TELEGEI

Home

Қорқыныш

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қорқыныш

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

4 перделі, 9 суретті пьеса

Өзгертіп аударушы Әуезұлы Мұхтар

АДАМДАРЫ:

Бородин Иван Ильич — профессор, жасы 60-та. Тірлік стимулдар институтының ғылыми бастығы.

Валентина — оның қызы, жасы 23-те, мүсін өнершісі.

Бобров Николай Касьянович — Валяның ері, 38 жастардағы профессор, институттың тәжірибе кабинетінің бастығы. Захаров Виссарион Захарыч — 65 жаста, ескі шығыс діндерінің тарихшысы, профессор. Кастальский Герман Витольдович — Бородиннің сүйікті шәкірті. Институт аспиранты, 28 жаста.

Амалия Карловна — кәрі әйел.
Варгасов Семен Семеныч — институт хатшысы.

Макарова Елена Михайловна — институтгың ғылыми қызметкері, 30 жаста, партия мүшесі. Цеховой Николай Петрович — Еленаның байы 33 жастағы аспирант. Партия мүшесі.

Наташа — 10 жасар қыз бала. Цеховойдың бұрынғы қатынынан туған қыз. Спасова Клавдия Васильевна (Клара) — 60жаста. Партия мүшесі. Заводта қызмет қылады. К. к-ның мүшесі.

Кембаев Құсайын — қазақ, партия мүшесі. Төменнен көтерілген аспирант.
Невский Борис Наумович — партия мүшесі, институт директоры.
Басқарманың үндемес мүшесі.
Тергеуші әйел.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет

Бородиннің пәтеріндегі қонақ үй. Кабинетке сыймаған кітап шкафтарының бірталайы осы бөлменің ішінде. Биікше орында су шүберекке ораулы бір үлкен мүсін тұр. Балшықтан істелген, профессордың қызы Валентинаның істеп жатқан бір мүсіндемесі. Г е р м а н (сөздерін ақырын айтып жыр жырлайды. Жырлай отырып күй тартады. Өлеңнің соңғы екі аузын ғана толық дауыспен көтеріп айтады). Сөздері:

Өтті жылдар, соқты дауыл көшкіні,
Қиялымнан айықтырып, ұмыттырды ескіні.
Көңілден де нәзік жылы дауысыңмен,
Ұмытылған нұр жүзіңнің кескіні.

Енді жүрек талпынады қабынып,
Тірілтпекші ескі күнін сағынып.
Қайта табад алласын да, дәуренін де,
ІІІабытымен көз жасын да, ғашығын да жалынып.

(Валя, Бобров, Бородин тыңдап отырысады.) Бородин. Жақсы-ақ-ау! Махаббат туралы қандай жырлар жырланады. Үйтпесе шара да жоқ. Бұл мәңгі-бақи, еріксіз стимул, ең алғашқы адамның ең әуелгі тіршілік бейуағына шейін ылғи ғана ілесіп келе жатқан нәрселер осы махаббат, аштық, ашу, қорқыныш. Жә, командировкаң қалай өтті, Николай Касьянович, Николашка.

Б о б р о в. Өте жақсы жүріп қайттым. Жақсы, тамаша жақсы болды. Б о р о д и н. Бәсе, жақсы болу керек. Бірақ, себебі не дейсің? Себебі, бұ да еріксіз стимулдан туып отыр. Жерді тіреп тұрған көк өгіз төртеу. Адам сүйеді. Қорқады, ашуланады, ашығады. Өзгенің бәрі осылардан туып тарайды, иә, суретші баяндаса осыны баяндау керек. Міне, Валентина менің стимулдар жайындағы жүйемді мүсін өнеріне қолданып еді. Ісі жақсы іс болғалы келеді. Бәйгеде ол бірінші орын алмай қалса, менің сақалымды жұлуға болады. Қазір бәйгенің комиссиясы келеді. Көрерсіңдер. Бұл өзгелердің бәрінен де өнерлі ғой (Қолымен нұсқап.) Менің Валькам.

Герман. Сіз бәйге аласыз, Валя.
В а л я. Менің күйеуімнің пікірі олай емес. Бұл кісі жақтырмайды.
Б о б р о в. Мен сапасы не екенін айыра алмай отырмын.
В а л я. Егер сен бәйге комиссиясында болсаң қайтер едің?

Б о р о д и н. Мен өз қатыныма бәйге берер едім.

Г е р м а н. Николай Касьянович адамзаттар туралы өз пікірінен айрылып қалған. Тегі ауданға командировкаға баруы солай әсер еткен шығар. В а л я. О кісі өзінің сегіз қырлы жекешелігін ұсақ ойлардан аман сақтап қалмақшы болады. Бірақ анығына келсек, сен ажарсызданып, жасып барасың. Үй қояндарыңмен бірге ақылың азайып барады, Николай.

Б о р о д и н. Валя!
Б о б р о в. Мүмкін бұл шын да шығар.

Б о р о д и н. Жарайды. Бұл не? Күйеуіңді көрмегеніңе бір ай болды. Келуіне тапқаның осы ма? Әй, сабыр жоқ, сабыр жоқ. Бұл жөнінде үлгі алатын кісілерің міне (Германды көрсетеді.) Мәжіліс болып жатыр, тағдыры шешілмекші. Бұл жыр жырлап қалжың айтады. Солай болуға да керек. Кастальский, сіздің ата-тегіңіз емен ағаштай ғой. Ылғи шынжыр қатар профессор, академик, сенат мүшелері. Г е р м а н. Иә, соны айтыңыз, сенат мүшелері. Академиктің, сенат мүшесінің баласы. Ассистент те бола алмай отыр. Ассистент қара темір ұстасының қызы Макарова Елена болады. Сырт мемлекетке де сол барады.

В а л я. Герман Витольдович сабырлылықтың шын үлесі.
Г е р м а н. Фракция менің кандидаттығыма ашық қарсы болып қабылдамады.

Б о р о д и н. Мәселе жоғары орынға қойылып отыр. Мен көмекшіні өзім тандап алуға ықтиярлымын. Сол жоғарғы орында қазір мәжіліс. Бізден онда Семен Семенович бар. Сабыр қыл. Сен зор талант емеспісің, Герман, менің орнымды толық басатын сенсің. Семен Семенович және Ефрем Ефремычке телефон соғыпты Александр Григорьевичпен де сөйлесіп алыпты. Бәрі де қостамақ болыпты. Не дейсің?

Г е р м а н. Олар уәде...
Б о р о д и н. Тс... с... бұл сыр жасырын.
Г е р м а н. Олай болса мен сенермін.

В а л я. Герман, сіз бақыттысыз-ау, жолыңыз бола береді. (Қоңырау.) Бәйге комиссиясы ма? Г е р м а н. Семен Семеныч болып қалмасын (Бәрі тегіс аңырып күтеді. Захаров кіреді.) Б о р о д и н. Виссарион Захарыч, көрмегелі көп айлар! Келгеніңе қатты ырзамын. Қатты ырзамын, отырыңыз. Міне, біздің жаңалықтарымыз да бар... Міне, Герман менің ассистентім болады. Берлинге барады. Ал, Валюшканың мүсіндемесін Минин Пожарскийдің орнына қызыл майданға қояды. Осындай боп жақсы құралып келеді барлығы да. Иә, онан соң менің Елена Макарова деген аспирантым бар, бұл күнде өзі коммунист, сол Макарова енді адам мінезін зерттейтін лаборатория жасайық деп ұсыныс кіргізіп жүр. Үй қоянының мінезін зерттеу жетті. Енді адамға көшейік дейді. Қалай дейсіз. Бүгінгі жастың екпіні қалай... Бұған не айтасыз? Б о б р о в. Адам мінезін саясатшылар тексереді. Сіз бен біз физиологияшымыз, Иван Ильич. Г е р м а н. Физиология саясатты шетке қағып шығарады. Адамның тағдырын атқару комитеттері мен ячейкаларда шешу керек емес. Тірлік стимулдарының институтында шешуі керек.

Б о б р о в. Макарова бұлай демейді.
Г е р м а н. Бұлай деп мен айтам.

Б о б р о в. Мен жол жүрген бір айымның ішінде көп нәрселер кердім. Саясатпен де таныстым. Адамды билеудің әдістері үй қоянын билеу әдісінен қиынырақ та, тереңірек...

Б о р о д и н. Иә, қарағым, адамды билеу соншалық оңай болмас. В а л я. Онысына орай қызықтығы да бар ғой. Адамды үй қоянындай ұстаған қандай. Күйеуіңнің кұлағының түбін қаси қойғанда жуасып, мейрімді бола кетеді екен. Рахат та (Қоңырау шылдырайды.) Бізге біреу келді, тыңда (Варгасов кіреді.)

В а л я. Семен Семеныч!
Г е р м а н (атып тұрып). Игілік пе? Жоқ па?
В а л я. Құттықтауыма бола ма?
В а р г а с о в (тым-тырстан соң). Өткізбеді.

Б о р о д и н.Қалжыңдап тұрсың, Семен Семеныч, қалжыңдайсыз деп білем.
В а р г а с о в. Жоқ, шын айтам, Иван Ильич, өткізбеді.
Б о р о д и н. Ал, Ефрем Ефремыч, Александр Григорьевич не қылып қалды?
В а р г а с о в. Қорқып бұғып қалды (Тым-тырыс.)

Б о б р о в. Ассистент боп Макарова бекіді ме?
В а р г а с о в. Иә, Елена Михайловна.
В а л я. Ал, Берлинге кім баратын болды?

В а р г а с о в. Оған да баратын сол. Көктемде жүреді, жә, мен отырайыншы (Отырады.) Б о р о д и н (қатты). Мен рұқсат етпеймін (Варгасов атып тұрады.) Соғылғандар, кер жалқаулар.

В а л я. Әке!

Б о р о д и н. Мен отствакаға шығамын. Жалқаулар (Әрі-бері жылдам жүріп.) Әпкеліңдер қағаз, мен бәрін жазамын. Лондонға кетемін. Мені онда көптен шақырып жүр. Макаровамен бірге істеймін. Оның басының ішінде не бар? Ағаш (үстелді қағады), пробка, мақта, үгінді, иә...

В а л я. Ақырын, әке, ақырын, жүрегіңнің нашарлығын ұмытпа?

Б о р о д и н. Құрып қалсын, жарылып кетсін қайта. Бізде ғалымдарды қалай ұстайтынын естісін. Жұрттың бәрі төменнен көтерілгендер. Вуз орындығынан доценттікке секіреді. Өзі үтірді де қалай қоюды білмейді. Тілдер түсіне де кірмеген, көмекші! Масқара, ұят, түу...З а х а р о в. Керенау дүние.

Б о р о д и н. Не?

З а х а р о в. Эфир ішінде керенаулық лаңы қожалық жүргізеді деймін. Біраз тосу керек. Кришна айтқан екен: "Қуаныш пен уайымның кезектесіп келіп жатқан шағында бір қалыпыңнан ауыспа! Екеуінің де дәмін сезбеуге тырыс" деп.

Б о р о д и н. Сезбей көрші қане? (Жылдам-жылдам жүреді.)
В а л я. Герман, сізге ауыр тимейді ме, қалайсыз?

Г е р м а н. Жоқ, мен бақытты емеспін бе? Менің жолым бола береді ғой. Көрмейсіз бе жолымның жарқырап жатқанын, туу, менің бағым қандай? Ұғасыз ба? Тек... Жоқ, ұстазым, сіз үй қоянына тым көп бөгеліп қалдыңыз. Енді төменнен көтерілгендердің мінезін зерттейтін де уақыт жетті. Оның да тірегі еріксіз стимул. Бізден қорқады, қадірлі ұстазым. Қорқады да сенбейді. Олар ғылымға қарай еңбектеп, өрмелеп шыққан тышқандардай өрмелеп келеді бұлар, мұнараға жетіп ішіне кірген шағында олар бізді таламай, жем қылмай қоймайды. Б о б р о в. Қандай жақсы. (Барлығы бұрылып қарайды.) Сіздің Берлинге бармайтын болғаныңыз қандай жақсы болған. Б о р о д и н. Тышқан деп сен тым қисық кеттің. Олай жайылма, шырағым. Ол жарамайды. Төменнен көтерілгендер мені құрметтейді. Есептеседі. Бағалай біледі деп те айта алам. Сол бағалаушыларды тышқан деймісің? Ол жарамайды... Мен бұлай демеймін. Г е р м а н. Ұстазым, маған қатты батады, осының бәрі. Менің тұрғыластарым өздерінің естерінде жоқ ескілік үшін жауапты болып отыр. Мен Барбароссада жирен сақал болғанын, Францияны Генрих пен Людовиктер билегенін білем1. Ескіліктің содан басқа есімде қалған ештеңесі жоқ. Ештеңесінің де керегі жоқ... Мен өз әкеме лағнет оқимын. Естисіз бе, лағнет оқимын. Б о р о д и н. Тоқтат. Оған батылың бармайды. Бара алмайсың. Сенің әкең академик болған. Сен оның қасында баласың. Әлде несің... В а л я. Герман, сізге бұрынғыдан да арттырып, екі есе, үш есе арттырып оқып іздену керек. Көсіліңіз, жарқ етіңіз. Кітап жазып атақ алыңыз, не қылсаңыз да атақ алыңыз. Б о р о д и н. Рас. Рас... іздену керек. Мен жәрдемшің болам. Бір тақырып ал да, істе... Г е р м а н. Жақсы. Мен түн ұйқыны да тастайын, Ғылым жүзінде атақ алғанша қырынбайын да, он де салмайын. Өзім сияқты туысының салмағымен жаншылып бара жатқандардың бәрінің кегін мен алайын. Б о б р о в. Әй, үйткенше сақалыңызды мезгілімен қырып жүргеніңіз ақыл ғой деймін. В а л я. Мұның сөзіне сенбеңіз, Герман. Ол мені, дүниені білмеген сияқты сізді де білмейді. Үй қояны мен иттен басқа нені таниды дейсіз. Тырысыңыз, Герман. Осыған ерегісіп атақ алыңызшы (Шығып кетеді.) Г е р м а н. Николай Касьянович, сіз Котоминның сүйген шәкірті болғансыз, сіздің қысылған шағыңызда сол кісі шынымен-ақ осылайша, сізше сүюші ме еді. Б о р о д и н. Иә, Котомин өз шәкірттерін ешкімге де жем қылғызбайтын. Мен Котоминге барсам ба екен? Шағамын соған, шын шағамын... а?

В а р г а с о в. Профессор Котомин кеше түнде тұтқынға алыныпты.
Б о б р о в. Котомин тұтқын ба?

Б о р о д и н. Басқан сайын ауырласын. Қандай жақсы жан. Тышқан мұрнын қанатпайды. Ендігісі мынау ма? Бұл адам не боп барады!

Б о б р о в. Адам тап тартысын жүргізіп келеді. Саясатшылар солай дейді.
З а х а р о в. Мені де міне, Иван Ильич, тазартып шығарып отыр.
Б о р о д и н. Қалжындайтын шығарсыз, Виссарион Захарыч, қалжыңдайсыз.

З а х а р о в. Мен шығыс діндерінің тарихын сөйлеп тұрғанымда бір дөңгелек көзілдірігі бар жалпақ бет жас жігіт келіп: "сізде марксшылдық тиянақ жоқ" деді.

Б о р о д и н. Иә, сіз жауап бердіңіз бе?

З а х а р о в. Бір ащы сөз келіп-ақ еді. Кеуілжіріме келіп тұрып қалды. Есіме аңшылықтың атасы... Дзюре түегі. Жалпының амандығын тілей беретін аңқауларды ол күлкі қылады екен. Мен үндемей шығып кеттім, Иван Ильич, сізден маслихат та, жәрдем де сұрай келдім (Кембаев кіреді.) К е м б а е в (басын иіп амандасып, алдында қарсы тұрған Бородинге). Профессор Бобровтікі осы ма екен? (Қағазын созып.) Мен міне, бір қағазбен келіп едім.

Б о р о д и н (қатаң). Мен Бобров емеспін. Не қылған адамсыз өзіңіз?
Б о б р о в. Бобров менмін.

К е м б а е в (Бородинге). Ғафу өтінемін. (Қағазын Бобровқа беріп.) Мен институттың жаңа аспирантымын. Фамилиям Кембаев, қазақпын, сізден бірнеше кітап сұрап ал деп жіберіп еді. Б о р о д и н. Ертең күндіз институтқа келу керек, түнде біреудің пәтеріне кіру қажет емес. К е м б а е в (Бородинге аз кекесінмен). Мен бір кітап тығыз керек боп қалған соң кеп қалып ем. Сағат 8 ғой, қазір, бұны түн емес шығар деп ем. Сіздің тыныштығыңызды бұзатынымды білмеппін. Ғафу өтінемін.

Б о б р о в. Кембаев, бері жүріңіз (Екеуі шығады.)
З а х а р о в. Мені орнымнан шығарған да осындай бір жалпақ бет.

Б о р о д и н. Қырғыздар пәтеріңе басынып кіреді. Бұ да асығады. Бәсекелесіп оқымақшы. Көрсетермін мен бұл жалпақ беттерге. Семен Семеныч, Захаровпен сөйлесіңіз де институттың кітапханасына алыңыз. Мен оларға марксшілдік тұрғысын көрсетемін. Барасыз ба бұл қызметке, Виссарион Захарыч?

З а х а р о в. Бар бейіліммен барамын.

В а р г а с о в. Олай болса Варгасовқа сеніңіз. Жалғыз-ақ қызмет сұраған өтінішіңізді өткен жұлдызға жазып қояйық. Таратудан бұрын ықтиярмен көшкен кісі боласыз. З а х а р о в. Данышпан қария, аяғыңа бас иемін (Бородинның алдына тізесін бүгіп, иілмек болады. Бородин атып тұрып.) Б о р о д и н. Көтеріңдер мына кісіні, бұныңыз не? Ғалымдар бүйтіп кішіреймейді. Азбайды. В а р г а с о в (Біраз бөгеліп, Германға). Варгасовқа сеніңіз, айтқаныңыздың барлығын мақұлдаймын. Шамам келгенше жәрдем етемін. Төлеусіз жәрдем. Г е р м а н. Сонымен Котомин жабылған болды ма? (Герман, Варгасов, Захаров кетеді. Профессор жалғыз отырып ойға кетеді. Аяғын ұрлап басып, ұзын бойлы арық, сексиген кемпір кіреді. Бұл Амалия.)

А м а л и я. Жасаған-ау, қалай қартайғансыз!

Б о р о д и н (шошып бұрылып қарайды). Сіз кімсіз? Не керек сізге? Тегі мен сіздің еш керегіңізге жарамаймын.

А м а л и я. Жалғыз көзі ғана бұрынғы. Оңай ма, сонша жылдар өтіпті.
Б о р о д и н. Мен бұрын сізді еш уақытта көрген емеспін.

А м а л и я. Шіркін уақыт, уақыт деген сол, есіңізде бар ма, Иван Ильич, Татьянаның күні, колонный залдың оттары. Студенттер жасаған сауық кеші еді. Халық алдына орта бойлы, сымбатты студент шықпаған ба еді? Қара сөзбен жазылған өлеңді айтып өтті. Есіңізде ме?.. "Қандай көркем, қандай уыз еді розалар". Б о р о д и н (маңдайын сипап). Иә, есіме түсіп келеді, өлеңді мен айтып едім ғой (Ойланып.) "Қандай көркем, қандай уыз еді розалар", тұра тұрыңыз, қандай еді арғысы. "Қазір қыс, терезенің шынысына аяз кесте салады, қараңғы үйде жалғыз шам жылтылдайды". Есімде, есімде рас. А м а л и я. Сол күні де қыс еді, мен сізге жас розадан букет жасап ұсынып едім. Б о р о д и н. Тоқтаңыз. (Атып тұрып жылдамдатып жүріп.) Амалия Карловна Моллий. Ақ газ киген 17-дегі жас қыз. Мүмкін емес. Мен сізге ғашық боп ем-ау. Сол Татьяна күнінен бастап есімнен айрыла сүйіп ем-ау. Неткен ауыр өзгеріс.

А м а л и я. Сіз сымбатты студент, ақ сарылау бұйра шашыңыз бар еді. Б о р о д и н. Адмиралдың қызы. Әскери прокурорға күйеуге тиіп, студентті ұмытып еді.

А м а л и я. Бұл бекер, мен сізді еш уақытта ұмытқан емеспін, еш уақытта. Б о р о д и н. Жарайды жетер, оны еске түсіріп енді ант-су ішу күлкі ғой, Моллий. Күлкі. Ғажайып, шын ғажайып (Мұрнын қатты сіңбіреді.)

А м а л и я. Күйеуім Қырымда қайтыс болды.
Б о р о д и н. Балаларыңыз бар ма еді? Тірі ме?

А м а л и я. Ұлым сіздің институтта қызмет етеді. (Профессордың таңданып үріккен пішінін көріп.) Бірақ, ақырын, құдай үшін ақырын, бір жанға бір ауыз сөз айта көрмеңіз. Ол мені тастап кетті. Менен ажырап тайып кетті. Жаңа тұрмыс бастады. Мен оған кедергі болғым келмейді. Жалғыз-ақ, қандай болды екен соны білейін деп ем. Б о р о д и н. Қандай сұмдық сөздер айтасыз, тайып кетті, тастады. Ұлы анасынан қашты ма? А м а л и я. Мен оның тұрмысын, келешегін бұзатын болдым. Сіз менің сырымды ашпайсыз, сізге мен сенемін. Сондықтан барымды айтамын. Қазір бал ашумен тіршілік етемін.

Б о р о д и н. Не деген сұмдық? (Герман кіреді.) Г е р м а н (профессорға). Бәйге комиссиясының мүшесі келді (Валентинаны іздеп кетеді.) Б о р о д и н (Амалияға). Жүріңіз менімен, шешу керек. Сізді орналастыру керек. Не деген сұмдық замандар! (Амалия мен профессор кетеді. Басқа есіктен Клара мен Наташа кіреді.)

Н а т а ш а. Түу, не деген көп қуыршақтар (Бобров пен Кембаев кіреді.)
К е м б а е в. Рақмет, жолдас Бобров, зор рақмет, түн бойы оқиын енді бір.
Б о б р о в. Жоқ, түнде онша сарылып оқымаңыз, залалды болады.
К е м б а е в. Асығу керек маған. (Кетеді.)

Н а т а ш а. Мынау кімнің қуыршақтары, сіздің кішкене қызыңыздікі ме?
Б о б р о в. Жоқ, менің қатынымдікі.

Н а т а ш а. Біздің отрядтағы қыздар да қуыршақ ойнамайды, қатын түгіл. Күлкі екен.

К л а р а. Наталка, үндемеймін деп уәде қылған кім еді?
Б о б р о в. Мұның күлкі екені рас (Әуелі Валя, артынан Герман кіреді.)
В а л я. Комиссияның өзге мүшелері қайда?

К л а р а. Олар ертең келмек. Менде ертең контрольный комиссияның пленумы еді. Сондықтан кіре кетейін деп келдім. Мына кішкене қыз Цеховойдың қызы.

В а л я. Николай Петровичтің бе?

К л а р а. Иә, біз бұлармен бір пәтерде тұрушы ек. Мен де өнер көрем деп, жабысып болмай келді. Кәне, ашыңыз, не нәрселер илеп жапсырып едіңіз. В а л я. Бұл мүсін "еңбекшіл" деп аталады. Бірақ жеке адамды көрсетпейді. Дәуіріміздің негізгі мазмұны, коллектившілдікті баяндайды. Коллективтің ашу, махаббат, қиналу, жеңу стимулдарының үстіндегі жайын көрсетеді.

Н а т а ш а. Сіздің қуыршақ ойнайтыныңыз рас па?
В а л я. Жоқ, шырағым, мен қуыршақ ойнамаймын.
Н а т а ш а. Олай болса қуыршақтар не ғып тұр?
В а л я. Сен ойнасын деп қойылған.

Н а т а ш а. Керегі жоқ маған, мен пионер (Диванға барып қуыршақтарға жақын отырады. Герман жабыншыны алады, мүсін бұлшық еттерден, денелерден, жүздерден құралған бір үйінді төбешік.)

В а л я. Міне.

К л а р а. Мынау ма? Ә, ә! (Үндеспейді, Клара мүсінді бір-екі айналып қарап өтеді. Өзінің бір қолына қараған бетімен бұрылып кетті.)

Н а т а ш а. Клара тәте, мынау түйе ме?

К л а р а. Наталка... (Бобров пырс етіп күліп жіберіп, атып тұрып күлкісін зорға тыйып, үйден ата жөнеледі.)

Н а т а ш а. Өркештері де бар ғой!

К л а р а. Иә. (Біраз жылдамдап жүріп-жүріп, Валяның қарсысына келіп тоқтап.) Қайда оқыдың? В а л я. Мемлекеттік дүкен үйлерінің оқуын тамамдаған едім. Бітірген кісі 12 едік.

К л а р а. Сіздің атыңыз Валя ма? Валя, мен мүсін өнерін аз түсінемін.
Г е р м а н. Олай болса сіз би бола алмайсыз әрине...

К л а р а (Германға). Алайда, сіз мына бұтқа киетін сымның орнына сол сым деп айтарлық құр пікірдің өзін киіп көргеніңіз бар ма? Мысалы Валя соны көрдім деп тұр. Пікір сымын мүсін депті. Бірақ іс шықпапты. Г е р м а н. Олай десеңіз, социализм де затсыз киім ғой. Бірақ біз оны жасап келеміз дейміз ғой.

К л а р а. Сізге біз сияқты сабақты кім үйретті?
Г е р м а н. Азық-түлік карточкасы.

К л а р а. Терең кітап екен. Күніне бір купоннан оқисыз ба? Жоқ көбірек пе? Иә... Валя, өнердің ең үлкені: жабайы, қалыпты күйді кейіптеуде. Мысалы өзің жарық кеште далада болып көрдің бе? Сол кезде шөп сондай жап-жас, бұлттар жуынып шыққандай, өзеннен мұнар қалқиды. Жер жылы ғана. Уақыт та жай ғана жылжыған, ағаштың алаңы, егіндік. Бірақ сол машықты, қалыпты күй адамның сезімін де, ойын да тазартып тереңдетеді. Мұнда да сондай. Валя, сен мүсінді жұмыскерлердің сарайына арнап істедің. Мүсін сезім мен ойды оятуға керек. Сенікі ой орнына бес минутқа таңдандырарлық қана нәрсе болған. Бұл бүкір ағайынды таста да, Валя, қайтадан баста. Наталка, жүр!

Н а т а ш а (қуыршаққа айналып). Клара тәте, сөйлесе тұршы.
К л а р а. Жүр.

Н а т а ш а (күрсініп тұрып). Жарайды жүр, мен тазалық комиссиясының протоколын да қайта көшірген жоқ едім (Кларамен Наташа кетеді. Валя дағдарып аянышты пішінде тұрып қалады. Бобров кіріп.)

Б о б р о в. Валя, менің айбымды кеш.
В а л я. Жақындама.
Б о б р о в. Байқамадым, құдай ақында байқамадым.

В а л я. Жақындама, сенің күлуіңе болады. Мүсінді қабылдамады (Бородин кіреді.)

В а л я (әкесіне). Осының бәрі сенің сандалған стимулдарыңнан.
Б о б р о в. Валя, үндеме? Болмайды.

В а л я. Қайтсе болады, қалай? Сен өз ішіңнен күліп тұрсың ғой, сүйретінді кәрі профессорша, ашық күл енді, күл! (Жүгіріп шығып кетеді.)

Б о р о д и н. Адам дегенге не болған, айтыңдаршы, не болған?
Г е р м а н. Адам тап тартысын жүргізіп келеді, ұстазым.

Б о р о д и н. Тоқтат, сөйлеме! Сен түк түсінбейсің, мен өзім де түсінбеймін. Жалпақ бет қазақтар ғалымдарды қуады. Профессорларды абақтыға отырғызады. Аспиранттан кафедраға өрлейді. Төменнен көтерілгендер өнерлілерді қырып жатыр. Адам дегенге не болды, айтыңдаршы. Үндеме, сен түк түсінбейсің. Ұлдары аналарынан үркіп қашады. Өздерінің туысын жасырады, қыздары әкелерін айыпкер қылады. Менің бірінші ғашығым өзіме күтушілікке түсті. Адам дегенге не болған? Мен сендерден сұраймын.

Г е р м а н. Орыстың зиялыларын құтқарыңыз.
Б о р о д и н. Сандырақ. Бәрі де жынданып кеткен.
Г е р м а н. Ғылым ат салысуға міндетті.
Б о р о д и н. А?..

Г е р м а н. Макарованың ұсынысын қабылдап алыңыз да, адам мінезінің лабораториясын ашыңыз. Үй қоянының сыбағасы толды. Адамның есуастығының шын стимулдарын ашыңыз. Б о р о д и н. А., а., а... (Өзін маңдайынан салып қалып.) Өте жақсы. Тамаша. Мынауың данышпандық пікір, қымбаттым. Рас-рас, күдік дегендердің бітетін кезі болды. Біз адам мінезінің лабораторын ашамыз. Бөгелместен ашамыз. Бір мыңдаған адамды жекелеп: ғылымның таза, сара, ала көңілсіз жолымен зерттеп шығамыз. Лаборатор барлық өмірдің әлдеқайда қаңғып, құз түбіне құлап бара жатқанын ашық көрсетеді. Мемлекетті төменнен көтерілгендер емес, ғалымдар билеу керек. Иә, иә, мен мұны ғылыммен дәлелдеп көзге көрсетем. Г е р м а н. Біздің лаборатор адамды кеңес үлгісімен билеудің түкке тұрмайтындығын көрсетеді. Солай емес пе?

Б о р о д и н. Әрине, солай.
Б о б р о в. Оның болмайды, Герман Витольдович.
Г е р м а н. Ол болады, Николай Касьянович.

Шымылдық

Екінші сурет

Елена пәтеріндегі ортақ бөлме. Барлық нәрсесі жөндекі, жүдеулеу, қоңырқай. Қажет қана нәрселер бар. Бөлме ішінде Наташа газет кесінділерін үстел үстіне аударыстырып жұмыс істеп жатыр. Елена Клараны бөлмесінен сүйрегендей қылып алып шығып, диван үстіне құлата салды.

К л а р а. Менің уақытым жоқ, уақытым жоқ.
Е л е н а. Жеңдік, толық жеңдік.

Ц е х о в о й. Институтты меңгеріп алуға айналдық. Адам мінезінің лабораторы ашылды. Менің қатыным, Елена Макарова сол істің басқарушысы. Е л е н а. Таласып-таласып кеп, бақырды да, шақырды да, Бородин маған ақырып маңдайыңның мына түрімен ғылымға келуге болмайды дейді. Ха... ха... ха... Ц е х о в о й. Мұның жауабын естісеңіз "олай болса шашымды қырып, маңдайымды үлкейтейін" дейді. Е л е н а. А, Кастальский, Кастальский бір жарым күндік тым-тырыс жасап кеп, былай жуасып қана: "Елена Михайловна профессордың ассистенті болған соң, бұл істі басқаруды осы кісіге тапсыру лайық" деді. Ц е х о в о й. Бобров ше? Көрдің бе мінезін, моп-момақан боп түрекеліп, барлық шынымен "тәжірибе бөлімінің бастығы есебінде мен адам мінезінің лабораторын ашуға қарсымын" деді ғой. Е л е н а. Рас, Бородин да таң қалып түшкіріп жіберді. Мен Бобровты баяғыдан молда болған қандала дейтұғым. Ылғи үндемейді. Немесе Бородинның айтқанын ғана қосайды. Үйретінді қандала да шағады екен-ау!

Н а т а ш а. Аға, Елена, қатты сөйлемеңдерші, менің ойлануыма керек.
Ц е х о в о й. Халық алдында да ойлана білетін боп үйрен, қызым.
Н а т а ш а. Аз-аздап үйреніп келем.
Е л е н а (жүгіріп кеп Наташаны аймалақтап). Таста кесінділеріңді, дем ал.

Н а т а ш а, Уақытым жоқ менің, уақытым жоқ.

К л а р а. Наталкам, мазақ қылма. Қысқасы: Бородин Еленканың баяғыдан бері алысып, ашамын деп жүрген адам мінезі лабораторын ашты ғой. Бобров қарсы болған ғой? Е л е н а. Ол айқын қарсылыққа шыдамайды. Жоспарды біз жасаймыз, зерттеуші бригадаларды да біз құрастырамыз, Бобровтың тұмсығын да сұққызбаймыз, бұған. Кәні, Клара, мақтасаңшы бізді. Шын жақсы іс қып шықтық. Ц е х о в о й. Еленаның қатты жолы болды. Мен үш жыл бойында ылғи үй қоянының стимулымен сорлы аспирантша ғана болып отырмын. Бұл былтыр ғана қоғамдық мінезден бастап еді. Енді әрі ассистент, әрі өзінің лабораторы да бар. Е л е н а. Бірақ, әлі мен жақында Бобров орнына бөлімді де басқаратын боламын. Сен әлі менің аспирантым боласың.

Ц е х о в о й. О да болмай қалмас.

Е л е н а. Қалғандары қандай еді. Бәрі сенбей, күліп қылжақ қылатын физиологияға саясат өз заңын бұйыра алмайды дейтін. Біз бұйыра алатынын көрсетеміз. Біздің саясатымыз адамды қайтадан тудырады. Бұрын адаммен бірге туады деген сезімдер өледі, өшеді. Қызғаныш, жаулық, қорқыныш бәрі де өшеді. Оның орнына коллективтік, екпінді сенім өмір қуанышы өседі. Біз сол жаңа стимулдардың өсуіне көмектесеміз. К л а р а. Мінезді лабораторда жасап шығарудың мезгілі жеткен екен ғой. Тамаша емей немене? Бұрын мінезді абақтыға үйренуші еді. Айдау мен партия жұмысында үйренуші еді. Бүгінде сендер, жастарға игілік.

Е л е н а. Лаборатор партияның үйірмесі болады (Валя кіреді.)
К л а р а. Валя ма келген. Есен бе, Валя?

В а л я. Мен сіздердің сөздеріңіз туралы көп ойландым. Енді заводқа барып жұмыс істегім келеді. Мен өзімнен жаңа адам істеп шығармақпын. Машинаны, тағанды істегендей шын қолдан істемекпін. Маған жәрдем етіңіз, менің инженерім болыңыз. К л а р а. Сен трактор боласың ғой онда. Кәне, сөйлесейік, сөйлесейік. Бірақ менің тракторымның ерні тым қызылы несі екен. Бар жүзіңді бұзып қойыпсың. Жүзің сенің сұлу ғой, кәні жүр (Валя мен Клара кетеді.)

Ц е х о в о й. Рас, жүзі сұлу, бұл жақсы мүсінші.
Е л е н а. Профессордың қызы еріккен соң саз балшықты жоя береді де.

Ц е х о в о й. Мен оның істегендерін көремін, оның үстіне бұл заводқа түзелем деп бара жатыр.

Е л е н а. Институттың қиялы да.
Ц е х о в о й. Сен заводтың адамды қайта тудыратынына сенбеймісің?

Е л е н а. Адамды қайта тудыру, трактордың бүлінгенін түзеу емес. Тағанның қасында тұрғанмен ақсүйек пролетар емес. Ц е х о в о й. Енді қайт дейсің? Әлде сенің лабораторыңа келіп, пролетарлық қылғанша, безді отырғызып алсын дейсің бе? Бұл академиялық сандырақ. Завод ортақшылдықтың мектебі.

Е л е н а. Тым ауыр ұран. Өзінен бас айналады.
Ц е х о в о й. Сен мені онда, солшылдыққа айыпта!
Н а т а ш а. Аға, солшылдық үлкен бе? Жоқ, оншылдық үлкен бе?
Ц е х о в о й. Тек отыр дейім.

Н а т а ш а. Маған баяндама істеу керек, ә сен тек отыр дейсің (Бобров кіреді, үстінде пальто, бөркін қолына ұстаған.)

Б о б р о в. Алдыңғы үйде Валентинаның ішігі тұр екен.
Е л е н а. Сіздің әйеліңіз Спасованыкінде, кіріңіз.

Б о б р о в. Мен сізге келдім. Елена Михайловна. Тағы айтамын лабораторға асықпаңыз. Анкетаның әр сұрағын қарап, салмақтаңыз. Бородинның барлық ұсыныстарын анықтап ойлап шығыңыз. Қорытынды жасауға асықпаңыз. Бұл істе асығыстыққа жол жоқ.

Е л е н а. Біз енді зерттеуде тағы нешеме жыл отырмақпыз ба?
Б о б р о в. Мен алдағыға болжал айтуды кәсіп қылмаймын.

Е л е н а. Ал, мен болжал айтамын. Біз марксшілдер, большевиктер бір айдың ішінде сіз сияқты санашылдың жыл отырып жеткеніне жете аламыз.

Ц е х о в о й. Саясатта екпіннің жайлығын оппортуншылдық дейді.
Б о б р о в. Мен саясатты кәсіп қылмаймын.

Ц е х о в о й. Ғылым саясаттан сыртқары дейсіз ғой. Бұл кімнің ұраны екенін біз білеміз. Бізге Кастальскийдің лаборатор саясатқа көмекші болып жасалып отыр деген сөзі жақпайды ғой. Б о б р о в. Кастальский сонымен өз саясатын жүргізіп келеді, ол бізді алдап жүр. Ц е х о в о й. Қайтесіз, Николай Касьянович, алдау туралы шын айтатын болсақ өз әйеліңізге көбірек қараңыз.

Б о б р о в. Бұл өте қопал, өте әділетсіз тұспал.
Ц е х о в о й. Айыпқа бұйырмаңыз. Жұмысшыша солай шығады.
Е л е н а. Николай, бұның ақмақшылық.
Н а т а ш а. Аға, алты жерде жеті 37 ма, қырық сегіз бе?

Ц е х о в о й. Еленадан сұра, ол ақылды, сенің әкең аспирант қана (Клараның есігін қағады.) Кіруге бола ма? (Кетеді.) Е л е н а. Мінеки, міне алты жерде жеті қырық екі. Сіз немене ескерткіш сияқты тапжылмай тұрсыз. Б о б р о в. Мен кісі пәтерінде отыруды жақтырмаймын. Сонымен менің ұсынысым қабыл алынбады ма? Солай деп қайтуға болады ғой? Е л е н а. Николай Касянович, сіз табан бір ай жүріп мемлекетті аралап келдіңіз, соған қарамай әлі күнде ғылымды саясатқа жақындатуға қарсы болсаңыз, онда сіз еш нәрсені көрмепсіз де, еш нәрсеге түсінбеген де екенсіз. Б о б р о в. Жоқ, мен көп нәрсе көрдім. Мен сол көргендерім туралы ұдайы ойлаймын. Мемлекетті саясатшылар билейді. Саясатшы бүгінгі күнмен ғана тіршілік етеді. Ғылым адамы болса оның ойы, ғасырлар масштабымен үйлесіп келетін болу керек. Тіпті ең жақсы саясатта уақытты өткізгенде, ақшаны тиындап, тебендеп, ұсақтап өткізгендей қылады. Міне сіз "Гигант" совхозының егісті бірінші боп бітіргенін, Қызыл Путиловтың жоспарды толтырғанын білесіз және ертең месткомның қайта сайланатынын, бүгін күріш беріліп жатқанын, кеше өзіңіздің дем алыс күні болғанын да ұмытпайсыз. Бірақ сіз "Фаустың" жәрдемшісі кім екенін білмейсіз.

Е л е н а. Мен ол операны көрген емеспін.

Б о б р о в. Есіңізде болсын, "Фаусты" оқу керек. Рас сіздің сібір шынысын сакистан айырмайтыныңыз да бар.

Е л е н а. Менің шай ішуіме стакан бар.

Б о б р о в. Тарих бізді маймыл қатарынан көтергенде, әркімнің өзінше біткен сегіз қырлы жекешелігіне жеткізіп еді. Сіздер енді сол қырларды саясаттың коллектив келісіне салып талқандаймыз дейсіздер. Е л е н а. Біз тарих жасап келеміз. Осы бір-ақ рет болса да, нағыз өмірге араласып көріңізші, сонда біздің талқандаудан басқа да ісіміз бар екенін түсінер едіңіз (Қоңырау.) Ғафу өтінем, мен қазір (Шығады.) Н а т а ш а (бағанадан Бобровты байқап отырған бойымен). Сіздің үй қояндарыңыз көп пе? Жүз бе әлде?

Б о б р о в. Сен кел де көр. Ол жақсы қояндар.

Н а т а ш а. Маған артылған міндет көп, уақытым жоқ. Қазір бесжылдық туралы баяндама жасауға барамын (Бобровтың жымиғанын байқайды.) Сіз күлмей-ақ қойыңыз, бұл саз балшықтан жасаған түйе емес.

Б о б р о в. Шырағым, сен қай жерде істейсің баяндаманы.
Н а т а ш а. Клубта, бұл мектептің есепшісі.
Б о б р о в. Клубтарында қызық бола ма?

Н а т а ш а. Жүріңіз, мен сізді ертіп барайын. Өте қызық, ағам мен Еленаны шақырып жүрмін. Бірақ әлі апара алған емеспін. Істері көп. Онда қызық (Клара бөлмесінің есігінен Валяның басы көрінеді.)

В а л я (Бобровқа). Коля, сен мені тосасың ба? (Қайта жоғалады.)
Б о б р о в. Жақсы.
Н а т а ш а. Жақсыңыз қалай? Клуб қайда?
Б о б р о в. Маған шынында, қиын боп тұр.

Н а т а ш а. Міне, міне тағы. Шын, нағыз өмірге бір рет қана болса да, араласып көріңізші (Есіктің ар жағынан қатты күлкі естіледі.)

Б о б р о в. Жақсы, шырағым, мен сенімен барамын.

Н а т а ш а. Ур... р... ра... (Жеңінен тартып.) Тез-тез жүріңіз, әйтпесе, айнып қаласыз (Өзі жүгіріп кетеді. Елена кіреді.) Е л е н а. Жаңа Кастальский телефон соқты. Алты зерттегіш бригада құрылыпты. Институттың шықырлауық арбасы қозғалды білем. Кішкене ғана зерттеуші институт, енді майдандық штаб болды. Екі жылдан соң кішкене қоңырқай үйімізден қатарлы үйге көшеміз. Ол қоғамдық мінездің институты болады. Міне! Б о б р о в. Елена Михайловна, үй іші тұрмыстың шарт заңдары маған рұқсат етпейді. Сондықтан адам мінезінің лабораторы жайындағы білетін нәрселерімді мен айталмаймын. Тағы-тағы айтам, сағырақ болыңыз. Сізді бір нашар ниетке қарай тартып бара жатқандар бар (Қоштасады.) Е л е н а. Әзірше! (Киініп алған Наташа жүгіріп кіреді. Бобровтың галошын да ала келеді.)

Н а т а ш а. Жүрейік енді.

Б о б р о в. Және тілеуіңізді берсін осы, "кешірім сұраймын", "әзірше" деген сөзді айтпаңыз (Наташамен кетеді.) Е л е н а. Шынында, осы неге қарсы болады. Үй тұрмысының шарт заңы дегені не екен? (Клараның бөлмесіне жақындап кеп, есік тұтқасын ұстайды. Сол кезде Николайдың қатты күлкісімен Валяның дауысын есітеді. Ойланып, есіктен кетіп, үстелге келіп, портфелінің ішінен қағаздар ала бастайды.) Ағыстағы саясат үйірмесіне тағы бармай қалыппын. Әй, Макарова, енді ячейка сені қандай ұрысар екен. Зи рейзен нах Дейтшланд. Сіз Германияға барасыз ба? Ес штимт Их рейзе нах Берлин. Хабен зи шон ирен аусландпас. Натюрлих унд мит аллен визен. Хир ист майн Пас. (Николай, Клара, Валя шығады.) В а л я. Николай Петрович, "ғылым ішіндегі еңбекшіл" деген мүсін тобына сіз тамаша қолайлы болар едіңіз. Сіздің сенімділігіңіз, даусыңыз бәрі де заводтың дәл өзінен шыққандай бір заманда гректер өздерінің венераларын оливке майына қайнатып алатын болған екен. Сонда мрамор бір жылылық пен тірлік тапқандай болады екен. Бізге мүсіндерімізді машина майына қайнатып алу қажет. Тер мен мүржелердің түтін исін сіңдіру қажет. Сонда бұл мүсін де жанданады. К л а р а. Терлі, майлы болғандарға біз шомылғыштар жасаймыз, таза жүрсін дейміз. В а л я. Тез заводқа кіру керек. Бәрін көріп, дәмін татып, айналаның жаңа түрін табу керек. Мен басымнан аяғыма шейін жаңартуым керек. Менің күйеуім қайда кеткен? Е л е н а. Күйеуіңіз Наташамен клубқа кетіп қалды. Их рейзе нах Берлин... унд мит аллен визен.

В а л я. Мені енді кім ұзатып салады?
Ц е х о в о й. Табанды еңбекшіл ұзататын болады ғой.
В а л я (қолын созып). Қош болыңыз.
Е л е н а (шапшаң). Әзірше! Зи рейзен нах Дейтшланд. Ес шмит.

Ц е х о в о й (Валяны шығарып салып қайтып келеді). Кішкене әдептірек болсаң да еш нәрсең кетпес еді-ау.

Е л е н а. Ғафу етіңіз, жұмыскерше ғой.
Ц е х о в о й. Саған хат бар. (Үстелге тастайды, шығып кетеді.)

К л а р а. Саған әлгі әйел жақпайды ғой. Бірақ мен заводқа ағарту жұмысына алғалы отырмын.

Е л е н а. Өмір бойы сол әлде қандай, құнсыздармен әуреленесің де жүресің. К л а р а. Сендер, жастар, сыңар көздісіңдер. Дүниеге лабораторыңның тұрғысынан ғана қарайсың. Ал біз адамды қалай болса солай лақтыра салмаймыз. Жоқ... Е л е н а (оқуын бітіріп). Сен білемісің... Бобров — абақтыға жабылған Котоминнің шәкірті.

К л а р а. Болса қайтеді?
Е л е н а. Қайткенің не? Зиянкестің шәкірті институт деген не болады?
К л а р а. Е, зиянкес өзі емес қой.
Е л е н а. А.. Ай, қойшы тілеуің берсін... (Қызыңқырап арлы-берлі жүреді.)

К л а р а. Мен қоятын дәнеңе жоқ, дәнеңе жоқ. Қартыңа келмей тұрғансың ғой, шырағайым. Немене тиірменше айналғаның, домалақ хаттан қорыққаның ба? Түу, айтарсың тіпті (Шығып кетеді.) Е л е н а. Жақсы екенсің, сегіз қырлы жекеше! Сібірдің фарфоры. Әсірлердің масштабы. Енді лабораторға сен қарсы болсаң, сол қарсылығыңның өзі-ақ лаборатордың қажеттігін көрсеткені.

Ш ы м ы л д ы қ

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Үшінші сурет

Тірелген кітап қабырғалар. Бұл институт кітапханасы. Кітапханадан Бородин кабинеті мен институт үйлеріне баратын есіктер көрінеді. Захаров ақырын ғана қара тақтайға бормен бір нәрсе жазып жатады. Жазуы үш бұрыштар, қорытынды есептер. Кітап қатарларының арасында оқуға үңіліп Кембаев отыр. К е м б а е в. Еңбек сағаттарын молайтамын деп өзге алаңның бәрін тастап ем. Ендігі бір көп уақытымды жейтін ұйқы мен тамақ боп тұр. Бүгін түнде ұйықтамай байқап ем, талай нәрсе оқып шықтым. Кезектеп оқып үш кітапты қатар жүргіздім. Кітаптарым: "Соғыс пен тыныштық", "Капитализмнің өсуі", "Мый қызметі" еді. Бірінен біріне ауысқанда тыңайып қалғандай болады екенсің. Енді маған Котоминнің кітабын беріңізші. Зиянкестік кітабын оқып, сынап көрейін. Сол Котоминді беріңізші (Герман кіреді.) Көзім түйіліп отыр. Бұрын ұйқысыз түн өткізгенде дәнеңем кетпеуші еді. Оқу үстінде ұйықтамай шығу ауырырақ па, қалай? Ащы шаймен болса да ұйқы ашу керек боп отыр. З а х а р о в. Философ Дарума ұйықтамайым деп кірпігін кесіп тастапты2. Соның кірпігінен шай ағашы өсіп шығыпты. Сол себепті шай ұйқы ашатын болған. Шай ішіңіз.

К е м б а е в. Ертегі ғой.

Г е р м а н. Кембаев, түнде ұйықтау қажет. Өз уақытымызда, қызмет қылғанда: айлар бойында ұйықтамай кететін біз едік. Бірақ сізге үйтуге болмайды. Сіз ең артта қалған елдің баласысыз. Сіз көтере алмайсыз. Бұл залалды болады сізге. К е м б а е в. Бізге залалды сізге залалды емес екен ғой. Сіздер үлкен ұлттар, біз кішкене жабайы елміз ғой. Кішкене ел, кішкене бала сияқты. Көп мый қызметіне жарамайды. Оған көп ұйықтау қажет қой. Бұныңыз жыныстар жайындағы ескі байшылдық заңы ғой. Бірақ, енді ол сияқты заңның да, ол көп ұйқының да заманы өткен. Енді мен сіз істеген кызметтен екі есе артық қызмет істей аламын. Сіз бір ай ұйықтамауға жарасаңыз, мен екі ай ұйықтамауға жарайтынымды көрсете аламын. Аспирант Кастальскийді қуып жете алатын шығармын. Г е р м а н. Қуып көр, Кембаев, қу. Шынында да, сізге асығу керек (Бородин мен Елена кіреді.) Е л е н а. Біз ашқан адам мінезінің лабораторы сүт сатқыш қатындарды, тазартылып шығарған бухгалтерларды, тіпті қайыршыларды да зерттеп отыр. Бізге бұл сияқты қоғамдық топтардың жайын зерттеу қажет емес.

Б о р о д и н. Мен адамды зерттеймін, қоғамдық топтар емес зерттемегім.
Е л е н а. Адам болса, адамның ең көп жері завод, фабрик.

Б о р о д и н. Ғылым үшін сүт сатқыш қатын мен темір ұстасының керектігі бірдей.

Е л е н а. Біздің мақсатымыз үшін темір ұстасы керектірек.

Б о р о д и н. Мен сіздердің еш мақсұттарыңызды білмеймін. Сіздер, жастар, фактіні сүймейсіздер. Сіздерге жалаңаш күйіндегі мақсұтты ғана беріп отырсын дейсіздер. Ғылым ондай жалаңаштықты сүймейді. Е л е н а. Фактіні не үшін жиып жүргеніңізді білу керек. Әйтпесе, біз құр қараңғыда сипалап келе жатқан сияқтымыз.

Б о р о д и н. Тегінде біздің бәріміз де солайша сипалаумен келеміз.
Е л е н а. Ол әдіс емес.

Б о р о д и н. Олай болса орныңызды Кастальскийге беріңіз. Ол менің ісім — ғылым әдісі екенін таниды. К е м б а е в. Жолдас Бородин, ғылым жолына да өзара сын керек шығар? Елена Михайловнаның ұсынысын біз түгел қостаймыз. Б о р о д и н. Өздерің өз араңды тілегеніңше сынай бер. Мені қозғамаңдар (Наташа кіреді.) Мынау кімнің баласы? Саған не керек, қызым?

Н а т а ш а. Мен экскурсияны бастап келдім. Үй қояндарын көрмекпіз. Б о р о д и н. Экскурсияның да, көрменің де керегі жоқ. Герман, есіттің бе? (Кабинетіне кетеді. Герман артынан ере кіреді.)

Е л е н а. Наташа, сен мұны қайдан таптың. Бұл жерде музей емес, білемісің.
Н а т а ш а. Оны тапқан дядя Бобров, шақырған сол. Енді жайсыз болды ғой.

К е м б а е в. Бұлар көргенге үй қоянының дәнеңесі кетпейді. Не қылған бұл маңына жан дарытпайтын немелер. Алып жүр, Наташа, отрядыңды.

Е л е н а. Сені институтқа басқарушы қып қашан сайлап еді?

К е м б а е в. Сайламақ болған еді, өзім көнбедім. Біз Бобровтан рұқсат сұрап аламыз. Наташа, отыра тұр (Захаровқа.) Котоминді таптыңыз ба? З а х а р о в (кітапты ашып, оқып, жай жабады). Котомин институт кітапханасында жоқ екен (Кембаев шығады.)

Н а т а ш а. Лена, мен қабырға газетіне жаңағы шал туралы жазамын. Е л е н а. А? Рас, рас... бүйтетін болса, біз мәселені баспасөз жүзінде шығарамыз (Үстелге отырып жаза бастайды.)

Н а т а ш а. Маған да қарындаш берші (Ол да жазады. Амалия кіреді.) А м а л и я (Захаровқа). Иван Ильичке тамақ әкеп ем, сізге де біраз тамақ бар. З а х а р о в. Бір кезде рақымшылық құдайы Кибаннон болған3 еді, мен соның суретін басқан корал түйме сыйлаймын сізге.

А м а л и я. Мына әйел кім?
З а х а р о в. Николай Петровичтің әйелі.

А м а л и я. Ә... әлгі анау... ғылым қызметкері екен ғой. (Еленаға жақындап көп қарап, Еленаның көзіне көзі кездескеннен кейін тайып кетеді.) Балалары бар ма бұлардың?

З а х а р о в. Николай Петровичтің бұрынғы әйелінен бір баласы бар.
А м а л и я. Наташа ғой?..
Н а т а ш а. Мен мұндамын.

А м а л и я (Арт жағына айналып шошығандай қарап). Наташа, кәмпит жеймісің? (Қалтасын қарап бір кәмпит алып ұсынады.)

Н а т а ш а. Жемеймін, кәмпитіңіз кір. Сіздің шайнап жүргеніңіз не?
Е л е н а. Наташа, қой олай сөйлеме?

Н а т а ш а. Немене мені қаға бересің? Резеңке шайнайды, біздің Сережка да солай шайнайтын. Мен балаларға барамын (Кетеді.)

А м а л и я. А... Наташа!.. А... (Күбірлейді. Герман кіреді.) З а х а р о в (Амалияға). Кабинетке кіріңіз. (Қолындағы кітабымен Германға жақындап кеп.) Мына кітаптың сыртына жазушысының өз қолымен жазылған жайсыз сөз бар. Сондықтан бермей ұстап қалдым. Герман. Кітапты алып оқып жақсы істеген екенсіз. Мына жазу Николай Касьяновичке жайсыз тиеді (Варгасовтың кабинетке келе жатқанын көріп.) Семен Семеныч, мынау дұрыс емес пе? Қараңыз да алысыраққа тығып қойыңыз (Кітап береді. Варгасов оқып кітапты өзімен бірге алып тез шығып кетеді.) Г е р м а н (Еленаға келіп). Мен бес жасар күнімде бақшадан гәуһар тасты сырға тауып алып ем. Содан бері мені жолы болғыш, бақытты деуші еді. Бірақ ылғи жарым бақытты болушы ем. Бірақ Берлинге сіз барасыз. Сіз шын ақжолтай боп туған екенсіз. Астарында қоғамдық бар, ақжолтайлық.

Е л е н а. Шет елге баруға неге сонша құмарсыз?

Г е р м а н. Морис Шевалиенің әнін тыңдап, бір қарағанда үш жүз жалаңаш қызды көруге құмармын (Кембаев пен Бобров кіреді.) Б о б р о в (Еленаға). Кембаев сіздің Бородинмен таласқаныңызды айтып еді. Меніңше, сіздің көзіңізді таңып aп, қолыңыздан жетектеп келеді. Сіз дауласасыз, айғайлайсыз. Бірақ сол тартысқан жолмен жүріп келесіз. Осы дауыңыздан енді мағыналы қорытынды жасайтын уақыт болды, Елена Михайловна. Г е р м а н. Қысқасы, іс қорытындысы дейсіз ғой. Ұйымсыз профессор ұйым адамының өсиетін айтады десеңізші. К е м б а е в. Кастальский тағы қауіп ойлады. Қырағылығын байқаймысың, Елена. Бұл кісінің күдігі көп. Қазақ қуып жетіп қоя ма деп те қорқады (Күліп.) Түнде оқыма, күндіз серуен қыл деген сияқты жақсы өсиеттерді де айтып қояды. Сен, Елена, Бобровтың сөзіне құлақ сал. Бобров дұрыс айтады. Тәуір оқушы осы ғана. Г е р м а н. Тіпті дұрыс айтасыз. Николай Касьянович, Котоминнің өз шәкіртінің бәрі де жақсы оқытушылар болады. Б о б р о в (Еленаға). Сіз үндемейсіз, сенбейсіз ғой маған. Институттағылар менімен сөйлеспейді. Кездессе менің көзіме қарамайды да аяғыма қарап, зиянкестің ісін тапқысы келеді. Менің сыртымнан сыбырласып, күліседі. Жұмыс қылу өте ауыр болып кетті, Елена Михайловна. Е л е н а. Сіз институт ішінде отставкеге шыққан патшадай жүресіз. Шағымыңызды құлаққа сыбырлап қана айтасыз. Маслихат берген боласыз. Өзгеше өсиет айтудан бұрын әуелі өзіңіз көпке жариялап зиянкестен неге араңызды ашпайсыз. Оның орнына құр үндемей сыпайы жігіт боп келесіз (Шығуға беттейді.) К е м б а е в. Елена, бұл жөнінде Бобров іс қылмақшы, оны білмеп пе ең? Котоминнің сырын аш деп заданиялер беріп отыр. Мен кітабын іздеп жүрмін. Жақында баяндама істеймін. Бобров та бетін ашады деп білемін.

Е л е н а. Бір задание бергені істің мәнін өзгертпейді.

К е м б а е в. Неге өзгертпесін, қатты өзгертеді. Құр дүмбілез сезікпен жүргенше Бородинды қоса түйреу керек (Екеуі де шығады.) Г е р м а н. Ал, енді тез бержабайға мініңіз де басқармаға шабыңыз. Хат жазып ұстазыңыздан ат кекілін кесіп, ажырап шығыңыз. Сақалына түкіріңіз. Ол решетка ішінде отыр, қауіп жоқ. Өзіңізді қазір қолтықтап көтеріп әкетеді, кәні!

Б о б р о в (қатты). Тоқтатыңыз, жетті! (Бородин жүгіріп кіреді.)
Б о р о д и н. Николаша, ерніне шейін қалтырап тұр ғой.
Б о б р о в. Мына сүйіктіңізді тыйыңыз.

Г е р м а н. Николай Касьянович Котоминнен айрылып шығуға асығып тұр. Сонымен Елена Михайловнаның оң қабағына ілінбек болады.

Б о б р о в. Біз пікір жолында Котоминмен көптен келіспей ажырасқамыз.
Б о р о д и н. Үйткенмен бүгін оның абақтыда отырғанында қарсыласпассың.

Б о б р о в. Рас мен қарсы шығуға кешеңдеп қалдым. Бірақ ештен кеш қайырлы ғой. Жұмсақтығымды Кастальскийдің саудасына беріп қойғым келмейді.

Б о р о д и н. Николай, Николай Касьянович.
Б о б р о в. Басқармаға хат жазамын.

Б о р о д и н. Профессор Бобров, сіз жасқа толған адамсыз. Не қыламын десеңіз де еркіңізде.

Г е р м а н. Басына пайдалы қып істеу және бар.

Б о р о д и н. Бірақ, біліңіз, біздің арамыз онда бұрынғыдан да жіктенді (Наташа кіреді.) Н а т а ш а. Дядя Коля, біз әлгі шал, мына шал турасындағы басынатын сөзді талқыға салып шықтық. Б о р о д и н. Бері әпкеліңізші (алып оқып.) Өтімді боп жазылыпты (Тым-тырыс.) Осыларға үй қояндарын көрсетіңізші, Николай Касьянович. Н а т а ш а. Жүр, дядя Коля, біз тіпті көп тостық (Бородинге.) Біз әлі бұл сөзді баспаспыз да. Б о р о д и н. Рақмет. (Наташа, Бобров шығып кетеді.) Газетке жазады. Ә... о! Мен гимназиядағы күнімде директор туралы бір өлең жазып ем. Артынан екі жұмаға тамақсыз қалдырып, әкемді шақырып сөйлесіп, мінезіме үш қойып, әурелеп еді. Содан бері өлең жазбаймын. Ұйқастың бәрін жел ұшырғандай болды. Г е р м а н. Бобров та газетке жазады "Котоминнен кеттім, қарсымын" деп. Біраз уақыт өткен соң, сізден де сүйтіп ат-тонын ала қашады, ұстазым. Б о р о д и н. Иә, адам ұсақтап барады. Ішкі негіздері жоқ. Жақында профессорды төменнен көтерушіден айыра алмайтын болармыз. Аяймын Николашаны, аяймын. Орға құлап барады. Қысқасы, өзі білсін. Сен одан да Николай Петровичке үңіле қара. Бұл өте қызық адам. Мен оны байқап жүрмін, қазір маған ол үй қоянының бірі есепті, иә. З а х а р о в. Николай Петровичтің жүзінде Шолпан, Марс, Ай түгел бар. Марс оған туысты ерлік береді. Шолпан үлкен махаббат береді (Портфелін былғақтатып Невский жүгіріп кіреді.) Н е в с к и й. Иван Ильич, кітапханаға тезірек кітаптар алыңыз, әйтпесе кредит жабылғалы жатыр.

Б о р о д и н. Директор, сіз тіпті институтта көрінбейсіз ғой. Н е в с к и й. Есімді шығарды, шын айтам, есім шықты. Жабдықтау сметасы 12 жерден аман өтіп еді. Құрғыр 13-ке барғанда, тұрып қалды. Көп кемітіп тастады. Бірақ әлі де беріспей келемін. Дегенімізге жетеміз, әлі күнге Невский сметаны көрген емес. Бұл жолы да еш нәрсе етпес, жүріңізші, көрсетейін (Бородин екеуі кабинетке кетеді. Кітапханадан Герман шығады.) З а х а р о в (Варгасовқа). Николай Касьянович жолынан қайтпақшы, хат жазады. В а р г а с о в. Бәрібір құтылмайды, іс өтіп кеткен, Виссарион Захарыч. Мұнда қалайша кіргеніңіз есіңізде болсын, Варгасовты мықты ұстаңыз, бар білгеніңізді айтып тұрыңыз.

З а х а р о в. Пентаграм4.
В а р г а с о в. Не?

З а х а р о в (үш бұрышты көрсетіп). Пентаграм өтірік айтуға рұқсат етпейді. Не үндеме, не шыныңды айт. Өзгелерге үндемеймін, сізге шынымды айтамын. В а р г а с о в кабинетке қарай жүреді. Жолшыбай кабинеттен шығып келе жатқан Амалияға кездеседі. Өтіп кетеді, Амалия кітапханадан өтіп бір есікті ашып, шұғылынан қайта қашады.

А м а л и я. Жасырыңыз, жасырыңызшы бір жерге, кездесе алмаймын мен онымен.
З а х а р о в. Кіммен?
А м а л и я. Уһ, мен кейін айтамын сізге, кәні тез Виссарион Захарыч.

З а х а р о в (кітапханалардың артындағы кішкене есікті ашады). Кітап сақтаушыға барып, сонда тосып отырыңыз (Амалия кетеді. Цеховой мен Елена шығады. Цеховой кабинеттің есігін қағады. Варгасовтың басы көрінеді.) Ц е х о в о й. Невскийге менің келгенімді білдіріңіз, өте тығыз (Еленаға.) Мен Бородинның марксшіл емес екенін сенен кем білмеймін. Бірақ Бородинның адам мінезінің жұмбағын шешуі, біздің мемлекетке зор пайда келтіреді. Бұнысымен санашыл профессор социализмнің құрылысына жәрдем етеді. Міне, диалектика осы жерде. Е л е н а. Осы жердің диалектикасымен менің басымның ішіне қорғасын құйылғандай болады. Бородин қараңғыны сипалаған соқырлар деп сандырақтайды. Біздің зерттеп жүргеніміз әлдекім. Кастальский бізбен тілегенін істеп жүр. Мен партия мүшесі боп мақала жазып отырмын. Сен диалектикамен қорқытпақ боласың. Ц е х о в о й. Сен академиялық дауға бойлап кетіп, саясатты ұмытқансың. Саяси жағынан қарасаң сенің Бородинге қарсы жазған мақалаң зиянкестерге құрық беру болады.

Е л е н а. Сенің есің дұрыс па өзі?

Ц е х о в о й. Сені түгел қостайтын кім? Бобров ол лабораторға, ұдайы қарсы болған. Ол Котоминнің ниеттесі.

Е л е н а. Шәкірті болумен ниеттес бола қалмайды.

Ц е х о в о й. Сен солай ойлаймысың? (Невский шығады.) Невский жолдас, тыңда (Kітапты оқиды.) "Менің ниеттесім және досым Николай Бобровқа. Павел Котомин" кітабының сыртына өз қолымен жазған. Осы, беті ашылмаған зиянкес, әлі күнге бір бөлімді басқарып келеді. Мен мұны басқарушылық жолындағы оппортуншылдықтың айғағы деп бағалаймын.

Н е в с к и й. Уа!..
Ц е х о в о й. Мен күлейін деп тұрғаным жоқ, Невский.

Н е в с к и й. Бұлтарасың, бұлтарасың-ақ, бірақ бәрібір, бір жаққа қисайды деген аттан құтылу болмас. Кәні істейік, айтшы не істейік, айтшы не істейік. Бородин Бобров үшін барын салады. Ц е х о в о й. Мәселені батым боп қою керек. Мен қазірде Бородин Бобровты алуға сонша қарсы бола қояды деп білмеймін. Бұлардың арасы көзге көрінерліктей болып салқындап қалған. Н е в с к и й. Е, олай болса батым қимылдайық. Бірақ Бобровтың орнына кімді ұсынамыз? Макарованы ма? А... а? Боламысың, Елена? Е л е н а. Менің лабораторға шамам келмей жүр, бүкіл кабинетті меңгеру қайда? Ц е х о в о й. Оның үстіне Еленаның батымдығы жеткілікті емес. Бұл жерге мықты қол керек.

Н е в с к и й. Онда сен бол, Цеховой, басқа кісі жоқ.

Е л е н а. Болмайды, жолдастар, профессордың орнына аспирант және басқа мамандықтың аспиранты. Кабинет өте ғылыми, жауапты кеңсе.

Ц е х о в о й. Әрі партия мүшесі, әрі байы боса да ғажап сенімсіздік. Н е в с к и й. Бәрін де, жалпы тұтас күйде меңгере білу қажет. Мені институтқа былғары тресінен ауыстырып әкеп қойған. Мен үй қояндарының терісінен басқа дәнеңені ұқпаймын. Сонда да тірлік стимулдарының институтын басқарып отырмын ғой. Бұл — диалектика.

Е л е н а. Енді екеуі де ән қосыпты, диалектика, диалектика. Н е в с к и й. Иә, жүрдек сөз, осы жұрттың бәрі айтады. Кәні қалайсың, Николай, көндің бе? Онда Бобровты аламыз. Сен кабинеттің басқарушысы боласың.

Ц е х о в о й. Басқарманың да мүшесі боламын ғой.
Н е в с к и й. Әрине, ол, орны бойынша солай ғой.
Е л е н а. Олай болса лаборатор кімді зерттейді деген мәселе...

Ц е х о в о й. Баспа сөз жүзіне қойылмайды (Невский, Цеховой, Елена шығады. Захаров кабинеттің есігіне келеді. Қағады. Варгасовтың басы көрінеді. Захаров ымдап шақырып, қара тақтай жанына апарып, бірдеңені сыза бастайды.) З а х а р о в. Мына жоғарғысы кішкене қыз. Оның әкесі Николай Петрович (Сол жақтан ноқат қойып сызық жүргізеді.) Кішкене қызды Амалия Карловна біледі (Оң жақтан сызық жүргізеді.) Амалия Карловна мен Николай Петровичтің арасында жұмбақты байланыс бар (Төменгі ноқаттардың арасын қосады. Үш бұрыш шығарады.) Пентаграм араларында қандай байланыс бар екенін білгіңіз келе ме? Кітап сақтағыштың ішіне кіріңіз.

В а р г а с о в. Япырым-ау ә!!

Ш ы м ы л д ы қ

Төртінші сурет

Екінші суреттің көрінісі. Еленаның пәтері, сахнада Кембаев, Клара, Елена. Кембаев кітап оқиды, бірақ анда-санда кітабын тоқтатып, сөзге де араласып қояды. Е л е н а. Институттағы кемпір бірдеңені жинап тұрып маған көп қарап еді. Сол кемпірдің көзін әрі көріп, әрі сезіп тұрғандай болам. Ал, өзімнің ісімді көрмеймін де, сезбеймін. Бородин шын айтты. Менің маңдайым тышқанның маңдайындай. Мұндай маңдаймен ғылымға өрлеуге болмайды, болмайды. К е м б а е в. Сөз емес, Елена. Бородиндердің байшыл, кертартпашыл жүйе болмыстарына құлақ салсаң, сенің басыңды бір кемітсе, менікін одан да қор санағысы келеді. Кешегі мал баққан жабайының басына ғылым қонушы ма еді демек болады. Шүкірлік, бірақ біз ол сандыраққа жүдемейміз де, пысқырмаймыз. Бұйырса осы басымызбен ғылым тауын жарамыз. Бұл бастар еңбекшінің басы болатын болса өспей, дегеніне жетпей қоймайды. Бізге шегінуге болмайды, Елена. Е л е н а. Мен адам мінезінің лабораторы, енді не керек екенін ұқпауға айналдым. Кейде тіпті адамды билеп жүрген аштық, махаббат, ашу, қорқыныш сияқты боп көрінеді. Барлығы төрт қана стимул. Мен білемін, бұл бір сандырақ, санашылдық. Біраз зерттеп, түбіне шейін бара алмаймын. Қорқамын, рас, рас қорқамын. К е м б а е в. Бобров әлдеқашан айтып еді. Оны алып тастадық. Ол күңгірт тартып жүр. Бородиннен кетті, бірақ, бізге де келе алмады. Соны шақырып алшы, Елена, істесеміз бірге, сонымен. Е л е н а. Ешкімді шақырғым келмейді. Жақында бәрін тастаймын да, Берлинге кетемін. К л а р а. Ақымақ, барып тұрған ақымақсың. Саған басқа қояр ат жоқ. Қайдан шыққан өнер өзі, әкең тұқымымен еңбекші, темір ұстасы. Өзің де көпке шейін заводта болдың. Енді қарашы міне, ұрғашы көйлегін киген Гамлет бола қапты. Қоянша ши түбіне тығылмақ. Бірақ құтылам деме. Құлағыңнан тартып aп, үстелге қайта отырғызамыз. He қылсаң да тексересің, түсінесің. К е м б а е в. Қазір кабинет Николай меңгеріп жүр. Сенің күйеуің, партия мүшесі. Бірақ Бобров туралы ол жаман қылды. Е л е н а. Николай мені үрейсіз дейді. Екеуміз тамақты да бірге ішпейтін болдық. Трамвайда ұрысқанымызды естіп, жүргіншілердің айызы қанады. Ол жаңа орын алғанына, өміріне дән ырза. Мен шопырлыққа кетемін. К л а р а. Үйтсең біз сені партиядан шығарамыз. Бұл не деген сандалу. Табанынан азғантай жарылса болды — дүниелік күдік бастарына орнайды. Бұл ақылдан туған нәрсе деп білемісің. Қайратсыздықтарыңнан, ұйымсыз ғалымдықтарыңнан туады сендердің. Дүниенің кіндігі өз кіндіктерің деп білесіңдер ғой сен байғұстар.

К е м б а е в (күліп). Рас жақсы айттың.

К л а р а. Партия бұлардың артындағы құйрығы ғана болса керек. Менің ықтиярыма берсе сендердің арттарыңа келістіріп тұрып дүре салар едім.

Е л е н а. Дүре салу оңай, сен жәрдем ет.

К л а р а. Иә, қайт дейсің, институтыңа бар дейтін шығарсың әлде. Жоқ, оқуға мен кәрімін, жарықтығым. К е м б а е в (атып тұрып). Тоқтаңызшы, оқу қажет емес, сен шефтікті ал. Заводыңмен бірге шеф бол. Заводың боп кеп, біздің бағытымызды түзеңдер. Біздің институттың бағыты жақсы емес, нашар (Цеховой мен Валя кіреді.)

К л а р а. Қайда мұнша көңілді боп келдіңдер?

В а л я. Мен қайтадан мүсінге кірістім. Николай Петрович мүсінін түсіртті. "Ғылымға басқан еңбекшіл". Тамаша тақырып, мүсінде сирек мүсін. Басына қараңызшы. Мрамордан оярлық бас емес пе? Қолы мен иығы дол мүсін өнерінің тілеген кескіні.

Ц е х о в о й. Валентина Ивановна, мен тыңдаудан қысылатын боламын. К л а р а. Валя, сен заводқа қай трамваймен баратыныңды ұмытқан жоқпысың әлі? В а л я. Ой, Клавдия Васильевна, заводта ылғи шаң, салдыр-күлдір. Тұтасқан машина дырдуы. Менің күн сайын басымның сақинасы ұстайды. Ешкім елемейді. Ештеңе түсіне алмаймын. Мүсін жасаудан да қалып қойдым. Әй, шыдай алмасам керек. К л а р а. Е, сен де ши түбіне жалтарған екенсің ғой. Бірақ саған мен өсиет айтпаймын. Жылжы, көгершінім, жылжи бер. Жүр, Құсайын, шефтық жайын реттеп алайық. К е м б а е в. Жүр, өзіңнен басқа ешкім еш нәрсе өндіре алмайды (Кларамен бірге соның бөлмесіне кетеді.)

В а л я. Ренжіп қалды.
Ц е х о в о й. Шырақ кемпір, бірақ елең қылмаңыз.
Е л е н а. Күшті сөз.
В а л я. Сіз, сіз мүсініңізді түсіртпейсіз бе?

Е л е н а. Біз ондай сандыраққа шығаратын уақытымыз жоқ.

Ц е х о в о й. Біз демей өзіңізді айт... (Еленаға.) Өнер дегеннің бар-жоғы бірдей. Шолпан бұнша — құр жалаңаш қатын. Ғайсаның өлімінің суреті — құр ғана дін мастығы. Ғылым қызметкері, ассистент. Миында тіршілік бар. Сезім мен сезімділік сеніп біткен.

Е л е н а. Николай!

Ц е х о в о й. Бөлмеңді қарашы, терезеңнің бәрі пердесіз, газеттер уқаланған, қабырғалар айғыз-айғыз, дастарқан үсті қоқым, темекінің сабағы, жуылмаған шыны, икраның қалбыры. Сен болсаң сезбейсің де, байқамайсың.

Е л е н а. Бұрын сен де байқамайтынсың-ды.
Ц е х о в о й. Бұрын мен аспирант қана едім.

Е л е н а. Айыпқа бұйырмаңыз, өзгерісті байқамай қаппын. Сен қазір бастық екенсің ғой. Ц е х о в о й. Мәдениеттірек тұру, залал емес болса керек. Қазір де әсіресе солай.

Е л е н а. Жарайды, несі бар екен, қазір мен жинайын.
Ц е х о в о й. Сезу қажет соны. Жинауын әрбір ақмақ та жинайды.

В а л я. Мен Клавдия Васильевнаға барып сөйлесейінші. Сол кісінің алдында айыптымын (Валя есік қағады. Клавдия "иә-иә". Валя кіріп кетеді.)

Е л е н а. Сен мені бір селкектеген қыздың алдында қызарттың.
Ц е х о в о й. Осы қыздан мәдениеттілікті үйрен.

Е л е н а. Оның мәдениеттілігі сен арқылы-ақ білініп тұр. Сезім, сезімшілдік. Әрине, мен отыздамын, ол жиырма үште. Жаңа иіс.

Ц е х о в о й. Сен туыстан сондайсың. Әйелдігің бір қаталық қой.
Е л е н а. Сүйте тұра қайтіп бес жыл өмір сүрдің?

Ц е х о в о й. Бәріне үйренет те адам (Қабырғаны газетпен ұрып.) Тіпті қандалаға да үйренеді. Е л е н а (икраның қалбырын алып, Николайға лақтырып ұрады). Мә саған қандала (Щетканы лақтырмақ болады.) В а л я шығады. Елена тез өзгеріп щетканы төмен түсіріп, киімін бір рет сипап өтеді.

В а л я. Сіз киіміңізді аяқ щеткасымен тазалайсыз ба?

Ц е х о в о й. Иә, қандаланы қалбырмен өлтіретін де жайы бар (Қалбырды көтереді.) Сізді мен шығарып салайын, Валя.

В а л я. Жоқ, жоқ, мен жалғыз кетем, жүрмеңіз.
Ц е х о в о й. Мен шығарып саламын сізді, Валя.
В а л я. Қош болыңыз, Елена Михайловна.

Е л е н а (Валяның қолын ұстап). Валентина Ивановна, студия ішіне мынамен бірге тығылмаңыз, бұрыш-бұрышта сыбырласпаңыз. Жасыру, алдау жетті. Болды.

В а л я. Маған соқтықпаңыз.

Е л е н а. Қаттырақ, қаттырақ, бар даусыңызбен айғайлаңыз. Сүйгеніңізді білдіріңіз. Бар даусыңызбен ашыққа салып білдіріңіз. В а л я. Мен ешкімді де сүймеймін, қоя беріңізші, қолыңыз не деген суық (Қолын тартып aп жүгіріп кетеді.) Ц е х о в о й. Маған қызғаншақ албасты керек емес (Валяның артынан жүгіріп кетеді.) Е л е н а (артынан айғайлап). Мен еш уақытта қызғанбаймын. Еш уақытта қызғанбаймын (Отыра қалып жылап жібереді. Клара шығады.)

К л а р а. Неге айғайладың, әлде тісін ауырды ма?
Е л е н а. Мен Николаймен бірге тұрмаймын енді.

К л а р а. Қай уақытта шеше қойдың, жарықтығым-ау? Жаңа ғана күбірлесіп отыр едің ғой. Қас пен көздің арасында машинамен ағып кеткендей. Пыр еттің де, жоқ болдың ба? Кәні басынды көтерші, көтер, көтер дейім (Еленаның иығынан көтеріп қарап.) Жасын, жасын қара, мә, сүрт! (Орамал береді.) Әрқашан қатын бұрын жылайды. Біржолата айрылыстыңдар ма, жоқ уақытша ма?

Е л е н а. Біржолата.
К л а р а. Валентинамен кетті ғой. Сұлу қыз.
Е л е н а. Құнсыз қуыршақ, қоян жүрек.
К л а р а. Апырмау, күншілдіктің қаулап шығып келе жатқанын қарашы.

Е л е н а. Мен еш уақытта күндемеймін.
К л а р а. Мен енді маслиқат бермеймін.
Е л е н а. Ол қыз жастығымен ғана алған шығар.

К л а р а. Ойбай, кәрі байғұсым-ай! Қайтсін. Мен сенің жасында өмірмен допша ойнап ем. Кетсе — кетсін, барсын. Дүниенің тетігі сол ма еді? Саған жігітті өзім-ақ тауып берем. Заводта талай мыңы бар? Партия дисциплинасы бойынша он шақтысын айдап келейін. Таңдағаныңды ал. Иә, бүгін менімен бірге завод асханасының ашылуына барайық. Онда ойлануға да шаманды келтірмейді. Оп-оңай талқан қылады (Кембаев кіреді.) К е м б а е в. Іс шықса осыдан шығады. Шефтіктің жоспарын нық ұста, Клара! Елена, көзің неге қызарған? Жылағанбысың өзің? Әлде күйеуіңмен келіспей қалдың ба? Екеуің де ақылды емес пе діңдер.

К л а р а. Елена Николайдан айрылысып отыр. Қатындыққа аламысың осыны? К е м б а е в. Айрылысты дейді, бұ не қылған ақмақшылдық. Түсінбедім, не жетпейді екен. Е л е н а. Николай екеумізді біріктіретін жұмыс еді. Бір-бірімізге жәрдемдесіп, сүйресіп пікірлесіп істеуші ек. Жоғары мектептен-ақ солай еді. Қазірде менің көмегім оған қажет емес. Оның өзі ұлық боп алды (Наташа кіреді, үстел үстіне аквариумды қояды.) Н а т а ш а. Клара, мынаны қара. Елена, қарашы мына аквариумды. Бұл ойыншық көрмені біздің отрядқа дядя Бобров істеп берді. Ол біздің клубқа жиі келіп жүреді. Көктемде үй қояндарының үйшіктерін де жасайды. Кәне, қарасаңдаршы енді. Клара, Елена, Құсайын! К е м б а е в. Бобровпен сөйлесу қажет. Ол өзгелердей жаман емес. Оған сенің көмегің керек. Саған оның мәліметі пайдалы болады. Е л е н а. Керегі жоқ. Ол ұйымсыз пайғамбарсып, шаншып мазаны кетіреді. Тілімді алмадың, айтқамын, сақтандыр деп одан да жалғыз тұрып, жалғыз алысқанымыз артық.

К л а р а. Сені емдеу керек шырақайым. Бүгінгі қалың маған жақпайды.
Н а т а ш а. Кәні, Клара, кәні, Лена, Құсайын, қараңдаршы мына балықтарды.

Е л е н а. Жақсы балықтар. Бірақ сен одан да жақсысың, Наталочка. Неге сен менің қызым болмадың екен?

Н а т а ш а. О неге керек?
Е л е н а. Өне бойы бірге тұрар едік, айырылыспас едік.

Н а т а ш а. Біз онсыз да бірге тұрамыз ғой, айырылыспаймыз ғой, мен сені, тіпті-тіпті жақсы көрем. Бірақ сенің үнемі уақытың жоқ бола береді (Бір жақтан үндемей жылдам басып Цеховой өтеді.)

Н а т а ш а. Папа, аквариумды көрші, ана.
Ц е х о в о й. Аулақ! (Кетеді.)
Н а т а ш а. Қызына айтар басқа сөзі жоқ. Ғажайып.
Е л е н а. Шын ғажайып.

Н а т а ш а. Біз отрядтан Сережканы шығарып тастадық. Ол поптың баласы екен. Қызметкердің баласымын деп жүріпті. Басшымыз "Сережка отрядты алдағанда, жұмысшы табын да бір күні алдап кетуі мүмкін" деді. Жұмысшы табын алдауға болмайды ғой, о, Клара тәте, солай емес пе?

К л а р а. Басшыларың да айтқан екен ғой. Болмайды сол.

Н а т а ш а. Сен ең үлкен басшы кім екенін білемісің? Білмейсің бе? О, мен білемін, ең үлкен басшы — партия. Қарашы, қалай жарық етті. Е л е н а. Ай, Наталка... Клара, менің қызым болмағаныңа қатты өкінем. Не себепті жоқ болды екен? Кеш сайын оған жыр жырлап отырар едім. Талмас едім. К л а р а. Жарайды енді, Еленка, езілуің, "не себепті, не себепті", сенің уақтың өткен жоқ. Дайындал қазір. Жаңағы мәжіліске барамыз.

Е л е н а. Шын барамыз ба, Клара?

К е м б а е в. Мені де алыңдар. Еленадан қалғым келмейді. Енді Еленаның жалғыз жүруіне де болмайды. К л а р а. Трамвайдағы орын да үш-ақ кісіге қалдырылған, жүріңдер (Клара, Елена, Кембаев кетеді.) Н а т а ш а (жалғыз). Жақсы болды ғой, жалғызбын, ешкім мешайт қылмайды. Балықтарға тамақ берейін, рақат болды ғой. ("Картошкенің" әніне салып жырлайды (Герман кіреді.)

Г е р м а н. Шырағым, әкеңді шақыршы.
Н а т а ш а. Отыра тұрыңыз (Жүгіріп барып Цеховойды ертіп әкеледі.)
Ц е х о в о й. Бар. Жат, қызым.
Н а т а ш а. Олай болса балықтарға тиюші болма (Кетеді.)

Г е р м а н. Николай Петрович, мен сізден құдайға сенесіз бе деп сұрағалы келдім.

Ц е х о в о й. Шатылған сұрақ екен.

Г е р м а н. Олай болса шайтанға да сенбейміз ғой. Ал жандардың бір туысқандығына сенесіз бе?

Ц е х о в о й. Сіз аурусыз ба, жоқ мені сықақ қылмақсыз ба?.. Г е р м а н. Николай Петрович, тап туысқандығына сенеміз бе әлде? Қоғамдық туыстың біркелкілігіне сенесіз бе? Жауап беріңіз, мен шын сұраймын. Бір таптың баласының туысқан қалыбында болатынына сенесіз бе?

Ц е х о в о й. Әрине.

Г е р м а н. Шыққан жерлеріне қарай туысқан бола алысады ғой. Орталары бірыңғай болғандықтан ішкі күйлері, машықтары, ыңғайлары да біркелкі болысады ғой. Сіз осыған сенсеңіз, онда менің туғанымсыз, Николай Петрович.

Ц е х о в о й. Немене сандырақтап отырсыз өзіңіз?

Г е р м а н. Әрине, екеуміз бір әкеден емес. Менің әкем сенат мүшесі. Сіздікі — почтаның ұсақ чиновнигі. Ол төңкеріске қатыспатан. Қай үкіметтің тұсында болса да оның хаттары мезгілімен үзілмей келіп тұрған... Анкетаға да осылай жазуға болар еді.

Ц е х о в о й. Мен сізбен сөзді тоқтатамын.

Г е р м а н. Сіздің партиялық анкетаңызда "әкем почтаның ұсақ чиновнигі" делінген. Бірақ бұл бәрі емес. Шешем мещан қызы. 21-жылы Самарада аштықтан өлді деген. Солай. "22-жылы заводқа түстім. 25-жылға дейін істедім. Содан кейін ұйымға кірдім" делінген. Вузға жолдама алғансыз. Одан біздің институтқа аспирант болдыңыз. Солай, көрдіңіз бе, мен хабардармын. Институтта сіз Бобровпен ашық алыстыңыз. Бобров қоғамдық ортаның дағдылары оңай жиылмайды дейтін еді. Олай болғанда әскери прокурор мен адмиралдың қызынан туған ұлдың өзі де іштей адмирал болмақ керек қой. Сіз осы жүйеге қарсы сөз де жаздыңыз. Мақаланың ішінде өз пікіріңізден көрі өзгенің пікірлерін жинастыруыңыз көбірек еді. Иә, бұнысы әншейін бір көлденең нәрсе.

Ц е х о в о й. Ашып айтыңызшы, жағалатпай.

Г е р м а н. Афродитадан мін таба алматандығынан5 Мамур қызғанып, жарылып өлген екен. Сіздің партиялық анкетаңызды оқыған мен Мамур бола жаздадым. Бірақ мені сіздің бір азғантай ғана кемшілігіңіз аман сақтап қалды. Сіздің анаңыз тірі, Николай Петрович!

Ц е х о в о й. Қалайша тірі?

Г е р м а н. Мезгіл жетеді көріссеңіз. Енді біздің қалайша туысқан екенімізді түсінген шығарсыз деймін. Екеумізді де бір орта туғызды. Бірақ соның ауыртпалығын әр қайсымыз әр күйде көтеріп келдік. Сіз әрі жасыңыз үлкен, әрі ақылдысыз — бұл әзіл емес, шын. Сондықтан өткен жылдардың тізімінен әскери прокурор мен адмирал қызын өшіріп тастадыңыз. Мен саржолтай. Атым да Герман. Ол мүмкіндікпен пайдаланбадым. Мен тағдырға сенемін, егер сырғаның екінші сыңарын таба алмай, өмір бойы бір сыңармен кетесің десе, соған да сенемін. Мен шет мемлекетке Елена Михайловнаның баратынына, өзімнің аспиранттықпен жүріп қартаятыныма да көніп қойдым. Бірақ, мына сіз, сіз енді қалай сезетін боласыз өзіңізді. Ц е х о в о й (атып тұрып). Мен заводта істедім. Мен еңбекші боп кеткем. Бес жылдан бері партия мүшесімін, мені шешеммен қорқыта алмайсыз. Г е р м а н. Құдай сақтасын. Мен сізге қорқытам деп келгем жоқ. Мен сізді сақтандырам деп қана келдім. Туысқанымсыз, қам етіңіз, Николай Петрович. Партияға кірерде туысын жасырғаны үшін ұйымнан шығарады ғой. Сақ болыңыз. Және шақырмаған куә есепті боп, ісіңізге араласқанымды айып қылмаңыз, кешіңіз. Бұл жайдан мен сізге қайтып енді бір ауыз сөз айтпаймын. Ұйқыңыз тыныш болсын (Есік сарт етеді.) Ц е х о в о й (жалғыз). Бұл жалған, жалған айтады. Мен заводта үш жыл, партияда бес жыл болдым. Партияда бес жыл, станок жанында үш жыл. Мен контрольный комиссияға барамын да бәрін де айтамын. Тергесін. Түсінеді. Кешіреді де төмендегі қызметке жібереді (Тез киінеді.) Міне менің барым деймін. Айтамын. Заводта үш жыл, партияда бес. Шешем тірі, қорқыта алмайсың. Бәрін, бәрін айтамын. Станок жанында, бес жыл, ұйымда бес жыл. Бәрі осы. Бәрі осы (Шығады.)

Есік сарт етеді, өз бөлмесінен Наташа шығады.

Н а т а ш а. Папа? (Айқайлап.) Папа! (Шошынып айқайлайды.) Папа, қайда кеттің, сен жұмысшы табын алдадың ба? Басшыны алдадың ба? Папам менің.

Шымылдық

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Бесінші сурет

Мәжіліс үстелі. Үстел айналасында Бородин, Невский, Цеховой, Елена, Бобров және басқарма мүшесі. Бұл барлық мәжіліс уақытында бір ауыз сөз айтпайды, шай ішіп, май жаққан нанды ғана жей береді. Шетіректе Герман, Кембаев, хатшысы Варгасов. Бұның жанында телефон, бастық Невский.

Н е в с к и й. Сөз жолдас Макароваға беріледі.
В а р г а с о в. Борис Наумыч, сізді телефонға шақырады!
Н е в с к и й. Айта бер, Макарова, мен тыңдай берем. (Телефонға келеді.)

Е л е н а. Иә, сонымен, сыртынан қарасаң бәрі әп-әдемі. Біз адам мінезінің лабораторында отырмыз, зерттейміз, анкет толтырамыз, қанның соғу салмағын өлшейміз. 6 бригада ертеден кешке шейін іс істейді. Ал, содан кейін біздің материалымыздың бәрін профессор өз қолына алады, кабинетіне бекініп алады да жападан-жалғыз өзі тексеріп іс қылады. Біз ғылым қызметкерлері — зәңгілер қолындамыз. Біз өзіміздегі жұмбақ болған бір фабрикаға шикізат беруден басқа түк істемейміз. Жетті енді, болды. Қазір біз сол фабриканың не дайындап жатқанын білмекпіз. Етік дайындай ма? Балауыз шам ба, жоқ әлде улататын газ шығара ма?

Г е р м а н. Бұл біз дегеніңіз кім?
Е л е н а. Партия мүшелері мен бригадалардың қызметкерлері.

Г е р м а н. Мен де бригада қызметкерімін. Мен бүйтіп жеңілдікпен шабуыл жасағандыққа қарсылық білдіремін. Мен кесіп айтам: менің бригадам... Е л е н а. Мен лаборатордағы бригада адамдарының жалпы жиналысы тапсырған сөзді сөйлеп отырмын. Невский, жүргіз мына басқармаңды жөндеп... Н е в с к и й. Қазір, қазір, сметаны ілгері жылжытып жатырмын. Иә, кімнің сұрағы бар? Е л е н а. Мен бітіргем жоқ, Невский. Профессор кабинетін ашып, лаборатор материалын зерттеуді көпшіліктің тексеруіне салуға керек. Б о р о д и н. Талапайға салдыру ма? Мен пікірлерімді жиырма жыл бойы жиып-теріп, құрап келем. Сендердің соны таландыға салғыларың келді ғой. Өзгенікін талап алып керектеріңе жаратпақсыңдар ғой. Бұл болмайды. Бізді құртқандай құрта алмайсың (Маңдайын қағып.) Менің дүнием қолыңа түспейді, мұнда. К е м б а е в. Институт Бородиндікі емес, мемлекеттікі, қоғамдікі; бұның табысы көп үшін, қай заманда болса да, көптің пайдалануына ортаға түсіп, сол көптің керегіне жарауға міндетті десе не дейсіз? Б о р о д и н. Менің істеп шығарған нәрсем мемлекеттікі, бірақ сол мемлекетке тиісті нәрсені мен істедім. Бұл есіңізде болсын, жалпақ бет жігітім.

Г е р м а н. Мемлекет біздің ісімізге ырза болады.
Б о р о д и н. Ол әлі мәлім емес.

Г е р м а н. Өйткенмен профессор Бобровқа мемлекеттің ырза еместігі мәлім ғой. Ол басқарманың шығарылған мүшесі, портфельсіз министр емес пе?

Е л е н а. Біздің институт басқармасына қоятын шарғымыз.

Б о р о д и н. Шарт қойғызбаймын (Невскийдің қолынан қоңырауды жұлып алып еденге лақтырып жібереді). Әуелі үтірдің қалай қойылатынын үйреніп болыңыз. Содан кейін шарт қойыңыз. Материалдардың копияларын алыңыз да, тойғаныңызша тексере де, қорыта да беріңіз. Бобровпен, тағы басқалармен бірігіп өздеріңізше заң табыңдар. Содан кейін тексереміз, кімнің қорытындысы жақсы екен. Одан беріде кісінің қалтасына қол сұқпа, милиция шақырам!

Б о б р о в. Мен қорытындымды жасадым.
Г е р м а н. Олай болса соныңызбен отырыңыз үйіңізде.

Е л е н а. Невский, жүн болып кеткенбісің, неге дұрыс жүргізбейсің мәжілісті?

Б о р о д и н. Сіз әлі боқтап та саларсыз.

Н е в с к и й (қоңырау қағып). Жолдастар, тәртіпке шақырамын! Араларың шиеленіспесін тек, сөйлей беріңіздер!

В а р г а с о в. Борис Наумыч, телефонға шақырады, тығыз.

Н е в с к и й. Сөйлей беріңіздер, жолдастар, мен қазір... (Телефонға кетеді.)

Б о р о д и н. Салыңыз ортаға қорытындыңызды, Николай Касьянович! Б о б р о в. Мен көп заман үндемедім, мүмкін үндемеуім шектен асып кеткен де шығар. Иван Ильичтің беделі, салмағы, бас бірлігіміз, үй іші тұрмыстың шарт аңы... болды. Менің профессор Бородинге қол көтермегім оп-оңай емес. Өйтсе де Иван Ильич зор ғылыми қаталыққа ұшырап жүр. Адамның мінездерін бұл кісі ең жабайы хайуани стимулдар бойынша шешпек, түсіндірмек болады. Бұл қатасы ол кісінің саяси көзқарастарының нәтижесі болып отыр. Дәл осынысына мен қарсы шығуға міндеттімін.

Г е р м а н. Сөйлей беріңіз, зиянкестің ниеттесі.
Б о б р о в. Менің Котомин жайында жазған хатымды оқып па едіңіз?
Ц е х о в о й. Тым кешігіп шыққаны өкініш.

Е л е н а. Біз лаборатор жайында сөйлеп отырмыз. Котоминнің бұл жерге қажеті жоқ. Біз Бородиннің бағытына қарсылық білдіреміз. Сіз адамның тапқа тиістілік жағына қарамай, жалпы адам мінезі деп тексересіз. Таптардан тысқары тұрған мәңгі стимулдарға ғана көз саласыз. Бұндай тұрғыдан қарасаңыз төңкеріс ашудың нәтижесі, социалдық жарыс — шағылысы қуатының салдары; екпінділік — аштық нәтижесі болып көрінуге мүмкін. Бұл басынан аяғына шейін бізге жат, саяси залалды жүйе болады. Б о р о д и н. Сіз қандай қорытындылар шығатынын әлі білмейсіз, білуіңізге мүмкін емес. Оны әзір менің өзім де білмеймін. Б о б р о в. Қорытындыны Катальский сыбырлап ұсынып жүр. Мақсат бүгінгі адам қауымын басқарып отырған тәртіпті жаман қылып көрсетуде. Г е р м а н. Тоқтат енді, арсыз! Маған шімірікпестен жала жабады. Қызғаншақ ер, түсін бояған зиянкес, қорғансыз, аспиранттан кек аламын дейсің ғой!

Е л е н а. Жап аузыңды.

Г е р м а н. Бастық, Бобровты жалған сөзі үшін, қылмыс ретінде жауапқа тартыңыз! Жазыңыз протоколға! Бұ мені қуғынға алып жүр! Б о р о д и н. Мен мемлекетке жәрдемдеспекші боламын. Жұрт өзін дұрыс ұстауына керек еді. Бірақ оның орнына маған жұмыс істетпейді, бөгет шығарады.

Г е р м а н. Бобров пен Макарова қызғаншақтық қылады біздің ісімізге. Б о р о д и н. Рас, рас, қызғанады, профессордың май қазаны дұрыс қайнатады, кел соған ботқа пісірейік деседі ғой. Түпшегі жоқ мәжілістерге отырғызатын болады. Уақыт босқа өтеді, бар күшің айғайға кетеді, не қалды? Басында ой-пікір орнына ботқа ғана қалды. Мені жау дейсіңдер, сөйтіп тұрып өздерің жаудың кабинетіне сұранып келесіңдер, неге сұранасыңдар? Не үшін? Кәні?

Г е р м а н. Сіздің күлметіңізді ашпақ үшін сұранады, профессор. Е л е н а. Рас, біздің күдігіміз дұрыс болып шығатын болса күлметіңізді ашпақпыз (Тым-тырыс. Сол кезде Невскийдің дауысы естіледі, ол телефонда.) Н е в с к и й. Гайлиске салмақ сала бер. Мен онымен сөйлескенмін. Біздің үй қоянымыз тұрған жердің шатырынан су тамшылайтын болды... Б о р о д и н (Невскийге жүгіріп барып трубканы жұлып алып, тастай беріп). Үй қояның да, Гайлисің де марғау кетсін. Менің ең соңғы сөзім мынау: институтта не мен боламын, не Макарова болсын, таңдаңыздар. К е м б а е в (орнынан тұрып, саспай салқын). Олайша қорқытпаңыз. Сізге мемлекет көп көңіл бөліп іс істетіп отыр, кәдірлеп отыр. Солайша кәдірлегеннің арқасында сөйлеп отырсыз осынша сөздерді. Бұны сіздің қалайша ескермейтініңізді мен түсінбеймін. Кәдірлемесек білесіз бе, сіздей сөйлейтін кісіні 20-жылда расходқа шығаратұғымыз? Б о р о д и н. Құдай ұрғандар... (Есікті сарт еткізіп шығып кетеді. Варгасов артынан қоса жүгіріп шығады.)

Н е в с к и й. Жолдас Кембаев, сен қазір мәжілістен шығасың, тез... солай.
К е м б а е в. Мен шефтық мәселесін қоймақпын, жоспар даяр ма?

Н е в с к и й. Шефтықты сөйлейтіндей болып отырмыз ба? Шефтық — болымсыз сөз. Онан да қазір ғана мәжілістен шық та, Бородинды тауып алып, кешірім сұра, жаңағы сөздерің үшін! К е м б а е в. Не сөйлейсің өзің? Сұрай бер, сұрағың келсе, өзің! Біз бағаласақ ғылым қызметін бағалаймыз, ал, саяси сандырағы молая берсе, ұрыспақ түгіл, ұрып та саламыз. Елена да, Бобров та дұрыс айтады. Жігіт екеуі де. Сен түсінбейсің де, сенбейсің бұларға! Н е в с к и й (айғайлап). Мен сені шығарамын! Шықпасаң болмайды, ұғамысың?! (Кембаев басын шайқап, теріс қарай беріп, "өй ішіңді ұрайын ", — деп шығып кетеді.) Б о б р о в. Мен тағы айтамын: лаборатор бізге төтен, ерекше саяси мақсатпен ашылған.

Г е р м а н. Ол мақсат сізге бөтен. Кеңес өкіметіне бөтен емес.
Б о б р о в. Кеңес өкіметіне Кастальскийлердің қорғандығы қажет емес.
Г е р м а н. Бобровтардың сүйемелі онан да кемірек керек пе дейім.

Е л е н а. Лабораторды қайта құру керек. Біз Бородинға өзінің ішкі сырын ықтиярсыз айтқызамыз. Н е в с к и й. Сонша ақшаны шығарып, шығарып енді қайта құрамыз де. Мені ол үшін ПКИ тірідей пісіріп жер. Бұның еш уақытта болмайды.

Ц е х о в о й. Үзіліс жарияла да, фракцияның мәжілісін жасашы. Н е в с к и й. Дұрыс, үзіліс жариялаймын (Невский, Елена, Николай шығып кетеді.) Ц е х о в о й (Жолшыбай Невскийге). Макарова мен Бобров — бұл не деген негізсіз бірлік! (Кетіп қалады.) Б а с қ а р м а мүшесі (тұрып). Шай бітті, нан мен май да бітті. Үйге қайтсам да болады екен, сірә, менің қостаған дауысымды бірге санай салыңыздар (Кетеді.)

Герман мен Бобров кабинет ішінде адымдап жүріседі. Валя кіреді. В а л я. Мен Николай Петровичке арнап "Лоэнгриннге" билет әкеп едім, осыны табыс қыл да, менің театрға жүріп кеткенімді білдірші, тілеуің берсін!

Б о б р о в. Өзің бересің.

В а л я. Ә, ашулы екенсіз ғой, ықтиярыңыз. Герман Витольдович, сіз беріңізші онда!

Г е р м а н. Құп.

Б о б р о в (орындықты жұлып алып). Кетіңіз бұл жерден! Болмаса мен сіздің басыңызды жарамын!

Г е р м а н. Жақсы (Тез шығып кетеді.) В а л я. Менің ерім қызғанышын орындықпен білдіреді. Ха-ха-ха! Сабырсызсыз, Николай Касьянович.

Б о б р о в. Валентина Ивановна!

В а л я. Рас, мен — Ивановна, а, сіз — Касьянович. Касьянның туған күні төрт жылда бір-ақ айналып келеді. Әкесінің аты ондай болған кісінің қызғаншақ болуына жол жоқ. Міне, егер сіз испан болсаңыз, атыңыз мысалы, Вентура Гарсия6 Кальдерон болса, онда орындығыңыз да кешірілер еді. Б о б р о в. Тоқтаңыз енді, санасыз әйел! Сізді ойлайын деп отырғаным жоқ мен қазір... В а л я. Бұл өте қызық екен. "Мені ойламақшы емес" Ха! Сіздің қызғанышыңыз өте ұсақ. Қызғаныш сұлу болса, сұлу астай ғой. Біздің заводымыз, асты сұлулап береміз деп талап қып отыр. Таза асхана істің өнімін арттырады. Бұл даусыз, дұрыс. Ал, сен не етесің... сен орындықпен қызғанышыңды білдіресің (Герман, Бородин, Варгасов кіреді.) Б о р о д и н. Көр, міне, Валентина, сенің күйеуің үкіметтен мақтау алмаққа тырысып отыр. Әкеңді көрге тықпақшы. Кім біледі, әлде нарком да болар. Кездескенде қолын да бермес. Қалайда мен онан бұрын қол бермейтін болғанымды мақұл көрем.

В а л я. Менің бөгде кісінің кім болғанында жұмысым жоқ.
Б о р о д и н. Бұл шын бөгде кісі ме?

Б о б р о в. Профессор Бородин, менің жалғыздығым аяқталып келеді. Бірақ жақында сіздікі басталады; сол күнде шошып жүрмеңіз (Невский, Елена кіреді. Валя байқалмай шетке кетеді. Есіктен Кембаев кіреді.) Н е в с к и й. Орындарыңызға отыруларыңызды сұраймын. Басқарманың фракциясы бұндағы жайды талқыға салып шықты, жолдастар. Біз бірнеше ұсыныстар белгіледік, оқып шығуға рұқсат етіңіздер. Бірінші: "Институттағы ескішіл элементтермен негізсіз бірлік жасау арқасында лаборатор жұмысына сенімсіздікпен қарайтын болғандықтан, жолдас Макарованы лабораторды басқару жұмысынан босатуға". Екінші: "кабинеттің бастығы жолдас Цеховой, қосалқылық ретімен лабораторға да бастық болсын; лаборатор ісіне белсенділік екпінін беріп, бригадалардың социалдық жарысын жасасын". Үшінші: "қызметкерлерді тарататын басқарманың сұрағы бойынша және жергілікті орындарда партия мүшесі, ғылыми қызметкерлері жетіспей жатқандықтан жолдас Макарова Саратов университетіне оқытушылық жұмысына жіберілсін". Төртінші: "осындай жайлар болғандықтан, шет елге баратын командировка Кастальскийге ауыстырып берілсін. Бұл мәселе тиісті орындарда қаралатын болсын". Протоколда Макарованың жекеше пікірі бар. Б о р о д и н. Жақсы! Мен құттықтаймын. Николай Петрович; Борис Наумыч, рақмет. Енді біз оларға көрсетеміз, құттықтаймын! Н е в с к и й. Сұрақтар жоқ па? Дауысқа қоямын. Бірінші ұсынысты кім қостайды? (Бес қол көтеріледі.) Екінші ұсынысты кім қостайды? (Бес қол көтеріледі.) Үшінші ұсынысты кім қостайды? (Бес қол көтеріледі.)

К е м б а е в. Бұл не? (Кекетіп.) Мақұл, мақұл!

Н е в с к и й. Төртінші ұсынысты кім қостайды? (Төрт қол көтеріледі. Бобров қол көтермейді.) Мәжіліс жабылды. (Жиылғандар тарасады.)

Г е р м а н (Цеховойға жақындап келіп). Рақмет, туысқан.
Ц е х о в о й. Менен аулақ болыңыз.
Г е р м а н. Сізді Валентина Ивановна тосып отыр.

Б о р о д и н (Еленаға). Қош болыңыз, Елена Михайловна! Саратовтан маған жазып тұрыңыз (Валя Цеховоймен бірге кетеді. Солардың ізімен өзгелер кетеді. Бобров, Елена, Кембаев қалады.) Е л е н а (Бобровқа). Сіз де бригада мүшелері келген қорытындыға келіпсіз. Ал, сіз бен біз сөз байласқан жоқ едік қой.

К е м б а е в. Бұнда Бобровқа сендер келдіңдер, Бобров сендерге келген жоқ. Е л е н а. Жоқ, мәселе біздің енді бір қалыпты ойлауымызда (Бобровтың қолын қысады.) Жә: "ескішіл элемент" не мені партиядан шығарар, не болмаса, мен Бородинге қосып, сендердің бәріңнің күлметіңді ашармын. К е м б а е в. Партиядан шығуға болмайды, партияға қарай жүруге керек. Бұл іске партияның кірісуі қажет болды. Фракция болмаса, райком; ол болмаса, облыс; облыс болмаса, кіндік комитет. Мен тіпті Сталинге шейін жеткіземін. Е л е н а. Уақыт өткізуге болмайды, біз Бородинды енді жаңа тұрғыдан шабуылға аламыз. Мәселені баспа жүзіне саламыз. Жүр! Б о б р о в. Міне, енді, менің де жалғыздығым бітті (Бобров, Кембаев, Елена шығады. Біраз уақыт сахна бос тұрады. Артынан Варгасов, Герман шығады.) Г е р м а н. Сіз Бобровты құлатуға көмек қылдыңыз. Сіз лабораторда жұмыс қылуға жәрдем еттіңіз. Сіз Николай Петровичтың сырын біліп маған білдірдіңіз. Жалғыз қалып, өмір соққысына ұшыраған интеллигентке осынша пейіл салуыңызда не мағына бар? Себебі не? В а р г а с о в. Мен сізге жолға алтын ақша да тауып беремін. Виза мен паспорт туралы да Варгасовқа сеніңіз.

Г е р м а н. Сіз зиялылардың ең адал, ең тілеулес досысыз.

В а р г а с о в. Өзім де бір заманда зиялы болғанмын, ғылыми журналдарда бір кезде мен де мақалалар жазғанмын... көбінесе желіскер аттар жайынан. Шіркін-ай, қандай еді менің аттарым, қиялда ғана көргендей. Патшаға да апарып жүріп едім.

Г е р м а н. Менің тәңір жарылқасынға берер де еш нәрсем жоқ. В а р г а с о в. Ол бар, табылады (Сыбырлап.) Сыртқа бір тапсырманы ала кетіңіз.

Г е р м а н (шошып). Жоқ, жоқ! Мен ешбір ұйымға...

В а р г а с о в. Тәйірі, енді сіз үрікпеңіз, тұрмысыңыз қалай болса, солай еді; ісіңіз жалғыздың ісі еді. Сонда біз сізді өзіміздің жоспаршамызға әлдеқашан кіргізіп қойғамыз.

Г е р м а н. Қандай жоспарға?

В а р г а с о в. Бізге де өз орынбасарларымызды әзірлеу керек. Адам деген бізде де дертті мәселе. Сондықтан наразылығы бар сөзшеңдерді біз де байқастап жүреміз. Сонымен, бір кеште біздікіне кіріңіз. Оңашада толығырақ сөйлесіп ұғысамыз.

Г е р м а н. Бұл өте қауіпты. Мен ең алдымен өмір сүрмек боламын. В а р г а с о в. Е, мен сонша өле қойғым келіп отырғам жоқ, құдай рақым етсе, бұдан былай да жаман болмаспыз. (Қоштасады.) Міне, енді сіздің жалғыздығыңыз тамам болды, Герман Витольдович!

Шымылдық

Алтыншы сурет

Бірінші суретте, профессор Бородин үйінде болған көрініс. Сахнада Герман мен Бородин. Б о р о д и н (қатты қызған пішінде жылдам-жылдам жүріп жүр, қолында газет, оқиды). "Олар ғылымға өрмелеп келеді, Гаттон мұнарасына жүз мыңдаған отрядтар болып, өрмелеген тышқанша тырмысып келеді". Менің қызымның ері болған адам, сенімімді осылайша таптады. Профессор Бобров үй ішіндегі сөзді газетке жеткізіп, сені шет елге жүргізбеймін деп отыр. Адам баласы көз алдында шіріп барады, өлекселері ауаны улатып барады. Г е р м а н. Басқарманың өкілі институт кеңесіне де келіп кетті. Ол Варгасовты күтіп еді, бірақ Варгасов таңертеңнен бері жоқ болып кетіпті. Б о р о д и н. Сенер жан жоқ, досың ба? Ол да сатады. (Газетті сілкінтіп.) Котоминге сот болып жатыр, зиянкестер ұйымында болыпты. Соншалық сүйікті адам — ол да оңбаған болып шықты.

Г е р м а н. Дүние жүзі ғылымының шын сөзін күтеді.

Б о р о д и н. Мен тез бітірсем деп күні-түні істеп келем, үш айдан кейін мен өзімнің қорытындыларымды жариялаймын.

Г е р м а н. Кеңес журналдары сіздің еңбегіңізді баспайды.
Б о р о д и н. Ол Лондонға жіберіледі.
Г е р м а н. Жазбаңызды шекарада конфискалайды.
Б о р о д и н. Онда мен алаңға шығып айқай саламын.

Г е р м а н. Алаңда сіз тамағыңызды ғана талдырасыз.

Б о р о д и н. Онда үй ішінде айқай саламын (Өзін маңдайынан салып қалып.) Мен тіпті баяндама істеймін. Бүгінгі мінездің стимулдары туралы баяндама болады. Баяндамаға стенографшылар мен шет елдердің тілшілері келеді. Осы тамаша ой емес пе, Герман, жалғыз-ақ мені жауып қояр ма екен? Г е р м а н. Достарыңыз сыртта ғалым ойын басып қойғаны үшін ереуіл білдіреді, сондықтан сізге бата алмайды, тимейді. Ереуілге ғылым, мәдениеттің маңдай адамдары қол қойған. Сіздің атыңызды ту қылып ұстайтын болады, ұстазым.

Б о р о д и н. Менің достарым аз, ереуіл жасайтын кісі болмай жүрмесін. Г е р м а н. Ол жазылып та қойған. Тсс (Есікке жүгіріп барып, айнала қарап.) Көріңіз, міне (Қағазды суырып алып ашады.) Барлық мәдени қауымға... Оқыңыз... (Профессор оқиды.) Орыс фамилиялары жасырын болып қалады.

Б о р о д и н. "Профессор Бородин абақтыға тығылды". Мен әлі боспын ғой!
Г е р м а н. Бұл документ сіздің баяндамаңыздан кейін басылады.
Б о р о д и н. Олай болғанда мені бәрібір жабады ғой.
Г е р м а н. Біз сізді босатып аламыз, оқыңыз.

Б о р о д и н, he... he... "Ғылымға тыныс алдырмады". Бірақ біздің институт төңкерістен бері ғана жасай бастады ғой.

Г е р м а н. Оқыңыз.

Б о р о д и н. Қойылған қол мол емес. Солай (Варгасов ұшып кіреді. Герман қағазды шапшаң ұстай алады.)

В а р г а с о в. УҺ! (Отырып.) Нашар.
Г е р м а н. Неге нашар?
В а р г а с о в. Документ тығуыңыз нашар, оп-оңай сезілді.
Б о р о д и н. Құрыдық та, Семен Семеныч.

В а р г а с о в. Әуре... Сонда да паспорт дайын. Ертең он екіде аласыз, виза да болады, валюта бар... (Ақшаны суырады.)

Г е р м а н. Тамаша, Семен Семеныч, тамаша.
Б о р о д и н. Айтыңыз, айтыңызшы, қайтіп істедіңіз?

В а р г а с о в. Кейін айтармын, Иван Ильич, қазір уақыт жоқ. Герман Витольдович, енді тез жүру керек. Әзір газеттегі бір түрткен сөз сара емес ол. Бірақ газеттен шығып етек алып жайылып, басқа бір жаққа ауып кетсе, сол жаман болады. Николай Касьяновичтің қылғаны-ақ сол, тіріде ұмытпастық болды... Иә... оқыңыздар, мына тақталарды баспаханадан бір танысым әкеп берді... Мұнысы Макарованың мақаласы. Иван Ильичке қарсы жасақ жиылып жатыр. Г е р м а н (тақталарды алып). "Тобынан сыртқа қалдырмау — тап дұспанның бір айласы". Сөз басы емес, тура барабан. Б о р о д и н. Бері әпкелші (Жұлып алып.) Кетерлерінде шалды былғап кетейік дескені ғой!

В а р г а с о в. Журналдың шығуы бөгеледі. Бір айдан кейін ғана шығады. Г е р м а н. Олай болса бір айдан кейін Бородинге баяндама жасатпайды екен ғой. В а р г а с о в. Бір танысым телефон соғып еді. Аспиранттар конференциясында Кембаев Иван Ильичті мінеп баяндама жасамақшы дейді. Г е р м а н. Сіздің күніңіз санаулы болып қалыпты, ұстазым, сізді тексеріп талқылауға алыпты. Б о р о д и н (тақталарды лақтырып жіберіп). "Тап дұспаны" деген атқа ілініппін. Рақмет. Көріңдер, жігіттер, алдарыңда тұрған анық тап дұспаны! (Бобров, Кембаев кіреді. Бобровтың жолын бөгеп.) А, профессор Бобров! Мен үн шығармаймын, сіздің көзіңізше қатты сөйлеуге болмайды ғой, газетке қыстырасыз. Б о б р о в. Қатты сөйлей беріңіз, бірақ айтқан сөзіңіз үшін жауап бере де біліңіз.

Б о р о д и н. Тіпті жақыныңның алдында айтқан сөз үшін де ме?
Б о б р о в. Тіпті өзіңізге өзіңіз айтқан сөз үшін де.
Б о р о д и н. Менің үйімнен қашан қоныс аударасыз?
Б о б р о в. Бөлме тауып алудан бұрын аудармаспын.

Г е р м а н (Бобровқа). Сіз мені ғана қуып жүрген жоқсыз. Қазір мына бір қазақты Бородинның соңына салып қойдыңыз. Сіз биология кафедрасын неге алдыңыз, ең дұрысы тыңшылық пен жоқшылық жөнінен сабақ беру ғой сізге. К е м б а е в. Былжырама енді, оңбаған! Бобров — біздің кісі. Ол дұрыс ұстаздық қылады. Дұрыс жолмен келе жатқан осы. Басқа әлдекімдей сандырақтамайды бұл. Сол себепті бұл өзгеңнен бағалырақ, қымбатты да бізге. Біліп қойыңдар мұны.

Г е р м а н. Мен білемін, сені ақымақ қылып...

К е м б а е в (ұмтылып). Сен сияқты итаршыны ату керек! (Бобров ұстай алады.) Ату да аз... Білемісің?! (Ұмтылады.) Б о б р о в. Кембаев, сабыр қылыңыз! Сіз, менімен бірге келдіңіз ғой, жарамайды (Ертіп әкетеді.) Г е р м а н. Жынданса керек мынау. Осындай жындылардың профессорға қарсы дау айтпағын қайтерсің? Б о р о д и н. Үндеме, сонысы жақсы. Осыдан бір жұма бұрын мен бір үй қоянын жындандырып едім. Енді, міне мынау. Жынданған үй қояны, жынды — төменнен көтерілуші — екеуінің де адасуының негізі біргелесті. Бұл тамаша (Цеховой, Наташа, Валя кіреді.) В а р г а с о в. Айтпақшы... маған кету керек екен. Герман Витольдович, документті көзіңіздей көріп сақтаңыз! (Шығады.)

В а л я. Әке, міне, мына кісі менің жаңа күйеуім!
Б о р о д и н. А... енді мен жындана бастадым.
В а л я. Мен Николайдікіне көшемін. Наташа, мына кісі сенің атаң.
Н а т а ш а. Менің атам жоқ (Диванның бұрышына тығылып отырып алады.)

В а л я. Менің күйеуіммен амандассаңызшы, әке! Мұның да аты Николай, атына үйренем дейтін емес (Бородин үндемейді.) Г е р м а н. Мен құттықтаймын жастарды. Валентина Ивановна (қолынан сүйіп), қиялым едіңіз менің, алыстап, бұлттай тарап кеткен қиялым. Николай Петрович! (Қолын созады. Николай қолын бере қоймайды.) Мен сізге құтты болсын айтып тұрмын, Николай Петрович! (Николай қолын береді) Мен жастарға Морис Шевалиенің әнін жырлап берейін, тыңдаңдар!.. (Французша жырлайды.)

В а л я (ән біткеннен кейін). Мен киім-кешегімді жинаймын (Шығады.) Б о р о д и н (Цеховойға жақындап келіп). Жә! Күйеуім, шарам жоқ менің басқа, есенсіз бе? Сіздің алдыңыздағы Николай Бобров маған қарсы соғыс ашып отыр. Енді сіз туысқанша қорғауға міндеттісіз.

Ц е х о в о й. Бобровты біз институттан қуып шығамыз.

Г е р м а н. Валентинаның алдындағы кісі де кенже қалып жүрген жоқ. Қараңызшы, міне, сіздердің тап дұспандарыңыз бар екен.

Ц е х о в о й. Макарованы біз партиядан шығарамыз.

Г е р м а н. Кембаев деген қазақтарыңыз баяндама жасап, профессорды талқыға салмақ. Ц е х о в о й. Кембаев жұлына берсе, біз оны да институт маңынан айдаймыз. Бастықтың бітер уақыты болды. Енді ширау керек. Демагог пен жікшілерден түгел тазарып арылу керек. Бородинның қызметі мемлекетке қажет. Тыныштанып, ісіңізді істей беріңіз, Иван Ильич! Г е р м а н. Тез уақытта ұстазым өзінің қорытындылары туралы көп алдында мәлімдеме жасайды. Ц е х о в о й. Алып қашпаларға берілетін ең жақсы жауап сол болады. Біз адам мінезі жайында ғылымда үлкен бір өзгеріс болатын дәуірге жақындап келдік деп мен нық сенемін, профессор. Сол өзгерісте менің еңбегім де бір тамшыдай жәрдемші болатынын ойлап, мен қатты жұбанамын. Б о р о д и н. Николаша, сіз тамаша жақсы адамсыз ғой. Япырай, кім ойлар еді сізді, Николай Цеховойды баласы деп... а, а, ғафу өтінем, менің қызымның күйеуі деп! А, қошамет сөзіңізге шын көңіліммен рақмет айтам (Валя кіреді.)

В а л я. Иә, ұғыстыңдар ма?
Ц е х о в о й. Айтқаныңызша.

Г е р м а н. Өзді-өздеріңіз болып қалыңыздаршы рас. Әңгімелесіңіздер, бір-біріңізге іштеріңізді ашыңыздар. Мен кетейін. Бөгет жасамаймын. Б о р о д и н. Герман (шетке таман жекелеп апарып), сіздер маған ара түспексіздер, документ жазыпсыңдар. Бұларыңыз қасиеттілік. Бірақ сонда да керек емес, жақпайды маған. Біздің ісімізге Лондонды кірістіру қажет емес. Мен көне алмаймын. Г е р м а н. Мәскеуге қайтуға кеш болады. Көп толқыған кісі қаза таппай қоймайды (Кетеді.) Б о р о д и н (Германды шығарып салып, қайтып келеді). Қарақтарым-ау, бұл ғажап іс қалайша болып қалды? Түсінбеймін мен. В а л я. Әй, қартым-ай, саған түсіну қиын екені рас. Бірақ барлығы да заңды, жолды. Мен заводта қызмет етем. Жаңа түрлі адам болып өсіп келем. Ал, жаңаның адамы мұрны қалай біткен, жамбасы қандай деп сынамайды. Сондықтан мен станоктан ғылымға көшкен нағыз еңбекшілді сүйдім де қойдым. Б о р о д и н, һым... һы... Иә, ақылды қызым, пионерка, енді атаң туралы газетке сөз жазуға болмайды. Біз жақын туысқан болдық.

В а л я. Маңдайыңды тыжырайтпа, Наташа. Мен сенің жаңа шешең боламын.
Н а т а ш а. Керегі жоқ.
В а л я. Сен неге маған ашуланасың?
Ц е х о в о й. Қой оны, ол қияңқы, ашуқой қыз, құйып қойған шешесі.

Н а т а ш а. Әрине, саған ұқсағам жоқ, ымырашыл.
Ц е х о в о й (ақырып). Тоқтат енді, оңбаған!
В а л я. Коля, ол не дегенің балаға? (Аз тым-тырыстан соң.)

Б о р о д и н. Николай Петрович, сіздің келешегіңіз өте жарқын болады. Менің сөзім есіңізде болсын. Бородин адам туралы жаңылмайды (Кетіседі. Наташа қалады.) Н а т а ш а. Неге менің жылағым келеді?.. Пионерлер жыламайды. Олар әрқашан қызықты, көңілді болатыны қайда? (Диванның жастығына бетін басып жылайды, Бобров кіреді.) Б о б р о в. Наташа, менің балақайым, жалғыз қалыпсың ғой (Қолынан ұстайды.) Н а т а ш а. Менің енді шыдар шамам жоқ... Мен Клара тәтеме айтайын деп едім. Папама жаным ашиды. Ылғи үндемей-үндемей жасырып келемін. Енді сол үндемегенім кеудемді жарып барады. .

Б о б р о в. Әкең сені ренжітті ме?

Н а т а ш а. Ол мені ренжіткен жоқ, бірақ жұрттың бәрін алдапты. Дядя Коля, неге жылағым келе береді менің? Мен саған әкемнің шешесі туралы барды айтамын, жарай ма? Сен екеуміз дос емеспіз бе?

Б о б р о в. Әрине, айт, досың бәрін ұғады (Амалия кіреді.)
А м а л и я. Валентиночка... а, Наташечка, бөпетайым... кәмпит жеймісің?
Н а т а ш а. Дядя Коля, кетейікші!
Б о б р о в. Кетейік. (Наташаны қолына көтеріп алып кетеді.)

А м а л и я. Николайдың қызы мұндай болсын деп тілеген жоқ едім. Валентиночка, балақайым, ішкі киімдерің даяр... Қайдасың? (Есікке қарай жүреді. Қарсы алдынан Цеховой шығады. Амалия үркіп қысылып, кейін шегінеді, естір-естілмес қып.) Николя... Ц е х о в о й. Сіз қандай айламен тірі қалдыңыз? (Есікті жауып.) Мен сізді әлдеқашан... А м а л и я. Ғажаппен, Николя, ғажаппен ғана тірі қалдым. Жасаған-ау, неткен жақсысың! Ц е х о в о й. Қойыңыз оны. Уақыт — жетеді, сонда мен сізді қайта табамын. Әзірше ұлыңыз барын ұмытып тұрыңыз.

А м а л и я. Мені қайта табам деймісің, Николя.

Ц е х о в о й. Иә, лаборатор ісі біткен соң, профессор баяндама жасағаннан кейін, бұған тыныш қызмет етуге мүмкіндік беруші жалғыз мен болғандығыма жұрттың бәрінің көзі жетеді. Мені Невскийдің орнына шығаратын шығар. Ол езілген байғұс смета комиссияларының ішінде қақтығамен жүріп бар абұйырын тауысып бітті. Мен, басыма сенім мен атақ әбден оралып болған соң контрольный комиссияға келемін де, қызыл үстелінің алдына барып: "мен міне" деймін. Айыптымын, партияны алдадым. Партия заңының қатаңдығын қолданып, хүкім қылыңдар деймін... Сонда менің қылмысым не екенін естігенде олар жымиып қана күледі де: "бар, жұмысыңды істей бер, ендігәрі айыпты жұмыс істеме", — дейді. Мен институт директоры, анама ұл болып, қайта қайтамын. А м а л и я. Ah, марқұм сенің әкең де осындай жақсы сөйлеуші еді (Бородин кіреді. Тым-тырыс.)

Б о р о д и н. Қысылмаңыздар, сөйлесе беріңіздер мен өз кісілерің.
Ц е х о в о й. Сізге... Бір нәрсе мәлім бе?
Б о р о д и н. Бәрі мәлім.
Ц е х о в о й (Амалияға). Әй, кемпірдің тілі-ай!

Б о р о д и н. Қымбатты күйеуім, айтыңызшы шыныңызды: қорқасыз ғой? Үстіңізде саялы бәйтерек тұр ғой, бірақ соның астында жүрегіңіз қорқыныштан шаншып тыным бермейді, ә?

Ц е х о в о й. Сөз емес, есіттіңіз бе, сөз емес.

Б о р о д и н. Сіз біздің тұқымның адамысыз. Төменнен көтерілген емессіз, зор саясатшы болуыңыз мүмкін. Ол салақият сіздің қаныңызда бар (Валя кіреді.)

А м а л и я. Валентиночка, балақайым, мен сізді іздеп едім!
В а л я. Енді жүруге болады.
Б о р о д и н. Иә, қайтейін, Валюшка бақытты бол!
В а л я. Тырысайын, әке!

Ц е х о в о й. Қош болыңыз, Иван Ильич, есіңізде болсын менің айтқаным, сөз емес (Валя мен Николай кетеді.)

А м а л и я. Бұныңыз не, оны неге қыздырдыңыз?

Б о р о д и н. Николай Петрович, "сөз емес" емес, шынның шыны. Сіз қорқасыз. Сіз көп өрістейсіз, бірақ сіз де қорқасыз. Менің шынжырымның екі басы қабысып тұйықтауға айналды. Иван Бородин баяндамасын үш айдан соң емес, үш жұмадан соң оқиды. Иә, "келешек жылдар" тығылған, күңгірт тұман ініне, бірақ сенің тағдырың жазылған жарқын жүзіңнен, бар адамның тағдырын, бар мемлекеттің тағдырын тұтас көріп отырмын... Мен бә-ә-рін айтамын, бәрін... Есалаңдық тыйылады. Адам түсінеді де, тіл алады да... Жалғыз-ақ Валюшка кетіп қалды-ау. Сүйді де кетті міне... Бала әкеге оның жас дәуренін қайтарып әкеп бермейді. Кәрілік әр қашаннан жалғыздықпен егіз. Амалия Карловна! Мен қайраттанып, өгіздей өрге сүйреп қызмет етем. Бірақ өткен-кеткеннің салмағынан белім бүгіледі. Пешке қарай тарта береді. Таңертең тұру да оңай емес (Захаров кіреді.)

З а х а р о в. Жастықтың ісшілдігі болса, кәріліктің кемеңгерлігі бар. Б о р о д и н. Кәртейген шағында бұрынғы өміріңді теріс жүріп өткізген екем деп түсінсең, онда ешбір кемеңгерлік сүйеніш бола алмайды, Виссарион Захарыч, біз, міне қазір үш кәрілікпіз... Ал, қайсымыз дұрыс өмір сүрдік? Қайсымыз? А м а л и я. Бар ма есіңізде? Татьяна күні... Колонный залдың оттары, жұрт алдында орта бойлы, сымбатты студент. Б о р о д и н. Қандай жақсы, қандай уыз еді розалар... ә, баяндаманы бәрібір істеймін! (Пианино тілдерін басып қалады.)

Шымылдық

Жетінші сурет

Мінбер. Профессор Бородин баяндамасын оқып тұр. Үстел айналасында: Невский, Цеховой және басқарманың үндемес мүшесі. Б о р о д и н. Менің баяндамам аяқталып келеді. Мінез дегеннің негізі: арнаулы, айдаушыл, қоздырғыш стимулдар болатынын үй қояндарының мысалынан көрдіңіздер. Біз стимулын тапқан соң соған әсер ету арқылы, мінез де өзгерте аламыз. Осыған ұқсас, адам қауымының да, бір қоғамдық ортасының салмақты стимулын тауып алсақ соған қарап сол қоғамдық ортаның, қоғамдық мінезі қай жолмен өсетінін алдын ала болжауымызға болады. Олай болса ғылымның саясатты керексіз қылып, реттен шығаратын сағаты соқты. Біз мемлекетімізге шамамыз келген жәрдемімізді істемек болдық. Сонымен бүгінгі адам мінезінің іргесі боп жатқан стимулдар нелер екенін зерттеп өттік. Бізбен бірге істескен бірнеше партиялық жолдастар болды. Олардың ісінде мен, әсіресе көп еңбек сіңірген кісі деп Николай Петрович Цеховойды айтамын. Сол адамдармен бірігіп, біз әр түрлі қоғамдық таптардың адамынан бірнеше жүз кісі таза ғылыми жолмен өттік. Мен бұны зерттеудің жолдары мен әдістері қандай болғандығы туралы айтпай-ақ қоямын. Білгісі келгендер материалдарды қарауға болады... Жалғыз айтатыным, зерттелгендердің 80 процентінің мінез стимулы қорқыныш боп шықты.

Д а у ы с. Не?

Б о р о д и н. Қорқыныш. (Баяндаманың осы жерінен бастап, аяғына шейін басқармаға залдың әр пұшпағынан шыққан запискалар жауа бастайды.) Горндайк, Уотсон, Лэшли тағы басқалардың кітаптары бойынша7, қорқынышты туғызатын ықтиярсыз стимул — не қатты дыбыс, не тіректен айырылу болады екен. Барлық зерттелгендердің 80 проценті үнемі сондай ақыру, зекудің қаупімен, немесе қоғадық тірегінен айырылумен тіршілік етеді. Сүт сатушы қатын — сиырын конфискелейді деп қорқады. Қара шаруа — ықтиярсыз коллективке кіргізе ме деп қорқады. Кеңес қызметкерлері — тынымсыз тазартудан қорқады; партия мүшесі — ісімнен уклон шығып қала ма деп қорқады; ғылым қызметкері — санашылдыққа айыпталам ба дейді; техника қызметшілері — зиянкестікке айыпталам ба деп қорқады. Міне, осындай ұлы қорқыныштың дәуірінде келеміз. Қорқыныш талай талантты оқығандарды туған аналарынан бездіріп, туысын жасыртып, жалған айтқызып жүр. Қорқыныш соларды биік орындарға қарай ұмтылтады... иә... себебі биік орында тұрғанда сыры ашылса, ол соншалық қауіпті емес. Қорқыныш адамды өкшелеп жүр, сондықтан адам ешкімге сенбейтін, тұйық, ұятсыз, салақ, негізсіз болып барады... Жұмыстан қалғыштық, өндірістің кедергісі, жалпы кедейлік, аштық та сол қорқыныштан туады. Ешкім зекіру, ақырусыз, қара тақтайға жазылусыз, не отырып қалу, не айдалып кету қауіпінсіз іс істемейді. Жұтқалы келе жатқан айдаһарды көрсе үй қояны орнынан тапжыла алмайды. Қорыққаннан бар денесі ағаштай боп иілмей қалады. Сондықтан жыланның келіп оралып, қысып, жаншып өлтіргенін өзі қимылдамастан тосып алады. Біздің бәріміз де сол үй қоянымыз. Осындай халде жанданып іс істеуге бола ма? Әрине, болмайды. Зерттелгеннің қалған 20 проценті төменнен көтерілгендер, жұмысшылар. Олардың қорқатын ештеңесі жоқ. Мемлекеттің қожасы да солар. Олар кеңеске де, ғылымға да зор көкірекпен кіреді. Етіктері тасырлап, қатты күліп, дабырлап сөйлеп кіреді... Бірақ солардың өздері қорықпаса да олар үшін милары қорқады... Қара жұмыс адамының миы, шамадан тысқары нагрузкадан қорқады. Содан барып қашқынды қуғындылық дерті пайда болады. Олар ылғи қуып жетіп, басып озуға талпынады. Сондай таусылмайтын жарыста өкпесі қабынған сияқты болып, миы не жынданады, не баяулап әлсірейді, шөгеді. Жойыңыздаршы қорқынышты, сол қорқынышты туғызарлық нәрсенің бәрін; сол күнде мемлекет қандайлық жанды, салынды тіршілік бастағанын көрер едіңіздер. Осымен сөзімді бітіруге рұқсат етіңіздер (Мінбеден түсіп кетеді.)

Ц е х о в о й. Пышақсыз бауыздады ма... (Маңдайының терін сүртеді.) Н е в с к и й. Профессор Бородинның баяндамасы бойынша сөйлегісі келген жолдастардың саны жүзден асты. Енді записка бермеулеріңізді өтінемін. Жазылу ретінде бірінші сөз "Красный прокатчик" заводынан келген Стасова жолдасқа беріледі. Одан кейінгі сөз аспирант Кембаевтікі. Үшінші — профессор Бобров. Клара. Мен "институтқа шефтық қыламын" деген заводтың атынан сөйлеймін. Бірақ біз шефтықты сөйлегенмен институттың ондай уақ-түйекке қолы тимейтін болады. Н е в с к и й. Біз ғылыми баяндаманы талқыға салып отырмыз. Шефтық мәселесінің бұл жерге қажеті жоқ. К л а р а. Олай болса, егер біздің заводымыз институтқа шефтық қылса, онда біз мынадай ғылыми баяндамаға жол бермес едік.

Д а у ы с. Дұрыс!

К л а р а. Ал, енді баяндаманың өзі туралы. Қорқынышты жоғалтыңдар деген ұсыныс жасады профессор. Біз сіздің ұсынысыңызды қабыл аламыз. Келіңіз қорқынышты жоғалтайық. Сонымен, адамның күші мен өнерін жанды, жалынды тіршілікке сарып қылатын болайық. Бірақ қорқыныш жойылу үшін әуелі соны туғызған себептерді жою керек. Ал, себептер бригада да, тазарту комиссиясында да, тіпті СПВ-де де емес. Профессор, сіз бен біз кәрі адамдармыз, сондықтан білеміз қорқыныш жер үстіне бүгін ғана келген жоқ. Талай мың жылдар бойы тіршілік етеді. Жер үстінде құлдық пен зорлық дүниесі орнағаннан бері қарай, қорқыныш адамды адамның басып бағындыруының зор құралы болған... Шошыту... еркін алу... езілушілердің қарсылығын таптау... барлық дәуірлердің, барлық халықтардың айдаһарларының мұраты осы болған. Шошыту керек, сол үшін еріткен қорғасын Болотниковтың тамағына құйылған. Разинның денесі тірідей кескіленген. Пугачевтардың бастары алынған; көтеріліс жасайтын құл крестьяндардың қалалары соққыға ұшыраған; қызыл Пресняның дружинниктері оққа ұшқан; сібір партизандарының іштерін жарған. Сонда поптар өкіметке қарсы болушыларға тамұқ жазасын тілеген. Профессор да өздерінің мінбелерінен қара жұмыс адамы ғылым мен мемлекет ісіне жарай алмайды деп иландырған. Шошыту керек! Бірақ езілгендер — үй қояны емес-ті, профессор Бородин! Олар Спартактың отрядында соғысқан; олар инквизицияның отында жанып бара жатып, бостандық ұранын тастаған; олар басын шапқалы тұрған жендеттің бетіне түкіргендер; дар ағаштың табанында тұрып күреске шақырғандар. Солай болатын. Оларды жаяу этаппен Орта Колымскіге каторғаға айдаған. Орта Колымскіге шейін қанша жүретінді, сіз профессор, білесіз бе? Сегіз жыл жүруші еді... Үркіттің өзіне шейін екі жарым жыл жүретін... Бұл сізге сүт сатушы қатын емес. Оларды каторгаға айдап, абақтыға отырғызатын. Сонда да олар қашып шығып, қайтадан алысқа кірісетін. Солайша қорқыныштан қорықпайтындық туған. Бұл езілгендердің ерлігі еді. Олардың айырыламын, аяймын дейтін еш нәрсесі жоқ еді. Ол еңбекшілдің, төңкерісшінің, большевиктердің ерлігі. Енді келіп, сіз бізді поездың кешігіп жүретінімен қорқытпақ боласыз. Бұныңыз іске аспайды, профессор, іске аспайды. Қорқынышты жою үшін сіз бен біздің қайсымыз іспен алысып отырмыз; қорқыныштың негіздеріне қарсы көтерілген, қанау мен қан дүниенің негізіне қарсы көтерілген біз алысамыз ба? Жоқ, бюрократты тазартудан, құлақты коллективтен, зиянкесті СПВ-ден қорғаймын деген сіз алысасыз ба? Тап дұшпанының кедергі жасауға батылы барып, колхозды өртеп, консервіні уландырып, оның үстіне мына мінберден сөйлеуге батылы барып отырса, — ол әлі қорыққандық емес. Онда сақтықты бұрынғыдан он есе арттыру керек болғаны. Біздің қатарымызда қиыншылықтан қорқатын адамдар шыға қалса, ол капитал айдаһарының көзі әлі оны арбап тұрғандығын көрсетеді. Олай болса қаттылықты да он есе арттыру керек.

Тап тартысында ер болыңдар да, тап дұшпанына рақымсыз болыңдар (Тым-тырыс.) 1907 жылы менің ұлым дарға асылды... Жиырма жылдан кейін төңкеріс музейінде мен сондағы жендеттің есебін тауып алдым. Содан бері анда-санда кәрі сүйегім шаққан уақытта сол есепті оқимын. Бойыма жаңа қуат біткендей болады. Есебі міне: — білезік темір — отыз тиын, арқан — елу тиын, басына жабатын қапшық — бір сом. Оның жүзін көрмес үшін басына қапшық кигізіпті. Дарға асатын адамның пішінінен қорқатын... Пішінінде өздеріне арналған хүкім жазылған. Соны оқудан қорқатын. Олдар сол қатпығын біздің бәрімізге қаптамақ болады. Арқанға елу тиын емес, миллиондарын да қуана-қуана береді. Олар бізге өлім білезігін соқтырып алып, бұл күнге шейін дүние жүзі көрмеген — қан мен қорқыныш теңізін жаймақшы. Бірақ біз бен сенің соңғы рет кездесетін сағатың жеткенде, бастарыңа қапшық жаппай-ақ қоямыз біз, капиталшы мырзалар! (Тым-тырыс.) Біз жер үстіндегі соңғы зорлықшылдың қарсылығын құлатқан соң, содан кейінгі бала, ұрпақ "қорқыныш" деген сөзді тілмаштан ғана көретін болады. Оған шейін тап тартысының қорықпайтын ерлігіне шыныға беріңдер. Жаудың жаңа шабулдарына әзір отырыңдар! Кездессеңдер, жұмысшы табының алып қолымен сілейте ұрыңдар! (Қол шапалақтау.) К е м б а е в. Профессор Бородин! Сіз ғылым саясатты қағып шығаратын сағат соқты дедіңіз, жалғыз-ақ соныңыздың өзімен ғылымды тастап, саясатқа аттап кеткеніңізді түсіне ме екенсіз. Жүйеңіздің өн бойында түгел ғылым бар деп білмеймін мен, үй қоянынан ары асқан жерде сіз ғылым негізінен, ғылым қалпынан кеткенсіз, жүйеңізде ғылымдық пішін жоқ. Сіз адам қауымының қалпын, адамның мінезін, ішкі қиын терең дүниесін, үй қоянынан байқалған мінезбен шешесіз. Сіздің үй қоянынан сүт сатқыш қатынға, құлаққа қарай бір-ақ секіруіңіздің өзінде механикалық ұшқырлық бар. Ал ол сүт сатқыш қатынмен және басқа неше алуан сіз іріктеп алған обыватель мещанмен бүгінгі социализмді құрып келе жатқан жұрттың адамының арасында қаншалық зор айырмыс бар екенін кім білмейді, кім ол айырмысты я жоқ, я жалған деп айта алады? Бұл күнге шейін адам баласының тарихы көрмеген жаңа өмірдің жаңа жолын жарып салып келе жатқан пролетариатты қояйық. Басқа жай адамның жай-жабайы тұрмысы мен мінезін, ішкі дүнесін алайық. Соның өзін де, я үй қояны, я түз қояны, қатта тіпті биология басқышының адамға жақын сатысында тұрған адам кейіптес маймыл мінезіне қарап шешуге бола ма? Өзге барлық жануарлар бір төбе, адам бір төбе, адам мінезін биологиялық примитив мінезімен шешу, әсіресе, профессор Бородинше шешу зорлық. Әдейі істеген зорлық; саяси мақсатпен істеген зорлық. Ал, тіпті профессор Бородиндікін бір сәтке дұрыс дей тұралық: 80 процентті билеген стимул қорқыныш болсын. Жә, сол жүйемен тексергенде — осы профессордың осы бүгінгі өзі істеп тұрған стимулы не? Бұл қорқыныш емес қой. Бородин бекіткен төрт стимулдың ішінде, бұл ашу стимулынан ғана туған бола ма? Профессор сияқтанып үй қоянынан Бородинның баяндамасына қарай біз де бір-ақ секіріп түссек, бұнда ашудан басқа еш нәрсе таба алмауымызға керек қой. Бірақ оған, Бородин, сіз өзіңіз де көнбейсіз, өзгені де көндіре алмайсыз. Баяндаманың терең тамы рлары, үнемі, социология, саясат, ғылым бар — барлығына түгел барып тереңдеп батып отыр ғой, мұны кім білмейді, кім түсінбейді? Онан соң мен сіздің институттағы төменнен көтерілген аспирантпын. Бұрын бұратана ұлт деп саналған елден шыққамын. Сіздің үй қоянынан бір секіріп ұстағаныңыз сүт сатқыш қатын болса, тағы бір секіргенде қармағаныңыз біз сияқты төменнен көтерілгендер болатын, әсіресе мен — қазақ, кешегі қой соңынан ерген қойшы, бүгін ғылым мұнарасына өрлеймін деп "Әлін білмеген", сіздің ойыңызша ғылымды көтере алмай миы қорқып, құз түбіне құлайды деген адам — мен бір қызық материал болуыма керек. Солай деп қарадыңыз да. Үй қоянының аласы, қарасы, ағының ортасында мен сізге тағы бір өзгешесі боп көріндім. Сіз осы жағынан ғана қарап, менің миымның өсемін деп шөккенін, өрлеймін деп құлағанын көремін деп үміт етіп жүрдіңіз. Бірақ сәуегейлігіңіз келген жоқ. Ал, қасыңызда, көз алдыңызда жүрсем де өскенімді әлі көрген жоқсыз, көре алмай келесіз. Үйткені сіз оны көрмекші емессіз, өзіңіздің күткеніңізді көруге ынтықсыз. Осы сияқты көтерілген бақташы жалғыз мен ғана емес, бұрын мен туып өскен елдің — қазақтың кедейі, еңбекшінің бәрі бақташы еді, бәрі де артта қалған еді. Сіз төменнен көтерілген бізді айтасыз. Ал, сол қазақтың төменнен көтерілген, шын көтерілген, социализм құрылысы көтерген мың-мыңдарының қандай екенін сіз білесіз бе? Кешегі нағыз бақташы, нағыз еңбекші, нағыз қалың бұқараның — мың-мыңдарын айтамын. Сіз білмейсіз. Ол сіздің лабораторыңыз емес, ұлы төңкерістің, алып құрылысының жемісі мен туындысы. Ол сияқты сан мыңдардың бұл күнде бақташы ғана емес, Түрксибтей жол, Қарағанды, Риддердей ұлы өндірістің белсенді, екпінді қайраткері екенін де білмейсіз. Қазақстанның құм шөлі де сонау баяғы сіздің бала күніңізде география картасынан бір көрген ақ таңбаңыз емес. Бүгінде айқыш-ұйқыш түскен жолдары бар, көз тұнжырататын құбылып тұрған түсті металдары бар егінші-индустриялы, тең мемлекет болғанын да білмейсіз. Жайын Қазақстанның мәдени мемлекет болғанын, жабайы, жалпы қазақтың — социализм жұртшылығының тобына қосылғанын, қатарға енгенін білсеңіз, ұқсаңыз, сіз мұндай баяндама жасамас едіңіз. Өмір мен тарих баяғыда лақтырып тастаған санашыл, байшыл, кертартпа жүйе — жыныстар жүйесін қолданбас та едіңіз. Одақ миллиондарының өскенін білсеңіз, ұқсаңыз, мына жүйе болмысыңызды бір Қазақстанның өз мысалы-ақ шалқасынан салатынын түсінер едіңіз...

Шымылдық

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Сегізінші сурет

Үлкен, биік бөлме. Есігі сықырсыз ақырын ашылады. Ішінде зор тыныштық. Бөлме ішінде тергеуші әйел бір нәрсе жазып отыр. Бородин кіреді, есік жабылады. Б о р о д и н. Мені жабатынды білгенмін. Сіз жалғыз-ақ, тілеуіңізді берсін, менің үйіме телефон соғып, менің түнде киетін башпағымды беріп жіберсін деңізші (Тергеуші отыруға ишарат қылады.) Сіздің бұныңыз үлкен әдептілік... Бірақ сонда да сіздер ғылымнан қорқасыздар. Ғылымның қорытындысымен дауласқанда әрестен бастайсыздар. Бұл дәлел емес, күш қой... қарағым. Мені тұтқынмен қорқыта алмайсыңдар, көрер өмірді көріп өткізгемін. Енді үйде өз төсегімде өлем бе, жоқ абақтының төсегінде өлем бе, оның бәрібір. Бірақ менің пікірлерім өшпейді. Өмір сүреді, шәкірттерім соны тереңдетіп ұлғайтады. Әрине, таласпаймын, әлгі кәрі большевик әйел, жауапты жақсы айтты... ашумен айтты... қатты ашулы еді. Мен шынымды айтқанда, көп нәрсе туралы едәуір ойланып қалдым. Баяндамадан кейін бір түн бойы ұйықтамай да шықтым, ылғи сол кемпір туралы ойладым. Жасы мен шамалы әйел. Бірақ екеуміздің кәрілігіміз екі алуан, ұқсаспайды. Дүниені де екеуміз екі түрлі көреміз. Мен оған хат та жаза бастап едім, бітіре алмадым. Бірақ хатым жаман шыққан жоқ. Иә... бұдан 30 жыл бұрын маған барлық нәрсе әлдеқайда түсініктірек еді. Міне, жаңа бір газет сатып алдым. Мен туралы жазады. (Тым-тырыс.) Иә, енді бастасаңызшы сұрауыңызды (Тергеуші тұрып, кейбір қағаздарын жиып алып, басқа бір есіктен шығып кетеді.) Б о р о д и н (жалғыз). Солай... (Үндемейді. Содан кейін өзімен ала келген газеттерінің біреуін жайып қарап.) "Тап дұспаны мінберде" бұлай деп мені айтады... солай (Оқиды.) Нығыз... нығыз айтылған (Екінші газетті алып.) "Бородин күйесінің күлметін ашайық". Мақалалар, хаттар, резолюциялар... профессорлар, студенттер, темірші, тоқымашылар... бәрі де тұлан тұтады. Бұлары несі?.. (Үшінші газетті алады.) Ғылымға еңбекші лектерін батымдықпен кірістіру керек (Қалтыраған Захаров ақырын ғана кіреді.)

З а х а р о в. Иван Ильич.

Б о р о д и н. Мынаны қараңыз, Виссарион Захарыч, бұрын менде күтуші болған Настяның суреті. Қазірде ол тоқымашы. Белсенді. Суреттің астында ол жазған сөз де бар. Настя мен туралы сөз жазады, Настя жазады! Ол хатты да шала танушы еді-ау, адам дегенге не болып барады!?

З а х а р о в. Мен Настяны ойлайын деп тұрғам жоқ, Иван Ильич. Б о р о д и н. Ан... иә... иә... (Айнала қарап.) Сіз қалайша мұнда келіп қалдыңыз? З а х а р о в. Құдай білсін... тып-тыныш жұмыс істеуші едім. Ешкімге тимеуші едім, уһ, жаман қорқам, Иван Ильич! Б о р о д и н. Болды, болды... Кришнядан жәрдем сұраңыз. Дәмін сезбейтін бол мұндайлардың... адамның қиқым таласынан жоғары өрлеп, асып кет... З а х а р о в. Өрлеп, асып көріңіз... (Тергеуші кіреді. Артынан Кембаев бірге кіріп.) К е м б а е в (тергеушіге). Көрші, жолдас, міне. Бұл Захаровтың институтқа, физиология жолындағы адамдарға арнап алған кітаптарының аттары: "Сиқырлық зиян", "Крес пен пентаграм", "Аруақпен сөйлеушіге жолбасшы", "Қараңғы сенім дүниенің негізі"... Осы сияқты кітаптар тау болып жатыр онда... зиянкестік. Не айтасыз, жолдас?

Т е р г е у ш і ә й е л. Бұған сіз не айтасыз, Иван Ильич?
Б о р о д и н. Жоға, осыған сіз не айтасыз, Виссарион Захарыч?

З а х а р о в. Сиқырлы, адам мінезі жайындағы ең тереңдеген ғылым. Біз енді адам мінезін зерттеп жатқан соң... Б о р о д и н. Япырау, сіз бір заманда профессор да болдыңыз-ау, Виссарион Захарыч! Т е р г е у ш і (Кембаевқа). Сіздің енді жүре беруіңізге болады, жолдас! (Кембаев қоштасып, шығып кетеді.) З а х а р о в. Мені, олай болғанда, кітап үшін екен ғой... Іріктеудің жамандығы үшін ғой... бұл дұрыс... ал, басқа ештеңе жоқ... кетуге бола ма?

Т е р г е у ш і. Басқа ештеңе шын жоқ па?

З а х а р о в. Немене бар? Құдай біледі ештеңе... (Тым-тырыс.) Ештеңе... әлде "Барлық мәдениетті адам баласына" деп арнаған үндеу қағазға қол қойғаным ба? Бірақ құдай біледі бір тиын алған емеспін... Қол қойсам айыма жүз сомнан береміз деп уәде қылып еді, бірақ бір тиын да берген жоқ.

Т е р г е у ш і. Кім уәде қылды?
З а х а р о в (қатты сасып). А?.. Мына кісі... (Бородинды көрсетеді.)
Б о р о д и н. Мен бе?

З а х а р о в. Мен ол ақшаға дүрбі сатып алып, бақшаларда жұлдыздарды көрсетіп жүрейін деп едім... мен...

Т е р г е у ш і. Үндеуді кім жазды?
З а х а р о в. Мына кісі... (Бородинді көрсетеді.)

Т е р г е у ш і (оқиды). "Профессор Бородин абақтыға қамалды"... Мұнысы жалғыз емес пе, Иван Ильич-ау?!

Б о р о д и н. Мен оған керек емес деп айтып едім.
Т е р г е у ш і. Кімге?
Б о р о д и н. А? Жоқ, бұл солай... үндеуді жазған мен емес.
Т е р г е у ш і. Кім жазды?

Б о р о д и н. Білмеймін.
З а х а р о в. Осы... осы... осы кісі...
Т е р г е у ш і. Сіз барыңыз.
Захаров кәткеншектей, сүріне шығып кетеді.

Б о р о д и н. Бұлай болғанда сіздің сөзіңіз баяндама туралы емес екен ғой?
Т е р г е у ш і. Оқып шығыңыз (Қағаз береді, Бородин оқиды.)

Б о р о д и н. Мен ешкімді де қыздырып, қоздырған емеспін... Төменнен көтерілгендермен алысу үшін де лаборатор ашқам жоқ... Мен үндеуді де жазғам жоқ. Ие, бір ғылыми партия деген партияны білмеймін (Тергеуші кнопканы басады. Герман кіреді.) Б о р о д и н. Герман! Міне, міне, мына кісіге айтшы, сен, Герман... Бұл менің шәкіртім, менің куәм. Баяндаманы екеуміз бірге дайындадық. Осы бәрін біледі. Айтшы, Герман! Г е р м а н. Мен бұрынғы жауабымды қайта айтуға керек пе? (Тергеуші басын изейді.) Жақсы мен қайта айтайын... Мені шекарада ұстап, осында алып келді. Маған бірнеше айып қойды, бірақ менің барлық қылмысыма айыпты кісі — профессор Бородин.

Б о р о д и н. Мен бе?

Г е р м а н. Бородин менің ұстазым, ақылгөйім болған. Мен бұл кісінің жүйесіне сендім. Біліміне бағындым. Мені беделімен де, иландыруымен де бағындырды. Профессор Бородин маған төменнен көтерілушілерді жек көруді үйретті. Ғылым олармен алысу керек деп үйретті... Бұрынғыңнан екі есе артық ізденіп, оқып, төменнен көтерілушілерді өзіңнен озғызба. Мемлекетті олар емес, біз билеуге керек екендігіне көздерін жеткіз деді. Барлық жерде жалғыз ғана қорқыныш, аштық, жындануды ғана көруге үйретті; иттің таласы мен жұмысшы көтерілісінің арасында ешбір айырма жоқ, онда да, мұнда да аштық... Екеуі де не сүйек, не нан үшін алысады. Тап тартысы деген — еріккен саясатшылардың ойлап шығарған нәрсесі деді... иә, Бородин жақсы саясатшы болатын. Ол үгіттеді, қыздырды. Бірақ өзі тартыстың сыртында қалып отырды. Мен немене, мен қолында ойыншық болдым. Жас едім. Шетке қағылған әділдікті жоқтадым. Мен қорқыныш жайындағы жүйе, төңкеріске қарсы шыққан саяси қозғалыстың туы болып кететінін біліп едім...

Б о р о д и н. Не деген сұмдық!

Г е р м а н. Иә, сұмдық. Бородин таза, сара ғалымның тонын киіп іс қылды. Мен қара жұмысына жүріп отырдым. Менің иығыма жасырын ұйымның салмағы түсті; неше түрлі қараңғы жұмыстар істелді. Мен қайтпас жолға, кірге малтықтым. Соның бәрін профессор жайымен, ғылыми баяндама дайындасын деп істедім. Бүгінгі күнде мен айыптымын. Бұл кісіні сіздердің менен он есе артық қылып соттауыңыз керек.

Т е р г е у ш і әйел. Үндеуді кім жазды?

Г е р м а н. Бородин... Мен көп уақыт жаздырмай жүрдім. Санасыз-ақ іс еді... Менің сыртқа документ... апарғым келмеді. Бірақ мені Бородин қорқытты, командировканы алып қойып, институттан шығарып тастаймын деді. Мен сенат мүшесінің баласымын... менімен ойына келгенін істей алады... Т е р г е у ш і ә й е л. Осы рас па, профессор? (Бородин бекер дегендей қылып, басын шайқады.) Гражданин Кастальский, барыңыз (Герман шығады. Тергеуші бөлме ішінде бір peт арлы-берлі жүріп келіп, кнопканы басады, Варгасов кіреді.) Бородин туралы сіз не білесіз? В а р г а с о в. Мен бар істі осы кісінің бұйрығымен істедім. Үндеудің аяғына әркімнің қолын қойғыздым. Оны да осы кісі бұйырды. Содан кейін баяндаманы сыртқа жібер деп тапсырды. Бұл біздің ғылыми партиямыздың програмы, деді. Ол не, қандай программа, ішінде кім бар, не үшін керек — оның бәрін мен білмеймін, ар жағындағы сырларын айтқан жоқ.

Т е р г е у ш і ә й е л. Барыңыз.

В а р г а с о в. Және менің бір қосайын дегенім бар еді. Профессор мені үй қоянындай қылып, ылғи қорқытып ұстаушы еді. Сондықтан уақытында білдірмедім. Қорқушы едім бұл кісіден, қорықтым! Т е р г е у ш і. Барыңыз (Варгасов кетеді, тергеуші әйел бөлме ішінде тағы біраз жүріп келіп, Бородинның алдына тоқтап, қолындағы стенограмманы оқиды.) Біздің бәріміз де үй қоянымыз. Осындай болған соң жанданып іс істеуге бола ма? Әрине, болмайды!.. Жә! Иван Ильич, жаңағы адамдарыңыз кім? Бұлар үй қояны ма, айдаһар ма? Сізді қандай қылып орап алғанын көрдіңіз бе, а? Бұны да өмір үшін қорыққандық дейсіз бе? Болар ма солай деуге? Төңкеріске қарсы шайкеге кірерде бұлар қорқынышты жеңіп кірмеді ме екен! Иван Ильич, тап тартысы қорғаныш атаулының барлығынан көрі күштірек-ау... Кәні... бұлардың айыптауларына қарсы сіз не айтасыз енді? Б о р о д и н. Мен еш нәрсе айта алмаймын. Барлығы да бұлай емес... басқаша... бұндай... сұмдық... емес...

Шымылдық

Тоғызыншы сурет

Екінші суреттің көрінісі. Еленаның пәтері. Ерте, таңертеңгі мезгіл. Терезе алдында Наташаның үстелінің үстінде жаңа істеле бастаған кішілеу мүсін. Соның жанында Валя жапсырып байқайды. Бөлме ішінде салқындық білінеді. Еленаның үстелінде кастрюльке, бұрышта Амалияның шүберек салған кәрзеңкесі. Қағаз сауыт, шыны сауыттар пайда болған. Үстел, орындықтар бұрынғы орындарынан ауыстырылып койылған. Барлық көрініп тұрған нәрседе бір түрлі қаңыратаңдық, уақытша тұрғандық таңбасы бар сияқты. Амалия бір есіктен бір есікке ақырын жылжып кіріп, жылжып шығып жүр. Бір нәрселерді ала жүреді, бірдемені шайнап, күбірлеп сөйлейді. Валя саз балшықты тастай беріп, саусақтарын сүртіп, ойланып отырып қалады. А м а л и я (жақындап келіп сыбырлайды). Коленька тұрып жатыр. Коленькаға тұқымнан құймақ керек. Сіз Коленьканы барыңызша жақсы көрмейсіз. Жиі ренжіте бересіз. Қамын да көп жемейсіз. Ah, мұндай келін емес еді күткенім. В а л я. Сіз қап тесер тышқансыз... Иә, иә... қаңыраған бос пәтердегі тышқанымыз, еденде жорғалап жүріп үстел-орындықты кеміресіз (Қолында түйіншегі бар Наташа кіреді.) Н а т а ш а (Амалияға). Сіз кішкене бала емессіз, нәрсеңізді өзіңіз жиып жүруге керек. Ac үйді тіпті сенбілік жасамаса арылмайтын қылып қоқырсытыпсыз. В а л я. Қоқсық... айнала қоқсық... әлдеқайдан темекінің сабағы да қаптап кетіпті (Клара кіреді.) К л а р а (өз бөлмесіне бара жатып). Наталка, сен мені біржолата ұмыттың-ау. Үйге жатарда ғана бір-ақ келесің.

Н а т а ш а. Клара тәте, мен сенімен ақылдаспақшымын.
К л а р а. Кәне, кел, ақылдасайық.

Н а т а ш а. Менің әкем ішуден айықпайды. Кеше ұрысып та қалдық. Мен — ішкіш әкемен бірге тұрмаймын дедім. Ол: олай болса кет, жөнел, — деді. Мен енді нәрсемді жиямын да жөнелемін. Дядя Колянікінде біраз тұрғым келеді. Содан кейін отрядқа барып, отрядпен бірге тұрамын. В а л я. Мұнда қаңыраған бір қуыс. Өзі шаң, ешбір жан келмейді... Анау болса ылғи төсек тартып жатқаны. Өзінде тазалық жоқ. Мінезі бір түрлі қатты. Күні бойы ашуланып, сізді, мені, менің әкемді — барлығымызды қанаттайды... Мен біржолата есімнен айырылдым, Клавдия Васильевна! Н а т а ш а. Бірге кетейік, Валя... Туған қызының тілін алмау қандайлық екенін байқасын. Сен нәрселеріңді өзіңмен бірге аласың ба? Алмайсың ба? Жарайды, керегі жоқ, менің бет орамалым бар. К л а р а. Ah, қыздарым, қыздарым, қайтсем екен сендерді? Бөлмеме апарып шай берем бе әлде? Шай ішіп отырып, бар жайды сөйлесеміз...

Н а т а ш а. Мен шәйнекті қайнатайын, кеңесейік (Николай Цеховой кіреді.) Ц е х о в о й. Валентина, менің шешемді қап тесер тышқан дедің... тышқаннан тышқан туады... олай болғанда мен де тышқан ғой, солай ма? Сенің айтпағың сол ма? В а л я. Мен сенің махаббатың өзімнің өзгеріп қайта туысуыма күш береді деп іздедім-ау! Ц е х о в о й. "Адамды қайта туғызу — тракторды қайта түзеу емес", кім айтып еді осыны, есімде жоқ? Есімде еш нәрсе де қалмапты. Иә, есімде бар екен — мені партиядан шығарып, институттан қуып шықты. Бұл есімде. Мені партиядан мына кемпір шығарды. Сендерге бұнымен сөйлесуге рұқсат етпеймін мен... түсіндіңдер ме? Рұқсат етпеймін!

Н а т а ш а. Өзара сынды тыюға болмайды.
Ц е х о в о й. Тоқтат!
К л а р а (Валя мен Наташаға). Жүріңдер біздікіне!
Ц е х о в о й. Валентина, қайт бері! Наташа, бар өз бөлмеңе!

К л а р а. Жол бер бізге!
Ц е х о в о й. Жібермеймін!

К л а р а (әмірлі, қатты дауыспен). Босат шапшаң! (Тура өзіне қарай жүреді. Елена кіреді.)

Е л е н а. Кімді кім босатпайды?
Н а т а ш а. Лена келді. Ленушка! (Ұмтылады.)

К л а р а. Жеттің бе әйтеуір?! (Шамадан ұстап, Кембаев кіреді, артынан Бобров кіреді.) К е м б а е в. Клара, қонақ келді, қымбатты қонақ келді (Шамаданды жерге қояды.) Б о б р о в. Институттың жаңа директоры. Вокзалда ячейка хатшысы (шығып бара жатқан Кембаевты көрсетіп) және өзінің орынбасары (өзін көрсетіп) болып лайықты құрметпен қарсы алдық.

Н а т а ш а. Сен біржолата келдің бе?

Е л е н а. Біржолата келдім, қызым, біржолата. Есенсіз бе, Валентина Ивановна! Николай, сәлемет пе? Сақалы алынбаған... Шашы үрпиген... Жуынбаған ба, немене?

В а л я. Ол әшейін, пахмелденіп қана болған жоқ (Шығып кетеді.)
Н а т а ш а. Мен, әлде нәрселерімді саған алып шығармын.
Е л е н а. Алып шық, Наталка, бірге тұрамыз.
Н а т а ш а. Қазір шай ішеміз (Клараның бөлмесіне жүріп кетеді.)

К л а р а. Сен сәнді киінетін болғанбысың, жарықтығым-ау... Жаңа костюм алыпсың... (Кембаев кіреді.) Е л е н а. Профессор емеспін бе? Николай айтқандай мәдениеттірек болып тұру бөгет қылмайды тегінде... ғажайып! Бірталай жаңа дағдылар да таптым. Салмақты музыканы бір түрлі сүйетін болдым. Талай уақытымды концертте кетіремін. Соны істеп жүрген мен екенімді қайтерсің (Шәйнек алып Наташа кіреді.)

К е м б а е в. Жалғыз барамысың, жоқ қасында біреу бола ма?
Е л е н а. Әзірше жалғызбын, Құсайын.

К е м б а е в. Бұның жақсы екен... қарашы, Клара.... Өзі жас, сұлу, дені сау, өзі ақылды — қымбат қонақ емес пе, Елена? Суың қайда Наташа? (Наташамен бірге шығады.) Б о б р о в. Ячейка хатшысы жаңа директордың ықпалына түсіп кетті ме деп қорқамын. Е л е н а. Бір түрлі тамаша жігіт... Жол бойы барлық жаңалықтарды айтып шықты. Жә! Осы үйде былық көбейіп кеткені несі! Жап-жақсы бөлме шатырдағы үйшікке ұқсап кетіпті. К л а р а. Бұл бөлме қазірде қан майданының ортасы сияқты. Цеховойыңның маған қарсы ашқан граждан соғысы бар. Мен оны партиядан шығарып едім, ол меңі пәтерден шығармақшы. Сонымен аз-аздап соғысып тұрамыз. Е л е н а. Сен ұялмаймысың, Николай (Цеховой үндемейді. Кембаев, Наташа кіреді.) Құсайын, кел, осы үйде тәртіп орнатсақ қайтеді? К е м б а е в. Орнатайық. Елена! (Наташа шәйнекті алып келеді. Елена мен Кембаев бөлмені реттеп жүреді.) Е л е н а. Жә, кемпірім, біздің жоспарымыз қандай десеңізші — үш бес жылдыққа тұтас жетеді.

Б о б р о в. Институт қатты ұлғайып келеді, Клавдия Васильевна. К е м б а е в. Он сегіз жаңа аспиранты бар. Соның оны партия мүшесі. Мықты ячейка жасап алдық.

Б о б р о в. Институт адамның жаңа кейіпкерлерін зерттейтін болады. Е л е н а. Клара! Бұл — балшықтан істелген "ғылымға басқан пролетар" емес, мұны өмірдің өзі туғызып отыр. Б о б р о в. Адамның жаңа бір тұқымы жасалып келеді. Енді 15—20 жылдан соң біз ете ескіріп қалған бөтен жан боламыз. Е л е н а. Қорықпаңыз, Николай Касьянович, сіз де өсіп келесіз. Дұрыс емес пе, Клара? Бородинға жақсы жауап берді ғой. Мен газеттерден оқығамын. К л а р а. Рас, саяси сөз сөйлеп шықты. Айтуына қалыпты, жабайы сөз тапты. Иландыра сөйледі. Е л е н а (әзілмен). Ғылым адамына саясатқа жабысу залал. Әсірлер маштабынан айрылып қаласыз. Б о б р о в. Әсірлер маштабымен ой жүргізуді мына кісі сияқты тамаша әйелден үйреніңіз.

Е л е н а. Е, сібірдің шыныларын қайттік?
Б о б р о в. Елена Михайловна!

Е л е н а. Бірақ, "Фауст" шын тамаша нәрсе, Саратовта оқыдым... Мына шелекті ас үйге апарып, ішіндегі лай суды төгіп, өзін шайып, қайтадан таза су құйып әкеліңдерші (Бобров шелекті алып кетеді.) Терезені ашшы, Құсайын! Көктем мезгілі, күн мынау, немене газ үйшігіне кіргендей айналаны бітеп алғансыңдар? (Кембаев терезені ашады.) Біздің жаңа үйіміздің маңдайына "Алмас қорының институты" деген сөз ойылып жазылады. Және соның төменгі жағынан: "Қызыл ту орденінің ерлері, колхоз коммунасының белсенділері, екпінді бригаданың қайраткерлері — адам баласының алмас қоры сендерсіңдер" деген ұран жазылады. Тамаша емес пе? Осыны вагонда ойлап таптым.

К е м б а е в. Сенің өзің де алмассың, Елена! Оны да ұмытпау керек.
К л а р а. Құсайын, сенің басың біраз тұманданғаннан cay ма?

К е м б а е в. Кім біледі, кітапхананы тексеріп, Захаров тың күлметін ашқанда басым сау-ды. Бірақ осы Еленаны көргеннен бері айналыңқырап тұрғаны рас... Кәрзеңкені қайда апарайын, Елена? (Амалия кіреді.) А м а л и я. Бұл менің кәрзеңкем, тимеңіздер бұған, Николя, айтшы мыналарға, Николя...

Ц е х о в о й. Аулақ.

К е м б а е в. Ал, кемпір, шығар бір жаққа! (Амалия кәрзеңкені сүйретіп әкетеді.)

К е м б а е в. Бір түрлі кемпір өзі.
Ц е х о в о й. Eh... (Есікке қарай жүреді.)
Е л е н а. Николай!

К е м б а е в. Кете берсін, тіпті жаным ашымайды. Елена. Рас, менің де жаным ашымайды. Бір жұлып алып тастаған тіс сияқты.

К л а р а. Бұл тамырынан шіріген тіс (Наташа кіреді.) Н а т а ш а. Oh, ауаның жаңғырғанын қарашы! Мен әлдеқашан ашайын деп едім терезені, кемпір аштырмайды. Шай дайын болды, жолдастар, шай дайын!

Е л е н а. Біз қолымызды ғана жуып алайық, Наташа!

К л а р а. Кәні, Ленка, енді көрсетші маңдайыңды! (Еленаны маңдайынан сүйіп.) Мұндай маңдаймен ғылымға тырмысуға болмайды... әйел көйлегін киген Гамлет... (Наташамен кетеді.) К е м б а е в (ас үйге кетіп бара жатып). Сен әлі менен ақылдырақсың, жоғары тұрсың. Бірақ қуып жетіп қатарласайың. Сонда екеуміздің бір үлкен сөзіміз болады (Шелекті алып Бобров кіреді.)

К е м б а е в. Жүр, қол жуайық, Елена!

Е л е н а (Бобровқа). Николай Касьянович, шай әзір. (Кембаевпен ас үйге кетеді. Бобров шелекті модель тұрған столдың қасына қояды. Қолында кішкене шамаданы бар Валя шығады. Ыңғайсыз тым-тырыс. Валя мүсінге жақындап келіп сорғышты алады да, мүсінді салып қалады, мүсін быт-шыт болады.)

Б о б р о в. Неге бұлай қылдыңыз?

В а л я (Кекетіп). Кемеңгер әйелдің еркелігі... "Ғылымға басқан пролетар"... Пролетар... мен әзір ешбір жаңа сөз айта алмаймын. Бірақ сүйтсе де мына жапсырманы аямай-ақ сындыра аламын. Жүрегің айниды. Құр қуыс... Оның есебіне сен... сіз қатты өзгеріпсіз, Николай Касьянович. Б о б р о в. Солай ма? Сіз солай дейсіз бе? Бұныңыз шын... Біз ылғи өзімізді өмірдің ұстазы деп біліп, ылғи жұртты үгіттей беруші едік... Енді бір бастауыш кластан түсіп, барлықты қайтадан оқытып отырмыз. Сонда да ішіміздегі үйреткіштікті әлі жойып болғанымыз жоқ... Қиын екен. Бірақ қайтсем де, енді менің жолым айқын. В а л я. Сен өзіңді таныдың, таптың. Бірақ маған, міне, завод та жәрдем ете алмады (Елена мен Кембаев кіреді.) Е л е н а (шамаданды байқап). Валентина Ивановна, мен мұнда азғантай-ақ тұрамын... Кету керек емес... мен бүгін-ақ...

В а л я. Мен біржолата кетіп барамын... Николайға енді қайтып оралмаймын. К е м б а е в. Валя, шай ішерсіз әлде, сонан соң кетпейсіз бе? (Валя үндемейді. Елена Кембаевты ақырын ертіп кетеді.)

Б о б р о в. Сіз... сен кетіп барамысың?

В а л я. Көремісің мына едендегі қатқан балшық пен сұп-сұр тозаңды? Менен де қалғаны осындай сұр тозаң ғана. Мені бүлдірген әкем... Иә, иә, иә... ол мені барлық дүниеден ықтиярсыз стимулды ізде деп үйретті. Мен Цеховойды жақсы көріп қалдым — махаббат ықтиярсыз стимул емес пе? Сол махаббат мені жаңа адам қылып шығаруға керек еді. Міне енді, мен барар ешкім жоқ, әншейін бір қуысқа кетіп бара жатқандаймын... әкем мені де быт-шыт қылды, өзі де бүлінді. Қазір мен талай ащы сөздер айтар едім әкеме... (Бүкірейіп қартайған Бородин кіреді. Артынан көлеңкесіндей болып Амалия кіреді.)

Б о р о д и н. Иә, кәні, айт.
В а л я. Әке!.. Сен келдің бе? Әке?
Б о б р о в. Иван Ильич!.. Отырыңыз, Иван Ильич.
Б о р о д и н. Айт, Валюта, барыңды.

В а л я. Жоқ, о не дегенің! Мен ақымақпын, әке! Өзімнің не болып бара жатқанымды білмеймін. Б о р о д и н. Мен өзім де ескірген кетік аяқпын. Достарым да, шәкірттерім де, қызым да жоқ. Алжыған төбеттей жалғызбын. В а л я. Мен естуге шыдай алмаймын... естігім келмейді... мен еңіреймін қазір... (Жүгіріп шығып кетеді.) Б о б р о в. Валя, бұл не? (Валяның артынан бір жүгіріп, одан Бородинға ұмтылып, артынан тағы Валя кеткен жаққа қозғалып.) Иван Ильич, мен қазір (Валяның артынан шығып кетеді. Клараның бөлмесінен Наташа шығады.)

А м а л и я. Міне, көріңізші... келіп керек емес еді, керек емес... Б о р о д и н. Маған соқтықпаңызшы, мен өз қызымның кім екенін де білмеймін. Бұдан отыз бес жыл бұрын маған барлық нәрсе түсініктірек еді. А м а л и я. Есіңізде ме, Иван Ильич? Бұдан отыз бес жыл бұрын, Татьянаның күні еді, колонный залдың оттары, халық алдында жас студент... Б о р о д и н. Кетіңіз, жоғалыңызшы сіз, жас студентіңізбен. Сіздің ішіңізде жас студенттен басқа сынық күрес бар ма екен. Кетіңіз, әйтпесе мен сізді сабаймын қазір... (Амалия есік сыртына қашып шығады.) Б о р о д и н. Мен осы ескі кұл сауытты да сүйдім-ау... өзімді өзім түсінбеуге айналдым. Енді біржолата жалғызбын. Айналамда әуе де жоқ, бір қуыс.

Н а т а ш а. Мұнда әлі мен бармын, тұрмын ғой, міне!
Б о р о д и н. Е, сен, пионеркамысың?

Н а т а ш а. Бұл кемпір ұдайы кір-кір болып жүреді ғой. Және ертеден қара кешке бір нәрсені шайнайды да жүреді. Мен таң қалушы едім.

Б о р о д и н. Байқаған емес едім, рас шайнап жүреді-ау...

Н а т а ш а. Бұдан 35 жыл бұрын әкімшілік басында патша мен алпауыттар болған. Және городовойлар болған. Шын пионер сөзі, еңбекшінің терісін сойған олар, маған Сашка айтып еді. Оның әкесі тірі городовойды көріпті... шын пионер сөзі. Б о р о д и н. Кеше мен институтқа бардым. Жай, көрейін деп едім. Коридорларда көп дауыс, дырду. Көп таныс емес адамдар, жас аспиранттар екен. Менің кабинетім бұрынғысынша жабық екен. Олар есік алдында дауласып тұр, қатты дауласады, біреуі — есікті сындырайық дейді. Оның ұсынысын қабыл алыспайды. Мен шкафтың артында тұрып, естіп тұрдым.

Н а т а ш а. Ашсаңыз етті.

Б о р о д и н (Наташаға бір қарап, ойланып қалып). Ашайын деп едім. Кейін... шкаф артынан шығып жүруді ұят көрдім. Н а т а ш а. Ұят болса қайтеді? Мен бір күні мектепте терезені қиратып алып, үндемей қоя қойып едім. Кім сындырды деп сұрасады, мен үндемедім. Айтуға қатты ұялдым. Бірақ артынан айтып едім, өзіме бір түрлі жеңіл боп, жақсы боп қалды. Б о р о д и н. Болса болар... болса болар... таласпаймын, пионерка, жалғызбын мен... маслихат сұрар да кісім жоқ. Н а т а ш а. Сізге мен айтайын, біздің отрядқа келіңіз, әңгімелесуге. Ақылдасамыз.

Б о р о д и н. Кәрімін ғой, пионерка, кәрімін.

Н а т а ш а. Иә, бұл рас... 14 жасқа дейін ғана болады. Жә! Олай болса білдің бе, сіз әзір отыра тұрыңыз (Клараның бөлмесіне кетеді.) Б о р о д и н (Жалғыз. Қолындағы кішкентай суретке қарайды). Көшеде қызғалдақ сатып жүр екен. Халық сатып жүр... күліседі... көп болды-ау, мен күлмегелі... көп болды. (Елена, Кембаев кіреді.)

Е л е н а. Есенсіз бе, Иван Ильич?

Б о р о д и н. Елена Михайловна, сіз, сіз бе... мен білдіңіз бе... өз кабинетімнің кілттерін әкелдім (Кілттерді ұсынады.) Алыңыз, ашыңыз және... Е л е н а. Сіз өзіңіз ашып, жаңа аспиранттарды өзіңіз баулитын боларсыз. Біз сіздің қашан іске кірісетініңізді күтіп жүрміз, Иван Ильич. Б о р о д и н (Кембаевқа). Білесіз бе, анда Захаров кітапхана қаражатын шашып жіберіпті. Жаңа аспиранттарға кітаптар керек... менің кітапханам жап-жақсы еді... сіз барып, бар керегін таңдап алыңыз... тілеуіңізді берсін, алыңыз... мен осыны көп сұраймын. К е м б а е в. Профессор, көп сұрау қажет емес. Әдебиет керек, әрине. Мен мүмкін болса қазір-ақ барамын.

Е л е н а. Құсайын, тоқта, кейін де уақыт болады.

К е м б а е в. Дұрыс, уақыт өткізу керек емес қой деп едім. Тығыз керек кітаптар бар еді. Жолдас Бородин, қайта келіңіз енді, істейміз... бірге істейміз... ертең кабинетіңізге алдымен өзім келемін. Б о р о д и н. Мен енді ғылымға да, сіздерге де керек емес боп қалдым, Елена Михайловна. Мен адамды да танымаппын. Қорытындымда да қатты адастым. Бұл қаталардың басынан аттап өте алмаймын. Е л е н а. Оныңыз бекер, Иван Ильич, аттап өтесіз. Шынымен соны ниет қылсаңыз түк емес.

Б о р о д и н. Ниет қылғым-ақ келеді.

Е л е н а. Сіз теңіздің жайын стаканға құйылған суға қарап зерттеген сияқты боп, өмірді де кабинетіңіздің терезесінен қарап зерттедіңіз. Бірақ стаканыңыздың ішінде астан-кестен толқын да, шайқалу да, дауыл да жоқ. Онда тұз қиыршығы мен жәндіктер ғана бар. Сіз сол теңіздің тасқынын жәндіктердің қызып тулауынан деп шештіңіз... осынымды ашық мойыныңызға алыңыз, Иван Ильич.

Б о р о д и н. Яғни?
Е л е н а. Көпшіліктің алдында өз баяндамаңызды өзіңіз сынап шығыңыз.
Б о р о д и н. Ah, анау ма... жоқ... мен оған жарамаймын.
К е м б а е в. Өзіңіз жарамасаңыз, мен де болысам, жәрдемші болайын.

Б о р о д и н. Мен тәкаппармын, Елена Михайловна. Мені күдік басып жанышқаны рас. Мен бүгін қайыршыдаймын. Бірақ мен тәкаппармын; халық алдына шығып өзімді өзім дүрелеу ме... оған менің шамам келмейді (Есік шалқасынан ашылады. Цеховой кіреді.) Ц е х о в о й. Жүр, шеше, қорықпа! Жүр деймін саған. Бәрің де бері келіңдер... бәрің де... (Амалия кіреді. Өз бөлмесінен Клара, Наташа мен Бобров, Валямен шығады). Міне, көрмегендерің бар ма? Көріңдер, міне. Бұл Николай Цеховойдың шешесі, станоктан шыққан пролетардың шешесі... жоқ, мағлұмыңыз шынын айтуды құп көреді — ол әскери прокурордың ұлы.

К л а р а. Бұны біз әлдеқашан білгеміз.

Ц е х о в о й. Маған білдіріңізші, осыны айтқан кім? Қай оңбаған білдірді? Бәріңнен сұраймын.

К е м б а е в. Оны сұрағанша ұйықтасаңшы барып.
Ц е х о в о й. Донос қылған қандай ит?
Б о б р о в. Сіздің өткен күніңізді айтқан мен.

Ц е х о в о й. А, сен... Валентинамен. Олай болса кетейік, шеше! Наташка, бері жүр! Бақшаға барып, қолымызды созып, қайыр сұраймыз. Шығарылғандарға рақым етіңіздер дейміз. Шешем, сен де шығарылғансың. Кімнің қызы екенін білген соң Наташканы да шығарады.Наташа (жұлқынып). Сен ылғи жалған айтасың. Мені шығаратын себеп жоқ, себеп жоқ. Клара, себеп жоқ емес пе?

К л а р а. Тыңдама оның сөзін, Наталка!
Е л е н а. Адам ішіндегі қотырашысың-ау, Николай!

Ц е х о в о й. Оның есебіне сен пролетарсың, дүниенің тұтқасысың, директор. Әлде алдыңа бас июге бұйырамысың? Жүр, кемпір, жүр! Міне, балаң сені халық алдында қайта тапты; қуан (Бородинға.) Жүр, байғұс шал, бізбенен. Біз бір тұқымның адамымыз, тамаша компания болады. Тағдырды болжағыш, ескі тулақ, сен де енді еш нәрсеге жарамайсың (Кетеді. Артынан күбірлеп Амалия да кетеді.) Б о р о д и н. Жоқ... жоқ... қайда кетсем да бұлармен кетпеймін. Жоқ, айтсын, айта берсін. Бетіме келіп мазақ қылсын, күлсін — қорықты шал, айтқанынан қайтып жатыр десін?.. Мен үй қояны деп қорғап жүргенімнің айдаһар болып шыққанын айтамын... мен Макаровадан қорқушы едім. Ол кірмесін деп кабинетті жауып жүруші едім. Оны теріс жолмен жетелеп жүрдім. Германға есікті үнемі ашушы едім. Бұны да айтамын. Мен қорқыныштың қай белгісін көрсем де қуанушы едім. Сонда қорықпайтын ерліктің мысалдарын байқамай жүріппін. Мен Кембаевты бір кезде ғылым салмағын көтере алмай ауруға ұшырар деп, соған қуанушы едім. Сүйтіп жүріп, оның санасы артып, өскенін, тереңдегенін байқамаппын. Өмірдің өзін көрмей, елесін көріп жүріппін. Өз пәтерімде, кабинетімде қиялдың туғызған нәрсесін, өмір осы шығар деп адасыппын. Шын өмірді түсінбегемін. Түсінбегендерді өмір жазалайды екен, жалғыздыққа салады екен... бұл да кек. Бірақ, басқа кектердің ішіндегі ең қорқыныштысы осы екен!.. Мен жылап та отырмын-ау деймін. Бірақ көз жасым үшін ұялмаймын. Мен кәрімін де әлсізбін. Кәріге жылауға болады ғой. Солай емес пе? Жә, енді мен барамын оларға... олар, өрлеп келе жатқан жастар, олар барлық кабинеттердің кілттерін бер деп әмір қылып жатыр. Мен бойымдағы барлық кілттерімді беремін... Иә, қайдасыз, әлгі жаңа директор, мен сіздің шарттарыңызды қабылдадым... орындаймын.... К е м б а е в. Аламыз кілттерді, бүкіл дүниенің неше алуан кілттерін аламыз, жолдастар!..

Шымылдық

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙