Көп томдық шығармалар жинағы 4 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Марфуға Айтхожа
© Айтхожа М., 2012 © «Қазығұрт» баспасы, 2012 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 А 32 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Айтхожа М. А 32 Көп томдық шығармалар жинағы. /Марфуға Айтхожа. – Алматы: «Қазы ғұрт» баспасы, 2012. 4-том. – 2012. – 408 бет.
ISBN 978-9965-22-399-0
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Марфуға Айтхожаның көптомдық шығармалар жинағының 4-томына «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау» атты кітаптарындағы өлеңдері топтастырылған. Кітап көпшілік оқырманға арналған.
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 978-9965-22-399-0 (Т.4.) ISBN 9965-22-252-5 «ЖАПЫРАҚ СІЛКІНГЕН КЕШ» кітабынан 1992 жыл
Т О Л Қ Ы Н Т О Л Ғ А Н Ы С Т А Р Ы ДНЕПРДІҢ ТОЛҚЫНЫНДА КҮН ОТЫР Киев деген сұлу қала, міне, тұр, Шалқып жатыр іргесінде Днепр. Көкжиекке батарында қия алмай, Днепрдің толқынында күн отыр. Днепрдің толқынында күн отыр, Толасы жоқ толғанысын кім оқыр. Қасіретінен арыла алмай соғыстың, Көкірек жара күрсінеді Днепр! Жандар қанша жүрген мұнда тынығып, Ағады өзен ширатылып, шынығып. Сұлулықтың, Сұмдықтың да сырларын, Батыр – Киев! Жағалауда тұр ұғып. Мен де ойланып, қарап қалдым бұрылып, Дейді маған жүрегімді жүр ұғып. Көз алдымда шулап бара жатқандай, Днепрдің əр толқыны тіріліп. Жан емес ем, сезімі орта, Сыры олақ,
Əр толқыны бара жатыр жыр орап. Қыршын кеткен қазақ үшін осында, Днепрді құшқым келді тұра қап. Асықпа сен құшуға оны, тұра тұр, Тереңдей түс, Тылсымына құлаш ұр. Су емес ол, судай аққан өмір ғой, Кешегі бір қарғыс жылдар сұрапыл. Тағдырына айтпай кеткен бір шағым, Тыңдап тұрмын ағалардың жыр-сазын. Өзімді-өзім ұстап тұрмын, Жыламай, Ал, жүрегім төгіп жатыр бұршағын. Киев деген сұлу қала, міне, тұр, Шалқып жатыр іргесінде Днепр. Көкжиекке батарында қия алмай, Днепрдің толқынында күн отыр!
ҚАСЫМ – ПАРТИЗАН Кешегі кездестіріп майдандасын, Толқып жүр ортамызда, Қайран, Қасым! Оранған отты жылды партизанға, Ақ бұлтын дастарқан ғып жайған ба шың? Қарамай тұрса дағы құйып жауын, Карпаттың аралап жүр биік тауын. Соғыстың саздарымен сабақтасып, Айықпай жүрегінде жүріпті-ау, мұң. Тұр екен Карпат тауы тосып көптен, Үндерін жүр ғой олар қосып көппен. Күй жетті көкірегіне бір ерекше, Кешегі іздерінен басып кеткен. Тау қанша ұстағанмен өзін биік, Ол дағы тұрды ерекше сезімге ұйып! Қазақтың Батыр ұлы қарай берді, Дегендей қалай кетем көзім қиып. Отанға білген соң кір жуытпасын, Карпат та тұр ғой оған иіп басын. Алтайдың ақ иығы алдымызда, Аршындап бара жатыр жігіт – Қасым!
КИЕВКЕ БАРҒАНДА Бұл неғылған ғажайып жасыл қала, Қимайсың көк шалғынын басуға да. Ғұламаның жүзіндей ойға шомып, Сұңғыланың өзіндей жатыр дала. Бұл нағылған ғажайып, Жасыл қала, Үн қатады алдағы ғасырға да. Бүгінгісін өрнектеп, Өрге басса, Шежіресі жазылған тасын қара! Бұл нағылған ғажайып жасыл қала, Сан шайқаста қалмапты жасып дала. Ұрпағына жол сілтеп, Айбынданып, Днепрдің қарап тұр басында Ана! Бұл нағылған ғажайып жасыл қала, Шежіресі жазылған тасында да. Тасын қара, Қаланған ескерткіш боп, Қиылыпты-ау, Қыршындар осында да... Естімеген есімдер, Тосын, жаңа,
Қалғып кеткен қырандар, Батыр, бала... Днепрдің үстіне шоғырланып, Төгіп өтті бұлттар да жасын жаңа.
ТАРАС ТАУЫ (Толғау) Келдік, міне, тағзым ғып, Тарас ақын, Кім бар сенің даңқыңа таласатын. Тарастың тауы тұрғай, Алатаудың – Биігіне қойса да жарасасың! Бұдан артық болар ма асқан тілек, Көрсең ғой, Ойларыңды жатқан түлеп. Келеді жер жүзінің адамдары, Тұрасың иығыңмен аспан тіреп. Азап шектің халқыңның бағы үшін, Жеңдің солай тағдырдың тағы күшін. Өмірің өтсе дағы Атырауда, Днепрге арналды сағынышың. Көзіңнен ұшырып сан бұлбұлыңды, Аңсадың ба бүгінгі нұрлы күнді. Тағдырға тізе бүкпес ерлігіңді Аңыз етіп ұрпағың жүр бүгінгі. Армандаумен еліңнің азат күнін, Өткердің бастан қанша азап мұңын.
Атыраудың тым асау толқынындай, Жанға жақын санадың қазақ қызын. Атыраудың ой аулап өрісінен, Талай жақын таптың ғой ел ішінен. Кең қолтық қазағыммен тіл табысып, Келінін бейнеледің, Келісімен... Болсам да алғаш рет еліңде мен, Бөленгендей бұл жаным сезімге ерен. Салмақтап тұрсың күшін ұлылықтың, Ойлы, кекті, Əрі өткір көзіңменен. Тағдыры қандай қатал суреткердің, Аралдың толқынынан жыр бөктердің. Қондырып қыл қаламға ала кеттің, Ақ жалды Атыраудың нұр көктемін. Жаудан елін өткендей қорғап батыр, Жыр дауылын бораттың, Толғап батыл. Днепр мен Аралдың араларын, Қарашы, Тарас атың жалғап жатыр! Атырауда жүріп сан армандадың, Бұйраланған Украина ормандарын.
«Жамандық бер» деп сұрап тəңіріңнен, Өрліктің жырдан соқтың қорғандарын! Қош бол, Қайта келгенше, Тарас ақын! Асырып тұр даңқыңды парасатың. Днепрдің тынысын тынбай тыңдап, Өтті өзіңде толғанған тамаша түн!
- * Тағы да көп өкініш оралды ойға, Кешегі көзің көрген Арал қайда?!. Қаңырап жатқан орнын көру қиын, Оны ойласа жас тұнған жанарларға. Күй толғаған ақын ең, Халқың жайлы, Əлі де үміт – ұшқын жалтылдайды. Шөліркеген шөл дала бұл күндері Өздігінен кең шалқар тартылмайды. Бір кездегі білесіз, Арал қандай, Тентек мінез басқада болар ма ондай. Днепрді еске алған кездеріңде, Қараған да боларсың жанар қанбай. Егілесің Аралды көрсең бүгін, Кешегі қараң қалған көркемдігі. Қаңсып жатқан кемелер дауыс айтып, Құм дауылдар боратқан, Өртең күні, Құм дауылдар боратқан, Өртең күні, Ойламапты-ау ешкім де ертеңгіні.
Шалқар айдын шалқып бір жатқан кезде, Қанбаушы еді көз нұрың терсең гүлге. Қасірет төнді Аралдың басына кеп, Зарын да тыңдау қиын қасына кеп. Кешегі толқындаған теңіз тұрғай, Жылайын десе көзде жасы да жоқ... Шалқар да жоқ, Жоқ бүгін аққуы да, Жоқтай-жоқтай боз дала батты мұңға. Теңіз барда, шіркін-ай! Құс қиқулап, Төңірегі жайқалып жатты нуға. Тартылмасқа шара жоқ Аралға да, Сияқты еді-ау, тербелген – Арал – бала! Су көздерін суалтып, бұрып алған, Тағдырына кінəлі адам ғана. Жан-жануар теңізге құштар болып, Жатушы еді қиқулап, Құстар қонып. Жанарынан айырылып дала қалды, Көзден ғайып қырғауыл құшқан қорық… Жетті адамдар түбіне дұшпан болып.
- * Жағалауда тұрған сол дара мүсін, Тұр ма дерсің күйініп Арал үшін. Тұнығына сан сырды тұндырып ең, Білемін Арал десе, Жанады ішің! Днепр жағасында дара мүсін, Табиғаттың жеңген ол қара күшін. Толқынында тербеп ең жырларыңды, Сол Арал жоқ дегенге нанамысың?! Келдік, міне, тағзым ғып, Тарас ақын! Кім бар сенің даңқыңа таласатын. Тарастың тауы тұрғай, Алатаудың – Биігіне қойса да жарасасың!
БЕЛГІСІЗ СОЛДАТ Маздаған ұшқынындай жыр отының, Көкейде талай ойлар жүретұғын. Жеткізіп Жас қазақтың аманатын, Арманмен арындайды Днепрің. Көрсем деп Днепрді жүретін ем, Жүретін ем жалындап жыр отымен. Отан үшін уралап батыр қазақ, Жүзіп бара жатқандай Днепрден. Айтшы маған, Толқындар, Жүз өтінем, Бір сағыныш жүректен үзетін ем. Ескерткішке айналып тұрған мынау, Солдат па оралмаған күзетінен?! Жасыл қаптал қазақтың қырларындай, Көк Днепр, Сенің де сырларың бай. Кешегі жалындаған, шіркін, жастық, Бұл күнде ескерткіш боп тұрғаныңды-ай! Қарауға адам тікелей жасқанады, Бəукеңе де ұқсаған қас-қабағы. Болғанымен ескерткіш,
Есті алатын, Өзіңсің бе даланың жас қазағы? Қайран қалып қараймын айбыныңа, Қайрат беріп сен тұрсың қайғылыға. Күн айналып өзіңді батар болса, Кештер бойы бөлейді ай нұрына. Сезе ме əлде, Сезбей ме жаның сенің, Өшпек емес бойдағы жалын-сезім. Кім де болсаң ұлысың байтақ елдің, Тұрған ұстап өрлікпен барынша өзін! Көзіме оттай басылып дара тұлға, Тұрсың жалғыз көк орман арасында, Белгісіз деп, мейлі, сен атансаң да, Жаралыпсың мəңгі өмір таратуға. Ерлік атын қашанда мəңгілік дер, Бəріміз де пендеміз, Ойлы, үміткер... Днепрдің жарысып жағасында, Құйындатып барады сайгүліктер! Барар жері оның да алыс білем, Арғымақтар жалымен жарысты жел. Арасынан орманның үнсіз қарап,
Тұрған сынды тіл қатып, Таныс кілең... Толқын құмдар секілді сырғып кешкен, Өзімізше боламыз тірлік кешкен. Кейде ескерткіш құрлы да құнымыз жоқ, Ұрпағымыз өмірін жыр ғып кеткен!.. Үндемей тұрып іштен дауыстайсың, Білесің тағдырыңды қауышпайтын. Ерліктің шежіресін шертесің сен, Ғасырлар Айтып оны тауыспайтын! Қарайды жағалаудан асыл тұлға, Ерлігін нағыз батыр, Жасырсын ба?! Жоқтаған азаматын ару сынды, Аққайың иіп тұр ғой басын суға. Өткенде Днепрдің толқынынан, Жүрегім тайдай тулап, толқыды жан. Үнсіз қалқып, Жас қазақ, Үнсіз батып, Демегендей болады қолтығымнан...
- * Қайда бүгін даланың ару əні, Жасалып жатыр талай қару əлі... Тірлігіне тірінің кейігендей, Күңіренеді өлінің аруағы. Аз болып па даланың күйрегені, Ұмытқан жоқ ұлдарын сүйген елі. Алматымда Абай тұр айбынданып, Қалдырмаңдар, Деп қасірет күйге мені. Осы бір сəт біткендей далаға тіл, Түтіндерге тұншығып қала жатыр. Жаңа туған ұрпақтың үрейі ұшып, Ескерткіштер көбейіп бара жатыр!..
ДАУЫЛ ШЫҒЫП... Қабдешке Өзіңе сеніп едім бауырсынып, Жүгіңді келесің бе ауырсынып? Днепр толқынындай бұйра шашың, Кенеттен дудырады, Дауыл шығып. Күздің жөні бөлек қой, Жазың – шырын, Сыбырлайды толқындар əзіл-шыны. Ширығады толқындар атырылып, Шынын біліп алсам деп жазушының. Балдызындай сыр мінез жете білген, Дауыл ойнап тартады етегінен. Жағасында теңіздің тебіреніп, Бара жаттың биіктеп кешегіден. Теңіз салты, білмейді тек тұруды, Түсі салқын, Ойнақы кешқұрымғы. Асау толқын оралса етегіңе, Танығаны болар-ау кескініңді. Жан күйіңді ұқты ма, Ұқпады ма,
Алдыңнан толқын жүгіре шықпады ма, Өзіңді əлде сонша ұқсатты ма, Қазақтың кəдімгі жас Мұхтарына!.. Теңіз жаны жатсын ба тасқындамай, Дауылдың да өрекпіп, Асқынғаны-ай! Жүретұғын көшіңді ер қондырып, Сенің дағы өмірің тасқынға бай. Көкейіңе құйылып аспан əні, Қашан саған сол көшті бастағалы. Ардың жүгін арқалау оңай емес, Теңіз де ондай жаннан жасқанады. Ойларыңды соншама толғап терең, Қарайсың сен қиырға салмақпенен. Қарт Днепр жатқандай қайрат беріп, Жырларымды мен де үзбей, Жалғап келем. Теңіз тынбай ұшырды шағаласын, Дегені ме думаны тарамасын. Көшің сенің қашанда көлікті боп, Еңбегіңді бар елің бағаласын! Ой – теңіздің үстінде қалқып жүрген, Өзің де бір өмірлік шағаласың!
Ж А З Б Е Н О Р Ы Н А У Ы С Т Ы К Ө К Т Е М Б Ү Г І Н ЖҮРЕГІМ, БОЗТОРҒАЙДАЙ ШЫРҚА БҮГІН Толғандым күніменен, Түніменен, Жазсам деп саған лайық тұнық өлең. Алдымда асу-асу жол жатқанда, Бітер ме жырдың жүгі бұныменен, Айтылып келе жатыр арман əні, Армансыз өмірімнің бар ма мəні. Болса егер бір қасиет тал бойымда, Бəрі де халқым, Саған арналады. Жаудырып маңдайымнан суық терді, Келемін тəуекелге буып белді. Қолдаса аруақтының аруағы, Ұятқа қалдырмаспын сүйікті елді. Көрінген шолпанындай жыр – таңының, Ақын елдің əйгілі ұрпағымын. Заманым жырлауға ерік берген екен, Жүрегім, бозторғайдай шырқа бүгін! Жүрегім, бозторғайдай шырқа бүгін, Осылай шуақ төгіп тұрса күнім.
Көрем де жыр көгінен қуанамын, Абайдай табындырған, Жыр – тəңірін! Шерлі ме, Жүрек əлде ызалы ма, Қүйініп қаның кейде қызады да. Көшеді өлең – керуен, Тоқтамайды, Ажалдың іліккенше тұзағына. Əйтеуір, ел қатарлы тұрмысым да, Жүрегім жалын атып жыр құшуда. Отырып Алматымда толғанамын, Абай қалай жатыр деп, Шыңғысында... Шыңғыс тау! Алатаудың бір бөлегі, Ғасырлар бөлінбеген іргелері. Ал бүгін Абай жері азалы ғой, Айтуға қасіреттен тіл күрмеледі. Шыңғыстың соққан сайын күнде желі, Жан-жүйем босап, тілім күрмеледі. Билігін айтып қалмай осы тұста, Жарықтық Құнанбай да үндемеді...
Жайлар көп толғандырар күнде мені, Қираған молалар да күңіренеді. Алматыда алаңмен таңды атырам, Түсірулі Шыңғыстың түн желегі. Шыңғыстың түсірулі түн желегі, Үрейден жүдеу тартты гүлдер өңі. Жидебай – Жыр ордасы бір кездегі, Ақынның ойын бөлген кімдер еді. Ойын бөлер батылы барып қалай, Өнерді сол өлкеге дарытқаны-ай! Өнердің ордасына ойран салып, Жатыр ғой жер сілкінтіп, Жарып талай. Гүл терген орманынан, Бағынан көп, Шыңғыстың тыныш түнін сағынам тек. Ойласам Семейімнің сергелдеңін, Қасіретім шашымның ағынан көп... Ұлы Абай! Төрге шығып, Малдасың құр, Өзіңді сүйген ұрпақ жалғасын жыр. Саналы саңлағыңды ойға салып, Күңіренген күйің мен көз жасың жүр.
Күңіренген күйің мен көз жасың жүр, Ұлы ақын! Басташы өзің сөз басын бір. Қалықтатшы қайтадан Қаламқасты, Тозбасын туған жерің, Қоздасын жыр, Тозбасын жыр!
- * Болмаса жанып тұрған жүрегіңде от, Сен кімнің тұрғандайсың тіреуі боп. Бірге өскен құрбылардың біреуі жоқ, Жалғыз сүйеу – ол халқым, Тілеуі көп!.. Себебін білгің келсе, Сұра менен, Арнасын енді өзгеше бұрады өлең. Қалыпты туған ай да қораланып, Дегендей, мен қашанғы тұра берем. Кəнеки, мейір қандыр, Мерейіңнен, Бар болса жомарттығың көрейін мен. Аламын сөздің басын саумаламай, Толқынды, Толықсыған тереңімнен! Жөн болар арнамды енді тасытқаным, Қалмайды сырын бүгіп ашық жаным. Өр болып жүрмес едім, Өмір кешіп, Қанымда жатпаса егер тасып дарын. Күніне елеңдетіп қашықтағы үн, Келемін өзен, Көлдер,
Асып тауын. Қыран – жыр! Сыпырайын томағаңды, Жөн болар арманыңа асыққаның! Кеудемде бұрқылдатып бастауымды, Келемін көтертпей-ақ, Шашпауымды... Шалқып та жүрген жоқпын, Шарықтап та, Біледі балаң өзін басқаруды. Көңілдің толқуы ма, Толғауы ма, Толды ма сыным көзге, Толмады ма?! Маған да бір сөйлейтін келді кезек, Тағдырым бетті бұрса оңға мына, Оң сапар! Кірісейін жол қамына... Бұлыңғыр ма, білмеймін, Ашық па күн, Жүргені жетер енді жасып жаным. Əділ қазым – оқырман, Төреші бол, Айтайын тірлігімнің ашып мəнін.
АБЫЛАЙ АЛАҢЫ Тұнып тұр сұлулыққа дала мұнда, Тебіренбей мұндай сəтте қаламын ба? Қаланың тірлігінен қажыған жұрт, Серуендейді Абылай алаңында. Серуендейді Абылай алаңында, Бұлты жоқ аспанның да қабағында. Оқжетпес көкті мезгеп тік шаншылса, Күміс көл, Толқындайды табанында. Кімдер лəззат алмаған Күміскөлден, Күміскөл! Сал-серіге тыныс берген. Дір еткен шақтарың да болған шығар, Суырылған кезінде қылыш белден... Сабаңа сыймай талай шайқалдың ба, Тұныққа көп үңілсем байқармын да. Абылай аруағын күңіренткен, Көкшеден мұң арқалап қайтармын ба. Үзіліп əлде қайдан күбір жеткен, Тұлпардың тұяғы ма, Дүбірлеткен. Жататын əнге балқып Күміскөл-ай! Тұнығындай тым терең, сырың неткен.
Көңілім Күміс көлсіз айықсын ба, Толқын қанат болғандай қайықсызға. Тұнығын күміс көлдің құша түсіп, Қанатын шығады күн жайып шыңға. Тұрғанда мүлгіп қана шырша, қайың, Тілейсің ғой деп солай тұрса дəйім. Сол сұлулық қалса ғой сынын бұзбай, Серінің күмбірлетіп жыр – сарайын. Ғұмырдың бастан кешкен бір талайын, Жел желпіп Оқжетпестің тұр самайын. Оқжетпес өрлігіне не жетеді, Мен оны сұлулыққа пір санаймын. Сыр жатыр тұмшалаған даламда көп, Қиналамын, қана алмай қалам ба деп... Күн шыға Күміскөлмен күбірлесіп, Күн бата Тыныстаймын Алаңға кеп. Ой-санам айыққандай қас-қағымда, Сан қиялдар келеді басқа мұнда. Абылай! Аруақтанып, Құдіреттеніп, Отырғандай үндемей, тас тағында...
Сырласам емін-еркін, тосылмаймын, Басымнан өтті талай осындай күн. Оңашада күй кешкен бұл қалпыма, Толқындары есіліп, Қосылды айдын. Бəлкім, іштей жебеп те жүрсіз мені, Жиілейді жүректің дүрсілдеуі. Əлде кімнің күлкісін көміп кетті, Кенеттен Күміскөлдің күрсінгені...
КЕТЕР ЕДІМ АЙНАЛЫП АҚ БҰЛТЫНА Тұсау болып ойыма, Қақпан құрып, Көк аяздай жаныма батқан күдік. Серпілгендей көңілден бір-ақ күнде, Таң шапағы қалыпты шатқалда ұйып! Таң шапағы тұрғанда шатқалда ұйып, Көрінбейді дөңдерде қашқан киік. Кетер едім айналып ақ бұлтына, Жете алмаймын шегіне, Аспан биік! Жетер ме екем шегіне, Аспан биік, Аспан үнін тыңдағам, Жастан ұйып. Күндерге де біз əлі-ақ кенелерміз, Қуанышын кеудеге жатқан құйып. Сапар шексем далам бар, Қоштаған, кең, Құшақ жайған қайда да дос табам мен. Ел мен елдің арасы қосылар-ау, Тау менен тау бастарын қоспағанмен!..
КҮБІРЛЕП, ІШТЕЙ КҮРСІНДІМ Күбірлеп, іштей күрсіндім, Өтіпті қанша жырсыз күн. Жосалап, тіліп барады, Жүрегімді тілсіз мұң. Сырт көздер қайдан аңдасын, Түседі салмақ жанға тым. Күндерім зулап барады, Жүзіме салып таңбасын. Беттерін бұрып шалғайға, Қиырға құстар самғай ма? Ауырлық артқан күндердің, Іздері жатыр маңдайда. Іздері жатыр маңдайда, Дəмдері татып таңдайға. Не күйде жүрген халіңді Сұрайтын бүгін жан қайда?! Ұғынар сені жан қайда, Жанар ма шырақ, Жанбай ма? Қанар ма сусын, Қанбай ма. Болар ма, əттең, жетер күн, Арманға қанат талмай да?!.
Шөліркеп ішкен су қайда, Толқи ма жүрек, Тулай ма. Ел намысын қорғайтын Азамат ұл тумай ма? Тірелді көңіл тұйыққа, Бұйықпа, жаным, Бұйықпа. Тербетейін, Мөлдірім, Талбесікте ұйықта. Келеді анаң кешікпей, Жайлы орын жоқ бесіктей. Қолымнан, құсым, Ұшырман, Буыныңды бекітпей! Жатады жер де сілкініп, Отырам мен де күрсініп... Сергітші мені ойымнан, Айналайын, бір күліп. Күбірлеп, іштей күрсіндім, Өтіпті қанша жырсыз күн. Жосалап, тіліп барады, Жүрегімді тілсіз мұң.
МӨЛДІРМЕН МҰҢДАСҚАНДА Мөлдірім! Аяғыңды қаз басасың, Осы екен ғой күш-қуат маздататын. Бəрін де ұмыттырар тəттілігің, Қасіреттен ағарған аз ба шашым. Теңдесі жоқ бойға бір тарап сезім, Отырамыз жүзіңе қарап сенің. Былдырлаған тіліңнен жүрегіме, Жалғанып жатқан сынды қанат менің. Балалықтың бастап сен отты күнін, Көз ұйқыға кеткенше жоқ тынымың. Қоңыраулап жеткенде құлын үнің, Жаралы жүрегімнің жапты мұңын. Қақтырғанша мен сенің қанатыңды, Сан кезермін ұйқысыз қара түнді. Өзіңе табыстасам жарар еді, Атадан қалған ару, Ана тілді! Жаныңа дарыр, бəлкім, Сенің де өнер, Бір жүгім сонда ғана жеңілденер. Айығып қара бұлттар аспанымнан,
Күңгірт тартқан дүние, Көңілденер. Соны тілмен сомдалған тыныстағы үн, Мен дəйім ана тілді пір ұстадым. Есіңе сақта, балам, Жолында оның, Садақа ғой атақ пен күміс тағың!
ТАҢ СИПАТТЫ ТІЛ Сызылған сұлу таңым, елең-алаң, Қалайша көз жазады сенен адам. Арайлап қарағанда шың басынан Тарылған тынысымды терең алам. Алысқа аттанғанда атам елден, Алдыңнан таң атсын деп бата берген. Киелі сол батаның мағынасы – Қашанда сабақтасып жатады елмен. Кейде сол сұлу таңды көлегейлеп, Көңілге үрей салып, Келер ой көп. Ана тіл! Ақ таңымсың арайланған, Таңменен мен де бірге келем өрлеп. Ойларын тілмен толғап ғажап, терең, Тебірентіп жазылмай ма, Азапты өлең. Қасиетті ана тіл, сен жүдесең, Елімнің өшпей ме аты қазақ деген. Біреулер қадіріңді төмендетсе, Жасырмай қасіретімді төгем көпке. Аруым, таң сипатты ана тілім, Жақын тұр өзіңменен төбем көкке!
ЕСКЕРТКІШТЕР ЕЛІ Сияқты бетін көрер тұнық айна, Халқымның қоңыр-майда тілі қайда? Тілі қайда қазақтың қасиетті, Шежіре, Ерте түйген сырын ойға. Шабысындай тұлпардың арындаған, Жеткен-ді ана тілмен дарын маған. Ана тілі елімнің ары емес пе, Қалайша ұмытады бəрін де адам. Тасынған ағыл-тегіл теңізің де, Сол тілге теңесер ме негізінде. Қадіріңді кетіріп, Қайран тіл-ай! Қалар ма екем адасып мен ізіңде. Біткенде жан анамның құрсағына, Қанменен дарыған тіл ұрпағына. Ерлерін Ана тілмен ақ арулап, Қазағым сенсіз əнін шырқады ма? Жеткенде талай арып жолдан жаның, Адамға жаса, мейлі, Қолдан бəрін – Білмесе ана тілін айтары не, Тірідей сол емес пе қорланғаным...
Соны ойлап ұзақ таңға көз ілмедім, Шүйіліп қара бұлттай көңілге мұң. Білмесе ана тілін кейінгі ұрпақ, Онда менің тірідей көмілгенім! Ана тілмен, айналдым, Ауыздандыр, Келсе дағы осынау өмірге кім. Тілсіз қалай жеткізем шежіремді, Тілмен адам көсілді, Тебіренді. Естігенмін, тілі мен жерін қорғап, Ескерткішке айналған не бір елді. Қалмайды тілім барда күшім кеміп, Келіп жүрер басыма құсым қонып. Қалған күні айырылып ана тілден, Қалар ма екем үн-түнсіз, Мүсін болып... Қыранымын самғайтын жыр – көгінің, Иманымдай тіліммен бірге өмірім. Ана тілін күн етіп көтерген ел, Қарап отыр, Қайтер деп бізге бүгін. Тəңірім, тілден мені сүріндірме, Ана тілмен елдігім,
Сырым бірге. Қастандықты жаудырма қасақана, Қыс боранын үйірме, Шырын – гүлге. Айтары жоқ бір күндік бұл өмірде, Көрік болып тұрмай ма гүл өңірге. Гүл тағынған даламда тіл болмаса, Мен де сөніп кетермін, Міне, бірге!.. Садақа ғып тіліме бəрін-бəрін, Тіл дегенде ерекше жалындадым. Тілім қайта қауышса Туған елмен, Қалмас еді түйірдей жанымда мұң!..
АҚ МОНШАҒЫМ Сен менің кіп-кішкентай мақтаншағым, Мойныма таққан інжу, Ақ моншағым! Маздатып қараңғыда жаққан шамым, Жарқырап маңдайымнан атқан таңым, Кішкентай ақ моншағым, Ақ моншағым! Сен менің кіп-кішкентай үмітімсің, Қашанда саған өмір күні тусын. Ізіңнен алуан түсті гүлдер өріп, Қара тас, Табаныңда үгітілсін. Сен менің кіп-кішкентай арманымсың, Қуатым, Санамдағы ар-намысым. Сен менің кіп-кішкентай көгершінім, Көгершінім, Жаралған самғау үшін. Сен менің қызыл қанат көбелегім, Сенімен толықсиды төңірегім. Сен менің жазатұғын көп өлеңім, Өзіңмен көктеймін де, Көгеремін, Ей, менің қызыл қанат кебелегім!
Сен менің кіп-кішкентай мақтаншағым, Мойныма таққан інжу, Ақ моншағым. Маздатып қараңғыда жаққан шамым, Жарқырап маңдайымнаң атқан таңым!
ҚҰЛЫНШАҒЫМ Қуанышым, Қызығым, Құлыншағым, Желбіреген жүгірсең тұлымшағың. Жалғыз жапырақ жатса да сүрінетін, Кесілмеген тұсауы ұрыншағым. Билеушіміз сияқты ең бір өктем, Еркелігің жанымды елжіреткен. Көрік беріп далаға, Біздің үйге, Өзіңменен көңілді келді көктем. Бірге ілесіп жүретін күні бойы, Сияқтысың сен менің тұнық ойым. Əкеңе де ұқсайсың, Шешеңе де, Көбірек маған келер – Түрің, Бойың. Қазағымның қашанғы салтына тəн, Атасымен тебеді ол, Алтыбақан. Жəрмеңкедей үйімді үнге бөлеп. Көңілімді толтырар, Жартыласам...
ТҰСАУКЕСЕР (Нəзікпен оңаша қалғанда) Жылама сен, Құлыным, Анаң жоқта, Сай-сүйегім сырқырар, Алаңдатпа. Жан жапырақ жайғаны сол емес пе, Ақ бесікте уілдеп балам жатса. Жылама сен, Ботам-ау! Анаң кетсе, Жайланамын қоңыр жел даламды өпсе. Өзің бе деп ойлаймын мен шүбəсіз, Дүбірлетіп бір даңқ маған жетсе. Жылама сен, Жылама, Нəзік балам! Жырларымды кетейін жазып саған. Ақын едім барына қанағатшыл, Аз да болса көңілге азық болған. Күміс үні – қоңырау, Күнім балам, Бермей-ақ қой,
Бермесең тыным маған. Тербетуден емеспін жалығатын, Естімесе аңсайды үніңді адам. Жылама сен, Құлыным, Анаң жоқта, Сай-сүйегім сырқырар, Алаңдатпа. Жан жапырақ жайғаны сол емес пе, Ақ бесікте уілдеп балам жатса!
- * Тұншықтырып кеудеме құса-мұңды, Жаямын мейірлене құшағымды. Биіктерде бөгетсіз самғасын деп, Өлеңменен кесемін тұсауыңды. Жаз болады жүрегім – Күлімдесең. Қуанышым, Қызығым, Гүлім де сен. Үлесіме тиген-ді азапты жол, Өмір жолын аттай ғой, Сүрінбе сен. Өткен күннің білмейсің бірін де сен, Жығылар деп қорыққаным – Дірілдесем. Тəй-тəй, балам, Тəй, балам, Жүре қойшы, Мен-ақ көпір болайын, Сүрінбе сен! Талай жырды жүректе əлдилегем, Жырдың алау отымен жанды үрлеген. Дарындылық,
Ақындық табиғаттан, Ақылды бол, Сергек бол, Алғыр менен. Жалғастырар жан болса, Қалғыр ма өлең...
САМАЛ ШАЙҚАП Сезімі селт еткендей жыл құсынан, Алатау! Жаңа оянды ұйқысынан. Ақша бұлт – Үлбіреген шымылдығы, Жарасып тұрған жоқ па бір тұсынан. Тау көзі қырағы ғой, Қалар байқап, Шыршалар тербеледі самал шайқап. Тербелген шыршалардың жапырағы, Тұрғандай айналаға – Сонарлы ой сап. Толғанып тұрасың сен ойлы аспаным, Қараудан ойлы аспанға Тоймас жаным. Жетеді күреспей-ақ, Жығылғаным, Жетеді жығылмай-ақ, Қорлатқаным... Қайтейін, Ағарды шаш, Ойлап бəрін!..
БЕУ, ЖҮРЕГІМ Беу, Жүрегім, Шынымен шөлдеген бе, Қайтер едің Сезімің селдегенде?! Қанатымды күні-түн қағып-қағып, Жетермін аңсау атты көлге мен де. Беу, Жүрегім, Шынымен шаршаған ба, Тыным болмай осынау қарша жанға. Жұпар жұтып, Жусаннан, Аршадан да, Тілеу тілеп жердегі барша адамға. Беу, Жүрегім, Қайтейін, Қиналдың да, Көз жасым бар көлдеген, Құйған құмға... Қабір емес, сəп салып қарасаңыз, Менің бар жанашырым, Тұрған мұнда... Беу, Жүрегім, Құндақсың жиған жырға,
Сен де сол тыныштыққа жиналдың ба?! Жүйке-тамыр жұқарып жылдан-жылға, Сəл нəрсеге мұңайып, Сұрландың ба, Сəл нəрсеге қуанып, Нұрландың ба?!. Беу, Жүрегім, Маза жоқ бүгін сенде, Жуасың ғой иеңнің жүзін селге. Селге жуған жүзімді аймалатып, Сүйгеніме, Өкінбен, Үзілсең де, Үзілсең де!..
БҰЛТТАРҒА ҚОЛ БҰЛҒАДЫМ Жонданып жота, Жон арқаң, Кеудеге уыз қонар таң. Сағыныш дейтін тұнық көл, Шүпілдеп көзге толар сан. Арманға алыс қол артам, Тиянақ, Жанға болар сəн. Жамырап шығар жапырақ, Сапарлап кештеу оралсам. Сұлудай бейне ай мүсін, Жайнатып жасау жайды шың. Сырласып түнмен оралдым, Орталап көңіл қайғысын. Тауысып төзім-тағатын, Түсінген кештеу бағасын, Аңсаған кезім көп менің, Сұлу Сайрам жағасын! Желде де соққан жоқ тұрақ, Келемін жұрттан көп сұрап. Балауса сол бір кезімдей, Жайқалады көк құрақ. Өсетін еді гүл қалың, Аңсады-ау, соны бұл жаным. Шығысқа тынбай жөңкілген, Бұлттарға қол бұлғадым, Бұлттарға қол бұлғадым..
ЖАСЫНДАР ОЙНАП БАРАДЫ Арындап арнаң тосыннан, Көлдерге тұнып қосылған. Жүрегің қандай нұрлы еді, Бəйге жырлар жосылған. Түйдектей көшкен жыр легі, Сияқты ескен қыр желі. Сомдап бір соққан ойларың, Толғандырып жүр мені. Оза да шауып топтардан, Даралап кетті көп талғам. Жасындар ойнап барады, Жанарыңда шоқтанған. Дөңгелеп артта сан қаптал, Құйғытып кетті саңлақтар! Шағында осынау шабытты, Самғап қал, Бауырым, Самғап қал! Тобыңнан шықтың үзіліп, Қарадым сонда қызығып. Сипады жел сауырыңнан, Жал-құйрығың сүзіліп, Шығандап кеттің үзіліп!
ОТЫРСЫҢ, ЖАНЫМ, КІМДІ ОЙЛАП Келе жатты түн жайлап, Тыныштық билеп бар маңды. Отырсың, Жаным, Кімді ойлап, Кенеттен бұрып арнаңды. Шыңдар да мызғып көз ілді, Кеткендей қалғып ай дағы. Аяймын нəзік сезімді, Қызғалдақтай майдағы. Батады білем туған ай, Шұғыла төгер күн дағы. Қалса екен мəңгі қурамай, Қызғалдақ – сезім жырдағы!
ЖАЛҒЫЗ ЖАРТАС Аласұрып кеткенде құйын – кеуде, Өзге емес, Өзіңді ұғу қиын кейде. Бұл дағы табиғаттың заңдылығы, Болмайды күйінбеуге, Сүйінбеуге. Сияқты мол сабырым, Бəйтерегім, Сол сабырым болмаса, Қайтер едім. Көлеңкеде мəңгі ықтап қалмау үшін, Асқақтаған шыңдармен бой теңедім. Сияқтанып көрінген асқан дана, Сан қызыға қарадым, асқарға да. Аласа боп көрінді ол да бір сəт, Аласармай қалатын Аспан ғана! Пенделіктің бəрін де қоя тұрып, Қарайықшы, Шыңдардан ой асырып. Ұзақ таңды атырдым кірпік ілмей, Ойлардың шырмауына оратылып.
Ортақтасып сырыңа не бір нəзік, Көбелектей айналам, Өмір – қазық. Өнеріңе еншілес өренің ем, Арадайын жинаған сезімге азық. Ащысын да тірліктің Татқам шырын, Лəззатын да сыйлаған мақпал түнің. Жағадағы бір жартас сияқтанам, Тұп-тұнық, Толқын жуған ақ балтырын. Шың-жартастың адамдай бар ма жаны, Сол жартастың шашылды маржан əні. Шағаласын ұшырып, Шарықтатып, Шолып тұр ол биіктен бар жағаны!
- * Сұрамадым, Сен сыртта кешіккенде, Алыспадым аузыңмен, Есікпен де. Біздер жайлы біреулер – «Бас қатырып», Өсек отын үрледі, Есіп кейде. Жүреді екен, Алуан күй кешіп пенде, Не ұтармын сенімен өшіккенде. Күз келгенін Кенеттен сезінгендей, Құс емеспін, Кететін кешіп мен де..... Құс емеспін, Қететін алысқа ұзап, Байлап тұр ғой аяқты Қарыс – тұзақ. Жүрек шіркін, Адамда жалғыз ғана, Түспесінші жүрекке жарық-сызат...
Зақымдама, Жүректің қан тамырын, Алар дейсің өмірдің қанша нұрын. Сол жүректің даусы ғой өшпейтұғын, Сол жүректің үні ғой қалса бір үн!..
БӨРІК Шекеңе сап кигенің қоңыр бөрік, Жоғалмайтын, Тозбайтын, Өңін беріп. Құндыз киіп, Құлпырған сұлуларға, Қашанда жұрт қараған көңіл бөліп. Шекеңе сап кигенің қоңыр бөрік, Жандар қанша, Жүретін қолын беріп. Құндыз бөрік, Қисең де құндыз ішік, Сен емессің кететін сезімге еріп. Не кисең де қарамай, Көңіл бөліп, Өте шығар өмір ғой, Жеңіл желіп... Сол бөріктің мен үшін құны бөлек, Сенім, Сертің сияқты, Сенің берік! Сыйласымды, Клара-ау! Құрбым едің, Тұнып тұрған сенің де жыр жүрегің. Жыл құсындай тым сирек көріссек те, Қиялымда қауышып, бір жүремін!
ҚҰДАҒИ Сен едің құдай қосқан құдағиым, Болса да қандай тілек сұра бүгін. Түсіріп отырған соң ару – келін, Есіліп жібектей боп тұрады үнің. Сен едің құдай қосқан құдағиым, Мейлі, сен қуаныштан жыла бүгін. Желпініп Көктөбенің самалымен, Жаныңда Отырардың тұрады үйің. Қасында мекенжайың Отырардың, Отырар! Жүрегінде – Оты бардың. Отырарға түсетін жолаушы көп, Өз əлінше түсініп жатыр əркім. Қүнделікті тыңдаумен қала күйін, Күндер өтіп жатады ала құйын. Бар болғаны Отырар, Аты ғана, Жоқтайды жұрт, Ұлы əл-Фарабиін!
Неткен шалғай біздерден жыл арасы, Бұлдырайды биіктен мұнарасы. Сияқтанған бейне бір сағынышы, Алматының сарғайып тұр ағашы. Өткен болар Мысырда алаңдап күн, Сағыныштан сақал-шаш, Ағармақ шын. Бұл ғаламның тапқанда тілін түгел, Сағынышқа бір дауа таба алмапсың. Беу, Сағыныш! Жаныңды баурады ма, Сағыныштан жүрегің жаурады ма? Сапырылған сағыныш сағымданып, Көз алдыңда бұлдырап аунады ма?!. Бар еркіңді сағыныш баурап алып, Ерке арудай кеудеңде аунап анық – Еш пендеге көрсетпей көз жасыңды, Мұң шақтың ба, Көлдерге, Тауға барып... Сан құбылған жүзіндей ақ алмастың, Өтті ме екен Мысырда Алаңдап күн...
Күллі ғылым, Өнерді игерсең де, Сағыныштың бір емін таба алмапсың. Сағыныштан тұрады таулар жүдеп, Сағыныштан от болып – Лаулар жүрек. Сағыныштан бұлқынар бұлақтар да, Күшіне енер қайтадан талған білек. Бір ойыңа бір ойың тиек болып, Жүреді екен сазына жүрек толып. Толған жүрек ол дағы Орталанар, Туған елің, Туыстан ізет көріп. Жетелесіп жүргенде Бөкеңменен, Талай шыңға жетіпсің, Жетем деген! Жапырақтай жүрегім жүгіреді, Аналық борышымды өтеуге ерен. Көктөбенің самалы іргеде есіп, Отырармен отырсың іргелесіп.
Сұлу сазын орансаң Отырардың, Ескегімді мен келем жырмен есіп, Қиялымда бұлттармен бірге көшіп... Сағындырып кешегі бұла күнің, Отырсың ба ойланып, Құдағиым! Өзіңді өзің тыңдайсың оңашада, Күмбірлетіп кеудеңде бұлақ үнін. Екі жылда түсіріп екі келін, Қуанышқа, Арманға жетіп едің. «Теңін тапты» деген сөз тыныс болып, Мен де өзімше сыр бермей, Бекіп едім. Бусам дағы белімді талай бекем, Бала беру – Анаға оңай ма екен. Іш құлындап, Қиналып отырсам да Бірақ ілесіп соңынан қалай кетем... Күйімді ұғып – Кеш батып, Таң атпаған, Толғанып жүрмедің бе,
Қарап маған. Жанботам мен Ертісім оралғанда, Сияқтанып мен де бір қанатты адам, Үзілген жырларымды сабақтағам... Ақынмын ғой, Билеген қызу сезім, Жылу берді жаныма – Түзу сөзің. Болғанымен келінің, Құдағиым, Ол да бүгін сияқты қызың сенің! Сездіргендей жапырақ күз келгенін, Жүрегімді бір үнсіз мұң кернеді. Қандай жақсы қазақтың қыз алғаны, Қандай қиын, Тəңір-ау, Қыз бергені! Сен едің құдай қосқан құдағиым, Қандай тілек болса да сұра бүгін. Көктөбенің самалы желпіндіріп, Отырардың қасында тұрады үйің!
Отырардың түбінде тұрған үйің, Шомылады құйылған нұрға бүгін. Мөлдірім мен Нəзіктің үндеріндей, Мейлі, сенің қосылсын Жырға жырың!. Көкірегіне ғаламат түйіп сырлы ой, Отырардың күмбезі – Биік тұр ғой! Биік жерде көретін түс те биік, Құдағиым, Оны ішің біліп тұр ғой! Сөзімді енді несіне қайталаймын, Көңіліміз қосылса – Шалқар – айдын, Елім білер мендегі бар мен жоқты, Өзімді өзім, Мен бірақ, Байқамаймын!..
НАУРЫЗ Шығармай жүретұғын халқым естен, Көктеммен келді оралып Салтым өшкен. Сал-серілер аспандап əн шырқатса, Арулар! Аққу сынды қалқып өткен. Өнердің тасқындаған арнасында, Жұртымның үні бірге жалғасуда. Жанарын менен алмай осы бір сəт, Тұрғандай бақыт құсым, Дəл басымда! Шегі жоқ шаттығымның жүзімді өпкен, Толқимын іштей ғана күбірлеп мен. Түндігі Алатаудың желпілдейді, Тұлпарлар тұяғынан Дүбірлеткен! Жапырағында тұратын шайқап орман, Көл еді, Көкіректегі айтар арман. Қуанышқа ортақпын, Елі-жұртым, Құтты болсын наурызың, Қайта оралған!..
ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖҮДЕГЕН ЖЫЛУ БЕРІП Өмір деген болар ма мұнша сырлы, Тарап еді бір кезде мұң шашымды. Жүректерге жүдеген жылу беріп, Жүздеріне жандардың нұр шашылды. Нұр шашылды шыңдарға, Аспанға да, Ақша бұлттан кірпігін ашқан жаңа. Қызғалдағын көтеріп бара жатыр, Қашаннан бір жаңалық тосқан дала. Бір жасарып жанымыз жаңалықтан, Бойымызға барады Таралып қан. Сабырлығын сақтаған таулар ғана, Бойын биік ұстап тұр даналықтан. Алатауым биік тұр басқалардан, Бүгін бір дүр сілкінтіп басталар ма əн. Күтіп отыр көп үміт Президенттен, Əр кеудеде дүбірлеп асқақ арман! Шығара ма деп, Шыңға табыс үнін,
Сайлады жұрт, Президент Əбіш ұлын. Халқыменен бұл кезде көп кеңесіп, Сəттілігін күтуде əр ісінің. АЛТАЙЫМ, АЛАСАРМА! Адамға адам, – Қашан да жақын бəрі, Татулықта тірліктің – Жатыр мəні. Төрт құрлықты өлеңмен тұтастырып, Тұр ма деймін, Əлемнің ақындары! Оятқанмен ақын – ел ой-санасын, Бітірер ме, Бəсеке, Тай-таласын?! Алапаты атомның қарғыс атқыр, Семейімді қайтадан шайқамасын! Жатыр бүгін сілкініп Алтайым да, Жұбатуға жүректі тартайын ба. Сан ғасырлар мызғымай тұрған тауым, Бір күнде қасіреттен қартаюда... Қай жағыма, Қай тұсқа қарасам да, Тəкаппарлық, Биіктік жарасар да. Келер болса қолыңнан, Ей, адамдар,
Биіктікке оқ атпа, Жара салма!... Пана болған тұтас ел, Қара шалға, Биік таудың жүзіне жара салма. Қанға сіңген қашанғы қасиетің, Аласарма, Алтайым! Аласарма!..
ШЫҢДАҒЫ ШҰҒЫЛА Кеудемде қалмасыншы тұншығып жыр, Соншама сезгірлікпен жүрші ұғып сыр. Сырына бұл əлемнің құштарлықтан, Шыңынан Алатаудың Қүн шығып тұр! Шуағын шыңға төгіп шұғылалы, Толқындар шұғыла құшып құбылады. Осы сəт үрей қашып көлеңкеден, Шыңдардың құшағына тығылады. Ақ бұлттар да жөңкіліп аптығады, Биікте жүргенімен жоқ тұрағы. Кеудеме менің тəтті сезім ықтап, Жүректі жиілетіп қақтырады. Өлгенше шықпайтұғын есімнен бір, Толассыз сол есімнен – Есілген жыр. Шыңымда тұра бер сен шуақ төгіп, Жаныма шұғыласын көшірген күн!
АДАМҒА ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ Адамға туған жердің жаманы жоқ, Жарқырап жанып тұрған Жанарында от. Арманым арылмайды тірлігімде, Отындай жерошақтың жанады үдеп. Адамға туған жердің жаманы жоқ, Балаңмын, Қиыр қонған, Алаңы көп. Бəрі де кешегідей көз алдымда, Ойлама, Сені ұмытып қалады деп. Адамға туған жердің жаманы жоқ. Жанымның бір өзіңнен табары көп. Сағыныш сахарасын кезіп жүрген, Бір мұңлығың, Қарыған табанын от... Адамға туған жердің жаманы жоқ.
ЖҮЗІМДІ ЖАҢБЫР ЖУЫП Тəркі дүние! Тартсаң да етегімнен, Жүргем жоқ ырқыңа еріп, Жетегіңмен. Жалтарыссыз, Бір беткей мінезіммен, Бір күні бұл пəниден өтемін мен. Өтермін мен Ешкімге зияным жоқ, Жасырман, Ел-жұртты аңсап Жыладым көп. Белгісіз саған қашан ораларым, Бəлкім, солай қаларсың қиялым боп. Түс шəйісіп көргем жоқ, Қызуланып, Ұятқа да қалмадым жүзім жанып, Кешірімшіл жандардың біреуімін, Өзгермейтін əуенім, Ізім де анық. Арқалаған жүректе жүгім – жалын, Сол жүктің салмағы көп, Ұғынғаным.
Ескермеген кешегі, Есіл құрбы, Жаныма жақынсыңдар бүгін бəрің. Қиялға жүземін де тұнық-терең, Алдамшы үміттерге ырық берем. Қыс дауылын, Оранып, Жаз шуағын, Жаңбыр жуып жүзімді жүріп келем!..
ҚАЙРАН ҚАЛАМ ƏУЕЛЕГЕН ҚҰСТАРҒА Қыр жайлап, Қиын күндер кешсем де, Менен жəбір көрген емес еш пенде. Сыңар аққу сияқтанған жайым бар, Мекендеген қос көлде. Қайран қалам əуелеген құстарға, Қанаттарын қақтыратын күш бар ма?! Сыңар қанат екендігім жерде емес, Сезіледі ұшқанда... Доссыз емен, Табылады дұшпан да, Қызғанышын көрсетер кей тұстарда. Жасымаймын, Жатса дағы жалғыздап, Төтеп берер күш барда. Бара қалсам ұсынады дос төрін, Дос төрінде – Кемдігім жоқ еш менің. Аққуына балап жүзген айдында Толқындарын тосады əкеп қос көлім. Алаңдайды бармай кетсем дала, бел, Аялайды, Алақанға алады ел.
Маңдайдағы қос жанарым секілді, Сырлы Сайрам, Аңқылдаған Алакөл! Қос көлімнің құрағы тұр желкілдеп, Жағасында жаным тыныш, Желпінбек. Жатқан сынды бар қиырдан шақырып, Алыс кеткен аққуларын келсін деп, Аунап-қунап еркіндеп...
САҢЛАҚ САРА Жалғасып жатыр жұртқа саңлақ үнің, Үніңді тербетеді таң да бүгін. Өлкеде өзің туған ақындар көп, Ерекше демеу беріп жанға жырың! Əсерлі таңғы ауадай Мөлдір үнің, Сазына балқытады елді бүгін. Қарашы, Саңлақ Сара! Əулетіңе, Еркелейтін сенің де келді күнің. Заманның саған қойған шарты басқа, Болар ма, Жан күйіңе балқымасқа. Мұздыбұлақ төріне мұң төгілтіп, Жетпей-ақ өтіп едің Жарты жасқа... Қайтадан жақпаса да өшкенді ешкім, Соңынан жетпесе де көшкен көштің, Қалай да белгі болып сол заманға, Ескерткіш тұр баурында Ешкіөлместің.
Домбыралы осынау– Аңыз бейне, Серт бергендей даладан əн үзбеуге. Өліге де керегі əділдік қой, Бар болғаны ескерткіш, Бақ іздей ме?! Атақ үшін біреумен таласа ма, Қайсысың бар, Түсетін арашаға. Сара сынды ақынға солай тұру, Айтыңдаршы, Бұл кезде жараса ма?!. Ешкіөлместің Жұмаштай ақындары, Сан айтысты қыздырып, Лапылдады. Өрен өсіп келеді жолың қуған, Жүлде де бар, Өзіңнің атыңдағы! Баяғы сол қоңыр тау, Қарасаң жай, Шипалы су баурында – Арасандай. Кім біледі өзіңе ұқсап біз де, Биік болып қала алсақ, Аласармай!
ҚАНАТЫН ЖЕТТІ КҮЙ ҚАҒЫП Жүргенде күтіп, қиналып, Қанатын жетті Күй қағып. Арылмай жүрген мұңнан бір, Жанарың жанды нұрланып. Жанарың жанды нұрланып, Жасарды жаның Бүр жарып. Бақытты кезің, Бауырым, Жүзіңде балқып тұрды анық. Жүзіңде балқып тұрды анық Билейсің сен де ырғалып. Осынау кештің сырларын, Тағайын күміс сырға ғып, Тағайын саған жүзік қып Тəуекел, Судан жүзіп шық. Толқисың əрі қысылып, Керек қой қызға тұнықтық. Керек қой жанға нəзіктік, Арманды жанға азық қып.
Самғадың білем биікке, Бауырыңды жазып тік. Болмасын құмар биге кім, Құшақта ықтап биледің. Осынау сəтті шақтарың, Жетелеп жетті жыр легін, Сен оны бірақ, Білмедің. Биледің ұзақ, Биледің, Басқаны көзге ілмедің. Құшырлана жұттың сен, Көп аңсаған қыр лебін. Қақпасын жанның кім қақты? Ширықты сезім, Тіл қатты. Алаулаған жүзіңе Қызыға қарап күн батты... Құлазып əрі жаурап жан, Жүргенде жетті əн аулақтан. Төбеден төніп түнгі аспан, Есілді самал тау жақтан. Жетеді бір үн қыр жақтан, Күрмейді тілді
Сыр – қақпан. Кеудеңде тұр ма күмбірлеп, Бұрынғыдан бір басқа əн. Сазды əуен, ырғақпен, Билейді жұрт бір баппен. Күйіне елтіп жүректің, Сүйсіне қарап тұрмап па ең. Толқында жүзген қайықтай, Қарадым саған байыптай. Барады көшіп мұнар – мұң, Жүзіңде жүрген айықпай. Көктемдей жарған бүршігін, Ақтарды жаның сыр-шынын. Қуаныш жасын жаныңның, Жасырып қалды кірпігің. Жапырақтай шайқалған, Жан күйіңді байқар жан. Сол кешіңнің сыр-сынын, Жеткіздім деп айта алман. Сезімнің бүркеп от-демін, Белгілі ұзап кеткенің. Баянды болып қалса екен, Бақытың,
Қалқам, Тек сенің. Қанатты құстай қақтырып, Кеудеңде түлеп жатты үміт. Жаны жақсы жандарға, Тілеймін, дəйім, сəттілік!
ҚАРТТАРҒА ҚАРАП... 1-жыр Сенім менен сертіне берік шеттен, Біздей емес қиялға еріп кеткен. Қайран біздің қарттар-ай! Тау тұлғалы, Ауылымды солар ғой көрікті еткен! Əзілі де өзара жарасымды, Жомарттығы шалқыған дала сынды. Қайран асыл қарттар-ай! Қыран тектес, Бөлісетін бір жұтым қара суды. Болмысынан танытып тектілігін, Санаға ізгіліктің екті гүлін. Қабырғама батады, қарттарым-ай, Қатарларың сирексіп кетті бүгін. Қақыратып қақ жарып көкті үнің, Оранып ең соғыстың отты күнін. Ерліктерің еліңнің есінде қап, Ұрпағыңа аңыз боп жетті бүгін.
2-жыр Арқа сүйеу асқар ғой, Əке деген, Бұл қазақ əкелерін мəпелеген. Ақыл қосып ауыл мен аймағына, Əкелер ауырлығын əкемеген. Тағдыры болғанымен сондай өктем, Ешкімге де салмағын салмай өткен. Көнбістікпен өмірге өкпелемей, Тіршілікке талпынып, Талмай өпкен. Бəйтерегін өсіріп саялаған, Жан-жүрегін арманға жаяды адам. Болғанымен қаталдау баласына, Немереден мал-басын аямаған. Қуат алып жанына қыр таңынан, Жатқан кезде ауылда шырқалып əн, Малы тұрғай, Жанын да құрбандық қып, Ешнəрсе аямаған ұрпағынан. Сол қарттарға болар ма қызықпасқа, (Жүргендер көп күдерін үзіп босқа).
Ұрпағын баулу үшін батылдыққа, Дейді екен шу асауға құрық таста. Жұбатпаса, кейітті дала кімді, Күтіп тұр ғой сол дала жаңаруды. Жаутаңдаған қарттарды көрген кезде, Елестейді бір жетім бала мұңды... Өмір солай салдыртып өте шығар, Сая болмас жаныңа жеке шынар. Құдіреттей табынып отырамын, Адамдарға əке мен шешесі бар. Шеше деген – Шалқыған көл емес пе? Көлді жерде айналар шөл елеске. Қазақ деген қашан да басын иіп, Анасын сыйлап өткен ел емес пе? Əке деген – сүйеніш, Тауың болар, Таулы жерде асу бар, дауыл да бар. Əкесі бар адамның қорғаны бар, Жапырылып етекте жауы қалар. Болмаса да соншама сыйлы адамым, Жетім қартты көргенде қиналамын. Қартайғанда қарттарды тентіретпей,
Қандай жақсы жас ұрпақ, Сыйлағаның! Қарақтарым, ешқашан кесірленбе, Қол ұшын бер қарттарға, Жесірлерге. Қарт сыйласаң өзіңді елің сыйлар, Шығарма сол сөзімді есіңнен де. Кəрілікке мен дағы жетер болсам, Бар тілегім, төбеңе көтер, Қалқам! Ана сүтін емес пе ақтағаның, Бөбегіңдей аялап, Қатар қойсаң!..
ТОТ БАСЫП БАРА ЖАТЫР ТЕМІРГЕ ҰҚСАП Əркімге жая бермес өмір құшақ, Ой орала береді көңілге ұсақ, Асыл едім, Амал не, Қалтарыста, Тот басып бара жатыр темірге ұқсап. Шарасыз, Таусылғандай бар амалым, Өзіңнен өскен орта, Дараландым. Даралығым айыпты бəріне де, Содан болар, Мертіктім, Жараландым. Далада өсу үшін жаралды гүл, Табиғат, Сол гүлдерден нəр алды қыр. Сұлулыққа көлеңке түсірмеуге Күн кезінен ерекше таралды нұр. Сол күннің шуағындай мейір ғана, Дертінен айықтырар балаңды бұл... Көркі үшін даласының жаралды гүл! Тілеймін нəзік гүлім, Саған ғұмыр!
КҮН НҰРЫ КЕЛЕ ЖАТЫР ҚОЮЛАНЫП Сұқтанбадым сол кеште Сүйсіндім мен, Сүйсіндім де сырластым тілсіз мұңмен. Тілсіз мұңым жүрекке əмір етті, Күндеріңді ұмыт деп, Күйсіз жүрген. Күндерді ұмытармын күйсіз жүрген, Үрейленем, Үндемес, Жырсыз күннен. Жырсыз күндер жүректі жүдетеді, Ал жүрегім жүдесе – Тілсізбін мен. Кім бар дейсің бұл кезде тыншып жүрген, Тынышы жоқ заманда – Сыңсиды іргем. Алаңдығы арылмай мынау елдің, Қасіретін бөлісіп тұрсың бізбен. Адал тері маңдайдан тамшылаған, Сеніп отыр өзіңе сансыз адам. Арқалаған зор үміт азаматсың, Намыс оты жаныңды қамшылаған.
Сырт көздер де өзіңді бар сынаған, Сын көтермес, емессің. Əлсіз адам. Жүрегіңнің қағатын күй пернесін, Саған лайық, Серім-ау, Əн сұранам. Ол да жақсы, Сезімнің шегін білген, Жарылыстан қақырап, Сөгілді іргем. Халқымменен қашан да тағдырласпын, Халқымды ойлап, Шерлі əуен төгілді үннен. Ұққан сайын ел-жұртым, Ойымды анық, Келе жатыр күн нұры қоюланып. Қыраныма тілейін талмас қанат, Ел қуансын, Арманы орындалып.
ТАЛТҮС Жігітке елуі не, Алпысы не, Келдің аға! Өмірдің талтүсіне Адалдық, Ар-намысың қуат беріп, Сүйенген адам едің жан күшіне. Жар құшып жаның сүйген, Қызық көрдің, Тағдырдың ағынына жүзіп келдің. Жүрсің бе туған елді ұмыта алмай, Ортасында жүрсең де ырзықты елдің. Заң менен дəрігерлікті қосарладың, Толқыдың арнасында қос арнаның. Қос арна – Қосылса екен деп тілейсің, Ортақ қой бəрімізге – Осы арманың... Айеке! Арманға да бір жетерсің, Қуаныш – Көңіліңді гүлдетер шын. Тігілген Алматыға ақ ордаңды, Жел емес, Əн менен күй, Жыр көтерсін!
НАҒИМА Жүрмесең де от шашып, Жалын атып, Жүрегіңде жылу мол, Жаның ашық. Түзу ұшып түтінің, Өріс кеңіп, Отырсың азаматтың бағын ашып. Еске салып қырымның қызғалдағын, Бақыты асқан біреуді қызғанбадың. Жамандық атаулымен жараспайсың, Жақсылық теңізіне жүзген жаның. Созбадың ешқашан да айға қолды, Жүресің істің қамын ойлап оңды. Жақсылық қой жандарға тілейтінің, Сол қасиет атадан бойға қонды, Сен көтерген шаңырақ құламайды, Тұрады сəуле шашып бір арайлы. Болды екен қандай ғана мерген жігіт, Түсірген сен сияқты құралайды. Сен көтерген кереге аласармас, Үнің майда, Жүрекке жара салмас. Сұлулар көп халқымда теңдесі жоқ, Бірақ саған ешкім де таласа алмас!
ҚАЙТА ЖАЛҒАП... Қыранның қағып түсер көз қиығы, Əр таудың болады ғой өз биігі. Қараймын сол биікке жанар талып, Жүр ме деп, Жартасында жезкиігі. Деп маған қараса да, Ел адамы, Көңілдің арылмайды көп алаңы. Япырмай! Қалай аттап кетсем екен, Қаныма азап салған шекараны. Өмірге өтіп жатқан тоқтау қайда, Желі де шекараның соққан майда. Жүректі жапырақтай екі бөліп, Өзені шекараның аққан қайда, Көлденең сызықтар сап ақ маңдайға. Демеймін бұл сөзімнен қағыс кетем, Емес қой сол жер маған алыс, Бөтен. Жарылған жүрегімді қайта жалғап, Толқындар, Тезірек тіл табысса екен!
ШАШЫМА ҚЫРАУ БОЛЫП ҚОНЫП ЖАТЫР Тарылтып тынысымды тымырсық түн, Ширатты шынжырындай Шығыршықтың. Көрсетпей жұрт көзіне Көміп жүрген, Жүректін, тамшыларын, тағы ыршыттың. Тарылтып тынысымды тымырсық түн, Созылды ой – Шүйкесінде сұр ұршықтың. Қайраймын өзімді-өзім жасыма деп, Бүркейді жанарымды қиыршық мұң... Кірпікті ояндым сан шыққа малып, Ащы шер шыңыраудан шыққаны анық. Абайла, Мен сімірген қасіреттен, Уланып қала көрме, Ұрттап алып. Ұшсам да қанатымды саған жайып, Жетпедім, Тағдырыма тағам ба айып, Қалқалап Қаптың тауы қала берді, Сағыныш дертін тарту – Маған лайық!
Қанатым қайырылудан болса бүтін, Күндерім тағы сыйлар мол шабытын. Шашыма қырау болып қонып жатыр, Қанша арман, Ақталмаған Қанша үмітім... ҚОШТАСАЙЫҚ Арамызда жүрсін көп, Кеткенде көңіл күрсінбек. Алыстан хабар күтерміз, Жүрегіміз дүрсілдеп. Аңсадым, Күттім демейтін, Көңілді күндер көбейсін. Бас қосқанда бəріміз – Төбені көкке теңейтін. Қиялмен жанды тербеген, Жалғассын жолдар, Бел-белең. Күндерді мен аңсаймын, Қауыштырар елменен, Қырсықтан сақта көлденең! Біздерді түйдей құрдас қып, Алыстан тосып тұр жастық. Қоштасайық, Сания-ау! Билесе де қимастық. Аз күн бірге, сыйластық.
АЛАСА ЕМЕС, ҚЫРАНДАР ҚҰЛАЙДЫ ӨРДЕН Мейлі, мен қоңыз теріп, Қой бағайын, Мені де тек өзіңдей ойла, Ағайын! Өлеңді біреу жазбас еріккеннен, Өлең менің тағдырым, Ойнамайым! Адам емес, Дарынды құдай берген, Дарын барда егіліп, Жылай бермен. Қанатын биіктерде қағып-қағып, Аласа емес, Қырандар! Құлайды өрден. Шырағым бар тұратын жанып таңға, Демеу болар жырларым, Зарыққанда. Ұрығын өрде ғана шашу үшін, Толқынға қарсы жүзер балықтар да... Адам тұрғай, Балықтың сертін қара, Сол ерлікке куə ғой
Еркін дала! Ата салтын олар да жалғайды екен, Өз күйін, Өз тағдырын шертіп жаңа. Ерлік те жер бетінде қайталанбақ, Ақын да сөзін елге айтар арнап. Күңіренбей, Күйремей жатсаң екен, Ата-бабам шалқыған, Шалқар аймақ! Ата-бабам шалқыған, Қыран – далам, Сен үшін сан шайқасып, Жыр арнағам, Қыран тектес ұрпағың аман болса, Жағдайың болмас енді бұдан жаман!., Күңіренген күйінде жатыр бабам, Қайда екен деп кешегі, Батыр балам. Арашалар жерімді келді ыңғайым, Орнамаса бұл басқа Ақырзаман!..
АРАЛ ҚАЙДА Жайқалар ма кешегі көл құрағы Жанар кетіп, Аралдың сөнді ме əні?!. Сұлулығын шаң жұтып, Суалды ғой, Құм-дауылға орынын көмді дағы... Бұл да адамның қыспағы, Қаталдығы, Қаталдықтан – Тірліктің батар күні. Шың басына шүйілген қара бұлттай, Аралымның арылмай жатар мұңы. Адамдайын көз жұмған арманменен, Айдын көшіп, Қурады орманды өрең. Арал десе, Аңырап елің отыр, Арал десем, Бір мұңлы арналды өлең. Айтпай кеткен көп сенің Ғасырға өкпең, Жеткізе алмай өкпеңді – Жасың кепкен. Қалай шыдар жүрегім, Қалай шыдар, Боран боздап басыңда, Тасыңды өпкен!..
ҚОҢЫРАУЛА! Ордендері жарасып омырауда, Жақсы күнмен жалғасып Көңіл – арна, Келе жатыр Жеңістің солдаттары, Қоңыраула, Дүние, Қоңыраула! Келеді олар, Тұтасып қатарлары, Қашан еді жауынгер атанғалы. Отты жылдар ойраны ойсыратқан, Есіл ерлер Көкіректе жатар бəрі. Келе жатыр соғыстың ардагері, Соларға ықыласын арнады елі. Бүгін халқы көтерсе төбесіне, Кеше олар – Отанын қорғап еді. Мен таңдана қараймын бар маңыма, Олар жеткен жандар деп арманына. Қатар түзеп келеді – Қарт солдаттар, Солқылдайды қара жер салмағына, Кеше көзсіз ерлікке бармады ма?!.
Қас жауымен шайқасып, Алысқаны, Күндерді еске түсіріп алыстағы, Жанарлары жалтылдап жауынгердің Ойналады – Ерліктің марштары! Кешегі қанды майдан солдаттары, Келеді ерлік жолын жалғап тағы. Келеді бейбіт күннің əнін бастап, Қыр жаңғырып үніне, Тау қапталы. Алматы – қыз! Батырын гүлге орады, Қызықты ма, Төбеден күн қарады. Абайдың атындағы ақ сарайда Жеңістің жібек туы нұр жанады! Ордендері жарасып омырауда, Жақсы күнмен жалғасып Көңіл – арна, Келе жатыр Жеңістің солдаттары, Қоңыраула! Дүние, Қоңыраула,
СҮТКЕНЖЕ (Əкем еске оралғанда) 1-жыр Уақыт күтпес, Сарылып сен күткенмен, Сақта тəңір, Сарқылып ерте біткеннен. Бұршағын салып мойнына қайран, Ата-анам! Мен екенмін сұрап алған сүткенжең. Өмірде қанша түгемес арман, Ізгі ой көп, Өсірді ұлша, Айтпады көзге қыз ғой деп: Жарысып желмен, Үстінде өстім жорғаның, Себебін кештеу түсіндім оның Іздей кеп. Қыздарға ұқсап Кимеппін көйлек құлпырма, Өсірген екен жуытпай моншақ, Жылтырға, Жылусыз адам,
Жылтыры көп сөз жаман, Баулыпты мені биязы мінез, Шын сырға... Жиырма жасқа жеткенше сырға тақпаппын, Сырғасыз, Тентек, Жігітке қалай жақпақсың. Қарағым деумен, Қаққызбай бір де шаужайдан, Мен үшін, əке, Жүйрік пен Жорға баптаттың. Бəрі де сондай мейірімді болды-ау, Əкелер, Сол ерке балаң, Не ұшпақ саған əперер. Отыз жыл өтіп басына бардым анамның, Жетпеді қолым, Болған соң көзден таса жер... 2-жыр Жұртта бар Ана, Жұртта бар Əке менде жоқ, Ата-ана мейірін көре алмай келдім, Кенде боп.
Содан да болар, Жасқамай келем баламды, Ашуға басып, Шапалақ ұрмай пенде боп. Айтулы тентек, Айтары жоқ, елде көп. Жалынып барар, Сұраншақ мінез менде жоқ, Арманмен лаулап, Аз ба еді жанған кеудеде от. Сарылып ұшып, Сағымды құшып, Қиқулап, Жүремін қонып, Сағыныш атты көлге көп... Көлі жоқ жерде аққулар сусап, Шөлдемек, Биіктеп ұшсам, Қанатты жүрер жел демеп! Анамның айтқан əлдиіндей Ақ бесікте жатқанда, Жырларым маған тыныштық бермей, Тербеп өт!
КЕШІРІММЕН... Ерінбей, Ертелі-кеш алмай тыным, Беріліп қиялдарға балдай шырын. Қайнаған тіршіліктің кəусарына, Кездер-ай! Қанша ішсең де қанбайтұғын. Өзгердің неге мұнша танымастай, (Егілер кейбіреудің жаны жастай). Бақыттың тегін келген құны бар ма, Өмірдің бар ма мəні арып-ашпай. Білместігіңді айтсам мен қапаланба, Ойың жұтаң, Жаныма батады ол да. Жүргенім жоқ біреуден қастық күтіп, Жығып кетер екен деп қашан орға. Қараймын көп жандарға кешіріммен, Ол қасиет кетпеген есігімнен. Кейбіреудің атын да ұмытамын, Өлеңнің жолдарындай Өшірілген... Əр нəрсе еске оралар осындайда, Шынайы, Кешегі бір досым қайда?
Жүреді жүрегінен енші бөліп, Жолың да доссыз жерде тосылмай ма? Таралған таң нұрындай сезім бойға, Тым албырт, Алып ұшқан кезің қайда? Аңсаудың сонша аяулы белгісіндей, Əйтеуір, Ала берем өзіңді ойға...
- * Жесем де тағдырымнан таяқ талай, Тынармын ойды қалай аяқтамай. Қиялды қалай үзем сабақтамай, Қоятын адамдарға талап солай. Келемін самғап талай, Қиялап та, Келемін жанға дауыл, күй орап та. Қаншама жапа шегіп жүргеніммен, Ешкімді қиған емен қиянатқа. Арқамда салмағы ауыр жүк тұрады, Кім мені көптігімен ықтырады. Жел айдаған жердегі қаңбақ емен, Өмірдің тереңде ғой тіпті мəні. Кейде осынау тірліктің ащысынан, Жүрегіме мөлтілдеп шық тұнады... Соншама біреулердің текті жаны, Біреулер – Шапағаттың екті дəнін. Балалық, Бал-дəуренді бірге өткерген, Жан құрбылар, бытырап кеттін бəрің.
Өлеңді ермек етпен тиіп-қашып, Жүректен ақтарылам күйіп-тасып. Қарасы жамандықтың менен аулақ, Жүрейін, Жақсылықпен иықтасып!
НАЗЫ БӨЛЕК... Адамдарда болғанмен айырма көп, Мен айтатын əндерде – Қайырма жоқ. Жалғасып жатыр жібек жол секілді, Биік таудан басталып, Ауылға кеп. Мен айтатын əнімнің жалғасы көп, Толқи берер, Өмірдің арнасы боп. Сол əннің ырғағында жатқан жоқ па, Басымыздан біз кешкен бар қасірет. Тау-бөктерді аралап, Сайларды өрлеп, Қайнарындай бастаудың қайнай бермек. Айта салған əн емес, Желге кетер, Болашаққа белгі боп, Салмай ма өрнек. Мен айтатын өлеңнің тасқыны мол, Алыстағы ауылым, Жас күнім – ол! Үзіп кетер ме екен деп ойламаймын, Мынау заман, жандарға қастығы мол.
Мен айтатын əнімнің сазы бөлек, Жастығымның жалыны, Назы, демек! Қонарына көкейге күмəнім жоқ, Жатпағанмен бағалап, Қазірге елеп... ҚАРАСУ Сықырлатып қайраған жанын жаны, Қалыпты қыстың қымтап қалың қары. Қарасудың бетінен бу көшеді, Сияқтанып өшпеген жалындары. Құштар емес, Мықтымын дегізуге, Онда үлкен сыр жатыр негізінде. Ақпанның аязында қатып жатар – Таудай толқын өңгерген теңізің де. Сияқтанған жанының аппақ ары, Бойындағы жылуы – Мақтанары. Мұхит та мұз құрсанып қалған кезде, Ғажап қой! Қарасудың қатпағаны. Оның да бар айтары, Ақтарары, Жүрегінде тербетіп, Сақтар əні. Тыныс алып жылжиды ол ілгері, Бусандырып буымен ақ даланы.
Адам сынды тірліктен көп хабары, Айлы кеште жанары шоқтанады. Туған жердің бауырында жатқаннан соң, Бар жылуы бойында сақталады!.. Сияқтанып жанының аппақ ары.
ТАҒДЬІРЛАС Ақында сен емессің сөзге шолақ, Ойыңды жеткізесің Өзгеше орап. Жүйрікке қамшы сілтеу артық болар, Селдеген сезіміңді Сезбес олақ... Тамылжып тұрса дағы дала қандай, Бой жазып, Сергімеппін ала жаздай. Еңбегің аз ба, Көп пе, Жұрт түсінер, Кеткенің жөн бе Колға қағаз алмай... Біреулер зорға күлер, Зорға жылап, Біреулер мерт болады орға құлап... Жеке басты күйіттеп жүре бермей, Тағдырын туған елдің толға бірақ. Кенеттен күңгірт тартып Аспан айлы, Төніп бір келер болса, Басқа қайғы, Тағдырлас болып жүрсең туған елмен, Ешқашан орта жолда тастамайды!..
- * Жасың келген, қарасам əкемдейсің, Əкелердің ісі көп əсерлейтін. Мінезің де қытымыр, Шəлкем-шалыс, Ешкімге атақ-абырой əпермейтін. Аз қазақты жер-жерге, Топқа бөліп, Жүрегімді өртейсің шоққа көміп. Күндейсің бе сақалды басыңменен, Өлеңімді өрістеп, жатқан өріп. Тұнық болар қашанда шың бұлағы, Жатқан жоқ па шырқалып – Шындық əні. Көк балауса кезімде келіп едім, Шынар шағым Енді кім сындырады. Жеткен кезде сан асу, Белеңдерге, Жоққа бола көңілім елеңдер ме? Қозғай алмас алапат дауылың да, Бойлап кетті тамырым тереңдерге!..
БОТА Сен тұңғыш аттасаң да босағаны, Қарсы ала баруға қол босамады. Қайда жүрсе тілейтін тілеуімді, Сенің Анаң, Осы үйдің дос адамы. Боташым! Сырттай бəрін біліп жүрдім, Жаның сұлу, Көзіндей тұнық жырдың. Қанша жыл басқа қала, Басқа жерде, Қызық емес, Білемін, білім қудың. Тұңғиық жанарыңнан ой ұқтырып, Мінезіңе жарасқан байыптылық. Қанша қажып жүрсе де бұл тірліктен, Дəрігердей Аласың айықтырып. Солай етіп өсірген анаң сенің, (Арылмапты бойыңнан балаң сезім). Өзі біліп отырған адам үшін, Ақыл айту, Артықтау болар сөзің.
Өзің тектес ақылды, Асылдарым, Алматының көркейтер жасыл бағын. Жанарыңның байқаймын жарқылынан Жастықтың жалындаған жасындарын! МҰНАР ТАУ Тараған бауырыңнан талай сері, Ұмытар туған балаң қалай сені. Басыңнан мұнар кетпей тұрған кезде, Қызығып қашан дағы қараушы едім. Талатын қарап саған қарашығым, Өзіңде өтсе деуші ем алаңсыз күн. Мұнар тау, Мұңданбашы, Мұңданбашы, Бойыңда тұрған жоқ па бар асылың. Басыңды тұрар сенің мұнар шалып, Қыран екеш қыран да Шығар талып. Сұлулық сиқырына оранасың, Мойныңа ақша бұлттан тұмар тағып.
ҚАСЫМҒА Еске алғанда арманда өткен Қасымын, Қарқараның шертетіндей тасы мұң. Қайран ақын! Дауыл болып дүркіреп, Кезі келсе өзен болып тасыдың. Кешіп жүріп қан жорықта отты күн, Көтеріп ең Күллі өнердің шоқтығын. Күні бүгін орның əлі толған жоқ, Өгейсітіп тұрады ылғи жоқтығың. Жан дүниесін тербететін тірінің, Жырларыңның Бірі – жалын, Бірі – мұң. Домбыраңның құлақ күйін келтірер, Қарқарада жоқ па өзіңдей Бір інің?!. Еске алғанда арманда өткен Қасымын, Қарқараның шертетіндей тасы мұң. Қайран ақын! Дауыл болып дүркіреп, Кезі келсе өзен болып тасыдың.
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖЕЛІ ГУЛЕП Топталып кейде басқа тамам қайғы, Ойларым өрге баспай табандайды. Бір жерден табылса егер берекеміз – Дұшпан да бір кемшілік таба алмайды. Бірақ оған өреміз жетпей қойды, Ақтарылып айтылған шектей ме ойды. Құдай-ау! Қандай адам қағар екен, Осынау қиындықпен жеткен қолды. Келсе де жау апатын төндіргелі, Ошақтың отын елім, Сендірмеді. Сыйлады қасын дəйім достан артық, Келсе де не қаскүнем, Көлгірлері... Түбіме жетер ме екен мырзалығым, Түнекті тұл етсем деп, Тұр жарығым! Кешегі «Желтоқсанның» желі гулеп, Жүректен сөнбей оның жүр жалыны. Ұлдарын ұл, Қыздарын қыз демеді, Сірестіріп тастады мұз денені...
Ата-ананың аузын таспен жапты, Сұрау салып артынан іздеп еді. Жастарға толып кетті түрмелері, Еске алсам оны тілім күрмеледі. Жасқанып өз жерінде, Жəбір көріп, Қашанғы құлдық ұрып жүрмек еді. Соны ойлап, Жаңбырдайын жаусаң жаным, Жақын іздеп мұң шағар, Жаутаңдадым. Жеп-жеңіл қауырсындай қалтырадым, Айырылып айбынынан – Тау салмағым. Имеген жаншыса да күшке басын, Жастарым! Туыпсың-ау, Іштен асыл. Сендерді жапа шеккен ойлап кетсем, Бойыма тарамады ішкен асым. Тапталып табандарға бұрымдары, Қыздардың шырқырады-ау, Құлын жаны... Анаға қолы қалай көтерілді,
Бəріне, айтшы, кəне, Кім кінəлі? Айырар келді кезің ақ-қараны, Қашанғы сені біреу басқарады. Бар кілті бақытыңның өз қолыңда, Енді сенің ғасырың басталады!.. БҰРАЛЫП АҚҚАН БҰЛАҚТАР Бұралып аққан бұлақтар, Ырғалып ескен құрақ-тал. Сыбдырыңды сағындым, Сыр ақтар маған, Сыр ақтар! Бұралып аққан бұлақтар, Жағаңда өскен құрақ-тал. Көңілде көп сұрақ бар, Сөзіме сəл құлақ сал, Бұралып аққан бұлақтар. Сүйкімді, Ерке, Батылсың, Кең дала сенің ақылшың. Таулардан биік басталып, Көлдерге құйып жатырсың. Жібектей майда самал-жел, Бөтендік етпес саған жер. Аралап қайтқан боларсың, Алыстағы аман ба ел, Алыстағы аман ба ел... Өзендер, Көлдер, көптеген,
Кесілген шыңдар, Көк белең. Шек – сызығы шектеген, Шек – сызығы шектеген. Бұралып аққан бұлақтар, Ырғалып өскен құрақ-тал. Сыбдырыңды сағындым, Сыр ақтар маған, Сыр ақтар!
ҚҰЛЖАДАН КЕЛДІ БІР АҚЫН Құлжадан келді бір ақын, Айтуға атын тұратын. Білмеген жұрттар ол жайлы Қысылмай менен сұрасын. Құлжадан келді бір ақын, Дүбірге жаны қызатын. Азаматы бір елдің, Жамылып жүрген қыз атын. Құлжадан келді бір ақын, Өлеңмен өрнек сызатын. Жүрсе де шалғай, Қиырда, Бүйрегі бізге бұратын. Құлжадан келді бауырым, Аңсаған елін, Ауылын. Елемей көктем жауынын, Елемей қыстың дауылын. Құлжадан келді бауырым! Сұрасаң, жаны жібектей, Əлпештейік, Жүдетпей. Алып келген осында,
Сезімге толы жүрек қой, Сезімге толы жүрек қой! Құлжадан келді бір ақын, Сақтаған салтын, Мұрасын, Тұнықтан бетер тұнатын, Халқымен тапқан ұнасым, Құлжадан келді бір ақын!
КЕУДЕҢДЕ ДҮБІРЛЕСІН БƏЙГЕ ШАБЫТ Күндерің текке өтпесін əнге салып, Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт. Өнерді тұншықтыру қиянат қой, Шын жүйрік Шідерлеуге көнбес анық. Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт, Бəлкім, ол мерт болады Өрге шауып. Жатыр ғой, Жүректерге жол жасалып, Іргесін жыр – отаудың кел, Қосалық! Кел, қосалық бөлінбес іргемізді, Ойларды ағытайық жүрген ізгі. Екі елдің арасына дəнекер боп, Қуанар жұрт, Көрсе егер бірге бізді. Сезімі теңіз, Сезеді халық бəрін, Қалар ма ақтарылмай анық дарын. Тірліктің күйбіңінен алып шығар, Шашасына шаң жұқпас, Шабыттарың!
Еліміз де, Жеріміз бір болғасын, Арада айтылмаған сыр қалмасын. Алматыда жыр оқып тебіренген, Құлжадан көреді жұрт, Ұлжалғасын! Ұлжалғас! Нəзік ақын, Төкпе дейім, Сені ойлап көз ілмедім көпке дейін. Дəрігерсің емдейтін адамдарды, Сен жайлы жыр толғасам, Сөкпе кейін!.. Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт, Күндерің текке өтпесін əнге салып. Жатсыншы жүректерге жол жасалып, Іргесін жыр – отаудың Кел, қосалық!
- * Самалын елеңдетіп дала-белдің, Ел жақтан көп жаңалық ала келдің. Жанымның жапырағын жамыратып, Қимай қарап тағы да Қала бердім... Қала бердім жүректі шыққа бөлеп, Бір ыстық сезім жанға ықтап ерек. Сағыныштың селіне жүзген жанның Дауысы да басқадай шықса керек!.. Өз жерінен бөлініп-жарылғандар, Аңсаудың мұң-дертінен арылған ба?!. Сегіз мүше сау болып көрінгенмен, Мен оларды балаймын жарымжанға. Болғанымен қаншалық бізге сенім, Əйтеуір, өзім бөлек күй кешемін. Біреу биік, Біреулер аласа боп Көрінеді бойында бір көшенің...
- * Таста енді уайым, Таста мұңды, Көп қиялдар келеді басқа нұрлы. Қызығамын шынымен, Қуанамын, Қаулап өскен көргенде жастарымды! Қаулап өскен көргенде жастарымды, Көңіл аңсап, бұлқынар, Басқа жырды. Менің мынау халқымнан қарапайым, Аларсыңдар, Жарандар, Асқан үлгі! Өмірі де, Ісі де сəнді, Сырлы, Көз алдыңа келтірер мəңгі шыңды. Туған жердің құшағын гүлге бөлер Адамдарға арнаймын алғысымды!
ЖАЗБЕН ОРЬІН АУЫСТЫ КӨКТЕМ БҮГІН Жарқыратып тағынған сырғаны айдан, Қос қанатын көл емес, Жырға жайған. Мен де бір ата-ананың еркесі едім, Қүндер қашап мүсінін, Жылдар ойған!.. Наз аралас жүргізген өктемдігін, Жазбен орын ауысты көктем бүгін. Жаздың күні жадырап, Жайнай түсті, Жаңбырын да, Жылуын, Төккен нұрын. Жазым өтіп аздан соң күз де келер, Күз қызығы белгілі бізге берер. Ғұмырына инемен құдық қазып, Өткендер де аз емес, Іздеп өнер. Жапырағын ой-қырға шексіз жайған, Жаз күніне бəрі де Жетсін қайдан?! Шайқасып жатқан сынды көкірегімде, Көздерге керінбейтін өткір майдан...
Жарқыратып тағынған сырғаны айдан, Қос қанатын көл емес, Жырға жайған. Мен де бір ата-ананың еркесі едім, Күндер қашап мүсінін, жылдар ойған!..
ОТАУЫМДЫ БИІККЕ, ШЫҢҒА ТІГЕМ! Балқымайды көңілдің күйіне кім, Кімдер жетер түбіне дүниенің. Пенделердің біреуі болғаннан соң, Қуанам, Қызығамын, Күйінемін!.. Серілік, Сергек жүру Желік пе екен, Бұйырған несібемді теріп кетем. Адамға сыйластықтан асқан не бар, Сыйластық өміріңді көрікті етер, Соңына сұм жалғанның еріп бекер... Біреулер қанында бар текті білем, Біреулер кесірленіп тепті кілең. Арқамда асқар тауым – Ел тұрғанда, Кім мені ығыстырар Көптігімен?! Бар болмысы, Тартатын тұлғасымен, Табиғаттың өзіне шын ғашық ем. Халқым менің көтерсе биігіне, Отауымды мен де енді Шыңға тігем!..
АЙТЫС Талайғы тұтандырып сөнген отты, Айбынды – Айтыс үні елге жетті. Дауысы ақындардың айды аймалап, Шыңдарын Алатаудың тербеп өтті. Жетті жұрт айтыс үні жаңғырғанда, Сабылтып сайгүлікті – Сан қырдан да. Аялап жатыр бүгін Алматымыз, Бауырын – Қырғыз, Өзбек, Моңғолдан да... Тұлпардың естіген соң дүбірлерін, Көңілім көтеріңкі – Бүгін менің. Келе алмай бұл айтысқа қалған елдің Сеземін, Жүректері – Жүгіргенін! Тұндырып сұлулыққа қарашығын, Тербетіп жатқан жоқ па дала сырын.
Айналдым, Бауырлардан осындағы, Аямай ала келген жан асылын! Тыңдаған бозторғайдың тамаша үнін, Жайлаған кең даланың – Тау, Асуын... Қаншама қауым отыр ақ ордамда, Қарашы, бас қосылып, Жарасуын! Шын тұлпар қалай шыдар, озып келмей, Көргенде осыншама жанашырын! Даусымен желпілдеткен киіз үйді, Толқытпас қазағымның Күйі кімді. Айтысым! Алатауды аспандатшы, Адасып қайта тапқан үйіріңді. Шашуым болсын саған ұлы тойда, Аузыма сөз нөсері үйірілді! Қыздырған айтыстан да Айналайын, Қашанғы мұздап жүрген бүйірімді!..
МЕНІҢ ӨСКЕН ДАЛАМДА Дүбірлетіп көкірегімді тосын бір, Жүр ме деймін, Белестерден тосып жыр. Құрық тимес құландайын қырдағы, Талай қиял, Қайыру бермей жосып жүр. Жаудан аман болса жеткен тұйықтан, Жүре берсін, Үйірімен құрып сəн. Арғымаққа жарасады асаулық, Қайда барып құтылар дейсің, Құрықтан... Қайда қашып кетер дейсің ноқтадан, Асау үшін – Асқан жəбір жоқ та одан. Өлең түспей отырған күн аузыма, Күре тамыр сияқтанам, Тоқтаған. Жүрегіме тастай батар ауыр үн, Арғымаққа қамшы үйірме, Бауырым!.. Желдей берсін, Менің өскен даламда,
Арғымақтар! Нұрға жуған сауырын. Арғымаққа кигізбеңдер ноқтаны, Ноқталаған арғымақтың жоқ сəні. Жіберіңдер кең көсілген далаға, Арғымақтың көбейсінші топтары, Тимесе екен содырлардың шоқпары, Жанарында жансын дала шоқтары. Дүбірлетіп көкірегімді тосын бір, Жүр ме деймін, Белестерден тосып жыр. Құрық тимес құландайын қырдағы, Талай қиял, Қайыру бермей жосып жүр!.. ЖАДЫРА (поэма) Сүйінші, Отан, Өр елім, Сүйінші, Арал, Сыр, Жайық! Сүйінші сұрап келемін, Құшағыңды ыстық тұр жайып. Сүйінші, Асқар тауларым, Алатау, Алтай, Қарқара! Сүйінші, өлке, Ауданым, Шығыңдар мені қарсы ала. Сүйінші, Ұшқан құстарым, Сүйінші, Ескен желдерім.
Сүйінші, Қазақстаным! Сүйінші, Тұтас жер – көгім! Жаңашыл жалын жастарым, Қабыл ал ақын досыңды, Жайдары ашық аспаным, Тағы бір жұлдыз қосылды. Əлемге жар сап айтамын, Жетті деп қолым арманға. Жадыра сынды қайсарым, Батырлық атақ алғанда. Жадыра маған замандас, Сырласым, Досым талайдан, Жалғанда жүзін шаң алмас, Жадыра алтын шарайнам. Жадыра – бұлақ, Бастауым, Далаға тегіс тараған, Жадыра десе жас қауым, Жарқылдап маған қараған. Жадыра – Жарыс,
Тай-талас, Еңбексіз өтпес ай-күні. Тұнығын ешкім шайқамас, Жадыра атыз айдыны. Жадыра – Ардың аққуы, Қанатын кіршік шалмаған. Жадыра – Жанның пəк гүлі, Ұрпаққа жанын жалғаған. Жадыра – Ұстаз алғашқы, Жүргізген еңбек сабағын. Осынау дəстүр жалғасты, Қызына күллі даланың. Жадыра – Ана жұлдызды. Еңбекпен бақыт жаратқан. Қыранша баулып ұл-қызды. Қырларға тегіс таратқан. Жадыра – Жастық жалыны, Даланың тоңын жібіткен. Жадыра –
Жұлдыз жарығы, Қараған əркім үмітпен. Жадыра күндей күркіреп, Трактор мініп шыққан шақ. Кетеді байтақ қыр түлеп, Тағынып түннен шық-моншақ. Жадыра құстай қомданған, Жалынға толып өзегі. Жадыра жортқан жондардан Ағады ырыс өзені! Бойымды теңеп асқарға, Құттықтап тұрмын досымды. Осынау бейбіт аспанға, Тағы бір жұлдыз қосылды! Тағы бір батыр қосылды, Батырлар өскен далаға. Тағы бір тұлпар жосылды, Сарапшыл біздің санада. Жадыра бастап қолдаған, Қалмайды жұмыс серпілмей. Тереңнен тартып толғаған,
Жадыра – Шындық сертіндей! Қарайды ол ылғи сүйініп, Еңбегі адал кісіге. Үлкенге талай иіліп, Көрсетер ізет кішіге. Онда жоқ Паңдық, Пенделік, Қарайтын ала көзімен, Жүреді ылғи тең көріп, Былайғы жұртты өзімен. Мінезі ауыр – Қорғасын, Ашуға бермес ақылын. Еңбектес жора-жолдасын, Күндеген емес, Батырым! Ойлаған сынды ауылын, Ойлайды тегіс ғаламды. Ойлаған сынды бауырын, Ойлайды күллі адамды, Сүйгендей туған халықты, Сүйеді жарын мəңгі ана.
Өзіне келген даңқты, Тілейді өзге жанға да. Қанатын қырға жайған ту, Өтіне желдің көп шыдар. Жадыра жүзін шайған су, Сенен де мөлдір жоқ шығар?! Жадыра еккен көк шынар, Күн сүйген сайын көкке ерлер. Сенен де майда жоқ шығар, Жадыра жүзін өпкен жел! Далаға, Міне, Күз келді, Сарғайып тегіс төңірек. Жаздан да үміт үзді енді, Көлбеңдеп жүрген көбелек. Даладан алуан құстар да Күн сайын сиреп барады. Айдыннан аққу ұшқанда, Күрсініп көлдер қалады. Күрсініп қалған көлдерге, Жадыра ойлы қарайды. Уақыт шіркін көнген бе, Əдеті сол ғой талайғы.
Ырысқа кенеп қыр үстін, Келді ғой күткен ел күзі. Толтырып дəнін күріштің, Толықсып кетті жер жүзі. Теріме өнген күрішім, Сүйеді жаным сені шын. Термеймін сені күн үшін, Теремін туған ел үшін. Толтырып Отан қамбасын, Құйылып жатсаң болғаны. Мерейім артар сонда шын, Жарқырап өмір жолдары. Тілегім осы ежелден, Баураған менің еркімді. Аптапта ернім кезерген, Шөліркеп жатқан жер сынды. Қаймықпай дауыл – бораннан Байлағам белді сен үшін. Келеді бастап сол арман, Кеңейе түсіп өрісім. Еңбегім – Тасқан ырысым,
Жолымды кеспес əлде не. Боламын арқау жыр үшін, Боламын қанат əнге де. Осылай бола береді, Отаным аман тұрғанда. Даңқтың өзі келеді, Дабылын қағып бұл маңға! Қайран да қайран қаласың, Көргенде қазақ даласын. Бауырына басады, Жатсынбай адам баласын. Осынша кеңдік, Дарқандық, Болар ма өзге жандарда. Кең даласын қалқан ғып, Үмітпен қарар таңдарға. Тұрса да кезеп өзіне оқ, Аңғармас оны, Аңғалым! Дауылға өшпес, Сезімі – от, Аласармас заңғарым!
Қанаты жырдың қатайсын, Толғандым іштей неше күн Бүгінің маған ап-айқын, Есіме түсті кешегің. Есіме түсті баяғың, Ажалмен жатқан күресіп. Зырқырап, Қақсап аяғың, Ұйқысыз жатты күн өтіп. Халіңді сұрап барғанға, Деп едің сонда маңдайлым: – Аяқты доғдыр жалғауда, Арманды өзім жалғаймын! Жалғандың, Досым, Жалғандың, Жалғандың, Міне, Бүгінде Асқақ ой сенің арманың. Қосылдың ұлы дүбірге! Қаламын кейде аяп мен, Көзіме келіп жас мына.
Жалғанған сол бір аяқпен, Қарсы алды сені Москва! Өзіңе берген міндетті, Стахановша орындап. Қарсы алып сені күн де өпті, Қарсы алды басшы қолыңды ап. Бақытты қандай анасың, Қызыға саған қарадым. Батыр боп өзің қаласың, Ақын боп мен де қаламын! Сел болып тері төгілген, Көбейсін сендей ұл-қыздар. Бұлтсыз ашық көгімнен, Туыла берсін жұлдыздар! Ұшырдың биік құсыңды, Көктемдей жайнап нұр жүзің. Жарығын елге түсірді, Кеудеңе таққан жұлдызың. Жалынға бөлеп жас жанын, Ерлігің сенің тұрды үдеп, Қуанды мөлдір аспаным, Тағы бір жұлдыз туды деп.
Жадыра, Батыр, Кел бері, Кел бері, Досым, Жолдасым! Осынау ұлы жердегі, Сыйлайын гүлдің солмасын! Лайық саған дер едім, Шексіз де шексіз қиырым. Сыйлайын судың тереңін, Сыйлайын таудың биігін. Атыңды қосып өлеңге, Сыйлайын əннің асқағын. Сыйлайын жатқан тереңде, Теңіздің асыл тастарын. Не деген жомарт анасың, Қызығып саған қарадым. Батыр боп өзің қаласың, Ақын боп мен де қаламын! Жадыра, Досым, Қымбатты, Қолыңды қатты қысайын.
Көріскенше енді күн жақсы, Құс болып мен де ұшайын! Қағайын биік қанатты, Күнінде осынау жаздың бір. Ағарып, Міне, Таң атты, Құттықтап сені жаздым жыр. Қабыл ал, Досым, Азсынба, Ақынның осы тілегі. Өзіңдей жандар жаз тұлға, Табыла бермес үнемі!
СӨЗ СОҢЫ Далада шексіз көлбеген, Жүрдім ғой қиын жолменен. Аязда талай қарпыдым – Темірді нəзік қолменен. Ол емес еді арманым, Ойладым істің ар жағын. Аналық ыстық жүрекпен – Өсірдім дəннің маржанын. Демеймін таудай ірімін, Тірлігін еттім тірінің. Өзімнің тұңғыш қызымдай Бидайдың өрдім бұрымын... Желіндей есіп даланың, Күріштің шашын тарадым. Ойлама жанын темір деп, Темірге мінген Ананың. Алғысын алып мен елдің, Десем де көктеп, Көгердім,
Дей алмаймын бірақ мен – Трактор мініп теңелдім. Дей алмаймын кенелдім, Тосырқап, талай бөгелдім. Астында қыздың ойнаған – Трактор – Тұлпар деген кім? Жүгірген жүйткіп далада, Тұлпарға оны балама! Трактор жансыз шойын ғой, Түсірген салмақ санаға. Тозаңның жұтып бар шаңның Жансыз затқа жан салдым. Қажет кезде жүргізіп, Қажетсіз кезде қаңтардым. Ішіне сіңіп сағымның, Далада сансыз сабылдым. Трактор мініп жүрсем де, Тұлпарды жүйрік сағындым. Шалқытқан баба қиялын. Тұлпарды қалай қиямын.
Жібектей жалын сағындым, Сағындым құрыш тұяғын. Сағындым жұмсақ тізгінін, Темірге салған бізді кім?! Доңғалақтың үстінде – Өтті ғой, Қайран, Қыз күнім. Өтті деп жастық жыламан, Қалпында тұрмас тірі адам. Жыламай, Бірақ, Болар ма – Солды ғой Арал – Ұлы Анам! Тартылды Арал – Құт кетті, Омырауымнан сүт кетті. Тулаған толқын ғайып боп, Жұтынған қайғы, Жұт жетті. Қаңсып бір қалды қайығым, Құм қауып елді жайыным. Анамнан мені айырар, Бар еді қандай айыбым. Дариям қайта шалқыр ма, Шағалам қайта қалқыр ма? Бүгін-ақ өліп кетер ем, Аралым қалса артымда!.. «АҢСАУ» кітабынан 2001 жыл
Ғ А С Ы Р Ү Н І МЕН ТƏУЕЛСІЗ ҚАЗАҚТЫҢ АҚЫНЫМЫН! Бағына асып туған асыл ұлын, Елдің хан көтерді қарт, жасы бүгін. Тағдыры – Туған елмен өрімдескен, Мен Тəуелсіз қазақтың – Ақынымын! Мүмкін бе, Ата-текті жасыруым, Күмістей төгіл сен де Ашыл үнім! Өз еркі, Өз тағдыры Өз қолында, Мен Тəуелсіз қазақтың – Ақынымын! Ғарышқа дөңгелеген тасы бүгін, Тоқтар мен Талғат сынды Ғасыр – Ұлын, Өлеңнің өзегіне арқау еткен, Мен Тəуелсіз қазақтың – Ақынымын! Жел ескен айдарынан батырының, Қосылған сансыз ұлттың басы бүгін
Көк туы, Көк күмбезде желбіреген, Мен Тəуелсіз қазақтың – Ақынымын! Алатау шыңға ұшырса мұзбалығын, Аспанның Ақсұңқарым, жүзді алаңын! Осынау тамылжыған тыныштықты, Өзге тұрғай, Өзімнен қызғанамын!..
СЕНІМ Көктемнің көшкендей бір жарқын селін, Жанарың жалт ете қап, Тартушы едің! Елімнің маған деген сенімі екен, Лайықпын сеніміңе, Халқым сенің!.. Тұрғанда отты жүрек ойды тербеп, Ұстаймын қашан-дағы бойды сергек! Тап-тақыр түк өспейтін шөлді, шөл деп, Атаған қандай жақсы, көлді – көл деп. Шындықтың шымырлаған бастауынан Қана алмай, шіркін жүрек, Келді шөлдеп... Бар ма жетер, шынайы жылылыққа, Ақынды ұғар, Жанының жырын ұқса. Жүрекке жылу керек ұғу үшін, Толысар, жылылықпен ұлылық та! Болмаса жылылығы махаббат па, Тарайды жылылықтан – Шапағат та. Жандарда шапағатсыз, Қайырым жоқ, Бəрін құрбан ететін, атақ-атқа!..
Болмаса жылылығы, жүрек суық, Болар ма, жылуы жоқ, Тілек тұнық?!. Егіздің сыңарындай емес пе олар, Жүректегі жылу мен ізеттілік! Махаббат дейтін құдірет сөнбесін деп, Келемін мен арыма, Күзеттіріп!..
- * Не жетсін, шыншылдыққа, адалдыққа, Жүрегіңді – жүрекпен, Жаман ба ұқса?!. Кіндік кескен жеріңнен шалғайда өмір, Қалайда, өтеді екен, алаңдықта!.. Тірліктің ұқпағандай нарқын анық, Айың да тұрады екен, Жартыланып... Тағдырдың берген сыйын кейбіреулер, Қолымнан кеткен кез бар, Тартып алып!.. Жұлдызым десем-дағы жанбай қойды, Қанатты жыр, алысқа самғайды ойлы. Жүзіп ішкен тұнықтан асау едім, Сапар сəтін елге бір салмай қойды. Содан болар, жазылды өлең мұңлы, Қалай болған күнде де, Өнер – нұрлы!.. Мұңды арқалап алпыс қыр асып едім, Əкелсе екен, Мұңсыз ғып келер күнді...
ҒАСЫР ҮНІ Шалғайды, Елеңдеткен жақын елді, Күндердің көптен күткен сəті келді. Қар қымтап кең даланы аппақ ұлпа, Көңілді қуаныш құшып жатыр енді. Қызығын, Қызуын да, Берген нұрын, Халқыма жайлы болсын, келген жылым! Бауырына баса түсіп көргенді ұлын, Оянды Алатауым, елден бұрын! Ататын ақ таңдары тұнып алдан, Осы елдің күні де арман, Түні де арман! Кінəсіз періштедей аппақ əлем, Сəт шығар, Бұл да алланың нұры жауған! Жылан жыл, Қабағы ашық, Қандай ғажап, Мен тұрмын айналама қанбай қарап. Жаңғырып жатқан шақта заман үні, Қас қыран, Қалықтайды шалғайды орап!
Жанымды жырмен тербеп шуақты күн, Кеудеме келе жатыр, Құлап бір үн. Қуатты, құдіретті, Ғасыр үні ол, Өмірге қайта келген сияқтымын! Тұрғандай шоғырланып жарық біткен, Бұл сəтті, Сабыры мол халық күткен. Еңселі, Егеменді қазақ елін, Бар əлем, жатқан жоқ па, танып тіптен! Жаңа ғасыр, Сазды əуен, Жарасқан үн, Өнердің біледі жұрт, өр асқарын! Сұңқары Жетісудың Еркінбеков, Жаңғыртты, Тəуелсіз ел, «Жер – Аспанын!..»
- * Қабағынан арайлы таң атырып, Ой асырған жан қанша, дара-тұнық. Көп жасаған не пайда пысықтардан, Болмаған соң, О баста сана тұнық... Бəсекемен жүрген көп, бақ асырып, Дегеніне жеткенше аласұрып. Шіренеді, үзеңгі алты қабат, Əкесі зор немесе Анасы ұлық!.. Адамдайын адасқан айдалада, Үмітпенен қараймын айналаға. Біреу жүйткіп жүйрікпен, Біреу жаяу, Дүлей дүние, Жүрекке қайғы орама. Амал таппай біреулер теңселуде, Көңіл нəзік, Көңілді өлше гүлге. Біреулердің пиғылы тіпті жаман, Не болады, Жамандық жеңсе мүлде?!.
Сары уайым, сенбеймін байбаламға, Бəрі де бар, жетеді, Бай даламда! Жерім еміп тұрғанда – елім де бай, Сабыр етем, Əріден ойланам да!.. Осылайша өзімді жұбаттым мен, Ой кеміріп, ортаймас қуат мүлдем. Қара бұлтты барады жел ысырып, Сəуле түссін санаға, Шуақ күннен!
КӨКТЕМ ЖЫРЫ Көктем келді, қанатын жайып бүгін, Еркіндігін елімнің танытты үнің. Еркелей басып көктем келе жатыр, Аруларға, Алуан түс алып гүлін! Алатаудың бұлт көшіп шыңдарынан, Аялаған аруын тыңдадым əн. Сұлулық құшағында Алматы тұр, Көгілдір нұр жамылған, Жыр жамылған! Алматыға келіп жұрт ағындаған, Сандуғаштар сайрайды бағында аман! Көктем жайлы жыр толғап ақын отыр, Ақын ба екен, Көктемді сағынбаған?! Көктемменен көктем боп еркіндеймін, Қалар екен бұл күндер серпілмей кім. Көктемнің мерекесін жұртпен бірге, Мəз болып сəбилер де көрсін деймін. Жетер енді, тартынып сақтанғаным, Көрсін туған халқымның шаттанғанын. Жаңғыртып құз-қойнаулар, Шатқалдарын,
Ағындады өзендер, Ақтарды əнін! Бар баласы қазақтың жатқан дарын, Қанша лəззат үнінен татқан жаным!.. Мөлдіретті ақындар, жыр-шанағын, Құстың бəрі жатқандай шырқап əнін. Көк шоқылар керілді күн көзіне, Желпи түсіп самалмен шыршаларын! Ақтарылды тілегі дүйім көптің, Тілегіңнен сан ойды түйіндеттің! Жыл басы – Наурызда бар қазаққа, Кеудемдегі күмбірлі, Күйім жетсін!.. Күйім жетсін, жүректі аялаған, Қуанышқа құшағын жаяды адам! Бауырластың бастары қосылып бір, Кең даламды жатса екен, Саялап əн! Сонда ғана көңілім тынар ма еді, Көңіл шыңнан арылып – Мұнар легі... Бауырласты ойласам алыстағы, Сағыныштың екпіндеп тұрар желі!..
Айтар назым көп екен, айтар мұңым, Сезімтал жан бəрін де байқар бүгін. Барлық ұлттың отыр ғой, Басын қосып, Жігер беріп, Елбасы, Байсалды үнің! Тойым – тойға ұласты, шаттық өрлеп, Шаттығыңнан жырларым тапсын өрнек! Азаматы халқымның атқа қонған, Қанаттарын қырандай, Қақсын өр боп! Бəйге қосып, құс салмас қай қазағым, Алтын емес, Инемен ой қазамын. Арулардың жүзіне күлкі үйріліп, Қайнап жатыр, Қашанғы Тайқазаным!.. «Елім», деген ерлердің қалды есімі, Ортаймасын жақсының жан несібі. Түзу ұшып түтіні əр отаудың, Тербетілсін сəбидің, Талбесігі! Қанат беріп қайырылмас самғау жырға, Кезің шығар,
Шырағың жанған бұл да... Сұлу – жүрек, Сүйкімді сынды бұзбай, Жүре бер сен, Жұртыңды таңдандыр да... Жұртым сенен ойымды жасыра алман, Жезкиіктей, Кеудемнен жосыды арман! Нұр үстіне нұр жауып, Тасып арнаң, Жақсы күндер тұрса екен, тосып алдан!..
НАУРЫЗ! Келдің бе, Наурызым, аңсаттырған, Жамырап жапырақтар, əн сап қырдан. Келдің бе, жанарыңнан Жыр жаудырып, Жұлдыздар төксін нұрын, самсап тұрған! Наурызды қастерлейміз Жыл басы деп, Түлетер сай-саланы, жылғасы көп. Халқыма наурыздың айтары мол, Күйіне көңіл қойып, Тыңдашы тек! Қалғанбыз, көп замандар көзді жазып, Бастасын өмірлі əнін, Енді нəзік! Құстардың бəрі-дағы шетке кеткен, Бауырын жылы жақтан келді жазып. Наурыз келді бізге сəніменен, Бүгінгі шырқататын əні де ерен! Наурыздың ақ таңында тілейтінім, Көктемдей көп жаңғырсын, Жаның өрен!.. Көктемнің сезіміне беріліп бір, Жоталар жонданады, Керіліп қыр!
Қаулаған қырлардағы қызғалдақтай, Наурыздың айтар сыры өріліп тұр. Бұл күні тілейтұғын тілек жақсы, Шырағын жарқырата жүрек жақты. Үйінде бар қазақтың жақсылық боп, Шыңдарым, Жаңалықтан түлеп жатсын! Тойлаймыз бəріміз бұл мерекені, Ырысқа толсын елдің төр-етегі! Төрт көзі түгел болып қазағымның, Болса екен, Тату-тəтті, берекелі!..
- * Жасауы мол қыз сынды ұзататын, Көктемім, Құлпырасың, гүл ашасың. Ой мен қырды қымтаған жасыл жапырақ, Сен де мендей, көктемді ұнатасың. Су толқындап жатса егер арық толып, Балалар да ойнайды, қарық болып. Жəрмеңкеге бұл дала айналатын, Көз-көрімнен кеткен құс, Ауып келіп... Басталғандай ерекше, тірлік бөтен, Үлкен-кіші, неліктен дүрлікті екен? Қызығына қана алмай қалған соң ба, Қысқа өмірде осынау сырғып кетер. Көктем сайын құлшынып диқан баба, Көз ілдірмей жүреді бір таңға да. Бір істің беті сонда бері қарар, Аздау ұйықтап, Тым ерте тұрсаң ғана. Желпінесің көктемнің желіменен, Төгілер, өздігінен келіп өлең. Кетеді үй сыртынан ол да ұзап, Былдырлаған бала да төліменен.
Бұл өмір, əлде ұзақ, Қысқа ма екен, Өмірді мен өлеңдей құшқан екем. Жастық, шіркін, өмірдің көктемі ғой, Содан да жан – Көктемге құштар екен.
ТҰРҒАНДАЙ ТЕРЕЗЕДЕН КӨКТЕМ ҚАРАП Көктем келді, бұл өзі қандай көктем? Жүруші ем, шуағына қанбай көптен. Қараймын жас шағымның көктеміне, Жарқырап бақ жұлдызы, Жанбай кеткен... Көктем келді, нағылған ерке көктем, Ерніңнің алауымен Өртемек пе ең?!. Жүрегіне қыздардың тілеп келем, Сұлулығын көктемнің берсе деп мен! Көктем келді, киімі жасыл қандай, Бұл дүниенің ажары ашылғандай. Дарқандығын өзінің ала келді, Шашпаған жерге гүлден шашу қалмай! Бəйгедейін баурынан жеткен жарап, Келгенінше ол-дағы шеккен бе азап?!. Сұлу сезім сырына оранайын, Терезеден тұрғанда, Көктем қарап! Сəуле шашып қарайды терезеден, Дүр сілкінді табиғат, Терек, емен...
Бұлқынуға шама жоқ бұлақтарда, Арнасы тасып жатыр, Терең өзен! Көктем ару телмірді терезеден...
- * Жиілеп жүрегінің дүрсілдері, Байқалды, көктем қыздың күрсінгені. Бүйірден қытымыр қыс, қысты ма екен, Жетсе де сүйретіліп, Құр сүлдері... Шынтағын қаһарлы қыс батырды ма, Көктем – қыз, əрі жарқын, батылды да. Сəуірдің ескен желі шың басынан, Біртіндеп жықты аппақ шатырды да. Ақтармай, бүксе-дағы қанша сырын, Шыңдардың жатыр жығып, Қар – шатырын!.. Осы бір отқа оранған өрлігің бе, Жай емес, Ақындарды аңсатуың! Жүргізіп еркелік пен өктемдігін, Келіпті Алматыма, Көктем бүгін. Шуақты жырға айналды, Сырға айналды, Қыз – көктем, Көкірекке еккен гүлің!
Даңққа сен бөленген, бөленбеспін, Ешқашан шек қоя алмас, өлеңге ешкім. Тəуелсіз қазағыңа болады он жас, Ақыным, қамын ойла келер кештің!.. Көктемім қырқаларды жапты гүлмен, Түндігін Алатауым, ашты жырмен! Республика алаңы гүлге айналып, Алматым дөңгелейді, шаттық үннен!..
ҚИЯҒА ТАРТ! (Толғау) Қазақтың серті де өнер, дерті де өнер, Өнердің құдіретімен серпіледі ел. Қашан да халқымменен бірге жасар, Сері əуен, Күмбірлі күй, шертіле бер! Өнердің ұқтырғандай мəңгілігін, Жұлдыздар, аспанымда Жанды бүгін. Жалғасқан ғасырлардан-ғасырларға, Сəулетті өнерменен Сəнді ғұмыр. Есігін жаңа ғасыр ашқанда аман, Ақиық Алатаудан аспандаған – Əн көшіп келе жатты дүркіретіп, Ақ дауыл, Ақ бораннан жасқанбаған. Жаңғыртып жаңа ғасыр əн бастады, Тыңдаса күндіз күні, Талмас таңы. Көсілді күміс көмей əншілер де, Кешегі Біржан, Ақан жалғастары!..
Əн көшіп келе жатты күркіреген, Сылаңдап, сайгүліктер, Сыршыл ерен. Сəн кеші, салтанатты əннің кеші, Қауышты Алматыда жұртыменен. Бөгеттер, тоса алмады жолдар бұны, Биікте, саңлақтардың Самғайды үні. Думанды мерекеге кетті айналып, Айтулы «Мəдениетті қолдау жылы».
- * Болмайтын қанша ақтарсаң сырын біліп, Қанбайтын қанша жұтсаң, Шырын ба, үміт? Өнердің жарысына ынтасымен, Көтерді жаңа ғасыр, Туын биік! Көктемін, толғаныспен Күзді өткеріп, Қанатқа асқақ əуен, Күй бөктеріп – Келеді құстай самғап хас жүйріктер, Жүйріктер, келе жатыр түйдектеліп! Сол кеште ой бөлісіп сүйікті елмен, Өр өнер көрінсе деп биіктерден. Отырды қалың топтың ортасында, Заманбек, Əндер тыңдап, іріктелген... Өмірдің өнерліге тілеп төрін, Самалдай желпінеді, Жібектерім! Толқытып жанкүйердің жүректерін, Ғасырым, Əнге төсеп тұр өткелін.
Жүрекке қанша ма үндер жетті нұрлы, Күндерді көлегейлеп, Кекті, мұңды... Кештегі шырқалған əн аспандатып, Тербетіп, Тебіренте, өпті гүлді. Үндердің əсерімен күміс-тұнық, Күн шықты Алатаудан – Күліп тұрып. Ұлытау, Алтай, Көкше, Қаратаулар, Шыңғысым, Шыңда төсін түйістіріп!..
- * Мен қалай елімді айтып мақтанбайын, Қоңыраулап, Қоңыр үнді Мақпалдарым – «Жер – Аспанды» желпінтіп Қабылаштар, Қондырып «Қоңыр қазын» жатқанда айдын. Ел жайлы, елдік жайлы тағы да ойлап, Атойлап, шықты жүйрік, «Абылайлап!» «Құландар, қайта оралып Аралына», Жұрт оған жайды құшақ, Ауыл аймақ!.. Сол кеште бір жаңғырды «Жер мен Аспан», Тəуелсіз ел құдіретін сезген астам. Тым-тырыс, үлкен-кіші құлақ түрді, Табанын қасиетті жерге басқан. Беріліп ойларға ерік айта алмаған, Тау ішін бір жаңғыртты, «Айқай, заман!...» Зары ма əлде заманның, Əлде адамның, Қалды бір ұйып-тыңдап, Қайсар ғалам!
Дүние бір дүрлігіп, пай-пай бүгін, Ерекше екпіндейді, Байсалды үнім... Тірілтіп Дəнешті де, əн естілді, Жұртқа бір елестетіп Жайсаң жүзін... Ерекше, Алматының түні бүгін, Аспанда дамылдатқан тұнық үнін. Бұл аламан бəйгесі өнерімнің, Қазақтың айтып жатыр, Ұлылығын! Бұл да бір жүзім жарық, Жайсаң күнім, Жұртыма жеткізуде байсалды үнін. Жарқырай түсті тіптен – Жаңа ғасыр, Халқымның көрген кезде қайсарлығын! Қалайша, бұлбұл сайрап, əн салмасын, Қалайша, тыңдаған жұрт, тамсанбасын. Келгенде хас өнерге, Қайран қазақ, Жұрт біледі, Алдына жан салмасын! Тынар ма, егескенде озбай дарын, Тереңді тебіренте қозғайды əр үн.
Өтсе де талай ғасыр, Таптай-жаншып, Озбаса, Ешқашан да тозбайды əнім! Өнерге келген кезде кезек бүгін, Бөгеттер, тоқтата алмас, Өр екпінін. Көрсетті сын сəтінде, тарландарым, Ұшқырлық, Теңдесі жоқ зеректігін. Жүректі тербетеді шаттық-жалын, Сол кештің таттым зарын, Таттым нəрін. Дəриға, Қиқулаған əн көшімен, Бірге ұшып барады, Аққу-жаным!..
ҚАРАСАЙ ҰРПАҚТАРЫ Шоқтығы қалатұғын аласармай, Қазақта батырлар бар, Қарасайдай! Ерлерін жырлағанда Ел қорғаған, Жанына ақындардың жарасардай! Сан тарау тарихым бар Сабақталған, Жеткізді осы күнге қанатты арман. Тəкаппар тауларым тұр көкті тіреп, Сау жер жоқ денесінде – Садақтардан!.. Алапат жүріп өткен талай тасқын, Куəсі болған далам, Сан айқастың. Тəуелсіз елім мынау айбыны асқан, Ұрпағы батыр Бабам, Қалай сассын?!. Қырмызы ырғатылып гүл шоқтары, Жатыр ғой өткен күндер – Сыр-соқпағы... Жан кешпе батырлардың Жолын қуып, Ер болып өссе деймін, ұрпақтары!
Сілтеген сойыл-шоқпар дауылда еркін, Қазағым! Сен нағылған жауынгерсің? Халқының ар-намысын ту көтерген, Жастарға батыр Бабам, Жолын берсін!.. Қайтадан қауыштырған елге Арысын, Келтірген жақындатып, Көзге алысын Келеді дəстүріңді жалғап сенің, Тəңірі – кең даланың жолбарыс Ұл!..
АБАЙ КЕЛДІ Кезінде қауыштырған қалай да елді, Тарихта жатқан жоқ па, Талай белгі! Əлішер Науаимен мұңдас, сырлас, Қазақтың даласынан – Абай келді! Келді Абай! Ұлы тойын тойлатқалы, Қарсы алды, өзбек-қазақ, Ойлы ақ таңы... Қандырып жыр кəусарға жұртыңды бір, Сырлы əуен тереңіне бойлатқалы! Көңілдің шерте түсіп көне күйін, Бір аунап жатты білем, Төле биім!.. Ел жайлы, елдік жайлы, Ерлік жайлы, Алады қанша қуат сенен үнім! Арнамыз ауытқымай іріліктен, Бір тілек, Уыз таңдай бір үмітпен – Келеміз сан ғасырлар бірге жасап, Жарасып аға менен інілікпен.
Жұрт бізді бауыр десін, егіз десін, Кешемін татулықтың – Теңіз-кешін. Бір болып ойымыз да, Тойымыз да, Ұлылық биіктетсін, ел іргесін! Тұрғандай көңілімді күй көтеріп, Бауырлар, мейлі нұрға, Гүлге тоғыт! Қарасын басын ол да бір көтеріп, Қайғыдан қалған шыңдар, мүлде шөгіп. Аударып ел назарын жатқан жоқ па, Жүрегі өзбек-қазақ бірге соғып!
ЖАМБЫЛ – ҒАСЫР I Мақтанышы ұрпақтың мəңгі үйлесер, Жамбыл – дауыл бұрқаған, Жамбыл – нөсер! Жамбылымды айтқанда жан сүйініп, Алатаудың шыңынан əн-жыр көшер! Жүрегіңді тулатып сезімдермен, Табиғатың ерекше төзім берген. Кезеңдерде сонау бір тым қатыгез, Қайсарлықпен көрсеттің өзіңді өрден! Жамбыл десем, тасынар көңіл арна, Жетелепті халықтың сенімі алға. Жырау да өзі, Жыр да өзі, Ғасыр да өзі, Жамбылыма сай келер Теңі бар ма?! Қасірет бұлты тұрғанда торлап, төніп, Өрлігін тұрды асырып айбат-көрік – «Ленинградтық өрендер!» – деп жырладың, Жауынгерге жырыңмен қайрат беріп.
Тебірентіп ну орман, өзен-көлін, Жігерленді сөзіңнен өрендерің. Ұлы Отан шайқасында, Ұлы жырау, Теңіздің де тебіренттің Тереңдерін!.. Жайшылықта өлеңге ерік беріп, Өзіңменен айналаң көріктеніп, Қыран құс та төменге төніп-төніп, Тау өзені тасыған көбіктеніп! Дүбірлеткен тұлпардай ақын деп сен, Қиыр жатқан елге де атың кеткен. Өтсе-дағы өңгеріп бір ғасырды, Жанарыңда жарқылдап жатыр көктем. II Қолына алмаса да күміс қалам, Күні кем, Көкейінен жыр ұшпаған. Шығыстың шайырларын түгел біліп, Аруағына бас иіп, пір ұстаған!.. Ұлылық ұяласа санасына, Көзінің жыр тұныпты шарасына!
Қожа Ахмет Ясауи, Абайды айтса, Қырғыздың күй арнады, Манасына!.. Аспанға əуелетіп жыр-сұңқарын, Ғасырға шалдыртпаған, жыр – тұлпарын! Айшықты арманыңды биік ұстап, Келеді елін бастап, Нұрсұлтаның!.. Жамбылым! Жырлаудан бір жаңылмаған, Қатыгез, «қара мұрт» та, Табынды оған... Қанша рет қасіретпен майдандасқан, Қалайша, ұғынбасын жаныңды адам?!. Мақтанышы ұрпақтың, мəңгі үйлесер, Жамбыл – дауыл бұрқаған, Жамбыл – нөсер! Жамбылымды айтқанда дүбірлетіп, Алатаудың шыңынан – Əн-жыр көшер!..
- * Кеткендей, бір керемет тасқын жүріп, Қойдың-ау, арманымды асқындырып. Көңілді шуағыңа жаяйын мен, Ызғары, қытымыр қыс, Жатсын жібіп... Көктемнің буырқанған селіндей бір, Көңілден келеді əлі, Төгілмей жыр... Кешегі ұшып кеткен қарлығаштар, Көзіме бүгін неге, Көрінбей жүр?!. Қайдасың, адал құсым, қарлығашым, Тағдырың, мені ойларға қалдыратын. Есіме қайта-қайта алдырасың, Жүректі шоқтай қарып жандырасың, Қайдасың, адал құсым, Қарлығашым!.. Арманымыз ақ таңмен таласа атқан, Сенімен қатар өстік бала шақтан. Жаңғырып жатқандайын сезінуші ем, Үніңнен, періштем-ау, Дала-шатқал!..
Безініп қастандықтан, дүлей, тылсым, Қыстаудың шатырына түнейтінсің!.. Қыстау да, Туған жер де, қиыр қалып, Болар деп кім ойлапты, Жүдейтін күн?!. Ұяңды жүрген кезде үйге салып, Табатын жаным тыншу, күйге қанып. Сол күндер көктем сайын оралардай, Жанарым жүрген жай бар, Күнде талып... Оралар, ойға бəрі тарыққанда, Қиялдың шегі жоқ қой, Шарықтауда... Ағаш үй қыстаудағы, Қарлығаш жоқ, Орынын сипап қайттым, Барып сонда... Кеткендей керемет бір тасқын жүріп, Қойдың-ау! Арманымды асқындырып. Көңілді шуағыңа жайдым, міне, Ызғары, қытымыр қыс, Жатсын жібіп!..
ТАМЫР ЖАЙЫП Өлеңін тебірене ақын оқыр, Ақынға көңіл қойып Рақым отыр. Ұғатын көңіл күйін қас қабақтан, Ақынға өмірдегі жақын осы. Жақын осы, көлгірсіп мақтамаса, Күтпесе, түседі деп, отқа қашан. Өзгеше қасиетің ол да сенің, Біреудің – Ала жібін аттамасаң. Жалдатқан биігіне Тəңір шыңы, Сайрамның сияқтанып Самырсыны – «Нұрлының» жайын ойлап, Жапа кешіп, Жұрты үшін, Жүректен жас тағы ыршыды. Өмірге қарайды ол байыппенен, Аяғым кетер демей, Тайып неден. Талқының қарағайы, Алатауға, Тамырын келе жатыр Жайып терең!..
ОЙЛАДЫМ Тағармын ба, жансерік, өлеңге айып, Тамырын қарағайдай, Терең жайып – Халқымның өнер дейтін қазынасын, Игерген сайын іштей, Келем байып!.. Аяздай қабырғама жатқан батып, Өтіпті отыз жылдан астам уақыт... Жүрсем де қара жаяу, қара жерде, Атымды келеді өлең, Аспандатып. Көргендей биік таулар самырсынын, Есіме сан оралар, Тəңір шыңым. Еркіне бағынбасқа бар ма шара, Осынау уақыт дейтін əміршінің. Кім білген туған жердің мұндай мəнін, Өзіңді түнде ойладым, Күнде ойладым. Сарғайған сағыныштың азабы ма, Тұстасымнан ертерек ұлғайғаным?!.
Өзіңді күнде ойладым, түнде ойладым, Ойлаған сайын толқыр, Тынбай жаным. Қосайын толқынымды толқыныңа, Кеудеңнен шыққан мен де жыр қайнарың!..
- * Бұл үнді айта алмаймын ақтық үн деп, Жырларың жүрек отын Жатсын үрлеп. Əйтпесе, кетермін мен сөніп бір күн, Заманда сергелдеңді қақтығу көп... Мұңым аз, Дей алмаймын шаттығым көп, Жүземін жыр айдында, Аққуың боп. Үзіліп сағыныштан кетер ме екем, Жүрек отын самалың, Жатсын үрлеп!.. Кетпейді көзді жұмсам ұшқын-елес, Сендей құдірет, Ешнəрсе күшті де емес. Осынау аз ғұмырда түсінгенім, Туған ел, Мен өзіңсіз ешкім емес!.. Білгенге мұңымды айтып, ақтарылам, Жетер ме қанша айтсам да Жатқа бұл əн?!. Ұшырып арманымды асқарынан, Жүректің жыр ағыттым шатқалынан!
Өкінбен тағдырыма, Өкпелемен, Көңілім көл секілді, Көпке деген! Анашым туған елін аңсап жүріп, Қайғының құндағына – Көп бөленген... Содан ба, мұңлы сазды төкпелегем, Бəрі бір, Тағдырға мен өкпелемен!..
АТАМЕКЕН Бөктертіп қанжығаға қаншама арман, Құйылған тасқындайын сан сонардан – Жалғанда одан асқан бар ма қасірет, Еліңді, туған жерді аңсағаннан?!. Құралған сан түстерден, сан сəуледен, Өмірің өтіпті, Анам, Аңсауменен... Аңсау дейтін – Адамның ар-ұяты, Содан сөніп кетерсің, Жансаң неден... Төзімді еді қазақтың халқы қандай, Сорынан арылмаған, тайқы маңдай!.. Жайым жоқ, Көрге арқалап кететұғын, Кезінде айтарымды, айтып алмай!.. Біреуі өзім бе екем, сормаңдайдың, Қамықпай өтпейді екен, Толғанбай күн... Бұл қалың қазағымның қасіреті, «Сормаңдай!» болғаныма, Қорланбаймын!..
Тірліктің мəні неде, сəні неде, Адамның бірдей емес, əрі неге?!. Өркенін өрбітсін деп, аз қазағым, Əлемнің шашты ма екен, Бəріне де?!. Келетін шуақ күнін тосып батыл, (Ауылы бауырластың қашықта тұр...) Атыңнан айналайын, Атамекен! Бастарын сол қазақтың қосып жатыр!
- * Күндер өтіп жатса да Жаңалап ай, Жүріппін өзімді өзім дараламай. Жүріппін ешкімге де көпшік қоймай, Жүріппін ешкімді де ағаламай!.. Жүріппін көлгірсімей, Жағынбай да, Қарамаппын сор қайда, Бағым қайда?!. Өмірің өткен сайын дауылдатып, Бұл адам, жылылықты сағынбай ма!.. Қалар ма, дүние-жалған, қаз-қалпында, Қолым жетпей өтер ме, Созған шыңға. Табиғат та тозғандай көрінеді, Құстар сайрап жатпаса өз даусында. Кетсе де ұзап, қайырылмас бала шағым, Бұлтсыз боп көрінсе де болашағым – Талайынан жүрсем де Биік болып, Туған елдің алдында аласамын! Желпіп өткен желіндей қарашаның, Қалтыратып жанымды –
Жанаса мұң, Демесем де көз жазып адасамын, Биігіме мен де жанталасамын. Алып берер дейтіндей өшімді кім, Ешкімге де жоқ менің кесірлігім. Көп нəрсенің мəнісін Кеш ұғындым, Кіндік кескен жерім-ау, Кешір, бүгін!.. Қызық көрдің, білмеймін, қанша менен, Бақ-жұлдызым өзіңнен жанса деп ем. Шыбын жаным шырқырап, Саған ұшар, Басқа жерде – Бақытсыз, қалса денем!..
ГҮЛ ЕДІҢ ДАЛАДА ӨСКЕН Көңілің көншімейтін жырламасаң, Сұлулық – Сондай болар, бір қарасаң. Өмірде жасымаған, тасымаған, Жақсы адам, Жаны нұрлы, Гүлнар апам! Көрініп жандай болып шын бақытты, Түбінде жүрегінің мұң жатыпты. Қайың да, Шынар да емес шайқатылған, Теңер ем, мен өзіңді шыңға тіпті! Айнымай үлбіреген өзің гүлден, Бұратын тектілікке сөзің мүлдем. Орының бөлектеніп тұрушы еді, Жандардың арасында өзім білген. Оранып ақ бұлтына армандардың, Сəттерің көп, ой кешіп, Көзіңді ілген... Ақын Əке үңіліп хаттарына, Отырушы ең, Толқып та, ақтарыла... Қыса түсіп кеудеңе қарайтынсың, Ұзап кеткен сонау жас шақтарыңа!
Күндерің, арман құшып, көшті үмітпен, Таң да қылаң беріпті, Кешті күтсең... Үңіліп Ақын Əке, өлеңіне, Толқыттың, ойдан-ойды естілікпен. Көкірек құпиясын сен ашқанда, Жаныңды теңейтінмін, Кең аспанға!.. Аспанда ай да, күн де, Жұлдыз да бар, Шолпан ғана жарқырар таң атқанда. Гүлім деп қауыз жарған, Гүлнарым деп, Міржақып! Сізге арнапты жырларын көп. Еске алып Қостанайдың ормандарын, Жүрегің кешегідей, тұр ма гүлдеп?!. Ақынның Міржақыптай, жалғызына, Қашан да қарайтын жұрт, Жан қызыға! Қанша қиын болса да өміріңді, Бөлеп өттің, Ерекше, сəн-нұрыңа! Ашылдың аспандай боп, жауып тұрып, Қанша ма болды өмірде қауіп-күдік...
Жаралы болса-дағы өз жүрегің, Жүріпсің, басқаларды сауықтырып!.. Күндерді жарып шыққан қара түнек, Қайратыңа біз қайран – Қалатын ек!.. Бүгінгі, өткеніңді ойға салып, Келесің шың басында – Дара түлеп Даланың самалындай есіп анық, Өткенді күрсінесің, Есіңе алып... Болса да таң сəрінің бұлты қалың, Гүл Апа! Өміріңнің кеші жарық! Гүл едің, жаның нұрлы, далада өскен, Күлкіңнен сұлу-сыңғыр, Самал ескен. Өмірге өкпелемей, Өзек болған, Қалайша, Сіздей жандар, Қалады естен?!.
КӨҢІЛ КҮЙІ... Күрсінбесем, Келмейді күлкім менің, Қуанышсыз өтуде бұл күндерім. Бар қылығы тұратын қызықтырып, Дүние-жалған, Нағылған сүйкімді едің?!. Лəззатыңа жан тоймас қызық па едің, Жүремін айдыныңда жүзіп сенің. Жаудыраған – Жастығым сен бе екенсің, Бұлағымды əкеткен Бұрып менің!.. Қонушы еді ауылым көлге жанай, Шыдар екен бұл жүрек, Шөлге қалай?.. Сəлем жолдап құстардан келемін ғой, Ұшып кеткен күз сайын, Елге қарай!.. Жүрегімді сағыныш шымырлатса, Қарайлаумен өтті өмір, Қиыр жаққа... Қиыр жақтың самалы соқпай қойды, Бұл жалғанда не шара, Бұйырмасқа.
Кетпесін деп тектен-тек өршіл еңбек, Ширыққан қос шектей, Шертілем кеп. Сағынышым барады үдеп менің, Жаза алмассың, Жанымның дертін емдеп... Қайран Анам! Қайта алмай «Арғы беттен», Жетісуын аңсаумен, Зар ғып өткен... Санамызда «Туған ел» деген ұғым, Шегедейін қағылып қалды көптен... Құстар қайтып, шұбырып барады елге, Қауышады аңсаған дала, көлге. Алып кетер ажалдан бұрын мені, Елге деген сағыныш – Қара жерге!.. Сағынышты шерттің деп кінəлама, Сағынбаса, пенделер, Қуана ма?.. Қуанбаса, күлмесе, тебіренбесе, Қалар еді құлазып, Құла-дала!..
САҒЫНДЫРДЫ Кең далаға жауатын қардай қалың, Атажұртқа көп еді арнағаным. Арнауымды өлеңмен өріп келем, Самалындай есіліп сардаланың! Самалындай сарқылмай сардаланың, Кіндік қан тамған жерге сан қарадым. Зары емес жеке бастың, Заман зары, Айтпауға оны қайталап, Бар ма амалым?!. Жаутаңдаумен өткердік жалын күнді, Көңілді емес, сондықтан əнім мұңды. Мұңды əнімді қайталап қоңыр самал, Аралап кеткен, Таулар, Сағым қырды!.. Аралап кеткен алыс, сағым қырды, Жаным – жырлы, Ататын таңым – нұрлы! Болса-дағы бас кеспек, Тіл кеспек жоқ, Сағындырды туған жер, Сағындырды!..
Жаным – жырлы, Ататын таңым – нұрлы, Барады асып салған əнім қырды. Көндікпес асау едім, амалым не, Сағыныш мені еркіне бағындырды!.. ҚҰЛЖА (Əні бар) Мен Құлжаға барамын, жерге туған, Оны ойласам, Жанымды тербетуде əн! Туған елім біледі шалғай жатып, Аласа ма, Талқыдай, өр ме тұлғам?!. Мен Құлжаға барамын, жерге туған, Қызықтаймын гүлдерін өрде тұрған. Самалына – Сайрамның аймалатып, Сергітемін кеудемді шерге тұнған... Жолаушы емен, кездейсоқ, тосын жүрген, Ел-жұртыммен қауышам, Тосып жүрген!.. Алматыда жүрсем де, Туған жерге, Жүрегімді жібергем, Қосып жырмен!.. Қайырмасы: Құлжадай қала бар ма, самал ескен, Арманым сен дегенде,
Жанады өшкен!.. Атыңнан айналайын, Қайран Құлжа! Ешқашан шығармайды, балаң естен!.. АУЫЛЫҢ АЛЫС ҚАЛҒАН-АЙ! (Əні бар) Қос жанарың ақылдың ұясындай, Жан емес ең, Басқаға қиятындай. Қол созсам да биігің жеткізбейтін, Көрінуші ең көзіме – Қия-шыңдай!.. Қайырмасы: Ей, арман-ай, арман-ай, Ауылың алыс қалған-ай, Жалған-ай, жалған-ай!.. Тілеуші едің, дариға-ай, маған бақыт, Көңілімді қойдың-ау, Алаңдатып... Тұнығындай Сайрамның – Жанарыңның, Тереңіне тұңғиық, Барам батып!.. Қайырмасы: Саған ғана арналды күй-арманым, Көрсем-ау деп өзіңді қиялдадым. Таулар жатыр арада, Бөгет болып, Сағыныштың жаңбырын – Тыя алмадым!... Қайырмасы.
АҢСАУ Біреуді дəл өзіңдей аңсап па едім, Бұл емес, Тез сөнетін жаңсақ сезім. Жарығын сөндірмейді үміт-шырақ, Қашанғы қалғанынша Қаусап төзім... Білемін сенде сенім, қуат барын, Нұрына жанарыңның шуақтадым. Жаңғыртып, Жасын ойнап, төгіп өтті, Жанымның тербеп жасыл құрақтарын. Жанымның тербеп жасыл құрақтарын, Аққу – арман, Кеудеме тұрақтадың. Арманымды əлдилеп мен жүргенде, Жыл құсындай, Жалт беріп, жырақтадың... Кім білсін, тұрарымды қанша гүлдеп, Көрсем-ау деп, өзіңді Аңсадым көп... Тағдырға риза болып өтер едім, Аққудай махаббатым, Қалса жыр боп!..
Өтермін бұл аңсаудан арыла алмай, Көктем өтті, Өмірдің жазы қандай?!. Болмас еді жандарға еш қадірі, Өкінішсіз, Болса өмір, Бəрі балдай!...
ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫ Ел мамыр Мерекесін тосты мына, Жарастың беріп ұлттар достығына. Ақ бұлттай үлпілдетті татулықты, Шығарып Алатауым, Шоқтығына! Жанымды жадыратып көңілді үн, Төбемнен шұғылалы, Төгілді күн Жырлаған достығымды, Жақсы күнді, Қалмайды сөзім жерде менің бүгін! Кететін шалқып-шалқып көңіл құйын, Көңілдің қандай ғажап, Сезу күйін. Тəуелсіз қазағымның тілеулесі, Шаттыққа толсын сенің, Менің де үйім! Қасында тұрып асқақ Абайымның, Армандай айналама қарайым мың. Он жасқа жаңа жеткен Тəуелсіздік, Бар сенің, Басқаларға талай үлгің.
Арайлы Мамырымның таңын күтіп, Бұлбұлдар əн салады, Тамылжытып! Ақыным, сен де ақтар, Тəуелсіз жыр, Жүрмейсің, кешегідей жалын жұтып. Шоқтығы достығымның қандай биік, Жарығын жатыр жанға – Шамдай құйып. Талғаттай қас қыраным, жерде емес, Ғарыштың шалғайында самғар биік! Күндерге кенелерміз, сансыз-ғажап, Жалтақтар, біз бе екенбіз əлсіз қазақ?!. Абылай хан, Кенесары атқа қонды, Хандардың айбынына қалсын қарап! Кəдесіз, ұлы тойға келе ме құр, Ақындар, Ақтарылып өлең оқыр! Айтуға əділ билік əзірленіп, Үш биі – Қазағымның төбеде отыр! Несі бар, қазағымның жанса бағы, Тəкаппар,
Тауларым да шалқалады. Тəуелсіз қазағыма көз тігеді, Осынау, бар ғаламның шартарабы!.. Қазақ па, Жаудан қорқып жан сақтаған, Арманның отыменен сан шоқтаған – Сарғая тосып еді-ау, Сан ғасырлар, Бұл күнді аңсап далам, Аңсап бабам!..
ҚАРЛЫҒАШТАР Қажымай, асқан қиын түрлі асудан, Қазаққа қамқор болған – Турашыл жан! Турашыл жан жайында жыр төгілтіп, Жүректі кенде емеспіз, тулатудан. Сезімі, құштары да арта түсіп, Жатқандай сол бір күнді қайта құшып. Ораздың аты айтылып жатқан кезде, Ағылды, Қарлығаштар, Қайшалысып!... Жел тұрды, Дірілдетіп Шайқап талды, Өтердей, сол бір сəтті аңсап мəңгі – Қарашы, қарлығаштар! – Деп, Ханбибі, Сезімтал ақын жаны, байқап қалды. Құс екеш, құстың-дағы жаны сергек, Өтті ме, оларды өмір – Əні тербеп?!.
Дүркіреп ұшып жүрді, шыр айналып, Ерекше, аула ішіне салып өрнек! Айтады, қарлығашты, киелі деп, Киелі құстың да айтар тілегі көп. Жанына адалдығы серік болған, Əйтпесе, титтей құстың, Тірегі жоқ!.. Даланың, қарлығаштар, сəні ме екен, Бар ма əуен, сол қарлығаш əніне тең! Аспанға қарлығаш боп ұшып кеткен, Ораздай, Боздақтардың, Жаны ма екен?!. Қазақтың Жандосовтай тұлғалы ұлын, Жарандар, арқау еттім, Жырға бүгін. Жаралғам, Ілияс туған топырақтан, Ильфадай егіп кеткен шыңға гүлін!... Құрығын қатал жылдар салса да ашық, Жасымай, өсті олар, Жанталасып...
Жар таңдап, Ильфа сынды Жаны тұнық, Қыздарға көз салмаған қанша ғашық! Сабырлы, салмақты да, маңғаз жігіт, Алыпты сан асуды, Самғап жүріп! Санжар мен Ильфа қыздың тағдыры бір, Тым тату, өмір кешті, Таңғалдырып... Халқының тірілткендей тамаша ұлын, Жалғады ол, əкелердің – Жаңаша үнін! Жұртына, өнерге де сүйеу болған, Санжардай, тапты қазақ, Жанашырын!.. Келген жоқ ол өмірге таныс талғап, Қияға кетті қыран, Алыс самғап! Аруағы адал ұлды жебеп жүрді, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбап!.. Жігітке қанат берді киелі жер, Самғайды сүйікті елге – Сүйеніп ер!..
Санжардай ақылды ұлын, жаны жайсаң, Қашан да есіне алып, Сүйеді ел! Шуағын шашқан кезде көрікті күн, Шымкентке, Алматыдан келіп бүгін – Үлкендер тілек айтып, ал ақындар, Жатқандай, Жүрегінің егіп гүлін! Бұл да бір тұлғалы ұлға батыл белгі, Дақпырты елеңдетіп Жатыр ма елді?!. Жас ұрпақ, Жандосовтай болсаңшы деп, Ескерткіш қойып, Мектеп атын берді. Мектептің ауласынан бойлап нар – ұл, Тұрғандай, Өткен күннің ойлап бəрін... Тұрса да өзі айналып ескерткішке, Сезер ме, Жұртқа бүгін тойлатқанын... Күткен күн, көптен бері тағат талып, Қанша ма, тұрған жоқ па, Қарап халық!
Жаудырып жыр нөсерін Түркістанға, Қайтармыз, Алматыға қанаттанып! Жайғасқан осы өлкеге асыл кілең, Олар да – Тебіреніп жатыр білем! Түркі елі Меккесіне тағзым етіп, Аруақтар алдында басымды ием!.. Ойға өлең, Оңайлықпен орала ма, Қош енді, көріскенше, Ораз аға! Өлеңім – ескерткішке қосқан үлес, Ғасырда мынау ғажап, Жаңа, дара! Қимастай сол бір күндер, қалды неге, Өлеңді кешіктіріп жазды, деме... Өзіңіз тербетілген, Жыр – өмірде, Шайқалып, Жүзе берсін, сазды кеме!..
ӨЗІМЕ АЯН Қайран жүрек, болып кейде Қан сорпа Күзді күнгі жапырақтай Жан солса, Шіркін өмір, Арта түсіп қадірің, Күңгірт тартар, Жиып-терген сəн-торқа... Өкінбеймін тірліктегі мұңыма, Еншім ғой деп қабылдадым бұны да. Бəрінен де кетем бір күн айығып, Атамекен, Орап жүрсең нұрыңа! Ойға шомып өтті жылдар, өтті күн, Сағынышты талшық етіп жетті үнім. Ортаңа кеп, Отау тігіп отырмын, Туған жерге борышым да көп бүгін. Саған жайдым жапырағын жанымның, Пендемін ғой, Кейде мен де жаңылдым... Есеңгіреп, қайта жидым есімді, Ақтығынан, Пəктігінен жанымның!
Сені сүйдім, менде титтей жоқ кінə, Бір сен үшін – Уыстадым шоқты да... Бірге көрдім ауырлықтың азабын, Бірге көрдім, Баршылықты, Жоқты да... Бізді тосып тұрды алыста биіктер, Екеумізді бірге өсірді, Сүйікті ел! Ақын едім еркелеген өмірге, Маңдайымнан жүрген адал құйып тер!. Адалдықтан бастап едім жол басын, Өзіме аян, Аласаға қонбасым!.. Арыма сен, Кездеріңде қызғанған, Болсаң егер, Бір ғұмырлық жолдасым!..
АҚЫН ШАМЫ (Таңжарық Жолдыұлына) I жыр Қарайтын тағдырына таңданып тым, Секілді жүрек оты – Таңжарықтың! Тас қараңғы, Түрменің саңлауынан, Жалғасып жарық нұрмен Шам жанып тұр!.. Жылытып көкірегін ғасыр сазы, Жанып тұр қараңғыда, Ақын шамы. Жанады, қасіреттің бүркеп бəрін, Шығар күн, Қылаңдаған жатыр таңы... Өріліп шамнан алау, жатыр жалын, Аңсатып ауылдағы – Асыл жарын... Аңсатып көз нұрындай балаларын, Сезбеді ол, Таңды қалай атырғанын.
Бір күннің өзі жылдай саналады, Кімге мұң тас түрмеде, шаға алады?!. Жеті жыл, Жеті ай мен Жеті күнде, Таңжарық! Шерлі өлеңді паналады!.. Тұрса да қанша таяп қаза жақын, Ту ғылып көтерді ол, Қазақ атын! Тарихын «тозақ түрме» жырлап кетті, Бар ұлттың, Азап шеккен, Азаматын!.. II жыр Жанына қанша жəбір ұялатқан, Қинаудан, қорықпады ол, Қиянаттан. Сол ма екен əз Тəкеңнің кеудесіне, Биігін «Арман таудың» ұялатқан?!. Шер-мұңын төге жүріп заманға ащы, Өлеңмен ел-жұртына амандасты! Талқының кезеңіне шығып тұрып,
Аруын, көрді аңсаған Замандасты... Көкірегі жаудырды өлең, жанар жасты... Қауышып сүйген жары Бəтиімен, Төгіліп сұмдық сырлар жатыр үннен!.. Күнесі күңіренген, Аспан тауы, Аңсаған табысып ең, Ақыныңмен! Жеті жыл тас түрмеде зарыққанда, Қарайтын атты ма деп, Жарық таңға. Қазақтың шығыстағы Батыр ханы, Тұншыққан сол түрмеде Шарыпхан да!.. Қызық та, қиындық та, өтер бастан, Күндермен қоштастырып əсерлі, асқан, «Айранбақ» түрмесінде бес жыл бойы, Қол-аяқ кісендеулі, Əкем жатқан... Қазақтың сол кездегі зиялысын, Ойы – аспан, ойланғанда Қиялы – шың!
Бəрін де баудай қырқып түрмелеген, Халықтың биік тауы, құлау үшін... Бұл зұлым саясаттың сайқалдығы, Келеді алда талай айтар күні... Қытайдың түрмесінен аман шығу, Батырдың тек батыры, Қайсарлығы!.. Өзгеге жеткен, Маған жетпей бақыт, Ернімнен уыз дəмі кеппей жатып – Түрменің қақпасынан сығаладым, Күткенде жан Əкемді, өтпей уақыт. Еңселі, жазық маңдай, нұрлы жігіт, Кезінде мол құрметке – Жүрді жүзіп... Дегендей, «жүрегі ұшып кетпесінші», Сəл қырын қарап, жүзін тұрды бұрып... Білмеймін, қанша жылап жатқанымды, Сұмдық сыр, Бүгін ғана ақтарылды. Мен қалай ұмытайын, ұмытайын, Қасірет құшқан бала шақтарымды... Мен сонда бар болғаны бес жасымда, Жүріппін дауылдаған өрт қасында.
Арапша жазатынмын Əкеме хат, Алапат сағыныш та, Дерт те осында!.. Ел-жұрттан аз болғандай айырылғаны, Арманның ақ қанаты, Қайырылды, əне!.. Аққудың көгерегі сияқты едім, Алаңсыз жүзіп жүрген айдындағы! Біз көрген көрмейді ешкім қасіретті, Көздің де жылай-жылай, Жасы кепті. Жанымды қайраған да сол қасірет, Демейді, мені ешкім де, Жасып өсті!.. III жыр Қалды артта қанша ма əуен, Қанша жыры, Тұрғандай Таңжарықтың аңсап үнін. Күнестің күңіренсе, тау мен тасы, Ұмытпас, ақын ұлын, Хантəңірі!.. Күнестей күркіреген тасқынды едің, Атыңды қайталамай жатсын ба елің!
Тағдыры қандай ұқсас мықтылардың, Тарихын жырлап кеткен, Тас түрменің! От тілді найзағайға жанып алып, Сөз майын – Таңжарықтай тамызалық. Түнегін тас түрменің жарқыратқан, Ақынның тұрған жоқ па, Шамы жанып!
ҚАСЕН МЕН ЖƏМИЛА (Ақын, жазушы, драматург – Бұхара Ағамызға) Бұл тағдыр, жұбатып та, өкпелетіп, Кім білсін, жатты қанша, Кештер өтіп?!. «Биянгу» шыңдарынан əн шырқалды, Жүрегін Жəмила қыз, кестелетіп. Айтуға сол аңызды тіл жетпеген, Түсіріп ақ қағазға суретпенен – Қасен менен Жəмила оқиғасын, Қыл қаламмен жеткізді, Құдіретті өрең! Білмейтін тағдырына шағынғанды, Маздатқан ғашық оты жанын мəңгі – Шығыстың аспанына – Шығарып ең, Ғашықтар – Қасен менен Жəмилаңды!.. Елге аңыз, ғашық ғұмыр, Əсерлі үлгі, Жүректен түйдектетіп əсем жырды, Қолына құрық алып солқылдаған, Əн шырқап атқан таңмен Қасен жүрді!..
Оларға демеді ешкім, «зарлысыңдар», Мөлдіреп олар жайлы, Қалды сырлар! Алтайдан түн жамылып аттанғанда, Айлы түн, Құшақ жайды, Қарлы шыңдар!.. Шын қиып туып-өскен кетер ме елді, Тау мен тас, екеуіне – Мекен болды... «Қашқын» боп, Алтайда олар қашып жүріп, Оранды ақ дауыл мен нөсерлерді... Сескенбей бар қатерден батыр жігіт, Шатқалда аң аулады, батыл жүріп. Оларға тылсым дүние тіс жармады, Кім білсін, Қандай сырды жатыр бүгіп?!. Күй кешті бастан түрлі, мұңға батып, Өтуде қашқындықпен шыңда уақыт. Қосылған қос жүректің белгісіндей, Тербеді талбесікті, іңгəлатып... Елге олар оралмады, көшіп кейін, Ашпады оларға ешкім есіктерін. Шыңдар мен жақпарларды қоныс етті, Өңгеріп ат жалына Бесіктерін!..
Көздерінде соншама қажып-талған, Сүйеніші – махаббат, Нəзік, сазды-əн! Ауылға жете алмайды, Торушы көп, Тау ұлы! Тауда жүріп азықтанған!.. Бұл нағыз, аңыз емес, шындық еді, Таулардың тым ызғарлы, Түнгі желі. Басында бақыты жоқ ақ сарайдан, Солар ма шын бақытты, Кім біледі!. Оқиға сол бір ғажап даладағы, Əлемді кино болып, аралады. Көңілден енді өшеді-ау, деген кезде, Тəуелсіз Елім, қайта жаңалады. Тəуелсіз елім, қайта жаңалады, Жұлдыздар, аспанымда Жанады əлі! Көрген жоң ешқашан да аласарып, Өнердің тіккен қара шаңырағы!.. Жұбатып өмір кештің жылағанды, Сүйедің, сүйеніш боп құлағанды.
Айтатын кейінгі ұрпақ мақтанышпен, Артыңда мəңгі өшпес, Мұра қалды! Соғады сəуір желі дамылдамай, Өмірден ерте кеткен, Дарындар-ай!.. Ел-жұртың отырғанда Есіне алып, Тебіренбес, Бұқара аға, Жаның қалай! Халқымның өмір кешем, тілегімен, Айтылған көп тілегі – Жүрегіме ем!.. Жүрегі жібімейтін жандар қанша, Шүкірлік, жылаймын да, Күле білем. Тағдырдың алуан түрлі құрбаны көп, Сіз бастап, Біздер қостап, нұрланып ек! Жүрегің өнер десе, шуақ шашып, Жаныңның жапырағы тұр ма бүрлеп. Өмірде жандар қанша, жамылған зар, Өнер дейтін қол жетпес, нағыз заңғар! Жаның жапырақ жайғаны сол емес пе, Қазаққа ортақ, «Қасен – Жəмилаң» бар!.
МАРИЯМ АПА! Бірінші жыр Күндер өтіп басыңнан алапатты, Нəзік жанға айықпас жара сапты. Азаптың бəрін-дағы жеңіп едің, Атаң текті, Болған соң парасатты!.. Шуақ шашып маңына тектілігің, Көкірекке көктемнің екті гүлін. Жалын тартқан шындықтың, Ақын Апа! Жүректерге аңсаған жетті жырың! Қасіретің көп болса да, шерің бүккен, Өмір кештің қанша арман, Өр үмітпен! Ақынға тəн айбынды мінезіңмен, Тұрушы едің биіктен көрініп сен! Қолдан бермей тізгінін кісіліктің, Балаға да бала боп кішіріпсің. Ақынды ұғу – ақынға бір ғанибет, Еркелетсең, Сізді мен түсініппін.
Демеуші едің, біреуге жағынамын, Балта шапты, ақыным, Бағыңа кім?!. Кемел мінез, Кең пейіл, Ақын Мариям! Өзіңізді іздеймін, сағынамын!.. Екінші жыр Көңілің отырушы ең, көлдей болып, Жағаңа төнетінмін, Шөлдей келіп. Жүруші ем, арқаланып Анам сынды, Бір тұтас, Бір өзіңді, елдей көріп!.. Жаныңды жаншығанмен сұмдың неше, Таймаған жан едіңіз, Шындық десе. Өзіңмен татулықтан енші бөліп, Сырласып, Сыйласып та жүрдік кеше... Сипадың маңдайымнан, аяладың, Самалды, саялы еді-ау Сая-бағың!
Жаныңыз күншіл емес, Күндей едің, Біздерден мейіріңді аямадың! Жан едің, тас жинап, құм санамаған, Болар-ау, бір өзіңдей, саналы адам. Қаратып ақындықпен жұртты аузыңа, Бар жетім, Бір өзіңді паналаған... Асулар, өте алмайтын өрді көрдің, Ығысып өзің шеттеу, Төрді бердің. Мұңымды енді кімге шағармын мен, Анасы ең! Жердегі бар шерлілердің!..
АЛТЫН КӨПІР Сонау бір кезеңдерде дала сүрең, Су сепкен қарлығаштай қанатымен – «Ағажай, Алтай!» – Жұртты дүр сілкінтіп, Əнменен ауызға елді қаратып ең! Себеп боп өшірмеуге жан сенімін, Ұшырып келіп еді-ау, Əн – серігің! Əнменен ел-жұртыңа жетіп жатты, Сағыныш арқалаған бар сезімің!.. Тербеліп сұлу сазға дала жатты, Мөлдір жас, өкініштен тамады ащы. Жаныңа қанат болып ару əнің, Ұстаздық əншілікке араласты... Болғандай жанға демеу қысылғанда, Қалықтап əн кететін ұшырғанда. Қолында құраны бар, Аузында иман, Келесің, Сүйеу болып, мұсылманға! Мен Сізді басқалармен салғастырман, Көрсетті биіктерден
Талмас, сырлы əн. Əмина арадағы, Алтын көпір, Алтай мен Алатауды жалғастырған!.. ШАЛМАСЫН АНАЛАРДЫҢ, ШАШЫН ҚЫРАУ Аттамай аналық зор қасиеттен, Қанша ма, ару жандар, Жасып өткен?!. Қыршыны сұм соғыста – Құрбан болып, Аналар! Қартаймасын қасіреттен!.. Жұлдызы жана берсін көгінде шын, Тыныштық жатсын билеп, Ел іргесін! Оянып шырт ұйқыдан тымық түнде, Аналар! Үрей билеп, егілмесін!.. Болсын тек аналарға қуаныш күн, Жанарда қуаныштан тұрады ұшқын. Арулар, құлпырады қуаныштан, Ақ таңды, Атқызбасын, жылап ешкім!.. Арқасын тұрмаса да таққа сүйеп, Қашан да адал жанның – Жақтасы көп.
Тербесін дүниені тек тыныштық, Адамдар! Бір-біріне атпасын оң!.. Тыныштық тілейді елге, ақын мынау, Бұл шақта жер тартысы, Басылды дау... Тербеген талбесігін Аналардың, Шалмасын қасіреттен – Шашын қырау!.. Жүрекке татулықтың сырын құйып. Шыңдарды күн нұрымен жуындырып. Сыйғызып қанша ма ұлтты, бауырына, Желбіреп тұрған жоқ па, Туым биік!
ЖЫР – ҒҰМЫР Есілген самалындай Ешкіөлместің, Қалайша, ақын аға, Естен кетсін. Қоңырдың биігінде сен тұрасың, Жаңғыртып жырларыңды көшкен көшкін!. Биіктеп тұрасың сен күннен-күнге, Көктемде гүлденесің, Гүлмен бірге. Жылуы жүректерге жетіп жатыр, Сусындап жырларыңнан – Жүрген бізге. Тауыңды жырға қоссақ, Қора сынды, Мойнына ақша бұлттар оратылды. Жетісу шыңдарының биігінде, Қағып тұрсың, Қыран – жыр, қанатыңды! Ақтарып сұлу жырдың аң маржанын, Тербеттің əніңменен қара түнді. Өргендей жырларыңмен қыз бұрымын, Бөлендің шуағына түз күнінің. Ғалеке, үзілгенмен өз ғұмырың, Жалғасып келе жатыр, Жыр ғұмырың!..
ТҰМАН – АҚЫН! Жамылғанда саясын жасыл жаздың, Сыңғырынан – Сыр өріп жатыр назды үн. Қастерлі ару – Камила секілденген, Көзіндегі жазықсыз, жасын жаздың. Бір кісідей көтеріп дерттің жүгін, Аялады жүрегің, Өрттің гүлін!.. Қаршадайдан төрт болып екі көзің, Қасіретті соғыстың шерттің мұңын... Махаббатпен кестелеп бар ғажабын, Махаббаттың өсіпсің, Тыңдап əнін. Жүрсең-дағы бақытқа бөленіп сен, Жаның болды неліктен мұңға жаның?!. Жүрмесең де өгейсіп, шетінде елдің, Көп жырладың, Көз жасын, Жетімдердің!.. Аналарға айырылған боздағынан,
Жүрегіңнің – Жырға орап, отын бердің!.. Болғаннан соң, мейірім, ұнасым көп, Ойламайсың ешкімді, Жыласын деп. Əбділдадай ағалар еркелеткен, Ғафекеңдер, айтатын – «Тұмашым» – деп... Жұлдыздайын жарқырап жанған нұрлы, Махаббат сазы жұртты таңдандырды. Секілденіп «Тайбурыл» өрден озған, Шалдықтырмай келесің, Саңлақ жырды! Жай қуаныш емес бұл, тосын келген, Кешегі жеке даусың, Қосылды елмен! Жыр – дарияда, Тербелген бір кемеде, Қуанамын көргенде досымды өрден! Жылы шырай, Жылы үнмен амандастың,
Көңілі солай болар, Замандастың!.. Келіп тұрмын тойыңа жыр арқалап, Жүрегімде қанша ма алаң жатсын... Өзімсініп, өзіңе сыр ақтарам, Бақыт бар ма, Бір жола тұрақтаған?!. Басымыздан кештік қой, алуан күндер, Бұл да бір кезім шығар, Шуақтаған!.. Жол бермейтін қатыгез, қатулыққа, Дүние кілті жатыр – Татулықта. Біз келеміз көз жазбай татулықтан, Қадіріміз күн сайын, Асып жұртқа!..
БАЛА ДОСЫМ Сұлу өлке, біз өскен қала босын, Көңілімнен айықпай қалады осы үн! Дариясындай Іленің шалқисың ғой, Сырлас, мұңлас, Тағдырлас, Бала досым!.. Алпыс деген немене, азаматқа, Алпысты ойлап, көңілді мазалатпа. Сүйенішің жаныңа өлең-жырлар, Ақын деген иесің, Ғажап атқа! Еркесі ғой елінің, ақын деген, Батылды өлең, жаздың сен, Ақылды өлең!.. Табиғаттың ол-дағы тартқан сыйы, Терең бойлап жырларың, жатыр неден?!. Себептер көп жүретін толғандырып, Берді тағдыр, сырларын – Молдау құйып. Ақындыққа ұштасты Азаматтық, Қара өлеңін қазақтың, Томдап жиып!..
Сүйте тұра, күй кештің қарапайым, «Қара өлең» ғой, Асырған дала сəнін. Мен де өзіңді өкшелеп келем, міне, Алпысыңа қалайша, таласайын. Бала досым, жыр жазып жарасайын! Өткерсең де не қиын, бастан жорық, Берді жанға, жырларың, асқан көрік! Алға тартқан қазақтың жыр көшінде Қаласың, Оразақын Асқар болып!
АЛАМАН БƏЙГЕ Қосылып бəйгелерге дəл осындай, Жүйріктің жүруші еді-ау, бағы ашылдай. Келсе де шаң жұқтырмай шашасына, Сан себеп оздырмауға табатындай!.. Алысып ауыздығы, тізгінімен, Бір үміт күтті осынау – Күз күнінен. Тойында, Ұлы Мұхтар, топты жарып, Қарасын басқалардан үзді мүлдем! Кезінде келіп тұрған кемеліне, Бар шығар озып келген себебі де. Киелі, сөз құдіреті – Əуезовтың, Кім білсін, аруағы жебеді ме?!. Керімсал самал есіп тау жақтан да, Қырқалар қала берді, аунап шаңға. Тұлпарлар тұяғының дүбірлері, Ғажап қой, Шалғайларға, жалғасқанда! Қуаныш – қуанышқа жалғасқанда, Жұлдыздар, жарқырады, таңғы аспанда. Қанша ма жүйріктердің арасынан,
Сен келдің, Құстай ұшып, Самғап сонда!. Құтылып сан тосқауыл, қақтығыстан, Жүйріктің жанарынан – Шаттық ұшқан. Ақ басты Алатау да дүр сілкініп, Кең дала, маңдайынан жатты құшқан. Болған соң ел арманы, тілек басым, Тоқтатып осы бір сəт жүрек жасын – Қарады шалғайдағы, Көк шыңдарға, Ой – мұхиты, Мұқаңа тіреп басын!.. Толғанып тұрды сонда сыршыл адам, Тағдырын жүйріктердің шын сынаған. Аламан бұл бəйгеден озып келіп, Бұйырды, Бұйырмаған, бір сыбағаң!.. Тау – самал, сол күнгідей есіп пе еді, Күн күркіреп, жатқандай, Көшіп селі!.. Озып келді бəйгеден, Ей, жарандар! Жұрт білетін Айыттың Несіпбегі!..
КҮНЕС (Əнші, сазгер – Нұршатқа) Жүрегім Күнес десем, күрсінеді, Күнестен – тасқын əуен Күркіреді. Күнестен басқа жерде күй кешсе де, Күнесті күнде айтумен жүр түлегі!.. Дариға! Күнес – ұжмақ мекен еді, Басқадан сұлулығы жекеледі. Сол Күнес арындатып – Əнші Əсетті, Əуенін алыстарға жетеледі... Өзіңе арналғаны бекер ме өлең, Тебіреніп Күнес десе, кетем неден?.. Өзіңді көз тіріде көре алмасам, Арман ғой, Өлең-жырым, жетер деген!.. Көзіме елестейсің, Күнес десем, Кетер ме ем, мен де сөніп Күреспесем?.. Хақым жоқ күреспеуге бұл ғаламда, Тұрған жоқ арқада Əкем, тіреп шешем!..
Қырандай қия-шыңда түлеп жүрер, Өзіңнен шықты қанша, Жүректілер! Жүрсек те қайда-қайда, қандай күйде, Жүрек те, Айтылатын тілек біреу! Аңсаймын, Атқан таңын, Күнес кешін, Қашан да, қайда-дағы жүректесің. Қайраған батырлыққа ұл мен қызын, Жүректе Күнесімнің жыры өшпесін! Биік тау, тау-құздарың, жақпарларың, Қойнауы жақпарыңның – Жатқан дарын! Ақынды Таңжарықтай аспандатсаң, Мол шуақ жырларынан тапқан жаным! Кім сенің ойсыратты орманыңды, Қалдырды кімдер сені Ойға мұңлы?!. Секірген жартастағы маралыңды, Білемін, Мертіктірді, Тор да құрды...
Өзіңді армандаумен өтіп күнім, Алыстан жатқан жоқ па, Жетіп бір үн... Нұршатың жатса сенде əн шалқытып, Келемін, Мен де аңсаудың шертіп күйін!.. Күндермен қиялымды жарыстырып, Жүремін жақын болып, Алыс тұрып... Нұршатым, сенің əнің Менің жырым, Біздерді жатқан жоқ па, қауыштырып!..
ЖІБЕК ТҰРДЫ Сұлулығын асырып одан əрі, Тəңір шыңы ақ бұлтқа оранады. Табиғатын Шыңжаңның тамашалап, Жібек тұрды, Желбіреп орамалы! Сан қаланы аралап, даланы да, Ой тұнады, Мөп-мөлдір жанарына. Бауырластар сезімі толқытты ма, Жүзін тосты, Сайрамның самалына! Толқып жатыр Сайрамкөл, шомып нұрға, Тауға көшті шопандар, Қонып қырға. Дүниенің бəрі де дəл осындай, Сиқырына сұлулық толып тұр ма?!. Көп күндерім өтсе де күйсіз менің, Көрмедім бұл даланың гүлсіз жерін. Сарқырама, Сапырып бар сезімін, Жасырмады тау да үнсіз күрсінгенін... Артқа тастап қанша ма дала, белді, Келгені анық осынау –
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру