TELEGEI

Home

Икарияға саяхат

Этьен Кабе

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Икарияға саяхат

"МӘДЕНИ МҰРА" МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КІТАП СЕРИЯЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ "МӘДЕНИ МҰРА" МЕМЛЕКЕТТІК БAҒДАРЛАМАСЫН ICKE АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҚАСЫ Әшімбаев М., төраға, Досжан А., төрағаның орынбасары, Аска...

(1788-1856), француз публицисті. Дижонда кеспекшінің отбасында дүниеге келген. 1830 жылы көше ұрыстарына қатысқан. Бірнеше ай Корсикада округтік прокурор болған. Шілде монархиясын (1830-1848) мойындамау Кабенің 1833-1834 жылдары шығарып тұрған "Попюлер" журналындағы мақалаларынан көрінеді. 1834 жылы Бельгияга, одан : Ұлыбританияға қоныс аударып, онда Р. Оуэнмен танысқан. Бабёфтен өзгеше Кабе коммунизмге жалпыға бірдей сайлау арқылы қол жетуі мүмкін деп есептеген. Оның "Икарияға саяхат " атты романы полициясы, армиясы және қазылары жоқ, есесіне демократиялық сайлау жүйесі бар, жекеменшік жоқ, есесіне материалдық игіліктер теңдей бөлінетін елді суреттейді. Кабенің утопиялық доктринасы "Икария коммунизмі" атауына ие болған. 1843 жылы Кабе Францияда қолөнершілер мен жұмысшылар арасында едәуір табысқа жеткен Икария қозғалысын ұйымдастырған. 1848 жылы Оуэннің көмегімен Техаста жер учаскесін алып, сонда икариялықтардың бірінші отарын ұйымдастырған, бірақ көп ұзамай онда дау-шар басталып, қауым оның өзін қатарынан шығарып жіберген. Навада (Иллинойс штаты), Корнингте, Кловердейлде өзі ұйымдастырған мекендерде де ; айтарлықтай жетістіктерге жете алмаған.

ИКАРИЯНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

Бірінші бөлім

Бесінші тарау

- Сіз білесіз, - деді ол, - адам барлық қоғамдық мақұлықтардан шын мәнісінде өзінің парасатымен, жетіле үсуге қабілетімен және жұғысқыштығымен ерекшеленеді.

Ассоциациясыз, теңдіксіз бақыт болмайтындығына тәжірибеден көз жеткізген икариялықтар барынша толық теңдік негізінде құрылған қоғамды құрайды. Баршаның -ассоциация мүшелерінің, азаматтардың құқықтары мен міндеттері бірдей, ассоциацияның қиындықтары мен игіліктеріне бірдей дәрежеде ортақтасады; осылайша барша бір отбасын құрайды, оның мүшелері бауырластық дәнекерлерімен біртұтас болып байланысқан. Демек, біз бауырлар халқын яки ұлтын құраймыз, және біздің барлық заңдарымыздың мақсаты арамызда Теңдік орнату, мұндай теңдік тән кемістіктерінен мүмкін емес жағдайлардан басқа тұстардың бәрінде, сондай теңдік орнату болуға тиіс.

- Алайда, - дедім мен, - адамдарға әрқашан дерлік тең болмайтын тәндік және рухани қасиеттер сыйлап, табиғаттың өзі теңсіздік орнатқан жоқ па?

- Бұл рас, - деді ол, - бірақ сол табиғаттың өзі барлық адамдарға бақытты болудың бірдей тілегін, өмір сүру мен бақытты болуға бірдей құқық, теңдікке бірдей сүйіспеншілік, бақытты қоғамды және теңдікті орнату үшін парық пен парасат берген жоқ па?

- Алайда, милорд, бұл қарсылыққа бөгеліп жатпай-ақ қойыңыз, өйткені біз проблеманы шешкенбіз, және сіз толық қоғамдық теңдікті қазір кересіз.

Біз бір қоғамды, бір халықты, бір отбасын құрайтынымыз секілді, дәл сол секілді біздің территориямыз да, оның астындағысы мен үстіндегісін қоса, бір ғана жер байлығын құрайды, ол дегеніңіз біздің қоғамдық жер байлығы. Ассоциация мүшелерінің барлық жылжитын мүлкі, жер мен өнеркәсіптің барлық өнімдерімен бірге, бір ғана қоғамдық капиталды құрайды. Қоғамдық жер байлығы мен қоғамдық капитал тұтас күйінде халыққа тиесілі, оларды ол біріге өңдеп, бірге пайдаланады, ол оларды өзі, өзінің өкілдері арқылы басқарады, содан кейін барлық өнімді бірдей етіп бөледі

- Мұныңыз мүліктің ортақтастығы ғой! - деп таң қалдым мен.

- Нақ солай, - деп жауап қатты Вальмордың атасы. - Сіздерді осынау ортақтастық қорқыта ма?

- Жоқ... бірақ... ешқашан оны мүмкін емес деп келді ғой!

- Мүмкін емес пе! Қазір кересіз...

- Барлық икариялықтар ассоциация мүшелері болғандықтан және барлығы өзара тең болғандықтан, - деп әңгімесін сабақтады Динар, - олардың бәрі өндіріске қатысып, бірдей сағат жұмыс істеуі керек, бірақ олардың барлық қабілеттері мүмкін құралдардың бәрі арқылы еңбекті қысқа, алуан түрлі, жағымды да қауіпсіз етуге бағытталған.

Барлық еңбек құралдары мен ұқсатылатын шикізат қоғамдық капитал есебінен жеткізіледі және дәл сол секілді жер мен өнеркәсіптің бүкіл өнімі қоғамдық дүкендерге жиналады. Бәріміз тамақты, киім-кешекті, баспананы және жиһазды қоғамдық капитал есебінен аламыз, және мұның бәрі жынысына, және заңда көрсетіліп қойған кейбір басқа жағдайларға қарай теңдей бөлінеді. Осылайша, нақ республика, немесе қоғам бәрінің бірден - бір меншік иесі, өз жүмысшыларын ұйымдастырады, шеберханалар мен дүкендер салады; жерді өңдейтін, үйлер салатын, тамақтану, киім-кешек, баспана және жиһаз үшін керек нәрсенің бәрін өндіретін сол; ақыр соңында, отбасы атаулыға және азамат атаулыға баспана мен жиһаз беретін де сол. Бізде тәрбие қоғамның базасы мен негізі деп қарастырылатындықтан, республика барлық балаларға, олардың бәріне тамақты бірдей беретіні секілді, оны да бірдей дәрежеде береді. Олардың бәрі бірдей қарапайым білім және оларға берілетін кәсіпке сәйкес арнайы білім алады. Бүл тәрбиенің мақсаты - жақсы жүмысшылар, жақсы әке-шеше, жақсы азамат және нағыз адамдар өсіру. Шындап келгенде, біздің қоғамдық құрылыс осындай, және осынау аз ғана сөз сіздің басқасының бәрін ойша топшылауыңызға мүмкіндік береді.

- Енді сіз, - деді қария, бізде кедейлер де, малайлар да неліктен жоқ екенін түсінуге тиіссіз.

- Сіз сондай-ақ, - деп үстеді Вальмор - өзіңіз көрген барлық аттардың, жүріс құралдарының, мейманханалардың барлығының иесі қалайша республика екенін, және ол өзінің саяхатшыларын қалайша тегін тасып, тамақтандыратынын түсінуге тиіссіз.

Сіз сондай-ақ біздің әрқайсымыз езіне қажет нәрсенің бәрін заттай алатындықтан, бізге ақша, сауда-саттық мүлдем керегі жоқтығын түсінуге тиіссіз.

- Иә, - деп тіл қаттым мен, - мұның бәрі түсінікті... Бірақ...

- Қалай болғаны, милорд, - деді қария күлімдей түсіп, - сіз қарыштап алға басып бара жатқан коммунитарлық қоғамды көре отырып, оған сенгіңіз келмейтін секілді! Жалғастыра беріңіз, Динар, бұл кісіге біздің саяси құрылысымыздың негізін баяндап беріңіз.

ИКАРИЯНЫҢ САЯСИ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

Біз, ассоциация мүшелері, құқықтарымыз бірдей азаматтар болғандықтан, бәріміз сайлаймыз және сайлана аламыз, біздің бәріміз халықты құраймыз және халық гвардиясының құрамына кіреміз. Бірігіп алған біз ұлтты, немесе, дұрысы, халықты құраймыз, өйткені бізде халық дегеніміз ешқандай ала-құласыз барлық икариялықтардың жиынтығы. Халық егемен екенін және егемендікпен бірге өзінің қоғамдық шартын, конституциясы мен заңдарын жасау немесе әлдекімге жасауды тапсыру өкілеттігі соған ғана тиесілі екендігін сізге менің айтып жатуымның қажеті жоқ; біз қандай да бір индивид, немесе әулет, яки тап біздің қожайынымыз болуға жосықсыз дәмелене алады дегенді тіпті елестете де алмаймыз. Халық егемен болғандықтан, оның конституция мен заңдар көмегімен өзіне қатысты, өзінің қарекетіне, мүлкіне, тамағына, киім-кешегіне, өзінің тәрбиесіне, еңбегіне және тіпті сауық-сайранына қатысты нәрсенің бәрін реттеу құқығы бар. Егер Икария халқы толық құрамында бір залға немесе бір алаңқайға оп-оңай және жиі жинала алатын болса, ол өзінің конституциясы мен заңдарын өзі жасап, өз егемендігін жүзеге асырар еді. Солай жиналу тәндік жағынан мүмкін болмағандықтан, ол өзі тікелей пайдалана алмайтын барлық қызметтерді өкіметке береді де, қалғанының бәрін өзінде сақтап қалады. Ол Халық өкілдігіне (Кабе кей жерде Ұлттық өкілдік де те атайтын ең жоғары заң шығарушы орган - Ред.) конституция мен заңдар шығару өкілеттігін, ал атқарушы органға (немесе атқарушы корпусқа) солардың атқарылуын қадағалау өкілеттігін береді. Бірақ ол өз өкілдерін және атқарушы органның барлық мүшелерін сайлау, олардың ұсыныстары мен актыларын мақұлдау немесе қабылдамау, әділ сотты жүзеге асыру, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтап отыру құқығын өзінде сақтап қалады. Барлық мемлекеттік қызметшілер, осылайша, халықтың уәкілдері болып табылады, олардың бәрі сайланатын, уақытша, жауапты және алмастырылатын адамдар болып табылады. Олардың тарапынан атаққұмарлық пиғылдар орын алмауы үшін заң шығарушылық және атқарушылық қызметке бірдей ие болуға жол берілмейді. Біздің Халық өкілдігіміз екі мың депутаттан тұрады, олар істі кеңесе отырып бір палатада талқылайды. Палата - перманента, әрқашан немесе әрқашан дерлік орнында болады және жыл сайын жартылай жаңарып отырады. Олар қабылдайтын ең маңызды заңдар, конституция секілді, халықтың мақұлдауына жатады. Президенттен және жартысы жыл сайын жаңартылып отыратын он бес басқа мүшеден тұратын атқарушы орган Халық өкілдігіне бағынады. Халыққа келетін болсақ, ол өзіне қамтамасыз етілген барлық құқықтарды жиналыстарда пайдаланады; ол жиналыстарда сайлау өткізеді, істерді талқылайды және шешім қабылдайды. Халықтың өз құқықтарын пайдалануын қамтамасыз ету үшін, бүкіл территория шағын жүз провинцияға, олар өз кезегінде кеңістігі мен халқы бірдей дерлік мың коммуналарға бөлінген. Әрбір провинциялық қала өз провинциясының орталығында, әрбір коммуналдық қала - өз коммунасының орталығында орналасқанын, және барлығы халық жиналыстарына барлық азаматтар қатыса алатындай етіп ұйымдастырылғанын сіз білесіз. Баршаның мүддесі сақталуы үшін әрбір коммуна және әрбір провинция арнайы өзінің мәселелерімен айналысады, сонымен бірге барлық коммуналар мен барлық провинциялар, яғни бүкіл халық және оның өкілдігі ортақ, яки ұлттық істермен айналысады. Өздерінің мың коммуналдық жиналыстарында халық, осылайша, өзінің өкілдерінің кеңесінен кейін немесе соған дейін заңдарды талқылауға қатысады. Халық заңдарды істің жай-жапсарын толық біліп талқылай алуы үшін барлығы жариялылық сәулесімен өтеді, барлық фактыларды статистика тіркейді, және бәрі де барлық азаматтар арасына таратылатын халық газетінде жарияланады. Ал әрбір пікірталас толық байыптылықпен өтуі үшін Халық өкілдігі және әрбір коммуналдық жиналыс, яғни бүкіл халық басты он бес үлкен комитетке бөлінеді: олар -конституция, тәрбие, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тамақ, киім - кешек, баспана, жиһаз, статистика комитеттеріне және т.б. бөлінеді. Әрбір үлкен комитет, демек, барша азаматтардың он бестен бір бөлігін құрайды; және жақсы тәрбиеленген әрі жақсы білім алған адамдардан құралған халықтың парасаты әрқилы жақсартулар мен жетілдірулерді іздеп тауып, қолдануға ұдайы ұмтылып отырады. Демек, біздің саяси құрылысымыз - демократиялық республика, және тіпті таза дерлік демократия.

- Иә, милорд, - деп жалғады Вальмордың әкесі, - бізде барлық заңдарды бүкіл халық әзірлейді; және оларды тек өзінің мүддесі, яғни ортақ мүдде үшін әзірлейді және оларды ықыласпен орындайды, өйткені олар - оның төл туындысы және оның егемен ырқының көрінісі.

Осынау бірауызды ырық, біз айтқандай, әрқашан әлеуметтік және саяси теңдік, әл-ауқат пен құқықтар теңдігін, баршаға бірдей және абсолютті теңдік жасауда жатады. Тәрбие, тамақ, киім-кешек, баспана, мүлік, еңбек, ойын-сауық, сайлау және сайлану құқығы, талқылау құқығы - осының бәрі бәріміз үшін бірдей. Тіпті біздің провинцияларымыз, біздің коммуналарымыз, біздің фермаларымыз бен біздің үйлеріміз, бұл мүмкін болғандықтан, бір-біріне ұқсас; қысқасы, бұл арада сіз теңдік пен әл-ауқаттылықты көресіз.

Екінші кітап

Алтыншы тарау

Өтпелі тәртіп. Саяси теңдік. Әлеуметтік теңсіздікті кеміту. Ілгерілеп бара жатқан әлеуметтік теңдік Соғыстан, жеңістен және бейбітшілік орнағаннан кейін Икардың ықпалы қандай болғанын сіз көз алдыңызға елестете аласыз. Оны жұрт құдайдай дерлік сыйлайтын. Оны ғұмыр бойына диктатор етіп тағайындау ұсынылды, бірақ ол халық өз ісін өзі тындыруға дағдылануы керек деп, бұл ұсынысты қабылдамай тастады. Ол тіпті республика президенті лауазымынан да бас тартып, тек экзекутива президент атағына келісті де, бұл орайда, халық пен оның өкілдерінің егемендігіне бұдан былай бәсекелес те, бәсекелестіктің көлеңкесі де болмауға тиіс деп мәлімдеді. Осылайша, тағы да талқыланған ортақтық принципі бір ауыздан қабылданды да, оның толық та түпкілікті жүзеге асырылуы, Икар ұсынғандай, елу жылдық мерзімге кейінге қалдырады. Ұзақ та байыпты талқылаудан кейін оның өтпелі қоғамдық және саяси құрылыс туралы ұсынысы да азды-көпті өзгерістермен қабылданды. Мен ортақтық құрылысын суреттеп жату қажеттігін көріп отырған жоқпын, өйткені, бұл өзіңіз қазір бізде көріп отырған құрылыс, сондықтан мен өтпелі құрылыстың принциптерін желе жортып баяндап берейін. Оның қысқаша мәнісі мынадай:

ӨТПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

1. Абсолютті теңдік, мүлік ортақтығы және міндетті еңбек құрылысы тек елу асылдан кейін толық және түпкілікті жүзеге асырылады. 2. Осынау елу жыл барысында меншік құқығы сақталады, және еңбек еркін және міндетті емес болып қала береді. 3. Қолда бар мүлікке, ол қандай тең болмаған күнде де, қол сұғылмайтын болады, бірақ бүгіннен бастап кемітіле беретін теңсіздік және ілгерілей беретін теңдік құрылысы ескі құрылыс, шектелмеген теңсіздік пен мүлтіксіз теңдік пен ортақтықтың болашақ құрылысы арасындағы өтпелі белес қызметін атқарады. 4. Қазіргі бар меншік иелерінің барлығы өз меншігін сақтап қала береді. Өзгерістер тек болашақ мұра, тарту ету және ие болу жөнінде жасала алады. 5. Он бес жастан асқан бірде-бір азамат, ортақтық құрылысы орнатылып жатқан кезеңде, жұмыс істеуге міндетті емес. Бірақ он бес жасқа жетпеген, қазір туған және туатын балалар ортақ қарапайым техникалық білім алады, бұл ортақтық құрылысы орнатылғанда олар белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істей алуы үшін жасалады. 6. Бүгіннен бастап барлық заңдардың мақсаты басы артық жасты кеміту, кедейлер талайын жақсарту және бірте-бірте барлық нәрседе теңдік орнату болып табылады. 7. Бюджет қысқартылмауы мүмкін, бірақ кіріс пен шығыс жүйелі өзгертіледі. 8. Кедейлер, күнделікті қажет нәрселер және еңбек салық атаулыдан босатылады. 9. Байлық және артық нәрселерге өсіп отыратын салық салынады. 10. Мемлекеттік барлық пайдасыз шығындардың жолы кесіледі. 11. Барлық қоғамдық қызметтердің зейнеті болады немесе ақы төленеді. 12. Олардың барлығына жеткілікті және қанағатты мөлшерде ақы төленді. 13. Жұмысшының жалақысы реттеледі, және күнделікті қажет заттардың бағасы әрбір диқан, әрбір жұмысшы және әрбір меншік иесі еңбектен келетін қарсыға және өз меншігіне тәуір өмір сүре алатындай етіп нормаланады. 14. Жұмысшыларға жұмыс беру және кедейлерге баспана беру үшін жыл сайын кем дегенде бес жүз миллион бөлініп отырады. 15. Осы мақсатта ортақтық жүйесін орнату жөніндегі барлық даярлық жұмыстары дереу басталады. 16. Мүмкіндік туған бойда армия, сый-сияпат көрсетіліп, таратылады. 17. Оған дейін алдағы кезде, ол, арнайы сый-сияпат беріліп, қоғамдық пайдалы еңбекте пайдаланылады. 18. Ұлттық иеліктер мүмкіндігіне қарай дереу ортақтықты енгізу үшін пайдаланылады, қалаларға немесе деревняларға, яки фермаларға айналдырылып, кедейлерге беріледі. 19. Халық санын көбейту және некесіздікті доғарту үшін барлық шаралар қолданылады. 20. Жұмысшылардың некеге тұруы ынталандырылады және жеңілдетіледі. 21. Жаңа ұрпақтардың білім алуы мен тәрбиесі мемлекеттік қамқорлықтың басты тақырыптарының бірі. 22. Олардың мақсаты ортақтық құрылысын орнату үшін еңбек ететін азаматтар мен жұмысшыларды тәрбиелеу. 23. Бұған жыл сайын, егер қажет болса, жүз миллион жұмсалады. Мұғалімдердің қажетті санын даярлауға барлық күш-жігер бағытталады. Республика олар мен олардың үй ішінің әл-ауқатын қамтамасыз етеді және оларды мемлекеттік қызметшілердің ең маңыздылары деп қарастыратын болады. Меншікке және кеми беретін мүлік теңсіздігіне негізделген өтпелі қоғамдық құрылыстың принциптері осындай болды. Осынау өтпелі құрылыс, көріп отырғанымыздай, ие болған құқықтың бәрін қамтымайтын, ал ортақтық қоғамы тек он беске толмаған жас балалар үшін және болашақ ұрпақтар үшін ғана тіршілік етуге тиіс болатын. Динар бұдан кейін өтпелі кезең барысындағы саяси құрылыстың принциптерін баяндап берді. Осы тақырып бойынша ол айтқанның бәрін қайталап жатпаймын, өйткені мен осынау үкіметтік ұйымды, қазіргіден көп өзгешелене қоймайтын ұйымды жеткілікті суреттедім (бірінші бөлімнің V тарауы). Алайда, қылмыстық құқық пен сот жүргізудің баяндалуын қайталаймын. Меншік елу жыл бойы сақталатын болғандықтан, осынау уақыт барысында енді қылмыс жасалмайды деп үміттенуге болмайтын еді, сондықтан жазалау шараларын сақтап қалу қажет болды. Динар бізге ең әуелі революция сәтінде аристократия мен байлар абақтылар мен каторгаларға тоғытқан бейшара сотталғандар туралы айтты. Ол бізге Икар оларды дереу босатып, отбасына қайтарғанын, олардың не республика армиясына не шеберханаларына баруына рұқсат еткенін жеткізді; тіпті жұмыс істегісі келген ұрыларға да кешірім жасалған. Олардың бәрі дерлік кейін мінсіз жұмысымен көзге түскен.

Бұдан кейін ол мынадай сөздерден құралған резюмені оқып берді: "Сот ұйымы оңайлатылды. Қазылар сайланатын және уақытша болады. Көлденең билер азаматтық және түзетуші істерде де, қылмыстық істерде де айыптау мәнісі бойынша пікірін білдіреді. Қылмыстық кодекс қайта қаралады; өлім жазасы алып тасталады; ар-намысқа тиетін жазалар жойылады. Қылмыстық сот жүргізу жиыны қайта өңделеді, индивидуалдық бостандыққа өкіметтің барлық қиянаттарынан кепілдік беріледі; тек кісі өлтірді деп айыпталғандар ғана сотқа дейін, жюридің рұқсаты бойынша қамауға алынады. Абақтылар таза және ыңғайлы болады.

- Өтпелі конституцияның принциптері осындай болды, - деп аяқтады Динар, - және қамқор пейілмен басып шығарылған әрі жұрттың бәріне жақсы белгілі бұл конституция салтанат пен қуаныш үстінде бірауыздан қабылданды.

Дәл сондай жігермен конституция барлық халықтық коммуналдық жиналыстарды өткізу, провинциялық өкілдіктерді сайлау және барлық жаңа мемлекеттік қызметкерлерді мансапқа енгізу жолымен іске асырылды. Осылайша республикалық демократиялық үкімет нығайды. Халық үкіметі Ұлттық экзекутиваның президенті Икармен келісіп, сайып келгенде халықтың ісімен айналыса бастады және өзін түгелімен оның әл-ауқатына арнай алатын болды, өйткені енді оған ешқандай азаматтық алауыздықтар мен сыртқы катер бөгет жасамайтын еді. Өздерінің істерін талқылауға бүкіл халық қатысатын болды, өйткені әрбір коммунаға біріктірілген барлық азаматтардан құралған халықтық коммуналдық жиналыстар коммуналдық істерді талқылайтын болды. Әрбір провинцияның азаматтары сайлаған депутаттардан құралған провинция өкілдіктері провинция істерін талқылады. Жиналыстар да, өкілдіктер де конституция өздеріне сеніп тапсырған істерді талқылады, ал республиканың барлық азаматтары сайлаған Ұлттық өкілдік барлық ұлттық істерді талқылады. Өзі орындауға тиіс болған орасан зор ұйымдастырушылық жұмыстың үдесінен шығу үшін Ұлттық өкілдік әрқайсысы жүз отыз үш мүшеден құралған он бес комитетке (диқаншылық, тамақ, киім-кешек, баспана, өнеркәсіп, сауда, халық ағарту және тәрбие, статистика және т.б.), сондай-ақ әрқайсысы отыз үш мүшеден құралған алпыс кіші комиссияға бөлінді. Ол тіпті әрбір комитет жанынан депутат емес, бірақ арнайы білімі бар Және өз байламын бере алатын азаматтардан комиссиялар ұйымдастырды. Барлық осынау комиссиялар қажетті анкеталар жасап, барлық провинциялық өкілдіктер мен барлық халықтың коммуналдық жиналыстары жанынан ұйымдастырылған өздері секілді комитеттермен хат алысып тұрды, сөйтіп бүкіл халық осынау әрқилы комитеттерге бөлінді. Ал халық барлық мәселелердің жай-жапсарын толық біліп талқылауы үшін әрбір коммуна соның тұрғындары үшін коммуналдық газет шығара бастады; әрбір провинция -провинция тұрғындары үшін өзінің провинциялық газетін, ал ұлт - ұлт пен барлық азаматтар үшін ұлттық, яки халықтық газет шығаратын болды. Мемлекеттік қызметшілер, таңдаулы азаматтар редакциялайтын әрбір газет коммуналардың, провинциялардың және елдің есебінен таратылады (мұның өзі әркім үшін шамалы ғана шығынға түсетін), сөйтіп әрбір әулет басшысы өзінің коммунасының, провинциясының газетін және ұлттық, яки халықтық газетті тегін алатын болды. Бұл шығын халық ағартуға немесе халық егемендігін жүзеге асыруға жұмсалатын шығын ретінде қарастырылды. Дәл сол мақсатпен барлық жерде статистиканы ұйымдастыру немесе коммуналардың, провинциялардың және тұтас алғанда республиканың заттарын есепке алып отыру үшін арнайы әрі тұрақты қызметшілер тағайындалды. Әрбір коммунада үйлердің саны, ахуалы және міндеті; отбасылардың саны, ахуалы және мүлкі; әрбір отбасыны құрайтын адамдардың олардың жынысы, жасы, кәсібі көрсетілген саны, үйленген және бойдақ, немесе жесір әйелдер мен еркектердің саны; бір жылда туған, екі, үш жастағы адамдардың саны; тас қалаушылардың, балташылардың, етікшілердің және т.б. саны жөніндегі статистика болуға тиіс. Коммуналдық статистика сондай-ақ домендер мен фермерлердің саны мен ахуалын; дақылдар мен өнімдер көрсетілген жер арпаны санын; аттар мен бұқалардың санын және т.б. тіркеп отыруға тиіс болды. Провинциялық статистика барлық коммуналардың статистикасын қорытып, одан провинциялық статистика құрастыруға тиіс болды, ал ұлттық статистика барлық провинциялар статистикасының қорытындысын шығаруға тиіс болды. Осынау статистикалық мекемелердің әрқайсысының әрбір коммунаның, әрбір провинцияның басты қаласында және астанада өзінің арнайы ғимараты болды. Олардың әрқайсысы жыл сайын өз еңбектерін басқызып, оны әрбір әулет басшысы өз коммунасының, оз провинциясының және ұлттың статистикалық ақпаратын алатындай етіп бөлуге тиісті болды. Үкімет осылайша, әрбір коммуна, әрбір провинция және бүкіл ел халқының санын, оның мұқтаждары мен еңбек құралдары қандай екенін және жер өнімінің қаншалықты болғанын біліп отыра алар еді; ол кемістіктерді жою, барлық ресурстарды пайдалану, қажет мұқтаждарды қанағаттандыру және әкімшілік аппаратты жақсарту үшін қажет барлық мәліметтерді таба алатын. Реформалар мен жақсартудың барлық жоспарлары осылайша әрбір отбасыдан, әрбір коммунадан, әрбір провинциядан шығып Ұлттық өкілдікті хабардар етуге жетіп жататын; басшылық үшін немесе халықты хабардар ету үшін ақпарат Ұлттық өкілдіктіктен де шығып жататын, ал барынша маңызды жағдайларда бүкіл халық егемен ретінде түпкілікті шешетін-ді. Икар мен Ұлттық өкілдік барлық азаматтардың байыпты назарын аударған алғашқы мәселелердің бірі мынадай еді: өтпелі кезеңге меншікті сақтай отырып, барша жұрт, мүмкіндігінше тезірек жақсы тамақтана, жақсы киіне алуы және жақсы баспанаға ие болуы үшін қайыршылықты қалай жоюға және кедейлердің тағдырын қалай ұдайы жақсарта түсуге болады? Өзіңіз таразылай беріңіз, барлық сауатты адамдардың қарауына тап болған осынау бір сұрақтың өзі ақыл-ой иелерін қалай қызықтырады деңіз! Қандай жаңа дүние деңіз!

Әуелі қиянаттарды жою қолға алынды.

Олар сыпырғының бір соққысымен-ақ келмеске кеткенін сізге айтып жатудан пайда жоқ. Ал барлығы да түкке жарамайтын және тек қиянатқа жетелейтін болғандықтан, бәрі дерлік: салмақ пен өлшем, уақытты есептеу мен елдің аумақтарға бөлінуі, есімдер, құлық пен салттар өзгертілді; баршаға бірдей әрі радикалды революция, толық жаңарту, нағыз қайта түлеу жасалды. Азаматтар жаңа есімдерге ие болу үшін тіпті өз ныспыларынан бас тартып жатты. Ескі халықтың орнын жаңа халық алғандай болып көрінді. Бүкіл ел де мүлдем өзгеріп кетті, провинциялардың, қалалардың, көшелердің және өзендердің атаулары басқа атаулармен алмастырылды. Қиянат атаулы аласталғаннан кейін қайта құру немесе жақсарту қолға алынды да, барлық жерде мынадай ортақ ереже енгізілді: алдымен қажет нәрсе, одан кейін пайдалы нәрсе, содан кейін сүйінішті нәрсе. Кедейлерді тиісті тамақпен киім-кешекпен және баспанамен қамтамасыз ету үшін, біреулер азық-түлік, киім-кешек және баспана құнын арзандатып, барлық адамдар үшін жұмыс ұйымдастырып, жалақыны ұлғайтуды; енді біреулер - қажетті азық-түлікті, киім-кешекті, баспананы немесе осының бәрін ала алу үшін ақшаны бөліп беруді, осы мақсатта кедейлер пайдасына салық салуды енгізуді; үшінші біреулер - республикаға байларды тым қинамай, кедейлерге көмектесу мүмкіндігін беру үшін қарыз алуды, тіпті қағаз ақша шығаруды ұсынды. Біріктіре ұштастырылған осынау құралдардың бәрі бір мақсатқа жетеледі және республиканың қарауына оның барлық шығындарына жеткілікті орасан зор капитал берді. Диқаншылық ортақ қамқорлықтың ең басты нысандарының бірі болатын. Жер түгел және мүмкін болғанынша жақсырақ өңделуі үшін барлық шаралар қолданылды; барлық жат жұрттық елдерге олардың жер өңдеу тәсілдерін зерттеп - біліп қайту үшін комиссарлар жіберілді; әртүрлі топырақ үшін оларда бәрінен жақсы өсетін дақылдар көрсетілді, елде жетіп артылатын өнімдер мен жетіспейтін өнімдер көрсетілді. Барлық азаматтар жақсы тамақтана алуы үшін дәнді дақылдарды, көкөністі, жемісті, мал шаруашылығын және азық-түліктің барлығын жақсарту ынталандырылды. Ұлттық фермалар мен коммуналық жерлерде үкіметтің өзі үлгі көрсетті. Мұнан басқа, мың коммунада ұйымдастырылған мың егіншілік комитеттері ұдайы әрқилы жетілдірулерді енгізіп отырды, және арнайы егіншілік журналы барлық диқандарға басшылық жасап, оларға әртүрлі пайдалы кеңестер беріп отырды. Негізінен медиктерден, химиктерден және аспаздардан құралған тамақтану комитеттері тамақ ішу саны мен мезгіліне қатысты мыңдаған мәселелерді; тағамдардың санын, құрамын, дайындау тәртібі мен тұздығын; жыл мезгіліне, адамның жасына, жынысына және кәсібіне сәйкес қажетті өзгерістер жасап отыру мәселелерін талқылады. Олар тамақтанудың ескі жүйесінің бас тарту керек болатын барлық кемшіліктері және енгізу қажет болатын барлық жақсартулар туралы ғана емес, толық ортақтық жүйесі орнатылып, барлық азық-түлікті республика бөлетін, сөйтіп барлық азаматтар бірдей тамақтанатын уақытқа арнап ең жақсы тамақтану жүйесі туралы нұсқаулар беретін. Халық өкілдігі осынау ақтық жүйені орнатты, оның қолданылуын дайындады және ішінара оны барлық мүмкін болған жағдайларда, мысалы, ауруханаларда, мектептерде және шеберханаларда қолданды. Ол жүзеге асыруға болатын барлық өтпелі шаралар шын дауыс берді, және халықтың тамақтануын жақсарту жөнінде қалмай-талмай еңбек етті. Негізінен медиктерден, суретшілерден және тәжірибелі жұмысшылардан құралған киім комитеттері де еркектердің, әйелдердің, балалардың, жұмысшылардың және т.б. киімдеріне қатысты мыңдаған мәселелерді талқылап, халық бұқарасына барынша ыңғайлы да әдемі жақсы киім үлгілерін корсетті. Халық өкілдігі барлық азаматтар бірдей киінетін кезде қолданылатын жүйені белгіледі, және оған бүл үшін ең пайдалы болып көрінген барлық өтпелі шаралар үшін дауыс берді. Ал заң шығарушыларды халық сайлағандықтан және оның толық сенімін пайдаланатындықтан, барлық жобаларды халықтың өзі талқылап, мақұлдайтындықтан және осынау барлық заңдар бір ғана мақсатты - халықтың игілігін көздегендіктен, заңдар ешқандай қарсылыққа ұшырамады және әркім Ұлттық өкілдіктің тамақ пен киім жөніндегі барлық шешімдерін, тіпті жай ғана нұсқауларын да орындауға тырысты.

Баспана мен жиһаз турасында да солай болды.

Толық ортақтық режимі тұсында барлық азаматтар бірдей мүмкіндігінше ең жақсы баспанаға ие болуға тиіс болғандықтан, Халық өкілдігі қаулы қабылдап, онда былай деп белгіленді: барлық жағынан ең мінсіз үлгілі үйдің жобасын ұсынған адамға жомарт награда беріледі және республиканың барлық үйлерінде оның бюсті орнатылады. Осынау барлық жобалар ашық жұртшылық конкурсында қаралып, Халық өкілдігі бір жобаны қабылдап сыйлық берді де, бұдан былай барлық үйлер осы жоба бойынша салынсын деп қаулы етті. Осыдан - және бұл жұрттың бәріне айқын еді - мынадай бір баға жетпес артықшылық та шығатын: барлық есіктер, терезелер және т.б. бірдей болғандықтан, қала мен деревня үйлерінің барлық құрамдас бөліктерін орасан зор мөлшерде күн ілгері дайындап қоюға болатын. Аз әзірше толып жатқан қоғамдық ғимараттар көптеген жарлы отбасылардың қоныстануы үшін берілді және халықтың тұрғын үй жағдайын дереу жақсарту үшін қажет барлық өтпелі кезең шаралары қолданылды. Әділет пен адамшылықтың осынау ұлы шарасы халық ризашылығын туғызғаны сонша, жаппай энтузиазмді қоздырып, толып жатқан бай адамдар, Икардың үлгісіне еліктеп, өздерінің үйлерін сол мақсат үшін республикаға берді. Фермалар, әртүрлі шеберханалар, ауруханалар, мектептер және т.б. жобалары да осылай алынды.

Жиһаз және жиһаздың әрбір түрі жөнінде де осылай істелді.

Толық ортақтық режимінде барлық коммуналдық қалалар бірдей болуға тиісті болғандықтан, үлгілі қаланың ең мінсіз жобасын ұсынған адамға орасан зор сыйлық берілетіндігіне және барлық коммуналарда оның мүсіні орнатылатындығына уәде берілді. Осындай шаралар провинциялардың басты қалалары, астана, ескерткіштер жөнінде қабылданды. Барлық нашар орналасқан немесе нашар жайластырылған қалалар тексеріліп шықты. Олардың кейбіреулерін түгелімен реконструкциялау, енді біреулерін тек қайта құру қажет болатын, бұл орайда барлық қажетті өзгерістер және дереу қолданылуға тиісті шаралар көрсетілді. Халық өкілдігі дереу соғыс кезінде өртеніп кеткен қалаларды реконструкциялау және бірнеше жаңа қалалар салып, оларда жараланған жауынгерлер мен кедейлерді орналастыру жөнінде нұсқау берді, және де ол қалаларда толық ортақтық жүйесі дереу қолданылуға тиіс болды. Ол бүкіл дерлік деревняларды реконструкциялауға, республика аумағын көлемі жағынан мүмкіндігінше бірдей провинцияларға, әрбір провинцияны бірдей дерлік он коммунаға бөлуге қаулы етті. Провинцияның әрбір басты қаласы өз провинциясының ортасында және коммунаның әрбір басты қаласы өз коммунасының ортасында орналасуына бар күш-жігерді жұмсауға, әрбір коммунаны бір сағат ішінде коммуналдық қалада оның барлық тұрғындарын жиып алуға болатындай етіп қатынас құралдарымен қамтамасыз етуге қаулы етті. Әрбір провинциялық қала және оның территориясы үш коммуналдық қала мен үш коммунаның территориясы мен халқын қамтуға тиіс болды. Астана олардың алпысын қамтуға тиіс болды. Сондай-ақ әрбір қауымда, демек, әрбір провинцияда халық саны бірдей болатындай етіп, халықты біркелкі бөлудің барлық шаралары қолданылды. Барлық нашар салынған күре жолдар және оларға қажет өзгерістер, сондай-ақ каналдар мен өзендерде жасалатын өзгерістер белгіленді, олардың барлығын дерлік түзету, тереңдету және кеме жүзе алатындай ету қажет болатын. Жаңадан салу немесе жөндеу керек болатын барлық жолдар көрсетіліп, ең шұғыл жұмыстарды дереу жүргізуге нұсқау берілді.

Барлық жерде елде табылатын минералдық кеніштер барлана бастады. Орасан зор жұмыс күтіп тұрғандықтан, өнеркәсіп комитетті халықтың барлық инженерлік және өнеркәсіптік кадрларын, тіпті шетелдіктерді өндірісті ұлғайта және адамды барлық қауіпті, ауыр немесе жағымсыз жұмыста алмастыра алатын барлық машиналар мен механикалық құралдарды ойлап тауып, енгізуге пайдаланды. Барлық өндірістерде, мысалы киім-кешек өндіруде, тігіншілердің санын азайту және олардың еңбегін неғұрлым өнімді пайдалану үшін киім тігуді оңайлататын пошымдар іздестірілді. Республика бірте-бірте шетелдік миллион жұмысшы алды, олар елге орнығып, отбасы құрды. Бірақ ол әрі халықтың тұрпатын жақсарту үшін, әрі өнеркәсіпті дамыту үшін тек сымбатты да талантты адамдардың келуіне жол беретін. Халық өкілдігі тауар өндіру мен жүмысшылар орналастыруды жоспарлап, сауда мен өнеркәсіпті ұйымдастырды, оларды реттеп отырды. Ол тіпті халық атынан ірі саудагер мен фабрикантқа айналды, өйткені ол экзекутивке шет елдерден орасан мол шикізат сатып алып, орасан зор республикалық мануфактуралар ұйымдастыруға жарлық берді, бұл халық үшін ең қажет маталар, киім-кешек, жиһаз өндіру және үй салу үшін қажет барлық тас, ағаш, металл бөлшектер жасау үшін істелді. Ол сондай-ақ кеніштерді пайдалану және машиналар өндіру үшін орасан зор республикалық зауыттар салуға міндеттеді. Осынау шеберханаларда істейтін толып жатқан жұмысшылар жалақыны немесе, дәлірек айтқанда, тамақты, киім - кешекті және баспананы республикадан алатын. Және өндірісті реконструкциялар жөніндегі осынау зор еңбекті жеңілдету үшін көпшілік жұмыстар комитеті ғалымдар мен өнеркәсіпшілерден құралған комиссияның көмегімен жұмыс тәртібін анықтап, басқаларын дайындау және барлық қиындықтарды еңсеру үшін неден бастау керек екендігін белгіледі. Қоғамдық денсаулық комитеті шеберханаларда және басқа барлық жұмыстарда қабылдануы қажет барлық сақтану шараларын көрсетті. Ұлттық өкілдіктің сыйлығын алған және бірнеше миллион данамен таратылған гигиена жөніндегі нұсқаулық, өмірдің әртүрлі жағдайларында денсаулықты сақтау үшін қажет ережелерді насихаттады. Ал адамды жетілдіре түсу комитеті адам баласын жақсарта беру жолында аянбай еңбек етті. Икардың қаперінде бәлкім ең бастысы болған халықты тәрбиелеу мен ағарту ісі философтар мен бүкіл халықтың назарын өзіне тартты. Халық өкілдігі өтпелі кезең мектептерін құру жөнінде қаулы қабылдап, олар үшін ең әдемі қоғамдық ғимараттарды бөлді. Ол қажетті мұғалімдер мен оқытушыларды дереу даярлау үшін барлық шараларды қолданды. Ол ең әуелі он бес жастан отыз жасқа дейінгі ересектермен айналысып, оларды оқи, жаза білуді және жұмысшы мен азамат үшін ең пайдалы кейбір практикалық білімдерді үйретуге жарлық берді. Ол толық ортақтық режимі үшін барлық жағынан ең мінсіз тәрбие жүйесін декретпен енгізді. Ол сондай-ақ түпкілікті жүйеден мүмкіндігінше аз айырмасы бар өтпелі кезең жүйесін декретпен енгізді. Бір ұсыныстың барлық балалары, бай және кедей балалар, оннан он беске дейінгі балалар өзі таңдаған кәсіпті үйренуге міндеттелді және ортақтықтың жаңадан ұйымдастырылуымен, жүйесімен таныстырылды. Он жасқа жетпеген барлық балалар он сегізге дейін бірге, тегін тәрбиеленіп, жаңа әлеуметтік жағдайдағы өмірге жап - жақсы даярланды. Ақыр соңында мұғалімдерді даярлау, шәкірттерді оқыту және барлық азаматтарды ағарту үшін көмекші құралдар құрастырылды. Икарға бәрінен көп ұнаған жобалардың бірінде ұтымды да дұрыс, қабылданған бәрі де бар және ережелері өте аз, демек ең қарапайым, қысқа да нұсқа, оқып-үйрену үшін жеңіл жаңа тіл ойлап табу ұсынылды. Бұл жобаны Халық өкілдігі қабылдап, ең жақсы үлгі ұсынған адамның мүсінін барлық мектептерде тұрғызуға қаулы етті. Мұнан кейін ол барлық балалар мен жастарды сол тілге үйретуге және ең жақсы ескі шығармаларды сол тілге аударуға міндеттеді, осылай жаман шығармалар жайылып кетті. Дін мен священниктер де Икардан, Халық өкілдігінен және бүкіл ұлттан түпкілікті немесе өтпелі діни жүйе орнату үшін тиісті нұсқаулар алды. Барлық наным-сенімдерді құрметтеу және барлық культтер үшін төзімділік жарияланды. Дін мемлекеттен толық ажыратылып, құдайға құлшылық етуге және инсаниятты насихаттауға сайды. Барлық жас священниктерді өзінің діндестері сыйлауға тиіс болды және олар үйлене алатын болды. Дін иелерінің өздері қандай да болсын шетелдік ағзамнан тәуелсізбіз деп жариялады және өздерінің заңға бағынатынын мойындады. Және де қарт священниктер мен діндар қарт адамдардың әдетіне қаяу салмай-ақ, сол қарттар секілді құрметті де пайдалы жаңа священниктерді даярлау, сондай-ақ жаңа ұрпақтардың діни сезімдерін тәрбиелеу және дінді өзіне сүйіспеншілік пен құрмет туғызатын тазалық пен қарапайымдылыққа жетелеу үшін оқу орындары ашылып жатты. Осылайша Икар, халық өкілдері және халықтың өзі өтпелі кезеңді ұйымдастырып, толық ортақтық режимін даярлау жолында еңбек етті. Бәрі де жақсы ұйымдастырылғаны соншалық, 1798 жылы Икардың қайтыс болуы ешқандай дерлік түсінбестіктерге ұрындырған жоқ. Оның іліміне мүридтер мен пірадарлар бас ұрды, және тіпті халық оның барлық принциптерін өзінікіндей көрді деуге болады. Барлығы күн ілгері талдап-әзірленгені, және оларды орындаудың ұйымдастырылғаны, даярланғаны және ілгерілегені сонша, әңгіме тек қарапайым атқарушылардың еңбегіне ғана сайды. Ол-ол ма. Ескі көзқарастар мен ескі дағдылардың тәрбиемен, жаңа әдеттермен және ойланып-толғанумен өзгертілгені соншалық байлардың өзі қандай да бір бастапқы коммунистік ұйымға кіру үшін өздерінің мүлкін республикаға беретін болды. Икар өзінің бүкіл дәулетін коммуна құруға жұмсап үлгі - өнеге көрсетті, оған ол деревня құрған жүз кедей отбасын орналастырады. Ең бай мырзалардың бірі, герцог Ализор да өзінің ғаламат мол бүкіл мал-мүлкін өзі таңдап алған үш жүз кедей отбасыдан коммуна құруға жұмсады. Тағы бір бай, граф Марбель, соларға еліктеп жетімдер үйлерінен тоғыздан он жасқа дейінгі екі жүз ұл баланы және бес-алты жасар екі жүз қыз баланы жиып алды да, оларды тәрбиелеп, олар ержетіп, бой жетіп бір-бірімен үйленген соң, өз коммунасына қабылдап алды. Үшінші біреу бәрі сай коммуна ұйымдастыру үшін басқа жиырма адаммен бірікті. Бір карт священник өзі тұратын шағын қалашықтың барлық меншік иелерін өздерінің бүкіл мүлкін қосып, коммуна ұйымдастыруға үгіттеп көндірді. Ол-ол ма. Барлық осынау үлгі-өнеге ғаламат энтузиазм туғызып, тізімнің басында байлардың ныспылары жазылған мыңдаған петициялар өтпелі дәуір мерзімінің қысқартылуын талап етті. Дайындық жұмыстарының тым тез ілгерілегені соншалық, елу жыл бірте-бірте қырық жылға, одан соң отыз жылға дейін қысқартылып, толық ортақтық жүйесі толығымен және түпкілікті 1812 жылы, Икар өлгеннен кейін он торт жылдан соң, қайта өрлеудің отызыншы жылы орнатылды. Енді сіз осынау бақытты ортақтық бізде қалай ұйымдастырылғанын түсіндіңіз ғой деп үміттенемін? Егер шамаңыз жетсе, осынау өтпелі дәуірді: құрылыс пен өндірістің ғаламат құлашын; өнеркәсіп пен сауданың өркендеуін; ми мен қол қызметін, толып жатқан жаңалықтарды, өнертабыстарды немесе өнер мен ғылымдағы жетілдірулерді елестетіп көріңіз. Осынау отыз жыл ішінде ұлт өзінің бұрынғы бүкіл тарихындағыдан жұмысты көп атқарып, дамуда көп ілгеріледі. Сондай-ақ біздің әкелеріміз өздері куә немесе құрбандық болған сұмдық дүрбелеңдер мен ғаламат оқиғалардан кейін ләззат тапқан бақ-дәулет пен бақытты елестетіп көріңіз. Революцияның келесі күні, Икардың жоспарлары баяндалған бойда, халық бойында сенімнен, қанағаттан және үміттен өзге сезім болған жоқ. Әрбір күн жаңа жеңіс, жаңа жетістік әкеліп отырды, отан мен бүкіл адамзатқа сүйіспеншілік күн өткен сайын өсе түсті. Және балалық шағында бақытсыздықты бізден көп көрген әкелеріміз, өздерінің табыстары мен жеңістерінен көбірек рухани және материалдық ләззат тапты, олар толық ортақтық жүйесі қазір бізге беретін ләззаттан артық.

"Этьен Кабе. Путешествие в Икарию. Философский и социальный роман.

басылымынан қазақшалаған Нұрмахан ОРАЗБЕК.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙