Мазмұнға өту
Home

Найзағай

Әлжаппар Әбішев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Найзағай

Әлжаппар Әбішев — «Найзағай». БІРІНШІ БӨЛІМ

/uploads/728ac859-5133-5bea-ab7f-9023876c2cc5/cover.png

БІРІНШІ БӨЛІМ

Көктем... көктем...

Ол — өзіміздің осы долы ғасырымыздың төртінші көктемі еді.

Ол — халқымыз өзінің Абайынан айрылып аһ ұрған жылдың көктемі еді.

Сол көктемнің мейірімі әлі жібімеген, көгінің күні әлі күлмеген, күлсе де жымиып тұрып шытынай қалатын шағы еді.

Өмірі сол әлі көктемеген көктемдей, жаны сол қу даладай құлазыған бір бала жапан түзде жалғыз зарлап келе жатты. Астындағы күрең қасқа қолау тайы да, туған жерімен қоштасқан өзінің зары да, тіпті алға жетелеген үміті де ақсақ. Бірақ, дүниедегі бар қасірет бір басына үйілсе де елемейтін секілді, кезерген ернін анда-санда тілінің ұшымен бір жібітіп алып, іштегі шерін өзі білетін жақсы әндердің ырғағымен жуып келеді, ақсақ тайын аямастан әлі айдап келеді. Өмірдің қай батпағына барып батары белгісіз, әзіргі беті — Қаракесек пен Сүйіндіктің жапсар жайлауы, түпкі мақсаты — Қарағанды.

Жайлаудан бері де талай асулар, тар кезеңдер мен самал желді сары белдер жатыр. Сол асулардан асып, сол белестерді басып, Қарағандыға қарай өтетін керуен жолы бар. Баланың бүгінгі таңнан күткені — сол керуен жолына жету.

Өткен қыс қатты жұтатып кеткен бұл аймақтағы адырдың бәрі елсізге жақын еді. Сол себепті, баланын зарына үн қосқан тек даланың боз торғайлары ғана, солар ғана шырылдайды, сол шырылдан оянғандай кейде жел ғана ыңыранып ызылдайды. Бала байғұс мұндай жалғыздықты да елейтін емес, елесе де үрейленетін түрі жоқ. Ауық-ауық артына қарайды — көрсем деп көксейтіні де, көксегеніне. жеткендей қызыға көретіні де өзіне жер шарының күмбезіндей көрінетін Қарқаралының шынарлы шыңы. Ол алыстаған сайын сұлуланып, біресе бүркіттің томағасына, біресе батырдың дулығасына ұқсайды екен. Қиялы қанат қағып сол тауға қарай ала жөнелді. Қырандай самғап барып сол шынарлы шыңды дулыға етіп басына да киді, бірақ оның бірде-бірі місе болмады. Енді ол жауар бұлттай өрлеп, нажағай болып сатырлауды армандады. Ол арман Мәдидің бір өлеңінен туған еді, манадан бері зарлатып келген мұңлы әндердің бәрін тастады да, Мәдидің сол әнін шырқап қоя берді.

Немене көрген қызық көрмегендей,

Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің жүзі екен ғой,

Қайрап ап қалың жауға сермегендей.

Өзі білетін әлемді кезген қиялының місе тұтқаны — бір ән де, өзі білетін адамдардың ішінен менсінгені — осы әннің иесі Мәди. Өзі білетін жерден қимай қиналатыны — артында қалып бара жатқан Қарқаралы. Оның үмітін жетелейтін жол да сол таудан келеді, өйткені сол жолдың үстінде Қарағандыға ағаш апара жатқан кірешілер бар, баланың көксегені сол кірешілерге жетуде жету үшін жолсыз жермен төтелей тартып келеді. «Егер кірешілерге жетсем өлмес едім. Мен өлмесем — сен өлдім дей бер, Текеш мырза. Сен әкемнің қаны үшін қаныңды, жаны үшін жаныңды бермей құтылмайсың, құтқармаймын...»

Ол ұзақ сапарға осындай ауыр антпен аттанған еді, осы жерде қайталап айтылған сол антын мазақ еткендей, қарғалар қаңқылдап, күшігендер шиқылдап қоя берді.

— Бұл жалмауыздар қайдан шыға келді?

Бұл аймақта масайрап жүрген солар, қарғалар мен күшігендер ғана. Бала оның бірде-бірін елеместен, тіпті құзғындардың жемі болып жатқан ненің өлігі екенін де сезбестен кете берді. Оның алдында жақпар тасты бір тар кезең тұр, ал оның күткен жолы сол кезеңнің ар жағынан кездеседі. Қарттардың кірешіге кездесесің деген межесі де осы деңгей. Бала қолау тайын ақсақ киікше секеңдетіп кезеңге шыға келіп еді, көз жетер жерде қыбыр еткен жан жоқ екен. Жүрегі мұздап сала берді. Бірақ егіле қойған жоқ, үміті тасқа соғылса да, тауы шағыла қоймаған секілді. Енді қайттім деп өзін-өзі қинауға да барған жоқ. Өйткені, қайтар жолдың жоқ екенін жақсы білетін. Сондықтан ол жол бойына көз жіберіп аз тұрды да, соңғы рет қоштасқысы келгендей, алыстаған сайын асқақтап, асқақтаған сайын сәнденіп сұлу көрінетін өзінің туған жері — өзінің Қарқаралысына қарады. Онан беріде көлденең түсіп асусыз талай белдер, өткелі жоқ өлкелердің талайы жатыр. Бірақ оның Қарқаралысы соның бәрінен алыс тұрса да, бәрінен жақын көрініп кетті де, көздің жасын мөлт еткізді. Бұл мөлт еткен мөлдір тамшы туған жерге деген махаббаттың ұшып түскен бір гүлі ғой, соны сезгендей, бала тез ширығып алды да, Мәдидің манағы әніне салды. Өз әні, айтып келе жатқан өз жаны секілді.

Жастайынан тағдырдың табанына салған өмірдегі өшін тайынан алғысы келгендей қамшыны басып келеді, бірақ ілгері басқан аяғы кері кеткендей жүрісінде өнім жоқ. Көзден ғайып болған Қарқаралы көңілдегі үмітті де ала әкеткендей, баланың жаны қайтадан құлазып сала берді. Сондай жаны жаншылғандай дел-сал күйде ылдиға қарай аяңдап келе жатыр еді, бір түп шіліктің түбіндегі үй орнындай қардың үстінде үймелеп отырған күшігендерді көріп, жүрегі дір етті. «Бұл жалмауыздар қарға не үшін таласады? Әлде жемтіктерді жей-жей шөлдеді ме екен?»

Жоқ, олай емес, құзғындар қар астынан көріне бастаған әлдене үшін қырқысып жатыр. Бала соны сезе қалып, бар даусымен айғай сала ұмтылып еді, басқасы дүркірей жөнелді де, төбесі таз біреуі міз бақпастан отырып қалды. Оның қомағайланған аш көзі қанға тұнып кеткен болу керек, баланы көретін де, көрсе де елейтін емес, әлденені қос табанына сала жұлқып, шірене қылқып отыр. Бала оның бұл қылығынан сескеніп, тайының басын тежесе де, өзін тежей алмай намыстанып келеді. Сол намыс оны өжеттендіріп те жіберді. Намыс бар жерде қорқу жоқ, ендігі ойы құзғынды қорқытумен тынбай, қалайда өлтіру, өлтіру ғана. Сол намысқа табынып ол тайынан да түсті, қойнын тасқа толтырып күшігенге беттеді.

Ол өзі Мәдиді өмірінде көрген жоқ, бірақ оған тәңірісіндей табынатын. Сондықтан жиын-тойда ән айта қалса, Мәдидің ғана әнін айтып, өнер көрсетсе, Мәдидің ғана өнерін көрсететін.

Ең ақыры өзімен құрбылас балалармен төбелесе қалса да Мәдидің әдісін қолданатын.

Бұл — Мәдидің даңқы жер жарып тұрған кезі болатын. Оның ат үстінде шауып келе жатып жердің тасын мылтықтың оғы орнына жұмсайтынын, қуғыншылардың бірде-бірі оған жанаса алмай, құлаш жетер жерден құлап түсетінін көзімен кергендер аңыз етіп айтатын. Баланың ең жақсы машықтанғаны — Мәдидің осы тас ататын әдісі. Сондықтан мына таз күшігенді қалпақтай ұшыратынына сенімді еді. Оның бұл уытты ойын сезгендей күшіген де қанатын қомдай бастады, бала да құлашын сермеп қалды, бірақ оның жіберген тасы күшігеннің тұмсығын сүйкей өте шықты.

— Қап, алға қарай тым болмаса бір ұмтылар деп едім, қорқақ неме жалт берді-ау, қапы соқтым-ау!— деді бала тұмсығын бұза жаздаған тастан жалт берген бойда аспандап бара жатқан күшігеннен көз алмастан ұзақ қарап. Қапы соқса да көңілінде аздаған мақтан да бар еді, шаттығы ұзаққа бармады. Жалмауыз құстың дажал тырнағынан өзі айырып қалған жемтіктің не екенін білгелі жақындай бере жылан шағып алғандай жаны ыршып, дауысы шыр етті. Кенет көзі де жұмылып кетті, әлденені күбірлеп шегініп келеді. Кімге нені айтып келе жатқанын өзі де білер емес. Сүйкімді қара торы өңінде жалғыз тамшы қан қалмай сұп-сұр болып кеткен. Талдырмаш нәзік денесі дір-дір етіп құлауға жақын. Оған «не болды?» дейтін жан жоқ, өздігінен айтатын хал өзінде жоқ. Өйткені оның алдында жаңағы жалмауыз құстың жемтігі болып жатқан жап-жас ананың, анасының құшағында жатқан жас баланың өлігі еді. Қар астынан кеудесі ғана жартылай ашылған ананың екі көзі ана ғана ойылып, маңдай терісі жаңа ғана дал-дал болыпты. Басындағы түбіт шәлісі жаңа ғана түтеленіп, қара шашы ақ қардың үстіне жаңа ғана жайылыпты. Сол қара шашпен жалғаса бір ала қоржын жатыр. Баланың бар көргені осылар еді. Көзін қанша қатты жұмса да, сұмдықтың сол бір суретін кетіре алмай аласұрған күйі шегіншектеп келді де, тайын құшақтай алып еңіреп қоя берді. Мұңын шағып, шерін тарқатар басқа кімі бар оның. Бар серігі де, бар мұңласары да сол күрең тайы ғой. Не дегенін кім білсін, күрең тай шыңғыра бір кісінеді де, үстіне шыққан баланы ала жөнелді.

Бұл сәтте баланың есі шалажансар еді, қайда, қалай кетіп бара жатқанын да білген жоқ. Құзғындардың қиқулаған жексұрын дауысын естігенде барып шошып оянғандай селк етіп, есін тез жиып алды да, тоқтай қалды. Мұның кетуін аңдып қайсібірі төбе басында күжірейіп, енді біреулері аспанда қалықтап жүрген күшігендерді көрді де: Енді қайттім?—деді бар дауысымен өксіп. Өлікті қарға көмгеннен пайда жоқ, мына құзғындар қардан қазір-ақ аршып алады, жерге кемуге шама жоқ, енді не істеу керек? Баланың ой қанатын тауға да, тасқа да соғып тұрған қасірет осы. Су түбіне батып бара жатқан үміттің бар қарманған талы — сонау ала қоржын, соны ағаш басына мықтап іліп кетсе, қара құс түгіл қасқыр да жуымайды, амал не, жүрек шіркін өлікке енді қайтып беттейтін емес. Енді не істеу керек? Басқа жол бар ма? Маңайда ел бар ма? Бәрі де белгісіз. Осы өзі келе жатқан жалғыз аяқ жолдың үлкен қара жолға барып жалғасатынын білгені болмаса, басқа білері жоқ. Алдында көлденең түсіп бір сиыр соқпағы жатыр. Оның қайдан шығып, қайда барып тынары белгісіз. Енді не істеу керек? Өліктерді сол жерленбеген күйінде қалдыру керек пе? Оман да өзі солармен бірге жемтік болып жатқаны жақсы емес пе?

Ол намысқа толы жүрегімен осылай кеңесті де, қайта оралды. Бірақ өлікке беттей алмай, тайын шеткі бір түп шілікке байлады да, шегіншектеп барып қоржынға жетті. Өлікке мойнын бұрмастан теріс қараған күйі ала қоржынды ағаш басына іле сала, тайына қарай тұра жүгірді. Келе мініп тайына қамшы басты, бірақ ол мынау сұм заманның сұмдығынан құтылып кете алған жоқ. Не ғажап екені белгісіз, үрейдің бір суық сарыны оның құлағына байланып қалды. Ол сарын біресе ананың зары болып ызыңдайды, біресе жас нәрестенің үні болып шырылдайды, кейде екеуі қосыла қалып еңірейді, ұғымсыз әлденені айтып екеуі жарыса еңкілдейді. Солардан қашып құтылғысы келгендей, қамшыны үсті-үстіне басып келеді, жанына қамшы батқан соң аяғы сауығып кеткендей күрең тайы ағызып келеді. Талай өткелдерден өтіп, талай белдерден асты, бірақ жаңағы үрей үні үдей түсіп, қалатын емес. Бала артына қарай-қарай әлі қашып келеді, ол қашқан сайын үрей үні алдан орап, жолдан тосатын секілді, жақындай түспесе, алыстамайды. Сондай белгісіз азапқа түскен жанын қоярға жер, кірерге тесік таба алмай келе жатыр еді, астындағы тайы омақаса құлап түсті, есік пен төрдей жерге өзі де ұшып кетті. Бала қатты шошып қалған еді, тез қуанды. Өйткені жаңағы қуып келген үрейлі ызың құлағынан кетіпті. Бірақ бұл қуанышы онша ұзаққа бармады, жан дегендегі жалғыз серігі күрең тай өліп барады. Оны көрген бала жаны ғана бар, есі жоқ секілді, жас ботаның көзіндей мөлдіреген қара көзі шарасынан шыға жарқырап барады, көзі де, өзі де жарылуға жақын.

Сол булыққан, қасіретті күйі ақырын жүріп келіп тайының басын бір көтерді де, үміт жоғын көргеннен кейін қайтадан тастап жіберді.

Жағы қарысып қалғандай өзінде үн жоқ, міз бақпастан, тіпті кірпігін де қақпастан тайына қарап ұзақ тұрды да, аяғын зорға басып барып қанжығасындағы сусын құйылған торсықты шешіп алды. Ерні кезеріп шөлдеп тұр, бірақ торсықты аузына апара қойған жоқ, оны апарып тобылғының басына ілді де, жан-жағынан тас әкеліп күрең тайды көме бастады. Тәңірісіне жалынса да іштен жалынып, тағдырына налыса да ішінен налып үнсіз жүр.

Жолшыбай керегі болар деді ме, жоқ әлде досына атын берсе де, жүгенін бермейтін елінің салтын ұстағысы келді ме, әйтеуір тайының жүгенін алды да, ер-тоқымын тайдың өзімен бірге көміп жіберді.

Жаңа ғана ақсақ аяғымен құстай ұшып келе жатқан күрең тай енді, міне, оба тастың астында жаншылып жатыр. Ажалдың сондай мейірімсіздігінен кектеніп тұр ма, кім білсін, әйтеуір бала бейбақ өз қолымен үйілген обаны көзімен атып, қолындағы жүгенді шиыршықтандырып тұр. Сірә, дәл қазір жаны да шиыршық атып тұрған болар, өзін бұған тағдырдың бұғауын талқан еткісі келгендей, жүгенді жұмарлап алып қайта-қайта жұлқиды...

Бір кезде басын сәл ғана көтеріп жан-жағына көз салды. Ә дегенде ойында ештеңе жоқ секілді еді, кенет дүр етіп ойлана қарап аңырып қалды.

Бұл қай жер?.. Мен қайда лағып кеткенмін?..

Ол соны айтып, әр төбенің басына бір жүгірді. Манағы көз таныс бола бастаған сай-саланың бірі жоқ, өзі іздеп келе жатқан қара жолдың қай жақта қалғаны да белгісіз, жалғыз ғана үміт — қарсы бетте бір жалғыз аяқ жол жатыр. Қайда қаңғыртып әкетсе де сол жолға түсуге бекінді де, күрең тайдың моласына қайта келді.

«Тым болмаса манағы әйелді осылай көме алмадым- ау»,— деді ішінен.

Ол өзіне қайғы серік емес, қайрат серік екенін сезгендей қатуланып алыпты. Жүгенін беліне мықтап байлап, сусыны бар торсығы салынған кішкене қоржынды арқалап алды да, жаңағы қарсы бетте жатқан жолға қарай жүріп кетті.

«Қош» деді соңғы рет. Оны кімге айтқанын өзі де білген жоқ. Көп кешікпей жолға да түсті, ол апарып бір биік белге шығарды.

Кезеңге шыға бере алысты айнала кезген көзі көк жиектің аспанымен жалғыз аймаласып асқақтап тұрған Қарқаралының күмбезіне тағы түсті. Жас көңілі қас сұлуды көргендей табына телміріп, кірпік қақпастан қадалып тұр.

«Ей, туған жер, сен неткен ыстық едің?» Оның кеудені қарып шыққан үні бейне жалын, сол жалыннан қайнап шыққандай көзінің жасы тым ыстық. Балғын көңілдің балқып бара жатқанын сезіп, өзін-өзі тежегісі де келді, бірақ ие бола алмай егіліп кетті.

«Қош» деген бір ғана сөзді тілім күрмелмей, өкпем өксімей қалай айта алармын? Үндемейсің, ә? Иә, үндемейсің. Сен мен түгілі Мәдиге де үн қатпаған боларсың. Өйткені сен тым тәкаппарсың. Мейлің, солай паңдана бер, аспандай бер, асқақтай бер, тек біздей перзентіңді ұмытпашы. Қызыл ала, жасыл қыналы көк тастарыңа шығып алып ән салсам, еңсемді езген бір қасіретім төгілгендей, шаттанып сала беруші едім. Сонда менің үніме үн қосатын, шаттансам бірге шаттанатын сенің сол жасыл қыналы көкшіл тастарың мен зәулім қарағайларың еді. Тым болмаса сол ұмытпасыншы. Мен сенің көк қасқа мөлдіріне көк үйректей сүңгіп, айдыныңда аққуыңдай қалқушы едім, сол кезде менің үніме көліңнің аққуы, шыңдағы қырандарың үн қосқандай, бар қасіреттен бір-ақ сейілуші едім. Тым болмаса мені сол аққуларың мен қырандарың ұмытпасыншы.

Мұны айтуға баланың тілі жеткен жоқ, бірақ оның жүрегі осылай деп соқты, жерге тамған көз жасы осылай деп сорғалады.

Ол міз бақпастан ұзақ тұрды, үн қатқан жоқ. Туған жерін қиялымен кезіп, топырағын қиялымен сүйіп мауқын басты да, көзінің жасын сүртпестен жүріп кетті.

Алдында біріне-бірі ұқсас асу-асу белдер, сол белдердің бірінен соң біріне асып манағы жалғыз аяқ жол жатыр. Оның қайда апарары белгісіз. Көзсіз көбелектей адастырып апарып, жыртқыштардың не болмаса аштардың аузына тыға ма? Жоқ әлде, орға апарып құлата ма, кім білсін? Ол қазір барар бағытынан да адасты. Адасқанын сезген сайын үміт оты әлсіреп барады.

Басындағы жалбағай тымағы да, үстіндегі екі бүйірі бірдей тесік, етегі жырым-жырым жалаң қабат шекпені де, аяғындағы көн етігі де ауыр сезіле бастады. Кен етіктің жыртық тұмсығынан кірген тас тілгілеп бақайлардың арасын қанға бояй бастады, жарасы жанына батса да амалы жоқ, тас тілген жерді жолдын. топырағымен бітеп тастап кете берді. Мүмкін сол топырақ кешікпей оның көз жасын мәңгі құрғатар, мүмкін ол бітер тыныстың тығыны да болар, бала осының бәрін де ойлап келеді, ойлаған сайын тұңғиықты бойлап келеді, қашан қалжырап құлағанша тоқтайтын емес.

Аспанның әр жерінде қаңғып жүрген шоқ-шоқ бұлттар атойласып бірте-бірте қоюланып келеді. Егерде нөсер құйып берсе, көз жетер жерде пана болар түк жоқ. Айналаның барлығы жылан жалап кеткендей жып-жылмағай өңсіз, сұрықсыз бірдеңе.

Бала оны да көріп келеді, енді де қайтпас па екен? Жоқ, қайтар емес. Қайта тілегені — дауыл, көксегені — нөсер секілді, ол нажағайлы қара бұлтқа қарсы қасқайып келеді. Оның екі көзі алыста жанып-сөніп жалт етіп жарқылдап тұрған сол нажағайда, пана іздеген жаны ұшырғандай ол зулап келеді.

Үміті тағы да үзілді. Қырсықтың тағы да біреуі кездесті.

Оның қарсы алдында көлденең түсіп сарбас жылан жатыр. Жақын жердегі жас қабырдың біріне мекендеп, қыстан күйлі шыққан болу керек. Көктемнің жыланындай әлсіз емес, бар айбатымен ысқырып қоя берді. Кенеттен кездескендіктен бе, бұл сұмырай — баланың бойын тітіркендіріп, жүрегін дір еткізді. Текештің қозысын бағып жүрген балалық шағында талай жыланның жағын айырып, етін сол үйдің бәйбішесіне әкеп сыйлаушы еді, неге екені белгісіз, мына жыланнан ол шошып кетті. Беліне қыстырылған жыланбауыр қамшысын қолына алып еді, ол қамшының қанжардан кем тимейтінін де білетін, бірақ өзінің батылы жетпеді. Бара тартып жібермек болған екпіні адым жерге жетпестен тұрып қалды. Қашып кету қорлық, енді не істеу керек? Есіне Мәди ағасы түсті де, жұдырықтай бір тасты ала сала кейін шегінді. Көзін жыланнан тайдырмастан шегініп барады. Ондағы ойы тас тимей кетіп, жылан өзіне атыла қалса, қамшыны қарсы сермеу. Оқ болмаса, атылған жыланның екпінімен жарыса алатын шапшаңдық өзінде бар еді. Сол күшіне сенді де, алыстап барып жыланның қаққан қазықтай қақшиып тұрған басына жіберіп кеп қалды. Күнге қарсы жатқан жыланның көзі сермелген қолдың шапшаңдығына ілесе алмай қалса керек, өзі түстестеу қарасұр тас көзінің алдына барғанда ғана қарсы атылып кеп қалды да, таспен бірге ұшып түсті.

Жаңа ғана жан алушының өзіндей көрінген қауіпті жау енді басы шала мыжғыланып табанда жатыр. Бала жүгіріп келіп оның көк желкесінен басып тұр. Қанша жараланса да, қашан демі біткенше берілу жыландардың салтында жоқ, Сондықтан ол табанда жатса да берілетін емес, құйрығымен сабалап баланың көн етігін сартылдатып жатыр. Желкесін басып тұрып бала оны сартылдатын еді, оның жыланбауыр қамшысы екі тигеннен қалдырған жоқ, жыланды белшесінен бөліп түсті.

«Өлі жыланнан да қорқатындар бар, кейбір қорқыныштың жазылмайтын сырқат тастап кететіні де бар. Жылан өлтіре қалсаң, оны көмбей тастама»,— дейтін әкесі. Қанша асығыс болса да, әкесінен үйренген ол әдетін тастай алмай, бір түп бетегені түбінен қопара жұлып алды да, жыланды соның орнына көміп кетті.

Ол жыланмен шайқасып жүрген кезде осы жолмен үстінде көнетоз сары шекпені бар, өзінің өңі де сол шекпендей сарғайып біреу сүлдерін сүйретіп келе жатыр еді.

Не ойы барын кім білсін, ол қазір баланың жолын тосып тобылғының ішінде жатыр. Бала оны аңғармастан кәперсіз келе жатыр (оның деңгейіне жеткен кезде тобылғының басы қозғалып, сыбдыр білінді. Бала оны да елеген жоқ), тек өзіне қарай біреудің еңбектеп келе жатқанын көргенде ғана үреймен бірге ұша жөнелді. Жол тосушы да атып тұрды.

— Тоқта,— деген дауысы да баж етті,— Ей, балақай, тоқта, мен жау емеспін, қашпа... Қашпа...

Бала қашып бара жатып жерден бір-екі тас алып қойнына тықты да:

— Жау болсаң — қашқаным, ел болсаң — жарысқаным, кел жарыс,— деп айғай салды.

— Қап, ашыққандардың бірі екен деп бұқтым-ау мен сорлы. Тым болмаса жөн сілтеп жібере алмадым-ау... Адам баласын біріне-бірін құбыжық етіп қойған құдайым-ай. Ей, балақай, ол жақта ел жоқ, адасып кетпе, ана белге шыққаннан кейін сол жағыңнан соқпақ кездеседі, сол соқпақпен солға бұрыл, солға.

Бала оны тыңдаған жоқ, тыңдағысы келген де жоқ.

«Аңдып жатсаң да бас сала алмадың, енді осылай алдамақсың, ә? Жоқ, қасқыр болып жегісі келген қамқоршым, ол қайырымыңа рахмет. Алданатын ақымақ, адасатын соқыр емеспін. Қабырғасы әлі қатпаған бала болсам да, аштан бұралған сендейлерге жететін күшім бар. Қуа қалсаң мына таспен жаныңды жаһаннамға жіберіп, өзіңді жаңағы жыланмен бірге көметін едім, ажалың алыс екен, байғұс, қош бол».

Ол ауық-ауық артына бір қарап қойып, ішінен осыны айтып келеді. Кеудесінде балалықтың бал-бұл жанған мақтаны да бар ма, қалай, аяғын кейде сәндене басып ойнақтап келеді.

Баланың аты — Иман. Иманымыздың барар бағыты батыс еді, мына жол солтүстікке қарай ойыстырып барады. Алдағы белеске шыққаннан кейін жаңағы жол тосушы айтқан соқпаққа түсіп солға бұрылып еді, ол әкеп бір сайдың сағасынан өте берген кезде, тау жақтан бір баланың шырылдаған дауысы естілді.

«Бұл не?—деді. Иман тұра қалып.— Тағы да өзімнің құлағым ба, манағыдай шулаған? Жоқ, мынау анық баланың дауысы. Әлде жақын жерде ауыл бар ма?»

Ол соны айтып, беткейге шыға бере жан-жағына көз жіберіп еді, сайдың қалтарысында бір жалғыз қора тұр екен. Иман оны көре сала, бір түп бұтаны бетіне ұстай етпетінен жата қалды. Ондағы ойы — өзі жасырынып жатып, көзі жетер жердегі бардың бәрін көріп алу. Ол шырылдап жүрген бір баладан басқа жан көре алмады. Бала зыр жүгіріп біресе қораға барады, біресе есігінің алдында тебе болып үйілген күлге шығып жан-жағына қарайды, қарайды да шырылдайды, шырылдайды да қораға қарай қайта жүгіреді. Ол шырылдап жүріп әлденені былдырлайды. «Апа, апатай» дегеннен басқа сөзі ұғылар емес.

Иман бұл қорада сол баладан басқа жан жоқ екенін, бар болса да, жоққа тән екенін оның зыр жүгірісінен сезді де, ақырын түрегелді.

«Көрсе көрсін, келсе келсін, келмесе өзі білсін» деді ішінен.

Бұл кезде бала қораның алдындағы күлдің үстінде тұр еді, Иманды көре сала тұра жүгірді. Жат көріп жатырқар емес, дәл бір туған ағасын көргендей, «ағатай-ай, ағатай-ай» деп шырылдап келеді.

Ол жақындай берген кезде Иман зілдене үн қатты.

— Тоқта!.. Сол жерден тілдес, сені маған жіберген аналар кім?

— Ағатай-ау, аналарың кім, мен жалғызбын,— деді де, байғұс бала басқа сөз айта алмай еңіреп қоя берді.

— Жалғыз болсаң, ана қорада бұғып тұрғандар кім?

Бала өксіп сөйлей алмады. Иман балаға жақындады.

— Байқаймын өзің жақсы бала секілдісің, жақсы бала жаман қатындарша бақыра бермейді, жөнін айтады. Сенің атың кім?

— Атым — Сапар.

— Нешедесің.

— Биыл он үш... мүшелім.

— О, он үштегі отау иесі екенсің ғой, қатын алуға жетіп қалған жігіттің қатындарша бақырып жылай беруі ұят. Соны ескер де, жөніңді жөндеп айт: бүгін қайдан келдім дейсің?

— Нағашымның үйінен келдім.

— Оның үйі қайда?

— Сонау биік кезеңнің ар жағында... аяғым сыздап парады, отырайықшы.

— Отыр да, айта бер жайыңды.

— Әкем кеше кешке жақын мені сол үйге апарып тастаған еді, мені асырайтын күй олардың өзінде де жоқ екен, соны көрдім де, өлсем өз үйімде өлейін деп бүгін қайтып келсем, әке-шешем кетіп қалыпты.

— Қайда?

— Қайда екенін қайдан білейін, із-тозы жоқ. Бар малдан қалған жалғыз ат, бар мүліктен қалғаны екі аяқты жаман арба еді, екеуі де жоқ. Соған қарағанда олар мені алдап тастап, өздері бір жаққа қаңғып кеткен секілді. Бірақ...

— Немене бірақ?

— Апамды үйде ме деп те ойлаймын.

— Есің дұрыс па, өз шешеңді өзің үйіңде бар-жоғын қалай білмейсің?

— Есік құлыптаулы тұр. Айғай салсам дауысым шықпайды, есікті тепкілейін десем аяғым көтерілмейді, құлағымды салып тың тыңдасам үні естілмейді. Есіктен алыстай қалсам, апам «Сапар... Сапарым... құлыным...» деп айғай салады, мен қайта жүгіремін, жақындай қалсам үн өшеді.

Баланың жылап отырып айтқан сөзінен Иманның бар ұққаны осы. Оның сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей сарсаң ойда тұр. «Мені алдап апарып ашыққан біреулердің қолына түсірмексің ғой» деп оспақтағысы келіп еді, оны айтуға аузы барар емес.

— Мүмкін, шешеңді әкең қамап кеткен болар, ол сені шақыра-шақыра әлсіреген болар.

— Ол да мүмкін.

— Мүмкін болса тәуекел, алдымен мынаны ішіп ал,— деді де Иман торсығынан бір саптыаяқ көже құйып берді.— Байқа, аш өзегіңе түсіп кетпесін.

— Биылғы жылы көжеден үзілген өзектің арманы бола қоймас.

— Дегенмен, сақтан.

Сапар Иманның бұл ақылын да тыңдаған жоқ, көжені дем алмастан бір-ақ жұтты.

— Уһ... ағатай-ай, неткен жақсы адам едің! Осы сен тарыққандарға тап болатын қызыр пайғамбардың өзі емессің бе?

— Жоқ, соның жиенімін.

— Е, онда сен бақытты екенсің.

— Е, бауырым, егерде мен қандай бақытты екенімді айтсам, сен көзіңнің сорасына ие бола алмассың. Күн кешкіріп қалды, сөзді қой да жүр, шешеңнің бар-жоғын білейік те, кетейік.

Сапар жауап қатпастан Иманның етегінен ұстап түрекелді де, сол етекке жармасқан күйі ілесіп кете берді. Етектен не үшін ұстағанын Иман сұраған жоқ та, Сапар өздігінен айтқан жоқ. Екеуінде де үн жоқ, тек Сапардың анда-санда қысыла шыққан өксігі ғана естіледі.

Иманның көзі — үңірейген есігі үрей шашып тұрған қорада. Оның жақтауына дейін жұлынған есігі әлденендей бір белгісіз үрей шашып тұрғандай қорқынышты көрінеді екен. Қанша сескенсе де Иман сыр сездірген жоқ. Ұшып өткен торғай ма, әлдене қақпаның ар жағынан қып етіп еді, беліндегі қанжарын суырып алды.

— Егер алдаған болсаң, менен аяушылық күтпе, бауырым, мына қанжарды ең алдымен саған саламын.

Сапар жауап қатқан жоқ, өйткені ол басқа ойда келе жатып Иманның не дегенін жөнді естіген жоқ. Оның үн қатпауы Иманның күдігін күшейте түсті.

— Ей, сен неге үндемейсің? Мен саған не айтып келемін?—деді тұра қалып.

— Кешір, ағажан, мен сенің не дегеніңді естігем жоқ.

— Неге естімейсің? Саңыраусың ба?

— Апамның дауысы жаңа маған осы жерден естілген еді, соны тағы да естігім келіп кетті. Сен маған не айтқан едің?

— Алдап апарып жаман ниетті біреулердің қолына түсірсең мына қанжарды ең алдымен саған салатынымды айттым.

Сапар барлық ызасымен жалт қарады. «Ой, өзің қызыр пайғамбардың жиені болсаң да, кәпір екенсің ғой» дегісі келіп еді, оны айтуға батылы жетпеді де:

— Мен ондай кәпір емеспін,— деді салмақтана қалып.

— Кәпір болмасаң алдыма түс.

Сапар үн қатқан жоқ, көзімен Иманды бір атты да, алға түсіп жүріп кетті.

— Сақ болайық, жайырақ жүр.

Бұлар қораға жақындап келеді, жақындаған сайын екеуінің тынысы тарыла түсті.

— Қораның қараңғы жерлері көп пе?—деді Иман Сапардың құлағына сыбырлап.

— Бұл қазір қора емес.

— Енді не?

— Бұрын қора еді, төбесі алынып отқа жағылғаннан бері ескі молаға ұқсап кетті.

Сапардың айтқаны рас, алыстан қомақты қора көрінгенімен, төбесі ашық, қаңқиған тас қабырғалар ғана екен. Тек жылы үйдің төбесі мен есігі ғана аман, басқаларының төбесі ортасына түсіп, тіпті кілет үй мен шошаланың жақтауына дейін жұлыныпты. Қасірет соққысы бүгін қанша қатты тисе де, Иманның қайысатын түрі жоқ, ол шыңдаған сайын шымырай түсетін болат темір секілді қайсарланып алыпты, тағдырдың өзін тәлкек еткісі келгендей, босағаға сүйеніп тұра қалды. Қораның әр түкпіріне көз жүгіртіп тұр.

Оның көзіне бар іліккені жылы үйдің есігі мен сол үйдің үстіне шығатын басқыш. Оның да басқыш дерлік сәні жоқ, көлденеңінен төрт шабақ байланған екі тал қада ғана.

Иман бір қолымен Сапарды құшақтай тұрып, осыларды көзімен шолып шықты да, жылы үйдің есігіне жақындады.

Есікте дәу қара құлып тұр, оны шеңгелдей ұстап бар күшімен ырғап көріп еді, міз бағар емес, тышқандардың шиқылынан басқа ешқандай дыбыс жоқ.

— Қане, есікке жақында да, айғайлап көрші, дауысың қалай шықпас екен,— деп Иман қасына келген Сапарды өзіне қарай тартып есікке жақындатып еді, ол еңіреп қоя берді.

— Апа... Апатай... мен өзіңнің Сапарың... а-п-а..

Ол қанша еңіресе де үн қататын пенде жоқ, мелшиген меңіреу тас қабырғалар міз бағар емес, Иман соны сезсе де, Сапардың көзін жеткізе түскісі келіп:

— Үйлерің неше бөлме?— деді.

— Біреу-ақ.

— Онда шешеңнің бар-жоғын қазір білеміз, үйдің терезесі қай жақта?

— Төбесінде.

Иман басқышты мықтап сүйеді де, төбесіне бір-ақ ырғыды. Сапардың терезе дегені жалғыз көзінің өзі қырық жамау, сол жамаулы көзінің өзі кірден жөнді көрінбейтін бірдеңе екен. Кірін қанжарымен қырып тастап сығалап көріп еді, көре алмады.

— Бұл үйдің қазіргі иесі сенсің ғой, мына терезені жұлып алайын, рұқсат ет.

Иман қасына келген Сапарға соны айтты да, оның жауабын күтпестен терезені жұлып алды.

Бұрқ еткен тозаң, мүңкіген әлдене Иман мен Сапарды кері серпіп жіберіп еді, екеуі де тозаң басылар-басылмастан қайта ұмтылып, ішке үңілді. ,Сапардың айтқаны рас, олардың үйі бір бөлме екен, сол бір бөлме үйдің ішінде аяқ алып жүрер жер жоқ, сонша шашылған дүниенің ішінен іліп алары және жоқ. Көзге ілінері: баланың бесігі, қақпағы шалқасынан ашық жатқан қара кебеже, жер төсек болып біріне-бірі жабыса жарысып жатқан құрым кигіз бен жамауының түтесі шыққан ала көрпе.

— Енді көзің жетті ме?

Сапар Иманның бұл сұрауына жауап қатқан жоқ, жасқа булығып сөйлей алмай тұра жөнелді.

— Тас бауырлар

Ол соны айтты да аулаққа барып жер бауырлап құлай кетті.

«Иә, сендей баланы тастап кеткен әке-шешең шынында тас екен»,— деді Иман ішінен. Ол соны айта отырып терезені орнына қайта салды да, Сапардың қасына келді. Келе бір қолымен құшақтап арқасынан қақты, маңдайынан сипады, өзі білетін жылы сөздердің бірін қалдырмастан түгел айтып та шықты, бірақ оның бірде-бірі Сапарға даритын емес, Иман есіркеген сайын ол еңіреп егіле түсті.

— Ой, өзің ер емес, ез екенсің ғой,— деді Иман енді оны қорқыта,— ездің маған керегі жоқ қош бол,— деп кете беріп еді, Сапар оның етегінен ұстай алды.

— Қойдым, ағатай, қойдым.

— Енді жыламайсың ғой?

— Енді жыласам, көзім шықсын.

— Анық жыламасаң жүр, күн кешкіріп қалды.

— Қайда барамыз?—деді Сапар өксігін баса алмастан.

— Оны өзім де білмеймін. Бұл маңдағы қораның бәрі осындай ашыққандардың мекені болуы мүмкін, жақын жерде бүгінше паналап шығатын мола бар ма?

— Бар, мынау арада Алатай қажының күмбезді моласы бар.

— Көз барда сол молаға жетіп алайық, аяғыңды тезірек бас... Айтпақшы, осы маңда Қарағандыға қарай өтетін жол бар, сен оны білмейсің бе?

— Білем, сол күмбезді моланың ар жағында, арқан бойындай жерде ғана.

— Ал, сәт сапар, Сапарым,— деп Иман бастай жөнелді де, кенет тоқтай қалды.— Шөлдеп қаласың, көп сөйлемей, сұрауға ғана жауап бер.

Кең дүниенің өзінен жан саясын таба алмаған қос жетім тар молаға қарай жол тартты. Жол-жөнекей кездескен бүгінгі кеселдер қалжыратып кеткен бе, қалай, Иманның манағы екпіні жоқ. Талықсып барып көк жиекке еңкейген күнмен бірге еңсесі де еңкейіп кетіпті, аяғын ауыр алып талмаурап келеді. Соңында келе жатқан Сапардың кейбір сұрауларына да жауап қатқан жоқ, үнсіз түнеріп кете берді.

Алып қара бұлт көк жиекті тағы да торлады. Иман оны аңғара қойған жоқ еді, қап-қара бұлттың бетінде ойнаған найзағай алыстан оқ жыландай зәрлі көрінеді екен.

Иманның көзі соны шалып еді, манағы жыланмен тағы да кездескендей жаны ыршып ширығып алды. Оның қорқынышын қоюландыра түскісі келгендей күннің көзін көк жиектің бұлты жалмап еді, дүние түнеріп сала берді.

Сонда ғана ол үн қатты.

— Қайда әлгі қажыңның моласы?

— Ол менің қажым емес, құдайдың қажысы. Оның моласы, міне, мына бір қара тұмсықтың арғы түбінде. Бірақ оған мен жете алатын емеспін.

— Неге?— деді Иман шошына қарап.

— Шаршап қалдым, тіпті құлағалы келемін.

— Ой, өзің жігіт емес екенсің ғой... сал мына торсықты арқаңа.

— Өзім аяғымды көтере алмай келе жатып, сенің торсығыңды қалай көтермекпін?

— Сені мен көтеремін, сөзді қой да ұста жылдам, мін арқама...

— Жоқ, ағасы, мен сенің арқаңа мінетін бала емеспін, сен мені олай қорлама, білдің бе. Бұлдағаның жаңағы көжең болса...

— Жауын жақындап қалды, былшылды қой да мін деймін арқама.

Иман ашуланған сайын оның күлетін түрі бар, бірақ даусы үрейлі.

— Ағатай-ай, шөлдедім-ау.

Иман оның бетіне үрейлене қадалды.

— Мүмкін, ұйқың да келген болар?

— Екеуі де бар секілді.

— Онда бүгін саған нәр татуға болмайды.

Жаңағыдай емес, Сапардың көзінде ойнап тұрған күлкі жоғалып, бұзылып кетті.

— Неге?— деген даусы да үрейлі шықты.

— Манағы ішкен асың аш өзегіңе түскен болды, енді тамақ ішсең өліп кетуің мүмкін, сондықтан ертеңге дейін шыдайсың, жүр.

Сапар Иманның желкесінен көз алмай қадалып келеді, ішінен оны сараң көріп сыбап та жібереді.

— Көжеден өлген кісінің моласын көрген жоқ едім,— деп ақырын күңкілдеп еді, Иман зілдене үн қатты:

— Сен көрмесең ел көреді, сонда елдің көретіні астан аш өзегі үзіліп өлген сенің молаң болады.

— Мен әзір аш емеспін.

Иман үн қатқан жоқ.

— Кеше таңертең жуаның қалың жеріне кездескенмін де, оны сілейе жеп келіп апатайымның емшегін емгенмін.

— Не дейсің?

— Немене, құлағыңның мүкісі бар ма? Мен өзімнің аш емес екенімді, тауымның жуасын жеп, апатайымның сүтін еміп тойғанымды айтып келемін.

— Сонда сен осындай, соқталдай жігіт басыңмен ұялмастан шешеңді еміп келдің бе?

— Ашықсаң қасқырды да емерсің... көзіңді ежірейтпей-ақ қой, ойнап айтамын. Ал шыны мынау, емшекте бір інім бар еді, сол осыдан бір ай бұрын өліп қалды, сонан бері апам мені емізетін болды. Ә дегенде сен секілді мен де ұят көріп қашушы едім, дәмін татып дәндеп алғаннан кейін жабысып айрылмайтын болдым. Кішкене дем алайық, тоқташы.

— Тәтті шығар ә?— деді Иман тоқтай қалып.

— Тәтті болғанда қандай, ондай тәтті сүт ұжмақта да жоқ шығар.

— Өшір үніңді, иттің баласы.

Иманның оны ұрып жібергісі де келді, бірақ Сапардың жаудыраған көзіне көзі түсіп еді — көтерілген қолы кенет сылқ етті.

Тек үнсіз қадалып тұр. Ал, Сапардың өңінен түк байқалар емес, ол Иманды келемеждегісі келгендей езуін бір тартты да:

— Байқа, мен иттің баласы болсам, сенің тақымыңнан түк қалдырмаспын, қасқыр тартқан қойдың тобына барып қосыларсың,— деді жындана күліп.

— Мен саған үніңді өшір деп тұрмын ғой,— деді Иман басқа сөз таба алмай.

— Ажал мен аштық өшіре алмаған үнімді өзім қалай өшіремін? Солардан мықты болсаң сен өшіре ғой,— деді күлімсіреп.

Оның осы күлкісі Иманды шошытатын.

«Мен саған үніңді өшір деп тұрмын ғой,— деді ішінен. Көзін өзіне күле қарап отырған Сапардың көзінен алмастан ойлана қадалып...— Егер есі дұрыс болса, дәл бүгінгі көрген қасіретін ұмытар ма еді?»

Иманның іштей айтып тұрғаны сол. Оның нендей ойда тұрғанын Сапар сезген жоқ.

— Сен неге үндемей қалдың?— деді Сапар оның күдігін күшейте түскісі келгендей күле сөйлеп.— Әлде сен мені есінен шатасты деп тұрсың ба?

— Мен сендей ақылды баланың шатаспайтынын білемін, тек бір тілек тілемекші едім, соны қашан айтатынымды біле алмай тұрмын.

— Әйтеуір айтатын болсаң қазір айт.

— Сен бұрынғылардың: «Уайым түбі теңіз, батасың да кетесің» дегені не дегені екенін білесің бе?

— «Уайым түбі теңіз — батасың да кетесің, тәуекел түбі қайық — мінесің де өтесің»,— демеуші ме еді? Сен неге оны түгел айтпадың? Қалған жартысын мынау жыртық етігіңнің тесігіне жамау еткің келді ме?

Иман елінің ішіндегі шешендердің сөз жарысын көріп өскен еді де, сөзден жеңіле қоймаушы еді, мына бала алды-артын орап оны қайта-қайта мүдірте берді. Бірақ өзінің дәл бұл баладан жеңілсе де қынжылатын түрі жоқ, оны әлі де байқай түскісі келіп:

— Қайғырып қапаланбасаң, жетімдікті ойлап назаланбасаң, өзің қайықсың,— деді.

— Қайғырып қапаланбау үшін, жетімдікті ойлап назаланбау үшін не істеуім керек?

— Ол үшін қайраттану керек?

— Таба алмадың. Ол үшін қарынды қуанту керек, қарын қуанса — қайрат жиылады, қайрат жиылса — жүрек қуанады. Жүрек қуанса ғана қайғы ұмытылады.

Иман таласа алған жоқ, бір жұтым көжені құйып берді де:

— Сақтан,— деді.

Сапар көжені жұта салып атып тұрды.

— Мен енді жарысуға да әзірмін.

Иман оның есі саулығына көзі енді ғана жетіп, қуанғанынан торсығы мен саптыаяғы салынған қоржынды иығына бір-ақ лақтырды.

— Міне, көрдің бе, сен жадырап едің, аспанның найзағайлары маған өзімнің мынау қамшымдай көріне бастады.

Ол соны айтып жүре бере аспанға қарады:

— Молаға тезірек жетейік.

Екеуі жүгіре басып келіп, Сапар айтқан қара тұмсыққа шыға келіп еді, алдарынан тағы да бір кесел кездесе кетті.

Олар түнегелі келе жатқан күмбезді мола екі жүз метрдей жерде тұр еді, сол моланың бергі алдындағы көп қабырдың арасынан біреудің қолы бұлғаңдады.

— Бұл неткен адам?

Соны айтып екеуі де тұра қалды, бірақ ол сұраудың жауабын екеуі де таба алған жоқ. Ол сұраудың жауабы табылмаса, екеуінің де аяғы ілгері басар емес, тек көздері ғана көрден шыққан қолдық әр қимылына байланып қалды.

— Өзі кім болса да қабірдің ішінде,— деді Сапар кірпік қақпастан қадалып.

— Сонда ол көрден не іздеген адам? Әлде қайта тірілген біреу болар ма?

— Қайта тірілсе тірілер, бірақ бір көмілгеннен кейін тұра алмас.

— Әлде біреуді жерлегелі жатқан қабірші ме? Жоқ, оған ұқсамайды.

— Жаңада жерленген біреуді аршып алғалы жатқан аштардың бірі болмаса?

— О, сұмдық, солай болуы да мүмкін, басқаның қисыны жоқ, қас қарайып, күн жауғалы келеді, енді қайттік?

— Қолы тыным таппайтын неткен адам бұл?

Ол екеуі үшін ең қиын сұрау осы болды.

Олардың көзіне үрей салған адамның қолы емес, жемтік іздеп жас қабірді ақтарып жатқан қорқау қасқырдың құйрығы еді. Екі жетім оның не екенін әлі айыра алған жоқ, жаңбыр жақындаған сайын жан қысылып барады, мынандай халде жауынның астында қалу — елу. Не істеу керек?

«Қайда барсам — Қорқыттың көрі!» деген осы екен-ау»,— деді Иман ішінен. Ол соны айта тұрып әлденеге бекінді де, қойнын тасқа толтырып алып:

— Жүр, не болса да бара көрейік,—деді. Көзі әлденеге жеткендей Сапар оны ұстай алды:

— Тоқта, ойбай... Анау адам емес.

— Енді не?

Сапардың үрейлі көзі әлі таяр емес.

— Ол көрдегі адамды жеп жатқан қасқыр.

— Қасқыр!

— Иә!

— Онда тәуекел!

— Немене тәуекел?..

— Мен адамнан болмаса, қасқырдан қорықпаймын. Ық жағынан бұғып барамын да таспен атамын, жақындай қалса мына қанжарыммен жайратамын.

Ол соны айтты да Сапарды сендіргісі келгендей беліне қыстырып алған қанжарын суырып алды.

— Танып қой, бұл менің батыр атанған нағашым Саржанның қанжары. Бұл даланың қасқыры түгілі, құдайсынып жүрген Текештің де қанын судай шашар әлі.

Ол өзі сескене тұрып Сапарды осылай қайрап алды да, қасқырға қарай қадам басты. Сапар да ілесті, бірақ оның құты қашып қалтырап келеді. Иман оның көңілін дауалатқысы келгендей арқасындағы қоржынды ақырын алып үн шығармастан Сапардың қолына ұстатты да, өзі бір қолына қанжар, екінші қолына жұдырықтай тас алып, қасқырдың ық жағын ала еңбектей жөнелді. Ондағы ойы қасқырды қапылыста шошыту. Егер шоши қалса, қасқырдың қайрылмастан зытатынын ол жақсы білетін. Оқшау қалуға қорықты ма, жоқ әлде өзіндей баладан қалып қоюды намыс көрді ме, Сапар да қалмай келеді.

Жауынның алды бұларға да келіп жетті. Аспанның бір бөлегін опырып алып бұлардың төбесіне тастағысы келгендей, отын шаша, оғын ата шатырлаған найзағай өршелене, өжеттене сатырлап келіп гүрс етіп еді, екі жетім бірін-бірі құшақтай алды. Жер шайқалғандай екеуі де теңселіп тұр, екеуінің де көзі жұмулы, екеуінің де еріні ғана жыбырлайды, екеуі де жалбарынып күбірлейді:

— Астағыпралла... астағыпралла...

Екеуінің бар айтары сол ғана.

Жерді бір жайпап, жетімектерді бір бұқтырғанына мәз болғандай найзағай тына қалды. Балалар көздерін ашпастан біріне-бірі әлі жабысып тұр.

— Сапаржан, тірімісің?

— Өзің ше?

— Сен іштеңе байқадың ба, жаңағы найзағай қажының моласын жапырып кетті-ау деймін.

— Білмеймін, әйтеуір жап-жасыл бірдеңе бәрімізді де жайпай жаздады.

— Қажының моласы көрінер ме екен, қарашы.

— Мен көзімді аша алмай тұрмын, өзің қара.

— Сұмдық-ай, не дейсің? Менің де көзім...— дей бере қуанып кетті.— Жоқ, менің көзім аман екен, жаңа тым қатты жұмып жібергенбіз ғой, аш көзіңді.

— Фу,— деді Сапар өз көзінен өзі ұялғандай жабысып қалған кірпіктерін шымшылап,— мұнша қорқақ болармыз ба, өз көзімізді өзіміз жұтып жібере жаздаппыз ғой.

— Жаңағы қасқыр қайда? Жер жұтқан ба?

— Қашқан ғой батырың, мола аман екен, жүр, үстімізді суламай тезірек жетейік.

Екеуі тұра жүгірді, бірақ молаға жете бере тағы да тоқтай қалды.

— Тоқта... мүмкін ол қасқыр моланың ішіне кірген шығар.

— Мына бір жатқан немене?

— Аяғыңның астына қара, біреу жаңа ғана соқа салып кетіпті.

— Жоқ, бұл соқаның емес, жанағы найзағайдың ізі, сен бұған емес, анаған қара, ана шала жанып жатқан қасқырға қара.

Жай түсіп өлген қасқырды көріп қуанып, екеуі де молаға кіріп кетті.

— Көп жаса, бауырым найзағай!

Алатай қажының моласы өзінің сегіз қанат киіз үйінен де, төрт бөлмелі ағаш үйінен де кең еді. Бүкіл әулетінің бір молаға жерленуін тіледі ме, кім білсін, әйтеуір осындай кең етіп көзі тірісінде өзі салдырған болатын. Өзі өлместен бұрын моласын сайлағаны үшін оның қажылығына шәк келтіріп, сыртынан ғайбаттамағандар аз, бірақ бұл айыбын бетіне басушы болған жоқ. Балшығына қырық қара ешкінің майы құйылып салынған бұл мола біткен жылы қажының өзі де қайтыс болды. Оны әулие көріп басына түнеушілер де аз емес. Қайтыс болғанына, міне, үш жыл, сонан бері оның әулетінен шетінеушілер болмай, қақ ортада деңкиіп жалғыз өзі жатыр. Оның жалғыз екенін Сапар жақсы білетін еді.

қасқырдан құтылғанына бір қуанса, ішінде жалғыз-ақ, қабірі бар моланы өз үйіндей көріп екі қуанған еді, ол қуанышы ұзаққа бармады. Олар есіктен кіре берген ішінде найзағай моланың ішін ақ сәулеге малып жіберді де «көріп қалыңдар, мына жалғыз қабірмен жарыса жабысып жатқан бәлені» дегендей сөнбестен тұрып қалды. Қас-қағымда найзағай сөнді, бірақ жаңағы жалғыз қабірге жабысқан елес Сапардың көзінен өшер емес. Найзағай оты өшісімен басын көтеріп, қараңғыны қармап еңбектеп келе жатқанға ұқсайды.

— Лә хаулә, ла хаула,— деді Сапар бір сөздің өзін екі түрлі күбірлеп. Мұнша неден қорыққанын айтуға дәрмені жоқ, әрі намысы да жібермей тұр.

— Осы бо-са-ға да же-тер,— деді, қабырғаны сүйкей отыра бере Иманның етегінен тартып.

— Тоқта, басына таман барып құран оқымасақ қажы жарықтық бізді моласынан қуып шығар,— деп Иман ілгері жылжып еді, Сапар оны етегінен тартып жібермеді.

— Жалынамын, ағатай, бармашы, жақындамашы, үлкендер әруақтарға арналған құранды үйде отырып та оқи береді ғой, сүйтші, осы жерде оқи берші.

Ол Иманға жалынамын деп, өзінің жасырып отырған сырын ашып алды.

— Сен су өтпестен жаурағансың ба, неге дірілдейсің?— деп Иман оны бір қолымен құшақтап еді, Сапар егесе түсті.

— Адам өзін байқамайды екен-ау, су өтпесе өзің неге дірілдейсің? Тісің неге сақылдайды?

Оның бұл сөзі Иманды тағы да шошытып жіберді:

— Бісмілдә, бісмілдә деші, кәлимаға тіліңді келтірші.

— Ал, келтірдім кәлимаға тілімді, сен қараңғыда құлап қаларсың, аятыңды осы жерден айдап жібер.

Есінен ауық-ауық адасып отырған оның жаңағы бір айтқаны рас, жүректің жаурауы Иманның өзінде де бар еді, бірақ ол тез қайраттанып алды да, өзі білетін құлхуалласын тағы да күбірлете жөнелді. Қорқынышты ойлар қайта-қайта кимелеп бірнеше рет жаңылдырып та жіберді, оған да қайысқан жоқ, құлхуалласын үш қайырып алды да, алақанын жайды, арапшасы мен қазақшасы аралас бірдеңені тағы да сыбырлай жөнелді, ең ақырында дауысын шығарыңқырап «үшпу дұғаның сауабын Алатай қажының әруағына бағыштадым, аллау әкпар» деп бетін де сипады. Сапар тағы да бір үрейді көрген болу керек, қолы көтеріліп, алақаны жайылған күйі үнсіз, қимылсыз қатып қалыпты. Иман сипалап отырып оның қолынан ұстады да:

— Мұның не?— деді ақырын.

Сапар бетін сипамастан қолын түсіріп жіберді де, Иманның құлағына әлденені сыбырлай бастады.

— Ана қабірдің ар жағында біреу бұғып жатыр.

Оның бұл сөзі Иманның денесін тітіркендіріп жіберді. Ол өзінің қанжарды қалай, не үшін тез суырып алғанын да сезген жоқ, бір тізесімен отыра қалды да:

— Қайда?—деді сыбырлап.

— Қазір найзағай жарқ берген кезде анықтап қарады, мына жатқан қабірдің нешеу екенін байқашы.

— Оны есіктен кіре бере байқағанмын, екеу.

— Анық екеу ме?

— Тіпті көлемін де айтып бере аламын, бірі қажының өз қабірі болар, үлкен, екіншісі жас баланың қабірі секілді.

— Онда сақтан.

— Неден?

— Мен жақсы білемін, бұл молада жатқан қажының өз қабірі болар — үлкен, екіншісі — жас баланың қабірі емес, қолына кім түссе сол жерге көметін біреу.

Сапардың бұл сөзі, сөзі емес-ау, соны айтқан кездегі жүрегінің дүрсілі Иманды сескендіріп тастады. Не істерін білмей есіктен сыртқа көз жіберіп еді, нөсерлі түн басқан дала мынау моланың ішінен де қараңғы екен. Бірақ зұлмат түні басса да Арқаның асау даласы тұншығар емес, дауылы жаңбырға, жаңбыры дауылға айналып кеткендей, теңіздей тұтасып алған қара бұлт та от шашып оғын атқылайды, кейде аспанның өзін еңсеріп әкеткісі келгендей долы дауыл екпіндеп еңкілдейді, екіленеді, алуан түрлі күй сарнайды, дауыл күйі, дала күйі қосыла сарнайды. Осының бәрі мынау екі жетімнің жүрегіне үрей шашып, жалын болып шарпиды.

Ол екеуінің үрейге толы көзі түннің өзін тесіп барады. Екеуінің де аңдығаны қабірдің түбінде ұзыннан сұлап жатқан үрейде. Найзағай жарқ еткен сайын бір көріп қалуға екеуі де ынтық. Бұлар ынтыққан сайын үрей әрқилы көрінеді, біресе керіледі, біресе бүгіледі, кейде жаңбырдың жел ұйтқыған кездегі күшейген дүбірі сол қабірдің түбінде жатқан «дәудің» қорылы болып естіледі. «Қорыққанға қос көрінер жалғыз қурайдың» көрі ме, кім білсін, әйтеуір мына екі баланы оның үрейі мүлдем жеңіп алды.

— Өзі кім болса да ұйықтап жатыр,—деді Сапар тұншыға сыбырлап. Өз сөзі өзіне оғаш көрінді де, Иманға тығыла түсті.— Ол ұйықтаса ұйықтай берсін, өзіміз ұйықтамайықшы.

Оның үні тым жалынышты.

— Мүмкін, ол сая таба алмай қаңғырып келіп моланы паналаған өзіміз сияқты бір бейбақ шығар,— деген Иманның сөзі де секем алған көңілді жұбата алған жоқ.

— Ол да мүмкін, оянғаннан кейін бізді бассалатын біреу болуы да мүмкін.

— Бассалып бізді қайтеді?

— Өлтіреді.

— Өлтіріп қайтеді? Қорықпа, аш адамның бізге әлі келмейді, ал моланы паналаған өзіміз сияқты біреу болса, бізге тимейді.

— Тигісі келсе неге тимесін.

— Тигісі неге келеді, бізден не алу үшін тиіседі?

Екеуі де жауабын өздері таба алмайтын осындай теке-тірес сұраумен үнсіз отырып қалды. Екеуінің де көзі алдарында жатқан қабірде, қалқиған жарғақ құлақтары алыста. Ойлары астан-кестен. Өйткені алыстан бір күшті сарын келеді.

Иман ә дегенде оны манағыдай құлақтың шуылы болар деп еді, олай емес, таудан сарқырай құлаған тасқын секілді бір күшті сарын жақындап келеді. Ол жақындаған сайын жаңбырдың үні өшіп барады. Тіпті бір тайпа елді ағызып келе жатқан тасқын болу керек, шұрқыраған жылқының, шулаған адамның дауысы еміс-еміс естіледі.

Иман өз құлағына сене алмай, Сапарға ақырын үн қатты:

— Тыңдашы, алыста біреулер келе жатқан секілді.

Сапар құлағын бір шұқыды да, аздан соң барып сыбыр етті.

— Ығып келе жатқан жылқы-ау деймін.

— Ыққан жылқы желге қарсы жүрмейді, мына дыбыс ық жақтан келеді.

— Онда білмедім.

Сарын жақындаған сайын жылқының дүбірі айқындала түсті.

— О, ғажап, желге қарсы жосыған бұл не жылқы?

Мұндай тұйыққа тірелген кезде қорқынышты ойлардың келгіштігі қандай. «Әлде бізді қорқыту үшін жылқы болып дүбірлетіп жүрген әруақтар ма екен? Оларға біз не жаздық? Бар білетін дұғамызды оқып бағыштадық, басқа не істейміз? Әлде жалғыз дұғаңды қажыға сыйлап, бізді құр қалдырдың деп жүрген басқа әруақтар ма екен?»

Иман осындай үрейлі ойлардың шеңгелінен шыққанша болған жоқ, біреулердің самбырлаған дауысы естіле кетті.

Тұншығып жатқан даланы түнімен дүрліктіріп келе жатқан қалың жылқының дүбірі, жердің түгін жуып кетіргісі келгендей өршелене, өшіге төгілген нөсердің дыбыры, бар қасіретті айдап әкеткісі келгендей екілене соққан желдің суық сүреңі адам үнін жөнді естіртер емес. Есік алдына келгендердің ішінен біреудің бүркіт дауысы саңқ етті.

— Межелі жерімізге де, көксеген елімізге де жеттік, жылқыны мына құзға иіріңдер, бірде-бірі шашау шықпасын. Ақсарының арыстаны, жер жағдайын жақсы білетін сендерге айтып тұрмын, сақ болыңдар, өзі ұрлық жылқыны ұрлап жүрмеңдер, мақұл ма?

— Мақұл, мақұл!—десіп біреулер жылқы соңынан шаба жөнелді де, енді біреулер есік алдына келіп аттан түсе бастады.

Сол әмірші келіп есіктің маңдайшасын байқады да, қасындағыларға тағы да әмір етті.

— Маңдайша бұзылатын емес, амал жоқ, аттарды ыққа байлап, аяғына шідер салыңдар.

— Қуғыншылар келіп қалса атқа салған шідеріміз өзімізді шідерлемес пе екен?

— Ойдағы қалың орысты қаптатып келмесе, бүгінгі жамсатыстан кейін бізді сонша жерден қуып келетін қазақ бола қоймас, дегенмен найзаларың қолдан түспесін.

Ол соны айтты да, екпіндей басып молаға кіріп келді.

— Ассалаумағалейкем, қажеке. Қараңғы түнді қармай қасыңа келдім, қамығып келдім. Жауымнан қашып, жауыннан жасқанып келгенім жоқ, өмірмен өштесіп, қарғыс оғыңды тілей келдім. Саған, сен арқылы жасаған тәңірге арыз айта келдім. Бүгінгі менің сен арқылы айтар арызымды мұнан отыз жыл бұрын орыстың бір ұлы айтқан екен, әрі айдаудан саған арнап әкелген сыйлығым болсын, соны тыңдаңыз, жасаған иемізге жеткізіңіз. Орыстың ол ұлы перзенті былай депті: «Біреулердің басқаларға өктемдігін жүргізіп талауына, олардың ең асыл қазынасы — азаттығын тартып алуына апатты право беретін кім? Олардың табиғат пен адам баласының праволарын масқаралауына жол беретін кім? Өзіне ермек үшін немесе көңілін сергіту үшін мырзалар құлының терісін сыдыра алады, оны малша сата алады; итке, жылқыға, шырға айырбастай алады; оны әкесінен, анасынан, апа-қарындастарынан, аға-інілерінен, оған қымбаттының барлығынан да өмір бойы айыра алады. Бар адамның иесі — мархабатты тәңірім! Жауап бер маған: өзінің жақындарының етін жеп, сүйегін кеміріп қоректенетін, олардың қаны мен көз жасын суша сіміретін осы жыландарды, осы аждаһаларды, осы жолбарыстарды сен бе дүниеге келтірген?»

Ол соны айтып қажының қабіріне жантая кетіп еді, босағада тұрған жігіттер күліп жіберді.

— О, қуыс кеуделер, неменеге мәз бола қалдыңдар?— деді.

— Кешіріңіз,— деуден басқа сөз жігіттердің аузына түскен жоқ.

Жылқының дүбірі тауға қарай алыстап барады. Жаңағы күлкілеріне қарағанда, мыналар төртеу секілді, бұл төртеудің осында түнейтін түрлері бар. Қайсы бірі шекпендерін шешіп алып суын сарқырата сығып жатыр, солардың бірі үн қатып:

— Мәди аға, жарғағыңыздың суын сығып берейін, шешіңіз,— деп еді, жантайып жатқан адам:

— Жарғақ сығылмайды, сілкінеді де ілінеді. Мә, үш қайтара сілкіп жібер, найзама іліп отырайын.

Моланың іші тағы да жым болды. Манадан демін ішіне жұта-жұта тұншығып отырған Иман Мәдидің аты аталған кезде жаны жалын болып лап еткендей ұмтыла бере тоқтап қалды.

«Атақты Мәдиді айдауда деуші еді ғой, мынау да осал емес секілді, сонда бұл қай елдің Мәдиі болды екен?»

Ол ішінен соны айтып үлгіргенше болған жоқ, найзағай жарқ етіп еді, жорықшылардың бірі балаларды көріп қалды.

— Мәди аға, мынау арада біреулер отыр — деді ол. Ермек табылғанға мәз бе, қалай, дауысында келемеждің кердең күлкісі бар.

— Кешегідей алдар болсаң, мына қажының әруағымен ант етейін, аямаймын.

Оның бүркіттің дауысындай саңқыл дауысы бұл сапар мүлдем айдынды шықты.

— Оллаһи, біреудің отырғаны анық,

— Біреу емес, екеу,— деді екінші біреуі.

— Манадан бері сәлемдеспей, бізді аңдып үнсіз отырғандары үшін нешеу болса да сүйреп әкеліңдер.

Есік жақта тұрған біреудің:

— Ей, жандарыңның барында келіңдер бері!—деген өктем даусы шықты, найзасымен жерді түйгіштеп айғай салды.— Жақсыатпен келесіңдер ме, жоқ па?

— Өздері сескенуді білмейтін бірдеңе секілді ғой,— деді екінші біреуі.

— Мен жаңа ғана анық байқадым, шайтан секілді,— деп үшіншісі үрей шақырды.

— Болса болар, үндемеулері жаман,— деді жаңағы найзасын түйгіштеген батыр. Алғашқысындай емес, оның көмейіне тас тығылғандай тілі күрмеліп тұр.

— Шайтан болса шашынан сүйреп әкеліңдер, ақысына екі ат мінгіземін, айрылып қалсаңдар елу қамшы дүре жейсіңдер.

Мәдидің қамшысынан қорықты ма, жоқ әлде екі жылқы сыйына қызықты ма, әйтеуір найзасымен жерді түйгіштеген батыр қайтадан батылданып кетті.

— Жолымнан былай тұрыңдар, мен найзаммен түйреп әкелейін.

Сонда ғана Иманның жан даусы шыр етті,

— Ағатайлар-ай, тоқтаңыздаршы.

— Ал, тоқтадық, сендер кім едіңдер?

— Біз шайтан емеспіз.

— Енді кімсіңдер?

— Қаңғырған бір жетімдерміз.

— Қайдағы жетімсіңдер?—деді жаңағы найза түйгіштегіш батыр, аузына не түссе де талғамай айта салатын әдетімен.

Иман тез ширығып алды да, найзалының бұл сұрауына зілдене жауап қатты.

— Сіздей батыры бар елден пана таба алмай, өлінің моласын паналап жүрген жетімдерміз.

— Не дейді, мен ұқпай қалдым, қайта айтшы,—деп тап беріп еді, Мәдидің үні зілді шықты.

— Тоқтат!.. Балақай, қорықпаңдар, бері келіңдер.

Бұларды бірін-бірі керіп алсын дегендей найзағай молырақ жарқ еткен кезде Иман найзасына сүйеніп отырған біреуді көрді. Сапарды жетектей соған жақындай бере:

— Ассалаумағалайком!—деді Мәдидің өз сәлем берісіне салып.

— Уағалайкүмссалам. О, жол болсын, батырлар, кімсіңдер?

Бұл сұраудың орайына Иман Мәдидің өз әнін ыңылдатып қоя берді.

Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды,

Адал дос бірін-бірі алдамайды.

Қара тас ұйқың келсе мамық болар,

Шын ғашық сұлулықты талғамайды.

Баланың зарлы үні жүрегін қозғап жіберді ме, жоқ әлде алдағы өмірінің тағы да қашқындықпен, айдалумен өтетінін ойлады ма, әннің қайырмасына Мәдидің өзі де қосылып кетті.

— Жә, біздің мұндай зарымызға әруақтар да қосылып кетер, олар қосылса бүкіл қазақ даласы күңіренер, тоқтайық, жөндеріңді айтыңдар, құшағыма алар едім, киімім су.

Ол жауап күткендей аз отырды да, Иманның қолын қармай ұстап:

— Даусыңнан лапылдаған жалын байқалған еді, қалай тез сөне қалды? Неге үндемейсің?—деді.

— Осы сіз анық атақты Мәдисіз бе?—деді Иман.

— Алдымен менің сұрауыма жауап бер.

— Мен әкесі Текеш дейтін мырзаның соққысынан, шешесі аурудың зардабынан өлген жетіммін, мына бала әкесі мен шешесінен адасып қалған Сапар дейтін жетім.

— Өз атың кім?

— Өз атым Иман, әкем аты Ноян. Ал ар жағыңызда жатқан дәудің кім екенін өзіміз де білмейміз.

— Қайдағы дәу?

— Қабірдің ар жағында біреу ұйықтап жатыр.

«Дәу» деген бір сөз жорықшылардың төртеуін де дүрліктірді, төртеуі де найзаларын кезей атып тұрды.

— Найзағай... найзағай,— деп жарық тілеп, Мәди саңқылдай жөнелді.— Қара түнмен қағысып найзағай отын шашпаса, адыра қалсын ақ найзаң. Тек өздерің қапы кетпеңдер, ұйықтап жатқан кезінде бас салатын қарақшыларға да ұқсамай, оятып алып егестіріп шайқасыңдар.

Мәдидің осы әмірін күтіп тұрғандай найзағай жарқ өтіп, моланың ішінде бардың барлығын көздің алдына алып келді.

— Мынау қажының қабірі, мынау мұрнағы күні өзіміз кеміп кеткен қарнымыздың қамы, қайда бұлардың «дәуі?»

«Қарынның қамы?»—деді Иман оның сөзін іштей қайталап.

— Ей, сендердің көздеріңе көрінген дәу қайда?

— Ағатайлар, кешіріңіздер, менің кісі дегенім өздеріңіз көміп кеткен қарындарыңыздың қамы екен.

Мәди мырс етіп күліп жіберді.

— «Қарынның қамы» деген сөзді шығарған қайсың?

— Мен едім, Мәди аға.

— Сен болсаң, сондай көтерем сөзің үшін көмбедегі азықтарды аршып әкел де, мына қонақтарды тамақтандыр.

— Келіңдер, жігіттер, көмектесіңдер.— Үш жігіт барды да Имандардың көзіне адам болып көрінген топырақты қопарып тастап, астынан бірдеңелерді бірінен соң бірін суырып ала бастады.

— Жылқыдағыларға да қалдырыңдар, олар да кешеден нәр татқан жоқ қой.

Мәди төс қалтасынан алтын сағатын алып қарады да:

— Қазір сағат он бір, бір сағаттан кейін кезекке барасыңдар, таңғы тамақ тәңірден, жақсылап тамақтаныңдар. Мына екеуіне алдымен бір-бір тостаған қымыз беріңдер, етті сонсоң жесін. Бұларға не берсеңдер маған да соны беріңдер, алдымен бір тостаған қымыз, сонан кейін жал мен жаядан кішкене.

— Неге аз?

— Үй иесінің қонақтарынан көп жеуіне болмайды ғой, ал қонақтарымның онан көп жеуіне болмайтын себептер бар,— деп Мәди өзінің оң тізесін баса отырған Иманды бір қолымен құшақтап еді, оның көңілі аспанға бір-ақ шықты. Сол екі арада айтар сөзін де сайлап үлгірді.

— Қонақта ерік бола ма, үй иесі жал берсе де жей береді ғой,— деді ақырын.

— Осы сөзі үшін жалдан бір жапырақты бұған да беріңдерші.

— Мынау өзі бала емес, бәле ғой,—деді жігіттердің бірі күшене сөйлеп. Оның сөзінде сүйсіну де бар секілді. Соны сезген Мәди:

— Сөз қадірін білетін жігітсің ғой, бағалай да білерсің,— деп ишарат білдіріп еді, анау:

— Бала, қолың қайда, әкел бері,— деді де, Иманның қолына екі жапырақ жалды қыстыра салды.

Иман қолына тиген екі жапырақ жалдың бірін Сапардың аузына өз қолымен салмақ болып:

— Аузың қайда?—деді,

— Бұл не?— деді Сапар.

— Не екенін өзің білмесең де таңдайың танитын болар, аузыңа сал да шайнамай тамсай бер... түу, өзі жас жылқының жалы екен, жал емес-ау, бал екен.

Сүрі жалдың сынаптай сырғыған майы көмейіне жылжып барған сайын Иман тамсанып отыр, ол тоғыз айдан бері татпай аңсаған қымызды да ұмытып кетті.

— Қалай, балақай?—деді Мәди Иманды бір қолымен бауырына тартып, — жалдан қорқуды қойдың ба? Енді қорықсаң қорқа бер, сендерді қорқытқан дәу — жылқының осынау еті мен қысырдың аз ғана қымызы. Жорықтан қалжырап қайтсақ жүрек жалғансын деп мұрнағы күні осы жерге көміп кеткен едік, ауыздарыңның салуы бар екен, жеңдер, ішіңдер. Қанаш, ей, қонақтарға қымыздан бермегенің қалай?

— Аз болған соң Жомарттың жомарттығы болмай отыр,— деп біреу күле күжілдеп еді, екінші біреуі:

— Мен емес, қымыз құйылған торсықты бұтына қыстырып алып бермей отырған Қанаштьщ өзі,— деп шар-шар етті.

— Өле ішкенше бөле ішкендерің жөн болар, қонақты баласынамын деп бармақтарыңды шайнап жүрмеңдер.

— Рақмет, ағажан,—деп Иман басын Мәдидің кеудесіне сүйеді.

Шынында ол бүгінгі көрген қасіреті мен қорқынышының барлығын да ұмытқандай жадырап кетті.

— Осы сөзің үшін мына қымызды сен ішші,— деп Мәди өзіне берілген қымызды Иманның қолына ұстата салды.

— Мына жүгірмек аяқты қалай-қалай тастайды-ей,— деп жігіттердің бірі сүйсінген шырай білдіріп еді, екінші біреуі:

— Немене, аяқ салатын ол сенің көңілдесің бе?— деп өзінше тойтарып тастамақ болып еді, анау оны Абайдың сөзімен қағып түсті:

Есіл сөзім қор болды-ау

Тобықтының өзіне.

Бұл екеуі осы жорыққа бір аттанғанымен, екеуі егестегі екі елдің найза ұстар батырсымағы еді. Өз елінің іргесіне жеткен соң екеуі де жондарын күмпитісіп, ескі егестеріне басуға бейім, соны сезген Мәди сөздің бетін тез бұрып жіберді.

— Ау, батырлар-ау, біз қайда кетіп барамыз?— деді.

Иман басқа бір дүниеге келгендей күйде отыр.

Апыр-ау, менің осы көргендерімнің бәрі өңім бе, түсім бе? Мәди сияқты атақты адамнан жаңағыдай жақсы сөздер естіп, құшағында отырған анық мен өзіммін бе? Жоқ, әлде аруағым ба? Жо-қ, анық өзім. Түсім де емес, өзім».

Қарамы аз болса да дәмі мол ет те желінді, қымыз да ішілді. Қарны асқа қуанса, жаны мынандай жақсы жандардың ізгілігіне қуанып Сапар лезде ұйықтап кетті. Иман одан да бетер қуанышты, бірақ қайдағы бір ауыр аңсау оған ұйқы берер емес. Оның ойынша: Мәди қиырдан-қиырға құлаш ұрып жүйткитін найзағай секілді жан екен, мұңын шағып ақыл сұрағысы келеді, батылы жетпей, үміті жер бауырлап жата кетеді.

— Ал, жігіттер, азықтанып болсаңдар тезірек атқа қоныңдар да, ас апарып әрқайсың өз жігіттеріңнің аузын жылытыңдар. Жаурағандары болса мұнда жіберіңдер, бірақ бәрі бірдей жаурап, жылқыны есіз тастап кетпесін. Берен жылқының ық жағын саған, сенің адамдарыңа тапсырамын.

Мәди соны айтып сағатына бір қарап алды да:

— Таңның атуына төрт сағат бар,— деді ойлана сөйлеп,— таң атысымен үшеуің екіден алты жігіт бөліңдер де олардың әрқайсысының жетегіне екіден жылқы беріп, жан-жақтағы ауылдарға жіберіңдер. Аштарға ғана үлестірсін. Жылқыны союға шамасы келмейтіндер болса, көмектессін, тым болмаса бауыздап беретін болсын.

— Өзіміз қайтеміз?—деп жігіттердің бірі сұрау тастап еді, екінші біреуі:

— Ауыз жылынды, бойды да жылыту керек болар,— деп оның сөзін демей түсті.

— Жас өмірімізді қиып, басымызды өлімге не үшін байлап келеміз, соны қашан ойлайсыздар?—деді жаңағы қалжыңнан жеңіліп қалған жігіт.

— Өзің ше?

— Мен ойланып болдым, өзгелер жылқы болып кетсе де мейлі, мен өз еншімді бөліп аламын да кетемін.

Мәди оның сөзіне шамырқанса да, жауап қатқан жоқ, тіпті оның сөзін естімегендей жай сөйлеп отыр.

— Осы жылқының ішінде бір семіз күрең тай келе жатыр. Сол тайды мал соя білетін төрт жігіттің қолына беріңдер де, жақын жердегі қораның біріне жіберіңдер. Олар тайдың етін түгел ассын да, бізге ыстық тамақ дайындасын. Қалғандарын жылқыны құздан шығармай қарауылда тұрыңдар. Ал, егер ел аштан қырылып жатқанда, солардың сыбағасынан енші алғысы келетіндер болса, елу қамшы дүре соғыңдар да, қол-аяғын байлап, қораның біріне тастап кетіңдер. Жолдарың болсын, барыңдар. Менің Көкдауылым жалғыз тұра алмас, жетектей кетіңдер. Егер қуғыншының қарасы көріне қалса, Көкдауылымды қолыма тигізуге ұмтылыңдар. Мен мұны, Қанаш, саған айтып отырмын.

— Манағы қуғыншылардан түсірілген аттардың екеуі біздің жетегімізде, Көкдауылды сол екеуіне матастырып кетсек қайтеді?

— Мен жауымның малына да сенбеуші едім, дегенмен қалдырғыларың келсе қалдырыңдар, тек ана олжа аттарды шідерлеп кеткейсіңдер.

— Сау болыңыз,— деп жігіттер жөнеле берді, есіктен шыға бере біреуі:

— Я, әруақ қолдай гөр,— деді.

Мұнан әрі ешқайсысы үн қатқан жоқ. Найзаларының ұшы тиген тастан от жарқылдата шығып кетті. Тек сыртқа шыққан соң ғана біреуінің:

— Я, әруақ, күн ашылып келеді,— деген көңілді дауысы естілді.

Сол ашылған аспанмен бірге өз өмірінің де бұлты ашылатындай, үстінен әлдебір салмақ төңкеріліп түскендей Иман да серпіліп сала берді.

Мәди шалқасынан жатқан күйі оған құшағын жайды.

— Кел, менің мына қолым жастығың болсын, бері жантай.

Иман рақметін айтып жантая бере ойланып қалды:

— Сіз әлден ұйықтамақсыз ба?

— Егер сен қызықты әңгіме айтсаң, ұйықтамауым мүмкін.

— Менің бар білетін әңгімем өзімнің қасіретім ғой, оны айтар болсам, сіз түнімен ұйықтамай дөңбекшисіз.

— Онда ертең айтарсың,— деді де, Мәди қор етті.

Иман Мәдиден мұны күтпеген еді, не істерін білмей аңырып қалды. Оң жағында Мәди, сол жағында кішкентай мұрны ақырын пыс-пыс етіп Сапар жатыр. Сол екеуінің ұйқысы арбағандай, бірте-бірте талықсып барып өзі де ұйықтап кетті.

Қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір бір мезетте Иман шошып оянды, оның шошып ыршыған қимылы Мәдиді де оятып жіберді.

— Ұйықта, балақай, ұйықта,— деген Мәдидің жылы лебізі естілді, бетіне оның ыстық лебі де тиді. Бірақ ұйқы шіркін енді қайтып келер емес. Керіле созылып, есінеген сайын ұйқысы ашыла түсті.

Моланың іші көзге түртсе көргісіз күйінде түнеріп тұр екен. Сол қараңғы тұншықтырғандай сілейіп біраз жатты да:

— Мәди аға, сіздің әкеле жатқаныңыз тағы да Түнекбайдың жылқысы ма?— деді.

— Түнекбайды сен қайдан білесің?

— Мен оның өзі түгілі әкесінің жылқысын сіздің шапқаныңызды, сіздің басыңызды орыстардың түрмесіне байлаған Келбет дейтін қызын да білемін. Ол біздің Текештің кіші тоқалы Кенелдің немере сіңлісі екен.

— Сен өзің нешедегі немесің?

— Он жетідемін, оны не үшін сұрадыңыз?

— Қаршадай басыңнан соның бәрін қайдан біле бересің?

— Түнекбайдың ауылын алғаш шапқан кезіңізде өзіңіз нешеде едіңіз?

— Оны қайтесің?

— Айтыңызшы.

— Он жетіде едім.

— Менің естуімше де солай. Сіз он жетіде едіңіз, мен оны жақсы білемін. Өйткені әкем менің сіздей болғанымды көксейтін де: «Он жетісінде қол бастаған Мәдидей бол» деп тілейтін. Сол сорлы әкенің өлерінде сізге айтқан аманаты бар.

— Аманат! Нендей?

— Оны таң атқан соң айтармын, әзірше сіз оның жаңағы сөзіне төрелік айтыңызшы, сіздің Түнекбайдың ауылын он жеті жасыңызда шапқаныңыз рас па?

— Ол рас-ау, бірақ бір қолдың да саусағы бірдей емес қой, әкең байғұс оны қалай білмеді екен?

Мәдидің емеуірініне Иман да түсіне қалды. «Иә, екеуіміз бірдей емеспіз, арамыз жер мен көктей. Сен Абылай ханның атақты биі, қаһарлы сөзімен қамал бұзған шешені Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі, Алшынбай бидің немересі, азуы алты қарыс Қақабайдың інісі Мәди, ақын Мәди, әнші Мәди, батыр Мәдисің де, мен жалғыз атты қу кедей Ноянның Иманымын».

Ол ішінен солай десе де, ойындағысын жасырғысы келген жоқ.

— Егер мен сіздей болсам...

— Онда не істер едің?

— Онда ма? Онда мен сол Келбет дейтін қызды алып қашар едім де, ит жеккенге өзім тіленіп кетер едім.

— Онда сен ол қызды көрген болдың ғой?

— Көргенде қандай. Осыдан екі жұма бұрын көргенмін, көргенмін де көзіммен бірге жүрегім де сүрініп күрсінгенмін.

— Неге?

— Ақша бетін күннен басқаға сүйгізбейтін, денесіне желден басқаны тигізгісі келмейтін жаны таза қыз екен.

— Қолың жете алмай қор болған екенсің ғой.

— Қолым өзіне жетпесе де етегіне жететін еді, жолшыбай қу тоқалдың қармағына ілініп қалдым да сонан кете алмадым.

— Қу тоқалың кім?

— Өзімнің ата жауым Текештің тоқалы Кенел дейтін бір сылқым. Осыдан бір ай бұрын соны төркіндетіп қайтқанмын, Келбетті сонда көргенмін.

— Онда сенің Текешіңнің өзі де, ақылы да сасай екен.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Ақылы сасай болмаса тоқалына сендей жігітті қосып жібере ме?

— Мен не істеппін?

— Не істегеніңді көзіңнен көрер едім, әттең түннен байлаулы ғой.

— Күндіз болса, менің көзімнен нені керер едіңіз?

— Сол тоқалды қалай төркіндеткеніңді көрер едім.

— Бар көреріңіз сол ғана болса іштеңе емес екен.

— Немене, оны қалай төңкеріп, етегін қалай түргеніңді көреді ғой деп пе едің?

— Текеш сияқты сасайларға да түрілген етекті сөз қып қайтесіз, онан да жыр етуге тұратын анау Келбетті сөз етіңізші, Келбетті.

— Ол сондайлық сұлу ма?

— Сұлулығы емес-ау, менің көзімді сүріндіріп, жүрегімді дірілдеткен сүйкімділігі.

— Сендей бойдақтарға қыздардың бәрі сұлу, бәрі сүйкімді ғой, сенің онан хабарың бар ма еді?

— Егер ол қызды қазір көрсеңіз, жолына қан болар едіңіз де, бұл сөзді маған айта алмас едіңіз.

— Мен ол қызды бұрын да көрген емеспін, енді мүлдем көрмеспін.

— Бұрын да көрмегені қалай? Көрмесеңіз қалай қызықтыңыз? Қызықпасаңыз, ол қыз үшін әкесімен неге жауластыңыз?

— Мені жауластырған Түнекбайдың қызы емес, қылығы...

— Мұнан жеті жыл бұрын атқосшыларыңыздың бірі болып барған менің әкем көрген қызды сіз қалай көрмегенсіз?

— Мынау не айтып жатыр? Менің атқосшым болып барған сенің әкең бе?

— Онда әңгімені басынан бастайық. Сіз ғой тоқалдан туған жалғыздың жалғызысыз?

— Айта бер.

— Бәйбішеден туған ағаңыз Түнекбайдың Назгүл дейтін қызына атастырылған еді, қалың малын беріп болып, қалыңдығын енді әкелгелі жүрген шағында ол ағаңыз қайтыс болды, ағаңыздың жылы берілместен екі құда Қақабай мен Түнекбайдың арасындағы жесір дауы басталды, рас па осым?

— Рас.

— Қақабай ағаңыздың әмірі бойынша өлген ағаңыздың мұрагері, жесір жеңгеңіз Назгүлдің әмеңгері сіз болдыңыз. Бірақ ағаңыздың өлімі Түнекбайдың Назгүлді екі рет сатуына жақсы сылтау болды, екінші қалыңсыз жесіріңізді бергісі келмеді. Осы дауды шешіп қайту үшін Қақабай ағаңыз әр рудан бір беделдіні қасыңызға қосып беріп, құдасы Түнекбайдың ауылына жіберді ме?

— Жіберді.

— Түнекбайдың сіздерге қарсы қою үшін алдырған биі біздің елден Текеш те, Текештің атқосшысы болып барған менің әкем Ноян болатын.

— Ноян? Иә, иә, есімде, ол ана бір төртпақтау келген қара жігіт еді-ау. Мен оған «атың Ноян болғанымен өзің қояндау екенсің» деп күлген едім де, артынан кешірім сұраған едім-ау. Ол менің бір сөзіме сүйсініп «көп жаса, бауырым, мыңға жет» деп еді-ау сол күні.

— Тілеуіңізді тілеген сол әкенің сізге қалдырған аманаты бар, оны ертең айтармын, әзірше...

— Сенің әкеңнің аманаты барын осымен екі рет айттың, несиені қойсаң қайтеді?

— Ол үшін маған мынаны айтыңыз, осы әкеле жатқан жылқыңыз қанша?

— Санағаным жоқ, бес жүздей болып қалар.

— Осы бес жүз жылқы үшін ғой, тағы да бес жыл айдаласыз?

— Қолдарына түссем, мүмкін. Бүгін Түнекбайға жалданып мылтықпен қуған бір-екі орысты сұлатып кеткен едім, егер олардың қолына түссем атылуым да мүмкін.

— Соны біле тұра басыңызды өлімге не үшін қайта-қайта байлай бересіз? Елден асқан даңқыңыз бар, басыңыздан асқан бақ-дәулетіңіз бар, енді не үшін?

— Өзің не үшін ғой деп ойлайсың?

— Соған миым жетпей жатыр.

— Ең алғаш мен оны өзімнің намысым үшін шапсам, бұл сапар мынау аштан қырылып жатқан ел үшін шаптым. Басқа сөзді қой да, әкеңнің аманатын айт.

— Бір ғана сұрауға жауап беріңізші. Әкемді сүйсіндірген қандай сөзіңіз?

— Оны әкеңнен сұрауың керек еді. Жарайды, есімде қалғанын айтайын. Ол кезде мен он алтыда едім. Қалыңдық күйінде жесір қалған Назгүл жеңгем он тоғызда екен. Қақабай ағама қарсы келетін жан ол кезде жоқ-ты. Мал үшін өзімнен үш жас үлкен қызға матастырмақ болған сол ағама қарғыс айтудан басқа қолымнан келмей, бұрынғы құдам, ендігі қайын атам Түнекбайдың ауылына бардым. Қақабайдың қасыма қосып бергендері ар рудың ауыздыға сөз бермейтін шешендері, ел билеген бірегейлері еді. Түнекбай құда біздерді ат шаптырым жерден алдан шығып қарсы алды, күн сайын күндіз құлын, кешке ту бие сойып, қонақ асы жағынан құрметін аяған жоқ. Ол осымен тұра тұрсын. Назгүлді әмеңгерліктен бұрын қаралы жеңге тұтып құрметтеу сезімі мені билеп алды. Қасымдағы бастаушыларым мен қостаушыларымның қарсылығына қарамастан, Назгүлге барып көңіл айттым. Осы көңіл айту маған дерт болып жабысты, жеті жыл бойы басымнан бір арылмай келе жатқан қасірет бұлты сол күні сол қызды көрген сәттен бастап үйірілді.

— Қалай?

— Оның қайғысына ортақ болғысы келіп барған көңілім өзіне ауып кетті, оның өзімнен үш жас үлкен екенін де, ол үшін Қақабайға айтқан қарғысымды да ұмыттым. Өзімді ел атынан бастап барған үлкендердің де ақыл-кеңесін тыңдамастан думандатып кете бардым. Ағама арнап тігіліп, ол өлгеннен кейін жығылған алты қанат ақ отау біз барған күні қайта тігілген еді, сол ақ отаудың ішінде, сол аққудай қыздың қасында отырып салған әнім қатар отырған жеті ауылдың жастарын түгел жинап алды. Солармен күндіз-түні сауық-сайран салып «Жас дәурен» дейтін жаңа әнімді шырқап мен жүрмін, Назгүл екеуіміздің басымызды саудаға салып екі елдің білгіш-білегейлері жатты.

— Назгүлің не, саудаға түскен Келбеттің басы емес пе?

— Келбетті мен кейін білдім. Біздерді нендей сыймен қайтаратынын Түнекбай мырза біз бармастан бұрын ойлапты. Бір сатылған Назгүлді екі рет сатқысы келіп, маған кіші қызы Келбетті атастырмақ болыпты. Мен ол қызды жеті күнге созылған сауық-сайранның ішінен бірде-бір көргенім жоқ, шынымды айтсам Назгүлден басқа қызды көргім де, білгім де келген жоқ. Тіпті құдалықтың саудасына түскен сол қыздың басы екенін дау біткен соң білдім.

«Күйеу балаңызды құдай алды, бізде қандай жазық бар? Ендеше Қақабай мырза ойлансын. Мәди тоқалдан туса да, ол аруақты Алшынбайдың немересі, мені қорласа да, оны қорламасын, өзінен үш жас үлкен Назгүлге матастырмасын. Егер Мәдиді өлген інісінің төлеуіне өткізе салғысы келмей менің балам еткісі келгені шын ниет болса, оның өз теңі кіші қызым Келбетті атастырсын да, тоғыз үйір жылқы қалыңын берсін. Оған көнбесеңдер жолдарың әне, құдалар»,— депті Түнекбай. Оның Келбетті менің ойын-сауығыма неге қатыстырмағанын кейін білдім.

— Сонымен?

— Сонымен не болсын, қисық болса да ондайлардың айтқаны заң. Қарсы келер қабілет, қалыңға берер мал менде жоқ. Небары тақымыма басқан жалғыз атым мен сілемесін таңдай талшығы етіп отырған шешемнің екі құлынды биесі мен отыз шақты қойы ғана бар. Басқа малдың менде жоқ екенін, мың жылқысы бар туысым Қақабайдың мен үшін тай-тулағын да қимайтынын Түнекбай жақсы біледі, біле тұра буынсыз жерден осылай пышақ ұрып отыр. Ондағы ойы — мендей кедейге қызын бермеу. Сондықтан менің ендігі бар үміт етерім ара билікке шақырылған Шомбал ғана. Өйткені жұрт оны билердің ішіндегі батыры десетін еді. Егер шын батыр болса, ешкімнен именбес, әділін айтар деген үміттемін. Шақыра барған жаушыдан екі жақтың да ақсақал билеріне сәлем айтып: «Қатын салысқан карта сайысына кірісіп кеткен едім, сол сайысты тез аяқтасам өзім барармын, өзім бара алмасам айтар билік сөзімді, сезімді жеткізер көзімді жіберермін, бір жұма күтсін» деген екен, айтқан бір жұмасы өтті, келген өзі, жіберген сөзі де жоқ.

— «Көзімді жіберермін» дегені не сөз?—деді Иман бұрын өзі естімеген сөзге құмарлана түсіп.

— Өзімдей көретін көзімдей адамымды жіберемін дегені.

Бұған да жөнді түсінген жоқ, түсінбесе де Шомбалдың сойқанды екенін сезгендей:

— Кім болса да кеселі мол екен,— дей салды,— иә, айта беріңіз, айта беріңіз.

— Ол кешіккен сайын біздер күдіктеніп, келешегімізді ойлай бастадық. Келешекті кезгендегі тапқанымыз — елде жоқ бір сұмдықты бастау.

— Ол не?

— Егер ара билік Түнекбайдың бетімен теріс айтылатын болса, біздер тағдырдың бұрын бұл елдің ешкімі баспаған қиясына басатын болдық, Назгүл менімен қашатын болды, мен оны Абай ауылына әкететін болдым. Абайдың саясына бір жетсек, бізді оның қолынан жұлып әкететін күш бұл елде жоқ екенін жақсы білетінмін.

Сондай ақ тілекті айтысып, сертімізді байластық та күндегі әдетімізбен кешкі ойынымызға кете бардық. Думанымыздың туындай көрінетін алтыбақандар ауылдан аулаққа, көкорай шалғынның қақ ортасында қатарынан тізілген еді. Солай қарай қаптап келеміз. Назгүл екеумізді көптің көзіне көбірек түсіріп, елдің қаңқу сөзінің қақпақылына іліктірген осы екі орта, оны сезсек те елеген біз жоқ.

Күндегіден біз кешіккенбіз бе, жоқ әлде басқа ауылдың жастары ерте келген бе, әйтеуір, сауықшылар бүгін бұрын жиналып қалыпты. Оларды көріп біз де аяқты асыға бастық. Әдетте біз жақтан Түнекбай ауылының жастары Назгүл екеуміздің ізімізді баса жүріп отыратын, бүгін де сол салтымызды бұзбай келе жатыр едік, соңымыздан бір келіншек қуып келді де, Назгүлді құшақтай алып, кейін сүйрей жөнелді. Осы ауылдың қонағы бір мылқау келіншек бар-ды, мынау келе сала Назгүлді жетелей жөнелген келіншек сол екен. Неге екенін білмеймін, мылқаулығына қарамастан мен осы келіншекке қатты қызығамын. Өзі әлі бала мінезді, бойы да он жасар баланың бойындай. Бірақ өзі керемет сүйкімді. «Егер мылқау болмасаң, менің бұл өмірден алып қашар Назгүлім сен болар едің-ау» деймін ішімнен. Мен соны ойлап тұрмын. Соңымызда келе жатқан жастар Назгүлдің иекті бір қаққанынан қалмай ілгері жүріп кетті де, мен әрі Назгүлді күтіп, әрі мылқау келіншекке қызыққан ойдың құшағында тұрып қалдым.

Мылқау келіншек Назгүлді аулаққа апарып әлденені ымдап, қолымен бірге көзі ойнақтап тұр. Бұрынғысындай емес, өңі қашып, сұрланып кетіпті. Байқап тұрмын, ол қолындағы бір жапырақ қағазды қайта-қайта нұқылап ымдаған сайын Назгүлдің түсі де бұзылып барады. Оны көріп мен де сескене бастадым. Тек Назгүлдің мылқау келіншекті бір қолымен құшақтап: «қорықпаңдар, түк те болмайды»,— деген сөзін естігенде ғана жаңағы бір сәтте мұздай қалған жүрегім қайтадан жылып сала берді. Бірақ ол қуанышым ұзаққа бара алмады.

— Неге?

— Назгүл мылқау келіншекті ауылға қайтарып жіберді де, өзі маған жақындай бере: «Бүгінгі сауықты бастамастан тарқасақ қайтеді?»—деп ақырын күңк етті. Мен себебін сұрай қараған көзімді қадай түсіп едім, ол тұнғыш рет маған тесіле қарады да: «Ауылға бұзық біреулер келген секілді, солар келіп шырқын бұза ма деп қорқамын»,— деді.

Оның бұл сөзінен сескенсем де сыр сездіргім келмей: «Маңдайын бұзғысы келгендер болса келе берсін»,— дедім де, Назгүлді қолынан ұстай алдым. Бірақ менің бұл батырсынған сөзім оны жұбата алмаған секілді. Қолымды қыса түсті де қалтыраған үнмен: «Сол сұмдықтан қатты қорқып келемін, жаңағы қыздың сөзі жақсы емес»,— деді, күрсіне сөйлеп.

— Қызың кім? Жаңағы мылқау келіншек пе?— деп тұра қалып едім, неге екенін білмеймін, ол мырс етіп менің бетіме бір қарады да, қайтадан мұздай қалып: «Иә, сол мылқау келіншек. Оның мына бір жазғандарынан ұққаным, бізге төнген қауіп бар секілді. «Сақтаныңдар, сорлағалы тұрсыңдар» депті.

Мен оның бұл сөзінен кейін сезіктене бастадым. «Өзі мылқау адам өзгенің басына төнген қауіпті қайдан сезеді?» - деп едім, Назгүл тағы бір мырс етті де: «Ол мылқау болса да менен сезгіш» деді. Оның бұл сөзі мені одан сайын күдіктендірді, бірақ ол ойымды сездірмей: «Кімнің сорлағанын көрейік, сен сол бұзықтардың кім екенін менің көзіме көрсетші»,— деп едім, ол қорқыныштың бетін енді ғана ашып салды.

— Жаңағы бір кезде бір қора жолаушы келіп біздің үлкен үйге түскен еді, сол Текеш мырзалар көрінеді.

— Текешің кім?

— Күшік елінің биі.

— Оны кім шақырыпты?

— Сендермен арадағы даудың түпкі билігін айту үшін шақырылған Шомбал мырза өзі келе алмай, басқа елдің биі, өзінің жиені Текеш мырзаны жіберіпті.

Ол кез менің жаманшылықтың қай жақтан қалай келіп соғатынын жөнді білмейтін кер бала көзсіз шағым ғой. Сол көзсіздіктен қорқуды білмейтінімді сездіріп едім, Назгүл менің бетіме қарай қалды: «Текештің қасына ерткендері қанжығасына шоқпар байланған кілең ұрылар көрінеді, тағдырымызды ұрылар шешетін болса, біз кім болдық?»— деді асыға сөйлеп.

Мен кейін білдім, Текеш мырза Шомбалдың дау бітіруге жіберген кепіл биі ғана емес, оның Назгүлді менен ұрлап әкету үшін жұмсаған ұрылары екен. Оны білмегендіктен Назгүлдің мұндай орынды күдіктеріне де жөнді мән бермей:

— Біздің тағдырымызды өзімізден басқа шешетін ажал ғана,— дедім де, оны сауыққа қарай ала жөнелдім. Мен не айтсам соның бәрін үн қатпастан қабылдай беру Назгүлдің әдетіне айналған еді, бұл сапарда да үн қатқан жоқ, жетегіме еріп кете берді.

Біз де келдік, ойын да қыза жөнелді. Қанша ойналса да ойынымыздың қызығы бір таусылар емес, қанша тамылжытса да әніміз бір таусылар емес. Тек әлденені сезгендей Назгүл ғана көңілсіз. Бірақ ол күткендей ойынның шырқы бұзылған жоқ. Думанымыздың дуылдап, құмарымыз бір басылмастан таңға жақын тарадық. Күндегі әдетім бойынша мен Назгүлді өзінің отауына дейін шығарып салғанмын. Көзімнен таса еткім келмеуден туған осы қылығым жұрт көзіне қылмыс көрінсе де әдетіме айналып кеткен-ді. Жақсы ниеттен туған мұндай жаңа салттың ар жағында нендей сұмдықтың бұғып тұрғанын сезгенім жоқ, қызын менімен ойынға бірге барып, бірге қайтуына тыйым салмағаны үшін Түнекбайға да ішімнен алғыс айтудамын. Бірақ Түнекбайдың бұл кеншілігіне түсіне алмай «бұл қалай?» деген сұрау ауық-ауық басыма келіп шоқпардай тие береді. Сол шоқпардай сұрау бүгін басыма тағы да үйірілді. Менің бұл жұмбақ ойымнан бейхабар Назгүл күндегісіндей қош айтысты да, отауына кіріп кетті. Мен өзімізге арналған, аулаққа тігілген үйге қарай кете беріп едім, Назгүлдің «аһ» деген дауысы шықты, оған ілесе үйдің далдасынан лақтырылған ала арқан ұшып келіп менің мойныма орала кетті. Ой тоқтатып, бой жиғанша болған жоқ, ала арқан мені дедектетіп ала жөнелді. Көзге түртсе көргісіз қараңғыдан олардың көзге алғаш шалынғаны біреу еді, енді екеу, онан үшеу болып кетті. Үшеуі деңгезердей біреулер, үшеуінің де мінгені баран. Бұрын мұндай айуандықты көрмегендіктен есім шығып кетті ме, жоқ әлде өзімнің жаңа алапаттанып келе жатқан күшіме сендім бе, білмеймін, әйтеуір, «аттан» салу ойыма да келген жоқ, тістеніп алып сіресе кеттім.

Бір тәуірі арқанның тұзағы оң жақ қолтығымды ішіне ала кеудемнен түскен еді де, бір қарыстайы сол жақ қолыма оралып қалған еді. Қыл арқан қанша қиса да қолым жабысқан жерінен айрылған жоқ. Қарқаралыдағы бір орыс досым сыйлаған Кавказдың күміс балдақты қара ала қанжары үнемі белімде жүретін, соны белімнен суырып ала сала арқанды салып жібердім, бірақ керіліп тұрған қыл арқан сым темірдей қатты болады екен, қанжарым дарымастан тайқып кетті.

Менің оңай берілмейтінімді олар да біліп, ішіндегі ең мықтысын шығарған болу керек, өзі де, аты да арбиған біреу менің табан тіреп тартқаныма қарамастан соза тартып барады. Арқанның сол жақ қолыма оралған түбінен ұстап алып мен де сіресіп келемін, екеуіміздің тартысымызға шыдай алмай астындағы аты қайқаң қағады. Енді бір ырғай тартсам оның аты қайысып барып құлайтын еді, соны сезгендей олар үшеулеп тарта жөнелді.

— Өліп кетпесін, байқаңдар,— деді біреуі, ышқына күбірлеп.

— Қорықпа, арқанды әрі өлместей, әрі құтылмастай етіп әдемі салыппын, тарта бер,— деді екіншісі.

— Өлсе құнын Текеш мырзаның өзі төлейтін болған, тарта беріңдер,— деп үшіншісі шірене түсті.

Соңғының сөзі қанымды қайнатып жіберді. Арқанға өтпей қынабына салынған қанжарымды қайтадан суырып алдым, ала сала лақтырып едім, қараңғыда дәлдей алдым ба, жоқ әлде алысып келе жатқан денем теңселтіп жіберді ме, білмеймін, қанжарым тимей кетті, сонан кейін не болғанын білгенім жоқ. Әлденеше құлап, әлденеше түрекелгенім, енді бір мезетте өзімді сүйретіп келе жатқан қара жауыма тұра ұмтылғаным есімде, онан кейін не болғанымды білмеймін. Бір кезде біреулердің «иә, әруақ», «иә, аруақ» деп күңіренген дауысын естіп көзімді ашсам, өз адамдарымның ортасында жатырмын. Бәрінің де көзінде жас, қабағы қатыңқы. Өзім түзде емес үйде, өзімнің жеті күннен бері жатып жүрген төсегімде жатырмын. Бірақ осы көргендерімнің өң екенін, түс екенін айыра алмай шаңырақтан сорғалаған күн шұғыласына қадалып мәңгіріп жатырмын. Өз тобымның ішіндегі ен үлкені Жайсақ дейтін қария болатын, сол ішінен әлдене бір дұғаны күбірлетіп келіп үшкірді де: «Енді бүкіл Қаракесектің қыздары қысыр қалса да мейлі»,— деді бетімнен сүйіп. Мен оның бұл сөзіне де түсінгенім жоқ, көзімді көзінен айырмай:

— Жәке, мен қайда жатырмыз?— деп едім, ол:

— Сен Түнекбайдың өзіңе арнаған қаралы төсегінде жатырсың,— деді. Қарттың бұл сөзінде ең ауыр зіл барын сезсем де ақылға сала алмай:

— Сүйегім аман секілді, бірақ күллі денем қаусап қалғандай, бұл не? Маған не болып еді?—деп едім, ол: «Ештеңе де болған жоқ, жай бір бұзық балалармен түнде қағысып қалыпсың, олар сені біраз көкпар етіпті»,— деді.

Түндегі көрген сұмдықтарым есіме түскен сайын жаным ыршып, кеудемді ыза керней бастады. Сол кеудені кернеген ыза денеме жана бір қайрат бергендей қарттың көзінен көз алмастан қадала түрекелдім де:

— Текеш дейтін кім?— дедім.

— Ол Шомбалдың атынан ара билік айта келген мына жақтағы Күшік дейтін елдің биі.

— Айтпақшы, Шомбал не депті? Соны ғана айтыңызшы,— дедім. Осы күні ойласам дәл сол кезде есім орнында емес секілді, аузыма не түссе соны айта беріппін.

— Сонымен?

— Шомбал Текеш сияқты бейтаныс басқа елдің адамы, өзімді білмейтін адамның айтатын билігіне неліктен ынтыққанымды осы күнге дейін білмеймін. Есімді жинамастан соны сұраппын. Жәкең, ызалы күлкімен күле сөйлеп отыр.

— Ол: «айдын көлдің аққуын көк қанат балапанына ілдіремін деп Алшынбайдың әулеті асқақтамасын, Назгүлдің жас өмірін қор етпей, әмеңгерліктен басын босатсын, Түнекбай мырза түйені түгімен жұтамын демесін, кіші қызы Келбетті Назгүлдің төлеуі үшін Мәдиге қалың малсыз беретін болсын. Менің айтар билігім осы» деген екен, Текеш мырза өз билігін айтты. Ол: «менің де би деген атым бар, менің айтқаным — Шомбалдың да айтқаны. Менің айтар билігім Түнекбай сұраған тоғыз үйір жылқы емес, мен бұйырған қырық жетінің қалың малын бересіздер де, Келбетті аласыздар, оған көнбесеңіздер жолдарыңыз әне»,— деп тұмсығын бір көтерді де, біздің ақтық сөзімізді тоспастан жүріп кетті. Сен оны не үшін сұрадың?

— Мені ат құйрығына салып сүйреген түндегі бұзықтар — соның адамдары.

— Оны қайдан білдің?

— Өздерінен, өз құлағыммен естідім.

— Нені естідің?—деп Жәкең ежіктей түсті.

— Өле кетсем құнымды төлейтін Текеш екенін естідім:

Менің соны айтуым мұң екен, қарт бар қайратына бір-ақ мінгендей қатуланып алды да, сілкіне түрекелді.

— Менің Түнекбайға айтар ақтық сөзімді сен жақсы тауып бердің. Білдім, өз межем де теріс емес екен, Назгүлді солармен жөнелткен Түнекбайдың өзі екен, ол ұрпақтан-ұрпаққа кетер егестің өртін салған екен,— деді де, маған қарады.— Сен босқа арандайсың, біз айналып келгенше жат та тынық,— деді.

Мен оны қанша сыйласам да, бұл ақылын тыңдай алмадым. Ол Түнекбайға айтар ақтық сөзін сайласа, мен оған жұмсар ақтық күшімді сайлап та үлгірдім. Тұла бойымның сыздап ауырғанына да, бастың мең-зеңдігіне де қарамастан ұшып барып жігіттің қолында тұрған қанжарымды алдым.

Әлденені айтқым келіп әркімге бір жармасамын, бірақ жағым қарысып қалғандай үнім шығар емес. Бір кезде барып:

— Түнекбай салған өртке қарсы салатын менің де өртім әзір. Сіздер бара беріңіздер,— дедім де, жүгіріп далаға шықтым.

— Сөзіңізді бөлген әдепсіздігіме ғафу етіңіз де, бір сауалға жауап бере кетіңізші,— деді Иман шыдамсызданып.

— Ал тыңдадым.

— Сол Текешке не істесеңіз де рауа емес пе?

— Әрине.

— Әрине болса осы сапар соны неге шаппадыңыз?

— Ол шабылмай қалмайды, бұл сапар шаппаған себебім — оның жылқысы көтерем деп естідім.

— Ол рас, сөзіңізді босқа бөліппін, кешіріңіз.

— Бір белгі қалдырған болар деген үмітпен Назгүлдің отауына бет алдым. «Назгүл, қайдасың» деп бар даусыммен айғай салғым келеді, жағым қарысып қалыпты, булығып даусым шығар емес. Ендігі арманым — Назгүлді бір ғана көру, бір ғана көріп «сен мені шын сүйесің бе? Сүйетін болсаң бұл не?» деген бір ғана сұрау беру. Сол сұрауды сала айғайлап Назгүлдің отауына кіріп бардым да, аңырып қалдым. Өйткені еңсесі биік кіреуеттің үстінде Назгүл жатыр. Мен жаңағы естігендерімнің барлығын ұмытып, қуанғанымнан тұра ұмтылдым. Бірақ «жаным» деген сөздің жартысын ғана айтып үлгердім, төсекке жете бере төбемнен біреу ұрып жібергендей сілейіп тұрып қалдым.

— Себеп?

— Себебі, алдымда жатқан Назгүл емес, мылқау келіншек екен. Ол жаспен жуылған бетін маған жөнді көрсетпестен, көзін жауып кеткен қара шашын жинамастан, жастықтың үстінде жатқан шәлісін ала сала басына жамылып қайтадан теріс қарап жата кетті. Мен өзімді-өзім тежеп, бойымды билеп алдым да зарлана бастадым:

— Ей, бауырым. Тілсіз болсаң да осы елдің естісі сен екенсің, елжірейтін жүрегі бар да сен екенсің бұл елде. Менің бүгінгі тартар қасіретімді сен кеше сезген едің ғой, тағы да сезген боларсың, айтшы, қайда менің Назгүл атты күнім? Кім оны менің аспанымнан қағып түсірген? Именбе де қиналма, тілсіз болсаң да мен сені жақсы түсінемін, жүрегіңнің не деп соққанын мен жақсы ұғамын. Кім менің күнімді мезгілсіз батырған?'Түнекбай ма, Текеш пе? Жоқ, олардың қайсысы екенін өзім табамын, сен тек Назгүлдің не деп кеткенін айт, оның мұндай қорлыққа қалай көнгенін айт. Тым болмаса соны айтшы,— деп тіземді бүгіп, шәлісінің шетінен ұстай беріп едім, ол түк айтпастан ыршып жерге түсті де, есіктен бір-ақ ырғыды. Маңдайым тасқа соғылғандай мең-зең болып мен қалдым. Өзімді-өзім зорға көтеріп, өзімді-өзім есікке қарай сүйреп келе жатыр едім, қарсы алдымнан Назгүлдің шешесі кіріп келді.

— Балам, сабыр,— деді ол қолындағы таяғын жоғары көтеріп. Мен басымды бір идім де кілт тұра қалдым. Ол екі бетінен нұры тамған ажарлы кісі еді, қазір өңінде жалғыз тамшы да қан қалмай, тірі әруаққа ұқсап кетіпті. Жасқа көмілген көзін менің көзімнен алмастан сөйлеп тұр.— Назгүл үшін күйінетін сен емессің, менмін, балам,— деді ол салмақпен.— Келбетім сен ойлағандай Назгүлден кем емес, ол балалықпен өзін сенен жасырып, еркелік жасап жүр, қызымды мақтау үшін келгенім жоқ, кімнің кім екенін, менің бұл сөзімнің қаншалықты шын екенін кезінде көрерсің, көргің келмесе, әсіресе Келбетті көргің келмесе жалынарым жоқ. Мені саған жалындыратын алты қасқырдың аузына барып түскен сонау сорлы қызым Назгүлімнің жайы,— деп еңіреп қоя берді. Мен не істерімді білмей, сасқалақтап орамалымды алып көзінің жасын сүрте бастап едім, ол орамал ұстаған қолымды ұстай алып:—Менің көз жасымды емес, сонау байы бір өлгенде екі өліп, бағы бір күйгенде екі күйген бейбақ қызымның көз жасын сүрт. Ер болсаң соны құтқар анау алты қасқырдың аузынан,— деді.

Оның алты қасқыр дегені Шомбалдың алты қатыны екенін, Назгүлдің жетінші әйелдікке кеткенін сездім де, түк айта алмастан булығып, ызамен жүгіріп далаға шықтым. Шыға сала көз жіберсем, Түнекбайдың үйінің маңы ығы-жығы екен. Біздің адамдар қоштасқалы сол үйге барып кіргенін білдім де, солай қарай ұмтылдым. Жолда тұрғандардың бірде-бірін көзіме ілместен үйге кіріп келдім, қанжарымды суыра кірдім. Мен жолда тұрғандарды қақ жарып, төрге қарай ақырын жүріп келемін, самсаған көздің бәрі менде екенін сезіп келемін, төрге таман отырған Түнекбайдың қорыққанынан есі шыққандығы сондай, аузы ыржиып, көзі быржиып, бірте-бірте жұмылып барады. Мен оған жақындай бере бір тізерлеп отыра қалдым да, қанжарымды жерге қададым.

— Мырза, ниетіңіз жаман болса да, етіңізді аяған жоқсыз. Ол құрметіңіз үшін рахмет,— дедім ақырын. Өзімнен мұндай сабырлылықты күткен жоқ едім, даусым бір түрлі салмақты шықты,— қоштасар алдында сізге айтып кетер бір антым бар, енді соны тыңдаңыз! Келесі жылы, келесі осы айдың осы күні, дәл осы сәскенің сәтінде қалың қолмен қаптап келіп, қара сабаңызды керегеңіздің басына ілдірмесем тірі жүрмеймін,— дедім. Сенің әкеңді сүйсіндірген менің осы сөзім болар, өйткені антымды айта сала атқып далаға шыққан кезімде қарсы алдымнан біреу: «көп жаса, бауырым, мыңға жет» деп құшақ жайған еді. Сол болар сенің әкең. Кім болса да оның сол бір жақсы тілеуі жанымды қанаттандырып жіберді де, аттың үстіне қалай шыққанымды да білгенім жоқ, тобыма қарамастан екі күндік жердегі елге қарай жалғыз өзім жүйтки жөнелдім. Бір кезде артыма қарасам Түнекбайдың ауылын сағым жұтып қойыпты. Жапан түзде желмен жарысып, сағыммен ойнап жапа-жалғыз кете бердім.

— Сонан кейін?

— Ол кезде Қоянды жәрмеңкесінің қызған кезі еді. Сол кеткеннен жәрмеңкеден бір-ақ тоқтадым. Онда келгеннен кейін таныстарымды тауып алдым да, «келесі жылы июнь айының он бесінен июльдің он бесіне дейін Алшынбай қажының ауылында бір ай бойы ат жарысы мен найза сайысы болады. Аты озғандарға екі аттан тоғыз бәйге, найза сайысынан жеңгендерге бес аттан жеті бәйге беріледі» деп жар салдырдым. Ол кезде Қоянды жәрмеңкесіне шығысы — Қытайдың Шәуешегі, батысы — Самар, түстігі — Ташкентке дейінгі елден түгел келетін. Солар арқылы салған ұраным келесі жылы маған өңкей ығай мен сығай қырық жігітті жинап берді. Бәрі де жәрмеңкеге келгендер. Оның ішінде Ертістің батыры Қалқаман да, Есілдің батыры Өсербай да, Сырдың батыры Түбек те, Жайықтың батыры Нұрғали да, Торғайдың батыры Таусоғар да бар. Ә дегенде алданып келгендей шамданғандар болып еді, намыстың шабысы ат пен найзаның жарысынан қымбат екенін бірінен-бірі түсінді де, алдағы жорыққа тас түйін болып түйілді. Сауық-сайранмен бір айды біздің елде өткіздік те, менің былтырғы ант еткен күніме екі күн қалғанда жорыққа аттандық. Түнекбайдың қол жинап соғысуға әзір екенін біз де естігенбіз, әрі оның сол аусар қылығына егестік те, ірі ұрыларша түнде ұрланып баруды намыс көріп, шаңқай түсте қаптап барып шаңын аспанға бір-ақ шығардық.

— Сонда Түнекбайдың қанша жылқысын әкеттіңіздер.

— Алдынан қуып әкеткеніміз бір жарым мыңдай еді, былай шыға бере іріктеп алғанымыз жеті жүзден асқан жоқ.

— Бір қыз үшін сонша жылқысын әкетуіңіз обал емес пе?

— Біріншіден, ол қыз үшін емес, намыс үшін. Намыстың төлеуіне жететін құн жоқ. Екіншіден, Түнекбай мен менің туған ағам Қақабай сияқтыларды шабу обал ма, сауап па, оны өшіккен кезіңде көресің.

— Иә, сонан кейін.

— Сонан бергі жеті жылдық екі жылын жар жағалап, тау көбелеген ұрылардай бұғып тығылумен, төрт жылды бұғауланып айдалумен өткізіп, бір жылдан бері ғана еркін жүр едім, ел басына келген мына бір аштық дейтін апат тағы да тиыш жатқызбады.— Мәди ауыр күрсініп, басын сәл көтерді де есіктен сыртқа көз жіберді. Дала сол тұншығып түнерген өлі қалпында екен. Жаңбыр басылып дүние меңіреулене түсіпті.— Сен мені зарлата бермей өзің де біраз зарлашы — деп қайтадан құлай кетіп еді. Иман іле жауап қатты.

— Әкемнің кегі қайтқанша мен зарлаудан жалықпаспын, тек тыңдаудан жалықпаңыз.

— Әкеңнің кегі кімде еді?

— Текеш дейтін текешікте.

— Ол қай Текеш?

— Өзіңіздің «досыңыз» Текеш. Ол қазір малға да, қатынға да бай.

— Әрі қажы, әрі ұры Текеш де.

— Иә, сол Текеш.

— Текеш... Текеш...—деді Мәди ауыр ойға кетіп.— Мені айдалсын деп басқан мөріңнің үлкендігі қандай болса, дәл соның үлкендігіндей етіп оқпен оярмын жүрегіңді.

— Ол болыс та болған ба еді?

— Е, шырағым, бақытсыз елді қашан да бассыздар билейді, ел сорына ол да болыс бола қалған-ды. Мені айдалсын деп мөр басқан жеті болыстың бірі сол, менің өшігерім — сол жетеудің ішінен өзімнің ағам Қақабай мен Текеш.

— Онда екеуміздің жауымыз бір екен. Әкемнің сізге айтқан аманаты — сол Текештен кек алу. Әкемнің кегін онан өзім де ала аламын, сіз тек қалай алуды үйретіңіз.

— Немене, олар сенің әкеңді айдатып жіберді ме?

— Иә, бірақ оны сіз барып қайтқан ит жеккеннен де әрі, барса келмеске жіберді.

— Барса келмеске? Ол қай жақта?

— О дүниеде.

— Ей, өзің жөндеп айтшы, өлтірді ме?

— Иә.

Мәди соңғы жеті жылдың ішінде сұмдықтың неше алуанын көрсе де, дәл мұндай сұмдықты естіген жоқ еді. Жаны ыршып не дерін білмей үш сұрауды бірден берді:

— Қашан? Қалай? Не үшін?

— Әкем он саусағынан өнер тамған зергер еді,— деді де Иман тынысы бітелгендей, жасқа булығып тұншығып қалды.— Ол соққан жүзікті көрген әйелдердің өзі сол жүзіктің көзінен өте жаздайтын. Басқа әйелдер әкемнің сондай өнеріне қызықса, Текештің Шарапат дейтін бәйбішесі оның өзіне қызығыпты. Әкем байғұс дәм татқан құдығына түкірмейтін абзал жан еді, Текешті қанша жек көрсе де оның көзіне шөп салғысы келмей, бәйбішесіне азбапты, тілегін қабылдамапты. Бірақ кеселді бәйбіше арбауын қоймапты, сүйген болып арбай жүріп, әкеме байын өшіктіре беріпті. Күндердің бір күнінде бәйбіше тілегіне жетіпті. Әкемді ет шауып бер деп кілетке алдап кіргізіпті де, байына ойбай салыпты. Байы кілетке ұры түсті деп айғай салып, даярлап қойған ұрыларын қаптатып жіберіпті. Өздері ұрып жығыпты да, жаласын басқара жауып, ет ұрлауға келген ұрылар ұрып кетті деп таратыпты. Әкем байғұс сол соққыдан бір жұма жатыпты да өліпті.

— Ол кезде сен қайда едің?

— Текештің отардағы жылқысында едім. Жылқышылардың қосын күзету үшін бір тайға жалданып кеткенмін.

— Әкеңнің Текеш қолынан өлгенін қайдан білдің?

— Басқа әйелдерді білмеймін, Кенелдің есі-түсін білмей лапылдайтын кезі болады екен. Өз сөзімен айтқанда, жүрегі суырылғандай есеңгіреп, нәпсінің шалығы шалған бір шағында оның: «Егер, ауылға барғаннан кейін Текештен қорқып көңілімді ауламай, көнекті сырттан сұрайтын болсаң, Шарапаттың әкеңе істегенін мен саған істеймін» дегені. Неге екенін білмеймін, оның сөзі жүрегімді мұздатып жіберді. Неше күннен бері Текештің бар бақ-дәулеті басыма қонғандай тасыған көңілім тасқын басқандай лезде басыла қалды. Жарық дүнием кенеттен қараңғы түнге айналғандай, не болғанымды білмей: «Шарапаттың әкеме не істегенін айт»,— деп Кенелді қайтадан құшақтай алдым. Бірақ ол менің түрімнен үрейленіп дірілдеп кетті де, кенет ойнақыланып сүйе бастады. Мен білгенді өзіңнің шешең де біледі, ендігісін сонан сұра»,— деді. Оның сөзін медеу көріп үйге келсем, шешем қатты сырқат екен. Ауыр халде жатқан шешеден әке өлімін сұрауға дәтім бармады.

— Сонда сен әкеңнің өлімін шешеңнен сұрай алмай қалдың ба?— деді Мәди шыдай алмай.

— Күндерде бір күн, дәлін айтқанда, осыдан жарты ай бұрын, шешем ауыр халде жатқан күйі мені қасына шақырып алды да: «Әкеңнің өлер алдында айтқан бір аманаты бар еді, соны айтайын, ел жатқан соң жылқыңды серіктеріңе тастай тұр да, қайтып келші. Келгенде атыңды аулаққа тастап, ешкімнің көзіне түспестен келгейсің»,— деді. Мен ешкімнің ештеңесін ұрлағаным жоқ, сонша кімнен қорғалап, кімнен не үшін бұғатынымды сұрап едім, ол ауыр бір күрсінді де: «Сен бұрын ұрламасаң енді ұрлайсың, өзіңді-өзің ұрлап бір жаққа кетпесең өлесің»,— деді.

Мен бұл сөздің байыбына бара алмаған күйі жылқы күзетіне бардым. Ымырт жабылды, іңір түсті, даланы түн басты. Даланы басқан сол түннен де ауыр бірдеңе мені басып-жаншып барады.

— Өмірдің уын әлі татып үлгірмеген жастық шағында адам сондай нәзік, балғын келеді, балқи береді,— деді Мәди оның көңілін сергіткісі келіп.— Оны уайымдама да, әңгімеңді айта бер.

— Сонымен, шешем айтқан мерзімде ауылға қайтып келдім. Оның айтқанын екі еткім келмей, атымды аулаққа тастадым, тірі жанға дыбысымды сездірместен келсем, шешем манағысынан да ауырлап, демігуі күшейіп жатыр екен, мен оның алдында бір тізерлеп отыра кеттім, ол ағаш төсектің үстінде жатыр. Көзін жанып тұрған шамнан алмайды. Өзіне күш жинап демігін басып алғысы келгендей үнсіз біраз жатты да, ауыр демігіп ақырын сөйлей бастады: «Әкеңнің қаны Текештің мойнында, соны есіңе сақта да, менің тілегімді қабыл ал, мұны өзіңнен басқа жан білмесін, кек аламын деп арындама, арандайсың. Әкең де соны айтқан еді, мен де соны тілеймін»,— деді. Мен жасқа булыға отырып, әкемнің аманатын сұрап едім, ол: «Жұбатарың жоқ қой, кімге жылайсың»,— деді де,— әкеңнің аманаты: Менен туған ұл болса, Алшынбайдың Мәдиін тапсын, тапсын да айтсын менің аманатымды. Менің кегімді Текештен ала алатын сол ғана. Соған дұғай сәлем»,— деді де үзіліп кетті.— Соны айтқан кезде шешемнің өзі де үзіліп кете жаздады. Үні де, демі де біткендей үнсіз, қимылсыз аз жатты да, қайтадан қайраттанып ақырын тіл қатты:

«Жастайынан жатыры қағынған Шарапат біресе жүзігін, біресе білезігі мен сырғасын сылтау етіп күн сайын келетін де, келген сайын мені жұмсап жіберіп әкеңді айналдыратын. Мен олардың не дескенін жасырынып тұрып тыңдайтынмын. Шарапат кеткеннен кейін әкеңнің өзі де жасырмастан айтатын. Күндерде бір күні ол қатын әкеңе бір қойлық ақша әкеп берді де: «сенің қандай адам екеніңді сынау үшін бір ай бойы әуреледім, ол кінәмді кешір де, мына сыйлығымды қабыл ал»,— деді. Мен іштеңе сезбеген болып бұл сыйлықтың не үшін екенін сұрап едім, ол сайқал беті шімірікпестен: «менің байымның ең адал досы сенің байың екен, сол адалдығы үшін»,— деді. Біз оған нандық та алдандық. Ол сұрқия алдап апарып әкеңді өзімен бірге кілетке кіргізіпті де, жасырып қойған байы мен ұрысы әкеңді бас салыпты. Басы ғана аман, өзге денесінде етіктің өкшесі тимеген жері жоқ. Кейін білдім, екі ұрысына тұншықтыртып тепкінің астына алған Текеш қажының өзі көрінеді».

— Оны кім көріпті?

— Сол сұрауды шешеме мен де бердім. Ол: «Әлсіреп жатқан әкең де соны айтып еді, Заузат та солай дейді. Өйткені ол Шарапаттың шаңқылдаған даусымен жүгіре шығыпты да, қараңғы жерде жасырынып тұрып бәрін де көріпті. Ендігісін сол Заузаттан білерсің» деді де, шешем үзіліп кетті.

— Заузат кім?

— Сол үйдің малайы, панасыз жетім қыз.

Арман-тілектің айтылмай қалған әлі де талайы барын сезсе де, Мәдидің мұнан әрі тыңдағысы келген жоқ. Ендігі естірін өмірдің өзінен көргісі келгендей басын көтеріп алды да, шапағын жаңа шашып келе жатқан таң сәулесіне телміре қадалып қарай қалды.

— Бүгінгі таң неткен сұлу еді, аспанның райы да бүгін жақсы екен, жолымыз болғай.

— Әмин,— деп Иман да басын көтеріп алды.

— Өзіміз тірі болсақ Текеш сияқтыларда кегіміз кете қоймас. Сенің жолдасың оянып, менің жолдастарым ас дайындағанша аттарды біраз шалдырып алайық жүр...

Ол соны айтты да, шығып кетті, оған ілесе Иман да шығып еді, екеуінің де үні өше қалды. Екеуі біріне-бірі ойлана қарайды, екеуінің де көзінде үлкен сұрау тұр. Мынау анық жаңағы жайларды айтқан бала ма?» дегендей ой Мәдиде тұр да, «осы анық Мәди ме?» деген ой Иманда тұр. Алдымен Мәди үн қатты:

— Сен қай баласың?

— Ұйқтамастан түс көріп тұрсыз ба?—деді Иман күлімсіреп.— Түнімен қолтығыңызда қорылдаған мен емей кім?

— Мен қорылдақ баланы сұрап тұрғаным жоқ, өзімнің бойымды ұйытып, ойымды ұйытқытқан жігітті сұрап тұрмын.

— Түсінбедім,— деді Иман арқасын бір қиқаң еткізіп. Ол әсіресе Мәдидің ойлана қараған көзіне түсінген жоқ.

Оның ойын сезгендей Мәди енді сұрауды ашық қойды:

— Сен анық он жетідемісің?

— А, енді түсіндім,— деді Иман мырс етіп,— Текештің ойын алдап, сорын қайнатқан да бойымның осы тапалдығы.

— Сен Текешті ғана емес, мені де алдап тұрсың-ау.

— Неге?

— Әлі бала секілдісің.

Иманның онымен тайталасқысы келмесе де, ойындағысын айтып салды.

— Ол мүмкін, өйткені, сіздің Мәди екеніңізге мен де сене алмай келемін.

— Сеніңше Мәди қандай адам?

Бұл кезде бұлар аттарды жетектеп моланың сыртындағы шөбі шүйгін өзекке жеткен еді. Иман Мәдидің соңғы сұрауына жауап берместен, өзінің жетегіндегі құлагер аттың ауыздығын ала бастады,.

Оның ойынша, Мәди ешкімге ұқсамайтын бір алып еді, мынау қарапайым біреу. «Мынаның қай жері Мәди?»—деді ішінен. Мәдидің сұңғақ бойлы денесінен әлденендей бір кереметті көргісі келіп, құралай көзі зыр қақты.

Бірақ оның көңілі Мәдидің сымбатты денесіне де, айдыны аралас ажарлы келбетіне де, жаңа тебіндеп келе жатқан әдемі қара мұртына да толған жоқ, тек жүрегінің отын шашып тұрғандай көрінетін нұрлы көзінде адамды арбап алатын бір сиқыры бар екен. Соны көргенде ғана іздегені табылғандай жадырап сала берді.

— Ал, балақай, әке кегін қалай аламыз?

— Қалай алуды үйретсеңіз болды.

— Менен нені үйренгің келеді?

— Маған керегі сіздің найза ату әдісіңіз.

— Найза салуды білуші ме едің?

— Жоқ.

— Найза салуды білместен, оны атуды қалай үйренбексің?

— Үйретіңіз, сонсоң үйренемін.

— Серпінің қандай еді?

— Түсінбедім.

— Тегеурінің қандай деймін?

— Кешіріңіз, бұған да түсінбедім.

— Құлаш серпінің қандай деп тұрмын. Найза иықтың қатты серпінінен атылады, қолдың күші мол болса ғана иық қатты серпіледі.

— Күш аз емес-ау, айласыз күштің күні жетім баланың күйі сияқты екен.

— Қолдың мезгесі қандай?.. Неменеге бақырая қалдың, бұған да түсінбейсің бе?

— Түсінбедім.

— Асық ойынына қалай едің?

— Мені бала көруді қойсаңыз қайтеді.

— Бала болмасаң, сұрауыма жөн жауап бер.

— Ұтылып көрген емеспін.

— Жақсы нышан. Тағы бір сұрау: қашаған ұстап көрдің бе?

— Көрдім.

— Құрық тастасың қалай?

— Екі жылдан бері бірде-бір қашағанды құтқарып көрген емеспін.

— Өте жақсы. Ал, мылтық атуға қалайсың?

— Сіздің өзіңізді көрместен өнеріңізді үйренгенмін, сол үйренген өнерімнің бірі — әніңіз де, екіншісі — жұдырықтай тасты оқтай зымырату.

— Қане, мынау атқа мін де сол үйренген өнеріңді көрсетші.

— Ашығып қалған екен, кішкене отықсыншы. Өнерінің қандай екенін білмеймін, өзі құлын мүсінінде екен,— деді өзінің жетегінде оттап тұрған құлагерге қызыға қарап.

— Шынымды айтайын, сен маған ұнай бастадың,— деді Мәди күлімсіреп.

— Сіз де маған ұнай бастадыңыз.

— Рас па?

— Оллаһи.

Көк жиегі күн шұғыласын аймалай бастаған даланы жаңғырықтыра екеуі де күліп жіберді.

— Сен енді мүлде ұнадың.

— Сіз мұнан жеті жыл бұрын ұнағансыз-ды.

— Ей, бауырым-ай, сергелдеңмен өткен жылды еске түсіріп қайтесің.

Иман оның осы сәттегі жан күйіне түсінсе де түсінбеген түр көрсетті.

— Мен сіздің мылтық болып атылып, оқ болып қадалуды кімнен, қалай үйренгеніңізді білейін деп едім.

— Менің тасты ата білетінімді сен қайдан білесің?

— Ел құлағы елу емес пе, естідім.

— Ел не дейді? Мені тас атуды кімнен үйреніпті дейді?

— Орыстардан үйреніпті дейді, сіз орысша сөйлегенде көмейі бүлкілдеп, орыстардың өзін таңқалдырады екен деседі. Ол ол ма, жұрт сізді атылғысы келсе мылтық, шабылғысы келсе семсер бола кетеді, соның бәрін үйреткен орыстар деседі. Сол рас па?

— Иә, өзімді мылтық етіп, тасты оқтай атуды орыстардан, солардың жасаған мылтығынан үйренгенім рас.

— Ал шауып келе жатып жердегі тасты іліп әкетуді кімнен үйрендіңіз?

— Оны өзіміздің қазақтардан үйрендім. Сен өзің қазақтардың жерден теңге алу ойынын көріп пе едің? Олар шауып келіп, жерден көмілген теңгені іліп әкете береді ғой.

— Көргенмін, өзім де талай құлағам да, талай ілгенмін, қазақтар соны қайдан үйренді екен?

— Оны мен де білмеймін, сірә, қыран бүркіттен үйренген болар.

— Жерде жатқан жемді құстың бәрі де іліп әкете береді ғой, теңге алуды қазақтың бәрі бірдей неге біле бермейді?

— Құстың да бәрі бірдей емес, олардың да жердегіні аспаннан іле алмай қалбалақтап, сасқалақтап қалатындары аз емес. Қаймықпастан, қалықтамай, зуыл қағып аққан күйі келіп іле жөнелетін қырандар ғана. Қазақтардың ішінде де қалықтап, қалбалақтайтын жағалтайы да, самғап келіп ілетін, қасқайып қайта көтерілетін қыраны да бар.

— Онда біздер қыран қазақтар болдық қой.

— Оны білмедім.

— Жоқ, сіз бәрін де білесіз, тек мақтаншақ емессіз.

— Сен жаңа ғана тастүлек секілді едің, жапалаққа ұқсап барасың ба, қалай осы?

— Мүмкін, өйткені сіз жана ғана менің ұстазым секілді едіңіз, енді құрдасыма ұқсап барасыз.

— Е, сен енді мені міней бастадық ба?

— Мен сізді әрі ұстаз, әрі аға, әрі құрдас көргім келеді. Ол арманым ағат болса, кешіріңіз.

— Менің ұстаздығым — байларға дұшпандығым, ол саған бұғау болып жүрмесін, сақтан.

— Ал, байларға өшігуді кімнен үйрендіңіз?

— Маған оны намыс үйретті, өмір үйретті. Мен әруақты бабаларымның әулеті болсам да, кеудесін кек тескен сорлымын. Менің ағаларым бар, олар бай, мен кедей. Олар көп, мен жалғыз. Олардың бірі — екі дуан елді аузына қаратып отырған болыс — Қақабай. Намысына сондайлардың оғы тиген мен бір жаралы жанмын. Қаша қалсам қуғыншыны өзіме жеткізбестен, қаруын денеме тигізбестен алыстан ұрып құлатамын. Қуа қалсам да сол, найзамнан бұрын тасымды жіберіп сұлатамын.

— Менің атысымды байқасаңыз қайтеді?

— Кәне көрейін.

Мәдидің аузынан сол сөздің шығуы мұң екен, Иман құлакердің ауыздығын салып мініп алды да, өрге қарай шаба жөнелді. Шауып бара жатып еңкейіп жерден екі рет тас алды да, екеуін де артына қарай атып жіберді.

— Жоқ, олай емес,— деді Мәди дауыстап,— атыңның жалына жатып ал да, тасыңды аттың жаясын жалата, жанай жібер. Сонда ғана тасың оқтай зымырап қуғыншыға дөп тиеді.

Ол соны айтты да, найзасын жерге шаншып, оның басына өзінің құлын жарғағын іліп қойды.

— Міне, саған нысана.

Өзі атына мініп, жаяудың тезек тергеніндей бес-алты тасты ат үстінен теріп алды да, оқ бойы жерден Жаңағы нысананы атқылай бастады,— міне былай... былай...

Ол «былай... былай» деп тұрып жіберген алты тасының бірде-бірін мүлт жіберген жоқ.

Иман бәрін де көріп тұр, бәрі де көңілінде сайрап тұр. Мәди барған жерге ол да барып, аттың жалына жата қалып, Мәди жіберген әдіспен тастарды бірінен соң бірін ол да жіберді, бірақ жіберген алты тастың бірде-біреуі нысанаға дарыған жоқ.

Иман намыстан булығып тұр, үндеуге дәрмені жоқ. Мәди соны сезді де, қасына барып жұдырықтай бір тасты ұсынды:

— Ұста мынаны, жат аттың жалына, білегіңді маған бер, көзіңді жақындап қалған жауыңа жібер, ол — менің жарғағым. Мен қазір сенің қолыңды алға қарай созамын да артқа серпемін, сол кезде сен тасты қолыңның серпінімен бірге босатып жібер,— деді.

Иман оның бұл айтқандарынан мүлтік жіберген жоқ, қолындағы тасы нысанаға барып сарт етті.

— Енді бір,— деді жердегі тасқа ұмтылып. Намысы оны бұл сапар аямай-ақ қамшылаған екен, бірден сарт еткізді.

— Міне, енді мүлдем ұнадың,— деді Мәди күлімсіреп,— мұндай жігіттігің үшін мынау құлакерді саған сыйладым. Өзің секілді кішкентай болғанымен Ақанның құлакерінен кем болмас.

Иман сенерін де, сенбесін де білмей аңырып тұр еді, Мәди мырс етті:

— Қалай, жүйрік ат, сұлу қатын — ер қанаты екенін білуші ме едің?

— Білуші едім.

— Енді не ойлап тұрсың? Сол екі қанаттың бірі мұнан табылды, қалғаны қайдан табылар деп тұрмысың? Жоқ әлде Текештің тоқалын қайда алып қашарыңды білмей тұрсың ба?

— Жоқ, сізге нендей алғыс айтарымды білмей тұрмын.

— Алғысты әкеңнің кегі алынған күні айтарсың, әзірше анау төбенің басына шық та ән салшы, дауысың маған жетер ме екен. Егер сезікті біреулер көріне қалса тез маған жет.

Иман үн қатпастан ол нұсқаған төбеге қарай жөнеле бере кілт тоқтай қалды:

— Мәди аға, менің бұл ат үшін ертең айдалуым мүмкін ғой, ә?

— Мүмкін,— деді Мәди күлімсіреп. Ол соны айтты да жақындап келіп Иманның арқасынан қақты.— Қорықпай-ақ қой, балақай, бұл бес жүз жылқы үшін айдалатын — бір ғана менмін. Байлар мен болыстар менің кінәмді ауырлату үшін, қасқыр жеген малын да мен ұрлады деп көрсетер әлі.

— Сонда сіз оны мойындай бересіз бе?

— Үре берсін, айта берсін, мен үшін өмірдің өзі айдау.

Мәди соны айтты да желекті найзасына мұңдана қарап жауар бұлттай түнеріп кетті.

— Тек, мынау айдынды ақ найзам мезгілсіз адыра қалмаса екен.

Қара жер қайысса да, қайыспайтындай көрінетін қайсар ағаның қиялы қайда қанат қаққанын Иманның жас жүрегі сезіп тұр, бірақ жан жұбанышы болар жақсы сөз таба алмай аз тұрды да, өз тілегін айтып салды.

— Сіз таудың асқар шыңысыз да, даланың шалқар көлісіз ғой, Мәди аға. Асқар таудың шыңы биік, шалқар көлдің түбі терең, ол екеуіне жететін көз менде жоқ. Жастығым үшін ол кінәмді кешіріңіз де, бір тілегімді қабыл алыңыз. Егер айдала қалсаңыз, мені өзіңізбен бірге ала кетіңіз. Оллаһи, мен сіздің өмір бойы серігіңіз бола аламын, тек Текештен кегімді бір әперсеңіз болды.

Ол Мәдидің жауабын күтпестен жаңағы бет алған төбесіне қарай шаба жөнелді. Мәдиде әлі үн жоқ, көзін алыстап бара жатқан Иманнан алмастан сол орнында әлі сілейіп тұр.

— Өзі бала, ойы дана, ерте ержеткен бұл неткен жан?— деді күбірлеп. Бұл кезде Иманның алыстан салған әні де келіп жеткен еді, сол ән тағы да бір ойды қозғап кетті.

— Өлермін, өлмесем сендей ердің кегін Текештей сұмға жібермеспін,— деді де, жетегіндегі атын жүре оттатып, өзекке тіреліп тұрған кішкене төбеге қарай жүріп кетті. Ол төбенің өзі аласа, аумағы аз болғанымен көзді алысқа әкетеді екен. Мәди сол төбешіктің басына шығып айналасын бір шолып өтті де, көзін күншығыс жақтың көкжиегіне жіберді. Іздегені Қарқаралы еді, ол алып қара бұлттың астында қалыпты. Қарқаралының сол қара бұлты өз кеудесіне келіп орнағандай қиялы сол қара бұлттың нажағайындай қиырдан қиырға әкетіп, көзінің жасы қара бұлттың жаңбырындай сорғалап кетті.

Көзінен у төгілсе, тілінен бал сорғалайтын әдеті еді, сол әдетіне тағы басты:

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен болдым бір қашқын жан Арқадағы

Оның аспанда қалықтап, аспанда дамылдаған асқақ дауысы жер астынан таудың қойнауларынан суырып алғандай, әр сайдан әркімдер жүйткіп шыға келді. Мәди олардың өзінің ән құмар сарбаздары екенін сезді де, ойын бөлген жоқ. Қарқаралыны торлап тұрған қара бұлтқа қабақ шыта қадалған көзін енді өзінің ата мекені Үшқара жаққа аударды.

Басында Үшқараның балғын едім,
Көкорай сазға біткен шалғын едім,
Екеудің бірі болсам арманым жоқ,

Мен туған бір анадан жалғыз едім.

Бұл кезде оның сарбаздары жан-жағынан жаяулап келіп қоршап алған еді, әннің қайырмасына бәрі де қосылып кетті.

— Осы ән өзіме де ұнап тұр, басынан, басынан қайта бастаңдаршы, ұмытып қаласыңдар, тезірек бастаңдаршы,— деді Мәди шаттана шарқ ұрып.

Сарбаздардың үні өше қалды. Бәрінің де дәмесі бар, бастайтын дәрмен біреуінде жоқ:

— Уай... уай...— деп ыңылдап барып тынды.

— Ау, Жұман-ау, сен жыланның күйісін де жаттап алушы едің ғой, енді не қара басты, айтсаңшы.

— Жаңағы күрең тайдың бауырын дүмбілез күйінде сүмбілеп едің, жамандатқан жоқ па екенсің, сілеюің жаман.

— Мынаның құлағы бітеліп қалған ба?

Олардың қақпақылы болып тұрған Жұманы сабырлы сабаз екен, ащы сөзге шақыра қойған жоқ, қайта өзіне кейіп тұрған түр көрсетті.

— Құлақтың жазығы болмай тұр-ау, есіме әні түссе, сөзі түспей, сөзі түссе, әні түспей ит әуреге салып тұр.

— Менің көкейімде бәрі де сайрап тұр,— деді көлденең біреу.— Әттең аузыма түспей қор болдым.

— Ау, отызың жиналып екі ауыз өлеңді ұға алмағансыңдар ма?— деп Мәди жағалай көз тастап еді, топқа жете бере тоқтап, шеткері тұрған Иман шырқап қоя берді.

Сарбаздардың дуылы тылсым буғандай тына қалды. Қылп етсе ән қанаты қиылып кететіндей бірде-біреуі қыбыр етер емес. Мәдидің көзі ат үстінде дүниеге жаңа ғана келген жас әнді шырқап тұрған Иманда. Әнге балқып қадалған көзі бірте-бірте жасаурап барады, құшағын жайып ұмтылғысы келеді, ән үзілсе, өкініште қалдыратын түрі бар, соны ойлап қана өзін-өзі тежеп тұр. Иман әннің қайырмасын назалы жанның сазына салып еді, Мәди оны қайсарландырып асқақтатып әкетті де, екінші шумағын өзі шырқай жөнелді. Оның өршіл үніне Иманнан басқа ілесе алған біреуі жоқ, бірақ үйреніп алу үшін ыңылдап әннің соңынан ермеген біреуі және жоқ. Бірі аспанда қалықтап, шарықтаса, енді бірі жер бауырлап ыңқылдаған алуан түрлі дауыспен ән де айтылып бітті. Қапсағай денелі, қаба сақалды, үстінде айналдырып киген ала тоны, басында тақия екені, бөрік екені белгісіз тақыр теріден істелген бірдеңесі бар, ұзын қара найзалы, шұбар біреу аюша қалбаңдап барып Иманды құшақтай алды.

— Ой, айналайын, көп жаса!

Осы топтың аға тұтар жасы үлкені де, батыр тұтатын денелісі де сол қара найзалы шұбар еді. Оның сұсы Иманды сескендірсе де, құшағынан ағалық мейірімін тез сезді де еркеленіп сіресе қалды. Оның еркелігін найзалы шұбар да сезіп:

— Мәдижан-ау, мынауыңды бала екен десем, қағып қойған темір қазық қой,— деді ол Иманға сүйсіне қарап.— Міне, өзің қарашы, міз бағар емес.

Оның соны ыңырана айтып, ырғала ұмтылғандағы баққаны Иманның именгенін көру еді, оны көре алмады. Енді шындап аттан көтеріп алғысы келіп ұмтылып еді, Мәдидің:

— Сағың сынар, соқтықпа,— деген даусы шықты.

— Былай тұршы, кімнің сағы сынар екен көрейін,— деп сұлушалау келген сұр жігіт тұра ұмтылып еді, оны жаңағы найзалы шұбар қағып жіберіп шалқасынан түсірді.

— Өзім асыраған мына текешіктің өзіме секіруін қараңдар, ей,— деді ол кеңк-кеңк күліп.

Қапылыста ұшып түскен сұр жігіт оның сақалынан сыбай тұра ұмтылып еді, біреу иығынан ұстай алып, кері серпіп жіберді.

Ол Мәди еді:

— Ала жылан, аш бақа күпілдектер. Сенің інілігің, сенің ағалығын, осы болса, екеуің де жоғалыңдар!

Қаба сақалды қара шұбар жалаңаш етіне киген ала тонын шешіп тастап, екі тізесін бірдей бүгіп отыра кетті де:

— Кеш, Мәдижан, кеш. Кешпесең — міне арқам, таспа тілсең де өзің тіл,— деді.

Мәди оның арқасынан бір қақты да сұр жігітке қарады үндеген жоқ. Оның не үшін үн қатпастан қадалғанын сұр жігіт бірден сезді де, басындағы бөркін алып қара шұбардың алдына тастады. Бас киім тастау бас июдің белгісі екенін қара шұбар жақсы білетін, өйткені, ол і атысқан той-думанның төбелессіз тарқаған кезі болған емес. Той болған сайын ол біреумен төбелесетін де, айыпқа төлейтін құны болмай, бөркін аяққа тастап, кешірім сұраумен құтылатын.

Өзінің сол әдетіне риза болу керек, жаңағы бұрқанған ашуы сұр жігіттің бөркімен бірге жерге түскендей тез жадырап ыржия түрекелді:

— Ой, айналайын аусарым. Мәдижан болмағанда шұрқылтайыңды шұрқырататын едім, бағың бар екен, кел, төске төс соғыстырып, ашуды қиратып тастайық.

Ол аюша қалбаңдап келіп сұр жігітті құшақтай алып бір үйірді де, тоқтай қалды, өйткені дәл осы сәтте Мәдидің өктем дауысы шыққан еді.

— Дүниеге жаңа келген ән де, сол әннен тұтана жаздаған жанжал да осымен-аяқталсын. Жорықтың да аяқталар шағы жақындап келеді. Менің болашақ серігім, Иман шырақ, сен бар да жолдасыңды оят, сендер хал-жайды баяндаңдар,— деді жағалай көз тастап.

Иман молаға қарай шаба жөнелді. Сарбаздардың біреуінің «хал жаман емес» деуінен басталған дуыл көпке шейін басылған жоқ. Тамақсау біреуі күрең тайдың еті төрт қазанда қайнап жатқанын айтса, май құмарлау біреуі күрең тайдың жуан елі қазысын дәріптеп сілекейін шұбыртып еді, жаңағы қаба сақалды қара шұбар тағы да күж етті:

— Құлқындарың қурап қалғырлар-ау, жуан елі қазы мен төрт қазан етті айтып сандалғанша, осы маңдағы аш арықтардың алғысын айтсаңдаршы.

— Жоқ, сол байғұстардың алғысынан бұрын бізден алғанын айтыңдар.

— Жетеуі кем тоқсан.

— Сол сексен үш жылқыны алған жұрттың бәрі ауыл-аймағымен сізге сәлем айтты.

— Сәлемінің бәрі — алғыс.

«Атасы Алшынбайдың жасын тілейміз, бабасы Қазыбектің даңқын тілейміз» деді бәрі де.

«Ойдағы тасы өрге домалай берсін, өзінің өлеңіндегідей жауар бұлттай өрлей берсін, қайралған семсердей сермеле берсін»,— деді біреулер.

— Мәди:

— Әмин!— деп бетін бір сипады да, атына қарай беттеді.

Осы кезде мола жақтан Иманның...

— Бауырым-ай... есіл бауырым-ай,— деген зары естілді. Тұрғандардың бәрі бірден түршіге қалды. Иманның басқа сөзге тілі келер емес, атының жалын құшып еңіреп келеді.

Мәди оның келіп жетуін күткен жоқ, манағы ұйықтап қалған баланың өлгенін білді де, атына тақым қақты. Оның көңіл күйін қас-қабағынан танып әдеттенген серіктері де қалысқан жоқ, олар да тақым қағысып, аттарына қамшы басты.

— Жолдасың жол үстінде өлді дегенше, орда қалдым десеңші,— деді Мәди қарсы келе жатқан Иманды жанай өте беріп.

— Ор емес, көр екен, көр,— деді Иман егіліп. Бірақ оны өзінен басқа ешкім естіген жоқ. Ол атының басын бұрып алғанша, жөңкілген топ төңкеріліп барып аттарынан түсті де, молаға сүңгіп кетті.

Бұл моланың терезесі — кереге көз кенересі еді. Сол кереге көз кенереден мол түскен күн сәулесі моланың ішін жарқыратып тұр екен. Мәди бір тізесін бүгіп баланың жүрегін тыңдады да:

— Бақыл бол, балапан,— деді. Ол шоқталып тұрған тобына қарады.— Бұл жатқан — панасыз жетім бала. Ақ жуып, арулап көмелік, жаназа шығара білетін кім бар?

— Мен бармын,— деді манағы қара шұбар.

— Міне, моллалы да болдық, қабір қазатын қайла мен күректер әне жатыр. Жарықтық қажы өзіне мола сайласа, қайла мен күректі өзгелер үшін сайлаған болар. Алыңдар, қазыңдар қабірді. Моллеке, сен бұлаққа бар да, дәрет алып кел.

— Сендер ше?

— Жаназа дұғасын оқитын саған болмаса, дәрет алу біздерге парыз емес.

— Е, мен ондай дұғаны дәретсіз-ақ оқи беремін,— деп олардың жасанды молласы бір ыңыранды да, қолын бір сілтеп шығып кетті.— Әй, барсам барайыншы, алсам алайыншы дәретті.

Өлген бала да жерленді, төрт қазанға асылған күрең тайдың еті де желінді. Көк жиектен көтеріле қызған күн сәскелікке келіп қалды, даланың ерке сағымы да биін билеп, бұлаң қаға бастады. Осындай қатерлі жолдан жаны қанша жабықса да, күннің қызуымен денесі қуанған қайсыбір жігіттердің үміті де сонау сағым секілді бұлаң қақты. Сондай үмітке ғана мәз жігіттердің бір тобы қиқу салып жылқыны Құлжалының құзынан ойға қуып түсірді.

Бұлардың ендігі беті — Маралды тауы. Құлжалы мен Маралдының арасы екі кеш жер, Мәдидің көзі — алыстан бұлдырап көрінген сол Маралдыда, ойы Шыңғыс тауы мен Ереймен тауында тұр. Мұның бірі батысында, екіншісі шығысында, екеуі де алты күндік жерде. Ол бүгіннен қалмай бұл елден безіп кетпекші де, сол елдің біріне жетпекші. Шыңғыс тауда өзінің жиен ағасы Абай бар да, Ерейменде досы Балуан Шолақ бар. Сол екеуінің біріне барып паналай тұрмақ. Қайсысына кетерін байламастан, әйтеуір бұл елден бүгіннен қалмай кетуге бекініп келе жатыр.

Оның көзі Маралдыдан әлі арылған жоқ. Ол таудың бергі алдында Ойран өзені жатыр. Ашаршылық қатты қалжыратқан елдің бірі — сол өзеннің арғы бетіндегі ел. Мына жылқының үлкен бір бөлегін сол елге тез жеткізу керек екенін айтып келе жатты да, жорта жөнелді. Оның алдында тауға жете бере құлаған бір алыптың қабіріндей көрінетін қос өркешті кішкене төбешік тұр еді, жортқан бойымен барып соның басына шықты да, айналасына көз жіберіп үнсіз тұрып қалды. Соңынан келген серіктерінің қайсыбірі әлденені айтып еді, оған да назар аударған жоқ, тек өздерінің кешегі ізін баса келе жатқан екі жолаушыға көзі түсті.

— Ал, бауырлар, менің сендермен қоштасар күнім жетті. Мына жатқан жылқыны үшке бөліңдер де, әрқайсың осы жерден өз елдеріңе тартыңдар. Өздеріңе екіден жылқы алыңдар да басқасын ашыққан елге түгел үлестіріңдер. Егер сол сорлы елдің сыбағасына сұғанақтық жасап өздерің екі жылқыдан артық алсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер, қаладағы ояз бен ауылдағы болыстарға шамам келмесе де сендерлік қауқарым бар.

— Оны айтпасаңыз да білеміз,— деді біреу әзілдеп.

— Білсеңдер оны ұмытпаңдар.

— Жігіттер, осы сөзге тоқтайық та, бірауыздан мақұл дейік,— деп біреуі көсемдік етіп еді, басқалары:

— Мақұл... мақұл,— десіп шу етті.

— Құмға құйылған су секілді мұндай шудың қажеті жоқ, елдің сыбағасына тимеске ант етіңдер!

— Ант етеміз,— деген дауыс тағы да ду етті.

— Ендеше тұрмаңдар, барыңдар да жылқыны үшке бөліңдер, есебін өзім шығарып, кемін өзім теңеймін, барыңдар.

Мәди соны айтты да, найзасына сүйенген күйі үнсіз тұрып қалды. Оның қасында өзінің ежелгі серігі Қанаш пен Иман ғана қалды да, басқалары жылқыға қарай лап қойды.

Бұл кезде жаңағы екі жолаушы жылқыға қарай ойысқан еді, неге екені белгісіз, кенет тоқтай қалып Мәдилерге қарай жалт бұрылды. Біреудің астындағы ат кісінеп еді, жылқының ішінен бір боз айғыр кісінеп үн қатты. Мұнда қандай сыр барын Мәди аңғарған жоқ, ол тіпті естімеген секілді, тек өздеріне қарай келе жатқан екеудің бірі әйел екенін күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманынан, өзінің атқа отырысынан аңғарып тұр. Мәдидің межесі дұрыс, бұл келе жатқан жиырмаға әлі жетіңкіремеген жас қыз еді. Оның астындағы ақбоз ат жылқы жаққа жалтақтап ойнақтап келеді. Қасында омырауы есіктей құла төбел атты жас жігіт келе жатыр. Тәріздері жай жолаушы емес секілді, тойға баратындай екеуі де үлде мен бүлдеге бөленген. Әсіресе қыздың киім киісі ерек. Ол атының түсіне түстес болғысы келгендей аяғындағы кестелі қызыл етіктен басқаның бәрін ақтан киіпті, тіпті ерекше көрінгісі келгендей басына елде жоқ, киімді киіпті, онысы ақ тиіннің терісінен істелген, қыздың тарамдап өрілген шашындай төгілген бірдеңе. Ақ тиіннің қара қылшық ұшы бар ақ құйрығы маңдайдан тізіле төгіліп, қыздың бетіне өзгеше бір ажар беріп тұр. Ал оның қасындағы құла төбел атты жігіттің киімі ала-құла, бірақ бәрі де су жаңа, бәрі де қымбат заттардан тігілген, ең ақыры басындағы бөріктің пұшпағы да жай түлкінің пұшпағы емес, Арқаның қызыл түлкісінің қара қасқа пұшпағы, жасыл түсті биқасаптан тігілген жазғы шапанының жағасындағы екі қара ала түймесінің үлкендігі торғайдың жұмыртқасындай. Мұндай түймені бұл елдің мыңнан бірі ғана тағынатын, Осы екі ұсақ нәрседен-ақ, Мәди олардың осал ауылдың баласы емес. екенін сезді де, қыздың астындағы ақбоз атқа алыстан қызыға бастады.

Екеуі қатар аяңдап келеді. Екеуі бірінен-бірі өткен сүйкімді, тек жігіттің әлденебір күткен қаупі бар ма қалай, өңі сұрланып, ауық-ауық ақырын күрсініп те қояды. Қызда ол құбылыстың бірі де жоқ, именбестен еркін келе жатыр, тіпті ол әлденеге шаттанатын секілді.

Осы арада қыз тағы бір тәтті қылық көрсетті. Арқан бойы жер қалғанда атынан түсті де Мәдилерге қарай жаяу беттеді. Атын жанындағы жігіт ұстағысы келіп еді, оған да берген жоқ, өзі жетектеп келеді.

— Мынау кім болса да арзан ойдың адамы емес, атты ұстап тұрыңдар.

Мәди серіктеріне соны айтты да, атынан түсіп, қарсы аяңдады. Қыз да осыны күткен секілді. Жете бере оң тізесін бүкті:

— Армысыз, асыл аға,— деді тәжім етіп.

— Бар бол, бауырым,— деп Мәди оны қолтығынан демеп тұрғызып жіберді,— көп жаса.

Қыздың қасындағы жігіт ат үстінен сәлем беріп қол ұсынып еді, Мәди оның қолына бір, өзіне бір қарады да мырс етті.

— Аспанның мынандай жұлдызы ағып түскенде, көнтек болған түйедей қаңқиып тұрған сен кімсің?

— Кешіріңіз, ағажан. Ол менің ат қосшым еді, аттан түспе деп бұйырған мен едім,— деді қыз көзіндегі күлкісін пердесімен жасырып.

Мәди аңырып қалды.

— Қалқашым-ау, ат қосшың мұндай болғанда, жан қосшың қандай?

— Аман болсаңыз оны да көрерсіз, көрсетпей қоймаспын, қандай екенін сонда өзіңіз айтарсыз, тек қашан да аман болыңыз, ағажан.

— Кім екенімді білместен тірлігімді мұнша тілейтін сен кім едің, бауырым?

Иман көзін қыздан алмастан қасындағы Қанаштың құлағына әлденені сыбырлап тұр, оқшауырақ тұрған ол екеуін қыз көзіне ілер емес, Мәдидің жаңағы сұрауының орайына қарай сөйлеп тұр.

— Төркіндеп бара жатқан жолаушы едім. Мына бір қырдың ар жағынан қалың жылқы ізінің ішінен бір тұлпардың ізін кездестірдім. Сол тұлпардың иесін бір көруді арман етіп ізіне түсіп келе жатыр едім, сіздерге тап болдым. Көзіңізге түссе сол тұлпар мінген батырдың жөнін сілтеп жіберіңіз.

— Асқақ сөзге айып етпе, қалқашым, бұл елдің ішінде сен ізіне түсіп іздейтіндей тұлпар жоқ. Менің мынау Көкдауылым болмаса.

— Бұл қалай?—деді қыз таңданғандай болып,— әлде менің көргенім ер қанаты тұлпардың ізі емес, құйынмен ойнап сағымды қуған құланның ізі ме? Жоқ әлде қасқыр менен қарсақтың іні ме?

— Соңғысы болуы мүмкін,— деді Мәди сөз шақпағын шаққысы келіп. Бірақ мына қыз сөздің нендей сайысынан болса да тайынар емес.

— Онда кешіріңіз, мен өзімді-өзім алдап, өзімді-өзім адастырып келіппін, қош болыңыз.

Қыз соны айтып атына қарай бұрыла беріп еді, Мәди оның қолынан ұстай алды.

— Сабыр етші, қарындас. Сөзің сырлы, сырын жұмбақ, сен кімсің осы?

— Басқа жөнімді біліп қайтесіз, көп тілеуқорыңыздың бірі көріңіз де, қала беріңіз.

— Сол тілеуқорымның атын білсем екен?

— Бар қыздың атын білу сізге парыз ба еді?

— Бір ғана сенің атыңды білсем, барлық қыздың атын білгендей болар едім.

— Онда жаттап алыңыз, менің атым Келбет.

— Келбет?—деді Мәди аңырып.

Ана жақтан:

— Әне, айтамын ба,— деген Иманның да дауысы шықты.

— Қаныңыз неге қаша қалды? Әлде Келбет дейтін бір қыз кесел болып жабысқан ба еді?— деп қыз сылқ-сылқ күліп еді, Мәдидің көңіл көзіне ол қыздың көмейінен әлдененің сәулесі төгіліп тұрғандай көрінді.

— Көңіл күйінің пернесін дәл бастың, қарындас. Келбет дейтін бір қыздың кесел ғана емес, бар өмірімнің қасіреті болып жабысқаны рас, тек сен сол Келбет бола көрме?

— Ол бола қоймаспын, бола қалған күнде не істер едіңіз?

— Өз қолыңнан өлермін.

— Егер мен өлтіре алмасам.

— Онда сені де, өзімді де жоқ етемін.

— Онда сіз Мәдидің өзі болдыңыз ғой.

— Иә, мен Мәдимін, өзің қай Келбетсің?

— Мен сізге қасірет болып жабысқан сол Келбетпін,— деп қыз бас киімін қолына алып еді, оның құбаша келген сүйкімді өңі Мәдидің көзіне айдай көрініп кетті.

— Ризамын... Ризамын,— деді ақырын күбірлеп, басқа сөз аузына түскен жоқ.

Оның естен танса да, өзін-өзі күшпен тежеп тұрғанын сезіп, Келбет ол жақындаған сайын күлімсіреп кейін шегіне берді:

— Кімге ризасыз?

— Егер сені айдап келген өзімнің ажалым болса, оған да ризамын.

Мәдидің соны айтуға ғана шамасы келді. Келбетті өзіне қарай қатты тартып қалып құшақтай алды.

Сол кезде мылтық даусы гүрс етті.

Мұны ешқайсысы күткен жоқ еді. Мәди есін тез жинап, құшағынан Келбетті шығармастан қарап еді, құла төбел атты жігіттің қолында алты атар тұр екен.

— Мынау кім?—деді Мәди қанша сескенсе де, сырын сездірмей жайымен.

— Кешіріңіз, ол — менің Бақи атты күйеуім. Екеуіңізді бірдей сынау үшін қызғанышыңды далаға атылған оқ етіп аспанға жібер деген мен едім, кешіре көріңіз, ағажан,— деп Келбет безек қақты. Бірақ қанша жалынса да, Мәдидің мұздай қалған жүрегін жібіте алған жоқ, өзі қанша бұлқынса да, Мәдидің құшағынан шыға алған жоқ.

— Мұндай кінәні кешудің өзі қылмыс емес пе?

— Менде мал ашуы мен жан ашуы қабат бар, әттең, сіз Мәдисіз, басқа біреу болсаңыз, мен сізді былай кезеп атар едім,— деген жігіт сөзі Мәдиді мүлдем қайнатып жіберді.

Қаны қайнаған ол Келбетті өзінің сыртына қарай серпіп жіберді де, жігітке қарай қадам басты:

— Мал ашуы, жан ашуы дейсің бе? Онда мен саған Қаракесектің бар байталын жинап берейін, Келбетті маған таста да, жүре бер, ез неме! Қане, ез емей ер болсаң, ат жылдам. Неге қалтырайсың? Ат..!

Мәдидің қазіргі түрінен кім болса да қалтырарлықтай еді. «Атса атсын» дегендей ой келді ме, жоқ әлде жігіттің қауқары қандай екенін байқап қалды ма, әлде Келбеттің оны «күйеуім» деген сөзі намысына тиіп кетті ме, әйтеуір, ол жолбарысша атылғалы барады. Жігітте жаңағы дәрмен жоқ, қалш-қалш етіп алты атарын кезенген күйі атын шегіндіріп барады. Мәдидің көзі бір тайса, Келбетті тастай қашатын түрі бар. Келбеттің қорыққаны — Мәди. Қолына түссе тірі жібермейтінін сезген Ол ұшып барып Мәдидің қарсы алдынан құшақтай алып еді, күйеуінің қолындағы алты атар жерге түсіп кетті.

— Тіземді бүгіп жалынамын, ағажан.

Келбет соны айтып, тізесін бүге бере мырзасына көз қиығын тастап еді, ол атынан түсе ұмтылып келіп, Мәдидің алдында етпетінен құлай кетті. «Аяғыңызға бас ұрып мен де жалындым, ағатай» демекші еді, Келбеттің көзінше ондай сөзді айтуға жалған намысы жіберген жоқ.

— Бүгілуді білмейтін тіземіз де сізге ғана бүгілді, иілуді білмейтін басымыз да сізге ғана иілді, ендігісін өзіңіз біліңіз, ағажан,— деді Келбет дір-дір етіп.

Мәдидің кек оты ұшқындаған көзі бір төмен түсіп еді, малдың буына мас мырзаның тақыр басы жер сүзе Келбеттің оң жақ тізесін сүйе жатыр екен. Соны көргенде жанын әлдененің жалыны жалап өткендей іші қыз-қыз қайнат кетті де, бүлдіргесі шынашағына ілулі тұрған жылан бауыр қамшысын ұстай алды. Ондағы ойы Келбеттей қызға кенелген мына мырзаның жұмсақ жонын бір тілу еді, аяғын құшып жатқан адамды ұруды лайықсыз көрді де, өзін-өзі зорға тежеп Келбеттің шашынан сипады.

— Келбетім-ай, сенің мұндай екеніңді білмей сорладым-ау,— деді, кеудесін кере дем алып.

Келбеттің қуанғаннан көзінен жас ыршып кетті. Ол екеуіне бірдей қарап алғысы келгендей көзінің алдына іркілген екі тамшы жасын Мәдидің кеудесіне сүйкей сүртіп түрегелді.

— Ертерек білгенде қайтетін едіңіз? Қасіреттен басқа да тартарыңыз бар ма еді?

— Бар еді. Басқаны таба алмасам да, екеуімізге арнап салынған бір моланы табатын едім.

— Ол үшін енді өзіңізге де өшігерсіз, өкінбеңіз.

— Өшігемін, осындай өкініште қалдырған сұм өмірдің аспандағы айы мен күні, жердегі Келбетінен басқаның бәріне де өшігемін, мына мырзаның кеудесінде жаны барында жоғалсын көзімнен, қазір жоғалсын.

— Дәл осы айтып тұрғаныңыз ақылдың сөзі емес.

— Мендегі бар ақылдың да, ашудың да айтары осы,— деді Мәди ширыға түсіп.— Әкеңнің сен үшін менен сұрағаны қысырақтың тоғыз үйірі — тоқсан жылқы еді ғой. Мен сол әкең сұраған тоқсан жылқыны үш есе қып алдына қазір салып берейін, адамды малмен тең көретін мына байсымағың сол жылқыны айдасын да кетсін.

— Мен ше?— деді Келбет күлімсіреп.

— Сен басқаның емес, менің ғана Келбетімсің.

Мәдидің бұл сөзі Келбеттің жүрегін мұздатып жіберді, бірақ ол сыр бүркеуге шебер қыз еді, көңіл бұлтын көз күлкісімен бүркеп күле сөйледі.

— Дәл осы сөзіңізді есітсе, таудың тарғыл арыстаны сізді дал-дал етер еді.

— Не үшін?

— Намысыңыздың аздығы үшін.

— Мен бе намысы аз?

— Маған арнап сіз шығарған жыр емес, сізге арнап мен сақтаған сыр емес, әжеме әжесі айтқан бір ертегі есіме түсіп кетті. Тыңдар болсаңыз айтайын.

— Ертегіңнің сиқыры бар секілді, айтпай-ақ қойсаң қайтеді?

— Ертегім етегіңізге жабыса қалса арашаға түсіп, айыратын мен бармын, қорықпаңыз.

Мәдидің мұнан әрі таласқысы келген жоқ.

— Қашсаң құтылып, қусаң жететін түрің бар екен, әзірше алдымды орай тұр,— деді де жанына келген Қапаштың қолындағы өз найзасына сүйеніп тұрып қалды.

Келбет жана ғана түрегелген мырзасының үстін қамшымен қағып, маңдайына жұққан топырақты орамалымен сүрте сөйлеп тұр.

— Ертеде өткен заманда, дін мұсылман аманда, бәдәуилердің елінен, маймылдардың жерінен бір аш арыстан келіпті. Ол жылқы етіне жерік екен, келе қырғын салыпты. Біздің ауылды тігерге тұяқ қалдырмай шапқан сіз секілді қырғын салыпты да, талайлар жүген ұстап қалыпты, талайлардың қара сабасы керегенің басына ілініпті. Оның қастандығы сондай, бар жылқыны өлтіріпті. Не істерін білмей сандалған жұрт жиналып кеңесіпті де құзда жатқан арыстанға елші салыпты. Ел жіберген елшілер аңдардың патшасы арыстанмен келісіп, жұмасына бір жылқы беретін болыпты. Ел де бұған көніпті де, жұма сайын бір жылқыны жеміне беріп тұрыпты. Күндердің бір күнінде елшілер бір кер байталды апарған екен, сол байталды көргеннен арыстан ашу шақырып елшілердің өзін жей жаздапты. «Мен сендердің ханзадаларыңды да қалтырататын жаны пәк арыстанмын. Ал сендердің маған әкелген жемдерің қасқырдың арам тісі тиген қалдығы. Қасқырдың қалдығын жегенше өзімді неге жемеймін?» депті. Оның бұл ашуына елшілер түсінбеген екен, арыстан байталдың санындағы тыртықты көрсетіпті. Елшілер келіп иесінен сұраса арыстанның айтқаны рас, кер байталды құлын күнінде қасқыр тартқан екен.

— Сонсоң не болыпты.

— Не болсын, арыстанның өзіне лайық, ешбір аңның тісі тимеген таза жылқының бірі беріліпті.

— Сонан соң?

— Әжемнің ертегісі осымен бітті, ендігісін сіз айтыңыз. Мен қасқыр тартқан сол кер құлан секілдімін ғой, елімнің арыстаны Мәди бола тұрса, мына сияқты бөлтірік тартып кеткен құлынды қайтесіз.

Келбеттің ойы осыған келіп саярын күтпеген болу керек, Мәдидің тілі байланып қалды. Ол не дерін білмей әр қиялды бір қуып, жүзі мың құбылып аз тұрды да, Келбетті құшақтай алды.

— Сен жеңдің мен жеңілдім,— деді ол, Келбеттің маңдайынан қайта-қайта сүйіп,— бақытты бол, мен үшін де бақытты бол, тек өзіңді малға теңеме. Ол үшін өзіңнің кім екеніңді жақсы біліп ал. Тым болмаса: екі елдің болыстарының қастығы, орыстардың тас қамауы да, қанды бұғауы да қайыстыра алмаған, ең ақыры мысықтың тырнағын тістеп ойнаған ажалды тышқан секілді мына мырзаның атқан оғынан да сескенбеген Мәдиді нендей күшпен жеңгеніңді біл.

— Оны білетін секілдімін,— деген сөз Келбеттің аузынан еріксіз шығып кетті.

— Жоқ білмейсің, бауырым,— деді Мәди әлденеге алқынып,— егер оны білсең, қара тасты мамық көрмес едің де, мезгілсіз қалғымас едің.

— Сіз өзіңіздің мұнан жеті жыл бұрынғы әніңізді айтып кеттіңіз.

— Жеті жыл бұрын? Ол қандай ән еді?

Келбет ақырын әндете бастап еді, Мәдидің өзі де қосыла кетті.

Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды,
Адал дос бірін бірі алдамайды,
Қара тас ұйқың келсе мамық болар,

Шын ғашық сұлулықты талғамайды.

— Жанып кететін түрім бар, тезірек қоштасайықшы,— деді Мәди әнді аяқтамастан.

— Біз қуғыншы емеспіз, олжаңызға кездескен сауғашымыз.

— Сауғашы болсаң жылқыға жүр, қалаған атыңды мін. Қуғыншы болсаң қазір беретін жалғыз тайым жоқ, енді екі айдан кейін әкеңнің жылқысын түгел қайтарамын.

— Жалғыз аттан басқа малыңыз жоқ, бес жүз жылқының орнын немен толтырмақсыз?

— Өзім кедей болсам да Текеш дейтін бай дұшпаным бар.

— Онда соның өзін неге шаппадыңыз?

— Оның жылқысы қыстан жүдеу шықты, союға келетіндері болмады. Ал, мынау ашыққан елді қырғыннан аман алып қалу үшін сенің әкеңнің жылқысындай семіз жылқылар керек болды. Әкеңе сәлем айт. Бұл жылқыларын екі есе етіп қайтарамын. Енді екі айдан кейін Текештің жылқысын жайлауынан бастап күзеуі мен қыстауына дейін шашып беремін, не болмаса өз соры. Егер оған риза болмай, соңыма борсық болыстар мен қасқыр оязды тағы да салатын болса, аямаймын, иманын айта берсін.

— Сәлеміңізді өз тілегім етіп жеткізермін, алдымен сіз менің сауғамды беріңіз.

— Сауға дейтін менде не бар, мына жатқан бес жүзге де толмайтын аз ғана жылқы менің жаулықпен шауып әкеле жатқан олжам емес, аштан қырылғалы жатқан елдің азығы. Өзімде бары — жалғыз жаным мен жалғыз атым ғана. Ол екеуін қабат қаласаң да әзір.

— Жаныңызды жаным етер едім, кеудемнен орын қалмапты, жаяу тастап кетер едім, жауыңыз емес екенмін. Егер сауға берер болсаңыз, қалайтыным әкемнің көп жылқысы емес, сол жылқымен бірге кеткен нағашымның жалғыз үйір жылқысы.

— Сауғаны айдап бермейді, не қанжығасына, не жетегіне байлап береді ғой, батыр бабаларымыздан қалған сол жораны мен қалай бұзамын?

— Сол үйірдің айғырын жетегіме байлап берсеңіз мен риза.

Мәди Келбеттің осы сөзінде бір сыр барын, оның сайлап келген бір амалы барын сезсе де, меселін қайырғысы келмеді де, сыр берген жоқ.

— Бар қалағаның бір айғыр болса жүре қал, мен алданған да болайын, тек сен мені алдадым деп марқайма,— деді де, Келбетті тік көтеріп алды.— Мүмкін бұл күнді де ертең арман етерміз, келші, атына өз қолыммен көтеріп салайыншы.

Келбет қанша қымсынып именсе де тайталасқан жоқ, тек тулаған жүрегі алып ұшқандай атының үстіне бір-ақ ырғыды.

— Рақмет,— деуге ғана шамасы келді.

Оның бір шарпып еткен лебі жанын жайратып кеткендей Мәди есеңгіреп тұр еді, Бақидың мына бір қылығы оны селк еткізді.

Ол манағы алты атарын қонышынан қайта суырып алды да, Мәдиге жақындады.

— Ардақты Мәди аға,— деді ол әлденеге шаттанғандай дауысын саңқ еткізіп. Ойда тұрған Мәди жалт қарап еді,— қорықпаңыз,— деді ол күлімсіреп,— мен қорқынышты емеспін, ағалығы бар аға табыла қалса, іні бола алатын жанмын,— деді де қолындағы алты атарын Мәдиге ұсынды.— Мынау үш жылқы беріп алынған дүние еді, мұның иесі мен емес, сіз екенсіз, игілігін көріңіз.

Ол қанша майысса да, Мәдидің іші елжірей қойған жоқ.

— Мұнша қымбат дүниені маған не үшін қиясың?— деді ызалы күлкімен жымиып.

— Сіз маған өзімнен де қымбат дүниені қидыңыз, сол үшін.

— Менің мырзаларға мырзалығым жоқ секілді еді, кең дүнием неден олай тарыла қалды екен?

— Мені соңыңыздан қуғызып келген Келбеттің сізге, сіздің адамшылығыңызға деген сенімі еді, сол сенім мені де адастырмаған секілді.

— Келбеттің сенімін ақтау үшін екен ғой, маған оқ жұмсағаның?

Бақи не дерін білмей қалып еді.

— Оған кінәлі сіз екеуміз,— деп Келбет киіп кетті.

— Мыналар мені жындандырар,— деді өз адамдарына күле қарап,— бірі басымды оғына байлайды, енді бірі ол үшін менің өзімді кінәлайды, бұл не?

— Есіңізде болсын, мен өте әділ жанмын,— деді Келбет наздана қарап.— Егерде мен сізге «сүйгенімнің сыйлығын қабыл алыңыз да, өзін туған ініңіздей көріңіз» десем, оны да әділдік деп білгейсіз.

— Дәл осыны сен айта қояр ма екенсің?

— Әлемді алты айналып келсем де сізге тең келетін қайын ағаны таба алмайтынымды білсем, неге айтпаймын?

— Мұндай жалған сыйыңды менен басқаға тартсаң қайтеді?— деп Мәди салқындана қалып еді, Келбет өз қалпын онда да өзгерткен жоқ.

— Мен жалған айта білмеймін,— деп жайдарылана түсті.— Тек түсіп келгенім тұлпардың ізі емес, тәтті үміттің өзі еді, соны ғана жасырдым.

Мәди оны енді ғана танып болғандай бар жан-тәнімен сүйсіне қарап үнсіз тұрып қалып еді, оның көзіндегі отты Келбеттен аударып әкеткісі келгендей Бақи бір тізесін бүгіп тағы да отыра кетті:

— Мен сізді танып та, табынып та болдым, өтінемін, алыңыз мынаны...

Мәди мең-зең күлкімен күлімсірей түсіп Келбетке қарады:

— Мынаны біресе бақсы, біресе молла етіп тұрған сенің сиқырың-ау, ә?

— Жоқ, сіздің сиқырыңыз.

— Мені аға еткелі келгенің рас болса алдай берме ағаңды.

— Мен сізді мұнан жеті жыл бұрын алдағанмын, сол алдағаным бар өміріме жетеді.

Мәди ақырып қалды:

— Мұнан жеті жыл бұрын?

— Иә.

— Қазір нешедесің?

— Он тоғыздамын.

— Ол кезде сен он екідегі бала емессің бе?

— Иә, бала едім, бала болсам да:

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Тірі қалдым, өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың, — деп

Татьянаның әнін өз әнімдей көріп сұңқылдататынмын. Есіңізде ме, біздің елдің жастарын үйретіп кеткен әніңіздің бірі Абайдың осы әні еді ғой.

— Есімде, бәрі есімде,— деді Мәди ойлана жадырап,—тек, тым ерте ержеткен қарындасым, сен есімде жоқсың. Алдаған болсаң, есімде қалмауың мүмкін емес, сен жалған айтып тұрсың.

— Алдағанда қандай?

— Түсің болар.

— Ол түс болса, мұнан жеті жыл бұрын сіздің әмеңгерлік жолын қуып бір қора кісімен біздің ауылға барғаныңыз да түс, бір жұма бойы біздің ауылда салған сауық-сайраныңыз да түс. Ең ақырында мен үшін қалың мал төлей алмайтын болған соң, әкеммен жауласып кеткеніңіз де түс.

Мәдидің өңін мұң басты.

— Жоқ, ол түс емес,—деді күрсіне сөйлеп,— ол менің өмірімдегі ең қымбат күндерім.

— Сіздің сол өмірдегі ең қымбат күндеріңіз менімен бірге өткен-ді. Мен мұны адал мағынасында айтып тұрмын.

— Қалай? Әкең сені маған көрсеттірмей, менің сені бір көре алмай арманда кеткенім қайда?

— Мені көрмегеніңіз рас, бірақ сіз күміс жақты ақ шұлық киген кішкентай келіншекті көрдіңіз ғой, сіздің шайыңызды күн сайын сол ғана құйып беріп жүрді ғой.

— Әлгі бір мылқау келіншек пе?

— Иә, сол мылқау келіншек мен едім.

— Не дейді? Жұртым-ау, мына қыз не деп тұр?

— Дәмеш жеңгемнің кимешегін киіп алып, соның алыстағы төркінінен келген мылқау сіңлісі болып сіздермен бірге жүргенмін.

— Қап,— деп анадай жерде тұрған Иман шыдай алмай санын бір сарт еткізді.

Ол санын соқса Мәди жанын соққылап тұр. Бірақ қанша жалынса да лапылдап кетпей Келбеттің көзіне ойлана қадалып қатып қалды.

— Иә, иә... бұл сөзіңде жалған жоқ, бәріне де енді түсіндім, өзіңді танымасам да күлімдеген көзіңді таныдым. Амал не, кеш танып, бармағымды өмір бойы шайнайтын болыппын. Мұнша азапқа салғандай жазығым жоқ еді ғой, несіне айттың осыны?

— Ағат кетсем, кешіріңіз, енді айтпасқа ант етейін.

— Жоқ, енді айта бер, қара түн басқан көңілдің таңы бір мезгіл атар ма екен, айта түсші қайта... Жоқ, әлденендей бір сезім өзегімді өртеп барады, айтпашы, жан жарасын тырнамашы. Қара түндей сұм өмірдің сен секілді ақ сәулесі барын мен неге білмедім екен? Сонау бір алқымы кестелі, күміс жағы жарқылдаған ақ жаулықтың астында жүрген ақ періште өзімнің асыл арманым екенін сорлы жүрегім неге сезбеді екен?

— Жүрегіңізде жазық жоқ, ол сезіп менің жөнімді сұраған екен, Назгүл сізді алдапты.

— Иә, иә... бәрі де сол қалпымен көз алдыма келе бастады. Осынау бір өзінен жаулығы үлкен ақ тұйғын келіншек кім?—деп едім-ау мен, сонда Назгүл не деп еді?..

— Сонда ол: сізге ғашық болып алыстан келген біздің бір құдаша, Дәмеш жеңгейдің мылқау сіңлісі деп сізді алдапты, сіз оған алданыпсыз.

— Ол емес еді-ау шын ғашық оған мен ғашық едім-ау, мен... Есіңде ме төсек үстінде жылап жатқан саған не деп зарлағаным?

— Бәрі, бәрі де есімде.

— Сонша ауыр жаралағандай Назгүлге мен не жаздым екен,

— Оған да кінәлі менмін.

— Қалайша?

— Сізді өз көзіммен көріп, әніңізді өз аузыңыздан үйреніп қалу үшін, оған солай деуді үйреткен өзім.

— О, алдамшы дүние, мұнан да сен неге сайқалдың өзі болмадың екен?

— Кім? Мен бе?

— Жоқ, ойбай, өмірді айтамын.

Жаңағы бір зілді сөздің кезінде Келбеттің қаны қаша қалған еді, қайтадан гүл-гүл жайнап кетті.

— Назгүл сізге мені ғашық демеген болар.

— Ол солай деп күлген-ді. Сол күлкіде нендей сыр барын мен неге ойламадым екен?

— Ойлағанда не істер едіңіз?

— Тым болмаса бетінен бір сүйетін едім ғой.

— Бір сүйгенде не болар еді?

— Бетінен бір сүйсем мен сенің жүрегіңде де, өз жүрегімде де сөнбейтін от тастайтын едім ғой. Егер кеудемізге сондай от түсе қалса, мен бұл бүліншілікті салмас едім де, өзім мұндай қасіретті шекпес едім ғой.

— Оны арман етуші жалғыз сіз емес, келмеске кеткен күндерге жоқтау айтып қайтесіз.

Найза мен тілді бірдей жұмсап жеті жылдан бері тағдырдың өзіне де жеңгізбей келген Мәдидің тұңғыш жеңілгені осы еді. Ол найза сайысы, болмаса сөз сайысынан кімнен болса да жеңілмеймін деп ойлайтын, әсіресе мынандай қыздан жеңілу оның түсіне де кірген жоқ-ты.

Өзінің осы күйін көрсеткісі келмесе де, бүркеген жоқ, Бақидың қолындағы алты атарды алды да:

— Мына қыз мені жындандыратын түрі бар, сен береріңді беріп болсаң, аларыңды ал да тезірек әкетші,— деді.

Оның бұл сөзіне қасындағылардың бәрі ду күліп еді, теріс айнала бере өзі де мырс етті. Бірақ, өзінің не үшін күлгенін, тіпті басын өлімге байлауға өзін мәжбүр еткен жауының қызына көрсеткен осы құрмет қылықтарының не үшін екенін де ойлаған жоқ. Сол ойды оятатын бір сұрау енді ғана атой салды.

«Бұл не? Қалың жаудан қаймықпайтын бетімнің мына қыздан қайтқаны қалай? Мен кеше қандай едім? Қайрап алып қалың жауға сермеген көк семсер емес пе едім? Бүгін қандай? Қанатым қайрылғандай, семсерім майрылғандай күйдемін, бұл қалай?»

Оның ендігі іздегені осы сұраудың жауабы еді, оны таба алған жоқ, тіпті Бақидың:

— Келбет болмаса, мен аларымды алып болдым,— деген сөзіне де назар салған жоқ. Дел-сал күйі келіп атына мінді де Келбетке қарап:

— Кәне, көрсет қалаған айғырыңды,— деді. Соны айтты да Келбеттің жауабын күтпестен жылқыға қарай жүріп кетті.

Ол «айғырың» деген сөздің қыз бала үшін ағат айтылғанын да аңғарған жоқ. Өз құлағына өзі сенбей, сенсе де Мәдидің мұндай сөзді қалай айтқанын біле алмай дал болып Келбет келеді. «Ағай, сіз кейде өзіңізді ұмытып кетіп, тым сыпайы сөйлейді екенсіз деп кекетсем қайтеді? Онда оның атынан қарғып түсіп кешірім сұрауы мүмкін-ау... Жоқ, осы адам ешкімнен кешірім сұрамасыншы. Әсіресе мен үшін кішіреймесінші. Мүмкін ол бұл сөзді мені басқаға қимағандықтан ашынып айтқан болар, айтса айта берсінші, мен кештім».

Ол осындай ойда келе жатып жылқыға жеткенін де сезген жоқ. Астындағы аты алдыңғы жағына қос құлағын тіге қалып кісінеп еді, жалдастау келген боз айғыр қалың жылқыны қақ жара арқырап шыға келді. Егер жанағы бір сөзді айтқан Мәдиден басқа біреу болса, Келбет оның есесін осы жерде қайтаратын еді, ол боз айғырына күле қарап: «Жылама, жануар, жылама. Сені еліңнен, туып ескен жеріңнен айырып әкеле жатқан өзіңнің ағаң Мәди ғой» дер еді, ибасы ондай әзіл айтуға да жіберген жоқ.

Боз айғырдан көз алмай, қатарында келе жатқан Мәдиге сөз тастады:

— Міне, нағашымның мен сұрай келген айғыры.

Мәди ішінен «сұрай келгенің бір айғыр, әкетерің нешеу боларын қазір көрерміз» деді де: _ — Қанаш, аналарға айт, жылқыны үлеске әзір салмасын... Иман, сен Қанаштың құрығын ал да мынау боз айғырды ұстап әкел,— деді бұйыра сөйлеп.

Қанаш құрығын Иманға бере сала шаба жөнелді. Мәдидің бір айғырды ұстау үшін үлесті тоқтату мәнісіне түсіне алмай ол ойда кетіп барады.

Иман құрықтың бауын бекітіп алып, анадай жерде ойқастап жүрген боз айғырға ұмтыла беріп еді, Келбет келіп оның алдына тұра қалды:

— Балақай, әуре болма, ол айғыр саған ұстатпайды, өзіңді жазым етуі мүмкін.

— Кім балақай?- деді Иман, «балақай» деген сөзге шамданып.

Келбет аңырып қалды:

— Иман! Осы тұрған анық сенсің бе?

— Ие, менмін.

— Кешір, бауырым, мен сені танымай қалдым.

— Ерді кебенек ішінен де тани білетін жақсы қыз екенсіз, сол үшін кешірдім кінәңді, енді жолымды бөгеме.

— Тоқташы, өзің біздің ауылдың қыздарын шетінен қызықтырған қырғи едің, жаңбыр өткен бөденедей немене бүрісіп кеткенсің?

— Ой, апажан-ай, менің бір ғана кешегі көргенімді көрсе, сіздің мына мырзаңыз бөдененің құйрығы болып кетер еді.

— Қалай, бұл жорық саған жақпады ма?— деді Келбет күлкісі келсе де сазара түсін.

— Менің көрген жорығым — аш-арықтардың жорығы. Егер бүгін мына ағайларға тап болмасам, сіз менің осы қиқы-жиқы сиқымды да көре алмай арманда қалатын едіңіз.

— Зарлап болсаң жөнел,— деп Мәди оған иек қағып еді, Келбет жөнеле берген Иманның қолындағы құрықты ұстай алды.

— Ол айғыр менен басқаға ұстатпайды. Сен оған намыстанбай-ақ қой, бауырым, құрығыңды маған бер де, осы жылқының ішінен екі жылқы таңда.

— Оны қайтемін?

— Мәди ағамыз мендей қарындасына екі жылқы енші берер, мен сол еншімді саған сыйладым. Сен оның бірін ат қып мін де, екіншісін сатып киім ал. Мәди аға, менің сізден тілер соңғы тілегім осы.

— Екеуіміз бір тілекті тілеппіз. Мұның еншісіне берілетін ат астында тұр. Қаражаты үшін қалаған жылқысын алады.

— Көп жасаңыз,— деді Келбет сәл дір етіп.

— Сол тілекті мен саған тіледім,— деп Мәди де оған телміре қалды. Екеуі біріне бірі осылай табынып тұрған кезде, Иман атына қамшы басып жылқыға қарай тұра ұмтылды. Оның көзеген айғыры қашаған емес, тек басын тұқыртып алып құрық салдырмай тепкілей беретін қу екен. Иман оның құрық салдырмасын білді де қанжығасындағы жіңішке қыл арқанды шешіп алды. Ондағы ойы бұғалықтай бастау еді, онан да ештеңе шығар емес. Иманның бар амалы таусылды, арқанды лақтыра-лақтыра шаршады, әбден әккі болған айғырдың тұзаққа ілінер түрі жоқ. Мәдидің бұйрығын орындап қайтқан Қанаш та келіп қосылды. Екінші жақтан күнше күркіреп, өзіне сай ұзын қара атын ағызып манағы қаба сақалды шұбар да келіп килікті. Үшеуі ортаға алып үш жағынан қысқан сайын боз айғыр мүлдем өршеленіп кетті. Алдыңғы екі аяғын жерге тіреп алып, артқы аяқтарымен шыр айнала сартылдатқанда зеңбірек атылғандай. Қара шұбардың көзі аларып кетті.

— Көздеріңіз енді жеткен болар,— деді Келбет ол үшеуіне күле жақындап.— Осы көрген қызықтарыңыз да жетер, құрықты маған беріңіздер де кейін кетіңіздер.

Ол соны айтып Иманның қолындағы құрықты ала салып атына қамшы басты. Бар айтқаны:

— Көмекке келмеңіздер, мені осы жерден күтіңіздер,— деді.

Қоршаудан құтыла сала үйіріне қарай арқырай жөнелген боз айғыр бұл кезде тордан шыққан торғайдай самғап бара жатыр еді, Келбеттің аты оны үйіріне жеткізген жоқ. Боз айғыр өзін қуып келе жатқан жылқыны екпінінен танығандай көзін төңкеріп бір қарады да, қайқаң қағып тұра қалды. «Боз ат сол боз айғырдың баласы екен» деді Мәди ішінен. Өз адамдарының ойын өлшегісі келіп оны ашып айтқан жоқ.

— Ана қыздың сиқыры бар ма-ей?—деді Иман тамсана таңданып.

Оған жауап қатушы болған жоқ. Келбеттің әр қимылынан ала алмай тұрған көзінің қиығын жанындағыларға тастап еді, бәрі де аңыра қарап тұр екен. Әсіресе қара шұбардың аузы ашылып кетіпті.

Келбет оларды тамсандыра түскісі келгендей ат үстінен жанамалап келіп боз айғырдың жалын сипай бастады.

Мәди сонда ғана үн қатты.

— Бұл ештеңе емес, ол қыздың сиқыры қандай екенін қазір көресіңдер, барыңдар да, айғырды ноқталап беріңдер.

Не екені белгісіз Мәдиде бір ауыр ой бар. Оны байқаған Қанаш қана. Көңіл күйін қабағынан танып әдеттенген ол қанша үңілсе де бұл, тұйық, тұңғиық сырдың себебін таба алған жоқ, әлдене айтқысы келіп оңтайланды да кете барды. Өзіне сай ұзын қарасын орғытып қара шұбар да, Келбеттің сиқырын көріп қалғысы келгендей құмарлана ұмтылып Иман да кетті, Оларға ілесе Мәди мен Бақи келе жатыр.

Бақи осының бәріне күле қарап келеді. «Атысып ала алмаған жауымды Келбеттің ақылымен оп-оңай алдым-ау» деп насаттана ма, әйтеуір онда бір наздану бар. Ол шаттанған сайын таптала түскендей Мәди сол сәт жабырқап еді, кенет жадырап, қайтадан қатуланып алды.

— Бақи, сен бақытты жігіт екенсің, тек малдың буына мастанып сол бақытыңды жоғалтып ала көрме,— деді.

Бақи ойланып барып үн қатты:

— Малдың буына мастанатын мал емеспін де, Келбеттей бақытымды жоғалтатын ессіз емеспін,— деді ол бір сұраудың жауабын осылай еселегісі келіп. Ондағы есебі Мәдиге өзін таныта, Келбеттен үмітін үздіре түсу еді, ол ойының лағу екенін кейін сезді.

— Сенің бақытың бір ғана Келбет емес, сенде онан да қымбат, онан да үлкен бақыт бар, ол — адамшылық. Сенің Келбеттің тілін алып жаныңды шүберекке түйіп, жарыңды жолыма тосқандай күйге түсетініңді біле тұра, менің соңымнан келуін адамшылық. Адамшылықтан үлкен нендей бақыт барын өзім білмеймін. Сондықтан да мен адамшылық үшін, намыс үшін өлісемін. Өзімді өзіңдей көрген достардың бәріне де айтарым осы, олардан тілейтінім де осы.

Бақи сол сөзді ішінен бір қайталады да:

— Осы аманатыңызды баламның баласына да жеткізейін, ол үшін сіз менің бір тілегімді қабыл алыңыз,— деді.

— Мен қанымнан басқаның бәрін шашып жүрген адаммын, керегіңе жарарым болса аямаспын, айт та ала бе p.

— Біз ұл туса да, қыз туса да тұңғышымыздың атын Мәди қойғымыз келеді, сіз соған рұқсат етіңіз.

Бұл сөзге Мәди шамданып қалды:

— Немене, сенің әкең атыңды Бақи деп біреуден сұрап алып қойған ба екен?

— Жоқ, бұл әкемнен қалған мұра емес, өзімнен қалатын мұра, өзімнен басталатын салт. Біз кеше сізді қуа шығарда Келбет екеуіміз, егер сіз Келбеттің ойындағыдай болып шықсаңыз, тұнғышымызды сіздің атыңызбен атауға ант етіскен едік. Өзіңіз ойлап қараңызшы, біздің осы кездесуіміз ертеңгілер үшін, тіпті өзгелер үшін болмаса да, өзіміздің балаларымыз үшін ертегідей емес пе?

— Торға түсіп қалмасам сол шылдақанаға барамын да, балаңның атын өзім қоярмын.

— Анық па, анық келесіз бе?

— Ант етемін.

— Қолыңызды әкеліңіз.

Мәди уысына келіп кірген қолды қаттырақ қысып қалып еді, Бақидың беті қызарып кетті.

Бұл кезде олар боз айғырды ноқталай алмай алысып жүрген жаңағы үшеуіне жақындап қалған еді, Келбет өзінің көңіл тасқынын жасыра алмай қасқая күліп Мәдилерге алыстан сұқтана қарап тұр екен. Ол Мәдидің соңғы сөзін естіп қалған еді:

— Ау, анттарыңыздан мені де құр қалдырмаңыздар,— деді бақытты жүзі бал-бұл жанып.

— Мәдиіңді дүниеге тезірек әкел, қарындасым, кімнің кімді неден құр қалдырғанын сонда көрерміз.

— Әмин!— деді Келбет ақырын. Оның ендігі арманы сол бала болу керек, «әминді» айтқан кезде жалбарынған жаны жапырылып түскендей, үні де, өңі де құбылып, құлпырып кетті.

Мәди оны бір қолымен құшақтап бетіне үңіле қарады да:

— Ал, қарындасым, енді қандай бұйымтайың бар?— деді.

— Ендігі бұйымтайым: жылқыны бір айналып, кетуге рұқсат етіңіз.

— Ол рұқсат мана берілген, тек «мені алдадым деп марқайма» деген сөзді ұмытпа, енді қош айтысайық, қолыңды әкел.

Мәди қолын ұсынып еді, Келбет бетін төседі.

— Біздің елдің қыздары ағасымен осылай қоштасады.

— Сіздің елдің жігіттері қарындасының бетінен сүйерде былай құшақтайтын болар-ау,— деді Мәди оны бір қолымен құшақтап.

Келбет тайсалған жоқ.

— Әрине.

— Сондай ізгі салты бар, сендей асыл қызы бар еліңнен де, сондай пейілді елі бар сенен де айналайын,— деп Мәди оны өзіне қарай қыса түсті.

Оның Келбетті сүйісі найзағайдың жарқ етіп сөнгеніне ұқсап еді, бірақ жүрек жалыны қаулай түсті де көзден ғана тасаланды.

Көз біткеннің бәрінен тасаланғысы келетін сол бір жалынды Мәдидің кеудесінен суырып алып Бақидың көзіне көрсеткісі келгендей қыз Мәдидің маңдайынан бір шөп еткізді де атына бір-ақ ырғыды.

— Ал, аға, іні-бауырлар, бәрлеріңіз де cay болыңыздар. Іштеріңізден керуенге ерген әлденеге ұқсайтындар болмасын, бізге ондай күзетшінің де, аңшылықтың да керегі жоқ, қош болыңыздар.

Ол соны айтты да Бақидың жетегінде тұрған боз айғырды қамшымен тартып жіберді.

— Ал, Бақиым, сәт сапар.

— Сапарларың мәңгі-бақи сәтті болсын,— деді Мәди.

— Әмин,— деп олар кете берді.

Бақи есіне әлдене түсіп тұра қалды:

— Мәди аға, шылдақананы ұмытпаңыз,— деді ол анадайдан дауыстап.

— Шылдақанамызға тартар сыйыңыз жаңа ән болсын, ән болғанда мынадан кем болмасын,— деп Келбет Мәдидің «Жас дәуренін» шырқай жөнелді. Оны Бақи іле көтеріп еді, жан-жақтағының бәрі, тіпті жылқының арғы шетінде жүргендер де қосылып, кең даланы тамылжытып жіберді.

Бұл әнге қосылмай тұрған Мәдидің өзі ғана. Ол өзі жоғалса да, жоғалмай елінің жадында сақталатын осы әніне жаны қанша жылынса да жадырай қойған жоқ. «Көк семсерден де қаттырақ сермелер едім-ау, әттең сермейтін заман қайда? Заман...»

Оның ойы сондай алыста, көзі оқ бойы жерде әндетіп бара жатқан Келбеттерде.

Келбеттің астындағы боз ат пен Бақидың жетегіндегі боз айғыр жарыса кісінеп барады. Ол екеуінің үніне үн қосқан жылқылардың кісінесі әр тұстан да естіле бастады. Боз айғырдың арқыраған дауысы өз үйірін теріп бара жатқанын, оның үніне үн қосқан жаңағы жылқылардың шұбыра жөнелетінін Мәди сезіп тұр.

Ән аяқталды, жаңа ғана бұлбұлдың ұясына ұқсай қалған кең дала тылсым буғандай тына қалды. Сол тылсым басқа ойдың жолын буып тастағандай, ширыққан бір ғана ойға бекінді де Қанашқа әмір етті:

— Тез жет те жігіттерге айтшы, ана екеуінің соңынан ерген жылқы болса, қайырып әуре болмасын.

— Сонда қалай, олар соңдарынан ерген жылқыны әкете бере ме?

— Әкете берсін, сөзді қой да бар!

Қанаш жортып кете барды, оның айта алмай кеткен сұрауын бере қара шұбар жақындады.

— Неге?— деді ол кеселді керден дауыспен.

— Олардың әкететіні Түнекбайдың жылқысы емес те, біздер кез келгеннің жылқысын әкете беретін ұры емеспіз.

— Енді кімбіз?—деді қара шұбар көзін ежірейтіп.

— Олай десең, егер өзің ұры болсаң, жаның барында жоғал көзімнен.

Мәдидің сөзі ақырын айтылса да салмақты шыққан еді, қара шұбар өмірінде тұңғыш рет осы жерде өтірік майыса қалды.

— Мәдижан-ау, біздер басымызды өлімге не үшін байладық? Түнекбайдың қызы үшін емес еді ғой,— деді ол тісін бір шықыр еткізіп.

— Жазықсыз біреуді шабу үшін де байланған бас жоқ. Ашыққан елді қырғыннан құтқару үшін Түнекбайды шапсақ онда елдің кегі бар, ол кек қайтпай, кеудедегі шер тарқамайды.

Бұл сөз қара шұбардың құлағына жөнді кіре қойған жоқ. Жаңағы майысқан қалпын қайта қатайтып алып Мәдиді ала көзімен бір атты да, Қанаштың соңынан құйғыта жөнелді. Оның не ойда кеткенін Мәди сезсе де, онан келер қауіпті елегісі келген жоқ. Өзін-өзі келемеждегісі келгендей суық жымиып Иманға жалт қарады.

— Ала алмаған әйелім үшін берген қалың малымның қарамын көрсетейін, бері жүр,— деп атының басын кері бұрып алды.

Бұл кезде Келбеттер жылқының ар жағынан орағытып, соңдарынан ерген кілең қылаң жылқыны шұбырта еліне қарай беттеген еді. Қалың жылқыдан бөліне бере боз айғырды босатып жіберді де, өздеріне еріп шыққан елу қаралы жылқыны алдарына салып айдай жөнелді.

— Мынау бір қызық болды-ау,— деді Мәди мырс етіп.— Менің бұл қылығымды естіген жұрт не дер екен?

— Түк те демейді, тек бастарын ғана шайқайды,— деді Иман ренішті түр көрсетіп.

— Бастарын шайқағаны қалай?

— Сіздің бұл қылығыңызға ешкімнің миы жетпейді, миы жетпеген бас шайқамай қайтеді. Міне, менің де басым шайқалып тұр.

— Неге?—деді Мәди оның өткірлігіне қызыға қарап.

— Ол қызға мына жылқының қақ жартысын бөліп берсеңіз де, жазаңыз бәрібір енді жеңілденбейді ғой. Оны сіздің білмеуіңіз мүмкін емес, біле тұра қаншама жылқыны қайтарып бердіңіз, оған кім түсінеді?

— Кімді не үшін шабатынымды жаңағы қаба сақалды қара шұбарға айттым ғой.

— Мына қалған қалың жылқы тек Түнекбайдың ғана жылқысы екенін қайдан білесіз?

— Білем, мен оның жылқысын таңбасынан танимын. Кеше қуғыншылардан құтылғаннан кейін жылқыны іріктегенде сол таңбасына қарап іріктегенмін. Басқа таңбалардан әкеткенім — айшық таңбалы осына бір қылаңдар еді, өзінің жаны да сондай қылаң біреу шығар, Келбеттің өз әкесіне ара түспей, сауғаға оның жылқысын сұрауы сондықтан шығар.

Осы кезде арт жақтан шапқан аттың дүбірі шықты, Иман жалт қарап еді, қасында өз елінің тоғыз жігіті бар жаңағы қаба сақалды қара шұбар келе жатыр екен. Ол ағызған бойы Мәдидің қатарына келіп атының басын тежеді де:

— Мәдижан, ана қыз сені алдап тастап, менің ішімнен иемденіп көз тігіп келе жатқан жылқымды түгел әкетіп барады, мен ол жылқылардың жалғыз тал қылшығын да бере алмаймын.

— Иә, бере алмаймыз,— деп қасындағылар да шуылдап қоя берді.

Мәди ол шуылдақтарға мойын бұрған жоқ, қара шұбарға қадалған көзін де тайдырған жоқ.

— Саған ол жылқыны беретін кім?

— Кім екенін қазір көрсетейін, жігіттер, тартыңдар!—деді де, қара шұбар атына қамшы басты.

— Тоқта... атамын, тоқтаңдар!—деді Мәди де атына қамшы басып. Оның Көкдауылы қара шұбардың тобын адым жерге жіберген жоқ, қолында алты атар, «атамын» деген сөз аузында саңқ-саңқ етеді.

«Атамын» деу бұл ел үшін жаңа сөз еді. Сол жаңа сөз Мәдиді мүлдем айдындандырып жіберген секілді, желдей ескен желөкпе жігіттер аттарының басымен алысып барып тоқтай қалды. Бірақ қара шұбардың көзі қойды көрген аш қасқырдың көзіне ұқсап кеткен екен, ол атының басын бұрса да, ашу бетін қайтара алмай, бұрыла бере, қара сойылын қолына алып Мәдидің өзіне тұра ұмтылды.

Бір мылтықтың дауысы мың қазақты қалтыратқан заман ғой, Мәди алты атардың бір оғын аспанға гүрс еткізіп еді, қара шұбар қалт тұра қалды. Шарасынан шыға қашқысы келгендей адырайған көзі Мәдидің қолындағы алты атарда, түк басқан беті жыбыр-жыбыр етіп, зор денесі безгек болғандай бебеу қағып тұр. Әлденені айтқысы келеді, айта алмай аузын арандай ашып, қолын ербеңдете береді.

— Ке-ке-шір, ба-уырым,— деді ол кекештеніп.

— Мұндай жанжалдың боларын манадан сезіп едім, бірақ дәл сенен күткен жоқ едім.

— Кешір, Мәдижан, кешір.

— Басқаның кінәсі кешілсе де, сенің кінәң кешілмейді.

— Неге? Туған ағаң Қақабайдың қатынын ғашық, өзін қас қып қойған мен бе саған?

— Сен артыңа ерген жастарды адастыратын алапаттың тұманысың.

— Алапат?

— Сондықтан өз үлесіңе тиетін екі жылқыны ал да көзіңді жоғалт,— деді де, Мәди оның жігіттеріне бұрылды,— сендердің де түрлеріңді көріп болдым, өз үлестеріңді алыңдар да, сендер де жоғалыңдар!

— Еліміздің үлесі қайда?— деп біреу баж етті.

— Ел үлесі сендерге тимейді.

Қара шұбарды қан түрткіледі ме қалай, ол қара найзасын аспанға білеп:

— Неге?— деп айғай салды.

— Неге? Неге?—десіп оның бөлтіріктері де сойылдарын сайысқа ыңғайлады.

Мәди оларға жағалай бір қарап алды да, егестіре түскісі келгендей мырс етті:

— Қарқылдаңдар, ажалды қарғалар, қарқылдай түсіңдер... Болдыңдар ма қарқылдап? Болсаңдар мені тыңдаңдар. Елдің сыбағасын сендердей құзғындардан жіберетін мен ақымақ емеспін, өзім үлестіремін. Енді ұққан боларсыңдар?

Қара шұбардың ашумен шатынап шақырайған көзі Мәдидің қолындағы алты атарға түсіп еді, қолындағы найзасының ұшы барып жерге сылқ етті. Оның:

— Тартыңдар!—деген дауысы да күж етті.

Ол бастаған топ жылқыға қарай қаптап барады. Мәди сол орында мелшиіп тұрып қалды.

«Қайран елім, бір сен үшін даланың қасқырымен де жолдас болдым-ау».

Ол ішінен соны айтты да, Абайдың бір өлеңін зарлатып кете барды:

Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім күн емес.

Мәди соны зарлатқан кезде қасындағы Иманның көзінен жас ыршып кетті.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Сағым... тағы да сағым...

Сол сағымның ішінде шырқалған әдемі ән келеді.

Ән... тағы да ән...

Көк жиегі көлкілдеген көлге ұқсас сағым көмкерген бұл жасыл даладан қазіргі көреріміз сол сағым, еститініміз сол ән ғана.

Ән сағымға айналып, сағым ән салып келе жатқан секілді.

Ән шырқалған сайын сағым үзілместен, жұмарлана, құлпыра түседі. Ол кейде теңіз болып тербеледі, кейде қаулаған жалын болып лапылдайды, кейде меруерт болып әуеге шашылады, кейде сол меруерт теңіздің толқынына айналады, бірақ ән үзілмейді. Сол әдемі әнді жұтып алып, есіп өтер еліне ала кеткісі келгендей Арқаның әйгілі самалы да тына қалыпты. Өзін осы даланың бұлбұлы көретін боз торғайлар да сол әнге қанат қақпастан табынып, кер кекілді бетегелерді саялапты.

Шырқай салған әнімен табиғатты тамсандырып келе жатқан Мәди, қостаушылары — өзінің аз уақыттың ішінде әдемі әнші етіп алған Иманы мен ежелгі досы, әнші серігі Қанаш.

Көлденен, көзге дәл қазір бұл үшеуінің қайсысы басшы, қайсысы қосшы екені белгісіз. Өйткені үшеуі де сәнді киінген, үшеуінің мінгені — желісі желдей есетін, шабысы жұлдызша ағатын сәйгүліктер.

Алыстан, сағымның қалыңырақ тұсынан тағы бір ән естіледі. Олар — жаз бойы елінің думаны болған Мәдиді өзінің еліне қарай, екі елдің шекарасына дейін шығарып сала келген Көкшенің көген көздері, әнші, күйшілері.

Аштық апатына ұшыраған ел үшін басын өлімге байлап, өзі салған сүреннен кейін Мәди елінен безіп, Ақмола губерниясының осы деңгейіне келіп паналаған еді. Аққу мен бұлбұлдың отанындай көрінетін Көкшенің қалың елі оны төбесіне көтеріп, той-думанның, сауық-сайранның туы етіп те алған-ды. Көкшенің сол сексен көлі мен Арқанын егіз Нұрасын ен жайлап отырған қалың елді тоқсан күн бойы той-думанның тобырына айналдырған еді. Сол тоқсан күннің сауық-сайраны кеудені кернеген шерін де тарқатқандай еді, Семей губернаторының Мәдиді іздеп қаққан дабылы бұл губернияға да жеткен болу керек, соңғы кезде қатердің қара бұлты әр тұстан атой салып тағы да торлана бастады. Мәдиді безіп кеткен еліне қарай қайта ықтырып келе жатқан сол қатердің ызғары. Тағдырдың қаңбағы болған оның енді қай шығанға қарай домалары белгісіз, өзінің нендей ойға бекінгені де белгісіз, әйтеуір жаралы жолбарыстай ашынып, айдынданып алыпты, жалындырмаса жауына жалынатын түрі жоқ. Өзінің ізіне шырақ ала түсіп, екі губернияны бірдей дүрліктіріп жатқан жауларының қалың ортасына қарай тартып келеді. Қазіргі беті — Қарқаралымен шектесіп алып, батысқа қарай созылып жатқан қара бұйра таулардың күмбезіндей көрінетін Ақсұңқар тауы. Көз ұшындағы көк жиектен сол таудың сұңқар шыңы мұнарланып көз тартып еді, Мәдидің жүрегі елжіреп сала берді.

Бірақ көзінен жас ағыза қойған жоқ, тек қиялымен самғап барып сол таудың асқар шыңына шықты да, бар даусымен айғай салды:

— Ей, туған жер, сағынышың неткен шерлі еді?!

— Сағынарымыз артта да қалып барады-ау, Мәди аға.

— Білемін, Иманым, білемін, қалып бара жатқандардан сенің сағынарың кешегі бір қызыл шырайлы қыз екенін айтпасаң да білеміз.

— Оллаһи, дәл осы сапар түк те білмепсіз. Әне, менің сағынарым, сонау бөркін бұлғап тұрған достар,— деп, Иман ағаш үзеңгісіне бар салмағын сала шірене түсті.

— Ана біреуі тымағының тамақ бауын ұстап алып шыр айналдырады, жалаң бас қалар ма екен байғұс,— деп Қанаш та үн қатты.

Мәди артына қарап еді, шығарып салу үшін ере келіп, екі елдің жапсар жерінде тоқтап қалған достары сағымның ішінде ән шырқап әлі тұр екен. Олардың еміс-еміс жеткен әнін ести сала, Мәди өзі де қызып кетті.

— Ән... шіркін ән... асыл, сенен рахат не бар екен дүниеде, сенен қымбат қандай ғана сәні бар өмірдің? Ей, бауырлар, тыңдасаңдаршы, тыңдап алып шырқасаңдаршы.

— Олардың айтып тұрғаны өзіңіз үйреткен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы».

— Онда біз неге олар үйреткен «Сұрша қызды» сұңқылдатпаймыз.

Мәди соны айтты да, «Сұрша қызды» бастай жөнелді.

Иман мен Қанаш іле көтеріп жарыса шырқап еді, әрқайсысының жүрегінде өз Сұрша қызы болуы керек, үшеуі де әннің қайырмасын қам көңілдің мұңлы назымен тұншықтырып жіберді. Сол тұншыққан әнмен қоса өздері де тұншыққандай үшеуі де үнсіз қалып еді, Мәдидің Иманды қағытқан қалжыңы қайтадан жадыратып әкетті.

— Қалай, Иманым, үнің шықпай қалды, тілің ақ тоқалдың тіліне жабысып келе ме?

— Тоқалдардың жарасы жеңіл-ау, менің ойымды улап, тілімді буып келе жатқан — түнеугі Келбет дейтін қыз. Сіздің бүкіл елден таңдап сүйген Самалыңыз сол Келбеттің кебісін салуға да жарамай ма деп қорқамын.

Мәдидің аққұба жүзін қара күрең мұң басты.

— Самал! Самал!—деген үні де кең кеудесін керіп мұңлы шықты,— қиялымды қанат етіп кең жиһанды қанша кезсем де, сенің келешегіңе көзімді бір жеткізе алмай күрсінді-ау жаным.

Ол соны айтты да, арманын атпен қуғысы келгендей әйгілі қара көгіне қамшы басты.

Иман мен Қанаштың да мінгендері жел қанат еді. Бірақ Мәдидің Көкдауылы оларды шаңына да ілестіретін емес, санына қамшы тиісімен жұлдызша ағып жөнелді де, көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, шалқып жатқан сағымның шалқарына сүңгіп кетті.

Кейінгі екеуі де онан қалғысы келмей жүйткіп келеді. Біріне-бірі дем бергісі келе ме, жоқ әлде Мәдиге берген белгілері ме, әйтеуір екеуі де ауық-ауық саңқ етіп айғай салады. Сағымның ішінде кетіп бара жатқан Мәди олардың көзіне біресе Көкшенің Оқжетпесіндей асқақтайды, біресе жер бауырлап бара жатқан торғайдай бұлдырайды. Мәдидің қарайтын түрі жоқ. Көз жеткісіз кең даланы үйіріп әкеліп, толқыны мың бұралған сағымның ішінен Самалдың күлім көзі бір елестеп еді, сол елесті қуып кете берді.

Ол Самалы бар сағымды қуа-қуа талай белестерден асты, талай өзектерден де етті. Сол белестерге оралып сағымның талай көлі артта қалды, бірақ, Мәди үшін дәл қазір алтын теңіздің де сәні жоқ, өйткені оның ішінде Самал жоқ. Самал алда, ол сағым болып Мәдидің көзін алдайды, ол самал жел болып Мәдидің бетінен сүйеді. Сүюден жалығар емес, бірақ Мәдиді бойына дарытар емес. Мәди жақындаған сайын ол алыстай түседі, тек күлкісі ғана сыңқылдайды, тек сағымның ар жағынан көзі ғана күлімдейді.

Аспан бейне көк айдын, сол көк айдынды кезген ақша бұлттар бейне көлде жүзген аққу секілді. Сол аққулардың бірі келіп күннің көзін бүркеп еді, бүкіл даланы күлімдетіп тұрған сағым да, сағымды күлдіріп тұрғандай көрінген Самалдың елесі де жоғалды. Мәди сонда ғана атының басын тежеді, самғап келе жатқан қиялы да сонда ғана жер соқты.

Оның Самалы өзіндей әнші еді. Жайшылықта көзге жұпынылау көрінгенмен, ән салған кезде ажарланып асқақтап кететін. Мәди ол қызды ең алғаш, өткен жылы бір шілдеханада әнмен ажарланып отырған шағында көрген еді де, жан дүниесін көзімен сүзген еді. Сол кезден бастап екеуі біріне-бірі табынып, зар заманды әндетіп өтуге бекінген-ді. Алдағы күзді неке тойымен думандатып өткізуге серттескен де болатын. Сол сәтті күні жақындаған сайын Мәдидің жаны қысылуда. Өйткені, ойлап қараса, бақыт күткен келешегі теңселіп, ішпек болған неке суы қасірет уына айналғалы тұр екен. Мәди соны ойлап, ішінен зарланып келеді.

— Ей, сұм заман! Сен жалмамаған менің нем қалды? Ендігі бар күткен бақытым Самалымның құшағы еді, көрерім тағы да сенің қанды бұғауың болғаны ма? Енді қайттім? Самалымды шынымен-ақ тірі жесір еткенім бе? Ондай перизаттың жас өмірін өксуменен өткізіп, бағын байласам, менің кім болғаным? Жоқ, дүниенің бар қасіретін жалғыз тартсам да, өмірден жар қызығын көрмей өтсем де, оның обалына қалмаймын, бағын байламаймын. Маған темір торлы шымылдығын құрып, тас төсегін жайып тұрған қасіреттің қандай екенін жасырмастан айтамын да, ризалығын алып қоштасамын. Ол үшін менің ендігі барып аялдайтыным — соның ауылы болсын. Бірақ ол елдің жайлауы биыл өртеніп кетті деген еді, биыл қай елдің жерін жайлады екен? Оны кімнен, қалай білсем екен? Жоқ, ол үшін ойды босқа сабылтпайын, жолдағы елден сұрай отырармыз, бетті сол елдің былтыр өзім көрген, биыл өртеніп кеткен жайлауына мегзейін.— Бұл ойлар да оның жанына сая бола алмады. Тарыққан көңіл, ашыққан жанына талшық етері — тағы да ән, шіркін ән.

Ол жаңа бір әнді шырқай жөнелді:

Болғанда ашу дұшпан, нәпсі жауын,

Алдыңда келер ажал асқар тауың.

Көңіліңе бір зәредей түссе қаяу,

Тәніңнің біле алмайсың ауру-сауын.

Кейінгілер келіп жеткенше күн қайта жарқырады, сағымның сәні қайтадан құлпыра бастады, бірақ Самалдың елесі оралған жоқ. Сол сағымнан басқа сәні жоқтай құлазыған даласымен бірге құлазып Мәди келеді. Әлденендей бір долылау әннің ырғағы оралады, бірақ оған да көңілі толмай қиялын шартарапқа самғатып шарқ ұрады. Мұндайда жалбарынатын тәңірісі — Абай мен Лермонтов, оқитын дұғасы — сол екеуінің өлеңі. Сол әдетімен Лермонтовтың «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» деп басталатын өлеңін зарлатып қоя берді.

— Мәди аға! Мынау бұрын біз естімеген өлең ғой,— деді Иман тамсана жақындап. Үйреніп алу үшін қайта айтуын өтінгісі келіп еді, Мәдидің қабағындағы кірбеңді көрді де, өзін тежеп қалды.

— Қалай, ұнай ма?

— Ұнағанда қандай!

— Қанаш, сен не дейсің?

— Осы талпақ дәл айтып келеді, шынында жаңағы өлеңнің сыры тым терең.

— Оны жазған — орыстың Лермонтовы болса, аударған — қазақтың Абайы болса, сыры неге саяз болсын.

— Қайдағы жақсы өлеңді сол екеуіне тели береді екенсіз осы,— деді Иман томсарып,— Абайыңызды білемін, ал, ана Лермонтов дейтін кім? Ол да Құнанбай сияқты қажының баласы ма?

Осы сұраудың жауабы күн ұясына еңкейгенше созылған әңгімеге айналып кетті. Мәди ұзаққа созылған әңгімесін Лермонтовтың бір өлеңімен аяқтап, жан ажарын бір жадыратқан еді, көк шолақты біреудің шырылдаған ащы айғайы денені тағы да дір еткізді.

— Ей, бауырлар, тоқтаңдар!—деп бала жігіт астындағы көк шолағын екі өкпеге тепкілеп, екі жағынан кезек сабалап келеді.

Бұлар енді ғана аңғарды, даланың тауға жақындаған бұл деңгейі бұтасы қалың шұбар екен. Сол шұбардың ішінде қора-қора қой жатыр. Мына келе жатқан сол көп қойшының бірі секілді. Ол Мәдилерге жетер-жетпестен:

— Ей, ағалар, ей, бауырлар, — деді деміге сөйлеп, — жан керек болса, мына таудың ішіне кірмеңдер.

Мәдиден бұрын тіл қатпау — Қанаш пен Иманның әдеті, сол әдеттерін бұза алмай екеуі екі жағынан тықыршыған соң ғана Мәди артына қарап тіл қатты.

— Ассалаумағалейком!

Мұны өзінің серіктері де күткен жоқ еді, өмірінде ешкімнен сәлем алып көрмеген қойшы байғұс мүлдем аңырып қалды.

— Ә-л-и-к сә-лә-м,— деді Мәдиге жақындап,—кешіріңіз, айғайымды тыңдағысы келмей бара жатқан мырзалар, мендей қойшының сәлемін алмас деп едім, кешіріңіз.

— Айғайың әдемі екен, сәлеміңнен бұрын дауысыңды тыңдағымыз келді, ол кінәмізді сен де кешір.

— Тек, мына таудың ішіне кіре көрмеңіздер.

— Неге?

— Кірсек не болады?

— Жеп қоя ма?

— Қан боласыңдар, қан!—деді қойшы жігіт үшеуін бір сөзбен тоқтатып,— астағы мынау аттан да, үстегі киімнен де жұрдай болып тоналасыңдар.

— Тоналатын кім? Тонаушы кім?

— Тоналушы — сіздер, тонаушы — Мәдилер.

Мәдидің өңі бұзылып кетті:

— Мәди? — деген дауысы булығып зорға шықты. Ал Иманды күлкі, Қанашты ыза қысып барады.

— Мәди деген кім?—деді Иман күлкісін күшпен тежеп.

Қойшы жігіт оған бажырая қарады.

— Ей, Мәдиді білмейтін кімсің-ей, өзің қайдан шыққан немесің? Әнші Мәдиді, ақын Мәдиді, батыр Мәдиді білмесең білетінің кім сонда? Мен бе?

— Кешір, бауырым, біз сонау алыстағы сармантаймыз,— деді Мәди.

— Сармантай... Сармантай... өмірімде естімеген елім.

— Бұрын естімесең енді есті, бұрын білмейтін Мәдиді біз де біліңкірейік, жөн-жосығын жөндеп айтшы.

— Сендей батырды қорқытатын ол кім өзі?

Иманның бұл сөзіне қойшы жігіт шамданса да шындықты айтып тұр.

— Ол сен сияқты мырзалардың ғана жауы, сендейлерге ғана қорқынышты.

— Жау болғанда не істейді?

— Жүйрік болса атыңды, сұлу болса қатыныңды тартып алады да тауға әкетеді, не істейтінін сонда білерсің. Қайтып келген соң не істегенін сол қатыныңнан сұра.

Мәди әлгіндегідей емес қабағы жадырап, Иман мен қойшы жігіттің әңгімесін қызыға тыңдап келеді. Ол екеуінің біріне-бірінің берген сұрауы да, жауабы да қызық. Мәдидің сол сырын сезгендей Иман да именбестен еркін сөйлеп келеді.

— Сен қырық өтірікті бірден суырып салатын тазшаны білесің бе?— деді ол қойшы жігітке маңғаздана қарап.

— Білемін, талай естіген ертегім.

— Шыныңды айтшы, сен сол тазшаның жиені емессің бе?

Иманның аңғармай айтқан бұл сөзі қойшы жігіттің жан жарасына тиіп кетті, өйткені -оның өзі таз екен, Иман оны байқаған жоқ, жаңағы сөзі оның намысына қатты тигенін де аңғарған жоқ. Ал, қойшы пақыр ашуға булығып жарылғалы келеді. Сол булыққан ашуы тазының құртын қоздырып жіберді ме қалай, басындағы тақыр тері тебетейін алақанымен бас салып ерсілі-қарсылы үйкеп-үйкеп жіберді де, жасаураған көзін Мәдиге қадады.

— Мырза, мына күшігіңді үргізе бермей тоқтат,— деді де, бас бармағын ыңғайлап алып Иманның өзіне шүйілді.— Сеніңше, болыс атаулыға қырғидай тиіп жатқан кім? Мәди емей сенсің бе? Ит жеккенге қайтадан жіберілсін деп, басқа болыстардан бұрын мөр басқаны үшін Дүйсетай дейтін болыстың тоқалын тауға алып кеткен кім? Мәди емей сенсің бе? Сол Дүйсетайға көмектесіп, мылтықтарымен тау кезіп іздескені үшін Қарамоладағы орыстардың қырық өгізін елсіз таудың ішіне апарып қырып тастаған кім? Мәди емей сенсің бе? Мә саған қырық өгіздің дорбасы. Біздің елдің болысы Зынданның баласын кеше қызыл іңірде сонау тобылғылы сайдың ішінде тонап, атқосшысына қосақтап кеткен кім? Мәди емей сен бе? Мә... мә... мә...

— Сабыр, інішек,— деді Мәди сөзге енді ғана араласып,— сабыр ет те, мынаны айт. Мәдилердің кешегі тонағаны кім дедің?

— Зындан болыстың баласы болса да қосақтаулы күйі өлетін еді.

— Қосақталғаны қалай?

— Білмеймін, екеуін арқасынан айқастыра байлап кетіпті.

— Оларға сен қалай тап болдың?

— Таңертең қойымды қаптатып келе жатыр едім, төрт аяғы бар, екі басы бар бір дажал келе жатыр. Көре сала қаша жөнеліп едім, біреуінің «ей, бауырым, тоқташы» деген зарлы үні іші-бауырымды елжіретіп жіберді. Тоқтай қалдым. Қорқа-қорқа жақындасам, төрт аяқты дажалдай көргенім арқасынан айқастырылған екі адам екен, бірі Жапбастың өзі, екіншісі соның атқосшысы,

Ізіне түсіп, қуғынға салған жауларының жаласынан тараған лақап Мәдидің жанын жеп келеді. Сол лақаптың ар жағында елінің өзіне деген махаббаты барын да сезіп келеді. Бірақ «тонаушы» деген жалғыз сөз жүрегін қатты жаралаған секілді.

«Қайран елім, мен қашан сенің жауыңа сермеген семсерің болар екенмін. Жалғыз атты қашқын болмай, қол бастаған қамқоршың болсам, жар қызығын көрместен жастай өліп кеттім демес едім-ау!»

Оның не ойлап келе жатқанын қасындағылардың ешқайсысы сезген жоқ. Қайда, кімдермен келе жатқанын өзі де ұмытып кеткен секілді. Қойшы жігіт қош айтып, сәт сапар тілеп еді, оны да естіген жоқ.

— Сонау көрінген обаны маңдайға алсаңдар тауға соқпайсыңдар, сол тауды бөктерлеп отырсаңдар, алдарыңнан Қаршығалының өзені кездеседі. Сол өзеннің бойында Шомбалдың ауылдары отыр.

Қойшының осы бір ауыз сөзі Мәдиді басып келе жатқан ойдың барлығын бір-ақ лақтырды.

— Шомбал! Ол қай Шомбал?—деген даусы да саңқ етті.

— Жеті қатыны жеті ауыл Шомбалды да білмейсіздер ме?

— Естуіміз бар, оның аулына қашан жетеміз?

— Бұлаң құйрыққа салып кетсеңіздер, көз байлана жетіп қаласыздар.

— Қош бол, бейтаныс тілеуқорым,— деді де, Мәди атына қамшы басты.

— Апыр-ау, жүзінен нұр, тілінен бал тамған бұл кім болды екен? Тым болмаса аты-жөнін сұрап қалмағанымды қара. Әй, ақылы да, шашы да жоқ қу бас-ай,— деп қойшы маңдайын бір сарт еткізді де, қойына қарай шаба жөнелді.

Шомбалдың жеті әйелі жеті ауыл еді, іргелес қонғандықтан ба, сол жеті ауыл алыстан қарағанда тұтасып, кесек көрінеді екен. Шаңқан үйлері жарқырап, Мәдидің көзін алыстан тартып тұр еді, көлбеп келіп күннің көзін бүркеген дәу қара бұлт сол сұлу дүниені күңгірттендіріп жіберді.

— Әне, бір үйір қатыны бар шонжар Шомбалдың ауылы,— деді Мәди бөкен желіске салып кете жатқан атының басын кенет тежеп.

— Шомбалыңыз шонжар болса, оның ауылына біз неге барамыз?

Мәди Иманды сөз сайысына шақыруды қызық көретін, сол әдетіне басты.

— Неге бармаймыз?

— Өзі бай болса, сіздің кім екеніңізді біліп қалса, Шомбалыңыз бізді шоқпарламай ма?

— Назгүлден басқасы бізді танымас, ол таныса да танымаған болар.

— Назгүліңіз кім? Әлгі Түнекбайдың сізге тимей кеткен қызы ма?—деп Иман осы арада Мәдиді бір шымшып алды.

— Тимей кетсе де, менен басқаны сүймей кеткен болар.

— Оны Шомбалдың өзі алғанын қайдан білесіз? Мүмкін, баласына яки інісіне әперген болар.

— Жоқ оны өзі жетінші тоқалдыққа алғанын мұнан жеті жыл бұрын айдауға кетердің алдында, түрмеде жатып естігенмін. Естігенмін де естен танып түрменің есігін тепкілегенмін, әйтеуір ол есіме түссе бойымды қайдағы бір қияпат сезім билеп кетеді.

— Сол қияпатты сезіміңіз өзімізді қинап жүрер, осы ауылға соқпастан өте шықсақ қайтеді?

— Осы қу талпақ дұрыс айтып келеді,— деп Иманды Қанаш та қостап еді, Мәди өзінің алған бетінен қайтпайтын әдетіне басты.

— Қорқатын түк те жоқ, Шомбал да өзіміз сияқты адам,— деп иек қағып еді, Иман тағы да кие жөнелді.

— Шомбалдан өзіңіз де сескенетін секілдісіз, сізді сескендіре алған ол бізді селкілдетіп жібермей ме, сонда біз онан қалай қорықпаймыз?

Мәди оның сөзіне разы болса да, қостаған жоқ. Иегін бір қағып, мырс етті де сөздің бетін қайтадан Шомбалдың ауылына аударып жіберді.

— Кім екенімді біле қалса Шомбал өзінің қайын атасы Түнекбайдың мен талауға салған малы үшін басымды өлімге байлайтынын білемін, біле тұра барамын, тәуекел. Сендер сонау Ақсұңқар тауына қарай тарта беріңдер, мен қымыз ішуге барған болып Назгүлді бір көрейін де, соңдарыңнан қуып жетейін.

— Жоқ ол болмайды,— деп Қанаш та өзінің қайсарлығына басты,— болмайды дедім, болмайды.

— Не-ге?

— Біздер өлсек, бірге өлеміз, кетсек, бірге кетеміз.

— Мен барда ешкімнен қорықпаңдар, тек кісі өлтіруден сақтаныңдар.

— Оны қоя тұрыңыздар, бізге мынаны айтыңызшы: нысана алғанымыз Текештің ауылы еді, бетіміздің неліктен бұлай бұрылып кеткенін мына Қанаш екеуіміз енді ғана біліп келеміз. Алдақашан біреудің қатыны болып кеткен бір қыз үшін басты өлімге неге байлаймыз? Ол қыз өзіңізді қанша сиқырлап алса да осыны бір ойлаңызшы.

Мәдидің ақшыл жүзін қара қошқыл мұң басты, үні де бір түрлі мұңлы шықты.

— Мені сиқырлай алған дүниеде бір ғана қыз бар. Жауларыма емес, сол қыздың алдына тізе бүгу үшін қиғаштау тартып келе жатқаным рас.

— Келбет болар ол қыздың аты.

— Сен мүлдем лағып кеттің. Назгүл мен Келбет мен үшін өлі жандар. Менің көкейімді тескен қыздың аты — Самал. Жол қырсығынан аман болсақ, оның ауылына ертең кешке, не бүрсігүні таң ата жетеміз.

Иман қайтадан жадырап сала берді.

— Қанаш,— деді ол көңілді дауыспен,— ертеңгі кештің думаны мәңгі-бақи естен кетпестей болсын, тамағыңды осы бастан кеней бер.

— Жоқ, бауырлар,—деді Мәди ауыр күрсініп,— ертеңгі кеште көретіндерің сол аяулы қыздың жазықсыз төгілген көз жасы ғана.

— Жазықсыз төгілген?

— Кімнің дейсіз?

Екі серігі екі жағынан сүліктей қадалып телміре қалды.

— Сол Самал дейтін қыздың.

— Оны жылататын кім?

— Мен,— деді Мәди. Жастайынан жанын жаралаған өміріне лағнат айтқан жүрегі қан жыласа да, серіктеріне сыр сездірген жоқ, қайратын қайта шақырып қатуланып алды да:—Мен!.. Мен!..—деп бар даусымен ызалана айғай салды.

— Неге? Неге?—деді Иман да өршелене айғайлап.— Жазықсыз болса ондай қызды сіз неге жылатасыз?

Мәдидің даусы баяулап қалды.

— Өмір бойы жыламас үшін жылатамын.

— Түсінбедім, Қанаш, сенің анау жалпақ мұрныңа ештеңе барды ма?

— Сен түсінбегенде мен қайдан түсінемін?

— Оның рас-ау,— деді де, Иман Мәдиге қарады.— Ал, ағасы, біздей меңіреулерге бірдеңе түсіндіре көріңіз.

— Ол қыз мені сүйсе, жас өмірі ауыр аңсаумен өтеді, мен оны сол аңсауды көрсетпес үшін жылатамын. Мен оның бағын байлап, обалына қалғым келмейді, сол үшін жылатамын.

— Мен жаңа байқадым, сіз қатал екенсіз-ау, Мәди аға.

— Өмірдің өзі де қатал болса, онан ұзап қайда барамын.

— Иә, біздің өмір Текеш секілді мейірімсіз.

— Сондықтан мұнан былай сендер де бақыттарыңды байламай, басқа бір түзу жолға түсіңдер.

— Ол қандай жол?

— Текештен кегіміз алынғаннан кейін менімен қоштасыңдар да, Қарағандыға барып шахтаға түсіңдер, жұмысшы деген халықтың қандай екенін осы сапар өздерің де көрдіңдер ғой.

— Сіз ше?

— Мен ұшарын жел, қонарын сай білетін, тағдыр қайда айдаса сонда кететін өмірдің қаңбағымын ғой. Мүмкін бір шайқаста қанжарымды жауымның қанына малып өлермін, мүмкін туған елімнен безіп басқа бір елге кетермін, оны әзір өзім де білмеймін. Бар білерім — өзімнің тұңғыш махаббатыма у құйған Текеш пен қыр соңымнан қалмай қойған Қарқаралының оязынан кек алу.

Ойлап қараса онан арғы мақсаты тым бұлыңғыр, тіпті алдағы қыста өткізетін мекен де белгісіз екен. Үшеуі де сол күңгірт ойды бойлап тұншыққандай үнсіз келе жатыр еді, Иманның шыдамы жетпеді.

— Мәди аға, мына Қанаш мырзаның жанағы бір сөзі әулиенің сөзі екен. Шынында біздер өлсек бір молаға көмілетіндерміз ғой, сондықтан өзіңізге не тілесеңіз, соны бізге де тілеңіз. Ал қазіргі тілегім: бүгінгі кештің билігін Қанаш екеумізге беріңіз.

— Неге?

— Қыз кезінде кездессеңіз Назгүліңіз құшағын ашар еді, ол қазір қатын ғой, қатын қатындығын істесе, біздердің қан шашуымыз мүмкін ғой.

— Қатындық істегені қалай?

— Мәди екеніңізді байына айтып берсе...

— Жоқ, Иманым,— деді Мәди жақсы үмітке жадырап,— мен кісі танысам, Назгүл маған қастық етпейді, сондықтан ол Шомбал түгілі ажалдың құшағында жатса да, мен оны бір көрмей кете алмаймын.

— Қорқамын, Мәди аға, қорқамын.

— Қорықпайтын ессіз емеспін, мен де қорқамын, бірақ тәуекелдің қайығына мінемін. Тіпті Назгүлдің мені танымауы да мүмкін, онан бері өткен сегіз жылдың ішінде өзімнің қанша өзгергенімді жақсы білемін. Қазір мені Назгүл түгілі, бірге туған ағам Қақабайдың әйелдері де танымас.

— Әлденені сезгендей жүрегім дір-дір етеді, мұндай әдет бұрын жоқ еді.

— Байлардың сыры мәлім, олар менің кім екенімді білген күнде ашық айқасқа шықпайды, не қапылыста бас салады, не жолымызды тосады, мұның екеуіне де жол бермес үшін мұнан былай ел ішіне түнемейміз, жол тосушылар болса онан қорықпаңдар.

— Қызыл тақия кигісі келгендер болса келсін, тоссын жолымызды,— деп Қанаш күшін көрсеткісі келгендей шіреніп қалып еді, тақымында келе жатқан көк шолақ бес атары жанды жерін ауыртып кетті. Бірақ етінен ет кесіп алса да мыңқ етпестей көрінетін қайсар еді, мылтықтың соққысы жанына қанша батса да, қасындағыларға да сездірген жоқ.

— Дегенмен сақтаныңдар,— деді Мәди ойлана сөйлеп, — әсіресе менің кім екенімді жасыра біліңдер. «Сапты аяққа ас құйсаң сабына қарауыл қойып» ішер шақ жетті. Мұнан бұлай айламыз түлкіні де алдайтын болсын, қайратымыз жолбарысты да жұмарлайтын болсын. Ол үшін ең керегі сабырлы болу, қандай қатер төнсе де саспай қайратпен қарсы алу. Айтпақшы, мен бүгіннен бастап Мәди емеспін, менің ендігі есімім Жапалақ, әкем аты Алдияр, Ақмола уезіне қарайтын Нілді болысының қазағымын. Қаракесектің қашқыны Мәди дейтін қарақшы ұрлап әкеткен қалыңдығымды іздеп келемін. Ол қарақшыны қолға түсірер тұзағым, қолға түсе қалса буындырып өлтіретін бұғауым — Қарқаралының оязына апара жатқан өзімнің арызым мен болысымның мөр басып тұрып сол оязға жазған қағазы. Ұғып алыңдар да ұмытпаңдар, әсіресе менің әкем аты мен өз атымды ұмытып қалмаңдар.

Иман Мәдидің бұл сөзіне рақаттана қарқылдап күлмекші еді, ойына әлдене түсті де күле алмады. Ол айтқан сөздерді жадына тез жазып алуға асыққандай қайталап келеді.

— Ақмола уезі, Нілді болысының қазағы, Алдияр баласы Жапалақ мырза... егерде біреу-міреу руымызды сұрай қалса, не дейміз?

Мәди сәл ойланды да:

— Айтуға жеңілдеу, «Қарекеміз» дей салыңдар,— деді.

— Қареке... Қареке... шынында ауызға жеңіл екен, еске де оңай түсетін болар, біздейлерге керегі сол ғой, Қареке... Қареке... Қанаш, сен жаттап келесің бе?

— Сенің жаттағаның екеуімізге де жетер!—деді де, Мәдидің бір тұңғиық ойға түскенін көріп Иманға күңк етті.— Доғар.

Екеуі де Мәдиге бір қарап алып жым болды.

Өрістен қайтқан қора-қора қойлар, көк жиекті жаралай көмкеріп, өріске қарай қаптап бара жатқан қалың жылқы тоқайласқан кезде бұл аймақ малдың салмағынан майысып бара жатқандай көрінеді екен. Иманның көзі мыңғырған байлыққа сұқтанып келеді.

— Шомбалыңыз нағыз Шомбал екен,— деді ол, осындай байлықты аңсағандай тамсана сөйлеп.

— Ол Шомбал ғана емес, көкжал. Қанаш, мына бір жылқышыдан сол көкжалдың өз ауылын сұрап келші.

— Бұл Шомбал деуді ұмытып, «көкжалдың ауылы қайсы» деп жүрер, мен барайын.

— Бар, тапалым, бар. Шынында менің солай деп бүлдіруім ғажап емес, Мәди аға, мынаған рұқсат етіңіз.

— Мен Мәди емеспін.

— Кешіріңіз, Жапеке... Мен ән салу мен сойыл соғудан басқаға жоқ екенімді сізге былтыр айтқанмын.

Иман Мәдидің рұқсатын күтпестен жылқышыға қарай шауып кеткен еді, бара сала қайта қашты.

— Жапалақ аға, мынау бір жаман ырым,— деді ол анадайдан күле сөйлеп,— мен құлағы жоқ саңырау, тілі жоқ мылқаудан жөн сұрай барыппын.

— Ол мылқау болса да саған жөн сілтеген болар.

— Бірдеңе деп бажылдап еді, мен түсіне алмай тұра қаштым.

— Неге түсінбедің?

— Мылқаудың тілін мылқау ғана түсінеді, мен мылқау емеспін ғой.

Бұл кезде жаңағы мылқау жылқысын тауға қарай беттетіп жіберіп, бұларға қарсы келе жатыр еді, үстіндегі ала шекпенді қаусырына түсті.

— Көрдіңдер ме, тілі жоқ болса да намысының үлкенін. Ол кедейлігін бүркеп, көйлегінің жоқ екенін бізден жасырып келеді.

Мәди соны айтып үлгіргенше мылқау да келіп жеткен еді. Жалаң төсі жап-жалпақ, сақалы сапсиған, суық сұсты біреу екен. Мәди жете бере атынан қарғып түсті де, оған қолын ұсына жақындады.

— Ассалаумағалайком...

Мылқау байғұс сенерін де, сенбесін де білмей аңырып аз тұрды да, атынан түсе сала Мәдидің қолын ұстай алды. Ойы әлі аңырып, көзі әлі де бақырайып тұр, үні әлі шыққан жоқ. «Анық па?» дегендей жаудыр көзі жағалай сұрау салып жалт-жұлт етеді. Жан-жағынан қадалған көздің бәрі де мұны есіркеп тұр екен. Мылқау байғұс сол көздердегі мейірімді көрген соң ғана тас болып түйілген қабағы жазылып, жаны жадырап сала берді. Бірақ жаны жадыраса да көзінің жасына ие бола алған жоқ. Мәдидің қолын босатпастан тауап еткісі келгендей бетіне қайта-қайта басып, кеудесіне қысты да, сұқ қолымен екі көзін кезек шұқып басын шайқады. Мәди оның біріне түсінсе де біріне түсіне алмай тұр.

Мылқау оны сезгендей шөкесінен отыра қалды да, тебетейін жұлып алып, тақыр төбесін жалпақ алақанымен шарт еткізді.

Мәди енді бәрін түсінді.

— Рақмет, бейтаныс бауырым,— деді оның арқасын бір қолымен құшақтап.

— Мәди аға, а, кешіріңіз, Жапеке, мынаның мұнысы не дегені?

Мәди Иманның бұл сұрауына жауап берген жоқ, өзі құдайынан жауап күтті. Көзін қадап алып сөйлеп тұр:

— Ей, барша әлемнің иесі, тәңірім! Бір сұрауға жауап берші! Қасіреттен басқаның бәріне зар қылғандай мынау адамның жазығы не? Құдіреті күшті құдайым, именерім жоқ қой, осы сұрауға жалтармай жауап берші. Сен онан екі елі тілді аяп едің, ол өмірден алар сыбағасының бәріне зар болды. Ол өмір бойы сөйлеуге зар. Ол өмір бойы естуге зар, ол мынау сұлу табиғатпен сырласуға зар. Ол жар құшып, перзент сүюге зар. Ол, адам баласының жылы лебізі мен жалынды лебіне зар. Ол соның бәрін жұдырықтай жүрегімен ғана тыңдайды, сол арқылы ғана сырласады. Жұдырықтай жалғыз жүрек қайсысына жетсін, қай қасіретіңді жеңсін. Ол ең ақыры бала болып берген сәлемін бір адамға алдыра алған жоқ, ешбір бала оны адам көріп, үлкен тұтып сәлем берген жоқ. Ол көзін не үшін жұмып, басын не үшін шайқады? Сол үшін, сол қасіреттерін айту үшін. Менен басқа сәлем беріп адам тұтқан бір жанды көрмегенін айтып зарлау үшін. Неге олай? Мен осы аз жастың ішінде мыңдаған адамға сәлем берген шығармын, солардың ішінде менің інілік ізетпен берген сәлемімді дәл осы мылқаудай қадірін білген біреу жоқ. Біздің бәріміз де осы секілді мылқаумыз, тек біздер сөйлейтін тілі, еститін құлағы бар мылқаумыз. Неге олай? Құдіретің күшті құдай-ау, егер мылқау етсең, бәрімізді неге бірдей тілсіз етпейсің? Әй, құдайым-ай, құдіретің күшті болғанымен, өзің де мылқаусың-ау.

Мылқау байғұс Мәдидің бұл ойын түгелдей Шомбалдың ауылын сұрап тұр деген ойға түйді де, ыммен жауап бере бастады. Алдымен ауыл жаққа бір қарап алып қолын төбесінен жоғары көтерді де, сақалын соза бір сипап өтті.

— Мына ымдасына қарағанда, Шомбал зор денелі, сақалы ұзын адам екен. Иә, бізге керегі соның ауылы, айта беріңіз.

Мылқау байғұс, түсіндіре алмадым-ау, дегендей қинала бір баж етіп басындағы бөркін кеудесіне қалқан етіп, құрығын найзадай шаншып шалқая тұра қалды. «Шо...» деді, оның тілі тек «шо» деуге ғана келеді екен.

— Сол, соның ауылы қайсы?—деді де, Мәди жерден жеті түйір тас теріп алып, қатарластыра тізді де, мылқаудың өз қимылын өзіне көрсетіп.— Салалы сақалын сипай беретін, қалқаны мен найзасын әлі тастамаған сол Шомбал батырдың ауылын мынадан көрсетші,— деді тастарды нұсқап.

Мылқау жерде тізіліп жатқан тастарға, алыстағы ауылдарға бір қарап алды да, қақ ортадағы тасты ұстай алып:

— Шо-о,— деді. Содан кейін тастардың біреуін жеке қойды да, бетін түрткілеп шұбарлап қайта-қайта тамсанды, онысына Мәди түсінген жоқ.

— Рақмет,— деп ол арқасынан қағып еді, мылқау байғұс тағы да құшақтай алып баж-баж етті. «Мен сендей абзал адамды өмірде көрмедім» дегені ме, кім білсін, әйтеуір көзін сұқ қолымен тағы бір түртіп, басын тағы да шайқады. Сонан кейін аспанға қарап қолын жайып еді, көзінен жас парлап кетті.

— Тілің жоқ болса да тілегің жақсы екен, байғұс; қайтейін, тілім бұлбұлдай сайраса да, мен де өзіңдей мылқаумын, сен екеуміз ғана емес, өмірдің өзі де мылқау. Сен тым болмаса соны ұға білсең екен, сонда сен тілі бардың бәрі бірдей бақытты емес екенін, өмірде өз теңдесіңнің аз емес екенін білер едің, оны білсең қасіретің біраз жеңілденер еді, қош бол, байғұсым,—деп арқасынан бір қақты да, атына мініп жүріп кетті.

Шомбал соңғы екі жылдан бері осы ортадағы ауылына мүлдем тоқыраған-ды. Сонан бері бұл ауыл «үлкен ауыл» атанып кеткен. Оның бұл ауылда ас үйінен басқа үш үйі бар. Оның бірінде — кіші тоқалы Назгүл мен өзі, екіншісі — үлкен бәйбішесінен туған тұңғыш ұлы Келдектің отауы, үшіншісі қонақ үй. Оның осы қонақ үйін білмейтін, білгендердің аңыз етпейтіндері аз. Әрі ою-өрнектері оңып кетпес үшін, әрі көрген жұртты ынтықтыра түсу үшін Шомбал ол үйін күнге күйгізбей, жауынға тигізбеу үшін ақ кенеппен кебіндеп қоятын. Үйдің кенеп кебіні күн қыза жабылатын да, күн қайта сыпырылатын. Жауын күні кебіні мүлдем түспейтін. Бұл үйдің мұнша мәпеленуінің үлкен себептері бар. Оның шашағы жерге дейін төгілген жібек белдеуінен бастап ай мүйізді оюлары әдемі қос-қосынан тізбектелген дөдегелеріне дейінгі туырлықтың өн бойы алуан түрлі бейнелер. Ауылдың төлі аралас төрт түлік малы, даланың арқар, киік, құлан, марал сияқты аңдары, томағалы бүркіттің, жерді сипай қалықтаған қаршығаның, аспанға тіке самғаған тұйғынның бейнелері бар. Мұның бәрі нар қызыл шұғадан ойып жасалған. Туырлықтағы бұл бейнелердің төменгі шеті жібек шашақты белдеуге тірелсе, жоғарғы шеті үзікке тіреліп, дөдегелермен жалғасады. Осы терезедей тізбектелген дөдегелерден бастап түндіктің төбесіне дейінгі үзіктің өн бойына түгелдей жұлдызы самсаған аспан бейнеленген. Жұлдыздар алтын түсті сары шүберектен жасалыпты, Темірқазық болу керек, шаңыраққа жақын тұстағы бір жұлдыздың түсі қызғылттау.

Мылқау байғұстың бетін шұбарлап тамсанғанда айтқаны осы үй еді.

Сол үйге қиғаштау, ортадағы үлкен үйге тұспа-тұс жерде көк шалғынға қада қағып жасалған күркенің астына кілем жайып тастап екі адам карта ойнап отыр. Мұның бірі — алып денелі, басының өзі тайлақ түйенің басындай, салалы бурыл сақалы кең кеудесін түгел жауып кеткен біреу. Қияқты ұзын мұртын қайырып апарып құлағына іліп қойыпты, сондықтан болар оның жымия қараған түрі ырылдап жатқан жолбарыстың түріне ұқсайды.

«Шомбал осы болар» деді Мәди ішінен. Оның қарсысында мөлдір қара сақалды, қыли көз, беті шиқандай қызыл біреу отыр. Мәдилер олардың ық жағынан орағытып келіп сәлем беріп еді.

— Сток,— деді көн ұстап отырған Шомбал. Екеуі де қолдарындағы картадан басқаны көрер емес, әсіресе қылидың қарайтын түрі жоқ. Ол ақшасымен қоса ақылын да ұтқызған болу керек, қолындағы қарғанын мәткесіне барлық ызасымен қадалып тістеніп отыр.

— Жартысына,— деді ол алақанын шарт еткізіп.

Шомбал өзгенің тартқан азабына рақаттанатын жан екен:

— Мынаның үстіне тағы қуласаң қайыр сұрап кетерсің, сақтан,— деді миығынан күле қарап.

— Қайыр сұрасам да сенің үйіңнен сұрамаспын, сөзді қой да әкел... тоқташы... Мына бір қу табандар қылқиып қайдан келе қалды. Мырзалар, аласыларың болса алыңдар да, осы жерден тезірек тайсаңдар...

— Сіздің ойыныңыздан ойыңыз қызық екен, мұндай қызықты қалай тастап кетеміз,— деп Мәди әзіл тастап еді, қылидың көзі онан сайын шапыраштанып кетті.

— Мен... мен мына бір қаңғыбастар кетпей бірде-бір карта баспаймын,— деп ол картасын алдына тастай салды.

Шомбал жолаушыларға енді ғана назар аударды.

— Әлик-сәлем, мырзалар... Хош келдіңіздер,—деді Мәдидің астындағы Көкдауылға есі кете сұқтанып. Мәдидің өзіне де қарамақшы болып еді, көзі Көкдауылдың жер сыза керіліп жатқан кең кеудесінен жоғары көтерілмей сылқ етіп қайта түсті. Өйткені, ол жүйрік атты кеудесі мен сирағынан, әсіресе тұяғы мен шашасынан танушы еді.

— Кешіріңіз, мырза,— деді жалмауыз көзі аттың тұлғасына тойған соң ғана жадырап,— сендегі сол мінез менде де бар еді. Мен картаны ақша үшін емес, қызық үшін ойнаймын. Онда да мына сияқты ақша жандылардың жанын қинап, қанын қайнатқанды қызық көремін. Ал жол сұрамақ бізден болсын.

— Жөн сілтемек сізден болсын, бізге Шомбал батырдың үйін сілтеп жіберсеңіздер.

Сөзді Шомбалдан бұрын қыли көз қағып әкетті.

— Оны қайтейін деп едің, құда түсейін деп пе едің?

— Кейбіреулердің қырық жеті берген құдалығынан қымбат батасын алайын деп едім.

Шомбал қыли көзді мұнан әрі сөйлеткісі келмей, қолын ауыр бір көтеріп қалды да, кең маңдайына жараса бітсе де кәрілік шіркін түкситіп жіберген кереқарыс қабағын зорға қыбырлатып Мәдиге қарады.

— Осы өзеннің бойындағы тоқсан үй түгелімен Шомбалдың үйі, қайсысына түсем десең де еркің, өзі — осы сөйлеп отырған карташы.

Мәдилер аттарынан түсе-түсе қалып еді, Шомбал бұл! сапар қолын шапшаң көтерді.

— Рақмет, балалар, аттан түстіңдер, сол ізеттеріңе қанағат. Мен жас иісті жан азығы етіп өткен шалмын. Жас ұлғайған сайын сол әдетім ұлғайып барады, сол үшін осы бір алақандай жердің шалғынын өзімнен басқаға басқызбаушы едім.

— Кешіріңіз, батыр.

— Үшеуің бірдей сәнді киінген екенсіңдер, сірә, сауық-сайран салып жүрген сері боларсыңдар.

— Серілердің ішіндегі шерлісіміз.

— Шерлілерді тыңдай-тыңдай ішім шерменде, құлағым шеміршек болған. Енді ести алмаймын.

— Онда шерімді өзіме сақтадым.

— Менің серілеу бір балам бар, осы отырған жеті ауылдың жастарын түгел жинап алады да, күн батқаннан таң атқанша алтыбақан құрып сауық салады. Оның ауылы — сол жақтағы шеткі ауыл. Сері болсаңдар соның ауылына барыңдар, жай мейман болсаңдар үй міне. Қане, менің мырза балдызым, қарыз алар қалта тапсаң, ал картаңды, бас көніңді.

— Кешіріңіз, батыр, ойындарыңызды бөлдім, егер рұқсат етсеңіз, өзім туғалы көрмеген бір тамашаны тамашалағым келіп тұр. Ол — сіздің мына бір үйіңіз.

Қыликөз тағы да киіп кетті.

— Ей,— деді Мәдиге шақырая қарап,— сыпайылап айтқанда, ондай былшылды қой да, мынаны айтшы, өзің карта ойнай білесің бе? Білсең отыра қал, тек қалтаң қалың болсын. Егер ондай байлығың жоқ болса, былшылды қойып жөнел.

— Мен карта ойнай білмеймін, бірақ осы «сыпайылығыңыз» үшін, білмесем де сізбен ойнаймын.

— Карта білмесең, біздің ойынымызға қалай қызықтың? Қызықпасаң өтіп бара жатып неге бұрылдың?

— Жел жақтарыңыздан келіп тоқтасам, тұра қалған атымыз әдепсіздік жасап қарсы отырған сіздің аузыңызды арамдайтын еді, сізге керегі сол екенін білмедім, ғафу етіңіз.

— Батыр-ау, мына бір қаңғыбасты қуасың ба, жоқ әлде басыма осылай секіртіп қоясың ба?—деп қыликөз Шомбалға шағына қарап еді, ол Мәдиге күле қарады:

— Сері болсаң да, өзімнің қонағым бол. Мына келе жатқан менің Келдек дейтін балам,— деді өзен жақтан келе жатқан боз жорғалы біреуді иегімен нұсқап.— Мен мынаның мауқын басқанша, сонымен кеңесіп кереметіңді көре бер, рұқсат,— деді.

Оның Келдегі өзіндей зор денелі, әдемі қара сақалы бар қызыл шырайлы жігіт екен. Қолындағы қаршығасын үйіне қарай қоя берді де, өзі бері бұрылды. Басындағы қара тақиясын бір шекесіне қисайта киіп, ағызған бойы келді де, адамнан бұрын ала қағазға анадайдан үңілді.

— Көке-ау, көніңіз қайда?—деді омыраулап.

— Нағашың мына мырзалармен сәлемдесе білмей ақымақтық етті, сол ақымақтықтың айыбын мен төледім.

Келдек әкесінің емеуірініне бірден түсіне кетті де, атынан қарғып түсе сала, Мәдилердің қолын ұстай алды.

— Кешіріңіздер... карта ойыны көздің құрты ғой, көзімді сол құрғыр тартып әкетіп, сіздерді байқамаппын, кешіріңіздер.

— Оқасы жоқ, картаның құрты қандай екенін мен де білемін. Ол көздің ғана құрты емес, қалтаның да, қасиеттің де жұты.

— Мына бір сөзіңіз жаттап алатын сөз екен, қайта айтыңызшы.

Баласының бұл сөзі Шомбалға жақпай қалды, баласына қарамастан:

— Кейін жаттарсың, қонақтарды қонақ үйге апарып орналастыр,— деп зірк етті.

— Ол үйде құрдас әжем ұйықтап жатыр еді ғой, оянды ма екен.

— Мезгілі болды ғой, оянған болар.

— Ол оянса, жарлығыңыз қазір орындалады. Маған ұтысыңыздың бар-жоғын айтыңызшы.

— Нағашың қалтасын қақты, қарызға да батты, көнде жатқан астындағы бәйгі күреңі. Қалтаң қалың болса көмектес нағашыңа,— деп Шомбал мырс-мырс күліп еді, балдызы оны қыли көзімен бір атты да, қолындағы картаны лақтырып тастап тұрып кетті. Ұтылған байлық, мазақ болған намыс жанына қатты батқан болуы керек, құшақтай алған жиенін бір-ақ серпіп шалқасынан түсірді де кете берді. Оның бұл қылығы намысына қатты тиген екен, ашуға булыққан Келдектің алқымы ісініп кетті. Бірақ ол ашу түтінін өзінен басқаның бірде-біріне, тіпті әкесіне де сездіргісі келмей, өтірік күліп түрегелді.

Әкесі оның ішінде ырылдап жатқан ит барын сезді де, сол итті айтақтай түскісі келіп.

— Бар, атын ал да, тоқымын қолына бер,— деп иек қағып еді, ұзап бара жатқан қыликөз артына жалт қарады, қарады да баж етті.

— Немене, сонда мен жаяу кетпекпін бе?

Шомбал бір мырс етті де үндеген жоқ. Келдек жаңағы кегінің ізі суымастан қайтатынына қуанып қыликөзге беттей бере, Мәдилерге:

— Қонақтар, аттарыңызды ана бір керме ағашқа байлаңыздар,— деп қолындағы ырғай сапты қамшысын ысқырта сілтеп нағашысына жақындады.— Немен кететініңізді жездеңізден емес, жиеніңізден, мына менен сұраңыз, нағашы. Ер-тоқымыңызды арқалап жаяу кетесіз бе, жоқ әлде сонау қойшының астындағы көк шолақты мініп кетесіз бе, оны мына мен ғана білемін.

— Сен білсең, сыпайылап айтқанда, көп былшылдамай, сонау шідерлеулі жүрген менің күреңімді алып кел.

— Ойбай, менің байғұс нағашым-ай, қалтаңдағы ақшаң мен астыңдағы атыңды ғана емес, басыңдағы құлағыңды да ұтқызған екенсің ғой. Мен бәйгі күреңнің сізге енді бір тал қылшығы да жоғын айтып тұрмын ғой, сіз оны естімепсіз ғой.

Қыликөз оның қияпаты қайда беттеп бара жатқанын енді ғана сезді де майыса қалды.

— Келдекжан-ау, ұялмастан мен қалай жаяу кетемін, ұялмастан сен қалай жаяу жібересің?

— Ұят деген не?— деді Келдек кеселдене түсіп.

— Ей, жезде, сенің де айтарың осы ма?—деп қыликөз картасын түгендеген болып, Мәдидің Көкдауылына алыстан ұрлана қарап сұқтанып отырған Шомбалға дауыстап еді. Келдек оның иығынан ұстай алды.

— Әкем айтарын айтты, берер бұйрығын берді, сіз мені тыңдаңыз. Алдымен мына сұрауыма жауап беріңіз: бұрын ұятыңыз қораздың ұятына ұқсас мардымсыз бірдеме еді, мұнша мол ұятты кімнен ұтып алдыңыз?

Ашу қысқан кезде өзін ұстай алмау қылидың ауруы еді, сол ауруы қозып кетті ме қалай:

— Ойбай-ай, ойбай-ай, мына күшіктің сөзін-ай!— деп шапыраш көзін шақырайта түсіп тыпырлап еді, Келдектің күткені осындай бір қырсықты көз екен, іздегені табылғандай шаттана күліп, сотқарлана қимылдап, қылидың сақалынан ұстай алды.

— Апа, мынау ініңіз мені күшік дейді, сонда сізді кім дегені? Айтпақшы, ол бұл ауылда жоқ екен ғой, құрдас әже, сен не дейсің? Не дейсің? Сақалынан сүйреп үйге әкел дейсің бе? Мақұл, — деп үйге қарай жетелей жөнелді. Анадай жерде керме ағашқа аттарын байлап тұрған Мәдилерге дауыстады:— Қонақ мырзалар, сіздер мына бір аспаны бар үйге кіре беріңіздер. Назгүл, ау құрдас әже, қонақ келді, қолыңды қусыр да, қойыңды сой, құлақ жеуге мен әзір.

Ол жағалай жарлық етті де, нағашысын сақалынан жетелеген күйі ортадағы үлкен үйге қарай беттеп барады. Қыликөз оған әлденені булыға күбірлейді, оны Келдек тыңдайтын емес.

«Назгүл дейді, ә? Мен білетін Назгүл ме «құрдас әже» дегені? «Әже» дегені өзіндей жиырма жетіге жаңа жеткен жас әйел. О, сорлы Назгүл, жастай көрген қызығың «әже» атанып әжуа болу ма?»

Осындай ойда тұрған Мәдидің көзі жаңағы Келдек нұсқаған әшекейлі үйден шыға келген жас әйелге түсті. Жас әйел көк көйлегін көлбеңдете басындағы жасыл желегін кері бір серпіп тастады.

— Құрдас балам, мен сол жарлығыңды түгел орындайын, сен мынау сотқарлығыңды тоқтатсаң қайтеді. Жасы үлкеннің жағасына жармасуың нақұрыстық болар.

— Шашың жетпейтін жерге қолыңды созба, әжеке, менің жармасқаным нағашымның жағасы емес, уысым толатын сақалы.

Келдек соны айтты да нағашысын жетектеген күйі үлкен үйге кіріп кетті. Бірақ оның өзі кетсе де дауысы өшкен жоқ:

— Құрдас әже, анау қанжығадағы үйректерді мұнда әкеле сал, есіктен кіре бере «үйіріңмен үш тоғыз бол» деп босағаға ұруды ұмытпағайсың.

Назгүл басын шайқап ақырын күрсінді де, аяғын ауыр басып барып екі үйдің арасына керілген керменің астында байлаусыз тұрған боз жорғаның қанжығасындағы үйректерді шеше бастады.

Мәдидің алыстан қадалған көзі соның әр қимылын бағуда.

«Апыр-ау, мен не көріп тұрмын? Мынау анық сол ма?

Сол... сол... Анық Назгүлдің өзі.., о, ғажап, мен не деп тұрмын? Мынау көк кебінге оранған тірі әруақты Назгүл деуге ауызым қалай барады?»

Шомбалдың мақтаны, ауыл арасының аңызы болып кеткен әшекейлі үйдің суретін салған болып осындай ойда тұрған Мәдиді Шомбалдың құж дауысы селт еткізді.

— Ау, менің жарты патшам,— деді Шомбал Мәдилерге жақындай бере Назгүлге дауыстап,— қонақ жайы жасалды ма?

Жарты патша деген сөзді Мәдидің тұңғыш естуі еді.

— Мына бір сөзіңіз қызық екен,— деді Шомбалға қарап.

— Немене, өзің ешқандай патшаның құлдығында жоқ па едің?— деп Шомбал мырс етті, Мәди оның сөз емеурініне түсіне кетті де:

— Патшасыз құлдық жоқ-ау, Шөке,— деді.

Шомбал Мәди сөзінің байыбына бара алған жоқ тек «Шөке» деген сөзге шамданып ызбарлана қарады.

— Мені бүкіл бір дуан елі «Шөке» деп шөмитпей, «батыр» деп баптаушы еді, оны білмейтін сен қай елдің меңіреуісің?

— Кешіріңіз, батыр, мен бұл дуанның адамы емеспін.

— А, онда жөн,— деп Шомбал ашуынан тез қайтты да, өтірік аңқаулығына қайта мінді,— Естімесең естіп, білмесең біліп ал, кешегі батыр, бүгінгі пақыр Шомбал мен боламын. Әлдеқалай біреулер, әсіресе сен сияқты мырзалар «батыр» дей қалса, соған да мәз болып бір жасап қаламын.

— Кешіріңіз, батыр, дәл осы сөзіңізге сену қиын.

— Неге?

— Мүмкін, кей күндері патшаларыңыздың жарлығын орындай алмай, жапа шегетін шығарсыз, басқа пақырлық сізден әзір алыс секілді.

— Көңіліңді құдай көтерсін, шырағым, түнімен сүйреленіп шаршаған кеудемді бір көтеріп тастадың.

— Түнімен сүйрелесе шаршамайтын кеуде болмас.

— Қазір бір ғана патшаға табынудамын, оның әзірше жазалайтын түрі жоқ. Менің қол қайырымды жарты патшам ана тұрған, аты — Назгүл.

Шомбал осыны айтты да жүріп кетті.

Қонақтарын жаңағыдай бұлдыры көп сиқырлы сөздерімен сыйлап тастап, өзінің «жарты патшасына» жақындаған Шомбалдың көзі екі буда үйрекке түсті.

— О, мырзамыздың кеудесінде қайнаған бір сасық буды көрген едім, ненің буы десем, қанжығасын бояған қанның буы екен ғой. Жарайсың, көк қаршығам, жарайсың. Көзіңе ілінген үйрек пен қазды құтқармайтыныңды кеше-ақ білгенмін.

— Сол көк қаршыға өзі бола қалса, осы баламыз сіз екеуімізге не істер еді?

— Айтар дауың барын даусыңнан таныдым, сол сұраудың жауабын өзің айтшы?

Назгүл жан-жағына қарап алды да, Шомбалдың иығына сүйене тұрып сыбыр етті.

— Менің бүгінгі байқағаным, осы балаңыздың сізді сақалыңыздан, мені шашымнан сүйрейтін күні жақындаған секілді. Сізден қайрат азайған сайын, оның күшейе түсетін түрі бар.

Шомбал өтірік жымиып, ақырын мырс етті де:

— Бекер айтасың, падишам, бекер. Сен екеумізге қол тигізетін — өлімімізге кірген сүйекшілер ғана. Онан беріде қол тигізу патшаның да қолынан келмейді.

— Онда жаңа қайда қалдыңыз? Қолын қағып жіберуге болатын еді ғой. Балдызыңыздың өзі өзіңізден, көзі көзіңізден кем болса да, сақалы сақалыңыздан кем емес еді ғой, оны неге ойламадыңыз?—деп Назгүл жөнеле беріп еді, Шомбал оның білегінен ұстай алды.

— Оның таудай мәні бар. Ол шапраштың біздер жайында таратып жүрген өсегі бар, сол өсегі үшін әлі де тартар жазасы бар. Ол үшін сенің қимаң қышымасын, онан да мені тыңда. Өмірде сүйген соңғы әйелім сен едің, соңғы мінген жүйрігім мына бір қаракөк ат болсын, сен соны қолға түсірудің жолын тап.

Назгүл жылан шағып алғандай ыршып түсті:

— Масқара, сіз не айтып тұрсыз? О заман да бұ заман, әйелін ұрлыққа жұмсаған...

Шомбал оны бауырына тартып босатпастан зілдене сөйлеп тұр, салмақты шыққан үні еміс-еміс естіледі.

— Мен сені аттың өзіне емес, иесіне жұмсап тұрмын, сенің ұрлайтының — иесінің ақыл-есі.

— Есін ұрлағаны қалай?

— Қаракөктің иесі мына бір кербез жігіт. Сол жігіттің көрмей жатып саған ғашық болғанын алыстан сұқтанған көзінен көріп тұрмын. Есіңде болсын, ол менен бата алып, сенің төсегіңе намаз оқығалы келіпті. Сондай неменің сайтанын қоздырып, өзіңе қызықтыра түссең есін ұрлағаның.

— Оның есін ұрлау не үшін керек?

— Менің оған өшігуім керек болып тұр. Өшікпесем қиянат жасай алмаймын. Жазығы жоққа мұнан былай қиянат жасамаспын деуші едім, мына бір көк тұлпар сол антымды бұзбай қояр емес.

— Бір-екі жылқы беріп неге сатып алмайсыз?

— Екі үйір жылқы берер едім, мұндай серілердің сырын білемін, олар мұндай атты жүз жылқыға да сатпайды, әттең баяғы күшім болса тартып алар едім, ендігі зорлықтың түбі қорлық болуы мүмкін, сондықтан оны қолға түсірудің жалғыз жолы бар, менің адал төсегіме арам нәпсінің намазын оқымақ болғаны үшін айыпқа тартып алу.

— Астағпыралла... Онда мен қарабет болмаймын ба?

— Болмайсың, болсаң да өзім ақтап аламын.

Назгүл қанша ойланса да:

— Ой құдайым-ай,— дегеннен басқа сөз таба алған жоқ,— мына үйректерді үлкен үйге сіз ала барыңыз, мен үйге барып қонақтарға орын дайындайын, оларды арбайтын сиқырымды сайлайын. Ол үшін айнаға қарап өзімнің немене екенімді сол айнадан көріп алайын, сіз кешікпей келіңіз де қызығымызға қараңыз, бұқаның күшіне өгіз сүйсініпті дейді ғой, — деді де, Назгүл қонақ үйге кіріп кетті.

Шомбал аңырып қалды. Ол бұрын Назгүлді «жұпары аңқыған гүлім» деуші еді, бұл сапар олай дей алмады, өйткені оның жаңағы бір сөзі тікендей қадалып жүрегінде тұрып алды.

«Шынында мен не істегелі тұрмын осы? Тәубаға алдақашан келген пиғылым бүгін неліктен бұзылды? Қайдағы бір жолаушының атына неге мұнша қызықтым? Оған қанша қызықсам да, мұндай іске Назгүлді қалай қидым? Әлде соңғы кезде пайда болған салқындық па мені бұлай алжастырған? Жоқ, бұл алжасу емес, бұл да карта ойыны секілді ойын. Ойын атаулының бәрі қызық».

Назгүл қолына ұстатып кеткен екі буда үйректі көтерген күйі, көзін алыстап бара жатқан жылқыдан алмай Шомбал осындай ойда әлі тұр.

Оның қазір не ойда тұрғанын, тоқалына не дегенін білмесе де, ішінде бір мұз жатқанын Мәди сезген секілді. Әсіресе өзінің кім екені сезіле қалса, қорқуды да, ұялуды да білмейтін жаңағы сотқар баласының неден болса да тайынбайтынын жақсы сезді, сезсе де қасындағы серіктеріне ақырын үн қатты:

— Жұлдыз шығысымен Темірқазықты белгілеп алыңдар. Біздің ендігі бағдарымыз сонау күн шұғыласына шомылып тұрған Ақсұңқар тауының оң жақ иығы.

— Сонда қалай, түнделетіп жүреміз бе?

— Біздер үшін күннен түн жақсы.

Манадан біресе алыстап бара жатқан жылқысына, біресе жақындап келе жатқан қора-қора қойларына қараған болып, қисық көз балдызы мен қисық мінез баласына айтар сөзін сайлап алған Шомбал үн қатты.

— Ұлдарым, үйге кіріңдер,— деді ол үлкен үйіне беттеп бара жатып. Оның бұл сөзі Мәдиге тағы бір ой салды.

«Ұлдарым» дейді, ә? Манадан бері айтылмаған бұл сөзді не үшін айта қалды? Әлде сендер менің баламдайсыңдар, тоқалыма көз сүзіп жүрмеңдер дегені ме екен? Солай-ау».

Ол екі серігін бастап Шомбалдың жаңағы сөзін есінен шығара алмай аласұрған күйі үйге беттеп келе жатыр еді, іштен Назгүл шыға келді де, жағы бірдей оюланған киіз есікті көтеріп тұра қалды:

— Хош келдіңіздер, қадірменді мыр-за-лар...

Үні осылай үздігіп барып үзіліп кетті. Өйткені сәлемдесіп алдынан өте берген Мәдидің көзіне көзі кездесіп еді, әлденендей бір долы жалын жанын шарпып еткендей тұла бойы лап етті. Көтеріп тұрған есігі де қолынан түсіп барып қайта көтерілді. Бірақ өзін келіп бас салған белгісіз долы сезімді көтере алған жоқ, әлсіздік жасап қалтырағанына кешірім де сұраған жоқ, Мәдидің: «Сәлеметсіз бе?» деген ізетіне де жауап қатпады. Қонақтарын ішке кіргізіп жіберді де, өзі өзенге қарай ақырын сырғи жөнелді. Ондағы ойы кеудесіне түскен мына бір отты өзінен басқаға көрсетпей өзімен-өзі сырласу еді, кенет тоқтай қалып:

«Жоқ ,ол болуы мүмкін емес,— деді ішінен.— Мәдиге ұқсайтын тек көзі ғана, көзге көз ұқсай бермей ме?»

Сол алданған ойы оның жаңағы бір лап еткен үмітін сөндіріп тастады. Енді ол жүрегінде ешбір жалын жоқ, бұрынғы мұз қалпына қайта түсіп үйге кіріп келді.

— Жантайсаңыздар жастық салайын.

— Көп жасаңыз.

Шомбал батырдың Назгүлге жеткен қолы дүниенің нелер асылына жеткен екен. Қазақ үйіне жарасатын дүниенің бар асылын осы үйіне жинапты, жиһаздарының көз тартпайтын біреуі жоқ. Мәди өзінде болмаса да өзгелерден, әсіресе Қақабай сияқты байлардың үйінен жиһаздың нелер түрін көрген еді, дәл мынадай салтанатты ешкімнің үйінен көрген емес. Таңдана қарап тамсанып отыр. Қасындағы серіктері де аузын ашып, көзін жұмуда. Әсіресе кілем, тұскиіз, сырмақ, аяқ баудан бастап басқұрға дейінгі дүниенің ою, ернектері бұл елдің өнеріне ұқсамайды, мүлдем басқа. Ең ақыры сән үшін құрылған шым шидің өзі жібек кілемдей құлпырады. Қақ тердегі алуан қырлы оюлар салынып, алуан сырлы бояулармен сырланған кебеже мен сары ала сандықтар, бетіне сүйектен ою салынып, күміс шегелеген әдемі ақ сандықтар, сол сандықтың үстіне текшелене жиналған көрпелер кемпірқосаққа ұқсайды, жастықтарына жанаса кетсең жұпары мұрын жарады. Төрдегі текшеленген жүк пен балдақтары күміс оқалы жасыл шайы шымылдықпен қоршалған кереуеттің аралығында тоғыз тармағы бар күмістелген ашабақан тұр. Сол тоғыз тармақ толы жанат ішік, күзен ішік, құндыз бөрік сияқты асыл киімдер. Тұтас бір сүйектен жасалғандай, бетіндегі күміс шегелері тек сән үшін орнатылғандай көрінетін әдемі ақ кереуеттің бас жағында бір, аяқ жағында бір аспалы бесік тұр, ол екеуінің пердесі төрт қырынан төгілген шашақтан көрінер емес.

Шомбалдың бейтаныс, әрі кілең жас жігіттерді мұндай салтанатты үйіне не үшін түсіргенін қанша ойласа да Мәди таба алған жоқ. Бар тапқаны: ол бізді ел кезген сері көріп, байлығын елге жая жүрсін дегендей есеп қой, түкірдім мұндай байлығыңа.

Сондай ойда отырған Мәдидің көзі бесікке көбірек түсе беріп еді. Назгүл соны аңғарып қалған екен, алтын түсті шашағы төрт қырынан бірдей төгілген жасыл перденің арасынан сығалап бесікке үңіле бере, Мәдиге тіл қатты.

— Көзіңізді бесіктен алар емессіз, бөбегіңізді сағынғансыз-ау, сірә?

— Мен сағынары өте көп жанмын, жеңеше.

Есіне әлдене түскендей Назгүл кенет өзгере қалды.

— Кешіріңіздер, сағынбасаңыздар да шөлдеп аңсаған боларсыздар.

Назгүлдің ойда кетіп бара жатқанын Мәди оның шолпысының сылдырынан байқап отыр. өйткені ол үйден шыға бере шолпысының үні бір өшіп еді, орта жолға жетпестен тағы өшті, өше сала тез сылдыр қағып алыстай жөнелді.

— Сол ма?

— Назгүліңіз осы ма?—деп екі жағында жантайып жатқан серіктері, шолпының үні өшісімен сыбырлай түрегелді.

— Жайырақ сөйлеңдер. Ол мені шырамытты да жөнімді сұрауға батылын жеткізе алмай кетті. Оның қымыз әкелуге асығу себебі де сол болуы мүмкін.

— Қымыздың мұнда шаруасы не?

— Бұл елдегі байлардың бір бәсекесі қымыздан арақ жасау. Сондай арағы болса қымызға қосып беруі мүмкін. Сақтаныңдар, көп ішіп мас болып қалмаңдар.

Мәди серіктеріне соны айта сала тұрып барып жаңағы Назгүл үңілген бесіктің пердесінен сығалап еді, түрі кенет бұзылып кетті. Назгүлдің баласының кімге тартқанын көрмек еді, ол үміті ақталмады. Бесікте әлі кір шалмаған жаялық пен көрпе-жастықтан басқа ештеңе жоқ екен. Жүгіре басып келіп екінші бесікке үңіліп еді, ол да қурап тұр.

Қыры сынбаған жана шүберектерден Мәди бұл бесіктер баланың емес, көңілдің жалған жұбанышы, арманның алдамшы бесігі екенін сезді де, ішінен Назгүлді аяп елжіреп кетті.

— Келе жатыр,— деп Иман күңк етіп еді, Мәди жаңағы Назгүл тастаған жастықты бауырына баса құлай кетті.

— Қайран Назгүлім-ай, атың гүл болса да өзің гүлдеместен қалған ба едің?

Малай жігіттерінің біріне дәу тегене толы қымызды, енді біреуіне шағындау келген сырлы үстелді көтертіп Назгүл қайта келді. Оның өз қолында төрт бұрышы кестеленген ақ дастарқан мен күміс сырғалы, қошқар мүйізіне ұқсата ойып жасалған алтын түсті қымыз ожау.

— Көп жасаңдар, барыңдар, бәрі де бабында болсын, картаға қарап қалмаңдар,— деп Назгүл үстел басына отыра бере иек қағып еді, малайлар шыға жөнелді.

Ыстан жаңада ғана шыққан сабаның қымызы қандай, еш жердің гүлінде жоқ ғажайып бір жұпар аңқып үйдің ішін алып кетті.

— Мынау ішілместен мас қылатын қымыз екен,— деді Иман көп ішпеудің сылтауын әлден іздеп.

— Бауырым-ау, қымыздың иісіне мас болсаң өзін ішкенде қайтесің? Әлде қымыздың иісіне де мас, қыздардың көлеңкесіне де ғашық болатын бейбақ па едің?— деді Назгүл миығынан күле қарап.

— Мен көлеңкесі бар қыздарды көрмеймін, көрмесем қалай ғашық боламын.

— О, онда түнде жортатын бөрі екенсің,— деп Назгүл алғаш құйылған қымызды Мәдиге ұсына бере тоқтай қалды,— ағат болса айып етпеңіз, мырза. Мен сізге қайта-қайта қараймын, қараймын да қайран қаламын, есіміңіз кім?

— Соны білмей-ақ қойсаңыз қайтеді?— деді Мәди қиылып.

— Неге?

— Атымды естісеңіз мазақ етіп өзімнен безе қашуыңыз мүмкін, сол себепті атай алмаймын.

— Егер, мазақ етпеске ант етіп, айтыңыз деп жалынсам қайтесіз?

— Сізді аяғандықтан сонда да айтпас едім.

Назгүл Иманға көз тастады:

— Қырғи көз бауырым, сен айтшы?

Мұндайда өзі де қырғиға ұқсап кететін Иман іркілген жоқ, қолына барған қымыздан бір қылқ еткізді де:

— Бұл кісінің кім екенін мен айтайын, сіз тыңдай беріңіз. Сонау Қарөткел дуанына қарайтын Нілді болысы дейтін ел бар. Сол елдің ішінде Қареке дейтін ру бар, сол Қарекеден шыққан серілігіне салдығы сай, батырлығына байлығы сай, тек қатынға ғана кедей Жапалақ дейтін батыр бар. Бұл отырған сол мырза, біздер сол мырзаның атқосшысымыз.

— Маған айттыруға келгендей мырзаңды тәуір-ақ шелейттің, бауырым. Бірақ мен үшін сол айтқандарыңның барлығының құны жарты тиын екенін де ескергейсің.

— Неге?

— Менің күткен жауабым дүниенің бар байлығынан қымбаттырақ.

— Оһо!

— Жапалақ мырза, менің сұрауым сізді ауыр ойға тастады-ау дейім. Олай болса, кешіріңіз. Оған кінәлі мен емес, өзгенің көзіне ұқсаған өзіңіздің көзіңіз.

— Өзгенің көзіне ұқсаған менің көзім бе?

— Иә, сіздің көз жанарыңыз мен білетін бір адамның көзіне қатты ұқсайды екен.

— Апыр-ай, сіздің жадыңызда сақталған ол неткен бақытты жан еді?

— Ол бақытты емес, осы елдегі ең бақытсыз бишара.

— Бекер болар,— деді де, Мәди қолындағы қымызды қағып салды.

— Нені бекер дейсіз?— деді Назгүл көзін күлімдете түсіп.

— Көзінің жанары сіздің жадыңызда сақталған адамды бейбақ деуіңіз бекер.

— О, сіз онда бақытсыздықтың не екенін білмейді екенсіз,— деп Назгүл ақырын күрсінді де, тез өзгере қалып мырс етті,— кешіріңіздер, мен қайда лағып кеткенмін? Қымыз алыңыздар.

Ойда отырған Мәди қолына қайта барған тостағандағы қымызды ішпестен алдына қалай қоя салғанын да байқаған жоқ.

— Мүмкін емес,— деді ширығып.

— Нені айтасыз?—деп Назгүл әлденені сезгендей қадала түсті.

— Ондай махаббатқа ие болған адамның бақытсыз болуы мүмкін емес.

— Неге мүмкін емес?

— Неге екенін айттым,— деді де, Назгүлге қарай қалды.— Әлде оның бақытсыздығына себепкер сіздің махаббатыңыз ба еді?

— Сіз менің ескі сырласымдай тым омыраулап барасыз-ау.

— Қанша омырауласам да қорықпаңыз, өйткені екеуіміздің арамызда көз жарым үстел жатыр.

— Өтірік аңқауланбаңыз, менің айтып отырғаным кеудеңіздің өзі емес, жаны екенін жақсы білесіз.

— Жанымның толқыны жүрегіңізді тербетсе оған кінәлі мен емес.

— Жапе-ке, — деді Иман ақырын.

Оның Мәдиді тежегісі келіп отырғанын Назгүл сезген жоқ. Дал көңілмен Мәдиге қарай қалды.

Осы кезде киіз есік шалқасынан ашылып, екі жаппалы сырлы есіктің арасынан боз қасқа марқаның басы көрінді. Оған ілесе жалақ ерін, қызыл көз бір малайдың даусы да шықты.

— Мырзалар, илаһи ау-мин!

Назгүлге ілесе Қанаш пен Иман да қолдарын жайып, Мәдиге қарап еді, ол қолын жаймастан Назгүлге қарады.

— Егер сіз рақым етсеңіз, мен сіздің қолыңыздан өзгеден татпаған тағамды татар едім.

— Өзгеде жоқтың менде болуы мүмкін емес қой, жоқты қайдан табар екенмін?

— Мен сіздегі бардың өзіне де ризамын.

— Барым жолыңызға...

— Сіздің қолыңыздан татқым келген дәмім — манағы «құрдас балаңыз» әкелген үйректердің еті, бізге сол да қанағат, обалына қалмай қозыны қоя бергізіңіз.

Назгүл қозы әкеліп тұрған малай жігітке қарап:

— Үйректердің еті қаймаққа, қозының еті сұр қазымен қоса қайнасын,—деп иек қағып еді, Иман:

— Аллау әкпәр,— деп бетін сипады, малай жігіт басқаның батасың күткен жоқ, қозыны сүйрей жөнелді. Мәди Назгүлдің бұл сый-құрметінің не үшін екенін біле алмай, ойланған күйі жастыққа жантая кетті.

— Мырза, жантаймаңыз,— деді Назгүл наздана қарап.— Жарасқан әзіліміз үшін жақсы әндердің бірін айтып жіберіңізші!

Оның ендігі ойы ән салған даусынан байқау екенін Мәди де сезіп отыр.

— Әзілдің бірі жарасса, енді бірі жараспайтын заманға тап болдық-ау, жеңеше. Маған жарасатын ән тала қоймас.

— Сізге жарасапайтын ән табылмас, жалтармаңыз.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Сіздің бір өзіңізде екі таңдай бар секілді. Жай сөйлесіңіздің өзінен бұлбұл мен қыранның үні бірдей естіледі.

Мәди екі жағында отырған серіктеріне күле қарады.

— Көрдіңдер ме, жеңешеміз мені қалай-қалай шелитеді,— деп иегін бір қақты да Назгүлге сөз тастады.— Онда мен неге әнші емеспін? Ән сала бастасам дауысым жан-жаққа жамырап-маңырап кетемін, ол неліктен?

— Неліктен екенін қазір көреміз.

Назгүл кереге басында ілулі тұрған үкілі домбыраны әкеліп, қос қолымен ұсына бере Мәдидің кірпігінің арасына жасырынған әлденені көзі шалып қалғандай тоқтай қалды. Бірақ ол көзін қанша сүзсе де, Мәдидің тұңғиық ойлы көзі бойлатар емес, теңіз болып батыратын. Соны сезгендей Назгүл де бойын тез тежеп алды.

— Неге екенін білмеймін, сіздің әнші емеспін дегеніңізге сенер емеспін.

Мәди оның оң тізесін бүге қос қолдап ұсынған домбырасын бас не қабылдап рахметін айтты да:

— Неге екенін мен де білмеймін, сіз сөзіме сенбеген сайын менің қуана түсетін түрім бар,— деді көзін тұнжырата күрсініп.

— Неге?

— Жанарым жанарыңызда, өзім жадыңызда жұмбақ күйде сақталсам, өзімді-өзім бақытты жандай сезінемін, оның не екенін өзім де білмеймін,— деп Мәди шын жанымен ынтызарлана қарап еді, Назгүлдің көзі оның көзімен тайталаса алмай тайқып кетті.

Мәди ән әруағын шақырғысы келгендей домбыраның ішегін іліп шертіп, Абай мен Пушкинге тәжім етіп отыр. Ойлап қараса Назгүлмен екеуінің мұңын сол данышпандар өз жырына жақсы қосыпты. Оның бірі Абайдың «Жарқ етпесі» де, екіншісі — Пушкиннің Абай аударып әнге қосқан «Татьянаның әні». Мәди бұл екеуін барлық әннен жақсы салатын еді, қазіргі Назгүл үшін қайсысы сай келетінін ойлап отыр.

— Өлі көңіл бір оянсын, мені алдаймын деп әуре болмай сайрап жіберіңіз,— деп ән құмар Назгүл тағат таппай, тілегімен перделеп мұның да айтып салды. Шомбалдың өзі де, оның бұйрығы да есінен мана шығып кеткен еді, сонан қайтып әлі оралған жоқ.

— Сіз қанша қанаттандырсаңыз да, мен бұлбұл бола алатын емеспін, жүректің қыбырымен жанымды тербеп көрейін, көзімнен жас көріне қалса, кірпігіңізбен сүйкей салыңыз.

— Жыласа жан жыласын, көздің жыласын жылау демеңіз.

Назгүлдің бұл сөзіне жаны қанша сүйсінсе де, Мәди сыр сездірген жоқ, домбыраның пернесін басып, ішегін бір шертіп қалды да, өте баяу дауыспен ақырын сызылта жөнелді:

«Тәңірі қосқан жар едің сен»...

Назгүл бар күдігін бірден ұмытып, ішінен өзі де қосылып кетті.

Бұл өлеңнің әр сөзін бал татыған у жұтып, есеңгіреген Назгүлдің жүрегі солай деп зарлайды, бірақ дауысы шығар емес. Аласұрған жүрегін басқысы келіп кеудесіне қойылған қолы Мәдиге қарай созыла бере тоқтап, ұмсынған күйі тұрып қалды. Көзінде тек от бар, қимыл жоқ, қарлығаштың қанатындай көрінетін қасы керіліп, ұзын кірпіктері де қағылар емес, тек әлденені айтқысы келгендей қаймыжықтай жұқалаң еріні ғана дірілдейді.

— Тағы да, тағы да, тек жайырақ,— деді алқынып. Оның сыбырмен айтқан бұл сөзі Мәдидің өзін де балқытып жіберді. Ол іштегі шерін домбыраның ішегінен төккісі келгендей еңірете еңкілдетіп отыр.

Назгүл есіне әлдене түскендей кенет ойлана қалды, өңі де өзгеріп сала берді. Оның не ойлағанын, өзін енді ғана танығанын Мәди сезіп отыр, сезсе де сыр білдірер емес.

«Ғажап-ау, менің есім дұрыс па осы? Абайдың осы әнін маған мұнан сегіз жыл бұрын үйреткен Мәди осы емес пе? Сол, соның өзі».

Ол Мәдиді әкесі Түнекбайдың, байы Шомбалдың қас жауы екенін ұмытып еді, кенет ойлана қалды: «жоқ, оның бұл ауылға келуі мүмкін емес еді... мен үшін келді-ау, енді қайттім? Не істедім? Ұстап беруім керек пе?»

Назгүл осы сұраудың жауабын іздеумен қанша уақыттың өткенін білген жоқ. Қаймаққа пісірілген үйректермен бірге келіп Шомбал да Мәдимен біраз сөз ырғасын жасап кетті. Ол Мәдидің басқа елдің адамы екеніне де сеніп, атын қалай алудың жолын ғана ойлап, өзінше арбап кетті.

— Мынау Назгүл дейтін жас болса да менің басым. Басым орталарыңызда, мені жоқтай қоймассыздар. Мені жоқтайтын анау үйдегі ақылы аздардың ақшасы. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер, мен ет піскенше сол ақылы аздарды, ақшасы көптерді біраз сорлатып келейін. Ойнағыңыз келсе, яки олжалас болғыңыз келсе, менімен бірге жүріңіз.

Тот басқан жуан темірдей көрінетін оның неліктен бұлай жездей майысып, корғасындай балқи қалған себебін Мәди сезген жоқ. Өз ризалығын білдіруге асығып қолын кеудесіне қойып бас иді.

— Барлық құрметіңізге мың да бір рақмет, мен карта ойнай білмеуші едім. Олжалас болуды қан жаласқандай көруші едім, сол себепті мені қинамаңыз. Ақшасы көп, ақылы аздардың барлығын бірдей сорлатуыңызға тілектеспін, жолыңыз болсын.

— Әмин...

Соны айтып қонақтардың көзін ала бере тоқалына ызғарлана бір қарап алып Шомбал кетті.

«Бұл қалай?» деп Мәди қалды.

«Тоқалына» мұнша сенімді, бұл неткен мықты шал?»

Оны тоқыратқан ой осы.

Жаңағы бір сұрауының жауабын іздеп, не істерін біле алмай аласұрып Назгүл отыр.

Оның өңіндегі құбылыстан әлденені сезгендей Қанаш сөйлей түрекелді.

— Қаракесектің қарақшылары атымызды қағып кетсе, қара жерді сабалап қалармыз, мен аттардың қасында болайын,— деп ол кереге басында шапанымен бүркеулі тұрған мылтығын бүркей ұстаған күйі шығып кетті. Оның сол сөзі орайын келтірген соң:

— Қаракесектің Мәдиінен де енді қорқа алмаспыз,— деп Мәди көз қиығын Назгүлге тастап еді, ол жұмбақ жымиыспен қадала қарап аз отырды да:

— Менен де қорықпайсыз ба?—деді ақырын ғана күңк етіп.

— Сізден неге қорқамын?—деп Мәди күлім қағып еді, Назгүл қабақ шытты.

— Қорықпасаңыз, атыңызды неге жасырасыз?

Мәди не дерін білмей жалт қарап, екеуінің көзі тұңғыш рет осы арада арбасып қалды. Екеуінде де үн жоқ, тек Мәдидің қолындағы домбыраның қос ішегі бебеу қағып дір-дір етеді.

Аздан соң барып Мәди үн қатты:

— Менің әлі де өмір сүргім келеді.

— Өмір сүргіңіз келсе, ажал аузына неге келіп түстіңіз?

— Өлсем де сізді бір көріп өлгім келді.

Мәдидің бұл сөзі Назгүлдің көз жасын мөлт еткізді, бірақ ол көзінен көл төгілсе де іркетін емес, тек:

— Атыңызды атап, жау мұндалап, аттан салсам қайтесіз? — деген дауысында ғана діріл бар.

— Дауысыңызды да сағындым, қаттырақ салыңыз аттанды, қаттырақ. Жалғыз ғана тілегім, көз жасыңыз көрінбесін.

— Немене, әйелдердің көз жасынан қорқасыз ба?

— Өзімнің қан болып жатқанымды көрсем де, сіздің көз жасыңызды көргім келмейді.

— Мен сізді білетін едім ғой, осы сөзді несіне айттыңыз?

Назгүл соны айта отырып жылап жіберді де, өзін-өзі шалысымен тұншықтырып булығып қалды.

— Ағат айтсам кешіріңіз.

Назгүл қайтадан қатуланып алды.

— Ағат, бәрі де ағат. Мені сағынуыңыз да ағат, мен үшін мұнда келуіңіз де ағат, бүгін осы үйге түнемек болған ойыңыз да ағат.

— Неге?

— Жазым боласыз. Соны ескеріңіз. Сезік шақырмайтын бір сылтауын табыңыз да, тамақ ішісімен аттанып кетіңіз.

Мәди бәрін де ұқты. Осыдан кейінгі өткен бір сағаттың ішінде ол неше түрлі ойдың азабын да шекті, тәтті қиялдарға да батты, Шомбалға айтар сылтауын да сайлап үлгірді. Ет те желінді, қымыз да ішілді, қонақтар Жататын төсек те салына бастады. Сол кезде Қанаш кенеттен «ауырып» қалды, соны қаладағы дәрігерге тез жеткізуге асыққан Мәди қош айтыса бастады. Шомбалдың жік-жапар болған ағалық сөзі де, Назгүлдің «базыналық жасаған» назы да Мәдиді бөгей алған жоқ. «Ау, тым болмаса қонақ кәдесін жасап кетсеңдерші» деген Келдектің кесел пиғылы да бөгет бола алған жоқ. «Қонақ кәдесін ауылдан ұзамастан-ақ орындармыз» деді де, жүріп кетті. Оның құтылып бара жатқанына қуанып Назгүл қалды. Оның өзі құтылса да астындағы көк тұлпарын құтқармауды ойлап Шомбал тұр.

— Назгүлге тартар сыйымыз болсын,—,деп Мәди ауылдан ұзай бере «Сұрша қызды» бастай жөнелді.

Кең даланы кернеп, қара аспанды өрлеп бара жатқан «Сұрша қыз» әні Назгүлді талдырып түсті. Өйткені ол Мәдидің дауысын ести сала жүгіріп еді, көрші үйдегілердің де жүгіре шыққанын сезіп, есікке жете бере тоқтап қалды. Ән аспандаса жердегінің сиқырланып тапжылмастан қататын әдеті ғой, жеті ауылда қыбыр еткен бір жан болған жоқ, бәрі өре түрекеліп, сыртқа шықты да, алыстап бара жатқан әнге құлақ тігіп сілтідей сілейіп қалды. Жеті ауылдың жастары жеті жерде сауық салып жатыр еді, олардың да үні өшіпті, бәрі де сол әнді үйреніп қалуға асыққандай іштерінен қайталап тұр. Өзін-өзі үйге қамап аласұрған Назгүл кеудесінен безе қашқысы келгендей жұлқынған жүрегін қайда қамарын білмей үйдің ішін кезуде.

— Мәди... Мәди...—дейді күрсіне сыбырлап.— Ол әне, әнімен түнді тербетіп барады, мен қалай тебіренбейін. Не істесем екен? Аттан салсам ба екен? О, сұм дүние,— деді де, жаңағы Мәди жантайған қос жастықтың үстіне құлап түсті.

Таң... Сұлулықтан басқаның бәрін бүркеп, көз жанарына тек сұлулықты ғана сыйлайтын жаздың мөлдір таңы...

Тоқылдақ ұйқысына әлдеқашан кеткен-ді, бірақ ел әлі тәтті ұйқыда, жер енді-енді ғана оянып келеді.

Жас нәрестенің күлкісіндей жымия бастаған сұлулықты сүйкімсіз сүрең үн басты. Жер танабын қуыра, сілкіндіріп дүрсілдеткен ат дүбірі естіледі. Сол дүбір мынау әдемі таң әкеле жатқан жан рақатын таптап келеді.

Мәдилердің көзіне кеше кешке жақын, сонау шығыс жақтағы көк жиектен, бұлт секілді мұнарланып алыстан көрінген Маралды тауы сол жақ иықты алып, артта қалып барады. Жаңағы алыстан шыққан ат дүрсілі сол таудың шығыс жақ сілемінде келе жатқан Мәдилерді де дір еткізді.

Дүбір... бірдің емес, көптің дүбірі, көп тұяқтың дүрсілі.

Не дүбір екені белгісіз, әйтеуір сүреңі тым суық.

— Жазыққа, өзен бойына қарай тартыңдар! Бұл ауыл арасының шолақ ұрысы емес жар жағалап, тау көбелейтін, ел торып керуен тонайтын нағыз қанды балақтар болуы мүмкін. Қапы соқпаңдар, ажал төнбей қан төгуге бармаңдар. Айқасқа жақсы екен, сәл қиғаштау болса да бетіміз сонау аңғар болсын.

Сүрін үрген суық сарын жақындаған сайын тау жаңғырығы қоюланып, кейде ол дүбірдің қай жақтан шыққанын байқатпай да жібереді.

Серіктерін алға жіберіп, өзі атының басын тежеп келеді. Ол жазыққа түсе бере байқады, сүрен салушылар екі топ екен. Бір тобы бұлармен жарыса алға ұмтылып, сол жақ бүйірде кетіп барады. Енді бір бөлегі өкшелеп келеді. Олардың үш-үштен бөлінген қарасы да көріне бастады.

Алдағы аңғардың бір ғана асуы бар, сол асуды Мәдилерден бұрын алғысы келетін болуы керек, бүйірдегі үшеу алға ұмтылып барады.

— Мыналардың ойы біздің жолымызды кесу екен, аттың басын жіберіңдер.

Мәди соны айта сала Көкдауылына қамшы басып еді, жаңа ғана қиыс алда кетіп бара жатқан жаулары артта қалып қойды, бірақ өкшелеп келе жатқан үшеудің екпіні тау жыққандай тым қатты, Көкдауыл болмаса мына екеуіне жетпей қоймайтын. Әсіресе, кере қарыс үш елі қара киізді, тесіп көзіне байлап алған күрең төбел атты біреуі оқшау келеді. Ол бірдеңе деп айғайлайды. Мәди соны естуге ынтық болып атын екі жаққа кезек жүйткітіп, құлақ тосып еді, жақындаған соң ғана естіді, оның айтып келе жатқаны Мәдидің өз аты екен.

— Ей, мен Мәдимін... түс аттан... түс... Мен Мәдимін, мен Мәди... түс... түс...

Оған жедел келе жатқан қылаң аттының да дауысы шықты. Ол да;.

— Құтылмайсың, құтқармаймын, мен Мәдимін... Мәди... Сен түсесің, мен түсіремін аттан, түс... түс жаның барында, мен Мәдимін. Мәди... Мәди...

Қылаң атты адам соны айтып қамшыны баса түсті, күрең аттымен үзеңгі қағысып қатар келеді.

— Әй, жиенім-ай, әкеңе тартқан батырсың-ау, ұмтылшы, бар да көк тұлпардың құйрығына бір жармасшы,— деп күрең төбелдегі қартаңдауы күле сөйлеп, майда тілімен сипай қамшылап келеді, бірақ жиені шақар екен!

— Өзің неге ұмтылмайсың?— деп шақ етті.

— Мен сендей батыр емеспін, қорқақпын.

— Қорқақ болсаң атыңды ана Жақияға бер.

— Мә!— деп күрең атты қолын бір шығарды да жөнеле берді.— Ей, менен қалмаңдар,— деді түйдегімен жеткен тобына айғайлап,— бас қамшыны.

Оның келе соқтығатынын, соқтыға қалса қан төгілетінін Мәди сезіп келеді.

«Не істеу керек?»

Ол атының жалына жата қалып қуғыншыларына көз жіберіп еді, өз тобынан оқ бойы алда келе жатқан күрең төбелдің аяқ тастасына қызығып барып, есіне әлдене түсті де, кеудесін кек керней жөнелді. Өйткені ол өзін қуып келе жатқан жауының астындағы күрең ат, кешегі Шомбал аулының сыртында шідерлеулі күрең екенін, оның үстіндегі киізден көзілдірік киген қара сақалды кешегі карташы шапраш екенін тани кетті.

— Е, бұлар менің кім екенімді, кімге соқтығарын біліп, аяспасқа бекініп келгендер екен. Қайтеміз, жалынғанмен жан қалмайды, аяспаса аяспаспын.

Мәди соны айта сала, атының басын жіберіп, серіктеріне жетіп келді.

— Иман! Бір көруді аңсап жүрген соғысыңды көретін болдың, көріп қал. Көзін ілесе алмай қалмасын, ол үшін атыңның басын жіберіп ұзап ал да, алыстан қара менің қимылыма. Қанаш, сен сайысқа әзірлен!

— Мен әрқашан да әзірмін ғой.

Мәди атының басын тежеп жауының жақындауын күтті, Иман сайысты алыстан көру үшін атының басын алға жіберді, Қанаш атой салып екі ортада жүйткіп келеді.

Күрең аттың иесі атына қамшыны баса түсіп:

— Ей, жанын барында аттан түс, мен Мәдимін... мен Мәди,— деп айғайлап келеді.— Мен Мәди. Мәди...

Ұзап алып қайта бұрылған Иманның естігені сол айғай, көргені жерге қарай шүйіліп бара жатқан Мәди. Көз тоқтатып, кірпік қаққанша болған жоқ, Мәди ат үстінен жерге атылған кеудесін көтере бере оң жақ қолын сермеп кеп қалып еді, қос ауыздың оғы жететіндей жерде келе жатқан күрең аттың басы бір кекжең етті де, иесі теңселіп барып құлап түсті. Оған жедел келе жатқан қылаң атты оның неден құлағанын білген жоқ, нағашысын сақалынан бір сыбап өте бере, өзі де құлап түсті.

Мәди оның Келдек екенін сақал сыбасынан тани кетті де:

— Иә, сәт, сол болғай,— деді.

Кере қарыс киіз көзілдірікті ол да киіпті, қара киіз оның көзін бүркегенмен қара жүзін бүркей алатын емес, Келдектің суыр бетіне ұқсас беті анадайдан көзге түседі. Соңдарынан келе жатқан серіктерінің бірі көзді кімнен не үшін жасыратынын сұрағанда, екеуі бірдей шімірікпестен «көзсіз батырлықтың белгісі» деген-ді. Сол «көзсіз батырдың» екеуі бірдей сұлап жатыр. Екеуі де қара сандарын сипалап безек қағып ойбайлайды, ойбайлап жатып бірін-бірі сыбайды. Қара саннан қатты тиген соққы қанды тез ұйытып аттан жұлып түсіретінін екеуі де білетін болу керек, аяқтарына қонышы шапты тірейтін саптама киіпті, бірақ Мәдидің алыстан жіберген тасына төтеп бере алмағандарына ызалы екеуі біріне-бірі сау аяқтарын сермесіп, «осының бәрі әкең мен сенің қырсығың», «жоқ сенің қырсығың, аузыңа келгенді оттап, бәрін бүлдірген сен соқыр», «ой, азбан, әкеңнің аузын...», «ой, көзіңді, көзіңе қосып, сақалыңды, сақалыңа қосып көзіңді...»

Кейінгілері келіп араға түскен сайын екеуі сыбасты үдете түсті. Әсіресе қыликөз тоқтайтын емес.

Мәди серіктеріне қолын бір бұлғады да, атының басын кері бұрып алды, оны көре сала Иман шыр етті.

— Ағатай-ау, қайда барасыз, қайда?—деп ол айғай сала ағызып келеді.

Мәдидің бұл қылығына Қанаш та аң-таң.

«Біреуді олжалау әдетінде жоқ еді ғой, бұған не болды? Әлде жаңағы жамандатқыр күрең атқа, мұны қызықтырып адал жолдан тайдырған?»

Мәдидің бар айтқаны:

— Мен бұларға атымды былғатып кете алмаймын, екеуің менен арқан бойы артта отырыңдар, аттың айылын тартыңдар,— деп түсе қалып айылын мықтап алды да, атына қайта мініп жауларына қарай шаба жөнелді.

— Ойбай, ойбай,— деді екі мырзаның арасында шыжық болып жүрген жігіттердің бірі,— ананы қараңдар, қайта келе жатыр.

— Келсе, келсін, жаңа аттың үстінде жалтара алмай қапы кеткен едім, енді келсін, жанын жаһаннамға жіберейін,—деп Келдек ақсаңдай басып түрекеліп еді, оның сөзі ешкімге дем бере алған жоқ, бәрі де үрейленіп, сойылдарына жармасты, қайсы бірі атына ұмтылды, бірақ Мәди бірін де үлгіртпестен келіп айғай салды:

— Ей, қанды қол мырзалар, жан керек болса аттарыңды түйіндер де сойылдарыңды тастап былай шығыңдар. Сендермен сөйлесетін сөзім, тартқызатын жазам бар, алдымен маған Мәдиді көрсетіңдер.

— Менмін Мәди, мен!— деп Келдек екілене айғай салды. Ол ақсаңдай басып, сойылын сүйреткен күйі алға шықты.

— Мұнда Мәди екеу еді ғой, сен қайсысың?

— Мен нағыз Мәди, мен,— деп Келдек екілене айғайлап Мәдиге қарай жүре бастады. Ойы қолындағы ақ табан қара сойылды қайқайып тұрып бір сілтемек.

— Анық Мәди сен болсаң үкімің әлдеқашан айтылған, енді иманыңды айта бер,— деп Мәди алты атарын суырып алып еді, жаңа ғана батырсып тұрған Келдектің екі тізесі бірдей селкілдеп, арқасын аяз қысқандай тісі-тісіне тиместен сақылдап кетті. Не ілгері, не кейін кетуге хал жоқ, қолындағы сойылы кескіленген кесірткенің құйрығындай оршиды.

— Мен... мен... Мә-ди емеспін, ағатай.

— Өтірік айтасың, нақұрыс,— деп Мәди алты атарын кезей түсіп еді, Келдек ыршып барып шалқасынан түсті.

— Ол-ла-һи, ме-н... Мәди емеспін.

— Жаңа не дедің?

— Бір мен емес, осы тұрғандардың бәрі де өзін Мәдимін дейді.

— Неге олай?

— Оның аты айдынды, ең ақыры менің мынау шапыраш көз нағашым да Мәдидей болғысы келеді.

— Мен кеше Шомбал батырдың ауылынан Келдек дейтін бір арсызды көрген едім, сен соған ұқсап барасың. Соған ұқсас болғандықтан да ол тартатын жазаны да сен тартасың. Алдымен бізді тонау үшін бастап келген батырды айт. Неге үндемейсің? Әлде сен өзің бе едің бас қарақшы?!

— Жо-жоқ, мен емес, осының бәрі...

— Бәрі бірдей басшы болса, бәрі неге сендей жақсы киінбейді? Сен мінген жүйрікті олар неге мінбейді?

— Бастап келген сол, мына нағашысымен екеуі.

— Солар, қара киізден көзілдірік киген осы мырзалар бізді бастаушылар,—деп оқшаулау тұрғандардың біреуі ызалана айғай салды.

— Бұларға ерген ақымақтар кім десеңіз, олар осы тұрған төртеуіміз,—деген екінші біреудің ызалы дауысы шықты.

— Онда, екінші Мәди, бері жақында, сайысқың келмесе сойылыңды сол жерге таста.

Күрең аттың иесі сойылып тез-ақ тастады, бірақ жақындауға батылы жетпей шыбжыңдап тұрып қалды.

— Сен қашаннан бері Мәдисің?

— Оллаһи мен емеспін, Мәди, ол менің мына жиенім.

— О, сақалыңды...

— Менің күрең төбеліме мініп келген қайсың?

— Ол мен, иә мен едім, тақсыр, кешіре гөр, тақсыр.

— Сен болсаң менің құрбандыққа бірінші шаларым да сенсің. Осы екеуіңе еріп жас өмірін өлімге байлап келген мына ақымақтардың жазасы кейін беріледі, әзірше мына бұйрықты орындаңдар. Әрқайсың өз сойылдарыңды ортасынан сындырыңдар да, әрқайсың өз аттарыңның құйрығына мықтап байлаңдар. Қанаш батыр, суыр «қырып салыңды». Иман мырза, сілте «сайтан соққан сарыалаңды». Жауды аясаңдар жаралы қаласыңдар, қылп еткені болса аямаңдар, басып салыңдар.

Қанаш елсізде тақымына қысып, ел ішінде етігінің қара санынан келетін қонышына тығып жасырын ұстап жүрген бесатарын суырып алып еді, сынған сойылдың үні сатырлап кетті.

— Мыналардың сойылдарымен қоса сағы да сындырылған екен-ау. Қане, мырзалар, сынықтарыңды түгелінен ат құйрығына байлаңдар! — деді Иман жез ораған тобылғы сапты сарыала қамшысын жыланша ысқырта жақындап. Келдек сылтау іздеп, сойылын сындыра алмай тұр екен, Иманның соған көмектескісі келді, мұндайлар жаны қиналса ғана күшейетінін ол жақсы білетін еді. Белбеудің төменгі тусын ала тартып жіберіп еді, ол белі үзілген жыландай қайқаңдап барып құлап түсті де, жандәрмен қайта түрекелді. «Ойбай-ай» деді ышқынып, басқа сөз айта алған жоқ, қатқан қара сойылды қақ бөлді.

— Қой, енді ұрмаймын, енді ұрсам, мынау Шомбалдан да мықты батыр болып кетер де, талай әйелдердің обалына қалар.

Мәди, сойылын басқалардан бұрын сындырса да, қай аттың құйрығына байларын білмей тұрған қыликөзге жақындады.

— Сен неге байламай тұрсың?

— «Күңгір-күңгір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда» дейтін күн маған да туып тұр-ау, мырза,— деді ол жыламсырап.

— Садаға кет, садаға,— деді Мәди долдана айғайлап. Намыс оты қанша тұтанса да, дәл мынау үшін ашуын қорлағысы келмегендей өзін-өзі тежеп алды да:

— Күрең төбелді күзге дейін өзіңе қалдырамын. Ол осы сағаттан бастап менің атым, боз қырау түсе келіп аламын. Оған дейін жүген-құрық тигізбейсің. Егер оған бір күн мінер болсаң, мен өзіне бір ай бойы мінемін, жоғалтар болсаң, мынау бүркеніп тұрған көзіңді жоғалтамын, жасырар болсаң, жаныңды жаһаннамның түбіне жіберемін, қасқырға жегізер болсаң өзіңді тірідей құмырсқаға талатамын. Бар, тез байла сойылыңды.

Алты сойылдың алтауы да ортасынан қақ бөлініп, алты аттың құйрығына байланып та болды. Мәдидің:

— Енді аттарыңның ер тоқымын алып, жүгенін сыпырыңдар,— деген әмірлі дауысы шықты.

Бұл қорлықты бірде-бірі күтпеген болу керек, бәрі бірдей шу ете қалды.

— Бауырым-ау...

— Ағатай-ау...

— Ағатай-ау...

— Көкетай-ау... сонда біз мынау жапан түзде жаяу қаламыз ба?

«Жапан түзде жаяу қаламыз ба?» деген сөз Мәдиді шыдамынан шығарып жіберді. Оның бар қаһарымен қатты сілтеген қамшысы «жапан түзде жаяу» қалғысы келмеген қыликөз батырды қаңғалақ ойнатып жіберді. Ол қамшы тіліп түскен жанын қайда қоярын білмей баж-баж етіп, әркімнің етегіне бір жармасты.

— Ойбай-ау, ағатайлар-ай, арқам-ай, ойбай-ай, жаным-ай, арқам-ай, ағатайлар-ай, не істейін-ай.

— Оны ертерек ойлауың керек еді, жаның тәтті екенін сонда білетін едің де, бізді жаяу қалдырмақ болған жапан түзіңде еөзің қалатыныңды білетін едің. Бізге арнап қазған сол орға өздерің түсіңдер де, жатыңдар енді жер жастанып. Қанаш, бұлардың жазасын өзім беремін, сен мына жануарлардың жолына бір оғыңды садақа етсең қайтеді?

— Мен әрқашан да әзірмін, бірақ жол өзіңіздікі ғой.

— Бұл сапарға жол жастың үлкені емес, мылтықтың үлкеніне берілсін.

Мәди соны айта тұрып жағалай көз тастап еді, Келдек пен қылидың көзі кебіндерінен көрінбеді де, басқаларының көзі төмен түсіп кетті.

Аттардың ер тоқымы алынды, жүгендері сыпырылды, оған ілесе Қанаштың қолындағы мылтық жан-жақтағы тау-тасты жаңғырықтыра гүрс етті.

Әрқайсысы өз тірсегіне тиген сойылды сартылдата тепкілеп, бүкіл даланы дүбірлеткен күйі бет-бетімен безе-безе аттар жөнелді.

— Қанаш, мылтығыңды оққа толтыр, мырзалар, ер-тоқымдарыңды арқалаңдар да өзеннің сонау бір тасқыны қатты жеріне қарай тартыңдар.

Алғашқыдай емес, бәрі де елбең қағып ер-тоқымдарын өзенге қарай ала жөнелді. Олар тіпті ойланудан да қалған секілді, әлденеден құр қалатындай бәрі де жүгіре басып барады. Не үшін екенін білген ешқайсысы жоқ. Өзенге жете бере тоқтады да мылтықтарын кезей ұстап келе жатқан Мәди мен Қанашқа қарады. Бәрінде де зәре жоқ, қалш-қалш етеді. Тіпті қайсы бірі осы көргендері өңі екенін, түсі екенін айыра алмай өзіне-өзі ойлана қарайды.

— Шылбырына орап жүгенді, ерінен айырып тоқымды, тоқымнан айырып ерді суға лақтырыңдар. Қаттырақ... қаттырақ... Міне, енді бәрің де ақылды бола бастадыңдар, әрқашан да осындай тіл алғыш болыңдар. Қане енді, анадан қалай тусаңдар, дәл солай жалаңаштаныңдар... Ешқандай қыңқыл болмасын, аттарыңның бір тал қылына тимегеніміз секілді бір сабақ жіптеріңе тимейміз. Мына бір мырзаның күміс сағаты жылтырайды, оны да лақтырыңдар, лақтырылмаған бірде-бір лыпа қалмасын. Өзеннің тасқыны қаттырақ жеріне лақтырылсын, бірде-бір бұйым жағаға жақын түспесін. Үн шығармаңдар, сендермен енді мылтық қана сөйлеседі. Ол мылтықтың, Қаракесек, сендерде кегі бар, Мәди дейтін қарақшылардың қалыңдығын ұрлап әкетіп, намысы тапталған ердің кегі бар. Сол тапталған намыс үшін сендер құрбандыққа шалынасыңдар.

Киіз көзді мырзалар, алдымен шалынатын сендер. Сендер ажалдың қаншалықты жақындағанын көрмей тұрсыңдар, көз кебіндеріңді тезірек сыпырыңдар. Тез... тез...

Екі мырза тағы да шайқаса кетті.

— Ей жаның бар ма, шешсеңші жылдам.

— Сен неге шешпейсің?

— Сенің жасың үлкен, сен баста.

— Қара мұның үлкенді сыйлағышын. Менің жасым үлкен болса, сен...

— Жап аузыңды,— деп Келдек қылидың көзілдірігіне шап етіп еді, ол Келдектің көзіне шап берді.

— Келдек мырза!—деді Мәди енді ғана таныған болып, тандана қарап,— осы тұрған анық сіз бе, Келдек мырза? Жөніңізді енді айтпай-ақ қойыңыз, өзім де таныдым, мынау кешегі сіз сақалынан сүйрелеген нағашыңыз, мұны да таныдым. Ойпырай, құдайдың сақтағанын-ай. Кім екендеріңізді білместен екеуіңді бірдей ол дүниеге жібере жаздадым-ау, онда ғой Шомбал батырдың бетін өмір бойы көре алмастан кеткенім. Апыр-ау, сіздерді мұнда айдап келген қандай ажал, бастап келген қандай сайтан? Айдап келген ажалға шамам келмес, бастап келген сайтанды көзіме бір көрсетіңіздерші, мынау талай сайтанды соққан сары аланың астына бір алайын.

— Сақалы кешегі бір сайтанның сақалына ұқсайды екен, осынау біреуі болар бастап келген,— деп Иман қыликөзге жақындап еді, ол ыршып түсті.

— Бауырларым-ау, кім күшті болса бастаушы да, айдаушы да сол ғой, кімнің күшті екенін жаңа өздеріңе сойыл ала ұмтылған түрінен көрдіңдер ғой.

— Келдек мырза, нағашы жиеніне жала жаппайды, қарсы даумен қарыс жерге бара алмайсыз, онан да иманыңызды тезірек айтыңыз да, баратын дүниеңізге тезірек жөнеліңіз,— деп еді, ол:

— Ағатай-ау,— деп бар дауысымен шар етті.

— Сіздің мені ағатай деуіңіздің өзі қорлау,— деді Мәди оның сөзін бөліп,— мен сізден екі жас кішімін.

«Неше жас үлкен екенімді қайдан білдің?» деген оймен Келдек аңырып қалды. Назгүл өзімен құрдас болса, Мәдидің одан екі жас кіші екенін, Мәдидің басына осынау арылмас тұманның орнауына ең алғаш себеп болған сол екі жастың кішілігі екенін, оны Түнекбай, Текеш, Қақабайлардьщ тіліне тиек еткенін Келдек білмейтін.

— Басқа былшылды қойыңыз да, айтарыңызды қысқа айтыңыз,— деп Мәди сөзін қайта жалғады.

Тоқал сорлылардың етегі өрбіген өсектің ұясы ғой, Назгүлдің соңынан осы қыликөз де өсек өргізіпті. Ақшасын ұтқыза-ұтқыза ызаланған ол «менің ақшамды ұтқанына жездем мәз, жездемнің тоқалынан көретін қызығын ұтып мен мәзбін» деп мақтаныпты. Сол өсек Шомбалдың да, Келдектің де құлағына жеткен-ді, Келдектің оны кеше сақалынан сүйрелеп, Шомбалдың оған мырс-мырс күлу себебі сол. Назгүлдің қасиетін, қылидің қабілетін Шомбал жақсы білетін, сондықтан да ол мырс-мырс күліп қылиды жегідей жейтін. Келдек әкесінің көңіл күйін сол күлкісінен танитын да, нағашысының сақалына тиген қолының саусағы әкесінің көңіл пернесін басқандай сезінетін, оны кешегі сотқарлыққа айдаған да сол сезім.

Келдек оны сол сүйрелеген күйі оңаша үйге апарып, алып ұрып кеудесіне мінген-ді.

Мініп отырып қанын шығармастан жанын сығып бар шындығын айтқызған.

— Әкең ұтқан ақшаларым ішімді өртеп, ұйқыдан да, күлкіден де айрылдым, соның ызасы маған мұндай өтірікті айтқызған. Етімнен ет кесіп алсаң да, маған енді өтірік айтқыза алмассың.

Оның бар шыны осы екеніне Келдек сенді, бірақ, ертеңгі күннің керегі үшін сенбеген болып алқымын сығымдай түсті.

— Сақалына қосып көзіңді, көзіне қосып сақалыңды сыбаймын. Жаның барында айт, құрдас әжеммен қайда, қашан, қай жерде кездестің, соны айт, басқа сөздің маған керегі жоқ.

— Өлдім, ойбай, босат кеудемді, өлтірсең де басқа айтарым жоқ.

— Егер шыныңды айтпасаң, әкем бәйгі күреңіне, мен анау күрең тоқалына мінемін.

— Міне бер, тек... тек...

Осы кезде Шомбал кіріп келіп мырс-мырс күліп:

— Тоқалының орнына мына бір көк тұлпарға мінсең қайтеді?— деген-ді.

— Көк тұлпар! Қайдағы тұлпар?—деп Келдек нағашысының үстінен атып тұрған-ды.

— Қонақ үйдің сыртындағы керме ағашта байлаулы тұр. Нағашың соны шу шығармай бас салып қолына түсіріп берсе, сен оның тоқалына да мінбе, күреңіне де тиме,— деген-ді.

Шомбалдың қаракөкке тіккен қатері осылай дамып, бұл лаңның сүргіні осылай басталған-ды. Жаны қысылған қыликөз быжылдап тұрып баж-баж етіп осының бәрін айтып салды.

— Келдек мырза, бұған сіз не дейсіз?

— Әкемнің солай дегені рас, сол кезде сен не дедің, нағашы? Өзіңнің не дегеніңді неге жасырасың? Менің астымнан атып тұрып барып әкемнің аяғын құшақтай алғаның қайда? Екеуің алақандарыңды шарт-шұрт соғыстырып анттасқандарын қайда? Сонда өзіңнің не дегенің есіңде ме? «Көк тұлпардың иесі қарсыласар болса, қанын өз қолыммен төгемін, оның куәсі мына балаңыз болсын, бірге жүріп көзімен көрсін» дегенің қайда?

— Ал, бұған сіз не дейсіз, нағашысымағы?

— Құдайдан жасырмағанда, сізден несін жасырайын, мырза,— деді қыликөз маймаң қағып,— бұлар адам емес, адамды жейтін жыртқыш. Жыртқыштардың тырнағынан құтылу үшін солай дегенім рас, бірақ бұл бөлтірік сіздің қаныңызды ішіп, көк тұлпарыңызды мініп қайту үшін келгенін жасырып тұр.

— Обалы қаніки, жиеніңіздің дәмесі жаман емес.

— Өтірік, өтірік,— деді Келдек жындана айғайлап.

— Мүмкін сіз өзіңіздің екі аяқты малғұн екеніңізді де өтірік дерсіз?

Мәдидің осы сөзі зілдірек шығып еді, Келдек жым болды...

— Әкең Шомбал батырға айтар бір ғана сәлемім, өзіне тартқызар төрт түрлі жазам бар,— деп Келдектің арқасын қамшының ұшымен шып еткізіп еді, манағы қамшының жуан таңбасының жанынан екінші бір жіңішке таңба түсе қалды.— Шомбал батырға айтар сәлемімді бірің емес, бәрің де айтыңдар, айтпағандарын ендігі кездескенде менен жақсылық күтпеңдер. Жеткізесіңдер ме менің сәлемімді?

Келдектен басқасы шу ете қалды:

— Жеткіземіз, жеткіземіз.

— Оған айтар сәлемім: мына баласы өз баласы емес. Шын батыр болса мына малғұнды балам демесін. Ат жанды көрінеді, бір асау аттың құйрығына байласын да жіберсін. Егер бұл айтқанымды істемесе, менен жақсылық күтпесін. Солай деп айтасыңдар ма?

Келдектен басқалары тағы да шу ете қалды.

— Айтамыз... Айтамыз...

— Ант етіңдер.

— Ант етеміз.

— Сіздің ант еткіңіз келмейді, ә? — деп тағы бір тартып жіберіп еді, қамшы тым қаттырақ тиді ме қалай, Келдек жанын қоярға жер таппай жерге ұшып түсті.

— Айтайын, ағатай, айтайын, тек өлтіре көрмеңізші, енді ұра көрмеңізші.

— Сіз жасы үлкен ағаны, жолы үлкен әйелді сыйлай білмейтін сотқарлығыңыздың жазасын әлі тартқан жоқсыз. Оны тартпай кетпейсіз, алдымен менің соңғы сұрауыма жауап беріңіз. Осы тұрған алтауыңыздың қайсыңыздың менен қиянат көргені бар?

— Жоқ,— деп Келдек бастап еді, бәрі соны айтып шу етті.

— Жоқ болса, әкелеріңнің құны кеткендей сонша жерден не үшін қуып келдіңдер?

— Бәрі мына нағашым мен әкемнің қырсығы, егер бұл екеуі сіздің мынау көк тұлпарыңызға қызықпаса, мұндай лаң болмайтын еді.

Мәдидің долы даусы ызалы шықты.

— Көк тұлпардың үстінде жарбиып жапалақ кетіп барады, мен бейбақ ол қорлыққа көніп қала беремін, сіздер мәз болып кете бересіздер, ә? Мені ондай қорлыққа көндіретін сіздер, ә?—деп Келдекті шартылдата жөнелді.— Сіздер мәз болып кете бересіздер, мен жапан түзде кебінсіз, көрсіз қала беремін, ә?

Қамшының өткір өрімі зуыл қағып, жыланша ысқырып келіп Келдектің жалаңаш арқасына шарт еткен сайын қылидың көзі бір ақшаң етіп, ұясынан шығып кете жаздайды. Жіп-жіңішке көкшіл таңбалар Келдектің арқасына тізбектеліп жатыр, өмірінде жұмсақ алақаннан басқаны бір сезбестен бұла болып өскен оның балғын денесі шыпылдаған сайын шыбыны шырт-шырт етеді. Жағын ашса жаны шығып кететіндей үн қатар емес, тек тістері ғана шықырлайды. Оның жаны жерге кірген сайын қасындағылардың, әсіресе, қыликөздің денесі дір-дір етеді.

Мәди кісі өлтіруден қорқатын еді, сондықтан ол біреуге өшіге қалса, өлтірермін деп қорқып, өзін-өзі тежеуге тырысатын.

Ашуы бой бермей бара жатқанын сезді де кенет тоқтай қалды.

— Қош болыңдар, ақымақтар, мұнан былай ақылды болыңдар. Сонша жерден қуып келіп өз абыройларыңды өздерің аштыңдар. Әсіресе, сендер ақымақ болмаңдар, жігіттер. Сендердің абыройларыңды бұлай төкпей-ақ кетер едім, мына жалаңаш мырзалар сендерге киім қоймайды, менен ала алмаған өшін сендерден алады, сондықтан өздеріңді аямайтын осындайлардың айтағына ергендерің үшін, сендер де жалаңаш қалып, сендер де елдің мазағы боласыңдар.

Ендігәрі мырзалардың айтағына еретін иті болмағайсыңдар,— деді де атының басын бұрып алып өз жөніне қарай тартып кетті.

Келдектің қарысқан жағы енді ғана жазылып, жыламсыраған үні енді ғана шыға бастады. Ол өзіне жаны ашып «бауырым-ай» деп жақындап келген нағашысын қамшымен тартып жіберді. Бір ғана тартып тоқтаған жоқ, сақалына қоса көзін, көзіне қоса сақалын сыбай жүріп шартылдата жөнелді.

«Ой, азбан, әкеңнің аузын...» деп нағашысы да айқаса кетті.

Екеуі жындана айғайлап, бабаларының әруағын шақырысып еді, әрқайсысы өз аталастарын жақтап, жалаңаштар соғысына серіктері де араласып кетті. Бірдеңе айтып бәрі де баж-баж етеді, жалаңаш етке тиген қамшының шыртылы олардың сөзін естіртер емес. Біреулері бетпе-бет шайқаста, енді біреулері қаша ұрыс салып барады.

— Ана қызықты қараңыздар, жанағы өзеннің жағасындағы жалаңаштардың соғысы болып жатыр,—деді Иман бір белден аса бере артына қарап.

— Ол қызық емес, қырғын ғой, барлық жыртқыштардың әдеті ғой бірін-бірі жейтін, -деді Мәди ауыр күрсініп.

Ол артында болып жатқан қырғынға да, қызыққа да қараған жоқ, «Қайдасың, қайран елім» әніне басып кете берді.

Кеше кешке көк жиектен төбесі ғана қылтиып көрінген Ақсұңқар тауы бүгін артта қалып барады. Алда Қарқаралы, көлденеңінен көлбей жатқан қатпар таулар оны көзден әлі далдалап тұр. Туған жеріне де, өштесе қуған кекті жауларына да жақындаған сайын кең кеудесі тарылғандай ауық-ауық күрсініп Мәди келеді.

Ол кеше Шомбалдың ауылынан шыққалы ел көрмей, тек кездескен бір көштен қымыз ішіп, күнімен жүріп келіп, осы елсіз таудың ішіне түнеген еді. Мұндайда үшеуі кезек ұйықтап, аттарды кезек күзететін-ді. Жастығынан ба қалай, басқаларымен бірдей ұйықтаса да Иманның ұйқысы қанбапты. Аузын ашып қайта-қайта есінеп келеді.

— Мынаған не істесем екен, ә?— деді ол ұйқы тығылып жасаураған көзін уқалап.— Ау, бірнеше көйлекті менен бұрын тоздырған ағайлар-ау, айтсаңыздаршы, мына бәледен қалай құтыламын?

Мәди енді зерігіп келеді екен:

— Ғашықтарыңды аймаласаң басқаның бәрін де ұмытып, бәле біткеннің бәрінен де құтыласың,— деп сөз шақпағын шағып жіберді.

Иманның ойына әзінің ғашығынан бұрын Мәдидің бір сыры түсе кетті.

— Егер менің ғашығым сіздің Назгүліңіздей болса, өмірім шала ұйқы секілді бірдеңе болар,— деді.

— Неге?

— Қанша мақтасаңыз да Назгүліңіз ақылсыз екен, сол ақылсыздық оны бақытсыз етіпті.

— Оны қайдан білдің?

— Оның өзінің өмірі айтып берді.

Оның сөз жарысына түсуге құмар екенін Қанаш та сезетін, осы сапар анық байқап қалды да:

— Тіліңді безей түс, Иманым,— деді күлім қағып.

Иман оған жауап қатқанша, Мәди өзінің айтарын айтып салды:

— Аспандағы мына бір еттің сасығын-ай депті ғой, асулы етке аузы жетпеген бір жануар.

— Әрине, сіз солай дейсіз.

— Мен неге әрине олай деймін?

— Сіз ұйқыңыз келсе қара тасты да мамықтай көресіз.

— Мүмкін, мен сүйгім келген кезде сары қарындарды да қыздай көретін шығармын?

— Әрине. «Шын ғашық сұлулықты талғамайды» деген өлеңді шығарған мен емес, сіз едіңіз ғой.

— А, онда мынау өлеңді де жаттап ал.

Мәди жаңа бір әнді сызылта жөнелді.

Жүйрік ат, сұлу қатын — ер қайрағы,

Жігіттің болып өстім кертайлағы.

Қара шай, ащы насыбай — сол төртеуі

Болмаса бар өмірің бай-бай-дағы.

Мәди өлеңнің өзін айтып болып, қайырмасын шырқап әкетіп қайта оралғанша, Иман өлеңді түгеліне қайталап та үлгірді.

— Жапеке, өлеңіңіз жақсы екен, әттең екі сөзін түсіне алмадым.

«Екі сөзі мағынасыз екен» дегісі келіп еді, иба сақтап оны айта алған жоқ.

Мәди жалт қарады.

— Қай сөздерге?

— «Жігіттің болып өстім кертайлағы» дейсіз. Сіздей кісіге тайлақ түгілі бура болу да мақтан ба?

— О, балалығыңа болайын, екіншісін айта бер.

— Біріншім «балалық» болса, екіншім «шалалық» болуы да мүмкін, сонда да айтайын. «Бай-бай-дағы» деген сөзіңіз ұйқас үшін ғана айтылған қай-қайдағы бір қаңғыбас сөз бе деймін.

— О, ең қадірлі сөзді қаңғыбас көрсең, шынында сен әлі шала екенсің.

— Ең қадірлі сөз?

— Өзіңнің әкең де талай «бай-байлаған» болар. Ауыр өкініштің ондай ащы зарын әкеңнен өзің де талай естіген боларсың.

Иман ойлана аңырып, Мәдиге қарай қалды:

— Жапеке, жоқ, кешіріңіз, мұндай сөзді айтқан адамды мен Жапеке дей алмаймын, дұшпандарыңыз қазір естісе де, Мәди аға деп айқай саламын. Мәди аға, мына бір сөзіңіз неткен мағыналы еді.

— Сен қорсынған «кертайлақ» та осал сөз емес. Өйткені, ол сен ойлағандай түйенің тайлағы емес, атақты Ағыбай батырдың әйгілі тұлпарының аты. Ауыр өкініштің кейіспен айтылған ондай ащы зарын өзің де талай естіген боларсың.

— Солай ма? Онда кешіріңіз. Айтпақшы, сол Ағыбай батырдың денесі шағын болғаны рас па екен?

— Оны білмедім, бар білетінім, батырлық та ақыл секілді бойдың үлкен-кішілігіне қарамайды.

— Немене, сенің де батыр болғың келе ме?—деп Қанаш сөзбен қағытып еді.

— Қолынан келсе кімнің батыр болғысы келмейді дейсіз, әсіресе, ән салып, қыздардың қасына жантаюдан басқаны аз білетін сіз сияқтылардың қолынан келмейді,— деп Иман да қағыса кетті.

— Өзің ше?

— Ағыбай батыр сол кездегі батырлардың ішіндегі ең ақ ниеттісі екен. Сол ниетіне қарай, «ақжолтай» аталыпты. Мен батыр болмай-ақ, «ақжолтай» болсам да ризамын.

— Иманым,— деді Мәди,— тіл аузым тасқа болсын, сен де ақжолтайсың.

— Рас па, Мәди аға, рас деңізші.

— Мен жалған айта білмеймін.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Сен ергелі біз ешбір қырсыққа кездескеніміз жоқ. Кедескендері болса, енді қайтып кездеспестей етіп жалаңаштап кеттік. Оның үстіне сен ергелі өрісіміз кеңейіп, тілеуқорымыз молайып келеді.

— Ау, күпірлік болмасын, тәубә деңіздер, тәубә!— деп Қанаш та қауіп күтсе де, мақтанын жасыра алмай шірене түсті.

— Айтпақшы, сізден сұрайтын бір сөзім мұрнағы күннен бері сақтаулы жүр екен-ау,— деді Иман есіне әлдене кенет түскендей.

— Мұрнағы күнгі сөз болса ескірген болар, мен тозған сөзді тыңдай білмеймін.

— Жоқ, ол өмірде тозатын сөз емес.

— Онда айта ғой.

— Көкшенің елінен үйренген «Сұрша қыз» әні бір сөзімен қоштасты, менің сізден білмегім осы еді.

— Қоштасқаны қалай?

— Соның бір сөзін сіз менсінбей әбден төркіндетіп жібердіңіз.

— Қай сөзін?

— Біз үйренген кезде «Көз салған көрінгенге көңіл арсыз» еді, сіз оны «Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз» дейтін болдыңыз. Мұның мәнісі қалай? Екеуінің мәні бір емес пе?

— Мәні емес, сыртқы сәні ғана бір шығар.

— Жоқ, ішкі мәні де бір.

— Көру үшін көз салу бар да, көріп алып сұқтанып, сүзіле қарау бар, сеніңше осы екеуінің айырмасы бар ма?

— Бар.

— Бар болса екеуінің қайсысы жақсы?

— Көз салғаны жақсы.

— Ендеше оны неге арсыз атаймыз? Көру үшін көз салмайтын жан болмайды, оны неге ойламаймыз?

— Солай екен-ау,— деді Иман ойлана қалып.

— Солай болса, сөздің мағынасын білместен айтушы болма. Ол үшін Абай өлеңдерін көбірек жатта.

Бұл кезде олар бір биік қайқаңға шыққан еді. Алдарынан бір әдемі асқақ ән естіле кетті. Сол әнді ести сала үшеуі де атына қамшы басты, үшеуінің де елді аңсаған жүректері алға қарай алып қашты. Алда үлкен қара жол жатыр, сол қара жолдың көз жетер жеріне дейін созылып үлкен көш келеді. Көш басында бір топ салт аттылар келе жатыр. Сол топтың қақ ортасында қасқайып, ақбоз атты, ақ сақалды, ұзын бойлы бір шал келеді, Қасындағы жастарды әнге бастап келе жатқан сол.

— Мәди аға!—деп Иман айғайлай жаздап барып тоқтады. Алақанымен аузын баса қалып жан-жағына бір қарап алды да, сыбырға көшті,— мыналардың айтып келе жатқаны сіздің әніңіз, әне, тыңдаңызшы, сіздің түнеу күні Алатай қажының моласының жанындағы төбенің басында тұрып шырқаған әніңіз... міне, ол ән былай басталатын еді ғой.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Әне, естідіңіз бе, мыналардың айтып келе жатқаны, оллаһи сол ән.

Мәди үндеген жоқ, көзі жасқа толып кетті. Өзін осынша тұншықтырған заманына айтар қарғысын көзінің жасымен бірге домалатып жіберді де:

— Сақ болыңдар! Бізді аңдитын, бізді арбайтын, шамасы келсе тарпа бас салғысы келетін Шомбалдар бұл елден де табылады. Қапы қалмаңдар,— деді күбірлеп.— Қанаш, көк шолағың оқтаулы болсын.

Қимылы қандай екені әзір белгісіз, Қанаштың сөзі қашан да нық шығатын. Сол әдетімен:

— Әрқашан да,— деді ол.

Әндетіп келе жатқан топқа жете бере Мәди сәлем беріп еді, ешкім оның сәлемін қабыл алған жоқ, тек жаңағы алыстан көз тартқан шал ғана бас изеді.

Ән аяқталды, сөзді шал бастады.

— Осынау әнді ести қалсам, оқып тұрған намазымды да тастай салатыным бар. Сол әдетім сенің сәлеміңді кеш қабылдатып мені ұятқа қалдырған, әкеңдей болсам да ол үшін сенен ғафу өтінемін,— деді де Қанаш пен Иманға көз тастады,— сәлем берместен тұрып қалған сіздер де ғафу етіңіздер.

Ол екеуі мұндай қағысты күткен жоқ еді, шалдың кекесініне нендей жауап лайық екенін білмей екеуі де сасып қалды.

Қанаш көмек күткендей жаутаңдап Мәдиге қарап еді, ол күлімсіреп Иманға қарады. Иман оның сол көз тастасынан әлденені ұққандай атынан қарғып түсті де, шалдың алдына барып тұра қалды:

— Алдияр әз ата,— деді қолын кеудесіне қоя бас иіп.— Сізге керегі сәлемнің өзі емес, даусы екенін білмей балалық етіппіз, балалығымыз үшін, шалалығымызды кешіре көріңіз.

Шал сөз төлеуін алса да, әлденені әлі де көре түскісі келгендей көз алмай аз тұрды да:.

— О, ағасына інісі, Інісіне ағасы сай бақытты жандар, кім болсаңдар да көп жасаңдар,— деді ат үстінен Иманның басынан сипап.

— Әмин,— деді де Иман атына қайта мінді. Шалдың көзі онан әлі айырылған жоқ, ойын Мәдиге мегзеп айтып тұр.

— Жасық жаннан сөз асылы шықпайтынын білемін, сол себепті мен «әмин» дейінші. Жолдарың болсын, мырзалар, қай елдің жұлдызысыңдар?

Елінің атын әр жерде әр түрлі айту Мәдидің әдетіне айналған еді, сол әдетімен:

— Ергенек дейтін елдің Едірей дейтін жеріндегі нағашыма бара жатырмын, мына екеуі менің жол серіктерім.

— Е, «Ергенектің қыздары ергіш келеді, керегенің көзінен көргіш келеді» деген ел сіздің ел екен ғой,— деп енді сауысқанша шықылықтай бастап еді, шал оған ашумен жалт қарады. Бірақ ешкімге есесін жібергісі келмейтін Мәди шалдың ашулы сөзін үлгірткен жоқ.

— Ағай, өзіңіз қай елдің әумесері едіңіз?—деп жаңағы қарқылдаққа қадала қарап еді, ол кері шегініп кетті де, көлденең тұрған көк атты біреу іле жауап қатты:

— Байқа, жолаушым, ол да осал жау емес, ол Жамантай ханның жезтаңдай шешені тамаш Сағынайдың немересі. Соқтығар болсаң соны біле тұра соқтық.

Мәди жаңағы әумесерді өз сөзіне лайық сөзбен ұрып сілейтіп салды да, жалт етіп шалға қарады.

— Айтылар сөз атылар оқпен тең, есе жібермейтін әдетім әдепсіздікке ұрындырса, ол үшін кешірімді сізден ғана сұраймын.

— Ердің құны болса да сендей ерге кешпейтін мен емес, кешірім сұрайтын сен емес, кешірімді шіріген сөздің қапшығына ұқсайтын мынау іріген ауыздың өзі сұрасын. Ел бастайтын көсемдігім болмаса да, көш бастайтын серкелігі бар Серкебай дейтін шал едім, шал болсам да баламдай сенен кешірімді мен сұрайын.

— Менің де сізге кешпесім, қимасым болмас.

— Ол — мырза көңілдің сыйлай салған жорға сөзі ғой, жорғаны кімнің мінгісі келмейді.

— Менің сізге айтар сөзімнің ішіндегі ең қырсауы осы болар,— деді Мәди. күлімсіреп.— Әр елдің өзіне сай данасы бар, бұрын бейтаныс болсаңыз да, өз еліңіздің данасы екеніңізді көріп тұрмын, тек әніңіздің неліктен мұңлы екенін біле алмай далмын.

— Ол өз әнім емес,— деді Серкебай шал.— Өзін білмесем де әнін өз әнімдей көретін бейтаныс досым Мәди дейтін батырдың әні.

— Ән сөзіне қарағанда, ол досыңыз батыр емес, елінен пана, жерінен сая таба алмай қаңғып кеткен бір қашқын сорлы секілді ғой?

— Қашқын екені рас, бірақ ол сорлы емес, оның елі сорлы, заманы сорлы.

— Жаттап алып жадымда сақтайын, қайта айтыңызшы.

Серкебай қарт жауап берудің орнына ойлана қалып, Мәдиге ақ кірпігінің арасынан сығалай қарады.

— Балам, түріңде мен осынша жасқа келгенше көрмеген өзгеше бір ажар, үніңде мен осынша жасқа келгенше естімеген өзгеше бір сыр бар секілді, сен кімсің осы?

Осы кезде көштің алды бұларға келіп жеткен еді, алдыңғы арбаның үстінде құндақтаулы домбыра жатыр екен, Мәди сол домбыраның иесі — шалқақ маңдайлы, қаршыға көзді, бурыл сақалды, қара сұр кісіге қол созды:

— Ағай, мынау күй сандығыңызға рұқсат етіңізші.

Қара сұр кісі «күй сандық» деген сөзді өмірінде естімеген еді, оның сұрап тұрған «күй сандығы» домбыра екенін созған қолынан сезіп, ала көзімен бір атты да, қашып құтылғысы келгендей өгіздерін сабалай бастады.

— Немене, мен мұны сен үшін жасатқан ба екенмін? Атың жүйрік секілді, ала қашпақсың ғой...

Серкебай иек қақты.

— Қорықпай-ақ бере бер, алып қаша қалса қуып жететін мен бармын, аты қанша жүйрік болса да менің сақалымнан құтылмас...

Қарасұр кісі арбадан секіріп түсті де, домбырасын Мәдиге ұсынды.

— Домбыраңыз шынында алып қашуға тұрады екен,— деді де күйге келтіре бастады. Көзі домбыраның қос ішегінде, ойы Серкебай қарттың жаңағы бір сөзінде. «Аты қанша жүйрік болса да менің сақалымнан құтылмас» дейді ә? Сонда бұл шалдың менің кім екенімді білгені ме? Сыртымды білмей, ішімді қайдан біледі? Фу, осындай ала құйын бұралқы ойлар қайдан келеді?»

Ол ішінен соны айтып, көлденеңнен киліккен бұралқы ойды серпіп тастады да, жаңа бір әнді, бұрын жан баласы айтпаған, тап осы жерде туған нәресте әнді шырқап қоя берді.

Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек,
Дұшпанның қудалаған жаласынан,
Бұл күнде қу қара жер болды-ау төсек,—

деп алып қайырмасын назалана асқақтатып әкетіп еді, жол үстінде тұрған ұзын көш тына қалды. Сілтідей тынып тапжылмастан табына, тамсана тыңдап тұрған қауымның мерейін қандыра түскісі келгендей дауысын аспанда дамылдатып еді, тынғаны білінбей қалды. Ән аяқталды, бірақ оның аспанда ізі қалғандай, сол ізді өз көздерімен көргісі келгендей тыңдаушы жұрттың көзі де аспанда.

— Солай, кәрия, мен сіздің Мәдиіңіз секілді бір бейбақпын,— деді де, Мәди домбыраны иесіне ұсынды.

— Тағы да... тағы да!—дескен дауыстар алыстан да, жақыннан да ду етіп еді, жан-жақтағы таулардың бәрі жаңғырығып, бәрі де «тағы да, тағы да» деп тұрып алды.

Кейінгі көштің аттылары шапқылап, жаяулары жарыса жүгіріп келеді, бәрінің айтатыны бір ғана сөз:

— Тағы да... тағы да...

— Шуламаңдар!—деп Серкебай қарт өз жұртын тоқтатып тастады да, шаттық күлкісі ойнаған көзін Мәдиге аударды,— жұмбақ балам, бері қара, мына бір кезеңнің арғы түбінде бірнеше бұлақ бар. Сен үшін сол бұлаққа бүгінше еру жасаймыз да, ертеңге дейін сауық құрамыз. Кім болсаң да атыңның басын кері бұр,— деді ол Мәдиге иек қағып.

— Құрметіңізге құлдық, кәрия,— деді Мәди он алақанын кеудесіне қойып,— мен алған бетімнен қайтып, атымның басын кері бұрсам, қырсыққа кездеспей қалған емеспін. Қырсыққа енді кездессем қыршынымнан қиыламын, обалыма қалмаңыз.

— Сырыңды айтып қойдың, балам,— деді Серкебай қарт миығынан күле сөйлеп.— Менің обалыма сен қалмасаң сенің обалыңа мен қала қоймаспын, ойлан.

Мәди қарттың күлімдеп тұрған көзіне ойлана қарап:

— Мен сүріндім-ау деймін,— деп еді, қарт қалпын өзгертпестен:

— Сенің сүрінгенің менің құлағаным болар,— деді де ширығып алды.— Алған бетіңнен қайтпасаң қайтпа, атыңның басын кері бұрмасаң бұрма, тек ел құрметін аттап кетпе. Сен үшін біз көшті осы жеткен жеріне тоқтатып, еруді осы сусыз шөлдің өзіне жасаймыз.

Қарт соны айтты да есіне әлдене түскендей жалт етіп, көзін алыс жоталарға жіберді.

— Мені тым биікке әкете бермеңіз, оның да маған арнаған өз қырсығы бар,— деді Мәди тағы да жымиып.

— Менің де көргім келмей, көзбен қуғаным сол қырсық, соның бір топ ұяластары мана осы тауда жүр еді, солар —менің бүгінгі таңнан күтер сұмдығым.

— Сол сұмдықтың не екенін білуге бола ма?

— Меке жақтан келген бір құзғынның жемтіктес тобы осы таудың жалғыз сұңқарын жем еткелі іздеп жүр. Солар еді менің сұмдық көргенім.

— Бұл жұмбағыңыз қиын болса да шешу оңай екен.

— Оңай болса шеше ғой,—деді қарт Мәдиге күле қарап.

— «Меке жақтан келген бір құзғын» дегеніңіз — мекеге барып қажы болып келген Текеш те, «жемтіктестері» дегеніңіз — оның ұрылары ғой. Олардың «жем еткелі іздеген сұңқары»— өзіңіздің Мәдиіңіз болар.

— Болса болар, егер кездесе қалсаң Мәдиге менен сәлем айт. Қаракесектің Серкебай дейтін бір шалы сәлем айтты дегейсің. Губернаторымыз саяхат жасап Қарқаралыға келген екен. Соған айтар болыстардың арызы, Мәдиге жабар жаласы көп көрінеді. Текеш қажы бастаған бір топ байлар Мәдидің бұл дүниедегі жаназасын тірісінде шығару үшін отыз өгіз, жеті ат, төрт әйелдің жаласын ала кетті дегейсің.

— Бұл сандарыңызға түсінбедім, кәрия?

— Мұның бәрі Мәди ұрлаған мал мен Мәди тартып әкеткен әйелдердің саны. Олардың тағы бір сандырағын айтайын, кімде-кім Мәдиді ұстап берсе, жеті болыстың әрқайсысы бір үйірден жылқы беретін болыпты.

Осы кезде біреудің: «Әл ата! Соңымыздан бір шаң келеді»,— деген даусы үрейлі шықты.

— Байқаңдар, Мәдидің қара жердегі ізіне түсіп жүрген Текештің манағы ұрылары болмасын.

— Олардың іздегені Мәди емес, өздерінің жоғалған жылқысы еді ғой.

— Ұры шыншыл болса аштан өледі, мына келе жатқан солар болса, сендер де cay қалмайсыңдар, сай тұрыңдар.

— Олардың бізде жұмысы не, біздің оларда жұмысымыз не? Іздеген Мәдиін іздеп кете берсін.

— Енді келсе жай кетпейді, түсіндің бе?

— Түсіндім.

Шынында, қарттың бұл емеурініне Мәдиден басқа ешкім түсінген жоқ. Сол түсінбегендердің біреуі алысқа қамшы сермеді:

— Олар сонау Сарыадырды асып барады, мына келе жатқан басқа. Міне, өзі жалғыз, іздегені сіз болуыңыз керек, жолдағыларға бөгелместен осылай жүйткіп келеді.

Шаңдатып келе жатқан жалғыздың суық сүреңді айғайы шықты.

— Жаназа... жаназа...

Жұрт тіксініп дір ете қалды.

Сол шапқан бойымен көш басындағы топқа келіп жете бере атынан қарғып түсті.

— Сер аға... жаназа, ойбай қымыз,— деді құлап бара жатып.

Бірнеше жігіт аттарынан жарыса түсіп, бірі оның басын сүйесе, енді біреулері арбадағы қымызға жүгірді.

Хабаршы жігіт, екі жағынан жарыса келген екі аяқ қымызды бірінен соң бірін сылқылдата бастап еді, Серкебай қарттың қаны қайнап кетті. Ол ат үстінен сәл еңкейіп, төрт қырлы қамшымен жігітті тартып жіберді де:

— Сенің шақыра келгенін көні кеуіп қалған өз жаназаң ба?

Хабаршы жігіт қамшының қатты батқанына қарамастан, арқасын бір қиқаң еткізіп:

— Жоқ, Абайдың жаназасы,— деді де, қымызды өңешінен түгел сылқ еткізді.

Мәдидің жан даусы шығып кетті:

— Абай! Қай Абай?

— Өзіміздің Алшынбай әулиенің күйеуі, тобықты Құнанбай қажының баласы Абай, ақын Абай,— деді де хабаршы жігіт Серкебайға қарады,— Тобықтының ол жаназаға біздің елден арнайы шақырғаны көкем мен сіз көрінесіз. Баратын болсаңыз, қазір біздің ауылға жетесіз.

Ауыр қаза қарттың жүрегіне қатты тиді. Ол атының жалын құша құлаған кеудесін зорға көтерді де, дауыл соққан теректей теңселе тұрып күңіреніп кетті.

— Абай өлді дегенше, бүкіл қазақтың асқар тауы құлады, айдын көлі суалды десеңші...

Мәдидің тек жаны бар, есінен айрылған секілді еді, ол кенет ширығып Серкебай қартқа қарады:

— Қадірлі кәрия! Тірі мен үшін жасамақ болған еруді Абайдың әруағына жасаңыз. Абай үшін аза тұтпаған ауылыңызда бір жан қалмасын, Еліңізбен бірге жеріңіз де, айдын шалқар көліңіз де, самал желді сары белдеріңіз де аза тұтсын. Көліңіздің ақ қуы шөлге тартып азалансын. Шөліңіздегі дуадақ көлге сүңгіп аза тұтсын. Халқымыздың көшін замандар бойы сүйреп келе жатқан мынау арбалар да Абай үшін азаланып, ертең осы мезгілге дейін бірде-бір дөңгелек алға қарай дөңгелемесін, қош болыңыз.

Мәди соны айта салып жөнеле беріп еді, қарттың:

— Балам! - деген дауысы саңқ етті.— Балам, атыңның басын бұрмастан солай тұр да, жөніңді айта кет. Абайды мұнша ардақтау — адамшылықты ардақтау. Адамшылықты мұнша ардақтап, бір Абайдың қазасын бүкіл ел қайғысы еткісі келетін сен кім едің, жарқыным? Тым болмаса аты-жөніңді, барар бағытыңды айта кетші.

— Бармағым — Текештің ауылы, таптамағым соның намысы еді, ол тілегім әзір қабыл болмады. Ендігі барарым — Абай ауылы. Алты күндік алыстағы сол ауылға ертең күн батқанша жетемін де, Абай үшін жылаған елмен бірге жылап, Абай үшін қайғырған елмен бірге қайғырамын. Сізден тілегім, біреуден менің сәлемімді, сәлемімді емес, өзімнің арыма берген антымды Текеш мырзаға жеткізіңіз: «орыстардың өгізін ұрлады» деген жаласы үшін өгіздей өкіртпесем, «ат ұрлады» деген жаласы үшін өзін ат қып жібермесем, «біреулердің әйелін тауға әкетіп әйел етті» деген жаласы үшін үш әйелін бірдей тірі жесір етпесем, Мәди-атым өшсін!»—деді де атына қамшы басты. Көзді ашып, жұмғандай да уақыт болған жоқ, үшеуі жұлдыздай ағып көз алдынан лезде жоқ болды.

Олардың артында тек:—Мәди!.. Мәди!.— деп ду еткен қалың жұрттың дауысы, жан-жақтағы таулардың соны қайталап қошеметтеген жаңғырығы ғана қалды.

Алыстан асқар тау болып көрінетін адырларды кесек-кесегімен жалмай жұтып, екпінімен барып кең даланы құша құлаған қара бауыр, тарғыл сауыр көкала бұлт Мәдилердің жолын кесіп өткелі нөсерлетіп келеді. Манағы көштің суретін, әсіресе Серкебай сияқты кәрияның кескін келбетін Мәдидің көзінен тек сол қара бауыр бұлт қана өшіре алды, сол бұлттың бауырын қанша тілгілесе де, тарғыл жотасына шыға алмай өшіп қалып, өкінгендей көрінетін нажағайлар ғана ойын бөліп жіберді. Бірақ көзтаныс болмаса да, көңілі жақын болып шыққан сол жұрттың Мәдидің атын аспанға көтерген айғайы бұлардың ешқайсысының құлағынан кетер емес. Елінің Мәдиге деген сол махаббатына мас болғандай ішінен күбірлеп Қанаш келеді.

«Басына пана, жанына сая таба алмай жүрсе де бақытты ғой, жан біткеннің бәрі неге осы Мәдидей болмайды екен? Ондай күнге мен қашан жетер екенмін, елдің «Иман!» «Иман!» деп салған айғайын мен қашан естір екенмін»,— деп Иман келеді.

Ойы сондай биікті мезгесе, көзі алысқа кететін оның әдеті еді. Сол әдетімен алысты кезген көзі, кеудесін жерге төсеп нөсерлете өтіп бара жатқан жаңағы қара бұлттың бергі бетінде аспандап, жұлдызша ағып бара жатқан бір кішкене құсқа түсе кетті.

— Мәди аға! Сонау бір дауылға қарсы самғап, аспанның өріне қарай атылып бара жатқан не?

— Аспанға қарай атылса тұйғын болды ғой, кәне?

— Сонау кемпір қосақтың шеті ілініп тұрған айыр өркеш бұлттың кенересінде кетіп барады... Көрдіңіз бе?

— Көрдім... сонша жердегі жұдырықтай құсқа түскен көзің қандай өткір еді.

— Менің күллі құстан ең сүйетінім осы тұйғын, соның себебін білмей-ақ қойдым.

— Өзің тұйғын секілдісің, сондықтан.

— Өзің тұйғын секілдісің деген не сөз?

— Ол да көзі түсіп, көңілі сүйген қызды құтқармайтын сен секілді, құстардың ішіндегі Иманы.

— Түсінсем бұйырмасын.

— Өтірік айтасың, бәрін де түсініп келесің.

— Маған нанбасаңыз мына Қанаштан сұраңыз, дәл осы сөзіңізден бұл да түк түсінген жоқ. Солай, ә, Қанаш?

— Түк те олай емес,— деді Қанаш оның егесін қызықтағысы келіп,— тұйғынның саған ұқсайтыны рас, бірақ сен тұйғын болсаң да, жапалақтың жиені секілдісің.

— Оны қайдан біле қалдың?

— Жапалақша жарбаңдай беретін мінезіңнен білемін.

— Мәди аға, мынау рас айта ма, анық, Мәди болсаңыз жалтармаңыз, әділін айтыңыз.

— Үнемі емес, кейде жапалаққа ұқсап кететінің рас, бірақ ол балалықтың ертең қалып қоятын шалалығы ғана.

— «Жасыңда қылжың болсаң, өскенде мылжың боласың», оны да осы бастан ойла.

— Оны ғана емес, қанатын дауылға жанып, қайратын нажағайға қайрап бара жатқан сонау тұйғындай болуды да ойлаңдар, Қараңдаршы, дауылды кеудесімен тілгілеп, қанатын бір қақпастан қасқая самғауын.

Серіктерінің ешқайсысы үн қатқан жоқ, өйткені екеуінің де ойы аспанның тұйғынында емес, жердің тұйғыны Мәдидің өзінде болып келеді. Мәдидің оймен жарысқан көзі әлі сол аспандағы тұйғында:

— Шіркін-ай, сол тұйғынның нажағайлардың арасынан не іздеп бара жатқанын білер ме еді, ә?

— Мен білемін,— деді Иман өжеттеніп,— ол аспанның Мәдиі болғысы келеді, сол үшін нажағайдың оғын теріп алғалы барады.

— Қиялда, Иманым, қиялда! Жасыңда қиялшыл болсаң, өскенде мүмкін арманшыл боларсың, арманшыл болсаң — жол іздегіш боларсың, қиялдай түс,— деді де, бір сәт адасып қалған тұйғынды іздеп көзі аспан әлемін кезіп кетті.— Қос жұдырықтай денесі неліктен мұнша серпінді екен? Әлде сол қорғасыннан құйылғандай көрінетін шымыр тұлға түгелімен жүрек пе екен?

— Оны білу қиын емес қой,— деп Иман сөзге тағы килікті.— Жақын жерден кездескен біреуін біздің Қанекең қағып түсіреді, біздер оның кеудесін жарамыз да, жүрегін көреміз.

Мәди соны айтып үлгергенше болған жоқ, бұлардың тіліне тиек болып келе жатқан жаңағы ақ тұйғын, айыр өркеш бұлтты қанатымен желпіп төмен түсіріп жібергісі келгендей бұлттан аса бере ақ төсін күнге бір жарқ еткізді де көзден ғайып болды.

— О, дариға,— деді де, Иман алақанымен аузын баса қойды. Ағат көрінетін әлдене айтып қойғандай сасқалақтап Мәдиге көз қиығын тастап еді, ол өз ойымен алысып келеді екен, тек Қанаш қана үн қатты:

— Шіркін-ай, сенің де қанатың болар ма еді, ә?

— Екеуін жер бауырлай бермей қиялдарыңды сол бұлттан әрі асып бара жатқан тұйғынша көтеріңдерші,— деді Мәди көзін екеуіне кезек тастап,— жаңағы тұйғын өзін-өзі өлімге не үшін айдап, не үшін сонша қайсарланды? Менімше, оның алдында дәл осы шаңқай түсте жетуді керек ететін мақсаты бар. Сол мақсатына кезінде жету үшін от шашып, оғын атқылап тұрған ажалға да қарсы самғап барады. Сендер соған да бір ой жіберіңдерші.

— Мен соны ойлап келемін,— деді Иман Мәдиді сөйлеткісі келіп.— Егерде менің Самалдай сүйген қызым болса, үміттің талай аспанынан асып, ажалдың талай оғын қағар едім.

— Қанаш, бұған сен не дейсің?

— Ештеңе дей алмаспын.

— Өзіңіз не дер едіңіз?— деп Иман Мәдидің өзіне қармаса кетті.

— Егерде мен біздер кешіп келе жатқан өмірдің бұлты аспандағы бұлттардың бәрінен де қатерлі, бәрінен де қасіретті, бәрінен де ауыр десем, не дер едіңдер?

— Ендеше, сол қасіретті де қатерлі бұлтты неге кешеміз десек, сіз не дер едіңіз?

— Өйткені біз адамбыз. Біздей адамға заманымыздың тартар сыйы — сол қасірет бұлтын кешу, не жастай өлу.

Мәдидің бұл сөзінен оның көңіл күйін ұқты да, Иман мен Қанаш жым болды. Мәдидің өзі де ауыр ойға түсті.

— «Адамбыз» дедім, ә? Адам... адам... Ол өз бойынан биікке көтеріле алмайтын қанатсыз, бірақ ол қанаттылардың бірде-бірін құтқармайды. Ол екі аяқты, бірақ төрт аяқтылардың бірде-бірінен жеңілмейді. Адамның бар бақыттылығы осы. Иә, осы. Басқа нендей бақыты бар? Бар бақыты бірін-бірі бақытсыз ету ғой. Ұяласының сыбағасын тартып ішкен ит те өзінше бақытты, өлексеге үймелеген құзғындар да өзінше бақытты. Біздің екі аяқты «бақыттылар» солардан артық емес-ау. Біздер, тым болмаса, солар басқан ізді баспасақ екен. Тым болмаса, жаңағы бір тұйғындай ор болсақ екен. Қырандардың ішіндегі ең кішкентайы осы тұйғын. Оның не жұбайы, не балапаны мына нажағайлы нөсердің арғы бетінде қалып қойды, оның ұясына күн сайын осы мезетте қауіп төндіретін бір сарбас жылан бар. Егер жауынның басылып, күннің ашылуын күтсе, сол сарбас жылан оның ұясын талқандап, балапандарын жалмап кетуі мүмкін, сондықтан ол ажал оғынан да жасқанбай дауылға қарсы самғады. Сол ерлік бізде, қанаттылар мен тырнақтылардың бәрінен күштіміз дейтін бізде бар ма? Бар болса, біздер өз мақсатымызға жету үшін неге сол тұйғынша самғамаймыз? Неге біздер аяқ басқан сайын бұғауға кездесеміз? Неге біздер көзімізді ашқан сайын бірін-бірі жазықсыздан-жазықсыз жаралап, тірідей жеп жатқан жыртқыштарды ғана көреміз. Адамшылық дегеніміз: алдау, арбау сияқты бірдеңе. Қанаты жоқ болса да біріне-бірінің істейтін қастандығы бұлттан да әрі асады. Аяғы екеу-ақ болса да төрт аяқтылардың бәрінен де зұлымдары толып жатыр. Неге олай? Жердің беті сондайлардан тазарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман бола ма, жоқ па? Болса қашан? Қалай?.. Сондай заманды көруіміз мүмкін бе?.

Мәди осы сұраулардың жауабын қанша іздесе де таба алмай сенделіп келе жатты.

Өткінші нөсер бұлардың жолын кесіп өтіп барады. Бұлттан шыққан күн шұғыласына жадырап бұлар бір белеңге шыға келіп еді, сол белеңнің арғы жағында оңтүстікке қарай көлденең түсіп керуеннің кер жолы жатыр екен. Сол кер жолдың үстінде бүкіл даланы қоңыраулатып бір шоғыр арбалылар кетіп барады. Бәрінің де жеккені пар-пар ат, арбасы қорапты, доғасы қоңыраулы. Әр арбаның қорабында екіден мырза, тәртесінде екіден ат, сол төртеуін жалғыз өзі мәпелеп атшы байғұс келеді.

Жолдың екі жақ жиегін кемерлей қаптап қора-қора қойлар кетіп барады. Оның бәрі осы он бес шақты арбадағы мырзалардың Қоянды жәрмеңкесінен алып қайтқан олжасы. Жыл сайын осындай мол олжамен қайтатын Түркістан мен Ташкент саудагерлерінің әдеті.

Олар адырдан құлай шапқан Мәдилерді көре сала абыржып, біріне-бірі әлденені айтып шуылдасып қалды. Жаңағысындай емес, жүрістері де, қоңырауларының үні де баяу. Орта тұстағылардың біреуі мылтығын далдалай бере оқтай бастады. Мәди олардың кімдер екенін біліп, мылтық оқтаған ерліктеріне күле қарап келеді. Ол орта тұсынан килігіп жанаса бере бәріне естірте айғай салды.

— Е, тонаушылар, тоналуларың көбейсін.

Мәдидің соқтыққысы келген бұл сойқанды сөзі соққыдан кем тиген жоқ. Өмірінде мұндай өктем сөзді естімегендіктен болуы керек, бірде-бірі үн шығара алмай сілейіп қалды. Бірақ, сөз төркінін сезетіндей ақыл бәрінде де бар екен, көлгірлікке салып, жылмиып өтірік күле бастады.

— Айтқаныңыз келсін, мырза,— деп кекештене кеңкілдегендер де бар. Қайсыбірінің жаны жыласа да, көзі күліп, ауызы ырсиып келеді. Енді бірінің қолындағы ауыр мылтығы да жерге қарай сырғып барады, Мәдидің жүйрік ат, сұлу әйел, қыран бүркіттен кейінгі қадірлейтіні мылтық еді, сол әдеті қорқақтың қолынан сырғып бара жатқан мылтықты көргенде шыдатпады:

— Ей, өлексе, мылтығыңа ие бол,— деп зірк етті.

Оның зілді шыққан үні саудагерді селк еткізді, бірақ ол мылтыққа ие бола алмай, басындағы қара қалпағын жұлып алып, тақыр басын Мәдиге бір иіп ыржия түсті.

— Мырза, бастан құлақ садаға, сізге сыйладым,— деп қолындағы қалпағымен жарыса қалбақтап.

— Ау, басы жоқ құлақтың керегі не, онан да басыңның өзін садақа етсеңші!—деп Мәди мырс етіп еді, қалпақты саудагер аузына не түссе соны оттай салғанын енді ғана сезді.

Мәди жерге бір түкірді де:

— Тфу, адам екен десем, бәрі бірдей саудагерлер екен ғой,— деді де алыста кетіп бара жатқан күймеліге қарай шаба жөнелді.

Үш күреңді қоңыраулата жеккен күйменің ішінде түйе кенедей дөңкиген, ботқа бет, май желке біреу келеді. Кеудесіне дейін жалдана жалғасқан қарақошқыл сақалын жанында бүрісіп отырған жас қыздың кез келген жеріне үйкелеп, құмарлана, құшырлана аймалап отыр. Қыздың көзі жылай-жылай ісіп кетіпті, сол төгілген жаспен бірге бар күші де төгіліп сарқылғандай кейде мүлдем әлсіреп кетеді, тек қасындағы май желке тарпа бассалып, қазандай қампиған жуан қарынның үстіне қондырған кезде ғана бар жанымен ыршып шырылдайды. Бірақ, қанша шырылдаса да май желкенің тыңдайтын түрі жоқ, бейне меңіреу қара тас секілді.

— Тыпырлама, балапаным, төлеуіңе берілген қырық кез матам үшін сені қырық-ақ күн қатын етіп, қызығыңды көремін. Оған дейін елге де жетеміз. Елге жеткеннен кейін сені жиенім еді деп үлде мен бүлдеге бөлеймін де бір байдың баласына қырық жеті жылқы алып ұзатамын. Менің жиеніме құда түскісі келмейтін, сендей көрікті қызға қызықпайтын қазақ пен өзбекті бүкіл Сыр бойынан, Қаратау қойнауларынан оллаһи таба алмайсың. Сонда маған алғыс айтасың. Соған дейін алғысты саған мен айтатын болайын, ол үшін сен менің сауабымды ал.

Қыздың денесі нәзік болғанымен, жаны жалынды екен, құмарын қоздыра, сілекейін шұбырта ұмтылған саудагер сәумендеп келіп қыздың үстіне құлап еді, қыз ақтық күшін лап еткізіп бір-ақ серпілді де май желке жуан қарнын табанда жатқан тулақтың үстіне сылқ еткізді.

Май желкенің тауы да шағылар емес, екі қолымен жер тірей қайта көтеріле бере:

— Әттең— деді де өз орнына отыра кетті,— әттең, екі қатынның бірі — қасқыр, екіншісі — түлкі. Қасқырынан емес, түлкісінен қорқамын, әйтпесе сені өзім-ақ алар едім. Оқасы жоқ, оларға жеткенше өтетін қырық күнде қырық жылдың қызығын көремін, тек еліңнен бір ұзап алайын.

«Менің қызығымды көрместен бұрын өзіңнің қылқынып өлгеніңді көрерсің» деді қыз ішінен.

Оның осы күймеге кіргелі бар айтқаны осы ғана.

— Солай, менің қырық күндік ғашығым, солай,— деді, қыздың ойын көре алмай, сөзін ести алмай өзіне-өзі мәз болып отырған май желке.— Мен сені өзбектің үлдесіне орап, қазақтың бүлдесіне бөлесем жаһанда жоқ сұлу болып шыға келесің. Есіңде болсын, сен сұлуланған сайын менің қалтам қалыңдай түседі.

Атшы жігіт ашуын аттардан алғысы келгендей күреңдерді аямастан тартып-тартып жіберді. Қыздың ыстық лебіне ғана мас болып келе жатқан мырзасы оны аңғарған жоқ.

Атшы жасы отызға жетсе де, қолы әйел етегіне бір жетпеген сұр бойдақ еді, иесінің салпиған сақалы жас қыздың санына барып жабысқанын көзі шалып қалды, сол кезде әлденендей бір жұмбақ күш оның кеудесін қысып жіберді. Не істерін білмей басындағы ала тақиясын төбесіне жапсыра ұстай алып:

— Мәртебелі мырзам, жалынамын, қудай үшін мені бұлай қинай бермеңізші,— деді жыламсырап.

— Ей, сен қиналғандай не істедім?

— Не істегеніңізді өзім де білмеймін, әйтеуір осы қызға жақындай қалсаңыз, менің жаным қинала бастайды.

— Немене, Шалтай қожадан үйренген дұғамды оқып үшкірейін бе?

— Маған барлық қожаның дұғасынан осы қыздың бір тал шашы қымбат көрініп келеді. Өмір бойы құлыңыз болып өтейін, бұл үшін кеткен қырық кез матаңызды қырық есе етіп қайтарайын, осы қызды маған қиыңызшы.

Май желке екі құлағын қатар шұқылап алды да, атшы жігітке бажырая қарады.

— Есектің миын жеген есалаң, жаның барында өшір үніңді.

Ол соны айтты да құлағын тіге қалды, өңі де бұзылып сала берді.

— Алыстан бір дүбір естіледі ғой, ол не? Апыр-ай, жүрегім не болып барады?

Атшы жігіт артына қарай сала сұрланып кетті.

— Ойбай, мырза, ауыздығымен алысқан аттары аспанда ойнақтаған бір үшеу бізді қуып келеді!

— Күймені жап та елемеген болып жүре бер. Жоқ, күймені өзім жабайын, сен аттарды айдаңқыра.

Ол соны айтып күймені жауып алды да, бердеңке мылтығын оқтай бастады.

Бүкіл даланы дүбірлете жақындап қалған он екі тұяқтың дүрсіліне шыдай алмай үш күрең күймені ала жөнеліп еді, алысқа бара алған жоқ.

Айбынды дүбір жақындаған сайын май желкенің жаны қысыла түсті. Тіпті әлденені сезгендей күреңдер де құлақтарын қайшылап, божыны жұлқи тартып келеді, бірақ атшы жігіт оларды еркіне жіберген жоқ. Қашып құтылмасын білді де, қорыққанын сездіргісі келмей, жәрмеңкеден үйреніп қайтқан татардың бір әнін ыңылдатып кете барды.

Күймеге Иман бұрын жетсе де, сөзді әдет бойынша Мәди келіп бастады. Ол келіп сәлемдесіп еді, атшы жігіт «сәлемет бол» деді де, аттарын айдап ыңылдай түсті.

— Е, мырза, аттарыңды босқа қинамай, божыңды тежесең қайтеді?

— Неге? Не үшін?

— Біздің мына бір батырды ерегістіріп аласың ба деп қорқамын.

Атшы жігіт Иманды көзімен бір шолып өтті де:

— Ерегіскенде ол маған не істейді?— деді.

— Не істейтінін өзі ғана біледі. Ал сен мына күйменің ішіндегі мырзаның қай елдің сүлігі екенін айт.

— Оны мен айтпаймын, сендер сұрамаңдар.

— Неге?

— Неге... неге? Неге болса өзің неге?

Мәди оның жалтарғыштығына тағы да мырс етіп еді, Иманның ашуы қызып кетті.

— Мынаның қиясын қара,—деді Иман қамшысын сілтеуге ыңғайлап,— Мәди аға, рұқсат етіңізші, Текештің тартатын жазасының қақ жартысын осыған тартқызайын, рұқсат етіңізші.

— Мұндайларға қолыңды былғаушы болма, жүр кеттік,— деп Мәди атының басын бұра беріп еді, күйменің ішінен әлдекімнің тұншыға шыққан үні естілді.

— Им-ан!.. Им-ан!..

Мәди аңырып кілт тоқтай қалды.

Күймедегі үн тағы шықты, бұл сапар мүлдем булыға үзіліп естілді.

— И-м-а-н!

— Ағатай-ау, мынаның ішінде мені білетін біреу бар ғой,— деп Иман Мәдиге телмеңдей қарап еді, Мәдидің көзі күймеге қадалуда екен. Қанаш та уытты көзін атшыдан алмай келеді. Әзілқой атшымыз әлгісіндей емес, өңі—үстіндегі бөз көйлегіндей бозарып, көзі — басындағы тақиясына ұқсап кетіпті.

— Сезіп келемін,— деді Мәди ширығып алғысы келгендей атының басын сәл тежеп,— мұның ішінде сені білетін біреу болса, мен білетін зұлымдық та бар секілді. Мылтықты оқтаңдар да, атты тоқтатыңдар.

Мәди соны айтқан кезде атшының қолындағы божысы сылқ етіп жерге түсті, оның «ағатайлар» деуге ғана шамасы келсе, күйменің ішіндегі мырзасы «атамын... атамын... қоя бер қолымды, бәрін де жайратамын» деп күжілдеді. Ол тіпті мылтығының ұшын қылтитып бір рет гүрс еткізді. Оның осы қылығы Мәдидің ызасын қыздырып жіберді.

Қимылына көз ілестірместен беліндегі қанжарын суырып алып күймені түйенің қарнын жарғандай есіп жіберді де, бар даусымен айғай салды:

— Жан керек болса, таста мылтықты!

Май желкенің қолынан мылтық сырғып кетті.

О, ғажап, мырзасын атшының өзі танымай қалды. Оның кіп-кішкентай мұрны бар секілді еді, күп болып ісіп кеткен беттің ішіне кіріп кетіпті. Жылмиған кішкентай көзі бар еді, оның орнында түк басқан бір сызықшалар қалыпты. Тек ырсиған ауыз, далия күмпиген беті ғана бар. Аяғының астында жібек шапанға оралып тұмшаланған күйі біреу тыпырлап жатыр.

Иман ат үстінен секіріп күйменің ішіндегі мырзаның үстіне түсті де, оны домалатып жіберіп, табанда жатқан қызды көтеріп алды. Жалма-жан бетін ашып еді, тани кетті.

— Заузат!—деді бар даусымен айғайлап. Дауысында қуану да бар, тандану да бар.

Заузаттың «Иман!» деуге ғана шамасы келді, ұмтыла бере оның қолына құлап түсті.

Иман Заузатты көтерген күйі күймеден түсіп келеді, жасқа булықса да ширығып, Заузаттың кім екенін айтып жатыр.

Мәди өзіне қатер төнгенде де суырмаған наганын енді суырды. Аттарды доғаруды атшыға бұйырды да, өз атын Қанашқа ұстатып саудагерге жақындады.

— Мырза, мынаны танисыз ба? Есекше шұлғымай адамша жауап беріңіз, танисыз ба, жоқ па?

— Танимын ғой, танимын-ау...

— Мұны танысаңыз, шыныңызды айтыңыз. Егер шыныңды айту қиын болса, имамыңызды айтыңыз. Түрекеліңіз, намаз оқып тұрған жоқсыз, бүкіреймей түзу тұрыңыз да, мына сұрауларға жауап беріңіз. Мына қызды қайда, не үшін әкетіп барасыз? Өтірік айтсаңыз өлдім дей беріңіз.

— Өзімнің, иә, өзімнің еліме,— деді мырза мыңқылдап.

— Еліңіз қайда?

— Сыр дарияның бойында.

— Сондай алыс жерге бұл қызды не үшін әкетіп барасыз?

Мырзаның тілі байланды, әлденені айтып міңгірлеп еді, не айтқанын өзі де ұққан жоқ.

Мәди алты атардың оғын алып қайта сала бастап еді, май желке мырза безек қақты:

— Оллаһи, шыным, бұл менің... жоқ, мен тағы да шатасып барады екенмін, айтайын дегенім ол емес еді.

— Айтайын дегенің не еді?

— Ұмытып тұрғаным, рас айтамын, оллаһи, рас айтамын, ұмытып қалдым.

— Онда мен есіңізге салайын, бұл қызды «атастырған қалыңдығым» дегіңіз келді ғой.

— Иә, иә, солай, солай демекші едім, оллаһи, ұмытып қалдым.

— Қашан атастырып, құдалықты қашан жасаған едіңіз?

— Осыдан бір ай бұрын.

— Қайда?

— Қоянды жәрмеңкесінде, қан базардың қақ ортасында, оллаһи, бір ауыз өтірігі жоқ.

— Құдаңыз кім?

— Текеш дейтін бай, жоқ оның өзі емес, оның Шарапат дейтін бәйбішесі.

— Қалың малына қанша мал бердіңіз?

Мәдидің бұл сұрауы зілдірек шығып еді, май желкенің тілі күрмеліп қалды да:

— Қырық,— деді кекештеніп.

— Немене қырық? Жылқы ма?

— Жоқ.

— Енді не?

— Өзбектердің сары ала шәйісі.

— Оның қандай алтын екенін білемін, сонда оның қаншасын бердіңіз, қырық будасын ба?

Май желкенің тілі мүлдем байланды. Мәди «енді қашам?» деп ақырған соң ғана селк етті де:

— Қырық кез,— деді ыңқ етіп.

— Қырық кез! Сонда сіз қырық кез мата үшін өзіңіздей адам баласын туған жерінен, өскен елінен айырып қайда әкетпексіз? Егер, қырық кез мата үшін сонау қырық күншілік жердегі еліңізге осындай панасыз жетім қызды ұялмастан әкетер болсаңыз, адамға қалай ұқсайсыз? Мынау быржиған қолдар мен мынау қисық аяқтар, мынау тышқанның көзіндей сығырайған көз, мынау қара балшықтан илеп долбарлай салған әлдене сияқты быржиған ботқа бет кімдікі? Осының бәрін қайдан, қалай жапсырып алдыңыз?

— Кешіріңіз, бұл тергеулеріңізге түсінбей қалдым.

— Адам бейнесіне қалай келдіңіз? Енді түсінікті ме?

— Адам бейнесіне келгені қалай, менің өзім адам емеспін бе? Кешіріңіз, түсінбеген соң сұрап тұрмын.

— Жалған айтпаңыз, сіз өзіңіздің адам емес, адам терісін жамылған әлдене екеніңізді жақсы білесіз.

— Астағыпыралла.

Май желкенің аузына басқа сөз түскен жоқ, түссе де айта алатын халі жоқ. Жаны астағыпыралласымен бірге тыпырлап, ауызы күбірлеп, бүкіл денесі жыбыр-жыбыр етеді.

— Бізден жасырған иманыңызды күбірлеп болсаңыз, мына сұрауға жауап беріңіз. Бұл қызды Текештің ауылынан қашан әкеттіңіз?

— Бүгін таң ата.

— Күймеңізге өзі келіп отырды ма, жоқ әлде күш жұмсадыңыз ба?

— Өзім танымайтын бір жігіт ауызын байлап, шекпенге ораған күйі өңгеріп әкелді де менің күймеме тастай салды.

— Ол неге әкелді?

— Шарапат бәйбішемен байласқан уәдеміз солай еді. Мен ол ауылдан кеше кешке жақын кетіп қалып, өзімнің керуенім жатқан бұлақтың басына келіп түнеген едім, уәдеміз бойынша ол таңға жақын өзінің бір сенімді жігітінен қызды беріп жібермек болған еді, ол уәдесін орындады, мен алдым да жөнелдім, оллаһи бар шыным осы.

— Ала жөнелгеннен басқа ешқандай қиянатың болған жоқ па?

— Қызыққаннан басқа қиянатым болған жоқ, оллахи, нанбасаңыз өзінен сұраңыз.

— Мен бұл қарындасыма ешқандай сұрау бермеймін де, сізді соның тепкісіне беремін, ол нендей билік айтса, сіз үшін ол патшаның заңы.

Май желкенің екі тізесі дірілдеп барып жерге тиді. Жалбарынғысы келіп еді, қолы сәл көтеріліп барып қайта түсіп кетті. Өзінің Заузатқа көрсеткен қорлығы енді өзінің жұлынын жұлып бара жатқандай мойны ішіне қыржиып, беті быржиып барады.

— Әкетай-ау, көкетайлар-ау, бір шыбындай жанымды қисаңыздаршы. Ағатай-ау, ол қыздың билігіне бердім дегенше, аттың құйрығына тірідей байлап жіберсеңдерші.

— Кім біледі, ол тілегіңіз де қабыл болар.

— Жасаған-ау, жүріп-жүріп келіп ажалымның бір қатыннан келгені ме?

Оның «қатын» деген сөзі Мәдидің қытығына тиіп кетті. Ол қолындағы жылан бауыр қамшының қалай сілтеніп, май желкесін май басып, тер сорғалаған жуан жонына қалай сарт еткенін де, ыңқ етіп етпетінен түскенін де аңғармаған секілді.

«Қатын» деген сөзі Заузаттың да намысына қамшыдай тиген екен, Иманның құшағынан ыршып шықты да, көзіне түсіп кеткен шашын кері серпіп тастап, теңселе басқан күйі май желкеге жақындады.

— Жерді кейін құшақтарсыз, алдымен менің аяғымды құшыңыз.

Кектің оты оның көзіндегі жасты жалмап жұтқан ба, оның жанарында әлденендей ұшқындар жалт-жұлт етеді, тек өксігін баса алмай булыға сөйлеп тұр.

— Мен сізге шалқаңыздан жатыңыз деп тұрмын ғой,— деп аяғының басымен иектен қағып қалып еді, шау иесіне еркелеген күшіктей бұлаң етіп шалқасынан аунап түсті.

Заузат әлі сөйлеп тұр.

— Мынау өзіңіздің маған тартқан сыйыңыз. Мынау атшыңызбен екеуіңіздің мана таңертең күшпен кигізген кебініңіз. Көзіңізді жұмбаңыз; мана маған қалай сұқтана қарасаңыз, осы етіктің әрбір шегесіне сондай сұқтана қараңыз. Мана менің бетіме маза бермеген сақалыңызбен енді табанымды сипап көріңізші. Сыйға мерген сырлы етігіңіздің өкшесін кеңірдегіңізге қадап тұрып, табанымды иегіңізге тірейін, сақалыңызбен табанымды жақсылап аймалаңызшы.

Мәди сәл шегініп барып Заузаттың әр қимылына таңдана қарап, оның сабырлы үніне құлағын тігіп ойда тұр. Заузат табанын май желкенің иегіне тістене тіреді де, Мәдиге енді ғана қараған, оған енді ғана үн қатты.

— Армысыз, ағажан! Мен сәлем беруді ұмытқаным жоқ-ау, алдымен адам сәніне келіп алайын деп сәл кешіктім, ол кінәм үшін тіземді бүгіп ғафу өтінемін.

Мәди ауыр ойдан бір серпілді де:

— Менің саған кешпесім болмас, тек мына мырзаның үкімін тезірек айт, баратын жеріміз алыс.

— Өзімнің де сізден тілегім осы еді, қолыңызды мұндай малға былғамай-ақ қойыңыз, мұның жазасын Иман екеуміз де бере алармыз,— деді де май желкенің бетіне қайта төнді,— Менің өмірде сүйген бір ғана адамым бар. Ол Қаусат деген атынан басқа түгі жоқ, ең ақыры үретін иті де жоқ болса да, бір қымбат адам. Кәсібі — тірідей көрге түсіп көмір қазу. Көктемде байласқан уәдеміз бойынша ол енді екі жұмадан қалмай келеді де, мені өзі жұмыс істейтін Қарағандысына әкетеді. Сол Қаусат дейтін кедей жігіт төлейтін қалың малды сіз төлейсіз, мырзам. Жасауды да маған сіз жасайсыз, мырзам. Ол үшін екі күрең мен күймеңізден басқа дүниеңіздің баршасымен түгел қоштасыңыз. Түрекеліңіз де сонау сандықты ашыңыз, қалтаңызды қағыңыз, бәрін жинап менің алдыма тастаңыз.

— Қазір, қызым, қазір,— деп саудагер маймаң қақты. Ол жаңа ғана өзі «қатыным» деген адамын енді «қызым» деуге ұялған жоқ. Тура сала бүлкіл қағып барып, күйменің арт жағынан таңылған сандықты ашты да, ішіндегі асыл заттарды лақтыра бастады. Заузат оның дүниесіне көз салған жоқ, Иманның қолындағы қамшыны алды да, атшы жігітке жақындады.

— Мен үшін мына мырзаның өмірлік құлы бола жаздап едің, сол құлдықтан құтқарғаным үшін, жоныңнан бір тартқыз да, мынау үш аттың ең жүйрігіне манағы мақтап келе жатқан ер-тұрманыңды ертте.

— Жаным жолыңа садақа, шырағым, жолыңа байладым,— деп атшы жігіт күйменің өзі отырған қорабынан бір шым ерді тұрманымен суырып алды да, Мәдидің көзін мана алыстан тартқан күрең қасқаны ерттей бастады. Саудагер сандықты біраз орталапты да, түп жағындағы ең асыл дүниелерге іші елжіреп, көзінің жасына тұншыға жылап тұр екен. Соны көргенде Заузаттың қолындағы қамшы оқ жыландай атқып аспанға көтерілді де, жуан бөксеге барып сарт етті.

— Жақсылап, дауысыңызды шығарыңқырап қоштасыңыз.

Заузаттың қамшысы денесін, мына сөзі жүрегін тіліп түскен еді, қамшы тілген жерін бір сипады да, сандықтың ішіндегі заттарды түгел лақтыра бастады.

Заузаттың көзі аяғына орала түсіп жатқан, өзі өмірінде көрмеген нелер асыл заттарда, Мәдидің көзі Заузатта.

Шарапат өзінің базарға салар малының көз тартқанын сүйетін әйел еді, малға жұмсайтын сол әдетін бұл қызға да жұмсап, көнетоз болса да көз тартатын киімдермен киіндіріпті. Қос етекті ақ көйлек, оның сыртынан оқалы қара камзол кигізген екен, ақ көйлекке қара камзол өң берсе, жазық маңдайына жараса біткен қоюлау қасы, сол қоюлау келген қара қасының астында баяу төңкерілетін маңғаз көзі, сәл үшкірлеу қырлы мұрыны, үнемі сүйгелі тұрғандай көрінетін сүйкімді еріні, ашаңдау келген ақша жүзіне өң беріп көзді еріксіз тартады.

Өртеңге шыққан көк қандай болса, қасірет өртінен шыққан Заузат та сондай. Өрт сөнді, қасірет шаттыққа айналды, мүмкін мына қызды осынша сұлуландырып тұрған сол шаттық болар.

Мәдидің басына келген ой сол ғана.

Мәди өзін билеп алып, қиялды кері серпіп тастады да, Заузатқа жақындады.

— Өзіңе жарасатындарын ғана ал, басқалар үшін бір сабақ жібіне тиюші болма,— деді.

Заузаттың аяғына оралып жатқан заттардың бәрі май желкенің жаны жақын, терезесі теңдестеріне алған базарлықтары екен.

Шаруаға киілетін біреуі жоқ, бәрі де сән үшін Арқа қазақтары мен Семей, Кереку татарларының той-думанда ғана малынатын сәулеттері.

Мәдидің жанағы бір сөзінен кейін тарылған дүниесі қайта кеңігендей мырзаның тілі шыға бастады:

— Онда сізге лайығы мыналар, мынау биыл ұзатылатын қарындасыма арнап алынған киімдер еді, базарлығымның да ең асылы осылар. Мынау соның торғын көйлегі; міне, оқалы камзолы; міне, биқасап пешпенті; міне, дүрия шапаны; міне, кестелі етігі, етігінің өзі екі қойдың ақшасына келген; міне, қырық қойлық камшат бөркі...

Мәди мырс етті.

— Басқа дүниелеріңіздің неше қойлық екенін айтпағаныңыз қалай?—деді.

Көп дүниесі өзіне қалатынын сезіп қуанған бай енді іркілетін емес.

— Бәрібір оны төлеп жатқан сіздер жоқсыздар, қақсай беріп қайтейін.

Соны айтып ауыр күрсінді де:

— Осылар саған лайығы,— деді.

— Жоқ, маған лайығын әлі тастаған жоқсыз. Иман, мыналарды ана бір кілем қоржынға жақсылап сала берші. Мырза, сіз ана бір қара барқыт жағасы бар ақ шапанды бері тастаңызшы.

— Шырағым-ау, ол сен киетін шапан емес, шекпен ғой.

— Шекпен болса да мен соны сіздің барлық асыл дүниелеріңізден артық көремін, сөзді қойыңыз да әкеліңіз.

Неге екені белгісіз, май желкенін жаңа ғана түзеле бастаған қабырғасы қайтадан қайысып, қампиған қарны лезде қабысып кетті.

— Алтыным-ау, ол қыз бала киетін киім емес қой.

— Мен әзірше жігіт бола тұрамын. Мені қыз қып киіндіріп болдыңыз, енді жігіттерше киіндіріңіз. Егер өз қолым тие қалса, түгіңізді де қалдырмаймын, онан да жақсы атпен тезінен тастаңыз.

— Міне, күнім, міне... ініме арнап алған кестелі шалбар...

— Неше қойлық екенін айтушы болмаңыз.

— Айтпайын, жаным, айтпайын. Мынау қисық жаға тұла бойы толған кесте көйлегі; міне оның жетпіс жіптен өрілген жібек белбеуі; міне, әмірхан етігі; міне, құндыз бөркі; міне, сырттан буынатын жеті құлаш белбеуі.

— Ал, ақ шапанның өзін неге тастамайсыз?

Май желке мырза шекпенді лақтырып тастады да, жерге барып құлай кетті, Етпетінен түсіп еңкілдеп жатыр. Заузат қолына түскен ақ шекпенді екі жағына кезек төңкеріп қарап тұр.

— Байғұс көзім жаңылмапты-ау... Ақ тайлақтың жүнін жібектен де жіңішке етіп қандай саусақ иірді екен?

Шекпенді алыстан танып Мәди де жақындады.

— Жақсыны осылай кһре біл де, тани біл, қарындасым.

Заузат «көре түсіңізші!» дегендей Мәдидің алдына ақ шекпенді қайта-қайта көлбеңдетіп тоса берді.

— Екеуімізді бірдей сүйсіндіріп тұрған бұл ақ шекпен өзіміз күнде көріп жүрген ақ тайлақтың жүні. Бірақ мұнда бір жұмбақ сыр бар секілді.

— Жұмбақ? Нендей?

— Мұндай ақ тайлақ бұл мырзаның өз елінде де аз емес, ендеше ол неге бұл үшін мұнша қиналды? Жібін жібектен де жіңішке етіп иірген біздің ақ саусақтар ма, оның өзегіне өрт болып түскен? Ол мүмкін емес, өйткені бұлар ондай өнерді өрмекшінің өрмегіндей көретін жандар. Ендеше бұл шекпеннің бізге жұмбақ бір сыры бар, маған бере тұр,— деп Мәди шекпенді қолына алып, қалтасы жоғын көргеннен кейін, әдібін жағалай бір сипап өтті де:

— Екі әйел алуға жететін малың бар, кешігіп қалдық, тез киін,— деді де, Қанаштың қолында тұрған атына қарай жүріп кетті.

Заузат өз киімдерін қоржынға жұмарлай тыға салды да, жалма-жан жігітше киініп шыға келді, тек кеудесіндегі қос анары мен қос бұрымын қайда қоярын біле алмай аңырып тұр.

— Мәди аға, мына мырзамыздың кеудесі қыздың кеудесіне ұқсап кетті,— деп Иман әзіл тастап еді, Мәди әділін айтты.

— Тым болмаса көзімізді суаратын бір белгі бізге де қалсын да, көлденең көз үшін шапанмен бүркей салыңдар.

— Қалай?

— Сенің осындай сұрауларыңнан қорқамын,— деді де Мәди жетіп келіп жаңағы ақ шапанды Заузатқа өз қолымен кигізіп, белбеуін байлағалы белінен құшақтай алып еді, қыздың ыстық лебі оның денесін қорғасындай балқытып жіберді, өзін-өзі күшпен тежеп қалды,— қане енді қарашы, ұжымақтың хор қыздары да қызығатындай жігіт болған жоқ па?

Сөз құмар Иман Мәдиді жани түскісі келгендей:

— Әй, білмеймін-ау, хор қыздары қызығатын жігіттен гөрі өзіңіз қызығатын қыздарға көбірек ұқсайды.

Мәди оны отты көзімен бір атты да.

— Сөз қуа бергенше ой қусаң еді, сонда сен ендігі мынау сары ала шәйінің бір шетінен жыртып алып екі орамал жасар едің де, қалған тобын Заузаттың қоржынына салар едің ғой, мә, сал апарып.

Мәди бір буда шәйінің шетінен жарты кездейін жыртып алып екі орамал жасады да, оның бірін Заузаттың қалтасына салып, енді бірімен оның шашын төбесіне түйіп "байлап тастады.

— Қане, енді бөркіңді киші.

Заузат күлімсірей тұрып Мәдидің айтқанын екі еткен жоқ, жорықтағы жас батырға ұқсап шыға келді. Сылаң жүріске салып күрең қасқаға қарай өте беріп еді, сол орнында тұрып қалған Мәди басын сәл шайқады да, ақырын күрсінді.

«Әй, өзім масқара болмаса игі едім,— деді ішінен. Ғайыптан біреу «неге» дегендей болып еді, Мәди құлағын алысқа тігіп аз тұрды да,— осы қызға қызығып кетемін бе деп қорқамын... Жоқ, әзәзіл ой, аулақ менен, аулақ...»

Жігіттер, аттаныңдар!

ҮШІНШІ БӨЛІМ

Түн...

Нөсерлі, найзағайлы, дауылды түн...

Текештің ауылы ежелгі жайлауы «Мың бұлақта»— төскейінде бір мыңдай бұлағы бар Айдарлының жақпар тасты құздарын жарып ететін «Күркілдек» дейтін өзеннің жағасында.

Аспанның сонау заңғарынан отын шаша, оғын атқылап сатырлаған найзағай да сол ауылға төніп келеді. Текештің өзі бәйбішесі Шарапаттың құшағында. Ол Қарқаралыдан бүгін ерте шығып үдіре тартса да, ауылына кеш жеткен еді. Мұндай алыс сапардан келген күні бәйбішесіне түнеу салты болатын. Байының сол заңын «жалғаннан көрген жалғыз рақатым» дейтін Шарапат бүгін сол рақатын көре алмай қасірет шегіп жатыр. Нажағай бір жарқ еткен кезде Текеш екінші жағына аунан түсіп еді, сонан қайтып ол Шарапатқа қараған жоқ, мұндай ажал оты жауған түндерде аузынан тастамайтын «астағпыралласын» да айта алған жоқ. Бәйбіше аталса да әлі жап-жас, жаны жалын атып, кеудесін кеулеген жыландар жүрегін жалмап бара жатқандай аласұрып, байының ту сыртынан құшақтап Шарапат жатыр. Сұғанақтық жасағысы келмей қанша қасарысса да нәпсі шіркін шыдатар емес, нажағайдың жарқылдаған оты да, сатырлаған оғы да оның жынданып алған жыланын сескендіре алмады, тек әдеттегідей жалбарынудың жаттанды сөзін айтып күбірлейді.

— Астағпралла... Астағпралла.

Текеш оның бірде-бірін сезер емес, сезсе де есіркейтін түрі жоқ. Шарапаттың қасіреті сол.

— Астағпралла... астағпралла,— деді ол алқына күбірлеп,— күн бүгін тым жиі жарқылдап кетті... астағпралла... сен қаланың матрушкелерінен аман келген бе едің?.. Астағпралла...

Текеште үн жоқ. Шарапат байы мен құдайына кезек жалынып, жалбарынуда.

— Құдайым-ай, осынша қинағандай не жаздым?.. Ең болмаса сақалыңмен бетімді бүркеші... тұншықтыршы...— деп Шарапат жабыса түсіп еді, Текеш көрпесін бүркене түсті. Ол Шарапаттың алқына ыңырси, қыңсылай айтқан зарын еститін де емес, өйткені, көз алдында сол нажағайдай жарқылдап Мәди тұр.

Бұл кез жапсарлас жатқан жеті болыс елдің байлары мен болыстары Мәдидің соңына өшпенділіктің барлық шырағын жағып, жаланың барлық күйесін жаға, жабыла түскен күндері мен түндері болатын. Сұрқиялықтың мұндай сүреңін бастаушы — Түнекбай мен оның барымтасына ұшырап қан талауына түспеу үшін Мәдидей інісін құрбандыққа қиған Қақабай болыс. Ол екеуінің отына шариғаттың майын құйып, Мәдидің соңына алланың атынан түсушілердің бірі — осы Текеш қажы.

Жемтікке үйілелеген күшігендей бұл озбыр топтың Мәдидің жолына қазған орының бірі — көрші орыстарды өшіктіру. Ол үшін Қарамоладағы мұжықтардың отыз өгізі бір түнде жоқ болды. Бекежан дейтін немере інісі бастаған ұрыларын жіберіп, отыз өгіздің көзін жойған осы Текеш болатын. «Құдайдың үйіне» барып қайтқан қажының сөзіне сенген болу керек, өгізі жоғалған орыстар да Мәдидің соңына түсіп алды.

Лақап атаулының лап етіп, желді күнгі өрттей тез қаулайтын әдеті ғой. Соңғы екі айдың ішінде шыққан лақаптың өзі жүз түрлі құбылып Мәдидің атын аңызға айналдырып жіберді. Әсіресе «өзін ит жеккенге жіберілсін деп мөрін басқан болыстардың ішінен Дүйсетай болыстың былтыр ғана алған жас тоқалын тауға алып кетіпті. Онан кейінгі кезекте тұрған Текештің тоқалдары көрінеді» деген қауесеттер елден елге тез тарап кеткен-ді.

Текешті мұнан жарты ай бұрын самалды жайлаудан қапырық қалаға қуған осы қауесеттің үрейі болатын. Сүйенгені отыз өгіздің жаласы, сиынған тәңірісі — қалта толы ақшасы. Мәдиді сол отыз өгіздің жаласымен жаралап, мол ақшаның уымен тұншықтырмақ. Уезд бастығына сондай сыйлармен бірге «Мәди бастаған қарулы қарақшылар көрші орыс поселкелерін бөтегелі әзірленіп жатыр» деген үрейді де сала барған-ды. Уезд бастығының өңеші Текештің ақшасына майланғанымен, мұның тілегін ести қойған жоқ, өйткені қарауындағы уездерді аралауға шыққан губернатор Семейден Кереку барып, сонан Баян ауыл арқылы осылай беттеп келеді. Текеш барған кезде бүкіл қала сол келе жатқан мәртебелі қонақты қарсы алудың әбігерінде екен. Қарқаралы уезіне қарайтын жиырма екі болыс елдің болыс-билері, шүйдесі қалың, күймелі байлары түгел жиналыпты. Мұндай хабар Текешке де жіберіліп, губернаторға құлдық ұру құрметіне ол да шақырылған екен. Қалаға ертерек шықса да жолдағы елден Мәдиге жабылар жаланың жаңа түрін жинаймын деп жүріп сәл кешігіп қалыпты. Оған өкіне қойған жоқ. Қаракесектің Күләй дейтін қызы Тобықтының бір жігітімен қашып кеткен екен. Текеш оны Мәдиге жабылар жаланың бірі етіп сайлап алды.

Губернатордың Мәдиді бұл сапар не дейтіні белгісіз, көктемдегі лебізі Текештер үшін онша жақсы емес-ті. Көктемде уезд бастығының «Бәпиұлы Мәди мемлекеттің қауіпті жауы болуға беттеп барады, отряд шығаруыма рұқсат етіңіз» деп соққан телеграммасына жауапты Семейге шақырып алып берген-ді. Сонда ол «менімше, сіз өзіне қарсы шабатын өжет адамдарды ұры деп өтірік қаралайтын арсыздықты бұл елдің байларынан талай көрген секілді едіңіз. Сіз оны мүлдем ұмытып, үкіметтің қаруын өзінің жеке басының дұшпандарына қарсы жұмсағысы келетін қайдағы бір қалталы сұрқиялардың алдауына түскен секілдісіз. Әрине, сізді параға сатылды деген ойдан аулақпын. Бірақ қазақтың байларының мүддесі мен мемлекеттің мүддесін айыра білмейтініңізді жасыра алмаймын. Мен сізді қағазға түсіруге, яки екеуімізден басқа жан білуге болмайтын осы шындықты айту үшін шақырдым. Өзіңіз ақылға салып ойлап қараңызшы. Сондай текті тұқымнан шыққан Бәпиұлы сияқты адамның қайдағы бір аштыққа ұшыраған ел үшін өзін-өзі өлімге байлауы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Оның мұндай қылмысқа мұнан да жас кезінде барғаны рас. Ол үшін біз оны қатаңдау жазаладық. Бірақ біз оны сол үшін ғана жер аудардық па?Жоқ, ол үшін ғана емес, оның үлкен намысқорлығы үшін, өзінің намысы үшін еш нәрседен тайсалмайтын қайсарлығы үшін, өжеттігі үшін жазаладық. Өйткені өз намысын қорғаудан туған ондай ерлік өрши-өрши барып ұлт намысын қорғауға айналып кетуі мүмкін. Мемлекет үшін қауіптісі сол. Біздер оны сондай болашағы үшін жазаладық. Қағаз бетіне тізілген айыптар оны жазалаудың сылтауы ғана, жазуға болмайтын шындық осы. Сондықтан әзірше айтарым: отряд жіберуді басыңыздан шығарыңыз да Бәпиұлының ізіне тыңшыларды, оларға қоса сол сізді Бәпиұлының басын шабатын балта еткісі келетін мырзалардың өзін салыңыз. Сонда барлық ұтыс сіздікі деген-ді. Сол «ұтыс» деген сөзден уезд бастығы бәрін де ұққан-ды, ұққандығы сондай, Мәдидің арқасында келіп қалтасына түсетін буда-буда ақшалар кеңірдегіне дейін тіреліп қалғандай тамағын бір кенеп қалған-ды. Әрине, ол да екеуі ғана білетін шындық.

Губернатордың сол сапар сілтеген жолының шет жағасын болыстармен бірге Текеш сияқты байлар да естіген. Сондықтан да олар Мәдиді ұстап бергендер үшін жеті үйір жылқы сыйлық жариялап, жаз бойы жар салған-ды. Онан іштеңе шықпады, ел Мәдиді көрсе де көрмей, қайда жүргенін білсе де білмей қасарысып алды. Енді губернатордың өзі келе жатыр. Ол не істер екен?

Қалаға барып түскен күні Текешті бірден маңдайдан соққан сұрау осы.

Бір ол емес, Мәдиді қаралаушылардың бәрінің де жүрегіне түйілген түйнек осы. Ондай түйнекке қатты ұшырағандардың бірі уезд бастығының өзі. Өйткені Мәдидің суретін көрші уездің жандарал бастықтарына таратып, тіміскілегіштерін жаппай қаптатудан басқа бітіргені жоқ. Оның қатаң қимыл жасамақ болған әрекетін қазақ байларына сатылғандық көрген губернатордың мұндай дәрменсіздікті қалай бағалары белгісіз. Сондықтан ол өзінің ауыр қылмысы ашылғалы тұрғандай қатты қысылуда. Бар демеуі губернатордың өзі емеурін білдірген «ұтысы» мол, екінші сенері «сайтан» аталып кеткен әдемі әйелі. Губернатордың патшадан кейінгі табынары сол «ақ сайтан» екенін сезетін.

Текеш барған кезде оның сеніп барған құдайының күйі осындай, өзінің «ақ сайтанына» табынғандай күйде болатын.

Қарқаралыдан жетпіс шақырымдай жерде Қарасор дейтін көл бар. Губернаторды қарсы алуға жиналған өңкей шүйделі шұбар төс шонжарлар күймесінің қоңырауымен бүкіл даланы күңгірлетіп барып дәулеті мен сәулетін сол көлдің жағасына төгіп тастаған-ды. Ақбоз үйлердің бүкіл уездегі ең жақсылары сол көлдің жағасына тігіліп, жібек кілемдер мен жібек көрпелердің неше түрі сол жердің көкорайына төселген-ді. Қара сабалардан ақтарылған сары қымыз бейне дәрия секілді, үй маңына апарылып сойылып жатқан құр құлындар мен бағлан қозылардың есебі жоқ. Сол бағландардың талайының басын Текештің өзі де мүжіген-ді. Бірақ барлық басты мүжісе де оның көңілі көншір емес, өйткені оның көксегені — Мәдидің басы, күткені — губернатордың жылы шырайы еді, оны көре алмай жігері құм болды. Мұнан кінә болған жоқ. Басқа мырзалармен бірге қарсы алуға бұл да барған-ды, тіпті Қарасордан да әрі барып екі уездің шекарасындағы Желтаудың бергі алдынан қарсы алған мырзалардың ішінде бұл да бар болатын. Губернатор мініп келе жатқан күйменің бір қоңырауының дауысы естілісімен жолдан шыға бере тоқтай қалысып, ол жақындаған кезде басқа мырзалармен жарыса бұл да өз күймесінен домалап түскен. Басқа мырзалармен бірге бұл да тура сала арсалаңдап жүгірген-ді. Басқа мырзалармен жарыса бұл да қолын көз жетер жерден қусырып, басын қайта-қайта селкілдеткен-ді. Губернатор жақындаған сайын иесіне еркелеген иттей бұлаңдаған басқа мырзалармен жарыса бұл да бұлаңдаған-ды. Губернатор жайлап алдарынан өте бере қолын ербеңдеткен сайын ыржия түскен мырзалармен бірге бұл да ыржиған-ды. Оның шанына шашылғанына мәз болып жылмиған басқа мырзалармен бірге бұл да жылмиған-ды. Бірақ оның май басқан көзі жылмия-жылмия жұмылып кетті, де, губернатордың қоқиған қалпағынан басқаны көре алған жоқ.

Мәдидің ең өшіккен жауы өзі екенін ол бұрыннан жақсы білетін еді, оның көктемде Келбетке: «әкеңе сәлем айт, енді екі-үш айдан кейін жылқысын екі есе етіп қайтарамын. Ол үшін Текештің жылқысын жайлауынан бастап қыстауына дейін шашып беремін, ие бола алмаса өз сорынан көрсін» деген сәлемі жаздай үрейлендіруде болатын. Сондықтан ол қалаға өзінің ең соңғы үмітін ала барған еді, неге екені белгісіз, губернатордың қоқиған қалпағын көрген сәтте, сол үміті өзінен-өзі үзіліп кетті.

Соның бәрі — сол жолдың бойынан, сол көлдің жағасынан көргендерінің бәрі тізбектеліп көзінің алдынан өтіп жатыр. Көлді жағалай тігілген қырық шақты боз үйлерге жақындап келе жатқан губернаторды бір топ әнші мен күйшілер қарсы алған еді. Текеш оны да естіген еді, ол тіпті губернатордың ән тыңдағысы келіп қоңыраулардың үнін өшіруге берген жарлығын да естіген еді. Енді соның бәрі түс секілді бірдеңе, бұл қалай? Тіпті әншілердің әні де, күйшілердің күйі де, губернатордың жарлығы да қоңырау дауысына айналып кеткен секілді. Оның көзіне өзі тураған бастың құлағы да қоңырау болып селтеңдейді. Бұл қалай?

Оның қазіргі ойлап жатқаны сол сұраудың жауабы.

Губернатордың қалаға келісімен алғаш қабылдағаны — Мәдиді қаралаушылар.

Олардың ішінде Мәдидің өз ағасы Қақабай сияқты болыстар да, Текеш сияқты байлар да, Түнекбай сияқты билер де бар. Губернаторға олардың тілегін жеткізуші — уезд бастығының өзі.

«Зор мәртебелі тақсыр! Бұл мырзалардың сізге айта келген арызы әзірше біреу-ақ. Ол — өзіңізге де белгілі Бәпиұлы Мәди хақында. Бәпиұлы менің қарауымдағы елдің үрейін алып болды. Ол бұрын бұл мырзалардың жылқысын ғана ұрлаушы еді, енді адамдарын, онда да ең аяулы қыздарды ұрлайтын болды. Ол ұрлаған қыздардың тізімі міне... Әрине, сізге керегі қыздардың тізімі емес, Бәпиұлының ізі. Ол із де табылды. Барлық іздің саятын жері біреу-ақ болып шықты. Ол — мына Сүндетов Текеш мырзаның жайлауына жақын жердегі Аюлы дейтін тау. Бұл таудың өзі қорқынышты тау көрінеді. Жан-жағы жан баса алмайтын, тіпті жапалақ секілді жай құстар ұшып та аса алмайтын, жақпар тасты биік жоталар қоршаған, кіретін жалғыз ғана қақпасы бар, іші бір тайпы елге мекен болатындай кең өлке, сай-саласы сыңсыған қалың қарағай, шыңырау құздары қатпар-қатпар, сол қатпар құздың ішінде аюлар мекендейтін, қашқындар паналайтын тас үңгірлері бар. Қысқасы, аюлар мен аю сияқты қашқындар ғана бара алатын тау көрінеді. Алдыңызға келіп отырған бұл құрметті мырзалар: «Бәпиұлын сол таудың ішінде табуға болады, табыла қалса үңгірден шығармай ұстау қиын емес, ол үшін тек зор мәртебелі тақсырымыз губернатор мырзаның қайырымы мен азғана қарулы көмегі керек» дейді. Солай ғой, мырзалар, ә?—деп уезд бастығы жағалай көз тастаған кезде басқалармен бірге Текеш те үн қатқан еді, енді ойласа сонда не дегенін ұмытып қалыпты. Соны есіне түсіргісі келіп біраз жатты да «сонан кейін» деді өзіне-өзі күбірлеп.

«Апыр-ау, сонан кейін қалай еді? Е, е, есіме жаңа түсті. Сонан кейін Қақабай мырза сөйледі, Қақабайдан кейін... Түнекбай, Түнекбайдан кейін... Дүйсетай, Дүйсетайдан кейін... Қорқыт, Қорқыттан кейін Жарымағанның жапалағы, сонан кейінгі сөйлеген кім? Мен сөйлегенім жоқ, менің айтарымды ояздың өзі айтты, оны Қақабай мен Түнекбай қостады, ендігі сөйлеген кім? Е, айтпақшы, онан кейінгі сөйлеген губернатордың өзі еді-ау. Ол сөзін күлкімен бастап, ашумен аяқтаған еді-ау. Сонда ол кімге не үшін ашуланды екен? Есі шыққан басым-ау, соны ояз мырзадан неге сұрамадым?»

Текештің бұл айтқандарының бәрі рас. Губернатор басқалардай мыжып тұрған жоқ, күле бастаған сөзінің ашулы ақырыспен біткені де рас. Оның кімге не үшін қаһар шашқанын Текештің білмегені де рас. Оның бар білгені — өзінің ақшасының күші. Оның ойнамастан оязға ұтқызған мол ақшасы губернатордың болат темірден соғылғандай көрінетін ұзын мойнын да ие бастаған секілді.

Сол ақшалары көзінің алдынан көлбең қағып бір бұлаң етіп еді, әлденендей бір өкініштің уы ішін жалап өткендей бүрісе қалды. Бірақ оның азабы көпке барған жоқ, әлдекім оны қуантып жіберді.

«Құдайыңыз жарылқады, енді ауылыңызға тезірек қайтыңыз».

«Маған осыны айтқан кім? Е, е, есіме жаңа түсті, солай деп мені қуантқан өзімнің ояз досым еді-ау. Ол мені оңаша апарып, арқамнан қағып, бар тілегіңіз қабыл болды, тек сақ болыңыз. Отрядті бастап баратын Атаманов дейтін майор залым адам. Ол өзіңізден бірдеңе алғысы келсе, сіз өзіңіздің мырза екеніңізді, тек берудің жолын білмейтін аңқау екеніңізді жасырмаңыз. Бірақ ол қаһары қатты адам, аңқаулығыңыздың алдау екенін ашып алмаңыз.

— Атаман! Ол әлгі жуан сары жандарал ма?

— Иә, сол, тек оның жандарал екенін өзінен басқаға айтушы болмаңыз.

— Неге?

— Оны жандарал дейтін сіздер де, тыңдайтын өзі ғана. Басқалар оны өз шенімен атайды. Оқасы жоқ, өз шеніңізді тағыңыз да, өзіңізше атай беріңіз.

— Кім болса ол болсын, мейлі жан алатын әзірейілдің өзі болса да келсе екен. Келіп тұрып Мәдидің сазайын берсе екен. Ех, осындайда өзім әзірейіл болар ма едім. Астағпыралла, мен не деп кеттім?

Жуан сары майорды жандаралдай көріп Текештің көңілі жуандап қайтқан еді, еліне жетер-жетпестен Мәдидің сәлемі келіп жетті де, үмітін үзіп кетті. Әсіресе оның «Текештің өзін әтек етіп, үш әйелін бірдей тірі жесір етпесем Мәди атым өшсін» деген өктем сөзі жүрегіне қанжардан кем қадалған жоқ. Сондықтан да ол әдеттегі «астағпралласынан» гөрі «әтек» деген сөзді көбірек күбірлеп жатыр.

Оның сол күбірі Шарапатты да дір еткізді.

— Бісміллә... бісміллә... қажеке, бісміллә деші.

Текеш сол теріс қарап дөңкиген күйі Шарапаттың жамбасына жанын жанығысы келгендей мықынынан қағып, қамыға:

— Шарапатым-ай, жаны таза, тәні пәк, адал жамағатым сен едің, сен тірі жесір бола қалсаң менің күнім не болар екен?— деді күңірене күбірлеп.

— Астағпралла... Сен тірі болсаң мен неге тірі жесір боламын?

— Мен әтек болып қалсам, сен қалай тірі жесір болмайсың?

— Астағпралла... сен неге әтек боласың?

— Егер Мәдидің қолына түссем...

— Ертеңгі келетін жандарал Мәдиді ұстап әкетсе, сен оның қолына қалай түсесің? Мынауың дәрмені жоқтың ойланбай тапқан сылтауы ғой.

— Ол өгіздей өңкиген неме, Мәдиді таба алмай қайтып кетсе, ол кеткеннен кейін Мәди келіп мені бас салса...

Текеш онан әрі сөйлей алған жоқ, тек Шарапаттың күрсіне шыққан үні естілді.

— Онда маған мүлдем қуардың, мүлдем суалдың десеңші,— деді жыламсырап.

— Мәди бір жеріңе у құйып кетпесе сен қурай қоймассың-ау,— деді де, Текеш оның жұмсақ мықынында жатқан қолын жылан шағып алғандай тез тартып алды. Шарапаттың әлдене бір қылмысты қылығы есіне түсіп кетті ме қалай,. түк басқан денесі мұздап сала берді. Жамылып жатқан шәйі көрпесі де тітіркенгендей суи сусып, сырғып барады, оны да елейтін емес.

Текештің бұл қылығына жаны егіліп Шарапат жатыр. Қанша төгілсе де көңілдің мастығын бір баса алмай, көз жасынын өзі де жалынға айналып барады. Сол жалынға тұншыққан ол шыдай алмай көрпесін бір серпіп тастады да: «Сол Мәдиі құрғыр келетін болса тезірек келіп, тауына әкетсе тезірек әкетсе екен»,—деді ішінен.

Шарапаттың дәл қазір өзінің нәпсісі үшін неден болса да тайынбайтынын Текеш сезген жоқ, сезсе де елейтін түрі жоқ. Тек анда-санда мұрнын шірей тартып рақатқа батқандай марқаяды. Оның рақаты Шарапаттың аңқып жатқан жұпары.

Оның жүрегін ғана қытықтайтын сол болымсыз рақаты да ұзаққа барған жоқ, есіне Мәдидің сәлемі түсіп еді, жаңа ғана рақаттана жұтып жатқан жұпары жусан сасып кетті.

— Бәйбіше, әлі ұйықтаған жоқсың ба?

— Әлі өлген жоқсың ба десеңші.

— Е, саған не болды?

— Не болғанын қайтесің, онан да айтарыңды айт, ұйықтай қалсам не істейін деп едің?

— Ерте тұра қалсаң Серкебайды шақырт дейін деп едім.

Шарапат ызалана түсіп, ішінен бір улы сөзді айтып салды да:

— Оны қайтесің?—деді.

— Мәдидің ол арқылы айтқан сәлемін өз аузынан естимін, егер айтқаны рас болса, көре тұра оны cay жібергені үшін сақалын күзеп, көзін оямын.

— Онда алдымен Бекежанның көзін ой.

— Не үшін?

— Мәдиді олар да көріпті, көре тұра қумапты.

— Неге?

— Жетеуінің батылы бір Мәдиге жетпепті.

— Күші жететінін білмесе, батылы қайдан жетсін.

— Бір өзі жеті жігітке төтеп беретін сондай еркектер неге көп болмайды екен?

Шарапаттың аңдамай айтқан бұл сөзі Текештің қытығына тиіп кетті.

— Сілекейіңді шұбыртпай әрірек жат та, ертемен Бекежанға айт, бір жаққа кетіп қалмасын.

— Жеті үйір жылқы шұрқырап келіп алдына түскенше ол ұйқы көрер емес, жоқ іздеген болып тағы да ел кезіп кетті.

— Қайдағы жеті үйір жылқы?

— Кімде-кім Мәдиді ұстап берсе, жеті елдің болысы жеті үйір жылқы сыйлайтын болыпты ғой.

— Құдай ондай күнге Бекежанды жеткізбейді ғой, егер оның қолы Мәдидің жағасына жетсе, сол жеті үйір жылқының жалына менің қолым жетер еді.

Текеш қорылға басып еді, Шарапаттың көз жасы тағы да ыршып кетті. Ол ызаға шыдай алмай Текешті теуіп жібергісі де келді, жаңада ғана қырылған құйқасы қалың тақыр басына мініп алғысы да келді, бірақ оның бірде-біріне батылын жеткізе алмай, өзін-өзі егеп жата берді.

Аслан ашылды, жауын басылды, тек Шарапаттың мауқы басылған жоқ.

Көкжиек қулан иектеніп, таң шапағын шаша бастады, бірақ бүкіл әлемнің шапағы бір өзінің басына шашылса да Шарапаттың шаттанатын түрі жоқ. Өйткені Мәдиді көзінің алдынан кетіре алмай, жанталаста жатқан Текеш ауық-ауық оянса да бұған қарайтын емес.

Түндігі ашылмаса таңның атқаны бұл үйге білінбейтін. Сәуле кіретін жалғыз ғана саңылау бар, ол шымылдықтың ішінде, Шарапаттың ірге жағында жатқан Текештің көзі түсетін жерде емес, үйдің он жақ босағасында. Түні бойы ұйықтай алмай азап шеккен ол асыға күткен сайын таң мезгілі алыстап, түн түнегі қоюлана түскен секілді. Сол түннің қапасына қапаланып бас жағында ілулі тұрған камзолының қалтасынан алтын баулы сағатын алып қарап еді, қақпағының алтын шапағы сағаттың бетіндегі цифрларды айқын көрсетеді екен. Текеш сол цифрлардан таңның өзін көргендей көңілденіп:

«А, Мәди мырза, енді қош бол!»—деді ішінен, түні бойы азап шеккен жаны енді ғана жадырап танауы дүр етті. Ол бүкіл тынысын кере дүрілдетіп қорылға басқан сайын Шарапаттың жаны күрсіне түсті.

Нажағай түнімен жарқылдаса да, көзге ілінген тек Текештің боз үйлері ғана еді, енді ғана байқалды, қарата үйлері көп бұл ауылдың қарамы тым үлкен екен, Шарапаттың кеудесіндегі жыландары жынды көбелекке айналып, енді сол қараша үйлерді кезіп кетті.

Оның ендігі іздегені Қарағандыдан кеше ғана келген Қаусат дейтін жігіт. Ол ауылдың өзен жақ шетіндегі бір құрым үйде жапа-жалғыз кеудесін жара «аһ» ұрып жатыр. Шарапаттың қиялы сол жігітке тез-ақ жетіп еді, тау жақтан бір зарлы сарын естілді де үмітін үзіп жіберді. Ол осы үйдің қарт жылқышысы Сейтек дейтін шалдың зары еді. Осыдан бір ай бұрын жылқыға тиген ұрылармен айқаста төрт қабырғасын қаусатып алған-ды. Сол қаусаған қабырғаларды оташы дұрыс сала алмаған ба қалай, байғұс шалдың бебеу қаққан дауысы екі ай бойы бір тынған емес. Ол сарнаған кезде басқалар былай тұрсын, өмірінде аурудың азабын бір шекпеген, тіпті толғақтың да не екенін білмейтін Шарапаттың да сай-сүйегі сырқырайтын. Сондықтан да ол жылқышы шалдың зарын естігісі келмей мұрнағы күні аулаққа, ауылдан жарты шақырымдай жердегі сайға көшіріп тастаған-ды.

Алыстан талып естілсе де Шарапаттың тәтті үмітін үзген сол еді, ол зар сарналған күйі елеусіз қала берді де үзілген үміт қайта жалғанды. Бірақ Шарапаттың қиялы Қаусаттың төсегіне жете алған жоқ, қараша үйлердің бірінен шыққан баланын, шырылы оны өз төсегіне қайта қуып тықты.

Бесіктегі бала жылан шағып алғандай шыр-шыр етеді, оны жұбатқан жан жоқ. Әке ұйқының, шеше қасіреттің құшағында қан болып жатыр.

Оның қасіреті қасында жатқан байы.

Текештің көрші ауылда тұратын Сәрсек дейтін сотқар інісі бар. Сол сотқар келе қалса, қанға боялып жатқан мына келіншек көрден көрге тығылатын. Өйткені ол сотқар мұны зорламақ болып қыз кезінде бір шошытқан-ды. Сонан бері онан масқарадай қорқатын да, оны тісінен шығарса өлердей көретін. Байы оның бұл сырын басқаша түсінетін де Сәрсек осы ауылға келгеннен түнеруді бастайтын. Түнерудің ақыры осылай бастың қаны, көздің жасы төгілумен тынатын. Сол үйреншікті қасірет қанды шеңгелін мынау жас бейбаққа бүгін тағы салды. Жазықсыз жазаланып, басы-көзі қанға боялып жатқан оның тіліне кейде өзіндей мұңлы апаларының зары оралады. «Жер соқтырып бір түнде кетер едім, сен болдың аяғымды буған кісен» деп бесікте жатқан баласын шымшылайды. Үні шықса үзіліп кететіндей өзін-өзі тұншықтырып, көрпесімен тұмшаланып жатыр. Ірге жағында жатқан байы мұнымен түсінде де төбелесіп әлденені айтып баж-баж етеді. Оңды-солды сермеген жұдырығы біресе былш етіп әйелінің бетіне, біресе онан да асып барып баласының бесігіне тиеді.

Байдың рақатына жарымаған Шарапат басқа әйелдердің осындай қайғысына рақаттанушы еді, бұл сапар оның рақаты ұзаққа барған жоқ, «әй, қасқыр қайным-ай, сол келіншекке істемек болған қасқырлығыңды маған неге істемейді екенсің» деген ой оны тұншықтырып жіберді. Қанша тұншықса да ол азапқа көнген жоқ, күйіп-жанған денесін Текештің төсегіне тастады да, рақат іздеген жанын сүйрелеп Қаусаттың төсегіне тағы жетті. Бірақ көздеген төсегіне жетсе де, көксеген тілегіне жете алған жоқ, қақ қасынан біреу қатты түшкіріп салды да, «я, рахман алла» деді бар даусымен. Оған ілесе шошып оянып шырылдаған баласын жұбата алмай «айналайын баласынан, айналайын апасынан, апасы қазір дәретін алады, сонсоң саған мамасын береді» деген сөзі осы үйдің ішінен шыққандай естіліп, Шарапатты мұздатып жіберіп еді, көрші үйдегі Сайдалы деген шалдың дауысы екені есіне түскеннен кейін қайтадан лапылдай түсті.

Екі шеті өзенге тіреле тізбектеле. тігілген ауылдың ең төріндегі Текештің төрт қабат үйі. Сол үйлерге іргелес үйлердің бірі жаңағы Сайдалы дейтін қарттың үйі, Жетпістің жетеуіне келген шал болса да, оның Жетпісбай дейтін он жетінші ұлы былтыр күзде туған-ды. Әкесінің арыстанша ақырған жаңағы түшкірісінен шошып оянып жылап жатқан бала сол Жетпісбай. Әкесінен айнымай туған осы баланы көрген сайын, сексенді қылқындырған Сайдалы Шарапаттың көзіне әлемде жоқ алыптай болып елестейтін. Егер оңаша кездесе қалса, оның тұла бойын көзімен бір тінткілемей жіберген емес. Ол көршілерінің көңіл-күйін, төсекте өтетін жазы мен қысын қабақтарынан байқағыш еді. Әсіресе Сайдалыны көбірек бақылайтын. Егер ол «айналайын апасынан» дей қалса, бұл үйдің жазы жадырап, күні күліп тұрғандай көретін. Сайдалының жаңағы бір жарқырауық сөзінен жастықтың жаңа бір жалынын көргендей, сол жалын шалқи келіп өзінің жүрегін шарпып өткендей ыршып түсті де, ұйықтап жатқан Текешті кез келген жерінен нұқып-нұқып жіберді.

— Қуратқан құдайым-ау, тым болмаса анау шал ғұрлы болмадың-ау,— деген дауысы да қаттырақ шығып кетті.

Бірақ қақ қасыңда біреудің ойнағы болып жатса да Текештің оны сезетін түрі жоқ.

Осындай қайыршылыққа ұшыраған Шарапаттың сұғанақ қиялы қараша үйлерді қанша кезсе де, кез келген үйдің тесігінен сығалап, кез келген төсектің көрпесіне үңілсе де, Қаусаттан басқаға көңілі дауалаған жоқ. Ал оның көзіне аспандағы жұлдыздай көрінген Қаусат жердегі қасіреттің шыжығы болып жатыр.

— Заузат... Заузат... қайдасың... жаным?—дейді күбірлеп, басқа сөз аузына түсер емес, басқа жан көзіне ілінер емес. Өзі де, қолындағы домбырасы да «Заузат... Заузат»... деп сарнайды. Найзағай сатырлай қалса да ол «Заузат» деп жалбарынады.

Қаусаттың дәл қазір сондай қасірет шегіп, бір үйде жалғыз шерленіп жатқанын Шарапат жақсы білетін еді. Текештің мына қылығы салған сол өртті соның көрпесімен ұрғылап сөндіргісі келеді, ол үшін нені сылтау етіп, ол үйге қалай ұрланып баруды да біледі, тек Қаусаттың өзіне сене алмайды, үлде мен бүлдеге оранып, жұпарын қанша бұрқыратса да, жетім қыз Заузаттай көріне ала ма, жоқ па? Шарапат соны ғана біле алмай діңкелеп жатыр. Өйткені Қаусаттың Заузаттан басқа сүйері жоқ екенін ол жақсы біледі.

Шарапаттың бес минуттік арманы болып жатқан Қаусат кім? Ол — Қарағандыдан кеше ғана келген жас жұмысшы. Оның осы ауылда тұратын етікші ағасы, сырқат жеңгесі, жаны асыл Заузат дейтін сүйген қызы бар еді. Ол бар өмірін осы Шарапаттың босағасында өткізген панасыз жетім қыз еді. Ол Қаусаттың, Қаусат оның арманы еді. Сол арманы осыдан үш күн бұрын зым-зия жоғалып кетіпті.

Өлі ме, тірі ме? Тірі болса қайда? Кетсе кіммен кетті, қалай кетті? Өлсе кім, не үшін, қайда өлтірді? Оны білетін жан жоқ.

Қаусат бұл суық хабарды ең алғаш кеше өзінің жарым естеу жеңгесінен естіген еді, есі саулардың да аузынан жақсы лебіз шыға қойған жоқ. Қайғысына ортақтасып жұбаныш айтатын ең жан ашыр жақыны өзінің ағасы еді, ол сырқат әйелінен де ессіздеу екен. Қаусатты құшақтап Заузатты жоқтап жылаған әйеліне зекіп:

— Көзің шыққыр-ау, жол жүргелі отырып жаман ырымға неге бастайсың? Неге жылайсың? Мал табылса қатын табылмаушы ма еді, онан да ақшаны көп тауып келдің бе десеңші. Қаусатжан, қайғыра бермей сазаруды сен де тоқтат, қатын деген қамшының сабы, сынды да қалды. Мен мына жеңгеңді Кернейдің бір атақты бақсысына қарату үшін апарғалы жатыр едім, жақсы келдің. Етек аңдып, ел кезіп кетпей, біз келгенше үйге не бол... жүр, қатын, мін арбаға... шу, жануарым...

Ағасы бір өзі ғана сөйлеп, бір өзі ғана билеп әйелін арбаға салып алды да, қара шолағын сабалап кете барды. «Заузатты көретін күнің болса, менен сәлем айт, ең жақыны сенен айрылса да, есінен айрыла көрмесін, есінен... есінен...» деп жеңгесі кетті зарланып.

Сонан бері Қаусаттың жаны зарлауда, сонан бері ел кезіп сұрау салуда, Заузаттың қайда екенін білген бір жан жоқ, естіген елдің таңданбаған бірі жоқ. Қаусаттың ендігі бір сырласары өзінің көнетоз қара домбырасы. Күндіз-түні сарнап қара домбырадан сұрайтыны бір ғана Заузат. Күні-түні бебеу қағып қақсаған қара домбыраның да айтары бір ғана Заузат.

— Заузат... Заузат...— дейді екеуі қосыла күңіреніп.

Алыстан, таң шапағы келер жақтан ауру жүректің ауыр соққан ыңқылындай домбыраның мұңлы сазы Шарапаттың құлағына талықсып жеткен еді, бетіне Қаусаттың жастық жалыны атқан ыстық лебі тигендей ол қайтадан лап етті де, өзін-өзі тепкілей бастады.

— Аллам-ау, осынша қинағандай не жаздым? Бұрын мұндай емес секілді едім ғой, не болды маған, неге бұлай? Әлде сол сорлы қыздың көз жасы ма?.. Соның обалы ма?

Біреуге істеген обал — өзіне тілеп алған апат. Ол апаттың бір соқпай кетпейтінін Шарапаттың тұңғыш сезгені осы еді. Егер өзінің Заузатты қайда жібергенін білсе. Қаусаттың не істейтінін есіне түсіріп еді, жаңа ғана лапылдап жатқан денесі мұзға айналып сала берді. Өйткені оның сайтан ұялаған денесінен тітіркенгендей діріл қағып қайта-қайта сырғып жатқан мынау ала көрпе сол саудагердің Шарапатқа тартқан сыйы, Заузат үшін берген қалыңмалының бір пұшпағы болатын. Ондай сыйдан Бекежан да құр қалған жоқ, өзі шапан, әйелі көйлек киген-ді. Оның көмейіне тығылған бар тығын сол ғана. Ала шүберекке малындырғанына мәз болып олар қалды. Ол екеуінің алдауына түсіп саудагердің күймесіне қалай кіргенін білместен жылай-жылай Заузат кеткен-ді. Ол саудагердің қай тарапқа, қай жолмен кеткенін білетін Бекежан мен Шарапат қана.

Таң атты, күн шықты, көгалдың бетін көкала бұйра бу басты. Үміті сол жер бетінің нәзік буындай мұнарланып Қаусат есік алдына шықты, домбырасын ала шықты. Қыбыр еткен жан жоқ, түнімен жауған-жауыннан қалжырап жаңа ғана қалғығандай жан біткеннің бәрі маужыраған табиғаттың құшағында. Бәрі де рақат құшағында, тек Қаусат қана азап шегуде. Оның ойынша өзінен басқаның бәрі бақытты, ең ақыры өзінің ұяластарының ортасында жатқан мына бір ала күшік те мұнан бақытты. Ол ауыл сыртындағы төбе басына шығып алысқа көз жібермек, қиырды қиялымен кезіп, Заузатты іздемек еді, ол үміті табалдырықты аттамастан үзілді де, өзі есіктен шыға бере босағаға отыра кетті.

Ол жиырмадан жана ғана асқан жалынды жас жігіт еді, қазір жетпістегі шал секілді қаусап, бар жалыны сөніпті. Ол бұрын екі беті жайнаған гүл еді, қазір күзгі жапыраққа айналыпты, тек кеудесінен шыққан күйі ғана серпінді. Заузатты іздеп шарқ ұрған қиялы сағымның саясына дейін сүзіп, жұлдыздардың арасына дейін кезуілдейді. Кезе-кезе қалжырағандай домбырасының ішегін әлсіз қағады. Көзі аспанның сонау заңғарында қиырдан-қиырға самғап жүрген қыранда. Оның да жоғалтқан Заузаты болу керек, жер бетінен безіп кеткісі келгендей ол біресе шарықтап аспандап кетеді де, біресе жер ұясын қимағандай қайтадан құлдилайды. Құйыла сорғалап келіп қайтадан қасқаяды. Қаусат қыранның сол самғасына қызығып, қанатын армандайды. «Ей, жасаған алла, мен Заузатымды іздеп табайын, маған сонау қыранның қанатындай қанат берсеңші» дейді ол күңіреніп.

Оның үмітін алдамау үшін көзінің алдынан кеткісі келгендей жаңағы қыран қанатын бір қақпастан сорғалап келіп бір қарағайлы төбенің далдасына түсіп еді, төбенің бергі алдындағы тоғайдың ішінен қылаң атты біреу жүйткіп шыға келді де, кілт тоқтап аянға көшті. Қаусаттың бүркітпен бірге құлдилап барып жер соққан жаралы үміті қайта көтерілген жоқ, тек көзі ғана жайнап, келе жатқан қылаң атты жолаушыға жармасты.

«О, ғажап, мына келе жатқан Қанаш, кәдімгі Мәдидің жау жүрек серігі Қанаш. Бұл қайдан сап ете қалды?»

Егер бұл келе жатқанның кім екенін білсе, Қаусат дәл осылай таңданар еді, бейтанысын танымады, танымаған соң таңданған жоқ.

Қызыл аттың қайықтай ескен аяңы жанын желпігендей ол лапылдап, лыпыл қағып келеді. Діріл қақтыратын қаупі де бар ма қалай, ұйқыдан қанталаған көзі жан-жағына жалт-жұлт етеді. Кейде әлденені іздегендей қараша үйлерге алыстан телміре қадалады. Ол жолындағы үйлердің біріне де соқпастан ауылдың өзен жақ шетіндегі осы үйге қарай туралап келеді. Жақындаған сайын көзін Қаусатқа қадап келеді, Қаусаттың көзі манадан сонда.

Бірақ қанша қадалса да танитын емес, өмірінде көрмеген адамы екені ол жақындаған сайын айқындала түсті.

Қаусаттың сол жақ миығында үлкендігі де, мөлдірлігі де көздің қарашығындай меңі бар еді. Көзі сол мөлдір меңге түскен шақта Қанаштың жүзіне шаттық ойнап шыға келді.

Атынан түсіп жақындай бере:

— Сәлем, Қаусат мырза,—деген күбірі де көңілді шықты.

«Мырза» деген сөз Қаусаттың шамына тиген еді, әлденендей бір сезім биледі де, ашуы тұтанбастан тынып қалды.

— Әликсәләм,— деді тартып отырған күйін тоқтатып,— өзімді білместен, мырзалығымды көре қалған сен қай әулие едің?

— Егер, әкең аты Жанай, өз атың Қаусат болса, мен өзіңді де, өзегіңді өртеген дертіңді де білемін.

— О, онда сен шын әулие екенсің, хош келдің, менің ауырмастан сандырақтайтын әнбием,— деп Қаусат ашудың уын бір төгіп алды да, кенет ойланып,— шынында, менің атымды білуің ғажап екен,— деді.

— Әрине, ғажап, өмірімде көрмеген үйіңді де дәл таптым, ол ғажап емес пе?

— Мұның шынында әулиелік.

Қаусат оның қайта ұсынған қолына бір, көзіне бір қарады да:

— Не үшін?—деді.

— Дыбысыңды шығармау үшін.

Қаусат қолын берместен аңырып қалды, кеудесіне қорқыныштың көжектері де ұялай қалды, бірақ ол сырын Қанашқа сездіргісі келмей:

— Ей, сен кімсің осы? Өзің кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің?— деді күмпие зілденіп.

— Мен сенің өзіме серік болатын жаужүрек екеніңді білемін. Менің кім екенімді кейін білерсің де күлерсің. Жан керек болса, жаныңдай көретін жарың керек болса, үніңді шығарма да мені тыңдай бер. Бүгін...

Қанаш қанша қорқытса да Қаусаттың шыдамы жетпеді.

— Тоқташы, бауырым,— деп Қанаштың қолынан ұстай түрекелді.— Жаныңдай көретін жарың дегенің кім? Қағыс естімесем, сен солай дедің ғой.

— Иә, солай дедім, неге олай дедім? Бәрін де кейін білерсің, білерсің де қуанғаннан еңкілдеп тұрып жыларсың.

Қаусат екі құлағын қатар қаттырақ шұқып-шұқып жіберді де:

— Осы мен не естіп тұрмын?— деді.

— Сен әлі тук естіген жоқсың, құлағың керең болса да еститін жырың алда, үніңді шығарма да тыңдай бер. Бүгін кешке, не ертең таңға жақын осы ауылда үлкен майдан болады. Оның қан төгіске айналуы да мүмкін...

— Астағпралла, ол ненің қаны? Адамның ба?

— Жоқ, адамның емес, жендеттердің қаны... Қасында алты солдаты бар бір Атаманов дейтін жендет Мәдиді іздеп шығыпты, бүгін осы ауылға келетін көрінеді. Егер осы естігендеріңді тісіңнен шығарар болсаң, тілің кесілді дей бер.

Астам сөзге Қаусаттың да шыдамы жоқ еді, Қанаштың мына сөзіне шыдамай мырс етті де:

— Ол кімнің үкімі?—деді сазара қалып.

Қанаш оның құлағына сыбырлап:

— Үніңді шығарма да, жақсылап тыңда, ол Заузаттың үкімі,— деп еді, Қаусат қайтадан ұшып түрекелді. Бірақ Қанаш оның аузын ашырған жоқ, иығынан басып қалды да,— енді үн қатар болсаң, жаныңды жаһаннамға жіберемін,— деді.

Қаусат та осал «жау» емес, бір Қанашқа жететін күш онда да бар. Ол да Қанаш секілді төртпақ денесі шойыннан құйылғандай шымыр еді, күш мөлшері де бірдей секілді, оны өлшеп тұрған Қаусат жоқ, не істерін білмей:

— Менің шыдамым таусылып барады,— деді қалтырап.

— Шыдамың таусылғаны ештеңе емес-ау, бұл жерде сөйлесу ақылыңды да тауысуы мүмкін екен, біздер үшін үлкен қорқыныш сол, мылтығыңды алып шық, мына бір тоғайға барып кеңесейік.

— Тоғайда нең бар?

— Қоян аулаған болып жүріп, бүгінгі келетін жендеттерді қалай жамсатуды кеңесеміз, сөзді осымен тоқтат та, ағаңның мылтығын тез алып шық.

— Менде мылтық барын сен қайдан білесің?

— Кімнен білгенімді қайтесің, әкеле бер.

Қанаш басқа сөз айтқан жоқ, басқа сөзді Қаусат та күткен жоқ. Ол өз мінін өзі сезгендей лып етіп ішке кірді де, ағасының қосауыз мылтығын жүре оқтап қайта шықты. Қанаш үн қатпастан тоғай жақты мегзеп иегін бір қақты да, атын жетектеген күйі жүріп кетті. Қаусаттың ол бұрын басқа сырын білмесе де, Заузат үшін өлімнің де соңынан ере беретінін біліп келген еді, сол білгені сеніміне демеу болды да артына қараған жоқ.

Қаусат аң-таң, Ол өзінің ояу екенін анықтап алғысы келгендей өзін-өзі сілкілеп алды да, Қанаштың соңынан кете берді.

— Ей, әулием, жөніңді айтшы, мұның бәрін білетін сен кімсің осы?

— Кім екенімді өзің де айтып келе жатқан жоқсың ба, мен сенің әулиеңмін, бір қырсық кездеспесе, сатылып кеткен Заузатыңды алдағы кештен қалдырмай қолыңа табыс ететін әулиемін.

— Өз...

— Шығарма үніңді.

Қаусат өз құлағына өзі сене алмай тұра қалып еді, үміті оны көп тұрғызған жоқ, алға қарай ала жөнелді.

Текештің жандаралы, жандармның майоры, келе жатқан отрядтың командирі Атамановтың өзінен бұрын бұйрықтары жетіп жатты. Кешке таман «мен барған кезде бейсауат жүрген бірде-бір жан көзіме көрінбесін, бірде-бір ит үруші болмасын. Егер кімде-кімнің иті үре қалса — өзіне елу қамшы, әйеліне отыз қамшы, итіне он қамшы дүре салынсын» деген жарлығы жетіп, жұрттың үрейін бір тарының қауызына, иттерін үйдің ішіне, таудағы қораның түбіне қуып тыққан еді. Бүгін өздері түсетін үйді «ауылдан аулаққа, көк шалғынның үстіне тігілсін» деп бұйырыпты.

Мұның бәрі Мәдидің жасанды жарлығы екенін ешкім сезген жоқ. Бейтаныс біреулер шапқыншы болып келеді де, жар салып жарлығын айта сала шапқылаған күйі қайта кетеді. Ойлауға қырсау, орындауға, әсіресе әміршінің әмірін бұлжытпай орындауға жүйрік жұрттың иттері тұмшаланып тұтқындалды да, Текештің үш үйі қорасан қонғандай аулаққа, тоғай іргесіндегі көкорай шалғынға барып тігілді. Атамановтың аяғы жерге тиісімен, ауызын асқа тигізу үшін сойылған бағланның еті былқып, қымыздан жасалған арақтың алды шөлмектерге құйыла бастады. Оның шебері Текештің сотқар інісі Сәрсек пен өзінің бәйбішесі Шарапат. Олар қазан-қазан қымызды қайнатып буға айналдыратын, ол бу қазанның қақпағына арнайы орнатылған түтік арқылы ағып барып қайтадан суға айналатын да су уға айналып спирт болып шығатын.

Бәйбішесі мен інісінің шариғатқа қайшы келетін бұл «өнерін» Текеш білсе де білмегенситін. Өйткені, ол құдайдың үйіне барып қайтқан қажы ғой. Қажы бола тұра ондай күнәкар әйелдің қасында жатудың өзі кешілмейтін күнә ғой.

Басқасы не болса ол болсын, өзінің жандаралы Атамановтың жарлығы орындалды, ірге тіресе үш үйінің үшеуі де тігілді, үш үйдің де дүниесі жиналып үлгерді. Көз тартатын бұйымдардың сандықта жатқандары да аша бақандарға ілініп, үйдің іші жайнаған сайын, Текештің жаны жадырай түсті. Мастай масаттанған ол үш үйінің бірде-біріне сыймай, аулақта, көк шалғында жатқан Қызыл кілемнің үстіне аунай бере түнере қалып сылқ етті. Өйткені батыс жақтан суық жүрісті екі адам келе жатты.

— Апыр-ай, жандаралға арыз айтушылар көбейіп, ауылды басып кетер ме екен? Соны несіне жандарал дедім екен? Өзімді қампиту үшін солай күпілдедім-ау.

Оны сылқ еткізген ой осы.

Жолаушылардың жүрістері тым суыт, сірә сырттан қанық болу керек, қалың ауылға соқпастан осы үйлерге қарай тіке тартып келеді.

Олар Мәди мен Қанаш еді.

«Досымнан дұшпаным көп қылған өсек» деп Мәдидің өзі қанша зарланса да, оның тілеулес достары қаладан да, даладан да мол табылатын. Олардың шарапаты қарлығаштың қанатынан тамшылаған тамшыдай, бірақ Мәди үшін шалқыған теңіздей. Сол достығының Шарапаты теңіздей көрінетіндердің бірі өзінің бір кездегі ұстазы Демин дейтін орыс. Оның ояз кеңсесінде кеңесші болып істейтін баласы бар. Ояз тарапынан Мәдиге қарсы қандай қастандық әзірленіп жатқанын сол баласы арқылы білетін де, білгендерін өзінің Мағау дейтін көршісіне, ол көршісі ел ішіндегі тілеулестер арқылы Мәдиге жеткізетін. Бірімен-бірі жалғасып, шарапат шапағын қаланың қақ ортасынан даланың қиыр шетіне дейін шашып жатқан сол достары еді. Атамановтың қаладан шыға салып келе жатқан лаңын жеткізіп, Мәдиді Абайдың жаназасына бара жатқан бетінен кері қайтарған да сол достары болатын. Олар, тек бұл лаңның отын алғаш тұтатушы Текеш екенін ғана білмейтін.

«Мырзалар, мен айтты демеңіздер, тірі жанға сездірмей Атаманов мырзаның өзіне ғана сыбырлаңыздар, Мәдиді қолға оңай түсірудің жолын таптым. Біздің елде Кәріпжан дейтін бар, соның Самал дейтін қызы Мәдидің сөз байласқан қалыңдығы көрінеді. Егер біздің Атаманов мырза сол қызды кепілге ұстап, тұтқындаса, Мәдидің өзі келіп берілетіні сөзсіз».

Текештің бұл сұмдығы Атамановтың құлқынын ашып жіберді. Ол «Мәдимен байланысың бар» деген сылтаумен талайларды тұтқындап, талайлардың қалтасын қақты. Бірақ Самалдан басқасы пара алудың сылтауы екен, кешке қамалса таңның атуына қараған-бірі жоқ. Не өзінің көз жасы, не ағаларының төккен ақшасы Атамановты жібіте алмай жылай-жылай кете барған тек Самал ғана.

Мәдидің жанын жаралап ашындырған Атамановтың осы қылығы. Қазір оның неден болса да тайынатын түрі жоқ. Атамановтың бүгін осы елге келетінін де, келе жасақтарын молайтып алып, жолшыбайғы елге салып келген лаңын бұл елге де салып үдете түсетінін де біледі.

Екеуінің де түн қатқан қабақтары қатыңқы. Қабақтың сырын көрсеткісі келмегендей, Мәди көзіне сол заманның мырзалары сән үшін киетін алтын сырғалы көзәйнегін киіпті. Оның алыстан жалт-жұлт еткен сәулесін өзі де сезіп келеді. Ол басқаның көзін алтынымен алдап, шынысымен бүркеп тұрған көзін жан-жағына еркін тастап, алдағы кеште болатын айқасқа керекті жерлерді сайлап алып, ойына байлап келеді.

— Үйлер айқасқа қолайлы жерге тігілген екен. Енді «тоғайға жасырынған бір жан болмасын, егер ондайлар біліне қалса, кім екені сұралмастан атылады» деген жарлық керек екен,— деді ішінен

Текеш олардың осал жандар емес екенін, алыстан-ақ бұл елдің ең байлары ғана киетін сәнді киімдерінен, қысыр жыландай жарау аттарынан таныған еді. Олардың алдында өзінің ірілігін көрсеткісі келді де, маңғаздана түсіп бәйбішесі мен тоқалдарына зірк-зірк етіп әмір ете бастады. Үй іргесі аударылғандықтан бие желісі алыста қалған-ды, сол алыс желіден шелек-шелек сүт көтеріп, шұбап келе жатқан биешілерге де жағалай зіркіл қақты.

Мәди оның бәрін алыстан естіп келеді, әдейі солар көрсін, естісін дейтін болу керек. Текештің керіле жантайысы да, кердең дауысы да кесек. Ол атынан түсе қолын кеудесіне қойып сәлем бере жақындаған Мәдилерге де бір иығынан мұрнын шүйіре қарап еді, сұғанақ көзі Мәдидің көзіндегі алтын әйнекке түсіп қылмия қалды, көзі көзілдіріктен төмен жылжып тос қалтадағы сағаттың алқалана салбырап тұрған алтын бауына түсіп еді, жаңағы кесел кердеңінен түк қалған жоқ.

— Уағалайкүміссалам,— деген дауысы да мүлдем жылмиып шықты. Мәдидің қолын босатпастан үңіле қарап,— е, мырзалар, танымадық, жол сұрамақ бізден болсын,— деді.

— Құдай жолын сілтемек сізден болсын. Біздер сонау Қараөткелге қарайтын, Нұранық ер басындағы елдің азаматтарымыз.

— Алыс елдің мырзасы екендеріңді ат сабылтқан жүрістеріңнен көріп отырмын, жолдарың болсын, іздегендерің құдайдың қандай жолы?

— Іздегеніміз кектің жолы.

Текеш аңырып қалды.

— Бұл менің естімеген сөзім... Құдайдан көмек сұрайтындай үлкен кектерің кімде кеткен еді?

— Қаракесектің бір қарақшысы жан көрмеген қорлықты көрсетіп, төсегімді ойрандап намысымды қорлап кетті, соның үстінен арыз еткелі осы дуанның оязына кетіп барамын.

Текеш екі мың жылқы бітсе де, Мәдидің киіміндей киімді өмірінде киіп, оның Көкдауылындай сұлу атты өмірінде мініп көрген емес еді. Сол дүниелерге көзінің құртын бір тойдырып алғысы келгендей телміре қарап аз отырды да:

— Басқаңды кейін айтарсың, алдымен «төсегімді ойрандап кетті» деген сөзіңнің мәнісін түсіндірші, мырзам,— деді.

— Текеш қажы дейтін дуалы ауызды қажы бар деген даңқыңызды өз елімнің Есімтай дейтін қажысынан естіген едім.

Шындық кімді болса да шыңғыртады ғой, Мәди соны айтқан кезде Текештің жаны шыр етіп, қаны. қаша қалды.

— Есімтай?— деген дауысы да зорға шықты.

Текештің қажылығында шикілік барын Есімтай дейтін қажы білетінін Мәди осы сапар Сармантай елінен сырттай ғана естіген-ді. Текешті салғаннан бұқтырып алғысы келіп, сол естігендерін көзбен көргендей осы арада айтып салып еді.

Текеш өзінің мекеге бармастан Стамбулдан ғана қайтқан жалған қажы екенін Мәди дәл басса да, сыр сездірмеуге тырысып:

— Е, біздің елдің мен аттас біреуін Стамбулдың көшесінен тауып алып, түйесіне мінгестіріп қайтқан Есімтай дейтін өтірікші қажы бар еді, сенің айтып отырғаның сол екен ғой. Қалай, ол суайт қажыларыңның үй-іші, бала-шағасы тегіс аман ба?

— Тегіс аман, маған сіздің дуалы ауыз екеніңізді айтып, батаңызды ала кетуді тапсырған сол суайт қажы еді.

— Сендей абзал жандарға менің батам әрқашан да әзір,— деп қампия қалды.

— Сіздің батаңыз әзір болса менің айтар арызым да, ақтарар сырым да әзір. Сол батаңыз үшін бәрін де жасырмай айтамын, ол үшін жалғыз-ақ шартым бар. Қашан сол жауымнан кегімді алғанша бұл сырымды шашпайсыз. Егер ол қолыңыздан келмесе, обалыма қалмаңыз. Менің сырымды білмеген күйіңізде қалыңыз.

— Бір бұл сапарда ғана емес, әрқашан да жолың болсын, інішегім. Сол іздеген Текеш қажың менмін, не тілесең, бәрі де қабыл болсын, аллауәкпар,— деп екі алақанын қатар жайып бетін бір сипады да,— сонша жерден кек іздеп екінші дуанның оязына дейін шапқандай ауыр күн туса, бар тілегіңді тілермін, сырың сыртқа шашыла қоймас, айта бер.

— Алла атымен ант етесіз бе?

— Ақ жолдан алланың атын да аяған емеспін.

— Онда айтайын. Жеті болыс елден таңдап, жеті үйір қысырақты бір күнде матап беріп алған, өмірінде өзімнен басқа жан сүймеген зайыбымды ұрлап кетті.

— Кім? Кім?— деді Текеш үрейлі дауыспен.

— Осы елдің бір қарақшысы.

— Апыр-ау, мынау Мәдидің қимылы ғой... О, жасаған... о заман да бұ заман, қатын ұрлағанды бізден басқа кім көрген. Қатыныңды қатын етіп, өзіңді тірідей жерлеген ол жауыңның кім екенін білесің бе, білмесең мен айтайын, мырза, ол — Бәпидің Мәдиі. Мұндай қимыл онан басқаның қолынан келмейді.

— Апыр-ай, тақсырым-ай, қажы болғанда жай қажы емес, көріпкелі бар нағыз әулиенің өзі екенсіз ғой. Өзімнің де нысанаға алып көздегенім сол. Өз елімнің болысының қолын қойып, мөрін басып тұрып осы дуанның оязы мен сол қарақшының болыс ағасы Қақабай мырзаға жазған мынандай қағазы да бар. Құдайдың өзінен жасырмаған сырымды, алланың елшісі, сізден несіне жасырайын. Қаракесектің достығы мен қастандығына ортақ әділ биінің бірісіз ғой, сіз де танысыңыз,— деп, Мәди ішкі төс қалтасынан ұқыпты бүктелген екі тарақ қағаз алып беріп еді. Текеш оның орыс тілінде жазылғанын қайтарып берді де, екіншісін оқып шығып жағасын ұстады.

— Астағпыралла, мынау ел құлағы естімеген сұмдық екен. Ақырзаман боларда «дүниеге түрлі-түрлі бәле толғай» дегеніміз осы болар.

— Осы болса көмектесіңіз.

— Көмекті менен сұрамастан алатын болдың, мырза, қуана бер.

— Иллаһи әмин... Қалай?

— Көктен тілегенің жерден табылды.

— Әмин...

— Қалай?— деп Қанаш та сұрап, қуанғанын осы арада бір көрсетіп қалды.

— Сол Мәдиді ұстау үшін арнайы шыққан жандарал бүгін осы ауылға келеді.

— Жалғыз ба?

— Жоқ, қасына ерген бір өзі мыңды қырып салатын алты солдаты бар.

— Оның Мәдиді өз елінен іздемей мұнда келгені қалай, әлде Мәдидің елі осы ма?

— Жоқ, оның елі бұл емес, бірақ оның мекендеген жері менің осы маңайдағы Аюлы дейтін тауымда, ең өшіккен жауы өзім.

— Сонша өшіккендей сіз не жазған едіңіз?

— Қақабай мен Түнекбайдың жесір дауына билік айтқан едім. Сол билігім оны сүйген қызынан айырған еді.

— А, онда сізге өшігетін жөні бар екен. Қай тауда екенін білсеңіздер оны қолға неге түсірмейсіздер?

— Оның бекінген тауы да — өзі сияқты маңайлатпайтын дажал, алдырмайтын қамал. Ол таудың ішінде аю, жолбарыс сияқты аңдар ғана ұялап, сол Мәди сияқты жан кештілер ғана паналайтын «Жолбарыс құзы» дейтін жыныс қарағайлы құзы бар. Бір тайпы ел сыйып кететін сол құзға баратын жалғыз-ақ жол бар, оның өзі де біздің үлкен үйдің қақпасынан кең емес, тап-тар бірдеңе. Жан-жағы жан баспайтын жақпар тас, сол құз көрінеді қыз алып қашқандардың барып паналайтын жері. Өздері қазір бір тайпы ел болған секілді. Бір сіздің емес, осы іргелес жатқан екі губерниядағы жүйрік ат, сұлу қатындардың бәрі сол құздағы қарақшылардың қолында көрінеді. Сіздің зайыбыңыз да соның ішінде болар. Бүгін осы ауылға келетін әскер ертең жасағын молайтып алады да, сол Аюлы тауына аттанады. Иншалла, біздің жуан сары тамыр аман болса, Мәдидің жаназасы шығар да, зайыбыңыз өзіңізді келіп құшар. Сол үшін аллаға бір құлшылық етіп қояйық,— деп Текеш безеу басқан бұжыр бетін тағы бір сипады да.— О жасаған, жалған болса, оны айтушының өзін Мәдидің қолына түсір,— деді күрсіне сөйлеп.

— Ол жуан сары тамырыңыз кім еді?

— Осы келе жатқан әскердің командәрі. Ол жай командәр болса да, біздің Қарқаралының жандаралы. Сондықтан оны өзіміз жандарал дейміз.

— Осы сөзіңіз үшін құдайтағала өзіңізді жазаламас па екен?—деп Мәди күле қарап еді. Текештің қабағы түйіле қалды.— Ағат болса кешіріңіз. Білмеген у ішеді ғой, білмеген соң сұрап едім.

— Жоқ, ағат емес, Мәдиге деген ашуым адастырып ағат басқан өзім... я, алла, өзің кешіре гөр,— деп бетін тағы бір сипады да, келе жатқан Шарапатқа көзі түсіп қайтадан күмпие қалды.

Кербездіктің бар түрін көрсете гүл-гүл жайнап Шарапат келе,жатыр.

— Тақсырым-ау, кім екенін білместен ақ тілегіңді кімге шашып жатырсың?

— Мәдидің жауы екенін білсем, басқасын білу.маған қажет емес, кімде-кім оның қасы болса менің досым,— деді де, Текеш ішінің ауруын басу үшін, өзен жағасына қарай жортақтай жөнелді.

— Бүгінгі қымызға саумал қосқансыңдар ма, немене бұл,— деді ол кетіп бара жатып, кейісті дауыспен күңкілдеп.

— Армысыз, жеңеше,— деді Мәди де кердең дауысқа салып. Мұндайда кеудесіне қойылатын қолы бұл сапар артына қарай қайрылып барып жерге тірелді де, мұндайда гүлше майысып иілетін басы шалқая қалды. Оның неге бұлай сіресе қалғанын Шарапат білген жоқ, сүйкенгісі келгендегі сотқар әдетімен сиқырлы күлкісін сыңқылдатып:

— Бауырым-ау, менің жеңеше екенімді қайдан білдің? Мүмкін мен сенің әпкейің шығармын.

— Әзіл сөзім ащырақ шықса айып етпеңіз, әпкелерімнен гөрі кейбір жеңешелеріме көбірек ұқсайсыз.

— Жеңешелеріңнің нендей кереметі бар еді? Оларға ұқсайтын менің қай жерім?

— Шайтандарды да шақыратын көзіңіз ұқсас.

Шарапат көзін күлімдете сылқ-сылқ күліп:

— Жеңешелеріңнің бәрі бірдей емес шығар маған ұқсайтын.

— Әрине, бәрі емес, тек күйеуін менсінбейтіндері ғана.

— Мен күйеуімді менсінемін, сонда оларға қалай ұқсаймын?

— Ең абзалы осы әңгімені мұнан әрі созбағанымыз жөн болар.

— Не үшін?

— Уланып барамын.

Шарапат өзінен-өзі қуыстанып, Мәдидің бұл сөзіне не дерін білмей көлгір күлкімен аз кідірді де, улы тілін салып алды.

— Жейтін жеміңді де жеңешелеріңнің етегінің астынан іздейтін қусың-ау, ә, мырзам,— деді өтірік сылқ-сылқ етіп.

Осы кезде тоғайдың арғы бетінен күрең қасқа атын аспанға шапшыта ойнақтатып Заузат шыға келді. Ол қылаң атты біреуді қамшының астына алып төпеп келеді. Алдындағы қылаң атқа тиген қамшы өзіне тигендей күрең қасқа ауыздығымен алысып аспанға секіреді. Қанатсыз ұшу қажытты ма қалай, Заузат қылаң аттыны алға жіберді де, өзі атының басын тежеп, кейін қалды.

Қылаң атты Қаусат еді. Ол шапқан бойы келе ырғып түсті де, түзден жаңа ғана оралған Текештің алдына домалай кетті.

— Қажеке, келе жатқан әскер бастығы тағы да бір жарлық жіберіпті. Сізге алдымнан шығып Ақбұлақтың басынан қарсы алсын, сол елсіз бұлақтың басында кешке дейін еркін дем алатын болайын депті. Онысы ет пен қымыз ала келсін деген емеуріні болар.

— Ондай жарлықтың боларын біздің бәйбіше өзінен де бұрын ойлаған, бәрін де сайлаған. Қала көрген жібі түзу жігітсің ғой, осы сапарға мені сен алып бар.

— Қызметіңізге әрқашан да әзірмін, тек дұғаңыздан құр тастамасаңыз болды.

— Саудаласпай әзірлен, жылқыдан жарау боздардың үшеуін алдыр да күймеге жеккіз.

— Құп, тақсыр.

— Тезірек,

Қаусат қуаныш ойнаған көзін Мәдиге бір тастады да ырғи жөнелді. Текеш сөзін үзген жоқ:

— Бәйбіше, сен бағланның етін тез түсіріп тегенеге салдыр да, дастарханға оратқайсың, басқасын маған білдірмей өзің істей бер. Алдымен мына жолаушыларды сусындандыр, бұлар да менімен бірге жүріп, оязға айтар тілегін алдымен осы келе жатқан батырға айтатын болсын. Тілектері сол жерден қабыл болса қайтып келіп қонақ асысын жер, қабыл болмаса, сол жерден әрі оязына кете берер, солай емес пе, мырзалар?

— Әулиелік сөз,— деді Мәди басын сәл бір изеп.

— Өзің көктен тілегені жерден табылатын ақжолтай жігіт екенсің.

Текеш соны айтып үлгіргенше атын желе аяңдатып Заузат та жеткен еді. Ол бетінің әр жеріне әдемі мең салып, қара қасын қоюландыра түсіпті. Көзінде қара киізден жасалған көзілдірік. Сондықтан оны қазір Қаусаттан басқа жан танитын емес, көрмегендеріне екі-ақ сағат болған Мәди мен Қанаш та оны тек аты мен киімдерінен ғана танып отыр. Ол отырғандардың ешқайсысына сәлем берместен қамшысын үйіре Қаусатқа жақындады.

— Түгін қалдырмай шып-шырғасын шығармай түгел жеткіздің бе менің әкелген жарлығымды,— деп зіркілдеткен дауысы Текештің дауысынан бір де кем емес.

— Жеткіздім, мырзам, шып-шырғасын шығармай, бір тамшысын да тамызбастан түгел жеткіздім,— деп Қаусат оның алдында қоғадай жапырылып, гүлше майыса қалды.— Тек арқама тиген қамшыңызды ғана жасырдым.

— Оны жеткізсең, енді өз бұйрығымды түбіне жеткіз,— деді де, Заузат Шарапатқа қадалды,—Мына бір қызыл байталға зер салшы. Айғыр іздеп құтырған құрты көзінде құжынап тұр ғой. Сол құрты үшін талай еркекті жалмапты ғой, көрдің бе, әлі де талайларды тонап, талайларды жалмағалы тұрғанын. Соққының астына алып тұншықтырсаңдаршы ол жалмауыздың құртын,— деп Шарапатқа тап беріп еді, ол бақырып барып байына тығылды. Заузат Щарапатқа қамшысын бір сілтей сала, сол ұмтылған екпінімен ағып өтіп, шапқан күйі кете барды.

Алдағы түннің айқасы немен тынары белгісіз, әйтеуір әзірлігі осылай ойдағыдай жүріп келеді. Мәди соған іштей қуанышты болса да түксиген түр көрсетіп:

— Ей, мырза, ол жандаралдың қазір қайда екенін айта кетші,— деді айғайлап.

— Алты емшектің ауылында, алты емшек.... алты емшек,..

Оның «алты емшек» дегені ит екенін сезіп Мәдидің күлкісі келіп еді. Өзін-өзі тежеп қалды.

Заузат жалт қарап соны айтты да, келген жағына қарай шаба жөнелді. Қазір тордан құтылған қырғи секілді, қиырдан-қиырға зымырай бергісі келеді. Мәдилерге ергелі белін шешіп бір ұйықтаған емес, сонда да ол қажитын емес. Үстіндегі сәнді киімдерді де жөнді бір шешкен емес, күрең аттан да көп түсе қойған жоқ. Қаусаттан айрылса да, сол екеуінен айрылғысы келмегендей құйындатып барады.

Текештің көзі есінен адаса телміре қалған Шарапатта, Шарапаттың көзі Мәдиде, Мәдидің көзі ұзап бара жатқан Заузатта.

— Алты емшектің ауылын білетін кім бар?

Заузаттың сөзі Шарапатты байына, байын жерге қуып тыққан еді, екеуі енді ғана ес жинап, енді ғана демін тарта бастады. Бірақ Мәдидің сұрауына екеуі де жауап бере алған жоқ, өйткені екеуі де әлі есеңгіреп отыр.

Шарапаттың шаңдатып бара жатқан Заузатқа қадалған көзі шатынап кетіпті, зымияндана мырс етіп тісін бір шықыр еткізді:

— Бара тұр, кебенек киген көбелек. Жаршысы болмақ түгілі жан серігі болсаң да, сол «жандаралдың» өзіне шығартармын жаназаңды. Сонда көрерсің менің қандай байтал екенімді.

Ол солай тепсіне, тістене сөйлеп үйіне қарай беттеп еді, есі сонда ғана кіргендей қалбаң етіп Текеш те Түрегелді. Бірақ оның аузына есі саудың сөзі түсе қойған жоқ.

— Е, намаз қайда? Құман қайда? Жоқ, оған әуре болмаңдар, намазды өзім оқимын, дәретті де өзім аламын, сен әзірле, бәрін... бәрін...

— Әзірленіп мен не істеймін, немді әзірлейін?— деді Шарапат тұра қалып.

— Бәрін де әзірле, бәрін де күймеге салыңдар,— деді де, Текеш оның әзіліне түсінбестен үйге кетті, Шарапат тұрып қалды. Текештің «әзірлен» деген сөзі кеудесіне бір ұя шайтанды қаптатып жіберіп еді, жана ғана бұрқ-сарқ етіп тұрған ашуынан түк қалған жоқ. Бір қолымен үйге сүйене діріл қағып бір адым шегінді де, кілем үстінде отырып қалған Мәдилерге қарады:

— Қымбатты меймандар, бір жаманның кесепаты мың жақсыға тиетінін білетін шығарсыздар. Соны ескеріңіздер де, әдептен аттап ашу шақырған кінәмді кешіріп, үйге кіріңіздер,— деді де, Мәдилер өзіне жақындап келген кезде күбір етті.— Қона жатып дем алыңыздар. Өзі келе жатқан ұлықты осы ауылдан күтіп алсаңыздар да болар.

Қыңсылай, ыңырси сөйлеп дауысын құбылтып жіберді. Алғаш амандық сұрасқан кездегі «сені» «сізге» айналып сызыла қалыпты.

— Сіздей асыл жеңгелер жолымызға жұпарын шашып, өзімізге құшағын ашып осылай қасқайып тұрса, біз не дейміз. «О, дүние, дүние, ақылға сонда кім не» деп жата береміз де,— деп Мәди алдынан өте бере бұғағынан қағып қалып еді, Шарапаттың бар денесі бірден балқып сала берді.

Тамақтың дәмдісін байынан гөрі көңілдесіне сыйлайтын Шарапаттың әдеті еді. Сол әдетін жаңа ғана көрген Мәдиге де жұмсады. «Жандаралға» арналған бағланның бір тегене етін турамастан түгел әкеліп, Мәдилердің алдына қоя салды.

— Жұбайымның құрметті мырзасына, мәртебелі ұлығына тартарым сізден қалған қалдық болсын, қолдарыңызды жуыңыздар да тезірек алып жіберіңіздер.

Мәди қанша сыпайылық еткісі келсе де, сөзді есесіз жібергісі келмейтін әдеті жеңіп кетті:

— Мүмкін, жұбайыңызға да сыйлайтыныңыз әркімнен қалған қалдық болар.

— Әркім деген сөзді айта көрмеңіз, сіз әркім емессіз.

— Сонда мен өзімді кім деймін?

— Кім екеніңізді өзіңіз білерсіз, менің білерім әйтеуір сіз көптің бірі емессіз.

— Көптің бірі болмасам да, жейтінім көптің бірі босын, екеуімізге асық жіліктің бірін қалдырыңыз да, басқасын жолға әзірлей беріңіз.

— Неге екенін білмеймін, мен сізді тап бүгін ешкіммен ортақтастырғым келмейді. Қалаған асықты жілігіңізге қосарым жамбас, белдемеге қосарым тіл болсын,— деді де, Шарапат тілді қолына ұстаған күйі құбыла қалды.— Қолыма түскен мына тіл өз тіліме бір сөзді орап еді, айтуға батылымның жетпей отырғанын қарашы.

— Тіл жүректің жаршысы ғана. Өз жүрегіңіздің әмірін орындамасаңыз болмас, «ауызға келген түкірік, қайта жұтқан мәкірүк» дейтін шариғатты да білетін шығарсыз. Әлде қажыңыздың шариғатын тыңдамайтын өжеттігіңіз бар ма еді.

— Бүгін оның шариғатын қалтама салып қойғым келіп тұр. Менің тілімді дәл қазір байлап тұрған мына жігіт.

— Бұл жігіттің құлағы саңырау, айта беріңіз.

— Онысы бір жақсы болды-ау.

— Біреу келе жатыр, тезірек айтыңыз, мұның саңырау болғаны сізге не үшін жақсы?

— Келетін ұлықты осы ауылдан тоссаңыз да, кешке оралып келіп қонсаңыз да, сыйлайтыным өз тілім.

— Сыпайылап айтқанда, мүмкін дініңізді де сыйларсыз?

Шарапат Мәдидің бұл сөзінің байыбынан бәрін бағдарлап, өз ойындағысын айтып салды.

"— Менің дінім тілімнен қымбат емес,— деді де, ойнақы көзінің қарашығына дейін дірілдете қалтырап Мәдиге қадала қарады. Оның дәл қазіргі қомағай көзіне Мәдидің отты көзі де төтеп бере алған жоқ, тайқып кетті. Шарапат соның сол сылқ еткен көзінің өзінен ләззат алып, аспанда қалықтаған торғайды арбап түсіре бастаған жыланның рақатындай рақатқа батып отыр еді, оның сол рақатын сары тегешпен қымыз әкеле жатқан ақ жаулықты келіншек бұзып жіберді. Рақаты бұзылса қасірет тозағына күмп беретін Шарапат ақ келіншекті кере сала жыланша жиырыла қалды. Тісін қайрай күлімсіреп:— Мына жерге қоя сал да, Қаусатқа айт, кіші сабаны апарып арбаға салсын, өзің де көмектес... Құлағыңды бері әкел, оған көмектескен болып сүйкенемін деп, қажының көзіне түсіп қалма, ол бүгін ашулы, бар, жортқанда жолың болсын.

Мәдидің есіне Иманның алғашқы махаббатына не болған бақытты адам. түсті де, сол осы ақ келіншек болар деген оймен, әрі Шар,апатты осы арада бір түйрегісі келіп:

— Келінжан, амансың ба, мен сізді бір жерде көрген секілдімін,— деп еді, көзінің қиығын ғана тастап бара жатқан ақ келіншек дір етіп жалт қарады. Жолынан бір тайған адам секемшіл келеді ғой, келіншектің ақша жүзі қызыл күреңденіп барып лезде сұрланып кетті.

— Кешіріңіз, мен сізді танымадым,— деген дауысы да дірілдеңкіреп шықты.

Мәдидің оны мұнан әрі қинағысы келген жоқ:

— Сіз де кешіріңіз, мен сізді басқа бір адаммен шатастырыппын,— деді.

Келіншектің жүзі қайтадан жайнап сала берді. Бірақ «бәсе» деуден басқа сөз айта алған жоқ, бір қырымен сызыла басып кете бере есікке жетті де, Мәдиге күле қарады.

— Танымастан тарпа бас салатын ниетіңіз қасқырға ұқсас екен.

Ол Мәдидің жауабын күткен жоқ, айтарын айтты да, есіктен бір-ақ ырғыды.

Мәдидің көзі сол ақ келіншек кеткен жақта. Оның сынаптай сырғып білінбейтін жүрісін көрмесе де, қалай кетіп бара жатқанын сезіп отыр. Іштегі күлкісін Мәдидің құлағына жеткізгісі келгендей шолпылары сылдыр қағып алыстап барады, шолпы сылдыры алыстаған сайын сол ақ келіншектің өз күлкісіне ұқсап барады, үзіле сылдырлап, үздіге сыңқылдап барып, шолпының үні де өшті, Мәди сонда ғана үн қатты:

— Бір өзіңде бес әйелдің оты бар бұл неткен жан? Сіздің келініңіз бе,— деді Мәди, өзінен-өзі қамыға қалған Шарапатты онан сайын қамықтыра түскісі келіп.

— Сиқырлы мырза, мені тым ерте қартайтпаңыз, ол менің күндесім. Күндесім болғанда қандай, өзіне керектіні өгізден де сауғысы келетін, өзгелеріміз өліп кетсек те аузымызға су тамызғысы келмейтін, өзіңіз айтқандай бес әйелдің сыбағасын жалғыз өзі жалмағысы келетін...

Шарапат кенет өзгеріп, алақанымен аузын баса қойды.

— Ұят-ай, мен не деп кеттім? Сіз мені сиқырлап отырсыз ба, мені қайда сүйреп барасыз? Он жыл отасқан байыма айта алмаған сөзді бір көрген сізге қалай айтып отырмын? Жоқ, сіз мені сиқырладыңыз, әйтпесе жаңа ғана көрген жат кісіге мұнша ақтарылуым мүмкін емес.

— Ол — әйел байғұстардан талай естіген ертегім.

— Жоқ, бұл ертек емес.

— Ертек емес екенін өзім де білемін, тек әйел байғұстардың жанаса кетсем жанын неліктен жайып салатынын білмеймін.

— Басқа нендей кереметіңіз барын, менен басқа байғұстардың не дегенін де білмеймін, көзіңізде әйелдердің жүрегін өзіне тартатын бір сиқыр бар, менің білетінім сол ғана.

— Осы сөзіңіз үшін кешке келіп қонайын, тек қажыңыз қаттырақ ұйықтайтын болсын.

Мәди соны айтқан кезде, Шарапаттың көзі жасаурап кетті.

— Алып ұйқыға жібер десеңіз де жіберейін,— деп күрсіне күңк етті.

Мәдидің кешкі айқас үшін жұмсамақ айласының бірі осы еді, ақыры қалай тынары белгісіз, әзіргі беті осылай оралып келеді.

— Қажы намазын оқып болса, біз мәртебелі ұлығымызды ертерек қарсы алайық.

Шарапат сәл ойланып алды да, миығынан мырс етті. Ол миығынан күле сөйлесе, бетіне сұлулықтың бір дөңгелегі үйіріле қалып, дауысының әдемі шығатынын өзі де біледі екен, сол әдемі дауысына салып:

— Кенел-ай, қажың намазын оқып болды ма екен, білші,— деді сыртқа дауыстап.

— Кенел деген аты жақсы екен, балаңыз ба?

— Ол жаңағы күндесімнің аты. Сіз кешке қажыны маған ұйқтаттырып, мені тоқалға ұйқтаттырып жүрмеңіз.

— Бүгін түнді қалай өткізсем де, сізбен өткізуге ант етемін.

— Шыдамым таусылып барады, мынаны жұмсап жіберіңізші.

Шарапаттың таусылған шыдамынан бұрын, ыңырси шыққан дауысы ызасын келтірді ме қалай, Қанаш өзінің ойнап отырғаны саңыраудың рөлі екенін ұмытып кетті. Ол манадан бері жаңағы ақ келіншектің күлімдеген көзін көзінің алдынан кетіре алмай жаны қайта-қайта күрсінуде болатын, Шарапаттың сұғанақтығы соның бәрін ұмыттырып жіберді де, ол кеудесін кере бір күрсініп:

— Ех, Иман, Иман,— деді әдейі Шарапатты шошытқысы келіп, Шарапат оның күткеніндей-ақ ыршып түсті.

— Мынаның айтып отырған Иманы кім?

— Бір сайқалдың нәпсісіне уланған Иман дейтін құрдасы бар еді, бұл соны ойлап отыр.

— Нәпсімен уланғаны қалай?

— Ол — ұзақ әңгіме. Сіз аман болсаңыз, сіздің бағыңызға қарай мен аман болсам, кешке бәрін де айтып беремін.

— Әмин дейінші.

— Әмин.

— Сіздер намаз оқымайсыздар ма?

— Ұзақ жолда жүргендіктен бар намаздың қазасын кешке төсекте оқитын болып жүргенім...

— Бүгінгі оқитын намаздарыңыздың бірде-бірін қазаға ұшыратпағайсыз.

— Менің бүгінгі жайнамазым біреу-ақ, ол — сіздің төсегіңіз. Иллаһи әмин,— деп Мәди бетін сипап еді. Шарапат енді бөгелсе жанып кететіндей, өзін-өзі өрттің ішінен алып қашқандай бір-ақ ырғып сыртқа шықты. Есік алдына тұра қалып, алқынған жүрегін күшпен басып алды да, алыста келе жатқан биешінің бірін қолымен ымдап шақырды да, үйге қайта кірді. Оның дәл қазіргі жан толқыны жарды соғып, жартасты да сүзгілейтін толқынның өзі секілді. Мүмкін, қазіргі кезде қара тасты да мамықтай көретін күйде жүрген Мәдиге солай көрінген болар, әйтеуір Мәдидің көзіне оның оты лап-лап етеді. Қанаш соны сезіп отыр. Егер Мәдидің қолы тие қалса да, оның денесі ду еткелі лыпылдап тұрғанын да, Мәдидің оның шақпағын шаға түскісі келіп, тегене толы ет оралған ала дастарқанның төрт бұрышын айқастыра байлап отырған Шарапатқа не оймен жақындағанын да сезіп қалды.

— Мен аттарды әзірлесем қайтеді?—деді қамшысын қолына алып.

Шарапат ала көзімен жалт қарады.

— Сол сөзді мана айтпай енді міңгірлеуін.

— Ертерек айтқанда не істейтін едіңіз?

— Сізге намаз оқытатын едім.

— Солай ма еді?

— Солай еді,— деп Шарапат аузын тағы керді.

— Ондай аңқаулығымды кешірерсіз,— деп Мәди оның беліне қолын тигізіп еді, жаңа ғана өзі жабысқалы қомағайланып тұрған Шарапат ыршып кетті. Неге екені белгісіз, Мәдидің қолы денесіне өрт салғандай өзін-өзі үйден тағы да ала қашты.

Текеш қажы бесін намазын оқып: «жандаралының» қолы қанды болуын, Мәдидің қолды болуын тілеп құдайына жалбарынып болғанша осындай сырлы күйдің талайы шертіліп, жалғасы келесі кешке қарай жол тартып жатты. Үш боз ат жегілген күйме де қаңғалақ ойнап әзір тұр. Тегенеге салынып дастарханға оралған бағланның еті де, ыстан кеше ғана шығып, бүгін күнімен сыртына жағылған сұр қазының, сары қымыздың иісімен маңайласқанның мұрнын жаратын қара саба да барып күйменің арт жағынан орын алды. Орамалға жеке-жеке оралып, қол қоржынға сықалған бірнеше шөлмек толы арақ та күйменің қобдиынан орын алды. Текеш қажы басқаның бәрін көрсе де, дәл арақты көрген жоқ, білсе де білген жоқ, өйткені ол қажы ғой.

Ол құдай алдында осы істеп тұрған істерінен есеп беріп тұрғандай мүлгіп біраз тұрды да, күймеге жақындады. Тағы да мүлгіп ойға кетті ол, құдайды емес мына келе жатқан «жандаралын» ойлап тұр екен.

«Әлдекімдер секілді сомпиып, сақалымды сапситып жалғыз шыққаным қалай? Тым болмаса Сәрсекті неге ертіп шықпаймын? Жоқ, ол әумесер бір қызып алса өзіме билік бермей кетеді. Ол ертең Мәди қолға түсе қалса, олжалас болудан да тайынбайды. Ертеңгісі өз алдына, мына алдынан алып шыққан бар құрметтің иесі бір өзі болып көрінуден де ұялмайды. Ол ма, ол тоқалдарыма мен өлместен бұрын әмеңгер болғысы келіп жүрген найсап, жандаралдың» жеңгетайы болып, менің тоқалдарымды соның қойнына салудан да ұяла қоймас. Жоқ, ондай жақыннан мынандай бейтаныс жаттың өзі жақсы, осы алтын көзді мырзаға жабысайын. Мұны сонау Нілдінің бойынан құдай айдап келген болар. Сырт сипаты мен сөз әлпетіне қарағанда Сәрсектей оспадар, ожар емес, парасаты мол, инабатты, тіпті оқыған азамат секілді. Егер мұндай адам менің алдымда құрдай жорғалап тұрса, «жандаралдың» өзі де маймаң қақпай ма? Қосшысы мұндай Текеш мырзаның өзі қандай екенін білу үшін өз тілінде сөйлесер ме еді деп оның өзі де, көзі де жапақ қақпай ма? Сонда менің төбем көкке жетпей ме? Ендеше, мен неге мұны қасыма отырғызып алмаймын? Жоқ, қазір емес, мен мұны сайтанмен де сайысқысы келетін мына тоқалдардың көзінше төбеме көтерсем, олар мұны бөксесімен көтергісі келіп жындануы мүмкін. Олардың бөксесі жынданса менің сорымның сықырлағаны. Өзіме-өзім ондай бәлені басыма тілеп алмас үшін ешқандай сыр бермейін, ауылдан аулаққа шығайын, сонан кейін...»

Ол ішінен соны айтты да:

— Иә, ханнан, иә, мәннән, иә, хақ тағала, жолымды оңғара гөр,— деді де, күйменің төріне сылқ етіп отыра бере, сұқ қолымен іліп тартып бәйбішесін қасына шақырып алды.

— Мықыныңды ұстай бересің, ышқырың әлден босап кеткен бе?— деп түсін кенет суытып алды.— Тоқта, сенімен қалжыңдасуға халім жоқ.

Шарапат өз әзілін сонда да айтып қалды:

— Халіңіздің жақ екенін айтпасаңыз да білемін, тек оны ана тоқалдарыңызға естірте көрмеңіз, олардың ышқыры мүлдем босап кеткен секілді.

— Қысып ұстасаң сенің уысыңнан шығатын олар жоқ.

Шарапат әлі сүйкеніп тұр:

— Менің тақымым болмаса, уысым онша мықты емес-ау, қажекем.

— Найсаптана бермей, сөз тыңда, найсап. Қонақасың ұлықтардың есінен кетпестей болсын. Ол үшін байлаусыз құлындардың бірін сойғыз да, етін қойдың сүтіне пісірткейсің. Ей, Қаусат-ау, қайдасың?

Шарапат Текешті тақымдауын әлі қойған жоқ.

— Ұлыққа керекті әзірліктің барлығын айттыңыз, өзіңізге кешке қандай әзірлік керек екенін айтпадыңыз ғой.

— Найсаптана бермей, кеудеңе ұялаған шайтанның барлығын қуып таста, сенің жасайтын әзірлігің сол.

— Қажы кершеулеген кеудені шайтандар қайдан кеулесін.

— Ақырын сөйле, найсап.

— Мен найсап болсам да тоқалдардан имандымын. Сондықтан менің мұндай сыбырымды, қылығымды білетін адам ғана ести алады, бар қылығымды білетін бір ғана өзіңіз екеніңізге иманыңыз кәміл шығар.

— Оған иманым кәміл-ау, бірақ тоқалдар соңғы кезде сенен именбейтін болып барады, соның себебін біле алмай далмын.

— Оның себебі, олар сыбағасынан көбірек қағылып жүр ғой.

— Байқа, тоқалдар сенен ала алмаған өшін бүгін менен алып жүрмесін, кешке абай бол.

— Ол жағынан алан, болмаңыз, екеуін екі жағыңызға салып берермін де, өзім күзетшіңіз болып босағаңызда жатармын. А, Қаусатым, келдің бе. Жолдарың болсын, енді тез жүріп кетіңдер... Ал, тақсырым, жолыңыз болсын.

— Әмин!

— Әмин!

Бұл кезде Қаусат келіп өз орнына орналасқан еді, Текештің «әмиіні» мен оның «шүу, жануары» қатар жарыса шықты.

Қалаға баратын қара жол бұл ауылдан үш шақырымдай жерде еді. Сол жолға барып түскенше жолсыз жермен айдалған күйменің өзі Текештің семіз денесін теңселтсе, жетер жолы белгісіз, күні күңгірт үміті ойын теңселтіп келеді.

Бір ауыр ойдың толқынында тербеліп Мәди келеді. Бірақ оны тербеткен ойдың дауылы тым қатты. Ол дауылдың әрбір екпіні «сақтан, алдыңда қатер тұр, сақтан» деп ызыңдайды, біресе «тілеп алған аурудың емі болмас» деп сыбырлайды.

Оның ойын Текештің дауысы бөліп жіберді.

— Жапалақ мырза, қаласаң атыңды жолдасыңның жетегіне бер де, өзің менің қасыма кел.

Атамановтың көзіне Текештің етене жақыны болып көріну үшін Мәди неден болса да тайынбайтын еді, сөз қатпастан атынан қарғып түсті де, шылбырын Қанаштың қолына ұстата салып, Текештің қасына жетіп барды.

— Әміріңізге құлдық, тақсыр.

— Келші, оң тіземді баса келіп отыршы,— деп Текеш оң жағынан орын ұсынып, ұсынған орнын алақанымен салып-салып қалды.

Мәди ол ұсынған орынға отыра кетіп, бір керілді де:

— Уһ, жан-ай, неше күннен бері аттан түспей қажығанымды айта алмай иба сақтап келе жатыр едім, жаным жаңа ғана жай тапты-ау, көп жасаңыз, бұл жақсылығыңызды да ұмытпаспын. Базарымыз мезгілсіз тарқап кетпесе мұның есесін екі есе етіп мен де қайтарармын.

Текеш бұл сөздердің байыбына бара алған жоқ, марқая түсіп, маңғаздана кекірейіп:

— Мен сенің өнегелі атаның баласы, ибалы азамат екеніңді бір көргенде-ақ білгенмін. Оқу өнерің қандай?

— Нан сұрап жерлігім бар.

Текеш аңырып қалды, ол мақаулығын өзі де жасырған жоқ.

— Мен мұндай сөзге көп түсіне бермеймін, нан сұрап жеуге жететін оқудың мөлшері қандай болушы еді?

— Жеті жұрттың тілін білуші едім, «нан сұрап жерлік» дегенім сол ғой.

— Жеті жұрттың?

— Алыстағы арапты қосқанда сегіз.

— Араптың?

Мәди араптың бір аятын зуылдата жөнеліп еді, Текеш ере түсті де қалып қойды. Өйткені ол қажы болса да, арап тілінен білері таңбасына қарап жаттаған өлі сөздер екен. Мәди аятты мақамына келтіре, әдемі айтып шықты да:

— Осының қазақшасын айтып беріңізші,— деді.

Текеш қанша ұялса да өтірік айта алған жоқ.

— Бізге парыз алланың сөзін өз қалпында өзгертпей жадымызда сақтау ғой.

— Аллатағаланың қазақша білмейтінін мен де білемін, бірақ ол біз секілді алдай білмейді.

— Біз кімді алдаппыз?

— Құдайдың өзін алдаймыз.

— Астапыралла...

— Сенің тіліңді білеміз, дініңе иілеміз дейміз де, тілін қалай біліп, дініне қалай иілуді білмейміз.

— Не сөз екенін білу парыз емес екенін жаңа ғана айттым ғой.

— Естідім, сіз менен не естімек едіңіз?

— Мен сені орыс тілін білер деп едім, жеті жұрттың тілін білгенде орыс тілін білмеуің ұят екен.

— Жаңағы айтқан жеті тілдің бірі сол орыс тілі.

— Солай ма, оны неге бүгіп отырсың?

— Сізден қорықтым.

— Менен неге қорқасың?

— Діні жаттың тілін білгенім үшін ұрсуыңыз мүмкін.

— Бәсе, түр-сипатың орысқа жақын,— деп Текеш бір түнерді де қайта жадырады.

— Немене, мені тілмаш етейін деп пе едіңіз?

— Мына келе жатқан ұлыққа құпия айтатын бір сөзім бар еді, соны оңашада бір жеткізіп берсең.

— Оның ертіп келе жатқан өз тілмашы бар шығар.

— Бола берсін, оның тілмашы маған тілмаш бола алмайды.

— Неге?

— Оның ертіп келе жатқан тілмашы кім екенін білемін, менің оған айтарым болмайды.

— Ояз сеніп жіберген тілмашқа сенбей, маған сенуіңіз әрине мен үшін үлкен абырой, тек өзіңіз сайлап алған жандаралыңызды шамдандырып алмаңыз.

— Шамданса шамдана берсін. Ақшаның шаттандырмайтын ұлығы жоқ, шаттанған адам шамданбайды, тек менің айтқанымды жеткізе біл.

— Қызметіңізге әзірмін, айтқандарыңызды айнытпастан қырын қырлап, сынын сырлап жеткізетініме сеніңіз.

— Қаусат, қаттырақ айдашы.

«Көркіне көз тоймайтын, көмейінен күй төгіліп, жастайынан сұңғыла осындай адамды малай орнына жұмсап, сөзімді сөйлетіп шүлдірлетіп қойсам «жандаралдың» өзі маған жалбаң қақпай ма?»

Текештің ішінен оқып келе жатқан дұғасы осы. Ол соны ойлап марқаюда, марқайған сайын асығуды, асыққан сайын: «Қайда менің Ақбұлағым, қайда менің жандарал тамырым?» деп шірене шалқаюда. Кенет ол мықшиып бүрісіп қалды.

«Әй, әй, Есімтай-ай, қажы емес қатын екенсің ғой,— деді жүрегі сыздап. Айтпасқа берген антыңды ұмытсаң да, менен санап тұрып алған алты жүз сомды қалай ұмыттың екен. Мен елді алдаған жалған қажы болсам, сен алты жүз сом үшін құдайдың өзін алдаған азғын қажы емессің бе?»

Ол өзінің сол имандас досымен іштей осылай айтысып келе жатты да, көзінің қырын Мәдиге тастады.

«Мынаны қалай сендірсем екен? Мұның көмейін немен бітесем екен».

Жаңағы бір кекесінді сөзінен кейін Мәдиді ауыр мұң басты. «Ақ сұңқарды қара құзғынның жемі еткен өмір, неткен сұм едің? Сені лағнет соқсын, тым болмаса мені адаммен алыстырмадың-ау,— деді де, қалғып келе жатқан Текешке көз тастады.— Солай, Текеш мырза, өзің ұры, өзің қажысың. Бірақ сен менің мына келе жатқан жендеттердің алдына тасталған улы жемтігім, жолына құрылған қанды қақпанымсың. Егер, осы сапар жолым болып, олардың қаруын түгел бір сыпырып алсам, оязыңнан бастап талайыңды табаныма саламын. Сонда ғана менің кегім кеудемнен кетеді, сонда ғана жанымның жарасы жазылады... Егер бұл үмітім алданған болса, жауыма сермелген жарағым өзімді жаралап жатса қайттім? Ақыл досым-ау, қайдасың? Ашу дейтін дұшпан менде де бар еді, сол сені менен адастырып кеткен жоқ па? Алға қарай қанат қақ та, әміріңді жүрегіме сыбырлашы. Менің ішер ас, киер киім, мінер атқа зәрулігім жоқ. Халқыма қадірсіз емеспін. Ендеше мен өзімді-өзім отқа не үшін сала беремін?.. Сонда қалай? Елдің етінен егін егіп, қанынан қала салғысы келетін мына сияқты жалмауыздарға елді тонатып «бадырақ көз, сен маған тиме, мен саған тимейін» деп жүре беруім керек пе? Онда елімнің ардағын ақтағаным қайсы? Бір ғана Ноян мен Заузатқа істеген зұлымдығы үшін мына сұмырайды тірі өлік етпесем адамдығым қайсы? Бірақ, сол адамшылықтың берері не? Өзінің барар жер, басар тауы қайсы? Әр елдің өз Текеші, өз Қақабайы, өз Түнекбайы бар, қайсысын шаба беремін? Ондайлардың жылқысын шауып, дәулетін шайқаудан басқа менің қолымнан не келеді? Түнекбайды не үшін шапқанымды айтып өзінен кешірім сұрап жазған арызымды патшамыздың қабылдаған сиқы мынау, екі губернияның жендеттерін соныма салғаны аз болғандай, қарулы күшін жұмсап отырған губернатордың қылығы мынау. Енді кімге жалынып, кімге жалбарынбақпын? Жоқ, ешкімге де жалынбаймын.

Қашан қолға түскенше жауларымның кездескенін жамсата беремін. Менің қолымнан бар келері сол ғана. Елді күндіз қажылығымен, түнде ұрлығымен тонайтын мынау жалған қажыны — қанды балақ ұрыны колға түсірдім, енді мұны бетіме перде етіп аламын да, жендеттердің қаруын сыпырамын. Егер, Атаманов менің суретіме қарап отырып танып қойса қайттім? Онда бармағымды өмір бойы шайнаумен өткенім ғой. Жоқ, оның тануы мүмкін емес, ол кезде тебіндеген мұртым ғана болса, қазір қаулап шыққан қара бұйра сақалым бар. Ол кезде инеліктей қатқан бала болсам, қазір балуан денелі, балғын жігітпін. Иә, оның тануы мүмкін емес, тілге бір келтірсе, таныса да танымастай етермін, Гриша да оны сылқитып самогонмен сілейтіп жіберген шығар. Өзін сілейтпесе де, көзіне бір шелек шел құйған болар. Ол бозамен бозартып жіберген көзді мен арақпен ағарта түсермін, сонан кейін ол мен түгіл өзін де танымайды. Егер бұл үмітім далаға кетсе, кек алудың тағы қандай жолы бар? Әлде түн жамылып келіп қапылыста бас салу дұрыс па? Дыбыс беретін иттердің үні өшті. Текештің үйлері түнгі айқасқа қолайлы жерге көшті. Неге мен сонау қабырғасы қаусап жатқан отыншы шалдың екі баласы секілді кегі бар жігіттердің бірнешеуін жинап алып келіп түнде бас салмаймын? Неге мен Самалымның кегі үшін үш әйелін бірдей тауға әкетіп, мынаны неге тірідей көмбеймін. Әнеугі көш басында берген антым қалай еді? Үш әйелін бірдей тірі жесір ету еді-ау, сонда бұған не істемек болдым екен? Әтек қып жіберу ме? Жоқ, оған қолым бармайды. Мына келе жатқан жендеттердің қаруын, мұның қатындарын тартып әкетсем, оның лақабы оязды да күзгі жапырақтай қалтыратады. Ол қалтыраса Самалды ұстап отыра алмайды. Тоқта... тоқта. Мен қайда лағып барамын? Бұлай ету қан төгу ғой. Егер қан төгісуге барсам, кісі өлімі болуы сөзсіз, мен кісі өлтіруге бармаймын. Сондықтан осы қимылым дұрыс. Атаманов тани қалып бас салса онда амал жоқ. Соның өзін жастана өлермін. Тоқта, осы ойымды тағы да бір екшеп алайыншы. Келе жатқан жауымның саны жетеу, мына қанды қажымен сегіз. Біз бесеу-ақпыз, біздегі бар қару — ортасынан кесілген шолақ бес атар мен бір наган ғана. Олардың мынадан басқасының жетеуі де қарулы. Жетеуінде Жапонның бір атқанда бес атылатын сары ауыз бес атары, жетеуінің де асынғаны сілтеле қалса кескілеп түсіре беретін орыстың көк болат семсері. Соның бәрін көре тұра неге көз жұмамын?.. Тағы да лағып кеттім-ау... Егер бұлармен осылай айқаспайтын болсам, жалған атты несіне жамыламын? Жапалақ Алдияровтың атына жасалған жалған документті қалтама не үшін салып жүрмін? Осының бәрі соңыма шырақ алып түсіп, екі губернияның жендеттерін соңыма салып қойған ояздың өзімен айқасу үшін бекінген белдің белбеуі емес пе еді? Енді неге шегінемін? Жоқ, шегінбеймін, қоян болып қаша-қаша қажыдым, азар болса айға шауып мерт болған арыстанның кебін киермін, өлсем де арыстанша атылып өлемін. Солай, қанды қолды қажеке, мен өлсем де сендерді жастанып өлуге бекіндім, сақ болғайсың».

Мәдиді теңселткен ой толқыны осы еді. Теңселе тербеліп барып осылай тына қалды.

Ал Қаусаттың жан дүниесі астан-кестен. Оның алай-дүлейленгендігі сонша, кейде Текештен көрі Мәдидің өзімен жауласқысы келеді. Бүгін Заузаттың қабағындағы бір салқындықты көргеннен бері ол кімнің қас, кімнің дос екенін біле алмай, Мәдидің Заузаттан ақтығына сене алмай, тіпті, Заузаттың саудагерден құтқарылғанына да күдіктенген бір сойқан ой оны мана билеп алған еді, сонан әлі құтыла алмай келеді.

Текеш қор етті де оянып кетті. Ұйқы шіркін ойына келген бір сөзді айтқызбастан бас салған болу керек, ояна сала Мәдиге қарады.

— Жапалақ мырза, мен мына келе жатқан мәртебелі ұлыққа сені өзімнің жиенім, деп таныстырсам қайтеді?

— Өзіңіз біліңіз.

— Мен өз білгенімді айтып келемін, сен не дейсің?

— Сіз олай десеңіз мен қуанамын, бар айтарым сол ғана.

— Қаусатжан, қаттырақ айдашы...

Неге екені белгісіз, ол бүгін Қаусатты «Қаусатжан» дегіш болып алды. Малына тиген қамшыны өзінің жанына тигендей көретін бұрынғы салтының бірі жоқ. Қаусат соны сезгендей, божыны толқындата толғай қағып, қамшымен бір-бір тартып өтіп еді, күймені ала қашқан аттар жер танабын қуырып жіберді. Жер танабын қуырған аттарынан тер шыққан сайын Текештің жаны қуырылып барады. Ол өзінің жаңа ғана «қаттырақ айда» деген сөзін де ұмытып кетті.

— Айда, Қаусатжан, айдап қал. Ата-бабаң түсінде көрмеген жылқының қызығын сен тым болмаса өңіңде айдап көр.

— Сіздің айдағаныңыз менің айдағаным, сіздің шайнағаныңыз менің шайнағаным ғой, бірақ ұлықтан сіздің қорыққаныңыз менің қорыққаным болмайды.

Қаусаттың ойланбастан берген мына жауабына Мәди риза болып қалды. «Мынадан бірдеңе шығар» деді ішінен. Ал Текеш қажы басқа ойда келе жатыр.

— Мен неге қорқамын?— деді Қаусаттың жаңағы сөзінен сескене қалып.

— Кешіккеніңіз үшін ол сіздің жаныңызды жаһаннамға жіберуі мүмкін ғой.

— Астағпыралла, айтпа ондай сұм сөзді.

— Қорықпаңыз, жаныңыз қалатын болды, Ақбұлақтың аяғындағы тоғайдың шеті көріне бастады.

— Онда әкең жаңа өлгендей-ақ шапқан екенсің.

— Әкемнің жаназасында шаба алған жоқ едім, оның есесін сізден қайтарғым келсе, кешіріңіз.

— Сен бұрын сөз білмейтін мақау сияқты едің, тілің шығайын деген екен ә, балақай.

— Тілдің шыққаны ештеңе емес-ау, діннен шығып кетем бе деп қорқамын.

— Онда жетісерсің.

— Діннің жетістіргені де шамалы ғой.

— Иә, ханнан... иә, мәннән... мына сөзіңмен тозаққа түстің, найсап, жалбарын тәңіріге тез... тез...

— Қашан Заузатым табылғанша, қашан сол Заузатымды жоғалтып жіберген дұшпандарымды табаныма салғанша ешкімнен де кешірім сұрамаспын.

— Астағпралла... Жапалақжан-ау, мынау не деп келеді? Сен ештеңе түсіндің бе?

— Кімді екенін білмеймін, әйтеуір біреудің қанын төкпей тынатын түрі жоқ, менің түсінгенім сол.

Мәдидің бұл сөзі Текештің шымбайына батып кетті, бірақ ол сыр білдірмей жағасын ұстай алып:

— Астағпралла,— дегеннен басқа сөз айта алған жоқ.

— Ех, Заузат, сен дәл қазір кездесер ме едің? — деген Қаусаттың сөзі оны мүлдем есеңгіретіп тастады.

Заузаттың аты атала қалса, Текештің денесі дір-дір етеді, бірақ оны сездірмеу үшін құбылудың алуан түрлі сиқырын жасап келеді. Мәди оның жанын қыса түскісі келгендей:

— Мына жігіттің Заузаты кім?—деп еді, Текештің беті былш еткен жоқ, мұңайған түр көрсетіп момақан бола қалды да:

— Ол менің қызымдай болып кеткен бір жетім байғұс еді, жетім болса да аяулы еді, өзі өте көрікті еді, сол көркіне қызыққан болуы керек, әлгі Мәди дейтін қарақшы оның жетімдігіне қарамастан тауға алып кетіпті.

Қаусат шыдай алмай ашумен жалт қарап еді, Мәди тамағын кенеп қалды.

— Ол үшін қапаланба, бауырым. Сен керген қорлықты мен де көріп, сен кешкен қасіретті мен де кешудемін, қамықпа. Бізге де кезек келер, сол кезде қорлау менен зорлаудың әкесін біз де көрсетерміз оларға.

Мәдидің бұл сөзі Текештің жанын қысып жіберді. Ол ішінен құдайына жалбарынып болғанша бұлар межелі бұлақтың басына жетіп те үлгірді.

Бұлардың Ақбұлағы Арқаның көзі қайнап, суы атылып жататын әйгілі көк қасқа бұлақтарының бірі екен. Сағасы жасыл құраққа оранып, жарты шақырымдай жердегі жасыл орманды жарып ететін өзенге барып құятын бұлақ екен.

Көк болат түстес мөлдір суының өзі көрінбесе де, сылдыр қаққан күлкісі алыстан естіледі.

Мәди көзімен бір шолып өтті де:

— Орыстар біз секілді кез келген жерге жалпиып отыра кетпейді ғой, сонау бір сарымсағы самсаған, шалғыны қалың жерге таман барып тоқтағайсың.

Ол Қаусатқа соны айта салып күймеден секіріп түсті де, кейінде келе жатқан Қанашқа дауыстады:

— Аттардың ертеңге дейін су іше алмауы мүмкін ғой, жақсылап суар да, көлеңкенің шөбіне оттат. Сонау бір жалғыз теректің бергі тұсының шөбі шүйгін секілді. Мұндай жердің жыланы қалың болады, сақ болғайсыңдар. Егер менің сырқатым ұстай қалса, абыржымай, алыстан айға шап.

Текеш Мәдидің бұл сөзінің бірде-біріне түсінген жоқ, бар түсінгені «сырқатым ұстай қалса» дегені еді, қажыға дем салдырыңдар демей, алыстан айға шабыңдар дегеніне түсіне алмай, аңырып қалды.

— Маған не бұйырасыз?—деді Қаусат Қанашқа айтарын айтып болып, күймеге қарай беттеп келе жатқан Мәдиге жылы қарап.

— Оны менен неге сұрайсың, қажыкеңнің өзінен сұрамайсың ба?

— Мен осы келе жатқан ұлықты қарсы алудың барлық билігін саған беріп тұрмын.

— А, онда сөз басқа, мұңдасым, сен неменеме қарап тұрсың? Көк шалғынның үстіне қызыл кілемді жайып, оның үстіне сары ала көрпені төсемейсің бе? Жастықтарды жантайтпайсың ба?

— Аттарды доғармайсың ба?

— Жоқ, мұндай мәртебелі ұлықты қарсы алған арбасы доғарылмайды, аттарының тамақ бауы ағытылмайды. Кел, кілемнің шетінен ұста, әкел көрпе мен жастықтарды. Қажеке, сіз мұнда жантая тұрыңыз, бірақ ұйықтап қалмаңыз. Қымыз қайда? Оны саздау жерге апар да, суланған қаппен бүркеп таста. Еттің бетін аш та, көлеңкеге қоя тұр. А, оны ма, оны қажыға көрсетпей апар да, қоржынымен қоса суға сала тұр. Байқа, қоржыны құламастай, ішіндегі шынылары сынбастай болсын. Ол үшін жан-жағын тығыздап тікесінен қойғайсың. Бұл шынылар құласа біз де құладық.

Екі атын оттатып аулақта тұрған Қанаштың айғайы шықты.

— Қала жақтан шаң келеді, шаң...

— Шаң түгіл қан келе жатса да біз әзірміз.

Шаңдатып келе жатқан сол Текештің жандаралы

Атамановтар екен. Үш қара ат жегілген күйменің екі жағында үш-үштен қақ бөлініп алты солдат желе шоқырақтатып келеді. Жол сілтеуші болу керек, ең артта тымақты біреу жалбақтап келеді. Күймеде жуан сары Атамановтың өзі, оның қарсысында қу бұтаққа қонақтаған құзғындай шоқиып біреу отыр, сірә ол тілмашы болу керек. Текештерді көре сала Атамановқа бірдеңелерді айтып келеді.

Текеш алда, Мәди мен Қаусат оның артында қатар жүріп келіп жолға жете бере тоқтады. Мәди жаңағы бір тегене етті түгел көтеріп тұр, оны Текеш аңғарған да жоқ еді, ұлықтың алдына тартқан кезде таршылық етпесін деген оймен:

— Қажеке, біз мана бір ағаттық етіппіз. Орыс халқының салтында мұндай құрметті қонақты нанмен, тұзбен қарсы алады ғой, біз оны ұмытып кетіппіз, енді мынау етті ұсына тұрып мен тілімді беземесем болмас,— деп еді, Текеш қуанып кетті.

— О, ақылыңнан айналайын, сені бүгін кез қылған құдайымнан да айналайын.

— Атаманов сізді танушы ма еді?

— О, танығанда қандай, жуырда үйіне барып қонақ та болғанмын, Мәдиді қолға түсіргенде берер сыйлығымның алды деп ырымын да жасағанмын.

— Онда құдай берді деңіз де табынып бағыңыз, тақияңызды алыңыз да басыңызды иіңіз.

— Жақындасын да.

— Алыстан арбай беріңіз, міні былай иіліңіз, қолымда тегене тұрғандықтан, қалай иілуді көрсете алмадым-ау, қолыңызды қусырыңыз, жоқ қусырмаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойыңыз. Міне, келіп те қалды.

Күймедегілер бұлардың алдына келіп тоқтады да, салт аттағылар шаңнан шегініп кейінірек тоқтап қалды.

Атаманов айтса айтқандай денелі екен. Мәдидің жолдағы поселкеде тұратын Гриша дейтін досы уәдесінде тұрған болу керек, оның көзі бозарыңқырап кетіпті. Ол Текешті анадайдан тани кетті де, күймеден түсе сала құшағын жайып:

— О, козленок мырза, сәлем, сәлем...

— Хош келдіңіз, тақсыр, тақсыр, хош келдіңіз.

Атаманов оның сөзін ұққан жоқ, келе құшақтап, бетінен қайта-қайта сүйді де:

— Қалай, менің сүйгенім үшін құдайыңыз сізді жазаламай ма? Жаның барында айт шыныңды.

Текеш не істерін білмей Мәдиге қолын ербеңдете берді:

— Тақсыр, мына мырза менің туған жиенім, аты Жапалақ, ие, Жапалақ мырза. Маған айтарыңызды осы мырзаға айтыңыз, осының айтқаны — менің айтқаным.

Атамановтың қасындағы тілмашы тарамысына дейін сүйегіне жабысып қалғандай көрінетін қатқан біреу еді, оның орысшасы да өзі секілді арық екен, Текештің әр сөзінің орысшасын бір іздеп, іздеген сайын бір ыңқылдап зорға жеткізіп еді, Атаманов шала-пұла түсінсе де көңілденіп:

— Өте жақсы, өте қуаныштымын, жиеніңіз сөйлесін, солай деп айтты деңіз.

Тілмаш оның сөзінің қазақшасын іздеп тапқанша Мәдидің өзі сөйлей жөнелді:

— Зор мәртебелі мырза! Әр елдің өз дәстүрі, өз салты болады ғой. Сондай дәстүр біздің қазақта да бар. Мысалы, орыс халқы сіздей құрметті қонақтары келгенде алдынан нан мен тұз алып шықса, біздің қазақ халқы малының еті мен сүтін алып шығады. Еліміздің сол салты бойынша алдыңыздан уыз еміп өскен бағланның етін, кілең қулық биенің сүтінен жасалған қымыз атты шарапты, сол шараптан жасалған арақты әкелдік, сол құрметіңіздің алды, міні, қабыл алыңыз.

Атамановтың көзі манадан Мәдиге қадалуда еді. Сол қадалған қалпын өзгертпестен үнсіз келіп Мәдидің оң жақ білегінен ұстай алды. Әлі үн жоқ. Мәдидің сыр бермеуден басқа амалы болмай қалды. Атамановта әлі үн жоқ, ол Мәдидің қолын қысқан сайын Қаусаттың да жаны қысылып барады, бірақ көзінің астынан Қанаш жүрген жақты байқаудан басқа істер лажы жоқ.

«Қапыда кеттім-ау,— деді Мәди ішінен,— мынау жуан өгізді өкірте сұлатар едім, жендеттер мені ит-құстың жемі етеді-ау. Енді қайттім?»

Оның көзіне мынау жасыл орманда, жан-жағынан көлбеп келіп, аяғының астына сұлап жатқандай көрінетін көгілдір таулар да, мынау жайқалып жатқан көк шалғын да қара майға малынғандай қап-қара болып шыға келді. Ол аспанда көк ала бұлт барын, жаңағы бір кезде соның кесектеу бір будағы келіп күннің көзін бүркегенін, мына орнай қалған қара түнек сол бұлттың көлеңкесі екенін де сезген жоқ. Бар сезгені қолды тез босату үшін Атамановтың қай жерінен қалай теуіп, қолындағы ет толы тегенемен қалай ұрудың жолын ойлау. Егер, оны аяқпен теуіп, тегенемен ұрып шалқасынан түсірсе, қоншындағы алты атары қолына бір тисе, Атамановқа да жан керек, оның бар ойлағаны сол ғана.

Ал Атамановтың ойы мүлдем басқа.

— Бүкіл осы уезде орыс тілін сүйетін қазақ бір ғана сіз екенсіз. Рақмет сізге, орыс тілін таза сөйлегеніңіз үшін рақмет. Уезд бастығының қосып берген мына бір тілмашының өзінен басқа жан түсінбейтін орысшасына қапаланып, қарным қампиып кетіп еді, жақсы кездестіңіз. Отыратын орын, жататын төсекті де, қысқасы, қатындардан басқа құрметтің бәрін де көріп тұрмын. Козленок мырза, мені әкелген күймені осы жерден қайтаруыма болатын шығар.

Мәди оның бұл сөзін аударып әуре болған жоқ, Текештің орнына жауапты өзі берді.

— Текеш мырзаның билігінде бардың бәрі сізге сыйланған, қалағаныңызды ала беріңіз.

— Онда, тілмаш мырза, сіз осы жерден қайтыңыз,— деді де, ол есіне әлдене түскендей кенет өзгере қалып,— а, сіз кішкене кешіре тұрыңыз, мен сәл асығыстық етіппін. Алдымен болашақ тілмашыммен келісіп алайын. Кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз кім? Атыңыздың Жапалақ екенін естідім, әкеңіздің аты кім?

— Алдияр.

— Жапалақ Алдиярович. Менің сізге зорлық жасағым келіп тұр,— деді де, Атаманов кілемнің үстіне келіп құлай кетті. Ол шалқасынан жата қалып, сөзін жалғағанша Мәди әзірлікті жасап та үлгірді. Дастархан да жайылды, қоржындағы арақ та, сабадағы қымыз да келіп қалды.

— Тездетіп жібер.

Мәди Қаусатқа соны айтты да, өзі етті жапырақтай бастады.

— Мен сіздің жасамақ зорлығыңызды күтудемін,— деді Атамановқа жайдарылана қарап.

— Мен қашан Мәди сияқты қарақшыны қолға түсіргенше тілмаштыққа сізді алсам, қашып кетпейсіз бе?

— Неге қашамын?

— Қорқасыз.

— Кімнен?

— Мәдиден.

— Онан неге қорқамын?

— Сіз бай секілдісіз, онан байлардың бәрі қорыққанда, сіз қалай қорықпайсыз?

— Мен онан қорқып болған адаммын, менде қазір өзіне деген өшпенділік барын біліп, менен ол қорқады. Сондықтан мен онан қорықпаймын да, сізден қашпаймын.

— Түсінбеймін, ол сізден қалай қорқады.

— Сіздің дуанның оязына өз елімнің болысы жазған мына бір хатты оқысаңыз өзіңіз де түсінерсіз,— деді Мәди қалтасынан қағаз ұсынып. Атаманов оның берген мөрлі қағазын оқып шықты да:

— Ах, қарақшы, ах бандит, тіпті жақсы қатындарды ұрлауды да шығарған,— деді де, ойлана қалып Мәдиге жалт қарады,— тіптен жақсы, мақсатымыз бір, жорығымыз да бір екен. Уезд бастығына барып та әуре болмаңыз. Ол қарақшыны іздейтін де, табатын да өзіміз.

— Онда сіз менімен бірге Семей уезіне жүресіз.

Атаманов жалт етті.

— Не үшін?

— Мұнан қырық жыл бұрын осы Қарқаралының аға сұлтаны болған Құнанбайды естуіңіз бар ма?

— Бар.

— Оның Абай дейтін ақын баласы барын білесіз бе?

— Естуім бар.

— Естісеңіз сол Абай қайтыс болыпты, Мәди соның жаназасына кетіпті.

— Бұл анық хабар ма?

— Жолшыбайғы елден мен де естіп келіп едім, осы ел түгел шулап отыр, тіпті оның кетіп бара жатқанын мына Текеш мырзаның адамдары да өз көзімен көріпті.

— Мырзалар-ау, шет жағасын маған да айта отырсаңдаршы,— деді Текеш кеселерге қымыз құя бастап.

— Мына кісілер өз қымызын ішіп алсын, қымыз құймай қоя тұрыңыз. Бұл кісі Мәдиді Абайдың жаназасына кетті деген хабар бар, сонысы не, білесіңдер ме дейді, мен рас дедім. Ол дұрыс па?

— Дұрыс-дұрыс, оны біздің Бекежандар өз көзімен көріпті, рас... рас,— деп Текеш басын екі рет изеп еді,

Атаманов түсіне кетті де, сумкасынан бір жапырақ қағаз алып сүйкей бастады.

— Тілмаш мырза, қымызға тез қанып алыңыз да, тезінен жөнеліңіз, жолшыбай мына күймені менің алғысыммен бірге иесіне табыс етіңіз де, мына қағазды уезд бастығына жеткізіңіз. Ертеңгі түстен қалмай жететін болыңыз. Ей, менің батырларым, ана күймедегі заттарды мына күймеге әкеліп салыңдар.

Тілмашты қатырып тастаған қорқыныш екен, енді жайнап сала берді.

Ол қымыздан бір жұтты да, Атаманов берген қағазды ала салып, күймеде отырған ат айдаушыға айғай салды:

— Бұр аттың басын, тарт қалаға. Қош болыңыздар, мырзалар,— деді де, тілмаш кете барды, ішінен Мәдиге кездеспестен құтылуына себеп болған Абайдың әруағына дұға оқып барады.

Мәди суы сүмектеген қоржынның ішіндегі шөлмектердің бірін алып құя бере тоқтай қалды:

— Қаусат, мына арақтың қандай қымыздан жасалғанын білесін бе?

— Жоқ.

— Бә-ле, енді қайттік?

— Не қайтетіні бар?

— Қандай қымыздан жасалғанын білмесек, қанша су қосу керек екенін қайдан білеміз? Мүмкін тіпті су оқсу керек емес шығар, мүмкін қақ жартысына су қосылмаса, өлтіретін у шығар, оны қайдан білеміз?

— Қандай қымыздан жасалса да бәрібір емес пе?

— Жоқ, бәрібір емес, татыған қымыздан жасалған арақтың күші жетпіске жетеді.

— Ал, татымаған таза қымыздан жасалған арақтың күші қандай?

— Ол отыз бестен аспайды. Қажеке, қымыздарыңыз татыған жоқ па еді?

— Әзір аман.

— Сіз неге аңырып қалдыңыз?—деді Атаманов Мәдиге көзін сығырайта қарап.

— Мына арақтың күшін біле алмай отырмын.

— Қане, құйып жіберіңіз, күшінің қанша екенін өз күшіммен өлшеп керейін.

— Су қоспастан ба?

— Әрине, тек мына шошқаларға көп бермеңіздер, ауылға барған соң айғыр болып кетеді,— деді де, ол алдына барған орта кесе арақтың дәмін татып байқады да, қағып салды.

— Фу, тұншыға жаздадым, қажыңыздың арағы өзінен де ащы екен.

— Жапалақжан-ау, айтсаңшы, мына тақсыр не деп жатыр.

— Ас иесімен тәтті деген емес пе, қажының өзі арақтан неге ішпейді, әлде бізді өлтіру үшін қосқан уы бар ма екен дейді.

— Астағпралла құдая сақтай гөр. Күндік жерден құлшылық ұрғанда естімегім осы ма еді?— деп Текеш жыламсырап жағасын ұстай алды.

— Мына мырзаның өзімен-өзі төбелескені қалай?

Мәди оның Мекеге барған қажы екенін, Мекенің шаң басқан қаласының іргесіндегі мұнан мың бес жүз жыл бұрынғы моланы құдайдың үйіндей көріп қайтқан аңқау арамзалығын айтып еді, Атаманов қарқ-қарқ күлді де, орта кесе арақты құйғызып алып, Текештің алдына қойды.

— Жауласар жауымыз бір ме? Бір. Ендеше бүгіннен бастап жейтін етіміз де, ішетін арағымыз да бір. Мен ішкенді сіз де ішесіз, мен жегенді сіз де жейсіз. Еркіңізбен ішпесеңіз, жығып салып аузыңызға құямын.

Текеш не істерін білмей қыбыжықтап Мәдиге қарап еді, Мәди иек қақты.

— Маған несіне қарайсыз, өз малыңыздың ақ сүтінен жасалған астың бірі ғой, алып жіберіңіз.

— Бауырым-ау, өлгенде де ұмытпайын, бір амалын тапсаңшы.

— Оның бір ғана амалы бар, қымызға қосыңыз да қағып жіберіңіз. Сонда құдай да риза, жандаралыңыз да риза... кешіріңіз, сізді сүйгендіктен мына Текеш мырза жандарал дейді екен, сізді менің де солай атағым келді,— деп Атамановқа бір көпшікті қойып жіберіп еді, ол күмпие күлімдеп:

— Құдайын алдаса алдар, мені алдай алмайды, соны ескертіп қойыңыз,— деді де етті көмейлей бастады.

— Мына мырзаның өңі жыли бастады ғой, не дейді, арақтан мені азат дей ме?

— Жоқ, азап шақыртып отыр.

— Астағпралла.

— Өзінің адал малының ақ сүтінен жасалған ас екенін құдайдың өзі де біледі, құдайының білетінін қажының өзі де біледі, Оны біле тұра ішпеуінде бір күдік бар.

Араққа қосылған у бар дейді. Асымызды ішпей ашуланса қанымызды ішті дей беріңіз.

— Құдай-ай, кешіре гөр. Мен көзімді жұмып, көрмеген болайын, өзің бірдеңе ете салшы.

— Менің етер «бірдеңем» мынау ғана, көзіңізді ашыңыз да, алып жіберіңіз.

Текеш көзін ашып қарап еді, алдындағы қымыз құйылған кесесі шүпілдеп тұр екен. Кесеге қадалған көзі жасаурап, мұрты жыбыр-жыбыр етеді. Жанағы арақтың қайда кеткенін қымызының көгерген түсінен де сезіп отыр, сезсе де амалы жоқ, қолы кесеге жақындаған сайын дір-дір етеді.

— Апыр-ай, естіген ел бетіме қарамайтын болды-ау, енді қайттім? Ол дүниеде де ішкенің арақ, көрерің азап болғыр Сәрсек-ай, осыны қайдан шығардың екен.

Текештің не айтып отырғанын Атаманов сұраған жоқ, оның түксие қалған қабағынан, қалтыраған қолынан бәрін ұқты да: өз алдында тұрған арақты Текештің алдына қоя салды.

Текештің көзі шарт жұмылып, тілі де жыбырлай жөнелді. Ол ішінен өзі атын білетін пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің барлығының атын атап шықты да:

— Құдайым, өзің кешіре гөр, құдайым,— деп қымызға қосылған арақты қағып салды.

— Міне, құдайдың нағыз елшісі,— деп Атаманов қарқ-қарқ күлді де, арақты өзі де қағып жіберді. Солдаттары да қалысар емес, тек олардың ет жестерінде береке жоқ, еті шала туралған сүйектерді бірінің аузынан бірі жұлып әкетіп, бірінен-бірі алып қашып алысуда, Атамановтың не дегенін Текеш сұраған жоқ. Ол аузына тығылған бір уыс етті шайнай отырып:

— Бауырларым, екеуіңе екі ат мінгізейін, менің арақ ішкенімді тірі жанға айта көрмеңдер,— деді Мәди мен Қаусатқа кезек жаутаңдап.

Мәди қысылған қажының арқасын кеңіте түсу үшін сөзін қайта жалғап жіберді.

— Менің құдай алдында да айтарым осы. Егер құдайекең: Текеш қажы өзінің кеседегі қымызына сенің арақ қосқаныңды көріпті, көрсе де үндемепті ғой, бұл да рас па?—десе, мен ешбір саспастан, бәрі де рас, тек қажекең мен қымызына арақ қосқан кезде көзін жұмып алды деймін. Сол кезде сіз, қажеке, басыңызды бір изеп қалғайсыз.

— Не үшін?

— Қымызыңызға қосылған арақты көргіңіз келмей, көзіңізді жұмғаныңыз үшін. Мыналар келіп қалды, ол дүниенің әңгімесі кейінге қала тұрсын, мына құрметті қонағымыздың денсаулығы үшін енді арнайы алып жіберейік.

— Мен де ме?—деген қажының дауысы қатты шығып кетті.

— Қонақ өзіңіздікі, ерік өзіңізде. Тек ол ашулана қалса, маған өкпелемеңіз.

— Онда қымыздың өзін ғана құйып жібер.

Атаманов қымыз сұрап еді, Мәди оны да қармақ етіп, Текешті өзіне қарай тартып қалды.

— Мына ұлық мырза, сіздің денсаулығыңыз үшін бәріміз де қымыз ішейік дейді, бұған не дейсіз?

— Мұндай ақылды сөзге «құп, тақсыр» деуден басқа не деуге болады.

Мәди енді оның ризалығын Атамановқа көрсетілген құрметтің орнына жұмсады.

— Қане, мырзалар, мынау қазақтың ниеті түстес ақ шарапты бәріміздің ортақ жауымыз Мәди қарақшының ең қас жауы, аллатағаланың сүйген құлы, Мұхамбет пайғамбардың сүйікті үмбеті әрі бай, әрі би, әрі қажы Текеш мырзаның еңіреген елі аман болу үшін алып жіберіңіздер... Қажеке, көріп отырсыз ба, мыналар сіздің денсаулығыңыз үшін бір тамшысын қалдырмастан ішіп қойды, бұл жай іше салған қымыз емес, сізге көрсетілген құрмет. Қане, қымбатты мырзалар, қадірменді достар, қымызды етсіз ішу ессіздік те, етті арақсыз жеу ақымақтық, сондықтан арақты орыстарша ішіңіздер де, етті қазақтарша жеңіздер. Міне, былай... Қаусат, мырзаларға ет асаудың үлгісін көрсетіп жіберші. Мырзалар, міне, етті мына жігітше асаңыздар. Алдымен былай уыстап асаңыздар...— деп солдаттарды етке тағы бір жауып жіберді де, Текешке қарай жантая кетті.

— Осындай салтанатты бас қосуда ішіндегі ең қадірлі адамның денсаулығы үшін жаппай ішу орыстардың салты. Оның атын «тост көтеру» дейді. «Тост» деген бір сөзді айтсаңыз болды, ар жағын өзім жеткіземін.. Сізге көрсетілген жаңағы құрмет, соның жол ашары. Ендігі құрмет ең үлкен қонағымыз, әрі Мәди сияқты қатерлі жаудан қорғайтын қамқоршымыз Василий Васильевич Атаманов мырзаның денсаулығы үшін ішейік. Сабыр, мырзалар, сабыр, ендігі кезек арақ мырзанікі. Өйткені, біздер мұндай құрметімізді әр елдің өз салтына қарай көрсетеміз. Қане, қажеке, еліміздің қадірлі ақсақалы, тәңірісіндей табынатын қажысы, бассыздың — басы, көзсіздің — көзісіз. Бас қонағыңыз үшін көтерілетін тосты өзіңіз бастап жіберіңіз. Әмин.

«Әмин» айтылғаннан кейін қажының айтары болған жоқ.

— А, құдай, өзің кешіре гөр, тос, мырзалар, тос,— деді де қағып салды.

— Қымыздан жұтып жіберіңіз.

Текеш бұл сапар Мәдиді тыңдаған жоқ, оның ұсынған қымызын да алған жоқ, жапырақталып жатқан жамбастың майынан асап-асап жіберіп еді, жаңа ғана жиырыла қалған бет терісі қайтадан жадырап сала берді. Бірақ оның есесіне тілі күрмеліп, көзі мұнарлана бастады. Сол ойы уланып, көзі мұнарлана бастағанның бірі — Атаманов. Оның көзі мөлдір көк еді, енді шел қаптағандай бозарып кетіпті. Бірақ сол шел қаптағандай көрінетін көзімен де бәр сұмдықты көріп жатыр. Ойы қозғалған кезде денесі қимылсыз қалады екен, денесі қазір өлік секілді мүлдем қатып қалыпты, тіпті шайнап отырған етін де жұтқан жоқ, тек Мәдиге қадалған көзінің кірпігі ғана анда-санда бір қыбырлайды.

Оның көз алдында Мәдидің мұнан екі жыл бұрын айдаудан босатылар кезде түсірілген соңғы суреті тұр. Ол суреттің бір данасы өзінің төс қалтасында жатыр. Мәдиден көз алмастан жантайып жатқан күйі қалтасынан сол суретті алды да, балапан ұстағандай уыстай ұстап Мәдиге, онан қайтадан суретке қарады. Бұл екі жылдың ішінде ол мүлдем ажарланып кеткен, сол ажар мұны мүлдем өзгертіп жіберген-ді, өзгермей қалған кең маңдайы ғана, суретке ұқсайтын мүсіні де сол ғана. Сол ұқсастық Атамановтың кеудесіне ұялаған зұлымдықтың әбжыландарын оята бастады. Мәдидің қалтасындағы қағазға басылған мөрдің елесі келіп көз алдына тұра қалып еді, Атамановтың ақ тырнағына дейін түк басқан қолындағы сурет қайтадан қалтаға сүңгіп кетті.

Ал Мәди өзінің ойын шағуда:

«Егерде мына жендет жаңағы суретке қарап отырып мені тани қалса, мен не істер едім? Не істейтінім белгілі емес пе? Құр тәуекелмен келген жоқ едім ғой...

Егерде...

Атаманов өтірік мас екен, манадан оты өшіп бара жатқандай көрінген көзі қайтадан жайнап, қойды көрген аш қасқырдың көзіне ұқсап шыға келді. Манадан былқ-сылқ етіп жатқан денесі де айбат шеккен жыланның басына ұқсап сақия қалды, атып тұрған аяғы жерге тиер-тиместен қолы беліндегі наганына барып сарт етті.

— Қолыңызды көтеріңіз, құрметті Мәди мырза,— деді майдалап. Сонда қайтер едім...»

Мәди өз дауысынан өзі селк етті де, өзіне таңдана қарап, жарыса күлген солдаттарға қосылып кетті.

— Сіз немене, жыныңызбен сөйлесіп отырсыз ба?— деді Атаманов оған күле қарап.

— Иә, мынау жалмауыз дүние менің миымды да жалмапты, енді өзімді жындандырмай қоймас. Егер бір ағаттық істеп алсам, оны жындылық деп білгейсіздер. Қане, сол үшін мынау арақтың қалдығын алып жіберейік те, жүрейік.

Соңғы сөзін Текеш қажыға қазақшылап еді, ол ыршып түсті:

— Ойбай, бауырым, ауылды әзір ауызыңа ала көрме, мен мына түріммен қалай елге көрінемін, күн батсын, көз байлансын...

— Құдайдан ұялмайтын адамға елден ұялудың қажеті жоқ, қажеке, менің әкем де қажы, ол құдайдан қорықса — адамнан да қорқады, ол құдайдан ұялса — адамнан да ұялады, сіз онан гөрі басқарақ қажысыз.

— Мен өзімнің қандай қажы екенімді мана айтқан секілді едім ғой.

— Иә, айттыңыз.

— Оны айтсам мұны да айтамын, қай жерде қалай, не үшін ұялу керектігін білемін.

Мәдидің оны осындай оңашада мүлдем қаймықтырып, қайыстырып алғысы келді ме қалай:

— Жоқ, білмейсіз,— деді бірден саңқ етіп,— сіздің қандай қажы екеніңізді өзіңізден гөрі мен жақсырақ білемін. Сондықтан өзіңізге абырой керек болса, мені көп ерегестірмеңіз, мен ашынған адаммын, ашынған адам аяушылықты білмейді, сақтаныңыз.

— Ау, Жапалақ-ау, сені ашындырған мен емеспін ғой,— деп Текеш ыржия күліп еді, Мәди отты көзімен жалт қарады, бірақ үндеген жоқ. Текештің өтірік күлкі ойнаған беті быржиып, ауызы ырсиып кетті, сөйлеуге тіл жоқ, оны Мәдидің жалт қараған отты көзі буып тастапты.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

Ел үрейлі, тек Текештің жұбайлары ғана желігіп желпінуде. Әлденені сезгендей үшеуінің де жүрегі лүпілдеуде. Оның неліктен екенін үшеуі де білмейді, әйтеуір келе жатқан жендеттерді өздерінің желіктестеріндей көріп желектері желпілдеуде. Шарапаттың әсіресе аңсай күткені манағы жолаушы, өз сөзімен айтқанда «алтын көзді мырза».

— Сондай асылзаданың атын Жапалақ қойған қандай ғана лағнат екен, ә? Ол, жапалақ емес, ақ таңдақ қызыл түлкінің бір түнде талайын талқандайтын мұзбалақ қыранның өзі ғой, өзі... шіркін, сондай қыранның темір тегеурініне бір түссем, дал-далымды шығарса да, рахаттанар едім.

Ол желік кеулеген кеудесін баса алмай, өзімен-өзі алысып үйдің ішін кезуілдеп жүрді де, талықсып барып төсегіне құлай кетті. Ол Мәдилер кеткелі төсегіне осылай талай құлады, алыстан қоңырау дауысын естігендей болып есікке қарай-қарай көзі де талды, құлай-құлай өзі де қалжырады, бірақ үміті қажитын емес. Күн кешкіріп келеді, күн кешкірген сайын, оның жас жігіттің жалынды құшағын аңсаған құмарлығы күшейіп келеді. Мұндай кездерде оның көзіне: дүниенің түбі бір тұңғиық, түні түнек, аспаны аласа көрінуші еді, бүгін олай емес, тек Мәдиден үміті алыстаған кезде ғана күннің нұры алыстап, дүние күңгірт тартып кетеді.

Шарапаттың көзіне солай, минутына мың құбылып алыстап бара жатқан күн көкжиекті аймалап, көгілдір бұйра таулардың бетіне салған қоңыр ала бедерін қоюлата түскен шақта алыстан қоңырау дауысы естілді. Аспаны мөлдіреп, жерінің жұпары аңқыған осынау сұлу табиғаттың шұбар ала кешінің көркімен құлпырып тұрған сәнін бұзғысы келгендей доғадағы тоғыз қоңыраудың тілі түгел теңселіп кетіпті. Сол тоғыз қоңыраудың әр сарында жарыса шыққан үніне жаны балқып мас Атаманов келеді. Оның мастығына мас болып Текеш келеді. Сол екеуіне соққыны қалай беруді ойлап Мәди келеді.

Ел қарасы көрінгеннен бұлардың үні өшкен еді, әлі үн жоқ. Шеткі ауылдың тұсынан өте берген кезде ғана Атаманов сүзеген бұқаша сүзіле қарап үн қатты.

— Бұл ауылдың иті қайда?

— Сізге көрсетілген құрметтің бір белгісі сол: иттердің бәрі кешеден бері тұтқында.

— Ол не үшін?

— Шәуілдеп мазаңызды алмас үшін.

— Иттерді тұтқындап қызығына сендер батасыңдар, сонда мен нені атып, ненің қызығына батамын?

— Сіз әзірше мына бір кетіп бар жатқан ала мысықты атыңыз, кешке...

— Кешке нені атамын?

— Кешке әйелдердің қызығына батасыз.

— Ол менің қолымнан келе ме?

— Келеді.

— Сөйлесе білмейтін мендейлердің қолынан қалай келеді?

— Мен келтіремін.

— Қолыңызды әкеліңізші.

Мәди оның ұсынған қолын алақанын шарт еткізе ұстай алып, күшін байқау үшін қаттырақ қысып жіберіп еді, Атамановтың көзі жасаурап кетті.

— Бұл не?— деді ауырған қолын сілкілей отырып, ашулы көзін Мәдиге қадап.

— Кешіріңіз, бұл репетиция, қазақ әйелдері қыса қалса, осылай қаттырақ қысады, жаттыға беріңіз.

Әйелдер қатты қысқан сайын, жаны рақаттанатын сайтанның өзі болу керек, Мәди соны айтқан кезде Атамановтың түйілген қабағы қайтадан жадырап сала берді. Оның ашуымен бірге мастығы да тарап кеткен секілді, тез қимылдап наганын суырып алды да, екі ауылдың арасында кетіп бара жатқан ала мысықты атып салды. Бірақ оғы дарыған жоқ, ала мысық орғи атқыған бойы ағып кете барды.

Мөлдіреп тұнып тұрған ауаны тіліп өткен жалғыз оқтың үні бір алқапты түгел алып, шалқып жатқан тоғыз ауылдың жан біткенін тегіс дір еткізді де, бәрін де үйіне қуып тықты. Мәдидің Атамановты желіктіріп бір оғын мысыққа жұмсатқандағы күткені осы еді.

Бір тайпы елдің үрейін жалғыз оғымен жапырып жайпап салғанына Атаманов мәз. Ол мәз болған сайын Текештің шүйдесі күжірейе түседі. Өзінің сол күдірейген көңіл, күжірейе түскен шүйдесін көрсеткісі келгендей жан-жағына көзін насаттана тастайды, бірақ бірде-біресе оның көзіне түскен жоқ. Жолдағы сегіз ауылдан бір адамын көрместен бұлар Текештің боз үйлеріне жете бере бір-ақ тоқтады.

— Бұл үйлер неге оқшау?— деді Атаманов әлде неден сезіктенгендей күймеден түспестен жан-жағына одырая қарап:

— Бұл да сізге көрсетілген құрметтің бір түрі. Малдың қордасында отырған үйлердің қандай сасық екенін жолшыбай көрген боларсыз.

— Мына даланың исі неткен жақсы еді,— деді Атаманов келте мұрнын шүйіре көтеріп.

Оның бұл қылығын басқаша түсінген Текеш от басып алғандай тыпырлап Мәдидің қасына жетіп келді. Оның жаңағы мастығы да тарқап кеткен секілді.

— .Жапалағым-ау, жан бауырым-ау, айтсаңшы, мына тақсыр не дейді? Үйіміз ұнамады ма, күймеден неге түспейді?

— Қатынсыз қараң қалған үйлер ме, бұл қалай дейді. Шынында жеңгейлер қайда, олар неге қонақты қарсы алмайды?

— Ойбай, бауырым-ау, орыстардың ондай салтын мен білмеймін, қатындар қайдан білсін,— деді де Текеш үйлеріне қарай бір-екі аттап барып айғай салды,— әй, менің кемпірлерім, келіңдер бері, көріңдер менің жандарал досымды, көріңдер де тағзым етіңдер.

Оның «кемпірлері» тағзым етудің қандай түрі болса да әзір еді. Текештің тепек қаққан дауысын естісімен үшеуі үш үйден сылаң етіп шыға келді. Іштей бәсеке екенін көрсеткісі келгендей үшеуі де сәнді киініпті. Сол сәнді киімдердің берген көркі үшеуін де сұлуландырып жіберіпті. Ішіндегі жасы үлкен Шарапат ана екі тоқалдан да жасарып кеткен секілді, гүл жайнап келеді. Олардың мұндай сұлулығы Текештің көзіне зұлымдық болып көрінді.

— Тойға баратындай бұл не құрттау?— деп күңк етіп еді, екі тоқал «бәйбішеңіз осылай киінген соң, біз де солай» деп күмілжіді де, Шарапат өзінің байына еркіндігін Мәдиге көрсеткісі келгендей шәлісінің ұшын кері серпіп тастап ерке дауыспен күле жауап қатты.

— Тақсырым-ау, үйімізге мұндай мәртебелі ұлықтың келуі қуаныш емес пе? Әр қуаныштың өз тойы бар емес пе?

— Жігітсіз, жеңеше,— деп Мәди оның отына май құйып жіберді де, Текештің құлағына сыбырлай бастады,— мына ұлығымыз сізді әйелдерін қызғанды деп қалмасын. Қызғаншақ еркекке қылыш жұмсау бұлардың ежелгі әдеті.

— Құдай сақтасын, мен қызғанудың не екенін білмейтін бишара жанмын, мына мырзаға солай деп айтты деңіз. Солай деп алла атымен ант етуге де бармын.

— Оны сөз кезегі келгенде айтармын, жамағаттарыңызбен таныстырыңыз.

— Таныстырғаны қалай? Сонда мен өз әйелдеріме өзім жеңгетай боламын ба?

— Аттарын айтып тұрсаңыз, ар жағын өзім жеткіземін ғой,

— Е, онда жөн.

Текеш Атамановқа қарай бір аттап тұра қалды.

— Алдияр тақсыр,— деген даусы қалтыраңқырап шықты,— алдыңызда тұрған мынау үш ұрғашы — менің құдай қосқан қосақтарым. Мына тұрған кербез келіншек менің бәйбішем, аты Шарапат. Ана тұрған екеу тоқалдарым, бірінің аты Кәмеш, екіншісінің аты Кенел.

— Өте жақсы, өте жақсы,— деді Атаманов күймеден теңселе түсіп,— бірақ өте жаман, өте жаман.

Ол өз сөзіне өзі мәз болып қарқылдай күліп, теңселе басып келіп Шарапаттың қолынан сүйіп еді, ол ыршып түсті.

— Ойбай, қажеке, мына тақсыр сары ауыздың өзі ғой.

— Өздерінің салты солай көрінеді, қозғалма, сен түгілі мана мені де осылай бас салған-ды.

— Ол бір жақсы салт екен, онда мә, тақсырым, тағы да сүйіңіз, қолымды тартып алып күнәға батқан едім, кешіріңіз, тақсырым, мә, тағы да сүйіңіз,— деп Шарапат саусақтары алтын, күміс аралас сақина жүзіктерге толы қолын Атамановтың аузына тосып еді, ол сөзін ұқпаса да аузына төселіп, дірілдеп тұрған қолдың сыртынан, тұнжырап қалға қомағай көзінен нені аңсап тұрғанын сезді де:

— Ерініңіз неткен әдемі еді, тіпті сүю үшін ғана жаралғандай. Мұндай ерін сұлу әйелдерге қырғидай тиіп жүрген Мәдидің көзіне қалай түспеді екен, көзіне түссе ол қалай сізді ұрлап әкетпеді екен?

— Қажеке, мына қонақты қараңыз, баурап барады.

— Та, та,— деді Текеш, бірақ дауысы шықпады,— та, та, тақсыр, — деді ышқынып. Бірақ оның не екенін Атаманов ұққан жоқ, тек Шарапаттың жанын ұқты да, оны ұмсындыра бере өз аузын бір шөп еткізіп тоқалдарға қарай өте шықты.

Жас тоқалдардың жайдары жүзі мұның қара ниетіне болымсыз бір сәуле түсірді ме қалай, Атаманов тез өзгере қалды да Шарапатқа істеген сұғанақтығын оларға көрсеткен жоқ, екеуінің қолынан сүйді де жаңағы бір сөзін тағы қайталады:

— Өте жақсы, өте жақсы. Бірақ өте жаман, өте жаман.

— Мүмкін, қажы мырзаның өзіне айтып жаманым жақсарттырармыз, не екенін айтарсыз?— деді Мәди.

— Сіз екеуімізді көмекке алса да қажы мырзаның халі жақсара қоймас,— деді Атаманов тағы да қарқ-қарқ күліп.

— Көптен бері күлкіге бір шомыла алмай көңілімді кірбең басуда еді. Шаттана күліп мен де бір рақаттанайын, айтыңызшы неге мұнша күлдіңіз?

— Мына үш ханумның үшеуі де көздің құрты екен. Қажы мырзаның өзгелердің ойнасын өз әйелім деп таныстырғанына күлемін.

— Олардың ондай екенін сіз қайдан білдіңіз?

— Табиғаттың заңынан білемін. Олардың көзінен, өзімнің еркектік күшімнен білемін. Мына мырза құдайдың өзіне барып қайтса да менен күшті емес. Менің күшім бір әйелден артылған емес,— деді де Атаманов сағатына бір қарап алып, солдаттарына әмір ете бастады.

— Қазір сағат алты... Енді екі сағаттан кейін күзет кезегін бастайсыңдар. Сен екеуің сағат он екіге дейін,. сен екеуің он екіден төртке дейін, сен екеуің төрттен сегізге дейін күзетте боласыңдар. Екінші кезекке яғни он екіден бастап шығатын сен екеуің қазір жата қалып дем алыңдар.

— Дем алуды қоя тұрыңыздар,— деді Мәди оларға жақындап,— өзінің сіздерге арнап кешеден әзірлеген қонақасын бермей Шарапат жеңгей сіздерге дем алдырмайды. Еттің де дәмдісі, арақтың ең күштісі сол жеңешемнің қолында, оның қолынан дәм татпау қылмыс.

— Ол жеңешеңіздің қолына өзімді бердім, бүгін таң атқанша, ертең күн батқанша, онан арғы түн өтіп, келесі күннің таңы атқанша бердім өзімді, тек түнгі күзетте тұратын мына екі солдатқа рұқсат етсін.

— Онда олар даяр астан татып, тартатындарын біраз тартып жатсын.

— Егер, апарар жеріміз жоқ болса, қайда, қалай тартамыз?

— Мынау өзенге барып сүңгіп келсеңіздер, қарындағы астың қайда кеткенін өздеріңіз де білмессіздер.

— Мұндай ақылды сөзді ұқпайтын менің солдаттарым ақылсыз емес, жүріңдер, сендермен бірге мен де үйрек болып сүңгіп, қаз болып қалқиын... Миша, менің орамал, сабындарымды ала жүр,— деп Атаманов өзі бастай жөнеліп еді, солдаттардың бірі қалған жоқ.

— Жеңеше, олар енді шегірткедей жайпайды, әсіресе арағыңыз мол болсын.

— Тәнімізді тілемесе болды, дәміміз жетіп бағады.

Текеш оны ала көзімен бір атып иек қағып еді, Шарапат өзімен бірге екі тоқалды да ала кетті. Өзіне-өзі ұрысып күңкілдеп барады:

— Әй, аңқау басым-ай, аңдамай сөйлеп ауырмай өлесің де жүресің-ау, қағылдым-ау қажымыздың қайырымынан.

Ол қажысынан қағылғанына күйінішті секілді, бірақ өңінде өкінудің ізі де жоқ, дауысындағы жылас — із тастаудың бұлаңы.

Текеш оны естіген жоқ, естігісі де келген жоқ. Қысылған кеудесі әйелдері алыстаған соң барып кеңіген еді, әлі де кеңіте түскісі келгендей ауыр бір күрсінді де Мәдиге жақындады.

— Жапалақ шырағым, жасырмай айтшы, мен жаңа бұқалық еткісі келген өгізді көрдім-ау, сен соны байқадың ба?

— Қашан?

— Жаңа, осы жерде.

— Емеуірініңізге енді түсіндім, қажеке, мен бұқаны ғана емес, өгізге де сүйкенгісі келетін құнажынды да көрдім, сіз соны байқадыңыз ба?

— Құнажын деп тұрғаның менің бәйбішем Шарапат болса күнәға батқаның тезінен тәубаға кел.

— Тәуба, тақсырым, илайым сіз әзәзілге азған азбан бола көрмеңіз.

— Бір сен емес, оның жайдары ашықтығын жұрттың бәрі жаманшылыққа жориды.

— Мен де сол көптің бірі болайын, тек өзіңіз өгіз болып қалмаңыз.

— Өгіз болғаны қалай?

— Өкініп, өгізше өкіріп қалмаңыз дегенім ғой.

— Өкінсем өз обалым өзіме, сен тәубәңа келіп болсаң ұлығымыздың жаңағы қарқылдасының мәнісін айтшы. Ол кімге, не үшін сонша қарқылдады?

— Қажеке, дәл осыны менен сұрамаңызшы.

— Неге?

— Неге екенін айтуға аузым барар емес.

— Онда алла атымен ант етіп қарғыс айтамын.

— Апыр-ай, қажеке-ай, буынсыз жерден пышақ ұрдыңыз-ау, аулаққа таман барайық, бері таман жүріңізші,— деді де ол бір-екі аттап қайта тоқтады.— Алдын ала ескертейін, айту маған, есту сізге ауыр, екеуміз де қиналамыз.

— Сенімен бірге қиналсам қынжыларым жоқ, айта бер.

— Қай әйеліңіз екенін білмеймін, әйтеуір бір әйеліңіз сізге өтірік шағыстырып Ноян дейтін зергерді өлтіртіпті.

Текеш басқаның бәрін күтсе де, дәл бұл сұмдықты күтпеген болу керек, төбесінен біреу аямастан қатты ұрып жібергендей есеңгіреп қалды. Тілі байланып қалғандай үн жоқ, тек көзі бақырайып, ауызы аңқиып барады. Діріл қаққан қолы әлсірей көтеріліп жағасына жеткен кезде ғана үні шықты.

— Астағпралла, астағпыралла... Бауырым-ау, сен не деп отырсың?

— Әйеліңіздің ол зергерде көңілі болыпты. Зергер байғұс өзінің адалдығы ажалы боларын білмей сіздің көзіңізге шөп салмапты. Соған ерегіскен әйеліңіз оған өтірік жала жауып, сізді өшіктіріпті. Сіз екі ұрыңызбен аңдып тұрыпсыз да, әйеліңіз зергерді алдап кілетке кіргізіпті, сол кезде сіздер бас салып тепкінің астына алыпсыздар. Сол тепкіден зергер бір жұма жатып өліпті. Оның өліміне себеп болған сіздің тепкіңіз көрінеді, өйткені оның денесіне батқан өкшенің жуан елі нәлі бар, ондай нәлі бар етік сізден басқада жоқ көрінеді.

— Жалған... жалған,— деп Текеш көкке ұшып, жерге түсті, байлаулы қояндай тыпырлап жанын қоярға жер тапқан жоқ, бірақ аузына «жалған» деуден басқа сөз түспей, жағасына жармасып отыра кетті.

— Ояздың тапсыруы бойынша ол зергердің көрі ақтарылып, бәрі де тексерілетін көрінеді. Егер өзіңіз ондай кісіні өлтіруден аман болсаңыз", несіне қорқасыз?

— Көрі ақтарылады? Сұмдық-ау, не үшін?

— Өліктің денесінде сіздің өкшеңіздің таңбасы бар-жоғын білу үшін.

— О, сұмдық... сұмдық.

— Жандарал досыңыздың күлкісін келтірген сол сұмдық.

— О, жасаған, күлетініміз сұмдық болса, жылайтынымыз не болмақ?

— Жуан сары досыңыз «әйелдерінің көңілін ауламасақ Текеш мырза бізді де сол зергердің соңынан жіберер» деп кеңкілдейді.

Текештің тілі байланды, тек май басқан жуан денесі безек қағып дір-дір етеді. Оның бағына Шарапаттың ерке дауысы шыға қалды.

— Қажеке-ау, екіндіңіз жақындап барады ғой.

Текештің кім екені белгісіз, біреуге «их» деп кіжінуге ғана шамасы келді, тұра жөнелді де, қарсы келе жатқан Шарапаттың бетіне қарамастан үйіне кіріп кетті.

«Кіжінген дауысың шошқаның ышқына шыңғырғанына ұқсайды екен. Өзіңді де сол айуанға ұқсатып, қанды тырнағыңды қажылықпен қанша бүркесең де осы түннен қалдырмай шыңғыртармын», деді Мәди ішінен.

— Ауыл торыған бөрідей шөкеңізден түсіп жатқаныңыз қалай?—деп сыбырын сыңқыл күлкімен көлегейлеп Шарапат келеді.

— Жеңеше, мен бір арбалған торғай болдым ғой, ендігісін өзіңіз білесіз де.

— Арбалған торғай сіз болсаңыз, арбаушы жыланыңыз мен-ақ болайын, тек мойныңызға оралған кезде қорқып жүрмеңіз.

— Қажыңызды мықтап қатырсаңыз, жеті басты жылан болсаңыз да қорқа қоймаспын.

— Оны қалай қатырамын?

— Өзіне білдірмей қымызына арақты молырақ қосып жіберсеңіз болды.

— Ол қиын емес-ау, тек сіздің қандай төсекті қабылдайтыныңызды біле алмай тұрмын.

— Қажының қызметін өз төсегінде атқарғаным жөн болар.

— Өзін қайтемін?

— Өзін тоқалдарының біріне жіберіңіз. Егер оны жетегіңізге жеккіңіз келсе, ірге жағыңызда жата берсін.

— Ұяттау болмас па екен?

— Біздер ұятты бұтымызға киіп алғандармыз ғой, ештеңе етпес.

— Сөзіңіз неткен сотқар еді, әлденеге ызалы жандай үніңізде де бір ызғар бар, бұл қалай?

— Қанша ызалы болсам да сізді қорқыта алмаспын.

— Кімге ызалысыз, маған ба?

— Өмірге ызалымын, өмірді лайлаушының бірі болсаңыз да, сіздің қорықпайтыныңызды білемін.

— Соншалықты мені кім ғой дейсіз?

— Сіз төсектің қызығын адамның жанынан қымбат көретін адамсыз.

— Оһо, сіз мені тіпті ғарышқа шығарып жібердіңіз ғой.

— Отыңыздың сондай ыстық екені бекер ме?

Шарапат бұл сөздің де байыбына бармастан:

— Бекер емес, оны сіз қайдан білесіз?—деп сайқалдана түсіп, Мәди:

— Кешіріңіз, менің аңдамай айтқан әзілім сізді шошытып жіберді білем.

— Әзіліңіз удай екен.

— Қорықпаңыз, осы түнеріп , келе жатқан түн бар уымның төгілетін түні болар. Қажыңыз мені қарғамасын, осы түнімнің тілеулісі болыңыз да тезірек кетіңіз.

— Барлық түніңе тілеулеспін,— деді де Шарапат сылаң жүрісін салып үйіне қарай сырғи жөнелді.

Өшпенділіктің бір ғажабы адамның бойындағы ұшқындай қаталдықтың өзін өрттей қаулатып жібереді екен. Мәди оны тұңғыш рет осы сәтте сезінді. Ол қоюланып келе жатқан түнді Текеш пен Атамановтың басынан мәңгі кетпейтін түн етудің жолын әлі де ойлай түсіп отырып қалды.

Манағы арақтың уыты Текеш қажыны енді ғана езгілей бастады. Ол азан шақырып, алласын аузына алған кезде арақ аралас қымызы бар кәрлен кесе көзінің алдына келіп еді, сол елестен есеңгіреп қалды да, оқып отырған намазының дұғасынан да жаңылды, алласының атынан да адасты.

Осындай итжемеге түсіп ұзаққа созылған намазы оқылып та болды, бірақ жайнамазы әлі жиналған жоқ, өзі де есін жинай алмай сол жайнамаздың үстінде мүлгіп әлі отыр.

«Егер, алла тағалам, менің арақ ішіп дініме жасаған осы қиянатымды кешірер болса, оллаһи, мен ендігәрі қиянат жасаудың не екенін білмес едім. Тіпті өзгенің ойнағы болғысы келіп жүрген анау тоқалдарыма да қылдай қиянат жасамас едім. Тоқта... тоқта... Сонда қалай? Мен не деп отырмын осы? Бәйбіше болса бір сәрі, қиянаттың тоқалдарға жасалмауы мүмкін бе? Мысалы бүгінгі кезек Кәмештікі, бірақ, өзін-өзі жұлып жеп жүрген Шарапатты мына мұрындықсыз бұқалардың ортасына қалай қалдырамын? Ауырмастан сандырақтап кеттім-ау, осы, не деп отырмын. Есімді алып, еңсемді басып бара жатқан ненің үрейі осы? Бұрын мұндай емес едім, биыл, әсіресе бүгін неге жиі шатаса беремін? Қайдағы бір белгісіз қорқыныш жаздай жанымды жегідей жеуші еді, бүгін есімді ала бастады, бұл не? Неден мұнша есеңгіредім? Әлде ертеңгі ақтарылатын Ноянның көрі ме мені өзіне қарай сүйреп бара жатқан? Ноянға тиген менің тепкім екенін бір құдайдан басқа білетін өзімнің Шарапатым ғана еді ғой, оның өз қылмысын өзі айтуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес, сонда кім? Бәрін көзімен көріп, қолымен ұстағандай мөлдіреткен кім? Әй, осы орыстардың да білмейтін бәлесі жоқ-ау, соны қайдан біле қойды екен? Егер олар ертең Ноянның көрін ақтара қалса, менің кім болғаным? Барлық абыройымның ақтарылғаны емес пе? Абыройсыз тірліктің керегі не? Енді қайттім? Не істедім? Қайда, қайда менің құдай айдап келген Жапалағым? Әй, соның көзі де жақсы емес-ау, жақсы емес. Өзінің адамның жанын қуыратын бір сайтаны бар екен, соны қалай көрдім, қалтырай бастаймын, бұл не? Бұрын мұндай емес секілді едім, енді ненің албастысы мені басқан? Әлде анау қанды ауыз Есімтайдың сандырағынан сескенемін бе? Жоқ, ол үшін мен айылымды да жимаймын. Енді не? Ноянның жазықсыз кеткені анық па? О, сұмдық, мен не деп кеттім? Онда менің кім болғаным? Сонда Шарапаттың кім болғаны? Періште деп келгенім сондай салдақы болса өзімнің де салдақы болғаным емес пе? Масқара... масқара...»

Осы кезде сырттан бір солдаттың орысша сөйлегені, оған ілесе Мәдидің:

— Жеңеше, судағы мырзалар әлсіреп қалыпты, Қаусаттан ішетін бірдеңелер жібергейсіз, мен сонда кеттім, — деген дауысы естілді.

— Мүлдем неге кетпейсіңдер,— деді Текеш ішінен тістене күбірлеп. Өзінің сол тілеуін бағыштағандай бетін бір сипап жайнамазын жинап тастады да, жантая кетті. Қысылған жанына сая іздеп кезген қиялының бір тапқаны қымыз ғана.

— Кәмеш-ай, маған қымыз әкеп берші,— деді дауыстап.

Байының бабын дауысынан байқай білетін Кәмеш үйінен жүгіре шығып еді, иесіз қалған бір қора қойға кірген аш қасқырдай есіріп алған бір қатпа солдат осы үйге қарай келе жатыр екен. Төсек қызығына кедейлене бастағаннан бері Кәмеш те еркектердің құлқынын көзінен көре білуші еді, қатпа солдаттың кеудесіндегі сотқарлықты көзінен көре кетті де, Текеш отырған үйге қарай жүгіре жөнелді.

Бірақ қатпа солдат оны құтқарар емес, аш көзденіп қуа кірді. Суға сүңгіп келсе де мастығы тарқамаған екен, тор алдында қисайып жатқан Текешті көрер емес, көрсе де елейтін түрі жоқ, оқырана ұмтылып келіп Кәмешті құшақтай алды.

— Ойбай-ау ойбай, қажеке-ау, ойбай-ау, жаныңыз бар ма?—деп Кәмеш байына ұмтылып еді, солдат оқырана қимылдап онан сайын омыраулай түсті.

— Әй... әй... мырза,— деді Текеш, бірақ дауысы шыққан жоқ,—әй... тақсыр, тақсыр,—деді ышқына түсіп, дауысы әлі шыққан жоқ, — әй, ә-ә, — деді тамағына бірдеңе тығылғандай қылқынып, бұл сапар дауысы шықты, бірақ солдат оны елеген жоқ.

— Немене, ай-ай,— деді ол Текештің «әй»-ін өзінше түсініп,— кәп-кәрі сенде үш қатын бар, жап-жас менде біреуі де жоқ, сонда да ұялмай «ай», «ай» дейсің, ә?

Ол Кәмешті екі білегінен жоғары көтере ұстап, кереуеттің үстіне шалқасынан түсіріп еді, Кәмеш бақырып кеп қалды.

— Ойбай, қажеке, мынау мені...

Оның «қажекесі» өзін зорласа да қозғалар емес.

Солдат өзінше үздігіп:

— Маржа, сен жақсы маржа... менікі — сенікі, сенікі — менікі, сен біледі, мен біледі,— деп өзі білетін қазақшасын қолымен де түсіндірмек болып, бір қолымен әр жерін түрте берген кезде Кәмеш оны теуіп жіберіп шалқасынан түсірді де тұра қашты.

Бақыруға да шамасы келмей тыржиып, қыржиып, шалбарының ауын шеңгелдей ұстап шөмиіп қалған солдат қинала қимылдап Текешке қарай жылжып еді, ол үйелеген малдай тыпырлап үреймен тұра алмай қалды.

«Мынау көзі қарайған найсап өзімді жазым етер ме екен?»— деді ішінен. Сірә, ол өзінің дәл қазір қандай күйде екенін сезбейтін болу керек, неге екені белгісіз, екі қолымен жер тіреп шалқасынан жатыр.

Солдат әлденені айтып баж-баж етеді. Ол бажылдаған сайын жаны шыжылдап Текеш жатыр, маңдайынан тер бұрқ-бұрқ етеді, бір кезде солдат бар дауысымен баж етіп тап беріп еді, Текештің жан дауысы шығып кетті:

— Ойбай, жан-да-рал... Жа-па-лақ... жа.. жа..

Оның «жандарал» деген бір сөзінен бәрін ұққандай болып солдат ата жөнелді. Ол денесіндегі сыздақты да елейтін емес, өзенге қарай шөмеңдеп барады.

Жапалақтың тырнағынан құтылған торғайдай безілдеп барып Кенелдің үйіне кірген Кәмеш есікті бекітіп алып, босағасынан сығалап тұр еді, солдаттың кеткенін көрген соң ғана есін жннағандай «уһ» деді де, Кенелді құшақтаған күйі отыра кетті.

— Үһ, жан-ай, бүйткен байы құрысын-ай, өзінің байталын өзге айғырға өліспей бермейтін айғыр ғұрлы болмады-ау.

— Немене, арашаға түспеді ме?

— Тіпті орнынан сиыршылап та тұра алған жоқ.

— Е, сенің көңіліңді көтеріп өзінің жүгін жеңілдетейін дегені де, әйтпесе орнынан тұра алмайтындай көтерем емес еді ғой.

— Қылжақты қойшы,— деп Кәмеш оны бір тоқтатып тастады да, өз ойымен алысып кетті,— айғыр емес, бұқа емес, адам баласы да тапа-тал түсте бас салады екен-ау.

— Өздері шетінен Сарыауыз ба деймін, ана бір түрік ерін мұртты немесі мені қапылыста ұстай алып ышқырыма жармаса кетті.

— Онан қалай құтылдың?

— Ана бір алтын көзілдірікті мырза болмағанда, ол мені маржалайтын еді.

— Маржалағаны қалай?

— Қажының сөзімен айтқанда, «құйымшақ мыжғылауды» бұлар маржалау дейтін көрінеді.

— Біздің ана сұғанақ сұрға кездесер ме еді.

— Онда не болар еді?

— Жетеуіне жалғыз өзі төтеп берер еді.

— Қажы біздің бірімізге түнейтін болса, өзі де аман қалмас.

— А, өзі де оларды аман қалдырмас де.

— Иә...

— Ой, ғажап-ай, ә, орыстардың да Сарыауызы бар екен-ау.

— Олар көп жұрт дейді ғой, көптің ішінде не жоқ дейсің, бар ғой талай Сарыауыздар мен талай Шарапаттар.

— Осылардың ана бір дәу бастығының аты қалай еді, жандарал ма еді?

— Жоқ, жаналар.

— Еркіне қоймай есіңді алатын нағыз Сарыауыз соның өзі ме деймін.

— Иә... иә... ол мана күймеден түспестен жатып Шарапаттың шабын жалай жаздады ғой.

— Ол Сарыауыз болмасын де, бола қалса..,

— Бола қалса не болады?

— Бұлар қашан Мәди табылғанша осы ауылда жататын көрінеді.

— Жатса ше?

— Онда ана дәу сенің де бұзауың болар.

— Сенің ше?

— Менің де.

— Неге?

— Денесі тым кесек, бір Шарапатқа қанағат ете қоймас.

— Біздің айғырлардың ішіндегі ең зоры сенің төркініңнен келген жалдас қара айғыр, өзі зор болғанымен биелері жыл сайын сорлап қысыр қала береді ғой.

— Қара айғыр бишараны табалап қайтесің, өзіміздің бедеу айғырдың да денесі осал емес қой.

— Өзіміздің бедеу айғырың қайсы? Бізде ондай айғыр бар ма еді?

— Қажыны айтамын. Оның денесінен жаңағы солдаттай жігіттердің екеуін жасауға болады, бірақ амал не, қауқары өзінің сақалы секілді қуқиған бірдеңе.

— Оның рас, денесі майланған сайын діңкесі байланып, ырсылдауы көбейіп барады.

— Айтпашы, атамашы. Ол ырсылдап жатқан кезде кеудемнің ішінде бір топ ит ырылдасып жатқандай өзімнен өзім желінемін де, есіме түссе жылағым келеді,— деп Кенел көзінің жасын мөлт еткізіп еді, Кәмеш оны құшақтай алды.

— Жыламашы, қажы бүгін маған түнейтін болса, қызғанбай-ақ қояйын, ар жағынан сен де жата қойшы.

— Ондай азапты өзіңе сыйладым.

Текештің бұл екі әйелінің күндестігі мұңдастыққа, мұңдастығы сырластыққа айналған еді. Екеуі де жас, сол жастықтан алғашқы кезде екеуі де Шарапаттың қағажуына талай түсіп, сыбағаларынан талай қағылған еді, енді екеуі бірігіп алып соның есесін қайтара бастаған жайлары бар. Сондықтан Текеш қажы бес уақыт намазын қаза етсе де, бұл үшеуінің кезегін бұзбайтын, арақ шіркіннің бүгін оны өз жолынан адастырып, Кәмештің төсегінен алыстатқалы тұрғанын бұл екеуі білмейтін.

Солар сияқты не істерін білмей, Текеш те әлі мәңгіріп отыр.

— Бұл мырзалардың достығы мынандай, қастықтары қандай екен?— деп сыртылдаған буынымен бірге ойы да осылай сылқылдап, Текеш енді ғана, Мәдиге жалынудан басқа жол таба алмаған соң ғана түрекелді.

Ол алысқа құлағын тіге, аяғын аңди басып үйден шыға бере Шарапатты көріп маңғаздана қалды.

— Мен қонақтарға барайын, сен тоқалдардың біріне сандықтағы алтын ыдыстарды, енді біріне шам әзірлет. Бүгінгі шам үш үйге бірдей жағылып, таң атқанша сөнбейтін болсын. Құлағыңды бері әкелші, мына бұқалардың омыраулары жаман, құйымшақтарыңды мыжғылап жүрмесін, сақ болыңдар.

— Арақпен өздерінің есін мыжғыламасақ, әрине, олар біздің құйымшағымызды мыжғылайды.

— Өзің әлден құлай кеткелі тұрсың ғой, байқа мойына құрым киіз ілініп жүрмесін.

Текеш соны айтты да, Шарапаттың жауабын күтпестен өзен жағасында уласып-шуласып жатқан қонақтарына қарай жүріп кетті. Шарапат сол орнында тұр. Ол әлдекімнің құшағын арман етіп, өзін-өзі құшақтап, өзін-өзі ырғап біраз тұрды да, зірк етті.

— Әй, тоқалдар, қайдасыңдар? Келіңдер бері! Ей, Төпей, қазаныңды қағыстыр. Бір қолың отта, екінші қолың ожауда болсын, жеделдете сапыр, тездет.

Жерошақтың басында тай қазан еттің сорпасын сапыра-сапыра қолы талған малай жігіттің күңкілі естілді.

— Тездет, жеделдет. Осы қатынның «тез, тез» деп тепеңдеуден басқа білері бар ма екен.

Шарапат оны естіген жоқ, өзіне қарай келе жатқан екі тоқалға қарап:

— Аяқтарың тым ауыр, шаттарың әлден ісіп кеткен бе?—деп сылқ-сылқ күле сөйлеп еді, Кенел ызалы күлкімен мырс етті.

— Кәмеш екеуіміз ондай күнге сізден бұрын жете алмаспыз.

Шарапат Кенелдің бұл кекесініне кектене қойған жоқ, өзінің қомағайлығына салынып ішінен күбірлеп тұр.

«Құдайым дәл сондай күнге жеткізбейді ғой, жетер болсам, тұла бойым күп болып кетсе де рақаттанар едім».

Оның неге үнсіз қадалып тұрғанын Кенел түсінген жоқ, өзін-өзі жанжалға әзірлеп алып:

— Не бұйырасыз, тақсыр?— деді желегінің етегін кері бір серпіп тастап.

— Менің бұйрығым — байымыздың бұйрығы. Оның бұйрығы бойынша сен үш үйге бірдей шам жағасың, жаққан шамдарың тан атқанша сөнбейтін болсын, ол үшін керосинді үшеуіне бірдей мол құясың. Ал сен сандығыңдағы алтын кеселерді әзірле. Олар жетеу, біз екеу, аналар екеу... барлығы он бір кесені әзірле де үлкен үйге жеткіз.

Екі тоқал бәйбішемен сөйлескісі келмейтін болу керек, екеуі уәделескендей үн қатпастан жүріп кетті. Ұзай бере біреуі бірдеңе деп күңк етіп еді, оны Шарапат естіген жоқ, әлдекімді іздеп әр саққа зыр қаққан көзі өзен жақтан келе жатқан Мәдиге түсіп кетті.

Таңның алакеуім кезі, кештің осынау бір шапағы шағын болса да шапағаты мол шағы Шарапатты өзгеше бір шаттыққа бөлейтін. Мұндай кезде оған шіркейдің кешкі шырылы да, бақаның бақылы да бұлбұлдың үніндей естілетін еді, қазір Мәдидің етегіне үйкеліп сусылдаған шалғын шөптің сыбысы да бетіне келіп тиген оның ыстық лебіндей сезілді. Бірақ ол сырын бүркеуге шебер еді, Мәдидің келе жатқанын сезбеген болып, манағы қызыл кілемді үйіне қарай жүре сілкілеп кете бастады.

— Жеңеше, кішкене кідіріңізші.

Мәдидің үздіге шыққан үні Шарапаттың кеудесіне ұялаған бір шайтанды шалқасынан түсірді. Жүрегі лүпілдеп, көзі күлімдеп барады, тек сөйлеуге тіл жоқ. Көңіл шіркін түлкі болып бұлаңдағысы келеді, қозғаларға дәрмен жоқ. Өзінің сиқырлы сырымен оның сайтандарын әлі де жандандыра түскісі келгендей, Мәди қасақана қадала түсіп, үнсіз тұрып алып еді, Шарапаттың шыдамы жетпеді:

— Айтарыңызды ынтықтырмай тезірек айтыңызшы,— деді ол әлсіреп.

— Айту ауыр, айтпау онан да ауыр болып тұр-ау, жеңеше.

— Сіз не десеңіз де мен риза, қиналмай-ақ айта беріңіз.

— Мына келген ұлық әйелдердің ішкі сырын көруге келгенде менен де көреген екен, сізге ол да құмар болып қалыпты.

Мұны күтпеген Шарапаттың аузы ашылып, көзі шатынап кетті.

— Сұмдық-ау, не айтып тұрсыз?

— Сұмдық екені рас, бірақ оған кінәлі мен емес, өзіңіздің көзді бірден тартатын сұлу кескініңіз.

«Сұлусың» деген сөз Шарапатты бұрын шаттықтың теңізіне сүңгітуші еді, бұл сапар қасіреттің шөліне тастап кетті.

— Сонда ол құмар болғанда, мен не істеймін?

— Тілегін қабылдайсыз.

— Қалай?

— Маған көрсетпек болған құрметіңізді енді соған көрсетіп, маған тартпақ болған сыйыңызды енді соған тартасыз. Қолыңыздағы кілемді тастаңыз да, маған осы жерге төсек салып беріңіз:

— Апыр-ай, асыл задам-ай, осыны айтуға аузыңыз қалай барды?

— Ыза тозаққа да түсіреді.

— «Ыза тозаққа да түсіреді?» Сіз кімге ызалы едіңіз, маған ба?

— Мен өмірдің өзіне ызалымын, өмірге айтар ызамды сізге айтқызып тұрған — сіздің бір қылмысыңыз...

Шарапат ыршып түсті, дауысы да қаттырақ шығып кетті:

— Қылмыс?

— Егер тілегін қабылдап, құмарын қандырмасаңыз, оның сізге Ноян дейтін біреудің керін ақтартатын түрі бар.

Шарапаттың жаны онан сайын ыршыды. «Ноян» деген дауысы да шыр етіп еді, аузын баса қойып, есін тез жиып алды да:

— Қайдағы Ноян?—деді салмақтана қалып.

Оның жүзі жанбастан, сайқалдануы Мәдидің қанын қайната түсті.

Бірақ ол ашуға тізгінін бере қойған жоқ. Шарапатқа деген өшпенділігін тез тежеп алды да, салқын қанмен ақырын сөйлей бастады.

— Бір кезде өзіңіз құштарланып, есірген көңілдің ермегі етпек болған ниетіңізді қабылдамағаны үшін құрбаныңыз болған Ноян... Шошымаңыз, менің сөзімді есту кісі өлтіруден қорқынышты емес, шошымаңыз. Егер тілегін қабылдамасаңыз, Атаманов мырза Ноянның көрін сізге ақтартады, онан да шошымаңыз.

— Не үшін?

Бұл сұрауды не үшін бергенін Шарапаттың өзі де білген жоқ.

Мәди сол өзін-өзі тежеген салқын қалпында сөйлеп тұр.

— Сарапқа салып, нендей соққыдан өлгенін білу үшін. Атап айтқанда оның денесіне тиген соққы байыңыздың нәлі бар өкшесі ме, жоқ па, соны анықтау үшін.

— Ол ешқандай соққыдан емес, өзінің ажалынан өлген еді ғой.

— Оны мына жуан сарыдан басқаға айтыңыз. Өйткені ол ауруға шалдықтырған сіздің байыңыздың тепкісі екенін жақсы білетін секілді.

— Мен түкті де білмеймін, өзіме Ноянның қызыққаны рас, соны ғана білемін, басқа білерім жоқ.

— Басқа білеріңіз болмауына тілектеспін. Жалғыз-ақ ескертерім: ертең көрдегі сүйек әкелініп, сіздің төсегіңіздің үстіне қойылады да, жұрт көзінше сізге бірнеше сұраулар беріледі. Сол кезде майысып қалмаңыз, қош болыңыз.

Шарапат арбалған жыландай өзінен-өзі байланып қалды, тіпті тілі де байланып қалған секілді, тек өзен жақтан келе жатқан байын көргенде ғана кеудесіне жан кіріп, күрмеліп тұрған тілі шешіліп кетті.

— Мен жүрегімді өз қолыңызға бердім, жұрттың мазағынан қорғасаңыз да, өзіңіз қоса мазақ етіп итке тастасаңыз да мейліңіз.

Ол соны айтып көзінің жасын бір мөлт еткізді де, жүріп кетті. Атамановты барлық жағынан бірдей жалаңаштап масқаралаудың оңай жолын тапқанына қуанып Мәди қалды. Оның ендігі ойлағаны — Қаусат пен Заузаттың келешегі. Олардың бүгінгі таңнан күткені — Текештен кек алу, ертеңгі таңнан күткені — бұл елден жоғалу. Ол үшін Заузат саудагерге сатылып кеткен күйінде жоғалады, оны іздеп кеткен бетінен қайтпай Қаусат жоғалады. Ондай жетімдерді жоқтап жатқан ешкім де жоқ, бұлар Мәди көрген қуғынды да кермес үшін, Қаусат Атамановтың жарлығымен қалаға кетеді. Ол кетіп қалып, қайта келеді де алдағы айқасқа араласады. Сонан кейін Мәди бұларды Қарағанды мен Алтайдың біріне апарып жұмысқа орналастырады.

Таңертең орман ішінде басталған бесеуінің әңгімесін Мәди осылай жалғап түйді де, өзен жақтан ырсылдап келе жатқан Текешке іштей түйілді.

«Білемін, неге бұлай тыпырлап жүргеніңді, қазір маған не айтқалы келе жатқаныңды да білемін,— деді Мәди ішінен.— Қаусат үшін ең жақсы аттарыңның бірі мен ең жақсы киімдеріңді әзірлей бер».

Сол ойдың екпінімен ол Текешті кие жөнелді.

— Қажеке, бір ауыр ойдан құтылу үшін суға да сүңгідім, орманды да кездім, арақ та іштім, оған қоса қымыз да іштім, соның бірде-бірінің септігі тиген жоқ, енді айтпасам сізді де, өзімді де өкінішке қалдыратын түрім бар.

— Айт, шырағым, айт, дүние күйсе де айтып жібер.

— Сіз патша ағзамның алдында, қала берді губернатор мен ояздың алдында ауыр қылмыс жасапсыз.

— Астағпралла.

— Сол ағаттықты тезірек ада қылмасаңыз сізді губернатордың өзі тергеп, өзі жазалауы мүмкін.

— Шырағым, құдай үшін зәремді алмай сөйлеші, соншама мен губернаторға не жазыппын?

— Жазығыңыз сол, губернатордың өз басына төнген қатерді біле тұра, оны сақтандырмадыңыз.

Сұбхан алла-ау, губернатордың басына қандай қатер төнгенін мен қайдан білемін?

— Мәди қатер емес пе?

— Қатер.

— Оның сол Семей жақтағы Құнанбай ауылына Абайдың жаназасына кеткенін анық естідіңіз бе?

— Иә, анық естідім. Өзгеге келер онан қандай қатер бар?

— Сол естіген хабарыңызды оязға жеткіздіңіз бе?

— Жоқ.

— Неге? Қапылыста барып бихабар жатқан губернатордың өзін бас салсын дедіңіз бе?

— Астағпралла, ондай сұмдықты айтпашы, бауырым. О, жасаған, бұл нендей бәлең еді қоршаған.

— Менің айтып тұрған сұмдығым өзіңіздің қылмысыңыз. Егер тезінен кісі шаптырып оязға хабар жеткізбесеңіз, су түбіне кеттіңіз.

— Астағпралла.

— Егер сіз естісімен оязға хабар берсеңіз, ол губернаторға телеграмма жіберетін еді де, губернатор Семейдегі жансыздарын қаптатып жіберіп Мәдиді сол жаназаның үстінде қолға оп-оңай түсіретін еді. Мына жуан сары досыңыз арамза екен, манағы жіберген қағазында оны айтпапты.

— Оның қалаға жіберген қағазы сол Мәди жайында ма еді?

Мәди ішінен «оның бәрін бұған босқа айтып тұр екенмін ғой» деді де:

— Иә, бірақ ол сылтауратып осы елде сайрандап жүру үшін Мәдидің қайда кеткенін жазбапты. Енді оны ұлыққа хабарлаған абыройға сіз ие болыңыз.

— Қалай?

— Мен сіздің атыңыздан оязға, тіпті оның үйінде жатқан губернатордың өзіне қағаз жазайын, сіз әндемді атпен анау Қаусат сияқты жігіттердің бірін шапқызып, сол хатты қалаға жеткіздіріңіз.

— Қашан?

— Қазір. Осы түннен қалмасын.

Текеш, қарсы сөз айтпастан, анадай жерде самаурынға ағаш жарып отырған Қаусатқа дауыстады.

— Қаусатжан-ай, бері келші.

Қаусат ағаш жарып отырған балтасын тастай салып ішінен мырс-мырс күле түрекелді.

«Бүгін Қаусатжан дерсің-ау, ертең не дер екенсің?»— деді ішінен. Ол келіп жеткенше Мәди оның Текештегі алар еншісін де айтып үлгірді.

— Сіздің атыңыздан баратын адам оязға тез кіре алатын болсын, ол үшін киімдері де сіздің атыңызға сай, сәнді болсын.

Текеш оған да сөз айтқан жоқ, насыбайын ата жақындаған Қаусатқа жымия қарап:

— Қаусатжан, сен мана маған «қызметіңізге әрқашан да әзірмін» деп едің, сол інілік сөзіңе ағалық ақ көңілмен сеніп, сені бір жерге жұмсағалы тұрғаным,— деді.

— Айтқаным айтқан, қайда жұмсасаңыз да әзірмін.

— Әзір болсаң, қазір жылқыға бар, жарау жүйріктердің бірін ұстап мін, сонан кейін осы үш үйдегі ең тәуір киімді киіп ал да, қалаға шап.

— Не үшін?

— Не үшін екенін мына Жапалақ мырза айтар, ол саған қағаз жазып береді, сен ол қағазды қалаға апарасың да, ояздың өз қолына бересің.

— Ояздың өз қолына? Мен бе?

— Иә, сен, осы тұрған менің Қаусатым.

— Қорықпа!—деді Мәди Қаусаттың арқасынан қағып.— Қолыңда қағаз болады, қажының қағазын оқығаннан кейін ол қуанғаннан сені құшақтай алып, қажыға айтар алғысын саған айтады, тек үстің таза, киімдерін жаңа болсын.

— Қажеке,— деді Қаусат Текешке жақындап,— қағазыңызды арыстанның ауызына апарып тық десеңіз де тығайын, ол үшін сіз менің Заузатты сол жақтан іздеп келуіме рұқсат етіңіз.

— Рұқсат, шырағым, рұқсат,-—деп Текеш елбең қағып еді, Қаусат оны іштей бір сыбап алды да:

— Рақмет, қажеке,— деді басын иіп.

— Сенің әндемді атың мен сәнді киімдерін әзір болғанша қағаз да әзір болады, кете бер,— деп Мәди иек қағып еді, Қаусат Текешке қарады, Текеш әлдекімді дауыстап шақырғысы келгендей тамағын кенеп үйлеріне жағалай қарады да кенет тоқтай қалды.

— Қаусатжан, сен жылқыға барып қалаған атыңды мініп келгенше, қалауыңа қарайтын киім де әзір болар, мынау жегіліп келген аттардың бірін мін де қалған екеуін жылқыға қуа кет. Жылқыдан мінер жүйрігіңді де айтып берейін, ол өзің білетін оқ шабдар, жылқы ұзап барады, тезірек жет.

— Жылқышыларға айт, ертең жылқыны ерте әкеліп ұлықтардың мазасын алмасын. Солай деп жылқышылардың бәріне жар сал,— деп, Мәди ертеңгі күннің әкелер қатерін кері серпетін ойын Қаусаттың құлағына қыстырып жіберді.

Мәди мен Текеш оңаша қалды. Ойда жоқта бас салған Ноян мен Заузаттың үрейі Текештің жанын қысып барады. Оның бұл үрейден құтылудың жолын сұрап жаутаң қаққан көзі Мәдиде, Мәдидің көзі ұзап бара жатқан Қаусатта, Қаусаттың көзі өз үйіне келіп түсіп жатқан Заузат пен Иманда. Ол екеуін алыста тұрған Мәди де аттарынан-танып, ішінен қынжыла күбірлеп тұр:

«Менің мына тұйғындарым ауылын көрген соң шыдамай көбелек болып кетіпті-ау, отқа түсер ме екен. Егер мынау елді ертерек үрейлендіріп, үйінен шығармай қоюдың амалын кеше ойламасақ қой, бүгін мұның бірде-бірін істей алмай шетімізден қолға түсеміз, не түк бітіре алмай бармақты шайнап-шайнап елден безіп кетеміз».

Мәдидің бұл ойын Текештің тамақ кенесі бөліп жіберді. Оның өзен бойынан әкелген бір ауыр ойы бар еді, соны айтуға енді ғана бекініп, тамағын да сол үшін кенеді.

— Жапалақ шырағым, өзімнен басқа жан баласына айтылмайтын бір сырымды саған айтқалы тұрмын, ағат болса елеместен кешіре сал.

— Ағаның сөзі ініге ағат болмайды, айта беріңіз.

Текеш тамағын тағы бір кенеп алды да, күңірене күбірлей жөнелді:

— Мен бәйбішемді көктемде, ту тоқалымды шілдеде, қу тоқалымды боқырауда алған едім. Сол үшеуін аларда киіп барған асыл киімдерім сол су жаңа қалпында осы күнге дейін сол үшеуінің сандығында сақтаулы жатыр, соның бірін саған сыйлағым келіп тұр.

— Не үшін?— деді Мәди таңдана күлімсіреп.

— Үстіңдегі киімдерің көне тартып қалыпты ғой, ертең ояздың алдына барсаң, тіпті губернатордың да алдына баруың мүмкін ғой. «Көрген жерде ой сыйлы, көрмеген жерде бой сыйлы» деген ғой, қашан кім екеніңді біліп ойыңды танып болғанша сыйланатын киімдерің ғой.

— Рақмет, қажеке, губернатор болмаса ояздарыңыз мені осы жұпыны киімдеріммен де қабылдайтын болар.

— Әрине, сендей мырзаны тыр жалаңаш қабылдайтындар да аз болмас, дегенмен ойланшы.

— Ойланбастан-ақ айтайын, тыр жалаңаш қалсам да сұрап алып берген сыйлықты алмаймын.

— Мен алар-алмасыңды сұрап тұрғаным жоқ, берген сыйлығымның бойыңа лайық болғанын тілеп тұрмын. Сол үшін үйге жүр де үшеуін де көзіңмен көріп бойыңа өлшеші.

Текеш соны айтып Мәдидің қолтығынан тартып еді, Мәди оның қолын қолтығымен қысып жіберді де:

— Көрместен-ақ таңдадым, таңдағаным ту тоқалыңыздың сандығындағы киімдеріңіз,— деді.

Текеш оған да сөз қатқан жоқ, ортадағы сегіз қанат боз үйдің оң жағында тұрған шағындау шаңқан үйге беттей бере тоқтап:

— Кәмеш, үйдесің бе? — деп еді, жастау әйелдің күңкілі зілдірек шықты.

— Үйде болмағанда қайда болушы едім?

— Біздер ұлықтарға барып, тағы не керек екенін біліп келейік, сен оған дейін сары сандықтағы менің киімдерімді әзірлей бер,— деп өзенге беттей бере кенет тоқталды,— жоқ, алдымен мына мырзамды сыйлап алайын.

Кәмеш байының бұйрығын бұлжытпай тез орындауды өзіне парыз етіп алған әйел болу керек, Текештер үйге жетіп ішке кіргенше, ол сандықтағы киімдерді жүктің үстіне жайып та үлгіріпті. Есіктен кіргеннен Мәдидің көзі күміс оқалы өрнектері шамның сәулесімен жалт-жұлт етіп тұрған құндыз бөрік пен алакөлеңке үйді жарқыратып тұрғандай көрінген ақ шапанға түсті. Ол екеуінен сәл алшақтау жерде жібек барқыттан тігілген бешпент пен шалбар, олардан төмен жерде ұлтаны жуан елі қисық табан жазғы етік жатыр, белді бес орайтын жасыл белбеу жүкке асылып жерге жете салбырап тұр.

— Міне, Жапалақ шырағым, құдай игілігіне кигізсін. Менің өзіңдей жас кезімде тігілген киімдер ғой, құдай біледі-ау, бойыңа шақ келіп қалар. Алдымен мынау әзірет Әлінің дүлділіне де жеткізбей кеткен ақ тайлақтың әулетінің жүнінен тоқылған ақ шапанды киіп байқашы. Самарқанның сарыала жібектері мұның қасында шөжім секілді.

Мәди Текеш көлбеңдетіп тұрған ақ шекпенді ұстап байқады да, өз қолына сенбегендей шамның жарығына жақындата түсіп таңданып қалды.

— Мынаны тоқыған адамның саусағы емес, даланың сағымы шығар. Қараңызшы, таңдайлары сағымның толқынындай неткен әдемі?

— Бұл шапанға сен түгілі ояздың өзі де таңданған-ды.

— Оған қалай сыйламадыңыз?

— Сыйлайтын едім-ау, бойына сыймай сорладым ғой.

— Неге екенін білмеймін, осы сыйыңыз менің бойыма сыйса да ойыма сыймай тұр.

— Мен кісі тани білемін, сенің ойыңа сыймайтын сыйлық жоқ, сөзді қой да шешін, шешін де киін.

— Өз киімімді қайтемін?

— Қоржыныңа салып ал.

— Жоқ, сіз рұқсат етсеңіз мен мұны өзімнің мұңдасым жаңағы жаралы жігітке сыйлайын.

— Жаралы жігітің кім? Қаусат па?

— Иә.

Текеш шекпенді Мәдидің қолынан жұлып алды.

— Жап аузыңды.

— Неге?

Байы иек қағып еді, Кәмеш үйден шыға жөнелді.

— Менің мұндай асыл дүниемді Қаусаттың үстінен көрсе ел не дейді?

— Ел не деуші еді?

— Заузаттың төлеуі демей ме?

— Кешіріңіз, ондай құныкер екеніңізді білмедім. Сыйыңыздың өтеуін немен өтейтінімді де білмедім. Өтеуі жоқ сыйлықты қалай қабылдауды да білмеймін, ол үшін ғафу өтінемін.

— Інілік көрсетіп бір ауыз орысшаңды қисаң, борышыңды өтегенің.

Сырттан біреудің келе жатқан сыбысы естіліп еді, Мәди Текештің сыйлығын алғысы келсе де, оны қинай түскісі келді де, сыбыстың сылтауымен шыға жөнелді.

— Ұлықтарыңыз келе жатыр, мен соларды қарсы алайын.

Оған ілесе Текеш те жөнелген еді, есіктен шыға бере Кәмешке кездесіп қалды.

— Мен бүгін осы үйде боламын, қуана бер.

Ол соны айтып жымың етіп еді, тоқалы байының жарылқамақ болған жарқылдақ сөзіне мәз бола қойған жоқ, қабағын шытып қала берді.

Мәдидің «ұлық» дегені өзінің Қанашы екен.

— Сенің ұйқың кешеден шала ғой, қажының рұқсатын ал да, мына үйлердің біріне барып күзет мерзіміне дейін ұйықтап ал. Керек кезінде өзім оятармын, алаңсыз үйықта.

Мәди соны айтып Кәмештің үйін иегімен нұсқап еді, Қанаш басын шайқады да, алыстап бара жатқан жылқысына қарап аулақта тұрған Текешке үн қатты.

— Даланың ұйқысы қатты болады, қатты ұйқы қашан да тәтті болады, қажекең рұқсат етсе мен күймесіне ұйықтар едім де қатар едім.

Қанаштың көздеген күймесі көз байлаудың мүддесі екенін Текеш аңғарған жоқ, ол аңғалақтап:

— Рұқсат, шырағым, рұқсат. Далаға ұйықтар болсаң мына үйден көрпе-жастық алғайсың,— деп Шарапат отырған үйді иегімен нұсқап еді, Қанаш оның қай үйді мегзегенін байқамаған болып:

— Көп жасаңыз, — деді де, Кәмештің үйіне кіріп кетті.

Мәди оның көксегені не екенін сезді де, Текешті өзіне қарай аударып әкеткісі келіп, манағы қызыл кілемнің үстіне жантая бере:

— Сіз рұқсат етсеңіз мен де жата қалып, таң атқанша тұяқ серппестен қатар едім.

— Онда менің тілімді таң атқанша будым десеңші.

— Қорықпаңыз, олардың тілін сіз буасыз әлі, сіз әлі оларға дүре де соғасыз.

Текеш шошып кетті:

— Дүре! Кімге?

— Өзіңіздің жандарал досыңызға.

— Астағпралла. Оған дүрені мен қалай соғамын?

— Оның сізге деген достығы қасқырдың қойға істейтін достығындай екенін байқадым. Оның қасқырлығы қандай екенін төсегіңізге жатқаннан кейін көрерсіз. Дүрені кімге, не үшін соғатыныңызды да сол кезде білерсіз.

— Жапалақжан-ау, менің сенсіз білерім жоқ. Нені білсең де өзің біліп, дүрені кімге соқсаң да өзің соқшы.

— Алдымен біраз дем алып тынығып алайын, сонан кейін кімге, қандай дүре соғылатынын кеңеспей-ақ келісерміз.

— Әй, біреуің мұнда көрпе-жастық әкеліңдерші,— деп Текеш дауыстап еді, Шарапаттың «қазір» деген дауысымен жарыса өз үйінен Кәмеш шыға келді. Ол көрпе-жастықтармен бірге байының Мәдиге сыйлаған жаңағы сыйлықтарын да әкеле жатыр.

— Сыйымызды да соңыңыздан қуып жүріп беретін болдық-ау,— деді көзіндегі телмірісті байынан жасыру үшін қабағын өтірік түйе сөйлеп.

Мәди не дерін білмей аузына не түссе соны айта салды;

— Сіз жеңдіңіз, жеңеше, мен жеңілдім.

«Жеңілдім» деген сөз Кәмештен бұрын Текешті желпіп жіберді.

— Әй, ақылдысың-ау, шабан торым,— деді ол Кәмештің арқасынан қағып, бірақ оның төсек жайған болып Мәдиге сүйкенгісі келгенін сезді де, кері серпіп жіберді,— сен жаңағы шаруаңды қауза.

Оның бұл сөзіне Кәмештің ызасы келді. Әттең оңаша емес, оңаша болса «мен әрқашан да әзірмін, өзіңді қауза, шалым» дер еді. Жат-жаладан кісі отыр, айта алмады, көзіңнің қиығын Мәдиге бір тастады да, өз үйіне қарай беттеді.

— Көп рақмет,— деді Мәди оның кеткенін сезбей қалған болып.— А, жеңгемізді қызғаныштың қырсық желі айдап кеткен екен ғой, онда рақметті сізге айтайын.

— Алғысыңды кейін айтарсың, әзірше мені тыңда. Менің бәйбішем биыл төркіндеп барып, бір үйір жылқы әкелген еді. Сол жылқысын саған сыйлағысы келеді, сен соны тыңда,— деді Текеш сыбырлай сөйлеп.

Мәди сенерін де, сенбесін де білмей аңырып қалды:

— Бір үйір жылқы! Ол не үшін?

— Өзінің абыройы үшін, егер сен қорғаны болмасаң, ол бар абыройынан айрылғалы тұр, ол айрылса менің де айрылғаным.

— Жарықтық-ау, өзімнің абыройымды қорғай алмай қаңғып жүрген мен кімге қорған болмақпын?

— Маған, маған... Менің тағдырым сенің қолыңда тұр.

— Мүмкін емес.

— Қолыңнан келгенін аямасқа ант етесің бе?

— Етейін.

— Ендеше бар байлығымды жолыңа садақа етейін, тек Ноянның көрін ақтарта көрме, бар тілегім сол ғана.

Мәди енді бәріне де түсінді, түсінсе де түнере түсіп ызбарлы үн қатты.

— Ояз бұйырса бұлар әлі Ноянның көрі түгілі тірі сіздің кеудеңізді де ақтарудан тайынбайтын қорқау ғой. Даланың қорқауы болмаса адамның қорқауы менен қорқа қоймас, мұндай қорқаулар қорықпаса тыңдамайды.

— Мен кісі тани білемін, оллаһи, сені тыңдамайтын, сенің тіліңді алмайтын, айтсаң тілегіңді қабылдамайтын пенде жоқ.

— Оны қайдан біле қалдыңыз?

— Мен де тегін жан емеспін, менің де құлағыма сыбырлаушыларым бар.

— Ол сыбырлағыштарыңыз не дейді?

— Сені сиқырлы жан дейді.

— Ол рас болған күннің өзінде де онан келер пайданы мен көре алмай жатырмын-ау, қажеке.

— Неге?

— Барлық қорқаудың үнін өшіре алатын екі-ақ күш бар. Оның бірі кеудесін тесіп өтетін оқ та, екіншісі көмейін бітейтін ақша. Бірақ мына жуан сарының көмейін толтыратын ақша сізден болмаса, менен махшарда табыла қоймас.

— Сонда оған мөлшері қанша ақша керек болар екен?

— Әрбір қылмыстың өзіне лайық жазасы бар. Сол секілді, оның парасы да өзіне сай болатын көрінеді ғой.

— Мысалы, бізден?

— Шарапат жеңгей Заузат үшін бір мың сом, сіз Ноян үшін екі мың сом тапсаңыздар жетіп қалар.

— Ойбай, бауырым-ау, биылғы жәрмеңкеде жылқының ең әулиесі елу сомнан асқан жоқ, сонша ақшаны біз қайдан табамыз?

— Онда бұл сырқатыңыздың емін мен біле алмадым,— деп Мәди шалқасынан жата кетті.— Мұнша ашылған абыройды жаба алатын тек ақша ғана, онан басқаның ақылын да, батырлығын да жұмсап әуре болмаңыз.

Текеш ойланып қалды, бар күшін жинап ақтық айтарын сайлап алып үн қатты.

— Мекеге тағы бір барып қайту үшін сақтап жүрген бес жүзге жетер-жетпес ақшам бар еді, соны беріп ұлықтың көмейін бір байқасақ қайтеді?

— Оның көмейін байқауға болар, менің қолымды былғауға болмас.

— Қолдың былғанғаны қалай?

— Мұндай аз ақшаны ұсыну маған ұят. Егер мен ақшаны ұсына тұра ұялсам, оның жыны келуі мүмкін.

— Жынын келтірмеу үшін не істеуіміз керек?

Мәди сәл ойланды да, есіне әлдене түскендей кенет басын көтеріп Текештің иығынан ұстай алды.

— Таптым, қажеке, таптым,— деді де, қайтадан құлай кетті,— жоқ, таба алмаппын.

— Тапқаның немене еді?

— Оңашасын тауып ол ақшаны Шарапат жеңгей берсе деп едім. Олай етуге болмайды екен.

— Неге болмайды?

— Екеуін оңаша кездестіруге болмайды ғой.

— Неге болмайды? Неге?

— Ол оңашада Шарапатыңызды кесепат етіп жіберуі мүмкін ғой.

— Менің Шарапатым оның қалпағын қаңғалақ ойнатып, өзін шаңға аунатар еді, әттең сөйлесе білмейді ғой.

— Онда былай болсын. Не үшін екенін мен айтайын, беруін жеңгей берсін.

Текеш сөзге келместен үйіне қарай жөнеле бере тоқтай қалды.

— Оның сәтін қашан келтіресіңдер?

— Ертеңге қалса кеш, қазір берілсе ерте, ең дұрысы таңға жақын төсекте жатқан кезі болар.

— Ей, шырағым, өзіңнің есің сау ма, «таңға жақын төсекте» дегенің не сандырақ?

— Не сандырақ екенін жеңгей ұлығыңыздың көрпесін жапқан болып, жастығының астына тыға салған кезде көресіз. Олардың тергеу жұмысына ертемен кірісуі мүмкін ғой. Тергеуге бір ілінсеңіз он мыңмен де құтыла алмассыз.

— Онда қазір неге берілмейді?

— Сырымызды біліп болмастан, сыйымызды ала қоятын ақымақ емес шығар.

— Ақшаның алыс-берісі мезгіл талғамайды. Соны ескер де, ар жағын өзің ойлай бер. Мен ақшаны әзірлеп қояйын,— деп Текеш үлкен үйіне қарай жөнеле беріп еді, Мәди тағы да бір қармақты тастап жіберді.

— Мен оязға жазатын хатыңызды әзірлей берейін, сіздің ондай хатқа басатын қыс мөріңіз бар ма еді.

— Қыс емес, Мекенің өзінде лағыл тастан жасалған, көлемі көздің қарашығындай болса да «Мухаммед пайғамбардың үмбеті, Текеш қажы» деген сөз түгел сыйған тамаша мөрім бар.

— Сол тамаша мөріңізді де ала келіңіз.

— Әкелемін, әкелемін де қайқайтып тұрып басамын.

Манағы арақтың қызуы әлі бар ма қалай, өзінен-өзі екілене күбірлеп Текеш кетті. «Екілен, екілен, еңкілдейтін сағатың да енді алыс болмас»,— деп Мәди қалды тістеніп.

«Енді Атамановтың өз қолымен оязды Текешке өшіктіретін бір хатты жаздырып алсам, үшеуіңді де қосақтап соғармын. Иә, соққыға соққы сонда ғана болар. Сонда ғана кегімді қайтты дермін. Ол тілекке сендердің бар қаруларыңды осы түннен қалдырмай сыпырып алсам ғана жетермін. Митя не деп еді... оның айтысына қарағанда, губернатордың тау басындағы Шайтан көлге барып серуен жасап қайтар кезі жеті мен тоғыздың арасы, ә? Мен онан тым болмаса жарты сағат бұрын жетіп қолайлы жерге бекіне алсам, бір кезде күндегі әдетімен серуендеп губернатор мырза одыраңдап келе қалса. Ол шешініп суға енді түсе берген кезде, мен қарағайдың түбінен мылтығымды кезеп шыға келіп, «зор мәртебелі тақсыр, қолыңызды көтеріңіз» деп тұрсам, о, шіркін. Оның қорыққаннан берген бұйрығын, менің сұрауларыма берген жауабын жаздырып, бұйрығымен Самалды босатып алып, жаздырып алған жауаптарын патшаның өзіне жіберіп, елді кімдерге билетіп отырғанын айтып жер-жебіріне жетсем. Ол хат патшаның сарайына жеткен кезде мен шетелдің біріне безіп кетсем... Безгенде қайда кетемін? Жанымды ұғып, әнімді тыңдайтын өз елімнен басқа ел қайда бар? Әнсіз өмір мен үшін күнсіз емес пе? Күнсіз жерде мен қалай өмір сүремін? Бүгінгі шайқас менің келешегімді де шайқағалы тұр-ау, мұнан былай менің үнім шыға қояр ма екен?»

«Екеудің бірі болсам арманым жоқ...»—деп ыңылдап барып дауысын көтерместен тына қалды да, көзінің жасын төгіп жіберді.

Осындай ойдан қасірет шегіп жатқан Мәдиді Шарапаттың сыңқыл күлкісі мен шолпысының сыңғыры селк еткізді.

Оның күткені Текештің өзі еді, үйде қалыпты да Шарапатты жіберіпті. Ол оң жақ қолын оқа жағалы жаулығының етегіне жасыра ұстап сызылып келеді, ойнақы көзінің қиығымен жан-жағында не барын шолып та келеді.

Қарсы алдында жанағы Кәмеш әкелген дәу жастықты құшақтай жер бауырлап Мәди жатыр. Оның қасқыр секілді шөкесінен түскен кесір жатысы да Шарапатты өзіне тартып барады, бірақ батылы жетпеді ме қалай, Шарапат жақындай бере бір жамбасынан отыра кетті.

— Хош келдіңіз,— деді Мәди сол қасқыр жатысын нығыздай түсіп.

Шарапат аласұрған жүрегін тісімен тоқтатқысы келгендей ернін тістелеп аз кідірді де, сөз бастады.

— Қорықпай-ақ қойыңыз, мені сізге жұмсаған қажының өзі. Жолыңызға омырауыма жасырған аз ғана ақша түгілі кеудемдегі жүректің қанын да садақа етіп шашуға еріктімін.

Мәди аңыра қарап барып үн қатты.

— Бұл мен күтпеген батырлық екен.

— Мен байыма бағалымын, сондықтан батырмын. Сол батырлықтың бүгінгі берген сыбағасы — мынау сыйлығым. Ұлығымыздың өңешін кіші тоқалдың тілімен бітеймін, өзіңіз оған берілсін деген қажының ақшасын өз қалтаңызға салыңыз,— деп Шарапат жаулығына тығып әкелген ақшасын ақырын суыра бастап еді, Мәди оның үлбіреген жұмыр білегінен ұстай алды.

— Тоқтаңызшы, мұндай көп ақшаны мен қай жеріме сыйғызамын?

— Кеудеңізден маған орын тапсаңыз бәрін де сыйғызасыз.

— Кешіріңіз, кеудемнен сіздің өзіңізге орын тапсам да, ақшаңызға лайық қалтаны таба алатын емеспін.

— Бекер айтасыз, қалтаңыздың кеудеңізден тар болуы мүмкін емес.

— Сіз бұл сөзді менің кеудеме бүкіл дүниенің малы мен бағы, бүкіл патшалардың тәжі мен тағы түгел сиятынын білмегендіктен айтып отырсыз.

— Кеудеңіздің қандай екенін бүкіл дүниенің малымен де, бағымен де, патшаның тәжі-тағымен де емес, өзімнің кеудеммен ғана өлшермін соңыра, әзірше мынаны қалтаңызға салыңыз. Аналар келе жатыр, жалынамын, қолымды қақпаңыз.

Шарапат шын жанымен жалынып, қолындағы ақша толы былғары бумажникті Мәдидің қолтығына дейін сүңгітіп жіберді де тез жүріп кетті.

Бұл елдің түнгі сағаты аспанның үркері еді. Ол қазір көк жиектен көтеріліп түн ортасы жақындағанын көрсетсе де, Текештің қонақтары жататын емес. Алдарында арақ пен дәмі ауыздан кетпейтін құлынның сүтке пісірілген еті, қолдарында карта. Арақ пен қымыз мана Атаманов пен Шарапаттың қабақтары жараспастан бұрын-ақ жарасып, сол екеуінің үнсіз қосылған тілектерінен де бұрын араласып кеткен-ді. Дәл қазір жаны мен қаны қабат қызып, Атаманов бір жымыңдай қалса байының көзін ала бере мың құбылып, жүз қылмыңдап Шарапат отыр. Ол алғашқы кезде Мәдиге берген манағы уәдесі бойынша Текештің қымызына арақты ұрлап қосқан еді, енді өзі қызып алғаннан кейін Атаманов пен Мәдиге не құйса Текешке де соны құйып отыр. Текеш оның арақ құйғанын бір рет көріп қалып, «өй» деп күңк етіп еді.

— Е, сен де осылардай еркексің ғой,— деп тұмсығын бір-ақ көтерді, сонан қайтып Текеште үн жоқ. Атамановтың жалынсыз көрінсе де сұғанақ көзіне арбалған Шарапатта қазір ес жоқ. Ол тіпті Мәдиді де елейтін емес.

Арақты сімірген сайын өтірікті де сүмірейте сіміріп, Атаманов жатыр жантайып. Ол арақты да шалқалап қарады, картаны да шалқалап барып ұрады, шалқалаған сайын Текештің ар жағында отырған Шарапатқа көз тастайды, тек етті асаған кезде еңкейеді, еңкейген сайын мұрнын шүйіріп Шарапаттың етегін алыстан иіскелейді. Арақты қаққан сайын рақаттанған болып Шарапатқа алыстан оқыранады, оқыранған сайын жантайған шынтағымен жылжып, екі ортада отырған Текешті иығымен бір нұқып кері сырғытып тастайды, көксегені Шарапаттың кеудесіне басын сүйеп, бір сүйкену. Оның құлқынын жеп бара жатқан құрттың не екенін көрсеткісі келгендей міз бағар емес, бірақ ол қайсарлығы ұзаққа барған жоқ. Оның сорына қарай Атамановтың мана өзен бойында Мәдиден үйреніп алған екі ауыз қазақшасы есіне түсе кетті, ол:

— Козленок мырза, Ноян қайда?— деп еді, Текештің қолындағы кесесі сылқ етті. Жәрдем күткен көзі жаутаңдап Мәдиге қарай жапақтай береді, бірақ жаны жаңқаланса да сыр бергісі келмей ыржиып күлген іспеттенеді.

— Мына мырзаның Нояны өзімен көңіл қосқан біреудің бәйбішесі-ау,— деді сасқанынан не дерін білмей.

— Бәйбішесі емес, тоқалы болар,— деп Шарапат та сұрқиялана қалды.

— Әй, менің осы күрең жорғам-ай,— деп Текеш өтірік кеңк-кеңк етеді, ол кеңкілдеген сайын семіз денесі селкілдеп іргеге қарай сырғып барады, бірақ жан азабы бетіне шығып көк тарғылданып кетіпті. Мәди қанша өшіксе де оны азаптан тез құтқарғысы келіп, Атамановқа бірдеңе деп еді, ол тәлтіректеп түрекелді де, Шарапатқа құшағын жайды.

— Шарапат ханум, өлтірмесеңіз келіңізші, өтінемін, құшағыма кіріңізші.

Оның не деп оқырана үздігіп тұрғанын Шарапат түсінген жоқ, түсінбесе де шошына қоймады, тек Текештің көңілі үшін үрейленген болып:

— Ойбай, масқара, мына досымыз не істегелі тұр?— деді байына қарай қисайып.

— Қорықпаңыз, ол сізді биге шақырып тұр.

Шарапат енді ғана шошып, енді ғана өз дауысымен шыр етті.

— Биге? Қайдағы би? Биде нем бар?

Оның аузынан түйдек-түйдегімен шыққан осы сұрауларға Мәдидің күлкісі келіп еді, ызасы қысып кетті де, күле алған жоқ.

— Бұлардың би дегені сіздерді соттайтын би емес, өзіміздің айгөлек секілді ойын. Қалай екенін көрсетіп берейін, бері келіңіз, мысалы былай: мен сіздің қай жеріңізден ұстасам сіз де менің сол жерімнен ұстаңыз. Міне, осылай, енді аяқтарды кезек айқастырып ерсілі-қарсылы ырғала бастаймыз. Аяқты жібермейді екен, көйлегіңіздің етегін ышқырыңызға қыстырып алыңызшы.

— Ұят-ай, не дейді.

— Ұлығыңыз ұйыққан төбетке ұқсап тұрғанда, сіз мауыққан мысық болып кетсеңіз де ұят емес. Сөзді қойыңыз да етегіңізді тезірек түріңіз.

— Тісіңіздің шақырлап кеткені қалай?—деді Шарапат етегін түре сала Мәдиге қайта жабыса беріп.

— Құшырланған кезде тісімнің шақырлайтын әдеті еді.

— Неткен жақсы әдет.

— Сіздер үшін ол да жақсы ма?

— Басқа әйелдерді білмеймін, өз басым онан жақсы әнді сүймеймін.

Мәди оны ұршықтай үйіріп әкеліп Атамановтың кеудесіне сылқ еткізді де:

— Міне, мәртебелі мырза, тан. атқанша билесеңіз де риза,— деді.

Атаманов сол сөзі үшін Мәдидің бетінен бір сүйіп алды да, Шарапатты үйіре жөнелді. Шарапат та онан айырылар емес: «мынау бір жанның рақаты ғой, қажеке-ау, сіз де үйреніп алсаңызшы» дегісі келіп, байына қарап еді, оның қабағы салбырап кетіпті. Екеуін қоршап алған солдаттар қолдарын сарт-сұрт соғып тұр, олардың қолы соғылған сайын Шарапаттың жүрегі Атамановтың кеудесіне барып сарт-сұрт соғылады. Ол құмарланып осылай ырғалып жүре беруден таң атқанша жалығар емес. Мастық пен жастық оны мүлдем маужыратып көзі жұмылып барады, Сол сұғанақ көздің мұнан әрі мүлдем жұмылғанын көргісі келмей шыға жөнелген Мәди өзінің төсегіне барып құлай кетті.

Ол жаңағы көргендерін жадынан өшіргісі келгендей көзін жұмып еді, өшіре алмай басын қайта көтерді, көзіне түскен Үркер әлденені есіне салғандай кенет өзгеріп жан-жағына қарады. Қонақты күзетке қою елдің салтында жоғын айтып, манағы екі солдаттың орнына Қанашты шығарған еді. Ол манадан жоқ. Мәдидің іздегені сол. Оның баптауындағы екі ат арқандаулы тұр, солдаттар мініп келген аттар мана жылқымен кеткен-ді, оның күзетері не? Қайда өзі? Әлде...

— Мәдидің «әлде» дегені дұрыс екен, ол міне Кәмештің үйінен шығып келеді. Мәдиді байқаған жоқ, аяғының ұшымен басып қонақтар отырған үйге барып кірді де, аздан соң қайта шықты, Мәди өтірік ұйықтаған болып жатыр еді, Қанаш келіп оны құшақтай алды.

— Шайтанды алдасаң да, мені алдай алмайсың, әуре болма.

— Мен сені қашан алдадым?

— Сенің дәл бүгін кірпік қақпайтыныңды білемін.

— Кірпік қаққан кім бар?

— Кірпік қақпасаң не көрдің?

— Сені көрдім.

— Тағы не көрдің?

— Сенің белгісіз қуанышыңды көрдім.

— Белгісізі қалай?

— Қалай екенін өзің айт. Неден мұнша қуаныштысың?

— Мен бе қуанышты?

— Жаның өз жастығын тапқан секілді... Мына келе жатқан кім ?

— Қаусат болар.

«Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» екені рас-ау. Текештің елде жоқ жақсы киімдерін киіп, оқтаудай боп жараған ақ шабдарына мінгеннен бері Қаусат бұл елде жоқ сұлу жігіт болып шыға келіпті. Басқаларға қалай көрінері белгісіз, әйтеуір Заузаттың көзіне солай көрінгені анық. Қанаш Мәдиге Заузаттың жылап отырып айтқан сол сөздерін күбірлеп жеткізгенше, Қаусат та келіп жетті.

— Ау, сен қажының қағазын әлі әкеткен жоқ па едің?—деді Мәди дауысын әдейі Текешке естірте көтеріп.

— Ай туған соң жүрмесем адасып кетемін ғой.

— Әне, күткен айың да туып келеді, тезірек жүріп кет.

Мәди соны айта отырып қолын созып еді, Қаусат аттан қарғып түсті де:

— Ол хатты мен оязға шын апарамын ба?—деді Мәдидің құлағына сыбырлап.

— Оны оязға өзім беремін, бері әкел. Күйеу бала қайда?

— Ол өзінің тұңғышының құшағында тұншығып жатқан болар,— деп Қанаш күңк етіп еді, Қаусат өзен жақты мезгеп иек қақты.

— Өй, құдайым-ай, өңкей шайтандардың ортасында қалған екенмін, өзің жар бола гөр.

— Ертең Самалыңды да түрмеден суырып алып қолыңа берсе, құдайдың жар болғаны емес пе?

— Онан арғы тілектің өзі де қараңғы... Мыналардың шапалақ шартылы басыла қалды ғой, мен соларға барып жатқызайын, сен атыңды өз үйіңе апарып байла да айқасқа әзірлен. Ұрып-соғу болмасын, тек аузын байлап, қол-аяғын буыңдар, бірде-бірінің дыбысы шықпасын. Мына бір сорлы малай қарнын әлі жұбата алмай жүр ме екен? Оны өзім кетірермін, сендер өз қамдарыңа кірісе беріңдер, ауызды байлайтын шүберек пен қол-аяқты буатын шылбыр әрқайсыңда әзір болсын.

Мәди серіктеріне соны айтып өзі үйге кіріп еді, Атаманов пен Шарапат екі өкпесінен демін зорға алып отыр екен. Екеуі сол би кезіндегі қалпын бұзбастан құлай кеткен секілді. Атамановтың басы Шарапаттың қисая бүгілген тізесіне жақын жатыр.

— Қане, мырзалар, түн ортасы ауып барады, енді дем алғандарыңыз жөн болар.

— Мен дәрісіз ұйықтай алмаймын,— деді Атаманов бар дауысымен айғайлап,— менің ұйықтайтын дәрім, міні,— деп басын изеп қалып еді, маңдайы Шарапаттың тізесіне тиіп кетті.

— Масқара, мына мырзаның менің тіземді сүзгілегені несі?— деп Шарапат көлгірси қалып еді Мәди мырс етті.

— Бұл мырзамыз тізеден де әрі сүзгілегісі келетін секілді-ау, жеңеше,— деді де малай жігітке жалт қарады,— жігітім, бұлар сенің салған төсегіңе жата қоймас, қызметіңе рақмет, ыдыс-аяғыңды жинап болсаң үйіңе қайта бер.

— Жоқ, ап-ауыр көрпе-жастықтарды Шарапат жеңгем менсіз көтере алмайды, мен кете алмаймын,— деп малай жігіт, өзінің сорлылығын бір көрсеткеннен басқа ештеңе бітіре алған жоқ.

— Төсек дедіңіз бе, қыраным, төсек... шіркін төсек... жоқ, оны өзім саламын. Алдымен өзіме, сонан кейін саған, сенен қалғаны басқаларға ха-ха,— деп Шарапат аузына не түссе соны айтып, теңселе жүріп сүйек кереуеттің үстіндегі текшеленіп тұрған көрпе-жастықты сол тұрған жеріне қарай қалай болса солай домалата салды да, төрдегі биік жүктің ішінен тандап екі көрпе мен төрт жастықты үйдің екінші іргесіне қарай лақтыра бастады.

— Бәріңіз де жайлы жатып, жақсы тұрыңыздар,— деді де малай жігіт шыға жөнелді.

Атаманов сиыршылап тұра бере қайтадан отыра кетті де:

— Жапалақ Алдиярович, құлағыңызды әкеліңізші, мына қатыннан басқа жан бұл үйде болмасын, мен сізден осыны өте тілеймін.

— Оны тілемесеңіз де болады, айтпасаңыз да орындалады, қане мен демеп жіберейін, далаға шығып келіңіз,— деп Мәди қолтығынан демеп еді, Атаманов күшті екен, аңдаусыз тұрған Мәдиді бір-ақ ұшырды.

— Немене, мені мас қой дейсіз бе? Иә, мен мас секілдімін, бірақ сендердей тағыларды алдау үшін, сырларыңды білу үшін өтірік мас шығармын, оны қайдан білесің. Міне, мен мас емеспін, тек мынау әйелге ғана құмармын, қазір, бәйбіше, қазір,— деп ол керегеге қайта-қайта құлап, құлаған сайын үйді бір сықырлата селк еткізіп теңселген күйі сыртқа шығып кетті.

Шарапат жаңағы бір кезде іргеге таман қат-қабат жайылған көрпенің үстіне тасталған жастықпен бірге өзі де құлай кеткен еді, сықылықтай күліп қайта түрекелді.

Атаманов шығысымен Мәди оның наганын алып қонышына тықты да, жалма-жан кереге басында ілулі тұрған шинельдер мен қоржындарды қарай бастады.

— Менің манағы көзілдірігім жоғалды, осылардың қалтасына түсіп кеткен жоқ па екен?

— Өзің алтынсың ғой, басқа алтынды іздеп қайтесің? Онан да менің қолымнан тартып жіберші,— деп Шарапат ыңырси сөйлеп шалқасынан жатқан күйі қолын созып еді, Мәдиі оның тартып қалып үстіне құлатқысы келіп жатқанын сезді де, қолын берген жоқ.

— Сіз тұрмаңыз, жаңағы төреміздің не деп кеткенін ұқтыңыз ба?

— Тым болмаса соның не дегенін айтыңызшы. Уһ, жан-ай! Ол, мені көзімен жей жаздады ғой, неге олай? Неге?

— Ол маған «қан болғың келмесе Шарапат ханумнан аулақ жүр, солдаттарды басқа үйге жатқыз, Текеш мырза текелігін бүгін басқа әйелдеріне істесін, қысқасы, бұл үйде Шарапат ханум екеумізден басқа жан болмасын» деді.

— Оған сіз не дедіңіз?

— «Құдай айтса пайғамбар қыңқ демейді» ғой, әміріңізге құлдық, тақсыр, дедім.

— Неге «құлдық» дейсіз? «Шарапат ханум байын сіз үшін емес, мен үшін сілейтті» деуге тіліңіз келмеді ме?

— Тілім келетін еді, мен олай десем, ол сізді Ноянның моласына қарай сүйрей жөнеле ме деп қорықтым.

Ноянның аты аталған соң Шарапаттың «ой құдайым-ай» деуден басқа айтары болған жоқ, көзін қомағайлана тұнжыратып Мәдиге қадаған күйі қайтадан сылқ етті. Мәдидің мұнан әрі сөйлескісі келген жоқ. Шарапат бірдеңе деп еді, оны тыңдамастан «қайырлы түн» деді де шыға жөнелді.

Солдаттардың таңғы күзетке шығатын екеуінен басқасы жығыла мас еді, қайсыбірі әлден кез келген жерге құлай бастапты.

Сол құлағандардың басына жастық салып, қолдарындағы қаруын алып Қанаш жүр екен, Мәди соны көре сала мас бола қалды.

— Туысқандар!—деді бірін-бірі демеп, күймеге қарай тәлтіректеп бара жатқан екі солдатқа жақындап,— мырзалар, қараңдаршы! Мынау неткен тамаша түн. Мұндай сұлу түнді патшамыздың өзі де көрмеген шығар. Көгіндегі жұлдызы жеріндегі сұмдығындай самсаған мұндай түнді кім екен біздің даламызға әкелген?

Мәдидің бұл сөзінің байыбына бара алмаған мақаулардың масаңдау біреуі даурыға айғай салды.

— Біз әкелдік, біз! Аман болсақ ертең мұндай түннің талайын әкелеміз. Ол үшін сіз бүгін бізге қатын табасыз, қатын. Жоқ қатын емес, қыз табасыз, қыз...

Мәди тәлтіректеп келе жатқан оның бетіне үңіліп еді, ол таңғы күзетке шығатын екеудің бірі екен, тани кетті де мырс етті.

— Әкелгендеріңіз түн болса, жарқанат қана болар табылатын.

— Сіз табасыз, біз сізге тапқызамыз.

— Қыз табылмаса сол жарқанатты табыңыз, оны да таба алмасаңыз, бізден жақсылық күтпеңіз.

— Мақұл, тек бір сағат мұрсат беріңіздер.

— Жарты минут кешіксеңіз кескілендім дей беріңіз.

Мәди өзінің манағы сайлап алған төсегінде біреудің дөңкиіп жатқанын көзі шалған еді, енді жанына келіп аңғарды, Текеш екен.

— Ау, қажеке-ау, сіз әйелді мен үшін алған жоқсыз да, мен бұл төсекті сіз үшін салған жоқ едім ғой, мұныңыз қалай?

Текештің үні шыққан жоқ. Бетіне үңіліп еді, оның ұйқы кернеп ашылып кеткен аузынан арақ иісі мүңкіп жатыр екен. Мәди ішінен оның қажылығына арағын қосақтап бір сыбап көтеріле берген кезде біреулер келіп бас салды. Мәди шошып кетті, бірақ ол қазір айқастың қандай түрі кездессе де әзір еді. Қимылына көз ілестірген жоқ, екеуін ұстай алып басынан асыра әкеліп алдына соқты да, үңіле қалды.

— Ау, мырзалар, сіздерге не керек?

Оның бірі жаңағы даңғой екен, ол тағы да айғай салды.

— Қатын керек, жоқ қатын емес, қыз керек... қыз...

— Мырзалар, ғапу етіңіздер, мен өздеріңдей еркекпін.

— Еркек екеніңізді білеміз, жайырақ сөйлеңізші. Командирімізге жасаған қамқорлығыңызды бізге де жасаңызшы.

— Бізге малай қыздар да жарай береді.

— Батырларым-ау, оны неге ертерек ескертпедіңіздер.

— Әлі де кеш емес.

— Қазір қыздардың бәрі ұйқыда, қызының ұйқысын бұзған бұзықтарға қанжар жұмсау қазақтардың ежелгі салты.

— Бізге басқа үйдің керегі жоқ, командиріміз ұйықтасымен ана бір оты көрінген үйге ертіп барсаңыз болды.

— Әуре болмай, ұйықтаңыздар, мен ешқайда бара алмаймын.

— Неге?

— Неге бара алмайсың?

— Мен кетсем, командирлеріңіз қатынсыз қалуы мүмкін, сіздер үшін оны сорлата алмаймын.

— Онан қорықпаңыз, Ол бір ұйықтаса он сағатсыз оянбайды.

— Сол ұйқышылдығынан ол әйелдің қылмысын да білмейді.

— Мырзалар, мұндай өсектеріңіз үшін ертең өкінетіндеріңізді ұмытпаңыздар. Мен патша ағзамның итіне де адал қызмет істейтін адаммын, сондықтан сіздер мұндай өсектеріңіз үшін ертең Атаманов мырзаның алдында жауап бересіздер.

Солдаттың бірі тізесін бүгіп отыра кетті.

— Мен сіздің мейірбандылығыңыздан үміт еткен едім, ағаттық етсем мынау ақымақ басымды өзгенің қолына бермей өзіңіз шабыңыз. Мә, қылышым.

Мәди оны қолтығынан демеп тұрғызды да:

— Мұндай ақылды бас шабылмайды, сол ақылдылығыңыз үшін менің мына бір жолдасым сізге бір қыз тауып береді. Ал мына сорлы жолдасыңызға қыздың өзі түгілі жалғыз тал шашы да жоқ,— деді.

— Бұған табылса маған да табылғаны, екеумізге бір қыз молынан жетеді,— деп сорлы атанған солдат тағы килігіп еді, оны өзінің серіктесі кері серпіп жіберді.

— Сенің кезегің қанжардан кейін.

Осы кезде Атаманов пәрменмен түшкіріп қалып еді, солдаттардың екеуі де жым болды.

Мәди үшеуін қабатынан бір сыбап алды да, анадай жерде, мына солдаттардың аңысын аңдып оқшау тұрған Қанашқа жақындады:

— Қалай, қонақтардың жүгі жеңілденді ме?

— Осы жүрген екеуінен басқасы жаман емес.

— Бұлардың дерті жеңілденсін, мына ауылдың қыздарына апар да қызығына батып қайт,— деді. Жаңағы солдаттарға қайта оралды,— міне сіздерді қыздардың қызықты майданына бастап баратын батыр.

— Рақмет сізге,— деп сорлы атанған солдат арақпен шайқалған басын Қанашқа бір изеді де, Мәдиге жалт бұрылды.— Алдымен сізге рақмет.

— Кейін, кейін бәрін де айтарсыздар, әзірше жолдарыңыз болсын дей тұрайық.

— Қане жүріңіз.

— Аз сабыр етіңіздер. Қай үйде қандай қыз барып манағы атшы жақсы біледі, соны қосып алыңдар. Міне, оның өзі де келді. Осы жігіт қайда апарса сонда барыңыздар, елді үркітіп шу шығарып алмаңыздар. Өмірінде байлау көрмеген бұл елдің иттері кешеден байлауға түсіп ызалы, солардың бірі жарып тастамасын, сақ болыңыздар,— деп Мәди солдаттардың арқасынан қағып еді, олар Қанашты қолтықтай жөнелді.

— Қаусат, сен бұлардан енді қалушы болма. Басарың осы екеуінің із өкшесі, ұрарың көк желкесі болсын,— деді де, дауысын қаттырақ шығарып,— күйеу балаға сәлем айтыңдар, тұңғышымен түні бойы тұншығатын болсын,— деді күле сөйлеп. Ол әлдекімді сықақтаған күлкі емес, алыстағы Иманға берген белгісі еді.

Оның Кенелден күткені қастық, соны серіктеріне сездіріп тұр. Ал, Кенелдің ниеті достық, сондықтан ол ертеңгі таңның әкелер тақсіретін тәңірісіне тапсырып, бүгінгі түнді Иманның құшағында тұншығумен өткізуге бекінген-ді. Ол тіпті бүкіл өмірін бағыштаудан да тайынатын емес, тек оны айтуға сүйісуден ауызы босамай жатыр. Иттерді үргізбей, бейсауат жанды жүргізбей қойған Атамановтың жарлығына минут сайын алғыс айтып, алғыс айтқан сайын Иманға жабыса түсіп лапылдап жатыр. Екеуінің көк шалғынды төсек, көк төмпейді жастық еткеніне талай уақыт өтсе де, Кенелді іздеген жан жоқ.

Мәдидің күлкісімен бүркеп айтқан жаңағы сөзі өзіне берілген белгі екенін сезіп, Иман ойда жатыр.

— Менің патшамның күйеу бала дегені кім екенін білесің бе?— деді ол ақырын күбірлеп.

— Жоқ, ол кім еді?

— Ол менмін.

Оның құшағында жатқан Кенел дір етті.

— Масқара, сен кімнің күйеу баласы едің?

— Ол тұнғышымның күйеуі екенімді айтты ғой.

— Тұңғышы несі?

— Өмірімде тұңғыш кімді сүйсем сол.

— Оның кім екенін менің білуіме бола ма?

— Менің сенен жасырар сырым бар ма? Кім екенін білуіңе неге болмасын, әбден болады. Менің Кенел дейтін тұңғыш ғашығым бар, оның айтып тұрғаны сол.

Кенелдің өткір көзі Иманның өңменінен өтіп, қараңғы түнді де тесіп барады.

— Сонда қалай, сенің маған кім екеніңді ол біле ме?

— Қалай екенін білмеймін, ол сенің қылығыңның тәтті екенін де біледі.

Кенелдің көзінен от лаулап кетті.

— Апыр-ай, Иманым-ай, сен мұндай мақтаншақ емес едің ғой.

— Мақтаншақ емес, ессіз екенмін. Адам өзінің ғашығын сағынған кезде есінен адасып сандырақтай береді екен. Мен сағынып есімнен адасқан кезде тіліме не бола алмай, сені мақтай беретін болып кеттім.

Кенел не айтарын білмей Иманның кеудесіне қайтадан құлай кетті. Үн жоқ, тек «жаным», «жаным» деген жүрегі ғана лүп-лүп етеді,.

Олар қанша уақыттың өткенін білген жоқ.

Осы кезде көк өзек жақтан бүркіттің дауысы саңқ етті, соны ести сала Иман басын көтеріп алып:

— Менің кететін уақытым жеткен секілді, сен ертеңгі күніңді ойласаң қайтеді?— деп Кенелдің шашынан сипап еді, ол жабыса түсті.

— Есім орнында емес, нені ойлаймын? Ойсыз басым нені ойлап, нені табады?

— Басқаның бәрін ұмытсаң да, мына бұзақылардан қашқан болып Жұманның үйіне баруды ұмытпа, сонда ғана ертең еркін жүре аласың.

— Бұл ауылдан ендігі көрерім қайда барсам да құтқармайтын «қорқыттың көрі» секілді, сен мені сол көрден мүлдем суырып әкетсең қайтеді?.. Неге үндемейсің?

— Сені алдағым келмейді.

— Алдамағаның осы ма?

— Алдап мен не істедім?

— Не істемей жатырсың?

— Сен не істесең мен соны ғана істедім.

— Онда менің істегенімді сен әлі де істейсің.

Иман оны басқаша ұғып:

— Мақұл,— деп күлімдеп еді, Кенел қабақ шытты.

— Не айтқаныма көніп мені өзіңмен бірге әкетесің не менің айдауыма түсіп, қазір жандаралға жүресің, екінің бірі, қалағаныңды ал.

Кенелдің соңғы сөзі сыбырмен айтылса да зілдірек шығып еді, Иманның жүрегі дір етті. Бірақ сыр сездірген жоқ. Кенелді аймалап жатып айтар сөзін де сайлап алды.

— Әттең,— деді аздан соң алқына күбірлеп,— әттең сені аяймын, әйтпесе өзімді аямас едім.

— Мені аямасаң не істер едің?

— Аямасам «барса келместің» шөліне әкетер едім.

— Тым болмаса менің осы арманымды ала кетші.

— Арманыңды емес, егер өзің шын тілесең, қашқын патшам рұқсат етсе, мен өзіңді де ала-кетейін.

— Рақмет, жаным, сендерге еріп кете алатын ерлік маған қайдан келсін. Мұның бәрі сені сынау үшін айтылған жай сандырақ қана.

— Қалай, сынап болдың ба мені?

— Сынап болмасам да, сырыңды біліп болдым, сен маған сенбейді екенсің, мен соны білдім.

— Саған сенбесем бұл ауылдың қарасын көрер ме едім?

— Маған сенер болсаң жаңағы қанатсыз бүркіттің қайдан келгенін айтшы?

— Қайдағы бүркіт?

— Жаңа саған белгі берген бүркіт.

— Кенел, сен не айтып жатырсың?

— О, сен күнәңді ауырлатып барасың, тозаққа менсіз түсіп кетерсің, тезірек жөніңді таба ғой. Есім барында Жұманның үйіне жетіп мен де етегімді жауып алайын, қош бол. Қайда жүрсең де аман бол.— Ол соны айтып Иманның бетінен құшырлана сүйді де, қараңғыға сүнгіп жоқ болды.

Кенелдің жасырынбақ болып ұмтылған үйі де, солдаттардың салдақылық жасамақ болып үздіккен үйі де ауылдың бер жақ шетіндегі Жұманның қараша үйі. Қараша үйдің шаңырағынан мол көрінген от сәулесі қазан астынан шыққандай күнгірт емес, күл ортасынан көтерілген жалынның шапағы бірден шаңырақты соғып тұр.

— Мына дүлейлер бізге бой бермей барып келіншегін сүйрей жөнелсе, өзі өлгелі жатқан Жұман сорлы ажалынан бұрын өледі-ау,— деді солдаттардың із өкшесін баса аңдып келе жатқан Қаусат өз-өзінен күбірлеп.

— Мал-шат!— деді Қанаш бар дауысымен зілденіп. Мәдиден үйренген бес ауыз орысшасы бар еді, соның бірін Иман мен Заузатқа «тез жетіңдер» деген белгі үшін жұмсап жіберді. Оны ести сала Иман да солай жылжыды, осы сәтті асыға күтіп Қаусаттың киіз үйінде бұғып отырған Заузат та есікке қарай ұмтылды.

Қанаш Қаусатты бір ауыз орысшасымен тойтарып тастағанына мәз болғандай масайраған түр көрсетіп, екі жағында келе жатқан солдаттарға қарады.

— Мырзалар, сіздерге маржа керек, ә сіздер маржалар, қазір маржалар, қазір маржа боласыздар,— деп еді, оның «маржалар» дегеннен басқа сөзіне солдаттар түсінген жоқ, тіпті Қаусат та түсінген жоқ. «Қазір маржа боласыңдар» деуі жақсы екен деді ішінен. Ал солдаттар болса олар «маржа» деген бір сөзден бәрін ұққандай, елбелектеп үздіге түсті.

— Да, да, маржа... маржа, мен маржа, он маржа.

Кенел олардың бар сөзін естіп келеді. Оның өткір көзі қараңғы түнді де тілгілеп аяғын сүріндірер емес. Дыбысын шығармас үшін шолпысын қалтасына мана салып алған-ды, енді кебісін қолына алып, мәсі байпағымен мысықша басып келеді. Оның мысықтың май табан жүрісіне машықтанып алғаны сонша, үйге кіргенін ешкімге сездірген жоқ.

Қақ ортада маздап жанған оттың қасында бір жас жігіт сұлап жатыр. Өмірмен жастай қоштасқалы жатқан Жұманымыз осы.

Оның ауырлап кеткен басын сүйеп қарт әкесі мен шешесі, аяғын сипап жас келіншегі отыр. Үшеуінің де көз жасы көлдей, сол көлге көмілген көздердің ешқайсысы Кенелді әлі көрген жоқ.

Кенелдің көз алдында тұрған осы қайғылы көрініс екі солдаттың із өкшесін баса, аңдып келе жатқан Қаусаттың да көз алдында. Сондықтан бұл үйге жақындаған сайын оның жаны қысыла түсті.

— Әй, бауырым, мен мұнан әрі аяқ баса алмаймын,— деп тұра қалып еді, Қанаш өзінің қысқа сөйлейтін әдетімен зірк етті.

— Он-ақ қадам, мал-шат, — деді ол екі сөзін екі түрлі дауысқа салып. Соны айтты да, жан-жағына құлақ тігіп тына қалды. Оның көздегені алдында он қадамдай жерде көлденең жатқан көк өзек екен, сол өзекке түсе бере желкесінен түйіп жіберіп етпетінен түсірді де, екеуін екі қолымен бас салды.

— Үндері әзір шыға қоймас, алдымен қаруларын ал, жіптерің қайда?.. Қалталарында мылтығы болмасын, байқа. Тұншықпас үшін езуін керіп байлағайсың. Сен иықтарынан баса тұр, өзім байлайын. Міне, былай, ауызды былай, қолды былай, аяқты былай байлау керек, керегі болар, үйреніп ал.

Қанаш өзі білетін байластарды Қаусатқа үйретіп болғанша, өзен жақтан Иман, ауыл жақтан Заузат та келіп жеткен еді, олардың екі рет айтқан бір ауыз орысшасын қалт еткізбестен ұға қалып дер кезінде жеткені үшін Қанаштың айтар алғысы да — «ой айналайындар» деген жалғыз сөз.

Олардың бар қимылын алыстан егжейлеп, алдағы шайқастың өткендері мен кешулерін ойымен кезіп Мәди жатыр.

— Міне, кек майданы басталды,— деді ол күрсіне күбірлеп,— өмірдің өзі секілді дүлей, түн секілді меңіреу майдан басталды, Бұл немен тынар екен?

Оның көз алдында өзенді өрлей иін тіресе, ірге тебісе қонған тоғыз ауыл тұр. Сол тоғыз ауылдың құлазыған молаға айналғанын мана іңір болмастан аңғарған-ды, енді мүлдем құлазып өлі далаға айналыпты. Бәрінің де оты мезгіліне жетпестен сеніп, бәрінің де үні сол мезгілсіз сөнген отымен бірге өшіпті. Бірақ ол маңырауын қоймай ұлықтардың мазасын алғаны үшін іңірден бері талай қозының басы кесіліп, талай лақтың еті асылғанын білген жоқ. Тіпті талай қыран бүркіттер де шаңқылдауын қоймаған соң құндағына бөленген-ді, мұның бәрінен биқабар Мәдидің бүкіл елден естігені ботасы өлген бір түйенің боздасы ғана. Мана жолшыбай ең шеткі ауылдың сыртында боздап тұрған бір боз інгенді көрген еді, сол інген болу керек, ыңырана боздаған дауысы алыстан талып келсе де, Мәдидің жанын қоса боздатып жіберді.

— Бозда, жануар, боздай түс. Көздің жасымен төкпесең іштегі шер өздігінен төгілмейді, зарлана түс әлі де. Сенімен бірге мен де зарлайын. Сен көзіңнің жанарындай ботаңнан айрылсаң, мен шалқып өтер боздақ шағымнан, жанымның жалғыз сәулесі Самалымнан айрылдым. Екі мұңлық бір зарлық болайық, зарла, зарлана бозда, менің кегімнің семсері сенің зарыңа да қайралсын, тым болмаса мен кеткенше зарла, зарлана бозда,— деді де, өзінің егіліп бара жатқанын сезіп, қайтадан қатуланып алды.

— Мен кешікпей жынданармын, жындандырмай қоймас мынау сұм жалған... Заман... сұм заман! Қарашы! Қаланың жеті мысығы ауылға келіп еді, жетеуі бірдей жолбарыс болды да кетті. Осы да өмір ме? Осы отырған тоғыз ауылда мың шамалы адам бар, сол мың шамалы адамның осы жетеуінен қалтырамаған біреуі жоқ. Бұл не? Мұндай өмірге келудің қажеті не? Түсінбеймін. Егер құдайдың жазуы осылай болса, неге олай? Мұндай әділетсіздік оған не үшін керек? Ол бақ дәулетке мұқтаж емес, бәрін жаратып алып адам баласына үлестірген өзі. Ендеше ол не үшін, біреудің етін біреуге жегізетін әділетсіз. Егер бәрін бірдей бақытты, бәрін бірдей дәулетті ету қолынан келмесе, онда Әзірет Әлінің Мәдиіне берген ерлік пен еркіндікті өзгеге неге бермейді? Сонда ғой, адам дүниеден кеткісі келсе кетіп, келгісі келсе келеді. Әкем байғұс менің атымды Мәди қойыпты, сондағы оның арманы да менің сол Әзірет Әлінің Мәдиіндей болуым-ау,ә? Қиямет қайым болған күні көктен Ғайса пайғамбар түсіп, жерден Мәди шыққан кезде Қарқаралының бір саялы сайынан мен де шыға келсін деді-ау байғұс. Жаман емес, амал не, оның бәрі қиял. Тым болмаса мен бүгін мына жалмауыздың көзіне сол жер астынан шыға көлге Мәдидей көрінсем екен.

Ол қиялын өмірдің әр қиясына бір жіберіп үнсіз жатыр еді, желке жағынан бір әйелдің сыбыры естілді.

— Біздің би мырзаны көргендеріңіз бар ма?

Тышқан аңдыған мысықтай май табан жүрісі Кенел мен Кәмештің өмірден үйренген сабағы еді, Текеш бұлардың ондай ұры жүрісін «жылан жүріс» дейтін. Оның сол сөзімен айтқанда жылан жүрісіне салып шөп басын қимылдатпастан келіп тұрған Кәмеш екен, Текешті бәйбішесі «қажеке» десе, тоқалдарының «би мырза» дейтінін Мәди мана аңғарған еді, сондықтан ол Кәмештің іздеп келгені кім екенін бірден ұқты да әзіл қатты.

— Би мырзаңыз бір кезде Мәдидің сүйген қызын тартып алып Шомбал сияқты азбанның бауырына салған екен, сіз салып берген төсегімді тартып алып, бүгін мені сорлатты.

— Ұят-ай,— деді Кәмеш шын ұялып. Ол байын оятқалы еңкейе беріп еді, Мәди оны өзіне қарай тартып қалды.

— Әзір оятпаңыз, көрпе мен жастық әкеліп берсеңіз, мен сізді ұятқа қалдырмайын.

Кәмеш оның астарлы сөзіне түсінген жоқ, оны өзі де жасырмады.

— Кешіріңіз, көрпе-жастық дегеннен басқа сөзіңізге түсінбедім.

— Ондай сөзді кейде түсінбегеннің өте жақсы.

Кәмеш кете бере күңк етті.

— Мүмкін үйге жатарсыз.

— Мұндай мейірбандылығыңызға мың қабат алғыс айтамын да, өзімнің сараңдығым үшін сізден кешірім өтінемін, өйткені мен жолдасына қиянат жасамайтын бишара едім.

— Ол нендей қиянат?

— Кезегін тартып алудың қандай қиянат екенін өзіңіз де білерсіз.

— Түсінбедім, ол ненің кезегі?

— Үйге жатудың кезегі?

Соңғы сұрауы ағат екенін Кәмеш енді ғана сезіп қысылып қалды, бірақ сыр бергісі келмей:

— Мені мазақ еткіңіз келді-ау,— деп күңк етті.

— Сіздің көзіңізге мазақ көрінген — менің тартып жатқан азабым болар.

Мәди сөзінің сырына түсінбеген сайын сезіктеніп, сезіктенген сайын үрейленіп, үйіне қарай сырғи жөнелді.

Соның кетуін аңдып жатқандай осы кезде күйменің арғы тұсынан шөптің сусылы естіліп еді, Мәди жалт қарады да, қайта жатты. Ол өз адамдарының қимылы екенін сезіп жатыр. Оның ендігі бар қаупі жуан майордың өзі. Ол арақты қанша ішсе де қажымағанын, қайраты әлі де мол екенін мана көрсетті, Шарапаттың буына мас болмаса, арақтың уына құлайтын емес. Ол түнімен ұйықтамай, алдағы шайқас таңның атуына қалса, Мәдилер амалсыздан күш жұмсайды, күш жұмсаса қан төгілуі мүмкін.

Мәдидің ең қорқатыны — қан төгу. Ол қазір соны ойлап, Атамановты қалай алудың жолын іздеп толғанып жатыр.

«Осының бәрі сенің қорқаулығың. Егер сен махаббатты малға сатпай, адамға лайық, әділ билік айтсаң, бұл лаңның бірде-бірі болмайтын еді» дегісі келді ме қалай, таудан домалаған тастай дүрілдете қорылдап жатқан Текешке қарады.

«Әрі би, әрі қажы атанып, екі дүниенің тізгінін бірдей ұстасаң да, қатындарыңның ауына ие бола алмапсың-ау, сорлы қажы. Үш әйелдің бағын бірдей байлау, өз бағыңды байлау екенін өзің де білмейсің, өйткені сен махаббаттың мазағы екеніңді білмейсің, сондықтан да сен махаббаттың жауысың. Сен мені бір кезде Назгүлден айырсаң, енді Самалымнан айырдың. Жоқ, енді Самалдан айыра алмассың. Ол отырған тас қамауға сені апарып тығармын, ол үшін губернатор мырзаның қапысын тапсам болды, қапысын тауып оны қолға бір түсірсем, сенің түрмеге түскенің».

Мәдидің осына бір сұрапылын үркітіп жібергісі келгендей Текеш қорылдай түсті. Оның қорылы күшейген сайын, Шарапаттың үйінен бір үздіккен үннің үзіктері де күшейе берді. Құлағын сол үздіккен үнге қадап алып, аяғын аңди басып демін шығармастан Кәмеш келе жатыр. Ол құшағындағы көрпе-жастықтарды жер ойылып кететіндей ақырын қойып, өз деміне тұншыға булығып, отыра бастады.

— Мен бүгін сізді ауыр азапқа салдым-ау,— деп Мәди оның құлағына сыбырлап еді, ол Мәдидің ауызын алақанымен ақырын қағып қалды.

— Анадай рақаттан құр қаларсыз, тыңдаңыз.

Мәди құлағын тігіп сәл кідірді де мырс етті:

— Оған мен қалай рақаттанамын?

— Бұқаның күшіне өгіз сүйсініпті ғой, сол ғұрлы жоқсыз ба?

— Сіз мені олай қайрамаңыз, бәрібір мен сіз үшін өгізбін.

— Ол бір қуаныш екен,— деді де, әкелген көрпесін Мәдидің астына төсей бастады. Екеуінің де құлағы Шарапаттың үйі жақта, әсіресе Кәмештің есі сол жаққа көбірек ауып кеткен.

— Мырзаңыздың қорылы қатты екен,— деді Мәди Кәмештің ойын бөлгісі келіп.

— Мен кетейін, бұл да сіз секілді бір сүйсініп қалсын, оятып жіберіңіз,— деді де, Текешті тақыр шаптың тұсынан қатты бір шымши сала сырғи жөнелді. Текеш шошып оянса да, бәйбішесінің өзіне әйгілі дыбысын тани кетті. Жылан шағып алғандай басын көтеріп алып еді, қатарында жатқан Мәди оны жастығына қайта сылқ еткізді.

— Болары болды, енді түк сезбеген болыңыз да, жеңгейдің рахатына рахаттана беріңіз.

Намыстан жарылып ашуға булыққан Текеш үнсіз бұлқынып көріп еді, Мәди тырп еткізген жоқ.

— Сабыр етіңіз. Көп қатынның бірі болу — көптің қатыны болу. Тәспіғыңызды ышқырына байласаңыз да, табиғаттың ол заңын бұза алмайсыз.

— Ой, өзің,—деп Текеш дауысын қаттырақ шығара беріп еді, Мәди көрпені басына жауып жіберді.

— Өзіңіз би болсаңыз да, ез екенсіз, бақырғаннан не шығады, онан да екеуі ұйықтасын, сол кезде жазасын бересіз.

Екеуі көрпенің астында күңкілдесіп жатыр.

— Бауырым-ау, Жапалағым-ау, мынау адам көрмеген қорлық қой, көзімді бақырайтып қойып, ойбай-ай, масқара-ай, масқара болдым-ау,— деп жылап жіберіп еді. Мәди оны тұншықтыра түсті.

— Құдай қосқан қосағыңыз екені рас болса, обалына қалмаңыз, құмарынан бір шықсын, үніңізді өшіріңіз.

— Өзің... — деп Текеш тағы қатулана қалып еді, Мәди бұл сапар ыңқ еткізіп бүйірінен қатты нұқып жіберді.

Текеш Мәдидің кім екенін жұдырығынан тани бастады, ұйқысы да шайдай ашылып, мастығы да тарқап сала берді, бірақ өзіне түсіне алмай мең-зең.

— Қараңғыда қолым қаттырақ тиіп кетті-ау деймін. Ол кінәмді кешіріңіз де, соңымнан еріңіз. Аулаққа барып кеңесейік, бар болса ақылымызды, жоқ болса ашуымызды қосып көрейік.

Текеш бірдеңе дей беріп еді, Мәди оны тағы да үлгірткен жоқ.

— Ауызыңызға құм құйыңыз да, жыланша жылжыңыз.

Бұл сөздердің бәрі де түрпідей тисе де түсіне алмай Текеш дел-сал. Ол осы көргендерінің өңі екеніне сене алмай жан-жағына үңіле қарап алысқа құлақ тігеді. Соны сезді ме, жоқ әлде діңкелері құрыды ма, әйтеуір үйдегілердің үні өше қалды.

— Қалтырап барамын, сүйей отыршы,— деді Текеш Мәдиге ілесе беріп.

Екеуі өзенге қарай жылжып келеді, Мәди Текештің құлағына сыбырлап келеді.

— Сіз қалтыраған кезде қоянға ұқсайды екенсіз, ол неліктен?

— Дәл қазір неге ұқсайтынымды өзім де білмеймін.

— Өзіңіз білмесеңіз мен айтайын, сіз қазір сонау «жандарал» досыңыздың құшағында жатқан бәйбішеңізге ұқсайсыз.

Текештің ызалы дауысы қаттырақ шығып кетті:

— «Құшағында» деп сыпайыламай-ақ, астында жатқан десеңші сырбаздамай.

— Құшақтағы әйелдің қайда баратынын білмейтін сәби емессіз ғой.

Соны айтқан кезде Мәдидің тісінен шыққан шықыр Текешті дір еткізді. Әлденеден үрейленіп жан-жағына құлақ тігеді, тырс еткен дыбыс жоқ, тек өзінің жүрегі ғана дүрсілдейді, Текештің естігені сол ғана. Ал Мәдидің естігені — өзінің ізін баса жылжып келе жатқан серіктерінің дыбысы. Өзенге жете берген кезде Текеш әлденені сезгендей өз-өзінен шошынып тұра қалып еді, Мәди оны жағасынан қылқындыра ұстай алды.

— Тамағыңыз тым кеңірек екен, жағаңыздан ұстап кеңірдегіңізді қысыңқырап тұрмасам болмас. Сіз құдайдың сүйікті перзенті, жер бетіндегі елшілерінің бірісіз ғой, мынаны айтыңызшы, әділдік деген не?

— Әділдік деген әділдік, қара қылды қақ жарғандай дәл айтылған билік.

— Екінші сұрау: жалғанның қысасы ақиретке кетпейтіні рас па?

— Рас,— деді Текеш, оның неге қылқындырып тұрғанын білместен қырылдай сөйлеп.

— Ол рас болса, шешініңіз де иманыңызды айтыңыз. Ей, әзірейіл мен жебірейіл, сендер солай тұрыңдар да Мүңкір-Нәңкірді мұнда жіберіңдер. Құдайдың өзін де алдағаны үшін мына қажыны тірісінде тергесін.

Қай жағынан сап еткенін Текеш сезген жоқ, мылтықтарын кезей ұстап жетіп келіп өзіне кектене қадалып тұрған екеудің бірі өзі тепкілеп өлтірген Ноянның баласы Иман, екіншісі өзі қырық кез мата мен екі шапанға сатып жіберген жетім қыз Заузат екенін сезген жоқ.

— О, жасаған, бұл нендей бәлен еді қоршаған? Бауырым, Жапалақ-ау, азаптамай айтсаңшы, осы мен анық тірімін бе?

— Сіз тірі болсаңыз, Шарапат жеңгей манағыдай шаттанып масайрамас еді ғой.

Масқара болған жаны ыршып Текештің қаны қайнап барады, қанша қайнаса да бар қайраты өзін-өзі селкілдетуден басқаға жетер емес.

— Бауырым-ау, мен сенің құрдасың емеспін ғой, өзі өлгелі тұрған адамды тірідей көме бермесеңші.

— Қажеке, сіз өлгелі қашан. Сіз мана Шарапат жеңгей шешінбестен бұрын өлгенсіз, мен тек сіздің өлексеңізді су түбіне жіберуші ғанамын. Оған дейін сіз мынаны істейсіз. Жақсылап ұғып алыңыз. Мен қазір ол екеуін сол айқасып жатқан жерінде аяқтарынан қосақтап, керегенің басына асып беремін. Сіз екеуіне сол жалаңаш жатқан күйінде елу қамшыдан дүре соғасыз. Екеуінің де бөксесінен басқа жеріне қамшы тигізбейсіз. Егер оларды аяйтын болсаңыз, менен аяушылық күтпейсіз.

— Бауырым-ау, менің жазығым не?

— Менің жазығым не?

— Мен саған не істедім?

— Сіз маған не істемедіңіз?

— Арақтың кесірінен сен мені басқа біреумен шатастырып тұрған жоқсың ба, бауырым?

— Мас болсам да өзімнің қас жауымды дәл танып тұрмын.

— Мен бе сенің қас жауың?

— Менің сізден бетер жауым болған емес, болмайды!

— Әй, арақ ит-ай, нелер ақылды да адастыратын сайқалсың, қу сайқалсың.

— Мен үшін дүние жүзіндегі ең сайқал, ең салдақы, ең зымиян сізсіз. Өйткені сіз менің ең бақытты шағымды тонаған қанды қол қарақшысыз.

— Бауырым, ертең босқа өкінесің, мас болсаң да абайлап сөйле.

— Мен мас емес, уланған жанмын. Мені улаған сіздер, әсіресе, сізсіз, Текеш мырза. Рас, ол кезде сіз қажы емес ел аузына жаңа ғана іліне бастаған би едіңіз. Ол кезде сіздің әйеліңіз де біреу-ақ, жылқыңыз да жарты мыңға жетпейді деуші еді, қазір екі мыңға жетіпті, қысқасы, бақ-дәулетіңіз бұрынғысынан молайыпты да, оның есесіне ар-ұжданыңыз азайыпты. Жоқ, сәл жаңылыппын, ар-ұждан сізде ол кезде де жоқ болатын. Сондықтан да сіз махаббатты малға саттыңыз.

Текеш Мәдидің кім екенін енді ғана сезе бастады, бірақ сыр бермеуге тырысып:

— Бауырым-ау, сен осы мұңыңды кімге айтып тұрсың?— деді.

— Мұңымды емес, сіздің үкіміңізді айтып тұрмын. Жас өмірімді жеті жыл бойы тас қамауға, тар қапасқа салып, айдау мен байлаудың азабына салып қойған кім? Егерде сіз Түнекбай мен Шомбалға сатылмай, ара билікті әділ айтсаңыз, өзімді соққыға жығып, Назгүлді тартып әкетпесеңіз, мен мұндай қасірет жолына түспес едім. Менің жеті жыл бойы тартқан қасіретім аз болғандай енді көзімді жоюға аттандыңыз. Сол үшін бір топ жендетті ауылыңа әкеліп малыңызды олардың малы, жаныңызды олардың жаны, қатыныңызды олардың қатыны етіп жатқаныңыз мынау. Үніңізді шығармаңыз. Егер қара беттілікке әлі де басып үн қататын болсаңыз, қаныңызды судай шашамын.

Мәди соны айта сала наганын суырып алып еді, Текештің жаны шығып кете жаздады. Ол біреу төбеден ұрып жібергендей сылқ етіп тізесінен отыра кетті де, Мәдидің аяғын құшақтай алды.

Мәди серпіп жіберіп, аяғын оның құшағынан босатып алды да:

— Барыңыз, осы айтқандарымның бірде-бірін бұлжытпай орындаңыз, егер тайғақтайтын болсаңыз, су түбіне кеттім дей беріңіз.

Текеш сиыршылап барып тәлтіректеп түрекелді.

— Маған енді тірліктің керегі аз, тек ана екеуінің шашына қолымды бір жеткіз... сонан кейін сүйегімді қайда тастасаң онда таста.

— Олардың шашы ғана емес, кеудесіндегі жанын да қолыңызға ұстатамын, жүріңіз. Егер мені алдап дыбыс берер болсаңыз, тіліңізді кәлимаға келтірместен қатырамын, жүріңіз, аяғыңызды аңдап басыңыз. Айтпақшы, бәйбішеңіздің ұйқысы қандай еді?

— Көңіліне қарай.

— Мысалы бүгінгідей күндерде қалай?

— Жаңағы бір дүбірден кейін ол серейген болар.

— Серейгені қалай?

— Үстінен бір қора қой айдалып өтсе де, оянбас.

— Онда жүріңіз.

— Бауырым-ау, кішкене ойлашы, ол атып жіберсе қайтеміз.

— Қорықпаңыз, оның барлық қаруы біздің қолда, барлық солдаты байлаулы, сөзді қойыңыз да жүріңіз.

Бұлар алыстан тың тыңдай шөптің де қыбырын білдірместен келіп есіктің жақтау тесігінен сығалап еді, аспалы шамның білтесі төмендеп, үйдің іші алакөлеңке екен. Бір үйде екеуден-екеу оңаша қалған соң төсекті іргеден аулақ әкетіп, төрге таман салыпты. Атамановтың жирен бұйра жүн басқан кең кеудесінде шам сәулесімен шағылысып күміс кресі жатыр. Сол креске түскен көзді өзіне еріксіз тартып, сонан сәл төменірек жерде жирен бұйра жүннің қалың тұсында жалт-жұлт етіп Шарапаттың алтын жүзіктері жарқырайды. Текештің айтқаны рас екен, ол тіпті Атамановтың өкірген қорылына да оянар емес, оң аяғын оның сол жақ аяғымен айқастырып жіберіп мүлдем қатып қалыпты.

Бұл үйдің алуан түрлі өрнектері ойып салынған, ол өрнектері түрлі түсті бояулармен әдемілене түскен екі жаппалы сырлы есігі маңдайшасындағы топыршығымен ғана жабылатын еді. Бұл сапар Шарапат (қолына түскені сол болу керек) оны қожасының алты құлаш ақ сәлдесімен шандып байлап тастапты. Текеш босағасы құтты көрінетін есігінің немен байланғанын білген жоқ, ескі әдетімен маңдайшасынан қолын сұғып жіберіп топыршықты шыр айналдырып еді, ол қанша айналса да есік міз баққан жоқ. Мәди оның немен байланғанын байқап алып қылышпен қиып жіберіп еді, есік «уһ» дегендей бір бүлк етті де, сылдырламастан тына қалды.

Қанаштың қолында ала арқан тұр, Мәди соның бір ұшын тұзақтап алып есіктің маңдайшасынан ішке қарай өткізді де, Текештің қолына ұстатты.

— Мынаны айқасып жатқан аяқтарына мықтап іліңіз де, шамның білтесін көтеріңкіреп жарығын молайтыңыз. Сол кезде біздер арқанды сырттан тартамыз да, олардың аяғын аспанға көтереміз. Сіздің кек алар шағыңыз сол. Кеудеңізде жаныңыз болса, өзіңіз де аянбассыз, мә, қамшы, жолыңыз болсын, барыңыз.

Жалаңаштармен жалаңаш айқасқысы келгендей Текеш есіктен кіре бере тоқтай қалып, үстіндегі бешпентін шешіп тастады. Денесі қалш-қалш етіп, сақылдаған тістері біріне-бірі тиер емес. Қанталап кеткен уытты көзі жалмаң қағып жалт-жұлт етеді, қолындағы ала арқан қанды көзіне бір сәт шұбар жылан болып елестеп еді, сол шұбар жыланның мынау айқасып жатқан екеуінің мойнына оралуын тілеп жақындай түсті.

«Мен неге мұны мойындарына салмай аяқтарына саламын?» Ол ішінен соны айта тұрып ала арқанның тұзағын айқасып жатқан екі аяқтың басына іліп кеп жіберді. Обалы кәніки, енді именетін де, іркілетін де емес, екеуін екі аяғынан мықтап тұрып матап алды да, шамның білтесін көтере сала қамшыны екеуіне қабат басып сартылдата жөнелді. Сөйткенше болған жоқ, маңдайшадан түсіп тұрған ала арқан керіле жөнеліп еді, байлаулы аяқтар жоғары көтеріліп тұра қалды. Мана жүректері қосылса, енді бір-бір аяқтарынан қосақталған екі «ғашықта» ес жоқ, көздері алақ-жұлақ етеді. Атамановтың бірдеңе деп айғайлағысы келеді, дауысы шықпайды. Шарапаттың есі де тұншығып қалған секілді, не істерін білмей, жалаңаш бөксесін қамшы тілген сайын бір тыржың етіп Атамановтың астына қарай тығыла түседі. Оның жанына қамшыдан көрі Текештің қанды көзі мен жыланша ысылдаған ырсылы өтіп барады. Текеш дүренің есебін ұмытса да, қолы жаңылар емес, шарт-шұрт соғып шартылдатқан сайын бір лас сөзді айтып қалады. Өзі білетін жаман сөздің бірін қалдырар емес, «құрттаған қаншық», «салаба салдақы» деген сияқты сөздердің талайы кетіп жатыр. Аздан соң жағы қарысып, сөздері ұғылудан қалды, тек ырс-ырс етіл қамшы мен аяқты кезек жұмсап, кегін кершеулеп тұр. Атаманов жан дәрмендік жасап шалқасынан жатқан күйі Текешке қайта-қайта ұмтылады, ұмтылған сайын сырттағылар арқанды тартып қалып, оны төбесінен жерге сылқ еткізеді.

Бір кезде Атамановтың жан дауысы шықты.

— Ей, шошқалар, қайдасыңдар?

— Бақыр, шошқа, бақыр. Мана айғыр болып ақырып едің ғой, енді шошқа болып бақыра түс.

Атамановтың сол бір сүйкімсіз айғайына ілесе шыққан Шарапаттың қыңсылауы құлағына келді ме қалай, Текеш мүлдем жынданып кетті. Ол айғай сала баж-баж етіп қамшыны баса түсті, сол кезде Мәди арқанды босатып жіберіп еді, асылып тұрған аяқтар сылқ етті. Оны көре сала үрейленіп Текеш те тоқтай қалды, сасқанынан ыржиып Шарапатқа қарап еді, ол қызыл ала бөксесін жасырғалы көрпеге, Атаманов Текешке ұмтылды. Текеш есікке ұмтылды. Атаманов ұмтыла бере құлап түсті, бірақ ол аяғы матаулы болса да Текешті құтқарған жоқ, шалбарының балағынан ала жығылды. Атаманов оның кең балағын сығымдап алып, өзіне қарай қатты тартып қалды да, алдына әкеп ыңқ еткізді. Онымен де қойған жоқ, Текештің тақыр басын Шарапаттың астына қарай сүңгітіп жіберді де:

— Мін аузына,— деді Шарапатқа тістене бұйырып. Ол соны айтып байлаулы аяғын босата беріп еді, арқан қайтадан көтеріліп кетті. Сол-ақ екен Атаманов жаңағы Текештің жынына мінді. Ол қайратты екен. Текештің тақыр басын Шарапаттың байлаулы жатқан екі аяғының арасына иегінен қыстырып қойып, шартылдата жөнелді. Текештің үні шығар емес, шала бауыздалған малдай қыр-қыр етеді. Дүре соғып дағдыланған Атамановтың сілтесі шыдатар емес, Текештің бөксесін қан лезде жауып кетті. Ә дегенде екі жағына кезек мөңкіп, мөңкіген сайын жалаңаш тізесі Шарапаттың бөксесіне сарт-сұрт тиген еді, енді қозғалудан қалып барады, Атаманов соны сезіп тақымынан босатып жіберіп еді, Текештің басы жерге сылқ етті.

— Шеш!—деді Атаманов байлаулы аяғын Текештің аузына төсеп.

Сол кезде сау етіп Мәдилер де кіріп келді.

— Жоқ, сіздің аяғыңыз шешілмейді, аяғыңызға қоса енді қолыңыз да, тіліңіз де байланады. Ол ғана емес, сіз енді судың түбіне қатесіз де, балықтардың жемі боласыз.

Атамановтың есі шығып кетті. Ол жын соққандай алақтап, аласұрып:

— Мырзалар, достар, кешіріңіздер, сіздер ағат ойлап қалдыңыздар, менің түк кінәм жоқ, нанбасаңыздар Шарапат ханумның өзінен сұраңыздар, менің түк жазығым жоқ, құдай куә, Шарапат ханум куә. Достым, сен мына мырзаға солай деп түсіндірші.

— Атаманов мырза, жалған айтпаңыз. Мен сіздің досыңыз емес, қас жауыңызбын. Сіздің қарсы алдыңызда тұрған — Мәди.

— Мәди!— деді Атаманов ыршып,— ол қайда?

Көрпенің астында жартылай жалаңаш жатқан Шарапат та сол сөзді айтып бір ыршып түсті.

Мәди оларға назар салмастан Текешке қарады.

— Қажеке, халыңыз қалай?

Текеш екі қолымен жер тіреп бөксесін зорға көтерді де, жыламсырап үн қатты.

— Бауырым-ау, даңқың жер жарған Мәди деген атың бар еді ғой, құдайдан тілемеген тілекті сенен тілейін, мына қорлықты көрсетпей, өз қолыңмен өлтіріп кетші.

— Кешіріңіз, мен қолымды сіздейлерге былғай алмаймын,— деді де, Атамановқа бұрылып кетті.— Иә, майор мырза! Іздегеніңіз мен болсам, біреудің төсегінде неге жатырсыз? Сіз неге губернатордың жарлығын бұлай қорлайсыз? Неге сіз оны әйелдердің дамбалына орайсыз? Неге сіз бұл әйел үшін үкіметтің сеніп берген қаруынан, қосып берген жауынгерлерінен айрыласыз? Сіз мемлекеттің сондай ауыр қылмыскері бола тұра, біреудің әйелін неге зорлайсыз?

Атамановтың жалбарынған жан дауысы шығып кетті, бірақ оны Мәдидің тыңдағысы келген жоқ.

— Менің сізден аларым — губернатор мырзаға жазған хатыңыз ғана. Басқа сөзді қойыңыз да, тезінен соны жазыңыз.

— Ха-хатыңыз не?— деді Атаманов кекештеніп.

— Кешеден бері не көрдіңіз, соның бәрін қағаз бетіне түсіресіз.

— Алдымен қаруымды қолыма беріңіз, сонан кейін жазайын.

— Сізге ешқандай қару берілмейді.

— Онда мен ешқандай хат жаза алмаймын.

— Сіз жазасыз, мен жаздырамын.

— Жоқ, мен өлтірсеңіз де жаза алмаймын.

— Онда сіз жаны қиналса ғана жөнге жүретін есек екенсіз, оны да көрейік. Тек есіңізде болсын, енді кешіксеңіз жалынуға да зар боласыз. Өйткені алдымен тіліңіз байланады, қанша бұлқынсаңыз да ол байлау шешілмейді, айтқан арызыңыз естілмейді. Мен мұны сізге ақырғы рет ескертемін,— деді де, сағатына қарады,— жарты минут мұрсат береміз, онан кешіксеңіз өміріңізбен қоштаса беріңіз. Ал, өлім мен өмірдің сіз үшін жарысқа түскен минуты басталды.

— Тоқтаңызшы!— деді Атаманов үрейленіп.

— Басқа айтарыңыз болмасын, жазыңыз.

— Келісейікші.

— Жазыңыз.

— Кішкене ғана кеңесейікші.

— Жазыңыз.

— Бір ғана сұрауға жауап беріңізші.

— Соңғы рет айтамын, жазыңыз.

— Қағаз берген жоқсыз, қайда жазамын?

— Мұндай сылтауды тыңдауға болады. Өздеріңіздің бұрышында мөр секілді бедері бар қағаздарыңызға жазыңыз. Ол қайда еді, мынаның ішінде болар,— деп Мәди кереге басына ілулі тұрған кішкене сүмкені алып Атамановтың алдына тастап еді, ол сүмкенің ішінен қара дәптерді алды да, қинала отырып жаза бастады.

— Бірде-бірін жаңылыс жазбаңыз. Ең алдымен Текеш мырзаның қанша жерден қарсы алып, қалай алдағанынан бастаңыз. Ұмытып кетпеңіз, ол мені өзінің Жапалақ Алдияров дейтін жиенім деп алдады ғой. Әдейі сізді мас қылу үшін қымызға арақ қосқанын, қажы бола тұра оны өзінің де ішкенін жасырмаңыз. Мүлдем масқаралау үшін ең сүйікті әйелімен бірге ұйықтатып, сіз ұйықтаған кезде ол әйелдің белгі бергенін, сол берілген белгі бойынша Текештің көрші ауылдан Сәрсек дейтін інісі мен Бекежан дейтін ұрысын келтіргенін, соларға аяғыңыздан қосақтатып алып өзіңізді қамшының астына алғанына дейін жазыңыз. Ең ақырында барлық қаруыңызды сыпырып алып маған бергенін, солдаттарыңызды мас кезінде байлап тастағанын, менің өзіңізге қылдай қиянат жасамағанымды, тек Текеш сыйлаған қаруларды бермей кеткенімді жазыңыз. Енді қолыңызды жақсылап қойыңыз. Осының бір сөзін өзгертпестен көшіріңіз.

Мәди оның жазып берген қағазын ішінен оқып шықты да, төрт бүктеп қалтасына салды.

— Міне енді ақылды болдыңыз. Ал, қажеке, енді сізбен де қош айтысайық.

— Қош бол, бауырым, қайда жүрсең де аман бол,— деді Текеш міңгірлеп.

— Қоштаспастан бұрын менің үкімімді тыңдаңыз, сіз Қаратаудан келген бір саудагерге сатып жіберген жетім қыз Заузаттың құны үшін ертең осы елдегі барлық жетім-жесірді түгел жинап алыңыз да, әрқайсысына бір-бірден мінетін ат, сауатын сауын беріңіз. Берген сауыныңыз бесті биеден кем болмасын. Олар тарап кетісімен сонау қабырғалары қаусап жатқан шалдың үйін ертеңнен қалдырмай өз үйіңіздің іргесіне әкеліп тіктіріңіз де, өзін емдету үшін елдегі барлық оташыны жинатыңыз. Кімде-кім оның қабырғасын орнына салып шықса, оның ақысына бір ат беретін болыңыз. Мақұл ма?

— Мақұл, шырағым, мақұл.

— Ендігі төлер үлкен құныңыз — Ноянның құны. Оны өзім аламын. Ол үшін Қарағандыдағы баласын ертіп күзге таман келемін. Оған дейін бәйбішеңіз бай көрмейтін болсын, өйткені Ноянды өлтірткен осы жеңгей.

— Иә, осы ғой, осы,— деді Текеш төрт аяғын бауырына тыға дөңбекшіп.— Өй, қу қаншық-ай, менің бетімді де өз бетіңдей еттің-ау, қу қаншық.

Мәди енді есік көзінде тұрған өз жігіттеріне әмір етті, олардың Қанаштан басқасы беттерін көлегейлеп кім екендерін байқатпай тұр.

— Жаңағы екі аяқты қасқырлар қайда? Келтіріңдер мұнда. Ал, сендер қалған жендеттерді келтіріңдер де, керегеге тікесінен таңып тастаңдар. Біріне-бірі аяқ, жұмсап жанжал шығармас үшін аралары алшақ болсын. Шөлдеп өлмес үшін бір-бір сықпаны ауыздарына тығып кетуді ұмытпаңдар.

Иман мен Заузат сыртқа шығып кетті де, Қаусат әкеліп тұрған манағы екі солдатты үйге кіргізіп жіберді.

— Қолдарын шешіңдер.

Солдаттар өзінің командиріне, командирі өзінің солдаттарына қарай алмай қалып еді, Мәди солдаттардың иегінен көтеріп:

— Мүлт жіберсеңдер мүрдем кетесіңдер, мүлт жібермес үшін бұйрықты жақсылап тыңдаңдар. Сендер қазір мына үшеуін қосақтайсыңдар, ең алдымен үшеуінің езуін керіп ауызын байлайсыңдар. Сонан кейін қолын артына қайырып таңасыңдар да, үшеуін қатар жатқызасыңдар, жеңгейдің бір аяғын байының, енді бір аяғын ойнасының мойнына байлаңдар. Ол үшін жеңгейдің басын байларының аяқ жағына қаратып, екеуінің ортасына жатқызасыңдар. Сонан кейін үшеуін қосып буасыңдар да, үйдің екі жағына керіп тастайсыңдар. Түсінікті ме?

— Түсінікті.

— Түсінікті болса, кірісіңдер. Міне, үшеуінің қолы байланатын үш шылбыр. Алдымен мына шүберектермен ауызын байлаңдар.

Қосақталуға бұйырылған үшеуін манағы екі солдаттың қолына берді де, қалған солдаттарды әкеліп керегеге тікесінен таңуды жігіттерге бұйырды.

Мәдидің күшінен гөрі іс қимылы осылай көріне бастады. Ең алдымен шамның білтесі төменделіп, жарығы азайды да, үйдің іші алакөлеңкеге айналды. Қосақталатындар қосақталып, керегеге байланатындар байланып та болды. Үйдің түндігі сыпырылып, шаңырақтың күлдіреуіші түгел жалаңаштанды. Мәдидің «үш күнге дейін бірде-бір адам қалаға қарай қадам баспасын» деген ең соңғы бұйрығы Атаманов пен Текештің құлағына құйылып та болды.

— Қош болыңыздар, мырзалар. Әсіресе сіз қош болыңыз, Атаманов мырза. Егер менің айтқанымды тыңдамай, үш күнге шыдамай қалаға хабаршы жіберсеңіз, ант етейін, қайтып келіп қаныңызды өз қылышыңызбен шашамын,— деді де, үйден шыға берді.— Тартыңдар, жігіттер!

Ертеңінде олардың бұл елде ізі де қалған жоқ, тек Текештің басына салып кеткен лаңы ғана қалды. Ол лаң «Текештің үйіне жай түсіпті» деген лақап болып лап етіп еді, өрттей қаулап елден-елге лезде тарап кете барды. Хабарды кеш естіп, кейіндеп келгендердің жетпей айтқан жел сөзі осындай «жай түсіпті» деген жай сөз болса, хабардың қанығына жеткендердің өрбітіп әкеткен лақабы онан да ауыр. Қайсы біреулер жайды Текештің төбесіне түсіріп жатыр.

— X... хе... біздің қажы дегеніміз арақ ішетін шоқынды екен.

— Өзі арақтың, бәйбішесі қонақтың буына мас болыпты.

— Ғайбат айтып керегі не, шынын айтқанда, қажының өзі көрінеді бәйбішесін қонағына сыйлаған.

— Ей, онда бәріміз де қонағы болып көрейік те.

— Ондай сыйлы қонағы болу үшін құлшылық ұрғызатын ұлығы бол.

— «Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген осы екен-ау, ә?

— Мүмкін мұның бәрі шариғаттың жаңа заңы шығар?

— Астағпралла...

— Құдай-ай, сақтай гөр. Текеш қажының «Ақыр заман» дейтін бір кітабы бар, сол кітап оқылған сайын «дүниеге түрлі-түрлі бәле толғай, ғалымдар шағыр ішіп зына қылғай» деп зарлаушы еді, сол кітаптың айтқаны айнымастан келе жатыр-ау, жараңдар.

— Иә, иә, мынау соның бір айғағы.

— Сол үшін Мәдиге ішімізден болса да мың да бір рақмет дейікші,

— Т-и-ш...

— Қайдағы Мәди?

— Ақырын сөйлеңдер.

— Мына қимыл басқаның қолынан келмейді.

— Арыстаным-ай, қайдан шықса онан шықсын, айызымызды бір қандырды-ау.

— Қайда жүрсе де аман болсын, батырым.

— Ақ тілеуін тілейік, алақандарыңды жайыңдаршы.

— А, алла тағала, Мәди сынды ұланды пәле-жалаңнан сақтай гөр.

— Ақ патшаның құрығынан сақта.

— Абақтысынан, айдауынан сақта.

— Дұшпандардың табасынан сақта.

— Әмин!

— Әмин!..

БЕСІНШІ БӨЛІМ

Арқаның аңызға айналған талай көлі бар. Сол көлдердің ішіндегі ең шағыны, шағын болса да аңызы теңіздей бір көл бар. Ол — Қарқаралы тауының басындағы Шайтанкөл.

Толқыны қалай тербелсе де жақпар тасты, шынарлы шыңның кеудесін ғана соғатын сол көлдің жағасында Мәди жатыр. Қасында өзінің Қанашы мен Иманы, Заузаты мен Қаусаты. Ол өзінің соңғы айқасын бүгін осы көлдің жағасында жасап, серіктерімен осы көлдің жағасында қоштаспақ. Оның қазіргі күткені — өзінің бас жауы губернатор. Ояз кеңсесінде істейтін достарының берген хабарына қарағанда, оның осы көлге серуен жасап келетін мезгілі таңның атып, күннің шығар шағы. Сол күткен таңы өзінің үлбіреген нәзік сәулесін жаңа ғана себелеп келеді.

Таң... Жаздың тамылжыған тамаша таңы.

Зәулім зәңгір қарағайы қалың шатқалы терең, шынарлы шыңдары аспанмен тілдескен заңғар, қарағайдың жасыл шашағын жамылған жақпар тастарына дейін көз тартатын таудың таңы.

Сол жаңа ғана құлан иектеніп келе жатқан таңның көк жиектен сығалаған шырайы қандай сұлу болса, оның райын аймалаған таудың асқары да сондай сұлу. Әсіресе кей жерінің жартасы шынарына, енді бір жерінің шынары жартасына ұқсап, көкке қарай атылғалы тұрғандай көрінетін найза шоқылары әсем асқақтап, көзге сұлу көрінетін.

Мәдилер кеше күнімен үдере тартып келіп, көз байлана осы таудың батыс беткейіндегі орман күзетшісінің үйіне жеткен еді. Түнімен сол үйде тынығып, жаңағы бір кезде ғана таудың осына бір асуы жоқ асқарына жаяу асып келген-ді. Түн болса да бекінер жерін дәл тауыпты.

Оның алысқа телміре қадалған өткір көзі көкжиекті жаңа ғана аймалап келе жатқан таңда. Сол көкжиектің таңы жаңағы бір кезде оның көзіне жас сәбидің езу тартқан күлкісіне ұқсап еді, енді қас сұлудың қасқая күлкісін көргендей телміре түсті.

Алақандай жерінде алуан түрлі гүлі жұпар шашып, жасыл қыналы тасына дейін құндыздай құлпырып тұрған мұндай әсем тауды түннің қара пердесі де қияр емес. Ол шынарлы шыңның басынан шыңырау құзына дейін, жалғыз тал қылтанағына дейін қалдырмастан түгел сипап, ауыр салмақпен ақырын сырғып, бірте-бірте әлсіреп, көздің алдынан жоғалып барады. Әр бұтаққа бір жармасып, әр жапыраққа бір жабысады. Қайың мен теректің қылаңдығынан қиянат көргендей олардан безе қашып, қарағайдың қабыршақталған қабығына, қара қошқыл бүршіктеріне саялайды. Оның да саясы саяз болған соң, көк шалғынның құрығына, қожыр тастардың жықпыл-жырасын, сайлардың сағасын сағалайды. Бірақ еркіндікті өзі иемденіп алған ерке таң ешқандай түнді жер бетіне мекендететін емес те, ол табиғаттың мұндай сән-салтанатын түннің тәлкегіне берер емес. Өзінің шапағатты шапағы жеткен жерді түгелдей шаттандырып, сол шаттығы түннің түндігін батысқа қарай сырғытып барады. Алыстан қарағанда алып құндыздай көрінетін Қарқаралы сәніне енді ғана келіп, енді ғана құлпыра түсті.

Таңы райланып, жері шырайланған сайын шиыршық атып Мәди жатыр. Өйткені, оның күткен губернаторы келетін мерзім жақындап қалды.

Көгілдір көлдің беті де сағымдай көлкілдеп көгере бастады. Заузаттың көзі сол көлде. Бұрын оның «Шайтанкөл» деген атынан қорқушы еді, енді шайтанын көргісі келіп құмартып жатыр. Олжа мылтықтың бірі соның қолында болатын, шайтан көріне қалса соны бір атып қалғысы келе ме қалай, ата білмесе де мылтықты кезей ұстап жатыр.

Мәдидің алысқа сермелген көзінің алдында Қарқаралы қаласы тұр. Ол ортасында екі мешіті мен бір шіркеуі бар, басқа үйлерінің барлығы ағаштан салынған жалғыз қабат, бірақ еңсесі биік, көк шатырларына дейін көз тартатын әсем қала болатын. Мәди үшін онан сұлу қала жоқ. Қаланың қақ ортасындағы ояз кеңсесі мен түрмеден басқа үйлердің бәрі оның көзіне өзінің бесігіндей көрінетін. Амал не, кеше ғана өзінің бесігіндей көрінетін сол сүйкімді қала бүгін өзіне қарсы жасалып жатқан қастандықтың ұясы, сүйген Самалының түрмесі.

— Самалы... Өмірімнің самалы!.. Сен Көкдауылмен құйғыта жөнелсем, жарты минутта жететін жеті-ақ шақырым жерде жатырсың, бірақ сені көру маған енді жоқ шығар. Иә, жоқ. Өйткені, мен сені түрмеден босатсам да, өзімді қашқындықтан құтқара алмай, бұл елден бүгін жоғаламын. Сен мен үшін жас өміріңді өксітпе, өз бағыңды өзің байлама.

Оның ойын Заузат бөліп жіберді.

— Мәди аға, мұнда келетін жол көрінбейді, бұл қалай?

— Не нәрсе биік болса, оған жетер жол да көзге түсе бермейді.

— Менің сұрап жатқаным губернатордың келетін жолы.

— Оның келетін жолы мына бір зәулім қарағайлары сидиған тас қия. Тас қияның жолы қиын болғандықтан, олар атын не нөкерлері қалған төменгі сайға тастайды да, оны алыссынса бері өрлеп келіп, ана бір қалбағай тастың арғы алдына тастап, онан бері жаяу өрлейді. Мұндай биік таудың бетіне жаяудың ізі түспейді, ондай із жерге түссе де, көзге түспейді.

— Осы жерден атқан оғыңыз сол қалбағай тасқа жетер ме еді?

— Жетуі жетер, бірақ тие қоймас,

— Жетсе неге тимейді?

— Жеткен оқтың бәрі бірдей дари бермейді.

— Түсінбедім.

— Мұндайды түсінбегеннің өзі жақсы,— деді де, Мәди көзін губернатор келер жолдан алмастан бұйрығын бере бастады.— Қанаш, Иман екеуің жотаға шықпай, далдамен барып жолдын арғы бетіне бекініңдер. Қаусат, сен біздің желкемізге бекін. Мына бір жас шынарды бетіңе ұстағаның жөн болар. Мен губернатормен тілдескен кезде әрқайсың әр жерден үн қосыңдар. Үндерің мыңқылдап-ыңқылдаған бірдеңе болмай, айдынды шықсын, Төртеуіңнің айтатындарың «вы окружон» деген бір-ақ сөз. Қане, сол сөзді айтып көріңдерші. Окружон... Қане.

— Окружон.

— Өкіру жөн.

— Сен қазақшылап кеттің, Заузат, сен айтшы.

— Әкіржөн.

— Түк те жөн емес, окружон... Қаусат не айтса, сен соны айтып кеттің... Окружон.

— Окружон, ой, құдай-ай, өзіміздің өкру мен «жөніміздің ағайыны екен ғой — окружон,— деп Иман әзілге басты.

— Міне, енді жарадыңдар, тек салмақпен қатты айтыңдар. Дыбыстарың шықпасын. Құлақ салыңдаршы, сонау сайдағы сайғақтың күйсегені де естілгендей емес пе? Ендеше сендердің тырс еткен дыбыстарың қазір мылтықтың гүрсілінен кем естілмейді, соны ескеріңдер де жөнеліңдер.

— Жаңағы бір сөзді айтып бақырғаннан басқа біздің бітіреріміз бар ма?

— Қалғанын өзім бірдеңе етермін.

— Япыр-ай,— деді Иман Мәдиден қанша именсе де кешеден ішіне сыймай жүрген бір күдігін жасыра алмай,— губернатор дегеніңіз ғой жандарал, жандаралыңыз жарты патша. Сонда сіз сол жарты патшаның өзімен шайқаспақсыз ба?

— Оның патшалығы қасына ерткен дүлей солдаттарында. Егер ол сол дүлейлерін шұбыртпай, күндегісіндей аз адаммен келсе, оның патшалығы қорқынышты емес.

— Егер әскермен келсе?

— Ол өзінің айдынынан қазақтардың жердегі өзі түгілі, аспандағы айы да жасқанып жасырынатындай көретін секілді. Ондай адам қорқуды білмейді, қорқуды білмесе, жеке жүруді ерлік деп біледі де, әскер ертуді білмейді.

— Қорқуды білмеудің есер түрі де болады екен-ау.

— Болғанда қандай, өзін торып жүрген біздер барын білмей, оның сейілге аз кісімен шығатын себебі сол. Екіншіден, ол бұл көлге құзды өрлеп келетін жалғыз аяқ жолдан басқа жолдың жоғын жақсы біледі.

— Түндегі біз жаяу асып келген асу ше?

— Ол асуды бізді бастап келген түндегі орманшыдан басқа жан білмейді.

— Сонда сіз оған не демексіз?

— «Ей, губернатор, зор мәртебелі тақсыр! Сіз менің нысанама жақсы ілініп тұрсыз, қылп етсеңіз ол дүниеге кеттіңіз, Жан керек болса, тезінен жаныңыздағыларға әмір етіп қаруларын тастатыңыз» деймін. Онан әрі не істейтінімді оның қаншалықты ақылдылығы біледі.

— Егер ол сіздің сөзіңізге оқпен жауап берсе қайтесіз?

— Жандаралға жан керек, өзін қоршап алған жанмен, әсіресе әрбір тал бұтасы, әрбір түйір тасына дейін қорған болатын мұндай жерге бекініп алған жаумен атысу өзіне ажал екенін білмеуі мүмкін емес. Егер оны білмей ақылсыздық жасап оқ ататын болса, амал жоқ, оғына оқпен жауап береміз. Басқа сұрауың жоқ болса жөнел.

Мұнан кейін ешқайсысы үн қатқан жоқ, әркім өзіне межеленген жерге қарай еңбектей жөнелді.

— Мен қайдамын?—деді Заузат сыбырлап.

— Саған бостандық, губернаторға қай жерде тұрып ақырсаң да еркің, тек дауысың Қаусаттың дауысынан кем болмасын.

— Сол берген бостандығыңыз мені жер аударып барады-ау,— деді ол Мәдиге тығыла түсіп.

Мәди аңырып қалды.

— Жер ауғаны қалай?

— Қаңбақ болып кеттім бе, білмеймін, қалтыраған денем жанымды сізге қарай ұшырып барады, сақтаныңызшы.

Мәди қыздың сырына түсіне қалып, өзінің әдетімен мырс етті.

— Сенің қалтырағаның мені лапылдатып барады. Егер жаның шын қалтыраса, Қаусаттың қасына бар да, соның деміне жылынып ал.

— Немене, сіз демі біткен өлі жан ба едіңіз?— деп Заузат күле сөйлеп жатыр, бірақ күлкісінде ызғар бар. Мәди мұндай батылдықты қазақ қыздарынан күтпеуші еді, сондықтан болар тез дір етті де:

— Иә,— деді ақырын күрсініп,— тек сендей қыздардың шашынан ғана сүйетін шала жансар жанмын.

— Мен есімнен адастым-ау осы,— деді қыз күрсіне күбірлеп.

— Есіңнен неге адасасың?

Заузат қайтадан жалт берді.

— Мына көліңіздің сиқыры бар екен.

Қыздардың сырын қырғидай ілетін Мәди бұл сапар қанатын қатты қаға алған жоқ. Ол Заузаттың жаңағы жат көрінген сөздерін енді үрейдің салқыны деп ұқты да:

— Қорықпа, шырағым, бұл көлден өзің әлдеқайда сиқырлысың,— деді.

— Мен емес, өзіңіз боларсыз сиқырлы.

Заузат соны айтып күле қарап еді, Мәди бар сиқырлықты оның көзінен көргендей ұзақ қадалып барып үн қатты.

— Егер жадыңда сақтар болсаң, мен саған осы көлдің мың да бір аңызының бірін, тек не үшін Шайтанкөл аталған себебін айтып берейін.

— Сіз не айтсаңыз да менің жадымда мәңгі сақталады, ол үшін ант ішкізбестен айта беріңіз.

— Сен менің сөзімді яки өзімді емес, мен айтқалы жатқан аңыздың айтар ақылын сақта. Аспанмен тілдескен шынарлы шыңның басына мынадай көлді орнатқан батырды сақта жадыңа. Әрқашанда соны ардақта.

— Кім болса да басқан ізін тауап етейін, өлі болса әулие тұтып моласына түнейін, сол батырдың атын атап, жөнін сілтеңізші.

— Оның аты — махаббат.

— Махаббат?

— Жайырақ сөйле. Сол батырдың әмірі бойынша бұл көлді жасаған құлдың аты — Адам Ата.

Заузат тағы таңданып қалды.

— Адам Ата?—деген дауысы да қаттырақ шығып кетті.

Мәди оның ауызын алақанымен баса қалып еді, ол алақанды ақырын сүйіп алды.

Мәди жүрегі тоқтап қалғандай тына қалды. Тың тыңдап Қаусат жаққа құлақ тігіп еді, жат дыбыс білінбеді, бұрылып қарағысы келіп еді, Заузаттың мына жасап жатқан қылығына өзі кінәлі болғандай жүзі шыдамады, Заузатқа үн қатса үздігіп шығатын түрі бар. Не дерін білмей өз демін өзі жұтып аз жатты да:

— Иә, сол атамыз махаббаттың құлы болып өзінің адал жары Хауа Анасының пәк денесін күннен басқаға көрсетпес үшін, ол кездегі жердің ең биік күмбезі осы Қарқаралының басына, ол кездегі қарағайдың ең қалың жері осы шыңдағы шынардың ішіне осы көлді жасапты,— деді алқынып.

Заузат өзінің Мәдиді нендей күйге салғанын сезбеген секілді:

— О, ғажап, Адам Атаны да құл орнына жұмсаған махаббат неткен күшті еді?

— Адал махаббат қашанда күшті, менің саған айтпақ болған аңызым сол, сен соны ұмытпа.

Мәди сөзді осымен доғарғысы келіп еді, соны сезіп ерегіскендей:

— Сонда бұл көл не үшін? Арамдалған махаббатты тазарту үшін бе?—деп Заузат жалғап әкете берді.

— Жоқ, ол адал махаббаттың ескерткіші.

— Ескерткіш деген не?

— Мұра болып қалар мұнарасы. Мынау жағадағы жақпар тастар сол Адам Атаның қолынан қаланған, Мынау көлді көмкере егілген шынардың барлығы сол атаның қолынан егілген. Шынар — Хауа Анамыз үшін құрылған шымылдық.

— Хауа Ананың көліне Атамыздың шайтан атын қойғаны қалай?

— Ол кездегі жердің шайтанынан аспандағы періштелер де қорқады екен. Хауасының пәк денесін періштелерге көрсеткісі келмеген Атамыз өзі жасаған бұл көлдің атын «Шайтанкөл» атапты.

Заузат ақырын күрсінді де, үндеген жоқ. Ол Мәдидің емеуірініне де түсінді: «Сіз мұны маған не үшін айтып жатырсыз?» дегісі келіп еді, ол ойын алыстан естілген ат дүбірі бөліп жіберді.

Алыста, төменгі терең сайдың қаламен жалғасып жатқан сағасынан жаңа ғана өткен ат дүбірі бірте-бірте жақындап келеді. Ол келе жатқандардың үш атты екенін Мәди тұяқ дүбірінен тани кетті де, ойланып қалды:

— Бұл қалай? Менің күткенім мұнан көбірек еді ғой, мына келе жатқан үшеу, бұл неліктен? Губернатор болса қасындағысы адъютанты мен атшысы ғана. Ол бүгін неге мұнша бейқам? Әлде Текештің ауылына салынған ойран губернаторды қаладан шығармай қойды ма? Онда мына келе жатқандар кім? Бізді арбау үшін жіберілген жансыздары ма? Жоқ, ол мүмкін емес.

Міне, олардың қарасы да көріне бастады, үшеудің бірі әйел екен, атқа отырысынан таныла кетті. Оны көрген сайын Мәди таңырқана түсті:

Бұл не? Тан атпастан тау кезіп жүрген бұл әйел кім? Жолаушы деуге беті — елсіз, асуы жоқ асқар тау. Жоқ, ана біреуінің иығы жарқырайды, сөз жоқ, бұл губернатор. Ояздың өзінен де айдынды, «ақ сайтан» атанған аты шулы әйелі бар. Губернатордың аулай келген аңының бірі сол әйел деген де қауесет бар. Мәди оны ғана емес, губернатор «ақ сайтанды» оңаша, емін-еркін иектеу үшін оязды бір «тығыз жұмыспен» Берікқара заводына жібергенін де естіген-ді. Мына келе жатқан әйел сол «ақ сайтан» болуы ықтимал. Мәртебесі үлкендердің ұрлығы да өзіне сай үлкен-ау. Бірақ ол үлкен ұрлықтың ізі де үлкен емес пе, оны білмейтін губернатор ақылсыз емес шығар. Сонда бұл кім? Оның Петербургте оқитын бір қызы бар, әкесінің соңынан ол да келеді деген еді. Басындағы далиған қалпағы да бұл қаланың қалпағына ұқсамайды, әлде сол бикеш пе екен? Денесі тым нәзік, сол болуы да мүмкін-ау. Егер бұл ояздың «ақ сайтаны» болса... О, сұм заман, өзі бір әйелге ие бола алмай жүрген оязға екі жүз мың халықты билетіп қойған лағнат саған, лағнат.

Мәди заманға лағнат айтып осылай қынжылса да, мына келе жатқан губернатордың өзі болғанына қуанып кетті. Міне, олар аттарын қалдыратын Қалбағай тасқа жақындап келеді. Аттың бері өте алмай сол тастың түбінде қалатынын Мәди жақсы біледі. Алда жаңағы ақ иық пен қызы, олардан оқшауырақ кейін күзетші солдат келеді. Мәди олардың әр қимылына дейін көріп жатыр, тіпті қыздың қалбағай тасқа жете бере атынан түсіп әлденені асыға іздеп қалай аласұрғанына дейін көріп, оның «адьютант мырза, а, офицер мырза, а, кешіріңіз, атыңызды ұмытып қалыппын» деп сасқалақтаған дауысын да естіп жатыр.

«Ым... Менің күткенім жолбарыс еді, құдайым менің сорыма мысықты кездестіріпті. Енді қайттім? Мынау әйел ояздың «ақ сайтаны да емес, мынаның көңіл көтеретін көк сайтаны болды ғой. Бұларға не істеу керек?»

Ол сондай ойда жатыр.

Әлденені есіне түсіргісі келген қыз әлі басын ұстап тұр. Бір кезде ол іздегенін тапқандай тез өзгере қалып, офицерге жалт қарады.

— Есіме түсті, жаңа өзіміз атқа мінген жерде менің сурет салатын қыл қаламым қалыпты,— деп қыз екеуінің қайсысын жұмсарын білмегендей кезек қарап еді.

— Өткенге өкінуші болмаңыз, Бүгін қалса ертең келер,— деді де офицер атының шылбырын атшы солдатына қарай лақтырып жіберді.

— Ертеңгі таңның бүгінгідей болуына кім кепіл? Мысалы, өзіңіз кепіл бола аласыз ба?

— Ертеңге кепіл болу үшін данышпандық керек, ондай данышпандық адъютант мен түгілі, генерал-губернатор әкеңізде де жоқ.

Бұл сөздерден Мәди қыздың губернатордың қызы екенін, оның бұл тауға мына көлдің таңертеңгі суретін салу үшін келгенін біліп алды, бірақ өзінің бұларға не істейтінін әлі біле алған жоқ.

«Енді қайттім?Не істедім? Кепілге — кепіл, оның қызын мен де кепілге ұстасам ба екен. Егер мен мына қызды қолыма түсірсем: «Самалды босатсын да, оның орнына Текешті қамасын, сонда ғана қызын босатамын» деп адъютантын губернаторға жіберсем, ол не істер еді? Қасқыр да баласы үшін қақпанға түседі ғой, ол губернатор болса да әке емес пе? Әке жүрегі қалай шыдайды? Жоқ, шыдамайды. Ендеше мен оның әділеттіліктен жұрдай қара жүрегіне кек қанжарын осылай сермейін».

Ол осыған бекем байланды да, қызды қолға түсірудің жолын сайлады.

Өзіне төнген сондай қатерден бейқабар қыз өзінің жол серігі офицермен қағысып тұр.

— Сізше өткенге өкіну ертеңгіге керек емес пе?

— Не үшін?

— Бүгінгі өкінішті ертең қайталамау үшін.

— Ол үшін не істеу керек деп білесіз?

— Темірді қызған кезінде соғу керек.

Офицер жалт етіп қыздың ешқандай аярсыз қадалған көзіне ойлана қарап тұрып қалды, бірақ сыр бергісі келмей тез құбылып:

— Сөзіңіз қара табан құлдарға лайық болса да әдемі екен, ие, тағы қандай әдемі сөзіңіз бар?— деді көлгірсіп.

— Мен сурет болмаса әдемі сөзге шорқақпын, атшыңызға әмір етіңізші, менің қыл қаламымды алып келсін.

— Ол үшін менің әмірімнің қажеті болмас,— деді де офицер атшы солдатқа иек қақты,— мылтығыңды бізге қалдырып кет.

Атшы солдаттың мылтықты офицердің қолына ұстатуға батылы жеткен жоқ, қарағайға сүйей салып атына қайта мінді де, ылдиға қарай жылжи жөнелді.

— Бізді көлдің жағасынан табарсыңдар, ұқтың ба?— деді офицер ұзап бара жатқан солдатқа дауыстап.

Мәдидің бар естіген сөзі осы ғана, бірақ сол бір сөздің өзі оны жұмбақ ойларға тастап кетті.

«Мынау неге бұлай құбыла қалды? Әлде біздің сыбысымызды сезіп, көмек шақырды ма? Бірдеңе әкелуге жұмсаса «бізді көлдің жағасынан табасың» демей «табасыңдар» деуі қалай? Ана солдаттың ертіп келетін адамы болды ғой, сонда олар кім? Бірақ қаладан көмек шақыратындай қорқынышты сезсе мынаның өзі ана қызды тастай қашар еді ғой. Бұл қалай, әлде көлденең өткен көк аттыны құр өткізбейтін «ақ қатынды» келсін деген емеуріні ме екен? Сол... сол... басқа болуы мүмкін емес. Осындай жел аяқ, жез өкшелер де ел басқарады, ә? Тфу... Өңкей жел буаздар».

Мәдидің әр қияны кезген қиялы осылай шарықтап, осылай дамылдай бастап еді, офицердің жай сөйлеген сөзі де естіле бастады. Өйткені, ол бұлар жатқан жерге жақындап қалған еді. Тік қияны өрлеу оған оңай тимеген болу керек, жотаға жетпестен тоқтап, қызылды-жасылды қынасы қалың бір жалпақтау тастың үстіне отыра кетті.

— Қиялыңыз қанатын қанша қағар екен, осы арадан айналаға бір қараңызшы,—деді офицер қыздың көзін жетектегісі келгендей көзін жер шетіне дейін жіберіп.

Табиғатқа табынып өскен қыз оның тамашасын таңдай білуші еді де, ол жайында айтылған кеңесті тыңдай білмеуші еді. Өйткені өзін табиғаттың бірге өскен сырласындай көретін. Сондықтан ол алысқа кеткен ойлы көзін күлімдете мырс етті.

— Сапта тұрған солдаттар есіңізге түсіп кетті-ау,— деп офицерді кекесін қалжыңмен бір қақты да, тез өзгере қалып,— жоқ, дәл осы әзілді аңдамастан, сіздің әскери жұмыстан басқа білеріңіз жоқтай, ағат айтыппын, кешіре салыңыз...

— Неге? Табиғаттың өз заңы, өз сұлулығы бар екенін, оның өзгенің әмірімен өмір сүретін солдаттар емес екенін сіз жақсы айттыңыз...

— Оны жақсы айтқанымды өзім де білемін, таудың мына бір құндыздай құлпырған сәулетін сіз де жақсы байқаппыз. Қараңызшы, қандай тамаша. Мен неге бүгіннен бастап, осы таудың таңғы суретін салмаймын. Кездесе бермейтін, қайта оралып келмейтін мына бір сұлу шағының өтіп бара жатқанын қарашы, әлгі қашан келер екен?

— Сіз енді бұл таудың таңғы суретін салудан кешіктіңіз, қайтсақ қайтеді?—деп офицер қобалжыған түр көрсетіп еді, қыз сыңқылдап күліп жіберді.

— Ә, сіз бұл сөзіңізбен өзіңіздің табиғатты қадірлей білмейтін бейшара екеніңізді көрсеттіңіз. Ашық айтылған сөзіме ғафу етіңіз. Өзіңіз ой жіберіп қараңызшы, мынадай сұлуларды тастап кету — шын бейшаралық емес пе? Мен солай деп білемін. Сондықтан есіңізде болсын, алдағы Шайтанкөлдің күн шығардағы көркі қандай екенін кеше кешке күн батар кездегі шағын көріп тұрып байқағанмын, Сонда мен бұл қаладан кеткенше барлық күпімді осы көлдің жағасында сурет салумен өткізуге ант еткенмін. Менің сол антым сіздің де антыңыз болсын.

— Жоқ, сүйіктім, әкеңіздің маған берген әмірі солай, сізге бүгін ғана серікпін. Бұл таудың суретін салмақ түгілі өзін көшіріп әкетсеңіз де, мен ертең келе алмаймын, мен келмесем сіз де келмейсіз?

— Неге? Сіз келмесеңіз келмеңіз, мен неге келе алмаймын?—деп қыз қадала кетті.

— Әкеңіз менен басқаға сенбейді, өзі сенбеген офицердің ешқайсысын сізбен жеке жібермейді. Сондықтан, бұл таудан салар суретіңізді бүгін салып қалыңыз.

— Дауысыңызда діріл бар ғой, ол ненің толқыны? Әлде тауда жүру сізге қорқынышты ма?

— Маған сіздің дауысыңыз да солай естіліп тұр, кішкене дем алыңызшы.

Қыздың құлын мүшесі өзінде екен, үстіндегі бар киімі жараса жабысып жұмыр денесін мүлдем сұлуландырып тұр. Басына кигені тор көздерінің түйіндері мөлдір қара меңнен жасалғандай көрінетін пердесі бар, делегейі үлкен ақ қалпақ еді, соны желкесіне қарай бір сырғытты да, офицердің өр жағынан келіп ақырын отыра бастады. Оның бір әдеті өзімен сөйлесіп отырған адамның көзінен көз алмай, өзі әлденені ойлана қалса ғана алысқа қарайды екен. Сондықтан Мәди қиғаш отырған қыздың кескін келбетін көре алмай діңкелеп жатыр. Ол қыздың бетінде перде барын әлі аңғарған жоқ. Ал, оның қасындағы офицер Мәдидің өзіндей сымбатты, өзіндей келбетті екен. Әттең, ақыл шіркін адамның денесінің кесектігіне, келбетінің сұлулығына қарай бітетін болса, мына офицер екеуі данышпан болар еді. Мәди соны ойлап жатыр. Егер ол маған оқ жұмсай қалса, мен де жұмсаймын, сөз жоқ, мен оғымды мүлт жібермеймін, сонда осындай адамды өлімге қалай қиямын? Бірімізді бірімізге жыртқыштарша жегізіп қойған заман-ай, лағанатсың-ау, лағанатсың. Тфу, жалмауыз».

Оның бұл ойын қыздың даусы бөліп жіберді.

Қыз мылтықты қолына алып айналдыра қарап отыр,

— Сіз мына мылтықты не үшін алып қалдыңыз?

— Сізді күзету үшін.

— Мені ме, өзіңізді ме?

— Сізді күзетсем, өзімді күзеткенім емес пе?

Мені кімнен күзетесіз? Қасқырдан ба?

— Қасқырдан қорқатын қазақ емеспін.

Енді неден? Бұл таудың қасқырдан басқа аңы — бұғы мен марал, қоян мен қарсақ қана көрінеді, Сонда мені олардың қайсысынан қорқып күзетесіз? Қояннан ба?

— Бұл таудың біздер үшін, әсіресе, сіз сияқты сұлу қыздар үшін барлық тағылардан қорқынышты бір тағысы бар. Ол — өзіңізге белгілі Мәди, әкесінің атын ұмытып қалыппын. Әлгі сіз сияқты сұлу қыздарға дейін ұрлайтын қарақшы.

— Егер ол мен сияқты қыздарды емес, сіз сияқты офицерлердің жауы болса, сіз кімнен кімді күзеткен боласыз?

— Менің бұл тауға сіз үшін келгенімді ұмытпаңыз.

— Оны ұмытпаспын-ау, егер ол ойламаған жерден кездесе қалса, сіздің мен үшін не істей алатыныңызды білмеймін.

— Оның біле алмайтын түгі жоқ. Кездесе қалса өзін мүрдемге жіберетінімді ол біледі, сондықтан да менің көзіме түспейді.

— Сіз мүрдем жібересіз, ә?

— Егер қарсыласар болса.

— Міне, бұл айтып тұрғаныңыз шындық.

— Сізше қалай, қарақшының арқасынан қағуым керек пе?

— Ондайлардың арқасынан қақпайтыныңызды білемін, тек қолыңызға түсе қалса, оған нендей жаза беретініңізді білмеймін.

— Оны өз әкеңізден сұраңыз. Мен үшің оның айтқаны заң.

— Әкемнің не дейтінін кеше естігенмін. Мен сіздің не дейтініңізді естігім келеді.

— Әкеңіздің сөзінен басқа не дейтінімді өзім де білмеймін.

— Міне, тағы бір шындықты айттыңыз.

— Менің жалған айтқанымды қашан көрген едіңіз?

— Сондай адамды қарақшы деуіңіз жалған емес пе?

— Енді не деуім керек.

— Шындығын айту керек.

— Немене, сіздіңше бұл шындық емес пе?

— Әрине.

— Сіздіңше ол кім?

— Ол — қазақтың Дубровскийі.

— Дубровский?

— Иә!

Осыны айтып отырған анық губернатордың қызы ма, дегендей қызға сескене қарап, аз уақыт үнсіз қадалып отырды да, офицер алақанын қыздың маңдайына салды.

— Сүйіктім-ау, сіз сырқат секілдісіз ғой,— деді ақырын.

Қыздың жаңағы бір сөзі Мәдиді қайдағы бір қиын қиялға, қиялдың да бұрын жан баспаған бір қиясына қарай алып кетті.

«Дубровский!.. Аты таныс, өзі жат бұл кім еді? Қайдан көрдім? Кімнен естідім? Оқыған болсам қай кітаптан оқыдым? Менің оқыған орыс кітабым онша көп емес еді ғой. Өзі біреудің жанқияр досы еді ғой. Иә, иә, солай. Бұл Пушкин мырзаның досы, иә, соның досы. Досы болмаса ол мұнша айызданып жазар ма еді? Әр сөзі, тіпті сөзі ғана емес-ау, өртте қалған мысығының шырылына дейін құлақта, ол салған өрттің жалаң қаққан әрбір алауы көздің алдында. Сондай намыстың жалынын тани білген, ерлігіне сүйсіне білген мына қыз неткен асыл еді. Тіпті ол мені соған теңеді-ау. Сол сөзді айтқан ауыздан қалай сүйсем екен?»

Ол сондай ойдың жетегімен кете берді де, арманы болып көрінген жан өзінің атысар жауының қызы екенін ұмытып кетті.

— Аға, мен қорқып барамын,— деді бауырына тығыла жатқан Заузат қалтырай түсіп.

Сонда ғана Мәди есін тез жинап алды.

— Міне, ессіздік,— деді Мәди өзіне күңк етіп,— Заузатым-ау, қасымда сен болмасаң мен барып ана қызды құшақтай жаздаппын ғой.

Заузат жауап қатқан жоқ. Оның қорқынышы да, офицердің жаңағы мүрдемге жіберетін батырлығы да Мәдиді қаймықтыра алған жоқ, қайта ширықтыра түсті.

«Әкеңмен өмір бойы жауласып өтсем де, сен қызды мәңгі сүйермін»,— деді ішінен.

Ол соны айтты да, қыздың дауысына құлағын тағы да тіге қалды.

Қыз Мәди жайында көп естіген, оны халқы не үшін сүйетінін, халқы сүйген адаммен жауласудың адамшылыққа қаншалықты нұқсан келтіретінін айтып еді, офицер үндеген жоқ. Тек қыз Мәдидің жасын сұраған кезде ғана сыздана тіл қатты.

— Наталья! Мен ондай қарақшының қанын судай шаша білсем де, жасын санай білмеймін. Сол себепті сіз екеуіміз бұл тақырыпта мұнан былай сөйлеспейтін болайық. Бұл — өзімнің тілегім ғана емес, әкеңіздің бұйрығы. Оны да ескеріңіз.

— Тіпті, бұл тақырыпта түк үндемеуім керек пе?

— Үндемеңіз.

— Егер сіздің шашатын қаныңыз өте сирек кездесетін асыл қан екенін білсем, неге үндемеймін?

— Бұл сөзіңізді, әсіресе Дубровскийдің әруағы қорлаған жаңағы бір сөзіңізді әкеңізге естірте көрмеңізші.

— Неге?

— Дубровскийде оңған мырза емес, бірақ ол орыс қаны ғой, қайдағы бір қаңғырған қарақшы қазақты орысқа теңеуіңіз ұят.

— Орыс армиясының офицері бола тұра осылай деуіңіздің өзі ұят емес пе? Жә, таласпаңыз. Ол қарақшыларыңыздың шындығында кім екенін сіздерден гөрі мен жақсы білемін. Сіздердің білетіндеріңіз ауылдағы надан болыстардың білгені, айтатындарыңыз солардың жалған жаласы. Есіңізде болсын, ол сіз ойлағандай қайдағы бір қаңғырған қарақшы емес, ол тіпті көп қазақтың да бірі емес, ол өзі кедей болғанымен, шыққан тегі дәл сізбен біздің шыққан тегімізден осал емес. Ол — атақты Абылай ханның ақылшысы болған, әділдігі мен шешендігі елінен асып, Қытайға дейін жеткен Қазыбек бидің ұрпағы. Мен оны Дубровскийге осы жағынан ғана теңедім, әйтпесе ол Робин Гудке көбірек ұқсайды.

— Робин Гуд,— деді Мәди ішінен жақтырмай қалып. — Мына қыз мені орыстың Дубровскийіне теңеп, жаңа ғана төбемді көкке жеткізіп еді, енді қайта лағып кетті? Робин Гуд? Өмірімде естімеген адамым. Бұл кім болды екен? Мені Дубровскийге теңеген, басқан ізіңнен айналайын қасиетті бабамның әруағы екен. Сонда өз қасиетім кімге апарып теңгерді? Мына қыз мені кімге апарып теліді? Жаңағы айтқан Робин Гуді кім оның?

Ол білмеген Робин Гудті офицер де білмейді екен, бірақ ол өзінің білмейтінін бүркеу үшін ондай аттастардың көбін білетін кісіше сөйлейді.

— Сіздің айтып отырғаныңыз қай Робин Гуд?—деді ойлы адам көрінгісі келгендей сөйлеп.

— Ол ағылшын халқының аңыз болған, мұнан сегіз ғасыр бұрынғы батыры.

— Сонда ол батырдың жауласқан жауы кімдер?

— Ол да сіздердің Мәдилеріңіз секілді. Оның жауласқан жауы — кілең байлар мен байлардың байлығын қорғап, кедейлердің намысын қорлайтын сіз сияқтылар.

Қыз соны айтқан кезде Мәдидің тұла бойы балқып, жүрегі елжіреп сала берді. Бірақ оны елжіреткен қыз сөзі офицерге жайлы тиген жоқ, ол бүкіл тұла бойы. мұздап атып тұрды да, түк айтпастан жүріп кетті.

Қыз онан соң көтерілсе де, тау басына бұрын шығып, көл жағасына бұрын жетті. Таудың жотасы көлдің жағасы еді, жотаға шыға бере көлге көз тастап, кеудесін керіп тұра қалды.

— Мына көлдің бүгін айнадай жарқырауын-ай. Менің бұл қаладан кеткенше салатыным осы көлдің суреті болар. Сіз маған қанша ашулансаңыз да ертең соны ұмытпаңыз.

Өзінің ашулы емес екенін көрсеткісі келді ме қалай, офицер тез өзгере қалып, өзінің қиялы да жетпейтін бір қиянға қарай тағы да тартып кетті. Ол сағасын көлге тіреп жатқан бір сайлауыттың ортасына барып жүресінен отыра кетті де, құлашын керіп айнала сыза бастады.

— Мен мына жердің бір құлаш бетін ғана сыздым. Осы сызықтың ішіндегі гүлдің түрі нешеу екен, санап көріңізші. Бір талдан жұлып алып санамасаңыз жаңыласыз.

Қыз шөптің алуан түріне қызыға қарап аз тұрды да:

— Аяғымыздың астында жатқан осындай сұлулықты таптап жүре береміз, ә? Бұл шөптердің дертімізге шипа екенін білмейтін наданбыз,— деп офицер сызып салған қоршаудың ішіндегі гүл аралас шөпті бір талдан жұлып алып, офицерге бере берді, ол санай берді.

— Неше түрлі екен.

— Отыз алты.

— Алақандай жердің түгі осындай алуан түрлі, өмір азығына неткен бай жер. Мүмкін мұның ішінде адамды мәңгі жасартатын дәрісі де бар шығар. Оны да білмейміз. Тіпті адамды өлтірмейтіні де бар болуы мүмкін, біздер оны да білмейміз. Неткен меңіреу едік.

— Алдымен атын біліп алайықшы, біздер мұның бірде-бірінің атын да білмейміз ғой.

— Иә, біздің мешеулігіміз оған да жетеді, тек көруге тоймайтын көз ғана бар.

— Егер мен сіздей суретші болсам, осындай түрлі түсті гүлдерімен құлпырған таудың күн шығардағы сұлу көркін мына көлдің түбінен көрсететін сурет салар едім.

— Тоқтаңыз, тоқтаңыз... сіздің мына айтып тұрғаныңыз тамаша идея. Мына көлді жан-жағындағы табиғаттың айнасы болса дейсіз ғой.

— Сөз жоқ, сондай етіп сала алсаңыз, ол суретіңіз бүкіл әлемге кетер еді.

Қыздың мұнан әрі тыңдағысы келген жоқ. «Мұндай жақсы идеяны сізден күткен емес едім» дегісі келді де, оны айтқан жоқ. Жұлып алған көп гүлдің ішінен өзі өмірінде көрмеген бір көгілдір гүлді бөліп алды да офицерге ұсынды.

— Қыл қаламым келгенше мен суға бір сүңгіп алайын, сіз аулағырақ, ағаш ішіне таман барыңыз да, осы гүлдермен сырласа тұрыңыз. Әсіресе мына бір гүлдің атын ойлаңызшы, өзіңіз таба алмасаңыз, қалтаңызға салып алыңыз да, білетіндерден сұрап осы гүлдің атын біліп беріңізші?

— Оған не үшін сонша ынтықтыңыз?

— Қызым бола қалса, оған осы гүлдің атын қоямын.

Қыз соны айтып жауап күтпестен жүріп кетті. Көлге тұмсығын малып тұрған аю секілді бір тас болатын, тастың түбіне келіп қалпағымен бірге пердесін сыпырып еді, ақ дидары айдай жарқ етті де, Мәдидің көзін бірден тартып әкетті.

— Байқаңыз, таудың суы қазіргі кезде тастай болатын,—деді офицер ағаш арасына беттей бере дауыстаңқырап.

Мәди ішінен:

«Мынандай қыздың қызуы көлдің мұзын да буға айналдырар» деп еді, қыздың жауабы соған сай шықты.

— Неге екенін білмеймін, сүңгіген суым суық болған сайын жаным рақаттанады.

Қыз соны айта тұрып шешіне бастап еді, жартылай жалаңаштанған кезде Мәдидің шыдамы жетпеді:

— Бикеш!—деді ақырын,—Жүзіңіз айдай екен, айыңызға асылып, ақ төсіңізге құлап түссем өліп кетермін, мұнан әрі шешінбеңізші.

Қыздың «ах» деуге ғана шамасы келді, Мәдидің сөзі кеудесіне найза болып қадалғандай, көзін оның дауысы шыққан жақтан алмастан жалт етіп, тастың үстінде жатқан көйлегін ала сала кеудесіне басып тұра қалды.

Жаңа ғана батырсынып тұрған офицер кенеттен естілген жат үннен жаны ыршып қалтырап кетті де, есін тез жинап қайтадан қатуланып алды. Мылтығы да қолына келіп сарт етті. Бірақ оның айбарынан да, ажал оғын шашқалы кезеніп тұрған мылтығынан да Мәди сескенер емес, губернаторға арнап сайлап әкелген сөзін енді соған айтып, қыранша саңқылдай жөнелді.

— Ей, офицер мырза, менің іздеп келгенім губернатордың өзі еді, сорыңызға қарай сіз кез болдыңыз. Нысанама жақсы ілініп тұрсыз, қылп етсеңіз ол дүниеге кеткеніңіз. Жан керек болса, қаруыңызды тезірек тастаңыз да, қолыңызды көтеріңіз,— деді өктем үнмен.

Бұл — офицердің өмірінде естімеген сұмдығы, көрмеген қорлығы еді. Оның губернатордың адъютанты екенін біле тұра, мынау адамның бұлай өктем сөйлеуі өкпесін суырып барады. Бұл қалай? Ажалмен ойнап тұрған бұл неткен адам? Ол осы сұраудың жауабын ойлап тапқанша, Мәдидің:

— Офицер мырза, сіз қоршаудасыз, егер қаруыңызды тастамасаңыз, мына бикешпен тезірек қоштасыңыз.

Оның осы сөзіне ілесе Иман мен Қанаштың, Заузат пен Қаусаттың «сіз қоршаудасыз» деген дауысы шығып еді. Сол сөзді айтып жақпар тастар да саңқ етті. Сол сөзді қайталап жан-жақтан мылтықтың затворлары сатырлай жөнелді. Оның бәрі жай мылтық емес, винтовканың затворы екенін тани кетті де, мылтығымен бірге офицердің өзі де сылқ етті. Қорқыныш билеген намыста мән қалмайды екен, намыссыз адамның сәні жоқ та, губернатордың адъютанты болса да, офицердің бір ауыз жөн сұрауға батылы жеткен жоқ.

— Мен өздеріңіз соңыма жабыла түскен қашқын — Бәпи баласы Мәдимін, мүмкін мылтығыңызды қолыңызға қайта аларсыз.

Офицер оның айтқанын істегісі келгендей мылтығын қайта көтеріп алды ,бірақ ол айбары ұзаққа барған жоқ, мылтығы тізесімен бірге дірілдеп барып, қайта жерге түсті.

— Қымбатты қарындас,— деді Мәди енді майда дауыспен,— сіз менен қорықпаңызшы, олай қалтырамаңызшы. Сіз қалтырасаңыз — менің жаным мұздайтын, сіз қорықсаңыз — менің жүрегім жарылатын. Мен үшін өзіңізді аяңыз да, мынау офицер мырзаға айтыңызшы, ажалын сағынбаса ақымақтық істемей қаруын тастасын.

Не айтқысы келгені белгісіз қыз:

— Капитан мырза,— деп бір айғайлады да тұрып қалды.

Офицер міз бақпастан ойда тұр, ол қанша ойланса да, бұл масқаралықтан құтылудың жолын таба алатын емес.

— Офицер мырза, қолыңа түссем аямайтын қас жауымның бірі болсаңыз да, менен сіз де қорықпаңыз. Менің бәріңізден сұрарым өзімнің Самалым мен бір жапырақ қағаз ғана. Егер мен үшін кепілге ұсталып отырған сол қызды бүгіннен қалдырмай босаттыратын, мен сұраған қағазымды бере алатын қаблетіңіз болса, қаруыңызды тастаңыз да, былай шығыңыз. Сізбен сонда ғана сөйлесемін.

Офицер жауап қатқан жоқ, атшы солдаттан алып қалған винтовканы тасқа сүйей салды да кейін шегінді.

— Мені алдау өзіңізге ажал, соны ескеріңіз де, қастығыңызды қалтаңызға сақтамаңыз.

Өмірінде мұндай қорлықты көрмеген офицердің кеудесін ыза кернеп барады, сол ыза тілін де күрмеп тастады. Амал не, қорқыныштың қаһары патшадан да күшті екен. Ол әмір етіп еді, патшаның заңына қарамастан, қалтасындағы пистолетті суырып алып жерге тастай салды.

— Енді қолыңызды артыңызға ұстаңыз да, ар жағыңызда тұрған жартастың басына шығыңыз. Тез... тез... Сол жерден тапжылмаңыз, дыбыс шығарар болсаңыз, үніңізді өшті дей беріңіз.

Мәдидің жаңағы бір жалындатып сөйлеген сөзі жанына от берді ме, қалай, қыз қимылына көз ілестірместен жалт-жұлт етіп, көйлегін қайта киіп алды.

Мәди қызды өзіне үйіргісі келіп күле үн қатты.

— Қымбаттым, сізге киін деген кім?

Ашынып алған ба, жоқ әлде Мәдиді танып үлгірген бе қалай, қыз да енді іркілер емес, әлденендей бір сайысқа бекінген секілді.

— Мен қашан сіздің рұқсатыңызбен шешінген едім?

— Сіз мені жеңдіңіз.

— Жеңілсеңіз, қоянша бұқпай көзіме көрініңіз.

— Сізді киінсін деп иба сақтап тұр едім, енді көзіңізге көрінуге өзім де асықпын.

— Көрінуге ме, көруге ме?

— Сізді көруге асықтым. Офицер мырза, менің мына қарындасыма айтқан жылы сөзімнен сіз дәмеленбеңіз де, тапжылмаңыз, ажалыңыз желкеңізде төніп тұр. Қаша қалсаңыз қақ маңдайдан соғатын ажалыңыз алдыңызда тағы бар. Оны да ұмытпаңыз. Сіз бен біздің елшіміз мына қыз, маған айтарыңызды осы қыз арқылы айтыңыз. Сіз тек бір сұраудың жауабын ғана өзіме беріңіз. Мен Түнекбайдың жылқысын не үшін шапқанымды, өзім үшін бір тайына тимегенімді айтып көктемде губернатордың өз атына хат жазған едім, сол хатты ол алды ма, жоқ па? Адъютанты болсаңыз сіз білесіз, жасырмаңыз. Жасырғаныңызбен шындықты бүркей алмайсыз, шыныңызды айтыңыз.

Офицердің:

— Алдық,— деген сөзі зілдірек шықты.— Ал, сізге менің бір сұрау беруіме бола ма?

— Маған сұрауды кейін қолдарыңызға түсіп пұшайман болған шағымда берерсіз, әзірше сұрау беретін мен де, жауап беретін сіздер. Менің сұрауым осымен бітті, ендігі сөзді жүргізетін— елшіміз. Қане, елші мырза, бастаңыз.

— Өздеріңіз неге сөйлеспейсіздер?— деді қыз.

— Өзіміз сөйлесу біріміздің ажалымызды тездетіп кетуі мүмкін.

— Менің екеуіңізден ақылды, екеуіңізден мейірімді екенімді қайдан білдіңіз.

— Жартасты жарып шыққандай көрінетін мына бір шынарға қараңызшы. Әрине, ол жартасты жарып шыққан жоқ, жарылған жылғасынан өзіне өмір жолын тапты. Маған сіз сол жартасты жарып шыққан шынардай керіндіңіз. Сізбен сөйлесу өлімге жібермеудің жолы екенін сонан білдім.

— Шынар туралы ойыңыз қызық екен.

— Осы шынарды көрген сайын мен ғажап ойларға келіп, өзіме-өзім ғажайып сұраулар беремін, жауабын іздеп шарқ ұрамын, жаһан кеземін. Біздің заманымыз осы жартастан берік емес, ендеше ол неге осы жартастай жарылмайды? Біздер неге мынау шынар секілді өмірге жол таппаймыз? деуші едім. Сол үмітімнің алғаш көрген саңылауы — сіз. Сіздің мынау шашырап келе жатқан күн шұғыласындай жанымды жадыратқан жаңағы бір сөзіңіз.

— Сіз ақын емессіз бе осы?

— Өзім ақын болмасам да, жаным ақын. Сіздің сол жол-жөнекей айтқан сөзіңізден әкеңіздің жарыла бастаған жартасқа айналып, өзіңіздің сол жарылған жартастың жылғасынан өзіне өмір саңылауын тауып, шешек ата бастаған болашақтың шынарын көргендей болдым. Мүмкін, бұл алдамшы үміттің әуресі болар, алдансам да осы үмітіме ризамын.

— Қарақшы аталсаңыз да арманыңыз асыл екен,— деді де қыз бір ағат сөз айтып салғандай тез өзгере қалып, сөзінің бетін аударып жіберді,— осы сіз көрер-көрместен маған неге жармаса кеттіңіз?

— Егер сіздің өзім туралы жол-жөнекей айтқан сөзіңізді естімесем, маған мына шашырап келе жатқан күннің шұғыласы да жүрегіме қадалған найзадай тиер еді.

Қыз өзін мұнша аспандатып тұрған асқақ сөзге төлеу таба алмай үнсіз тұрып қалып еді, офицер оған суық түспен бір қарады да, Мәдиге үн қатты.

— Ей мырза, сіз жөніңізді жөндеп айтыңызшы, анығында сіз кімсіз осы?

Мәди оған жауап қатқан жоқ, қызға қарай бір-екі аттап барып тоқтады да:

— Сүйіктім, әкеңізге тас болып қатқан жүрегімді жібіткен өзіңіз едіңіз. Сол елжіреген жүректің сізден ендігі тілегі — әкеңіздің мынау жендетін менімен сөйлестіре көрмеңіз. Ол жаңа жолшыбай сізге мені мүрдем жіберемін деді ғой, сол сөзді енді мен айта аламын. Сондықтан біздің елшіміз болудан тартынбаңыз да, мына қағазды оның қолына беріңіз.

Қыз не дерін білмей аңырып офицерге қарап еді, ол үн қатпастан иек қақты.

— Алдамайсыз ба?

Қыздың дауысы әлі дірілдеп тұр.

— Қымбатты Наталья. Адал адамды алдау — арсыздық, менен өлімді күтсеңіз де оны күтпеңіз.

— Менің атымды сіз қайдан білесіз?

— Мен дүниедегі бар жақсылықты білуге асығамын. Сондықтан сіздің атыңызды да біліп алдым. Сізбен кездескен мынау Шайтанкөлдің басы, бүгінгі күн мен үшін өмірімнің өшпес күні.

Қыз шырайына жаңа ғана келе бастады. Оның аспан түстес көкшіл көзі Мәдидің қыз жүрегін бір қарағанда-ақ шарпитын көзіне қадалып қалды. Мәди де өзінің кескінін сол қыздың көз жанарынан көріп алғысы келгендей. Көкшіл көзі өзінің аспанындай көрініп кетті. Оның да көзі бірден тартатын сиқыр бар екен, көзіне түскен шашын кейін серпіп тастап еді, ақша жүзі нұрланып Мәдиді мүлдем баурап әкетті.

— Шырайың қашқан шағыңда тап болдым-ау, сүйіктім, шаттық пен шалқыған кезіңді бір көрер ме едім?!

— Онда қайтер едіңіз, көз алдымда тұрған мынау кереметіңіздің бәрін қарақшылыққа айырбастап, мені де тауға алып кетер ме едіңіз?

— Жоқ, қолымнан келсе әкеңіздің орнына губернатор етер едім. Менің бұл айтып тұрғаным — көрсе қызардың көпіршіген жел сөзі емес, ақ жүректің адал сыры. Иә, солай, қарындасым, сондықтан сіз қорықпаңыз да келе беріңіз.

— Өзіңіз неге келмейсіз?

— Қорқақтап тұрған жайым жоқ.

— О, сіз келемеждей де біледі екенсіз.

— Жоқ, қымбаттым. Келемежшіл кекірік мен емеспін, егер менің жақындауымды шын тілесеңіз, жағадан аулақ кетіңіз.

— Өз көліңіздің жағасынан өзіңіз неге қорқасыз?

— Сіз үшін қорқамын.

— Мен үшін?

— Иә, мен ізгі жаныңызға тауап етіп, оң тіземді бүге қалсам, менің ондай «тағылығымнан» сескеніп сіз көл бетіне құлап түссеңіз, сізбен бірге менің де көл түбіне кеткенім ғой.

— Мен ондай нәзік емес секілді едім, ойыңыз сондай шорқақ болса, сізге мен-ақ жақындайын, тек өзіңіздің кім екеніңізді ұмытпаңыз.

— Мен өзімді ұмытсам да, сізге деген құрметімді ұмыта қоймаспын. Ей, менің әнбиелерім, сақ болыңдар. Мынау офицер мырзадан көз жазбаңдар... Мен оларға сіз қорқарлықтай іштеңе айтқаным жоқ, келе беріңіз.

Шіркін адалдық неткен батыр. Мынау нәзік жанды жас қыз қазір губернатор әкесінен де, мынау офицерден де күшті. Ол көзін Мәдидің көзінен алмастан ақырын жүріп келеді.

Мәди де онан қалысар емес, қыз екі аттаса ол бір аттап, қызды көзімен сүйіп қарсы келе жатыр. Екеуінің де көзі сұрау салып келеді.

«Сен анық қарақшысың ба?»

«Сен анық губернатордың қызысың ба?»

Екеуінің көзіндегі сұрау осы.

Екеуі бірінің суретін бірі көз жанарына түсіріп алғысы келгендей, кірпіктерін қағар емес. Тілсіз, үнсіз.

«Мен мұндай кескінді еркекті көргенім жоқ» дейді қыз ішінен. Сол сөзді ішінен Мәди де айтып тұр.

«Сендей сүйкімді қызды бұрын көрмегендіктен осыншама қадалдым, ол сұғанақтығымды кешіре гөр, қымбаттым».

Қыз жасы жиырмаға әлі жетіңкіремеген, орта бойлы. Ашаңдау келген ақша жүзінде адамды еріксіз тартып әкететін бір сүйкімділік бар. Мәди сол сүйкімділіктің сиқырын ұзын кірпіктердің арасынан іздегендей, оның көзінен көз алар емес.

«Онша сұлу емессің, бірақ үріп ауызға салғандай, ауызға түссең жұтып қойғандай сүйкімді екенсің, жаның сұлу болар» деді ішінен.

— Сәлеметсіз бе, қарындас?

— Амандасудың мезгілі өтіп кетті ғой,— деді қыз күлімсіреп.

— Жоқ, қымбаттым, біздің амандық сұрасып, тілеу тілесетін шағымыз жаңа басталды, болашағымыз достықпен өтер болса, оның таңы жана атты. Соны ескеріңіз, менің мынау бірінші аманатымды қабыл алып, офицер мырзаға апарып беріңіз. Ол ызаға шыдамай мұны жыртып әуре болмасын, бір данасы менің қолымда.

Қыз ауыр қимылдап, қолын қалқыта көтеріп барып, Мәдидің қолындағы қағазды алды да, үн қатпастан офицерге қарай шегініп кетті. Мәди саусағының ұшымен қыздың саусағын бір сипап қала берді.

Офицер есін әлі жиған жоқ. Өмірінде мұндай қорлықты көрмеген, тіпті көремін деп ойламаған қасқа басы мүлдем қаңғырып тұр еді, Атамановтың хатын оқығаннан кейін мүлдем жынданып кетті. Бірақ қанша жынданса да, шала бауыздалған малша тыпырлаудан басқа халі жоқ. Қолындағы қағазды саусақтарының сыртымен сарт-сұрт ұрғылап не істерін білмей аласұрған күйі тастан секіріп түсіп еді, Мәди мылтығын кезеп қарсы тұра қалды.

— Жақындамаңыз!

— Кешіріңіз, мен сізді ұмытып кетіппін.

— Мұнан былай ұмытпайтын боларсыз.

Қыз офицердің қолындағы қағазды алып ішінен оқып шықты да, Мәдиге бұрынғыдан бетер сұқтана түсті.

Офицер не істерін білмей әлі аласұруда. Біресе жылан шағып алғандай ыршып тұрады да, қайтадан сылқ етіп отыра кетеді, сөйлеуге тіл жоқ, тулайтын жаны ғана бар секілді.

Әлденені айтқысы келіп, Мәдиге қарай ұмтыла бере тоқтап, кейін шегінді, жаңағы тасына қайтадан отыра кетті.

— Масқара, масқара,— деді ол бір кезде тізесін ұрғылап. Текеш пен Атамановты тірідей жегісі келгендей тісін қарш-қарш қайрап, қаршылдаған тістерінің арасынан дауысы жөнді шықпай ырс-ырс етеді. Жоқ еткісі келіп ауық-ауық Мәдиге де көз тастайды. Амал не, қазақтарды қояндай көретін ол қолынан қару кетсе өзі қояндай болады екен. Ол осы қор болған күйіне қанша күйінсе де, қарсы жағына жұмсар қайраттың өзінде қалмағанын сезді де, тұра қалып бар дауысымен ызалана айғай салды:

— Рақмет сізге, Мәди мырза. Ондай ессіз есектердің сазайын жақсы тартқызғаныңыз үшін рақмет, Олардың ендігі жазасын өзіміз береміз, құдіретім сізге бостандық беруге жетпесе де, оларды жазалауға жетеді.

— Бостандықтың орнына губернатордың қызын сұрасам қайтеді?

— Сіз бізді олай қинамаңыз.

— Немене, менің көксеген бостандығым губернатордың қызынан арзан болып па?

— Кешіріңіз, мен де шынымды айттым.

— Губернатордың өзіне кешірерім, қызына кешпесім болмас, сондықтан мұндай қыздың жүрегін сендер үшін жаралай алмаспын. Жасыратыны жоқ, мен кепілге кепіл етіп, Самалым үшін сізді әкетпекші де болған едім, енді ол райдан да қайттым.

Мәди соны айтқан кезде, қыздың көзінен жас ыршып кетті.

— Ғажап... ғажап,— деді басқа сөз таба алмай көзінің жасын алақанымен сипалап.

Ол ішінен сын айта тұрып өзінен-өзі ашынып алды да:

— Мырза, енді мені тыңдаңыз!—деді бірден саңқ етіп.— Мен қорқарымды қорқып болдым, енді сізбен ешқандай алдау-арбауы жоқ, ашық сайысқа шықтым. Іздеп келгеніңіз менің әкем болса, айтарыңызды маған айтыңыз да, оған қояр тілегіңізді маған қойыңыз. Әкем үшін сізге жауапты мен беремін, әкем орындай алатын тілегіңізді мен орындаймын. Ол үшін әкеме сіздің тілегіңізбен бірге өз тілегімді де жеткіземін, тек осы бастан ашық айтайын, өз басыңызға бостандық сұрап әуре болмаңыз, ол тілегіңіз орындалмайды.

— Оны өзім де білемін, берілмейтін тілекті өзім де сұрамаймын.

— Ендеше келістік, мені әкемнің орнына қойыңыз да, айтарыңызды айта беріңіз.

— Ең бірінші тілегім — сіздің жендеттеріңізден тартып алған қаруларды түгелінен өзіңізге тапсырамын, сіз оны менен алғаныңызды жазып қолхат бересіз.

— Мақұл, тағы не тілейсіз?

— Мен үшін кепілге ұсталып түрмеде отырған қызды бүгін сағат оннан қалдырмай босатасыз.

— Болдыңыз ба?

— Жендеттеріңізді әйелдерімен алдап, арағымен улап тастап, бар қаруларын маған алып бергені үшін, Текешті Сібірге айдайсыз.

— Оны тілемесеңіз де болады..,

— Неге?

— Мемлекеттің қаруын жауына берген ондай қылмыскер сіз айтпасаңыз да айдалады.

— Сол уәдеңізді орындаңыз. Алдымен әрқайсысының оннан оғы бар жеті винтовка мен жеті қылыш, алты оғы бар бір наганды менен қабылдап алғаныңызға қолхат беріңіз.

— Оларды алмастан бұрын қолхатты қалай беремін?

— Қолхатты жазыңыз да, елшінің қолына беріңіз. Ол менен қаруды түгендеп алады да, қолхатты маған береді. Елші мырза, менің бұл ұсынысым сізге ұнай ма?

— Кімге қаншалықты ұнайтынын білмеймін, әйтеуір дұрыс айтып тұрсыз дер едім.

Наталья соны айта салып офицерге көз қиығын тастап еді, ол түнеріп тұр екен. Айтар сөзін сайлап, сөйлей жөнелді.

— Осының бәріне қарсы қояр менің бір ғана шартым, яғни сіздің инабатыңыздан тілер бір ғана тілегім бар,— деді ол сөйлеген сайын қатулана түсіп.— Мен сіздің барлық осы айтылған тілек-талаптарыңызды түгел орындайын, оның есесіне сіз менің сол бір ғана талабымды орындаңыз.

— Айтып көріңіз.

— Мен сізді көргенім жоқ, сіз мені көрген жоқсыз. Сіз бұл қаруларды менің қолыма тапсырған жоқсыз, менің осы көл жағасына келетінімді біліп әдейі жолыма тастап кеттіңіз, мен мына хаттарды сол сіз тастап кеткен көп мылтықтың бірінің аузынан тауып алдым. Осыған келісесіз бе?

— Келістім. Онан басқа келісімді сұрамаңыз.

Наталья ойланып қалып:

— Мендегі сурет салатын ғана қағаз, қолхат жазатын қағазыңыз жоқ па?—деді.

— Менен сіздей мәртебелі мырзалар жазатын жақсы қағаз да табылады. Мынаның ішінде бәрі де, тіпті болыстардың менің қаныма малынған қолы да бар,— деп Атамановтың сумкасын мойнынан алып, қыздың алдына тастай салды,— кешіріңіз.

Сумка толы қағаздың бәрі шынында Мәдидің өміріне балтадай шабылатын жабылған жала, жағылған күйе, арыздар мен болыстардың өздері «прегаур» атайтын айыптау қағаздары еді. Қыз оның бірде-біріне назар салмастан қолхатты сүйкектете жаза бастады. Жаза бере ойланып тоқтай қалды.

— Кешіріңіз, мұндай қолхат сізге не үшін керек?

Өзімнің сіздер ойлағандай қарақшы емес екенімді көрсету үшін керек.

Өзінің қайда, қандай күйде тұрғанын ұмытып кетті ме, жоқ, әлде губернатордың қызының алдында өзінің ерлігін көрсеткісі келді ме, әйтеуір офицер кеселдене қалды.

— Кешіріңіз,— деді ол кердең дауыспен,— сонда сізді кім дейміз?

Сіздің менің кім екенімді білгеніңіз кімге керек? - деп Мәди сарт етіп еді.

Сіздің анық кім екеніңізді менің де біле түскім келеді, ағат болса кешіріңіз,— деп қыз майыса қалып, өзімен бірге Мәдиді де майыстырып жіберді.

Мәди оған күле қарап аз тұрды да:

Сұрауыңызға сұрау берейін, егерде мен қарақшы болсам, мемлекеттің мынадай қаруын өзіне қайтып берер ме едім?— деді.

— Бұл мен үшін түсініксіз.

Әттең, бұл сөзді маған мәртебелі губернатордың қызы емес, өзі айтар ма еді?

— Мен әкемнің орнында тұрмын ғой, оны ұмытыңыз.

Айтпақшы солай еді-ау, зор мәртебелі губернатор мырза! Сізге менің бұл қылықтарым ғана түсініксіз болса, маған сіздердің де қылмыстарыңыз түсініксіз.

— Қылмыстарыңыз емес, қылықтарыңыз деңіз.

— Мен дәл айтып тұрмын, өйткені, сіздердің барлық қылықтарыңыз қылмыс. Сондықтан сіздер мен үшін мүлдем түсініксізсіздер. Маған сіздердің кім екендеріңіз түсініксіз. Сіздер ғана емес, маған өмірдің өзі түсініксіз. Менің бәріне де түсінгім келеді, мен құдайдың да, патшаның да барлық заңын білгім келіп шарқ ұрамын. Ол үшін басымды тауға да, тасқа да соғып жаһан кеземін... Өмір неге мұнша жалмауыз? Кім бар жауап беретін?» деп бар әлемге айғай салғым да келеді, кейде үнім жеткенше айғай саламын, қайда барсам да еститінім өз дауысымның жаңғырығы секілді түсініксіз бірдеңе.— Мәди орыстың бір әнін зорлана шырқап қайта қайырғанша қыз есінен танып та үлгірді. Аспанда дамылдаған дауысына табынып, тағзым еткендей бір тізесін бүгіп ақырын отыра бастады. Бейне жүрегі де тоқтап қалғандай бар тынысы тынып, кірпігі де қағылар емес, қолын беліндегі қанжарына тіреп алып шалқая шырқап тұрған Мәдиге қадалып қатып қалыпты,

— Міне, жаным солай құлазыған кезде менің оқитын дұғам осы,— деп Мәди басын бір изеп қалып еді.

— Тағы да, тағы да — деп қыз алақанын соға, айғайлай түрекелді.

— Кешіріңіз, сіз губернатор болсаңыз да, дауысымды танып, қаруына жармасып жатқандардың жоқтығына куә бола алмассыз. Сондықтан енді рұқсат етіңіз.

Осы кезде биіктен Иманның дауысы шықты:

— Манағы шолақ атқа мінген солдат келе жатыр.

— Қалаға жіберген адамдарыңыз қайтып келе жатқан көрінеді, ол ақымақтық жасап бізбен атысып жүрмесін, алдын ала сақтандырыңыздар.

— Оның атысатын қаруы менде, бірақ оны мұнда келтіруге болмайды,— деді офицер шыдамсыздана тыпырлап.— Наталья, біздің мынау масқара болған күйімізді ол көрмесін, келіп қалды, тезірек... тезірек жүгіріңіз.

Наталья жотаға жүгіре шығып еді, күзетші солдат қия беттің орта деңгейінде жаяу өрлеп келеді екен, Наталья бір тасты оның алдынан домалатып жіберіп тоқтатты да, айғай салды.

— Ей, батыр, мен көлге шомылып алайын, сен аттардың қасында жата тұр.

Солдат бір күрсінді де бұрылып кетті, оның неге күрсінгенін Наталья білген жоқ, білгісі де келген жоқ.

Мәди барып офицердің тас үстінде жатқан наганы мен күзетшінің сүйеулі тұрған винтовкасын қолына алды, қайта оралған қызға жақындады.

— Маған еріп жүріңіз де, қаруларды қабылдап алыңыз. Сіз мені танитын секілді едіңіз ғой, енді неге тесіле қалдыңыз? Неге үндемейсіз? Әлде мені қарақшы көретін қорқынышты ойдан әлі құтыла алмай тұрсыз ба? Оныңыз бекершілік. Мен қарақшылықты өзі қарақшыларға ғана жасаймын. Сіз секілді тәні де, жаны да сұлу қызға қызығатыным рас. Бірақ қанша қызықсам да сұғанақтық жасамаймын. Өйткені сіз өзімнің Самалыма ұқсайсыз. Сіздің онан дініңіз басқа, түріңіз бөлек болғанымен жаныңыз ұқсас, маған деген тілектеріңіз ұқсас. Ол да сіз секілді мені сыртымнан, өзімді көрместен таныған жан. Әскер шығарса да мені қолына түсіре алмаған әкеңіздің алдына не үшін келдім? Басымды өлімге бұлай не үшін байладым? Тұтқындалып тұншығып жатқан Самалымды құтқару үшін. Ол үшін өзімді құрбан етуге әзір екенімді, өзін аямаған өзгенің губернаторлығын да аямайтынын, өзі өлімнен қорықпаған адамның губернатордан да қорықпайтынын әкеңізге көрсету үшін. Оның қорғаны берік, қорғаушылары қанша күшті болса да, аңдыған жауға алдырмай қоймайды, қапысын далада таба алмасам, қалада табамын. Өз қаламыздан таба алмасам өзге қалаға барған жерінде табамын, қапысын таба қалсам қанын да шашамын. Бұл сізге көрсетіп тұрған жалған ерлігім, яки көпіртіп тұрған мақтаным емес, өзіме айтып тұрған антым. Сондықтан менен басқалар қорықса да, сіз қорықпаңыз. Егер жүрегіңіз дауаламаса, осылай тұрыңыз да алыстан санай беріңіз, мен жалғыз оғына дейін қалдырмастан көзіңіздің алдынан өткізейін.

Мәди соны айтты да, серіктеріне дауыстады:

— Олжа қарудың барлығын Заузат тұрған жерге жеткізіңдер!

Арада бес минуттей де уақыт өткен жоқ, винтовка мен қылыштар бірінен соң бірі қарағайдың арасынан сұғынып келіп, Заузат жатқан қатпар тастың арасынан Мәдидің қолына тие бастады, Мәди бір-бірден алып тасқа сүйеп тұр.

— Ал санай беріңіз, қолыңыздағы қолхатқа қарай тұрып түгендеңіз... бір... екі...

— Винтовка түгел ме?

— Түгел.

— Енді қылыштарды санаңыз. Бір... екі... жетеу болды ма?

— Бұл да түгел.

— Енді оқтарды біртіндеп тастаймын, жаңылмай санаңыз... Түгел ме? Қолхаттағы санмен бірдей ме?

— Бірдей.

— Бәрі де бірдей болса, күшіміз де бірдей болсын, қолхатты беріңіз.

Қыз іркілген жоқ, бұл сапар офицерге де қараған жоқ, үн қатпастан әкеліп ұсына бере:

— Осы қағаз қастықтың емес, достықтың қаруы болсын деген тілегімді де қоса қабылдаңыз,— деді кеудесіндегі жан күрсінісін жалған жымиыспен бүркей түсі.:.

— Ондай тілекке менің құшағым өзімнің далам секілді,— деп Мәди бөркін кеудесіне қойып басын иіп еді, кең маңдайы керіле жарқырап, кескіні бұрынғысынан да келбеттене түсті. Оның сұлулығына қызықты ма, жоқ әлде шаш қойған қазақты тұңғыш көргені осы еді, соған таңырқады ма қалай, әйтеуір қыздың көзі тұнжырап, өзі мүлдем сілейіп қалды, Мәдидің шекелілеу келген басы алдына иілген кезде шалқасынан жатқан мөлдір қара шашын қыздың бір сипап қалғысы келіп еді, батылы жеткен жоқ, қолын көтере бере қайтадан түсіріп жіберді де:

— Құшағыңыз қашанда далаңыздай кең болсын, тілектеспін,— деді ақырын майыса сөйлеп.

— Сол тілегіңізді өз құшағыңнан көрсем қайтеді?

— Ғапу етіңіз, бұл сөзіңізге түсінбедім.

— Сол тілегіңізді жүрегіңізден жүрегім тыңдаса екен.

— Енді түсіндім. Егерде мен құшағыңызға өзіңіздің Самалыңызды берсем, соны құшақтаған шағыңызда менің тілегімді де көрмейсіз бе?

— Сіз мені тағы да жеңдіңіз-ау, бірақ менің Самалымның тағдыры сіздей аяулы адамның қолында емес, губернатордың қолында ғой.

— «Әкеңіздің» демей, «губернатордың» деп не үшін шегендеп тұрғаныңызды білемін. Ол қыздың тағдыры әкемнің қолында болса, менің тағдырым сіздің қолыңызда.

— Қалай?

— Сіз әкемнің қапысын таба алмасаңыз да, менің қапымды Семейден де, Петербургтен де оңай табасыз, оны білмейтін әкем ақылсыз емес.

— Неге екенін білмеймін, менің сізді олай қорқытқым келмейді.

— Сол үшін ғой, менің Самалыңызды құтқару үшін жанымды салғалы тұрғаным.

— Қолыңызды әкеліңізші.

— Қолым әзір, тек сіз ыстық қанды адам екенсіз, қызып кетіп жүрмеңіз.

— Бір сапар қызып кетсем қайтеді?

— Онда сүйген жеріңіз күйікке айналады. Сондықтан осылай қол ұстасып қана қоштасқанымыз жөн.

Мәдидің өзі бұл күнге дейін байқамай келген бір ой жүрегін шаншып кетті.

«Апыр-ау, өзім аңдамай жүрген менде бір қырсық бар екен-ау. Қайдағы жақсы қыздарды тани білемін, олар да мені тани біледі, мен оларды қандай сүйсем, олар да мені сондай сүйетін секілді. Бірақ бірде-біреуін рақаттанып бір сүйе алған емеспін. Ең тұңғыш сүйгенім Назгүл еді, ол анау; онан кейінгілер бірінен-бірі өткен жақсы қыздар, тіпті өзгенің жары болып кеткен Келбеттің өзі қандай. Самал — анау, оған тең келер жан жоқтай көрінуші еді, мына қыздың хор қызындай көрініп тұрғаны — мынау. Өрттен жаралғандай көрінетін Заузат — анау, егер мен көрсеқызарлық істеп, өзіне қызығатынымды сездірсем, ол Қаусатты да қаусатып кете беретін. Осылардың әлі бірде-біреуінің бетінен де сүйген емеспін, ұмтылғаным мына қыз еді, бұл да өзгенің ізгілігін алдыма тосып тоқтатып тастады. Бұл нендей бақытсыздық?»

Соңғы сөзі қаттырақ шығып кетіп еді, қыз күлімсірей қарап Мәдидің алақанында тұрған қолын тарта бастады.

— Мен қазақша білмеймін ғой,— деді.

Мәди шошынып оянғандай сәл абыржып қалды да:

— Кешіріңіз, мен өзімнің бақытсыздығымды ойлап кетіппін.

— Мен сізді онша қуанта алмаған секілдімін, қоштасайық,— деді қыз қолын тартып.

— Жоқ, қымбаттым, қоштасар шақ әлі жеткен жоқ, аз сабыр етіңіз. Менің де біраз өмір сүргім келеді, сондықтан қашан өзім атқа жетіп ұзап кеткенше, оқтап үлгірместей етіп мына мылтықтарды бөлшектеп кетемін.

— Сенбесеңіз бөлшектей беріңіз.

— Менің сізден басқаға сенгім келмейді.

— Маған сенсеңіз әкеме де сеніңіз.

— Әкеңіздің де, өзіңіздің де кім екеніңізді мана келген бетте айтқанмын. Сол айтқаным айтқан. Жартас жартас күйінде қалады.

Мәди соны айта тұрып, винтовкалардың затворларын бөлшектеп әр жерге шашып тастады да:

— Міне, енді қоштасуға болады,— деп қыздың қолын қайтадан ұстай алды.— Әкеңізге сәлем айтыңыз. Егер сіздің тілегіңізді орындамаса, Атамановтың жазған хатының өзімдегі данасымен бірге, сіздің мынау қол хатыңызды патша ағзамның өзіне жеткіземін, почтамен жібереді деп дәмеленбесін, өзім жеткіземін, Текеш мырза оған жететін қаражатты да берген-ді, міне қараңыз,— деп төс қалтасынан мұрнағы күні Шарапат әкеліп қойнына тыққан ақшаны дудыратып суырып алды.— Егер жалған мәліметпен патшаны алдап, Текешті жазасыз жіберер болса, ант етейін, жаңағы айтқаным айтқан, қанын шашамын. Енді қош болыңыз. Қош болыңыз, мәртебелі офицер мырза. Құдайым енді сізбен мені кездестірмесін. Қош, сүйікті Наталья, құдайым сізді көзімнің алдынан кетірмесін. Егер әкеңіздің қолынан өле кетсем, бір дұғаңызды мен бейбақтың әруағына бағыштай салыңыз. Өмірімде ойыма да келмеген мына бір дінсіз әзілді айтып салдым, ол үшін кешірім сұраймын. Кешпесеңіз де мейліңіз, тек бақытты болыңыз. Наталья деген атыңыз менің кеудемде кетіп барады, ол ат мәңгі өше қоймас, қош болыңыз.

Ол соны айтты да, қалың қарағайларды жамылған тастардың арасына сүңгіп жоқ болды. «Қош... қош-ш...» деген дауысы алыста жаңғырып барады.

Жібек орамалын желпіп Наталья тұр. «Қош» дейді жаңа ғана шешек атқан гүлдей еріні сәл дірілдеп. Қолындағы орамалында сол нәзік дірілдей ғана салмақ бар, бірақ ол зілдей көрініп, ауыр қозғалады.

Офицер есін енді ғана жинады. Босап кеткен буындарын да енді ғана бекітіп алып құшағын жая ұмтылып еді, әлденендей бір қорқыныш сап етті де, оны ұстай алды. Ол қарсы алдында үлбіреп тұрған жас қыздай қуанғаннан құшақтай алып сүйіп, сүйіп тұрып қуанғаннан жыламақшы еді, ойлап қараса оның қуанары жоқ екен. Сол есіне түсіп еді, біреу ту сыртынан қатты соғып жібергендей желкесін сипалап тұрып қалды.

Мәди өзінің бір көңілі жақын, көзі таныс жан сырласындай сөйлессе де, қыздың жаны қысылуда екен, бір күрсінді де, теңселіп барып тастың үстіне отыра кетті.

— Уһ, сіздің қорқақтығыңыздан ғана тірі қалдық-ау.

Оның бұл сөзі офицерді селк еткізді.

— Сізше мен қорқақпын ба?

— Шынында сіздің жүрегіңіз мықты екен.

— Мүмкін емес.

— Немене мүмкін емес.

— Менің қорқақ көрінуім мүмкін емес.

— Ол үшін ұялмай-ақ қойыңыз: Ол қорқытамын десе, кімді болса да қорқыта алатын секілді. Қайта сіз батыр екенсіз, жүрегіңіздің жарылып кете жаздағаны болмаса, жөнді қорқа қойған жоқсыз.

— Бұл не мазақ?

— Мазақ емес, шыным. Егер сіз күш көрсетер болсаңыз, ол сізді мына көлдің түбіне жіберетін еді де, мені тұтқын қыздың төлеуіне әкететін еді.

Офицердің мойны салбырап кетті, үні де өзі секілді сүмірейіп, өлімсіреп шықты.

— Ол мені оқ жұмсамастан өлтіріп кетті-ау, сүйікті Наталья. Тек сіздің аман қалғаныңыз — менің тірлігім. Соның қуанышы ғана менің тірілігім болып, көлдің түбіне жібермей ұстап тұрған.

Офицердің бұл сөзі қыз көңіліне жаққан жоқ.

— Солай ма? Сіздің сақтаушы тәңіріңіз екенімді өзім қалай сезбей келгенмін?

— Егер ол қарақшы өзінің қазақ қыздарына істеген жауыздығын істеп, сізді тауға алып кетсе, әкеңіз мені жер бетінен жоқ ететін еді.

— Ол қауіптен сіз әлі құтылған жоқсыз.

Офицер не дерін білмей, дағдарған ойымен бірге өзі де сілейіп қалды. Оның тоқыраса өзінен өзі аласұрып, ерсілі-қарсылы сенделетін әдеті болатын, сол әдетімен кете бере есіне әлдене түскендей кенет өзгере қалып, анадай жерде шашылып жатқан қаруларға қарай тұра жүгірді. Бара тыпырлап, алдымен өзінің пистолетін тауып алып қайта оқтап алды да, атшы солдаттың мылтығын іздей бастады. Бір тәуірі оның мылтығы әрі жаңа, әрі маркасы басқа екен, оңай табылып, затворы оңай құрастырылды.

— Міне, менің бар үмітім. Маған өмірдің мұндай саңылауын тауып берген сіздің тапқырлығыңызға мың да бір рақмет.

— Маған ондай бақыт қайдан қона қалды?

— Ол сіздің манағы сөзіңіз. Шынында, біздер ешкімді көргеніміз жоқ, тек көл жағасында серуендеп жүріп тастардың арасында шашылып жатқан мына қаруларға тап болдық. Атамановтың хатын маған беріңіз, мен оны жұмарлап тұрып бүктейін де, мылтықтың біреуінің аузына тығып қояйын, кейін өзіміз соның аузынан тауып алған боламыз. Мен мыналарды құрастыра берейін. Сіз барыңыз да ана солдатты ертіп келіңіз, екеулеп оның миына осы бастан құя берейік.

— Әуре болмаңыз,— деді қыз сілкіне түрегеліп,— ешқандай өтірік айтылмайды. Ол солдатты сізге жіберемін де, өзім қалаға кетемін, әкеме жетемін...

Наталья соны айтып жөнеле беріп еді, офицер ұшып барып оның қарсы алдына тұра қалды. Булыға бұлқынып тулаған жүрегін қолымен тоқтатқысы келгендей алақанымен кеудесін басып, сәл кідірді де:

— Сонан кейін?— деді үні қалтырай түсіп.— Сонан кейін әкеңізге не демексіз?

— Сонан кейін әкемнен рұқсат алып түрмеге барамын да, керемет қызды көремін.

— Ол қыздың кереметі барын қайдан білдіңіз?

— Оның өзгеде жоқ бір кереметі болмаса, ешқандай сұлулық жаңағыдай батырдың басын өлімге байлай алмайды,

— Онда мені өз қолыңызбен атыңыз да, мына көлдің түбіне тастап кетіңіз,— деп офицер жаңа ғана қалтасына салынған пистолетін қайтадан суырып алды.— Мә, өтінемін, ұстаңыз.

— Не үшін?—деді қыз оның мүлдем танымастай болып өзгере қалған түріне шошына қарап.

— Жаңағы қарақшыны көре тұра тірі жібергенім үшін әкеңіз мені қорлап өлтіреді, оның қорлығынан өлгенше сіздің қолыңыздан өлейін.

Қыз оны әзілмен жұбатқысы келіп:

— Егер өлетініңізге көзіңіз жетсе, мені ажалыңыз етіп қайтесіз? Кімнің қолынан өлсеңіз де бәрібір емес пе?—деп сылқ-сылқ күліп еді, офицер түтігіп кетті.

— Сіз тым болмаса өлігімді қорламаңызшы,— деп ол күйінген сайын, қыздың күлкісі күшейе түсті.

— Немене, мен сіздің өміріңізді мазақ еткен бе едім? Маған енді сіздің өліміңізді мазақ ету қалған ба еді? А?

— Немнің қалғанын өзім де білмеймін, әйтеуір тағдырым сіздің қолыңызда тұрған секілді. Соны ғана білемін.

— Қорықпаңыз,— деді қыз жайдарыланып,— мен ешкімнің тағдырымен ойнап көрген емеспін. Ондай ойыншылармен жаным қас. Сондықтан сіз мені жазықсыз жазаламаңыз да, қорықпаңыз. Егер сіз мені қорғап қарсы ұмтылсаңыз, Мәди сізді атып тастап, мені өзімен бірге алып кететін еді, Сіз оны атпақ болдыңыз, ал мен сіздің қолыңызды құшақтап атқызбадым. Менің әкеме айтарым осы. Қалай, менің өмірімде айтқан тұңғыш өтірігім ұнай ма?

— Олай десеңіз, әрине, ұнайды, бірақ...

— Ұнаса болды, басқа сөздің қажеті аз.

Қыз соны айтты да ақырын сырғып кете берді, офицер оның сол сөзінен өзінің қара түнегі басқан үмітіне саңылау тапқандай сәл жадырап, ауыр күрсініп қала берді.

Наталья өзінің қайта-қайта тайып жығылғанына қарамастан тас қияда келе жатыр. Жақсылықтың бәріне жаны құмар оның ең құмарлана, сүйсіне тыңдайтын әні орман құстарының әні. Бұл қалаға келгелі осы таудың сәнін суретке сала отырып, әнін тыңдаудан бір жалыққан емес еді.

Оның тамсана тыңдайтын сол әні мана Мәдидің әнімен бірге тамылжып барып баяулаған-ды. Қазір мына қыздың ізгілікке ұмтылған жолына шашу болып шашылғысы келгендей алуан түрлі әдемі ән қайта құйқылжыды. Бірақ тұтқын қыздың тағдырын ойлап соққан өз жүрегінің лүпілінен басқаны ол тыңдар емес.

Қалбағай тастың алдындағы қарағайға байлаулы тұрған аттар да, атшы солдат та қалғып кеткен екен. Қыздың тайған аяғының дүбірінен бәрі де селт етіп оянып кетті. Тек қалқиған қалбағай тас қана міз баққан жоқ. Қыз солдатты тау басындағы көл жағасында қалған офицерге жіберді де, өзі атын ылдиға қарай жаяу жетелей жөнелді.

Ол құздан құлдилап, шатқал түбіне жақындаған сайын құстардың қошаметі шалқи түсті, бірақ, жер жүзіндегі бұлбұлдың бәрі келіп екі иығына қонақтап алып сайраса да мына қыздың дәл кәзір қызығатын түрі жоқ. Қызықпаса тыңдамайтын, тыңдаса да кідірмейтін әдеті, кідірген жоқ. Ол қыранның саңқылын бұлбұлдың дауысынан кем көрмеуші еді, қақ төбесінде бір қыран шығандап шырқап жүр. Осы маңда баулып жүрген балапандары болу керек, шыр айналып шарықтап барып қайта сорғалайды. Сорғалаған сайын аспанды жара саңқ етіп қайта-қайта саңқылдайды Мөлдір аспанның өзі секілді оның бетінен естілген қыранның үні де мөлдір, мына қыз сол қыранның өзінен де тәкаппар екен, оны да тыңдайтын емес. Ол дәл қазір қапастағы тұтқын қыздың жүрегінің лапылынан басқаны сезетін де емес, тек сол жалын келіп өзінің жүрегін шарпығандай, тез жетпесе сол жалын мезгілсіз сөнетіндей, ол сөнсе өзінің де бірге сөнетін әлде нендей бір шырағы бардай. Сол тұтқын қыздың бар тағдыры бір өзінің қолында тұрғандай, сәл кешіксе, өзі сол қызбен тағдырлас болып қалатындай асығып келеді.

Ол жақсылықтың бәріне де асығатын еді, сол қасиеті ғана оның қазіргі қанаты. Сол құдіретті қанаты оны сайға тез жеткізді де, атына мінгізіп алып қалаға қарай ала жөнелді.

Қызын тауға жіберіп, өзі «Ақ сайтанмен» емін-еркін қалса да, губернатордың жаны бүгін рақат таба алған жоқ. Қайдағы бір белгісіз үрей оны манағы бір кезде Ақ сайтанның» жұпары аңқыған жылы төсегінен аулаға қуып шыққан еді, сонан қайтып ол үйге әлі кірген жоқ. Тіпті «Ақ сайтанның» түнгі төсектегі қылықтарын күндіз ойлап, көңілі көшеде де той тойлаушы еді, бүгін ол қызықтан да айрылып қалды. Өзінің неден қобалжығанын да біле алмай, өзін-өзі түсіне алмай сенделіп, ауланың ішін кезуілдеп ерсілі-қарсылы жүрді де қойды.

— Менің еңсем бүгін неліктен мұнша құлады? Әлде қызым таудан құлады ма екен?—деді тау басындағы көлге кеткен қызын бір сәт есіне алып,— Жапондар Порт-Артурдың қамалына шабуылды күшейтіп тұр деп еді, әлде сондай тамаша қамалдан айрылып масқара болдық па екен? Жоқ, ол мүмкін емес. Көлге баратын жолдың ана бір тас қиясы тайғақ еді, атпен шығамын деп сол қия беттен жазым болды ма? Әлде өзім сырқатпын ба? Қызуым жоқ секілді... Тамырымның соғысы да жаман емес... Енді не?... Әлде мынау әдемі әйелдің ақымақ байы өз өмірін талақ етіп, мені жекпе-жекке шақырғалы тұр ма?

Ол өмірдің де тас қиясы барын, ол қияның Шайтанкөлге баратын жолдағы тас қиядан да тайғақ екенін, өзі өмірдің сол тайғақ қиясында тұрғанын, оны жекпе-жекке шақыратын әдемі әйелдің ақылсыз байы емес, әдемі келешектің ақылды иелері екенін ол ойлаған жоқ. Сол қайдағы бір қаңғырған қиялдың әрқайсысына бір жармасумен қалжыраған денесін «Ақ сайтанның» құшағына бергісі келіп үйге беттей беріп еді, үйді қоршаған биік қорғанның сыртында біреулердің жүгіріп келе жатқанын естіп тұра қалды. Олардың өз адамдары екенін жүрістерінен, әсіресе аяқтарындағы солдат етіктердің сартылынан танып тұр. Ол келгендердің біреуінің қақпа алдындағы күзетші солдатқа жетіп келіп, «Адъютант қайда?» деген үрейлі дауысы да естіліп қалды. Күзетші адъютанттың Натальямен бірге тау басындағы көлге кеткенін айтып еді, анау үрейді онан сайын сала түсті.

— Зор мәртебелі генерал тақсырды қалай да тез ояту керек. Үй иесі ояздың өзі жоқ, адъютанты тауға кетсе, енді кім бар оята алатын?

— Мария Ивановнаға айтсаңыз, ол кісі біздің генералды түн ортасында да оята алатын болар. Бірақ ол генералды не үшін оятатынын өзі біліп алмай тіл алмайды.

— Сен оны маған шақырып жіберші.

— Ол өзінің кімге не үшін керек екенін тергеп-тексерместен келе қоймайтын әйел.

— Өзіңіздің жұбайыңыз басқарып отырған бүкіл уездің бетіне қара таңба басылыпты де.

— Ол нендей таңба десе не дейін?

— Нендей таңба екенін келген кісіден естисіз де.

— Ол — таңбаның өзінен де өлердей қорқатын әйел, оның нендей таңба екенін білмесе келмейді.

— Атаманов бастаған отрядті Мәди бастаған қарақшылар тонап, барлық қаруын сыпырып әкетіпті де. Мұны айтқанда сыбырлап, басқа жан естіместей етіп айт.

Губернатор соны ести сала қақпаға қарай ұмтылып еді, ішке кіргелі солдат қақпаны ашқан кезде, оны көзі шалып қалған офицер жүгіре басып кіріп келді.

Губернатор оны өзіне жеткізген жоқ, анадайдан қолын бір сілтеп тоқтатты да:

— Сәлеміңіздің де, рапортыңыздың да қажеті жоқ маған, тек жаңағы әкелген хабарыңызды қайталаңыз. Кімді кім тонаған?

— Мәртебелі тақсыр, қайғылы хабар жеткізуші болған бақытсыздығым үшін сізден ғапу өтінемін. Уезімізде болып жатқан сорақылықтарды сізден басқалар жасырса да, мен жасыра алмаймын, тақсыр.

— Мылжыңдамай сұрауыма жауап беріңіз,— деді губернатор зілденіп,—тонаушы кім, тоналушы кім?

— Тонаушы — аты шулы Мәди бастаған қарақшылар, тоналушы — біздің Атамановтар.

Жүре тыңдап келе жатқан губернатор кілт тұра қалды.

— Ол тоналғыш батырлардың өздері не халде? Мерт болғандары жоқ па?

— Бір ғажабы, өздері түгелінен аман, тіпті киімдерінің бір сабақ жібі де үзілмеген, тек қаруларынан түк қалмаған.

— «Тек қаруларынан түк қалмаған» дейсіз, ә? Сізше ол тек қана, мемлекеттің қаруы ғана.

— Шындықты басқалар жасырса да, менің жасырғым келмейді, тақсыр. Ондай адалдығым үшін де ғапу өтінемін.

— Мүмкін, сіз өзіңіздің дүниеге келгеніңіз үшін де ғапу өтінерсіз?—деп губернатор оны кекесінмен бір нұқып тастады да, жүре бере тоқтай қалып, мойын бұрмастан:— Ондайлардың жетеуінің басынан мемлекеттің бір оғы қымбат екенін білмейтін өзіңіз қандай офицерсіз?

— Оқтың қымбат екенін білемін, бірақ шын өз шенімнен үлкендердің бәрінен, әсіресе Атаманов сияқты бұзықтардан қатты қорқамын, сондықтан кейбір шындықты айта алмаймын.

— Атамановтың өзі қайда?

— Ол дәрігерге кетті, қазір кеңсеге келеді.

— Дәрігерде несі бар?

— Несі бары көзге түсе қойған жоқ, өзімен бірге бір семіз қазақты да ала кетті. Екеуінің де бөксесіне жабысқан бірдеңесі бар секілді, талтаңдап жүре алмай кетті.

— Ондай бассыздарға бөксенің керегі не?

— Ғапу етіңіз, оны айту есіме келмепті.

— Есіңізге келсе айтар ма едіңіз?

— Айтар едім.

— Атамановтың шені бір саты үлкен ғой.

— Уезімізді осындай ұятқа қалдырғаны үшін, шені үлкендігіне қарамастан айтар едім.

— Енді есіңізге түсті ғой.

Офицер сасып қалды.

— Нені айтасыз?

— Атамановты балағаттауды айтамын.

— Е, ол түседі ғой.

— Есіңізге түссе қазір менің көзімше оның өзіне айтатын болыңыз.

Офицердің жаны қысылып көзі жапақтай бастады.

— Мен айтармын-ау, бірақ оны тыңдаудың сізге керегі болар ма екен?

— Керегі бола ма, жоқ па, оны өзім білемін. Сіз манадан бері талай шындықты айттыңыз, енді бір ғана шындықты айтыңызшы? Бұл қалада сіз сияқты мылжыңдардың саны қанша?

Офицердің маңдайынан тер бұрқ етіп, аузынан сөздің орнына көбік ақтарылып түсті. Губернатор келгелі оған білгіш көрінбек болып мылжыңдайтындар бұл қалада көбейіп кеткен еді, оның талайын білуші еді, білсе де айта алмады.

— Ғапу етіңіз, тақсыр, менікі мылжыңдық емес, нағыз мылжыңдар анау,— дей беріп еді, ерсілі-қарсылы теңселіп өз ойымен алысып жүрген губернатор киіп кетті.

— Кейін жағыңыз талып шаршаған кезіңізде сол «нағыздардың тізімін жасап беріңіз, әзірше қараңызды өшіріңіз де, Атамановтар қаралған дәрігерді кеңсеге жеткізіңіз.

Губернатормен бір дидарласуды зор бақыт көріп құмарланып келген офицер енді тез құтылғанына қуанып, тордан шыққан торғайдай зымырап ала жөнелді.

Губернатор жалғыз. Ол қазір мынау ауланың ішінде ғана емес, бүкіл қазақ даласында жалғыз қалған секілді. Оны мұндай жалғыздыққа тастап, жанын құлазытып кеткен — жаңағы офицер. «Ол не деп кетті? Мен не естідім осы? Бұл не масқара? Бұл ең алдымен менің бетіме басылған таңба ғой»,— деді ішінен. Ол солай күйреп аз тұрды да, қайтадан қатуланып алды. Күтпеген жерден бас салған үрей өз қанын қанша мұздатса да, өзгенің қанын қалай шашуды ойлап, кесек денесін кере түсіп, аяғын кердең басып ауланың ішін кезеуілдеп кетті.

— Мұндай тағыларды шетінен қыруға болар еді, әттең оған біздің қаталдығымыз жетпейді, қаталдығымыз жетсе де, оғымыз жетпейді, барлық оғымызды Жапондар жұтып жатыр. Шетінен түрмеге тоғытуға болар еді, бәріне бірдей мемлекеттің тамағы жетпей аштан қырылады. Халықты аштан қырмастан; дарға аспастан, оқ жұмсамастан ұстау үшін бәрін бірдей кедей, не бәрін бірдей байыту керек. Ол үшін данышпандық керек, ондай данышпан дүниеге әлі келген жоқ. Бұл тағыларды ғасырлар бойы бұғаулап келген өзінің надандығы еді, біздер сол надандықтың өзіне надандықтың қара майын құйып өршіте түсуші едік, өзінен туған ұлдары ол бұғауды да талқандай бастады. Енді не істеу керек? Ендігі жол біреу-ақ, ол — бұлардың буратаналығына қарамастан жастарын сыпырып алып армияның қара жұмысына жіберу. Ол үшін патша ағзамның жаңа заңы керек. Петербургке баратын алдағы сапарымның сәті түссе, менің патша ағзамның ғұзырынан сұрайтыным — сондай заң ғана. Сонда ол қайтер еді? Мұндай жақсы идеям үшін арқамнан қағуы да мүмкін-ау.

Оның сол алыстағыны армандап, сондай заңды көксеген ойын алыстан шыққан ат дүбірі бұзып жіберді, патшаның алақанынан дәметкен тәтті үмітінің де талқаны шықты. Бірақ үміті қанша талқандалса да, ол өзінің жасанды жалған паңдығынан жаңылған жоқ. Дір ете қалған бойын да тез тежеп алып, қақпа сыртында тұрған күзетші солдаттарға дауыстады.

— Әй, алыстан бір ат дүбірі келеді ғой. Мезгілсіз кезде қаланы тасырлатып, жұрттың ұйқысын бұзған ондай бассыздарды ұстап алып неге дүрелемейсіңдер?— деді.

Дүре соғу үшін ұстап алу керек, ұстап алу үшін әзірлену керек, сол әзірліктің бәріне де жететінін білді де, ол төніп келе жатқан белгісіз қатерге қарсы жауынгерлерін осылай әзірлеп, жарлығын осылай берді.

Ол екі иығына екі кісі мінгендей кең кеуделі, кескіні келбетті, қияғы қанаттай керіліп барып құлағына оралатын ұзын мұрты да шырайлы бетіне жарасып тұратын зор денелі адам еді. Қазір сол алып денесі ашудың қапшығы болып кетті. Жаңағы жарлықты жайбарақат берген сабырлы салмақтың, паңдықтың сыртқы күмпиюі екен, ат дүбірі жақындаған сайын оның қампиған қапшық денесі қаңбақ болып қалбаңдап кетті. Қалбаң етіп үйге қарай қатты бір ұмтылып қалды да, қайта өзін-өзі тежеп ұстай алды. Көзін жан-жағына ұрлана тастап, ағаш-ағаштың арасымен үйге қарай жылысып кете беріп еді, қақпа сыртында тұрған солдаттың бірі аулаға кіріп:

— Зор мәртебелі тақсыр, сіздің ұстап алып дүре соғуға бұйырған адамыңыз қызыңыз Наталья екен,— деді ол даурыға бастаған бұған сабырмен аяқтап.

Губернатор тәубәсіне енді келгендей, ішінен бірдеңесін күбірлеп маңдайы мен кеудесін кезек шоқыған күйі қақпаға қарай ұмтылды. Ол қақпаға жеткенше қарсы алдынан Наталья кіріп келді.

— Күнім менің... алтыным менің... .

Губернатордың басқа сөз айтуға шамасы келген жоқ, қарсы келген қызын қапсыра құшақтай алды.

Қыз әкесінің бұл қылығына таңдануда.

— Папа, саған не болды?

— Не болғанын өзім де білмеймін, бар білетінім бүгіннен бастап, осы минуттан бастап менсіз ешқайда бармайсың.

— Неге?—деді қыз таңдана түсіп.

— Неге екенін айтсам, сен Петербургіңе қазір қаша жөнелесің.

— Соншама не болып қалды?

— Мен қазір бір топ жыртқыштардың тырнағында талқандалып жатқандай күйдемін. Өмірімде көрмеген, көрмек түгіл күтпеген бір сұмдықты жаңа ғана естіп өртенудемін. Оның уын өзім ғана татып, тақсіретін өзім ғана тартайын, сен білмей-ай, сезбей-ақ қой.

— Сен ішетін уды мен неге білместен, сезбестен қаламын?

— Оны білсең, сенің қорыққаннан жынданып кетуің мүмкін. Күлме, мен ондай қалжыңды білмеймін.

— Ондай қалжыңды мен де білмеймін.

— Білмесең, неге күлесің?

— Біздер әрі күлкілі, әрі қайғылы бір жайға кездестік-ау деймін.

Губернатор қызына қарай қалды:

— Әрі күлкілі, әрі қайғылы?

— Сенің естіген сұмдығың — менің көріп келген қызығым секілді.

— Сен нендей қызық көріп келген едің?

— Алдымен сен естіген сұмдығыңды айт, сонсоң мен саған көріп келген қызығымды айтайын.

— Тыңда ендеше, тек мен тірі тұрғанда саған келер ешқандай қатер жоқ, соны ойла да, сабырмен тыңда.

— Өзіңдей сабырлы болуға тырысармын, айта бер.

— Менің бүгінгі сабырлығым қара шыбынның қауқарындай ғана, оны да ұмытпағайсың.

— Өзің мүлдем қаусап қалыпсың ғой, сонша не болды?

— Мен майданға бармастан, жапондармен соғыспастан жараланып қалдым.

— Қалай?

— Атаманов бастаған отряд тоналып қалыпты.

— Оларды тонаған кім?

— Әлгі фамилиясы қалай еді, әлгі Мәди дейтін қарақшы.

— А, соғыспастан жаралап кеткен жауың сол ма еді?

— Сол, сол қарақшының ызасы.

— Онда сенің жараң қанатсыз ойдың ғана жарасы екен.

— Сен не айтып тұрсын?

— Мен сенің у дегенің бал екенін айтып тұрмын.

— Мен мұндай жұмбақ сөзді білмеймін ашық айтпасаң, үйге бар, сүт ішетін мезгілің болды.

— Әкем у ішіп тұрғанда мен сүтті қалай ішемін?

— Наташа, мен бүгін сені танымай тұрмын.

— Өз қызыңды танымасаң, кімді танисың?

— Сен өзіңнің не айтып тұрғаныңды білесің бе?

— Мен білермін-ау, өзіңнің адасып тұрғаныңды сен білесің бе?

— Түк түсінсем бұйырмасын, бар түсінгенім сол, сен екеуміздің біріміз есімізден айрылғанбыз.

— Онда есім дұрыс болғандықтан мен ашық айтайын, сол Атамановтар айрылған қарудың барлығы менің қолымда.

— «Менің қолымда»?

— Иә!

Губернатор өзіне-өзі сене алмай құлағын шұқылап сәл ойланып еді, көзі шарасынан шыға қашқысы келгендей мүлдем шатынап кетті.

Ол қызын елсіз тауда шошынып шалық шалды деген ойда болу керек, шақырайып кеткен көзін қызының күлкі ойнап тұрған көзінен алмастан, бір адым кері шегінді де, қайта ұмтылды.

— Күнім-ау, алтыным-ау, саған не болды? Неден шошып, мұндай күйге душар болдың?

— Немене, сеніңше, мен есімнен ауыстым ба?—деп қыз күлген сайын, көзі онан сайын ежірейіп, ұзын мұрты мүлдем жыбырлап ойнақшып кетті. Әкесін мұнан әрі қинағысы келмеді ме қалай, қыз өзгере қалып, қалтасынан манағы Мәди берген қағазды суырып алды.

— Мына хатты оқысаң кімнің жынданғанын көрерсің— деді.

— Бұл не?

— Бұл Атаманов мырзаның саған жазған хаты.

Губернатор хатты ала сала оқып шығып еді, енді өзі жынданып кете жаздады. Ол әлденені сұрап білгісі келеді, бірақ кімнен, нені сұрағысы келгенін білмей булығып қалды. Ойымен бірге тілі де буылып қалғандай үні шығар емес, тек кеңірдегі қылқынып бара жатқандай тамағының түймелерін ағытуға асығып ырс-ырс етеді. Оның өз ойынша келешегі айқын, аспаны ашық еді. Мына қағаз оның басына сол ашық аспаннан түскен жай оғындай тиіп, бар үмітін бірден талқандап жіберді. Ес жоқ, түс жоқ, мең-зең болған күйде өзін-өзі сүйретіп кете бере кенет тоқтай қалды да:

— Саған бұл хатты кім берді?—деді зілденіп.

— Сол Мәди мырзаның өзі берді.

Қыздың Мәдиді «мырза» деуі де, «өзі берді» деп үздіге шыққан үні де губернатордың шамына тиіп кетті. Бірақ оны сыртына шығарған жоқ.

— Оның өзі беруі мүмкін емес, ойлан! Әкеңді ашуландырма, ашуландырар болсаң өмір бойы араздастың.

— Нанбасаң өзіңнің адъютантыңнан сұра.

— Ол қарақшы саған қалай тап болды?

— Оның жол тосып аңдыған жауы сен екенсің, сенің бағыңа қарай оған мен тап болыппын.

— Жалғыз сен ғана тап болдың ба? Басқалар қайда?

— Қосып берген солдатың менің үйде қалған қыл қаламымды әкелгелі қалаға кеткен еді, оған тап болған өзіңнің адъютантың екеуміз.

— Менің адъютантым сондай қарақшыны көре тұра тірі жіберді ме? Менің адъютантым?

— Жан-жағыңнан қоршап алған жауға өзің не істер едің?

— Мен не істейтінімді үйретейін, қайда өзі?

— Сол қаруларды алып кейінде келе жатыр.

— Ол қарақшы сенің кім екеніңді білді ме?

— Кім екенімді білмесе, саған тапсырғалы әкелген қаруын ол маған тапсырар ма еді? Әрине білді, ол үшін сенен алып патшаға жібермек болған қолхатын да алып кетті.

— Қолхат? Ол не үшін?

— Мемлекеттің қаруын қабылдап алғаным үшін.

— Ондай қолхатты сен неге бересің?

— Өзіме өмірді сыйлаған адамнан бір жапырақ қағазды мен неге аяймын? Әрі менің онан алғаным мемлекеттің қаруы ғой.

Губернатордың айтар сөзі болған жоқ.

Қыз берген ол қолхаттың патша сарайына бара қалса, кімдерді қалай жамсатарын ойлай бастап еді, миы шатасып кетті. Сондықтан ол үлкен жанжалға баратын ондай ойды кері серпіп тастады да, қызына зілдене қалды.

— Менің қызым екеніңді білсе, ол қарақшы сені қалай жіберді?

— Ол қарақшы емес, сондықтан жіберді.

— Екеуміздің ол жайындағы дауымыз кеше біткен секілді еді ғой, сен оны әлден ұмытқансың ба?

— Ол дау біткен жоқ, енді басталды. Ол үшін өмір бойы дауласуға әзірмін. Егер мені соның қолына қазір барып берілсін демесең, ол үшін кепілге тұтқындалып отырған қызды босаттыр. Оның қаруларды әкеліп тапсырғанда, сенен тілемегі сол қыз екен, мен сенің атыңнан уәде бердім, жай уәде емес, адамшылығына сай сондай адамшылық етуге ант еттім.

— Егер оның адамшылығымен бірге сенің антыңды таптамасам менің кім болғаным?

Әкесінің бұл сөзі салқын айтылса да зілдірек шыққан еді, қыз отты көзімен жалт қарады.

— Сол сұрауды өзіне енді мен де берейінші, егер адамшылықты таптар болсаң, шынында сенің кім болғаның?

— Мен патша ағзамның адал ұлымын, мен сол ұлы тақсырдың ақ туының астында адал қызмет істеймін.

— Патша ағзамның ақ туының астында істеген адал еңбегің өз қызыңның арын таптау ма?

— Наталья!—деді әкесі, ол бар дауысымен айғайламақшы еді, қызының отты көзі көмейіне бір уыс жалынды кептеп жібергендей қылқынып дауысы жөнді шықпай қалды,— Сен не деп тұрсың?

— Мен өмірімде мұндай сөзді айтып көрген емес едім ғой, ойланшы. Оның қандай адам екенін бұрын естіп білсем, бүгін көзіммен көрдім. Адаспаппын, сенімен кешегі айтыста да мен адаспаппын, мен оны дәл таныппын. Оны қарақшы дейтін — ауылдың байлары мен солардың ақшасына сатылған сенің осындағы құзғындарың. Сен олардан гөрі өзіңнің қызыңа сен. Егер өзіңнің арың мен қызыңа сенер болсаң, оны қарақшы деуден аулақ бол. Арсыздар айтса айта берсін, ондай айуандықтан, халықтың ұлын «қарақшы» дейтін арсыздықтан сен аулақ бол, сен аман бол. Қайдағы бір қазақ үшін саған мұндай ауыр сөздер айтатын ақылсыз емес едім ғой, ойланшы!

— Мен ойланып та болдым. Сен қазір қорқыныштың құлы болып тұрсың, сондықтан әкеңнің намысына тиетін тепкіні аңдамай тұрсың.

— Жоқ, әке, намысты тепкіге салып тұрған сенсің. Менің қорқыныштың құлы болып тұрғаным рас, бірақ дәл қазір кімнен қорқамын? Қарақшы Мәдиден бе, жоқ әлде өзімнің губернатор әкемнен бе? Әкемнен. Өйткені менің әкем бүгін арымды таптаса, ертең ажалыма себеп болғалы тұр.

— Сенің ажалыңа себеп болатын мен бе?

— Иә, сен, егер ол тұтқын қызды бүгін түске дейін босатпасаң, мен кешікпей жындыханаға түсемін. Өйткені ол түрмедегі ғашығы бүгін босатылмаса, мені өмір бойы тұтқыны етуге, ол үшін мені осы қаладан бастап Петербургтің көшесіне дейін, қайда барсам сонда аңдып, қолына түсіруге ант етті. Ондай үрейлі өмір — азапты өлім, мен ондай азапқа шыдай алмай жынданамын. Сол кезде губернатордың қызы оның тұтқыны ғана емес, жұбайы болып кетуі де ғажап емес.

Губернатордың барлық ашуы бетіне шыға келді. Ол мұндай сөзді өзінің туған қызы түгілі сол қарақшыдан да күткен жоқ еді, сондықтан оның барлық қаны бірден бұрқ етіп түгел қайнап кетті. Бірақ, жаңағы мылжың офицер қайта келіп қалды да, ол қызына айтар ашулы сөзін айта алған жоқ. Мылжың офицер өзіне берілген бұйрықтың қалай орындалғанын мыжып еді, губернатор оған да үн қатпастан ішке кіріп кетті де, аздан соң қайта шықты.

— Сені түрме бастығына Мария Павловна ертіп барады.

— Барған соң не істеймін?

— Түк те істемейсің, көресің де қайтасың.

— Қапастағы адамның қуанған шағын бір көрген емеспін. Соны осы сапар көрейінші, ол үшін оның бүгін қай сағатта босатылатынын айтшы, мен хабарды ала барып қуантайыншы.

— Ол сенің жұмысың емес.

— Егер ол қыздың орнына өзім кеткелі тұрсам, неге менің жұмысым емес.

Губернатор түк айтпастан қызын көзімен бір атты да, жүріп кетті. Қайдағы бір қазақтың тұтқын қызы үшін әкесімен мұндай сайысқа барғанын өзі де түсіне алмай ауыр ойда Наталья қалды.

— Бұл ненің сайысы? Әкеме мұндай сөзді айтуға батылым қалай жетті? Бұл ненің күші?

Қызды тербеткен ой бесігі осы.

Атамановтың қайғылы халге ұшырағанын жолдағы елден естіп, ояз да жаңағы бір кезде қалаға жеткен еді. Губернатор келгелі өзінің әйелін де өзгенің әйеліндей көріп кеткен ол үйіне бармастан кеңсесіне келді де, есік алдында сүмірейіп бір топ солдаттардың ортасында тұрған Атаманов пен Текешті ала ішке кірді. Сол кіргеннен ол кеңірдегі жыртылғанша қырылдап, айғайлайын десе көрші үйде жатқан губернатордан қаймығып, сыбырлап сыбаудан бір талған жоқ. Ол қазақ тілін де жақсы білетін еді, сондықтан екеуін екі тілде кезек-кезек сыбай өзі де шаршады, оның орысшасы мен қазақшасы аралас сыбастарын тыңдай-тыңдай Атаманов пен Текеш те шаршады. Губернатор осы сыбастың қалжыраған шағына дөп кірген еді. Ол жапырыла түрегеліп, жамырай бастаған жұртты қолының бір сермесімен тоқтатып тастады.

— Мен бүгін ешкімнің сәлемін қабылдамақшы емеспін, отырыңыздар. Мен тек шындықты ғана сабырмен тыңдай аламын, жарты ауыз жалған айтқандарыңыз менен жақсылық күтпеңіздер.

— Иә, күтпеңіздер,—деп ояз да күмпие қалып еді, губернатор оған да қарамастан:

— Менің сізге де айтарым осы, жұрттан алған параларыңызды қалай жасырсаңыздар, шындықты да сондай жасыратындарыңыз маған мәлім,— деді.

Ол сөзін зіркілдетіп келіп кенет тоқтап еді, жаңа ғана күшігенше күжірейіп отырған оязымыз бөденеге ұқсап кетті.

— Мен ондай шындықты ең алдымен тоналып келген офицер мен оның сыбайластары болған қазақ байынан естімекпін. Мырзалар, сіздер неге отырмайсыздар?

— Сізге ең керекті шындықты айтатын мырзалар сол тұрған екеуі.

— Бұл мырзалардың құлағы керең бе еді?

— Зор мәртебелі тақсыр, отыруға шамамыз жоқ, нанбасаңыз мына дәрігер мырзадан сұрасаңыз екен. Мына мырзаның да халі сондай,— деп Атаманов өзінің мүшкіл халін айта бастап Текештің иығынан ұстап еді, Текеш оның не деп тұрғанын түсінбестен бажылдай ыршып түсті.

— Жалған... жалған!—деді ол бажылдап.— Алдияр тақсыр, мұның сөзіне иланбаңыз. Оған сене көрмеңіз. Оллаһи, мен қажымын, қажылар жалған айта білмейді. Оллаһи, сеніңіз маған. Мұндай арақ ішіп шошқа жейтін кәпірден гөрі құдайдың үйіне барып қайтқан мен сияқты қажыға сеніңіз, оның шапағаты ол дүниеде өзіңізге тиеді, тақсыр, оллаһи, мен кінәсізбін, мына кәпірдің айтқандары түгелінен өтірік. Оның мені әдейі мас қылды дегені де өтірік, әйелін қойныма салды дегені де өтірік. Арақты ішкен де өзі, менің бәйбішемнің қойнына жатып алған да өзі, маған дүре соққан да өзі, оллаһи, осы айтқандарымның біреуі өтірік болса, құдайдың жүзін көрмейін. Ей, тілмаш шырағым, ақысына бір байтал берейін, осы сөзімді алдияр тақсыр жарты патшамызға түгел жеткізіп берші.

Түсінгендер оның сөзіне ду күліп еді, ол жылап жібере жаздады.

— Құдайым-ай, далаға барсам қазақтардың, қалаға келсем орыстардың мазағы болдым-ау,— деп жыламсырап жарасы жанына батса да отыра кетіп еді, губернатор оязға үн қатты.

— Бұл мырза не үшін жылайды? Дарға асылудан қорқып отыр ма? Қажы болса онан неге қорқады?

Ояз Текештің лағып айтқан сөздерімен губернаторды күлдіріп бір жадыратып алды да, Текешке қарап:

— Егер жарты ауыз жалған айтар болсаңыз, жалғандыққа толы басыңыздан да айрыласыз,— деп еді, оның тар маңдайлы тақыр басы тер сасыған жуан мойнының ішіне қарай кіріп кетті.

— Атаманов мырзаның куәлікке тартқан дәрігері бар ма?—деп губернатор оязға қарап еді есік жақтан дәрігердің өзі де көтерілді. Ол көзілдірігін кеңсірігіне киген, өзі де сол көзілдіріктің шынысындай шытынап тұрған біреу екен, бір қолымен жүрегін ұстай сүмірейіп тура келді.

— Мен мұндамын, тақсырлар.

— Сіз болсаңыз бір сұрауға жауап беріңізші: бұлардың жарасы қандай?

— Мен бірдеңе білсем, екеуінің де жарасы жаман - емес, бірақ мына жуан мырзаның жарасы жазыла қоймас. Мен бірдеңе білсем, жараның өзі жазылса да, зардабы жазыла қоймас, өмірлік қасіреті болып қалар.

— Атаманов, бұл мырзаны сондай, халге ұшыратқан сіз екеніңізді мойындайсыз ғой?—деп губернатор Атамлаовқа көзін суық тастап еді, оның есі шығып кетті де үндей алмай қалды.

— Атаманов мырза, мен мұны сізден сұрап отырмын. Немене, сіздің қанды қолыңыз өз тіліңізді де байлап тастаған ба?

— Алдияр тақсыр, мұны ұрған мен емеспін, ол өтірік айтады.

— Онда мынаны жазған кім?— деп губернатор қалтасынан қызы әкеліп берген қағазды алып оязға ұсынды.— Мынаны апарыңыз да Атаманов мырзаның көзіне көрсетіңіз, мүмкін сіздің ол батырыңыз өзінен қорықса да жазуларынан қорықпас.

Ояз апарып қағазды Атамановтың көзінің алдына тосып еді, оның көзі жұмылып кетті.

— Міне, шындықты өзіңізден гөрі көзіңіз жақсы айтып берді. Мен мұндай жауапқа жақсы түсінемін. Дәрігер мырза, сізге тағы бір сұрау, бұларға тиген нендей соққы?

— Екеуінің де бөксесі қамшымен тілгіленген.

— Ондай жараға қолданған еміңіз қандай?

— Губернядан күткен дәріміз кешігіп жатыр, қолымызда барымыз карболка ғана еді, әзірше соны ғана жаққан болдық.

— Қателеспесем, сіздің ол дәріңіз малдың жарасына жағылатын еді ғой!

— Қателескен жоқсыз, зор мәртебелі тақсыр, нақ солай, әсіресе құрттаған қойдың жарасына жағылады.

— Сонда бұлар құрттаған қой болғаны ма?

Дәрігер ыңылдап қалды.

— Оны сіздер білмесеңіздер мен біле алмадым.

— Ал өзіңіздің кім екеніңізді білесіз бе?

— Білетін секілдімін.

— Сұрауым дөрекілеу шықты, ол үшін ғапу етіңіз.

Мен сіздің қай дәрігер екеніңізді біле алмай қалдым. Малдың ба, адамның ба?

— Екеуінің де.

Губернатор мырс етіп күліп жіберді, бірақ ол күлкінің зілі барып өзіне де тиетінін сезді де тез түнере қалды. Ол түнерсе түсі тым сұстанып кетеді екен, бар ашуын екі көзіне үйіріп алды да, Атаманов пен Текешті сұраулармен кергілеп тергей жөнелді.

Жан қысылса жалғандықтың жайрап сала беретін әдеті ғой, губернатордың қысқаштай қысқан сұраулары жанын сығып жіберіп еді, екеуі жарты ауыз жалған қоспастан Мәдидің алдауына қалай түскендерінен бастап, екеуінің қосақталып қалғанына дейін бірде-бірін бүкпестен айтып берді. Тіпті, екеуі бір күймемен, күйменің ортасына үйілген жастықтарға сүйеніп зорға жеткендеріне дейін жасырған жоқ.

Губернатор ішінен күле отырып тыңдап алып, сұрлана отырып тергеп шықты да, үкімін айта бастады.

— Ешқандай сырқаты жоқ, бар сырқаттары өзді-өзі сайысып, біріне-бірі салған жара ғана болғандықтан бұлардың жарасы тартатын жазасына бөгет болмасын, екеуі де қазірден бастап тұтқындалсын. Тергеу жұмысы бүгіннен бастап қолға алынатын болсын. Дәрігер мырза, сіз бұлардың бөксесіне жағатын қара майыңызды түрмеге барып жағатын болыңыз. Тұтқындар әкетілсін. Дәрігер мырза, сізге рақмет, енді боссыз. Сіздер де боссыздар, мырзалар. Ал сіз екеуіңіз қала тұрыңыздар. Есікті жабыңыздар.

— Иә, сіздер қандай жазаны күтудесіздер? Шындықты айтуды өзгеден күткенде қайыршыдай телмеңдеп, кейде аш қасқырша жалақтайсыздар. Сол шындықты өздеріңіз бір айтып көріңіздерші. Мына қылмыстарыңыз үшін менен күтетіндеріңіз қандай жаза?

— Бұл біздің күтпеген сұмдығымыз, сондықтан сіз нендей үкім айтсаңыз да, орындай беруден басқа күтеріміз жоқ.

— Күтпеген сұмдықтарыңыз үшін күтпеген жаза тартасыздар. Жазаламастан бұрын сіздерді бір қуантып алайын, қарақшының қолында кеткен қаруларыңыз түгелінен біздің қолда.

Оның алдында отырған ояз бен жандарм басқармасының бастығы сенерін де, сенбесін де білмей аңырып қалды. Сенейін десе қисыны жоқ, сенбейін десе айтып отырған өздерінің құдайы, бұған қалай сенбесін?

— Немене, ауыздарыңыз ашылып кетті, менен бірдеңе дәметіп отырсыздар ма? Сіздер маған сол қарақшыны сыйламақшы едіңіздер, ол маған сіздердің тағдырларыңызды сыйлапты, мен оның бұл сыйлығына. өте ризамын. Ал қарудың қолда екеніне ешқандай күдіктеріңіз болмасын.

— Қалай?

— Қалай?

— Қалай екенін кейін айтамын, қазіргі айтарым ол жайында ешқандай жазба түрде жарлық берілмесін. Болыстардың барлығына шапқыншы жіберіліп, ояздың атынан мынадай жар салынып жарлық жетсін: Кімде-кім Бәпиұлы Мәдиді көре тұра қоя берсе, ондай адамның мал-мүлкі қазынаға алынып, өзі тұтқындалатын болсын. Жандарм бастығы, сіз қанша тіміскілегіш болсаңыз да, оны қолға түсіре алмадыңыз, ондай үміттен әлі де аулақпын. Бірақ оның өзі қолға түспегенмен, бұл маңайдағы дос-жарандары кімдер екенін біліп белгілеп алудың сәті келіп тұр. Ол бүгін таңертең тау басындағы «Шайтан көлдің» жағасынан кетіпті. Осында иттен де ізшіл тыңшыларым бар деуші едіңіз ғой, соларды алыңыз да ізіне өзіңіз түсіңіз. Таңданбаңыз, мен сәуегейлік жасап отырғаным жоқ. Ол Атамановтан алған қарудың барлығын менің қызымның қолына беріп кетіпті. Тілегені өзі үшін кепілге ұсталып отырған тұтқын қыз көрінеді. Оның мұндай тілегіне не дейсіздер?

Отырғандар не дерін білмей, тағы да дағдарып біріне-бірі қараумен отыр еді, Наталья кіріп келді де, бар дауысымен айғай салды.

— Өңкей қан ішерлер! Қан ішерлер!—деді жасқа булығып.

— Наталья! Сен жындандың ба, не деп тұрсың?

— Жынданған мен емес, сенің мына жендеттерің, жендеттер!

Қыз соны айтты да шыға жөнелді. Қызының бұл қылығы губернаторды қатты қинап, есеңгіретіп кетті. Ол қалтасынан орамалын алып, тері шып-шып шыта келген кең мандайын ақырын сүртіп отыр. Қасындағылар қалшиып қатып қалған, тіпті кірпіктері де қағылудан қалыпты. Міз бағып үн шығаратын хал екеуінде де жоқ. Губернатор үн қатқанда ғана екеуіне бірдей жан кірді.

— Мырзалар, кешіріңіздер,—деді губернатор күрсіне сөйлеп.— Жаңағы айтқандарымның бәрі бекер болып шықты. Ол қарақшының көл басына келгені де, оның менің қызыма кездесіп Атамановтан алған қаруларды бұған бергені де бекер екен, оны енді ғана сезе бастадым. Оның бәрі менің есінен адасқан қызымның сандырағы екен. Мен оны Петербургке тезірек жөнелтіп, тезірек емдетпесем болмас,— деп ол өзіне-өзі күбірлеген күйі кете беріп еді, алдынан бір буда қылыш пен мылтықтарды көтеріп, адъютанты кіріп келді. Губернатор аңыра қарап:

— Бұл не?— деді.

— Бұл Наталья екеуміздің сізге сыйлағалы таудан әкелген сыйымыз.

Адъютанты мұны айтса да қорқа тұрып айтқан еді, губернатордың:

— Анық па, анық бұл сол қарақшының жіберген қарулары ма?—деген сөзі қуантып жіберді.

— Анық сол.

— Бұл не жұмбақ?— деді губернатор қайтадан ойлана қалып.— Натальяның есі дұрыс екен. Сонда оның көзіндегі жаңағы жас ненің жасы? Ауызындағы ащы сөздер ненің сөзі? Есі дұрыс болса ол мұндай сөзді қалай айтты?Жоқ, мұнда бір жұмбақ сыр бар. Ол жұмбақты шешпей менің жаным жай табар емес.

Ол соны айтып асығыс жөнеле беріп еді, енді оның қарсы алдынан «Ақ сайтан» кіріп келді. Ол өзіне жақындап қалған губернаторды көріп жымың етіп еді, байын көре сала сұрлана қалды.

— Мен жаңа байқадым, бойыңыз неткен биік еді, айтарым бар еді, құлағыңызды жақындатыңызшы,— деп ол өзіне қарай еңкейген губернатордың басын құша түсіп, құлағына сыбыр етті,— адасып айтсам айып етпеңіз, қызыңыз кеткелі жатыр.

Губернатор шошып кетті.

— Қайда?

— Қайда екенін айтпайды.

Губернатордың күдігі қоюлана түсті.

— Бұл не жұмбақ?—деді кетіп бара жатып.

Иә, мұның бәрі олар үшін жұмбақ. Ол жұмбақ былай басталған еді.

Наталья өзін әкесіне айдап салған күштің не екенін біле алмай тұрған кезде, тойға баратындай сыланып үйден «Ақ сайтан» шыға келді. Шынында ол «сайтан» десе дерліктей, көз біткеннің бәрін алдай алатын сиқыры бар, шағындау келген қағлез денесі де, кескіні, келбеті де сүйкімді әйел.

— Көгершінім-ау, сен нендей сырқатқа ұшырап қалдың?—деп үйіре келді.

— Сырқатыңыз не?

Натальяның дауысы зілдірек шығып еді, «Ақ сайтан» сызыла қалды.

— Әкеңіз солай деді ғой, сізді бір ауыр дертке ұшырап қалып, соны емдеуге қажет дәріні тез тауып беріңіз, тез... тез...— деді ғой.

— Менің дертім өзімнің ғашығым, сіз мені сол ғашығыма тезірек жеткізіңіз.

Ғашық деген сөз естіле қалса «Ақ сайтанның» қыз кезінен бергі ғашықтарының бәрі көзінің алдына тізбектеліп тұра қалатын. Қазірде солар бірінен соң бірі жымың етіп тізіле қалды. Оның ішіндегі ең айқыны өзінің ең тұңғыш махаббатына ие болған бір жас жігіт те, енді бірі — өмірінің соңғы шырағындай көрінетін мынау губернатор. Сондықтан ол губернатор келгелі жатқанда да сәнді киініп жұпарын аңқытатын, бүгін де солай. Тіпті оның аңқыған жұпары Натальяның мұрнын қытықтап ызасын келтіріп тұр.

Бірақ ол ызасының ызғарын сездірер емес, сондықтан оның «менің дертім өзімнің ғашығым» деген сөзінде ызғар барын «Ақ сайтан» аңғарған жоқ, жайнаң қағып жабыса түсті.

— Алтыным-ау, мені тым болмаса солай шаттандырсаңшы, ол ғашығың кім еді?

— Мені осы қаланың түрмесіне ертіп барыңыз, кім екенін сонда көрерсіз.

«Ақ сайтанның» өңі бірден бұзылып, көзі шатынап сала берді.

— Біздің түрмедегі кілең ұры қазақтар, сонда сіздің ғашығыңыз ұры қазақтар ма?

— Сол түрмедегілердің бірі, бірақ біздің ғашықтығымыз сіздер білетін ғашықтықтан басқарақ. Жүріңіз, мен оған өзіңізді де ғашық етейін.

Түрме бастығының кеңсесі қызыл кірпіштен сәнді салынған, еңсесі биік, ауласы кең болатын. Наталья сол ауланың қақпасынан кіре бере, оң жақ босағада тұрған темір торлы терезеден әлдекімнің күлкісін естіп кілт тұра қалды. Жан-жағына қарап ештеңе көре алмаған соң, қасында келе жатқан «Ақ сайтанға» қарап еді, ол босаға жақ бұрышта тұрған торлы терезені иегімен нұсқады. Бір сұмдықты сезгендей үн қатқан жоқ. Бүкіл қала ұйқыда, тек сол ғана қалықтап тұр. Ол кейде еңкілдеп жылағанға ұқсайды, оның не сұмдық екенін «Ақ сайтан» сезіп тұр, сезсе де міз бағар емес.

— Мынау темір тор ненің торы?—деді Наталья үрейленіп. Неге екені белгісіз, оның жүрегі мұздап, көзін жасауратып жіберді.— Мен сізден сұрап тұрмын, мынау темір тор ненің торы? Жындыхананың ба?

— Жоқ, ол католешканың терезесі.

— Католешка деген не?

— Қылмыстыларды уақытша қамайтын бір кісілік түрме.

— Мен онан әйелдің күлкісін естідім ғой.

— Иә, онда қазақтың бір қызы жатыр.

— Мәди үшін кепілге ұсталған Самал дейтін қыз ба?

— Құдайым-ау, оны сіз қайдан білесіз?

— Менің іздеп келген ғашығым сол,— деп Наталья темір торлы терезеге қарай тұра ұмтылып еді, «Ақ сайтан» ұстай алды:

— Көгершінім-ау...

Ол үрейге шашалып сөзін айта алмай қалып еді, Наталья кие жөнелді.

— Басқа сөзіңіздің қажеті жоқ, қазақша білесіз бе? Маған соны айтыңыз,— деді.

«Ақ сайтан» ыңылдап барып үн қатты:

— Аздап.

— Білсеңіз, ана қызға айғай салыңызшы, терезеге кел деңізші.

— Әй, қыз, ғашығың келіп тұр, терезеге жақында.

Темір торлы терезе мыңқ етер емес, әлсіреп үздігіп барып жаңағы қыздың күлкісі де өшті.

— Аты Самал, атап шақырыңыз.

— Әй, Самал, мұнда сенің ғашығың келіп тұр.

— Мәдиңіз келіп тұр деңіз.

— Ай, Мәдиің келіп тұр.

Сол кезде ғана темір торға жан кірді, сол кезде ғана өлі терезе сәл міз бақты, бірақ оның ар жағынан тірі әруақ Самалдың қара шашы жауып кеткен ай жүзі көрінді. Ол бетіне түсіп кеткен қою қара шашынан көрінер емес, қарманып келіп терезеге жетті де, сыртқа ұмтыла бере қайтадан құлап түсті. Онымен бірге өзі де құлап бара жатқандай Наталья шыңғырып кеп қалып еді қақпа жақтан біреудің өктем дауысы шықты.

— Кейін, бикештер, кейін... құдайым-ау, мен кімді көріп тұрмын? Мария Павловна, осы тұрған анық өзіңіз бе? Ғажап-ау, мына тұрған өзіміздің зор мәртебелі губернатор тақсырдың қызы Наталья ғой. Алтындарым-ау, үрпек бастан не іздеп жүрсіңдер? Жайшылық па? Жаңағы шыңғырған кім?

— Сұрайтыныңызды топырлатпай сұраңызшы.

— Басқасының керегі жоқ, жаңағы шыңғырған кім?

— Мен,—деді Наталья көзін түрменің темір торлы терезесінен алмаған қалпын өзгертпестен,— менен бұрын ешкімнің шыңғырғанын естімегендей сіз оның несіне таңдана қалдыңыз?

Түрме бастығының түлкі мұрты тікірейіп кетті:

— Кешіріңіз, сүйіктім, кешіріңіз. Өзгенің шыңғырғанын мың қабат естісем де, бірде-бірі құлағымда қалмапты. Ал сіздің жаңағы бір жан дауысыңыз менің құлағымнан ешқашан кете қоймас. Тіпті көзімнің жасы да кеудеме сыймай барады.

— Сіз оның несіне жылайсыз?—деді Наталья түрме бастығының өтірік жыламсырап тұрған кескініне тітіркене қарап.

— Алтыным-ау, сенің дауысыңа жыламауға болмайды ғой. Өзімді-өзім ұстай алмай өкіре жөнелермін, мұнан әрі сөйлетпе де, сені шыңғыртқан жауымның кім екенін айтшы, көр тышқандармен бірге қамап, күндіз-түні бірдей шыңғыртайын.

Наталья оның өн бойына көз жүгіртіп аз тұрды да:

— Айтқаныңызды анық істейсіз ғой, кім болса да көр тышқандармен бірге қамайсыз ғой?—деп еді, анау шімірікпестен:

— Алла атымен ант етейін, қамаймын,— деді.

— Онда алдымен өзіңізді қамаңыз.

Түрме бастығының көзі шақырайып кетті:

— Мен өзімді ме?

— Өзіңізге қоса мына ханумның жұбайы, уезд бастығын қамаңыз.

— Көгершінім-ау, менің жұбайымның жазығы әкеңе адал қызмет істегені ме?

Түрме бастығының көзі бақырайғанымен, ауызы сол алғашқы күлген қалпында ыржиып тұр. Натальяның түсі суыған сайын ол:

— Алтыным-ау, әзілің неткен қорқынышты еді,— деп ыржыңдай берді.

— Қорқып болсаңыз, мына бір есікті ашыңызшы.

— Ол үшін әкеңіздің бұйрығы керек болар.

— Әкемнің бұйрығы менмін.

— Бұл бұйрықты әкелуші менмін, ашыңыз,— деп «Ақ сайтан» да кимелеп еді, түрме бастығы үрейлене түсті.

— Жо-о-ж-оқ, бикештер, менің басым домалағыш доп секілді, ондай биге мені шақыра көрмеңіздер.

— Қорықпаңыз, ол қыздың тағдырын шешетін менің әкем. Мен тек әкем келгенше ол қызға қоятын бір сұрауларым бар.

— Не жайында?

— Өмір мен өлім жайында, махаббат пен зұлымдық жайында, адамның достығы мен қастығы жайында, тағы сондайлар жайында.

— Оны мен-ақ айтып берейін.

— Сіз менің сұрауымның өзіне түсінген жоқсыз, жауабын қайдан таппақсыз? Ойыңызды көлеңкеңізге өлшеуді тоқтатыңыз да, түрмеңіздің есігін ашыңыз.

— Жо-қ, сүйіктім, мені ондай қылмысқа айдаушы болма. Мәртебелі губернатор тақсырдың өзі келгенше, менің қолым байлаулы. Егер қолымда тұрған кілтті тартып алғыларыңыз келсе, алыңыздар, шамаларыңыз кәміл келеді.

— Қане, тым болмаса сондай бір адамдық жасап көріңізші.

Түрме бастығы басын бір шайқады да, өзінің адам аталғанына насаттанғандай мұртын сипап күлімсіреп аз тұрды да:

— Қазір, алтыным, қазір. Ол қызды әкеліп қолыңызға берейін, тек әкеңіз мені дүрелеп жүрмесін, соған ие болыңыз.

— Сіздің бұл үшін тартар жазаңызды мен тартамын, қорықпаңыз.

Түрме бастығы түрменің есігіне жете бере тоқтай қалып, Натальяның қасына жетіп келді.

— Айтпақшы... жоқ, не болса да бара көрейін.

Ол орта жолдан қайтқанда айтпағын айта алмай түрменің ішіне кіріп еді, аздан соң сүмірейіп қайта шықты. Өңі жаңағыдай емес, жан танымастай өзгеріп кетіпті.

— Сізге не болды? Тұтқын қыз қайда?—деген Натальяның сұрауына жауап беру де оған оңай тиген жоқ. Ол кепкасын қолына алды да:

— Ол қыз қаза...— деді, дірілдеген ернін қолымен ұстай алып.

— Қалай?—деді Наталья бар даусымен айғайлап. Ол өзінің айғайы қандай ащы шыққанын сезсе де, өзін тежей алған жоқ, түрме бастығының иығынан ұстай алды,— жана ғана күліп тұрған қыз қалай өле қалды? Кім оны өлтірген? Кім? Сіз бе?

— Сабыр, сүйіктім, оны өлтірген өзінің даласы. Өйткені даланың ерке өскен ерке қызы мұндай қапасты қайдан көтерсін. Көтере алмай кешеден бастап шалықтаған еді, есінен айрылған сорлы енді бәрінен де айрылды.

Наталья түрменің шалқасынан жатқан есігіне жетіп барып еді, оң аяғын табалдырықтан аттай бере тұрып қалды. Өйткені оның алдында кесе-көлденең түсіп өзіндей адам, өзіндей жас қыздың денесі жатыр.

— Папа!— деді бар даусымен айғайлап. Басқаны айтуға шамасы жеткен жоқ, көзінің жасына да ие бола алған жоқ, көшеге қарай тұра жүгірді.

— Па-па! Бұл неткен жауыздық! Папа, жауап бер, жауап бер!

Ол ояз кеңсесіне қарай ұшып келеді, жаңағы сөзді аузынан тастамай қақсап келеді:

— Жауап бер! Жауап бер! Жауап бер!

Ардың ащы айғайын осылай сала, әкесі мәжіліс құрып отырған кабинетке кіріп келді. Ол бара әкесін құшақтай алып жүрегіндегі уды көзінің жасымен бірге төкпекші еді, оны істей алмады. Көзіне әкесінен бұрын өзгелері түсті де, айғайды соларға бағыштады.

— Өңкей қан ішерлер!

Губернатор іздеген манағы жұмбақтың түйіні осы болатын.

Ол көшеде келе жатыр. Оның құлағынан қызының дауысы кетер емес.

«Жендеттер... Жендеттер!»

Мәди мұның бәрінен бихабар. Ол Самалға айтарын кеше айтып, тағдырының не жазғанын кеше жазған-ды. Сондықтан болар, бүгін артына қарайлаған да, қараған да жоқ. «Самалды құтқардым, Текешті жамсаттым» деген ойдың қанатына бір мініп алды да, Қарқаралының Кендарасынан құлай жіберген атының басын отыз шақырымдай жердегі Тасқотанның деңгейіне жете бере бір-ақ тартты.

Бағыты батыс, барар жері белгісіз, үміті бейне сағым, кезіп келе жатқан cap даласынан бар көрері де сағым.

Сол сағымды қуып кете берді, кете берді.

Сол кеткеннен мол кетті.

ЭПИЛОГ

Арада екі жыл өтті.

Сол кеткеннен мол кеткен Мәди де зым-зия жоғалды. Оны біреулер «Тағы да қолға түсіп, ит жеккеннен де әрі айдалып кетіпті» десе, енді біреулер «Қолға тірідей түспепті, оққа ұшыпты» десті.

Ал үкімет орындары оны «Қытайға өтіп кетіпті» деумен тынған еді, екі жыл бойы лапылдап барып басылған бұл қауесет соңғы кезде қайта көтерілді. Жаңа лақаптың жаңғырығы тым қатты. «Мәди қалың қолмен келіп шекараға жақын елді Қытай жеріне көшіріп әкетіпті» деген қауесет губернатордың да құлағына жеткен-ді.

Жұрттың осы лақабына ішінен мырс-мырс күліп губернатор тұр. Ол бүгін әлденеге масаттануда, масаттанған кездегі әдетімен ұзын мұртын қайта-қайта сипап, үлкендігі есіктей жез жақтаулы айнаның алдында тұр.

— Әй, байқұс қазақтар-ай, өгіз бұзаулапты десе де нана беретін аңқаусыңдар, байғұстар. Мәдиді шекарадан бері өтті дегенше сонау ақ періштені менің жүрегімнен өшті десеңдерші. Оны менің жүрегімнен өшті дегенше, менің өмірім өшті десеңдерші.

Сол ақ періштесі қанатымен жанын жанап өткендей ол тұншыға дем алып, тұнжырай қарап тұр еді, Наталья кіріп келді.

— Папа, бүгінгі балға менсіз баратын болдыңдар.

— Неге?

— Мен Юриймен араздасып қалдым.

— Жарты жылға жетпестен араздассаңдар, адасқан екенсіңдер.

— Адам баласы өмірдің тауығы секілді көрінеді ғой, өмірдің маған шашқан рызығы адасу болса, оған менің істер ылажым жоқ, бірақ адаспаған да болармын.

Губернатор мұңая қалған қызын өзіне қарай тартып алып, бір қолымен құшақтады да:

— Тентегім менің, менің ақылсыз философым,— деді мекірене сөйлеп,— өзің бұрынғыдай емес, шын философ болып кетіпсің. Соны кімнен үйренгеніңді әкеңнен жасырмасаң қайтеді?

— Соны өзім де білмеймін,— деді Наталья мұңая қалып,— дүниені тастай қатты бір қара тұман басып жаншып келе жатқандай сезінемін де, жүрегім мұздай береді. Соның себебін іздеп аласұрамын. Ол үшін өмірге үңілемін. Өмірге үңілген сайын түңіле түсемін, түңілген сайын сол қара тұман келешегімді де басып-жаншып тастайтындай нағыз бақытсыздың өзі боламын да қаламын. Мұның нендей философия екенін де білмеймін.

— Ол есі дұрыс адамның басына келетін философия емес, ұлы Россияны аздырғысы келетін азғындардан жұққан дерт болуы да мүмкін, Ол жайында кешке балдан келгеннен кейін ойласармыз, әзірше сен маған Юриймен араздасуыңның себебін айтып бер.

— Суреттерінен өзің де байқап жүрген боларсың, ол келешегі мол адам. Мені өзіне қызықтыратын оның сұлу кескіні емес, сондай кереметі бар келешегі. Бірақ, өмірде бардың бәрін өзі сурет салатын бояудай көретін топастығы да бар.

— Өзіңді сүйсе, өзіңнің өнеріңді сүйсе, басқасының саған керегі не?

— Онда сен мына сұрауға жауап бер. Музыкасыз өмір меңіреу емес пе? Өмірді сүймейтін, яғни музыканы сүймейтін адамның сұлулықты сүюі, сұлулықты сүймейтін адамның әйелді сүюі мүмкін бе?

— Немене, ол музыканы сүймей ме?

— Бүгінгі араздасуымыз сонан басталды.

— Мүмкін ол музыканы емес, сенің музыканы өлердей сүйетініңді сүймейтін шығар.

— Ашығырақ айтпасаң, түсінбедім.

— Ойлан!

— Сеніңше қалай, сонда ол мені музыкадан қызғана ма?

— Музыканың өзінен қызғана қоймас.

— Түсінбедім.

— Аңқауланба. Жақсы әншілер — ақылы аздау әйелдерді арбап алатын сиқыршы, Юрийдің қорқатыны сол сиқыршылар болуы мүмкін екенін өзің де білесің.

Наталья ойланып барып үн қатты:

— Папа, сен шыныңды айтшы, сен осыны рас айтып отырсын ба? Юрийден оны күтуге бола ма?

— Күйеуіңнен не күтуге болатынын менен өзің жақсы білуге тиістісің, мен тек бар адамның басында бола беретін қасиетті ғана айттым. Оны қалай түсінсең де өз еркің.

— Менімше, ол қызғануды білмейтін секілді.

— Онда оның сүйе бүлмеуі де мүмкін.

— Тоқта... тоқта...—Деді Наталья ойлана сөйлеп,— тоқтай қал, мынау өмірдің мен әлі сезбеген сыры... Сен не айтып отырсың? Тоқташы, дәл осы сұраудың жауабын өзім іздеп көрейін, сен аз сабыр ете тұршы. Адам жұбын қосқан жұбайлас бола тұра, бірін-бірі сүймеуі мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес, мүмкін емес... Жоқ, мүмкін екен... Бірақ, осының екеуі де болуы мүмкін-ау.

— Міне, жаңа таптың, екеуі де адамына қарай. Сенің қаншалықты тапқаныңды білейін, Юриймен араздастырған жағдайды баяндашы.

— Оған себеп болған сонау бір ән. Өзің бері, мына терезеге таман кел де алысқа құлақ салшы.

Бұлар губернатор өзі дем алатын үстіңгі бөлмеде еді. Ол қызы ашқан Ертіс жақтағы үлкен терезенің алдына барып аз тұрды да, құлағын жұлқылай бастады.

— Менің құлағым жаңа ғана сау секілді еді ғой, енді не болды? Сен ештеңе естіп тұрсың ба?

— Қазір естисің, аз сабыр ете тұр.

— Құлағымды қаланың қай тұсына мегзейін?

— Қаланың емес, даланың сонау сағым ойнаған тұсына, Ертістің сонау жасыл аралына тос.

— Сонша жерден қалай естимін?

— Ғажабы сол, сондай алыс жерден де естисің. Жаңа біз төменгі үйде отырып та естігенбіз.

Наталья әкесін сабырлылыққа шақырған сайын, өзінің де сабыры кетіп тұр. Көзі алыста — жерінен көтерілген сағымы көгінде ойнап, көлкілдеген кішкене көлге ұқсап тұрған жасыл аралда. Ойы онан да әрі, алыста. Тек күткен әнін сол сағым жұтып қойғандай қапаланған кезде ой қанаты жер соғады. Ол қанша қапаланса да, қаншама тіленіп телмірсе де, ән қайта айтылатын емес.

— Ерегісуін,— деді Наталья ызаланып.

— Соншама ол кім еді?

— Кім екенін білсем, жалынар ма едім.

— Не дейсің? Егер кім екенін білмесең, оның несіне ынтығасың?

— Мені ынтықтырған өзі емес, әні.

— Балам, сен өзің кейде не сөйлегеніңді білмейтін болып барасың-ау...

— Ол менің сенен талай естіген сабағым. Таң қаларлық бірдеңе айта қалсам, сенің осылай дейтін әдетің. Енді бірдеңе десем жындыханаға жөнелтерсің, есім барында кетейін.

— Тоқташы, өтінемін, жаным, аралдан салынған әнді естідім деген ертегіңді менен басқа жан естімесінші.

— Естімесе, мейлі, кешке балға жиналғандарға айғай салып тұрып айтып беремін. Сен сияқты сенбеушілер шыға қалса, алла атымен ант етемін.

— Алла атымен ант етсең сенушілер "табылар-ау, бірақ сол ән үшін күйеуіңмен араздасқаныңа сенушілерді таба алмассың. Егер оны ренжіткеніңді естісе қаланың қағынған әйелдері губернатордың қызы екеніңе қарамас. Қаңқу сөздің жалауы етер де жіберер.

— Ренжіткен мен емес, ол. Мен оған «Сол аралға бар да әншінің кім екенін біл, егер жібі түзу біреу болса, бүгінгі балға шақырып кел» деп едім, оның ақ сүйектік намысы ұстай қалды.

— Намыстану жаман емес.

— Мен оның намысқорлығына қарағаным жоқ, князьдің баласы екенін айтып тұмсығын көтеріп еді, мен оны сол өзінің сөзімен ғана соғып жібердім.

— Өзің губернатордың қызы, князьдің келіні бола тұра, күйеуіңді қайдағы бір белгісіз біреуге жұмсауың ұят емес пе?

— Ол — мен түсінбейтін, түсінгім келмейтін паңдық.

Наталья соны айтып кете беріп еді, әкесі зірк етті.

— Ақымақ болма, қызым.

Ол осы сөзбен тоқтатып алып әкелік ақылын айтпақшы еді. Наталья оны тыңдағысы келмегендей шыға жөнелді.

Кеш...

Сауықшылардың сағынған кеші.

Жас жұбайлардың асыға күткен кеші.

Көшесінің топырағы толарсақтан келетін, сауығы мол Семей қаласының кеші.

Сондай үлкен губерниялық қаланы екі жағымен бірдей аймалап өтетін Ертістің кеші.

Киген киімдері секілді, сауығы да шұбар ала. Бір жерде орыс гармоны ойналса, енді бір жерінде татар жыры жырланып, енді бір жерде қазақ әндері асқақтайды.

Осындай кештің бірінде, Наталья асыға күткен бал қаланың орта тұсындағы көк шатырлы үлкен қоңыр үйде өтіп жатты.

Губернатордың Петербургте тұратын қызы мен күйеу баласының келген құрметіне арналып шақырылған бұл балдың иесі осы қаланың ең үлкен байының бірі Фролов дейтін купец еді. Оның ақшаны жұта беретін қалтасы қандай кең болса, қонақтарға арналған залы да сондай кең екен, лек-легімен ағылып келіп сол кең залды кернеген сәнді топ қазір қызу бидің үстінде. Биге араласпай тек тамашалаумен отырған бес адам бар, олар: ерлі-зайыпты губернатор мен үй несі де, ендігі біреуі — Натальяның күйеуі Юрий. Ол сүйкімді сұлу жігіт екен, бірақ мына қауымның көпшілігі үшін онан-сүйкімсіз адам бұл топтың ішінде жоқ. Өйткені ол сурет салатын аспаптарын ала келіпті де, бір шетке жайғасып алып, өзінен-өзі алас ұрып, сурет салудың әлегінде отыр.

Наталья бір жас мырзамен билей жүріп, күйеуіне жақындай бере, сөз тартқысы келгендей:

— Кейін ұмытып кетпестей етіп, біз екеумізді жақсылап салғайсың,— деп еді, ол ойланбастан:

— Ол үшін жақсылап билеп келіңдер де, бетпе-бет тұра қалып қанымды қыздырыңдар, сонда ғана жақсы салынасыңдар,— деді. Наталья оның күле қараған көзінен де, күле сөйлеген сөзінен де түк түсінбестен билеген күйі алыстап бара жатып құшағындағы жігітті тастай сала терезеге жүгірді.

— Тоқтаңыздар!—деді бар дауысымен айғайлап. Бірақ дауылды күнгі теңіздің толқынындай сапырылыса тербелген жұрт оның нәзік дауысын естіген жоқ. Наталья олардың естімесін білді де, жүгіріп әкесіне барды.

— Папа, манағы ән тағы да естілді, соны өзің бір тыңдашы, әне, естідің бе? Тамаша емес пе? Алыстан шықса да, осы үйдің ішіндегідей айқын естіліп тұрған жоқ па? Естімесең мыналарды тоқтатайын. Жоқ, мұның дауысы бәрінен де асқақ. Ей, музыканттар, қыздыра түсіңдер, мұндай әнді менің әкем сонда да ести алады. Қалай, кішкене асыра сілтеп кеткен жоқпын ба?

— Қанша асқақтасаң да анау әннен аса алған жоқсың, бір ғажабы, мынау — бұл қаланың әншісі емес,

— Оны қайдан білдің?

— Мен өзім ән сала білмесем де әнді сүйемін, сол себепті бұл қалада қандай әнші барын жақсы білемін.

— Мен кімдердің әнші екенін әнді сүймесем де білемін, бұл қалада мұндай әнші жоқ,— деп қарнын қос қолымен құшақтап қойып, үй несі де қосарлана кетті.

— Папа, кім болса да, өзін көріп отырып әнін тыңдайық, шақыртыңыздаршы.

— Ол тілегіңді үй иесіне айтқаның жөн болар.

Үй иесі түйе қарнын тағы да бір демеп қойып есік жаққа дауыстады.

— Маған айтсаңыздар, оны келді дей беріңіздер. Сіздер үшін бұлбұлдан басқаның бәрін келтіре аламын, ей, Никита, бері кел.

Оқ жыландай сумаңдаған бір жас жігіт сылаң етіп жетіп келіп еді, оның Никитасы осы екен, үй иесі қарнын тағы бір қағып қалып:

— Никита, сен қасыңа бір-екі жігіт ал да, анау әншіні шақырып кел. Мен шақырады деңдер. Егер не үшін екенін сұрайтын болса, менің губернаторға тартар сыйымның бірі соның әні екенін айтыңдар, қалғанын өзің тауып айта бер, бар, тез жөнел.

Би әлі жүріп жатыр. Натальяның бар назары алыстағы әнде. Терезеге телміре қарап, сол әнге табынып тұр.

Ән қара аспанды тілгілеген қалпында әлі асқақтап тұр. Ол маңайдағы үйлердің ашылмаған терезесі, байланбаған тілі жоқ. Кеш сайын жарбаңдай беретін жарқанаттардың да қанаты бүгін байланыпты. Тылсым буғандай қала тұсынан жансыз жартас секілді, тек жалғыз сол әнде ғана өмір бар, тек сол әнде ғана жан бар, тек сол әнде қанат бар. Әрине, мұның бәрі Натальяның сол әнге сүйсіне қосылған жүрегінің үні ғана, бірақ ол әнді құлағы шалғандардың бірге шалқымағаны аз.

Фроловтың жіберген адамдары жеткен болу керек, ән аяқталмастан кенет тына қалды. Наталья соның себебін ойлап тұр.

Ойлай-ойлай оларды тоқтатқан өз адамдары екенін де тапты, тек өзінің сол әнге неліктен осынша ынтыққанын ғана таба алған жоқ. Оның ендігі асыға күткені жаңағы Никита дейтін жігіттің әкелетін хабары.

Міне, оның оралар шағы да болды. Міне, ол есікті шалқасынан аша, шалқайып кіріп келеді. Ол бабына келіп балқыған бидің қызығына қарайтын емес, билеп жүрген жұрттың ара-арасымен су жыланша сумаңдап, төрдегілерге қарай ұмтылып келеді.

— Сіздің Никитаңыздың жолы болмай қалыпты ғой,— деді Наталья шыдамсызданып.

Фролов түйе қарнын бір қағып қойып, құж мойнын бұрып қарағанша, оның Никитасы да келіп жетті.

— Бұйрығыңыз орындалды, мырзам. Өздері қалың нөкер екен, бір гармоньшысымен екеуінен басқасын қалдырып кеттік.

— Оларың ақыл болған, ал өзі қайда?

— Өзі есік алдында тексеріліп жатыр.

— Тексеріліп болысымен бері жіберіңдер.

Оның Никитасы тағы да орғи жөнелді. Наталья биге бармастан әкесінің желке жағында тұр. Ол әлдене айтқалы әкесіне еңкейе беріп еді, көзі есіктен жарқ етіп кіріп келген біреуді шалды да, кілт тұра қалды, неге екені белгісіз, жүрегі лүпіл қағып барады.

— Ғажап-ау, маған мұнша не болды? Шынында менің есім сау ма? Көлденең көзден ұят болар, өзіне көп қарай бермейінші... Оған да шыдар емеспін, Юрийдің қасына барсам ба екен? Оның қасына отырып алып әншіден көз алмай қалсам, үлкен ұят сонда ғой. Өзіме ерегіскенде осы думанды тастай қашсам ба екен? Жоқ, ол менің қолымнан келмейді.

Губернатордың бұл Россияда бармаған жері, араламаған елі аз еді, қиялын қанша кездірсе де, мынау бишілерден өте алмай есік көзінде тұрып қалған әншінің киімін ешбір елдің киіміне ұқсата алмады. Әншінің үстіндегі күміс жібі аралас жылтырауық матадан тігілген жалаң қабат, жеңсіз шапанның жағасы дулыға секілденіп төбеге киілген де, етегі жер сызып жатыр. Ішіне киген пешпенті мен шалбары жалт-жұлт еткен бірдеңе. Тек, аяғындағы етігі, беліндегі күміс белбеуі ғана біздің елдің дүниесіне ұқсайды.

Желке жағынан біреу әмір етті ме қалай, ол бидің аяқталуын күтпестен губернаторға қарай сәндене басып келе жатыр. Орта жолға жетер-жетпестен тұра қалып:

— Зор мәртебелі тақсыр. Мен де бір мырзаның құрметті қонағы едім, сіз шақырды деген соң қызметіңізге әзірлігімді көрсеткелі келдім.

— Қызметіңізге алдын ала рақмет,— губернатор желке жағындағы қызына сөз тастады,— ал, қызым, қалаған әншің келді, таңдаған әніңді айтқыза бер.

— Ән байғұс айтыла береді ғой, алдымен менің кім екенімді білгендеріңіз жөн болмас па.

— Бізге керегі әніңіз ғана.

— Біздің күткеніміз жаңағы бір кезде, «Ох, ты, степь широкая»-ны айтқан әнші.

— Сол күткен адамыңыз менмін, бикеш.

— Онда кім екеніңізді дәл қазір білу қажет емес. Қарақшы болсаңыз да қаймықпай, сол әнді шырқап беріңіз.

— Мен халқымның биін билеп, бабаларымның әруағын шақырмасам, қаным қызбаушы еді, қаным қызбаса, дауысым еркін шықпаушы еді.

— Биден кейін ән айту өзіңізге қиын болмаса, билеңіз.

— Қане, түйе болып бір тайрақтап жібер,— деп үй иесі түйе қарнын селкілдете күліп, оны қошеметтеген біреулер кеңкілдей бастап еді, Наталья өз бетін өз алақанымен шарт еткізді.

— Өздеріңіз тайрақтап кеттіңіздер-ау, мырзалар, соның кесірінен менің бетімді сона шағып кетті.

Оның өз бетін өзі не үшін шарт еткізіп, сона болып кімді шаққысы келгенін түсінген болу керек, кекірік күлкіні бастаған Фроловтың өзі де, оны қошеметтеп кеңкілдеген өзгелер де жым болды.

Губернаторға мұның екеуі де ұнаған жоқ. Әсіресе қызының өзін құрметтеп отырған Фролов сияқты адамды түйеге теңеуі ұнаған жоқ. Қызының сол сөзінің уын Фроловтың бойына дарытпастан тарқатып жібергісі келгендей, әнші жігітке иек қақты:

— Бастаңыз.

Әнші жігіт есік көзінде тұрған серігіне жетіп барып:

— Ал, бауырым, гармоныңды аяма. Мен жаудың қарасын көріп алып ұмтылған кезде сен де жөнел. Жауға жетіп дауысым саңқ еткен кезде сен де гармоныңды саңқылдатта, безілдете бер, ар жағын өзім әкетемін.

Жұрт оның биі өздерін үйіріп әкететіндей қақ жарылып, есіктен губернатор отырған төрге дейін созылған би алаңын жасаған еді, әнші сыртқа шығып кетіп, жарқ етіп қайта кіріп келді де, алақанымен көзін қалқалап,- алыста кетіп бара жатқан жау қарасын жаңа ғана көргендей үңіле қарап тұра қалды. Екі жарылып тұрған топты көзімен бір жайпап өтті, өз теңдесі жоқ, бәрі де сәнді киінген кілең ақ сүйектер екен. Оларға назар салған жоқ. Ең арғы шетте өзіне қарама-қарсы. қарап Наталья тұр. Сол қыздан көзін алмастан табанын еденге сарт еткізді. Оның сарт еткен табаны бойындағы бар күйдің пернесін бір-ақ басқандай гармоньшы жігіт бір жорық күйін шалқыта жөнелді.

Қашқан — қалың жау, қуғыншы — жеке батыр. Қашқан жау артына қайта-қайта жалтақтап алға қарай тепектейді, қуғыншы батыр артына бір қарамастан, алдан көз тайдырмастан шүйіле түйіліп самғайды. Бар құралы тақтайды тесіп жібере тарсылдатқан қос табаны мен ауық-ауық шарт етіп соғылған қос алақаны. Кейде беліндегі ағаш қанжары қолында ойнайды, ол кейде найза болып сермеледі, кейде қанжар болып қадалады. Өзі біресе дауылдай екпіндеп екіленеді, біресе құйын болып үйіріледі. Ол құйын болып үйірілген кезде, үстіндегі ақ шапанының етегі зуыл қағып, қоршап тұрған жұрттың бетін жағалай желпіп өтеді. Оны елейтін жан жоқ, арбалып қалғандай бәрі де үнсіз, бәрі де қимылсыз, тек бусана бастаған кейбір семіз әйелдер ғана ақ шапанның етегі бетін тағы бір желпіп өткенін тілегендей алға ұмсынады. Тағы да аттың шабысы, тағы да айқас. Ол кейде жаумен алысып жүргендей алас ұрып ауық-ауық саңқ етеді, ол саңқ еткен кезде әлдекімдер селк ете қалады, оны да елеген ешкім жоқ. Таңдана талықсыған сонша жұрттың ішінен тыным таппастан алас ұрып, көзі мен қолы жарыса ойнақтап отырған Натальяның күйеуі ғана. Ол өзі өмірінде көрмеген бұл суретті мұнан кейін көрмейтінін сезгендей, тез салып алғысы келіп жанталасуда. Көзі біресе бишінің мың бұралып, жүз құбылған қимылында, біресе қыл қаламы жабысқан суретте. Оның көзі бір сәт Натальяға түсіп еді, ол ішінен дұға оқып тұр екен. Биші қайда жүйткіп кетсе, көзі сонда. Үлбіреген жұқа еріні анда-санда бір дір етеді. Қасына жетіп барғысы келіп еді, әрі өзі онан қаймықты, әрі суретті қимады.

Би қызған сайын көруші қауымның кеудесінен қысыла шыққан демнің қызуы да күшейе түсті. Аздан соң әр тұстан, әсіресе әйелдердің қалыңырақ тұсынан әр түрлі сыбыр да естіле бастады. Бір ғажабы: осы тұрғандардың ішінде қазақтың биін көрген біреуі жоқ, мына биге түсінбеген біреуі және жоқ, тіпті ең ақыры Фролов та түсініп, манағы бір сөзі үшін өкінуде. Әйелдердің сыбыры Фроловтың сол сөзіне қынжылудан басталып еді, ол барып бишіге сүйсінген сырлы сөздермен ұштасып кетті.

Талай таңдайды қақтыра, талайларды тамсандыра шалқып барып би де бітті, алақандар да дүр етті. Алақандармен жарыса:

— Тағы да, тағы да!—деген дауыстар да көтерілді.

Бишінің өзіне көрсетілген құрметтің дүбірі биінің дүбірінен кем болған жоқ. Қолын үнсіз соғып тұрған Наталья ғана. Ол әлденеге шаттанып шалқып, би тоқтаған кезде ұмтыла бере тоқтап еді, сол орнында әлі тұр.

— Құрметті мырзалар, мырзашалар... Мәртебелі тақсыр. Құрметтеріңізге құлдық ұрамын. Билемегім — жау намысын илеген елімнің биі, елімнің биін билей алмай түйеше тайрақтаған болсам, оны кешірерсіздер.

— Егер мен дәл осылай билей алсам, түйе болудан да қашпас едім.— деп біреу өзінің ризалығын білдіріп еді, оны ерсі көрген ешкім бола қойған жоқ.

Әнші жігіт оны елеместен сөзін сабақтап, әрі қарай әкете берді.

— Мен осы губернадағы ең бақытсыз, сол бақытсыз өмірімнің өзі қысқа жанмын. Мүмкін, мен үлгірмей қалармын, алдымен мына бикештің әмірін орындап борышымды өтейін. Соған рұқсат етіңіздер.

— Сіздей адам бәріне де үлгереді. Сіздей адамның бақытсыз болуы мүмкін емес, алдымен деміңізді басыңыз,— деген сөзді губернатордың айтуы мұң екен, өз қасынан орын ұсынып қошеметтеушілер әр тұстан шыға келді. Қайсыбір ыстық қанды келіншектердің қолтықтап жармасқандары да бар.

Әнші қолтығына ілінген бір жұмсақ қолды сипаудан артық ізет көрсеткен жоқ, олардың ешқайсысының бетіне қараған да жоқ, төмен салбырай қалған басын кенет көтеріп алды да, гармоншы серігіне үн қатты.

— Бұл менің соңғы сайрауым болар. Демімді алмастан дауысымды еркін жіберіп, кеудемнің қандай екенін мырзаларға көрсетейін, демеп бақ, бауырым, демеп бақ.

Соны айтып, бар демін кеудесіне жинап күрсіне бір тыныс алды да, шырқай жөнелді:

Ох, ты, степь широкая,
Степь раздольная,
Ох, ты, Волга матушка,

Волга вольная.

Жұрттың жаны жадырап қалған секілді. Көздердің бірінде қимыл жоқ, жүректің бірінде дамыл жоқ. Көз біткеннің бәрін өзіне байлап алып жыланды да күйісінен жаңылдыратын оның әні губернаторды паңдығынан да талай жаңылдырды. Бірақ ол берілер емес, асқақ ән бойын қанша билесе де паңдығынан айрылғысы келген жоқ, иіліп бара жатқан кеудесін көтеріп алып, тәкаппар көзін терезеден сыртқа жіберіп еді, дәл соның көзі дауыл болып соғып, жауын болып жауғандай, қарсы беттегі үйлердің шамы жаппай жалп етіп бірден сөніп қалды. Жаңағы бір кезде алыстан, базардағы күзетшінің тоқылдағы тыным таппастан тоқылдап тұр еді, оның үні де өше қалыпты. Соның бәрін байлаған сиқыр мынау әншінің әні екенін губернатор сезіп отыр. Ол маңайдағы көршілердің бұл үйге жақын келуге батылы жетпей, көшені бойлап өскен ағаштардың далдасында жасырынып алып, ән тыңдап тұрғанын да сезіп отыр.

Қара түнді тілгілеп, аспан өріне асқақтап барып ән де бітті, жұрттың қошеметі тағы да дүр етті.

— Тағы да! Тағы да!— деген дауыстар бұл сапар бірден лап етті.

Қызармаған алақан, кеберсімеген көмекей аз. Тіпті губернатордың өзі де бұл дүбірге қосылып кетті.

— Тағы да!—деді ол, қошемет көрсеткісі келсе де, ызбарлана сөйлейтін әдетін тастай алмай зығырланып. Оның зығырланып айтқан сөзін өзінен басқа жан естіген жоқ, оған өзі де қынжыла қойған жоқ.

Жұрт алақанды аямастан соға түсіп, айғай-шуға әлі басып тұр.

Әнші жігіт енді ән салып, би билеуден басқа да өнер көрсеткісі келгендей, үстіндегі шапанын шешіп алып серігіне лақтырып жіберді де:

— Мырзалар, мырзашалар,— деді өзін қоршап тұрғандарға жағалай көз тастап,— сіздер менің кім екенімді білместен әніме ынтықтыңыздар, ондай адал махаббаттарыңызға, әніме көрсеткен құрметтеріңізге мың қабат алғыс. Мен өмірімнің соңғы минуті соғылып тұрған адаммын, сондықтан өзімнің кім екенімді зор мәртебелі тақсырға тезірек баяндайын, келесі айтылатын әнді сонан кейін тыңдаңыздар.

Ол көпке арнап соны айтты да, губернаторға қарай бір аттап барып тұра қалды.

— Мәртебелі тақсыр, ажалға да иілмеген басымды иіп өтінемін, алдыңызға жақындап, ендігі салар әнімді өзіңізден сұрап алуға рұқсат етіңіз.

— Мені ажалдан күшті көретін сіз кім едіңіз?

— Мен сіздің ескі танысыңызбын. Көксегенім сізбен бір дидарласу еді, сол тілегіме жетуіме себеп болған орыс халқының жаңағы бір әні. Сол әнді жазған орыстың ұлына, сол әнді тани біліп менің осы сауық кешіне келуіме жол ашқан сіздің қызыңызға өмір бойы алғыс айтамын. Алдымен халқыңыздың жақсы ұлдары мен қыздарына айтар алғысымды қабыл алыңыз. Сізден тілер бірінші тілегім осы.

— Тағы не тілейсіз?

Әнші беліндегі ағаш қанжарын жарқ еткізіп суырып алды да, алдына тастады.

— Ендігі тілегім — мынаны қабылдаңыз, қаруға ұқсайтындардың бойымда бары осы ғана.

Губернатор әлденені сезгендей сескене бастап еді, бірақ оны сездірмеу үшін, паңдана түсіп тұмсығын бір көтерді де:

— Қаруын тастап тізе бүгетін, сіз менің қай дұшпаным едіңіз?— деді.

Наталья манағы әншіге көзінің қиығын ғана тастап тұрған-ды, ағаш қанжар әкесінің алдына түскен кезде, жалт қарап қадала түсіп тани кетті.

— О, ғажап, мен кімді көріп тұрмын? Папа, бұл... жоқ, сәл сабыр ет, жүрегім. Мырза, мені танисыз ба?

— Сізді танымасам, мен өз басымды өзім өлімге байлап келмес едім ғой.

— Түсінбедім.

— Сіздің бұл қалаға келгеніңізді білмесем, менің жаңағы әнді үйренбеуім де мүмкін еді.

— Бұған да түсінбедім.

— Сіздің осы кешке келетініңізді білмесем, тұсыңызға келіп алып түн ішінде сол әнді шырқамас едім ғой.

— Сіз сол әнді бүгін күндіз сонау аралда да салдыңыз ғой, мүмкін оны да мен үшін дерсіз?

— Әрине, ол осы кештің репетициясы болатын.

— Сонда қалай, сіз ол әнді мен үшін үйреніп, түн ішінде мен үшін салдыңыз ба?

— Жоқ, өзім үшін, өзімді сіздерге, әсіресе әкеңізге жеткізу үшін.

— Әкеме не үшін сонша құштар болдыңыз?

— Өзімді тапсыру үшін. Сізге де тартар сыйым бар. Ол міне, қабылдаңыз,— деп әнші ішкі қалтасынан бір жапырақ қағазды ұсынып еді, Наталья оны ала сала оқып шықты да, ұмтыла бере тоқтап қалды. .

— О, ғажап!

Жұрттың бәрі аң-таң, соның бірі — губернатордың өзі,

— Наташа, түсіндір тез. Мен не көріп отырмын?!

Наталья көзін әншіден алмастан сөйлеп тұр:

— Папа, сенің көріп отырғаның ғажайып ізгілік, сол ізгіліктен туған, мен түгілі өзің де күтпеген ғажайып ерлік. Алдыңа келіп тізе бүгіп тұрған...

Оның сөзін әншінің өзі бөліп жіберді.

— Иә, сіздің алдыңызға келіп тізе бүгіп отырған — өзіңізге көптен белгілі Мәди.

— Мәди?

Губернатор соны айтып атып тұрып еді, дуылдасып тұрған думаншылардың бәрі де дір ете қалды.

— Иә, сіздерге қарақшы көрінгендіктен, туған елінен пана таба алмай, жас өмірінің ең қызықты шағын жат елде жабырқаумен өткізген шерменде жан Мәди менмін!

— Наталья, мен не естіп отырмын?—деді губернатор қайта отыра кетіп,— мынау анық сол ма? Сен ол қарақшыны көрген едің ғой, анықтап қарашы, мынау анық сол ма?

— Па-па... бұл сол батыр...

Губернатор енді қадала түсті.

— Екі жылдан бері қолға түспей қайда жүрдіңіз?

— Өз елімнен пана таптырмадыңыз, ішкенімді дерт, жұтқанымды өрт еттіңіз. Сонсоң мен амалсыздан шет елге безіп кеткенмін.

Губернатор оның қандай адам екенін айқындай түскісі келгендей ойлана сөйлеп:

— Мен қанша ойлансам да сізді шет елге қалай бездіргенімді есіме түсіре алмай отырмын,— деді.

— Осыдан екі жыл бұрын Қарқаралыға барған сапарыңызда елге шашып кеткен жарлығыңызды есіңізге түсірсеңіз, бәрі де түсер. Сол жарлығыңыз қалың елге жеткен күннен бастап мен дәм орнына қан жұттым. Өзімнің кім екенімді білместен құлағын әніме тосып, құрметін жолыма тосқан жұрт көбейе берді, олардың саны көбейген сайын менің қорқынышым да көбейді, солардың мені сүйгені үшін ертең күйетінін, мен үшін басы айдалып, мал-мүлкі талауға түсетінін сездім. Олардың обалына қалғым келмеді де, елден безіп кете бердім. Сол безгеннен безіп отырып, шет жерге бір-ақ өттім.

— Ол елде қуғынға түстіңіз бе?

— Иә, құрметтің қуғынына түстім.

— Сондай құрметті бола тұра, не үшін мұнда қайтып келдіңіз?

— Өзім барып берілсем, кешірім болар деген ғой,— деп Наталья аузына сөз салып еді, Мәди ондай достықты қабылдаған жоқ.

— Жоқ,— деді ол саңқ етіп.— Жат елдің құрметіне бөленіп тірі жүргеннен өз жерімнің топырағына оранып жатқанды артық көрдім. Сол топырақтың қанды қолды әлдекімдерден емес, сіздің қолыңыздан бұйырғанын көксегенім рас.

Мәдидің жаңағы бір жалғыз ауыз сөзінен Отанға деген махаббаты қандай екенін көріп, губернатордың адамдық жүрегі елжіреп кетіп еді, өзінің мәнсабы есіне түсіп кетті де, қайтадан қара тасқа айналып сала берді.

— Әкетіңдер!—деген дауысы да тым зілді шықты,

Оған ілесе Натальяның:

— Папа!—деген дауысы да шыр етті. Оның әкесінен не тілегісі келгенін сезгендердің қайсыбірі қоштай жөнелгісі келіп, айтар сөздерін әзірлеп еріндеріне үйіріп те алған еді, губернатор бар қаһарын қабағына үйіріп алған екен, ешқайсысының батылы жеткен жоқ. Өздеріне құдайдай көрінетін губернатордың бұл қылығынан ұялғандай бәрінің де ойы жер шұқылап қала берді. Тек екі жандармның алдына түсіп айдалып бара жатқан Мәдидің соңғы айғайы шыққан кезде ғана, олар ұйқысынан шошып оянғандай селт етті.

Мәди қара түнді тағы да тілгілеп «Тұтқын зары» дейтін өзі де жаңа, мұңы да жаңа бір әнді шырқап барады, жендеттердің желкеден нұқып тежегеніне тежелетін емес, егесе түсіп еркін шырқап барады.

Оның сөзін ұқпаса да, мұңлы үнінен сырын ұғып, не істерін білмей өзін-өзі тербетіп Наталья тұр.

— Қош.., қош..,— дейді бір сөзді қайта-қайта күбірлеп

Мәдидің дауысы қараңғы түнге сүнгіп, бірте-бірте алыстап барады, ол алыстаған сайын асқақтап барады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙