Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 26 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Медет Дүйсенов
Маңғыстау ақын – жазушыларының кітапханасы
МЕДЕТ ДҮЙСЕНОВ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Медет Дүйсеновтің таңдамалы шығармалары енгізілді.
Дүйсенов Медет – 1948 жылы 4 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Қаражанбас жерінде туған. Ақын, журналист, өлкетанушы. Маңғыстау ауданының Тұщықұдық орта мектебін 1966 жылы бітірген. 1983 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы «Мұнайлы жаңалығы», газетінде қызмет атқарды. Одан кейін, Маңғыстау облыстық радио-телевизия хабарларын тарату орталығына қарасты мекемеде күні бүгінге дейін жұмыс жасап келеді.
Өзі батасын алған, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының «Аманат» кітабына (1996ж.) оның өлеңдерін жинап тапсырушылардың бірі. Медетке кезінде қазақ әдебиетінің классик ақындарының бірі, халық ақыны Әбу Сәрсенбаев жолашар жазып, жыр жолында сәт-сапар тілеген. М.Дүйсеновтің көптеген жыр топтамалары «Балауса» (1978ж), «Аңсар (1986ж.), «Таушық – құт мекенім» (2002ж.), «Жыр-моншақ» (2003ж.), «Ақкетігім – арқауы ән-жырымның» (2006 ж.) т.с.с. ұжымдық кітаптарға енді. Оның творчестволық қадамы туралы «Уақыт және қаламгер» (1978 ж.),
«Жастар, жастар туралы» (1981ж.) кітаптарында, мерзімдік басылым беттерінде жақсы тілек, оң пікірлер айтылды. Ол – «Бастау» (1979 ж.), «Жанымның жапырақтары» (1988 ж.), «Ғашық жүрек» (2001 ж.), «Үдектің үнсіз мұнары» (2007 ж.), «Құлбарақ батыр» (2010 ж.) өлең кітаптарының және «Тұрардың биік тұғыры» (2007 ж.), «Парыз» (2009 ж), «Түпқараған толғауы» (2010 ж), «Дерт пен дауа» (2012 ж.) тәрізді деректі хикаяттар кітаптарының, сонымен қатар «Таушық жерінің көне тарихы» (2010 ж.) атты зерттеу еңбегінің авторы. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Ол, Қазақстан жазушыларының VII съезіне, 1983 жылы Жас ақынжазушылардың республикалық кеңесіне қатысты.
ЖАНАРДА ЖАНҒАН ЖҰЛДЫЗДАР (Өлеңдер, балладалар, поэмалар) АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ! Ұрпағын аялайтын, Сұңқарын саралайтын. Ер үшін туған ерлер, Жақсыны жағалайтын. Алланың нұры жаусынАссалаумағалейкум! Күнәсіз баладай, кім?- Бақытын табады айқын! Кетер мұң құстай ұшып, Жанарын қамамай түн. Алланың нұры жаусынАссалаумағалейкум! Арамды қаламайтын, Адалды бағалайтынЖаныңа, төге бергей, Сәулесін саған ай, күн! Алланың нұры жаусынАссалаумағалейкум! Ассалаумағалейкум! *** Шіркін, қандай аспаным тұнық еді, Көтеріп ап сүйеді күні мені. Сымбатымен сиқырлап сұлу дүние, Жанарымды жетелеп жүгіреді! Соны көріп кетемін тебіреніп,
Шабыттанам желпінген желіне еріп. Қызулы оттан балқығасындай, Жаным иіп тұрады еміреніп. Аруларға айтылған назымменен, Сазымменен аңсаған, жазылды өлең. Қараймын да гүл құшқан айналама, Жастығымның шуақты жазын көрем. Далада өстім, қайнарын қанып іштім, Самалы ессін сазымнан, сағыныштың. Болмас еді-ау арманым Алау жырдан Жүректерге жетсе егер барып ұшқын. Көк байрақтай бұлқынған қанымменен, Жырға айналса осынау жалын денем! Өтер едім өкінбей, кетер едім Туған елге бағыштап бәрін де мен. Деумен келем, бір күйім тартылды-ау кем, Тұрмас мәңгі басымда жарқын дәурен. Мынау ғашық көздердің аясында,
Ей, жырларым, маздай бер, жарқылдаумен! *** Мүсіні боп мейрімнің, Көз алдымда қалды анам. Түсіме еніп кейбір күн, Мәз боламын, алданам. Сонау жылдар... ағам да, Оралмады майданнан. Тек сол болып даламда, Сипады жел айдардан. Жетпей арман шыңына, Көз жұмды ерте бір досым. Қандым, қайғы уына, Қалдым тігіп жыр қосын. Түрем мұңның түнегін, Сонда-дағы нана алмай. Елегізіп жүремін, Ертең келіп қалардай... Бірде күндей күліп мен, Бірде бұлттай егілем. Сағыныш пен үміттен, Жаралғам-ау, тегі мен. Күн шуақты қолдарды, Нұрлы өмірден көп көрем. Кілт үзілген жолдарды, Жалғастырсам деп келем!
АҚ КӨБЕЛЕК ДӘУРЕН-АЙ...
Жадымдасың, жастықтың жасыл бағы, Ақ құба қыз, армысың, асыл жаны! Қолаң шашқа қонған бір ақ көбелек Сияқты еді-ау, ақ бантик шашыңдағы. Шуағымен ып-ыстық елжіреткен, Содан бері қаншама келді көктем. Көрінбейді ақ бантик бұл күндері, Желмен бірге кеткендей желпіп өткен. Жеткізе де алмаспын жазып тіптен, Сұлу сымбат, ай маңдай жазық біткен. Өтіп бара жатасың жалынға орап, Ұяң ғана жымиып нәзіктікпен. Бойжеткенсің, көркіңе көз қанады, Оятасың бұйығы бозбаланы. Әсем бе еді басыңда алаулаған, Ақ көбелек дәуреннің озбағаны?! Талай ақ қар даланың жапты өңірін, Еске алғайсың балауса шақты елігім... Табиғаттың заңы ғой,
бәрі өзгерер, Өзгермесе болды да, ақ көңілің!
ҚАРТ ҚАДІРІ
Көбі кетсе де ғұмырдың, азы ғап әр күн, Өлерін ойлап өксімес, қазына қартым. Жайсаң жаныңды жалтақсыз теңесем болар.. Табиғатымның тамаша жазы ма, қалпың!? Бір үйдің емес, жүруші ең алаш қамында, Қараңғы қашып, пердесін таң ашқанында. Талма аурудай ұйықтайтын тал түске дейін, Ақылын енді кім айтар адасқан ұлға?! Қорғаныш қалқан сияқты қариям барда, Соғып жататын дүрілдеп дариям жарға! Қадірін қарттың тірлікте кеш ұғып келген, «Сақалды жетім» жандардың бәрі де арманда. Бір ауыз сөзің білгенге маржандай дер ем, жазып қалдым, үзілді жалғанбай өлең... Маңдайға біткен бағымдай шалқар мұхитым, Тайыздап қазір тереңім қалғандай көрем.
Дүниеде мынау, ішінде келем дүбірдің, Шорланып қалған жаза алмай шеменді бүгін. Қыдыр ата деп жүргенім қиялға сеніп, Өзің екенсің қартым-ау, мен енді білдім!
МҰҚАҒАЛИДЫҢ ХАТЫ
Тұрып едім өзіңмен хат алысып, Еске түссе, жанарда жатады шық. Жұмбақ сырлы жырменен жолыққанмын, Үмітім мен күдігім қатар ұшып. Құшағына қысқандай елжіреп күн, Шаттығына бөлендім мен жүректің. Ақындығым барлығын айтып аға, Үмітімді үкідей желбіреттің! Жазып келем мен әлі, жаз деп едің, Жаным, сірә, осыған мәз бе менің? Қинайтыны – қаншасы ғұмыр кешер, Айтып берер ақтарып, аз ба өлеңім?! Жыр-тұлпарың заулайды, тағасы аман, Әлі күнге тәнтімін, аға, саған! Суырып ап кітапты сөредегі, Жырыңды оқып толқиды бала-шағам.
Сайрап жатыр соқпақтай санамда өлең, Сен сияқты сырласам даламменен. Сақтап келем хатыңды кие тұтып, Ықыласың бар онда маған деген. Қара өлеңнің шыққанда қиясына, Дүниеден өттің-ау тым асыға. Қаңтардағы қарға адым күн секілді, Ерте батқан алаулап ұясына. Ақ көңілім қиялға сенеді ғой, Оңашада кейде бір келеді ой: Шабыттанып, Қарасаз жаққа қарап Сенің өлең жазғаның жөн еді ғой!
ЕРКІНДІК
Өзіңізге тиді міне еркіңіз, Қуаныштың шарабынан ішкен көп. «Еркіндік!» деп, аспанға атқан бөркіміз, Ұшып кеткен, әлі жерге түскен жоқ! Иә, жерге түсіре алмай әуреміз, Қарап тұрмын аң-таң қалып мен енді. Білдірерін білмейміз бе, әлде, біз, «Қазақ» сөзі – «еркін адам» дегенді!? Білесің бе, қалды әнеки боқтықта, Бодандықтың буындырған ноқтасы. «Оразаң да, намазың да – тоқтықта», Ой дүрбісін салайық бір, тоқташы... Жасқану ма? Жыласаң да жоқ енді!- Жолда қалған әлдеқашан шаң қауып. Өңештері жыртылғанша «өлеңді», Додабастар айтып жатыр, зарлауық.
Айналды да іліп түсер қармаққа – Жезөкшенің сояу-сояу тырнағы. Ышқырлығын ұстай алмай, арды аттап, Бозбала жүр, ерлік істей қылғаны... Жолын тапқан жегі құрттай, жұлынға, Еркіндікке бауыр басты есірткі. Соқыр тиын құн қалмаған сұрында, Неге адам өзіне-өзі өшікті?! Қиналамын, баба салтын тартардай, Қасиетсіз қылықтардың құрдымы. Қиядағы киелі анау арқардай, Биіктерден көргім келді құрбыны. Ойдан-қырдан тауып алып өрісін, Келеді әлі, қылмыс-қаншық күшіктеп... Қабықтайын сыпырып ап терісін, Тігетін кез жетті-ау деймін, ішік тек!
Жайын аузын ашқан күйі, құтырып, Қазынамды қарақшылар тонауда. Ау құрғанмен, шортандары сытылып, Шабақ қана ілінеді сол ауға... Түсіп кетіп, жын ойнағы – тасқынға, Есі шыққан еркіндіктен, ой, Алла-ай! Қапелімде тап болғандай қасқырға, Кейбіреулер қашуға бар қояндай. Сайрап жатыр тілім-тілім мұң ізі, Көңілімнің шарлап шыққан қиырын. Бұқа сынды еркіндіктің мүйізі, Тыныштықтың түрткілейді бүйірін... Адамшылық, азғындық пен екі ара, Бірін-бірі кетпеуі үшін төркін ғып: Саған да бір керек екен шекара, Әй, еркіндік, айналайын еркіндік!..
КӨКТЕМ ҚАРСАҢЫ
Құштарлық сезім жетелеп мені көктемге, Жабысам жалға, жел-тұлпар желіп өткенде. Тершіпті айна көлдердің мұзды маңдайы, Күннің еріні күңгейден келіп өпкенде. Қыз емшек таулы, керілген сайын далам-ау, Қашан да сенің мен үшін жайың даралау! Жасыл көйлегі желбіреп, жолдың бойында, Алдымнан шығар ақ балтыр қайындар анау. Бүрісіп қалған, боранды бұршақ ұрғанда, Құмаршық тағы қаулар-ау құм-шағылдарда. Жас өскін бүршік түрткілеп, тұман пердемен, Көлегейлейді қымсынып құрсағын дала...
КЕЛЕДІ ХАТТАР
Шаттық ап хаттар жетеді, Шоқтарын үрлеп өмірдің. Мұңайтып бірі кетеді, Бұлт басып күнін көңілдің. Шуақты сөзден гүлдесең, Жадырап жүзің таңша атқан – Ұшасың хатпен бірге сен, Құшасың досты ансатқан. Сыр шертіп маған сөйлеген, Хатты ұқтым жүрек жыры деп. Отырған шақта ойменен, Қалыпты-ау тағы бірі кеп. Толқып та жаның тұрады-ақ, Сияқты бейне бұл бір сын. Мұңайтар ма екен мына хат, Қуантар ма екен, кім білсін?!
ЖҮРЕКТЕГІ ЖҮК
Алаңдап жүрем, бір үміт жанарда жанып, Жүрегім, жайлы төсегін табар ма мамық?! Қырғын аңсаған қылығы күнәһарлардың, Көкірегіме тікендей қалар қадалып. Өтеді сынды, дәуірдің өткеріп көші, Сабырға қол бер, сезімім текке елікпеші. Табиғат-Ана құшағын ұмыт қалдырып, Қара бас қамын құнттап біз кетпедік пе осы?! Жарылыстардың көтердік азабын көніп, Балқашым менің барады базарың кеміп. Қоңыр қаз сынды көңілім, қона алмай жүр-ау, Айдыны қайтқан Аралдың ажарын көріп... Ұясын салса ұлағат, ұғар құлаққа, Жыр тұнған жаным қол созып тұрар мұратқа. Жұлқынған желдер назымды жеткізіңдерші, Бұлқынған мұны айтатын шығар бұлақ та.
Толғандырдың қашанда ұлы елім мені, Ашық болғай деп тілеумен жүремін көгі. Замандастарым, жүздерің күндей жайнаса, Жүгім жеңілдеп қалады жүрегімдегі!..
ТАСТАР
Тастар, тастар...Сырларыңа іңкәрмін, Тасырқаған тұяқтары тұлпардың. Сан қарысып келдіндер-ау дауылмен, Самғап ұшып кетті талай сұңқар күн. Тастарға ұқсап тынам іштен кейде мен, Шабыттанам оралғанда ойға өлең. Қара тасты қақ айырып шыққан гүл Қызыл тілге ұқсайтындай сөйлеген. Безбүйректі, мейірімсіз бейпілді «Ол бір нағыз тас жүрек қой», - дейтін-ді. Уа, тастар! Асылыңды бергенмен, Берме адамға қатыгездік кейпінді!
АДАЙ БАТЫРДЫҢ ЖАУЫНА АЙТҚАНЫ
Ей, тепсінбе, ербеңдеп, Топтанып артта түменің. Майданда талай өлген көп, Қан аңсап келген – қан құсып, Арқалап қайтқан жүгенін. Індетіп келіп, не білдің, Жоғың бар ма еді бұл маңда?! Ешқашан, туған жерімнің, Жотасында жау жортпас, Көзім тірі тұрғанда! Алдымнан шықтың, жағалап, Қора айналып үретін, Көпек иттей абалап. Қамшы да жарап қалар-ау, Жоныңнан таспа тілетін. Күпсініп тұрсың соншама, Деп пе едің мені құрыды?! Кішкентай әлі болса да, Келімберді, Құдайкем, Жұртының болар ұлығы. Кім кепіл, күліп миықтан, «Күшік» деп айтқан қос ұлым. Домалатып иықтан, Анау шақша басыңды, Астына ілмесіне мосының!?
Тереңде жатқан түбірі, Елім бар еді емендей. Қара орман – қазақ түгілі, Он екі ата Байұлы – Жазылмас саған шемендей. Бөденедей жауы бұғатын, Қаптаған шақта ұрандай: Демі – дауыл, жығатын, Шынашақтай қатыннан, Шыққан ұлдар – шынардай. Құлағыңды басарсың, Көн дабылды қаққанда. Қояндай ырғып қашарсың, Құлан үнді кернейді, Көтеріп көкке тартқанда. Қазмойынды қазанат, Қиялай шауып, не желер, Азынаған жел азалап, Қарағай садақ қандауыз, Қарағұсыңды межелер. Көре алмас жолын, көз алдың, Құрсаса бұлттай қабағым. Несіне асықтың ажалдың? Көтеру саған күш болар, Жерге түссе жарағым.
Семсердей сұғып сұсымды, Суын тектіден ат мініп, Әй, басармын мысыңды. Көк бөрілі байраққа, Көк найзаны сап қылып. Меселі қайтқан талайдың, Шолақ судай тасыма. Арына тисең Адайдың, Көбеңді бұзып, жебенің Таңбасын салар тасыңа! Сен қасиетсіз құладын, Тырнағын салған тышқанға. Құмардан қалай шығамын? Кез қылмады-ау құдайым, Дені дұрыстау дұшпанға. Одырандап от бассаң, Оңалуы қиын артының. Оныңды айт тоқтассаң, Жұлыныңды үзбей жібердім, Жөніңді тап, жарқыным!
ІҢІР
Шаршаған күн қыз жантайды Көкжиек көрпе үстіне. Қоңырқай бояу марқайды Мамырлап іңір түсті іле. Қырқалар қалғып көз ілген, Желпиді самал жайлауды. Өрістен келген боз інген, Ботасын иіскеп байлаулы. Қарбалас тынған ауылда, Аңқиды иісі сүр еттің. Даланы құшып бауырға, Келеді жылжып жібек түн. Жаныңды тәтті билер мұң, Сәулесін бозғылт жаяды ай. Сұлбасы киіз үйлердің, Шошайтып үйген маядай. Көлденең көзден күндізгі, Кездесе алмай қымсынған. Ғашықтар жүр-ау нұр жүзді, Жүрегі тулап ұмсынған. Қиялға шомам жай ғана, Балалық шақты ойыма ап. Балбырап жатыр айнала, Уызға балдай тойып ап...
БАЛАЛАРЫМ-БАҚЫТЫМ
Жүріп келем тасқын тірлік жолында, Бақыт оты билеп ыстық бойымда. Мейлі, қайда жүрсем – дағы, бәрібір, балаларым тұрады ылғи ойымда. Бұлақ болып ағылардай бұла жыр, Ғажайыпқа зер салайық мына бір. Түспейді екен жайдың оты ешқашан, Тіршілігін тоқтатпайды лавр. Білсе екен деп өмір нарқын бағалай, Күдік-маса, алып жүр-ау мазаны-ай. Құлындарым, ғұмыр кешің шаттанып, Жоламасын қайғы деген нажағай. Жанарымда іркілетін кепті шық, Уайымым көбелектей кетті ұшып. Қартайдым деп қалай ғана айтармын, Көктеп тұрса бұтақтарым көк құшып. Раушаным, Лаурам ғой – қос Гүлім, Көңілімнің білдіретін хоштығын. Гүлдей жайнап өссінші деп құлпырып,
Мейірімімдей ақ шуағын тосты күн. Күндер мені қарттықпенен қорқытпаң, Жанарымда тұра бермек толқып таң. Батырбегім, Арнабегім, Мейірбек, Еділбегім сүйеп тұрса қолтықтан! Тағдырларың даңқ әкелсе сендерге, Өздеріңмен бірге өрлеймін мен де өрге. Жүректерің жанартаудай жалындап, Махаббатың маздап тұрсын – жерге, елге! Қуаныштың құсы дәйім қонсын кеп, Мен тілеймін бар жақсыны, жол сілтеп. Жаны асыл, мәңгі жасыл, мызғымас – Тек лавр ағашындай болсын деп. *** Ағылған бұлақ, төсі бау, Отырған жерге, биікте ел: Жаңбырсыз жаздың кесірі-ау, Қаптады тауға киіктер.
Қарайды-ау алға жаудырап, Кеңістік аңсап жанары. Болды ма жайсыз, таулы жақ, Қажалып тасқа табаны?! Суға да мөлдір қанарсың, Жасқанба құздан, тарт алға! Шыңдарда сайран саларсың, Еліктеп асау арқарға. Қалдырып түздің алабын, Келіпсің таулы жерге осы. Жүйрігі сайын даланың, Мертігіп қала көрмеші!.. ШАХАН АТАМ БЕЛБЕУІ (Баллада) Көктем еді. Жасанған шақ, жер дертіп, Анам маған қарап қойып, сүйіне: «Сәлем беріп, қолын ал» деп келді ертіп, Жүзге шыққан Шахан атам үйіне. Таңырқаудан шын абдырап қалдым ба, Күтпегенмін көріністі тап мұндай. Аппақ болып шүйкедей шал алдымда, Төрде отыр қонақтаған аққудай.
Қабағында кірбің бұлты-қападай, Сөйледі ол әрбір сөзін сараптап. Ақша қардан соққан аяз атадай, Сақал-шашы, киімі де... бәрі аппақ. Жылыстапты, бойдан қашып жылылық, Тек сүлдесі, қалыпты әбден арып-ақ. Қазір ғана қабірінен тіріліп, Келген сынды ақ кебінді әруақ... «Шырайында шіркеу болмас шындықтың, Кел қарағым, қасыма кел, қысылма...» Қос ұңғысы үңірейген мылтықтың, Отырғандай сезіндім мен ұшында. Тұла бойға толқын тарап өтті тез, Қапелімде қалдым білем мұны ұқпай. Басыр екен бір кездегі отты көз, Жанарлары суалыпты құдықтай.
«Айтып біттік, сендерсіңдер бүгінгі Ән, Қарттық тозған домбыра ғой күй өңге. Белбеуімді өмір бойы буынған, Жүзге жетсін, бердім, - деді, - жиенге». Үміт оты жанды лаулап жалындап, Әулиедей әз тұтты ма шалды шын. Жалғыз ұлын тастағандай жарылқап, Жаудырды анам жүректегі алғысын. Шалалық-ай, балалық-ай жел кеуде, Қуанышы қандай еді, сол күннің! Бір құдырет жатқандай-ақ белбеуде, Балаларға «жүз жасаймын» деп жүрдім. Қараймын кеп, көңіл күпті , бірленбей, Белбеу әне...Мүмкін – сорым, мүмкін – бақ. Дәмесінің зорын-ай деп күлгендей, Тоғасының жылан тілі жылтылдап.
Белбеу өмір жонарқадан соққылап, Белбеу өмір белді қанша қысса да. Өткірлендім, жасығаным жоқ бірақ, Секілденіп жанып алған ұстара. Тірліктегі жеңілісім, жеңісім, Болса, куә, Шахан атам белдігі. Жүзге жету мақсат емес мен үшін, Мендік мақсат – ұрпақ қамы, ел мұңы!
АЙЛЫ ТҮНДЕ
Ақ қайыңның аясынан күлкі ұшып, Сері самал жапырағын жүр құшып. Ай арудың моншағы ма шашылған, Шөп басында жалтыраған түнгі шық. Дөңгелек жүз ай сұлуға «құрбым» деп, Кетті менің алтын сырға ілгім кеп. Жымыңдаған жұлдыздарға қараймын, Алқара көк аспан төсі тұр гүлдеп! Көрінеді ойнақтаған аттар құр, Керіледі мамыражай мақпал қыр. Секілді ме, анау сырлы ақ айдын – Жүрегімде шалқып менің жатқан жыр?! Айлы түннің құшағында бал тамған, Көк шалғынға құлай кеттім шалқамнан. Ақ періште махаббатым болып кеп, Қос қолымнан ұста-дағы тартшы арман?..
ЕБЕЛЕК
Биыл қырға қаптап кетті ебелек, Ала жаздай ақ жауын-нұр себелеп. Жер жарықтық жыр ұқтырды-ау жүрекке, Сұлулыққа тұнып тұрды-ау не керек! Танымай-ақ қалғандайсың тамызды, Көктем болып алғандайсың жаны ізгі. Жел үп етсе қозғалады ебелек, Домаланған кірпікшешен тәрізді. Бұлағай боп кетті айнала бір күні, Құс жүніндей бұрқырады қыр гүлі. Салған дерсің, біреу алып сүргіні, Ебелектер жаңқаша ұшып, сырғыды. Долы дауыл сұрапыл ғой, сірә да, Жусан біткен тапжылмастан тұр о да. Тұра қашқан қоян жүрек ебелек, Бұғып қалды терең сайға, жыраға.
Бұл өмірдің қатаң сыны бір бітпес, Мәңгі бақи құшағында мүлгітпес. Тайыз тамыр тұрақсыздар, ешқашан Туған жермен бола алмайды кіндіктес!
ҚАМШЫ
Талыс қылып тіндерін, Тобылғымен саптаған. Төрімде тұр бір керім, Әшекейлеп аптаған. Тектілікті сезіне, Күйін ұғам, фәнидің. Қараймын да өзіне, Жігерімді жанимын. Болса-дағы болаттай, Есетіндей мұңлы леп. Жамандықты жолатпай, Жонып өткен тілгілеп. Араласса ар үшін, Жым болыпты желік, дау. Өзегіне намысын, Бабам қоса өріпті-ау! Жұмбақ оның бар сыры, Қилы-қилы кешті жол. Тіледім мен қамшыны, Ұстағай деп есті қол...
ХЭМИНГУЕЙДІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жырлап едім тірлікті ұғып алған, Қылған едім сөздің мен шыңын арман. Не істеймін? Не болды? Ұғына алман? Жемістеймін шырынын сығып алған... Неге керек шиырлап өткен ізді, Одан-дағы үндемей кеткен ізгі. Көлшік жасап қайтемін көбік сөзден, Құя салмай кеудеден көк теңізді. Сала берсең қаттыға қайтады алмас, Жаным менің көз жұмбай жай таба алмас. Жазғандарым қалсын өз биігінде, Бір берілген ғұмырдай қайталанбас. Қара тобыр, қайғылы сал әніңді, Серпілетін кез жетер дала мұңды. Толғанармын қабірді тастап шығып, Қолға алармын тек сонда қаламымды!
ЖАҢҒЫРЫҚ
Қар бүрікті қабақтан, Желтоқсанның аспаны. Жалғандықтың жағасын, Жыртты қазақ жастары. Найза сынды намысы, Ару қыздар ашынған. Бодандыққа бұрымын, Бұғалық қып тастады. Ұрандаған ұланым – Барыс-тұғын атылар. Теңдік тұрды теңселіп, Заты жоқ та, аты бар... Құлқы жаман қан ішер, Қаптағанда құзғындай, Қарсы қарғып Қазанат, Тайқып шықты Татылар. Кеуделерін қан бояп, Құлағандар қырылы... Сынып түсті шашылып, Алтын айдың сынығы. Қарауытып шықты да, Көктөбенің қырына. Көкбөрінің елесі, Көкке қарап ұлыды!..
Қара нөсер сөндірді, Қызыл шоқты қоздаған. Басты, алып бауырға, Боздақтарын боз далам. Қайғы жұтып қапыда, Қалды ана, қалды жар... Жоқтап өлген ботасын, Бозінгендей боздаған. Қара түндей қасірет, Кіріп алды кеудеге. Қара жердің құрсағы, Құрбандыққа кенде ме!? Ажал әнін сарнатқан, Жан-жүйені жауратқан. Желтоқсанның желінен, Шайқалды ғой, ел-кеме! Шайқалды ғой сезімдер, Төзім-сүйек мүжіліп. Кетті сонда сенімнің, Соңғы тіні үзіліп! Бұрыштарда жан бағып, Бұғып қалды қаңбақтай. Бұқараға қараған, Бұқа бұлттар сүзіліп...
Көңіліме түседі, Көлеңкесі сол күннің. Көк есекті қойшы сол, Ойлап...өзім болдырдым. Көп адамнан бақытты, Болған шығар шамасы. Ұшақ мініп қыдырған, Қасқыр иті Колбиннің. Көз жасындай мөлдірер, Лайланған тұнықтар. Орман өсер, орнына – От оранған шыбықтар. Еркіндікті ел алған, Оңай олжа көретін, Кісімсінген, бүгінгі, Ұғынар ма, Ұлықтар!? Дәйім алдан тұрғай да, Шуақ шашқан таң күліп. Жай таппайды жүрегім. Жыл келгенде жаңғырып: Қоңырауын қағады. Жадымдағы жаңғырық, Миға мөрдей басылып, Тіл қатады мәңгілік!- Жаңғырық... жаңғырық...
ЖОЛДАР
Ойхой, жолдар, керілген таспалардай, Жетеледің ілгері, жастан арбай, Сені көрсем серпіліп, сергіп қалам, Бар қуаныш өзіңнен басталардай. Қадіріңді табиғат біліпті анық, Дала төске, асқар тау иыққа алып... Сендерсіңдер – қозғалыс жылнамасы, Қастерлейді сондықтан сүйіп халық. Біреулерді кетесің биікке алып, Біреулерді жетесің ұйыққа алып. Жолаушының мұң менен шаттығына, Куә болу – еншіңе тиіпті анық. Бұлақтардай бұраңдап, таратылып, Сан тарау боп жатсыңдар, оратылып. Кейде сен де бастайсың жолсыздыққа, Әтеген-ай, атың жол бола тұрып!
Саған қарап, қалайша күй ұқпалық? Өмір-сапар, өтерміз күйіп, налып. Ей, жолдарым, арманға бет алғанда, Үмітімді үзбеңдер, тұйықталып...
КҮЗ ТАҢЫ
Таңы атты алтын күздің арайлана, Сәуле ойнап, жарқырады бар айнала. Шөптердің басындағы мөлдір моншақ, Қосылып, ұқсап кетті шарайнаға. Құстардың тұнық көкте тұнған әні, Диқан тұр, егін-жайдың мұзбалағы. Ақ білегі ақ шуақ сезімдей боп, Қалқалап жүзін күннен қыз қарады...
ЕСЕП
Жарандарың, оралманың – есепте, Жаралғаның, жоғалғаның – есепте. Артық, яки, кем алғаның – есепте, Ең ақыры, демалғаның – есепте. Есеп керек: маған, саған, оған да, Есепсіздік – піспей қалған көк алма. «Өз күніңді өзің көр» деп отырған, Өгей бала сияқтысың қоғамға. Есеп, есеп... ауыртып жүр әр басты, Жұлқылайды, жер иіскетпей жамбасты. Ернеуінен асып кеткен есебі, Жынды Байлық жағаларға жармасты. «Есек» дедік, ебі жоқты есепке, Еңбегін жеп, атқыладық кесек те, Білеміз бе, жауыр болған арқасы, Қаншама біз қарыздармыз есекке?!
Бас айналып, бұл тірліктен – бәдәуи, Мезі болған, мызғып кетер сана-ми. Толған дүние, қалта-бөлмелеріне, Саудагерден айнымайды анау үй. Ежірейіп қарайды көз-терезе, Ашкөздік-шөл, кептіргендей кенезе. Шындық сұрап алу қиын жүз пайыз, Саудаң үшін, бірді екі ету – ереже! Жабығыңқы, жаным неге жақ аштың? Көріне ме теңеулерім оғаш тым?! Жатқандай-ау, санап жапырақ-теңгені, Саусақ сынды бұтақтары ағаштың. Сатылмайтын, аяулы, пәк сезімдер... Базарға әкеп салды оның өзін де ел. Қаракөзді жатса Доллар құшақтап, Сол есептен, мүмкін бе енді безінбеу?!
Есеп жайлы қаулайды өрт-өсектер, Иланбасаң, қоламтасын көсеп көр. Бір ақшаның екі түрлі бетіндей, Елеңдетер екі жүзді есептер. Қу құлқынның қайтара алмай меселін, Қуысында, бұрышында көшенің. Торғайларға бас салатын мысықтай, Ептілікпен аңдып отыр есебің. Ұқсайды ғой, теңдік-туыс өлгенге, Бармайды ауыз, бай мен жарлы тең деуге. Есебінің жібермейтін есесін, Нарық-жігіт көнбейді оған, өр кеуде. Байи берші, күніңді көр пайда ғып, Бірақ, алға арыңды ұста, айна ғып!.. ...Көпек иттей, алды-артымды айналып, Ей, есебім, бара жатсың қайда алып?!
ҚАҒАНАҒЫҢ ҚАРЫҚ ПА?
Қағанағың қарық па, Сағанағың сарық па? Кеш дегенің жарық па, Ешкілерің арық па? Көргендерің анық та, Көрмегенің танық па? Орнында бар оңалып, Өшкендерің жанып па? Немкеттілеу парыққа, Еңбекті жеу қалып па? Саудагер ғып шығарған, Назың бар ма нарыққа? Қағанағың қарық па, Сағанағың сарық па? Қара жердің құты еді, Жусан бүрін жарып па? Қағанағың қарық па, Сағанағың сарық па? Салып па едің сыбаға, Қара қазан – халыққа?!.
ТҮНГІ КӨБЕЛЕКТЕР
Түнгі далада, отырмын жағып алауды, Жатқандай сонда жастықтың әні қалаулы. Сағыныш болып санамда сағымдай сырғып, Іздегенменен сол шақтың табыла ма аулы?! Жүрекке жетіп бір жылу нұрмен ағылып, Жұбататындай жанымды жүрген жабығып. Отқа шүйлігіп, тұс-тұстан түнгі көбелек, Қаптады-ай келіп, кеткендей түннен жалығып. Шарқ ұрып жүр-ау, шығатын көргелі күнді, (Ойыма алдым опынып, өлмек ұғымды...) Көзсіз көбелек сияқты, ессіз ғашық боп, Аруға қалған айтылмай, тербеді мұңды. Жыландай арбап сүп-сүйір тілі жалынның, Көбелек біткен айналып жүрді жарығын. Қызыл шоқ болған қызулы оттың көмейі, Жұтып та қойды, байғұстың бірлі-жарымын....
Тәрізді, түздің жемтікке талас аңдары, Түнде де осы тынымсыз, қарасаң бәрі. Сынайтын сынды, шыдамның санын шымшылап, Шақырып мені өзіне қала шамдары. Көбелектер-ай... дейсің бе, өлең етті құр, Сендерді көріп көңілім елең етті бір: Өмірдің отын фәниде өлгенше сүйіп, Қимай да қимай кетерсің, көбелек-ғұмыр!.. Қап-қара тондай, жапанда жамылып түнек, Отырмын әлі, тағдырға ағылып тілек. Қараңғы түннің қампитып қарынын мынау, Алау да сөніп барады, тамызық тілеп... *** Көрінбейді жаздың әсем ақ таңы, Жапырақ құс жерге қонды бақтағы. Бас салардай тас төбеден төніп кеп, Бура бұлттар көкте тыным таппады.
Жұпар шашқан жоғалыпты түз гүлі, Томсарады қабақ түйіп күз күні. Ол мазасыз болмай қайтіп тына алар, Қыс қолында кетеді ертең тізгіні. Күз батырың қыс айымен тіресіп, Жел-семсерін, оңды-солды жүр есіп. Адам түгіл табиғаттың өзі де, Жатады екен өмір-бақи күресіп.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Ай да жалғыз аспанда, күн де жалғыз, Серік іздеп шақырар түнде байғыз... Мен де жалқы ұл едім жанұяда Дүниеде жоқ дейсің, кімде жалғыз?! Жалғыздық-ай, жалғыздық... Жалбыз-мұң-ай... Ұзақ ғұмыр сәлемін алғыз дұғай! Күзгі талда қалған бір жапырақша, Жел өтінде отырып, жалғыз мұңай... Құшағынан көрінген кең даламның, Жалғыз өркеш, топтағы, мен де нармын. Жалғыз Алла жаныма жар болсыншы, Шоқжұлдыздай көктегі бір жанармын. Бір жанармын түбінде, деп келемін, Өміріме келмейді өкпелегім. Бұтақтарым бүр жарып бара жатыр, Тамыр жайып тереңге көк терегім.
Жүрем аңсап, ініні, ағаны да, Кім, осынау жанымды алады ұға?! Көнем, көнем...қозыдай көгендегі, Тағдырымның бұйырған таланына. Үстелімде жанып тұр жалғыз шырақ, Сол шырақтай қаламын жалғызсырап. Жауабынан дәмелі жаратқанның, Жанарымда жатады жалғыз сұрақ... *** Жыр ғана болып бар қайғым, Жоғалған жандай бірдеңем. Боз аспан төсін шарлаймын, Бозарған бұлтпен бірге мен. Сар желсем, тірлік-күлікпен, Бәрін де көрер бұл басым. Ұстадым тағы үмітпен, Бозала таңның бұйдасын. Кеудемде жатқан тұманың, Ашамын көзін толғана. Биікке ұшса бір әнім, Жаныма медеу, сол ғана.
Тербете бермес таң да енді, Күнменен батқан, бірге өліп. Халқыма соңғы сәулемді, Шашармын, шашу-жыр болып!
БАҒЗЫ МАҢҒЫСТАУ
Қараймын да дидарына даламның, Көне мекен, өзіңді ойлап алаңмын. Ақ қағазға ақтаратын сырларым, Ұшында тұр үн қатқалы, қаламның... Орман жырдың ордасындай кең далам, Толғандырдың, шабыт сыйлап сен маған! Ұран отын лаулатқан Отпан тау, Шамырқанып, мынау жатқан Шерқалам... Батыр мүсін тұрпатын-ай тасының, Жатырмысын, жұмбақ жайлап жасырын?! Қазыналы, қасиетті Қаратау, Ақтау анау, ақ маржандай асылым. Жиһанкездің, дала шарлап шыққалы, Ұлы жерден ұшан теңіз ұққаны. Маңдайында – күннің табы, от-жалын, Таңдайында – уылжыған тұт дәмі.
Тыным таппай тірлік шіркін күнде-күн, Жүгіреді бойыменен жүлгенің. Көлеңкелер тығылады қуысқа, Ыстығынан шыжып кеткен шілденің. Биігінде, - қорқынышты – маңғыш*... Тау... Иінінде – қонақтаған сан қыстау. Естігенді тандыратын есінен, Ертегінің елі ме едің, Маңғыстау?! Қол бұлғайды көне сүрлеу іздері, Жол жырлайды, тағдыр жайлы түздегі. Қонысында – шыңыраулар қаптаған, Көз ұшында – керуендер тізбегі. Тінін тартып тектілігің Тұраннан, Бостандық боп жетті бүгін, бір арман. Қайсар қазақ, ұлың түгіл қыздарың, Томиристей тұлпар мініп, ту алған.
Келбетіңе күн ғашық боп, ай қарап, Тербетіле теңіз жатар аймалап. Сендей өңір бар дегенге сенбеймін, Сенсіз, жүрек – құсым қалай сайрамақ!? * Маңғыш – қорқынышты, орасан алып құс. Сезім шоғын аңыздардың үні үрлеп, Танысам деп, тарихыңды түбірлеп. О, Маңғыстау, әулиедей атынды, Кәлимадай қайталаймын күбірлеп... ...Қараймын да дидарына даламның, Көне мекен, өзіңді ойлап алаңмын. Ақ қағазға ақтаратын сырларым, Ұшында тұр үн қатқалы, қаламның... ЖҮРЕК СЫРЫ (Дәржанға) Апа, саған сыр айтам, мұң шағынам, Бір ананың шығып ек құрсағынан. Басқа ұяға қонсаң да, бауыр жайлы Тас қияда тербеліп тұрса бір ән.
Келіп тұршы қыс демей, күзің демей, Үміт жібі арада үзілмегей. Аялаған аяулы ата-ананы, Еске алайық бір сәтке біз үндемей. Еске алайық, апатай, бәрін-бәрін, Сені күтіп жетеді сарылғаным. Құт дарыған киелі шаңырақта, Көлін құшқан аққудай дамылдағын. Жайдары жүз мейрімді, жаның ізгі, Баурап алсын туыстық әні бізді. Жадымызда сақталған сүрлеуменен, Шарлайықшы балалық шағымызды. Шүкір дейік, жеткізді бүгінге арман, Қос жанармыз – бір қыз бен бір ұл қалған. Ерте солған еңселі бәйтеректің, Қос шыбығы едік қой бүрін жарған.
Келін болдың бір елге сен кенеттен, Қызғалдақ шақ, апыр-ау, келте неткен?! Елегізіп жүрсің бе есіңе алып, Елігі едің үйімнің еркелеткен. Көркің екен қашан да кемелдігің, Келе қалсаң шаттыққа кенелді інің. Қойып кетер «тәте» деп құшағыңа, Балаларым ұмтылып менен бұрын. Апатайым, тел өскен тетелесім, Өмір мынау бізден де өте ме шын Тілейтінім, әйтеуір сен аман бол, Жарық күндер жарылғап жетелесін. Салады әжім мезгілдің бұла күші, Жиендерім жаныңның жұбанышы. Сен тоқыған әдемі алашадай, Көзді арбайды тірліктің қуанышы.
Көрмей жүру өзіңді – маған қайғы, Жүрек созып қолдарын саған жайды. Амал болып қалыпты-ау көрісетін, Апамды ойлап көңілім алаңдайды...
БАЛАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ
Талайға таңсық, таңмын ба? Жетпегем жасқа жөн білер. Бүкшиіп белі, алдымда Тұратын, сұрау белгілер! Сүрінбес жерде, сүрініп, Қысылмас жерде қысылдым. Содан соң барып сыр ұғып, Содан соң танып, түсіндім. Жамандық деген немене? Жақсылық қандай, жағымды. Мөрлерін басты өреме, Көргенім ашты – танымды. Қатем бар қанша, қарашы, Ағалық жаста ұғындым. Аспан мен жердей арасы, Кешегің менен бүгіннің. Есейіп ерте, сездің бе, Біреулер бәлкім, кеш ұқты?! Даналық келген мезгілде, Балалық ашқан есікті! Тұрсыншы күліп баладай, Қоңырау үнді, сол күнің! Артыңа жүрме қарамай, Танымас қыздай төркінін.
Жүрсем де толғап тереңнен, Табынтар, жастық-тұнық таң... Даналық жақсы, дегенмен Балалық шақты ұмытпан! НАЗ (Жадыраға) Махаббат деген бір ғажап өмір деседі, Гүлдеді жаным, кенеттен көрдім де сені. Шағала сезім шарқ ұрып самғады саған, Қайтпасын, қалқам, ынтыққан көңіл меселі. Самалды қырдың саумалдай сабатын жұтып, Елестеп көзге, кездерің алатын күтіп. Ақ бұлақтай асығып теңізге құяр, Таушықтан ылғи жетемін тағатым бітіп. Құшағына алса аялы жанарың күлген, Бейкүнә уыз бейнеңді саламын жырмен. Жаңбырсыз өткен жаздарым жабырқатса да, Ағыл да тегіл нөсердің жауарын білгем.
Жауарын білгем, сенгенмін уақытқа анық, Жүрсем де талай адасқан бақытқа налып. Мойылдай бейне, мөп-мөлдір шыққа малынған, Тебіреністен жанарды жақұтқа малып. Қол созып күнге келешек құлшынасың ба, Тіршілік өзен толқыны тыншымасын да. Білегіңді емес, сәулем-ау, жүрегіңді ұсын, Мәңгілік менің жарым бол, жүрші қасымда! Қапыға барып қайтайық... Жадыра жинал, қайтайық Қапыға барып, Қыдырмай өткен көп күннің қақын алалық. Көктемге ғашық болып біз қаншама күттік, Сезім сабасын сұлулық сапырары анық.
Тәнті қылады көзді үйіріп, таңсық үйлесім, Көктем көрікті-ау, гүл тәжін алшы кигесін!... Құлдыраңдаған қарашы кішкентайыма, Салқындап қалар, Гүлназдың салшы түймесін Болыңдар енді, шақыршы балалар қайда? Жол қапшықтарын жинақтап, ала бармай ма. Жотасын тосып күткендей, бейне бір бізді, Көсіліп жатқан Қаратау, қара нардай ма!?.... Бұйығылыққа жүргенмін, беу, неге көніп, Желпінейінші ,жібектей желге бөленіп. Көңіл көншітпей, кеткелі көп болып еді-ау, Қонақтар ма екен жыр құсы кеудеме келіп.
Ұмытып бір сәт, талақ қып өмір күйбеңін, Жандарым менің, шадыман көңіл-күйге енің! Қойып кетемін, Қапының құшағына анау, Қанат бітіріп қиялға,көгілдір көгім. Қалғандай мынау Қапыға арбалып аспан, Аңыз боп жеткен бүгінге, аңғары-дастан. Бабалар қашап түсірген жұмбақ жазуды, Балалар көрсін,сыр тартып таңбалы тастан. Киелі жерге, көпшілік атына қанық, Қаншама мезгіл, құдай-ау, қатынамадық. Жыңғылы бүрлеп,жайқалап тұрған-ақ шығар, Жадыра жинал, қайталық Қапыға барып..... *** Кездестік те, үйленгенбіз ұнатып, Тағдыр-тылсым толқынындай теңіздің. Жаным жылап қалған шақта,жұбатып, Менің сәби сезімімді еміздің.
Болмысымды бес саусақтай білер-Сен, Күлгенімде, өңің жайнап гүлдеді. Соқыр тұман сияқтанып түнерсем, Шамшырақ боп шақырасың түндегі. Ұямызда келеді өсіп ұл-қыздар, Жеріміз жоқ олар үшін аянған. Біздік аспан төсіндегі жұлдыздарӘрқайсысы бір-бір арман, аяулы ән. Жаным менің-шырылдаған бозторғай, Жүреді ұшып,тек солардың үстінде. “Оқың” деймін, абыз сынды сөз толғай, Өкінбеймін, өтіп кеткен: түс-күнге. Білем, көңіл-күй де сондай сендегі, Киіп алған қиындықтың қамытын. Еш нәрсемен өлшенбейтін еңбегі, Анасың ғой, бала сүю-бақытың.
Бірін-бірі үнсіз ұғу-ұлылық, Адалдықтың мұрат қылып жүр шынын. Жанарыңның шуағына жылынып, Көкіректе жырым жарды бүршігін. Тек сенімде, бұл өмірдің бағасы, Сонда ғана көңіл шіркін бірленбек. Керегені құрап тұрған, қарашы: Нардың мойын терісінен тілген көк!..
ҚАДІР ТҮНІ
Қадір түні... сүт саулап, ай-анардан, Нұрға ғашық – өмірді аялар жан. Қарсы алдымда тұрғандай Қыдыр ата, Жапырағын жаныма жаяды арман. Көңіл деген жүгірді зырлап құмай, Үкілеген үмітім үн қатты ма-ай. Бір қуаныш күтемін беймағұлым, Жанарымды арбаған жұмбақ түн-ай... Жұмбақ түн-ай киелі қасиетті, Жолатпашы пендеңе қасіретті. Қадір түнін күзеттім кірпік ілмей, Сезім селі кеудемде тасып өтті. Тек жақсылық, жақсылық жүгінгенім, Шындық-сәждем бас ұрар, бүгін менің. Бисмилла хи-рахмани рахим, Көкейдегі ойымды күбірледім.
- «Сұраймын, жайып тұрып жүрегімді: Ұрпағымды, Ұлтымды, Ұлы елімді, Бақыт қана құшсыншы құшағына, О, тәңірім! Қабыл ет тілегімді, О, тәңірім! Қабыл ет, тілегімді!?..»
ӨЛАРА
(аңыз ізімен) Сапарлаған жолаушы айдалада, Апармаған, күнкөріс қайда ғана!? Күйгелектей қозғалып, малдас құрды, Үйге жетпей ит көңіл жайлана ма. Көрінеді, көріпкел құмалақшы, Болды ма әлде өз-өзін сынамақшы. Құмалақты ашқанда, қырқын жорып, Болмағандай соңғысы сірә, жақсы... Кейін тартып бір нәрсе кежегені, Тырп етпестен орнында, тежеледі. Үйге барса болғаны, әйелі өліп, Түзде қалса қонғалы, өзі өледі. Ғайыптан пайда бола кеткендей-ақ, Бір аңшыны көреді жеткен таяп. Жүзі нұрлы жымиып, содан кейін, Былай деді, азапты шеккенге, аяп:
«Қабағыңа қоныпты тұнып кірбің, Құмалақшы-ақ екенсің, ұғып тұрмын. Шарасыздан шаршаған кейпің бар-ау, Жұмбақ болып жалғызы қырық бірдің. Ашпай тұрып әуелі қоржыныңды, Семсермен шап! Абайла, бол жырынды!.. Жатыр оның ішінде улы жылан, Құтыласың, өлтіріп сол зұлымды». Айдай келді айтқаны, қара мұны... Қалай ғана демессің даналығы! Қашықтықта жатыпты қас пен көздей, Өмір менен өлімнің аралығы. Жақсылығы өтеусіз, жоқ-ау, шүбә, Алғыс айтпақ ниетпен сол аңшыға. Қарағанда, қасында ешкім де жоқ, Қыдыр екен кезіккен жолаушыға...
...Ажал бір күн тақар-ау кездігін де, Айтсам екен бағыштап сөзді кімге?! Құтқаратын мені де бар ма біреу, Өмірімнің өліара мезгілінде?..
ТАМЫРЫМ СЕНСІҢ, ТУҒАН ТІЛ!
Қашан да тілге табынып өскен, Ананың айтқан әлдиіменен. Қазағым талай дауылды кешкен, Бабаның тартқан сан күйіменен. Өзегі тіл ғой, өнердің алтын, Уызын еміп нәр алып едік. Дегенге, қайтып сенермін халқым: «Қуаты тілдің барады кеміп...» Беретін тілім, бір екпін маған, Жаңбыры едің дала кеудемнің. Қыңсылап қоймай, жүрек тырнаған, Тіміскі төбет-қала ма-ерген мұң?! Сыналап кірген, шұбарлап тілді, Сөздердің құрған торын үземін. Ұшпаққа шет ел, шығармақ кімді?! Жетеді іздер жоғымыз, елім! Күттірген, келіп, тұр кезің міне, Желкенін енді қомдасын кемең. Бүршігін жарған бір сөзіңді де, Білмейтін қазақ болмасын деп ем...
Тіліне жаны тұрған жылымай, Намыссыз адам – бір шірік алма. Тамырым едің, туған тілім-ай, Тілімсіз, сірә, тіршілік бар ма?!. *** Бір күні әкем боранда, Әкелді құйттай құмайды. Саяттап кейін сонарда, Серік қыл деген сыңайлы. Ақ күшік маған ыршыды, Қуанып кеттім күрт түлеп. Түймедей қара тұмсығы, Иіскелеп алды түрткілеп. Таптым-ау деймін тұспал ат, Атадым оны Лашын. Болсын деп ұшқыр, құс қанат, Көсіле жазар құлашын. Ақ құмай өсіп жетілді, Аң кетпес көзге ілінсе. Ақ жұлдыз аққан секілді, Болатын бейне жүгірсе. Күмістен соққан қарғыбау, Көз тояр еді кескіні. Серпінді күшке тән мынау, Шығыңқы алға төстігі.
Ақ құйын тазы құйғытып, Аңменен талай арбасты. Беріштей шымыр күй бітіп, Бес рет биыл қар басты. Көрінген болар ажалға, Тынымсыз, тазым із кесті. Тайынша сынды тажалға, Бетпе-бет ақыр жүздесті. Осынау алып арланмен, Тіресіп қалай тұра алмақ?! Қашпады, келіп қалғанмен, Жұлқысты, жауын жұмарлап. Қасқырдың өлі денесін, Сығымдап әбден, жайпапты. Іздеген жандай демесін, Қыңсылап кенет, жай тапты... ...Өмірде мынау мұңаймай, Қайғыға тұрсын кім шыдап?! Өксіген сезім, құмайдай, Жатады-ау іште қыңсылап...
НАТЮРМОРТ
Айдындай, толған шарасы, Тұр міне самсап бар асы. Жайылған дастарханы да,- Қазақтың байтақ даласы! Аққұман шоқта, от-демі, Үйде жүр дала көктемі. Толысып піскен таба нан, Күн көзі бейне көктегі. Анардай, апорт алмаңды-ай, Қазы мен жая, жал қандай!? Шашылған сары бауырсақШұбырған балапандардай. Алуан тағам арбай ма, Тамсанбас бұған жан қайда?! Аңқыған шырын шұбаттың, Қалғандай дәмі таңдайда...
АҚҚУ БЕЙНЕҢ – КӨҢІЛДІҢ АЙДЫНЫНДА
Көңіл көлі толды ма, Көкіректе нұр шалқып. Жатыр, дәурен – домбыра Тірлік атты күй тартып. Бірге аттадық жол басын, Екеумізде бір тілек. Жанарыңа қонбасын, Қайғы-мұңның бұлты кеп. Жетелесін, дос-үміт, Дәйім нұрлы таң атқай. Егіз жүрек қосылып, Бір соқсыншы сағаттай. Жүрші шат боп, шадыман, Жаның-жомарт, жүзің-нұр. Жүрегімнің бағынан, Үзіп берем жүзім жыр. Сенсің мендік өңірдің, Төсінде өскен қызыл гүл. Айдыныңда көңілдің, Аққу бейнең жүзіп жүр!..
ЖЫР ДҮЛДҮЛІ
Кетті бір ақын, өтті бір ақын өмірден, Ақжарма жыры ақ жауын болып төгілген. Еңсесін иіп, елім деп дәйім егілген, Сәт-атам кетіп, қабырғаң халқым сөгілген. Толғандай еді-ау, ортайған көңіл кесесі, Болғандай еді-ау, сарайы сөздің десе осы. Шетпеде мынау шығады менің алдымнан, Құшағын жайып, Сәттіғұл ата көшесі. Қауызын жарып, ұмтылды тынбай өрге үміт, Кеудемде менің сезімнен жойқын сел жүріп. Тұлпары жырдың келердей Тұщықұдықтан, Ақшағыл құмға қарадым қанша телміріп. Қолтықты сөгіп, көсіле шауып көрелік, Бізге де біреу айтатын шығар төрелік. Томағаңды алып, алқалы топқа салатын, Мәтжандай бір шал керегіп жүр-ау, керегіп.
Аталар сөзі, түспесін ақау арнаңа, Жанарды арбар, жан-жағым толы жарнама. Ұлағат берер ұмытып баба мұрасын, Айырбас жасап кетпесе болды саудаға. Сапарлап жүріп тіршілік атты соқпақта, Жөн шығар, алған, дария жырды жоқтап та. Сәттіғұл атам ұстатып кеткен тізгінін, кейінгі толқын, көшіңді енді тоқтатпа!
ҚҰЛЫҚ
Жарыстық омырауға ап желдің өтін, Аңызды ақиқат қып ел білетін. Құлықты кім көп жақса табанына, Сол жүйрік болады деп сендіретін. Шаттандым озатындай Құлагерден, Тапқанмын құлық інін құба белден: Жымиып құрбы қыздың күлгендегі Шұңқырдай ақ бетіне шыға келген. Желаяқ боламын деп жаңсақ ұғып, Шағылды шарладық-ау сан сабылып. Қиялшыл өңшең қара сирақтардың, Қалды екен «сауабына» қанша құлық! Еске алып күліп қоям анда-санда, Ыстықсың сол балалық шақ қашанда. ...Жүгіртіп қояды екен қайран өмір, Құлықты табаныңа жақпасаң да...
МЕН – КӨШПЕНДІМІН
Апыр-ау, қалай тынам, тоқталамын, Көшпендімін, көшпенді боп қаламын! Асау қаным арындап арғымақтай, Ей, дүние, Мен саған көп қарадым! Ырғалады үлбіреп өскен гүлім, Бүр жарады өлең боп кешкен күнім. Жүрегімнен сезім мен ойға оранып, Ақ қағаздың бетіне көшкен жырым. Бала бүркіт биікте көрінеді, Шүйіледі, білмеймін нені іледі? Түйдек-түйдек сырғыған көктегі бұлт – Түйелердің шұбырған керуені. Ақша бұлттар бұлқынып ағылады, Сері самал сыр айтып сабылады. Кеңістікте осынау кереметтей, Кезіп кеткен жоқ іздеп – бәрі, бәрі.
Көшпендіміз, сірә кем неміз, баба? Қозғалыста аспан да, Теңіз, Дала... Жүйрік жел мен жүйрік ат туыстырған, Табиғат пен қазағым – егіз бала! Аралама әлемнің қай тарабын, Көшпенді ізі жатыр деп айта аламын. Бейбіт күннің бесігін тербетеді, Байқоңырдан шырқаған байтақ әнім. Арман қуып дариға-ай, көптен бері, Есті қанша кеудемнен көктем лебі. Ой орманын шарлаған көшпендімін, Сөз сиқыры жетелеп кеткен мені!
ҮШ АТТЫ КҮЙМЕ
Шақтарда шабыт билеген, Түсіріп ғажап күйге өлең. Ұшыртып бара жатамын, Үш атты жеккен күймемен. Қосылып өмір көшіне, Жүйткимін желдей есіле. Ақ ұлпа қардың тозаңын, Көтеріп аспан төсіне. Шарладым, алға құлшынып, Шалғайын жердің қусырып. Тұлпарлар шапты, фтанаудан Будақ та будақ бу шығып. Арайлы бір нұр төгілді-ай, Белестер аттың жонындай. Із қалып жатты соңымда, Өлеңнің егіз жолындай... Сынақ тұр күтіп сан алда, Құштарлық шөлі қанар ма?! Дариға әлем сымбатты, Тұрды ғой жайнап жанарда. ...Күлмегін достым, күлмегін, Ат жегіп, күйме мінбедім. Пегасқа қонған сәттегі, Қиялым еді бұл менің.
Самғайды өмір биіктен, Келемін тынбай жүріп мен: Үш атты жеккен күймедей – Махаббат, Арман, Үмітпен СӘБИДЕН ҚАШҚАН СҰЛУ (Баллада) Қарттар сені қылсам деді келінім, Жастар, сірә, болса дейтін серігім. Кердеңдедің ешкімді де көзге ілмей, Көргендердің жаулап алдың көңілін. Сылаңдаған сұлу едің, бір керім, Қызық қуып, өтіп жатты күндерің. Уайымның уын ішті ата-анаң, Күндіз ұйықтап, түнде жортып жүргенің. Көп құрбылар қылғанымен сені ұмыт, «Семірген бе, мына сұлу?» - деді жұрт. Қапелімде қалды аяғың ауырлап, Қапаландың жеп жатқандай жегі құрт.
Бәрі ғайып, саған деген «ғашықтың», Жүрген бірақ сенде жоқсың жасып тым. Азаппенен босандың да құпия, Нәрестеден құтылғанша асықтың. Баланы емес, ойладың тек бас қамын, Көшедегі бір тасаға тастадың. Селт етпеді сезімі жоқ жас жаның, Мөлтектеді көзден жасы басқаның. Көріп қалып, шыдай алмай жылаған, Көршің еді... көршің еді бұл адам. Мінәжат қып күндіз-түні құдайдан, Сағынышпен бір шарана сұраған. Іңгәлаған ұлды барып алады, Бауырына қысты сүйіп баланы. Омыраудан шыққан уыз иістен, Иіп сала берге сынды анары...
...Ұшып-қонып қағындың да етектен, Құмарлықтан алқынады екі өкпең, Көйлек киіп жүргеніңмен көлеңдеп, Ей, сұлуым, бар ма айырмаң көкектен? Ол да бірақ тәрк етсе де ана атын, Балапанын басқа ұяға салатын. Ең болмаса ой түспеді-ау сол ғұрлы, Бұл дегенің, қорлау әйел санатын... ...Түсті есіме ескі оқиға баяғы, Аяушылық жанға тамыр жаяды. Қайдағы бір құс туралы болғанмен, Ол да бала тағдырына саяды. Сәуле-шашу шашқанда күн уыстап, Шомылғанда аппақ нұрға пүліш бақ. Дарқан дала дидарына сүйсініп, Тұрған едім таңғы ауада тыныстап.
Жан ұшыра «қыт-қыттаған» дыбыстан, Елең еттім, арылып жай тұрыстан. Қарағанша-ақ, ұрты толы бір мысық, Бұқпантайлап зытып берді бұрыштан. Сескентердей тауық сұсы кім-кімді, Желке жүні тікірейіп ұмтылды. Жүрегімді біреу жұлып жатқандай, Болып кеттім осы сәтте бір түрлі. Қала берді қара тауық шырқырап, Дәрмені жоқ бір жүгіріп, бір құлап. Ал балапан жауыз ала мысықтың, Кетті аузында, қауырсыны бұрқырап... ...Қиналмай ма қылмысыңнан жан арың, Балапандай құны жоқ па баланың?! Ұрпағы үшін басын тігіп ұмтылған, Тауық құрлы болмадың-ау, қарағым.
Қалса да аман, жетпей сәби ажалы, Мысықмінез кейпің алды-ау мазаны. Мынау жарық дүниені көрсетпеу... Әй, білмеймін, бұдан сұмдық жазаны. Сөз өтер ме шолақ ойлы шіркінге, Шуақ емес, шұнақ аяз - күлкің де. Ел бетіне қарайсың-ау ұялмай, Келбетіңе мақтанасың бұл күнде. Жарға жығар жеңіл жүріс ермегі, Өміріңнің ойлылық қой өрнегі. Бәрі зая, парасатың болмаса, Сұлулығың сұрықсыз боп көрінеді. Бабаларың бауыр еті санаған, Бекер, бекер қашасың-ау баладан. Әлемде бұл, сұлулық жоқ асатын, Құшағына сәби құшқан анадан!
ҚҰЙЫН
Ұршықтай зырлап билеген, Көтеріп шаңды жел кенет. Самарқаулықты сүймеген, Келеді құйын дөңгелеп. Бейғамдау жатқан бұйығып, Оянды дала оқыстан. Дауылды желі үйіріп, Тазартты жолын қоқыстан. Сыпырып бәрін сырғыды-ай, Арқандай бейне есіле. Барады бойлап бұрғыдай, Көгілжім көктің төсіне. Құйынды даттау обал-ды, Жанына жат қой жалтаңдық. Аспанға сіңіп жоғалды, Айнала маңды аң-таң қып! Сыр түйдім құйын тірліктен, Жанарым алды жалқын нұр: Жердегі қулық-сұмдықпен, Арбасып өтер ақын тұр! *** Жан-жаққа құстар тарады, Керуен тартып қаз-қатар. Жылы жақ іздеп барады, Тіршілік отын маздатар.
Ұшумен жүрді күн ұзақ, Аспанның төсін шимайлап. Қайтсін-ау, кетпек тым ұзап, Мекенін туған қимайды-ақ. Кім білсін, мынау құстардың, Қаншасы аман оралар? Қаншасы ұзақ ұшқанның, Қанаты талмай қона алар? Келер-ау құстар көктемде, Жер үнсіз жатыр, мұңдана. Құстары ұшып кеткенде, Қайғырады екен бұл дала. *** Жүйке-қобыз, қылы қатты бұраулы, Жазысы жоқ, қом өркештен жыр ауды. Аяз қысып алды-дағы ақшұнақ, Көңілімнің терезесі қыраулы. Арамзалар хамелеондай өзгерді, Байлық күші батыр қылды ездерді. Сауда деген сиқыршыға арбалған, Қалай ғана ұйытармын сөзге елді. Бойды билеп алды жоқтық шарабы, Күл-қоқыста қалды таздың тарағы.
Бәрін сатып, бара-бара кейбіреу, Арын сатып жүрмесе, тек жарады!.. Нарық деген сияқты бір нақ сынақ, Мұқтаждардың мұңын ұққам жақсылап. Отырғаным: жыр жазарда, жабырқау, Оқырманым жүр базарда бақ сынап. Кеудем-қойма, сөзге толы сұраулы, Кермек ойға берілемін, құраулы. Дүниенің жылы демін аңсаған, Көңілімнің терезесі қыраулы...
СЫҒАН ҚЫЗЫ
Қылын шертіп жүректегі бір сырдың, Ей, гитара! Неге сонша күрсіндің? Неге ғана мұңаясың, гүл сындым, Мойыл қара көздеріңде күлсін күн. Ақырғы әнін қатқан шақта жырлап күз, Бақта қалай жүрсің жалғыз, жұмбақ қыз? Бал әуенге буындарым балқыды-ау, Тартшы тағы, бұлбұл сазын тыңдатқыз. Түс көргендей... сияқты ма жоқ демім, Кешкендеймін жастығымның көктемін. Үзілмеуін тілеп тұрмын үздігіп, Жеті ішектен жанды баурап жеткен үн. Өкпелі ме мазағына бір сұмның, Төккені ме әнмен мұңын, білсін кім? Куә болып қыз сырына кенеттен, Қасына кеп қалғаныма қысылдым.
Өмір жолы сан тарау ғой, әр қалай, Тағдыр тұрмас бұрымыңдай тарқамай. Мұңды қой да, жырыңды ойна жайдары, Жанарыңа жас үйірме, қалқам-ай. Берейін деп өміріңе бал ашып, Жымиясың... құлын мүшең жарасып. Жылымына тартып бара жатқандай, Қара құрдым сияқтанып қарашық. -Мен айтайын! Тұрсыз да ғой түсініп... ...Қызыл арай өңіңде ойнап, қысылып: Жаңа ғана жарған гүлдей қауызын – Алақанын ашты маған ұсынып. -Жолың мейлі қиғаш тартсын, керілген, Көрінбейді қайғы бұлты көгіңнен. Дүниеге келгеніңде-ақ іңгәлап, Сен бақытқа жаралғансың! – дедім мен.
Солай дедім, шын көңілмен – мөлдір шық, Мұндай кезде ақыл айту жөн бе, ұрсып. Сезімге ендің шұғылалы, шуақты, Көңілдендің тұрмағанға көлгірсіп. Секілденіп қыпша белді ақ бұлақ, Жалт бұрылдың, кетті ме бұл қатты ұнап. ...Бара жатты сыңғырлаған күлкісі, Қуаныштың қоңырауын қаққылап!
ЕРТЕГІ
Ес біліп естігенім ертегі еді. Ертегі шаттық пенен шер төгеді. Қаһарман бозбала мен хор қызының Келетін көз алдыма көркем өңі. Келтіріп, бақастардың бірі ретін, Өлтіріп тастаса да тіліп етін. Адал жан аман қалып ақырында, Ішкен соң өмір суын тірілетін. Содан ба, жамандықтан жиренемін, Арамға найза болып түйрелемін. Мен-дағы осы өмірді мейірленіп, Сезіммен таңғы шықтай, сүйген едім. Ғұмырға мәңгі ғашық, еншісі мұң, Ақынмын, жүректердің емшісімін. Қанатты қиялдарын көкке ұшырған, Ертегі елінің мен елшісімін. Алғанша жаһаннамның жолдамасын, Ойлайсың тіршілікті, толғанасың, Не керек, мынау жарық дүниеде, Жақсылар мәңгі жасар болмағасын.
Кеттіндер, асыл әке, қош, анам да! Өттіңдер бақыт тілеп босағамда. Жер асты патшалығын іздеп кеткен Сияқты, көзін жұмған қос ағам да... Тұрса да гүлдеп өмір, күліп өңір, Қауышам қиялменен күніге бір. Емшектің сүтін қоса еміп өскен, Келемін ертегімен сүріп өмір. Шабытым сапарда сыр шертеді ме!? Сәт тіле туған елім, тентегіңе. Ер салып Тайбурылға жол тартқанмын, Көрінген ертегідей ертеңіме. Жанарым жұмылғанша жырламақпын, Бақытпен бітер соңы күллі азаптың. Әйтеуір мен осынау тірлігімде Сенемін боларына бір ғажаптың! *** Өп-өтірік аяғыңа бас ұрып, Жүр біреулер амал-айла асырып. Алаңдаймын осыларға өз басым Қала алмаймын ренішті жасырып.
Сонда-дағы үмітімді үзбеймін, Өнбойынан бір ізгілік іздеймін. Бірі дана, бірі шала... «Неге осы Ала-құла болдық екен біз?» деймін. Мазасызбын, Тебіренем, беу, неге? Сезім көлі толқиды кеп кеудеде. ...Тірлігіңде бақытты етсең бір жанды, Болады өзің бақыттымын деуге де. Түзелгенді көрсем қырсық қалпынан, Шаттанамын, жүрегімде шалқып ән. Алақанның аясындай арманды, Аспанымдай үлкейтуге талпынам!
БІТЕ...
Адалдықтан тұл дене, Шәртік қарын іркілдеп. Дәметеді бірдеңе, Бақа бұғақ бүлкілдеп. Алға түскен ақшалар, Көрінгенде көз қарып. Саусақтары бас салар, Қырқаяқтай қозғалып. Мейманасы тасыды, Бишік етіп билікті. Алшы түсіп асығы, Бұл күндерде, күй мықты! «Парақор» деп жүр атын, Немене, бұл, жұт емей?! Түте-түте қылатын, Түскен жерін бітедей....
ШАБЫНДЫҚТА
Балбырап жатқан жон, алап, Бозала таңның алдында. Қырғидай тиді қол орақ, Жайқалып тұрған шалғынға. Не болды, дүние, әдемі ең? Құрақтар ыршып, ырғалды-ай. Жел емес, мынау «бәледен», Дірілдеп бойы тұрғандай. Аспанның қашып нұрлы өңі, Қапалы дерсің маздақ қыр. Мөлдіреп шықтар гүлдегі, Төгіліп кете жаздап тұр... Шабылмай қалған бөктерде, Балапан шөпке ғұмыр бер! Тек, қаулап қайта көктер ме, Көгінен ада түбірлер?!
СОҢҒЫ БӘЙГЕ
Бәйге болмақ, аттар озып келем деп, Көз ұшында құйындайын жөнелмек. Кәрілеу бір күрең тұлпар шеттегі, Тықыршиды жан-жағына елеңдеп. Шабандоздар қатар түзеп тұр енді, Шал әкелді, қосу үшін күреңді. Кісінеді... түсінеді жағдайын, Күрең үшін, соңғы бәйге бұл енді! Шапқан еді бәйгелерге ат талай , Қазір енді қалай болар бақ-талай? Бақыт еді бұрын жету мәреге, Қайран сол бір озып келген шақтар-ай! Бәйге деген жеңісті іздеп, жоқ қарау, Осы сөздің өн бойында от бар-ау! Күрсінтеді кейде құйттай кідіріс, Жарыс заңы – тек зымырау, тоқтамау!
Жебедей боп ыршып ұшқан садақтан, Жөнелді аттар, шаң бұрқылдап алаптан. Ортасында күрең тұлпар келеді, Ащы терін алып әбден жаратқан. Ауған бұлттай, аумалы да төкпелі, Озғаны ма, шынымен-ақ көктемі? Қақ маңдайдан қара суық қариды, Шабыс емес, намыс қысып өкпені! Бұл өмірде көп қуаныш, көп қайғы, Жел де үнемі бір бағытта соқпайды. Тас қамалын тағдыр алдан тосқасын, Қас жүйріктер амалсыздан тоқтайды. Әйтпесе ол, әйтпесе ол тоқтар ма, Жүрегінде жалын барда, от барда?! Үркердей топ барады өтіп жанынан, Ұқсап бейне зу-зу еткен оқтарға.
Болды-дағы тек самғаудан өзге ұмыт, Ұмтылды кеп, мойнын алға оздырып. Қиып барып құлағанын мәрені, Қайран тұлпар, кетті білмей, көз жұмып...
ДИНАНЫҢ ДОМБЫРАСЫ
Дина өмірінің соңғы сәтіне дейін ұлы күйшіге серік болған домбыра, қазір Атырау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Жыры дүлдүл домбыра, Тілі бұлбұл домбыра. (Баға жетпес, ол – мұра) Одан шешен болды ма?! Күй нөсері құйғаны, Шүлен шақтар сыйлады. Мүлік бопты, жәдігер, Еске алатын Динаны. Тарқата алмай құмарын, Іздегендей сыңарын. Қалыпты ғой тіл қатпай, Шыңға біткен шынар үн. Мұңды жанша апырмай, Тұрды қанша тартылмай. Киелі қол кеткесін, Перне бойлап шарқ ұрмай. Деме, музей ағашы, Домбыра тұр, қарашы: Жетім ұлдай жаутаңдап, Сағындырған анасы.
Үнсіздікті нақ мұндай, Тұрған сынды жақтырмай. Мойнын созар, аспанға, Ұшатұғын аққудай. Кенен күйге бөленіп, Тыңдар ма еді кенеліп. Саз төгетін сиқырлы, Саусақ тұр-ау керегіп!..
РАУШАНЫМ
Тыңда мені, тауларым! Тыңда, далам! Қуанышымды айтайын қалған алаң: Әке болып қарадым әлемге мен Тұңғышымның даусынан іңгәлаған. Қанаттастар, қайырымды көршілерім, Көріндерші күнімді, келші менің. Сұрамайын ұялтып көрімдік те, Бір ән айту бірақ та еншілерің. «Тағдыр бізге шуағын шашты енді»,-деп, Апатайым құшағын ашты елжіреп. «Айналайын!» - дей берді абзал әкем, Жанарында шаттықтан жас мөлдіреп. Күттіріп ең жаным сен көптен мені, Келдің–дағы қиялым көкке өрледі. Сандуғашы сайраған тамылжытып, Баққа айналдым гүлдеген көктемдегі.
Әлі де мен жырлармын бұл күнді мың, Ашып тастап ақ отау жыр түндігін. Ақша бұлттай асыр сап аспандағы, Ақ бұлақтай тасқан шақ күлкім бүгін. Қуантқанмен біздерді бұл күні бек, Қуант ертең елінді, құрбыны көп. Раушан деп атадық есімінді, Отаныңның өскейсің бір Гүлі боп!
ӘЛДИ ӘУЕН
Әуеніне даламның Жиып алған бар күйін – Сағынамын анамның «Әлди, әлди, әлдиін!» Ұғынумен өмірді Есейсек те ержетіп. Қоңыр әуен көңілді, Келеді әлі тербетіп. Бір биікке ұмтылғам, Жанға іздемей сая-бақ. Көкіректе бұлқынған, Бөбек жырды аялап. Сезім оттай шалқиды, Ұшқын жоқ па?- Сарқылдың! Алдан күтер әр қилы Арманы бар әркімнің Жүрмес іске жанаспай, Болғаннан соң ол адам. Мақсатсыз жан ағаштай, Жемісін жел тонаған. Ондай ғұмыр түнек те, Кеудеңе күн қонбаса. Әлдилейтін жүректе, Бір асылың болмаса!
БИШІ ҚЫЗ
Бақыт құшқан бейнелеп кемел қырын, Сезіндіріп бал шақты нелер шырын. Биіктетіп барады өнер шыңын, Анау аппақ, киелі көгершінім. Жыр бар қандай бере алар көркін ерен, Сырлар бардай сөзбенен шертілмеген. Қанатындай аққудың мамық жүнді, Ақ көйлегі жұп-жұқа желпілдеген. Сұлулықтың осынау шағын қалай, Көре аларсың толғанбай, таңырқамай?! Қар жауғанда алақан тосқанында Қалқып келіп қонатын ақ ұлпадай... Ән ғой мынау! Ән айтып керегі не. Әкеткендей жетектеп желегі де. Батып кеткен сияқты боласың бір, Шымырлаған сезімнің тереңіне.
Төгілгендей шуақты нұр әуеден, Ұшар құстай жүрегің тұр-ау әрең. Жанарында шаттықтан жасаураған, Билеп бара жатқандай мынау әлем!
ПЛАНЕТА ТАҒДЫРЫ
Біздің заманымызға дейінгі 3200 жыл ішінде адамзат небары 292 жыл бейбіт өмір сүріпті. (Баспасөзден) Бас көтеріп әр жерлерде жүр бүлік... Болмадық па, соғыс деген сырды ұғып?! Бозторғай да шырылдайтын еді ғой, Боз даланың амандығын жыр қылып. Ей, адамдар, тағдырың бір жерменен, Жер деген бұл, бесігің ғой тербеген. Ұрпағымыз ұрыс үшін келмеген, Шарпылмасын көкірегі шерменен. Бала-бақыт, жылатпайық жүрегін, Торламасын қайғы бұлты нұр өңін. Қанат қаққан көгершіндер көгіме, Алып ұшсын бейбіт күннің тілегін. Қиял шарлап аспан төсін көкпеңбек, Көңіліміз жүргенімен көктем боп. Нагасаки, Хиросима қайғысы, Қара жердің кеудесінен кеткен жоқ.
Сүліктердей қызыл қанға семірген, Сұрқиялар тек байлыққа емінген. Адамзатқа ажал тілеп аттанған, Жорықтардың жолы болмай жеңілген. Құдірет боп көрінгелі Ескендір, Даңқ іздеумен қырғын өмір кешкен құр. Шын құдірет шайқаста емес, шабытта – Асқақ ән мен жүректерден ескен жыр! Шыңғысхан да ат үстінде шіреніп, Шығыс жері мың күйзелген, мың өліп... Масаттанған Мамай қолы майрылды, Ұлы орыс найзасына тіреліп. Басқа түсіп талай нәубет ноқтасы, Ойрандалды, о, қаншама от басы. Наполеон да таба алмады нәпақа, Ыссы болып Бородино ботқасы.
Керуен көшсе, әдеті ғой ит үрер, Өрт қойғандар өз отына үйтілер. Империя орнатам деп мың жылдық, Күлге айналды фашизм мен Гитлер... Өктемдігін жүргізе алмас бізге өлім, Қара ниет жау жұлынын үзді елім. Ізгіліктің қамқор қолы емдеуде, Соғыс салған жарақаттың іздерін. Жерде мынау, десең гүлдей жайқалам, Арамдыққа өзің үкім айт, Адам! Жарып шықты тажал нейтрон бомбасы, Жұмыртқадан, кесір Коэн шайқаған... Аландатып адал ойлы мұратты әр, Әлем кезіп ала құйын жүр ақпар. Жер ананың жаралайды жүрегін, Оқтай тиіп, болып жатқан сынақтар.
Бар әлемге біз тілейміз мәңгі бақ, Қалмасын деп жер бетінде қанды дақ. Болсын бейбіт күн жұлдызды, ал бірақ, Сұм соғысты «жұлдызды» деу сандырақ! Даламызда – жота болып жатқандар, Арамызда – соғыс зарын тартқандар. Күлім қағып атуы үшін ақ таңдар, Дейді бізге: «Тыныштықты сақтандар!» Тас төбеден ажал күтіп телмірмей, Өркен жайып өссін жастық өндірдей. Ұстатайық келер ұрпақ қолына, Бабалардың жаққан отын сөндірмей. Оранбасын десек өмір жалынға, Күреске шық, орын берме дамылға! Аяландар.Абайландар, Жер шары: Айналып тұр, адам алақанында!...
*** Тізгін ұстап, қонғанмен бүгін ерге, Ұзынымнан түсермін ұлы жерге. Қаламымнан қалған із құштар қылып, Үмітпенен ұрпағым үңілер ме. Тыныштық жоқ санама тегі менің, Жыр соқасын сүйреуге жегілемін. Өрекпіген ойларым, өзендегі, Быт-шыт болған сеңдердей, сөгілемін. Күрсінемін, өкпелеп өзіме-өзім, Түршігемін, ұялап көзіме мұң. «Жете алдым ба жұртымның жүрегіне,» - Деген ойдың салмағын сезінемін. Қақпан шабар сәтінде, кезі келген, Талай жерде айтылмай сөзім өлген... Талай жерде жол бердім жолдасыма, Шығар шақта өрмелеп өзім өрден.
Ессіз күнде жоқ белгі, есінеген, Өрнек іздеп ойланам, несіне мен?! Көңілімнің гүл егіп қыратына, Енші келіп кеудеме, есіл өлең! Жүрегім – көл, жағасы жалбыз еді, Айдынында аққудай ән жүзеді. Қара бастың қамы емес, халқым үшін, Жазылған жыр-жанымның жалғыз емі...
ҰЯТ, ҚАЙДАСЫҢ?
Алтындай арман айналып кетеді күлге... Жар салған даусым, «Ұят» деп, жетеді кімге, Бетінде қытық қалмаған бетпақ қатындай, Жалаңаш шындық жанымнан өтеді күнде. Кете ме деймін мұндайда ерік естен де, Бозбала мәз, мұндайды көріп өскенге. Отыратынын қайтерсің өлердей қарап, Жалаңаш жандар жабысып, өліп-өшкенге. Жезөкше-жылым, жұтады... барма тәніне, Айналған пәктік, өмірдің ардақ әніне! Жадылап жүр-ау жүйкені зәрлі тілімен, Жыландай – бейнетаспалар арбап әлі де. Қағынған қыздар, белшеден батқан күнәға... Берері бізге – жылаған тастанды бала. Жұртым-ау, сонша не болды, жаңарың жұмып!? Жарапазан емес бұл, жаттанды ғана.
Құтыла алмаған батыстың шығынып елі, Бейәдеп фильм мазалар бұ күні мені. Лыпасыз қалар түрі бар түсінгімнің, «Арымнан жаным садаға!» - ұғымым еді. Қамыңды ойлап,ұрпағым – қияқтай жасым, Шарасыз халде шайқаймын, ұнатпай, басым. Үлбіреп алда тұрушы ең жолымды кеспей, Жоғалтып алдым мен сені, ұят қайдасың?!..
АЛТЫБАҚАН
Алаулы от. Анадайда алтыбақан, Алтыбақан сауық қой халқыма тән. Ағынымен сезімнің шырқ үйіріліп, Шырақтарын жанымның жарқыратам. Тұр біздерге қаншама көз қадалып, Қолыңды бер, кел, қалқам, қозғалалық. Айлы түнде құрылған алтыбақан, Бесігіндей көрінсін бозбалалық. Дауыл тұрсын екпіннен, тербегесін, Астымызда жұмыр жер дөңгелесін. Аласұрған толқынмен алысайық, Жастық шақтың мініп ап жел кемесін. Бір қосылып шырқадық әнді ұнаған, Қимас жан боп қалсаңшы мәңгі маған! Уылжыған алмадай бақшадағы, Ақ жүзіңе қараймын албыраған.
Дарқан көңіл көсіліп даламыздай, Бас айналып шаттықтан барамыз ба-ай! Шашу етіп шашады жұлдыздарын Аялы аспан аяулы анамыздай. Айтылмаған жүректе сырды аңдатып, Алтыбақан теуіп ек думандатып. Көңілімнің көгінде әлі тұрсың, Он төртінен толықсып туған Бақыт! *** Аппақ нұр айдан саулайды, Құшады соны қыр, далам. Көлдегі жарты ай аумайды Қалқатай таққан сырғадан. Күндізгі шудан шаршаған, Жағажай жатыр түс көріп. Ғашық боп жерге аңсаған Бір жұлдыз төмен түсті еріп. Рақат табар жан мұнда, Шалғынның иісі сіңеді. Ақ қайың анау алдымда – Арудың созған білегі.
Жолығам іңкәр арманға, Бір тәтті қиял тербейді. Жауыздық бар деп жалғанда Жүрегім әсте сенбейді. Толғанам ғажап өмір деп, Жаратқан неге келте қып?! Көрігін кенет жел үрлеп, Қымтанды аспан көрпе-бұлт. Жартас тұр қарап үңіле, Жоғалды сурет жырға бай. Алдамшы ма едің, дүние, Судағы «алтын сырғадай»?!
ҚЫС. КӨНЕ ҚОРЫМ
Сіңіп санаға, Желі далада, Жеткізер сыңсып небір үн. Тыныштық дейді өлі қалада, Тұр соған сенбей көңілім... Ақ ұлпа қалың, Жауып ап тәнін, Борасын билеп, бар алап. Ақ кебін сүйреп аруақтарым, Зиратты жүр ме аралап... Үздіге салған, Сәл жырақ маңнан, Байғыздың үрей сезімі. Құлпытастардың қалжырап қалған, Топырақ болып төзімі. Жұбатып жанды, Уыстан қарды, Шығармай тұрмын сығымдап. Тым ерте кеткен туысқандарды, Шақырғам келді, сыбырлап. Сезімге сеніп, Елтемін келіп, Жоғалып бір сәт қайғым да. Қиял кемесі желкенін керіп, Жүзеді, аспан-айдында.
Ойымда жүр-ау... Орындадым-ау, Аятымды оқып ырғақты. Ақпанда, қысқы қорымда мынау, Марқұмдар маған тіл қатты. Сіңіп санаға, Желі далада, Жеткізер сыңсып небір үн. Тыныштық дейді өлі қалада, Тұр соған сенбей көңілім!..
МАЙДАНГЕР
«Май таңында қауышқан күліп елмен, Қайта мұнда табысқан ұлы жермен. Арман бар ма сенде де - дейді біреу,- Тозағынан төрт жылдың тірі келген?!» Болса-дағы көңілі тоқ, мерейлі, Сол майдангер «арманым жоқ» демейді. Арман деген – адамның қанаты ғой, Сусыз жерге шыбық та көктемейді! «Мына күнді, асқар тау, бұлағымды, Кіндік кесіп, кір жуған тұрағымды Қорғадым-ау!...» дегенді ойлағанда, Көкірегін кернейді жыр ағынды. Адымдайды мектепке мығым басып, Жеткенінше шат күлкі, дуылға асық. Шүпірлеген балалар балапандай, Қоршап алып тұрғаны шуылдасып.
Кей күндері түйіліп үн қатпайды, Жүрегінде жатады тулап қайғы. Еске түсіп оққа ұшқан есіл ерлер, Тек темекі түтіні будақтайды. Мәңгілік от жеңістің жалауындай, Мүмкін емес толқымай қарауың жай. Жанына кеп майдангер бас иеді, Тұрады ұзақ құрметті қарауылдай. Туған жерін жанындай пір тұтады, Жанарында өмірдің нұрлы таңы. Өзі оттан қорғаған орманының, Балдақ болып сүйейді бір бұтағы...
АҚСҮЙЕК
Не жетсін-ай қиялға, сірә, қырғи, Көкіректі кернейді бұла бір күй. Ақсүйекті босқа іздеп әуре болған, Құрбыларым ойымда тұрады ылғи. Отты жастық, Өткенбіз өткеліңнен, Көңілдесің, қайырылмай кеткеніңмен. Үкі таққан бейне бір ақ сәукеле Ақ боз үйлер... түтіні көкке өрілген. Шалғынға аунап шыңырау суын ішкен, Күндер есте, Толғанам тынып іштен. Ару әлем... Ақсүйек... Ару қызбен Айлы аспанның астында жүгіріскен. Жүрегімнен ағылып сырлар шырын, Жанарыңның сүйегінмін тұнған шығын. Кеттім білем сезініп өзімді мен, Алпамыстай қорғаған Гүлбаршынын.
Кеудемізде бұлқынып тасты бұлақ, Екеумізге құшағын ашты құрақ. Жебедей боп әуеде бара жатты, Ақсүйектің орнына тас зымырап. Құмырсқа бел іздер-ай шағылдағы, Бекер болды-ау достардың сабылғаны. Кім біліпті қалтамда жатқанын ол, Табылмады ақсүйек, табылмады... ...Жігіт болдық жүрмейміз бірге күнде, Бөлінбестей көруші ек ірге мүлде. Жоқ қараған жолаушы секілдіміз, Сан тараулы тағдырдың сүрлеуінде. Қайран жастық қалайша қалсын өтпей, Өмір мәнсіз – үмітті талшық етпей. Әркім іздеп кеткендей армандарын, Табылмаған әлгі бір ақсүйектей...
ШЕРҚАЛА
Киген сынды дулыға ғып кең дала, Көрінесің сонадайдан сен дара. Қирадың-ау қыш құмыра сияқты, Шерлі қала, шетінеген Шерқала. Жарақаттан, найза салып шанышқан, Үрейлі бір үн жеткендей алыстан. Ақ сүңгі тас алмас тістей ақсиып, Атылғалы тұрған бейне арыстан. Шірей тартып өшпенділік жебесін, Қорқау жаудың қақыратқан көбесін. Қадым заман арасынан қасқайып, Қиялымда көлбеңдейді елесің... ...Түсі қашып, тұнжырайды таңғы аспан, Шалғын анау жапырылып шаң басқан. Теңселеді таразының тіліндей, Өмір менен өлім, әне, арбасқан!
Таусылмақ па осы арада бар несіп? Толарсақтан жүр сарбаздар қан кешіп. Шайқалғандай сұмдық шудан Шерқала, Сияқтанып сәби жатқан тал бесік. Салмақшы ма туған жерге жат ойнақ?! Шаршы алаңға шықты мың сан ат ойнап. Бір-біріне аш бөрідей тап берді, Екі жақтың қалың қолы атойлап. Кеуделерден, бас алмадай жұлынды, Түмен біткен жандарынан түңілді. Қылыштардың ұстарадай жүзімен, Кілкілдеген қызыл сәуле жүгірді. Таңмен талас, тұр-ау ертең тағы сын, Қамал жатыр , найзағай ғып намысын. Көкжиекке құлаған күн бетіне, Жабағы бұлт жаба салды шәлісін...
...Қырдың желі осылай деп күбірлер, Айна бұлақ көз жасындай дірілдер. Дала төсін барабанша соққылап, Құлағымда тұлпар тұяқ тұр үндер. Саз-мақамы мерейлі де, мұңдылау, Жүрегімде жалын атқан жыр жүр-ау. Қансыраған кездеріңе қиналам, Қабырғама салынғандай қыл бұрау. Қанша ғасыр мың тірілдің, мың өліп, Мәрт қамалым, көшті жылдар үдеріп... Көз ұшында куәсіндей қырғынның, Қарауытар «Қара мола» түнеріп. Жеңілмедің, жауыңды естен тандырып, Берілмедің, болса-дағы сан бүлік. Қазағымның қайсарлығы ма екенсің, Ескерткіш боп тұрып қалған мәңгілік?!
Шайқас салған қарыс қадам шегінбей, Ақ қорған тұр әруақты ерімдей. О, ШЕРҚАЛА! – Ақ сауыты батырдың Айқастарда аман қалған сөгілмей!
БАЙҒАЗЫ
Есіме алам соғыстан соңғы ел кейпін, Қуаныш бізге қонақ боп жиі келмейтін. Үстіме үрдей жап-жаңа көйлек кигізіп, Көршіден анам байғазы сұрап кел дейтін. Кім-кімде бұған қылмайтын онда сарандық, Көйлекке алар байғазы мені алаң ғып. Бір уыс шөптей кекілім баста желбіреп, Жүгіріп бара жататын едім жалаңбұт... Жалаңбұт бала, адамдық қана – арманы, Есейіп ерте, еңбегін елге арнады. Байғазы алған базарлы шақтың шуақты, Жылуын әкеп келешек күнге жалғады. Сенің де білем, басыңнан өткен, бұл, құрбым, Бейкүнә сонау балалығымды сыр қылдым. Бөліскен бірге, сәл ғана шаттық сезімін, Ұнайды маған осынау салты жұртымның.
Өскенбіз солай, үлде мен бүлде оранбай, Өтті де кетті балалық шағым оралмай. Барлыққа балап, шүкірлік етіп тұрамын, Байғазы сұрап жүгірген бала көре алмай...
ТЕҢІЗБЕН ТІЛДЕСУ
(Әбу Сәрсенбаевқа) Дүбірге толы теңіз бе дерсің бұл ғалам, Керегіп тұр-ау құдіретті саған қыл қалам. Сөзбенен, шіркін, тұлғанды сенің сомдар ма ем, Айвазовский бояу тілімен жырлаған?! Шамырқанғанда, теңізден соққан жел де үдеп, Шақырмай шабыт шыдарсың қалай, сен, жүрек?! Жойқын жасақтай жөңкіліп бара жатқанда, Асау толқынның арыстан жалы желбіреп. Кеудеңе қонған сәулелі шаттық, талай мұң, Кемеңгер сынды келбетіңе үнсіз қараймын. Маржандай суын жұлдыз ғып шашқан аспанға, Ақпейілің бе ақжарма көңіл ақ айдын? Келеді, әне, құшағын ашып жағалау, Өзіңе тартып көгере қалған бақ анау! Арғымақ аттай,
арнасын кенет бұрып ап, Өзендер біткен асығып саған ағады-ау. Өремін өлең, жағаңа сенің жетемін, Көремін сенен өмірдің күрес екенін. Тынымсыз мынау ұқсайды ұлы теңізге, Таулары – толқын, баулары торғын мекенім. Жырлардан сонау болашақ жайлы ән тындап, Тұрамын толқып, әкеліп жатса әр күн бақ. Махамбет ақын семсерін еске салады, Осқылап өткен жасынның оты жарқылдап. Атырау-дана, тербетер сырды алуан, Алуан сырдан жақсылық бойға дарыған. Сөйлейді сонда Құрманғазы ата күйлері, Суылдап ұшқан дауылпаз қанаттарынан.
Табиғат – ана! Танданбай, сірә, тұра алман, Ғұмырымда осы шыға алмай жүрмін құмардан. Мәңгілік мені ғашық қып қойған терендік – Атырау – әлем, тамшыдан титтей құралған... Қызыға қарап, толғана қалған шағыңа, Толқында туған талайлы тарландарыңа. Жанымның аппақ желкенін жайып жүземін, Қолымды созам ақша бұлт армандарыма. Көкірегінді шуақты сезім кернесе, Достарым менің, теңізге тартқын, ендеше! Ақынмын деген жандарға әсте сенбеймін Теңіздей шалқып, Теңіздей тебіренбесе!.. ҚОБЫЗ Қобыз болса көрінген, Көзімде елес өрілген: Қашып бара жатады, Қорқыт ата өлімнен.
Құлпырар ма жаз алдан, Құтылар ма ажалдан? Тұрып алды бір ызың: «Өлесің!»-деп маза алған... Күйге ұйытып бар маңды, Айтқан асыл арманды. Қалай ғана қия алар Жарық сәуле жалғанды?! Сыйлар шырын сәттерін, Тірлік қандай тәтті едің! Қимай қанша қашса да, Жылан болып шақты өлім... ..Үміт жібін үзбеген, Жеткен бізге ізгі өлең. Өнегелі ғұмыр бұл Өлмес ғұмыр іздеген. Қозғап, шіркін, сырды не, Тебірентіп тұр, міне. Қорқыт баба бірақ та Білмеді ме, білді ме: Мәңгілікке шертіп үн, Дауасы боп дертінің. Қыл қобызы қолдағы Өзін өлтірмейтінін!
САРҒАЙҒАН ХАТТАР
Үш бұрыш хаттар легі, Майданға кірді, жетті елге. Окоптарға кеп түнеді, Ұмтылды алғы шептерге. Тіл қатып қалам ұшымен, Алуан ұлттар тілінде. Оралды оттың ішінен, Осынау хаттар бүгінге. Жазатын былай жеңгеміз, Солдаттың жары елжіреп: «Біздерді қойшы, елдеміз, Сен аман жүрсең болды!» - деп. Қарайды әже белеңге, Күтумен ұлын жүреді. Сенбейді өлді дегенге, Көнбейді оның жүрегі. Қимастық осы сезімнің, Босамас бойдан құрсауы. Әжетай, ұйықтап көз ілгін, Әлдилеп жаздың нұр шағы. Боздақтар күні батқасын, Төсегі болды-ау жат мекен. Қанша үйдің келіп қақпасын Қаралы қағаз қақты екен?!
Жылдарды сонау жаралы Ойға алып әркім отырар. Ерлікке баулыр баланы, Жауынгер сөзі оқылар. Бұлақтар небір сарқылып, Өтті ғой бастан шақ талай. Сағыныш демге шарпылып, Сарғайып кеткен хаттар-ай!..
ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ ҮЙЛЕР
Толғанамын, оянам да таңменен, Асығамын жетпейтіндей әлденем. Құрылысшыдай жымдастырған кірпішті, Ұйқастырам мен де өзімше нәрлі өлең. Өрнек салып сан сүгірет өреме, Жанар-жебе, шаншылады төбеге. Тас көтеріп, қолын созған крандар, Кітап қойып жатқан жандай сөреге. Жұмысшылар күйін толғап жүр, істің, Қоймасындай құрылыс сансыз дыбыстың. Сом темірден жатқан дәнекерленіп, Шашырайды салют беріп мың ұшқын. Алғыспенен жар саламын айғайлап, Көңілдерді көктем ету қандай бақ! Құрылысшының қалағы да қолдағы, Сабағы бар жапырақтан аумайды-ақ.
Аумайды ол және-дағы жүректен, Тіл бітіріп қара тасты түлеткен. Қабырғалар барады, әне, қаланып, Мейіріммен, шұғылалы нұр өпкен. Жаным менің жақсылыққа елтіген, Жел тербеткен жас шыбықтай желпінем. Ұрпағына тынбай ұя салатын, Қарлығашты көз алдыма келтірем. Көрік берген айналаға арайлы, Тамсандырған ғимараттар талайды. Көк пен жердің көлегейлеп арасын, Алатаудай аспан тіреп қарайды. Шомылып үй шуаққа да, жаңбырға, Тоғысады түрлі-түрлі тағдырға. Кенеледі қуанышқа күні ертең, Бөленеді бөлмелері ән-жырға. Орман сынды шулап құрылыс алаңы, Сазыменен әлдилеп тұр даланы. Өн бойында көктеп кірпіш бүршіктер, Келеді өсіп тұрғын үйлер дарағы...
ҚАШАҒАН
Жайлаудың әсем бір күні, Жатқан-ды жусап жылқылар. Тұзақтап тағы жылқыны, Тарқайтын болды бір құмар. Жылқышы әйгі ісімен, Тасалап жетті, тығыла. Үйірлі жылқы ішінен, Қашаған қашты шығына. Тұяғы тисе пергілеп, Жазылып төбе аунайды. Жалаудай жалы желбіреп, Қанатты құстай самғайды. Азынап желден күй ақты, Кеудені соға құйылып. Түсетін бүркіт сияқты, Барады жігіт шүйіліп. Көз көрім жерді шаң қылып, Құйғытқан ақбоз ат қандай! Артына ізін қалдырып, Құйрықты жұлдыз аққандай... Бостандық қана, шығар, бақ, Тұлпардың жайын кім ұқты?! Шалдыртпай кетті шығандап, Салдыртпай кетті құрықты!.. ...Тастады-ау шоғын сезімге, Қимылы, қайсар дүлейдің.
Соңына түстім өзім де, Ұстатпай жүрген бір ойдың!..
МҰНАРАЛЫ МАҢҒЫСТАУ
(публицистикалық толғау) І.АРНАУ Мұнаралар! Аспанға шаншыласың... Аласалар намысын қамшыласын! Ақ сағымның шыға кеп арасынан, Қиялымның ұшырдың қаршығасын. Тебіренттің, құштар қып Төлегенді, Оралмайды от тілді өрен енді. Асыл жырдың мүсіндеп мұнарасын, Жалғастырсам деп едім сол өлеңді. Кетті мені үйіріп тасқынды шақ, Мұнайшыға айқара аштым құшақ. Мұнаралар тұр маңғаз, тапжылмастан, Туған жерін күзеткен сақшыға ұқсап. Үмітісің бабамның ат сабылтқан, Сүйіншісін даламның ал сағынтқан. Айдарыңнан жел есіп асқақтайсың, Ақ бөкебай орап ап ақша бұлттан.
Дабысыңды дос түгіл, қас тыңдаған, Талай тар жол, асудан астың далам. Мұнаралар орманы келеді өсіп, Дариялар төсінде тасқындаған. Мұнаралар! Шыңдағы шынарлардай, Келбетіңе қараймын құмар қанбай. Жер мен көктің арасын жалғастырған, Көпірмісің ғажайып ұлы армандай?! Қаншама сыр мұнара тұрысында, Қанша ғасыр түскелі ұлы сынға?! Күнге айналып кеткендей, Тұрған жарық Балауыздың дірілдеп тілі ұшында... Өттік талай қатерлі бұраң жолдан, Тек биіктік біздерге ұран болған. Қанатымды қомдап-ақ жібердің ғой, Ғашық қылып қияға қыран қонған!
II. ДАЛА ДАУСЫ
Қонысымын мал баққан көшпенді елдің, Өрісімін шаңдатып ескен желдің. Маңғыстау... Қойнауымның бәрі қыстау, Жеті жұрт кеп, жеті жұрт көшкен жермін. Күн көрсетпей көгімді құрсады бұлт, Сығалады сәуле боп мың сан үміт. Көңілімді сыңсыған селеулер мен, Желбіреген кекілі жусан ұғып... Куәсімін жауыздық қылмыстардың, Шетінеткен шеруі Шыңғысханның. Ойрандалып замандас Отырарым, Күңіреніп қиянда мұң құшқанмын. Жасығын да, асылын – жанған дарын, Құшағыма жатсынбай алғам бәрін. Көне дәуір сырларын күбірлейді, Бас көтеріп құлпытас, балбалдарым.
Ұрғылаған төсімді тұяқтардан, Дабыл қаққан барабан сияқтанғам. Сағым қонып жатқанда көкжиекке, Абыл болып адуын күй ақтарғам. Топан судай тоғытқан аққан жырын, Қашаған мен Аралбай, Ақтан, Нұрым. Қалтыратып байларды жапырақтай, Бақсыдай қып кететін қаққан жынын. Өзен же жоқ, таппаған көл жарасым, Маңғыстау ем шөл қысқан кең даласын. Жерұйықты іздеген Асанқайғы Өте шыққан желдіртіп Желмаясын. Аңыз болып бүгінге аты жеткен, Құлбарақпын шайқаста қапы кеткен. Басын байлап өлімге бақыт үшін, Асыл да өткен осында, батыр да өткен.
Жезтырнақты самұрық босатпады, Сөнді жанбай талайдың ошақтары. Қанды қырғын куә оған Қошақтағы, Жанын қиған Досанның жасақтары. Қариямын қияға көп қараған, Дариямын ағысы тоқтамаған. Дүбірлеткен мен болам тұлпар дала, Бұғауды үзіп тар заман ноқталаған. Күдер үзбей, күтіп тек үмітті алдан, Ерулі атқа қондырған жігітті арман. Мұнаралар – нар мүсін батырлардай, Найзаларын көтеріп тұрып қалған. Бақыт күліп, төккенде мәңгілік нұр, Жайнап жүре бердім-ау жаңғырып бір. Құбыр бейне тамырдай денемдегі, Өн бойымда мұнайдан қан жүріп тұр!
III. АЛҚЫЗЫЛ АЛАУ
Қып-қызыл от күндей боп алаулайды, Бабам басқан көріктен дала аумайды. Шарықтайды шабыттан шағала күй, Аспанында көңілдің ән аунайды. Сезім бұлақ бұлқынып тұла бойдан, Жағу осы дейсің-ау шырақ ойдан. Атамекен – отаудың қарсы алдына, Алып мосы сияқты құра қойған. Кеудесінен сызылтып серенада, Ұйқысынан оянды көне дала. Тағзым етіп тұрады качалкалар, Қайта-қайта бас иіп Жер-анаға. Омырауын тіреген оппа құмға, Түйелердің керуен соқпағында. Жұртта қалған жылтырап үміт шоғы, Тұрған жоқ па Қаламқас оттарында?! Алау қанша! Жаным-ау, шеті қайда?! Жанар таулар атқандай Жетібайда. Жүзі ұялып жердегі жарық нұрдан, Қалатындай көрінді кетіп ай да.
Күндізгідей бейне бір мұнда түнің, Түрегеліп құбырлар тұр қатып үн. Жол барады арқалап ауыр жүкті, Толғанады таба алмай қыр да тыным. Өмір өзге бүгінде, өзге дала, Сұлулыққа, шіркін-ай, көз қана ма: Мұнара емес, сымбатты бойжеткендей Орамалын бұлғаған бозбалаға. Бесігі ғой бақыттың бұл ара тек, Қуанышқа ортақтас гүл ала кеп. Дүниеге қыз келсе қызғалдақтай, Қояды енді есімін Мұнара деп. О, арулар, шадыман шаққа жеттің, Басыңдағы бүгінгі бақты ән еттің. Тусыраған тереңнен сыр тартады, Сіңлілері кешегі Ақбөбектің. Түлейді жер түбектің түлегінен, Тас балқыған қызулы жүрегінен. Қиындықтың құрсауы қақырайды, Жүзі қайтпас жастықтың түренінен!
Дүбірлетсе жасампаз жандар анау, Тәнті болып, таңдайын таң қағады-ау. Ерлік еңбек туындай желбірейді, Мұнаралар басында жанған алау. Өмір гүлі, о, құрбым, солмаса дер, Жақсылықпен күн сайын қолдаса бер! Тірлік пе екен, түнекті жарық қылар, Жүрегіңде жалының болмаса егер!
IV. ШЕВЧЕНКОМЕН СЫРЛАСУ
Ой көзімен аймақты шолғансың әр, Көре алмапсың құзарға қонған шынар. Жетім ұлдай өткізген жеті жылың, Жеті ғасыр сияқты болған шығар. «Есігі жоқ түрме» атты жаққа айдалып, Өтіпсің-ау ну орман таппай налып. Тіршілігің тәрізді тоқтамаған, Бір шыбығың тұр қазір баққа айналып. Шежіре қып қарттарым шертер еді, Ақтаудағы екі-үш үй жертөлені. Жанарды арбап, жақұтты жағалауда, Орнап қалған ба дейсің ертегі елі... Алып үйлер ақ маржан мұнарадай, Тұлғасына ұялап тұрар арай. Қимай әрең батардай көкжиекке, Көктің төсін өткенде күн аралай.
Ақтау осы, аққуға қосқан әнін, Қадалады еріксіз қос жанарың. Талай ұлттың табысқан тұрағы бұл, Тамырымыз тереңде досқа мәлім. Жүрегіне бейнеңді жылы бөлеп, Түрі бөлек демеген, тілі бөлек. Таразы деп атаған, Тарас демей, Өз ақыны ең қазақтың, шыны керек! Ескерткіш боп тұр, әне, дара тұлғаң, Үлкен-кіші толғанып баратын маң. Қас қыранды қомданған көргендеймін, Жыр көгінде самғауға жаратылған. О, мүсінші, арманы асқағым-ау, Мұнара қып көңілді тастадың-ау. Бара жатыр еріксіз мені баурап, Жан біткендей, тілі жоқ тасқа мынау. Тағдырыңның бар түні қабағында, Таң нұрының жарқылы жанарыңда. Атыраудың тілдесіп толқынымен,
Отырсың ба қауышып жаңа жырға?! Адамдары тағдырлас болған бауыр, Теңсіздікті, құлдықты жойған дәуір. Ойға алдың ба, қаракөз – қазақ қызын, Толғандың ба жас ұрпақ қойғанда гүл?! Заулай берсін зымырап заманалар, Өр тұлғаңа тау таң ғап, дала қарар. Жеткізгендей шуақты сезіміңді, Шаттанады шарқ ұрып шағалалар!..
V. БҰРҒЫШЫ
Ақ самала кезеді түнді жарып, Мұнараға қойғандай күнді жағып. Төбесімен секірген сүңгуірдей, Бұрғы кетті тереңге мың бұралып. Жұлқылайды, бермейді жел де тыным, Бұрқырайды төскейі жер бетінің. Сар даланың ақ сортаң шаңыменен, Опаланып алады керзі етігің. Қапсыра ұстап палуан қолғаппенен, Тұңғиыққа тұрбаны жолдап терең. Баста – каска – дулыға, буырқанған, Батырдайсың аумаған сонда ақ берен. Құс ұйқылы анадай елегізіп, Көзің манометрде, дене қызып... Тұрған шақта, жеті қат жер астынан, Сұрапыл сел жетеді сөрені үзіп!
Жұрт қаумалап: «Мол мұнай көзі!», - дескен, Сол сәттегі кетер ме сезім естен. Сен тұрасың шаттанып сом тұлғалы, Кен орнының кіндігін өзі кескен. Күн мен түндер ұйқысыз, тең ерлікке, Бойыңда бар төзім де, кемелдік те. Бұрғышының бақыты тайызда емес, Буырқанған толқыны тереңдікте! Дүбірлеткен дүние дүрбісімен, Қарсы аласың қуана күнді шүлен. Парасатты перзенті туған елдің, Болашаққа жол тартқан бұрғы ұшымен. Беймаза қып қойдың-ау, құрбым, мені, «Бұрғышымын» өзіңдей бұл күндері. Түбекті емес, жүректі зерттеп жүрмін, Табылса деп жауһардай жырдың кені...
VI. КЕЛЕШЕККЕ ХАТ (немесе мұнара туралы монолог)
Кең жайып дастарқанын ырыс далам, Толықсып бейбіт таңмен тыныстаған. Еңкейіп, ұлы ерлікке тағзым етіп, Жастар тұр қолдарына гүл ұстаған. Жазуға үңілемін жолда тұрған, Мұнайшым сомдалыпты сонда тұлғаң. Маңғыстау қазынасын игергендер, Атынан мәрмәр белгі орнатылған. Ұғынып ұланғайыр сыр, мағына, Толқимын отырғандай жыр тағына. Осында, жазылған хат сақтаулы тұр, Аманат, келер ғасыр ұрпағына. Алыпсың, сия қоймас жырға өлшемі, Өмірім өлең етіп үлгерсе еді... Қазақтай ұлы елімнің дүрсілдеген Маңғыстау – жүрегінің бір бөлшегі!
Биігін болашақтың шолады ойлар, Адамдар, аппақ таңдай бол арайлар. Үлбіреп өскен Гүлдер солмасын деп, Тосады тау тұлғасын Толағайлар. Қаншама десеңші бар «мұнаралар»... Қалайша көкірегің тына қалар?! Өмірде, бірін көріп биіктейсің, Көңілге, бірін көріп, мұң оралар. Десеңші, толғантпайды адамды не, Болады байлық қана бар әңгіме. Бейшара көбелектей отпен ойнап, Алады ойша бөліп әлемді де. Қадірін тәрік қылған күн, айдың да, Жақсылық, қайдан болсын, сыңай мұнда. Көкке де қолды созып, бар болса егер, Қалтасын қағар еді құдайдың да!
Арсыздар әділетке құлақ асың, Жер-ана шашын жайып жыламасын. Неліктен көздеріңді мұнар басты, Тұрғызып ядро мұнарасын. Мұнара! Қандай сөзсің мағынаң көп, Тұлғамды тұрғандайсың танып ал деп. Қол созған мұратына мұнаралы, Қасынан адал жанның табылам тек! Мәңгілік маздап тұрар махаббатым, Ән қылып ғұмыр кешем Отан атын. Аспанға ұшырамын ақ көгершін, Сол менің келешекке жолдар хатым! Жерікпін, күн шуақты алаңдарға, Мұнарадай еңселі адамдарға. Мейірім мен бақыттың тұғырындай, Мұнаралар жайнасын жанарларда!
БЕКЕТ АТА
Ұлылығыңды, ойланып ұлың сезінсін, Сырым да өзіңсің, жан ата, пірім де өзіңсің! Мәңгілігіңді паш етіп жатқанда елің, Жүрегімдегі қалайша жырым көз ілсін?! Құлын шаттығым шапқылап, шұрқырасқандай, Аңызға айналған айбыным, жұртыңа асқардай. Жаныңды жайып жебедің, жылаған жанды – Жаңбырын төккен, қам көңіл жыртық аспандай. Беренді жасақ сияқты болды өлеңің де, Сағымды жұттың су етіп, шөлдегеніңде. Күрік бас жауың қайтыпты амалы құрып, Асу бермейтін мұзарт боп көлбегеніңде. Алланың нұры сәруар жауды да саған, Ғұлама болдың! (Білімсіз, мандымас адам.) Мешітің анау, арттағы ұрпақтың қамы, Тағзым етемін Төзімге тауды қашаған.
Атыңды атап атойлар ұран қанымда, Асқақ мұратың бүр жарып жүр арманымда. Маңдайындағы Меккесі Маңғыстауымның, Мінәжат етем мен саған мұңайғанымда. Киелі едің, жарылқар, жанды дем беріп, Келешек күнді тұратын алдымен көріп. Нарыққа қазір, өзіңдей нар тұлға керек, Қорғаштап жүрер нашарды, әулием болып. Ашылған гүлдей, алғаусыз күліп алсақ та, Асылық айтып, дей алман мұңым алшақта. Санамда менің, жалғыз сөз: «Ия, Бекет!» деп, Жар салып тұрар, жанарым жұмылар шақта!..
КӨНЕ ҚОРҒАНДАР
Көне қорғандар жатыр нардай құлаған, Ойды құйын боп сапырғандай бұл алаң. Қанды қырғыннан жаңа ғана шаршап кеп, Көне қорғандар, батырлардай сұлаған. Көне қорғандар тұрып адам күшімен, Жеткен бүгінге бағзы заман ішінен. Көне қорғандар аласарған мүжіліп, Қызыл иектей жұрдай болған тісінен. Соғып өтті ғой, талай дауыл дүркіреп, Соғыс өтті ғой, бейне күндей күркіреп. «Шүкір, шүкір...» деп, күбірлеген қарттардай, Көне қорғандар тыныштықты тұр тілеп!..
МАҢҒЫСТАУ
Сен мен үшін шынарсың, шың-құздағы, Кие тұтқан даласын ұл-қыздары. Жауға түсіп жасындай, жанын қиып, Жерге келіп құлаған Жұлдыздары. Маңғыстауым – жанымды жебер есім, Алыс кетсем, түсіме сен енесің. Сағынышым симайды шарасына, Көңілімнің көмкеріп кенересін. Туған жерім! Төрінде тербе көктің, Қызуына жылындым сендегі оттың... Маңғыстауда тұрамын мұнара боп, Маңғыстауым болмаса, мен де жоқпын!..
ШЫҒЫР ТАРТҚАН ҚАРА НАР
Сүреңсіз соғыс күндері, Ашулы аңдай жарадар... Көзімде елес сүлдері: Қара шал. Шығыр. Қара нар. Бір жүрген ізін шиырлай, Қара нар жалғар ермегін. Сырғыған қауға сиырдай Сүзеді әйкел ернеуін. Шығыр да ығыр қылады Тынымсыз заржақ баладай. Су толы қауға шығады, Қампиған қара сабадай. Жарылған шардай бүрісіп, Құлайды қайта құдыққа. Қаптаған қойлар тұр ішіп, Бас қойып мөлдір тұныққа. Қара нар құмар, шалғынға, Боздайды келіп, боздайды. Қайыстай қара шалдың да Қайдағы шерін қозғайды. Қозғамай және қоймайды, Шығыр да салып «ойбайды». Соғыста жүрген жалғызын Қамығып күнде ойлайды.
Қорғайды қоғам малын да Қарашығындай көзінің. Шау тартқан мынау шағында Темір төс дерсің төзімін. «Киелі ғой, - деп, - киелі...» Мақтайды ойсылқарасын. Мейірімге толы-ау жүрегі! Ойланып үнсіз қаласың... Үмітке нұрлы сенетін, Бөгде бір жанға шағынбай. Қиындықтарды жеңетін Көтеріп қара нарындай. Болды ғой ғайып сүргін шақ, Еріген қардай көктемде. Қараймын қиял-дүрбім сап, Талай мұң құшқан өткенге. Қара нар, әйдік тұлғасы, Тәнті еткен талай күшіне. Сағымда қалқып сұлбасы, Жүреді еніп түсіме... ...Қашанғы тұрсын күн аумай, Кезінде оны көрем де. Қара нар сүйреп шығардай, Мен құлар болсам тереңге...
ШӨЛДЕГІ СЕКСЕУІЛ
Сексеуіл өсер шөлдегі, Бой бермей аптап ағынға. Өн бойы – мезгіл өрнегі, Шомылған құмға, шағылға. Жын-ойнақ салып, жел де есіп, Құрсаған оны жауын, қар. Долдана соғып, белдесіп, Жыға алмай кеткен дауылдар. Тұрады-ау, қашпай сабыры, Дүрліксін мейлі дүниең. Сіміріп суды тамыры, Жеті қат жердің түбінен. Тереңнен тауып миятты, Ауырлықтарға шыдап бар. Құлшынып тұрған сияқты, Палуан білек-бұтақтар. Әлсіздік оған дерт шығар, Шымыр боп солай өседі. Адамды кейбір морт сынар, «Сексеуіл мінез» деседі. Беріш боп қатқан безінде, Жатыр-ау батпан қиындық. Өрлік бар қандай өзінде, Өткізбек тірлік, құйын ғып!
Жаныммен мұны сезінем, Тағдырым менің тұр жерде... Өтеміз өмір тезінен, Сексеуіл сынды, біздер де!
КӨРДІМ СЫНҒАН ҚҰМЫРА
Тағат таппай тынымым, Жүрегімде нөпір мұң. Құмыраның сынығын, Құрастырып отырмын... Түстім-ау бір күйге алаң, Ойым быт-шыт, ашынып. Құмыраның қираған, Сынығындай шашылып. Көрген сұмдық соққыны, Қыш құмыра емес тек. Жәдігерлер өтті ұлы, Көз алдымнан елестеп. Айырылған аңынан, Аңшыдайын із кесем... Қолды болған қазынам, Табылар ма іздесем?! Отты тірлік өтінде, Өткен қазақ тағдыры. Бұйымдардың бетінде, Атамекен ән-жыры. Өмір болып өрілген, Өнерімнің өзегі. Орын алар төрімнен, Бабалардың көзі еді. Буырқанған күйім бар, Бояуға алған түсіріп. Соққан талай «Құйындар», Алып кеткен ұшырып.
Адастырып сағымға, Бас имеді сар далам. Долы, дүлей дауылда, Киіз үйім қалды аман... Алпыс екі тамырың, Иігендей сұлулық!.. Сол мұраның қадірін, Жоғалтқасын ұғындық. ...Тағат таппай тынымым, Жүрегімде нөпір мұң. Құмыраның сынығын Құрастырып отырмын... МЕЗГІЛСІЗ ҰШҚАН МҰЗБАЛАҚ (Маршал Абдіхалықовқа) Ағатайым, ақкөңіл ағатайым, Қарапайым едің-ау, қарапайым. Қоштаса алмай қалғаным көкіректе, Түйін болды, қалайша таратайын?! Қалғандай-ем бір туған ағам ба деп, Болғанменен үй бөлек, қазан бөлек. Қоймапты өлім тағы бір қимасымды, Ойлап па едім, естелік жазам ба деп.
Көз алдымда жымиып күлетінің, Көмектесіп кішіге жүретінің. Жаның нұрлы жәннатта болғай да деп, Тек, ішімнен мұңдылау жыр оқыдым. Келді, кетті жолдарын жүріп ұлан, Тірлік сенен сұмдық бір сыр ұғынам. Өлшеулі күн біткесін өмірдегі, Кім құтылар ажалдың құрығынан. Төгіп тұр ғой шуағын таң самала, Бірақ...Бірақ сен жоқсын, Маршал аға. Тілім-тілім тақырдай жүрегімді, Қансыратып, ей тағдыр паршалама! Паршалама, тыным бер мазалама! Жақсыларды бермек пе ажал ала? Әрбір жастың асқанша қырқасынан, Көріп келем қаншама қазанама?!.. Ой-хой, жалған дүние!
Жалған-жалған... Жаралыпсың үміт, мұң, армандардан. Аяладың, ештеңе аямадың, Балалар мен артыңда қалған жардан. Жанып тұрған сөнді ғой құзда жалын... Кім сезеді жанымның сыздағаның?! Күрсіндіріп, мезгілсіз ұшып кеттің, Мәңгілікті бетке алып мұзбалағым. Жырлап едің далаңның дулы әлемін, Біреулердей атақ-даңқ қумап едің, Ғұмырыңа жетелер жазғандарың, Тұғырына көтерер туған елің!
ТҮСІМДЕ ШЫҒАРҒАН ӨЛЕҢ
Түс көрдім түнде тағы да, Ұйығы тартып ұйқының. Бермеді тыным жаныма, Тербеді, ғажап сиқыр үн. Тұр екем таудың басында, Жүректен нөсер жыр төгіп. Ұқсайды сөзім жасынға, Сайранды салған бұлт еміп. Көңілдің шөлі қанғандай, Сәруар көктен нұр саулап. Бойымды билеп алғандай, Киелі бір күш құрсаулап. Ойыма бұрын келмеген, Теңеулер тілге оралып. Құстаймын қанат сермеген, Шалқыдым, шабыт қол алып. Ояндым кенет... Түн іші... Жармастым қағаз, қаламға. Жадымда жырдың дыбысы... Бейнелеп бере алам ба?! Құдай-ау, қайда әуенім, Қарқуар сынды әндеткен. Түстегі тәтті мәуенің, Өңде жоқ дәмі, мән кеткен.
Күй кештім осы кезде мен, Кідірсем қапы қалардай. Бақилық жанды сөзбенен, Тірілтіп алмақ адамдай. Шашылып кеткен тарыдай, Әр сөзді тердім саралап. Әйнектен қарап жарық ай, Күлгендей мені табалап. Отырмын... Кімге шағынам?!.. Өзімді оймен қамшылай, Қақпанға түскен аңынан, Айрылып қалған аңшыдай...
ҚОЛ
Түрлі қол... қалған жатталып: Кернеген бірін долы күш. Бірінің қолы – ақ мамық, Бірінің анау, қолы күс... Қашан да қолмен, қылсақ не, Сезімің толқыр бойды алып. Алдымен құрбым бір сәтке, Қолыңа қара, ойланып. Өмірді мынау ізгі ғып, Жайнатып кетер – осы, қол! Көңілді қырау, мұз қылып, Жайратып кетер – осы, қол! Түюлі қол бар, жүретін: Қолшақпар – көңіл күйіне. Бес саусақ сонда бүретін, Айналып кетер бүйіге. Өзіңе қарай созылып, Екі қол келе жатқанда. Тұрады бәрін көз ұғып, Ниеті – түн бе, ақ таң ба?! Келешек күннің картасы – алақандағы сызықтар. Сәуегей, қозып арқасы, Айтады болжам, қызықтар...
Бастайды сені жолыңа, буыны, әрбір нүктесі... Жамандық емес, қолына Жақсылық қана жүктеші! Қимылдар қолың әр күні, Бағың ба, әлде сорың ба?! Қуаныш, қайғы... Барлығы – Тұр қазір сенің, қолында!..
БҰЛ, СЕН БЕ?!
Бұл, Сен бе, жүрегімнің гүлі деген?! Кеудемді жіберетін қылып өлең. Шарт сынған сенім – шөлмек сынығы едік Қиюуын қалай таппақ, шыныменен? Сілкінді, есіне алып сана пақыр, Ашылды – ау жан дүнием, жараң ақыр... Дауылға тап болғандай көңіл-кемем, Шайқала, батып-шығып бара жатыр! Ұшыпты-ау, аққу құсым көлін беттеп, Меңдей мұң ұялапты өңінде ептеп. Емес пе ек, қақ жарыла аққан өзен, Тағдырдың екі тарау жолы иектеп. Сенбісің, қалай ұғам тұрысынды?! Бітірмей кетіп пе едің бір ісінді? Ойыма жастық-көктем оралды да, Бойыма жанарыңның нұры сінді.
Жоғалып, жанды жаулап алған жарық, Қармалап қараңғыны қалғам налып. Тұрмын мен, мезгіл атты құдіреттің, Көрсеткен ғажабына қайран қалып. Алмастан тұрыппыз-ау, жай да сұрай, Атқан таң секілденген қайда шырай?.. Үрпиіп неге тұрсың үрке қарап, Үкідей үлпілдеген қарғашым-ай?!..
КӨҢІЛ
Осы жолы сені ұқпадым, дос, мүлде, Артық, ауыр сөз айтпаушы ең ешкімге. Бір жолдастың мінін айтып қоймадың, Қаяу салдың көңіліне бөстің де. Өзеурейсің, бермей жанға және дес, Абырой, бақ әпермейді ал, егес. Айтқан сөзді ала алмайсың қайтарып, Сүртсе кетер, етігіңнің шаңы емес. Ұмыт, достым, реніш пен өкпеңді, Жарқын мамыр жайнатуда бөктерді... Езіп кетсең, қайта өсуі қиын-ау, Көңіл бейне нәзік гүл ғой көктемгі! *** Ойда отырмын. Глобус тұр алдымда, О,қаншалық ғажайыптар бар мұнда! Жер шарының кіп-кішкентай үлгісі, Тұрады ылғи жанарымның алдында.
Талдан түскен жапырақтай – далалар, Өзен-көлің көк бояудан табады әр. Шаша салған тарыдай боп көрінеді, Бір ноқатқа сиып кеткен қалалар. Глобусты бөлген сызық жердегі, Шыр айналған экватор белдеуі: Секілді ғой, құрлық-шапан сыртынан, Келістіріп тағып алған белбеуі. Жер әжімі-ау, терең сай да, жыра да, Сары бояу – сараң шөл ғой, сірә да. Жап-жасыл-ау, орман болар мына ара, Шалқар мұхит – ойларындай ғұлама. Жүрген жел де үйіріліп ұршықтай, Желөкпе жан сияқты естен жүр шықпай. Көлденеңдеп жатып алған қия шың – Қиындықтай, қыңырайған қырсықтай.
Күн аймалап, толқын-ойдан тербеген, Айдындардың ақ маңдайы терлеген... ...Аумайсың-ау айналайын жерім-ай, Жұмбағы көп, жұмыр басты пендеден. Алаулы арман, ізгілікпен кезігем, Қараулардан мұз бүріккен безінем. Глобусқа қарасам-ақ, осылай Жердің тыныс-тіршілігін сезінем. Ару әлем бүгін кемел шақтасың, Ақ жүзіңді қара күйе жаппасын. Глобустың, тек құр кеуек ішіндей – Ойсыз бастың «ойынынан» сақтасын!
№ 251БИІКТІК
Дубосеково бекеті түбіндегі, Қанша жыл, төбеден бұлт түрілгелі? Мазалайды әлі де бүгін мені, От шарпыған орманның түбірлері. Қарақұстай фашистер қаптағанда, Жер жастанып жеткені жатты алаңда. Тапжылмапты жиырма сегіз батыр, Елу танкі төсіңді таптағанда. Перзенттерін жоқтай ма, аспан – ардай, Ақша бұлттан мөлдіреп жас тамардай... Омырауын қаймықпай оққа тосқан, Талай-талай қазағым – тас қамалдай. Төзім бар-ау жалғасқан сар даламен, Сезім бар-ау аяулы жарға деген. Кеуделерден ызалы кекке тұнып, Найзағайша атылып қалған өлең!
Кетсе де еріп соғыстың алып сеңі, Ұмытпайды мәңгілік халық сені. Ескерткіш боп еңселі тұрып қалған, «Даңқ шебі» - ерліктің анық шегі! СЕРТ Арманыма жетсем деп алға асығам, Таңға асығам, ататын тау басынан. Асау өзен сияқты сезім сонда Асып-тасып жатады арнасынан. Көктем дәуір құлпыртып, гүлімді ашам, Қуантатын халқымды күнім қашан?! Мен боламын – жерұйық – мекенді емес Жыр ұйығын іздеген бүгінгі Асан. Құйынында тірліктің сыры түрлі, Иығымда замана жүгі тұрды. Дауылыңмен қаңбақтай ұшырып кет, Ақтамасам, туған жер, үмітіңді.
Мақсат – мәре, сен қандай жырақ едің?! Қамшыладым талаптың Құлагерін. Сүрінбесін деп ұлым сапарында, Ақ тілегін бағыштап тұр-ау елім! Қиындықтың құзынан сескенбедім, Парнасқа тарт, пырағым, төске өрлегін! Серттен шығам! Өйткені батыр бабам Кіндігімді қылышпен кескен менің!
БӘРІ ДЕ БОЛҒАН
Болған бәрі, толған-ды жаным уға, Жаралғаннан жоқ едім жағынуға. Аттатпады Намыстың алдаспаны, Қала бердім құйылған қалыбымда. Болған бәрі, толған-ды жаным уға, Көзі жасты көгімдей, қамығу да. Кеудемдегі жылытқан Үміт оты, Жібермеді жанымды жабығуға. Болған бәрі, толған-ды жаным уға, Сарылу да, зарығып сағыну да. Ақ періште Арманым қолын созып, Тартып алды, тастамай тағы, мұңға. Болған бәрі, толған-ды жаным уға, Кейігенмін, шақ қалып жарылуға. Шақырды да дана шал Сабыр деген, Алып кетті ашудан арылуға. Болған бәрі, толған-ды жаным уға, Бола бермек, себеп жоқ жанығуға. Үміт, Арман, Сабыр мен Намыстардың, Ұмтыламын жанынан табылуға.
Бейне бүгін ештеңе болмағандай, Жүріп келем, тірлікте жолда қалмай. Қойғанын-ай жүректі күпті қылып, Жұмбағымен, алда әлі болмаған жай...
ҚАЙДАСЫҢ, АҒА?
(Досбайға) Жай түсіп жастық сайранға, Кетіпсің қанды майданға. Жезтырнақтарын жауыздық, Жеріме қарай жайғанда. Сұм соғыс өлім төккенде, Қимай да қарап көктемге. Шайқастың қару асынып, Бозбала шаққа жеткенде. Тыңдадық түрлі естелік, Қырғынды сендей кешпедік. Ойсыз да қамсыз кезімнен Қаламын кей сәт сескеніп. Өртін де білмей жылдардың, Өтінде жүрмей ызғардың. Шуағы сүйіп Жеңістің, Бейбіт күн сенде бүр жардым. Құртқым кеп жауды менің де, Атылды оқтай кегім де. Сұмдықты соғыс әкелген, Сезіндім есейгенімде. «Ақ көкем жылдам келсе еді!» - Мұң басты жастай еңсені. Сағыныш шоғын сөндірмей, Жоқтадым, аға, мен сені.
Қаттысы-ай, пәни-жалғанның, Тәттісі-ай шіркін арманның. Өзіңе теліп бір қызды, Жеңге қып іштей алғанмын. Ағылды жылдар, ағылды-ай, Тоқтатар бір күш табылмай. Бейтаныс бейнең бұлдырап, Жеткізбей қойды сағымдай. Батысқа қарай жол өрген... Көп сырлар жатыр көнерген. Жоқсыңдар, кеткен боздақтар, Қиянда қалған Керелден. Келсеңші, аға, қайдасың? Жабырқау жаным жайнасын! Жолыңа жұпар гүл төсеп, Жаяйын шаттық жаймасын. Елестеп көзге нар тұлғаң, Қиялым талай шарқ ұрған. Келеді әлі көңілім, Нәрестеге ұқсап талпынған!..
ҚЫЗҒАНЫШ
Шаншылады, қарау көздер – мұз сүңгі, Жарақаттап алардаймын үстімді. Шуақ болып еріткелі шашылам, Мәңгүрттеніп, мұзға оранған мүскінді. Қалмай қойды-ау, қызғанышы құрғыр-ақ, Көлеңкедей қапталдасып жүр, бірақ. Ерегессем – елемес ем, алайда: Тамшы да тас теседі ғой ұрғылап... Арамзаға көрсетсем де сырт айбын, Жылымшылап кіреді ішке сұрқай мұң. Сумаңдаған өсек-суық тоңдырып, Көңілімнің іргелігін қымтаймын. Сүрінсең-ақ маздай жанар шырағы, Тұла бойы топастықтан тұрады. Оған аян, өзіңе де жұмбақ сыр, Пілдікіндей қызғаныштың құлағы. Көрінбеген көзіне кең дүние,
Іштарлықтың су құямын ініне. Жанарында күлкі бұққан жымысқы, Кездесемін Оныменен күніге. Қамшылаған, мені қарсы тұрғызып, Қызғаныш та қарап тұрсам бір қызық... Жүрсем, достар, болмағаным тегін жан – Қызғаныштың қызыл итін үргізіп! СОҚҚЫЛАР (Лирикалық толғау)
І. ТОЛҒАНЫС
Талай күн өтіпті беу, демде, Зымырап садақтың оғындай. Бір сезім маздады кеудемде, Ып-ыстық сексеуіл шоғындай. Қаншама жүрдім мен толғанып, Қаламды жүгіртпей қағазға. Әлемде тек қана сол ма алып, Мұхаммед Әлидей жан аз ба! Куәсі секілді көп шердің, Елестеп түтіккен тұр өңі. Ойымды тербеген, боксердің, Азаттық аңсаған жүрегі! Туар ма ол жайлы оңды өлең, Жеткізе алам ба сөз қылып. Әлде ескі таптаурын жолменен, Қайтам ба табанды тоздырып. Айтылар ойларым арайлы, Шымырау құдықтай тұрды өніп. Торлаған сезім – бұлт талайғы, Нөсерлеп жаушы бір жыр болып!
ІІ. МҰХАММЕД ӘЛИДІҢ МОНОЛОГЫ
Сырласам мен іштей өзіммен, Боксерлік кім білсін, сор, бақ па?! Әйтеуір қаршадай кезімнен, Тәнтімін осынау қолғапқа. Қойса анам қуанып о баста, Атымды Кассиус Клей деп. Бәлкім бұл өзгеге қораш па, Аталдым «Қап-қара дүлей» деп. Қара деп кемсітіп жүр мені, Даңғойлар деміне нан піскен. Жан барда бермеймін жүлдені, Қарасын кедейлер алғыспен. Рим, Торонто, Лондон, Барғанмын, бокске боп құмар. Токио, Франкфурт, Хьюстон... Керуендей жалғасты соққылар. Жалғасты деймін-ау... Үзілді! Үзілді үміттің арқаны. Күн шалмай түрмеде жүзімді, Өтеді жастықтың әр таңы.
Айдады жауыздар аранға, Көрсетті жаныма зор қыспақ. Атылар ажал боп адамға, Қайтемін қаруды қолға ұстап. Көзімде елестер тұр андап, Соғысқа шарпылған Въетнам... Келеді ұмтылып, ұрандап, Жаралы жауынгер беті қан. Әнеки, ана мұң шаққандай, Ақ селеу бұрымы тарқады. Кеудеме қадалып жатқандай, Сол шаштың ине боп әр талы... Жоқ, жетер! Бармаймын соғысқа, Арымның айқайы бұл менің. Адамдық атыма дұрыс па, Адамды өлтіріп, күлгенім?! Ей, кәззап төрелер сендерге, Соққылар тиеді салмақты. Зар болып қалмаңдар кең көрге, Өлімге итеріп солдатты.
Жүргізгің келмесе араңда, Түрмеңе мәңгілік жап мүлде. Бостандық жұлдызы бар алда, Сенемін мен нұрлы ақ күнге!
III. АНА СӨЗІ
Шаршадың-ау алқынып, Түсіпсің ғой ақ терге. Қарашығым, бар тынық, Қойдым төсек сап төрге. Сонша алаң ғып қойған нең, Жеген асым «желім» ғой. Түсің қара болғанмен, Ақтан тілеп едім ғой. Сен сайыссаң, дәт қалмай, Ауыр ойға жаншылам. Еріп кеткен ақ қардай, Жоғалады бар шыдам... Тәңірге алғыс арнаймын, Жеңгеніңде, құлыным. Қатарыңның әрдайым, Алды болып жүр, ұлым. Соққылардан шошынып, Түңілуім түк етпес. Қала көрме тосылып, Қарсы күрес, тіреп төс. Сөз бе «өлуім, менің мың», Бойыңа күш дарысын. Езгідегі еліңнің, Ту ғып көтер намысын!
IV. ЖЕТІ ЖЫЛДАН СОҢҒЫ ЖЕҢІС
Жөнелді шарқ ұрып жалғанды, Кәсіпқой бокстің дүрілі. Көгінде жұлдыз боп жанған-ды, Негрдің күрескер бір ұлы. Қым-қуыт ринг алаңы, Өмірге ұқсайды ерекше. Аспанға көтеріп алады, Көзіне ілмейді керексе. Қай жақта қалдың сен қайран ән? Айқастар... Ринг, Таныс маң... Сияқты ол темірді шайнаған, Тордағы ызалы арыстан. Қанатын жаздырмай қойғаны-ау, Қыранға кигізіп томаға. Өнердің қадірін ойламау, Не деген топастық, о, тоба! Мұхаммед Әлидің сағына, Жеңіс қой, күткені жеті жыл. Күтіп тұр арпалыс тағы да, Бокске оралған беті бұл. Салбырап қолғап тұр шегеде, Бейне бір адамдай дарға асқан. Жеті жыл көндіккен неге де, Жеті жыл киілмей шаң басқан.
Жұдырық кептелді қолғапқа, Алқымға тірелген ашудай. Ринг күткендей сол шақта, Жанары жарқ етті жасындай. Қайтадан арнасын тапты арман, Биікке тасы өрлеп талаптың. Жеті жыл қоймада сақталған, Тығыны атылды шараптың. Гитара, айтшы Әли мұратын, Сазыңнан сезінсін демеу көп. Жеті жыл қол тимей тұратын, Жеті ішек барады бебеулеп. Бұлшық ет, ойнашы бұлқынып, Саған да керек қой еркіндік... Тірлік пе қалуың құр тынып, Теріні жыртардай серпіл тік! ...Киншасса. Өтпекші жекпе-жек... Ағылған қарттар да, бар бала. Қалады көшеде көп тежеп, Қызылды-жасылды жарнама.
Қойсаңшы жанкүйер халықты, Стадион у да-шу, қапырық. Атағы жер жарған алыпты, Жүрді Әли шалғындай жапырып. Қолдарын оңды-сол сілтеді, Қан толы көздері түк көрмей. Ақ алмас тәрізді бұл тегі, Ойнақтап қынынан шықты өрлей. Тайынбас суыңнан шешінген, Танылар сәт келді елге енді. Құлады теректей кесілген, Ышқына соққанда Форменді. Нар тұлға... алаңда аядай, «Жел» тынды. Бәрі де бітті енді. Арқадан түйетін аямай, Күзетші соққысын күткен-ді. Қасқабас күзетші жоқ тіпті, Қайда бұл?! Қарады бұрыла Шарлаған жанары соқтықты, Ырзалық, мейірім нұрына.
Жұрт толы ринг. Түрме емес... Кісен деп жүргені қолғап қой. Сағымдай дірілдеп тұрды елес, Өзенше тасыды толғақты-ой... ...Мұхаммед Әли... – ол да адам, Әрдайым жеңумен жүрмес те. Бірақ та теңдікті толғаған, Болашақ соққылар тұрды есте!
ҚЫРДАҒЫ ГҮЛДЕР
Құлпырып жатқан қырдан бұл, Гүл терсем деп ем, не керек! Қауызын ашып тұрған гүл – Қанатын жайған көбелек... Шақырып қырдың гүлдері, Көбелек келіп қонады. Жараса кетіп түрлері, Аумаған гүлей болады. Сөйлейді сезім – сырнайшы, Гүл термек ойым шатысты. Көбелек қайсы, гүл қайсы, Айыру қиынға түсті. Көбелек – қиял қалықтап, Гүл өсті менің жаныма. Жоғалдым көкке шарықтап, Оралдым балғын шағыма. Толғандырып-ақ тұр үнсіз, Жаным-ау, неткен нәзіктік! Тірлікте мынау тынымсыз, Бағаңды, бәлкім, аз ұқтық. Үзуге батпай барамын, Сұқтануменен шектеліп. Ұшқандай, дарқан даланың Гүлі де көбелек болып!
АУЫЛДЫ АҢСАУ
Құшаққа алып тоқ омырау торғын бақ, Көркем қала шақырса да қол бұлғап. Ауатыны-ай ауыл десе аңсарым, Жетелейді құштарлығым – сол жұмбақ. Ата мекен! Мадақтаумен көркіңді, Сен туралы қаншама сыр шертілді! Дем алам да жусанымен даламның, Жазып алам тұла бойдан дертімді. Дала... Сағым... Қиялыммен табысқан, Бала шағым бұлдырайды алыстан. Қалдың артта тәтті түстей кездерім, Асық ойнап, тайға мініп жарысқан. Аспанында аққу сазды асқақ ән, Ауыл менің ажырамас астанам. Қырау шашты қариялар алдында, Инабатпен иба сақтап жасқанам.
Солар менің сиынатын пірлерім, Соларменен арайланып тұр көгім. Гольфстрим жылы ағысы сияқты, Жүрегімде ыстық сезім жүр менің! Өмірімнің бастауы едің бір бұлақ, Көңілімнің қойдың-ау сен ырқын ап. Еміренген енесіне жайлауда Құлындаймын табысатын шұрқырап... *** Туған ауыл! Туыстай сағынамын. Сағынамын жел күнгі шағыл әнін. Көрінсе екен көзіме киіз үйлер, Шыр айналған күміс күн шаңырағын. Қиясына жетелеп барады қыр, Жүрегімде бүршігін жарады жыр. Шалғын иісін сіміріп жатқым келді, Үңгіп-үңгіп жіберіп маяны бір. Жаным неге соншама тым үздікті, Қалса да ем сапардан бір із құтты! Қойнауыңа кетсем бе қымыздықты, Қойлы ауылға жетсем бе ырыздықты!
Төскейінде төл үні жамыраған, Думандатқан күйсандық – сары далам. Таусылмайтын күйбеңге араласып, Болайыншы шаруаға тағы да алаң. Сезімім мен құстардың сазы үндесіп, Тіршіліктің толғанам жазын кешіп. Мұңым болса бір сәтке ұмытамын, Әз қылықты құрдаспен әзілдесіп. Жеткен еді махаббат жеріңе алып, Самалың боп шарлайын мен лағып. Тұла бойым жеңілдеп сала берді-ау, Қоя берген тұлпардай ерін алып. Сап, көңілім, құйындай желікпегін, Желіккелі сен мұнда келіп пе едің? Бабаларым жатыр ғой бата берген, Бас иейін аралап бейіттерін.
Сыр айтайын сағынтқан аспаныңа, Жайдың отын дарытқан жас жаныма. Отпан таудың басына өрмелейін, Табанымды қажатып тастарына. Құшағына қысады баяғы қыр, Баяғыдай алдыма жаяды гүл. Аялайды анамның мейіріміндей, Күлімсіреп көгімде аялы нұр...
ТАУШЫҚҚА БАРҒАНДА
Бір адам, Шыға қалғанда Қыратқа биік, ең ірі – Таушық деп атай салған ба, Тау деуге қимай көңілі! Мен үшін шыңсың жаһанда, Қиялды тұрған өрлетіп. Бастайды алыс сапарға Жүректен саған жол жетіп. Өмірге келіп, ер жеткем, Өзіңнен ыстық жоқ мекен. Сезімді талай селдеткен, Сұлулар қайда кетті екен? Шығар ма достар қарсы алып, Жайраңдай күліп барлығы? Асығып келем ән салып, Жайқалып шаттық шалғыны. Елжірей қарап елтемін, Көрінсе Таушық төбесі – Көтеріп кетер желкенін Көңілдің жүзіп кемесі. ***
Арқа сүйер, о, менің асқарым-ау, Жер таянар жетіпсің жасқа мынау. Қайран өмір, өтуің қас-қағым-ау, Қонақтапты күмістей басқа қырау. Көпті көрген көнекөз қалпыңменен, Ұлынды да есейтіп тастадың-ау. Тастадың-ау жан әке, толғандырып, Толғандырып, ойлы бір орман қылып! Кәрілікпен күресіп болған бүлік. Кетсем дейсің жосылған жол қалдырып, Қиялданып кей-кейде қоясың ба, Бал шақтардан баяғы шөл қандырып. Отқа оранған қайырылмай өтті күндер, Өтті күндер, жұпарын төкті гүлдер. Естелік бар, кейпінде кекселік бар, Жалын атқан жастығың жоқ бүгіндер.
Дана да сен, мен үшін құдірет сен, Сиынғаным ол саған-күбір етсем. Жықпай, әке, аманат желкеніңді, Арман не, өмір көлін жүзіп өтсем!?
ҚҰРТҚАШАШ
Құртқашаш көрсем, тегі, мен, Қаламын ғажап күй кешіп. Атауы қызға телінген, Тұрады-ау әндей үйлесіп. Жарытам, шөптен не біліп? Жалт етті бір ой жасындай: Өскені қызық, төгіліп, Сабағы – қыздың шашындай. Баладай, үнсіз бағындым, Сезім-ай селдей тасыған! Шөп емес, айдай арудың, Сипағандаймын шашынан... Жанымды, мынау даламда, Бесіктей тербеп тұр арман. Елестеп кетті-ау жанарға, Құртқадай сұлу, бұралған!.. Асығамыз ойлы боп ержетуге, Алуан ой адамды тербетуде. Ойдан туып жатады қарасаңыз, Жақсылық пен жамандық жер бетінде.
Кіру қиын сыналап жұрт ішіне, Білу қиын бір қарап күлкісіне. Жылмаң қағып жайдары жүр пішінде, Жетпіс екі айлалы түлкісі де... Ой жетеді, көз жетпес ғарыштарға, Даңқ әкелер дарынды ой данышпанға. Ниеті ауса қараға, қауіптірек, Тас төбеңнен атылар барыстан да. Жүргенменен талайды жақын көріп, Ойлар бізді түрліше жатыр бөліп. Сан ғасырлық, екшелген халық сөзі, Ұялайды санаңда ақыл болып. От алып ой шындықтың шақпағынан, Жан жадырар жақсы ғой жатқаны мән. Сындарлы сөз сап құрап сарбаздардай, Шыға келсін, милардың қатпарынан! Ой нәр беріп жырдың бүр жарған гүлі, Мен де соның енші етіп алған бірі. Келеді адам танытып оймен өзін,
Өледі адам, ойлаудан қалған күні! ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ЕСІМ (Баллада) Оқиға еді тыңдаған, Сонау бір бала шағымда. Анамнан жеткен мұң маған, Орнығып қалған жадымда... ...Жыландай жылжып қойынға, Кезі екен кірген сұм жаудың. Зіл қамыт түсіп мойынға, Жүректе шерлі тұрды-ау мұң. Қара бұлт шашын жайды аспан, Ұққандай елдің хал жайын. Жабырқау анам, жай басқан Мамырлап мама қаздайын. Танғандай бейне есінен, Кенет бір ұйқы меңдетті. Жертөле терезесінен, Әкесі қарап, сөйлепті: «Қолыңа қос ұл қонды шын, Төгеді саған нұрын бақ. Үлкенін – Сәдет, соңғысын – Медет қой» депті мығымдап.
«Өзгертпе бірақ аттарын, Өзгертсең гүлдей солады. Жадыңда болсын айтқаным», - Дейді де ғайып болады. Селк ете түсіп оянды, Оянса аппақ таң атқан. Жанардан елес жоғалды, Тіршілік тағы таратты ән. Шаттықпен қоса енді үрей, Екі ұдай сезім арбасып. Жетелеп жүре берді ғой, Анамды, арман алға асып! Көңіл-ай, болған жиі алаң, Жарқылдап жүрер жай бар ма?! Кешікпей туған ұядан, Аттанбақ жары майданға. Сырласқан сонда әжеме: «Жүрмеспін, сірә, енді көп. Құдаңыз келіп, әз ене, Түсімде аян берді»,-деп. Босанған анам бабында, Көтеріп қолға екі ұлды. Екі күн екі жағында, Жарқырап тұрған секілді.
Қошқардай қос ұл келгенде, Ырым ғып жатса несі мін?! Өзіне билік бергенде, Зәуре әжем айтқан шешімін: «Сәдет де мейлі, мәпеле, Ныспыны артқы тоқтатың. Тілекші болсын әкеге, Тілекбай қоям, -депті – атын». «Өзгерді-ау, аты өзгерді...» - Деп, анам үнсіз қалыпты. Шарасы қайсы өзге енді, Егіліп іштей қамықты. «Жеткізбес елес – құр сағым, Өшпесін өмір өзені. Ғұмырлы болғай ұрпағың, «Түс деген түлкі тезегі». Осылай терең толғана, Жұбатты әжем келінін. Жүргендей демеп сол ғана, Шыңдады бұл сөз сенімін. Жүйткіді мезгіл алмасып, Бір соғып өткен құйындай. Өмір мен өлім арбасып, Ағалар кешкен қиын жай.
Аңырай жылап қалды ана, Шыр-пыры шықты абдырап. Бұлқынып аққан арнада, Тартыла берді балбұлақ. Баяғы түсі болып өң, Жаралы жүрек – жетімек. Қос жұлдыз ақты көгінен, Екі ұлы бірдей шетінеп. Содан соң көрген зарығып, Жалғыз ұл мына мен екем. Жасарып қайта кәрі үміт, Тойланып жатты мерекем. Түрленіп бояу өрнегі, Тіктепті бойын шаңырақ. Үй ішін күлкі кернеді, Жұлдыздай түнгі жамырап. Нұр ойнап анам көзінде, Атапты Медет мені әулет. Осы бір есім кезінде, Еленбей қалып еді-ау деп. Оқушым осы бар шындық, Сырым ғой келген айтылмай. Жүректен түсіп қалсын жүк, Тұрғай да тірлік – ән тынбай...
...Елемей жүрме халқым-ай, Жоғалған содан көп мұраң. Бір дарын шықса жарқырай, Қалмасын ұмыт деп тұрам!..
БІР ҚАЛТА АСЫҚ
Асық салар бір қалта жасапты анам, Әп-әдемі, жиегін шашақтаған. Дейтін маған: «Арнап ем немереме, Келін әкеп, тойды тез жасат, балам. Сөйт, құлыным, барлығын таста да енді, Қолымды ұзарт, қартайдым, жас та келді...» (Немересін ойнатып отырғандай, Ұмытатын сосын ол басқа әлемді) Анам барда ғажап ең кең дүние! (Арада жоқ асыл жан енді міне...) Келіні бар, кезінде көре алмаған, Ұрпағы да өмірге келді күле. Тірлік барда мұң да бар, мазалайды, Көк аспаны тағдырдың нажағайлы. Асық ойнап отырған балаларым, Көп сұрайды ардақты әже жайлы.
Сағынышпен қарасам құмарта ашып, Көрінеді көзге ыстық бір қалта асық. Кейбіреуге жай нәрсе, ал мен үшін – Мейірімді шуақ қой тұрған тасып! Сол бір қалта асық...
АЛМАТЫДА АҚ ЖАҢБЫР
Алматыда ақ жаңбыр төгіліп тұр, Көк көбесі кеткендей сөгіліп бір! Шіркін анау шыңдардың аясында, Құлпырады-ау шалғынға көміліп қыр. Қашаған-бұлт, қайрылмай, барғанда ұзап, Найзағайдың от жібі – салған тұзақ! Ақ балтырын малып ап ағын суға, Ару қайың шомылды армансыз-ақ. Кеуде кернеп саф ауа шырын балдай, Ақ шымылдық алдымда құрылғандай. Арнаменен жүгірген ақ бұлақтар, Қыпша белге құлаған бұрымдардай. Жаушы жаңбыр, сен жиі жеріме кел, Шөліркеген даламда егін өнер. Сарынынан сазды үннің сыр ұғайын, Толастамай бір сәтке, төгіле бер. Көңіл гүлін ақ жаңбыр көктетеді,
Өзектегі өлең-ай дерт пе тегі?! Ақ жаңбыры сияқты Алматының, Ағыл-тегіл жырлағым кеп кетеді!.. *** Ойсыз ақын, ақын ба?! Тереңге үңіл, тартынба! Әуестенбе, бауырым, Сөздегі құр жарқылға. Күркіреген қалпында, Нөсері жоқ артында. Найзағайдай ол да бір, Өте шығар жалтыл да... *** Кеп тұрмын туған мекенге, Көп тұрдым қарап елжіреп. Сезімім іңкәр жетер ме Бұлақтай анау мөлдіреп? Өмірдің мезгіл зергері Тастапты жерге белгі сап. Киіз үйі орны дөңдегі Тақырға басқан мөрге ұқсап. Жатушы ем ойда тербеле, Аспанды барлап сыр бүккен. Жұлдыздар жыр боп кеудеме Құйылатындай түндіктен.
Айлы түн. Ақ бұлт - жол шаңы... Ақсүйек ойнап жарысқан. Кездер-ай... Көздер сондағы Тұрғандай қарап алыстан. Құлыншақ – қиял шұрқырап, Армансыз кезді даланы. Таныды ма екен бұл тұрақ, Баяғы тентек баланы?! Жасарып кеткен жаңбырдан, Құрақтай, жаздым енді бой. Бал дәурен шағым алдымнан Дөңгелеп жүре берді ғой!
МҰНАЙЛЫ ТАҢЫ
Таңы қандай, шіркін-ай, бұл араның! Еңбек әні тербейді қыр алабын. Жер – сәбиін кірісті емізуге, Аспан-ана, шығарып, күн-анарын. Туған жердің көркіне жетеді не, Шабыттанып құсы да кетеді ме: Шығып алып басына мұнараның, Бозторғай тұр жыр оқып мекеніне. Терендікке сүңгіген тұрбалары, Білек түріп жұмыста бұрғы алаңы. Шыбындаған жылқыдай басын шұлғып, Качалкалар тынымсыз ырғалады. Қаламқас пен Ақтауды қосып әні, Көпір болып, көк асфальт жосылады. Жол бойында боздаған ойсылқара, Моторлардың хорына қосылады. Замандасым, дәуірдің қаһарманы, Ақша бұлттай кіршіксіз ақ арманы. Мұнайшы тұр көз тігіп мұнараға, Биіктікті қырандай қалар жаны.
НАСЫБАЙ (Болған оқиға) Кең далада көсілген, Жортқан жалғыз аттылы... Бейне, айдын төсінен, Көргендейсің қалтқыны. Шақша түбі қағылған, Таусып бітті төзімді. Басы зеңіп сағымнан, Атын тұсап көз ілді. Жауынгердей-сойы – алып, Қажып келген ұрыстан. Кетті сосын оянып, Дүсірлеген дыбыстан. Бұрып бұған ат басын, Түсіп жатты бір мықты. Шығарғанда шақшасын, Бұл қол соза тұрды ытқып. -Төлер болсаң ақыңды, Басасың жан наласын. Астыңдағы атыңды, Берсең ғана аласың! «Болсын!» деді, жігітің, Жайбарақат күйінде. Жапан түзді ұмытып, Отырғандай үйінде. Көңілі – көл, дария, Жігіт қалды шаттанып. Жүре берді қария, Жетегіне атты алып.
«Бармағын бір тістесін, Жаяулығын ұғынып»,- Деп, бел асып түскесін, Қарады артқа бұғынып: Атып қойып құныға, Насыбайдан хал жиып. Жан-жағы төрт құбыла, Жатыр екен шалжиып... Осы-ақ болар, білсе кім, Темекінің татымын. Насыбайға бір шөкім, Атын берген батырың! -«Атыңды ал, Жарайды, Әй, жігітім, мәрттігің! Сынап едім талайды, Қалжыңдаған қартты ұғын. Сынап алар, жол мынау, Аяр менен ар құлын. Мен өзіңнен көрдім-ау, Қазағымның нарлығын!» Ырзалығын білдірді, Ойын солай тәмамдап. Сапарласын күлдірді, Сөзде тұрған табандап. Алты қырдан ән асып, Тербегендей Қошақты*. Қоңырқаздай жарасып, Бара жатты қос атты...
*** Айтшы жаным, кездестім мен кімменен?! Жанарыңда жас неге мөлтілдеген? Жүрегім-ай, бұлқындың неге бұлай, Сырды қозғап көп жылдар шертілмеген... Сөзің қайда, «бақытым сенсің» деген, Сезім қайда, шалғындай желкілдеген. Қаласың-ау тұнжырап, наласың-ау Шарт сынды деп болаттай сертім неден? Қайда кеткен сендегі лала көрік, Қажыдың ба, мені еске ала беріп. Көңілімнің көгінде күн шыққандай, Өкпе-назым ақ қардай барады еріп... Өзге жанды бақытқа бөледің де, Кеткен едің, демеспін, керегің не. Мәңгіге елес, жастағы шақты іздеймін, Әңгіме емес, бастағы желегің де. Бірде шат боп алаулап жанғандаймын, * Қошақ – тау атауы.
Бірде жат боп, жабырқап қалғандаймын. Аяулым-ау, қасымда тұрып өзің, Неге мұнша толғанам, армандаймын?!
ҚАҚПАНДАҒЫ ҚАСҚЫР
Көп жортқанға, жазым деген жақын,ә, Қанды қақпан қапты аяғын қапыда. Көкжиектен кеткен сынды көрінбей, Ғайып болып көкжал деген аты да. Жеткен иіс, айналды да жерікке, Сыбағасы: қысқан болат серіппе. Өкініштің оты өртейді өзегін, Ыза буған кеуде ұқсайды көрікке. Зілдей еді неткен мынау, зәнталақ, Жанарында шыр айналды шартарап. Өз аяғын өзі шайнай бастады, Қасарысып, екі көзі қанталап. Арпалысып, сілкілеумен қақпанды, Тіл салақтап, жығылуға шақ қалды. Қос құлағын түре қалды дыбысқа, Итін ертіп, аңшы келе жатқан-ды.
Дегендей бір, жауға таба бола алман, Шыға берді шынжыр сүйреп ол алдан. Айбат шеге, аузын ашып арандай, Ажалына қарсы атылды сол арлан... ...Дерсің, достым, мұны неге етті өлең, Жә, созбай-ақ, осыменен шектелем. Жауы алдында жапырақтай қалтырар, Екі аяқты боркемікті жек көрем!
ТУҒАН ЕЛ
Мейірленіп көк жүзі мөлдірейді, Жалау біткен толғана желбірейді. Күміс күннің керімсал шуағындай, Жүректер елжірейді... Аясында туған ел аспанының, Жырын шертем замана дастанының. Қазағымның кемелдік мінбесінен, Шығады асқақ үнім. Туысқандық тереңде тамырланып, Тілер мәңгі, тыныштық таңын, халық. Өшсін дейді, әлемнен соғыс өрті, Дүние дабыл қағып! Шапағатты шаттыққа кенелсін де, ел Көктем әнді шыраймен көгерсін жер! Қол соққандай қуанып, қос қанатын Қағады көгершіндер... Бар мен үшін өмірде бір-ақ тәңір, Ол – Туған ел! Жаудырған мұратқа нұр. Боз жусанды даламда, боламын-ау, Кіргендей жұмаққа бір!
АҚЫНДЫ ЕСКЕ АЛУ
Жырың ба екен алаудай, Жарқылы сонау мұнаралардағы оттардың? Арманшыл жүрек қалайша ғана тоқталдың?! Атыраудай шалқыған естіп те жүрміз әуенін, Сен айтып кеткен төкпе әннің... Әр өлең жолың – лүпілдеп соққан жүректей, Мүмкін емес-ау, оқымау оны дір етпей?! Тамырды бойлап, толқын да толқын сезімдер, Кетпейді жанға гүл екпей. Толғана қарап елге де, жерге түлеген, Нөсерлі жырға айналып қазір жүрер ең. Шығар ма енді, алқалы топтың ішінен, Биікке өрлеп бір өлең?! Қайнардай бейне шымырлап тастан шығатын, Сағыныш сенің, Сағыныш сенің – шын атың! Маңғыстау десе толғанып жаны тұратын, Мұнаралы биіктен тауып мұратын.
Қалықтай ұшқан көрем де сені, көз жұмсам, Сәйгүлік жырдың жалына қолды создым сан. Кенеттен байтақ дала боп кетсем деймін-ау, Жұпарын шашып, төсінде өскен боз жусан. Жанарды арбап жұлдыздар жанған қашық көк, Жүретін едің, жақсылықтарға асық боп. Осынау дүние сағынып сені келеді, Отты жырыңа ғашық боп!
КӨҢІЛІМ ЕРДІ ҚИЯЛҒА...
Атымтайдай қарық қып, Кемді аялай, Барым болса берер ем елге аямай. Қиялым жүр кезумен кеңістікті, Желдеп кеткен жапанға желмаядай. Өңімде жоқ, тәтті елес түсіме енген, Ол елесім қиядан ұшып өлген... Құлақ тосып қайтемін қарқылына, Қайыр күтпен ешқашан Күшігеннен. Көңіл бөлмен мен оған, құрысыншы!.. Сөйлесін тек уақыт – ұлы сыншы! Жанарыңды қада да ғарыш жаққа, Жан-жүрегім бір суып, бір ысыншы. Сұлбаларға шұбырған көшедегі, Сырласады көңілдің осы өлеңі. Қатқыл бетін асфальттің... бір-ақ соғып! Табандарға мамық боп төселеді.
Төселеді... Күйге сап неше мені. Көгертер ме, кім білсін, көсегені?! Иығымда, Күлкі бар миығында Періштеге тапсырдым пешенені!.. Аудара сап адалға сан кінәні, Жалбаң-жалбаң, тірі жүр Жантық әлі. Толтырмайды бүйірін тобырлардың, Пайдасы жоқ Байлықтың тантығаны. Армандары аласа – ергежейлі, Көрсоқырлар, Мұңымды көрме, мейлі! Найзағайдың от жолын арқан қылып, Өршіл жаным биікке өрмелейді. ҚАЛАҚ ПЕН ҚАЛАМ (Сайын Назарбекұлына) Шалмасын деп өнердің қорығын мұң, Әр ісіңді адамдық жолы қылдың. Қалақ, қалам – туыстас, егіз екен, Аға, сені көрдім де, соны ұғындым!
Қалағың мен қаламың – қос қанатың, Ауыр жүкті кезің бұл төске алатын. Жұмбағы көп өлеңнің жарысына, Құлагерін кешеңдеу қосқан ақын. Қылса деймін ұрпақтар үлгі өзіңді. Бейқам жүрген көрмеппін бір кезіңді. Кім айтады, ғажайып жыр емес деп, Қалағыңнан өрілген күмбезіңді?! Бер, ағатай, ірікпей береріңді, Мезгіл өлшер тайызың, тереңіңді. Кім айтады, ғажайып жыр емес деп, Қаламыңнан өрілген өлеңіңді?! Қалақ тұрғай, әр тасқа ән жайлатып, Қалам тұрғай, сияға талмай батып, Қамын ойлап, қайда да өз халқыңа – Керегіңді сезіну, қандай бақыт!
БОЗАШЫ
Қолтығын сөгіп тұлпардай жазар құлашын, Бозашым менің, бұл сенің базарлы шағың! Шаттығындай тасқындап қара дария, Шуағын төгіп жарқ еткен жанарға ұсадың. Асыққан жарық жаһанға арынды ағыстан, Түлейді күнде дүбірлі таңың дауыстан. Көргенде сені көңілім самғайды көкке, Айдынды шайқап, аққудай мамырлап ұшқан. Маңғыстау-ана құшағын мекен еткелі, Сен жаққа жүрек жүреді жетелеп мені. Желге еріп кеткен көшпелі шағылдарындай, Балалық шақтың бақыты екен өтпелі. Боз отау болып тігілген бұйрат құмдарын, Жанымның іңкәр сағыныш жырлаттың әнін. Елестетемін бірге өскен еліктей қыздың, Қия алмай қарап, орамал бұлғап тұрғанын.
Мерейлі күнде қияға қалықтар мекен, Өзіңді ойлаудан асатын бақыт бар ма екен! Мақпал түннің өңірін зерлеген оттар, «Жібек жолында» шашылған жақұттар ма екен?! Боларсың ұрпақ ерлігін, сірә да, күткен, Бойладық бүгін тереңде мұраңа бүккен. Өзегіңде өлең – мұнайдың өзені шалқып, Тебіренеді жыраудай мұнара біткен. Тұғырына енді даңқтың тұрақтар кезің, Сұлу дүниеге сазыңмен сыр ақтар өзің. Баршаға-дағы дабысың жетіп жатса да, Қаншама әлі ашатын бұлақтар көзін?! Бейнелер асқақ тұлғаңды сөз ғана берен, Бозбала жастық бірге жүр боз даламенен. Асықпын саған, мәңгілік ғашықпын саған, Көкірегімнің күйлерін қозғаған әлем!
ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖЕСІРІ
Жесір отыр басынан тайған бағы, Халі бейне балықтай қайраңдағы. Көре алмады қызығын көктем шақтың, Оралмады бақыты майдандағы. Жас аруды үрейлі ой ноқталап ап, Күрсінеді қып-қызыл шоққа қарап. Жалын құшқан ошақта сексеуілдің Сатырлаған дыбысын оққа балап. Құс жастықты кеудеге қысты білек, Ақ шабақтай аунақшып түсті жүрек. Тарта берді түбіне ұйқы-көлдің, Жар демінің бетіне ыстығы кеп. Елестеді бал дәурен құратын күн, Ғайып болды жанарда тұратын мұң. Жалын көрді түсінде бір алапат, Жарын көрді ішінде сұрапылдың.
Батыс жақтың қаптаған өртін күллі, Көк құраққа ол жеткізбей серпіп жүрді. Қыршынынан қиылды талай боздақ, Келешектің көре алмай көркін нұрлы. Бастан кешті келіншек бұл күйді сан: Ирелеңдеп жыландай сырғиды қан... Етпетінен жер құшып жатыр ері, Айғай сала шошынып тұрды ұйқыдан. Алқынды ару... арман күн мәңгі батып, Кілт үзілді жіп-тірлік қанжылатып. Тұғырдағы мызғымас тас мүсіндей, Қалды қатып, қараумен алдына тік! БАБА ДАЛА Дауылдар соққан далам-ай берендей берік, Қилы заманның кәріне емендей көніп. Шексіз төсіңнен шықпақ боп шарлағандардың, «Темір етігі тозыпты тебендей болып!..»
Қасарған жауың жете алмай пырақтарыңа, Көмейі толған кептеліп құм, аптабыңа. Топырағыңда тот басып, қайқы қылыштар, Қайта салынбай қалыпты қынаптарына. Көргенде сені кетемін түлеп бір қандай, Қарамау сірә, мүмкін бе жүрек нұрланбай?! Кесесін ұстап қолына тас мүсіндерің, Тәңірісінен тыныштық тілеп тұрғандай... Қарауыл қарап тұлғалы тұрар құздарың, Тәрізді, батыр Тоныкөк, Тұмар қыздарың. Кең пішілген шапандай кеңістігіңде, Қайнап жатыр-ау қайнардай жыр-аңыздарым. Тірлікте мынау шалқымас даламсыз нұрым, Толғанып жүрем, жоқ менің алаңсыз күнім. Қорым басында сорайған қыналы тастар, Фәни жалғанның айтады баянсыздығын.
Баянсыз бәрі, көшпелі сағымдай анау... Мәңгілік дала, сөнбейтін шамын жағады-ау! Дақ түсірмей арымдай дарқан далама, Борышым болсын – базарым, бағымды аялау! Көңілімде күй ойнар бұлақтарынан, Мұзарт шыңында мен шығар мұрат бар, ұғам. Бақытымның бастауы - баба даламда, Киелім, сенен бойыма қуат дарыған!
АҚ СЕЛЕУЛЕР
Сыбызғысын сызылтып тартса желдер, Тербеледі құбылып ақ селеулер. Дөңбекшіген аумайды-ау ақ айдыннан, Толқын-толқын созылып жатса дөңдер. Қалайша мен тұра алам көңіл бөлмей, Ғажайып жыр санамда өрілгендей. Ақ селеулер тасқыны ағылып кеп, Сезім болып кеудеме төгілгендей. Толықсиды көгімде нұрлана таң, Сағыныштан бір сәтке мұңға батам. Әжем қайда самайы ақ селеудей, Ақ сақалы желбіреп тұрған атам? Қарай бердім селеулі жаққа, егіндей, Мөлдір шықтар жанардан шақ төгілмей. Ақ селеулер шыққанда шалқып алдан, Айқара ашып құшағын ақ көңілдей!
ТУЫСҚАНДАР ЗИРАТЫ
Туысқандар! Ия, олар туысқандар, Ұрпақ үшін ұран сап ұрысқандар. Кездігінен қаймықпай қаскөйліктің, Мезгілінен ертерек гүлі ұшқандар. Атсын десек тамылжып пүліш таңдар, Ей, адамдар, тірлікте суыспаңдар. Туыстықты жүрекпен ұғысқандар, Тыныштықтың тізгінін нық ұстаңдар. Айқас болған, аңырап «дот» әлі тұр, Жаутаңдайды қамығып жоталы қыр. Саласындай қос қолдың солдаттар-ай, Анасындай сүйетін Отаны бір. Елім деді жүректер тегіс берен, Шегінбеді, қауышып ер іспенен. Тегін бе еді өліспей беріспеген? Сенімдері бір-ақ сөз: «Жеңіс!» - дер ем.
Даңқын жырлап мәңгілік тұрар дала, Биіктік бұл бітпеген қыранға да. Жазылмайды түйілген жұдырықтай, Тілектері тоғысып бір арнада. Туысқандар зираты – қамал ғалам, Тісі батпай торыққан ажал да арам. Қатыгез жау осынау қайсарлықтың, Қабірде де құшағын жаза алмаған!
АПТАП
Соқты-ай кеп ыстық аптап бір, Шоқ дерсің мынау аппақ нұр. Жел – бота, дала – інгеннің, Желінін сорып қақтап тұр. Шығар-ау шөлден шын безген, Барады киік құм кезген. Сортаңға шыққан сораңның, Сорасы ағып тұр көзден. Домна – күн жалын шашты да, Кетердей еріп тас мына. Тығылды қорқақ көлеңке, Табанның келіп астына. Жалындап кеткен жалғанды-ай, Өнері тағы бар қандай? Сексеуіл біткен селтиіп, Таңырқап қарап қалғандай. Мұндайда жанға жол сын тек, Қинала күнге қол сілтеп. Күбірлеп атам келеді, Жолаушы аман болсын деп. ҰЙҚЫМ КЕЛМЕЙДІ
Қабақ түйіп, қаба сақал қара шал – Қараңғылық үңіледі іргеден. Сол шалыңнан сұрағандай араша, Ұйқым қашып, тыншымадым мүлде мен. Мүсіндей боп отырмын-ау, құлықсыз, Қараңғылық-қара шайды, сораптап. Сұңқылдады мазаны алып, сұрықсыз, Алған дауыс бір биікке қонақтап. Байғыз үні... Көрмесем де таныдым, Жоғал әрі, жаманшылық шақырма! Налытқаны жетпегендей нарығың, Қақылдама, басты босқа қатырма! Жауап іздеп шыққан сұрақ санамнан, Сандалады, шаңыраққа соқтығып. Жанымды осы, ой-масаға таланған, Құрбан етем, өлеңге іздеп оттылық! Елестетіп... Бір мырс еттім ішімнен – Ақ қағазға төне қалған сиқыма. Беймағұлым менің осы ісімнен,
Үйдегілер – жатыр бәрі ұйқыда. Үлкен ұлым аяқ-қолын сермеді, Кеткен болды-ау «каратэге» кірісіп... Күні бойы кәмпит сору – ермегі, Кішкентайым тамсанады, бүрісіп... Қылығына, қызығына тоймаймын, Пейілім де айналады далаға. Қозысына мекіренген қойдаймын, Мейірімі сыймай тұрған шараға... Түс көріңдер балдай тәтті, бір нәзік, Ұйықта жарым, ұйықтаң, балапандарым. Түн тынысын бағайын да жыр жазып, Тербетейін ошағымның арманын. Ай қарады, шың-дуалдан асылып, Қызарып тұр, жандай бейне кінәлі. Жолаушылап кеше кеткен асығып, Орта жолда, жете алмай жүр күн әлі.
Екі естілеу бұл дүние мінезі, Бұза қоймас мынау қаймақ күйімді. Қырық жігіт болып алып бір өзі, Кәрі жілік күзетеді үйімді...
КҮЙ ҚҰШАҒЫНДА
Көгершін болып кеудемнен ұшты көп өлең, Қазақтан туған киелі неткен өнер ең! Қарсы алдыңдағы күйші емес, құдай десе де, Көнер ем соған, сәбидей бейне сенер ем. Күй кернеп кеткен шабытты осы өзге-ау шақ, Тоқтаған желдей тынамыз іштен, сөзге аусақ. Саусақтан мынау суырылып ұшқан бұлбұл үн, Қалықтай берді, қиялға талай қозғау сап. Қуаныш, мұңы-ай берілген күйге кезімнің, Ірке алармын ба тасқынды селін сезімнің? Бабаң боп сөйлеп жатқанда қара домбыра, Достарым, сонда келер ме, сірә, көз ілгің?!
Ғашық қып мені алуан күймен бұл әлем, Барамын, міне, дарияша ағып – бұлақ ем. Төсінде мың сан тұлпарлар желмен жарысқан, Дариға кеудем дала боп кетті-ау, мына кең!
БОЗТОРҒАЙ ӘНІ
Құштым-ау көкті, сірә, мен, Көңілім күндей күлімдеп. Алды ғой тұрып бір әуен, Дүние-ай, сонда дірілдеп. Шығады шіркін шымырлап, Осынша сазды үн қайдан?! Құйылса бойға нұрлы ырғақ, Кетер ме мойын бұрмай жан?! Шомдырып сырлы сезімге, Сайрайды құйттай тіршілік. Мөлдір шық тұнып көзінде, Қария қойды күрсініп. Бозторғай жырын бұзбағын, Әуезін уыз төккенде. Сүймейді қыстың ызғарын, Құштар ғой гүлді көктемге. Тағдыры бірге даланың, Тамылжып атқан таңымен. Әлдилеп туған алабын, Тербетер әсем әнімен. Ғашықсың нұрлы ғаламға, Қуаныш құсы қонса кеп. Тіледім әрбір адамда Бозторғай-жүрек болса деп!
ХИРОСИМА ҚҰРБАНДАРЫ
Жел қуалап сабаңды аңыздағы, Тітірентер денені таң ызғары. Көшелері керіліп Хиросима, Тәтті ұйқыдан оянды тамыздағы. Көкжиектен көрісті күн де күле, Дидарласып адамдар дүрмегіне. Қол ұстасқан көңілді көк өрімдер, Көктей солып қаларын білмеді де... Қас-қағым сәт... апаттың шүйілгені, Ұйығына өлімнің үйіргелі. Өрмеледі дию-бұлт будақтаған, Дөңгеледі ажалдың диірмені. Аузын ашып, ас күткен аш қарынға, Аунағандай аждаһа, аспанында. Түскен атом бомбасы түнек тұтып, Талақ етіп ұшырды тастарын да. Құландайын жеріген өз қағынан, Жан сауғалап барады боздақ ұлан. Сәбиімен сорлы ана сұлап түсті, Құтқармады құбыжық көз қарыған.
Қасіреттен қабарып көк те жүзі, Адам тәнін шыжғырды от теңізі. Қарағайлар көмірдей көңірсиді, Қоламта боп, өртеніп кеткен ізі... ...Жылдар өтіп, кірсе де қала сәні, Жазылып та біткен жоқ, жарасы әлі. Кейбіреулер көгілдір кеңістікке, Қорқынышты үреймен қарасады. Хиросима осылай күн кешуде, Бұлақ қайта жүгірді жүлгесінде. Мүзейі бар, қаланың күлге айналған, «Бейбітшілік бағының» іргесіңде. «О, адамзат, еске алып тұршы мені!»- Дегендей-ақ, сол музей күрсінеді. Отқа жанған адамның терілерін, Көргенінде жан-жүйең түршігеді. Айырылды да адамзат мазасынан, Бел қайысты құрбандар қазасынан. Төбе шашы тік тұрды дүниенің, Нагасаки жанының назасынан.
Сезім – көлдің, тұнығын шайқағандай, Бұлқынады жүректер жай таба алмай. Тыныштықтың бесігін тербетеді, Өтсе екен деп, сол сұмдық қайталанбай!
АНТРОПОЛОГ
Қаңқа сүйектен қалпына келіп, «Тіріліп» қайта қаз тұрады өлік. Тылсым тұлғамен тілдестіретін Антрополог, антрополог. Мүсіндер мынау – мұра бұл ерен, Шабыттан туған сұрапыл өлең! Шарлайсың талай дәуірдің көшін, Самғайсың қиял пырағыменен. Тосқандай көзге кезеңді шапқын, Жауынгері тұр ежелгі Сақтың. Бағзы бейнелер... ал анау жүзді, Ай маңдай ару гөзелге ұқсаттым. Шаттықтан бүршік жарып гүлдесең, Ағат та болмас алыппын десең. Шыңырауларда жатқан шындықты, Шығасың сүйреп жарық күнге сен!
ЖІБЕК ЖОЛЫ
Ей, көңілім, кірпігіңді аш, қарағын! Құс болып ұш, ішіп қиял шарабын. Жібек жолы – жібек белбеу сияқты-ау, Белін буған, мынау сайын даланың. Сортаң жолдың сорабына түсіп ап, Кірекештің әуеніне саламын. Жібек жолы! Құмар болған әркім-ақ... Өн бойыңнан өре тұрар, сан сұрақ. Талайлардың дірілдеттің тізесін, Қапшық-қапшық алтын болып жалтырап. Білесің бе, шаңға аунады сол үшін, Жұмыр бастың үстіндегі сан тымақ. Керуендер... ойға сырғып оралар, Көне соқпақ сонда шалқып сөз алар. Қаптапты ғой жібек құрты сияқты, Саудагерлер, дәруіштер, қожалар. Төрткілдердің төбесінен телміріп, Жолаушыны күтетіндей обалар...
Анау жатқан қырат емес, көлбеген – Асты-адамдар, алып мүрде, ол деген. Аждаһадай жылжып жеткен жауыздық, Балағымнан еніп, төске өрлеген... Қақ сүйектей, - менің көне кенттерім, Көмейіне тұрып қалған көлденең! Жылдар өтіп, жапқан сайын парағын, Маңдайына әжім салып даланың. Қылғытыпты қарны тоймас қара жер, Таңдамастан адалын да, арамын. Бұл күндері бәрі өзгерген, тек қана, Өзгермеген – аспандағы, дара күн! Толғаныстан нөсер жырым төгілмек, Қазақстан, жібек жолды елім деп! Жаққым келіп жансебіл боп жүргенім, Кәрі тарих қоламтасын мен үрлеп. Тұрады ылғи, жалпақ жұртты жалғаған, Жібек жолын, Жүрек жолы дегім кеп!..
*** Мұнай – сия, малшынған, Дәуіт сынды далам, бай. Ал, мұнара шаншылған – Малып қойған қаламдай. Дана ойдай – асыл күн, Ақ парағы – алаңдар. Шежіресін ғасырдың, Жазып жатыр адамдар!
ДИАЛОГ
-Сен не көрдің? Ерлігіңді айт? –деді қарт, Сынағаны-ау... Майдангерім еді мәрт. Сауалымды жай сөз деме сүреңсіз, Үміт күткен жүрегіме сенім арт! -Ойсыз жүрсе, ондай жанда жоқ баян, Бұл сұрақты мен де өзіме көп қоям. Қалай өтті бала шағым балдырған?- Бәрі жұрттың көз алдында, көпке аян. Кішкентаймыз. Соғыс қандай - ұққан ба ек?! Айтсам, күлкі-ау... пәленшені жыққам деп. «Жаулар» жаққа ши жебені жөнелтіп, Шыбық мініп шабуылға шыққам деп. Еңбектеген бұл балаңды көрсеңіз, Еңбекпенен тұлғаланды еңсеміз. Соғыс салған жарақаттың табы бар, Отқа оранып өтпесе де он сегіз.
Ұл тудым деп қуанды ғой анам да, Мен кезіксем қанды майдан ғаламға: Жаудың төніп төбесінен Талғаттай, Бауыржандай батыр бола алам ба? Уа, жан ата, дауды ысырып қоялық, Соқпасыншы сол бір дауыл оралып. Омырауым дайын Отан қорғауға, Жаннан қорқып, шегінбеспін – ол анық! «Ерлігіңді айтшы?» деген сұраққа, Бір уәжім бар көңілде бірақ та. Жалғап ісін әкелердің, - Ерлік қой, Мұрагер боп қалу асыл мұратқа!
ҚАЗАҒЫМ-АЙ...
Қазағым-ай, өзіңмен кеңесемін, Жолың ауыр болды екен неге сенің?! Өлгеніңнің өшпесін орнындағы от, Көргеніңнің бере алман мен есебін... Тағдыр-ана тас емшек, емізбеді, Үміт құсың ұмтылып, нені іздеді? Арпалыстың аштықтың ағынында, Толқын қуған қалтқыдай теңіздегі. Туғаныңнан тұлпардың жалында өстің, Сындыра алмас соқтығып, сағыңды ешкім. Қырық бірдің кешегі қырғынында, Кеуде тосып, қып-қызыл жалын кештің. Тұрдың бейне басқандай, шоқ табаны, Шу асаудай, басыңды ноқталады. Кеткен қанша, нәубетте құрбан болып, Кейінгілер еске алып, жоқтар әлі.
Қашан ғана көзіңнен серпілді мұң, Ақ отаудың сыпырды «Жел» түндігін. Ертегіге айналды, далаңдағы, Ерке құлын сияқты еркіндігің. Желбезегің қармаққа ілінді де, Аузын ашқан балықтай күнің міне. Шүлдір-шүлдір, апыр-ай сөйледің-ау, Дініңді де ұмытып, тіліңді де. Қандырды ғой айтайық құлай шынға... Өзім деген орысың «лай суға». Өз тіліңді қайтадан оқығанға, Күлесің бе қайтесің, жылайсың ба?! Желтоқсанда жастарға ажал төнді, Жеткізіп ең теңдікке азар қолды. Жұмысың жоқ, арқалап ала дорба, Барар жерің бұл күнде базар болды.
Айырғысыз, бір ұғым – Қазақ, Дала, Сан тауқымет көтерген азаптана. О, дүние жұмағы бар болса егер, Кірер еді-ау алшаңдап қазақ қана! Кешіп талай қиынды келді көшің, Қазағым-ай айтшы сен, енді ме есің?! Қыран құс боп қалықтар – ұрпағың ғой, Көк жалауың төбеңде желбіресін. Көргеніңнің бере алман мен есебін, Ырыс-құтпен қол бергей келешегің! Қайран менің, қара нар – қазағым-ай, Тағы қандай бар еді көрешегің?!. ШЕЖІРЕ ТУРАЛЫ СЫР (А.Меңдалиев рухына) Бәйтеректей желге ұшқан желегі, Кетеді адам, тағы бірі келеді... Сұхбатымыз шежіреге тіреліп, Марқұм әкем сонда былай деп еді:
«Айтты деме отырған соң жалығып, Туысты ұқпай, тізе бүкпес тағылық. Үзеңгіге аяқ салып тұрмын ғой, Бабаларың кім болғанын қал ұғып. Өнер қудың, жақсы нәрсе өлең бек, Шежіре біл – деді сөзін шегендеп – Жаңылыспай жеті атасын білген жан, Жеті рулы елдің қамын жеген», - деп. «Тарих – жыр, шежіресі халықтың, Жатыр оның кей жолдарын шалып мұң. Шағы да көп жетелеген жарық күн, Осыны ұғын, келсе өзіңді танытқың...» ...Ал шежіре шешуі жоқ жұмбақтай, Қойды маған, қойды маған тіл қатпай. Әр таң сайын ой азабын арқалап, Арқам жауыр болған шығар мінгі аттай.
Көне сүрлеу қол бұлғаған шақтарда, Сәлем беріп, сауал қойсам қарттарға. «Бір білсе, сол біліп қалар» деп бәрі, Алшын деген ақсақалын тартты алға. Жолықтырды бізді тағдыр жолы кең, Сәті түсіп дәмдес болдым онымен. Әсер етті алдымдағы абызым, Келген жандай бағзы заман төрінен. Әңгіме айтса, баурап алып үн нәші, Деп тұрғандай, тағы, тағы тыңдашы. Қанша соқсаң қайыспайтын қара төс, Сияқтанып көрінді алып тұлғасы. Тапжылмайтын, тау тәрізді төзімі-ай, Ұялады жанға ұлағат сөз ұдай. Жамырасып жетіп жатты жүрекке, Көгенінен ағытылған қозыдай...
- Ата! – дедім, жастан қалам тербедім, Шежіре еді білмек болып келгенім... (Қысылсам да, қылын қозғадым білем, Кеудедегі көңіл атты перненің). - Тарихыңды жазбақ ойың заңды ұлым, Ниет қылу, ол да сенің нарлығың. Оқуынды бітіріп кел, сонан соң, Білгенімнің айтып берем барлығын... Кесіп айтқан кесек сөзге не дейін?! «Рахмет, ата кейін келейін» Одан өзге айта алмадым ештеңе, Құмға толып қалған сынды көмейім. Өтеді өмір маңдайыңа өлшенген, Азамат ең, абыз едің ел сенген. Тіп-тік болған тұлғанды еске аламын, Маң даладан мұнараны көрсем мен.
Мекенінде жатсың қазір мәңгілік, Талайларды кете бардың таң қылып. Отты кешкен өмірбаян өлмейді, Жылдан-жылға тұрар атың жаңғырып. Алшын ата, барсың ата жадымда, Жүздескенмін жас бозбала шағымда. Өлгеннен соң жоқтадық-ау орнынды, Қамкөңілді жырымды осы қабылда. Шежіре-ару, сиқырымен гүл-қыздай, Бір өзінен қойды мойын бұрғызбай. Жеткізбеді... Жеткізбей жүр әлі де, Жанарды арбап жымындаған жұлдыздай. О, шежіре құшағыма симаған, Көңілімді түсірдің-ау күйге алаң. Сауда қуған шулы өмірдің ішінен, Шежіреші шал таба алмай қиналам, Шежіреші шал таба алмай қиналам...
ЖАРНАМАЛАР
Алаңда – бағанға, жарға да, Арнайы жапсырып тастаған. Жар салып тұрады жарнама: Керек пе машина, баспанаң...? Жолдағы, байқамай өзгені, Сондағы: «Сатамын!», «Аламын!», «Айырбас жасаймын!» сөздері, Айқай сап... қалт тұрып қаламын. Сөйлейді жарнама әр тілде, Қалыпты кейбірі жыртылып. Үңіліп жатады әркім де, Сүзеген бұқадай ұмтылып. Тілімдей қағаздар... жел желпіп, Күлгендей көрсетіп тілдерін: «Қалайша алмайсың менен түк, Белгілі жоқ іздеп жүргенің». Сөздерде сыр жатыр, сұраған, Ұғынам: барлықты, тапшыны... Тұрмыс-күй жайлы бір роман, Оқыған жандаймын, тап шыны!
«Алмаймын!, «Ештеңе, сатпаймын!», «Айырбас жасап та жатпаймын!» О, халқым, оңдайлық жоқ дүнием!»,- Деп жазып, бір күні кеттім мен... ...Шындықты жазсам да қысылдым, Дұрыс па, бұрыс па?! Түсінгін...
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНДЕР
Қонады басқа қар да ұлпа, Солады бір күні гүл өңім. Періште сәби қалпында, Қалады жалғыз жүрегім!.. *** Өршісе дұшпан өсегі, Аяқтан шалар бір күні-ақ. Тамшы да тасты теседі, Тынымсыз тұрса ұрғылап. *** Жалындап жастық жүр оты, Қадірін кештеу ұғармыз. Сағынтар сонда: жүректі, Шымырлататын шынар қыз. *** Қалады-ау көңіл кетіле, Жүргенде жайнап, құшып нұр. Ақ сүттей сезім бетіне, Кеткендей қиқым түсіп бір. *** Қалмассың осы қалыпта, Өзгерер бәрі, өзгерер. Қадірің қанша халыққа, Қарттыққа жетсек көз көрер. *** Мінезіміз әрқилы деп кеңесте, Беретіндер бар-ау орын егеске. ...Қос ішектің екі түрлі бұрауы, Бір қосылып, күй шертеді емес пе?!.
*** Шарлап, ғұмыр-шақырымды жүздеген, Гүл-өмірдің жұпар нәрін іздеген. Аңдағанға әрі тәтті, әрі ащы, Бал арасы сияқтымыз біз деген!.. *** Өзім жоқта, домбырам да құр тілсіз, Бір тартылар күнін аңсап тұрды үнсіз. Кейде осы домбырадай түнерем, Жүрген шақта, жалғыз қалып құрбымсыз...
ШЫҢЫРАУ
Үстірттің төсін шарлағын, Арала жаяу, бар ұзақ. Тақырдай құрғап тандайын, Алады сынап аңызақ. Бекерге күтпе көк нөсер, Жігіттің болсаң берені. Шыңырау құдық кездесер, Қырық-елу құлаш тереңі. Қос қолды, батып шымбайға, Тай қарын қауға талдырар. Тер төгіп шөлін мұндайда, Қайсарлар ған қандырар. Шыңырау сені тергейді, Бермейді суын теп-тегін. Емессің бе егер ебдейлі Тата алмай дәмін кеткенің. Болса да қиын, құрбам-ау, Су тарту керек, соны ойла. Адам да бейне шыңырау, Сыр тарту одан оңай ма?!
«ӘЙТ ШҮУ, ӘЙТ ШҮУ, ҚЫЗЫЛ НАР...»
(Дүйсенбек Қанатбаевқа) «Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар, Бесқалаға түзу бар!..» - Емпең-емпең желетін, Иір мойны ұзын нар. Сіз де айтқансыз, осы әнді, Біз де айтқанбыз, осы әнді. Көңілдерді тербейтін, Халық әні қашанғы. Осы өлеңде – сырымыз, Осы өлеңде – мұңымыз. Азаматқа айналдық, Айта жүріп мұны біз. Керуендей көрініп, Өркеш-өркеш қырымыз. Белден-белге өріліп, Жататұғын бұрым-із. Көрінер деп адамдар, Тоқ бүйірлі қанарлар... Бесқаланың жолына, Қадалатын жанарлар. Арбап арман, есті ала, Баурап алған Бесқала. Бізге салсаң сол кезде, Оған жетпес еш қала!
«Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар, Бесқалаға түзу бар!..» Емпең-емпең желетін, Иір мойны ұзын нар... ...Отырғызып жотама, Кіп-кішкентай ботама Әуелетем осы әнді, Көне тоңды қопара: «Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар, Бесқалаға түзу бар!..» ҮШ ТОРАҢҒЫ (Баллада) Көргенді таң ғып, ғайыптан келіп тұрғандай, Сүгірет еді, құдірет еді бұл қандай?! Бір шыбық бітіп көрмеген шөлейт Үстіртте, Үш тораңғы өскен, бойына бүккен сыр бардай... ...Шоқтығын биік көтере түсіп шоң дала, Уайым жемес, кедеймін-ау деп Дөңқара. Басқа біреуге қызының басы байлаулы, Үмітін үзбей үздігетін-ді сонда да. Аң қағып жүріп, жан бағып жүріп даладан,
Қаработасын сағынып назды салады ән. Сұлу біткеннің ішінен, сәмбі талдай боп, Толықсып өскен түрікмен қызын қалаған. Босаса қолы тағат қып әсте тұрмайды, Шөліркеп жаны шырынды шаққа сырнайлы. Қарайған адам Қаработа боп көрініп, Бозашы аулы алыстан қолын бұлғайды. Шуағын төккен көктемдей ғажап күлгені, Сүйіктісінің елестеп өтті нұрлы өңі. Қиянға кетіп қалмаққа олар серттескен, Тәуекел етіп тас жұтар бүгін күндері. Желегін түннің жамылып қыз да келмекші, Өткел тұсынан от жағып белгі бермекші. Қапыда, әттең, қатыгез қолға тұтқын боп, Аяулысына тор құрды, қастық-өрмекші.
Қос жүрек қанша талпынғанымен құлшынып, Қалған-ды бірақ жастардың сырын тыңшы ұғып. Қақпанын басты аранын ашқан ажалдың, Кесіліп жолдар, кездесе алмады қырсығып. Мазасыз теңіз бір ойдан кетті, бір ойға ап, Құтырған дауыл бақсыдай салды жын ойнақ. Гүрілдеп келіп соғылып жатқан дәу толқын, Ауызын ашқан аждаһа сынды үрейлі-ақ. Қайтпады кейін, жатпады ісін салмақтап, Қайран тұлпары қасарысады алға аттап. Жағалаудағы алдамшы оттың жылтылы, Алып барады тұңғиық суға аулақтап. Теңіздің суы тереңдей берді, тереңдей, Еңсесін басты, жігіттің берік емендей. Көрінбей кетті көміліп асау толқынға, Соңғы рет қарап, «Қайдасың, қалқам?!» дегендей.
Күндер де өтті көрген бір түстей арада, Жалғызын жоқтап зарлайды үйде жан ана. Шаңқылдай ұшып, шарық ұрып жүрді шағала, Дөңқарасының денесі шыққан жағада. Тебіренгендей таулардың қара тасы да, Атырау төсі аунақшып жатыр ашына. Бауырына алып боз дала қойны боздағын, Жиналып халық ескерткіш өрді басына. Қаработаның жауыз күш күнін ұрлады, Қуантпас оны, тұрса да қоршап гүл бағы. Сыңарын іздеп сағымды қырда сабылған, Жапанда жүрген жаралы елік бұл-дағы. «Қызығың мәңгі суыған маған енді, өмір, Жүрегім менің! Жарыма жеткіз, жерге кір... Жатайық бірге Қозы мен Баян секілді, Махаббат мәңгі екенін айтып елге бір».
Жаңбырлы жасқа жуылып жастық өмірі, Осынау оқыс шешімге келді көңілі. Қорымға тартты, қапастан қашып шықты да, Қасиетті ісін орындар жандай ең ұлы. Қуғынды көріп, қап-қара көзге мұң тұнды, Қанішер топқа аянбай қарсы жұлқынды. Жете алмай қалды ақыры арман-тілекке, Қимасына ұшқан қарлығаш қанат қырқылды. Өлтірді жаулар, сүйгендігің бе бар күнәң?! Бауыздай салды, аса алмай дүлей салтынан. Қып-қызыл қанды құныға жұтқан жерге осы, Үш ағаш өсіп шығыпты дейді артынан. Үш ағаш өскен...бірімен-бірі қолдасып, Бейнесі ме екен жандардың сонау ол ғашық? Ортада тұрған – құрсақта қалған сәби бұл, Көбелек сынды жарыққа қанша болды асық?!
Тарих – ана, тәлімің қандай таң қылған, Жадында елдің ғасырлар бойы жаңғырған. Үстіртте өскен үш ағаш жайлы аңызын, Ұрпақтарына бойтұмар етіп қалдырған. Қарғысын айтып заманға зарлы, күні өткен, Арманда кеткен мұңды жастықты жыр еткен. Жерде емес мынау ағаштар, - Махаббат болып, - Жапырақ жайып, жарып шыққандай жүректен!..
АҚ ТҮН
Жалтылдап жерде күміс қар, Жалтыр мұз бейне хрусталь. Ақ зерлі көйлек үстінде, Толықсып ақ түн тыныстар. Ұйқыда ауыл бағы нық, Ақ шәйі көрпе жамылып. Қар толы сайға қарасаң, Жатқандай ақ сүт ағылып. Ақ сапар тілеп жас жанға, Темірқазық нұр шашқанда. Қойған да дейсің белгі етіп, Маяк қып, мұхит – аспанға. Мүмкін бе қарау телмірмей, Сезімнің шоғын берді үрлей. Жараса қапты жарты ай да, Ақша бет аспан ерніндей. Қырандай жойқын түрге еніп, Жүрекке толқын жыр келіп. Толғанып тұрмын қиялмен, Ай сүйген шыңды мінбе қып.
КҮНДЕР-АЙ
Қайран менің, қазына – күндерім-ай, Біз де жүре бермеспіз, бірге бұлай. Қобыз сынды кеудемнің қылын шертіп, Жай таптырмай жаныма жүргенін-ай! Көңіл шіркін шапқан күн Құлагердей, Шаттанған жоқ ешкім де мына мендей! Тарттырмастан тізгінін ол да кетті, Жарқыл қағып жанарда тұра бермей... Жоқты мұңға түсіріп, байды сынға, Күндер, күндер – тосады қайғысын да. Кім кетпеді, бір қайран қыла алмастан, Ақкөз ажал сілтеген найза ұшында!? Күндер есте, елітіп, есімді алған, Асау аттай жалт берер, есіл жалған! О, күндер-ай, ғасырлар қойнауында, Керуендей тізіліп көшің қалған...
Кей күнімді ойға алып, күмілжимін, Жеңілдетіп алыппын жүгін мидың. Қамсыздықтан қарымта қайтармаққа – Күбірлеймін, басталып бүгін күйбің. Сана сотым әр күнді сараламақ, Сараламақ... тергемек, қараламақ. Өткен күнді отырам, оңашада, Таспиықтың тасындай санамалап...
СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ СЫР
Өңім сары, менің-дағы көзім көк, Ұқсар ма екен бірақ саған сөзім тек. Қала алам ба жүректерде, білмеймін, Сала алам ба сен сияқты сезімге от. Дей көрмегін, о, Сері аға, карта ашты, Міне, міне... әуенімнен әр қашты. Қайран жүрек тыншымайды кеудеде, Мас толқындай ұрғылаған жартасты. Ғұмыр қысқа, келте сапты қамшыдай. Бұл бір нұсқа, алса жақсы-ау жан шыдай. Өтті менің өлең жазбай думанмен, Көп күндерім құмға, құмға сіңген тамшыдай. Әуейі боп сұлулармен қылықты, Бозбала шақ бұғалықсыз жүріпті. Шу асаудай жүргенімде шапқылап, Өмір өзі салды уақыт – құрықты. Жетер енді! Жетті, біраз шырқадым, Көзімді ілмей қарсы алайын жыр таңын.
Өмірімнің өсуі үшін егіні, Көңілімнің бороздасын жыртамын!
ЖАПЫРАҚТАР ТҮСІП ЖАТЫР...
Жапырақ – жүрек, желбіреп, Ұмтылушы еді көкке үміт. Құшады енді жерді кеп, Құлаған құстай оқ тиіп. Жайдары күндер жылысып, Жел ойнақ салар алаңда. Көзінен күннің нұры ұшып, Тапталып жатыр табанда. Тағдырға мынау ақымақ, Тұрғандай айтып нала бау. Жапырақ... Ұшқан жапырақ... Ұмыт боп солай қалады-ау. Туған жер сенің төсіңде, Көктеген мен бір талыңмын. Жырларым қалсын есіңде, Жапырақтары жанымның!..
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ
Шақырғанда қол бұлғап сырғалы үміт, Сөз самғатам махаббат сырлары ғып. Биіктікті өскен ем шыңнан ұғып, Өлеңімді сомдаймын тұлғалы қып. Өткізетін жауумен бар ғұмырын, Туған жердің мен де бір жаңбырымын. Сәуле шашқан шуақты шумақтарды, Тарқатқанда алғанмын таң бұрымын. Жайқалғанда бақтардай гүл-гүл жаным, Ұя салып кетеді бұлбұлдағы үн. Қонақтайды сезімнің шалғынына, Мөлдіреген шық болып мұңды ырғағым. Көктеп ойлар, құрақтай көкке өрілсе, Бұдан асқан қуаныш жоқ, меніңше! Ғашық әнім естілсе асығамын, Асығамын, бұлақтай жеткенімше.
Табиғаттай мәңгілік көп тұратын, Жыр мүсіндеу, жүр менің боп мұратым. Дүниенің тынымсыз дүбірі тек, - Жүрегімді тоқтаусыз соқтыратын!
КҮТІП ЖҮРМІН АЯУЛЫМ!..
Көкірекке қондырған ерке күнді, Қимас сезім толқындай тербетілді. Ақ айдында сыланған ару құсым, Көз алдымда жоғалттым келбетіңді. Айтшы, неге көліңнен алыстадың? Өзіңді іздеп, сызылтар қамыс та әнін. Қанат қағуға үлгертпей, жапырақша, Үйіріп алып кетті ме, алысқа ағын? Сезім-толқын, жүректі сабалауда, Сағынғандай сазыңды ана бау да... Қалай ғана ұяңа қайрылмайсың, Балапаның қалды ғой жағалауда... Бөлек кетіп, бақытты бола алар ма ек, Сенем: алда, жақсы күн қол алар кеп. Күтіп жүрмін, аяулым, мен өзіңді, Ақ қайраңды жағаға оралар деп!
АЛТЫН КИІМДІ АДАМ
Қазған шақта Есіктегі қабірді, Сыр ашылды, алып біткен сабырды. Денесі емес, мамонт, динозаврдың, Алтын адам... Алтын адам табылды! Олжасына баға жетпес нарқы бар, Археолог асып-сасып алқынар. Алтын балық шоршып жатқан ауында Балықшыдай, ертегіде айтылар. Маңайдағы көптің көзі марқұмда, Армансыз-ақ ораныпты-ау, алтынға! Жанар отың өткір болсын жасындай, Жалт-жұлт еткен қарау үшін жарқылға. Тұла бойын аптапты алтын теңгелер, Семсері тұр, сәтін күтіп сермелер. Теңеу іздер жиналған жұрт таласып, Таңғажайып тұлғасына тең келер.
Көне мұра құпиясы не дейді? Не десе де, биіктетті мерейді. Қорықпағын, қателесіп кетем деп, Теңдесі жоқ Тутанхамон де мейлі. Арта салып шешімді ойды ақылға, Жайбарақат жұмбақ адам жатыр да. Әлде... Бай ма, салтанатын асырған, Қалтыратқан дұшпандарын батыр ма?! Сырын шертер, сонау алыс шақтардың, Тереңдерде тарих боп қапты әр күн. «Өмір сүрген бұл бесінші ғасырда, Жауынгері – дейді ғалым, - сақтардың». Алтын жиып, сол болды ма ермегі... Халық үшін қандай еді еңбегі? Атанды ма «Алтын адам!» тіріде? – Толғандырып, осы ой мені тербеді!
ЖАҢБЫРДАН СОҢ
Сияқты ма, ақтара, сыр ашқан жан, Жаңбыр болып жауып тұр, нұр аспаннан. Толас таппай тасқыны тамшылардың, Көкжиекке қара бұлт ұласқаннан. Көре-көре шаршаған, шаңды ғана, Ақ жаңбырға жуынып алды дала. Шырайына сұлулық шыға келген, Манаураған манағы маңды қара! Қызыл ерні үлбірей гүл ырғалып, Ғашық еткен оны да, ғұмыр-жарық. Құштарлығым шақырып қол бұлғады, Жүрегімде бір үміт бүрін жарып. Қалсын бәрі жайына, бір күнгі есеп... Жанымыздың жырлайық бұлтын төсеп. Табиғат та жаңғырып жатқанында, Болмайды, дос, біз де бір сілкінбесек!
ҚАЛАМҚАС
(элегия) Сар далада сар желіп, сағым ойнаған, Қаламқас апа халқының қамын ойлаған. Бағзы заманның беймәлім баянын іздеп, Маза бермейді масадай, қалың ой маған. Ұшқан жебедей садақтың адырнасынан, Көз жазып қалған аймағым қарлығашынан. Жалт беріп асау тұлпардай жалған дүние, Қазығын тауып жатыр ма, қабір басынан?! Қанды шайқастан қаймықпай атына қонған, Қиын кезеңде болсам деп халқына қорған. Осы жырымды өзіңе бағыштап едім, Жұлдыздай ағып жол тартсын, жарқырап ойдан... ...Жалыны жұттың келеді жағалап алдан, Қайран да жұртын қасқырдай қамалап алған. Жұтаған елдің жұмырын жұбатып жүріп, Жасындай тиді жауға да, жағадан алған.
Қаламқасты айтып, жайлады таңданыс маңды, Азамат ерге лайық ар-намыс бар-ды! Олжалап жүрді, киікті қуып әкеліп, Ордың ішіне шанышып нар қамыстарды. Басталды, міне толғантқан тағы да бір күн, Басталды дейсің толқындай ағыла сүргін. Соры ма, әлде бағы ма – аллаға аян, Келеді бәрі, көміліп шаңына қырдың. Топырлай құлап, киіктер қалды да алдында... Қанат біткендей тұлпары қарғығанында, Қапелімде қайтесің, қапы кеткені, Аты жетпеді аранның арғы жағына. Тіршілік оты сөніпті таралып жанған, Өкініш пенен үміттен жаралып па арман?! Кеудеден өткен қамыстың сүңгідей ұшы... Көгілдір көкке қос жанар қадалып қалған...
Қадалып қалған... қыз-ғұмыр қызығы қашқан, Үзіліп барып, бақидың үзігін ашқан. Үзіліп қалып... көзінен мөлдір тамшылар, Жабырқау ғана жылайды, жүзі мұңды аспан. Құрсаулап алып, беймәлім құдірет мені, Жадымда бәрі: сыр айтып, күбір еткені. Санамды шарлай жөнелді ширығып тұрған, Соңғы бір сапар... Соңғы дем... суреттері. Шабуыл салып, шалғайға шығынып күлкің, Қиындықтардан көрмеген бұғынып бір күн. Нәп-нәзік гүлдей шығатын тасты да жарып, Қайсарлық деген не екенін ұғынып тұрмын! Ел-жұртын сүйген, бар жүрек іңкәріменен, Бозащы бойлап самғаған сұңқары дер ем. Найзасын ұстап, топ бастап түзді бетке алып, Түсіме кіріп жүреді тұлпарыменен.
Шаншыла өскен шынардай дара шыңдағы, Намысты ту ғып көтерген бабасындағы. Халқы үшін туған, қазақтың қаһарман қызы – Қаламқас апа, жүректе қаласың мәңгі!
КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ҚҰДЫҚ
Тап болдың түзде кенеттен, Бабамның көзі – құдығым. Жұбату айтам не деп мен, Қай жаққа кеткен тұнығың?! Ауызын ашқан әйкелің, Бірдеңе маған айтпақтай. Тулап бір кетті-ау, қайтемін, Балықтай жүрек, жай таппай! Нұр шашты саған қаншама, Желкенін жайған күн-кеме. Тұмшалап ғасыр алса да, Ұғынам сені, үндеме... Тас емшек мінез танытпай, Әркімге болдың аяулы-ақ. Суында алтын балықтай, Түндерде, жатты-ау ай аунап... Құтым-ай, жатқан даламда, Қабырғаң талдан өріліп. Шалқыған шалқар шаранда, Бұлт жүзген аспан көрініп. Тартылып қалып, таң қылдың, Жоқ енді... Елес, бәрі де... Тірлікте қатал тағдырдың, Ілінген жандай кәріне.
Жатырсың мұнды пішінде, Жапанда үнсіз, жақ ашпай. Қураған, түк жоқ ішінде, Бейне бір кеуек ағаштай. Сарықтың берер сыйынды, Қандырып шөлді, соңғы рет. Соңғы рет шыққан иінді, Жасындай көздің мөлдіреп... Жан біткен саған жүгіріп, Болдың ғой базар күнінде. Сусаған шақта, шұбырып, Бармайды ешкім бүгінде. Үгілді бордай сабырым, Шеккендей жапа жалғаннан. Сақтай гөр өзің тәңірім, Керексіз болып қалғаннан... Сарсылды талай табандар, Сор тартқан мынау соқпақпен. Қалдырған ұмыт адамдар, Сабамды тұрмын жоқтап мен. Тыншырмын қалай, сыр ұқпай, Сезім – құс ұшты шарқ ұра... Кетермін мен де құдықтай, Барымды беріп халқыма!
ТҮҢІЛМЕ ҚҰРБЫМ, ТІРЛІКТЕН!
Өріліп шыққан өксікті үнің мұңменен, Сөзіңді естіп, «тірліктен түңілдім» деген... Қалғандай, құрбым, мір оғы қадалып миға, Жапырылғандай күй кештім жырым гүлдеген. Қылы қисаймас тірліктің, кете бер мүлде... Басыңды көтер, бауырым, жетер, «өлдің» бе?! Кезумен жүріп құлайды, көзі қызарып, Ыңыршағы айналған көтерем – күн де... Мынадай хал-мұң, күрмеулі ғұмырға алаңсың, Ұнамай қалдың, турасы, бүгін маған шын... Оңай деп пе едің ағынды өзеннен өту, Өмір – күрес қой, қалайша ұғынбағансың?!
Шалғыны солған ұқсайды іреңің күзге, Құрақсыз көлдей құлазып, күдеріңді үзбе. Сұрапыл қыстың соңынан көктем шығатын... Салмаған шығар тағдыр тек шідерін бізге! Бақыттың дәмін, бар-дағы, білгін бұлақтан, Ғажап емес пе, қарашы, құрбым, мына ақ таң! Күлерсің кейін мұныңа, білерсің сонда, Бір күн тірліктің артығын – мың күн жұмақтан... Туыңды жығып, ор қазса – оңбас, мейлі, сұм, Көтеріп алып қолтықтан, жолдас кей кісің. Тот басып, тозып қалмасын төзімің ғана, Балақтан кірген бақ,басқа қонбас деймісің!..
ҚАРАҒИЯ
Маңғыстаудағы ең терең, қазан шұңқыр ойпат. Ол теңіз деңгейінен 132 м. төмен жатыр. Замандасым, ғажапты қара мына, Көз салдың ба түріне Қарағия? Жаратылыс алып қып, жомарттықпен Жасай салған сияқты далаға ұя. Жанарыңда шуақты күледі күн, Күбірлейсің ішіңнен жыр өрімін. Көрінеді ол, алдыңнан айқара ашқан, Құшағындай Маңғыстау түбегінің. Топшыладық тереңді не түрлі біз, Сәлем етіп еңкейді екіндіңіз. Жеті қабат жер астын аралаған, Шалқұйрықты Ер Төстік секілдіміз. Тереңдікке ғашық боп өтермін мен, Көкіректе құштарлық оты өрілген. Жол бейне бір аумаған барометр, Бозғылт такси сынаптай көтерілген.
Қалды астында табанның еңіс, міне, Екен алтын зерендей келісті де. Ақ мамықтай аспанның омырауын, Құшқандайсың шыққанда жер үстіне. Балқығандай шабыттың алауына, Бұлбұл әуен бой кернеп барады ма? Қазаншұңқыр емес бұл, Қарағия – Қара қобыз күй толған шанағына! ҚАЙРАУ ...Былдыр-былдыр тілім –жарты, Ұмытшақпын – миым жарты. Боп-боз болған түрім –жарты, Домбырасыз үнім – жалқы... Мырзатай Болат, «Жарты жан» өлеңінен Халің қалай, ауырған қарт арыстан, Жағдайыңды сұраймын әр таныстан. «Үңгіріңді» үрейдің ұясы ғып, Жатқаның не, көз қадап қалтарыстан.
Айбыныңмен аларсың азығыңды, Мына маған салсаң да азуыңды. Күлгеніңді келтірем көз алдыма, Оқыған соң осынау әзілімді. Білем, білем... тағдырға өкпелісің, Батпан жүгін басқа үйіп кеткені үшін. Қомдайтын да күш керек қанатыңды, Самғай бермес үнемі көкке құсың. Елдің қамын шығармай бір де есінен, Мұңын айтар мезгілдің мінбесінен. Әй, досым-ай, әуелден ақындардың, Жаны жарты боларын білмеуші ме ең?! Жүргендерді жанында жайдары еткен, Мен білетін Мырзатай қайда кеткен?! Сұрқыңды алған ауруға сарқылмашы, Ащыағардың суындай сайда кепкен.
Мазам қашты сені ойлап, неге менің?! «Болаттай бол, болғанға» демек едім. Өзегіңнен бұлқынған өлең селі, Бұлағындай ағылсын «Өнеренің»* Жеңіліске орын жоқ, жүгінуге, Сұрақ белгі сияқты бүгілуге. Қашан да сен құрыштай қалпыңда қал, Бола ма екен бортастай үгілуге. Бақыттымыз, бүтінбіз, бақ та дара – * Өнере – Үстірттегі мол су көзі Жұрттың жоғы болмаған шақта ғана! Айту үшін өз сөзін, ақын қылып, Бізді солай жаратқан хақ тағала!..
«СИКСТ МАДОННАСЫ»
Алғанымен биліктің құдіретін, Бар жанымен өнерге жүгінетін. Саксон-поляк королі Август-III, Сатып апты Сантидың сүгіретін. Жамыраса жұрт мақтап жатты өнерді, Мың құбылтып бояуды жаққан ерді. Картинаны залға әкеп кіргізерде, Келтіріпті дөңкиген тақ кедергі... Қос жанарын мадонна жаққа қадап, Табынған Август-III, хаққа балап ... «Ұлы Рафаэль келеді, жолды босат!» - Депті ғой өзі отырар таққа қарап. Шайқалта алмас шындықтың шырқын егес, Көркемдікке қуанып, кім түлемес?! Шуақ төккен шынайы сұлулықты, Мойындамау, тіпті де мүмкін емес!
Жүректен жарып шыққан жалын мына, Ығыстырған орнынан тағыңды да. Мансұқ еткен алтынды, лағылды да, Қасірет пен баянсыз бағыңды да. Тағдырың ащы-тұщы татырар дәм, Әр кеудеде әр қилы жатыр арман. Жалғыз ауыз сөзі үшін жалғандағы, Кейінгіге корольдің аты қалған. Айтқанымыз мысал ғой, мысал ғана, Талант көрсең талабын тұсаулама. Жаратты ерек өнерді жаратылыс, Қанат керек құс үшін, ұшарға да. Ән қылатын, өмірді нұрға бөлер, Қандыратын көңілді сырға нелер. Сәнімен де, ұғынтар мәнімен де, Бәрінен де жоғары тұрған өнер! *** Жұлдызды түнде жолыққан Жүрегім аппақ арманға. Түсінен қашпай, жөн, ұққан Ғашықпын түнге, таңданба.
Ірке алмай ішкі ағынды, Тамсанып үнсіз тұрдым-ау. Жарыққа ынтық жанымды, Толғантып ғажап түн мынау. Арудың қыпша беліне, Төгілген қолаң шашындай. Мойылдай түнге, еліге Қарадым қимас асылдай. Барады көңіл шалқып-ақ, Кеудемді кернеп шырын ән. Тұрғандай түнің жарқырап, Қарақат көздің нұрынан. Түндер-ай, жырым бүр жарар, Үміт-құс саған ұшады. ...Жап-жарық десем кім нанар, Қараңғы түннің құшағы?!
ҚЫРЫҚ БІР ҚҰМАЛАҚ
Жүректе шашып нұр, Адалдық әуені. Арманға асық бір, Боласың дәмелі. Мерейді тасыттыр, Қонар ма, жан емі. «Маңдайын ашық қыл!, Пәлесін қашық қыл!», - Деп алып, әуелі. Құмалақ сап-сары – Ақсарбас қойдыкі. Отырсаң ашқалы, Болмасын ой мүкі. Бес түсіп бастады, Баланың – ол, - құты. Білмеймін басқаны, Ашық тұр аспаны – Қуаныш, тойдікі! Үш-үштен бөлінген, Тоғыз ба? Тастаймын... Бағың ғой көрінген, Қайталап ашпаймын. Желпініп сеніммен, Жоқ дей бер, бас-қайғым, Күн күлер төріңнен, Түспес бұл тегіннен... Ақ жолдан аспаймын.
Төрт-төрттен жұптасқан – тоқ екен бүйірің! Тартпайсың, түк саспаң, Нарықтың «күйігін». Дұшпаннан күш қашқан, Көрсетпес бүлігін. «Шүкірді» ұқпастан, Тоқпын деп, тіпті аспаң, Төреші – Ұлы күн! Тіктеу де, еңсені – заңдылық – құламақ. Қоңсылас көрші еді, Сор менен, сірә, бақ. Тиер деп ел, себі, Өзіңе құмар-ақ. Санаймын мен сені, Өмірдің өлшемі – Қырық бір құмалақ! Қырық бір... бұл ненің, белгісі білінбек? Толғанып жүргенім, Мәнісін түбірлеп. Қырықтың білгенмін, Біреуін Қыдыр деп. «Қырық бір шілтенім, Қолдай гөр, пірлерім!» - Деймін мен күбірлеп.
Дүние жанығып, Жұмбаққа тұнып тұр. Күмәннан арылып, Алайын біліп бір. Ұмтылшы, ал, үміт! Құмалақ – қырық бір: Кетпеші жаңылып... Ағыңнан жарылып, Сен маған сыр ұқтыр?!.
ҰСТАХАНА. ӘЛКЕ ЖӘНЕ МЕН
Құбылған дүние ұстатпас сағым ба жалған, «Жетінші» жаққа қараймын жадымда қалған. Жағасы жайлау, жымия жайдары күліп, Шығатын сынды Әлке ағам адымдап алдан. Бір кезде мынау жұртшылық ағыла барған, Жататын орын жұлдыздай жамырап арман. МТС-тен мұра дейтіндей ештеңе таппай, Күйзелдім көріп ауланы адыра қалған. Токарлық жұмыс тетігін ұстаған ағам, Кезіңді тіпті білмеймін күстаналаған. Жұпыны бөлме жанданып Әлекем кірсе Алуан дыбыс самғайтын ұстаханадан. Кездескем алғаш сонда мен «кереметпенен», Токарлық іске жан болмас, елең етпеген. Қара темірді тұратын қағаздай турап, Еңсесін тіктеп, етене Ережеппенен.
Құлқы жоқ еді қашан да оның мансапқа, Тұрды екен қанша бұйымдар қолыңнан сапқа. Бұйрабас жанның шашындай шиыршықталып, Түсіп жататын темірлер жонылған шақта. Жанын ұғынып жансерік станогінің, Жасаған шақта болттардың нұсқа бөлігін. Қып-қызыл шоқты үрлейтін дауыл демімен, Есіме алғам әкемнің ұста көрігін. Ал мұнда от жоқ, беріпті орынын токқа, Өткеннің, алып тастапты-ау, өрімін ноқта. Сезініп сонда батырға семсер соққанын, Қайтесің көңілім, бабаның көрігін жоқта... ...Азамат тұтып әрдайым халқың мақтаған, Жан едің аға жүректі салқындатпаған. Қайтпайсың енді, мәңгілік мекеннен мұнда, Айтпайсың енді, сырыңды аңқылдап маған.
Жетінші шахта. Боз төбе, бозаңның маңы, Осынша маған қымбат па ең озалдың мәні. Ұстахана мен Әлке ағам... тұрып алғандай, Көне сүгірет көлбеңдеп көз алдымдағы...
АЙСБЕРГ
Шаттандырып сүйресе де сері күн, Көңілімнің басамын кеп желігін. Айсберг жасырады тереңге Денесінің үштен екі бөлігін. Адамдарға бір ұқсастық көрем де, Ерік берем еркімді алған өлеңге. Арамызда кішіпейіл жандар бар Жататұғын тағылымы тереңде. Терең болу қай кезде де ерге сын, Ұстай білгін сезім-тұлпар делбесін. Айсберг – даңқ құмарға бір мектеп, Ұлылықтар көтермейді кеудесін!
ІЗДЕЙДІ КҮН ШУАҒЫН
Болғандаймын қарауыл бүгін бейне, Қойды-ау тіпті кірпігім ілінбей де. Қағатын не терезе әйнектерін, Қара түнде қаракөз күбірлей ме? Ұшып кетті ұйқы-құс, тыншымадым, Сағындырған тербетті сыршыл әнім. Құлын мүсін, қылықты қалпыңменен Жанарымда бір сәтке тұршы, жаным. Құмар қанбай, сүйгім кеп ұмсынамын, Қыл арқандай керіліп тұр шыдамым. Қара түннің талпынып құшағында, Жүрек, жүрек... іздейді күн шуағын!.. СЫНҒАН ШҮЙШЕ (Баллада) Кеше ғана қан майдан болып өткен, Туған жердің жамылды жоны көктем. Жалғыз үйміз, отырған жылқы бағып, Қоңторғайлау кез еді, көні кепкен.
Ұстап, тірлік-тұлпардың тізгінінен, Қуанышпен қауыштық, біз мұңымен. Жадау жылға қиялмен жүздескелі, Жадымдағы көмескі ізге үңілем. Өндір кезім бұлақтай сылдыраған, Қызарамын жасаған бір кінәдан. Бала шақтың бейнесі қол бұлғайды, Боз сағымның ішінде бұлдыраған. ...Асық ойнап, жүрмегем тыңдырып түк, Қызығымен кешкірген күнді ұмытып. «Әкең келді жылқыдан» деген шақта, Атқа мініп қалуға, тұрдым ытқып. Албырт күйге еріп мен, ала қашқан, Лақтырдым асықты қарамастан. Жалғыз шүйше үйдегі сынып қалды, Қарамаудың соңында «қара басқан».
Ат та қалды жайына мінем деген, Қалған сынды қайырлап жүзер кемем. Жаққан сайын бояуын қараңғылық, Қаша берді іңірде рең менен. Сықырлауық ашылды, сықырлаған, Құйрық баспай күдігім қыпылдаған. Жайлап болып шаруасын әкем кірді, Таяу қалды ақыры «тықыр» маған. Шүйілді әкем айырмай ақ-қарасын: «Әлі күнге шам неге жақпағансың!?» Анам айтты: «Жарықсыз қалдық енді, Еркелетіп, осы ғой қақпағасын...» «Көргің келмес,-дегендей,-мені өңіңде», Бұғып қапты бүк түскен кенейім де. Мазақтаған сияқты маздаған от, Жерошақтың жылтылдап көмейінде.
Біле берсін ол кезде еркең нені!? Уайымнан өзегім өртенгені... Керегенің ілулі құлағында, Қарай берем қамшыға төрт өрмелі. Ұмытқандай, ал, әкем мені мүлде, Қарап тұрды кейістік, кейібінде. Орашолақ ойыннан опық жеген, Кетердеймін, бар болса, еніп інге. Сынып қалған шүйшеге алаңдамай, Былай деді, бұрылып маған қарай: «Қай кезде де асығыс іс қылмағын, Байқамастан, жан-жақты бағамдамай». Мұңайғаным жоғалды бұлттай маңып, Көңіл-аспан тұр еді сұрқайланып. Қорқыныштың қасқыры келіп қалған, Жүре берді соқпастан сырт айналып.
Шыдамменен сабырды өрге сүйреп, Кең пейілдің ашты да көмбесін кеп: «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынар, Жалғызымның жарығы сөнбесін!»-деп. Бастан кешер сезімді сана небір, Өткелектен өткізіп алады өмір... Ұмытпайық, ағайын ұл-қызы бар, Кешірімге ділгірін бала көңіл!
КӨҢІЛІМНІҢ ЖАНАРЫНДА – ҚЫЗЫЛҚҰМ...
Қызыл арай қыдырған, Қызылқұмда өскенбіз, Құпияның көкесі, қызық мұнда дескенбіз. Қолаттарды шарлаған қоянжымын қызықтап, Қызыл іңір қонғанша Қызылқұмды кешкенбіз. Қараңғы түн қаптаған түссе атынан топтанып, Жамырайды жұлдыздар, жанары – от, шоқтанып. Қызылқұмның төсінен көтерілген қызыл ай, Қиялымды кететін қияндағы көкке алып. Арымдары айқасқа анадайдан андыздап, Телміремін ғашықтай жүрек ысып, тән мұздап. Отырушы ем оңаша ой түбіне жете алмай, Мені өзіне шақырған құмды жалда жалғыз ғап.
Болмысыңды білмесем, о, Қызылқұм кеш мені, Мынау өмір байқасам, дәл өзіңдей көшпелі. Салмай кеткен ат ізін, сағынышы ұлыңның, Таушық жақтан аңқылдап самал желдің ескені. Көңілдегі кететін, Қызылқұмда, көп кірбең, Жас жуғанда жүзімді Қызылқұмға кептіргем. Табанымды құм сүйіп, жанарымды күн сүйіп, Құт дарыған қасиет, Қызылқұмда деп білгем!
ӨЛЕҢ
Өлең – менің өмірім, бар асыл да, Сол жазады жүректің жарасын да. Жаным гүлдеп, жақсы жыр жазған күні, Бал татиды таңдайға қара су да. Оңайлықпен келмейді өндір өлең, Орман сынды, талай шаш селдіреген. Жыр толғағы дегенің – жармасу ғой, Арыстанның жалына желбіреген. Ұялатып бұлбұлдың сыршыл үнін, Сіңіремін өлеңге гүл шырынын. Күре тамыр сияқты әр жолында Тебірентіп шаттығым, тұрсын мұңым. Ол халықпен қалтқысыз сырласады, Ғашығыңдай құшағын күнге ашады. Жамандыққа тиеді жасын болып, Бес қаруын асынған жыр жасағы.
Өлең де бір ұқсайды бойжеткенге, Жүрегіңді ұсынбай, қол жеткен бе?! Бар-ау біздің шағымыз мәз болатын, Арзан ойды малданып, олжа еткенге. Шабыт келіп кеудеңе түнегенде, Жұмыс жасап жүреді, жүрек, елге. Бір күніңді, бір апта, бір айыңды, Құрбан етіп шаласың, бір өлеңге! Қиын... Қиын, жол бермес мұзарттардай, Азабы мол, арқаңа тұз артқандай. Ғажабы сол – бітірген жыр әсері, Ғұмырыңды болады ұзартқандай! Қалам – қайың, қағазым – жазық дала, Жыр жұлдызым жарқыра, жанып дара. Нөсерлетіп ашылған аспанымдай, Өлең-дерттен, айығам жазып қана.
Жаным кейде теңіздей дөңбекшіген, Жылай салар, қосылып желге өксіген. Толқын-толқын ойымның тамшылары – Маңдайымда мөлдіреп, тер тепшіген! Маржан сүзген мұхиттан, шырақ алып, Терімшіге бүйрегім бұрары анық. Өлең сөздің інжуін тереңдегі, Соңғы демді сарп етіп, шығам алып!
ЖАСЫРЫНБАҚ
Естесің, бала досым басы ұғымды, Қашан да ойын десе асығулы. Жүгіріп, жасырынбақ ойнаушы едік, Арада сыр болмайтын жасырынды. Мен қарап, сен тығылып жүретінсің, Үнсіздік орнайтұғын, іле, тылсым. Аңшыдай ізге түсіп бара жатсам, Ту сырттан : «таппадың» деп күлетінсің. Ауырдың, содан халің оңалмады, Досым-ай, іште кеткен көп арманы. Топырақ салып жатып қабіріңе, Ойыма жасырынбақ оралғаны... Жылаған көңіл-аспан жаңбыр әлі, Басылмай, жауратты ғой жанды-дағы. «Табуың сенің мені қиын» деген, Сөздерің құлағымда жаңғырады.
Біреуді күткен жандай алаңдаймын, Еді ғой, бір жүргенің маған да айбын. Сен жеңдің, мен жеңілдім, расында, Өзіңді досым мәңгі таба алмаймын. Бір сәтте күнім күліп шуақтанды, Бір сәтте ақпай тынып, Бұлақ қалды... Көз жазып қалып жатқан қас-қағымда, Бұл өмір жасырынбақ сияқтанды...
ҚҰЛБАРАҚ БАТЫР
Басы Хиуада, денесі Маңғыстауда жерленген, Тиген жеріндегі өзі аттас қойымдықтағы Құлбарақ батыр қабірі үстіне ұрпақтары дулыға-мүсін, күмбез көтерді. Осынау өлең сол ескерткіштің салынып біту салтанатында оқылған еді. Аңызға айналған әулием, баба Құлбарақ, Ойға батамын, қабірге қаламын қарап. Қақпанын құрып қаскөйлік, қансырап қалған, Көз алдымнан өтеді дала сырғанап. Ұрандап тұрған ерлікке, ұлы дабылдан, Кеудемнен менің сел болып жырым ағылған. Қиылып түскен басыңның құдірет-күші, Қуанған жаудың күлкісін күмірә қылған!
Нар ұлдарының, жұртым-ай, нарқын жаңа ұққан, Алтын Жебесін жоғалтып, халқым қамыққан. Даламнан шыққан Дарабоз, батыр-әулием, Дәуірлер бойы ұрпақты даңқың табынтқан. Ілгері күнге ұлықтап ұлығат ісін, Ақ маржан мынау күмбезді, шын ұға, түсін. Ездіктің емес, ерліктің еншісі етіп, Сондықтан мұнда салынған дулыға-мүсін. Қазағымның кигізер ұлына берен, Киелі мүлкі батырдың дулыға деген. Өртеңге шыққан өркеннің өксігі сынды, Өрт болып менің кеудемде булығады өлең! Тізгінді талай ұстағам, топта сыналып, Шабыт-тұлпардың жібердім ноқтасын алып. Нағашыма арнап, толғана жыр оқып тұрмын, «Жиен - ел болмас» дегенді жоққа шығарып.
Мәртебе етіп, халқыңа махаббатыңды, Жатырмыз міне дұға оқып, атап атыңды. Ұрпақтарыңа қашанда, Құлбарақ-Ата, Тигізе берші, мейірім-шапағатыңды!
«ЕЛ БАСҚАН»
(баллада) Бабадан жететіндей мақам-сарын, Жол тартқан, жүктеп алып атан-нарын. Қызықтап айналаны, көз суарып, Келеміз қуалаумен «Қапы» аңғарын. Қапталда тосын көрініс, шыдамастан: Кеткендей кілт шегініп мынау аспан. Төменде, сыры бардай сұлық түсіп, Сандықтас үйдей-үйдей, сыналасқан. Көргендей бір ғажайып кереметті, Еділбек қасымдағы елең етті. «Елбасқан» дегенімде, сұрады ұлым: «Бұлайша аталған -деп, - не себепті?» Балама қарап қойып, құмарланған, Толғандым, түңілгендей бұ жалғаннан. Қиялмен құстай ұшып кете бардым, Елестеп ескі мекен, мұнарланған...
...Шілде де су қайнатар шағына ауды, Тапса жұрт тығылардай саңылауды. Тігіпті іргелесіп күркелерін, Көшіп кеп, жазда осында Табын аулы. Кіре алмай демі жалын дала аптабы, Үңгірдің аузына кеп жалақтады. Ербиген жоғарыда, елеске ұқсап, Еңкейген ұшпа шыңның қабақтары. Биікке сызат түсіп, жарылыпты... Көрген жан, бір қауіптің барын ұқты. Айтқаны ағайынға аяқсыз ғап, Көңілі байыз таппай, әлі күпті. «Сан жылдар пана болған, саялы маң, құласа, нағып тұр-деп, -баяғыдан» Көпшілік құлаққа іліп, мән бермеді, Білдірмей бірте-бірте таяды ылаң.
Күні ертең тап боларын, таңда қайғы, Адамдар шаруа күйттеп, аңдамайды. Ыстықта тұрар бұл жер ұядай боп, Аймалап, қоңыр салқын жанға жайлы. Қазақтың бар ма малсыз сірә, амалы, Алдында, азды-көпті құрағаны. Көретін жарығы бар жан болды ма, Жылқы іздеп кетіп еді бір адамы. Оралса... ауыл орны астан-кестен, Жылады, адасқандай сасқанда, естен. Тұрағы тау астында тапталыпты, Сұмдық-ай... Қандай азап бастан кешкен?! Бұл болса, есі ауғандай тұра берген... Тіршілік белгісі жоқ бірақ елден. Көрінеді бұратылған қыз бұрымы, Жыландай тас астынан шыға келген.
Ит те жоқ айбат шегер, үріп алдан, Құдайым неге сонша қырына алған?! Жаралы жалғыз ешкі маңырайды, Қуыста қыстырылып тірі қалған. Жігіттің жоғалғандай мол мұрасы, Үміттің нәзік гүлі солды, расы. Өзегі өртке оранып, өзі ғана, Соқайып қалыпты ғой, сорлы басы... ...Баян ғып айтқаныммен, бүгінімде, Жүректің жеңілдер ме жүгі мүлде. Өксігі естілердей өлгендердің, Үздіге соққан желдің уілінде. Әне сол, оқиғаның болған жері, Тау түссе опырылып, оңған ба еді?! Сақталып жұрт жадында, соққан мөрдей, «Ел басқан» аталыпты содан бері.
ЖЕР АСТЫ СУЫ
Жер асты суы... тағдырың, Ойлантып мені тастады. Сезімнің төкті жаңбырын, Жанымның мөлдір аспаны. Шараға сыймас қайран шақ, Жарқ еткен күндей айдыны! Төсінде жердің сайрандап, Жанады бағың қай күні?! Шықпайсың атып, беу неге, Қыртысын жердің пергілеп! Бұлқынған, қамал – кеудеде, Сияқтымысың сен жүрек. Жатсың-ау тулап құлындай, Ынтық боп мынау өмірге. Аруға сонау, сырымдай, Айтылмай қалған көңілде... *** Арқаңда билеп салалы бұрым, Төгетін нәркес жанарың нұрын. Құлпырған қырдың қызғалдағы боп, Сенсің бе тартқан даланың ұлын?!
Кеудемде сырлы жөңкіліп ағын, Тыңдағам таңда шолпының әнін. Шайқалған судай шелегіндегі, Сезім желімен толқыды жаным. Бақытым, бала шақтағы менің, Арманның уыз ақ таңы ма едің?! Құшаққа қысып қоштастым қимай, Даланың бейне аптабы демің. Түсімде соғып дауылды желі, Ақ нөсер ылғи жауып жүреді... Ару Алматы көшесіменен Келемін аңсап ауылды, сені. Қаланың самғап күзгі көгіне, Қаз қайтты қатар тізді де, міне. Толғанып тұрмын Төлегенге ұқсап, Жетсем деп қазір Қыз Жібегіме!
ЖІГІТТІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Бар ішінде жарық ойнап бозамық, Түсіп тұрды жиналған топ жүзіне. Түрекелді, бір жас жігіт сөз алып, Сәл іркіліп, мұнды көзі сүзіле. «О, достарым, қаралы ғой күн бүгін, Жұмекен жоқ... Жұмбақ ақын жоқ енді! Жыр-отаудың жапты-дағы түндігін, Жан асылын бізге беріп, жөнелді».- Деп, солқылдап жылады-ай кеп, жылады, Біреу күлді, біреу оны түсінді. «Қошалақтан болар? – деді, тұрағы», Шаршы жігіт, шашы кірпі пішінді. Және бірі... Жігіттен көз алмастан, Бітірмекке ниеттеніп бұл істі. Айдың күні аманында «алжасқан», Жолдасына қарап қойып ұрысты: «Оймақтай да ми жоқ шығар осында,
Қиналғандай не көрінді, көкем-ау. Нәжімеденов туысың ба, досың ба, Ең болмаса таныс болсаң екен-ау!? Осыншама жоқтайды деп ақынды, Күтпегенмін дәл мұндайды өзіңнен. Әкеңнің де сапарында ақырғы, Бір тамшы жас шықпап еді көзіңнен»,- Деген, сөзбен, қоса кірді жүрекке, Миықтағы кекесіннің қанжары. Түк те өнбес, айтқанменен, құр, өкпе, Қалжың-қақпан құрған құрдас, жан-жағы. Ортаға сап өлең жайлы ойларын, Жан жарасын жуады ол шараппен. Жұмекен – жыр өлмейтінін ойладым, Сол жігіттің көз жасына қарап мен... *** Бұрала басып сәнменен, Мойынға моншақ жүрдің сап. Жарқыраушы еді сәулемен Моншақтар құйттай күнге ұқсап.
Құдірет бітіп бізге ерек, Жүздессек жандық лапылдай. Ақ моншақ жырды тізбелеп, Толғанып жүрдім ақындай. Жадымда, қалқам, жанында Көміліп нуға жатқан шақ. Сазандай бұлқынғанында Төгіліп қалған... ақ моншақ. «Аяулым!» - дедім өзіңе, Жымидың үнсіз елжіреп. Қарадым қара көзіңе, Тұр екен моншақ мөлдіреп. ...Зымырап неге сонша ақтың, Жас дәурен шіркін жасындай?! Жалт етті-ау сол бір моншақтың Шашылып қалған тасындай! *** Суық ызғар еседі, күн қылаулап, Тұнжыраңқы, көңілсіз тұр мынау бақ. Ағаш екеш ағаш та сезе ме екен, Түсетінін, әйтеуір, бір күні аунап?
Болды талай дауыл мен жел ермегі, Бүршік жарып өскелі не көрмеді? Қиындыққа бел талып, бүгілсе де, Тамырына сенеді терендегі. Тұр ағаштар өн бойын ақ қар басып, Жапырағын жаятын шақтарға асық. Көктер ме екен көктемнің құшағында, Секілденіп бақытын тапқан ғашық?! Желмен ойнап бұтақтар бұлқынады, Осы шығар тірліктің, мүмкін, әні: Бәрі, бәрі еңсесін тік көтеріп, Көк аспанға қол созып ұмтылады! ҒҰЛАМА (Ержан хазірет Төлегенұлына) Еліңнің, Ержан ата, жадындасың, Еске алып жатыр бүгін сағынғасын. Тәрк етіп, бабам берген тәрбиені, Ұрпағың тобасынан жаңылмасын.
Мәңгілік күшін жоймас мәні мүлде, Тәнті етер тазалық бар тәліміңде. Риза болмағандай басты шайқап, Тұрасың көз алдымда әлі күнге. Қашанда бұл пендеге хақ бір өлім, Шын сүйген тәңіріңнің нақ құлы едің. Намазда алға жаяр ақ жаймаң да, Сияқты көрінетін ақ тілегің. Жылдар да өтті жанды мұз еткендей, Солғын жүз... Сүргін шақтың сызы өткендей. Қаз мойын жез құманың босағада, Қаздиып тұрушы еді, күзеткендей. Шыбығын жақсылықтың жаныма еккен, Есімде сырлы сөзің әңгіме еткен. Бейне бір мейірімнің белгісіндей, Жататын, жанарыңда мәңгі көктем.
Құдайды құлай сүйсең, күнә ма шын?! Білемін, кей дінсізге ұнамасын. Адамдық қасиетті уағыздап, Ғибрат беріп өткен ғұламасың. Тұратын адалдықтан, ғұмырың – ән, Жаралған жаның сенің күн нұрынан. Түрменің тозағына төрт түссе де, Таймаған, сенім атты тұғырынан. Алатау сияқты едің бар Адайға, Дінімнің діңгегіндей дана қайда?! Құламай, жай отынан аман қалған, Тұлғаңды ұқсатамын қарағайға. Дүние жалған деген, дүлдүлім-ай, Өтпедің ізгілікті үлгі қылмай. Жаңылсам бағытымнан, жол сілтеші, Жарқырап темірқазық жұлдызымдай.
Тастардай рухыңмен сен тыңайтып, Сырласам іштей саған, мен мұң айтып. Елім деп еңіреген Ержекем-ай, Келер ме сендей адам енді қайтып?!
АЙРАҚТЫ ТАУЫНДА
Кеудемді толқи соққан самалға ашып, Алайын ата таумен амандасып. Жүр едім сағыныштан мазам қашып, Жүрегім алып-ұшқан саған ғашық. Жетеді сұңғыла саз Айрақтыдан, Кетеді көңілімде сайран бір ән. Алдымнан андағайлап шыға келсе, Тұлпарлар суреті айға атқыған. Жан бітіп бейнелерге жартастағы, Баһадүр кереметін ал бастады!.. Шайқасқалы келе ме, арбасқалы, Сынық ай секілденіп алдаспаны. Ал мынау аңшылар ғой жарақтанған, Тізерлеп нысанасын қарап қалған. Суылдап жауатындай сұр жебелер, Шірене тартқан анау садақтардан. Ежелгі заманалар құрдасының, Қаншама иығында тұр ғасырың. Сан-сала сұрау белгі сыр жасырын, Мүйзіндей арқардың құлжасының.
Ерік бер сезіміңе, сыршыл кеуде, Бұл тауды аузым бармас тілсіз деуге. Ұқсай ма қуанғанға, күрсінгенге, Жүрегі соғып тұр ғой, дүрсілдеуде! Қазақтың ақсақалды шалдарынан Бұл тауға бір қасиет бар дарыған. Өтсең, дос, Айрақтының аңғарынан, Басыңды и, баба тауға, жалбарынам! Сабылып сағым көшкен сар даладан, Арманын қуа-қуа қалған адам... Өздері жоқ болса да, өлмепті өнер Тағдырын тас бетіне таңбалаған!
ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ
Аңызақпен әдіптеп, шырмап шығып, Кеңістікті кезеді құрғақшылық. Қылдырықтай қолдарын көкке созып, Айтқандай ма мінәжат тұрған шыбық?! Шөл сөйлейді мезгілдің мінберінде, Жұқ қалмапты бойында жүлгенің де. Бүлік салған бетпақтан бас сауғалап, Жәндік біткен қуыста, індерінде. Шыға алмаған шегінен шақырымның, Жалқау ғана жылжиды ақырын күн. Сүйген желдің ып-ыстық демі шарпып, Жарық-жарық еріні тақырыңның. Нар түйедей құлаған құба құмы, Буындырып аптаптың бұғалығы. Көні кеуіп, тамшы су сұрағандай, Құрғақ құмның құмығып шығады үні.
Құнысқан шөп, құрғақ қыр, құрғақ ауа, Тарқап кеткен базары тұр науа да. Жел соққанда суылдар ши секілді, Сыпсыңдаған құрғақ сөз жүр далада. Ажырап қап дүние жарасымнан, Айналаға қарасаң жан ашынған. Бір жұтым су шыңдапты-ау тіршілікті, Бір жұтым су қымбаттау бар асылдан! Жауын күткен көңілді алаң етіп, Жалайды кеп от тілі жалаң етіп. Сәні кеткен, сұрықсыз шашын жимай, Кердең-кердең қысыр бұлт барады өтіп...
БЕЙБАРЫС
Ғажайып түстей ғайып боп кекілді күнің, Жол жатты алда, тарқаған секілді бұрым... Жаңбыр астында жаураған жетім баладай, Жүрек түбіне бүрісіп, бекінді мұңың. Ышқына шығып, құлдықтан-тағылық көрден, Бұғалық салдың жауыңа, қағынып келген. Мысы құрыған Мысырдың өсті мерейі, Мақсат тауына өрмелеп мамлюктермен. Жалап жазатын көкжалдай, тұмшап жарасын, Нарға жүк болар, жаныңның ұқсақ наласын. Қайырсыз тақты тәрк қып, күрсіндің бе екен, Көз алдыңа келтіріп қыпшақ даласын. Ұшырған ұя қалар ма тербемей ұлды, Қайырыла қарап тұрдың ба елге кейінгі. Жетелегісі келгендей туған жер жаққа, Жел тартқылап, жамылған желбегейіңді.
Жай отындай жарқ етіп кетті сан ісің, Жауыздық жүзін осқылап кекті намысың. Қанды қолдарды қаусата, қиядан қарғып, Тарпа бас салдың, Тұрандық текті Барысым! Көсемі болып, құлдардың – құны жоқтардың, Өртін оранып өтіпсің, бүлік – оттардың. Күнбағыстай игізіп жаудың кәлласын, Құлы боп барып жат жұрттың, ұлы боп қалдың!
АНА ҚАБІРІ БАСЫНДА
Аяулы ана, қабірің басындамын, Қарсы алдың ба елжіреп асыл жаның? Жайқалуда өсірген жасыл бағың, Мауқыңды бас, мінеки, қасындамын. Келген саған мұңдылау бір ән алып, Шағынайын балаша тұра қалып. Жанарымнан құлаған тамшы жастай Барады әне жұлдыз да жылап ағып... Не жетпейді маған бұл, не жетпейді?! Балапаны жанымның безектейді. Сағыныштың тасқыны кетеді алып, Ұстасам да тізгінді тежеп мейлі. Сені сұрап алармын қай тәңірден?! Қош бол енді, жан ана, қайтамын мен. Бар деймісің адамзат жер бетінде, Қайта келіп өмірге, қайта күлген.
Топырақтан тән торқа жамылғасын, Дарқан дала қойнында дамылдасын. Қабір жаққа қараймын қайта-қайта, Қимастықтың ұшырып қарлығашын...
ТІЛ МЕН ЖҮРЕК
(аңыз) Ұлағаттай, бұл әңгіме – әдемі, Әдемінің аз болмайды әлегі... Ұлықпан хакім, дана Дәуіт пайғамбар, Бір заманда ғұмыр кешкен шақ еді. Білгісі кеп, білік-ойын болжаған, Ұлықпанды шақыртып ап жалма-жан. Қой сойдырып қойыпты да, жұмсапты, Мүшелерін алып кел деп ең жаман. Біле-білсең, білместігің – бір өлім, Ұлықпан да орындапты тілегін. Әлгі қойдың көп ойланып жатпастан, Әкеліпті тек тілі мен жүрегін. Пайғамбарың үндемепті бірақ та, Жеткен жандай түрі мығым, мұратқа. Осы оқиға ұмытылып кеткендей, Өтті дейді, бір ай ма, әлде... бір апта. Тағы бірде шақырыпты...
Жол тапшы? Дәуіт сөзі не жайында болмақшы? Қой сойдырып қойыпты да, жұмсапты, Мүшелерін алып кел деп ең жақсы. Реніштің бұлты жаппай реңін, Ұстазының тәрк қылмай тілегін. Бұл жолы да бұрынғыша қайталап, Әкеліпті, тек тілі мен жүрегін. Дәуіт айтты: «Амал бар ма нанбасқа, Неге бүйттің, неге бұлай? Ал, баста... Ей, Ұлықпан, көрінбепті-ау көзіңе, Қасиетті кәрі жілік, жамбас та. Бас тартылып жатушы еді тойыңа, Білу керек, ең болмаса соны ұға! Түспепті ғой – тоқпан жілік тоқпақтай, Ортаң қолдай ортан жілік, - ойыңа»,-
Деп, әдейі сөз жүгіртіп қамшылар, Сұрақ қойды найза сынды шаншылар: -Жүрек пенен тілді неге әкелдің, Мұныңның да бір мәнісі бар шығар? Жауаптарын көп күттірмей, кідірмей, Ойлы көзі дидарында күлімдей. Ділмар тілі дүниеден сыр қозғап, Ұлықпаның былай депті, мүдірмей: «-Жүрек тілсіз, тілсіз жүрек бола ма?! Бола қалса жағдайымыз оңа ма! Сыр осында: Қайда тартпақ, жүрек, тіл?! Табиғаттың мезгіліндей өліара... «Басқа пәле тілден» деп пе, босына?! Жат боласың туысыңа, досыңа. Бірақ оны айтқызатын сұм жүрек, Екеуінің жамандығы – осы да!
Жүректі де күйдірмейік босына, Тірлік көшін бастар, тілмен қосыла. Болса егер жүрек -адал, тіл-тәтті, Екеуінің жақсылығы – осы да!» Кетті Ұлықпан Дәуітіңді ырза ғып, Ырзалығы жанарында тұр жанып! Шәкіртіне деген шексіз пейілден, Үміт пайда болған екен, бір, жарық... ...Бар жақсыны кеудемізге көшіріп, Жүрейікші жібек желдей есіліп. Замандасым, қай кезде де жүректен, Алмайықшы, сол Үмітті өшіріп!..
ҚАРА БҰЛТТАР
Барасыңдар қай жаққа, қара бұлттар? Күтуде қыр, күтуде таранып тал. Адуынды желге еріп кетпеңдерші, Жауыныңды аңсаған дала, жұрт бар. Шақырады шаңытқан жол сорабы, Жапырақтар шаттанып қол соғады. Қара бұлттар, қас қағым ғұмырыңның Бар болар ма жалғанда сонша мәні? Барасыңдар қай жаққа, қара бұлттар? Күтуде қыр, күтуде таранып тал. Майда белге мамырлап қонақта да, Айна көлге бұрылып қаранып қал. Жер жаңғырып қалсыншы, төбе де, шың... Шөл қандырып алсыншы кенезесін. Сыртқа қарап қалқатай мені көрсін, Тамшыңменен қаға кет терезесін.
Толғанасың төбемде, қап-қара бұлт! Шықты жолға шабытты шақтар алып. Кеудемізді кернеген талай күндер Ақ нөсерін сезімнің ақтаралық!
ҚИМАС КӨКТЕМ ҚОШТАСАР
Қимас көктем қоштасар да, келер күз, Өмір-үйге келген қонақ екенбіз. Талдан ұшқан жапырақтай қалықтап, Ана-жердің құшағына жетерміз. Шындық осы – ертелі-кеш кетерміз, Бірақ, бірақ мұңаямыз бекер біз: Жаман ба екен қалса бейнең жүректе, Ей, дариға-ай, өмір де бір екен қыз... Қатар тосқан көлеңкесін, күнгейін, Ару әлем, сені қалай сүймейін?! Жыр жазамын бақыт тілеп баршаға, Дүниені шолады кеп дүрбі ойым. Сан тынбаймын тірлік дәнін еккенше, Жарқылдаймын диқан ұстар кетпенше. Жауыздықты жоюға мен сермелем, Қиып түсер наркескендей, кектенсе!
Осы менің өмірдегі мұратым, Туған жерді аялаудан тұратын. Жаса мәңгі, ақиқаттың ақ таңы Күнім болып көкжиектен шығатын! Төмен ұшпай, биік самға, бол қыран, Жігіт болсаң, заманыңнан оздыр ән. Не көресм де елімменен бір көріп, Мен өлсем де, сенімменен көз жұмам! Сайран күндер, бүршік атқан көп арман, Бір қуантпай сапарымды доғарман. ...Қандай жақсы Ұрпақты үнсіз қалдырмай, Атлантида сияқтанып жоғалған!
ЕЛУДІҢ АШТЫМ ЕСІГІН...
Қанатын құстай қағып күн, Жалғапты-ау жасты жасыма. Елуге келіп қалыппын, Боз қырау қонып шашыма. Қоштасып жастық, кетті анық, Қарттыққа келем, тербе өмір! Мағырып жақты бетке алып, Асыққан күндей бейне бір... Құдай-ау кеше емес пе, Тасқынды шағым тау бұзған. Айналғаны ма елеске, Сағынтып еске алғызған. Шау тартып ерте қалмайын, Санамда тұрсын саралық. Алдымнан тосқан әрдайым, Тойымның достар бары анық. Ыңғайсыз күйді кешесің... Менсіз де өзі той көп қой. Күніне әлденешесін, Жаңартып киген көйлектей. Жұмыссыз жүрген жандарды, Әлекке несін саламын. Қайтемін ару залдарды, Ұясындай ғып араның.
Кез-келген тіпті жасымда, Жарқылдай тойлап жүрер ем. Ғасырдан кетер ғасырға, Өмірге келсе бір өлең! Елу жас – мезгіл мөрінде, Жанымның төктім нұрларын. Халқымның жүрек төрінде, Отырса болды жырларым. Жосыла соққан, жұлқынып, Желтоқсан айы желімен. Сәулеге жарық ұмтылып, Өмірге мынау келіп ем. Көз жасы жуған өңірін, Соғыстан соңғы өркенмін. Сондықтан алаң көңілім, Тағдырын ойлап ертеңнің. Бордай боп неге босайын, Елуге міне келдім деп. Ауырға арқа тосайын, Арт маған туған ел, міндет. Мен емес ділгір адамың, Даңғаза қошаметке де. Мехнат шегіп барамын, Мәңгілік өлең – Меккеме! ХАЛҚЫМНЫҢ АСЫЛ АРДАҒЫ (Сәттіғұл ақынға арнау-терме)
Су төгілмес жорға едің, Тайпала басып ырғалған. Бұлақтай сөзден бал татып, Жанары жұрттың нұрланған. Бата алдың биден Мәтжандай, Дуалы ауыз, ділмардан. Сүйсінген сенің сөзіңе, Қашағанның өзі де, Талантты көріп бүр жарған. Құралды жерге келгенде, Кезің жоқ, жеңбей бір қалған. Тамсана айтты жырыңды, Толғанып жаны тыңдарман. Қырандай қанат қақтырып, Жетелеп алға жүрді арман.
Құрығынан ажалдың, Құтылып, сірә, кім қалған?! Ажарлы сөзді ардағым, Сенен де өтті-ау, бұл жалған!.. Он екі бірдей перзентің, Дүние салып бәрі де, Құшағың босап құр қалған. Бекіредей бұлқындың, Құрған ауға шырмалған. Қапаланып, қайғырып, Шақтарында мұңданған: Суарған зергер ұстаның, Болатындай шыңдалған. Тірлігіңде-ақ өткенсің, Ысырат көпір – сындардан... ...Ресей бодан қылмаққа, Батырды елге тырнағын. Бұқара халық бұрқанып, Білеміз майдан құрғанын. Тәжінің ұлы Досанды, Теңдессіз ерге теңгеріп, Дастан қылып жырладың... ...Күрсінген өзің куәсің, Даланың тыңдап мұңды әнін. Ұлы Отан соғысы, Талайды жалмап тынғанын. Зәрін төгіп жылжыды, Батыстан соққан бір жалын. Сүйікті туған жерімнің, Солдырғалы гүл-бағын. Естігенде елге қас, Фашистей сұм барын, Төбесінен жаулардың, Жасындай тиді жырларың. Мақтана айтып, паш еттің, Исатай батыр туғанын. Қарсы келген дұшпанды Бастағы темір телпекпен, Құлаштай ұрып, қырғанын. Ертегінің еріндей, Ерлік істі қылғанын. Төкпеді дейсің кімдерге, Қаралы қағаз ызғарын. Жұртыңмен бірге жоқтадың,
Соғыста өлген ұлдарын. Жырыңменен жұбатып, Серпілттің қайғы, мұңдарын. Өлеңге қостың өрнектеп, Өмірдің қыршын құрбанын. Жеңіске үндеп еліңді, Еңбек етіп тынбадың. Колхоздарды аралап, Жетістігін жырладың. Оралғы болып аяққа, Кемшілік көрсең сындадың. Жалындай ыстық жүрекпен, Қыздырдың табыс қырманын. Ат үстінен ас ішіп, Қарттықты елең қылмадың. Сайраған таңғы бұлбұлдай, Келтірдің өлең ырғағын. Өзіңді көріп жасымда, Сөзіңді теріп, тыңдадым. Ұғынған едім сонда мен, Ақындық деген арқалы, Киелі күштің жұмбағын. Келбетің қандай келісті, Қарадан шыққан төредей. Мінезің жайлы болатын, Ақ ұлпа жүннен жаймалап, Жұмсақ қып басқан өредей. Берік еді уәдең, Шеберлер қаққан шегедей. Әділдігің – байқасам, Қара қылды қақ жарған Көпті көрген көнедей. Ақындығың әйгілі – Көкжиекпен көріскен, Теңіздегі телегей: Ақ желкенін жел керген, Айдындағы кемедей. Төсіне соққан толқынды, Есіле тартқан елемей! Немесе, сөзің садақтан Суырылып ұшқан жебедей. Суылдап келіп жеткенде, Қарсыласың қаймығып, Абдырап тұрып қалатын,
Айналма болған немедей... Айшықтап айтқан әуенің, Ұйытып, жұртқа ұнаған. Жанға жайлы, мысалы – Саусағымен сезімтал, Сынықшыдай сылаған. Ақындардың алыбы Жүздескенде Жамбылдың, Көңілі саған құлаған. Алматы менен Мәскеуде Өнердің жүзген өріне, Жақсылар басын құраған. ...Тарих болған бүгінде, Күндерді еске аламын. Тізбелеп қалай таусармыз, Тарау да тарау тарамын. Алшақтады арамыз, Ашқанда ажал аранын. Қиырды шолған қырандай Алыстан іздеп тоятты, Түлетті түзден талабын. Домбыраның бебеулеп, Шерлі күй шертті шанағын: «...Амалсыздан барамын, Тірі жүрсем, түбінде Туған жер, сені табамын!» ...Дидарын қимай қоштасқан, «Маңғыстау сынды даланың. Харазымдағы ағайын, Қайдасыңдар,-деп қарағым» Аңсаумен айтқан жан әнің: Бөледі махаббатына Атамекен – ананың. Қилы заман жат қылған, Бауырыңа баладың. Үміттің жібін үзілген, Жалғауға өзің жарадың! ...Өлкеміз кенет оянды, Бұйығып жатқан ежелден. Дүр сілкініп маң дала Қуана ашты құшағын, Байлығын бүгіп безерген. Мұнара бейне батырдай Найзасын көкке көтеріп,
Қасқайып шыққан кезеңнен. Ақтармай жырдың асылын, Ақының қалай тежелген?! Аспанға мұнай атқанда, Жетібай менен Өзеннен. Кеудеңді кернеп сенің де, Сел жүріп өтті, сезем мен. Жаттап алып жырлады, Әншілер сенен сөз емген... ...Домбыра ұстап он бесте, Көңілің жырға бұрылды. Ақылдың кені – асыл сөз, Шекер мен балдай шырын-ды. «Құс жолындай» керілген Бабаның ізі бұрынғы. Ұстаз тұтып ұғындың, Абыл мен Ақтан, Нұрымды. Қатепті нардай Қашаған, Жүрекке жыры жұғымды. Аралбай мен Түменнің, Дүбірі қатты білінді. Әндетіп ұшқан аққудай, Соларға қостың үніңді. Айтысам деген өзіңмен, Қармағыңа ілінді. Өрнектедің кестедей, Өмірден түйген сырыңды. Сазына қосып шырқатып, Жеткізген жұртқа жырыңды: Шамғұл, Айтқұл, Қарағұл, Бегендікұлы Сүгір-ді. Қалайша қалам атамай, Назарбек, Сәду, Әлқуат, Жанжігіт пен Ыбырды. Өскінбайұлы Мұрат пен, Есенғали ініңді. Атыңды жүрмек ардақтап, Бақытты ұрпақ бүгінгі. ...Құдірет маған қонғандай, Қолыңды сенің алғалы. Ұмтылып Медет ұлың да, Ақындық жолды таңдады. Тереңнен інжу тергендей Шалқарын ойдың шарлады.
Қызыл тілдің құбылған, Сиқыры мені арбады. Жан ата, өзің жебей жүр, Халқымның асыл ардағы. Толғауы тоқсан жаста да, Таусылмай кеткен тарланы! Шығарды өнер шыңына, Алдамай ақын арманы. Ізгілік ізін қалдыру – Өмірдің осы бар мәні. Аптапта жатқан мөлдіреп, Өзендей болдың арналы. Жанарың жұмылмағаны - Жауһардай жырдың жұлдызы, Жарқырай көкте жанғаны. Сұңқардай сөзің саңқылдап, Ұрпақпен бірге самғады. Аршындай басып бет алдың, Болашақ күнге алдағы. Шашуын жырдың шаша бер, Сұңғыла ойдың саңлағы! КӨКМОЙНАҚ Кешегі кеңес дәуірінде асыл тұқымды Адай жылқысы да нәубет тұзағына түскен жандардың кебін киді.
Отырған қария, оралмас күнін өтті ойлап, Көкмойнақ үшін бастарын тіккен көп бейбақ... Түсіне кірді... тізгінін жатқа ұстатпай, Кісінеп жүрді, аспанға қарғып Көкмойнақ. Жүрісі кербез, серіге біткен салдықтай, Жұлдыздай ағар, шашаға ұшқан шаң жұқпай. Аптап пен аяз айқара соқса алдырмас, Тұяғы – құрыш, салыңқы сауыр – сандықтай. Бала да болса, қызғыштай қорып құнанын, Үкілеп бақты, мойнына тағып тұмарын. Кім білді дейсің, тулаққа айналып тұлпары, Топастықтың құрбаны болып кетерін. Көкейді тесіп, көз жауын алған Көкмойнақ, Құлашын жазып, салатын еді көкте ойнақ. «Шашын ал десең, басын алатын» белсенді – Қызылкөз бәле, қалайша оны тек қоймақ?!
«Жылқыны бермеу, жасыру – жаудың ісі»-деп, Жетектеп кетті қарулы екі кісі кеп. Қоштасқан жандай қайрылып тұрып жануар, Қарады-ай бұған... күлдір де күлдір кісінеп. Тулады қанша, арнаға симай ақ бұлақ, Зулады қанша, Көкмойнақ - күндер шапқылап. Жарқ ете түскен күн сынды бұлттың ішінен, Шығары сөзсіз, сойы бір сондай ат, бірақ. Көңілің өсер, көсіле шапса Көкмойнақ, Көзмойнақ барда, шырмалып қалар кетпей бақ. Қартыңның көрген қызығы көп қой, сонда да, Сол атқа мініп шығатын сәтке жетпейді-ақ...
МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ
Өмір менің ғашығым, көрген сайын құмартып, Тірлік кешіп келемін, жүрегіме жүк артып. Жалғандықтың мұнары жайламашы жанымды, Удай ащы болса да, бұлтақтамас шын артық! Шындық сынды жалаңаш, бар, жүрегім, күндеме... Керегі жоқ тіпті оған, үлде менен бүлде де! Көз ілмейді дүрсілдеп, тірлігімді күзетіп, Шулы базар – күнде де, тыным алар түнде де. Асау өзен ағысы – жүрегімнің дауысы, Жаңғырығып жатады күйін тартып тау іші. Желге қосқан уілін, сағынышым ол менің – Сыбызғысын үрлесе, айна көлдің қамысы.
Бұтақ емес, ал анау, ол – жүрегім ырғалған, Құс та қозғап кетеді, ұшып келіп бір қонған. Тебіренер толғанып тоқсан тарау тамырым, Бүршігі боп ағаштың бұла жырым бүр жарған. Жол тартады жүректен, айтылмаған арман-ән, Аққулардың ілесіп қанатына самғаған. Жүрісінен жүрегі жаңылмасын деп тілеп, Мені бағып тұрғандай, кірпік қақпай бар ғалам. Баста дәурен шалқыған тұра бермес құрып бақ, Жаралғаннан жырлаған жүрек сырын кім ұқпақ?! Сол арқылы өтеді барлық жақсы, жаман да, Санам менің сүзгіштей алады өзі сұрыптап.
Маған қарай беттесе шаттығымның самалы, Күн ілгері сезініп, жетпек оның хабары. Тәнім, жаным арқылы, тар кеуде де жатса да, Бәрін, бәрін көреді... жүрегімнің жанары! Қатты қаға алмаймын кеуделердің есігін, Қол ұсынып тұрады күле қарап кешірім. Жүректердің мен үшін болмақ емес жаттығы, Тербетемін аялай, жүрек-сәби бесігін. Қатыгездік жаралап, байғұс жүрек құнысып, Жыртқыш көрген қояндай бұғып қалды бүрісіп. Қамаулы құс сияқты қанаттарын сабалап, Кеуде-түнек ішінде, аласұра жүр ұшып. Онсыз-дағы қас-қағым тірлігіңде, о, тоба, Айтыңдаршы, адамдар,
айтыңдаршы бола ма: Маза бермей апыр-ай, көкпар тартып жүргендей, Саласыңдар жүректі неге ғана додаға?! Табиғаттың алмасқан түндері мен таңдарын, Бүкіл қайғы-қасірет, қуанышын, арманын Жинап алған өзіне жұдырықтай жүрегім, Көтеріп тұр алқынып, қара жердің салмағын. Отырсам да бөлмемде, ол сапарда үнемі, Шартарапты тынымсыз шарлауменен жүреді. Жүрегімнің кірмейді ешқашанда реңі, Бұл дүние дертінің, табылғанша бір емі!..
КӨГЕРШІН ҚАСЫНДАҒЫ КҮРСІНІС
Дегендей, мені осынау шақта көрсін, Аспан әсем, ақша бұлт – мақта дерсің! Су құйғандай, маздаған сезім-шоққа, Өліп жатқан жер құшып ақ көгершін. Атқан адам кім екен, қандай кісі: Булықтырған біреу ме жан қайғысы? Көкірегі қараңғы сезімсіз бе, Көңілінің ұшпаған самғай құсы? Жөнелді мен шырқатып соқпақта әнін, Мақтан етіп, дәл көздеп оқты атқанын? Опынды ма ойланып өз ісіне, Бір жазықсыз жүректі тоқтатқанын. Тудырғандай құсқа өзім заманақыр, Тебірене күрсіндім далада құр. Аласұрған көңілім сияқтанып, Ақ мамықтар бұрқырап бара жатыр... «БОМБА ТҮСКЕН» (1942 жылғы 7 қараша күні неміс ұшағы Таушық жеріне бомба тастады).
Сап болғандай, серпілер тамаша күн, Шалғын да жоқ келтірер дала сәнін. Аласұрып батыс жақ алыстағы, Қарасуық күндері қарашаның. Күз күні еді... Жат үннің бұзды лебі, Көтерілді маңдайға қыз білегі. Баспалдаққа балалар шығып алып, Аспан жаққа көз біткен үздігеді. Гүрілдеген жақ жаппай дауыс әлі, Көрінбестен, төзімді тауысады. Айқындалды жұмбақ үн ақырында, Жақын қалды ауылға жау ұшағы. «Қаңғыған ит келді екен неге бізге, Неде болса, талайдан көреміз де. Қап-қап, әттең қарашы қаймықпауын, Қайырусыз қыдырды-ау төбемізде» -
Десіп жатты біреулер намыс буған, Үрей деген үкіні алыс қуған. «Кірпіш зауыт» түтіні будақтайды, Көрінгенге қол бұлғап таныс қырдан. «Қара құзғын» қанатын қомдап алып, «Жеп қоярдай жанарлар» жолда қалып... Қару-жарақ жасайтын жер деді ме, Тастай салды бомбасын сонда барып. Құлақ тұнды гүрсілден, болмаған жай... Заманақыр бір сәтке орнағандай. Нысанадан ауытқып түсті бомба, Маңғыстаудың киесі қолдағандай. Ғайып болды, көргендей ол да түстен, Деп атайды бұл жерді «Бомба түскен». Аузын ашқан апанға аждаһадай, Қарап тұрам кейде толғаныспен.
Туған жерге бақ тілеп, көз ілемін, Өзгертпесе екен деп өз реңін. Таушыққа емес, бұл бомба мына менің, Жүрегіме түскендей сезінемін!..
КӨРШІЛЕР
Тілегі бір, жаны басқа шығарда, Жүрегі - нұр, туысым боп тұрар ма!? Адам түгіл, бірін-бірі сағынып, Шақырады жағы сенбей ұлар да. Болса-дағы ақыл мен күш көмекшің, Жанында дос жүргеніне не жетсін. Тағдырыңның таразысы теңселсе, Көңіл демдер қайран көрші керексің. Пейілдері ұқсайтұғын айдынға, Көршілерді көрсем, құшақ жайдым да. Бірге болар, таңша ататын шаттықпен, Қабырғанды қаусататын қайғында. Қуалаумен сан сүгірет елесін, Адамдарға түрлі баға бересің. Қынжыласың көрші құрлы жоқ па деп, Кей жақынға көрсетпеген төбесін.
Өкініштің орны толмас, өкпелеп, Көңіл ғой бір, одан үлкен жоқ көмек. Жалғыз ауыз жылы сөз ем – жүрекке, Қиын сәтте, бауыр болсаң, кет демеп. Көре алмайтын, кісілігі жартылау, Ағайыннан, біле-білсең қартым-ау: Қарлығаштай қанатымен су сепкен, Көк үйдегі көршілерің артық-ау!
НЕ ЖЕТПЕЙДІ?..
Жүре бермей тірліктің кемесімен, Не табамын дүние егесінен? Қала алмаймын үн-түнсіз қалыбымда, Алаңдаймын толғанып, неге осы мен?! Тыныштықта болмысым еді бұрын, Шақырғандай сұңқылдап мені бір үн. Кейбіреудің жасаған қылмысынан, Қашты үріккен киіктей – дегбірім. Шырық бұзар, сенбестей небір адам, Ұятсыздар шығады неге ұядан?! Ұйытқып сезім, бөрідей ұлиды да, Қиналамын, қаралай мен ұялам. Тал бесігі – туған жер, бабаның да, Табиғатты уыздай табамын ба?! Мөлдірген мұң бар-ау, тұнжыраңқы, Атамекен анамның жанарында.
Көксегендей боламын ғұрыпты өткен, Сілейемін, соққандай ұрып беттен. Маза бермей жарылыс, аруақтар, Қабірінен сияқты тұрып кеткен. Елендеумен жүремін, нанасың ба?! Ұйқылы-ояу, өң мен түс арасында. Шымшылайды санамды сан сұрақтар, Ей, дүние жауабын табасын ба?! Жалғыз қалған жапанда болам жандай, Не жетпейді құсаға оранғандай. Жаутандаймын жұртым-ау, жан-жағыма, Жанға қымбат бір нәрсем жоғалғандай... КӨЗІЛДІРІК (баллада) Жұматай Жақыпбаевқа Күлетінсің жымиып миығыңнан, Келетінсің сен менің иығымнан. Бойың қысқа болса да, ойың нұсқа, Мына өмірден өзгеше күй ұғынған.
Жыр оқыдық, шертілді көбі сырдың, Көзілдірікті алдың да, бері ысырдың. «Маңғыстауға мен болып бір қарашы, Ауыстырып киейік» деп ұсындың. Киіп алдым, менікі сенде кетті, Көңіл тойды, осы ғой ең керекті. Қаншама біз кездестік... қас-қағым сәт: Қимастығын достықтың кеудеге екті. Уыз сезім жататын теренде ұйып, Өрен едің оты бар, өрең биік. Жүрегіңнен өмірдің жайлауына, Шығушы еді ойнақтап өлең-киік. Көзілдірік сен берген сынып қалды, Өкінішті ой мазалап шырықты алды. Көзілдірік жоқ енді, көзім тігіп, Сен боп қарай алмаймын тұнық танды.
Көзілдірік емес ол, көзіндей-ді, Бармақ тістеп бейқамдық безілдейді. Сен жүргендей әрдайым сезінуші ем, Болмасаң да жанымда өзің мейлі. Жоқсың қазір, жіп-тірлік кілт үзілген, Жүрегімде мұңымның бұлты жүзген. Жарқырайды шырқауда жыр-жұлдызың, Інжу терер кейінгі жұрт ізіңнен. Кейде ойым дөңбекшіп көз ілмейді, Ол өлген жоқ, тірідей сезін дейді. Толғанамын, толқындай тыншымаған, Көзілдірік емес ол, көзіндей-ді... *** Қап-қара, түн – шәлісін, бүркеніп алған аспан. Көңілдің бұл шағы үшін – Керегі, жанға басқа ән. Жатамын, түйінделген Тарқатып мұң тарамын. Қиялға, күйімде ерген, Көрпемді қымтанамын.
Шыбын жан шым батады ұйқының ұйығына. Періште тіл қатады, қол салып иығыма: - «Білемін, тілерің не?.. Амал бар, хаққа нешік!? Жүреді жүрегінде сағыныш аптабы есіп. Қимайсың, мұнша алаңың: ата-ана, бауырларды. Жарқырап тұрса да күн, артында жауын бар-ды...»- Деді де, қанатына ұшыпты мінгестіріп. Өлілер қабатына, Қайтқалы тілдестіріп. Келеді құшақ жайып, жанымдай жақындарым. Болды түс бірақ ғайып, Құлақта: шақырған үн... ...Оятты, күрт үрейлі үн, билеп жат сезім мені. Жасымды сүрткілеймін, Іркілген көзімдегі. Түскен нұр түндігімнен, тірлікті ұқтырғызып. Боздаған шындық-інген, алады тік тұрғызып.
Көңілім, бүгін менің – секілді сынық әйнек. Тек іштей күбірлеймін: «Алдамшы дүние-ай!...» деп.
ГҮЛ ҚҰШАҚТАҒАН ҚЫЗ
Қырмызы қырда өстің бе, Келбетің қандай! Гүл қандай! Көрікті осы қос гүлге Қараумен көңіл тұр қанбай. Құлпырып келе жаттың-ау, Қиялдан соққан мүсіндей. Өңімде емес, нақ мынау Түнгі бір тәтті түсімдей. Жүрегім соқты арындай, Толтырып жырға кеудені. Теңіздің толқындарындай, Толқытып кеттің сен мені. Айтылмай сырлар қала ма Сезімнің көлін шайқаған? Гүл көйлек киген далада Кезіккен жоқпыз қайтадан. Бақ тілеп саған кеткенмін, Толықсып қалдың...толған ай... Гүліндей мынау көктемнің Ғұмырың қысқа болмағай! ҚАРА ШАҢЫРАҚ (толғау) Форт-Шевченко қаласының 150 жылдығына арналды
Қашан да елге қара шаңырақ киелі, Ата мен әже ақшулан басын иеді. Бөлейік қала тұлғасын жүрек-бесікке, Ұмыта көрме, ұяң ғой ұшқан, сүй оны! Замандас құрбым, жетелер бізді жолға үміт, Бабалар демеп жатады қалсақ болдырып. Туған жер деген – аялар мәңгі махаббат, Махаббат гүлін алмасақ екен солдырып. Қиялмен кейде ой-дүрбі салам өткенге, Құлпырған Гүлі, жеттік деп қалай Көктемге. Жаудырмай тұра алам ба жырдың жаңбырын, Қария қалам жүз елу жасқа жеткенде. Отаршылдықтың мазағы менен азабын, Толағай сынды көтере білген ғажабым. Көтеріп таудың басына «ұлық мүсінді», «Күйік патшаның» күйігін тартқан қазағым.
Бойыңда тұнған тарих қанша білгенге, Жазсам-ау деген құштарлық сезім жүр менде. Тебіренді ғой қаланған мынау әр тасың, Досанның алып жүрегі тоқтап түрмеңде. Ол кезде кімдер махаббат мұңын жатты елеп, Қайып та кеткен құсамен аңсап, шақты ерек. Қорғаныш іздеп қараған саған, қараған, Көзінен жасы моншақтап тұрып Ақбөбек. Ұрпаққа үлгі, ұрандай-түбек ұлдары, Бабаның өткен батырлық салтын шыңдады. Солардың бірі – Нәдірбайұлы Қылышым, Ержүрек ерім Азамат соғысындағы. Шайқасқа түсіп, жағысқан теңдік шырағын, Жалау мен Мақаш даңққа салған тұрағын. Қазақтың тұңғыш атты әскер басы Төлесін, Түбектен түлеп, самғаған көкке қыраным.
Нар жүгін айту, барлығын айту мүмкін бе... Толғасын қанша, таусылмас шалқар – бір тілге. Ақиқат, Арды ту етіп беріп артына, Аңызға олар айналып кеткен бұл күнде! Қарасам шолып келбетін көне қаланың, Ақжарқын жанның ізгілік ізін табамын. Қол созып бейне құшақтағысы келгендей, Қарсы алар мені көшесі Маршал ағаның. Еске алып тұрам, жаныма ыстық бейнені, Шертеді сырын жадымның сонда сөйлемі. Бір жүрген күліп, бақытты күндер елестеп, Биіктеп сала береді, шалқар ой көгі. Музейге кірсең шежіре сырлар көп ұғар, Есболдың мұнда жосылып жатқан жолы бар. Түбектің талай тарихын талмай көтерген, Артық та болмас азамат десек оны нар.
...Езілген елдің еңсесін тіктеп ерледің, Найзағай сынды, түнекте қылыш сермедің. Жер ауып келген Тарасты басып бауырға, Жеті жыл бойы ақынның жанын тербедің. Жеті жыл бойы, туыстай оны көргенің, Ұлыңа балап, Таразы атап келгенің. Құдірет қонып кобзарьдың нәзік қолына Сүгірет болып қағазға түсті өрнегің. Темірдей төзім талайды арбап, таң қылған, Шығады-ау жыр мен сүгірет самсап алдыңнан. Қырық жетіге келгенде көші кідіріп, Қырық жетіде қыруар еңбек қалдырған. Өсірген Тарас, жалғыз түп ағаш – тіршілік, Өркенін жайды, өмірге ынтық бір шыбық. Осынау орын айналады әлі орманға, Көкөрім талдар тұрғанда көкке құлшынып!
Баяғы мекен. Жертөле анау, баяғы... Жапырақ шулап тұрады бақта саялы. Кім білсін, бәлкім, Сатанғұл шалды жоқтай ма, Ақ шуақ өрген алақанынан аялы. Украиналық достарым менің, босама, Ақында арман бар ма еді, сүйген қос ана. Тереңге кеткен ағаштың тамырларындай, Достықтың дәні себілген жерің - осы ара! Осы ара, жырдың ұясын салған мекені, Кеудені өлең самалы желпіп кетеді. Адамдар тобы ағылып келіп өзендей, Тарастай ұлы мұхитқа тағзым етеді. Сұрапыл күрес – өмірде, қалам, шаршама, Сұранып тұр-ау ғаламат істер сан-сала. Балықшы қауым теңізге беттеп барады, Бекіре жонды толқындар бүлік салса да!..
Кемелер жүзіп, теңізде құрса керуен, Салып жүрген жоқ, айдында олар серуен. Береді елге, тұңғиық судың байлығын, Тереді маржан маңдайдың ащы терімен. Еңбеккер ұжым, қайнатып табыс қазанын, Басыңнан дәйім тарқамай өтсін базарың. Асқақтап тұрған аймақта үйлер қаншама, Ақ маржан сенің тасыңнан тауып ажарын. Соқпақта сонау, соңында сансыз сұрақ қап, Қиындық кешіп, келдің-ау тауып бұлақ-бақ. Қимылы ғажап, ертегі кейіпкеріндей Бүгінге жеттің, ғасырды белден бір аттап! Кетігім менің! Толысқан шағың кемелге, Көркейе берші, көз керек дерсің көрерге. Көк тіреп мейлі, өмірге келсін сан қала, Қаласың қара шаңырақ болып сен елге!
ҰШҚАН ҰЯ Кезіктім қанша тағдыр көктеміне, Еске алып, ораламын өткеніме. Көп болды-ау құстай ұшып кеткеніме, Қайрылып қонсам деп ем мектебіме. Жеткенде аңсауменен, жанып іштен, Сарғайған жапырақтай, сағынышпен. Бастауым, басармысың бауырыңа, Білімнің кәусарынан қанып ішкен. Талай жыл білім беріп тұрысыңа, Толғанам, жүрегімнен жыр ұсына. Келеді көз алдыма қоңырауың, Жар сағат оятқанда жұмысыма. Ұғынып, ұстаздардың бейнелерін, Ұлылық кемесінде тербелемін. Жүздерін көріп әжім зерлегенін, Өмір-ай, өмір осы дей беремін...
Мектебім ордасысың ғұламалық, Тұлғаңа тағзым етем тұра қалып. Қаталдау мұғалім боп мына нарық, Жүр қазір шәкіртіңнен сынақ алып. Қиындық көпірінде опындым көп, Адамға ғұмыр бойы оқу міндет. Тоңдарды жібітсін деп тірліктегі, Жібердің кеудедегі отымды үрлеп!
ЖЫР-ТАҒДЫР
Алқа топта арқа қозып тұратын, Өмірінің өлең еткен мұратын. Тастүлектей, сонау Таушық жерінен Шықты дейді Түмен деген бір ақын. Мықты дейді сөзі қаққан шегедей, Жарып қалды ақыны жоқ Жеменей. Деген сөздер жетсе-дағы дүбірлеп, Балтабас шал жүре берді елемей. «Тақ-тақ болу кедейіңнің қай теңі, Түбі соның тақ-тұқ болар әй, тегі – Депті бір күн баласына Балтабас, -Сөз айтуды қойсаң балам қайтеді?!» Түменіңнің жері жоқ-ты тосылған, Тізе бүкпес дұшпаныңнан, досыңнан. Албырт жүрек-асау тұлпардың басы, Бұғалыққа бодан болды тосыннан. Айтар біреу ақылдымсып, десі өрлеп, Әке сөзін тыңдамаған есер деп.
Уа, халқым, сөкпе мені, жүректен, Жыр жаңбыры жаумайды енді нөсерлеп. -Қинадың-ау, әке, мені қинадың, Ал ендеше жауабымды тыңдағын. Асқар таудай әкем болғаның үшін, Қиып кетем өлең-жырдың гүл бағын. Деді Түмен іркіп шабыт-дертін де, Су сепкендей басып өлең өртін де. Күйбең тірлік күймесіне жегіліп, Тұрды ақын айнымастан сертінде. Жырлар кетті жазылмаған қаншама, Жылдар өтті барын сыйлап баршаға. Жұмақ болып біреулерге сар дала, Сұрақ болып біреулерге сан-сала... ...Қыр басында қария тұр, көзде-мұң, Өзін емес, қамын ойлап өзгенің. Ақ селеудей ақ сақалын тарамдап, Күбірлейді іштей ғана сөздерін:
«Жан кеудеден ұшпағасын жүрмін де, Түмен емес, тұлыппын ғой құр сүлде. Жарығым-ай, Сайыным-ай сен кетіп, Шамшырағым сөніп қалды бір күнде. Жыр жазбадым, жазбағаным не керек, Тас төбемнен тағдыр ұрды төбелеп. Шыр айналдым тіршілікте, сияқты Қанаттары отқа күйген көбелек. Сайынжан-ау, жайым бар-ау сорлаған, Нем қалды енді менің тақ-тұқ болмаған?! Кім ашады көңілімнің түндігін, Көрінбей тұр жырдан өзге жол маған. Жүрегімді жаям нұр ғып жеріме, Тілегімді айтам туған еліме. Мұңлы аққудай дара жүзген айдында, Кешір әке, қайта қонам көліме. Қайта оралам, қауышамын жырыммен,
Жыр-періште, сүйе ақынды сүрінген!.. Алпыс жасым болма оралғы аяққа, Қадам басам қайта өмірге, бүгін мен!..» Осылайша ақын тұрды толғанып, Қыр үстінде қырандайын қомданып. Жыр көгінде жарқ етті бір найзағай, Жыр дауылы көтерілді долданып... Дәуір үнін жалғастырған дәстүрлей, Қайғы-мұңға кісен салып, басты имей. Алпысында ақтарылған әулием – Арнасынан асып кеткен Каспийдей!..
СЕН МЕНІ СҮЙГЕН ЕДІҢ
Бақытымды тіледің күнде менің, Қуанышқа жанымды мың бөледің. Қыз жолының жібермей нәзіктігі, Сүйе тұрып сен мені, үндемедің. Үндемедің, сен солай сүйіп тұрып, Мәртебеңді қайда да биік қылып. Ақша бетің қызарып кездескенде, Жанарыңмен жүрдін ғой жиі ұқтырып. Сезімің бе сұрапыл сүйрелеген, Бірде, қалқам, менімен билеген ең. Таныттың-ау өр мінез, ағыттың-ау, Жан сарыңды талайғы түймелеген. Қарындасым, сен мені кінәлама, Қалам, қимас айналып бір ағаңа. Дәл өзіңдей ақерке бұлағым бар, Арна аңсамай бұл жүрек, тұра ала ма?! СОЛ БІР ЖАН... Аяғыңды, жігіттер, аңдап басың, Алыс емес дұшпаның, достан шығар. Шолтаман
Ауыз салар аңдаусыз, ақырыннан, Тартқылаған төбеттей тақымыңнан. Тақалатын, тырнағын ішке бүгіп, Сақта құдай, опасыз жақыныңнан. Сырласатын сол бір жан досым еді, Қамшы салмай ол-дағы көсіледі. Қақпан құрды жолыма күліп жүріп, Қыл бұрау сап қинайды, осы мені. Серік болған, сап етіп сайтандайын, Аярлығын қайтерсің, айта алмайым. Иыққа емес, жүрекке түскен жүктен, Қара нардай өрдегі, қайқаңдайым. Ескі күндер ойымның елегінде, Естен шықты бұрынғы, деме, мүлде. Осындайдан шығарып айтты-ау бабам «Қалған көңіл – шыққан жан» дегенін де.
Басқа түскен өмірде, бұл да сындай, Іреніштің жаңбыры жүр басылмай. Ту сыртымнан тасалап тас атқаннан, Жақсы еді ғой шапқан жау түр жасырмай! Қандай ғана тапты екен кінә меннен, «Қырық қабат қыртысын» ұға бермен. Аңғал басым: «досыма» қарап тұрмын, Албастыға айналып шыға келген...
КӨКТЕМІҢМЕН ҚОШТАСПА
Көз тоймайды қарап дарқан далаға, Бұл дүние неткен әсем, неткен кең! «Қош бол, көктем!», - деп айтпашы, жан аға, Қоштасуға бола ма ерте көктеммен?! Қатал тағдыр тұяғымен тарпыған, Қайғыны да ұғам мынау әжімнен. Көбіне-көп шабыттанып шалқыған, Өміріңнің көргендеймін жазын мен. Жүргеңнен жыр жұлдызы жиі ақты, Көп түніңді өткерумен көз ілмей. Сенің жырың Іле ағысы сияқты, Жай жылжыған, асыққаны сезілмей. Жылдар өтер. Жасытпайды бұл бірақ, Өзеніңмен сен егізсің бұл күнде. Мөп-мөлдір боп ағып жатқан сылдырап, Ақын Іле қартаюы мүмкін бе!?
НАРЫҚ ПЕН ПАРЫҚ
Өмір өзі нарығын, Нар жүгіндей өңгертті. Таңдай алса танымың, Тарам-тарам жол кетті... Сауда деген өнерге, Сылбыр болған халықпыз. Нарық жөнге келер ме, Көзін табар парықсыз. Айтады ғой алдағы, Уақытың төрелік. Шегінер жер қалмады, Мұны да бір көрелік. Ауырлықты ал, құрбым, Иығыңа айқарып. Таразысы тағдырдың, Шайқалып тұр, шайқалып... Жолатпау тек жаманат Киіз үйлі қоғамға. Ар алдында аманат,- Маған, саған, оған да! ...Асанқайғы ғайыптан, Келе қалса көргелі. Қазағына қалып таң, Мүмкін былай дер ме еді: «Достасыпты Алламен, Нарық екен заманы. Алашапқын саудамен, Арық екен адамы.
Әркім-меншік иесі, Шабу екен жекеше. Бірді өткізіп, үлесіАлу екен екі есе. Бүйі бейне-бұзақы, Көбейіпті індеттей. Көрінгеннен көз ақы, Алып қалу міндеттей. Мінді бүгу-қасірет, Сын айтты деп сөкпе елім. Бірлікпенен басып өт, Нарығыңның өткелін!» ...Құны ұшынып, күш бермей, Дүниеңіз дөңгелер. Қышырлатқан тістердей, Сытырлайды теңгелер... Теңгең жоқ па? – түк те өнбес, Қалталы бай – сол мықты! Шығайбайдың шық бермес, Ұрпақтары өрбіпті. Саудагердей шіркінге, Батпайды онша азу тіс. Бізді сұрап, бұл күнде, Бізбикені алу – түс. Жерге тимей етегі, Шыбын жанды шыңғыртып. Жүрген жылпос жетеді, «Жұмыртқадан жүн қырқып».
Базар сырын дәл ұқпай, Алдай алмай жандарын. Судан шыққан балықтай, Аузын ашар Алдарың. Алда жарқын жол тұрғай, Нарық жатпас найқалтып. Отыр біреу, ойпырмай, «Қара судан май қалқып». «Қу сүйектен қуырым ет алатын» - ептілер. Баса қойса буынын, Шолтаң етер шеккілер. «Қара жерде қайығы, Жүзіп жүре береді...» -Десе біреу, анығы, Аңғал көңіл сенеді. Қолдан келсе, ұялмай, Алыпсатар жұрт, мүлде. «Тоқып көрмек биялай Терісінен биттің де». Базарың тұр гуілдеп, Ұясындай араның. Пайда да көп, шығын көп, Сынға түсер талабың. Бірін екі қылмаққа, Әркімдер-ақ жанығар. Жаныңызға бұл жақта, Не керектің бәрі бар.
Ғажап көріп көрнісін, Бас қатырма болдырып. Әкелді ғой деймісің, Зауытынан өндіріп. Құр қалшима тікеңнен, Түгі де жоқ таңғалар. Ала салып дүкеннен, «Құйрық жалғап» саудалар. Алаяқтың бергенін, Алғым келмей жерінем. Сатса екен-ау өнгенін, Маңдайының терімен. Құштар жаны кітапқа, Бар болатын бір досым. Саудаңыздан бірақ та, Аулақ салған іргесін. Кітапхана білері, Қара тапқан ісін деп. Кейбіреулер күледі, Қожанасырмысың деп. Сөздеріне қарашы, Сорлы бар ғой не түрлі. Нәрсіз, шабан санасы – Дәнсіз сабан секілді. Көкірегі – көр, пенде, Тек дүние жинаған. Сондайларды көргенде, Қатты аяймын, қиналам.
Сықай толып сөреңіз, Саудаң, жақсы-ау үйлессе. Өліммен тең, өреңіз, Өгіз аяң күй кешсе! Түсіне біл, тарланым, Нарық пенен парықты. Тертесіндей арбаның, Қатар ұста қалыпты. Ештеңе жоқ дап-дайын, Шығар асу көп әлі. Болсын дейік әрдайым, Қазан аузы жоғары. Нарықты ұға алдық па?! Кім-кімге де болды сын. Бас айналып байлыққа, Жоғалмасын болмысың. Пұлымызды төледік, Сәл нәрсеге татымсыз. Жаны жайсаң ел едік, Жақсылығы сатусыз. Баю мақсат бүгінде, Енші болды епті есеп. Жарар еді-ау, түбінде, Қарынбай боп кетпесек. Алқындым-ау, алқындым, Болашаққа алаңдай. Жомарттығын халқымның, Қалам ба деп таба алмай... Қалам ба деп таба алмай!
ҚҰРАНДЫ ЕРДІ КӨРГЕНДЕ
Бір үйден көрдім құранды ер, қымбат, бағалы, Әдеміліктің алды ғой құндақтап әні. Күтімсіз қалған, бабамның көзіне қарап, Шырмауық-ашу бойымды шырмап барады. Шеберлігінде шек жоқ-ау, жан баласының! Көргенде ерді тамсандым, таңдана, шыным. Сауырын аттың сағынып жатқан сияқты, Бес батпан шаңның астында қалған асылым. Еркіндік-дала, құшағын жайған алабы, Аттың шабысы – көңілдің сайраған әні. Қайран тұлпарым қазақтың қанаты болған, Қанатсыз құсың жорғалап қайда барады?! Салтымды құртар, сезімсіз санадан қарау, Жансебіл болып, жандарға жаға алам ба алау?! Темір көліктен ауысып атқа қонғанда, Тақтан түскендей сезінер ағалар бар-ау...
Намысын бабам санаған, жанынан да ұлы, Мінген ерінде – шаттығы, шағынған мұңы. Қазақ едім деп айтуға қақың бар сонда, Құранды ерің, құнанға салынған күні!
ҚАРАҢҒЫ ТҮН... ҚАЙЫРШЫ
Қараңғы түн. Қайыршы келе жатыр, Болдым дейді мұншалық неге пақыр? Білетіні – дәл мынау түнек түндей, Қараңғы көр ішіне енеді ақыр... Ой қамайды бөрідей, бағыт – қала, Дедектетіп барады алып дала. Тарымшылық қысқан соң тар етіктей, Қайыршылық – көндікті, - қамытқа да!.. Тек, түн бұған құшағын айқара ашқан, Үміт – күдік кеудеде тайталасқан. Әдетіне айналып кеткен, құрғыр, Алақанын жаяды байқамастан. Төңіректі болмастай адам біліп, Келекелеп шақырар қалаң күліп... Созған қолдың, Теңге емес, үнсіз ғана Толтырады уысын қараңғылық.
Еместігін сезсе де елге көрік, Жадау иінін келеді желге керіп. Қайыршының талғажау көңіліне – Таба нандай ай туды дөңгеленіп!..
АҚМАЯ
Шартарапқа тартса да жол мыңдаған, Бала шақтан ыстық қой орның маған. Аласартқан жел менен жаңбыр мүжіп, Аласақтан ақ шоқы қол бұлғаған. Сені көрсем қаулайды шалғын өлең, Беймағұлым, бұл атау қалды неден? Айдындағы жылжыған ақ кемедей Ақмаяны іздеймін алдыменен. Жата бермей, Ақмая, түрегелші, Салар, бәлкім, бейнеңді бір өнерші. Ботақанын аңсаған бозінгендей, Сағыныш боп жадымда жүре берші. Сырларың бар білмедім басқа қандай, Жақұт мүсін жанарды жасқағандай. Асан атам іздеп кеп жерұйықты, Желмаясын шөгеріп тастағандай!..
ҚАЙТА ОРАЛҒАН КӨШ
Азаматтар, оралыңдар, оралыңдар елге, Туған жерсіз бақыт та жоқ, Бола қалса сенбе! Мұқағали Абыр да сабыр халқымда бүгін бар күйбің, Арнадан асты әуені шалқып ән-күйдің. Даламның алып жүрегі соқты-ау дүрсілдеп, Толғандай суға мөймілдеп шөлі Алғидың. Қарлығаш ұшты хабарлап көштің келгенін, Балауса гүлін ұсынып жатыр белдерім. Атырау менен Алтайдың сонау арасын, Сүйінші сұрап шарлады тентек желдерім. Ағылып өткен, сағынып жеткен шет жақтан, Туысқандардың аймалап жүзін өпті ақ таң. Қасиет тұтып, қазағым менің қашан да, Мекенді туған мәңгілік сүйіп, ет мақтан!
Кінәлі, мынау, қабаққа қонған кірбіңге, Дауылды желі ұшырған сонау сүргін бе? Айтшы сен аспан, ақиқат сырды білдің бе, Қаншама бауыр жете алмай қалды бұл күнге?! Қарсы алың жұртым, кірді ғой әне көш келіп, Өгейсіп олар жат жерде жырақ өсті-өніп. Сарытап болған, сыр қылып айтпай сескеніп, Есігін ашты ескірген күнге естелік. Жүрмеңдер достар, жандарын босқа ұғынбай, Жүргендер олар отына Отан жылынбай. Нұр кешіп тұр-ау, күй кешіп тұр-ау қарашы, Адасып қалып енесін тапқан құлындай. Арттағы ата мекенде жүріп барша жан, Тілеген еді-ау, екен деп солар қалса аман. Түсіңе кіріп тынышыңды алған бауырым, Туған ел – осы, туған жер – осы аңсаған!
ҚАДІРІ ЖОҚ АДАМНЫҢ...
Сұрықсыз ой санасын торлады да, Оңалмастай құлаған, орға –күнә. Ойына алып оны ешкім іздемейді, Бұл өмірде болды ма, болмады ма. Жауын жырып қабірін, күзгі нөпір, Сыпсыңдайды суық жел, үздіге құр. Құлқы басқа, аумаған дәл өзіндей, Құлпытаста қонжиып құзғын отыр. Туған жердің талақ қып тасы да, ана, Тұрғандай-ау жерініп (ашына ма...) Қалғандарды, тағдыры қайғыртпады, Барған жанды білмедім басына да. Көргендеймін сүдінін бір кинодан, Тірісінде қайыр ғып, нұр құймаған. Қадірі жоқ адамның, қабірі жоқ, Сияқтанып тұрады ылғи маған...
ӘКЕМНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН
Ажал! Ажал – қадалған қарғыс оқтай, Қарып өтті сұмдық сөз жанды шоқтай. Қара нардай қайыспас қайран әкем, Дүрсілдеген жүрегің қалды соқпай. Мейірімің-ай көрінер таң жүзінен, Қанатымды қырандай жайғызып ең. Аман қалған жапанда жай отынан, Дара тұрған дарақтай жалғызың ем. Бір шыбығың ну болар, шоқталғасын, Тіршілігің, жан әке, тоқталмасын. Жарық күннің ұмтылам сәулесіне, Жұмылмаған жанарың боп қалғасын. Ұзартуға жолыңды қадам басам, Сыйлармын-ау шапағат адамға сан. Құрдастарың қимайтын келе қалса, Алдарында «әке» деп амандасам.
Амандасам, көзіме тұнады шық, Сен келгендей қуанам құрақ ұшып. Қарттар кетсе, Бұлт басқан аспан сынды Үйдің іші қалады мұңайысып. Толғанса олар еске алып сені неше, Құлақ түрем қарттарға мен ілесе. Жауқазыны көңілдің бүр жарады, «Марқұм, әкең жақсы адам еді!» десе. Ұқтырады былай деп солар маған: «Кеткендерден ешкім де оралмаған. Жарқыраса жұлдыздай жақсы атағың, Өлмегені әкеңнің болар, балам». Қол созады жанымның көк құрағы, Жалған деймін, жалған-ай жоқ тұрағы. Ақтарылып армансыз ақ жауындай, Оңашада жылағым кеп тұрады.
Беу, дүние, боздаған бозінген бе ең, Сан алуан қоздаған сезімдер ме ең?.. Өлмеңдерші, дариға, өлмеңдерші, Қариялар, әкемнің көзін көрген!
ҚАЗДАР ҮНІ
Қаз үнінен жүрегім дір етеді, Осынау саз жанымды түлетеді. Қатар ұшқан қаздардай тізбектеліп, Көз алдымнан сонау бір күн өтеді. ...Күйші бар-ды жұрт күтер, аңсап бәрі, Тың еді, болмаған ол қаусап кәрі. Тамылжытып тек қана күй тартуға Жаралғандай сүйріктей саусақтары. Айтылмаған сыр бардай әжімінде, Астарлы ой жататын әзілінде. Сол атай домбыраға қосатұғын Көктегі қаңқылдаған қаз үнін де. Тына қалам, домбыра аларында, Тектілік бар түйілген қабағында. Қос ішек бебеулесе, діріл қағып, Ғажайып нұр жүгірер жанарында.
Күй сазымен ұмыттым ұйқыны мен, Еліктіріп кететін сиқырымен. Толғанатын жүрегін жалынға орап, Жастық шағын жырлайтын күй тілімен. Тағдыр оны жылытты, тоңдырды да, Көңілдерді, кетті-ау ол, көл қылды да! Дүниеден көшті ғой дарабозым, Күзі кеп өмірінің солдырды да. Күй сазын келешекке ап келем мен, Өзегімнен сырлы өзен ақты өлеңнен. Көрінеді сол қарттың күйіндей боп, Қаңқылдап қаздар өтсе қақ төбемнен...
*** Көбе киіп төзімнен, Қиындық белін үзермін. Сәйгүлік мініп сезімнен, Шартарап төсін сүзермін. Құбылып келсе құм мінез – Дауыл боп соғып, түнердім. Жалғандыққа дүмбілез – Салынған, шындық-шідермін. Ес жиғызбай ездікке, Қас қырандай бүрермін. Кегімді беріп кездікке, Шалқайып тұрып күлермін. Арамдық болса, ұнатпай, Аластап оны жүрермін: Құйрық-жалсыз тұл аттай, Қылта түптен күзермін. Маңдайымды, керіліп, Құбылаға түзермін. Үзілмегей тек үміт – Табан тірер үзеңгім!.. Ел мерейі – маған бақ, Лашын құстай түлермін. Алашым саған алаңдап, Басымды тіккен бір ермін!
ҚАРАҒЫМ, ҚАЛҚАМ...
Қарағым, қалқам, бұлайша қарама маған, Соғады санын – сезімді сараламаған. Кешендеу келген көктемім, қайтесің мені, Жастығым өткен, қайтадан жана ма ағаң!? Жария етіп жатқандай, жайды ұғып бар маң, Айнала қарап, көңіл-ай, қаймығып қалған... Бұлқынтып жүрек байғұсты, тыным берместен, Жоғалар бір күн жалт беріп, сәйгүлік – жалған! Адастырмайды, ақыл-ой – азамат кені, Қарағым, қалқам, қинама, мазалап мені. «Сүйемін!» деген жазуға зәруін білем Парағын ашқан жаныңның таза дәптері... «Қарындасым» деп қол алам өзіңмен енді, Бейкүнә ойым бет басып, безіп жөнелді... Ғажап екен ғой – демі ыстық дүние мынау, Азап екен ғой айта алмау – сезім дегенді!..
Жан екенсің-ау, дейтіндей: «болса ғашығым!», Қолқаны қапты түтіні мұң шаласының... Әдеп-дуалды тұрдым мен аттап кете алмай, Қол созым жердің білсемші, мұнша қашығын!?
НЕСІБЕ
Басың бейне құмырсқа илеуі, Сапырылысқан онда сансыз ойларың. Келмей жатыр қысқа жіптің күрмеуі, Ойлан, ойлан.., ал басқаның қой бәрін! Соныменен... Не қылмақсың, батырым?! Жауырынға да оңай емес жүк таппақ. Желге ұшып кетпеуі үшін шатырың, Қазығыңды алдыменен, мықтап қақ! Сүріндіріп кетпесінші сан айла, Аран жоқ па, алды-артыңды абайла. Үлгеруің керек сенің талайға, Күн көруің керек сенің қалайда! Қолданудан шығып қалды нән қасық, Қой торысы жауыр болды тұрмыстың. Жүретұғын мігір таппай дән тасып, Құмырсқа сияқты сен тырмыстың.
Жаның жасып, жабырқама жұт келмей, Шошымашы, құр нарықтың сесінен. Туған төлдің маңдайына біткендей, Бар шығар-ау, сенің де бір несібең!..
БҰЛЫҢ ДА БҰЛЫҢ ІЗ КЕСІП...
Қанатын дауыл қайырған, Күндер де өтті – қалбағай. Қоқысты кешті, қайтесің, Қонатын жерін таңдамай. Құбылып оттай, жанарда, Билеген, мынау жалған-ай... Шарладым, өмір-сонарда, Киініп алып қандағай. Жауабын күткен сан сұрақ, Санамды сорды сүліктей. Ізгілік ізін жалғауға, Ұмтылған ділді ірікпей. Қиянды кезді қиялым, Қарыштай шапқан күліктей. Бытырап жүрген ой-бөкен, Бастарын қосып біріккей! Талабын берсін тәңірім, Кім ашар дейсің бізге есік. Ұйқыдан оян, бауырым, Үйкүшік болмай, түзге шық! Буалдыр сағым ішінен, Бұлың да, бұлың із кесіп. Жапанда тылсым жұмбаққа, Қалармыз бәлкім жүздесіп...
Қайран да қазақ жұртымның, Бақыты еді – арманым. Ақыл айтады ақымақ, Ақшаға кептеп аңғарын. Тоқсан үйлі тобырдың, Тоқтыдай баққан жандарын. Қайдасың, айтшы, бұл күнде, Қарақасқа атты Қамбарым?! БЕЙУАҚТА Тағы да түн басталмақшы қараңғы, Әдетінен қашаңғыша айрылмай. Мазалады шуақ шашып санамды, Кеткен Көктем емес пе бұл, қайрылмай?! Сартап болған сағыныштан сыр ұғып, Баурап алған сезім еді бұл мені. Көз алдымда таныс бейне тіріліп, Қоламтада қалған шоқты үрледі... Көрші үйден көрінетін елік-қыз, Дүниеге сүттей ұйып сеніппіз. Әнді бірге әуелетіп келіппіз... Мәңгі бірге жүрсек екен дедік біз!
Аулымыздың көк шалғынды қырында, Қоштасып ек, тербеп сезім толқыны. Әжең сенің тағып берген бұрымға Құлағымда тұр-ау әлі шолпы үні. Көшіп кеткен сіздің үйдің жұртында, Сезілетін бір жылылық жатқандай. Сол сәттерде балдай шырын сыр тұр ма, Бала шағым – аяулы қыз, ақ маңдай?! Кім біліпті, қайтер едік көргенде, Тағдыр бірақ кездесуге жазбаған. Мәңгілікке мына менің кеудемде, Тек махаббат оты қалды маздаған. Көңілімде болса егер сәл кетік – Күрсінгенім, өзіңді ойлап жаны ізгі. Жылдар өте шығыпты ғой жалт етіп, Шолтаң еткен шолпыларың тәрізді...
...Ұясына кіріпті күн байқатпай, Көкжиекте соңғы шапақ, нұр ұшып. Мен отырмын, қайран жүрек жай таппай, Көкіректе, бала-мұңым бүрісіп...
ҚАРАҢДАРШЫ?..
Байлық-билік, жалап соның табанын, Бір-біріне көз алартып жүрген көп. Теңгере алмай таразының табағын, Патша-көңіл, ауыр ойдан жүр меңдеп... Елменен ел мүйіздесе бір-бірін, Қайран қалып тас-төбеде тұрар күн. Шошытқандай, бұқараның мұңды үні, Жоғалады ішіне еніп мұнардың. Деміңді бас,құр даурықпа,Дау-дамай, Жетер,жерді тері сынды кергілеу... Жарақаттап алмайықшы аңдамай, Маңдайдағы жалғыз ұлдай,жер-біреу! Секектеген саналар бар,сандалған, Бұлың-бұлың жолға түсіп қоян жым. Шартарапқа қарап тұрып шаңданған, Абыз ақыл азаныңды айт,оянғын!
Өмір үшін өліп-талып жол шегер, Толғантпай ма,құмырсқа тірлігі? Болса бізде, мұқтаж болмас едік-ау, Тап солардың тату-тәтті бірлігі. Тамам болды осыменен,бұл өлең, Адамзаттың тағдырына алаңдар... ...Жалғыз илеу-жалғыз үйден дүреген, Құмырсқаға қараңдаршы,адамдар?!..
ҚАЗАҚСТАН
Өмірдің осы құлпырған, Бақ гүлі – Қазақстаным! Көңілдің хошы, жыр тұнған, Шаттығы – Қазақстаным! Жайнатып жанды жібердің, Ертегі сын -ды ғажабым. Осынау байтақ Ұлы елдің, Иесі өзің қазағым! Маңғыстау менен Атырау, Алатау, Алтай, Арқаның. Байлығы шалқып жатыр-ау, Еңбекке бөлеп әр таңын. Есілде жүзген аққудай, Қондырған Алтын Ордасын. Басыңда мәңгі бақ тұрғай, Бабалар жебеп қолдасын! Әлемге шалқып тараған, Жүректі баурап Ұраны. Қалықтай ұшып қараған, Күн астындағы қыраны. Көл-көсір дала құшқаным, Қандырған мейір қайнары. Бұл менің Қазақстаным, Көгілдір аспан – байрағы!
ИМАН
Иманым, жүрсің дер ем: Тамшыда жасымдағы. Жүректе дүрсілдеген, Санамда басымдағы. Шығатын соқпағымда, Қонатын қиянымда. Тұратын тоқтамымда, Шолатын қиялымда. «Имансыз» деген сөзді, Естуден – өлген артық. Тұрарын денем сезді, Жамандық жерге тартып. Жұлдыздар зердемдегі, Сәттерде көзін ашқан: Шабыт-құс кеудемдегі, Кетеді кезіп аспан! Бойыма жақсылықты, Жинаймын бал арадай. Онсыз да тапшы үмітті, Жаққым кеп самаладай. Үңіліп жанына елдің, Қуаныш, мұңын ұқтым. Басымның бағы дермін, Шындыққа жүгініппін. Қашан да көңілімнің, Иманым – шырағы еді. Оты боп өмірімнің, Жылытар, сірә, мені!
МАҢҒЫСТАУЫМ
Маңғыстау – Бабам, дедім, Анам менің, Қуатым бойымдағы, алар демім. Кеудеме күй құймасаң, жыр көгінде Жарқылдап жай отындай жанар ма едім!? Маңғыстау – әрі көркем, аңыз өлкем, Көтерген жасампаздық әні желкен! Жұлдызым сөнбей тұрып көрсем деймін, Жұмаққа айналғанын нағыз ертең. Мұнайың – қан тамырын, тулап ағып, Шырайың алғандай-ау нұрға малып. Ғажабын, азабын да сан ғасырдың, Көтеріп иығына тұрған Алып. Жауынан тайсалмаған Батыр да – Сен, Алдына жан салмаған Ақын да – Сен. Жазылған маңдайыңа маздау ғана, Естілмес ешқашан да атың бәсең.
Мекенім қасиетті, кие қонған, Жебей гөр, жаңылыссам, сүйе жолдан. Асылым, айдай ару аймағыңа, Мен қандай бақыттымын ие болған! Зымыран – жебе, кірмей сауырыңа, Аман жет, дәуірлердің ауылына! Сұғына жат көздердің түспесін деп, Басамын байтағымды бауырыма. Адымдап бір келеміз, алға асыға, Сен мәңгі! Мен құлармын жамбасыңа... Қақым жоқ, сенде туып, сенде өскесін, Қаһарман бір ұлың боп қалмасыма. Самғай бер, салтанатты құрып, далам, Өзіңнен, шағым бар ма, сыр ұқпаған?! Өлсем де, еңсеңді мен аласартпай, Төсіңде төбең болып тұрып қалам!..
ЖЫР КИЕСІ
Кейбіреулердің қарамай қол соққанына, Құрғақ сөздердің айналмай қолшоқпарына. Толғанып тұрам, ұрардай жырдың кииесі, Санамды қарып алмасам ой шоқтарына. Толғандырғансың сен талай тектілерімді, Жырлаған олар, дәл тауып дертті жерінді. Ойсыздар бүгін ұялмай өлеңмен ойнап, Аласартумен апыр-ай, кетті ме өрінді. Құйылып жатсын асыл сөз қаламымда андап, Жасық жыр жазсам, секілді дала мұнданбақ. Оқырманым-ай, отты үрлеп өзегіндегі, Жақұт жолдарым тұрса екен жанарынды арбап. Өңін кетіріп жүрген көп, есіл өнердің, Налимын кейде, деп ойлап: несіне келдім? Тұнығынды егер байқамай лайлап алсам, Қасиетті жырдың киесі, кешіре көргін!
ТУҒАН ЖЕР ҚҰДІРЕТІ немесе шетелдік қазақтың шері (поэма) Ақыл сөзін қалмайтын қарт нәті іркіп, Жабырқаулы, үн қатпастан жатыр түк. Кейпі бейне қаусап қалған қайықтай, Құлағандай, арманының аты үркіп. Көкейдегі аманатын айтпаққа, Үлкен ұлын жанына алды шақыртып. Ата сыйлап өскен ұяң қалпында, Жігіт отыр малдас құрып нар тұлға. Мөлдірейді тау суындай мейірім, Шуақ шашқан жанардағы жалтылда. Әлпетінде айтылмаған сұрақ тұр, Қандай сыр бар дегендейін қартымда.
Тежеді ме терең ойлар толғағын, Әке жәйлап қысты ұлының қолдарын. Күндей ыстық ықыласын ұлына, Сездіргендей сөйлемей-ақ, сол бәрін. Кең маңдайды шиырлаған әжімдер – Жазған жырдай жүріп өткен жолдарын. ...Ұлым менің, сендей жалын шағымда, Арпалыстым, қарсы жүздім ағынға. Жетерлік мұң, алдандым-ау сағымға, Шетелдікпін. Сорым ба әлде, бағым ба?! Мақсатыңның жұлдызыңдай, Маңғыстау, Тұрсын жанып, жаңғырығып жадында. Екен деме мұны әншейін сөз ғана, Бабаңа ол бесік болған боз дала. Жалғызына үміт жібін жалғаумен, Осы жерде дүниеден озды ана. Сол бір шақта тағдыр жүгін сезінген, Болатынмын түбіт иек бозбала.
Бұл өмірдің сыбағасы, сыйы көп, Түсті патша, шағып келген бүйі боп. Екі басты самұрық құс құлады, Төңкерісте топшысынан тиіп оқ. Кедейлер шат, қолға қызыл ту ұстап, Ал, байлардың бұрынғыдай күйі жоқ. Ерлерменен біз бірдейміз, бұл анық, Тендік тиді десті әйелдер қуанып. Жүргендер көп жұмыс істеп мақтаулы, Міндетіне зор қоғамдық жүк алып. Шайпаулары күйеуіне шаптығып, Шыға келді білектерін сыбанып. Жаңа заман жақсылықты жайды алға, Сусындадық білім атты қайнарға. Бірге барар Қызыл отау үйіне, Қылықты қыз тірі ме екен, қай манда?! Қала берді... қайран тірлік – тұлпардың Тұяқтары көкше мұзға тайғанда.
О, оны мен көргенімде гүл-қылық, Қалушы еді-ау ет-жүрегім бұлқынып... Қызық күндер керуені қалды артта, Қызыл ішік киген қыздай құлпырып. Түс сияқты... Сырласқан сәт, шырын шақ, Күрсінемін іштей ғана құр тынып. Арман аймақ ту-у алыстан арайлы, Сол сүйкімді қалқатай боп қарайды. Жатпақ мынау жылу беріп жаныма, Аппақ қырау шалса-дағы самайды, Немереме әке болдың өзің де, Айып етпе, аштым сырды талайғы. Көшкен бұлттай жылжып жатты жылдар да, Аяқ бастық асу бермес шыңдарға. Жұрт тағдырын ойламайтын, бірақ та, Ел басқарттық екі жүзді сұмдарға. Маңдайды біз соғып алдық шын жарға, Тауқыметті құлақ керек тыңдарға.
Көнемізді ешкім керек қылмады, Көңілде жүр жалба-жұлба жұрнағы. Ұмытылды халқымыздың жадынан, О, қаншама шежіресі, жырлары. Ұшырады наурызымыз нәубетке, Ескішілдік, діншілдік деп тұрғаны. Кей белсенді билік тиіп тасынды, Шаш ал десе, қоса алады басыңды. Қарсы келсең, Кеңес жауы болғаның, Түсіреді тас төбеңнен жасынды. Айырмайды жасық пенен асылды, Кәмпескелеп «итжеккенге» асырды. Салт-дәстүрден безді қорқып –ел, - ескі, Көңілдерде қалды көп жай көмескі. Ішкі дұшпан салып бақты іріткі, Құбыжық қып көрсетумен Кеңесті Карл Маркс айтып кеткен дейді ғой, Біз қуатын көрінеміз «...елесті».
Ортақ болмақ тұтынатын затың да, Ортақ болмақ қасыңдағы қатын да. Симайтын іс сияқты бұл ақылға, Ұқсайды бір ақырзаман жақынға. «Жекеше» деп біраз үйдің бар малын, Тартып алып отырғызды тақырға. Ауыр жағдай қобалжытты халықты, Сала-сала діңкелетті салықты. Тірімізде-ақ көзімізге көрсетті, Теке сақал Голощекин тамұқты. «Аша тұяқ қалмасын» деп ауылда, Әкесін мал өлтіргендей жанықты. «Көппен көрген ұлы той» деп шыдаймыз, Өңімізде қалмағандай шырайлы із. Талшық болар шөптің басын қаққылап, Берекеміз қашты тіпті бір ай күз. Өлерінде мал да тұяқ серпеді, Бұға беру жөнсіз дедік бұлай біз.
Шықты адамдар билікқұмар, қолы – қан, Ауытқыған ұлы мақсат жолынан. Ашаршылық алып келген еліме, Сол солақай саясаттан торығам. Қазақ үшін, Құраныңнан гөрі де, Қасиеттің ең ұлысы, зоры – нан. Қарақұрттай аштық құрды өрмегін, Қайғы бұлты құрсаулады ел көгін. Қатарларым қалды-ау талай көмусіз, Татар дәмім алдымда екен, өлмедім. Отап өткен отызыншы жылдардың Аштығынан сұмдық нәрсе көрмедім. Әкем жайсаң адам еді жаны ізгі, Тапқан нәрін таңдайыма тамызды. Қайтсін енді, күнкөрістің қамымен, Қимай-қимай туған жерден қара үзді. Кетті талай шаңырақтар шашырап, Бейне шілдің балапаны тәрізді.
Жол бұралаң. Ұзын сайдың жүлгесі... Бозашыдан ауды ауылдың бір көші. Алды – тұман, артта дайын түрмесі, Қашқан жанның шығады екен мүлде есі. Қарауытып кес-кестейді жолыңды, Аштан өлген адамдарың мүрдесі... Жанталастық, жалғыз тілек – жан бағыс, Қайран мекен көз көрместе қалды алыс. Өзек жалғар бардай алда жақсылық, Өлмегенге ол да үлкен алданыш. «Қашқаның не өзің туған жеріңнен?!», - Дейді бір ой, мазалайды ар-намыс. Енесінен айырылған құлындай Болдық бейне, шындық осы, сырымдай. Күдік бұққан, түкпірінде көңілдің, Тереңдігі шыңыраудың суындай. Өту деген қасірет қой, қасірет, Отаныңның ошағына жылынбай.
Қайтып енді оралмасын ол заман, Кім кінәлі? Кімдер бізді қорлаған?! Зарлап-зарлап қалды қанша жолда адам, Жетті әйтеуір үштен бірі зорға аман. Көз алдымда тұрады ылғи жаутаңдап, Жүре алмайтын аш-арықтар сорлаған. Қаша бердік сұм ажалдан сұрқия, Аса бердік бір қиядан, бір қия. Түп қазығы туыстас боп келетін, Табанымыз тірелген жер – Түркия. Жайғасқанмен жат аймақтың жұртына, Берік болдық атам қазақ ғұрпына. Біз – тіріміз, қайта шықты күніміз, Сол күйінде дініміз де, тіліміз. Мінәжат қып айтарымыз – Маңғыстау, Бекет ата – сиынатын піріміз. Адай десе көтеріліп әруақ, Шығандайды шырқау көкке жырымыз!
Шынар өсер, тамырлары солмаса, От-орағы найзағайдың ормаса... Орнында бар оңалады екен ғой, Қыдыр дарып, ырыс-бақыт орнаса. Қарап тұрсам төрт құбылам түп-түгел, Бордай бауыр, кетік көңіл болмаса... Толқын-толқын таулар еніп түсімде, Адасамын ақ селеулер ішінде... Маң даладан марқұм анам қол бұлғап, Шақырады мейірімді пішінде. Жан анама қарыздармын, жаныма Қасиетті сезім еккені үшін де! О, туған жер көрмеймін бе, көрем бе, Әлде өксіп өкінішпен өлем бе. Қинайды ғой жанымды жеп қимастық, Симайды ғой сағынышым өлеңге. Туған жермен тәнім бірге жаралған, Туыстықтың төркіні тым тереңде.
Тағдырыңның мәні алған алғыста-ау, Мүмкін емес тірлік жалын мәңгі ұстау. Қас-қағымда бәрін шырқап бітесің. Әттең шіркін өмір деген ән қысқа-ау. Айтылмаған жырым болдың аяулы, Айналайын, алтын бесік – Маңғыстау! Қыран бағы құзар шыңның өрінде, Қызғыш құстың қуанышы көлінде. Есің барда еліңді тап шырағым, Сені күткен асыл бақыт еліңде. Қайсар болғын, көзге қораш көрінбе, Тайғанақтық жоқ болатын тегіңде. Ұлым менің! Жүрегіңде мұң барлық, Ізгілікке деген асыл іңкәрлік – Кең даласын құзғындардан қорғайтын, Шығарады темір топшы сұңқар ғып. Талабы жоқ тайқы маңдай жандарға, Жазылмаған әуелден-ақ тұлпарлық.
Ата сөзі – ақыл көзі, шын ұнар, Ұқпағандар киесіне ұрынар. Баяғы өткен бабалардың бүгінге, Аңыз болып жеткен жүрек сыры бар. Туған жердің құдіреті туралы, Қадым заман хикаясын ұғып ал: ...Кезіп кеткен аты шарлап жер-көкті, Елін сүйген еңселі бір ер бопты. Құтты қоныс іздеп жүріп халқына, Қаншама жыл туған жерін көрмепті. Жеңіл ойға желпінбейтін жүрегін, Сағыныштың мұңлы әуені тербепті. Қуантпайды басқа дала, басқа қыр, Беймаза күй кешті бастан жас батыр. Жерігендей жапан түзден жалығып, Тебіренбей табанында тас жатыр. Табиғат қой, тартпаса да тәбеті, Амалсыздан қол созады асқа құр.
Сарбаздары мұндай сұрқын көрмеген: «Киліккен бұл қырсық екен көлденең Ештеңеге зауқы да жоқ сүлесоқ, Кәдімгідей ауру болды меңдеген – Деп ойласып, көндіріпті қайтуға, - Болар бәлкім жерден –жылу, елден –ем» Артқа тастап әскер ылди, өріңді, Жаз жайлаудың төскейіне төгілді. Қатар-қатар ақ жұмыртқа киіз үй, Өткеруде мамыражай өмірді. Көкке қолын созған түтін ошақтан, Кідіріңдер деп тұрғандай көрінді. Жасақтардың жүрісі де жосын-ды, Құрық түскен шу асаудай тосылды. Кең даланың көк шалғынын жапырмай, Әркім бала-шағасына қосылды. Келгенінде, хан сарайы сияқты, Көресің ғой, қайран қара қосынды.
Ұмыт болып жойқын жорық, бар ылаң, Сергектікті сезді ұлан жанынан. Найзасын ол жауға ажал боп дарыған, Қоя салды жерге шаншып сабынан. Сөйтті-дағы үрей күтпей, алаңсыз, Қатты ұйқыға кетті батыр арыған. Талай күндер өтті арада келгелі, Желдей шарлап кетті жауды жеңгені. Саят құрып сайын дала төсінде, Садақ тарту болып алды ермегі. Қанкешуге шақырғандай, әзәзіл Тұла бойды бір бұла күш кернеді. Күпті көңіл, ауру алыс қалса да, Бақ жұлдызы тым биікте жанса да. Ойлар буып шым-шытырық, сан-сала, Қиялында шайқас салды қаншама. Жаны сөйтіп жай таппаған батырың, Жарлық берді – «Жорыққа!»,-деп,-баршаға.
Алыс арман сағымына алданып, Қанды ұрысқа шықпақшы еді қамданып. Найзасына қолын соза бергенде, Ат үстінде тұрып қалды таңданып. Көзді уақалап қайта-қайта қарайды, Көрген түсім шығар деуге сәл қалып. Көкірегін кернеп кетті күй ерен, Өркен жайды тұла бойда бір өлең. О, құдірет! Бүршік жарып көктеп тұр, Көк найзасы киіз үйге сүйеген... Қу ағашқа жан бітірген қайтадан, Туған жер-ай, қандай ғана киелі ең! Ізгілігі жоқтың кетпес ізі өрлеп, Ерлікті де етіппіз-ау біз ермек. Деп толғанып тоқтамаққа ден қойды, Үздіккен ер жау жұлынын үзем деп. Туған жердің, жайған бейне торқадай, Топырағын сүйді сосын тізерлеп.
Тыныштықпен жер табады жарасым, Әмірім бұл, әскер біткен тарасын. Жау ұрынса жиылармыз бас қосып, Ал әзірге шаруасына қарасын. Осы оқиға кеткен бізді ойлантып, Бейбіт күннің меңземей ме бағасын! Қыран көзі көрді жасақ сапынан, Жатқандығын әр жүректе асыл ән. Туған жерге тағзым етіп тұрыпты, Шуақ шашқан, күнге қарап жас ұлан. Қабағына қаһар түнеп түнерген, Қалың қолын түсіріпті атынан... ...Әңгімемнің астарына алаңдап, Отырған да боларсың сен бағамдап. Дауа болып жас батырдың жанына, Атамекен ауасы тек жаға алмақ. Найзаға сап болған ағаш құрлы да, Бұйырмапты өз жерімнен маған бақ.
Тұсаулы аттай міне тоқсан жастамын, Қамықпаймын ойлап жалғыз бас қамын. Тәтті мұң бар қуанышқа бергісіз, Ал мендегі - тамұқтай мұң, басқа мұң. Темір торға қамап қойса торғай да, Аңсамай ма қанат қағар аспанын. Шыдау қиын адам болсаң шын арлы, Мақсатың да жат өлкеде мұнарлы. Түргім келіп көңілдегі тұманды, Аңыратып саламын-ай бір әнді... Өсімдік те өгейсімей өзегі, Өз жерінде көктесе тек құнарлы! Сағынумен кіндік жұртты мен әр күн, Жанарыма меруерт боп қонар мұң. Алмағайып дүлей заман күшімен, Арнасынан ауған өзен болармын. Мүмкін, құстай ұяма кеп қонармын, Мүмкін мұнда күзгі гүлдей солармын.
Жұмбақ маған, енді қанша жол жүрем, Кеудемдегі өртті қалай сөндірем?! Туған жердің топырағы-ай, жусаны-ай... Бір иіскесем болар еді-ау ол бір ем! Өтер едім армансыз боп дүние-ай, Туған жерде үзілсе егер соңғы дем!..
БЕС АСЫЛ
(Поэма-монолог) Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым, ойлап қой – Бес асыл іс көнсеңіз. (Абай) Қолымдағы қаламға, Сын болсын бір, бастадым... Ашып бере алам ба, Әр асылдың астарын?! Әлде, жолда қалам ба, Көлігімнің жүгі ауып. Түсірді ойлар алаңға, Бала сынды жылауық. Тәуекелдің қайығын, Ой-теңізде жүздірдім. Шалалыққа байыдым, Даналыққа ділгірмін. Құлаш ұрдым қиынға, Қабылдар ма сөзімді ел?! Мың құбылған, миымда – Кемпірқосақ сезімдер... О, талабым бағзыдан, Туыс едік еңбекпен. Құр қайтпасын қанжығам, Кезің жоқ-ты кенде еткен. Жегілмейін жеңілге, Терең ойға сүңгиін. Бей-жай болған көңілде, Соғып өтсін бір құйын!
Қуанышпен қолдастық, Қанағатым, әрдайым. Рахымды жолдас қып, Жолдарымды жалғайын. Бес асылдан сезінген, Сырымды айтам, сыналай. Төрелігі өзіңнен, Ақын-баба, ұлы Абай! *** Әр таң сайын асығам, Ойда мақсат мекендеп. Талабымды тасыған, Тұсамасам екен деп. Шырайлы сөз шыға ма, Қаламымды қысқанмен. Жүр, уақыт – ғұлама, Талабымды ұштаумен. Талаптарда бар ұшқын, От бола алса, әрине. Басталуы әр істің, Тым ұқсас-ау сәбиге. Сәби ұғып тұр нені, Еңбектейді ұмтылып. Талпынады жүргелі, Бір жығылып, бір тұрып... Міне, осылай талапқа, Басталады жол деген. Өмір атты алапта, Кедергі көп көлденең.
Жеңіп шықса, ал мұны – Талабының барлығы. Қадамының бар гүлі, Адамының нарлығы! Өткен күнге жоқ өкпе, Әлі есімде бала шақ. Үлкендерге көмекке, Қуанушы ек жарасақ. Су құйып қарт қолына, Жүрген құйттай баламын. Алар алғыс оныма – «Таудай болсын талабың!» Талап тағы тұрды алда, Білімі боп мектептің. Жанымды ашып жырларға, Болашаққа беттеппін. «Босқа уақыт кетірме, Жыр жаз!» деді талабым. Қағаз-дала бетінде, Түрен салды қаламым. Ой мен еңбек бірігіп, Талапқа осы жалғасар. Ей талабым, қиялдың, Тарпаңына шалма сал! Майы біткен шамдайсың, Талақ қылсаң талапты. Түк бітіре алмайсың, Болсаң-дағы талантты.
Еңсеңді еш түсірме, Қыран құстай жай қанат. Берекесіз ісің де, Талап болса тайғанақ. Талапсыздық – тұңғиық, Құлап түскен сорлайды. Қол бұлғаса бір биік, Талаптанбай болмайды. Жаттығамын жүруге, Ойға сапар шектіріп. Талаптана білу де, Түсінгенге, тектілік! *** Жалқаулықпен жауласып, Үзем салған шідерін. Жанаярмен арбасып, Алқынады жүрегім. Тер төгіліп маржандай, Шалқып тұрған шағымда. Болады бүр жарғандай, Арман гүлі жанымда. Еңбек-бақтың күй-әні, Дәмін татқан түсінер. Қайдан ұқсын, қиялы, Қалғып жатқан кісілер. Ол жеңбейтін қиынның, Барлығына иланбай, Тастүлектей түйіндім, Еңбек-дұғам, имандай.
Қара бұлттай көктегі, Жабырқаса көңілім. Жадыратар тек мені, Жұмыс атты серігім. Қартайып, күш кетілді, Еңбек жоқта жаныңда. Семген ағаш секілді, Су жетіспей тамырға. Сәл нәрсені мұң етпе, Опа бермес отыру. Жер қазбаған күрекке, Тап болары-тотығу! «Қадір тұтам бағаңды!» Деген, мені тербетті ой. Дүниеге адамды, Алып келген еңбек қой! Ерні шыт-шыт жарылып, Көні кепкен тақырдан: Еңбек сенсің,сарылып, Жұмақ жасап жатырған Сенсің,менің балама, Қалдыратын мол мұрам. Сосын....дарқан далама, Тағдыры ұқсас домбырам. Теңеу айтам «Күнсің!» деп, Жүрген жерің - нұр еді. Мына әлемнің,дүрсілдеп, Соққан сенсің жүрегі!
Арнап саған әнді де, Жыр қыламын еңселі. Сиынатын мәңгіге, Пір қыламын мен сені! Тағдыр сыйы деп ұғам, Өмір сынын жолдаса. Не қызық бар? Не қылам?! Егер еңбек болмаса! Бақыты үшін халықтың, Еңбектенсем сүйініп. Өзі келіп даңқтың, Тәжім етер иіліп! *** Жүрген мені жырлатып, Ойлар, ойлар.. ойлар-ай! Кетер ме екем шым батып, Тереңіңе бойламай. Терең ой – ол, - толған-ай, Ғашық қылып қойғаны-ай! Қалай жүрем, толғамай, Қалай күлем, ойламай!? Берері жоқ көп ойдан, Өрелі бір ой артық. Орағытпай оңайдан, Мәселені қояр тік. Бірі қандай ащы да, Бірі балдай тәтті еді. Дана ойлар – жақсы да, Қарау ойлар – «әттеңі»
Ойға керек еркіндік, Жету үшін заңғарға. Қамап қойсаң көркің ғып, Тордағы құс самғар ма!? Терең ойдың жарығы, Түспесе егер маңына. Ондайдың тұл дарыны, Пайда етсе өз қамына. Ақыл-ойдың жемісі-, Қоғам дамып, гүлденсе. Болар ма, ой жеңісі, Бастан шықпай сүрленсе. Сан сауалын қойды әр күн, Жауап бер деп білгірім. Бас – ордасы ойлардың, Соған жүгін ділгірім. Қазандай бас кәдімгі, Шақша бас пен қасқа бас. Тізе берсем табылды, Тағы, тағы... басқа бас. Доғарғаным жөн болар, Тұрған не бар пішінде. Түйсік қандай, толғанар? Әңгіме – бас ішінде! Жемтік күткен, дәмелі, Қарақұрттай тор құрып. Бір баста тұр, бәлелі, Бұғып зорлық, зомбылық.
Біреуінде мөлдіреп, Қарайды ұлы махаббат. Біреуінде елжіреп, Шуақ шашар шапағат. Біреуінде қазулы, Ор жатады, бар тұзақ... Біреуінде жазулы – «Баю!» сөзі, жалғыз-ақ! Тәлтіректеп көрінген, Мастың басын қаралық – «Арақ керек!» делінген, Анықтама бар анық. Ашық ой ма, солғын ба, Дұрысы мен бұрысы. Болады екен ойдың да, -Ірісі мен ұрысы... Тірлік жолын парақтап, Ойлауым мұң ажалды – Тікенімен шабақтап, Ой-ошаған, маза алды. Арман ойды ағыттым, Сүйгеніме нұр жүзді. Муза келіп шабыттың, Қанатты атын мінгізді. Ойым менің терең деп, Күпір болар жайым жоқ. Сол тереңдік өлеңге, Керегіп жүр, уайым боп!
Ғұмыр – қамшы сабындай, Қимаймын-ау көктемді. Ойсыз күнім – сағымдай, Бұлдырайды, жоқ белгі. Тағат таппас тынымым, Ойға деген құмарлық – Сезімімнің шыбығын, Шығарады шынар ғып. Мейірімді шуақты, Ұялатып көзіме. Маған бақыт сияқты, Ойланудың өзі де! *** Сұрақ қоям өзіме – «Қанағатым бар ма, осы?» Сонда мені тезіне, Салып алар, ар-досым... Пысқырмаймын, «пышақтап», Жатқан аяр өсекке. Қанағатты құшақтап, Көз ілемін төсекте. Балалыққа іш бұрады, Ойнап көрем санамақ. Жеті әріптен тұрады, Құмар қылған қанағат. Айтсам тәнге қаратып, Жеті мүшем емес пе. Жеті шелпек таратып, Бабамды алам мен еске.
Жұмбағы көп жетінің, Сықай толған сұраққа. Жетілігің – жеті күн, Уақыт-ау, бір апта! Ұршығындай анамның, Дөңгеленер күн зырлай. Қанағатқа тағам мін, Бұрау басын сындырмай... Қанағатқа сарапшы, Болам дей ме тегінде. Қарар, Жетіқарақшы – Жеті жұлдыз көгімде. Жасыратын несі бар, Күйді қойып кетіп ем. «Қанағатты есіңе ал!» - Деп, сыр айтты жетіген. Қанағатқа қарамау – Бір бәлеге ұрыну. Бас көтеріп алады-ау, Оқ жыландай құнығу. «Алсам, алсам!» деуменен, Жанұшырып, жанығып. Ынсап кетер кеудеден, Тұрмаса да тарығып. Толтырсам деп мына үйді, Обал, сауап – бәрі ұмыт. Аш қасқырдай ұлиды, Анталаған әр үміт...
Шыңыраудан, безіне, Қарағандай сарылып. Кең дүние көзіне, Көрінеді тарылып. Ашкөздіктен бас алар, Мысық тілеу, жымысқы ой. Бір күндері жасалар, Ол – қиянат, қылмыс қой. Тиын сауып тойынған, Саудагерге жаным қас. Қанағатты бойынан, Іздесең де табылмас. Бабам сөзі: «Қанағат – Қарыныңды тойдырған. Қанағатсыз, жаман-ақ! – Жалғыз атын сойдырған». Тамақтансаң, шамаң ба?! Мөлшерді еске ала біл. Болса жақсы санаңда, Қанағатың қарауыл. Шартық іштер шерте ме, Мешкейлердің арманын. Естіп едім, ертеде, Қарындарын жарғанын. Айтар екен кім, мынау, Тырысу деп намысқа: Түсу деген сұмдық-ау, Тамақ жеуден жарысқа.
Қанағаты бұйырмай, Ас жетсе де жерлікке. Іші кеуіп, сиырдай, Серейген де ерлік пе?! Сақтап істен сан ағат, Асып жүрсің пайдама. Қарапайым қанағат, Керексің-ау қайда да. Өнеге алып өткеннен, Күлден, қызыл шоқты айыр. Қанағаты кеткеннен, Көмек күтпе, жоқ қайыр! Әуреленбе күн-түні, Күлден іздеп жалынды. Қанағатсыздық күлі, Күйелейді арыңды. Күлмен көмген көп сұмдық, Соқтырады саныңды. Ұшқын атып шоқ-шындық, Жылытады жаныңды. «Табиғаттай анадан, Алу керек үлгіні... Әкем, сынай қараған, Былай деді бір күні: ... «Адам үшін, дүние – Сордың суы, - біл, мұны, Қанша ішсе де қанбайды, Кебе берер ындыны.
Басы жерге жеткенше, Болып біреу жүр құлы. Қашан жұтып кеткенше, Тойымсыздық құрдымы...» Толмай қойды теңгелер, Түбі тесік қалтама. «Қанағат» деп дем берер, Ризамын қалқама. Бер қанағат құдайым, Денім сау ғой, шүкірмін. Ынсап керек лайым, Байлығыңа түкірдім! Қаншама, біз күтпеген, Жаңалықтар, әлі ашар. Қанағатсыздық деген, Тек білімге жарасар. Жалауым боп қалады, Шыт шүберек жөргегім. Әлди-әлди... – ана әні, Тірлігімді тербедің! Қанағатым барда мен, Ешқашанда жарлы емен. Жүрегімде: тұлпардай Тулап тұрса, арда өлең! О, қанағат, қанағат... Сыр бар сенде ғаламат! Жыр бар сенде ғаламат! Жоламайды жаманат, Сен бар болсаң саламат!
*** Қайрымдылық желегі, Кеуделерде көктесе. Қалай жүрек сенеді, Әділеттік жоқ десе?! Мейірімділік қашанда, Табынуға тұрар іс. Ниет бөліп нашарға, Қамқор болу – қуаныш. Кейде үнсіз қалдым ба, Ойға кінә артамын. Ар-ожданым алдында, Таразыға тартамын... Екіжүзді-ау, тегінде, Жалған қайыр жасаған. Бірақ өзі көрінбей, Тас атады тасадан. Өкінішті, наланы, Бойыңдағы алаңдар. Айықтырып алады, Ақ пейілді адамдар. Түсінсем де қалауын, Рахымы жоқтардың. Аяушылық алауын, Тұтатуға оқталдым. Нақақ жанды жатса ұрып, Қалсам қорғап тепкіден. Ол өзіме жақсылық, Жасағаным деп білем.
Барлық ізгі ой топталса, Асқақ тұрар адамдық. Рахымды көп болса, Азаяды жамандық. Қайыр қылдым, құныққан, Қадір білмес біреуге. Қазір соны ұмытқан, Танауы көк тіреуде. Дәл осындай оңбаған, Арамызда жан аз ба?! Рахым құсы қонбаған, Сөз шығын ғой, сабазға. Шіркін көңіл қалмай ма, Насыбайдан бір атым... Созар қолын сондайда, Рахым ғой, рахым. Рахымға қатты ұйып, Өткен бабам, сыр аңда: Шығарады ақ құйып, Үйге кірген жыланға. Қаталдық та жат енді, Асар болса кемерден. Қаншама қырғын әкелді, Өткен нәубет өлермен. Көрдік талай азап біз, Бүгін міне азатпыз. Ұлы, ақылды қазақпыз, Рахымды қазақпыз!
“Өмір барда-өлім бар, Жақсылықтың жолында әр: Рахымды болыңдар, Рахымды болыңдар!”- Деген дауыс санамда, Тіл қатады адамға. Ғашықтықпен қараймын, Ғажап мынау ғаламға. Жауыздықтың кәріне, Тіршілікте өріс тар. Адамдардың бәрі де, Рахымға борыштар. Сонда –арман, мұратың, Кең пейілің даладай. Керек бізге рахым, Тыныс алар ауадай! *** Талап-тұлпар емес пе!? Таң асырып мінейін! Ездік түссе егеске, Қарсы шауып жүрейін. Сүйеу болар сасқанда, Өр талабым бар менің. Сол ғой бір іс бастарда, Жетер “Жедел жәрдемім” Еңбек етем қуана, Иыққа алып небір жүк. Тиген маған сыбаға, Еншім еді өмірлік.
Жүрегім ой тербеткен, Жалын едің,мұздарсың. Тек тілегім, еңбектен, Кейінгіге із қалсын! Терең Ой-ол, жарық күн, Нұрландырған санамды. Соған қарап халықтың, Берері аян бағамды. Үңіледі жаныма, Үміт күткен ертеңім. Жаям ұрпақтарыма, Ойларымның өркенін. Қанағат тұр көңілде, «Бергеніңе шүкір» деп. Үлде менен бүлдеге, Орамай-ақ бүтіндеп! Жамандықты жолатпа, Бола берші сен үстем. Көкіректе қонақта, Менің аппақ періштем... Рахым күт, дұшпаным, Қатыгездік жоқ менде! Ару өлең құшқаным, Сезім келіп өпкенде... Зұлым шықса құтырып, Рахымды көп пенде. Болам қыстан құтылып, Кезіккендей көктемге!
Ойлар қосып ойыма,. Ізденемін, шарқ ұрам. Бес Асылды бойыма, Дарытуға талпынам. Бес саусақтай бірігіп, Жұдырықтай түйілсін. Тұрса солай ұлылық, Құм қабады қиын сын. Тебірентсе бай тұлғам, Көрсе-ау, сондай шағымды ел... Бес қаруы сай тұрған, Сияқтанып жауынгер! БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН (поэма) Шұбырған соқпақ, сияқты тілген таспалар, Таспа жолменен қайыспай тартар қасқа нар. Шығысқа қарай, Қошақтан әрі көсіліп, Маңғыстаудағы Бозащы түбек басталар. Бозащы бойы басынан кешкен небір сын, Көнеңді қозғап, қамшысы ойдың өрілсін. Өзгені қайдам, өзіме бірақ өзгеше, Талтаңдай басып, тартынбай шығар төрімсің.
Ойдым да ойдым тақырбас сорлар, жалаңаш, Жалаңаш жер деп жырламай кету жарамас, Терістіктеңіз, түстігі – қырат, жазықтың, Ақ шөбі менен ащысы өскен аралас. Қырында киік, құмында қоян секеңдеп, Құбылма теңіз ұмтылар елге жетем деп. Орта еспе ауылы орнығып отыр озалдан, Түбектің осы терістік бетін мекендеп. Бір жағы Құлтай сораңы бітік, сары-ала, Бір жағы Тәпей, Құлметен жатыр арада. Өтірік-шынды әңгіме түрлі өрбитін, Жол жүрген адам жоламас Шайтанқалаға. Түрлене түлеп балықшы ауыл өрнегі, Тоқыла бермек күн сайын өмір өрмегі. «Путь к коммунизму» колхозы деген атының, Өзі де дардай, сөзі де дардай көрінеді.
Матайдың ұлы Жақсығат онда басқарма, Жоспарды артық орындап ылғи басты алға. Қарауындағы колхоздың әрбір мүшесі, Жүргендей еді арқасын сүйеп асқарға. Тәртібі қатал, төске сап соққан темірдей, Шөнжігін шынжау, ширатып алар шеріңдей. Құшағы ашық, қардер боп келген кісіге, Жанына жайлы тиетін, жаздың желіндей. Қайраны бар ма, ауданнан құдай қылса алыс, Иықтан басып, бітуін күткен мың-сан іс. Шаршатқан шаруа , шалғайын жиып алуға, Жетісе бермес кейде бұған мұрша, күш. Қашан да халық, қоңторғай күйге қарамай, Далиған анау, пейілі сайын даладай. Жұдырық болып жұмылған саусақ сияқты, Барлығы бейне бір үйден өрген баладай.
Ұйымшыл ұжым тірлікте тынбай, тырысса: Ынсабы ырғын, ынтымақ пенен ырысқа. Осылар барда қандай да болса жасығың, Алдырмас қамал, айналар мықты құрышқа... ...Көтерген шақта қаһарлы жылдар қатпарын, Ерекше есім қоюды ойлап жатпадым. Тағдыры талай жандарға ортақ болған соң, Бозбала менен Бойжеткен қойдым аттарын. Елестеп маған еңбеккер жандар бейнесі, Жасаған жұмыс, жабысып термен жейдесі. Өмірдің өзі оларды ерте есейткен, Дамылсыз мынау қағылып мезгіл делбесі. Жастарға мақсат, перзенттік парыз теңдеген, Орта еспе – Отан, Орта еспе –бесік, тербеген. Тірлігі күнде толқындай жатар толғанып, Кіндігі бірге осынау жұмақ жерменен.
Бұйрат құм бүркеп, бауырға қысып боз дала, Отырушы еді Бойжеткен менен Бозбала. Кездескен сәтте атқақтай соғып қос жүрек, Көңілдің сөзін тұратын айтып көз ғана. Ыстық от шарлап жүргендей тұла бойларын, Отырар ұзақ, қарауылындай қойманың. Қиялға еріп, жеті қат көкті кезеді, Таба алмас едің Орте еспе жақтан ойларын. Желпіді самал бетінен сүйіп, жай, құмды, Махаббат – бақтың, мәңгілік жыры айтылды. Айшықты әсем сырғадай, ару тағынған, Айтылған сертке куәдай қарап ай тұрды. Бойжеткен биыл он сегіз жаста, дер кезі, Құлпырған қызға қанығып қалған ел көзі. Жиырмаға шығып, қылыштай қылпып Бозбала, Секілді боп жүр: батыр да өзі, ер де өзі.
Ажалын айдап, батыстан тажал түйіле, Үрейін үрлеп ауылдың әрбір үйіне. Астан да кестен болды ғой, соғыс басталып, Дауылды күнгі сырғыған құмдай дүние. Табанға түсті қаншама жерлер, қайран да... Қанды қол жендет шеңгелін созып жайды алға. Отанға қауіп төнгенде қалай отырмақ, Бозбала бірден сұранған сонда майданға. Аттанар күні... Біреудің бармақ жалқысы... Түгелдей келген шақыру алған бар кісі. Кетеді бүгін, орталық қала – Кетікке, Бір құдай білсін, беймәлім одан арғысы. Бойжеткен мұнда жүгіре жетті, қалмай жан, Алқынып демі, ондайда болсын әл қайдан... Ұшатын құстай Бозбала дереу ұмтылып, Айқасып құшақ, ынтыға сүйді маңдайдан.
Қоштасты қыз да егіліп үнсіз, қия алмай, Қалайша көнбек, жібермек қалай қиянға-ай?! «Жасаған ием, жар бола гөр!» деп жалынып, Дәрмені құрып, отырып қалды құяңдай... ...Қаламы қолда, Бозбала окоп ішінде, Хат жазып отыр толғанып ойлы пішінде. Маржандай етіп қағазға сөзін тізеді, Санасындағы сырласып іштей мүсінге. «Сүйіктім менің! Аман-сау жүріп жатсың ба? Айтылған сырым, адаспай сені тапсын да. Күтіп тұр алда шабуыл, алғы шептемін, Бөлімше біздің таңертең алған тапсырма. Жартысы елде қалғандай бейне жанымның, Толғанып тұрып, ауылды туған сағындым. Шуағын шашып күлетін күні шығыстан, Тырмыса шығып, төбесін басып шағылдың.
Халдерің қалай? Қайдасың қазір қалқам-ай, Екеуміз-дағы күй кешіп жүрміз әрқалай. Бермейді маза өзіңді ойлағаннан ба, Санамды сұрақ арадай шағып, анталай. Жүрсең де тылда тимейді оңай, түсінем, Майданға әркім қосып жүр үлес, ісімен. «Амандық хатты» көгершін құстай ұшырдым, Сұрапыл шайқас, алапат айқас ішінен. «Көгершін құсым» өзіңе самғап жетер ме, бораған оқтан аман-сау өтсе, бекер ме?! Халқымды қорғап жүрмін-ау деген бір сезім, Кеудеге қайнар күш құйып кетеді екен де! Жырақта қалды жастықтың шаттық-сайраны, Сайранның соңы – Сталинград майданы. Жағадан кетпей көлдегі жауыз жыртқыштар, Қос аққу сынды қауышар күндер, қайда әлі...
Білдік қой енді, тыныштық дәурен бағасын, Жатырмыз қазір жастанып қалмақ даласын. Жау жағы алға жылжи алмаған, ашулы, Қасқырдай ұлып, жазбақшы жалап жарасын. Сыналар сәтте, көтерер жүгім мол, білем... Қинасын мейлі, қиындық мені, көндігем! Мойылдай көзің мөлдіресін деп, мұң шалмай, Шайқасам сәулем, қалғанша бойда соңғы дем. Тоз-тозы шығар, торлаған соғыс бұлты да, Дұғай да дұғай сәлемді жеткіз жұртыма. Жеңістің туын көтеріп қайтам, күт мені, Аяулым, жауап хатыңды тосам, ынтыға...» ...Пошташы жүрсе ауылдың ішін аралап, Үкідей көздер тесіле қарап қалады-ақ. Кінәлі жандай көңілі жер боп жүргені, Жүрегін жұрттың жүргендей өзі жаралап.
Жақсылық болса, жеткізгенше асық жан сала, Жақтырмас біреу, қаралы қағаз алса да. Торы атқа мінген пошымы бөлек пошташы, Торы атты шалдан торыққан жандар қаншама. Бір үйде сонда, шаттыққа толып шаңырақ, Бір үйде сонда, боздағын жоқтар аңырап. Торы аттың басы туралап келсе есікке, Үміт пен күдік тайталас түсер жамырап. Шыдамы біткен «шиқаны» шалдың жарылып, Тынысы тіпті кеткендей оның тарылып. Құйтырқы кәсіп құйрығын кесіп құтылмақ, Жайсыздау тиген жағдайын айтып, арылып. Кеңсеге кірген, қырсыққан қарттың қаталы-ай, Дүр етті қоржын, құлаштап атқан сақадай. Басқарма аң-таң, шаршаңқы жүзді шал менен, Қоржынға қарап, ауызын ашқан бақадай.
-Қарағым, мына жұмысың маған қол болмай, Қайғылы жанмен қосыла жылар, сор болды-ай. Әкелдім әне, көлігің менен қалтаңды ал! Торығып келдім, тұзаққа түскен торғайдай. -Болғам жоқ, әзір, кежегем тартып, керенау, Жастарды жекпей отыр бұл дерсіз, неге анау?! Мұндайда, сірә, бала емес, дана өзіңдей, Басуын айтып, дем берер біреу керек-ау... Дегенде бастық, шабынған шалың шалқайды, Дуалы сөзге дау айта алмай марқайды. Бұрынғы қамыт бұйырар түрін байқайды, Шарадай болған шарасыз басын шайқайды.
Болған ба себеп, бастықтың берген «сабағы», Момақан күйде, ашу жоқ өңде манағы. Көзіне «күйік» қоржынды қысып қолтыққа, Қонжиып атқа, пошташы кетіп барады... ...Іргеден дұшпан, жұмыстан қалай тартынбақ?! Бойжеткен қазір балықшы болған, қарқындап. Түрінген балтыр талайдың жанын түртеді, Балықтың анау бауыры сынды жарқылдап... Қып-қызыл гүлдей, орамал тартқан қырмызы, Жап-жарық қылып тұрғандай маңын нұр жүзі. Бір нәзік жылу төгіліп тұрса жанардан, Қандай да жанның кеткендей еріп сүр мұзы.
Сынбайтын исе, сәмбі талға ұқсап, төнсе сын, Көтеріп тіке ерлермен бірдей еңсесін. Атылған оқтай, түсетін ауға әр балық, Көрсетіп бағып, жатыр-ау жауға ел, сесін. Табысты жалғап еңбекпен атар әр таңын, Құлаштай тартып, зілмауыр аудың арқанын. Ісіне мығым, әйел ғой зады демесең, «Бір бидай еді ішінде жүрген арпаның». Ұсынбай сый ғып, еңбекте жеткен жеңісін, Бәрі де майдан, бәрі де туған ел үшін. Алынған меже асуын місе тұтпастан, Ұзарта түспек орындар жоспар желісін. Бұрала басып, барады қалқып Бойжеткен, Жанары мұңды, немене екен ойлы еткен?! Ырғалып қалып, қос бұрым қыпша белінде, Көлбеңдей өтсе бүрмелі жібек көйлекпен.
Балықшы қосы. Пошташы кейіп, күңкілдеп: «Бойжеткен қайсың? Алсыншы хатын, бұл кім?»,-деп. Қызарған алма сияқты жүзі, қымсынып, Созған-ды қолын, жүрегі құрғыр лүпілдеп. Аулаққа барып, оңаша жерге тасалау, Дірілдеп демі, аптығып жүріп ашады-ау... Тіл қатып тұрды, аймалап қызды әр әріп, Сулайды хатты, шаттықтан шыққан жасы анау... ...Жүйріктей жүйткіп арада өтті жарты жыл, Хабар жоқ әлі, баяғы күткен қалпы бұл. Қайсарлық қана келеді оны құлатпай, Желібреп желдің өтінде өскен жалқы Гүл.
Кеудеге басып, қағазды ұстап қамықты-ай, Қайталап қайта оқудан күнде жалықпай. Сүйгені жолдап, жіберген тұңғыш жалғыз хат, Жүрекке сәуле түсірер нұрлы жарықтай. Сол ғана мұны қолтықтан алып демеген, Сол ғана мұны саясына алған ер-Емен. Сәл ғана мұңы көзінде жатты ұялап, Сол ғана мұны сезімге тәтті бөлеген... ...Мамырдың гүлі жұпарын шашып жердегі, Сүйінші сұрап жүгірді жандар елдегі. Қуаныш-тасқын, кеудені кернеп, селдеді, Жеңіс те келді, сүйгені бірақ келмеді. Келмеді...қайтсін, қападан құса өлмеді, «Хабарсыз кетті» дегенге көңіл сенбеді. «Кебін емес-ті, кебенек киіп кеткен» деп, Сенімнің әсте шырағы жанған сөнбеді.
Намысқа тиер, налытқан сөзге нана алмай, Мұның да көкте жұлдызы туып, жанардай. Үкілеп жүрген үмітітң жібін үзбеумен, Елеңдей күтті, ертең-ақ келіп қалардай. Сағымдай көшті, бұлдырап артта сан жылдар, Бозбала болды кешегі сәби балғындар. «Келеді елге, келмеуі мүмкін емес» деп, Шерткендей сырын, сыбырлап бұған шалғындар. Сағынған шақта шарлайды ауыл шағылын, Осы ғой, осы... бейнесі ыстық шағының. Отырар еді... Бозбала барадай жанында, Аялап, ішкі аяулы арман ағынын. Солай да солай, сынаптай сырғып жыл деген, Ұлғайып жасы, ызғырық есті іргеден. Әлеміш әжім, ағарған шаштың әр талы, Біле білгенге, киелі неткен сырлы өлең!..
Баяғы түрдің бірі жоқ, беттен әр тайып, Кейуана боп, тартыпты еңкіш, қартайып. Айрылмай қойды аяқтан шалып ауру да, Жиілеп кетті, жатуы ылғи жантайып. Жазмышқа шара жоқ екен сірә, көнді бұл, Жаутаңдай қарап, жанардан сөнді соңғы нұр. Өлерінде де «келді ме?» деумен, қайталап, Солды ғой ақыр күтумен өткен сол ғұмыр... ...Өмір ғой өмір... Өкінішсіз ол болған ба?! Түйін түй содан, тағдырды ойлап толған да. От шалған жердің орнында қаулап жас шыбық, Айналып кеткен тамыры терең орманға.
Мәңгілік алау, қарасаң анау көз қақтар, От кешкен, сонда, түседі еске боздақтар. Қаныққың келсе, қасірет тұнған күйлермен, Қаһарлы жылдың қыл ішегін, бар, қозғап қал... Қаһарман көрсем, батыр ғой десем таң қалма, Өздері өлген, жол ашып беріп арманға. Бүгінгі ұрпақ сол үшін мәңгі қарыздар, Бозбала менен Бойжеткен тектес жандарға! ДУЛЫҒАЛЫ ДАУЫЛПАЗ (поэма) I. БАТЫРЛЫҚ ПЕН АҚЫНДЫҚ Айтулы небір дарабоз өткен даламда, Батырлық пенен ақындықты еске алам ба: Дулыға киген дауылпаз ақын Махамбет, Атойлап шыға келеді менің санамда.
Аруақтанып адуын асқақ жырынан, Сүңгідей өткір сөзінен оның сыр ұғам. Аты ойнап шығар қоғадай жауды жапырып, Жарқ еткен алмас қылыштай бейне қынынан. Ойранды салып, орданың түріп іргесін, Егеулі найза егескен жауды түйресін. Дулыға киіп, домбыра қолға алғанда, Батырлық пенен ақындық тапқан үйлесім. Батырлық басқа, ақындық деген бір басқа, Түсіне білсек тұғырын тауып тұрмас па. Құдірет демей не дерсің, жұртым, не дерсің, Екеуі бірдей тоғысып жатса бір баста! Батырлық пенен ақындық егіз о бастан, Жауыңды жаншып, дауыңды басып жол ашқан. Алады кегін, алады демін сонан соң, Жабады бұлтын көрпе ғып сонда көк аспан.
Түздегі ердің жазира дала – төсегі, Долы дауылдан қайтпайды оның меселі. Түсімде тыным таба алмай шаршап кейде мен, Іздеп жүремін қайда деп ерлер кешегі. Кешегі ерлер... көшеді көздің алдынан, Үзеңгі батып, тұлпарлар көкке қарғыған... Дулыға киіп даласын қорғау дегенің, Даңқты дәстүр, ұрпаққа мирас арғыдан. Даласын қорғау – анасын қорғау, бесігін, Уақыт – абыз айтады бір күн кесімін. Боз жусан құшып көз жұмған батыр боздақтың, Ертеңге алып барамыз ту ғып есімін. Ұрпақтың дәйім бостандық болып ұраны, Жарқырай жанбақ болашақ күннің шырағы. «Елім!» деп өткен ерлермен бірге, еңкеймей, Еңсесі биік Махамбет ақын тұрады.
Махамбет –ақын, Махамбет – батыр, марғасқа, Ақындар жүр ғой өзіңді теңеп алмасқа. Түнекті түрген найзағай оты сияқты, Нар тұлғам менің, уәжім бар ма нанбасқа?! Тарихым ғажап, оқысаң жаның толқынар, Тек болсақ екен, ойынпаз емес, ой құмар. Төрімде тұрған домбыра менен дуылға – Біздерге мынау, бабадан қалған бойтұмар. Зарына құлақ түремін-дағы сол заман, Махамбет болып мұңаям шерді қозғаған. Сілкінем сосын, Атырау сынды долданам, Махамбет болып тілімді тартпай толғанам. Беймәлім маған өңім бе, әлде түсім бе... Қиял-ай қиял, керемет сенің күшің де. Бірігіп алып батырлық пенен ақындық, Айналып кетті Махамбет сынды мүсінге!
II. ЖӘҢГІР ХАНМЕН ЖЕКПЕ-ЖЕК
Өңеші обыр қаһарлы ханның ордасы, Халықты қанап отырған нағыз сор басы. Керуен-керуен қазына кірген қақпада, Күзетші үнсіз, қимылды баққан болмашы. Кектеніп алған Махамбет ақын келеді, Шеткері қалған, сауықтың болмай керегі. Ат құйрығын кеспекші бүгін ордадан, Сарайға беттеп шығудың сыры, себебі. Келеді ойлап: «Соңғы рет ханмен кезігем, Бітсе екен бәрі, бәрі де бітсін тезінен». Палуан тұлға пішімін көріп күзетші, Ұзатып салды қадалған жылан көзімен. Жарлығы ханның...шақырып жатыр дегесін, Елгезек жүрек сезеді тегін емесін. Естіген шығар...өлуге бар деп ел десе, Естіген шығар, өзімен іштей егесін.
Ашылды есік – аждаһа ауыз, арандай, Көрінген жанды көмейге қылғып салардай. Тістенді ақын, төбеден түскен бүркіттей, Тас-талқан етсе, айызы қазір қанардай. Сабырмен кірді, сұрланып өңі шырайлы, Қашады күдік, жүгіртіп көңіл-құмайды. Немене айтпақ, немене бұдан сұрайды, Тағында ханың тағатсыз күткен сыңайлы. Жәңгір хан: Махамбет төрлет, кел бері, Айтпағым бар-ды өзіңе. Ерекше ер ең елдегі, Тағдырдың төзер тезіне. Ордамнан орын беремін, Жырыңды толға, тайынба. Ақылшы болсын деп едім, Жан балам Зұлқарнайынға. Жөні жоқ бұлай жүрудің, Әбзелі алтын атқа мін. Толықсып тұрған сұлудың, Тілінің балдай тат дәмін...
Айбынын асыр сарайдың, Маржандай мөлдір тіз де өлең. Түсіне кірер талайдың, Жұмағың осы іздеген. Жамауға келмес жыртығы, Кедейде жарлы қалды-ау нең? Қондырып көзге күлкіні, Сазынды төгілт, сал дәурен! Тасыған селдей ағыла, Арнадан асты қылығың. Жарасын салды жаныма, Іріткі салған бүлігің. Қадалған жерден қан алып, Көрместей қайта қасарма. Сондықтан келіс, тоба ғып, Келісім жақсы қашанда. Ордадан мынау кеткенің, Бақытты басқа тепкенің. Опынтып жүрген онсыз да, Өршітпе отын өкпенің. Жемсауы толмас жұртты аяп, Жүргенің дұрыс ісің бе. Жауғалы тұрған бұлттай-ақ, Түтігіп тұр ғой түсің де.
Қалатың болсаң қасымда, Ханыңның даяр жәрдемі. Жау болсаң-дағы жасырма, Жауабың айтар бар ма еді?! Махамбет: Бармайды аузым айтуға «Хан ием» деп, Жатқан шақты халқымның халі меңдеп, Ақын қылып қайтесің, алаңдама, Жазу қиын жаралы жанын емдеп. Көнбесімді байлыққа көріп тұрып, Ерке арумен алдайсың елік-қылық. Қайда бұрып барасың көңілімді, Жел көтерген қаңбақтай желіктіріп. Бас тартамын, несіне таңсың маған?! Өлеңімді Орда емес, алсын далам! Сарайыңның асырар салтанатын, Төрелерің төбеттей арсылдаған. Бұқараға бұйырмай еріктілік, Бөрі тиген қой қылдың бөріктіріп. Езіледі соларға бауыр-етім, Сендей сұмға кетейін соны ұқтырып.
Келді бізге тіріде қол алмас күн, Олжа тілеп Ордаңа оралмаспын. Қайталайтын сөзіңді қағып алып, Торыңдағы тотықұс бола алмаспын. Тақпенен бір тұра алмас ақберен жыр, Өгейсіген қоштастым шақпен өндір. Сенделіп кеп тапқаны сен екенсің, Бәдәуи ме адасқан, бақ деген бір. Нарынқұмым бұйырмай налалымын, Кем-кетікке қимадың ала қырын. Бәсіреге берді ме әкең Бөкей, Ақжайық пен Еділдің аралығын? Тамағыңды қомағай кеней келдің, Шаш-етектен шығыны көбейді елдің. Тартқылаған терідей ит жабылып, Сілікпесін шығардың кедейлердің. Ортақ еттің, былғаныш, өз арыңа, Қайын атаң Қарауыл қожаны да. Қақпанымнан қашып жүр кәрі қорқау, Тәңір өзі түсірер тозағына.
Есіңді алды-ау, елімді ертер ісім, Арғымаққа ер салдым ертең үшін. Аталарым Тілеуке, Ағатайлар, Жоңғарлардың сыпырған жон терісін. Жынын шашқан бурадай долданба сен, Қажет бізге ел қамын толғар көсем. Жаудай тидің еліңе, жаңылмаспын, Жәңгір демей атыңды Жоңғар десем. Теңдік деген ұстанар ұранды ерек, Сен емессің, арнамды бұрам бөлек. Қалбаң-қалбаң жем іздеп қарқылдаған, Көң шоқитын қарға емес, қыран керек! Шығын қылып жатпайын босқа өлеңді, Көрмеймісің ажары көшкен елді. Қасқыр мен қой бірігіп қос көтермес, Күдеріңді үз, қасқыр хан, қош бол енді!
III. БАЙМАҒАМБЕТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Созылып жатқан қаймағын бұзбай сонысы, Құйқалы жер бұл – Баймағамбеттің қонысы. Тұқымы ханның бермейді теңдік тексізге, Бұрыс та болса, желіккен байдың жөн ісі. Ханыңды көрсе қалмайтын тіпті жағынбай, Шағымды келсе, бұзыла салар сабындай. Дегені болып, дәулеті өрге домалап, Ен салып алған Елекке меншік малындай. Жуытпас жанды, оты жоқ жұтаң жерге айдап, Баймағамбеттің зорлығы бүкіл елге айғақ. Шалғыны – теңіз, шалқыды деңіз шаруасы, Сұлтанның аулы Електің бойын ен жайлап. Қисапсыз малы қоңыздай өрген, қырдағы, Қожайын қарық, қызып-ақ тұр-ау қырманы. Күлкісін күндіз, ұйқысын түнде қашырып, Махамбет қана мазасын алып тұрғаны...
Електің бойын кенеттен елең еткізіп, Шықты бір хабар, сыпсыңы желдің жеткізіп. Қараны ханға теңгерем дейтін көрнеді Бүлікшіл екен, түсіпті қолға деп бұзық. -Махамбет батыр матаулы дейді, рас па? -Абақтыға айдап, атады дейді, рас па? -Батыр деп нең бар, есітіп қалар Байекең, Басыңа пәле болады байғұс, сыр ашпа! Сан-саққа бұрды буынсыз тілдер сүйреңдеп, Ақсағың - тыңдай, өтірік-шындай түрлі өңдеп. Барымта болған байлығын ойлап бүк түскен, Байлардың енді көңілі көншіп, бірленбек. Ақынды көріп айылын жимас, айбынды, «Баратын жерің белгілі ғой» деп бай күлді. Қаптаған сақшы қоршауында тұр Махамбет, Қасқая қарап, қолдары артқа қайырулы.
Баймағамбет: Түскесін қолға, кетті ерік, Байлаулы баспақ секілді. Көргің жоқ еді-ау, кектеніп, Тірлікте менің бетімді. Мүйізін тасқа соққылап, Құзардан ұшқан құлжадай. Жүруші ең шалқып, топ құрап, Көрсеткен тағдыр қылжағы-ай. Орнына есің түсті ме, Жоқ-жітік жұрттың ақыны. Ойнақтап жүріп үстіме, От бастың міне ақыры. Құтылам деме сен менен, Құрығым ұзын қайда да. Жолыма тұрсаң көлденең, Түсесің қақпан-айлама. Тілерсегімнен ілмек ең, Тілегің қабыл болмады. Табарсың тұрақ түрмеден, Қамалған аңдай тордағы. Қайтемін, сөзбен шеней бер, Менімен болсын мейлі ісің. Шыр бітпей өткен кедейлер, Шығарып алар деймісің?
О, дүниеде айт өлеңді, Періштесі мен жыны бар. Оралу қайта жоқ енді, Жат жерде көзің жұмылар. Дем беріп, басқан дауылды, Алладан күшті айналам. Бүргелі жүрген жауымды, Босағама әкеп байлаған! Махамбет: Сөйлей білсең, сөз де бір сойыл-дағы, Датымды айтам бүкпестен ойымдағы. Тілге тұсау салуың қиын болар, Салған кісен сияқты қолымдағы. Аярлықпен жыландай арбап жүрдің, Махамбетті құртуды арман қылдың. Жар жағалап жан баққан жапалақтай, Қолтығына тығылдың хан Жәңгірдің. Халық қарсы қиянат қылығыңмен, Кінәлі өзің, көрерсің мұны кімнен? Саяқ шығар сәтімді аңдығаның, Әлсіздігің емес пе, бұғынумен.
Едіреңдеу үйінде ерлік пе еді?! Білем, мені, жансызың «көрдік» деді. Хабар алды, қасқырдай қамап алды, Казак атты әскері Өрліктегі. Хан Жәңгірдің қанқұмар сақ құзғыны, Деген де сен «Түрмеге жапқыз мұны». Қапы қалдым қонақ боп бір ауылда, Әттең қолға тимеді ат тізгіні. Тіл тартпаспын, сен мейлі тектісің бе, Өкінішім қамыққан кетті ішімде. Абақтыда жатсам да, әруақ боп Тамағыңнан қысармын кеп түсіңде!.. Тыныштыққа зар қылдың тірлігімде, Алмас кездік жатпайды қын түбінде. Иманыңды айта бер осы бастан, Сәті келген өлерсің бір күнінде.
Бұғынасың түлкідей бұлтаңменен, Құлағымды сарсылттың «құртамменен». Сертте тұрмас сілімтік, сұмырайсың, Садаға кет сөзден сен сұлтан деген. Асқақтадың, тудың да Айшуақтан, Қиқаңдама, жабыдай қамшы батқан. Іннен басын қылтитып зып беретін, Жоқ-ау деймін айырмаң саршұнақтан. Бүктің бе ішке сұмдық ой, сұсты әлдене, Мүләйімсіп тұрсың-ау мыстан неме. Ауызыңнан қызыл қан атқылатар, Адырнадан аңырап ұшқан жебе. Қолын созып қалды ана, қалды бала, Көздің жасын жұтып сен қал күнәға. Қылғаныңды алдыңа бір келтіріп, Кездесермін тек қана қанжығада.
Баймағамбет: Сөзің мен көзің соншама, Кеудеме оқтай қадалды. Кісенде қолың болса да, Тұрсың-ау ұстап жағамды. Өлшеусіз етіп жауыма, Тәңір-ай, өткір тіл берген! Мерт қылар, қалса маңыма, Қарасы батсын бұл жерден. Аждаһа болып аш құрсақ, Абақты тосқан алдында. Төбеңнен жаумақ тас бұршақ, Тірескеніңе таңмын да. «Ежелгі дұшпан ел болмас», Деп айтқан өзің емес пе?! Болмасың мәлім сен жолдас, Елдіктен кеттік егеске! Қаңғырып бізге келген құл, Мұныңа сенің кім шыдар?! Ауырып, бұрын өлген бұл, Өтеміске де құн сұрар. Ашудың кетпей сызы әлі, Тұрғанын қара жүзінен. Жаралды аңдай ызалы, Көз жазып жүрмең ізінен.
Жетімнің мынау жетілген, Кетті ғой тіпті сөзі үдеп. Қаптыра бермей бетімнен, Әкетің ойбай, тезірек! ІV. ЕРКІНДІКТЕ Қап-қара меңдей беттегі, Далада жалғыз қарайған. Межелі жерге жеткелі, Талпынып жүрген талайдан. Төгеді шалқып күн нұрын, Сергітер самал жел демі. Махамбет еді, бұл бүгін, Асыққан, елге енгелі. Түрі жоқ жаннан түңілмек, Шалса да жарқын жүзді мұң. Көкейге келген күбірлеп, Тартпады ойдың тізгінін: «...Дақпырт-ау қазір дерегім, Ұзақ жол жүрген – атқа сын. Орынбор жақтан келемін, Түрменің көріп қақпасын. Көрмедім тіпті жасып бір, Тауқымет тарттым бірталай. Әлегің бастан асып тұр, Атаңа нәлет сұлтан-ай!
Хорунжий орыс тұтқынды, Бір кезде қалғам құтқарып. Кінәсіздікке – мықты үлгі, Болды да, соным шықты алып. Болмай тұр жағар салтыма, Отаршыл елдің жөнді ісі. Шүкір, бар, қазақ халқына, тілеулес, озық ойлысы. Орысқа көбі жоламай: «Ауызы түкті кәпір» дер... «Надандық істен бол абай, Жасамас бұлай ақылды ер», - Деп жүрем артқы жастарға, Ғибрат айтып үнемі. Бірлікке дәйім бастар ма, Жақсыға құштар жүрегі. Бостандық әнін толғады, Бозторғай ұшып бозаңнан. Шақырған өмір жолдары, Жарықтың екен өзі арман! Жайлауда жағаң жүресің, Еркіндік қандай тамаша! Қадірін сонда білесің, Қараңғы үйге қамаса...
Қайыспас дейсің қай мықтың, Өмірін қауіп торласа. Бір тиын – бәсі байлықтың, Басыңда билік болмаса. Қасиет болар, еркіндік, Қаныма сіңген қазақтық. Домбыра болып шертілдік, Армандай әнім – азаттық! Талай жау атқан тас маған... Сабырға ойды билетем. Исатай батыр бастаған, Сарбаздар қандай күйде екен? Айдалып кетіп, бұл анау, Түрмеде жатқан шағында. Шапқылап жүрген шығар-ау, Шығарып алу қамында. Жігіттің арлы, асылы, Арығанын айтар ма. Аспанның аққан жасыны, Бағыттан тайқып қайтар ма?! Бес қару тұла бойымда, Күш кетпей тұрса білектен. Өлермін күрес жолында, «Еркіндік!» деген тілекпен.
«Бүлікке елді бастайтын, Басымен қайғы, жүр мұнда. Айқайлап ұран тастайтын, Кетті, - деп – ақын құрдымға». Қарқылдай күліп, қуанған, Баймағамбет пен Жәңгірдің, Өңдерін көріп қуарған, Келеді барып, таң қылғым. Жортуыл салып, жолдамын, Жұлқысып едім жұрт үшін. Қайтадан атқа қонғаным, Күмірә қылар күлкісін. Қаматып, шыққан құмардан, Ойламас әсте, олар бек: Кектеніп кеткен құба арлан, Қайрылып келіп соғар деп. Көрістірдік деп көріне, Жатырсыңдар-ау жайланып. Арғымақ туған жеріне, Келмейтін бе еді айналып?! Қапысы болса дұшпанның, Кездіктей кескір, қайралып, Кескіні – мұздай, іш-жалын, Шықпаушы ма еді сайланып?
Тақымды салып тұлпарға, Қалқаным қанға жуылып. Қуатын шіркін күн бар ма, Апшысын жаудың қуырып. Мен едім тозақ хал кешкен, Жарса да өтін жалынбас. Ұстаған сертке наркескен, Қынына қайта салынбас!». V. ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС Таба алмай теңдік тынысы елдің тарылды, Оятты осы намысы бойда бар ұлды. Күреске үндеп Исатай менен Махамбет, Көтеріліске көтерді күллі Нарынды. Көтерді желдей Нарының құмын бұйығы, Беймаза қылып бүйірі шыққан бүйіні. Қас-қағым екен қолға алған істің қашанда, Қисыны келіп, кетейін десе қиыны.
Алпауыттардың зәбірі жұртқа зор еді, Ауылын шауып, кедейге малды бөледі. Қояндай қылып көлеңкесінен қорыққан, Хан менен байды, тізесі батқан төрені. Жеңіс бұл, жеңіс! Алғашқы жеңіс, кәдімгі, Жұлдызды үміт жайнатып тұрар жаныңды. Қозғалса халық қаһарлы қара дауылдай, Тұрғызбас білем орнында тіпті тағыңды. Қас батыр болса осылай елін қорғасын, Өлімге басты тікпей бақ қалай орнасын. Өрт болып шалқып өлеңнің оты орады, Ордалы жылан жатырған ханның Ордасын. Омырау керіп Орданы қамап алғанда, Исатай басшы Жәңгірге хабар салғанда. Жалғанға сеніп, батырың қапы қалғанда, Шаба алмай жауын Махамбет тұрды арманда.
Түбіңе жетер түпкі ойын ішке жасырып, Зымиян Жәңгір айласын кетті асырып. Төбеден түсіп, алдырған патша әскері, Лап еткен жалын жана алмай қалды басылып. Жана алмай қалды, жанбағандығы – шоққа сын, Өлімнен қорқып ерлерің қалай тоқтасын. Талайлар бар-ды... Нәубеттің киіп ноқтасын, Оралмай қалды, көре аламай қалды отбасын. Тастөбе төсі айналды қанды майданға, Адыра қалды ақылың менен айлаң да. Сермеген шақта күн сәулесімен қылыштар, Ұқсайды бейне жалт ете түскен жайларға... Жеңілді бұлар, жеңіліс еді кәдімгі, Жемісін тонап, жапырып кеткен бағыңды. Қалғаны аман – азғана адам, сабылды, Шаршаған жандай су ғой деп қуып сағымды.
Беймәлім сапар... Соры ма әлде бағы ма, Тағдырдың жолы не тоспақ алдан тағы да. Үркердей топты Исатай бастап үмітпен, Ат басын бұрды Жайықтың бергі жағына... ...Ақбұлақтағы алапат шайқас, ақырғы, Сарбаздар қанын тасыған судай сапырды. Ақтабан атпен Исатай жауға атылды, Мерт қылды дұшпан, бұлағай салған батырды. Алқымнан алып, қыл бұрау әкеп салғандай, Махамбет тұрды таусылып демі қалғандай. Қабырға сөгіп, қаусатып кеткен қаза бұл, Жаурынды жарып, жүректі жұлып алғандай. Жеңілді бұлар, жеңіліс еді кәдімгі, Салмағы мұңның жаныштап тұрар жаныңды. Исатай өліп, тағдырға көніп жүрсең де, Түңілді жауың сындыра алмай сағынды.
Алыптың ісін, халықтың күшін таныттың, Үзілді жібі мойынға түскен қамыттың. Жеңіліс еді... Бергісіз бірақ жеңіске, Рухын көкке көтеріп кеткен халықтың. Жеңіліс, жеңіс, Жеңілу, жеңу дегенің, Екі түрлі ғой, екіге оны бөлемін. Бөлемін – дағы, өрімін ойдың өремін, Екеуіне ортақ Күресті сонда көремін. Өмірде мынау күрессіз сірә күн бар ма, Күреспен ғана тіршілік – арба жүрді алға. Мұқалып қалмай Махамбет ақын мұраты, Алға аса берді, жалғаса берді жылдарға. Жүректе жатса жатталып қалған жыр асқақ, Теңдіктің, анық, қақпасын ұрпақ бір ашпақ. Көтерілістің құлаған туын көтеріп, Жеңіліс соңы жеңіске барып ұласпақ!
VI. МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ
Бекетай құм, сен жебеп жатшы алыбым! Жөргек етіп төсеген ақ шағылын... Дарытқан ғой мінезін құм дауылы, Аспан астын кернесе асқақ үнім. Дүниенің дерттерін еншілеген, Өзектегі өрт пе едің өршіл өлең. «Қара қазан, сар бала» қамын ойлап, Қайтсем екен көңілді көншімеген!? Қайтсем екен, кетсем бе көзкөрмеске, Кетті екен деп ештеңе өзгермес те. Дәтке қуат, жаныма медеу етіп, Қол бастаған, түсірем күндерді еске. Кеудедегі бадана қорғаныштай, Арыстаным, Исатай өлді арыстай. Құсалымын қапамен, ызалымын Жалғыз жортқа жапанда жолбарыстай.
Ашынамын, мұңымнан арыла алмай, Қара нарым еді ғой Қабыланбай. Алыбым-ай, өзіңнен айрылғанға, Жан-жүрегім келеді әлі нанбай. Алға тостым үмітті қылып айна, Арыз айтқан арландай ұлып айға... Қой бастаған серкедей ерім еді, Үңірейіп орны тұр, Үбі қайда?! Қыл бұраулы құрығын салды уайым, Құла түзде кек қуып қанғырайын. Келмей ме енді Ерсары, Есенгелді, Қожахмет, Таңатар, Қалдыбайым. Жаңға батты арада бары сұмның, Қуғын болар сергелдең, тағы сүргін... Қайыпқали, Жүністің нәмарттығы, Наркескенін қайрады намысымның. Құлазиды жанымдай, құм алабы, Сейілмей тұр тұмандай күмән әлі. Қайран менің қазағым қай кезде де, Сатқындардан алыпты «сыбағаны»...
Күй кешемін, тұрғандай «налымалап», Қандыкөйлек достардың бәрі қарап... Теңсіздіктің түнегін түріп тастар, Жетеріне сенемін жарық әлі-ақ! Келер күнім шуағын төгеді ме, Жетер ме екем діттеген дегеніме. Қүтіп жүр-ау қосағым, балаларым, Қосақталып тауқымет көгеніне. Қанша уақыт от басын көрмегелі, Алапестей, қоспады елге мені. Жүрегімнен жабығып шыққан жырым,
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру