TELEGEI

Home

Қара қыпшақ Қобыланды

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қара қыпшақ Қобыланды

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

(пьеса)

Төрт актылы, сегіз суретті ертегі-геройлық пьеса

Қатысушы адамдар

Қобланды — жас батыр, руы Қара Қыпшақ, 20 жаста.
Құртқа — қалыңдығы, жау кемпір Көкланның қызы.
Қарлығаш — қарындасы.
Аналық — шешесі.

Тоқтарбай — әкесі.
Қараман — құрдасы, Қият руынан.
Орақ — Ноғайлының жас батыры.
Көбікті — Қызылбастың хан батыры. Жауларының басы.

Қазан — Көбіктінің батыр серігі, әрі батыр, әрі әмірші.
Алшағыр — бұ да сондай батыр, әмірші.
Көклан — жау кемпір, Көбіктінің досы, Құртқаның шешесі.
Қарлыға — Көбіктінің қызы.

Бірсімбай — Көбіктінің батыр баласы.
Күнікей — Бірсімбайдың қалыңдығы, Алшағырдың қарындасы
Қыпшақтың қолбасы батырлары:
Қарақорен

Аққозы
Қосдәулет
Қарабұқан

І АКТ

Бірінші сурет

Aт керт етіп шөп жемес, ер қылқ етіп су ішпес, арқар баспас азаптың жері. Тас шақаттың арасы тылсымменен тас болып қалған алып батырлардың бейнесіндей боп, бөтен реңді серек тастар үңілісіп тұр. Сахна сыртынан жекпе-жек ұрыс дабысы келеді. Асылды асыл қарш-қарш ұрып тұр. Сұр бұлт сөгіліп, от төгілгендей елес бар. Қара көлеңке сахнаға артыменен шегініп, жасқанып үркіп Қараман шығып

келеді.
Қараман (жалғыз).
Азапқа жерің өлермен,
Қандай ғана сор қуып,

Қай бәлеге кез қылдың (тілек тілегендей),
Айқай ием Көк Тәңірі!
Ұлыға көрме аспанға
Жалғыз жортқан бөрідей,

Қайда қайран әруағы
Қырық таңбалы Қыпшақтың,
Қырық мың үйлі Қыпшақтың,
Қолдай көр көкжал шеріңді.

Қақ пәледен, хақ тәңірі көкжал, көкжал!
Көнбе, көкжал, бәрің сал.
Жекпе-жек. Қараман бойлап қарап, кейде шошып бұғып қап.
Жанында емес,

Жасанғанда жау емес.
Неткен сұмдық, Қайрахан,
Найза мүйіз, қылыш құйрық
Не сиқыр бұл шабынған. (Жасқанып.)

Аяр ма, аяр!
Жеткенің бе, қу ажал...
Аяр... (Шошынып, шегіне береді.)

Осы кезде жан-жағынан, ту сыртынан ерекше суық үн шығады. Барлық меңіреу, дүлей тастарға ентелеп жат тікендей жағалай ысқырып, ызың салғандай "зу-зу! Арзу, арзу, арзу!" деп кете береді. Бірдеме сусылдап ағындап келіп қалған сияқты.

Мынау тағы қай кесел,
Қай дүлеймен құртасың,
Қайра барсам қайра бар
Әттең, қорқақ қор басым!

Есіл көкжал, сорың да,
Мендей ез ғып берген соң
Сен бейбақтың құрдасын.

Үн күшейіп үдей береді. Бір кезде қабат тастың артынан қара мұнар ішінен лап етіп от шығады. Сол отпен ілесе қара түнде тастан ұшқан қара құстай боп тап беріп, жады кемпір Көклан тас басынан секіріп түседі. Көклан "Зу-зу-зу! Арзу, арзу!" — деп Қараманды қармай береді. Кішкентай қорыққан Қараман шегіне қашып барып, тасқа тіреліп, шалқасынан серейіп тас үстінде қалады. Кемпір төніп келіп бүргелі тұр.

Көклан
Қандаймын мен, көзіңді аш!
Қандай болып көрінем...
Қараман

А-а! Aп, ап..., апатай!
Батыр бағлан мен емес.
Көклан (тепсініп).
Қандай болып көрінем?

Қараман
Басың толған мүйіз ғой (шошынып),
Қайрахан, от шығады аузыңнан.
Шашты шайтан! Ақсияды бар тісің,

Алпыс қанжар ажалымды...
Көклан
Кіммін мен?
Қараман

Құрығында шыбын жан,
Сен бе ең әлде қан жұтқан
Жады кемпір Көклан?!
Көклан

Құдіретімде қай құның?
Құтырта соққан құйын мен.
Ұшырсам ба құм қылып,
Құй түбіне лақтырып,

Құртсам қайттің қоңыз қып?
Қараман
Таңдатқаның тажал ғой.
Көклан

Тандатарым тағы бар,
Тас бола ғой Қобланға,
Айт қапысын, аяман,
Өлер жері қай жері? (Қараман үндемейді.)

Айтамысың, жоқпысың.
Қараман
Жоқпын, оған қинама.
Көклан

Ал, ендеше, сорды көр,
Қор етемін әзір-ақ.
Ит етемін ақ мойнақ,
Айт жаныңның барында.

Қараман
Білекте қайрат болмасын,
Жүрегінде қасиет бар,
Өлтірсең де тыйым жоқ...

Көклан
Тұрғаның ба осымен?
Қараман
Өлсем дағы тұрғаным.

Көклан
Зу-зу! Арзу! (Суық түспен тaп беріп бүріп, түйреп жөнеле береді.)
Қaраман (шошынып айқайлап).
Ойбай, өлдім, ойбай!

Қоблан! Көкжал, ойбай!

Осы кезде Қобланды секіре шығып, Көклан кемпірді сыртынан бүре түсіп, есін жиғызбай көк бұрымын кесіп алады. Алдында зу-зу етіп тұрған дүние үні өшкендей сап болады. Кемпір талықсып, сұлқ құлап түседі.

Көклан (Қобландының аяғын құшып).
Құрттың ғой, Қоблан,
Неңді алып ем осынша?
Қобланды

Не қылмап ең сен маған,
Не қылмадың еліме?
Құлжадан қаскөй жіберген,
Үйректен өлім жіберген,

Киіктен кек жіберген
Сен емес пе ең еліме?!
Кім, аярымды жаңағы
Алдымды орап алысқан

Қылыш құйрық қастаның?
Сен емес пе жұмсаған,
Мен емес пе ем жоймағың?
Көклан

Ту, түу, аман-аман, аман бер
Пәле-жала жалғаннан.
Қобланды
Жалған емес, жаңа айтты

Өлер жерде аярың,
Құтылып көр ажалдан...
Көклан
Не тілейсің сен менен?

Қобланды
Көбіктідей көк ауру
Дұшпаныма болыспа,
Жауым болып жауынды

Өзімменен алыспа.
Кешірім жоқ кепілсіз,
Тылсым есік ішінен
Шығар қызың Құртқаны

Кесесемін сонымен.
Көклан
Күтпесіме көшем бе,
Бала батыр сен болсаң,

Бар тілеуің алдыңда,
Жау болыспа менімен.
Қобланды
Жаулық түбі өлім бе,

Өктемей-ақ жетемін.
Отқа салып шашыңды,
Көзіңше күл етемін.
Көклан

Ете бер, ол батпайды.
Қобланды
Алдаймын деп ойлама,
Аярыңнан білгемін,

Өртесем сеспей қатасың! (Кемпір шошынып, бүрісіп қалады.)
Көклан
Түбіме сен жетесің,
Бар тынысым бітіпті.

Қобланды
Шығар қызың Құртқаны.
Көклан
Көр менің қызымды.

Көзім жетіп айтамын:
Көбіктінің қос батыр
Қазаны мен Алшағыр
Аңсағаны осы қыз,

Таласында жалғыз қыз.
Алам десең сен мұны,
Қыз алмай қастық аласың,
Көбіктідей күштінің

Жаулығын тілеп аласың.
Қобланды
Жесірі емес, жауымның
Өз қызын аяр менен кім?

Кеше ғана Қыпшақтың
Қырық қызын күң қылып,
Алып келген асқақтың
Жанын аяр мен бе екем.

Кегім кеткен Көбікті
Кейқаптай болса кесірі,
Іркіліп соғар ер ме екем. (Ақырып.)
Шығар шапшаң қызыңды! (Кемпір кетеді.)

Қобланды тас басына отырып Қараманды шақырып:
Не қып тұрсың сен, сабаз,
Нені көріп сілейдің?
Қасыма кел, кел, итім,

Қайратыңды баян ет,
Қалай қаштың аярдан?
Қараман
Не қыласың, көкжал-ау,

Аяр ұл қашып ажалдан,
Киліккенім қайтейін.
Қобланды
Ендеше, бітім жөнін айт,

Құлағым қақас шалды ма?
Әлде шын ба білгенім,
Осы жаңа бір кезде
Бақырған біреу болды ма?

Бай сабаған қатындай
Ойбайлаған болды ма?
Қараман
Бәрі болды, не дейін,

Мен қасқаны қайтесің,
Не қыласың қазбалап.
Қобланды
Ой, тәңір атсын,

Тәңір атқанша,
Қағысқан жерде қайраңдап. (Мазақтап.)

Не қыласың қазбалап. (Бармағымен нұқып жібереді. Қараман ұшып түсіп, домалап барып түрегеледі. Қобланды қарқылдап күліп жібереді.)

Қараман
Ой, осының шының ба?
Ұрғаның ба, көкжал-ау,
Жоқ, әшейін ойын ба?

Қобланды
Шыдап отырып қайтемін,
Құрдасым, итім емес пе ең. (Күледі.)
Қараман

Ойнағаның бұл болса,
Шындағанда не болам?
Бір жыл туып сенімен,
Бір күн сорым қайнар да.

Қобланды
Қайран итім, қайтейін,
Ол емес қой бар сөзің.
Қараман

Әттең, әттең, соны айтам,
Жалғыз тілек тілер ем:
Кейінгінің өз бағы,
Әңгіме аңыз қылғанда,

Сенің жортқан жолыңды,
Адасса екен аңдамай,
Қасында қайтпас Қараман
Батырға сай құрдас деп,

Екі сөзі бір туып,
Екеуін де тең туып,
Қиқу сүрең сапты деп,
Атасы мен аңдасы,

Абызы мен ақыны
Алжасса да айтса екен,
Адасып-ақ кетсе екен.
Қобланды

Мен де соны тілейін,
Бірақ кешпес мінің бар.
Қайратсыз-ақ бола ғой,
Одан да бар ғой сұрақтың,

Қорғаныңды қаптармын.
Қараман
Олай деме, уай, көкжал,
Танымайсың сен мені,

Қорқақ емес, еркек боп,
Тікендейін болам. (Қобланды күле береді.)
Жылқы мінез жайым бар.

Осы кезде бұлардың сыртындағы, төрдегі қалың қара жартас жарқ етіп ашыла береді. Қараман шошып, бұғып қап.

Қараман.
Қайрахан, қай бәлесі тағы да.

Аздаған жарық түскен жартас енді көрінеді. Төменгі тұстарын тас бағаналармен безендірген. Пұтқа табынған елдің құдай пірлерінің тастан ойған суреттері бар. Қалың сырлы кәрі үңгір. Осындай жат дүниенің арасында, ақ сәуленің ішінде ай шырайлы бота көз Құртқа шығып қарап тұр.

Қобланды (қыз шұғыласына елтігендей).
Жарқ етіп жанған шам-шырақ!..
Шұғыласы қандай-ды?!
Нұр қызы ма көргенім,

Тегі, жөні қайдан ед?
Құртқа
Дәме еткен өзіңсің,
Бұйрығыңа бас иіп,

Келіп тұрған мен едім,
Армаңыз, батыр Қоблан.
Қараман
Тілегенің келіпті,

Жады кемпір Көкланның
Жасырған қызы Құртқа ғой.
Қобланды
Тыңда, құрдас, тілекті,

Асау ашу жетелеп,
Аптыға бұйрық етіппін,
Сіз іздемей, мен іздеп,
Тас қияны қақ жарып,

Табар жөні бар екен.
Айып етпе, құрбыжан,
Оғаш басып кетіппін.
Құртқа

Қысылмаңыз, Қоблан,
Айып деген онда жоқ.
Көргенімнің өзіне
Көп шүкірлік етемін,

Пәк маңғаздық бойда жоқ.
Қобланды
Тас қамаудың ішінен
Тастай жандар күтуші ем.

Жанды ерітер сөзің бар,
Жылы тартар жүзің бар,
Атымды қайдан білуші ең?
Құртқа

Қамауда өскен күн көрмей,
Қапалық басқан жайым бар.
Айналамды қоршаған,
Бала жүрек мұздатқан,

Қаскөй дүние жайындар,
Тек жасытпас жастығым,
Еркімді алған қапастар
Есімді алған жоқ еді.

Арман, қиял досым бар,
Түн аспаны түнеріп,
Тұрса дағы басымда,
Менің де күткен айым бар.

Қобланды
Ай шырайлы аяш-ай,
Арман деген ащы зар.
Тілің ғана айтқан жоқ,

Шарпығандай сездім-ау,
Жүрегіңнің лебінен
Бойым балқып барады.
Санаттан асқан кебінен

Тосқан айың оралып,
Аяғыңа бас иіп,
Тәу етсе де болмай ма,
Сендей жардың барым деп

Жалғыз атқан демінен.
Құртқа
Ашылмаған ұяңсыз
Ашылса ме екен әсте-әсте,

Айтылмаған әрлі сөз
Айтылса ме екен әсте-әсте.
Қобланды
Баладым де бар көрген

Жан жарығым біреу-ак,
Десем, жалғыз осы шақ
Өзі қалар, өзі есте.
Құртқа

Толықсыған айымды
Қалай суық қол кеспек,
Күтсем дағы зарығып,
Жаңа көрдім десем бе.

Қобланды
Уа, жарығым ынтызар,
Тұтқыныңмын мен сенің,
Жаным сенсің десең де.

Құртқа екеуі бір-біріне иіліп жақындай береді. Бағанадан бағып қарап тұрған Қараман енді тап беріп, арадан кеп сарт етіп тұра қалады.

Қараман
Тоқта былай, тұр әрі. (Қобландыға.)
Қайда, қайда барасың?
Қайрыла кет артыңа...

Не деп тұр сірә, мына қар!
Құртқа (шошып). Қар?
Қобланды. Қараман?!

Қараман. Жолды ұмытпа, тыңдамаймын сөзіңді. Қоршағанның ішінде жадысы мен жәдігөйі жайлаған жерде дос шықпақ па, қас шықпай. Ай шырайлы аяш па, жоқ сынықсып тұрған аяр ма? Қай сырын білдің бұл қатынның?

Құртқа. Қатынның?! Мен бе қатын дегенің?!
Қараман. Сен... Сен!.. Көзім...
Құртқа. Көрген нұр күнім, өртеп кетер от па едің? (Жылап жібереді.)

Қобланды. Айналайын аяш-ау! (Қараманға.) Қойшы, құрдас, қинама. Қинама, тілек еттім барымша... Қараман. Жоқ, былай тұр. Сынамай алғызушы ма ем мен саған. Танымастан жалп етіп ұйығаны несі тал бойы... Мені жаңа көк долы кәрмен алмақ болған. Енді сені сұлу жылан зәрімен алса қайтесің? Айдаһардың тіліндей, тіліп өтсе білінбес ынтызардың тілімен алса қайтемін?

Қобланды. Өлсем арман етпейін, қойшы, батыр құрдасым?

Құртқа. Қоятұғын не қалды? Біттің бе сен келместей. Қош, қош енді. Сен дағы әлсіз, жалғыз үмітім! Қобланды. Налымашы, құрыған... ол құрдасым еді. Құрдас тілі зәр еді. Әдейі айтады. Сондықтан, Қараман... қинама енді, қажама енді.. шыдамды... Қараман (Құртқаға). Шыныңды айт та, жөніңді өзім тергеп шығамын. Майыспа да бұралма өйтіп. Сиқыр маған жүрмейді. Арымайтын ермін мен. Кәні жау Қыпшақтың бөрісін сен қалайша таңдайсың? Не күн туды басыңа? Құртқа (қайғылы үнмен сөйлейді). Улы жылан ордасында жаңсақ шыққан бір гүлмін мен. Жат деген де біреуді, жау десе де біреуді жалындай түсіп, ынтығып көрсем дерім сол еді. Көптен бері бұл жердің шошып айтар, кектеніп айтар жауы бар. Жаңа жеткен жас пері деуші еді. Сол еді менің тосқаным, сондағым еді Қобланды. Әсіресе асыға күтіп ем бұл кезді. Қазан менен Алшағыр екі жақтан қызықты қызумен таласты. Бірақ ол да менің сорым да. Танып, көріп-білген соң жеркенумен безіп ем. Қос бүйірден қабатын қос бөрідей көруші ем. Керегі не, не дейін?! Арман алыс, өткел жоқ. Кестіңіз ғой келер деген бақ жолын. Қобланды. Жетті ғой жалған, болды ғой, қинама енді, қинамашы, Қараман. Жалынамын, қинамашы, құрбыжан!.. Қараман. Тоқтат деймін, тергеймін (Құртқаға). Шын күткенің бұл болса, айғағың бар ма тым құрса? Құртқа. Айғағым деп нені айтам? Арман алыс болған соң, тым құрмаса қиялда алданышым болсын деп, келер нем достығымды көрсін деп, күн көзіне көрсетпей, жел лебіне қақтырмай, құлынынан өскен Тайбурылдай тұлпарым бар еді. Үстіндегі қаруын, оқ өтпес, кәр өтпес батыр киер сауыт — бәрін өзім иектеп ем. Сенер болса көңіліңіз, бір кепілім сол дер ем.

Қараман. Көрсетші сол тұлпарды!

Құртқа артына қарай қозғалып, екі алақанын ақырын қағып-қағып қалады. Сыры қалың, қара үңгірдің бір бұрышы жарқ етіп ашыла береді. Көк тұлпардың басы көрінеді. Үстінде әбзел, ер-тұрман, бұнда ердің қалқаны мен сауыты, сапысы мен найзасы тұр. Қобланды мен Қараман ынтық бола қарайды. Құртқа (Тайбурылдың үстінен сапы мен найзаны әкеп Қобландыға ұстатады. Сауытын әкеп кигізе береді).

Таңды таңға ұрғызған
Ақ еді ғой арманым!
Тәңір нем жар болса,
Ақ сауыттың көзінен

Жау жарасы дарымас.
Қайда жүрсең аман жүр,
Жарым өзің, алғаным...
Қобланды

Ақ шырайлы аяшым,
Бойымдағы қасиет,
Ойымдағы тілектің
Бәрін саған арнадым... (Сүйеді.)

Қараман. Е, енді сүйсең сүйе бер. (Құртқаға.) Ал өзім сынап шықтым ғой. Енді саған бір сыр айтайын. Ақыл таптың, айтып-айтпай немене, әйтеуір, байға жарыдың, қатын.

Құртқа. Тағы да не дедіңіз?

Қараман. Жо, бұл шын сөзім. Байға жарыдың. Жарығаның сол, ай сайын алысқа кетеді. Жылында жарым ай көрсең, соның өзі әлдеқандай, көрерсің...

Құртқа. Жаңа тілек үстінде жаны ашымас қандайсыз?

Қараман. Жоқ, әлі тұра тұр, ол жарты айдың жартысын және өзіңді сабаумен өткізеді.

Құртқа. Жазығым не, осынша?

Қараман. Бірақ жалғыз медеу, батыр, түбі қайыр, шошыма. Бұл ұзаққа кеткенде өзім бармын, байың өзім боламын, мұқама. Құртқа (қалжыңды енді түсініп). А, ендеше, арманым жоқ. Сіздей құрдасым болса, мұңым бар ма. (Күлкі, түсінісу.) Құртқа Қобландының басына асыл қалпақ, дулыға әкеліп кигізеді. Осы кезде құтырып, құлшынып Көклан шығады. Тайбурылды көреді.Бұнда кемпір күтпеген жарастық болғанын біледі.

Көклан
Қыз да болса қияғым ең,
Менен бүйтіп безініп,
Не қорлыққа бекіндің.

Құртқа
Қорлық емес, бақ таптым,
Асау да болсаң анамсың.
Қорлық емес, бақ таптым,

Оң тілек ет, қабыл көр.
Қобланды
Өз қолыңмен қостым де.
Көклан

Қоспаймын мен, қаспын мен.
Қобланды
Қасың болса жұмсап көр
Жарым деген Құртқаны.

Енді айырар айлаң жоқ,
Қазір бірге алып кетем.
Көклан (тулап, булығып).
Қазір әкетем?

Өртеп неге кетпейсің,
Ендеше бар, барымды.
Құртқа (Қобландыға).
Қазір aп кетпеңіз, батырым,

Серт, уәдеміз сол болсын.
Аяғынан кездескен саяқтай боп бармайын.
Қазір бар да, қайта кел,
Ырғап келіп, жырғап ал,

Осы менің тілегім.
Қобланды
Қабыл еттім тілегіңді, Құртқажан,
Тек ере жүр азғантай.

Құртқа
Ере барып, қолымнан,
Оң қолымнан аттандырам,
Оң тілекпен, Қобланым.

Қобланды Құртқамен шығып кетеді. Кемпір жалғыз.
Көклан
Күркірей соғар күндей боп,
Кие соғар жауыңды.

Кек Көбікті, қайдасың?
Қарақұйрық қабылан,
Қанға тойған қан шелек,
Кәрлі Қазан, қайдасың?

Алпыс екі айлалы
Тарғыл ала жолбарыс,
Талмас үдер тарланым,
Ал Алшағыр, қайдасың?

Тап-тап мынау жауыңның,
Тап үдетпей айласын!

"Зу, зу, арзу-у, арзу-у" деп құтыра құйындайын барлық тастар тағы да зу-зу етіп, ысқыра түнеріп бара жатады.

ШЫМЫЛДЫҚ

Екінші сурет

Қара құйрық қабылан хан-қараның ордасы. Кент қоңырауы қағылып, даңғаза боп ұрып тұр. Қара құлдар жүйткіп жүр. Орда бүгін үлкен қонақ күтеді. Құл нөкері қоршаған батыр Қазан өзі шығады. Алып батыр кер, асқақ. Кісі басындай екі шойын шоқпарды асықтай атып ойнап келеді.

Қазан (қос шоқпарды кезек атқылап тұрып). Кеке! Кеке! Кекке, ке-е! Деп құлдар қолына шоқпарларын тастай береді. Әр шоқпарын бес-алты құл тәлтіректеп зорға көтеріп апарып, анадайға қояды. Қазан тақта отырып:

Көз алмасын, көздесін,
Оқыс келіп қалмасын!
Көбіктідей көк ауру —
Хан-сұлтанның мықтысы,

Кінәшілдің кектісі.
Тәу етіп күтіп алмасаң,
Келіп пәле салмасын!
Құлдар құп болады дегендей анталай тарасады.

(Қазан ырғалып отырып.)
Кекке! Кекке-ке! Ке-е!
Нөкер (жетіп келіп).

Алдияр (еріне қарап айт дегендей), сұлтандардың күткені келіп жетті, тақсырым...

Қазан (қалтаң етіп тұра беріп).
Көбікті! Сұлтандардың сұлтаны,
Ханның ханы Көбікті...
Қасында кім бар нөкерден?

Нөкер
Бекзадасы Бірсімбай,
Ханзадасы Қарлыға —
Қасына ерген ұл-қызы...

Қазан (бойын тарап, қалбаң етіп қылқиып).
Ханзадасы Қарлыға!
Кеке! Кекке-ке!
Ханым деуге қимайтын,

Досым деуге сыймайтын,
Оң назарын бермеген,
Қарақ суын тілесем,
Мазақ етіп қыз сайқал,

Зәрдің суын іш деген. Кеке...
Тағы кім бар қасында?
Нөкер
Алдияр! Ақ піл мінген айдынды

Алшағыр бар бір бөлек!

Қазан (нөкерді ауызға қойып қалып, шалқасынан түсіріп, кеудесінен басып тұрып).

Жап аузыңды, жалпыетек,
Жалынып өткен жаппар құл!
Қабылан Қазан тұрғанда
Алшағыр ма еді айдынды!

Нөкер (аяғының астында жатып).
Алдияр тақсыр, жаздым мен,
Айдынды емес Алшағыр...
Қазан (алақанын қағып қалады. Уәзір сынды бір нөкер кіреді).

Шығар Қыпшақ тұтқынын!
Уәзір белгі етеді. Тұтқынды кескекпен тіркестіріп алып шығады.
Ханның ханы Көбікті
Көк пілінен түсерде,

Көк күмбезге кірерде,
Көлденең тартып бауыздап,
Хан жолына шалыңдар!
(Тұтқындарды алып кетеді.)

Қарбаласқан әбігер. Қазан бір отырып, бір тұрып, аюдай қолбаң етіп, өзін-өзі бүйірден қойып қалады.

Көбіктіден күшті емес
Қарлығадан қорыққан
Ит кеудені не дейін?
Көп шамдалы жағылып, күмбез сырты жалт етеді. Көк пілдің басы көрінеді. Піл

үстіне орнатқан жібек шатыр ішінен Көбікті түсе береді. Қарлыға, Бірсімбай бірге түседі.

Кент қоңырауы қаңғырлап, бай Қазанның бәй төбетіндей үріп тұр. Қонақтар орда ішіне кіре береді.Алда оқшау келе жатқан батыр сұлтан Көбікті. Қазан тағынан аптығып түсіп. Көбіктінің алдына бас қойып жығылып:

Қадамыңнан садаға
Қадірсіз құлың Қазаның!
Көбіктінің артында Бірсімбай, Қарлыға, Алшағыр тұр.
Көбікті (таққа отырып, сыртқа қарай қол сілтеп).

Тоқтат қаңғыр-күңгірін.
Қазан (өз нөкеріне).
Өшір қоңырау үндерін. (Қоңыраулар сап болады.)
Көбікті (Қарлығаға).

Келтір Көклан күштіні!
Қарлыға сыртқа шыға бере белгі етіп, бастап келеді. Долы кемпір, суық түсті
Қараман жын буғандай орғи түсіп, жұлына кіреді. Отырғанның бірде-біріне

қарамай, аман-жаман жоқ оқшау барып, жасқанбай тас басына қонақтаған тазқарадай отырады. Көкланға көз салып:

Сені буған ақ марту
Ашу боп мені шарпысын.
Әмір боп жетсін шетіне,
Мынау отырған мұрдарға. (Өзі сілкінгендей бұрқ-сарқ етіп тұра береді.)

Белде-белде, белде еді. (Отырған жұрт атқып тұрып, сілкінбей тынады. Ақырып сөйлеп.)

Көк иесі — көк тәңірі,
Жер иесі — Көбікті. (Үндемегендерге тепсініп, ақырып.)
Көбікті емей, кім еді.

Жұрттың бәрі "жер иесі — Көбікті, Көбікті" десіп, тегіс етпетінен түсіп, бастарын жерге қояды. Көклан ғана қоймайды.

Көбікті (мазақтап).
Көбікті... Көбікті.
Ендеше, білсін тегіс жүрген.
Естімеген бір қорлық:

Көбіктіні тірідей
Қара жерге көміпті.
Қазан (елден бұрын атқып тұрып).
Кекке, ке-е!

Қандай қорлық, хан нем,
Қап-қап-қап, не дейді?!
Нұсқасаңшы жау бетін,
Шап десеңші Қазанға. (Алшағырға.)

Алшаңдаған Алшағыр,
Хан күйігін сен көріп,
Қайтіп шыдап кеп тұрсың.
Алшағыр

Сап-сап, Қазан, қоя тұр.
Пәле деген сыбысты
Естігенім осы ара...
Көбікті

Қаланы басып Қазан қарық,
Аймақты басып Алшағыр. (Көкланды нұсқап.)
Көремісің мынаны,
Көреген көзім кім еді?

Сақ құлағым кім еді? (Ақырып.)
Кіммен кегім кім еді,
Көрер ме көр көздерің? (Ақырып.)
Қазан

Кеке-кеке... (Деп басылады.)
Көбікті
Көр мынаны бәрің де,
Есігі ойран тұр қалқан.

Қарақаттай қайран көз
Қамшы бойы жас төгіп отыр, мінеки (Көкланға.)
Төңкерілсең төбем сен,
Салдым бәрін жолыңа,

Айт, аяман бәрін де.
Көклан
Көкте жанған күні сөнсін, дәрі емес,
Тұнжыраған түні солсын, дәрі емес.

Уай-бай, уай, қайдасың,
Айда тұрған ақ пері,
Аямас ием, қайдасың?
Жой, жойғыз дүниесін.

Жан иесі екпінді,
Қара бұлттай кекілді,
Қаптат оның топанын,
Ыраң, көдең, ылаң сордың сойқаны,

Соқ пәлеңді, алдыңа сал алдымен.
"Арзу, зу, арзу, арзу" деп асығып жүріп кетеді. Құлдары қорқып,
етпеттерінен түседі.
Қарлыға (алдына иіліп).

Ашулы ана, алып ана,
Зар-шеріңнен қайтсана.
Қолында өлет жауыңның,
Ұлдарыңа у сиған

Ашуыңды айтсана.
Қазан, Алшағыр.
Ашуыңды айтсана.
Көклан

Құмырсқадай қаптаған
Қырық жолбарыс үйірін
Аяр Самбұл ол кетті.
Шығар қанат қарқ болат,

Қой түбінен сыр тартқан,
Арқалар құсым аңдаушым,
Аңырап қалдым, ол кетті.
Қылыш құйрық қияңқым,

Көкке шапқан киең кім,
Жекпе-жекте жер қапты,
Жер қып кетті, ол кетті.
Нені білдің, мұрдар-ау,

Бәрін қырған жалғыз жау.
Құрыған Қыпшақ қасыңнан
Жаланып шапқан басып бері
Қарсы тиген емендей

Қас арманы қалмаған
Қайту білмес Қобланды.
Қазан
Қобланды?!

Қарлыға
Қобланды?
Алшағыр
Қыпшақ Қобланды,

Ат қып мінген қуланды,
Ac қып жеген жыланды,
Атаңның көрі алақшы,
Жапа-жалғыз өзім-ақ

Жерге қағып жойсамшы.
Қазан
Қалдыраған қаңқайдың
Бас терісін сойсамшы.

Көклан
Түбіме жетті қас Қыпшақ,
Ай жүзді ару Құртқамды
Азғырумен жар етіп

Алғалы жатыр сол Қыпшақ.
Алшағыр мен Қазан қатарынан ашынып, атқып тұрысады.
Алшaғыр
Асыр, асыр, асыр ма!

Қазан. Кеке-ке-ке, кекке-ке! (Алшағырға.) Қызғанғаның мен едім, жеттің бе, арам Алшағыр. Шоқ-шоқ, шоқ- шоқыр, Алшағыр.

Алшағыр
Қарау Қазан, Қазан,
Ісім болса нетуші еді,
Сен таласқан кеселден

Кетіп отырмыз сыртқа,
Сенен тартқан бұл сазам.
Қазан
Сенен, арам Алшағыр!

Алшaғыр
Сенен, қорқау қор Қазан!
Қайран Құртқа.
Қазан

Қайдан Құртқа табармын, ке-кекке-е!
Алшағыр
Сенікі емес, менікі еді.
Қазан

Менің Құртқам болатын.
Алшaғыp
Садаға кет, менің Құртқам болатын.
Қазан

Қайнатпа, ойбай, қанымды,
Қызғанышым қажама,
Сен емес пе ең, Алшағыр,
Аулақ жүр деп қуғаның.

Шың еткізіп бетіңді,
Періп ұрған жоқ па еді.
Алшағыр
Сен емес пе ең Құртқадай

Табанындай көрем деп (сасып қалып),
Өлсем сүймен дегені.
Қазан
Кеке-ке-ке-ке, кекке-е!

Алшағыр (мазақтап).
Шеке!.. Шеке!..

Екеуі де ұмтылыса қалады. Көбікті ақырып сап-сап дейді. Бірсімбай екі батырды айырып жібереді. Көклан жылағаны-күлгені белгісіз сақылдап үркіп, ойнап шығып кетеді.

Көбікті (батырларына).
Белде-белде, белде еді!
Батырлар отырысқан
Қыз дегенде қораздай,

Мекиен көрсе мәңгірген,
Қоқиланған неменесі?
Қос текедей бақылдап
Қағынғаны неменесі?

Қазан.
Кеке-кекке-е.
Алшағыр
Асыр, асыр, асырды..

Көклан
Тәйт былай!.. Екіленген екеуің
Қас Қыпшаққа қасарған
Қандай қысым көрсеттің?

Қазан
Қаласын алған мен Қазан.
Алшағыр
Аймағын алып аңыратқан,

Мен аямас Алшағыр.
Көбікті (кекетіп).
Жел көріксің жалғанда,
Екеуің де жел көрік,

Шыбын шақты деді ме
Тасырлаған тәртібіңді?
Қысылған Қыпшақ көрді ме?
Тұқымым таусылып

Қырылған Қыпшақ көрді ме?
Нәлет, нәлет болсын, Қоблан,
Босқа бөскен алқынды.
Сан ықылым заманнан

Қыпшақтан асқан қасым жоқ!
Ерен-Тұран болғалы
Түу Кейқауыс тұсынан
Түгесіп бітпес кегім бар,

Қыпшақтан асқан қасым жоқ!
Хан баласы Сияуыш
Кім қолынан өліп ед?
Қыпшақтың бас құныкерім.

Апрасиап өлтіріп,
Ақ сүңгілі тауменен,
Таң түлік деген жолменен
Кеткенінде Кейқауыс

Қандай күнің кеп еді?
Айнымастай ашумен
Арылмас антын беріп ед.
Ол Ереннің нәсілі,

Туыс білсін, бел бусын,
Қыпшақтан асқан қасым жоқ!
Деп Ораққа сеп еді...
Құртпай Ерен келеді...

Құрымай Қыпшақ келеді.
Антым, сертім сол-сол-ақ!
Құмырсқадай қырмасам
Қыпшақ деген жынын,

Көбікті кектен өледі.
Мен дегенің азба, ойбай,
Түйіп сертін береді.
Бітсін бүгін бейбіт жол,

Бірің қалмай беттейсің.
Байлан енді, белгің бер,
Кімің бастап, кімің қостап ереді?
Алшағыр

Алдияр, шапсын Қазан әуелі!
Мен соңынан соғамын.
Қазан
Торығаның тағы да

Қыпшақ емес, Қазан ғой.
Жағаласқа мен кетіп,
Қыз Құртқаны бейнетсіз
Тигізетін жолына

Менің сірә жазам ғой?
Алшaғыр
Қоямысың, ей, Қазан,
Шабыс бар да, намыс бар.

Нені есіттің, не түйдің
Батыр сұлтан сертінен?
Қазан
Түйем түгел бәрін де,

Мен күйдім батыр сұлтан дертінен.
Алшағыр
Түйген жоқсың,
Алсардың ішінде

Алшағырдан алыс бар,
Құртқа болса қоймасың,
Алдыңа мен тартайын,
Олжа бар да, табыс бар.

Қазан
Алдайсың сен, сенбеймін,
Тағы қияс сөйлейсің.
Алшағыр

Ендеше, алып кел,
Мен Құртқаны беремін.
Қазан
Қолында өлем, Алшағыр,

Қорлығыңа көнбеймін.
Бірсімбай
Болды, жетті егесің,
Кім алдында керісіп,

Кімге қияс етесің.
Батыр-батыр дегелі
Дәу перімсіп екеуің
Әлдіден асқан екесің.

Әмір екі болмайтын.
Әкем сөзін елемей,
Жалпы мазақ етесің,
Бар сылтауың — жоқ сылтау,

Анық сырың сендердің —
Қас Қыпшақтан қорыққаның.
Содан тапқан екесің,
Тайған болса табаның,

Тантарымай шыныңды айт,
Өзім берем есесін.
Алшағыр
Өртер болды осы сөз,

Қайда барсам Қазанмен
Қағыстырып қызғаныш,
Қатынсыз өтіп қор болдым.
Қазан

Мен де сенің керіңнен
Қатыннан айрылып,
Езіліп қара жер болдым.
Көбікті

Қоямысың, қос мұрдар!
Қазан
Алдияр, алсаң екен жолымнан
Алшағырдай бәлені.

Алшaғыр
Алдияр, тыйсаң екен Қазанды.
Көбікті
Қылғи жеген қыз алат

Қылығы жетпес сендермен?
Жер жүзінің бар қызы
Жалғыз қыз Құртқа ма еді?
Көрсетші менің көзіме.

Алшағыр
Алдияр, тағы да таңдар бір қыз бар.
Қазан
Оған тағы таласпыз.

Көбікті
Қыз біреу де, ер екеу,
Талас болмай не етеді,
О да тимей кетсе.

Қазан
Таласқанның керінен
О да кетер тарпы бар.
Көбікті

Кесір болса аранда
Қыз пәлесін кесемін.
Кете алмайды біріңнен,
Атын ата сол қыздың.

Қазан (Алшағырға).
Ал аптыққыш Алшағыр,
Алдыңды алсам өлерсің,
Сен-ақ бұрын айта ғой.

Алшағыр
Қара кезек бергішін,
Сен бастадың, өзің айт.
Қазан

Айта алмаймын, айтпаймын.
Алшағыр
Неге айтпайсың, не болды?
Қазан

Айта алмаймын, Алшағыр,
Осы жолы өзің айт,
Менен шығар қайрат жоқ,
Мүлде оңбайын, айтпаймын.

Көбікті
Айт қалдырма!.. Жасырма!..
Алшағыр
Алдияр, айтсам кәр қылма.

Қазан (қосылып).
Кәр қылма!
Алшағыр
Құртқадан соң мазақтап

Екеумізді қырқысқан.
Қазан
Қор қылған.
Алшағыр

Жез қобыздай шиқылдап,
Жез бұйдалы қалдырған.
Қазан
Салдырған қасыңда отырған.

Алшағыр
Қасарған қызың Қарлыға.
Көбікті
Қарлыға? (Қарқ-қарқ күліп.)

Белде-белде, белде еді.
Қазан
Кеке! Кеке! Кекке-ке!
Алшaғыр.

Асыр, асыр, асырды.
Көбікті
Өйтпес болар Қарлыға...
Қарлыға (атқып тұрып).

Хан көке, тыңда, хан көке!
Қасиеті асқан ел алат,
Қылығы асқан қыз алат.
Қасиет, қылық білмеген

Қызталақтар нені алат?..
Қазан
Кеке! Кеке! (Деп шошына береді.)
Қарлыға

Құртқаны да бер деген
Қорқау мінез осылар.
Қасиетін атасын
Мен тегім деп қосылар.

Бұлдағаны білек пе?
Сүймеймін де тимеймін,
Ірігем жоқ жасырар.
Батыр болса, бұлардан

Мен майданда кем бе екем?
Өнерім бар асырар...
(Деп Қазанның қос шоқпарын алып асықтай атады.)
Түкірмеймін, тимеймін!

Өз теңдесім болмаса,
Ынтығым жоқ бас ұрар. (Көбікті қарқ-қарқ күле береді).
Көбікті
Қызығатын жөні бар!

Қыз біреу де, ер екеу,
Қырқысатын жөні бар!
Қазан
Кеке! Кеке! Жөні бар!

Көбікті (қатайып, суынып).
Белде, белде, белде еді!
Болды байлау, әмір сол,
Қаусата соғып Қыпшақты,

Қазан жорығын бастайды,
Аңди соғып Алшағыр
Түре қуып тастайды.
Бұйырмайды Қыпшаққа

Қыз Құртқадай асылым!
Қызыл жирен ат мінген,
Қылқа шоқпыт тон киген
Ері алады Ереннің.

Таласың жоқ, жалғыз-ақ,
Бұрын жеткен алады!
Соңғыға да сауға бар,
Қарқ алтынға малынтып

Қарлығаны алады.
Қарлыға
Хан көке, не дедің сен, хан көке?
Көбікті

Тіпті бұйрық, байлау сол...
Қазан
Кеке-кеке...
Алшағыр

Асыр-асыр, асырды...
Көбікті
Әпкел, антпен түйемін...
Қыпшаққа деген кегімді.

Қазан (құлдарына бұйрық етіп).
Келтір қанын Қыпшақтың,
Жау қанымен ант еттің.
Жез тегене келеді, шыныда Қыпшақ қаны.

Көбікті
Батыр қаны қолында,
Тегіс батыр еретін,
Қостайтұғын кекке бастар жолымды!

Қазан, Алшағыр, Бірсімбай, Көбікті бәрі қолдарын қанға батырады. Қарлыға тартынып, түңіліп, кейін жалғыз қалады. Көбікті бастап, өзгенің бәрі қостап ант айтысады.

Тәңір ием, кең ием,
Куәм өзің боласың.
Дешті Қыпшақтың алмасам
Тегіс тартып даласын.

Таптырмасам даладан
Бәрі тегіс қырылған
Исі Қыпшақ моласын!
(Дауыстарын үдетіп.)

Осы сертке жетпесек,
Төбесі ашық көк ұрсын!
Төсі түкті жер ұрсын!
Найзағай ием оғы ұрсын!

От иемнің шоғы ұрсын, шоғы ұрсын!

ШЫМЫЛДЫҚ

ІІ АКТ

Үшінші сурет

Ай шырайлы аяштың тойы. Қобланды батыр ордасы. Тойды күткен қыз нөкер, күй безеген күйшілер. Ата-ананың тобын бастап Тоқтарбай мен Аналық шығады. Қастарында Қараман. Аналық (келе жатқан Құртқаны тосып тұр. Қолында жұп шырағы — тілек шырағы. Тоқтарбайды жұп шырақпен тосады).

Қайырымды ием Қамбар-ау!
(Маңдайына шырақ көтеріп, тәу етіп.)
Қаралдымның қызығын
Қарқ боп көрер шақты бер!

Мен болғамын бір кезде
Бота ермеген,
Бозінген боп боздаған,
Мен аңыраған анаң.

Зар күнімнің, сол күнімнің арманы
Осы еді ғой бер деген.

Оюлы шымылдық шыға береді. Ар жағынан Құртқалар.
Кел, кел, айым, кел, айым!
Атаң өзім болайын, анаң өзім болайын!
Тоқтарбай

Құтты қадам, жан балам,
Сапарыңа бақ тілеп
Алдыңда тұр ағайын.
Жалғызым жалқы болмасын,

Өсіп, өрбіп өркенде.
Бар тілегім бір айтып,
Жұп шырағым жағайын! (Бұ да тәу етеді.)

Шымылдық ашылып, Құртқалар көрінеді. Қасында Қобланды, Қарлығаш, Орақ сияқты қайын, қайын сіңлілер бар. Қобланды мен Құртқа қатарынан ілгері шығып, Тоқтарбай мен Аналықтың алдына келіп тізе бүгеді. Тосып тұрған үлкендердің бәрінің қолында қос шырақ пайда болады. Үстерінде, айналасында қоршай жанған шам-шырақ. Тоқтарбай бастап, бар жиын қостайды. Сиыну ырымы орындалады.

Тоқтарбай
Жұп шырағым жалындап,
Жад еткенім өзіңсің,
От анасы, жарылқа!

Жұрт
От анасы, жарылқа!
Тоқтарбай
Оттай ыстық достық бер,

Жұбын жазбай ұзай бер!
Жар жарастық қызығы,
Қартайғанша арылма!
Жұрт

Қартайғанша арылма!
Тоқтарбай
Қарғысы қатты Қайрахан
Қазасынан сен сақта!

Қараңғыны жамылған,
Қараша үйінде қағынған,
Монтаны жарғыш ебінен
Егізімді сен сақта!

Жолын жарық, жарқын ет,
Ұлы пана өзіңсің,
От анасы, жарылқа!
Жүрт

От анасы, жарылқа!

Осы сәтте сахнаның төрт бұрышынан лапылдап төрт от жанады. Құртқа мен Қобланды сол оттарға кезек-кезек бұрылып, иіліп тізе бүгеді. Жұрт бұл кезде "от анасы, жарылқа!" деп тілек айтып тұрады. Сиыну бітеді. Оттар сөнеді. Қараман. Уай, қайран ата-аналар! Тілектерің тап болсын, арқауылдай асқарлар. Тек жалғыз-ақ келінің киеңкі болмағай-ақта. (Құртқа қысыла бастайды. Үлкендердің кейбірі түсінгендей күле береді.) Келмей жатып келінің қатты бұйрық беріп тұр. (Қарлығаш Құртқаны құшақтап күледі.) Жеткіз деп тұр сендерге... үлкендер өстіп мүлдем өзеурей бермесін дейді. Қосылған олар емес, бізбіз, өзегімізді талдырмай, қызығымызға тез жеткізсін. Ойын-сауығымызды бастасын тез. Болды енді деп тұр, мінеки. (Жұрт күледі.)

Аналық. Айтпайды оны ақылы толық аяшым.
Қараман. Айтпайды? Әттең, айналайын аңқау анам-ай...
Құртқа (Қарлығашқа). Қой десеңші, қорғасаңшы, айым-ау!

Қараман. Әне, әнеки, көрдің бе? Қарлығашқа да жаңағы мен сияқты Құртқа айтқызып тұр. Ол одан да зорын айтқызады. Білмеуші ме ең, анам-ау. Бұл долы кемпір Көкланның қызы емес пе? Өзінің қасында шешесі момын, қоңыр қозыдай.

Аналық. Қой, қыспа менің қарғамды. Қысталаңда қинама.

Қараман. Қайрахан! Бетім-ау, қысталаң болмай оңаша болса, ол мені оңдырар деп пе ең, өңменімнен өткізер. Одан да сол атаған тойменен ойын-сауығын бастайық.

Жұрт. Басталсын той! Қайырлы той! Жарқын той!

Аналық. Бар тілегім жолына, бар қызығын жайып сал қос қартамның алдына. (Үлкендер кете береді. Қараман Құртқа мен Қобланды қасына келеді.)

Құртқа (күліп).
Қайран құрдас, қайтейін,
Досым болып мұндайсың,
Қасым болсаң, қайтер ең?

Қараман
Е, қасым дедің, шының ба?
Қасым болсаң, қазір алар үмітім бар.
Қобландыны қасыңнан қазірден-ақ айырам.

Көкжал! Шықбылай! Той-сауықты бастаймыз.
Қобланды қозғала береді.

Құртқа. Осының да білгенің бе? Жалғыз-ақ күн жанымда болса нетуші еді. Жалғыз бір күнді жырып алмай-ақ қойса нетуші еді?

Қараман. Қой, жалғыз-жалғыз дей берме.

Қобланды. Айтпасыма бола ма? Жалғыз ойым білдірмей сен-ақ ие болсаң етті бәріне. Қараман. Ой, көкжал, жалғызбын деп өксіме. Білесің бе, бәрлерің, шыны жақсы өзі де жалғыз болады. Құмай жалғыз тумай ма. Сен құмайдан жаман ба ең? Қобланды. Жақсыладым легенде телігенің ит болды-ау... итім демей не деймін. Жиынға барайық. (Кетіседі.)

Жастар жиынға әзірленіп сейіле береді. Сахнада Құртқа, Қарлығаш
ұзақ қалады.
Қарлығаш
Қинаған жоқ па Қараман?

Жақсы көңіл жасытып,
Қынжыла көрме, жабықпа.
Құртқа
Айым, жаным, айтпа оны,

Жабықтырар әзіл жоқ.
Айтсам тек екеуіңе
Ішімдегі толқыған сырымды.
Қарлығаш

Айт, жеңеше, жақыным де жаныңдай.

Құртқа. Антым, қабыл алдым мен. Көзім жұмсам бір сәуле өне бойым балқып, шарпығандай жалындай, мамыр күні маңғыстап, көк жүзіне еркелеп, қалқып ұшқан ақ мамықтай ақ бұлт бақ мерейім тойы боп төбеме келсе дер едім. Бұл кезде түйем: міне күмбезімді көремін бе, ей, екі жас достарым. Кінә қылма, кеш мені.

Қарлығаш
Ай нұрындай айтқызған
Ақ тілектің сәулесі,
Қуанам да қызығам.

Тек жалғыз-ақ, жеңеше,
Қысқа тілек тілегендей болмашы.
Орақ
Қысқа демен, қарқ болдым деп кетем,

Мен күткен бақ, сағым шақ
Осындай-ақ болсашы
Мол есесін-ақ.
Қарлығаш

Жапа көріп біреуден,
Түңілгендей тілеуден,
Аз қызықты көп көріп,
Не көрдіңіз, қысылдыңыз неліктен?

Орақ
Алдағы тілек алыс боп,
Қолға жетпес қиын боп
Айырар болса еріктен,

Ей, қалқажан Қарлығаш,
Арман деген ащы зар,
Айта алмасын неліктен?
Қарлығаш

Жасылды асыл тартқандай,
Бір сырды бір сыр тартар ма?
Бекінісін бұзғандай,
Шықса нетер жеріктен?

Құртқа (Ораққа).
Ұзатып мені келгенің
Ұзақ жолда үмітпен,
Содан бері бақсам мен,

Бір жалының бар көрем.
Шығаршы, жас, соныңды,
Нені сүйіп дүниеде,
Неден үміт күйінген?

Орақ
Ашсам ба екен сендерге
Іздеушісі жоқ болған
Іште жатқан түйінді!

Құртқа (Қарлығашқа).
Айт десеңші, айым-ау!
Қарлығаш
Өзінің сырын өзіне

Билетсең нетті өйткенше.
Орақ
Өз жүрегім билесе,
Өзек жарған мұңымды

Өзім деген жақынға да айта алман...
Мен бір жанмын жиын-тойда
Жалғызбын деп жасықпан,
Кей сәтте сағым көрсе,

Қу далада жалғыз көңіл
Қан базардай қайнаған.
Баққа жеткен бар деймін.
Мен емес оны тапқан жан. (Қарлығашқа.)

Бірақ әсте қайғылы емен,
Бір сырым бар жүрегімде,
Жан нұрым сол жебеген.
Тар зынданның ішінде, тас қамауға түссем де,

Қалдырмастай табынғаным өзі сол.
Қасарысқан жауыма
Қан кешуде жақ тартсам,
Арнап айтар айым сол!

Сиынып тартар жаным сол!
Аздым де барымша
Жан жүзінен жасырып,
Бек сақтаған батырым сол.

Бүгін ғана бой жазып,
Айналайын Қарлығаш,
Ашылмаған арманым
Алдыңа кеп бас ұрды. (Қарлығаш жылайды.)

...Ашылмаса жөн бе еді?
Айтылмаса жөн бе еді?
Айттым дағы қиналдым,
Жасқансам да жайым сол...

Қарлығаш
Шешілместей түйінді
Өзім түртіп толқытқандай болдым ба?
Тұнық көңіл тыныштығын бұздым ба?

Орақ
Көктем күнін жар тұтып
Қауызын ашқан ақ гүлдей,
Жан сызы ашылады

Өзіңе сеніп сол гүлдей, Қарлығаш.
Қарлығаш
Тоқыратады деміңіз,
Үндей алмай әзірше,

Бүгін айтар орайым жоқ,
Әзір берер белгімдей.
Құртқа
Қысыламысың әлде, әніме

Еріксіз айғақ боп қалған
Сырласпаған жақыннан.
Қарлығаш (Құртқаға).
Бұрын сырлас болмасаң,

Тәңір қосса бұдан соң
Бар сырға жаны ортақ
Жан қиысар жеңгемсің.
Жасырарым, жасқанарым сен емес.

(Ораққа.) Дәлі күні айнамның
Көрем Қоблан тойында,
Бар көңілім бір-ақ тілек соңында.
Енжар болман қыз мұңымен,

Саған айтар барым сол:
Қайда жүрсең аман жүр.
Тірлігіңді тілермін,

Көп тілермін, көп ойлап. (Орақ бас иеді. Қарашаш, Қобланды бастаған жастар тобы жайнай шығады.)

Қараман
Уай, жарандар, жар тыңда!
Алпыстағы Аналық,
Тоқсандағы Тоқтарбай

Толғатып көрген Қобланы
Жортуыл жүрсе керек-ті.
Маған серік болар деп,
Сеніп берген көкжалын,

Қылдай белі бұралған,
Талшыбықтай оралған
Құлықтысы Құртқасын
Қарқ қызыққа кенелт дейд!

Маған сендер еріңдер,
Оңашаға бермейміз.
Емешесі құрысын,
Қолқа салса көнбейді.

Қырық күн ойын, қырық күн той
Тарқамастан тойлаймыз.
Жастар (қуанып күліп).
Қырық күн ойын, қырық күн той

Тарқамастан тойлаймыз.
Дәл осы кезде шеру тартқан керней үні келеді.
Қараман. Қайрақан, ой, мынау не мұң екен?
Қобланды. Шеру тартқан қол болар.

Орақ. Ел ме, жау ма, қайдан жүр? Суық тартқан жол ма екен? (Шыға береді.) Осы кезде сахна сыртына тасырлап келген тұлпарлар дабыры білінеді. Көк темірге құрсанған бурыл сақал бір батыр найзасын тіреп, ат үстінде тұра қалады. Артындағы қолына қарап.

Қолбасы
Тарт, тарт, бері тебін!
Сахна сыртынан шауып өтіп жатқан қол білінеді.
(Орақ жақындағанда.)

Аман, аман, аман бол!
Орақ
Ел, ел, ел бол!
(Үйдегілер елеріп.)

Ел дейді, ел! Я Қамбар!
Орақ
Арман, батыр Аққозы?
Аққозы

Бар бол! Асығыспын, бар ма Қоблан батыр ұл?
Қобланды (шығып).
Қай жүрісің бұл жүріс?
Аққозы

Жүрісімді сұрама,
Қасасқан жау Қызылбас,
Қанқор Қазан қол бастап
Шауып кетті Қиятты.

Ері қырғын, ел сүргін,
Елі, жанын шұбатты,
Аттан, Қоблан, жауыңа!
Аттан, Орақ, бөгелме!

Өш алмасаң — өлгенің,
Қалма сен де, Қараман,
Ер батырдың жанына!
Жет соңымнан, жетіңдер,

Тарт намысқа бас ұра! (Деп жөнеліп кетеді.)
Орақ
Аттанбасқа амал не?
Қобланды

Кесел Қазан, келдің бе,
Кезігетін жеріме?
Қорған болар ер жоқ деп,
Пана болар жер жоқ деп,

Қан шеңгелді салдың ба?
Жазығы жоқ, жаулық жоқ
Иен жатқан еліме?
Тағы бір шапқын келеді. Тағы әлгіндей қол өрe береді. Мұның бастығы

үшінші қолбасы.
3-қолбасы
Кімнің қолы алдымда?
Орақ

Аққозы кетті ағындап.
Қосдәулет
Неғып тұрсың, Қобланды?
Неге аттанбай тұрсың сен?

Қараман
Жаңа білдік мән-жөнін.
Қосдәулет
Не тұрыс бар ендеше?

Қобланды
Аман ба екен, білдің бе,
Қияттан өзге қалған ел?
Қосдәулет

Амандықта сәні жоқ,
Ноғайлыны шауыпты,
Кесескені Қыпшақ дейд.
Жаланып кепті ит Қазан,

Аттан, тұрма, тез қамдан,
Тарт ілгері, Аламан.
Шаба жөнеледі.
Орақ

Тарт тұлпарды, Аламан!
Жігіті жөнеледі.
Қараман
Тарт тұлпарын көкжалдың,

Тайбурылдың өзін тарт!
Қобланды
Жақсы досым Қараман,
Аял берші аз ғана.

Қараман
Немене, аял, не дейсің?
Алма үрейді, аптықпа.
Қобланды

Жалғыз ауыз тіл қатайын Құртқаға (Үйге кіреді. Үйде қазір Тоқтарбай, Аналық.)

Асығып күткен қызығың
Астан-кестен болғандай,
Айыбың жоқ, ата-анам,
Алтын ұям, жарымың жоқ сенің де,

Жанбай күнің солғандай,
Амалым бар ма жалғыз-ақ.
Жұрт
Күйзелген шақ жетті,

Естіп қалай тұра алам
Ұран, сүрен сарынын,
Шама бар ма аял қылып қалғандай.
Аналық

Қуанышым Қобландым,
Анаң тілек етеді.
Тойынды түгел өткізбей
Алыстама қасымнан.

Қарлығаш
Барма, көке!..
Қызығыңды үзгендей
Жасқандың ба жылуыңнан?

Қобланды
Жарым деген жетсем де,
Жарым күн жарық көп болған,
Не дейсің сен, Құртқажан?

Құртқа
Барма деуге бара алмайды батылым,
Етегіңнен тартам ба,
Ерегісе келгенде

Елі күткен батырын!?
Күйігім көп көңілде,
Содан ғана сескенем,
Тыңдар болсаң сөзімді,

Аз күн аял тілер ем.
Қобланды
Жарым, Құртқа, аяшым,
Сен де аттанба дедің бе?

Қараман
Емексіме, Қоблан,
Қысылармын сен үшін,
Қиналармын мұныңнан. (Құртқаға.)

Әзілім емес, ашу айтам, ей, қатын,
Салқын тарттым жаңа шерткен сырыңнан.
Құр амандық өзі емес,
Қасиетіңнен айырса,

Ердің аты ер болар,
Түйсең нетті тым құрса,
Қан жыласа қалың ел,
Үйшігіне тығылып,

Үйінде қалса сенген ел,
Қанша батыр болса да,
Қатын тілін алам деп
Қатынға тең болған соң,

Болмады ма қара жер,
Осыны білсең нетуші еді.
Қобланды (Құртқаға).
Бұнысына не дейсің?

Сында тұрған басың бар.
Құртқа
Қысылмас ем Қараманның сөзінен,
Қиналамын сезгеннен,

Қамап тұрған қастығының
Қанталаған көзінен,
Сенушім әлсіз болғанда,
Серігің аз болғанда,

Тым құрмаса зор тәңір
Жат ойлаған жауы бірге болса етті.
Шабуылын шат көңілге төндірген
Тең еместей тарпы бар,

Қазан болмаса жалғыз жау,
Амандығың тілейін.
Сақтаушы ием, бек сақтасын сені онда!
Алыс жолға сен кетіп,

Қорғаны жоқ біз мұнда
Не көрсек те шыдадық.
Тапсырдым зор тәңірге...
Тұрма, батыр, сапар тарт!

Жолың болсын, жолбарысым, жортқанда!
Тілектен басқа дәрмен жоқ,
Өзіңнен басқа ойы жоқ,
Жас тілеуім жолыңа сарп еткемін,

Көңілі күпті, көзі жасты Құртқаң да.
Қарлығаш
Барма, көке, жалынамын,
Бармашы бұл сапарға.

Қобланды
Барам, жаным, жалынба,
Болды байлау, аял жоқ.
Ер тірлігі ежелден

Бәрін салып сарапқа,
Екіталай үстінде,
Намысқа шабар жолында
Қарт тұлпарым бұрылды!

Жігіттер мен Қараман жөнеледі.
Ендігі бақ-талайым
Көк жебенің ұшымен,
Әкпел сауыт, сайманды!

Құртқа өз қолымен киіндіре бастайды. Аналық жылап шөгіп қалған.
Қарлығаш
Қасарманың бар еді
Қарсы біткен емендей.

Айтпасыма әддім жоқ,
Анталаған жауың көп,
Тас қамауда біз қалсақ,
Жан көке, кімге тапсырдың?

Тоғай толған жылқың бар,
Қора толған қойың бар,
Жан көке, кімге тапсырдың?
Қобланды (қатуланып).

Алысарға шыққан соң
Аңдап айтар ер емен.
Амандығым садаға
Аңырап кеткен елімнен.

Тоқтарбай
Сапарыңнан тыймаймын,
Ер туады елі үшін.
Тілегенде тәңірден,

Тусын деген жерім жоқ
Аналық пен мен үшін.
Тек кесірге жолықпа!
Астам сөзден алыс бол!

Қас иемнен қарғыс ап,
Қапы кетсең қимаймын.
Қобланды (егесе түсіп).
Жоқ, жоқ, жағаласа шыққан соң

Тау суындай тасамын!
Жалынып бұғар жерім жоқ,
Жолды білмес жасылмын!
Өршеленіп ұрармын,

Өрлегенді білермін!
Қай қастаны кезіксе,
Егесуге шығармын.
Егестім сол, егесуге құмармын!

Тоғай толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.
Қора толған қойымды
Аш бөріге тапсырдым.

Азу тісі балғадай
Жас бөріге тапсырдым.
Ата-анам — қартымды,
Қарлығашым жанымды,

Жар қызығын көрмеген
Жаным сүйген айымды,
Жанымнан асыл барымды,
Қимасам да айтқаным,

Қас иеме тапсырдым...
Жалғыз-ақ мұрат ойладым —
Өшім, кегім кетпесін.
Барды сарп етсем де,

Осыны ғана ойладым.
Зор тәңірге тапсырдым. (Қаруларын алып.)
Тарт, тұлпарым қанатым,
Тарт, серігім Тайбурылды! (Жөнеле береді.)

Жұрттың бәрінің қолында жұп шырақ. Бүгіліп тілек тілеп қалады.
Аналық
Жалындаған албырттық,
Астам сөзін аңдама,

Халық иесі Қамбар-ай!
Қарағымның жұлдызын
Оңынан туғыз, Қамбар-ай!
Ақ тілеумен көтерген

Ақ күмбезін жүдетпе,
Жан иесі Қамбар-ай!
Жас тілеуін жад етіп,
Жаңа келген жарының

Ақша бір жүзін суалтпа!
Бақ иесі Қамбар-ай! Қамбар-ай!
Жұрттың бәрі төрт тарапқа иіліп тілек етеді.

ШЫМЫЛДЫҚ

Төртінші сурет

Қасқарлының биігі. Ноғайлы, Қиятты шауып, жауланып келген Қызылбас қолы тосқауылда тұр. Қолбасы батыр Қазан. Қазір мұның түсі, сауыт-сайманы жат, суық реңді... Қарқ болатқа шымқанған өзі мен жақын серік батырларының беттерінде неше алуан аю, қабылан тұмсығы реңдес қалқан, маскалар бар. Қазан қолы таланған қазыналарды сүйретіп әкетіп жатыр. Кейбір әскерлері тұтқын қыздарды шұбыртып өткізіп жүреді. Сахна ортасында қарауыл биік — Қасқарлының шоқысы. Соның басында Қазан жалғыз қарауыл қарап тұр.

Қазан (қасына нөкері келгенде).
Қара қатпа қабақты!
Қайда келед қуған қол?
Қалт етпей бақ жан-жақты!

Анау шаң не?
Анау кім?
Жеткен кезде айт маған!

(Өзі берірек түседі. Тұтқын қыздар өте береді. Қазан саспай қос шоқпарын аспанға атқылап, қыздарға қызыға қарап.)

Кеке! Кеке! Кекке-ке! (Әскеріне ақыра бұйрық етіп.)
Таламасын қыз біткенді Қызылбас,
Қылтамақтап өз ордама жөнелтсін.
Шабындыдан түскен қыз,

Өзімнен қалған сарқытты өзім тартам
Қайраты асқан ерлерге.
Қыпшақ қызы қас батырды кенелтсін!
Кеке! Кекке-е!

Нөкер (биіктен).
Алдияр!.. Тақсыр!
Қазан қарайды.
Қуғын алды келіп жетті қасыңа.

Қазан биік басына шыға береді. Қасына өзіндей екі-үш батыр қолбасысы қосылған.

Қазан (саспай).
Келсін бері, келіп көрсін,
Жез телпегін ұшырып,
Қызыл телпек кигізермін басына!

(Екпіндеп кеп Аққозы шығады. Артында қолының шеті көрінеді. Қазан ақырып.)
Кеке! Кеке-ке!
Тоқта, сөйлес қыламын!
Аққозы

Сөйлесерлік нем қалып еді сенімен!
Қазан
Алысамысың ендеше? Кекке-е!
Аққозы

Алысқанда кескілеспей басылман! (Ұмтыла береді.)
Қазан
Кел, кекке, бері, бер таман!

(Аққозы тауға баса бергенде Қазан саспастан тосады. Аққозының алдына найзасын төсеп, 5-6 батыр тұра қалады.)

Қолың тегіс жетпепті,
Менің қолым жасанып тұр жаланып!

(Аққозы жақындағанда батырлар шанышпақ болып ұмтыла береді. Қазан әмір етіп.)

Тиме, жібер бері қарай!
Кел, кел, мына көзің сал!
(Аққозы шығып қарайды.)
Тұнжыраған түмен қол!

Селдір екен, аз тобыңа тимеймін,
Тиер болсам ұйпап алам, аптықпа.
Жи артыңды! Аял бердім азғантай.
Аққозы

Не деп тұрсың сен маған?
Қайдан шыққан қайрымың!
Қасиетің шын болса,
Қарап жатқан халқымды

Қапыда шапқан қай сырың?
Қазан
Еліңді егер қылсам да
Ее жиғызбай құйындай,

Қапыда алман еріңді!
Белдесіп тұрып бек соғам!
Бар қолыңа, артың тос!
Өршеленбе жиынбай! Кеке! Кекке-е!

Сырт айнала береді. Аққозы қолына келеді. Осы кезде қарсысына Қосдәулет
келіп жетеді.
Қосдәулет
Қият, Қыпшақ, Қыпшақ, Қият!

(Қол екілене жеткен еді. Аққозы сабыр дегендей белгі етеді.)
Алжастың ба, Аққозы?
Неге тұрсың ұрынбай?
Аққозы

Тоқта, жетсін бар батыр,
Ұшқындаған тобыңмен
Арандайтын жер емес.
Көріп қайттым көзіммен,

Қалың түмен қол жатыр!
Қосдәулет
Жау санасып ұрсыппекен,
Не пәлені бастадың?

Неге шаптық ендеше?
Аққозы
Қой, Қосдәулет, тасыма,
Ел қырғыны жетеді.

Аңдымастан алғызар
Қастаным жоқ, қасыма ерген жасыма!
(Қарақорен жетеді.)
Жетті ме бар батырлар?

Не тұрыс бұл, не қорлық?
Аққозы
Алысудың кезегін
Аққозы ғана билейді.

Сенің қандай ақың бар? (Қарақоренге.)
Кім келеді артында?
Қарақорен
Ноғайлының аламан

Асыға жиып аттанған,
Он екі баулы қыраным
Болса керек артымда.
Аққозы

Жетсін Орақ тым құрыса!
Қарақорен жаурыншы,
Не көрінді балшыға?
Қарақорен

Амандық шығар, қайтушед,
Алыспастан қол тұрса!..
Келді ме сірә, Қобланды,
Арқауылым жас ұлан!

Аққозы
Қобландысыз сөйлемей ме жаурының?
Қарақорен
Абыроймен сақтаса,

Сол-ақ қорғар бауырын
Қор боп кеткен.
Келмеген ғой ол сірә...
Аққозы

Жетпеді ғой жетер десе,
Асығыспен жол тартып,
Айырар десе бауырын!
Қазан (биікте).

Кеке! Кеке-ке!
Жетті! Тосып болдым мен,
Жиылдың ба, кемеліңе келдің бе?
Аққозы

Аял, айла ойлаған
Мен емен, сен қан шелек.
Тоспай-ақ қой, әзірмін,
Қорқушы ма ем ер болып!

Қазан
Шық, ендеше, шық былай!
Содыр басы мен болам,
Соңыма ерген көп бөлек!

Өшің болса бір өзімнің басымда,
Мені жеңсең, елім жеңген боласың.
Байлауым сол, батырыңды бек сайла,
Шығар былай, айттым мана,

Шық қарсыма жекпе-жек! Жекпе-жек!

Барлық Қасқарлының биігінің басы, сай жағы "жекпе-жек, жекпе-жек" деп құжынай жөнеледі.

Аққозы
Тілегені жекпе-жек?
Қосдәулет
Жалтаратын жер емес,

Екі айтатын кеп емес!
Аққозы
Бермесіме болмайды,
Тілеп тұрса жекпе-жек!

Қарақорен
Ата батыр Аққозы,
Нұсқағаның барамыз,
Жау тілегі сол болса,

Біз де тілер жекпе-жек!
Аққозы
Кімді атармын жалғыз-ақ!
Ел-халайық сенгендей,

Ер егесін бергендей,
Қарақұйрық қабылан,
Қасымда жоқ Қоблан!
Дауыстар

Қайда? Қайда, келмей неғып жүр?
Қазан (бар қаруын сайланып, саспай оқшау барып).
Шық, шық, жетті! Шық бермен!
Қайда шығар қарсыма,

Құрысқан ба батырың? Кекке! Кекке!
Аққозы (қиналып).
Тағы айтайын салып тұр,
Құрттың ба? Құрыдық ба жер болып!

Орақ шыға келеді. Қазан "жекпе-жек, жекпе-жек" дейді.
Орақ
Тілеп тұр ма жекпе-жек,
Кім шығады, Аққозы?

Аққозы
Өлсем етті бүйткенше,
Тіленіп тұр келсін деп,
Қайда, қайда Қобланды!

Қосдәулет, Қарақорен
Қайда, келмей неғып жүр?
Не қылған ез, қор қылған?
Орақ

Не деп тұрсың маңырап,
Шығар батыр жоқ па екен?
Қай қорлыққа көнбекпін,
Шыдар жүрек жоқ па екен?

Бер, Аққозы, жекпе-жек!
Мен барамын, бер кезек! (Әзірлене береді.)
Аққозы
Бармайсың сен, сен емес!

Қосдәулет
Екі-ақ батыр алысад,
Екеуінің ісімен
Тарқар болды бұл егес.

Орақ (Аққозыға).
Сал майданға, мені сал!
Жау мерейін асырып,
Бөгелетін жер емес!

Аққозы
Тоқтат, сені салмаймын.
Айт, айт жөнін, айт маған,
Қашан келед Қоблан?

Орақ
Бөгелмес Қобланды.
Қарақорен
Қандай бөгет?

Орақ
Қалыңдығын жаңа әкелген күн еді...
Қазан (ақырып).
Кеке, кекке-е!..

Шығамысың, қайдасың,
Атаңның көрі, алақшы!..
Аққозы
Қор қылдың ба Қобланды.

Қосдәулет
Асты мынау қарақшы!
Аққозы
Жауың ғой қызын жаным деп

Жады болған екенсің,
Тұлпар десем Қобланды,
Жабы болған екенсің.
Сенен көрдім дермін

Ер боп көрмес азапты.
Қосдәулет
Қорған ол Қобланды.
Қазан (ақырып).

Жеңілдің, Қаңқай, жеңілдің.
Ер кезегі — үш кезек,
Үшеуінен ұтылдың,
Жеңілдің, Қаңқай, жеңілдің... Кекке, ке... ке!

(Қолбасы батырлары қостай жөнеледі.)
Дауыстар
Жеңілдің, Қаңқай, жеңілдің!..
Аққозы

Әттең, әттең, не болдым?
Қосдәулет
Жер қылғандай не қылдым?
Орақ

Тоқта, тоқта, тыңдашы,
Қиқу, сүрен шығады.
Ағындап келе жатқан айқай келеді. Қазандар естіген жоқ.
Қазан

Жеңілдің! Кекке! Жеңілдің!

Осы кезде Қобландының ұраны шығады. Сахнаның үстіне қарай суылдап ағып сұңқар төнгендей бір сарын.

Аққозы (бастап бар Қыпшақ).
Сәт-сәт, ақсарбас!
Айттым, тәңір, ақсарбас...
Қазан (мәз боп тұрған жерінен селт етіп қарап).

Кекке! Кекке!

Қобланды (ағындай ақырып, сахна үстінен көк тұлпармен ағызып, ұшып өте бере).

Қара Қыпшақ, Қара Қыпшақ, Қара Қыпшақ!
(Деп асып кетеді.)
Қыпшақтар
Тәңірі, тәңірі, зор тәңірі!

Ақсарбас, ақсарбас!
Қараман (жүгіре шығып).
Жеттім, міне, мен дағы!
Дауыстар

Кел, кел! Келші, батыр серігі...
Қобланды (Қазан тұрған Қасқарлы биігіне жарқ етіп атқып шыға келеді).
Жекпе-жек, жекпе-жек! (Деп өзі тілек етеді.)
Қазан

Кеке! Кекке-ке!
Мен тілегем жекпе-жек,
Алысатын Қызылбастың елімен,
Сайысатын менімен...

Қобланды
Не қыласың жолымды?
Елім кегін аламын,
Еңіреген ерімен!

Қазан
Атаң сенің кім деймін?
Анаң сенің кім деймін?
Қараман (екіленіп тепсіне сөйлей жөнеліп).

Көзің ақсын, ит Қазан,
Сыбағанды беремін,
Сол емес пе Қоблан!
(Дабырлай береді, жекпе-жек тәртібін бұзып тұр.)

Қазан (ақырып Қобландыға).
Тыйшы ананы! Қайдан шыққан көргенсіз.
Қараман (өз кісілерінің тоқта дегеніне қарамай, екілене өршеленіп).
Қара мұны, Қобландыны танымай,

Танытайын мен саған!
Аққозы
Тоқта былай, Қараман!
Қазан

Кеке, кекке-ке! (Ақырып.)
Тыясың ба ананы?
Қараман
Тыям сені мен өзім! (Құтыра беріп.)

Жерге қағам, жоярмын.
Қобланды (ашуланып, Қараманға ақырып).
Қысқарт, тоқта, Қараман!

Қараман (құтыра береді. Аққозы, Орақ жетіп келіп, ұстай алып сілки берсе де, тоқтамайды. Орақ жерден жұлып, көтеріп алып сілкиді. Сонда да тоқтамайды).

Қырам сені, Қызылбас,
Танытамын әкеңді!
Қобыланды (Аққозыға ақырып).
Танытамын әкеңді, өшір деймін,

Өшір үнін үргізбей!
Қараман (Орақ қолында бақырып).
Қара мұның асқанын,
Қырам, жоям қазір-ақ.

Орақ (сілкіп-сілкіп жіберіп, алқымынан алып, бетіне бетін тақап тұрып). Ей, кер кеткен, бері қара! Жолын бұздың жекпе-жектің. Не боп кеттің құтырып! (Қараман бұған бақырая қарай қалғанда.) Алдың Қобланды, артың қалың қол, құтыртып тұрған сол ғой сені, мас қылып. Бөрі көрсе безіп кеп, бөксесін үйге тығып ап, босағадан шәуілдейтін. Қараман (есі жаңа кіргендей, екі көзі бақырайып). Күшік? Шәуілдейтін? Не дедің, ой, батыр-ау?

Аққозы. Сүйдеймін.

Қараман. Қап, жайымды әбден таптың ғой! Сілейттің ғой серейтіп... Шоқ, шоқ, шоқ! Тілегенім сол екен, өзіме де обал жоқ. (Тыйылады.)

Қазан (Қобландыға).
Кеке, Қазан атым шыққалы
Қарсыласқан жауымның
Аямасы екенсің.

Қан кегімді қайнатқан
Қас дұшпаным екенсің,
Келдің өлер кезіңе. Кекке, кеке-ке!
Астыңдағы көк тұлпар,

Үстіндегі көк сауыт,
Алыспай бер жан барда,
Тарт айыпқа өзіме.
Қобланды

Астымдағы көк тұлпар
Сен мінсін деп семірткен
Әкең баққан мал емес!
Үстімдегі көк сауыт

Қорқау Қазан кисе деп,
Ынтық емес, зар емес,
Оң тілекпен тоқыған,
Өз қолымен кидірген

Жан жарымның бергені.
Тілегі болмай қалатын,
Сөзі жерде қалатын
Құртқам тегін жан емес.

Қазан
Құртқа! Кекке! Шының ба?
Сені жойып алармын
Бек тоқыған сауытын,

Тартып алам, қоймаймын.
Қобланды (тan беріп).
Кел, келе ғой, көрейін!..

Екеуі де жағаласып кетеді. Екі жақ қол тиісе алмай анталасып тұр. Қожырасып тілектерін айтып тұр. "Көкқасқа", "Ақ мүйізді ақ қошқар, ақсарбас" десіп қояды. Қобланды бір кезде Қазанды меңдетіп кеп қалқайта соғып ұшырып түсіреді. Тап беріп кеудесіне басып, қанжарды салып жіберіп:

Кешпес кегім,
Кетпес болар, аяман! (Өлтіреді.)
Аққозы
Аламан... Аламан!..

Жеңілді жау, аламан!

Жұрттың бөрі "Жеңілді жау, аламан!" деп қалаға қарай қаптай тартады. Сахна сыртынан қашып, жасып кеткен Қызылбас, бастырмалатып, жаулана тартқан Қыпшақтар селі білінеді.

Қобланды (Аққозы, Орақ, Қосдәулеттерге).
Бар, бөгелмей тарт енді,
Жет қалаға қолыңмен,
Босат тұтқын сорынан.

Кім бар, кім жоқ елімнен,
Тарт, тарт кегін бәрінің де,
Мен қаламын Қасқарлының басында!
Тосып алам осыдан, тарт шапшаң!

Аққозы
Тарт, ордасын ойран ет,
Тап еліңді, аламан! (Барлығы жөнеледі.)
(Қараманға.) Қасында қал, Қараман.

Қараман Қобландыға тақалған.
Қараман (мақтанып).
Қандай қылдың Қазанды,
Пай-пай, тойым қалғандай,

Қалай алды мазамды...
Білгем, білгем осылай тынарын!
Қобланды
Ей, итім! Сен енді жалғыз бөссең де,

Еркінсисің білемін, солай тұрып соға бер,
Мен ұйықтаймын, тынығам. (Жатады.)
Қараман (бөсе беріп, Қазан өлген жаққа қарап).
Айттым, айтқам мен саған,

Солай берем сазанды.
Мен бе, мен, мен әрдайым
Қырмай қайтқан емеспін.
Самғап шығам сәт сайын,

Қойған емен жол болмай,
Ақжол! Ақжол мен болам...

Осы кезде сахна сырты жат зуылға тола бастайды. "Зу! Зу! Арзу! Арзу!" деген жады Көклан екпіні. Бөсіп тұрған Қараман алақтай бастайды.

Ой, мынау не, Қайрақан!
Көк долы ма тағы да?
Бәлем, тақап келіп көр,
Жоям өзім көзіңді!

(Дей береді. Бірақ өзі жады болғандай есеңгірей бастайды.) Жоям! (Талмаурап ұйқыға кетіп бара жатқан сияқты). Не боп барам? (Қобландыға қарайды. Ол қорылдап жатыр.) Көкжал! (Көзі жұмыла бере қалғып кетеді.) Көклан! (Қалғып кетіп.) Кө... көк... көк! (Деп қорылдайды да, құлап түседі. Қарлыға шыға келеді. Үсті-басы көк болат. Қолында ұзын ақ семсер.)

Қарлыға (Қобландыны шауып жібергелі жатқанда).
Ата-бабам кезінен
Арылмастай у қалған.
Құрыған Қыпшақ, қасым сен,

Аямастай жауым сен!
(Төніп кеп.)
Шап, семсерім, тайлықпа!
(Салып қап, Қобландыға төне бере тоқырап қалады.)

Не қылған жүз, мына жүз?
Жазықсыз бесік ішінде
Жат, жаманат білмеген
Маужыраған баладай...

(Тоқтайды.) Тоқырап қалады. "Зу-зу! Арзу" деп Көклан ойнақтап шығады. Артын ала көпіре шыққан Көбікті.

Көбікті (Қарлығаға).
Белде, белде, белде еді!
Алдыға түсіп кетсең,
Семсеріңе сеніп ем,

Жапырттың ба жауыңды?
Қарлыға
Өзіңді тостым, хан көке!
Көбікті

Қан кешуде жора жоқ,
Сыбаға жоқ үлкенге,
Табынары бұл жолдың
Семсер ғана емес пе ед?

Қарлыға (Көкланды нұсқап).
Семсерден бұрын серейткен
Долы анамның күші екен.
Көклан

Зу! Зу! Арзу! Кес, кес басын, Қарлыға!
Қас дұшпаным өзі екен!
Көбікті
Қазанымды жайратқан, белде, белде еді!

Біткені ме біздің бақ.
Аналық (зарлап).
Не дейсің?! Не дейді мынау, Қамбар-ау,
Жаманатын естірткенше жалғыздың

Жансамшы мен, өлсемші мен, жалған-ау!
Құртқа (Қарлығашқа).
Айым, тыңда, есің жи,
Сенерің жоқ болған соң,

Қайраттан басқа қайыр жоқ.
Көмексіз жаспен жасытпан
Жау алдында жасымды.
Қас мерейін асырсам,

Қор етермін жарымды,
Айым, тоқтал, тыя көр
Жатқа айтпастай зарыңды.
Тоқтарбай келеді. Беті-басы қан.

Қарлығаш
Айналайын анакем,
Қор болды ма әкекем!..
Тоқтарбай

Арылмаған сор екен,
Арманыммен өтермін,
Кімің тірі қалсаң да,
Жаудың жөнін білгейсің,

Тірі болса, жалғызға
Кегің сондай дегейсің.
Көзін жалғыздың
Жалмауыздай жаланып,

Қас иесі жазмыш,
Қаралдыдан айрылып,
Қалың сорға қамалып,
Қалдық па деп зар жылап.

Құртқа
Айналайын атеке,
Не десе де болжал бар.
Өшіге шапқан ол қасты,

Қасыңды өзің кім дейсің?
Тоқтарбай
Тірі болса қаралдым,
Қас басынар мен бе едім,

Қазан ба деп қамығам.
Құртқа
Жасаған!
Келмесе екен тек Қазан.

Тоқтарбай
Келмесе екен қуа кеткен
Сол жауым.
Оның түрін көргенше,

Жаман атты білгенше,
Өлім тіле тәңірден.
Қалам аузын қандатқан,
Көкке ұлытып Көкланды,

Азалы қып аңыратқан, ызалы жауым осы ма?
Көклан
Бәрі де осы, ал басын!
Көбікті

Көзін оя мен келгем!
(Шаба береді. Қарлыға өз семсерін жолға тоса қалады.)
Қарлыға
Алдияр, тақсыр, хан көке!

Көбікті
Тай жолымнан, Қарлыға!
Қарлыға
Хан көке! Әмірің биік көктейін,

Алдыңнан шығар жерім жоқ.
Тек намысың жыртқаннан
Іркіліп қалар жөнім жоқ.
Бала күннен батыр боп,

Күркіреген күндей боп,
Көбікті боп өскелі
Қапылыста, ұйқыда
Қай жауыңды алып ең?

Ойламасаң осыны,
Өкінер қылық еткейсің.
Көбікті (тоқырап қап).
Белде, белде!..

Солай ма еді, не дейді!
Ей, қуарғыр, құрғыр қыз,
Айтпасаң да нетушед?
Айтқаннан соң майрылады қылышым!

Кескілескен кесірге
Қандай сыйлық ет дейсің?
Қарлыға
Алып барып зынданға

Қорлықпенен салайық,
Барлық қаза, жазаның
Бәрін салып басына,
Ұзақ өшін алайық.

(Қобландының қол-аяғын өзі байлайды.)
Көбікті
Әпкел бері ендеше,
Қазан кегін жылан, шаян қоса алсын,

Өзінің соры өлмесе! — деп Қобланды, Қараманды екі қолтығына қысып алып, тарта береді. Көклан "Зу! Зу!" деп қуана ойнақшып шығып кетеді.

ШЫМЫЛДЫҚ

ІІІ АКТ

Бесінші сурет

Қобландының ордасы. Қалпы бұрынғыдай. Бірақ тыстан шабуыл, шаншуыл дабылы келеді. Айқай-шу, сиыну, жылаумен қатар қиқулап ұран, сүрен өктеп шығады. Шабуыл жақындап келеді. Шошынып шулап өтіп жатқан топтар білінеді. Сахнаға Құртқа, Қарлығаш жүгірісе шығады.

Құртқа
Айым, айым, қандай қастық қадалып,
Қан шеңгелі түйілді.
Қарлығаш

Болжай алман, біле алман.
Құртқа
Айым, айым, қуатым. (Қарлығашты құшақтайды.)
Қарлығаш

Құтырған қасқыр тобындай.
Құртқа
Аяу білмес ажалдай.
Қарлығаш

Қандай дұшпан қадалған.
Құртқа
Болжай алман, біле алман.
Қарлығаш

Кеткеннен-ақ шошып ем,
Айырылдым ба шынымен
Жалғызым, бауырым Қобланнан?! (Жылайды.)
Құртқа

Сауға боп кетсемші!
Ақ шұнақ тоқты мен болып, .
Асылым, жарым ағаңнан...
Қарлығаш

Айналайын жеңешем,
Не күн туды басыңа?.. (Аналық кіреді, зарлап.)
Аналық
Қосарыңнан ажырармысың, жарығым!

Аңырармысың зарығып!
Қуанышым қос қалқам!
(Екеуін де құшақтайды.)
Бөрі шапқан қойдай боп

Бөріктім ғой қайтермін,
Үйім ойран, ел қалған,
Жад етемін, пана бол,
Жалбарынам, жасаған.

Қарлығаш (қарап шошынып).
Қаптап келеді осылай,
Кесілген де тілеуім,
Құрыған да қайран шақ,

Мерт болған да Қоблан.
Әке сорлы, не дедің?
Шошындым ғой сөзіңнен.
Құртқа

Не дермін мен, жоқ, жоқ,
Жүрек лүпілдей ме
Теуіп ашып есігін.
Тас қамаудан шыққалы

Қас көбейткен шығармын.
Болмас Қазан, болмас ол,
Жұлдызыма, Қобландыма сенем мен.
Алыста бол, бар бол, арыстаным,

Не көрсем де шыдармын.
Аналық
О-о, Қамбар, бере гөр!
Қарлығаш

Айнымастан шыдармын.
Далада жақындаған шу.
Тоқтарбай
Несіп кетті тағы да?

(Есіктен қарай бере.) Келіп қалды...
Аналық
О, қу басым, не дейім?
Тоқтарбай

Жетіп қалды
Ордама да ойраны.
Қорғап өлем ұямды.
Ұмтыла береді, алдынан қалың нөкер қаптай басып, қимылдатпай басып алады.

Құртқа (Қарлығашқа).
О, тәңір, бере гөр,
Қазан емес, басқа екен.
Қарлығаш

Ия, сәт. Аман ба екен ағаекем.
Құртқа
Біз не көрсек көрдік.

Алшағыр, Бірсімбай жетіп келеді. Бұлардың алдынан екі жаққа тұра қалған жасауылдар иіліп, тағзым етеді.

Алшағыр
Асыр, асыр, асырды!..
Бар сапарым, жол жорығым оңдалды,
Бөгетім жоқ жолымда. (Құртқаға.)

Іздей шыққан жоғым дағы оралды.
Қашсаң дағы құтқаратын мен емес,
Қашқын қыз да біздің қолда.
Құртқа

Нең бар еді қалмайтын,
Heгe жүрсің әлі күнге соңымда?
Алшағыр
Ел жүрегін жаралап,

Қорлыққа кеткен Құртқа міні,
Намыспен қуған ер болам,
Қуанбасаң сорың да...
Құртқа

Намыскер ер болғаның
Алысар батыр жоғында.
Шал-кемпірдің ұясын
Шапқаның ба ұялмай,

Бұғып келіп бөрідей?
Алшағыр
Асыр, асыр, асырды,
Қашанғы мен тоспа қып

Ұзаққа кеткен батырың,
Оралмас болса біржола!
Қарқ-қарқ күледі. Бірсімбай бірге күледі.
Аналық

Басыңа жетсін дегенің,
Өзіңе болсын сол жора!
Алшағыр
Мен емес, келмес жол шеккен,

Шабуыл кеткен шартығың.
Ерді жайлап, елді алып,
Keп тұрсам да кеммін бе,
Адасса да, Құртқаны

Қоя берер ермін бе?
Құртқа
Садаға кет ер болмай,
Қияда қыран жоғында.

Орнында қалған жеміне
Жетсем бе деген қарақұс!
Бірсімбай
Тарт тіліңді, асқақ қыз!

Алшағырға қол жетсе,
Арманы болмас Құртқаның.
Қарлығаш
Арам болар, тиіп көр!

Бірсімбай
Ендеше, серт етейін,
Ол емес, өзің олжасың.
Сыбағасын алмаса,

Сәні бар ма жортқанның?
Алшағыр
Басыр-басыр, басырды. (Бұйрық етіп.)
Айтты әмірін бек адам.

Ал, алыңдар тұтқынға! (Қарлығашты тарта жөнеліседі. Құртқа қорғамақ болғанда Алшағыр ұстап қалады.)

Тоқта, оны қорғамай,
Өзің құтыл әуелі.
Құртқа
Асқақтама, Алшағыр!

Сұңқар қосқан ұясы
Бұйырғанша құзғынға
Өртенгеніңді ем көрер...
Алшағыр

Бұйырмаған биікке
Оқыс салған ұяны.
Керегінде келгенімде
Ақиық қыран алатын...

Байқамай бұзды деп пе едің
Торқалы ойын-тойыңды?
Бұйырмайсың Қобланға.
Құртқа

Бұйырмасам Қобланға,
Бұйырмаспын жүз есе
Алшағырдай айуанға...
Алшағыр

Ал, обалың өзіңе, қысас қылар
Қайратыма келіпсің.
Кесесетін аямай,
Кезегіме келіпсің.

Келер болса тіріліп,
Көмген топырақ басылмай,
Алшағырдай аямас
Жауының алған қатыны

Қуантар болса досыңды,
Қарқ қылар болса Қобланды,
Сонда ғана сені алар!
Тоқтарбай

Ей, Алшағыр, қуарған,
Ол сұмдықты еткенше,
Бар жанымды қырарсың!
Аналық

Атың өшсін, айуан,
Тарт қолыңды айымнан!
Алшағыр (өз кісілеріне).
Кес тілдерін, тапжылтпа!

Ата-анасы осы екен
Аямас жауым Қобландының!
Ал үстінен лыпасын... (Екеуін тонайды.)
Қазір күң мен құл етем,

Тіл табанын қазір-ақ.
Өз ордама жалшы етем,
Қор ететін қысасым!
Құртқа (азап шеккен ата-енесіне).

Айым, күнім, ата-енем!
Жат дұшпаным алдында
Айтылмаған серт берем.
Сендер көрген қорлықты,

Көре тұра ұмытсам,
Тірлік қылып қорлықты,
Жасық ойды жүдетсем,
Қуатым, барым Қобланды

Күндіз-түні ойлаудан
Жас жүрегім суытсам,
Сәтте болсын жарық күн!
Өзге дәурен көргізер

Суалып бітсін қара көз!
Өзге тілек тілетер
Кесіліп солсын қызыл тіл!
Атам-енем, куә бол,

Жаным, жарым, соны біл...
Алшағыр
Серт құтқарса көрермін
Аямасқа бекініп, бек ұстаған қолымнан

Алып қалса көрермін.
Жебір-жесір жосытып,
Шұбырта тартқан жолымнан! (Қолына бұйырып.)
Өрте, ойран, талқан ет!

Өрте дұшпан ордасын! (От лаулай бастайды. Жын ойнағындай.)
Тарт, алып жүр бәрін де! (Алғызып жөнелтеді).

ШЫМЫЛДЫҚ

Алтыншы сурет

Көк ауру Көбіктінің кекшіл, кесір ордасы. Сахнаның жарығы, зындан жарығы. Тас қамау. Тар алаң, зындан іші алакөлеңке. Онда Қобланды мен Қараман. Алдына Орақты әкеліп, бағып тұрған жендеттер бар.

Қарлыға (Орақты тексеріп тұр).
Басып кірме ордама,
Бағып тұрған бәледен
Бас тартпастай сен кімсің?

Орақ
Бас тартатын жөнім жоқ,
Жауың емес, бейбітпін.
Қарлыға

Құтырған таңқай қалшасы,
Жауым емей, кімсің? (Жендеттерге.)
Бар, шығып тұр бұл жерден! (Әскер кетеді, Ораққа.)
Көзіңді жұмсам қайтесің,

Тіл, шырайға келместен.
Орақ
Барға санап келгем жоқ
Өз басымның барлығын,

Досым үшін жан берем,
Орындауға кеп тұрмын
Ар-намысым жарлығын.
Қарлыға

Достық сондай сор ма еді,
Айтқызбаса қинайтын
Ащы сөзін зарлының.
Орақ

Өтпеп пе еді өз басыңнан дос мұңы.
Қарлыға
Дос деген не өмірде,
Күткен емен әлі күн.

Орақ
Жас жаның бар, жақсы қыз,
Көрмесең де көксейсің,
Жүгінемін жүрегіңе өзіңнің.

Қарлыға
Жан қиғаның Қобланды ма?
Орақ
Қапалымын сол қорлықта қалғанға.

Қарлыға
Алушы ма еді тіліңді?
Орақ
Көңілім қалып көрмеп ед.

Қарлыға
Жалғыз жол бар, таңдау жоқ
Шығаруға Қобланды,
Қас батырды қимаймын,

Қараңғыда қара қайғы кеміріп,
Өлмесін ер арманда.
Кек ұмытсын, жат десін
Артында алыс қалғанды.

Өзі өлтірген Қазанның
Орнын басып бек болсын,
Сақтап, билеп, қорғасын
Оң көзі боп ордамды,

Азаттығын әперем,
Ақ бейілім беремін,
Қадірлеймін, бек тұтам
Бұл сертімді алғанды.

Досы болсаң, осыған
Көндірер болсаң, сөзге кел.
Келмес болса қолыңнан,
Көнбес болса Қобланды,

Білсін қосып аяман
Басына бәле салғанды,
Не дейсің сен сөзіме?
Орақ

Жасырмаймын, қатал қыз,
Айтқансисың шығар жолдың амалын.
Қапасында зар шегіп,
Көбейтерсің азабын.

Ер намысын жаралап,
Атап тұрсың ең ауырын жазаның.
Қарлыға (ақырып).
Тоқтат, босар мен емес!

Екі айтатын мен емес,
Көрінбегі көп болар
Сыбағаң тіпті сенің де,
Енді қайтып көрінбе. (Жүре береді.)

Орақ
Амалым жоқ, аял бер.
Қарлыға
Айт шапшаң!..

Орақ
Көнеді деп айтпаймын,
Өтілейін алдынан.

Қарлыға белгі береді. Аз қараңғылықтан соң, зындан ішіне елес сәуле түседі. Кішкене тесік аузында Қараман қарсысында Орақ тұр. Бұл жерде Қарлыға да қарап тұр.

Қараман
Орақпысың?
Орақ
Бармысың?

Қараман
Құрысам етті бар болғанша бұлайша,
Көп азабы, көп биті
Талап, түріп барады,

Қажытты ғой, Орақ-ай.
Орақ
Қобланды ше?
Қараман

Көкжалдан да жал кетті-ау!
Қобланды (қараңғыда ызамен үн салып).
Зарлама енді зар жақ болған жетім қозыдай,
Кімге шағып тұрсың,

Сенен артқан не күйі бар Орақтың.
Қараман
Зындан емес, тым құрса
Азат аспан астында ғой.

Қобланды
Бәсе, мұндай күнді көргенше,
Сенсе нетті жанарым,
Орақша бар ер-ақ десем,

Неғып жүрсің тіленшідей тентіреп.
Қарлыға (жалғыз).
Тіленшідей!?
Қараман

Қалай келдің бұл жерге?
Орақ
Қорлықпенен кеп тұрмын.
Қараман

Мәнін айтшы.

Орақ. Екеуіңнің билігіңмен осы зындан кілті де, қамау-қоршау күші де балуан қыз Қарлығаның қолында. Сол Қарлыға қыз бұйырған аманатпен кеп тұрмын.

Қараман. Не қыл дейді?
Орақ. Қияс, қастан көңілден Қобланды қайтсын.
Қараман. Орайына не дейді?
Орақ. Оң шырайым болат дейді.

Қараман. Шығара ма зынданнан?
Орақ. Шығарам, бірақ шырғамда қалат дейді.
Қобланды. Қорлыққа сатпақ па екем, мен халқым менен Құртқамды.
Қараман. Солар үшін шықсаң нетті әуелі.

Қобланды. Құлдыққа сатып басымды алмаймын мен.
Қарлыға. Ал дер емес қой.
Орақ. Көнбесіңді білгемін.
Қараман. Көнбессің сен сірә.

Қобланды. Өлсін Қобланды өстіп, оны бүйткенше...
Қарлыға
Қандай қырыс сөз шығады бөрісінен
Қыпшақтың кездеспеген кер асқақ,

Аша алмасқа әддім жоқ,
Кекшіл жүзін көрмекпін.
Жаңсақ айтад,
Жаны ашыған өзінің,

Жаза болса арманың,
Аңсамай-ақ аласың,
Берер болсам азаттық,
Құртқаң үшін беремін,

Қызметімді қыласың.
Қобланды (жетіп келіп).
Қайда, қайда сен, қанеки,
Келші бері, бер таман,

Көрінші бір көзіме!..
Қарлыға
Келдім, міне, не дейсің?
Қобланды

Дейтұғын сол: танып ал,
Сен атаған азаттық —
Азабымның ащысы.
Жетегіңде жүретін,

Шыжымыңмен ұшатын
Кім деп білдің Қобланды?
Қарлыға
Тек майданда емессің,

Тек жарыңның қолда жоқ,
Қуғанымда өтерсің.
Қатты айта алмай қиналам,
Тарта айтамын амалсыз.

Бірақ білсең нетуші еді,
Қарлыға ма екен асқақтап
Арзанға сатар саяғың.
Қобланды

Уай, зарлы қыз, тілің тиді,
Сен емессің кінәласар мұңдасым.
Күткенің көп қылығы, ісінен,
Азынатып қолда ұстап,

Зарықтырып қалдырар,
Айғыры емен қамбар боз,
Байтал көрсе бас ұрар.
Қарлыға

Тарт тілінді, Қобланды.
Қобланды
Тартпаймын мен, бәрін біл,
Алмаймын мен азаттық

Қас дұшпаным қолынан,
Бақталайым тілермін,
Ақыра құлаш сермесем,
Ысқыра тілген жартасты

Ақ семсерім қолымнан,
Қайта қаптап келермін,
Көбіктідей көк ауыздың
Сыбағасын беремін.

Жалынып алмай сен дейді,
Бұрымыңды борт кесіп,
Бүріп алып кетермін,
Бұра тартып жоныңнан.

Бар қастығың қыла бер. (Ораққа.)
Жоғал, жаным жасытпа,
Жөнел, жоғал көзімнен! (Жалт беріп қайта қараңғыға кетеді.)
Қарлыға (өз-өзіне).

Жаралғалы хан боп
Жан жүзінен көрмеген
Қорлығымды көріппін.
Қалай, қалай, неліктен,

Неге талқан етпеймін,
Қайда намыс қайнамай?!
Ашуым, мұқаларым жоқ,
Айыға алмайым, бұл қалай?

Қызықтым ба?..
Әлде бақ па, әлде сор ма!
Аянышым арынымды жеңіпті,
Жайын тауып жайламай. (Ойланып қалған.)

Орақ (тайқи беріп).
Біліп едім
Жөнсіз бір сөз боларын.
Қарлыға (Ораққа).

Жоқ, жоқ, тоқта!
Шақыр бері жолдасын.
Орақ
Қараман!

Қараман (тақау келіп ақырын).
Не қыл дейді тағы да?
Қарлыға (жетіп барып ақырын).
Жастың қоры жан екенсің,

Сақтармысың, ашылмастан сыр айтам.
Қараман
Айт, айтып көр, тыңдайын.
Қарлыға

Жат ниетпен келсем де,
Қайтып тұрмын бұл сәтте,
Бұным жеңді өзге ойым,
Байлаудағы батырды

Қатты қинар жайым жоқ.
Бара алмады батылым,
Қарлығаның жол ашқан
Шығар емес есігінен,

Бір жасытпай болмайды,
Естіп тұрмын жаманат.
Қараман,Орақ. Қай, қандай жаманат?
Қарлыға

Алшағырдай аш бөрі
Хабарын алып Қобланның
Ордасын шауып келіпті.
Жан күйердің барлығын

Қырып, айдап еліне,
Жебір-жесір еріпті.
Орақ
О не дейді, не дейді!

Қараман
Құрысам нетті есіткенше,
Сұм етті.
Қарлыға

Тапсырарым жалғыз-ақ:
Тұспалменен айтпасаң,
Туралап айтпа батырға,
Булығып өлер ашудан.

Орақ (Қараманға).
Рас айтады, тілін ал.
Қарлыға
Ақылыңды айт енді сен,

Не тілесем Қоблан шықпақшы,
Өзім қорғап отырған
Қырсық қамау зынданнан.
Қараман

Қандай ғана досым ең,
Айналасын қаралық,
Жалғыз ғана айла бар,
Тұсына әкеп батырдың,

Тақымына бұрау сап
Шыңғыртыңдар Бурылды,
Шыдай алмас ширығар,
Ашу ғана шығарар.

Орақ
Болды байлау, амал сол.
Қарлыға, Орақ жөнеледі. Қараман ойда тұр. Зындан. Қараңғы.
Қараман

Көкжал-ей, Көкжал,
Мен жиналып тұрмын-ау.
Қобланды
Білемін.

Қараман. Тұншықтырған тас қамау. Қара қанат албастыдай тағы да кеп төніп тұр. Екеу-ақпыз тағы да.

Қобланды. Ал.

Қараман. Қайрат серің болмасам да, ақыл серің болсам деуші ем. Не істедік осы біз.

Қобланды. Қайт деп едің сен маған?
Қараман. Не қыларды білмесең, неге алмадың азаттық?
Қобланды. Не қылушы ем үйтіп aп?
Қараман. Тілемегің өлім бе?

Қобланды. Қорлық тірлік алғанша, қарғыс өлім шақырғам.

Қараман. Басың өшіп айтарсың. Бірақ Қыпшақ, Қият ел қайда? Қыс қыстауың Қараспан, жаз жайлауың Жиренкөл тосып қалған қайда? Арманы көп ата-анаң, жалын жұтқан жар қайда?.. Қобланды. Толқын ұрған жардай қып қаңсытпа жанымды, жаратқан ие мен бе екем? Түбі қылдай жалғыз қып туғызған болса қайтемін. Тілеп алған шер ме екен? Қараман. Жалғыз да болсаң жалын ең. Ойлар деп ем артыңды. Жаман айтпай жақсы жоқ. Құлағаныңа иіле көрме, Қайрахан. Ойлаймысың, құланым. Бүк түсіп біз жатқанда құшағында қу тастың, ел шабылып күңіреніп, ата-анамыз қолды боп, жар-досымыз сорлы боп қорлықта жатса қайтеміз.

Қобланды (ширығып кеп, құса болып қайнай бастайды).
А-а, не дейсің? Не дейсің?
Өртедің ғой, не дейсің?

Осы кезде өзгеше бір жат үнмен шыңғыра кісінеген Тайбурылдың даусы келеді. Қиналып шыңғырады. Қобландылар отырған зынданның қабырғасын тепкілеп, жәрдем күткендей жанталаса шыңғырады. Қобланды. Кімнің үні? Кімнің үні мынасы? Жанымды өртер жақын жанған жалындай. Кімнің үні, айтсаңшы?

Қараман
Сай-сүйегім босады,
Тілеп тұр ғой көмекті.
Қобланды

Тайбурыл! (Аласұрып.)
Қараман
Шақырады Тайбурыл!
Қобланды

Жан қанатым Тайбурыл,
Жау азапқа салды ма?
Қараман
Алда есіл жануар,

Алыста жатып зар шеккен
Анасындай Құртқаның
Зор айқайын шалды ма?
Қобланды

Құртқа, Тайбурыл! (Шынжырын талқандай бастап.)
Қайна, қайна, жайрат, аянба!
Қарысып өлмей қолында,
Қарғыс айтып қалам ба?

Зындан ішін талқан етіп, шырмауынан босай бастайды. Сырттан жасауылдар жүгіріп келісе береді.

Бас жасауыл (қылышын жалаңаштап алып).
Бұзып шықпақ зынданды,
Тос, тос семсермен,
Жет жасауыл батырға,

Көбіктіге хабар ет. (Бір жасауыл жөнеледі.) Жас жасауыл зындан ішін бағып тұр. Қобланды өз шынжырын талқандап Қараманды және босатып жатыр. Қарлыға, Орақ шыға келеді.

Қарлыға (жасауыл бастығына).
Не боп жатыр бұл жерде,
Не көрінді көзіңе?
Бас жасауыл

Шыққалы жатыр дұшпаның,
Төсеп тұрмын алдынан
Аяусыз алмас жүздерін.
Қарлыға

Тай, былай тұр жолынан! (Жасауыл қозғалмайды.)
Жоғал, өзім тосамын,
Жоғалсын тез іздерің! (Бұйрық тыңдалады.)
Бас жасауыл

Аздың ба, қыз, жолыңнан!
Қобланды жақындап зындан есігін бұза береді.
Қарлыға
Жоғал!

Бас жасауыл
Кетпеймін, мен азбаймын.
Қарлыға (қылышын суырып алады. Орақ қоса суырады. Ораққа).
Тоқтал, жігіт, былай тұр. (Жасауылға.)

Алмас болсаң тілімді.
Жасауыл
Тыңдамаймын тіліңді, тұр былай,
Өлесің өз қолымнан.

Жасауыл таймайды. Қарлыға жолдағы екі жасауылдың семсерін жайдай ойнатып, топ-топ қағып түсіреді. Бас жасауыл тап береді. Қарлыға екеуі қанжарласып кетеді.

Қарлыға (қағысып жүріп).
А-а, кел-кел маған, келіп көр,
Асып па едің, адыр құл?

Қобланды осы кезде есікті талқан етіп шыға келіп, жалт қарап қалады. Қарлыға бас жасауылды қағып шауып, қалпақтай ұшырады. Қобландыға салқын ғана салмақпен.

Айып етпе, мезгілі жоқ ойынды,
Алдың ашық, батырым!
Тосар болса тағы да,
Мә семсерім, серігің,

Жөнеле бер жапырып! (Семсерін созады.)
Орақ
Қазір өзім, Қарлыға.
Қараман

Қарыздармын, Қарлыға...
Айналайын Қарлыға.
Қарлыға
Неге алмайсың, Қоблан,

Дос қолымен, барымен
Созып тұрған семсерді?
Қобланды
Қазір үркем, Қарлыға,

Не деп алам білмеймін.
Қай қайратпен ақтаймын,
Қандай сертпен ырза етем
Осынша жақын досымды!

Қарлыға (қасына қуанғандай жетіп келіп, семсерді беріп).
Мә, қиналмай, ала бер,
Досым деген жалғыз сөз
Бар қарыздан құтқарды.

Ырзалығым соншалық,
Қисам дағы аз дермін
Ақ жолыңа басымды!
Осы кезде қатты дабыр, жат сарын келеді. Жау келіп қалған.

Орақ (жалт беріп қарап). Пәле шықты, қайтадан келе жатыр Көбікті.
Қараман. Қайрақан! Ал, Қобланды, есің жи!
Қобланды (саспай Қарлығаға).
Қалай болды, Қарлыға?

Бір борыштан айықпастан алдында,
Алысар болып әкеңмен,
Қос қыспаққа қалдың ба?
Не қылмақпын мен енді —

Бар тілегім өзіңде!
Ақыл тосам өзіңнен.
Қараман
О, Қайрақан, кеп қалды,

Жи есіңді, Қобланды!
Қайттім, қайттім тағы енді?
Айналайын Қарлыға... Қобланды!
Қарлыға (Қобландыға).

Әкем де болса амал жоқ,
Айтарым жоқ қайтадан.
Берме есенді, барың сал,
Аянып қалма мен үшін,

Тірлігіңді мен тілеймін, Қоблан!
Көбікті келеді.
Көбікті
Белде, белде, белде еді!

(Жалақтап күркірей келіп Қарлығаға). Қап-қара боп, құса боп, қан қатқандай ішіме, кешпестей боп кек қатқан. Қас қанымен ант еткен ежелгі жауым осы еді. Білмеуші ме ең, Қарлыға? Не ғып тұрсың жайратпай?

Қарлыға. Әке, мен бекіндім Қобланнан.
Көбікті. Айтпа, айтпа сұмдықты. Қайда сенің, қолыңа сеніп берген семсерім?
Қарлыға. Ол семсерің әнеки, қас жауыңның қолында.

Көбікті. Не қорлыққа көнгенсің? Өлі айрылмай тірідей семсеріңді жау алып, неге тірі тұрсың сен? Айт, айт маған мұныңды?

Қарлыға
Айтпағым, жайым сол,
Біле бер, әке, жөнімді.
Көбікті

Өлтірсең нетті, мені өзің,
Жойыл, жоғал көзімнен!
Қыз емес, қара қаншық боп,
Қапсаң нетті мені сен? (Қобландыға тaп береді.)

Шық, шық бермен, шық былай!
Қобланды
Кел, Көбікті, келіп көр.

Көбікті (булығып күйгеннен есінен айрылғандай қай қаруын жұмсарын білмей бұрқ-сарқ етеді).

Белде, белде, белде ме?
Қайнатып өртер қанымды,
Қорлық-қорлық келді ме? Келді ме! (Жекпе-жек.)
Жоям, жоям, жоқ етем...

Қобланды (кек салмақпен қағысып жүріп).
Ұш, Көбікті, өлесің,
Өлеріңе келесің.
Кеш, Қарлыға, кеш,

Қарлыға жан досым! Кеш мені!
Қарлыға
Жас тілеуім қолыңда,
Өлме, батыр, аман бол.

Көбікті
Не дедің соған, Қарлыға? (Соғысып жүріп.)
Не дедің, сайқал, қара бет.
Келермін мен, келермін,

Еліме сенбе, осыдан
Өз қолымнан көмермін,

Көмермін мен, қара бет! (Дей бергенде Қобланды ұшырып түсіреді. Көбікті жайрайды.)

Қараман
А, дос ием, ақсарбас,
Ал, батырлар, аял жоқ,
Жөнелейік тезірек.

Қобланды
Жөнелейін, тапжылма!

(Қарлығаның алдына келіп семсерін суырып, иіліп.) Айыбымнан арылатын күнім жоқ, бердім билік өзіңе, ал барымды. Жарылқа!

Қараман (Ораққа).
Қайрақан! Не деп кетті мына албыт!
Құтылып ап зынданнан,
Құл ноқтаға бас иіп

Қор болары қалды ма?
Орақ
Шарасы жоқ сүйенбеске,
Есің болса, жолын тап.

Қобланды
Не тілейсің, Қарлыға?
Қарлыға
Бар билігің беріпсің,

Бар мұратым жеткендей.
Еркіңді алар мен емес,
Тында бірақ, батырым!
Жалғыз тілек етейін.

Қайда жүрсең қасыңа
Қан майданға бірге алып,
Қандай сенсең досыңа,
Ала кетсең өзіңмен,

Өзге тілер қолқам жоқ...
Қобланды
Бердім, досым, жүр бірге.
Қарлыға

Ердім, баста, батырым!
Қараман (жетіп келіп Қарлығаға).
Қайран асыл Қарлыға,
Құтты болсын кадамың!

(Қобландыға.) Ерттің ғой сен досыңды?
Қобланды
Ерттім, итім, көрдің ғой.
Қараман (Қарлығаға).

Сен еркіңді бердің ғой.
Қарлыға
Бердім.
Қараман

Ендеше, қол солайды,
Білетұғын бірің жоқ,
Қарлығаның достығын
Сұраймын мен сауғаға.

Қобланды
Бас билігім өзі алған,
Маған ерер жолына
Аямаған әкесін,

Ақ бейілін салған,
Өзі ырзалық етпесе,
Соған билік етерлік
Жолым бар ма, Қараман.

Қараман
Батырдан сауға барлығын
Білмегесін жол емес,
Ер жолының қарызын

Саудаға салар күн емес,
Берді батыр құрдасым,
Достығым сенде, Қарлыға,
Еркімде болат өзімнің,

Сол болады жаза алғым,
Ер соңымнан, Қарлыға,
Қарлығаны қолынан тартып жөнеледі. Барлығы кетеді.

ШЫМЫЛДЫҚ

ИНТЕРМЕДИЯ

Бұрынғы Қобланды ордасының орны. Өртеніп орда, қаңырап қоныс қалған. Тылсым буғандай жым-жырт боп, жайраған дүниелік арасына баяу басып Қобланды шығады, жалғыз.

Қобланды ...
Сенбісің? Бұл сенбісің?
Есіл алтын бесігім.
Жазығым не, жазығым не осынша,

Қарсы алардай жабығып?! (Толғана күңіреніп.)
Күндіз бүркек, түн тұман,
Қуарып солған сор заман.
Қайда тұрмын қаңғырып?

Жұрты жатыр, елім жоқ,
Батпағы жатыр, көлім жоқ.
Қаңырап қалған Қараспан,
Баурыңда бұла ескен

Балапаның келіп тұр.
Жазығым не осынша,
Тұншыққандай үн шықпай,
Осыншалық дал қылып?

Ол, Қоблан, десең де,
Он атсаңшы, жаңғырық!
Тас болмасаң, қу дүние,
Аясаңшы, айтсаңшы,

Қайда, қайда жүрмін қалғып?

Қобланды өз мұңымен жым-жырт болып өртенген босағаға сүйеніп қалған. Бір шеттен жалғыз Орақ шығады, о да жүдеу.

Орақ
Күйреп қалған дүние
Күл боп жатқан үмітімдей,
Күйрелмеске не қалды,

Аз өмірде алдымда
Алыстағы сары белден
Алтын шапақ нұр атып,
Туар сәтке тосушы ем.

Қуанышым күнімдей,
Зар-шерімді шаққанда
Тірлігімді тілеп ең,
Қайтем сүйткен тірлікті.

Танымаса бар өмір,
Дем бермесе бойыма,
Жылы тартып ойыма
Жалғыз бір қатқан үніндей.

Өзің түгіл, бірің жоқ,
Хан жүзіне жадырап
Қарар менің жүзім жоқ,
Айрылудың арманы

Айығатын күнім жоқ. (Тұрып кетеді.)
Қараман
Қайран менің құрдасым,
Саған нала келгенше,

Өзіме пәле болсын дер,
Қадірлесім, қимасым,
Кесір айдап келгенде,
Кезең кезіп жүргенде

Амандығым тілейтін
Аяулы жаным, құрдасым,
Өтті ғой зарың, аяулым,

Қайдасың, жаным, құрдасым! (Ізденіп, тыныштық таба алмай жүріп, алтын қазық тауып алады.)

Бұ не, бұ не, мынау не?
Бүлінген дүние ішінде
Бұғып қалған белгідей!
Көкжал, Орақ! Бер қара! (Қобланды, Орақ жақындайды.)

Орақ
Бұ не, не қып ұмыт қалған?
Қарлыға
Тегін бұйым болмас-ты,

Әдейі қалған емес пе,
Тасқа жазу салғандай?
Қараман
Тоқта, тоқта, қайттім мен,

Айналайын Құртқажан,
Айналсамшы есіңнен!
Көтер басты, Көкжалым,
Көтер бері, бер қара!

Ай, жұлдыздың тұрақсыз
Тынымсыз кешкен жолында,
Темірқазық аспанда
Тапжылмастай тірегі,

Сол жарықтан айнымас
Қайда жүрсең Құртқаңның
Саған деген жүрегі.
Сол белгісін қалдырған

Жандай жардың жолында,
Талдым, солдым дер болса,
Шіріп-ақ қалса болмай ма?
Ер дегеннің тілегі...

Таста, Көкжал, азаны,
Жұлдызыңа бет түзе.
Қаралы отың, қаралы,
Көтер деймін басыңды!

Қобланды
Қанатыма қанат қос,
Жалыныма жалын қос,
Айтшы, айтшы, тағы аямай,

Айтшы аямай, есіл дос.
Қарлыға
Қадірлесім, Қобланды,
Аямасың, қасың кім?

Қайда екенін білемін!
Қалдырмайық жұртыңның
Жау қолында жабығып,
Жанып-сөнген тілегін.

Қинамайық Құртқаңның
Қайғыменен қан жұтқан
Жалынға толы жүрегін!
Бар қайратым қан кегінің жолында,

Сарапқа сал серігіңнің білегін!
Сен мұратқа жеткенше,
Қай қамалы тұрса да,
Ашуменен сермелген

Ақ найзаңның ұшы боп,
Алдында өзім жүремін!
Қамдан, батыр, әзірлен!
Қобланды

Әзірлен, достар, әзірлен...
Көк жүзіне тырмысып
Көгеріп өскен жас емен.
Тілемесін тәңірінен

Тұнжыраған тыныштықты,
Қас иесі қуып кеп,
Қара бұлттан туып кеп,
Құтыра соққан дауылын

Қарайласым десін ол!
Қарлы мұзы жанаттай
Қарсылай соққан қаңтардың
Сықырлаған аязын

Сыбағам деп білсін ол!
Төңкеріліп аспаны,
Түйіліп келіп төбеден
Күтірлей ұрса кең ие,

Шатырлай түссе найзағай,
Шың етпестен шымырлап,
Тағы соқ деп тұрсын ол!
...Жас емендей жас елім,

Қайсар күшің қайт қылман,
Ала алмайсың, қас өлім!
Көнбес үшін қарысам!
Жеңбек үшін алысам!

Алдында осы жалғыз жол,
Алдымда осы жалғыз жол...
Ер, достарым, соңымнан,
Бол, бол, кегім, басшым бол! (Тартып кетіседі.)

ШЫМЫЛДЫҚ

ІV АКТ

Жетінші сурет

Арыны күшті аюдай хан Алшағыр ордасы. Сарайдың ішкі даланына шығатын алаң, ашық үйінде Бірсімбай мен қалыңдығы Күнікей отыр. Күнікей (күйеуін тоқпақпен басқа ұрып тұрып, күле беріп). Соқ, тоқпағым, соқ-соқ! Соқ, тоқпағым, тоқ-тоқ! Бірсімбай (Күнікей қатты сақылдап күлгенде). Семсеріңді ал да шауып жіберсеңші бұл басымды бұдан да.

Күнікей. Ойын бұзбай, қан шығармай ойнаймын.

Бірсімбай. Осының да тәттілік пе. Қабағы жарасқан қалыңдығыңның оң қарап ұнатқаны ғой, ә?

Күнікей. Ұнатқаны ғана емес, сүйгені сол. (Күледі.) Бірсімбай. Әттеген-ай, онда балуан қыз болмағаның жаман екен, айызың қана түсер еді ғой.

Күнікей. Шыдамасаң, шыныңды айт, көлгірсіме. Бірақ Күнікей жарың осындай.
Бірсімбай. Сүйгені жазадай де. Күйгені қандай десеңші.

Күнікей. Уай, қой әрмен. Күнікей кептерше сүймейді, жүнжіп, жидіп. Сілеусінше сүйеді, тістеп, тырнап. Шыдамаса шандозым өле қалсын ойыннан. (Сақ-сақ күледі. Алшағыр кіреді.) Соқ, тоқпағым, соқ-соқ! (Тағы да күледі.)

Алшағыр. Ойын ба? Ойын бұзған не көред?
Күнікей. Кім бұзады ойынды!
Алшағыр (қатуланып). Жау, жау бұзады...
Күнікей, Бірсімбай. Жау? Жау?

Алшағыр. Жат жаманат келіп тұр, қамауда жатқан жау Қыпшақ құтылып кетіпті тұтқыннан. Бірсімбай. Біздің берік зынданнан ба? Қара бассын әкемді. Айырылғаны несі. Алжыды ма. Қара басып, Көбікті!

Алшағыр. Айып әкеңде емес, Қарлығада.
Күнікей. Қарлығада? Не қылған ол?

Алшағыр. Зынданнан өзі шығарып, қашып кетті. Өзі бірге (тасырлап) кетті жауыңа еріп, аңшыға ерген қаншықтай! Бірсімбай. Қаншық? Қаңсылата жоймасам ба көзіңді. Не қып қалған, неге жоймай айырылып отыр Көбікті? Не қып өлмей тірі отыр.

Алшағыp. Тірі емес деп естимін. Жаманат бар, жазым бопты деп отыр.
Бірсімбай (қайнап). Кімнен жазым болыпты?
Алшағыр. Кетерінде жарып кеткен Қобланды дейді.
Күнікей. Жау қолынан өлген бе? Не деген қорлық еді?

Бірсімбай. Үйтіп өлген әкем болса садаға болсын шерімнен. Ома қапсын өлмесе. Кегім, кегім, Алшағыр! Қамдан, сайлан, жол тартам. (Тулап әзірлене бастайды.) Алшағыр. Салдым барды кегіңе, қамдануға әзірмін. (Екеуі кете бергенде Күнікей тоқтатып қалады). Күнікей. Кек, кек! Кектен басқа табынатын тәңір жоқ. Тек кезек-кезек кек болсын. Алшағыр, бұйрығым бар! Жауыңа еріп Қарлыға қашса, тегін емес, қатын болып қашқан да. Қайын атамды өлтіріп, Қарлығасын қатын еткен дұшпанды құр өлтіріп қояр болсаң, қорсың өңшең дер едім. Қолыңда отырған жоқ па көк шүберекке түйгендей оның жаны... Құлықтысы Құртқасы. Сен де соны қатын ет. Қорлап қатын еткен соң ғана жауды көздей жөнейсің. Осы менің бұйрығым!

Бірсімбай. Кектің басы осыдан. Ал, Алшағыр, бұйрығын!
Алшағыр. Алмасыма шарам жоқ. Өзің білдір бетпаққа, бұйрығыңды өзің айт!

Күнікей. Өзім айтам қазір-ақ. Шақыр! Келтір мұнда күндерді! (Алақанын қағып-қағып қалады.)

Бірсімбай, Алшағыр қаруларын қамдай шыға береді. Күнікей жалғыз.
Аздан соң тұтқын Қарлығаш пен Құртқаны алып жасауыл келеді.
Көбікті
Азалы Құртқа сенбісің

Айрылдым деген жарынан?
Құртқа
Не демексің тағы да?
Күнікей

Өлі айрылдым деп едің,
Айрылыпсың тірідей.
Зынданнан босанып,
Көбіктіні өлтіріп,

Құтылыпты Қоблан.
Қарлығаш
О-о, дос ием Қамбар-ай!
Күнікей (Құртқаға).

Сен қалайша қуанбайсың?
Құртқа
Сүйінші болмас тілерің,
Тағы да бар ғой айтпағың.

Айтып тындыр барлығын,
Үздір Құртқа күдерін!
Күнікей
Үздіретін мен емес,

Біл Қоблан қорлығын!
Зынданнан шығарған,
Аямаған әкесін
Қайраты асқан Қарлыға

Қыздан достық тауыпты,
Досын алып кетіпті,
Үйдегі жар ұмыт боп,
Соны тыныс етіпті...

Құртқа
Мен қуанар аз екен,
Білмей тұрмын жалғыз-ақ
Күнікей неге мәз екен?

Күнікей
Өлгенменен өлмек жоқ,
Берген жардың бейілі
Қайта оралып келмек жоқ.

Қарлығаның орайы
Қайтар болды Құртқадан.
Алмақ болды Алшағыр.
Жақсы сөзбен жан тартам

Жарасатын жеңгем деп...
Қарлығаш
Үніңді өшір, оқжылан,
Қас тілеуін жалмаған!

Өзіңдей деп ойлап па ең?
Өк дегенде өзеуреп,
Аярлықтан талмаған...
Садаға кетсін Алшағыр

Айналайын ағамнан.
Азатұғын жеңгем жоқ,
Садаға кетсін Құртқамнан!
Күнікей

Болдың ба айтып барыңды,
Сертім болсын, асқақ қыз,
Саған да іш тартармын.
Соныменен ақтармын

Сен былғаған арымды. (Құртқаға.)
Не дейсің, сен өзің айт! (Құртқа үндемейді.)
Тағы да, жалғаны көп жарыңды?
Құртқа

Таныдым...
Қарлығаш
Не деп тұрсың, Құртқа, сен?
Күнікей (Қарлығашқа).

Шығарма енді үніңді! (Құртқаға.)
Танығаның шын болса,
Таңдар жолың жоғын дағы білерсің?
Құртқа

Білдім...
Қарлығаш
Құртқа?..
Күнікей

Құртқа! Ал дедің бе Алшағырдан сүйінші?!
Құртқа
Шақырып бер ағаңды,
Айтысатын сертім бар...

Күнікей (кейін бұйрық етіп).
Келсін мұнда Алшағыр,
Келсін бері Бірсімбай! (Алшағыр, Бірсімбай келген соң.)
Құртқа айтатын байлау сөз

Әйгіленсін жақынына жауымның,
Келтіріңдер атасы мен енесін!
Алшағыр
Келтіріңдер, тыңдасын!

Тоқтарбай, Аналықты кіргізеді. Олар құл мен күң халінде.
Күнікей
Жалтаратын жол емес,
Жасырып айтар сыр емес,

Адасқанның айыбын
Алдына келіп ашатын
Алшағыр тұр.
Сөйле, Құртқа, сертіңді.

Аналық
Қай жазамен қинамақ?
Тоқтарбай
Қандай серт болушы ед?

Қарлығаш
Шыда, сорлы ата-анам,
Таныр болсаң тосыннан
Білінбеген дертіңді.

Құртқа
Жұлдызынан жаңылған,
Жаманатқа таңылған,
Азалыда амал жоқ.

Бұрын бетін сепсем де,
Бүгін үйтер шарам жоқ.
Айтқаның болад, Алшағыр,
Тек жалғыз-ақ Қобландының

Қарлығаны алғанын
Таныт, көрсет көзіме.
Көрісімен тиемін,
Одан әрі аял жоқ...

Аналық
Не деп, не деп кеттің сен?
Қарлығаш
Қайран ағам, қойныңа салмақ болғаның

Жарың емес, жылан ба ед?
Алшағыр (нөкеріне әмір етіп).
Тоқтат тілін зәрлінің. (Қарлығашты жасауыл жұлқып ұстайды.)
Тоқтарбай

Не дермін мен, не дермін...
Тентіреген тірлікте
Бұндайда медің көрер күн!
О, сұмырай, көрер күн!..

Алшағыр
Алдым, Құртқа, сертіңді!
Бұрымын кесіп сайқалдың,
Басын кесіп Қобланның

Алдыңа әкеп табысқанын танытпай,
Алдамаймын, алмаймын мен еркіңді...
(Бұйрық етіп, Тоқтарбайларды нұсқап.)
Есітерін есітті,

Шығар мынау құл, күнді.

Оларды алып кетеді. Осы кезде ойнақшып, құтырып Көклан шығады. Алдынан нөкер атаулы жапырыла бас иеді.

Көклан
Көзін көрсет, көзін көрсет

Сертін берген сайқалдың! (Құртқаға жетіп келіп, айналдыра тіміскілей қарап жүріп.)

Қызым болған күнінде
Қырсығыңа шыдағам,
Жатым болған күніңде
Айдағы ақ піріме

Аямасқа ант бергем.
Тілеп алған сыбағаң! (Тіміскіп.)
Монтаны ма? Монтаны!
Монтанысы бар болсын.

Мені демеп енгізген,
Иектеген иесі.
Атың өшсін, Алшағыр,
Алданар бол сан тағы да,

Жер соқтырар күн болса,
Киеңкінің киесі! (Тағы тіміскіп.)
Сөзін алма, өзін ал!
Сертін алма, өзін ал!

Сертін алма, өзін ал! (Ойнақтап шығып кетеді.)
Құртқа (күліп).
Таныстырар сен болсаң,
Жар таппас па ем мен ерте!

Не ғып тұрсың, Алшағыр,
Басын алсаң асаудың,
Аяма да мені өрте!..
Бірсімбай

Жоқ! Ердің серті екі емес...
Алшағыр
Қайтарым жоқ айтқаннан,
Тек, тек бірақ килікпе.

Қолқа Құртқа сен,
Қыпшаққа деген кегімді,
Бастаймын мен кезекпен
Мына тұрған байталдан! (Қарлығашты көрсетеді.)

Құртқа (күліп).
Алмастан бұрын өзімді,
Сайламақпең күндесті?
Бірсімбай

Не деп тұрсың, Алшағыр?
Алшағыр
Асыр, асыр, асырды,
Тура тұр былай бетімнен,

Кейіме, тыңда, Күнікей!
Сен бұйырдың, мен көндім,
Сен де маған кезек бер!
Күнікей

Бердім кезек бұйырсаң!
Алшағыр
Сенен асар Қаңқайдың
Қай қызының талайы?

Күң қатын қып, қор қылып
Бірсімбай алсын мынаны!
Қарлығаш
Тарт қолыңды қасиетті басымнан,

Зарламаймын, садаға кет жасымнан.
Қара басса, Қарлығаш
Қатын болмас, қар болар...
Қай мінезім жағып ед,

Жау бәріңе жар болар?
Сансыз отқа күйгенше,
Сен сұмдарға тигенше,
Қадір білер Қарлығаш

Жас тілегін жад етіп Жан бауыры Қобландының (Сапысын жұлып алып, өзіне сала береді. Күнікей атқып барып ұстайды.)

Жанын айтып жолына,
Жарылып өлер, қан болар!
Күнікей
Сен бе тимей тулайтын?

Сен бе безер ерімнен?
Қарлығаш (арпалысып).
Жиренемін, жиренемін, жат көрем
Азынаған көрімнен...

Күнікей (Қарлығаштың қолынан сапыны жұлып алып).
Не дедің, не дедің сен, не дейсің?
Бекзада туған Бірсімбай,
Қай Қаңқайдан кем едің? (Ашумен қайнап.)

Алшағыр
Алдым, алдым, көндім мен.
Бұйрығыңа бас ұрдым.
Күнікей

Намысым қайнап күйгеннен,
Жарыма тілі тигеннен
Егестім де кестім мен!
Күң қатын қып аласың,

Таспа тіліп жонынан,
Көндіріп жолға салмасаң,
Ерім емес, қорсың сен.
Ал, Бірсімбай, ал мына,

Атым өшсін, ант ұрсын,
Алғызбасам осыны!..
Алшағыр
Асыр, асыр, асырды!..

ШЫМЫЛДЫҚ

Сегізінші сурет

Сол сарайда, сол орын. Бірақ бұл суреттің оқиғасының көбі үй ішінде емес, сарайдың ішкі алаңының ішінде болады. Алаңды қоршаған биік тас қабырға, шойын қақпа көрініп тұрады. Құртқа, Қараман шығады.

Құртқа (асығыс Қараманды ерте шығып).
Алыста ма, арыстаным қайда жүр?
Қараман
Алыста емес, тақауда тұр тіл күтіп!

Құртқа
Жақын тұрған кісің бар ма қорғанға?
Қараман
Килігем деп кіжініп

Зорға шыдап Орақ тұр
Жазса осы деп жалғанда!
Құртқа
Килікпесін бір өзі,

Тез әкелсін Қобланды!
Басқа түскен қыспақтың
Асып тұрған сор кезі.
Арыстанның аузында

Ажал тосып сәт сайын
Ата-анасы, бауыры тұр!
Таусылғанша амалы
Әреңменен жары жүр.

Тілімді алсын арыстан,
Шаңдатпасын алыстан!
Тақап келіп тап берсін,
Мә, қорғанның кілтін ал. (Қараманға кілт береді.)

Бір күн сейіл еткіз деп
Алшағырдан алып ем.
Бөгелме енді, барың сал!..
Қараман

Кетем, Құртқа, жөнелем,
Көмегіңе бұл жерде
Батыр серік қыз берем!
Құртқа

Қыз? Кім еді ол?
Қараман
Қарлыға!
Құртқа (күлімсіреп).

Айта кетсең нетеді,
Кім деп алам көмегін?
Қараман (о да күліп жазыла беріп).
Қай-ра-қа-а-а-н!

Қалжыраған болса да,
Алжыған жоқ құрдасың.
Қараман ба ед жансыздан
Сыр тартатын бөбегің?

Құртқа (күліп).
Күпті еткенше көңілімді,
Түйіп кетсең нетуші ед.
Қараман

Саспа!
Көкжал болса мен білген
Сұлулардың сендердей
Талайына жетуші ед!

(Қарлығаны ертіп кеп.)
Ал, мен кетемін жөніме,
Шүйіркелесе екеуің
Танысып ап, табысып,

Барың сал да серік бол
Батыр қуған кегіне. (Жөнеледі.)
Қарлыға
Құртқа?!

Құртқа
Қарлыға?!
Қарлыға
Шалғыншы боп келіп ек,

Арманым жоқ жол болса...
Құртқа (Қарлығаны қасына отырғызып).
Айтқаның келсін, Қарлыға,
Осы күнді тілеп ек!

Қарлыға
Аяғаны батырдың
Жебір, жесір жасыған
Қара Қыпшақ ел болса,

Аңырағаны зар тұтып,
Қалың қайғы қажытқан
Қарт ата-ана бір болса,
Аңсағаны жалындап,

Құлықтысы Құртқа едің.
Көзім көріп күйігін,
Шыбын жаным жолына,
Сен тигенше қолына

Құрмалдық болсын деп едім.
Құртқа
Қарыздармын, Қарлыға,
Қайысыпсың қамыстай

Қорлықтағы зарлыға!..
Ұмытпаспын, аямаспын барымды,
Бұл тірлікте шықпаспын
Айнығыш болып алдыңа.

Алғыс деген аз бейіл
Айтқаныммен толмайды. (Күлімсіреп.)
Тағы бар ғой бір жора,
Өзегін берер өр болса,

Өзіңдей жақын көз болса,
Алғыс олай келмейді,
Рас емес пе осыным, Қарлыға?
Қарлыға

Өзім дерлік болсаң сен,
Өзге тілек тілемен!
Құртқа
Ашылса екен маңдайым...

Айықса екен тұманы...
Қарлыға
Алынса екен ер кегі,
Жеткізсе екен қуғаны!

Құртқа
Күпті болған жүректің
Тарқаса екен күмәні!
Қарлыға

Тарқаса екен күмәні!
Құртқа
Тар көңілді арнадым
Талабына батырдың.

Қарлыға
Бар тілегім, бар күшім
Керегіңе жарасын!..

Көклан келе жатады. Зу! Зу! Арзу! Құртқа Қарлығаны қалтарысқа тығады. Көклан Күнікейді ерте шығады.

Көклан (тіміскілегендей құтырып).
Қайда! Қайда! Жайрағыр!
Жау бар жақын, Алшағыр!
Қайдасың сен, Алшағыр,

Жау бар жақын, ес қайда?
Күнікей (жүгіріп).
Шақырайын, шақыртайын бәрін де! (Құлға.)
Шақыр, келтір Бірсімбайды,

Шақыр жылдам Алшағырды! (Құл жөнеледі.)
Қандай қатер, анам-ау,
Қатер жау ма сасқандай?
Көклан (құшырланып).

Есінді жи, секек қыз!
Жіп-жіңішке жол қалды,
Екеуміз-ақ қашқандай!
Қамдан, қамдан, қасыма ер! (Алшағыр, Бірсімбай шығады.)

Жау бар, жау бар, жайрағыр!..
Алшағыр
Қайда? Қандай, қандай жау?
Бірсімбай

Қайдан таптың жоқ жауды?

Көклан (бағанадан жым-жырт тұрған Құртқаның маңын тіміскілегендей құтыра шарлап).

Мұнда, мұнда, мынада,
Монтаны да мынау!
Құлатады басыңа
Қараспандай қу тауды.

Күнікей
Құртқа!
Құртқа (сақылдап күліп, Көкланға).
Алжыпсың ғой, анам-ау,

Мен туарда көрінген
Баяғы ашқан балың ғой.
Көклан
Қайра, қайра, қайырлы,

Қамдан есуас Алшағыр! (Көклан құтырына жөнеледі.)
Алшағыр (ақырып).
Шақыр қолды қорғанға,
Соқтыр соғыс дабылын!

Дүние даңғаза бола бастайды. Әр жерден жүйткіп өткен жасауылдар. Аз толас. Биік қорған басына Қобланды жарқ етіп шыға келеді.

Қобланды (көрінбестен ұрандап келе жатыр).
Қара Қыпшақ!

Қара Қыпшақ! Қара Қыпшақ! (Тұрған қабырғасына шыға келеді. Қасында Орақ және бірінші, екінші қолбасылар.)

Құртқа
А, тәңірім, кең ием!
Алшағыр
Асыр, асыр, асырды.

Қобланды
Мен, мен жеттім, міні, Қобланды.
Шық, шық, қатын болмасаң!
Шық қарсыма, Алшағыр!

Бірсімбай
Жекпе-жекті тілеп тұр.
Пауза.
Алшағыр!

Алшағыр
Ашылсын деп тұрған-ды,
Аярлықпен алдап тұр!
Қобланды

Шық, шық менің қарсыма,
Аюсыған Алшағыр.
Қорқар болсаң жерге кір!
Шық, шық! Жекпе-жек!

Бірсімбай
Алшағыр! Енді қашан, Алшағыр!?
Алшағыр
Шықпасам ба деп тұрмын...

Құртқа
Қарусызға қасқыр ма ең,
Өл, бүйткенше, сен құрғыр!
Алшағыр

Не дейд, не дейд? (Құтырынып.)
Тұр былай!
Асыр, асыр, асырды. (Құтыра жөнеледі.)
Қобланды (қорғаннан сыртқары түсе беріп).

Кел, кел бермен, кел бері!
Көрінбей кетеді. Сырттан жекпе-жек үні келіп жатады.
Көклан
Құртқа! Құртқа, басың, байыңды,

Бақтым, бақтым енді сенімен. (Бірсімбайға.)
Алдаған болса аярдай,
Аямастай жаза кес,
Аянбай кес, Бірсімбай!

Бірсімбай (Құртқаға).
Қасым болсаң қылқұрттай,
Өз обалың өзіңе!..
Құртқа

Ер егесі сол ма еді
Кіжінетін қатынға,
Қарсы барып жау құртпай...
Одан дағы екеуің

Құтылатын қам ойла.
Сырттан Қыпшақтардың қуанған айғайы келеді.
Дауыстар
Жайра, жайрады жау Алшағыр... Алшағыр!

Қобланды (қайта шыға кеп).
Жайрады жауым Алшағыр,
Шық ер болсаң, Бірсімбай!

Бірсімбай (man беріп Құртқаны қармап алып, семсерін сілтеп тұрып, Қобландыға).

Кет қорғаннан, көрдің ғой,
Кетпес болсаң жөніңе,
Жоқ етемін жарыңды!
Алыспай алам жаныңды!

Қобланды
Құтқарам деп елімді,
Жолына айтқам басымды.
Кеш, қош, жарым, жұлдызым,

Қимасам да жанымды,
Қайта басар мен емен.
Қамап тұрған бетімнен
Босатпаймын маңыңды.

Күнікей
Сал ендеше семсерді, Бірсімбай!
Бірсімбай (сермей беріп).

Жойдым міне, жоқ еттім! (Бұл ұра бергенде Күнікей баж етеді. Оны сарт етіп кеп, Қарлыға қармап алған.)

Қарлыға
Аш көзіңді, Бірсімбай,
Оны өлтірсең міні орай! (Семсерін сермей беріп.)
Айрылдың мынау жарыңнан.

Күнікей
Құтқар мені, Бірсімбай...
Бірсімбай
А, мұнда ма едің, мұнда ма едің, сен сайқал,

Келді кезім, келді кезім кек қайтар!
Құртқаны тастай бере, тап беріп Қарлығаға ұмтылады.
Қарлыға
Кел, келіп көр өшіксең!

Кім жеңерін күш айтар.

Екеуі де жекпе-жектің асқан шебері, тілін ұққан алпыс екі айламен алысқандай. Бірсімбай ала алмай жүреді. Сол кезде қақпа сыртында қатты шу. Бір кезде қақпа шалқасынан ашылады. Алда ашып тұрған Қараман.

Қараман
Ұмтыл, ұмтыл, Көкжал, жаның сал!

Қобланды, Орақ, Қараман, бірінші қолбасы ақтарыла кіреді. Қобланды атқып келіп Қарлығаға ұмтыла берген Бірсімбайды алып ұрады.

Қобланды (семсері қолында).
Жояйын ба, Қарлыға?
Қарлыға
Өлтірме, тек байлап ал!

Бұл аямас болса да,
Мен тас емес, қаным бар...
Қобланды
Солай ма еді, Қарлыға? (Орақ пен Күнікей шығады.)

Өлтірме, тек байлап сал! (Келіп құшақтай беріп.)
Айым Құртқа, кел, келші!..
Құртқа (бір ғана сәт тізе бүгіп, Қобландының қолынан сүйіп).
Арыстаным, арманым!

(Деп шапшаң атқып тұрып.)
Азапта жатыр ата-анаң,
Құтқар, құтқар, жүр соған!
(Тарта береді. Орақ жетіп келіп.)

Орақ
Тоқта, Құртқа, айтып бер.
Жаным жеген жарымның
Аямастан бетін аш,

Бар ма, қайда, Қарлығаш?
Құртқа
Жүр, жүр, құтқар айымды!
Орақ, Құртқа жөнеле береді.

Қобланды (қолбасыларына).
Ал, достарым, қайрат қыл,
Қыпшақ, Қият ел қайда?
Қапта бәрің кідірмей,

Амандап қал, алып шық,
Тап бәрін де, азат қыл!
Қайда жатыр, қай-қайда?

Қолбасылары тарай жөнеледі. Жөңкіле тараған өзге серік батырлары білінеді. Өзі Құртқа кеткен жаққа атқи жөнеледі. Сахнада Қарлыға, Қараман, Күнікей қалған. Осы кезде "Зу! Зу! Арзу! Арзу!" деп Көклан келе жатқаны білінеді. Қараман қалбақтай бастайды. Қараман. Қайрақан! Ойбай, Қарлыға, қамың қыл! Мына пәле әлі жүр ме еді алдымда? Маған сенбе, Қарлыға. Менен қайрат кетті де... Бұл неме тағы да ұрмай-соқпай тырайтады. Тырайтады бұл кесел! (Зу-зу, арзу.)

Көклан (құтыра шыға кеп Күнікейге).
Ер соңымнан, салдақы!
Зу! Зу! Арзу! (Деп Қарлығаға қарай сиқырлай қимыл етіп қарсы жүреді.)
Қарлыға (семсерін ала ұмтылып). Құтылмайсың, құтылмайсың, көкдолы!

Қылышын сермейді. Бірақ көзі таңулы кісідей теріс сермеп өтеді. Көклан бір шетке кеткен.

Қараман. Көрінбей кетті-ау... көзіме!
Қарлыға. Көрінбей кетті көзіме! Қайда? Қайда жүр?

Қараман екеуі Күнікейді қоршап алған. Күнікей шырқырап: "құтқар, құтқар" деп бажылдай береді. Көклан өзі сахнаның бір шетінде ақырын "Зу! Зу!" деп жүр. Бірақ бұның зулаған үні Қараман қасынан шығады. Біресе Күнікей қасынан шығады. Соқыр сияқтанып семсерін сілтеп қуған Қарлыға Қараман жаққа сілтеп, соны шаба жаздап жүреді. Қараман. Ой, Қарлыға, ой, мен, мені өлтіремісің! Ойбай, мен... (Деп безектеп жүреді.)

Қарлыға. Қайда кетті, қайда жүр?
Қараман. Қайда кетті, қайда жүр?

Көклан осы кезде "Зу! Зу!" деп ағындап барып қарсы жақтағы тас қабырғаға бар екпінімен періп ұрады да, сол тас қабырғаға батып, жоқ болып кетеді. Мыналар бұл жақта әлі күнге бір күнгідей қамап бос әбігерде жүр. Бір сәтте Көклан тас қорғанның басына атқып шығып алады. Көклан (өзгеше жат бір қимылдар жасап, булыға құтырып тұрып). Зу! Зу! (Дегенде ғана Қарлыға, Қараман қабырғада тұрғанын көреді.) Қараң өшсін, қараң өшсін, Қобланды. Қаптатармын, қаптатармын әлі талай пәлемді! Зу! Зу! Деп алғашқы суреттегідей қара түнде қаптап ұшқан қара құстай лап етіп ұшып, тарай жоқ болып кетеді. Күнікей (соңынан ұмтыла беріп). Құтқар, құтқар, мен қалдым, құтқар! (Деп бажылдайды. Қараман мұны ұстай алмайды.) Қарлыға (қаша бергенде қармап алып). Құтылмайсың, қолымда қалдың сен менің. (Деп ұстай алады.) Қараман. Ұстадың ғой асауды, өзі қандай осының? Бері қаратшы, көрейін. (Көріп айналып.) Қандай сұлу көкайыл еді.

Қарлыға. Қырсықтың ба?
Қараман. Қырсыққаным сондайлық, бір тілек айтайын ба, Қарлыға?
Қарлыға. Айт.
Қараман. Ендеше, сен ұстадың ғой. Сауғаға берші маған олжаңды?

Қарлыға. Сауғаға? Тағы ма?
Қараман. Сол, сол сауғаға.

Қарлыға (күліп). Айтпасыма болмады. Мал мен басты сауғадан-ақ жиған екенсің. Оны берер не сәнім бар. Қараман. Жоқ, батыр қатын. Не теңім, ашулансаң алып ұрып жеп тастарсың бір күні. Одан да осы көкайыл маған қол болар.

Қарлыға. Бұны берсем, азат қой өз басым.
Қараман. Ер еліне, ел жеріне қонар шақта жеттің ғой, азат. Азатсың сен!
Қарлыға. Ал ендеше, мінеки. (Күнікейді Қараман ұстап қалады.)

Осы кезде Орақ Қарлығашты құшақтап алып шығады. Қарлығаш ғазап көрген. Шөлмектей боп жүдеген. Үнсіз тұрған Қараман құшақтап амандасады.

Орақ
Қан кешуден, жазадан
Оралып келген асылым,
Жаным сенің садағаң.

Қарлығаш.
От өткелде ойыма
Ұмытпастай орнап ең,
Жаным бір деп санағам.

Осы кезде Тоқтарбай, Аналық, Құртқаның ортасында Қобланды шығады. Қастарында тұтқыннан қиналған, жүдеп солған көп кемпір-шал. Азаптан сорлаған ел. Барлық жұрттың аузында "Қобланды. Қуанышты Қоблан, құт-қуатым Қоблан" деген алғыс үндер. Қолбасылар қақпадан, бар есіктен тағы бір топ тұтқындарды әкеле береді. Барлық тұтқын "асылым, айым Қоблан, жолың болсын, жарығым, қайдасың, кел құшақтайын, қуатым Қоблан" деп айналасына топтасып, құшақтап, аймалап жүреді. Аздан соң Қобланды жұрттан босана береді. Аналық пен Тоқтарбай, Қарлығаштар, Құртқалар бір-біріне ұмтылған. Бұларды жұрт тағы қоршап аймалайды. Қобланды оқшау тұрған Қараман, Күнікей, Қарлығаға қарай барады.

Қобланды. Мынау кім, қайдан тапқансың?
Қараман. Қарлыға, Қарлығам берді сауғаға.
Қобланды
Бір Қарлыға жетпей ме?

Сауғаға деп сені алған.
Қараман
Күнікейдей көрікті
Көрдім дағы қызықтым,

Тандап алды Қараман,
Мен құтылдым Қоблан сауғадан.
Құтылдым бүгін азат боп.
Қобланды

Солай ма еді, Қарлыға,
Қайырлы болсын ендеше,
Құтылғаның ба шынымен?! (Құртқаға.)
Уа, елім, жұртым, бауырым,

Кетті кесел түнерген,
Жайлана бер жадырап.
Ұмыт енді көрген кездің ауырын.
Мына ордасын дұшпанның,

Бар қаласын қасымның,
Бар бұйымын, асылын
Үлесіп өзің аласың. (Қолбасыларына.)
Айдатып кел жылқысын!

Боз биенің сүтіне
Шомылдырып бар елді
Арылғамын біржола
Жаудан шеккен қайғысын!

(Жұрт мәз, алғыстар. Қобланды ата-анасына жақындап, Құртқаны қасына алып, бас иіп.)

Айналайын ата-анам,
Арманды бір ой бар ед!
Тойы құлап тараған,
Бұзылып кеткен той бар ед!

Шығар үйден барлығын
Көңілдегі алаңның,
Ақтілекпен басташы
Жақсы бір тойын жаңадан

Келінің мен балаңның...
Тоқтарбай. Аналық. Келінің мен балаңның...

Қобланды (Құртқаны ертіп, Қарлығаның қасына кеп). Қонағым бол, қадірменді қонағым бол. Қадірің асқан Қарлыға!

Қарлыға. Қонағың ба? Қонағың ба, Қобланды?
Құртқа. Жаннан асқан қолбасыға жан досы бол, Қарлыға.

Қарлыға. Болдым қонақ, қош тұттым. О да болса сый екен. Аз еді жалқы жарлық.

Қобланды. Қарлыға?
Қарлыға. Болам қонақ, той тойла, той тойла!
Жұрт Той, той! Қайырлы той! Той тойла! Той тойла!..

ШЫМЫЛДЫҚ

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙