Мұхтар Әуезов жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
КҮДЕРІ ҚОЖАНЫҢ ҚАРҚАРАЛЫ ТАУЫМЕН ҚОШТАСҚАНЫ
Қарқаралы, Қазылық,
Жатушы едің жазылып.
Жазғытұрым болғанда,
Бауырыңнан ел көшкенде,
Көштің жолы сүрлеу боп,
Қалушы еді қазылып.
Жатып қалған жас қозы
Жайылып қой болған тау.
Егізімнің сыңары
Жайылып, қой болған тау.
Бірін сойса той болар,
Қалған бірі - Балқаш боп.
Бағлан қозы қой болар.
Сойғанының терісі
Жөнін білген шеберге,
Бір өзі бір бой болар.
Елей білмес жаманға,
Ел құрып кеткенде,
Ала шолақ иттерге
Көкпары болып тартылып,
Не ермекке той болар.
Қарқаралы қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау.
Пайдасының белгісі,
Ойымда тұрған өлкесі.
Өлкесінің белгісі,
Шаңырағым, уығым,
Үйде бақан, сырығым,
Ат ұстайтын құрығым.
Қазаныма қақпағым,
Желі бір соғар тоқпағым.
Арба, арыс, белдігім,
Ел қыстауға келгенде,
Сиыр бір жатар шілігім.
Ат жүре алмас аралдым,
Ішінде бұғы, маралдым.
Бұғы да марал жатқан жер,
Мергендер таңдап атқан жер,
Мерекеге батқан жер.
Артығын алып сатқан жер.
Бай төбеті аңқылдап,
Байсал тауып үрген тау.
Баласы қаздай байпаңдап,
Бәйбіше дәурен сүрген тау.
Әкем бір күйеу болған тау,
Шешем бір келін болған тау.
Ақ бүркеншек салынып,
Ала берен киген тау.
Кетейін деп кетпедім,
Төңірегің толған жау.
Сайында қопа қамысым.
Тамам бір жұртқа танысым,
Мынада кәпір зорлықтан,
Қалдың-ау есіл қонысым.
Боранда малым ықпаған,
Үйімді дауыл жықпаған.
Шағыр бір жусан изендім,
Сенен де кетіп күйзелдім.
Байлаулы атқа пішенім,
Матаулы атқа кісенім.
Ат арқандар қазығым,
Балаларға азығым.
Кетейін деп кетпедім,
Кәпірден болды жазығың.
Он екі қазылық он түнек,
Есіл, Нұра екі су,
Еңкейіп онан бетің жу.
Бірін де шекер, бірің бал,
Қай біріңді айтайын.
Бетеге, көде, жауылша,
Шулап тұрған бәрің бал.
Кетейін деп кетпедім,
Алып кетті кәпір қу.
АБЫЛАЙ ОРЫСПЕН СОҒЫСАМЫН ДЕГЕНДЕ БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ АЙТҚАН БІР ТОЛҒАУЫ
І
Абылай ханның қасында —
Бұқарекең жырлайды.
"Жырлағанда не дейді?"
Соғыспа деп жырлайды.
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз.
Мұсылман болсаң, кетіңіз,
Сырдарияның суынан,
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап;
Жиделібайсын жетіңіз.
Кісісі жүзге келмей өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған.
Қатын-бала қамы үшін –
Солай таман жетіңіз.
Менің жасым тоқсан үш;
Мұнан былай сөйлеуім
Менің де болар ауыр күш.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегес!
Бұ қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасаң,
Ағаш үйде кәпір бар,
Көрерсің сонан теперіш.
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз.
Қалған елді қостаңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Ергеңізді қоспаңыз.
Кәпір бір алмас демеңіз,
Наны қатты, жемеңіз.
Зайыры қатты бұ кәпір,
Алмай қоймас демеңіз.
Көкшетаудан салдырған
Қараүңгір жолдары.
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау –
Кәпір қала салды, ойла.
Жарқайын деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла.
Атбасар мен Қалғұтан
Балығы тәтті су еді,
Өне бойын шандып ап —
Сүзегін де салды, ойла.
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла.
Бетеге мен көденің,
Берекесі қашты, ойла.
Көкмұрын деген жерлерге,
Қыстауын сонан төкті, ойла.
Жылқысының суат суына,
Шошқасын ап кеп екті, ойла.
Ұлытау шеті Созақтан
Созақтан бергі жерлерден
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла.
Баянауыл, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла.
Жерлікте жетер суды, ойла.
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбаптас,
Ортасында ұйлығып,
Кетейін десе жері тар –
Кетпейін десе алды-артын
Қоршап бір алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла.
ІІ
Ай, Абылай, Абылай!
Қатын алма қарадан —
Қара тумас сарадан.
Қатын алсаң қарадан,
Алды кетпес баладан,
Арты кетпес жаладан.
Қатын алма төреден!
Қатын алсаң төреден
Еркегі болар жау жанды...
Ұрғашысы ер жанды.
Төре бірер ұл туар,
Аузы кетпес парадан.
Мал жинасаң қойдан жи,
Майы кетпес шарадан.
Ит жинасаң сырттан жи,
Қойды бермес қорадан.
Аталыдан би қойсаң.
Адаспас жол мен жобадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.
Ағар дария су кетпес,
Қалмақтан алсаң маһи бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қонысың болсын қазақтан.
Сегіз қиыр шартарап,
Төрт құбылаңды түгел қып,
Төрінде жатып салмақтан.
СЫБАН САБЫРБАЙ АҚЫННЫҢ СОЛТАБАЙ ТӨРЕГЕ АЙТҚАН СӨЗІ
(Көкбай ақсақалдың айтуынша)
Солтабай Сыбан ішінің кәдірлеген төресі болып тұрған заманда бір уақыт елмен бір қоныстың турасында шалыс келіп ұғыса алмай қалады. Соның арты өкпе болып, Солтабай Сыбанды тастап, көрші Найман ішіне көшіп кеткен. Арада бірталай мезгіл өтеді. Ол кез «төресіз ел некесіз қатындай» деген уақыт еді. Сыбан Солтабайдың кеткеніне аздан соң күйінді бола бастайды. Сонда елдің сәлемін өкпелеп кеткен төреге айтқалы Сабырбай ақын келеді. Сабырбай — Ақтайлақ бидің баласы. Өзі де елдің басты кісісі болған. Сабырбай келгенде, Солтабай "ауыл қайда?" деп сұрайды.
Сондағы Сабырбайдың сөзі:
Алдияр біздің ауыл Берікқарада1,
Белге соққан жыландай екі арада.
Тобықты күнде тиіп жылқы алады2
Иесіз иен елде ерік бола ма?
Шұбарым, арғымағым, арыстаным3,
Сөзге бай, ауыздыға қарысқаным,
Жасықты жанып-жанып тасқа салған
Болаттың суын тапқан данышпаным.
Шұбарым, арғымағым, кермаралым,
Өз заңынша бөлкендік, жандаралым4.
Кәпір қаулан болғанда, мұсылман aз5,
Қайраңдап қазы құрттай жан қаларым.
Шұбарым, арғымағым, жүлде алғаным,
Арқауылдың жонындай күн шалғаным.
Асусыз тау, өткелсіз су келгенде,
Құйқылжып құладындай жол салғаным.
Шұбарым, арғымағым, сары жілік,
Арғын, Найман арасы болды бүлік6,
Ежен тышқан қыстайды Құндыздыны
Иен тұр бабаң қонған Қызылшілік7.
Солтеке сеніменен қай төре тең,
Төрені ақыл, қараны қайратпен жең.
Жалды жылқы, құйрықты қой жемеген
Хан ием-ай, сол мінезің Жайықтан кең.
Солтекем бес Байыстың қарағындай8,
Әлібек, Айтақ қыстайды Қарақұмды-ай.
Қолына отты шала ұстап туған
Жат бауыр қыла көрме Барағымды-ай9, Дейді, сонда Солтабай төре малшыларына «түйе қайда» деп, бөгелместен көшіп, Сыбан ішіне қайта келіпті.
Жинаушы: М.
БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ КЕРЕЙГЕ АЙТҚАН СӨЗІ
(Көкбай ақсақалдан)
Абылайдың тұсында Керей мен Арғын ішінің бір аурудың жанжалы болып Арғын жағынан Ақмырза деген біреу соққыға жығылып өліпті. Бұл өлімнің артынан екі елдің арасын ашатын үлкен тартыс дау болып, кесімге тоқтаса алмай, Арғын тізе қылыңқыраған соң, Керей өкпелеп ауа көшкен. Сонда Керейге Абылайдың сәлемін айтқалы Бұқар жырау қуа келіп мына сөзді айтыпты:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп.
Сен қашсаң да, мен қойман
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Мен Арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын.
Сен бұзау терісі шөншіксің
Мен өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасы білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа.
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Жар басына қонарсың,
Жарты лашық тігерсің,
Аузыңнан ас кетер
Қара көзден жас кетер,
Бұ қылығың қоймасаң
Сонау кеудеңдегі
Дулығалы бас кетер.
Бұл сөзді Керей естіп бұл дауын да, билігін де өзі айтыпты: «Біз Абылай алдына барып қыз беріп құдандалы болсақ, табысады екеміз. Олай болса кетпейік, қайтайық», - деп қайта көшіп келіпті.
АЙ, ТАҢСЫҚТЫҢ ҚОШТАСҚАНЫ
(Жанақ ақын айтуындағы "Қозы Көрпеш - Баяннан")
Қарабай көше қашып жөнелгенде, ел-жұртқа екі қыздың қоштасқаны:
"Балталы, Бағаналы ел аман бол,
Бақалы балдырғанды көл аман бол!
Теруші ем еріккенде ермек етіп,
Екпе жиде, алма ағаш, гүл аман бол!
Жібектей шалғынында ойнап өскен
Сегіз сай тау біткенді сала аман бол!
Үйеңкі, қайың, терек, тал аман бол,
Қалған ел, қалайықтың шалы аман бол.
Қайын атан Қарабай сенен қашты,
Жөргекте Қозы Көрпеш бала аман бол!
Тауып ал, қуып жүріп арттан іздеп,
Ел жақсысы Тайлақ би айтқаным сол.
Осы ізі тоқсан мыңның соқпақ болар,
Жоғалмас қайда барсаң жазылған жол.
Тайлақтың енді аман бол қалған елі
Арқаның сен де аман бол қоңыр желі.
Ыстықта күн жүрмейтін салқын соғып
Аққан бұлақ, дүм ағаш көлеңкелі.
Ұзын өлке, жота мен төбе аман бол!
Тайлақ би ел жақсысы көп аман бол!
Изенді, бетегелі, мың жусанды
Ақ көде, малға шүйгін шөп аман бол!
Жасы кіші іні мен аға аман бол!
Өребдел өңшең мырза жаға аман бол!
Қайын атан Қарабай сенен қашты,
Жөргекте Қозы Көрпеш бала аман бол.
Баянды бермей кетер саған боқты,
Айым, күнім атарсың қазалы оқты,
Күнінде күйеу болып іздеп келсең,
Жолыңда біз тұрармыз айтқан тоқты.
Қозеке, піспей қалған сен бір алма,
Бойыңа қуат кіріп күш толар ма.
Қозы Көрпеш күйеу боп, біз қайын бике,
Иілісіп тұратын күн бола ма?
Қолынан ит Қарабай малың соймас,
Сол нәлет дамыл қылып дәмге тоймас.
Құдайым тағдырыңды қосқан болса,
Қайда барсаң онда бар, сені қоймас
Үйіңе құдай оңдап қыдыр қонар.
Ер Лұқпан қолтықтап жолдас болар,
Егерде сапар қылып іздеп келсең,
Осы ісің тоқсан мыңның соқпақ болар.
Балталы, Бағаналы халық аман бол,
Жөргекте Қозы Көрпеш жалқы аман бол.
Жеңеше, құрбы-құрдас, келін-кепшек,
Қалайық бізді ойлаған жалпы аман бол!"
ЖАМАН БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
(Көкбай, Құраш ақсақалдардың айтуынша)
Жаман бақсы Шақар бақсының әкесі. Шақар ат бәйгесіне қобыз қосып алдына келтіріпті деп, Тобықты ортасы аңыз қылады.
Жаман бақсыға мына сарынды Сабырбай ақын шығарып берді деген сөз бар:
Қаулан көкте жылқы ойнар,
Аталы ұлдың құлы ойнар.
Атасыз ұлдың көзі ойнар
Шешесі өлген жетім қыз, ойбай,
Сорлы оның басында
Сірке менен бит ойнар.
"Мен Жаманның ұлы Шақармын,
Көпті көрген мақармын"
Ойбай да терек, ау-ай терек,
Маған бір бәле тақалдың.
Ау-ай Терегім-Терегім,
Бір күніме керегім.
Байбақтың оты жанбайды
Бейшараның үйіне
Шақырса қонақ қонбайды.
Арам ойлы жігіттің
Жүрсе жолы болмайды.
Арық атқа қамшы ойнар,
Жыртық үйге тамшы ойнар.
Көбік қарда түлкі ойнар.
ЖАМАН САРТ САРЫНЫ
Болат бір пышақ жанға қас,
Қып-қызыл талға қинаса,
Ер жалғыз үй болмаса.
Оңалтпақ дүние жоқ екен,
Ту жығылып құласа,
Айғыр айтып, ат айтып,
Ағайыны аңыраса.
Сонда да тәңірім қоймайды-ау,
Алуына ұнаса.
Әсіре бір таудан жол салған,
Қойқаптан1 барып жол алған,
Көкте екенін көрмеген,
Жерде екенін білмеген,
Аласа бойлы жатаған,
Ажыраққа түйе матаған.
Әкесі өліп ас беріп,
Алпыс бір ала қоңыз атаған.
Жарғыш, жында сен арсыз.
Бейбақ, адамзатта мен арсыз.
СЫБАН АҚТАЙЛАҚ БИ
(Көкбай ақсақал айтуынша)
Ақтайлақ өлеңші би болған. Бұның баласы Сабырбай ақын. Сол Ақтайлақ би мен Солтабай төренің тұсында Керей мен Көкшенің арасында құн дауы болады (Көкше Тобықтының бір руы). Көкше Керейде кісі өлтірген. Бірақ мойнына салатын айғақ жоқ. Кереймен арасындағы дау басылмайды. Керей Көкшені құнға жықпақ болып артынан қалмай қуады. Екі елдің сөзі тоқтамауға айналған соң, арадан кесік айтатын ағайын іздеседі. Сонда Көкшенің алғаны Сыбан ішінің төресі Солтабай болады. Керей Ақтайлақ биге барады. Құн дауына кесік айтқалы Солтабай төре екі елдің даугерін күтіп отырғанда, Керейді ертіп Ақтайлақ келеді. Бұның келгенін Солтабай ұнатпай қалады. Сонда Ақтайлақ: "Үйректің көбін қаз сүймес, сонда үйрек қазға сүйсінбес, бірақ көл иесіз көркеймес" депті. Солтабай Көкшеден 40 кез торғын мен сары қасқа ат деген бір белгілі жақсы атты алып қойған екен. Ол Көкше жағына бейім болады. Керейге: "Батыр – айғақ, байшөгелің жоқ, төрт кісі күмән ұстайсың" дейді. Ақтайлақ пара алмайтын әділ би екен. Керейдің ақысы адал екенін біліп:
Бай қонысын сұрасаң,
Батпақ сулы даласы.
Қой қонысын сұрасаң
Кекірелі жантақ сор ащы.
Қоссадағы таусылмас,
Қыдырлы байдың сабасы.
Сірәда ұшбақ көреді-ау,
Осыны тапқан анасы, —
деп өзінің кеудесін түртіп:
Сен төрт кісі күмән ұстасаң,
Мен тоқсан түйе құн кестім.
Сөзімнің болса расы.
Бүгін Керей өлгенде,
Ертең Найман өлмей ме,
Өлімді жанның мұрасы, —
дейді.
Бұл сөзді Солтабай ұнатпайды. Маңындағы төрені жақтаған ел де Ақтайлақтың сөзіне ырза болмай, баса билік айтқанға ереуіл жасайды. Сонда тағы Ақтайлақ:
Әуелі баһыра ашылса1,
Аққу шомар көлдерге
Туысқаны кімнің кеп болса,
Үлкен медеу белдерге.
Қырық кез торғын жатыр ғой2
Ақ сандықтың түбінде.
Бәрін айт та, бірін айт,
Солтажан-ау, сарқасқа ат тұр ғой белдеуде, -
депті.
Бұдан әрі Солтабай ешбір сөз айтуға жарамай, Ақтайлақтың сөзі алынып, екі елдің дауы бітіпті дейді.
АБАЙДЫҢ КЕЙБІР ӨСИЕТ СӨЗДЕРІ
1. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады. 2. Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді? 3. Егерде ісім өнсін десең, ретін тап. 4. Биік мансап, биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады. Жікшіл ел жетпей мақтайды, желөкпелер шын деп ойлайды. 5. Дүние — үлкен көл. Заман – соққан жел. Алдыңғы толқын — ағалар. Артқы толқын – інілер. Кезекпенен өлінер. Баяғыдай көрінер. 6. Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық. Бақпен асқан патшадан, миымен асқан қара артық. 7. Тоқ тіленші – адам сайтаны, харакетсіз – сопы монтаны. 8. Жаман дос — көлеңке; басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың. 9. Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас. Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол. 10. Қайратсыз ашу - тұл, қайғысыз ақыл – тұл. Тұрлаусыз ғашық — тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл. 11. Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің.
АБАЙДЫҢ БАСЫЛМАҒАН СӨЗДЕРІ
Әбдірахман деген баласы өлгенде Абайдың жоқтап айтқан өлеңдері:
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиынға сермедің.
Көзіңді салдың тұғырға,
Бейнетін қиын көрмедің.
Бір оқыған құрбыға,
Бас бәйгені бермедің.
Бала болдың, жас болдың –
Жалғандыққа ермедің,
Төре болдың, бас болдың —
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едің?
Іздеп табар жалғаннан,
Бала берген пенде едім.
Пәнде өлмейді арманнан,
Мінекей мен де өлмедім.
Кешегі өткен ер Әбіш,
Елден бір асқан ер Әбіш,
Жүрегі — жылы, бойы — құрыш;
Туысы жаннан бөлекті.
Өнері оның жұрт асқан
Ғылымға көңілі зиректі.
Аямаған ғаріптен,
Қолдан келген көмекті.
Кісіге сідет жүктетпей,
Еңбегін тапқан жүректі.
Біреудің қылған қарызын
Айтқызбай, артық төлепті.
Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі.
Ойламаған өлімнен
Жасқанамын демепті.
Тағдырға тәбділ бола ма,
Сабыр қылсаң керекті.
Жағалай жайлау дәулеттің
Жасыл шөбі қурамай,
Жарқырап жатқан өзеннің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай.
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың торалмай,
Жалын жүрек суынбай
Жан біткеннен түңілмей.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру