәу етеді. Қазіргі Жылой ауданының орнында үлкен көл болған көрінеді.
Көл жағасында бір бір лашық тұрады. Батырлар лашыққа келсе, Бадамша есімді кемпір отқа бақа қақтап жеп отыр екен. Сұрастыра келе кемпірдің жасы 100-ден асып кеткенін, бала кезінде қалмақтардың осы араны басып алғанан, осы Байсарының айналасы қазақ пен қалмақтың тоқайласып бітімге келетін, не жауласатын нүктесі болғанын айтады. Жүрер алдында Бадамша әжей Әжібай бастаған топқа: «Әлімнің Құлсары батыры осы жерді азат ету кезінде шейіт болып еді. Сендерге соның ерлігі мен топырақ жасын берсін!» – деп ақ батасын береді.
Бадамша әже дүниеден озғанда Байсары әулиенің қорымына жерленеді. Кете Арал батыр да осында, жасы 100-ге келгенде Әжібай би де дүниеден озғанда осы Байсары қорымына жерленеді Бозаншар әкесінен жастай қалып, Әлімнің тәрбиесінде болады. Бірақ Әлімнің төрт баласы мұны шетқақпай жасай береді. Оны шешесі Кетебике сезіп, біліп жүреді. Осыған намыстанған Бозаншар бір үйір жылқыны айдап, Сыр бойындағы Шөмен ағасының ауылына келеді. Шөмен шаруа кісі болыпты. Біраз уақыттан кейін Бозаншарды үйлендіріп, отау етеді, алдына мал салады.
Бозаншардан Адамқожа, Төменқожа – екі бала туады. Адамқожадан – Сарыкете (Ожырай), Төменқожадан Қаракете, Томпақкете туады. Өз алдына ауыл болып отырады. Бозаншар Әлімнен туған інілерін өзіне тартып, Кете ауылы атануына күш салып, Шөменмен қоныстас бөлек ауыл болып отыруды арман етеді. Оны анасы Кетебике мақұлдап, батасын береді. Тойқожаны екеулеп үгіттейді. «Жастайынан жау қолында қаза болған ағаң Майлыбайды ұран етіңдер, ен-таңбаларын белгілеп, әзірше Кете ауылы болып, отырыңдар! Жүре-бара ұлан-байтақ ел болып кетерсіңдер, – деп анасы батасын береді.
Тойқожа (Ақкете) інісі Тегінболатқа әуелі қыз алмадың, бірден Айнықтың қатынан алдың», – деп реніш жасап, Бозаншардың ауылына көшіп кетеді анасының өсиетін орындау мақсатымен.
Бозаншар Адамқожадан туған баласы Сарыға, Төменқожадан туған баласы Қараға, Томпақкетеге енші береді. Сарыға енші аздау тие ма, әлде басқа ма, ол еншіге өкпелеп, разы болмай ожырайып бөлек отырады. Өкпесі ұзаққа созыла ма, «Мына ожырайып отырған кім? деп сұраушылар көбейеді. Содан бірте-бірте Сары аты ұмытылып, «Ожырай» атанып кетіпті деген сөз бар. Сонымен Бозаншарға анасының батасын Алла тағала қабыл етіп, Ожырай (Сары) кете 6 арыс, Қара кете 4 арыс, Ақкете (Тойқожа) 10 арыс (Барлығы) 20 арыс Кете өсіп-өнеді. Үш Кетенің ұраны – «Майлыбай».
ХІҮ. ЖЕТІРУ
306. Жетіру бірлестігі туралы аңыз
Алшын Құдияр деген баласын кейінірек көреді де, ол ерке, сотқар болып өседі. Сондықтан да ел оған «Құдияр тентек» деген ат қояды. Құдияр кейіннен еншілестердің балаларына тиісіп, сабап, күн көрсетпейді. Содан олардың бәрі Арғымақ баласы Телеу мырзаға келіп сағалаған көрінеді. Осы қауымдасудың нәтижесінде Жетіру бірлестігі (Телеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы) құрылған екен дейді.
307. Жеті ру жайлы
Жанарыстан бір ұл туыпты Майқы би деген. Сол Майқыдан үш бала туыпты: Садырқожа, Надырқожа, Қыдыржожа дегендер. Сол Надырқожа әйел алған бойда көп кешікпей өліп, бала қалмай, әйелі жас қалып, Сәли тентек болып, ешкім алмай, қайын ағасы Садырқожа да, қайнысы Қыдырқожа да жоламай, тұл қатын болып отырыпты. Бір күндерде буаз болып, бір ер бала туыпты. «Некесіз тудың» деп жиіркеніп, бір адам қасына келмеген көрінеді. Сонда қатын ерегісіп: «Осы шырағым бойға бітерде жеті еркектің етегі тиіп еді, мұның атын «Жетіру» қоям деп, Жетіру қойған екен.
ХҮ.ТАМА РУЫ
308.Тама руы
Халықтың аузында бар әңгімеде Таманың кейінгі аты: “Қарабұра” деп айтады. Оның мәнісі былай деп сөзін жалғастырады қариялар: Қожа Ахмет Йассуи өлгеннен кейін, оның өлі денесін қара бура мініп келіп, түсін ешкімге көрсетпестен мүрдені алып кетіп, қазіргі мешіттің орнына әкеліп, ақ жуып, арулап қояды. Гөрінің үстіне қам кесектен сыпа салады. Ол кезде қазіргі ғимарат жоқ, салынбаған. Сұлтанның денесін алып кетуге келген Тама өзін дуана, шейх етіп көрсетіп, мүрдеге қара бура мініп келген. Оның Тама екенін ешкім танып, білмеген. Бұл жағдайды Сұлтанның өзі өлер алдында, Тамаға керематымен білдіріп, сосын туыс-семьясына:
“Мен өлгесін, денем суымай тұрғанда, қара бура мінген бір дуана, шейх адам келіп, денемді бурасымен мәңгілік жататын жеріме алып кетеді. Сол жерге, сол адам денемді тазалап жуып, кебіндеп қояды. Сендер оның қолын қақпаңдар!” – деп тапсырады.
Сұлтанның сол айтқанындай, ол өлу бойына қайдан келгені белгісіз, Тама қара бурамен келіп, сұлтанның мүдесін түйеге өңгеріп алып кетеді. Оның кім екенін ешкім білмейді. Бет-аузын бүркеп алған Таманы ешкім танымайды. Мүрдені ол сұлтанның айтып, тапсырған жеріне апарып жерлеп, өзі ешкімге көрінбей, қайтып кетеді. Кейін артынан барып біліп, жұрт сосын: “Қара бура Әзі” деп атандырып кеткен. Кейін ұранға айналған. Таманың ұраны – «Қарабура».
309. Тама Сарыбас мерген
«Бір күні бір төбенің басына шыға келдім. Аяғымның астында бір торғын шатыр тұр. Айналасында құланның қодығы байлаулы жатыр. Бір жалаңдаған жас келіншек жылмаң етіп шатырдан шыға сала маған жүгіріп келіп:
– Жездеке, шатырға жүріңіз, – деп қолымнан жектектеп шатырға алып кірді. Ақ шымылдық құрулы, алаша, төсек салулы. Бір сәулеш қыз отыр, ұшып тұра келіп, төсек үстіне отырғызды. Керсен тола қымызды алдыма ап келіп қойды. Бір астау етті алдыма қойып:
– Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, – деп, келіншек шығып жүре берді. Етті жедім, қымызды іштім, қызды құштым. Аузымнан су ақты, балжырадым, қалжырадым. Ұйықтайын деп едім, қыз жалынып, ағатайлап ұйықтатпады. Мені ұйықтатпасқа әңгімеге кірісті:
– Ғайып ерен, қырық шілтен аңның бақташысы болды. Сіз бір түн ұйықтамасаңыз, осы шатыр, барлық сайманымен басыңызда болады. Мен күндіз-түні қасыңызда боламын. Бір түнгі ұйқыңызды көтере алмай, ұйықтап қалсаңыз, сіз маған жоқсыз, мен сізге жоқпын. Анау ел мені ит жеген арам астай көреді. Онан соң жалғанның жарық сәулесі екеумізге арам.
– Жарайды, неге ұйықтайын, – деген болдым. Өйткенімен бола ма, ұйықтап қалдым. Ояна келсем, сопайған өз басымнан басқа дәнеме жоқ. Аң аулаудан қалдым. Бір жыл есік күзетіп, тырп ете алмай қалдым. Бір жылдан соң, басы қаралы, беті жаралы құланға мінген бір келіншек өңгерген бесігін, ішінде бір еркек бала бар, тастап жүре берді. Сол баланың атын Қайыпберді қойды. Өсіп-өніп, оның жұрағаты: “Қайыпберді–Тамамыз!” – деседі».
ХҮІ. ТАБЫН РУЫ
310. Табын руы
Бірде жолаушылап кеткен Қайырқожаның астындағы аты әбден болдырып, жүруге жарамай қалғасын, ашу мен намыс қысқан жігіт әлгі атты арқалап алып, алыста көрінген ауылға алып келсе керек. Сонда таңырқаған ауыл ақсақалдары: «Япыр-ай, мынауың тегін жігіт емес, жігіттің жалғыз Қаражоны ғой!» – деген көрінеді. Содан бастап осы тармақтағы бір тайпа ел өздерін: «Қаражонбыз!» – дейді.
ХҮІІ. КЕРЕЙТ РУЫ
311. Керейт руы
Кезінде ел ішінде Еспембет ұрпағын – “Ойық таңбалы Керейт”, ал Доспембет (елдер оны Қоспембет деп атап кеткен) ұрпағын “Тілік таңбалы Керейт” деп атаған. Себебі ел ішіндегі аңыз әңгіме бойынша сол тұста елде “Құла айғырлы Күреңсақал” деген жау шығып, оған қарсы шыққан Бозаншардың балалары түгелдей өліп, өзі аман қалады. Ол кемпірі Болған екеуі тау-тастың үңгірлерін паналап, күнелтіп отырғанда бұлардың қасына бірнеше аттылы адамдар келіп, қонақ болады. Бозаншар кемпірімен кеңесіп, бұзаулы сиырын сойып, оларды қонақ етеді. Олар кетерінде батасын беріп: «Тілектеріңді Алла қабыл етер, келер жылдары екі ұлды боларсыңдар, бірінің атын Есмұхамед, екіншісінің атын Досмұхамед қойыңдар! Қазір біздер кеткен соң, ақсарбас қойлар шұбырып келер, соларға ен сала беріңдер, балаларыңның еншісі сол болады”, – депті дейді. Айтқандай-ақ қойлар шұбырып келе бастайды, ал қойларды ұстап алып, атамыз тілік ен, шешеміз ойық ен сала беріпті. Келесі жылдары олар арыстай екі ұлды болып, оларға сол қонақ болып кеткен пірлердің ұсынған есімдерін қойыпты. Бірақ ел аузында бірі – Еспембет, екіншісі Доспембет атанып кетіпті.
ХҮІІІ. ЖАҒАЛБАЙЛЫ
312. Жағалбайлы
(І нұсқа) Алау батырға Құдаһияр деген бір жігіт бала: “Құддыс шаһарынан келдім, Пайғамбар (араб) әулетіненмін», – деп келіп, бала болыпты. Алау батыр бұл баланы “Таза тұқымынан екен” деп, бала етіп, қамқорына алып, әйел алып беріп, отау тігіп, бір шаңырақ етіп қойыпты. Сол Құдаһиярдан Керейт туыпты. Алау батырға тағы бір бала, ат-есімі Сәду: “Тайм деген елден келдім”, – деп, бала болыпты. Сәду жігіт болып өскен соң, масаты шұлғанып мәсі-етік киіп, мол қаракөл елтірілі жағасы бар мәуіті шапан киіп, ел аралап балгерлік жасап, адам емдеп, жаурыншы-балгер атанып, сал-сері жігіт болып жүріпті. Сөйтіп жүріп елден алған малын жинап, байыған еді дейді. Осыған орай ол “Жағалы бай” атанып, кейін ел оны “Жағалбайлы” атап кетіпті. Алау батыр осы киімді ұлына да әйел алып беріп, бір шаңырақ етіп қойыпты. Сәду [ден] – Шербұға, [одан] – Мелде би туған, ал оның ұрпақтары кейін «Жағалбайлы руы» атанған дейді
313. Жағалбайлы
(ІІ нұсқа)
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызекі шежіремізде Жетіру бірлестігіне енетін рулардың шығу тегі де Бекарыс ұрпақтары – ағалы-інілі Арғымақ пен Алау есімдерінен бастау алып жатады.
Әуелі Арғымақтан Телеу туған екен дейді. Ол Рамаданды өзіне еншілес қылып алады. Жаугершілік, шапқыншылық көп сол заманда Алау батырға да әр жылдарда басқа жақтардан Сәдір, Нәдір, Қылуар, Сәбдан деген балалар келіп паналап, оның баласы Алшынмен еншілес атанады. Кейін Сәдірден – Тама, Табын; Нәдірден – Кердері, Қылуардан – Керейт туады. Сәбданнан – Қарақатыс (Жауырыншы), одан – Мелде, одан Елеу мырза туады. Осы Елеуден он екі ата Жағалбайлы тарайды.
314. [Торымның «Сексен» атануы]
Торымның “Сексен” атану мәнісі былай болған еді дейді: Қалмақтар екі жүзге жуық адам Торымның ауылын шауып, мал-мүлкін, қыз-келіншектерін тұтқындап алып, ауылдан жеті-сегіз шақырымдай шыққан соң, алдын-ала дайындалып тұрған қаруланған таңдаулы Торым бастаған 80 (сексен) жігіт қалмақтарға бір бүйірден ұрандап “Айыртау!” “Айыртау!” деп тиіседі де: “Біздер сексенбіз, сексеніміз де қарға қару ілгенбіз, қалмаққа кез келтір деп Құдайдан тілегенбіз! Тілегімізді Құдай беріп, кездестік. Енді еттеріңді жеп, сүйектеріңді кеміретін мына біздер!” – деп, сексен жігіт қалмақтарға құлшына, ашынып тиеді. Тосыннан, ойламаған жерден шабуылға шыққан сексен жігіт өздерінен екі есе көп қалмақтарды қырып, жайратып салыпты. Аман қалған бір бөлігі қашып, құтылып кетеді. Айдап кеткен малдарды кейін қайтарып, қыз-келіншектерді аман-есен ауылға алып келеді. Сол күннен бастап: “Торымның сексен жігіті қалмақтарды қырып салыпты”, – деген сөз елге тарап, Торымды “Сексен” деп атап кетіпті дейді.
315. Қосқұлақ
Асан – Қосқұлақ – Алшынбай, Байжан, Мерген (Назарқұл). Қосқұлақ бір себептермен ағасы Шатырқұлға өкпелеп, Хиуа, Бұхар еліне кетіп қалған екен дейді. Сол елден Смамут деген қожаның үлкен қызына үйленіп, онан Алшынбай атты ұлды болыпты. Оған Смамут атасы да көмек жасап, өзі де еті тірі батыр, қайраты мол жігіт болғандықтан, мал жинап, тұрмысын түзеп, байлардың қатарына қосылып, бір еліне хан болып сайланып тұрыпты дейді.
Көп жыл өткен соң шешесі Шарипа артынан іздеп барып (шешесінің айтқанына көніпті) Қосқұлақты еліне қайтарып алып келген екен дейді. Елге қайтарында Смамут қожа: “Қызым, елді сағынып жыламай жүрсін, жалғызсырамасын”, – деп, бір баласын қызына қосып ертіп жіберіпті. Сол еріп келген бала Қожа Алшынбай ұрпақтарымен бірге өсіп, сіңіп, оның ұрпақтары да: «Алшынбаймыз!» деп аталып кетеді.
316. Жамансары
Жамансары бәйбішеден: Сағыр, Танаш, жеңге алған әйелінен: Кепер, Шодыр, Жолдыбай. Осы бес баладан ұрпақ тарап өскен, ұрпағы аздау. Қожастың бір әйелінен: Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке. Шешелері қартайғанда бір ұл туыпты дейді. Байғара мен Теке шешесінің қартайғанда екіқабат болып, ұл туғанын ар көріп, ерсі деп біліп, ұлдың кімнен екендігін біле алмай күмәнданып, шешесін өлтірмекші болыпты дейді. Сонда Баби хан екі інісіне тоқтау салып: “Өзім барып, туған баланы көріп, шешеммен сөйлесейін, сендер шыдаңдар”, – деген екен. Баби хан барса шешесі шымылдық ішінде отыр екен дейді, баласына көрінбей жасырынып отырыпты. Баби хан қасындағыларымен ауқаттанып, жайланып болған кезде бір жақын жеңгесі: “Хан қайным, інілі болдыңыз, көрімдік бересіз”, – дейді. Сонда Баби: “Алып кел, көрейін!” – деп, құндақтағы баланы шештіріп, жалаңаштап, көтеріп тұрып күннің сәулесінен қараса, бала шыныдай таза, мөлдіреген сары бала екен, жарғақтай жұқалығынан күннің көзі көрінетіндей еді дейді. Сонан соң Баби: “Әкемнің өзінен болған бала екен”, – деп, «Жамансары» деп ат қойыпты. Жамансары ер жеткен соң киелі, әруақты адам болыпты дейді. Бабидың бір баласы Жалаң көпке дейін балалы болмай, тарығып жүргенде оған Жамансары бата беріп, Жалаңның тұқымы өсіп-өніп көбейген екен дейді. Бір жылы Жақайымға Бидас, Жандос деген екі бала келіп, қарамағында жүріпті. Бидас (Бида) Жақайымның киімді баласы еді – тегі белгісіз. Жәкең Бидасты (Бида) Көгістің қамқорлығына берген, Көгістің бір баласының есебінде жүрген. Ал Жандостан ұрпақ болмай кеткен дейді. Бір жаугершілікте Бидастан тараған төрт ұрпақты, тоғыз жастағы Базарды, алты жастағы Пірімжарды, үш жастағы Құдиярды және апасын Бұхардан келген барымташылар тұтқындап, алып кетіпті. Олар сол барымташылардың қолында жүргенде, Базар беталды құладүз, белгісіз жаққа қашып кеткен еді дейді. Ал апамыз да ізінше екі інісін – Пірімжар мен Құдиярды ертіп, Бұхардан қашып шығып, Қарақалпақ еліне келіп, Құдайқұл деген қарақалпаққа күйеуге шығыпты. Осы кезде Базар екі інісі мен апасын Қарақалпақ елінен іздеп, тауып алған еді. Ағайынды үш ұл Құдайқұл жездесінің қолында жүріпті, Көк теңізден (Арал теңізінен) ханның жылымына кіріп, балық аулаумен айналысыпты. Пірімжар ағасы мен інісін ертіп Қарақалпақтан қашып шығып, Қызылдың құмының ішімен Қазалыға келіп, онан Сыр бойында (Нұршада) отырған Көлімбет ұрпақтарының аулына келіп қосылып, елге араласып, ұрпақтар тарап, Көлімбетке сіңіп: “Біз Көлімбет тайпасынанбыз!” – деп аталып кетеді.
317. Назарша
Көгіс – Назарша. Бір аласапыран ел босып жүрген жылы Көгіске Назар және Ша деген екі бала келіп, қамқорлығында жүріпті. Көгіс осы екі баланы өзінің ұлы Бәйімбетке беріп, қамқорлығына алып өсіріп, ел қатарына қосуға тапсырыпты. Бірақ Ша өз еліне (Жобасы Әзірбайжан немесе Түркия елі болу керек) қашып кетіпті де, Назар тұрақтап қалып қойыпты. Сол Назардан ұрпақ тартарап, Бәйімбет ішінде өсіп, сіңіп: “Біз Бәйімбеттің Назаршасымыз!” – деп аталып кеткен еді. Сол екі баланың атын біріктіріп айтып, қазір олар: “Біз Назаршаның ұрпағымыз, “Назарша” тайпасынанбыз!” – деп жүр.
318. Түйтеұлы Андағұл (Көнсадақ)
Андағұл батыр болған, ал Сары інісі бай болған екен дейді. Жоңғарлармен соғыста Андағұл да Көкшоқай атқа мініп, көнмен қаптаған садағын асынып, жауға аттаныпты. Жауға шабуылға шығар алдында: “Мына бал кім?” – деп сұрағанда: “Көкшоқай атты шапқанда көрерсің, Көнсадақты тартқанда көрерсің кім екенімді”, – деп жауап беріпті. Сонымен сол соғыста ол қалмақтарды қырып-жойып, бетін қайтарып, қуып тастап, көзге көрінген екен. Ол осы тұстан бастап “Көнсадақ батыр” атанып кетіп, ал онан тараған ұрпақтар “Көнсадақ” руы атанып қалған дейді.
319. Күре
Жаманшаның тоқалы, Сасық пен Сырымбеттің шешесі мырза адам болыпты. Үйіндегі бар асты қазанға аямай күреп салып асып, түсіріп жатады екен дейді. Үйінен қонақ кетпейтін болған, ағайындары да жиналып келіп ас ішіп тарап жатады екен. Осы әйелінің жомарттығына сәйкес Сасық-Сырымбеттен тараған ұрпақтар “Күре” деген ру атанып кетіпті.
320. Көзкөне
Көзкөне – аздау ұрпақтаған, аз ру. Оның үстіне Жамалайдың балаларының бірі Қаражан деген тентек бала Тілеу мен Қабақтың пір тұтып, отырған жалғыз қожасының жалғыз баласын: “Ұлықұмның ішінде, түйеңді менің жеріме жіберіп жайдың”, – деп ұрып өлтіріпті де, мәйітін түйесінің мойнына байлап жіберіпті. Кек алу үшін бүкіл Тілеу мен Қабақтың жігіттері Көзкөне ауылына шабуыл жасапты. Ал Көзкөнелер малы көп байлары Құламан мен Құлтасқа қашып келіп паналапты да, малы жоқ кедейлері Сыр бойына қашып келіп, Бітімбай тобы нағашысына – Бәйімбет руына, енді бір тобы Жақайымның Асан тайпасына, бір тобы Домақ тайпасына келіп паналайды. Сөйтіп тентек Қаражанның кесірінен тыныш отырған Көзкөнелер жер-суын тастап, басқа руларды сағалап, оларға сіңіп: «Жақайымның Асанымыз, Бәйімбетіміз, Кішкененің Домағымыз!» – деп кетті дейді.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
Қазақ шежірелік аңыздарының жазылып алыну тарихы өте ерте заманнан басталады. Себебі қазіргі қазақ халқы өте ерте дәуірде өмір сүрген сақ-скиф, ғұн, хазар, ежелгі түркі халықтарының, тайпа-мемлекеттерінің мұрагері болғандықтан әр заманда олардың ата-тегі шежіресі, қайдан шыққаны, кім болғаны туралы аңыздың түрлі нұсқалары ерте заманнан-ақ хатқа түскен. Аңыздың нақты үлгісі болмаса да, аңыздық сұлбасы Геродоттың еңбектерінде, Ортағасырлардағы араб, парсы, еуропалық тарихшылар, саяхатшылар жазбаларында, шежірелерінде кездеседі. Ал қазақтың арғы ата тегі қырғында ғайыптан аман қалған жалғыз ұлды ұрғашы қасқыр асырап, одан «Ашина» деген баланың туғаны туралы аңыз ежелгі Қытай жылнамаларында жазылған (Қазақстан тарихы Қытай деректемелерінде. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005.) Тарихи кезеңдердегі аңыздардың бүгінге жетіп, сақталуында М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұрасы маңызды орын алады. Ғылыми қорларда және ұрпақтары мұрағатында сақталған мол тарихи-мәдени мұрасының арасында шежірелік аңыздардың нұсқалары да көптеп сақталған. Олардың көпшілігі қазіргі қолданыстағы әліпбиге толық түсіріліп, жарияланып, ғылыми айналысқа қосылған жоқ. Қазақ шежірелері, оның ру-тайпалары туралы мұраның бір бөлігі 1991, 2006, 2010 жылдары жарық көрді. Бұл қолжазба мұралар негізінен Орта жүздің ру-тайпалары және ханы Абылай мен оның ұрпақтары туралы, сондай-ақ қазақтың сахабадан тарататын аңыздар топтамасын құрайды. Сондықтан томға енген Орта жүз ру-тайпаларына байланысты аңыздардың қомақты бөлігін ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында М.Ж.Көпейұлы мұраларында хатталған жазбалар құрады. Қазақтың шежірелік аңыздарының жинақталуына бұрынғы Қазақстан ҒА-ның және оның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан ұйымдастырылған ғылыми экспедициялардың, оларда қызмет істеген Б.Жақыпбаев, Қ.Сыдиықов, Қ.Саттаров т.б. халық мұраларын жинаушы ғалымдардың еңбегі зор. Қазақ фольклортану ғылымында белгілі бір тарихи оқиғаларға, тұлғаларға құрылған тарихи аңыз жанры біршама зерттеліп, олардың мәтіндері ғылыми айналымға түскен. Ал жүздердің, ру-тайпалардың шығуы туралы аңыздар әр түрлі шежірелерде, әдебиеттерде жарияланып жүргенімен, оның жалпы ауқымы, белгілері, сипаты туралы зерттеулер әлі мардымсыз. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап, Ә.Марғұлан, С.Аманжолов, С.Толыбеков т.б. баспасөз беттерінде қазақтың шығу тарихи, ру-тайпалары жайлы материалдар жариялады. Қазақ фольклорындағы аңыз жанры және оның сипаттары туралы ХХ ғасырдың ортасынан бастап жарық көрген қазақ әдебиетінің тарихына арналған іргелі еңбектерде М.О.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Қасқабасов т.б. зерттеулер жазды. Шежірелік аңыздардың зерттелуі Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінде кең өрістеп, соңғы жылдарда үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Ол белгілі фольклотанушы ғалымдар С.Қасқабасов, А.Сейдімбеков, Ш.Ыбыраев зерттеулерінде кең қамтылып, аңыздың кейбір үлгілері көрсетілген. Өткен ғасырдың 80-жылдарында этнограф-жазушы А.Сейдімбек «Қазақ», «Алаш», «Алаша хан мазары» аталуларына байланысты аңыз нұсқаларының жиналуына көңіл аударып, олардың библиографиясын жасаушылардың бірі ретінде танылды. Ғалым соңғы жылдары жазған өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегінде қазақтың шежірелік аңыздарын далалық ауызша тарихнаманың құнды дерегі ретінде қарастырады. Шежірелік аңыздарының жинау, зерттеу және жариялау тарихында соңғы жылдары құрылып, қоғамдық ұйым ретінде тарихи зерттеулер жобасын іске асырып отырған «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы», «Қазақтың этникалық тарихы» атты көп томдық зерттеулердің (қазір оның 30 томы жарық көрген) маңызы өте зор. Осы серия бойынша жазылған зерттеулерде («Жетіру» тайпасы руларының тарихы», «Орта жүз ру-тайпаларының тарихы») аңыз мәтіндерінің жариялануы шежірелік аңыздарды жинақтауда үлкен септігін тигізгенін атап айтқан жөн.
Бұл томға беріліп отырған қазақ халқының ата-тегі, «Қазақ» этнонимі, халықтық «Алаш» ұраны және оны құраған ру-тайпаларының аңыздары қазақ фольклорының қомақты бір бөлігі. Сондықтан қазақтың дәстүрлі билеуші қауымы (түркі-оғыз тайпаларының билеушілері, Шыңғыс ханның ұрпақтары, хан-сұлтандар), рухани идеология қауымы (қожалар), қорғаныстық, күштік қауымы (төлеңгіт) және қазақтың негізгі халқы ру-тайпаларының аңыздары алғаш рет жинақ ретінде жарияланып отыр. Олар көне заманнан бүгінге дейінгі ата-бабаларымыз тулары аңыздар, хандардың ата тегінің шығуы туралы аңыздар, қазақ, алаш атауларың аңыздары және қазақтың үш жүзінің шығуы туралы, сондай-ақ қазақ ру тайпаларының аңыздары деген тақырыптарға топталды.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНДАҒЫ РУЛАР, ТАЙПАЛАР, ҰЛЫСТАР, БІРЛЕСТІКТЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ОҒЫЗ ХАН ТУРАЛЫ
1. [Оғыз хан және Қаңлы елі]
«Оғыз хан» атты аңыз түркі-оғыз халықтарын ерте заманда бір мемлекетке біріктіруші даңқты қолбасшы әрі батыр, данышпан көсем Оғыз (Уыз, Оуыз) туралы. Бұл – тарихта белгілі ұлы тұлға туралы нақты шежіре емес, керісінше жартылай аңыздық, жартылай мифтік тұлғаға айналған тұлға жөнінде біздің дәуірімізге жеткен аңыз, яғни этникалық аңыздың ескі тарихи шығармаларда жазылған ең көне нұсқасы. Аңыз алғаш Абылғазы Баһадүрдің ХҮІІ ғасырда жазылған «Түрік шежіресі» атты шығармасы бойынша (Шаджара-и түрк, 1663-1664.) жарияланды. Шежіре ескі араб қарпімен көне түркі тілінде жазылған. Туынды кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымұлының аударуымен шыққан қазақша басылымына енді (Алматы: Ана тілі, 1992. 23-б.).
Томға мәтін соңғы қазақша басылым бойынша дайындалды.
ІІ. АЛАШ, АЛАША ХАН ЖӘНЕ АЛАШ ҰРАНЫ
2. [Әнес сахаба ұрпағынан Алаш пен Наурыздың таралуы]
Томға мәтін жазушы Жақау Дәуренбекұлы мен Сансызбай Құттыбайұлы шығарған «Алты ата Әлім» шежіре жинағы бойынша (Алматы. Перзент, 1992. 7–9 бб.) дайындалды.
3. Алаш жайлы аңыз
Томға мәтін ҚР БҒМ ҒК Орталық ғылыми кітапханасының (ОҒК) Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы әдебиетші Шайхы Кәрібаев жинаған қолжазбалары бойынша (№ 879/5-бума, № 84-дәптер) дайындалды. Қолжазба Хан ата шежіресінде «Алаш» жайлы аңыз» деген тақырыппен араб қарпінде хатқа түскен.
4.Алаша хан әңгімесі (І нұсқа)
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында (Павлодар: «ЭКО», 2006. 8-том. 42–45-бб.) жарияланып, ғылыми түсінік жазылған. Түпнұсқасы ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы белгілі шежіреші, ақын М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының арасында сақталған (№1177 бума). Көне араб қарпінде жазылған қолжазбада шежіреші аңызды Қаракеңгір бойындағы Алаша хан кесенесіне барғанда жазып алғаны туралы жорамал келтірілген.
Томға мәтін түпнұсқа негізінде дайындалды.
5. Алаша хан әңгімесі (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы араб қарпінде жазылған қолжазба бойынша (№ 299-бума) дайындалды.
6. Жүз, Алаш туралы аңыз (І нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған халық мұраларын жинаушы Мұхаметәлі Толыбаевтың жазбалары бойынша (№ 547 бума) дайындалды. «Толыбаев Мұхаметәлінің шығармалары» аталған араб қарпінде жазылған қолжазба қорға 1949 жылы түскен.
7. Алаша, Алаш, Қазақ және Жүз
Томға мәтін көрнекті фольклортанушы, этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 213-б.) дайындалды.
8. [Алаштың әйелі Ақшолпан туралы]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы шежіреші Өмірзақ Ахметовтың қолжазба материалы бойынша (№ 1146-папка. 10 – 11-бб.) дайындалды.
9. [Руының атын «Қазақ», ұранының атын «Алаш» деп атауы] (ІІ нұсқа )
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында (Павлодар: ЭКО, 2006. 8-том. 41–42-бб.) жарияланып, ғылыми түсінік жазылған. Түпнұсқасы ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы белгілі шежіреші, ақын М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының арасында сақталған (№1177 бума).
Томға мәтін түпнұсқа негізінде дайындалды.
ІІІ. ҚАЗАҚТЫҢ ҮШ ЖҮЗІ ТУРАЛЫ
10.«Қазақтың үш жүзге - Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп бөлінгені.
(І нұсқа) Томға мәтін Ж.Мұқанов шығарған «Найман–Қаракерей–Жаңбыршы руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы. «Айкос» АБА, 2001. 17–18 бб.) дайындалды.
11. Үшбу қазақтың үш жүз атанған себебі баяны (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының (ӘӨИ) қолжазба қорында сақталған халық мұраларын жинаушы Әбдіреш Оспановтың қолжазбасы бойынша (№ 622-бума, № 1-дәптер) дайындалды.
12 . [«Қазақ» халқының шығуы туралы ...] (ІІІ нұсқа)
Аңыз ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы қаламгер Cабыржан Шәкіржановтың қолжазбасында (№ 635-бума, № 3-дәптер) сақталған. Ол «Қазақ» деген сөздің шығуы туралы әңгімелер» деген қолжазба жинақты дайындау барысында Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген бірнеше қазақ, татар және орыс басылымдарын пайдаланған. Аңыз 1953 жылы Алматы қаласында хатқа түскен.
Томға мәтін қордағы түпнұсқасы бойынша өзгеріссіз дайындалды.
13. Қазақтың қысқаша шежіресі (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорында сақталған халық мұраларын жинаушы Ғ.Бегішевтің «Қазақтың қысқаша шежіресі» аталған қолжазба мұрасы бойынша (№ 680-бума, № 4-дәптер) дайындалды. Қолжазба араб әрпімен Жамбыл облысында хатқа түсіп, институттың қорына 1966 жылы қабылданған.
14. [ «Қазақ» халқының шығуы туралы ...] (Ү нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорында сақталған C.Шәкіржановтың қолжазба мұрасы бойынша (№ 635-бума, № 3-дәптер) дайындалды.
15. [«Қазақ» халқының шығуы туралы ...] (ҮІ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорында сақталған C.Шәкіржановтың қолжазба мұрасы бойынша (№ 635-бума, № 3-дәптер) дайындалды.
16. [Қазы-ақ -- Қазақ туралы] (ҮІІ нұсқа)
Томға мәтін Қытайда тұратын қазақ ғалымы Жақып «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Үрімжі. Шинжаң халық баспасы, 1992. 54-б.) дайындалды.
17. [Қазақ ұлдың тууы] (ҮІІІ нұсқа)
Томға мәтін Ж.Мырзақанның аталған «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Үрімжі. Шинжаң халық баспасы, 1992. 55-б.) дайындалды.
18. [Үш жүздің баласы] (І нұсқа)
Томға мәтін Ж.Мырзақанның аталған «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Үрімжі. Шинжаң халық баспасы, 1992. 389-б.) дайындалды.
19. [Атамыз –Алаш] ( ІІ нұсқа )
Томға мәтін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде жарық көрген «Қазақтың қысқаша тарихы» атты зерттеулер жинағы бойынша (Үрімжі: Шинжаң халық баспасы, 1991. 28–29-бб.) ұсынылды.
20. [Үш жүз] (ІІІ нұсқа)
Бұл мәтін ХХ ғасыр басында Орынбор қаласында шығып тұрған қазақтың алғашқы ұлттық басылымдарының бірі «Қазақ» газетінің 1913 жылы № 2, № 3, № 5, № 7, № 8, № 9 сандарында жарияланған «Түрік баласы» деген бүркеншік есімді автордың «Қазақ тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша дайындалды. Аңыз осы газеттің қайта жарық көрген библиографиялық басылымында («Қазақ газеті». 1913 жыл. 1-том. /Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Зәмзаева. – Алматы: Арыс, 2009) және Әлихан Бөкейханның «Шығармаларының жеті томдық толық жинағында (Құрастырған: С.Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2009. 375–394-бб.) жарияланды.
Мәтін томға баспасөздегі түпнұсқа негізінде берілді.
21.Үш жүздің баласы (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін «Қазақстан тарихы» атты іргелі зерттеулер жинағы бойынша (Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. 299–300-б.) берілді. Жинақта аңыз мәтіні белгілі тілші-ғалым Сәрсен Аманжоловтың еңбегінен алынғаны көрсетілген.
22. Үш жүз туралы (І нұсқа)
Аңыз алғаш белгілі әдебиетші ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың қолжазбалары бойынша «Қазақ фольклоры мен халық педагогикасының мәселелері» атты зерттеулер жинағында жарияланды (Қазақ фольклоры мен халық педагогикасының мәселелері / Құраст.: Тынысбек Қоңыратбаев. – Бірінші жинақ. Алматы, 1994. 10-б.) жарияланды.
Томға мәтін осы кітаптағы нұсқа негізінде дайындалды.
23 . Үш жүздің шығуы (ІІ нұсқа)
Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба негізінде дайындалды (№1115 бума, № 7 дәптер).
24. [Үш жүздің баласы және ұрандары]
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында (Павлодар: «ЭКО», 2006. 8-том. 129–130-бб.) жарияланып, ғылыми түсінік жазылған. Түпнұсқасы ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы белгілі шежіреші, ақын М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының арасында сақталған (№1177 бума).
Томға мәтін түпнұсқа негізінде дайындалды.
25. Қазақ қай уақытта “Үш жүз” атанған? (Ү нұсқа)
Туынды мәтіні ескі араб қарпімен жазылған мәтін соңғы жылдары қайта басылған М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында ( Шығармалары. 8-том. 145–147-бб.) жарияланып, аңызға түсінік жазылған. Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұралары бойынша (№1177-бума) дайындалды.
26. Бұл қазақ қай уақытта “Үш жүз” атанған? (ҮІ нұсқа)
Түпнұсқасы араб қарпінде жазылған мәтін М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинақтарында ( Шығармалары. 8-том. 149 –153-бб.; Көп томдық шығармалар жинағы. 10-том.) жарияланып, ғылыми түсініктер жазылған. Аңызды баспаға дайындау барысында түпнұсқа бойынша оқылып, салыстырылды. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде ұсынылды (№1177-бума).
27. [Қазақ атының қойылуы]
Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы араб қарпінде жазылған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба бойынша (№1115 бума, № 7 дәптер) дайындалды.
28. Қазақтың атасы (ҮІІ нұсқа)
Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы араб қарпінде жазылған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба бойынша (№1115 бума, № 7 дәптер) әзірленді.
29. Кейбір қазақтар рулары турасынан хикая
Аңыз «Дала уәлаятының газетінде» (1901 жылғы № 39, 40 сандарында), кейін осы мәтін белгілі библиограф ғалым Үшкүлтай Субханбердинаның құрастыруымен ескі басылымдар бойынша мазмұндалған әдеби жинақтарда жарық көрді (Әдеби нұсқалар. – Алматы: Ғылым, 1992. 3-кітап, 459–463-бб.; Мәдени-әдеби өрнектер. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 248–250-бб.).
Аңыз мәтіндері салыстырылып, томға газет басылымдағы түпнұсқа ұсынылды.
30. Қазақ туралы
Аңыз мәтіні томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы араб қарпінде жазылған ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба негізінде (№1115 бума, № 7 дәптер) дайындалды.
31. Қазақ туралы аңыз
Аңыз зерттеуші Сұлтанбек Ешмұхамбетовтің құрастыруымен шыққан шежіре жинақта (Суан шежіресі. /Құраст.: С.Ешмұхамбетов. –Алматы: Жалын, 1993. 10-б.), Қытайдың Шыңжаң аймағында басылым көрген «Қазақ шежіресі» атты кітапта (Үрімжі: Іле халық баспасы, 1990. Бірінші том. 280-285-бб.) жариялаған. Аңыз мәтіндері салыстырылып, томға алғашқы жинақтағы нұсқа бойынша дайындалды.
32. Қазақ түбі (І нұсқа)
Аңыз бұрын М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинағында (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО», 8-том. 2006. 3-15-бб.) жарияланған. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында ғы (№1177 бума) түпнұсқа бойыншаәзірленді.
33. Қазақтың түбі (ІІ нұсқа)
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинағында (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО», 8-том. 2006. 30–36-бб.) жарияланып, ғылыми түсінігінде мәтіннің ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы (№1176-бума) қолжазба бойынша енгізілгендігі көрсетілген. Томды дайындау барысында осы қордағы тағы бір нұсқасымен (№1177- бума) салыстырылып, соңғы нұсқа ұсынылды.
34.Қазақтың түбі (ІІІ нұсқа)
Аңыз алғаш 1870 жылы академик В.В.Радловтың «Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері» атты көп томдық еңбегінің ІІІ томында жарияланғаны белгілі. Кейін ғалым еңбектерінің қазақша екі басылымында (В.В.Радлов. Ақ сандық / Құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазғандар: С.Қасқабасов, К.Ісләмжанұлы. Алматы, 1993. – 256 бет; Ел қазынасы – ескі сөз. (В.В.Радлов жинаған халық әдебиетінің үлгілері). Алматы, 1994) жарық көрді.
Томға мәтін соңғы жинақ бойынша дайындалды.
35. Қазақтардың асыл түбінің қайдан шыққанының хикаяты
Аңыз алғаш «Дала уәлаятының газетінің» 1894 жылғы 20 майдағы № 20 санында Абдрахманов Ахун деген кісінің атынан басылған. Кейін Ү. Субханбердинаның құрастыруымен жарыққа шыққан ескі басылымдар бойынша мазмұндалған («Әдеби нұсқалар». Алматы: Ғылым, 1990. 2-кітап, 32-34-бб.; Мәдени-әдеби өрнектер. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 254-б.) әдеби жинақтарда жарияланған.
Аңыз мәтіндері салыстырылып, томға алдыңғы жинақ бойынша дайындалды.
36. Қазақтардың қайдан шыққаны турасынан бұрынғыдан қалған сөз
Аңыз алғаш «Дала уәлаятының газетінде» (1894 жылғы 3 июльдегі № 26 санында) «поручик Бекметовтың айтуы бойынша» деген анықтамамен басылған. Кейін Ү.Субханбердинаның құрастыруымен шыққан «Әдеби нұсқалар», «Мәдени әдеби-өрнектер» атты ескі басылымдар бойынша (Алматы, 1989. 1-кітап, 540-543-бб.; Алматы, 2009. 255-б.) мазмұндалған әдеби жинақтарда жарияланған. Аңыз мәтіндері салыстырылып, томға алғашқы басылым бойынша түпнұсқасы ұсынылды.
37. [Қазақтың баласы]
Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы араб қарпімен жазылған ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба бойынша (№ 1611 бума) дайындалды.
ІҮ. ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛДЕС, ҚАНДАС ХАЛЫҚТАРМЕН УЫСТЫҒЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
38. [Қырғыз, Қыпшақ, Қарақалпақ және Қазақтың туысқан болуы]
Туынды мәтіні Қытайда тұратын қазақ ғалымы Жақып Мырзақанның «Қазақ халқы және оның салт-санасы» деген зерттеулер жинағы бойынша (Үрімжі: Шинжаң халық баспасы, 1992. 52–53 бб.) ұсынылды.
39. [Қырғыз атануынан]
Аңыз томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы шежіреші Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежірелеріне арналған қолжазбалар жинағындағы түпнұсұқа негізінде (№1146 бума) дайындалды.
40. [Ноғай аталуы]
Аңыз белгілі тарихшы Құрбанғали Халидтің 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Тауарих хамса» атты тарихи шығармасыда (Тауарих хамса. ( Бес тарих) – Алматы: Қазақстан, 1992. 76-бет.) , «Ана тілі» республикалық апталығында (1993 жылғы 14 қаңтар) жарияланды.
Томға мәтін алдыңғы жинақ негізінде дайындалды.
Ү. ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ҚҰРАМЫНА КІРМЕЙТІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ҚҰРАУҒА ҚАТЫСҚАН ӘУЛЕТТЕР
[ТӨРЕЛЕР]
41. Төре жайында (І нұсқа)
Томға енген аңыз ОҒК-нің қолжазбалар қорында сақтаулы 1970 жылы 15 мамырда Жезқазған қаласында Өмірзақ Бейсенғалиевтің араб әрпімен жазылған қолжазбасынан алынған шежіре бойынша (1719-бума, 2-дәптер) дайындалды.
42. Төре руы (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-ің қолжазбалар қорындағы фольклортанушы Қыдыралы Саттаровтың әдеби мұралар топтамасы бойынша (№ 920-бума, 74-жинақ) ұсынылды.
43. Шыңғыз хан шежіресі (ІІІ нұсқа)
Аңыз мәтіні ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар бөліміндегі «Шыңғыз хан шежіресі» атты ескі қолжазбада сақталған (№1117 бума, № 1-дәптер). Аңыз мәтіні шағатай тілінде жазылған. Туынды Сабыржан Шәкіржановтың қолымен 1924 жылы 28 қарашада Алматы қаласында ескі қолжазбадан көшірілген.
Томға мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.
[САХАБАЛАР]
44. Әнес туралы аңыз
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар бөліміндегі шежіреші Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежірелеріне арналған қолжазбалар жинағы бойынша (№1146 бума) ұсынылды.
45. Хоралас руының тегі жайлы
Аңыздың және бір нұсқасы ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы Қ.Саттаров топтамасының № 74-жинағына (№ 920-бума) енген. Екінші нұсқасы да осы қорда сақталған (№ 836-бума, № 5-дәптер).
Нұсқалар өзара салыстырып, томға мәтін соңғы қолжазба бойынша дайындалды.
46. [Сахабалар тарихы] (І нұсқа)
Аңыз мәтіні М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында (Шығармалары. – Павлодар, 2006. 8-том. 62-64-бб.) жарияланып, соңына қысқа түсінік берілген. Туынды томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұралары бойынша (№1645-бума) ұсынылды.
47. [Сахаба ұрпағы] (ІІ нұсқа )
Аңыз алғаш Фазыл көшірмесі негізінде М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинағында (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. 8-том. 77–80-бб.) жарияланды. Жинақта «Сахаба ұрпағы. Төртінші үлгі» деген атпен беріліп, мәтінге ғылыми түсінік жазылған.
Томға мәтін осы жинақ бойынша дайындалды.
48. [Сахаба ұрпағы] (ІІІ нұсқа)
Бұл аңыздың толық мәтіні М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. 8-том. 82–83-бб.) жарияланып, ғылыми түсінік жазылған. Ақын өз жазбасында қазақ шежіресін Әнес сахабадан таратып, Алаша хан әңгімесіне ұластырады. Томға мәтін ОҒК-ныңі Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы араб қарпінде жазылған түпнұсқа негізінде әзірленді.
ҰЛЫ ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ ШЫҒУЫ ТУРАЛЫ
49. Ұлы жүз туралы (І нұсқа)
Туындының түпнұсқасы ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы Өзбекстанның Термез қаласының тұрғыны Пірімжан Ықсановтың «Қазақ шежіресі» атты қолжазбасында сақталған (№ 896 папка, № 4 дәптер). Қолжазбаны қорға 1986 жылғы Тәжікстан, Өзбекстан қазақтарының ауыз әдебиеті мен музыкалық мұрасын жинау үшін арнайы ұйымдастырылған экспедициясының мүшелері Қ.Сыдиықов, М.Шафиғов, Т.Гаитов жинап өткізген.
Томға мәтін түпнұсқа бойынша оқылып, өзгеріссіз дайындалды.
ІІ. ЖАЛАЙЫР РУЫ
50. Қабылан батырдың «Жалайыр» атануы
Томға мәтін шежіреші Нүркеш Дәуітов 1987 жылы 95 жастағы Мөңке деген қариядан жазып алып, ӘӨИ-дің қолжазба бөліміне тапсырған «Қазақтың шежіресі мен өткен тарихы» аталған қолжазбаның негізінде дайындалды (№1065 бума, 3-дәптер).
ІІІ. ҚАҢЛЫ РУЫ
51. Дүрбін мерген туралы бір аңыз
Аңыз алғаш академик Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде (Алматы: Ғылым, 1985. 62-63-бб.), А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу жингағында еңбегінде жарияланды (Астана: Фолиант, 2008. –728 б.) жарияланды. Зерттеуде Ә.Марғұлан қаңлылардың байырғы ғұн, үйсін тайпаларымен қатар қазақ сахарасын, Жетісу, Іле, Шу, Талас өзендері бойын, Қаратау мен Сырдария өлкесін, Арал теңізі жағасында даңқты өмір сүргенін, «Қаңлы» жұртының шығу аңызын, «қаңлы» сөзі “арбалы” дегеннен шыққанын, қазақ арасында: “Хан жоқ болса қаңлыдан көтер”, “Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар”, “Қаңлыны арбаға ханмен бірге отырғыз” деген мәтел сөздер сақталғанын айта келіп: «Қаңлыдан шыққан Қазанғап ақынның айтуында Дүрбін мерген туралы тамаша бір аңыз бүгінгі күнге жеткен. Байырғы заманнан ұрпақ жадында сақталған бұл тарихи әңгіме “Еңсегей туралы жыр-аңыз” деп те айтылады», – деп жазады. Томға мәтін академик Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» жинағы бойынша дайындалды.
52. Қаңлы
Бұл мәтін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындаған «Оғыз-наме», Мұхаббат-наме» атты ғылыми жинағы бойынша (Алматы: Ғылым, 1986. 35–36-бб. Текстерді баспаға дайындаған, қазақ тіліне аударған және қазақ әдебиетімен байланысы туралы зерттеулер жазған: Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев) дайындалды.
Томға мәтін аталған басылым бойынша дайындалды.
ІҮ. БӘЙДІБЕКТЕН ТАРАҒАН РУЛАР
53. Жарықшақ туралы аңыз
Бұл аңыз Алматыда 1923 жылғы 25 қыркүйекте Қызылбөрік Алмас Дәулетбақұлының айтуынан жазып алынып, қорға 1941 жылы түскен. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы «Шешендік, тапқырлық, тақпақ, терме сөздер» атты қолжазба жинақ бойынша (№1061-бума, №2 дәптер) дайындалды.
54. Жарықшақ
Аңыз алғаш А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегінде жарияланды (Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.). Мәтін Алматы облысы Көксу ауданының тұрғыны, шежіреші Рахметолла Толқынбекұлының (1914 ж. т.) айтуынан жазып алынған.
Томға мәтін аталған жинақтың негізінде дайындалды.
Ү. САРЫ ҮЙСІН РУЫ
55. Сары үйсін (І нұсқа)
Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының “Қазақ шежірелері” атты жинағынынан алынған туынды алғаш «Бәйдібек Баба мен Домалақ Ана» атты тарихи-танымдық жинақта жарияланды (Шымкент. «Жібек жолы» баспасы, 1999. 64-б.).
Томға мәтін осы жинақ бойынша дайындалды.
56.Сары үйсін (ІІ нұсқа)
Томға ұсынылған аңыз А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 243–244-бб.) дайындалды.
57.Сары үйсін (ІІІ нұсқа)
Томға аңыз ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы «Ауыз әдебиеті үлгілері» атты қолжазба жинақтың негізінде дайындалды ( № 877-бума).
58. «Сары үйсін» аңызы ( ІҮ нұсқа )
Томға мәтін белгілі әдебиеттануші Нысанбек Төреқұловтың «Даланың дара ділмарлары» атты әдеби-зерттеулер еңбегі бойынша (Алматы, 2002. 45–46-бб.) дайындалды
59. [Сұлықсары ұрпақтарының «Сары үйсін» руына сіңуі]
Томға енген аңыз қазалылық шежіреші Өмірзақ Ахметовтың 1995 жылы Қызылорда қаласында жарыққа шыққан «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» атты тарихи-танымдық жинағы бойынша (Қызылорда, 1995) әзірленді.
60. [«Сары үйсін» руы аталуы туралы] (Ү нұсқа)
Халық туындысы томға ӘӨИ-дің қолжазба бөліміндегі ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған (№877-бума) түпнұсқа негізінде ұсынылды.
ҮІ. ШАПЫРАШТЫ РУЫ
61. [Үш таңба немесе тұмар таңба туралы]
Аңызды алғаш белгілі өнер шебері, зерттеуші Шапырашты Дәркембай «Бір айтыстың ақиқаты» деген атпен «Ана тілі» газетінде жариялады (1993 жыл 24 желтоқсан), кейін осы мәтін әдебиеттанушы Тоқтар Әлбековтың «Құланаян Құлмамбет» атты монографиясында басылым көрді (Асем-Систем, 2004. 108-б.).
Томға мәтін алғашқы басылым бойынша ұсынылды.
62. [Шапырашты] (І нұсқа)
Аңыз КСРО ҒА Қазақстан филиалының 1941–1946 жылдары аралығында аймақтарға ұйымдастырған ғылыми экспедициясы жұмысы барысында жиналған. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде сақтаулы жазушы Сапарғали Бегалиннің қолжазбасы (№ 646-бума. Сапарғали Бегалин. Жамбылдың өмір кезеңдер творчествосы) бойынша дайындалды.
63. Шапырашты (ІІ нұсқа )
Томға мәтін жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 249–250-бб.) дайындалды. Зерттеуде «Бірінші аңыз» деген анықтамамен көрсетілген.
Аңыз мәтіні басылымдағы нұсқасы бойынша өзгеріссіз басылды.
64. Шапырашты (ІІІ нұсқа )
Бұл аңыз мәтіні де А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 250–251-бб.) әзірленді. Жинақта «Екінші аңыз» деген анықтамамен көрсетілген.
Аңыз мәтіні басылымдағы нұсқасы бойынша өзгеріссіз басылды.
65. Шапырашты ( ІҮ нұсқа )
Томның бұл мәтіні де А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 251 – 252-бб.) дайындалды. Зерттеуде оған «Үшінші аңыз» деген анықтама берілген. Аңыз дерегі Алматы облысы, Қарасай алуданы, Әйтей ауылының тұрғыны Аубай Байғазыұлынан (1937 ж.т.) және 2000 жылы жарық көрген «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты жинақтың мәліметінен (Алматы: Өнер, 2000. 81-б.) алынған.
66. Шапырашты (Ү нұсқа)
Томға мәтін әдебиетші ғалым Н. Төреқұловтың «Даланың дара ділмәрлары» атты зерттеу еңбегі бойынша (Алматы: 2002. 47-б.) дайындалды.
67. Шөңке
Томға мәтін «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты шежірелік жинақтың негізінде әзірленді (Алматы: Өнер, 2006. 129-б.).
68 . Асыл [Түңқатар балаларының «Шалақазақ» атануы]
Томға мәтін «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты тарихи-шежірелік жинақтың негізінде әзірленді (Алматы: «Өнер» баспасы, 2006. 273-б. Құрастырған А.Байғазыұлы. Түзетіліп, толықтырылған екінші басылымы).
69. Айқым
Томға мәтін «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты тарихи-шежірелік жинақтың негізінде әзірленді (Алматы: Өнер, 2006. 398-б.).
70. [«Бәйбішенің баласы», «Үш тоқал» туралы]
Аңыз КСРО ҒА-ның Қазақстан бөлімшесінің 1941–1946 жылдары аймақтарға ұйымдастырған ғылыми-зерттеу экспедиция барысында жиналып, С.Бегалиннің «Жамбылдың өмір кезеңдер творчествосы» атты қолжазба күйінде сақталған зерттеуіне енген (ОҒК. № 646 бума). Зерттеуші Жамбылдың ата-тегін былайша өрбітеді: «Сопақтың әкесі Өтеп бұл Жамбылдың алтыншы атасы. Өтептің әкесі Бертіс, одан бесеу туады: Өтеғұл, Өтеп, Солағай, Кәдіршің және Текеш. Бертіс Жамбылдың жетінші атасы. Бертістің әкесі Жарымбет бұл төрт қатын алған. Бірінші қатынынан: Ақтөбет, Бертіс, екінші қатынынан – Қосай, үшінші қатынынан – Әлти, төртінші қатынынан – Баянай».
Томға ұсынылған мәтін осы қолжазба нұсқасы бойынша дайындалды.
ҮІІ. ЫСТЫ РУЫ
71. [Жалмембеттің Сыландыдан өрбіген ұрпағы “Ысты” атануы] (І нұсқа )
Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша дайындалды (Астана: Фолиант, 2008. 252-б.).
72. [“Ысты”туралы аңыз] (ІІ нұсқа)
Аңыз алғаш Н.Төреқұловтың «Даланың дана ділмарлары» атты әдеби-зерттеулер кітабында жарияланды (Алматы, 2002. 47-б.). Ғалым жоғарыдағы аңыздан кейін: «Бір шежіреде Ысты руының аталуын «Сыланды ананың месті ыстап, баптап қымыз ашытуынан солай аталып кетіпті» деп көрсетілген», – деп жазады. Соған қарағанда «Ысты» руы туралы аңыздар аз болмаған сияқты, бірақ ол аңыз мәтіні қолымызға түспеді.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша әзірленді.
ҮІІІ. ОШАҚТЫ РУЫ
73. Ошақты туралы
Аңыз Қ.Саттаровтың ӘӨИ-дің қолжазбалар қорына тапсырған халық мұралары топтамасының 74-жинағына (№ 920-бума) енген. Зерттеуші Ошақты туралы аңызға: «Зираты Сайрамда. Ошақтылардың жауынгерлік ұраны – Атшабар. Тамғасы – тұмар тамға» деген қосымша мәлімет көрсеткен.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша әзірленді.
ІХ. АЛБАН РУЫ
74. «Төрт шам – сегіз сары» атануы
Томға мәтін қаламгер, өлке тарихын зерттеуші Т.Қаупынбайұлы Хантәңірінің «Албан шежіресі: Таңбасы – «Абақ», ұраны – «Райымбек» атты жинағы бойынша (Алматы: «Тоғанай Т», 1997. 28-б.) дайындалды.
75. Қайыпберді мен Қалпелер хақында
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 276-б.) дайындалды.
76. Шоған атасының аз болу себебі немесе Жартының табылуы
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 19-б.) дайындалды.
77. Батырша туралы
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 22-б.) дайындалды.
78. Жауғаш
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 23-б.) дайындалды.
79. Кәдір – басқаларына қарағанда шағындау, аз ата.
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 33-б.) дайындалды.
80. Шахантай
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 27–28-б.) дайындалды.
81. «Бесшал» деген ел едік
Томға мәтін «Қожбанбет руы» атты шежіре-кітабы бойынша (Алматы, «Атамекен – Құт мекен» ЖШС, 2007. 277–278-бб.) дайындалды.
82. Бозымның Айттан көптігі туралы аңыз
Бұл мәтін әдебиеттанушы Т.Әлбековтың жеке мұрағатында сақталған «Жанберке, Жайнақ баласының жазушы молдасы Әшірбек шаһтың 1900 жылдарында жазылған тарих шежіресі» деген қолжазба бойынша дайындалды.
Х. СУАН РУЫ
83. Бағыс Суан
Аңыз алғаш «Суан. Шежіре. Ұраны – «Бай Суан» атты тарихи-шежіре жинақта жарияланған (Алматы: Жалын, ШЖК «Ақжазық», 1993. 35–36-бб.). Туынды Шаназар Беласарұлы мен Бекемкүл Батырбекованың айтуынан жазылып алынған.
Томға мәтін осы жинақтың негізінде дайындалды.
84. [Суан туралы]
Аңыз алғаш «Суан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жарық көрген «Бағыс-Суан. Шежіре. Ұраны – «Бай Суан» деген шежіре жинақта жарияланған (Алматы: Нұрлы әлем, 1996. 11-б.).
Томға мәтін аталған жинақ бойынша әзірленді.
85. Бай Суан
Аңыз алғаш «Суан. Шежіре. Ұраны – «Бай Суан» атты тарихи-шежіре жинақта жарияланған (Алматы: «Жалын», ШЖК «Ақжазық», 1993. 19–20-бб.). Аңыз Иса Дәуітұлының айтуынан жазылып алынған.
Томға мәтін осы жинақтың негізінде дайындалды.
86. Суанның Бөлегі
Аңызды алғаш Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұстаз Бекмұха Әбілбековтың республикалық тарихи-ағартушылық «Қазақ батырлары» газетінде жарияланған (2002 жыл, № 2).
Томға мәтін осы басылым бойынша дайындалды.
ХІ. ДУЛАТ РУЫ
87.Қанкөшектің ру ұранына айналуы туралы]
Аңыз алғаш зерттеуші К.Бірімқұлұлының «Шымыр атаның Күнту шежіресі» атты шежіре жинағында (Алматы: ҚазАқпарат, 2002. 61–63-бб.) жарияланды.
Томға мәтін осы жинақтың негізінде әзірленді.
88. [Қаттықұлақ]
Аңыз томға Ұлы жүз ру-тайпаларының тарихы туралы «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек» атты әмбебап тарихи-танымдық басылымның негізінде (Алматы: Өнер, 2003. 442-б.) дайындалды.
89. Қоралас руының тегі жайлы
Көне араб қарпінде жазылған аңыз ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақталған (№836 бума, №5 дәптер).
Томға мәтін түпнұсқа негізінде ұсынылды.
90. Көрпе
Томға мәтін «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты тарихи-шежірелік жинақтың негізінде әзірленді (Алматы: Өнер, 2006. 314-б.).
91. Алакүшік руы туралы бірер дерек
Томға мәтін Әбдіқадыр Дәуітбековтің құрастыруымен басылым көрген «Сиқым шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы. ҚазАқпарат, 2006. 264-265-бб. ) дайындалды.
92. Бозан қалай Көкірек аталды?
Томға мәтін Б.С.Асанбаевтың Шымыр руының Бұлантай тармағы туралы «Бұлантай» баба шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2008. 141– 142-бб.) дайындалды.
ХІІ. ШАНЫШҚЫЛЫ ( ҚАТАҒАН ) РУЫ
93. Шанышқылыны үйлендіру
Аңызды алғаш қаламгер Мылтықбай Ерімбетов «Ұлы тұлға» деген атпен республикалық «Қазақ батырлары» газетінде жариялады (2001.11 шілде). Онда Қоңырат тайпасының ұранына айналған Алатау батырдың Шанышқылы жұртын қауымдастыру аңызы және басқа да шежірелік деректер баяндалған. Аңыз мәтіні Дәрмен деген ақсақалдан баласы Мүсілімнің айтуы бойынша хатқа түскен.
Томға мәтін осы басылымның негізінде ұсынылды.
ХІІІ. СІРГЕЛІ РУЫ
94. Ұлы жүз Сіргелі руы жайлы (І нұсқа)
Аңыз томға ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы Қ.Саттаровтың топтамасында жазылған «Қарабатыр немесе Байұлының баласы» атты шежірелік аңыз бойынша (920-бума, № 13 жинақ) дайындалды.
95. Ұлы жүздегі «Үш тамғалы» Сіргелі руларының шығу тарихы (ІІ нұсқа )
Аңыз томға ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы журналист С.Жақыпов тапсырған қолжазба бойынша (№ 914 бума, № 4 дәптер) әзірленді.
96. Сіргелі тайпасының шығу тегі жайлы (ІІІ нұсқа)
Аңыз алғаш Момбек Әбдәкімұлының «Сіргелі шежіресі» атты зерттеу еңбегінде жарияланды (Алматы, 1997. 1-бөлім. 9–16-бб.). Сіргелі руының тегіне байланысты мынандай мәліметтер келтіреді: «Шежіре бойынша Бақтиярдан Ойсыл, Үйсін деген екі бала. Үйсіннен Ұлы жүздің негізгі сүйегін құрайтын тайпалар өрбісе, Ойсылдан бірнеше ірілі-ұсақты руларды біріктірген жалғыз Сіргелі. Аңыздың айтуынша, Ойсылдың он алты әйелінен отыз ұл, жиырма екі қызы болыпты. Ол осы отыз ұл, жиырма екі қызбен және олардан туылған бір жүз он үш немерелерімен бірігіп, бір қауым ел болып, қыста Шаш (Ташкент) маңын, жазда Қаратау алқабын мекендейді екен. Жаз жайлауға шыққанда Ойсыл Құмкенттің Сарысу жақ өңірін жайлаған Жәнібек ханмен көрші отырыпты».
Томға мәтін осы басылымның негізінде ұсынылды.
97. [Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары] (ІҮ нұсқа)
Аңыз алғаш «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты ғылыми жинақта (Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Алматы, 2002), кейін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегінде жарияланды (Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.). Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№ 90 бума).
98. Сіргелі (Ү нұсқа)
Алматы қаласының тұрғыны Әулетай Жолдасбекұлының айтуынан жазылып алынған аңыз мәтіні алғаш «Ана тілі» газетінде (1994. 14 шілде), кейін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегінде (Астана: Фолиант, 2008. 246-б.) жарияланды.
Томға мәтін алдыңғы басылым бойынша дайындалды.
99. [ Құлшығаштың өз атымен аталмай «Сіргелі» деп аталуы] (ҮІ нұсқа)
Аңыз томға Ұлы жүздің Сіргелі тайпасы туралы жазылған «Сіргелі Байжігіт–Шалдар шежіресі» атты аңыз-әңгімелер, шежірелер жинағы бойынша (Шежірелер мен мақалаларды жүйелеген: С.Мырзатайұлы, Ә.Дулатұлы, Ж.Қыстауұлы, М.Әбдіәкімұлы, Ж.Жүнісбекұлы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2005. 267–268-бб.) дайындалды.
100. [Тоғанастың аты күллі Сіргеліге ұран болуы]
Аңыз томға Ұлы жүздің Сіргелі тайпасы туралы жазылған «Сіргелі Байжігіт–Шалдар шежіресі» атты аңыз-әңгімелер, шежірелер жинағы бойынша (Шежірелер мен мақалаларды жүйелеген: С.Мырзатайұлы, Ә.Дулатұлы, Ж.Қыстауұлы, М.Әбдіәкімұлы, Ж.Жүнісбекұлы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2005. 15–16-бб.) дайындалды.
ОРТА ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
І. ОРТА ЖҮЗДІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ
101. [Орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарауы ]
Томға мәтін Жеңіс Мұқановтың құрастыруымен шыққан «Найман–Қаракерей Жаңбыршы руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Құраст.: Жеңіс Қабдоллаұлы. – Алматы: «Айкос» АБА, 2001. 17-18-бб.) дайындалды.
102. [Орта жүздің алты тайпасының шығуы туралы] (І нұсқа )
Томға мәтін Ш.Әшімұлының «Сыр ғұламалары» атты шежіре жинағы бойынша (Шымкент, 2002) дайындалды.
103. [Орта жүздің алты қожадан тарауы туралы] (ІІ нұсқа)
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына еніп, ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2010. 10-том. 9-бет). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№ 1178-бума) түпнұсқа негізінде ұсынылды.
104. [Қарақожа–Жалаңаш баба]
Аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына еніп, ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2010. 10-том. 127–128-бб).
Томға мәтін аталған қордағы түпнұсқа негізінде ұсынылды.
105.[ Қара қожа ]
Мәтін томға ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған М.Ж.Көпейұлының мұралары бойынша (№1178-бума) дайындалды. Алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына еніп, ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2010. 10-том.102- 103-бб.
Томға мәтін аталған қордағы түпнұсқа негізінде ұсынылды.
ІІ. АРҒЫН РУЫ
106. [Мейрам сопы ұрпақтары немесе «Момынның жеті арысы» туралы]
Аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1115-бума, № 4 дәптер). Томға мәтін осы көне араб қарпінде жазылған түпнұсқа бойынша дайындалды.
107. Арғынның Алтай, Мойын, Кенжеқара рулары (І нұсқа)
М.Ж.Көпейұлы жинаған бұл аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Қолжазба ескі араб қарпімен жазылған.
Томға мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
108. Ақжігіт ұрпақтары [Ақжігіт, Жанжігіт туралы]
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 67–69-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1178-бума).
109.Жеті Момын туралы
М.Ж.Көпейұлы жинаған бұл аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Қолжазба ескі араб қарпімен жазылған.
Томға мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
110. Үш құрт туралы
М.Ж.Көпейұлы жинаған бұл аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Қолжазба ескі араб қарпімен жазылған.
Томға мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
111. Жылқыбайдың күшігі туралы
М.Ж.Көпейұлы жинаған бұл аңыз ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Қолжазба ескі араб қарпімен жазылған.
Томға мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
112. Жетіру туралы бір аңыз
М.Ж.Көпейұлы жинаған аңыз мәтіні ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған (№1178-бума). Қолжазба ескі араб қарпімен жазылған. Томға мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалды.
113.[ Қуандықтың алты баласының «Қаракесек» атануы] (І нұсқа )
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының «Қазақ шежіресі» (Құраст.: С.Дәуітұлы. –Алматы: Жалын, 1993. 16–19-бб.), кейіннен аңыздың шағын бөлігі «Болатқожаның «Қаракесек» деп аталу себебі» деген атпен зерттеуші С.Жақыповтың «Атамұра. Балта шежіресі (Қаракесек–Керней)» (Астана: «Астана полиграфия» АҚ–Арай баспасы, 2006. 124-б.) басылымдарында, көп томдық шығармалар жинағында (Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», 2010. 10-том. 11-13-бб.) жарияланды.
Томға мәтін «Қазақ шежіресі» жинағы бойынша дайындалды.
114. Нұрпия (ІІ нұсқа )
Аңыз томға А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша әзірленді (Астана: Фолиант, 2008. 593-б.).
115. [Сүйіндік: Мақпал бәйбіше]
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының «Қазақ шежіресі» кітабында (Алматы: Жалын, 1993. 19–20-бб.), А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» деген зерттеу еңбегінде (Астана: Фолиант, 2008. 590-б.), ақынның көп томдық шығармалар жинағында (Шығармалары. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 14-б.) жарияланған.
Аңыз томға алғашқы жинақ бойынша дайындалды.
116. [«Майлытон», «Шегір» аталуы]
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 75-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1178-бума).
117. Қуандықтың бір баласы – Алтай
Аңыз алғаш М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 20-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1178-бума).
118. Қуандық шежіресі
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 202-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1178-бума).
119. Баянның ұрпағы
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 205-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1175-бума).
120. [Оразкелдінің «Қаржас» аталуы] (І нұсқа)
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында басылған және ғылыми түсінік жазылған (Алматы: Ел-шежіре, 2008. 10-том. 119-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№1175-бума).
121. [«Пәлі, Төлебай»]
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармаларында (Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», 2010. 10-том. 274-276-бб.) жарияланды. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№1175-бума).
122. [Айдаболдың Қошетерді Тайкелтірге еншілес қылуы]
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармаларында (Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», 2010. 10-том. 296–297-бб ) жарияланды. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№1175-бума).
123. Қаржас (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Сағындық Байұзақұлының «Алтай шежіресі» (Әлке және Байдалы) атты шежіре жинағы бойынша (Көкшетау, 2007.) дайындалды.
124. Кәріжастың «Қаржас» аталуы және Сүйіндікбен еншілес атануы
( ІІІ нұсқа ) Томға мәтін зерттеуші Өкпенің Керімтайының құрастыруымен шыққан «Арғын, Найман шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Павлодар, 2001. 8 –11-бб.) дайындалды.
125. Айдабол, Қаржас – емшектес ( ІҮ нұсқа )
Аңыз нұсқасы А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 255-б. ) дайындалды.
126. Айдаладан табылған баланың «Қаржас» аталуы (Ү нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды. .
127. Шегендік – Қақсал ( І нұсқа )
Томға аңыз ӘӨИ-дің қолжазбалар қорындағы шығыстанушы Мақсұт Шафиғов жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінің негізінде әзірленді (№ 77-бума).
128. [Шегендіктің баласының атын Мейрамның «Қақсал» қоюы]
(ІІ нұсқа) Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 272-273-бб.) дайындалды. Аңыз бұрынғы Ақмола облысы, Астрахан ауданының тұрғыны, шежіреші Сейітжан Әбенұлынан айтуынан жазылып алынған.
129. Жалықпас, Қамбар, Шұбыртпай туралы ( І нұсқа )
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы көне араб әрпімен жазылған қолжазба негізінде ұсынылды (№1289-бума, 3-дәптер).
130. Болатқожа, Шұбыртпалы, Қамбар туралы аңыз ( ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы көне араб әрпімен жазылған Мұхаметәлі Толыбаевтың қолжазбасы бойынша дайындалды (№ 547-бума).
131. Қаракесек (І нұсқа )
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы көне араб әрпімен жазылған халық әдебиеті үлгілерін жинаушы Әліп Малқаровтың қолжазбасы бойынша дайындалды (№936-бума).
132. “Қаракесек Шор” аңызы (ІІ нұсқа )
Томға мәтін «Қазақ шежіресі (Орта жүз –найман шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы: «Жас қазақтың» қосымшасы, 1992. 38-б.) дайындалды. Жинақта «Тоғызтарау Қара еліннен шыққан Әбдіжәміл молда реттеп берген шежіреден алынды» деген мәлімет берілген.
133. [Қаракесек Апай -Бөрі туралы]
Аңыз алғаш М.Ж. Көпейұлының көп томдық шығармаларында (Шығармалары. Алматы: «Ел-шежіре», 2010. 10-том. 303-б.) жарияланды. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№1177-бума).
134. [Кәрсен аталуы]
Томға ұсынылған мәтін К.М.Бекмағамбетов пен Ж.Н.Шөженовтің құрастыруымен шыққан «Арғын–Қаракесек–Кәрсөн, Аралбай руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қарағанды, 2010. 69–70-бб.) дайындалды.
135. Тілеулі [Тәңірімбердінің «Таз» атануы]
Томға ұсынылған мәтін К.М.Бекмағамбетов пен Ж.Н.Шөженовтің құрастыруымен шыққан «Арғын–Қаракесек–Кәрсөн, Аралбай руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қарағанды, 2010. 68–69-бб.) дайындалды.
136. Керней
Томға ұсынылған мәтін К.М.Бекмағамбетов пен Ж.Н.Шөженовтің құрастыруымен шыққан «Арғын–Қаракесек–Кәрсөн, Аралбай руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қарағанды, 2010. 69-бб.) дайындалды.
137. [Күшік – Сырым]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 303-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
138. [Бұқа, Күбір аталары]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 43–45-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
139. [Апай–Бөрі] (І нұсқа )
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 60-61-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
140. Момын
Бұрынғы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының тұрғыны Ғалымжан Мұқатұлынан (1905-1976) айтуынан жазылып алынған аңыз мәтіні А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.) дайындалды.
141. Қанжығалының қақ жарылған жері
Аңыз М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. 8-том. 145-146-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
142. Қаһарлы Қарқымбай (Жанақ) балалары
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
143. [Сары]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұралары бойынша дайындалды (№1178-бума).
144. [Кенжеқара]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 20-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума, 41-б.).
145. [Орынбай ұрпағы]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 111-112-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
146. [Төртуыл – Сарқозған]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 113-114-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
147. [ Қойлыбай – Орыс ауылы ]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 8-том. 206-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
148. [Айырғақты-Шөптеміс]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 147–149-бб.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
149. [Қозыбай –Шолақ]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 118-б.). Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
150. [«Арғын болдың, әркім болдың»]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
151. Күлік шежіресі
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
152. Биеші руы туралы
Аңыздың ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорында М.Ж.Көпейұлы жинаған «Биеші руы туралы» және «Биеші» аталған екі нұсқасы сақталған (№1178-бума). Томның мәтіндерін дайындау барысында екі нұсқа салыстырылып, томға алғашқы нұсқа жіберілді.
153. Жалаңаяқ Әздер
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
154. Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
155. Апай –Бөрі (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума). Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 39-40-бб.
156. Қаржау руы
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
157. [Ырысбике]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы М.Ж.Көпейұлының қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
158. [Елатанның Тобықты атануы]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағы бойынша (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 263–264-бб.) дайындалды. Мәтінге берілген ғылыми түсінікте түпнұсқа аталған қордан алығаны (1645-бума) көрсетілген. Мәтіннің екінші нұсқасы М.Жүсіптің таңдамалы шығармаларының екінші томында (Алматы: Ғылым, 1992. 74-б. Құраст. С.Дәуітов) берілген.
159. Ақбикеш пен Мақпал
Қостанай облысы, Жанкелдин ауданының тұрғыны Ахметхан Әбіқайұлынан (1903-1986) айтуынан жазылып алынған аңыз алғаш Сейіт Кенжахметовтың «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» атты зерттеу еңбегінде (Алматы, 2006. 355 -356-бб.), кейін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» жинағында жарияланды (Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.).
Томға мәтін алдыңғы еңібектің негізінде дайындалды.
160. [Қарауыл]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы араб қарпімен жазылған ауыз әдебиеті үлгілерінің қолжазба жинағы бойынша (№1289-бума. № 3-дәптер) ұсынылды
161. [Орта жүз. Арғын. Тоқал Арғын]
Аңыз алғаш тарихшы Серғазы Толыбековтың «Қазақ шежіресі» атты зерттеу еңбегінде (Алматы: «Қазақстан», 1992. 70-71-бб.) жарияланды. Туындының кейіпкерлері Ш.Құдайбердіұлының «Нартайлақ пен Айсұлу» дастанында кездеседі. Кімнен алынғаны туралы мәлімет көрсетілмеген.
Томға мәтін осы жинақ бойынша дайындалды.
ІҮ. ТАРАҚТЫ РУЫ
162. [Тарақтының Апай аталығы]
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 574-б.) дайындалды.
163. Әлеуке
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 574-б.) дайындалды.
ІІІ. ҚЫПШАҚ ТАЙПАСЫ
164. [Қыпшақ туралы аңыз]
Аңыз алғаш Абылғазы Баһадүрдің ХҮІІ ғасырда жазылған «Түрік шежіресі» атты тарихи-шежіре шығармасында (Шаджара-и түрк, 1663 –1664.), кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымұлының аударуымен (Түрік шежіресі. –Алматы: Ана тілі, 1992. 24-б. жарияланды. Шығарма 2006, 2010 жылдары қайта басылды.
Томға мәтін кейінгі жинақ бойынша дайындалды.
165. Бес таңбалы Қыпшақ туралы
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 32-33-бб.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1177-бума).
166. [Құрман -Қыпшақ Апай]
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 39–40-бб.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
167. Дәулетбике
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 580-б.) дайындалды
ІҮ. НАЙМАН РУЫ
168. Орта жүз - Найман руы туралы
Томға мәтін Жеңіс Мұқановтың құрастыруымен шыққан «Найман Қаракерей Жаңбыршы руының шежіресі» атты шежіре жинақ бойынша (Алматы: «Айкос» АБА, 2001. 25–26-бб.) дайындалды.
169. [ Найман ұрпақтары)
Томға мәтін белгілі тілші-ғалым А.С.Аманжоловтың құрастыруымен шыққан «Сәрсен Аманжолов және қазақ фольклоры» атты әдеби-зерттеулер жинағының негізінде дайындалды (Алматы. 2004. 194-б.).
170. Өкіреш Найман
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 195-бб.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
171.Найман тарауынан (І нұсқа)
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 29-30-бб.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
172. Өкіреш Найман (ІІ нұсқа )
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№ 1682-бума, 2–4-бб.).
173. [«Өкіреш» деген лақап аттың шығуы] (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы ауыз әдебиетінің үлгілері жинақталған қолжазбадағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№ 877-бума).
174.Өкіреш туралы аңыз (ІҮ нұсқа)
Аңыз алғаш тарихшы Құрбанғали Халидұлының «Тауарих хамса» атты шығармасында (Тауарих хамса. Қазан, 1910), кейін Б.Төтенаев, А.Жолдасовтың аудармасымен жарық көрген қазақша басылымында (Тауарих хамса (Шығыстың бес тарихы). –Алматы: «Қазақстан», 1992. 93–94-бб.) жарияланды.
Томға мәтін түпнұсқасы бойынша дайындалды.
175. [Әлпештің Өкірешке тиіп Найман ұрпағын сақтап қалуы] (Ү нұсқа )
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы түпнұсқа негізінде дайындалды (№ 1682-бума).
176 . [Әлпештің Өкірекке қосылып мұратқа жетуі] (ҮІ нұсқа )
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы ауыз әдебиетінің үлгілері жинақталған қолжазбадағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№ 877-бума).
177. [Өкіреш Найман немесе Әзбура ның ұрпақты сақтауы] (ҮІІ нұсқа )
Томға мәтін Қытайда тұратын қазақ ғалымы Жақып Мырзаханұлының «Еліміз қазақтарының шежіре аңыздары жөнінде» атты зерттеу еңбегінің негізінде дайындалды («Мұра» журналы, 1990 жыл, № 4. 62–82-бб.).
178. [Ақсұлудың Найман ұрпағын жалғастыруы және ел билеуі] (ҮІІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежірелеріне арналған қолжазбасы бойынша (№1146-бума) дайындалды.
179. Найман шал ( ІХ нұсқа)
Томға мәтін Қытайда тұратын қазақ ғалымы Жақып Мырзаханұлының «Еліміз қазақтарының шежіре аңыздары жөнінде» атты зерттеу еңбегінің негізінде дайындалды («Мұра» журналы, 1990 жыл, № 4. 62–82-бб.).
180. [Найман шалдан Сүгіршінің қалуы] (Х нұсқа)
Томға мәтін «Қазақ шежіресі (Орта жүз Найман шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы: «Жас қазақтың» қосымшасы, 1992. 38-39-бб.) дайындалды. Басылымда аңыз «Тоғызтарау Қара елінен шыққан Әбдіжәміл молда реттеп берген шежіреден алынды» деген мәлімет берілген.
181. [Найманның ұрпағы – Сүгірші аталуы] (ХІ нұсқа )
Томға мәтін Нығымет Мыңжани мен Әбдірешіт Байболат құрастырып, Шынжаңның Іле аймағында жарыққа шыққан «Қазақ шежірелері» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Күйтің. Іле халық баспасы, 1990).
182. [Найманның баласы Белгібай немесе Сөгірше туралы аңыз] (ХІІ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы ауыз әдебиетінің үлгілері жинақталған қолжазбадағы түпнұсқа бойынша дайындалды (№ 863-бума, № 11-дәптер. Жинаушысы: Балмағамбетов А.).
183. Бура, Көкжарлы рулары (І нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№ 1682-бума) дайындалды.
184. [Саржомарттың екі баланы қайтарып, олардың «Бура», «Көкжарлы» атануы] (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1682-бума) дайындалды.
185. Бура, Көкжалды жайлы аңыз (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1289-бума, № 3-дәптер) дайындалды.
186. Бура Найман
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы Қарағанды мемлекеттік студенттерінің жазғы фольклорлық-практикалық жұмысында жинаған материалдары бойынша дайындалды (№-2010-бума).
187. Төрт Төлегетай тармағы
Томға мәтін республикалық тарихи-ағартушылық «Қазақ батырлары» газетінде жарияланған «Найманнан Жанайға шейін» деген тарихи-танымдық материалы бойынша (2000 жыл, №7 (24) ұсынылды.
188. [ Қылышты қожаның Төлекатайға қыз беруі ]
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған «Қазақ рулары (шежіре)» атты қолжазбаның негізінде дайындалды (№1203/95-бума).
189. Төрт Төлегетай (ХІІІ нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбековтың «Балталы, Бағаналы ел аман бол» жинағы бойынша (Алматы: «Қазақ университеті», 1993. 92-93-бб.) дайындалды.
190. [ Ақсұлу келіннің немересі Төлегетай) (ХІҮ нұсқа)
Томға мәтін Мұхтар Айтқазиннің құрастыруымен шыққан «Ақтайлақ шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2002. 15–16-бб.) дайындалды.
191.Қызай руы
Томға мәтін Қытайдың Шыңжаң аймағында жарық көрген Жақып Мырзаханұлының «Еліміз қазақтарының шежіре аңыздары жөнінде» мақаласы бойынша («Мұра» журналы, 1990 жыл, № 4. 62–82-бб.) дайындалды.
192.Ағарыстың ұрпақтары туралы
[Қызайға байланысыты аңыз] Томға мәтін Нығымет Мыңжани мен Әбдірешіт Байболат құрастырып, Шынжаңның Іле аймағында жарыққа шыққан «Қазақ шежірелері» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Күйтің. Іле халық баспасы, 1990 //Құраст.: Н.Мыңжани, Ә.Байболат).
193. Семіз найман туралы аңыз (І нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1289-бума, № 3-дәптер) дайындалды.
194. Семіз найман (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Найман тарауына берілген «Семіз найман» ІІ нұсқа» деген аңыз «Жеті атаң – жарық жұлдызың» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы. “Информ–Арна”, 2003. 208-б.) дайындалды.
195.Тоғыз таңбалы Найман (ХҮ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы қолжазбаның түпнұсқасы негізінде дайындалды (№ 877-бума).
196.Тоғыз таңбалы Найман (ХҮІ нұсқа)
Томға мәтін Қытайдағы қазақтар шығарған «Қазақ шежірелері» атты шежіре жинағы бойынша (Күйтің. Іле халық баспасы, 1990. Құраст.: Н.Мыңжани, Ә.Байболат) ұсынылды.
197. Теріс таңбалы Найман руы ( І нұсқа)
Томға мәтін әдебиеттанушы Серікқазы Қорабайдың құрастыруымен шыққан «Ақтайлақ би» атты әдеби-танымдық жинақ бойынша (Алматы. Творч. «Журналист» фотостудиясы, 1991) ұсынылды.
198.Терістаңбалы Найман туралы аңыз (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1289, № 3-дәптер) дайындалды.
199.Қаракерей руы
Томға мәтін «Найман–Қаракерей–Жаңбыршы руының шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы: «Айкос» АБА, 2001. 34–35-бб.) дайындалды.
200. Байжігіт – «Бес байыстың бірі»
Томға мәтін Мұхтар Айтқазиннің құрастыруымен шыққан «Найман «Ақтайлақ шежіресі» атты жинақ бойынша (Алматы, 2002. 154-бет) дайындалды.
201.Ақнайман туралы ел аузындағы ертегі-аңыз
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы қолжазбаның түпнұсқасы негізінде дайындалды (№ 877-бума). Қолжазбада Ақ найман нәсілдерінің Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында, оның ішінде Күршім ауданында мекендейтіні туралы мәлімет келтірген.
202. [Қаптағайдың бүкіл Матайға, тіпті тұтас Найманға ұран болғаны]
Томға мәтін «Ағайын» атты маусымдық журналда жарияланған шежіре бойынша дайындалды (2000. №1, 51-б. ).
Ү. ҚОҢЫРАТ ТАЙПАСЫ
203. [Қоңырат елі]
Аңыз алғаш Абылғазы Баһадүрдің ХҮІІ ғасырда жазылған «Түрік шежіресі» атты тарихи-шежіре шығармасында (Шаджара-и түрк, 1663- 1664.), кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымұлының аударуымен (Алматы: Ана тілі, 1992. 44-45-бб.) жарияланды. Шығарма 2006, 2010 жылдары қайта басылды.
Томға мәтін алдыңғы жинақ бойынша дайындалды.
204.Қоңырат туралы аңыз
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1115-бума, № 7-дәптер) дайындалды.
205. Орта жүздің бір атасы Қоңырат туралы мағлұмат
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағына енгізіліп, ғылыми түсінік берілген (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 10-том. 138-б.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде дайындалды (№1178-бума).
206. «Алатау» аты қалай шықты?
Томға мәтін республикалық тарихи-ағартушылық «Қазақ батырлары» газетіндегі М.Ерімбетовтің «Ұлы тұлғалар» зерттеуі деген материалы бойынша (2001 жыл, 11 шілде) дайндалды. Аңыз 103 жасқа келген Дәрмен ақсақалдың айтуынан оның баласы Мүсілім Дәрменұлы жазып алған.
207. [Қылбелбеу]
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы: Рауан, 1995. 20-бет).
208. «Көтен» атануы туралы
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 20–21-бб.).
209. [«Құйысқансыз» атанып жүрген Қожамберді туралы]
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. «Рауан», 1995. 21–22-бб.).
210. Қоңыршұнақ
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 23–24-бб.).
211. Тиекті
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 23–24-бб.).
212. [Тентек Көбек]
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 33–34-бб.).
213.Байлар – Жандар ішіндегі Бөлек
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 34–35-бб.).
214 («Қара атануы )
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 35–36-бб.).
215. Тама-Көбек
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 36–37-бб.).
216. Көлеген
Томға мәтін С.Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі)» атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. «Рауан», 1995. 37–38-бб.).
217. Тоқболат
Томға мәтін Сәрсенбек Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 38-б.).
218. Жетімдер ( І нұсқа)
Томға мәтін С.Ысқақовтың «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) атты шежіре жинағы бойынша дайындалды (Алматы. Рауан, 1995. 23–24-бб.).
219. Жетімдер (ІІ нұсқа)
Томға мәтін “Қоңырат Жетімдер руының шежіресі” атты шежіре жинақ бойынша (“Қоңырат Жетімдер руының шежіресі”. Жинап, құраст.: Тасболат Сүйінбаев. – Алматы: Білім, 2011. 28–30-бб.) дайындалды.
220. Бесата қалай шыққан?
Аңыз М.Ерімбетовтың құрастыруымен жарық көрген «Қоңырат шежіресі және оған қатысты әңгімелер» (Алматы, “Жалын”, 1993. 28–32-бб), С.Ысқақов құрастырған «Қоңыр атты Нағанай» (Қоңырат шежіресі) жинақтарында (Алматы: Рауан, 1995. 25– 30-бб.) жарияланды.
Томға мәтін алғашқы жинақ бойынша дайындалды.
221. [Қоңыраттың Жетімдері туралы]
Томға мәтін Нұрілдәйім Тәтішев құрастырған шежіре жинақ бойынша (Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). Алматы, 15–16-бб.) дайындалды.
222. [Қоңырат Нағанай аңызы]
Томға мәтін Нұрілдәйім Тәтішев құрастырған шежіре жинақ бойынша (Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). Алматы, 17–18-бб.) дайындалды.
23. [Жетімдер руы аңызы] (І нұсқа)
Томға мәтін Нұрілдәйім Тәтішев құрастырған шежіре жинақ бойынша (Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). Алматы, 19–20-бб.) дайындалды.
224. [Бозжан, Жетімдер аталуы] (ІІ нұсқа )
Томға мәтін Нұрілдәйім Тәтішев құрастырған шежіре жинақ бойынша (Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). Алматы, 20–21-бб.) дайындалды.
225. [Сүйіліш батырдың Бұхараға сапары жайлы] (ІІІ нұсқа )
Томға мәтін Нұрілдәйім Тәтішев құрастырған шежіре жинақ бойынша (Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). Алматы, 22–24-бб.) дайындалды.
226. Көтен (ІІ нұсқа)
Аңыз А.Әбдіраманұлының «Халық данасы – Сары би және Қоңырат руларының шежіресі» (Алматы, 1992. 66 – 67-бб.), Ж.Бейсенбайұлының «Қазақ шежіресі», А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» жинақтарында жарияланды.
Томға мәтін алғашқы басылымы бойынша ұсынылды.
227. [Көктіңұлы және Көтенші туралы аңыз] (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін М.Ерімбетовтың құрастыруымен шыққан «Қоңырат шежіресі және оған қатысты әңгімелер» атты шежіре жинағы (Алматы: Жалын, 1993. 12-б.) бойынша дайындалды
228. [Көтенші – Көктіңұлы аңызы] (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1115-бума, № 7-дәптер) дайындалды.
229. Көтенші (Ү нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның түпнұсқасы бойынша (№1115-бума, № 7-дәптер) дайындалды.
230. Көктіңұлы
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың «Әдебиет нұсқалары» атты қолжазбасы бойынша (1944 жыл. № 1-дәптер) дайындалды.
ҮІ. КЕРЕЙ РУЫ
231.Ашамайлы Керей жайында
Томға мәтін Қытайда жарық көрген «Абақ керей» атты шежіре жинағы бойынша (Күйтің. Іле халық баспасы, 1994. Құраст.: Қ.Жәнабілұлы, Қ.Жусанбайұлы, А.Қапсаметұлы, Ш.Зейнелұлы) дайындалды.
232. Көшебе мен Сибан
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 272-б.) әзірленді.
233. Руым – Шұбарайғыр, ұраным – Қожаберген
Томға мәтін Маусым Оңғардың «Атаға ықылас, балаға мирас – тарихи шежіре» деген шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2011. 248-бет) дайындалды.
234.«Бодансыз Керей» аталу мәнісі
Аңыз М.Ж.Көпейұлының көп томдық шығармалар жинағында жарияланған (Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 2010. 11-том. 180-б.).
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы ақынның қолжазба мұраларының негізінде (№ 1177-бума) дайындалды.
235. Шұбарайғыр
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 294- 295-бб.) әзірленді.
236. Бес қасқа
Томға мәтін Клим Төлемісұлының «Жондағы Жобалай Керей» елінде» атты жинағы бойынша (Семей, 2001. 108-б.) дайындалды.
ҮІІ. УАҚ РУЫ
237. [Қарабақ-Уақ әулеті туралы]
Томға мәтін авторлар тобының құрастыруымен шыққан «Шақшақ Жәнібек батыр» атты тарихи-танымдық жинақ бойынша (Құраст.: С.Шүкірұлы, Қ.Салғарин, К.Ахметбекұлы. – Алматы: Отау, 1993. 51-б.) дайындалды.
КІШІ ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ АҢЫЗДАРЫ
І.БАЙҰЛЫ
238. Байұлы
Аңызды ел аузынан алғаш жазып алып, «Қазақ хрестоматиясына» ( Қазан, 1879) атты белгілі еңбегіне енгізген – Ыбырай Алтынсарин. Осы мәтін соңғы жылдары жарық көрген «Қазақ хрестоматиясының» екінші басылымында жарияланған (Қазақ хрестоматиясы. Жалпы редакциясын басқарған профессор Сұлтанғали Садырбаев. – Алматы: Білім, 2007. 112-б.).
Томға мәтін алғашқы басылым бойынша дайындалды.
239. [«Он екі ата Байұлы» атануы]
Аңыз алғаш Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты кітабында (Қызылорада: «Тұмар», 2003. 52-53-бб.) жарияланды. Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаcының негізінде (№1146-бума) дайындалды.
240. [Кіші жүз руларының – Нәдірқожа мен Қыдырқожадан тарауы]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның негізінде (№1203/95 бума) дайындалды.
ІІ. ШЕРКЕШ РУЫ
241. Зылиха (Қаракемпір)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 586-б.) әзірленді.
242. [Қаракемпір Шеркеш]
Томға мәтін М.Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуі бойынша (Алматы. “Арыс” баспасы, 2007. 36-б.) дайындалды.
243. [Шеркеш ұрпақтары туралы аңыздар]
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 319-320-бб.) әзірленді. Аңызды Атырау облысы, Мақат ауданының тұрғыны Елтай Дүйісовтың айтуынан жазушы Пернебай Дүйсенбин жазып алған.
ІІІ. АДАЙ РУЫ
244. Нұрдан жаралған Адай (І нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбектің құрастыруымен жарық көрген «Бейпіл сөздер» атты фольклорлық жинағы бойынша (Алматы. «Темірқазық», 2000. 14-б.) дайындалды. Зерттеуші аңызды күйші-домбырашы Мұрат Өскенбаевтың айтуынан жазып алған. Осы сарындас аңыздар әдебиетші Қ.Сыдиқовтың, ақын Қашаған Күржіманұлының шығармаларында кездеседі.
245. [Адай мен Таздың туысқан болуы] (ІІ нұсқа )
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорындағы А.Бейсенғалиқызының жинап тапсырған қолжазбасының негізінде (№1057-бума) дайындалды.
246.Таңба
Аңыз А.Сейдімбектің құрастыруымен шыққан «Бейпіл сөздер» атты фольклорлық жинағыда (Алматы. «Темірқазық», 2000. 14–15-бб. ), «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты ғылыми басылымда (Құрастр.: Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. – 320 бет) жарияланды.
Томға мәтін алғашқы жинақ бойынша ұсынылды.
247. Адай туралы қысқаша мәлімет
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Ауатанов Тайырдың «Кіші жүздің ханы Абылқайырдың тармағы» атты шежіресі бойынша ( 1975. 1–91 бет.) дайындалды.
248. Жеменей мен Айтумыс
Томға мәтін А.Есетованың құрастыруымен жарыққа шыққан «Олжашы шежіресі» атты жинақ бойынша (Алматы: Өлке, 2010. 18–19-бб.) дайындалды.
249.«Кедей» аталуы
Томға мәтін Айнахан Есетованың құрастыруымен басылым көрген шежіре жинақ бойынша (Олжашы шежіресі. – Алматы: Өлке, 2010. 18–22-бб.) дайындалды.
250. Алдасай ауылының өспеуі жайлы
Томға мәтін Айнахан Есетованың құрастыруымен басылым көрген шежіре жинақ бойынша (Олжашы шежіресі. – Алматы: Өлке, 2010. 23–24-бб.) дайындалды.
251. Тоғыз тақта Шылым (Үш ылым)
Томға мәтін Айнахан Есетованың құрастыруымен басылым көрген шежіре жинақ бойынша (Олжашы шежіресі. – Алматы: Өлке, 2010. 24–28-бб.) дайындалды.
252. Оғылмеңді (І нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 593-594-бб.) әзірленді. Аңыз қаламгер, сәулетші, Маңғыстау облысының Тиген ауылының тұрғыны Сайын Назарбекұлынан жазып алынған.
253.Адай мен Таз (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: «Тұмар», 2003.90-б. ) дайындалды.
254.Түркімен–Адай (ІІ нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 317-318-бб.) әзірленді.
255. [Елтайдың «Адай» атануы]
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. «Тұмар», 2003. 52 – 53-бб. ) дайындалды.
256. [Адай туралы]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның негізінде (№1203/95 бума) дайындалды.
257. Бес Есенғұл
Томға мәтін А.Қартбаевтың «Адай. Құдайке шежіресі» атты шежіре кітабы бойынша дайындалды (Қартбаев А. Адай. Құдайке шежіресі (XXІ ғасырға бабамен бірге). Алматы, 2006. 65-б.).
258.Түрікпен–Адай руы туралы аңыз (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның негізінде (№1203/95 бума) дайындалды.
259.Қожамберді
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ тарихына арналған шежіресі бойынша (№1146-бума) дайындалды.
ІҮ. БЕРІШ РУЫ
260.Он екі ата Байұлы ішіндегі Беріш руы туралы аңыз
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы «Қазақтың қысқаша шежіресі» бойынша (№ 680-бума, 4-дәптер. Тапсырған – жамбылдық Бегішев Ғ. 1966) дайындалды.
261. Ағатайдың Берішке ұран болуы
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы «Аңыз-әңгімелер» қолжазба жинағы бойынша (№ 528-папка, 17-дәптер) дайындалды.
262. [Бессары–Беріш]
Томға мәтін М.Нетәлиевтің «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуі бойынша (Алматы: “Арыс” баспасы, 2007. 62-б.) дайындалды.
Ү. ЕСЕНТЕМІР РУЫ
263. [Темірдің «Есентемір» атанып, бір рулы елге айналуы] (І нұсқа)
Бұл аңыз ӘӨИ-дің қолжазба бөлімінде сақтаулы ауыз әдебиеті үлгілерінің қолжазбасы бойынша (№ 1057-бума. 138-144-бб.) дайындалды. Аңыз мәтінін ел аузына жазып алып, қорға тапсырған – батысқазақстандық халық мұраларын жинаушы – Айсұлу Бейсенғалиқызы.
264. [Темірдің - “Есен-Темір” аталуы] (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда.Тұмар, 2003. 66-б.) дайындалды.
265. [Темірдің «Есен-Темір» атануы] (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 310-б.) дайындалды. Аңызды жеткізген – жазушы Мереке Құлкенов.
266. Есентемір туралы (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы «Ауыз әдебиеті үлгілері» атты қолжазба жинақ бойынша (№354-бума, 2-дәптер) дайындалды.
267. [Есентемір] (Ү нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның негізінде (№1203/95 бума) дайындалды.
268. (Есентемір ) (ҮІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы А.Махмұтов пен Ғ.Мұсабаевтың жинап тапсырған қазақ шежірелеріне арналған қолжазбаның негізінде (№1203/95 бума) дайындалды.
Ү. ЖАППАС (АЛТЫН-ЖАППАС) РУЫ
269. «Жаппас қойылуы
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 309-б.) дайындалды. Аңызды жеткізген – ақтөбелік Шәміл Мәмбетов .
270. Алтын-Жаппас
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. «Тұмар», 2003.52-б. ) дайындалды.
271. Алтын –Жаппас туралы
Томға мәтін «Ана тілі» газетінің шежіре кітапшасы бойынша жазылған «Қазақ шежіресі» атты жинақ бойынша (Он екі ата Байұлы». Кіші жүз. 1993, 4 наурыз) дайындалды.
272. Шыбар айғыр туралы
Томға мәтін Қытайда шыққан “Қазақ шежірелері” атты жинағы бойынша (Күйтің. Іле халық баспасы, 1990 // Құраст.: Н.Мыңжани, Ә.Байболат) дайындалды.
273. [Алтын –Жаппас]
Томға мәтін жазушы Мақсұт Нетәлиевтің «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуі бойынша (Алматы: Арыс, 2007. 24-б.) дайындалды.
ҮІ. ТАЗ РУЫ
274. «Таз» атануы (І нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. Тұмар, 2003. 53-б.) дайындалды.
275. [Таз руы атануы] (ІІ нұсқа)
Томға мәтін жазушы Мақсұт Нетәлиевтің «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуі бойынша (Алматы: Арыс, 2007. 25-б.) дайындалды.
ҮІІ. БАЙБАҚТЫ РУЫ
276. [Алаша-Байбақты атануы]
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы «Байұлы туралы мәлімет» атты қолжазба жинақ бойынша (№ 354-бума. 2-дәптер) дайындалды.
ҮІІІ. ӘЛІМҰЛЫ
277. [Әлім ата балаларының ру таңбаларын алуы] (І нұсқа)
Томға мәтін Жақау Дәуренбекұлы, Сансызбай Құттыбайұлының құрастыруымен шыққан «Алты ата Әлім» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы: Перзент, 1992. 28-б.) дайындалды.
ІХ ҚАРАКЕСЕК РУЫ
278. Қаракесек
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. «Тұмар», 2003. ) дайындалды.
279. “Қаракесек” деп Ұланақтың аталу себебі (І нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
280. [Ұланақтың «Қаракесек» аталуы] (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Ж.Есенбаевтың құрастыруымен шыққан «Үш таңбалы Майлыбай Кете» атты шежіре жинағы бойынша (Ақтөбе, 2003. 24-бет.) дайындалды.
281. [Қаракесек руы атануы] (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Қазақ шежіресі. Бірінші том. Кіші жүз - Бек арыс» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2006. 349-б.) дайындалды.
282. Тобыл – “Қазантебер” немесе “Тепер” деп атанған
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Қазақ шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2006. 349-б.) дайындалды.
283. [Қасай-Қаракесек]
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2006. 351-352-бб.) дайындалды.
284. [“Қаракесек” деп атанудың мәнісі] (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. «Тұмар», 2003) дайындалды.
Х. ШЕКТІ РУЫ
285. Шекті (І нұсқа)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 319-б.) дайындалды.
286. Жаманақтың «Шекті» аталуы (ІІ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 97-б.). дайындалды.
287. Жаманақ руының “Шекті” деп атануының мәнісі (ІІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
288. Асан батыр тайпасы
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 98-б.) дайындалды.
289. Бердіңғұл
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 163-б.) дайындалды.
ХІ ТӨРТҚАРА РУЫ
290. Төртқара руы (І нұсқа)
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы «Байұлы туралы мәлімет» атты қолжазба жинақ бойынша (№86-бума, № 5-дәптер) дайындалды.
291. Қаракісі
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 356-б.) дайындалды.
292. Қарамашақ руының “Төртқара” болып атануы (ІІ нұсқа )
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
293. Қарамашақ (Төртқара) (ІІІ нұсқа )
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 352–353-бб.) дайындалды.
ХІІ. ҚАРАСАҚАЛ РУЫ
294. Қарасақал (І нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
295. Айнықтың “Қарасақал” деп атану мәнісі (ІІ нұсқа)
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
296. [«Үш Қарасақал» атануы] (ІІІ нұсқа )
Бұл мәтін белгілі шайыр, шежіреші Қарасақал Ерімбет қолжазбасы бойынша «Ғылыми дәйектер мен «Ана тілі» газетіне түскен қалың шежірелік мәліметтер негізінде жасалған «Қазақ шежіресі» атты басылымда жарияланған (Алматы: «Атамұра» – «Қазақстан», 1994. 70–71-бб. Дайындаған – журналист, жазушы Ж.Бейсенбайұлы).
Томға мәтін аталған басылым бойынша берілді.
297. [Қарасақал] (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 383–384-бб.) дайындалды.
298.Әлімнің Қарасақал аталығы туралы (ІҮ нұсқа)
Томға мәтін Төлепберген Тілеуқабылұлының «Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі» атты жинағы бойынша (2-ші басылым. –Алматы: Шапағат – Нұр, 2006. 74 – 75-бб.) дайындалды.
ХІІІ. КЕТЕ РУЫ
299. Бес Естек (Кете, оның ішінде Ақкете)
Томға мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты зерттеу еңбегі бойынша (Астана: Фолиант, 2008. 304-305-бб.) дайындалды.
300. “Кете” атанғаны (І нұсқа)
Томға мәтін «Ана тілі» апталығына түскен шежірелік мәліметтер бойынша жазылған «Қазақ шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 71-б. Құрастырып, ататек кестесін жасаған – журналист, жазушы Ж.Бейсенбайұлы) дайындалды.
301. Құлыс
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 92-б.) дайындалды.
302. [«Кете» руының қалыптасуы] (ІІ нұсқа)
«Кете» руының қалыптасуы. ІІ нұсқа» деген аңыз Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты жинағы бойынша (Қызылорда: «Тұмар», 2003. 94-б.) дайындалды.
303. [Қаракете]
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: «Тұмар», 2003. 95-б.) дайындалды.
304. Кетелер туралы (ІІІ нұсқа )
Томға мәтін «Ана тілі» апталығының шежіре кітапшасы топтамасында «Алшын бірлестігі» Кіші жүз» деген атпен жарияланған материал бойынша (Ана тілі, 1993 жыл, 25 ақпан) дайындалды.
305. (Үш Кете және Майлыбай)
Томға мәтін Жұмекен Есенбаевтың құрастыруымен шыққан «Үш таңбалы Майлыбай Кете» атты шежіре жинағы бойынша (Ақтөбе, 2003. 29–30-бб.) дайындалды.
ХІҮ. ЖЕТІРУ
306. Жетіру бірлестігі туралы аңыз
Томға мәтін «Ана тілі» апталығының шежіре кітапшасы топтамасында «Алшын бірлестігі» Кіші жүз» деген атпен жарияланған материал бойынша (1993. 11 наурыз) дайындалды.
307. Жеті ру жайлы
Томға мәтін ӘӨИ-дің қолжазба қорындағы ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазба бойынша (№191-бума, 2-дәптер) дайындалды.
ХҮ.ТАМА РУЫ
308. [Таманың ұранына айналған – Қарабура Әзі туралы]
Томға мәтін ОҒК-ның Сирек кітаптар және қолжазбалар қорындағы Өмірзақ Ахметовтың қазақ шежіресіне арналған қолжазба мұралары бойынша (№1146-бума) дайындалды.
309. Тама Сарыбас мерген
Томға мәтін профессор Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі» атты зерттеу еңбегі бойынша (Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1993. 168-б.) дайындалды.
ХҮІ. ТАБЫН РУЫ
310. Қайырқожа руы
Томға мәтін «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы жазған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты зерттеу бойынша (Табын. ІІ том. Екінші кітап. Алматы, 2006. 129-б.) дайындалды.
ХҮІІ. КЕРЕЙТ РУЫ
311.Керейт руы
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 38-39-бб.) дайындалды.
ХҮІІІ. ЖАҒАЛБАЙЛЫ РУЫ
312. [Жағалбайлы] (І нұсқа )
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: «Тұмар», 2003. 24-б.) дайындалды.
313. Жағалбайлы (ІІ нұсқа)
Томға мәтін «Ана тілі» апталығында «Жетіру бірлестігі. Кіші жүз» деген тақырыппен жарияланған материал бойынша («Ана тілі», 1993 жыл 11 наурыз) дайындалды.
314. [Торымның «Сексен» атануы]
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда. Тұмар, 2003. 304-б.) дайындалды.
315. Қосқұлақ
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 135-б.) дайындалды.
316. Жамансары
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 193–194-бб.) дайындалды.
317. Назарша
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі: (Адам Атадан өзіме шейін)» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003. 242-б.) дайындалды.
318. Түйтеұлы Андағұл (Көнсадақ)
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты шежіре жинағы бойынша (Қызылорда: Тұмар, 2003) дайындалды.
319. Күре
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Қазақ шежіресі. Бірінші том. Кіші жүз – Бек Арыс» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2006. 235-б.) дайындалды.
320. Көзкөне
Томға мәтін Т.Үсенбаевтың «Қазақ шежіресі. Бірінші том. Кіші жүз – Бек Арыс» атты шежіре жинағы бойынша (Алматы, 2003. 311-б.) дайындалды.
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Абылай хан (1711-1781) – қазақтың ұлы ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломаты. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, кейін ер Есім хан, Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгірдің екі әйелі болған: біріншісі – қазақтан Уәлибақы, қалмақтан – Тәуке хан туады. Уәлибақыдан Абылай. Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болған. Тұтқындарды аямай жазалағандықтан «қанішер Абылай» атанған. Абылайдан – Көркем Уәли, одан – Абылай (Әбілмансұр) туады. Ол «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолында тәрбиеленеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Жаугершілік заманның талабы Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың мәліметтеріне қарағанда, Абылай хан жиырма жасында қан майданда ерлігімен көзге түскен. Қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіргуі абыройының өсуіне себепші болады.
Адам ата, Хауа ана – діни аңыздар бойынша Алла Тағаланың топырақтан жаратқан алғашқы адамы. Балшық мүсін ұзақ жылдар жансыз тұрады. Ақырында Алла Тағала Адамға жан кіргізеді. Адамның бір қабырғасынан Хауаны жасайды. Алғашында екеуі періштелер қатарында болып, олардың арасында беделді, құрметті орынды иемденеді. Періштелер Алланың жарлығы бойынша, Адам мен Хауаға бас иіп, ғибадат етеді. Бірақ Ібіліс атты періште бұл жарлықты орындаудан бас тартады. Сол үшін Алла Тағала Ібілісті жұмақтан қуып жібереді.
Осыған өкпелеген Ібіліс Адам ата мен Хауа анадан өш алудың жолын іздейді. Ақырында олар Ібіліс шайтанның сөзіне иланып, алдауға түсіп тыйым салынған жемісті жейді. Осы күнәлары үшін Адам мен Хауа бейіштен аласталып, көктен жерге түсіріледі. Олардан бүкіл адамзат тарайды.
Алаша (Алаш) хан — халық аңызы бойынша “Алты алашты” құраған ру-тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаша ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде “Алаш” этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырылады. Оның есімі 9 ғасырдың туындысы “Қорқыт” дастанында айтылады. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш Алаш (Қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде Алаша ханның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі – оғыздардың түп атасы – Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид ад-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері – Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы Алаша хан ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады. Ұлытау өңіріндегі “Алаша хан ордасы” аталатын үлкен сарай-қамалдың орны және Қаракеңгір өзенінің жағасындағы “Алаша хан күмбезі” аталатын Х-ХІ ғасырларда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған.
Алла (Аллаһ) – бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, ислам дінінде баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес” . Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (ә.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар деген мадақ сөзді отыз төрт рет, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Арыстан би (Арыстан баб) – әулие, Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың замандасы, Ахмет Ясауидің ұстазы. Діни аңыздар бойынша ол Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың аманатқа қалдырған киелі құрмасын тілінің астына сақтап келіп, Ахмет Ясауиге тапсырған. Халықта “Арыстан Бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле” деген ұлағатты сөз бар. Арыстан Баптың басына орнатылған күмбез Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Қоғалы ауылында.
Әбубәкір – Мұхаммед [с.ғ.с.] қайтыс болғаннан кейін тағайындалған алғашқы халифа. Шыққан тегі құрайыш руынан, Меккедегі ықпалды саудагерлердің бірі. Мұхаммед исламға кіруге шақырғанда руластары мен үлкендердің арасынан бірінші болып мұсылман болды.
Әбілқайыр хан (1693–1748) – қазақ ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы. Шыңғыс хан әулетінің кіші буыны – Өсектің ұрпағы, Қажы сұлтанның ұлы. Тарихи жырларда әз-Тәукенің баласы деп айтылады. ХҮІІІ ғасыр басында қазақ жерін басып алған жоңғар қалмақтарына қарсы бүкілхалықтық соғысты ұйымдастырушылардың бірі болды. Ел басқаруда көрегендігімен, батырлығымен, шаруашылықты ұйымдастыра білуімен аты шыққан. Қазақ-қалмақ қарым-қатынастарын ел пайдасына шешу үшін Ресей империясынан әскери көмек сұрап Сібір губернаторы М.П.Гагаринге хат жолдаған. 1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Қазақ хандары мен сұлтандары арасында алауыздықтың, сыртқы жаулардан келетін қауіптің азаймауына байланысты Әбілқайыр қарамағындағы ру-тайпалар басшыларының келісімімен 1731 жылы қазан айында Кіші жүздің және Орта жүздің кейбір руларын Ресей империясы қарамағына саяси серіктес, тату көрші ретінде кіру туралы шешім қабылдаған. Ресейге қарамағына кіруге ниет білдіре отырып, қазақ халқының саяси тәуелсіз ел ретінде дамуы үшін күш қайратын аямады. 1748 жылы Ор бекінісі маңында Әбілқайыр ханды Орта жүздің сұлтаны Барақ қастандықпен өлтірді. Сүйегі Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында қойылып, басына мазар тұрғызылған.
Әжібай Болпықұлы – 1682 – 1752 жылдар шамасында өмір сүріп, билік құрған шешен де көсем билердің бірі. Оның билігіндегі Кіші жүздің Әлім атасынан тарайтын Тоққожа–Ақкете ұрпақтары Арал теңізі мен Сырдария аралығында Қарақұмды қыстап, Жем, Ойыл бойын жайлап, көшіп-қонып жүрген.
Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ эпостары мен ертегілерінде кездесетін киелі кейіпкер. Бұл кісінің батасын алған перзентсіз жандар Алланың құдіретімен ұлды, қызды болып жатады. Аңыздардың бірінде оның есімі Баба Туклас деп көрсетіледі. Әкесі – Керемет Әзіз. Мұсылмандар арасында Әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан кейін Әли Мұртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың қабіріне барып тәу еткен. Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Иасауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген деген болжамдар бар.
Бату – Шыңғыс ханның немересі, Жошының екінші ұлы. Шешесі – Кочу хатун, қоңырат Елші ноянның қызы. Бату 1227 жылы Жошы өлгеннен кейін Шыңғыс ханның ұйғарымымен Жошы ұлысына билеуші болып тағайындалып, Алтын Орданың негізін қалайды. Ертіс пен Дунай өзендері аралығында орналасқан Жошы ұлысын Алтын Орда мемлекетіне айналдырды. Рубруктың жазуынша өте қатал әрі «Яса» ережесін берік ұстаған қолбасшы. Қазақтар Батуды «Сайын хан» деп те атайды. Халық арасында «Ер Сайын», «Сайын батыр» деген батырлық жырлар кең тараған. Бату ханның артында Сартақ, Тоқан, Әбуқан, Улақшы атты төрт ұлы қалған. Мазары Еділдің сағасындағы аралдардың бірінде орналасқан Сарай қаласында.
Бәйдібек Қарашаұлы (шамамен 6–7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген) – қазақ халқын құраған тайпалардың аумақтық және этникалық тұтастығын қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген тарихи тұлға. Шежіре бойынша, Ұлы жүздің Үйсін бірлестігі құрамындағы албан, суан, дулат, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпаларының түп атасы. Бәйдібектің есімі жазба деректерге аз кездескенімен, халық жадында жақсы сақталған. Ол дәулеті шалқыған байлығымен, ұлысты басқарған парасаттылығымен белгілі. Жетісуды, Арыс өзенінің алабын, Ташкент пен Қаратау өлкелерін жайлаған елді басқарған. Мұхаммед Хайдар Дулат (1499 – 1551) «Тарих-и Рашиди» атты тарихи шығармасында өзінің он екінші атасы Майқы би (12 – 13 ғасырлар) Шыңғыс ханның орда биі болып, дүйім елді басқарғанын жазған. Ал осы елге бірінші болып билік жүргізген арғы бабасы Бәйдібек екенін, одан бері қарай «...бұл ел атадан атаға, ғасырдан ғасырға, баладан балаға мирас болып», елдің билігі өзінің аталарына өткеніне байланысты дәлелдер келтірген. Бірақ Бәйдібек бидің әкесі Қараша (шамамен 530 – 604) жайлы Қытай жылнамасында жазылып, билік жүргізген жылдары нақты көрсетілген. Осы деректер Бәйдібектің 6 – 7 ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді. Халық жадындағы көп деректер Бәйдібектің жеке өміріне байланысты. Оның үш әйелі болған. Бірінші әйелі Сары бәйбіше Байтоқты атты ұл туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) дүниеге келеді. Екінші әйелі Зеріптен туған Жалмамбеттен Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбиді. Үшінші әйелі әулие Домалақ ана деген атпен белгілі Нұриладан Тілеуберді (ел арасында Жарықшақ немесе Жарықбас), одан Албан, Суан, Дулат тараған. Бәйдібек бидің осы немерелері 7-ғасырдан мемлекет басқарып, ел билеп, қазіргі өздері аттас тайпаларды қалыптастырды. Басқыншылармен бір шайқаста Бәйдібектің Сары бәйбішесінен туған алты ұлы қаза тапқан. Шығыс Қаратаудағы Қошқарата өзенінің бойында «Алты Сарыбейіті» деген киелі жер қалған. Бәйдібек сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерленген. 1998 жылы Бәйдібектің Қарахан дәуірі үлгісіндегі бұрынғы кесенесінің орнына Бәйдібек және «Қасиетті бес ана» тарихи ескерткіш кешені тұрғызылды. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Алғабас ауданына Бәйдібек есімі берілген.
Бөрте қошын (1154–1230/31) – Шыңғыс ханның әйелі, Қоңырат тайпасының көсемі Дай (Тай) мырзаның қызы. Қият ішіндегі боржіген (бөрітегін) руының батыры Есугей 9 жасар ұлы Теміршіні (болашақ Шыңғыс хан) Қоңырат еліне ертіп барып, ежелгі түркілер дәстүрі бойынша Бөртеге құда түсіп қайтады. Көп ұзамай Есугей қайтыс болып, Темірші жетім қалып, көптеген қиыншылықтарды бастан өткізеді. Тек ержеткеннен кейін ғана, шамамен 1178 жылы Бөртені іздеп барып, алып қайтады. Осы кезде Теміршінің ауылына меркіттер шабуыл жасап Бөртені тұтқын ретінде алып кетеді. Темірші әкесінің андасы керей хандығының ханы Тұғырыл (Уән хан) мен жажират руының нояны, өз андасы Жамұқаның көмегімен Бөртені босатып алады. Шыңғыс ханның бірнеше әйелінен туған балалары арасында Бөртеден туған төрт ұлын өз мұрагерлері ретінде таныған.
Домалақ ана (Нұрила) (шамамен б.з. ҮІ–ҮІІ ғ.ғ.) – тарихи тұлға, халықтық шежіреде Ұлы жүз бірлестігі кейбір руларының түп анасы, абызы ретінде баяндалады. Аңыздарда Домалақ ана – түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесі Әли Сылан, анасы Нұрбике деп айтылады. Бәйдібек биге тұрмысқа шығып, ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен елге танылады. Бір аңыз бойынша, түп тегі түрікпен Қара Хайдар Домалақ ананың даналығына тәнті болып, “Диһнат мама” (парс. – Әулие ана) деп атапты-мыс. Уақыт өте келе тілдің дыбыстау заңдылығына орай өзгерістерге ұшырап, “Домалақ анаға” айналған. Домалақ ана ел арасындағы ушыққан дау, асқынған араздықтың бейбіт шешімін табуға үлес қосқан. Ел билеген азаматтардың өзі кейбір келелі мәселелерді шешерде Домалақ анамен кеңесіп отырған. Домалақ анадан тараған ұрпақтарының бәрі де біліммен, ақылымен көзге түсіп, ел билеген.
Едіге – ХІV– ХҮ ғасырларда өмір сүрген түркі халқынан шыққан әйгілі тарихи тұлға. Еділ мен Жайық өзендері бойында құрылған Ұлы Ноғай Ордасын құрушы әрі оның билеушісі (1396-1419 жж.). Ерекше шешендігімен қоса батыр әрі қолбасшы болды. Ол Алтын Орданың бірнеше ханы тұсында тәуелсіз билік жүргізіп, ел басқару істеріне белсене араласты. Дешті Қыпшақ билеушісі Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір арасындағы саяси талас, тартысты өз пайдасына шешуге ұмтылыс жасады. Тоқтамыс өлген соң Ноғайлының әмірі ретінде Алтын ордаға бағынбаған, салық төлемеген Русь князьдықтарына қарсы бірнеше рет әскери жорық ұйымдастырып, оларды күшпен ұстап тұрды. Хандық мәртебені иеленуге құқығы болмаса да, өзінің саясаты бойынша әрекет ететін Шыңғыс тұқымы арқылы Алтын Орданың айбынды шағын қайта орнатуға күш салды. Осы еңбегі үшін есімі көшпелі ноғайлы-қыпшақ дәуірі жырауларының тарихи әдебиетінде “Ел қамын жеген Едіге” деген атпен жырланып, түркі халықтарының, қазақтың тарихи, қаһармандық эпостарының басты кейіпкерлерінің бірі ретінде танымал болды. Кейбір деректерде Едігенің бейіті қазақ жерінде – Ұлытауда деп айтылады.
Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (т.ж.б.–1792) – батыр, шешен. Ол Қабанбай, Бөгембай, т.б. батырлармен серіктес ретінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстың аяғына дейін қатысқан. Деректерде 1731 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастап, Ресей империясына бодан болуға шешім қабылдауына байланысты Ер Жәнібек Керей руын бастап, Сыр бойынан көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанған. 1760 жылы Жәнібек батыр Абақ керейді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады.
Есім хан (1558 – 1645) – қазақ ханы, мемлекет және әскери қайраткер. Шығай сұлтанның ұлы. Ел билігін 1598 жылы Тәуекел қайтыс болған соң қолына алып, Қазақ хандығының астанасы Түркістанда билік жүргізген. Ағасы Тәуекел ханмен бірігіп, Түркістаннан Самарқанға дейінгі аумақты қазақ хандығы құрамына қосқан. 1599 жылы Бұхар хандығымен келісім бойынша, Ташкент қаласы мен оның айналасы Қазақ хандығы қарамағына өтті. Осыдан бастап Ташкент екі ғасыр бойы Қазақ хандығы билігінде болды. Есім хан билік құрған заманында өз елінің салт-дәстүрлерін құрметтей отырып, қазақтың заң-ережелеріне бірқатар реформалар жасаған. Ол бұрыннан келе жатқан дәстүрлі «Қасым ханның қасқа жолы» деген ережелерін басшылыққа ала отырып, заңның кейбір бабтарын толықтырды. Көшпелі тұрмыстың даулы мәселелерін билер соты арқылы шешуде азаматтық, қылмыстық істерді қарауда, әскери-отбасылық қарым-қатынастарда «ата-баба жолы» басшылыққа алынды. Есім ханның кезінде шығарылған бұл ережелер халық ойынан табылып, ол «Есім ханның ескі жолы» деген атпен көпшілікке мәлім болды.
Жаңбыршы – Ноғай Ордасының билеушісі Мұса бидің інісі. Ол ағасы қайтыс болған соң орданың билеушісі болған. Белгілі жазушы, тарихшы Қадырғали Жалайырдың «Ямұурчи ағасының көзі тірісінде би болды», – деп жазғанына қарағанда ол Мұсаның тұсында ел билігіне араласып, аты шыққан. Жаңбыршы түркі халықтарының, қазақтың көптеген қаһармандық жырлары мен аңыз-әңгімелеріне үлкен орын алған.
Жәнібек хан (т. және ө. ж. б.) – ХҮ ғ-да өмір сүрген қазақ ханы, мемлекет әрі қоғам қайраткері, көреген саясаткер, шешен. Немере ағасы Керей сұлтанмен бірігіп, Қазақ хандығының негізін қалаған. Алтын Орданың билеушісі Барақ ханның баласы. 1450-60 жж. Керей сұлтан екеуі Өзбек ұлысының қазақтарын бастап, уақытша Моғолстанға (Жетісуға) көшіп келіп қоныстанған. Екеуінің соңынан ерген жұрты осыдан кейін «қазақ» аталып, қазіргі ұлттың этнонимі қалыптасқан. «Қазақ» сөзі көне түркі тілінде «азат, ерікті, тәуелсіз» деген мағына берген. Қазіргі түркі тілдері: башқұрт, ноғай, құмық тілдерінде «қазақ» әлі де сол мағынада қолданылады. Кейін бүкіл хандыққа телінеді.
Жошы (1187–1227) – хан, қолбасшы, Жошы ұлысының билеушісі. Шыңғыс ханның үлкен ұлы, қазақ хандарының арғы атасы. Жас шағынан әскери өнерді меңгеріп, жаулаушылық жорықтарға белсене араласты. Ол әкесінің тапсырмасы бойынша жеке жасағымен 1207–1212 жылдар Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды қоныстанған көптеген тайпаларды бағындырға қатысады. Кейбір деректерде ол 1218 жылы меркіттерді қуып, Ырғыз өзені бойында Хорезмшаһтың 60 мыңдық әскерімен бетпе-бет кездесіп Хорезм әскерін жеңеді. Одан соң Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанткент, т.б. қалаларды қиратып, Хорезмді жаулауда үлкен орын алған. Халық аңыздарында Жошыны аңға шыққанда құлан теуіп өлтіреді. Оның өлімін ешкім айтпасын деген қанышер Шыңғыстың әмірінен қорықан ел қазаны домбыра сазы арқылы жерткізеді. Ұлының қазасын естіген Шыңғыс домбыра көмейіне қорғасын құйыпты. Домбыраның шанағындағы тесігі содан қалған дейді. Қазақ арасында «Ақсақ құлан» деген атпен кең танылған бүгінде қазақ музыкасының інжу-маржандарының бірі ретінде танымал осы саз Жошының қазақ даласында болғаны жөнінде жеткен бір аңыз.
Жыдай хан, Шағатай (т.ж.б.–1242) – Шыңғыс ханның Жошыдан кейінгі екінші баласы. Жастайынан жорықтарға қатысып, ақылдылығымен, қулығымен көзге түскен. Моңғолдың заң-жосықтарына, әдет-ғұрпына мейлінше жетік болған. Әкесі оңтүстік Алтайдан Әмударияның оң жалауына дейін созылып жатқан жерлерді Шағатайдың бөлігіне береді. Жазғы жайлауы Алмалық маңындағы Құяш деген жерде, қыстауы Іле бойында болды. Үгедей Ұлы хан болып сайланғанда Шағатай ханзадалардың ақылшысы болған. Мемлекеттік маңызы бар шешім қарарлар Шағатайдың келісімінсіз қабылданбаған.
Керей хан (т. ж. б.– ХҮ ғ. 70 жылдары) – қазақ ханы, қазақ хандығын құрушылардың бірі. «Тауарих-и гузидайи нусрат-наме» деген шығармада көрсетілгендей Орыс ханның немересі, Болаттың баласы. ХҮ ғасырдың 50-жылдарында Жәнібек ханмен бірге Өзбек хандығы тайпаларының бір бөлігін бастап, Моғолстанға көшіп кеткен. Моғолстан ханы Есенбұға оларға Шу алқабынан жер бөліп беріп, Моғолстанның батысында орналасқан жауларға қалқан ретінде ұстамақшы болады. Осылайша Керей мен Жәнібек қазақ хандығының негізін қалайды. Аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерде Керей хан туралы толыққанды мәлімет жоқ.
Үгедей, Өгедей (1186–1241) – Шыңғыс ханның үшінші ұлы әрі мирасқоры. Жас кезінен бастап әкесінің жорықтарына қатысқан. Шыңғыс хан империясының 1229–2241 жылдар аралығындағы «Ұлы ханы» болған. Ағалары Жошы мен Шағатай арасында үнемі дау туа бергендіктен Шыңғыс хан Үгедейді алға шығарып, екі ағасын оған бағынуға міндеттеді. Үгедей білімді әрі ақылды адам болған. Мемлекет іргесін нығайту мақсатында ел астанасы Қарақорымды салып, халық санағын жүргізді. Жылдам хабар алу үшін пошта қызметі ұйымдастырылды.
Қарасай–Қази – Орақ батырдың ұлдары. ХVІ ғасырдың соңына қарай Қырым маңында өз ұлыстарын құрған. Кейін Кавказда да ықпалды ноғай бектері ретінде танылған. Сол заманда қызылбас, қалмақ т.б. көрші халықтармен ымырасыз күрес жүргізіп, ел-жұртын қорғаушы эпикалық қаһармандар. Қос тарихи тұлғаның ерлік, жорықтар жайында қазақ жырау, жыршылары ерекше шабытпен жырлаған. Әсіресе, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарақалпақстан қазақтары арасында “Қарасай-Қази” эпосының 30-ға жуық нұсқалары сақталған.
Қыдыр баба (Хызыр) – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ. Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қыдыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді. Қыдыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар. Қазақ фольклорында Қыдыр баба [Хызыр] – ел аралап жүрген ақ киімді ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әр түрлі қиындықтардан қорғаушы.
Майқы би (Байқы, Байки, Байқу т.–ө. ж. б.) – ежелгі қазақ қоғамында аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен. Әділ билігімен, шешендік сөз өнерімен түркі халықтары арасында кең тараған. Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Кейбір зерттеушілер оны б.з.б. Үйсін мемлекетінің билеушілерінің бірі деп есептейді. Ол Майқы би Мәнұлы деген атпен б.з.б. 178-1789 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам. Шежірелерде кездесетін екінші Майқы би Төбейұлы (шамамен 1105–1225 ж.ж.) Шыңғысханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің ішінде болған. Парсы тарихшысы Рашид әд-Диннің “Жамиғ ат-тауарих” атты шығармасында (қошындық Байку деген атпен) Майқы бидің Шыңғысханның ел басқару ісіне көмектесетін оң қолы, ақылшысы, бас биі болғаны, ХІІІ ғасырда Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің оң қанатын басқарғаны айтылады. Кейбір халық аңыздарында Майқы би Орманбет би өліп, он сан ноғайлы елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған және қазақтың үш жүзіне таңба үлестіріп берген абыз-би болғандығы айтылады. Жалпы, Майқы би есімі қазақтардың шығу тегі жөніндегі көптеген аңыздарда жиі кездеседі және Дешті Қыпшақта түркі қауымдарының негізін құрушы ретінде ұдайы айтылады. Шежіре деректері бойынша, Ақарыстан (Ұлы жүздің арғы атасы) Ұзынсақал Ыбырайым, одан Кейкі би, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Кейбір шежірешілер Майқы биді барша үйсіннің бабасы етіп, Ұлы жүздің шежіресін содан таратады. Халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдырып, қоғамдық қару етуде Майқы бидің алатын орны ерекше. Халық арасында кең тараған “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деген мақал бар. Майқы би түркі халықтары әлі бөлінбей тұрған кезде өмір сүрген әрі әділдігімен, шешендігімен жалпытүркілік қайраткер дәрежесіне көтерілген.
Мұхаммед – ең соңғы пайғамбар, Ислам дінінің негізін салушы. Мұхаммед (с.ғ.с.) 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбардың әкесі Абдулла Мұхаммед өмірге келместен екі ай бұрын қайтыс болған. Ал, анасы Әмина Расул Алла алты жасқа толғанда дүниеден өтеді. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) алғашында сүт анасы Халиманың, онан соң атасы Ғабдулмүтәліптің, ол қайтыс болған соң ағасы Әбутәліптің тәрбиесінде болған. Алғашқы уахи хазірет Мұхаммед Меккеден үш шақырым жердегі Хира үңгірінде ғибадат етіп отырған түні таң алдында рамазан айында түсті. Мұхаммед 610 жылдары 40 жасында Алланы, яғни бір Құдайға табынатын дін – Исламды уағыздай бастайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) Ислам дінін жария еткенде арабтардың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар Ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударады. Бұл жыл Ислам жыл санауының басы деп есептеледі. Оның арабша атауы – “хижра”, яғни “қоныс аудару” деген сөз. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдина қаласында қайтыс болды. Мұхаммед пайғамбардың “Мұстафа” (таза, нұрлы, сипатты), “Расул” (елші), “Хабибулла” (Алланың сүйіктісі), “Сағидулла” (Алланың көмекшісі), т.б. эпитет есімдері бар.
Нұх – Құранда есімі аталатын пайғамбарлардың бірі. Інжілдегі Ной. Құран Кәрімде оның аты 43 рет аталады және 71-сүре осы Нұх пайғамбар мен оның әулеттеріне арналған. Дүние жүзі халықтарының көбінде Нұхтың есімі “топан су оқиғасымен” байланысты айтылады. Аңыз бойынша, жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар оны Алланың жәрдемімен алдын ала сезіп, алып кеме-күпшекті жасайды да, күнәсіз адамдар мен жан-жануарлардың әр түрінен жұптан алып, әлгі кемеге мінгізеді. Осы кемеге мінген тіршілік иелері апаттан аман қалып, өмір қайта жалғасады.
Оғыз (ежелгі түрікше – оғуз, қазақша – оғыз). Оғыз атауының ұлыстық, тайпалық этнонимге айналуы түркі халықтарына ортақ «Оғызнама» жырындағы басты кейіпкер Оғыз қаған есімімен тікелей байланысты. Жырда ол барша түркі ру-тайпаларының арғы атасы етіп көрсетіледі.
Орақты (15 ғасырда өмір сүрген) – қол бастаған батыр. Керей және Жәнібек хандарының тұстасы. 1465 жылы шаңырақ көтерген Қазақ хандығының нығаюына үлкен үлес қосқан. Ойрат басқыншыларына қарсы шайқаста ерлік көрсеткен. Тегі Жалайыр руынан шыққан. Халық ақыны Қ.Жапсарбаев “Орақты батыр” атты дастан, жазушы О.Исмаилов повесть жазды. Батыр жерленген шоқы бұрыннан “Орақты төбе” деп аталады.
Саурық Ыстамбекұлы (1814–1854) – батыр, би. Ұлы жүз Шапыраштының Есқожа руынан шыққан. Қарасай батырдың алтыншы ұрпағы. Немере ағасы сұраншы батырмен бірге Жетісуды Ілеге дейін билеген Қоқан ханның езгісіне қарсы шығып, жергілікті халықтан жасақ құрды.1853 жылы Сарыкемерде Тілеуқабыл руларын шапқан Қоқандықтарға қарсы ұрысқа Саурық батыр да белсене қатысқан. Саурық қырғыздармен болған соғыс кезінде қазақ тапқан. Саурық туралы Сүйінбай, Жамбыл жыр толғаған.
Сұраншы (1815–1864) – батыр. Ұлы жүз Шапырашты ішінде Есқожа руынан. Арғы атасы – Қарасай батыр. 1848–1860 жылдары Қоқан билеушілерінің Жетісу басып кіруіне қарсы күресті. 1864–1865 жылдары Ресей әскері сапында Ұзынағаштан Сайрамға дейінгі қазақ ауылдарын азат етуге қатысқан қазақ батырларының бірі.
Тоқтамыс хан (т.ж.б. – 1406) – Алтын Орда ханы. ХІҮ ғасырдың 70-жылдары елінен қашып, Әмір Темірді паналады. Әмір Темірдің қолдауымен Сығанақтың, көп ұзамай Алтын Орданың тағына отырады. Мысырмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату үшін елші жібереді. 1382 жылы Мәскеуді басып алып, өртеп жібереді. Әмір Темірге бағынудан бас тартып, өз қамқоршысына қарсы шығады. Әмір Темірдің жұмсауымен 1399 жылы Темір Құтлық пен Едіге бастаған қол Тоқтамыс хан әскерлерін талқандайды. 1406 жылы Едіге қолынан қаза табады. Едіге мен Тоқтамыс арасындағы соғыстар тарихи жырларға арқау болып, халық жадында сақталып қалған.
Тоқтарбайұлы Қобыланды (XV ғ.) – аты аңызға айналған халық батыры. Шыққан тегі – Қыпшақ, оның ішінде Қара Қыпшақ. Халық жадында сақталған жырларда, әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды.
Толы, Төле, Толи, Тоуй – түркі-монғол ханзадасы. Шыңғыс ханның төртінші ұлы. Шешесі Бөрте Қоңырат қоңырат тайпасынан шыққан. Төле жас кезінен бастап үнемі әкесінің қасында болып, монғолдардың негізгі жорықтарының бәріне дерлік қатысқан. Кейін Шыңғыс хан өзі билеген аймақтарды Бөртеден туған төрт ұлына бөліп бергенде, Төлеге қарашаңырақ иесі – кенже бала ретінде монғол үстірті мен түркі-монғолдардың негізгі әскер күші мұраға қалдырылған. Негізгі әскер күшін өз қолына шоғырландырған ол моңғолдардың 1235–1242 жылдар Қытайға, Шығыс Еуропаға, Иранға жасаған жорықтарына белсене араласып, көмекке балаларын жіберіп отырды. Жазба деректерге қарағанда ағасы Шағатай мен Үгедейден бұрын қайтыс болған.
Тұрсын хан, Тұрсын Мұхаммед сұлтан (т. ж. б. – 1627) – қазақ ханы, Ташкенттің билеушісі. (1613–1627). Жалым сұлтанның ұлы. Хафиз Таныштың “Шаарф-наме-ий шахи” атты еңбегінде Жалым сұлтан мен оның екі ұлы Баба сұлтанның қолынан қаза тапқандығы айтылады. Аштархан (Жанилер) әулетінен шыққан Бұхар хандығының билеушісі Имамкули ханның көмегіне сүйенген Тұрсын хан Есім ханмен күрес жүргізді. Есім хан Тұрсын ханнан жеңіліп, Шығыс Түркістан билеушісі Абд әр-Рахымның ордасына кетуге мәжбүр болды. Ортағасырлық “Имамкули хан наме” атты шығарма авторының мәлімдеуінше Тұрсын ханның ордасы Ташкентте болған және ол сонда өз атынан теңге соқтырған. Оның билігі тұсында Ташкент, Түркістан, Сығанақ, Созақ, Сауран, Сайрам, Әндіжан, т.б. қалалар қазақтардың иелігінде болды. Есім хан қырғыздардан құралған жасағымен Тұрсын ханның Сырдария бойындағы ұлысына бірнеше рет жорық жасады. 1626 жылы Тұрсын хан. мен Есім хан өзара бейбіт келісімге келді. Бірақ бұл бейбіт келісім ұзаққа созылмай, Тұрсын хан тарапынан бұзылды. 1627 жылы Есім хан қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда Тұрсын хан оның ордасына шабуыл жасады. Жорықтан оралған Есім хан Тұрсын ханның әскеріне Сайрам түбінде ойсырата соққы берді. Мұнан соң Тұрсын хан әскері Ташкент маңындағы шайқаста да Есім хан әскерінен жеңілді. Осы жағдайда Тұрсын хан әскерінің біраз бөлігі Есім хан жағына шығып кетті. Тұрсын хан өз нөкерлерінің қолынан қаза тапты. Тұрсын хан тұсында қазақтар Қазанмен және Батыс Сібір қалаларымен қызу сауда жүргізді.
Шыңғыс хан (Шыңғыз, Чингиз) – моңғол ханы, Моңғол империясының құрушы. ХІІІ ғасырдың басында Қазақстан, Орта Азия елдеріне шапқыншылық соғысын бастайды. Жолында кездескен ұлыстармен ру-тайпаларды жаулап алып, өз әскерлерінің қатарын толықтыра отырып, оларды кезекті жорығына пайдаланады. Ғалымдардың зерттеулері Шыңғыс әскерінің басым көпшілігі осы түркі тектес ру-тайпалардан құралғанын көрсетті. Тіпті, ол Орта Азияны жаулап алып, енді Солтүстік Африкаға қол сұға бастайды, осы кезеңде Мысыр елін (Египет) басқарып отырған Бейбарыс сұлтан Шыңғыс хан жорығының бетін қайтарып, Мысыр еліне аяқ бастырмай қояды. Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін төрт ұлына (Жошы, Төле, Шағатай, Үгедей) бөліп беріп, олар өздері жаулап алған елдерде хандық құрады.
РУ АТАУЛАРЫ
Абақ – Керей руының бір тармағы. Керейдің «Төр шежіресі» керей этнонимінің Абақ (Әппақ) деген әйелімен байланыстырып, Абақ керей сол ананың ұрпағы дейді. Ел ішінде «Абақ – Үйсін Сармырзаның қызы. Күйеуі қайтыс болған соң Шымыр деген ұлын алып, төркініне кеткен. Нағашысы әлгі баланы кішкентайынан ашамайға мінгізіп «менің ашамайлы керейім» деп ертіп жүреді екен» деген аңыз сақталған. Абақ соңғы күйеуінен Құттықожа деген ұл туады. Одан Майқы (би Майқы емес), Майқыдан: Ермен-Изен, Жусан туады. Абақ керейдің қазіргі 12 атасы осыдан өрбиді.
Адай – Кіші жүздің он екі ата Байұлының басты рулардың бірі. Қыдырғожа әулетінен тарайтын Байұлыда: Есентемір, Адай, Беріш – үш ру бөлек аталып, өзінше бір топ құрайды. Адай руы Байұлы ішінде халқының саны жағынан да алдыңғы орындардың бірін алады. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі есеп бойынша Адайлар қырық мың түтін болған. Олар негізінен үлкен екі атадан – Құдайке мен Келімбердіден тарайды.
Албан – Ұлы жүз құрамына енетін ру. Албан атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. V–VІ ғасырларда Албандар Жетісу өңіріндегі Үрбі (Юебань) қауымдастығында чубань тайпасы аталып, Дулу одағында болған. Қазақ шежіресі бойынша Бәйдібектің Домалақ ана (Нұрила) есімді кіші әйелінен туған Жарықшақтың тұңғыш ұлынан тарайды. Атамекені – Оңтүстік-Шығыс Жетісу. Кейбір ұрпақтары Қазығұрт тауының (Оңтүстік Қазақстан) бөктерін мекендейді.Ұраны – Бақтияр, тайпалық ұраны – Райымбек, Бәйдібек, таңбасы – дөңгелек.
Алшын – қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігі, Кіші жүздегі Байұлы, Жетіру, Әлімұлы сияқты тайпалардың ортақ атауы. Ежелгі мекені – Алтай. Х ғасырда Алтай бойынан ойысып, Арал және Каспий теңізі маңындағы ежелгі тайпалармен араласып кеткен. Бір бөлігі қыпшақтармен бірге батысқа қарай жорыққа шығып, Мысырға дейін барған. Алшындар Х-ХІІ ғасырларда Қырымда болған. ХҮ-ХVІ ғасырларда Алшынның кейбір рулары Ноғай ордасының нығаюы үшін белсене күрескен. Кіші жүз шежірешілері Алшын атын қазақтың алғашқы биі Майқы есімімен де байланыстырады. Алшын ұрпақтары башқұрт, татар және Кіндік Азия халықтарының құрамында да бар.
Арғын – қазақ халқын құраған көне тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүздің құрамына енеді. Ежелгі қонысы – Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өзендерінің бойлары мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі шөлейт өлке. Бұл тайпаның ежелден келе жатқанын Орхон жазба ескерткіштеріндегі, Қытай жазбаларындағы мәліметтер мен М.Қашғари, орыс зерттеушісі Н.Аристовтардың еңбектері айғақтайды. Қазақ шежіресінде Арғындар бәйбіше арғын, тоқал арғын болып екіге бөлінеді. Бәйбішеден тарағандар «Бес мейрам» аталып, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік (қозған), Шегендік (Қақсал), Қаракесек деген аталарға бөлінсе, тоқалдан тарағандар «Жеті момын» аталып Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ болып жіктеледі.
Атығай – Арғын руының бір аталығы. Жеті Момынның бірі. Он екі ата Атығай (Дәуіт), Атығай-Қарауыл деп те аталады. Шежірелерге қарағанда, Атығайдан: Құдайберді, Бәйімбет, Баба, Моныс, Бабасын, Бағыс, Ақкиік, Құлансу, Қойлы, Есеншаңырақ, Майлыбалта, Жауғаш аталары тарайды.
Әлімұлы – қазақ халқын құраған Кіші жүз құрамындағы ірі үш рудың бірі. Шежіре бойынша «Қаракесек» деп те атайды. Әлімнің алты тармағы болғанына қарай, ел ішінде «Алты ата Әлім» деп те аталғаны мәлім. Белгілі ақын Ерімбет Көлдейбекұлы шежіресінде Әлімұлына Жаманақты (Шекті), Қарамашақты (Төртқара), Айнықты (Қарасақал), Ұланақты (Қаракесек), Тегінболатты, Тойқожаны (Ақкете) жатқызады. Мұны тарихшылар С.Толыбеков, Х.Маданов, зерттеуші Қ.Салғараұлы, шежіреші Ө.Ахметов те қостайды. Әлімнің тармағы алтау болғанымен, ұранға шыққаны – төртеу. Олар: Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық.
Байбақты – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша Байұлынан таратылады. Байжиен, Батақ аталарына бөлінеді. Ата қонысы Еділ мен Жайық өзендері аралығы, сондай-ақ, Ресейдің кейбір облыстарында да ұшырасады. Байбақты руынан атақты Жауғашты, Мәлке, Күшпен, Дәуімшар, Жомарт, Шолан, Сырым, т.б. билер мен батырлар шыққан. Ұраны – Дәуқара, таңбасы — бақан.
Байұлы – қазақ халқының Кіші жүзі құрамындағы ірі үш рудың бірі. Байұлына байланысты ежелгі Қытай деректері мен кейінгі жазба деректерде бірқатар мәліметтер ұшырасады. Байұлы атауы Орхон-Енесей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамасыларында Байегу деген атпен кездеседі. Тарихи деректер бойынша Байұлы алғашында Теле бірлестігінің құрамында болған. Түркі қағандығы оларды бағындырған соң әуелі Шығыс Түркі қағандығының, кейіннен Батыс Түркі қағандығының құрамына енеді.
Бәсентин – қазақ шежіресі бойынша Орта жүздегі Арғын тайпасының «Жеті момын» тармағынан таралатын ата. Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан, Ақтілес, Күшік, Қарабұжыр, Апай, Бөрі, Сырым аталарына бөлінеді. Ұраны – Барлыбай, таңбасы – ойық, тілік.
Жағалбайлы – қазақ халқының құрайтын рулардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігіне кіреді. Жағалбайлы Лез, Мырза руларына бөлінеді. Тарихи мәліметтер Жағалбайлының көне түркі тайпаларының бірі екендігін көрсетеді. Орта ғасырларда Жағалбайлылар Сырдария – Арал аймағында сыртқы күштер тарапынан талқандалып, жан-жаққа бытырап кеткен. Қазіргі қазақ халқының құрамына енген Жағалбайлы алғашында (б.з. ІІІ–XІІІ ғ.бас кезі ) Оғыз-Қыпшақ тайпалық бірлестіктері құрамында болған, кейіннен Ноғайлы ұлысы құрамына енген.
Жайылмыс – Дулаттың Жаныс руынан тарайтын ата. Жаныстан – Жанту, одан: Жайылмыс, Ақберді, Өтеміс, Құжақ, Қожамберді, Құдайберді.
Жалайыр – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Диқанбай батыр шежіресі (Н.Аристов жазып алған) бойынша Үйсіннен – Ақсақал (абақ таңбалы), Жансақал (тарақ таңбалы) таратылады. Соңғысынан Жалайыр тарайды. Тағы бір шежіреде Майқы биден тарайтын Жансақал мен Жалайыр бір адам деп тұжырымдалады. Жалайырдың шын аты Қабылан екен. Аңыз бойынша, жабайы құланның жалын айырып, содан Жалайыр атанған. Жалайыр: Сырманақ, Шуманақ, Бірманақ болып үшке бөлінеді. Шуманақтан: Андас, Мырза, Қарашапан, Орақты, Ақбұйым (Арықбұйым), Қалпе, Сыпатай аталары тарайды. Сырманақтан: Арықтыным-Байшегір, Балғалы, Қайшылы, Күшік тарайды. Бірманақтан тек Сиыршы (Байбөген) тарайды. Кейбір шежірелерде Бірманақтың аты аталмай, Сиыршыны Сырманаққа жатқызады. Осыдан келіп «он екі ата Жалайыр» атанған.
Жастабан – Керей руының бір атасы. Шежіре бойынша Орта жүз құрамындағы Керейдің Абақ керей тармағынан тарайды. Жастабандар бұрын Алтай тауының оңтүстік-батысында, Қара Ертіс пен Сауыр тауының оңтүстік-шығысына қоныстанған. Жастабан Бекназар (одан: Қожаберді, Құдайберді, Қойлыбай, Жәдігер), Қосай (одан: Еламан, Рысбетек, Жолай, Жолымбет, Құтыке) аталарына бөлінеді. Ұраны – Жобалай, таңбасы – абақ.
Жәдік – Абақ керейдің 12 руының бірі.
Жетіру – қазақ халқын құраған рулардың бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылар Жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары (Төлеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы) бірлестігімен байланыстырады. Қазақ руларының тарихына қатысты зерттеулерде Жетіру Тәуке хан кезінде осындай атпен топтасқан қауымдастық деп түсіндіріледі.
Ителі – Керей руының бір тармағы.
Керей – қазақ халқын құрған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Шежіре бойынша Орта жүз құрамына енеді. ІX–XІІ ғасырларда Керей тайпасы Керей хандығы аталған мемлекет құрып, Завхан, Тула, Сэлэнгэден Шығыс Моңғол құмына дейінгі даланы қоныс етіп, батысы Найман хандығы, солтүстігінде меркіттер, оңтүстігінде татарлар, шығысында Ся мемлекетімен іргелес жатты. Ол кезде Керей хандығы Керейт, Жиркин, Қонхойт, Сақайт, Тумаут, Албат, Тункайт-Киркун деп аталатын тайпалардан құралатын. Аталған тайпалардың ең ірісі керейлер болғандығы мәлім.
Көнсадақ – Керей руының бір бұтағы. Шежіре бойынша Керейдің Абақ керей тармағына енеді. ХХ ғасырдың басында Қара Ертіс бойын, Қытайды мекендеген. Аңызда Жаппас (Жабай) атты батыр бабалары садағын көнмен қаптағандықтан, ру солай аталған деп айтылады. Көнсадақтан – Шолан, одан Ақтас таратылады. Ұраны – Жабай.
Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді. Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын олардың көпшілігі Батыс Қазақстан өңірінде құрылған Ноғайлы хандығының одақтасы болды. Оның құрылуына ішкі себептермен қоса сыртқы дұшпаннан қорғану мақсаты да әсер еткен. Ноғай Ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Соған байланысты Кіші жүз қазақтары ел арасында “Кіші жүз–Алшын” атанған. Оның құрамына он екі ата Байұлы (Адай, Алшын, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Масқар, Таз, Есентемір, Ысық, Қызылқұрт, Шеркеш), Жетіру (Табын, Тама, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан), алты ата Әлімұлы (Қаракесек, Қарасақал, Төртқара, Кете, Шөмекей, Шекті) рулары енеді.
Қаңлы – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Қаңлы этногенезі мен тарихы туралы жазба деректер (қытай жазба деректері т.б.) мен оның шығу тарихы жөнінде ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер аз емес.
Қаракесек – Орта жүз Арғын руының бір атасы. Шежіре деректеріне қарағанда, Қаракесек Арғын руының “Бес мейрам” атанатын бірлестігіне кіреді, яғни Мейрам сопының кіші әйелі Қарқабаттан туған Болатқожа деген баласынан тарайтын ата. Қаракесектен Майқы, Бошан, Танас тарайды. Қаракесектің рулық ұраны мен таңбасы Арғын тайпасымен бірдей болғанымен, Арғын ішінде Болатқожаның шешесі Қарқабат атын ұран еткен.
Қарақалпақ – түркі тілді халық. Қарақалпақ халқының этногенезі Сырдарияның сағасы мен Арал жағалауы даласын мекендеген тайпаларға тығыз байланысты. Қарақалпақтардың көпшілігі 17 ғасырда және 18 ғасырдың орта кезінде Сырдарияның ортаңғы ағысы мен сағасындағы алапты мекендеген. Қарақалпақтар қазақтың Кіші жүз хандарына тәуелді болды. Көрші тайпалардың тынымсыз шабуылына ұшыраған қарақалпақтар 1742 жылы Орынбор мен Петербургке өз өкілдерін жіберіп, Орыс мемлекетінің қарамағына кіруді өтінді. Орыс үкіметі олардың тілегін қабыл алды. Сол үшін 1743 жылы қазақ ханы Әбілхайыр қарақалпаққа жорық жасады. Осының нәтижесінде қарақалпақтардың көпшілігі 18 ғасырдың 2-жартысына таман Сырдарияны тастап, оның батыс атырауына құятын Жаңа дария бойына қарай ойысты. 18 ғасырдың аяғында Хиуа хандарының жорықтары күшейді. Олар 1811 жылы Қарақалпақтарды жаулап алып, Амударияның сағасына көшірумен тынды.
Қарауыл – Арғынның Момын деген бәйбішесінен: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы; Қарасопыдан: Бәсентиін, Қарауыл, Қарауылдан Түнғатар, Қадды, Бошпан болып тарайды.
Қоңырат – Орта жүз құрамындағы ру. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың этникалық тарихында Қоңырат руының өзіндік орны бар. Көбінесе, Жиделібайсын, Сыр бойы мен Орта Азия далаларын мекендеген. Өзбекстанда Қоңырат қаласы бар. Алпамыс батыр Осы қоңырат руынан шыққан делінеді.
Қуандық – Арғын атадан: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Бегендіктен Қозған, Тәңірберді, Сырық деген балалар өрбиді.
Қызай – Найманнан өрбіген ру. Қызай Үйсін елінің қызы (есімі – Күнбүбі, кейбір нұсқаларда Қарлығаш дейді). Шежіре бойынша Бәйдібек байдың ұлы Ілебайдың қызы екен. Ілебай соғыста қаза тауып, Қызайды атасы Бәйдібек бауырына салып өсіреді. Күнбүбі асқан зерек әрі көрікті болғандықтан “қыз-ай”, “қыз-ай!” деген сүйініштен «Қызай» аталып кетеді. Оны Матайдың ұрпағы Шағырай алады. Осы Шағырайдан тараған ұрпақ өсіп-өніп, рулы ел болып ананың атымен “Қызай елі” атанады.
Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құрған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақ атауы алғаш ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде кездеседі. Махмұт Қашқари еңбегі бойынша, ІX ғасырдағы қыпшақтардың құрамына қимақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрлі т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақтар түрік қағанаты ыдырағаннан кейін алғашында қимақ қағандығының құрамында болып, XІ ғасырда бөлініп шықты. Шыңғысхан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті қыпшақ деп атаған.
Матай – Орта жүз Найман руының бір бұтағы. Матай руы өз ішінде Аталық, Қаптағай болып тармаққа бөлінеді.
Найман – қазақ халқын құрған ежелгі түркі түркі тайпаларының бірі. Көптеген зерттеушілердің пікірінше «найман» атауы моңғолша «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Оғыз тайпасынан шыққан наймандар түркі тілдес болды. Олар XІІІ ғасырдан бастап «Сегіз оғыз», кейінрек «Цзбубу» одағын құрды. ХІІ ғасырдың 2-жартысында күшті мемлекет болғандығын тарихшылар жоққа шығармайды. Найман батысында қаңлы, қыпшақ; шығысында керей, меркіт; теріскейінде қырғыз; оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоныстас болған. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Найман хандығы құлап, ыдырағаннан кейін өздерінің байырғы ата қонысына таяу Ертіс, Алтай алабына қоныс аударып, Үгедей ханның ұлысына қарады. Қазақ халқының шежіре деректері бойынша Найман ұлысы Орта жүзге кіреді. Найманнан: Терістаңбалы (кейде – елата), Сарыжомарт (Ергенекті найман), Төлегетай деген рулар бірлестіктері тарайды.
Ноғай – түркі халықтарының бірі. Негізінен Ресей Федерациясында (Ставрополь аймағы, Дағыстан, Шешенстан т.б.) тұрады. Жалпы саны 75 мыңдай адам (2002). Басты субэтникалық топтары: қара ноғайлар, ащықұлан-ноғай, ақ ноғай немесе қубандықтар, астрахандық ноғай. Антрополологиялық жағынан Оңтүстік Сібір (тұран) ауыспалы аралас нәсіліне жатады. Ноғай тілінде сөйлейді. Діні – мұсылман, сүннит. Әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты жағынан қазақ пен қарақалпаққа өте жақын. Ноғай Алтын Орда әскерінің қолбасшысы Ноғай ұлысының құрамына кірген түркі тілдес қыпшақтармен араласып, олардың тілін қабылдаған түрлі түркі және моңғол тайпаларының ұрпағы.
Орта жүз – қазақ қоғамындағы үш ірі тайпалық бірлестіктің бірі. Яғни, олар: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Орта жүзге Сарысудан бастап, төменгі Сырдариядан Ертіске, Тобылға, Есілге дейінгі аралықта көшпенді тұрмыс кешкен Арғын, Қоңырат, Уақ, Қыпшақ, Керей, Найман т.б. қазақ рулары кіреді.
Суан – Жарықшақтың ортаншы баласынан өрбіген ру. Суан руының негізгі ірі атасы төртке: Тұрдымбет, Мұрат, Бердіке мен Баубекке бөлінетін Тоқарыстан болып есептеледі. Тұрдымбет өз кезегінде үш тармақ: Бөргелтай, Есет, Тұрсынға тарайды. Есеттен Қошқар, одан Жанқозы, Бөлек, Одыр, Мейіз. Одырдан Сүйімбай, Сабаз, Қабай. Шежіреде айтылатындай, Мұраттың алты баласы болыпты: Орыс, Қараменде, Шегірен, Қарабек, Әбдісүгір, Байтөгей. Ел аузында Байтөгейден басқаларын Бес Мұрат деп те атайды. Мұраттың үлкен ұлы Орыс, одан Мырзагелді, Хангелді. Соңғының екі ұлы бар Сұлтанқұл мен Ақша. Мырзагелдінің ұрпақтары недәуір болып, жеті атаға жіктеледі: Қожеке, Тілеке, Кебенек, Олдақсан, Туматай, Еділбай, Мәмбет. Мәмбеттің бірінші Қарлығаш есімді әйелінен Мақпал туса, ал екішпі әйелі Желкілдектен жеті ұл көрген: Сүттібай, Құттыбай, Медеубай, Мес, Айдабол (Сондықтан оларды анасының атымеп Желкілдектің Жеті тазы деп те атайды). Айдаболдан Сабалы, Бабалы, Баба, Байшымыр.
Сүйіндік – Арғынның Мейрам деген баласынан тарайтын аталық. Сүйіндік өз ішінде: Қаржас, Орманшы, Құлболды, Жанболды, Мәжік секілді тармақтарға бөлінеді.
Табын – Жетіру бірлестігінің құрамындағы ру. М.Тынышбаев зерттеуінде Табын, Жаманкерей, Бозым, Бегім, Қайырқожа деген төрт атаға бөлінеді. Енді бір шежіреде Табыннан Шөмішті, Тарақты, Көсеулі тарайды.
Таз – Кіші жүздің 12 ата Байұлы тайпасынан тарайтын ру. Байұлының үшінші әйелінен: Беріш, Таз, Есентемір. Таздан: Абдал, Келдібай, Жастабан, Шарғы, Ақсерке, Жантай, Жақабай, Құнбас, Асан, Сырлыбай, Байтемір, Жолым, Жиен деген аталықтар бөлінеді.
Тарақты – Орта жүз құрамындағы ру. Тарақты ежелгі одақтар мен мемлекеттердің құрамына енуі жайында әдебиетте деректер кездеспейді. Оның шығу тегі жөнінде қазақ шежіресінде бірізділік жоқ. Шежіре деректері бойынша Ақжолдан: Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Тарақты, Уақ, Тарақтыдан: Апай, Тоқтауыл, Қыдыр, Жәші (Жасши), Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ, Алакөз, Шәуке, Әлеуке, Көгедей болып он екі арыс ел тарайды. Басқа шежіре деректерінде Тарақтыны Арғын руына жатқызады. Тарақты Қазан төңкерісіне дейін Орталық Қазақстанның Ақтау, Қызылтау, Ортау мекендерін, Жоғарғы Сарысу, Көктің көлі, Есіл, Нұра өзендерінің бойын мекендеген. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Тарақтының Наймантай, Байғозы батырларының есімдері аңызға айналған. Ұраны – Жауғашар, Байғозы, тарақ таңбалы.
Татар – түркі тілдес халық. Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. «Татар» этнонимі Байқалдың оңтүстік – шығыс жағын мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларының арасында V–ІX ғасырларда белгілі болған. XІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде татарлар Еуропаға еніп, XІІІ–XІV ғасырларда олардың шағын тобы Алтын Орда құрамындағы түркі халықтарына сіңіп кетті. XVІ–XІX ғасырлардағы орыс жазбаларында Кавказды, Еділ мен Орал өңірін, Орта Азияны мекендеген түркі тайпалары татар деп жалпылама аталып келген. Ертеректе Еділ бойы татарлары өздерін болгар, қазан кешесе, қазанлы деп әр қалай атаған. Антропологиялық жағынан татар еуропалық нәсілге, Сібір татарлары тұран аралас нәсілге жатады. Ислам дінінің сүннит тармағын, аз бөлігі христиан дінінің православие тармағын ұстанады.
Тобықты – Орта жүз арғын тайпасынан тарайтын белді рулардың бірі. Тобықтының үлкен баласы Рыспетектің үш баласы – Мұсабай, Көкше, Дадан және Мұсабайдың үйсінге берген қызынан туған жиені – Қолұқ және жоғарғы Жуантаяқ атанған осы бесеуін бес атаның ұлы Тобықты «Бесжан Мұсабай» дейді. Көкшенің екі баласы – Топыш, Томан. Топыштың екі баласы – Бәши, Шобан. Томанның екі баласы – Қаракөшек, Балтай. Шобанның алты баласы: Надир, Бәрит, Әлім, Жасыбай, Қарабақан, Турабай.
Төртуыл – Найман руының бір бұтағы. Найманнан – Төлегетай; Төлегетайдан: Қаракерей, Мұрын, Төртуыл, Матай, Аталық, Кенже, Садыр болып жіктеліп кетеді.
Уақ – Орта жүз құрамына кіретін ру. Шежіре деректерінде Уақ аталарының бірі ретінде әйгілі Ер Көкше батыр мен оның ұлы Ер Қосай батырдың есімдері аталған. Уақтың шығу тегі туралы пікірлер де әр түрлі. Тарихшылар Ә.Марғұлан мен Н.Мыңжани ІХ-ХІІІ ғасырларда моңғол үстіртін мекендеген онгуттарды Уақ деп есептеген. Ш.Құдайбердіұлы мен А.Левшин оларды қазақ хандығына ХІҮ-ХҮІІ ғасырларда ғана қосылды деп санаған. Ал Ш.Уәлиханов Ер Көкше, Ер Қосай батырлар арқылы уақтар Алтын Орда ыдыраған кезден бастап көріне бастады дейді. Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша Уақ Керей тайпасымен туыстас. Уақтың алғашқы атамекені Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Моңғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан Уақтар өзінің ата-мекенінен ығысып, солтүстікте Тобыл және Үй өзендеріне, Батыста Торғай өлкесіне, ал оңтүстікте Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына дейін жетті. Ұраны – Жаубасар, Бармақ, таңбасы – П (босаға, ашамай).
Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында Үйсін атауы б.з.б ІІ ғасырдан бастап кездеседі. Ғұндардың күшейуінен қорыққан Қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жібереді. Үйсін тайпалық бірлестігі бұл тұста Қытайдың батысындағы өзге елдермен дәрежесі тең қуатты да, құдіретті мемлекет болды. Үйсіннің шығу тегі, таралуы, қазақ халқының тарихындағы рөлі жайында тарихи-генеалогиялық зерттеулерде талас пікірлер аз емес. Оған себеп – жазба дерек көздері. Атап айтқанда VІІ ғасырдағы Қытай жазушысы Чин-гу «Батыс өлкенің өзге шетелдіктерінен Үйсіндердің едәуір айырмашылығы бар, олардың көзі көк, жирен сақалды» деп жазды. Жетісу үйсіндерінің шығу тегін анықтау жолында А.Н.Бернштам, К.А.Ақышев, Г.А.Кушаевтар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Есік қорғанынан қазып алынған (1969-1970) «алтын адам» «сақ ханзадасы» деп тұжырымдалғанымен, соңғы зерттеулер «Үйсін адамы» деген пікірді алға тартады.
Шекті – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре деректері бойынша Кіші жүз Әлім ұлы бірлестігіне кіреді. Әлімнен алты ата тарайды. Соның үлкені әрі ең өсіп-өнгені осы Шекті. Лақаб аты – Жаманақ. Кейбір шежірелерде “Бес Шекті” аталғанымен, Шектінің шежіреге түскен балалары төртеу: Шыңғыс, Өріс, Баубек, Бөлек.
СӨЗДІК
Абадан – бастаушы
Ажам /а/ – араптан басқа халықты осылай атайды.
Азан – намаз уақытының болғандығын хабарлау
Азан-хәумет – азаншысы және жамағаты
Айкіл – айтұмар мағынасында
Айтмақ – айтпақ
Айттыкүм – айтты
Алай болсын – солай болсын
Алар – олар
Алаша – әр түске боялған жіптерден арасына арқау салып түрлі-түсті жіптерді жарыстыра отырыпжолақтап немесе теру арқылы көп мінерлі өрнекпен тоқылатын тақыр кілем, төсеніш.
Алдылар – алды
Андағ – сондай
Андан – онан
Андас – дос, жолдас
Андин – сонан
Аны – оны
Аның үшінкүм – оның үшін
Аңа /к.с/ – оған
Арзу, арду /а, п/ – арыз, өтініш
Арсылан – арыстан
Асылы – нәсілі, тегі
Атадылар – атады
Атадылар – атады
Ауазлар /п/ – 1. Дауыс, үн, дыбыс, 2. Өлең
Ашкідет /ж.с/ – жерік
Ашықлық – ғашықтық
Әма – бірақ, содан
Әмә – күллі, бүкіл
Әуләтләрі - әулеттері
Әшкере /т/ – ашықтан-ашық, жария
Әшірә-әшірәт /а/ – мүліктің оннан бірі
Бағлап /т/– байлап
Бақпаспын – күтпеспін
Балиғ /а/ – бәлиғатқа толу, ержету
Бастас – сырлас, мұңдас, пікірлес
Бәднам /п/ – масқаралау, жаманатты ету
Бәрак Алла /а/ – Алланың жақсылығы, нұры түссін
Бегірек – өте, тым, аса, тіпті
Бенен – менен
Беңа /т/ – маған
Бергіл – бергін
Биғайт, биғаят /а/ – бағынышты
Бұзғыл – бұзғын
Бұндин – бұнан, мұнан
Бізлер – біздер
Білмәсләр – білместі, ұқпасты
Бірлән – бірге
Второй /о/ – екінші
Гуаһлық беру – куәлік беру
Гүзел /т/ – сұлу, көрікті, әдемі, сүйікті
Ғайт /п/ – соңы, ақыры
Ғайт көрікті – өте көрікті, аса көрікті
Ғамзада (әму /а/ + зәде /п/) – ағайындылардың балалары
Дарақ /п/ – оңаша өскен ағаш
Дарваза, дарбаза – қораның, мекен-жайдың сыртқы үлкен қақпасы
Дахи – және, тағы да
Дая – басыбайлы қызметші; бала бағушы
Дейділер – дейді
Дейләр /т/– дейді.
Диуана, дуана – ризығын көктен тілеп, кәсіпсіз жүретін адам; дәруіш
Емді – енді
Ергеншек /ж.с/ – киіз үйдің есігі
Ерді – еді
Ердім – едім
Ерміш /т/ – еді, екен
Ерні – ерді
Ерішті – ерді, ұлғайды
Еслері – естері
Естігеш – естісімен
Жанлық – жанды, тірі
Жәпек– жібек
Жәфат, жүфұт /п/ – жұп, зайып, қосақ, жұбай
Жіберің – жібергін
Зағиф /а/ – соқыр, әлсіз, нашар, ауру
Запы (запы болды) – ығыр болу, жүрегі шайлықты деген мағынада
Зәңгі – зор, үлкен; қара түсті адам; дастандық шығармаларда қаһарманға қарсы тұратын сүйкімсіз кейіпкерлер көп жағдайда зәңгі аталады
Зи һәжі /а/ – һижыра жылының соңғы айы
Зина /а/ – нәпсіқұмарлық, жезөкшелік, тұрақсыздық, бұзықтық; неке бұзушылық
Зира, зираки /п/ – өйткені, себебі
Зияпат /а/ – қонағсы, дастарқан жаю
Зумурат /а/ – меруерт тас
Иасын төгіп – жасын төгіп
Игырма – жиырма
Илә – және
Имен /п/ – аман
Ирсә /т/ – сөйтсе, сөйтіп
Иүклі /т/ – жүкті
Ихтіләм /а/ - қосылу, жасау
Ишаншылы – жоғарғы, атақты дін басшысы, кеңесші
Кеусенмасах – жалдамалы шаруа (астық масақтап, үлесін алатын қызметкер)
Көргізгіл – көргізгін
Көрміш – көрген
Күмішім /т/– күмісім
Кіре – жалдамалы күш көлігі
Қайттылар – қайтты
Қара құлақ – есейген, марқайған төл
Қаралды – пошымы, пішіні
Қарамал – жылқы, түйе сияқты ірі қара малдардың денесіне бөртіп шығатын ұсақ жара.
Қари /а/ – құранды жатқа айтатын адам
Қасына – жол жүруге ниет қылып деген мағынада
Қашмақ /т/– қашпақ
Қисап /а/ – есеп
Қозыилән – қозыменен
Қоймыш – қоятын
Құнысу – денені тік ұстамай бүкшию, бүкірею, иілу
Құрығ – құрғақ
Құяш /ө/ – күн
Ләкин /а/ – бірақ, дегенмен, бәлкім
Ләшкар – әскер
Ленссан Каізабуй /а/ – тек қарғыс тілді азғырушыларға байланысты сөз.
Мақам /а/ – болу, мекен, тұрақ
Манат – барқыт тәрізді сырт киімдік бағалы шұға
Мәзжүб /а/ – тартымды, сүйкімді, әдемі
Мәзүр машғұл /а/ – жұмыс істейтін, бос емес
Мәулет – белгілі бір істі, тапсырманы орындауға берілген уақыт, мерзім; мүмкіндік
Мәһәр, маһир /а/ – ұста, шебер.
Мәшһұр /а/ – әйгілі, атақты, даңқты, белгілі
Меңа – маған
Мигир, мәгәр /п/ – тек қана
Мизаж /а/ – көңіл-күй
Миһрлы, меһирлы /п/ – мейірлі
Мұндағ – мұндай
Мүбәрак /а/ – берекелі, қасиетті, құтты
Мүбәрәк /а/ – берекелі, қасиетті, құтты
Мүкәммал /а/ – дүние-мүлік, қазына-байлық
Мүпти /а/ – дінбасы
Нам /п/ – есім, ат
Наумит/а/ – үмітсіз, дәмесіз.
Нәзір /а/ – құдай жолына берілетін садақа, қайыр
Нәсібіліге – несібеге
Некүмән – күмәнсіз, таза
Нетік – не шара, не
Нешік – не, қандай деген мағынада
Нышан – белгі
Олтыр – отыр
Оразалы – басына жақсылық үйір, құт-берекелі, бақытты
Отцовство /о/ – ноқта ағасы деген мағынада
Ошарыла /ж/ – жаппай, қопарыла көшу
Пана – жарлық берді деген мағынада
Партия – Қандай да бір қоғамдық таптың мүддесін қорғап, ортақ мүдде негізінде біріккен, өкімет билігіне ұмтылатын саяси ұйым
Пәришан /п/ – қапалы, қайғылы, қасіретті
Пәсті /п/ – нашар, бәсең, төмен (тағдың пәстісі – таудың етегі)
Первый /о/ – бірінші
Рауан /п, т/ – жүру, қозғалу, жылжу
Рәсім /а/ – әдет-ғұрып, жол-жора, салт-дәстүр.
Сақлағыл – сақтағын
Салбұрын – аңды бүркітпен аулау, бүркіт ұстап саятшы болу ісі
Сарт – 1. Саудагер, бақалшы. 2. Ұйғыр, өзбек, тәжік секілді саудамен айналысатын қала жұрты
Сәуе /ж.с/ – сәуле, жарық
Сейхұлхәрәм, шейхұлхарам /а/ – теріс насихат жүргізетін арамза моладар
Сенікі олсын – сенікі болсын
Сеңа – саған
Сеңсең – марқайған қозының қырқылмаған, өскелең жүндес терісі.
Сой /ж.с./ – арғы заты, тегі, түбі, сүйегі
Сойғап – мәтін бойынша аяулы, қастерлі, сүйікті деген мағынада
Сонар – қалың қар жауып ашылғаннан кейінгі аңға шығуға қолайлы тынық күн
Сұрағақ – атақ
Сұрадылар – сұрады
Тағ /т/ – тау
Тақайыр – айныды, өзгерді
Талақ /а/ – ажырау, ажырасу; әйелін тастау және дүниеден, тіршіліктен безу деген мағынаны береді; жоқ болу, қирау
Талима – талайыма
Тамам /а/ – барлық, күллі, дүйім; бітті, аяқталды
Тамға – таңба
Тәжород /п/ – бойдақ, дара, жалғыз
Тезқатар /ж.с/ – ашушаң, мінезі жеңіл
Тоңғыз – доңыз
Тұғды – туды
Тұғымыш – туған
Тұл қалды – жесір қалды
Тұттылар – билік жүргізді, басқарды
Тұту – 1. ұстау, 2. билік жүргізу, басқару
Түгенмес – түгемес, таусылмас
Түсеу – затты немесе адамды түсінде көру
Уағда /а/ – уәде
Ұғлан – ұл
Ұғыл – ұл, ер
Үгіретті – үйретті
Үшбу /а/ – осы
Фәни, пәни /а/ – тұрағы жоқ, баянсыз. Алдамшы, өткінші, опасыз дүние
Фируза /а/ – көк түсті асыл тас.
Фота, пота – алтын жалатылған қымбат белбеу
Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алла Тағаланың 99 есімінің бірі.
Хамле /а/ – жүкті, екіқабат (хамле болмыш – жүкті болыпты)
Харабот /п/ – сопылардың нәпсілерінен арылып, тазару үшін бас қосатын орын
Харам /а/ – шариғат бойынша тыйым салынған, яғни ішіп-жеуге, қолдануға жарамайтын нәрсе [Құран Кәрімде бұл түсінік 71 жерде қолданылған]; заңсыз, таза емес
Хасыл /а/ – нәтиже, жүзеге асу, дайын
Хижра /а/ – мұсылманша жыл санауы. 622 жылы мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға көшкен жылынан басталады
Хош – жақсы, дұрыс, орынды
Хошы кетіп – есі кетіп, есінен танып, көңілі ауып
Хошыға келді – есін жиді
Һалатта – сол жағдайда, мезетте, кезде
Һәләк /а/ – жан тапсыру, қирау, әлек болу
һәм /п/ – және
Һеш – еш
Һодһод /а/ – көкек, бәбісек, Сүлеймен құсы, тарақ басты құс.
Һүнді – үнді
Шариғат /а/ – адам өмірінің барлық жай-жапсарын қамтитын мұсылман дінінің заңы, ережелері.
Шәр, шаһар /а/ – қала
Шегелік – тігелік, жегелік
Шомлар /п/ – бақытсыздар
Шонда – сонда
Шоныки – сонымен
Шөңке – ас пісіретін шағын ыдыс
Шүлен – ақысыз, тегін, пұлсыз таратылатын ас, тағам. Құрбандық шалу, тасаттық беру мағынасында да келеді.
Шүршіт – қытай-маньчжур текті халықтардың қазақтар арасында тараған жалпылама атауы. Кейінгі орта ғасырлардан бастап, 19 ғасырдың соңына дейін кеңінен қолданылған. Қазақтар тілі шүлдірлеп тұрған қытайлықтарды көріп, Шүршіт деп атаған. Кейбір деректер бойынша бойларының қысқалығына байланысты шыққан. Кейіннен қытай атауы Шүршіт сөзін ығыстырып шығарды
Шүһрат /а/ – атақ, даңқ
Іңірітші /т/ – аң аулаушы деген мағынада
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Алтын Орда – Орта ғасырларда Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті Қыпшақта құрылған түркі мемлекеті. Алтын Орда құрамына Ертістің шығыс жағалауынан Балтық теңізіне дейінгі, Сібірден Хорезмге шейінгі ұлан ғайыр аумақ енді. Бату хан тұсында мемлекет астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы болып, кейін Берке хан кезінде Сарай Беркеге көшірілді. Алтын Орда Анадолымен, Сириямен, Мысырмен, Византиямен және Шығыс елдерімен сауда қатынасын орнатып, елшіліктер алмасты. Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағына бақылау жүргізді. Әмір Темірдің жойқын әскері жасаған үш жорығынан кейін Алтын Орда әлсіреп, 1502 ж. соңғы билеуші Шейх Ахмед ханның өлімінен соң мемлекет жойылды. Алтын Орданың аумағында Қырым, Қазан, Қасым, Астрахан, Сібір, Башқұрт хандықтары пайда болды.
Ақ Орда – Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының үлкен ұлы Орда Ежен, оның інілері Шайбани, Шингкур, Тұқа Темір ұлыстары негізінде құрылған мемлекет. Астанасы алғашында Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы бойында, Алакөл маңында болған. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Сыр бойына көшірілді. Орыс хан тұсында Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп дербес хандыққа айналды. Әмір Темірдің бірнеше жорығынан кейін Ақ Орда айтарлықтай әлсіреді.
Ақсеңгір, Көксеңгір, Қарасеңгір –жер атаулары. Арқада бірнеше жерде кездеседі, оның ішінде Ереймен тауына жақын, Сілті өзенінің бойында кездеседі. Мына Көксеңгір Аякөз өзені бойында Жорға, Жауыр тауларына көрші тұратын Көксеңгір болуы мүмкін.
Ақсу – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би, Сайрам аудандары жерімен ағып өтетін өзен. Сырдария өзенінің алабындағы Арыс өзенінің сол жақ саласы. Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі Мұздықтан бастау алады. Жоғарғы ағысында аңғары тар шатқалды, тік жарлы, бұралаң келеді. Негізінен мұздықтар мен қар суымен толығады. Суы бау-бақша, егістік суаруға пайдаланылады. Өзеннің жоғарғы ағысы бойында Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан. Өзен алабында ежелгі Сайрам (Исфиджаб) қаласының орны қалған.
Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан тұйық көл. Батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Алакөлге 15-тен астам үлкенді-кішілі өзендер құяды.
Алатау – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің аумағында орналасқан тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Талас Алатауы, Кузнец Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, т.б. жатады.
Алматы (Алмату, Алмалық, Алма-Ата) – Қазақстандағы республикалық мәртебеге ие ең ірі қала. Тарихи мың жылдан асқан Орталық Азиядағы ірі тарихи сауда-қаржы, экономикалық және ғылыми, мәдени орталық. Қазақстанның бұрынғы астанасы (1927 – 1997). Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан қаланың 1,5 млн. астам тұрғыны. Аймақтық қаржы орталығы, елдегі алғашқы метрополитен салынған.
Алтай – терістік жағы Ресей, шығысы – Қытай, оңтүстік-шығысы – Қазақстандағы биік таулы аймақ. Ресейдің Алтай өлкесі Таулы Алтай автономиялық облысын қамтиды. Алтайдың терістігінде, Таулы Алтайда Катун, Чуй, Бум өзендері Обь өзеніне құйса, Бұқтырма өзені Шығыс Қазақстанға қарай ағады.
Арал - Қызылорда облысындағы аудан орталығы, қала, темір жол стансасы. Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы Үлкен Сарышығанақ қолтығында, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1905 жылы “Алтықұдық” деп аталған кішкене қыстақ негізінде қаланған. Кеңес өкіметі орнағаннан соң жұмысшы поселкесіне, кейін қалаға айналды. Арал арқылы Орынбор- Ташкент темір жолы мен Қызылорда-Ақтөбе автомобиль жолы өтеді.
Арқа – Жайық пен Ертіс өзендері аралығында созылып жатқан ұлан-ғайыр шөлді, қыратты, таулы, сулы да нулы өңірлер, яғни еліміздің терістік өлкесі “Арқа”, “Сарыарқа” деп аталады.
Арыс – Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзен.
Асы – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының ауқымындағы ауылдық әкімшілік округ орталығы, өзен атауы және Іле Алатауының шығыс сілеміндегі жайлау.
Әулиеата – қазіргі Тараз қаласының ХҮІІІ-ХХ ғасыр басындағы атауы. Ежелгі Тараздың орнына ХVІІІ ғасырда салынған. 1864 жылға дейін Қоқан хандығына қараған. 1938 жылы ұлы ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың құрметіне «Жамбыл» есімі берілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң 1997 жылы қалаға өзінің көне атауын қайта иеленді.
Бадам – Оңтүстік Қазақстан обылысының Бөген ауданындағы өзен. Қаржан тауынан басталып, Арыс өзеніне құяды.
Бұхара – Амудария мен Сырдария өзендерінің аралығында ежелгі Түркі халықтарының өзбек тармағы құрған хандық. Ол 1920 жылға дейін жеке өмір сүріп, 1924 жылы территориясы Өзбекстан, Түрікменстан, Үндістан Республикасының құрамына енген. Бұхараның бір бөлігі Пянди өзені бассейніндегі (Амударияның басқа ағысы) таулы өңірімен, екінші жағы Қашқадария, Зарафшан мен Амударияның төменгі ағысында (Қызылқұм, Ұртаушул т.б.) құмды даламен ұштасып жатады.
Еділ – қазіргі Волга өзенінің бұрынғы атауы (ертедегі жазбаларда «Ра», «Итил» деген атаулармен белгілі). Қазақ халқының көне заманнан бері жайлап келген тарихи атамекені. Қазақтың ұлы жыраулары мен ақындары оған арнап, ұлы шығармалар жазған, оны құтты мекен, алтын бесік ретінде ардақтап, айшықталған. Қазіргі Ресей федерациясы аумағында жатқан бастауын Валдай қыратынан алып, Каспий теңізіне құятын Еуропадағы ең үлкен өзен.
Ертіс – Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен. Обьтың сол саласы. Монғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Өскемен, Павлодар, Қарағанды облыстарының өнеркәсіп орындары және шаруашылықтары өзен суын кеңінен пайдаланады.
Есіл – Ертіс өзенінің сол жақ саласы. Қазақстанның Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Ресейдің Түмен, Омбы облыстары жерінен өтеді. Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі Нияз тауының батыс беткейінен басталып, Омбы облысындағы Усть-Ишим селосының тұсында Ертіс өзеніне құяды.
Жайық – Орал тауынан бастау алып, Каспий теңізіне құятын өзен атауы.
Жаркент – Алматы облысы, Панфилов ауданның әкімшілік орталығы. Алматы қаласының оңтүстік шығысына қарай 300 шақырымдай қашықтықта орналасқан бұл қаланың тарихы әлемге көне замандардан бері танылған.
Жем (Ембі) – Каспий алабындағы өзен. Ақтөбе және Атырау облыстарымен ағып өтеді.
Жетісу – еліміздегі ең ірі өлкелердің бірі. Жері сулы, нулы Жетісу туралы ғалымдар түрлі пікірде болып келгені белгілі. Кей деректерде Жетісу құрамына Іле, Қаратал, Ақсу, Бүйен, Лепсі, Басқан, Сарқант өзендері жатқызылса, танымал зерттеуші Ә. Тұрлыбаев Бүйен, Басқан, Сарқант өзендерінің орнына Аякөзді, Талас пен Шуды кіргізеді. Жетісудың аумағында 1867 жылы Жетісу (Семиреченская) облысы құрылып, ол 1922 жылы Жетісу облысы, 1924 жылы Жетісу губерниясы болып аталып, 1932 Алматы облысы бөлініп шықты.
Жиделі Байсын – қазақ фольклорында жиі аталатын берекелі, қасиетті, құтты мекен. Самарқаннан оңтүстікке және Бұхарадан оңтүстік-батысқа қарай Гиссар жотасының оңтүстік-батыс шеті. ХҮІ ғасырда Мұхаммед Шәйбани бастаған Дешті Қыпшақтың көшпелі түркі рулары Орта Азия жерін басып алғанда Жиделі Байсын қазақ, қарақалпақ халықтарының үлесіне тиген. Тарихи жағдайларға байланысты бұл өлке уақыт өте аңызға, қазақ халқының аңсарлы мекені – Жерұйықтың үлгісіне айналды.
Иран – Азияның оңтүстік батысында орналасқан мемлекет.
Исфиджаб – ортағасырлық қала. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам кентінің оңтүстік-батысында, Шымкент қаласының шығысына қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Ұлы Жібек жолының Шаш пен Таразды байланыстырған бөлігіндегі сауда мен қолөнердің ірі орталықтарының бірі болған.
Кереку, Павлодар – Қазақстанның солтүстік-шығысындағы қала (1861 жылдан), өзімен аттас облыс орталығы (1938 жылдан). Қала Құлынды даласының оңтүстік-батыс шеті саналатын Ертіс өзенінің оң жағасында орналасқан. Іргесі 17 ғасырдың аяғында Ертіс өзенінің маңындағы көлдерден тұз өндіруге байланысты қаланған.
Күйік – көне бекініс орны. Қазіргі Орынбор облысының Соль-Илецк қаласындағы бекіністің орнын ертеде жергілікті қазақтар “Күйікқала” деп атаған.
Кішітау – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының орта тұсындағы тау. Ұлытау жотасының оң түстік-батысында, Дулығалы Жыланшық өзенінің бастауында орналасқан. Кішітаудан батысқа қарай Дулығалы Жыланшық, оң түстікке қарай Қумола, шығысқа қарай Жезді өзендері бастау алады.
Қазан – Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының орталығы, Еділдің сол жағасында орналасқан қала.
Қазар (Ғазар) – Каспий теңізінің ортағасырлық атауы.
Қазығұрт тауы – Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі аласа келген жота. Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ежелгі аңызда дүниені топан су басқанда, Нұқ пайғамбар кемесі Арабияның Жуда тауында, Х ғасырдағы аңызда Арарат тауына тоқтаған делінеді. Қазақ (түркі) аңызы бойынша топан су қаптағанда Нұқ пайғамбар (“Топан су” мифінің көне нұсқасында Нұқ пайғамбардың есімінің орнында “Йвшқар-ата” (“Жылаған-ата”, “Жылауық ата” деген кісі есімі де қолданылады) кемесі Қазығұрт тауының шыңында тұрып қалған. Сөйтіп, топан су қайтқан соң, адамзаттың жаңа ұрпағының тіршілігі сыртқы бітімі кемеге ұқсас Қазығұрт тауынан басталған. Кейін ислам дінінің таралуына байланысты Нұқ пайғамбар туралы аңызбен ұштасып, ежелгі мифтің жаңа нұсқасы пайда болған.
Қарақұм – Балқаш және Сасықкөл көлдері аралығындағы құм.
Қаратал – Алматы облысының Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары жерімен ағып өтетін өзен. Балқаш-Алакөл алқабындағы суының молдығы және арнасының үлкендігі жағынан Іледен кейінгі орында. Қаратал Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы мұздықтардан басталып, Балқаш көліне құяды.
Қаратау – Жамбыл, Шымкент облыстарының аумағындағы ежелгі тау жоталары. Қазақтардың ұғымында Қаратау киелі жер ретінде саналған. Әсіресе, аңыз әңгімелер мен эпостық жырларда Қаратау жиі аталады.
Қарқаралы – Қазақстанның байырғы қалаларының бірі. Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде орналасқан.
Қырым – Еуропаның оңтүстігіндегі түбек.
Қытай – Шығыс және Орталық Азиядағы мемлекет.
Мойынқұм – Жамбыл облысындағы құмды жер.
Ноғайлы – Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Ноғай Ордасының негізін қалаған түркі-монғол тайпаларының ортақ атауы. 15-16 ғасырлардың аяғында Ноғайлы жұрты көрші елдерге де осы атымен мәлім болған. 16 ғасырдың 2-жартысынан бастап Ноғайлы Кіші Ноғай ордасына, Үлкен Ноғай ордасына бөлініп, Қырым ханына, Түрік сұлтанына, орыс патшасына тәуелді болды. Бір бөлігі қазақ, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт т.б. халықтардың құрамына кірді. Ноғайлы 400 жыл бойы Қырым мен Еділ арасында көшпелі өмір сүрді. Ноғайлы ауыз әдебиетіндегі батыр, билер туралы жырлар көптеген түркі халықтарының ортақ мұрасына айналды. Ноғайлы мәдениетінің ең негізгі мұрагерлерінің бірі қазақ халқы болып табылады.
Нұра – тау және өзен атауы. Бұл атаудың таралу шегі бүкіл Түркістан және Орталық Азия қырларын алып жатыр.
Самарқанд – Өзбекстанның Самарқанд облысының орталығы, қала. Заравшан өзенінің аңғарында орналасқан. 1868 жылы патша әскерлері басып алды да, Ресей империясының құрамына енді. 1924-1930 жылдары Өзбек ССР-ның астанасы, 1938 жылдан облыс орталығы. Самарқанда тарихи ескерткіштер өте көп: Шаһи Зинда, Бибі ханым мешіті, Регистан т.б.
Сарысу – өзен аты. “Кең су” мәніндегі атау.
Сыр – Сырдария өзені. Орта Азиядағы ірі өзен. Қарадария мен Нарын өзендерінің Ферғана қазан шұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен бастап Сырдария аталып, Арал теңізіне құяды.
Сібір – Азияның Орал таулары мен Тынық мұхит жағалауының және Солтүстік Мұзды мұхит жағалауы мен Монғолия шекарасы, Сарыарқа етегі аралығындағы бөлігі.
Талас – Қырғыз Алатауынан бастау алып, Талас жазығы арқылы Мойынқұм құмдарына сіңетін, V ғасырдан белгілі өзен. Оның бойынан шаһар салынып, қала VІ ғасырдан кейін Тараз деген атпен мәшһүр болған. Бұл аттас Талас өзені Алматы облысының Райымбек ауданында да бар.
Тәшкен [/т.,п./ – тас қала] – қазіргі Ташкент қаласының қазақтар арасында айтылатын атауы. Орта Азиядағы көне тарихи қала. Өзбекстан Республикасының астанасы. Қазақ халқының тарихи әдебиеттерінде, халық әдебиетінде үлкен орын алған.
Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы. Ежелгі дәуірден жеткен мәліметтер бұл өңірде тур деп аталатын көшпелі тайпа мекен еткенін көрсетеді. “Авестада”, Фердоусидің “Шаһнамасында” Иран мен Тұран елінің өзара қарым-қатынасы жайлы көптеген мәліметтер бар. Тұранда түркі халықтардың арғы тегінен сыр шертетін “Алып Ер Тоңға” атты дастан дүниеге келген. 6 ғасырдан бастап Тұран сөзі – түріктер мекендейтін жердің, елдің атауы болып қалыптасты.
Түркістан – Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи қала, Түркістан ауданының орталығы. Сырдарияның оң аңғарында орналасқан. 2000 жылы көне қаланың 1500 жылдығы Халықаралық деңгейде атап өтілді. Арабтардың географиялық жазбаларына қарағанда ІV-Х ғасырларда бұл қаланың орнында Шаұғар мекені болған, бірақ бұдан із қалмаған. ХІІ-ХІV ғасырларда Түркістан “Йасы” деп аталады. Қожа Ахмет Йасауи ғимараты салынғаннан кейін қала түркілердің рухани орталығына айналды.
Ұлытау – Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі ұсақ шоқылы, аласа таулы массив.
Үндістан (хинди тілінде – Бхарат), Үндістан Республикасы – Үнді мұхиты алабында, Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Гималай тауларынан оңтүстікке қарай оңтүстігі, Оңтүстік-Батыс Азия елдерін Еуропа және Африкамен байланыстыратын маңызды теңіз және әуе жолдарының торабында жатыр. Батыс жағалаулары Арабия теңізінің, Шығыс жағалаулары Бенгал шығанағының суларымен қоршалған.
Хиуа – Өзбекстанның Хорезм облысындағы қала, Амудария өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Хорасан – Иранның солтүстік шығысындағы аймақ, шығысында Ауғанстанмен шектеседі.
Шам – көне қала. Сирияны арабтар осылай атаған. Теңеу ретінде шариф сөзі қосылып, көбінесе “Шам шариф” делінеді. “Шариф” арабша құрметті, қадірлі, ұлы дәрежелі деген мағынаны береді.
Шу – Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Шу аталады. Ірілі-ұсақты 80 саласы бар, ірілері: (Қазақстанда): Қорағаты, Мерке, Қарабалта, Ақсу т.б. Теріскей Алатау мен Қырғыз жотасын кесіп өте бере Шу Жоғарғы Ортотоқой және Төменгі Ортотоқой шатқалдарын қалыптастырған.
Шымкент – ежелгі қала, Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы.
Ыстықкөл (қыр. Ысык-Көл) – Қырғыз Республикасындағы көл. Солтүстік Тянь-Шаньдағы Күнгей Алатау мен Теріскей Алатау тау жоталарының аралығында орналасқан тұйық көл. Көлге 50-ден астам шағын өзен құяды Ірілері: Жырғалаң, Түп. Жағалары нашар тілімделген, терең шығанақтар шығыс және оңтүстік-шығыс жағалауында ғана кездеседі.
Іле – Қазақстан мен Қытай жеріндегі өзен. Алматы облысының Райымбек ауданынан бастау алып, Қытай жері арқылы елімізге оралып, Балқаш көліне құяды. Шекарадан бері аталған облыстық Ұйғыр, Іле, Балқаш аудандарының жерлерін басып өтеді.
ТОМҒА ЕНГЕН ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕРДІ АЙТУШЫ, ЖИНАУШЫ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Аманжолов Сәрсен Аманжолұлы (1903–1958) – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. С.Аманжолов – қазақ тілі ғылымының теориясын қалыптыстырған, оны практикамен байланыстырған алғашқы тілші ғалымдардың бірі.
Бегалин Сапарғали Ысқақұлы (1895–1983) – әдебиет зерттеушісі, халық мұраларын жинаушы, ақын-жазушы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Оның «Қазақ қыз-бозбалаларына» деген тұңғыш өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында басылған. 1916 жылы жазған «Азамат арманы», «Көшер мен тұман серпіліп» деген сияқты тарихи өлеңдер жазған. Кейін бейнелі ой тереңдігімен, лирикалық-романтикалық толғаныстарымен елдегі өзгерістерді де қалт жібермей жазып отырды.
Ғайнетдин Ғалиұлы Мұсабаев (1907–1981) – филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі, Ұлы Отан соғысына қатысушы. Қазақстан ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің лексикасы мен лексикографиясына, тіл тарихының мәселелеріне арналды.
Дүйсенбин Пернебай (1943) – жазушы. Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында туып-өскен. П.Дүйсенбин республикалық орталық басылымдарда Леонардо да Винчи, Сикейрос, Сарьян, Левитан, О.Таңсықбаев, Рылов, Коненков, Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаева т.б. өнері мен өмірі туралы очерктер мен көркем әңгімелер жариялады. Оның «Қос қыран» (И.Панфилов пен Б.Момышұлы) атты көркем полотносы қазақ батырының туған жеріндегі мемориалдық мұражайға қойылған. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Күлкі күмбезі» жинақтарының авторы.
Әбілғазы Баһадүр хан (1603–1664) – Хиуа ханы, тарихшы-шежіреші. Әбілғазы Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы ұрпағынан тараған Арабмұхамед ханның отбасында туған.
Әкесі Арабмұхамед хан 1602 жылы Хорезм ханы болып жарияланған. Шешесі – Меһірбану да Шыңғыс хан әулетінен шыққан, Арал теңізі маңындағы қазақ руларының ханы Жанғазы сұлтанның қызы. Әбілғазы әкесі салдырған Арысхан медресесінде оқып, ғұлама ғалымдардан дәріс алған. Медреседе халық ауыз әдебиетін, тарихын зерттеп, әскери өнер, мемлекет басқару ісін меңгерген. Әбілғазы жазған “Шежіре-и Тарахима” (“Түрікмен шежіресі”, 1661 жылы) және “Шежіре-и Түрк” (“Түрік шежіресі”, 1665 ) атты тарихи екі шығарма шығыстануда, оның ішінде түркітануда кеңінен танымал болды.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Түрік баласы) (1866–1937) – XІX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда Автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Ерімбет Көлдейбекұлы, Қарасақал Ерімбет (1844–1916) – ақын. Шыққан руына орай елге Қарасақал Ерімбет болып танылған. Хиуадағы «Шеккі Хазірет» медресесінде оқып, білім алған. Жыраулық, жыршылық, әншілік, ақындық, сал-серілік өнері тоғысқан Қарасақал Ерімбет пен оның өнерпаздық айналасы: Базар Оңдасұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Даңмұрын Кенжебекұлы, Әзілкеш Шымырұлы, Оңғар Дырқайұлы, Жарылқасын Сырманұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, т.б шайырлар Сыр бойының жыраулық-жыршылық мектебін қалыптастырды. Қарасақал Ерімбет шығыстық дидактика-философиялық мазмұндағы әдеби дәстүрді одан әрі дамытып, ислам дінінің гуманистік-ағартушылық идеяларын қазақ поэзиясының поэтикалық өзегімен тұтастыра жырлады. Сондай-ақ, ол қазақтың дәстүрлі айтыс өнеріне де өзіндік ерекшелігімен үлес қосты.
Қаупынбайұлы Төлен – жазушы, журналист. Алматы облысына қарасты Райымбек ауданындағы Қаратоған ауылында (1938) дүниеге келген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Ауыл» газеттерінде, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында, «Жазушы» және «Қазақстан» баспаларында бөлім меңгерушісі болып істеген. «Қабан жырау», «Бабалар аманаты», «Албан», «Суырылған семсерлер», «Батыр баба Әлмерек» деп аталатын тарихи тақырыптағы жинақтары, «Киелі керуен», «Аққу саздары», «Қыран тағдыр», «Тұлға» атты роман, повестері жарық көрген.
Қоңыратбаев Әуелбек (1905-86) – түрколог филология ғылымдарының докторы, профессор. Ғалымның негізгі еңбектері қазақ фольклоры, көне түркі поэзиясын зерттеу және қазақ әдебиетін мектептерде оқыту мәселелеріне арналған. «XІXғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы», «Қазақтың «Қозы-Көрпеш-Баянсұлу» жыры туралы», «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» жарық көрді. Қоңыратбаевтың бірқатар еңбектері абайтану мәселөлерін сөз етеді, әсіресе ақынның шығыс әдебиетімен байланысын ашуға арналған. Ол Абайдың өмірі мен ақындық жолын зерттеу мәселелеріне байланысты 10-нан астам ғылыми мақала жазып, 1945 жылғы Абай шығармаларының академиялық жинағына түсініктер жазды.
Көпеев Мәшһүр Жүсіп (1857-1931)– Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Бұхарада, Ташкентте оқып, Орта Азия халықтарының әдебиетімен танысқан. М.Көпеев өзі де өлең шығарумен бірге ауыз әдебиеті үлгілерін де көп жинаған. Оның “Мес” деп аталатын төрт томдық қолжазбалар жинағы ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы.
Құлкенов Мереке – жазушы, баспагер. 1951 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң түрлі деңгейдегі баспасөз орындарында: «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Пионер», «Қазақ әдебиеті», «Жалын», т.б. газет-журналдарда, Қазақ теледидарында қызмет істеген. Республикалық «Ана тілі» газетінде, «Таң Шолпан» журналында бас редакторы және «Қазақ газеттері» ЖАҚ төрағасы, Редакторлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазір «Өлке» баспасының бас директоры. Қазақ қоғамының заманауи мәселелерін арналған пулистикалық, танымдық және көркем әдеби шығармалары жарық көрген.
Неталиев Мақсұт Бозшаұлы – ақын, жазушы, шежіреші–зерттеуші. 1934 жылы қазіргі Атырау (Гурьев) облысының Махамбет ауданы, Бегайдар ауылында туған. Гурьев пединститутын бітіргеннен кейін, туған жерінде ауылдық, қалалық мектептерде мұғалім болып істеген. Кейін ұзақ жылдар Алматыда, Атырауды, Оралда Қазақстан Жазушылар одағының жауапты қызметтерін, баспасөз, баспа орындарында басшылық қызметтер атқарған. Қазақстан баспаларынан бірнеше өлең жинақтары басылып шыққан. Соңғы жылдары қазақ шежірелерін зерттеумен айналысып, ру–тайпалар тарихына арналған ондаған шежіре материалдары баспасөзде, жинақтарда жарияланды. «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық еңбегі (2007) жарық көрген.
Мыңжанұлы Ниғымет (1922-1993) – ақын, жазушы, тарихшы ғалым. ҚХР–ның Шыңжаң аймағына қарасты Толы ауданында туып–өскен. 1940 жылдардан бастап, «Күрескер семья» (пьеса), «Қыз Жібек» (мақала), «Күрескерлер», «Білім шырағы», «Күш – бірлікте», «Шәріпхан туралы» (өлең, мақалалар) деген еңбектері жарық көрген. Шынжаңдағы халық баспасы мекемесінен «Қазақтың қысқаша тарихы» (1987) және «Қазақтың мифтік аңыздары» атты (1996) зерттеулер жинағы басылып шыққан.
Назарбекұлы Сайын – жазушы, сәулетші. 1941 жылы қазіргі Маңғыстау өлкесінің Тиген ауылында дүниеге келген. Ол жасаған қазақ зираттық сәулет ескерткіштері Қазақстанның әраймағында тұрғызылған. Семейде Абайдың, Маңғыстауда Абыл ақынның, Досан батырдың күмбездерін жасады. Оның «Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» атты өлең жинақтары, үш томдық шығармалары (2001) жарық көріп, «Абай ішіп үлгермеген у», «Махамбеттің бір күні», «Ең асыл мұра», «Ақбөбек» атты драмалық шығармалары сахналарда қойылды. «Сәттіғұл Жанғабылұлы», «Абай», «Нұрым», «Ақтаным» атты әдеби жинақтардың авторы. 2002 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университеті жанында «Қазақтың киіз үйі» атты ұлттық этнографиялық қолданбалы зерттеу жұмысын жасауға және сегіз томдық «Адай шежіресі» атты шежіре еңбектің жинақталып, жазылуына басшылық істеген.
Саттаров Қыдырәлі (1936 - 2011) – филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы. Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы Ташкент өңіріне ұйымдастырылған бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды басқарған, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырған.
Сейдімбек Ақселеу (1942-2009) – ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ақселеу Сейдімбектің еңбектері қазақ халқының рухани құндылықтарын зерделеуге бағытталған, оның ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, әсіресе, күйшілік өнердің ұлт өміріндегі орнын сөз еткен аса құнды зерттеулері бар. “Күңгір-күңгір күмбездер”, “Серпер”, “Мың бір маржан”, “Күй шежіре”, “Қазақ әлемі” т.б. ғылыми зерттеу еңбектері халқымыздың аса бай мәдени мұрасын зерделеуге арналған.
Сыдиықұлы Қабиболла (1934 – 2001) – белгілі әдебиеттанушы, ақын, өлкетанушы. Филология ғалымдарының кандидаты. Қазіргі Атырау облысы, Жылой ауданы, Қарақұм мекенінде туылған. Қазақ әдебиеті тарихын, жыраулар поэзиясын, Абай мұраларын зерттеп, ауыз әдебиеті үлгілерін, музыкалық фольклор жанрларын жинауға көп еңбек сіңірген. 1969 жылдан өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болып қызмет істеді. 1986-1987 жылдары Қазақстан ҒА-ның Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолстанға ұйымдастырған экспедицияларына жетекшілік етіп, материалдарды қорға өткізген. Көптеген өлең, жыр жинақтары, әдеби–танымдық, ғылыми зерттеу еңбектері жарық көрген.
Төреқұлов Нысанбек (1921 – 2009) – фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы. Ол қазақ кеңес әдебиетінің тарихы, қазақтың айтыс өнері туралы, Жамбылдың шығармашылығы мен өмірбаяны жөнінде, қазақтың шешендік өнері, билері мен шешендері туралы танымал еңбектер жазды. Ол ұзақ жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халық шығармашылығы, жамбылтану бөлімдерінде қызмет атқарып, Қазақстан ҒА-ның ғылыми зерттеу институттары ұйымдастырған фольклорлық экспедициялар құрамында халық мұраларын жинауға,оларды жүйелеп зерттеуге үлес қосты. Ғалымның ғұмырнамалық, әдеби-танымдық жинақтары, зерттеу монографиялары жарыққа шыққан.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
Қ – Қазан қаласы
ҚҚ – Қолжазба қоры
Ш – шифр
дәп – дәптер
а – араб
о – орыс
п – парсы
т – түркі
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қолжазбалар
1. ОҒК: ҚҚ, Ш. 879/5. 84-дәптер
2. ОҒК: ҚҚ, Ш. 299.
3. ОҒК: ҚҚ, Ш. 547.
4. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1146. 10-11-бб. 5. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 622. 1-дәптер. Әбдіреш Оспановтың материалдары 6. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 635. Cабыржан Шәкіржановтың материалы бойынша берілді. 7. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 680.4-бума. Ғ.Бегішевтің «Қазақтың қысқаша шежіресі» 8. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1115. 7-дәптер. 9. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1177. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалар жинағы.
10. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1611.
11. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1719. 2-дәптер. Өмірзақ Бейсенғалиевтің қолжазбасы 12. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 920. 74-жинақ. Қ.Саттаровтың Тәшкент қазақтарының фольклор мұралары 13. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1117. 1-дәптер. Сабыржан Шәкіржаннің Шыңғыс хан шежіресі 14. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1146. Өмірзақ Ахметов. Шежіре. 15. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 896. 4-дәптер. Қазақ шежіресі, 1986 ж. Тапсырған: Ықсанов Пірімжан. 16. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1061. 2-дәптер. Шешендік, тапқырлық, тақпақ, терме сөздер 17. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 877. Ауыз әдебиеті үлгілері.Жин. М.Шафигов. 1980 жылы қорға түскен 18. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 914 . 4-дәптер. Шежіре. 19. ОҒК: ҚҚ, Ш. 646. Сапарғали Бегалин. Жамбылдың өмір кезеңдерінің творчествосы. 20. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1057. А.Бейсенғалиқызы. Қазақтың әуыз әдебиеті үлгілері. 21. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1065. 3-дәптер. Шешендік сөздер. 22. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1178. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбалары 23. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1115. 4-дәптер. Шежіре, аңыз-әңгімелер. 24. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1202. 1-бума. М.Ж.Көпейұлының қолжазба материалы. 25. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1289. 3-дәптер. Шежіре. 26. ОҒК: ҚҚ, Ш. 1682. Шежіре. 27. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 863. 11-дәптер. Жинаушысы: Балмағамбетев А. 28. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 1203/95-бума. Жинаған А.Махмұтов, Ғ.Мұсабаев. Қазақ руларының шежіресі. 29. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 137. 1-дәптер. Ел арасынан жазып алған Борамбаев Оразымбет. Ауыз әдебиеті үлгілері. 30. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 680. 4-дәптер. Қазақтың қысқаша шежіресі. 31. ОҒК: ҚҚ, Ш. 528. 17-дәптер. Аңыз-әңгімелер. 32. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 354. 2-дәптер. Ауыз әдебиеті үлгілері. 33. ӘӨИ: ҚҚ, Ш. 191. 2-дәптер.
Зерттеулер мен энциклопедиялар, фольклорлық жинақтар, сөздіктер
1. Абылғазы Баһадүр. Түрік шежіресі. – Алматы: Білім, 1992. Көне түркі тілінен аударған филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымұлы. 2. Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. 3. Аристов НА. Заметки об этническом составе тюрксих племен и народов. – СПб., 1897. 4. Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. 8-том. 5. Жақып Мырзақан. Қазақ халқы және оның салт-санасы. – Үрімжі: Шинжаң халық баспасы, 1992. 6. Қазақтың қысқаша тарихы. – Үрімжі: Шинжаң халық баспасы, 1991. 7. «Қазақ» газеті. 1913 жыл: 1-том. / Құраст.: С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Зәмзаева. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 8. Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. 9. Қазақ фольклоры мен халық педагогикасының мәселелері. – Бірінші жинақ. / Құрастырған: Тынысбек Қоңыратбаев. –Алматы, 1994. 10. Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. –Алматы: Ел-шежіре, 2010. 10-том. 11. Дала уалятының газеті: әдеби нұсқалар. 3-кітап. / Құраст.: Ү.Субханбердина. – Алматы: Ғылым, 1992. 12. Дала уалятының газеті: әдеби нұсқалар. 2-кітап. / Құраст.: Ү.Субханбердина -Алматы: Ғылым, 1990. 13. Мәдени-әдеби өрнектер. / Құраст.: Ү.Субханбердина. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 14. Суан шежіресі. / Құраст.: С.Ешмұхамбетов. – Алматы: «Жалын», 1993. 15. Радлов В.В. Ақ сандық / Құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазғандар: С.Қасқабасов, К.Ісләмжанұлы. – Алматы, 1993. 16. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса. – Алматы: «Қазақстан», 1992. 17. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. – Алматы: Ғылым, 1985. 18. Әбдәкімұлы М. Сіргелі шежіресі. – Алматы, 1997. 19. Қазақтың мифтік әңгімелері / Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: ф.ғ.д. Ш.Ыбыраев, ф.ғ.к. П.Әуесбаева. – Алматы: Ғылым, 2002. 20. Бәйдібек Баба мен Домалақ Ана. /Құраст.: Құралбек Ергөбеков. – Шымкент шәһары: «Жібек жолы» баспасы, 1999. 21. Төреқұлов Н. Даланың дара ділмәрлары. – Алматы, 2002. 22. Ыбыраев Ш., Алпысбаева Қ., Әлібек Т. Халық әдебиетін жинау, жүйелеу және сақтаудың әдістемелік құралы. – Алматы, 2009. 23. Арабско-русский словарь. Составитель – Х.К.Баранов. – Москва, 1968. 24. Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, 1969. 25. Қазақтың ру-тайпаларыныің тарихы. І том. Бірінші кітап. – Алматы: «Алаш» ғылыми зерттеу орталығы, 2005. 26. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. Құраст.: Т.Жанұзақ, С.Омарбеков, Ә.Жүнісбек және т.б. – Алматы, 2001. 1 – 15 томдар. 27. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі / Құраст.: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 28. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Он томдық./ Бас ред. Б.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 – 2007. 1– 10 томдар. 29. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Он томдық. А – Я. – Алматы: Қазақ ССР-нің „Ғылым” баспасы, 1974 –1986. 1 – 10 томдар.
30. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999.
31. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі / Құраст.: – І.К.Кеңесбаев. – Алматы: „Ғылым”, 1977. 32. Қазақ шежіресі (Ғылыми дәйектер мен „Ана тілі” газетіне түскен қалың шежірелік мәліметтер негізінде жасалған). Дайындаған Ж.Бейсенбайұлы. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994. 33. Персидско-русский словарь / Под ред. Ю.А.Рубинчика. І-ІІ т. – Москва, 1970. 34. Татарско-русский словарь. – Москва: Советская энциклопедия, 1966. 35. Турецко-русский словарь. – Москва: Русский язык медиа, 2005. 36. Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. – Алматы: Өнер, 2006. 37. Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. – Алматы: Өнер, 2003. 38. Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. – Астана: Фолиант, 2008. 39. Қожбанбет руы. – Алматы: «Атамекен - құт мекен» ЖШС, 2007. 40. Көбейұлы Б. Бағыс-Суан. – Алматы: Нұрлы әлем, 1996. 41. Бірімқұлұлы К. Шымыр атаның Күнту шежіресі. – Алматы: ҚазАқпарат, 2002. 42. Сиқым шежіресі./ Құраст: Ә.Дәуітбеков. – Алматы: Қазақпарат, 2006. 43. Асанбаев Б.С. Бұлантай баба шежіресі. – Алматы, 2008. 44. Әшімұлы Ш. Сыр ғұламалары. – Шымкент, 2002. 45. Жақыпов С. Балта шежіресі (Қаракесек – Керней). – Астана: Астана полиграфия АҚ – Арай, 2006. 46. Арғын-Қаракесек-Кәрсөн, Аралбай руының шежіресі./ Құраст.: К.М.Бекмағамбетов, Ж.Н.Шөженов. – Қарағанды, 2010. 47. Әдебиеттік оқу кітабы. Құраст.: Ш.Кәрібаев. – Алматы: Қазақстан біріккен мемлекеттік баспасы, 1942. 48. Қазақ шежірелері. / Құрастырғандар: Нығымет Мыңжани, Әбдірешіт Байболат. – Күйтің: Іле халық баспасы, 1990. 49. Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. – Алматы: «Атамұра» – «Қазақстан», 1993. 50. Найман Ақтайлақ шежіресі. / Құраст.: Айтқазин Мұхтар. - Алматы, 2002. 51. Жеті атаң жарық жұлдызың. – Алматы: Информ – Арна, 2003. 52. Найман – Қаракерей Жаңбыршы руының шежіресі. – Алматы: Айкос АБА, 2001. 53. Ысқақов С. Б. Қоңыр атты Нағанай (Қоңырат шежіресі). – Алматы: Рауан, 1995. 54. Қоңырат Жетімдер руының шежіресі. / Жинап, құрастырған: Тасболат Сүйінбаев. – Алматы: Білім, 2011. 55. Қоңырат шежіресі және оған қатысты әңгімелер. / Құраст. және әдеби өңдеуі: М.М.Ерімбетов. – Алматы: Жалын, 1993. 56. Тәтішев Н. Алтын айдарлы бала туралы аңыз. (Қоңырат және оған жататын Жетімдер руының шежіресі мен оның тарихына қатысты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, өлеңдер). – Алматы, 2005. 57. Әбдіраманұлы А. Халық данасы – Сары би және Қоңырат руларының шежіресі. – Алматы, 1992. 58. Абақ керей. – Күйтің: Іле халық баспасы, 1994. / Құраст.: Қадіс Жәнабілұлы, Қоңырқан Жусанбайұлы, Ахат Қапсаметұлы, Шапиқ Зейнелұлы. 59. Маусым Оңғар. Атаға ықылас, балаға мирас – тарихи шежіре. – Алматы, 2011.
60. Төлемісұлы К. Жондағы Жобалай Керей елінде. – Семей қаласы, 2001.
61. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). Екінші басылым / Жалпы редакциясын басқарған профессор Сұлтанғали Садырбаев. – Алматы: Білім, 2007. 62. Есетова А. Олжашы шежіресі. / Құраст.: Айнахан Есетова. – Алматы: Өлке, 2010. 63. Нетәлиев М. Кіші жүз шежіресі. – Алматы: «Арыс», 2007. 64. Үш таңбалы Майлыбай Кете. / Құраст. жинақтаған: Жұмекен Нысанбайұлы Есенбаев. – Ақтөбе, 2003. 65. Үсенбаев Т. Қазақ шежіресі (Кіші жүз – Бекарыс). – Алматы, 2006. 1-том. 66. Тілеуқабылұлы Т. Кіші жүз Әлім аталығының шежіресі. 2-ші басылымы. – Алматы: Шапағат – Нұр, 2006. 67. Шақшақ Жәнібек батыр. / Шығарушылар: С.Шүкірұлы, Қ. Салғарин, К. Ахметбекұлы. –Алматы: «Отау» баспасы, 1993. 68. Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. / Құраст., алғы сөзін, аудармасын жасағандар: Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев. 69. Алматы: «Ғылым», 1986. 70. Әлібеков Т. Құланаян Құлмамбет. Монография. – Алматы: Асем -Систем, 2004.
Газет-журналдар, баспасөз материалдары
1. «Қазақ батырлары» газеті. 2000 жыл, №7 (24) 2. «Жұлдыз» журналы, 1996 жыл, №3. 3. «Мұра» журналы, 1990 жыл, № 4. (ҚХР) 4. «Қазақ батырлары» газеті. 2001 жыл, 11 шілде.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру