Дос қуанышы
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Дос қуанышы» шығармасы.
Жаным құмар жан едім достыққа,
Болдық серік, жүрегіміз қостық та;
Қайран достық - дүниенің тұлғасы,
Жанымызды жолына біз тостық та.
Қасым
Әңгіме
Бұрын еркін кіре беретін еңселі қызыл есік бүгін біршама айбынды көрінді: Шаһмұрат Қали кіре берісте күйбеңдеп бір-аз кідірді, табалдырық ауыздағы ылғалды жұмсақ шүберекке таза бәтеңкесін мұқият сүрткіледі, екі аяғының да табандарына көз салды -былқылдақ резеңкенің бетіне жұққан шаң не балшық жоқ екен, майда бұдырлары мен өкшесіндегі көлденең сызықтар айқын көрініп тұр. Қомақты иегін көтере түсіп, саусақтарымен жағаларын басып - басып қойды, галстугын ұстап, оның өз орынында тұрғанын барлады. Мұқият үтіктелген костюмнің қос өңірін бір кез көзден өткерді де, алақанымен жай сипап, шалбарының пышақ жүзіндей болып тұрған қырына назар тастап өтті. Шетелдік сұр салом қалпағын қолына алды. Бурыл тарта бастаған толқынды бұйра шашын саусақтарымен бір-ер тарады. Кіршіксіз қол орамалымен бет-жүзін, мойынын сүртіп, оны қалтасына салды. Қызыл есіктің оң жақ шекесінде түлкінің көзіндей жылтыраған қара түймеге Шаһмұрат мұғалімнің қолы жете бергенде сәл діріл пайда болды: әзелден қарулы саусақ түймені тетігіне сіңіре басып - басып қалды. Шаһмұрат қызыл сырлы емен есікке кірпік қақпастан өткір назарын қадап тұрды. Есікті орта жасар күлімкөз келіншек ашты. Шаһмұрат амандасудың үлкендік ырымын жасап, ішке енді. Үй иесі келіншек бір қырын түрып, иегімен нұсқап, төргі бөлмеге бағыт сілтеді. Шаһмұрат қонақжайға енді. Бөлмелер аса жасаулы еді: жақында боялған еденде кіршік жоқ - жүзіңді көрердей жалт - жұлт етеді. Ретсіз шашау жатқын қылтанақ көзге түспейді - үй жиһаздарынан-ақ аса тәрбиелілік пен тәртіптіліктің орнағаны белгілі-ді. Шаһмұрат қонақжайдың шар тарабын бір сәтте шолып шықты - дүние жиһаз қаз қалпында: қосылған не орнын ауыс-тырған нәрсе жоқ. Шаһмұратты өкшелей бөлмеге кірген Асыл жақын адамға тән бауырмалдықпен аман - саушылықты тағы бір рет мұқият сұрастырып жатты. Шаһмұрат бөлменің орта-сында сәл кідірді де, қарсы қабырғаға арқасын беріп, тізе бүкпестен тұрып қалды. Асыл жалма-жан жиналмалы диван-керуеттің үстінен ине жіптен жаңа шыққан шәйі көрпешені суырып алып, өрнекті арабы кілемнің үстіне төседі. Шаһмұрат көстөмін шешіп, есік көзіндегі адалбақанға ілдірді. Ірі тісті тарақпен шашын тарады.
— Ұстаз, сәл демала тұрасыз. Қожайын жұмысында - келетін уақыты да болып қалды, -деп Асыл қос құс жастықты қолтығынан кілем үстіне түсірді. Шаһмұрат көрпешенің үстіне өтті. Шығуға бейімделген келіншек ұстазға көз қиығын салды: толыса бастаған жігіт ағасы тұлғалы еді - палуанға тән шиыршық атқан бұлшық еттер шалбаркөтергішті керіп тұр; мойын тұтас - шықшыт етпен ұштасып кеткен, ер денесінде май жоқ, сарқылмаған қайрат сезіледі. Көпті көрген қырағы көз келіншек қонақты үйге қатысып жүрген өмірсерігінің жолдастары арасынан осы замандасына басқаша көзқараста -жаратылысы өзге жанның көңіл сарайы да кең: зәрсіз, жылы сезім есіп тұратын-ды. Ұстаздан көз нұрын бұрып алған Асыл асүйге өтті де, Шаһмұрат қонақжайда жалғыз қалды...
Ауылды жерде тұратын Шаһмұрат Қали осы үйге жиі келіп тұрады. Астанаға табаны тисе, профессор Жандос Бекенов босағасына маңдайын бір тіреп кету Шаһмұраттың қанына сіңген дағдысы: өзімсініп еркін төрге де шығады, ғұлама ғалыммен ой таласына да түседі, зиялы жанұямен бірігіп кеткен білімдар жан. Шаһмұрат Қали бүгін арнайы келді: профессор Бекенов кешегі сайлауда факультет деканы болып бекіген-ді, дос қуанышына ортақтаспақ ойы бар. Шаһмұрат Қалидың көз алдына осыдан аттай үш күн бұрынғы оқиғалар тізіліп келе бастады. Шаһмұрат маңғаздана басып, ұстаздар бөлмесіне көптің соңын ала кірді: айдынды кең бөлме кәсіптестерге толып отыр екен - дені жастар. Көпшіліктің назары бірден-ақ Шаһмұратқа ауды: жапырласып іззет көрсетіп, жамырай сәлемдесіп жатыр. Шаһмұрат сәл басын иді де, шаралы өткір көзін отырғандар мен түргеліп түрғандарға шола атүсті тастап, сыдыртып шықты. Ернін қимылдатып, аман-түгелдің үлкендік ышарасын жасап өтті. Шаһмұраттың сергек сезімі мына отырған көпшіліктің арасында аяқталмай қалған бір әңгіменің бар екенін сезді - белі үзілген әңгімелері болса, "Еркін сілтесінші" деген ниетте "Мұғалімханадан" кері шықпаққа ниеттенді. Шаһмұрат ойын ұққан көпшілік тұм-тұстан қаумалай түсті: оған көзайдын айта бастады.
— Достыңның мерейі үстем келіпті - ұзағынан қуандырсын.
— Бекенов жеңіп шығыпты...
Шаһмұрат Қали бірден-ақ сезді: профессор Бекеновтың сайлауда жеңіске жеткенін тілдеріне тиек етіп жатыр бәрі. Өз ортасына ашып айтпаса да, бірге істесіп жүрген кәсіптестері профессор Бекеновпен Шаһмұраттың араларында жылы қарым-қатнастың бар екенін сезетін: сәттілікті ретінде шебер пайдаланған көпшілік жапырыла оған ілтипат көрсетіп жатқан-ды. Шаһмұрат Қали қаумаласып, жақсы ниет көрсеткен көпшілікке ризашылығын сездірді. Көпшілік те біршама желпініп қалды. Профессор қоңырау соғып, достын құлақтандырса да, жаңалықтың түкпірдегі елге осыншалықты найзағай шапшаңдығында жете қоюына сенбегенді: таңданды да қуанды, Шаһмұрат Қали мектептегі кәсіптестерін дәмге шақырды.
Шағын той көңілді өтті.
Жемге семіріп түрған ту ешкі мен ісек сойылды: қолы епті ауыл жігіттері барлық шаруаны қас пен қабақтың арасында жайғап тастады. Мизамның қоңыр салқын кеші көңілді-ақ: қазақтың жібек үнді бірде әні, бірде күйі төгіліп тұр; мол дастарқан айналасында Бекеновке арналған жылы лебіздер жиі естіліп қалып жатыр. Шағын мерекеге жиналған Шаһмұрат тілектестердің дені сиып отырған үш қабырғасы айналы, жоғарысына екі мұздатқыш, төменіне жылыту жүйесі орнатылған ақ зал көптердің көкейін теседі: тұм-тұсын жеміс ағаштары көмкеріп алған; ақ түске боялған темір сәкінің тірсегін қаға түрлі гүл өсіп, әсіресе, кешкі тынық, таза ауада жанға жағымды жұпар иісті молайтып жібереді; үсті шатырланған; шақырайып жанған шам шыбын-шіркей жинайтын болғандықтан айнала қабырға мен төбеге сүт түсті ион шамдары орнатылыпты; тұтас зал ақ сәулеге малынып, көгалдың үстінде қалқып тұрғандай болып сезіледі; қолыңды созсаң, Хорезм топырағының атақты келінбармақ жүзімдерін бағбан қайшымен кесіп те, жұлып та ала бересің; шелден аттаған жерде күн сәулелі ақ нүрға жылт-жылт шағылысып тұрған қып-қызыл пәмидор, алмұрт, қәрелі, самсап тізілісіп тұрған алмалар көз жауын алады. Дастархан үстіндегі түрлі-түсті жемістер бірнеше метрлік қана жерде жайқалып өсіп, толысып пісіп тұр: дорба көтеріп, сырттан тасылмаған соң, өз атызындағы ен байлығынан достарының алдын жаңалап, қайта-қайта еселеп тол-тырып, жеңіл қолды қыз-келіндері дастарханға жіті назар аударып, сүртіп, тағам төгіп, Шаһмұрат бір жасап қалды; еңбегінің жемісін достарымен бір сәт қамсыз, алаңсыз отырып, емін еркін ортақтасқанға не жетсін - екі-үш айдан бері демалысты сылтаулап, тіршілік қамымен бас-басына тырбынып жүрген ауыл мұғалімдері бірін-бірі сағынып та қалған екен; айтылып жатқан ой да көп, сөйленіп түрған сөз де көп, дабыраға жол бермей, жүрек сырын ортақтасып жатты. Шаһмұрат көпке сергек көз салып отыр: көңілдерінде қылау жоқ, бәрі де басына құйылған тың ойларын ортаға салғысы келеді - мереке себепкерін де, оны тойлаушыны да оқтын-оқтын қолпаштап, көтермелеп қояды-ақ тілектер ағылып, дос қуанышымен қабысып, асып төгіліп тұр. Жылы сезімге малтып, төңірегін көмкерген көп ықыластың щуағы-нан қуат алған Шаһмұрат бір сәт ой шумағын жинақтап, өзін қолға алды. Қос ұстаз қонақ қабылдайтын аумақты залдың ортасын-да түкті кілем үстінде кездесті: толыса бастаған шағын денелі, ширақ жігіт ағасы Жандос Шаһмұратқа қарай құшағын жайып келе жатыр екен, ойдан тез серпілген ұстаз ұшып тұрып, досына қарай қадам басты, профессор қомақты құшаққа еніп кетті; ғалымның жұп-жұмсақ шағын денесін қапсыра құшақтап, оң төсіне, одан соң сол төсіне алма кезек басты да, тас қылып құшақтады; салалы палуан саусақтарымен арқасы-нан сипай қағып-қағып қойды. Шаһмұрат жүрегі елжіреп, мерейлене профессордың жазық маңдайынан сүйіп алуға оқталды да, қастарынада күле шырай беріп, шалдардың қимылын бақылап тұрған Асылға көзі түсіп кетіп, кенет өзін ірікті: ғалымның үлбіреген саусақтарын қос қолдап қысты, көзіне шаншыла тіке қарап:
— Баянды болсын табыс, ел болып қуанып жатырмыз: біздер де тойлап алдық, ауыл азаматтарының мұртын майлап та тастадым - қазір қырман тасып, молшылықтың асып-төгіліп жатқан кезі ғой, - деді.
Асыл да достарға тек қызықтап, сырттан қарап тұра бергенді қолайсыз көрді ме, сөз арасындағы аз іркілістен сәтті пайдаланып, сөзге араласты.
— Елге шығып келуді де ойладық: неше күндеп сеңдей соғылысып кеттік қой, аз тыныстасын дегем - тұз татпады, үлгере алмадық; оның үстіне көңіл білдіріп жатқандар да есік босатпады, - деп ол жан сырларынан бірнеше бетті ашып тастады. Қолы шапшаң келіншек сып-сып етіп, тықырсыз кимылдап, мол дастарханды жайып тастады: айдынды залдың ортасынан ұзыннан шұбақ едәуір жерді алып тұрған қысқа аяқты бәкене үстел үсті жеміс-жидек, ішіп-жемге толып кетті; бір топ адамды еркін тойындыратын шамасы бар -той жасауынан кем емес. Асыл шай құюдың қамына кірісіп, тізе бүгуге икемделе бергенде Шаһмұрат:
— Ана кәстөмнің қалтасында мәшиненің кілті бар: құрдасың немерелі болып, осы рет шыға алмады, саған арнағандарын салып жатқан, түйеқұсы да бар - қағаз қалтадан мойнын шығарып тұр; біздерде қазір дихан молшылығы, барлық жеміс пісіп жатыр, - деді.
Асыл қалт тоқтап, елең ете қалды: біресе Шаһмұратқа, біресе профессорға қарады, көзінде жылт еткен аналық мейір оты ұшқындады, сәл ашылып, қып - қызыл алтын тістері нұр шашып тұрған аузын жинап алды да, жұқа еріндері жып-жып етіп сөйлей жөнелді.
— Немерелі?! Манадан бері неге айтпайсың - жайбасар-сың-ау, мыңқ етпейді тіпті: бауы берік болсын, нелі болдың?
— Ұл. Отан сақшысы.
Профессор Бекенов та кішкентай қой көздері сығырайып, төменнен шаншыла қарады: тіпті көзінің етегіндегі майда әжімдері де жыбырлап, үн қосып жатқандай сезілді Шаһмұратқа.
— Өмірлі болсын, ата-анасымен ғұмырлы болсын! - деп профессор едәуір желпініп, ұрпаққа арналған бір топ асыл тілектерді төгіп тастауға бағыт алып барып, аяқүстінде тұрғанын, өз шаңырағында отырғанын сезіп, асау арналы ойын ортан белінен кесіп, іркілді.
Аталар шұрқырасып жатқанда Асыл елеусіз ғана сып етіп сыртқа шықты: арадан бірнеше минөттік сәт өтер-өтпестен-ақ шырыны үлбіреген жұқа қабығын шертіп тұрған жемістер: жүзім, алмұрт, қәрелі, алмалар дастархан үстін толтыра түсті; жайнаң қағып, бетінен нұры төгіліп өзі де кірді бөлмеге. Қақ төрде тіп-тік шегедей шаншылып, келінбармақ жізімнен бір-бірден түйірлеп аузына салып, дәмін сора шайдың құйылыуын күтіп отырған профессорға қарай бір қырындап, шынтағын құс көпшікке тіреп көсіліп жатқан Шаһмұрат аяғын жинады да, тіктеліп отырды; алдында беті ашық жатқан қызыл кітапшадан көзін алып, үй бикесіне назар аударды. Асүстелдің аяқ жағына таман, қонағына қарсы қарап, жайласып отырып алды да, Асыл иісі аңқып, тәбет ашып тұрған жоғары сапалы үнділік шайды қаймақты сүт қатып, шыт жаңа Ташкент кеселеріне құйып, ұсына бастады; бірінші кесені Шаһмұрат Асыл қолынан алып, профессор Жандосқа ұсынды, екінші кесені өз алдына қойды. Асыл Шаһмұратқа көзін қадады: қырықтың қырынан асса да жанары қуатты қара көздің түпкі ойын ұққан Шаһмұрат наннан ауыз тиіп, қарала кесеге аз тігіліп, ойлана отырып:
— Кінә артпа, құрдас, шаңырақ Жандостікі болса да мен өзімді бөлек санай алмаймын, -деді. - Ілімге бас иген халықпыз ғой: қатарымыздан оза шауып шықты, мерейімізді өсірді. Кешегі бас қосуға несіп бұйырмады - тіршіліктің майда таукіметтері жағамды босатпаған, реті келмеді: бала, ұрпақ тәрбиесі, саржамбас оқытушылық жан жүйені езіп те тастаған. -Шаһмұрат түйдектеле келіп, лықсып ағытылмақшы болған асау сезімдерін, жүрек сырын кенет ірікті де, алдындағы қызыл күтапшаның кейінгі бетін ашты; мұқаба жүзіндегі кесе көлденең сызықшадан шеті көрінер-көрінбес болып тұрған бес мыңдықтың екеуін бармақ ұшымен сопаң еткізіп суырып алды, белі сынбаған шыт жаңа көк қағаздарды Асылдың алдына жылтыр кілеңке дастарханның үстімен жылжытып жіберді - зырғанап кеткен мыңдықтар жаңа иесінің алдына жете беріп жұптары жазыла түсіп, жан-жағына көз салғандай ошарыла иіріліп тұрды.
— Бұл - байғазы, той пайы – қорада: өгіз де, қошқар да дайын, балалар жеткізіп тастайды.
Асыл Жандосқа да, Шаһмұратқа да алма кезек көз тастады: ақыл иесі адамдардың жүздерінен қуаныштың шуақты нұрын көрді, қой көздерге жанары ұштасқанда сезімтал әйелдің жүрегі шым ете қалды - екі ер адамның арасындағы сызатсыз қырық жылдан аса жалғасып тұтасып келе жатқан достықтың үш он дөңгелегіне жанды куә болып келе жатқан осы келіншек қарсы алдында маңқиып отырған келісті қонағына тән риза: сергек жан, адам сезімін ұғудың шебері, көз қиығы сәл ұштасса-ақ санаңда туылған өзгерісті қалт жібермей сезіп, бақылап, не демеп, не тежеп отырады; өткір қой көзінің кейде мейір төге, кейде қаһар шаша жарқ етіп, айналасына қадалатын сәтіне тап келгенде көз нұрына шыдай алмай, талай жүйке төменшік тартып, жасып қала береді. Жүйкесі мықты жан: араласа қызмет істеп жүргендіктен Асылдың өзі куә - дау мен ой таласы мол педагогикалық өмірдің аласапыран көшінде талай рет басына бұлт үйіріліп, қолтыққа кіре дос болып жүрген жігіттер өкшеден бұрылып, қарсы сойыл сілтер сәтті күтіп, көкжелкеден бүре тускенде де жүйкеқұрттардың сөзін қағазға түсіріп, беттеріне оқтын-оқтын көзінен шашыраған жанар отын түйдек-түйдек жіберіп, арқырап жараған бурадай күркіреп, жауап сөзін сөйлегенде тырнақ астынан кір іздеген ұсақ достар пұшпағы суға малынған қант секілді еріксіз-ақ еріп кете беретін; ауыздарынан сілекейлері шұбырмаса, жауап сөзі шықпай қалатын; әрдайым періштесіз тобырларды аруақты еркектің пысы басып жүре береді. Әйел жаны сезімтал - кесек ерді қапысыз таниды. Асыл қаймақты сүт қатқан үнділік қошиісті қара шайды құя отырып, бір сәт ойға беріліп кетіп еді - тық еткен баяу дыбыстан ойын жиып ала қойды, ұстаздардың кеселері алдына жақын келіп, иірілісіп тұра қалған екен, епті келіншек көз ілеспес дыбыссыз шапшаңдықпен ыдыстарды иелеріне қайтарып үлгерді. Жарасымды отырыс, асықпастан жанға шипа беруші шай ішу халқымыздың асыл дәстүрлерінің бірі ғой - ұстаздардың мерейі асып, шөлі де қанып қалды. Кеселер толас тауып, іркілген соң, Асыл ұстаздарға көз қырын тастап, жанарымен сипап өтті: жіпсіген жазық маңдайдың шеке тұстарында сынап түйірлеріндей тап-таза тер моншақтары көрінді, жайсаң мамыражай әңгімеге беріліп, ұзақ ішілген шай бет ұштарына қызғыш жұмсақ өң берген. Тыныстап, біршама сергіп қалған ұстаздарда шабытты сәттің туғанын бұрыннан сырмінез келіншек бірден-ақ ұқты: сөзге араласпай, шапшаңдата кесе-аяғын жинастырып, бөлмеден ысырылып шығып кетті. Аударыстырып, әр жерінен тиіп-қашып атүсті оқып отырған газеттерін апыл-ғұпыл жинастырып, үстелдің шетіне қоя салған Жандос әлдебір ой есіне түсіп кетсе керек, жалтақ-жалтақ жан-жағына көз жүгіртті; қол созым қасында кілем үстінде жатқан жұмыс пәпкісіне қол созды, түймесін басып, сырт еткізе ашты да, оның ішінен бір басы темір бекіткішке қыстырылған қолжазбаны бөліп алды, сыдырта парақтан шықты, тек аяқ жағына қадала көз салды. Көз қиығымен дос қимылын бақылап отырған Шаһмұрат профессордың ыңғайын сезіп, алдындағы кітапшадан назарын алды да, иегін көтере марғау ықылас аударды: жел қақпай, қағаз сорып тастаған ақшыл жұқа өңді бетінің алмалығында мақпал түсті қызғыш рең қалқып тұр екен; айналасына жаңа әжім сызықтары түсе бастаған қысық, жігер оты әлі де жылт-жылт еткен байсалды жанарында жүрекке тіке шабатын жылылық балқып тұр - лықсып келген ойын ақтара салды.
— Мағжан педагогикасынан осы кезеңге шейін мақұрым қалған ұрпақ көп ұтылды: мына ұстаздың жазбалары мені толғандырады, көз салып көрші - ойыңды мәшінкеде жаза сал, үш бет... - деді де Жандос өзіне тігіле зейін аударып отырған Шаһмұратқа ұстата салды. Шаһмұрат еңбектің соңғы парағына назар аударды: жетінші беттен аяқталыпты, ұстаз жүрегі жылы тартып, тұла бойына сергектік сезім дарығандай болды, оны жақсы ырымға жорыды - шабыт тасқыны бас көтеріп, санасын билей толқыта бастағаны сезілді.
Жандос жұмыс кабинетіне жол бастады - ұядай жып-жинақы бөлме шабыт шақырады: едендегі табанға жұп-жұмсақ тиетін түкті кілем, жазу үстелінің айналасына қатарластырып қойылған жұмсақ арқалы орындықтар ине-жіптен жаңа шыққандай тап-таза – кіршіксіз; профессор аумақты үстелдің төріне өтті, Шаһмұрат диван-керуеттің шетіне отырып, қолжазбаға көз жүгірте бастады. Тықырсыз қалқи басып, үн қатпастан бөлмеге енген Асыл көк шай демделген ақ құманның біреуін профессордың алдына, екіншісін жазу мәшінкесінің капталына қойды да іле шығып кетті. Шаһмұрат қолжазбаны мәшінкенің қасына қойды: басына түйдек-түйдек құйылған ойлармен алыса жүріп, бөлмені ерсілі-қарсылы кезе бастады: алақанын ысқылап-ысқылап жіберді - ақ қағазға үңіліп, сөз тоқуға отырарда әрдайым өзін осылай егеп алу оның дағдысы еді, жүйкедегі селқос сезімдерді оятып жіберетін; пісуі жеткен етене ойлар ширығып, лықсып, шып-шып төгіліп жүре берді. ...Ызмұхширда өткен балалық дәурені Шаһмұратқа көп нәрсені ұғындырғанды: бозала таңнан басталатын тіршілік жасты да, қартты да аяған жоқ - ел мойнына ер батқан сынақты күндерде қабақ шытпастан еңбекке араласты, құрақ дорбаны иыққа аса жүріп сабақ оқыды, үй мен түздің таукіметін қос қабаттап тарта берді — ана - аурулы, қарт әке; азаматтар - қан майданда, үміт артар тірек жоқ. Күнкөріс Шаһмұратты илеп тастады: аң аулап, несібе терді, студенттік алтын жылдарында стипендия мен қаламақыға сүйенген -жанбағыс кезі болды; өмірдің сиға тартқан осы қысқақолдылығы оны ширата берді, жан пендеге арқа сүйемей еркін кісікиік өмірден жаны рақат табатұғын-ды. Шаһмұрат ұзақ уақыт әмірін жүргізген емізікті тәрбие жүйесіне тіс-тырнағымен қарсы: ұрпақ көз алдында кем-кемнен жігерсіз, қаһарсыз, ыңғайға көнгіш жасық түрге еніп, ұсақтап бара жатқандай сезіледі - ащы көжемен иге иастаған ешкі терісін еске түсіреді; илеуі қанбаған жүгері қамырынша былшырап, қожырап, иығына су кетіп жүрген кей жасты көргенде тығыларға тесік таппай жаны өзінен-өзі алас ұрады. Шаһмұрат оның негізін ойлап, атой салып көп-көп ретте басын тасқа да ұрған, таяқ та жеген: әміршіл тәрбиеден іргесін аулақ салып, мамыражай еркін, адам көзіне сескенбестен тіке қарай алатын, от жүректерге шоқ тастап, алау жағатын жалын тәрбиені аңсаған-ды; емізікке бауыр баспай, еркін құсша өмір сүргенді жаны қалайтын - ұрпақтың да балпиып семіргенін емес, күнкөріске еңбек сіңіргенін аңсайтын-ды. Шаһмұрат ғалымның асқақ ойларына табына түсті: көптен бері көкейін тесіп жүрген толғақты мәселе тарқатыла айтылған екен; діні, тілі, психологиясы, адамгершілік көзқарасы өзге ұлт бағытымен тәрбие жүргізу тұтас ұрпақты түбі жоқ ұйыққа батыру екенін сезсек те селт ете алмағанымызға ызасы келді; бір сәт қаһар оты тұла бойын қамти түсті. Неге жаңармасқа? "Еркіндік самалы есе бастады ғой - егемен ел болдық: ұрпаққа көзқарасты да жаңалау керек, ұлттық тәрбие ұлттық педагогика, халықтық педагогика негізінде алып барылса..." деген ой жүйкесіне инедей қадала түсті. Жаңа ойларынан қуат алған Шаһмұрат жүрек түкпірінен бас көтерген бір қуанышты сезді: өмірге еңбектеп келіп, өрмелеген күннен бастап, еңбек емізігін еміп жетілген ұрпақты көз алдына елестетті.
Мәшінке тық-тық еткен даусы ұзақ уақытқа шейін есітіліп түрды. Профессор Бекенов Шаһмұрат Қалиды азанда шығарып салды. Қатарласып бара жатқан достын мол денелі Шаһмұрат Қали сол жақ қолтығына алып, оның иығына палуан білегін тастай салыпты. Ере шыққан Асыл тас төселген аяқжолдың үстінде жұптасып бара жатқан екі ұстазға көзін тікті: ілгері жылжып бара жатқан Шаһмұрат Қалидың иығы үстінде көкжиектен тұсау бойы көтеріліп қалған күн дөңгелегі алаулап нұр шашып тұрғандай болып көрінді.
Қәтеп ауылы
1991, 1993 жылдар.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру