Дала жыры
Исламғали Үркімбайұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ
ДАЛА
ЖЫРЫ
Алматы
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз)-44
И 41
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
И.ҮРКІМБАЙҰЛЫ
ДАЛА ЖЫРЫ. . – Алматы:
“Хантәңірі”, 2014. – 286 бет.
ІSBN 978-601-03-0277-8
УДК 821. 512. 122
ББК 84(5 Қаз) - 44
ІSBN 978-601-03-0277-8
© «Хантәңірі», 2014
И 41
ӨЗЕКЖАРДЫ
О, менің сырлы далам, жырлы далам,
Шегіртке шырылынан жыр тыңдағам.
Жүрегіме сіңіріп өсіп едім,
Ертегі, аңызыңды мың-мыңдаған.
О, менің ұлан далам, құлан далам,
Қурайдың ызыңынан мұң аңдағам.
Дауылыңнан естимін бабам үнін –
«Алаш! Алаш! Алаш!» деп ұрандаған.
Маған бірдей жақының, алысың да,
Қызылкүрең топырақ намысың ба!
Жылы жаңбыр ананың көз жасы ма,
Нар інгендей боздаған «арысымдап...».
Таңмен бірге таңдайға түседі өлең,
Жабыққанда жаныма күш едің сен.
Шер құйылып кеудемді сыздатады,
Домбыра мен қобыздың ішегінен.
О, менің құдіретті құйын далам!
Өзіңе сиынды әкем, сиынды анам.
Топырағыңда қанымның иісі бар –
Өзекжарды өзіңнің ұлың болам!
ДАЛА ЖЫРЫ (ТОЛҒАУ) І Шаңы шығып шұбатылған жолыңмен, Жортып келем ылдыйыңмен, өріңмен. Айлы түнде күңіренген, құлаққа, Үн келеді бабалардың көрінен. Бақ пен соры қатар ұшқан сор далам, Үн келеді... боз інген бе, боздаған?! Ел басына естен кетпес күн туып, Қасіреттен күйіп кете жаздаған. Соның бәрі ұрпағыңның жадында, Өзіңдікі тәнім, әрі жаным да. Өмір сүрдім о, Ұлы Анам өзің деп, Өзіңдікі... бағым менен, сорым да. Тобылғың мен тораңғыңа жылынып, Көрген жоқпын мен Өмірден түңіліп. Тағдырыңды жыр етуге жетелеп, келе жатыр мәңгі сөнбес жыр-үміт. Күлік міндім күдеріден бау тағып, Көк бөрідей көкке дауысым жар салып. Ұрпағына үмітпенен қарасын, Көрде жатқан Бабаларым тамсанып.
О, Ұлы анам, сырласым, һәм, мұңдасым, Сенен алдым сертке байлап жыр басын. Ғарышқа да бәйге қосып жарысқан, Бүкіл Әлем, Дала жырын тыңдасын! ІІ Қайран далам, дархан далам, кең далам! Құшағыңнан сая тапқан мен балаң. Жүрегімде шала жатыр жанбаған. Жолым жатыр мен әлі де бармаған. Асқар-асқар шыңдары бар паң далам, Өркеш-өркеш құмдары бар маң далам. Қойныңдағы қазылмаған кен болам. Жазылмаған әфсанаң да мен болам. Өзің барда мен кімдерден кем болам! Бабалардың жүрегі һәм, тілегі, Топырағыңның түйірі де киелі. Кіндігімнен байланғамын талыңа, Ажырамау үшін сенен бір елі. Бір кездері Білге қаған тірі еді, Күлтегіннің тулап тұрған жүрегі. Кең төсіңе тастан сарай салдырған, Арман-ойын тасқа жазып қалдырған. Ұрпақ үшін күйінбеген бар ма адам? Аманатын асылына жалғаған. Ұрпақ үшін шаршаса да, талмаған. Қыран көңіл қияларға самғаған. Тоныкөктің қобызы боп сарнаған. Ерлік пенен Елдік жолын таңдаған.
Көк сүңгімен сілтегенде ашынып,
Өрт боп келген дұшпан тірі қалмаған.
Жауың келіп жағаңа сан қол салды,
Соңдарынан шұбырынды жол қалды.
Қызылқұмың қызыл қанға малшынып,
Бастар жатты тұяқтарға жаншылып.
Арқалаған қанша арман, қанша үміт,
Жолдар жатты жотасынан шаң шығып.
Бүгінгі дос ертең қайта қастасып,
Қас болғандар, қайыра кеп достасып.
Тұрлауы жоқ алмағайып заманда,
Аш қасқырдай ұмтылды адам-адамға.
Ойын етіп қайырымсыз ажалды,
Сонысымен жеңді Қорқыт тажалды.
Көрден қорықпау керектігін ұқтырып,
Қарсы ал деді ажалды да тік тұрып.
«Есің болса өлемін деп жылама»,
деген екен Анахарсис ғұлама.
Өз ағасы – Скифтердің көсемі,
Жебесінен өмір оты өшеді.
Өлерінде сөз айтыпты көшелі:
«Менің жаным басқа әлемге көшеді.
Мен өлмеймін, Бақида өмір кешемін...»
деп ағасын кешіріпті деседі.
Бұл далада аңыздар бар мыңдаған,
(Дала жырын бесігімде тыңдағам).
Ұлы Гомер ақындықпен жырлаған,
Күні – өмір, көкжиегі мұң далам.
Бабалардың ерлігінің елесі,
Түсіме еніп, Рухымды шыңдаған.
Көне тарих бетіндегі ізбенен,
Көк Түріктің қағанатын іздегем.
Ұлы қаған Мөде маған сыр айтты,
Сыр айтты да тынысымды тыңайтты.
«...Табанымның астындағы қара жер,
Менікі емес, Тәңірқұты болсам да.
Сол жер үшін отқа оранып жансам да.
Жаным қиып жаудан тартып алсам да.
Менікі емес. Ол халқымның байлығы,
Бере алмаймын жанымды әзір алса да!»
Бұдан өткен көрегендік бола ма!
Ғасырлардың көші өткенмен арада,
Мәңгі өшпейтін із тастапты Санаға!
Мирас болған атадан жас балаға,
Не жетеді, не жетеді Далама!
Отаныңды Тәңірқұты тәрізді,
Сүю керек, күю керек жан аға.
Онсыз сені адам деуге бола ма?!
Туған Жер мен туған Елің – бір ұғым,
Жүрегіңде сақта мәңгі тұнығын.
Жүрегіңде сақта мәңгі құлыным!
Сол екеуін көкірегіңде аяла,
Қажет болса, жаныңды да аяма!
Екеуінен айырылсаң, сол жанның,
Қажеті де бола ма?!
Қайран далам,
тарлан далам,
боз далам!
Жүрегімде сағынышым маздаған.
Қойын-қоншың толған байлық...
Түп-түгел,
Маған тастап кеткен екен Әз-бабам!
Тұр-ан депті көне түркі жұртымыз,
(Көк Түрік-ті, ол кездегі ұлтымыз).
Афрасиаб – Алып Ер Тоңға басқарып,
Жортқан екен ер-тоқымын жастанып.
Иранменен неше ғасыр алысып,
Тұлпарының тұяғынан шаң ұшып.
Тұран жұртын паш етіпті баршаға,
Қара қарың, қара белің талса да,
Ғасыр жүгін көтеруден шаршама!
Дала жыры сыр күтеді қаншама?
Тұрандықтар жетті аман бүгінге,
(Берекеден белім енді бүгілме!)
Жыр төгейін нәрлі қазақ тілінде.
Көне шежіре жетегіне үңілсем,
Тас жазулар тағдырына жүгінсем,
Сол тамырдан өндің дейді бүгін сен!
Ұшар шыңы Көк аспанмен жарасқан,
Барар жерім Көкше теңіз, Қараспан.
Көкте Тәңір, Жерде Ұмай таласқан.
Сол заманда жаралыппын Алаштан.
Сахарада Күлік мінген мен екем,
Көк теңіздей толқып жатты берекем!
Аяқ астым қазыналы кен екен.
Жағам алтын, ал, күмістен жең екен.
Далам дархан, дастарханым кең екен.
Арыстандай теңдік сұрап ақырып,
Дұшпаныма жолбарыстай атылып,
Кетеді екем келіспесе жапырып.
Көк Түрікті сахараның серісі,
Ғайыптан кеп сап ететін перісі,
Деп біліпті бейбіт күнде ел іші.
Қобыз тартып күңірентіп даланы,
Жазады екен жүректегі жараны.
Домбыраның шанағынан күй тулап,
Басады екен арындап сай-саланы.
Қыз дауысты сыбызғыдан сыр тыңдап,
Қызды ауылда жігіт жүрер қылтыңдап.
Жастардың бал-шекермен тең сезімін,
Жеке-дара көкте ай мен түн тыңдап,
Бәйге тігіп, жүйірікпен жарысып,
Сайын дала жататын-ды бал ішіп.
Палуандар арыстандай алысып,
Атан жілік, қара күштен майысып,
Қарыс сүйем қабырғалар қайысып,
Тас үгітер алақандар қарысып,
Жататын-ды боз кілемнің шаңы ұшып.
Айтыс деген қазақтардың айбыны,
Ұмыттырар қан жұттырған қайғыны.
Ақындарың аузын айға білейді,
Түйдек-түйдек сөз түкірген қай күні.
Қоңыр ағаш домбырасын сабалап,
Арғы-бергі Алаш жұртын саралап.
Асылдарын айдар тағып даралап.
Жасықтарын жорта қайрап қаралап.
Жыр төккенде қос ішекті сабалап,
Құйқылжиды құлан жортқан бар алап.
Қыз-жігітке жараспай ма перілік,
Ойын-сауық желпілдетіп, желігіп.
Еліктіріп салқам сал мен серілік,
Өзегінде ойнақ салып өр үміт,
Сұлу тұрса кермаралдай керіліп,
«Екі аяғын бір басуға ерініп».
Жігіт жүрер келіп-кетіп, көрініп.
Қыз ән салса күміс әуен төгіліп,
Жұрт тыңдайды жан-тәнімен беріліп.
Алты Алаштың әрбір күні осындай,
Сөз сөйлейді шешен тілмен тосылмай.
Ақ жүрекпен келсең – қимас досыңдай,
Арамдықпен ара-жолы қосылмай,
Боз даланың еркін өскен төсінде,
Алаш жұрты жыр тыңдайды кешінде.
Қобыланды, Қыз Жібек пен Ер Тарғын,
Ер Төстігі жас-кәрінің есінде.
Баласына, құлын мінген күн ұзын,
Жырмен құяр тәрбиенің уызын.
Іше отырып толғап сары қымызын,
Аңыз айтар кейі қысқа, кейі ұзын.
Астау толы қазы менен қартасы,
Қыза түсер әзілменен ортасы.
Әзіл-айтыс, бәдік-айтыс бәрі бар,
Тола түсер «тіл-төренің» қалтасы.
Алаш жұрты ата сөзін сыйлаған,
Сары алтындай жауһарларын жинаған.
Жасына емес, жаққа қарап, сөйлесе,
Аталы сөз айтар болса топ жарып,
Алты жасар баланы да тыңдаған.
Мұз тауынан мұнар көшкен мұң далам,
Мұң даламда ізі жатыр Шыңғыстың,
Тағдыр өзі тасқа ұрып шыңдаған.
Бейбарыстың жебесіндей сынбаған,
Түркі жұрты – сайын далам, құм далам.
Қыран едім қиындықтан қыңбаған,
Құлан едім құба-дала шыңдаған! Жылан едім айбаты есті шырмаған, Құлан-далам, жылан-далам, құм далам, Құйның боп құладүзде жынданам! ІІІ Жерде Ұмай, көкте Тәңір жарлығы, Құзырына алған жансыз-жандыны. Көне Тұран Даласының төрінде, Туын тікті енді Қазақ хандығы. Жәнібек, Керей сұлтандарым, арысым, Қара қазан, сары баланың қамы үшін, Атқа қонды отқа қайрап намысын! Аталардың ақ сақалын жас жуып – Тұран жұртын сақтап қалу – басты үміт. Қазақия сол арманның бастауы, Көк Түрікке көз алартқан қас жауы. Қасындағы бауырына қас қылып, Жүргендер көп қойынына тас тығып. О, боз далам, таусылмаған арманы, Күндер өтті құлазыған тарланы. Жау табанын бастырмайын деп едім, Жан сарайын аштырмайын деп едім, Қан сасыған етігімен есердің, Бал бұлақты кештірмейін деп едім, Құба талды кестірмейін деп едім. Қара бұлт торлағанда күнімді, Қара дауыл тұншықтырып үнімді, Қара тұлпар астымдағы сүрінді, Қараорманым сынбаса да бүлінді. Алты Алаш бір Алаштан тумап па ек, Белімізді боз жусанмен бумап па ек.
Сұм саясат шерге салды шырмап көп.
Аярлыққа құлақ асып тыңдап па ек?!
Жаралғаным рас болса асылдан,
Үш кессең де, кесірткіге бас ұрман!
Табыд Алаш, табыл досым қасымнан!
Жауларыма бас ие алман басынған.
О, боз Далам, жебе сыйла жасыннан!
Жоңғарлардың зәре-құтын қашырған.
Сақпан сыйла, оқ жаудырар тасымнан,
Тасын борат тауларымның ашынған.
Оқ пен оттан мың өліп, мың тірілдім,
Өзегі сол менің өлмес жырымның.
Күйіп кетіп, күлден қайта жаралған,
Қасиетті феникстің бірімін –
Өйткені мен өлген жоқпын, тірімін!
Кешегі Алаш арыстары қасқайып,
Айтып өткен өлмес Дала жырымын!
Абылаймын басын қосқан Үш Жүздің.
Ынтымақ пен Бірлікте деп күш біздің!
Төле, Қазыбек, Әйтекенің тілімін,
Бұхар сынды абыздардың жырымын!
Қабанбай мен Бөгенбай Һәм Наурызбай,
Ерлігінің ескірмейтін сырымын.
Өткенімнен алған өлмес тағылым,
Қайнап тұрған мен Қазақтың қанымын,
Ахмет пен Әлиханның, Мағжанның,
Кеудесінде жалындаған жанымын!
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер аңсаған,
Арайлаған Алаштың ақ таңымын!
Шындық іздеп өрге тартқан даңғылмын,
Құрманғазы, Сүйінбайлар жалғасы,
Құланаяң Құлманбетпін, Жамбылмын!
Мейірленіп күн иіскеген тұлымын, Қасиетті Қазақтың бір ұлымын! Бопсалау мен бодандыққа төзбегем, Өзімдікі болды енді өз денем. Тәуелсіздік таңын көрдім көзбенен. Сол әсерді айту қиын сөзбенен... Бодандықтың талқан етіп қамытын, Еркіндікке жетті қазақ көздеген. Өтеуіне осы айтқанның бәрінің, Бостандықты баянды еткей Тәңірім! Нұрсұлтандай дана ұлдар басқарып, Нұрлы Әлем қазағымды дос танып, Білімменен ғарышқа асып санамыз, Жаңа Ғасыр жырын шырқап Даламыз, Болашаққа жортып кетіп барамыз! ІV Ұлылардың мекені, Аңыз-далам, Төле, Қазыбек, Әйтеке – абыз бабам! Солардың көмейінен бізге жеткен, Бірлік әні – өлмейтін нағыз дана ән! Ерлік жырын маздатқан Бұхар-далам, Тілмен жауын жаныштап, бұтарлаған. Абылайдың ақ туын аспандатып, Көмекей-әулиенің құты арбаған. Осылайша ұйытып бірлікке елді, Қансыраған жүрекке тірлік берді. Пірлер қолдап, әруақ оянған соң, Тоз-тоз болып дұшпаны дүрліккен-ді.
Ақиқатты аңсаған Абай-далам,
«Сөз патшасына» өзіңсіз қалай барам?!
Төбе-төбе, төбе боп жатыр әне,
Дүние үшін таласқан талай надан.
Жырлап жатқан көсіліп Жамбыл-далам,
Күмбірлейді күмбездер сан мыңдаған.
Жүрегімнің қанына қалам малып,
Ғұсни-сырын жанымның жаздым саған.
Рухыңмен жебей гөр ақын ұлды,
Келе жатыр арқаға артып мұңды.
Өзегіңді қақ жарып туғаннан соң,
Көрер дейсің өзіңнен артық кімді.
Көбе бұзар көк сүңгі – қаламымнан,
Қан емес, жыр төгілер сағағынан.
Боз даланы боздатып айлы түнде,
Көкбөріге қосылып саламын ән.
ҰЛЫ ДАЛА АҚИҚАТЫ
Тұмшалайды ойды түнек дегенің,
Жылт етердей сәуле тапсам деп едім.
Жыр сүйетін жүректер тек сенерім,
Жоқ болса да тоғышарға керегім.
Игіліктің нәрін жинап тереңнен,
Қара түнек қасіретін жеңеммен.
Сартап болып жата-жата архивте,
Даналар мен ойшылдар да көнерген.
Ұлы Дала ақиқаты аңыз боп,
Ертегідей сөнген Еске тамызды от.
Сенбестердің сезімімен қарасаң,
Тарихқа да таңылатын «арыз» көп.
Өткенімді аршып алсам тозаңнан –
Осы менің көкейімде таза арман.
Ертеңіме алып барсам деп едім,
Шежіремді шаң-қоқыстан тазарған.
Тағдырыма етсем деп ем иелік,
Өзегіне дана Қорқыт-күй еніп.
Анахарсис, Геродоттан басталған,
Дала данышпандарына сүйеніп.
О, Дана ой, сәуле түсір санама,
Сансыз ғасыр өткенімен арада.
Ғарышқа жол салып жатқан ұрпағың,
Өткеніне қарап көзі тала ма?!
Соғысса да қызыл қанға малшына,
Бейбіт күнде айналатын малшыға.
Дәстүрге бай, салауатты салты бар,
Ұлы халық Массагет те, Парсы да.
Билеушінің соғамын деп сойылын,
Толтырам деп тоғышардың тойымын.
«Шахматтың тақтасында» - бейбіт ел,
Құрбаны боп қырылды арам «ойынның».
Билеушілер ел қанымен семірген,
Арзан атақ, даңқтан шет не білген?
Зұлқарнайын алғанымен әлемді,
Бір-ақ уыс топырақтан жеңілген...
Ұлы Дала ақиқаты осындай,
Әр-бір күні болғанымен тосын жәй.
Уақыттың тылсымына көмілген,
Тарих жыры тот баспайтын асылдай.
Ашып қалсаң жарқырайды шағылып,
Өзегінде бар қасірет, бар үміт.
Арыстандай арпалысқан батырлар,
Топырақты жатыр үнсіз жамылып.
СЫРЫМДЫ АЙТАМ...
Ей, тағдырым, мынау әлем не дейді?
Назарын сап менсінгісі келмейді.
Қарамаса, мен оларды қаратам,
Жырларымды сары жебедей боратам.
Сенбегенді иландырам, көндірем,
Селебе жыр жүрегіне төндірем.
Тайбурылдай өршеленіп, өрлеймін,
Қазған орын жыра құрлы көрмеймін.
Жігерімді қалқан қылып арыма,
Сырымды айтам Елім саған жарыла.
Нарқы қымбат намысыңды қорғаймын,
Қыраның боп көк жүзінде самағаймын.
Туған жердің топырағынан нәр алам,
Қас жауыңа қанжарың боп қадалам!
Ей тағдырым, ашам солай жолымды,
Мойындатам бағым түгіл, сорымды.
Керек болса тау қопарып, тас жарам,
Тас бұлақтан өлең болып басталам.
Байқағысы келмегенге байқалам,
Аруларға гүлзар болып жайқалам.
Қарттарыма жастық болып жастаған,
Сақалына тамған тамшы жас болам.
Мейірім нұры әжімінде ойнаған,
Әжелердің ұршығы боп айналам...
О, тағдырым, сен білесің мұңымды,
Мұңымды да, айтылмаған сырымды.
Бүгін мені менсінбеген пенденің,
Ұрпақтары жатқа оқиды жырымды.
ЖЕР – АНАМ
Тал бесікте таңменен тербетіле,
Келген екем «іңгәлап» жер бетіне.
Содан бергі қызығым-шыжығыммен,
Жүрегі кең Жер-Анам, сенде өтуде.
Өзіңе аян Өмірге талпынғаным,
Шуағыңа шомылып, ән тыңдадым.
Көз арбады күміс пен алтындарың,
Нарқы қымбат алтыннан
халқым барын –
Жүрегіммен, жаныммен сезіп өстім,
Қаңбағың боп қырқаңды кезіп өстім.
Жанартаудай жалынды намыс бердің,
Намыстансам көрінбес көзіме ешкім!
Жүрегі кең Жер-Анам, қасиеттім,
Сұлулыққа мәңгілік ғашық еттің.
Өзен-көлің... Тауларың...
бәрін-бәрін,
Көкірегіме келеді басып өпкім.
Күлімдеген бір болып гүліңменен,
Мұңыңменен бөліссем, сырыңменен.
Адам салған жаныңның көп жарасын,
Емдесем деп келемін жырымменен.
ҮМІТ ПЕН КҮДІК
Бәсіре еттім о бастан жанымды арға,
(бұйырта гөр жұртыма барымды Алла!)
Дала жырын ғасырға тәбәрік қып,
Шашу етіп шашамын жаным барда!
Сүйеу етіп сүрінсем Пір-Құтыңды,
Үйренгемін сұңғыла сыр күтуді.
Сары Далам, сағыныш-мұңым болдың,
Төрт құбыла түйіссе – бір бүтін-ді.
Бүтін болсын жырың да, сырың далам,
Талай дұшпан қол сұғып жырымдаған.
Көк бөрідей ұлыған көкке қарап,
Бесік жыры секілді мұңың маған.
Қырқалардан гүл теріп қаласа кім,
Еске алуға құқылы бала шағын.
Құлан еді ұрпағың... Жылан болып,
баратқандай қинайды болашағың.
Тұманданып, белгісіз халың-мұнар,
Жан қалды ма, құдай-ау,
жаныңды ұғар?
Табыс қуып талтаңдап жүргендердің,
Көксегені тәңірге мәлім шығар?!
Күдігі көп ақынды жүдетті арман,
Жыр жазатын шапағат тілеп таңнан.
Түлкібұлаң дүние, түңілдірме,
Жатқандай боп
дайындап түнекті алдан
ШАБЫТ ТАҢЫ
Тіршіліктің қол үзбей күйбеңінен,
Ой өрбітіп көңілге түйгенімнен.
Таң шапағын қондырып жанарыма,
Ораламын шабытты күйге кілең.
Ал, содан соң, жортамын күлік мініп,
Жұмыр жерді қиялмен біріктіріп.
Шайқасамын жамандық атаулымен,
Жүрегімде ізгілік тұнып тұрып.
Көре алмастар көз сүзіп «аһ» ұрады,
Қызғаныш ит қыңсылап жатыр әлі.
Ал, ақынды аялап ақ қанатты,
Поэзия-періште шақырады.
Жұмақ нұры ескендей қанатынан,
Жылу алып жүректің жан-отынан.
Қу тірліктің күйбеңін лақтырып сап,
Ақын отыр сәбидей жаңа туған.
Сырын шертсе Әлемге жүрегінің,
Адам үшін құдайдан тілері – күң!
Періштеге айналып бара жатыр,
Бір қанаты сағыныш, біреуі мұң...
Жерге қонып жұлдыздай самала мың,
Таратқанда өмірге таң алауын.
Бақытымды басқамен бөлісуге,
Күлік мініп Ғарыштан ораламын.
МЕН СЕЗЕМІН...
Мен сеземін,
Бар әлемге нұр боп тарап шапағы,
Ертең менің бұла таңым атады.
Абыз далам ақтарып ақ батаны,
Бақ жолына бастап бара жатады.
Мен сеземін,
Оңнан туып сүмбіледе жұлдызым,
Жырға бөлеп
туған жердің шың-құзын,
Мұзбалақ боп қалықтаймын мұз тауда,
Қара шашты құшаққа алып түн қызын.
Мен сеземін,
Қиялыммен тү-у-у Ғарышты кеземін,
Көре алмастан, көз жетпеске беземін.
Қызғаныштың қызыл иті қыңсылап,
Қызыл жалын өртейтінін өзегін.
Мен сеземін,
Өрге сүйреп өрт ішінен өлеңім,
Шыңға алып шығарына сенемін!
Поэзия пырағына ер салып,
Жыр садағын толғай тартып өлемін.
Ал, содан соң...
Жыр сүйетін жұрттың қалып есінде,
Жиналамын Ғарыш жаққа көшуге.
Жер-Анамның ақ білегін жастанып,
Дамылдаймын сайын Дала төсінде...
СЕРТ
О, туған ел, керегімді сайлаған,
Тұғырыңа кіндігімнен байланам.
Сенен қымбат емес күн де, жұлдыз да,
Сенен қымбат емес көкте ай маған!
Ес кіргеннен ерлігіңе сүйсініп,
Өсіп едім нарқыңды ұғып, түйсініп.
Шыныменен сенен туған ұл болсам,
Езілмеймін қиындыққа күрсініп.
Еңбек етем, тауды қолмен қашаймын,
Арманыма жетпей неге босаймын!
Мәңгілік Ел ұрпағы екем, ендеше,
Бақытымды өз қолыммен жасаймын!
Сені көрген жатжұрттықтар сүйінсін,
Кердең басы кекіреймей иілсін.
Нарқы қымбат намысыңа шаң жұқпай,
Дос қуанып, дұшпандарың күйінсін!
Игілікті білігіме жаратам,
Біліміммен жұртты аузыма қаратам.
Сұлтан емес, ұлтаның боп жүрсем де,
Мен сен үшін жаралғанмын жан-Отан!
... ҚАЛАР МА?!
Оралғанда құйын-дауыл ақпа жыр,
Қаңбағың боп домалаймын тап қазір.
Қиял құсы бағыт сілтеп аспаннан,
Дейді, сонау гүлзар көркем баққа жүр.
Бақта бұлбұл тамылжытып ән-күйін,
Күйге еріп, қоғасындай балқиын.
Рахат бір сезім баурап шалқиын,
Рахатқа батып барам... Қалғиын...
Жо-оқ, қалғыман!
Ақпа жырым қайдасың?
Құйын-дауыл
жан-дүниемді шайқасын!
Рахатқа елтуге әлі ертерек,
Қыран-түйсік қияға өрлеп байқасын.
Көрінбейді Ел қайғысы етектен,
Сәйгүлікті босат енді жетектен!
Қасірет боп қара дауыл соққанда,
Қара емен боп,
қарсы тұрып төтеп пе ең!
Еліңді аршып алам десең күйіктен,
Қара сонау қыран ұшар биіктен.
Мәстектер мен жайылып жүр жабылар,
Дүлдүл қайда шабысымен сүйінткен?
Суат қорып шайнасады жабылар,
Шұрқырасқан мәстектері тағы бар.
Нағыз тұлпар тұяғынан от шашып,
Шықпаған соң жабы-мәстек қағынар.
Кие-далам, күнің қарап соларға,
Құшағыңа құрт-құмырсқа толар ма?
Жо-о, болмаса,
құлан жортып жоныңда,
Күліктердің мекені боп қалар ма?!
БҰЛБҰЛДЫҢ КҮНІ...
Тобыр дүние,
дәргейіңнен қашсам ба?
«Мыңқ» етпейсің,
жан сырымды ашсам да.
Қылышыңа,
төнген қызыл тіліме,
Былқ етпейсің,
мойынымды тоссам да.
Сол емес пе,
бар қазынам, асылым,
Онсыз құны
көк жармақ қой басымның.
Қырық жамау шекпеніңді көргенде,
Қайран тілім,
қайыстым сан, жасыдым.
Қайыстым көп,
қабырғама қан қатып,
Шешуі жоқ түйін жанға сан батып.
Өрісіңе өзге тілдер лап қойды,
Жуық маңда босатпасын аңдатып.
Сан тозаққа өртенсең де...
өтіп ең,
Бүгін таңға құр сүлдерің жетіп ең...
Көсегеңді көгертсем деп тамшыдай,
Әкім емес,
ақын болып кетіп ем.
Тобыр дүние,
қалай тілсіз толайын,
Шүлдірлеумен қайда барып оңайын?
Асылыңды арамдауды ойлаған,
Міскіндерге толып кетті маңайым.
Айыра алмай сөздерінен кімді-кім,
Сәбилер жүр жат тіл кескен кіндігін...
Ертеңіңе есім кетіп қараймын,
Тотыдайын торға түскен бұлбұлым.
ДАЛАММЕН СЫРЛАСУ
Арман далам, абыз далам, паң далам.
Сағымыңмын құладүзді шарлаған.
«Отыз жеті кереметтің» ішіннен,
Ойланбай-ақ, мен өзіңді таңдағам.
Жон арқаңда талай жүйірік көсілді,
Көсілді де тағдырлары шешілді.
Сырт қарасаң, көзге қораш көрінген,
Құлагермін дүбірлеткен төсіңді.
Бабаларым берген мұра-байлықтай,
Қалап алғам жан-жүрегім шайлықпай.
Құлагердей құшағыңнан табылам,
«Батыраштың» балтасынан қаймықпай.
Қызғаныштан күйсін, мейлі өртенсін,
Сен мен үшін бәрінен де көркемсің.
Ерменің мен жусаныңның исімен,
Өзегіме өлмес қуат бергенсің.
Мен ұлыңмын сол исіңнен нәр алған,
Топырағыңның түйірінен жаралған.
Болашақтың шақырғанда таңы алдан,
Сендегі өткен күндерімнің бәрі арман!
Саған арнап барымды да, нарымды,
Жыр жазамын өзеніңдей арынды.
Шырылдаған, үмітіңе ілініп,
Бозторғайым деп білгейсің жанымды.
Ал жүрегім...
Сен деп соққан жүрегім,
Сен деп жырлап өтетінін білемін.
Тас қияңда қыраның боп самғаған,
Өрлігіңнің белгісі боп жүремін.
ӨЛЕҢ БОП ҚАЛСАМ...
Осынау жасыл өлкемде,
Қаламын бүгін, ертең де...
Жалғыз-ақ үміт-арманым,
Өлең боп жетсем ертеңге.
Қаламас едім өзгені,
Арман боп жастық кездегі.
Өлең боп жетсем ертеңге,
Сағыныш болып көздегі.
Ілесіп ерке сағымға,
Арайлап атқан таңымда.
Мұң толы, тәтті сыр толы,
Өлең боп қалсам жадыңда,
Қиялға қанат жалғасам,
Бақ құсы болып самғасам.
Болашақ, нұрлы болашақ,
Өзіңе өлең арнасам!
Күндерім келер...
күте алсаң,
Таусылмас тағы құт алсам.
Жүректе мәңгі өшпейтін,
Махаббат болып тұтансам.
Сағым боп самғап даламда,
Төгілсем нұр боп адамға.
Армансыз өттім дер едім,
Өлең боп қалсам санаңда.
СЕКСЕУІЛ
Сексеуілдер, құмдауыт топырағың,
Мекендепсің шөлейіт атырабын.
Жаз жайлауда жүрсем де,
күз күзеуде,
қамыңды ойлап өзіңнің отырамын.
Қызық керек қайда да мына бізге,
Аңшы итімнің көңілі тұрады ізде...
Қарсақ, қоян, түлкіге пана болып,
Қарауытып тұрасың құладүзде.
Секілдісің сексеуіл, сертке берік,
Туған жерден безбейсің текке жеріп.
Жер киесін ұқпайтын ебелектер,
Тәубасына түссе екен сені көріп.
Ыстыққа да, суыққа төзімдісің,
Хас батырға балаймын өзіңді шын.
Беріктігің басқаға ой салсын деп,
жаратқан ба, Жаратқан төзім үшін?!
Арса-арса тұлғаңнан сыр аламын,
Сұлулықты құдайдан сұрамадың.
Саған қарап сексеуіл, әлде қалай,
Төзімсіздік жасауға ұяламын.
СӨЗ КӨШІНІҢ ҚАРА НАРЫ
Көрнекті жазушы
Бексұлтан Нұржекеұлына
Бексұлтан аға, айтқан сөзіңіз көшелі,
Көшелі сөзбен көш бастаған деседі.
Жаркеттегі қалам ұстаған жастардың,
Өзіңізсіз рухани көсемі!
Біз де жүрміз кітаптарыңыздан нәр алып,
Сөздеріңізде нәрлі сиқырдың бары анық!
Оқыған сайын сол сиқырдың қуаты,
Өн-бойыма бара жатады таралып.
Көшелі жанның
бөлінбейді дейді көші елден,
Сүрлеуі бар көрікті ойдан төселген.
Алдыға қарап, арттағы бағыт жоғалтпас,
Тағдыр өзенін тәуекел етіп кешерде...
Мақтаныш етіп, іздейді Сізді санам көп,
Алты Алаштың аузында жүрген ағам деп!
Ініңізбін ілескен сөздің көшіне,
Өрелі оймен өз сүрлеуімді салам деп.
Ұлы сапарда, сиынып намыс, арына,
Сенеді дейді Ел, қайыспас қара нарына!
Естияры болып,
жұртымның жоғын жоқтайтын,
Өзіңіздей, шүкір, ағамның барына!
«ҚҰЛАГЕР- АҒА»
Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын
65 жасында жатқа айтқан Жаркенттік
Аманжолов Қыстаубай Мәтелұлына
Түсінбесе қасиетін халқының,
Түсінеді тіршіліктің нарқын кім?
Ілиястың «Құлагерін» жатқа айтып,
Көрсеттіңіз жаныңыздың жарқылын.
Өмір мәнін ұғар адам сенгенде,
Ал, ұқпаса – сенімің де шерменде.
Көрсеттіңіз өлең сүю үлгісін,
Алпыстың бел ортасына келгенде.
Кісіліктің мәнісі бұл, білерлік,
Білерлік те, мақтан етіп жүрерлік.
Қырық емес, елу емес – бұл жаста,
«Құлагерді» жатқа айту – шын ерлік!
Қыcтау-аға, тәнті болдым шын мен де,
Өлең жаттау оңай емес, білгенге.
Поэманы** меңгеріпсіз, біз болсақ,
Бір өлеңді жатқа айта алмай жүргенде.
Мықтылар бер елді аузына қаратқан,
Байлар да бар миллиондар санатқан.
Мысқалдай кем демес едім солардан,
Мұндай зерде сыйлаған соң жаратқан!
* Поэма- екі мың төрт жүз алпыс жол.
Өмір ғой бұл, үміт оты сөнбеген,
Ұрпақ үлгі алса Сізден, жөн дер ем.
Қадірлі аға, өлең үшін мен Сізді,
Алтын тақта отырғанмен тең көрем!
Мыс деп жүрген, айра алмай алтынды,
Батыраштар ұға алар ма нарқыңды?
«Құлагер-аға» дейді енді құрметпен,
Түсінгендер жаныңдағы жарқылды.
АДАСУ
Жынды ойлар ойнақтап не түрлі,
Иектеп Жалғыздық – жетімді.
Бастағы қоймалжың бірдеңе,
Ми емес, мипалау секілді.
Неге де көнетін түрі бар,
Ынсап та ырыққа жығылар.
Дегендей, жетесіз жетпегір,
Жатбауыр Жалғызды қырыңа ал!
Жында ойлар жетемді кеміріп,
Саламын дегендей не бүлік.
Санаңды сайтанға бердің деп,
Ұятым жылайды егіліп.
Қу нәпсі ақылға көнбесе,
Құрдымға кеткенің ендеше.
Адамдық кейпімнен адастым,
Иманым көмекке келмесе...
АРМАН
Не келіп, не кетпес басымда,
Ағарған түп-түгел шашым да.
Елес боп айналып әлі жүр,
Адасқан бір арман, жасымда.
Тәтті екен, әлі де тамсанам,
Арман-ай, қайдасың, аңсаған!
Алдыңда отыр бір ақ бас шың,
Өзіңді күтумен шаршаған.
Едің ғой ең асыл ардағым,
Еркімді билеген қайда мұң?
Күтумен сарғайған таңдарым,
Келмедің. Келем деп алдадың.
Көктем де, жаз өтті...
Күз деймін,
Күз түгіл, қыстан да іздеймін.
Көретін күнім бар...
Сондықтан,
мен сенен үмітім үзбеймін...
... БОЛЖАУ
Еркіменен балалық пәк сананың,
«Анашым» деп жазды алғаш қаламым.
Қабағыма түскен сәтте реніш,
«Әке» деген сөзден таптым сүйеніш.
Жігіт болып жүрген шақта жалындап,
Ғашықтықтан жүректе мұң қалыңдап.
Нарқы қымбат мендегі асқақ ой-арман,
Қызға деген іңкәрліктен оянған.
Одан кейін орындалмай тілегім,
Көп жыладым көкаяз боп жүрегім.
Өз жарамды өзім жалап жазып ап,
Бөлтіріктей ұлыдым кеп азынап.
Азуымды айға білер сәтімді,
Күттім ұзақ...
Жұрт таныса атымды, -
Деген оймен түн ұйқымды төрт бөліп,
Қанжығама бір шумақ жыр бөктеріп,
Жолға шықтым Темірқазық бетке алып,
Қол бұлғады шырамытып көп халық.
Ай астына алып ұшты арманым,
Артта азап, мұнартады алда мұң.
Ақыныңнан текке жұртым түңілме,
Сырын түсін жүрегіне үңіл де.
Тү-у Ғарыштан түп жусанның түбіне,
Жұлдыз болып ағып түсем түбінде...
ӨЛЕҢ ДЕГЕН...
Өлең деген – сезімдердің
сөзге айналған тұнығы,
Көңілдердің кілті ол –
ашылатын құлыбы.
Өлең деген – жан сарайы,
қымбат асыл жиһазы,
Сол сарайды жырға бөлеп,
құлпыратын сыр-үні.
Өлең деген – өмір нәрі,
таңдайыңа таматын,
Өлең деген – үміт-сәуле,
өзегіңде жанатын.
Көрінбейтін қиял құсы,
тілге ғана қонатын,
Содан оны іздеп өтер
әлемдегі бар ақын.
Жазылатын ғашықтардың
тілегінің «үкімі»,
Сезім қылын шертетұғын,
нүктесі де, үтірі.
Өлген соң да,
тірілермен бірге өмір сүретін,
Өлең деген – ақындардың
жүрегінің лүпілі.
*** Әркімнің тағдыр жолы бар, Жолыммен жүріп келемін. Жақсы да, жаман жолығар – Ақылшым жалғыз өлеңім. Түйсігім нені түйсінді, Сезімім нені сезінді. Бебеулеп тартқан күй сынды, Өлеңмен айттым сөзімді. Сұлу қыздарға сүйсіндім, Оларға мәңгі ғашықпын! Емірене сүйіп, исіндім – Сырымды жыр ғып шашыппын. Қараулар қазған орына, Сүріндім, кейде жығылдым. Қаламымды ұстап қолыма, Мың өліп, қайта тірілдім. Жалындап жандым намыстан, Біреуге жылу силадым. Адамның бәрі данышпан – Керегін іздеп, жинадым. Пендеден алған соққыдан, Жанымда қаяу, жарам көп. Болашақ саған жоқ күмән, Адам боп жетсем... адам боп
КӨРГІМ КЕЛЕДІ
Мен сені көргім келеді,
Жүректің серті – сенері.
Сабырлық етейін десем –
Сағыныш дерті жеңеді.
Назыңды аңсадым айым,
Аңсаумен шаршадым айым.
Күн сайын бірге күтеді,
Арайлап таң-сағым дәйім.
Мен саған барғым келеді,
Құшаққа алғым кледі.
Тәп-тәтті исіңді жұтып,
От болып жанғым келеді.
Ойлаймын қиялдап кей күн –
«Келші» деп келтірсең деймін...
Аймалап мауқымды басып,
Содан соң... өлтірсең мейлің.
«ҚҰС ЖОЛЫ»
Соғатын кей сор дауылдан қалқалап,
Дүлдүл болып дүр сілкінді нар талап.
Нар талапты намысыммен қамшылап,
Шыңға ұмтылдым ащы терім тамшылап.
Шыңға ұмтылдым, көрейін деп алысты,
Алыстан да, алабұртып шаң ұшты.
Етектегі елегізген пенделер,
Сол шаңды да таң нұрымен тең көрер.
Бірін тақтан, бірін аттан құлатып,
Ұлылықты жасайтын да – уақыт!
Уақыттың басы да жоқ, соңы да,
Туылған соң шырмаласың торына.
Пенделерден жасап алып Данышпан,
Тарихтан да алашұбар шаң ұшқан.
Адамдарға, атақ үшін алысқан,
Құдай ғана көз салады ғарыштан.
Күнәларын жіпке тізіп жердегі,
Жазалайтын пендесі оның – ермегі.
Өлшеп берген өмір солай өтеді,
Уақытқа сіңіп бәрі кетеді.
Тарғыл-тарғыл
шаңдақ қалып соңымен,
Ғарышқа ұшып барады «Құс жолымен»...
Қаратаудан Қараормандай көш көрем,
Шың басынан
бұлыт болып көшті өлең.
ҚАРАОРМАН
Басқаларды кінәламан сорыма,
Бақыт әне, түспей кеткен қолыма.
Бар қазынам басымдағы мұнар мұң,
Мұнар қуған бір дәруіш шғармын.
Сағынышым сары күздей самсаған,
Мен бармын деп
барша жұртқа жар салам.
Сен деп туған сері көңіл бір Ақын,
Жонын төсеп жел өтінде тұратын.
Бар арманы – болу саған ықтасын,
Жанын оның ұқсын, мейлі, ұқпасын.
Түсінгісі келмегеннен түңілмей,
Қалса деді Қараорманым бүлінбей.
Сен бүлінбей,
сен сүрінбей жүрсін деп,
Табаныңа батқан шөңге,
маңдайыма кірсін деп.
Құрақ ұшқан Мәжнүнің мен едім,
Қасиетті Қараорманым сен едің.
О, туған ел, тұрымтайдай ұлың ем,
Қырға салсаң
«қың» демейтін «құлың» ем.
Өтсем деп ем азабыңды арқалап,
Өлтірсе де өгей Тағдыр балталап.
Қызық іздеп
құнықпадым құлшынып,
Шекпенімде тердің исі тұр сіңіп.
Қадіріңді қаймана жұрт білсін деп,
Жүрегің боп соғып едім дүрсілдеп...
Түсінбесе бәз біреулер, түңілмен,
Ертең қызық деп түсінгем бүгіннен.
Қараорманым, мен өзіңе жүгінгем –
Аялауға жаралғанмын жырыммен!
*** Уақыт өтер бұлттарман ілесіп, Үміт-жұлдыз бір жанады, бір өшіп. Ақын өтер аңғал-саңғал қалпында, «Жүрегі жоқ» пенделермен күресіп. Сыр іздесе ұлы тарих көшінен, Ескі күндер есте қалар несімен? Кеңдігіне кесапаты тиетін, Жомырт далам кесірді де кешірген. Қалта қалың, баста бірақ тапшы ой, (ойсыздардың жағдайы да жақсы ғой). Өз жоғы емес, елдің жоғын жоқтаған, «Ақын да бір алаңғасар, бақсы ғой». Дейді күліп «жүрегі жоқ» пенделер, «Өлең емес, ақша адамға өң берер». Түсінігі дүниеден аспайтын, Тоғышармен ақын қалай тең келер?! Өмір-майдан, өзегінен қан тамған, Адастың деп қаға қоймас арқаңнан. Екі бүктеп топыраққа тығады, Алтын саулап тұрса-дағы қалтаңнан. Сағынышпен сарғайғанда сана-мұң, Табиғат та жаспен жуар жанарын. Сансыз жүрек ақынды еске алады, Жырларында рухы бар Даланың!
АҚ ӨЛІМ
«...Бір ақын өлсе талай қырылды өлең».
КЕНЕН.
Жыртып жейтін ауызды жырынды емен,
Аяқталар кім білсін мұңым немен?..
Бұла жырды бұлақтай ағызатын,
Ақын өлді, шырылдап қырылды өлең.
Ақын өлді, өлген жоқ өмір бірақ,
Бәйтеректей қалғанмен көңіл құлап.
«Жүрегі тоқтап қапты, рас па?» деп,
Ел ішін кезіп кетті жеңіл сұрақ.
Мырс еттім жұрттың аңғал сұрағына –
Жүрегі тоқтаған соң құлады да.
Егерде, тоқтамаса жүрмес пе еді,
Өзі кеп жауап беріп сұрағыңа...
Жыр сүйер қауым тұрды жоқтап нарды,
Біреулер біреулерді боқтап та алды:
«Шындықты айтқаны үшін шырылдатқан –
Жүрегі қиянаттан тоқтап қалды...»
«Тілі оның қылыштан да бетер еді...»,
«Он қабат алтын тоннан өтер еді...».
«Әлсіздің көз жасы үшін күйінетін...»
«Сол күйік ажалға ерте жетеледі...»
Осылай өрістеді елдің сөзі,
Жұмыла салысымен ердің көзі...
Ақынға амалсыздан құшақ ашты,
Қорқыттай күңіреніп көрдің өзі.
Соқпайды тоқтап қалған жүрек енді,
Жұбатсам деп жүретін жүдегенді.
Ақсақал «ақ өлім» деп бет сипады –
«Елінің есендігін тілеп өлді...»
ТЕҢСІЗДІКТЕР...
Толып жатқан теңсіздіктер маңайым,
Жыртығымды қайда барып жамайын?!
Ел теңдігін алғанменен аллалап,
Тіл теңдігі қиын боп тұр, ағайын...
Толып жатқан теңсіздіктер айналам,
Кім боп бара жатырмыз деп ойланам.
Алаяқтар алшаңдап жүр «құл» ұстап,
Жұмыссыздың жүйкесімен ойнаған.
Жомарт елміз, өзіне емес, басқаға,
Алалаймыз шақырғанда асқа да.
Біреулерге сарай соғып берсек те,
Жеріміз жоқ салып алар баспана.
Ескі етігім аяғыма тар боп жүр,
Артым адыр, алдым құзар жар боп жүр.
Иттеріне ет сатып ап біреулер,
Ал, біреулер нан алуға зар боп жүр...
Біреулерде байлық бар да, сана жоқ,
Біреулерде сана бар да, шама жоқ.
Мал аласы сыртында ғой, ал, біздің,
Ішімізде көрінбейтін «ала» көп.
Шарасыздың жан қайғысын ұғармыз,
Бөз бермесек... сөз береміз бұған біз.
Тіршілікте өйтіп-бүйтіп күн кешіп,
Көрде ғана теңесетін шығармыз...
КӘРІЛІК
«Тоқсан, көрейін деген жасым ба еді?
Быламық жейін деген асым ба еді?»
Халық мәтелі
Қартты көрдім қайғысы қалыңдаған,
Күнін ойлап, Күлікпен арындаған.
Білетіндер еріксіз күрсінеді,
Жетпісте де жан еді жалындаған.
Енді міне шал бопты томыртқадай,
Шала мүжіп тастаған омыртқадай.
Терезеге телміріп отырады,
Мынау жарық жалғаннан қорыққандай.
Әңгімесі бірде жөн, бірде бөтен,
(дедің бе екен, осындай күйге жетем?)
Бұрынғылар бұл жәйді бір сөзбенен:
«Кәріге күл – күлсең» деп түйген екен.
Қартқа қарап кетесің ойға небір,
(алыпқаша бересің қайда көңіл?)
Есіңді алып, сұрқыңды кетіріпті,
Сұрап алған мешіннен қайран өмір.
БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ...
(Есенқұлдың екпінімен)
Біздің елдің жігіттері –
Арқас таудың қыраны,
Елдік жәйлі, Ерлік жәйлі,
айтатын бір ұраны.
Құлай сүйген адамына,
құшақтары ып-ыстық –
Секілді дәл, жанға шипа,
Арасанның бұлағы.
Біздің елдің жігіттері –
жігіттердің бөрісі,
Серігіне қастық қылмас,
арамдықпен жоқ ісі.
«Аттан» десе ел, жауға атылар
ұшы болат сұр жебе,
Бейбіт күнде, малын баққан
еңбектің қой торысы.
Біздің елдің жігіттерін,
суы дерсің Іленің,
Тынық аққан, тұнып жатқан,
Ұлы өзендей жүрегің.
Кеңдік пенен тереңдіктің
нышаны бар өңінде,
Сұрамай-ақ таныр едің,
көрсең егер біреуін.
Біздің елдің жігіттері –
Баркөрнеудей еңселі,
Белжайлаудай кең де, дархан,
көңілінің өлшемі.
Ата-бабам «айдаһардың»
қақпақ бол деп аузына,
Ерлігіне аманаттап,
сеніп берген Ел шебін.
КІМСІҢ?...
Игілікті бір жұмыс, мұрап – ол да,
Атыздарға бұратын «құлақ» қолда.
Көктемеде дән түскен топырақтың,
Аңызақта шөлін бас бұлақ бол да.
Су – ананың сүтіндей, топыраққа,
Нәр сұрайды жас өскін жапырақ та.
Мұрап – судың иесі Сүлеймендей,
Өң береді қолымен атырапқа.
Жалғасады пенденің жолы немен?
Толы қырат, алдыңда толы белең.
Патыша да, басқа да азықтанар,
Қарапайым мұраптың қолыменен.
Салғаныңша тайраңдап текке сайран,
Бір іс жаса тиетін көпке пайдаң.
Кімсің? Мына өмірге неге келдің?
Маңдай терін батырым, төк те, ойлан.
ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА...
Ел жағдайын түп-түгел түсінемін,
Түсінгеннен кіреді ішіме мұң.
Секем ала қарайсың биліктіге,
Кіріп-шықты дейсің деп, ішіне кім.
Аузы күйген үрлейді асын алда,
Сенің добың, дейсің де, басым Алла.
Өміріңді күйбеңмен өткізесің,
Бір түкіріп, өзегің ашығанда.
Үйде айтқанды базарда нарық бұзып,
Тойдыра алмай баланы жарытқызып.
«Қыс киерін, жаз киіп» бір жарымай,
Жүргенің сол «әкесін танытқызып!»
Қолында жоқ – басшының ауызында,
Қолы жүрер жарбиып арызыңда.
Баланың оқуы деп былтыр алған,
Жанды жейді қалыңдап қарызың да.
«Тауып жатыр осы ел қайдан алып?»
деп те ойлайсың бір уақ қайран қалып.
Жайды білмес ағайын өкпелейді,
«Барғызбасың, барғызбай»
тойдан қалып...
Жағдайыңды өзімдей, түсінемін,
Түсінгеннен кіреді ішіме мұң.
Теледидар «баймыз» деп күнде айтады,
Кіріп-шықты дейсіңдер ішіне кім.
АҚЫН МОНОЛОГІ
Кетпесін деп сұраусыз Ердің құны,
Көктесін деп шырмаусыз жердің гүлі.
Бір басыма бір метр жер жетеді,
Менің айтып жүргенім Елдің мұңы.
Елдің халін егер біз сұрамасақ,
Шын егіліп сол үшін жыламасақ.
Бұрап айтар жерде сәл бұғып қалсақ,
Сөз тиер деп егер де ұнамасақ.
Жарып айтар жерде де жалтаңдасақ,
Елдің сөзін естіртіп айта алмасақ.
Шенділердің алдында шешіле алмай,
«Жалпақ шешей» көрініп жалпаңдасақ.
Тіліп айтар жерде тіл қата алмай,
Күйбеңдесек билікке бата алмай.
Малды тесіп мұрнынан матағандай –
Не қып жүрміз, тірідей қата қалмай!
СЕЗІНУ
Хақ Таһала, сендім саған,
Жүрегімде иман кәміл.
Құлдық ұрып құлың болам,
Атыңды айтып дәміл-дәміл.
Рухымды ақын қылып,
әкеліпсің бұл фәниге.
Жырға қосып атыңды Ұлық,
Жан жүрегім жүр әрине.
Ұлылықтың иесі сен,
Пендең ұлық бола алмайды.
Жүргенді ақыл жүйесімен,
Ұлысың деп неге алдайды?
Күлу емес, түсінгенге,
Білу үшін жаралғанбыз,
Құранды Аллаһ түсіргенде,
Әр сөзінен нәр алғанбыз.
Шындықты іздеп шырылдадық,
Дедік, сол күн туар ма екен.
Бұрын неге бұрылмадық,
Шындық нәрі Құранда екен.
БІЛМЕК КЕРЕК...
Аллаһқа тән жалғыз ғана, Ұлылық,
Білмекке ұмтыл, һақиқаттың сырын ұқ.
Қайдан келдік және қайда барамыз,
Қайдан шықты тіріге тән жылылық?
Тірісің бе, білу басты мұратың,
Жеткенінше жүректегі қуатың.
Тән азығын күйіттеумен келеміз,
Ал, Рухтың кім ойлайды ұятын?
Ұмтылмасаң ой жеткенді білмекке,
Ілескенің ебелек боп дүрмекке.
Ғасырлардан-ғасырларға жиналған,
Адамзаттың ақыл-ойы жүр көкте.
Ғұмырыңды уақытқа санатты,
Фәни, Бақи – екі дүние жаратты.
Хақ Таһала өзі ұстап тұтқасын,
Өзегіне білім нұрын таратты.
Екі дүние адам үшін жаралған,
Һақиқаттың атары хақ таңы алдан.
Екеуінің түйісетін есігі,
Басталады «Өлім» атты аралдан.
Тәнқызыққа надан ғана тасынар,
Тасынғанның тозақ құтын қашырар.
Адам үшін һақиқаттың есігі,
Білімнің ақ нұрыменен ашылар.
ТӨРШІЛДЕРГЕ ТӨРЕЛІК...
Бір сыйлы дастарханға келіп едік,
Шақырған соң көңілдің теңі көріп.
Кезінде шолақ бастық болған біреу,
Ұмтылды дастарханның төріне өліп.
Жайғасып, тындырғандай бірдеңені,
Өз- өзінен ыржаңдап күлген еді.
Әлгіден сыйлы, әрі милы адамдар,
Отырып төменірек, үндемеді.
Көрдің бе дегендей боп төрде мені,
Өзіне көптің көңілін бөлмек еді.
Тартып алған біреудің «беделіндей»,
Ой-өрісі бірақ та өрлемеді.
Тұшынарлық сөзінің мәні болмай,
Отырды өз-өзінен жарылардай.
Көп назары көшелі қарияға,
ауғаннан соң, төрдің де сәні болмай,
Қалып еді...
Дастархан киесі бар,
Әзілдің де, қылжақтың жүйесі бар.
Былайғы жұрт айтқызбай түсінетін,
Өзіне сай төрдің де иесі бар.
Көпшілік «мұның әбес» демес тергеп,
Өте берер кетсең де белеске өрлеп.
Баса-көктеп шыққанмен жоғарыға –
Сол орынға лайық еместер көп...
*** Тірнектеген тіршілік есін алып, Қайда асығып барады осы халық?! Деп ойлаймын, кейде мен, көрген кезде, Бара жатқан адаманның көшін ағып. Бола алмаған жастарға, дала мекен, Тіршілігі, тілі де ала-бөтен. Ақпараттың ілесіп тасқынына, Сабыр түбі сарқылып бара ма екен?! Шығарам деп жүргенде Жалғанды айға, (сезім қайда, адами толғам қайда?!) Әке ұлға қарауға шамасы жоқ, Ұл әкеден алыстап қалғандай ма? Үрдіс қайда, үлкенді тыңдайтын жәй, Қылығынан қызымыз қыңбайтындай. Омырауда жаға жоқ жасыратын, Етек те жоқ қымсынып, қымтайтындай. Жын-ойнақсыз жас өмір көктесе екен, Өз ұрпағы өздерін сөкпесе екен. Құлдық ұрып жүргенде құлыным деп, Құлтемірге айналып кетпесе екен.
АҢСАУ
Алашпыз деп атқа қонған ел едік,
Уақыт өзің айтшы бізге төрелік.
Дауға салса, қансыз қызыл жебе едік,
Жауға салса, бірі мыңға тең едік.
«Атым Алаш, керегеміз ағаш-ты»
Кермеағашта сәйкүлігім таңасты.
Өзбек, Ноғай, Түрікпен, Созақ
бір кезде,
Батыс, шығыс... Төрт құбылам
санасты.
Алаш атты Ұлыс едім ұранды,
Дала жыры қайталайды бұл әнді.
Алты Алаштың бағы аспандап
тұрғанда,
Туған жерім аты әйгілі Тұран-ды.
Сол заманда бүтін еді іргеміз,
Өзбек, Ноғай, Қырғыз, Қазақ
біргеміз!
Сегіз арыс Түрікпенім тұрғанда,
Алаш десе, алшаң басып жүргеміз.
Бүтін еді Ұлан Байтақ жеріміз,
Бөлінбеген өзен-тоғай, көліміз.
Бөлінбеген қырқа, қырат, беліміз,
Тұтас еді босаға мен төріміз.
Бірге еді қайнап аққан қанымыз,
Бірге еді малымыз да, жанымыз.
Ортақ еді қайғымыз да, бағымыз,
Ортақ еді ұятымыз, арымыз.
Ортақ еді Қаратау да, Қараспан,
Сәніміз де, әніміз де жарасқан.
Жауларымыз айбыныммен санасқан,
Санасқан да, сый ұсынып жанасқан...
«Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей,
Бөліндік те, қалдық көзге еленбей.
Ағайынды бөлшектеді айдап сап,
Ал, әйтпесе, күш жоқ еді жеңердей.
Алауыздық құтымызды қашырды,
Алты алаш тарыдай боп шашылды.
Жанын сақтап қалу үшін, бодан боп,
Күштілердің дәргейіне бас ұрды.
Сақтаймын деп Алаш деген атыңды,
Алашорда көсемдері «аһ» ұрды.
Алты алашты біріктірем деп жүріп,
Әлихандар... Ахметтер... атылды.
Бүгінгі алаш ұрпақтары майдамыз,
Жеке-жеке ойлаған бас пайдамыз.
Сегіз арыс Түрікпенім, Өзбегім,
Қарақалпақ, Қырғыз, Ноғай...
қайдамыз?!
Ойлайсың ба тарих артқан жүгіңді?
Ойлайсың ба шыққан сонау, түбіңді?
Тәңір өзі еркіндік ап бергендей,
Көтерсін деп Алаш атты туыңды!
ЗАР МЕН АР
Шыдап келген сан қатал сынақтарға,
Ұмтылған тек, жылап та құлап та алға.
Басқа емес, өзінің отанында,
Елдің зарын тыңдайтын құлақ бар ма?!
Байғұстардың неліктен таңы атпайды?
Қатал тағдыр сұсымен қаратпайды.
Мекемеде қарулы күзет отыр,
Зарыңды айтсаң жанына жолатпайды.
Мекеме ме, түрме ме, неғып отыр?!
Автоматпен сұсты айбат беріп отыр.
Қаруыңды қоя тұр айналайын,
Мұңын шағып мүсәпір келіп отыр...
Осы міне бүгінгі елдің күні,
Ақшада тұр, ақиқат сөздің шыны.
Азын-аулақ көмегің болса дейді,
Ал, әйтпесе, емес қой ердің құны.
Мекемелер, тас жүрек мекемелер,
Темір есік ашылса өтеді егер.
Кем-кетіктің зар-мұңын жүре тыңдар,
Жуан қарын, бұлтиған бөтегелер.
Сыйламайды деген ғой, танымасын,
Бара, бара өзің де жалығасың.
Толарсақтан саз бенен баз кешетін,
Кедей Зары – биліктің Арына сын!
«АЙҚАЙҚҰМ»
Аңызақта кеберсіді таңдайым,
Қайда барсам құмға тиіп маңдайым.
Шетсіз-шексіз сары далада көсілген,
– Естідің бе біреулердің айғайын?
Айғайлай ма, құдайым-ау, зарлай ма?
Құлақ түрші, кім жүр екен шалғайда?
Кім болса да, біреу келіп шіркін-ай,
Су тамызса кеберсіген таңдайға.
Көкмайсада шіркін, шалқып жүрген күн,
Бірдей еді жас көңілге күн мен түн.
Алтыннан да болатынын су қымбат,
Шөлге барып шөліркемей білген кім?
Әлгі дауыс тағы шықты, сездің бе?
Құлақ аман, бұлдырайды көз мүлде.
Құм төбеден естілетін сияқты,
Бұрын-соңды бұл даланы кездің бе?
– Құлан жортқан құла дала бұл деген,
Киіктер де орын тепкен іргеден.
Киінгендей үлде менен бүлдеден,
Жыңғыл әне, күлгін тартып гүлдеген.
Білмейтіндер ерекше таңқалатын,
Үркектердің есіне үрей салатын.
Сары желмен сансыз рет айтысып,
«Айқайқұм» бұл, күнде айғай салатын.
Ей, жолаушым, сәтті болсын жорығың!
Сайын дала толы құм мен толы мұң...
Есту үшін «айқайқұмның» дауысын,
Аралап қайт Алтынемел қорығын.
ТАСТҮЛЕК
Жас талапкер жыр оқыды жұлқынып,
Жырларынан сыр естілді бір тұнық.
Тіфә, тіфә... тіл мен көзден сақтасын,
Бәйтерекке айналғанша бұл шыбық.
Жыр оқыды жастық жігер жалындап,
Жас талапкер, тілегің де, жаның да ақ.
Таңдағаның бұл жол болса... Кетеді-ау,
бірте-бірте мұң құрсауы қалыңдап.
Түсесің-ау, топан судай топқа да,
Шешінген соң... нар тәуекел, тоқтама!
Маңдайыңа өлең жазып әкелсе,
Тағдырыңа жол көрсетер Хақ қана.
Хақ қолдаса, жалындарсың, жанарсың,
Өз арнаңмен мұхит іздеп ағарсың.
Мүмкін інім, асылыңды аңсаған,
Көсемсөздің көкірегінен табарсың.
Бәлкім бәсің тұрар дәйім жоғары,
Жыр жазарсың жұртың үшін бағалы.
Балта ұстаған Батыраштың мойнында,
Есіл жырдың кетпесе екен обалы.
Тіфә, тіфә, тілім тасқа ағайын,
Таза болсын көреалмастан маңайың.
Тастүлегім, жас жүрегің жырласын,
Туған жердің асқақ алтын арайын!
ӨЗІҢСІҢ ЖАЛҒЫЗ...
Ер елім менің, өр елім,
Өзіңсің жалғыз сенерім!
Қасиетті қазақ тілімнің,
Жыртығын жамап келемін.
Намысым, арым – тілімде,
Жеттің-ау, аман бүгінге.
Санама түсер салмағың,
Тіліме түсер жүгіңде.
Тілің мен Ділің аманда,
Өзің де барсың әмәнда!
Жоғалту оңай барыңды,
Толғауы тоқсан заманда.
Ер елім менің, өр елім,
Ерлігіңнен де айырылма,
Өрлігіңнен де айырылма.
Өзіңсің жалғыз сенерім!
Ерліктің нұры – қаныңда,
Өрліктің нұры – арыңда!
Ұрпақтарыңа үлгілеп,
Салт-дәстүріңнен жаңылма.
Бағыңды батпан, табарсың,
Таңыңды атқан санарсың.
Тілің мен Ділің бүтінде,
Қазақ боп мәңгі қаларсың.
*** ... Ұрпағым соны сезінсін. Асқаралы тауыңа, Айдын көл, аймақ бауыңа, Бұлтпен ұшып бақ келген. Пірлері қолдап қолтықтан, Баянды етіп нақ берген. Тоғыз қабат торқа мен, Кіреуке кисе шақ келген. Дұшпаны найза кезенсе, Күлікке мініп тап берген. Алтын сапты алдаспан, Айдаһарды да қақ бөлген. Еңсегей бойлы Ер едік, Біріміз мыңға тең едік. Ордалы дұшпан төріне, Еңкеймей шығам дер едік. Құлан жортқан боз далам, Жылан уы да ем болған, Атадан қалған өз далам. Іштегі шерді толқытып, Қобыз үнімен қозғаған. Қозғаса қоздай маздаған. Домбыра тартса асқақ жыр, Рухы асқақ оянып, Жапырып кете жаздаған! Қайыспас нардай қазақпыз, Шибөрідей көп емес, Қыран тұқымды аз-ақпыз. Алтын асықтай Өренім, Біліп өс шежіре дерегін.
Асу да асу бел едім,
Қызылқұм, Нарын шөлі едім.
Атырау, Алтай, Тянь-Шань,
Жетісу-жерұйық жері едім.
Дұшпан ниетті пендеге,
Асу бермес Өр едім.
Дос ниетпен келгенге,
Мәелі, жұпар төр едім.
Ұрпағым соны сезінсін,
Тамырда қаның – өзімсің.
Айбын-сұсыңа шыдамай,
Жауларың жаннан безінсін!
Біліммен терең нәрленген,
Ақыл нұрымен әрленген,
Естілсін еркін сөзің шын.
Тоқсанда әкең – Аталық,
Сексенде шешең – Аналық,
Уайымсыз тыныстап,
Ертеңін күтіп көз ілсін.
Сенерім еш күмәнсіз,
Ұлағатты ұрпақ – Өзіңсің!
ПЕРЗЕНТ АРМАНЫ
«Алла Таһала, Арыстың ұрпағына
пейіл-пікіріне лайық ғұмыр бере көр.
Елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын,
қазағым дегенде, қабырғасы сөгілетін
ұрпағымызды көбейте көр!»
Шапырашты Қазыбек бек
Тауасарұлы
Боз далам, менің боз далам,
Көргенде сені мәз болам.
Қурайың желмен күй төгіп,
Жанымның шерін қозғаған.
Жусанның исі бұрқырап,
Кеудемді жара жаздаған.
Гүлдерің көркем, үлбіреп,
Арнаған тәтті наз маған.
Қырқаңда жатқан баяғы,
Балалық тоным тозбаған.
Өзіңді көрсем, анамды,
Көргендей бейне, мәз болам.
Ебелек қуып, еркелеп,
Бала боп кете жаздағам.
Боз далам, менің боз үйім,
Аунап-қунаған өз үйім.
Асыр сап сенде алыстым,
Тай мініп, желмен жарыстым.
Жұлдыздар сәлем жолдайтын,
Төрінен сонау ғарыштың.
Боз далам, балаң мен едім,
Боз жаулықты анам сен едің.
Ақының болып арқалы,
Жырлап бір өтсем деп едім.
Әр тасың – қиял ертегім,
Жартасың аңыз шертетін.
Бұйра бас, бүртік аршаңды,
Жамылсам жасыл көрпе-тін.
Қарағай қалың сарбазың,
Миллион найза кезенген.
Ентелей шапқан жауына,
Ерлердің рухын сезем мен.
Гүрілдеп өткел бермейтін,
Өрлікті көрем өзеннен.
Ақсауыт киген сардар боп,
Шашақты қолға ту алам.
Қарсы кеп көрсін, шыдаған!
Найзамды қанмен суарам...
Желкілдеп шығып қырқаға,
Жеңдік деп жауды қуанам...
Боз далам, менің кең далам,
Құшағыңда өскен мен балаң.
Өзіңе тартқан ұлыңмын,
Мен де өзіңдей кең болам!
Отқа салса жанбайтын,
Суға салса батпайтын,
Қайраулы қылыш шаппайтын,
Алпамыс Ермен тең болам!
Көгіңнен күн боп көрінем,
Төсіңе гүл боп өрілем.
Көктесін далам-анам деп,
Жыр-нөсер болып төгілем.
ТАЛАНТТЫҢ ЖАУЫ...
Таланттың жауы – қызғаныш,
Қызарып іште жүретін.
Бұғынып жатқан, былғаныш,
Осал тұсыңды білетін.
Бақталас болып басқаға,
Басына бақыт қонды деп.
Қара ниетпен қастана,
Ішіне қыжыл толды кеп.
Ол неге асып барады,
Мен неге одан кем болам?
Ел мақтап жатыр ананы,
Несі артық менен, оңбаған!
Қызғаныш иттің қыңсылы,
Ішіңді солай тырнайды.
«Мен білмес бар-ау, бір сыры,
Сүріндірсем де қыңбайды.
Өтірік мақтап оңаша,
Осалдау тұсын табайын.
Сенгіш неме еді балаша,
Омақастыра шалайын»
Қызғаныш шіркін осынай,
Қыңсылап маза бермейді.
Боламын деуге досындай,
Өзіне-өзі сенбейді.
Тарыл мейлі, тарылма,
Бәрі де Тәңір қолында.
Таланттың жауы – қызғаныш,
Жарбиып жүрер жанында.
БЕС АЛАТАУ
«Хақ Таһала тау мен тасты да
адамзаттың тәлейіне бола жаратты...»
Қасиетті Хадистен
Мақтан қып, Арқас, Лабас тауым барын,
Қалмайды араласам, жанымда мұң.
Бір үйдің бес баласы секілдісің,
Шу, Талас және Шымбас – бауырларың.
Далама бес Алатау қоныс тепті,
Бауырынан аю, барыс өрістепті.
Бір-біріне бұлттан сәлем жолдап,
Қуаныш-сүйінішіңді бөліс депті.
Көгінде мұзбалағы қалықтаған,
Шөбіңнен шипа тапқан тәуіп бабам.
Құшағыңда аралас-құраласып,
Сырына тау мен тастың қанықты адам.
Аң мен құс араласып жамыраған,
Арқар мен тауешкісі маңыраған.
Тауларды құз-жартастан жаратқандай,
Пендеме пана бол деп Тәірі оған.
Сасқанда адам, тауға кеп бас құрапты,
Аңды азық қып, сіміріп тас бұлақты.
Ата-бабам баурайын мекен еткен,
Жау келгенде таудан да тас борапты...
Бес Алатау – бес сала, атамекен,
Кен төгіліп қойнынан жатады екен.
Баба хаты – шекіген таңбалы тас,
Шертіп қалсаң шежіре тіл қатады.
Бес Алатау – бес сала, мақтанышым,
Ұрпағыма өзіңнен бақ дарысын.
Рухына өмірлік бас иемін,
Бабаларым сені іздеп тапқаны үшін.
Аттарыңды атақтап ұрпағыма,
Жүрегімнен төгілер жыр тағы да.
Арқас, Лабас, Шу, Талас және Шымбас –
Атамекен аманат ұлт арына!
БАУЫРЫМ!
Ұшпағына өмірдің жетеді кім,
Бүлкілін де білдірмей өтеді күн.
Әлдебір танымайтын біреу келіп,
«Бауырым» десе езіліп кетеді ішім.
Осы сөзде бір ыстық мейірім бар,
Жібітетін адамның пейілін тар.
Шын жүрекпен айтылған болса егер,
Бес жастағы балаға дейін ұғар.
Айтарыңның астарын, жүйесін біл,
Тілмен жарым ырысың ілесіп жүр.
Бауыр десе бауырың жылынады,
Кісіліктің сол сөзде киесі тұр.
Бауыр десе бауыр ет езілмей ме,
Осы сөзден нұр шуақ сезілмей ме.
Бауырым деп бар қазақ басын қосса,
Маңайынан дұшпаны безінбей ме!
Көңілдің көп түйіні тарқар ма екен,
Дәл осыны демеймін байқар бөтен.
«Бауырым» деп бас салып жер бетінде,
Қазақ қана қапысыз айтады екен.
ТҮЙСІНУ
Сезесің бе сен де мендей,
мынау жарық ғаламды,
Тылсым түйсік түрткілейді,
күндіз-түні Санамды.
Тұздық ойлар ашытады,
тұз құйғандай жарамды,
Иманым тұр есіме сап,
тобықтай бір тобамды.
Түйсікпенен түсінемін,
Атқан сәттен ақ таңым,
Өзегімде өрт аралас,
Майдан жүріп жатқанын.
Сәтсіздіктер сәтін тауып,
толарсақтан қаққанын,,
Сәттіліктер қапы кетіп,
қанды қақпан қапқанын.
Бәрі мендей сезіне ме,
қасіретті, ғажапты,
Жүрегімді қанқақсатқан,
өкінішті, азапты.
Толғану мен торығудан,
Бас тартар ем қуана,
Хақ Таһала мәңгі қамсыз
етем десе Қазақты.
Еркіндікке қол жеткіздік,
Ал, Рухым азат па?!
Мың өліп, мың тірілуді,
бұйырған ба қазаққа?!
Елдің мұңын еншілеген,
түйсікпенен түйсініп,
Шерлі жүрек шегелейді,
өзін-өзі азапқа...
БӨГДЕ
«Айтпасаң, сөздің атасы өледі»
Халық мәтелі
Жанымды жаралайтындай,
Ағымды қаралайтындай,
Тегімді саралайтындай,
Сонша сен кім едің Бөгде?
Саясат шырмалағанын,
Түзуді бұрмалағанын,
Жеріңнен қудалағанын,
Ұрпағың ұмытты неге?
Атаңды азаптағанын,
Анаңды мазақтағанын,
Жанғанын тозақта жаның,
Ұмыттың неліктен Пенде?
Сансырап сасқан кім еді,
Босқын боп босқан кім еді,
Көзі тірі қартың біледі –
сұрап қал кіргенше көрге.
Сол жылдар жылап жүрегі,
Құшағын ашқан кім еді,
Бауырына басқан кім еді,
«Бауырым» деп шығарып төрге.
Ұрпағың біле ме соны?
Құдайға жеткендей қолы,
Қалтасы ақшаға толы,
Арқасын салып жүр кеңге.
Жерімді жерсінбейтіндей,
Тілімді менсінбейтіндей,
Салтымды теңсінбейтіндей,
Қонаққа шақырған мен бе?!
Жанымен сеніскені үшін,
Нанымен бөліскені үшін,
Бауырым деп көріскені үшін,
Қазаққа қарызсың Бөгде!
ТАҢҒЫ ӘСЕР
Келдің бе тағы да бір құба таңым,
Өзіңмен сырласуды ұнатамын.
Отбасым балбыраған тәтті ұйқыда,
Оятбай тағы сәл-сәл шыда таңым.
Сақтай тұр тамылжыған тыныштықты,
Осы сәт ақын үшін тым ыстық-ты.
Мешіттер азан айтып жатыр әне,
Болсын деп бақ баянды, ырыс құтты.
Ұрпағым өссе екен деп кемелденіп,
Отырмын от қиялмен денем де еріп.
Аяулы ақ қанатты періштедей,
Маңдайымнан өбеді өлең келіп.
КЕШҚҰРЫМ
НЕМЕСЕ, КҮНДЕЛІКТІ ӘДЕТ
Күн батып бара жатыр ұясына,
Қам жасап қайта таңмен ұласуға.
Отбасым дастарханда табысады,
Күні бойғы көргеннен «сыр ашуға».
Немерелер жыр етіп ойнағанын,
Қызық көрем көздері жайнағанын.
Тіршіліктің таусылмас қарекетін,
Ұмыттырып, қалады ойлағаным.
Ал, содан соң кешкі асқа отырамыз,
(Әзіл-қалжың , күлкіні қатырамыз).
Кешкі асымыз әкімнің жиынындай,
Түгендейміз, келмесе шақырамыз.
Қолдағы барды-жоқты есептейміз,
Ананы-мынаны айтып өсектейміз.
Арасында тәп-тәтті тәмпіш мұрын,
Толғанайды сөйлетіп, өбектейміз.
Тойып алып ас үйдің тамағына,
Кіреді әркім өзінің «барағына».
Мен қолыма газет пен кітап алып,
Кіріседі Ай-Зере сабағына...
*** Жамандақ – аяқ астында, Жақсылық орны жүректе. Көңілдің көгін аштың ба – Желге ұшады құры өкпе. Бақ пенен дәулет келер ме, Табанды тесіп сыз өтпей. Жамандық шіркін өлермен – Өзі-ақ жетер, іздетпей.
*** Бармын деп басты бұрмасаң, Басқалар қайтсін барыңды. Көз алдына кеп тұрмасаң, Көзіне ілмес нарыңды. Ертеңнен үміт үзбейді, Көп болсын көрер көктемің. Жоғыңда, сені іздейді, Барыңда жасап кеткенің.
ТӘУБӘ...
Табам деп бақты тарыдай,
Талқан қып ойды көп қудым.
Қиықтай дәнін қиялдың,
Кеудеме жиып бөктірдім.
Өтірік мақтап өстің деп,
Алдады жиі көп құрдым.
Өнбесті қуып өрекпіп,
Бермеске бекер кек қылдым.
Шама жетпеске шабам деп,
Қабырға етін сөктірдім.
Жалғыз жанымнан безініп,
Жүзімен жүрдім өткірдің.
Ібілістің еріп еркіне,
Қаһарлы Хақты шет қылдым.
Көңілшектікті көрпе ғып,
Арыма азап шектірдім.
Намыстың нарқы осы деп,
Тұмсықты бұзып бет қылдым.
Санама сосын салмақ сап,
Сабырдың дәнін ектірдім.
Қурамасын деп қулықтан,
Жүректің қанын септірдім.
Баянды болсын бағым деп,
Маңдайдың терін төктірдім.
Жер таянарға жеткенде,
Жемісін соның жеп тұрмын.
Тәубә...
ӨЗЕГІМ...
(ТОЛҒАУ)
«Дүниенің тезегін тергенше,
Рухыңның өзегін тербе...»
Автор
Тамырымда қаны бар,
Бәйдібек – Ұлы бабамның.
Ақ сүтінің дәмі бар,
Домалақ асыл анамның.
Албан, Суан, Дулат боп,
Жарықшақ сенен таралдым.
Бәйтүгей, Тоқарыстан,
Сүйегінен жаралдым.
Елтінді мен Жылкелді,
Өзегіме өшпес нұр берді.
Салқам Жәңгірдің серігі –
Елтінді асқан ер еді.
Орбұлақтағы ерлігі,
Елу мың жауға тең еді.
Ханға да кеңес бергендей,
Кеудесі толы кен еді.
Елшібек – Бағай туғанда,
Дүйім қазақ қуанды –
Қуанардай ұл еді.
Он бесте қолға ту алды.
Атойлап жауға бастады,
Албан менен Суанды.
Солай да, солай, сол Бағай,
Тәңірім ісін қолдады-ай.
Қасында батыр серігі –
Қасқары ұлы Молдабай.
Жетісу жау қолында,
Көгімді бұлт торлады-ай.
Көзінен қанды жас ағып,
Қайран да жұртым сорлады-ай.
Қара күші мол Бағай,
Алдаспан алып қолына,
Құрбан деп жаным жолыңа,
Елінің кегін қуады,
«Қырыққасқа» еді ұраны.
Мұқырдай алып қалмаққа,
Қарсы келіп тұрады.
Мойыномыртқа тұсы деп,
(Білекте қара күші көп),
Алдаспанмен ұрады.
Мұқыры бассыз құлады.
Кегіңді алдым жұртым деп,
Қуанып батыр жылады...
Ерліктің ізі жалғасты,
Аралбай, Бөлек, Сатайлар,
Атқа мінгенде жау қашты.
Көгімнен бұлт ашылып,
Бейбіт күн келіп алмасты...
Намысты туған ұрпақпыз,
Жаралған жауһар, асылдан,
Кейінгі сегіз батыр бар,
Фашисті Берлин асырған.
Сегіз Еңбек Ерім бар,
Тер төккен елге жасынан.
Әбілхан мен Дәнештер,
Өнерді өрге асырған.
Оразақын, Бексұлтан,
Әбен, Қайрат, Жандарбек...
Ғасырға жетер, ғасырдан.
«Ел іші – өнер кеніші»,
Таланты тас жаратын,
Айтылмай қалды сан ақын,
Әлемге атын шығарып,
Қазақтың даңқын жаятын.
БҰРАНДАЛЫ
«ОЙЫНШЫҚТАР»
Томпаңдап жүрміз, тойып бүгін біз,
Уақыт қайда ойлайтын?
Заманның біздер «ойыншығымыз»,
Жүйкеңді бұрап ойнайтын.
Тоқ болғаннан соң, мұңың да аздау,
Құбылтып құрғақ сөзбенен.
Санаңды сүйреп салса да қозғау,
Қараймыз марғау көзбенен.
Не пәле бұған жетпейді екен?
Шырылдап отқа түсердей.
дейміз ғой, неге кетпейді екен,
Шындық деп, жоққа күшенбей.
Тоқмейіл жүрек, тоғышар ниет –
«Өзімде болса болғаны».
Бір-бірін неге жанұшар сүйеп?! –
Өзгенің «күңгірт» арманы...
Тоқшылық саған тойынған құлмыз,
Маужырап, болбыр денеміз.
Ойыншық болып, сөреде тұрмыз,
Бұрасаң ән сап береміз...
ӨЗІҢ ОЙЛА...
Тұмшағанда сәтсіздіктің бұлты,
ар-ұятты жалғыз сәтке ұмытып.
кетемін деп, өмір бойы өкініп,
біреу жүрер ішінде ит ұлытып.
Сәтсіздіктен сабақ алып осылай,
туа қалса тағы да бір тосын жәй,
ақылды адам,абдырамай, тосылмай,
тәжірибе жинақтайды осындай.
Өмір – ұстаз, деген осы, ежелден,
Сәт болады, ажал оғын кезенген.
Сабыр сақтай алсаң ғана, ақылың,
алып шығар ағысы асау өзеннен.
Тіршіліктен жеңіл тұсын таңдап ап,
өрлікті де, өзіне сай майдалап.
Өз ісіне өмір бойы өкінбей,
біреулер жүр ар-ұятын саудалап.
Сауда жүрген жерде – алдау, арбау да,
шынның өзін өткізеді жалғанға,
Өмір заңы – кәріден, жас алымды,
балаң сені алдап кетсе, таңданба...
Алдыңда тұр арман атты дара шың,
дара шыңға кай жолменен барасың?
Күтеді ылғи жаңа емтихан, жаңа сын –
өзің ойла, кімге жолдас боласың?...
АМАНАТ
Жастық жалын уақытқа тоналып,
Қанымда да салқындықтың бары анық.
Көнбей жүрген елу үш жыл алысып,
Жабысқан дерт бара жатыр бел алып.
Сезем, бірақ, мойындағым келмейді,
Сәл иілсем – ыңғайма көн дейді.
Алысайын ақырына жеткенше,
Содан кейін үміт оты сөн мейлі.
Ал, әзірге мазамды алма ескі дос,
Өтпеу үшін өлшеулі бұл өмір бос.
Ақ қағазға ақтарайын барымды,
Сертке таққан сеніміме, сенім қос!
Қанымды да, терімді де төгейін,
Ертеңіме үміт дәнін егейін.
Жаһандағы жаным сүйген жалғызым –
Өлең сені өлгенімше өбейін!
Содан кейін ұрпағыма аманат,
Оқып көрсін қолына алып жамағат.
Асылы не, жасығы не – саралап,
Уақыт өзі бәсін айтар бағалап.
РУХ ЖАЛҒАСТЫҒЫ
(БІР ҚЫТЫМЫР АДАМҒА ЖАУАП)
Бір жиналыс аулда өтті дейді,
Бір көкеміз жастарды сөкті дейді.
«Өз бабасын әркімдер батыр жасап,
Батыр деген көбейіп кетті дейді...»
Осы әңгіме қалдырды ойға мені,
Көкіректің ашлар қайда кені?
Әрі бармай, беріге көз жіберсек –
Кеше қалмақ қылышын қайрап еді.
Оңайлықпен толмайды араным деп,
Ұлан-байтақ жеріңді аламын деп.
Ұлыңнан құл, қызыңнан күң дайындап,
Бар қазақты тозаққа саламын деп.
Таптаймын деп табанға Рухыңды,
Былғаймын деп, саф кәусар тұнығыңды.
Ойрат-қалмақ озбырлық жасағанда,
Күндер өткен «ақтабан - шұбырынды».
Бермеймін деп жерімді жатқа қолдан ,
Сол жылдары бар қазақ атқа қонған.
Арасында жеткіншек ұл мен қызы,
Арасында ақ сақал қарт та болған.
Қара таудың басынан көш көрдің бе,
Ер тоқымды тұлпарды бос көрдің бе?
Төбе-төбе көз салшы қорымдарға,
Адам емей, сол жерге тас көмдің бе?...
Ақымаққа тарих та елес пе еді?
Болып-толған пенделер неге өстеді?!
Айдаһардың аузынан аман қалған,
Бәрі ержүрек, қазақтың емес пе еді!
Біз ұрпағы солардың – көремісің!
Құрыды жау, құрта алмай Ел өрісін!
«Ел қорғаған Бабамыз, батыр еді» -
кінәлі ме, ұрпағы, дегені үшін?
Тірілте алмай жүргенде сағымды біз,
Қарығандай сол сөзден жаныңды мұз.
Батырлықты көп көріп бабаларға,
Неге ағасы, жастарға тарылдыңыз?
Туған жерде кіндігін кескен ұрпақ,
Санасына Ұлы Рух көшкен ұрпақ.
Өзі қорқақ болуы мүмкін емес,
Бабаларым батыр деп өскен ұрпақ!
*** Өтіп жатқан әр сағатты жоғалтып, Болмағандай маған, саған, оған түк. Мәз боламыз жаңа күнге асығып, Алатындай өмір-жасты жаңартып. Біздер солай жаралғамыз, Несі бар? Өткен күнге өкінбе, Тек есіңе ал. Қап, дейтіндей есең кетсе, Есесін, Келер күннің есебінен шешіп ал. Күнің түгіл, қалды қанша жылың да, Қарттық есік ашқаны ма, шынында?! Аяқ-қолдың азайса да икемі, Кәртеймеген секілдімін ырымға. Қызық десе, жалын атып жанарым, Ашылады «араным» да, қабағым. Әзілімді түсінбеген келіншек, «Ата» десе, намыстанып қаламын... Келер күннен күтуменен жаңалық, Жан жүргенмен... Бірте-бірте тән арып. Бұрынғылар кеткен ізбен біз-дағы, Кетеміз-ау,сағым болып таралып.
СЕКСЕНДЕГІ СЕРІ
Білдіретін қаламгерлер тынысын,
Сапыратын сөздің байлық-ырысын.
Сексендегі сері көңіл абызым,
Қазақ әдебиетінің үнісің.
Бағамдайтын жақынды да, алысты,
Қотыр сөйлеп қолдан бермес намысты.
Талай арыс жүгін артып жүрекке,
Еліменен Сен арқылы табысты.
Саған айтар талғамын да, арманын,
(Айтып өткен азаматта бар ма мұң?)
Әр бетіңнен, әр жолыңнан күн бүгін,
Көріп келем әдебиет майданын.
Сол майданның алыптары нарқасқа,
Тілі өткір – суырылған алмас па!
Әдебиет – ақыл-ойы халықтың,
Әрлі, нәрлі болашаққа ал,баста!
Сөз өнері биіктермен табысып,
Шешендердің таңдайынан шаң ұшып.
Апта сайын отырайық әлеумет,
«Қазақ әдебитімен» қауышып.
БҰЛ ӘЛЕМНІҢ
«САНА ТОЗҒАНДА,АҚЫЛ АЗАДЫ»
Даналық сөз
Бұл әлемнің жік-жік болған,
қатпарынан не таптым?
Сақылдайды сақ-сақ күліп,
ақтарылған апат күн.
Бүгінінен аса алмаған,
пенделерің, Жаратқан,
Етегіне жармасады,
есі кетіп атақтың.
Өзімшілдік өрекпіп тұр,
өзегінен у тамып,
Жалпақ жерде жүргенде көп,
Кімді жатыр кім танып?
Менмендіктің мешел ойы:
«Мынау көркем дүние,
Менікі ақыр болмайды екен,
Оған да жоқ...Құрталық!»
Адам азған,
Сана тозған,
Көрін қазған пенделер.
Алла солай жаратқан соң,
Жер де марғау дөңгелер.
Азғандардан, аң да бүгін,
Мейірімді секілді –
Ырызғысын үлестіріп,
үйірімен тең бөлер.
СӨЗ ТҮЗЕЛДІ...
Бір болғанмен қазақтың туысы Алла-ай,
Бір-біріне «бауыр» деп жұғыса алмай,
Туыстан да жақын боп «жүріс» қандай,
Шығыса алмай жүрміз-ау, ұғыса алмай.
Сөзімізге ісіміз неге бөтен?
Қан тартпайды қанына деме көкем.
Қандастықтан қаймыққан қара ниет,
«Сыйласқанға – жат жақсы» деген екен.
Жалау етіп бұл сөзді жанымызға,
Қарсы шықтық бір кезде «қанымызға».
Қазаққа қазақ қастық қылған күндер,
Қалып қойды таңба боп арымызға.
Қысқа кесіп үмітті күзегенбіз,
Соны ойлап ұяттан жүз өлерміз...
Мәңгілік ел болуға қадам басып,
Сөз түзелді, біз де енді түзелерміз.
Жақсымызға жан тартып ұлықтайық,
Құйса толмас құлқынды «құлыптайық».
Жердің қайсы шетінде жүрсек-дағы,
Қанымыз бір екенін ұмытпайық.
УАЙЫМ
Өлеңменен қарсы алатын әр таңын,
Атпай қалса...
таусылғанда талқаным.
Қорасынан қой таба алмай соятын,
Жалғыз ұлды қинай ма деп қорқамын.
Ауырғанда соны ойлаумен қиналам,
Кітаптарым ас бола ма, жинаған.
«Қорасынан қотыр лақ шықпады-ау,
ақын еді дүниеге сыймаған...»
деген жұрттың табасына қалам ба?
Ауырғанда осы тұрар санамда.
Ұлымның өз қолы аузына жеткенше,
Тірі жүре тұрсам екен онанда...
*** Қиялменен ақындар жүреміз-ау, Ішімізден бәрін де білеміз-ау. Біле тұра бәріне бір түкіріп, Додасына өлеңнің кіреміз-ау. Солай достар, Біздің жәй күнде осындай, Кім қосылар дүрмекке, кім қосылмай. Қарап тұрып қарауға алданамыз, Күлкісімен көрініп шын досыңдай. «Бір айналып бәрі де ұмыт болар, қарау ниет далада ұлып қалар» – десек-дағы, түбінде бір төгеді, ұртындағы сақтаған уытты олар.
У ЖҰТАМЫЗ...
Жыр жазамыз ниетті оңдайын деп,
Мойнымызға артып ап сондай міндет.
Жексұрынмен жем жейміз бір ыдыстан,
Мен де сондай жексұрын болмайын деп.
Ақиқаттың ақ жолын таңдайын деп,
Үзіп алмай үмітті жалғайын деп.
Жанталасып жүргенде, жазатайым,
Тасқа тиер сарт етіп маңдайың кеп.
Содан біраз жүресің есің кетіп,
(Сондай кезде келіп ең несін жетіп?)
Қолдан келер шама жоқ...
У жұтамыз,
Өлекседей біреуге, өшің кетіп.
Өтірікке өзгеріп кей шын ұғым,
Төмендетіп барамыз өрдің құнын.
Соның бәрін өзің де көріп жүріп,
«Шашың неге ағарған?» дейсің інім...
АЙТАМЫН ДЕП...
Айтамын деп, бар сырымды ақтарып,
Жаратпайтын кеуделерге жақпадық.
Жаным қалды жапырақтай үзілген,
Танкі табан біреулерге тапталып.
Айтамын деп, бар шынымды шешіліп,
Кетті талай жалған көңіл өшігіп.
Айғымнан шалғаннан соң осылар,
Келем ылғи пойызымнан кешігіп.
Айтамын деп адалдығын адалдың,
Қитығы көп қабақтарға қамалдым.
Өркеудеге өбектеген заманда,
Есігімді іздеп келіп қағар кім?
Айтамын деп
жалпақ жұрттың мұң-зарын,
айбат шеккен «арыстаннан» қыңбадым.
Айта-айта, ақырында өзіме,
ақыл айтқан ақымақты тыңдадым.
ТАЛҚАЖАУ...
Бара жатыр бірім-бірге жалғанбай,
Лаулап емес,
бықсып жаным жанғандай.
Айнала жұрт ақтарылып жатқанда,
Бұл сиқыма көр періштем таңқалмай.
Маңдай терім құм ішіне төккендей,
Дүние-қызық мені көрмей өткендей,
Бара жатыр қиыс жолмен бөктерлей,
Су ішінде кенезем шын кепкендей.
Жалған дүние, жазғаныңды көрермін,
Тағдыр жолын таспен бітеп бөгер кім?!
Бірім-бірге жалғанбаса қайтейін,
Өлеңімді талқажау ғып өлермін.
ҮЛГІ
Ұстазымның қызы, бүгінде «Ирада»
шаруа қожалығының иесі,
аяулы қарындасым
Изимова Суриям Тұрғанқызына
Үлкеншыған ауылының ауласында ойнаған,
бір қызы едің, бұрымына үкілі үміт байлаған.
Қақ-соқпенен жұмысы жоқ,, қарапайым күн кешкен,
таза жүрек, таза ниет жандар болды айналаң.
Сол ортадан көріп өстің адалдықтың ақ таңын,
көргеніңді титтей балғын жүрегіңе сақтадың.
Арманыңа жетеледі ата-анаң, ауылың,
татулықпен бөліп жеген, маңдай тердің ақ нанын.
Сол нан саған ынтымақтың тәттілігін білдірді,
қызықты етті адал еңбек бір күніңнен бір күнді.
Арманыңа жетер жолда тәңірі өзі қол созып,
қанат байлап қиялыңа мұңайтты да, күлдірді.
Тәуекел мен сенім тартты арманыңның шыңына,
ақ шабақтар асыр салды таудың тұнық суына.
Жігеріңді жаныдың да, маңдай термен суарып,
төтеп бердің тыңнан салған өмірдің көп сынына.
«Ираданың» гүлзар бағы бірте-бірте гүлдеді,
Жаркентіңе көрік беріп, гүлге орадың іргені.
Қандай ғажап, сол гүлзардың ортасынан орын ап,
Суриямдай ауылымның ару қызы жүргені...
О туған жер, ұрпағыңды өзің қолдап келіп ең,
қаршадай қыз өз жұлдызын өзі жақты қолымен.
Қос анасы – Еңбек ері, Адалят пен Күләштің,
келе жатыр үлгі етіп салған еңбек жолымен.
КӨҢІЛ – ДӘРИЯ
Алпыстан астық, ата боп балаларға,
(ата болу арман-ды сана барға)
Қайран уақыт,
Көңілге алып-ұшқан,
Сағыныштар мұң болып жамалар ма?
Уақыттың еркіне бағынумен,
Сары мұңды тон қылып жамылумен.
Алпыстан соң адамдар қартая ма,
өткен күнін келмейтін, сағынумен?
Найзағайдан деуші едік от өреміз,
От өреміз, тауды да көтереміз!..
Жай отындай жайнаған қайран жастық,
Махаббатты жанына етер егіз.
Соны ойласам, еріксіз күрсінемін,
ұйқы көрмей атырар түн түнегін.
Маза бермей қинайтын оңашада,
қу жанының тапқандай шын бір емін...
Ата болу арман-ды, жасымызда,
қонды міне қырау боп басымызға.
Қарттың көңілі-дәрия деген рас –
дос көрініп барады қасымыз да.
АҒАЛАРМЕН АМАНДАСУ
Армысыздар, қазақтың мықтылары,
Ауызына қараған жұрттың бәрі.
Батасынан бақ дарып, кие қонып,
Ұя салған ұртына құттың нәрі.
Армысыздар, қазақтың қасқалары,
Сөзін тыңдар «ләппәй» деп басқалары.
Соңымыздан ерген із басарым деп,
Сол ағалар біздерді жасқамады.
Армысыздар, қазақтың ірілері,
Ақыл сұрап сіздерге ел жүгіреді.
Иілмеген ер басы иіледі,
Бүгілмеген тізесі бүгіледі,
Іздеп келіп алдыңа, жүгінеді...
Нардың жүгі жолында қалмағандар,
Ел тілегін екі етпей, аңдаған дәл.
Армысыздар, ағалар, бармысыздар,
Ата сыйлап, інісін қолдағандар!
ШЕКСІЗДІКТЕ
Оңашада отырам ойға қалып,
Қайдан келем?
Тоқтаймын қайда барып?
Керексіз бір заттаймын,
Осы орныма,
тастап кеткен, біреулер пайдаланып.
Жүргендеймін ішінде бөтен елдің,
Танымайтын ағайын, өте бергін.
Шетсіз-шексіз түсіп ап қара жолға,
Кете бергім келеді, кете бергім.
Шексіз Әлем, танырсың бәлкім мені?
Таңдандырмас сұрықсыз қалпым сені.
Түсініксіз өмірде сенен басқа,
Кімге керек жанымның алтын кені?!
О, шексіздік, тыңдашы, сырласайық,
Кел екеуміз бірігіп мың жасайық.
Өмір атты тұйықтан қашып шығып,
Шексіздікке жегілсем, болмас айып.
Жаңбыр болып әлемге тамшы қаным,
Сарқылмасын, мәңгілік тамшылағын...
Шексіздіктің ендім де құшағына,
Тұмшаланған жанымды аршып алдым.
*** Деуші едім қызғын топсыз тұра алмаймын, Ал, енді оған мойын бұра алмаймын. Уақыт атты мергеннің жебесінен, Өлімші жараланған құландаймын. Ала алмай ханбазардан қалағанын, Қайтқан жандай кетпейді санадан мұң. Түйсіксіздер түрткілеп одан-бұдан, Жаныма тағы жамау жамап алдым. Содан қазір жүрегім қырық құрау, Жауабы жоқ көңілде қырық сұрау. Қол жетпейтін биліктің қақпасында, Ашылмайтын тот басқан құлып тұр-ау. Айналамда өзімдей қара халық, Жазылмайтын жанына жара салып. Қалағанын табам ба деген үміт, Алды-артына қаратпай барады алып. Ортасында солардың кетіп барам, Межесіне қай құлан жетіпті аман? Құшағыңа алғайсың жетіміңді, Кем-кетіктің сырына жетік далам.
*** Күндер өткен қарағым, бұдан жаман, Қарсағы мен түлкісі бұлаңдаған. Артта қалды жымысқы езуінен, У тамшылап тұратын жылан заман. Жылап-сықтап өткеміз одан да аман, Сары аюға деп пе едім бодан болам... Еркіндік ап ес жиған кезімізде, Бола қояр деймісің одан жаман. Бұла көңіл бұлқынып нені іздеді? Уайым мен қуаныш егіз бе еді? Жеріміз кең болғанмен санымыз аз, Бірер ғана тамшыдай теңіздегі. Тамшыдан – көл, ал көлден теңіз толар, Аман болса, жалғыз да сегіз болар. деген іміт жүректі жұбатады, жұбатпасақ құдай-ау, неміз қалар.
*** Айта-айта жалыққан сияқтымыз, Ал, айтпасақ ұятқа ұяттымыз. Айтқаныңнан жасап ап «атом бомба», Жар басынан жабылып құлатты жүз. «Өлең шіркін өсекші» сырымызды, Айтқызады айқындап ізімізді.. Сұғып алып байқамай қанатамыз, Қыза келе қып-қызыл «бізімізді». Ақындарды содан да жаратпайды, Әкім-қара маңына жолатпайды. Әлдеқалай жиында сөз сұрасаң, Не дейді деп аузыңа алақтайды. Сия алмаймыз «сыр» сақтап қанамызға, Билік тұзын сепсе де жарамызға. Тазалаумен келеміз жолымызды, қатынасар халықпен арамызда. Мағына бар айтатын әр сөзінде, Тамызатын ып-ыстық нәр сезімге. Өлең өксіп қалмас-ау, жетімсіреп, Халық деген анасы бар кезінде.
ҚАРҒА ТІРЛІК
Уақытта шек бар ма,
Қыран ғұмыр өшкенмен.
Қарқылдаған көп қарға,
Балақта да, төсте өрген.
Қарға да өмір иесі,
Менсін мейлі, менсінбе.
Тірліктің қаракүйесі,
Қырандығыңа көнсін бе?
Қанатым бар деп бәлденіп,
Қыран болғысы келгендей.
Қанатсыздарға сәнденіп,
Қыр көрсетеді көлбеңдей.
Қыранның орнын басам деп,
Шарықтап көрді көк төсін.
Қанаты талды тасам деп,
Білді ме шама жетпесін?
Қалбаңдап жүріп тауысты,
Азғантай ғана ақылын.
Жем араласқан нәжісті,
Бас салды қарға батырың.
«ЖЫНДЫКӨБЕЛЕКТЕР...»
Сұлу қыздар өмірдің көркі-ау, шіркін,
Қылығы да тартымды, ерке сылқым.
Емексіте есіңнен тандырады,
Құлын мүше көз арбап еткен бұлтың,
Еркек біткен қарайды қутың-қутың.
Сұлулыққа сүйсінбес жан бола ма?!
Бас-басына бір қиял әр кәллада.
Алдана ма нәпсіге, арбала ма,
Қызыды көрген пендеде жан қала ма!
Онсыз мынау өмірде сән бола ма!
Отты айналған көп жындыкөбелектей,
Тұлабойды күш кернеп кереметтей.
Жырғаламыз, ес-түссіз жынданамыз,
Сұлу қыздан басқаны керек етпей,
Еркек біткен боп жындыкөбелектей...
МАХАББАТ «ҚАҒБАСЫ»
Ерке қиял еркіне матады ма,
Көк бөрідей көз тіккен отарыңа.
Қарап қойып аулаңа қайта-қайта,
Түнді орап жылытам шапаныма.
Тәтті күткен баладай анасынан,
Сілекейім шұбырып таңасырам.
Шығыс жақтан сәулесін себездейді,
Алау таң да мұңлыққа жаны ашыған...
Ғашықтардың мұндайда жоқ жақтасы,
Жүрер болдым аулаңа боп бақташы.
Махаббатты аңсаумен, құлдық ұрар,
Қағбам болды үйіңнің көк қақпасы.
КІМГЕ КЕРЕК...
Өтіп жатыр зымырап күндеріміз,
Кімге керек жылаған – күлгеніміз.
Кімге керек біз өмір сүргеніміз,
Қалса болды өлең боп білгеніміз.
Қалса болды өлең боп қуанғаным,
Қуанғаным бәріңе шығар мәлім.
Әлдеқалай күн шықса біз жаққа да,
Көлеңкені жанымнан қуа алмадым.
Біз желқайық, шалқыған өлең теңіз,
Бөленсін деп шуаққа кең өлкеміз.
Нұр себездеп тұрса да тас төбеден,
Жарбияды жаныңда көлеңкеміз.
Қалса болды өлең боп жылағаным,
Жылап тұрып құдайдан сұрағамын:
«Құмықтырма құдайым құрақ әнін,
Былықтырма құдайым бұлақ әнін»
Кімге керек, күлгенім, жылағаным.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ
Көн дейсің бе тағдырым, көнейін бе,
Көніп-көніп көр болып өлейін бе.
Көлденеңдеп біреу жүр қарсы алдымда,
Көлденең бір сұрақ тұр көмейімде.
Қалансам деп дүние кетігіңе,
Айтсам деп ем келгенін не тіліме.
Кері итеріп кеудемнен өркеуделер,
Өмірдің де көрінді көті міне.
Айтылмаған жүректің сазы бар-ды,
Айтылмаған тілектің назы бар-ды.
Айтқанымды тыңдатам деп жүргенде,
Көбі кетіп өмірдің азы қалды.
Тарта берсем таусылмай жыр садағын,
Өркеудеге деп едім бір қадармын.
Елеусіздеу етекте қалсам-дағы,
Шаттық гүлін кеудеме бір тағармын.
Осы үміт келіпті сүйреп мені,
Табан ізім талайды иректеді.
Қайда барсам қарсы алып, көкейімде,
Көлденеңдеп бір сұрақ бір кетпеді.
*** Араздықтан не табамыз ағайын, Кесірінен кері кеттің талайың. Айдап салып, арандатып бір-бірін, Қу мен сұмға толып кетті маңайым. Жақтырмаймыз бірімізді-біріміз, Соған қарап тұр ма екен деп күніміз. Екі жүзді, қанағатсыз түріміз, Екі айыр, удай ащы тіліміз. Бір беті –күн, бір беті – түн пендеміз, Солай тірлік етуге әбден көнгеміз. Араласқан адамдардың өзін де, Жақсы, жаман – екі топқа бөлгеміз. Кеше, бүгін, ертең тағы солаймыз, Күшті – әлсізді, қу – момынды талаймыз. Жанымызды – тозған кебіс секілді, Оңашада жылап тұрып жамаймыз.
КҮНДІК ӨМІР
Өзіңе ұқсып жарқ етіп алау таңым,
Жүрегімнен атылар жанартауым.
Тұнжыраған әлемді дүр сілкінтіп,
Ерте-кеш пе, өзіме қаратамын!
Жарығымды түсірем күңгірттерге,
Менен от ап жанады күңгірт кеуде.
Ен байлығым – өлеңім, одан өзге,
Ақындарға айтарлық шыр біткен бе?
Болған кезде талтүсім, тамырланам,
Мен келдім деп, әлемге дабыл қағам!
Қолтығымнан демейді сағым Далам,
Сол Даламнан жұғысты сабыр маған.
Сары алтынлай сары белді басып өтем,
Тағдыр деген – таңбалы тасым екен,
Өзегімнен жырымды тамшылаған,
О, туған жер, өзіңе шашу етем!
Күнмен бірге қызырып батам-дағы,
(Таусылды дер біреулер татар дәмі).
Туған жердің айналам топырағына,
Төмпешік боп бір жерде жатам-дағы.
КҮДІК
Ірітеді сенімді күдік деген,
Күдік кірсе, көңіл де бірікпеген.
Лайланып кетеді, шыр айналып,
Тас тұмаң да, тұңғиық, тұнық деген.
Күдік кірсе, сенімің тұншығады,
Қаракүйе қалбаңдап құлшынады.
Сенімсіздік иектеп, сергелдеңмен,
Түннен кейін тұнжырап күн шығады.
Өмір солай өтеді әрі-сәрі,
Белгісіз боп көп істің мәнісі әлі.
Іштен жеген жұлынқұрт секілденіп,
Мүжи-мүжи төзімді тауысады.
Алыстатып аңсаған арманыңды,
Айыра алмай шындық пен
жалғаныңды.
Бір-ақ біліп жатасың, аяғында,
Асылыңнан айрылып қалғаныңды.
ҚАНАҒАТ
Қанағат көзбен қарасаң,
Дүние неткен көрікті!
Әлем де мынау орасан,
Қанағатқа ғана сеніпті.
Санаулы өмір беріпсің,
Соған да Алла, қанағат.
Сайтанға кейде, еріп шын,
Жанымды алдым жаралап.
Қанағат кетсе санадан,
Жегенің – желім, тас болар,
Қанағат етсең – қара нан,
Өзегің талмас ас болар.
Дегенді ата-бабадан,
Сіңіріп өскем санама,
Жаңыла көрме тобадан,
деп жүрмін қазір балама.
Орнымен ойнап-күліңдер,
(бала боп өстік біз-дағы).
Қанағат ете біліңдер,
Қазақтың ұл мен қыздары.
Жұтса да әлем-жәлемді,
Толған жоқ адам араны.
Сақтаса мынау Әлемді,
Қанағат сақтап қалады.
КӨКТЕМГЕ АСЫҒУ
Күнтізбенің беттері парақталып,
Ақпан айы келеді аяқталып.
Кетпеймін деп қасат қар жылап жатыр,
Ебіл-себіл, көз жасын сайға ақтарып.
Бар тіршілік көктемге асығуда,
Асығуда, бұрқырап тасынуға.
Мал азығы азайып бара жатыр,
Қыс зәбірін бола ма жасыруға.
Отынның да барады арты ашылып,
Қатты аязда қалмайтын жаңқасы ұмыт.
Қыста үйіп тастаған төбе-төбе,
Ауладағы азайды қар тасылып.
Жыл құстарын шақырып келісімге,
Мен дайынмын жырыммен бөлісуге.
Малымыз да, жанымыз жарбаң қағып,
Асығамыз көктеммен көрісуге.
*** Туған жердің аунасам ақ құмына, Арқам қызып қол созам шаттығыма. Гүл көмкерген жыңғылдың арасынан, Алтынкөлдің ән арнап аққуына. Серік болып жанымда жүр өлеңге, Жерім қайта жаңғырып, түлегенде. Аққудай боп алдымнан қарсы аларсың, Нұркентке ат басын тірегенде. Көрген қандай арайлы дала таңын! Тұнып тұрса бақытқа, бал отауың. Құшағыма алайын, тау қыраны, Бауыраны басқандай балапанын.
ӨМІР КІЛТІ
Көтерумен тіршіліктің салмағын,
Күндерімді күндеріме жалғады.
Қас шақырса қасарысып бармадым,
Дос шақырса домалаңдап қалмадым.
Көрдім талай қызығын да, бұзығын,
Жүрегімді кернегенде «қызуым».
Серігім деп сенім артып, түз ұлын,
Құшағында табылдым бір қызының.
Көрдім талай көктемінің нөсерін,
Көктем келсе құрақтай боп өсемін.
Тұлпарымды тұмшаладым, тұмарлап,
Қосақтамай біреулердің есегін.
Сары алтындай көрдім сары күзін де,
Сары жалқан жыр, жатыр сайрап ізімде.
Арулардың кеудесінде жүзім бе –
Қымсынады қолым созсам үзуге.
Өмірімнің көрдім қысын, жазын да,
Жүректердің жаттым шалқып сазында.
Түсінгенім, тіршіліктің кілті,
Арудың бір күлімдеген назында...
*** Тәубе қылдым Жаратқан, бергеніңе, Аман-есен бұл күнді көргеніме. Қызығына қызықтап біз жүрейік, Ұзақ ғұмыр бере гөр «төлдеріме». Жеткізе гөр Жаратқан, арманыма, Қанат сыйла талмайтын, самғауыма. Риясыз ырза боп алдағыға, Қол созайын кезекпен таңдарыма. О, Жаратқан, өзіңе сиынамын, Өсіре гөр өмірдің түйір дәнін. Дүниеде бар адам мұсылман боп, Көрсете гөр намазға ұйығанын. О, Жаратқан, назар сал тілегіме, Қанағат бер баршаның жүрегіне. Қара жерге сән беріп қолыменен, Бұйыра гөр, егін мен гүл егуге. Жеткізе гөр Жаратқан, ертеңіме, Өмірімді айналдыр ертегіге. Сарқылмайтын сана бер адамзатқа, Жер бетінде қан емес, тер төгуге.
*** Сені іздедім желден де, сағымнан да, Сені іздедім шөлден де, тауымнан да, Бір көргеннен жүрегім көбелек боп, Жүрегіңнің отына қарылғанда. Күн көрмесем, сағынып, аласұрып, Жүйіріктей байлаған таңасырып. Сенің ғана жаныңнан бұл әлемде, Табушы едім бір керім жарасымдық. Ұрындырмай тағдырдың талқысына, Араша боп адалдық, ар құсына. О, Жаратқан, өзіңе ризамын, Жолықтырған жанымның жартысына. Екі жарты бірігіп, бүтін болдық, Шаңырақтан тік ұшқан түтін болдық. Жарты нанды келеміз бөліп жеумен, Бермесе де ырызғы бүтін, мол ғып. Тәбе дедік Алланың сонысына, Бірге жетсек болды деп жол ұшына. «Кедей – жомарт» дегенді қайдан білсін, Төгілгендер байлығы қонышына. Тұрмысымды сен барда жүдеу демен, Жолымызды аштық біз күреуменен. Әр таңымды күлімдеп қарсы аламын, Ұрпағыма ұлағат тілеуменен.
*** Не келмейді көңілге ойлағанда, Ойлағанда, тереңге бойлағанда. Оңашада ақ қағаз жайнамаз боп, Ұзақ түнге отырам ой бағам да. Айта алмаймын өлеңге бөтен ем деп, Ой салмағын, бел буғам көтерем деп. Әр адамның қалауы, тарауы бар, Келгеннен соң өмірге етер еңбек. Менің жүрек қалауым өлең болған, Суретшілік тағы да өнер қонған. Екіншісі - мамандық кәсібім боп, Өлең – таудың басында кемем қалған. «Ол – әулие болмаса, неге қалған?», Өлең – кие, қанымда, өлең – арман! Жүрегімде, жанымда салар сайран, Теріс аунап түскенше менен Жалған.
ЖАНҚАЙРАУ
Толмағанмен толайым көңлің бүгінге,
Есігіңді ашар ертеңнен жаным түңілме!
Адамзат үшін арманың биік болғанмен,
Жеңілдей қоймас желкеңе түскен жүгің де.
Арқас тауыңа қара да түзе еңсеңді,
Тіршілік жаса, тірнектеп емес, белсенді.
Жырыңмен көрсет ақиқат жолдың анығын,
Қай заманда да, ақындарына ел сенген.
Шарықта, самға Арқастан ұшқан қырандай,
Ұрпаққа қарау үшін де ертең ұялмай.
Аршалы беттен қуат ал аунап-қуна да,
Тамырың жайып, Шежінге өскен шынардай.
Еңсеңді көтер, айдардан самал жел ессін,
Екпінің Ебі дауылыменен теңессін!
Ақындар өткен айтарын айтып, солардың,
Басы да сен, ақыры да сен емессің.
АҚЫН АРМАНЫ
Ашық болып арайлы өнер көгі,
Еркелене түссе екен ел ертеңі.
Белжайлаудай, арқама қондырсам-ау,
Баркөрнеудей бір шыңды өнердегі.
Көңіл тұрса Үсектің нуындай боп,
Құстар қонса көктемде шуылдай кеп.
Жыр екпіні кеудемде тасқындаса,
Өткел бермес Іленің суындай көп.
Түрі де әсем, Шежіннің гүлі де әсем,
Иісі де бірі өткір, бірі бәсең.
О, туған жер, өмірлік нәр бересің,
Жүрегімнен құйылған жырыма сен.
Шекара деп бағытын жол бұрмайды,
Бейбіт ниет ызғары тоңдырмайды.
Сағыныштың сарғайған әнін айтып,
Арғы беті Қорғастың қол бұлғайды.
Артқа тастап тарихтың бар сағымын,
Жаңа ғасыр, дегендей ал тағылым.
Алтынкөлде темір жол қатынасы,
Екі елдің жалғайды қан тамырын...
Бейбіт өмір – береке бастауындай,
Дос жалынбай өтсе екен, қас тарынбай.
Иінталда ойнаған балық аулап,
Бүгінгінің еш қамсыз жастарындай.
ТАҒЗЫМ
О, киелі туған жер, атырабым,
Саған деген кеудемде жатыр әнім.
Қаламымды сияға батырамын,
Таңмен бірге сол әнді шақырамын.
Сағынамын, әкемді сағынғандай,
Табынамын, анама табынғандай.
Саған деген кеудемде нұр шуақ бар,
Сол шуаққа жүрегім малынғандай.
Естелікті ескірген теріп мың-сан,
Шежініме бетімді келіп жусам.
Ата-анамды көргендей болам ылғи,
Арқас тауым, төбеңді көріп тұрсам.
Жұмаққа тең мен үшін кең өлкесің,
Ардақтаған ақынын – ел еркесін.
Байлығым да, іздеген атағым да,
Барлығы да, туған жер сен екенсің.
АҢСАУ МЕН ШАРШАУ
«Тіл-бас жарады,
бас жармаса-тас жарады»
Халық мәтелі
Жетелейді баласындай, кәрі үміт,
Тұрғанымен тас тәлейің тарылып.
Жүрген ақын тілден басы жарылып,
Айта-айта кетті өзі де жалығып.
Тұрмыс үшін қалтыраумен санамыз,
(Пайда көрсек, байға көнсек – аламыз).
Тұтынушы мінезіне бой ұрған,
Бесенеден пенде болып барамыз.
Өзім үшін өткенді аңсап көрелі:
Жүргеніміз жасыл жайлау, төр еді.
Қасқайып кеп, қасқыр ішік жамылып,
Талабымыз таудай биік, өр еді.
Әр ауылда бір-бір абыз қарт еді,
Ойы терең, жүректері мәрт еді.
Арғымаққа жайдақ мінген жастарым,
Іске мығым, қимылдары шалт еді.
Аруларым көздің жауын алатын,
Аққу сынды, ерке жайған қанатын.
Адамзаттың бар асылы бойында –
Мінезіне ақылы сай болатын.
Әжелерім, аналарым – асыл жан,
Ақ самайын, ақ кимешек жасырған.
Бесігінен сәби үні үзілмей,
Қазағымның берекесін асырған...
Кір жұқпайды деуші едік қой, адалға,
Сол күндер де арман болып қалар ма?
Жанталасқан жаһандану заманда,
Не жетпейді, деп ойлаймын адамға.
ТАУ-ТІЛЕК
Қарт Алатау, Қаратауға қарасам,
Алтай әне, аумағы тым орасан.
Памир әне, Карпат міне, Альпі бар...
Сан жетпейді «қарттарымды» санасам.
Таулар, таулар, тауларыма таң қалам,
Таусыз жетім сияқты ғой паң Далам.
Қойны-қоншы аң мен құстың ұясы,
Балағынан байлығы әне саулаған.
Болғаннан соң Жаратқанның жаны ізгі,
(ойлап тапқан адам талай аңызды).
Желге ұшып кетпесін деп жазықтар,
Тауларымен қымтап қойған тәрізді.
Ортақ екен адамға Жер, мекен-бау,
(кейін шыққан бөлу деген бөтен дау).
Бар байлықты – өзі тауып алсын деп,
Тауларменен басып қойған екен-ау.
Тек жақсылық ойлағын деп Жаһанға,
Үлесіңді қосып жүр деп Отанға.
Арқас таудың алып шығып шыңына,
«Таудай бол!» деп бата берген атам да.
«ҚАЙРАН ЕРЛЕР
ҚАҺАРМАН АРДАГЕРЛЕР»
ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70-ЖЫЛДЫҒЫНА
1941-де шерменде,
Ел басына қара бұлыт төнгенде.
Қайран ерлер, сендер болдың қорғаным,
Батыс жақтан аждаһа жау келгенде.
Қаңыраған, елдің қараорманы,
Жарқылдаған оқ пенен от жан-жағы.
Бүкіл Отан саған сүйеп арқасын,
Иығыңа түскен еді салмағы.
Қан кешу...
Қан кешу сол жылдарда,
Озбырлықтан Отан жылап тұрғанда,
Еркек тоқты құрбандық деп ел үшін,
Өздеріңді қиып ең-дер құрбанға.
Қан кешу...
Қан кешу сол күндер менен түндерде,
Оқ пен оттың ортасында жүргенде.
Қан тілеген қара ниет фашистер,
Қорқау болып қыңсылады іргеңде.
Көкірекке ыза мен кек толғанда-ай,
Сөйлермісің жылап тұрып, толғанбай.
Қайран ерлер, бірі мыңға татитын –
Шын Бауыржан –
мың Бауыржан болғандай.
Қайран Далам, күңіреніп аһ ұрды,
Ұландарын қан майданға шақырды.
Әр жауынгер жұлып алып жүрегін,
Жау жолына бомба болып атылды.
Ежелгі ерлік үлгісінен жаңылмай,
Қазақтың ер ұландары жалындай.
Қан майданда жанын қиды тік тұрып,
Жас генерал Рақымов Сабырдай!
Қайран Далам, күңіреніп аһ ұрды,
Батыр туыр деген қазақ, батырды.
Томиристей – Әлия мен Мәншүктер,
Гитлердің басын қанға батырды.
Тұмар ханша істегенін – істеді,
Өзің жаққан отқа өзің түс деді.
Фашистердің аңсағаны қан еді,
Ал, сол қанды тойғаныңша іш деді...
Қабыл болып жылаған ел тілегі,
(олардың ой-мүддесі де бір еді).
Жеңістен соң қақ айрылған Берлиндей,
Қақ айрылды фашизмнің жүрегі...
Қастандықтан көрмеді бұл Далам не?
Қаскөйлікке қарсы тұрар шарам не?!
Бүгін осы ерлікке де күмәнмен,
Қарайтындар шығып жатыр...
Амал не?!
Жетер емес, төзер емес ақылым,
(Сене қоймас сергелдеңге ақының).
Бейбіт күннің бейпіл сөзін кеше гөр,
Жиырма сегіз панфиловшы батырым!
Қайран ерлер!
Ақыныңды тыңдағын,
Өсек түгіл, фашистен де қыңбадың.
Батырсыңдар – ұрпағыңның айтары,
Қан түгілі, тер төккенің, тылдағы.
Қан сасыған сол жылдары шерменде,
Қарауға да мұрша болмай өлгенге.
Осы жеңіс – жаяу жетіп Берлинге,
Тірі қалған, керек еді сендерге.
Керек еді, келер ұрпақ біздерге,
Керек еді үміт жібін үзбеуге.
Керек еді, Өмір гүлін егуге,
Қансоқта боп, қирап қалған іздерге...
Бүгінгі күн менің сөзсіз сенерім –
Ұмытпайды ерлігіңді өр елің!
Атқан таң мен батқан күннен,
өздерің,
айта алмаған арман нұрын көремін...
Соны айтсам деп едім.
«ҰЙҚЫДАҒЫ АРУ»
(АНАМНЫҢ ЕРТЕГІСІ)
«Менің туған жерім Қоңырөлең ауылының
маңынан Арқас алатауына көз салсаң,
шашын жайып жіберіп, мызғып кеткен
«Ұйқыдағы ару» аталған тау жотасын
анық көресің»
(Апамның әңгімесі)
Жанарынан күн көрінген,
Қара шашын – түн дедім мен.
Маңайынан күндік жерден,
Жүре алмайтын кім көрінген.
Әуезінен жыр бөлінген,
Күлкісінен сыр бөлінген,
Жанға шуақ тарайтындай,
Ерке басып жүргенінен.
Жымиғанда көзі жайнап,
«Қырылатын» тамам бойдақ.
Сөйлейтін-ді, айтар сөзін,
Ақылменен терең ойлап.
Айтқан әні асып қырдан,
Көрген жанды ғашық қылған.
Аружан қыз аймағында,
Ару еді асып туған.
Той дегенде ағылатын,
Алтын, күміс тағынатын,
Қазақ деген сері халық,
Бәрі күйші, бәрі ақын.
Қызбен ауыл танылатын,
Кездескендей бағыңа кім?
Аружан да бой жеткен соң,
Арқасты ойлап сағынатын.
Алғаш оны тойда көрген,
Тұлпар мініп тойға келген.
Бірін-бірі ұнатып қап,
Айрылмастай ойға келген.
Бір көрмесе сағынатын,
Мұңнан торқа жамылатын.
Бар қазақтың кезі еді ол,
Салт-дәстүрге бағынатын.
Қыз жігітке сөз бергенде,
Сөз бергенін көз көргенде.
Ата-баба жолыменен,
Құдаласар кез келгенде...
Қарс айрылып көк терегі,
Жасын жайпап өткен еді.
Ел басына ойда-жоқта,
Қара бұлт шөккен еді.
Шығыс жақтан жау келді деп,
Суық хабар жеткен еді.
*** Айыратын ерді жақын туыстан, Ақырғанда аузынан от-жын ұшқан, Езуінен ажал уы тамшылап, Бір айдаһар бас көтерді шығыстан. Осы емес пе жұрттың құты қашқаны – Қарт бабаны жұртына ұмыт тастады. Айдаһарға азық болмау үшін де, Ойлағаны болды жалғыз бас қамы. Қорқынышты үн елдің құтын қашырды, Ауызынан атылған от-жасын-ды. Құйрығымен іліп алып допша атты, Үйдей-үйдей, зілдей қара тасыңды. Арқас ердің қайнатты бұл намысын, «Туғаным жоқ қара бастың қамы үшін. Кеудемізге өлшеп берген Тәңірім, Намысымды таптатпаймын жан үшін!» Деді-дағы, тұлпарына мінеді, Жаудан қайтып көрмеген-ді жүрегі. Ер қаруы – бес қаруын асынып, Қорамсасын иығына іледі. Жасағандай дұшпанына ерегес, Ердің жолын ештеңе де бөгемес. «Сенен қорқып бұғып қалар мен емес, Мені жолдан тайдыратын сен емес!
Жердің құрты, қайдасың?» деп ақырды,
Ер еді ол батыл әрі ақылды.
Елім үшін жаным құрбан қашанда,
Жебей гөр деп Пір бабасын шақырды.
Жебей гөр деп жасын төкті анасы,
Жебей гөр деп тұрды салқам даласы.
Боз қасқасын шалып құдай жолына,
«Сақтай гөр!» деп бата берді бабасы.
Сұржорғадан туған құлын – Сұр аты,
Айдаһардан кем емес-ті қуаты.
Жолға шықты «иә, Пірім қолда!» деп,
Елді қорғап қалу болып мұраты.
Жау ішінде бір жәдігөй жүретін,
Көрінгенге ыржалаңдап күлетін.
Есерсоқтау біреу болып көрініп,
Ел ішінде не жатқанын білетін.
Арқас батыр атқа мінді дегенді,
Естігенде, естен танып бөгелді.
Өнбойынан әлі кетіп, қалшылдап,
Астындағы түйені енді шөгерді.
Тоқтап қалған секілденіп жүрегі,
Сұп-сұр болып, құты қашқан түр-өңі.
Жындарына ыржалаңдап күледі,
Қара суды қанжарымен тіледі.
Арқас ердің қуатының бастауы,
Аружандай аруда деп біледі,
Мәз болады орындалып тілегі.
Кәсіп қылған жәдігөйлік жадуды, Мақсат етті қызды іздеп табуды. Жолаушы боп кезіп жүріп ауылды, Көріп қалды тым келбетті аруды... *** Арқас батыр айдаһарға келеді, Жал-жал болып жатқан алып төбе еді. Айлық жерден жақындатпай жанына, Ауызынан зәрлі жалын төгеді. Сұр тұлпар да қолдан бермей намысты, Қасқайып кеп қарсы жүріп, қарысты. Айдаһармен батыр ұзақ алысты, Тастар борап, алай-дүлей шаң ұшты. Жазық жерге тас бораннан тау тұрды, Көрді халық таудан ұшқан жарқылды. Арпалыспен күн мен түнді айырмай, Алты айдан соң айдаһар да алқынды. Сақтай гөр деп бұл бәледен жанымды, Берейін деп астымдағы тағымды. Азу тісі алты қарыс айдаһар, Жәдігөйді шақырып ап жалынды. Жадылықпен қарт кейпіне кіреді, Жүрегі де, тілегі де кір еді. Түйе мініп арып-ашқан бейнеде, Аружанның ауылына жүреді.
Қартты аяп қыз,
қымыз берді күлімдеп,
Жәдігөй шал, «өзің де іш күнім» деп.
Байқатпай, көз ала беріп, у салып,
Қызға ұсынды екі қолы дірілдеп.
Үлкен сыйлып үйренген қыз,
қайтармай,
ішіп салды, ішпеймін деп айта алмай.
Ойға алғаны орындалған жәдігөй,
Бара жатты бездең қағып, қайқаңдай...
Кенет Арқас қара терге малынып,
Әлсіреді екі өкпесі тарылып.
Дұға қылды қолдай гөр деп балаңды,
Қолдаушы Пір бабасына жалынып.
Пірі келіп қолтығынан демеді,
Айбатты ердің қысылғанын көреді.
Тіле деді: «Шын жүректен тілесең,
Тәңірім саған бір тілегің береді».
Арқас айтты: Тілеуім ақ жол деді,
Бердің баба тілегімді мол деді.
Аман болсын туған елім, аймағым,
Аман болсын аққу қонар көл деді.
Жүре алмаймын қара басты қорғалып,
Елдің жасы ақпау үшін сорғалап,
Шың-құзымен көк аспанды тіреген,
Айдаһар да өте алмайтын жорғалап,
Тауға айналсам, елім арқа сүйейтін,
Қолда Пірім, бар тілегім сол болад!
– Туғаныңнан сенің ыстық жүрегің,
Қараорманым деп соққанын білемін.
Ал, ендеше, әумин!- дейді қол жайып –
Қабыл болсын арысым бұл телегің!
Арқас солай тауға айналып кетіпті,
Шың-құзымен жаудың жолын бекітті.
Ел-жұртына арқа сүйер қорған боп,
Есіл ерім, арманына жетіпті.
Еш алаңсыз өмір сүрген, ерікті,
Арқас таудай ерлеріне ел сеніпті.
Айдаһар да шың басынан құлдилап,
Найзатасқа шаншылып қап өліпті.
Туған жердің қуанышын ән ғылып,
Айтар болсаң, қосыла айтып,
жаңғырып,
Арқас таудың тізесіне бас қойып,
Аружан да ұйықтап кеткен мәңгілік.
Тау басынан көлбей ұшқан
сағым-мұң,
Менің-дағы жүрегімнен табылдың.
Арқас тауы отырғандай аялап,
Еппен ғана, ұйықтап кеткен аруын.
Ақын отыр тау басында шын жылап,
Жанын қинап, жауабы жоқ мың сұрақ...
Арудың көз жасындай боп Арқастан,
Жеті арасан ағып жатыр сылдырап.
МАҚТАНЫШЫМ
Күлме досым, мақтаншақсың деп маған,
Жан сырымды шалқып тұрып ақтарам.
Құпиясын құшағында сақтаған,
Тарихымның тереңіне мақтанам!
Не демейді шалқып тұрған шақта адам,
Ұрпақ па ол – тамырына тартпаған.
Бөтен емес деп Скиф те, Сақ маған,
Ес кіргенне ерлік жырын жаттағам.
Сол дәуірден қалған ұлы ағындар,
Өзегімде өнегелі тәлім бар.
Ал, қанымда күндей ыстық жалын бар,
Қайнап аққан Қазақ деген қаным бар!
Мақтанышым – адалдығым досыма,
Адал достар, жаныма кел, жасыма!
Сен ортақсың дастарханға, асыма,
Сен ортақсың, бақ қонса да басыма.
Айтарым жоқ қара ниет қасыма,
Аулақ, аулақ, келе көрме қасыма.
Құшағымда саған деген орын жоқ,
Жек көреді туған жердің тасы да.
Жұртқа мәлім көңілімнің кеңдігі,
Жерді орайды шапанымның белдігі.
Көкте Тәңір, жерде достық қолдаса,
Қазақ Елі болатыным белгілі!
Мақтанышым – ұланбайтақ Отаным,
Отаныма арналады шат әнім.
Бар Әлемге, бар Әлемге тарасын,
Қазақ Елі деген құтты атағың!!!
ӨМІР МЕКТЕБІ
Жастау кезде бәрі керек болғасын,
Жау көрінер көңіл қалған жолдасың.
Бүгінгінің биігінен қарасам,
Болғандай ма, өз уағында ол да сын.
Бәрі керек, бәрін алам деп тұрдық,
Алу үшін кейде ептеп еп қылдық.
Жұлып-тартып оқығанға марқайып,
дейді екенбіз, өзгелерден көп білдік.
Қоқиланған бала қораз секілді,
Қыздарға да қыр көрсетіп, не түрлі.
Барымызды салатынбыз ортаға,
Көрінем деп, өзгелерден өтімді.
Толқып жүріп,
жортып жүріп жетілдік,
Өзі іздеп тапты кейін жетімдік.
Арқа сүйер ата-ана жоқ болған соң,
Өзімізге «қамал» соғып, бекіндік...
Жастық өтті, қарттық келді есікке,
Тәба дедік алла берген нәсіпке.
Осы күні жастарға ақыл айтамыз,
Бейімдел деп нан табатын кәсіпке.
Болмасақ та анау айтар нар тұлға,
Мен де өтермін, қазіргі осы қалпымда.
Жырларымды оқитындар табылса,
Ақын деген атым қалар артымда.
ҰЛЫ АҚЫНМЕН СЫРЛАСУ
«Әйтеуір, бір келер деп дүр етер күн,
Алданып мен де босқа жүр екенмін...»
МҰҚАҒАЛИ.
Кел Мұқа, сырласалық оңашада,
Емеспіз ес кірмеген бала-шаға.
Сіз ағасыз, мен іні болғаннан соң,
Мұқа десем құрметпен, жараса ма?
Ұстаған соң өлеңнің тостағанын,
дей алмаймын Сіздерден басқа жаным.
Дырау қамшың арқамда ойнай ма деп,
Жаман өлең жазудан жасқанамын.
«Әйтеуір бір келер деп дүр етер күн»,
Менің-дағы жалбаңдап жүр етегім.
Ібітанов ағамдай, ауылымда,
Жақсы-жаман өмірді жыр етемін.
Өлең шіркін жарылып сыр аш дейді,
Өмір мәңгі басыңда тұрмас дейді.
Тірі адамдар – жүрегі жыр адамдар,
Сізді Мұқаш, ал мені Слаш дейді.
Сіз әруақ, мен әлі тірі екенмін,
Мен де сәтін салған күн , «дүр етемін».
Сіз де солай еткенсіз, мен де бүгін,
Сізден қалған өмірді жыр етемін.
Қанаттанып қарттардың тілегінен,
Түлеп ұштық екеуміз бір өңірден.
Сіз секілді мен-дағы, ақын аға,
Маржан терем халқымның жүрегінен.
Арқа-жарқа жүретін ақындармыз,
Өлеңдерім ұнаса мақұлдаңыз.
Қасыңызға әзірше шақырмаңыз,
Өткен сайын уақыт, жақындармыз...
АРМАН
Жағам бар деп жүргенде, жағалармын,
Атақ, байлық айтары ағалардың.
Өнегелі сөз айтар, өрісі кең,
Қайда қалды үлгісі бабалардың.
Ол заман да қазақтан өткені ме?
Жағамыздың «қисайып» кеткені ме?
Байу болып барады басты мақсат,
Жаңа өмірдің көз салсам бөктеріне.
Ол да керек әрине, бәрімізге,
Әніміз де жарасса, сәніміз де.
Ақша қуған айлакер боп шықпасақ –
деп қорқамын, жасымыз, кәріміз де.
Бүгін соның елесі көрініп жүр,
Байысам деп бәрі де желігіп жүр.
Бірін-бірі жақтырмай бүтін қазақ,
қала болып, ауыл боп бөлініп жүр.
Сол қалпында қалса екен елес болып,
өте шығар сырғытып, белес болып.
Ал, әйтпесе, байлыққа о заман мен,
бұ заманда бола ма өңеш толып.
Әдет-ғұрып, дәстүрге қайтып келсек,
Ата жолын ұрпаққа айтып берсек.
Жаңа ғасыр – жас ғасыр қойнауына,
Төрт құбылаң сай болып, шалқып енсек!
Ақыныңның арманы болар ма еді!
Алау болып үміті жанар ма еді!
Дана елімнің, ақ көңіл «бала» елімнің,
Басына бақ мәңгіге қонар ма еді!
ӨРІС
«Өзіңе-өзің қамалып, тұтқын болып,
Күн көрмеген гүл сынды біттің солып.
Мініп алып қиялдың Пырағына,
Отан деген өрісті шыққын шолып».
Дейді іштегі жанашыр ойым маған,
Ой пікірін өзім де мойындағам.
Өрісімді аралап қайтайын деп,
Орындықтан тұрдым мен, ойылмаған...
«Пырағым» да тұр екен қанаттанып,
Көк шалғынға көсіліп жарапты анық.
Қауырт істен босамай, көзін салып,
Қол бұлғайды, биікке қарап халық.
Далам қандай кең еді,
Далам қандай!
Кеңдік үшін әдейі жаралғандай.
Қазағыма қосылып барлық ұлт,
Шаңыраққа уық боп қадалғандай.
Тәубе Тәңір, осыны бергеніңе –
Тәуелсіздік шуағын көргеніме!
Қарай берсем кетемін қанаттанып,
Тауларым мен көлдерім, шөлдеріме.
Мағжан айтқан Тұранның даласы ма!
Берген құдай Қазақтың баласына.
Көк Тәңірі ырыстан шашу шашқан,
Шығыс пенен Батыстың арасына.
Қалауыңша қалап ал жолды ыңғайлы,
Көк пен Жерде пырағым болдырмайды.
Оңтүстік пен Солтүстік түсінісіп,
Бірін-бірі аялап тоңдырмайды.
Ғасырларда сан рет төнгенде егес,
Жақсылықтан үмітім сөнген емес...
Бүгінгідей, о заман, бұ заманда,
Төрт құбылам түгел боп көрген емес.
Жүрсе әркімнің көлбеңдеп Бақ басында,
Желеп-жебеп, Пір баба тап қасында.
Берекесі бекем боп, Отан-Анам,
Айналса екен, «Балалар бақшасына!»
Өрісіме келеді қарай бергім,
Көк туымнан көлбеген арай көрдім.
Жаңа қала, сән құрған сан өндіріс,
Сан жетпейді, келгенмен санай бергім.
Топырағына бабалар тері сіңген,
Жеп келемін бүгінгі жемісін мен.
Сақта құдай тіл-көзден!
Ұланбайтақ,
Өрісім кең екен ғой...
Өрісім кең!
БОЛМАЙДЫ
Адамдар бір-бірін білдірмей алдайды,
Жәдігөй тәрізді,
Сиқырмен арбайды.
Уәделі жеріне барам деп бармайды,
Аясын деп мені,
Өтірік зарлайды.
Тыңдайтын жан іздеп,
сыртынан барлайды,
Мінезі қандай деп,
аңысын аңдайды.
Сөзіне сенетін аңқауды таңдайды.
Дос болып бір жүріп,
«шайтанды» қолдайды,
Сыртыңнан өсектеп,
дейді ол оңбайды.
Өйткені, әзәзіл,
ізіңнен қалмайды.
Пенделер ешқашан
періште болмайды.
Түсінсең, ақынға,
Бәрінен сол қайғы.
ҚАБІРСТАН
Ги де Мопассанның
«Қабірстандағы ғажайып кездесу»
атты әңгімесінің әсерімен.
Бар ма өмірде адалдығ, сенетіндей,
Адалмын деп, тік тұрып өлетіндей.
Пенделердің бәрі де бұ жалғанға,
Күнә жасау үшін-ақ келетіндей.
Жалған деген, Тірлікті, қазағым-ай,
Намаз оқып жүрсе де, қаза қылмай.
Күнәсі жоқ жарты жан табылмайды,
Бергенің-ай Тәңірім, жаза мұндай.
Өлілердің мекені – Қабірстан,
Аруақ боп адамның жаны ұшқан.
Күнәларын тірілер бүркегенмен,
«Озмыш жоқ деген ғой, жазымыштан».
Ақ-қарасын тірілер айырмайды,
Санаменен сәл ғана пайымдайды.
Қара түнде қабірін жарып шығып,
Өлілердің өздері мойындайды.
Тозған кезде таусылып тән қорегі,
Айтылады ақиқат жан дерегі.
Тас қараңғы қабірде тасқа жазып,
Шығарады сақтаған сан пәлені.
Кім ойлайды сау кезде санасын жеп,
Қу сүйек боп қабірде қаласың деп.
Мопассанның ойымен айтар болсақ,
Ақиқатты сол жерден табасың тек...
Тас қараңғы. Тірі ақын толғамақ жыр,
Аруақтай жалт етіп жарғанат жүр...
Құлпытастың бетінен айғыз-айғыз,
Тірліктегі күнәлар сорғалап тұр...
ӨКІНІШ
«Өкінішсіз-өзекті жан болмайды»
Халық мәтелі.
Өкінбеймін, болмады деп төрім кең,
Оның бәрі орайласар көңілмен,
Өкінбеймін, асып-тасқан байлығым,
жоқ еді деп, балағымнан төгілген.
Алтын тақта отырмадым демеймін,
Білеміз ғой олардың да көмейін.
Алтын тақтан бір мысқал да кем емес,
Жаймашуақ елім сенің мерейің.
Өмірдегі өкінерім, ағайын,
Көрмегенім емес, бақтың арайын –
Айналама алаяқтар жиналып,
Мені ұққысы келмегені, маңайым...
Ұқпағаннан жаманы әсте болмайды,
Түсінбесе жүрегіңді ел, сол қайғы.
Өлгені бар, тірісі бар, бәрі де,
Сорласа тек, ұқпағаннан сорлайды.
Ұқпағаннан жау болады жақының,
Жау көрінер, жанын қиған батырың,
Қанша тағдыр қойнауында тарихтың,
Қалып жатыр, ескерусіз, ақырын.
Жалғандықтың жайған торы шығармай,
Кеткендерде қанша мұң бар мұнардай.
Басқа түгіл, Ұлы Шыңғыс қағанды,
Әлі жүрміз жау ма, дос па – ұға алмай...
Жазмыштың жазуына не етермін?!
Түсінгісі келмегенге – бөтенмін.
Түсінуге тырыспаған ортада,
Өкінішпен мен де бір күн өтермін.
АҒАЙЫНҒА
Айналайын ағайын,
Өсек- аяң маңайым.
Кір іздейсің тырнақтан-
Қайтып саған жағайын.
Айналайын ағайын
Өсегіңе болайын!
Жаратпайсың жаз келсе,
Ыстық деп күн арайын.
Айналайын ағайын,
Өздеріңсің маңайым.
Күндесең де, тілдесең
Қайтіп кінә тағайын.
Өстім сенің ортаңда,
Адам болдым арқаңда.
Өзімсің ғой өйткені
Өсегіңнен қорқам ба!
Айналайын ағайын,
Жыртығыңды жамайын.
Өздеріңсіз, қаңғырып,
Қайда барып оңайын.
Жүрген үлкен жолдағы,
Балаң едім қолдағы.
Өлеңімнің өзегін,
Түсінсең тек, болғаны.
*** Падишасы зеңгір көктің, Құстар неткен бақытты едің! Келеді ылғи құс боп кеткім, Көрсетсе егер уақыт күшін. Көк төсінде қалықтасам – Қалықтаудан жалықпас ем. Зеңгір көкте шарықтасам, Дүние қуып тарықпас ем. Пенделіктен биік болып, Күйбең тірлік кешпес едім. Жүрегіме күйік толып, Күйіп барып өшпес едім...
АЛБАСТЫНЫҢ ӘЛЕГІ
Пендеміз ғой...
Періште бола алмаймыз,
Періштедей пәкпін деп неге алдаймыз?
Миымыздың ішіне кіріп алған,
Албастыдан арылмай, оңалмаймыз.
Миымыздың ішіне кіріп алып,
Алдын-ала ығыңды біліп алып.
Пендесінің білген соң сырын анық,
Көсемсиді кеудеге шығып танық.
Алдыға сап Ашуды ашық-шашық,
Жібереді қамшыны басып-басып.
Ашуға да сол керек, дем берген соң,
Одыраңдап кетеді асып-тасып.
Ақыл қалар сансырап айдалада,
(Ашу қозса, ақылдан пайда бар ма?)
Арандатып Албасты отырған соң,
Майдалана береміз, майдалана...
Албастының бір аты Сайтан деген,
Алданасың дос болып сайтанменен.
Басқа болып шығасың аяқ-асты,
Ағаштай-ақ, ұсталар қайта өңдеген.
Албастының бір аты Жын болады,
Ақылы азған сорлыға жын қонады.
Иектеген пендесін – иемденіп,
Құрттағандай – бір күнәң, мың болады.
Пендеміз ғой...
Пенделік өмір еді,
Тәртесіне Күнәнің жегіледі...
Мидағы сол Албасты, ми өлген соң,
Көр аузынан қайтатын көрінеді...
ШЫН БАҚЫТ!
Ұйықтатпады мазалап бүгін өлең,
Ой шіркіннің, жетпейсің түбі терең...
Раббымның шексіз-ау, құдіреті,
Тіршілікті жаратқан жұбыменен.
Бір өзіңсің, күн мен түн санатқан да,
Сезім селін жүрекке таратқан да.
Қарап тұрсам, япыр-ай, қайтер едік,
Әйелдерсіз өмірді жаратқанда?
Өңкей еркек әйелсіз төзер ме едік?
Жұпар исін жұмақтың сезер ме едік?!
Қырмызыдай қызы жоқ, қызығы жоқ,
Тіршіліктен баз кешіп, безер ме едік.
Ойлаудан да ол жағын жасқанамын,
Талқан қылар тірліктің тас қамалын.
Махаббатты жаратқан, Раббыма,
Бас ұрудан жоқ еді басқа амалым!
Өзек болар өмірлік өлеңіме,
Махаббатсыз, тірліктің керегі не!
Арманым жоқ дер едім, арманым жоқ,
Батып өлсем сезімнің тереңіне.
Байлық іздеп, бақ іздеп өзеуреспе –
Алданбайық жігіттер, ез елеске.
Біз бақытты басқадан іздемейік –
Бақыт деген – Әйелдің өзі емес пе!
ӨЗІҢЕ СЕН...
ұлым Жандосқа
Кездестіргей көңілдің теңін Алла,
Ақтарысар өмірдің кенін ол да.
«Тең-теңімен» дегеннің мәнісі кең,
Аттың нарқын түсінер бөрі бар ма?!
Әр көкейде жүрмей ме жетім дәме,
Көрсеткенде білерсің бетін бәле.
Қырда қиқу, ойда ойран – дүмекпенен,
Бара жатар бұ жалған өтіп әне.
Тасқа барып ұрынса басың анық,
Қулар жүрер құлағын басып алып.
Мына байғұс сүрініп, мүлт кетті-ау, деп,
Мүсіркейтін жан шықпас қасына алып.
Тіліменен дейтін бар «қарық етем!»
Туысың да бірге өлмес – жаны бөтен.
Өзгенікін қайтесің, өзіңе сен –
«Жаман шапан кедейге жанымен тең».
Дегізіп, «мына боздақ қандай керім»,
Басыңды бағалатар маңдай терің.
Көп дүрмекке ілесіп көлге түспе –
Болмаса ар жағыңда таудай сенім.
ТІЛ БАЙЛАУЫ
«Бір ауыз сөздің, адам өлтірер уы болады»
Жанат Ахмади.
Адам кейде тілінен байланады,
Байланған соң, бас салып ойланады –
«Бүйтейік...» деп біреудің сайрағаны,
«Сөйте ғой...» деп біреудің қайрағаны...
Ой маңырап, қозының көгеніндей,
Не көрініп ұштығы, не көрінбей.
Іштен мүжіп, ақыры тауысады,
Қатты ағашты жұмсақ құрт жегеніндей.
Бір тілден бал, бір тілден у тамады,
Сұмырайды деген ғой, сұм табады.
Көре-көре өмірден осыларды,
Жүрегімнің түбіне мұң тарады.
Ақымақ дос залым боп шыққанымен,
Ар жағына сұмдығы бұққанымен.
Өзімді-өзім, ал енді әлек болам,
Тілдің салған торынан құтқарумен.
Босаған тіс деген ғой, бекімейді,
Ой маңырап құдай-ау, не тілейді?
Тіл торынан шығам деп жүргеніңде,
Жүрегіңнің тігісі сетінейді...
*** Ақыныңды аңқылдақ, қолда Үміт, Ойлағанын қалмайтын жанға бүгіп. Опындырып кетеді, өкіндіріп, Сыр сақтауға олақтық орға жығып. Ақыныңды аңқылдақ, қолда Шындық, Түсірмесін жалғандық, торға сұмдық. Тілі жебе болғанмен, ойы алдаспан, Аярлықтың алдында ол да мұңлық. Ақыныңды аңқылдақ, қолда Сенім, Ашық-шашық, жимайтын етек-жеңін. Жұрт сенімін жар салып шақырады, Болашаққа бақ тілеп, толғаса ерім! Ақыныңды ақ көңіл, қолда Елім, Айтатыны ашынып, сенің шерің. Жүрегіңнің мәз болып жылуына, Көрмесе де өкінбес, өмір төрін.
ОН ЖӘНЕ БІР
(БІР АҒАҒА)
Жетпістен ассаңыз да қаратаймаған,
Жан екенсіз бүйірі ортаймаған.
Алты ай қыста тұратын түсін бермей,
Қытайдың алмасындай әр таймаған.
Дәрлегендей, әдемі сақталыпсыз,
Жылыжайда өскендей бапталыпсыз.
Ойлануға жоқ дейсіз әуестігім,
Өмір сүру сырларын нақ таныпсыз.
Ой дегеннің салмағын ұққан ізгі,
Бағалаймын үлесін ұтқан сізді.
«Байқамаса, адамды ой дегенің,
Жеп қояды қарабас құрт тәрізді» -
дегеніңіз әрине, құптарлықтай,
Бірін-бірі, сөз екен мықтарлықтай.
Өзіңіз бен сөзіңіз жарасып тұр,
Қабағынан айтқызбай ұққан жұптай.
Еске түсті ежелден естігенім,
Біреулердің бұрындар өстігенін...
Негізінде, ой емес, адам жанын,
Уайым жеп қоярын естіп едім.
Бекініпсіз дегенмен нық қадамға,
(Секем алдым ойсызды құптағанға).
Сіз айтқандай, ойсыздар қартаймаса,
Он жыл артық жүрерсіз мықтағанда...
Шамам барда ойланып бағар едім,
Бықсып емес, лапылдап жанар едім.
Ойсыз өткен он жылдан, маған салса,
Ой тербеген бір жылды қалар едім.
ТӘСІЛҚОЙ
Біреулер бар ішкі ойын жасыратын,
«Ел үшін» деп еліріп «ашынатын».
Ымыраға ылажсыз келген болып,
Асқа тойса, «ашуы» басылатын.
Әр істе де осылар алға шығар,
(сериалды кинодай жалғасы бар).
Шыңыраудың түбінен тәсіл іздеп,
Түсіретін құдыққа «қауғасы» бар.
Көптің ығын бұрады пайдасына,
Құрығың да бойламас айласына.
Мақсатына көздеген жеткендей боп,
Аңқау жұртым түседі арнасына.
Бедел жиып басқаның есебінен,
Ала жібін есеппен есе білген.
Аярлығын адалдық деп ұққандар,
Кемшілігін көрсе де, кеше білген.
Нысана ғып көздеген мақсатты анық,
(жеңісіне ішінен бек шаттанып).
Жүретіндер қаншама, қулықпенен,
Билікке де, жұртқа да жақсыаттанып,
Көздің жасын көбейтіп бұлаған жан,
Сүрінгені қиын боп, құлағаннан.
Кесірінен солардың, келеді Ел,
Тиесілі құр қалып сыбағадан.
ҚАТТЫ МЕН ТӘТТІ
Жан екеміз, жанкешті, өмір сүйген,
Көре-көре көп істі, көңіл тйген.
Кеше ғана Сталин заманы өтті,
Айтпаса – арың,
ал, айтсаң – тілің күйген.
Сол күнді де кешірдік басымыздан,
Жау шығатын, жар емес, қасымздан.
Ауызың да, арың да күйе-күйе,
Сауысқандай сақ болдық жасымыздан.
Шүкір, шүкір...
Бәрі де ел есінде,
Осы күннің зар едік елесіне.
Жаңа заман төлдері есіріктеу,
Пысқырмайтын боп барад көнесіне.
Көне болмай, жаңаға көшермісің?
Өткеніңді ұмытсаң – өсермісің.
Жақсы-жаман күндерін ұмытқанды,
дейді қазақ: «есі жоқ, есермісің?»
Ит те ұмытпас ыдысын ас сап берген,
Күндер өтті қорқытып, жасқап келген.
Тарих деген – тағдырдың қара жолы,
Осы күнге өзіңді бастап келген.
Шүкір, шүкір...
Тәуелсіз таңым да атты,
Қара жолда қақ болып қаным қатты...
Қара суға батырып жесем-дағы, Еркіндік-ау, не деген наның тәтті! *** Мәніс кетер тілден де, нақылдан да, Қыжыр қабақ жаратпай отырғанда. Соны ұққан қонақ та қожырайды, Орталанған тұсында ақыл-қамба. Не деріңді біле алмай, не жеріңді, Өртегендей өкініш өзегіңді. Көк езудің аузына қарауменен, Күте-күте шаршайсың кезегіңді. Үйренбеген бәлсіну, бұлдануды, Кім сезеді іштегі мұңды арынды. Жарылуға шақ қалып, амалсыздан, Ар-иманға ілініп тұрғаныңды. Көнбіс көңіл елпілдеп, ебелектеп, Отырғанда бас шұлғып, бүгелектеп. «Қыжыр қабақ» сөйлесе қиястанып, Қол соғады ел, орнынан түрегеп кеп. Сіздікі жөн, дұрыс деп дуылдайды, (Жөн, терісін өздері ұғынбайды). Көп дегенің осындай – бастап берсең, Паравоздай арқырап, бұрылмайды. Ежелден-ақ осы ғой көп дегенің, Жетегімен талайдың кеткен едің. Қыжырын да, қырсығын көре жүріп, Сол көппенен өмірді өткеремін.
КӨЛЕҢКЕ
Қырсоңыңнан екі елі қалмайтын,
Көлеңкеге көз қырын да салмайтын.
Пендеміз ғой...
Адал серік ол бірақ –
Адам емес, пайдасы үшін алдайтын.
Жастау кезде қызға адалмыз дегенбіз,
Сен бар жаққа жүз қарадым дегенбіз.
Сенер болсаң, басқа түгіл өзіңді,
Көлеңкеңнен қызғанамын дегенбіз.
Қорқатын ем қарны ылғи тоқтардан,
Түрім ғой ол тойынғаннан сақтанған.
Елес пе деп есте жоқта келетін,
Қорқам енді көлеңкесі жоқтардан.
Көлеңкесіз жүру қиын білгенге,
Не жетеді аз күн тірі жүргенге.
Көлеңкемен қоштасамыз біржола,
Көрге барып кіргенде...
ТҮС ...Ой сүзіп отырғанда, Қиялға қармақ салып. Бақыт сол, ақын жанға – Ілінді алтын балық. Ақыным жолың болар – Міне алтын, күре деді. Қабыл боп орындалар – Үш тілек тіле деді. Япыр-ау, не тілесем?! Байлықты қаласам ба? Біреуге кетіп есем, Ит болып таласам ба? Жоқ әлде... сарай мақтар, Мансапты қалайын ба? Жағымпаз, алаяқтар, Қаптатып маңайыма. Жоқ әлде... Қолда балық – Ұзақ жас тілейін бе? Ұрпағым жолда қалып, Шайтан боп жүрейін бе? Болмайды... Бөлектеніп, мен өмір сүре алмаспын.
Өзімшіл ойға көніп,
Ұрпақсыз жүре алмаспын.
Тыныштық... тыныштық деп,
айғайлап ояныппын...
Төгіп тұр бір ыстық леп,
Арайға боялып күн.
*** Уа, адамзат! Сендер мені танымасаң, таныма, Шүкір деймін өздеріңнің барыңа. Ұрпағыңмен жалғастырып Өмірді, Ғасырлардан ғасырға жет тағы да! Мен жүрермін мына көптің бірі боп, Адамдардың аңсап айтар сыры боп. Ал, өлеңім өмір сүріп жатады, Мен көрмеген тіршіліктің жыры боп. Сенде мені танымады демеймін, Жүрегіңді қунышқа бөлеймін. Сен ол үшін жырымды оқы ағайын, Жырдан басқа дүниеге кедеймін.
БАҚЫТТЫ СӘТ
Атқылап жырдың бұлағы,
Жанғанда көздің шырағы.
Қанғанда жанның құмары,
Тілші қыз келіп жаныма:
«Бақыттысыз ба?» деп сұрады.
«Бақыттымын!» дедім ойланбай,
Қанатын шабыт жайғандай,
Аққу боп көлге қонғадай,
Ақынның қаны қызғанда –
Сәтімен сұрақ қойғандай.
Тергенде тілден жаһұтты,
Жүректер жырмен балқыпты.
Шабытты ақын – бақытты!
Құдіреті оның осында –
Ұмытып кетер уақытты...
Ұмытқам мен де, бәрін де,
Жиылған жасың, кәрің де.
Құлағыңды сал әр үнге...
«Бақыттысыз ба?» дедің бе?
Бақыттымын мен әрине!
Өзіме от боп өз демім,
Сезімнің нұрын сезгенім,
Қызғанбай бағын өзгенің,
Бақытты сәтім осындай –
Өлең оқыған кездерім!
ТӘУБӘ ДЕЙІК БҮГІНГЕ
Не көрмедің тарихыңда қазағым,
Арқаладың азабын да, мазағын.
Әр төбеде қаңқаң қалды шашылып,
Оба менен қорым болып мазарың.
Не көрмедің, не басыңнан өткен жоқ,
Көзден аққан «көлің» әлі кепкен жоқ.
Қадір білмес қай дұшпаның әдейі,
Жазылмаған жараңа тұз сепкен жоқ.
Бүгінгі ұрпақ соны есіңе ала жүр,
(қорымдарда көз жасы мен нала кіл).
Байысаң да байлығыңа мастанбай,
Ұрпағыңның есіне оны сала жүр.
Күндер болған азапқа да ет өлген,
Жоңғар иттің сан мазағын көтерген.
Аруларым ақша бетін айғыздап,
Ажал бер деп жалбарынған төтеннен.
Одан кейін кімдер есте қалмады,
Қонысыма кімдер ауыз салмады.
Қаншама ана естен тірі танбады,
Қанша бала тірі жетім зарлады?
Сол күндердің ұмытпайық өткенін,
Қара жерім қызыл қанға бөккенін.
Тәуелсіздік, жиырма екі жастағы,
Сол күндердің өтеуіне жеткенін.
Кел ағайын, тәубә дейік бүгінге,
Бірдеңелер жетпейді деп түңілме.
Осы күнге шүкірлік ет он есе,
Андасанда арт жағыңа үңіл де...
НАМЫС ЖЫРЫ
1986 жылғы «желтоқсан көтерілісінің»
құрбаны, жерлесім Ербол Сыпатаевтің
аруағына бағыштадым.
Автор.
«ҚАРА ТАУДЫҢ БАСЫНАН КӨШ КЕЛЕДІ,
КӨШКЕН САЙЫН БІР ЖОРҒА БОС КЕЛЕДІ...»
«Елім-ай» әні.
Бүкіл қазақ даласы жаралғандай намыстан,
Намыстанса төсінен алай-дүлей шаң ұшқан.
Ұланы да даланың қыранындай шүйіліп,
Басын тігіп жауымен намыс үшін алысқан.
Сол боздала, боздала, не қырсықты көрген жоқ,
Қойнындағы асылын кімдер келіп терген жоқ.
Осы байтақ даланы ұрпағына қазақтың,
Алып келіп бір жақтан нағашысы берген жоқ.
Ол өзінің меншігі, ол өзінің жүрегі,
Сол далада жылайды, сол далада күледі.
Құшағында жатады өлген соң да сүйегі,
Халық оны сондықтан аялайды, сүйеді.
Ерке ұлы даланың еркіндікті көздеген,
Азабыңа төзсе де, мазағыңа төзбеген.
Көнбістігін жуастық деп білгендер,
Жанының,
Тереңінде жататын жалын барын білмеген...
Желтоқсанда ызғарлы,
Ұлы сынақ басталды,
Жалыны жоқ пенделер, жанын сақтап, жасқанды.
Бүкіл қазақ тағдыры түскен кезде сарапқа,
Намыс оты алаңға алып шықты жастарды.
Ербол Сыпатаев та сол толқынның бірі еді,
Жас болса да халқым деп соққан балғын жүрегі.
Желтоқсанда алаңға шыққан әрбір боздақтың,
Ел намысын таптатпау, болды жалғыз тілегі.
«Ұлтшылдық» мойнына кигізілген қамыт боп,
Боздаласы өзіне жатқан кезде «табыт» боп.
Аз дегендей осылар, енді міне қалмақшы,
«Өзін-өзі билеуге жарамайтын халық» боп.
Осыны ойлап Ерболдың жанарына жас толды,
«Неге заман біздерге осыншама қас болды?!
Абылай мен Абайдың ұрпағына мінеки,
Қаңғып келген бір тексіз, баса-көктеп Бас болды.
Ей жас толқын, Жас толқын!
Майданға шық, майданға!
Құл-құтандай жалтақтап, босағаңда байланба!
Тіліміз бен дініміз, салтымыздан айрылып,
Кемесіндей Аралдың, шығып қалдық қайраңға.
Төзімнің де шегі бар,
Жеттік міне шегіне!
Анам берген жас өмір арналады еліме...»
Шақырылған алыстан келіп қалды жендеттер,
Темір сойыл қолға алып,
Күрек ілген беліне.
Үйретілген осылай,
Қазақты олар жат көрді,
Билік пенен бұйрықты басындағы бақ көрді.
Өзіміздей бұлар да адам-ау деп ойламай,
Қойды көрген қасқырдай тұс-тұсынан тап берді.
Бір халықтың ұрпағы қарауылға ілінді,
Қайырымсыз қолдармен қара шаштар жұлынды.
Қыпша белін арудың керзі етікпен езгілеп,
Алау жүздер күректің қырыменен тілінді.
Бұл халыққа олардың ата кегі кеткен бе?
Әлде тұқым-түбіне осы қазақ жеткен бе?
Жымияды кектене еңгезердей бір жендет,
Екіншісі жас қызды құрсағынан тепкенде...
Бейбіт шеру осылай, ұшырады жазаға,
Өршеленді әкімдер, жазала деп, жазала!
О, құдірет сол сәтте күңіренді ғажап ән,
Мынау неткен ән еді,
Жоқтау ма, әлде, аза ма?!
Көз жасына тұншығып, жылап өткен елім-ай,
Еркіндігін құдайдан сұрап өткен елім-ай.
Жылап өткен елім-ай,
Сұрап өткен елім-ай.
«Елім-ай» боп алаңға шыққан жұрттың ұраны,
Елім-ай деп ұмтылып,
Елім-ай деп құлады...
Осы сәтте Ерболдың жан дауысы естілді:
– Ей, тоңмойын басшылар,
Тоқтатыңдар мынаны!
Өзі алға ұмтылды шегінуді ар санап,
Бүлдіршіндей бір қызды денесімен қалқалап.
Темір сойыл қапыда шүйдесіне қадалып,
Құлай берді «апа» деп...
Құлай берді шалқалап...
О, қандықол қарақшы,
Қолың неге сынбады!
Сынбақ түгіл әттең-ай, қан төктім деп қыңбады.
Жалын атқан жас ғұмыр қанға бөгіп жатқанда,
Шіміркеніп бір сәтке мойынын да бұрмады.
О, қыршын жас!
Қыршын жас!
Биік еді арманың,
Арманыңды халқыңның тағдырына жалғадың.
Ердің ері сыналар күн туғанда жасқанбай,
Ел намысын өзіңнің Өміріңмен қорғадың!
Елім деген ер ұлан қашан тізе бүгіпті,
Қырсығы да заманның, қырқа алмады үмітті.
Желтоқсанда төгілген ыстық қаны жас тардың,
Қатып қалған беріш боп, заман тоңын жібітті.
Жасап келген халыққа, жасанды әуре-сарсаңды,
Өзімшілдік жүйеге өзгелер де қол салды.
Қазағымның жастары, дүр сілкінтіп Әлемді,
Тәуелсіздік таңына қанын төгіп жол салды,
Ербол, Қайрат, Ләззәттай,
Жанын қиған ар үшін,
Сарқылмаса ұл-қызың, сарқылмаса арысың.
Жығылмайды туың да, қор балмайсың қазағым,
Тапталмайды ешқашан, тапталмайды намысың!!!
«ЖҰДЫРЫҚ»
Біреулер бар жал бітсе, одырайып қарайтын,
Өзін осы дүниенің тұтқасына балайтын.
Кешегі «ауыз жаласып» жүрген кезін ұмытып,
Сені есігін күзеткен жалшысына санайтын.
Қылығына әлгінің, қарап тұрып таңқалам,
Бұл мінезді бір емес, бірер мәрте аңдағам.
Ыңғайланып ортаға, өзгертетін түр-түсін,
Хамелеон кесіртке болда ма осы таңда адам?
...Айтқан сөзі байыппен, есті адамға ұнаған,
Көпті көрген қартымнан соның мәнін сұрағам.
Деді ақсақал ойланып: «Зердең болса санаңда,
Күйінуге болмайды, анаған да, мынаған.
Бес саусағың тәрізді, бірдей емес пенделер,
Біреуінен- біреуі артық, яки, кем келер.
Біріккенде осылар, жұмырланып, мінеки,
Жұдырық боп жұмылып, бір-біріне тең келер.
Ауызбірлік дегенің, осы балам білгенге,
Өзгереді ол рас, бәзбіреулер бір демде.
Түсінігі таяздар талтаңдап жүр іргеңде –
дей алмайсың бәріне «кесірткідей түрленбе».
Керек мынау өмірге күндізің де, түнің де,
Санаң болса салыстыр, өз-өзіңнен бүлінбе.
Түнді жақсы көреді ғашық жандар күндізден...
Тереңірек ойласаң, жеңілдейді жүгің де...»
Қарияның сөзінен сабақ алып, көңілім,,
Арылғандай салмақтан жеңілдеді өмірім.
«Ақылдының алды кең» деген сөздің тамырын,
Байқағандай, адамға арта түсті Сенімім.
КӨКТЕМ-АНАМ
Келші көктем, түс болып
сан шуаққа боялған,
Келші көктем, құс болып,
жылы жақтан оралған.
Келші көктем, жыр болып,
жүректерде оянған,
Барайықшы бір болып,
шақырғанда ой-арман.
Келші көктем, жып-жылы
мейірім боп төгілген,
Күлімдеші күн нұры –
алтын арай көгімнен.
Ұқсатамын анамның пейіліне сені мен,
Бар Әлемге шапағат тілейтұғын сеніммен.
Келші көктем арайлап,
тірілсінші арай бақ,
Тіршіліктің осынау, жүрегінде қан ойнап.
Қатал қыстың қатулы
қабағынан қаймығып,
Ұйықтап жатқан бүрісіп,
оянсыншы бар аймақ.
Келші көктем,
анамдай алып келген өмірге,
менің әрбір жырымда шуағың бар сенің де.
Мен сеземін анашым,
қарап тұрсың көгімде,
Тірімін ғой әзірге, тірімін ғой... егілме.
СЕНЕРІМ – ӨЗІҢ ӨЛЕҢІМ
Көрмей-ақ күншіл немені,
Білмей-ақ сансыз бәлені,
Өлеңнің отын лаулатып,
Өртеніп кеткім келеді.
Жаумның сезбей жаласын,
Туыстың көрмей таласын.
Өткім келеді өмірден,
Өлеңмен тауып жарасым.
Естімей елдің сыпсыңын,
Елемей тірлік бықсығын,
Өлеңмен өріп мың сырын,
Шақырса ғажап тылсым үн...
Қырқа алмай пенде қырсығын,
Қырқысып келем – бұл шыным.
Өзегіңді ұқпас неменің,
Өлеңмен бұзсам тұмсығын –
деп едім, әттең, деп едім...
Түбінде бәрін жеңемін.
Жеңемін, саған сенемін,
Сен аман бол Өлеңім!
КӨЗҚАРАС
Жағымпаздармен жанасқан,
Пайдакүнеммен санасқан.
Мен де бір қасқа екем-ау,
Қызғаншақ итпен таласқан.
Алуан ниет айналам,
Бір оймен жүрер қайда адам?
Бер жағы күліп тұрғанмен,
Ар жағы қулық ойлаған.
Аңқаусып оңай алданып,
Ақиқатқа жолай арланып.
Өз есебін қамданып,
Қарайды түбін шам жағып.
Солардың әрі-берісін,
Көрсете айтып кемісін.
Білдіріп жұртқа терісін,
Жегізбей қойсам «жемісін».
Нұрланып тұрған маңайды,
Жасырып алтын арайды.
Көрмесе екен деп көлбеңдеп,
Жағымсыз көзбен қарайды.
...Қолына түссем, талайды.
*** Өмірді Жаратқан Иемнің бары анық, Сол Өмір – шуақтан өзіне нәр алып. Шыбын мен шіркей де тіршілік саналып, Жер-Ана бойымен жатады таралып. Он сегіз мың Ғалам, ішінде Жер-Анам, Жаным мен тәнімнің ұясы санағам. Ақын ғып жаратқан Иеме мың алғыс, Ғаламды жаныммен жырлауға жаралғам. Жырымда – көргенім, Түйсікпен сезгенім. Өзімді жылытар, тоңғанда өз демім. Өлеңім ақ торғын орамал тәрізді, Сүртетін аялап, көз жасын өзгенің. Ашқаннан шыңғырып өмірдің есігін, Тербеген жұбатып, Жер-Анам – бесігім. Санаулы ғұмырдың сезбесем қадірін, Жаратқан Иемнен сұраймын кешірім!
*** Жымысқы жылым басқа, есер басқа, Тоқтайды басы тисе есер тасқа. Жымысқы жылым тартып тереңіне, Қасірет әкеледі қара басқа. Қасқайып қара тер боп болдырмайды, Алыстан алдарқатып қол бұлғайды. Алданып сонысына жақындасаң, Орайы келген сәтте оңдырмайды. Қулардан құты қашып сескенеді, Көкейін босбелбеулер тескен еді. Сөйлесе көмекейі көрінетін, Аңқылдақ аңқауларға өш келеді. Жүргенде пешенеңе бақ дарымай, Сұмды-сұм, қуды-қудың тапқанын-ай... Бір түссең құсауынан шығармайтын, Жымысқы жылымдардан сақта құдай! Жылымөзен мен көлдің қыста қатпай қабыршықтанып жататын терең иірімі. Соған алданған адам да, мал да беті қатты екен деп жылымның құрбаны болады.
*** Бойымда алаулаған жалын барда, Ғашық болдым айқабақ аруларға. Күтіп алып ұйқысыз таңымды алда, Қайтушы едім оралып сағымдарға. Қуат алып сол күндер, сол түндерден, Көктегі айдың ұшына бөркімді ілгем. Қандай ғажып... жүруші ем аруларға, Басы бүтін ұсынып еркімді мен. Тоқта уақыт, азырақ дамылдашы, Тілегімді бір сәтке қабылдашы. Сол сәтімді қайтарып бір-ақ күнге, Содан кейін, қаласаң, жанымды алшы. Ей уақыт, осыған көнесің бе? Жастық дәурен оралып келесің бе? Махаббаттың тербелген кемесінде, Ләззәт түнін қайтарып бересің бе?! Айқабақ арулармен аймаласып, Жүретін қайран ақын, қайран жастық! Махаббаттың кемесін, Аргонавтай, Жағалауда қалыпты-ау, қайраң басып.
ҒАРЫШ ПЕН ЖЕР
Қара түнек Ғарышқа қадаламын,
Ес кіргеннен осылай қарағамын.
Күндіз күнге жаланып көк төбеде,
Түнде аққан жұлдызды санағамын.
Одан өзге Ғарыштан түк көрмедім,
Не көрем деп білмеймін, күткен едім?!
Апам айтқан ертегі елесімен,
Қиялыммен сан мәрте көкке өрледім.
Болмайды екен аяулы жердегідей,
Жердегідей, кәдімгі елдегідей.
Қызығы жоқ, қылықты қыздары жоқ,
Тас қараңғы дейді ғой көрдегідей.
Солай дейді ғарышты көріпкелім,
Көрейін деп содан соң желікпедім.
«Жер-Анаға жетпейді ештеңе де,
Одан өзге жұмақты көріп пе едің?»
Дейтін анам ғарышкер болам десем,
Жүз жылдан соң айналып қонам десем.
Жарты күнге қимайтын ерке ұлын,
Шын кетеді дей ме екен қайран шешем...
Оймен кезіп Ғарыштың атырабын,
Тереземнен қадалып отырамын...
О, туған жер қымбат-ау бәрінен де,
Анам жатқан аяулы топырағың.
СЕЗІМ
Бүгін бәрі бар дегенге сенейік,
Көзбен көріп тұрғаннан соң не дейік.
Жыр жазатын, ән жазатын сезімсіз,
Машиналар бара жатыр көбейіп.
Түйсіксіздің құпиясын біліп көр,
Электрмен жанып-өшкен үміттер.
Есі кетіп ебіл-себіл билейді,
Сезімі жоқ қыздар менен жігіттер.
Кеудесінде жоқ болған соң жүрегі,
Бір-біріне анайылау күледі.
Басқа дүние – ғашық болу, қызғану,
Махаббатты ертегі деп біледі.
Іс-қимылы, сөздері де жасанды,
«Ойыншыққа» бас иеміз қашанғы.
«Уська», «Аська» дейді екен, кәдімгі,
Біз білетін Үсен менен Асанды...
Жетер енді, осы жерден тоқтайық,
Қазақшалап мақтайық, не боқтайық.
Не десек те болсын бәрі шынайы,
Сол шынайы сезімдерді сақтайық.
Жыр жазамыз ақ қағазға, өбектеп,
Сезімі бар жүректерге керек деп.
Құлтемір боп кетпеу үшін бәріміз,
Қайда қыздар сыр айтатын бөлектеп...
ЖЫР ӘЛЕМІ
Жыр әлемі өзіне шақырғанда,
Одан асқан бақ бар ма ақын жанға!
Сезім нұр боп мойныңа асылғанда,
Ес кетеді бір уақ ақылдан да.
Жыр әлемі, сен неткен ғажап едің,
(Ғажабыңды келеді жаза бергім).
Өлең десе қоятын асын жерге,
«Әу» деп жүрген серілеу қазақ едім.
Жыр әлемі, сен неткен көркем едің,
Көрікті қыз секілді еркеледің –
Үзілдіріп жүректің нәзік қылын,
Шерте бергім келеді, шерте бергім.
Жыр әлемі, сен неткен терең едің,
Тереңіңнен жыр-маржан тере келдім.
Асылыңды ақтарып, тұңғиықтан,
Көре бергім келеді, көре бергім.
Жарқылдаған көз тартып жаһұт-сырың,
Сартап болған сары алтын, ақық-мұңым...
Осыншама қазына иемденген,
Мен не деген жұртым-ау, бақыттымын!
ДАЛА АРУЫ
Сені іздейді айдыннан бүгін кемем,
Алға апарар арқалап жүгің де ерен.
Арман қала – уақыт құшағынды,
Дала аруы өзіңсің күлімдеген.
Құпиялау көрініп сырың маған,
Арман едің қол жетпес бұрын қалам.
Түнгі әсем жарығың сиқырымен,
Шақырады өзіне жымыңдаған.
Жұмақ па едің,
таусылмас сұрақ па едің?
Құшағыңа шақыр деп сұрап па едім.
Ауылымды кетіп ем айырбастап,
Сынап па едің,
білмеймін, ұнап па едің?
Дала аруы өзіңсің – қалам менің,
Бір шырағың өзім боп жанам дедім.
Ғашық болып келіп ем, асық болып,
Құшағыңда мәңгіге қалар ма едім...
Кешір дала аруы, ақыныңды –
Шақырады ауылым – анам менің.
*** Зерделеп ой жүгіртсең көңілменен, Естіден есері көп өмір деген. Қиындық көрмегендер қиястанып, Жүруге әуес болар жеңіл-желең. Естілер сөз түсінер, жас болғанмен, Есердің жылуы жоқ бас болғанмен. Буынсыз тіл – ақылдың құлы болса, Бас жаруға бармас-ау, тас жарғанмен. Түйсіксіз ортада мен жетімдеймін, Жетесіз жекіргенге өкінбеймін. Естімен бірге болсам тозақта да – Тәңірден одан өзге не тілеймін.
НАУРЫЗ КЕЛДІ!
Жылылықты жетелеп,
көтем нұрын мәпелеп.
Наурызым келдің бе!
Таңмен бірге ертелеп,
үт сәулесі еркелеп,
Құшағыма ендің бе.
Аязға бет қарылып,
сені күттім сағынып,
Әз Наурыз, армысың!
Жанғандай боп бар үміт,
күншуаққа малынып,
Құт көктемім бармысың!
Сағындым ғой құстарды,
ақын едім құс-жанды.
Сайра сандуғаштарым.
Жаным оған құштар-ды,
қиялыммен ұшқам-ды,
Қайда қарлығаштарым!
Ұзынсары келген бе,
наурыз көже бергенде,
Ішсең, қарның тоймайды.
Кимешекті аналар,
мәре-сәре балалар,
асық атып ойнайды.
Қызыр бабам келіп тұр,
ақ батасын беріп тұр –
Думан болсын бар айым!
Өкпе-нала болмасын,
Тәңірім көктен қолдасын,
Әумиін! – дейік ағайын.
АУЫЛЫМ
Мекиендер үніне «аһ» ұрғандай,
Әтеш таңды айғайлап шақырғандай.
Қой маңырап, қорада тай кісінеп,
Есек үзіп ішегін ақырғандай.
Сиырымыз пададан қалады деп,
Апам байлап бұзауын қапылғандай.
Қарттар күнге арқасын тоса отырып,
Әңгіменің қымызын сапырғандай.
Қидың шоғын қышқашпен қаузап қойып,
Әжелерім нан жауып отырғандай.
Ақын қайным кәне кел қымыз іш деп,
Жеңгем сары тегешін сапырғандай.
Ағам атқа мінгенде, тұлғасына,
Дейді қарттар: Мінеки батыр қандай!
Тоқсандағы кәрия көзін жұмса,
Ауыл түгел жоқтайды жақындардай.
«Ағайынның аты емес, ауылдастың,
тайы озсын» дейтұғын нақыл қандай!
Бірін-бірі танитын бір ауылдың,
Елін түгел бірлікке шақырғандай.
Қыздарынан инабат нұры еседі,
Көз тартатын көркі мен ақыл қандай!
Көрген жігіт көліктен түсе қалып,
Ғазал айтып артынан «аһ» ұрғандай.
Ауылымның көрсеңіз адамдарын,
Балға бармақ боласыз батырғандай.
ЕКІ ТІЗГІН...
Кездестірмес бұл өмір кімді-кімге,
Жақсы жаман көресің тірлігіңде.
Елдің жақсы болмағы деп ойлаймын,
Әкімдер мен ақындар бірлігінде.
Осы жайлы менің көзқарасымда,
Бар келісім, бар кейде таласым да.
Бірін-бірі санамай дара шынға,
Келу керек деп білем жарасымға.
Ақылды адам әр істің парқын байқар.
Содан кейін ақылмен нарқын байытар.
Рухани жауһарын ақын айтса,
Әлеуметтік байлығын әкім айтар.
Екі тізгін бір қолда болса ғана,
(Сол тізгінің иесі- халым дана )
Жыламаса адамға налып бала,
Жыламаса көз жасы тамып ана.
Шын бақытты осы деп біледі ел,
(Өткен күндер өтті ғой жүрегі шер)
Әкімі мен ақынын тату етіп
О,жаратқан,елімнің тілегін бер!
ӨМІР СЫРЫ
Өмір өгізаяңмен өтіп жатыр,
Бірдеңелер жасаймыз жетіп ақыл.
Бұл фәниде дәм-тұзы таусылғандар,
Кәрі демей, жас демей кетіп жатыр.
Кеткендерге көз жасын сығымдап ап,
Тіршіліктің келеміз жүгін қалап.
Тірі дүние, сен неткен ғаламатсың,
Бірің манат болғанда, бірің жанат!
Таңмен бірге таласып нұр құшамыз,
Көңіл шалқып, аққумен бірге ұшамыз.
Ол құшқанды мен неге құшпаймын деп,
Тіріміз ғой өйткені – жұлқысамыз.
Тіріміз ғой, оны да, мұны айтамыз,
Ренжітіп біреуді, мұңайтамыз.
Дүние деп, байлық деп, мәнсап қуып,
Аяғында бақиға құр қайтамыз.
Өмір деген білінбей өтеді екен,
Бәрінің де ақыры жетеді екен...
Арманыма қол созым қалып едім,
Тұра-тұрса азырақ нетеді екен...
БӘРІНЕН БЕЗДІМ...
Десем де кейде, несіне күйем, таусылам,
кетпейді бір ой жанымды ауыр жаншыған.
Бара-бара кірлегенін де білмеппіз,
жас кездегі жұмыртқа көңіл аршыған.
Жауқазын едім бүр жарған бала көктемде,
ал қазір жанның жарақаттары көп менде.
Қабырғам сынған, әділетсіз қоғам үстімнен,
түйе табанымен шаныштай басып өткенде.
Өмірге деген үміт отындай – сезімге,
шомылушы едім оңаша қалған кезімде.
Сатқындардан түскен шоқтардан кезінде,
өшпендік қалай тұтанып кеткен көзімде?!
Өтсем де аман, өсек-аяңға бөгелмей,
үйренген екем жек көруді де өлердей.
Қара ниеттен қашқақтай бердім қаймығып,
үстіме келіп Қараспан тауы шөгердей.
Үйірсек болды тауықтар кілең, тарыма,
қыт-қыттап келіп, мақтады жалған, жарыла.
Салмақ салып, сұраймын кейде арыма –
қулықты қайдан серік еткенмін жаныма?!
Осы ма деймін, осы ма өмір дегенің?!
Жықпыл-жықпылы таусылмас неткен көп еді.
Бәрінен бездім...
бәрің де келме маңыма,
Сен қалсаң болды серігім жалғыз, өлеңім.
ҰЛТСЫЗДЫҚ ЕЛЕСІ
Ұлтсыздық торлағанда көгімді,
Ұмытқанда ата-баба, тегімді.
Өмір деген қан сасыған өзеннің,
Болмақпын ба түбіндегі шөгінді.
Өтар, қалар заманның сан белесі,
Қайда тоқтар адамзаттың кемесі?
Көрінгендей алаңдаймын алдымнан,
Ұлтсыздық аралының елесі.
Араласып қуанышың, қайғың да,
Қалар намыс, қалар артта айбын да.
Ішкенге мас, тойғанға мәз тоғышар –
Ұмтыласың өмір деген айдынға.
Ұлтсыздық – мал болудың бір түрі,
Қорқынышты, әрі тіпті, күлкілі.
Бір қораға қамағандай – арыстан,
қоян, маймыл, қасқыр менен түлкіні.
Отан деген ада болып сезімнен,
Күн көрістің күйі еседі көзіңнен.
Айырылып, араласар қан-жының,
Елім, жерім деген сөздің өзінен...
Ұмыттырып ата-баба, тегімді,
Ұлтсыздық торламасын көгімді.
Жанымды ал, о тәңірім, өшірмей,
Ұлтыма деген асқақ Сенімді!
ӨТКІНШІ
Бір көргеннен ұнадың да, жабыстым,
(сезім-шарап, масайсам деп тағы іштім).
Жат сияқты көрінесің жанымда,
ардағым деп тұрғаныммен – алыспын.
Бір көргеннен сен де мені қаладың,
(қалағаның қандай жақсы қарағым).
Мұрнын тесіп жетектеген бұқадай,
жетегіңе еріп кетіп барамын...
Екеуміз де осы сәтті қаладық,
(өмір саған емес қой бұл, жаңалық).
Періште емес, пенде болып жаралып,
арымызға тағы күнә жамадық.
Екеуміз де осы сәтті қаладық,
(ер, әйелге емес қой бұл, жаңалық).
Өткінші бір сезімменен өбісіп,
өткінші бір сезімменен тарадық.
Жүрегімнен өткінші бір күй ақты,
(болса деймін осы бір күй тұрақты).
Өткіншілер неге тәтті құдай-ау,
қия алмайтын өткінші өмір сияқты.
КӨЛЕҢКЕЛІ ЖАҒЫМЫЗ...
Тырнақ асты кір іздеп термейін деп,
көңілімді сәт сайын жөрмейім кеп.
Күншуаққа ұмтылам, өмір сенің,
көлеңкелі жағыңды көрмейін деп.
Ашынса мақаудан да тіл шығатын,
заман ғой... мүсәпірден мұң туатын.
Жыртқыштық мінезіміз бұғып жатыр,
аңды көрсек қаруға ұмтылатын.
Қулық-сұмдық адамнан асатын ба,
тосатын сол жолыңды, ашатын да.
Жансауғалап жайымен бара жатқан,
жәндік көрсек дайынбыз тас атуға.
Жалпақ жаһан пендеге тар секілді,
көрсем дейді түбіңді, һәм шетіңді...
Қиратуға әуеспіз, неге десең,
қанымызда қаскөйлік бар секілді.
Аз табысқа желпініп, желігеміз,
сәл тойынсақ мастанып, семіреміз.
Қанымызға қаскөйлік уын құйар,
сайтанға еріп кететін көрінеміз.
*** Ауыз болған соң айтамыз кейде күпірлік, Жалғай гөр алла күнімді-күнге үтір ғып. Білемін, білем, сәт келер нүкте қойылар, Әзірше міне осы бергеніңе шүкірлік. Сана беріпсің сараптап көр деп өмірді, Не сезді пендең, фәни жалғаннан не білді? Бұлт үйіріліп торлады неге көгіңді? Қан аралас көз жасы неге төгілді? Бір-бірімізге неліктен қару кезендік? (Сана беріпсің дегенмен соны сезерлік). Шығара көрме у құйған әсем көзеңді, У емес, ерін игілікті аңсап кезерді. Жаратқан Ием, игілік нұрын төге көр, Көз жасы емес, тер төксе жер де көгерер. Пендеңнің ойы, һәм ниеті тазарып, Көбейе түссін сүт құйған әсем көзелер. Сағынып, аңсап шөлдесін көңіл шөлдесе, Өмірге деген үміт шырағың сөнбесе, Бірімізді-біріміз демеп, селбесе, Игілік жолында бір болайық ендеше.
ЖИНАЛЫС
Таптаурын болған сөздерін тыңдап «Ақылдың»,
Жиналыс ашты жиып ап өңшең «Мақұлды».
«Ақылдар» сөйлеп, «Мақұлдар» құптап қол соғып,
Көпірді келіп көзіне ілмей Ақынды.
Көпірме сөздің көбігі алып көңілді,
Лепірме сөздің легімен халық не білді?
Бұл жерде маған орын жоқ екен дегендей,
Есіктен кірмей шырылдап Шындық шегінді.
«Ақыл» бастықты жабылып бәрі мақтады,
Мақтау сөздерін хаттама жазып хаттады.
Жиналыс бітті марапат алып шетінен,
Ақын ғана Шындықты іздеп таппады...
..КӨКТЕМІМ!
Гүлге бөлеп көңілімнің бөктерін,
нұр жауып тұр таңмен бірге теп-тегін.
Жүрегімнен жыр тамады менің де –
хош келіпсің алпыс бірінші көктемім!
Мен өмірге келген ұлы көктемім,
саған айтар алғысым да көп менің!
Жанымменен, қынымменен суарған,
таңғы ұйқымен маужырайды көктерім.
Қандай ғажап мейірімді шуағың,
қандай тәтті былдырлаған бұлағың.
Арайыңды аңсап туған анамдай –
ақпаннан тез келтірші деп сұрадым.
Өмір екен сенің әрбір күлгенің,
(қандай жақсы аман-есен жүргенім).
Қандай нәзік наурызек торғайым,
жем шашайын, мен өзіңмен біргемін.
Жыбырлаған құрт-құмырсқа – тіршілік,
(мен өзіңнен жиренбеймін, түршігіп).
Өз қолыммен отырғызған тұр шыбық –
бөртіп қапты өн-бойына бүр шығып.
Нұр жауып тұр...
нұры алланың теп-тегін,
сол нұрменен мен де өстім, көктедім.
Таңғы ұйқымен маужыраған көктерім,
аман-есен өссе екен еккенім.
ЖАН ШУАҒЫ
Мендегі халді айтқызбай сезгенің үшін,
Сұңғыла мінез білетін өзгенің ішін.
Рахмет бауырым, қиналған кезде,
көңіл демеген көреген сөздерің үшін.
Алтын деп ардақ тұтқаның жез болатынын,
Ерлік күткен адамың ез болатынын,
Өз басымнан өткеріп келемін жиі,
бағалы бөзге бергісіз сөз болатынын.
Үмітпен биік ұшқан-ды құсым көгіңе,
қиянаттардан қисынсыз, ішім егіле.
Рахмет қарындас, жәудіреп тұрып,
ағаңның халін айтқызбай түсінгеніңе.
Жараланғыш жан екен ақын дегенің,
алдына түсіп мерт болар ақыл-кеменің.
Тікірейіп тұратын тік бақайлардан,
өзіңдей қарындастарды жақын көремін.
Деуші еді әкем: «ағалар барар тауың – түсін,
Жырға бөлеп желпісін жан отауын
құсың».
Алғысымды өлшеусіз, арқалап келем –
маңдайымнан сипаған алақаның үшін.
Жан шуағы, секілді арайлы таңдай,
пейілі пәктің, болады арманы балдай.
Санаулы мынау өмірде
сарқылып қалар –
жаныңды ұғар жандардың болғаны қандай!
ӘРКІМНІҢ ӨЗ ЖАРАҒЫ
ӨЗІНЕ САЙ
Дала бұл, өрнектелген сары сағыммен,
Көк аспан көз жеткісіз, жан-жағым кең.
Тауларым өркеш-өркеш, өр мінезді,
Шөлдерім кестеленген нарша құммен.
Көгінде қыран ұшпас дала бар ма?
Тағдырдың қара жолы барады алға.
Бұлбұл мен сандуғашқа ұқсаймын деп,
Шулайды қара қарға, ала қарға.
Дүние кезегімен деген екен,
Ұрпағы өз жеріне неге бөтен.
Қидың да қиыршығын азық етер,
Сауысқан, байғыздар да керек екен.
Әрненің өз орнында өрнегі бар,
Аққулар көкте ұшқанмен, көлге құмар.
Ешкім де періште боп туған емес,
Тірілердің бәрі де пенде шығар.
Қисықты түзер өмір тезі ғана,
(түзелмесе, көр түзер, бар ма шара).
Әркімнің өз жарағы өзіне сай –
Дананың өзі емес, сөзі дана.
КӨҢІЛІҢНІҢ КӨГІНЕН...
Ақ кимешек тастамай басыңнан бір,
түсед деуші ең тамаққа шашыңнан қыл.
Сұрап алған құдайдан құлыным деп,
қалдырмаушы- ең ұлыңды қасыңнан бір.
Әр «нотасын» бақылап күйіміздің,
жақсы өткенін тілеуші ең күніміздің.
Сыпырғышы түспейтін қолдарынан,
«шаңсорғышы» сен едің үйіміздің.
Тұр-тұрменен әр уақыт басталған күн,
«бетіңді жу, деуші едің, астан қалдың».
Таңнан кешке қонағы үзілмейтін,
берекесі сен едің дастарханның.
Бәріне де сен барда жәй қараппыз,
Ертеңге деп ештеңе сайламаппыз.
Өзің барда анашым, біз ешқашан,
кем болам деп біреуден ойламаппыз.
Тәубешілден қанағат бөліне ме?
Түспеуші едің жоқ болса, әбігерге.
Көңіліңнің көгінен күн көрініп,
«шал біледі» деуші едің бәріне де.
Қай істен де білемін, ерінбедің,
қара мұртты әкемді «серім» дедің...
Күйеулерін пір тұтып, құрметтеуді,
өздеріңнен үйренсе, келіндерің.
МОЙЫНДАУ
Болмағанда кейде көңіл хошымызы,
Сабыр дейді өрелі өлең досымыз.
Ел мен жерге міндетсіп, шырт түкіріп,
Бәлсінердей, не тындырдық осы біз?!
Шектік пе азап, Отан үшін күресіп,
Жұлқыстық па жауларымен тіресіп?
Жоқ бауырым...
атақ, байлық, мансап деп,
Өмір сүрдік көп дүрмекке ілесіп.
Өмір сүрдік күнделікті күйбеңмен,
Жолмен жүріп, өмір бойы үйренген.
Кешке қарай сипап тойған қарынды,
Есептеумен табысыңды үйге енген.
Не тындырдық Отан үшін, ел үшін?
Не тындырдық туған, өскен жер үшін?
Алпысыңда алпыс ағаш ектің бе?
Жедім ғой деп бұрынғының жемісін...
Тыңдай-тыңдай ар-ұяттың арызын,
Ойланумен сібірледі таң ұзын.
Ел алдында шаш етектен екен-ау,
Өтелмеген парызым мен қарызым.
Құлақ түрсем өкіміне ақылдың,
«ақиқаттың алдында әр кез мақұлмын).
Ел алдында міндетсуге ешқашан,
жоқ екенін мойындадым хақымның.
АЛПЫСТАҒЫ ОЙ
Шәкіртіндей күмілжіп ар қасында,
ұят үшін хал бар ма шайқасуға?
Қадау қағып уақыт әр тасына,
шығып тұрмын алпыстың арқасына.
Көзім жетті дүние жалғаныңа,
не айтамын тұтамдай қалғаныңа?
Ес кіргеннен етпеттеп түсердей боп,
қолым созып жүгірдім арманыма.
Арман деген сағымдай елес пе еді?
Қол созымда тұрғандай елестеді.
Қуаладым алпыс жыл...
жете алмадым,
алты-ақ адым арамыз емес пе еді?
Енді азырақ ұмтылсам , жетемін бе?
Келем ылғи үміттің жетегінде.
«Соқыртеке» ойнаған баладай боп,
қуалаумен өмірден өтемін бе?
Қандай адам арманман кезігеді?
Түйсігіме бірдеңе сезіледі –
тірі жанды ілгері жетелейтін,
арман деген,өмірдің өзі ме еді?!
ӨЗІН ТОНАУ
«Караокэ такси» атты телебағдарламаның
алғашқы бөлімінде ұл-қыздарымыздың
қазақтың халық әнін айтудан
ұялатынын байқадым...
Автор.
Шығып кеткен қу дүние қалыбынан,
Жақсы деген пендеңнің жаны-тұман.
Бабам көрген шер-мұңды көре алмайды,
күмбір-күмбір күйлердің сарынынан.
Уын төкті зар заман бұлағыма,
Дәстүр туы шынымен құлады ма?!
Ағылшынша ән айтқан жастарымның,
Халық әні кірмейді құлағына.
Мәңгүрттіктің білмеймін, «сиқыры» ма,
әуес болдық шетелдің шиқылына.
Ауыстырған ұрпақтан не сұрайсың,
өз асылын өзгенің қиқымына.
Намыс деген бұл күнде шұлғау болған,
Алмас кездік жетеден сынды-ау, Жалған!
Дипломды жастардың ауызынан,
арлы сөзін ұлттың тыңдау – арман.
Ел болдық па, ескісін паршалайтын,
Қазақ болып туғанын ар санайтын?!
Ұрпақ өсіп келеді беу, ағайын –
өзін-өзі тонаудан шаршамайтын.
АЛТЫ АЙ ЖАЗ
Түсінген айналайын мұны құдай,
тамшыңның көктен тамған тұнығын-ай!
Мейірі күннің неткен керім еді –
адамның жүрегінің жылуындай.
Қаңтар, ақпан аямай қысып еді,
бүкіл аймақ бүрісе түсіп еді.
Жылылыққа құштар боп туған екем –
көктем менің жанымды түсінеді.
Көктемнен соң жадырап жаз келеді,
айдыныма аққу мен қаз – керегі.
Самал желмен ырғалып әсем гүлдер,
жұпарымен жаныма наз төгеді.
Жайлауыма шыққанша асығамын,
естігім кеп құстардың асыл әнін.
Құлақ түрем қыранның саңқылына,
ұмыт болып іштегі жасыған мұң.
Одан кейін сары алтын күз келеді,
осы еді ғой ақынның іздегені!
Көктем, жаздың қорытып жақсылығын,
береке мен байлықты күз береді.
Табиғаттың кім біздей жайын ұқты,
етек-жеңі шешіліп, жайылыпты.
Күздің басын, көктемнің соңын алып,
«алты ай – жаз» деп қазекем қайырыпты.
ЖАЛАУЛЫ ТӨБЕ
ТУРАЛЫ ЖЫР
Қазақтың Ұлы Жеңістерінің бірі –
«Орбұлақ шайқасы» туралы осы жырымды
батыр бабам Елтіндінің рухына арнаймын.
Автор.
«Елімнің күнәсі не, жылайтындай?
Көз жасын көкке сауып бұлайтындай.
Етігімді сүртуге жарамайтын,
Қалмақтан жанға сауға сұрайтындай.
Неңді алдық құдай сенің, күйдіргендей,
Басымды жоңғар итке идіргендей.
Жерімді ата жауым иемденсе,
Онда мен неге ғана жүрмін өлмей...»
Елтінді осыны ойлап ыңыранды,
Бір ұрттап алдындағы қымыранды.
«Жәңгір сұлтан келеді» дегенді естіп,
Бәсе-е... деп бұл хабарға қыбы қанды:
Жеріңде тайраңдатып бұлай жауды,
Әздектеп отырарсың қалай жанды.
Қонтайшы Батұр жайлы сыбысты естіп,
Көптен бері қанына қарайған-ды.
Жасаған жауыздығын анық көрген –
Қорлаған әруақты алып көрден...
Сәбиді сүңгіменен шаншып алып,
Қайтпаған қанына нан малып жеуден.
Осыған адам болсаң көнесің бе?
Одан да сорақысы – ел есінде.
Сасытып тастап кетіп сай-салаға,
Көмбейді өлігінің денесін де.
Настығынан қалмағың жуынбайды,
Ырысым кетеді деп ырымдайды.
Иісі сонадайдан қолқа қауып,
Адамнан мұндай нәлет туылмайды.
Кім білсін, ібілістің бірі ме екен?
Құдай сүйер түгі жоқ, түрі бөтен.
Қорқаудай қанға құмар көрінеді,
Жаны да жексұрынның сірі ме екен?!
Елтінді ойға батып тұнжырады,
Елімді сақтай көр деп шын жылады.
Елу мың қолыменен Батұр келсе,
Қасқайып қарсы алдында кім тұрады?
Жәңгір сұлтан – бар үміт, сенері де,
Күмән көп Жалаңтөстің келеріне...
Жер жағдайын бұл жетік білуші еді,
Сұлтан да құлақ асты дегеніне:
«Қызылқия – бекінер орын,- деді,
Жау келер жақ сусыма қорым деді.
Жалаулыға қадайық туымызды,
Өлсек-өлдік Арқастың** төрінде енді!
** Шайқас осы Арқас тауының сілемі Қосқолаңда өткен (И.Ү.)
Санымыз аз, сондықтан ор қазайық,
Қорған болар біздерге ол ғажайып.
Жарбұлақты бетке алған жоңғарларға,
Жебе тартып азырақ бой жазайық»,–
деп Елтінді жымиып күлген еді,
Жәңгір де мұның сырын білген еді.
«Қалайда уақыттан ұту керек,
Жалаңтөс тірі болса бір келеді!»
Дегені – білдірді елге еретінін,
Не көрсе, жұртпен бірге көретінін,
Самарқанның бүгінгі билеушісі –
қандыкөйлек досына сенетінін.
Бұрынғы бабалардың жолыменен,
Намысқа жүректері толып ерен!
Елу мыңға дір етпей қарсы тұрды,
Жеті жүзге жетпейтін қолыменен.
Сенері – жанындағы серіктері:
Қарасай, Ағынтайды көріп пе едің!
Жақсығұл, Сарыбұқа, Көтен, Табай,
Оларды көрмеген жау жеңіп тегі!
Осында Алты Алаштың айбындары,
Ендеше бостан-босқа қайғырмалы.
Жиембеттің жырлары жігер беріп,
Ұмыттырар бойдағы қайғыңды әлі!
Ерік бер Көксерек пен Елтіндіге,
Елге айтқан орындалар сертің міне!
Есірген ойраттарды орға жығып,
Тәубәсін аузына келтір түге!
Жиембет жырлап кетті сілкіндіріп,
Белінде Белжайлаудың сыр тұндырып.
Жалындап, арындап кеп төгілген жыр,
Жіберді жүректерді жұлқындырып!
Асау жыр тау суындай тасып ақты,
Арқастан алты алашқа асып ақты.
Көппіз деп көкіректеп келгендердің,
Жігерін құмдай қылып, басып ақты.
Асау жыр ұшты жауға жебе болып,
Қырылды ойрат төбе-төбе болып.
Сор болған көздің жасы шерге айналып,
Төгілді көкірекке неге толып?..
Нұр жауып қанмен бірге көктен енді,
Бөледі күн нұрына көктем жерді.
Жиырма үш мың қолменен дер кезінде,
Жалаңтөс баһадүр де жеткен еді!
Бас сауғалап қонтайшы шегінді енді,
Жұтпақ боп айдаһардай, төніп еді.
Елу мыңның он мыңын өлі тастап,
Қабырғасы қақырап сөгілді енді.
Сөгілді енді... Қан жұтып еңіреді,
Тамұқ болып кеткендей төңірегі.
Қашамаға жол салып қашамыз деп,
Жардан ұшып жартысы өліп еді...
Бұл Жеңісті қазағым аңсап келді,
Қыранның қанатымен жар сап келді.
Салқам Жәңгір бастаған жеті жүзге,
жетпейтін жанкештілер жол сап берді.
Қайтпаған соң қасқайып алар кегі,
Тағдырға мін тарих та тағар ма еді?
Қалың қолмен Жалаңтөс жетпегенде,
Қызылқия қан сасып қалар ма еді?
Жауда есем кетпе деп ер тілейді,
Ердің жасын төкпе деп ел тілейді...
«Бірлікте деп күшіміз, беу ағайын!»
Жалаулыға тіккен ту желбірейді.
Ел мен Ердің үміті ақталғаны,
Ақталғаны екен ғой тәтті арманы!
Ауытқымай бабалар салған жолдан,
Бір көруге бұйырсын бақты алдағы!
...ҚЫНЫ ҚАЛҒАН.
Жазып қойған тағдырға көн дейсің ғой,
көнер едім, шындыққа шөлдейсің ғой.
Қандырар ем шөліңді айтып-айтып,
кеудемдегі тұманы көрмейсің ғой.
Көре тұрып, көрмеген боласың ба?
Не бар дейсің деп мұның «қорасында».
Бастау алған жүректен тұнық тұма,
толқып тұр ғой көзімнің шарасында.
Шарасыздық қысқанда төгіледі,
қиянаттан қу жаным егіледі.
Рухани қорымыз сарқылуда,
ойлаған жұрт күндігін, не біледі?!
Сайын дала көрініп алақандай,
Бөрі жатыр бүрісіп тар апанда-ай!
Қастандық пен қаскөйлік қаптап кетті,
атаомға да өлмейтін тарақандай.
Қылышы жоқ, тілімнің қыны қалды,
шаттығы жоқ сезімнің, мұңы қалды.
Ауаны да ластап, Сананы да –
тұнығыма заманның уы тамды.
Шабыттанып қыранның қанатынан,
ләззат ала алмаса жан отынан.
Құлтемірге айналар болашағы,
ұрпағымды аяймын жаңа туған...
ОЙЛАНАЙЫҚ...
Ей адамдар, мен де келем бірің боп,
жазылмаған сендерге арнап жырым көп.
Амал қанша, саятсатшыл боп апсың,
ақыныңды түсінетін түрің жоқ.
Ен далада еркін өскен ел едік,
атом емес, ағаш сапты жебе едік.
От қаруды ойлап тапқан ғылымның,
жемсауына жем боламыз демедік.
Өз ақылы өзіне жау пенде екем,
енді міне көз жасымды көлдетем.
Айға ұшып кетеміз бе, қайтеміз,
бола алмай қалған кезде жер- мекен?
Жо-о-оқ, ағайын,
Жерден басқа жерің жоқ,
қалатұғын өлген соң да көрің боп.
Өзі тапқан «удан» өзі сорлаған,
ғалым менен ғылымыңа сенім жоқ.
Ақынға сен, ақылға көн ағайын,
Қайда барсам, бүлінуде маңайым.
Топырақ та, су да, ауа да уланған –
қара Жерге қалай қорған болайын???
Жалғыз Жер ғой, тіршіліктің мекені,
мекеніңді бүлдіргенің жетеді!
Ажал болар – ақымақтық өтеуі,
Ойланайық, кетпей тұрып кетеуі...
БАС ШАЙҚАЙМЫЗ...
Бас шайқаймыз бар пәлені ойлап құр,
(Жатушы еді-ау, жаз келгенде тойлап қыр).
Топан су деп, зілзала деп, апат деп,
жамандатқыр теледидар сайрап тұр.
Бас шайқаймыз, қолдан келер дәрмен жоқ.
«Көрерміз деп, не болса да елмен көп,
не болыпты, бұ қазақты кешегі,
қарақұрттай қалмағың да жеңген жоқ...»
Әзіл ғой бұл көңіл үшін айтылған,
ұрпақты ойлап қорқам заман қалпынан.
Өзін-өзі жарып жатыр не үшін,
жап-жас бала, жап-жас әйел... антұрған.
Бас шайқаймыз, не керек деп адамға,
не жетпейді мынау бейбіт ғаламда?!
Айналаға ажал оғын сепкенше,
дән сеппей ме, топыраққа одан да.
Асықпаса ажал оған жетпей ме,
өлмек болса, өзі ғана кетпей ме?
Топыраққа түскен өмір дәніндей,
жүрегіңе атылған оқ көктей ме!
Бас шайқаймыз, тозғанына пенденің,
не табады жанын алып өзгенің...
Мынау жаңа ғасырыңда, қаталап,
мейрім мен шапағатқа шөлдеймін...
ӘСІРЕҚЫЗЫЛ
Талғамға сай тәптіштеп талғаса бөтен,
Мен барам да, таң көріп жармаса кетем.
Анаған да, мынаған алақтап жүріп,
Қазақтығымнан ажырап қалмасам екен?
Ата-бабам, басқаны бақылап едің,
«үйренген жақсы...
үйренсең мақұл-ақ» дедің.
Өзгенің тілін үйреніп...
өз тілі қалған,
әсіреқызыл не деген ақымақ едім.
Айырылғаның тіліңнен – асқаным деме,
ашылмай қойды бұлттан аспаным неге?
Өз әнінің біле алмай мәнісін түге,
өзгенің әнін шатып жүр жастарым әне.
Қойды ғой жаңа ғасырда санам жаңармай,
жетім емеспіз, өзгеге жаутаң болардай.
Өз асылын өзгенің жасығына балап,
Бақалшы ма едік, батыстан талқан алардай?
Салт-дәстүрімді ұрпаққа жалғасам екен,
жаңаны мен де талғаммен талғасам екен.
Өзгенің жарын қыз көріп, қызығып жүріп,
өз әйелімнен ажырап қалмасам екен.
ТАБИҒАТ МІНЕЗІ
Түндегі дауыл, бұрқасын,
алғандай еді үрейді.
Жанымыз іздеп қымтасын,
тыныштық қана тілейді.
Ағаштар құлап көшеде,
бұтақтар сынды сатырлап.
Әуреге салып нешеме,
тастады жерге шатырды ап.
Табиғат-анам ашулы,
көз жасын алды көлдетіп.
Содан соң баяу басылды,
дауылдың соңы желдетіп.
Апамның тура мінезі,
айнымай қалай ұқсаған.
Баслатұғын бір өзі,
көзінен жасы шықса анам...
Таң атты міне тұп-тұнық,
болмағандай түнде дәнеме.
Ашуы келсе, ұқтырып,
таяқ ойнарын төбеме.
Аралас асып-тасуы,
болмайды-ау өмір тұнық кіл.
Басылғаннан соң ашуы,
табиғат-анам күліп тұр.
ТҮСІНБЕДІМ
О, жаратқан, өзіңе сеніп тақыр,
мен келемін жарымай, көніп мақұл.
Бұ дүниенің қызығын, сенбейтұғын,
зорлықшы мен жылпостар көріп жатыр.
Түсінбедім осыған жаратқаным,
қайда айтқан хадисте талаптарың?
Жолға тастап кеткенде алаяқ дос,
қайдасың деп Жаратқан, алақтыдым.
Байып жатыр жемқоры, жауызы да,
қалай сиған шындықтың қауызына?
Елдің маңдай терімен есіріп жүр,
атыңды бір алмай-ақ ауызына.
Осыларды көктен сен көріп тұрсың,
көріп тұрып, қалайша көніп тұрсың?
Бұ дүниенің ұстатып ен байлығын,
еркіндікті неліктен беріп тұрсың?
Түсінбедім осыған Жаппар Ием,
ағара ма жаныма жаққан күйем.
Бұ дүниенің құдайы болып жүр ғой,
ар-ұятын ақшаға сатқан кілең.
Сан ғасырдан, халқымның, құралатын,
сақтаймын деп ақын жүр мұрағатын...
Бұ дүниеде өктемсіп өткендерге,
о дүниеде күн бар ма сұралатын?
ЖҮРЕГІМ – МӘҢГІ ЖАС Уақыт, едім ғой қонағың, неліктен осыншы тонадың? Бәрінен біртіндеп айрылып, ақырын кәртейіп барамын. Толтырып алдымен санасын, орнына бірдеңе аласың. Тапсын деп таулармен жарасым, ұрладың шашымның қарасын. Көңілім әр неге алаң-ды, жаза алмай жүректе жарамды. Салмағын білсін деп өмірдің, әкеттің әкем мен анамды. Бекісін дегендей қамалы, шын тәубе – беріпсің сананы. Орнына, ойнақтап бір жүрген, достарым азайып барады. Алсаң да еркіңде барлығын, жоқ саған Уақыт – жаулығым. Біртіндеп-біртіндеп, өзіңе, қолды боп кетті денсаулығым. Жан едім кезінде нар тұлға, сұлумен арамыз салқын ба?
Мал емес, сөз жиып келемін,
ұрпағым ұқсын деп артымда.
Ілесіп алдамшы жарқылға,
ақыным, сабыр ет, алқынба –
дегендей кеудемде тулайды,
жүрегім мәңгі жас қалпында!
...БӘРІ АҢЫЗ
« Ал мен өлемін, өзімді несіне алдаймын,
Тірі жүрсем деп ешқашан жазбаймын!»
Василава Шимборская
поляк халқының ұлы ақыны
Тартқылап жүрміз тірілер,
өмірді көкпар, дода ғып,
Көлікте ғана білінер,
жатқаны судай жол ағып.
Со жолдай уақыт зырлайды,
бірде шаң, бірде қар ұшып.
Кейде бақ, кейде мұң-қайғы,
балаққа жүрер жабысып.
Жастықта аға болуды,
армандаушы едік асығып.
Білген соң оң мен солыңды,
қалатын сыр бар жасырып...
Аға да болдық... тынымсыз,
сағаттың тілі сыртылдап.
«...Сондай едік деп бұрын біз»,
еске аламыз-ау қутыңдап.
Жетем деп... жетсек, асам деп,
ағалық жолдан өтіппіз.
Ұстатпай араман-асау көп,
ата жасына жетіппіз.
Уақыт сағым, елес пе,
көрінбей көңіл арбайтын.
Кәрілік – қақпан емес пе,
өткен күндермен алдайтын.
Тіріңде бақыт ол-дағы,
өткен соң өмір – бәрі аңыз.
Керексіз заттай жолдағы,
құлпытас болып қаламыз.
АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ
Жоғары дәрежелі нейрохирург, Қазақстан
Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі,
«Алтын дәрігер» медалінің иегері, бауырым
Балғабаев Ережеп Рақымбекұлының
мерейлі 60 жасқа толуына орай.
Кішішыған мектебінің түлегі,
Ережепті бүгін әлем біледі.
Рақымбек әкесі мен Әлімқан,
анасының қабыл болды тілегі.
Сүт кенжесі жігіт болды ақылды,
ажыратар алыс пенен жақынды.
Балалықпен айтушы еді «тентегі»:
«әке сенің шығарам деп атыңды».
Періштелер «әумин» деген шығар-ау,
Жақсы сөз де жақсы ойдан туар-ау.
Тереңінде жалыны бар болған соң,
жігітке тән арман жолын қуалау.
Адамзатқа аспан емес, Жер мекен,
Қандай ұлы құдіретке сенді екен!
Балғабаев Ережепті бүгінде,
елімізде білмейтіндер кемде-кем.
Жүрегіне алау жаққан наз-арман,
асып түсті тағдыр берген тажалдан.
Қолы шипа нейрохирург дәрігер,
қанша өмірді алып қалды ажалдан!
Қанша жанның аштың үміт-бұлағын,
(бастан кешкен жаратқанның сынағын).
Сені ибн-Синадан кем көрмейді,
жаққаннан соң өзің өмір-шырағын.
Биіктерге алып шықты нар-талап,
алпысқа да келдің алғыс арқалап!
Өмір үшін күресіңді жалғай бер,
алпыстағы Ер
дейсің қалай шаршамақ...
Өмір силар елге жүрек-жарығың,
күткені Сен, науқастардың бәрінің...
Жетпіс, сексен, тоқсаныңды тойлайық,
мақтанышым, қырыққасқа бауырым!
*** Сыртым сау боп көрінер, түтіндеген ішім, шарықтап неге ұшпайсың, үкілеген құсым? Тілім, ділім, рухым қыл үстінде тұр – қырық жамау дүние-ай, бүтінделермісің?! Саясатқа құл боп санамыз, сарсылып бітті, қажап жатыр «ешкілер» талшыбық-құтты. Өз дегенімен жусатып, өргізген заман, биліктің қолын құрық пен қамшы ғып, жұртты. Теледидардан болғанмен көргенің ғажап, (шындыққа көңіл, қалар ем бөлгенін аз-ақ). «Осыған да тәубә» деп тергенін қазақ, таңдайға басып отыр ғой, бергенін қажап. Айтуға құмар ағайын көсіліп ақыл, (қонар-ау бір күн бақ құсы, кешігіп ақыр). Әзірше үлкен мінберге шыға алмай тілім, бөтен тілменен тағдырым шешіліп жатыр. Көргісі келмес – көрмейді сүйресең жолды, бағың жана ма, өзіңе имесең қолды. Басымнан әзер сыпырған бақыртып тұрып, тазкепешімді қайтадан кимесем болды.
ҮМІТ-СӘУЛЕ
Күтуменен алдыдан туар айды,
бұла көңіл бұл күнде бұлағай-ды.
Білтесіне май тамбай, жанып-өшіп,
үміт-сәуле жабықтан сығалайды.
Үзермін деп түбі бір тапшылықты,
күте-күте шаршадым жақсылықты.
Анаған да, мынаған «алла-ай-һақ»
деп,
өмір шіркін үйретті «бақсылықты».
Беу ар-намыс, бүгінде тапшы болдың,
(Алауыңды жаныма жақшы мол ғып!)
Саясатқа жалтақтап, жабық сөйлеп,
ақын болам деп едім, бақсы болдым.
Досың қандай, білмейсің,
қасың қандай,
(берекесін пейілдің қашырғаны-ай).
Үй жығардай екпіні бәсең тартып,
бұла көңіл бұрқырап басылғандай.
Сыртқа түгің қампайтып,
шалқақтайсың,
ал, ішіңнен ілбіреп, қалтақтайсың.
Үміт-сәуле жабықта, сөнбегесін,
ішкі дертті сырт көзге байқатпайсың...
МАХАББАТ ШАРАБЫНА
«МАСАЮ»
Он бес пенен он алтыдан басталған,
махаббаттың шарабына «мас болғам».
Ол күндері «мас болу» да басты арман,
елік-қиял еліктіріп қашты алдан.
Елік-қиял, елік-қызға айналып,
махаббатқа кеттім жіпсіз байланып.
Үлгіртпестен онға дейін ойланып,
ұшатын-ды елік-сезім айға алып.
Қалықтадым, жалықпадым самғаудан,
«па шіркін!» деп
қарттар қарап таңқалған.
Табанымның кіріп алып астына,
таңға дейін ұйықтатпайтын
тәтті арман.
Елік қуған құлан едік сағымнан,
(жол ырызғы – жолаушыға табылған).
Бер жағымен ғана ұрсып үлкендер,
«қармаққа бір түсер дейтін, қағынған»...
Айтпасам да белгілі ғой себебін –
бұл күндері бүкең-бүкең желемін.
Сол кездерден қалып қойған қанымда,
«масаңдықтан» арыла алмай келемін.
ЖАМАН АТ...
«...Біз келмеске кетуге керуен
тартқандармыз. Ал қазақтың
жас тұяғы қайтіп күн көрмек?..»
Роллан Сейсенбаев.
Өмір деген өкпек жел ғой өтпелі,
кімге келіп, кімді тастап кетпеді.
Келгеннен соң кіндігінен байланып,
кімдер шалқып, кімдер азап шекпеді.
Бүгін бармыз, ертең саған елеспіз,
соны ұмытып кетеміз-ау, көп ессіз.
Ар-ұяттан аттап жүре береміз,
қалдырам деп жүріп өткен белесте із.
Өмір деген дүние емес мәңгілік,
естігендей боласың бір жаңғырық.
Кетіп жатыр...
кетіп жатыр пенделер,
ұрпағына жаман атын қалдырып.
Неге күңгірт тартып кетті санамыз,
аузымызға түспей қойды тобамыз.
«Арт жағымда
жаман атым қалмасын»,
дейтін еді әкеміз де, анамыз.
Бүгін біздер осыны ойлап жүрміз бе?
Баға берер ертеңгі күн кім бізге?
Байысам деп,
басқалардан озсам деп,
бәсекеге түстік түн мен күндізде.
Сен кеткен соң біреу жылап қарғаса,
онда өмір сүргенің жәй далбаса.
Бақыттысың, дүниеде өтпелі,
ұрпағыңа жаман атың қалмаса.
АҚИҚАТ ЖОЛЫНДА
«Ақиқат, ешқашан өлмейтін ерекше құбылыс...»
Роллан Сейсенбаев.
Мейлі көндір, саясатты мақұлдат,
мейлі өзіңнің шындығыңа жақындат.
Түбі ақынға өз дегенін істейді,
жүрегіне ұя салған ақиқат.
Ол тереңде жатқан жаһұт тәрізді,
жасырсаң да оған жетер әр ізді,
Жарқ еткізіп, құдай сәтін салғанда,
тауып алар бір балықшы жаны ізгі.
Туғанынан бағы жанып көрмеген,
қанша сорлы ақиқатқа шөлдеген.
Құр үмітпен аттанады бақиға,
іздей-іздей өмір атты көмбеден.
Іздеді оны қанша ойшыл-даналар,
түсірем деп сәуле-құтын санаға әр.
Тура жолдан, тура келсе аздырып,
сайтан ғана ізгілікті табалар.
Іздеді оны қанша батыр бас тігіп,
жігерімен тау қопарар, тасты үгіп.
Кесірінен дүниеқоңыз жандардың,
кешеуілдеп кейін қарай қашты үміт.
Іздеді ақын ой-тұлпарын жаратып,
сарсылумен ұйқысыз сан таң атып.
Әр сөзінен ақиқаттың нұры ойнап,
жыр оқыды жұртты аузына қаратып.
БІЛМЕСЕҢ ӨЗІҢ...
Ай нұры жетер зарығып таңға,
болар ма демеу, бар үміт жанға.
Өкініш өзек күйдіріп бітті,
түскендей арға қарылып таңба.
Аңсаумен күнді армандай тұнық,
махаббат өлген шырылдап жүріп.
Бұрқ етіп бірде, бас көтеретіндей,
іштегі аздап тыным ап, бүлік.
Санаңды емес, сайтанды тыңдап,
жылау да қолдан келмеді шындап.
Исаны неге айқышқа қақтың,
сайтанға ерген көп қарға, шулап?
Ажалсыз құдай қарады күліп,
ажалды пенде – жүрегін тіліп,
қанымен салды арына таңба,
келгенде уақыт – кінәсін біліп.
Одан соң қанша наһақ қан ақты,
қызғыштай қорып атақ пен тақты,
адамды қара шыбындай қырып,
мың-мыңдап басты
матап кеп шапты...
Өлім бе еді, түйінді шешер?
Білмесең өзің күйіңді есер –
фәниден-бақи баратын жолға,
күйіктен қалған күліңді төсер.
АЛТЫН ҒАСЫР
Алтын ғасыр – өтіп кеткен
ақындардың дәуірі,
өлең болып жаратылған
жүрегі де, бауыры,
өлең болып тербетілген
самал желмен гүлдері,
өлең болып төгілетін
көктен нөсер жауыны.
Алтын ғасыр адамзатқа
келе ме енді, келмей ме,
бар санамыз поэзия нөсеріне шөлдей ме?
Аузын ашса ақтарылған
бар арманы өлең боп,
жаңа Абай мен Пушкиндерді
көре ме жұрт, көрмей ме?
Саясаттың ғасыры бұл –
керек басқа адамдар,
керек оған шаш ал десе,
бас алатын надандар,
керек оған билік салған
рельстен шықпайтын,
пойыз- халық, аңдап сөйлер,
аңдап басар қадамды әр.
Керек емес саясатқа поэзия – тәтті арман,
әр тамшысы ғашықтардың
жүрегінде сақталған.
Саясатқа керек емес өлеңің де, өнерің,
Керек оған өз қаруы – саясатпен оқталған.
Алтын ғасыр – мен көрмесем,
көрер сені ұрпағым,
түсінетін, қадірлейтін Поэзия сұлтанын...
Өз жанымды отқа салып,
арпалысып келемін,
сол дәуірге жеткізсем деп,
аман-есен жыр тағын.
ЖЕРГЕ КЕРЕК МЕЙІРІМ
О, адамзат белгілі ғой пейілің,
ғарышқа да жетіп жатыр кей үнің.
Аяғыңның астындағы ардақтың –
қара жерге керек бізден мейірім.
Бізге берген ен байлығын елемей,
осы менің бұл қылығым не демей.
Қанын сорып тауысуға таядық,
талағына тарс жабысып кенедей.
Қитығына тиген кезде тулайды,
туласа да бізді алысқа қумайды.
Адамзаттың бар күнәсін кешірген,
жер-анадай енді ана тумайды.
Тентегіне қой дегендей өтініп,
кейде ашу шақырғандай жекіріп.
Сескендіріп қойу үшін біздерді,
тулап барып басылады «өтірік».
Ал, шындаса аспан жерге түспей ме,
(қасқыр да өз бөлтірігін тістей ме).
Жердің бетін байлық үшін бүлдір деп,
құлқын құлы-ау, сені біреу күштей ме?!
Құлақты жеп «даму» деген ығыр үн,
қолмен жасап қияметтің құрығын,
«ұрпақ үшін» деген жалған желеумен,
қиратамыз сол ұрпақтың тұғырын.
ШЫНДЫҚТЫ ІЗДЕП...
Ақын біткен шындық іздеп сандалдық,
күні-бүгін таппай оны таңғалдық.
Алдымызды орап кете береді,
ақиқаттан жылдамырақ жалғандық.
Алдымызды орап кете береді,
өрмекшідей торлап сана, өрені.
Қырық жамау шекпеніне оранған,
кедейлерге шындық еді керегі.
Байып алған алаяққа ашынып,
кеттің дейміз кесірлікке бас ұрып.
«Шындық бар!» деп айғайлаймыз...
алайда,
билік оны көрсетпейді жасырып.
Байшыкештер дайын асы биліктің,
(саясат бар – кімге кейіп, кімді ұттың?)
Батыраштың қолындағы айбалта,
тұсау салар қадамына жүйіріктің.
Өз қаныңды өзің ит боп жалайсың,
(айтақтаса күшігіңді талайсың).
Мақтап-мақтап мақтау қағаз ұсынса,
үйге барып шекпеніңді жамайсың.
Ойда ойран болса, дейді, қырда-мұң,
білесің бе ақиқаттың тұрлауын?
Болмағасын тыңдар құлақ, ұғар ми,
шындықты іздеп шырылдайды
қу жаның.
ЖАН ДЕГЕН НЕ?
Жатып алып көкке қарап балаша,
жан туралы ойланамын оңаша.
Өлгеннен соң іріп-шіру басталар,
жан болғаны қандай ғажап, тамаша!
Жан деген не?
Көрінбейді көзіңе,
Құлақ түрсек ғұламалар сөзіне,
бүкіл жанды тіршіліктің бәрін де,
көрінбей-ақ, баурап алар өзіне.
Ой бар жерде түйсік пенен таным бар:
жер жүрегі түу-у тереңде жалындар.
Тіршілікті тудырған соң өзінен,
жер де тірі ағза дейді ғалымдар.
Осы оқыған жолдар естен кетпейді,
(сенбес болса кімдер кімді сөкпейді).
Жазғандарға иланбассың қалайша,
тірі гүлдер, тірі ағаштар көктейді.
Дін айтады: Жерді құдай жаратқан,
адамзатты қуу үшін жұмақтан.
Ондағы шөп,
аң мен құстың бәрі азық,
ауа жұтып, су ішесің бұлақтан.
Көшірмесі жұмақтың дәл – бағы бар,
туған жерін адам да, аң да сағынар.
Жалғыз ғана Жер-Ананың бойынан,
жанға керек бар дүние табылар...
Жан деген не?
Көрінбейді көзіме,
сыры мәлім бір Алланың өзіне.
Тән өлгенмен, Жан өлмейді мәңгілік –
құлақ салсаң Құран-Кәрім сөзіне.
ӨЗ ҒАСЫРЫМ...
Сұп-суық су құйғандай ғып төбеңнен,
елдің мұңын жеткізетін өлеңмен,
ақындарды құрметтеудің орнына,
аластауға бейімдерді көрем мен.
Ойда-жоқта, отырғанда кекіріп,
ақын келсе күліп... іштей өкініп,
қуанышты түр көрсетіп, түлкідей,
ел көзінше қолпаштайды өтірік.
Шынын айтып отырғансып имандай,
бәрі болып, бәрі толып тұрғандай,
сөз сөйлесе әкім-қара бас шұлғып,
жұрт біледі өтірік пен шын қандай.
«Құдай көріп тұр ғой» дейді иманды ел,
(қазақ болам десең сен де илан кел).
Жаны сірі, көнтерілеу көпшілік,
деп тілейді: «басшыларға иман бер».
Аузын ашса, көмекей көрініп,
тұрған елді алдау оңай «жеңіліп».
Бір иманды әкім көрсек, «паһ-шіркін»,
дейтін елміз саясатқа беріліп.
Жарнама тек, оңым менен солым да,
(жарқын-жарқын уәделер тұр жолымда).
Өз ғасырым – өзімдікі, тек қана,
тағдырымыз саясаттың қолында.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ
«Қарашада қара үй тұр,
Қарайлай жүр артыңа...»
Абай
Арман көп қой, белгісіздеу дерегі –
белгісіздеу жаққа ертіп келеді.
Қайта-қайта арт жағыма қараймын,
керек болып дана-қиял көмігі.
Көрген жоқпыз төзім күшін үнемдіп,
енді уақыт надандықты жүр емдеп.
Жорта-жорта сіңіріміз созылды,
жүз жыл жүрер жолды
бір жыл жүрем деп.
Сәл жетілсек асып-тасып той қылдық,
қой дегеннің өзін мінеп, қойдырдық.
Ерік беріп тойымы жоқ қарынға,
қанағатты қалтаға сап тоздырдық.
Дәстүр-өзен ағушы еді тұнып-ақ,
кетті заман ыңғайына бұрып ап.
Миллиондар жұмырына жұқ болмай,
мешкей отыр ми ішіне кіріп ап.
Қайда барып, кім болады ұрпағым,
қай жолменен тоздырады ұлтанын?
«Өңкей қиқым, бас-басына би болған,
кім ойлайды қара үйдегі жұрт қамын?!
ЫҢЫРШАҚ
Әр көңілде бір үміт,
бар тағы да мың алаң.
Қос құлағы түріліп,
алаңдайды бұл адам.
Алаң кірсе көңілге,
үміт үркіп, алыстар.
Алданып қап жемірге,
жер шұқиды тыныстар...
Бала оқыса болды деп,
несие алған үмітпен.
Көзі жасқа толды кеп –
үстемесін кім күткен?..
Жиған еді тірнектеп,
алсам деп бір баспана,
Көз салады күнде ептеп,
сандықтағы ақшаға...
Басын жапса, арты ашық –
тапқан табыс тарыдай.
Құмалақ сап, карта ашып,
қазағым жүр жарымай.
«Қазақстан кең байтақ»
дейміз жерсіз отырып.
Көрші кетті бас шайқап,
мақтап-мақтап өтірік...
Әр көңілде бір үміт,
бар тағы да мың ғажап.
Етегіне ел сүрініп,
ыңыршағы жүр қажап.
ІБІЛІСТІҢ АЙЛАСЫ І Азғындыққа толып қала, толып қыр, Бұл - Әлемдік кері кету болып тұр. Санамызда іріп-шіру басталды, О, Құдайым, адамзатқа соны ұқтыр... Адам-Ата тамырымен қаны аққан, Ең алғашқы күні екен, таңы атқан. Миға қанша ақыл беру керегін, Көп ойланып отырыпты Жаратқан. Бар әбзелін топырақтан құрапты, Жан кіргізіп, тәнін нұрмен сылапты. Адамзатқа қанша ақыл берсем деп, Жанындағы Ібілістен сұрапты. Адамды ол тұрған еді қызғанып, Қызғаныштан тіл қатыпты сызданып. –Топырақтан туған мұның несі артық? Оттан туған, ескерусіз біз қалып! Кіндігін де періштелер кесіпті, –Өзіңізден айнымайды,- десіпті. Адамды олар ұқсатқан соң құдайға, Жын анасы одан сайын өшікті. Өшікті де бір қулыққа көшіпті, Зұлымдықтың қыл-тұзағын есіпті.
–Өзіңізден бір саты кем ақыл бер,
Адамзатқа сол лайық! – десіпті.
Оған Жындар қарсыласа кетеді:
–Онда, Адам бізге билік етеді...
–Шуламаңдар! – депті Ібіліс,
Адамның, өз ақылы, өз түбіне жетеді...
Осы сөзде бір зымиян ой жатыр,
Ой түбінде құрған тұзақ-айла тұр.
Ядролық қару – ақыл жемісі –
Тіршілікті отқа орап, айда-қыр!
Ақылдың көп, азабы да, пайдасы,
Арам ойдың түп-төркінін ойлашы.
Отты қару дами-дами, түбіңе,
Бір жетеді, – дейді Ібіліс айласы.
«Біз емеспіз санасы бар әлем тек» –
деген сөзге отырамыз елеңдеп.
Бізге дейін Өркениет болғанын,
Басқа емес, ғылым отыр дәлелдеп.
Сол пенделер біз секілді дамыпты,
Ғарышқа да, алысқа да барыпты.
Өз-өзінен отқа оранып ақыры,
Тіршіліктен айырылып қалыпты...
Көремін деп дүниенің пайдасын,
Жүрген кезде,
Қанағат сен қайдасың?
Есімізден шығармаған жөн болар,
Ібілістің бізге құрған айласын.
ІІ Шала жатыр күл түбінде сөнбеген, Сөнбегені – үміт әлі өлмеген. Қала жатыр дерті асқынып, меңдеген, Дала жатыр мейірімге шөлдеген. Улануда ағзамыз да, санамыз, Мүгедек боп туылуда баламыз. Аламанда алаөкпе боп далақтап, Осы біздер қайда кетіп барамыз?! Өркениет, өрің қандай шығатын? Жолың қандай, белді бекем буатын? Бәсекеге бас тігетін боп алдық, Нәтижесін ұрпақ болса ұғатын. Жүруші едік өрмек тоқып, жіп есіп, Жүрміз қазір, уақытпен күресіп. Ғарышқа өтті адамзаттың ақылы, Жарық жылдамдығыменен ілесіп. Ілескенің, күрескенің керек-ақ, Гүлдемеді санамызда неге бақ?! Зиянкестер кеміреді тағдырды, дегендей боп, тамырына шеге қақ! Алла берген санаулы өмір көп пе еді? Адам өзін-өзі неге шектеді? Неге сонша бола тұрып ақылды, Өркениет санасына жетпеді?!
Ата-бабам салған сүрлеу ізбенен,
Жүрсек неден кем боламыз біз деген?!
Алдыменен Өркениет маңызын,
Дұрыс шығар, санамыздан іздеген.
ЖҰМАҚТЫҢ СУСЫНЫ
Бір елдер бар, тарихтан сыр теріп жүр,
Ал, біреулер, көшке ғана еріп жүр.
Жаралғаннан жаныма тең мүлкімді,
«Менің тапқан Брендім» деп өліп жүр.
Сақ, Ғұн, Оғұз... билік құрған замандар,
Көк Түрікті мойындаған Ғалам бар!
Кентавры біз боламыз, Гректің –
Кеудесі – адам, аяғы – ат адамдар.
Көк Түрікті кентавр деп жүргенін,
Естігенде есім кетіп күлгемін...
Иә, иә, соно-о-оу ескі заманда-ақ,
Жылқы мініп, еркін өмір сүргемін.
Итті айыра алмайтындар қасқырдан,
Таңқалыпты атты көріп астымнан.
Қымыз ішіп, менің елім ол кезде,
Қазы, қарта, жал, жаяны ас қылған...
Қамбар ата киесі деп санайтын,
Басқа ел бар ма, таласуға жарайтын?
О бастан-ақ, қасиетін түсініп,
Бие сүтін – Ана сүтке балайтын.
Оны қазір дәлелдеді ғылым да,
Елім сенген түрлі жақсы ырымға.
Жылқы күші кіреді деп сәбиге,
Саумал беріп өсіріпті бұрында.
Қайнары деп сарқылмайтын қуаттың,
Тамырдағы бүлкілдеген «бұлақтың».
Түсініпті ата-бабам қымызды –
Тәңірі берген сусыны деп Жұмақтың.
Жылқы сырын қазақ қалай ұқпайды?
Ешбір малдан ондай сусын шықпайды.
Шипа болған айықпас көп кеселге,
Бүгін оны медицина құптайды.
Мен көшпенді қазағыма таңқалам,
Әр ісінен даналығын аңғарам.
Сусынына шарап емес, сыра емес,
Қызуы мол Қымыз қалай таңдаған!!!
Қымыз баптау – өнердің бір саласы,
Мал терісі – күбісі де, сабасы.
Іші-сыртын аршаменен ыстаған...
Ал ,ыдысы – туған жердің ағашы.
Ожауы да, шарасы да ағаштан,
Қошқар мүйіз өрнегімен жарасқан.
«дөнен қымыз», «бесті қымыз»- түр-түрі,
Баппен пісіп, салқын жерде таң асқан.
Пай-пай шіркін, қанып ішкен қандай-ды!
Көңіл құсы қияндарды шарлайды...
Сексендегі қарттарым да қутыңдап,
Қырықтағы қызуынан қалмайды...
«Айғыр қымыз», «сүрі қымыз» тағы бар,
Европа деп келген ғой «тағылар»...
Қымызына таластырған соларды,
Не десе де, Қазағымның бағы бар!
БІР КҮН
«Өмірдің бір күні мен бір түнінен артық,
ештеңе жоқ...»
Халық даналығы.
Бір күніне үміт байлап бір күні,
Таңмен шетке ысырылды бір түні.
Тірлік үшін атқа қонған тұра сап,
Жарқын-жарқын естіледі жұрт үні.
Жалғыз сөзбен дейміз мұны – тіршілік,
Оятады таң арайлап, күн шығып.
Жанбағыстың ілеседі көшіне,
Біреу баяу, біреу әне, құлшынып.
Көрдің бе бұл тіршіліктің жарысын –
Біреу шабар басындағы бағы үшін...
Біреу қорғап ар-ұяты, намысын...
Біреу санап, пайдасы мен табысын...
Енді біреу арпалысып жаны үшін...
Ал, біреулер жоқтап асыл арысын...
Азап шегіп біреулердің ары шын...
Бәске тігіп барын біреу, тақ үшін...
Жарысады күні бойы далақтап,
Оған-бұған қолын созып, алақтап.
Ал, біреулер жасап алған «пейішті»,
Шаңырағы – фәнидегі «жанат бақ».
Шыққан күннің белгілі ғой батары,
Тағы да анық, ертең қайта атары.
Кешке дейін сиреген бе қатары?
Біреулердің тұйықталып сапары...
Таңнан – кешке, болды оқиға не түрлі,
Біреу толды, біреу аздап кетілді.
Кешкі астан соң, бас қоямыз жастыққа,
Жаратқаннан тілеп таңға жетуді...
*** Қартайыпсың дейді көрген әр таныс, Таңқаламын – жұрт не деген байқағыш. Жан сарайым жайнап тұрған секілді, Сыртқы кейпім көрінгенмен кәртәміш. Ескенімен жанды жастық самалы, Жасаңғырап тұрғанымыз шамалы... Қартайыпсың десе намыс көреміз, Ол да оңай берілмеудің амалы. Асыл екен деп жатамыз сүйегі, Жұрт әйтеуір қолпаштауды сүйеді. Баршылықтың-таршылықтың не екенін, Денсаулығы жоқтар ғана біледі... Баяғы жас қалпында әлі жүргім, Ескерусіз ескірсе де түр-өңім. Ой-қиялмен Жер мен Көкті аралап, Жас жігіттей жайраң қағып жүремін.
АЛТЫН БАЛЫҚ
Тәңірім, неге мазасыз етіп жараттың?
Ой – сарайымның кірпішін қолмен қалаппын.
Сараң байдай жауһарын жыйып қиялдың,
Мұнарасынан мұңлы әлемге қараппын.
Түйсік пен Сезім, түбі бір, сірә егіз бе?
Қармақ тастап толқынды түпсіз теңізге.
Алтын балығын сарыла күтіп отырған,
Түн жарымында қиял жағалауынан мені ізде.
Көресің сонда, балықшы шалды жаны ізгі,
Жанымен ұғар Қайырым менен Парызды.
Сезіледі дүние көздің құрты боп,
Лашықтағы тойымсыз кемпір тәрізді...
Құлшына теріп мазасыз ойдың маржанын,
Түйсікпен сезіп жүрекке түскен салмағын.
Алтын балығым салдырған осы Сарайды,
Оқырман досым, өзіңе ғана арнадым!
КЕШІРУ
«Қателігің үшін біреу сені оң бетіңнен ұрса,
сен оған сол бетіңді де тос...»
Конфуций
Қателеспеу мүмкін бе, болмаған соң періште,
( Менің осы ойыммен мейлің келіс, келіспе ).
Үлкен-кіші кездейсоқ ұрынатын өмірде,
Қателікті кешіру – бастайды үлкен жеңіске...
Қасіреті тағдырдың, қателіктің сыңары,
Көздің жасы төгілген, көл боп көлкіп тұр әлі...
Адамға тән арналы ақыл-ойдың жемісі –
Даналықтың өзі де – кешіруден тұрады.
Ашу арбап, ақылдан адастырған шақта адам,
Басу үшін сабырлы сара жолға нық қадам.
Өнегесін өткеннің, өзек етсек өмірге –
Кешірудің бәрі де, өшігуден сақтаған.
«Қазанға не тастасаң, шөміш соны іледі»,
Қайырымсыз қаталдық, санаға не береді?
Өткен - кеткен тарихтың үлгісіне үңілсек,
Ақылы бар адамдар кешірімшіл келеді.
Көңіл – айдын көлдегі сақтау үшін тұнықты,
Жең ішіне жасырып, көсетпеген сынықты...
Адамға тән жамандық атаулының бәрі де,
Кешіруді білмейтін кесірлерден шығыпты.
ҚҰНДЫЛЫҚТАР
-Ұлттық Құндылықтарға нелер жатады?
Студет жігіттің сұрағы
Құндылықтың басы – Отан, қарағым,
Отаныңда, бар байлығың, бар әнің.
Отаным деп жалындасын жанарың,
Отаныңды өркендету,
Болсын басты талабың!
Одан кейін, Туған жерің – Байтағың,
Байтағыңа болсын барлық айтарың.
Туған жердің туы болып айт әнін,
Жерге төккен маңдай терің – қайтарым.
Одан кейін, Ана Тілің – айбарың,
Тілің сенің – тұнық тұма, қайнарың.
Ана тілмен байлансын да байламың,
Ана тілмен шешілсін бар ойларың.
Одан кейін, әдет-ғұрып, дәстүрің,
Дәстүріңнің ескі деме ешбірін.
Сонау арғы түбіңді ойлап, өс күнім,
Тамырын тап, құнын түсін ескінің.
Ең ардақты құндылығың – Ұлтың,
Ұлтыңның іздеу – Бақыт кілтін,
Ұлтыңның ақтау – арман, үмітін,
Мына сенің қолыңда тұр, жігітім!
Құны биік, ар-ұяттың, намыстың,
Құрбан болған намыс үшін – арыстың...
Құндылығын сақтау парыз, жас ұрпақ,
Құлы болмай, күнделікті табыстың.
АРМАН
Сиынам Алла деген бір есімге,
Қасиет берсе ерекше, күресуге.
Қиялымның көгінде қалықтаған,
Арманым көп соны елім, білесің бе?
Ауырғанды дертінен айықтырсам,
Зағиптардың жанарын жарық қылсам.
Мүгедекке он екі мүше сыйлап,
Ақыл-ойы кемісті сауықтырсам.
Сүйеніш боп, сүрініп, құлағанға,
Таяныш боп, тарығып жылағанға.
Еңбек етсе шынайы, терін төгіп,
Берер едім береке, сұрағанға.
Татулық боп ағайын арасына,
Күйдірмес ем ешкімнің жаласына.
Кері тартқан кесірді бері тартып,
Түсірер ем тентекті сабасына.
Баянды боп тәуелсіз, азаттығым,
Танымайды десе жұрт Қазақты кім!
Мектептердің бәрінде шет елдегі,
Оқып жатса жабылып қазақ тілін...
Арманыма өзің біл күлесің бе,
Қиялшыл деп қылжақтап жүресің бе.
Мүмкін емес нәрсе жоқ Құдіретке,
Шынға айналды ертегі... білесің бе?!
ҚҰМАРЛЫҚ
Көлбеңдете қағып әсем қанатын,
Көбелектей гүлден ләззәт алатын.
Мен сияқты есі кете елітіп,
Сұлулыққа құмар шығар, бар ақын.
Байқайсың ба, әдемілік – жан емі,
Қандай көркем, адамзаттың әлемі!
Ой-арманы ізгіліктен құрылған,
Ғажайып қой, ақындардың өлеңі.
Әсемдікті етер дейді жан мекен,
Жан мекенін сезімменен әрлі етем...
Өн-бойыңды баурап алар балқытып,
Тілден сұлу сиқыр сірә, бар ма екен?!
Көңілімді көлегейлеп тұрар мұң,
О, перизат, саған қалай ұнармын?
Сұлулықтың қол жетпейтін Тәңірі –
Поэзия – бір өзіңе құмармын!!!
ТОҚШЫЛЫҚ
Толтырагөр жаратқан, кесемді деп,
Тойып секіретұғын есер жүрек.
Орталанып жұмыры көрмеген соң,
Тоқтығынан жүреді есеңгіреп.
Керексіз боп қағазда қала ма ойлар?
Компьютермен ойлайды жаңа байлар.
Қаптап кетті, өлшемін кісіліктің,
Қапшығымен өлшейтін Қарабайлар...
Қайда кетті қазақтың қарымды ұлы?
Арналатын ақынның жалын жыры.
Маңдай емес, таңдаймен талқылайтын,
Қай жағыма қарасам – қарын құлы.
Елдің құнын бар болса түсінгендер,
Ердің құнын екі елі түсірген бе ел.
Отыз үште аштықтан ісініп ең,
Түсіне ме тоқтықтан ісінгендер?
Елдің бағын тәңірім қолдаса екен,
Жақсы аты әлемді шарласа екен.
Тоқшылыққа не жетсін, десек-тағы,
«Артық жеген ас – арам» болмаса екен.
1933 жылғы ашаршылық
ОРБҰЛАҚ ТУРАЛЫ
ТОЛҒАУ
Көгінде бұлт ойнаған,
Күні жоқ нөсер шаймаған.
Қосқолаң таудың қойнауы,
Арқары құзда ойнаған.
Қозықандары бұлтылдап,
Ойынға ешбір тоймаған.
Көркімен көзді тұндырып,
Беткейі гүлмен жайнаған.
Қарақат, арша ішінен,
Құстары әсем сайраған.
Қызылқияның қырқасын,
Үйірлі қасқыр жайлаған.
Асартөбеге ту байлап,
Сабырмен түбін ойлаған.
Ордалы менің мекенім!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Дұшпанын қойдай айдаған.
Бүгілмесіне қоймаған,
Жүгінбесіне қоймаған!
Желкілдеп келіп байрағы,
Жеңісін елі тойлаған.
Қасқыр да аман, қой да аман –
Бейқұтшылық орнаған.
Есім ханның Жәңгірі,
Күш-қайраты мол еді.
Қанжоса елін көрген соң,
Жүрегі кекке толы еді.
Салқам Жәңгір атанған,
Айтулы батыр сол еді.
Қапыда шапқан жоңғардың,
Қосқолаң тауы жолы еді.
Жәңгір хан өзі бастаған,
Мың қаралы қол еді.
Ел басына күн туып,
Етікпенен су кешіп,
Амалдап қырға қаздырған,
Оқпана болған ор еді.
Қырамын деп қазақты,
Көрсетем деп азапты,
Батұр хонтайшы келеді.
О да бір асқан ер еді.
Алты алаштың ерлері,
Ел үшін басын қосқан жер.
Қарасай мен Ағынтай,
Жиембет жырау, Сарбұқа,
Көксерек, Көтен, Жақсығұл,
Қомпай мен Суан Елтінді,
Айбыны жаудан асқан жер.
Он мыңынан айырылып,
Батұрды марту басқан жер.
Жалаңтөс жетіп көмекке,
Қырық мың қалмақ қашқан жер.
Жеңістің басы – Орбұлақ,
Дүркіреп тұрды аспан-жер,
Алтау ала болма деп,
Ынтымақ жолын ашқан жер.
АҒАМЕН СЫРЛАСУ
Елдің бірлігіне сына түсетін жерде
қандай шындық болса да бармағыңды тістеп,
айтпау керек. Ал, елдің намысы кетіп бара жатқан
жерде жауыңның не қолында, не жолында өл.
Бексұлтан Нұржекеұлы.
Көрсетпей бөтенге еш қысым,
Үй тапсам тентіреп кешкісін.
Жанымнан жылылық сезінсең,
Сен мені бақытты деп түсін.
Бас ұрмай келетін пайдама,
Ұмтыла қоймасам жәй ғана.
Ашуға ермесем арпылдап,
Сен мені жуас деп ойлама.
Дөрекі мінезді санамда,
Тұтқындап ұстасам, жан аға,
Есерге естілік көрсетсем,
Сен маған жасық деп қарама.
Қарқылдап, қояды көп қарға,
Жақсының жанында кек бар ма!
Иіліп ілтипат көрсетсем,
Сен мені жағымпаз деп қалма.
Бұрылмай оңға да, солға да,
Таңдасам бейқұтшыл жол ғана.
Өнбес дау қуатын өркеуде,
Болмасам, қорқақ деп қорлама!
Артық сөз асырмай басымнан,
Өскемін, білесің, жасымнан.
«Ұлттың намысы үшін!»- деп,
Айқассам, табыл тек, қасымнан.
АҚЫН МЕН АҚЫЛ КӨПТІК
ЕТПЕЙДІ
(МҰҚАҒАЛИША АЙТҚАНДА)
– Жаркенттік елу ақынның топтама жырлары
кітап болып шығыпты.
– Солай ма? Жаркентте ақын көп екен ғой...
(екеудің әңгімесінен).
Бір дос маған «Жаркентте ақын көп» дейді,
Ойбай, ойбай, бола берсін көп мейлі!
Ақын деген әулие ғой... әулие,
Әулиелік бізге көптік етпейді.
Ақын деген жақсылықтың жыршысы,
Көмейіне ұя салған жыр құсы.
Ұзақ таңға ой қуалап отырып,
Өлең үшін он бөлінер ұйқысы.
Ақын деген, елдің тіл мен жағындай,
Екі көздің қарасы мен ағындай.
Көріп тұрып айтпай кетпес ел мұңын,
Ұлықтарға жалтақтамай, жағынбай.
Ақын сөзі – ақиқаттың семсері,
Ақын сөзі – кісіліктің өлщемі.
Ақын сөзі – ар-намыстың қайрағы,
Көтеретін көсем тілмен еңсені.
Сондықтан ел ардақтайды ақынын,
Ардақтайды жанына ең жақынын.
Оятады елдің қайрат-жігерін,
Жүрегінен жарып шыққан батыл үн.
Көрмесе де ақынының түр-өңін,
Көреді ел өлеңінен жүрегін.
«Ақының көп» деген сөзді, ағайын,
«Ақылың көп» деген сөз деп білемін.
ТАҒДЫР
– Тағдыр деген бар ма екен? –
деді ол қиялдап,
–Бар, – дедім мен...
Екі анадан туған екі жан едік,
Екі әкеден өсіп шыққан дән едік.
Сені қайдам, көзімді алмай қараушы ем,
Көшелерде көрген кезде, әредік.
Бара-бара жиі-жиі түйістік,
Тарта берді талшын бейнең
тым ыстық.
Оңашада кездескенде қысылып,
Алғаш рет ебедейсіз сүйістік.
Содан бастап көрген жұртты
қайран ғып,
Көрінбейтін жіпке жіпсіз байландық.
Содан бастап бірімізді-біріміз,
Отты айналған көбелектей айналдық.
Қайран жүрек қара тер боп алқынып,
От құшақта өртендік те, балқыдық,
Мөлдіреген айдынында бақыттың,
Қос аққу боп, қосарлана қалқыдық.
Тағдырдың бар екенінің айғағы,
Осы шығар – дедектетіп қоймады.
Түйіні еш шешілмейтін жіппенен,
Сені маған, мені саған байлады.
ЕСКІ СУРЕТ
Ескі сурет түсті қайдан қолыма,
Шырмалдым кеп, естеліктер торына.
Сыртындағы оқыдым да жазуды,
Мұңға баттым, жиырма бесті сағына.
Жүруші едік шайқалып та, жайқалып,
Қарсы алатын, ескі таныс – Ай танып.
Бақыт нұры жүзімізде ойнаған,
Тұрғандай ма суреттен де байқалып?
Қызба жүрек – қызық іздеп не түрлі,
Уаймға уәж дайын өтімді.
Мұңайсақ тек сағыныштан мұңайдық,
Күн көрмесек, ай көрмеген секілді.
Бар дүниең, жолаушының жүгіндей,
Қолға ұстап, жолға шықтық түңілмей.
Қалтамызда тиын-тебен жүрсе де,
Тарығуды білмеуші едік бүгіндей.
Қызық-түлкі, қанжығаға байламай,
Кетіп пе едік, ебін тауып тойламай.
Бүгінгімен күн кешуші ек алаңсыз,
Ертең аштан өлеріңді ойламай.
Жүруші едік, көкті тіреп, шалқайып,
Енді міне, жүзімізден әр тайып.
Суретті алып қарай бердім қолыма –
Қайран дүние, қалыппыз-ау қартайып.
Ескі сурет, түстің қайдан қолыма...
ТАМШЫ
Өлең болып өріліп, түйсінгенім,
Санамды нұрға бөлеп жүрсің менің.
Пенделіктен адамдық аласа боп,
Жаныма мұң түнетті күрсінгенің.
Өлең болып өріліп сезінгенім,
Сезімнен ұзақ түнге көз ілмедім.
Қыздардың күлкісінен басымырақ,
Оңаша төгілетін көзінде мұң.
Өлең болып жалындап ар-намысым,
Қабырғамды қаусатты салмағы шын.
Жүз өртендім, күркіреп шығар сөзім,
Көмейімнің ішінде қалғаны үшін.
Көз қырыңды құдайым, салсаң етті,
Санасыздық санамды сарсаң етті.
Киіктерге атылған қорғасын оқ ,
Жүрегіме қадалып, талқан етті.
Көнге айналып кеткен бе төзім тегі,
Шөлге айналып кеткен бе, сезім селі.
Селт етуден қалыппыз – қасіретке,
Кісі-киік пенденің көзіндегі.
Шаттығыңнан жарқыным,
мұңды аршып ал,
Бой түзейді көктемде, сынған шынар.
Адамдардың мұң-зары жасқа айналып,
Өлеңімнен тамшылап тұрған шығар...
ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Досым Әлдибеков Алдаберген Зәкімбекұлының аруағына бағыштадым. Досына қарап жігітті, Сынаған екен бабалар. Досына қарап біліпті, Жігіттің сынын ағалар. Дос пейілін ұнатып, Қабағынан таныпты. «Дос көңілі бір атым, Насыбайдан қалыпты». Жүректің нәзік қылдарын, Дөп басып солай шертіпті. Ұлына қимас тұлпарын, Досына сыйлап кетіпті. Автор. 1. Досыммен алғаш кездесу: Болғаннан соң әкемнің «басы малға байлаулы», мекен етіп қайтушы ек, ала жаздай жайлауды. Ұлы Шежін төсіне гүлден алқа таққанда, иемденіп алатын үш ферма*** үш қойнауды. Бұл мезгілде біздің де туатын-ды күніміз, желбіретіп ойынның тігетінбіз туын біз. *** ферма-сауын сиырлар бағатын фермаларда әкелеріміз малшы, шешелеріміз сауыншы еді.
Үш ферманың баласы жиылғанда бір жерге,
алты қырдан асатын ой-хой, айқай-шуымыз!
Көкпар еді ойынның қиыны да, қызығы:
күндегі кең тақырға тамам бала жиылып,
қос құлағы қалқиған көк есекті қамшылап,
кіретінбіз додаға, күш-қайратқа сиынып.
Ұмытамыз бәрін де, қыза келе арқамыз,
үш ферманың баласы,
үш жаққа кеп тартамыз.
Жеңсек, жеңіс буымен танауымыз желпілдеп,
қатқан ескі тулақты ту ғып ұстап қайтамыз.
Ал, жеңіліс қиын-ақ,
жарқылдап үн қатпаймыз,
мұрнымыздан міңгірлеп, өзімізді ақтаймыз:
«бүгін жеңіс бізде еді, қапы кеттік әрине,
ертең болсын жазасы,
ертең бар ғой, таптаймыз!..»
Біздің топқа бір күні, жаңа бала қосылды,
жақсы көріп кеттік біз, аз-ақ күнде осы ұлды.
Әңгімешіл өзі де, жатырқауы жоқ екен,
(кездестірдім осылай бүгінгі жан досымды).
Қысыңқылау көзінде әзіл ойнап тұратын,
әңгіме айтса, күлкіге қыран-топан қылатын.
Қайратты еді, ап-арық тұлғасына қарамай,
көк тулақты додадан кірсе, жұлып шығатын.
Ол келгелі жеңіс те бізге мүлде көшкендей,
қарсыларға көбіне кетіп жүрдік дес бермей.
Жеңілсек те, жеңсек те, «біз» дейтінбіз қызығы,
жекелердің еңбегін жеке-дара «ескермей».
«Біз» дейді екен бірігіп, мақсаттары бір адам, «біз» деген сөз әйтеуір, бізге қатты ұнаған. Мынау ұлы өмірдің додасында топ жарып, досым жеңсе, қазір де, «біз жеңдік» деп қуанам! 2. Сырласу: Алдашым-ау, сырымды саған айтам, Өзіме-өзім оңаша болам аң-таң – Іске кейде мойынды бұрғызбайды, Қызық іздеп пәтшағар, көңіл-сайтан. Отызға кеп орныға бастасам да, жел көңілді желілеп тастасам да, Жүрек шіркін бұлқынып асау аттай, алыпқаша береді басқа жаққа... Ерік берсем кетеді-ау, талқан қылып, енді бізге жараспас шайтан қылық. Көңіл деген көк дөнен тыпыршыса, тұсай берем ақылды арқан қылып. *** О, асылым, менің биік шынарым, досым саған арналады сыр-әнім. Сенің жарқын әзіліңді естімей, басылмайды, іштегі жан құмарым. Сені іздейді қайда жүрсем, көңілім, сенсіз тіпті қызық емес өмірім. Тіршілікте жан досы жоқ пенделер, тарқата алмас бұл сезімнің өрімін.
Көп адамдар күндік қамын көздеген,
достық деген құдіретті сезбеген.
Алар кезде «алтыным» деп аялап,
ала алмаса, асылды да «жез» деген.
Амал қанша, жетпей кейде санамыз,
сондайларды дос екен деп қаламыз.
Күннен күнге көбейеді осыдан,
жанымызда жазылмайтын жарамыз.
Қадіріңді досым қалай сезбейін,
аярлыққа білесің ғой, төзбейім.
Түсінетін саған «алтын» болсам да,
түсінбеске құным бақыр, «жездейін».
Сараласақ тағдыр салған әр ізді,
достар көп қой, жарасымды, жаны ізгі.
Екеуміздің жолымызды ойласам,
тағдыр өзі қиыстырған тәрізді.
Мен де өмірдің бұралаңын көп көрдім,
сен де соның көбін бастан өткердің.
Мен түйсіксіз біреулерді жек көрдім,
сен де сондай пенделерге кектендің.
Екеуміз де жақсылықты арман ғып,
екеуміз де аярларға алдандық.
Айырылсақ та талай «майлы жіліктен»,
жағымпаз боп көрінуден арландық.
Алдаш, өзің куәсің ғой осыған –
кездерім бар жасыған да, тасыған.
Жақыным да жанымды ұқпай жүргенде,
сүйеніш боп сен табылдың қасымнан.
Тұзы жеңіл ақындардың бірі едім,
сәл жылы сөз жұбататын жүрегін.
Қиналғанда, қырсығымды жүгендеп,
шыр-пыр болып тілеуімді тіледің.
Сәттері көп өмір солай сынаған,
ұрындырып анаған да, мынаған.
Қисығымды қиып жөнге салатын,
сендей досым болғанына қуанам.
3. Түсінісу:
Біз екеуміз бала кезден бірге өстік,
бірге ойнадық, тайға бірге мінгестік.
Түс шайыстық, түсініспей қалдық та,
не қыласың өтті-ау талай білместік.
Айлар өтті, апталарды алқымдап,
ер жігітке намыс қымбат, ар қымбат.
Сен де ыңғайсыз көрдің білем, келмедің,
мен де саған бара алмадым жарқылдап.
Әлде досым, менің кінәм ауырлау,
әлде сенің?..
Мүмкін бе адам жаңылмау!
өкпелесіп керегі не, бәрінен,
тату жүрген жақсы екен ғой,
бауырым-ау!
Сені ойлап оңашада елжіреп,
көресің бе, көңіл құсым
жүр жүдеп.
Ақымақ-ау, келсең етті аңқылдап, «шаруадан қолым тимей жүрдім» деп. «Достық» атты ортақ бізде құты бар, (абайлайық, аңдаусызда шытынар). Бітті, бітті! бітті шыдам менде де, есігіңді аш, ақымағыңды күтіп ал! *** Өзімсініп үйіңе кіріп барам, (бару үшін «сылтауға-сынық» табам). Сенің дархан пейліңе қызығамын, келбетіне қылаудай кір жұқпаған. Сенің дархан пейліңе қызығамын, басқа үйден дәмдірек тұзың-дәмің. Жаңа сүрткен айнадай ақ көңілің, бүкпесі жоқ өйткені сырың мәлім. Көктеміңе көңлімнің құсын жайдым, (көрінгенге мен де гүл ұсынбаймын). Үндемейтін жерлерде үнсіз қалам, сыр айтуға ал, саған қысылмаймын. Несі достық, досыңа болса шүбәң, (саған деген менде бар бітпес бір ән). Қысылсам да үйінде туысымның, досым, сенің төріңе еркін шығам! Талай дана өтіпті бұдан бұрын, адалдықпен өлшепті адам құнын.
Маған сенің ұнайтын бар асылың,
адалдығың бауырым, адалдығың...
4. Алдаберген екеуміз үйленбей тұрғанда-ақ
болашақ ұлымыздың атын «Жандос» қоямыз деп,
келіскен едік. Сол бақыт маған бұйырып,
ұлымның атын Жандос қойдым.
Жандос деп қойдым атыңды,
біздегі үлкен достықтың құрметіне.
Жігіт бол ұлым, ақылды,
ісіңмен елге татымды,
аман жүрсең ардағым,
жер бетінде.
Мен досымды қарағым,
кем көрмедім өзіңнен де, анаңнан,
Досымды мыңға баладым,
достықты бақыт санадым,
дос іздедім сырлы һәм,
жырлы ғаламнан.
Ат қойдым саған Жандос деп,
жан достардың құрметіне құлыным.
Жалғанда мынау, жәй дос көп,
жаман дос бейне арам шөп,
ізгіліктің ірітетін тұнығын.
Тілегім – жет жеңіске,
басқада пенде болсаң да ұлым,
өтінем,
достықта бол періште.
Доссыз жеңіс – жеңіс пе?!
Сатпа оны ет кессе де етіңнен!
*** Бірде досым, той кезінде толайым, тәтті әзілге қарық қылып маңайын. отырғанда... шала мас бір әумесер, бұзды келіп елдің күлкі – арайын, Арақ деген ант атқырды бүркеніп, анаған да, мыныған да сүйкеніп, мазамызды әбден алып... қыз жағы, тұрып кетті бұл көрністен жиіркеніп. Баратқан соң басымызға секіріп, сабыр айттық ерлер жағы өтініп. Тойдың шырқын бұзбайық деп, амалсыз, сенікі жөн дедік күліп өтірік. – Әй, ақын деп, маған енді бұрылды, өлеңдерің келтіреді жынымды. Адалдық жоқ сендер жазған, өмірде, осылай деп неге айтпайсың шыныңды?.. – Адалдыққа баға берер сен бе едің, саған жақын емес пе еді шөлмегің? Есіңде ме, есіңде ме ақымақ, анаңның ақ сүтін адал, емгенің! Адалдықтан аламын деп өшіңді, сансыраған санаң неге есірді? Жүгерінің суын ұстап күндіз-түн, әкең адал еңбегімен өсірді.
Соның бәрін тәрік етіп сен де енді,
адалдық жоқ, деп ұрасың кеудеңді.
Сенің өстіп өрекпіген күйіңді,
перішдедей балаларың көрген-ді?
Еріп жүрсің ес кетірер елеске,
туған елің сені ұлым демес пе.
Сау кезіңде өзің ойлап қарашы,
туған жердің суы да адал емес пе?!
Бұзбау үшін кейде жүйке- жүйеңді,
кесіп тастау керек болар сүйелді.
Ақ пен Қара арпалысқан заманда,
бірге алданып, мыңға жақпа күйеңді...
Деді досым, айбарымен ықтырып,
мастың өзі бас изеді тік тұрып.
Салиқалы сөздерінің салмағын,
санасыздың өзіне де ұқтырып.
Құтымызды қашырғанда құнсыз дау,
(жігітке тән мінез емес шын қызбау).
Жөнсіз істі, жөн емес деп айта алмай,
көп жерлерде үнсіз қалып жүрміз-ау...
5.Өмірдің соңы өкініш немесе досымның қабырының
басында
Жүреді екем дем көріп,
жүргеніңді қалқайып.
Алғандай боп тең бөліп,
қалдым сенсіз ортайып.
Төрт құбылам, ақылдым,
түгел еді сен барда.
Жалғызсырап отырмын,
енді мынау жалғанда.
Жазылса да әлі мың,
достық жәйлі өлеңім...
Кейіпкері бәрінің,
Алдашым-ау сен едің.
Арналушы ед өзіңе,
ең шуақты сырларым.
Айтпасам да көзіңе,
жырларымнан тыңдадың.
Біздегі үлкен сезімді,
байқамады жан адам.
Мен бауырым, өзіңді,
бар асылға балағам.
Өмірде бұл жәй дос көп,
куә бол деп құлыным.
Есімін де Жандос деп,
қойып едім ұлымның...
Өзің бар деп, көңілім,
жүреді екен тоқ болып.
Жүдеп қалды өмірім,
кетіп едің жоқ болып.
Ес екен ғой барың да,
келмесең де...
бармасам...
Кім тыңдайды, сағымға,
сарғайып жыр арнасам?...
6.Қайран достар... Достар қайда жиылып бір жүретін, бір шығатын есіктен, бір кіретін. Көше бойы «ақсақтың» кейпіне сап, Алдаберген қисаңдап күлдіретін. Есте қалған өшпестей жатталынып – естеліктер сарғайған, қатталынып. Енді іздесем ешкім жоқ айналамда, сырласатын шынайы ақтарылып. Жылытқан соң бойымды шараппенен, оқитын ем достарға қанатты өлең... Көрем бе деп жыр тыңдар жігіттерді, көше бойын ақырын қарап келем. Құлақ салар ешкім жоқ жан сырыма, бетім тосам жанымның жаңбырына. Жүруші едік топталып арқа-жарқа, Райқанның**** қарық боп қалжыңына... Сүрінемін омбылап қасат қардан, достар қайда сарбаздай жасақталған. Құдаш інім****** «көкелеп» көрінбейді, бос шөлмектей көше де, босап қалған... **** Смағұлов Райқан ҚұсайынұлыЖаркент сәулет-көркемөнер мұражайының директоры болған. ***** Құдаш ( Құдайберген)- Алдабергеннің туған інісі, Б. Римова атындағы театрда адмнистратор қызметін атқарған, талантты актер болған. 2004 жылы қапыда қайтыс болды.............................................................................
Тіріміз ғой, тірілер сыр тыңдайды,
(сағат тілі тоқтаусыс сыртылдайды).
Өздеріңді еске алып ескі достар,
осы жазған жырымды кім тыңдайды?..
7. Ғайыптүс
Досым бүгін кірдің менің түсіме:
жүр екенсің гүлзар бақтың ішінде.
Слаш, қалай, амансың ба дейсің сен,
күле қарап еткен күйбең ісіме.
Астасатын исі жұпар гүлменен,
шалқып тұрсың ғажайып бір нұрменен.
Қалай Алдаш, деді саған бір адам,
маған өте жақсы таныс түрменен.
Қол ұсынсам кетіп едің алыстап,
қайта оралдың бір қолыңа шам ұстап.
Шамнан ұшқан сәулеменен нұрланып,
құлпырады бағанағы таныс бақ.
Дейсің күліп: «тілім, тілім, тілім деп,
жүрсің бе әлі жүрегіңді тілімдеп?
Біліп, сезіп, байқап келем бауырым,
бұрынғыдан мехнатың бүгін көп.
Ал, мен болсам кеттім сенен алыстап,
жүрегіңді қасіретпен жаныштап.
Қимасам да қала берді сендермен,
таныс таулар, таныс жолдар, таныс бақ...»
Болмайды екен бақида бұл, сөз деген,
ұғысамыз үнсіз ған көзбенен.
Пәктігі көп, жаттығы жоқ пейілмен,
танысамыз, табысамыз өзгемен.
«Тіл мен жырға баяғыдай албыртсың,
өлеңдерің көңілдерді жаңғыртсын!
Мына шамды саған Слаш сыйлаймын,
санасына сәуле түсір мәңгүрттің.
Жәй шам емес, бөлшегі бұл уақыттың,
уақыт – шаттық,
түсінгенге, уақыт – мұң.
Көңілдердің көлеңкелі тұсына,
сәуле түссе сезер сырын бақыттың.
Өтсе құйын, мейлі дауыл боратып,
шамды сақта,
игілікке жаратып...»
деген досым кете барды ғайып боп...
Көзімді ашсам, келеді екен таң атып.
М А З М Ұ Н Ы:
Өзекжарды.............................................................................3 Дала жыры (толғау)..............................................................4 Ұлы дала ақиқаты...............................................................15 Сырымды айтам..................................................................17 Жер-Анам.............................................................................18 Үміт пен Күдік....................................................................19 Шабыт таңы.........................................................................20 Мен сеземін.........................................................................21 Серт .....................................................................................22 Қалар ма?!............................................................................23 Бұлбұлдың күні...................................................................25 Даламмен сырласу..............................................................27 Өлең боп қалсам.................................................................29 Сексеуіл ..............................................................................30 Сөз көшінің қара нары.......................................................31 «Құлагер-аға»......................................................................32 Адасу ...................................................................................34 Арман ..................................................................................35 Болжау..................................................................................36 Өлең деген...........................................................................37 Әркімнің тағдыр жолы бар................................................38 Көргім келеді.......................................................................39 «Құс жолы»..........................................................................40 Қараорман ...........................................................................41 Уақыт өтер...........................................................................43 Ақ өлім.................................................................................44 Теңсіздіктер ........................................................................46 Кәрілік .................................................................................47 Біздің елдің жігіттері..........................................................48 Кімсің?.................................................................................50 Қаз-қалпында......................................................................51 Ақын монологі....................................................................52 Сезіну ..................................................................................53 Білмек керек........................................................................54 Төршілдерге төрелік...........................................................55
Тірнектеген тіршілік...........................................................56 Аңсау ...................................................................................57 Зар мен Ар...........................................................................59 «Айғайқұм».........................................................................60 Тастүлек ..............................................................................62 Өзіңсің жалғыз....................................................................63 Ұрпағым соны сезінсін.......................................................64 Перзент арманы...................................................................66 Таланттың жауы..................................................................68 Бес Алатау...........................................................................70 Бауырым!.............................................................................72 Түйсіну ................................................................................73 Бөгде ....................................................................................75 Таңғы әсер...........................................................................77 Кешқұрым ...........................................................................78 Жамандық аяқ астында.......................................................79 Бармын деп..........................................................................80 Тәубә....................................................................................81 Өзегім (толғау)....................................................................82 Бұрандалы «ойыншықтар»................................................85 Өзің ойла..............................................................................86 Аманат .................................................................................87 Рух жалғастығы...................................................................88 Өтіп жатыр...........................................................................90 Сексендегі сері....................................................................91 Бұл әлемнің..........................................................................92 Сөз түзелді...........................................................................93 Уайым .................................................................................94 Қиялменен ақындар............................................................95 У жұтамыз...........................................................................96 Айтамын деп.......................................................................97 Талқажау .............................................................................98 Үлгі.......................................................................................99 Көңіл-дәрия.......................................................................101 Ағалармен амандасу.........................................................102 Шексіздікте .......................................................................103 Деуші едім.........................................................................104 Күндер өткен.....................................................................105 Айта-айта...........................................................................106
Қарға тірлік .......................................................................107 «Жындыкөбелектер...».....................................................108 Махаббат «қағбасы».........................................................109 Кімге керек........................................................................110 Жауапсыз сұрақ.................................................................111 Араздықтан не табамыз....................................................112 Күндік өмір........................................................................113 Күдік ..................................................................................114 Қанағат ..............................................................................115 Көктемге асығу ................................................................116 Туған жердің......................................................................117 Өмір кілті...........................................................................118 Тәубә қылдым...................................................................119 Сені іздедім........................................................................120 Не келмейді көңілге..........................................................121 Жанқайрау .........................................................................122 Ақын арманы.....................................................................123 Тағзым ...............................................................................124 Аңсау мен шаршау............................................................125 Тау-тілек.............................................................................127 «Қайран ерлер...»..............................................................128 «Ұйқыдағы ару»................................................................131 Мақтанышым!...................................................................138 Өмір мектебі......................................................................140 Ұлы ақынмен сырласу......................................................141 Арман ................................................................................143 Өріс ....................................................................................145 Болмайды ..........................................................................147 Қабірстан ..........................................................................148 Өкініш ...............................................................................150 Ағайынға ...........................................................................152 Падишасы зеңгір көктің ..................................................153 Албастының әлегі.............................................................154 Шын бақыт .......................................................................156 Өзіңе сен............................................................................157 Тіл байлауы........................................................................158 Ақыныңды аңқылдақ........................................................159 Он және бір........................................................................160 Тәсілқой ............................................................................162
Қатты мен тәтті.................................................................163 Мәніс кетер........................................................................164 Көлеңке .............................................................................165 Түс .....................................................................................166 Уа, адамзат!.......................................................................168 Бақытты сәт.......................................................................169 Тәубә дейік........................................................................170 Намыс жыры ....................................................................172 «Жұдырық».......................................................................176 Көктем-Анам.....................................................................178 Сенерім-өзің өлеңім .........................................................179 Көқарас .............................................................................180 Өмірді жаратқан................................................................181 Жымысқы жылым.............................................................182 Бойымда алаулаған...........................................................183 Ғарыш пен Жер.................................................................184 Сезім ..................................................................................185 Дала аруы ..........................................................................186 Жыр әлемі..........................................................................187 Зерделеп ой жүгіртсек......................................................188 Наурыз келді!.....................................................................189 Ауылым .............................................................................191 Екі тізгін.............................................................................192 Өмір сыры .........................................................................193 Бәрінен бездім...................................................................194 Ұлтсыздық елесі...............................................................195 Өткінші .............................................................................196 Көлеңкелі жағымыз .........................................................197 Ауыз болған соң................................................................198 Жиналыс ...........................................................................199 Көктемім!...........................................................................200 Жан шуағы ........................................................................201 Әркімнің өз жарағы..........................................................202 Көңіліңнің көгінен............................................................203 Мойындау .........................................................................204 Алпыстағы ой....................................................................205 Өзін тонау ........................................................................206 Алты ай жаз ......................................................................207 Жалаулы төбе....................................................................208
Қыны қалған......................................................................213 Ойланайық.........................................................................214 Бас шайқаймыз..................................................................215 Әсіреқызыл .......................................................................216 Табиғат мінезі ...................................................................217 Түсінбедім ........................................................................218 Жүрегіммәңгі жас ..........................................................219 Бәрі аңыз............................................................................221 Алғыс арқалаған...............................................................223 Сыртым сау........................................................................225 Үміт-сәуле..........................................................................226 Махаббат шарабына..........................................................227 Жаман ат............................................................................228 Ақиқат жолында................................................................230 Білмесең өзің.....................................................................231 Алтын ғасыр .....................................................................232 Жерге керек мейірім.........................................................234 Шындықты іздеп...............................................................235 Жан деген не?....................................................................236 Өз ғасырым........................................................................238 Жауапсыз сұрақ ................................................................239 Ыңыршақ ..........................................................................240 Ібілістің айласы.................................................................242 Жұмақтың сусыны............................................................246 Бір күн................................................................................249 Қартайыпсың дейді...........................................................251 Алтын балық.....................................................................252 Кешіру ...............................................................................253 Құндылықтар ....................................................................254 Арман ................................................................................256 Құмарлық ..........................................................................257 Тоқшылық .........................................................................258 Орбұлақ туралы толғау ...................................................259 Ағамен сырласу ................................................................261 Ақын мен ақыл... ..............................................................263 Тағдыр ...............................................................................265 Ескі сурет ..........................................................................266 Тамшы ...............................................................................267 Дос туралы толғау.............................................................268
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ
Редакторы Алмагүл Ниязбекова
Қате түзеуші Назерке Кәкен
Көркемдеуші редакторы Айкерім Бақбергенқызы
Техникалық сарапшы Ержан Жамалбаев
ІSBN 978-601-03-0277-8
ИБ № 80
Басуға 15.10.2014 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108 1/32. . Офсеттік басылым.
Қаріп түрі “Tіmes New Roman”. Көлем 15,0 шарттыбаспа табақ.
Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс № 80
“ҚАЗақпарат“ баспа корпорациясының баспаханасы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру