TELEGEI

Home

Садық - Сәлиқан

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Садық - Сәлиқан

"Бабалар сөзі" сериясының 25-томына "Анар - Сәуле", "Әнуар - Күләнда", "Садық - Сәлиқан", "Байын - Жүрек", "Салиқа - Сәмен", "Досан", "Нұртаза мен Күнасыл", "Олжа қыз" атты ғашықтық дастандар енді.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН

САДЫҚ – СӘЛИҚАН

Ауызға сөйлей берсе сөз келеді,
Хикая нелер қызық кез келеді.
Бұл дүние – көне сарай, көшкен керуен,
Ауысып бірден бірге өзгереді.

Қызықты қыз бен жігіт әңгімесін,
Сауықшыл жастар көзі тез көреді.
Мақалы ата-бабам бәрі де рас,
“Құлақпен естігенді көз көреді”.

Дүниенің өтетінін білдіңдер ме, 10. Құлаққа білген сөзін ілдіңдер ме?

Адамға жастық – жалын, қарттық – қайғы,
Жас күнде бәрің де ойнап күлдіңдер ме?
“Қажисың, қартаясың” дегендердің
Сөзіне көңіл қойып кірдіңдер ме?

Жас өтер, сауық кетер, кәрілік жетер,
Ойлашы, бір қалыпта жүрдіңдер ме?!
Көрген түс, өткен өмір бәрі бірдей,
Өзгермес өмір тауып сүрдіңдер ме?

Өлмесең, бүгінгі күн баяғы боп, 20. Кейінгі көрінеді бір күндерде.

Қош айтып, разы бол өткен күнге,
Тәрбие аз да болса еткен күнге.
Өсіріп, бізді ұзатып, жолға салып,
Ауысып кейін қарай кеткен күнге.

Біреулер арманына жетіп өліп,
Біреулер зар илеумен кеткен мүлде.
Осындай аума-төкпе замандарда,
Өтіпті екі ғашық өткен күнде.

Жияды үлкейгенде әркім есін, 30. Бір заң бар “ғашық” деген, ел, білесің.

Тыңдасаң сөзді бұзбай, енді айтайын,
Садық пен Сәлиқанның әңгімесін.
Жүрмеді қазақ кімнің қолтығында,
Шықпаған басқа мүйіз – мұжығында.

Қанша жыл Сырдың бойын мекен еткен
Заманның ілгергі бір толқынында.
Сол жерде мекен етіп тұрған байып,
Кеткенше бағы қашан табан тайып.

Есім деген бір байда екі қыз бар, 40. Сәлиқан, Сағымжан деп таңғажайып.

Айтайын сөзді ұзатпай келтелетіп,
Қызығын ұқтырайын ертелетіп.
Қызының бірі он бесте, бірі он үште,
Сәли, Сағи дейді екен еркелетіп.

Ұлы жоқ, екі қыз бар, дәулеті мол,
Бай менен бәйбішенің ермегі сол.
Ешкімге құда болмай жүруші еді,
Байлар келіп айтса да бірнеше жол.

Сәлидің басқа қыздан түрі бөлек, 50. Секілді бойы сандал, шынар терек.

Міні жоқ он төртінде туған айдай,
Ақылды, һәм оқыған аса зерек.
Жайдары мінезі бар ашық-жарқын,
Етпейді басқа қыздай елек-селек.

Қол жетпес әуедегі ол бір алма,
Секілді қара шашы торғын желек.
Уылжып, жаңа пісіп келе жатыр,
Көзге түсер көрікті елден ерек.

Шырын сөз, қарақат көз, күміс маңдай, 60. Дариға-ай, айтып-айтпай неге керек?!

Жас та емес, үлкен де емес, деген бапта,
Қауындай жарылмаған жаңа қапта.
Бір бай бар аты шулы Нұрым деген,
Туысы, жері жақын, басқа тапта.

Нұрымның екі ұлы бар: Садық, Сабыр,
Онда жоқ одан басқа аға-бауыр.
Садығы саспас сабаз, сабырлы ер,
Көреген өткір көзді, мінезі ауыр.

Бала жоқ екеуінен мұнда басқа, 70. Садық та сонда келген он бес жасқа.

Сол бала дүниесін басқаратын –
Өзі ие, мал мен мүлік, ат пен асқа.
Қайын жоқ жүрген еді бұл да бойдақ,
Табылмай өз теңдесі жүрсе де ойлап.

Кезіксе ылайық қыз алайын деп,
Әр жерге көзін салып, жүрді бойлап.
Қайынсыз басы бос жүр Сәли де әзір,
Ойламай еш нәрсені ол да қазір.

Аймақтың ат шаптырып бәрін жиды, 80. Осы елде бір бай өліп болып нәзір.

Нәзірге Садықты ертіп келді Нұрым,
Көрген жоқ Сәлиқанды Садық бұрын.
Ауылдың нәзір берген маңайында,
Есімнің ауылы отыр анақұрым.

Әдеті қыз баланың бар емес пе,
Бұлақтан су таситын кешкітұрым.
Садықтың жүрегіне түсті бір от,
Судан қайтқан Сәлиқанның көріп түрін.

Сәлиқан төрт-бес қызбен судан қайтқан, 90. Ән салып, баяулатып өлең айтқан.

Шолпандай қалың жұлдыз ішіндегі,
Толықсып, нұрдай балқып келе жатқан.
Маралдың бұзауындай бауыры жарап,
Жел тұрып қара шашы қойған тарап.

“Қайсы үйге кіреді деп, қайда барып”,
Тесіліп Садық арттан тұрды қарап.
Садықты қыз да көріп тұрып кетіп,
Тулады жас жүрегі дір-дір етіп.

Оң қолын жүрегіне басты-дағы, 100. Сілтеді тауға қарай әлдене етіп.

Аяңдап Сәли жетті үйге таман,
Бұзылды Садық көңілі тіпті жаман.
Мұндай жан болады екен деп таңырқап,
“Аһ” деді қыз көрінбей кеткен заман.

“Болсаң да ханның қызы сені алайын,
Келмейді осы күнде неге шамам.
Жолыңа жаным құрбан болса-дағы,
Тұрмаспын бұл дүниеде сенсіз әман”.

Әкетіп өртегендей жүректері, 110. Дірілдеп буын-саусақ, білектері.

Не қылсаң да жарға қос деп, Жаратқан,
Құйылды бір-ақ жерге тілектері.
Кеш болды, қас қарайып күн де батып,
Ас ішпей намазшамда қалды жатып.

Таң атса көрем бе деп дөңгелеумен,
Бір кезде көзі ілінді сіле қатып.
Таң атып, тауық шақырар мезгілінде,
Төсектен шошынғандай тұрды атып.

Қимасын сыртқа шығып тұрды қарап, 120. Көрмеген жан қайғысы жанға батып.

Аздан соң ел де тұрды, күн де шықты,
Қасірет жүректегі болды мықты.
Жайлауға Есім сол күн көшпек еді,
Ат ұстап, түйе қомдап, үйін жықты.

Садықтың өңі кетіп, қаны қашып,
(Сыр емес шығаратын сыртқа шашып).
Нұрым кеп “не болды?” деп сұраса да,
Айтпады ұялғаннан сөзін ашып.

– Білмеймін, ауырып тұр, – деді, – басым,

130. Қалдырып іше алмады берген асын.

Деді де: “Аһ, дүние”, теріс айналып,
Еріксіз егіліп кеп төкті жасын.
Нұрымның көзі алақтап, есі кетіп,
Баласын екі көзі тесіп өтіп.

Ақырын сыртқа шығып қарап еді,
Есімнің барады екен көші кетіп.
Жүдеген баласының көріп түрін,
Кетуге ат ерттеді шығып Нұрым.

Қарасын Садық байқап көре алмады, 140. Екі қыз көш алдында кеткен бұрын.

Садық кеп: – Бүгін тоқта, атам, – деді,
Науқасым емес онша қатаң, – деді.
Бой жазып, атқа мініп, қырға шығып,
Тамақты суып ішіп жатам, – деді.

“Құп” деді баласының сөзін тосып,
Ағып жүр Нұрым жасы көзден жосып.
Мінгізіп боз жорғаға Садық салды,
Қасына бір жігітті берді қосып.

Киініп асыл киім, белін буып, 150. Сыланып, сыртын түзеп, бетін жуып.

Аттанып шалқар түсте боз жорғамен,
Артынан Есім көшін кетті қуып.
Көк майса, жасыл текше түсті жолға,
Заулады запқы тастай қос боз жорға.

Кезінде қазақ бесін күн еңкейген,
Соңынан қалың көштің жетті зорға.
Келеді сергелдең боп бір қыз үшін,
Сарып қып жар жолына қуат-күшін.

Білмейді көші қайсы, қалайманда, 160. Тоқтатып көрген де емес қыздың түсін.

Көргенше Садықта жоқ сабыр, тұрақ,
Жас бала тіс қақпаған, балдыр құрақ.
Көшкен кім қасымыздан деп болмаса,
Алсасы аттанарда атын сұрап.

Көш те көп, көш шетінде қыздар да көп,
Келмей жүр басқа қыздар Сәлиге дөп.

– Ауылдың нәзір берген бас жағынан,

Сұрап жүр: “Осы бүгін көшкен кім?” – деп.
Білмейді жер жадысын тау мен сай көп,

170. Әуенің асты қуыс, барар жай көп.

– Аты кім, жұмысың не, кімді іздейсің? –

Ол жерден, – дейді, – бүгін көшкен бай көп.
Тұруға сабыр қылмай көп сөз теріп,
Оларға былайша деп жауап беріп:

– Нәзірге келіп жатқан мейман едік,

Кетіпті жылқысына бір ат еріп, –
Деді де жөнеледі көштен озып,
Делебе әбден шалқып, алды қозып.
Арасын қатын, қыздың көктей заулап,

180. Жалтақтап лашындай мойын созып.

Ешкімнен енді тіктеп сұрамады,
Әлгіндей жауап берді сұрағаны.
Не сықылды келеді кербез қыздар,
Ешбірі көңіліне ұнамады.

“Сабылтқан қара тер қып қос боз атын, –
(Таңырқап көште көрген қыз бен қатын)
Жұмысы бір қысылшаң болу керек,
Жаратқан жан екен деп артық затын”.

Қарайды көз айырмай көрген қыздар, 190. Сәулеті перизаттай, жүрісі ызғар.

Толықсып аттан ауып кете жаздап,
Талай қыз талмаусыды – имансыздар.
Келеді жол шетімен сырқыратып,
Түтін қып, шаң-тозаңды бұрқыратып.

Үкілі, сап жорғалы топ-топ қыздар,
Қуалап бірін-бірі тырқыратып.
Оларды ағындап кеп аралайды,
Тізесін соғып өтіп саралайды.

Ішінде ғашық жары болмаған соң, 200. Бетіне екі айналып қарамайды.

Қарайды басқа қызға несін енді,
Еңкейді намаздыгер болып, бесін енді.
Шұбалып Көкқайқыға ілінгенде,
Есімнің жақындады көшіне енді.

Артынан жетті қуып қыздың көшін,
Бір-екі малайымен бәйбіше, Есім.
Қызсыз көш, танымайды өте салды,
Қарайды қыз болмаса оған несін.

Жүрегі сабыр таппай дүрсілдеді, 210. Шақырып Есім оған: – Кімсің? – деді.

– Иен жер бұдан былай, елсіз жайлау,

Асығып, нағып сасып жүрсің? – деді.
Қасына келіп тұрды сәлем беріп,

– Біз жатқан жолаушы едік асқа келіп.

Таңертең қасымыздан көшкен елге,
Кетіпті аяғынан бір ат еріп.
Ей, ата, өзің көштің бүгін қайдан,
Атымды енді іздеймін қандай жайдан?

Жиделі түбектегі матай едік, 220. Нұрымның баласымын, атам Найман –

– Атыңнан айырылыпсың қоймай байлап,

Мекенім Ағашоба жүрген жайлап.
Білмедім, ілесті ме? Жылқы ілгері,
Балалар кетіп еді бұрын айдап.
Көккерде жүре берсең жылқы жатыр,

Балалар тіккен шығар жұртқа шатыр.
Бар болса, жоқ болса да қайта алмайсың,
Асықпай мейман боп кет бүгін, батыр.
Жылқы ізі көк шалғында жатыр жосып,

230. (Балалар әкетті ме білмей қосып.)

Бар шығар балаларда қымыз, сусын,
Соны ішіп отырыңдар көшті тосып.

– Мақұл, – деп боз жорғаға қамшы басты,

Заулады жібергендей зақпы тасты.
Намаздыгер намазшам арасында,
Көккерде көп жылқыға араласты.
Жылқыны аралады ары-бері,

Шатырды тағы көрді Садық сері.
Жотада қыз да үмітпен тұрған атшаң,

240. Осы еді қол сілтеген болжал жері.

Сәли қыз ат ойнатып қарсы салды,

– Кімсің? – деп, – аралаған жатқан малды.

Жылқының шаршап келген шырқын бұзып,
Әлде бір ұрымысың, – деді, – ажалды?
Сөйледі сонда Садық: – Шалқыма қыз,
Қараңыз айтар сөздің артына, қыз.

Жылқыңа қос атымды қосып айдап,
Еліңнің ылайық па салтына, қыз.
Алған ұры бола ма, іздеуші ме –

250. Қалайша жауап қылдың алқына қыз?

Адамның аңғалы деп ойладың ба?
Қарасам тәуір екен қалпыңа қыз.

– Ей, мырза, ыза болма әзіл сөзге,

Айтпаймын әзілімді көрсең өзге.
Жылқымда атың түгіл, бөтен тай жоқ,
Түспей ме болса егер біздің көзге?
Қарай бер ілескен жоқ сенің атың,

Байқадым жан екенсің артық затың.
Жетпей ме жолаушыға бір ат мінсе,

260. Ол атың артық еді не қылатын?

– Ханыша, сенің ызаң өтіп отыр,

Артыңнан құрбың қуып жетіп отыр.
Бола ма екі ат артық азаматқа?
Атым түгіл, адамым кетіп отыр.
Ойлашы, не ойлап ең кеше кеште?

Әлі жүр ишаратың біздің есте.
Екі күн еру болмай ең болмаса,
Келеді талай кегім осы көште.

– Ей, мырза, асықпасаң тарқар кегің,

270. Еңбек қылмай егіліп шықпайды егін.

Атың кім, қай жерліксің, қайдан келдің,
Ұқтыршы кім болады ата тегің?
Матаймын, затым Найман, әкем Нұрым,
Құйыпты жеті атама Қызыр нұрын.

Нәзірге өзің көрген сауын айтып,
Бізге де хабар барған жазғытұрым.
Атым – Садық, шығамын он бес жасқа,
Құмар едім өзіңдей қаламқасқа.

Көрдім, түсті жүрекке махаббатың – 280. Енді менің жарым жоқ сенен басқа.

Бұдан басқа сөзім жоқ саған айтар,
Мен емес өліп кетсем серттен қайтар.
Менің үшін, сен не дейсің, ынтам осы,
Атың кім, қайсы тапсың, жауап қайтар?!

– Әкем – Есім, ұраным – Қаракесек,

Иесі жоқ қалың мал – арам есек.
Есімнің ұлы да мен, қызы да мен,
Өзің көрген дүние маған есеп.
Атым Сәли, он беске келді жасым,

290. Сенсіз маған тарамас ішкен асым.

Артымда бір жеткіншек бауырым жоқ,
Дүниені айтып-айтпай не қыласың?
Өсіп ем ерке болып қолды сермей,
Ешкімге қойып еді әкем бермей.

Орнады жүрегіме сенің отың,
Тұра алман енді тірі сені көрмей.
Кетерсің, шатырға жүр бүгін қонып,
Тұр едім келе ме деп сені шолып.

Сіңілім бар аты – Сағи, екеу-ақпыз, 300. Айтармын басқа арманды кешке толық.

– Ей, Сәли, арман қылма бауырым жоқ деп,

Жиренбе дүниеден “бекер боқ” деп.
Айтқаны бұрынғының бар емес пе,
“Мал – бір жұттық, батырың – бір оқтық” деп.
Менде де бар көп емес жалғыз іні,

Білінер аздығынан ердің міні.
Екі қыз, екі ұл болып баға аламыз,
Нұрымды Есімменен сөздің шыны.
Шатырға осыны айтып келіп түсті,

310. Бұлардың уәдесі болып күшті.

Бір болып өлсе шұңқыр, шықса төбе,
Жалынды жас жүректер алды да ұшты.
Жылқышы екі жігіт барлығы алты,
Қалған жоқ айтылмаған сөздің қалты.

Отырды сұхбаттасып, қымыз ішіп,
Бір жерге тоқтағандай істің шарты.
Мұңдасты екі ғашық қамын жесіп,
Көш келді намазшамда шалғынды есіп.

Дем алып, жаппа тігіп отырысты, 320. Шөгеріп түйелерін, жүгін шешіп.

– Бар ма екен, атың, – деді, Садық бала,

Бұл елдің біз көшіп ек алдын-ала,
Ешкім жоқ бұдан былай бәрі кейін,
Таңертең көш тастамай қайта қара.
Соны айтып, біраздан соң сойды малды,

Бәрі жеп ет пысқан соң тойды да алды.
Көтеріп көрпе, жастық Сәли сұлу,
Апарып көк майсаға төсек салды.
Жаппада – бай, бәйбіше, қонақ – сыртта,

330. Малайлар күзетте жүр жаңа жұртта.

Төсегі екі қыздың ақ шатырда,
Бағана жөндеп қойған оны ымыртта.
Сәли жүр төсек салып, бұраң қағып,
Басына бұлғақтатып үкі тағып.

Төсекке салып жатқан Садық келді,
Табылды іздегені жатсын нағып.
Жолдасы ат қойып жүр алып ерін,
Төсекке жалғыз келді Садық серің.

Мұңдасып екі ғашық құшақтасып, 340. Шығарып жатыр айтып ішкі шерін.

Қыз айтты: – Біраздан соң ұйықтайды ел,
Тоңасың мұнда жатсаң, соғып тұр жел.
Бұл жерде қалған сөзді тоқтатайық,
Жатқызып жолдасыңды шатырға кел.

Лапылдап сөз айтылмай жүрек күйіп,
Бірінің ойлағанын бірі түйіп.
Ендігі сөз шатырда болмақ болды,
Ажырасты ауыздан бір-бір сүйіп.

Ерін алып ағашқа мықтап байлап, 350. Жолдасы жатты келіп атты жайлап.

Шатырға Садық жүрді ел жатқан соң,
Көз салып төңірегін бір абайлап.
Кіріп келсе Сәлиқан отыр жатпай,
Кереуетке сүйеніп кірпік қақпай.

Еш нәрседен хабарсыз Сағи жатыр,
Сөз бастады Сәли қыз оны оятпай.
Лүпілдеп сөз айта алмай шертіп жүрек,
Оралғандай мойынға суық білек.

– Ақыреттік жар болсаң, Алла қосқан,

360. Садық, саған үш түрлі қоям тілек.

Берем десең, айтамын тілегімді,
Ұстат оң жақ, бердім деп, білегіңді.
Сабырланып жауап бер саспай, жайлап,
Тоқтатып қызуланған жүрегіңді.

– Жаным-ау, асқа келіп сені көрдім,

Тастай көшіп кетсең де соңыңа ердім.
Үш емес, үш жүз тілек тілесең де,
Жаным, тәнім сенікі түгел бердім.
Менің сертім, уәдем, міне – қолым,

370. Арманым жоқ, өлсем де болды жолым.

Ант емес құр бос сөз, уәде емес,
Артым дүмді, келешек кең ғой мүлдем.
Сонда Сәли құшақтап, аузын сүйіп,
Лебізі беттеріне оттай тиіп.

Шалқаласып кетеді, жанталасып,
Буын босап, аққудай мойынын иіп.

– Ішке қайғы бүйтер ме ең, жинамасаң,

Тілегімді берер ме ең, сыйламасаң.
Ең бірінші тілегім: осы түні

380. “Аманатты” алам деп қинамасаң.

Бұл мүбәрәк бірінші, тұңғыш түн ғой,
Шын тілекпен өткізер Қадір түн ғой.
Ер жігіттің бар тірегі нысап, сабыр,
Шын жүрек, таза тілек бізге сын ғой.

Ата-анамды екінші, зарлатпасаң,
Ренжітіп, кейітіп, қарғатпасаң.
Менен қалып Сағижан не болады?
Көзден жасын сорлының парлатпасаң.

Қарыздары қалмасын деймін бізде, 390. Жатып алмай, барған соң жарыңды ізде.

Ең ақырғы, үшінші тілегім сол,
Ашық келіп, құда түс осы күзде.
Інің менен ертіп кел атаңды алып,
Құда түсіп, мал сойғыз, батаңды алып.

Неке оқытып қосылсақ, Құдайға жөн,
Қашқын, кезеп, некесіз атанбалық.
Қашып-пысып жол таппай қолға түсіп,
Арманда боп байланып, маталмалық.

Өйтіп қолға түсірсе, өлтіреді, 400. Біздің елдің мінезі қатаң халық.

Құдалыққа көнбесе, сермерсің қол,
Алдарынан бір өтіп, армансыз бол.
Епті жігіт бар шығар елдеріңде,
Талаптанып, талпынып, табарсың жол.

Осы менің тілегім айтып тұрған,
Бір сөзінде тұра алмас Тәңір ұрған.
Жаным, тәнім – сенікі, Құдай қалыс,
Шыбын жаным жолыңда болсын құрбан.

Желмен бірге желбіреп торғын шатыр, 410. Дел-сал болып, езіліп Садық жатыр.

– Тілегіңнің бәрін де бердім, – деді,

Айтқанынан қайтпады есіл батыр.
Сәли жылап аузынан тағы сүйді,
Қылығына бойы еріп, іші күйді.
Таймас болат, табанды қайтпастығын,

Сырын алып, сипатын жүрек түйді.
Сағижанды оятып, жақты шамын,
Жас жүректің ғашықтар жеген қамын.
Бастан-аяқ ұқтырды сіңілісіне,

420. Бағанадан қандай сөз, не болғанын.

Мынау сенің жездең деп таныстырып,
Көрді екеуін азырақ жаныстырып.
Қуаныш қып сыртынан тұрды күліп,
Жездесі мен балдызын алыстырып.

Кірпік қақпай Сәлидің көзі тесіп,
Қымыз ішіп, азырақ тоқаш жесіп.

– “Мынау – белгім, ұмытпа”, – деді-дағы,

Іштен киген мешпетін берді шешіп.
Міне, ғашық жандардың көр қызығын,

430. Ебін тапқан көреді ер қызығын.

– Өз көзімдей көріп жүр, – деді-дағы,

Берді Садық суырып, мөр жүзігін.
Балдызы оған бір торғын жаулық беріп,
Маңдайынан бір сүйді аузын керіп.
Балдызының жаулығын Садық алды,

Бірін-бірі қия алмай жүре еріп.
Күзде келмек уәде болды қатты,
Бұлбұл сайрап, бозарып таң да атты.
Қол алысып, сүйісіп, қош айтысып,

440. Төсегіне келді де Садық жатты.

Тұрып отқа жолдасы атын қойды,
Өзінше ол да ойлап жүр әрбір ойды.
Күн шыққан соң шақырды шай ішуге –
Итарқаның астында асқа тойды.

Даярланып жүруге ерттеді атын,
Көзі қимай Сәли жүр асылзатын.
Түсін бұзып, көзіне жасын іркіп,
Шыны ғашық білдіріп махаббатын.

Атасы мен қош айтты енесіне, 450. “Алла, аман көріскіз”, – деп келесіде.

Зорға басып аяғын шықты Садық,
Өртеніп от кеткендей денесіне.

– Мен де есіме атыңды алам, – деді,

Болма енді ат үшін алаң, – деді.
Сәли менен Сағиға тысқа шығып,
Мейманыңды аттандыр, балам, – деді.
Жүгіріп кеп Сағи қыз есік ашты,

Қош айта алмай Сәли де төкті жасты.
Қарағайды перде қып, елжіресіп,

460. Екі ғашық сүйісіп, құшақтасты.

Сәли қыз деді: – Садық, қош айтқаным,
Шын ынтам, емес саған бос айтқаным.
Ата-енеме сәлем де, Сабыржанға,
Көкейіңнен шықпасын осы айтқаным.

Сағи жылап Садықтың ұстап қолын,
Айырмаған жас бала оң мен солын.
Садық жылап бетінен сүйген шақта,
Әрең айтты: – Болсын, – деп, – Аға, жолың!

Жылап Садық: – Қош, – деді, – жар мен балдыз, 470. – Ата-анаңды кейітпе, – деді, – жалғыз.

Осы күзде өлмесем, бір келемін,
Мені ұмытар дегенді естен қалғыз.
Садық сүйдеп әреңге атқа мінді,
Жастар сырын жолдасы әбден білді.

Ат үстінен еңкейіп, еңіресіп,
Сілекейін жұтысты, сорып тілді.
Қош айтысып, ат мойынын бұрып қалды,
Екі қыздың буыны құрып қалды.

Қарай-қарай артына Садық кетті, 480. Сағи, Сәли еңіреп тұрып қалды.

Садық қалай ат басын тарта алады,
Естен танып Сәли қыз шалқалады.
Қайың, терек, қарағай перде болып,
Ғашықтарды саяға ап қалқалады.

Еңіресіп айырылды екі ғашық,
Кетті Садық көрінбей белден асып.
Бір қарап ап артына жасын сүртіп,
Боз жорғаға жөнелді қамшы басып.

Әкесіне бесінде келді жетіп, 490. Сұрады: Жоғалдың, – деп, – қайда кетіп?

– Ауасы жақсы жерге қонып едік,

Жазылып қалдым, – деді, сылтау етіп.
Баласы сауыққанға қуанды көп,
Білмейді қызға барып уанды деп.
Ертесі елге қайтып кетті бұлар,

Етті жеп, оқыды да Құранды көп.
Күз болса арманынан бұлар шықпақ,
Досты өсіріп, дұшпанның көңілін жықпақ.
“Ауызыңнан күзге дейін шығарма” деп,

500. Жолдасын Садық мырза қойды мықтап.

Дүркіреп сауықпенен көңілі өсіп,
Ауылға келіп жетіп, желдей есіп.
Арасы Садық – Сәли бес күндік жол,
Бұлар да жайлауына шықты көшіп.

Көктеуден бұлар көшіп кеткен кезде,
Арада он шақты күн өткен кезде.
“Қалмақпен соғысамыз, қамдансын” деп,
Жайлауға хабар келді, жеткен кезде.

Күш жетсе бірін-бірі қоймайды аяп, 510. Қалды ауылда кәрі шал, жітік-саяқ.

Қалмақпен қарсы шығып соғысуға,
Аттанды еркек қалмай тайлы-таяқ.
Ту байлап, ұран салып, қарсы шауып,
Біреу ұшып, біреулер аттан ауып.

Бір жарым ай соғысып жеңісе алмай,
Шегінді екі жағы қырын тауып.
Көрім, Садық қайтып аман келді,
Кім жақсы, мәлімсіз кім жаман болды.

Ауылда боп жарым айдай дем алғанда, 520. Тағы қалмақ жетті деп хабар келді.

Бірі қалмай аттанды қазақ тағы,
Қиян-кескі соғысты екі жағы.
Бес жүз қазақ қалмаққа тірі түсіп,
Қазақ жақтың жеңіліп сынды сағы.

Қалмақ байлап оларды алып кетті,
Үйді-үйіне тарасып халық кетті.
Баласынан адасып Нұрым келді,
Сол бес жүздің ішінде Садық кетті.

Нұрымға қалды түсіп ақыр заман, 530. Баласынан айырылып болды жаман.

Жерді берсе адамын қайтарам деп,
Қалмақтардан хат келді күзге таман.
Бұл әңгіме қазаққа ермек болды,
Талас жерін қалмақтың бермек болды.

Адамдарды тапсырып, жерді алуға,
Қанша қалыс қалмақтан келмек болды.
Қазақ жағы үй тігіп, малды сойды,
Адамы кеп қуанып, қылды тойды.

“Қолың жетсе, тартып ал”, деді-дағы, 540. Айтқан жерін қалмаққа бермей қойды.

Жер алам деп адамын алып кепті,
Бермей қойып қазақтың қорлығы өтті.
“Қазақ, бәлем, асықпа қылармын”, – деп,
“Екін оқсын” деді де қалмақ кетті.

Ызаланып соныменен қалмақ кетті,
Келістіріп қазекең алдап кетті.
Он бес күнге жетпей-ақ, соғысуға
Он екі мың қалмақтан солдат кепті.

Соғысқа ешкім шықпай қала алмады, 550. Бұл жолы онша зиын сала алмады.

Қазақ тауға сүйеніп жатып алды,
Тағы бір ай соғысып ала алмады.
Келер жазда келуге қайтты қалмақ,
Не қылса да қазақтың жерін алмақ.

Қос қара сан оқ өтіп, қалың еттен,
Жаралы боп, Садыққа түсті салмақ.
Жарадар болды Садық қалмақ атып,
Жар қайғысы бір жақтан жанға батып.

Дәрігерге көрсетіп қозғала алмай, 560. Төсек тартып біржола қалды жатып.

Жарын ойлап, кетеді жасы зырлап,
Қапалық жатты күйіп, ішін тырнап.
Асқынып жазылмады, күз айналды,
Жарықшақтап сүйекті кеткен қырнап.

Кеп еді осы күзге әрең жетіп,
Жеткізбей қойды Тәңірім жаралы етіп.
Қазан айы кезінде келмекші еді,
Қазан түгіл, қараша барады өтіп.

Көтереді, жүру жоқ, құры басты, 570. Зарлы қылды Тәңірім есіл жасты.

Бірге барған баяғы жан жолдасын
Бір күні шақырып ап, ақылдасты.
Шақырып, оңашада қасына алып,
“Қайтерміз” деп отырды ақыл салып.

Жасынан тәрбиелеп өзін баққан,
Жиырма бес жаста еді аты – Мәлік.

– Ей, Мәке, бірге өсіп ем бала жастан,

Жерің жоқ кемшіл болған ат пен астан.
Сәлиді осы күзде бір көре алмай,

580. Өстіп-ақ кеткені ме заман бастан?

Жатырмын екі түрлі қайғы тартып,
Тамақ сау, дертім қапты жерді тарпып.
Бір хабар қаралында қыла алмасақ,
Жүргенше “жігітпін” деп өлген артық.

Шығарма сырды сыртқа, аузыңды жап,
Келмейді іс орнына дегенмен “қап!”.
Денің сау, жасың үлкен, көргенің көп,
Болады қалай қылсақ, ақылын тап?

– Садықжан, айтқаныңды құп қылайын,

590. Бұйырса, Сәли қызға жұп қылайын.

Не “бар” дер, иә бастап өзі барар,
Әкеңе бастан-аяқ ұқтырайын.
Көнбесе егер әкең, қырсық шалып,
Тәуекел деп кетемін жалғыз салып.

Ахуалды ұқтырып, күн кеңітіп,
Не қылсам да келемін хабар алып.

– Мейлің, – деді, Мәлік кеп айтты шалға,

– Найманда қыз жоқ па екен, – деді ол, – малға?

Әперем жазылған соң өзім таңдап, 600. Айтып қой, – деді, – барып жынды салға!

Сол кезде Мәржім тұрып: – Нұрым, – деді,

– Өзі сүйген қызы екен бұрын деді.

Кімді сүйсе сындырмай әпер сағын,
Жарамайды тартынсаң мұның, – деді.
Арғынға ат жетпей ме, болса да алыс?
Өзі барып болыпты қызбен таныс.

Үкі тағып келеді, басын байлап,
Мәлікті ертіп, бір-екі жібер қалыс.
Талабынан қоя бер жасты тыймай,

610. Дүниені отыр ма көзің қимай?

Қалмақ алса қабырғаң қайыспай ма,
Жатқан малды қайтесің жерге сыймай?
Балалар жас, өзің де боп қалдың шал,
Менің айтқан сөзіме құлағың сал.

Екі әлемде, кәпір сен, оңалмассың,
Садық пенен Сабырдан аясаң мал.
Қой қатын, қой деген соң, алсаңшы тіл,
Қыз іздейтін заман ба биылғы жыл?

Сенің ісің болмасын мал мен жанда, 620. Ас пісіріп, иірген жібіңді біл.

Ағаш оба алыс жер, арасы тау,
Алып кетсе қайтесің, аңдыған жау?
Балаларды қыздырмай жайыңа жүр,
Отың жағып, бие мен сиырды сау.

Шығып кетті соны айтып Нұрым батыр,
Қайғыланып бұл күнде Садық жатыр.
Мәлікті ертіп Садыққа Мәржім келді,
Тігіп берген оңаша торғын шатыр.

– Әкеңді, қарғам, Тәңір алсын, – деді,

630. Ата болмай адыра қалсын, – деді.

Бір атқосшы қасына жалдап алып,
Мәлік өзі арғынға барсын, – деді.
Екі жамбы берейін, екі ат алсын,
Еш адамға білдірмей кетіп қалсын.

“Жазылған соң келеді деп келер жазда”,
Үкі тағып, келінге хабар салсын.
Сөзіне Садық жылап анасының,
Қарашы ақылының данасының.

Мейірбан ана шіркін еңіреді, 640. Иіскеп маңдайынан баласының.

Мәлік шықты, бір жолдас тауып алды,
Екі жамбы қоржынға Мәржім салды.
Жылқыдан екі жорға жетекке алып,
Еш адамға сездірмей кетіп қалды.

Жүр еді Сабыр сонда жылқы бағып,
Зеріксе аң қуалап, түлкі қағып.
Емшектес Садықпенен он төрт жаста,
Аға – ауру, келеді ұйқы нағып?

Жұмысты айтқан Мәлік бастан-аяқ, 650. Жасырып бірін шала тастамай-ақ.

“Тез бар” деп екі атты ұстап өзі берген,
Садықтан керегі жоқ дүние аяп.
Садықты ойлап, кейіп жүр Сабыр әрең,
“Кімге пайда қылар деп бес күн әлем”.

Өзім ертіп барамын, жазылған соң,
Үш қайтара жеңгеме, – деді, – сәлем!
Алла деп, жолға түсіп Мәлік кетті,
Неше қырқа, сай-сала таудан өтті.

Ел жайлаудан еңкейіп қалған екен, 660. Бес қонып ел шетіне келіп жетті.

Жол сұрап, жолдағы елден сусын ішіп,
Ел жайлаудан қалыпты қайта түсіп.
Бір суық сөз естіді жолдан сұрап,
Есім жазда кетті деп садаққа ұшып.

– Қазақтан өлді талай батыр, – дейді,

Аяғы неге соғар, ақыр? – дейді.
Есімнің мал мен мүлкін ағайыны,
Үлеске саламыз деп жатыр, – дейді.
Өлтірді Есім байды биыл қалмақ,

670. Екі қыз, бір қатынға түсті салмақ.

Жыл уағы толған соң – келер жазда,
Үлесіп ағайыны түгел алмақ.
Мұны естіп Мәлік батыр кейіді көп,
Жұмысым енді қандай болады деп.

Есімнің ауылы мынау деді біреу,
Ренжіп келе жатса уайым жеп.
Айналып мама ағашқа келіп түсті,
Сығалап Сәли танып тұра ұшты.

Жыласып, амандасып, көңіл айтып, 680. Деп жатыр: тағдыр ісі қандай күшті.

Өтешек өстіп жүріп аз күн өмір,
Ешкімді алмай қоймас дүние жемір.
Көрісіп, қол берісіп отырған соң,
Жұпарға Құран оқып, айтты көңіл.

Танысты амандасып, жөн сұрасып,
Қайғы басып жүргендер тұнжырасып.
Сонда көрген Есімің енді жоқ деп,
Қайтадан тағы да алды бір жыласып.

Қаза болды жетінші айда, – деді, 690. Бұл дүниеден жоқ екен пайда, – деді.

Сәли сұлу тықыршып шыдай алмай:

– Жазда келген жолдасың қайда? – деді.

– Көңілің әкең өліп қараланды,

Жалғыз Алла жаратты бар адамды.
Сол соғыста оқ тиіп қара саннан,
Садық мырза жаман боп жараланды.
Жатыр зарлап жүре алмай, “жалғыз жар”, – деп,

Бұл өмірдің ойлаңдар жолы тар, – деп.
Осы жақта бір зәру ісі болып,

700. Өз орнына жіберді мені “бар” – деп.

Сүйегі аман, оқ өткен қалың еттен,
Қаны қашып жүдеді екі беттен.
Дәрігер бағып жатыр, біраз жақсы,
Жұмысына мен келдім сол себептен.

Жұпар оны ұққан жоқ, не біледі?
Аңқаусыман, мінезі кеңір еді.
Теріс айналып, Сәли қыз тысқа шығып,
Белбеу салып мойынына еңіреді.

– Әкем өліп, бауыр жоқ, қалдым жетім,

710. Тағдыр, саған жақпайды қай ниетім?

Сүйгеніме жалғанда қосылмасам,
Садықты алсаң, мені де ал, Құдіретім.
Дастарханды шай ішкен Сағи жиып,
Ол да отырған әреңге үйге сыйып.

Сәлиқанның қасына келді-дағы,
Ала алмады өксігін ол да тыйып.
Сағи айтты Сәлиге: – Есіңді жи,
“Жазылады” деді ғой, жасыңды тый.

Тәуір болып қалды деп айтып отыр, 720. Жүр, жыламай қонақтың қымызын құй.

Соны айтып, көңілін басып үйге жүрді,
Сәли, Сағи екеуі қабат кірді.
Қыздарының қызарған көзін көріп,
Бір хикмет барлығын Жұпар білді.

Қымыз ішіп отырды, батты күн де,
Мәлік, Сәли сөйлесті іңір түнде,
Сөздің шынын Жұпарға айтпақ болды,
Бастан аяқ барлығын түгел мүлде.

Отырғанда кеңесіп, ішісіп шай, 730. Деді Мәлік: – Құлақ сал, ей, бәйбіше-ай,

Жаздағы, күздегісін түгел айтып –
Не дейсіз деп, Жұпарға сөйледі жай.
Жұпар айтты: – Жақсы орын тапсам болды,
Елге аштырмай етекті жапсам болды.

Сәли менен Сағиды армансыз қып,
Өзім жанды солармен бақсам болды.
Шығармаңдар бұл сырды сыртқа шашып,
Жаз шыққан соң кетелік ептеп қашып.

Мүлкін бөліп Есімнің аламыз деп, 740. Жалмауыздар даяр тұр аузын ашып.

Екі атыңды алып қайт, қалсын жамбы,
Атты алмады демеңдер, күмісті алды.
Өзің бізден айдап қайт он шақты ат,
Көшсек, қайда тастаймыз мына малды?

– Олай емес, құдағи, күдер үзбе,

Бір ауыз сөз айтайын тыңда сізге.
Тышқақ лақ қалдырмай әкетеміз,
Бірінші Алла, екінші сенсең бізге.
Жазға салым қоныңыз елді шеттеп,

750. Хабар алып тұрамыз тағы да ептеп.

Жігіт жиып, сайланып, жабдықтанып,
Әкетуге келеміз бір-ақ беттеп.
Абысындар сырласып келген шақта,
Аузына ас, астына қойып мақта.

Ести берсін, ертеден сөз қыла бер,
Қайны бар деп Сәлидың найман жақта.
Осыны айтып жатысты, тамағын жеп,
Екі қонды, жатпады жайланып көп.

Қош айтып, сегізінші күн ат ерттеді, 760. – Саламат тұр, біз енді қайтамыз, – деп.

Екеуіне мінгізді екі жақсы ат,
Сәлем-сауқат, тағы да жаздырды хат.
Атын алып, жамбыны сонда тастап,
Мәлік кетті деді де: “қош, аман жат”.

Екі атын тастамады, ырым қылды,
Құдағидың сөйлесіп, сырын білді.
Ауылына бесінші күн Мәлік келді,
Бұлардың қып жүргенін Нұрым білді.

Мәліктер аттан жерге түскен заман, 770. Сұрасып болмай жатып есен-аман.

– Қайда бардың, атың не жетелеген?

Деп сұрады түнеріп, Нұрым надан.

– Тыңдасаңыз айтайын құлақ салып,

Мәлік батыр сөйледі бөркін алып.

– Садықжанның жұмсаған әмірімен,

Қаракесек – Арғынға келдім барып.
Айтпағанмен қоймайсыз мені қысып,
Бар деген соң жөнелдім құстай ұшып.
Есім байдың қызына өзің айтқан,

780. Келдім барып сөйлесіп, құда түсіп.

Ел еңкейіп жайлаудан келген екен,
Есім жазда, соғыста өлген екен.
Жалғыз қатын, екі қыз, жетім-жесір,
Малды аямай Құдайым берген екен.

Жетім қыздар жылайды баламыз деп,
Ел үркісе біз қайда қаламыз деп.
Ағайыны жүріпті сөз қылысып,
Мүлкін бөліп, мал-жанын аламыз деп.

Сәлем айтып, еңіреп берді екі атты, 790. Сәлемдеме тағы да мына хатты.

Екі қызды беремін екі ұлыңа,
Деп жылаған сөздері жанға батты.
Садық өзі айласын тапсын дейді,
Бір пәледен бізді кеп қақсын дейді.

Бар дүнием, екі қыз Нұрымдікі,
Өлгенімше өзімді бақсын дейді.
Қандай тәтті дүние адамзатқа?
Қайта-қайта қарады Нұрым атқа:

– Жігерің бар ұл болсаң, бәрің-дағы,

800. Жіберме, – деп – намысты енді жатқа.

Еске алыңдар ертеден жазға салым –
Деп қымыңдап сөйледі Нұрым шалың, –
Жігіт жиып, аттанып, таумен барып,
Әкеліңдер көшіріп барлық малын.

Солай сөйлеп бай Нұрым қойды жайлап,
Өзі шықты мал үшін белді байлап.
Сылап-сипап екі атқа үкі тағып,
Қаймақ жағып сауырын қойды майлап.

Міне, осындай тәтті мал жалған екен, 810. Өстіп алдап талайды алған екен.

Бұрынғыдан Садық та жақсы болып,
Кіріп-шығып балдақпен қалған екен.
Сөзін айтып қуанттты Садық ерді,
Мәлік келді аралап талай жерді.

Сабыр ертең екеуін ертіп барып,
Таңдап ұстап жылқыдан екі ат берді.
Сонымен, жазды күтіп жатты бұлар,
Садық та көп ызалы, қайғы – мұнар.

Онда Сәли жыласа, мұнда Садық, 820. Тарқайды қай заманда ғашық құмар.

Жылаған бұл сықылды талай ғашық,
Кейбіреуі қосылған мауқын басып.
Кейі жетіп мұратқа, кейі жетпей,
Кімге опа қылады дүние сасық!

Бірі жылап солардың, бірі күлді,
Ойлағанын бірінің бірі білді.
Садық мырза жылаумен қысқа келіп,
Қаңтар айы болғанда атқа мінді.

Әбден сергіп, жараның аузы бітті, 830. Онда жылап Сәли қыз қыстай күтті.

Келе ме деп бір хабар құр алақтап,
Түнде ұйқы жоқ, таң атса күнде үмітті.
Жарын тілеп жалғыздан қылады зар,
Тілегені басқа емес, бір ғашық жар!

Садық Сабыр, Мәлікпен ақылдасты,
Көк шыққанға қар кетіп бірталай бар.
Жолдасы жоқ адамға кім ермекші,
Жақсыға адам, жаманға жын ермекші.

Әріп деген Мәліктің інісі бар, 840. Соны болды Сәлиге жібермекші.

Жиырмаға Әріптің келген жасы,
Ол – Сабырдың жолдасы, ақылдасы.
Оқуы бар, өзі де қушыкештеу,
Күлімдеген жайдары көз бен қасы.

Айласы бар әртүрлі, қалжыңға ұста,
Ондай епті жігіт жоқ осы тұста.
Ат, киімі Сабырдан болғаннан соң,
Қалмаушы еді қасынан жазы-қыс та.

Садық, Сабыр, Мәлікпен: – Әріп, – деді, 850. – Түсіңді өзгерт, болып ал ғаріп, – деді.

Үйін тауып Есімнің, сырыңды айтып,
Малай боп тұр сол жерге барып, – деді.
Араламай сонда тұр елдің ішін,
Бір қызмет етіп кел Құдай үшін.

Жаз шыққанда сендерді біз табамыз, –
Деп ұқтырды ендігі етер ісін.

– Мақұл, – деді айтып ек, бұған да шал,

– Жақсы киім, бәрін де қоржынға сал.

Бір семіз ат мін-дағы көп ақша алып, 860. Ескі киім ки дағы құбыла қал.

“Алшынмын” де алыстан келген ауып,
Ауылымды кеткен де қалмақ шауып.
Пұл бергенге малай боп істеймін де,
Ендігісін өзің біл ебін тауып.

Жолға шықты “мақұл” деп сайтан Әріп,
Ел аралап келеді жерді шарып.
Сұрап жүріп Есімнің үйін тауып,
Намазшамда бір күні түсті барып.

Кіріп келді есіктен салдыр-сұлдыр, 870. Үсті-басы боз қырау, албыр-жұлбыр.

“Диуананың” кейпіне түсіп алып,
Отыра қап “аһ” деді Құдай ұрғыр.
Асасын қойды шаншып аша таяқ,
Үкі таққан әлемдеп бастан-аяқ.

Ала сеңсең бөркі бар, тысы ақ киіз,
Көрген ел есіркейді бұрқыны аяп.
Екі көзін алартып, есінейді,
Көкке қарап бір мезгіл тесіледі.

“Қайран ер” деп көзіне жас толтырып, 880. Жүкке барып сүйеніп, көсіледі.

Күңкілдесіп жынымен қалады ұрсып,
Шошынғандай орнынан тұрады ыршып,
Бәйбішеге бір қарап басын шайқап:

– Шіркін шалған көп екен, – деді, – қырсық.

Қаны қашып, қарайған суық пішін,
Құжырланып егейді қайрап тісін.
Албасты ма, адам ба жан білмейді,
Үркердей қылды сараң үйдің ішін.

– Өлік шыққан үй екен биыл, – дейді,

890. Бастарыңа күн түскен қиын, – дейді.

Сүйенгенің күшті екен түбі – қайыр,
Бейшаралар, Құдайға сыйын, – дейді.

– Жүрген дұшпан көп екен тісін басып,

Бармақсыңдар қай жаққа жазда қашып.
Алыс емес аңдушың – ағайының
“Жұтамыз” деп жүр екен аузын ашып.
“Жұтамыз” деп жаз шықса сұқтанады,

Үлкен қызың біреумен жұптанады.
Бір қатерден бейшара қалған екен,

900. Сол кеп сені пәледен құтқарады.

Отырыңдар шошымай, өңкей ғаріп,
Мен бір жүрген бұрқымын дүние шарып.
Аға-іні, ата-ана еш нәрсем жоқ,
Тұрарымды білмеймін қайда барып?

Көрсеткенін Құдайдың айтам елге,
Сонан басқа айып жоқ, шеше менде.
Ауылымды жау түгел қырып кеткен, –
Деп жылады: – болмасын мендей пенде!

Бұлар жылап, мұңайып, ашып жаны, 910. Отырысты орнығып кіріп қаны.

Бір қазаншы, бір қойшы өздері – үш,
Алтау болды барлығы адам саны.
Бәйбіше айтты: – Жылама, жас қой басың,
Мұңыңды айтып ағыздың көздің жасын.

Айтқаныңның бәрі шын, біз де өзіңдей,
Айтып-айтпай дүниені не қыласың?
Мұңдасты түзеліп ап, бәрі қайтып,
Бір шошытып бұл сараң, бір қуантып.

Шай ішіп, қазан түсті, ет те пысты, 920. Бастан-аяқ бәйбіше мұңын айтып.

Әріп Құран оқыды, тамақ ішіп,
Бір-бір жылап бәрінің қабағы ісіп.
“Ата-анасы жетім” деп мұны есіркеп,
Бәйбішенің отырды мейірі түсіп.

– Ерім өлген, ей балам, бізде жоқ ұл,

Жатыр толып есепсіз дүние тұл.
Маған бала бол-дағы, жүр осында,
Төртеумізге жетеді мал менен пұл.
Көп емеспіз бұл үйде үш-ақ бас бар,

930. Қанша шашсаң жетерлік ат пен ас бар.

Бір Құдайға тапсырып, саған берем,
Дүние, мал есебін өзің басқар.
Мұңыңды айтып күйдірдің ішімізді,
Білдің барлық айтпай-ақ ісімізді.

Құдай-Құран айтысып, борышсыз қып,
Балам, саған атадым кіші қызды.
Қарғып тұрды, “құлдық” деп “кәпір” Әріп,
Сүйегін Жұпар сөзі кетті жарып.

– Құдай қалыс, өлгенше құлыңмын, – деп,

940. Аяғыңа бас ұрды дереу барып.

– Ұзын болсын өмірің, балам, – деді,

Енді сені бала қып алам, – деді.
Жалпайған үй, жайылған мал сенікі,
Бәрін түгел алдыңа салам деді.
Соны айтысып, отырды мауқын басып,

Шай қайнатты тағы да шәугімді асып.
Түбі қандай болар деп бұл жұмыстың,
Қиялдап Әріп отыр басын қасып.
Әріп тапқан қулық пен ол амалды,

950. Қас қаққанша мал-жанды бола қалды.

Белгіге Салық берген Сәлиқанға,
Бетін сүртіп, қолға алды орамалды.
Жастан қулық бұл сайтан терген еді,
Талай сұмның соңынан ерген еді.

Бұл орамал тегінде Сәлидікі,
Мәліктен сәлемдеме берген еді.
Бетін сүртіп шұбатып қолына алды,
Сәли қыздың селт етіп көзі шалды.

Кестесінен жаулығын тани кетіп, 960. Қасындағы Сағиды түртіп қалды.

Талай сұмдық сұрқия қылып отыр,
Танығанын жаулықты біліп отыр.
Өз қылғаны өзіне ұнамды боп,
Іші сезіп, ішегі күліп отыр.

Әбден танып жаулығын алды байқап,
Әріп отыр құбылып, қудай жайқап.
Бір хикмет барлығын сезіп Сәли,
Төкті жасын көзінен басын шайқап.

Қандай жәймен алғанын біле алмады, 970. Иә, ашық, не жылап күле алмады.

Жаулық жайын ұққанша диуанадан,
Сабыр, тағат Сәли қыз қыла алмады.
Сырт киімін диуана шешінді де,
Жатып алды жантайып көсілді де.

Анда-санда қояды бетін сүртіп,
Көз айырмай қыз қалды тесілді де.
Бір отырды, бір тұрды Сәли сұлу,
Қалды мүлде тықыршып, тағат қылу.

Диуанадан сұрады: – затың кім? – деп, 980. – Қай жерліксің, қайсы тап, қайсы ру?

– Кіші жүзбін төменгі, затым – алшын,

Көрген күнді сұрама, құрып қалсын? –
Десе-дағы қолына жаулық отыр,
Енді бұған Сәлиқан қайдан насын.
Осыдан басқа жауап қайырмады,

Көзін Сәли жаулықтан айырмады.
Шай ішкен соң жайлады атын шығып,
Төр алдына төсегін дайындады.
Қайтып келді диуана атын байлап,

990. Қойды бұған Сәлиқан орын сайлап.

Үй іші де, қонақ та жатып қалды,
“Таң атқан соң сұрармын, деді, жайлап”,
Төсегіне диуана келіп жатты,
Сәли қыздың қайғысы жанға батты.

Кірпік қақпай төсекте дөңгеледі,
Бір мезгілде ел тұрып, таң да атты.
Бәрі тұрып бет жуып, ішті шайын,
Қыз өртеніп жаулықты көрген сайын.

Қойшы қойға, қазаншы суға кетіп, 1000. Енді айналды сұрауға жаулық жайын.

Атын жөндеп жүргенде далада Әріп,
Жұпар тыста тұр еді отын жарып.

– Диуанамен оңаша сөйлеселік, –

Деп қыз айтты жүгіріп жетіп барып.

– Бір хикмет бар, апа, осында анық,

Бара жатыр бір іске ішім жанып.
Мен жіберген Мәліктен бет орамал,
Қолында жүр осының тұрмын танып.
Оңашалап сұрайық мұның жайын,

1010. Бекер жүрген жан емес, қарапайым.

Біздің жайды білетін жан ұқсайды,
Диуана емес бір сыр бар, апатайым!

– Ондай болса, даяр қыл дереу бір шай,

Сырлы аяққа салып қой толтыра май.
Шақырып ап қонақты, оңашада,
Бастан аяқ сөйлесіп, сұрайық жай.
Даяр қылды “мақұл” деп Сәли шайды,

Тоқаш салып, аяқпен қойды майды.
Отырғанда шай ішіп оңашада,

1020. Бастан-аяқ сұрады Жұпар жайды.

– Болсаң егер, ей балам, маған бала,

Түсті мейірім, шырағым, көре сала.
Қайдан келдің, жаулықты қайдан алдың?
Сырыңды айтшы қалдырмай титтей шала.
Боп жүрмесін сеніспей бір жаман нам,

Қалай болдың “диуана” оныңды айт әм.
Құдай атын атасып, бала болып,
Татып едің, шырағым, қолымнан дәм.
Ал диуана сөйледі Әріп жынды,

1030. Енді айтпасқа болмады барлық шынды.

Матайлығын, Садықтың жібергенін,
Бірін қоймай сөйлеп кеп бір-ақ тынды.
Жұпар, Сәли, Сағимен қуанды көп,
“Ұзын болсын Садықтың өмірі” деп.

Әріп мұнда малай боп жүрмек болды,
Оңашада қып алды осындай еп.
Көңілі тынды бұлардың Әріп келіп,
Құдасынан қош хабар алып келіп.

Қой, жылқыны аралап, ат үстінде 1040. Ерке малай боп жүрді барып келіп.

Қыстай жүріп бұл үйде қызмет етті,
Күн жылынып, жаз шығып, қар да кетті.
Садық, Мәлік жайланып келер кезде,
Қара қорым әскермен қалмақ жетті.

Қазақ қалмай аттанып, соғыс салды,
Елдің шеті үркуге ойлап қалды.
Қайта келіп көшіріп әкетем деп,
Әріп кетті қой, жылқы айдап малды.

Жылқышы екі, қойшы екі, Әріппен бес, 1050. Жөнелді айдап тоқтамай ертелі-кеш.

Қалмақ жеңіп, бар қазақ қашты көшіп,
Быт-шыт болып тұс-тұсқа таба алмай ес.
Бір малаймен Жұпар да қашты көшіп,
Жүр әркімдер өзінің қамын жесіп.

Жүкке түйе, мінетін аттары сай,
Жол білмейді, тек әйтеуір елге ілесіп.
Ел бет алды жөні сол шығыс жаққа,
Тиген кезде жаңа аузы жұрттың аққа.

Әріп қайда, ел қайда, Сәли қайда? 1060. Кетті тозып қарашы, мына “баққа”.

Арт жақта жүр еркектер соғыс сала,
Тау мен тасқа ел кетті, қалды дала.
Адасқанның алды жөн, келеді үркіп,
Бастаушы жоқ, шулаған қатын-бала.

Бұлар көшіп өзінше кете тұрсын,
Көңілге алған жеріне жете тұрсын.
Садық жақтан азырақ сөз сөйлейік,
Сәли қыз тіршілігін ете тұрсын.

Қалмақпенен жүргенде атқыласып, 1070. Қалмақ қуып, қазақтар қашты сасып.

Адам аман Садықтың ауылындағы,
Қалды қалмақ мал-мүлкін түгел басып.
Бір-бір атпен құтылып бұлар кетті,
Ұстағанын қалмақтар зар еңіретті.

Сабыр бастап ауылын, тауға шығып,
Жан қалатын бір берік жерге жетті.
Қайта қуды қазақты қалмақ асып,
Талайларды қырмаңдап, қанын шашып.

Нұрым, Садық, Мәліктер қайта келсе, 1080. Шашылған үй, жұрт жатыр кеткен қашып.

Үйлер құлап, дүние жатыр қирап,
Керектісін әкеткен қалмақ жинап.
“Жан бағалық” деді де бұлар кетті,
Кейігеннен не пайда жанды қинап?

Бас айналып, қасірет-қайғы буға,
Арыстандай еліткен жеген уға,
Біреуді біреу біліп болар емес,
Ізі-шу кетті кіріп қалың нуға.

Біреу тас, біреу тауды барады асып, 1090. Қалмақтан қашты қазақ қара басып.

Бейне көкпар тартқандай қалаймақан,
Қою шаңмен келеді араласып.
Анадан қыз бөлінген, атадан ұл,
Естен шығып дүние, мал менен пұл.

Тілі келсе білгені иман айту,
Болғаннан соң “бір үмбет, Құдайға құл”.
Бұл соғыстан таба алмай қазақ пайда,
Жол таба алмай шулап жүр тау мен сайда.

Бұлар жүрсін шуласып, оны ізделік, 1100. Баяғы төрт жігіт пен Әріп қайда?

Әріп кеткен малды айдап елден бұрын,
Үркетұғын осы елдің біліп сұрын.
(Қызға ұнамай мал десе жанын салып,
Дүниеге тоймаған әттең, Нұрым.)

Жер ортаға малды айдап Әріп келді,
Неше қырқа, сай-сала, асып белді.
Шығыс жаққа малды айдап кете берген,
Үркіпті деп ұққан соң былайғы елді.

Әріп аман, мал менен кеткен алға, 1110. “Бетті жігіт болам” деп Нұрым шалға.

Ол кетсін Жұпар жақты бір шолалық,
Бейшаралар жетті екен қандай халге:
Күн-түн демей бассыз көш жүріп кеткен,
Аралықта бірнеше күндер өткен.

Құла түзге бет алып жүре беріп,
Желдіқия дейтұғын жерге жеткен.
Қазақ әр кез мақсатқа жеткен емес,
Дүниеден армансыз өткен емес.

Жел үзілмей аталған “желді қия”, 1120. Бір адаспай жүргендер кеткен емес.

Тас ұшырып, соғады қара түнек,
Деген сайын “басылар” кетеді үдеп.
Салт аттылар, көш емес сан адасып,
Ат-тонынан айырылып, қайтқан жүдеп.

Бесінші айсыз кетпейді қарлы боран,
Басты кессе білгендер жүрмейді одан.
Намаздыгер шенінде келіп жетті,
Өтпек болып қалың көш тура сонан.

Қаратаудың қалың көш етегінде, 1130. Өлмесем мұратқа бір жетемін де.

Жұпар, Сәли көшінде басқа мал жоқ,
Бес түйе бар жүк артқан жетегінде.
Екі түйе қолында, алда – малай,
Екі түйе Жұпарда жүгі талай.

Сәли, Сағи, соңында бір түйемен,
Болар екен қияда заман қандай?
Қия жолға жақындап келе жатыр,
Боран шықты түскендей заман ақыр.

Жетелеген Сағидың түйесіне, 1140. Азық-түлік киіммен артқан шатыр.

Шаң-тозаңмен екі бет тілінгенде,
Бір сұмдықтың болары білінгенде.
Қара боран қағынды тас ұшырып,
Қалың көш Қияға кеп ілінгенде.

Қара боран желдетіп, тұман басып,
Көрінбейді қарыс жер түтін басып.
Көз аштырып, көтеріп қаратпайды,
Бірін-бірі кете алмай кетті адасып.

Басын шайқап түйелер жөнге жүрмей, 1150. Тау мен тасың, жазық-жар болды бірдей,

Сағи, Сәли келеді жігін ашпай,
Қайда кетті өзгелер қалды білмей.
Осы таудың осындай киесі бар,
Бәрінің де сыйынған иесі бар.

Сағижанды Сәлиқан жүр жетелеп,
Сағи қыздың қолында түйесі бар.
Кетті адасып талайлар жолдан шеттеп,
Тас бұршаққа жүре алмай қарсы беттеп.

Ұйытқып келіп алдыңнан қарсы ұрғанда, 1160. Талай жерге кетесің шегіншектеп.

Ол қайғыға бұл түні кірмеген жоқ,
Аузын ашып ту-тулеп жүрмеген жоқ.
Екі көзін еріксіз жыпыңдатып,
Ықтиярсыз ырсыңдап күлмеген жоқ.

Көңілі босап көзге жас алмаған жоқ,
Есеңгіреп, есі ауып, талмаған жоқ.
Бөрік, тымақ, айырылып шылауыштан,
Тоқырайып жалаң бас қалмаған жоқ.

Кетті жұрттың білінбей оң мен солы, 1170. Түкке ілінбей сермеген екі қолы.

Егер тауып дәл жүрген адам болса,
Жарым күндік жер еді тура жолы.
Қарсы итеріп, жүргізбей адым басса,
Боран шықты қалмақтан қорқып қашса.

Көз жұмылып, қарауға жарай алмай,
Құм-топырақ құйылып аузын ашса.
Әлеметте осындай қалды халық,
Біреу жылап, біреулер жатыр талып.

Сәли, Сағи келеді өз бетімен 1180. Ат қай жаққа бұрылса, солай салып.

Қайда барса сәлемет жүрген еді,
Балапанмен ұшпаған бірдей еді.
Осы таудың ары асса қай жерінен,
Қарағайлы, шағыл тас, күнгей еді.

Иен дала, елсіз жер, мойны қашық,
Бөгеті жоқ, жалғыз-ақ аңғар ашық.
Түйесімен жетекте Сәли, Сағи,
Осы таудан ары асып, кетті адасып.

Көрінді таң, сарғайып тау мен дала, 1190. Қожырқай тас, түк жан жоқ, сай мен сала.

Су бойына дем алды жүк түсіріп,
Адасқанын білген соң екі бала.
Алсын демін бұл жерде бұлар жатып,
Еңіреумен егіліп, сіле қатып.

Сәли қызға аз жылап, бір ой түсіп,
Қайраттанып орнынан тұрды атып.
Секілді емес Сәлиқан қысылған қыз,
Өзін түзге жасынан пысырған қыз.

Ұл орнына ұл болып малда жүріп, 1200. Бірдей болып еркекпен ысылған қыз.

– Бір Құдайға, Сағижан, енді сыйын,

Теңді шешіп еркекше киім киін.
Жүр жыламай, қайрат қып ел ізделік,
Басқа Құдай салған соң мұндай қиын.
Пайда бермес жабырқап, бекер жүдеу,

Жаратқаннан тілелік жақсы тілеу.
Шығыс жаққа отырмай бет алалық,
Жолықпай ма көп елден бізге біреу.
Атқа мініп, соны айтып, жүріп кетті,

1210. Күн шығысқа Алла деп бұрып бетті.

Бір Құдайға сыйынып екі жетім,
Жолына тәуекелдің кіріп кетті.
Бет алып шығыс жаққа жүре берді,
Ағызып нұрлы жүзден жас пен терді.

Жасынан асыраған күшік еді –
Бұларға жолдас болып Сырттан ерді.
Бұларға мұндай қайғы Құдай салды,
Лағып кетті түзге құр бет алды.

Екі қыз өз бетімен жүре тұрсын, 1220. Ізделік Жұпар, малай қайда қалды.

Екеуі төрт түйемен алда жүріп,
Ішіне қалың көштің кеткен кіріп.
Олар да ел көргенді көре-көре,
Сүйреліп шықты ашыққа етек түріп.

Сәли мен Сағижанды іздеді көп,
Адасып қайсы көште жүр екен деп.
Таба алмай іздеп-іздеп бетін жыртып,
Жығылды естен танып “аһ” ұрып кеп.

Айтылмай бастан бір сөз қалған шала, 1230. Кетейін естеріңе оны сала.

Ері өліп Жұпар жесір қалғанында,
Ішінде жарым айлық қалған бала.
Күн шығып сәске мезгіл болып қалған,
Көшкен ел су жағалап қонып қалған.

Аяқтың бірі көрде, бірі жерде,
Айы да босанатын болып қалған.
Жүк түсіріп малайы, көлік байлап,
Дүниесін басқарып түгел жайлап.

Тірі болса табылар, шайыңды іш деп, 1240. Еңіреді бас сүйеп “апатайлап”.

Ата-анасыз бұл жалғыз жетім еді,
Мұнда жүріп адам боп жетіп еді.
Сегіз жаста Жұпардың қолына кеп,
Малай демей, бала боп кетіп еді.

Жұмысына ерінбей көп жүреді,
Шын пейілмен қамдарын жеп жүреді.
Жұпар байқұс сөйлесіп әрбіреуге,
“Үйлендіріп қоямын” деп жүр еді.

Он сегізде жасы оның аты – Қасым, 1250. Апасының тұрғызды сүйеп басын.

Сәли, Сағи Қасымды аға дейтін,
Бұл да бірге еңіреп төкті жасын.
Сусын жұтты түрегеп Жұпар ғаріп,
Бара жатыр жүрегін қайғы жарып.

Таяқ ұстап қолына бетке шығып,
Ал зарлады бір биік тасқа барып.
Әркімнің бар қайғысы бас-басында,
Мұндай қайғы жоқ шығар басқасында.

Шылауышын мойнына үш орап ап, 1260. Зарлаған сөзі мынау тас басында:

Жаратқан жалғыз Құдайым,
Қор қылдың неге осынша?
Бұрынғы қайғың аз ғой деп,
Бердің бе мұны қосымша?

Мен зарламай, кім зарлар,
Ашық жолым тосылса.
“Апа!” деп келіп кім сүйер,
Көзімнің жасы жосылса.

Жетем деуші ем мұратқа, 1270. Нәсіп болып сәлемет,

Садық пен Сәли қосылса.
Тағы да арман қылмас ем,
Сағи менен Сәлидің
Қасымда бірі отырса.

Тән жаратып, жан беріп,
Жоқтан өзің бар еттің.
Осынша кең әлемді
Жалғыз маған тар еттің.

Жанның бәрін жарылқап, 1280. Мен сорлыны мұңайтып,

Бір перзентке зар еттің.
Өлгенге жүрсем қайғырып,
Тіріден түгел айырылып.
Мен секілді бейбақты,

Мұнша неге қор еттің?
Мені деген бұл қырсық
Артымнан қалмай шалды ғой.
Қаңғырған келіп диуана,

Жоғалды айдап малды ғой. 1290. Енді менде табар жоқ,

Не Садықтан хабар жоқ,
Қанша түрлі пәлесін
Аямай Тәңірім салды ғой.
Төрт бірдей алып малайды,

Зарлатқан кезеп талайды.
Әулие боп көзі ашық,
Берекемді алды ғой.
Екі бірдей жас жетім,

Неше күнгі аш жетім. 1300. Түндегі түнек боранда,

Үсіп өліп қалды ғой.
Зарлаған шығар “апа” деп,
Өлерінде күндерім.
Бірге өлмес пе ем сендермен,

Қасыңда неге жүрмедім?
Апалап жатып өлдің бе,
Тағдырға сөйтіп көндің бе?
Жел шығармай даусыңды,

Күрмелді ме екен тілдерің?! 1310. Кетті заман басымнан,

Қалар ма едім қасыңнан,
Мұндай сұмдық боларын,
Амал бар ма білмедім.
Бәрің кеттің, мен қалдым,

Жаратқан жалғыз, неңді алдым?
Артымнан қалмай осынша,
Аңдыған қырсық бір менің.
Маған, Алла, тар қылдың,

Басқаға кең әлемді. 1320. Тым болмаса Садыққа,

Жеткізбедің сәлемді.
Есімді жеке бір алдың,
Балаларды тірі алдың.
Аядың ба бар, Құдай,

Маған деген пәлеңді.
Бір кезепті кез қылып,
Жоқты, барды сөз қылып.
Ақыры жетті түбіме,

Баста алып еді зәремді. 1330. Бастан алдың еркімді,

Іште тұрған дертімді.
Мұныңды да көпсінсең,
Ризамын ,ал енді!
Көтерілмес көңілім,

Ендігі қалған өмірім.
Өстіп жүріп өтер ме –
Жығы мен жылау зар енді.
Кешіктірмей мені де ал,

Тез қинамай көрге сал. 1340. Мен көретін жақсылық,

Маған қайда бар енді?!
Жұпар зарлап, соны айтып егіліп тұр,
Қанды жасы көзінен төгіліп тұр.
Екі қолы жағада, шылауыш та,

Қабырғасы қайғырып, сөгіліп тұр.
Шылауышын еңіреп, мойнына іліп,
Екі бетін ағып тұр жасы тіліп.
Қасым жоқтап апасын, көрді-дағы,

Тұрғандығын зарланып келді біліп. 1350. Келді де, тоқтау айтты апасына,

Шерік боп апасының қапасына.
Тоқтай алмай қасында кетті боздап,
Шыдамай тартып тұрған жапасына.

– Қой, апа, жылағаннан бар ма пайда?

Тірі болса табылар, барса қайда.
Жыламалық, болмалық досқа күлкі,
Жаны ашитын жақын жоқ бұл маңайда.
Басқа сырды дұшпанға білдірмелік,

Ағайыннан алыстап біз жүрмелік. 1360. Өзімізді дұшпанға табалатып,

Күндеп жүрген достарды күлдірмелік.
“Ұқпаймыз” деп қоялық малдың жайын,
Аман болса бір жерден болар дайын.
Кімнің малы қалмады бұл үркінде,

Қой, жылама, сабыр қыл, апатайым.
Бұл дүние болады кімге мұра,
Барлық жаннан қалады бара тұра.
Жақсылығы Алланың таусылмайды,

Сабырлық қыл, Құдайдан артын сұра. 1370. – Тіліңді алам, тоқтайын енді саған,

Сен жоқ болсаң, кетеді тіпті, бағам.
Не үміт бар, не күтеміз, не тілейміз?
Артын сұра дегенді айтпа маған!
Сұрайтұғын арты мен түбі де жоқ,

Енді артатын ауырлық, жүгі де жоқ.
Өміріңді бір сенің сұрамасам,
Сонан басқа беретін түгі де жоқ.

– Олай деме, апатай, Құдайым кең,

Құдіретпен еш нәрсе болмайды тең. 1380. Аман-есен босанып ұл тапсаңыз,

Тағы-дағы болмайсыз ешкімнен кем.
Мына қайғы жалғыз-ақ естен кетпес,
Жұбату ғой деген сөз “еш нәрсе етпес”.
Үміт үзбей тұралық, сабыр сақтап,

Жақсылығы Алланың кімге жетпес.
Сүйемелдеп, соны айтып алып кетті,
Жұпар жылап, есі ауып талып кетті.
Енді қайтсын, ері өлген, екі қыз жоқ,

Ет жүрегі өртеніп жанып кетті. 1390. Мұндай қайғы көрген жан жұбана ма,

Алда тағы кім білсін, қуана ма?
Үш адамнан айырылып, жалғыз қалып,
Малды былай айдатты диуанаға.
Қосқа келіп шай ішті, есін жиып,

Тастай алмай Қасымның көңілін қиып.
Еске түссе еңіреп тоқтата алмай,
Ала алмайды көзінің жасын тыйып.
Азық-түлік әйтеуір, дүние мол,

Көрінсін бе Жұпардың көзіне ол. 1400. Енді Құдай аман қыл Қасымды деп,

Жатса-тұрса тілейтін тілегі сол.
Тоқтады сол жерге ел артын тосып,
Түгелденіп алуға басын қосып.
Адасқандар табысып, көріскенде,

Жұпар жасы кетеді судай жосып.
Ағайыны күндейді сандалды деп,
Бала болған диуана “малды алды”, деп.
Еш біреуі қараспай кетті тастап,

Не қыламыз бір ауру сал қалды, деп. 1410. Дүниесін батырлар бөліп алмақ,

Ес қалмапты оларда қуып қалмақ.
“Бір қатынның қу басын қайтеміз” деп,
Жоламады түсер деп бағып салмақ.
Қасым, Жұпар өзінше жанын бақты,

Әрбіреуі әртүрлі атақ тақты.
Күні жетіп, толғатып, аман-есен,
Жұпар жеңгей сазандай бір ұл тапты.
Есін жиды босанып бір ұл тауып,

Қуанышқа келген жоқ ешкім шауып. 1420. “Түсім бе деп, өңім бе” деп, мұңлы Жұпар,

Неше талып тірілді есі ауып.
Қол-аяғын сәлемет баурына алды,
Күн шыққандай селт етіп бола қалды.
Ағайын, абысын түгел жиып,

Бір түйесін той қылып, құрбан шалды.
Бұған жетті бейшара мұндай халда,
Жақсылық бар деп еді-ау Қасым алда.
Жұпар, Қасым баламен үш бас болды,

Екі аты бар, үш түйе алал малда. 1430. Төрт түйенің біреуін айтып сойды,

Қуанғаннан бейшара жасап тойды.
Азан айтып, бір молла бата беріп,
“Төленді” деп баланың атын қойды.
Төлен туып азырақ мауқын басты,

Жібіткендей бұл бала қылды тасты.
Сәли, Сағи есіне түсіп кетсе,
Жұпар жүрді ағызып көзден жасты.
Бір қуанып, бір жылап Жұпар жүрсін,

Осы жерге аяғы тоқтап тұрсын. 1440. Басқа жаққа кетемін мұны тастап,

Қандырайын кезекпен құлақ құрышын.
Жатсын бұлар дем алып осы жайда,
Салқын ауа, тұнық су, көгал сайда.
Бірден-бірден ізделік өкше ізімен,

Сәли, Садық, Әріп пен Сабыр қайда?
Сабыр шыққан бағана тауға қашып,
Дүниесін артына тастап-шашып.
Нұрым, Садық, Мәлікпен ол да кеткен,

Қалайман қою шаңға араласып. 1450. Мәржім, Сабыр, бірнеше малайымен,

Қашқандардың жолдас боп талайымен.
Жартас, ағаш түбінде жанын бағып,
Қашып шыққан мырзалар сарайынан.
Өзін қуып қалмақтар, малын шапты,

Талай елдің өлтіріп, бетін жапты.
Нұрым, Садық, Мәліктер іздеп жүріп,
Сабырларды сәлемет әрең тапты.
Аман-есен қосылды қойдай шулап,

Қасіретте жүргендер бәрі дулап. 1460. Сәлиді ойлап Садық сал тұра алмады,

Жас жүрегі тықыршып аттай тулап.
Жүрген жан жоқ мәз болып, шалқып-күліп,
Сап-салт атты, таусылған азық-түлік.
Сып-сыпайы болды да жолға түсті,

Қалды олжа боп қалмаққа мал мен мүлік.
Бір бұл емес, осындай жұрттың бәрі,
Бәрі де жүр таба алмай дертке дәрі.
Шығыс жаққа бет алып келе жатыр,

Қалмай бәрі ер-әйел, жас пен кәрі. 1470. Садық бір күн Нұрымға: – Ата, – деді,

– Айтқанымды көрмеңіз, қате, – деді.

Әріпті іздеп келелік тауып алып,
Ренжімей беріңіз бата, – деді.

– Барсаңдар Мәлікті ертіп, балам, – деді,

Мен де білем боп жүрсің алаң, – деді.
Аман тапсаң малымен көшіріп кел,
Құр адамын әкелме жалаң, – деді.
Тағы мықты бір жолдас атқосшы алды,

Сәлиді іздеп “Алла” деп кетіп қалды. 1480. Өзі көрген баяғы жұртқа барып,

Өкше ізімен қуалап тура салды.
Жаралған соң не көрмес жан боп туып,
Тәуекелге кірген соң белді буып.
Әріп қайда, бір іздеп көрмейміз бе?

Кете берсін Садықтар көшті қуып.
“Қу диуана” малды айдап кеткен жосып,
Бұрын барып ол жатыр елді тосып.
Мойнын бұрып бұл сөздің имектелік,

Ептеп бірден ақырын, басын қосып. 1490. Ширықтырып айтпасақ сөзді қысқа,

Кететұғын аяғы тіпті алысқа.
Сөзге шорқақ, өлеңге олақ басым,
Ауыр келіп барады мен байқұсқа.
Әріп түсті бір өзен – көгал сайға,

Ел тоқтайтын түрі бар осы жайға.
Ұшқындаған ел алды келіп қалды,
Бас-аяғы жетпей-ақ жарым айға.
Шығыс жағы көк қырқа адыр екен,

Қаракерей алдыңғы ел – Садыр екен. 1500. Матай менен Дөртуыл кейін қапты,

Жүрген жолы азырақ шадыр екен.
Әріп жатыр тай сойып, бие байлап,
Ерулігін Нұрымның әбден жайлап.
Елдің алды тоқтады көк өзенге,

Әрбіреуі әр жерден мекен сайлап.
Шілдей тозып, быт-шыт болып халық кетті,
Кейбіреуі дүниесін алып кепті.
Тапсырды да бар малды жата бер деп,

Көш алдынан қос атпен Әріп кетті. 1510. Құлазыған қу дала жері қағыр,

Көшкен қазақ қалайман абыр-сабыр.
Аш мойнақ, көк кезеңге ұшырасты,
Екінші күн ауылымен Нұрым, Сабыр.
Амандасып, жыласып көрісті кеп,

Мал мен мүлік қалды деп уайым жеп.

– Садық, Мәлік сені іздеп кетіп еді, –

Сұрады “Сол екеуін көрдің бе”, – деп.

– Көрмедім, мен шыққан ем өткен ай да,

Тосып жаттым сіздерді иен жайда. 1520. Малды маған айдатып, қалып еді,

Жұпар, Сәли кетті екен әлде қайда?
Төрт жігітпен қой, сиыр, жылқыны айдап,
Көк өзенде жатырмыз бие байлап.
Қам жемеңдер жетерлік дүние бар,

Іс етелік жалғыз-ақ түбін ойлап.
“Бір Нұрым бір Құдай” деп сенді Жұпар,
Сенген үшін бар малын берді Жұпар.
Садық, Мәлік не қылып келер екен,

Бізге керек іздеуге енді Жұпар. 1530. Мал деген соң қуанды Нұрым шалым,

– Құдайға жөн, Әрібім, мұның, жаным.

Малға жетіп бір жөнін қылармыз, – деп,
Қылмаң қағып жөнелді бұрын шалың.
Мал үстіне бір қонып келді жетіп,
Малды көріп, Құдайға шүкір етіп.

Қымыз ішіп, дем алып, қойын сойып,
Екі қосқа жиналды дүрілдетіп.
Естен шықты тойынып, көргендері,
Мал-мүлікті қалмаққа бергендері.

1540. Күзге шейін ел тоқтап тұрмақ болды,

Арып-ашып дем алып келгендері.
Бір күн кешке Әріпке Сабыр келді:

– Ас пенен мал бұл жерден табылды енді.

Жатамыз ба іздемей, тойып мәз боп,
Жұпар, Сәли адасқан бауырды енді?
Әріп айтты: – Жарайды, Сабыр, мұның,
Не дейді екен, айталық әкең Нұрым.

Жұпардың қылып кеткен жақсылығы –
Ұмытпаспын өлсем де жетпес құным.

1550. “Жөн, айталық” деді де, келді шалға,

– Жатамыз ба мәз болып олжа малға.

Мал иесін жоқтамай тастаймыз ба,
Жетім-жесір жолықты қандай халға?
Малыменен бар жігіт мұнда кетсе,
Садық, Мәлік жақсы ғой тура жетсе.

Олар таппай, қарасар адамы жоқ,
Кімге обалы жылаумен өмірі өтсе?
Малын алып, ұмытсақ ол неге сеп?
Сабыр бала соны ойлап мұңайды көп.

1560. Шал рұқсат бермеді ашуланып:

“Бірден-бірден жоғалып кетесің”, – деп.

– Асықтыңдар неге онша айға толмай,

Ел жайлап бір жерге әбден қонбай?
Ешқайсысың шықпайсың енді сыртқа,
Садық пенен Мәліктен хабар болмай.
Бірнеше күн сонымен тағы да өтті,

Әріп тауға зерігіп, аңға кетті.
Тастан ұшып, мертігіп құйымшағы,
Атқа өбектеп аулына әрең жетті.

1570. Сәли, Садық Сабырдың жоқтағаны,

Әкесінің ыза қып боқтағаны.
“Ел құлағы – елу” ғой естілді анық,
Арғын көшіп қай жерге тоқтағаны.
Мертігіп көп қозғалмай Әріп жатты,

Осы қайғы Сабырға жаман батты.
Бар жабдығын байланып бір күн кеште,
Сабыр бала “Алла” деп ерттеді атты.
Жай жатуға таба алмай Сабыр тұрақ,

Азық алды жетерлік үйден құрап. 1580. Қаракесек қай жерге тоқтағанын,

Білгендерден тұспалдап алды сұрап.
“Аң қараймын” деді де сұрағанға,
Ішкі сырын сездірмей бір адамға.
Намаздыгер шенінде атқа мініп,

Жөнін айтпай жөнелді тірі адамға.
Тәуекел деп жөнелді Сабыр салып,
Теріскейді оңтүстік бетін алып.
Жалғыз сырын кетерде Әріпке айтқан,

“Айтып қой” деп жоқтаса сезіп қалып. 1590. Елден ұзап бір сайға жатты келіп,

Алмады не қасына адам серік.
Тамақтанды, таң атты, жолға түсті,

– Не салсаң да, – деді, – Алла, өзіңде ерік.

Сабау қамшы, салт басы жалғыз атпен,
Асқан батыр ер еді бұл да таптан.
Жолын Алла оңғарып кете берсін,
Хабар алсақ қайтеді Садық жақтан?

Қазанның қарсы ұшқандай дауылына,
Сәлидің жетеміз деп ауылына.

1600. Неше күн тынбай жүріп, ұйқы көрмей,

Кеп жетті Желдіқия бауырына.
Келді де кешке таман жатты қонып,
Ашылды түніменен боран болып.
Ізінен көшкен елдің адаспастан,

Қиядан асып түсті жолды шолып.
Ел шеті көрінеді ары асқанда,
Кезеңге бесін болды таласқанда.
Аш кезген арыстандай алас ұрып,

Елге кеп араласты намазшамда. 1610. Қатыңқы қабақтағы аты жарау,

Қыз үшін сергелдең боп қызыл танау.
“Есімнің үйі қайда?” деп сұраса,
Бір қатын су көтерген деді: “анау”.
Ет жүрек тоқтамады дір-дір етіп,

Жарына жақындаса шыдар нетіп.
Жарымды аман көрсем деген оймен,
Дүбірмен үй жанына келді жетіп.
Келеді ат сарыны жерді жарып,

Таниды шыға келіп Қасым ғаріп. 1620. – Кеп қалды Садық, Мәлік, – деді-дағы,

Жұпарға хабар берді қайта барып.
Не дейсің? – деп қайта айтып сөзін ұқты,

– Кеп қалды, – деп есіктен басын сұқты.

Ат байлап, олар түсіп жатқан кезде,
Жұпардың ойбайлаған даусы шықты.
Садықтар аң-таң болып, қалды шошып,
Не бар деп тыңдай қалды сөзін тосып.

Сәли жоқ, Садық келді дегенді естіп,
Бәрінің кетті көзден жасы жосып.

1630. Жыласып, сопайысып кірді үйге,

Түсті ғой Жұпар ғаріп ауыр күйге.
Садықты құшақтап кеп беттен сүйіп,
Боздады саулы інгендей Жұпар бейне.
Көл болып көзден жасы төгілгенде,

Адамның қабырғасы сөгілгенде.
Аң, құс та адам түгіл, шыдар емес,
Зарланып зар дауыспен егілгенде.
Садықты жас баладай бауырына алып,

Інгендей ботасы өлген мойын салып. 1640. – Жоғалды Сәли, Сағи, – деп еді ол,

Құшақта Садық кетті неше талып.
Айта алмай бәрі еңіреп сөз қайырып,
Езіліп қалды босап, құр жайылып.
Бұларға Мәлік, Қасым тоқтау айтып,

Құшақтан Садықты алды зорға айырып.
Жылады алды-алдына өксік тыймай,
Езіліп кетті Садық бойын жыймай.
Жұпардан енді шықпай тұрсын не қып,

Қасірет тіліп жатқан ішке сыймай? 1650. Бір кезде Садық әрең жыйды есін –

Екі қыз жоқ, тағы да өлген Есім.

– Сабырлық қыл, апатай, мен келдім, – деп,

Садық әрең тоқтатты қайын енесін.
Бет жуып, жылау тоқтап, есін жиып,
Атасына дұға оқып, жасын тыйып.
От кеткендей өртеніп, тұла бойы,

Отырды амалсыздан үйге сыйып.
Дем алып, бірер шыны сусын ішті,
Жыласып аз, тағы да сөзге түсті.

1660. Жылай, боздай отырып айтып өтті,

Жұпар ғаріп басынан өткен істі.

– Осындай әлеметтер болды, – дейді,

Таба алмадық бораннан жолды, – дейді.
Сәли, Сағи адасып кеткеніне
Дәл бүгін жиырма күн толды – дейді.

– Үмітім аман-есен таудан өтсе,

Бораннан ажыраспай шығып кетсе.
Киім, шатыр, азық мол түйеге артқан,
Сонымен қаңғып жүріп елге жетсе.

1670. Біреуден демеп едім пайда алайын,

Деуші едім, орын тауып жайланайын.
Әлі де сені көрдім арманым жоқ,
Көзіңнен күнім, Садық, айналайын.
Жоқ еді бір сені ойлап бізде тағат,

Екі балам осындай кетті ағат.
Алла есіркеп бір күшік тағы берді,
Атаңнан қалып едім екі қабат.
Жаны кетіп жүректің шошығанда,

Көзден жасым көл болып жосығанда. 1680. “Ермек қыл” деп Құдайым мұны берді,

Шүкір қылып отырмын осыған да.
Қайғы көрген мен болдым елден ерек,
Айтып-айтпай, Садықжан, неге керек.
Қасым барып Қияны неше тінтіп,

“Өлі-тірі” таппады ешбір дерек.
Жалғыз мен зарланғанмен, не табайын?
Табалап отыр бәрі – бар маңайым.
“Малды беріп, қыздардан айырылды” деп,

Жоламай дос пен бауыр, кетті ағайын. 1690. Өртенем қыздар еске түскен сайын,

Тұрмады сен келгенде Сәли дайын.
Көзінен жас аққанша бәрі күлді,
“Диуана” – айтып еді Әріп жайын.
Әріптен еш нәрсе аяп қалғаным жоқ,

Бір тоқты керек десе алғаным жоқ.
Тірі көрсем деуші едім, Садық сені,
Құдайға бүгін алса, арманым жоқ.
Енді Садық сөйлейтін кезек жетті,

Барлық мұңын енесі баян етті. 1700. Шабылғанын, Әріптің бармағанын,

Не көргенін Садық та сөйлеп өтті.

– Өлмесе, Әріп аман табылды,

Ол малды жалғыз басы не қылады?
Мен өлмесем, бағамын, шеше, сені,
Ес жиылып, етектер жабылады.
Ер жеткенше, балаңыз – Қасым серік,

Қайсы мұңды айтамыз түгел теріп.
Қасым, Сабыр, мен бармын, Мәлік те бар,
Төленнің болсын тағы “бауы берік”.

1710. Келгенде кім көнбейді қазаға анық,

Пайда жоқ бос жылаудан назаланып.
Өлген болса, табармыз бір белгісін,
Әуелі Қия жолды тазалалық.
Қияны бір арылтып, әуел алып,

Іздерміз тірі кетсе ізін шалып.
Бар болса жер бетінде табам қоймай,
Көшіріп, сізді алдымен жолға салып.
Оларды тірі болса, қоймай табам,

Бір Құдай, жәрдем берсін, ата бабам. 1720. Қашан Төлен ер жетіп, ес білгенше,

Қанаттыға қақтырмай өзім бағам.
Көшіріп, әуел сізді жолға салам,
Онан кейін Сәлидің ізін шалам.
Садықтың жауабына Жұпар жылап:

– Өмірің ұзын болсын, – деді, – балам.

Соны айтып, тамақ ішіп жатты барып,
Қылайды бір уақытта таң да ағарып.
Аттарын намаз оқып, отқа қойып,
Басын құрап, шай ішіп өңкей ғаріп.

1730. Жолы бар осы таудың талай аспақ,

Қасымды ертіп, жолдасын мұнда бастап.
Азық-түлік жайлап ап үш-төрт күндік,
Қия жолды тінтуге кетті бастап.
Дем алмай осы тауда үш күн шапты,

Жер тастамай тоқымдай әбден қақты.
Төртінші күн кезеңде қарап жүріп,
Түйенің күнгейге асқан ізін тапты.
Ізіменен қуалап шатқа түскен,

Сергелдең болды жастар мұндай іспен. 1740. Ізі жатыр, өзі жоқ, орнын тапты,

Су бойына от жағып, тамақ ішкен.
Азығы да таусылды, жүре алмады,
Шаршап атқа бәрі де міне алмады.
Шағыл тастақ жағадан із таба алмай,

Қалай беттеп кеткенін біле алмады.
Өстіп бұлар сабылып жаһан кезді,
Ұйқы, тамақ, күлкіден мүлдем безді.
Жайланып ап келуге қайта кетті,

Тірі екенін әйтеуір әбден сезді. 1750. Жап-жақын жер ауылға қайтып келді,

Тірі екенін Жұпарға айтып келді.
“Аунап-қунап, тынықсын” деді-дағы,
Аттарын суытты да, қоя берді.
Сабыр жоқ Садық салда осы күнде,

Кірпік қақпай шығады ұзақ түнде.
Үшінші күн түйеге жүгін артты,
Көше жүріп іздеуге бәрі бірге.
Үш түйеге жеңілдеп артты жүкті,

Тастамады керекті жұртқа түкті. 1760. Сәли, Сағи от жаққан жерге келіп,

Ізін тауып алуға қосын тікті.
Қарамай күннің қайтып өткеніне,
Қандай халге білмейді жеткеніне.
Жұпар, Садық, Мәліктер жүр қуанып,

Көз жетіп өлмей тірі кеткеніне.
Ғашықтар жар жолында жаннан кешпек,
Дарияға тәуекел белді шешпек.
Сәли, Сағи жұртында бұлар отыр,

Із басқарып алған соң бір-ақ көшпек. 1770. Тірі болса, үміт бар деген табар,

Шөп жылдызын жесе де жанын бағар.
Садықтар осы тауды қарай берсін,
Қайтеді Сәли қыздан алсақ хабар?
Бет бұрып шығыс жаққа салмап па еді,

Бел байлап тәуекелге алмап па еді?
Анада осы жерден аттандырып,
Содан кейін жоқталмай қалмап па еді?
Бар қызық осы қыздан тарап отыр,

Қайсы қыз мұндай іске жарап отыр. 1780. Сөйлейін Сәли, Сағи не болғанын,

Тыңдаушым, құлақ салып, қара да отыр.
Шығысқа Сәли, Сағи кете берген,
Қанша күн жылауменен өте берген.
Кеп түсті он бес күнде бір шатаңға,

Қолында түйесімен жетелеген.
Заңғар тау айналасы қорғандай боп,
Сәлиде қан қалған жоқ сорғандай боп.
Екі жас еңіреумен қалды қатып,

Сарғайып балдыр, құрақ орғандай боп. 1790. “Ойлады ел табылмай таусылса азық,

Аштан өлмей қайтеміз жүдеп, азып.
Далада қарға-құзғын жемей тәнді,
Кім қоймақ кебінге орап, бізді қазып?
Таусылмас тау менен тас белгісі жоқ,

Ойлаймын өткен күнім келгісі жоқ”.
Тар тұрмыс таптамасқа шара болмас,
Болмаса өзінше ешкім өлгісі жоқ.
Шатырын тігіп қойып, байлап атты,

Ұйықтап шаршап келіп Сағи жатты. 1800. Сәлиқан шығып алып бір жартасқа,

Шығарды ішкі шерін зарлап қатты.
Тұрмысын кімнің жалған бүлдірмейді,
Жылатып, кімді фәни күлдірмейді.
Қаншалық қайғырса да, қан жұтса да,

“Жүдер” деп Сағижанға білдірмейді.
Ұйықтатып Сағижанды салды-дағы,
Жартасқа жалғыз шығып барды-дағы.
Батысқа қарап алып зарлады ол,

Қолына ормалын алды-дағы. 1810. Ағылып енді шықты ойда бары,

Ойлаған ойдың көбі ғашық жары.
Таянып бір бүйірін, жағын сүйеп,
Боздаған мұңлы үнмен мынау зары:

– Құдай-ау, өзің жаратып,

Неше түрлі жан қылдың.
Жер жүзіне таратып,
Адам, хайуан, аң қылдың.
Пайда алуға панаңнан

Бір ниетке қам қылдым. 1820. Әкем өліп, анамнан

Тірі адасып қаңғырдым.
Қайғының беріп ауырын,
Жете алмадым арманға,
Іздейтін жоқ бауырым,

Мұңлы жоқ мендей жалғанда.
Лайық па, бір Алла-ай,
Мұнша қайғы салғанға.
Барамын күйіп тұра алмай,

Адасып анам қалғанға. 1830. Өзің солай арнасаң,

Біз жетімде шара жоқ,
Күні-түні зарласам,
Жазылатын жара жоқ.
Сорлы анамды бағатын,

Өзінен туған бала жоқ.
Іздеп жүріп табатын,
Біз жетімде шама жоқ.
Артта құйрық, алда жал –

Іні менен ағасыз. 1840. Етегі қысқа, ені тар,

Тондай болдық жағасыз.
Алды-артында тайы жоқ,
Аттай ақсап тағасыз.
Тиянақ мекен-жайы жоқ,

Жан бар ма біздей бағасыз?!
Жан құсатып жалғанда,
Жаратып ең басында.
Әкем өліп арманда,

Еңіреттің жасымда. 1850. Көзден жасын парлатып,

Сағи жүр жетім қасымда.
Қойдың ба, Тәңір, зарлатып,
Көк қияның басында?
Дәм бұйырып даладан,

Көл қылдың көзден жасымды.
Тірі айырып анадан,
Қаңғырттың ғаріп басымды.
Жазық дала, қыр мен ой,

Кездірдің тау мен тасыңды. 1860. Апамды бақсын сүйеу боп,

Енді аман қыл Қасымды.
Жан бағармыз біз қайтып,
Болмасаң, ием, өзің жар.
Бір жағынан мұңайтып,

Сіңілім Сағи, Сырттан бар.
Сырттанда тіл жоқ, Сағи жас,
Болып тұр бізге заман тар.
Бойыма батпай ішкен ас,

Ермегім болды мұң мен зар. 1870. Он сегіз мың әлемді

Өз қолыңмен өндірдің.
Қара түнек пәлеңді
Басыма салып төндірдің.
Жанған шамдай көңілді

Бір боранмен сөндірдің.
Зарлаумен алып өмірді,
Зарлатып тасқа төндірдің.
Әкем өлді – үміт жоқ,

Жолдасы болсын иманы. 1880. Шешем кетті шерлі боп,

Бұйырмай дүние жиғаны.
Тапсырдым, апам, Аллаға,
Бізді саған қимады.
Қасымың болса сол бағар,

Аман болса бір жаны.
Аман-есен босансаң,
Қылармыз соған қанағат,
Тірлікте нәсіп болса егер,

Жолығармыз саламат. 1890. Разы болсын көрмесек,

Үлкен-кіші жамағат.
Жолыққанша, қош енді,
Аллаға бәрің аманат.
Ақ сүтіңді кешіңіз,

Мұңайтпай екі қызыңды,
Отыр қалмай есіміз,
Біле алмай дерек ізіңді.
Жақындадық өлуге

Ақтай алмай тұзыңды. 1900. Қияметте көруге

Жазсын Тәңірім жүзіңді.
Алла қабыл айласын,
Мұңлықпен қылған зарымды.
Фатима пірім, қайдасың?

Қысылды үнім, тарылды.
Әбден ашып бетімді,
Кетірдің жастай арымды.
Сүйесең біздей жетімді,

Бір көрсет ғашық жарымды. 1910. Жәрдем тілеп өзіңнен,

Түзу жолға кірейін.
Қан ағызып көзімнен,
Мойныма бұршақ ілейін.
Тартпасаң оңға бастырып,

Мен жетім нені білейін.
Басқасын Хаққа тапсырып,
Жалғыз-ақ тілеу тілейін.
Иә, Жаратқан, Тәңірім,

Сен жараттың әлемді, 1920. Жетпей ме күшті әмірің?

Тартсаңшы менен пәлеңді.
Жеткізсеңші желіңмен
Ғашығыма сәлемді.
Тірі адасып елімнен,

Үміт пен үздің дәмемді.
Жетімдерге дем берген,
Ұлық Алла, иемсің.
Біз бір жетім сенделген,

Кім келіп басты сүйесін? 1930. Өзім-ақ тауып алар ем,

Білдірсең жолдың жүйесін.
Жолыңа айтып шалар ем,
Сағидың жалғыз түйесін.
Атамыз Адам пайғамбар

Хауа анадан бөлінген.
Қамықпаған қай жан бар?
Армансыз болып өлінген.
Көз жастары жосылып,

Тілегі ақыр берілген. 1940. Амандықпен қосылып,

Кереметің көрінген.
Адам ата, Хауаның
Құрметіне бізді қос.
Дертке шипа – дауаның,

Бірін беріп, қылып қош.
Бір жарылтып жүректі,
Жамандықтың жолын тос.
Зарлықпен қылған тілекті,

Тастама, Ием, бекер бос! 1950. Нұрмұхаммед – Сәруәр,

Екі әлемнің шырағы.
Қызметінде – Фәруәр
Жетімің зарлап жылады.
Қадишаның аты үшін

Жәрдем үміт қылады.
Фәтима пірім аты үшін
Еңіреп медет сұрады.
Жаратқан ием болмаса,

Жер: – жаһан қайтып тұрады. 1960. Расул Алла, жәрдем бер,

Біз де сенің үмбетің.
Тас басында қол жайып,
Тұр зарланып бір жетім.
Жақсылықтың көрсетші

Үмбетім десең, бір шетін.
Жетімдерді есіркеу
Емес пе еді міндетің?
Көзімде жас, көңіл ғам,

Ағып отыр маңдай тер. 1970. Осындайда бір қолда,

Ерлердің пірі – Ғалишер!
Мұндай зарлы күндерде,
Жүргенде түнек түндерде
Төрт мүрсалат періште,

Төрт шәһаржар қолдай көр!
Еш нәрсе жоқ қолдасаң,
Сендер себеп болмасаң,
Алдым тұйық, артым жар,

Мекенім болар қандай жер? 1980. Жеті пірге қол берген,

Ерек қып Алла жол берген –
Бабақұмар, Шашты әзиз,
Жалындым, тақсыр, жәрдем бер,
Жол таба алмай бораннан,

Адасып шығып кетіп ем.
Жасымда салып бұл күйге,
Тағдыр-ау, саған не етіп ем?
Жарама жара жамалып,

Отырмын тасқа қамалып. 1990. Жылай-зарлай неше күн,

Талай таудан өтіп ем.
Жеңдің бе қайғы иықтап,
Жартасқа қалдым тұйықтап.
Әулиелер, жәрдем бер –

Ашыққа шығар беті кең.
Қасейін мен Құсайын,
Дем берсең, құстай ұшайын.
Зейнел Ғабиден, қолдай көр,

Сен де мендей жетім ең. 2000. Шығарайын жылаумен,

Ішімдегі кірімді.
Бір-ақ жолда, дүние-ай,
Жетімдігім білінді.
Қасіреттің ноқтасы

Басыма келіп ілінді.
Зарлап жатып өлейін,
Тартқанша тағдыр тілімді.
Қайтып сарқып түгетем,

Жүрекке толған іріңді. 2010. Сабыр мен Садық, жалғанда,

Көрер ме екем біріңді?
Қайран, апа, білмедім,
Өлің менен тіріңді.
Басқа адамға берме, Алла,

Қазіргі менің күнімді.
Ашар күнің бар ма екен,
Бастағы түнек түніңді?
Қанды жас көзден төгіліп,

Зарласам қанша егіліп, 2020. Кім есіркеп, кім ұғып,

Кім естиді үнімді?!
Ләйлі – Мәжнүн, қолдай көр,
Ғашықтардың бірі едің.
Жүсіп пенен Зылиқа,

Сендерден жәрдем тіледім.
Фаһирам мен Гүләндам,
Жаңа ашылған гүл едің.
Әмір менен Үзирә,

Ғашықтың жеті бір едің. 2030. Ғарып – Санам, қайдасың,

Миуа ағаштың бүрі едің.
Фархат – Шырын, қолдаңдар,
Жалғанның жасыл нұры едің.
Тахир менен Зухра,

Дем бермесең жүдедім.
Сендер еске алсаңдар,
Зарыма құлақ салсаңдар,
Айқасар ма екен жалғанда

Ғашығыма білегім? 2040. Ерке болып ер жеттім,

Жеті ғашық, сені тербеттім.
Құрметінде қуантып,
Жарылар ма екен жүрегім?
Қанша қайғы көрсем де,

Жапанда жылап өлсем де,
Жалғыз Алла, өзіңсің –
Тиянағым, тірегім!
Қол жайып құбылаға қойып кетті,

Боздаған мұңлы даусы көкке жетті. 2050. Жартасқа жылап, шаршап бетін сүйеп,

Талықсып, көзі ілініп қалғып кетті.
Кез болған ғаріптерге осындай хал,
Жамағат, мына сөзге құлағың сал.
Көз іліне алдына жетіп келді,

Ақ көйлек, ақ таяқты ақ сақал шал.
Бұл шалды өңінде емес, түсте көрді,
Сәлиқан қол қусырып сәлем берді.
Сәлемін “алике” алып ақсақал шал,

Қасына тізелесіп жақын келді. 2060. – Қайғырдың неге қатты, балам? – деді,

Қайғыңды ішіңдегі алам, – деді.
Зар даусың құлағымды кетті жарып,
Асықпа түзу жолға салам, – деді.
Бұл жерге бүгін қонып, деміңді ал,

Сөзімді ұқ, қаңғып жүрген деме бір шал.
Таңертең осы жерден аттан-дағы,
Солтүстік ақ жартастан ары аса сал.
Бір жол бар екі жартас арасында,

Тар өзенге түсесің барасың да. 2070. Сыпырып ат, түйеңді қоя беріп,

Сол судың қозғалмай жат жағасында.
Өсіп тұр гүлдер жайнап қызыл, жасыл,
Ылайық қызыл гүлге сен бір асыл.
Сол жерде қам ойламай жата берсең,

Болады мұратыңның бәрі хасыл.
Жылайсың іздерім жоқ, жетім ем деп,
Адасып желді күнде кетіп ем деп.
Іздеушің алды-артыңды қабындап жүр,

Жүдеме енді бекер “өкінем” деп. 2080. Күңіренттің мұңлы үнмен жанның бәрін,

Келеді, кешікпейді ғашық жарың.
Сен шақырған әруақтар бәрі жар боп,
Қабылданды, ғарібім, қылған зарың.
Бұдан соң қылма, балам, қайғы мен зар,

Қашан болса, біз саған боламыз жар.
Бір атың шылбырыңа оралып тұр,
Менің атым – Шаштыәзиз, тез тұрып бар.
“Алла”, – деп Сәли сонда көзін ашты,

Көрінбей ғайып болып шал да қашты. 2090. Бес минуттай болған жоқ ұйқысына,

Аң-таң болды Сәли қыз шайқап басты.
Сол кезде намазшам боп күн де батты,
Жүгірді көрейін деп ораулы атты.
Шын екен, әрең зорға ажыратты,

Оралып қалған екен жаман қатты.
Қуанып, көңіл басып, жасын сүртіп,
Оятты Сағижанды ептеп түртіп.
Түсін айтып, қуанып тамақ жесіп,

Таң атқанша отырды қақпай кірпік. 2100. Таң да атты, жөнелді енді жүгін артып,

Ақсақалды шал айтқан тікке тартып.
Жол бар деп адам онда ойлар емес,
Сәскеде әреңменен жетті шалқып.
Жол екен жүрер аңның жалғыз аяқ,

Айтқан жерін дәл тапты адаспай-ақ.
Ары асса, айтқанындай тар өзен тұр,
Қуанды “шын екен” деп екі саяқ.
Тал гүлдеп, бұлбұл сайрап, гүлдер жайнап,

Шаттанды Сәли сұлу қаны қайнап. 2110. Ат, түйенің бәрін де қоя беріп,

Шай ішіп, сүр қазыны жатты шайнап.
Өлең айтып отырып ел жатқанша,
Неше оянып, сөйлесіп, таң атқанша.
Сағи, Сырттан үшеуі бір төбеде,

Отырды атты көздеп күн батқанша.
Бұларға шал сөзімен шаттық бітіп,
Шаштыәзиздің айтқанын жатты күтіп.
“Шын болды, алды келді айтқаны” деп,

Жылау-сықтау, қайғыны кетті ұмытып. 2120. Бұл жерде соныменен бір күн өтті,

Кейде айтады: “Шал сөзі қайда кетті?”.
Бір күні сол төбеде, кешке жуық
Сырттаны тауға қарап арс-ұрс етті.
Көк қырқа, көлденең тау, қалың бадам,

Жан жүріп болар емес жалғыз қадам.
Ит үрген жаққа көзін салса қыздар,
Келеді жал басында бір атты адам.
Жабдығы жарқылдайды жал басында,

Ит көрді, бұлар көрмей алғашында, 2130. Сәлиқан, Сағижанмен отыр қарап,

Тік түскен осы жалдың жалғасында.
Жан емес не қылса да көңілі бүтін,
Сәлиқан Сағижанға деді: “Күтін”.
Жалт етіп иттің даусын ол да естіді,

Басында келеді екен көріп түтін.
Қаруын Сәли қыз да қолына алып,
Танымай қарай-қарай көзі талып.
Алыстан іздеушілер байқасын деп,

От өртеп қойып еді, түтін салып. 2140. Еркекше киімдері, бейне жігіт,

Бір қорқыныш, бір тұрып кіреді үміт.
Ол бұларды көрген жоқ, түтін көріп,
Еңістеп келе жатыр көзін тігіп.
Қате жоқ ит дыбысын білісінде,

Бір хикмет бар секілді жүрісінде.
Бұларды тіктеп қарап, ол да көрді,
Сыртанның енді екінші үрісінде.
Көрді де қарсы салды тайсанбады,

Жау көргендей күтініп, жасанбады. 2150. Екі қыз, бір қуанып, бір қуарып,

Аяғын жалғыз қадам баса алмады.
Қасына не қылса да келді жетіп,
Алыстан сәлемдесті жауап етіп.

– Жөніңді айт, қайдан келдің, кім боласың? –

Деп Сәли сөз сөйледі сасып кетіп.
Асықпай жақын келіп, аттан түсті,
Сәли сергек, Сағидың зәресі ұшты.

– Мырзалар, сөз сұрасаң айтайын, – деп,

Саспады көрінеді дүмі күшті. 2160. Бала екен жап-жас қана жалғыз өзі,

Жарқылдап жақұт тастай екі көзі,
Қаңтарып атын қойып, бөркін алып,
Баланың сонда мынау айтқан сөзі:

– Матаймын, арғы затым, – деді, – Найман,

Шығып ем қысылтаяң бір жағдайдан.
Мал емес, адам жоғын іздеп жүрмін,
Асынып сол туралы сауыт-сайман.
Сіздерге мен айтайын түгел жайды,

Жүректі сыздатып тұр ауыр қайғы. 2170. Арғында Қаракесек Есім деген

Бар еді құда түскен ағам қайны.
Өзі іздеп кетіп еді ағам бұрын,
Барған жоқ есік көріп бұрын ұрын.
Сұрасаң, ағам аты Садық еді,

Ұғынсаң, мен – Сабырмын, әкем – Нұрым.
Дегенде-ақ жылап ұшты екі бала,
Үзіліп Сабыр сөзі қалды шала.

– Жаным, Сабыр, жүрсің бе саламат? – деп

Келді де, құшақтады ойбай сала. 2180. – Келдің бе аман, Сабыржан,

Іздеген жеңгең мен едім.
Үркінді көштен адасып,
Осы жаққа кеп едім.
Еркекше киім киініп,

Жаратқанға сыйынып,
Сендерді іздеп таба алмай,
Көрсетсе Құдай деп едім.
Бармаған жерім қалған жоқ,

Бүгін өлсем арман жоқ. 2190. Разымын Жаратқан,

Аруақтар қолдап, жебедің.
Осы айдың тура ішінде,
Шаштыәзиз айтқан түсімде,
Сөздерінде қате жоқ –

Осындай болмақ деп едің.
Жолдасым Сырттан, Сағилар,
Жартас пенен жаңғырық.
Жүрдім тауда зар күймен,

Ішімді оттай жандырып. 2200. Таяп қалды бір айға,

Күн де зарлап Құдайға.
Ішпедім сусын қандырып.
“Көресің деп жарыңды,
Тосамын деп бәріңді”.

Шаштыәзиз кіріп түсіме,
Кетіп еді-ау нандырып.
Осындай күндер басымда,
Қайда барсам қасымда –

Құдашаң мынау Сағижан, 2210. Серік боп жүрген қаңғырып.

Сәлиқан сырды қозғады,
Артық айтып созбады.
Сағи да тұр еңіреп,
Тоқтамай Сабыр боздады.

Опасы жоқ дүние,
Кімді армансыз қылады?
Бұл дүниеге кім ие?
Талайлар өстіп құлады.

Талай шерлі, мұңлылар, 2220. Көзінің жасын бұлады.

Дүниеге болмас кім құмар,
Ақыры өліп тынады.
Тоқтаталық зарлығын,
Қайтеміз айтып барлығын.

Түгел айтсақ қалдырмай,
Жарым күн аздық қылады.
Бір кезде Сабыр тоқтап көзін ашты,
Ақыл айтып, Сәлидің көңілін басты.

Амандасып, халдарын жай айтысып, 2230. Кейде босап, егіліп көзден жасты.

Қыз айтып шешесінің қалғандарын,
Сабыр айтып Әріптің барғандарын.
Екі жағы қалдырмай бастан-аяқ,
Тауысты ішіндегі армандарын.

Шатырға кеп, ішісіп тамақтарын,
Күліп, ашып, жадырап қабақтарын.
Шал сөзін бірнеше күн күтпек болды,
Алуға тынықтырып тағы аттарын.

Таң атса тамақ ішіп, су жағалап, 2240. Қалың тоғай ішінде жүрді аралап.

Бір күні бесін мезгіл болғанында,
Тау жаққа үрді Сырттан, бір қарап ап.
Шығады ат сарыны – тауда сатыр,
Өздері өзенде жүр, қырда шатыр.

Шыға келіп, қараса көк қабаққа,
Бес адам көш-мөшімен келе жатыр.
Алдынан атқа мініп Сабыр шапты,
Таңырқап олар қарап тұра қапты.

Баяғы Садық, Жұпар жолдасымен, 2250. Көрісіп бірін-бірі аман тапты.

Айтысып көргендерін бірі қоймай,
Бірі тыңдап, бірі айтса сөзге тоймай.
Сәли, Сағи хабарын естіген соң,
Сорлы Жұпар тоқтамай салды ойбай.

Қыздар ұшты Жұпардың даусын танып,
У-шу болып табысты, айғай салып.
Егіліп мұнда жылап жүрмеген жоқ,
Ес жиды мұңлы Жұпар неше талып.

Садық, Сәли қолдасып көрісіп тұр, 2260. Жылаумен ішкі мұңды терісіп тұр.

Қойдай шулап, қозыдай маңырасты,
Не қылса да жарасып, келісіп тұр.
Жыласып, есін жиып, мауқын басып,
Көңілдері көтеріліп, судай тасып.

Сәли, Сағи, Төленді ортаға алып,
Еңіреп кезек сүйіп, бетін ашып.
Шыққандай болды айы қара бұлттан,
Адасқан өңкей мұңлы ел мен жұрттан.

Оралып әрбірінің аяғына, 2270. Қыңсылап жылатты елді мұңлы Сырттан.

Ашылып қара түнек бастан мұнар,
Шатырға жаяу шұбап келді бұлар.
Бірі айтып, бірі жылап көргендерін,
Жалын боп шығып жатыр іштен құмар.

Жүректер тулап, жұлқып аспанға ұшты,
Жалғанда ғашықтықтың оты күшті.
Әріп пен мал барғанын Сабыр айтып,
Орнына көңілдері тағы түсті.

Таусылмас армандары жатыр толып, 2280. Жазуға шамам жетпес оны толық.

Екіден, бірден келген бейшаралар,
Бас қосты Төлендімен тоғыз болып.
Жыласпай тұра алсын ба, судай ақпай?
Не көрген бір-біріне мұңын шақпай.

Мұңдасып тамақтарын іше отырып,
Өткізді осы түнді кірпік қақпай.
Не көрмес адам басы жан боп туып,
Бірі кетсе ізімен бірі қуып.

Бұл жерде бес-алты күн жатпақ болды, 2290. Аттарын тынықтырып, кірін жуып.

Кернеген ішті қайғы солғаннан соң,
Көңілдер рахатқа толғаннансоң.
Аралап тоғай ішін тамаша етті,
Күн ысып, сәске мезгіл болғаннан соң.

Ұйықтап Төленді мен Жұпар қалды,
Садық, Сәли Сағимен суға барды.
Қалың ағаш саялы тал ішінде,
Жағалап ары-бері жүрді жары.

Құстар сайрап, шегіртке түсіп биге, 2300. Салып тұр әрбіреуі әрбір күйге.

– Отыр, – деп: – Біз барғанша шай қайнатып, –

Жіберді Сағижанды жұмсап үйге.
Екі ғашық түрегеп ұстасты қол,
Көкше тал көлеңкелі, саясы мол.
Жастарға тал – шымылдық, шалғын – төсек,

Томар бар, басқа жастық болмай ма ол?
Сүйісіп талдың түбі, көгал жерде,
Көк құрақ көлденеңдеп болды перде.
Сәли қыз бетін басып, көзін сүртті,

2310. “Қиылып, өзің біл” деп Садық ерге.

Сөйлетпей қызды Садық сөзбен тұсап,
Айқасып, бір-біріне салды құшақ.
Шыққандай тыңдағанға қыздан дыбыс,
Бейне бір бүркіт басқан түлкі құсап.

Еріндер, тіл сорысып емерілген,
Тер ағып ақ иектің кемерінен.
Екі жас бойын жазып әзер алды,
Сәлидің “өкпелеймін” дегенімен.

Ләззат жүр бойға артық тарай алмай, 2320. Айтуға артық жауап жарай алмай.

Отырды шынтақтасып, шымшыласып,
Садыққа Сәли беттеп қарай алмай.
Тұнық тер ақша бетті кеткен басып,
Қалғандай қыры сынып, өңі қашып.

Дариға-ай, белгілі ғой қыздың сыры,
Бізге ол айтпасам да анық-ашық.
Қыз отыр қорғасындай балқып алып,
(Онша көп ұзақ сөйлеп тантымалық.)

Есіме қай-қайдағым кетті түсіп, 2330. Жазбасам темекімді тартып алып.

Қисыны енді кетіп тұрған кезі,
Кетуші ек іліп-түсіп, қамтып алып.
Әуейілік, жастықпенен өткен күннің,
Мінеки, неге соқты арты барып...

Көтерген көрден басын аруақ құсап,
Отырмыз адам сиық тарпы қалып.
Бір кезде аһ, дариға-ай, қандай едім
Біледі Іледегі жалпы халық.

Бұл күнде дертті жүрек тұр жазылмай, 2340. Ісіктің өзі қайтса, барты қалып.

Не керек мақтан қылып, ел біледі,
Өзімді айтпасам да артық алып.
Кетпейін бірді сөйлеп, бірге түсіп,
Аяғын әлгі сөздің сарқымадық.

Екі жас құшақтасып үйге қайтты,
Мойнына білектерін артып алып.
Көңілден қайғы-қатер, кетті қауіп,
Бөленді рахатқа заман ауып.

Қайтемін ендігісін айтып-айтпай, 2350. Өздері жүрген шығар ебін тауып.

Қайғылы жүректердің тауып емін,
Бұл жерде бес-алты күн алды демін.
Аттанды алтыншы күн енді ауылға,
Қумаңдар қысқартайын артық-кемін.

Сермеген тәуекелге жастар қолын,
Айырған ақыл кіріп оң мен солын.
“Алла” деп күліп-ойнап жүріп кетті,
Біледі өзі келген Сабыр жолын.

Тоқтамай, Сабыр бастап жүріп кетті, 2360. Неше тау, неше қырқа, сайдан өтті.

Шаттықпен сайран етіп, күліп-ойнап,
Саламат ел шетіне келіп жетті.
Ауылға қалған кезде біраз жері,
Шақырды атқосшысын Садық сері.

“Қуантып хабар айтып, сүйінші алып,
Бұрын бар” деді ауылға бізден гөрі.
Бұларға елдің шеті көрінді енді,
Атқосшы оза шауып бөлінді енді.

Ауылға сүйіншілеп түсті барып, 2370. Сәлемет әкелдік деп келінді енді.

Шуласып жылап-сықтап ұстап атын,
Кеп қалды Садықтар да таяп жақын.
Атты-жаяу деместен, бірі қалмай,
Естіген шықты алдынан қыз бен қатын.

Мәржім, Нұрым, егіліп “диуана” Әріп,
Біреу жылап, біреулер естен танып.
Қатын-қыз жаяулатып келінді алды,
Басқасы түсті ауылға тура барып.

Қуанып ойдан-қырдан жиналды ел, 2380. Есепсіз еттер пысып, қымызы – көл.

Бас-аяғы түп-түгел басын қосып,
Аңсап жүрген бәрінен басылды шөл.
Той қылды неше күндей жұртын жиып,
Ет жегізіп, шай менен қымыз құйып.

Сағиды айтқанындай Әріпке арнап,
Садық пен Сәлиқанға неке қиып.
Ойнатты неше күндей қалың елді,
Бұл тойға төлегетай түгел келді.

Бозбала, мейман күткен қыз-келіншек, 2390. Ауылдың арасында аттай желді.

Ат шауып, көкпар тартып, палуан түсіп,
Шаңдатты неше күндей асқар белді.
Әншіл ұл, әсем қыздың бәрі сонда,
Шығарып жүргендер көп ішкі шерді.

Бос белбеу, қисық өкше, қылжаңдар жүр,
Ағызып, бос қиналып қара терді.
Дүниенің аз күн зарын тартқан жастар
Мінеки, рахатын ақыр көрді.

Бір күндер үміт үзген тіршіліктен 2400. Жұпардың жүрісін көр бүгін енді.

“Артын күт” деп айтқаны Қасымның кеп,
Тілеуін бастан-аяқ Құдай берді.
“Түгі жоқ, түбі түгіл” деген Жұпар,
Шырт түкіріп, шынтақтап қасын керді.

“Үмітсіз шайтан болсын” деген Алла,
Жігіттер, ұмытпаңдар осы жерді.
Ел тарқап жайлауына шықты көшіп,
Ер жетіп, қатын алды Төлен де өсіп.

Үйленіп малды-басты өркенді боп, 2410. Осындай дәурен сүрді күндер кешіп.

Бұл сөздің болғаны шын басындағы,
Сөз екен әбден ұққан жасындағы –
Дөртуыл Қами айтып беріп еді,
Мәнкейдің Алтай керей қасындағы.

Жүріпті ұмытылмай мүлде есінде,
Мен болсам қалмас еді бір де есімде.
Мың тоғыз жүз қырық бес санасында,
Үрімжінің екінші түрмесінде.

Осыны бір түн сөйлеп өтіп еді,
Әңгімесі бір таңға жетіп еді.
Осылардың қалмасын аты өшіп,
“Өлең қылып аудар” деп кетіп еді.

Жалғаннан екі ғашық солай өтті,
Өлгенше мұратына жетіп кетті.
Осылай ақындарың айып етпе,

2426. Сәлиқан – Садық жырын тамам етті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙