TELEGEI

Home

Ақын туралы естеліктер

Иса Байзақов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақын туралы естеліктер

Ақын өлеңдеріне өзі өмір сүрген кезеңдегі халықтың тыныс-тіршілігін арқау еткен. Шығармаларында фольклорлық сипат басым. Тарихи оқиғалар, қазақтың тұрмыс-тіршілігі ақын қаламынан таса қалмаған. Бірлік, патриотизм идеясына басымдық берген.

ИСА ТУРАЛЫ

...Иса желпініп, үзілмей соққан cap даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Европа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын, ақындық теңізі деп түсінер еді. Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Құмды, желді даланың жан жаралаған жайын төсті сыпырығысы сияқты молдан пішілген дала табиғатына үйлескен бір өнер. Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей. Мұның арты баяғы кәрі заманнан саналы толғау иесі жыраудан, ру бәсекесінде ат жарыстырғандай, сөз жарыстыратын айтыс ақындарынан келе жатқан суырыпсалма. Бүгінгі тұрған орны сахна. Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. Өлең-жырмен әңгіме баяндайды. Табиғатты сипаттайды. Өлеңмен күлдіргі қалжың айтады. Жақсының сарынындай құбылып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда шалқыған ақындық сөзін ту қып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады... Жалпы сахна өнеріне Исаның нөмірлері жаңадан қосылған жат бұйым сияқты. Мұның өрісі театр жолында емес, ақындық, әдебиет тарихының бағытында сияқты. Бірақ бұл алғашқыда қараған көзге ғана солай көріну керек. Әйтпесе қазақтың баяғы суырып салып айтатын айтыс ақындарының үлгісі бұл заманға ауысып келгенде, әдебиет тарихынан да сахнамен туысуына керек, сол қажет. Баяғы тойда, топта жырлайтын қазақ ақыны сол заманының сахна өнерін жасаушылар деп танылу керек. Әдебиетке олардан сарқылып қалған сөз болса болды, болмаса жоқ. Олардың қызметі алдында қарсы қарап, құлағын түріп, тыңдап отырған көруші мен тыңдаушысына арналған болатын. Қазақ сахнасы ол күнде жанданған сөзбен күн көрген жоқ. Ақындық қоры мол болғандықтан, тың жаңа сөзбен жасаған. Ел бойына мол боп біткен өнер, сахнаның сондайлық өзгеге жат бір түрін тудырған. Тегінде жалпы суырыпсалма ақындық, әдебиет қорына, жалпы мағыналы ақындық қазынасына өте үлкен мағыналы бұйым қосуы қиын. Онысы өлең шығарған реттерінен, заңынан да көрінеді. Бірақ суырыпсалма өлең көп алдында ақынның өз аузынан сол арада ғана шығып, арнаулы сарынға түсіп, домбырамен бірге қанат қағып алып ұшып келе жатса, ең әуелі өте әсерлі жарастық, үлкен әсерлілік сол шабысының өзінде деп саналу керек. Әдебиет, музыка, сахна бәрінің бірдей бас қосқан жері осы. Адамдағы салтанатты, сымбатты өнердің өзгеге жат, бізге таныс бір алуан түрі, үлгісі осы. Бұл әдеттегі қарындаш ұстап қағазға жазып, мағыналы болып түрленіп, үкілі маржанды болып шығамын дейтін ақындықтың анда-санда ойынға шығып бой жасағаны, балаша асыр салған ойнағы сияқты. Ұғар болсаң, бағалай білсең осы халінде, осы минутында бағала да, тамашала... Сахнадағы пьеса — осындай жалынды, жанды сөздің иесі; бұл ғасырдың сахнасына жат болып кеткен кеннен шыққан өнердің иесі. Рас, бұл өнер театр тарихымен ұзақ жасай бермейді. Мұны қолдан жасап алмайсың. Әр дәуірдің сахнасында Исалар туып отырса, осы түр қазақ сахнасының бір ерекше қызығы болып дәурен сүреді. Исасы жоқ болған заманда, уақытта үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді. Бірақ Иса болған заманда театрдан қол үзуге, айырылуға керек, емес. Мұның ісі арқылы қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді. Сол салт традиция есебінде сақталу керек. Біз қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты, қымбат сыйы есепті түсіндіруіміз керек. Қолдан жасалмайтын, оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз бүгінгі заманның адамдары мәдениетті елше қадірлей, бағалай білуіміз керек.

Мұхтар Әуезов

АҚЫН ӨМІРІНЕН

Иса Байзақұлы өзімізбен бірге жасасып, күні кеше ғана қатарымыздан кетті. Ол бүкіл Қазақстан жұртшылығына өнерімен, өлеңімен өзін танытқан ақын, замандас еді. Иса әрі ақын, әрі артист, әрі өрісі кең жазушы еді. Мен Исаны ең алғашқы 1925 жылы июнь айының ішінде, Қоянды жәрмеңкесінде көрдім. Жәрмеңке жаздың өте бір көңілді күндерінде басталды. Қызмет ретімен, шаруа жайымен келген алуан түрлі елдің бас қосқан орны, осы жәрмеңке болатын. Иін тірестіре тігілген үйлер, бірінде ән салынған, бірінде күйсандық ойнаған қызу думанның үсті еді. Батыс жағы айнадай шалқыған Қарасор көлі, күншығысы күрілдеп аққан Талды өзенінің арнасы, оңтүстік, солтүстік қойнау: Қоңыр адыр, Қоянды, Тоқпан шоқылары. Осылардың ортасынан орнаған жәрмеңке орны шалғынды, томарлы көкмайса еді. Күн еңкейіп қалған кезде, тарқап бара жатқан мал базарының қалық тобын қақ жара ерекше бір топ адам түйдектеліп жүйтки берді. Біз де сол топқа келдік, әлі еш нәрсені көргеміз жоқ. Тек бір айқай, құйындай бұрқыраған бір өлең серпінін аспанға шарықтатады. Топ ортасында ашық үлкен автобус, оның үстінде толған адам. Өзге жұрттан ерекше, алып денесімен Қажымұқан көрінді. Қасында әр түрлі киінген бірнеше жігіттер бар. Бірақ, елдің өзеурей қарап, өзгеден көрі құмарлана көз тіккені екі адам. Қолындағы сырлы домбыраны біресе аспандата, біресе шалқыта, үні мен сөзі құйындай жүйткіген бір жас жігіт ән салып отыр. Бұ жігіттің кім екенін сұрастырғанда, Иса ақын болып шықты. Ол жүріп келе жатқан автомобильдің үстінде домбырамен желдірмені жүйткіте соғып, Қажымұқан балуанның күшін, дүние жүзін аралаған өнерін өлеңмен келістіре сипаттап, елдің еркін билеп әкеткендей. Бұл топтың ішінде Қалибек те бар, Зәрубай да бар. Қалибек жиылған топты шанышпа, тапқыр сөзімен күлдірсе, Зәрубай бірде қоян, бірде жылан болып, сан алуан ойын көрсетеді. Олардың бұл жүрісі ертеңгі күні үлкен ойын көрсетіледі. Қажымұқан үстінен автомобиль жүргізеді, кеудесіне қойып жалпақ сом тасты ұрғызып сындыртады, — деген қолма-қол хабарландыру еді. Ертеңінде Қажымұқан ойын көрсетті. Қажымұқан әрбір ойынды көрсетерде Иса домбырамен оның жайын түсіндіріп, желдірмеге толғайды. Бір жағынан гармонын құлаштай сермеп Майра да отырды. Адамның асқан күшті алыбы Қажымұқан, құйындай ұйтқыған ақын Иса, ән асқағы Майра, түйдек бір жерде бас қосып, Омар мен Қалибектің де күлкі-сықағы араласып, ойын қыза түсті. Осы күннен бастап-ақ, Исаның даңқы елге таралып кеткен еді. Одан кейін Исаны Алматыда көрдім. Иса бірде сахнада, бірде концерттерде ән мен өлеңді талай ағытты. 1938 жылы Жазушылар одағының үйінде Октябрь мерекесіне арналған бір мәжіліс болды. Сол мәжілісте осы қаладағы жазушылармен бірге, Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Сапарғали Әлімбетов тағы басқа да халық ақындары болды. Сол кезде атақты «Родина» самолеті Москвадан ұшып Қиыр Шығысқа қонбай жету сапарынан қайтып келіп, советтің ұшқыш қыздарының асқан ерліктері дүние жүзілік даңққа бөленіп еді. Олардың басынан кешірген уақиғасы да ел аузында әсерлі аңыз болып тараған кезі еді. Осы мәжілісте ақындарға кезекпе-кезек тема беріп, өлеңдер айтылды. Әсіресе, Исаға осы «Родина» самолетінің экипажы, үш қыздың басынан кешірген хал, әсіресе, Марина Раскованың он бір күн, он бір түн орманда адасқанын жырлап шық деген ұсыныс болды. Иса қолына домбыра тиісімен, белгілі желпіну сарынымен біраз айқайлап алды да, өлеңді заулатты. Сағат жарымдай уақыт жырлады. Үн шығарған жан болған жоқ. Поэма болып жырланған үлкен жырды отырған жұрт сүйсіне тыңдап, осыны жазып таста деген ұсынысты да айтты. Артынан осы поэманы «Он бір күн, он бір түн» деген атпен жазып та шықты. Бұдан кейін де Исамен талай кездестік. Соның бірі — 1940 жылы көктемде, Турксиб жолының 10 жылдық мерекесіне байланысты, ақын-жазушылар бригадасы ұйымдастырылып, жол бойына шыққанда, Исамен жарты айдай бірге болдым. Бұл жолда біз Шу, Луговой, Жамбыл, Шымкент және Қырғызстанға дейін барып қайттық. Осы сапарда әрқайсымызбен әр жағдайда іштей ұғысып, көп сөйлесті. «Менің өмірімді ешқайсыларың білмейсіңдер. Неге жазып алмайсыңдар. Мен өзім айтайын, жазып алсайшы» деп бір-екі рет ескертті. Осы жолда біз Қырғызстанға бардық. Қырғызстан жазушылары бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Біз барған кезде, Қырғызстан жазушыларының пленумы болып жатыр екен, ол жиындарына да қатынастық. Біздің бригаданы Қырғызстан Жазушылар одағы, қырғыздың халық жыршылары, жазушылары бәрі бас қосып, қонақ етіп, туысқандық, достық мәжіліс ұйымдастырды. Мәжілісте қырғыз, қазақ жазушылары атынан Алы Тоқамбаев, Сәбит Мұқанов жолдастар сөйледі. Бұлардан кейін Иса сөз сұрап алып, сөзін өлеңмен айтты. Ол қырғыз бен қазақтың туысқандық достығы, әсіресе, қырғыз елінің тарихын шолып, сонау Енисей өзенінің, Алтай атырабында болған көне уақыттардағы уақиғаларды байланыстыра келіп, сөз нөсерін ағылта шарықтады. Қырғыз жазушылары мен халық ақындары — Халық, Әлімқұлдар Исаның ақындығына сүйсіне, зор құрмет етті. Бұл күні Иса сан алуан жыр төкті, бірақ ол жерде бұл жыры жазылған жоқ. Кейін де оны өзі құнттап жазбаған болар, өйткені ақынның қолжазбасынан кездестіре алмадық. Исаның осындай бір ерекше шақтары айтылғанда, оның өз тұсындағы ақындардан (халың ақыны) озық екені айқындала береді. Әсіресе, дайындалмаған жерден үлкен жырды өзекті етіп төге салатын әдеті, Исаның бойына біткен айрықша қасиет еді. Мұнан кейін Исамен 1940 жылы июль айында сұлу Көкше, Бурабай курортында кездестім. Бір күні таңертең ерте біз жатқан үйдің есігін біреу қатты қақты. Біз үш адам едік. Ояу жатқан Қазы деген жас жігіт есік ашты. Есік ашылғанда-ақ Иса кіріп келді. Ойда жоқ жерден келген Исаға бәріміз де орнымыздан тұрып амандасып, мәз-мейрам болып қалдық. Иса үйге өлеңдете кірді.

«Жақын деп жанымды ұғар сәлем бердім,
Таң атпай баса-көктеп кіріп келдім.
Мөлтілдеп бауырында Бурабай көл,
Көкшетау — жәннәті ғой жұмыр жердің»,—

деп ағызып барып тоқтады.

Біз курортта бір ай жаттық. Бурабайдың көлі, Жұмбақтасы, Оқжетпесі, Бөлектау бойына серуендеп, қайыққа мініп көлдің арғы жағына да барып қайттық. Иса марқұм осы демалысында өте көңілді, шатты жүрді. Осында жатқанда ауруларға арнап екі рет концерт ұйымдастырылды. Жиылған жұрт Исаның ақындығына, сөз тапқыш шешендігіне таң қалысты. 1943 жылғы декабрь айында Алматыда болатын ақындар айтысы күндерінде, Иса айтысқа кешігіп келіп, Жазушылар одағында, жеке үйлерде бәйге алған ақындардың әрқайсысымен бір қағысып қалып жүрді. Соғыс кезінде Иса үнемі ел аралап жүрді де, кездесуіміз сирек болды. Ақырында, Исаны көбірек кездестіріп, жақын араласқан мезгілім 1946 жылы июль, август айлары болды. Жазушылар одағының, Тіл және Әдебиет институтының басшылары Исаның өмірбаянын жазып ал деп маған тапсырды. Мен бұл тапсырмаға қарсы болғаным жоқ. Оның екі түрлі себебі болды: бірі — Исаның өзі маған жолығып, сөйлесер едім деген тілек айтыпты. Екіншісі — Иса сияқты замандас ақынның, өзім аса қадір тұтатын жанның сол кездегі хал-жайын біліп, аз да болса көңіл күйіне ортақтасуды өзім де мақұл көрдім. Мен Исаны жатқан үйіне іздеп бардым. Бұл — июль айының 13 еді. Мені көріп, Иса марқұм қатты қуанды. Жай-күйіне танысқаннан кейін: «Мені емдетуге орналастыру қамын істеңдер. Қырда жазылмадым, жақсы күтіммен дәрігерлер қарауында, ауруханада біраз болсам жазылам» деп, өмірге сондайлық құмар екендігін көрсеткендей болды. Уайым, мұңаю сияқты сезіктен ешбір белгі бермеді. . Әрине, мен де «жазыласың» деген көңіл көтерер сөздермен әңгімелесіп, біраз отырдым. Ол күні Исамен хал-жай білуден арғы сөзге барғаным жоқ. Мен ертең келемін деп қайтып кеттім. Ертеңінде келсем, Мәкен, Ертіс екеуі (бұл Исаның, сол күнде бірі 12-мектепте, бірі театр училищесінде оқып жүрген балалары) келіп отыр екен. Екі баласына қуанып, тіпті сырқатын ұмытқандай сергіп, көңілді отыр екен. Біз тағы әр түрлі жағдайды әңгімелесіп отырғанда, өзінің елінен Алматыға келген бір жас жігіт келіп, көңілін сұрады. Ол жігіт Исаның Зылиқа деген тәтесінің жақын адамы екен. Ол еліне қайтпақ болғандықтан, екі баланы тауып танысқан екен. Оған Иса соншалықты риза болып, екі баласына қарап:

— Сендер елді білмейсіңдер. Мына кісіні танып қойыңдар. Зылиқа апаларыңнан туған жиендерің бар. Апаларыңа сәлемдеме жіберіңдер, — деп өзінің қалтасынан ақша алып, балаларын магазинге жіберді. — Сіз де білмейсіз, менің екі балам осы. Жаман болмайды. Мәкен би үйреніп жүр. Ертіс әлі бетін түзеп, өнер таңдауға жетпей келеді. Ауру жаныма батса да, осы екеуін көріп, кешеден бері мүлде сауығып қалдым. Екеуінің тәрбиесі сондай жақсы, — деді.

Одан кейін Исаны өкпе ауруларын емдейтін институтқа орналастырдың. Институтқа барған соң, бұрынғыдан да жиі, үнемі барып отырдым. Бірақ, Иса аса ауырлап қалған еді. Сондықтан оны ауруханаға орналастыру, емдеу тәртібін дұрыстау жағдайларына біраз уақыт өтті. Сөйтіп, Исаның өзі өмірі жөнінде айтқан сөздерін жазып алуды 26 июль күні бастадым. Емдеу орнына жатып, дәрігер көмектері ұқыпты істеле бастаған кезде, ол біраз көңілденіп, сергіп қалды. Өмірбаяны туралы әңгімелескенде Иса былай деді: «Мен 1900 жылы күз айларында туған екенмін. Менің туған жерім осы күнгі Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Горьковский сельсовета, «Үлгілі» колхозы, қонысымыз «Жабысқан» деген жер. Әкем Байзақ шағын шаруалы еңбекпен күн көрген момын шаруа адам еді. Ескіше хат таныған, түркі сауаты бар, жасында ән салып, өз әлінше сауыққой кісі болып, бері келе өлең де жазатын әдеті де бар еді. Шешем Ғазиза, Шөппай деген кісінің қызы. Аса әнші, ойынан өлең шығаратын ашық көңілді, ер мінезді кісі болыпты. Байзақ пен Ғазизадан 9 ұл, 12 қыз туады. Соның 18-ншісі болып мен туыппын. Үлкендерден сұрап білгенімде, біздің аталарымыз ерте күнде Ертіс өзенінің солтүстік бойына Есіл өзені жақтан көшіп келіп, қоныстанған екен. Біздің руымыз Қуандық, оның ішінде Алтай болады. Өзім жеті атама дейін ғана білем. Өз атым — Иса. Әкем аты — Байзақ. Оның әкесі — Өтеген, оның әкесі — Оразбай, оның әкесі — Меңдібай, оның әкесі — Сағым, оның әкесі — Тілеуберді. Одан арғысын анық білмеймін. Ал, білетін кісілердің айтуына қарағанда, Алтайдың бір қатынынан Әлке, Байдалы, одан Сары атты, Мұрат атты бала туған көрінеді. Ал бұлар бергі қалың Қуандықтан бөлініп, Атбасар жағына барып қоныстаныпты. Бұрынғы Қарақойын, Қашырлы болысына қараған Әлке, Байдалы деген елдер осы біздің арғы аталарымыз көрінеді. Қысқартып айтқанда, арғы руымыз — Қуандық. Менің шешем Ғазиза 9 жасымда қайтыс болып, өзіммен бірге туған ағайым Мұсаның, әйелі Қатираның тәрбиесінде қалдым. Әке — бойдақ, мен — жетім, біріміз келін, біріміз жеңге қолына Қызылжар қаласындағы саудагерлердің елден жиған малын бағып, Омбыға айдап баруға жалдану болатын. Мен ес білгеннен кейін сол ағаларыммен бірге саудагерге жалданып, мал табуды кәсіп еттім. Шешем өлгеннің келер жылында үлкен ағайымның қайны Нұртазаның қолына барып, соның аулындағы молдадан оқып, хат таныдым. Содан кейін 1914 жылы медресе «Ғалиядан» оқып қайтқан Құрлеуітұлы Құсайын деген мұғалімнен төрт ай оқыдым. Осы кейінгі оқығаным бұрынғы шала сауатымды жетілдіріп, қисса, өлең, кітаптарды өз бетіммен оқуыма жол ашты. Шешем өлгеннен кейін көбінесе нағашы шешем Жанбаланың қолында болдым. Нағашы шешем ер көңілді, сері, еркек мінезді, адуын кісі еді. Сауықты, өлеңді жақсы көретін, мені аса еркелетіп, бетімнен қақпай өсірді. Әсіресе менің өлең айтқаныма аса сүйсінетін еді. Шешеммен бірге туған нағашы ағайым Рақмет те әнді жақсы айтатын, сауыққой жігіт еді. Бала күнімде «Сал торыат» деген әнді сол нағашымнан үйрендім». Иса өлеңді тіпті ерте бастаған, ол тоғыз жасар күнінде-ақ, бір күні өзінің Зылиқа деген бірге туған апасына соқтығып, бір ауыз өлең айтыпты, сонда Зылиқа:

«Басыңда жұлма-жұлма ескі бөрік,
Ағаш ат астыңдағы жансыз көлік,
Өн бойың құс түткендей түрің мынау,
Қақсадың тумай жатып шешең өліп»,—

депті. Сонда Иса:
«Кекілін кер бесті аттың түймедім бе,
Тал шыбық бұрайын деп имедім бе,
Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді істеп берген кимедім бе?»—
депті.

«Шешемнің «Құлагерді» айтқандағы әдемі даусы әлі құлағыма келіп тұрғандай болады. Менің тіпті бала күнім. Шешем бір күні суға барғанда қасына ере бардым. Сонда Ертістің бір айырық жерінен су алып, шелегін қойып, ақырын өлеңдетіп:

«Біз жүрміз «Жабысқанның» суын ішіп,
Жазғанын бұл тағдырдың бастан кешіп,
Қанаты қаршығаның бітсе маған
Өзім-ақ барар едім құстай ұшып»,—

деп «Құлагер» әнімен айтты. Әрине, шешем онда аса жас емес еді. Бірақ туып-өскен елін (төркінін) сағынып жас кезінде айтқаны болар деймін. Менің аз нәрседен сергіп кететін, ақкөңіл, жомарт мінезім шешеме, тез ашуланатын кіді мінезім әкеме тартқан. Өзімнің кескінім де шешеме тартқан еді. Шешем Ғазизаның көп мінезі жоғарыда айтқан шешесі Жанбалаға тартқан еді. Жанбала аса есті, сауыққой сері мінезді кісі дедім. Шешемнің де көп мінезі осы шешесіне тартқан еді. Сол нағашы шешем 1916 жылдың аяғында өлді. Өле-өлгенше мені аса еркелетіп, өлең айтқаныма сондай сүйсінетін еді. Осы кісі өлісімен-ақ аналық мейірімнен ажырап, қорғансыздыққа ұшырадым. Бірақ есейіп те қалған едім. 1916 жылғы уақиғада менің жасыма толмаса да тізімде 21 жаста болып шығып, ағаларым: Мұса, Арын, әкем Байзақ төртеуіміз бірдей қара жұмысқа алынатын болдық. Көппен бірге майдан жұмысына жүруге әзірлендік. Томск қаласының қасында бір көмір шахтасы бар екен, біз сонда жұмысқа бардық. Бір біздің ел ғана емес, сол атыраптағы елдің бәрінен де адамдар барған екен. Біз барған соң-ақ, әр елден келген адамдармен қоян-қолтық араласып кеттік. Әсіресе, менің өлең, ән айтқаныма сүйсініп, мені жеңіл жұмысқа қойды. Осы жылдың өзінде-ақ ел арасына «бала ақын» атанып, атағым жайыла бастады. Сол жылы елге келгеннен кейін Бабашайық Жаныбекұлы деген ағайынымыз Қанжығалы ішінде Жұмабек деген нағашысына баратын болып, мені ертіп жүрді. Жұмабектің ауылына келдік. Жұмабек, алдына ақын барып, өлең айтпаған, тәкаппар адам екен. Бабашайық маған «қорықпай айтып көр» деп сыбырлады. Ол кез өлеңді бастау дәстүрі де қиын кез, не дін, не ел аруағы, не адам шежіресінен бастап айту керек. Мен өлеңді адам шежіресінен бастап айттым. Жұмабек тыйым салмай тыңдап «бала, ақын екен» деп сараң ғана сөз айтты. Маған соның өзі үлкен сый болды. Осы жолдан қайтқанда атым бұрынғысынан да жайыла түсті. «Жұмабекке өлең айтыпты...» деген алып қашты сөздер ел арасына тарап кетті. Сол 1918 жылдың бас кезінде: «Құдас Төбет» деген елдің ішіндегі Сағит деген ақынмен айтыстым. Тұңғыш айтысым осы. Сағит кексе, көпті көрген ақын, ол өлеңді ел руынан бастап айтты. Мен ол жағынан жеңе алмайтын болған соң жұмбақ айттым. «Бір шақырымда неше ине бар» деп сұрадым, Сағит біле алмады, тоқталып қалды. Оны өзім шешіп бердім. «24000 иненің бойы бір шақырым болады» деп түсіндірдім. Сөйтіп, бәйгені мен алдым. Осы айтыстан кейін бұрынғыдан да өлеңге құмарлығым асып, айтыс іздедім. Бірақ лайықты ақын кездеспеді. 1920 жылдың қысы, Совет өкіметі орнаған кез. Ел ішіне уәкілдер келді. Павлодардан келген қызметкерлер мені шақыртып алып, ертіп жүреді. Құдас деген елдің ішіндегі Бердалы Жылқыбаев дегеннің үйінде Құдайбергенмен айтыстық. Бұл айтыста да мен оны тоқтаттым. 1921 жылы Керекуде (Павлодар) автономия тойы болды. Осы тойға мені қалаға шақырды. Ұлы Октярбь революциясының халыққа берген бостандығы, қазақ елінің автономия алуы, халықтың рухын сондай көтерген еді, қаланың қыр жақ қабағына бірнеше жүз үй тігілген, жүздеген бәйге ат жаратылған. Адам дегенің жер қайыстырады. Мұндай топқа шығып өлең айтып көрмеген жас кезім болғанымен, жүрексінбей-ақ, өлең айтқым келіп, делебем қозып, шабыттана бастадым. Мені үкімет адамдары шақырып, биік ағаштан жасаған сәкіге шығарып тема берді. Осы берілген тема бойынша өлең айтып шықтым. Баян жағынан келген жігіттер шақырып, мен қырға шығып кеттім. Сол жолымда Жұман деген кісінің тойына кездестім. Қаладан қырға атым кең жайылған. Және автономия тойында көрген жұрт қатты құрмет етіп, бір аң үйге түсірді. Ол үйде бұрыннан көп адамдар отыр екен. Өзге елден ерекше ақ камзол, ақ шапан, ақ тақия киген біреу көзіме түсті. «Кім?»— деп сұрастырғанымда өзі жауап беріп:

— Мен Нұрғожа Мәшһүр болам, — деді, кеудесін түртіп. Бұрын ондай Мәшһүр деген кісіні естімеген едім. Оның үстіне, менің өлеңімді қағытып, орынсыз мінез көрсетті. Тағы да ақындықпен Мәшһүрмін дегендей өзін көкке көтеріп, менен ақыл сұрап айт дегендей кісілік те көрсетті. Мен оны көтере алмай:

— Ақ киіп әуреленген қай Мәшһүрсің,

Жамылған қой терісін қай қасқырсың,
Естуім Жүсіп деген Мәшһүр біреу
Өзіңді-өзің мүшкіл ғып қайдан жүрсің? —
деп ем, отырған ел күлісіп қалды. Көп ішінен біраз адамдар:

— Бұ да ақынмын деп кеудесін қағатын еді, қағыспай қала ма, — деген қыздыру сөздер айтты. Мәшһүрім айтысам деп қызып еді, мен өлеңді бастырмалатып, жер-жебіріне жете, алып кеттім. Үн шығара алмай қалды.

Сол жолы ел ішінде қызмет істеп жүрген Қаныш Сатпаевқа жолықтым. Қасында болып, өлең айттым. Қаныш кешікпей Томскіге оқуға жүрмек болды. Бірақ әлденеше күн бірге болып, маған Семейге баруға ақыл берді: «Ел ішінде жүріп қалсаң надан ақынның бірі болып қаларсың, қалаға оқуға бар» — деп мені жақсы көрген ықыласпен ақыл берді.

Сөйтіп, октябрь ішінде пароход пен Семейге келдім.

Менің іздегенім керекулік бір мұғалімнің үйі еді. Оны тапқан соң мүлде еркіндеп алдым. Өзі бір татар үйінде пәтерде тұрады екен, мені Семей қаласының Ташкент көшесінде тұратын, Құсыке деген адамның үйіне әкеліп орналастырды. Құсыке де сауықшыл адам екен, үйір болып кеттік. Семейде ашылған жұмысшы факультеті бар екен, соған оқуға түстім. Күндіз оқу оқимын, кешкілікте Құсыке қымызға ертіп барады, не оның үйіне кісілер келеді, әйтеуір өлеңсіз отырмаймын. Біраздан кейін қаланың қызметкерлері де мені тани бастады. Небәрі 23 күн оқып, факультет жабылып қалды. Сонан кейін Семейдің клубтарында ойын қоятын қазақ жігіттерінен құралған труппаға кіріп ойындарға қатынастым. Әміремен осы ойынға қатынасып жүргенде таныстым. Семейде шығатын газет, қаладағы сауықшыл жұртшылық маған үлкен ой сала бастады. Әсіресе, сонау Баян тауында болған аз уақытым ойымда Өзекті өлең болып таралғандай, бір үлкен шығармаға үнемі жетектейді. Тіпті кейбір мәжілістерде, өлең, поэмаларымды жүгіртпелетіп айтып та жіберетін едім. Сол жылдары пароходпен Ертісті өрлеп Зайсанға дейін барып қайттық. Марқакөл, Алтай алабы, Қалба, Тарбағатай тауларын көрдім. Осы көрген жерлерім, сол елдерден естіген ертегі, аңыз, әңгімелер «Алтай ертегісі», «Құралай» тағы үлкен жырларымның әңгімесін туғызды. Жер жаралса, Алтай болып жаралсайшы»,— деп, дем алды Иса. Екі күн өткеннен кейін тағы келдім. Иса бұрынғыдан гөрі бәсеңдеп қалған екен. «Мен осы аурудан жазылсам, шіркін, Баянға барып тұрып, Жасыбай көлінің жағасында жатып, өлеңді өзен етіп ағытар едім. Бүгін жазам, ертең жазам деп жүрген талай темам бар еді. Әсіресе, «Рүстем — Зарап», «Назымбек», «Желбегей», «Қырмызы — Жанайдың» бітпей қалған ақыры»,— деп бірсыпырасының атын айтты. Бір ескерте кетерлік нәрсе, Иса жазамын деген темаларының ішіндегі «Назымбек» жыры бастап жазылған да сияқты. Өйткені, Исаның қолжазбаларының ішінен, «Назымбек» деп ат қойып бастаған бір шумақ өлең бар:

«Тағы бар сауыр етік табанында,
Ержігіт сөйлей білер заманында,
Өтіпті ноғайлыда Асылбек бай,
Кешегі Орманбет хан заманында...» —

деп тоқтаған. Бұған қарағанда, «Назымбекті» бастаған. «Мен желдірмені бес-алты түрлі етіп айтам. Оның өзі — өлеңді бастау, тынымдау, желпіндіру, аяқтау сияқты түрлендіру. Арқада Желбегей деген жүйрік болған екен. Екі жағымен кезек жүгіреді екен. Мысалы, не қамшылар жақ, не мінер жақ екі аяғын құлаштап, бір жағын тынымдатады екен. Сөйтіп барып, тағы бір жақ екі аяғын тынымдатып неше күндік жерден жіберсе де, бәйгенің алдынан келеді екен. Осы Желбегейді жазайын деп қызығып едім», — деп бір тоқталды. «Бірақ осы желдірмелердің бәрінің арғы түбі бір. Алғашқыда мен желдірменің өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдайбергеннің сарынынан алдым. Гәккудің Қыз Жібек операсындағы түрін ел аузынан естігенімнен өңдеп, мен айтып бердім. «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні халықтікі, оның ішінде тіпті Жетісудікі емес, мен есіткенде Арқадан есіттім. Бұл тексті жазуда үлкен сыр бар еді, енді айтайын» — деп Иса аз тынымдап дем алып, ол сырын айтты: «Мен алғашқы әйелім Шарбануды 1924 жылы алдым. Одан бір жыл бұрын көріп танысып, көңілімізде айрықша сүйіскен уәде болды. Алғашқыда қыз үй ішінен батып менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. Бірақ кейіннен ғана ел ішіне таралды. Екі баламның шешесі Шарбану сондай жақсы адам еді. Бір-бірімізге дос едік. Ол 1937 жылы 28 апрельде қайтыс болды. Менің басыма кейбір жүдеушілік те осы жарымнан айрылған соң кездесті»,— деп, сәл өңі бұзылып, қамығайын деді. «Мен елден ерте кеттім. Сонан ел ішіне барып тұрғаным жоқ. Әкем Байзақ 1933 жылы, үлкен ағам Мұса да 1932 жылы Қарағандыда қайтыс болған. Қазірде туысқанымнан тірісі бір қыз — Зылиқа, басқасы өлген»,— деп әлі азайған сайын туыс деген сезім билегендей болды. Ендігі келгенімде, бұрынғыдан да әлсіреп жүдеп қалған екен. Бұл кездесуде ол: «Енді осы аурудың шығатын кезі болды білем. Тәуір мұжыды ғой. Қалайда жазылуым керек. Бұдан артың аурудың менде не алмағы бар»,— деп, азырақ күлімсірегендей болды:

— Менің көп қолжазбам әр жерде шашылып кетті. Мен оны сау күнімде құнттадым ба? Біразын өз қолымнан Академияның фондысына бергемін. Ал, біразы Тайырда болуға мүмкін. Қазір бәрі есімде жоқ. Орнымнан бір тұрсам бәрін жинап алар едім. Ертіс әлі жас, Мәкен — әйел бала ғой, олар тұрмыстан, өмірден жетімдік көрген жоқ, көрмейді де ғой» — деп екі баласы жөнінде маған арман тәрізді сырын айтты:

— Екі бала әлі жас. Әлі өмір сырын ұғатын жасқа келген де жоқ. Менің оларға қалдырған аталық еншім де, азды-көпті еңбегім ғой... Балаларым үшін емес, халқым үшін, Отаным үшін істеген еңбегімнің «біздің әкеміздің еңбегі дер иесі солар болсын» деп бір ескертіп кетті. «Менің шығармаларым құнтталып жинақталсын» деген тапсырманы өзінің ақырғы өтініші еткендей болды.

Мен енді екі күн өткеннен кейін келгенде, Иса марқұм:

Сірә, осы ауру не алады, не кешікпей қалады. Тіпті әлімді азайтты,— деп жымиып қана күлгендей болды. Даусы да бәсеңдеп қалған екен. Мен де әңгіме сұрап, әліне тиюді лайық көрмедім. Аз отырған соң: «Мен, бір дұрыс үйде болып күтілсем жақсы болар ма едім» деп ойын айтты. Иса марқұммен 9-11 августан кейін әңгімелесуді тоқтаттық. Тек барып, рұқсатпен көріп қайтып жүрдім. Күн санап әлі азая берді. Ақырғы күндерде үстіне кіруге біржолата рұқсат бермеді. Исамен қатар бөлмеде жатқан Бұрһан деген агроном жігіт, сол ғана хал-жайынан бізге айтып отырды. Ол кейінгі сағатта Иса халін қатар бөлмеде болып көзімен өткізді. Иса марқұм қайтыс болатын түнге дейін ешбір өлімді мойындамапты. Өзіне келіп халін айтып кеңес берген дәрігерлерге: «Мен жазылам, сендер не айтып жүрсіңдер, ауру мені жеңбейді, өмірді өлім жеңуші ме еді» деген ылғи үмітті сөз сөйлеген.

Бұрһан Иса өмірінің ақырғы түнін былай деп әңгіме етеді: «Күндіз аптап ыстық болды. Қаншалықты ауру меңдетсе де, өлімге мойындамай, ара-тұра қалыпты өзінің желдірмесінің сарынын шығарып, өлең айтады. Менімен бірге жатқан орыс жолдастар да бар еді, олар да осынша ауыр халде жатып Исаның өлең айтқанына орасан таңданды. Айдың ортасы ауған кез, кешігіңкіреп ай көтеріліп, үйге сәуле түсті. Түнгі қоңыр самал жел есіп, үйдің ішіне алма исі аңқып кетті. Өйткені, ауланың іші толы алма ағашы, қалың шыққан алманың толқып піскен кезі. Ұйқы жоқ. Терезеден сыртқа қарап жатты. Алыста жал тартқан қарлы асқар, мұнартқан түн, табиғат қалғығандай, ақырын ғана демін алады. Әлден уақытта Исаның үні құлағыма келді. Терезеден сығалаған ай сәулесі, алакөлеңке жарығын түсіріп, сыр тыңдағандай болады. Жаратылыстың осы бір әдемі шағына қош айтқандай. ақын Иса әлсіз үнмен қоңырлатып әлденені айтты. Мен әдейі тұрдым да, барып тыңдадым. Ол әлсіз денесін ай сәулесіне шомылдырғандай, өн бойын тұтас аялаған ай жарығына қадала қарайды. Сөйтеді де, жар-жар өлеңін айтып, шұбырта-шұбырта жырлайды. Бір мезгілде әрі терең, әрі ұшқыр ойдың қанатына мінгендей болады. Ол әлсін-әлсін жырлағандай болады. Аздан кейін жаздың қысқа түні де өзінің міндетін атқарғандай, таң рауанына жол бере бастады. Шығыс жақ ақтаңдақ тартып, таң сілемі өрлей берді. Исаның үні әлсіреп, денесі біртіндеп өмір жолын тоқтатқандай жуаси берді. Ай сәулесі әлсіреп, таң нұры көтеріліп, айналаны өмір қызығына бөлей бастады. Ақын Исаның алып үні тоқталып қимылсыз денесі төсегінде жатты». Исаны жазушылардан, искусство, ғылым қызметкерлері коллективінен, оқушылардан көп халық жиналып, 3 сентябрь күні Алматыда жерледі. Исаның өзінен қалған екі баласы бар. Бірі — Мәкен (Махпуза), екіншісі — Ертіс. Иса ақынның өмірбаяны жөнінде жиналған материалдар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан, Исаның толық өмірбаянын жазу, ақын жөнінде арнаулы еңбектер жазу, алдағы күндегі әрі игілікті, әрі маңызды жұмыстарымыздың бірі деп білеміз.

1950 Сапарғали Бегалин.

ИСА ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНДА

Бұл 1924 жылдың күз айларының бірі болатын. Ташкент қаласындағы қазақтың халық ағарту институтына жасы жиырма екі, жиырма үш шамасындағы бір жас жігіт келді. Үстінде қара өткерме жағалы қаптал шапаны, басында жасыл масатымен тыстаған пұшпақ бөркі бар — осы ойнақы көз, ұшқыр мінезді, қараторы жас жігіт институт тіршілігіне тікелей байланысты болмаса да келген күннен бастап оқушылардың іші-баурына кіріп, өзін-өзі институт оқушысындай ұстап, институттың қоғам тіршілігіне араласа түсті. Ол бір күні мектебіміздің ойын-сауық үйірмесінің жеті сайын беріп тұратын сауық кешіне өзінен-өзі шақырусыз келіп қалды. Ол былай болды: Жұмаға қараған кеш институт залының сахнасында институт оқушысы марқұм Жиенбаевтың өзі жазып шығарған «Қойшы» атты пьесасы қойылмақ. Институттың мұғалімдері, оқушылары тегіс жиналған еді. Оның үстіне басқа мектептерден де келгендер бар, зал адамға лық толулы. Залдың шамы сөніп, сахнада ойын жүріп жатыр. Ойын үстінде көрермендер арасынан, сахнада ойнаушылардың кемшіліктерін оқта-текте әзілге айналдыра сөйлеп, қу тілділенген біреудің сөзі жұртты ду күлдіріп отырған. Өзі шағын пьеса әне-міне дегенше ойналып бітті де, артынша концерт басталды. Концерттің алғашқы номерлерінің айтылғаны да, сол еді, манағы жұртты ду күлдіріп отырған жігіт көпшілік арасынан ұшып түрегелді де, ойын басқарып жүрген жігітке: — Әй, жолдас, концертке бізге де қатысуға мүмкін болар ма екен?— деп еді, ойын басқарып жүрген жігіт табан астынан берілген бұл сұрақты аса лайық көрмеген пішінде: — Ондай өнеріңіз болса ертерек, ойын басталмай тұрып қамдануыңыз керек еді — деп жүре жауап берді. Бірақ залдағы жұрт неге екені белгісіз «қатыссын, қатыссын?» деп дүрсе қоя берді. Не керек, көпшілік тілегі орындалды да, жаңағы жігіт сахнаға шықты. Ол сахнаға шығып, сол кезде Ташкенттегі қазақ жастарының арасына жаңадан жайылып жүрген «Қызыл бидай», «Екі жирен» әндерін домбыраға қосып, екпінді ырғақпен айтып берді. Онан кейін өз жанынан суыра «Қазақ жастарына» деген темаға тақпақтата жөнелді. Жұрт ду-ду қол шапалақтап жатты. Осыдан кейін өлеңді домбырамен де, домбырасыз да айтып концерт аяқталғанша қайта-қайта шығып араласып отырды. Осыдан кейін бұл жігітпен біздер қатты араластық. Бұл марқұм Иса Байзақов еді. Бұл өзінің сырқатын емдету үшін Ташкентке келіп қазақ институтында істейтін өзінің бір таныс мұғалімінің үйіне түскен болатын. Ол осында жатып физоинститутта емделді. Иса институт оқушыларымен талай концертке араласты. Ол жұмысшылар факультеті мектебінде сот қызметкерлерін дайындайтын курста, коммунистер университетінде талай-талай концерттерге қатысты. Ол кейде біздің институттың әдебиет сабағына келіп тыңдап та жүрді. Әсіресе, бір есте қаларлық нәрсе: Абайдың ақындығы жөніндегі бір талас үстінде оның өлеңмен шығып сөйлегені болатын. Мен оның өлеңмен шығып сөйлеген сөзінің алғашқы алты жолын әлі жатқа білем. Ол Ташкенттегі қазақ жастары клубында, Абайдың ақындығы жайында болды. Бұл жиналысқа Ташкенттегі түрлі мектептерде оқитын қазақ жастарының көпшілігі қатысты. Баяндамашы Абайды байшыл-феодал ақын деп қорытты. Міне, осы мәселе жөнінде үлкен талас болып, айтыс басталды. Жұрттың кебі баяндамашыны іремей сойып, жиналыстан қашып шыққандай етіп жатыр. Осының арасында баяндамашыны жақтап сөйлеушілер де табылып жатыр. Соның бірі ақын Ғұбайдулла Балақадыров еді. Ол сөзінің басынан бастап, аяғына дейін Абайды байдың, феодалдық ақыны деумен болды. Балақадыров сөзін бітірісімен Иса орнынан ұшып түрегеліп, жиналысты басқарып отырғандардан сөз сұрады.Сөз Исаға берілді. Балақадыровтың сөзіне шыдамай, ашу кернеп отырған Иса қызара булығып сөзін салғаннан дәл осылай бастап еді:

«Жаңада айтып кетті Балақадыр,
Сөзіне мен отырмын етпей сабыр,
Халқы сүйген Абайды феодал дейді,
Сөз бар ма ұлы ақынға бұдан жәбір.

Алтын мен мысты байқап айырмайтын,.
Санасыз Балақадыр неткен пақыр?»

...Бір шарықтап кетсе Исаны тоқтата қою қиынға соғатын. Иса шұбыртып ала жөнелді. Клубтағы жұрт қыран-күлкі, мәз-мейрам болып жатыр. Иса онан сайын қыза түсіп, тіпті Балақадыровтың үстіне төне түсті. Жұрт әрең қойдырды. Иса осыдан кейін Ташкентте 6-7 ай болып, сырқаты жазылған соң еліне жүріп кетті. Осыдан кейін мен онымен Алматыда кездестім. Бүл 1931-32 жылдары менің қазақ радио комитетінде істеп жүрген кезім. Иса өзінің желдірмесін сол жылдары әнге арнап айтқан болатын. Осы желдірменің текстіне менің «Еңбек» деген өлеңімді лайық тауып, сол текспен микрофон алдында Иса бірінші рет, 1932 жылы, өзінің желдірмесін айтты. Иса туралы: оның ыстық қанды, ұшқырлығы, ерекше тапқырлығы, өзгеше қызық, алғыр характері жайында толық мәліметтер жазу — әдебиетшілердің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

1950 Айтпай Хангелдин.

ДОМБЫРАНЫҢ ЕРКЕСІ

Ертістің тұнығына жүзіп, өлең мен жырдың өріне құлаш сермеген, «Желдірмені» желдей үйірген, аса дарынды ақын Иса Байзақовтың туғанына елу жыл толып отыр. Исаны ел қадірлеп, халың қалаған ақын. Ол өле-өлгенше халықпен бірге жасады. Халықтың теңеусіз қасиетін таза жанымен, шын жүрегімен ұға білді.

Сондықтан да:
«Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды.
Халықтың қасиетін жанмен ұққан,

Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды»,—
деп жырлады Иса.

Нәзік жанды, тәкаппар үнді Иса ақын өзінің халқына «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Кавказ», «Он бір күн, он бір түн» сияқты дастандарымен, «Желдірме», «Наз қоңыр», «Алатау», «Екпін» сияқты асқақты әндерін сыйлыққа тартты. Өр Кавказ, тәкаппар Саян туралы жырдан маржан тізді. Кеше, кілегей бұлт торлап, соғыс апаты ел басына қаратүнек кесепатын төндіргенде, Иса ақын фашизмді мірдің оғындай ызалы жырымен аяусыз түйреді. Үгітші ақын, дабылшы ақын деген қасиетті атақты ту қылып ұстады. Халық дегенде ол өнерін іркіп, жігерін тежеп қалған ақын емес. Байтақ елдің тауын да, тасын да, орманын да аралай отырып, күн сәулесі халықтың шұғыласына бөлене елдің бақытты тұрмысынан нәр алды.

«Мен айтсам тау да, тас та, орман да өлең,
Бәрін де ой толғанса айтып берем,
Дүниеде мен білмейтін бір нәрсе бар:
Соны ғана білмеймін — қай күні өлем»,—

деп толғанды, Иса.

Сөйтіп, ол асқақты ән, тасқынды үнімен жұртты сүйіндірді. Топты көргенде шығандай тартып, үздік шығатын тұлпардай қызатын Исаның дәл бойына тән ерекше қасиеті болатын. Ол өлеңді таудан құлаған көшкіндей тулатып, жырды желдей есіп, «тағыны жегіп қайырған» ақын еді.

«Қарашы, қарағайдың еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра — екі шекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болды ғой серкесіне.

Толқынын топшымменен қақ айырып
Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.
Самғайын қанатымды жел үйіріп,
Қонғандай Оқжетпестің өркешіне»,—

дейді Иса.

Иә, Исаның өзі де ерке, домбырасы да ерке еді. Ел сүйген ерке жанды ақын еді. Өткір тілді, алғыр, зейінді, ұшқыр қиялды Иса марқұм өлеңнің өлкесіне жүзіп, домбыраның да еркесімен сырласа отырып, талай айтыс, талай шаршы топта жарып шыққан кең құлашты, алқапты, өрісті қияға сермейтін халың ақыны еді. Қазақ халқының ардақты азаматы, қадірменді ұлы, жез қанат балапаны еді. ...Әлі есімде Иса ауырып жатқанда, көңілін сұрау үшін жатқан пәтеріне бардым.

— Жақан!—деді Иса, — басын көтеріп, — мен осы сырқатымнан сауыға алмай олай-бұлай болып кетсем, сенің маған істеген жақсылығың: екі балама ақыл айта жүр. Ал, мен туралы бір нәрсе жазғың келсе, тақырыбың — «Халықтың қасиетін жанмен ұққан...» деген өлеңім болсын. Өйткені халық мені еркелетті. Халыққа мен де еркеледім,— деп қасында тұрған домбырасын алды да, он саусағы тоғыз пернені жорғалай басты. Исаның әсем үнді ерке домбырасы да жүректің қылын шертті.

Осы кездесуден аз уақыт өткеннен кейін, Иса ақынды ұзақ сапарға жөнелттік. Ол ең ақырғы рет көзін жұмып, мәңгі қоштасқанша жүрегі — халықтың, серігі — домбыра, үні де, тілі де — өлең мен жыр болды.

«Өлермін өлеңдетіп, өлгенде де,
Тартынбан әзірейілді көргенде де,
«Мен кетсем, сіз қаласыз» деп жырлармын,
Денемді топырақпен көмгенде де!» —

деп татар халқының ұлы ақыны, классигі Ғабдолла Тоқай айтқандай, Иса ақын өлгенше жырлап өтті. Ол ұлы көсем Ленин мен ...социализм дүниесін өзінің атақты әнімен шырқай салды. Заманымыздың айыр көмей, орақ тілді жыршысы болды. Иса арамыздан кетсе де, оның асау «Желдірмесінің» тасқынды үні әлі құлағымызда, ерке домбырасы әлі көз алдымызда. Сондықтан да, Исаны халық ұмытпайды, оның қаламдастары біз де әруақытта еске тұтамыз.

1950 Жақан Сыздықов.

ИСА АҚЫНМЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі. Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл Қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың, жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол не? — Ол мынау: Абай тойында ақын-жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді;.ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты, ол неге келіп отырмайды орнына... Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «Желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ақын жанның салютіндей жарқылдатып, асыл жырды аспандата атпас па?.. Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты, бұл тойға. Неткен арсыз хабар. Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да, өлеңнің өткел бермес, теңізін екпінді желдей «Желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де, сол Исаның бойында "мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырай, сондай қуатты өмірді, сүмелек ауру басынғаны не сұмдық!? «Иса келіпті»,— деді бір жолдас. Қуанғанымнан: «Иса! Иса! Иса!» дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда – баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Ендім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте Исаға маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кеткендей болдым. Даусы ақырын ғана шығып, «Қарағым, Қасымым» деді де, қалт-қалт еткен қолын соза берді. Менің ыстың шеңгеліммен, оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.

— Отыр, қарағым, — деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстінде отырды.

— Аман-есен қайтқаныңды есіткем. Бәрін де есіткем. Қайырлы болсын, үй болыпсың.

Ол менен қандай өлең жазғандығымды, ағайын-туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді...

— Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиді жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып. алсын, — деп. Тегі мені «өледі» деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін!— деді Иса.

* * * Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Исаға Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адамдармен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарласа жатқан домбырасын алды да «Желдірмені» ойнап, бірден қосылып кетті. Амал не, дауысы сәл-сәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр. Бұдан соң жазушылар ұйымында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екенін айтты. Ақыр соңында:

— Мен осы қанша өлмеймін десем де өлемін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, — деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:

— Иса аға, мен енді кетейін, — дедім. Қолын созды. Қолын алдым да шығып кеттім.

Осыдан біраз күн өткен соң Шахмет Хұсаинов, Ғабдол Сланов тағы бірнеше жолдастар болып сол институтқа барып, Исаның сүйегін алдық...

1950 Қасым Аманжолов.

ИСАМЕН АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІМ

Қайнаған базар, күнімен құмырсқаның илеуіндей жыбырлап шаң-тозаңы аспанға шығып, әлдеқалай құйын жүріп кетсе алай-түлей болады. Өйтпесіне шара жоқ. Жәрмеңкенің өзінен басқа үш бөлек мал базары бар: жылқы базары, қой базары, сиыр мен түйе базары. Жәрмеңкенің батыс жағында, тап ортасында биік төбесі бар қарасор, алды мидай дала, оңтүстігі Саржал, Тоқпан деген қоңыр тау, солтүстігі Қояндының биігі, күншығыс жағы Қызыл шоқымен Талдыны өрлей, айналасы жүз шақырымнан аса жерде жүн, тері-терсек тиелген арбалар. Сатуға әкелген малдан, кісені сылдыраған арқандаулы тұрған аттан ине шаншар бос жер болмайды деуге болады. Әлдеқалай күндіз базарда жүріп жолдасынан айырылып қалған адамдар, кешке қайтқанда қостарынан табысады... Сол жәрмеңкенің бір түні, бірсыпыра адамдар қызыл іңірден-ақ бір тәуір қымызшының үйін иемденгенбіз. Әншілер де, өнерпаздар да, күлдіргіштер де тәуір-ақ жиналып отыр еді. Оның үстіне сол жерге Майраны қонаққа шақырып әкеп, көпшіліктің ықыласпен ән тыңдап отырған бір кезі еді. Он сегіз баспалы гармоньды ырғай изеп, соза тартып, отты екі көзі ақықтай жарқылдап, Майра бір әнді сыңқылдай салып отырғанда, екі-үш кісі кіріп келді. Бұрын көрмеген адамдар. Әйткенмен, жат қонаққа орын беріп, ортаға алып отырыстық. Олар Майрамен таныс адамдай амандасты. Подностың үстіне кәрлен кеселер шығып, қымыз құйылып қонақтарға ұсынылып та қойды. Думан бұрынғыдан қыза берді. Өйткені қалжың, әзіл, біреуді-біреу қолға алып шақпа тілмен, қулық сөздер басталды. Кейінгі келген үш қонақтың біреуін сипаттап Зәрубай қу: ұзын бойлы, терең ойлы, түйенің кешкі көлеңкесіндей ербиген адам екен десе, Омар тұрып, — өзі әр ұлттан құралып жасалған ба, қалай түр-сипаты, әркімге ұқсайды екен,— деп, тағы бір жігіт тұрып,— тілі де қызық екен, ауыздығын шайнап тұрып кісінеген асау тай сияқты, — дейді. Әне біреу ешкі бас жігіттің көзін қарашы, кісіге қарағанда тесіп өте жаздайды. Өзі ойнақтап бір жерде отыра алмай отыр — деп, әрқайсысы осындай сөздерді естір-естіместеу қып айтып, қымызды жұта түсіп отырысты. Үйдің іші толған үстіне тола берді. Майрадан кейін кезек бойынша Қали «Аққұм», «Ғазіз», «Шама», «Алтыбасар», «Топай көк» міне, осындай алуан әндерді айтып жатты. Зәрубай, Омар тағы-тағылар өнерін көрсетіп жиылған елді де, сый қонақты да күлкіге батырып рақаттандырып жатыр. Бұл кезде төрде отырған қонақтың ішіндегі ешкі бас, өткір көзді жас жігіт күйіне келіп, бабына түскен бе, бүйрек қызыл шұбар қаршыға ойнақтап отыра алмай отыр еді. Қасындағы ұзын бойлы, жасы үлкен кісі, қарынан қысып, санынан нұқып, етігінен басып тоқтатып отырды.

— Майра, домбыраларыңызды қонаққа неге ұсынбайсыздар? Сіздер білмейсіздер, бұл — ақын Иса. Біздің Керекудікі — дегенде Исаның көзі ойнақтап, қолы домбыраға тиер-тиместен, шырқай айғайлап:

«Домбыра — екі шекті ішің қуыс,
Ызботтан сөзім шықсын уыс-уыс,
Майра апам домбыраны алып берді,
Исада түні бойы болмас тыныс», — деп ағыза жөнелді.

Түйдек-түйдек сөз деген кетіп жатыр. Арасында бағанағы әзілқой жігіттерді де шаншып-түйреп өтіп жатыр. Біреуге-біреу: «Аты — таныс ат. Осы Исаның жазғандары да бар-ды» десіп отыр. Тап сол айдың ішінде «Таң» журналы жәрмеңкеде көп сатылған. Соның ішінде Исаның «Алтай» атты поэмасы басылған екен.

— Ә, Байзақов Иса сен екенсің ғой! Естуіміз бар, шырағым,. көрмеген соң қайдан білейік. Жолдарыңыз болсын,— деп Исаға жұрт ықыластана түсті. Иса өзін де, қасындағыларын да жұртқа өлеңмен таныстырды. Сонан кейін:

«Жәрмеңкең құтты болсын Советский,
Сіздермен кез боп қалдым өң мен түстей,
Жынды Омар, Зәрубай мен Қалибекті
Ұмытпан мен де, сірә, жанар өшпей.

Қоянды қызыл тулы тұрған жайнап,
Неткен ел сейіл-серуен салған ойнақ.
Ащы тіл, әдемі әзіл, сән-салтанат,
Шаттықпен гүлдей жайнап, отыр ойнап»,—

деп нөсерлетіп, екпіндетіп, нажағайдай жарқылдатып, желдірмемен ағызып өткенде, мұндай да ақын болады екен-ау, деп сүйсініп отырдым. Бір мен емес, талай адамдар мұндай ақынды құлақ естігенмен, көзіміз көрген жоқ, — десті. Шынында Исадай ақынның жоқ екені рас-ты. Анық ақынды бірінші көрген сияқты болдық.

— Ой, шіркін-ай!. Еліре шабатын ешкі бас екен ғой!

— Сөз бұлағы осындай-ақ болар!

— Сені тапқан анаңнан айналайын! — деген қошеметті алғыс үсті-үстіне үйіліп, қонақтарды қатты құрметтеп аттандыра бастады. Күн шыға пәтер-пәтеріне, қос-қостарына тарау үшін үйден шыққанда, үлкен ақбоз үйдің айналасы қаптаған кісі еді. Тарап бара жатқан жұрттың аузында да, таңертеңгі самал желдің ызыңы да «Иса, Иса»,— деп бара жатқандай болды.

Бұл 1925 жылы июнь айының іші еді...
1950 Қалибек Қуанышбаев.

АҚЫН ТУРАЛЫ ЕСІМДЕ ҚАЛҒАНДАР

Мен Исаны ең алғаш 1928 жылы көрдім. Онда менің де өлеңді жаңа бастап айтып жүрген жас кезім еді. Иса Алматыдан біздің елге келді. Ол келісімен-ақ елдің адамдарымен іле-ақ танысып, үйренісіп кетті. Еліміздің салтында айтысты өте мадақтайды; осы әдетпен екеумізді айтыстырмақ болды. Мен Исаның алдында өлең бастап, онымен айтысуға батылым бармады. Өйткені, ол менің ақындығымды байқағысы келіп, әр түрлі тақырып беріп, «өлең етіп шығаршы»,— деді. Мен Исаның берген тақырыбына, жауап ретінде әлім келгенше айттым. Оған Иса қанағаттанбады, «көргенің, ақындық үлгің аз екен» деп сын айтты. Сонан кейін "Алатаудың жаратылысын, оның табиғи байлығын айтқанда, ол сүйсініп тыңдады. Осы ауылда отырғанда, Жанақ деген елдің адамдары Исаны естіп, хат жазып қонаққа шақырыпты. Иса екеуміз сонда бардық. Барған аулымыздың иесі өркөкіректікпен аты шыққан адам еді. Барған бетте ауыл иесі де, көпшілік те құрметтеп қарсы алды. Дайындаған үйлері бар екен, өлең тыңдаушылар да көп жиналыпты. Сонан әңгіме мәжіліс басталды. Иса өзіне өлең айтыңыз деген елге «нені айтайын, қалаңыздар!» дегенде, жұрт тоқталып, отырып қалды.

— Ендеше өзім айтып берейін — деп, дүниенің құрылысын, күн мен жерді баяндап берді. Одан адам тарихына түсіп, бұрынғы дәуірді бір шарлап шықты. Отырған жұрттың ішінен:

— Бізге ақын «Рүстем — Дастан» жырын айтып берсе, — деген тілек болды.

Бұл тілек келіп, лепіріп отырған ақынға сынай айтылған, «білмесе осыны білмес, осымен бөгелтейік» — деген тілек еді. Иса «Рүстем» қиссасын арасын үзбей екі күн айтты да,— аяғына әлі жеткенім жоқ,— деді, таңданған көпшілік, тамашалап тыңдап: «Білмеймін дейтін нәрсең бола ма?»—деп сұрады Исадан. Сонда Иса:

«Мен айтсам — тау да, тас та, орман да өлең,
Бәрін де ой толғанса айтып берем,
Дүниеде мен білмейтін бір нәрсе бар:
Соны ғана білмеймін, қай күні өлем? »—

деп өзін суреттеп берді.

Осы ауылдың қасында, ағынды қара су болатын. Құс атамыз деп, Иса екеуміз соған бардық. Жұрт келе жатқанда өзеннің бойынан бір топ үйрек ұша жөнелді. Иса ат үстінен атып қалғанда, бір үйрек далбалақтап, қамыстың ішіне түсті. Үйректің алынуы қиын деп жүре бергенде, ауыл иесі өзінің өркөкірек мінезіне салып, киімін шешіп тастады да, суға малтып үйректі алып келді. Бұл кез күздің қарасуық уақыты еді, судың бетінде аздап мұз да қатқан болатын, өзінше осы суға түсуін батылдық санап: «Менің осы ерлігімді өлең етші» — дегенде Иса:

«Көз тіккенде мылтықтан оқ зу етті,
Оқ тиген үйрек жерге түсіп кетті,
Суды малтып, қамыстың түбін тінтіп,
Тазы ит құсап лып етіп алып жетті»,—

деді. Ақынның жұлып алғандай тауып айтқан сөзіне ол риза болып, қарқылдап күлді. Ертеңінде Иса аттанатын болып, ауыл иесі өзінің астындағы бурыл жорғасын ер-тоқыммен әкеліп сыйға ұсынды. Бұл сыйды, «Өлең сатып, мал жинағалы жүргенім жоқ» деп Иса алмады. Содан былай Исамен жан аяспас дос болып кеттім. Иса осы жолы мені қалаға ертіп келді де, театрға орналастырып, өз айналасында ұстады. Бұл 1932 жылы еді. Иса Алматыдан үй ішімен көшіп Қарағандыға қызметке барды. Онда да Иса мені ертіп әкетті. 1934 жылы Иса Семейге кететін болғандықтан, мен Алматыға кеттім. 1937 жылы Исаның әйелі Шәрбану қайтыс болып, Иса Алматыға келді де, біздің ауылға барып тұрды. Иса біздің үйде жатқанда, бір күні Жәкең келді. Жәкең үйге жайланып отырғаннан кейін:

— Уа, Жәке, көпті көрдің, достық кімде,

Шіркін, жоқтық, жігітке кір келтірме,
Отым өшкен, түтінім Саяділдің.
Мұржасынан будақтап ұшқан бірге.
Адамшылық арға кеп жұғады екен,

Іштегі іске аса алмай жатқан кірне.
Өз үйім жоқ, керосин қатқан күні,
Сонда қонақ боласың біздің үйге,—
деп Иса әзілдей өлең айтты.

Жәкең, Исаны маңдайынан оң қолымен сипап, «шіркін, тентегім» деп бетінен сүйді.

Иса жаз болса біздің үйде, күз жетсе-ақ Алматыға қайтатын болды. Иса марқұм 1937-38 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Одан да гөрі үнемі араласып, бірге болдық. 1939 жылы ССРО Жоғарғы Советінің президиумы бір топ ақындармен бірге мені де, Исаны да наградтады. Осындай елеулі өмір кезеңдерін Исамен бірге өткіздік.

1950 Саяділ Керімбеков.

ИСАМЕН БІРГЕ БОЛҒАН ШАҚ

1923 жылы август айында қазақ институтына оқуға келдім. Институт ол уақытта Орынбор қаласында болатын. Осы институтта Исамен таныстым. Оқуға келген соң-ақ драма үйірмесін ұйымдастырып, ойын-сауыққа ептейлі жігіттердің басын қостың. Бұл үйірмеде Иса да бар еді. Осы үйірмеде Иса өзінің зор талантты екендігін көрсетті. Драма үйірмесінде жүргенде Исамен талайлар айтысты; бірақ біреуі де Исаға тең келіп, қатарласа алмады. Иса сахнаға шыға келгенде, оны жұрт сүйсініп қарсы алатын. Оған әр түрлі тақырып беріп, өлең айтқызатын; Иса берілген тақырыптардың бәріне, де іркілмей, саспай жауап беретін. Өз жасымда Исадай ақынды көргем жоқ. Ол кезде жұмысшы факультеті, совет-партия мектебі және басқа да оқу орындарында ойын-сауық үйірмелері болды. Бірақ бәрінен күштісі біздің институт еді. Біз ойын қоямыз дегенде, кеңсе қызметкерлері де келетін. Сол Исамен 1925 жылы Қызылордада қазақ театрын аштық. Бұл кездерде Иса бұрынғыдан да күшейді. Үлкен сахнаға шыққанда, жел қайықтай есіп жөнелетін. Сөйтіп, концерттің жартысын Иса алатын. Оның жасаған образы «Бәйбіше — тоқалда» күйеу жолдасы еді. Тағы бірнеше пьесаларда ойнаған рольдері өте жақсы болатын. Жаз айында 1926 жылы біздің театр Қызылордадан Алматы, Қарқараға қарай гастрольге шықты. Бізбен бірге Иса да, Әміре де болды. Қарқараға кетіп бара жатып, бір елге қондық. Иса ақынды көргесін ауыл адамдары: «Мұнда атақты ақын қыз бар, соны айтыстырамыз» — деп ақын қызды алдырды. Ол қызды Иса алты ауыз өлеңмен жеңді. Иса, Әміре дегендер театрдың афишасы болатын. Күн бұрын ел біліп отырады. Күндіз Иса мен Әмірені көреміз деп келгендер үйге сыймай кететін. 1931 жылы Исамен бірге Турксиб бойын аралап, Семей, Павлодарға қарай бардық. Бұл сапарда да Иса өзінің асқан шеберлігін көрсетті. Жол бойы Исаның өнеріне риза болмаған, оған алғыс айтпаған адам болған жоқ. Сол Исамен 1934 жылы опера театрына кеткенше бірге болдым. Концертке бірге шығып жүрдік. Менің айтып жүрген әндерімнің де сөздерін Иса жазған еді.

1950 Елубай Өмірзақов.

АҚЫН — АРТИСТ

1925 жылы 4 октябрь күні Қазақ автономиялық республикасының 5 жылдық тойына арнап, институт оқушыларының күшімен бір актілі пьеса қойып едік. Халық ағарту комиссариаты осы үйірмеге бұрыннан қатынасып келе жатқан Елубай Өмірзақов бастаған бір топ студенттерді келешек театрымыздың негізгі ұйтқысы — болашақ артистеріміз деп оқудан біржолата босатып алды. Артистік қызметіне бірыңғай бел буып шыққан біздерге, сол кездегі совет қызметкерлерінен бірсыпыра талапты қыз, жігіттер келіп қосылып үйірмеміз қалыпты театрға айналған болатын. Сол жылы декабрь айының аяқ шенінде Иса Байзақов та Ташкент қаласынан шақырумен театрға келді. Бұрын Исамен бірге оқыған, өте жақын таныстығымыз бар; алғаш көріскенімізде анадайдан құлаш жайып көрісіп, енді бірге болатынымызға қуанып қалдық. Әсіресе, көркемөнер майданында тағы да бірге болып ұзақ мезгіл еңбек етеміз деп бірімізді-біріміз сүйеніш, демеу көргендей, серік тапқандай болдық. Бұл кезде телеграмма арқылы шақыру бойынша Семейден атақты әнші Әміре Қашаубаев, Қарқаралыдан Қалибек Қуанышбаев, Қостанайдан Серке (Сералы) Қожамқұлов, Ташкенттен Құрманбек Жандарбеков және Әбен Мұхамедияровтар келіп, артистердің ұйтқысы топталып қалды. Сөйтіп 1926 жылғы 13 январь күні Қызылорда қаласында қазақтың ұлт театры тұңғыш рет ашылып еді. Орталықта бұл кезге дейін спектакльдер қойылып келген орыс драма театры да, кино көрсетіп жүретін клуб та бір үйде болатын, осы екеуінің үстіне біздің театр қосылды. Театрдың бұл ашылуында күрделі спектакльдер көрсетілмеді. Өйткені, оған арнап даярлаған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік — Кебек» пьесасының өзі тұтас көрсетілмей, жасау-жабдық, басқа да жағдайлар болмай, тек үшінші картинасы мен концерт, әдеби бөлімдер ғана қойылып жүрді. Театрдың тұңғыш рет дүниеге келу мерекесінде барлық концерттің ауыр салмағы Әміре мен Исаға түсті. Осыдан бастап олар өздерінің шын мәнінде талантты артистер екендіктерін көрсете білді. Қысқасы, бірі әнші, бірі ақын бұл екі өнерпаз өз тұсында, ойын-сауық, қызық думанның көркі болды. Иса Байзақовтың артистік өнер жолын бастамастан бұрын, алғаш оқу іздеп астанаға келгендегі бір жайды баян еткіміз келеді. 1922 жылдың күзі, октябрь айының бас кезінде Қазақ республикасының орталығы болған Орынбор қаласындағы қазақтың халық ағарту институтының кең клубында ойынға жиналған көп жұрттың бас қосқан ерекше бір кеші өткізілді. Осы ойын-сауық барысында ойын басқарушы өзімен бірге біреуді сахнаға қоса алып шықты. Танымаймыз. Бір жас жігіт, шалбарының балағын қонышына салып киген, аяғында қыры сынған қисық табан қара етігі бар. Үстіне жапсыра салған төрт қалталы, бітеу қайырма жағалы, жиі түймеленген, қоңыр түсті бешпент киген, түлкі пұшпағын мол қайырған қызыл тысты бөркі бар. Кең Маңдайлы, жар қабақтау, шұңғылша біткен өткір көзді, бүркіт мұрындау, қиылған қара мұрты бар, орта бойлы келген қызыл шырайлы жас жігіт сахнаға шықты. Ол оң қолын төсіне басып, көпке иіліп сыпайы түрде жайлап тәжім етті. Мұны ертіп шыққан ойын басқарушы көпке таныстыра келіп:

— Бұл жолдас Семей қаласынан осында оқу іздеп келгелі екі жетідей болып қалды. Өзі суырыпсалма ақын, қандай тема, сұраулар берсеңіз де соған қолма қол өлеңмен жауап бере алады. Қанеки, сұрақтарыңызды берулеріңізді сұраймын,— деп, өзі сахнадан қайта түсіп кетті.

Иса жалғыз тұрып қалды. Бұрын сахнаға шығып, самсаған жап-жарық электр лампаларының астында тұрып үйренбеген ақын, кең залдағы көздер өзіне қадала қарағаннан кейін, аздап именейін дегендей, бір орында тұра алмай қозғала бастады. Өйткені, отырған жұрттан тіл қатып, «не пәленді, не түгенді айтып беріңізші» деп ешкім жарып шыға қоймады. Сол кезде сахна шетінде тұрған рояльға көзі түсіп кеткен ақын: «Мынау тұрған күйсандық...» деп оны өлеңге қосып кетті. Сол айтылған өлеңді жазып ала қою дегенді кім ескерген, бұл не дер екен деп жұрт құлаққа ұрған танадай тына қалды... Ақын алдымен елін, туған жерін айтып, өзін таныстырып өтті. Жап-жаңа момақансып, тып-тыныш тұрған жас жігіт, жарқырап жанған оттың ыстың жалынындай, лаулап кеп біраз жерге барып қайтты да, бір кездерде, қызу шоққа ұқсап қып-қызыл боп жайнап, маңдай терін сұқ бармағымен сыпырып тастап, жүйрік ой, бай қиялымен тағы да самғай жөнелді. Осы сәтте о л дауылдата, құйындата келген нөсердей, бөгеті ағытылған тоғанның төңкеріліп құлай аққан, екпінді алып күші тәрізденді. Содан кейін топ ішінен біреу: «Мына жанып тұрған электр жарығын айтыңызшы», тағы бірі: «Жаңа құралған жас республикамызды суреттей айтыңызшы» деп сұрады. Иса бұл берілген сұрақ — темаларға іркілместен жауап беріп, әрқайсысына 10-15 минуттан тоқталып, өте жақсы көркем шығарма етіп суреттеп, саяси маңызын түсіндіре баяндап берді. Отырғандар залды басына көтере ду қол шапалақтаумен шын алғыстарын айтып, өте риза болғандығын білдірді, ақынның асқан шеберлігіне зор талантына бас игендей қатты құрмет көрсетті. Иса тек ақын ғана емес, домбырамен әнді де өте жақсы айтатын еді. Оның салған «Қызыл бидай», «Желдірмелерінің» әсем үн, серпінді ырғағы әлі күнге дейін естіген жұрттың құлағынан кетер емес. Міне, осыдан бастап ардақты Иса ақын сол күнгі үркердей ғана оқушылардың қадірлі сонаты, қымбатты досы болып кетті. Бұл Исаның оқушылармен ғана емес, бүкіл астана интеллигенциясымен де танысуы, өнер-білімнің ордасына алғаш басқан қадамы еді. Исаның бұл кездесуі, оның ақындық таудай талабының кең өріс алуына үлкен себеп болды. Сондықтан, ақынның есте қалатын елеулі күнін еріксіз еске түсіруімізге тура келді. Осыдан бастад Исаның аты ел аузына ілініп, қалың жұртшылыққа тарай бастады. Ол қараңғылықтың бұлтын серпіп тастап, білімге құлаш ұрды, ғылым мен өнерді аңсаған жастардың алдыңғы қатарында болды. Исаның айтып тауыса алмас адамгершілік бейнесі үнемі көз алдыңда тұрады. Исаның бір ерекшелігі ол ақжарқын, өте майда тілді, бауырмал еді. Жүрген жері думан, еріксіз өзіне ертіп кететін. Ол кек сақтамайтын, кең пейілді, қолы ашық, алды дарқан, жомарт жігіт еді. Біз жоғарыда Иса тек ақын ғана емес, әнші, домбырашы да деп едік қой. Иса көркемөнер майданына өзінің табиғи ақындық таланты мен халықтың музыкалық, әдеби мұраларын да ала келді. Ол әсіресе, өзге елдерден өзгешерек болған халқымыздың суырыпсалма, ақындық дәстүрін дамыта білді. Сонымен бірге қазақ өнерінің ірге тасын қаласқан саусақпен саналатын аз ғана артистер де Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов бастаған топ еді. Осы топта Исаның драма театрында жасаған образдары еріксіз еске түседі. О л «Еңлік — Кебекте» Жәуетей, Жомарт биді, «Бәйбіше — тоқалда» күйеу жолдасты, «Біржан мен Сарада» Біржан ролін, тағы басқа да көптеген рольдерде ойнап жүрді. Иса бұл кейіпкерлерді қатты ойланып-толғанып алып үлкен даярлықпен барып ойнайтын. Сондықтан да жұртшылық аңыз ететін. Иса адамның психологиялық ішкі сезіміндегі қайғы не қуаныш, не сүйіну, не күйіну сәттерін өте жақсы ашып беретін еді. Исаның жасаған үлкен образдарының бірі, өзі сахнаға лайықтап құрастырып, өңдеп жазған «Біржан мен Сара» пьесасындағы Біржан салдың образы. Біржан образын жасау Исаға сонша қиынға түскен жоқ. Қайта Табиғатынан талантты ақын Иса құлпырып, қарға аунаған Арқаның қызыл түлкісіндей жайнай түсті. Ойын барысында құлашты кең тастап, екпіндеп келгенде, ол бұрынғы айтып келген текстіне місе тұтпай тыңнан үйлестіріп сөз қосатын, жымын білдірмей, өз ролі етіп әрі қарай әкете беретін. Иса Біржанның мына өлеңін шырқағанда арқаланып кететін еді:

«Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Аулында Тұрысбектің өлер жері.

Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңлімнің тарқаушы еді сонда шері,
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын
Арғынның алтай-қарпық ақтанкері».

дей келе, ащы даусын қайтадан көтеріп ап:
«Уа, осы үйде Сара бар ма отыр нағып,
Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып.
Жел қобыз, жаз тағалы еңіреумен,

Қара тер шыққан сайын кетем ағып»,— деп құтыра соққан дауылдай дүрліктіре, думанмен сахнаға шыға келгенде, айналасындағы жұртты мысы басып кететін. Бұл спектакль бірер-ақ қойылғаннан кейін, әбден рольге еті үйреніп алған Иса, бір күні сахнада Сарамен айтысып отырып шабыты келіп қызара бөртіп, өз сөзімен бастырмалатып ала жөнелді, тоқтайды деген қайда! Кезекпен Сараға сөз беретін емес, аласұрып барады. Қасында Біржанның қосшылары боп отырған артистер етегінен басып, тоқта деп белгі берсе де, екіленіп, әбден делебесі қозып желігіп алған, өзі айтысып отырғандай бой беретін емес. Айналасындағы қаптап отырған артистер, суфлер «тоқта» деп қолымен ымдап, бүкіл ойынға қатысушылар боп түрлі белгілермен «ойбай, тоқта» дегендей әрекет жасап, әрең дегенде тоқтатып алғанымыз бар. Артынан әзілмен «неге бөлдіңдер ойымды, бекер тоқтаттыңдар мені, жаңа қызып келе жатыр едім» деп езу тартып жұмсақ қана күліп, домбырасының құлағын сыңғырлата бұрап, қатты-қатты қағып жіберді. Осындай орынды етіп бірнеше ауыз өлеңді ролінен тыс айтып қалғанына, жас баладай мәз болып, масайрап қалатын. Исаның бұл секілді қызғылықты, тапқырлық, оңтайлы мінездері көп кездесетін. Ол театрда тек артист қана емес, бүгінгі түсінігіміздегі әдеби бөлімнің меңгерушісі де еді. Өйткені, ол сол кездегі қойылатын қандай пьесаның болса да сөзін қырнау керек болса қолма-қол оған лайықты сөздерді ойлап таба қоятын. Сонымен бірге концерттегі тақпақ сөздердің де жұтаң тұстарын оларды ұйқасын келтіріп әрдайым түзеп отыратын. Өйткені, өлеңдердің сөздерін жамап-жасқай отырып, оның шыққан мезгілін айта келіп, ескі халық әндерін дәуіріне лайықты, саяси мазмұнын ескере отырып өңдеп, сол әндердің ырғағына келтіріп жаңа текст жазып беретін. Мысалы «Смет» әнінің мына өлеңін Иса жазған болатын:

«Алтайдың айналасы шөккен алтын,
Көркейткен іргесіне қонған халқын.
Бір кезде қоңсы қонған жарлы-жалшы,
Міне, бүгін еркіндеп басты қарқын.

Алтайдың кен шығады саласынан,
Биік құз, терең жартас арасынан.
Соққанда болат балға шүйдесінен
От шығады жарқылдап көк тасынан»,—

Бұған бір жағынан, сол кездегі жақсы артистеріміздің бірі, әйелі Шарбану да ықпал етіп: «Қолыңнан келгенді аяймысың, бәрібір өзіміз айтатын өлең, хор ғой, жазып бере сал, ертең біреу болмаса біреу пәленшенің еңбегі еді деп айта жүрер» — деп Исаны көтермелеп қоятын. Қысқасы Қазақстанда тұңғыш театр құрылғандағы естен қалғысыз нәрселер Әміренің әсем әні мен Исаның асыл сөзі еді. Көркемөнерде Исаның аты аталған жерде, Әміренің атын бөлек алып қарауға болмайды. Бұл екеуі де большевиктер партиясы бастаған мерейі үстем, жеңімпаз еліміздің бүгінгі идеология майданындағы артистерінің алдыңғы сапында болған өнерпаздар. Бұл екі талант, қайратты әндері мен сұлу сөздерін, гармоны мен домбырасын қару еткен жалынды жауынгерлер еді. Республикамыздың лек-лек өсіп келе жатқан артистер тобының ағасы болған Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың көркемөнерді өркендетудегі зор еңбегін халқымыз ешқашан ұмытпайды.

1950 Қапан Бадыров.

САХНА КӨРКІ

Иса Байзақовты мен бірінші рет 1933 жылы Алматыда көрдім. Сол жылы драма театрынан Жұмат Шанин бастаған бір топ артистер жеке музыкалы студия болып бөлініп шықты. Ол топтың ішінде Әміре, Қанабек, Күләш тағы басқаларымен бірге Иса да бар еді. Музыкалық студия Мұхтар Әуезовтың «Айман — Шолпан» деген музыкалық пьесасын сахнаға қойды. Сол музыкалық театр кейіннен опера театры болып құрылды. «Айман — Шолпанның» қойылуы қазақ музыка театрында үлкен бір жаңалық болды. Сол бір маусымның ішінде «Айман — Шолпан» 101 рет қойылды. Мен өзім премьерасында болдым. Алғашқы ойындарында Иса Байзақов та қатынасып, ақын Жантықтың ролінде ойнады. Оркестрге қосылмай-ақ осы операда домбырасымен бірінші рет «Желдірмесін» орындаған еді. Исаның театрға келгеніне халық қуанып ұзақ уақыт қол шапалақтады. Көрермендердің тілегіне орай ол қайта-қайта сахна төріне шығып еді. Исаның «Желдірмесі» халыққа кең тарап, Ғарифолла, Жүсіпбек тағы да басқа әншілер орындайтын болды. Исаның «Желдірмесін» біздің композиторларымыз өз шығармаларында да кеңінен қолданды. Мысалы, Брусиловскийдің Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне арнап жазған «Желдірме» деген симфониялық поэмасының желісі Исаның желдірмесіне құрылған. Исанікі дейтінім, Исадан бұрын бұл «Желдірмені» ешкім айтпап еді. Исаның өзі шығарғанына еш күмәнім жоқ. Оның әрі ақын, әрі композитор болуы осыдан. Ал Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм оттары» контатасында Исаның тағы бір «Желдірмесі» толық пайдаланылған. Театр жұмысына, концерттерге қатысып тұрса да Иса өзін ең алдымен ақынмын деп есептейтін. Бірақ Иса қазақ музыкасына едәуір үлес қосты. Ол көп әндерге сөз жазған. Иса басқа ақындардай емес, өлеңді бірден шығарып тастап жүре беретін. Сосын оран қол да қоймайтын. Міне, соның салдарынан көп әндері қазіргі күнге дейін халықтың әні делініп жүр.

Латиф Хамиди.
(үзінді)

Иса Байзақов домбырамен де айтады, домбырасыз да айтады. Иса өлеңді жазып та шығарады, жазбай да шығарады. Ол домбырасын тастамай жүріп оқып, рабфак бітірген, орта дәрежелі білім алған адам болатын. Иса даңқты ақын болу үстіне қазақ театрының алғашқы іргесін қалаушылардың бірі. Ол Қалибек, Серке, Елубай, Әмірелермен бірге қазақ сахнасының пердесін тұңғыш ашқан актер, әрі алуан спектакльдерде белгілі рольдер ойнаған. Осылай өнердің әр саласында бір көрініп, жалтылдап шыққан Иса, кейінірек өзінің туа біткен өнері — ақындық жолына бірыңғай түсіп кетті. Иса жастайынан жетімдік көріп, қаршадайынан жалшылық азабын тартып жүрген кезінде-ақ, домбырамен айтатын ақпа ақын болған. Сол тұстарда атақты Құдайберген ақынмен айтысты. Бірақ, Иса сол өзі айтысқан Құдайбергенді ұстазым деп санайтын.

«Сұрасаң менің атым Құдайберген,
Халқыма айтқан сөзім ұнай берген»,—

деп бастайтын Құдайберген ақын «желдірмемен» төккенде дауыл соққандай соғады екен. Иса атақты «Желдірмені» сол Құдайбергеннен алдым дейтін. Демек, Иса өзі ұстазым деген Құдайбергенді өмір бойы ұмытқан жоқ. Кейде тіпті асыңқырап та мақтайтын. Әйтсе де Исаның жыр айту, домбыраны әралуан ойнақы тарту манерасында Құдайберген стилі бар екені рас. Осыдан өзге Исаның айтысқа түскенін мен өз басым көрген емеспін (мен 1900 жылы туған Исаны 1925 жылдан білемін). Исаның ертерек кезде «Оқымаған ақынмен» айтысқа түскенін Мұхтар Әуезов күлкі ретінде айтатын. Оқыған Иса «Оқымаған ақынға» өлеңмен:

— Жер неге домалақ? Ол неге айналып тұрады?

— Электр шамы қалай жарық береді?

— Терезенің әйнегі неден жасалады? — деген сияқты сұраулар беретін көрінеді. Өмірде мұндай сұрақты естіп көрмеген «оқымаған ақын» тұра қашатын көрінеді. Бірақ Иса осыған қарамастан (айтысқа көп түспегеніне қарамастан) асқан импровизатор еді. Сондықтан онымен жарысқа түсуге көп ақындар беттемейтін.

Иса сахнаға әуелі домбырасымен шығып, алдымен «желдірмеге» басатын... Біз Исамен мәжілістес болған сайын, оның «желдірмемен» бастауын тілейтінбіз. Жүз естиік, мың естиік, бірақ «желдірмеден» жалыққан қазақты көрген емеспіз.

Ақын сахнаға шыққанда да залдағы жұрт бір ауыздан:

— Желдірме!

— Желдірме! — деп айқайлайтын.

Өйткені «желдірме» Иса айтқан сайын жаңғырып гүлденіп отыратын. Он бір буынмен айтылатын бүл сарындағы сұрапыл екпін жеті буынды жүйрік термеден де асып кететін. «Желдірме» жыр айтушыны сынау үшін, жаратылыстың өзі арнап жаратқан бір сұмдығы сияқты. Ол «желдірме» алдымен айтушыны өзімен сайысқа шақырады. Домбыра ұстаған жанның жүректілігімен қатар жігерін сынайды. Ол үшін оның өкпесін сығып, кеудесін жаншып көреді. Әуен жоғарылағанда биік шыңырауға тартып айтушының тынысын да қысып көреді. Мінеки, осындай сыннан өткендерді ғана «желдірме» құдіретті қанатымен көтеріп, даңқтар мұнарасына шығаратын. «Желдірме» сынынан Құдайберген өтіпті деп есітеміз. Ал, «Желдірме» сынынан Иса айтқан сайын жарқылдап өтетін. Ел сол үшін қуанып қол соғатын. Одан өзге «желдірмені» ел қызыққандай желдіртіп айтқан бір жанды көрген емеспіз. Иса осыдан кейін сахнаға домбырасыз шығатын. Күңгірт залдан жап-жарық сахнаға қараймыз. Алдымызда орта бойлы, бұйра шашты, екі көзінен шоқ шашыраған, енді ұшуға қомданған қаршығадай Иса тұрады. Көнелеу болса да бүгінгі күннің костюмін киіп, галстугін таққан Исаны қазақ ұғымындағы «халық ақынына» ұсатуға болмайды.

— Міне, енді тағы да алдарыңыздамын, — дейді Иса театр толы халыққа жымия қарап.

— Не бұйырасыздар, қандай тақырыпқа айт дейсіздер?— дейді.

Сонда:

— Қыздың сұлулығын айт!

— Еркектің ерлігін айт!

— Қазаққа революцияның не бергенін жырла! — деген дауыстар жамырай естіліп жатады.

Иса қолын көтеріп, жұртты тыншуға шақырады. Содан кейін сәл түйсініп алады да бастап кетеді, Осындай, әркім атаған тақырыпқа табанда шығарған өлеңдерін ақын, кейін қағазға түсіріп газеттерде жариялағанын, жинақтарына қосқанын білеміз. Исаның осы сипатты импровизаторлығы (сахнада тұрып, жұрттың тапсырмасын тақпақтап орындайтындығы) өзгелердің біріне де ұқсамайтын. Исаның «Он бір күн, он бір түн» деген поэмасы да алдымен импровизациялық түрінде айтылды. Атақты үш ұшқыш әйелдің ерлік сапары аяқталған күндері еді. Қазақстан Жазушылар одағында облыстан келген халық ақындарының қызықты бір кеші өтті. Оған Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты жазушылар да қатысты. Ақындар өзара қағысып, жыр қазаны қайнай бастаған тұста, кезек Исаға тигені. Ол тағы да өзін «Желдірмемен» қыздырып алған соң, қаумалап отырған достарына қарап әдеті бойынша жымиды да:

— Не айт дейсіңдер? — деді.

— Кеңес өкіметінің үш қанатты қызының он бір күн, он бір түн қонбай, батыстан шығысқа ұшқанын айт!—деді Сәбит.

— Сәбит! Мені қиынға айдағың келген екен, жарайды, — деп Иса күле жауап берді. Аттың артқы айылы қаттырақ тартылғандай, домбыра да қаттырақ бұралды. Қыздар жорығы табанда дастанға айналып жырланды. Біз ақынға ілесуге, шама жеткенше жазып алуға тырыстың. Соның нәтижесінде бір түнде думан үстінде туған жыр кейін Исаның кітаптарына поэма болып кірді.

«Сүйінбай айтыс үстінде Саурықты, Жамбыл Сұраншы батырды жырлапты», — деп есітеміз, Ал Исаның табанда жырлап, дастан тудырғанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Бұл да Исаның өзге тұстастарына ұқсамайтын сипаты еді. 1939 жылы жаздың басында Киевте Тарас Шевченконың 125 жылдығы тойланды. Жылдың әдемі мезгіліндегі өткен бұл ғажап той бүгінге дейін ұмытылмайды. Ұлы Украина ақынына одақтың және Украина Жазушылары одағының бірлескен салтанатты пленумдары арналды. Онда Горькийден кейінгі совет әдебиеті классиктерінің бар кезі болатын, ең қартымыз А. Серафимович, Ф. Гладковтардан бастап А. Толстой, М. Шолохов, А. Фадеев, Н. Тихонов, Н. Асеевтер түгел барды. Салтанатты мәжіліс Днепр жағасындағы Украин ССР Жоғарғы Советінің сәулетті, күмбезді сарайында ашылды. Президиумда жоғарғы аталған даңқты жазушылар түгел отыр. Ақын тойы бүкіл совет халықтарының мейрамына айналды. Шевченконың қалың бір томдығын қазақша шығарып барған біз де жұрт қатарлы 122 көзге түстік. Тарас Шевченко біздің елде болғанда қазаққа арналған жырлары туралы қосымша баяндама жасадық.

Бір күннен кейін жиналыс басқарушы жолдас:

— Сөз Украина кобзарьларына беріледі, — деді.

Көзі жоқ екі жігітті сегіз шекті дөңгелек қобыздарымен біреу жиын алдына жетелеп шықты. Дуылдаған дауыс үй шайқағандай. Біздің көзімізге Шевченко заманының бір кесегі көрінгендей болып кетті. Әрине бұл екі кобзарь ұзын жолдың шаңымен бірге ығып бара жатқан қайыршылар емес. Әйтсе де екі көзсіз мүсәпірдің қатар тұрғаны бір түрлі жанымызды күйзелтіп жіберді. Қобыздарын бірге тартып, оған бірге үн қосып машықтанған жас кобзарьлардың саусақтары қимылдағаннан-ақ әсем, сырлы күй сыңғырлап жөнелді. Кейде тамылжып тұрған көркем әуенге араласа мұң естіледі. Екі жас ұлы ақынның бір бәйітін бір қоңыр дауыспен құйқылжыта бастады... Мен дір етіп домбыра үні шыққан жаққа қарадым. Бірінші қатарда отырған Иса тіпті өзіне ұсамайды. Қаны қашқан, сұп-сұр ол көзі жасаурап, ана дөңгелек қобыздар үніне сай домбырасын бұрай бастаған екен, лезде қос ішекті баптап алды да, мына кобзарьлар тұрған мінбеге беттей берді. Жұрт ду қол соқты да, шапшаң тыйыла қалды. Иса домбырасын бандураша шалған бетімен екі жастық қатарына жетіп барды. Мен кобзарьлар жырын да анық естімеген едім, оларға қазақша қосылып, безілдете бастаған Иса өлеңін де анық естігем жоқ. Дәл сол мезетте олардың қандай сөз айтқандарын естудің қажеті де болған жоқ. Қазақ ақынының асқан сезімталдығы мынандай зиялылар тобын сілтідей тындырды, естерінен тандырды. «Ғажап», «Ғажайып» деген сыбырлар ғана естіледі. Адамдар жүрегін қақ жарып туған құдіретті өнер лезде кептеген жерде бір ұлы оқиғаға айналды. Мынау үшеу жер басып келген адамдар емес, жаңа ғана ақ қанаттарын жайып көктен түскен періште секілді. Олар ғайыптың хабарын әнмен айтып тұрған сәуегейлер секілді, бүгіннен бастап адамзат тілмен сөйлесуден тыйылып, тек әнмен түсінетін болған секілді. Ауыз біткен ашылып қапты. Көз атаулы ыстық бұлаумен тұманданған. Мен өзімді өзім ұстай алмай, еріксіз өксіп қалдым. Мен Иса қуатынан алған осы әсерімді елге қайтқан соң талай адамға айттым. Кейінірек Москвадан көшіп келген достарға да айттым. Әсіресе, Виктор Шкловский мен Григорий Рошаль таң-тамаша қалып тыңдады. Осы екеуі менімен кездескен сайын, импровизаторды қашан көрсетесің деп тынбай сұрайтын-ды. Бірақ Иса көпке дейін қолға түспей қойды. Сол күнге дейін, жасы қырықтан асқанша Алматыдан баспана алып үлгірмеген ақын, көбінесе ел аралауға кететін. Ал соғыс жылдары ол біздің (Жазушылар одағын айтамын) ең мықты үгітшімізге айналды. «Желдірмесінен» кейін оның майдан жайында табанда төгіп шығарған өлеңдері қанды соғыстан жақсы хабар күткен елді қатты сергітеді. Ақын жырымен жылағанды жұбатады, шаршағанға дем береді. Сол сапарларда қанша поэмалар табанда айтылып, жазылмай қалғанын кім білсін... Мен қазақ мінезін көрсетіп, әйелімнің ұл туғанын мерекелемек болдым. Қуанышыма өзіміздің қазақ достардан Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Құрманбек Жандарбековтерді шақырдым. А л москвалықтардан Г. Рошаль, оның әйелі — белгілі кинорежиссер Вера Павловна Строева, әдебиетші Виктор Шкловский, біздің бір бөлмемізде тұратын досымыз жазушы Лина Львовна Войтоловская, тағы басқалар шақырылды. Шілдеханамыз 9 июньде өтетін болды... Ал жетінші июньде оңтүстіктен оралған Иса Байзақов телефон соқты.

— Әбділда, мені іздегенің рас па? Келдім сағынсаң, — деді күліп.

— Қазір жетіңіз, ағатай, үйде күтемін,— деп мен қуанғанымды жасырмадым.

— Ассалаумаликум, Айеке! — деді Иса.

«Тума бауы берік болсын,
Әбділдәңа серік болсын
Оны азсынсаң, Айеке,
Келінің тағы жерік болсын»,—

деп сыртқы есікті ашқан апамды құшақтап көрісті.

Күнге, шаңға тотыққан Иса бұрынғысынан да ысыла түскендей екен. Сусындап болғанша мен оған іздеген себебімді айтып та үлгірдім.

— Енді шілдехана өткенше үйден шығармаймын, — дедім.

— Шығармасаң тіпті жақсы. Мен де ұйқымды қандырып алайын, — деп Иса шапшаң көнді.

Сол күні екеуміз моншаға түсіп қайттық. Содан кейін Исекең біздің үйден шыққан жоқ. Екі күн, екі түн тыныққан сақал-мұртын қағып, таза киінген ақын, беті албырап, көзі жанып кетті. Осы мезгілдің ішінде оның домбырасы да тыныққан тәрізді еді, мен жұмыстан қайтқан сайын қос ішектің құдіреттене түскенін сеземін.

— Тамаша ғой, аға, домбыраң,— десем:

— Тақымым тисе ала қашқалы тұр,— деп о да қызу жауап берді. Расында да «ала қашардай», шыбынның қанаты тисе ішектері сөйлеп кеткелі тұр.

Қонақтар аталған сағаттан кешікпей түгел жиналып қалды. Бәрі жайғасып отырып болған соң мен түпкі бөлменің есігін айқара ашып:

— Импровизатор, Иса ақынға құрметті,— дедім.

Атыла шыққан Иса кілт кідіріп, қонақтарға бас иді. Отырғандар да бір кісідей тұрып, ақынға құрмет көрсетті. Бұрын сырттай құмартқан импровизатор деген сөздің өзін тәңірінің атындай сыйлайтын орыс достарым, ақынның сырт көрінісін де тамашалап қапты. Ойлағандарын жасырмай айтатын өңшең шабыт иелері ақынға қызыға қарап тұр.

— Адам емес қыранға ұқсайды.

— Шабыт бейнесі осылай көрінуі керек!

— Мен Пушкин жазған импровизаторды көріп тұрғандаймын, — десті олар.

Біз дәмге кірістік.

— Біз қымбатты ақынға өзіміз тақырып беріп тыңдағымыз келеді. Иса жолдас оған қалай қарар екен?—деді Рошаль, ақын шай ұрттауға кідірген кезінде.

— Пожалуйста,— деп Иса өзі орысша жауап берді.

— Онда менің тақырыбымды қабылдаңыз,— деді Вера Павловна, ақынға барынша нұрлана және сүйсіне қарап.

Иса да орнынан тұрып көрікті әйелге бас иіп ырзалық етті.
Вера Павловна қайта сөйледі:

— Пушкиннің «Египет түндерінде» атақты сұлу және асқан ақылды деп санаған әйел патша өзіне ғашықтарға ұлы мәжіліс үстінде тіл қатыпты:

— Маған ғашықпын деушілер көп-ақ. Ондай ғашықтарға қоятын шартым бар.

Түнде құшағымда болып ләззат алғандар таң ата басымен қоштасады. Осындай саудаға ырза қайсыңыз барсыз десе, қалың топтың ішінен даңқты қолбасшы үш батыр «ырзамыз!» деп бірінен соң бірі шығыпты. Бір кешкі ләззат үшін өлімге бастарын байлапты. Сонда осы ұлы патша атанған сұлу Клеопатра қандай әйел?

— Түсіндің бе, Иса?— деп Мұхаң ақынға кеудесімен түгел бұрылды, — өзі ақылды патша бола тұра сүйікті қолбасыларына бұзық шарт қойғаны қалай? Соны ойланғайсың.

— Жарайды,— деді Иса жалғыз сөзбен. Содан соң Вера Павловнаға саусақтарын көрсетіп: «Минут пять», — деді.

Орнынан тұрып кеткен Иса домбыраны әр-алуан бұрап терезенің алдына барды, сырттан баққан кісіге, ол қазір келетін біреуді күтіп тұрған сияқты. Мен шетте отырғанымды пайдаланып, еңкейіңкіреп ақынның қырын тұрған бейнесіне қарадым. Маңдайының жіңішке әжімдерін көтеріңкіреп, көздері де кішірейген секілді, тіпті алысқа қарайды, әлденелерді анық көре алмай тұрғандай үңілді. Қиналып тұр ғой, айта алмай қалар ма екен?.. деген күдікпен сескене бастағандаймын. Расында да тапсырылған тақырып ақынның әдеттегі айтып жүргендерінен тіпті шалғай. Ол бұл жолы Пушкин тақырыбымен және ұлы ақынның аса білгір және жүйрік оқушыларымен кездесіп отыр. Тым болмаса Клеопатра туралы жалпы сөзбен болса да дидактикалық бірдеңе айтса жарар еді,— деймін ішімнен.

— Ұлы ақындық шабыттың бес минуты үшін, — деп Григорий Львович сыбырлап қана бокалын кетерді.

— Иә, сәтін түсіре гөр,— деп мен іштен күбірлеп тартып жібердім.

— Таптым, жолдастар! —деді Иса қуана бұрылып, жаңа ғана тозаң басқандай сұрланған жүзі алқызыл тартып, екі бетінің ұшында қан лыпылдайды. Ұсақ әжімдерден түк қалмапты. — Құйыңдар, мен де ішемін бес минут үшін! — Мен стаканды жартылай толтырдым. Отырғандар бір кісідей ұшып тұрып ақынмен бокалдарын соғыстырды.

Иса домбырасын шындап бұрай бастады. Табанда айтылған ақын жырын барлық ынта-ықыласымызбен тыңдадық. Ол жерде барынша зерек тыңдау, бір сөзін жібермей ұғыну, әсіресе, Мұхаң екеумізге қажет болды. Өйткені, қазақша білмейтін достарға оны орысшалау ақын поэзиясының ұтымды қырларын, жұқа, нәзік жерлерін аңғарту біздің міндетіміз еді. Сондықтан Иса «Ә!» деп бастағаннан біз зейінімізді салдық. «Таптым!» дегені рас екен. Иса өзінің бұрыннан естіп, осыны жазсам деп, ойланып-толғанып жүрген жырындай төкті. Әншейінде кібіртіктеп, ыңылдап бастайтын Мұхаң да бұл жолы ағыл-тегіл орысшалады: ол жырдағы ақын суреттеген адам мүсіндерін айнытпай айтады. Сөздердің екпін-лептерін аңғартады. Әлде қандай нәзік елестейтін бояу, дыбыстарды, ишараттарды жеткізуге тырысады. Бәріміз бір кісідей тұрып Исаға да, оның жырын осыншалық әсем аударған Мұхтарға да қошамет көрсеттік. Жазып алуға үлгірмегенімді жаңа ғана ескерттім. Шынында да ол мүмкін емес еді. Бірақ сондағы Иса даусы, Мұхаңның шабытпен орысша баяндаған үні менің құлағымнан әлі кеткен жоқ. Сондағы барлық естігендерім бүгін де көкейімде түгел сақтаулы сияқты. Ендеше Иса былай жырлады деуіме әбден сияды:

«Ду-думан ұлы патша ордасында,
Болмаған ондай жиын сол ғасырда.
Жинаған батырларын, ақындарын
Қалдырмай жортағын да, жорғасын да.

Ортада күндей жарық патша қатын,
Жұрт сүйіп Клеопатра қойған атын.
Көк теңіз, қызыл теңіз жағасында
Асырған бар патшадан салтанатын.

Өзі жас, кең маңдайы ақ сәулелі,
Ақылды ән-жырға бай, асқан сері,
Қол бастап, жауын жеңіп қайтқаннан соң
Осылай жинайды екен туған елін.

Сұлуға сұңғыланың бәрі құмар,
Мұндайда жарқ етуден кім тартынар?
Жас сұлу бірімізді жар етер деп,
Ерлердің күні туды бағын сынар.

Талайлар ғашықтығын айтқан бұрын,
Батырлар, ақындар да шаққан мұңын.
Сұлудан біріне де жауап болмай,
Бәрі де амалсыздан күтті ақырын.

Айтармын өзім бір күн жинап елді,
Деп берген уағданың күні келді.

— О, халқым,— деп падиша сөз бастады,

Үстінен алтын тақтың тұрып енді.
Елім бай, патшалығым асқан мықты,
Тойтардым сырттан келген қастандықты.
Жеріме жасын атқан өрт майданда

Жауымды батырларым айдап шықты.
Алдында тұрмын, міне, қалың топтың,
Жарқырап шам-шырағы жақсы үміттің.
«Жарым бол жан берісер» деушілер көп,

Ішінде бас құраған осы жұрттың.
Тілері бәрінің де махаббатым,
Демеймін бірін алыс, бірін жақын.
Қымбатқа құшағымды ұсынамын —

Кім, кәне, тартынбастан төлейді ақын?
Көнгенді жар етемін жалғыз-ақ түн,
Түн бойы берілемін соған бүтін.
Күн шыға басын кесіп жоғалтамын

Айтыңдар соған көніп, шығатын кім?
Лезде ашып тастап көңілін мұңнан,

— Мен!— деді кәрі батыр, тұрды орнынан.

Тартынып тар кезеңде көргенім жоқ,
Бүгін де айнымаймын өз жолымнан.
Көп көрдім, өмір үшін көп соғыстым,
Ұрандап қан майданға талай түстім.

Көк семсер — кекті болат қында жатыр,
Қызығын көріп болдым қайран күштің.
Ырзамын өміріме көп жасаған,
Қимайды қу тірлікті итжанды адам.

Ең соңғы ләззәтімді татып өлем —
Қойныңды аш, сұлу патшам, енді маған.
Майданда орнататын заман ақыр

— Мен! — деді атып тұрып, ең жас батыр.

Лап етсе кең дүниені күйдіргендей
Ішімде ғашықтықтың оты жатыр.
Қайралған жүзіндеймін ақ семсердің,
Алыссам басын алдым талай ердің.

Жауыма жағаласқан салдым әлек,
Намысын жібермедім туған елдің.
Ғашықпын, арманым жоқ сенен басқа,
Қыранмын қиналмаймын түссем тасқа.

Жас жанды құшағыңа ал, құрбанға шал,
Кеттім деп өкінбеймін қыршын жаста.
Аруағын лирасымен шақыртатын —

— Мен! — деді, тұрды орнынан батыл ақын.

Ішімде лапылдаған жатыр жалын —
Жарылса жанар таудай атылатын.
Қосылып алтын лирам сұңқылдаған,
Жан едім жар іздеуден бір тынбаған.

Ғашықтық құмарлығын жырладың деп
Ақын деп атаң берген жұртым маған.
Сүймесем, сені патшам, күйіп өлем,
Одан да сені бір түн сүйіп өлем.

Алдында бас идірді, қол қусыртты,
Құдіретті кеудемдегі құйын өлең.
Ұсайтын түнде сұлу жанған шамға
Жарқ етіп, жалт қарады үш адамға.

Еңкейіп алдарында иді басын,
Содан соң сөз бастады жиын жанға.

— Айтып ем сынайын деп ғашықтарды,

Көп ғашық көріне алмай қашып қалды.
Қатал сын қандай жеңіл ашып берді,
Мені оңай құшпақ болып асыққанды.
Ырзамын үш досыма жаннан кешкен,

Ант етем — ерліктерің қалмайды естен.
Жарым деп біреуіңді атаймын да,
Қалдырмай естіртемін ертең кештен.
Деп сұлу жұртқа салды көзін тікеп,

Ғашықты талай жалған алды бүктеп.
Қуанып келер кешті күтті халық
Үшеудің кімі алса да әділдік деп».
Әбділда Тәжібаев

СҰЛУЛЫҚТЫ, ӨРШІЛДІКТІ ЖЫРЛАҒАН

Иса ақын десе бала шағымнан елең ете түсетінмін. Иса ақынның есімі біздің Ертіс айналасында сонау жиырмасыншы жылдардың басынан-ақ ерекше бір даңқпен, ынтық лебізбен дуылдай ескен еді. Әке-шешеден ерте айрылып, жастайынан жетімдік, жалшылық азабын шеккен Иса бала кезінен тапқыр, ділмәр болып өссе керек. Халқының асыл сөз мұрасына құмар бұл зерделі бала өлеңге, домбыраға жастайынан-ақ машықталып, жиын-тойларда екілене өлең айтып, құйқылжыта ән шырқап ауыл-аймағын тамсандыра бастайды. Исаның ақындық сипаты, өлеңді қапелімде шығарып өзінше шеберлікпен, артистік машықпен айтуы Ертіс бойына аңыз болып тарады.

«Қарашы, домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра екі шекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болдың ғой серкесіне».

Иса ақынға сырттай еліктеген біздер, сол тұстағы жас өрімдер бұл өлеңді қосыла шырқаушы едік. Аты әйгілі Иса ақынды мен 1921 жылдың октябрь айында көрдім. Осы жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасының бір жасқа толуына байланысты Ертіс жағасында зор мереке өткізілді. Бұл жиынға Ертіс атырабының шартарабынан халың қаптай жиналды. Мерекеге, әкемнің қасына еріп, сонау Тәттімбет жазығынан сегіз жастағы бала Қалижан — мен де келдім. Бұл ұлы тойға Иса ақын қатысады деген дулы лепес ел құлағына ерте шалынған еді. Расында да осы мерекенің қыздырма көрігі, жарқылдаған жұлдызы — Иса Байзақов болды. Шаршы топтың дәл ортасында құлашын, домбырасын қыранның қанатындай сермеп, ексімдеп өлеңдетіп отырған ақынның қасына жету де қиын еді. Ақан серімен бір кезде айтысқа түскен менің әкем Нұрғожа осы Иса ақынмен де бір тұста қағысып қалғаны бар, кейін екеуі бірі — аға, бірі — іні болып татуласып кеткен-ді. Бұл өңірге аты мәлім әкем қалың жиынды жарып өтіп, Исаның дәл қасына барып отырды. Мен де әкеме жабысып сол араға жетсем керек. Әлі күнге есімде — Иса ақын, (сол жылы жасы жиырма бірдегі балаң жігіт екен-ау) үстінде қара костюмі, тебіндеген мұрты бар, көзі өткір, құлпырған қалпында өңін жүз құбылтып, екіленіп өлең шырқап отыр екен. Ұлы Октябрьді, Ұлы Ленинді, қазақ халқының еркіндігін, бақытын асқақтай бір жырлап өтті білем. Содан кейін Исаны естіп білген өлеңшіл қызба жұрт — ақынды пай-пайлап мадақтап алып, оған қолма-қол тақырып жаудырды. Иса, кейбір өлеңші-жыршылардай домбырасын бұрап, күйлендіріп жатпады, бірден, қапелімде тапсырма тақырыптарды жұлқына жырлай жөнелді. Менің өлеңқұмар бала қиялыма Иса ақын сол кезден бастап өлең деген қасиетті өнердің саңқылдаған қыраны, тұяғы от шашқан тұлпары болып дүмбірледі. Иса Байзақовтың импровизаторлық, тапқырлық, айтыскерлік өнері — қазақ поэзиясындағы абзал, төтенше бір көрініс. Алуан жиындарда, талай айтыстарда Иса алдына жан салмаған, нелер ділмәр ақындарды тапқырлықпен тұқыртқан от ауызды, орақ тісті дарын. Иса ақынның — Керекуде, Семейде, Орынборда, Қызылордада, Алматыда қалың халық бас қосқан жиындарда, сахна төрінде алуан көріністі сипаттап құлпыра өлең айтқаны, асқақтап ән шырқағаны — қазіргі ақсақал достарымның, жасы ұлғайған мендей інілерінің жүректерінде тұр. Ал, Иса творчествосын тереңдеп барласақ — бұл сегіз қырлы тамаша дарынның ең күшті, асыл қырын — оның жазба өнерінен — поэмаларынан айрықша көрінеді. Кейбір зерттеушілер Иса — суырып салма ақын, домбырашы ақын деген бір жақты, ағат пікірден арылмай келеді. Рас, Иса — бұрынғы Ақан сері, Біржан сал секілді әнші, импровизатор ақындардың дәстүрін совет заманында өзінше өрістеткен сері ақын. Расында да ойлы, зерделі ақын білікті де еді. Иса, Абай секілді өз бетінше оқып-үйренуінің үстіне Семей, Орынбор қалаларында орта мектептерде, ағарту оқу орындарында мезгіл-мезгіл оқып біліп алған ақын, өз бетінше Пушкин, Лермонтов, Абай сынды ұлы ақындардың шығармаларын құмарта оқып, олардың өлең өнегесін зердесіне мол тоқиды. Пушкин, Лермонтов туындыларына ынтық және олардың үлгілерін жадына сақтап келгендігіне бір мысал келтіре кетейін. 1939 жылы июнь айында болса керек, Қазақстан Жазушылар одағы халық ақындарын бір айлық семинарға шақырды. Сол топқа жасы үлкен, ұстаз ағалар қатарында мен де дәріс оқыдым; Бұл семинарға Иса ақын да қатысты. Иса ағамен, бір кезде оның тамаша дарынына тамсана қараған мен, енді бұл шақта бұл кісіге жақын іні, дәмдес дос болып кеткен едім... Бір күні мен Сервантестің атақты Дон-Кихоты туралы лекция оқып тұрып еліге тым ұзақ сөйлеп кетсем керек, кенет Исекең ұшып тұра келді: «Әй, білгішім, мына шалдарды шаршатып, диірменмен айдаһар деп алысқан, қойлармен дұшпан деп соғысатын бір дәнекүсті ертегілеп көңіте бергенше данышпан Пушкин, Лермонтов, поэзиясы жөнінде айтпайсың ба?»—деп маған ажырая қарады. Расында да Дон-Кихотқа елігіп өзім де бөсіп кетсем керек. Оларды да білем ғой, кейін айтармын,— деп қипақтадым. Мұндайда әсілі тартынып көрмеген Иса:

«Златой Восток, страна чудес,
Страна любви и сладострастья.
Где блещет роза — дочь небес,
Где все обильно, кроме счастья,—

деп күмбірлей айтты да, — ал білгіш болсаң, осы өлең кімдікі, айтшы? — деп шұқшия қалды, мен абыржып қалдым.

— Сірә, Лермонтовтікі шығар, — деп едім, — онда Лермонтовтың қай поэмасынан? — деп сұрады. Мен күмілжіп айта алмадым. — Соны білмейсің бе, оқымыстым, — «Ажал періштесі» деген поэмасынан, — деп Исекең мені тойтарып тастады.

Алғыр Иса тегінде Пушкин, Лермонтов поэмаларын қызыға оқып, олардан өз шығармаларына көп тағлым алған өнегелі ақын. Иса поэмаларында Лермонтовтың, әсіресе «Кавказ» поэмасының әсерлері көбірек сезіледі. Иса поэзиясының алғашқы көркем туындысы «Құралай сұлу» (1925). Бұл поэманы мен кітап болып шыққаннан кейін 1926 жылы оқып едім. Сол — бала шағымда бұл поэмадан алған әсерлерім қазірге дейін көкейімнен кеткен емес. «Құралай сұлу» — Совет тұсындағы қазақ поэзиясында туған тарихи, романтикалық, махаббат сарынындағы тамаша тың дастан еді. Бұл шығармада алғыр ақын халқымыздың шапқыншыларға қарсы ерлік күресін махаббат трагедиясымен, табиғат сипаттарымен, өр де қайсар кейіпкерлерінің жан тебіреністерімен қандай шебер ұластырған! Елі үшін қатерлі айқасқа түскен ер жүрек Келден, сүйікті жұрты үшін және махаббат сапарында қаза тапқан Құралай сұлу, ескі салт-санаға қарсы шығып, озбыр, феодал Құсан торын бұзып, еркіндікті аңсаған Еркежан мен Балағаз («Алтай аясында») шынайы, ізгі ғашықтық жолында қуғын-сүргін көрген, қаза тапқан өжет, сері жігіт Әмірхан, оның намыскер абзал жары Ақбөпе («Ақбөпе» поэмасынан), сондай-ақ махаббат бостандығы үшін арпалысқа түскен Қырмызы қыз бен ер Жанай — бұл қызықты да, аянышты да, өр бейнелерді Иса ақын керемет шеберлікпен бейнелеген.

«Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды.
Ертек қып тауда, қыран, түзде — тоты,
Ғашықтың өмірінен сыр жырлайды.

Халықтың қасіретін жанмен ұққан
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды!» —

деп тебіренеді. Мұндай тебіреніс сезімдері ақынның барша дастандарында буырқанып тұр. Поэмада романтикалық кейіпкерлер жасауда, өр, намыскер бейнелер, күшті характерлер мүсіндеуде — Иса ерекше өнегелі ақын. Бұған жоғарыда аталған бейнелер дәлел. Иса ақынның Лермонтов сарынында жазылған «Кавказ» атты тамаша поэмасы — мәдениетті, шебер ақынның үлгісі. Бүл романтикалық дастанда асқақ ақын кавказдың өр кеуде, намысқой жандардың махаббат шерменделері Бағда мен Зайданың, жатқа, жалқыға ғашық қызы Зайданың күйігімен жартастан өзі құлап өлген кәрі Жүсіп тұлғалары қандай терең толғаныспен сипатталған. Бұл бейнелерден Лермонтовтың кавказдың поэмаларындағы асқақ образдарды сезінгендей боласың. Тіпті жыр ағынында да сондайлық өршілдік толқиды:

Тілдесіп зәулім шыңы аспанменен,
Тәкаппар, иілмейді қарап төмен.
Мақтаны ұлы Кавказ — қарт Қазбек,
Жалғыз-ақ сүйіседі күн төбеден.

Төменде екпіні аяз қайнар жылып,
Долының ашуына самал күліп
Көпіріп тас тербеткен асау Терек,
Жүрегін Қазбектің қардан тіліп.

Табиғат пішіндері, адамның жан құбылыстары, әсіресе сұлулардың сипаттары Иса дастандарында шебер, тамаша өрнектеледі.

Талма түстің шағындай бой нұсқасы,
Түйген жібек секілді түйме басы.
Кәмшат бөрік шашақты және үкілі
Төгілген қара мақпал, құндыз шашы...

Жамбыдай тән үстіне әліп тартып,
Мықынсыз сұлу суға кетті батып
Қанатымен қағынған аққуға ұқсап,
Шомылды сумен ойнап шапылдатып.

(«Құралай сұлу») Поэзия тіл өрнегінің үздік зергері Иса ақынның дастандарынан мұндай үлгілерді мол келтіруге болар еді... Иса Байзақов тек тарихи, ерлік, махаббат дастандарын ғана жырлаушы ақын емес, сонымен бірге ол өз заманының, социалистік дәуірдің ерлік күрестерін, совет адамдарының шаттық бақытты өмір көріністерін құлшына жырлаған азамат ақын. Ақын өзінің көптеген өлеңдерінде көсеміміз Ленинді, Ленин партиясын, Ұлы Октябрьді, жаңа құрылысты шабытпен жыр етеді. Өзі тумысынан әнші, композитор Иса кезінде, жастар әлі де шырқап салатын әндер мен ән текстерін де көп шығарды. «Ұлы құрылыс» атты көлемді поэмасы Ұлы Октябрь, Ленинді, социалистік құрылыстың өрелі кезеңдерін, еңбек жеңістерін сүйсіне жырлайды. Исаның беріректе жазған «Он бір күн, он бір түн» атты поэмасы Москвадан сонау Қиыр Шығысқа самолетпен тоқтаусыз тура сапар шеккен, қатерлі қиындықтарды бастан кешкен Отанымыздың үш қаһарман қызы — Марина, Валентина, Полинаның ерлік жорығына арналады. Бұл поэмада да асқақ әуендер, романтикалық сарындар басым. Мен 1943 жылы Иса ағаны Түлкібас ауданында кездестірдім. Ол кезде әскери қызметте едім. Алайда басшылықтан мүмкіндік алып, сол ауданның колхоз-совхоздарын Исамен бірге араладым. Жұртшылықтың Исамен кездесуі — бір мереке, тамаша концерт еді. Көптеген әлеумет алдында Иса түрлі тақырыпқа, соғыстағы ерлік шайқастар жайында көбірек сыр шертті. Әсіресе балалары майданда қаза тапқан ата-аналарды жылатып та, жұбатып та күңіренген жырлары — жан тебірентерлік еді. Бұл сапарда сүйікті ақынына халық ізгі ізетпен, жомарт көңілмен зор құрмет, сыйлық көрсетті. Есімде, Исекеңнің дәу қара чемоданы бар еді, сол чемодан жұрт сыйлаған ақшаға лық толды. Санағанымызда 10 шақты мың болса керек. Жасынан мал, мүлік жинамай өскен сері ақын, ізгі патриоттың сезім билеп, сол мол қаржыны Отан қорғау қорына тапсырды. Иса ақын халқының қадірлі еркесі болып өтті. Партия мен үкімет Иса Байзақовтың әдебиеттегі еңбегін жоғары бағалап, ақынды 1939 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады.

Иса поэзиясы халқымыздың, әдебиетіміздің өшпейтін келелі асыл мұрасы.
Қалижан Бекхожин.

АРҚАЛЫ АҚЫН

1943 жыл. Декабрь. Пролетарь көшесіндегі жазушылар үйінің жалаң қабат жатаған үйіне барып, бір бос бөлмеде өлеңдерімді аударыстырып қарап отырғанымда үстінде етек-жеңі бүрмелі келте сары тоны бар, қырықтың қырқасына шығып қалған бір кісі кіріп келді. Газет-журналдардан бұрын суретін көріп жүргендіктен бе, мен Иса Байзақовты бірден тани кеттім. Сәлем беріп, өлеңдерімді портфеліме салғалы жиыстыра бастадым.

— Жоқ, жинамай қоя тұр шетінен бастап оқы!— деді. Көздерінен от төгілгендей. Менің қарсы алдымдағы орындыққа отырды. Қимылы шапшаң, оралымды. Мен өлеңдерімді оқи жөнелдім. Анда-санда Исаның жүзіне бір қарап қоямын. Шамасы ұнатып отырғандай. Бір мезгілде бөлменің есігі айқара ашылды. Үстінде сұр шинелі бар бір жігіт екпіндей кіріп келді.

— Мен өзіңізді, тұп-тура өзіңізді іздеп жүрмін. Аға лейтенант менің сәлемімді шала-пұла қабылдап, Исаға шалқая тік қарады.

— Тайыр, мынау бір ақын бала екен... Майданнан келіпті. Өлеңдерінде майданның оты, қорғасынның түтіні, дәрінің иісі бар ма деп қалдым. Өлеңдерін сен де тыңда. Әлде Қаскелең военкомы өлең тыңдамай ма?

Тайыр үндеген жоқ. Өткір жанарымен Иса екеумізді түгел бір шолып өтіп, басын қисайта: — «Қане, оқы, өлеңді тыңдамақ түгіл, біз де жазамыз»,— деді. Мен жалғастырып оқи бердім. Тыңдаушым енді екеу: Иса, Тайыр. Екі ақын екпініме екпін қосып, өлеңді еркін оқыдым. Іштей шамалауымша, дауысым барлық пәрменімен күңгірлеп шығатын сияқты. Кейбір өзі ұнатқан тұстарында, Тайыр: «нешеуалау екен» — деп тұрды. Өлең оқыла берді, олар тыңдай берді. «Сүйгенімнің суреті» деген бір өлеңді оқығанымда Иса:

— Қайтадан бір оқышы, — деді. Қайта оқып шыққаннан кейін ол, «Мынау өлең бітпей тұр екен, мұның аяғына бірауыз жыр шумағын қосса, шиыршық атып шығатын түрі бар», — деді. Ол көп ойланбастан маған: —Тез жаз!—деп бұйырды. Исаның көздері ойнақшып кеткен, иығы селкілдегендей, назары бір нәрсеге ауып, шегедей қатып қалғандай, бір мезет ол үй төбесіне қарап алды да:

«Жүрегімді аман алып,
Туған елге барамын.
Ақ төсіңді аяласам,
Сонда бір дем алармын!» —

деп барып тоқтады. Мен бітпей тұрған өлеңнің аяғын тауып бергеніне Исекеңе рақмет айттым.

Сырбай Мәуленов.

ДАУЫЛДЫ ДҮЛДҮЛ

Егер шынайы поэзия мен шын асыл өнер саласында қазақ халқының таланттылығын бір-ақ мысалмен дәлелдеу қажет болса, мен Иса есімін атап, бесаспап өнерпаздығын алға жаяр едім. Сонда кез келген шет елдік тосын көз де тоғыз жасынан талант бәйгесіне түскен жыр дүлдүлі, «желдірмелерін» желдей естірген шабытты әнші, дарынды композитор, қазақ театрының қара шаңырағын көтеріскен айтулы артист, халық фольклорын жинаушы, әдебиет насихатшысы, артына өшпес үлкен мұра қалдырған Иса творчествосына илана ұйыр еді. Иса ақын есімі аталғанда ұлы да, кіші де бір елең етпей қалмайды. Бұнда жай таңсық сезім емес, шын сүйсіну бар? Иә, солай! Себебі, аты аңызға айналған ақын жөнінде айтылатын алуан әңгіменің ақиқаты мен қоспасын ажыратып алудың өзі қиынға соғар мәселе. Керекуде 5-6 жасар кезімде шала-пұла бір көрген ақынымды мен 1941 жылы жазда ұшыраттым. Соғыс бұрқ еткен алғашқы күндерде Семей қаласында ел ақындарының облыс аралық жиналысы болды. Аты бүкіл қазақ сахарасына аян Естайға, әнші Балабекке ілесе кеп, бала болсам да мен де сол жиналысқа қатыстым.

— Иса аға осында екен! Жиналысқа келетін шығар, — деді барқыт тақиялы бала ақын Нұтфолла Шәкенұлы. Ол Абралы ауданынан келген екен. Бірақ жиналыста Иса ағаны көре алмай, санымызды соқтық. Ертесіне Абай музейінің сол кездегі жатаған үйіне апарды делегаттарды. Күн ысып кеткен соң, кілем төселген салқындау бірінші қабатқа кірдік. Төрде Сапарғали, Төлеу, Нұрлыбектер... Бір сәтте ашық есіктен дабырлап сөйлескен бір-екі адам даусы естілді. Шапаты, шымыр денелі, қаршыға бітімді, өткір көздісі табалдырықтан аттай бере, қалт тұрып қалды. Іздегенін іле-шала ілердей үңіле еңкейе берді де, төрдегілердің біріне шүйіле кетті.

— Ә, сен өзің осында отырмысың?

Мен екем ғой оп-оңай шоқыр құсың...

Төменірек отырған бір жыраудың домбырасын жұлып алды да, құлақ күйін шапшаң келтірді. Қаршыға қара тағы сілтеді:

— Қараңдар домбыраның еркесіне,

Ақынның шығып алды желкесіне...
Тоғайдың жаман-жұман шәлдірігі
Даланың тең түсем дейд еркесіне.

Ол өлеңін топан суындай қаптатар ма еді, қайтер еді, ақсақал ақын Әлімбетов Сапарғали:

— Исажан, ақылың бар еді ғой, кел, қасыма отыршы, сабаңа түсші, алқынның сөзін айтпашы, Нұрлыбекке базынаң болса, кейін айт! — демесе.

— Сапаш ағам айтты ғой, Сапаш ағам! — деп, Иса әуелі үлкендерге сәлемдесті де, бұрыла бере «әйтпесе сені ме?!» — деп, Нұрлыбекті қапсыра құшақтап алды. Әлдебіреу екеуін шағыстырған ба, ертеден араларында бір сыз бар ма, біз қапелімде түсіне алмадық...

Бұл эпизодтан біз Исаның өр намысты, тәкаббар ақын болғанын, бірақ үлкен аға алдында інілік ізетінен жаңылмас кішілігін аңғарғандаймыз. Ақын Исаның бойындағы тағы бір асыл қасиетті сипаттайтын эпизодты мен Мұхтар Әуезовтың өз аузынан естіген едім:

— Бір кеште қағаз қарап отырғанымда, біреу қоңырау шылдыратты. Есік ашқалы бара жатып сағатқа көз тастап едім, 11-ден асып кеткен екен. «Түнделетіп жүрген бұ кім болды екен?» десем, кәдімгі Иса Байзақов!

Ақындардың өр, ерке, шалдуарлау келетін әдеті ғой, ондай мінез Исада да бар. Алғыр ақындығын, айыз қандырар жүйріктігін ардақ тұтсам да, бір қылығын ішімнен жаратпайтынымды өзі де сезетін сияқты еді. Мына келісі оқыс. Өңіне қарап, оғаштық аңғармадым бірақ.

— Иә, жоғары шық!

Биязы адымдап, бір түрлі ұстамдылық байыппен Иса жазу столының басына келіп отырды. Үсті-басы тап-тұйнақты, тап-таза. Костюм шалбары қыры сынбақ түгіл, ине-жіптен жаңа шыққандай. Қыз айттырғалы бара жатқан бозайдай, қырғыздар бозбаланың ересектеуін осылай деуші еді, содан аузыма түсіп жатыр,— деп Мұхаң бізге қарады.

— Ал содан соң? — деп біз үзілген әңгімеге ынтығамыз.

— Содан сонымен сынамақ боп мен буфетке қарай беттеген сыңай білдіріп едім, Исам шыр ете түсті.

— Мұха, әуре болмаңыз, ештеңенің қажеті жоқ. Бір нәрсе сұрап алайын деп келдім.

— Иә, сұра.

— Жуырда халық ақындарының республикалық айтысы болады екен, соны сен ашасың деп жатыр. Аспанда галактика деген бір нәрсе бар көрінеді. Соны қысқа сөзбен түсіндіріп беріңізші, біреу-міреу ертең тақырып етіп ұсына қалса, шоңқиып отырып қалмайын дегенім ғой. Сізден артық ешкім де соны маған жақсылап ұқтыра алмайды.

— Әуезовтан астроном жасайын деген екенсің деп күліп алдым да, өз білгенімше Исаға аспан әлемі жөнінде түсіндіріп бердім. Қалт етпей тыңдап, «тәңірі жарылғасынын» айтып кете барды.

Сұңғыла ойлы Иса құйма құлақ алғыр еді. Ал біздің жастарымыздың қайсыбірі қазір осындай білім құштарлық таныта ма! Жалғанда ой жалқаулығынан жаман нәрсе жоқ!—деп Мұхаң енді Жәкең жөнінде бір хикаяға ойысты... Даналардың кемеңгерлігіне шөп-шалам сияқты іліге жүретін балалың мінездері де болады. Сырын білмес сырт көзге олары аса ерсі көрінуі де ықтимал. Түптеп келсек сол балалықта да даналық бары дау тудыра қоймайды. Сондай бір әңгімені Әуезов Мұхтар Жазушылар одағында Иса Байзақовты еске алған бір жиында айтқан екен. Енді соны келтірейік.

— Бір күні Исаға тұтқиылдан қасақана тиісіп, шүйілмесім бар ма! Осы сен өркөкіректеніп, өзеуреп, «мен!», «мен!», деп неге кеуде кересің? Неге бұлданасың, бәлденесің? Кәне мықты болсаң, көрейін сені! Айталық, мен дүние салған екенмін. Сол турасында жоқтау айтшы, кәне, қолма-қол осы арада. Айтарыңның сөзі де, сазы да жаңа, соны болсын! — дедім. Қаршыға бітімді шапаты Иса шапшаңдыққа басты. Шиыршық атып, алабұртты. Мойны келтелеу, жылдар ізінен қарақоңырланып жылтырланған кәрі серік домбырасы шанағының бет тақтайын ортан қолмен тарс-тұрс қатты-қатты соғып-соғып жіберіп, шырқап кетті дейсің! Иманым қасым болды, қара жер теңселіп, тұңғиық аспан төңкеріліп бара жатқандай. Жер үстінің наз-наласы соның ғана көкірегін көргендей, қарс айырғалы кернегендей. Азалы әуен, қара жамылған қам келіншектердей тірі сөздер! Төбе құйқам шымырлап кетті. Әттең, әсем әні де, әдемі жыры да сол жерде қалды. Ол кезде қазіргідегідей магнитофон, диктофон бар ма еді?— деп, ұлы жазушы мінбеде кілт кідіріпті.

Әлгі эпизодты сөз еткенде, мынандай ой түйгеніміз жөн бе дейміз. Қысылшаң қапияда мұрсатана мұрша іздеп қиналмаған Иса тәріздес дүлдүлдерге табан аудармай тұрып өлеңмен тіл қату, керек десеңіз күні бойы жыр сапыру тыныс — дем алғанға барабар болғандай. Неге дейсіз ғой. Негесі: біліктіліктің, парасаттылықтың, кейде аттестатпен не дипломмен өлшенбейтіні ақиқат. Бағы замандарда халқының мұңын мұңдап, намысын жоқтаған Қазтуған, Асан қайғылардан бастап, кешегі абызымыз Жамбылдар — бәрі-бәрі де өз тұсының өресі биік ойшылдары болған. Әр құбылыс, әр зат хақында, таныс-битаныс жандар жайында, өткен-кеткен жайында, өз заманы турасында, жалпы болмыс, қоғам қауым тірлігі жөнінде ішке түйген мол тұжырымдары, мәнді пайымдаулары, философиялық топшылаулары оларды замандастарының алдыңғы қатарларының сапына қосқан. Міне содан да сөз сайысына, өнер жарысына түскенде немесе қапелімде өлеңмен сөйлерде ел ақындары ойына келгенді, аузына түскенді айта салмайды. Ұзақ жылдарда бойына жинаған білім қорынан алып, оқыс сәтте, ұрымтал орайда ұтымдал еткір құрал етеді. Мәселен жоғарыда баяндаған жоқтауды қолма-қол ағыта салуы «халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп өзі жайында Иса өзі айтқандай Мұхтар секілді бірегейлердің тарихтағы алар және қалар орнын ақын саралап, салмақтап жүрген ғой. Керек сәтінде сол пікірін өлең мен ән кестесіне. қолма-қол түсіре қойған емес пе?! Мәселен, Орынборға оқуға жаңа ғана барған 24 жасар ауыл жігітінің пролетариаттың көсемі В. И. Ленин ұлылығын пайымдауы бүгін де оқырманды сүйсіндірерліктей:

«Ленин өлді, пікірі оның өлген жоқ,
Ленин — өлді, жолын ешкім жеңген жоқ,
Ленин — бүкіл коммунистер жүрегі,
Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ».

Бұ да Иса ақынның зерек алғырлығын, парасаттылығын, іздегіштігін, жазба әдебиеттен жақсы ғибрат ала бастаған кезін танытады. Мінсіз образдардың ауыз әдебиетінде жасалғаны жөнінде Макс Горький қағидасы баршаға мәлім. Өйткені ол шығармалардың басты авторы ақындардың ақыны — халық, оның қосалқы авторы — екшегіш уақыт. Екі мықтының қолында әлсін-әлсін көркем өңдеуден өткен дүние, әрине, ақаусыз болады да! Асқан шебер халықтан қапысыз үйрену ел ақындарының ежелгі дәстүрі десек, Иса творчествосы да әлгі қағиданың әсем иллюстрациясы болар еді.

Сары ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім?!
...Арада қыл өтпейтін тату едік,
Біздерді араз қылған қай антұрған?!

( «Назқоңыр» әнінің бірінші түрі).
Немесе:
Төбелеп төре төтен жабылса да,
Келмейді Сырдың суы жұлығымнан,

(«Қанапия» әнінен).
Тағы да бір мысал:
Сүйгенін, сүйенгенін есіне алып,
Жай таппас әнге салса кімнің жаны?!

(«Қалқа» әнінен).

Еркін көсілісі, ынтық-іңкәрлігі, көркемдегіш құралдардың тым қазақылығы яғни халықтығы — толайым фольклор туындысынан айнытпай тұр бұл өлеңдерді. Шынын айтсақ, әлеумет (әдебиетшілер қауымы болмаса) әлгі сөздерді халық өлеңі, сөзі деп ойлайды. Иса ақын жыры екенін біле бермейді. Ғасырлар сүзгісінен өткен өлең-жырлар нәрін бойына қаршадайынан қана сіңірген ақын ғана осындай шеберлікке жете алса керек! Таңдаулы дастандары мен өлең-жырларында әр ақын халықтық айшық-бедерлерді тыңнан жаңғырта қат-қатымен үстей тудырған. Бірде ол халық поэзиясының қалыбын алады да, көркемдегіш құралдарды өзінше табады. Мәселен «Құралай сұлудағы» мына бір жол: «Өмірдің алды — жарық, соңы — қара». Ертеден ел құлағында бар: «Дүниенің алды — сайран, арты— ойран» дейтін өлеңнің төркіндесі. Сөйтіп жас талапкер бардың өзін басқаша бедерлеу керектігін тым ерте ұғынғанға ұқсайды-ау, сірә! Осы арада бір «алайда» ыхтиярсыз көлденең тартылады. Қара түнек заман қаңтар қалпында қалса, Иса сияқтылар қаншама талантты болғанымен мұншама кең өрісті, биік қияны тұғыр ете алмас еді! Социалистік заман оның азаматтық бағын ғана ашқан жоқ, ақындық бағын да ашты. Қалың нөпір, шаршы топ кезіксе, табанда ағылған ақпалықпен өлеңді қарша боратып, әсіресе оңаша стол басында қағазға төну: — Иса пешенесіне бұйырған өнер сыбағасы кім-кімді де қызықтырарлықтай. Ол бірыңғай ауыз әдебиетінің ғана үздік жүйрігі болған жоқ. Байзақов Иса творчествосы халық поэзиясы дәстүрі мен жазба әдебиет мәдениетінің классикалық тоғысуы. Ел ананың ежелгі фольклорынан халықты бойына дарытса жазба әдебиетте партиялық принципке баулынды ол. Міне содан да Иса өзіне дейінгі халық ақындарының орақ тілді, от ауыздысының бір де бірі айтпаған құнды сөзді көпке сыйлады. Ер-азаматтың елге, әлеуметке аты жайылуы бар да, шын мәртебе-мерейге ие болуы бар. Кейде әлдебіреулер бұларды шатастырып алып жүреді. Екеуі екі басқа ұғым. Ал Иса болса, алғашқы дастаны «Құралай сұлу» жарық көрісімен-ақ (1925 жылы) бүкіл қазақ елі махаббатына бөленген тәкаппар талант, ерке дарын. «Құралай сұлудың» бірден баршаға ұнауының себебі неде? Бұл елдік жайында, еңіреген ер жайында, кіршіксіз махаббат жайындағы дастан. Көзсіз батыр Келден, ерге ер, серіге сері Құралай қыз, ел ағасы Монтай — кесек те сүйкімді тұлғалар. Романтикалық сарында туған поэма жаңа заман адамдарының революцияшыл рухына үйлес, үндес келген де ғой! Біздің бұл сыпаттағанымыз шығарманың идеялық құндылығы болса, ол көркемдік сапасы да жоғары туынды. Ол үшін дастанның көріктеу құралдарына көз жүгіртелік.

«Күрсініп дертті леппен демін үрлеп». «Дертті леп». Қандай соны, оқыс анықтауыш (эпитет). Абайдағы «күлкінің ерні» іспеттес.

«Жас ойда жасырынып жанның сыры,
Шығарды сұлу жүзден суық терді».
«Жас ой» Лермонтовтың «жас бұлтын» еске түсіргендей!

Аттың шабысың суреттегенде «Жалындай жалтарады жел үрлеген» деуі ше? Желден жығылған жалын тілінің жер бауырлап қайта оңалуын бұлай сипаттау атымен жаңа теңеу.

Атамзаманнан сайыпкер, еңбегі халықтың құлағына бірден жағар сөз!
«Өмірдің алды — жарық, арты — қара» —

деген тармақтағы ауыстыру (метафора) көріктеу құралының дәлдігі сонша, тіпті түс-бояуға дейін көзге елестетпей ме?! Ақындық сөзде алуан бояу түсі болатынын Иса анық дәлелдейді. Алмастырудың (метонимияның) да соныларын кездестіреміз. Келден өзінің қыршын өмірін сөз қылғанда «Балдырған жас үмітке қауіп жетті» дейді. Табиғатқа жан бітірген мына тұрпаттас кейіптеу тәсілі де дастан жазылған сонау 1924 жыл үшін ғана емес, бүгін де қымбат тапқырлық сияқты.

«Батуға шеті ілінген алтын арай,
Жер астан, аспан үстен қарай-қарай,
Қоңыр түс ойға түсіп, қабақ жауып,
Тиышталып келе жатыр дүние солай».

Бұл сонымен қатар поэзиядағы табиғаттың тамаша көрінісі; өзің де сол іңір құшағына кіріп кеткендейсің. Әдетте, «Шаң көтерілді» дейміз. «Айқай-сүрен шықты» дейміз. Ал Иса ақын сол екі атауды қатар тізе келіп: «Айқай мен шаң жарысып көтерілген» деп саф алтынды кесегімен әкеп, дастан жолына қалайды. Зат — шаң үзеңгі қағыстырғандай, дыбыс-айқаймен қатар қозғалады. Ат десе, бәйгі десе, делебесі қозатын қазекеңнің көз алдында зат пен дыбыс жарысып шыға келеді!.. Жалғыз ғана осы дастаннан жамағат аузына нақыл боп көшкен қаншама жолдар бар. Солардан мысалдар:

«Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды,
Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды».
Және:
«Елден де ер арманы күшті».

Егер Иса поэзиясындағы барша көркемдік інжу-маржандарды тізіп шықса, қандай асыл алқа болар еді. Бір ғана «Құралай сұлу» дастанынан алынған осы мысалдардан-ақ ақындық қуаттың құдіретін жас өспірім де қастерлей аңғарғандай. Көптің көкейіндегісін осылайша көркем сөзбен суреттей білген туынды әрине көпке ұнайды. Сүйген жүрек сөз табады сүйсінер. «Құралай сұлу» тақылеттес туындылар халық деген алыппен қатар жасайтын уақыт жолдасы болып қала бермек. Кешегі Отан соғысы жылдарындағы ғажайып хас батырлар жүрегінде осы «Құралай сұлу» сияқты дастандардан, жырлардан түскен қанша ұшқын болғанын немен өлшерсің!? Ақынның бұдан өзге де 6-7 дастаны бар. Солардың бірі «Алтай аясында» аяулы махаббатты қоғамдағы топтар тартысы фонында жырлайды. «Ақбөпе» — Исаның нағыз реалистік поэмасы. Білімдар сыншы А. Нұрқатов бағалауынша: «Бұл поэма И. Байзақовтың ақындық шеберлігі толыса өскендігін, оның өмірге, тарихи шындыққа деген көзқарасының тереңдегенін танытады». Өткен замандар уақиғасына арналған «Қырмызы — Жанай» (аяқталмаған), «Кавказ» сияқты елеулі дастандардан бөлегірек бір төбе боп «Он бір күн, он бір түн» поэмасы тұр. Бұл Советтік дәуірдің қаһармандығын мадақтаған айтулы туынды. Бұл Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби бір кеште Исаның не бары төрт-ақ сағатта ауызша шығарған дастаны екен. Д. Әбілев те, Ә. Тәжібаев та, Ә. Әбішев те т. б. поэманың басылған нұсқасынан ауызша айтылған варианты әлдеқайда көркем болғанын еске алысады. М. Әуезов Иса поэмасының соңғы тексіне қарап отырып құлағымызбен естігеніміздің қаңқасы ғана қалыпты-ау деп өкінген екен. Ел ақындарының ішінде жазба әдебиет мәдениетін игеру арқылы биік көркемдікке жеткендер — Иса Байзақов, Нұрхан Ахметбеков, Шәкір Әбенов. Мәселен, Иса дастандарын оқи бастаған адам үйреншікті схемаға тап болмайды, «дәуде болса оқиға желісі осылай өрбір» деп тұспалдай алмайды. Тіпті кейбіреулері аңызға сүйеніп жазылғанымен әр дастанның композициясы қисынды, тың бұрылыстары, поэтикалық тапқырлықтары тосын. Иса ауызша жырлағандарын қағазға түсіріп болғаннан кейін, оған профессионал ақын көзімен шұқшия қарап, өңдеген. Ал жазып шығарғандарындағы тым кітаби сөздерді ел ақынының еркін айтқыштығымен, көсілмелі көшелілігімен жандандырған, қызулы ауызекі сөзге жақындатқан. Өнерпаздығын өрісті, өрелі етемін дейтін жас талаптардың — ел ақындарының Исадан үйренері қыруар. Үйренгенде ақындығының осы қос арналылығына назарды баса аударған жөн. Иса оңашаланып алып, өлеңін күйттеген үйкүшік эстет болмаған. О л — қайраткер, қашан да халықтың қалың ішінде, күрестің бел ортасында жүрген. Мен 1970 жылы қыста И. Байзақовтың туған жері «Үлгіліде» (Павлодар облысы, Ертіс ауданында) болдым. Сондағы қариялар айтып отыр: ақын 1918-1923 жылдарда ауылды советтендіруге белсене ат салысыпты. Жергілікті бір орыс журналисінің бертініректе анықтауынша, Иса Ертіс бойындағы ауылдарда көркемөнер үйірмелерін ұйымдастырған, постановкаларда ойнаған, ол ол ма, өзі пьеса жазған. Тағы бір қызық факті бар екен: жиырмасыншы жылдарда Ертіс ауданы жерінің Сибирьден Қазақстанға қайтарылуының тиімділігін дәлелдеп, Ленин атына берілген телеграммаға қол қоюшылар ішінде Байзақов деген фамилия да кездеседі. Телеграмманы жолдағандар Қызылағаш ауыл советінің тұрғындары. Бұл ауыл совет — ақынның өз ауылы. Жергілікті адамдар бұл төңіректе сол жылдары Исадан басқа атағы жайылған Байзақовты естіген емеспіз деседі. Тарихшылар бұл фактіні де анықтап ашуы тиіс. Патриот ақын социалистік құрылықтың әр жаңалығын өз көзімен көруге құштарланған, соларды көріп-біле жүре, шабыттана жырға қосқан. Иса бармаған өңір-аймақ, ауыл-қала қазақ топырағында некен-саяқ шығар, әсте жоқ та шығар. Өте-мөте Отан соғысы жылдарында дімкәстігіне қарамастан көптеген облыстарды (мәселен 1942 жылы егін орағы кезінде туған отаны Ертіс бойында соңғы рет болыпты) аралап, тыл еңбеккерлерін қаскөй жауға қарсы күреске үндеп, халыққа отаншыл жырлар айтқан. Исаны көрдім, сөзін тыңдадым деп жырына сүйсінгендерді көптеп кездестіретініміз де содан. Сол азаматтардың есінде қалған ақын жырларын, өнерпаз жөніндегі естеліктерін жинау да — әлі өтелмеген парызымыз. Оны айтасыз, Исаның баспасөз бетіндегі аудандық, облыстың, республикалық газеттер бетіндегі жарияланған сөздерінің өзі де түгел терілмегенге ұқсайды. Осыған уәжді бір мысал мынандай: Иса Байзақовпен жиырма жылдай үзеңгілес боп, жиі араласқан Қазақ ССР халық артисі Елубай Өмірзақов «Менің қырыққа жуық әндерім бар. Соның бәрінің өлеңдерін Иса жазған еді» дейді (Жұлдыз» № 11; 1972 ж.) Ал ақынның кітабына осы күйге дейін кіріп жүрген ән-өлеңдерінің жалпы саны отызға жетпейді екен... Бардың өзін тезірек жинамасаң, уақыт өткен сайын, өкінішіміз қалыңдай беріп жүрер... Саңлақ ақын творчествосын, өмір жолын зерттеуде Е. Ысмайлов, С. Мұқанов, Н. Анов, А. Затаевич, А. Нұрқатов, Р. Бердібаев, М. Хасенов және т. б. сол сияқты ғалымдар мен жазушылар едәуір еңбек сіңіргені белгілі. Бұл Иса творчествосын зерттеу кемеліне келді, барша қадір-қасиеті ашылып болды деген сөз емес. Жаңа жоғарыда аталған авторлардың зерттеулерінің өзінде де пікір ала-құлалығы байқалады, ақынға орынсыз мін тағу да жоқ емес. (Мәселен, Монтай образын жағымсыздар қатарына жатқызу. Құралай сұлу образын қомсыну және т. б.) Әсіресе Иса поэмалары мен жырларының көркемдік сапасы, автордың ақындық ерекшеліктері әлі толық та тереңірек зерттелмеген. И. Байзақов — сирек қасиетті ақын ғана емес, ол — әнші, ол — композитор, ол — актер еді. Оның еңбегін өкіметіміз жоғары бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Халқымыз Исаны дүлдүлдігі үшін әр кез хан көтерді. Кейбір зерттеушілер Исаны, оның творчестволық болмысын табылғанды тауфиқ тұтып, бұрынғы барды шиырлай қарайлап, көне гөйгөйге басқыш жыраусымақ, ақынсымақ, шайырсымақ жортақы әлдебіреу ретінде ғана қарастырумен шектелгенді жөн санайтындай әсер қалдырады. Бұлай қарау әдеби әділдік болмас еді. И. Байзақов дүлдүл импровизатор, төкпе ақын ғана емес, жазба әдебиеттің мәдениетіне қаныққан, профессионал поэзиямыздың да ірі тұлғасы. Әсіресе қазақтың эпикалық поэмаларының дамуына зор үлес қосқан автор. Иса Байзақовтың өзімен тұстас және өзінен кейінгі эпиктерге жасаған елеулі әсер ықпалы ерекше зерттеуге татитын құбылыс. Соңғы бес-алты жыл беделінде И. Байзақов өмірі мен творчествосын тың жаңа қырынан көрсетерлік еңбектер жарияланды. Солардың ішінде ақын, әдебиетші Қалижан Бекхожиннің «Лениншіл жас» газетінде басылған Иса ақын жайындағы естелігі (1981) және ғалым Манап Хасеновтың «Иса Байзақовтың ақындығы мен стильдік ерекшелігі» атты зерттеуін (1976) бөліп айтқан орынды. Алайда бұлар алда тындырылатын даңғайыр дарынның қасиет-сапаларын қат-қатымен қалың қабаттарын қопара, дөп басып айтып, әсем ашып берерлік еңбектерге апаратын жолдағы көркемдік белгілер деуіміз керек. Артына аса бағалы мол мұра, әдеби қазына қалдырған аса, дарынды алапат өнерпаз — суырыпсалма әрі профессионал ақын Иса Байзақов халқымен бірге жасай бермек.

1972 —1982. Мұзафар Әлімбаев.

АҚЫНМЕН БІРГЕ БОЛҒАН КҮНДЕР

Оқушылармен әңгімелесіп отырғанымда үстіне қара барқыт жағалы пальто киген, басында қазақы бөрік, аяғында тақалы етігі бар 20-21 жастар шамасындағы бір жігіт үйге кіріп келді де: «қателеспесем, Шамсутдинов жолдас сіз болатын шығарсыз»,— деп қолын созды. Оқушылар орнынан тұрысты. Таныса кеттік. Бұл жігіт Қызылағаш болысының (қазіргі Ертіс ауданы) 9-ауылнайында тұратын Иса ақын екен. Иса қазақты қара жұмысқа алған кезде көппен бірге, ағасы Мұса, әкесі Байзақ — үшеуі Сібір барады. Одан еліне келісімен Семей кетіп, онда оқыған азаматтармен танысып, білім-өнер қуып жүрген кезі. Ауылға келе сала менің Тасқұдықта тұңғыш совет мектебін ұйымдастырып, балалар мен ересектерді оқытып жатқанымды естіп, келіп тұрғаны екен. Иса ол кезде ел арасында жаңа-жаңа ауызға ілігіп таныла бастаған еді. Оқушылардың біреуі домбыра әкеліп, өлең айтып беруін өтінді. Иса бас тартқан жоқ, қолына домбыраны алып, пернелерін түзетіп, біраз жай тартты да, көз жанарын бір нүктеге қадап, ән бастады. Ол әуелі тұңғыш рет ашылған совет мектебіне, оқушыларға құтты болсын айтты. Оқушыларды алған білімдерін совет құрылысын нығайтуға жұмсап, бай-жуандарға аяусыз күресуге шақырды. Өзінің бай, болыстардың зорлығымен, жасы тура келмесе де,

Сібірге қара жұмысқа айдалып, сонда көрген қорлығын әнге қоса айтып өтті:
Сұм заманға кез болдық,
Хайуан малдан кем болдық.
Елсіз, күнсіз жапанда,

Тағдыр, ажал кез болдық
Ит пен құсқа жем болдық.
Үйде қалған кемпір-шал,
Қанатынан қайрылып,

Боздағынан айрылып,
Бұл не деген болды хал...

Исаның өлеңін оқушылар да, жиналып қалған ауыл адамдары да көңіл қойып тыңдап, алғыс айтты. Ертеңінде Иса екеуміз Ертіске бардық. Онда басқару орындарынан бағыт алып қайттық. 1920—24 жылдар арасында мәдени революцияны жүзеге асыру мақсатымен халық арасында үгіт-насихат жүргіздік. Жұмыс ауыр еді. Өйткені, ол кезде Қызылағаш елі әлі қараңғылықтан шықпаған. Көзі ашық, сауатты адамды саусақпен ғана санайсыз. Міне, сол қиыншылықты ауыр кезеңде жең сыбанып, жанын аямай совет құрылысын нығайтуға, халық ағарту жұмысына кіріскен азаматтың бірі ақын Иса Байзақов болды. Бай-құлақтар біздің ісімізге, совет өкіметіне көп қарсылық жасап жүрді. «Жастарыңды дұрыс көрсетпеңдер, солдатқа әкетеді» деп санаң кезінде өсек таратты. Бірақ олардың әрекеттеріне біздер кезінде соққы беріп отырдың. Оларды әшкерелеуде Иса ақынның еңбегі зор болды. Ол өткір сөзімен де, керек жерде қару алып та тап жауларымен күресе білді. 1920-23 жылдардағы ауылсоветтерін сайлау науқанында Иса әсіресе 8-9-10 ауылнайлықтарда белсене еңбек етті. Ауылсоветтеріне кедейлерді өткізуге көмектесті. Сол үшін Шайхы деген кулак Исаға қастандық та жасамақ болды. Бір күні Иса екеуміз оның үйіне келдік, Исаның ауылы 9-ауылға жақын тоғай бойында, Қарасу деген өзен жағасында. Елі Байғожа — Байзақ ауылы дейді екен. Біз амандасып отыра бергенімізде, кенет Байғожа ақсақалдың ұлы Хамза кіріп келді. Ол ентіге сөйлеп: «Шайхы бір топ жігітпен ауылға келе жатыр, ойы Исаны қолға түсіріп, өзінің айтқанын істету, болмаса өлтіріп Қарасуға тастау»,— деді. Байғожа мен Байзақ ақсақалдар қатты сасып, бізге Қарасудың жағалауындағы қалың қамысқа барып жасырынуға жөн сілтеді. Біз қамысқа кіре бергенде Шайхы жігіттерімен ауылға кірді. Түн ортасында Хамза, Әби Қуантаев келді. Исаны таба алмаған соң, Шайхы 10-ауылға кеткен екен. Біз ауыл жігіттері жәрдемімен сайлау комиссиясы тоқтаған ауылға барып жеттік. Сайлау науқаны мен Еділ бойындағы ашаршылыққа душар болғандарға жәрдем ету ісіне Иса белсене қатысты. Біз 250 қара мал жинап тапсырдық. Иса қазақша жақсы оқып, сауатты жаза білетін. Орыс тіліндегі кітаптарды да көп оқыды. Ол 1920-21 жылдарда менің оқушыларымнан домбыра оркестрін ұйымдастырды. Сейділ деген шебер он шақты домбыра жасады. Иса шәкірттерге ән-күй үйретті. Иса бастаған оркестрдің алғашқы концерті Тасқұдықта ашық далада өтті. Концерт сайын мен советтік құрылыс туралы баяндама жасадым. Сосын оркестр ән-күй орындады. Жеке ән, тақпақ айтылатын. Концерттің көп уақытын ақынның өзі алатын, өздеріңізге белгілі Иса суырыпсалма ақын еді ғой. Аса қызып кетсе, орнынан екпінді қимылмен қозғалып, кейде домбырасын тас төбесіне, тізесіне қойып, белінен айналдырып лақтырып, қағып алып аса шеберлігін көрсететін. Гармоньға да қосылып өлең айтатын. Өзі тартқан күйге билеп ала жөнелетін.

«Ассалаумағалайкум, болыс аға,
Бұл күнде не дегенің дұрыс, аға.
Ақбілекке он төрттегі үйленіпсің,
Қайырлы құтты болсын, қоныс аға...» —

деп басталатын сықақ өлеңін гармоньмен орындайтын. Исаның бұл өлеңі парақор болыстарды өлтіре шенейтін. Бай-кулактар, молдалар бұл концертке «сайтан ойыны» деген ат қойды. Түрлі лақап таратты. Бірақ, жастар оларды тыңдаған жоқ. Иса ақын осы кезде «Болыс» атты пьеса жазып, оны сахнаға қойды. (Сол пьесаны сақтай алмағанымыз өкінішті-ақ). Бұл пьесада Иса ақын көп әйел алушы болысты ажуалады. Қысқаша мазмұны былай: Сасықбай деген болыстың үш әйелі бар. Енді төртінші тоқал етіп кедей Сайлыбайдың Шолпан деген қызын алмақшы. Кедей, әнші жігіт Дүйсен мен Шолпан екеуі бірін-бірі сүйеді. Сасықбай қаладан жасақ шақыртып, Шолпанды алып кетуге жасаған әрекетінен түк шықпай қалады. Дүйсен өзінің достарымен атаманды өлтіріп, сақшыларының қаруын тартып алып, ақыры Дүйсен мен Шолпанның той жасап қосылуымен пьеса аяқталады. Иса 1923 жылдың жазында Семей жақтан Қайыржан деген досын ерте келіп, жаз бойы Салқынкөл жағалауына мектеп салғызып, ауыл жастарын оқытты. Өзі атқа міну, физкультура, ән-күй сияқты пәндерді жүргізді. Қазір ақынның туған елінде Иса Байзақов атындағы 8 жылдың мектептің болуы заңды құбылыс. Менің Иса ақынмен бірге болған күндерімде көрген қызығым аз емес. Бірде Павлодарға барып, Майра әншінің де үйінде болып қайттық. Енді бірде пароход үстінде композитор А. Затаевичпен жолықтық. Сол сапарда ол кісінің қасында Латиф Хамиди де бар еді. Иса өлең айтқанда, композитор жазуға да үлгермей тамашалап, ақын талантына сүйсіне таңданғандарын өз көзіммен көрдім. Иса қалыңдығы Шарбанды алуға барғанда да, мені ертіп апарды. Жүрерде Байзақ ақсақал: «Қызыл шапанды ала кет», — деп еді Иса көнбей қойды. Болмаған соң Хамза шапанды қоржынға салып алды. Біз жүріп кеттік. Жол үстінде Хамза «Жігіт қызға танысуға барарда қызыл шапан киеді»,—деп ата-бабаларының, алтай руының әдет-ғұрпын айтып отырды. Той өте қызу, көңілді өтті. Ән айтпаған жан болмады. Тіпті мен де ана тілім — башқұрт тілінде 2-3 ауыз ән айтып жіберіппін. Жастар үлкендерден рұқсат сұрап, Исаға өлең айтқызды. Иса мен Шарбанның үйлену тойы Қызылағаш болысында өткізілген тұңғыш қызыл той болды. Соңғы рет ақынмен 1943 жылы Жамбыл қаласында кездестім. Мен майданнан жаралы қайтқан едім. Иса болса, ел арасында концерттер беріп, сол тұста самолет, танк жасауға өкіметке 400 мың сом ақша өткізіп, енді есеп беруге Алматыға жүргелі тұр екен. Қасында Шарбан қайтқан соң, алған әйелі Сапура бар. Біз шүйіркелесе кеттік. Ол өзінің соғыс жайлы поэма жазғысы келетінін айтты. Тағы жолығып менімен майдан жайлы әңгімелеспек болды. Не керек, содан соң мен Иса ақынмен кездесе алмадым. Ол өзінің ел алдындағы патриоттық борышын атқарып, соғыс жабдығына миллионға жуық қаржы тауып тапсырып, ақыры, сол жолда жүріп, суық тиіп, туберкулезден 1946 жылы қайтыс болғанын естідім. Мен білетін Иса осындай еді. Ол не қиындық кездессе де жасымай жас кезінен бастап, өмірінің соңына дейін еліне қажымай-талмай адал еңбек еткен шын мәнісіндегі ақын азамат еді.

Уағаз Шамсутдинов, қарт мұғалім.

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСІМ

Мен 1930 жылы Павлодардың округтік жастар комитетінің жолдамасымен Алматыға барып, драма театрына қызметке орналастым. Ол кезде он шақты артистерде ғана үй бар, ал біраз жастар сахнада жататын едік. Қыс түсе үйді-үйге тарап кете бастадық. Бір күні Иса аға келіп, «Әй, жаман, үйге жүр, мен сені далаға жатқызады деп тұрсың ба, Шарбану жеңгең де «өзіміздің елдің баласы екен, келсін»,— деп жатыр деді. Қуанып кеттім. Содан былай Иса аға мен Шарбану жеңгей туған аға, жеңгемдей болып кетті. Иса аға 1930-31 жылдары, театрдағы қызметімен қоса, оқып жүрді, ұмытпасам рабфактың ақырғы курсы болса керек. Кешікпей Шарбан жеңгей театрға жаңадан келген, жетім қыз Рахиланы ертіп келді. Театр ол кезде Карл Маркс пен Совет көшелерінің қиылысында болатын, ал Исекеңдер соның астыңғы қабатындағы бір-ақ бөлме үйде тұратын. Өздері — төртеу (баласы Ертіс емшекте, Злиха апайдың қызы Жібек қолдарында, Мәкен елде болатын), бізбен алты адам сол кіші-гірім бөлмеге сыйып тұра бердік. Осы үйде 1931-жылдың апрель айында Рахила екеуміз үйлендік. Тойымызды қызықтап Исекең өзі өткізді. Қалада Рахиланың бір туысы тұратын. Ағай мен жеңгей құдалармен танысайық деген соң сонда бардық. Исекең бізді жетелеп кіргізген бетте өлеңдете жөнелді.

«Екі бала қол ұстасып үй болды ғой,
Үй болған соң бұларда күй болды ғой.
Жақсылармен кездесіп туыс тауып,
Ұмытылмас біздерге сый болды ғой»,

Рахиланың жеңгесі: «Жол бер, құда, өлеңмен сайрамай!» — дегенше Исекең тағы өлеңмен жауап берді:

«Орамал тон болмайды, жол болады,
Өлеңім айта берсем мол болады.
Кеудеңде орын болса құйып алшы,
Кәденің ең үлкені сол болады».

Міне, Рахила екеумізге аға, жеңге емес әке-шешедей болған асыл жандар Исекең мен Шарбану бізді біраз уақыт осылай тәрбиелеп, сонсоң бөлек үй етіп шығарды. 1931 жылдың аяқ кезінде мені театр Мәскеуге оқуға жіберді. Ал, Рахила театрда қызметін істей жүріп, медрабфакқа оқуға түсті. Ұзамай 1934 жылы Рахила екеумізді жаңа ашылған Семей театрына ауыстырды. Сонда 1936 жылы Исекең де семьясымен көшіп барып, бірге қызмет істедік. Шарбану сырқат екен. Қатты өзгеріп қалыпты. Шіркін, Шарбану (1908-1937), шалқыған шабытты өнер иесі еді. Қатал тағдыр жиырма тоғыз жасында талапты жастың тамаша талантына тұсау салды. Ол өзінің сегіз-тоғыз жылдық сахна өмірінде қыруар кейіпкерді тірілтіп, жанды образдар жасап кетті. Әсіресе, Б. Майлиннің «Майдан» пьесасындағы — Зәуре, М. Әуезовтың «Түнгі сарынында» — Маржан, Ж. Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасындағы Бикеш бейнелері ерекше есте қалатын. Исекең осы Семей театрында «Айман — Шолпанда» — Жарқын ақын, «Қыз Жібекте» — Шеге, «Еңлік — Кебекте» — Жәуетей кейде Жапал, Б. Майлиннің «Жалбырында» — Серік деген жігіттің рольдерін тамаша ойнап жүрді. Қазір өкінеміз, Рахила екеумізде Исекеңнің бір дәптер өлеңдері бар еді, соны көшіп-қонып жүргенде, соғыс жылдары жоғалтып алдың. Кезінде еш нәрсені ойламадық қой. Тым болмаса сол Исекеңдермен түскен суретіміз де жоқ. Тек маған өзі үйретіп қалдырған ескерткіші — желдірмелері болды. Иса аға өлеңді боратып жөнелетін де бір мезетте домбыраны олай да қағып, бұлай да қағып, басынан асыра жөнеліп:

«Қарашы қарағайдың еркесіне,
Исаның шығып кетті желкесіне.
Өлеңді қолқа қылса ағытатын
Өлеңнің жүздіріп бір өлкесіне»,—

деп, төгіп-төгіп жіберер еді. Бұл өлеңнің сөзін өзгертіп құбылтып айта беретін. Көпшілік тыныш отыра ма, Исеке, ананы айтшы, мынаны айтшыға басады. Сонда Исекең:

«Өлеңді айтып-айтып қоятұғын,
Ат емес, атан емес соятұғын.
Өлеңді таң атқанша айтқанменен
Өлеңнің қарыны жоқ тоятұғын»,—

деп, халықты күлдіріп барып, өлеңін тоқтатар еді.

Ал, Исекеңнің мінезіне келсем; әй, жарықтық, бөлек жан еді ғой.. Өзі сондай көпшіл болатын. Жеке отырып ас ішкен емес. Дастарқанның мол болуын ұнататын, әсіресе етті көп астыратын да, жолдас-жораларын жинап алып, думандатып отыратын. Жақсының өмірі сәтті жазылған жыр секілді ғой. Айтып тауыса алмайсың. Исекең жүз теңгені жүз тиын құрлы көрмейтін жомарт еді. Сосын өзінің аңғал, ақкөңілділігін қайтерсің!.. Біздер, жастар мынандай қулық жасайтынбыз. Көшеде кездесе қалса: «Иса аға, қатты қиналып тұрмын, үйге қонақ кеп қалды, ал бізде көк тиын жоқ» — деп ренжи қаламыз.

— Қап, апырай, ә! Қазір, бала, бірдеңе тауып берейін — деп, ертіп апарып, жақын жердегі бір үйден немесе кездесе кеткен танысынан дереу керегіңді алып бере қоятын. Өйткені, Исекеңді сыйламайтын, білмейтін адам кемде-кем еді.

— Рақмет, аға, жақын арада тауып берем, — дейміз. Ол кісі болса:

— Өй, сөйлеме! Керосин қатқанда берерсің — деп жүріс беруші еді. «Керосин қатқанда» дегені «ешуақытта» деген сөзінің салты болатын.

Артистер көп жортатын адамдар ғой. 1968 жылы концерттік сапармен Иса ағаның туған аулы Ертіс ауданындағы «Үлгіліге» бара қалдық. Исекеңнің немере ағасы Қуантаев Әбидің, Шарбанудың туысы Орынбай ақсақалдың да қолынан дәм таттық. Концертте мен Исекеңнің «Ал, алқа келді кезің жайнайтұғын» деп басталатын желдірмесін орындадым. Ақынды ел-жұрты қатты құрметтейді екен. Жұрт дарынды өнерпаздың өзін көргендей бір жасап қалды. Ақсақалдар мені сахнаға қайта-қайта шақырып, алғыстарын жаудырып жатты. Енді киінейін деп жатқанымда, бір жас жігіт, «ағатай, біздікіне жүріңіздер, қонақ болыңыздар, келмесеңіздер апам ренжиді» деп қиылып тұр. «Апам» деп тұрғаны Исекеңнің туған апасы Зылиқа екен. Барсақ ауыл адамдары жиналып қапты. Астан соң ақсақалдар Иса аға туралы әңгіме-дүкен құрып ұзақ отырыс болды. Әби ағай бастап: «Исаның бір қызық мінезі,— деді,— ұрлық, өтірік, қараулық сияқты жағымсыз жайларды көзі шалса, кеп алдында өлеңнің отымен өртеп барып жаны жай табушы еді. Бірде өзінің осы ауылдағы құрдасы Нығыманды қатты сынағаны бар. Қыстың бір аязы алқымға алған ызғарлы күнінде Иса Нығыман үйіне жарым түнде барып, әйнегін қағады. Қараңғыда танымады ма екен, әйтеуір үй иесі есік ашпайды. Иса «жолаушы едім, түнеп шығайын» — деп жалынады. Әйтсе де әлгі үй есігін ашпайды. Ертеңіне ақын оны уытты өлеңдерін өңменінен қадап, халың алдында қатты ұялтады. Нығыман қателігін мойындап Исадан кешірім сұрапты»... Сөзге сол ауылдағы Исекеңнің құдасы Шайқы деген ақсақал араласып Исекең екеуінің тай-құлындай тебісіп жастың шақтарын бірге өткізгенін, помещиктің малын баққандарын, тағы басқа да өткен өмір суреттерін жыр қылып айта бастады. «Біздің жайлауымыз, — дейді ақсақал,— «Салқынкөл» деген жерде болды. Көл жиегіне жиналып алып, алқа қотан отырамыз да, Исаға өлеңді серпілтеміз кеп. Кешкі дауыс қандай алысқа кетеді. Шалқыған шабытпен шарықтай шырқалған ән аспанды жаңғыртушы еді. Исаның әнін естіген маңайдағы ауылдардың адамдары жиналып қалатын. Кейін Иса осы ауылдағы жастардың басын қосып концерт қойып жүрді. Бұл — совет өкіметі орнаған 1919-20 жылдарда. Байларды, молдаларды мазақтап айтқан өлеңдері, жазған пьесалары мірдің оғындай тиетін оларға. Иса — жігіттің сұлтаны еді ғой, қолынан келмейтін өнер жоқ бөлек еді ғой, асыл құрбым!»— деп ақсақал сөзін тамамдады.

Иә, бір ғана өнерге бола туған адам еді ғой, Иса аға!..
Хасен Байырманов,
ҚазақССР-інің еңбек сіңірген
артисі.

ӘКЕМ ТУРАЛЫ

Әкеміздің өмірі өзінің ғажайып дарынындай ерекше де ғажап болды. Содан болар Исекең туралы көптеген қызғылықты әңгімелер ол кісінің сері мінезі, ақын азаматтылығы жайлы дәйекті деректер тамаша аңызға айналып жүр. Онымен қоса ол кісі туралы кейбір естеліктерде жалған пікір де кездеседі. Мен. бұл арада тек болған оқиғаларды кезінде қасында жүріп, көрген-білген, өзімді қатты толқытқан жағдайларды, жалпы әкем туралы білгенімді айтып кетуді парызым деп ұқтым.

Папам Семей сахнасында.

Семейде тұрғанда, 1936 жылдың жазында Исекеңнің «Жалбырда» Серік деген жігіттің ролін ойнағаны есімде. Спектакльдің ең аяғында Елемес пен Хадишаның өлігіне Жалбыр, Серіктер тап болатын жері бар. Сонда папам мылтығына сүйеніп отырып, өз жанынан суырып салып зар айтатын. Әуені — «Зәуреш» әні. Папамның даусы өте зарлы шығатын. Сол үні әлі құлағымда. Менің ойымша тәп-тәуір тенор дауыс. Ал, сөздерінен тек есімде қалғаны: «Секірген ор текедей екі-ау киік, жаттың ба жауыздардың оғы тиіп»... деп басталатын жері. Папам зарын айтып болғанда, залдағылар жылап отыратын...

«Он бір күн, он бір түн» поэмасы қалай туды. 1938 жылдың ноябрь мерекесі тұсында папамыз интернатқа өте көңілді, реңі жайнап келе қалды. Қолында үлкен қағазға оралған кәмпиттері бар. Есіктен кіре столымызға оны төге салды да: «Ал, балақайлар, жабылыңдар, міне, шашу» — деді. Біз кішкене бөлмеде жиырмаға жуық қыздар жататынбыз. Бәрінің дерлік ата-анасы жоқ болғандықтан болар, әйтеуір Исекеңнің жарқын жүзі семья жылылығын әке-шеше мейірімін ала келгендей, ол кісі келген сайын бір жадырап қалушы еді... Сол күні де 11-12 шамасындағы менің достарым папама еркелеп, әңгіме айтқызып біразға дейін көңіл көтерістік. Ертіс екеуміз шығарып салып бара жатқанда, папам: «Балақайлар, жақында бір қызық оқиға болды»— деп әңгімесін бастап кетті. Біздер, о не екен дегендей, жүзіне қарай қалдық.

— Биыл екі-үш айға созылған халық ақындарына арналған семинар өтті. Біткен күні үлкен бас қосу болды. Барлығы дерлік суырыпсалма айтыс ақындары ғой деп, Мұқаң (Мұхтар аға. М. Б.) соңғы уақытта көп әңгіме боп жүрген үш ұшқыш қыздардың қаһармандығын жыр етуді ұсынды. Табан астында қайсысы білек сыбанып шығар екен деп едік, ешқайсысы батылы жетіп, суырылып шыға қоймады. Сол, сол-ақ екен Сәбит: «Ал, Иса, бұл тақырыпқа сен қалайсың, мүмкін сен бірдеңе дерсің» — дегені. Шынымды айтсам өзімнің де делебем қозып отыр еді. Осы оқиға жайлы газеттерге тараған сөздерді байқап қойып, папаниншілер туралы жазған жырымдай (басылған жоқ, М. Б.) бір дүние жазсам ба екен деп те ойлап қоюшы ем. Кенет мына сұрақ менің жанды жерімді тапқандай, тіпті қанаттандыра түсті. Қалжыңдап: «Әй, Сәбе-ай, мені бір қиынға салғалы отырсың-ау» —дедім. Мұқаң да қуанышты серпінмен, «Ал, Исажан, жүйріктігіңді тағы бір көрсетші осы арада» — деп қолпаштай ала жөнелді. Содан Мұқаңның өзінен Гризодубова, Осипенко, Расковалардың маршруттарын анықтап алдым да: «Болды, Мұқа, ар жағын өзім де білем» — деп ағыта жөнелдім» — деді папамыз. — Не керек, көптен ештеңе жаза алмай, көсіле алмай (бұл тұста жағдайы жоқ еді... М. Б.) жүрген бойым жазылып, бір жасап қалдым.

— Жоқ, мұқалмапты, сарқылмапты, сарқылмайды, Иса! — деп бізге жалт қарады да «балаларым алдында бөсіп кеткендей боп көрінген жоқпын ба» дегендей жымиып,— Иә, балақайларым, жарады бұл жолы жаман папаларың,— деді. Содан соң сөзін жалғастыра түсіп: «Кеше жаздым да журналға бердім. Міне, осылай дүниеге кенет, ойда жоқта «Он бір күн, он бір түн» поэмасы келді», — деп папам екеумізді құшақтап-құшақтап қойды...

Кезінде ғана емес, осы күнге дейін сол кештегі Исекеңнің жыр нөсерін замандас ақын-жазушылар өз естеліктерінде әр түрлі құбылтып ауызша әңгіме етіп те, жазып та аңызға айналдырды. Шынында жағдай папамыз айтқандай болған еді. Сол кеште таң-тамаша болған ақын-жазушылар, әсіресе Мұхтар аға Исекеңнің бұл ғажап импровизациясының идеясы да, көркемдігі де биік профессионалдық дәрежеде айтылғанына қатты риза болғаны хақ. Бұл тек қаламдастарының бір көріп қалған ғажайып дүниесі болса, Исекең бүкіл елді аралаған концерттерінде әр түн сайын тосыннан төгіп салған поэмаларын өнер шыңына көтере шырқағанын бірге болып, бірнеше кештерде көзі көрген, құлағы естіген ақындардың бірі Қалижан Бекхожин таңдай қаға таңырқап еске алады. Өнер биігінен көрінген Исекеңнің көптеген өлең, поэмаларының қаншасы аспан астында қалқып жүр десеңізші!.. Мұхтар ағаның университет залында лекция үстінде «Егер Исаның әрбір айтқан өлең, поэмалары қағазға түскен болса, осы залға сыймас еді»— деуі де осыдан болар.

1939 жыл. Папамның тойлары.

Папамыз үшін 1939-1940 жылдар өмірінің ең бір бақытты кезеңі болды. Мұның алдындағы жылдарда көрген жалғыздың, қайғы-қасірет, көптеген әділетсіздіктерден кейін, төбесіне төнген бұлттар ыдырап, әкеміздің жүзі жадырап шыға келді. 1939 жылы бір топ ақын-жазушылар ордендермен наградталғалы жатқанда, папам интернатқа келіп, маған мынадай әңгіме айтты: «Союзге Москвадан бір телеграмма келіпті. Онда «поэта Умурзакова командировать» — деген. Бүкіл қазақ-қырғызда ондай ақын жоқ деп жазушылар әлек болып жүр. Ал, менің жүрегім сезеді, сол дәл маған келген телеграмма. Үндеме, қызым, папаларыңның бағы енді ашылар»,— деді. Ақыры, папамыздың ойы тура боп шықты. Сол кездегі СССР Жазушылар одағын басқаратын А. Фадеев «Иса Байзақовты жіберіңіздер» деп, жөнделген телеграмма жолдапты. Ең бір қызығы дәл жүрердегі болған оқиға. Папамның дұрыс костюмі болмай қалса керек. Ол кісі үйсіз жүргендіктен дүниелері әр жерде қалып қоятын немесе өзінен костюмі нашарлау біреуге кигізе салатын дүниенің бетіне қарамайтын адам болатын. 1936 жылдың жазында Семейде өз көзімізше екі қолы жоқ көшеде отырған бір кісіге үстіндегі су жаңа костюмін кигізе салғаны бар. Апам ренжіп еді, папам болса: «Шәрбану, сен саспа, мен ертең-ақ дәл сондай костюмнің көкесін табам, ал мына мүгедек байғұс қалай табады»,— деді.

— Енді көйлекшең барасың, қонаққа келе жатырмыз ғой,— деген апама: — Е, Исаны киімі үшін сыйлаған үйдің маған көк тиынға қажеті жоқ, — деп жауап берген еді...

Содан папамыз Мұхтар ағайдың үйіне жетіп бара салып:

— Мұқа, ана киім ілген шкафты аш, — депті. Мұқаң сөзге келмей аша қойған. Папамыз барлық костюмдерін қарап шығып, біреуін киіп алыпты да, «мынау маған шақ екен, ақшасын керосин қатқанда аларсың» — деп шығып жүре беріпті. Мұны папам өзі Мұқаңа үлкен ризашылық білдіре, ағасындай еркелететініне мақтана айтатын.

Папам 1939 жылдың көктемінде Москва, Киев, Кавказды аралап, «Кавказ» поэмасын жазып, кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағып оралды. Біз лагерьде түскі ұйқыда жатыр едік, тәрбиешіміз келіп «папаң шақырады» деді. Атып тұрып, далаға шықсам, анадайда, алма бағы түбінде папам, Ертіс, Қатира апам және бөтен бір ақсары әйел әңгімелесіп отыр екен. Таныстық. Бұл әйел өгей шешеміз екен. Папам тойына жеңгесін де шақыртса керек. Қатира апам жылап-сықтап мені құшақтап, шерін тарқатып жатты. Ал мен папамның орденіне қарап мәз боп отырдым. Әкеміздің тойы Қаскелең ауданы, Жамбыл колхозында болды. Көптеген ақын-жазушылар" (тек Жамбыл атай келе алмады) келді. Той үш күнге созылды. Есік алдындағы көк жоңышқаға текемет, кілемдерді төсеп тастап, бәрі де сайрандап жатты. Папам орындықта отырып, өзінің желдірмелерін орындады. Жұрт кейде папамды желдірмесін айтқанда, Иса төрден есікке дейін қимылдап отырып жетіп қалушы еді, — деп әңгіме қылады. Мүмкін, тым жас шағында сөйткен болар, ал соңғы біз көрген жылдарда бір орнында отырып-ақ айтатын. Папам біздің жақтағы суырыпсалма ақын Құдайбергеннің үлкендігін, талантын сыйлап, оның желдірмесін анда-санда қонақта отырғанда айтатын еді. Сонда Құдайбергеннің өзіне ұқсап құбыла ойнап, көп қимыл жасайтын. Ал, өз желдірмелері қанша қызулы, жігерлі болса да, бір орында отырып, не түрегеп тұрып-ақ өлеңнің ішкі сырына сай орындайтын. Исекең «Зәурешті», «Қорланды» аса тебірене айтатын еді. Тыңдаған адамның сезімін толқыта, жүрегін елжіретіп көзіне жас толтыратын. Міне, сол тойында да папам байыппен орындықта отырып-ақ шаттана, көңілдене шырқады. Исекеңнің той үстіндегі келбетін елестетсем көз алдыма Ақбөпедегі Әмірхан бейнесі келеді:

«Жігіттің маңғазы еді өзі сері,
Күнде той, күнде сауық жүрген жері.
Жалынды аспанға ұшып алып қашып,
Нақ кезі қайнап тұрған жаңа пері...»

Ал, сол күндердегі жолдастарының алдында ғана емес, бүкіл үлкен ауыл жұртшылығына шырқаған әндерін есіме түсірсем, мына бір шумақтарды тура өзі жәйлі жазғандай боп көрінеді:

«Естіді Әмірханды аумақтары,
Жиылды кешке қарай жас пен кәрі.
Төсеулі көлеңкеде кілем, киіз,
Cap қаймақ сапырылды қымыздары».

Әкеміздің даусы кешкі ауамен көтеріліп аспандап алысқа кетіп жатты. Ал, тойға арнаған дастарқаны да ағыл-тегіл мол жайылды. Бірінші күнгі тойды Сәбит аға басқарды. Қойдың басын табағымен өзі ұсынған папамның: «Ал, Сәбе, бүгін өзің басқар бұл тойды» — дегені де есімде. Әкеміздің сәулетті күндерінің бірі сол тойын өзі тамаша өткізген еді.

«Күшеншек» ақын болма!» 1940 жылдың жазында папамыз Гоголь көшесі мен Набережная көшесі бұрышына жақын, дәл Горький атындағы паркке қарсы жерден пәтер алды. Сол үйді ала сала интернатқа келіп, Ертіс екеумізді қолына алғысы келетінін айтты. Бірақ мен интернатта тұра берейік деп папама көнбедім. Ертістен сұрап еді, ол да Мәкен бармаса, мен де бармаймын деп жауап берді. Біздің сөзімізбен де, ойымызбен де санасатын әкеміз енді қайтып бұл әңгімені қозғамады... Біз папамның үйіне қонаққа барып жүрдік. Мен бір келгенімде папам дөңгелек стол басында жазу жазып отыр екен. Екеуміз әңгімелесе кеттік. Мен қабырға газетіне өлеңдер жазып жүргенімді айтып мақтандым. Сол сол-ақ екен, «ал, ендеше мен сенің ақындығыңды сынайын, дәл осы жерде бір сағат ішінде Жамбыл атаң туралы өлең шығара ғой»,— деді. Мен терлеп-тепшіп бірнеше парақ қағазды бүлдіріп, ақыры 3-4 шумақ өлең жазып оқып бердім. Папам маған біраз ойлы жүзбен қарап отырып қалды. Көңілімді жықпай, ойын қалай жұмсарта айтарын ойлаған болар-ау деп, бұл күнде өзім топшылаймын. Ал, сол сәтте жеңімпаздардай масаттанып отыр едім. Өйткені мектепте «ақын болатын қыз» деп бәрі мақтай бастаған болатын. Бір уақытта папам күлімсіреп, «жалпы, қызым, жарайсың, өзіңнің жақсы бір ойың бар екен, не айтқың келгені түсінікті боп тұр. Тек аздап ұйқасымы келіңкіремей жатыр. Жылдар өткен соң, ол кемшілікті де жоюға болар,— деп тоқтады да, қағазыма қарап отырып, — көп сызып, көп жөндепсің. Бірақ Пушкиннің қолжазбаларын көрсең, ол кісі де көп жөндеген»,— деп жымиып күліп қойды да, менің көңілімді жұбатарлық тағы да көптеген сөздер айтты. Ақыры, турасын айтып үйренген мінез қоя ма; «Осы, қызым, сен ақын боламын деп басыңды қатырмасаң қайтеді, түбінде жазушы-журналист болуың мүмкін, ондай қабілетің сезіледі, ал бір жол өлеңді кешке дейін ойлаған ақын — ақын емес. Мен ондайларды «күшеншек ақын» деп атаймын.

«Аспанда ұшып бара жатқан қаз,
Менің қолымда пияз»,—

деген өлең шығарып ақын боп жүргендер де бар, бірақ мен сенің ондай ақын болуыңды қаламаймын. Ақындықты табиғат саған бермеген, ақын боп туу керек! Алайда, жазушы не артист болуың мүмкін, оныңа сенем», — деп папам сөзін бір-ақ түйді.

«Ақбөпе» әні Папамыз 1944 жылдың ішіңде Алматыға екі келді. Осы кездесулерімізде ол кісі бізбен кәдімгі есейген адамдармен сөйлескендей, сыр шертісіп, пікір алысып ақтарыла сөйледі. Әкеміздің жүрек түкпіріндегі талай реніш-күйініштерін, өкініш-армандарын осы жолда анығырақ біліп, ол кісіні жақын танып қалдық... Бір келгенімізде, өзінің әдеті, бойынша, дөңгелек стол үстіне қағаздарын жайып тастап, қолында — домбырасы, ақырын әндетіп өлең жазып отыр екен. Бұл май айының іші еді. Осы сапарында папамыз Төлеген Тоқтаров пен Махамбет Өтемісов туралы поэма жазып, Жазушылар одағына өткізді. Одан. бұрын, қарап шығуға Жұмағали Саинға апарған еді. Өйткені ол кезде Жұмағали ағай поэзия секциясының бастығы болса керек. Сол екі поэманың ешқайсысы еш жерде басылған жоқ. Поэмалардың тағдыры бізге белгісіз... Бұлардың қай-қайсысын болмасын, папамыз екі-үш күнде шұғыл жазып бітірді. Папама ақындар ішінде Абай қатты ұнайтын және өзінің пірі тұтып отыратын. «Міне, жаңа ой, жаңа тақырып таптым-ау деп бір өлеңді жаза бастап, енді Абай шығармаларына үңілсем, алдымнан әлгі ойым да, тақырыбым да шыға келеді. Апырай, неткен кемеңгер адам десеңші, бәрін жазып кеткен, бізге түк қалдырмапты» — деп күлетін. Абайдан кейінгі табынары — Махамбет еді. «Ой, шіркін, бұл бір керемет ақын ғой, жалындаған от, жарқылдаған семсер жүзіндей өткір ақын! Махамбетті жөндеп көтермей жүрміз, көтеру керек оны» — дегені Ертіс екеуіміздің жадымызда. Осындай еңбек үстінде отырса да біз келгенде папамыз бәрін жинап тастап, «ой, балапандарым, келіп қапты ғой» — деп жадырап қоя беретін. Сол күні ол кісі бізбен кең отырып сөйлесіп, маған «Ақбөпе» әнін, ал Ертіске «Алтай аясынданы» айтатын әнін күйге айналдырып, домбыраға үйретті. Ертіс ол кезде домбырадан оқып жүрген болатын. Егер папамызбен бір шаңырақ астында тұратын болсаң, біздер қанша дүние біліп қалған болар едік...

«Сағатпен өлшеп ән айтпан...»

Әуіппе қарттың қорасындағы көк шөпке алаша төсеп, кешке қарай папам домбырасын ақырын шертіп қойып, баяу әндетіп отыр. Әкеміздің өмірі ат үстінде өтті ғой. Әсіресе, соғыс жылдары. Сондықтан жайғасып отырып әңгімелесе қалғанда біз бір жасап қалатынбыз. Папама осы жазда музыка училищесінің балаларымен концертке қатысып, ауылдарда болып қайтқанымды айтқанда, ол кісі бірден сөзіме назар аударып, бар жайды қадағалап сұрай бастады. Жұрт алдында жүрексінген жоқсың ба, халық риза болды ма, концерттерің қанша уақытқа созылды! — деген сияқты сұрақтар. Болған жайды түгел баяндап кеп, тек бір колхозда «бар болғаны осы-ақ па» — дегені дедім. Папам жымиып қойды. «Концерттерің тым ұзақ болған екен. Дегенмен шаршап жүрген колхозшыларға түскі демалысында ойын көрсетіп, көңілдерін көтергендерің әбден жөн іс»,— деді. Бастапқы «тым ұзақ» деген сөзінің астарын сезіп қалдым да — ал, өзің қанша уақыт концерт бересің! — деп сұрадым. Папам маған біраз күлімсіреп, домбырасын, өзі бір ойға кеткенде тартатын күйіне салып, шерте отырып, әңгіме бастады.

— Мен сағатқа қарап өлең айтып көрген емеспін. Халық ымырт жабыла жиылып, таң атқанда бір-ақ тарқайды. Колхозға келгенде ауылдың ең шетіндегі қарапайым кісінің үйіне түсем де, бүкіл колхоздың жағдайын сұрап біліп алам. Жалқауларының, озаттарының фамилияларын жазып алам, сонсоң басшыларының кемшілігін де біліп алып барып бастыққа жолығам,— деп қулана күліп қойды. Жұрттың қалағанын айтам. Олар «Арқалық батыр», «Рүстем — Дастаннан» айтуды сұрайды. Оған қоса, көбінесе бүгінгі қан майдандағы жас батырлар Зоя, Мәншүк, Әлия, Төлеген, Бауыржан, Мәліктердің ерліктерін жыр етем. Мәселе, майдан қорына қаражат жинап беруде ғана емес, ол да керек қой. Бірақ, ең қажеті халықтың осы ауыр күндерде рухын көтере білуде, — деп, папам біраз ойға кетіп отырды да, әңгімесін әрі жалғастырды. Сол жырымның аяғында «әр үйден кеткен арыстарың сонау майданда қан кешіп жүргенде, сендердің іштеріңде кейбір адамның еңбек етіп, көмектескен сиқы мынау»,— деп суреттеп келіп, бүкіл жалқауларын сынап өтем, озаттарын мадақтай кетем. Не керек, отырған халық күлкіден ауыз жия алмай қалады. Қатты ұялғандары шыдамай, есіктен ата жөнелді. Енді «түн ортасынан ауып кетті, дем алыңдар», — деп өлеңге қосам, сонда бәрі бір ауыздан: «шаршаған жоқпыз» дейді. Әлден уақытта «уа, темекі тартып дегендей, сыртқа шығып, желпініп келмейсіңдер ме» деймін. Тағы да бір ауыздан «жоқ, Исеке, шықпаймыз, айта беріңіз, тек өзіңіз шаршамасаңыз болғаны»,— дейді. Несін айтасың, балақай, таң атқанда бір-ақ тарқап, үйлеріне барып, шайларын ішіп, бірден қырман басына жөнеледі. Міне, папаңның концерті осылай өтеді. Сонда мен «бар болғаны осы ма» деген сөзді естіген емеспін,— деп мені еркелеткендегі дағдысы бойынша мұрнымды бір қысып қойды.

Радиодан соңғы концерті.

Папам 1944 жылы октябрь айының бас кезінде радиодан өзінің сүйікті композиторлары Естай, Мұхиттардың әндерін және өзінің екі желдірмесін орындады. Ол кісі бұрын да анда-санда радиодан концерт беріп кететін, ал, бұл жолы арнайы келіп, «Ертең сағат төртте радиодан коңцертімді тыңда» — деп айтып кетті. Кім біледі, өзінің микрофон алдындағы бұл соңғы концерті екенін сезді ме екен... Айтқан уақытында, Қарағандыдағы бала кезімдегідей, репродуктор түбінде қадалып отырып, бүкіл әндерін тыңдадым. Папамның дауысы бұрынғыдан әлсіреп қалыпты. 1939 жылы өзінің орден алып, сонсоң үйленіп, той жасағандағы салған әндері, сол күндердегі шиыршық атқан айқын да күшті даусы құлағыма келді. Қайда сол дауыс!.. Сонымен папамның радиодан берген концертін тыңдаған күні ертеңіне ол кісіге барып, ептеген өз пікірімді айттым. «Рас, қызым, қалжырайын дедім. Орнығып отырып, тек ақындық жазба творчествомен айналысатын кезім де келді. Бірақ, үй-жай сұрап, осы сұрапыл соғыс кезінде өз жағдайымды әңгіме етуді ұят көрем. Шыдайық, балам, соғыс бітсін. Сонсоң үйім де болады, сендерді де қолыма алып оқытам»,— деп бұл ойын бір түйіп қойды. Содан әншілік туралы әңгіме қозғап кетті. Өзінің жас кезінде әжептәуір даусы болғанын айта кеп,— кешке ауылда ән салғанымда, тоғайда пішен шауып жүрген кісілер естіп, ауылға жүгіретін еді. Ал, ол жеті-сегіз шақырым қашықтықтағы жер. Сонда ауа көтеpіп кете ме, әйтеуір дауыс алысқа жететін. Алайда, күшті дауыс менде о бастан болған емес. Әнші боп туған адам Әміре еді ғой. Манарбектің де даусы тамаша, Әміреден кейінгі сол дер едім. Осылайша папам әншілер туралы біраз пікір айтты да, соңында Майра жайлы сөз бастап кетті.

— Мен Майрамен ең алғаш Павлодарда, 1921 жылы автономия тойына барғанда таныстым. Өзі менен төрт жас үлкен екен. Содан 1924 жылы көшеде келе жатыр едім, терезеден бір әйел «әй, ақын, мойныңды бұра кет»,-—деді. Қарасам — Майра. Үйіне кірдім. Майра әйел затының серісі еді. Дереу стол жасатып, үй-ішін зыр жүгіртіп жүр. Мен асығыспын десем болар емес. «Жоқ, ақын, өлең айтасың. Даусыңды сағындым» дейді. «Ендеше, ауылдың алты ауызын өзің айт, мен де сенің даусыңды сағындым» дедім. Майра кідіруді білмейтін. Гармонын алдырды да, құлаштай-құлаштай тартып жіберіп, ән көкесін шырқады-ай кеп. Бір мезгілде қарасаң, терезе тұсы, үйдің сырты толған адам. Бес-алты ауыз әнді Майра өнеріне арнап мен де айттым. Содан 1925 жылы Қоянды жәрмеңкесінде бір болдық. Әсіресе, Семейге дейін пароходпен Затаевич, Әміре, Майра бәріміз бір жүзгеніміз бар. Міне, концерттің көкесі сонда болды. Апырай, біздер күні-түні демей айта беруші едік. Бізде бүгінде әнші қыздар мықты. Бұлбұл дауысты Күләш, қазақ табиғатындай өрісі кең, әсем қоңыраулы дауысты Жамал, сұлулық тәңірісі, асқан биші Шара қандай! Бұлар сендердей оқып, өнерін өңдемей-ақ, табиғат берген дарынмен қияға бір-ақ шыққан еліміздің ардагер қыздары ғой. Одан әрі папам өз творчествосын, оның ішінде 1925—35-ші жылдардағы жазған өлең текстерін «сөзі — халықтікі» деп жүргендерін және қолжазбалары жиналусыз, ақын достары — Тайыр Жароков, Асқар Тоқмағамбетов, Дихан Әбілев, Жақан Сыздықов, Саяділ Керімбековтердің үйінде қала бергенін айта кеп, бәрін бір жүйеге келтіріп, жинақтау керек еді деген ойын білдірді. Папам әңгімесін одан әрі жалғастырды:

— Менің 1923 жылы Орынборда оқып жүрген кезім, жазда елге кеп, сайлау науқанына қатысып, ауылдағы азулы байлармен айқасқан қызу уақыт болатын.

Әкем қоғам ісіне араласып, орталықтан келген уәкілдермен жүргеніме мәз болды білем, анда-санда: «Исажан, сен сыйлы боп келесің ел арасында, осында қалсаң қайтеді» — деп қояды. Ауыл маңының бір қызын алып берсек қасымызда болар, деп ойлады білем, әйтеуір ағаларымыздың ішінде үлкені Хамза бастап қоярға қоймай август айының ішінде Салқынкөлдің ар жағында Тайсоймас деген жердегі Ақым ақсақалдың қызына құда түсеміз деп таныстыруға алып барды. Шәрбану марқұмды, сендердің аналарыңды сонда, бірінші рет көрдім, әдемі-ақ екен! Көрген жерде-ақ көңілімнен өлең де құйыла жөнелді. Тек оны ішімнен айттым.

— Өзің есіңе түсірші мамаңның келбетін, шашы тізесіне түсетін, сұңғақ бойлы нағыз: «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» еді ғой, ә! — деді папам маған бір бұрылып қойып.

— Иә, апамыз шынында да қара торының әдемісі еді, менің тек бетімнің секпілі ғана тартыпты-ау, дей бергенімде әкем жұлып алғандай: «Әй, әй, балақай, сен маған ұқсағансың. Ал, папаңның кескіні жаман деп саған қай антұрған айтты, көрсетші, қане»—деп күліп жіберді, мен де күлдім.

Содан август айы ішінде, — деді Исекең әңгімесіне көшіп,— Орынборға бара жатып Семейге соқтым. Мұхтар, Жұмат, Әміре яғни, ескі достар орнында екен. Дүрілдетіп концерт, спектакльдерін беріп жүр. Бір кеште концерт болардың алдында, Әміре халық әні «Назқоңырды» шертіп отырып кенет: «Әй, Иса, осы ән маған қатты ұнайды, тек сөзі тебірентпейді жанымды, сен бір әдемі қызға айтылған сөздер жазып өзгертіп берші. Қазір халық әндерінің ескішіл, діншіл жерлерін өзгертіп айту керек деген сөз болып жүр ғой» дегені. Сол сәтте жақында ғана таныссам да көңіліме талай әсем ән ұялатып, ойымды билей бастаған Шәрбану көркі көз алдыма елес берді де мына бір сөздер жарыққа келді» — деп Исекең баяу ғана әндете жөнелді.

«Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,
Кел десең неге аяйын аттың терін.
Cap ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім.

Базардан алып келген күміс құман,
Жігітті адастырған қалың тұман.
Арадан қыл өтпестей тату едік,
Біздерді араз қылған қай антұрған!»

— Байқайсың ба, балақай,— деді папам ән соңында, бәрі Исанікі боп кетпесін деп, соңғы шумақта халық әндері стилін сақтадым, өйтпесе тағы болмайды.

— Әміренің зеректігі ғажап болатын, — деп Исекең бір серпіліп, ескі досы еске түскенде сонау бозбала шағы, жас дәурені бір сәт қайта оралғандай, көзі балбұл жанып, сөзін шатты бір үнмен жалғастыра берді. — Не бары 10-15 минутта жаңағы сөздерді жаттап алды да, кешке «Назқоңырды» тамылжыта сайрады-ау, шіркін. Бар дауысымен шырқағанда қайда оған жететін әнші, десеңші! —деп ақын бір күрсініп қойды. Аздан соң: — Міне осылай сендердің аналарыңа арнаған өлеңім дүниеге келді. Содан соң халық әні «Қалқаның» сөзін де Шәрбануға арнадым. Жұрт халық ақыны Қалқаның әні дейді, ол қате, — деп бір шындық бетін аша кетті, осы тұста.

— Сендердің аналарың, менің жан серігім Шәрбану адамгершілігі мол, мейірімді және талантты актриса, көрікті жан еді, не керек, не бары 29 жасында дүниеден тым ерте кетіп мені де, сендерді де жетімсіретті ғой, қайтейін,— деп толғанып барып домбырасын қағып-қағып жіберді де, бойын тез арада билеп ала қойып, «қамығып қалды ма» дегендей маған күлімсірей қарап, бір күйді ақырын шерте бастады... Менің ойымнан «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» деген сөздер кетер емес. Шынында да мамамыз дәл осындай әсіресе, ерні дүние салған күнге дейін бояп қойғандай, қып-қызыл боп жатқаны да есімде. Бірақ, қалайша осы күнге дейін ешкім «Сөзі Исанікі демей жүр»... Осы ойымды папама айтқанда, ол кісі «Е-е, қызым, жаман папаң жасаған дүние көп қой өнерде. Өз желдірмелерімді де опералық музыкаға енгізгенімді былай қойғанда, қанша әнге Елубай, Құрманбектерге сөзін жаздым десеңші. Оны қазір «Исанікі демей жүр». Бірақ күндердің күнінде бір айтылар деп ақырын ғана «Көгершін» әнін шертті де, — Жаяу Мұсаның осы әнінің де сөзі менікі,— деді:

«Ал көгершін көңіліме қонған әнім,
Сүйеді сұлу әнді менің жаным.
Айқайлап жүз құбылтып шырқағанда
Кетеді-ай бойым балқып, қайнап қаным.

Ал көгершін — ән еркесі баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен қайтса.
Ән болмас «Көгершіндей» қайда барсаң,
Ән білем деген адам шынын айтса».

Бұл әннің сөзін 1925 жылдың аяғында театрдың Қызылордада ашылуына даярлық үстінде Әміреге жазып бергем. Жаяу Мұсаның әуені тамаша-ақ? Ал оны Әміре шырқағанда тіпті керемет дүние болатын,— деді де папам домбырасын қағып отырып ойға кетті. Исекеңнің әдеті ғой, өлеңді «ал» деп бастайтын... Қазір «Назқоңырдың» жүрек түбінен шыққан сырлы назды сөздерін әнші жолдастар әр түрлі өзгеріспен айтуда. Белгілі бір әншіміз «Біздерді араз қылған қай антұрған» дегенді «қай оңбаған» деп пленкаға жаздырып жіберсе, кейінгі жас буын әншілер «Біздерге қастық қылған қай антұрған» деп айтып жүр. Әсем әнге лирик ақынның қосқан үнін, сәйкес етіп тапқан сөзін өзгертпей айтумен қатар авторлық правосын да ұмытпаған абзал. Бір қуанатын жәйт Исекеңнің шәкірті Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Хасен Байырманов та, Исекеңнің дос-замандасы Құрманбек Жандарбеков те мұндай шығармаларды «Сөзі Исанікі» деп айтуларымен қатар тексін пленкаға бұлжытпай жаздырған. Ақын есімін қадыр тұту деген осы да. Қазір кейде әкем марқұмның: «Әзір өлеңдерімнің сөзі Исанікі делінбей жүр, күндердің күнінде бір айтылар» — деген армандай сөздері, сондай-ақ Елубай Өмірзақовтың «Менің 40 шақты әнімнің сөзі түгелдей Исанікі» — дегендері еріксіз еске түседі. Папамыз өзі көзі тірісінде желдірмелерін орындаған әншілерге дұрыс айтпаса қатты ренжуші еді. Жүсіпбек Елебеков: «Мен Исаның желдірмесін жақсы-ақ білемін. Бірақ, айтуға дәтім бармайды, қорқам. Өйткені Исаның темпераменті мен темпін ұстау өте қиын, тіпті мүмкін емес»,— деуші еді. Желдірмені орындағысы келетін жас әншілер әннің романтикалық сазы мен социализм дәуірін жыр еткен көтеріңкі пафосын ұмытпағаны жөн. Папам дауысын пленкаға жаздырмаған сияқты. Алайда, 1936 жылдарда пластинкадан Исекеңді естіп едім дейтін кісілер бар. Бұл мәселе мұқият зерттеуді талап етеді. Мұны Москва, Ленинград, Ташкент, Омск қалаларынан тиісті адамдардың сұрастырып зерттегені жөн болар еді. 1950 жылдарда Манарбек Ержанов папамыздың екінші желдірмесін радиоға, одан пластинкаға жаздырғанда, өкінішке орай, өзінше өңдеп, өзгертіп жіберген. Екінші желдірменің әуені, ырғағы түгелдей Е. Брусиловскийдің оркестрге жазған поэма желдірмесінде берілген. Ал, бірінші желдірмесі, аздаған өзгеріспен М. Төлебаевтың «Коммунизм оттары» контатасына пайдаланылған. Көп жылдар папамыздың тәрбиесін көрген Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Хасен Байырманов осы бірінші желдірмесін өте дұрыс орындайды. Біздің әке-шешеміздің отызыншы жылдарда екі кереует пен кішкене стол сиятын жер үйі болды. Сол тар үйде талай өнер адамдары қиын кезеңдерінде өздеріне пана тапты.

Әкеміздің соңғы жылдары.

Папамыз 1945 жылы 19 январьда бізге интернатқа келді. Сырқат, жүдеген. Мәселе былай болған. Шымкент облысы басшылары сұрауымен папамыз Қызылқұмдағы бір үлкен науқан өткізуге араласқан. Содан папамыз тағы жеті-сегіз күн концерт өткізіп, қасына адам ертіп, жолға шыққанда қатты боранға тап болған. Шымкент ауруханасынан шығып, аздап жүруге жараған бетте Алматыға тартқан. Өкпесінің ескі туберкулез ауруы ашылған. Жазушылар одағы ауруханаға салды. Май айы ішінде папам «Березовка» санаториясына кетті. Күзге дейін хабар болмады. Содан 1945 жылы ноябрьде, мен сабақта отыр едім «сені бір кісі шақырып тұр» деп мұғалім сабақтан босатты. Шықсам бір салт атты кісі екен. Таныстық. «Қалқа деген ақынмын», — деді. Сонсоң қолыма папамның хатын ұстатты. Хатты біреуге жаздырып, тек соңғы «папаң Иса, 12 ноябрь, 1945 жыл» деген сөзді өзі жазған. Науқас әкемнің хатын оқып болғанда көңілім бұзылып, ол кісінің бір тамаша күні есіме түсті. 1943 жылы декабрьде ақындар айтысына папам да келді. Айтыстың соңғы кеші болатын. «Иса ақын сахнаға шығады»—дегенде халық қол шапалақтап орнынан тұрып кетті. Дәл сонда Нұрхан Ахметбековтың папама арнап айтқан сөздері көп адамның жадында болар;

«Атандың он жасыңнан — ақын Иса,
Өнерің басқа жұрттан басым, Иса.
Еш ақын еш уақытта пар келмейді,
Милаттың жетпіс екі бәрін жиса.

Исаның ақындығы жұрттан басым,
Екпіні құлатқандай таудың тасын.
Әркімдер өз теңімен айтысады,
Алып кел Тәжібайдың Әбділдасын»,—

деген еді. Сол жолғы айтыста халық папамды сахнадан босатпай, үлкен қошемет көрсетіп, бас жүлдені алып берді. Исекеңе деген ел құрметін айтқанда еске түседі, 1956 жылы папамыздың қайтыс болуына 10 жыл толған күні, Жазушылар одағында Мұхтар аға естелік-әңгіме айтты. Сонда: «Қырғыз-қазақ ақындары айтысында екі халық төбесіне Исаны көтеріп әкетті, теңдесі болмады. Мен Исадай ұлы бар қазақтан туғанымды мақтан еттім... Ендігі арманым Иса туралы роман жазу, соңғы 5-6 ғасыр ішінде ешбір ұлтта мұндай тасқын ақын болмағанын анықтадым. Сол Исаның бейнесін жасау ендігі мақсатым» дегенін естіген адам аз емес. Мұхтар аға 1960 жылдың жазында менімен театр алдында кездесіп қалды. Хал-жағдайымды сұрап: «Өнеріңе ризамын. Өзің қыздың да, ұлдың да ролін жақсы ойнадың», — деп күлімсіреп арқамнан қақты да, — «ал, мен папаң туралы бір кітап жазбақшы боп жүрмін»,— деді. Ол не кітап екенін мен кейін білдім. Соңғы жылдарында Мұхтар ағаның Исекеңнің творчестволық ерекшелігі тек ауыз әдебиетін жазба әдебиетімен жалғастырғанында ғана емес, Иса классик ақындарымыз қатарында тұратындай еңбек қалдырған ақын екеніне көзі жетсе керек. Манап Хасеновтен және архивтен көптеген материалды жинастырып қойған күйі, не керек, бәрі стол үстінде қала берген. ...Содан 1946 жылдың июль айында Мұхтар, Қажым, Есмағамбет ағайлар папама ауруханаға барып, көп аңша беріп, «керегіңді іркілмей алғызып іш» десе керек. Біз барғанда папамыз «Менің достарым көп екен» деп қуанышты жатыр екен. Тек мен жалаң аяқ едім, соны көріп, абыржып қалды да, 1000 сом суырып беріп, «ойбой, мынауың болмас, тез киім ал!» —деді. Мен әкемнің соңғы сыйын көп жылдар кидім... Бір күні менімен бірге Сапарғали ағай кірді. Ол кісі папамның өмірбаянын жазуға келгенін айтты. Папам Сапарғали Бегалинге өз өмірін баяндай бастады. Дәрігерлерден қорқып, мен ертерек шығып кеттім. Папамыздың сол ауруханадағы күндерінде бір қуанғаны менің кәмелеттік аттестат пен би училищесін бітірген дипломымды әкелген күні болды. Алайда, аздан соң жүзіне реніш те кірді... «Менің саған керегім, міне, енді қазір еді. Қайтейін. Сенің Ертісті жүдетпейтініңе көзім жетті. Ал, өзіңе кім сүйеу болар,— деп күйзеліп, көзіне жас алды. — Биыл жүдедің, оқуға шамаң болмас. Операға барып қызмет істе. Ал, жалпы биші деген тұқымымызда жоқ, сен драма театрына бар. Онда көз көрген ағаларың, апаларың бар, көмектесер. Сенен мамаңдай драма артисі шығатынын сезем. Көп мінезің, ішкі жан-дүниеңде ұқсастың бар. Маған да аздап ұқсайсың ба, қалай?» — деп жымиып қойды. Содан кейін папам: Ауылда жалғыз апамыз Зылиқа бар, соны өздеріңнің мүмкіндіктерің болғанда тауып алыңдар. Ол байғұстың енді сендерден басқа кімі бар. Өздерің бір-біріңе сүйеніп тату болыңдар. Бар айтарымосы»,— деді. Көбіне Ертіс екеуміз барып жүретінбіз, содан ба, әйтеуір папам біз туралы түс көріпті. Оны Есмағамбет аға мен Шайзада жеңгейге айтса керек. Ол кісілер кейін бізге айтып берді. «Шынында, тықыр таянған сияқты. Мен олай-бұлай боп кетсем, Есет айналайын, менің азын-аулақ еңбегімнің мұрагерлері екі балам болсын. Әйелді жібергем. Ол босқа балалардың аяғына оралғы болады, ана бола алмайды. Түсімде қашан да екі бала қол ұстасып бұрышта, қараңғы жерде жүреді. Соларға жақсы әке бола алмадым-ау деген ой мені қатты толғандырады»,— деген екен. Бұл арада папам сөзіне онша қосылмас едім. Өйткені, жылда бізге киім әперіп, ақшадай көмек жасап тұрды. Ең соңғы рет 1943 жылы елден екеумізге етік тіктіріп әкелді. Және сол кездегі сауда министрі Ілияс Омаров ағаға арнайы барып, бізге костюмдер әперді. Өзі ат үстінде жүрген адам, одан артық не істей алады. Папамызбен бұл соңғы әңгімеміз 1946 жылы 3 августе болған еді. Содан кейін дәрігер бізге тек терезеден ғана көрінуге рұқсат етті. Екінші сентябрь күні, қазақша кеспе жасап, (мен операда биші боп қызмет істей бастадым ғой) Ертістен беріп жібердім. «Папам түгел ішті. Қызым дәмді пісіріпті деді», — деп Ертіс қуанып келді. Бұл — менің қолымнан, өзінің тұңғыш баласының қолынан шыққан дәмді папамның ең алғаш және ең соңғы рет татуы еді... Келесі күні, үшінші сентябрьде күндізгі сағат он екіде (дәрігер солай деді) папамыз мәңгіге көз жұмды. Төртінші сентябрьде қайғылы хабар радиодан беріліпті. Ал, біз тек бесінде ғана естідік. Мен өз құлағыма өзім сенбей, есеңгіреп тек Ертіске, интернатқа жүгірдім. Ол дереу ауруханаға кетті. Мен төсекке етпетімнен құлаған бойы тұра алмай қалдым... Ауруханадан ескі қабымен домбырасы, ішінде 15 сом ақшасы бар әмияны, ордені, бір-екі хаты қолыма тиді. Әкемізден қалған дүние осы еді... Өзім үй-күйсіз жүрген соң, домбыраны сақтай тұрыңдар деп, Қалижан ағайға берсем, сол үйдегі Жамал жеңгей біреуге беріп жіберіпті. Ақыры, сол жоқ боп шықты. Өмір бойына зор өкініш, Ертіс екеуміздің, тым болмаса біріміздің әкеміздің соңғы сәттерінде қасында болмағанымыз болса, осы домбыра да бір өкініш боп қалды. Алтыншы сентябрьде Жазушылар одағына бардық. Мұхтар аға басқарған жерлеу комиссиясы түгел әбігер. Бәрі бізге көңіл айтып, жұбатып жатыр... Әкеміздің табытын, қазіргі Қазақ концерт, ол кезде филармония фойэсіне қойды. Ол кісінің табытын опера не драма театры болсын, не осы филармонияда қойса да бәрі өзінің үйіндей болған. Папамызбен қоштасуға келген халық көп болды. Музыка сарыны бізбен қосылып жылап тұрғандай, жұрттың көзі жасқа толы. Мәриям Хакімжанова апай папамның маңдайынан сүйіп, жылап жүр, Құрманбек аға құрмет күзетінде көз жасын тыя алмай тұр. Бәрі де көз алдымда. Әсіресе, қабыр басында папаммен қоштасу сөзінде Мұхтар ағаның «Иса ғасырларда бір-ақ туып кететін ерекше дарын иесі еді» дегені мәңгі жүрегімде. Әкеміздің қасында екі баласы отырмыз. Оркестрлер дамылсыз бірінен соң бірі қайғылы күй тартуда. Ағылған халық, Қазақ елі өзінің ақынымен мәңгілік қоштасып жатты... Мен театрмен ел аралағанда еңкейген ауыл ақсақалы «Исаның қызына сәлем бергелі келдім, шіркін, қазақта Исадай ақын өткен емес!» деп маған келіп қолымды алып сәлем берді. Ол — қазақ халқының Иса сынды дарынына бас игені шығар. Әкеміз дүниеден кеткелі артына қалдырып кеткен еңбектері әлденеше рет баспадан жеке кітап боп басылып шықты. «Қазақ халқы мені ұмытпайды» деп Исекеңнің өзі айтқанындай үкіметіміз бен сүйікті партиямыз өзінің адал ұлын, асқан дарынын ел мүддесіне жұмсай білген Исасын ұмытқан жоқ. Қазірде туған жері Павлодарда облыстық филармония, ауылы «Үлгіліде» — мектеп, сол сияқты бұрынғы «Беловод» совхозы Иса Байзақов есімімен аталады. Ертіс ауданында және Алматыда бейіті басында да ескерткіштер орнатылған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біз қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты, қымбат сыйы есепті түсіндіруіміз керек. Қолдан жасалмайтын оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді, біз бүгінгі заманның адамдары мәдениетті елше қадірлей, бағалай білуіміз керек» деген еді. Исекең жайлы талай естеліктер, мақалалар, көлемді еңбектер жарық көруде. Ақын бір сөзінде:

«Жүрегін жұлып алып аспанға ұрған,
Жұлдыз боп соның оты жанып тұрған» —
деген еді.

Әдебиет пен өнер аспанында Исекең де өз жүрегін жұлдыз етіп қадап кетті. Ол жұлдыз жылдар өткен сайын бізге жақындай бермек, жарқырай бермек!..

Махпуза Байзақова,
Қазақ ССР-інің еңбек
сіңірген артисі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙