Мазмұнға өту
Home

Намыс гвардиясы

Әлжаппар Әбішев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Намыс гвардиясы

Әлжаппар Әбішев — «Намыс гвардиясы». НАМЫС ГВАРДИЯСЫ

/uploads/700deb6d-e81f-5cfc-b174-103aab6bfe2c/cover.png

Екі бөлімді пьеса

ҚАТЫНАСУШЫЛAP

Панфилов Иван Васильевич.

Намысұлы Бақытжан — батальон командирі.

Григорьев — дивизия комиссары.

Чупров — полк командирі.

Галиев Мейрам — рота политругі.

Жанбозов Сабыр — рота командирі.

Тоқтаров Төлеген — автоматчик.

Нина — жау алған деревняның қызы.

Валя — медсестра.

Фогель — неміс дивизиясының командирі.

Курц — неміс полкінің командирі.

Штольберг — неміс штабының бастығы.

Дәрігер, санитарлар, адьютанттар, командирлер, қызыләскерлер, неміс солдаттаp.

Оқиға 1941 жылы, күз айларында Москва түбінде болады.

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші сурет

Түн . Сахна сыртында қарсыласқан қатты соғыс жүріп жатыр.

Біздің жауынгерлер соғыса шегініп келеді.

Сахна көлденеңінен тартылған траншея. Шегінушілер сол ар жағымен ауық-ауық автоматтарынан оқ төге өтіп барады. «Тоқтатыңдар оқты!» деген өктем дауыс естіледі. Траншеяның зал жақ іргесімен Төлеген келе жатыр. Ол автоматын сүйретіп зорға жүріп келеді. Арғы бетке шыға келген Жанбозов көрінеді. Ол Төлегенді көре сала аңырып қалады.

Жанбозов . Төлеш! Сенің қолың сынып қалған ба?

Төлеген (булыға). Жоқ, шегіне-шегіне сағым сынды.

Жанбозов (суық түспен). Тоқтат ондай сөзді!

Төлеген . Жоқ, сіздер шегінуді тоқтатыңыздар. Мен мына жерді танып келемін. Бұл — Москваның жері. Москваның... (Еңіреген күйі етпетінен түседі.)

Жанбозов . Ой, өз неме. Қатындар құсап жылаған несі-ай мынаның. Жаның барында тұр жылдам! (Автоматын кезейді )

Төлеген . Мұнан да қатын болғанның өзі жақсы, жолдас командир. ( Тұра бастайды. Осы кезде сырттан Намысұлының даусы естіледі.)

Намысұлы . Тоқтатыңдар! ( Жоғарыға шыға келіп.) Батальон! Менің бұйрығымды тыңда! Шығар қоршаудан шықтық, шегінер жерімізге шегіндік. Тірліктегі ең соңғы қорғанымыз Да, өлсек көмілер жеріміз де осы белестер. Жанбозов, сенің ротаңның ең соңғы қорғайтын қорғанысы осы өткел. Ие бол! (Бинокльмен алысқа қарайды.)

Жанбозов . Тоқтаров! Сенің ең соңғы қорғайтынын осы траншея. (Әрі асып кетеді. Төлеген Намысұлының қасына жетіп барады.)

Төлеген . Анық па, Бақытжан аға? Қоршаудан анық шықтық па?

Намысұлы . Қоршаудан шықтық, бірақ шегінер жер қалған жоқ, артымызда Москва! (Жүріп кетеді. Соғыс саябырлайды. Төлеген жау жаққа ұзақ қарап тұра ды да, траншеяға секіріп түседі.)

Төлеген . Уһ, ар байғұс аман қалды-ау, әйтеуір. Кешегі бір өлең қалай еді ? (Автоматын домбыра қылып ән салып отыр.)

Біз құрбан, туған елім, сен аман бол,
Асқар тау, бетегелі бел аман бол,
Қанымдай, қасиетті суың қымбат,

Айдын көл, шалқып жатқан сен аман бол.

(Әнінің аяқ жағына Жанбозов келіп қосылады.)

Жанбозов.

Ел десек елемеуші ек жауған оқ

ты, Белдескен басушы едік талай топты.

Москва, сен емес пе ең біздің ана,

Ана үшін болмаймыз ба айтқан тоқты.

(Намысұлы шығып жақындайды.)

Намысұлы . Па, серілердің серпер жерін тапқанын! Жау қырам деп қыра алмай, ерлер отыр ұялмай. Жауды қуып келудің орнына қашып келгенге мәзбіз-ау, сірә!

Төлеген . Бас көрікті!

Жанбозов . Әй, батыр-ай, осы жолы көрікті баса алмай қалдық қой деймін. Төбеден дәл ұрды ғой.

Намысұлы (бинокльмен алысқа қарап тұр ). Кеудеден жан кеткендей, әннен сән кетіп тұр-ау, бауырлар. Сонау Москваның үстінде ашық аспан бетіне бедер салған жұдырықтай қара түтіндерді көрдіңдер ме?

Жанбозов . Көріп тұрмыз-ау, Бақытжан аға.

Намысұлы . Кореец, ол не?

Жанбозов . Не деуге болады? Жан анаңа, ғазиз анаңа тиген тепкі дермісің?..

Намысұлы . Ендеше, сол тепкі біздің кекті жани түссін. Мұқалмас, өшпес кекті жанысын!

Төлеген . Жанып-ақ, жалынып-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы?! Құрсауын үзіп, қоршауын бұзып-ақ келдік қой.

Намысұлы . Бұзып-ақ келдің! Қайда келдің? Шегінгенінде шелиемісің? Москваға жеткенге мәзбісің?

Төлеген . Бас керікті! (Ұшып тұра келіп.) Әй, енді кім шегінсе де атармын-ау.

Намысұлы . Қайнар қаның, қайнар. Бірақ әлі қайнап піскен жоқсың, жалғыз сен емес тіпті біздің бар батальон әлі піскен жоқ. Бәріміз де әлі шикіміз... Батальон жайын ойласам, жігерім құм болады. Жауды қоршауын бұзып шыққанымыз өзімізге әлдеқандай көрініп еді, ойласам, олай емес екен.

Жанбозов . Енді қалай?

Намысұлы (сырттан біреуді көргендей). Оны кейін есітерсің, бара тұрыңдар! (Төлеген мен Жанбозов кетеді, Панфилов, Григорьев, Чупров келе жатыр.)

Панфилов (сахнаға шыға бере траншеяның кемерін ұстап көріп). Мына қорғағандар жауынгерлерді желдің етінен де қорғай алмас! ( Өзіне қарай беттеген Намысұлын көріп). Намыс! Жайыңды білем, баяндамай-ақ қой . (Қол алысады.) Сендер үшін күпті едім, қуанттық ғой! Айтшы! Тайғақтың асуындай осы кесір асуда ер кім болды, өз кім болды? Соны тани білдің бе?

Григорьев . Осылардың ері көп, өзі аз болған-ау деймін.

Панфилов . Сен неге үндемейсің?

Намысұлы . Ерлікті таңдап алу да, өздікті таңбалап беру де қиын ғой, жолдас генерал. Біз осы екеуінің бірінен шығып, біріне жете алмай, аралықта жүрмесек.

Панфилов . Дұрыс, мақтанасың мақұл.

Чупров . Әрине, әсіресе, батальонды қоршауда қалдырған взвод командирі бар командирдің мақтанбауы сыпайы.

Панфилов . Жә, батальоным, қоршауда қалуына себеп болған взвод командирін шақыртшы.

Намысұлы . Жолдас генерал, ол біздің арамыздан кеткен-ді.

Панфилов . Қайда?

Намысұлы . Ол атылды.

Панфилов . Атылды?

Григорьев . Кім атты?

Намысұлы . Сол жазалары үшін біз аттық.

Панфилов. Аттық? Рұқсат еткен кім?

Намысұлы . Рұқсат еткен де, атқан да мен өзін.

Панфилов . Мен өзім?! Саған мұндай правоны берген кім?

Чупров . Сен бұл сырыңды менен неге жасырдың?

Намысұлы . Жасырғым келген жоқ, жолдас полковник, жауабын бір-ақ рет беріп, жазасын бір-ақ алғым келді.

Григорьев . Сен командирлікті тастап, әскери сот болдың ба, сөйтіп?

Намысұлы . Неміс қоршауында, бар совет өкіметі бір өзім болудан басқа шарам қалмады.

Чупров . Мынау не деп тұр?

Панфилов . Сенің осыныңда жаттық бар ма, жоқ па, өзің не дейсің?

Намысұлы . Жолдас генерал, оған ешқандай шек шүбәм жоқ, жат емес.

Григорьев . Сонда сен өз бетіңмен ата бермекпісің?

Намысұлы . Ондай өз, намыссыз, опасызды ату керек, әлі де атамын.

Григорьев . Сөйтесің бе сен? Алды-артыңа қарамай, тап беріп, тарс жарылып отырсаң армия не болмақ? Тәртіп қайсы? Ала мінез қаптамай ма егінді басқақ арам шөптей?

Намысұлы . Арам шөп!?

Григорьев . Иә!

Намысұлы . Ондай арам шөпті жұлатын да тастайтын еді ғой.

Григорьев . Жұлынуы ғажап емес.

Намысұлы . Онда менің атым арам шөп екен, жұлыңыз да тастаңыз. (Айналып кетпек болады.)

Чупров ( ақырып ). Тоқта!

Григорьев . Бұл нендей тәртіп?

Чупров . Кімнің алдында тұрғаныңды білемісің?

Панфилов (Григорьев пен Чупровке қырлана бір қарайды да, Намысұлына жақындайды). Кешке штабқа кел, ашумен емес ақылмен кел, бар! (Намысұлы кетеді. Чупровқа.) Жә, бұл не, жолдас полковник?

Чупров . Бұл — біздегі ең піспеген батальон. Мына мінез, мына қылық соның айғағы.

Панфилов . Сіз піспеген деген сөзді әрқашан да айтасыз, пісіретін күніңіз бар ма, жоқ па? Олай болуына себеп не, кінәлі кім?

Григорьев . Сіздердегі қазақтары кеп батальон осы еді ғой.

Чупров . Иә, осы. Біздегі ең осал батальон да осы.

Панфилов . Мен оны сұрап тұрғаным жоқ, себебін сұрап тұрмын сізден.

Чупров . Ол себеп белгілі емес пе, Иван Васильевич? Бұлар бұрын армияның тәртібіне төселмеген елдің, жастары ғой,.

Панфилов . Ендеше, сіздің төселген тәрбиеңіз қайда? Толықси толған тәжірибеңіз қандай? Егерде оларыңыз өз басыңыздан аспайтын мардымсыз бірдеңе болса, мардамсу неменеме керек? Мен сізге ескертейін, қатты ескертейін: бәрін білдік, таныдық деп жүреміз, сонымен қабаттасып, тексерілмей жүретін бір оқ өтпес бітеулік те жатады ішімізде. Қазақтар... немене, сонда, сіз халқына сын тақпақсыз ба? Түңілер жайыңыз бар ма? Ол халықтың қай қасиетін білуші едіңіз? Енді қайтып мұндай сөзді маған естіртпеңіз. Мұнан былайғы біздің бүкіл дивизияның таразысы сол піспеген осал батальоныңыз болады. Сол батальон еңіреген ер, жалыны алау атып, аспан құшқан, өрттей өр, балғын батальон болғанда ғана дивизия деген жеріне жетті, биік белге шықты дерміз, серт осы ғана.

Чупров . Серт етуге дайынмын, Иван Васильевич. Бірақ бір адам емес, бүтіндей бір батальонды мұндай етіп шығару көп уақытты тілемей ме?

Панфилов . Ендеше, сол батальонды менің өз бақылауыма беріңіз.

Чупров. Алыңыз. Бірақ ол тілекке жету үшін командиріңіз сай болсын.

Панфилов . Намысұлы сай емес пе?

Григорьев . Оны әлі де командир болып қалсын деймісіз?

Панфилов . Сіздер қалай дейсіздер?

Григорьев . Ол орнынан алынуы керек сияқты.

Панфилов . Онда Намысұлының жаңағы өзіміз айыптаған мінезінен біздің айырмамыз қайсы? Ойлану керек. Жә, жүріңдер, қоршаудан келген жауынгерлердің жайын көрейік. (Бұлар кетеді, блиндаждан Төлеген мен Жанбозов көрінеді. Сырттан Намысұлы келеді.)

Жанбозов . Иә, жай-күйді білдіңіз бе?

Төлеген . Не аңғардыңыз?

Намысұлы . Аңғар жайсыз, біз кінәлі секілдіміз,

Жанбозов . Қалайша?

Намысұлы . Қорытылуы жетпеген қорғасындай қалпымыз шемендей басып жатыр.

Төлеген . Қорытылмаған қорғасыны несі, қайнаған болаттай-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы.

Жанбозов . Майдандағы барлық батальон дәл біздің батальондай соғысса, біздер ендігі Берлиннің іргесінде соғысып жатар едік.

Намысұлы . Тәжірибеміз аз, тәртібіміз кем, көп нәрседен пендеміз.

Төлеген . Тіпті тәртібіміз де ешкімнен кем емес.

Намысұлы . Сенің осыңның өзі тәртіпсіздік емес пе?

Төлеген . Қалайша?

Намысұлы . Командир емессің, политрук емессің, қымыздың қызу кеңесінде отырғандай кие-кие жөнелесің, бұл не?

Төлеген . Бас көрікті! Ая қойдық, жанжалы құрысын.

Намысұлы (ақырып). Смирно! Қара тұрысын. Кру-го-м. Ша-гом-арш! ( Төлеген оның айтқанын орындап кете береді. Намысұлы Жанбозовқа ашулы көзбен қарап аз тұра ды да, өзін-өзі Құшпен тежеп.) Сондай ездің сеніп ортаңда взвод командирі болып жүруі сенің өздігің. Егер осыдан Мейрам жау қолында тірі қалған болса менен аяуды да, соғыс сотынан қорқуды да күтпе! (Жүріп кетеді.)

Жанбозов . Бақытжан аға. Жолдас командир, менің жазығым не?

Намысұлы . Дір минут Мейрамды есіңе түсірші. Жау қолына кімді, еліңнің қандай перзентін қалдырдың? Ойлашы! Жүр, генерал сенің ротаңа қарай беттеп келеді. (Екеуі кетеді. Сахна аз уақыт бос. Аздан соң, жаралы Мейрамды сүйемелдеп Нина келеді).

Мейрам (жан-жағына қарап). Қапысыз жерге жеткен секілдіміз, дем алалық. (Нина оны жайлап жай отырғызады. Мейрам оған балқи қарап). Уәделі жерге жеттік қой, енді айтыңызшы, мен кімге қарыздармын, сіз кімсіз осы?

Нина (Күліп). Мыңдаған, жүздеген қарындастың бірі деп білсеңіз жетпей ме?

Мейрам . Жөніңізді неге айтпайсыз?

Нина. Өзіңіз де әлі айтқан жоқсыз ғой.

Мейрам . Мен сіз айтпағандықтан, іркілемін.

Нина. Әлде мен сізге шпион, сайқал болып көрінермін, солай ма?

Мейрам . Бұл не дегеніңіз?

Нина. Жау қолында қалған командирді құтқарған болып, өзі өткелі жүрген шпион болсам ғажап па? (Күледі.)

Мейрам . Айтпайтын түріңіз бар екен, айтпассыз. Бірақ кім де болсаңыз, тірлікте сізден зор қарыздар жаным болмас. Тек білмегенім үлкен арман болар да қалар! (Намысұлы мен Төлеген келіп тұра қалады).

Нина. Менің де соншалық еңбек етіп, өлімнен өзім құтқарған ердің аты-жөнін білмеуім арман болар.

Мейрам . Ұмытшақ екенсіз, мен атымның Мейрам екенін айттым ғой.

Намысұлы . Мейрам? (Тани кетіп, тұра ұмтылады.) Мейрам, бауырым!

Төлеген . Мейрам ағатай.

Мейрам . Бақытжан аға! (Екеуі сүйіседі ). Төлеген! О, батыр бауырым.

Намысұлы . Бауырым-ау, бар ма едің, тірі ме едің? Төлеш, шақыр санитарларды . (Төлеген кетеді.) Сенен айрылғалы алай-түлей күйге түсіп, жүрегім тілім-тілім еді. Ал, сөйлеші... мынауың кім?

Мейрам . Осы кісі мені құтқарып әкелген,

Намысұлы . Сіз кім едіңіз?

Нина. Мен советтің жай бір қызымын.

Мейрам . Қарыздарым да, жөнін білмеген жұмбағым да осы кісі.

Намысұлы . Жұмбағым? Сіз қалай кездестіңіз, қайдан келе жатыр едіңіз?

Нина. Мен дивизия штабын іздеп келемін.

Намысұлы . Қай дивизияның?

Нина. Сіздер қай дивизияның адамы едіңіздер?

Намысұлы . Маған сұрау бермей, жауап берсеңіз қайтеді, қарындас. Қай дивизияны іздеп жүрсіз?

Нина. Іздеген дивизиям сіздердікі болар деймін. Мені штабқа жеткізсеңіз қайтеді?

Намысұлы . Ол тілегіңіз орындалады. Мынадай қымбат жолдасымызды аман алып келгеніңіз үшін бәріміз де сізге борыштымыз. Бірақ жөніңізді айтпай жұмбақ тастап кеткеніңізге қайранбыз, оны да жасырмайын.

Нина (Күліп). Сіз тым турашыл екенсіз.

Намысұлы . Күйінгенім мен сүйінгенім бәрі де тілімнің ұшында жүрген кісі едім.

Нина. Ол жақсы сипат, бірақ әр мінездің әралуан кезі бар ғой. Егер менің орнымда болсаңыз, мүмкін, сіз де мен тәрізді жұмбақ боларсыз.

Намысұлы ( Күлімсіреп). Ынтықтыра біледі екенсің, қарындас, бара ғой. Адьютант, мына кісіні штабқа алып бар. Немене ауызың ашылып, көзің жұмылып кеткен... (Күбірлеп.) Көзің мәңгі жұмылып кетпесін . (Қартаға үңіледі.)

Нина. Қош болыңыз менің аңғал досым, Мейрам. Менің атым Нина, ұмытпаңыз,.

Мейрам . Сізді мәңгі ұмытпаспын, Нина, бірақ аңғал атандырған айыбымды білсем екен.

Нина . Оны білу үшін тез жазылыңыз . (Адъютантқа.) Мен тәртіпке келіп алайын, кішкене мұрсат беріңіз. (Шеткері барып тарана бастайды. Мейрам онан көз алмай күрсінеді.)

Намысұлы . Е, не болды сонша?

Мейрам . Ағып өткен жұлдыз ба қалай, көзді еріксіз тарта береді.

Намысұлы . Көзің тұнжырап-ақ қалған екен.

Мейрам (Күлімсіреп) . Өз көзіңіз де түлкіге шүйілген қыранның көзіне ұқсап кетті-ау деймін.

Намысұлы . Қашан?

Мейрам . Жаңа сол қыз алдыңыздан өте берген шақта.

Намысұлы (Күліп ). Е, сен арыстай болып арқасына мініп келгенің аз болғандай, енді қызғанайын деп пе едің? (Осы кезде Төлеген мен Жанбозов жетіп келеді.)

Жанбозов. Бәсе, сені ажал жеңді дегенге сенбеп ем, келші бері. (Ол ұмтылып келіп құшақтай бере Мейрамның жаралы аяғына соқтығады.)

Мейрам. Ой, аяғым... аяғым! (Нина ұшып келеді.)

Нина. Жолдас, сізде көз бар ма?

Жанбозов. Ғапу етіңіз! (Жалт қарайды да, көзін Нинадан ала алмаған күйі Мейрамның қасына сылқ отыра кетеді). Ақыным-ау, сенің жаралы аяғың үшін жаны торғай болып шырылдаған бұл кім еді?

Мейрам. Кім екенін даусынан-ақ таныған жоқсың ба?

Жанбозов (қадала түсіп). Жоқ, тани алмадым, бұл қай қарындас еді.

Мейрам. Аярлығы жоқ, адал жанның дауысын қалай танымадың?

Жанбозов. Ондай сөзге менің миым жетпейді, онан да бетіңді әкел. (Құшақтап сүйіп). Шынымен топырақ астында тыпырлауға да келмей қалсаң, жыламас едім, қорланар ем.

Мейрам . Қайран Сабырым-ай, бір жылда туған қадірлес құрбым-ай. Сен болмасаң менің өліміме өкпені кім айтады?

Жанбозов. Мына Төлеген құрдасың қалып қойды деп табалаған.

Төлеген. Бас көрікті.

Адъютант. Генерал келе жатыр.

Намысұлы. Тұрыңдар! (Мейрамнан басқалары атып тұрады).

Панфилов (қасындағыларға сөйлеп келеді) . Осындай таласты пайдаланып қорғандарды нығайтып алыңыздар. (Мейрамды көре сала қуанышты үнмен). Мынау кім? Мейрам!

Мейрам. Сәлеметсіз бе, жолдас генерал? Жолдас комиссар! Жолдас полковник.

Панфилов. О, жолдас Ғалиев! Жоққа саналған батальон аман келді, өлді деген сен тірі келдің, қандай қуаныш!

Чупров. Ал, сөйлеші, қалай қалдың, қалай келдің?

Григорьев. Кім жеткізді?

Мейрам . Мен басып қалған бомба топырағы астынан қыбырлап жер бетіне шыққан едім, қанша уақыт өткенін білмеймін, сәтімен мына бір қыз кездесті де, ұзақ бейнетпен сол алып келді.

Панфилов. Жараң ауыр емес пе?

Мейрам. Онша ауыр емес.

Чупров. Иван Васильевич, Валя келе жатыр . (Қасында екі санитарка бар Валя келеді).

Валя. Папа! (Ұмтылып келіп әкесін құшақтай алады). Папа!

Панфилов. (Валяның маңдайынан бір сүйеді де, бетін Намысұлы тұрған жаққа бұрып арқасынан бір қағады). Сен енді медсестрасың.

Валя (Намысұлының алдына барып). Жолдас аға лейтенант! Сіздің шақыртуыңызбен келген медсестра Панфилова.

Намысұлы. Мынау жаралы кіші лейтенант Галиевті тезінен санбатқа жеткізіңдер.

Валя (санитарларға әмір етеді). Көтеріңіздер!

Григорьев. Валя, көріспегенімізге кәп болды ғой осы?

Панфилов. Мұның өзі папасын көп сағынбайтын болу керек, іздемейді де.

Валя. Сағынғанмен қайтейін, соғыс.

Панфилов. Дұрыс айтасың, соғыста кім папасының қасында жүр... Мына Ғалиевті менің қолыма тез жазып беріңіздер. Осы ғана менің сізден өтінетінім, жолдас медсестра.

Валя. Құп, жолдас генерал . (Мейрамды әкетеді.)

Нина (Төлегенге күбірлеп). Генерал Панфилов осы емес пе?

Төлеген . Осы, жоқ, білмеймін, білсем де айтпаймын.

Нина . Жолдас генерал-майор Панфилов сізсіз бе?

Панфилов. Иә, менмін. Не айтпақ едіңіз?

Нина. Мүмкін болса, сізге оңаша айтатын бір ауыз сөзім бар еді.

Панфилов (оңашарақ барып). Ал, айтыңыз.

Нина . Мені сізге жау қолында қалған Руза деревнясындағы Захар қарт жіберді.

Панфилов. О, қарт Захар ма, ол тірі ме, сау ма? Не күйде, не деді?

Нина. Әзірше тірі. Кетерде өзіңіз тапсырған жөнменен арнаулы сәлеммен жіберді.

Панфилов. Сіз оның кімі едіңіз?

Нина. Мен немересімін.

Панфилов. Немересі? Атыңыз кім?

Нина. Ескі атымды ұмыттым. Жаңа атымды сіз айтыңыз.

Панфилов. О, менің Нина дейтін өжет қызым сен бе едің? Онда қазір менің машинама бар да, отыра бер, мен де кешікпеймін. (Адьютантына.) Сен апарып отырғыз. Нина мен адъютант та кетеді. Панфилов Намысұлына жақындап.) Жә, жолдас Намысұлы, өлді деген Ғалиев тірі келді. Ал сіз өлімге бұйырған адамның қылмыс жағдайы не болмақ?

Намысұлы . Меніңше, Ғалиевтің жағдайы өзгергенімен, қылмыс жағдайы өзгерген жоқ, жолдас генерал.

Григорьев. Сіздің осы қыңырлық жағдайыңыз өзгеретін күн бар ма?

Намысұлы. Менде ешқандай қыңырлық жоқ, сондықтан өзгеретін де түгім жоқ.

Панфилов. Сенің жеке басыңда алғырлық та, ерлік те бар. Сені жауынгерлердің де қатты сүйетінін жаңа көріп келдік. Әсіресе, қоршауда қалған ауыр күндерде де сен олардың көңіл күйін көтере біліпсің. Бірақ сонымен қатар, батальонның болашағына келтіретін ұрыншақ, жаттықтарың да бар. Сол себепті, сен батальон командирлігінен алынасың. (Қасындағыларға иек қағып). Жүріңдер. (Олар кете береді.)

Төлеген (ақырын ғана ). Бас, көрікті.

Шымылдық.

Екінші сурет

Дивизияның штабы . Перде ашылғанда Панфилов пен Григорьев екеуі қартаға қарап ой үстінде отыр.

Панфилов . Москва... Москва... Қайнар Күн, қысылшаң сағат жетті, міне, жолдас комиссар. Жау бүгін Москваға қарай жұлқынуда, әлі мұнан да қатты жұлқынады. Осы хал, осы катер әр жауынгердің санасына жетті ме екен? Жетсе екен. Әсіресе, осы сәтте жетсе екен.

Григорьев . Жетеді, жеткіземіз. (Телефонды алады.) Оралды бер! Бұл кім? Орал керек... Сөйлеп тұрған Волга. Сіздердегі барлық саяси қызметкерлер тегіс алдынғы шептерге аттануға әзір тұрсын, мен де қазір барам. Тез, тез! (Телефонды қояды.) Мен кеттім, жолдас генерал!

Панфилов . Барыңызшы. Жауынгерлердің жүрегіне өз мың өлгенде, ердің бір-ақ өлетіндігін жеткізе біліңіздерші. Намысұлы бастаған азғана топтың кешегі ұшқындай ерлігінен ертең өрт лаулар ма екен, барыңызшы. А, кішкене... сол Намысұлын қайтеміз?

Григорьев . Менімше, оны әзір қоя тұрған жөн. (Кетуге ыңғайланады.)

Панфилов . Онда тоқтаңыз! Біз осы жөнінде өзіміз ұғысып алайық. Намысұлы туралы сіздің нақты ойыңыз немене осы?

Григорьев . Мен оның ерлігіне, тапқырлығыңа шәк қылмаймын.

Панфилов . Солдаттар арасындағы беделіне де шәгіңіз болмас.

Григорьев . Оған да. Бірақ командир болу үшін әскерлік тәртібі мен тәжірибесі жеткілікті емес. Сол себепті ғана қарсымын. Ұсақ ұлттардан шыққан мұндай ер адам бізде аз. Сондықтан біздер оның жайын жауапты түрде қатты ойланып, сақтай пайдалануымыз керек. Егер оны осыдан тағы сүріндіріп алсақ қайта көтеріп алу қиын. Өйткені, ол майыса білмейтін болат сияқты бір сынса қатты сынатын морт адам.

Панфилов . Оның бойындағы қасиеттерді өте дұрыс байқағансыз. Бірақ мен сізге бір құпия сыр айтайын, оның қорқақтық жасап батальонды қатерде қалдырған взвод командирін атуы-сүрінуі емес, сілкінуі. Бүкіл батальонды сілкіндіру. Ол — жағдайдың әмірі. Мен мұны солай түсінемін. Сол себепті мен мұндай арыстан адамды мынау қатерлі шақта жаумен алыстырмай ұстап отыру қылмыс деп білемін. (Адьютантына). Талғарды жалға.

Григорьев . Олай болса, өзіңіз арыла сөйлесіңіз. Егер ұрысты басқаруға қазір қосатын болсаңыз онда өз көмегіңізге алыңыз.

Панфилов . Болды, байлау сол. Сіз тез оралғайсыз. (Григорьев кетеді, Панфилов телефонды алып.) Талғарды бер! Сөйлеп тұрған Алатау. Артиллерия айтылғандай қапысыз орналасты ма? Не көрінді жау бетінде? Не хал болып жатыр? Қандай күштермен қағысып жатырсың? Қалың деймісің? Асықпа, резервке асықпа деймін! Есіңде болсын: резервті менің рұқсатымсыз жұмсаушы болма! Осы бастан артиллерияға сүйене біл. Жарты сағатта маған хабар бер. (Телефонды қойып, тағы алады .) Ертісті бер! Ертіспісің? Алатау, айта бер. Артиллерияны ма? Оның дұрыс. Бірақ снаряд үздіксіз жеткізіліп тұр ма? Дұрыс. Қай батальонды қоршамақ? Оның оқ жағындағы қай батальон еді? Бар пейіліңді соған сал... Жоқ, резервтің көзін өзім айтамын, мақұл, бар. Сол жерге жетісімен маған хабар ет. (Телефонды қояды, қайта алады). Алматыны бер! Алатау, жайды айтыңызшы! Сізде артиллерия қимылы қандай? Өте жақсы. Иә, апырай, не дейсіз? Бір батальонға жаудың бір танк дивизиясы тап болғаны ма?! Болмаған қыспақ екен. Резервті ме? Амал жоқ, бөліп-бөліп peтімен салыңыз. Кейінге де сақтаңыз. Ең ауыр толқын артта келеді. Москваға түйілген ең үлкен соққысы осы болды, қатердің де зоры осы. Ал енді ширап, шыдап бағыңыз. Кешікпей өзім де қасыңызға жетермін. Оған дейін үрдіс хабарды үзбеңіз. (Телефонды қояды, дежурный келеді.)

Дежурный . Жолдас генерал! Аға лейтенант Намысұлы келіп тұр.

Панфилов . Келсін. (Дежурный кетеді. Намысұлы келеді).

Намысұлы . Жолдас генерал, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім.

Панфилов . Отыр, Намысым, отыр... Сенің кешегі тын ерлігің менің үмітімді ақтай бастады. Бірақ сенің бөліміндегі бар жүректер бір кеудедегі жүректей, дәл өз жүрегіндей соқса, барлық бастағы ой бір өзіңнің ойыңдай толғанса, барлық білек бар өзіңнің білегіңдей қайрат серпіп, бірдей ұрса деуші едім. Сенің алдыңдағы үлкен сын осы екенін ұғынып жеттің бе?

Намысұлы (атып түрегеліп ). Жолдас генерал!

Панфилов . Отыр.

Намысұлы (қайта отырады ). Иван Васильевич, сіз маған үлкен қамқор командирдің де, туған әкенің де айтатын сөзін айттыңыз. Бұл шынайы сөзіңіздің орайына, маған да бір шыншыл жауапты айтуға рұқсат етіңіз.

Панфилов . Айт, екеуіміз сырлас болмай береке болмайды.

Намысұлы . Ендеше мен Отанымның жауына қарсы осы майданға не алып келдім, немен келдім? Партияның таза тәрбиесін алып келдім, жауға деген жиреніш, Отанды сүйген жүректі ғана әкелдім. Әскери білім, ысылған тәжірибе әкелгенім жоқ қой.

Панфилов . Оны кім түгендеп әкеліпті? Бәріміз де осы соғыстың әр сағатынан, әр қыспағынан оқып-тоқып келе жатқан жоқпыз ба?

Намысұлы . Бәсе, ендігі ойым: әкелмегенім — есеп емес. Өлсем де соны табуым керек, жетуім шарт. Менің сыным сол болу керек деймін.

Панфилов . Ол сенің ғана сының емес, менің де сыным болсын. Сен жетесін, мен жеткіземін. Ен керекті қасиет — жаңағы өз айтқандарын, ол сенің өз бойыңда бар. Ал, тәжірибе мен тәртіп жолдан табылады, жүре табылады. Оны сен табасың, мен тапқызамын.

Намысұлы . Ендеше, осыдан басқа арман жоқ.

Панфилов . Арманың жоқ болса, енді сен батальоныңа қайта командир боласың.

Намысұлы . Қайтадан! Қалайша?

Панфилов . Біз сырласып болдық. Енді бұйрықты тыңда. (Сөйлей түрегеледі. Намысұлы атып тұрады). Мезгіл ауыр, хал қатер. Қазіргі осы жүріп жатқан соғыстан бастап, бізге үлкен соққы түйілді. Бүгінгі, ертеңгі күндер жаудың бізді басып-жаншып Москваға өтпек күні. Сенін, батальоның сол зор қатердің алдында тұр. Мың жүректің бір жерден соғатын көзі жеткені осы. Не дейсің осыған?

Намысұлы . «Москва үшін жаным құрбан» дегеннен басқа айтарым жоқ, жолдас генерал.

Панфилов . Үстіңнен жау өткізбей, батальон рубежін, не болса да, ертең кешке дейін ұстап тұра аламысың?

Намысұлы . Сізше, маған келетін жаудың күші неше есе артық болуы мүмкін?

Панфилов . Сенің батальоныңа жаудың танк полкі шабуыл жасауы мүмкін.

Намысұлы (ойланып). Онда, өткізбеймін деп айтамын. Бірақ бір адым шегінбеске ант етемін.

Панфилов . Қолыңды әкел! Олар етпейді ендеше! (Қол алысады.) Бүгіннен бастап, сен өз қарамағымдасың. Ерлігің ел-жұртың мақтан етерліктей болсын, сондай бақыт тілеймін. Қош. (Намысұлы кетеді. Панфилов оны есікке дейін шығарып салып, ауыз үйде әлдекімдерді көргендей болып.) А, сендер де жеттіңдер ме, келіңдер. Бері жүріңдер! (Ника, Мейрам, Төлегендер келеді). Иә, жөнелуге әзірсіңдер ме?

Мейрам . Әзірміз, жолдас генерал.

Панфилов . Ендігі міндеттерің — екі түрлі. Ең алдымен, біздің қарсымызда тұрған жаудың бар күшін біліңдер. Бүгінгі, ертеңгі соғысқа кірісетін күшінен басқа таяу жерде тұрған резервтері қанша, соны біліңдер. Оны білу үшін алдымен мынау Нинаның атасы Захар қарттан сұрап алыңдар да, өздерің тексеріп шығыңдар. Екінші міндет — қалайда бір «тіл» әкеліңдер. Оның штаб адамы болуын, Тоқтаров, саған айрықша міндеттеймін.

Төлеген . Е, ол оңай ғой.

Панфилов . Ол оңай емес, қиын. Сен тағы да немістің өлексесін әкеліп жүрме.

Төлеген . Ай, осы жолы тас төбеме көтеріп-ақ әкелермім-ау.

Панфилов . Жарайды. Ал, мынау Нина ел жағдайын, жер жағдайын жақсы біледі. Сендер мұны пайдалана біліңдер. Өзін күтіңдер.

Төлеген . Ол күтуді Мейрам ағай міндетіне алған.

Панфилов . Ол не сөз?

Төлеген (абыржып қарап ). Нинаның алдындағы борышына шашы жетпейді дегенім ғой.

Нина . Өзің алтынды Алтайдың талай қызына борыштысың-ау, ә, бауырым.

Төлеген . Оның рас, тәтежан. Кейде сол қыздардың шолақ айдарын да сағынамын.

Панфилов . Сағын, сағын... сағынарыңның бары жақсы. Осы сапар үшеуің біріңді-бірің, сағынатын болып келіңдер (Мейрамға қарап.) Міндет түсінікті ме?

Мейрам . Түсінікті.

Панфилов . Ендеше, тез жөнеліңдер. (Қоштасады, Нинаның қолын ұстап.) Захар қартқа менен алғыс айт, үлкен достық сәлем айт. Жасымасын. Қайта көрісетін Күн енді алыс емес деп айтты де, қош. (Төлегенге жақындап .) Сенің қолыңа түскен немістерді (қолын сығымдап) сүйте салатынын, болатын, құдай үшін осы caпap тірі әкел!

Төлеген . Осы жолы ма, мен, әй, осы жолы қайтсе де тірі әкелермін-ау.

Панфилов (қолын Мейрамның иығына салып ). Сен автоматпен қаламды қабат жұмсап, немістерді өзіңе қатты өшіктіріп алдың, қолына түссең олар сені азаптап өлтіреді, сақ, бол.

Мейрам . Менің оларға деген өшпенділігім мұнан сегіз жыл бұрын рейхстаг өртенген күннен бастап тұтанған-ды.

Панфилов (қолын қысып). Сәт сапар.

Мейрам . Қош болыңыз. (Бұлар кетеді. Панфилов солар кеткен жаққа қарап ойда тұр, телефон сылдырлайды).

Адъютант (тыңдай сала ). Қазір, жолдас генерал.

Панфилов (телефонда). Мен тыңдап тұрмын. Не хал, тез айтшы, не дейсің? Әлі де шегініп бара ма?.. өз хәлдерің қалай? Амал не, резервті салыңдар. Бірақ арғы бүйіріңнен қысып кетпесін! Сақ, берік бол. (Телефонды қойып қартаға келеді.) Иә, хал ауырланды, Талғар полкінің қатарындағы көрші дивизия шегінін кетті. Біздің сол жағымыздан қауіп қатты түйілді. (Телефонды алып .) Балқашты бер! Хал қалай? Дәліңді айт, ұстап тұруға сенімдімісің? Басқа полктің хәлі ауыр, бірақ шегінген жоқ, сен де тапжылма, берік ұста. ( Григорьев кіріп келеді.)

Григорьев . Иван Васильевич! Корпус командованием сол жақтағы дивизияның шегінуі бізге зор қатер төндіргенін ескертеді.

Панфилов . Не істе дейді?

Григорьев . Шегініңдер дейді.

Панфилов . Қандай қатердің төнгенін де, олардың шегініңдер дейтінін де, шегінер жердің қалмағанын да біліп отырмын. Саяси қызметкерлеріңіз аттанды ма?

Григорьев . Тегіс аттанды. Қазір алдыңғы шепке өзім де барамын.

Дежурный . Жолдас комиссар, сізді телефон күтіп тұр.

Григорьев . Қазір берер нақты жауабымыз не болмақ?

Панфилов . Қатердің ауырлай түскенін ескерткендеріне алғыс айтыңыз. Басқа жауабым әзір жоқ.

Григорьев . Олардың күткен жауабы бұл емес қой.

Панфилов . Менің олардан күткен бұйрығым да бұл емес.( Ашынып .) Түсінесіз бе, жолдас комиссар, бұл емес!

Григорьев . Сіз өзіңіз үшін сол дивизияңызға төнген қатерден де ауыр зор қате жасап тұрсыз, жолдас генерал.

Панфилов . Қате! Ол не? Сіз оны жақсы білсеңіз айтыңызшы. Отанымыз дүниеде теңдесі жоқ алып бола тұра, біздер ұятынан бет өртенетін мұндай өкініші мол күйінішті күйге қалай түстік?

Григорьев . Оның жауабын ертең тарих береді.

Панфилов . Онда тарихтың жүгін арқалап, әуреленбеңіз.

Григорьев ( шіміркеніп ). Сіз шаршапсыз, жолдас генерал.

Панфилов . Көмейіңізге түсіндім. Иә, дәл айтасыз, шегіне-шегіне шаршадым, жолдас комиссар. Қолбасшыға оны да айта барыңыз. (Григорьев басын бір шайқайды да тез кетеді. Сыртта соғыс сарыны үдей түседі. Панфилов жалғыз, ауыр қиналуда.) Шегіну! Тағы да шегіну! Қайда? Москва ма жауға ендігі таптатарымыз? Қайда, қайда біздегі намыс? (Отыра кетеді. Денесі мұздағандай бірте-бірте бүрісе түседі. Сыртта соғыс сарыны үдеп барады. Оны елейтін емес, бір нысанадан көз алмай қатып қалған. Анда-санда күбірлейді.) Намыс! Намыс! (Осы кезде Валя кіріп келеді.)

Валя (көңілді кірсе де, әкесінің көңіл күйін тез сезе қалады). Папа! Папа!

Панфилов (оған қарамастан қол созып ). Кел, келші, қызым.

Валя (әкесінің алдына келіп тізерлеп отыра кетеді ). Уақытыңызды алмаймын ба, папа? Балалардан, мамамнан хат келіп, соны сізге әкеліп едім.

Панфилов . Не дейді, аман ба екен?

Валя . Аман. Бар уайымдары сізден хат бармаған көрінеді.

Панфилов . Ол рас. Мен үшін сен жазшы. Қазір, міне, сені сүйгендей, бәрін де сүйдім, сүйдім деп айтты де, бар.

Валя . Папа, сіз бүгін...

Панфилов . Сен менің балам ғана емес, жауынгер серігім де болдың, Валя, Валюта! Азаматтық тірліктің ең зор сын таразысына жеттік, сәт санап сын қатаңдап келеді. Сен соны түсіне біл. Өз орныңда тастай берік бола біл! Ұқтың ба осыны.

Валя . Ұқтым, папа, сен де өз орныңда сондай берік бол! Берік бол! (Әкесінің маңдайынан сүйеді.)

Григорьев (қайта келеді). Иван Васильевич, командование бізге қалайда шегіну керек деп тапты.

Панфилов . Шегін десе оның жауабы да айтылған еді ғой. ( Ашумен .) Сіз оны неге айтпадыңыз?

Валя . Папа!

Панфилов ( зілмен ). Валя! Сен әлі кеткен жоқ па едің? (Валя кетеді, телефон сылдырлайды.) Иә, мен тыңдап тұрмын, не дейсің? (Ұшып тұра келеді, қуаныш.) Манаты Клочков бастаған жиырма сегіз бе, елу танктің бәрін жайратқан ба? Жиырма сегіз-ақ адам. Ал, жиырма бес жыл армияда болсаңыз да, осындай ерлікті естіп не едіңіз? А, сіз ғана емес, мұндай ерлікті елдердің, жыр дастаны да, тарихы да естіген жоқ. Осы ерлік біздің дивизияның үстінде енді таудай толқитын болсын. Өзгеше атой осы болсын. Мен қазір, міне сіздерге қарай шықтым. (Телефонды қоя салып, Григорьевке шаттана қарайды.) Ал, жолдас комиссар, айнымас жауап сол, дивизия шегінбейді. Иә, дивизия шегінбейді!

Шымылдық.

Үшінші сурет

Майданның алғы шебі. Сыртта, алысырақта соғыс сарыны. Батальонның команда пункттерінің қасы. Жоғарыда немістің құлап түскен самолеті жатыр.

Перде ашылғанда жаралы Намысұлын дәрігер мен Валя алып келе жатады.

Намысұлы . Жә, осы жер де жетеді, тез ораңдар. Тез... тез.

Адъютант . Жолдас капитан, сіз санбатқа...

Намысұлы . Адъютант жолдас, сөзді тоқтат та, менің жаралы екенімді хабарлаушы болма, ұқтың ба?

Адъютант . Ұқтым, жолдас командир. ( Кетеді .)

Дәрігер . Қане, мына жерге жантайыңыз. (Қарай бастайды.)

Намысұлы . Соғыс үдеп барады, тездетіңізші.

Дәрігер . Әй, мына жара сізді соғысқа жібере қояр ма екен, қан көп қой.

Намысұлы . Қан ештеңе емес, сүйегім аман. Тез байлаңыз.

Дәрігер . Сүйек, сүйек! Досым-ау, омыртқаңызда оқ тұр ғой?

Намысұлы . Оқ тұрса, алыңыз да тастаңыз.

Дәрігер . Алыңыз да тастаңыз. Ол сіздің наганыңыздағы оқ емес, жүріңіз. Валя, ұста ар жағынан.

Валя . Жүріңіз, ағай?

Намысұлы . Қайда?

Дәрігер . Медпунктке апарамыз. Операция керек, қане, тұрыңыз.

Намысұлы . Бұл жерде пышағыңыз өтпей ме, мен ешқайда бармаймын, осы жерде алыңыз.

Дәрігер . Достым, мүмкін еместі айтпаңыз, жүріңіз.

Намысұлы . Мен ешқайда бармайтынымды айттым ғой сізге.

Дәрігер . Неге бармайсыз?

Намысұлы . Не деп барамын? Бүгін не болды, не болғалы тұр? Кешегі жиырма сегіздің қайсысы қаным ақты, жаралымын деп майданды тастады? Солардың асыл қаны, намыс қаны ақпай өлді деймісің. Сөзді қойыңыз да, оқты тез алыңыз.

Дәрігер . Мына кісі не қылған адам? Валя...

Намысұлы . Валя, мына кісімен бұзылысатын түрім бар, айтып көндірші.

Дәрігер . Мен бұл жерде операция жасауға правом жоқ, оған сіз түсініңіз.

Намысұлы . Сіздің правоңызды қорғайтын қолхат берейін, сонда сіз мен өлсем де құтыласыз, жасай беріңіз.

Валя . Ағай, бұл жерде операция жасау өте қауіпті, қансырап қаласыз, көнсеңіз қайтеді?

Намысұлы . Жоқ, көну мүмкін емес. Өзің ойлашы, кешегі Клочковтар еткен ерлік, бүгін біздің дивизияның үстінде аспан өрлеп, намыс туындай шалқи толқып тұр. Менің батальоным сол тудың астында бүгін ұлы сынның үстінде. ( Тістеніп ). Жара ма екен осы неме? Тұла бойынан саулап аққан өз қанын өзі кешіп, ажалға қарсы ақырып ұмтылған жоқ па еді, кешегі менің бауырым Қожабергенов Асқар. Жоқ, жетті сендермен қажасуым. (Валяны сілкіп жіберіп атып тұрады ). Жолдарың болсын, барыңдар. Бар, доктор. Мен майданға кеттім. (Тұра бергенде, Валя ұстай алады).

Валя . Ағай, тоқтаңызшы, қымбатты ағай, бауырым, қазір, қазір. (Операция аспаптарын әзірлей бастайды).

Намысұлы . Бәсе, айналайын, тезірек дайындашы. (Осы кезде Нина келеді). А, Нина! Міне, менің емім де келді. Мен енді лезде жазыламын, әкеші қолыңды!

Нина. Бақытжан ағай, сіз жаралысыз ба? (Қолынан ұстай алады.) Мен сізге оқ дарымас деуші едім.

Намысұлы . Дарығанымен қазір қалып қоятын бірдеңе. Өз жөніңді айтшы, өзгелер қайда? Маған неге көрінбейді. Мейрам, Төлегендер қайдасыңдар!

Нина. Бақытжан аға! Олар бұл жерде жоқ.

Намысұлы . Не дейсің? (Басын көтеріп алады). Олар қайда?

Нина. Төлеген бөлініп кеткен еді, білмеймін. Ал, Мейрам? Есіл Мейрам! (Айта алмай қалады.)

Намысұлы . Сен қыз, не сұмдық айтқалы келесің, қайда, өлді ме? (Тұра бастайды.)

Валя . Ағай, сабыр етіңізші, жатыңызшы, қайда барасыз?

Нина. Апырай, сіз әуелі жараңызды байлатыңызшы.

Намысұлы . Бұл сыртқы жара, сен іш жарасын әкеліп тұрсың. Айт, жанның барында. Өлі ме, тірі ме?

Нина. Ол тірі, бірақ немістердің қолында қалды.

Намысұлы . Не дейсің? Тірідей қолға түскен біздің Мейрам ба? Анық па? Анық болса онда езді несіне тірі деп тұрсың?

Нина. Ол өз емес, оның қасиетін танып келдім, оны мен қадірлеймін, сіз аяңыз.

Намысұлы. Аяңыз! Не қылған аяу, не қылған қадір?

Нина. Өтінемін, айтпаңыз олай. Егер ол өлсе, сіз оның қанын қасиет тұтарсыз, мен оның қабырын құшармын.

Намысұлы (аз ойланып). Апырай, жан сөзі ғой мынауың. Өз басыңнан не кешті, соны айтшы, ұғындыршы тез.

Нина. Мен жайымды кейін айтамын, әуелі жараңызды байлатыңызшы.

Намысұлы . Жағалай жұмбақ. Бұл не? Шынымен-ақ екеуінен бірдей айрылғаным ба? Дәрігер, енді қашан?

Дәрігер . Жоқ, мен бұл жерде ала алмаймын.

Намысұлы . Мына күйіктің үстінде мен енді неден болса да тайынбаймын. Аласыз ба, жоқ па? (Наганын суырып алады).

Нина. Тоқтаңызшы. ( Қолынан ұстай алады.)

Валя . Бұныңыз не, Бақытжан аға! Сіз осындай ма едіңіз?

Намысұлы . Қоя бер қолымды. ( Дәрігерге .) Сіз түсінесіз бе, жоқ па?

Валя . Алып көрсеңіз қайтеді?

Дәрігер . Жоқ, қансырап қалады, ала алмаймын.

Намысұлы . Ал, ақырғы рет өтінемін сізден. Жан күйігіне түсіне біліңіз. Жалынамын, алыңыз, дәрігер, өтінемін сізден.

Дәрігеp . Ай, мен сіздей адамды көрсем... Қыздар, көмектесіп жіберіңдер. Валя, аспаптар, бинт, дәрілер...

Намысұлы . Ой, рақмет сізге. (Жайланып жатқызады). (Сырттан Төлегеннің бірінші суреттегі әні естіледі).

Нина (сырттан біреуді көргендей). Төлеген! Бақытжан аға, әне Төлеген!

Намысұлы . Төлеген!

Төлеген (бір немісті екі аяғынан беліне салып сүйретіп келе жатады ). Жоқ, мен Төлеген емес. Алтайдың көкжалымын немістің қабанын алып қашқан.

Намысұлы . Тым болмаса сен келші, келші бері!

Төлеген . Аға, ағажан! Не болған сізге? (Құшақтай алады, Намысұлы оны сүйеді.) Не болған, айтыңызшы?

Намысұлы . Ештеңе емес, сен дайындала бер. Қазір тұрам да, сен екеуіміз майданға кіреміз.

Дәрігер . Ал, біз кірісеміз. Бірақ мұнан кейін сенің тиыштық алуың аса керек. Болмаса қансырайсың, достым.

Намысұлы . Достым, мен де сізге айтайын. Белдің мұндай сырт жарасы түгіл, шығып кеткен белін өзі салып жіберіп, соғысқа кіріп, қырғын да салған анагүні біздің бір жігіт.

Дәрігер . Анагүні? Ол не қылған жігіт?

Валя . Мүмкін, емес, ағай, оныңыз кім?

Намысұлы . Ол мына Төлегеннің ағасы, біздің Ертарғын деген жігіт. Және сол күні қандай қырғын салғанын мына Төлегеннен сұраңдар.

Төлеген. Бас көрікті!

Дәрігер . Кішкене қырындаңыз.

Намысұлы (ауырсынғанын әр уақытта сездіргісі келмейді). Сен «тіл» әкелмей, өлексе әкелгенбісің тағы?

Төлеген . Қойыңызшы, жоқ сұмдықты айтпай. Тап осы жолы орамалға орап-ақ әкелдім.

Намысұлы . Тұншығып өлді ғой, орамалын алсаңшы.

Төлеген . Оған да өлуші ме еді? (Немістің аузына тыққан орамалды алады) . Ал, тыныға тұр. Өзі де қабанның ішіндегі бір қабыланы.

Намысұлы . Ал, бұл қабыланды қалай соқтың соны айтшы?

Төлeгeн . Қабандардың жымын аңдып жатқан жолбарыстай, бұлардың үй күзетшісін жайратып тастап, өздерінің келер жолын аңдып жатыр едім, дес бергенде, үшеуінің масаңдау болып келгені. Ең артындағысы мына пақыр екен... Алдыңғы екеуі үйге кіріп, бұл есікке енді жеткен кезде атылдым да, жұлып түсірдім. Сонан кейін басынан құс ұшырғаным жоқ. Жалғыз-ақ баж еткен соң, үн қатпа деп өкпеден бір-ақ нұқыдым. Онан басқаның бәрі аса сыпайы болды.

Намысұлы . Сыпайы екенсің, сүйреп әкелдің ғой?

Төлеген . Е, қабан жетекке жүруші ме еді, мойныма мінгізейін десем бала қылдың деп өкпелер дедім.

Намысұлы . Жеткенше сүйреп келдің бе?

Төлеген . Иә!

Намысұлы . Ендеше, оның өліп қалды.

Төлеген . Ә! (Немістің қасына барып.) Ей, тұршы, кісіні шошытпай. (Қозғайды, неміс қозғалмайды.) Ойбай, мынау ит шын өліп қалған ба? Жолдас дәрігер, мынау итті көріп бере көріңіз.

Намысұлы . Өлген немеңе дәрігер не істейді, тіле Құдайдан.

Төлеген . Ойбай, дәрігер, мынаны тірілте көр. Генералға тірі әкелем деген сертім бар еді, енді қайттым? У-а! Қай құдайдан тілейін сенің жаныңды, иттің ғана баласы-ау? Ақсарбас айтқаныма сен болмайсың. Немістің құдайы қайсысы болатын еді, білетіндерің бар ма?

Намысұлы . «Майн гот!» деп тіле.

Төлеген . Иттердің құдайының да құдай сиқы жоқ екен ғой. Аты неткен жаман еді!

Намысұлы . Қой, жаман да болса, құдай ғой, жалбарынып тілеп көр.

Төлеген . Қап! Жолдас дәрігер, құдай үшін мынаны қарап беріңіз. Тек тілге келтірсеңіз болғаны. (Дәрігер немісті екі қолынан ұстап бір көтеріп, бір түсірді. Аздан соң неміс қыбырлағандай болады. Төлеген қуанып .) Жоқ, жоқ, жаны бар екен. Иә, сәт, иә, сәт, бүгінше тірі болшы! Әкеңді ертең өзім-ақ танытамын.

Дәрігер . Қозғама, кішкене жатсын.

Төлеген . Уһ! Жаным жада жай тапты ғой.

Дәрігер (Намысұлына). Достым, тіл ал. Біз айналып келгенше қозғалмай жата тұр. Валя, мен келгенше мына кісіні ешқайда жіберме.

Намысұлы . Жолдас дәрігер, қолыңызды әкеліңізші. (Қол алысады.) Мен амалсыздан тасырлық еттім; кешіріңіз. Рахмет сізге.

Дәрігер . Сізге де рақмет, бірақ неміспен соғысуды күшейтіңіз, ал медицинамен соғысуды қойыңыз.

Намысұлы . Мақұл, қош болыңыз. (Дәрігер кетеді.)

Нина. Төлеген-ау, мынауың қашан тұрады?

Төлеген . Ол бүгін тұрады ғой, ал Мейрам екеуің не әкелдің? Соны айтшы?

Намысұлы . Мейрам деймісің. Не болғанын білмеуші ме едің Мейрамның?

Төлеген . Оған не болды? Қайда өзі? Нина!

Намысұлы . Сұрама, сұрама! Ол енді бізге жоқ.

Төлеген . Не дейсің?

Намысұлы . Ол тұтқында қалған.

Төлеген . Қалайша? ( Нинаға .) Екеуің бірге кетпеп пе едіңдер? Сен қалайша құтылдың?

Намысұлы (басын көтере бастайды). Бірге кеткен? Бұл қалай? Сен неғып қолға түспедің?

Нина. Мен де түскен едім.

Намысұлы . Жаным-ау, мынау не дейді? Онда сен қалай құтылдың?

Төлеген . Сенің жұлдызын, неден ыстық болды неміске?

Нина. Төлеген, тоқтат! Айыптамақпысың мені?

Намысұлы . Қылыш үстінде серт жоқ, сұлу қыз. Кінәламай, күдіктенбей қайтеді?

Нина. Иә, сенбейсіздер, сенбесеңіздер де айтайын. Мені Мейрамның өзі құтқарды. Иә... иә, өзі құтқарды. Оның фашистер алдындағы бар сөзі, бар қимылы көз алдымда менің. Кіршіксіз ақ қарға жаңа тамған алқызыл қандай, бусанып тұр көз алдымда. Ол ажал аузында тұрса да, соншалық сабырлы ер, соншалық тапқыр, дана болып көрінді. Ол мені білмейтін кісі болып, бөліп жіберді өзінен. Сонда мен не естідім оның аузынан? Есімнен мәңгі кетпес сөздер естідім. Немістің сол қысым тергеуінде тұрып, кеңшілікті, бірге жүрген жолымызда момындық, тазалықпен іркіп жүрген, айтпай жүрген сырын ашты. Жүрегінің, жан жүзіне айтылмаған, қасиетті сыры екен ол. Москва үшін, жан қиятынын айтып, өзінің адамшылық білім тәрбиесімен Москваға қаншалықты қарыздар екенін айтып келіп, немістерге түсініксіз, маған айқын бір сырын ашты. Ол сыры — мені сүйетіндігі екен. Ең алғаш айтқаны, мүмкін, ең соңғы айтқаны болар ол. Соны ести тұра мен амалсыздан амандыққа, тірілікке кеттім! Не жүрекпен кеттім? Бірақ оның бұйрығы мен үшін Отан бұйрығы еді. Мен кеттім! Сүлдерім кетті. Жаным Мейрам! (Жылап жібереді.)

Төлеген . Бұл не деген таңғажайып?

Намысұлы ( ойланып ). Иә, сыры жырдай! Неткен бөлек сыр еді! Көңіл ойды жарғандай... Не өзгеше бөлек, жақсы жансын, Нина! Не қиын терең сырлысың да қырлысың. Екеуіне де қиналам да қызығам.

Нина. Айықпаңыз күдіктен. Күндер солай, ол сіздің правоңыз.

Намысұлы . Жә болды. Адъютант, бері кел! Соғыс не боп жатыр? Айтшы?

Адъютант . Сіз жаралысыз ғой, жолдас командир.

Намысұлы . Жара бітті, мен әл жидым, айта бер. Батальон жайы қандай?

Адъютант . Жолдас командир, бір толқын шабуыл тойтарылған еді, бірақ екінші үлкен толқын тағы білінді. Қарсы соққан тосқауылдың ен қысылшаң шағы жетті.

Намысұлы (тұра бастайды ). Төлеген, соғысқа әзірлен! ( Адъютантқа .) Сен мынау немісті штабқа тез жеткіздір!

Валя . Жолдас капитан! Сіз қайда бармақсыз?

Намысұлы . Енді үндеме, жаным.

Валя (өзіне). Енді қайттым? Енді қайттым?

Нина . Бақытжан аға! Мен сізбен бірге барып, Мейрам үшін жауға оқ төккім келеді, рұқсат етіңіз.

Намысұлы . Жоқ, етілмейді.

Нина. Сонда ғана біле аласыз менің кім екенімді, өтінемін. (Намысұлы үнсіз қадалады.)

Төлеген (жақтырмай). Бас көрікті.

Нина. Есіңізде болсын, Мейрамның кегін менсіз ала алмайсыз. Тек, мына немістен айырылып қалмаңыздар.

Намысұлы . Төлеген! Адъютанттың автоматын Нинаға әкеліп бер.

Төлеген . Бас көрікті. Ол не үшін? Өзімізді...

Намысұлы . Тоқтат! (Төлеген тез барып бір автоматты әкеледі де Нинаға береді.)

Валя . Ал, мен!

Намысұлы . Cен өз командиріңнің бұйрығын орында.

Валя (Намысұлын ұстай алып ). Онда мен сізді жібермеймін. Сіз қайда барсаңыз, мен сонда барамын.

Намысұлы . Жоқ, саған рұқсат жоқ, кеттік, достарым ! (Нина мен Төлеген оны екі жағынан демеп әкетеді.)

Валя . Өзі жарадар, соғыстың қайнар шағына кез келді-ау? Басқара алар ма екен, қаптап келеді. ( Соғыс сарыны үдей түседі. Осы кезде Панфилов, Чупров илыға келеді.)

Панфилов . Валя, аманбысың, мұнда не ғып тұрсын?

Валя . Намысұлы жараланып, соған жәрдем бергелі келіп едім, ол кетіп қалды.

Панфилов . Жарадар болып кетіп қалды? Қайда?

Валя . Соғысқа.

Панфилов (Чупровқа ). Сіз оны естіп пе едіңіз?

Чупров . Намысұлы жарасын елемей бізге хабарламауды бұйырыпты.

Валя . Елемейтін жара емес еді. Қансырап қалуы да мүмкін.

Панфилов . Ендеше ол соғысты қалай басқарады? Қасыңа санитарлар ерт те, алып кел бері.

Чупров . Апыр-ай, қазір қауыпты ғой, жауып тұрған оқтың астына қалай барады?

Валя . Қорықпаңыз, қалай баруды өзім білемін, жолдас генерал, бұйрығыңызды орындауға рұқсат етіңіз.

Панфилов . Рұқсат, тез бар. (Валя тез кетеді.)

Чупров . Апыр-ай, Валяны ажалға көре тұра жібердіңіз-ау, Иван Васильевич?

Панфилов . қойыңыз, жолдас полковник! (Бинокльмен алысқа қарап тұр). Жолдас полковник, немістің тылынан Нина әкелген соңғы хабар анық бола бастады. Көрдіңіз бе? Үлкен соққы дәл осы араға түйіліп келеді, сіз де артиллерияны осы тұсқа жақындатыңыз. Әзір тұрсын, дер кезін өзім айтамын. Мен бар полкті аралап өттім, табжылмай, тайсалмай ұрып жатыр бәрі де. Бүгін бар кеудені кернеген жалғыз ғана кек, жалғыз ғана ашу, жалғыз ғана уран бар. Ол — кешегі жиырма сегіз батырдың еткен ерлігі. Алар болсын солар кегін, ақтар болсын солар үлгісін! Бүгінгі әрбір снаряд жиырма сегіз деп ұшатын болсын. Міне, осыған бәрі де, бәрі де әзір болсын! Барыңыз, мен сізді осы арадан тосамын,.

Чупров . Құп, жолдас генерал. (Тез кетеді.)

Адъютант . Жолдас генерал, көкте самолеті, жерде танкісі, оған ілесе жаяу әскері тағы қаптап кетті ғой.

Панфилов (бинокльмен қарап тұр). Алдыңғы толқындары соққыға әдемі ұшыраған, мықтап қаусаған. Көрдің бе, селдірей бастапты. Батальонның, оғы мен оты ұтымды, сондықтан да олар өзінен басым күшті бастырмай тұр: Сол үшін төкті жау мынау резервін.

Адъютант . Артқылары тақап қалды ғой.

Панфилов . Өктеп келеді, қалын. келеді-ау. Тосар жерге жетіпті, әкел телефонды. ( Телефонды алып .) Алматыны бер. Жолдас Алматы! Артиллерияның бар батареясынан төгіңіз аямас оқты! (Биноклімен әлі қарап тұр.) Бой бермей, кернеп келеді-ау танкісі! Қашан, қашан әлгі артиллериясы! (Алыстан да, жақыннан да артиллерияның қою үні күркірейді.) Ә, бәсе, үн қатты ма, бастады ма?

Нина (сахнаға илыға бере құлап ). Жолдас генерал, Иван Васильевич!

Панфилов . Бұл кім? (Тез барып.) Нина! Сен жаралысың ғой?

Нина . Жарам онша емес, бір қаңғырған оқ тіземді жалап кетті.

Панфилов . Қайдан жүрсің? (Сүйеп отырғызады да, жарасын қарай бастайды.)

Нина. Иван Васильевич, тыңдаңыз, менің келісім асығыс.

Панфилов . Тоқта, мен жараңды байлайын. (Нинаның етігін шеше бастайды.)

Нина. Иван Васильевич, мұныңыз қалай? Мен шыдаймын, санитарлар келеді ғой.

Панфилов . Олар қашан келмек? Үндеме, мен де жаман санитар емеспін. ( Таңып жатып.) Жараң жеңіл, қорықпа. Ал, айта бер енді.

Нина. Намысұлы сізге жіберді. Батальонда шығын көп, жарадар көп. Жау қалыңдап кетті. Сізге сәлем айтты. Сертіме берікпін, шегінбеймін, соны айт деді сізге.

Панфилов . Өзі де соғысып жатыр ма? Жарасы қандай? Қайтсын дегенім қайда?

Нина. Жарасы дейсіз бе? Сол жарасы қазір жанын жаныған секілді. Денесінен оқ өтпестей, болатқа тиіп, майырылып жерге түскендей көрінеді. Сондай өрт, сондай намыс, сондай ашумен түйілген жанды көрдім. Әрбір үні жиырма сегіз деп ұрандайды, әрбір оғы жиырма сегіз деп шығандайды. (Панфилов жараны таңып болады.)

Панфилов . Өзі сондай, ал, батальоны қандай? (Сыртқа қаранды.)

Нина . Батальоны дәл өзіндей. Тұтасқан қалың өрттей шарпып тұр жауды бетке. Ой, Иван Васильевич, ол қазіргі сағатта сондайлық батыр, сондайлық нұрлы.

Панфилов . Жиырма сегіз біреу ғана емес екенін жаулар да білсін бүгін, (сыртқа қарай түсіп) қауіп әлі айығар емес, төніп тұр. ( Адъютантқа .) Чупровты бер! ( Телефонда .) Жолдас полковник, Намысұлының батальоны жаудың резервін де ұстап тұр. Жетті кезі, салыңыз енді резервті, шапшаң салыңыз тез!

Нина. Иван Васильевич, соғыс қазір қандай?

Панфилов . Естіген, көзбен көргендей бола ма? Кел, көр. (Сүйемелдеп тұрғызады.) Қара, көрдің бе? Жаудың алды тоқтаған жоқ па?

Нина (Панфиловына сүйене тұрып, бинокльмен қарайды ). О, жау жаңағыдай емес, жамсапты ғой.

Панфилов . Дұрыс, жаңа ғана оңдала бастады. Артиллерия батальонға мықтап қосты тізесін.

Нина . Байқайсыз ба, алдыңғы қираған танктерден артқылары ете алмай жатқан жоқ па, осы?

Панфилов . Өте алмаған емес, соңғылары тегіс тоқырай бастаған жоқ па?

Нина. Тіпті кейінгілер бұрыла бастады ғой.

Панфилов . Бұрылу тұрсын, қашуға айналды. А-а, біздің резерв те жеткен екен.

Нина. Иван Васильевич, жау қаша бастады. Жаңағы менің айтқаным рас емес пе? Мынау нағыз батырдің ісі емес пе? Ол осындай жақсы. Бірақ бар айыбы — маған әлі сенбейді.

Панфилов . Ол асау, бірақ, сен шыда. Анаған қарасаңшы. Шыдаған жүректің алдында болаттың да майырылып жатқанын көрмеймісің. (Күледі, осы кезде Күн кешкірген, қар жауа бастайды. Соғыс сарыны үзіле бастаған. Чупров кіреді.)

Чупров . Жолдас генерал, бүгін егес соғыс ерен қатты болса да, біздің полк бір адым да шегінген жоқ.

Панфилов . Тек сіздің полк қана емес. Біздің бүкіл дивизия бүгін бұрын-соңды болмаған қатты соғыс жүргізсе де, бір адым шегінген жоқ. Міне енді, шегінбейміз деп берік байлап айта аламыз. Бірақ кім бар, кім жоқ? Осы батальонға салмақ бәрінен де ауыр тусті ғой, қандай қазасы бар? Қайда бұл Намысұлы? Неғып келмей жатыр? (Григорьев жетіп келеді.)

Григорьев . А, мұнда ма едіңіз, Иван Васильевич! Хал енді қандай?

Панфилов . Хал өте жақсы, рақмет, жолдас комиссар! Сіздердің үгіттеріңіз бүгін снарядтардың да отын күшейтіп жіберді-ау деймін. Сол үшін барлық саяси қызметкерлеріңізге жауынгерлер атынан алғыс айтамын. (Сырттан біреулерді көргендей болып.) Мынау не, мыналар кім?

Нина. Санитарлар ғой, жаралыларды әкеле жатқан.

Панфилов . Жаралылар! Кім екен? (Ілгері жүре бастайды, барлығы да ілгері жылжиды, алдынан жаралыларды носилкаға салып әкеле жатқан санитарлар көрінеді.) Мынау кім?

Санитар . Рота командирі Жанбозов, жолдас генерал.

Панфилов . Жанбозов! Мені танисың ба? Жаран қандай?

Санитар . Ауыр сияқты.

Панфилов . Тез, тез жеткізіңдер. Мынау кім? Тоқтаров қой, жарасы қандай?

Төлеген (санитарларға). Тоқта! Жолдас генерал, менің жарам ауыр емес.

Панфилов . Сен мұнда қайдан келдің? Өзіңе берілген бұйрық қайда?

Төлеген . Жолдас генерал, бұйрығыңыз орындалды. Әкелген офицерім штабыңызда.

Панфилов . Жарайсың, Алтайдың алғыр қыраны, бар, бар да тез жазылып шық.

Төлеген . Жазылуым тұр ғой, оны қойыңызшы. Қалай, бүгін біз жиырма сегіздің кегін ала алдық па, жоқ па осы?

Панфилов . Алып болғанымыз жоқ, басталдық дейік. Ерлік айнымаса, кек кетпек емес. Жау қалың еді бүгін, өзің қобалжыдың ба, жоқ па?

Төлеген . Қалың дейсіз бе? Білгенім жоқ. Тірісін санаған кім бар, мен өлісін ғана санадым.

Панфилов ( Күлкі ). Ә, мұның жауап-ақ! Бар енді, тез жазылып кел. ( Оны әкетеді .) Тағы кімдер жаралы екен, шақыршы Намысұлын. (Бұл кезде Валя мен бір санитар жарадар Намысұлын әкелген).

Валя . Намысұлы мұнда, жолдас генерал.

Панфилов . Не дейді? Намысым, сен тағы жарадар болдың ба?

Намысұлы . Жолдас генерал, ең алдыменен сізге алғысымды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз артиллерия мен резервті дер кезінде, дәл кезінде беріп, батальонға аброй алып бердіңіз. Аман алып қалдыңыз, рақмет сізге.

Панфилов . Өнінде тамшы қан қалмапты ғой, Намысым. (Маңдайынан сүйеді.) Сендерді өсірген халықты сүйгенім. Отанымыздың намысын сүйгенім! Өлінің қазасын, тірінің жарасын ақтар Күн алдымызда, алыс емес, Намысым. (Тағы сүйеді.)

Сол абройдың бір иесі сенсің! Тек жараң қандай, соның жайын айтшы маған.

Намысұлы . Иван Васильевич, менің жарам Москва жарасын емдесе, арман бар ма? Жарам бұйым емес. ( Әлсірейді .)

Бәрі ( шошынып ). Намыс... Намыс!

Шымылдық.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Төртінші сурет

Неміс дивизиясының штабы тұрған үй. Перде ашылғанда штаб бастығы Штольберг отырады. Аздан соң ызалы түрде дивизия командир! полковник Фогель келіп кіреді. Штольберг честь беріп, ұшып тұра келеді.

Фогель (мысқыл түрде). Отырыңыз, дивизия штабының начальнигі құрметті офицер, Штольберг. Мен сіздің қорлық хабарыңызға қанықпын. Жіберген мәлімдемеңіз мезгілін мұндай тауып бармас. Иә, иә, мен армия командованиесінде отырғанымда дәл барды. Және армияның бас штабының екі үлкен генералының көзінше жеткіздіңіз. Жеткіздіңіз де, менің тілімді кесіп, үнімді өшірдіңіз. Айнала бергенде, ту сыртымнан дивизияның сұмдық жаман хабарын жеткізіп, өлтірердей оқ аттыңыз. Иә, иә, солай етіңіз, мырзам.

Штольберг . Мәртебелі командирім, өзіңізге мәлім ғой. Соғыс хабарын іркер шарам бар ма еді менің?

Фогель . Білем, білем. Шараңыз жоқ, шарасыздық әлден қамапты. Дивизия — ол да шарасыздықтан қорлық күнге көніпті. Менің дивизиям Европаның талай елінде, Польшада, Францияда, Грецияда тағы талай майдандарда жайдай жарып еткен, неше айқар бойы Россия елінде тапап-жаншып, алда келе жатқан дивизия не күйге жетті? Москваға ең алдымен кіруге ант еткен де біз едік. Бүгін ең алдымен беті қайтқан, әсіресе, қашқан, қашқан дивизия біз болдық па? Шақырдыңыз ба бағанағы мен бұйырған полк командирін?

Штольберг . Шақырттым, келді.

Фогель . Келтіріңіз мұнда. (Штольберг ауызға кетеді, аздан соң полк командирі Курц келеді. Фогель шұғыл өзгерген, монтаны баяу кісіше сөйлейді) . А, Курц мырза, келіңіз, келіңіз. Отырыңыз, менің қарсыма отырыңыз. Ал, көңіл күйіңіз жақсы ма, деніңіз сау ма?

Курц . Шүкірлік, рақмет, зор мәртебелі командирім.

Фогель . Әкеңізден хат-хабар үзілмей келіп тұр ма, хәлі қалай екен? Кодезь шәһәрінде поляктардан тартып алған жібек фабрикасының жұмысы тәуір жүріп келе жатыр еді ғой, ә? Әлі де жаман емес шығар?

Курц . Рақмет сізге, жаман емес көрінеді.

Фогель . Жаман болуы мүмкін емес. Өйткені, сіздің өтінішіңіз бойынша, Украинаның мұжықтарынан бірнеше жүз жұмысшы да берілді ғой. Табысы қазір көп шығар?

Курц . Шүкірлік, онша жаман дей қоймайды.

Фогель . Әкеңіз қарт болса да мықты. Солай ма?

Курц . Жаман емес.

Фогель . Әкеңіз сіздің ер. Ал, бір жиырма сегіз адамды басып өте алмай, елу танкіні орыстарға қаусаттырған сізді кім дейміз? Полкінің қақ жарымын қырғызып, қақ жарымын алып қашқан сізді кім дейміз? Осы сұмдық мерезін бүкіл дивизияға жайған сізді кім дейміз? Орыстардың кеше ғана жасаған шабуылына бүгін ең алдымен бас иіп, бетімізге қара таңба басқызған сізді кім дейміз? Сол жеген жеміңізді ақтағаныңыз осы ма?

Курц . Жүз жорықтағы қайратым, сіздің бастауыңызбен көзіңізше еткен қайратым, маған мынау (омырауындағы крестін нұсқап) қасиетті сыйларды әперген қайратым, бір-ақ күнде басқа тебілмек пе? Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес.

Фогель . Сіз сонымен ақталмақсыз ба?

Курц . Сіз ақтамағанмен, толық ұғынып білсе, мені бас командованиенің өзі ақтайды.

Фогель . А, сіз бас командованияны қорқақтардың қорғаны көресіз бе?

Курц . Мені жазалаңыз, бірақ қорқақ деп, менің офицерлік арымды қорламаңыз. Ол мен емес. Сондықтан да ақтайды мені бас командование.

Фогель . Ендеше сол бас командование барды біліп ұғынды. Мәлім етейін, сіздің қасиетті әрекетіңіз майдан командованиесі түгіл фюрердің өз штабына дейін жетті.

Курц . Ендеше мен сонда ақталам.

Фогель . Рас, сіз ақталасыз. Бірақ кім ақтайды, немен ақтайды? Мен ақтаймын. Міне, былай ақтаймын. (Атып салады, Курц құлап түседі, Штольбергке.) Алып кетсін. (Курцты алып кетеді. Фогель Шотльбергке.) Жаңағының полкін тойтарған, біздің дивизияларды бастырмай тұрған жаудың қандай күші, анықтадыңыз ба?

Штольберг . Тағы сол генерал Панфиловтың дивизиясы.

Фогель . Бір-ақ дивизия ма? Неткен қорлық! Соның солдаттары мен офицерлерінің бірсыпырасы азиаттар, монголдар емес пе?

Штолберг . Азиат болғанда, қаза... қазақ дей ме, немене.

Фогель . Солардың өз тілінде листовка жіберілді ме, орындадыңыз ба?

Штольберг . Әзір орындай алмай тұрмын, мәртебелі командирім.

Фогель . Неге?

Штольберг . Қазақ тілінде жазатын кісі қолға түспей жүр.

Фогель . Біреу түсті дегеніңіз қайда?

Штольберг . Оның көрмеген азабы жоқ, бірақ көнбей қойды.

Фогель . Көнбей қойды! Неге көнбейді, неге көндірмейсіз? Командир болса, кәріңіз өтпейді, кәрі-құртаң кемпір, қатындарға ғана қаһармансыз ба, немене осы?

Штольберг (ызаланып). Мен оның жүрегін суырып алып, итке салатын едім, өзіңіз ғой. Захарова келген соң не мұны керекке жаратамын, не екеуін тірідей көмемін, оған дейін өлтірме деген.

Фогель . Маған келтіріңіз. (Штольберг кетеді, аздан соң өңінде ауыр азап белгісі бар, үсті жүдеу Мейрам келеді.) Отырыңыз. Сіз азиатсыз ғой, ә?

Мейрам . Иә!

Фогель . Қазақсыз ғой!

Мейрам . Иә, қазақпын.

Фогель . Ендеше, өз туған халқыңызға, қазіргі мынау майданда жүрген қазақ бауырларыңызға не үшін жаныңыз ашымайды?

Мейрам . Ашымайды деуге дәлеліңіз не?

Фогель . Дәлелім мынау! Мына листовканы неге қазақшаға аудармайсыз?

Мейрам . Мен сол жан ашығандықтан аудармаймын ғой деймін.

Фогель . Сіздің жаныңыздың ашығаны — бауырларыңызды қанға батыру ма?

Мейрам . Елі үшін ері қаны тұрсын, жанын да қиятын,

Фогель . Сіздің елмен соғысқан кім? Сіздің отаныңыз анау алыс Азияда жатыр. Оған біз бардық па?

Мейрам . Бармайын деп жүрген сіздер жоқ жеге алмай жатырсыздар ғой.

Фогель . Міне, сіздің және орыс генералының айдауында жүрген қазақ солдаттарының қатесі осы. Біздің жұмысымыз жоқ сіздің отаныңызда.

Мейрам ( Күліп ). Олар сіздің бұл сөзіңізге күлсе қайтесіз?

Фогель . Неге күледі?

Мейрам . Айыпқа бұйырмасаңыз айтайын. Ол елдің ежелгі мінезі күлкілі жай болса, өлерінде де күліп өлетін. Олар немістің бір атақты генералы жиырма бес жыл бойы тұяқ серппей ұйықтап, биыл ғана ояныпты деп дүниеге жар салып жүрмесін.

Фогель . Сіздердің сол бір ғана сарынмен адасып жүргендеріңізді білем. Біз туралы, әсіресе, біздің шығыс халқына арнаған ұранымыз туралы түк білмейсіздер.

Мейрам . Ол қандай ұран?

Фогель . Сіздің ел мұсылман еді ғой, ә?

Мейрам . Ол да әлгі жиырма бес жылдың ар жағында жатқан жай. Сонда да айта беріңіз.

Фогель . Біздің фюрер бүкіл дүниедегі мұсылман халқына достық жариялап отыр, одан да түк білмейсіздер.

Мейрам . Бұл сіздің фюреріңіздің жаңалығы ма еді?

Фогель . Енді кімдікі?

Мейрам . Мұны мұнан отыз жыл бұрын сіздердің патшаларыңыз, Вильгельм де жариялап еді ғой.

Фогель . Вильгельм! Сіз ол туралы не білуші едіңіз?

Мейрам . Не білетінімді сізге тегіс айтайын, рұқсат етіңіз.

Фогель . Ал, айтып көр.

Мейрам . Мен ол кісінің, мұнайы мол, порттары көп, шығыс елдеріне ерекше мейірімі түсіп, ынтық боп аралап, Мысырға барғанын білемін. Онда монтаны сопы шапанын киіп, Мұхаммет пайғамбар салған ғазауат сәлдесін басына салып, өзін ислам дінінің қорғанымын деп, жар салғанын білемін. Өз суретінің астына құраннан аят, пайғамбардан хадис жазып, дүниеге тартқанын да білемін. Одан бері де, сіздің фюреріңіз бен Муссолини екеуі де жаңағы сіз айтқандай, өздерін мұсылманшылықтың биік қорғанымыз деп жарияланғанын және білемін.

Фогель . А, сіз бәрін біледі екенсіз, бірақ шындыққа көзіңіз жете ме, шындыққа.

Мейрам . Шындық дейсіз бе? Онан да ептеп хабарым бар. Естімегіңіз шындық болса сол «қамқор», қорғандығын әлем алдында ақтап, «қамқор» қанатын алдымен Албанияға жайып, оған сол қанаттан от пен ажал төккенін де білемін. Сол «қамқор» қанатын Ливияға жайып оған да оқ пен ажал төгіп тұрғанын білем. Сол «қамқор» қанатын Мысырға да созып, от пен ажалын төккелі төніп тұрғанын да білем. Осының бәрін сіздің мұсылман «достарыңыз» еді-ау!

Фогель (столды қойып қалып). Жетті, қысқарт бұл сөзді!

Мейрам . Ол ғана емес, Турцияға да, Иранға да, Ирак, Индияға да, бәріне де сол от төніп, ажал шашатын «қамқор» қанаттарыңызды жаймақсыздар, оны да білемін.

Фогель . Өшіремісің үніңді. Штольберг ! (Иек қағады.)

Мейрам . Мен сіздердің «Дранг нах остен» деген, шығысқа ұмтылған армандарыңызды білемін. Ол арман өрмекшінің шыбынға ұмтылған арман, ынтықтығы.

Фогель . Болдың ғой. Ал енді мен саған айтайын, сенің осы сөздерің өзіңді ажалдан анық құтқарды.

Мейрам . Қалайша?

Фогель . Сендей адам бізге өте қымбат. Не тілегенің болады, ол үшін қазір мынаны қазақшаға аударасың.

Мейрам . Қателеспеңіз, мен азғын емеспін.

Фогель . Сен сыйлағанды біл. Біз орыс тұтқындарымен бүйтіп ешуақытта сөйлескен емеспіз. Сіз аударасыз, мен аудартамын.

Мейрам . Мен аудармаймын, сіз аудара алмайсыз.

Фогель . Штольберг сал! (Штольберг темір бұғау мен темір тумылдырың алып келеді.)

Штольберг . Келіңдер бері. (Екі жендет жетіп келеді, олар Мейрам қолын қайырып, қинай бастайды).

Мейрам ( бұғауды салғызбай, алысып, айғайлап). Осы темір тұмылдырық, темір бұғау ғой менің еліме әке іс жатқан бостандығың.

Фогель . Кимеймін, өлмеймін десең, көн айтқанға.

Мейрам (мойнында бұғау, қылқына айғайлап ). Көнгенім өлгенім болар, азамат ажалын шақырдым басыма.

Фогель . Тұншықтыр, өшір үнін! (Бұғау қысып л етеді, Мейрам талықсып қалады.)

Штольберг . Өліп барады, қайтеміз?

Мейрам . Өлтіріңдер.

Фогель . Сал енді тұмылдырықты.

Мейрам (соңғы. Күшімен тұмылдырықты кимей алысып). Өз таппайсың отанымнан! (Басына тұмылдырықты. салып жібереді, осы кезде телефон сылдырлайды).

Фогель . Әкет! (Солдаттар әкете бастайды.)

Штольберг . Қандай жазамен өлтіруге бұйырасыз?

Фогель . Әзір өлтірме, мен мұны өзім көндірем. Барыңыз. (Штольберг кетеді. Фогель телефонды алып.) Ал айта беріңіз. Не дейсің? Ә, сендерге шегін деп бұйырған кім? Қоршауда қалатын менің штабым ба? Өшір үніңді. Бұйырамын, бір адым да шегінбейсің. (Екінші телефон сылдырлайды .) Мен тыңдап турмын. Жау сырғымызға шығуы мүмкін, қалайша? Ол сөз емес. Менің штабым ба, жоқ мен шегінбеймін, сен де шегінбейсің. Бұйрық сол . (Телефонды тастай салады.) Иә, бұйрық сол. (Ауыр ойда.) Курцті атқан оғым өзімнің де үкімімді айтқан. Алдым аяз болса, артымда ажал. Қайтпек керек? Жоқ, Курцті атқан оғымның өз үкімімді де айтқанына? (Телефон сылдырлайды, телефонды алып.) Иә, мен тыңдап турмын. Бұл қайдан? А, сіз бе едіңіз. Иә, кә, дұрыс, дұрыс. Қажет, сол қажет. Рақмет мұныңызға. Жетсе, жетіп үлгірсе болды. Одан арғының барлығына басыммен кепілмін. (Телефонды қоя сала асығыс киінеді.) Штольберг корпустан хабар жетті, қорқақтың орнын ер басады, селдіреген жерлерге селдей қаптаған күш төгіледі. Корпус көмегі жөнеліпті осылай. Солар кетіп үлгіргенше табжылмай, тайсалмай тұруымыз керек. Орыстар ма «СС» - тің болат дивизиясын қоршайтын? Ол болған емес. Болмайды.

Шымылдық.

Бесінші сурет

Сахна сол бөлме. Бірақ, енді Мейрам Фогельден жауап алып отыр. Жауаптың соңғы кезі. Есік жақта Төлеген.

Мейрам . Осы бөлменің ішінде олай да тергесіп, бұлай да тергесіп, сіз екеуіміз ырғастық-ау, генерал Фогель. Сіз мені тергеуден бастап, ақырында өзіңізге өзіңіз үкім айтатын сәтке жеттіңіз. Жә, енді қысқартайық. Сіз не тілейсіз, не таңдайсыз, кесімін өзіңіз айтыңыз.

Фогель . Мен сізден ештеңе тілемеймін. Жаңағы жауаптан басқа айтарым тағы жоқ.

Мейрам . Сіздің жауабыңыз осындай қысқа болса, менің үкімім де қысқа. Ендеше байлайық па соған? (Фогель үндемейді.) Мен сізден жауап күтемін.

Фогель . Сіз менен жауап күтпестен бұрын, өзіңізге өзіңіз дұрыс сұрау беріп көрдіңіз бе? Германның тұтқын генералын өлтіру не тірі қалдыру правосы бар ма екен өзіңізде?

Мейрам . Сол праволарды маған беретін сіздің дәл осы арадағы мінезіңіз болмақшы. Қатаң мінез ұстансаңыз, қатал үкімге менің қолымды қазір шешкенім деп біліңіз. (Тұра келеді.)

Фогель ( жасаңдап ). Менен өзіммен тең дивизия командирі жауап алсын деймін.

Мейрам . Оған бірақ сауда бар. Жаңағы мен сұраған жайдан бар білген, бар шыныңды айтар болсаң, сонда ғана барасың. Айтпасаң, оған баратын жол жоқ. Түсінікті ме?

Фогель . Менің де алдымдағы сауда біреу-ақ. Өзіме әзім қойып тұрған сұрауым да енді біреу-ақ. Осы, мен тірі қалам ба, жоқ па?

Төлеген ( Күліп ). Бас көрікті! ( Әндетіп ). Ау, екі қара, жалын тара. Батырдың мына тұрған түрін қара.

Мейрам . Сіз ажалды талай жанға жұмсай білген адамсыз. Тірлікті не күнмен арашалап қалуды да сіз жақсы білесіз. Менің мәслихатым тірлігіңді сақтаңыз, қайтесіз. Ар азабын сіз шекпессіз. Бронь сіздердің танктеріңізде, арыңызда емес қой.

Фогель . Мені дивизия штабына жіберсеңіз екен..

Мейрам . Енді сіз барасыз.

Намысұлы (кіріп келіп ). Жә, бар білгенін айтты ма, мына генералың?

Мейрам . Түгел айтуға жалған намысы жібермей тұр. Өзімен тең командирлер алдында сөйлесуге келістік.

Намысұлы . Ә-ә, тәкаппарлық тоны бар екен ғой. Айбар, қасиет болмысы ғой. Бензині таусылып, моторы күйреп, теңкиіп қалған өздерінің танкісіндей қампиған сырты ғой. Жарайды, біз мұның өзімізге керек шындығын сол тонын жыртпай-ақ суырып ала білеміз. Барсын, апарыңдар!

Фогель . Штабқа жеткенше менің өміріме қатер жоқ па? Мені жолшыбай жазым еткізбеуіңізді өтінем.

Намысұлы . Ол мінез сіздің штабыңызда қалған, барыңыз. (Екі солдат оны айдап алып кетеді.)

Төлеген . Неткен қайсар? «Қасқырдан қайрат кетсе ешкіні апа» дер, депті ғой. Қайсарың сол қайраты кеткен қасқырдың тап өзі болған жоқ па?

Намысұлы . Е, тұтқын генералды қорқыттық та, күш айттық ал майданда қандай күш артық? Осы жорықта біздің батальон тағы баяу соқты ма, қалай болды осы?

Төлеген . Қайдағы баяу? Штабының шаңырағын ортасына түсіріп, Генералына дейін інінде басқан біз емес пе осы? Тұқырта бермесеңізші.

Намысұлы . Әй, Төлешім-ау! Серпе бересің-ау сен де. Иван Васильевич бізді не деді екен осы жолы? Тым құрыса соны біліп айтсаңшы? Басқалардан біздің түсірген олжамыз аз ба қалай... (Төлегенге сыбырлап, оны сыртқа жібереді). Мейрам, сен бері келші. (Eкеyi пештің ар жағына барады.) Сен осы, келгелі Нинаны көрдің бе, жоқ па?

Мейрам . Жоқ, қайда өзі? Қашан көрер екем?

Намысұлы . Сенің көруің қажет! Сол өзі.. (Төлеген Нинаны жетектеп келіп теріс отырғызады. Нина түсінбей аң-таң. Төлеген Мейрамды оған қарсы отырғызады.)

Төлеген . Ал, таныс болыңыздар! (Намысұлының қасына барады.)

Нина. Мейрам.

Мейрам . Нина.

Намысұлы . Тоқта, мынау қайтер екен?

Төлеген . Ал, кептен бергі күдігіңіздің ашылатын сәті келді.

Намысұлы . Тоқта!

Нина. Сенейін бе, сенбейін бе? Анық сіз өзіңіз, Мейрам.

Мейрам . Мен де сізді қайта көрем деп ойлап па едім?

Нина (ендігі сөздерін жанып сөнгендей, сөніп жанғандай, күліп тұрып жылап, жылап тұрып күліп жіберіп айтады.) Сізден айрылғаннан бері ақылым сенбесе де, жүрегім әлденеден сізді тағы бір көресің деуші еді де тұрушы еді. Енді міне, ( Күліп жіберіп ) айта алмай да тұрмын... Түу, не десем екен? Міне, бәрі де сол! (Жылап жібереді.)

Мейрам (шашынан сипап). Нина, аяулы Нина. Сіз аман кетіп бара жатқанда, мен сол оттың ортасында өртеніп жанып, күл болып кетсем де, өмірімнің қақ жартысы сізбен бірге құтылып, жарқырай жайнап, аман кетіп бара жатқандай көрдім де, үміт те, дәрмен де тауып ем.

Намысұлы . Мыналарың не деседі, жаным-ау?!

Төлеген . Міне, от дариясынан өтіп табысқан Сейфүлмәлік — Жамалың. (Мейрам Нинаны сүюге ыңғайланады.) Бас көрікті! (Нина ұялып ата жөнеледі. Есікке жеткен кезде қарсы алдынан жәшік көтерген Жанбозов келеді).

Жанбозов . Сенің тапсырғаның Абзал. (Нина Жанбозовтың қолындағы жәшікті алып қайта келеді.)

Нина. Мейрам, міне мынау сізге, сізге арналған, Иван Васильевичтің сізге жіберген сәлемдемесі.

Жанбозов . Сіз тағы жаңағыдай жарым жолға барып жеткізе алмай қалдыңыз. Рұқсат етесіз бе, мен айтайын.

Нина. Ал айтыңыз, сіз айтыңыз.

Жанбозов (жәшікті ашады, алма, вино, консерв шығара бастайды). Бұл Иван Васильевичтің саған арнап жіберген сәлемдемесі. Ал өзі одан да әрі, өзіміздің елден!

Намысұлы . Сенін жеткізгенің мынау болса...

Мейрам (бір қызыл алманы қолына алып). Алматының саялы, сәнді, сағынышты бағынан келген. (Алманы иіскеп.) Иісін, исін ғана көрсеңші. Ана жүрегінің лебі дермісің, не болмаса Алатаудың таңғы лебі, бау-бақшалы даласының кешкі самал желі дермісің?

Жанбозов . Жүректі қозғадың-ау. Сен өлең айтып барасың ғой. Солай емес пе, Бақытжан аға! Айт, айта түсші құрбым.

Намысұлы . Бұл ақындардай-ақ желге мініп, Алатау кезіп серпіп отыр, бірақ Жартыбайдың, жортағынан басқа ұйқасты мен әлі көргенім жоқ.

Мейрам . Оныңыз рас. Ей, Төлеген, желісін мен айттым, келісін сен келтірші. Ұйқасын тапшы ең болмаса.

Hамысұлы . Осыдан ақындық та шығып кетуі мүмкін, жаны ақын ғой.

Төлеген . Алыңыздар елдің асыл алмасын, Ел сәлемі ер жүректі жалғасын. Қиядағы, қиырдағы топ қыран Тағы талай, талай самғасын! Ал ар жағын сіз жалғап әкетіңіз.

Мейрам .

Төлегенге тізгін бер,

Өлең шіркін қайдасың!

Төлеген . Тоқта, тоқта, енді өзіме қоя бер. Қалған ұйқас бар болса, Төлеген өзі қармасын. (Виноны қолына алады .) Талайы әлі табылад, Мынаны ішіп алғасын, алғасын. Келіңіздер! (Бәрі де ішуге әзірленеді.)

Намысұлы . Ал, келіңдер, мұның да көңілі қалмасын!.. Төлеш, бесбармағың әзір ме?

Төлеген . Үндемеңіз, былқып жатыр.

Намысұлы . Сен жаңа, ұйқасты таптың, бірақ үйлесті көрген жоқсың. Шырқау барып, алыста жүрдің. Ауызға түспес өлең тап қасыңда тұрған жоқ па. (Мейрам мен Нинаны нұсқап.) Осылардың жаңағы кездесуінің өзі қандай? Бал-бұл жанып, балдай оралысқан жоқ па, біріне-бірі?

Жанбозов . Оныңыз рас, өзгеше болды, Бірақ...

Намысұлы . Е, ендеше соған орай бірнәрсе тапсаңшы.

Нина. Ағай, сіз бүгін қандайсыз осы! Қандай жақсы өзгергенсіз? Әсіресе, мен туралы, өзгергенсіз. Жасыра алмаймын қуанамын да, қайранмын.

Намысұлы . Үндемеңіз, менің өзім де қайранмын. Табыңдар орайын.

Жанбозов . Ендеше орайы мынау болмас па? Біз айтпағанды ел тудырып еді ғой. (Ақырын «Екі Жирен» әнін бастайды, бұған бәрі қосылады, осы кезде Панфилов келеді).

Панфилов (әнін тоқтатып, тұра келгендерге). Бөлмеңдерші, айта беріңдерші. Тек маған Мейрамның маңдайын ғана беріңдер. (Мейрамның маңдайынан сүйеді.) Енді сен де қосыл. (Тағы да өлең айтылады.)

Намысұлы . Ал, Иван Васильевич, сіз енді шешініңіз.

Төлеген (повордың қолындағы тәрелкелерді қолына алып). Ал енді соғыста сіздердің бәріңіз де командирсіздер, қазір осы стол басында мен командир болайыншы.

Панфилов . Бола ғой, бол!

Төлеген . Ендеше бәріміз де табақтан жейміз. Бірінші команда сол.

Панфилов . Дұрыс мұның.

Төлеген ( поворға ). Тәрелкені әрі әкет, екінші команда сол.

Панфилов . Жолдас командир, бұйрығыңызға бір қосымша айтуға рұқсат па?

Төлеген . Айтып көріңіз, тыңдайын.

Панфилов . Ендеше мынау шанышқыларыңызды да қоя тұрсаңыз, өзіміздің ауылдағыдай қолмен жесек!..

Төлеген . Құп, жолдас генерал, қосымшаңызды қабыл алдым. Повор, шымшым сумен сабын дайында. (Бәрі қол жуып қайта келеді. Панфилов телефонды алады. ) Пәле, жолдас генерал, сіз олай тәртіпті бұзбаңыз, қайтадан қолыңызды жуыңыз.

Панфилов (Күлімсіреп). А, кешіріңіз, жолдас командир. (Қолын қайта жуып келеді. Бәрі стол басында.)

Төлеген (үлкен табақпен етті алып келіп). Түйсіне қарап, сүйсіне жеңіздер.

Панфилов (Мейрамға). Бұл барса келместен келген сенің қуанышың, алыңдар. (Бәрі де ішіп, етті жей бастайды). Бәріміздің ортақ қуанышымыз. (Нинаға қарап күлімсіреп.) Ал енді жеке дара өзгеше қуанған кісілер де бар, сен соны білдің бе?

Нина. Иван Васильевич, не айтқалы келесіз, менің рұқсатым жоқ.

Панфилов . Сіздің рұқсатыңыз болмаса, менің айтпаймын деген сертім де жоқты. ( Мейрамға .) Сен тұтқында қалың өзі келген күндерде мынау Нина маған бір емес, он рет сені жоқтап, жасын төкті.

Нина. Он рет! Иван Васильевич, бекер жала мұныңыз.

Панфилов . Сенбе бұл сөзіне. Өзі ешнәрсе айтты ма саған?

Мейрам . Айтпаса да, менің көңілім алғысқа толы.

Панфилов . Бәсе, ендеше бір сыр, бір шындық сұрауға рұқсат па?

Мейрам . Рұқсат.

Панфилов . Сен неміс штабында, қатты, қысым тергеу үстінде Нинаны сыртыңнан атып, ішіңмен сүйіп, сол сүйгеніңді немістерге білдірмей, мұның өзіне ғана сездіріп, жақсы көретініңді айтып қалғаның рас па? Нина сені солай деп мақтанып келді.

Намысұлы . Мынау шын сұрарлық сыр екен, айтшы ей?

Нина. Мейрам, айтпаңыз!

Панфилов . Мен Нинаның өтірігін де, шынында, қазір тегіс білуім керек. Мұның әкесі Захар қарт емес, әзірше менмін, айт!

Мейрам . Апырай, қинадыңыз-ау, не дегенімді ұмытып та қалыппын.

Жанбозов . Ой, немістің офицерінен жасырмағаныңды, бізден жасырайын деп пе едің? Айт енді.

Панфилов . Айт, артыңда тағы бір сыр тұр.

Мейрам . Ендеше, Нина сол алғашқы жолы шынын айтып келген болар.

Панфилов . Ә, дұрыс. Олай болса тағы бір сыр бар. Сен қалып, Нина келгелі мына Бақытжан ағаң не ойлады екен, сол жайын бұл айтты ма?

Намысұлы (тұра келіп). Иван Васильевич, олай болса, мұны айтуды өзіме беріңіз. Мен Нина туралы күмәндана жүріп қызығып, қызыға жүріп күмәнданып алай-түлей күйде едім. Ол ескі сырым еді. Жаңа мыналардың түрін көргеннен бері ұялам да, қуанам. Енді бақсам, бұлар жайы — қарлы суық жартас құздан жоғарылап ұшып, биік мөлдір көк аспанда алтын күннің шұғыласын құшып, ақ қанаттарымен жанасып, сүйкесіп табысқан ақсұңқарлардың кездесуіндей көрінді... Міне, бұл менің жаңа сырым, Иван Васильевич.

Панфилов . О, мынау қандай сұлу теңеу айтты. Бұл үшін, Нина, Мейрам, мұның бар айып, бар кінәсін көшпеске шараларың жоқ. (Жұрт күлісіп, тұра бастайды.)

Нина. Ағай, сіз қандай жақсы едіңіз!

Намысұлы . Ендеше, жақсы ағаң сені жақсы көңілімен бір сүйсін, келші! (Сүйіп, арқасынан қағады.)

Төлеген . Бас көрікті! Ал қолдарыңызды жуыңыздар соңғы бұйрық сол. (Бәрі қолдарын жуады. Төлеген Панфилов ой жақындап.) Жолдас генерал! Біздің Нина партизандардан бір ән үйреніп келіпті, өзі партизандардың сағынышындай ыстық ән. Соны тыңдап көрсек қайтеді.

Панфилов . Нина, сен бір жақсы ән біледі дейді, соны айтып берші.

Намысұлы . Төлеген қосыл.

Төлеген . Мен әзірмін ғой. (Нина бастайды. Төлеген, Мейрам, Жанбозовтар қосылды. Ән аяқталады.)

Панфилов (Төлегенге). Сен әнді онша жақсы айта алмасаң да тани біледі екенсің-ау. Бәріңе де рақмет.

Намысұлы . Иван Васильевич, сіз бәріміздің бар сырымызды айтқыздыңыз ғой. Енді сізден бір сыр сұрауға бола ма?

Панфилов . Неге болмайды.

Намысұлы . Бүгінгі шабуыл жорықта біздің батальон басқалардан кем соқты ма, дәлі қалай шықты осы?

Панфилов . Өз көңіліне қалай, күдігің бар ма, жоқ па?

Намысұлы . Күдігім бар сияқты.

Панфилов . Ендеше, сол өз көңілің таразы.

Намысұлы . Бәсе, тағы солай. Бірақ, ендігінің мәнін ұқпай, қиналып жүрмін, неліктен?

Панфилов . Сен батальоныңмен табан аудармай, табжылмай тұрып ұруға төпеледің, ал, ұмтылып ұруға әлі жаттыққан жоқсың. Сен өзін, күрестің бар әдісін білемісің?

Намысұлы . Қай күрестің?

Панфилов . Әлгі өздеріңнің, қазақ пен қырғыздың жақсы күресін айтам, ол өзі аса қызық.

Намысұлы . Е, оны білем ғой!

Панфилов . Білсең, екі түрлі жығыс бар емес пе еді? Біреу бар — өзі қайрат етпей, шаптан тіреп жатып алып, анау омырау еткенде ғана қапысын тауып жығатын. Ал енді біреуі — екпіндеп, батыл қимылдап, ұмытыла барып шалатын, жамбасқа алатын, арқалап соғатын. Сен шаптан тіреуге жақсы едің, шалуға келгенде әлі олақ болып тұрсың. Міне, батальонның, жайы осы.

Намысұлы . Ендеше, мен бар ой, бар қайратымды шалуға салармын.

Панфилов . Дұрыс айтасың, біз бар дивизиямызбен сол қимылға шықтық. Бірақ шалып алып өзі шалқасынан түсетіндер де болатын, оны да ойла.

Намысұлы . Келсе екен, тезірек келсе екен, сондай бір сын.

Панфилов . Ол тілеген сының бірімізге емес, бәрімізге, бүкіл дивизиямызға келді.

Намысұлы . Қандай?

Панфилов . Ол қарсымызда тұрған жау группасын қоршау. Жаудың сондай қалың күшін қоршау үшін қарсы алдынан шабуыл жасау біздің дивизияға жүктелді. Егерде біз кесек қимылдап бар назарымен жарағын өзімізге аударып алмасақ жаудың қоршатпауы мүмкін. Сондықтан біздің маңдайдан соққан соққымыз жаудың күре тамырын үзетін болуы керек. Ол күре тамыр өздеріңе белгілі Руза деревнясы.

Нина (қуанып). Біздің Руза ма?

Панфилов . Иә, сіздің Руза. (Кенет ойланып.) Айтпақшы, Нина, менің сізге мына достарыңыздың алдында айтар құпия сырым бар. Біріншіден сіз отан алдындағы борышыңызды өтедіңіз. (Бұл сөзге бәрі салтанат жасап тұра қалады.) Ол үшін Отанымыздың алғысы мен сыйлығы әзір. Екіншіден немістер сіздің кім екеніңізді, яғни жалған досы екеніңізді біліп қойды. (Бәрі Нинаға сүйсіне қарай қалады.)

Төлеген (ақырын ғана). Бас керікті.

Панфилов . Сондықтан сіз мұнан былай жаумен күресудің басқа жолына, ашық түріне түсесіз. (Нина қуанғанынан біресе Панфиловқа, біресе Мейрамға ұмтыла бере тоқтайды да орындыққа отыра кетеді. Достары ортаға алғысы келеді. Тіпті Төлегеннің құшақтамақ та ойы бар, именіп тұр. Панфилов олардың ойын аңғарып). Нинамен кейін таныса жатарсыңдар, алдымен алдағы сын сағатын бұраңдар. Жолдас Намысұлы! Жаудың сол күре тамырын үзуге қалайсың?

Намысұлы . Егер өзіңіз сенсеңіз.

Панфилов . Мен саған енді кәміл сенемін. Оған өзіңнің мен танып болған жақсы қасиеттерің кепіл! Батальоныңды бастап өткен жолдарың, кешіп келген кешулерің кепіл. Мұның бәріне: ғасырлар бойы сарапқа түсіп, талай сында талмай шыққан ұлы орыс халқының құралы кепіл! Оған, шыдамы таудай, шыңдаған сайын шымырай түсетін өз халқыңның намысы кепіл. Ел намысы кегіңді жаныса бұл сыннан шырқап өтетініңе мен кепіл. (Намысұлына қолын ұсынады.)

Шымылдық.

Алтыншы сурет

Шымылдықтың ар жағында қызу айқас жүріп жатыр. Сүрін қатты ұрып жатқан соғыс сұрапылы әлденені айтып бажылдасқан неміс үндерін жөнді естіртпейді. Аздан соң Төлегеннің дауысы саңқылдайды.

Төлеген . Тек оқты, төгіңдер аямай! Бірде-бірі Құтылмасын, тек, теге түс! (Соғыс үдей түсіп барып саябырлайды да, сарыны алыстап естіліп тұрады.)

Перде ашылғанда көреріміз, талқаны шыққан жау бекіністері, әр жерде қаруларын құшақтап құлап жатқан жау өліктері, шашылын жатқан әртүрлі қару-жарақтары. Сол қираған дзоттардың біреуінен иек арта алысқа қарап Төлеген жатыр. Жауынгерлер бірінен соң бірі жүгіріп келіп, онымен қатарласа жата кетеді. Не бары жеті адам.

Төлеген . Ал, достарым! Жау жүрегіне сермелген найза біздің батальон болса, сол найзаның болат жебесі біз болдық. Біздің оқты қарудың әр түрінен төгуіміз жауды әдемі алдады.

1 - жауынгер . Алдап қана қойған жоқ, есін шығарып жіберді.

Төлеген . Егер менің бұл болжауым дәл шықса, олар мына айрылған бекіністерін қайтып алу үшін күшінің салмағын бізге қазір-ақ аударады. Әне, әлден шоғырланып танкілерін де шығара бастады. Кәне, өзіміз қаншамыз? (Әр жағында жатқандарға қарсы алып .) Жетеу. Аз қалыппыз-ау.

2-жауынгер (Күрсіне сөйлеп ). Иә, аз қалдық.

Төлеген . Е, мейлі, бізді де ұл таптым деп қалжа жеді ғой, айналайын анамыз. Солай емес пе? Айтыңдаршы, анадан тумаған қайсымыз бар?

Жауынгер . Анасыз адам туа ма?

Төлеген . Ендеше дүниеге қалың қол болып келгендей, кетерде «аз қалдық» деп неге, қамығамыз? Азар болса келетін ажал ма? Онан тайсалатын, ол арсыздың бетіне қасқайып тұрып қарамайтын не бар?

3-жауынгер. Қарап қана қоймаспыз, өзің қандай соқсаң біз де сондай соғармыз.

1-жауынгер. Серт осы болсын ендеше,

2-жауынгер . Жау танкісі бері беттеді.

Төлеген . Беттей берсін. Ер шығарлық өрде, өз көмілер көрде осы екенін түсіне білсек сескенетін ештеңе жоқ.

1-жауынгер . Жаяулары да қаптап келеді.

Төлеген . Көріп жатырмын, қаптай берсін, таптай берсін. Міні бізде оларды таптап жатырмыз. Енді бізді олар таптаса, оларды біздің батальон таптайды. Әне, алыстан біздің құдайлар да күркірей бастады. Ол негізгі шабуыл басталды деген сөз.

1-жауынгер. Иә, сәт.

Төлеген . Дегенмен, достар, отанымызға екінші рет, тағы бір рет ант берейікші. Антты бұзып азғындыққа баратындарың қосылмаңдар менің айтар антыма,.

2-жауынгер. Біз өлсек те өзіңмен бірге өлетіндерміз ғой, айта бер, Төлеш.

Төлеген (автоматын кеудесіне қояды, басқалар ол не істесе соны істеп, о л не айтса соны айтып тұрады). Қасиетті халқым мен ардақты ана, асыл ата, бір өзіңсің туған отан... (Басқаларды тыңдап алып). Адал құрбаның бола алсақ ақтаушы да өзің бол. Осы шоқтай тобымыздың қалтырар қол, жігерсіз жүрек білінсе, әділ, қатал қазасы да өзің бол. (Бәрі автоматтарын сүйеді.) Жетеуіміздің қолымыздан ұшқан оқ жеті өзен болып селдей қаптасын. Бекініңдер де әзірленіңдер! (Бұлар көрінбей кетеді, жау сарыны жақындай түседі. Сахна қараңғылана береді. Төлегеннің әмірлі үні естіледі .) Барлық аналарымыз үшін. Анамыздай отанымыз үшін, төгіңдер оқты. (Бәрі ата бастайды, біраздан соң жау отының бұларға аударылғаны анық сезіледі. Сахнада биіктен зуыл қағып, ысқырып оқтар өтіп оқ атқаны сезіледі. Оқта-текте прожектор қараңғыны тілгілейді, бір жанып, бір сөнеді. Сол жарыққа ілесе сахна үстінен шуыл қағып, ағып өтіп алысқа түсіп жатқан снаряд, миналардың үні білінеді. Ерлер әзір аман, қатты соғыс үстінде. Әр кезде үздік-үздік дауыстары естіледі.)

— Тек, тек, Миша! Ар жағыңнан бір танк келіп қалды. Ұмтыл тез! Бастырма ілгері. Солай ұр! Жігітсің, Миша, Коля, ар жағыңда келе жатыр. Ал, сақтан. Манас қайдасың? Шыда, бауырым, шыдаңдар. (Қараңғылық түсіп, оқ жауып тұр, сахнаға шыға бере танктер жанып жатыр. Жалғыз Төлегеннің айғайы шығады.) Қайран достар, бауырлар! (Әр жерде тұрған құралмен кезек-кезек атады. Осы кезде екі неміс оны қоршай бастайды). О, ақымақтар оғымның таусылғанын біліп мені қолға тірідей түсірмек. Тапқан екенсіңдер қолға тірідей түсетін езді. Бұлар көп, мен жалғыз. Қай жақтағысын ала өлсем екен. (Оғы таусылған автоматты екеуіне кезек кезеп, кезеп бұқтырып тұра ды да окопқа жасырынады.)

1-неміс. Ей, рус, сдавайса!

2-неміс (жер тепкілеп ). Сдавайса! (Төлеген екі қолын көтере түре келеді. Белінде екі, аузында бір гранат).

Төлеген (аузындағысын жұлып алып лақтырады.) Мә сен иттерге сдавайса . (Белдегілерін жұлып алып екінші жақтағыларға лақтырады. Ол окоптан шыға берген кезде арт жағынан бір неміс ту сыртынан келіп бас салады. Екеуі алыса түседі. Кезек жығыспен, домалап келіп екеуі окоптың ішіне түседі. Аздан соң немісті қылқындырып наганын алып тұра берген кезде екінші неміс офицері келіп қалып оны атып жібереді. Құлап бара жатып өзі де атып салады, неміс ұшып түседі де жылжып кетуге ыңғайланады. Төлеген жаралы, бар күшін жинап, ұмтыла беріп автоматымен офицерді басқа салып жібереді. Офицер өледі, әзі де құлап түседі. Бірнеше немістер қаша атысып өтеді. Оларды қуа шыққан Мейрам тобы немістерді қуып кетеді де, өзі Төлегеннің әлігіне тап болады).

Мейрам . Төлеген! Есіл Төлеген, бауырым! (Үстіне қулап түседі, қайта басын көтеріп.) Ерліктің шын биігін алып тұрып өлдің-ау, қайран Төлешім. Аязды биік басыма айнымай келіп ту тіктің. Құлатпасын туыңды. (Төлегенді көтеріп әкетеді. Сол кезде алыстан күшті қарудың барлық түрікмен оқ төккен күшті шабуылдың сарыны сезіледі. Ұран салған Намысұлының айғайы естіледі. Селдей қаптаған қалың топты бастап Намысұлы шығады.)

Намысұлы . Батальон алға! Алға! (Іркілместен қаптап өтеді. Жанбозов та осы топтың ішінде кетіп барады. Бірақ, ол сахнадан шыға бере қолына оқ тиіп тұрып алады. Жаралы иығын сол қолымен қоса ұстап тұр, көзі соғыс жүріп жатқан жақта, Нина жүгіріп келеді.)

Нина. Жолдас командир, сіз-ақ, жаралана береді екенсіз. (Келе оның жарасын байлай бастайды.)

Жанбозов . Ой, Нина, менің жарама үңілгенше ана тамашаға қарасаңшы. Дүниедегі қызықтың бірі жауды дүркірете қуған екен ғой. Әне, өрттен қашқан тағылардай жөңкілулерін қарашы. Қызық емес пе?

Нина. Ол қызықты мен мана Мейрамдар осы шепке жеткен кезден бастап көрудемін.

Жанбозов . Білем. Сенің көзіңе жау қамалына бұрын жеткеннің бәрі Мейрам.

Нина . Соғыс үні өше қалды ғой, не болды?

Жанбозов . Алынар қамал алынды, ұлы мұрат орындалды.

Нина. Ұлы мұрат орындалды? Неткен әдемі сөз еді. (Ол бұл кезде Жанбозовтың жарасын байлап болған, келе жатқан Мейрамды көріп тұра жүгіреді. Оның көңіл күйін аңғармастан бара құшақтай алып сүйеді.) Мен сені көріп тұрдым, жеңістерін құтты болсын! (Тағы сүйеді, Намысұлы шыға келеді.)

Намысұлы . А, сүйісер көбейсін. Сәукелесі мен отауы ғана жетпей тұр екен.

Мейрам (көңілсіздеу). Жолдас командир, бұйрығыңыз орындалды.

Намысұлы . Мен саған сүю туралы ешқандай бұйрық бергенім жоқ. Қолдарың тимей-ақ жүр екен пақырлар.

Нина. Бақытжан аға, мұның бір себебі бар еді, айтуға рұқсат етсеңіз...

Намысұлы . Жә, себепсіз болса да сүю жазықты емес, ол үшін қысылмай-ақ қой. (Мейрамға сескене қарап.) Мейрам! Қабағың тым қасіретті, не болып еді жарқыным?

Нина (шошынып ). Қасірет!

Намысұлы . Мен көріп турмын. Мынаның кеудесін кернеген қасірет тіліне дейін байлапты.

Нина (Намысұлына бір қарайды да, көзін Мейрамның көзінен алмастан жақындайды). Мейрам... Мейрам... ( Қаттырақ .) Мейрам!.. (Мейрам үндемеді).

Намысұлы (зілденіп). Жолдас аға лейтенант Ғалиев! Мен сенен жауап күтіп тұрмын. (Мейрам онда да үн қатпайды. Осы кезде бірнеше жауынгер автоматтарына салып Төлегенді алып келе жатады.) Бұл кім еді? (Жетіп барып тани кетеді де, бар дауысымен.) Төлеген! (Теңселіп барып тұрып алады. Жауынгерлер Төлегеннің денесін жерге қояды.)

Намысұлы (өзін-өзі Құшпен тежеп Төлегеннің қасына келеді. Үнсіз тізесін бүгіп жарасын сүйеді). Жаранды сүйдім, жан бауырым, қимас қыран бауырым. Сенін жараң кешілмес кек болып орнасын біздің жүрекке! Ызаға, әділ ашуға толы жүрекке толсын, Төлешім! Сенің атың бар көзімнің аты, жауға атылар бар оғымның аты болсын. Сенін атың қасиетті еліміздің ұраны, ер туының аты болсын, Төлешім. Тамшы қаным қалғанша жадымдасың сен менің, жолыңдамын мен сенің. Намысыммен ант еттім, Төлешім!

Нина. Асыл, тым асыл едің-ау Төлеген! (Екі тізесімен отыра кетеді. Панфиловтар келе жатады.)

Намысұлы (атып тұрып). Жолдас генерал.

Панфилов . Баяндамай-ақ қой, бәрін де көріп біліп турмын. Ерлігіңе сүйініп келіп едім, қайғыңды көріп күйінудемін. (Төлегенге жақындайды.) Тоқтаров Төлеген! Өшпес даңқтың иесі батыр Төлеген! Елінің мақтаны, барша адамның дос бауыры Төлеген! Бүгінгі замандастарының, ертеңгі ұрпақтарының үлгісі Төлеген! Мен саған айтар алғысымды жаудың қанымен Москвадан Берлинге дейін жазармын. Ол үшін кешікпей, кідір соғар кек атамын. Сен үшін, сендей болып өлген барлық батыр бауырлар үшін, жау тепкісінде адал мейірімі, ақ сүті ақтарылып жатқан аналармен, жаралы аталар үшін, өксіген орман, күңірене, күрсіне күйреген мұралар үшін, бәрі, бәрі үшін бүгіннен бастап селдей қаптап, сеңдей соғармыз. (Түрегеліп сағатына қарайды.) Жолдас полковник! Қалған жарты сағатты күтпеңіз, бастаңыз жойқын шабуылды. Бүгінгі оқ қарудың барлық түрінен бірдей төгіліп, гвардеецтердің әрбір оғы — кек, кек — деп ұшар болсын, барыңыз! (Чупров кетеді. Панфилов жағалай көз тастап.) Жә, қайғыра бермей, қуана да біліңдер! Мен сендерге Отанымыздың ен үлкен алғысын, гвардия атағын әкелдім. Біздер бүгіннен бастап гвардеецтерміз. (Жұрттың жүзіне шаттық ойнап шыға келеді. Сол шаттықтың салютіндей сырттан бар қарудың үні естіледі.)

Мейрам (солдаттарға). Көтеріңдер туларыңды! (Солдаттар Төлегеннің денесін көтереді. Сол кезде катюшаның нажағайы көрінеді.)

Панфилов . Міне, намыс гвардиясының ендігі қамалы осындай. (Көрнекке қарай шыға береді. Төлегеннің денесін көтерген топты бастап Мейрам сол нажағайдың ішіне кіріп бара жатқандай көрінеді.)

Шымылдық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙