Ғұмырымның баяны
Дәуітәлі Стамбекұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ғұмырымның баяны
Дәуітәлі Стамбекұлы
Ғұмырымның баяны
Өлеңдер
Оқырманға!
Бұл кітабым тигеннен соң қолыңа,
Көзіңді сал әрбір өлең жолына.
Ақша байлық бермесе де қолыңа
Серік болар ойларым бар жаныңа.
Менің айым өзің жаққа кетті шын,
Бұдан артық сағынарға жоқ күшім.
Өлеңдерім жүрегіңе жол салса,
Дәуітәлімен бірге жүрмін деп түсін.
1-бөлім
Өзек
Үнсіздікте бір күш бар құдіретті
Үнсіздікке келеді бір үндегім,
Үндемейді, ойлайды жырым менің.
Үндемеймін өзім де –
Мазмұны жоқ
Бос сөздерден ол менің түңілгенім.
Үндемейтін қауымды бетке аламын,
Осыдан бір қуат пен от табамын.
Және осы жұмбаққа жауап берем,
Жауап бере алмасам,
Жоқ боламын.
Таудан өзге тылсымға таңданбаймын,
Үнсіздігін таулардың армандаймын.
Біреулердің алдында үнсіз қалсам,
Оның бір мәні бар,
Арланбаймын.
Ұлы дала,
Ұлы өзен,
Ұлы таулар,
Ұлы орман, қайсыңда бір ақау бар?
Ешқашан да сенбеймін:
Мәңгі-бақи
Сөйлемейді дегенге мына таулар.
Кеңігенде дүние көлдей болар,
Тарылғанда табанда шөлге айналар.
Тілсіз, мылқау нәрсе жоқ бұл жалғанда,
Өз уақыты келгенде сөйлейді олар.
Айтыңдаршы, не деп тұр бұлт ішінен,
Неге үнсіз пердесін түн түсірген.
Жұлдыз біткен алыстан неге үнсіз
Жымыңдайды?
Осыны кім түсінген?
Сәл ойлымыз,
Сәл ғана көңілсізбіз,
Сенімдіміз,
Сәл ғана сенімсізбіз.
Сол бір сәтте ғаламат күш болмаса,
Мәңгі алаудың алдында неге үнсізбіз?!
Ақырын кеп алыстан нұры жетті,
Айғай-шуды тыныштық тіліп өтті.
Мен осыған сенемін болмысыммен,
Үнсіздікте бір күш бар құдіретті.
Ақиқаттан келмейді сырғақтағым,
Бұлаңдағым келмейді бұлғақтағым.
Атомдардың туып ап дүниеге
Үнсіз жатыр емес пе тыңдап бәрін.
Уақыт туып,
Ең жарқын жолға ұшатын,
Келеді әлі мүмкіндік қол қысатын.
Төзімімді жеткізіп күтем сонда
Үнсіздіктің құдіретті соңғы сәтін.
Бір заманда сертке ұсталған алдаспан,
Қабырғада тұр ілулі шаң басқан.
Сескендіріп өтсе-дағы талайды,
Бұл күндерді тыныштықты қалайды.
Жүзі де оның салмақты, һәм байсалды,
Ұстағысы келгендерге ой салды.
Ал жігерсіз, жалтақтарға: «Мұңданбай,
Жастығыңда жарқылда», - деп тұрғандай.
Бөлтірік
Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан ?
Алып келді біздің үйге бір адам.
Сыйға тартты шын қызықты біздерге,
Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған.
Бірте-бірте бөлтірікте өзінің
Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін.
Шөп қорада ойнап жүріп бір күні
Көзі түсті жанарына қозының.
О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып,
Есі кетіп,
Көзі жанып,
Жанданып!
Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды,
Бұл қорада жүргеніне арланып.
Қыр баласы
Мазасызбын.
Аңсады жаным қырды,
Сағындырды балалық шағым нұрлы.
Желіктірді жастығым аздап-аздап,
Бұраң-бұраң жолдармен сабылдырды,
Мазасызбын.
Аңсады жаным қырды.
Қала жақсы.
Көп онда қызықтар да,
Түзіктер де көп онда, бұзықтар да,
Қызығымен қаланың қалған досым,
Туған жерден қолыңды үзіп қалма.
Сағындырды мені елдің өлке, белі,
Сері самалдарымен серке желі.
Шулы қала сау болғай,
Есен болғай,
Және оның тік бақай еркелері.
Жалғыз едім.
Қалайша аяна алам,
Жасы келген анама сая болам.
Тентектікті қоям да анашыма,
Келін бала - өзіме әйел алам.
Айғырменен содан соң дүркін ағып,
Аңдыздатып,
Ақпанның шырқын алып.
Арсылдаған арланы қыраттармен
Дауыл қуып кетемін жұлқып ағып,
Айғырменен жұлдыздай дүркін ағып.
*** Күрестік талай ғасыр азаппенен, Тірестік мазақпенен, Тозақпенен. Қаншама сыр ашады, қарап тұрсаң, Бір ғана сөздің өзі – Қазақ деген.
Біз – берік
Біз құрышпыз,
Біз болатпыз,
Біз биік –
Біз сұңқармыз,
Мұзбалақпыз.
Оңынан оқысаң да біз Қазақпыз,
Солынан оқысаң да біз Қазақпыз.
Екі өлең
Көп еді өлең,
Көбі соның солды да,
Бізге жетпей тынды талай мол мұра.
Екі-ақ жырым қалды:
Оның біреуі –
Төрде ілулі тұрған қара домбыра!
Жұлдыздарды жаудырып бір көгінен,
Әлі арнамнан талай асып-төгілем...
Екі-ақ жырым қалды:
Оның біреуі –
Ана тілім, бірге өлмейтін менімен!
Отаншыл торғай
Қыр мекенін қыс келіп ұйытқандай,
Кең дала да тарылды суық тордай.
Қимай туған ұясын
Жылы жаққа
Ұшпай қалды кішкентай суық торғай.
Ақ бораннан ештеңе құтылмады,
Тағыланып тағы да құтырды әні.
Даланың да жүрегі мұзға айналды,
Аспанның да сүйегі сықырлады.
Қашты бұлттар жайылып қара шашы,
Кімге аяныш жанның жарыс осы?
Кіп-кішкентай отаншыл торғайыма
Ешкім бола алмады арашашы.
Келмеді оған көмекке адамдар да
Түбірлерге қоғалып,
Томарларға.
Үсіп,
Тоңып,
Үрпиіп,
Қалт-құлт етіп,
Қарсы тұрды аяз бен борандарға.
Қуса да аяз соңынан сақ-сақ күліп,
Кіп-кішкентай күрескер асқақ тұрып.
Жылы жаққа ұшудан тартты басын,
Туған жерде өлуді мақсат қылып.
Күннің көзі жикке жасырынды,
Қап-қара бұлт жерге кеп басын ұрды.
О, туған жер, сүйемін мен өзіңнің,
Кіп-кішкентай күрескер ғашығыңды.
Оны көріп мен қалай ірге түрем?
Ол қадірлі осындай құрметімен.
Не тағдыры кешсе де, дәл осындай
Қайтпайтындар болады бір бетінен.
Қадірлесең қадірле ондай ұлды,
Соған сүйе басыңды,
Маңдайыңды.
О, туған жер, сүйемін мен өзіңнің
Кіп-кішкентай отаншыл торғайыңды.
Ақтоғай туралы аңыз
Ертек депті,
Ел оны аңыз депті,
Шындықтан да күдерін сәл үзбепті.
Ақиқатты аңсаған ата-баба
Аңыздан да керемет мән іздепті.
Түнде құсы тоғайдың сайрамапты,
Етегіне боз тұман тайғанапты.
Ақ қайыңдар қалғыса,
Төстерінен
Айдан түскен ақ сәуле аймалапты.
Осы кезде жоқ заттың әмірімен,
Қызға айналып қайыңдар бәрі кілең,
Әлдеқандай сыңсытып әуендерді,
Билейді екен түнде айдың жарығымен.
Жүрегінің іздеген керек емін,
Еркелерін, талай бір төрелерін.
Тыңдау үшін қыздардың әуендерін,
Көру үшін жалаңаш денелерін.
Барады екен орманға түн ішінде
Іздерін де, байқатпай жүрісін де.
Барады екен періште, пері ме әлде,
Бұл ғажаптың не екенін білісуге.
Жүрек жұтып талай ер жаралыпты,
Жаралыпты ашуға жаңалықты.
Айлы түнде жол шегіп сол тоғайға
Талайлары кетіпті,
Жоғалыпты.
Аузын ашып ел мұны айта алмапты,
Күндіз барып орманға айқайлапты.
Түн баласы ай туса қорқынышты,
Күндіз болса ештеңе байқалмапты.
Қарсы шығып, іске де құдай қылған,
Кегін алу үшін бір жын ойнынан.
Бірде түнде орманға от қойыпты
Жесір әйел ерінен тірі айрылған.
Содан бері баса алмай солығын да,
Тобылғылар,
Ұшқаттар торығуда.
Томарлар мен тамырлар шодырайып
Жырақ атты жыныстың орнында.
Ертек дейді,
Ел оны аңыз дейді.
Шындықтан да күдерін сәл үзбепті.
Ақиқатты аңсаған аталардай
Аңыздан да керемет мән іздепті.
Аңыз үшін жаралған
Арман үшін,
Ақтоғайдың арудай болғаны шын.
Ел аңызын еске алып ертелі-кеш –
Аралағым келеді орман ішін.
Үрей
(Хемингуейдің «Климанджаро қарын» оқығанда)
Пері ме әлде шаштары бұрқыраған,
Сырқат па әлде сүйегі сырқыраған.
Қара түннің ішінен қалтырап кеп,
Шығады бір ащы үн шырқыраған.
Тынысынан айрылып ғұмыр әні,
Қара түннен іздейді шұғыланы.
Естіледі адамның сөзі менен
Әлдеқайдан аңдардың ұлығаны.
Оң жағынан сыбырлап өмір, - дейді,
Сол жағынан сыбырлап өлім, - дейді.
Дәл қасыңа келеді жетіп-жетіп,
Бірақ түк те көзіңе көрінбейді.
Соқыр, сірә, әйтеуір, амалдайды,
Сені іздейтін сияқты, таба алмайды,
Келіп қалған жаланып сол ма дейсің,
Қарсы алдыңда бірдеңе қараңдайды.
Көрінбейді ізі де,
Түр - өңі де,
Қадалатын сарт етіп жүрегіңе,
Тастай түнде құтырып сені іздейді,
Келді, келді бас салды, міне, міне...
Жо-жоқ қалдың, тағы аман сақтағасын,
Ол да мүмкін адамның ақ-қарасын.
Айырар деп жалынып жаның қалмай,
Тілсіз дүлей алдында ақталасың.
Мұндай болмас ғұмырлық азабың да,
Мойындайсың жазғанның мазағын да,
Өлмей, тірі күйіңде пісесің сен
Өмір менен өлімнің қазанында.
Молшылық әуені
Ғашықпын мен осынау жұмыр жерге,
Құстар ән сап,
Жылғалар жүгіргенде,
Үміт болып, көктем, сен жақындайсың,
Аязынан ақпанның түңілгенде.
Қандай сұлу,
Жұмыр жер керім еді?!
Түні тіпті нұрлы боп көрінеді.
Шөлдер ернін тосқанда оттай жанып,
Кезекті сөз бұлттарға беріледі.
Айналасың күннің де қылығынан,
Ағаштардың сипайсың бұрымынан.
Шалғын,
Егін шығады қырға билеп,
Су менен күн,
Топырақ ұрығынан.
Шығу үшін қыр жақта дән дүркіреп,
Алу керек бұлттар да сәл күркіреп.
Дала сұлу көктемде талықсиды
Ләззат тілеп,
Жанына жаңбыр тілеп.
Көктің жүзі көлеңке жамылғанда,
Аспан үсті алқынып, тарылғанда,
Тасырлайды далада қалың нөсер,
Бұлттарға да бұлттар келіп соғылғанда.
Қылықты қыр еріні кезергенде,
Бір молшылық боларын сезем мен де,
Қандай рақат! –
Бал дәурен басталады,
Асып-тасып ағады өзендер де.
Себелесе сәуірде жаңбыр шағын,
Бүлкілдетер бір сезім ән құрсағын.
Ғашықпын мен,
Сүйемін жаным қалмай
Жұмыр жердің осынау бал-бұл шағын.
Көркіңе Көкше, құмармын
1. Жұмбақ қыз
Көгілдірі Көкшенің,
Көркің қандай келіскен?
Атың керек тек сенің,
Айта салшы,
Періштем.
Жанымды бір менің де
Түсін енді,
Жұмбаққыз.
Келгеннен соң өмірге,
Бәріміз де қымбатпыз.
Өңің қандай келіскен,
Сұрамай-ақ мән-жайын,
Атыңды айтшы,
Періштем,
Өлеңімді арнайын.
Осы жұмбақ күйіңе
Ұқсап қапты Жұмбақтас.
Мынау тірі дүние
Сені маған ұрлатпас.
Адам айтса сенгісіз,
Егізсің бе екеуің?
Сендерге де белгісіз
Менің де кім екенім.
Айтып-айтпай не керек,
Мен үшін сен жұмбақсың.
Жұмбақтас қой керемет,
Сен одан да қымбатсың!
2. Жидек тере барғанда
Мына қысқа ғұмырды-ай,
Бере алмаппын онша мән.
Еш нәрсеге бұрылмай,
Телміремін мен саған.
Қарадың сен күлімдеп,
Наз қылықпен аялы.
Бір мезгілде Күнің де
Ұясына таяды.
Қалып жатыр гүл бөктер,
Келеміз біз аяңдап.
Жанып жатыр жидектер
Шелегіңде алаулап.
Сен еркіңді билетпей,
Менің жайым болмады.
Шелектегі жидектей
Алаулайсың сен-дағы...
3. Осында ғана туар ем
Қасымда орман сыңсиды,
Алдымда айдын дөңбекшіп.
Қабылдап алып бұл сыйды,
Туласам деймін мен де өстіп.
Алдымды кесіп көлеңдей,
Аңғартып және сақ күйін,
«Сен қайдан келдің?» дегендей,
Қарайды маған ақ тиін.
Айыға алмаспын мен енді,
Аз күнге қалар жұмыс та...
Қытықтап кетті денемді
Сүйкімді құйттай құмырсқа.
Орманның іші сап-салқын,
Сап-салқын көлдің суы да.
Көл де алтын мұнда,
Тас та алтын
Шомылған көктің буына.
Шарбысын желге лақтырып,
Қызынып шілде күніне,
Маржан іздей ме,
Ақ бұлт
Қарайды көлдің түбіне.
Құс әні...
Құмар қандырдым,
Қалып-ақ еді күй қызбай.
Иісі көк пен шалғынның
Елітті есті жиғызбай.
Көкшенің биік төрінде
Таласа өсіп шынармен.
Енді бір келсем өмірге,
Осында ғана туар ма ем....
4. Бірде түнде
Көрмедім мұндай түсті мен,
Ояна келсем ұйқымнан,
Тұп-тура көлдің үстінен
Естілді ғажып сиқырлы ән.
Ән бар ма сондай бұл маңда,
Әлгі әуен ұзақ төгілді.
Ақан ба әлде, Біржан ба,
Көзіме елес көрінді.
Аңыздан шыққан адамдай,
Жеткізді нені бұла жел?
Бейнесі көзден жоғалмай,
Кісінеп тұрды Құлагер.
Аңызға толы бұл мекен,
Аңыздың-дағы жаны бар.
Иесін іздеп жүр ме екен,
Шапқылап кетті жануар....
5. Бурабай мен ақын
- Арманың бар ма, Бурабай? – Деп ақын одан сұрайды, - Көгіңде жаңа туған ай Көліңе келіп құлайды.
Сыңсиды орман түнімен,
Шолпылдап суың тынбайды.
Не айтып жатсың бұнымен
Не жайлы және кім жайлы?
Кезегі сонда келгендей,
Алды да үнсіз күлімдеп,
Ормандар,
Таулар,
Көлдер де
Сөйлейді бәрі күбірлеп.
- Ауруды айықтырамын,
Жалғызға дос боп жетемін.
Сұлуды ару қыламын
Жігітті ақын етемін.
Келгеннің бәрін осында
Рақатты күйге батырдым.
Күш-қайрат беріп батырға,
Шығардым даңқын ақынның.
Әлдилеп тостым, жағамды,
Дерттіге дауа болғанмын.
Рақат сыйлап адамға
Бақытты ету – арманым.
6. Айтатын не бар
Жұмбақтас сынды өмір де
Жұмбақ көп, не бар айтатын.
Жұмысым бітіп менің де
Жол түсті үйге қайтатын.
Қош дейді мені қия алмай,
Толықсып тұрып туған ай.
Тостағанына сыя алмай
Толқиды баяу Бурабай.
Дегенмен, менің жүрегім,
Соғады сен деп, бол аман.
Айтатын не бар...
Тілегім,
Сау болшы пәле-жаладан.
Ұрпаққа сенім
Отырардың тұрмын мен орынында,
Бір өкініш құрсады мені мұнда.
Әдейі арнап алыстан келіп едім
Рухыменен бабамның жолығуға.
Не деп айтам,
Тып-типыл жатыр алдым,
Көрмегенмін,
Бірақ та оқығанмын.
Енді менің ойымды онға бөлді.
Сойқаны мен ойраны Отырардың.
Келер болса егер де шынымды ұққың,
Осыған да кешірек бұрылдық тым.
Ізгіліктің өшірген бар өрнегін
Ізі жатыр ғаламат зұлымдықтың.
Жаның құла,
Мұндайда көңіл ала,
Толғантпаған шығар бұл мені ғана.
Бір кездегі тарихты дөңгелеткен
Жатар енді табытта өлі қала.
Қалай жаудан жеңілген,
Мен сенбеймін,
Тек ішімнен егіліп,
Кемсеңдеймін.
Енді қайтып бұндайды болдыртпаймын
Ұрпағына бабамның сенсем деймін.
Өткенге саяхат
Жұрт айтатын,
Кең дейтін жаны ақынның.
Сол кеңдіктен бір ғажап табатын мұң.
Маңдайында жазуы бар дегенде
Аузымды ашып,
Аң-таң болып қалатынмын.
Бір қиялға содан соң бойлайтынмын,
Жігерімді жалынға қайрайтынмын.
Елестетіп ақынды адамға ұқсас
Құдай ғой деп өзімше ойлайтынмын.
Өмірінің өршіген оты жырмен,
Байрондардың тағдырын оқыдым мен.
Шынымды айтам, амал не олар үшін
Мен құтыла алмадым өкінуден.
Өледі ме, дүлдүл жыр өлмейді ме,
Көнеді ме, тағдырға көнбейді ме,
Оны уақыт біліпті.
Кеш біліпті
Жаны нәзік Есенин Сергейді де.
Биіктетіп,
Әрі өзін тереңдетіп,
Ынтықтырып,
Әркімді елеңдетіп,
Жасқа толып көздері ақындардың
Көбі өтіпті өмірден өлеңдетіп.
Өмір қалып жырымен сөздерін де,
Көз жұмған соң армансыз өз жерін де,
Ақын көзі құрғайды мәңгі-бақи
Тас мүсінге айналған кездерінде.
Мың сан тамыр жер қойнына енеді,
Енеді де мың сан гүл болып өнеді.
Бірақ соны білмейміз-ау, аяулым,
Мезгілінен қайсы ертерек семеді.
Жарқ етсе егер көк аспанның қабағы,
Мың сан жұлдыз кірпіктерін қағады.
Бірақ соны білмейміз-ау, жан гүлім,
Көк төсінде қайсы мәңгі жанады.
Еске алу
Түседі еске,
Батқан кезде ойларға,
Көшіп барып
Алыс сонау қойнауға,
Жұмыртқадай киіз үйлер тізіліп.
Отыратын баяғыда
Жайлауда.
Дала дастан,
Өзінше бір дала аңыз,
Сенбесеңіз жиегіне қараңыз.
Онда біздер
Сол даладан бірдеңе
Қанымызға сіңіп жатқан баламыз.
Кеңдігімен өзгеше бір тірлігі,
Шалғынының сылдыры мен сыбдыры
Қанымызға сіңе берді ақырын,
Далаға ұқсап шығу үшін бір күні.
Сүйем, далам, айырылсаң да іргеңнен,
Тіпті әуелі бұлтыңды да түнерген,
Күздігүнгі желіңді де ысқырған
Ең бір сырлас жақынымдай білем мен.
Сол күзде түсті ертерек ызғырық,
Өз дегенін салды, сөйтіп, күз бүліп.
Әлі есімде көршіміздің күшігі
Отыратын күнде жонын қыздырып.
Әлі есімде, қос құлағы қалқиып,
Жан-жағына ауыз ашып,
Аңқиып,
Барлық ауыл қыстау жаққа көшкенде
Жұртта жалғыз қала берді маңқиып.
Қобыланды
Ауылымыз желге беріп желкені,
Мекендейтін таулы қуыс өлкені.
Біз ертекті шертетінбіз қыс бойы
Қыс та ұзарта беретін-ді ертегі.
Бірдей еді жасымыз бен шамамыз,
«Еңіреуден екі ат шапқан» баламыз.
Ертегіні қанша білсек, соншалық
Өсетін-ді топ алдында бағамыз.
Эпос десе елеңдейтін ел бөлек,
Ерлік жайлы ертегіні жерде жоқ,
Іздеп жүріп
Қобыландыны оқыдық
Тайбурылмен бара жатқан дөңгелеп.
Тайбурылдың бізге ұнайтын шабысы
Содан ба екен біз отырған тау іші,
Жаңғырып жататұғын кей түні
Және естіліп Қобыландының дауысы.
Қобыландының Қарақыпшақ руы,
Арғымағы ғаламат Тайбурылы.
Есімізде қалды талай ерлігі,
Әсіресе Құртқа атты сұлуы.
Сол біз жырды сүюші едік ерекше,
Алып шыққан сайдан бізді дөңеске.
Осы күннің Олжасы да, апыр-ау,
Поэзия Қобыландысы емес пе?
Йә, йә Олжастың жыр- өлеңін,
Бұл күндері тынбай оқып келемін.
Жырқұмардың жаны үшін жаралған
Қазіргінің эпосындай көремін.
Даланың да өзгеріп бір іреңі
Қуаныштан айрылады жүрегі.
Олжастың да Арғымағын оқысам,
Түнде түске Тайбурыл кіреді.
Сиыр
Ай менен күні толғанда,
Ішінде бейне бұлт бунап,
Сыйдырмай жанын жалғанға
Басталып берді бір толғақ.
Жанардан жасы бұршақтап
Сұрады жанын Алладан.
Қазығы босап бір шақта
Босанып шықты ауладан.
Тоқтамай қалың қамысқа,
Ой менен сайды тасалап,
Көзінен елдің алысқа
Ұзады сиыр бошалап.
Қозғалып пәле құрсақ та,
Азая берді әл- шама.
Шатынап көзі бір шақта
Құлады қалың аршаға.
Қалғаны олжа бұ жанның,
Аяздан, көктем түнінен.
Ішінен шыққан «жыланның»
Тарады жүнін тілімен.
Содан соң үш күн өткенде,
Құтқарып ажал-қатерден.
Екеуін алыс бөктерден
Иесі тауып әкелген.
Бұзауын содан көрмеді,
Ойламаған да өлі деп.
Сағынып ана енді оны,
Іздеді сонша мөңіреп.
Содан соң, мүмкін, түсі ме,
Көрмегені еді өмірі.
Толтырған сабан ішіне
Иіскеді қызыл теріні...
Аяғы ауыр әйел туралы сөз
Абыр-сабыр,
Қарбалас қала қатты.
Машиналар көшелерді орап апты,
Оны-мұны алуға асығыстау
Бір жас әйел дүкенге бара жатты.
Ығы-жығы ағылған адамдар да,
Жол бермейді.
Болмайды жамандауға,
Өз жұмысың болмаса бітпей тұрған,
Уақыт та жоқ басқаға алаңдауға.
Көше бойы толған көп машиналар,
Адамды да,
Жүкті де тасиды олар.
Тым асығыс олар да
Түсінесің,
Асығыстық өзіңнің басыңда бар.
Бақыт кімге бұйырған,
Нала кімге.
Киілуге бұйырған қара кімге,
Бұрылыста машина қағып кетті,
Құтқара алмай қалдым мен,
Амалым не?!
Қандай қайғы,
Жас әйел,
Өзі – ана,
Қандай ғана бар еді жазық ода.
Дүниемен қоштасқан жалғыз ауыз
Жетті бізге ең соңғы сөзі ғана.
Өкінішті,
Қайтейін,
Сабыр етем,
Соны білсем бәріңді бауыр етем.
Кейін білдік: үшінші перзентіне
Жас ананың аяғы ауыр екен.
Ұмытылсын сол қайғы бүгін мейлі,
Мезгілге кім еріксіз жүгінбейді.
Соны ойласам әлі де денем мұздап,
Қорқыныштан жүрегім дірілдейді.
Ей, болашақ,
Өлме, сен.
Өлме, күндер,
Ей, адамдар,
Керек шын елге кімдер.
Автобуста,
Дүкенде,
Көшелерде
Аяғы ауыр анаға жол беріңдер!
Керек олар дәуірге,
Ғасырға олар.
Сәл шошынса, өмірлік жасиды олар,
Егер ана кездессе қиылыста
Жол беріңдер, сендер де
Машиналар.
Түсінетін шығармыз бала жанын,
Ақиқатым, бәрі осы –
Адал арым.
Аналарды ауызға алғаннан соң,
Көшем енді халіне Жер – ананың.
Ойға бізді көп нәрсе батырады,
Жер тағдырын ойлауға шақырады.
Хуанхэ - өзен ағады лайланып,
Гималайда мәңгі мұз жатыр әлі...
Өмір жайлы жазуға жаным құштар,
Жақсылыққа тым ынтық сағыныш қал.
Оқ-дәрілер,
Атомдар,
Нейтрондар
Жер бетінде қандай көп жарылғыштар.
Үнсіздіктің өзі майдан шығар,
Аңдушылар,
Бір-бірін қайраушылар,
Жер бетінде бар әлі жанталасып,
Жаны соғыс туралы ойлаушылар.
Планеталар,
Жұлдыздар,
Түз – ғарыштар,
Көре алмаулар,
Алакөз – қызғаныштар,
Толғатқан жер
Жанғыштар,
Қопарылғыш,
Атылғыштар,
Жарылғыш,
Улағыштар.
Қол бергенге қол беріп дос боламыз,
Жер – ақиқат,
Күн - өмір,
Аспан – аңыз.
Жұмыр жердің тағдырын ойлап кетсек,
Аяғы ауыр ананы еске аламыз.
Ойым таза жер үшін, адал – арым,
Жермен бірге мен де ауыр дем аламын.
Абайлаңдар,
Адамдар, абайлаңдар,
Аяғы ауыр сияқты Жер – ананың!
Туған күн
Әрқилы өздерінің тірлігімен,
Адамдар бөлінеді бір-бірінен.
...Қош, Ана,
Жаратылыс жазғаннан соң
Өзіңнен бөлініппін бір күні мен.
Ай анау – тіршіліктің аспан шамы,
Күнің де бізбен жиі бас қосады.
Олар да біздерменен кездеседі,
Олар да біздерменен қоштасады.
Шақырып, қолын бұлғап өмір өрі,
Алыстан мен мұндалап көрінеді.
Шыңғырып шаранадан шыққанында-ақ,
Адамдар бір-бірінен бөлінеді.
Берген соң жаратылыс көрік-мүсін,
Тоғыз ай ғана алаңмен серікпісің.
Алаңнан туғаныңда-ақ басқа адамсың,
Басқа адам болуға да еріктісің.
«Амалың ешқандай да қалмағасын»,
Жап-жарық дүниеге таңданасың.
Өмірге келгеннен соң, сен де әкесің,
Өмірге келгеннен соң, сен де анасың.
Ел үшін еңіреген ер боларсың,
Тарлық та көрсетерсің,
Кең боларсың.
Өмірге келгеннен соң, сен де пенде,
Өмірге келгеннен соң, сен де адамсың.
Көгінен не бір жұлдыз құлайды ағып,
Күнің де жаңбыр болып жылайды анық.
Осылай басталады тіршілігің,
Тағдырдың ұршығында шыр айналып.
Туған күн –
Өмірменен достасқан күн,
Жетеді бәрімізге асты аспанның.
Ұшып шығып ұямнан бір жолата
Мен-дағы туған күні қоштасқанмын.
Адамсың,
Иесің сен сенімдерге.
Ізің бар салтанатты сенің жерде.
Туған күн – бөлінген күн шаранадан
Туған күн –
Қоштасқан күн өліммен де.
Шоқан Уәлиханов
Бар болмысым,
Рухыммен,
Жігеріммен
Уәлиханов Шоқанды сүйемін мен.
Ғасырлардың қойнынан шығып жатқан
Жан дауысын естимін жүрегіммен.
Дүниені жұтатын түк-түгімен,
Ол уақыттың өңеші мықты білем.
Бұл дәуірге қол бұлғап алғыр Шоқан,
Дауыстайды ол ғасыр түкпірінен.
Меңіреу мезгіл Шоқанды ұғынбайды,
Ойлайды ол армандап бүгін жәйлі.
Өзі болып халқының шыбын жаны,
Бозторғайы даланың шырылдайды.
Неге сынық
Шоқанның салқын өңі?
Біз де дұрыс сезбейміз бәлкім оны.
Біздер көппіз,
Ал Шоқан жалғыз еді,
Біздер бүтін,
Ал Шоқан жарты еді.
Алғыр жүрек,
Алмас ой,
Арыс кеуде,
Өжеттігін болады барыс деуге.
Қойнауынан ғарыштық ту далаға
Түнді жарып түскен бір жарық сәуле.
Егер мені сүйресе жол бұралаң,
Сол ғұламам жол сілтер мәңгі маған.
Еуропаның алдында менменсіген
Мен мазақпын деген де сол бір адам.
Бір халықтың арманы бір басында,
Кетті Шоқан.
Солай боп туғасын да.
Бір құрлықты жетелеп бір құрлыққа,
Бір ғасырды сүйрелеп бір ғасырға.
Уәлиханов Шоқанды сүйемін мен,
Болмысыммен,
Рухыммен,
Жүрегіммен.
Шоқансынды ұлдарды көрсем деймін
Кіп-кішкентай ұлтым мен мына елімнен.
Ақ бұлт
Желің де жоқ үп еткен,
Алып ұшқан.
Шалғын менен күн шуақ сағынысқан.
Жаздың нағыз сәскесі
Көл шетінде
Бақаларды өнері,
Әні қысқан.
Жаздың небір қызығын сұрамағын,
Шалғын іші қаптаған дуадағың.
Балалығым есіме түсіп кетіп,
Балағымды түріп ап қуаладым.
Еске түсті көп нәрсе қайта оралып,
Қайран күндер қаймағын шайқап ағып.
Осындайда айғайлап құлағыңа
Өткен күндер өз сөзін айтады анық.
Содан бері есімде бір ақ бұлт,
Бір ақ бұлт жанымды сұрақ қылып.
Екі бұрым ақ бұлттай орамалын,
Кетіп еді соңына лақтырып.
Жүрегімді сол еді ала кеткен,
Ойымды да сол еді алаң еткен.
Биік аспан төсінен жәйлап келіп,
Сол бір ақ бұлт қолыма қонады еппен.
Ұш, тұлпарым
Мақсат биік,
Сол билеп алды мені,
Жазам деген ойларым жанды жеді.
Шабайыншы көтеріп көк дауылды,
Арғымағым тәкаппар,
Алғыр еді.
Арғымағым
Шайнаған ауыздығың,
Қалып жатсын артыңда әр ізгі күн.
Екпініңнен өзіңнің дауыл тұрып,
Ақының да төксін бір нағыз жырын.
Ұш, тұлпарым,
Жалыңа жармасайын,
Болашаққа сенімен жармасайын.
Құмарымнан шығайын құйғытып бір,
Көңілімнің желігін, кел, басайын.
Тауларыңнан,
Орғытып өзеніңнен,
Ұш, тұлпарым,
Дауылға төземін мен.
Мені тапсын достарым кіл бәйгеден,
Шын шабытты мен алайын өзіңнен.
Ұш, тұлпарым,
Сенемін саған ғана,
Айрылмаймын жалыңнан,
Алаңдама.
Мен жығылсам жығылам тауларыма,
Мені қағып алатын аман дала.
Құлагермен ұшқандай Ақан ағам,
Орғытайын,
Озайын Сахарадан.
Мұзға оранған мұхиттың үстіменен,
Африка аптабын қаталаған,
Басып өтіп жаңа бір жер табайын,
Сыңси өскен өңірін ерке қайың.
Маралы мен елігін тулаттырған
Өлеңіме қосайын өлке жайын.
Сезінбесем ештеңе сезім атсын,
Өзің әділ,
Өзің пәк,
Өзің ақсың.
Ұш, тұлпарым,
Екпінің
Дауылыңнан,
Құйыныңнан жас емес, көзім ақсын.
Ұш тұлпарым,
Бақ маған,
Атақ саған,
Желеп-жебеп біздерді жатады далам.
Өзің-дағы шығасың құмарыңнан,
Жалғыз рет мен-дағы рахаттанам.
* * *
Әрі ана,
Әрі әйел,
Әрі жолдас,
Көңілі кең, жайдары,
Жаны жап-жас,
Мейлі тасып жатса да бар байлығың,
Бұл өмірдің әйелсіз мәні болмас.
Әйел – байлық,
Табиғат дара туған,
Күннің нұрын қабылдап жаратылған.
Әйел құсап шалған да шайқалады
Тамырына ағын су оратылған.
Әйел сынды жіп-жібек желді білем,
Әйел сынды дала да кеңдігімен.
Шілдеңізде шөліңді қандырады
Әйел сынды балбұлақ мөлдірімен.
Сәттеріңде жолыққан,
Бір сағынған.
Жарып шыққан даламның құрсағынан,
Жусан иісі тұрады мұрын жарып,
Әйел иісі шығады жусаныңнан.
Бәрі әйелге ұқсайды , ал, қарашы,
Қуанышы ұқсайды,
Жан-жарасы,
Берген кезде жемісін анаға ұқсап,
Әйел құсап гүлдейді Алма ағашы.
Августтің күзетіп қысқа таңын,
Әрбір күнге мың алма ұстатамын.
Жеміс берер шағында алма ағашың
Туатұғын әйелге ұқсатамын.
Қарап тұрсаң әйелге бәрі ұқсайды,
Озамын деп бірақ та жарыспайды.
Әсемдігі жағынан мынау әлем
Бәсекеге түседі, қалыспайды.
Көктемде себілген дәні керім,
Күз келгенде сарыала қалың егін.
Әйел сынды осындай болмысымен
Шаттығымды шалқытар әлі менің.
Мөлдір ағыс қамап ап жан-жағынан,
Табиғаттың сығалап шарбағынан,
Көктемде аспанға көзім түссе
Әйел қарап тұрғандай ар жағынан.
Балалықтың ауылын аңсағанда
Балалық атты ауылға,
Соғайын деп ем оралып.
Ондағы адал қауымға,
Жолықсам деп ем қол алып.
Бұл күнде қандай халде екен,
Бір думан еді-ау біз барда?
Сондағы достар бар ма екен,
Қайда екен құйттай қыздар да?
Сәті де келген секілді,
Шошып та қалдым түсінен.
Жағдайымды айтып өтіндім,
Вахтада тұрған кісіден.
- Ұмытпайыншы осыңды,
Жіберші, - дедім жалынып. –
Кілең бір адал досымды,
Жан аға, жүрмін сағынып.
- Жарайды онда, ал, балам, -
Тастады көзін үмітпен.
-Шындықты айт, - деді ол маған,
Балалық таза қылықпен.
-Дайынмын, - дедім тез көніп,
Тамақты қырнап алдым да,
Балаға ұқсап, өзгеріп,
Қалқия қалдым алдында.
-Қарағым, - деді – жалынсаң,
Өзіңе деген сенім ол.
Балалықты егер сағынсаң,
Болады балаң, - деді ол.
Астыңда – ат шана...
Төбелер мен бетке алып бір ылдиды,
Жануарың басын алға шұлғиды,
Алыс таулар саған еріп,
Ал жақын
Тобылғылар кейін қарай сырғиды.
Жүре бергің келеді сол даламен,
Жүре бергің келеді ат-шанамен.
Көз ұшынан көрінбейді бір қара,
Аппақ дала –
Ұйқасы жоқ ақ өлең.
Ұзақ жолда ат тұяғы биледі,
Дүрс-дүрс еткен немене, әлде,
Күй ме еді.
Түйгіштесең тұяғымен атыңның
Бүлкілдейді тақтай жолдың бүйрегі.
Артта қалып төбелер мен дөңдер де,
Артта қалып белестер мен белдер де,
Мәз боласың алыс деген қыстағың
Қыр астынан бір-ақ шыға келгенде.
Жылтылдайды кешкі ауылдың шырағы,
Шаншылады атыңның қос құлағы.
Өзіңді де әупілімен әлдилеп,
Жақыныңның иті алдыңнан шығады.
Глобус
Глобусты алғаш көргенде,
Балалар оны қоршады.
Біреуі ұстай бергенде
Айналып кетті «жер шары».
Ормандар,
Сулар,
Далалар,
Үстінде сан мың қала бар.
Өздері тұрған әлемді
Көзімен көрді балалар.
Көкжиектерді көлбеген,
Сахараларды шөлдеген,
Мұхиттар мен тауларды
Сипалап көрді қолменен.
Кішкене менің достарым,
Дүнинені көріп шап-шағын.
Тек үнсіз ғана таңданып,
Шайқап бір қойды бастарын.
Балалар қандай саналы,
Құрылықтан құйттай жаңағы
Жабылып енді іздеді
Өздері туған қаланы.
Осынау құйттай тірлікте
Іздеген кезде күндікке.
Көздеріне әрең ілікті
Алматы деген бір нүкте.
Маңайы тау мен далалар,
Өзені,
Суы және бар.
Өздері тұрған нүктені
Сипады қолмен балалар.
Үндестік
Ұмтылыс бар,
Жылжу бар,
Жүгіріс бар,
Кедергі бар,
Тосқауыл,
Кідіріс бар.
Ештеңе жоқ дегеннің өзінде де
Айналамыз толған бір құбылыстар.
Өзен,
Ағаш,
Құм,
Шөбің тілдесіп бір,
Жапсырында жартастың гүл де өсіп тұр.
Қиылыспай тұрғанның өзінде де
Айналаның барлығы үндесіп тұр.
Нені біздер қыранға теңгереміз,
Жыланыңды бәрінен кем көреміз.
Шаққанынан біз соның өле жаздап,
Дәрі жасап уымен емделеміз.
Иә, иә араның өмірі – бал,
Жыланның да аспанға көңілі – зар.
Дән сүйреткен кішкентай құмырсқаның
Табиғатта пілдей бір орыны бар.
Ал қасқырдың қойларды жағалауы –
Тәттілігін етінің бағалауы.
Өзі солай жасаған жаратылыс:
Қой болмаса,
Қасқыр да жоғалады.
Қыр да ауыл,
Малшылар,
Ойда да ауыл,
Қасқыр қуып,
Қой қорыған қайда бауыр!
Сен де соны сезіп қой:
Өмірге емес,
Қасқырларың өмірлік қойға зәру.
Білеміз біз,
Бар шығар білместік те,
Араласып бәрімен бірге өстік те,
Сездік бәрін – барлығы адам үшін,
Дәл өзі бір сыйып тұр үндестікке.
Вокзалдар
Тірлігіменен сан қырлы
Бүгінді,
Ертең,
Кешені,
Жердегі бүкіл тағдырды
Вокзалдар бастан кешеді.
Алыстап,
Аңсап,
Қосылып,
Ыстықтап,
Жанып,
Тұншығып,
Қия алмай,
Қинап,
Кешіріп,
Қайнайды ғажап тіршілік.
Бейтаныс пенен таныстан,
Апталап,
Айлап,
Күні-түн,
Жақыннан мейлі,
Алыстан
Ол өшірмейді үмітін.
Армандай алыс жолдармен,
Адамдарымен қанша мың,
Вокзалдар темір қолдармен
Құшақтап алған жер шарын.
Мүсілім ақсақалдар
Жайдары жүзі, нұр өңі,
Аптапты күнге қақталып.
Еңбекке құл боп үнемі
Азаттық үшін аттанған.
Ұсынып тілек досына
Жасайды құрмет не түрлі.
Ерегіскенде құл боп үнемі
Қанжардың жүзі секілді.
Әр сөзін айтса мәнерлеп,
Қасының өзі достасқан.
Иіліп таңға сәлем деп,
Иіліп күнмен қоштасқан.
Көзінен көп сыр оқылар,
Ауызыңда сөзі аталы.
Беліне түсіп отырар
Ақылды аппақ сақалы.
Бүркіттей қатып қабағы,
Мұжылып жартас тозғандай.
Сіресіп кейде қалады
Отырған күйі қозғалмай.
Пейілін, жылы сәлемін,
Қайтпайтын және бір бетін,
Үйреніп қалсам деп едім
Инабат, Ізет, құрметін.
Болса да берік сөзіне,
Болса да қатал данадай.
Сендіре алсаң өзіңе,
Айтады сырын баладай.
Аңыз деп қана ел білген,
Аспанда алыс деп жүрген
Сәлемін алып қолынан
Құдіреттің өзін көрдім мен.
Қысқы жол
Артқа заулап терек – тал,
Сеуіп аспан, елеп қар.
Ақ шананы оятып,
Ұшады алға жел – аттар.
Қара төмен, жоғары,
Бітер емес жол әлі.
Бұлт ішінде бұлдырап,
Күн де заулап барады.
Қысқы дала сиқырлы,
Қысқы әуен сүйкімді.
Ал, ақ шананы тербетіп
Келтіреді ұйқыңды.
Аппақ әуен, жоғалма,
Ашық күнде, боранда.
Ақ шаналар, дауылдап,
Заула, заула тек алға.
Жалғыз шынар
Ширатты болмыс жасынан,
Дауыл мен желдің астында.
Оқ жетпес шыңның басынан
Қарайды долы тасқынға.
Үстінде бұлттар жөңкіліп,
Найзағай оты ойнайды,
Кеудесін намыс толтырып,
Ызадан қаны қайнайды.
Дәл мұндай төзім жоқ шығар
Жалғыздықпенен тыныстап.
Қайсар боп өсті жас шынар,
Тәкаппар басын тік ұстап.
Әдемі,
Мықта бәрінен,
Және де жалғыз болғасын,
Тағдыры оның тәніне
Түсірді өшпес таңбасын.
Айналып жырға,
Дастанға,
Ерліктің мәнін ұқтырып,
Құласа да ажал аспаннан
Өледі шынар тік тұрып.
Жаратылыс келісімі
Еш себепсіз таудан тас домаламас,
Тіршіліксіз ұмтылмас жоғары ағаш.
Күнге қарай майысып,
Мұң бұралып
Күнбағыстар жайнайды сарыала бас.
Құстар әні төгіліп жиі көктен,
Жанымызға сол әннен жылу өткен.
Құмырсқалар жорғалап,
Дән сүйретіп,
Табиғатты олар да сұлу еткен.
Дөңгеленіп,
Көлге кеп қосылысқан,
Бұл өлкенің көп еді досы құстан.
Бір топ аққу сұңқылдап кетті алысқа
Әлденеден дүркіреп шошып ұшқан.
Ұққанымнан көп әлі ұқпағаным,
Амалым жоқ сүймеуге,
Бітті амалым.
Жаратылыс жасаған жарасымды
Сұлулыққа осынау сұқтанамын.
Сұлулықты жырлайды өлең біткен,
Ырғақпенен, керемет тереңдікпен.
Дүниенің бәрін де жымдастырып,
Мүсіндейді табиғат шеберлікпен.
Түйелер
Үн бар еді,
Сары дала,
Қара құмда,
Мұң бар еді,
Мөп-мөлдір жанарында.
Күн бар еді,
Шыжыған төбесінде,
Құм бар еді,
Сусыған табанында.
Іздегені алыс боп көрінетін,
Мұз денеден моншақ тер төгілетін.
Жаратқанға налитын,
Налитын да
Үнсіз ғана өкситін,
Егілетін.
Терістіктен жел тұрып қозғағанда,
Қилы-қилы ән туған боз даламда.
Сел-сел болып бұлттар да жылайтұғын
Қобыз үнді қоңырам боздағанда.
Тақымдаған қу тағдыр табар болса,
Құрғамапты қос мойыл жанар да онша.
Өткізгенмен өмірін жануар боп,
Жылаған-ау қайғырып адамдарша.
Бойыңда бір булыққан шабыт бар-ды,
Бұралаң жол қай жаққа алып барды.
Момындарды дүние ұмытқанмен,
Ұмыта алмас өзіңдей алыптарды.
Дауыл
Бір шөкім бұлт жотаның
Тұр еді қалғып төсінде.
Жоқ жерде келіп шатағын
Бастады дауыл бесінде.
Найзағай жүзі жалтылдап,
Бұлттарға отты шашқандай.
Талдар да басы қалтылдап,
Топырлап қашып жатқандай.
Ежелден тентек, еркеден
Еркіндік бәлкім сұрады.
Кетерде біздің өлкеден
Егіліп бұлт жылады.
Тораңғы тоғайы*
Тораңғының тоғайы бір әуенге көміліп,
Түнде көктен маржандар тұрады екен көміліп.
Қалғып-мүлгіп толқындар келе жатқан ән тыңдап,
Жағадағы жартасқа оянады соғылып.
Жолаушы сен, ұрлатып ұзақ түнге ұйқыңды,
Сол бір әнді тыңдайсың ғайыптағы сүйкімді.
Сол бір әнге елітіп жоғаласың адасып,
Құшағыңда тораңғы тоғайының – сиқырлы.
Ғажайып ол дүние адам айтса сенгісіз,
Адастыңыз,
Таң атпай шыға алмайсыз енді сіз,
Ел айтады аңыз қып сиқырлы әннің иесі.
Сол тоғайда бар дейді періште қыз белгісіз.
Саялайды көңілді ән,
Аямайды түн сыйды,
Аймалайды,
Сүйеді,
Қытықтайды,
Шымшиды,
Үнге толып кеудесі, қосылып сол әуенге,
Тораңғының тоғайы түніменен сыңсиды.
* Балқаш көлінің солтүстік жағалауында ғажайып тораңғы тоғайы бар. Тораңғы сирек кездесетін ағаш.
Алатаудың ақ шалған қарлы басын,
Қимай сонда қалдың ба,
Қарлығашым.
Ұмыттың ба ұяңды біз жақтағы
Ұзақ ұшып қанатың талды ма шын?
Амансың ба көз-тілден, мақтаныштан?
Аман шықты ауыл да қатпа қыстан.
Сен келеді деп жыл бойы қорғап жүрген,
Менің інім ұяңды басқа құстан.
* * *
Жаным менің осыншама шаршаған,
Кең даланың тыныштығын аңсаған.
Мені онда: тау, тас, өзен, шалғынмен,
Қарсы алады алыс-жақын барша жан.
Құрақ біткен сәлем беріп сыбдырлап,
Шырақ тіптен жанарымнан мұңды ұрлап.
Ұмтылады қарсы алдымнан қос бауыр:
Ерке інім мен ерке бұлақ былдырлап.
Бұрын маған бұл бақыт кезікпеген,
Өңешімді өлгенше созып келем.
Маңдай терім, ақ адал еңбегім бе?
Жырымнан да өзімнің сезіктенем.
Ұзақ еді өмірдің көші қандай,
Арман менен қашады өші бардай.
Сенің айтқан жырыңды келем, далам,
Ең құрмаса дұрыстап көшіре алмай.
* * *
Жалғыз терек жапанда өсіп тұрды,
Жалғыздығын өзіне несіп қылды.
Қайсар еді ол, сол қайсар мінезімен,
Дауылдарды өзіне өшіктірді.
Өршеленіп дүлейлер соқсадағы,
Ие алмады, оны ешбір жасқамады.
Сезседағы кейіннен бір құларын,
Иілгеннен сынғанды бақ санады.
* * *
Ғұмыр кешіп, осынау жұрт қатарлы,
Жалғастырып жатқанда ұзақ сапарды.
Сәл қисайсам тарс түйетін қабағын,
Әкем секілді өмір маған қатал-ды.
Ренішпен келе жатам мен жүдеп,
Желге қарсы селдір шашым желбіреп.
Сол кездерде бар мейірін төгеді-ай,
Анам секілді өмір маған елжіреп.
Әлде соны жылдар бойы сағынды,
Әлде көрсет деп уақытқа жалынды.
Менен бетер қуанды әкем білемін,
Көріп менің ең бақытты шағымды.
Қаншасынан өтті мен деп қатердің,
Қаншасын мен өзім туып әкелдім.
Есімде жоқ.
Бірақ ауыр күрсіндім,
Самайының ағын көріп әкемнің.
* * *
Күн көрмедім, сондағы бір түндердей,
Жыл көрмедім, сондағы бір күндердей.
Сезінетін болып алдым кейде мен,
Өлу үшін өмір сүріп жүргендей.
Арман емес, арман үшін өлсе де ер,
Қорқақтық та қорлықпенен өлшенер.
Ойланбай-ақ тігер едім басымды,
Өмір сүру үшін өлу болса егер.
* * *
Мына адамдар не дейді мына адамдар,
Бұл өмірден менің де сыбағам бар.
Қайда кетіп барасың не үшін және,
Деп, достарым, ешқайсың сұрамаңдар.
Бетке алып бір өмірдің сонау шыңын,
(Кеткендерден шығатын мол-ау шығын).
Сәтті болғай сапары деп тілеңдер
Мақсаты айқын, жолы ұзақ жолаушының.
Сан ғасырлар жапырақты жамылып,
Терегіңе ұя салған самұрық.
Шеттеп кеткен талай құстар сағынып,
Туған елге қайтып жатыр сабылып.
Отанымның ормандары, жырлаңдар,
Жолға шықсам қолдарыңды бұлғаңдар.
Жат мекенде күліп өле алмайды,
Сенде жылап туғандар.
* * *
Егер мені қуып етсе тағдырым,
Сен өзіңді мықтап ұстап қал, гүлім,
Далам, тауым, көк өзенім, шалғыным,
Тек өзіңе қалдырамын барлығын.
Сақтаушың да, жәрдемшің де еңселі,
Қорлық көрсең тиетін де ең себі.
Бұлар сені жұбатады мәңгілік,
Осыларға тапсырамын мен сені.
* * *
Жыладым мен жерді сонша текпілеп,
Құлағандай тұрған діңгек көк тіреп.
Жұрт жұбатты сонда мені нағашың,
Күріш алып келу үшін кетті деп.
Күріш те жоқ. Қинағаны сол мені,
Нағашымның өзі де енді келмеді.
Содан кейін менің сәби жүрегім,
Шындығыңның өзіне де сенбеді...
Ұлы дала, өзің жайлы сөз бүлік,
Суық тілін сумаңдатса бездіріп.
Шамырқанбай, шатынамай шыныңмен,
Солай жата бермекпісің көз жұмып.
Өзіңді ұлың сүйе алмады бабамдай,
Өзіңді олар жүр-ау сірә таба алмай...
Ұлы дала, түсші ақырын бір аунап,
Есер ұлың есін жиып алардай.
* * *
Атқа қонсам қолыма өрім қамшы алып,
Сергіп денем қалар екен қаншалық.
Сонда маған берер ме еді тау, шалғын,
Өзен, дала, ағаш біткен ән салып.
Ұлы далам, жылы-ау сенің түр-түсің,
Есиіп шалғын, бұлақтардың күлкісін,
Сені аңсап келемңн де қаладан,
Көңілімнің жазып қайтам қыртысын.
Түсініңдер ақындардың көңілін
Әлі қара,
Самайды ақ шалған жоқ,
Біз жазбаған өлең де көп,
Арман көп.
Жаспыз әлі,
Самай неге ағарсын,
Балалық та бізден ұзай алған жоқ.
Әлі біз де жас терекпіз,
Шынармыз,
Әппақ, әппақ қайыңдарға құмармыз.
Өмір жәйлі ойлы өлеңдер жазған соң,
Сәл үлкейіп көрінетін шығармыз.
Өлең барда,
Өлеңдегі сот барда,
Көне алмаспыз ережеге,
Шарттарға.
Өмірдегі қағидаға бағынбай,
Қыздарға арнап жыр жазады қарттар да.
Жазсын ақын,
Еркелесін ақындар,
Шапағаты тисін десең жақын бар.
Қыз да болсаң қысылмай бар,
Сәлем бер,
Содан кейін өлең тыңда, хақың бар.
Арқасы ұстап,
Жыр оқысын,
Жасарсын,
Жан сарайы жарқырап бір жасансын.
Содан кейін қайран ақын бұзылып,
Жанарына ыстық-ыстық жас алсын.
Өлеңменен бастап алып өмірін,
Өлеңменен қарсы алатын өлімін.
Жыласа шын,
Күлсе де шын күлетін,
Түсініңдер ақындардың көңілін.
Көгілдір жиек
Көгілдір жиек сіміріп,
Көп сырды жұтып жатқанда.
Жанарым менің сүрініп,
Сөнеді сол бір жақтарда.
Бойымды билеп соқыр ән,
Қалғып та кетем, түс көрем.
Қайтадан бірақ ұйқыдан,
Оянам құдірет күшпенен.
Тұрады білем әрі де,
Түрлі де түсті көп елдер.
Жетеді соның бәріне,
Біз айтқан біраз өлеңдер.
Көгілдір жиек, сары бел,
Сағымнан да алыс көп елдер.
Жетеді бізге бәрінен,
Көңілсіз небір әуендер.
Нелер бір думан шақта да,
Тарыла түсті-ау тынысым.
Белгісіз со бір жақта да,
Бар шығар менің туысым.
Ұқсамай кеткен қазаққа,
Ұмытқан туған ауылын.
Жүрген де шығар со жақта,
Адасқан менің бауырым.
Біз сүйіп айтар өлеңнің,
Айтпайтын шығар бірін де.
Ән-күйі түгіл ол енді,
Ұмытқан шығар тілін де.
Жатады өліп бір аңғар,
Әуенін-үнін тыңдадым.
Шекара жақтан мұнарлар
Шертеді бізге мұңдарын.
Қуғын мен сүргін азаптан,
Өкпесі өшкен ентігіп.
Қашады тағы со жақтан,
Біз жаққа бұлттар жөңкіліп.
Бұлттарды қуған бездіріп,
Сол елдің көбі бақ құмар.
Тұр бәрін бізге сездіріп,
Құдіреті күшті көк мұнар.
Кіндік шеше
Жанында құтқарушы солдат қана,
Аңырап айдалада толғатты ана.
Бұлардың арттарынан оқ борайды
Алда тек қалың орман болмақ пана.
Маңайда соғыс ойнап, салады асыр,
Арбада ыңыранып ана жатыр.
Бір емес, екі өмірді құтқарам деп,
Жас солдат емханаға бара жатыр.
Арбаның жанды ауыртып қиралаңы,
Үш өмір бір арбада қиналады.
Үшінші – ана ішінде сәби жатыр,
Өмірдің оқ астында сүйген әні...
Бір үміт көрінсе де шуақ түсті,
Осы сәт басқа да бір сынақ түсті.
Жас солдат ол да әйелден қысылады
Ана үшін толғақ емес, ұят күшті.
Ақыры жылжып бұлар жетті орманға,
Ажалдан таса жерге кеп қалғанда,
Шыңғырып адаммын деп айқай салып,
Айналды бір тіршілік жоқтан барға.
Сәбиге өмір тілеп,
Алғыс арнап,
Адамның үні аспанда мәңгі шарлап,
Кіндігін кесіп алып жас сәбидің
Көтеріп құшағына алды солдат.
Жандарға дәл осындай бек бейкүнә,
Ажалдың енді қарар жоқ сиқы да.
Күзетіп екі өмірді солдат отыр
Жас ана бал-бұл жанып кетті ұйқыға.
Аңсау
Далада туып өстім де,
Даланың әнін мақтадым.
Бағынбай өткен ешкімге,
Арынды менің шақтарым.
Ішінде жүрген сағымның,
Сонау бір көздің ұшында.
Бауырдай туған сағындым,
Даланың құйттай құсында.
Артық жоқ одан жалғанда,
Сағынып жүрмін мен енді.
Бұлаққа суға барғанда,
Жас қыздар йтқан өлеңді.
Кеткендей еді келмеске,
Кім біледі мүмкін оралар.
Не солар мәңгі жоғалар.
Өтер еді әлі талай күн,
Артымда талай күн қалар.
Қалады әнсіз ақ айдын,
Кетеді ұшып тырналар.
Өкпелі емен бүгінде,
Мезгілге сонау мен енді.
Жылыта алмас күнің де,
Тоңазып қалған денемді.
Ерегіскенде ездерге,
Боратқан қыстың ақпанын.
Байсалды тартып өзгерген,
О, менің асау шақтарым.
Еске алу
Кетті алысқа шешесі келмеді оның,
Алдап қойды өзінше ел дегенің.
Оның сәби жүрегі сезіп жүрді,
Өлгеннен соң анасының жерленгенін.
Сезіп жүрді жүрегі сұмдықты бір,
Содан кейін жанына мұң бітті бір.
Елдің айтқан сөзіне сенгісі кеп,
Өтірікке балады шындықты бұл.
Анасының ақыры келмесіне,
Көзі жетті.
Алмады енді есіне,
Сенбеп еді шешеден үміт үзбей,
Уақыт бірақ қоймады сенбесіне.
Шуақ еді,
Шешесі ерте кетті,
Көз алдынан баланың ертек өтті.
Жетім қызды бірақ та жақсы адамдар,
Есіркеді,
Жас қой деп еркелетті.
Ерке қылды шынында бұның бәрі,
Бірақ жүрек сол күйі жылынбады.
Сәл суық сөз естісе ол анасын,
Есіне алды селдіреп тұлымдары!..
Бұлақ
Қыздардың қолаң бұрымы,
Арудың әні – шат қылық.
Сыңғырлап күліп ғұмыры,
Ағатын едің аптығып.
Жарыса шығып жал-қардан,
Махаббатты арнап, жырды арнап.
Ауылға келсе алдымнан,
Шығатын едің бұлғаңдап.
Үніңнен тәтті жырларды ап,
Суыңа шұбат қанушы ем.
Аттансам тағы бұлғаңдап,
Шығарып жолға салушы ең.
Жағаңда өтіп мың күнім,
Жолықтым жақсы доспенен.
Жол жүрсем аққан сылдырың
Сөзің бе еді әлде «қош» деген.
Жүзінен жылу көрінбей,
Қалшиды неге қара шың.
Сылқылдап келген едің ғой,
Сыңсып қайда ағып барасың?!
Таусылды ма әлде төзімің,
Бір күннен бір күн тіпті ұста.
Мөп-мөлдір менің сезімім,
Ғұмырың қандай қып-қысқа.
Балалық
Қаңтардың айы үскірік,
Бұдан ұлып, одан да.
Жыланша кейде ысқырып
Ұқсайтын боран көп аңға.
Мекен қып таудың бөктерін,
Даланың ықтау бір сайын.
Қаптаған елдер шеткері
Қыстайтын едік жыл сайын.
Жем іздеп кезген даланы,
Бөрілер менен көп қой аң.
Дем алмай соғар бораны
Жыл еді, қатал көк қоян.
Аңдары зарлап ұлығыш,
Қалықтап келіп қара түн,
Қыстауды сонау бір уыс
Қойнына тығып алатын.
Көрдім мен талай түсімде,
Кебіндей боран орап ап.
Астан да кестен ішінде
Біздер де кеттік домалап.
Баламын, бала не білер,
Ал маған солай болатын.
Боратын қарды бөрілер
Есікті түнде қағатын.
«Ертеде, ерте, ерте еді,
Ешкінің жүні бөрте еді»,―
Деп алып үлкен кісілер,
Қорқынышты ертек шертеді.
Таң ата бере ақ боран,
Қашатын тауды бөктерлей.
Түндегі есік қаққан аң,
Ол-дағы безіп кеткендей.
Түндегі ойлар бекер ме?
Қасқырлар салған ұрыс қып,
Кішкентай ғана мекенге,
Орнайтын үлкен тыныштық.
Дүркірей асып белестен,
Кетіпті бәрі жоғалып.
Осының бәрі елес пен
Алданған аңқау балалық.
Домбыра туралы баллада
(Марқұм нағашым, қобызшы Әшірбек Тілешұлына ескерткіш)
Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Шертілгенде
Зарлап шегі ешкінің
Томарынан таудың ойып жасалған,
Домбыраның үнін талай естідім.
Бес жастамын,
Менің деген бал шағым,
Әнге жиі ауатын да аңсарым,
Қыстыгүні қыстау үйде тыңдалық
Домбыраны жалынында аршаның.
Сөйлеуші еді,
Ащы тілін безеп бір,
Со бір күйлер ойлы және өжет тым.
Қоңыр күзде,
Кигіз үйде тыңдадық.
Домбыраны қызуымен тезектің.
Ортада ошақ,
Түңіліктен күй ұшып,
Дөңгеленіп,
От маңына сыйысып.
Бұйра әуенді тыңдайтынбыз бұлқынған,
Бәрімізде бұйраланып,
Ұйысып.
Қандай жақсы!
Со бір күз бен со бір күй!
Маздап жанған тобылғы мен қоңыр қи.
Домбыра үні құйқылжыса,
Құйқылжып,
Төмендесе,
Төмендейтін көңіл-күй!
Солай ұшып,
Талай жерге күй кетті.
Солай елдің жан жүрегін билепті.
Ал нағашым сезіп кейін сырқатын
Домбырасын енді маған үйретті.
Бір күндері бұлт үйіріп күз келген,
Әркім кеткен бұлдыр-бұлдыр іздермен,
Домбырамен екеумізді қалдырып,
Нағашы әкем кете барды біздерден.
Бірі – бала,
Бірі – ағаш домбыра.
Қарсы алып бір келе жатқан таңды да,
Қалдық сөйтіп нағашымен екеуміз
Өткен күннен қалды сөйтіп мол мұра.
Өстіп мен де көкейімде ән-арман,
Өмір – жаңа, ән мен күй де жаңарған.
Жұрт көңілі өсіп берді биіктеп
Ел тұрмысы әлдеқашан оңалған.
Өмір өзі қолдан қоя салғандай,
Ауыл қандай!
Ауылдағы той қандай!
Өмірге бір жігіт келді деген соң,
Домбырамды берген едім ойланбай.
Күтпеп едім,
Жанарыма мұң құйды,
Күтпеп едім, жігерімді құм қылды.
Қуаныштың дәл үстінде мас біреу
Төбелесіп домбырамды сындырды.
Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Шерткенінде зарлап шегі ешкінің.
Кетуші еді
Енді амалсыз айрылдым,
Енді амалсыз жыладым мен,
Өксідім.
Еркіне бір беріп жасын көзімнің,
Тыя алмадым,
Ағыл-тегіл сөгілдім.
Сонау жылы ашық ауыз бала едім
Нағашымның енді өлгенін сезіндім.
Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Зарлаушы еді,
Тынбай шегі ешкімнің
Үзілді ол.
Бірақ, бірақ сол күні
Іңгәлаған «жігіт» үнін естідім.
Мұңдансам да,
Үмітті үлкен көңілмен,
«Шықсын аты ұзап менің елімнен.
Бұл да ертеңнің домбырасы, тек енді
Осы сәби жігіт болсын», - дедім мен.
Ана тілі
Қызуымен көңілдің ала қашқан,
Қызығына өмірдің қарамастан,
Сен болмасаң егер де шынымды айтам,
Тұрар менің төбемде қаралы аспан.
Есептесем бәрімен тегінде мен,
Алатынын алады өмір менен.
Бірде-бір жан өзіңді кеміте алмас
Ондай ерік ешкімге де берілмеген.
Маңдайыңа не алып сыяды ақын,
Жыр өзенін өзіңе құя алатын.
Нашар жырым үшін мен кінәлімін,
Ол - өзіңе жасаған қиянатым.
Жандырасың сен мені,
Сөндіресің,
Семдіресің,
Қайтадан өндіресің,
Сен ұққансың менің бар қасіретімді
Бар бақытым жайлы да сен білесің.
Кең айтасың,
Кемсінбей тең айтасың,
Ортайтасың,
Қайтадан молайтасың.
Сен шерткенсің менің бар өткенімді
Болашағым жайлы да сен айтасың.
Жырларым
Мен жер басып жүргенше өмірлісің,
Биігірек шырқашы,
Көңіл құсым.
Досымның да алдауы мүмкін мені
Одан гөрі сен өзің сенімдісің.
Көз талдырып,
Көп қарап аспаныма,
Мен жақындап қалармын асқарыма
Жас ұлғаяр,
Бірақ та сен арқылы
Қайта оралып жүрермін жас шағыма.
Асау өмір жалына жабыстырып,
Талдырар-ау қолымды қабыстырып.
Мен біразға келермін,
Сен жүрерсің,
Сен жүрерсің
Мені жап-жас қыздарға таныстырып.
Сенен артық ешкімді түсінбеспін,
Баса алмайды демеймін мысымды ешкім.
Келер менің бетіме сүйгенім де,
Еңсемді тек сен ғана түсірмессің.
Жұдырықтай жүректі жаныштырып,
...Қалар ақын кейде иық қағыстырып.
Ғасыр желі шаңына көміп кетсе,
Сен жүрерсің қайтадан алып шығып.
Кітаптар
Өзгермейтін мәңгілік өмірге ұқсап,
Тозбай және шірімей темір құсап,
Заманалар шаңымен ұшып кетпей
Жетті бізге жететін небір кітап.
Өтті небір сұр тағдыр,
Сұрамаңдар,
Дамып қалған мұз таулар,
Құм аралдар.
Қаңқалары қалған жер қабатында
Сөйлеп берді кітаптан тірі адамдар.
Өмір өтті.
Шөптерді.
Бұтақтарды
Көмір етті
Ағашты,
Ұшқат, талды.
Өтті хандар.
Шіріді қоғамдар да
Тек соңында бәрінің кітап қалды.
Заманалар шалған бір мұнар басын,
Тоналды да жоғалды жылан ғасыр.
Оқыдық біз сонда да жоғалмаған
Гомер мен Эсхилдің шығармасын.
Хас шебердің қолынан шыққан сәтті,
Мықты ескерткіш қалайда «Мыс салт атты».
Фолконье ұлы ғой,
Дегенменен
Оқымауға бола ма «Спартакты».
Туды кітап адамның арманынан,
Дәуірлердің дәсүрлі жолдарынан.
Қабырғасы ғасырдың тұр қаланып,
Маркс пен Лениннің томдарынан.
Қайталаймыз,
Оқимыз,
Ізденеміз,
Солар туған секілді бізбен егіз.
Жайнамазды сылаған діншілердей
Кітаптарға табынып біз келеміз.
Бейбітшілік түні
Бітті «Уақыт».
Болды сағат он жарым.
Шаршады ма аяқтарың-қолдарың?
Жұмысыңды күні бойы дедектеп,
Енді үйіңде сәбиіңді өбектеп,
Талған шығар жүйке-жүйкең, миың да,
Жұмыс, өмір, тұрмыс- бәрі қиын ба?
Шаршадың ба? Дем ал, жаным, тыныштал
Ертеңге де тым қыруар жұмыс бар.
Тек сен емес бәрі де елдің қалжырап,
Жылы үйінде, төсегінде маужырап.
Тәтті ұйқыда жатқан шығар тым жайлы,
Жеңіл демді бүкіл дүние тыңдайды.
Шындығында, қандай тәтті ұйқы еді,
Бейкүнә ұйқы, Бейбіт ұйқы күй толы.
Дәл осындай тәтті ұйқыда жарты әлем,
Ұйқы қандай мейірімді едің, дарқан ең.
Жұмыстан соң, еңбектен соң, жарқыным,
Өз ұяңда алған рақат сәл тыным.
Сәбиіңнің ұйқысы да сүйкімді
Соны жақсы сезінесің біртүрлі.
Қандай жақсы тыныш әлем – түн бейбіт,
Қадірлесең осы түнді күндей қып.
Қарауытқан тауларда анау көз ілген,
Тәтті ұйқыны ормандар да сезінген.
Адамдар секілді бір аналар,
Түн деген бір көрпесіне оранар,
Ұйықтайды жарты шарда көсіліп,
Рақаттанып, кірпіктері қосылып.
Жұмыс, тұрмыс салды маздап салмағын,
Шаршадың ба, талды ма аяқ-қолдарың.
Ұйықта, жаным, мынау тәтті түн қандай,
Бейбітшілік салтанатын құрғандай.
Болса-дағы түпсіз, нұрсыз, жарықсыз,
Дәл осы сәт қандай жақсы қауіпсіз.
Жердің басқа жартысында таң атты.
Күн әмірін жалпақ жерге таратты.
Уақытын толтыруға бос өткен
Ол жарты шар тұрып жатыр төсектен.
Бұлшық еттер, көздер, тілдер күй төгер,
Демалыңдар, қолдар, милар, жүйкелер.
Көзіңді іл, ұйықта, жаным, тынық ал.
Бүгінгіден жұмыс та ертең қыруар.
Өнеркәсіп өрнектері
(Металлургия меридианында)
Жолда
Метафора –
Сәске түс – күн анасы
Теміртаудың мұнартып мұнарасы.
Ақ сағымнан көрінді.
Ақ сағымнан көрінді,
Ар жағы ма,
Бер жағы ма, белгісіз бұл арасы.
Жайсыз жолда машина соғады анық,
Жылдамдық – жүз.
Бәріміз жобаладық.
Домнаңызды бетке алып жасыл «Волга»
Жатып алып асфальтқа келеді ағып.
Жылдамдығына ілесіп «Волгаңыздың»,
Әңгімеміз қызады жолда біздің.
Есіп-есіп айтады тілші жігіт
Мақтағанда қуатын домнаңыздың.
Асығамыз.
Жөн де бар асығатын,
Магнитка – жырлаған ғасыр – ақын,
Домнаны ел біледі,
Жете алмайды –
Өзі алыс, алыптың аты жақын.
Ақпан. Домна. Аптап.
Қала қандай!
Оған төнген күн қандай!
Ащы аяздың ызғары да сынғандай.
Теміртаудың мартені мен домнасы
Арқа қысын аптапқа орап тұрғандай.
Ақпан да,
Қаңтарда да күн ыстық,
Оныменен минут сайын ұғыстық.
Болаттардың ағысының өтінде
Біз сүйетін –
Бейбітшілік,
Тыныштық.
Көр домнаны.
Емес ол жай шатпағың.
Шындықты айтам.
Осынын еске сақтағың,
Шілдеңізде шыжып тұрған аптап мен
Қысыңызда білінбейді ақпаның.
Руда мен кокс
Қала жарқын,
Жастары күлім қағып,
Көше,
Ағаштар самалмен тұр ырғалып.
Ал домнаның қақпасын аттасаңыз,
Балқыма иісі кетеді мұрын жарып.
Қас қағымда сүңгисіз басқа өмірге,
Алау еңбек ішінде жас-кәрің де.
Неткен қатал рудаңыз жібімейді,
Коксіңіз болмаса, тас көмірге.
Жер жынысы болса да өте берік,
Қала алмайды бұл жерде жекеленіп.
Тастарыңыз,
Рудаңыз шыдай алмай
Көрген кезде коксті кетеді еріп...
Теміртау
Созған мойнын биікке мұнаралар,
Көз алдыңа келіп бір тұра қалар.
Домнаға да және осы тақырыпқа
Аман болса,
Ақының мың оралар.
Жарыс туын жүретін жалаулатып,
Еңбектегі ерлерге қарау – бақыт.
Алаулаған ағыны болаттардың
Бара жатыр мені де алаулатып.
Ауыздықтап алыпты,
Дегеніне
Көндіріп бір,
Келген бұл кемеліне,
Жігіттер мен жалыны балқыманың,
Жалын берді менің де өлеңіме.
Қандай жақсы!
Теміртау –
Темір қала.
Қаласында жастардың өмір жаңа.
Алаулайды шойын боп,
Болат болып,
Бір кездегі момын қыр,
Момын дала.
Мұнда қазір желі жоқ қарашаның,
Жайма шуақ
Жаз айы.
Дала сағым.
Теміртаудың кигені – болат сауыт
Бара жатыр бетке алып болашағын.
Қозғалыс
Өзім қармын,
Жылғамын,
Өзім талмын.
Қырда қызыл бидаймын,
Өсімталмын.
Қозғалысқа қатыспай қала алмаймын,
Әйтеуір, мен сергекпін,
Сезімталмын.
Өлең туып ып-ыстық өзегімнен,
Еріп бара жатырмын өз-өзімнен.
Жоғаламын.
Қайтадан пайда болам,
Алдына ала осыны сеземін мен.
Ілесемін шырқалған әнге талмай,
Сезімімді бір сәттік мәңгі ете алмай.
Қалжыраймын,
Тыңаямын,
Сағыныш пен аңсаудан әлдеқандай.
Бозторғай
Еркелік, еркін бұлалық,
Өзекті өртер өзге не?
Буынсыз сынып, бұралып
Билеген кезде боз көде.
Атылып ұшып жас талдан,
Ауаға сіңіп жоғалып,
Лақтырған тастай аспанға
Қалады тоғай қадалып.
Алыс пен бағып жан-жағын
Аспанның нұрын сіміріп,
Ауаға салып салмағын,
Ақша бұлттарға ілініп.
Көңілдің күйін келтіріп,
Сонан соң жалғап мұңымен.
Көмейін балға толтырып
Төгеді тәтті тілінен.
Бақытын, мұңын – барлығын
Бәл мұндай шертер жан бар ма.
Даланың қызық тағдырын
Сыйғызып алған таңдайға.
Болған соң төгіп арманын,
Көзінің алды ағарып,
Көтере алмай салмағын,
Түседі еріп, жоғалып.
Қызыл бидай
Қуырылған бидайды көрген ба едің?
Оған ешбір дәнді мен теңгермедім.
Майға басқан бидайдың бал дәміне
Балалығым өшігіп өлген менің...
Қазір ақ нан дүкенде тұр қаланып,
Тың далада мол егін ырғалады,
Ас қалдығын жегісі келмей кейде,
Шынжырдағы итің де бұлданады.
Дидарың мен тоқшылық балбыраған,
Ұсынады ып-ыстық нанды маған.
Күлше нанды көргенде,
Баяғы өткен
Түседі еске сәттерім сан жылаған...
Жалындайды алаулап жүзің нұрдай,
Жазым қандай!
Ғажайып күзім мұндай
Бас иейін мен саған
Сен де маған
Қарай берші нұрланып
Қызыл бидай!
Тораңғы тоғайының әні
Жағасында мөлдіреген Балқаштың
Жырын жырлап әр төбе мен әр тастың,
Торыңғының тоғайлары өседі
Куәсіндей ғасырлардың кешегі.
Самал ессе,
Жапырағы жлбіреп,
Күн көзіне қол созады елжіреп.
Содан кейін
Ысқырып ән салады,
Бұл бір әннен
Көл де рақат табады.
Тым азайып кеткендіктен, шамасы,
Қасиетті тораңғының ағашы –
Оны ешкім де бұтамайды,
Шаппайды,
Кескен жан да
Еш жақсылық таппайды.
Өйткені ол қасиетті мұңымен
Сыңсып тұрып ән салады түнімен.
Бұр бір әнді тыңдайды жер,
Аспан да,
Тыңдайды көл,
Безерген құм,
Тастар да.
Бастарына келгендей-ақ шын қайғы,
Оны әркім үнсіз ғана тыңдайды,
Мұңлы әннің ешкім сырын білмейді,
Бірақ ол ән жақсылыққа үндейді.
Ән басталса-ақ бірде-бір ит үрмейді,
Ән тыңдаған мал да кірпік ілмейді.
Осылайша бір-бірімен ымдасып,
Жаратылыс жатады ылғи сырласып.
Тоқырауын
Құм астымен жүз километрден аса жол жүріп,
Балқаш көліне келіп құятын тұщы сулы өзен.
Қала тұрғындары мен өнеркәсіп орындары қазір
осы өзеннің суын кұм астынан тартып пайдаланады.
Т ілемеспін кішіге де үлкенге.
Түспесе екен мұндай халке бір пенде.
Құм ішінде арманыңды айта алмай.
Күрт үзілдің пышақ кесекн арқандай.
Жұтып қойып қомағай қүм безерген,
Аса алмадың алдыңдағы кезеңнен.
Сендей өзен жоқ дей алман әр елде,
Өзім үшін өзің барсың дәлелге.
Шынаменен бөлек сенің тағдырың,
Сондай ғажап болса менің әр жырым.
Ұрып көзге бар жарқылын, бар нұрын,
Кереметке толар еді сандығым.
Дегенменен, көзі тірі мына біз
Сенің қайсар мінезіңе куәміз.
Ешкімге де тиген емес зияның,
Қалай сені жер астына қиямын?!
Мені тағдыр өзен етсе кішкентай,
Өз көліме тек сен құсап құямын.
Тоқырауынның ақ бидайын еске алу
Тоқырауынның ақ бидайы, не керек,
Бір кездері атты шыққан керемет.
Оның өзі бір етегі, бір аңыз,
Сенбесеңіз, ғалымдардан сұраңыз.
Бұл күндері сол ақ бидай мақтаулы
Академия музейінде сақтаулы.
Соғыс жылы қаулап өсіп, дүркіреп,
Қарық болған бүкіл аудан, бір түбек.
Бес жыл бойы сол ауылды тоқ қылып,
Ақтоғайдан алыс тұрды жоқшылық.
Бес жыл бойы елді асырап ақ бидайғ
Кетті кейін бір тұқымы таптырмай.
Соғыс жылы асыраған бір елді
Ақ бидайды ұмытады кім енді?
Ал ғалымдар не десе де мейілі,
Ақ бидайға сол күйі елдің пейілі.
Ақ бидайдай ырғатылған самалда
Ақтоғайдың айқабағы бар онда.
Ақ бидайды еске салған керемет
Ақ бидайдай ару еді, не керек.
Қызыларай тауындағы екі мәлін
Басына Арқадағы Ақсораңның
Жанарын жарқыратып тастаған күн.
Ағаштың арасынан естіледі
Сыбдыры ұшқан құстың,
Қашқан аңның.
Қаршыға ұя салып жартасына,
Айналған құс пен аңның алқасына,
Ақсораң әкесіндей көрінеді,
Балапан жоталардың ортасында.
Кейінде Ақсораңда аң қалмады,
Содан соң аң аулауға жан бармады.
Жартаста қалып қойған қос мәлінді,
Көлденең көк аттылар аңғармады.
Осылай өмір сүріп жатты олар да,
Қыста аунап ақмамыққа –
Ақша қарға
Көктемнің көк шалғынын кешіп жүріп,
Тап болды желе жортқан аттыларға.
Аттылар қаруы жоқ,
Тиіспеді,
«Әзірше жүргендері дұрыс» -деді.
Көзінше адамдардың
Екі мәлін
Жартасқа барып кірді мүйістегі.
Табылып мылтықтарын ұстағандар,
Жасалып небір айла, күшті амалдар,
Ешкімге залалы жоқ қос бейбақтың
Соңына шырақ алып түсті адамдар.
Мылтықта аңдаусызда барды қырын,
Байңұстың кім тыңдайды зарлы мұңын –
Соңына машинамен түскен адам
Еркегін көздеп атып алды мұның.
Басында жалғыздығы,
Басында мұң,
Тосырқап осынау бір тосын халін,
Ішінен әлсіз ғана дауыстайды,
Айырылған сыңарынан
Жесір мәлін.
Алатау – ақсақал
Алатауға анда-санда қараймын,
Алаңғал-саңғал сол бір күйін қалаймын.
Әр қараған сайын
Алып адамның
Ұйықтап жатқан кездеріне балаймын.
Әйтеуір, мен қырға бардым,
Ой бардым,
Алатауға теңеу таппай қойғанмын.
Тіпті, сонсоң жай жүруге ұялып,
Ақбас таудың өзіне ұқсап ойландым.
Бір күндері ту биіктен сел болып,
Үй маңына тұра қалды... көл келіп.
Қорқып қалып,
Айтып жатты не сөзді
Алатаудың ашуы деп ел жорып.
Ұйқы көрмей,
Күн мен түнді жамылып,
Күлкі көрмей,
Сәл шалдығып,
Сабылып,
Барлық адам аяғынан тік тұрып,
Әлгі ашуды
Ұстап алды жабылып.
Тауға барып қайтпақшы боп талай қыз
Ерте тұрар...
Біз де соны қалаймыз.
Дегенменен, көңіл күйі қалай деп,
Ең алдымен ақсақалға қараймыз.
Тау мен дала өзені
Жастық –
Таудың күркіреген өзені,
Ағынменен арын толы өзегі.
Жақсыны да
Жаманды да тап басып,
Ет жүрегің алдын ала сезеді.
Сол бір өзен аласұрған сезімге,
Ілестіріп өзгені де,
Өзінде
Жараланып,
Тастан тасқа соғылып,
Алға ғана асығады кезінде.
Қызбалықпен өзін өзі соққылап,
Көкірегіне найзағайдан от құлып,
Буырқанған шақтарында
Алдына
Құлайды екен
Баурайдағы көк құрақ.
Бір толқындар бәрін бастап өткеріп,
Жапырылып,
Жараланып,
Кептеліп,
Жолындағы қойтастармен соғысып,
Ақырында быт-шыт болып,
Кетті өліп...
Сонда да өзен,
Бір алқынбай,
Шаршамай,
Тентектіктен басқа нәрсе аңсамай,
Тасып-тасып...
Байсалды һәм ақылды
Даласына жетеді екен ол солай.
Өмір – асу,
Өмір - дала кезеңі,
Келер күнді жүрек ерте сезеді.
Аласұрған тау өзені – жастық та,
Ал қарттығың – ойлы дала өзені.
Орманда туған ой
Ойда жоқта болмаса егер жазымы.
Мынау терек ең жас ағаш, тәрізі
Жастығына мастанады теңселіп,
Табиғатқа жоқ айтатын арызы.
Ал мынау бір жас қайыңдар сымбатты-ақ,
Орманнан сәл бөлініп тұр сырғақтап.
Шығу барын,
Сыну барын сезбейді,
Жел сөйлесе-ақ,
Жөнеледі бұлғақтап.
Мынау емен бәрінен де байсалды.
Олай-былай өткенімде ой салды.
Талай дауыо жұлып қиқа шаштарын,
Сәл еңкейтіп кеткен екен қайсарды.
Әр ағашта бір-бір, сірә, бар арман,
Жараланып.
Өліп қайта жаралған.
Әрқайсысының тағдыры бар өзінше,
Көп тағдырдан құралады қара орман.
Бұлбұлдардың құйқылжыған әніне,
Толып орман,
Толғатып жыр әлі де,
Тұрыңдаршы шуылдасып мәңгілік,
Қоған болып
Жұмыр жердің тәніне.
Аралдар
Қилы-қилы тағдырлы адамдар да
Қилы-қилы ұқсайды аралдарға.
Өседі онда гүлдер де,
Ағаштар да,
Жүреді онда барыс та,
Маралдар да.
Жұлдыздарын жаудыраған түндігінен,
Қара мақпал жамылған түнді білем.
Бір-біріне арал да ұқсамайды,
Жақсысы мен,
Жамандық-сұмдығымен.
Кейбір сырлы аралдың тылсым әні,
Булығады,
Естілмей тұншығады.
Қасйбірі тұманнан көрінбейді,
Жетеді тек құлаққа сыңсығаны.
Әралуан осынау аралдарға
Таң қалмасқа біздерде амал бар ма?!
Таңданамыз көбіне
Тағдырлары
Аралдарға ұқсайтын адамдарға.
Бұлт
Терістік жақтан жел тұырп,
Айналса болды дауылға,
Қашатын бұлттар ентігіп,
Ұядай біздің ауылға.
Шарт сынған кезде найзағай,
Шақ қалып байғұс күйреуге,
Көз жасын төгіп баладай,
Қорғалайтын-ды үйлерге.
Сапырса дауыл сабалап,
Түсе алмай тірлік арнаға,
Тығылушы еді паналап,
Жартасқа жатқан малға да...
Секілді көзсіз көбелек,
Ажалына өзі жететін,
Тамшы боп құлап төбеден,
Отқа да түсіп кететін.
Найзағай ойнап шатырлап,
Аспанның асты бір түлеп,
Жауынның бұлты сатырлап,
Қүлайды көлге күркіреп.
Теңіз
Арғы жағын бетке алдық біз айдынның,
Асығамын,
Тағатымнан айырылдым.
Көз ілеміз көк теңіздің үстінде,
Келмейді енді кері қарай қайырылғым.
Ал көкжиек көрінбейді,
Әлі алыс,
Сапар ұзық,
Теңізде жоқ демалыс,
Толқындарын топтан алып,
Артыңнан,
Қаптап келе жатады бір қара күш.
Ақ кемеміз жағалаудан ұзады,
Орта жолға жетке жоқпыз біз әлі.
Арман арман,
Желге жайып желкенін,
Асау теңіз ақырады ызалы.
Сапар сазы,
Бізді әрнеге таңдантпа!
Өмір – теңіз,
Қаратпайды алды-артқа.
Тентек,
Өршіл толқындарын өксітіп,
Жастық шақтың жағалауы қалды артта.
Үлкен таулар
Үлкен таулар көп емес жер бетінде,
Тозбай тұрған
Дауылға,
Желге,
Күнге.
Ағын сулар әуені арнасымен
Бұлақтарын тулатып,
Тербетуде.
Сағымданып,
Қол бұлғап бел асқанға,
Үлкен таулар
Ұмытылған көк аспанға.
Жолаушыға тұрады жол көрсетіп,
Көрінеді алыстан адасқанға.
Үлкен таулар орын ап ел есінен,
Келеді асып ғасырлар белесінен
Аппақ басын таянып ойланады,
Дүниені бақылап төбесінен.
Сәл қатулы болса да қабақтары,
Дастарханы жаюлы, табақтары.
Уақыттың көшімен
Жылдар атты
Келіп-кетіп жатады қонақтары.
Жиып алып бұлттарды «айдаудағы»,
Қой жаяды тұманнан қойнаулары,
Сөйлеп кетсе керемет болар еді,
Одан бетер ғаламат ойланғаны.
Мықтының да өзін ол ықтырады,
Жылдар да оның алдында тік тұрады.
Ғасырларға
Өзінің ұлылығын
Үлкен таулар
Үнсіз-ақ ұқтырады.
Даңғазалық, сенемін, жалған десе,
Шуылдамай,
Туламай орман, көлше –
Үндемейтін кезінде
Қандай жақсы
Таулар құсап үндемеу қолдан келсе!
ӨЛЕҢ ӨМІР
/поэма-элегия/
Марқұм , талантты ақын Мұқағали Мақатаевқа
ескерткіш!
Что знаем мы про братьев , про друзей?
Что знаем о единственной своей?
И про отца родного своего
Мы , зная все, не знаем ничего.
Е. Евтушенко
Соғып тұрып бақыттың қоңырауын,
Ашып тұрып самалға омырауын .
Жырлады ақын ,
Жырлады мүлт жібермей
Қазақы қара өлеңмен өмір әнін.
Шудаланып ,
Ширығып шумақтар да ,
Бұлқынады ,
Булығып бунақтар да.
Тамырда қан қалайша тулап ақпас
Өзегінде өлеңнің сыр жатқанда.
*** Ақын болды осыдан аз жыл бұрын, Төгетін-ды жүректен жаздың жырын. Табиғаттың керемет әңгімемен Айтатын-ды аққу мен қаздың мұңың. Болатын-ды сол тентек , адуынды , Білейтін-ді пендеге жағынуды. Соншалықты бақытты сезінетін Бірақ аздап болатын жаны мұңлы.
-2-
Денелі-тін,
Үлкен-тін басқалардан,
Алға оны сүйрейтін асқақ арман.
Адалдығы ,
Ақтығы арқасында
Жан емес-тін ешкімнен жасқана алған.
Қиялдары ғажайып болатын-ды,
Өлең отын маздатып жағатын-ды.
Қалтыраған сәуле үшін жаны қалмай
Қуыстарға қуатын қара түнді.
Бір басынан көп өмір өткеретін ,
Бірде суық ,
Біресе көктенетін.
Неге екенін білмеймін ,
Түсінбеймін ,
Өзін-өзі кей-кезде жек көретін.
Мен де ақынның күзеткен ем,
Мен де жырды бүлдіріп , түзеткен ем
Жас буынын өнердің қолтығына ап
Жауқазынға қарайтын ізетпенен.
Шыр айналған жыр менен дүниені
Сүйетұғын.
Жұмыр жер үйі ме еді.
Әлемдегі жағдайдың болып жатқан
Күйінеді,
Біріне сүінеді.
-3-
Басын шайқап содан соң таңданады ,
Аз нәседен көп сырды аңғарады.
Ливандағы жағдайға құлақ түріп ,
Жанымене сүйетін Анголаны.
Чили үшін ол қанша ауырмады ,
Чили үшін жарқылдап , дауылдады.
Өзі мықты .
Жүрегі нәзік еді ,
Ауру еді
ауруы ауырлады.
Чили оның шуағы болатұғын,
Чили оның қыраны болатұғын.
Түс көретін.
Түсінде сол қыраны
Хунтаның қуатын қара түнін.
Қолдап отыр Чилиді әлем бүгін
Қуанышпен қарсы алыпбар ерлігін.
Неруданың жырының алауы мен
Жүрек отын Сальвадор Альенденің.
Жеңеді әлі
Намысын қорғағандар,
Құриды әлі
құдайы қарғағандар.
Революция отының жалынында
Туып жатыр.
Туады Корвалондар.
-4-
Чили оты – шаруаның жүрегінде,
Чили оты – соқаның түренінде.
Чили оты – жұмысшы білегінде,
Чили – бүкіл әлемнің жүрегінде.
Чили - ғашық жүректің тереңінде ,
Шуағына бақыттың бөленуде.
Неруда мен Альенде істерінде ,
Мұқағали ақынның өлеңінде.
Соның бәрі алаулап жүр есімде ,
Революцияға жоқ менің үлесім де.
Тілегім барЧилиге ,
Чили деген –
Коваланның қажырлы күресінде.
Көшейінші қайтадан әңгімеме ,
Суытады суық жер тәнді неге.
Сол бір ақын жаны адал ,
Жүрегі пәк
Тым ертерек көз жұмды мәңгі неге?
Иә , оны білеміз бәріміз де ,
Бізге – аға ,
Іні еді кәрімізге.
Адалдығы жететін мың жасауға
Рухы бар-тын келетін әрі жүзге.
Хат
Бір ұяда жетеуміз өсіп едік,
Бұйырғанды ырзық қып,
Несібе қып.
Барлық пенен тарлықты бірге көріп,
Бір тағдырды жетеуміз кешіп едік.
Жанымыздың жас кезде жарасы да
Бірдей еді,
Тағдырдың шарасы ма:
Бірте-бірте алыстап барамыз біз,
Бір әкенің ұқсамай баласына.
Өздеріңнен өзімше дараланып,
Сендер қалып,
Соңымда дала қалып,
Кеттім қуып өртенген өлең-жырды,
Ең ауыр соқпақты қалап алып.
Көктем туып,
Далаға нұр сіңгенде,
Немесе күз күні кеп күрсінгенде.
Газеттерден жырымды іздестіріп,
Ауық-ауық еске алып жүрсіңдер ме?
Масаттанбай,
Мастанбай барымызға,
Бар болса егер бірдеңе қанымызда,
Өмір бойы қарыздар сезінерміз
«Бір ыдыстан су ішкен» шағымызға.
Жанымыздың жас кезде жарасы да
Бірдей еді,
Тағдырдың шарасы ма:
Бірте-бірте алыстап барамыз біз,
Бір әкенің ұқсаамй баласына.
Өтініш
Қызығамыз жас талға,
Мөлдіреген аспанға.
Бара жатыр айналып
Өміріміз дастанға.
Енді соғыс болмасын,
Мезгілсіз гүл солмасын.
Төбемізден жаңбыр боп,
Құйылмасын қорғасын.
Өртенбесін қалалар,
Жыламасын балалар.
Соны ойлаңдар,
Әкелер,
Аман болсын аналар.
Шарықтасын әлемде,
Тәтті-тәтті әуендер.
Соны ойлаңдар,
Еркектер,
Аман болсын әйелдер.
Сүп-сүйкімді күзгі алма,
Шалынбасын ызғарға.
Ұлдар,
Соны ойлаңдар
Ренжімесін қыздар да.
Бұлақтар даланы аңсайды
Сөндірген жоқ батар күн нұрын әлі,
Асау бұлақ арқырап,
Жұлынады.
Жаны ерке,
Бірақта мінезі сол –
Жартастарға тектен – тек ұрынады.
Ештеңені қоймайды көнбесіне,
Шақырады жартасты белдесуге.
Тау ішінде дауысы жаңғырығып,
Жаны сыймай келеді кеудесіне.
Сай қуалап толқындар дүрсілдейді,
Салған әнін биіктен түсірмейді...
Еркіндікті аңсаған ер мінезін
Меңірейген жартастар түсінбейді.
Қазір көктем,
Сәулелі самала шақ,
Жасылданып дүние жаңарар сәт.
Жаны қалмай,
Бұлақтар жүгіреді
Кеңістікті,
Кең-байтақ деланы аңсап.
Кеңдік
Пай , жондарым,
Асуым
Қыраттарым,
Баурайларым,
Бұлқынған бұлақтарым,
Кең даланың төскейін дүбірлеткен
Сендерді де сүйемін,
Пырақтарым.
Көз жеткісізкеңдікті сүйер жанар,
Қызғанғандар тұз жалар.
Күйер, қалар...
Дала арқылы біздерді танығандар
Біз арқылы
Даланы білер болар.
Тарихы бар,
Даланың ерлігі бар,
Елдігі бар,
Бұл күнде теңдігі бар,
Иісі бар қыздар мен әйелдерге,
Жігіттерде көл-көсір кеңдігі бар.
Дарқандыққа үйретті дала мені,
Көкжиегі – күй менен ән әуені.
Сол кеңдікті сүйеміз жанымызбен,
Нені сүйсең –
Сол ғажап!
Сол әдемі!
Күзгі сурет
Дайындалып келер күн сынағына,
Сыбырлайды күзгі жел құлағыма.
Маужырайды табиғат ең соңғы рет,
Алтын күннің шомылып шуағына.
Соңғы үміт,
Соңғы дем,
Дымы құрып,
Өткіншілік мәнін де шын ұғынып,
Діріл қағып ағаштың бұтағында
Жүрекке ұқсас жапырақ тұр ілініп.
Солтүстікте қар жауды.
Жылы ұя,
Кең жазира өлке деп,
Қиырлардан келген құстар еркелеп,
Кетті ұшып топ-тобымен түстікке,
Біздің жерге қар түскен соң ертерек.
Қалды дала,
Думан-тойы жоғалған
Төбесінен сыңсып ұшып көп арман.
Самайына ертерек ақ түсірді
Жапырағынан айрылмаған көк орман.
Қар жауса да,
Табиғатқа не амал бар.
Енді аздан соң аяз тілі жалаңдар.
Бұрқыратып буда-буда бұлттарын,
Ұйытқып енді басталады борандар.
Әрбір күннің соңында бір ән қалар,
Адам, адам, сол күні үшін қарманар.
Әй-шәйға да қарамай-ақ, осылай
Біздің де ертең шашымызға қар жауар.
Қамыс ертегісі
Айдын Балқаш.
Көл жағасы.
Қамыстар.
Көл бетінде бір керемет ағыс бар.
Толқындарды толқын қуып жағаға,
Ұмтылады
Кеткісі кеп далаға.
Бірде жалғыз қалдым қамыс ішінде,
Өң түгілі,
Шошымап ем түсімде:
Шыға келді шұбарала жолбарыс!
Жолбарысқа қарсы менде бар ма күш?!
Қорқыныштан тұла бойым дірілдеп,
«Өлді деген осы»,- дедім күбірлеп.
«Өлді деген осы «,- дедім соңғы рет,
Көл де сонда жылап тұрды мөлдіреп.
Жанды қимай тұрғанымда бір шыбын,
Нар қамыстан шығакелді ту сиыр.
Жалт бұрылып,
Жолбарыста та ақырып,
Мені тастап,
Кетті соған атылып.
«Осы нені шатып-бұтып отырсың»,-
Деп кінәлап жүрме мені, оқушым.
Қазір көлде
Жоқ керемет нар қамыс,
Нар қамыс жоқ,
Жоқ және де жолбарыс.
Мұны, досым,
Кері ойламай қалайда,
Жоғалғандыжоқтағаны деп ойла.
«Қазақфильм» микроауданында
Ауыл,
Қала сыйысқан аумағына
«Қазақфильм» микроауданына,
Жексенбіде келіп кет,
Сейілдетіп
Апарамыз алмалы тау бағына.
Көзді сүзіп көктегі күміс бұлтқа,
Біз осында үйрендік тыныштыққа.
Салқындауға самалмен
Бізге қарай
Ағылады адамдар күн ыстықта.
Қанша құштар болса да жаңалыққа
Түсінбеймін,
Бұл әлде даралық па?
Астананың мұндағы тұрғындары
Ұқсамайтын тәрізді қалалыққа.
Ағын сулар аралап әрбір сайды,
Төбелердің төскейін жаңбыр шайды.
Қызығының осында және бірі –
Зәулім үйлер қасында мал жусайды.
Қайдан шықты?
Қай үйдің қорасынан?
Оған көзің жетпейді,
Сен осыған.
Тауға қарай сиырлар бет алады
Зәулім-зәулім үйлердің арасынан...
Жанып тұрған күнге де қарамайды,
Алатаудан ағын су домалайды
Алма бақтан лап беріп,
Сары тамызда
Апорт иісі бұл маңды аралайды.
Ана әлдиі
Қайырлы түн,
Ұйықта, ботам,
Әлдиім,
Мазасыздау болып тұр ма сәл күйің.
Жақсы саған меніменен әрқашан
Сеніменен бірге мен де қалғиын.
Екеумізді әлдилейді түн мақпал,
Аққан өзен,
Қалғыған тау,
Гүл-бақтар.
Барлығын да осы кезден сезініп,
Барлығын да осы кезден тыңдап қал.
Келер күндер хатын саған жолдайды,
Жолдамаса бағың, ботам, жанбайды.
Елің үшін ертең ерте тұра алсаң
Сапарың да қырсық-қыңыр болмайды.
Ертең үлкен жігіт болып шығасың,
Дүниенің жұмбақ сырын ұғасың.
Анаң үшін әлдилеген бүгінді
Туған елге қызметіңді қыласың.
Өлеңді қорғау
Қорғаймын әрбір жолыңды
Тиынмен есептегеннен,
Бөлісе алмаймын өмірді
Өлеңді өсектегенмен.
От алып көктен,жасыннан,
Жанымды өртеп жазамын.
Ләззатын алсын оқырман,
Көремін өзім азабын.
Өлеңін өшпес әлпештеп,
Терезем тең деп тектімен.
Өзінің арын Дантестен
Қорғады Пушкин деп білем.
Шабытты күткен сағынып,
Сабыры аздау акынмын.
Өлмейтін жырдың сарылып
Өмірін санап жатырмын.
Дәстүрін елдің сақтаумен,
Өседі ұрпақ- өрендер.
Өртеліп кейде жатқанмен
Өлмейді өткір өлеңдер!
Азамат ақын атандым,
Аузыма қарар ел енді...
Қорғайтынымдай Отанды
Қорғаймын мәңгі өлеңді
*****
Жылдар бойы үмітім бір үзілмей,
Төктім терді
Жаңбырлы өлке күзіндей.
Жырым өткір болса екен деп тіледім
Махамбеттің семсерінің жүзіндей.
Бұл өмірде барлығымды сезінбей,
Жүрдім талай
Ұйқылы- ояу , көз ілмей,
Жырым нәзік болса екен деп тіледім
Еңіліктің Кебекке айтқан сөзіндей.
*****
Айтамын жырмен сырымды,
Айтпасам- ойдың өлгені.
Бала кездегі жырымды
Жігіттік келіп өңдеді.
Естідік небір сындарды,
Азабын жырдың тарттық көп.
Жігіттік жазған жырларды
Өңдейді өзі қарттық кеп.
Қуаныш бар ма, мұң бар ма,
Парағын әрбір қарап бір,
Қарттығың жазған жырларға
Болады өмір редактор.
Саралап барлық ғұмырды,
Ойланып егер қарасақ,
Өмірлік жазған жырыңды
Қарайды өзі болашақ.
*****
Үзілмейтін бір үмітім бар менің,
Бар менің көп арман болған әндерім.
Мен бақытты ақынмын деп айтар ем,
Жанға жырым бере алса егер жәрдемін.
Сен де қонақ,
Мен де өмірге мейманмын,
Күн емес ол – тек тамаққа тойған күн.
Арманым жоқ,
Егер менің жырларым
Желбіресе жалауындай мейрамның.
Мен анамнан егіз туған адаммын,
Бірақ тағдыр сый қып тартты маған мұң –
Туа сала көзін жұмған сол бауыр
Құшағында жатты сайын даламның.
Сол толтырды бүгін өлең – тілімді,
Соған ғана шертем сырым, мұңымды.
Сол сыңарым өліп кеткен баяғы –
Жырым менің бүгін қайта тірілді.
2-бөлім
Нәр
Әр жылдың өз нәрі бар жүрегімде.
* * *
Бір ғұмыр бар, қолыңда ол да сенің,
Саған артам ең ұзақ жолда сенім.
Мен алдандым біреуден,
Алданғаным –
Аңқау едім,
Ол кезде жап-жас едім.
Сен сұрарсың өткенді менен бүгін,
Өзім айтқым келеді сенен бұрын.
Өткен күнім –
Қатем мен өкінішім,
Келер күнім –
Үмітім –
Өлең-жырым.
Әркім өзі қожасы өз арының,
Әркім өзі билейді өз ағынын.
Мен ақынмын, адалмын ел алдында,
Ақындығым – жастығым,
Тазалығым.
Үміттенсең жаныңның – құмарымын,
Күдіктенсең көңіліңнің – тұманымын.
Күнәлінің алдында – періштемін,
Періштенің алдында – күнәлімін.
* * *
Өмір еді,
Шынында өмір десең,
Тола шәрбат болатын менің кесем.
Мен бір қызға байландым,
Дегенменен,
Аяулы жан,
Жүресің көңілде сен.
Қызық десең шынында қызық еді,
Сарыала ғой алтындай күз үнемі.
Алқызыл боп алма қыз піскен кезде
Бұтағынан өзі-ақ үзіледі.
Арнап едім сол шақта несіне жыр,
Сала берді өзгеріп тосын өмір.
Білгендігің бола ма кешірмесең,
Бүгін мені қалайда кешіре біл.
Жігіт еркін болмаса жігіт пе екен,
Күдігім де сондағы үмітке тең.
Салқын жанмын,
Әйткенде сен дегенде
Күннің көзі түскендей жібіп кетем.
Маған кейде өмірің өш болатын,
Шыным осы,
Шындықты кеш, қанатым,
Сағынғанда өзіңді еске алмасам,
Ештеңем жоқ басқадай еске алатын.
* * *
Мың сан тамыр жер қойнына енеді,
Енеді де мың сан гүл болып өнеді.
Бірақ соны білмейміз-ау, аяулым,
Мезгілінен қайсы ертерек семеді.
Жарқ етсе егер көк аспанның қабағы,
Мың сан жұлдыз кірпіктерін қағады.
Бірақ соны білмейміз-ау, жан гүлім,
Көк төсінде қайсы мәңгі жанады.
Жапырақ пен шөп
Көк жасыл түске бөленген
Сұлулықпенен бар өмір.
Арулар айтқан өлеңмен
Ақындар жазған және жыр.
Бояу да, сыр да, сезім де,
Өзің де ғұмыр әдемі,
Нәзіктікпенен төзім де,
Жылуменен діріл әуені.
Құмартып саған сүйіне,
Күкірттен, дәрі, оқтан да,
Қорғайды сені дүние,
Өртпенен жалын оттан да.
Мен сенен үміт үзбеймін,
Тірліктің титтей бөлшегі –
Жапырақтан, шөптен іздеймін,
Өмір мен бақыт мен сені.
Жалғыз жапырақ
Қазан айы. Құрысып, мың бүрісіп,
Соңғы жылу –
Ең соңғы нұрды құшып,
Жапырақтар үзіліп түсіп жатыр
Жасыл жастық жанардан бір-бір ұшып.
Күздің желі тым бұзық тентек ойлы,
Қарағайға өктемдеп ентелейді,
Сауға сұрап жанына жалп-жалп етіп,
Суық желге жапырақ еркелейді.
Көктемдегі көгершіндер
Көктемнің күні еді тамылжыған,
(Тіршілік, тыншымаған жаныңды ұғам.)
Шатырға келіп қонды қос көгершін,
Алаңдап әлденеге абыржыған.
Мына бір жамиғатқа не дерсіңдер,
Менің де айтқаныма сенерсіңдер:
Секіріп ойнап-ойнап алды-дағы,
Сүйісті еркелесіп көгершіндер.
(О, неткен сезімталсың, көкіректер,)
Көкіректер – кішкене «жетімектер»)
Оңаша өздерінше ойнап-күліп,
Мәз болып аймаласты екі кептер.
Көздері, сірә, маған түсіп кетті,
Көзге енді көрінбестей,
Құшып көкті,
Күнәсіз екі ғашық шошында ма
Алысқа,
Жер түбіне ұшып кетті.
Түс
Неге шошып ояндым?
Түсінбедім.
Дегенменен біртүрлі түсім менің.
Тағы кеттім ұйқыға...
...Тоқта, тоқта
Қайда ұшып барасың, құсым менің.
Тартқанда қап-қара шаштарыңды,
Бұлттандырып жіберді аспанымды.
Тастап кетіп барасың
Қайда, аяулым,
Гүліне толған уысы достарыңды.
Бір гүліндей тербеткен далаңды да,
Маңдайыңнан сипаған самалды да,
Тастап кетіп барасың
Етегіңе
Жармасып бір жылаған анаңды да.
Жіп-жіңішке үміт пен арманды да,
Гүлдерді де,
Тік тұрған талдарды да,
Көзін жасқа толтырған шындықта да,
Өзіңді арбап алдаған жалғанды да.
Әлде тағдыр еркіңе көнбеді ме,
Тірілгенім,
Өшкенім,
Өлгеніме,
Қарамай-ақ қиямет отын жағып
Тастап кетіп барасың сен мені де.
Қалжыраймын,
Шаршаймын,
Тістенемін,
Не көрмедім сен үшін не істемедім.
Мен өзіңнен алыстай түскен сайын
Қорқынышты осындай түс көремін.
Сенің ауылың құм жақта
Құмның сонау түбінде,
Түнегінде,
Жанып жатқан немене,
Жүрегің бе?
Көрінеді сызаттап жалқын сызық
Көрінбесе бір үміт,
Сүйемін бе.
Сенің ауылың сол құмның ең түбінде,
Маған дауысың жетеді жел тілінде.
Ауылыңнан сәл аттап шыға алмайсың,
Бер жақтағы құмарсың еркін үнге.
Құмның жолы білемін тас қараңғы,
Құтқармайды жан түгіл қашқан аңды.
Үмітіңнен үзілме,
Үміт - өмір
Ақ жаңбырдың бұлтынан тос хабарды.
Қалың бұлтқа жасырып күн жанарын,
Тыраулатып,
Сыңсытып тырналарын.
Құмның сонау түбіне,
Ауылыңа
Ақ жаңбыр боп ілігер бір хабарым.
Қызыл бояу
Таулар да қызыл керемет,
Көкпенен сонау таласқан.
Дөңгелеп тұрған дүние,
Қып-қызыл және жер, аспан.
Шапағың шығыс шашқанда,
Табиғат бәрі оянды.
Алаулап ғажап тастар да,
Қып-қызыл нұрға боянды.
Шалғынның түсі: ол – қызыл,
Боянды сондай түске өзен.
Бояды және көл жүзін
Табиғат ғажап күшпенен.
Келеді ұзақ қарағым,
Қарасам болды тоямын.
Осылай еске аламын
Тың менен кештің бояуын.
Өзендер
Бала күннен дос болған сырларымды,
Құпиямды,
Шынымды,
Жұмбағымды
Өмірдің де бетіне айтып-айтып,
Ақ қағазға төгермін жырларымды.
Сондағы бір телмірген жанар маған,
Жүрегімен ақ-адал алаңдаған.
Ар жағында жылдардың өзің жайлы,
Жырым қалар, адал қыз, мен алдаған.
Аяулы қыз,
Ойлы қыз,
Бала денең
Самалымен сүйіскен,
Даламенен.
өткен күнін өзіңмен есіңе алып,
Өксіп-өксіп,
Мөлдіреп қалар өлең.
Өмірдің де өзгеріп қас-қабағы,
Бізге басқа дүние басталады.
Біз өзенбіз, ағамыз алыстарға,
Су ағады аяулым,
Тас қалады.
Арудың портреті
Көмейі хәлуә шекер, тілі балдан,
Төгілген аузынан үні маржан.
Есіңнен айырады сол бір сәтің
Япыр-ай, алақаныңа үріп алған.
Меруерт кірпіктері тізіліп тұр.
Аш белі бұралып тұр,
Үзіліп тұр.
Ауызым бірдеңені айтқысы кеп,
Көздерім қызыл түске қызығып тұр.
Ақырын сөйлегенде үні балдй,
Көмейден төгілетін гүлі бардай.
Өзі аппақ,
Қарақаттай екі көзі
Ақылды нұр сипаты өңі қандай.
Ақ тамақ,
Алтын иек жаны жұмақ.
Көргеннің қалады оған бәрі құлап.
Бір рет тарқатылса арманың жоқ
Қолаң шаш құс төсектен қалыңырақ.
Қалайша тілегіңе шек қоясың,
Көзіңмен сол сұлуға бек тоясың.
Іштегі қызғаныштан шыдай алмай,
«Менікі» деген жанды жеп қоясың.
Сол жанды бір көре алса, досқа дәру,
Кәріге жасару да, жасқа – жану.
Апыр-ай, болады екен бұл фәниде,
Арманның өзінен де асқан ару.
Ойнақтап осы аймақта,
Еркелеп жүрген елігім.
Жоғалып кеттің қай жаққа,
Үркітті екен сені кім?
Көзімнен ұштың көрінбей,
Көкала мұнар ішінде,
Жүресің анық өңімдей,
Буалдыр тартқан түсімде.
Сені іздеп қырда сабылдым,
Даланы дабыл қақтырып.
Төбемнен төніп шығар күн,
Жолыма нұрын лақтырып.
Сағым боп неге алдайсың,
Қалтырап қашып қырменен.
Бәрібір ұзай алмайсың,
Соңына түсем, бірге өлем.
Таңба түскен бір жара,
Барасың қайда байтақ ән?
Жоғалармысың бір жола,
Оралармысың қайтадан?
Жырларым, айтшы анықтап,
Алыс па өлкең, жақын ба?
Барасың ба әлде қалықтап,
Менен де мықты ақынға.
Досымды сағындым
Өмір болса,
Күлерсіз,
Мұңданарсыз,
Бір өшерсіз,
Алаулап бір жанарсыз.
Анда-санда ол жайлы ойлап қойып,
Кеткен досты күтемін бір хабарсыз.
Күндер өтті,
Ағылып айлар өтті.
Төбемізден сан бұлбұл сайрап өтті.
Өкпелеген адамдай досым менің,
Төбесін бір көрсетпей қайда кетті?!.
Досты аңсайсың,
Ойға да берілесің,
Сағыныштан саз болып төгілесің.
Берер еді-ау бір хабар ойлы болса,
Ұмытқан-ау шынымен мені досым.
...Иә, иә, түс көріп кеткен екен,
Қағылды есік.
Қалайша өкпелетем...
Досым ғой деп далаға атып шықсам,
Мөлдіреген сұп-сұлу көктем екен!
* * *
Мына менен, аяулым, үміттен сен,
Мәңгі есімде қалады, атың қалса.
Мен сүймеймін тек қана жігіттерше,
Сүйем лаулап,
Лапылдап ақындарша.
Сонда ғана сені де бағалаймын,
Айты өлтір айтатын сының болса.
Жалыны жоқ жандарды қаламаймын,
Сен өзіңді сүйгіз тек сұлуларша.
* * *
Ғажап-ақ қой сал-даланың жондары,
Сондағыдай бір ойын-той болмады.
Әлі есімде сенің жібек шарфыңды
Көкпар қылып тартқанымыз сондағы.
Әлі есімде ұзақ шауып, жол жүріп,
Қала берген жаман жабы болдырып.
Сенің жібек шарфыңды қолымнан
Қағып алып кете барған топ жігіт...
* * *
Өмір еді,
Шынында өмір десең,
Тола шәрбат болатын менің кесем.
Мен бір қызға байландым,
Дегенменен,
Аяулы жан,
Жүресің көңілде сен.
Қызық десең шынында қызық еді,
Сарыала ғой алтындай күз үнемі.
Алқызыл боп алма қыз піскен кезде
Бұтағынан өзі-ақ үзіледі.
Арнап едім сол шақта несіне жыр,
Сала берді өзгеріп тосын өмір.
Білгендігің бола ма кешірмесең,
Бүгін мені қалайда кешіре біл.
Жігіт еркін болмаса жігіт пе екен,
Күдігім де сондағы үмітке тең.
Салқын жанмын,
Әйткенде сен дегенде
Күннің көзі түскендей жібіп кетем.
Маған кейде өмірің өш болатын,
Шыным осы,
Шындықты кеш, қанатым,
Сағынғанда өзіңді еске алмасам,
Ештеңем жоқ басқадай еске алатын.
* * *
Бір досымды жоғалттым тағы да мен,
Содан бері таппадым жаныма ем.
Айырылды ол тап-таза көңілінен,
Баяғыдай болса адал сағынар ем.
Біреулердің ілесіп өсегіне,
Кетті досым.
Жел сөздің кеселі де.
Мен аяймын досымды бас қамы үшін
Түсіп кеткен жаттырдың есебіне.
* * *
Жаның неткен ғажайып мөлдір еді,
Сезді жүрек, еріксіз елжіреді.
Қатпарында жүректің жатқан сырды
Бір-біріне қадалған көз біледі.
Омыраудың үзілген түймелерін,
Еркіндікке балаймын.
Сый көремін.
Тәттіліктің не екенін сөзден гөрі,
Елжіретіп айтады сүйген ерін.
Сағыныш боп самғаған сәуірлерден,
Сәулетай қыз, көзіңнен жалын көргем.
Тәтті құмар жанымды жақын көріп,
Тіліңе де рақмет балын берген
Күйіп-жанбай аттау мұң үш қадам жер,
Ғашық жолы қызық та ,
Қысталаң жол.
Махаббаттың ғұмырын ұзартады
Қыпша белден қаусырып ұстаған қол.
Сезім неткен жүйріксің атқан оқтан,
Сезіндірген сұлуды сәт қаратқан.
Өмір сүру - өртену,
Үміттену,
Үмітсіз жан - өлген жан ақ тамақтан.
* * *
Бір көңілдің толтырам деп кетігін,
Ішкендей-ақ шараптың да не түрін,
Ішемін мен.
Маған дайын тұрады
Шарап тектес ащы,
Тәтті екі күн.
Күндер,
Күндер болашаққа көшіңдер,
Түзетеді жиып беріп қосынды.
Ащылығы жүрегімді ауыртып,
Тәттілігі жиғызбайды есімді.
Қой тастар
Бірі – малта,
Бірі – алып тостаған,
Бірі сапсыз ожауға ұқсай бастаған,
Қой тастар көп алматинка бойында
Бір заманда тау селі әкеп тастаған.
Не айта аламыз тастар жайлы,
Тау жайлы,
Көрмегендік көкіректі байлайды.
Әйтпесе ғой кейбір тастар
Әрқилы
Қазаннан да, қалқаннан да аумайды.
Бір заманда ағып түскен төбеден,
Алып тастар қорқынышты не деген.
Қобыландыны көрген жоқ-ты ешкімде
Жұдырығы десем соның сенер ем.
Дегенменен адамға сәл ой тастап,
Алатаудың биігінен ойқастап,
Түскен селдің тілін үнсіз ұқтырып,
Теңкейеді алып-алып қой тастар.
Менің бөлмемде
Дүние, қане дөңгеле,
Сен жайлы айтып жыр-аңыз,
Осынау құйттай бөлмеде
Ақындар ғана тұрамыз.
Бірде - бір минут тынбайсың,
Қояды жырға тек бөлеп.
Абайдың өзін тыңдайсың,
Пушкинді көріп бетпе-бет.
Кеткен жоқ ақын келмеске
Аузына жұртты қаратқан.
Дәм татам десең кел кешке
Ғафиздер ішкен шараптан.
Самал боп жырлар еседі,
Көңілдің көбін гүл етіп.
Береді Сергей Есенин
Сұлулар жайлы жыр оқып.
Сөйлемейді ақын көлгірсіп,
Іздеген бақыт бұл елге.
Қастандықпенен Лермонтов
Жекпе-жек шығып дуэльге.
Бүгінгі күн бір ерекше
Әзірше жақсы жол босын.
Расулды тыңдау керексе,
Кешікпей кешке кел, досым.
Көңілге бәрін тоқырмын,
Ақынша сүйіп сүйгенге.
Мен де жыр былай оқырмын,
Ең соңғы кезек тигенде.
«Ақындардан да талай бір,
Ақындардан да байырғы,
Таңдарға сәлем арайлы,
Жандарға сәлем қайырлы».
Жанымның жасындары
Толқытып дауыл кеудемді,
Түнімен ұйықтай алмадым.
Үйіріп соққан желдерді
Үміттеріммен жалғадым.
Өзенім өрттей дүркіреп,
Билетті таудай тастарды.
Қап-қара бұлттар күркіреп,
Атқылап жатты аспанды.
Алдаспан сілтеп ақырып,
Ойнады от боп найзағай.
Жартасқа келіп аһ ұрып,
Құлады жасын, ғажап-ай!
Жарқылдап жасын үстімде,
Қылышын бұлтқа сермеді.
Биіктен құлап түсті де,
Кеудемді тасқын кернеді.
Жанымды жалғап мен енді
Дауылмен, тасқын-селменен,
Ағыл да тегіл өлеңді
Жатырмын төгіп кеудеден.
* * *
Таудан астым, кездестім даламенен,
Самалменен сүйісті бала денем.
Бұлбұлдардың мекені мынау дала
Дәл осындай жерұйық – маған әлем.
Шыңға шықтым қоштасып даламенен,
Бұлттар легі ағады төменде әрең.
Қырандарға сүйікті биік таулар
Дәл осындай сүйікті маған әлем.
* * *
Қыстың күні қырға шықтым, жол жүрдім,
Жадымда әлі боран үрген сол бір күн.
Тастай боп келіп жарым түннің ішінде,
Жылы жатқан досымды бір тоңдырдым.
Есімде әлі, ешнәрсені ұмытпан,
Есімде әлі, сол бір кезгі сүйікті ән.
Тастай бөлме. Тоңып жатқан кезімде,
Досым келіп қызуымен жылытқан.
* * *
Досым маған тұрды жиі хат жазып,
Талай, талай жақсы сырын ақтарып.
Ауылдағы Жібек деген қызбенен,
Жақсы екенін жазды бірде мақтанып.
Сол бір хатты оқыдым да қап-қалың,
Көңілімнің түкпіріне сақтадым.
Шыдадым мен білдірмедім сол хаттың,
Сол кездерде жаныма әбден батқанын.
* * *
Сенің ойнап лақтырған кесегің,
Тигізбесін ешкімге де кеселін!
Сұрамасқа болар, - дейді үлкендер,
Қайғылыдан бақыттың не екенін.
Биік таудың кім жайласа да етегін,
Сол біледі бұлттардың да мекенін.
Сұраған да жөн-ау, - дейді үлкендер,
Бақыттыдан қайғының не екенін.
* * *
Күз де келді көк жүзін бұлаулатып,
Терезеге мұз қатып, қырау қатып.
Бөлме салқын тартты да екі досым,
Салқын тиіп ауырды тұмауратып.
Суық бөлме тастай боп ұнамады,
От жағылып табылды бір амалы.
Бөлме ысыды салқынға қашты екеуі,
Ыстығына ыстық деп шыдамады.
* * *
Аппақ дала. Ақ таңда қара атыммен,
Ақ түтекті көтеріп қанатыммен,
Ала құйын жете алмай көз ұшында,
Ақ кебіндей далада ағатын мен.
Қашып шығып қалтырап қара түннен,
Қара жолдың бойында ақ атыммен,
Көзіңе де көрінбей, көкжиектен –
Көкжиекке бұлдырап ағатын мен.
* * *
Түсіне алмадым басымдағы аз-маз бақтан ба,
Тіл қаттың маған буалдыр тартқан ақ таңда.
Өзіңе деген өлеусіреген көп үміт,
Жанымның менің сөніңкіреп бара жатқанда.
Сөнейін сен деп себебін оның ел білсін,
Сенбейтін кейбір достарымды да сендірсін.
Сөз қуған жұрт сан-саққа шаппай мен жайлы,
Арманшыл жігіт бақыттан кетті деп жүрсін.
Сенемін бе, сенбеймін бе, қиналам,
Сендірмейді күлкі менен көз жас та.
Сүйгенім бар десең егер иланам,
Жоқ десең ғой, онда әрине, сөз басқа...
Ойлымын ба, ойсызбын ба мен мейлі,
Алдай алмас күлкі түгіл көз жас та.
Сүйгенім жоқ дегеніңе сенбеймін,
Бар десең ғой, онда әрине сөз басқа...
* * *
Байлық қамы немесе тиын қамы,
Керегі жоқ, керек тек бұйырғаны.
Бір қарап ем мен сенің қабағыңа
Өмір сүру бір сәтте қиындады.
Азабыңды көрейін сенің мейлі,
Жүрегіңнен жүрегім бөлінбейді.
Қабағыңа ертең-ақ қарап білем,
Өмір сүру бір сәтте-ақ жеңілдейді.
* * *
Сүйемін сені, келмейді шамам сүймеуге,
Жанымды менің жалғыздық атты мұң шалды.
Еркім бар менің еркіңді сенің билеуге,
Сүймеуге тіпті келтіртпей мүлде мұршаңды.
Алғы күндерге асыға тартқан алқынған,
Уақыт бізге келмесе деймін мұң алып.
Айнысам егер адалмын деген антымнан,
Соқшы бір, жаным, жағымның отын шығарып.
Күннің шығуы
Биік таулар бір-бірімен сырласып,
Пәс төбелер бір-бірімен мұңдасып.
Жатыр еді,
Жап-жалаңаш жартастар,
Қойындасып қоңыр көрпе – түн басып.
Көк аспанды қаусыра иіп, тұйықтап,
Бір шоқыныбір шоқылар иықтап,
Жатыр еді,
Мынау дала манаурап,
Қоңыр түнді жамылып бір ұйықтап.
Шыға келген сәтте сұлу нұр күліп,
Бәрі оянды шырт ұйқыдан дүрлігіп.
Тау тұлғасы
Алыстан мұнарланып биік тұлғаң,
Ақ бұлақ, ән ұқтырған, күй ұқтырған.
Ақ бұлт секілді оның тақиясы,
Төбемнен күн өтер деп киіп тұрған.
Басынан қилы-қилы ғасыр өтіп,
Ұмтылып тұл аспанға басы жетіп.
Табиғат еген оған жан бітірсе,
Бәрін де кететіндей басып өтіп.
* * *
Сондағы, шіркін, көктемдер,
Көтеріп кеткен еңсені.
Ақ жауын жауып өткенде,
Есіме алдым мен сені.
Атыңды қосып жыр жаздым,
Өзіңсіз қалай жай табам.
Шұғыласын көріп нұр-жаздың,
Аңсадым сені қайтадан.
Күз таңын келіп атырды,
Киініп өңшең сарыға.
Гүлдерді көріп ақырғы,
Сағындым сені тағы да.
Жер бетін мамық жапқын-ды,
Ақ қайың алқа тағынып.
Көрдім де әппақ ақ қарды,
Еске алдым сені сағынып.
Гүл егіп кеткен жаныма,
Өкпем жоқ менің еш саған.
Жыр жазар сайын тағы да,
Мен сені жиі еске алам.
Ғашықпын саған
Жанымнан менің жалғыздық деген жоғалмай,
Жүрдім мен сені көктемімнен де таба алмай.
Өзіңді сүйем ауа мен күнді сүйгендей,
Ғашықпын саған өмірге ғашық адамдай.
Құлпырып өсіп келесің көркем жаз гүліндей,
Есімің қаздың саңқылдап салған наз үніндей.
Күтпессің бәлкім,
Қорқыныш шығар сен үшін,
Ғашықпын саған Ләйліге ғашық Мәжнүндей
Ән болып ұшсаң жалғыз-ақ өзім қол соғам,
Түнек бол мейлі сәуле боп түсем мен саған.
Ғашықпын саған тордағы бұлбұл секілді,
Кең даладағы өз әнін өзі аңсаған.
Өмірдей мұндай ғажайып затты көрмеппін,
Сен деп күн күліп,
Маужырайды екен сен деп түн.
Түсіңде егер ерніңді ерге ұсынсаң,
Жорыма жатқа,
Сен оны мына мен деп біл.
Сағыныш дәмі ащылау ма екен шөлдеппін,
Сен деп күн күліп,
Маужырайды ылғи сен деп түн.
Бір күні біреу сүйем деп алса зәреңді, шошына көрме,
Сен оны мына мен деп біл.
Оған да, көнем, мейлі сен сынасаң,
Арман да жоқ-ау арғымақ аттан құласам.
Кінәлі мен боп шығам ба деп те қорқам ғой,
Балалықпенен қоштасып егер жыласаң...
Гүл
Шығып еді бұлтиып,
Әдемі еді не керек.
Тұяғымен бір түйіп,
Өте шықты көбенек.
Өлді деген осы деп,
Етпетінен жығылды.
Көңілінен өшіп от,
Келер күннен түңілді.
Бір уақытта күн қызған
Ұстап нәзік белінен,
Самал келіп тұрғызған,
Құлап жатқан жерінен.
Шүкіршілік оған да,
Алып қалған өмірін.
Содан кейін самалға
Өзі ұсынды ерінін...
Бала тоғай
баллада
―Күн демалыс,
сейіл құрып,
Қыдырып,
Көк шалғынға асыр салып,
Жығылып,
Тоғай жаққа барып қайтсақ, -дедім мен
Дос қызыма қиылған бір көңілмен.
Егер менің айтқаныма сенсеңіз,
Ол бір өзі жаны мөлдір,
Ерке қыз,
Қызық өзі секілді бір ер бала
Ыстық оған арғымақ пен кең дала.
Куә оған жер мен таң міне,
Айтатынбыз достық жайлы әңгіме.
Сілкіп тастап екі бірдей бұрымды.
Болашақтан,
Мені үздірмей үміттен,
Былай деген бірде ерке қылықпен:
― Ертең жақсы жаза аласың сенемін,
Әлсіз бірақ әлі мынау өлеңің.
...Бір қуарып,
Бір сұрланып мен қалдым,
Кетті ол сүңгіп арасына талдардың.
Қыз сөзіне сәл көңілім қалғанмен,
Бойдағы бір қызу қанмен,
Арманмен.
Қыз соңынан мен де бірге ұмтылдым,
Бізге мәз боп қарап қалды сылқым күн.
Сақ-сақ күліп таудың тентек бұлағы.
Жапырақтар тігіп қалқан құлағын,
Қаласың деп арманыңды ұстауға,
Мені сынап тұрған сынды құстар да.
Жаным қалмай қыз соңынан жүгіргем,
Кеудемдегі бір белгісіз дірілмен.
Міне, қызық бұны болжап кім білген.
Сыр шертісіп тұрды біреу құрбыммен.
Сірә намыс,
Жарқ-жұрқ етіп көзімде от,
Жетіп бардым
― Мықтысың-ау өзің,- деп.
Осындай ем,
Қызу қанды ем,
Ыстық ем,
Бір шайқастың жөні келді «күштімен».
Анау бірақ байсалды екен,
Ойлы екен.
― Ақылға кел,
Қызуланба,
Қой, көкем.
Сен соншама бүлінетін не болды?
Тәуір жазады деп естіп ем өлеңді.
Одан-дағы жақсыңыңнан бір-екі
Тыңдайық біз, ақын бала, жыр оқы,―
Деп өтінді,
Осы нені сезер деп,
Махаббаттан кеттім оқып, өзеуреп.
Тыңдап болып,
Шытыңқырап қабағын,
― Түбі мықты ақынсың сен, қарағым,
Ой, сезімге бай екенсің өлеңдік.
Бірақ әлі жетпей жатыр шеберлік,―
Деді-дағы кете барды жолменен,
Құрбымды да бөліп алып ол менен.
Кете барды...
Өзіме-өзім мен налып,
Қала бердім түк түсінбей таңданып.
Жылдар өтті...
Жігіт болдым мен енді,
Және өзімше жазып жүрдім мен өлеңді.
Еске алуды көрдім-дағы қолайлы,
Араладым бала күнгі тоғайды.
Есіме алдым өткен-кеткен күндерді,
Балалықтан қалды ма деп бір белгі.
Қалмады ма әлде соның іздері,
Кетті ме ұшып жапырақтай күздегі.
Күтпеп едім,
Міне қызық,
Тамаша,
Арсалаңдап жетіп келіп балаша;
―Мұнда соқпай айтшы қанша жыл жүрдің?―
Деп күлімдеп қарсы алдымда тұр құрбым.
Жүзімдегі байқадыма кірбіңді
Мұңданды ол да,
Ол да жүзін сындырды.
― Түсінбепсің бала едік қой біз онда,
Біле білсең өмір ― ағаш,
Қыз ― алма.
Біле білсең уақыт ― ағаш,
Бала ― алма,
Көк кезінде олар тәтті болар ма?!
Ызғар шалып кетпесін деп көктемгі,
Сонда мені ағам ертіп кеткен-ді,―
Деді-дағы жақындады ол маған,
Секілденіп қайта туған арман ― ән.
Осы кезде көзім түсті қызығып,
Жиделерге пісіп тұрған үзіліп.
Көктем келсін әр үйге
Қызым Назымға
Біздің үйге көктем келіп бір күні,
Өзгерді де сала берді тірлігі.
Ойда жоқта қызыл-жасыл, сары-ала
Үйдің ішін қаптап кетті қыр гүлі.
Бөлмелерден ұшты құстар бөлмеге,
Босағада,
Өсіп тұр гүл төрде де,
Терезеден ұшып кіріп бұлбұлдар
Қонып алып ән салады пердеге.
Үй ішінен өніп шықты жас талдар,
Оған куә болып жүрген достар бар.
Құстарды бар болғаннан соң сайрайтын
Үйіміздің ішінде де аспан бар.
Көк аспаны мөлдіреген тұп-тұнық,
Бейбіт күнін тұрады ол ұқтырып.
Ақ күмістей құлпырады айнала
Таң алдында балаусаға шық тұнып.
Сылдыраған бастауы бар, бұлағы,
Жағасында желбіреген құрағы.
Шығысынан шыр айналып құйттай Күн
Шарайнадай көтеріліп шығады.
Ақ жаңбырлар сеуіп кейже өтеді,
Одан кейін әлем жайнап кетеді.
Аспанымда кемпірқосақ иіліп,
Құлпырады бояулардың мекені.
Көңіл жақсы,
Күннен шуақ ұрттаймыз,
Ауламыздан аулақ ұзып шықпаймыз,
Апрельде көлге қонған аққудай
Көктемді өзі ала келді құйттай қыз.
Қала алмаймыз әуеніне қосылмай,
Қала алмаймыз бір төгіліп-шашылмай.
Біздің үйдің көркі бүгін ғажайып,
Әрбір үйге көктем келсін осындай!
Аптап. Су. Қыз.
Оңтүстікте күн де ыстық,
көңіл де ыстық
Аспанынан айналып от қүлаған,
Оңтүстіктің аптабы соқты жаман.
Шөлден өлген сәтімде,
Бір періште
Жанырынан мейірін төкті маған.
Талайларды бұрында сүйгенмін мен,
Мынау бөлек періште бір көрінген.
Жанды өртейтін ыстық бар оның-дағы
Қара торы өңінде күнге күйген.
Аптаптан ба, бұл жерде аласа аспан,
От шығады тас екеш қара тастан.
Осы аптапты ұмытып,
Есім кетіп,
Сипағым кеп тұрдым мен қара шаштан.
Айналайын,
Сөзіме сенесің бе,
Өзі болды мықтым да,
Төрешім де.
Суды ұмытып мен оған телміргенмін,
Содан кейін не дедім,
Жоқ есімде.
Қыңсыласаң ит-аптап қыңсылағын,
Сонда да мен сүйемін күн шуағын.
Қалай естен жаңылдым,
Түсінбеймін,
Келіп тұрған әйтеуір су сұрағым.
Сол бір сәтте жесем де шапалағын,
Тағы да бір келеді қаталағым.
Сол бір аптап пен
Сол суды, Сол бір қызды
Қалай мүлде ұмытып кете аламын?
Қысқы сағыныш
Көзі,
Қасы,
Кірпігі,
Қабағы да,
Әй, керім ед, бұғағы,
Тамағы да.
Мінезіне,
Жанына ұқсатып ем
Аспанды да,
Тауды да,
Даланы да.
Туған жердің өзені,
Орманына,
Жаңбырына,
Қарына,
Таңдарына,
Өліп-өшкен өмірдің жанғанына.
Үмітіне ұқсаушы ед арманына.
Көктем де өтті,
Жаз да өтті сәтті күткен,
Шәлі оранды туған жер ақ түбіттен.
Соқты, соқты боран ды, қалтырадым
Бірте-бірте айырылып тәтті үміттен.
Жасырмайтын мінезін,
Қылығын да,
Ықыласын,
Жасаған ырымын да.
Асыл жанды мен мұндай көрмеп едім,
Көре алмайтын шығармын ғұмырымда.
Көктем қуанышы
Келеді көктем, төгеді нұрын шығыстан,
Кетедй ызғар зымырап қашып зымыстан.
Жабағы жүнін жаңбырға жуып жапан түз
Жазады жайып, жап-жалпақ жонын құрысқан.
Келеді көктем шұғылалы таңнан нұр ұрлап,
Жетеді самал жүгіріп, есіп, зырылдап.
Сәмбі талдарын, ақ қайыңдарын бұралтып,
Талайдан бергі шертеді жырын, сырын бақ.
Әуенін құстар сыңсытып салып, сұңқылдап,
Қанаты талмай ауаны кесіп, сымпылдап.
Ашуы келіп, азуын керіп атылып
Ағады сулар дөңбекшіп, тасып, тұрқылдап.
Көзімен көрер көктемді тағы тірілер,
Көрдім бе деген көздерді көкке сүрінер.
Бусанып буы, бұрқанып суы бұлақтар
Далаға қарай ағынын адып жүгірер.
Өлмегендерге өлі бір балық сияқты,
Шатырдан құлап, қабырғалармен су ақты.
Қарт әже күліп немересіне қарайды
Алақанына ойнатып тұрған шуақты.
Аспанның төсін найзағай тіліп тастаған,
Оғынан жәйдің барады безіп қашқан аң.
О, бәрекелді, танымай қалып көктемді
Өзімнен өзім мен не деп кеттім, мәссаған!
Алтын көрдім
Алтынды көріп бір шағылдан,
Геолог жер кезіп сабылған.
Қиырда Камчатка түбінен,
Іздеген сулардан, ағыннан,
Бірақ та алтын жоқ табылған.
Мен таптым таңертең соныңды,
Кезбей-ақ суыңды,
Көліңді.
Шарлаған жоқпын мен құмыңды,
Іздеген жоқпын мен кеніңді.
Ұқсамас жердің еш тасына,
Ілінген ағаштың басына,
Көре сап сап-сары алтынды
Келіп ем аяңдап қасына,
Бұтақта тұрды да қалтылдап,
Жел үрген кездерде солқылдап,
Сорғалап ағаштың басынан,
Үзіліп түсті алтын жалтылдап.
Мені жоққа шығару қиын саған
Бар себебі...
Жаныңа жуытпайсың,
Маған деген сещімді құлыптайсың.
Сол көрместей күйінде-ақ,
Сезіп жүрмін,
Еш ұмыта алмайсың,
Ұмытпайсың.
Менің үшін,
Әрине, қуанбайсың,
Ойламай да
Бірақ сен жүре алмайсың.
Мейлі жек көр,
Ешқашан көрме мені,
Бәрібір сен мен жайлы бір ойлайсың.
Сен өзіңше
Ұшырып көңіл құсын,
Менсіз де өмір сүруге сенімдісің.
Суығаның соншалық:
Суып қарап,
Сүймейтұғын сияқты болып жүрсің.
Түзде басың аман боп,
Үйде басың,
Мені ғана тағдырым «бұйдаласын».
Бір жаман хал
Басыма төнсе менің,
Жек көрсең де,
Бір рет қиналасың.
Күйіне алсаң егер де күйін соған,
Қалай сенің ойыңа тыйым салам?!
Сондықтан да, бәрібір,
Кім болсам да,
Мені жоққа шығару
Қиын саған.
Жүрегімен,
Жанының жаңбырымен.
Шуағымен,
Сәулелі жан нұрымен,
Болып еді ынтызар,
Түсінбедің
Қайта оның ойнадың тағдырымен.
Кеудесіне ұйытты көңлі шерін,
Саған деген сәулелі сөнді сенім.
Қуантпадың өзіңді сүйген жанды
Тек мұңайту қолыңнан келді сенің.
Не деп айтам
Сенің де жолыңда мұң
Ұшырасып,
Еске алып соның бәрін
Сен өзің де біреуге өліп-талып,
Түсінерсің тек сонда оның жанын.
*** Өзіңе-өзің сенесің, Кемсінбейсің, Жұрт жүзіме үңілсін, Көрсін дейсің. Кереметсің, Жап-жассың, Пәксің әлі Адам-ау деп бір жанды менсінбейсің.
Ұзамапты басыңнан балалық шақ.
Кей қылығың қызға шын қалады ұқсап.
Еңсеңменен жүресің езіп жұртты,
Өзіңді-өзің шырқатып жоғары ұстап.
Ықпайсың да,
Еш жаннан ығыспайсың.
Жоламайсың,
Ешкімге жұғыспайсың.
Өзіңе-өзің сенесің, биікпін деп
Денеңді де шынардай тік ұстайсың.
Көктен жерге топ етіп түскен айсың,
Сәл басқаша өзіңді ұстамайсың.
Ұқсамайды ешқандай ару саған,
Сен ешқандай сұлуға ұқсамайсың.
Мен өзімді кемітпен,
Азаптаман,
Құлазиды құландай жаз өтке адам.
Шын сүюді түсініп білу үшін
Қателесу бір рет қажет саған.
*** Сен әдемі әйелсің, Сен анасың,
Одан-дағы әдемі бола аласың
Көргем талай сүйсініп
Тицианның
Айнала алдында отырған Венерасын.
Әсемдіктің билеп ап сиқыр әні,
Кейде сондай кеудемде күй тұрады.
Джорджоне емеспін мен ешқандай,
Венерасың бірақ сен ұйқыдағы.
Әсемдікпен сен мені өрте, қина,
Сені іздесін ерке өлең,
Ерке лира.
Кейіпкері аңыздың аңшы әйел де –
Өзіңдей-ақ әдемі Артемида.
Сенем саған,
Сен Юдифь бола аласың,
Басын кесіп жауыңның ала аласың.
Саған жаулық жасасам, менің басым
Олоферн басындай домаласын.
Бірде – отпын,
Бірде – ну,
Бірде – көлмін,
Бірде – дауыл,
Бірде – бұлт,
Бірде шөлмін.
Кеудемді ұрып,
Тартысқа түсу үшін,
Талқысымен тағдырдың жүздесермін.
Сондай кезде соқса да қара суық,
Мейлі болып қалсам да дара шыбық,
Әлсіз,
Нәзік,
Әдемі жан жарымнан
Мықтылықты күтемін аласұрып.
Қыз бен гүл
Таңданбаймын
Қаптаған қыр гүліне,
Гүлдер деген
Тым ұқсас бір-біріне.
Жер қойнынан тік тұрып өнгені де,
Ел қолында жүргені,
Семгені де.
Сол гүлдерге бірақ та қыз ғой жақын,
Гүлдің тегін қыздар да тізбейді атын.
Сол гүлдердей
Қыздардан бір-біріне
Ұқсамайтын бір сырды
Іздейді ақын.
Ұша алмайды,
Сындырса қос қанатын,
Періште қыз,
Сен сәтті түс қанасың.
Құтылғанмен,
Кеткенмен менен қашып,
Бәрібір сен біреуге ұсталасың.
Өмір сырын пендеге ақтармайды,
Ақын көңіл сондықтан шаттанбайды:
Жаным нәзік,
Тиеді маған да ауыр
Қыз бен гүлдің жанына батқан қайғы.
*** Тал бойыңнан тамшыдай мін көрмеймін, Әдемі бір әлемге кіргендеймін.
Алаулаған гүл-бақша арасында
Өзіңді іздеп,
Адасып жүргендеймін.
Қайда ғана кетесің енді менен,
Жазылмаған мен үшін сен өлең.
Ерініңді сеземін дірілдеген,
Жанарыңды сүйемін мөлдіреген.
Осылайша от қойдың, жаным, маған,
Қалды күндер алаңсыз дамылдаған.
Найзағайдай үстіне жасын түсіп,
Қара орманмын енді мен жалындаған.
*** Дерт кемірді денеңді қызулы бір, Сол дертіңді жаза алмай бұзылды жыр. Сүйіп еді бір жігіт ерініңнен Алаулатты алқызыл жүзіңді нұр.
Жасыл көктем көзіңді күлімдетті,
Он сегіздің ыстығы дірілдетті.
Бәрінен де бір безгек қалшылдаған
Іздеп жүріп өзіңе бұрын жетті.
Ал соныңды жігіттер бағалады,
Қыздар жағы қызғанып, табалады.
Жана бердің лапылдап жастығыңда
Тек сұлулар осылай жана алады.
Талайларды жүрдің сен тамсандырып,
Маған қара дегендей болсаң жігіт.
Жанарыңмен атқанды жалт еткізіп,
Матадың сен шашыңды арқан қылып.
Күз алмалы секілді үзіліп ең,
Мен де сені ұнатып бұзылып ем.
Бір рет те бұрылып қарамадың
Желігімен жастықтың,
Қызуымен.
Өткен күнге әрине өкіну көп,
Сезінуші ең өзіңді тотымын деп.
Енді білдім,
Жүріпсің әуре болып,
Махаббаттың жанбайтын отын үрлеп.
*** Алдама мені, Жұбатпа, Нәзіктікпенен жаулама. Барайық дейсің бұлаққа, Шығайық дейсің тауға да.
Мазала,
Мейлі мазала,
Өртеме бірақ,
Жандырма.
Жұтайық дейсің таза ауа,
Кетейік дейсің шалғынға.
Өмірді біраз көргем мен,
Тәттісің,
Сен де балдайсың.
Еркімнен мені бөлгенмен,
Өлеңнен бөле алмайсың.
Тұтқындау деген осы ма,
Сенімен енді біргемін...
Бермеші деуші ем басыма
Үйленгендердің күндерін.
Бұлдама, қалқам, көркіңді,
Төзім жаным ондайға.
Бәрін ал,
Бірақ еркімді
Өзіме берсең болмай ма?!
Мазала,
Мейлі жазала,
Нәзік ең өзің таң нұрлы...
Жұтыппын бекер таза ауа,
Кешіппін бекер шалғынды.
Сөзің ыстық,
Көзің – нұр күлімдеген,
Құлың мүшең әлі де бүлінбеген.
Меніменен кездескен кездеріңде
Кездесесің
Сен де бір ғұмырменен.
Жасырмайды еш сырын уақыт менен,
Белесінен уақыттың асып келем.
Сеніменен кездескен кездерімде
Кездесемін мен үлкен бақытпенен.
Қиял мен шындық
Жырға қоспай бола ма
Тым әдемі қыздарды?
Жыр арнап ем бір қызға,
Мені жарым қызғанды.
Қызғанды да,
Жырымды жыртып-жыртып тастады,
Енді қорғап қайтемін
Өлеңімнен басқаны?!
Осындай да бола ма
Түсінбестік,
Білместік?
Мен жарымды жырыма алғаным ба, күндес қып
Әлгі әдемі ару қыз туып еді қиялдан,
Кетті сөйтіп, ақыры,
Қиялға да сыя алмай.
Тарлығына әлемнің таңданамын мен, тегі,
Жазылмаған өлеңдер өзегімді өртеді.
Қиял екеш қиялды табылды жұрт қаралар.
Қайран шындық,
Мұндайда күнің сенің не болар?!
Мен сені даладан іздедім,
Самал боп есіп тұр ма деп.
Сенделіп қаладан іздедім,
Жоқ әлде кешіктім бе деп.
Мен сені таулардан іздедім,
Бұлт болып қалқып жүр ме деп.
Сенделіп баулардан іздедім,
Күдерін үзіпжүр ме деп.
Сағынған кездерден іздедім,
Төзімге күз кеп жүр ме деп.
Қап-қара көздерден іздедім,
Мені де іздеп жүр ме деп.
Сені менен басқаның қызғанбасын
Кім біледі,
Қызғанар қыз болғасын.
Нәзік жансың,
Еркесің,
Қылықтысың,
Бұл жасыңда
Аумаған күзгі алмасың.
Сен өртейсің,
Қанымды от қыласың,
Мұңды етесің,
Біресе шат қыласың.
Қылығыңмен қытықтап аласың да,
Шыңырауына сезімнің лақтырасың.
Мен де бір кез тәккапар,
Биік едім,
Биіктікті жанымдай сүйіп едім.
Сендегі бар қылық пен әсемдіктің
Алдында енді еңкейіп,
Иілемін.
Иілемін,
Сүйемін,
Көңіл елі
Сенсіз құла түз болып көрінеді.
Мойындайды сүйгенін
Сүйген адам,
Жеңілдім мен,
Сүйгендер жеңіледі.
Поезд бен вокзал
Көңілдің нәзік жіптері
Үзілген жоқ па,
Аман ба?
Бір ауыр міндет жүктеді
Маған да,
Жаным, саған да.
Қоштасар шақта
Адамдар
Мұңаяр, тіпті, балаша.
Шығарып салу жаман да,
Қарсы алу қандай тамаша!
Екеуміз айтқан өлеңдей
Ертеңге қарай ұшты үміт,
Қош енді, достар, дегендей,
Қалады поезд ысқырып.
Біздің де осы мұңымыз –
Қоштасар шаққа аз қалды.
Поезді қиамй біріміз,
Біріміз қимай вокзалды.
Өзіңе сен де бекем бол,
Мен қатал жанмын барымшы.
Бір тамшы тамып кетердей,
Кірпігің енді қағылса.
Тілеймін бақыт, күн-айым,
Көңілде ешбір жоқ ызғар.
Аман бол сен де ылайым,
Сапарға шыққан поездар.
Сағыныш сазын, бұлбұлым,
Шертеді,
Жылжып баяу күн...
Поезд бен вокзал
Бір-бірін
Аңсаумен жүрер, аяулым.
Қыз сыры
Кім түсінер қыз баланың арманын,
Өртенгенін,
Лаулағанын,
Жанғанын.
Мен өзімді тек өзіңе арнадым,
Көп жігіттен тек өзіңді таңдадым.
Көріндім бе мен өзіңе үміт боп?
Дала гүлін ұсынушы ең күліп кеп.
Сені момын деп кеміткім келмейтін,
Ойлаушы едім
Қыз мінезді жігіт деп.
Мен де сені,
Сен де мені ұнатып...
Сүйген едім,
Ықыласымды құлатып.
Көктем жырлап түкпірінде көңілдің,
Келе жатты жас махаббат гүл атып.
Жамылдық біз дала аспанын жақұт деп,
Санаспадық босқа кеткен уақытпен.
Бақыттымын деп сезінген өзіңнен
Мен, тегінде,
Әлдеқайда бақытты ем...
*** Көңіл бояу. Ақырын көз ілемін.
Елесіңмен тағы да кезігемін.
Осының бір мәні бар екені рас,
Өзімді сәл басқаша сезінемін.
Осы шығар менің де бақ-таланым,
Неменеммен маңғазданып,
Мақтанамын?!
Сен бейқамсың,
Аяулым, түк сезбейсің,
Менің ғашық халімнен
Жоқ хабарың.
Жаның таза,
Бейкүнә адамбысың,
Алаңы жоқ,
Тым сәби болармысың?
Сол бір бейқам күйіңмен
Бірақ мені
Мазақ етіп жүргеннен аманбысың?
Сен - әйелсің
Сүйем сені,
Аяулым, алдамаймын,
Өзісің сен
Көктегі толған айдың.
Еркек деген басымды бағаласаң,
Әйел деген атыңды қорламаймын.
Сүйем сені,
Қалайша сүйе алмаймын,
Жаман атқа өзіңді қия алмаймын,
Биік тұрған басымды төмен иіп,
Сені биік ұстауға ұялмаймын.
Сен де соған лайық бола аласың,
Әйел деген қадірлі қал басың.
Ыстық, суық күндерді бірге кешіп,
Тоға аласың,
Адамша жаңа аласың.
Бақытыма балаша қуанасың,
Бөлісуді қайғыны, -
Құп аласың.
Өтпекшімін аялап өмір бойы,
Азаматты асқарға шығарасың.
Сен жайлы әркім
Әртүрлі бағамдайды,
Мейл ашпа жаңалық ғалам жайлы –
Сенің махаббатыңсыз,
О, аяулым,
Данышпан да данышпан бола алмайды.
Сүйем сені,
Көтерем төбеме тік,
Қайда барам мен сенсіз,
Сенен өтіп?
Сен – Лаура да,
Мен – ақын Петрарка,
Сені жазам
Поэма,
Өлең етіп.
Жарығынан пайда жоқ маған айдың,
Айды сенен сұлу деп қарамаймын.
Барлық сәтте бірге бол меніменен,
Қиындықты жеңе алсаң,
Бағалаймын.
Ондай сітте сыр ашпа жанға жылап,
Өтті,
Кетті,
Мысалы алдады бақ.
Жалғыз қалған сәтімде,
Ең болмаса,
Ойымда бол,
Жүрекке – ол да қуат.
Жібек дедік,
Біз сені Баян дедік,
Ақ марал да,
Өзіңсің аяулы елік.
Сүйем сені.
Мөлдіреп көз алдымда,
Тұрғандығың үшін де
Әйел болып.
*** Қалай сені әйел деп кемсінемін, Құшағыма, қымбаттым, енші менің. Балаларың сүйеді анамыз деп, Анасы деп солардың Мен сүйемін.
Бар жақсыны тілейміз өзіңе біл,
Сен болмасаң,
Үйден де безінеміз.
Сырқаттанып қалсаң-ақ,
Үрпиісіп,
Жер бетінің жетімі сезінеміз.
Бүтін етіп кетік пен кемімізге,
Сүйеніш қып жаратқан сені бізге.
Сенсіз,
Сен жоқ сәттерде қараң қалып,
Өз үйіміз үй емес өзімізге.
Әйел деген затың да,
Атың да әсем,
Қонған күннен бақ болып басыма сен –
Тіршілігі маздаған дүниеде
Үйіміздің ошағы,
Оты да сен.
Шарықтатып қуаныш әнімізді,
Сен жайнаттың жйдарман сәнімізді.
Үлкенміз бір үйдің,
Кішісіміз –
Тәрбиелеп келесің бәрімізді.
*** Сен – анасың, Анаша қуанасың, Қанағат пен бақытқа жұбнасың. Алабүлік еркекті адам етіп, Ақылдыдан данышпан шығарасың.
Солай болған,
Сен солай бола аласың,
Күн нұрынан өйткені нәр аласың.
Ана деген ардақт атыңменен
Әйел деген әдемі қара басың.
Өзіңменен шуақты,
Саялы өңір,
Өзіңменен өркенін жаяды өмір...
Мен әлемнің көремін болашағын
Көрген кезде
Әйелді аяғы ауыр.
Ғажайып бір бақыт бар жанарында,
Айдың аппақ нұры бар жамалыңда.
Әйелдің де әйелі осы дейсің,
Осы дейсің анасы ананың да.
Осы сәтте ғұмырлы ол ғұмырлыдан,
Оны қалай басқаша ұғындырам –
Бұрынғыдан екі есе ақылды ол,
Сұлу және екі есе бұрынғыдан.
Жаңаша бір мен соны етемін жыр,
Шалқимын да,
Шабытпен кетемін бір.
Өйткені ол әлемнің болашағын –
Өзі секілді адамды көтеріп жүр.
*** Әрі ана, Әрі әйел, Әрі жолдас, Көңілі кең, жайдары, Жаны жап-жас... Мейлі тасып жатса да бар байлығың, Бұл өмірдің Оларсыз мәні болмас.
Әйел – байлық,
Табғат дара туған,
Күннің нұрын қабылдап жаратылған.
Әйелге ұқсап
Шалғын да шайқалады
Тамырын ағын су оратылған.
Әйел сынды нәп-нәзік желді білем,
Әйел сынды дала да кеңдігімен.
Жаз шілдеде шөліңді қандырады –
Әйел иісі шығады жусаныңнан.
Көктемде себілген дәні керім,
Күз келгенде сары ала қалың егін
Әйел сынды толысқан болмысымен
Шаттығымды шалқытар әлі менің.
Ғұмыр құстар құйқылжытып жан-жағымнан,
Жұпар естіп мамырдың бау-бағынан,
Көктемде аспанға көзім түссе –
Әйел қараптұрады ар жағынан.
Бәрі әйелге ұқсайды,
Ал қарашы:
Қуанышы ұқсайды,
Жан жарасы.
Ақ қайыңдар
Толғатып анаға ұқсап,
Әйелге ұқсап гүлдейді
Алма ағашы!
*** Әйелдер бар өмірде Ақылды Әрі қылықты. Тірілтетін, тегінде, Өліп жатқан жігітті.
Әйелдер бар әдемі –
Толықсыған толған ай.
Қылығы мен әдебі
Ынтық еткен,
Арман-ай!
Бірі еркін ән-жырдай,
Бірі – сұлу керемет.
Бірі жылы жаңбырдай
Өте шығар себелеп.
Бірі мөлдір аспандай,
Бірі тұнық бқлақтай.
Бірі керім жас талдай,
Бірі нұрлы шуақтай.
Әйелдер бар сан қилы:
Бірі сені арбайды.
Бірі сені аңдиды,
Бірі сені қорғайды.
Сезім қандай жалаңаш,
Сезім емес кекесін.
Бірі – алау,
Сен – ағаш,
Жанасың да кетесің.
Ескегіңді кең жайып:
Өтсең – жүзіп өтесің:
Бірі – мұхит,
Сен – қайық,
Толқынына кетесің.
Бірі балғын құрақтай,
Өзі басын иеді.
Көбі сені ұнатпай,
Бірі ғана сүйеді.
Шынарым менің, шырайлым менің
Шыңғыс Айтматов шығармаларын оқығандағы әсермен
Шынарым менің, шырайлым менің,
Айтқаныма былай бір жөнін,
Көнбей-ақ қойдың қызыл бидайым,
Көндірем деп ем, жылаймын дедің.
Тым ерке жансың жас баладайсың,
Сырымды ашып «масқаралайсың».
Не істесең-дағы өзің біл, мейлі,
Еркелігіңді тек тастамағайсың.
Шырайлым менің, шуағым менің,
Жауабын күткен сұрағым, демім.
«Оңаша қалып жападан жалғыз
Өзімнен өзім жыладым» -дедің.
«Ешқашан сенен қалмаймын» -дедің,
«Жападан жалғыз жандаймын» - дедің.
Амалсыз сенің көңіліңді аулап,
Ешқайда енді бармаймын дедім.
Бір қызық жансың, жас баладайсың,
Осының өзін бақ санағайсың.
Кім не десе де, о, десін, мейлі,
Мінезіңді осы тастамағайсың.
Шынарым менің, шырайлым менің,
Саған шаңды жуытпаспын
Әзіліміз біздердің жарасады.,
Көріп жүрміз талай бір тамашаны.
Қалжырадық,
Кетейік аулағырақ,
Жаным менің қалап тұр оңашаны.
Сен де маған сол сәтте көп қадалдың,
Шалт мінезден мен-дағы сақтанармын.
Барымды айтып,
Шешіліп оңашада
Бала құсап сырымды ақтарармын.
Сендей қызбен қызықты бөлісе алам,
Сен де ақырын жымиып,
Келіс оған.
Өзім елге кім болып көрінсем де,
Шаң жуытпай кетермін тегі саған.
Қажеті жоқ маған да мол қызықтың
Қараторы жүзіңді күн қақтаған,
Бидай өңді әсем деп
Шын мақтанам.
Өзің түгіл
Өзіңнің көлеңкеңді
Көп қыздарға бермеймін бұлғақтаған.
Сендей әсем жанды да көре алмадым,
Және тіпті ырзамын соған, жаным.
Қажеті жоқ маған да ол қызықтың –
Ең бірінші,
Соңғы да бол арманым.
Сен түкті де сезбейсің
Бөлек жансың,
Ерекше жаратылған,
Әркім ұстай алмайды қанатыңнан.
Соны сезем,
Жанында болған сәтте,
Жанып кете жаздаймын жан отыңнан.
Сендей жарқын,
Дәл сендей қылықты жан
Жоқ та шығар,
Қарарсың күліп бұған.
Сен түкті де сезбейсің,
Сезбей-ақ қой
Бүйрегімді мен саған бұрып тұрам.
Ішімде кетер сырым бұл
Қандай керім қыз еді
Тым қылықты,
Инабатты,
Імі де тыңғылықты.
Күдіктенем ұнатып қалдым ба деп,
Кімге айтуды білмеймін бұл күдікті.
Ардың ісі менің де көтергенім,
Сөзімді де келмейді бекер дегім.
Өзіне де ештеңе білдіре алмай
Бұл бір сырым ішімде кетер менің.
Ғашықтың сөзі – нағыз сөз.
Көріп пе едің,
Қандай қыз,
Қыз болғанда,
Жанып кете жаздаймын қызғанғанда.
Алғыс айтам
жанымды шын түсініп,
Осы қыздан күдерін үзген жанға.
Бұндай қызды өмірде бір іздерсің,
Іздемесең күдерді шын үзгенсің.
Теңесем де болады жоққа, мейлі,
Қыз емес-ау, бал қосқан қымыз дерсің.
Енді басқа іздеймін төте жолды,
Шуылдатып қайтемін бекер елді.
Басым ауып
Жол түске жаққа қарай
Не де болса сол қызбен кетем енді.
Бір-ақ сөз
Мазамды алған және мазақтаған,
Жалғыздықтан сонда ғана азат болам.
Жүрегіңнің ең алыс түкпірінен
Жанып шыққан жалғыз сөз қажет маған.
Көздеріңді көзіндей құралайдың,
Қалай ғана орынсыз кінәлаймын.
«Жаным» деген жалғыз бір сөзден басқа
Мен өзіңнен ештеңе сұрамаймын.
Сенің сол бір сөзіңсіз көңіл ала,
Біз сөзіңе сыйып тұр өмір, о да.
Ішімдегі жалынды шығаратын
Соны қисаң болғаны,
Соны ғана.
Ашық – жарқын әзілің жарасымды,
Жансың сірә тап-таза бала сынды.
«Асыл адам айнымас»,
Мінезің бар
Тек жоғалтып алмағын сол асылды.
Сөзім осы – жансың сен шын сүйкімді,
Жүрегіңде бір жұмбақ жыр сыңсиды.
Жақындағым келеді саған қарай
Немене деп түсінсем бұл сиқырды?
Әдемісің,
Көздерің тұр мөлдіреп,
Өзі өтініш айтады білген жүрек.
Ең болмаса керемет қылығыңмен
Түкпіріңде жанымның жүр желбіреп.
Міне, қызық, көріп пе ем осындайды,
Жүрегімнің аптығы басылмайды.
Бір сөз айтқым келеді,
Жаным шығып,
Жағым бірақ қарысып ашылмайды.
Болса сендей көп емес асыл адам,
Ондай жанға жаныммен қосыла алам.
Өз-өзінен мінезім кетті өзгеріп,
Немене боп қалды шын осы маған?!
*** Биіктесің, білемін, Биіктіктің өзінен. Жақсылардың жүрегін Жақынырақ сезінем.
Көктегіні көксейсің,
Арман-ойың тым алыс.
Көкке сәл –ақ жетпейсің,
Басыңда көп қуаныш.
Бақылағын, байқағын,
Бақыттысың, балдайсың.
Жалғыз ғана айтарым,
Мынаған сақ болғайсың:
Бәрі саған жақын-ақ,
Бақытыңның барында.
Әр ізіңді бақылап
Әзәзіл жүр жаныңда.
Аптап
Азияда,
Аптапта жан шошыған,
Орын теуіп құрлықтың ортасынан,
Жап-жалаңаш денесін күнге күйген
Жасыра алмай құм жатыр шалқасынан.
Күйіп-жанып,
Өртеніп,
Толқыған мың,
Аптабыңның ішінде жарты жанмын.
Төніп келіп кеудесін шағын құмның
Алаулатып сүйеді балқыған күн.
Аптабыңнан ындыны құрыды ма,
Көрсең егер жетеді ғұмырыңа.
Куә болар тірлік жоқ бұл жалғанда,
Құм мен күннің өлермен қылығына.
Құшағында мен сенің жоғалмадым,
Ішім удай ашиды соған, жаным.
Сол бір құмды өртеген сол күн құсап,
Бір тілдессем сенімен, жоқ арманым.
Натурщица қыз
Емес ол бір тағдыр да,
Нәрсе де емес ол оғаш:
Суретшінің алдында
Отыр ару жалаңаш.
Сұлулықтың сенесің
Құдіретіне имандай.
Қыздың әсем денесін
Ақша қардан құйғандай.
Көздің құртын өлтіріп,
Үзіледі аш белі
Сала алмаса келтіріп
Қозғамаған жақсы еді...
Тұр ақ бұлт көмкеріп,
Мойыны мен иығын.
Аударады төңкеріп,
Көздерінің қиығын.
Өнер ме екен көшірме,
Өнер болмай жоғалсын.
Қыздың нәзік етіндей
Бояу қайдан бола алсын.
Суретшіні кім деймін,
Сұлулықты ұрлаған.
Құдіретіңді білмеймін,
Сенің де мен, қыл қалам.
Тартылыс заңы
Неге құстар ұшады көл жағалай,
Неге жұлдыз түспейді жерге қарай?
Неге таулар мұхитқа сүңгімейді,
Неге бұлттар ұшпайды желге қарай?
Неге сулар ақпайды бетке ап тауды,
Неге ағаштар суларға батпақтайды?
Неге нулар жайып сап жапырағын
Көк аспанның үстіне қаптатпайды?
Неге бұлттар тауларға үймелейді,
Неге адамды болашақ сүйрелейді.
Неге сені көргенде абыржимын,
Неге мені ақылым билемейді.
Неге өмірде сүю бар,
Қызғаныш бар,
Неге жігіт өлердей қызға құштар.
Әйелге еркек,
Ал әйел еркек жаққа
Тартылады...
Осында бір мәніс бар.
Жану
Дерт кемірді денеңді қызулы бір,
Сол дертіңді жаза алмай бұзылды жыр.
Сүйіп еді бір жігіт ерініңнен,
Алаулатты алқызыл жүзіңді нұр.
Жасыл көктем көзіңді күлімдетті,
Он сегіздің ыстығы дірілдетті.
Бәрінен де бір безгек қалшылдаған
Іздеп жүріп өзіңе бұрын жетті.
Ал соныңды жігіттер бағалады,
Қыздар жағы қызғанып, табалады.
Жанып жүрсің лапылдап жастығыңда,
Тек сұлулар осылай жана алады.
Қаңтардағы бүршік
Екі-үш үйдің арасы алаң ашық,
Көрші қызға томпиған
Бала ғашық.
Он үш жасар тентегің терезеден
Телміреді дегендей далға шық.
Тұлымды қыз еркелеу,
Тым қылықты.
Көңіліне алады бір күдікті.
Тәтті күдік балмұздақ секілденген
Бастап жатыр кеудеде бір бүлікті.
Қар жауған тұс – ескі дөң жаңарар сәт,
Қырдың үсті қызады,
Балалар шат.
Осы кезде шығады олар да үйден
Таза ауаны,
Ақ қарды, Даланы аңсап.
Ақ әлемде бір дәурен басталарда,
Құлпырады өзінше тас та, жар да.
Топыр-топыр ойнайды қыз бен бала
Торғай-торғай із түсіп ақша қарға.
Екі-үш үйдің арасы алаң ашық,
Көрші қызға тұлымды,
Бала ғашық.
Жапалақтап қар жауса, ақ түтекпен
Екі көрші кетеді араласып.
Қыз қарайды аязға жүзін малып,
(Осы кезде бала да сүзілді анық).
Бір белгісіз жапырақ бүршік атып,
Келе жатыр қаңтарды бұзып-жарып...
Сен өзіңді қызғанасың
Қызға басын десің-ау кім имеген,
Сен бұлдайсың ерніңді сүйілмеген.
Сүйсем егер өзіңді сүйе аламын
Қарапайым осы бір күйімде мен.
Ішіп-жейсің кейде сен көзіңменен,
Сезінесің алыстау өзің менен.
Сағынсам мен өзіңді сағына алам,
Дәл осы бір мұңлылау кезімменен.
Шуақты да іздедім бір өзіңнен,
Жаңбырды мол қоңырқай күз едім мен.
Күнәңді да мен сенің кешіре алам
Дәл осы бір жұмбақтау мінезіммен.
Кім имеген дейсің-ау қызға басын,
Бұлданасың,
Кейде сен сызданасың,
Мен өзімді сен үшін аямаймын,
Өзіңді-өзің сен менен қызғанасың.
Жасаған жаратылыс келісімді
Сөзім жоқ,
Әдемісің,
Не айта аламын,
Тек іштен теңізге ұқсап шайқаламын.
Әсемдік жарысына түсер болсаң,
Келмейді тәңірді де қайталағың.
Сендегі періштедей көрік-мүсін,
Түсіме жиі-жиі келіп кірсін.
Даланың бозторғайы секілдісің –
Самғайсың,
Ән саласың,
Еріктісің.
Сүйесің әсемдіктің бәрі-бәрін,
Бәрінен соныңа мен табынамын.
Сыртыңнан сені қорғап
Көзден, тілден
Өзімнің тілеп алдым жаныма мұң.
Шын сезім,
Әлде мүмкін жынданғанмын,
Қызығын қара мына бұл жалғанның:
Қайсыбір келісімнің ғажабынан
Япыр-ау, қалай ғана құр қалғанмын?!
Мейлі біз өкінелік,
Өкінбелік.
Баяғы ғашық жандар секілденіп,
Көркіңді жаратылыс өзі құйған
Бір көрсем қалмаймын ба соқыр болып.
Сен келесің жүрегіме жақындап
Қызық-ақ қой адамның сезімдері,
Өзгердім мен,
Өзгерткен өзің мені.
Енді маған шегіну кеш болып тұр.
Сенен енді келмейді неге қашқым?
Мен өзім де білмеймін.
Неге маспын?
Жерге қарай жылжыған кометадай
Жүрегіме жақындап келе жатсың.
Қоңырқай бақ іші де мұңданып бір,
Тырс-тырс тамып, тамшылап күн жауып тұр.
Қорықпаймыз,
Дегенмен екеуміздің
Алдымызда үп-үлкен «қауіп» тұр...
Ұшамын бір арманға
Көрік пен келісімге жоқ таласым,
Сұлулық өзі айтады ақ, қарасын.
Қанша рет көрер болсақ
Сонша рет
Алдында әсемдіктің жоқ боласың...
Сеземін, көңілің ақ,
Таза жансың,
Келмейді ешкімді де мазалағың.
Сендегі сұлулыққа ғашық болып,
Тартқандар жасай берсін жан азабын.
Кім қандай сөз айтады құмар жанға,
Құмар жан бір самғамай тұра алған ба.
Көркіңді мен өзіңнің көремін деп,
Ұшамын алдымдағы бір арманға.
Неге ғашық болмаймын
Неге ғашық болмаймын бір адамға,
Үйренгем бе сүймеуге,
Құламауға,
Тудым ба шын ешкімді ұнатпауға,
Және де өзім ешкімге ұнамауға.
Бар қызықтың осымен біткені ме,
Әлде жетіп тоқтап па ем күткеніме.
Қалып бара жатырмын бейбақтардай
Түсінбеген қалпымда түкке міне.
Бұл өмірден көп қызық көрем деймін,
Әлденені күтемін,
Елеңдеймін.
Менде жүрек бар болса,
Бір аруға
Шындығында ғашық боп неге өлмеймін?...
Көйлек жыры
Мен үшін бақыт, арман сол –
Мақсатқа жеттім ойға алған.
Өлердей ғашық болған соң
Көйлегіңе мен айналғам.
Сезбейсің соны, жан еркем,
Әсемсің елге өнеге.
Киесің мені таңертең
Жалаңаш балғын денеңе.
Арманым да осы үлгерген,
Білмейді оны еш пенде.
Бақытымды осы бір көрген,
Киесің тойға,
Кештерге.
Өзіңсің әсем құс аппақ
Не істеймін енді, өлем бе?
Құлын мүшеңді құшақтап
Жүремін сенің денеңде.
Өзің жаққа көңілім алаңдайды
Ештеңе жоқ пәлендей арамызда
Ойымызда да тап-таза, санамыз да.
Кездескенде өтеміз бас изесіп,
Амандықты сұрасқан боламыз да.
Сен жап-жассың,
Менен сәл өтімдісің,
Кей қылығың мазамды кетірді шын.
Әлде солай мен өзім сезінем бе?
Маған сынай қарайтын секілдісің.
Не істей алам
Шын болса ойың мына,
Керек шығар түсіну жайыңды да,
Бір мәнісі болмаса,
Кездескенде
Жинап алмас едің ғой бойыңды да.
Сезінемін жайыңды
Пәк түсінем.
Қалай ғана жаныңа дақ түсірем.
Өлсең-дағы өзіңді сақта, аяулым,
Мен секілді жақындау, жат кісіден.
Сен өмірді сезесің жас та болсаң,
Және досты табасың, дос қаласың.
Менде бөтен ешқандай ой жоқ еді,
Көзіңді бір төңкеріп тастамасың.
Сезімталсың
Не деймін, сымбаттысың,
Сүйіктісің, мен үшін қымбаттысың.
Жалғыздықты қалайтын секілдісің,
Соныңменен кей кезде бір жақтысың.
Адам ғана адамның құдіретін
Түсінеді,
Таба алсаң бір ретін.
Сырды ақтару үшін де көкейдегі
Кісі керек жаныңа үңілетін.
Жап-жассың сен
Көктем мен көзің бақта,
Не айтамын аузымда сөзім жоқта.
Бір пәлеге ұрыным қала ма деп
Алаңдайды көңілім өзің жаққа.
Өзіңді алғаш көргеннен көңіл алаң,
Жолықтырды не тағдыр сені маған.
Сен сезбейсің,
Сыртыңнан әуреленіп,
Жанарыммен,
Жаныммен сені бағам.
Жүріп жатсың түк сезбей бала құсап,
Қызық дәурен,
Көңілің жоғары, шат.
Жүргеніңді білмейсің мына менің
Жүрегіме күн сайын жараны сап.
Жанарыңа жанарды тастағаным –
Бола ма деп қорқамын қос қара мұң.
Сүйем сені
Қайтемін соны айта алмай
Өкінішті күйдемін,
Кеш, қарағым.
Жайым басқа,
Бір бөлек жөнім менің,
Мүмкін, осы жерім бе жеңілгенім.
Әлде басқа біреуді күтеді ме,
Дірілдейді жұп-жұқа еріндерің.
Жаның жап-жас.
Ойыңда жоқ нала-мұң,
Осы тілек,
Осы ойға тоқталамын.
Тыныш жатқан бейкүнә жүрегіңе
Жара салу ойымда жоқ, қарағым.
Сенің бөлмең
Сенің бөлмең ертегі еді керемет,
Бұрын соған жиі-жиі келер ек.
Жайлап ашып,
Ептеп-ептеп ақырын
Кіріп барған жақсы еді ғой, не керек.
Сен де онда ашық жарқын қыз едің,
Енді оны жырға ғана тіземін.
Есіңде ме,
Түсіп тұрған көзіңе
Кекіліңді талай түзедім.
Бірнеше жыл ертерек-ті осыдан?
Жүрек әнін көңіліме тоқығам.
Дәп бір өзім жазғандай-ақ қызынып
Есениннен жырлар саған оқығам.
Соның бәрі кіл махаббат болатын,
Жаңбыр жауып түскен кезде қара түн,
Әлгі жырлар аққу болып алыстан
Бізге қарай қанаттарын қағатын.
Содан кейін зырлап ұшып жететін,
Жететін де нәзіктікпен өте тым,
Екеумізді көтеріп ап
Алысқа
Ғашықтардың еліне алып кететін.
Сен де сонда сүйкімді едің,
Тәтті едің,
Жүрегім де саған деген ақ менің.
Қалды сонда балалығым аңқаулау,
Қалды сонда енді оралмас сәттерім.
Аралатып жылы, ұядай бөлмені
Қазір онда қарсы алмайсың сен мені.
Егер оны есіңе де алмасаң –
Өткен күннің өкінішпен өлгені.
Ғашық болсаң түсінер ең
Күдіктеніп анадан,
Мынадан да,
Қайда барып құлаймын құлағанда.
Ақтарылып алдында бала құсап,
Еркелегім келеді бір адамға.
Жоғалып бір жанымның шапшағаны
Жүрегің де құс құсап ән салады.
Ақтарылып сырымды ашар едім
Бәрібір, әйел заты болса-дағы.
Өртенермін құмға ұқсап
Тамшы су жоқ маңайда шөл басуға
Жанып барам,
Қиналды жолдасым да.
Төніп тұрған күн емес төбедегі,
Барады ұқсап
Балқыған қорғасынға.
Тындыра алмай тірлікте бір істі деғ
Баз кешер сәт жеткендей тыныш міне.
Балқыған күн Төнеді жалынымен
Бұйрат-бұйрат бұйра жал құм үстінде.
Еркі өскен
Ерке едік екеуміз де,
Мынау шөлден аман-сау өтерміз бе?
Әлде бізді жұтып ап қомағай құм,
Болар ма екен мәңгілік мекен бізге?!
...Алаулы құм,
Еске алам өзіңді сәт,
Кеңге құлаш сермейтін
Кезім бұл шақ.
Саған төнген күнге ұқсап ғашық болып,
Өртенермін және де
Өзіңе ұқсап.
*** Жап-жассың сен, Әрі сондай сұлусың, Сұлуларға жақсы жүріп тұру сын. Жұрт та сені ішіп-жейді көзімен, Солар сені арбап жүр-ау, сөзімен.
Сүйкімдісің,
Қылықтысың керемет,
Соның бәрін айтып-айтпай не керек.
Біреулердің саған құрған тұзағы –
Мақтау сөзі;
Мақтау сені бұзады.
Періштесің,
Пәксің әлі күнәсіз,
Періштелер сенеді елге шүбәсіз.
Адалдығың,
Аңқаулығың – екеуі,
Байқамасаң, жер соқтырып кетеді.
Сырым осы,
Сымбатыңа бас идім,
Пәктігіңе жаным менің ашиды.
Білмейсің сен,
Артық болмас білгенің –
«Дұшпаныңның» өз бойыңда жүргенін.
* * *
Жаның неткен ғажайып мөлдір еді,
Сезді жүрек, еріксіз елжіреді.
Қатпарында жүректің жатқан сырды
Бір-біріне қадалған көз біледі.
Омыраудың үзілген түймелерін,
Еркіндікке балаймын.
Сый көремін.
Тәттіліктің не екенін сөзден гөрі,
Елжіретіп айтады сүйген ерін.
Сағыныш боп самғаған сәуірлерден,
Сәулетай қыз, көзіңнен жалын көргем.
Тәтті құмар жанымды жақын көріп,
Тіліңе де рақмет балын берген
Күйіп-жанбай аттау мұң үш қадам жер,
Ғашық жолы қызық та ,
Қысталаң жол.
Махаббаттың ғұмырын ұзартады
Қыпша белден қаусырып ұстаған қол.
Сезім неткен жүйріксің атқан оқтан,
Сезіндірген сұлуды сәт қаратқан.
Өмір сүру - өртену,
Үміттену,
Үмітсіз жан - өлген жан ақ тамақтан.
*** Сенемін бе, сенбеймін бе қиналам, Сендірмейді күлкімен де көз жас та. Сүйгенім бар десең егер иланам, Жоқ десең ғой, онда, әрине, сөз басқа...
Ойлымын ба, ойсызбын ба мен мейлі,
Алдай алмас күлкі түгіл көз жас та.
Сүйгенім жоқ дегеніңе сенбеймін,
Бар десең ғой, онда әрине сөз басқа...
Әдемі қыздар
Әдемі қыздар, гүл қыздар,
Мөлтілдеп аққан жұлдыздар.
Елітіп жүріп сендерге,
Жүрегімді алды мұңды ызғар.
Әдемі қыздар, гүл қыздар.
Бұлақ боп аққан бұрымдар,
Сендер де біраз ғұмыр бар.
Соғады дауыл сол кезде,
Шайқамай тұнық тұрыңдар,
Бұлақ аққан бұрымдар.
Әдемі қыздар – ақ таңдар,
Үмітімізді ақтаңдар,
Білектеріңді сатпаңдар,
Жүректеріңді сақтаңдар,
Әдемі қыздар – ақ таңдар.
Мұңлы болғам,
Әркімге елеңдегем,
Жылы сөздер болған жоқ мені емдеген.
Мына мені сен ғана түзетесің,
Бұзылсам да,
Абайла,
Сенен көрем!
Мен жас ағаш,
Майысса тал-бұтағым,
Ойлантамын,
Әркімді толқытамын.
Сүймеймін деп ешқашан айта алмайсың,
Өлем десем де әйтеуір қорқытамын.
Сен ешқашан мен барда қысылмайсың,
Самғап көрші сенбесең құсымдай шын.
Мен өзіңді қуамын бақыт болып,
Ал бақыттан қашсаң да құтылмайсың.
Қара түнде қап-қара шашыңды өріп,
Отырдың да төгілдің жасым болып...
Мен өмірде бар болсам сендіре алам,
Сен өлесің бақыттан басың зеңгіп.
Мұңым,
Назым,
Немесе қуанышым,
Бір жарқ етіп алдымнан шығары шын.
Өзің жатпен бір кетіп,
Мен қайғыдан,
Қара жүрек боп кетсем кінәлісің.
Кешкі мейман
Бұрыннан-ақ жүрегін түсіндім мен,
Сол кезден-ақ бұрылған ішім бірден.
Уақыт, шіркін, күрмеуді бір келтірмей
Қайдағы бір уайымға түсіп жүргем.
Тастадым да бір күні «шалабыңды»,
Іздеп шықтым сол әлгі жамалымды.
Кездестірді алдымнан кешке жақын,
Құдай оңдап осынау талабымды.
Жерге басты идім де сәлем бердім,
Жігіт қызға иілсе пәлен дер кім.
Ай-күн емес, құдай-ау, тіл жетпейді
Ғаламдағы ғаламат әлем дермін.
Құрт-құмырсқа тірілген көктем еді,
Ол да маған пәлендей кет демеді.
Көмейінен жыр төгіп тұрған кезде
Қалай ғана шайырды жек көреді.
Өзімше оның тілін де тауып көрдім,
Өлең оқып бірінші шабыт бердім.
Содан кейін әдемі аруымды
Пәтеріме мейман қып алып келдім...
* * *
Сүйме мені, қарсылығым жоқ тіпті,
Келмейді әсте ешнәрсені кек тұтқым.
Мына менен үміттенбей кеттің сен,
Мен өзіңнен жақсылықты көп күттім.
Мейлі күтпе ақындықты сен менен,
Ақындарды түсінбейтін пенде емен.
Сен ұйымай кеттің менің жырыма,
Ал мен сенің айтқаныңа көнген ем.
Ерлікті де күтпе менен сен мейлі,
Өзіңізді енді ренжіткім келмейді.
Сен солдырып кеттің раушан гүлімді,
Ал мендегі сенің гүлің сембейді.
Бәрі солай бола-ақ қойсын түсінем,
Іздемеймін жұлдыздардың ішінен.
Бірақ анау тас түнектей кеудеңе,
Тегі байқа жасын отын түсірем...
* * *
Жыр боп ұшып мен жүрем тебіреніп,
Сен жүресің еркелеп, еміреніп.
Өзің жоқта қалсам да мұңлы болып,
Тым бақытты сезінем сені көріп.
Сен де маған асығып кезігесің,
Мені өзіңе жақын жан сезінесің.
Отырасың жанымда, оңашада
Иығыма сүйеніп көз ілесің.
Ауық-ауық жылы дем аласың ғой,
Бозторғайын тыңдайды дала тынбай.
Періште жан, сен менен айырылмайсың,
Кейін мәңгі көз жазып қалатындай.
Жаз өтерін,
Білемін күз өтерін,
Уақыттың да желдей- ақ тез өтерін.
Кірпігіңнен мөлдір шық тамбасын деп,
Қабағыңды мен сенің күзетемін.
Жұмбақ ойым бар менің,
Жасырамын,
Жайлап алса жанымды жасыл ағын,
Жасырасың сен кейбір сырларыңды,
Ал мен соны ашуға асығамын.
Маған сенің қадірлі осы басың,
Секемшілсің,
Кейде сен шошынасың.
Кейде өзіңді-өзің бір ғайып қылып,
Еркелеп кеп тіземе отырасың.
Ғашық аты кеткен ғой болып аңыз,
Түстік және солардың жолына біз.
Бұлдыраймыз сағым боп күндіз біздер,
Қою түнде самал боп жолығамыз.
Жеткізбейді,
Алдайды, сағым маған,
Ағын болам, шарпимын,
Жалын болам.
Біз екеуміз әлі үнсіз аңдысамыз,
Асу бардай тағы бір алынбаған...
* * *
Жан едің бір ерекше жаратылған,
Сипатпаған ешкімге қанатыңнан.
Көктем келіп... не дейін сеніменен
Шулы қала сыртында қала тұрғам.
Сенің арман үмітің әлде менмін.
Мен де сені бір нәзік ән көрермін.
Сүрінген боп шалғынға құлап түстім,
Осы араға келдім де сәл бөгелгім.
Әлсіз туған ерік те бойымдағы,
Сенің мінсіз мүшеңді мойындады.
Байқаусызда оятты балғын денең
Мөлдір-мөлдір сезімді бойымдағы.
Мен бұл әнді жер, көктен сұрағам-ды,
Ән болғанда жаным бір құмар ән-ді.
Көзіңе сен жас алдың рақаттан...
Осындайда жөн көрдім жылағанды.
Сәл салқындау сезініп алау денең,
Алай-дүлей іштегі жан әуремен.
Қайттық біздер сен сонша сезіктендің
Күдіктеніп әркімге қарауменен.
«Олай-бұлай аумалы-төгілмелі
Қызық екен осынау өмір дедің»
Айлар өтті,
Жыл өтті,
Аяулы қыз,
Ол қаладан қайтып сен көрінбедің...
Сұлулардың сырлары
(Суретшілер мен мүсіншілерге арнаймын.)
Жасырса да сұлулар көп қылығын,
Сездік сезім-ыстығын, оттылығын.
Белі,
Төсі,
Мойыны,
Білектері,
Сұлулығы бізге де төкті нұрын.
Жан білмейтін көп дейді сырлары да,
Қайғысы да,
Көз жасы,
Мұңдары да.
Қуанышы,
Шаттығы,
Жан рақаты,
Сәуле берген менің де жырларыма.
Өлең, өлең киелі құсым менің,
Оның да көп сырларын түсінбедім.
Дегенменен біраз сөз таба алармын
Суреттейтін солардың мүсіндерін.
Естіп едім нелер бір сүйікті әнін,
Ұйығанын,
Ерді де ұйытқанын.
Мұңайғанын көріп ем күлгенін де
Жалаңаштап тастап бір иықтарын.
Көрген едім бақытын,
Сенімдерін,
Махаббатын,
Шаттығын,
Сезімдерін,
Құмарлығын,
Ынтыза көңілдерін,
Кірпіктерін,
Көздерін,
Еріндерін.
Тек қарайды өзіңе шыншыл көзі,
«Сүйе алатын тым асқақ кімсің мені»
Деген жандай сынайды бет қаратпай
Содан кейін қалады құр сүлдерің.
Еркелетсең балаша қуанады,
Мұндандырсаң мезгілсіз суалады.
Сұлулардың сырына бір қана алмай
Талай өлең өртеніп туады әлі.
Тым биіктеп кетті ғой өнер бүгін,
Бере алмаса жемісін өлер жырың.
Жазбағаным бар әлі,
Жаза алмадым...
Өлтірді ғой жетпей-ақ шеберлігім...
* * *
Сәби сезім секілді бір алғашқы ,
Менің жырым саған қарай ұмтылды.
Сен бардағы жазған жырым жап-жақсы,
Сен жоқтағы жазған жырым бір түрлі.
Қайтем маған сенсіз өмір керек пе,
Жанымды өзің түсіне біл, біле біл.
Сен жоқтағы өмір маған бөлек те,
Сен бардағы өмір маған ― бір өмір.
* * *
Сен мендегі жүрегіңді сағындың,
Мен сендегі жүрегімді сағындым.
Санап жүрген есебімнен жаңылдым,
Кездесуге қалды екен қанша күн.
Сенің ол да маған деген сенімің,
Сенің ол да сынағаның жар күшін.
Жүрегіңнің тастап кетіп бөлігін,
Жүрегімнің ап кетіпсің жартысын.
* * *
Менен асқан бақытты жан жалғанда
Жер бетінен сүрлеу соқпақ салған ба?
Мен басымды бара жатам тік ұстап,
Сендей ару қолтығымнан алғанда.
Артық айтып қойсам егер шамданба,
Көп сұлулар соған жетпей ― арманда.
Сен де өзіңді қоярға жер таппайсың,
Ақын жігіт қолтығыңнан алғында.
Әдемі
Қыздарды мен білемін,
Нәзігін де, гүлін де.
Олар жайлы жүрегім
Сөйлер өлең тілінде.
Қасиетті өлеңмен,
Жырламас ем сезінбей.
Нәзік олар, дегенмен
Нәзік емес өзіңдей.
Шуағы мол көңілге,
Күлкің сенің өтімді.
Сен мұңдансаң өмір де
Мұңданатын секілді.
Жүре алмаймын иілмей,
Көңілде көп із қалды.
Сүйемін мен сүюдей
Өзіңе ұқсас қыздарды.
Шынын айтсам тағы да,
Оларды біз аз ұқтық.
Сезем қыздың жанына
Жарасады нәзіктік.
Шабыт болып төгілмей
Дүниенің асылы.
Қайда жүрсің көрінбей
Өлеңімнің ғашығы.
* * *
Он сегізге толатын бір шағыңды,
О, ерке қыз,
Талай жігіт сағынды.
Саған біткен мінез бенен көрікті,
Қызықтасам дейтіндер де табылды.
Олар сенен қалмай қойды бір елі,
Олар сенің ізіңді аңдып жүреді.
Біледі олар сенің артық жағыңды,
Сенің әлсіз жағыңды да біледі.
Бір белгісіз сиқыр күштің бойыңда,
Булыға өсіп жүргендігі жайында.
Көп пенделер сөз қылады,
Ерке қыз,
Сенің әлі ештеңе жоқ ойыңда.
Жұрттың бәрі шырқап айта бастаған,
Өмір деген ― керемет ән,
Асқақ ән.
Сол бір әнді қосыла айтсақ екен деп,
Көзін сүзіп жүрген жұрт та көп саған.
Екеу олар:
Бірін оның бірінен,
Айыру да қиын түсі -түрінен.
Біреулері сені мазақ етеді,
Біреулері ғашық саған шынымен.
Орыстың қызы сүйкімді
Бала едім онда әлі мен,
Таныстым қала халқымен.
Орыстың таза жанымен,
Дәстүрімен салтымен.
Жақындау барып тартынбай,
Аймалап жылы жүзінен.
Ұнатып шашын алтындай
Таныстым ерке қызымен.
Дәл ондай қызды көрмедім,
Бәрінен елдің сүйкімді.
Түсіме кіріп ол менің
Бөлетін болды ұйқымды.
Құлазып көңіл даласы,
Кетті ол бала жанымен.
Воронеж жаққа ағасы
Ауысып жұмыс бабымен.
Көшеміздің де көркі еді,
Алтындай алып тұлымы.
Мінезі ашық ерке еді,
әдемі еді қылығы.
Ол болса көркін бұлдамас,
Балалық бал күн жоқ енді.
Ол енді қазір тыңдамас
Мен арнап жазған өлеңді.
Тұратын күліп жолымда,
Ойласам бөлген ұйқымды.
Ал маған ыстық оның да
Балалық шағы сүйкімді.
Ғашық
Иығы менен төсіне
Қоп-қою шашы төгіліп.
Әлдекімді алып есіне,
Мұңданар жаны егіліп.
Таусылып тағат, амалы,
Бұласын жасын көз мейлі.
Ынтығып жүрген адамы –
Қайғысын қыздың сезбейді.
Елес боп, түс боп кіреді,
Алдайды атпай ғажап таң.
Ғашықтың әлсіз жүрегі
Талады тәтті азаптан.
Ғажапқа осынау не дейді,
Рақат пен мұңға көнеді.
Сүйгендер өлдім демейді,
Тек қана үнсіз өледі.
* * *
Айналайын!
Ерке едің сен не деген,
Сұлулықты сүюден өлмеген ем.
Сенің нәзік жаның мен жүрегіңді
Қиялымда кеудеме жерлеген ем.
Кірпігің мен ерінің дірілдеген,
Қабағың мен жанарың дірілдеген,
Балалықтың аулынан аулақтатып
Бара жатыр,
Бабында құлын денең.
Сен өртейсің отыңмн,
Алауыңмен,
Алауында ағын боп брамын мен.
Өзгенің де шоқ салып өзегіне
Өртенесің өзің де қалауыңмен.
Өкінбеймін.
Жанымды өрте менің,
Жаным менің жазира.
Өлке керім.
Аялайын қаласаң аялауды,
Аймалайын келсе егер еркелегің.
Құлын мүше сендегі,
Көрік,
Мүсін
Өртей-өртей мені де ерітті шын.
Мейлің ұқпа,
Мейлің ұқ, еске алармын,
Сүйме мейлі,
Сүй мейлі, еріктісің.
* * *
Ерке дейді,
Ел сені сұлу дейді,
Айдан жарық дидарың күлімдейді.
Сүйілуге ернің бейімделіп,
Бір жігітті күтеді,
Дірілдейді.
Сеземін мен ғашық сен біреуге,
Жаның таза,
Тұп-тұнық мөлдіреуде.
Бірде тулап,
Ал бірде соғады жай
Жаратылған жүрегің елжіреуге.
Сендей қыздар әркімге жолықпайды
Сендей қыздар қиялда қалықтайды.
Сендей қыздар жеткізбей,
Жүректерге –
Қадалады бақ емес,
Болып қайғы.
Мың рахмет!
Жамалың,
Жаз нұрыңа,
Қосқаны үшін әуені мен саз жырыма.
Әсемдікті аңсатқан,
Құрметтеткен
Сендей қыздың ырзамын аздығына.
* * *
Сүйікті болу қиын.
Сүю қиын,
Махаббатқа жүрмейді диюлығың.
Ықыласқа сендегі құлайын мен,
Әділдікке мендегі сыйын, гүлім.
Сапытмаса шайқалтып көңіл көлін,
Өлтіреді ғашықтар өмірлерін,
Құмырсқа бер құшаққа сыймаса да,
Тимесе де ып-ыстық ерінге ерін.
Шын ұғысу –
Сүйісу ол да, жаным,
Сүйе алмайтын жандарға таңданамын.
Өліп-өшіп сүйе алсаң –
Қорғағаның,
Өліп-өшіп сүймесең –
Алдағаның.
* * *
Түсінеміз екеуміз жай қарасып,
Көргеміз жоқ ешқашан аймаласып.
Маған қарай ұмтылған жылы ернің
Білдіреді соғысын жүрегіңнің.
Көзіңе де түседі көзім менің,
Құштарлық бар сонда бір сезінгенім.
Кірпіктерің қиылып қадалады.
Кірпіктерің жанымды жаралады.
Сол жарадан бір түрлі рақат табам,
Сол жарадан болса да шатақ маған.
Аямашы,
Әркімге баламашы,
Кірпігіңмен тағы бір жаралашы.
Сұлу қыздар
(әзіл)
Қыздар, қыздар армансыңдар,
Жақынырақ келмейсіңдер
Қандай қызық жандарсыңдар
Сөздеріңді бермейсңдер.
Өздеріңе жүрегіміз,
Үмітсіңдер, ғұмырсыңдар
Бірің емес, білеміз біз
Бәрің-дағы сұлусыңдар.
Жақын келіп жанымызға
Қашан жылы қарайсыңдар
Біздердің де жанамыз бар
Түсінбейтін қалайсыңдар.
Ойлайсыңдар білеміз деп,
Уәедеден қайтасыңдар.
Қашан бізне сүйеміз деп
Өздерің сөз айтасыңдар.
* * *
Алау ерін сендегі асықтырып,
Қойды өзіне өлердей ғашық қылып.
Іштегімді тырысам жасыруға
Көлшігінде көңілім тасып тұрып.
Ақиқатын айтайын амалдамай,
Менен болса,
Жазамын жараң да оңай.
Егер сенсең,
Сен менің жүрегіме
Құлай алсаң,
Құла тек маған қарай.
Қарсыласып салмақсыз жеңіл үнмен.
Құлай беріп қалаған көңілменен.
Аңғармаған адамдай ештеңені
Сүйгізе сал өртенген ерініңнен.
* * *
Сау бол, досым,
Оқушым жолыққанша
Кездесерміз әлі сан шабыт болса,
Байсалды боп мен-дағы оралармын
Жылдар жастық шағымды алып қалса.
Сеземіз ғой алда сан басқыш барын,
Ұша берсін көгіне жас құстарың.
Ақылды боп келермін мен сендерге,
Егер қайта бастаса жастық шағым.
Риза да етермін талайыңды,
Шығарармын төбеден жоқ айыңды.
Қыздар жайлы жазармын қызу қанмен,
Қырау шалып қалмаса самайымды.
Біразыңды табармын,
Таба алмаспын,
Болар әлсіз жақтарым,
Болар жақсым.
Ойлы болып,
Есейіп оралармын,
Тек, әйтеуір, мұңсыз боп оралмаспын.
Ас пен тағам түрлері
Осы бір пікіріме келісіңіз,
Тіреліп тұрамаса да көп ісіміз,
Ауыздың дәмі кейде келе алмайды
Қышқылдау болмаса егер борышыңыз.
Ал енді мынаны кім түсінбейді,
Отынсыз ешкім тамақ пісірмейді.
Сорпаға тұз салмасаң сорпа емес
Тәттісіз шайыңыз да ішілмейді.
Дастархан жайылып бір сәніменен,
Дәстүрі.
Салтыменен,
Мәніменен.
Тамсантып, таңдайыңды үйіреді
Әр тағам өзіндік бір дәміменен.
Тер шықпай ауырғанда құрыстанып,
Түзеліп алу үшін дұрысталып.
Қуырып пиязы мен сарымсағын
Ішесіз көжеңізді бұрыш салып.
Білеміз небір қилы астың түрін,
Солармен шығарамыз бастың суын.
Кей-кезде кіл тәттіден безе қашып
Іздейсіз тағамның бір ашқылтымын.
Көңілде небір қызық болады сәт,
Өмірдің жаны дәмді,
Шарабы – шат.
Лимонад,
Газводаны сүйіп ішіп,
Кей-кезде кәмпит жейсіз бала құсап.
Ал кейде несіне оның аянасыз,
Несіне жағыңызға таянасыз.
Тәбетің тартып кейде сүт тағамын
Ұйқыдан айран аңсап оянасыз.
Соқпасын,
Соқсын зауқым асқа менің,
Соныңның бәрін былай тастар едім.
Ас емес құлқынымды құртып қойған
Айтайын дегенім де басқа менің.
Сәтсізің көп өмірде,
Сәтті ісің де,
Болды ол мұң түрінде,
Бақ пішінде.
Мәселе,
Мәселеңіз ас та емес
Өмірдің ащысы мен тәттісінде.
Қашанда кете алмайсың көңілді үзіп,
Бәрінен өт, тілегім, жеңіл жүзіп.
Айт-айтпа оларыңды сөз шығын қып
Ащысы,
Тәттісімен өмір қызық.
Жүрегім әділ менің,
Адал менің,
Болса да кемшілігім,
Жаман жерім.
Ағайын,
Артығырақ басқалардан
Ылғида тым биікте болам деуің.
Айтқаның дұрыс шығар керегіңде,
Өзіңнің ақылыңның көлемінде.
Ешкімді сендірмейді бұл заманда
Мен жалпы бақытсызбын дегенің де.
Ешкімнің де ештеңеге сенгісі жоқ,
Туған соң қалу керек шоң кісі боп.
Тіресіп,
Күреседі тіршілікте
Бәрі елдің бақыттырақ болғысы кеп.
Бұл өмір асу-асу, үзік белес,
Бір беткей бұзық та емес,
Түзік те емес,
Күрессіз,
Асуларсыз,
Асуансыз,
Жеңіссіз,
Жеңіліссіз қызық та емес.
Жеңіл ой керек емес, жеңіл егес,
Биікте шақырады мені белес.
Кейде шын қиындықсыз,
Ауырлықсыз
Өмірің мағыналы өмір емес.
Туған соң адамзаттың баласы боп,
Адамның құласы көп,
Аласы көп.
Басқа үшін басын байлап өз еркімен
Ешкімнің қайғы жұтар шамасы жоқ.
Демеймін бұл өмірден артық алам,
Адамның құдірет барда арқыраған.
Ешкімге залалымды тигізбестен
Мен-дағы керегімді тартып алам.
Арғымақтар
Олжас Сүлейменовке
Бәйге жиі болады ен далада,
Ат жарыссыз ен дала кең бола ма?
Демалыста көңілін көтереді
Ат спортын қызықтап ел қалада.
Дүбірлеткен жондардың барабанын,
Қандай рақат!
Аттарға қарағаның.
Ақ дауылды тұрғызып,
Қыр үстінде
Қуырады тұяқтар дала жанын.
Ыстық қан мен кеудеде жаны бар да.
Несібеден арғымақ қағылар ма.
Шабады ол көтеріп
Қырдың шаңын
Және соны қаптырып жабыларға.
Байлаулы аттың жанары жайнамайды,
Бұлшық еті бұлтылдап ойнамайды.
Ауыздығын қарш шайнап шаппаса егер
Ыстық қаны тұлпардың қайнамайды.
Қайда болсын алаулап жанады алаң,
Шабысынан шын жігер алады адам,
Бәйгетөбе немесе ипподром,
Арғымаққа бәрібір қала, далаң.
Тұяғынан тылып кесектер де,
Ат бақытын жарыспен есептеуге
Әдеттенген даланың дәстүрімен
Шапсын аттар самалға төсеп кеуде.
Ақынның бағасы қандай?
Осы жұрт не біледі ақын жайлы?
Ақынды әрине олар мақұлдайды.
Мен ақын жайлы бір сын айта қалсам,
Сөзіме жан адам да қосылмайды.
Әрине, ол да дұрыс ақын-ақын,
Жырымен жұртқа даңқын асыратын.
Қайсыбір кемшілігін көре тұра
Ақынға өзің-дағы қосыласың.
Жасыннан от уыстап, жасыл нұрдан,
Кетеді бір-ақ бір-ақ ырғып ғасыр-қырдан.
Ақынды мықтылығы азамат қып
Ақынды «кемшілігі» ақын қылған.
Сондықтан олар жайлы не айта аламын,
Онда да пенделік бар байқағаным.
Мен нағыз ақындарды көрген кезде
Келейді құдайд да қайталағым.
Иланшы, бір сөзіме сенші, гүлім,
Көзбенен көреміз де кемшілігін.
Ақынның қателігін былай қойып,
Білеміз құдайдың да кемшілігін.
Сәті бар музаның да жайқалатын
Шағы бар шамырқанып шайқалатын
Музаның мұңыменен астастырып
Арманын дүниенің айтады ақын.
Шындығын көкірегінен ақтарғанда,
Соқтығып аптаптарға,
Ақпандарға
Алдыңда тұрған күйі жоқ боп кетіп,
Айналып жатады ақын жоқтан барға.
Неге ақын басқалардан дара туған,
Неге ол сөйлейді тек ар атынан.
Анадан туғандығы былай тұрып,
Ақынның өзі арманнан жаратылған.
Ақын ол – армандары көк пен айдың,
Сондықтан жұлдыздарға көп қараймын.
Ақынның кемшілігін кеше отырып,
Қайсыбір қылығын да мақтамаймын.
Музаны жаратылыс мүсіндейді,
Оған еш шаң-тозаңын түсірмейді.
Ол оның иесінің жұмбақ жанын
Бәрібір әлдекімдер түсінбейді.
Бола ма ақын жайлы топшылауға,
Болмайды артық сөзге көп шыдауға.
Жаны жат жандар түгіл шыным осы
Кейде оны түсінбейді жақсылар да.
Сүйсе де, шын сүйетн, мол құшатын,
Ақымақпен де жүздесіп қол қысатын.
Адамның ең алғыры сол болғнмен,
Пенденің ішіндегі сорлысы ақын.
Досыма
Тірі жүрсем бір ғұмыр кешемін мен,
Кетіссем де көп жаннан кеше жүрген.
Ешкімнен де көрмеймін соның бәрін
Көремін тек өзімнің кеселімнен.
Бір жақсысы өзімде өз жүрегім,
Еркін ұшам, соны елге сездіремін.
Жегізіп-ақ жүрсе сан таяқты
Жарасады өзіме сол мінезім.
Міне, сондай бар менің ішімде сең,
Соның бәрі өң екен түсім десем.
Жайым солай,
Жанымды кім түсінер,
Ең жақыным егер сен түсінбесең.
Қайрау
Қайтады күннің қызуы,
Түседі қоңыр күз жерге.
Тарқаса дәурен қызығы
Оңайлау тимес біздерге.
Ыстығы менен жылуын
Жоғалтар балғын күндерде.
Тауысар балын, шырынын
Тәттісін берген тілдер де.
Жаныңның үрле шоқтарын
Жасыма сонда ешқашан.
Көзіңнің сонау оттарын
Сөндіріп егер тастасаң.
Кешіре алмаймын емге де
Ең әлсіз жанға теңгерем.
Және де қайтып ешқандай
Жылылық күтпе сен менен.
Аңшылық
Мойынға мылтық асынып,
Тағынып белге белбеуді,
Жігіттер кілең асығып,
Аң аулай мұнда келген-ді.
Орманшы сенің ағаң да,
Әкең де сенің орманшы.
Бақыт па, әлде амал ма,
Дүние ме әлде алдамшы.
Кілең бір аңшы жігіттер,
Тап болды саған, аңға емес.
Күдіктер менен үміттер,
Ақиқат мүмкін, әлде елес.
Оларда тағат қалмады,
Боларын соның сезгем мен.
Кеудеңдегі екі алманы
Түсірлі атып көз мерген.
Қызыл көйлек киген қыз
Қызыл көйлек киген қыз, әдемі қыз,
Ең әдемі, ең нәзік жан өзіңіз.
Бақ ішінде өткенде жанымыздан
Бал-бұл жанып өтеді әр өңіңіз.
Осындайда болмаймыз неге батыл,
Бізге ылғи кешігіп келеді ақыл.
Іштен тынып жігіттер үнсіз қалды
Қызыл көйлек киген қыз келе жатыр.
Қызыл көйлек киген қыз, көрікті қыз,
Мінезі де жайдары сезіп тұрмыз.
Бұндай қыздың ешқайда жоқтығына
Сыртынан-ақ иланып сеніп тұрмыз.
Қыздың аты - Қаракөз
Иір-иір бұтағын қарағаштың
Сүйіп жатыр аймалап жалаңаш күн.
Астымдағы атыма мен де сеніп,
Орамалын құрбымның ала қаштым...
Қосылды ол да
Шүйілді қақ бүйірден
Намысты қыз қамшысын қатты үйірген.
Дала жазық.
Аумайды көз ұшында
Астындағы ақ боз ат ақ тиіннен.
Келеді ұшып,
Бұлдырап қуып мені,
Қалды артта Арқаның биік белі.
Тұлпарлардың дауылды дүбірінен
Үрке қашты даланың киіктері.
Ақ боз атқа қамшыны салды қыз да,
Ақ көбік боп аттар да алды қызба.
Соған қарай бұрамын тізгінімді
Жасыл құрақ.
Тас бұлақ алдымызда...
Маралдары даланың,
Бөкендері
Жолды қиып тағы да өтер ме еді.
Қыз жетсе деп тартамын аттың басын,
Жете алмаса жек көріп кетер мені.
Күндерім – төбемдегі жұлдыздарым
Күн сайын түнгі аспанға телміремін,
Өзімді есебіме сендіремін.
Қаншама шырағым бар жанып тұрған
Қаншама жұлдыздарым сөнді менің.
Жұлдызды қимасаң да сөнді деуге
Болады өткен түнді өлді деуге.
Күн сайын бір жұлдызым сөніп тұрса,
Қаншама жұлдыз қалды енді менде.
Ол – бақыт қызғанбайтын сенен мені,
Ұйқасқан жолдар сынды өлеңдегі,
Көретін қуанышпен әрбір күнің –
Жұлдызың жанып тұрған төбеңдегі.
Түн сайын түнгі аспанға телміремін,
Өзімді ертеңіме сендіремін.
Жұлдызым біраз менің сөнген екен
Қанша мың жұлдызым бар енді менің.
Ырзамын жұлдызы көп түндеріме,
Олардың қуанышпен күлгеніне.
Қолымды созамын мен төбемдегі
Жұлдыз боп жанып тұрған күндеріме.
Балқадишадан айрылу
Бал еді Ыбекеңнің Қадишасы,
Сондай қыз дүниеде табылсайшы.
Сексен қыз серуенге шықсадағы
Сол еді ортасында падишасы.
Еліне ақылымен болып сыйлы,
Табиғат келбетіне көрік құйды.
Сексен қыз – сексен жұлдыз,
Ортасында
Қадиша толған айдай толықсыды.
Бозбала мұрты жаңа тебіндеген,
Сері боп жұрт көзіне көрінбеген.
Сыртынан Қадишаға ғашық болып,
Бетпе-бет жүздесіп тұр өмірменен.
Бар шығар дүниеде сан Қадиша,
Бірақ та мынау бөлек ән Қадиша.
Ішіне қайдан кірсін жас перінің
Жасы үлкен, өзі сұлу Балқадиша.
Ауылды күнде бір той, жиын-халық,
Көзбенен көре аласың сыйын барып.
Сондай да сырттан бағып Қадишаны,
Бозбала өртенеді күйіп-жанып.
Осылай сорлы бала болды өлермен,
Аққудай Балқадиша көлге келген.
Сыртынан қызғанады ғашық пері
Сұлуды маңындағы пенделерден.
Содан соң қайтып аққу ән ұшпады,
Айдынның қалды жетім қамыстары.
Бір күні Қадишаны атастырған
Жұрты кеп алып кетті алыстағы.
Ғажайып қайталанбас өмір еді,
Бар маңай,
Жетім қалып төңірегі.
Кетті деп естігенде Балқадиша
Құшақтап қос жастықты еңіреді.
Ұшына садағының жебе тағып,
Ән салды содан кейін сері атанып.
Арнаған Қадишаға әнін тыңдап,
Ақан деп еркелетті елі танып.
Өлеңсіз бастамайды халық тойды,
Бір әуен жұрт ойында қалып қойды.
Елінің аузында Ақанының
Арманы «Балқадиша» қалықтайды.
Таң алдында
Жұлдыздардың көрем деп самғағанын,
Мақпал түнін маусымның қарсы аламын.
Сен де ізде солардың арасынан
Жалғыз жарық жұлдызың болса, жаным.
Сеземін мен, елегізіп, алаңдайсың,
Сезіміңмен қыр кезген самалдайсың.
Таң жұлдызың ол сенің таңнан тұрып,
Әздемесең сол, жаным, таба алмайсың.
Шырқалады таңда тек өмір әні,
Қуаныштың соғылып қоңырауы.
Таң алдында тәңірдің жұлдызына
Іздегендер бір-бірін жолығады.
* * *
Өмір тағы біздерді жолықтырар,
Көз алдымда бір әсем көрік тұрар.
Жылдар өтер.
Таныстар бір-біріне
Баяғы жас күндердей өліп тұрар.
Не болмаса жастық пен қатар жалын,
(Алдын ала пәлен деп айта алмадым).
Уақыт сенің көркіңді кетіргенмен,
Өзгерте алмас ақынның қайсар жанын,
Қатыгездеу мезгілге кез келерсің,
Мүмкін сөйтіп өзің де өзгерерсің.
Алау жүз де нұрланып тұра бермес,
Көңіл куә,
Оны да көз көрерсің.
Жолыққанша қайта бір қош боларсың,
Мүмкін кездесе алмаспыз, кеш қаларсың.
Өкінішке құрылған өлеңдерді
Өз иесі деп еске аларсың.
3-бөлім
Ғұмыр
Баға беріп өзіңше әр ғұмырға,
Айтылады ең соңғы жарлығың да.
Тірліктегі жақсы мен жаманды да
Сұрыптайсың қайтадан барлығын да.
Бақыт туралы жыр
Ауыр жылдар талайды жүрелетті,
Көрдім, бірақ (келер күн жүдемепті.)
Жарты жанын соғыста беріп келіп,
Бақыттымын деп айтқан мүгедекті.
Болашаққа бір сапар тартқаннан ба,
Болашаққа көп үміт артқаннан ба,
Бақыттымын дегенді көп естідім
Ауылдағы ақ самай қарттардан да.
Ұқсамайды бір күнің бір күніңе,
(Айналдырам өмірді жыр тіліне ).
Көрдік талай ананы,
Көріп жүрміз
Қуаныштан жас алған кірпігіне.
Қуанған да айтты оны,
Қайғырған да,
Қосылған да айтты оны,
Айырылған да.
Естідім мен бақыт бар деген сөзді
Төсек тартып сарғайған аурудан да.
Көрдім талай қыздарды гүл-гүл жанып,
Қос бұрымын төгілтіп,
Жүрді ырғалып.
Шаттығымен солардың дүние мынау
Бізге қарап күледі сылдыр қағып.
Шолақтан да естідім,
Ақсақтан да,
Кемтардан да естідім,
Асқақтан да,
Бізді бастап келеді осы бақыт
Мұраттар мен ғарыштай мақсаттарға.
Тарихпен сырласу
Қанша қылыш салды ізін түр-өңіне,
Қанша мықты сенді күш-білегіне.
Жатыр солар қойныңда,
Кезінде олар
Қанша таңба түсірді жүрегіңе.
Өзің көрген күн де әлі сырғанайды,
Өзің көрген көрдік біз туған айды.
Уақыт пенен алдында кеңістіктің
Өзіңді де біреулер бұрмалайды.
Берді өлмейтін тұлға саған,
Болашақтан шашылған гүл де саған.
Алдыңда сәл артықтау кетсем кейде
Кешіре гөр, қария, мың жасаған.
Сен ақылды төреші,
Кең, данасың,
Шындықты да сүйетін сен ғанасың.
Қанша әжім басса да бет-аузыңды,
Жап-жас қана күйіңде сен қаласың.
Өзгертілсін,
Өңделсін өмір мейлі,
Сенің болат қабырғаң сөгілмейді.
Жердің бетін қанша шаң басса-дағы,
Сенің жүзің бәрібір көмілмейді.
Туып жатыр талайлар,
Өтіп жатыр,
Бәріне де жұмыр жер жетіп жатыр.
Ақымақ боп келгендер мына өмірге
Ақымақ боп сол күйі кетіп жатыр.
Баға беріп өзіңше әр ғұмырға,
Айтылады ең соңғы жарлығың да.
Тірліктегі жақсы мен жаманды да
Сұрыптайсың қайтадан барлығын да.
Бас ұрмаймын ешкімге, шағынбаймын,
Бір басыма шап-шағын уайым-қайғым.
Барлығын да солардың жиып қойып,
Сенің ғана өзіңді мойындаймын...
Өң мен түс
Қайғысыз адам тәтті түс көреді.
Халық мәтелі.
Құмға айналып кетесің тозбасаң да,
Аздырады адамды сөз қашанда.
Көңіл-күйдің тіліне байланысты,
Бұзыласың быт-шыт боп анда-санда.
Сапар қандай,
Жол қандай,
Көңіл қандай,
Өз еркіне көндірді өмір қоймай.
Қоштасқанда алысқан қолдар ыстық,
Сағынғанда сүйіскен ерін балдай.
Бақытсызбын демедім өмірі мен,
Желдей есіп жастықтың желігімен.
Күннің нәрін татамын кірпігінен,
Түннің балын сорамын ерінінен.
Тербеп сонсоң бір ғажап күші мені де,
Жыр жазуға отырам үстеліме,
Түсім менен өңімді салыстырсам,
Өңім менің ұқсайды түстеріме.
Тірі жүрсең бір ғұмыр өткересің,
Өштесесің,
Біреуге кектенесің.
Көз жеткізгің келмейді бар нәрсеге,
Ақиқатты аяусыз жек көресің.
Шындық үшін ешқашан сөкпе мені,
Өтіріктің маған да жоқ керегі.
Қорқасың сен шындықтан,
Кім де болса
Ең қорқатын нәрсесін жек көреді.
Жаратылыс заңы
Күз түссе де салқындап,
Күн нұрымен жалтылдап.
Бұтағында жапырақ
Тұрып алды қалтылдап.
Қабақтары түюлі,
Бұлттар жиі шүйілді.
Желтоқсанның желдері
Шыр көбелек иірді.
Сондай мықты болар ма,
Бұдан кеп, одан да
Сорып жатты аяздар,
Соққылады боран да.
Әнге басып көктем де,
Жыл құстары жеткенде,
Жартастағы ағаштан
Түсті үзіліп бөктерде.
Ол кеткен соң көрінбей,
Орынынан өрімдей
Өніп шықты жас бүршік
Мықтылығы темірдей.
Өлген ертегі
Ескі ауылдың өлген бір ертегісін,
Айтайыншы өзекті өртеу үшін.
Сұлуыңа ән сыйла айлы түнде,
Дұшпаныңа серт қыл да семсер ұсын.
Серілердің жан досы – домбырасы,
Домбыраның тиегін қондырасың.
Ғашықтардың атына қосылмаған,
Шындап тұрып жыласа, ән жыласын.
Дәл осылай жасапты өмір ұстаң,
Тағдырлар көп сеңдей соғылысқан.
Жалғыз ауыз сөз ғана «Жаным» депті
Қиын қыстау сәттерде жолығысқан.
Ауыл маңы сай, өзен гүрілдеген,
Ауыл іші көп өсек гуілдеген.
Жігіттер көп құшағы бір толмаған
Арулар көп ерні дірілдеген.
Ғашық жолы осылай жалғанбапты,
Бақ қонбаған адамнан сор қалмапты.
Сүйгеніне жетпеген ерке сұлу
Оттан ыстық төсегін шалға арнапты.
Сүйікті жар болмай сүйікті ана,
Тыңдап жүріп барлығын ұғып қана,
Өзін-өзі жұбатып өткен екен
Ұқсамайтын шалына сүйіп бала.
Солар көрген осынау күн мен айды
Біз де көрдік.
Төбеде сырғанайды.
Бірақ, бірақ тағдырды олар кешкен
Мына біздің ішті де тырналайды.
Ұшып түсті жапырақ
Қазан айы.
Құрысып, мың бүрісіп,
Соңғы жылу,
Ең соңғы нұрды құшып,
Жапырақтар үзіліп түсіп жатыр,
Жасыл көктем жанардан бір-бір ұшып.
Ауыр ой бар сияқты менде де бір,
Жаным, енді қыдырма,
Бөлмеңе кір.
Жапырақтың қызықпа ұшқанына,
Ұшып түскен жапырақ - өлген өмір.
* * *
Еш себеп жоқ лауламауға,
Жанбауға.
Сенбе, жаным, арбау мен алдауға.
Хақымыз жоқ ешқашанда біздердің
Сүттен аппақ.
Судан таза болмауға.
Бірде арманға қалғаныңды үлгермей
Жасыр, жаным,
Досыңа да сыр бермей.
Сүйер болсаң әрқашан да сезін тек,
Құшағыма тұңғыш рет кіргендей.
Сені ойлаймын,
Саған үміт артамын.
Не береді,
Не сылайды әр таңым?
Күзді күнгі жапырақтай қалтырап,
Ең соңғы рет кездескеннен қорқамын.
Қар
Жапалақтап жауғанда,
Көк аспаннан үлпілдеп.
Алаңың мен аулаң да
Жаңарады біртіндеп.
Жапалақ қар көбелек
Секілді бір қаптаған
Ақ үлпеңді себелеп,
Көңілденіп соқ, боран.
Міне осылай біз қарды
Қарсы аламыз шаттанып.
Боранды да ызғарлы,
Сағынғанда мақтадық.
Қыс дегенің сенбісің,
Аппақ қардың қабағы.
Жаңалықтың белгісі,
Жаңа жылдың хабары.
Ақын
Сырбай Мәуленовке
Бұлттардай шашы бұрқырап,
Жауады кейде сіркіреп.
Өз жанын өзі жұлқылап,
Көктемгі күндей күркіреп.
Табиғат шебер жаратып,
Мүсінін құйған, білемін.
Бойына қуат таратып,
Жырлатып қойған жүрегін.
Ақынның қандай арманы,
Өлеңге ұйып гүл-бақ тұр.
Шашының бұйра талдары,
Тұрғанда бейне жырлап бір.
Жаралды ақын жаңбырдан,
Ғұмырын тілеп баулардың.
Дауысынан оның жаңғырған
Естимін даусын таулардың.
Жантайып жаздың түніне,
Жапырақтар да дірілдеп.
Қосылып оның үніне,
Ағады өзен гүрілдеп.
Отыңды беріп сезімге,
Сауылда, өлең, сауылда.
Жыр оқып тұрған кезінде
Ұқсайды ақын дауылға.
Рахат
Сағына түссең неқұрлы,
Жанасың от боп күйесің.
Нан соғу емес, өмірді
Рахаты үшін сүйесің.
Сонысы үшін жалғанға
Ғашық та болып көресің.
Әйтеуір соны армандап,
Зар илеп жүріп өлесің.
Басыңа берген бақтан ба,
Сүйрейді сені бір үміт.
Енді өліп бара жатқанда,
Кетесің қайта тіріліп.
Қайтадан қайта қым-қуыт,
Көресің топтың қарасын.
Жас адам болсаң жын қуып,
Өкініп тағы қаласың.
Күлкі етсе егер өкірген,
Күйіктен адам өледі.
Бір-ақ рет келген өмірден
Рахат көргің келеді.
Ол-дағы тіпті аз саған,
Күлкің де ұйқың да қашады.
Маңдайға қайғы жазса адам,
Еріксіз есік ашады.
Сөйтеді уақыт, жылатады,
Бақиға мәңгі кіресің.
Өмірде бәрі рахат
Екенін сонда-ақ білесің.
Тағдыр
Салпылдап екі құлағы,
Күнұзын кезіп қаңғырып,
Кешкілік өліп құлады,
Есінен танып, мәңгіріп.
Көріп ед сүйек кеміріп,
Өтпеді тісі,
өші көп,
Жылады сонсоң егіліп,
«Ит өмір деген осы» деп.
Алды да біраз күрсініп,
Ойлады асты, жақсы етті.
Ызадан қайта тұншығып,
Көзінен ыстық жас төкті.
Түйілді іші сол шақта,
Астынан қатты тоң батып.
Ағыл да тегіл моншақтап,
Жатқанын сезді толғатып.
Буыны кетіп, бұрқырап,
Әлсіреп сәл-пәл бусанды.
Содан соң жаны зырқырап,
Тырмалай берді жусанды.
Үйелеп көзге көк шыбын,
Көрсетіп жанға қысымын.
Содан соң жылып төстігі,
Жалады алты күшігін.
Күшіктер боп-бос теріні,
Созғылап өліп барады.
Сол кезде жарым көңілі
Тәңір басты қалады.
Еріксіз сонсоң аттанды,
Аштыққа төзбей, ұрлыққа.
Аңырап ұшып жатқан-ды,
Дәл осы кезде сұр бұлт та.
...Сол сапар үзіп несіптен,
Түннен соң күн де кешірген.
Бұрыннан талай өшіккен,
Мылтықтың дауысы естілген.
Құлазып келіп қысқанда,
Аязы күздің тымырсық,
Лағынет айтып дұшпанға,
Жетімдер жатты ыңырсып.
Күту
Балғын күндер келмейді-ау бірде оралып,
Жастықты да барады жылдар алып.
Жырларым да жаудырап үмітпенен,
Келер күннен күтеді бір жаңалық.
Тар кеудеге кейде бір сыр қамалып,
Қайтсем егер қуанып,
Қырға барып.
Уақыт деген жымысқы оны-дағы
Кете ме деп шошимын ұрлап алып.
Толқынында тулатып өмір – ағыс,
Жағасынан кеткенде көңіл алыс,
Қалтылдайды қалтқыдай жіңішке үміт,
Жіңішке үміт - не қайғы,
Не қуаныш.
Жылдар өтті табысқалы екеуміз,
Өтер көктем,
Өтер жаз да,
Өтер күз.
Адасармыз,
Алқынармыз,
Шаршармыз,
Өліп-өшір мақсатқа да жетерміз.
Сондай қиын болу керек өмір де,
Дайындығың керек, жаным, сенің де,
Суаруы жетпесе егер,
Қару деп
Мен сенбеймін болат пенен темірге.
Орман жолы бола алмайды түбірсіз,
Бақыт,
Қайғы біреуі жоқ бірінсіз.
Олай болса арпалыссыз,
Күрессіз
Оңай жеткен мақсаттар да ғұмырсыз.
Жүрегім менің қайдасың?
Жүрегім менің - отарба,
Жарысқан бұлтпен, боранмен.
Шығады жиі сапарға
Саулығын тілеп қалам мен.
Әлемнің сырын ақтарып,
Ғажайыптарды саралап.
Көкжиектерді бетке алып,
Кетеді жерді аралап.
Тек сапар болса, болғаны,
Өмір бар, онда тірлік бар.
Мұхиттар оның - арманы,
Мақсаты – алыс құрлықтар.
Оң сапар тілеп қалам да,
Қол бұлғап қайта шақырам.
Өзім де соған алаңдап,
Сарғайып күтіп отырам.
Жүрегім талай шарқ ұрып,
Асықты Чили жеріне,
Аттанды бірде алқынып,
Нетонның туған еліне.
Күтеді ол таңды үмітпен,
Бұл жерде оның досы мол.
Кубалық боксер жігітпен,
Вьетнамдық қызға ғашық ол.
Жүрегім менің шамшыл-ақ,
Жүрегім менің құс білем.
Өтті ол талай қансырап,
Никарагуа үстінен.
Жат мекен алыс, жат орман,
Әр түрлі хабар айтады.
Ол кейде алыс сапарға,
Саулығын тілеп қалам мен.
Табиғат
Құм сусиды, айтады бірдемені,
Ақ бұлақты онысы күндегіні.
Жел соғады, айтады бірдемені,
Жас құрақты онысы тілдегені.
Өз-өзінен долданып бара жатқан,
Тау өзені тастарды домалатқан,
Бишаралар – бұлттар жамыраған,
Тек қаңғуды жазғандай өмір оған.
Көрген жоқпын өмірде шын ондайды,
Теңізің де жартасқа шыға алмайды,
Шыңдарың да аспанға ұша алмайды,
Күн де жерге домалап түсе алмайды.
Ештеңеге ұқсамай жаратылған,
Бұл өзіңнің табиғат дара тұлғаң.
Тұнып жатқан ойларым талқандалып,
Мен өзіңе отырам аң-таң қалып.
Мен туған күн
Келген күнім өмірге менің бүгін,
Шешем байғұс сыйлапты өмір нұрын.
Достарым да керемет қуанышты,
Соны сезіп, өзім де көңілдімін.
Бір қызық қып өткізсем бүгінімді,
Соған жалғай берер ем ғұмырымды.
Салып жатыр есіме достарым да
Жастықтағы қайсыбір қылығымды.
Жылдар,
Жасартсын қайдан бұлар,
Әжім жүзін маған да айнам бұрар.
Зыр еткенін жастықтың еске алғызып,
Мені есею мұңдантар,
Ойландырар.
Шабауымды көтеріп тегі менің,
Тау жатыр достарым көңіл емін.
Ал мен болсам ойлаймын сәл есейіп,
Ғұмырымның бір жылға кемігенін.
Сағат пен жүрек
Қыран емен,
Сенбеймін қанатыма,
От қосатын лаулаған жан атыма,
Сыйынамын кей кезде, шынымды айтсам,
Қолымдағы кішкене сағатыма.
Сол ұқтырып өткінші ғұмыр жайлы,
Алға қарай тоқтаусыз зырылдайды.
Асықтырып,
Мазыңды ап,
Армандатып,
Құлағыңа сыр айтып сыбырлайды.
Уақыттан сағатым ұтылмайды,
Уақыттан ешкім де құтылмайды.
Кіп-кішкентай сағаттың өлшемімен
Дүниенің жүрегі тақылдайды.
Уақыт – тұлпар басымен алысады,
Сапар ұзақ,
Барар жер алыс әлі.
Кім біледі қайсының мықтылығын
Сағат пенен жүрегім жарысады.
Өмір
Доспысың мейлі қаспысың,
Қартпысың мейлі жаспысың,
Ар үшін неге өлмейсің,
Өлесің неге ақша үшін?
Уақыт та осынау қас-қағым,
Ғұмырың сондай шап-шағын.
Басқаны біреу ойлайды,
Ойлайды біреу бас қамын.
Досыңа берген серт енді,
Қияды, досым, желкеңді.
Селтеңді біреу қоймайды,
Ойлайды біреу ертеңді.
Туған ел соны қолдайды,
Азамат болмай болмайды,
Ойлайды біреу жамандық,
Заманды біреу ойлайды.
Өмір деп біздер қарманып,
Өмір деп қарап қалмадық.
Жан бағып біреу жылайды,
Жылайды біреу ауданып.
Заманды билеп барады,
Адамның екі қабағы.
Жүреді біреу ақ киіп,
Жамылып біреу қараны.
Біреуді мәңгі жол алып,
Келеді біреу оралып.
Табылып біреу жатады,
Кетеді біреу жоғалып.
Бәріне ашып берді есік,
Көтеріп өзі жер бесік.
Жүреді күнде мың рет
Өлім мен өмір белдесіп.
Түсетін кейді шаншылып,
Қателіктер де баршылық.
Шабуыл жасайды адамдар,
Көрсетеді өмір қарсылық.
* * *
Өмір дейсің, мен де оны жырдай білем,
Артық сөйлеп, ол бізді тыңдайды кем.
Сорым қалың десе дос келіспеймін,
Өлшенбейді бір өмір бір қайғымен.
Мезгілімнен ертерек сөнсем де мен,
Жалынша бір алаулап көрсем деп ем.
Бақыттысың дейді жұрт, келіспеймін,
Бір бақыт пен бір өмір өлшенбеген.
* * *
Сапар да алыс,
Жол да ұзақ,
Уақыт қысқа жалғыз-ақ.
Керек өмір ұзақтау
Кету үшін алға ұзап.
Мұрат – биік, сол нұсқа,
Ғұмыр қысқа – қол қысқа.
Өкпеліміз сондықтан
Табиғат пен болмысқа.
Біз айтатын ән қысқа...
Жылытатын әр қыста.
Ғұмырыңды еңбек пен
Ұзартады алғыс та.
Оралмайды қайта өмір,
Таба алмайсың амалды.
Тырысасың әйтеуір
Қуантуға адамды.
Көктен жұлдыз түссе ағып –
Жоғалды бір досыңыз.
Ғұмырыңыз қысқарып,
Ұлғаяды жасыңыз.
* * *
Қалар талай жалындардың ұшқыны,
Көктем демей, демей зәрл қыс күні.
Дана да өлер, бірақ жердің қыртысын
Жылытар оның кеудесінің ыстығы.
Қара жердің ұмытпайтын шері осы,
Ұмытпайтын тайы, тасы, белесі.
Өлседағы мұздататын секілді
Оны зұлым адамдардың денесі.
* * *
Досым маған жиі берді қол ұшын,
Қарыздармын өмір бойы сол үшін.
Бірталайын қайтарғанмен қайтейін,
Қайтара алмай жүрмін әлі көбісін.
Жүрдік талай астанада, осында,
Шалқыған бір көңілдердің хошында.
Түсінбеймін.
Бірақ соны байқаймын,
Қарыздармын деп қысылады досым да.
Қалай ғажап өзгермепті көк өзен,
Күнгей жақта тұр әлі сол терезең.
Сен де дыбыс бермейсің ғой дәл қазір,
Біреу үйде бар екенін сезер ем.
Жарыса өсіп шұбар ана таспенен,
Жапырағын жайыпты сол шашты емен.
Бірақ соның бәрі орнында болғанмен,
Шырқалады қазір онда басқа өлең.
* * *
Өмір – арба, тағдыр оның – жетегі,
Жегілуге бәрімізге жетеді.
Бірақ соған қорланбасын ешкім де,
Қайғы адамды қара жүрек етеді.
Бақыт – кептер, келеді ұшып, кетеді,
Жоқ оның да тұрақты бір мекені.
Бір ақиқат - әлсіз туған жандарды,
Сол бақытың өркөкірек етеді.
* * *
Ақты бұлақ кең жазықты шарлады,
Алқынбады, жалықпады, талмады.
Шалғындар мен гүлдерді де суарды,
Дария енді бірақ оның арманы.
Тұнығынан кімдердің кеп емгенін,
Ал кімдердің балағаттап төнгенін.
Білмеді ол, мен де, әлі білмеймін,
Жанады ма, жанбайды ма еңбегім.
* * *
Жапырағы жасыл тартып жылдардың,
Өтті зулап жиырма төрт жыл, гүл жардым.
Қалған ғұмыр маған аздық жасайды,
Өмірге екі келмеймін деп мұңдандым.
Уақыт – бұзық бір қарамай обалға,
Бір күндері бізді мүмкін тонар ма.
Мен өмірге енді оралып келмеймін,
Мүмкін соның өзі қызық болар ма.
* * *
Іздегенім молырақ қып таппаған,
Жоғалтып ап «алтындарын» сақтаған.
Адамдарды жиі көріп жүрміз ғой,
Бұл өмірді балағаттап даттаған.
Жыр бар менде бақытқа да бергісіз,
Соған ғана бере аласыз төрді сіз.
Сондықтан да екі ойлымын, жолдастар,
Өлемін бе, өлмеймін бе белгісіз.
* * *
Жердің беті суымайды қызудан,
Жердің беті мың сан жолмен сызылған.
Ақымақтың жатыр ізі бір жолда,
Жүре-жүре бұзылған.
Қысқа жолдар жатыр қилы күзелген,
Ұзақ жолды жанарыммен сүзем мен.
Ақылдының жатыр ізі бір жолда,
Сәл бұзылып барып қайта түзелген.
Әкеге сыр
Елек тіпті балалық,
Ертек тіпті,
Өзекті де еркелік өртеп бітті.
Әкелікті алдым да
Ұлдарыма
Қалдырдым баяғы тентектікті.
Оны қалай өзімше пайымдармын,
Оған қалай өзімді дайындармын.
Біраз көнбей жүрдім де бұғалыққа
Әке болу міндетін мойынға алдым.
Осыдан-ақ боларсың күйімді ұққан,
Кейде өтеді жанымнан құйын-бұлттар.
Бір кездерде алдына сені салған
Енді мені торып жүр қиындықтар.
Дегенменен бас қамын қуаламан,
Ақынмын ғой,
Жырыммен қуана алам.
Босағамнан қуамын тас лақтырып,
Сұр мысығын тірліктің сығалаған.
* * *
Уақытым, мезгілім – сәйгүлігім,
Өзің маған, мен саған әйгілімін.
Мас болсам да бақытқа, мына өмірден,
Кететінім үшін де қайғылымын.
Бермесе деп тілеймін уақыт тыным,
Жасыл күнім қайда едің, жақұт күнім.
Мұңды болып жүрсем де, осы өмірге,
Келгендігім үшін де бақыттымын.
* * *
Өмір қысқа,
Ісіміз көп атқарар,
Жайымыз жоқ жылап тұрып ақталар.
Бақыт дейміз ол да бізге дос болмас,
Соғар, соғар қайран жүрек тоқталар.
Өмір бар да,
Ызғар да бар,
Жылу да бар,
Өмір бар да,
Дәуірлеу бар,
Сыну бар,
Көз алдында күліп-жүріп қартаяр,
Біздер талай ынтық болған сұлулар.
Ерке күндер естен шығып кетпесе,
Соңғы демі бізден бұрын жетпесе.
Сыртымыздан бізді де айтар біреулер
«Сері жігіт еді шіркін деп кеше»
Түлкі-жылдар алдымыздан сан қашар,
Қыс пен көктем,
Жаз бенен күз алмасар.
Топыраққа түскен ізді топырақ,
Қарға түскен ізімізді қар басар.
Жауар жаңбыр,
Қаптап гүлдер бөктерге.
Сол гүлдерді таптар,
Үзер көп пенде,
Бірақ соның қажеті жоқ бірінің,
Өлім жәйлі ойлап-ойлап кеткенде.
Жо жоқ ойдан тазарармын ақ қардай,
Сол ақ қардан бір шумақ жыр тапқандай.
Өлім жәйлі жаман ойдан жалығып,
Жәндіктер де қысқы ұйқыға батқандай.
Өмір сырын әлдекімге ақтармас,
Ақтарса да, аяулым-ау, көп болмас.
Дегенменен үміт барда,
Жыр барда,
Соғал, соғал ақын жүрек тоқтамас.
* * *
― Арманың бар ма беремін,
Айта ғой бірін, ― деп едім.
Шалшыққа өскен бір шыбық,
Сәл ғана мұңмен күрсініп.
(Дір етті мүмкін тоңған ба?)
― Сұлулық беріп жондарға,
Басымыз шіркін қосылып,
Айналсақ, ― деді орманға.
―Тілегің бар ма беремін,
Айта ғой болса, ― деп едім.
Тұнықтау жатқан бір бұлақ,
Жартастан шығып сылдырап.
―Белі үзілмеген белдерге,
Безеріп жатқан шөлдерге.
Жағасы жайлау қоныс боп,
Айналсақ,― деді көлдерге.
―Тілегің бар ма , беремін,
Айта ғой бірін,― деп едім.
Қара тас маған иіліп,
Арманын айтты қиылып.
(Көңіліңде бәлкім мұң бар ма?)
―Басшы боп бүкіл құмдарға,
Бәріміз шіркін деп жиналып,
Айналсақ,― деді шыңдарға.
Сәл ғана ойлы пішінмен,
Болдым мен бәрін түсінген.
Сендермен мен де тағдырлас,
Екенмін дедім ішімнен.
Еңбекқор құмырсқалар
Құмырсқалар,
Еңбекқор құмырсқалар,
Таң азаннан тұрады жұмысқа олар,
Күйбең тірлік ертеңнен қара кешке
Жайы да жоқ бір мезгіл тынышталар.
Кіп-кішкене,
Шып-шымыр денеменен,
Өздері үшін тым ауыр бөренеден
Салмақтарды сүйретіп,
Не жабылып,
Жұмыстарды атқарып береді ерен.
«Жәндігіңнің қолынан не келеді,
Қимылдата алмайды бөренені»,
Деп менсінбей қарайды оған адам
Өгіз болса жұмысқа жегер еді.
Құмырсқалар,
Еңбекқор құмырсқалар,
Бара жатыр таң атпай жұмысқа олар.
Біледі олар жұмыс пен еңбек бар да―
Несіп те бар,
Дән де бар,
Ырыс та бар.
Бір-бірінің бағынып нұсқауына,
Отын тасып,
Шөп тасып қыстауына.
Міне тағы тырбаңдап,
Жүгірісіп,
Кірісіпті ертерек қыс қамына.
Сондай және ұйымшыл тым өздері―
Үйреткені еңбекке бұл өзгені.
Өздерінің кішкене илеуінде
Жүріп жатыр жарасып мінездері.
Жырым ұқсап кетті ме ертегіге,
Үлкен жер мен ұмытып өлкені де,
Бәрі соның дұрыс-ау, досым, бірақ
Еңбекқордың қызығам ертеңіне.
Ән Жүрсің бе көкте жосылып, Жүрсің бе жерде тамсанып? Көктемім менің кешігіп, Үлгермей қалдың қаншалық.
Кешігермісің тағы әлде,
Кездесермісің сен бүгін.
Түсіне алмадым обал не,
Дүниенің сонау кеңдігін.
Аңдуға мені құмар ма,
Қалтырап тұр ма қара түн?
Жете алмай әлде сынар ма
Сыбызғы үнді қанатым?
Тигізбес пе екен таң себін,
Шақырмас па екен жаз мені.
Аяулы туған ән сенің
Ғұмыры бәлкім аз ба еді.
... Жапырақтарды жұлады,
Қаңғырып келіп жынды күз.
Мұңлы бір ән сап тұрады
Жанымда менің мұңлы қыз.
Жасығанда құмға айналып жігерім,
Үміт сөніп үзілгенде күдерім.
Қуанғаннан күледі-ау деп ойлама
Адам қайбір жетіскеннен күледі.
Мазақ қылып бірде өмірді сынайды,
Қорықпаймын, мендік жігер шыдайды.
Шошып қалма жанарымда жас тұрса,
Адам кейде шаттықтан да жылайды.
С. Есенинге
Орыстың білем өлкесін,
Төкпейді маған ызғарын.
Көргемін небір еркесін,
Ұнатқан сұлу қыздарын.
Жаныңды түгел аралар,
Өлең деп білем ғұмырды.
Түсінбеген соң мені олар,
Оқығам сенің жырыңды.
Тесілер едім көгіңе,
Жұлдызын санап самсаған.
Жол түспей қойды еліңе
Жете алмай қойдым мен саған.
Биік қой орыс әлемі,
Сен соның әсем әнісің.
Еліңде сенің бар еді,
Менің де қимас танысым.
Үстьімен ұшып даланың.
Еркеле самал, еркеле.
Ерте ме, кеш пе, барамын
Алтындай сенің өлкеңе.
Көзіңдей ол да білемін,
Сүйсінем әлі көгіңе.
Шын ақын болсам жүрегім,
Апарар мені еліңе.
Қасым Аманжоловқа
Бұлбұл құстың үнін естіп сайраған,
Толғанады өлмес өмір жайлы адам.
Мен жауыма ерегісу арқылы,
Мәңгі өлмеуге белді бекем байлағам.
Жақсылықты көп күтсем де адамнан,
Көкірегім де сан сөгіліп жамалған.
Жер бетінде мәңгі бақи мен енді,
Күйбең тірлік құрсауында қала алман.
* * Біреулердің мені күндеп алғанын, Мейлі есті ит-өсекке салғанын. Әлсізге тән күйгелектік көрсетпей, Жайбарақат қалпында ойлы қал, жаным.
Саған біреу өзінше өмірді ұқтырып,
Бара жатса, есіңді алып, ықтырып.
Мен де елемей, сабыр сақтап қалайын,
Одан артық бола алмайды мықтылық.
Арғымақтар
Олжас Сүлейменовке
Бәйге жиі болады ен далада,
Ат жарыссыз ен дала кең бола ма?
Демалыста көңілін көтереді
Ат спортын қызықтап ел қалада.
Дүбірлеткен жондардың барабанын,
Қандай рақат!
Аттарға қарағаның.
Ақ дауылды тұрғызып,
Қыр үстінде
Қуырады тұяқтар дала жанын.
Ыстық қан мен кеудеде жаны бар да.
Несібеден арғымақ қағылар ма.
Шабады ол көтеріп
Қырдың шаңын
Және соны қаптырып жабыларға.
Байлаулы аттың жанары жайнамайды,
Бұлшық еті бұлтылдап ойнамайды.
Ауыздығын қарш шайнап шаппаса егер
Ыстық қаны тұлпардың қайнамайды.
Қайда болсын алаулап жанады алаң,
Шабысынан шын жігер алады адам,
Бәйгетөбе немесе ипподром,
Арғымаққа бәрібір қала, далаң.
Тұяғынан атылып кесектер де,
Ат бақытын жарыспен есептеуге
Әдеттенген даланың дәстүрімен
Шапсын аттар самалға төсеп кеуде.
Шолпан – таң жұлдызы
Сейдолла Шәріповтің аруағына бағышталған
Түн – бір мас
Ұйықтап жатқан,
Бұрқыраған,
Мең-зең бас
Көз аштырмай зырқыраған.
Денесін қытықтайды жыбырлатып
Миллион алтын қоңыз жылтыраған.
Жарқырап ай қабағы ,
Ақ тамағы,
Туғанда таң шолпаны – көк қонағы,
Мас түннің қойынынан домаланып
Әлгі алтын қоңыздарың жоқ болады.
Суреттеп,
Өрнек салып сөздің бізі,
Сұлуға сұқтанады жердің жүзі.
Күнде жоқ,
Түн түрілген,
Ай да ғайып
Таңшолпан – жалғыз туған қордың қызы.
*** Ғайып боп біржолата жоғалдың ба? Білмеймін, Тірімін бе? Аманмын ба? Бір сөнбей көз алдымда тұрасың сен «Шолпандай жарқыраған таң алдында.»
*** Мың тоғыз жүз жетпіс сегіз. Шілде айы. Жиілетіп Алматының мұндайы. Аспан жерде аунап қалды сытықтан Келіп тұрды сыра ішудің ыңғайы. Тынышбай бар. Темірәлі тағы кім... Шөлдің басу керек болды арынын. Алматының Горький бағы ол кезде Жерұйықтай жәннат еді, жарығым.
Тарттық сонда төртеуіміз ат басын,
Көк дарбаза ашқан екен қақпасын.
Жас перілер отыздардан асқанбыз
Арынымыз мықты... құдай сақтасын.
Салқын бұрыш.
Суық сыра.
Күн ыстық,
Шөлмен күрес...
Жан рахатын ұғыстық
Дөңгелеген дүниеңіз нұрланып,
Ұлы жерде ұйып тұрды тыныштық.
Дірілдеген ақ көбігі-ай сыраның,
Көзің тойып,
Ішкен кезде құмарың...
Бірде қанып,
Бірде қанбай рахаттан
Сорғылайсың жымырылып құлағың.
Көз алдымда...
Бәрі соның есімде
Атап күйіп,
Күн аунаған бесінге.
Сыраның ақ көбігінен аумайтын
Ақшарбы бұлт қалғиды аспан төсінде.
Шалбарының қыры сынған қылыштай,
Қол көтеріп сөз бастады Тынышбай.
Дұрысынан дәм татайық енді деп
Ойды ортаған тастай салды құрыштай.
Оған ешкім қарсы шыға алмады,
Қалай шықсын
Бәрінің де сондағы
Ойлағаны төбесінен топ етіп
Алшысынан келіп түсті арманы.
Кәуап келді,
Шарап келді,
Ақ келді,
Оқылды өлең,
Ән де айтылды,... бақ қонды.
Бұл заманда түсіңізде көрмейсіз
Сол кездегі ондай-ондай сәттерді.
Шырқалды әндер,
Әбілахат,
Шәмшілер,
Бәрі айтылды,
Қауым едік әнсүйер.
Отыздардан енді озған кезіміз
О, мейлі небір, сөзді тақсын ел...
*** Барлығы сол бір сәттің көз алдында,
Бір кезде сөз берді ме,
Сөз алдым ба....
Есіме өткен ғашық қызым түсіп
«Шолпандай жарқыраған таң алдында».
Ән кетті...
Өзім мүлде жоғалдым да,
Білмеймін перімін бе,
Адаммын ба?
Ғашығым көз алдымда... әнім мынау
«Шолпандай жарқыраған таң алдында»:
Өзің сәулем, іздегенім,
Кездесуге жүз келемін
Сөйлесуге тіл жетпейді
Қиын екен қыз дегенің...
Қайталанды осы әуенім тағы да,
Айттым білем өткенімді сағына,
Ән де бітті, мақтап жатты жігіттер
Бір мас адам жақын келіп жаныма:
- Дауысыңыз әдемі екен тамаша.
Қарап қойып сүйсінгендей ол аса
Осы сөзін тағы да бір қайталап,
Отыруға оқталғанда жанаса:
- Мас екенсіз отырмаңыз, -дедім мен,
Көрінді ме қызулығым көзімнен
Осы кезде түңілгендей өмірден,
Сыңай берді барлығынан жеңілген...
Жаңағы адам аса ауыр күрсінді,
Біз де аңғардық тынып тұрған бір сырды.
«Сөзін жазған Оспанхан» деп қалды да
Ақырындап алға қарай ұмсынды.
Жігіттер бір жұмбақты аңғарды
Музыкасы Шәріпов... деп мен қалдым.
Осы сәтте құлаққа ұрған танадай
Деп қалды ол: - ...Шәріпов мен болғанмын....
Жалт қарадық біз жаңағы адамға,
Шынында да мұндай сұмдық болар ма?
Көріп тұрмыз тулап жатты лапылдап
Барлық сыры қайғы тұнған жанарда.
Көзіндегі оқыдық біз тағдырды,
Құдай қалай бұл пендені жазғырды?
Бір сұрақты қойып қалды Тынышбай
Тағдыры оның қайта тулап жаңғырды.
Үсті-басы адам шыдап төзгісіз,
Шәріпов деп айтуға да сенгісіз.
Бір себептен талақ еткен тағдыры
Адам тұрды алдымызда белгісіз.
Ішіп кеткен,
Азып-тозған пақыр бұл,
Бір кездегі сынығы еді асылдың.
Дүркіретті көп жыл бұрын атағы
Досы екен Әубәкіров ақынның.
Көзіндегі сөйлеп берді шер-қайғы,
Шер-қайғы да осындайды таңдайды.
Кеудедегі бар үміті сөніпті
Бір сөнгендер енді қайта жанбайды.
Тағдырына қызықса егер кімде-кім
Өзі шертті кешкені мен білгенін.
Орыс жары жіберген соң соттатып
Шығып кепті түкпірінен түрменің.
Кетпен
Мәртебелі бұл кетпен,
Еңбеккермен дос қашан.
Сондықтан да құрметтен
Құр қалмайды ешқашан.
Жұмысыңды мықтайды,
Жұрт соңында қалмайды.
Зейнетке ол шықпайды,
Зейнетақы алмайды.
Қарапайым болса да,
Мейірім мол өзінде.
Ырыс-құты қаншама
Елге әклген кезінде.
Осы өзі шындық та
Жұрттан безіп кеткенмен,
Жолығасың сұмдыққа
Кетіп қалсаң кетпеннен.
Тасымаңыз, аспаңыз,
Болсаңыз да қандай жан.
Басын егер бассаңыз
Соғады ол маңдайдан.
* * *
Жолығатын төсті ұрып,
Досым неге кешікті?
Жатыр едім кешкілік,
Қақты біреу есікті.
Досым шығар дедім мен,
Есім шығып жүгірдім.
Күдік кіріп көңілге,
Сәл-сәл ғана кідірдім.
Суық өңі, түр-түсі,
Жанға сырын бермеген.
Келді кіріп бір кісі,
Мен өмірде көрмеген.
― Неге мені жек көрдің?
Неге менен шошыдың?
Бақыт деген кептердің,
Қайғы деген досымын.
Аман болсаң күнәдан,
Жылатпаймын, қарағым,―
Деді әлгі сұр адам,
Түйіп тұрып қабағын,
Мойындасаң уақытты,
Жамандық жоқ ойымда.
Қашан, қайда Бақытты
Өкпелеттің мойында.
Қалмады шын ес менде,
― Жоқ, ағатай, мен,― дедім.
Ешкімді де еш жерде
Өкпелетіп көрмедім.
―Тоқта неге жыладың?
Болған шығар бірде өкпе.
Ендігәрі шырағым,
Бақытыңды құрметте,―
Деп айтты да ақылын,
Сәл жымиды ол енді,
Содан кейін ақырын
Көрші үйге жөнелді.
Күтпеген кездесу
Баллада
―Жүру үшін өмір атты жолда нық,
Өздерің де талай-талай толғанып,
Көрдіңдер ғой қайсы бірін айта алам,
Мен де ащының дәмін татып байқағам.
Ащы дейді. Ащыдан жұрт қашады,
Қашып жүріп талай белден асады.
Бақыт деумен өміріміз өтеді,
Сонда бақыт қайсымызға жетеді?
Әрине, оны қызғанбаймын ешкімнен
Өйткені оны аздау татып өстім мен.
Дәміне де көргенім жоқ құнығып,
Көргенім жоқ ширақ болып
Сұғынып.
Ауыр ойлар түспеген соң иықтан,
Қиындыққа өлең жазып шыныққам.
Айтыңдаршы,
Дәмі қандай бақыттың,
Соны шіркін бір татсам деп асықтым.
―Ей, бауырым,
Не деп бара жатырсың?
Өзің әлі шіп-шикісің,
Жасылсың.
Ерте шыққан күніңменен бірге атып,
Жылы үйіңде бірге түнеп,
Бір жатып,
Жүргенімді қалай ғана көрмедің,
Сөйтесің де ту сыртымнан сен менің.
Өмір бойы көрмедім деп сөгесің,
Қақпай тұрып өмірдің бір шегесін.
Сөгетіндей сонша мықты кім едің,
Қой оныңды, ренжіспейік,
Түлегім.
Егер менің шындығымды сұрасаң,
Көз жасыңды сүрте аламын жыласаң.
Сені білем, тым ақ көңіл баласың,
Әркімдерден жиі алданып қаласың.
Түсіне алмай ақиқатын,
Жалғанын,
Сен түгілі мен де алданып қалғанмын.
Жиі қонақ болсам саған мен егер,
Жақсы жырдан айрыласың сене бер.
Алғаннан соң менімен достасып,
Ақындықпен кетер едің қоштасып.
Есімде ол да болмай қалған жоқ,
Сен ақынсың,
Ақындар да арман көп.
Ойлы болып шығу үшін өлеңің,
Сені әйтеуір ойландырсам деп едім.
Ал жарайды,
Сау болып тұр әзірге,
Түсінетін жігітсің әзілге.
Күтіп жүрем мен де сені елеңдеп,
Ойлы болсаң, жетем отты өлең боп.
* * *
Жаны ынтығып теңізге көбік шашқан,
Өзендер көп толқынын алып қашқан.
Таулар да көп асқақтап,
Шөгіп кеткен,
Төбесінен оны да көріпті аспан.
Көкірегінде көктің де ән болады,
Күркіресе көк аспан – зарлағаны.
Тағы да сол биікте жанып тұрып,
Небір жарық жұлдыздар сорғалады.
Нәзік сезім.
Қыз мінез көктем біткен,
Күннен күткен, тірлікті көктен күткен.
Дегенменен көп ағаш кеткендіктен.
Сол аспанға жетем деп кеткендіктен.
Өзге жайлы,
Мейлі ойла өзің жайлы,
Ақыл― бақыт байқасаң,
Сезім― қайғы.
Мәңгілікке бәріміз ұмтыламыз
Мәңгі тірлік ешкімге жазылмайды.
Алыстау
Көкорайлы жастығым боз кілемін
Жайып жатыр.
Көңілім сезді менің.
Бір қолымды бір қолым қағып енді,
Қарсы шығар өзіме өз жүрегім.
Өршеленген өзен ғой ғұмыр ағып
Әкететін сүйреніп,
Жұлып алып.
Қақ бөлгісі келеді жалғыз басты
Бір үміт пен бір күдік кіріп алып.
Биікте ұшып жүрмісің, арман құсым,
Өлгенбісің,
Жоқ әлде сен бармысың?!
Аяулымның бұрымын ұмыттым мен,
Ернім де ернінің бал дәмдісін...
Баяғыша құс көңіл самғағандай,
Жан дүниемде өзгеріс болмағандай.
Мен үнсіз-ақ өзгеріп кетіп барамын,
Ол да жүр-ау көңілімді аңғара алмай.
* * *
Кездесерміз,
Кездесерміз біз әлі,
Жастық күні әлі талай қызады.
Жүрегімді бірақ менің мұздатар
Біреулердің саған құрған тұзағы.
Мейлі асықпан,
Күндер егер асықса,
Оған да мен мұңданбаймын жасықша.
Көгімізді тұрған біздің күңгірт қып
Көңілдегі бұлттарың да уақытша.
Жастық шақта алау керек,
От керек,
Жауын керек жіберетін төкпелеп.
Дауыл керек ұшыратын барлығын,
Жатсын желге салмақсыздар өкпелеп.
Кездесерміз,
Кездесерміз біз әлі,
Жақсы болар,
Жаман болар халіміз.
Тек, әйтеуір, біреулердің алдында
Сынбаса екен сағымыз бен бағымыз.
Сау бол менің ерке сылқым күндерім,
Сенің арқаң серілік қып жүргенім.
Қоштасарда жатырқамай,
Жатсынбай
Сен де аяулым, құшағыма кір менің.
* * *
Уақыт,
Саған менің бір айтарым бар:
Төгіліңдер, қайтадан шайқалыңдар.
Дөңгелеңдер менің де мазамды алып,
Он сегізімді өзіме қайтарыңдар.
Сен де аяулым,
Сүйікті келбетіңмен,
Келбетің сол –
Өзіңнің он жетіңмен,
Жаула,
Жаула жанымды жабырқаңқы,
Құтқар мені оты жоқ пенде етуден.
Жырым саған арналды назды ұқтырар,
Көңілдегі көгілдір сазды ұқтырар.
Бір адамға бір қайғы жатар жетіп,
Бір бақытың бірақ та аздық қылар.
Бір белгісіз патшалық құрып анық,
Бара жатыр мені ертіп,
Ғұмыр ағып.
Жастығымды барады жасауратып,
Бұйғылық жаныма кіріп алып.
Уақыт,
Сенен сұранар тілегім бар,
Дос көңілін жықпаймын.
Сүйемін жар.
Қайтарыңдар қайтадан жиырмамды,
Ақысына аздан соң жүрегімді ал.
Алаулайық, аяулым, өтінемін,
Мен бұл сәтте бәріне бекінемін.
Қайта оралмас жастықта жанайыншы,
Өртенбеген күніме өкінемін.
Кетеді бәрі...
Кетеді көктем,
Жетеді желдер зырмырап,
Дал-дұл боп ұшып жапырақ біткен бұрқырап,
Астаңы шығып,
Аспанның төсі айрылып,
Ағады бұлттар сай-сүйектері сырқырап.
Азынап ұшып терістікпенен түстіктен,
Жақындап келіп ақалар-ау қарлы қыс тіптен.
Қап-қара орман қап-қара шашын жаяды,
Мекенін тастап кетеді безіп құс біткен.
Соғады дауыл,
Бір тыным көрмей аңырап,
Шатырлап сынып,
Шайқалып аспан – шаңырақ.
Ағынын алып қашады асау өзендер,
Шуылдап теңіз,
Толқындар жылап, жамырап.
Көшеді жаз да көзінен ұшып нәрлі үміт,
Осынау лапы жерге де жара қалдырып.
Кетеді мүлдем тұрағын тастап нөпір боп
Ақ маралдар мен ақ бөкендер де қаңғырып.
Кетеді бәрі шұбырып сыңсып,
Солқылдап,
Кетеді бәрі жалыны сөніп,
Салқындап,
Қалса адам қалар өзі де өлуді армандап,
Киелі мекен,
Жазира дала –
Алтын бақ.
*** Өтті жылдар, Есейді жас біразға, Самайға да ақ тал түсті, бұл аз ба? Бірте-бірте салқын тартып неге біз, Сабырлырақ бола түсіп келеміз?
Дәл осы бір сабырлылық
Шын маған
Ұнамайды,
Осыны ойлап мұңданам.
Қайда менің жиырма бесім.
Жастығым,
Өзімнің бір
Өз буыма мастығым?!
Сондағы бір лапылдаған жалынмен,
Сүюші едім достарымның бәрін мен.
Сұлулардың қысып қыпша белінен,
Билерге де түскем жастық желімен.
Енді оны айтпадың не,
Айттың не,
Тасуыңнан
Теңізге ұқсап қайттың де.
Сол бір қызды ішім менің біледі,
Мен дегенде
Ыстық еді жүрегі.
Тықыршыған жарыс тілеп,
Дүбірлеп,
Албырт дәурен,
Кеше бар да, бүгін жоқ.
Ерке күндер
Елегізген құлындай
Кісінейді
Еріндері дірілдеп.
*** Есіңде ме өте жас кездеріміз, Қиялменен әлемді кезгеніміз? Ойламайтын едік қой Дүниеде Адалдықтан артық деп өзгені біз.
Әділдікті соншама бағаладық,
Жақсылықтың ауылын жағаладық.
Таза болса кім -
Соны қолдадық та,
Қиындыққа қиын деп қарамадық.
Көктемде емес,
Піссе де жеміс күзде,
Бәрі бірдей болатын тегіс бізге.
Қайтпайтынбыз алған бір бетімізден.
Болатын-ды қуаныш,
Жеңіс бізде.
Иә, біздер дәл солай болатынбыз,
Жаңалықты тез қабыл алатынбыз.
Жақтап тұрып дұрысты –
Жанатынбыз,
Соттап тұрып бұрысты, -
Тоңатынбыз.
Еркін болып,
Өстік біз ырқымызбен,
Күн сәулесі қосылды күлкімізбен,
Жетсек дедік алдағы армандарға
Адал,
Шыншыл,
Отаншыл рухымызбен.
Жаңылмай-ақ жібекті иініміз,
Қуанышқа шығатын бүйіріміз.
Қызықпаушы ек дүние-мүлікке де,
Бір-ақ сандық болатын бұйымымыз.
Бірақ біздің армандар керемет-тін,
Соны бүгін келеді өлең еткім.
Өнер менен ғылымнан іздейтінбіз
Бәрін-бәрін адамға не керектің.
Ойымызбен біздердің мадақталып,
Болашаққа жалғасып,
Сабақталып,
Ғасырлардың қойнынан келетін де,
Муза біткен қайтатын қонақ облып.
Ғарыштарға тартатын жолдарымыз,
Тоқсан түрлі болатын толғамымыз.
Көз-көреген,
Құлақ – сақ,
Сезім – сергек,
Жұлдыздарға жететін қолдарымыз.
Жанатын-ды жоғары жұлдызымыз,
Өзі де сол болатын шындығымыз.
Өйткені біз
Әрі еркін,
Әрі батыр
Ұлы Совет елінің ұл-қызымыз.
Бәрі қызық,
Қызық-ты сол күйіміз,
Көк аспандай биік-ті көңіліміз.
Кіп-кішкентай пәтерде тұрсақ-тағы,
Бүкіл қала болатын өз үйіміз.
Есіңде ме,
Еске алшы, жаным, жарым,
Есіңе алшы бір рет соның бәрін.
Болашақты басқаша елестетіп,
Біз басқаша ұқтық па өмір заңын?!
Қалай кейбір құлқынды жасыра алам,
Қалай оған «дұрыс» деп қосыла алам?
Біздер осы қоғамның мүшесіміз,
Ортақ және біздерге осы қоғам.
Олай болса,
Жоқ меншік,
Жоқ менікі.
Олай болса,
Жоқ меншік,
Жоқ сенікі.
Жоқ ешқандай бөлетін,
Бөлісетін:
«Құлақ саған,
Бас соған,
Төс менікі!»
Өмірім мен шындығым осы менің,
Жаным, сенен бар менің өтінерім –
Кешірмеймін дүние қусаң егер,
Одан басқа қатеңді кешірермін.
Жұбатуға болады жылағанды,
Тұрғызуға болады құлағанды.
Алтын көріп бірақ та,
Жолдан тайып,
Алдаймын деп ойлама бір адамды.
Сақ бол, жаным ,
Қу, пысық...
Осыларға
Жақындама... құлқыннан досы барға...
Адал жолдан сырғақтап дүние үшін,
Ардан безем дегенді есіңе алма.
Керекгі жоқ пайданың ешқашан да,
Сыбағаңнан ей кезде кеш қалсаң да.
Өзің адал болмасаң,
Қажеті не
Періштенің өзімен дос болсаң да?!
Бола көрме үміткер
Жұрт ұнатқан
Сыңғырлақ пен сыңсыған жылтырқтан.
Сол жылтырақ –
Көз құрты сүйрей-сүйрей,
Көріп жүрміз пендені қырсық атқан.
Тәуірлігін осы бір дүниенің
Сала көрме есіме жиі менің.
Дүние емес,
Мен сенің жүзіңдегі
Қанағатқа қарыз боп,
Сүйінемін.
Солай, солай,
Мен сені бағалаймын.
Кнрегі жоқ алтынның,
Таң арайлым!
Үстің толы жақұтсыз,
Меруертсіз
Әдемі емес деп сені санамаймын.
Өйткені сен ақынның әйелісің,
Соның жыры,
Өлеңі,
Әуенісің.
Алпыншақ пен салпыншақ орамаған,
Қарапайым қалпына-ақ әдемісің.
Тұнжырамай,
Кей сәтте тұйықталмай,
Қызғаншақтық шоғына күйіп қаламй,
Жылтырақпен қапталған жұрт алдында
Сабырлы бір қалпыңмен биік болғай.
Жақсы болсақ,
Таңымыз атар күліп,
Және солай кешіміз батар күліп,.
Небір жарқын мақсатқа жете аламаймыз
Қарапайым халықпен қатар жүріп.
Солай, жаным,
Мен сені алдамаймын,
Сен өзісің
Көктегі толған айдың.
Менің осы сөзімді бағаласаң,
Әйел деген даңқыңды қорламаймын.
Сүйем сені,
Қалайша сүйе алмаймын,
Жаман атқа мен сені қия алмаймын.
Биік тұрған басымды төмен иіп,
Сені биік ұстауға ұялмаймын.
Маған сені өзіңсің сүйікті етер,
Және өзіңсің өлтірер,
Күйікті етер.
Қайда,
Қашан,
Қалайда шаң жұқтырмай,
Әйел деген даңқыңды
Биік көтер!
*** Танымадым,
Жаңартар деп аузы біткен жарамды,
Танымайтын секілдендің сен мені,
Ұмытыпсың сондағы екі адамды,
Сондағы бір бөлмені.
Мен өзіңе қарамадым
Қадалар деп кірпігің,
Қадалар деп жүрегіме жебедей.
Білінер деп жұмбақ болған бір сырым,
Кеттім сені
Елесем де елемей.
Сәл кідіріп өте бардың,
Кете бардым мен үнсіз.
Есіме алым адымыңды,
Адымымды кей шалыс.
Өте шықтық екеуміз де көңілсіз,
Қандай жаман танитұғын бейтаныс?!
Оралмаймын өткенге
Оралмайлы ешкім де өткен күнге,
Өткен күндер құстармен кеткен бірге.
Жамыраған жаз келер,
Күз де келер
Тарқар мынау қызығы көктемнің де.
Атады таң.
Күн-дағы батады екен,
Қызыл нұрға боялып ата мекен.
Сүйек еттен құралған адам түгіл
Мұнар таулар мүжілір жатады екен.
О, аяулым,
Жаңылмай жамалыңнан,
Іздеймін мен бір жалын жанарыңнан.
Келер күнді сеземін мен өзіңнің
Термометр секілді қабағыңнан.
Үзілмейтін шіркін бір әнім болса,
Мейлі сонсоң соңымда сағым қалса,
Болашаққа ұшамын аялдаусыз
Өткен күнім өзімді сағынғанша.
Назағайлы жанымда жасын болса,
Тарта берем Сәкенше,
Қасымдарша.
Оралмаймын ешқашан өткен күнге
Жастық шағым жалындап шақөырғанша.
Мамық бұлттар
Келмейді өздеріңнен жүргім алыс,
Бері қарай, мамық бұлттар, бұлдырап ұш.
Желкендей желбіреген жанымызды
Жәйлі ғой желпіп өтсе бір қуаныш.
Аспанға алаңдамай,
Қарайламай,
Бақ пенен несібені тамамдамай.
Толтырып қуанышты қойыныңа
Ұшыңдар,
Мамық бұлттар,
Маған қарай.
Ерке жел ерігіп бір салған ойнақ,
Түседі төмен қарай таудан ойнап.
Қуанып келесіңдер жерге қарай
Аспанның аңғарынан андағайлап.
Сеземіз ыстықсыңдар неге бізге,
Құйылып қойнымызға,
Денемізге.
Аппақ бір момын бұлттар үлпілдеген
Қалықтап тұрасыңдар төбемізде.
Өзінше,
Және ерекше қысқы көрік,
Шатырға талай-талай ұшты қонып.
Ақ бұлттар аңсағанда аяулымның
Ерніне еру үшін түсті келіп.
Әрқашан күтіп жүрсем мен оларды,
Жаутын жапалақтап жаңа қарды.
Ақ бұлттар аппақ болып қыста жауған
Күздегі елестетер таба нанды.
Күресем бойымдағы кемшілікпен
Мен қанша өмір сүрем жер үстінде?
Нақты оны айта алмайды неге ешкім де?
Алғысын адамдардың ала жүріп,
Отына күйіппін-ау сөгістің де.
Мен жайлы өткен күнім айта алады,
Бір солып,
Өмір бірде жайқалады.
Сөгісің ғұмырыңды кесіп тастап,
Алғысың қайта өзіңе қайтарады.
Сондықтан шамам келсе, болып адал,
Жинаймын жақсылықтан жаныма нәр.
У беру ойымда жоқ қасыма да,
Досымның қоса аламын дәміне бал.
Қызғанбан кетсе біреу озып менен...
Осылай өмірімді созып келем.
Кездесем әлі талай қуанышпен,
Кезігем қиындықпен кезікпеген.
Бәрін де көріп,
Білсем деп ойлаймын,
Шаттықтан,
Мұңнан да сырт қара алмаймын.
Кесірім жанға тиіп кетпесін деп,
Әр адым,
Әр ісімді абайлаймын.
Тіреспей,
Қалай ғана кетем сынып?
Қатеммен күресемін бекем шығып.
Сүттен ақ,
Судан таза менмін деуім,
Әрине,
Бекерден де бекершілік.
Осылай
Кемшілікпен бойымдағы
Күреске өзімді-өзім дайындадым.
Кейде дәл шықпай жатты,
Ол да шындық,
Жаман мен жақсылықты айырғаным.
Кейде шын қай тұтқадан ұстарыңды
Білмейсің
Өлгеніңді,
Ұшқаныңды.
Жақсылар кешіріп жүр
Қателікпен
Жамандық жаққа бұрған тұстарымды.
Осылай өмір жатыр алға ұмтылып,
Өсуге ұмтылғандай әрбір шыбық.
Дұрыспын,
Не бұрысын дәл баса алмай,
Кейде бір әрі-сәрі қалдым тұрып.
Иә, өмір кейде адамға өз дегенін
Істейді,
Беріп тұрып өз берерін.
Уақыт көнбесіңе қарамайды,
Жыл сайын есейемін,
Өзгеремін.
Көрерім көргенімнен көп басымда,
Қалтама салып жүрген жоқ тасым да.
Бойдағы кемшілік пен міннен басқа,
Білемін,
Жоқ дұшпаным,
Жоқ қасым да.
Өйткені бұл сезімім
Айдан анық
Жанымды,
Жүрегімді жайлап алып,
Тым адал ақ көңілімді аңқылдаған
Жүреді кейбіреулер пайдаланап.
Досыма шашылады молшылығым,
Жалғансыз жан даусыма сенші, гүлім.
Бір мінім –
Сенм кейде өтірікке,
Ешкімнің көңілін жықпау –
Кемшілігім.
Менің де болу керек бір есебім,
Бар және қарсы тұрып тіресермін.
Жамандық атаулыны жеңу үшін
Өзімнің мінімменен күресемін.
Осылай ұзатармын мен өмірді,
Осылай алам және керегімді.
Осылай жобалаймын биігімді,
Осылай өлшеймін мен тереңімді,
Кемшілік әлсіздікке сүйенеді,
Кемшілік иесімен жиі өледі.
Күресем мен өзімнің міндеріммен,
Өзімнің дұшпаным деп білем оны.
Ағызып аярға ұқсап көз жасыңды,
Тоздырып тым ертерек тозбасыңды,
Өкініш айбалтасын жалт еткізіп,
Кеседі кемшілігің өз басыңды.
Жылдар жаңғырығы
Әрбір күн –
Уақыттың әрбір үні,
Әр күннің бар өзінше мәңгілігі.
Миымда,
Жүрегімде тулап жатыр
Жылдардың дауысының жаңғырығы.
Жылдардың даусы алыстан естіледі,
Естімей қалмайды да ешкім оны.
Менің де мойныма асылады
Ай мен күн –
Табиғаттың қос білегі.
Білемін арманым не, тілегім не,
Пендемін: қайғырамын, күлемін де.
Өшпейтін іздері бар дидарымда,
Әр жылдың өз нәрі бар жүрегімде.
Әрбір жыл бір керемет сабақ болып,
Әр беті әр күн сайын парақталып,
Әркімнің сұрағына
Қиналмастан
Айтады өзі жақсы жауап тауып.
Аулақпын өткенімді жек көруден,
Сабақ ап қателесіп кеткенімнен, -
Әр жылым өнегелі ұстазым боп,
Үйреніп келемін мен өткенімнен.
Көктемім,
Күзім менен қыс, жаздарым,
Бал күнім,
Балалығым – құс базарлым,
Алыстан қолын бұлғап,
«Қалайсың?» - деп,
Жылдарым жымияды – ұстаздарым.
Біз – адамбыз
Жап-жарық дүние мен күнге де мас,
Жұлдызды жымыңдаған түнге де мас
Мен онда сәби едім қамсыз, мұңсыз,
Шырылдап өмірге енген тыр жалаңаш.
Сәбимін,
Өсіп жаттым жөргегімде,
Өмірдің білмей мұңын,
Кермегін де...
Содан соң аспанға ұшу мақсат болды,
Жерде де асқақ тұру – ең кемінде.
Уақыт сөз беріп тұр маған бүгін,
Жырлаймын өзім өскен заман жырын.
Ал менің қорғаным мен шабуылым –
Шындығым,
Әділдігім,
Адалдығым.
Шымырмын,
Кіп-кішкене асықтаймын,
Сын кезде жігерімді жасытпаймын.
Өрлеуге,
Өсуге де асықпағам,
Ендеше, құлауға да асықпаймын.
Өзіме өзімше бір сенемін деп,
Алмасқа ел алдында неге міндет?
Өткені бергенім аз,
Алғаным көп,
Сондықтан туған елге берерім көп.
Жігітпін жырды өмірге балап жүрген,
Досқа да,
Достыққа да адалмын мен.
Мен кіммін?
Пенде емеспін жұмыр басты,
Ойлайтын, толғанатын адаммын мен.
Адаммын сүйетұғын жаны жырды,
Мен үшін сұлулықтың бәрі нұрлы.
Күресем жолымдағы тосқауылмен,
Білмеймін шағылуды,
Жабығуды.
Адамның айтатұғын әні күшті,
Адамның жаны да ыссы,
Қаны да ыссы.
Жазмышқа сенетұғын бәзбіреулер
Адамға сенбегеннен жаңылысты.
Осынау аттап тұрып босағаны,
Осы су,
Жұтып тұрып осы ауаны,
Сәт сайын,
Сағат сайын күреспенен,
Пендеден нағыз адам жасалады.
Солардың бірі – менмін,
Сене алсаңыз,
Сіз де егер нағыз адам бола алсаңыз,
Басқаның адамдықтан бәрін тастап
Кел, кәне, сөйлесейік адамша біз.
Құс жүрек
О, менің аңыздарым,
Ертектерім,
Өзекті өзің ғана өртеп пе едің?!
Дүниені дүмбірлетіп,
Қоңыраулатқан
Жүрегім бәрінен де тентек менің.
Жақсыны әрі қарай жалғасын деп,
Зәоедей жамандыққа бармасын деп,
Өзімен тентек жүрек,
Әділ жүрек
Кеудені келе жатыр алға сүйреп.
Тірліктің аптабында,
Ақпанында,
Міндетін мінсіз, таза атқаруда.
Шыдамсыз, шырылдаған күрескерім
Сан рет шақ қалыпты жоқ болуға.
Кей кезде аулақ жатқан алыс қайғы
Алыстан бері қарай дауыстайды.
Кішкентай деп жатпастан,
Аямай-ақ,
Жүректі келеді де
Жаныштайды.
Бұл жүрек мұңаяды,
Ойланады,
Соққаны – шырқағаны,
Сайрағаны.
Өзінің ашық, адал көңілімен
Өмірдің жыршысына айналады.
Бұл жүрек қайғырады,
Мұңаяды,
Тасиды буырқанып,
Суалады.
Бұның да төрт мезгілі төніп келіп,
Өзгеріп көгереді,
Қуарады.
Кей кезде ғашық болып сүйсең де айып,
Өртеніп,
Шын лапылдап күйсең де айып,
Ақылдың айтқан сөзін тыңдамау да
Кішкентай жүрек үшін үлкен қауіп.
Жүрегім дүниені құшқалы тұр,
Елжіреп бауырына қысқалы тұр.
Зынданын тастап шығып,
Тым алысқа
Пыр етіп аузымнан ұшқалы тұр.
Кедергі, қиындықтар
Сүйемін мен өмірді,
Сүйем құлап,
Өмірді сүйгендіктен күлім-жылап.
Тыңдасын,
Тыңдамасын өмір мені,
Мен оның әр сөзіне түрем құлақ.
Боласың сын кезеңде ақылға зар,
Өмірде жақының бар,
Жатың да бар.
Қайсыбір пенделердің қылығы үшін
Тірлікте ренжуге қақың да бар.
Жолыңды торуылдап құйын – бұлттар,
Өмірге сүйіндік сәл,
Күйіндік сәл.
«Жеңіп ал мықты болсаң», - дегендей-ақ,
Алдыңнан кездеседі қиындықтар.
Тұзағын құрып қойып ізіңе бір,
Сынайды ақылыңды –
Қызық өмір.
Біресе сұрландырып,
Мұңдандырып,
Біресе жүгіреді жүзіңе нұр.
Ақиқат –
Сонысымен қымбат өмір,
Тыңдай біл,
Өмірге де тіл қата біл.
Сылбырап айтқанына жүре бермей,
Өмірге өзіңді де тыңдата жүр.
Мейлі сен күйін, жаным,
Сүйін, гүлім,
Артса да арқама әкеп дүйім жүгін –
Өмірді сүйемін мен еш күдіксіз.
Бастысы – жеңу үшін қиындығын!
Ұшырып аспаныма өлең құсын,
Сынаймын мен оның да өрен күшін.
Сондықтан өмір сүрем
Бұзу үшін
Уақыттың жасап қойған кедергісін.
Жұп-жұмыр жер секілді менің басым
Жұлдызды жолымда - асу,
Жолымда – сын,
Басқа-бас ешқашан да соғылмасын.
Иыққа орнатылған,
Шыр айналған
Жұп-жұмыр жер секілді менің басым.
Бұл да тұр шыр айналып өз «кіндігін»,
Сағынып көк жиһанын,
Боз құрлығын.
Өзімнің галактикам,
Сонда жылжып,
Тастаймын дүниеге көздің қырын.
Соларға өмірімді арнағанмын,
Туған күн –
Баста мұрат орнаған күн.
Қанша мың жұлдыз мені шақырады,
Миымда армандары бар ғаламның.
Осы бас өзі – өнер,
Өзі – ғылым.
Осы бас ақылы – аспан,
Сезімі – күн.
Осы бас жаңалықтың өнген жері,
Дүниенің өлген жері тозығының.
Бұл бассыз өмір жылжып,
Ән де айтылмас,
Осы бас – ғарышты да шарлайтын бас.
Көз емес көріп тұрғн дүниені,
Көрсетіп тұрған оны – ойлайтын бас.
Өлген күн –
Дүниенің сөнген күні,
Қап-қара түнек болып келген мұңы,
Сондықтан бір тынымсыз ойлайды бұл,
Ойламай қалған күні –
Өлген күні.
Әлі де ойланам мың,
Толғанам мың,
Хатымды болашаққа жолдағанмын,
Осы бас арқылы әлі шешіледі
Тағдыры бүеіл әлем,
Бар ғаламның.
Өлкен күн –
Дүниенің сөнген күні,
Қап-қара түне болып келген мұңы,
Сондықтан бір тынымсыз ойлайды бұл,
Ойламай қалан күні –
Өлген күні.
Жырла, менің домбырам
Жырла, менің домбырам, жырла, кәне.
Шанағыңда елімнің тұнған әні.
Халқымыздың саздары, әуендері
Болашаққа сенімен – бір барады,
Жырла, менің домбырам, жырла, кәне.
Сенің ішегің жалғаулы жүрегіммен,
Бір кетеді әуенің сүйегіммен.
Ең соңғы рет сүйгендей бұл өмірді,
Сенің сазды үніңді сүйемін мен.
Сенің ішегің жалғаулы жүрегіммен.
Жырла, менің домбырам, жырла тағы,
Қызығыңа кең далам бір батады.
Сенің ойлы жырыңа ормандар да,
Алып-алып таулар да тіл қатады.
Жырла, менің домбырам, жырла тағы.
Жырла, менің домбырам, сал домбырам,
Ұрпағына бабамнан қалған мұрам.
Өмір бойы мен сенің әеніңнің
Ешқашан да өшпеуін арман қылам,
Жырла, менің домбырам, сал домбырам!
Балалық және жағалау
Біреуге аз қызығып көп көрінді,
Қызғанды жақсы болып кеткенімді.
Білмеймін қалай болды, аң-таң қалам
Ақыры ұрлап кетті көктемімді.
Көңілдің шырқап алар қошы бөлек,
Бұл күнде оралады есіме көп.
Балалақ ашық ауыз бастан өтті,
Өкінбен, өзіме де осы керек.
Төгер-ау, алау нұрын кеш те маған,
Бәріне іштегі тілеп қош деп алам,
Жерорта теңізінің толқынында
Адаспан жағалауға жетсек аман..
Жүрегімде Хиросима
Танысым да,
Жоқ онда қиасам да,
Туысым да,
Жоқ онда сыласымда.
Жер-ананың бр көрген қасіреті –
Жүрегімде жаралы Хиросима.
Мен ол жайлы жырламай қала алмаймын,
Жүрегіммен,
Жаныммен алаңдаймын,
Күйіп қалған қаланың күлі ішінде
Жақынымды жоғалтқан адамдаймын.
Жарылыстан қалайша жаның қалар,
Апатты атып ақ жүрек дабыл қағар.
Жанын кеткен шейіттердің
Күлі менен
Жылайды үнсіз
Мрамор қабырғалар.
Есіне алса өткенін қала жылар,
Қанша қайғы жұтты екен қаралылар?
Күл боп үнсіз жылайды өлгедер де,
Үнсіз және жылайды жаралылар.
Бір үнсіздік басып тұр әлі күнге,
Оны сөйлете алмайды тәңірің де.
Орынына солардың тағзым етіп,
Бас иеді тіршілік өлі күлге.
Күл сқйлейді
Әке боп,
Ана болып,
Үнсіз ғана сыңсиды бала болып.
Көрінеді сұлу қыз қайғы жұтқн,
Содан кейін қайтадан қалады өліп.
Ыза жатыр,
Кек жатыр бір бүйірде,
Бір тоңуда дүние,
Бір күюде.
Қосылмаған ғашықтар сыңсиды үнсіз,
Бір-біріне ұмтылып күлкүйінде.
О, атомдар,
Жаныңды пышақтаған,
Сендер барда қасірет үш-ақ қадам.
Күңіреніп,
Күл болған ана жатыр
Күлге айналған сәбиін құшақтаған.
Онда өмірдің тіліне құм байланған,
Жырдай жалған бәрінен жұрдай болған.
Жігіт жатыр жанында ғашығының,
Сұлу жатыр жер болып күлге айналған.
Хиросима үндемей егіледі,
Түсінде оның бомбалар көрінеді.
Осынау бір апатты еске алғанда,
Қабырғасын әлемнің сөгіледі.
Сол секілді сырласым,
Сыйласым да,
Сол секілді жақыным,
Қимасым да.
Жаралы һәм
Қаралы,
Үнсіз ғана
Жүрегімде жылайды Хиросима.
Мойындау
Сүйдім мен асау уақытты,
Әлі де солай сүйем мен.
Күнім де болды
Бақытты
Басынан теуіп жіберген.
Ойларға батқан кештерім,
Қиялға берген түндерім.
Оларға сонша не істедім?
Соңымнан қалмай жүр менің
Көпекен кінәм менің де –
Теріске бұрып бетмді,
Қараппын кейде өмірге
Ырза емес адам секілді.
Түсірі асқақ көңілді,
Күдерімді үзіп ән-күйден,
Кең пейіл осы өмірді
Жөнсіз де тілдеп алдым мен.
Ұятқа батқан аз ба күнғ
Қайда еді үміт ел күткен?
Өліп те кете жаздадым
Жалған бір намыс - өрліктен.
Уақытпен бүгін бір өсіп,
Кезім бұл жырға берілген.
Келемін енді күресіп
Өзімнің қателеріммен.
Адамдар
Тайып бір кетсем жолымнан,
Тұрасың көбің көлденең,
Оңымнан және солымнан
Атқылайсыңдар көзбенен.
Атқылайсыңдар сөзбенен,
Өлтіресіңдер даттаумен.
Даттаумен өлген кезде мен
Тірілтесіңдер мақтаумен.
Жаныма ерсе жамандық,
Кетеді өзі сенделіп.
Қорғайды мені адалдық,
Қорлаған кезде пенделік.
Жалп етіп сөнып жарық таң,
Жанары мүлде түк көрмей,
Сәуле мен мынау жарықтан
Сарылып үміт күткендей.
Ағарып шашы ананың,
Жанары мүлде түк көрмей,
Хабарсыз кеткен адамын
Бір ғұмыр бойы күткендей.
Жақсылық үшін сенделген
Жайым бар
Және алаңдар.
Үмітімді үзбей сендерден,
Жақсылық күтем, адамдар!
Бастық пен қызметкер
Қызметкер қалып қойды жұмыстан,
Онысын ол жасыруға тырысқан.
Ондай кінә болған кезде
Мойындап
Қандай жақсы бастықпенен ұғысқан.
Қызметкер мойындамай кінәсін ,
Деді ешқандай кінәлі емен, расым.
Ақымақ қып тұрғанына шыжамай
Бастығы да бір жағына құласын.
Бастығы оған ақымақ деп бақырды,
Сөзін айтып аузындағы ақырғы.
Қызметкер жігіт еді қаны ыстық,
Бастығын ол жекпе-жекке шақырды.
Бұл бір өзі іс емес-ті келісті,
Бастық пенен қызметкер керісті.
Жастығы,нда екеуі де ойнаған
Спорт түрі – үстелдегі теннисті.
Пистолетке айырбастап қаламын,
Қос жігіті дархан мырза даланың.
Теннисіңнің үстеліне жақындап
Екеуі де алды қолға қалағын.
Содан кейін қырғын айқас баталды,
Бірін-бірі алма-кезек бас салды.
Бір-біріне қарсы атылып екеуі
Қара бұлттар тұмшалады аспанды.
Бір кездері қызметкер ширықты,
Ширықты да бастығына шүйлікті.
Сатырлатып соқты шарды оң-солды
Ұпай жинап қолына алды билікті.
Бастық болса жеңілуге беттеді,
Қимылдады қолына алып өкпені.
Қызметкер келіп енді сабырға
Бір мөлдір ой жүрегінде көктеді.
Содан кейін бұзды ойынның ырғағын,
Түсіре алмай жатты өзінше ұрғанын.
Аз-кем ғана ұпайменен бастақтан
Мойындады сәл жеңіліп тұрғанын.
Бастық сонсоң бір сөз айтты татымды:
- Ойынымыз ойын емес ақырғы.
Ақымақ деп тілім тиіп кетіп еді,
Кешір, -деді – Азаматсың ақылды.
Балқыма
Теңеу де жоқ ол ғажапты теңеуге.
Балқыманы сыйғыза алмай өлеңге,
Қиналамын,
Болар еді ғажайып
Жыр да солай жалындаса егерде.
Алау болып,
Жалын болып шалқыған,
Қазандарда,
Одауларда толқыған,
Алғаш рет көрген едім анықтап,
Бір керемет дүние екен балқымаң.
От тасқынға
Құрыш құйған ағайдың
Иығынан қара әйнекпен қараймын.
Балқыманы өлеңге емес,
Өлеңді
Балқыманың дәл өзіне балаймын.
Құрышшының – Прометей – Жыршының
Келістіріп шерте алады кім сырын?
Мың градус балқыманы ағызып,
Дөңгелектен дүниенің ұршығын!
Теңеу де жоқ ол ғажапты теңеуге.
Балқыманы сыйғыза алмай өлеңге,
Қиналамын,
Болар еді ғажайып
Жыр да солай жалындаса егерде.
*** Жұмысың көп,
Ал сапар ауыр сондай,
Өгізің де жүрмейді ауырсынбай.
Қыл мойынға таудай бір салмақ түссе,
Майысасың жалғыз тал қауырсыңдай.
Таңдайынан көкектің бал тамызған
Өмір жайлы тар кезде айтамыз ба ән?
Досың шұқып көзіңді шындығымен,
Дұшпаныңыз қағады арқаңыздан.
*** Қамап алып кей кезде бораған қыс, Жете алмай-ақ жүреді маған алғыс. Сәл салқын сөз тиеді жүрегіме, Жаным менің тым жиі жараланғыш.
Қуансам да –
Қуанам сел-өлеңдей,
Жанымды да қояр жер таба алмаймын.
Өзім түгіл, өзгенің тағдырын да
Жүрегімнен өткізбей қала алмаймын.
Мен қаралай алмаймын бұл өмірді,
Орындамай қойса да тілегімді.
Жаны ауырған досыма
Дірілдетіп,
Ұсынамын жалаңаш жүрегімді.
Неге біз өлді дейміз өлгендерді
Неге біз өлді дейміз өлгендерді –
Гүлдерді бізден бұрын тергендерді,
Біз үшін отқа айналып сөнгендерді,
Соғыстың алапатын жеңгендерді,
Дұшпанын өз көріне көмгендерді?
Сондай ой тез келеді неге бізге,
Әлде біз осыған шын көнеміз бе?
Кім білед олар, мүмкін, желпіп бізді,
Ақ бұлт боп жүрген шығар төбемізде?
Қайта олар тумас, мүмкін, туар бір күн,
Атағы бірақ, бірақ шығар дүркін.
Түндегі сансыз жұлдыз жымыңдаған
Солардың шырақтары шығар, мүмкін?
Қайта олар тумас, мүмкін, туар бір күн,
Атағы бірақ, бірақ шығар дүркін.
Түндегі сансыз жұлдыз жымыңдаған
Солардың шырақтары шығар, мүмкін?
Жүрді олар бір кездерде жырдай жанып,
Біздер де соларменен нұр жайнадық.
Өлді деп біз жүргеде олар, мүмкін,
Далада шыққан шығар гүлге айналып?!
Осынау шырқалатын өлкеде өлең,
Жеңіс деп атқа мінген ертеменен.
Олар кім?
Олар – Нұркен, Сұлтан, Мәншүк.
Әлия, Бауыржан мен ер Төлеген.
Көктемде қызыл гүлді көріп қырдан,
Сан рет қарсы алдымнан жолықтырғам.
Солардың есімдері әлі күнге
Елімнің жүрегінде соғып тұрған.
Әлі де елеңдерміз, елеңдермін,
Солардан қалды мынау кемеңгер күн.
Қызыл ту желбіреген Жеңіс күнгі
Жүрегі болар, бәлкім, сол ерлердің?!
Жеңіс жайлы шындық
Ешқандай да сүйенбеймін дерекке,
Қажет болса, себеп болам себепке.
Толып жатыр ескерткіші соғыстың,
Жеңіс жайлы жазып беру керек пе?!
Куә қырғын соғысыңа жер үсті,
Тып-типыл ғып кетті талай қонысты.
Өрт боп жанып,
От боп лаулап,
Күл болып,
Бұл қайғыны ормандар да бөлісті.
Батпақ пенен кең даланы,
Құмайтты,
Өлген ерлер сүйегімен тыңайтты.
Қайнарлардың түсі қанға боялды,
Бұны дерек болмайды деп кім айтты?
Соғысыңды көрген таулар тірі әлі,
Жарық күнге мың мінәжат қылады.
Тілі әлі күрмеуге бір келмейді,
Көзі соқыр,
Естімейді құлағы.
Дұшпандарды өткізбеген өзендер,
Мұратына жеткізбеген кезеңдер.
Соғыс жайлы тарау-тарау тарихты
Атып тұрып,
Дір-дір етіп өзеулер.
Су сепкендей аба алады күлкіңні,
Шайдай қылып аша алады ұйқыны.
Жазылмаған әлі күнге
Көк білеу
Қара жердің бетіндегі тыртығы.
Көзіменен көрмегендер соғысты,
Жүрегімен сезбегендер жеңісті
Соғыс жайлы,
Жеңіс жайлы жырлаған
Кітаптар мен кинолар да тоғысты.
Анық емес, балалық шақ бұлыңғыр,
Айта алмайтын көкірегімде сырым жүр,
Әкелердің өліп жеткен жеңісін
Мейрамдауға туылғанбыз –
Шыным бұл.
Осы жеңіс –
Әрі шындық, әрі аңыз,
Сенбесеңіз,
Терең ойлап қараңыз.
Осы жеңіс –
Біздің туған әкеміз,
Осы жеңіс –
Біздің туған анамыз.
Көл жағалай бір бала жүгіреді
Желкілдеген күйіңде тұлымшағың,
Қайда ғана жоғалдың құлыншағым?
Автор.
Кіп-кішкентай,
Керемет ғұмыр еді.
Есіме алсам,
Көңілім бүлінеді.
Анасының қолынан шығып кетіп,
Көл жағалай бір бала жүгіреді.
Жүгіреді,
Бір құлап-сүрінеді.
Анда-санда бұлдырап,
Кідіреді.
Зырлар бара жатады,
Тоқтай қалып,
Судың терең түбіне үңіледі.
Кеудесі оның
Толы еді армандарға!
Қолын бұлғап
Осынау ән-жалғанға,
Кете барды айдынның тереңіне...
Не бар көлдің түбіне?
Маржан бар ма?
Не бар көлдің түбінде?
Біле алмадым,
Қалды жетім менің де сұрауларым.
Маржан қуған баламен
Көл түбінде
Кете барды менің де армандарым.
Көлден оны сұраймын күнде-күнде,
Мазам кеткен ұйқысыз түндерімде.
Құлағыма көл жақтан жетеді үні
Жылағанын естимін,
Күлгенін де.
Кейде жылап жүреді көл жағалай,
Кейде келе жатады белге қарай.
Ақ көйлегі желбіреп,
Жүгіргенде
Жеткізбейді, білмеймін, желге қалай?
Кейде көлден әріден қаптап бұлт,
Найзағайын атады шақпақ қылып.
Осы кезде
Толқынның ортасында
Менің балам жүреді
Сақ-сақ күліп.
Мәңгілік класс
Русланға
Оқуда озат,
Зерек еді,
Үлгілі,
Қызық болды қысқа тірлігі.
Ол жасаған кіп-кішкентай мүсіндер
Көрмелерде тұрар ма еді бір күні...
Сияқты еді менің жалғыз қанатым,
Ұшқан кезде алысқа алып баратын.
Кіп-кішкентай болса-дағы кей кезде
Үлкендерше ойға батып қалатын.
Папа деп те айта алмады айғайлап,
Айдын Балқаш алып кетті мәңгі айдап.
Суға кетіп қалды-дағы
Мәңгілік
Класында қалып қойды ол бейбақ.
Оқуда озат,
Зерек еді керемет,
Өскенде де алғыр болар деген ек.
Бірінші бітірген соң кетті де,
Екіншіде мәңгі қалды, не керек!
Соңғы ерлік
Жайы жоқ қорқып, сасып жаннан қашқан,
Беймарал сақтанбастан,
Қорғанбатан,
Балқаштың нар қамысын бетке алып бір.
Жолбарыс келе жатты маң-маң басқан.
Өрт болып өңі әбден күйіп алған,
Көзіне қып-қызыл боп ұйыған қан.
Жасырып қылшылдаған «қырық» тісін,
Төрт бірдей «жұдырығын» түйіп алған.
Жалғыздық жегідей жеп жәбірлеген,
Қажыды қалың ойдан жанын жеген.
Түсінде,
Түнде келіп тәңірі оған:
«Ажалды жіберем» деп мәлімдеген.
Толқыны жағаға ұрған көл де ашулы,
Ал бұған қимағанадай жер басуды.
Кішкентай,
Бірақ сұп-сұр.
Әрі сұсты
Түсінде көрді ыстық қорғасынды.
Осыны ойлап ішке толды ашу-кек,
Өзі де қатты сонсоң қорғасын боп.
Теңізге сүңгуді ол ойға алғандай
«Артымда сүйегім де қалмасын» деп.
Шығарып енді есінен қорыққанды,
Тастады түңілгенді,
Торыққанды.
Бір кезде қарсы алдынан үңірейген
Мылтықтың қос ұңғысын көріп қалды.
Білмейді қанша ойланды,
Қанша тұрды,
Соңғы рет ышқынды да жан шақырды.
Толқындай жарға соққан бір арс етіп
Балқыған қорғасынға қарсы атылды!...
Бақыт
Шарықтап құстай көңіл-күй,
Бойымды билеп сиқырлы ән,
Күннен де бұрын
Мен ылғи
Оянам ерте ұйқымнан.
Қуамын жүйрік уақытты,
Бір қызық содан табам да.
«Еңбек еткендер бақытты
Болады», - дейтін анам да.
Сүйемін тауды, даланы
Өлкеме менің өң берген.
Анама ұқсас ананы
Көремін барлық жерден мен.
Аямай алғыс, батаны,
Ғажайып жандар болар ма –
Ақылын айтып жатады
Жандары қалмай олар да.
Керемет менің әр күнім,
Бар шығар аздап қатем де.
«Ерте тұрғандар таң нұрын
Көреді»,- дейді әкем де.
Ел үшін мен де тер төгем,
Қызығына да батамын.
Елімнен қалмай,
Ертемен
Еңбекке бара жатамын.
Буына шөптің көмілем,
Нұрына таңның шомылып.
Осылай ерте менімен
Тұрады бақыт жолығып.
Жақсыларды сақтайық
Бәрі де бар тірлікте
Мына өмірде,
Бәрі бар деп бейғам боп жүремін бе?
Ортаға сап онымды ортайтпасам,
Жарылатын сияқты жүрегім де.
Адалдық жүр,
Қасында қулықтар бар,
Соны айта алмай ашынған шындықтар бар.
Басқа күні киініп,
Басқа киім
Өзін-өзі жасырған сұмдықтар бар.
Даналар бар,
Жанында жүр ақымақ,
Ақылдыны соларға сынатып ап,
Өлтіріп ап, келеміз тірілте алмай,
Тұрғыза алмай келеміз, құлатып ап.
Тұлпарла бар,
Жанында есектер жүр.
Есектер жүр тұлпарды өсектеп жүр.
Оның орнын басуға талап қылып,
Енді қалған ғұмырын есептеп жүр.
Сұңқарлар бар,
Жанында қарғалар жүр.
Әрбір ізін жасырып, жорғалап жүр.
Алмаған соң қарғадан ажыратып,
Сұңқарыңның өзі де сорлап-ақ жүр.
Не қилы адам жүр біздің қасымызда,
Дабыра сап, дау іздеп басымызға.
Дарытқымыз келмесе өзімізге,
Қорғаныш боп жүрейік досымызға.
Баба мен бала
Көргенбіз дейді көп қайғы,
Сол дейді заман тар кезі.
Өткенді біреу даттайды,
Ол күнсіз бүгін бар ма өзі?
Артында қалған көк белді
Бұрылып қалай даттарсың,
Тілдесең егер өткенді,
Сен содан туған сотқарсың.
Асарсың әлі көп белден,
Қызығың алда, ерте қлме.
Күдігің кетсе кеткенмен,
Үмітің әлі етеңде.
Нұрына малып көктен күн,
Қаламасақ та, қаласақ:
Бабаңмын дейді өткен күн,
Балаңмын дейді болашақ.
Өткеннің жайын білмесең,
Өскенбіз біз де солардан.
Бабаңды егер тілдесең,
Екі есе қайтар балаңнан.
*** Бәріміз де өлеміз, жоқ ешкім де өлмейтін,
Жеріме бір жеткенше мәңгі мені жерлейтін,
Ешқашанда айтуға болмайтын бір сырым бар,
Шындығым бар ешқашан айтпасыма көнбейтін.
Бірі еңкейтіп кешімді, бірі атырып таңымды,
Жүрегімді соқтырып, тулатады қанымды.
Алма-кезек екеуі тоңдырады тәнімді,
Алма-кезек екеуі жандырады жанымды.
Ақан серінің Қараторғайының өлімі
Қараторғай,
Ұштың зорға-ай,
Бейшара шырылдайсың
Жерге қонбай.
Ақан
Қараторғай қартайып жасы жеткен,
«Айрылдым деп қырандық қасиеттен»,
Алғаны үшін ақынға масыл болып
Азап шекті іштегі қасіреттен.
Қартайды ол,
Аң қағып,
Құс алмайды,
Қасқыр түгіл қарсаққа да түсе алмайды.
Қанатымен ұшса да
Құйрығымен
Қона аламайды, сондықтан ұша алмайды.
Жанары да жасаурап жасын отты,
Әлсіз-әлсіз сәулелер шашыратты.
Қыранының қиналған түрі жаман –
Ақанның да жанына осы батты.
Қысқа, мүмкін,
Көп, мүмкін, ғұмыр күні,
Желпілдейді тірліктің туырлығы.
Бірін-бірі қинайды екі зарлық,
Екі мұңлық қимайды бірін-бірі.
Қыран құсты қайғысы жалап іштей,
Ұшпағаны түңілтіп жаман істей,
Алдындағы етті де тарпып тастап,
Қойды тіпті бір күні тамақ ішпей.
Қос қанаттың қадірін білер ме еді,
Көк төсінде бір дәурен сүрер ме еді.
Қанаттарын соққылап,
Кзі оттай боп
Саңқ-саңқ етіп иесне «жібер» деді.
«Артық еді пендеден қара басың,
Енді, мейлі, көз жасым домаласын.
Қиналғанмен, қайтейін,
Қош бол, досым»,-
Деді де Ақан сыпырды томағаын.
Қараторғай тұғырды тастады да,
Қайқаң етіп атылды аспанына.
Көзі оттай боп,
Зуылдап Бурабайдың
Төбесінен қарайды тастарына.
Күн нұрымен астасып шарқ ұрғанығ
Көз ұшында сонан соң жалтылдады.
«Кішкентайдан бірге өскен» Ақанына
Жас кезіндей соңғы рет саңқылдады.
Кәрі қыран, шаршаған, амалдайды,
Шарасы жоқ,
Еш айла таба алмайды.
Қанаты бар,
Қаншама қартайса да,
Құйрыңы жоқ, арман-ай, қона алмайды.
Шыныменен қыранның сасқаны ма,
Енді аспанның өзін де тастадыда,
Иесіне соңғы рет саңқ етті де
Бурабайдың шүйілді тастарына.
Бірі жерде, бірі көк күмбезінде,
Сәті кеткен сәскенің бір езінде,
Құлар бара жатты Ақан,
Тек есінде
Ноқат қалды кішкентай күн көзінде.
«Қараторғай келеді қанат қағып,
Қанатының астына маржан тағып.
Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің,
Қапылыста айрылдым сенен нағып....»
Асығуға болмайды ешқашан да
Өмір желі желпиді ескен майда
Өкпеміз жоқ ешкімге ешқандай да.
Жеріміздің жетеді қызықтары,
Қол жайғымыз келмейді аспанға, айға.
Ақын болсаң, бол асқақ –
Сол тілегім,
Шындығыңды айт шыңғырып,
Сертіңе мін.
Бұққаныңды көрсем бір, өлеңіммен
Әлегіңді аспаннан келтіремін!
Керегі жоқ тірлікте атақ, аттың,
Уа, даңқ! Сен талайды қаталаттың,
Адалдықтың ұлымын жалаң аяқ,
Еңіреген құлымын махаббаттың.
Біздің жағдай осылай,
Елемеңіз...
Ерте өніп,
Асықпай көгереміз.
Жастау кезде ынтығып қолпаш сөзге,
Кейінірек құрметке бөленеміз.
Адамдар
Тайып бір кетсем жолымнан
Тұрасың көбің көлденең.
Оңымнан және солымнан
Атқылайсыңдар көзбенен.
Атқылайсыңдар сөзбенен,
Өлтіресіңдер даттаумен.
Даттаудан өлген кезде мен
Тірілтесіңдер мақтаумен.
Жаныма ерсе жамандық,
Кетеді өзі сенделіп.
Қорғайды мені адалдық
Қорлаған кезде пенделік.
Жалп етіп сөніп жарық таң,
Жанары мүлде түк көрмей,
Сәуле мен мынау жарықтан
Сарылып үміт күтпендей.
Ағарып шашы ананың
Жанары-дағы түп көрмей,
Хабарсыз кеткен адамын
Бір ғұмыр бойы күткендей.
Жақсылық үшін сенделген
Жайым бар
Және алаңдар.
Үмітімді .збей сендерден
Жақсылық күтем, адамдар.
ӨЛЕҢ ӨМІР
/поэма-элегия/
Марқұм , талантты ақын Мұқағали Мақатаевқа
ескерткіш!
Что знаем мы про братьев , про друзей?
Что знаем о единственной своей?
И про отца родного своего
Мы , зная все, не знаем ничего.
Е. Евтушенко
Соғып тұрып бақыттың қоңырауын,
Ашып тұрып самалға омырауын .
Жырлады ақын ,
Жырлады мүлт жібермей
Қазақы қара өлеңмен өмір әнін.
Шудаланып ,
Ширығып шумақтар да ,
Бұлқынады ,
Булығып бунақтар да.
Тамырда қан қалайша тулап ақпас
Өзегінде өлеңнің сыр жатқанда.
*** Ақын болды осыдан аз жыл бұрын, Төгетін-ды жүректен жаздың жырын. Табиғаттың керемет әңгімемен Айтатын-ды аққу мен қаздың мұңың. Болатын-ды сол тентек , адуынды , Білейтін-ді пендеге жағынуды. Соншалықты бақытты сезінетін Бірақ аздап болатын жаны мұңлы.
-2Денелі-тін , Үлкен-тін басқалардан, Алға оны сүйрейтін асқақ арман. Адалдығы , Ақтығы арқасында Жан емес-тін ешкімнен жасқана алған.
Қиялдары ғажайып болатын-ды,
Өлең отын маздатып жағатын-ды.
Қалтыраған сәуле үшін жаны қалмай
Қуыстарға қуатын қара түнді.
Бір басынан көп өмір өткеретін ,
Бірде суық ,
Біресе көктенетін.
Неге екенін білмеймін ,
Түсінбеймін ,
Өзін-өзі кей-кезде жек көретін.
Мен де ақынның күзеткен ем,
Мен де жырды бүлдіріп , түзеткен ем
Жас буынын өнердің қолтығына ап
Жауқазынға қарайтын ізетпенен.
Шыр айналған жыр менен дүниені
Сүйетұғын.
Жұмыр жер үйі ме еді.
Әлемдегі жағдайдың болып жатқан
Күйінеді,
Біріне сүінеді.
-3-
Басын шайқап содан соң таңданады ,
Аз нәседен көп сырды аңғарады.
Ливандағы жағдайға құлақ түріп ,
Жанымене сүйетін Анголаны.
Чили үшін ол қанша ауырмады ,
Чили үшін жарқылдап , дауылдады.
Өзі мықты .
Жүрегі нәзік еді ,
Ауру еді
ауруы ауырлады.
Чили оның шуағы болатұғын,
Чили оның қыраны болатұғын.
Түс көретін.
Түсінде сол қыраны
Хунтаның қуатын қара түнін.
Қолдап отыр Чилиді әлем бүгін
Қуанышпен қарсы алыпбар ерлігін.
Неруданың жырының алауы мен
Жүрек отын Сальвадор Альенденің.
Жеңеді әлі
Намысын қорғағандар,
Құриды әлі
құдайы қарғағандар.
Революция отының жалынында
Туып жатыр.
Туады Корвалондар.
-4-
Чили оты – шаруаның жүрегінде,
Чили оты – соқаның түренінде.
Чили оты – жұмысшы білегінде,
Чили – бүкіл әлемнің жүрегінде.
Чили - ғашық жүректің тереңінде ,
Шуағына бақыттың бөленуде.
Неруда мен Альенде істерінде ,
Мұқағали ақынның өлеңінде.
Соның бәрі алаулап жүр есімде ,
Революцияға жоқ менің үлесім де.
Тілегім барЧилиге ,
Чили деген –
Коваланның қажырлы күресінде.
Көшейінші қайтадан әңгімеме ,
Суытады суық жер тәнді неге.
Сол бір ақын жаны адал ,
Жүрегі пәк
Тым ертерек көз жұмды мәңгі неге?
Иә, оны білеміз бәріміз де ,
Бізге – аға ,
Іні еді кәрімізге.
Адалдығы жететін мың жасауға
Рухы бар-тын келетін әрі жүзге.
Шөл шыныңды айтқызар
Табаныңда құм жатыр тыр жалаңаш,
Жалаңаш құм жаныңа бір қарамас.
Сені аямақ түгілі,
Шөл бағұсың
Түсіне енген түндегі жылғаға мас.
Құм ішінде құмығып тістенеді.
Бойға қайдан мұндайда күш келеді?
Өмір бойғы арманы –
Бір ағын су,
Қалғып кетсе, ғаламат түс көреді.
Шөлдің көрген тірлігі осы, досым,
Ала алмаған өмірден несібесін.
Адалдығың,
Ақтығың арашалап,
Шыныңды айтып
Алдында шешілесің.
Жазбаса да жабығып мәңгі өлуге,
Тіршіліктің оты бар әр демінде.
Шөкім бұлт та көктегі дап-дайын тұр,
Жанып тұрған құшақта жан беруге.
Жалғыздықтан жалықтың ба?
Сені әкетіп аз ғана өмір түзге,
Сағынықтай сарғайды өңір күзде.
Неге жиі жазбайсың, жаным менің,
Көңілді ме,
Ауылың көңілсіз бе?
Бірге жүрген кездерде шығып құзға,
Қасиетін қадірдің ұғыппыз ба?
Неге жазып тұрмайсың хат арқылы
Қызықты ма,
Күндерің қызықсыз ба?
Құлағыма жеткенше талып бір ән,
Сағындырам,
Сарғайтам,
Зарықтырам.
Жалғыздықтан жалығып мұңлы жүрсең,
Құстай ұшып қалықап барып тұрам.
Махаббатым мөп-мөлдір шығы таңның,
Тек сонымен жаныңды жылытармын.
Жүрсең егер шайқалып шаттығыңнан,
Мен де еріксіз өзіңді ұмытармын.
Бақыт деген немене
Бақыт деген не нәрсе?
Кім біледі?
Жөн-жосығын кім біліп үлгереді?
Алаңы жоқ жандарға ой салмайды ол
Керісінше, өтірік күлдіреді.
Табылады дәніккен төзімсіздер,
Көзі тоймас бар кейде көңілсіздер.
Қарақан бас қайғысын сапыратын
Тірлік құрып жүр қанша өмірсіздер?
Солар үшін ыза боп жанамыз да,
Жүргендігін көреміз арамызда,
Қайта жасап жатсақ та жаңа қоғам,
Ізгіліктен нұр құйып санамызға!
Бқыт емес қарынның тойғандығы,
Кім асқақ қып,
Бақыт қып қойған мұны?!
Бақыттымыз сол күні –
Шын адамбыз
Арзан атақ-даңқты жойған күні.
Талайларды атақ-жел «самғатыпты»,
Сол алданыш сіңіпті қанға тіпті.
Ойланудан кім қашса – соны аяймын,
Кім көбірек ойланса – сол бақытты.
Бақыт жеңіл өмірден безінеді,
Бақыт қиын жерлерде кезігеді.
Шын бақытты түсініп күрескендер,
Қиындықты жеңгендер сезінеді.
Бір арманың бар сенің
Бізден де артық өмірді сүйе білген
Кетті талай марқасқа бұл өмірден...
«Кең дүниені армансыз кештім» деген
Бір жолдастың сөзі өтті сүйегімнен.
Түсінбеймін, бізге осы не жетпейді:
Ортақ затты біреулер бөлектейді.
Ортақ мақсат,
Ортақ ой тұрған кезде
Қара бастың қамы үшін дедектейді.
Иә, иә осы біз не білеміз,
Бәрін-бәрін білген боп көрінеміз.
Тірлігінде сыйласпай,
Өлсе бір дос,
Жоқтап шыға келеміз,
Егілеміз.
Көктем сайын көгеріп көңіл-орман,
Тоса бермес қызығын өмір алдан.
Өлгеннен соң бәрібір –
Тас қараңғы,
Тіршілікте бақытты болу – арман.
Даңқ
Аз ба бақыт,
Немесе мол ма қайғы,
Әркім хатын ертеңге жолдамайды,
Тұғырыңда тарихтың
Сен алыпсың,
Көбі сенің алдында жорғалайды.
Мықтылармен жөн көріп қолдасуды,
Кеңістіктен іздейсің жолдасыңды.
Сөйте тұрып,
Сонда да адамзатқа
Әрең-әрең иесің сен басыңды.
Қара мына шырайлы әр жүздерге,
Келсең егер көп боп кел,
Жалғыз келме.
Сенің бізде шаруаң жоқ болса да,
Саған айтар дайын сөз бар біздерде.
Білем оны,
Уақыт әлденені
Еске үнемі түсіріп,
Дөңгеледі....
Шекспирге,
Толстой,
Әуезовке
Сенің өлшем, биігің дәл келеді.
Талай ақын осыдан ғасыр бұрын,
Ақиқатын айтқан-ды,
Тосын мұңын.
Жіберіпсің буыңмен тентіретіп,
Ақымақ қып өзін де ақылдының.
Аштан өліп жатқанда жарты ғалам,
Керек емес доллардың жаңқы маған.
Көріп жүрміз жандарды ақымақ боп,
Ақшаңыздың алдында қалтыраған.
Даңқ, сені түсінем,
Түсінбеймін,
Мүлде бірақ алдыңда кішірмеймін.
Сен қажетсің әйткенмен
Мен алдыңда
Ұятымды бір төмен түсірмеймін.
Дөңгелесе дүние, дөңгелесін,
Сен мықтыны іздейсің,
Сенделесің.
Жылбарынып алдыңа біз бармаймыз,
Түбі бізді бір іздеп сен келесің.
Дағыстан
Расул Ғамзатовқа
Дағыстанды бір көрмеппін әлі мен,
Сонда-дағы білем халқын жаны кең.
Өткеніне қарар болсақ егер де,
Ерлері оның жазыпты атын қанымен.
Шешімі оның – қарттарының шешімі,
Кесімі оның – салттарының кесімі.
Баяғыда өліп келген Шәмілдің
Бүгінгідей естіледі есімі.
Оның қалай,
Неге екенін білмедім,
Бір қызығы, түсінемін тілдерін.
Бір-біріне ұқсамай-ақ тұрса да,
Домбырамдай ұнатамын бурбенін.
Ақынының жұлдызы да жоғары,
Сондықтн да жоғарыда жанады.
Дағыстанның шыңдарының айбыны
Ғамзатовтың жырларына қонады.
Көңілі кең,
Көзі барлар көреді,
Досқа досша,
Ерге ерше сенеді.
Ғамзатовтың қлең-жыры жарығын
Мына біздің далаға да себебі.
Толқын мен қыз
Желігі ұстап, көл кеулеп,
Жасырып тәнін қойнына.
Ұмтылды толқын елбеңдеп
Судағы қыздың мойнына.
Алысып жап-жас қызбенен
Ойнайды жұлып тұмарын.
Ойнақтап толқын жүздеген
Баса алмай желік, құмарын.
Еркелеп, қуып, алысып,
Ләззатты сезіп жанымен.
Жібермей қызға жабысып,
Аймалай берді тәнінен.
Белгісіз, жұмбақ жарадан,
Өртенді ме екен өзегі.
Ойынды осынау қалаған
Еркелеу қыздың өзі еді.
Сиқырлап толқын ажарын,
Қызыққа басты мың түрлі.
Аққудай сезген ажалын
Жағаға сұлу ұмтылды.
Лақтырып толқын бұрымды,
Желіктің жібек желімен.
Босатпай балғын сұлуды
Тереңге тартты белінен.
Осы еді оған керегі
Сұлудың алды буынын.
Құшақтап нәзік денені
Түнеріп жатты иірім.
Уақыт пен бақыт
«Ұлымды өнерлі етем,
Ғалым етем,
Сол үшін отқа түсіп, жанып өтем».
Осыны ойлап қойып,
Үнсіз ғана
Бақытты сезінеді менің әкем.
«Елім –кең,
Қалам – нұрлы,
Далам – керім,
Еседі қарсы алдымнан самал желім.
Отаным – менің анам,
Мен де анамын», -
Дейді де қуанады анам менің.
«Қолымда Тыңның наны –
Қолымда Күн,
Туған ел сыйлап жатыр соның бәрін.
Мен қалай мақтансам да артық емес»-
Дейді де жымыңдайды менің жарым.
Болашақ жетелейді өмір де ұзын,
Сезбейміз ешқашанда көңіл күзін.
Сезімін шын бақытты жеткізе алмай
Жайраңдап еркелейді менің қызым.
Күн сайын бір өмірге кезігемін,
Осыған жүрегіммен езілемін.
Осының бәрі барда ғұмырымды
Мәңгілік таусылмастай сезінемін.
Өзінің сәнімін де,
Мәнімен де
Сыйлайтын қуаныштың бәрін елге
Бақыттың өзі сөйлеп былай дейді:
«Сендерге қызықтар көп әлі жерде».
«Сендерде –
Қашан өмір,
Қашанда күн,
Сендерден күтем бәрін,
Тосам бәрін», -
Дейді де жымияды Уақыт бізге:
«Себебі тым бақытты Отандарың!»
Бесік жыры
Өз еткенін өзі бір тыңдамаған,
Оралмаған өзіне – бұл да жаман.
Адам қандай пендесің,
Өзгергішсің,
Сәби кезіңді ұмыттың іңгәлаған.
Қандай жақсы өскенің,
Амандығың,
Болар асқан кезің де
Болар мұңың.
Байқалмайды жанымнан өткеніңде
Сәби кезгі керемет адалдығың.
Бесік жырын ұмыттың шешелердің,
Мінезіңді мың түрлі неше көрдім.
Мына маған салмай-ақ назарыңды
Қабағыңды тарс түйіп өте бердің.
Ұмытылып тал бесік,
Жұпар ана,
Әлде адам осылай жұқара ма,
Мүлде өзгеріп кетіпсің,
Танымадым,
Сәбиліктен қалмапты жұқана да.
Әлі талай алдыңда бар шығар шың,
Соған мүмкін өзіңді қамшыларсың.
Өткніңді ұмытқан, еске алмайтын
Мүмкін, асқақ жаралаған жан шығарсың.
Мүмкін, жансың біреуді қайталаған,
Менменсінген, кердиген шалқалаған.
Мейлі, кім боп кетсең де, о, «данышпан»
Менен шықтың, келесің қайта маған!
Айналдырып басыңды шырақпенен,
Әлі саған мен де бір сұрақ берем.
Тек мынаны есіңе сақтап жүргей
Ағаш бесік болмаспын бірақ та мен.
Құлпытас
Кім мәңгілік,
Шынында, кім өлмейді,
Сен де өмір алысқа жібермейді.
Жиған байлық, дүние қалар бәрі
Түгендеп бір кетсең де түгел мейлі.
Бірің қусың,
Бірің от,
Бірің жасық,
Бірің дұшпан,
Бірің өш,
Бірің ғашық.
Білмей қалу түк те емес бір-біріңді
Дүние үшін жүргенде ырылдасып.
О, қайдасың бауырым, дос, аяулым,
Өз-өзіңнен сен қашан босай алдың?
Кімге қандай жамандық істеп едің,
Кімге қандай жақсылық жасай алдың? –
Сол болады мәңгілік жолдасың да,
Туғаның да,
Барың да,
Жан досың да,
Не істей алдың сен өзің өміріңде –
Өлгеннен соң құлпытас сол басыңда.
Әннің тууы
«Оу, дүние,
Дайын ба төрің маған,
Мен бір келген өзіңе серің болам» -
Дегендей-ақ айғай сап қуаныштан
Өлең айтып келеді өмірге адам.
Адам ба әсте осылай жырламаған,
Әлди жырын және де тыңдамаған.
Өзгелерге тыңдатып келеді адам
Өзі айтып өз әнін іңгәлаған.
Оған мен де ешқашан таңдана алман,
Өмір деген – толған жыр,
Толған арман.
Сондықтан да адамның өзіменен
Ең бірінші өмірге ән жаралған.
Шырқалады ерлігі,
Ар-намысы,
Армандары,
Ұшан бір толғанысы.
Ғұмыр бойы көргенін,
Көрмегенін
Жеткенінше айтады бар дауысы.
Пәлен айтты дейтұғын мәңгі әні бар,
Заңдары бар,
Салты бар,
Сәндері бар.
Өле-өлгенше айтатын аңыратып
Арман толы адамның әндері бар.
Аңызға айналу
Өсімдіктер,
Жәндіктер,
Құмырсқалар,
Олар барда биолог жұмыс табар,
Үйренеміз біздер де табиғаттан,
Құмырсқалар ұйымшыл жұмысқа олар.
Кремет деп айтамыз тіршілікті,
Тіршілікке бәрі де құлшыныпты.
Бір шыбыққа байлаймыз бір өмірді,
Бір өмірге байлаймыз бір шыбықты.
Жаратылыс туралы сөз еткенде,
Осылай деп жазады газеттер де,
Жаратады, әрине, сол шыбықты
Адам адам болған соң қажеттерге.
Қашты жеріп қағынан құландар да,
Кетті ұзып көктегі қырандар да.
Қыран түгіл бұл күнде кетті азайып,
Жалпақ жерде жылжыған жыландар да.
Жақын менен шолыса ой алысты,
Боз жусан мен сексеуіл, баялышты,
Сағынамыз,
Айтпақшы бұл күндері,
Қасқырлардың қалы да аянышты.
Тағылардың бұл күнде қорықпаңыз,
Тағылардың тағдыры болыпты аңыз.
Аңның ізі ақ қарда арман болып,
Жолықпайды ал құмда жорытқан із.
Келеді алып осыған арманымыз
Дәлелдейді осыны жан-жағымыз,
Адамыңыз ақылды болған сайын,
Айналады аңызға аңдарыңыз.
Жердің қаны
Қарамай-ақ келе жатқан жаңбырға,
Шалғышы көп шалғы салды шалғынға.
Оңды-солды сілтегенде қаруын,
Қанжоса боп жатты гүлдер алдында.
Жас үзіліп жатт ыгүлдер сабақтан,
Табан асты бауыздалып тамақтан.
Қызыл гүлдер шөппен бірге шабылған
Секілді бір жерге жұққан жолақ қан.
Еңбек пен ақша туралы
Сен секілді мен де адам,
Мен де кісі,
Көрінгенмен ортамда елге кіші,
Қалтамдағы ақшамнан бұрқырайды
Маңдай тер мен ақ адал еңбек исі.
Былай қойып осыдан басқаңызды,
Айтып сізге берейін жақсы аңызды.
Өзі білсін мына жұрт не десе де
Өзім жақсы көремін ақшаңызды.
Ел, әрине, еңбекті бағалайды,
Ауырына ауыр деп қарамайды.
Ақшыңыздан адалдық аңқып тұрса,
Алпыс екі тамырды аралайды.
Кейде қалай шалқымас көңіл елі,
Көзге дүние көрікті көрінеді.
Осындайда адал мен арам болып
Ақшаңыз да екіге бөлінеді.
Азаматтың ақысы – адал-ары,
Адалдық деп ақшаға қарағаны.
Оны қалай табамыз сол үшін де
Бізді екіге ақша да бөле алады.
Жырға толы жанымның кең өрісі,
Сары ала боп жайқалған көк өнісі.
Қалам ақы аламын,
Бірақ одан
Бұрқырап ақ тұрады өлең исі.
Сен секілді мен де адам,
Мен де кісі,
Көрінгенмен әр жерде елге кіші,
Ақша исі шығад еңбегімнен
Ақшамнан да шығады еңбек исі.
Су мен мұз
Су менен мұз туысты,
Туысуға тырысты.
Тіл табысты, ұғысты,
Бірде бірақ суысты.
Өз-өзінен ізденіп,
Өр көкірек мұз келіп,
Судың басып кеудесін:
- Жоқ қой менің теңдесім!
Тамағыңнан алам да,
Таптап өтем табанға –
Деді сұлап жатып ап,
Өз-өзінен шатынап.
Жауап қатты су сонда:
- Ізірге ұстап тұрсаң да,
Өз көзіңмен көресің,
Айтқаныма көнесің, -
Құдіретің мен болам,
Айналасың сен маған.
Нуға бөлеп бұл жерді,
Жайқалтамын гүлдерді.
Жылға бойы құрақ боп,
Жүгіремін бұлақ боп.
Қаталаған, шөлдеген
Қанып шіп ел деген.
Мақтар мені баладй деп,
«Су осындай болғай!» -деп.
Менің анатомиям
Туысып ақпан қыспенен
Боранды күні бір бүлік,
Табиғат берген күшпенен
Өмірге келдім шыңғырып.
Кірпігі күннің тесіле,
Сәулесін шашты шығыс жақ.
Жармастым ана төсіне,
Ауамен,
Нұрмен тыныстап.
Жаралып сүйек, ет пенен,
Денемді тамыр құрады.
Белоктан қаным,
Көптеген
Металдардан тұрады.
Табиғат пенен ғаламды
Миыммен ұғып, білемін.
Жақсылық пенен жаманды
Сезеді жұмыр жүрегім.
Басынтпау үшін қасымды,
Қирату үшін торларын,
Құшақтау үшін досымды
Бар менің құрыш қолдарым.
Көтеріп бас пен денемді,
Беретін жанға жәрдемін,
Асатын қилы белеңді
Аяқтарым да бар менің.
Жақсыға сыйлап бап отын,
Жаманды өтер осқылап,
Бар менде маздап жанатын
Маңдайға біткен қос шырақ.
Ақылды,
Әсем,
Саналы –
Адамның асыл әндерін,
Шырқата алар жоғары,
Даусым да биік бар менің.
Айналар ойым есімде
Ойлыға мені қосыңдар.
Жер қамын ойлау үшін де
Жер шарына ұқсас басым бар.
Қақтығыстарда,
Лайсаңда,
Ала алмақ емес мені ешкім.
Ақылды дұшпан болсам да,
Ақымақ жолдас емеспін.
*****
«Арманымыз көп қой біздің,
Көп әлі,
Өмір бойы тарта берсек жоғары»,
Дейміз- дағы,
Асып кетіп,
Жастықта
Қателікті те жібереміз шамалы.
Жастық барда,
Қызу барда бойдағы,
Көңіл жарқын,
Жүзімізде жайдары.
Бұзылмаса екен дейміз
Достық пен
Көңіл күйдің қою тұрған қаймағы.
Қандай жақсы
Тойға барған,
Тойлаған:
Ән- күй менен алау толы айналаң!
Қандай рахат
Таныстарың көп болып,
Оларды да еске алып бір ойлаған?!
Арманымыз қызық біздің,
Тым қызық,
Қанатына әкетеді мінгізіп.
Сол арманның алауынан
Қаламыз
Шабыттана балқып,
Шалқып,
Шын қызып.
Дәл сондайда
Көңіліңді жаралап,
Жатса біреу
Ту сыртыңнан қаралап,
Жетпей жатқан кемшілігің түк емес,
Асып кеткен қателігің жаман- ақ.
Сексен жеті
Күйге бөлеп кешімді,
Курант соқты астана...
Сексен жеті есімде
Келді өмірге жас бала.
Жарық жырын, күн нұрын
Келген шығар сағынып.
Жаңа жылдың кіндігін
Кесті халық жабылып.
Сәбиді әркім мақтайды,
Көп бөгелер уақыт.
Содан кейін ат қойды,
Қойды біреу Бақыт деп.
Жарқылдап жан шоқтары
Жаңа жылдың кешінде,
Енді бірі тоқтады
Еңбек деген есімге
Деді біреу:» Қашанда
Әділірек болайық.
Адал болсын Отанға,
Адалдық деп қояйық !»
Құптар да едік осыны,
Ортаға бір ер шығып:
«Бұл сәбидің есімі
Болсын, -деді, - Молышлық!»
Жүзіп көңіл хоштықта,
Айтты Ырысқұт шешімін:
«Не жетеді достыққа,
Достық дейік есімін.»
Жыр ұшты ақын жүректен:
«Мақсат айқын, ой айқын –
Адамзаттық тілекпен
Тыныштық деп қоялық!»
Сөз алды тың ерені
Егінжайда қолбастар:
«Бәрінен де керегі –
Бейбітшілік, жолдастар!»
Жаңа жылдың есімін,
Қойды ақыры Жеңісбек:
«Бәрі болсын осының,
Болмасын,-деп , Соғыс тек!»
Қала менен даланы
Аралауды ән билеп.
Жатырмыз жас баланы
Жөргегінді әлдилеп.
Бүкіл елдің көзінше
Секунд сайын ер жетіп,
Ән салады өзінше,
Жұмыр жерді тербетіп.
Жатыр халық мақұлдап,
Естіп оның дабылын.
Сөйлеп берді тақылдап
Жаңа туған Алыбың.
Енді оны байлаймыз
Арманына халықтың.
Үмітпенен қараймыз
Адымына Алыптың.
Бізде немене артық
Ештеңе жоқ бізде артық басымыздан,
Байқалады ол қабақ пен қасымыздан.
Адал,
Әділ,
Тым шыншыл адам етіп
Тәрбиелеп өсірген жасымыздан.
Артық заттың жоқ бізге керегі де
Қызықпаймын көбіне,
Көлеміне
Сол керексіз заттардыі есебінен,
Мінез іздеп жүремін өлеңіме.
Тәрбиеде,
Болмыста біз адалмыз.
Адалдықты аспаннан сұрағанбыз,
Сол адалдық аздаған артық болып,
Кесірінен кезінде жылағанбыз.
Бізге ешкім жат бояу жаға алмайды
Ширақ жігіт деп те мін таға алмайды.
Сәл аңқаулау адамбыз сондықтан да
Бір алдансақ,
Екінші тағы алдайды.
Керек емес,
Бүтін де
Жарты кеңес.
Көрінбесе егер де бәлкім елес
Артық емес ешкімнен еңбегіміз
Ақылымыз да айтарлық артық емес.
Ештеңеге жә да жоқ таңданар түк
Күтеріміз көз талып,
Таңды ағартып
Өзіміздің жағдайменен мүмкіндіктен
Кейде артық күтеміз,
Сол ғана артық.
Неге қара бояуды ұнатпаймыз
«Қара бояу қап-қара, түрі жаман,
Шамаң келсе,
Үңілме,
Түңіл одан:
Жүзіне оның нұр-сәуле жүгірмеген,
Тірі жанға өңі бір жылымаған.
Қара бояу - өкініш,
Жалынды іші.
Қара бояу бояудың «әмірлісі».
Қара бояу –
Көзі жасы жетімдердің,
Жесірлердің қап-қара жамылғысы.
Мазаласаң, мейлі, мазалашы,
Жазаласаң, мейлі, жазалашы.
Орап қойған қып-қызыл матаменен
Қара бояу –
Өлгеннің жаназасы.
Қара бояу –
Қара түн қалтыраған.
Ұқсамайды күндізге ол жарқыраған.
Алтын күнін аңсайды аспандағы
Қара түнді жамылған «жарты ғалам», -
Деп біреулер өлтіре жамандайды,
Жамандап та жарытпай,
Амалдайды,
Мен осыған қарсымын,
Бұл бояудан
Неге адамдар ізгілік таба алмайды?
Бағынбай-ақ қайсыбір көзқарасқа,
Жаман,жақсы дейтұғын сөз қағысқа
Қарамай-ақ дүниені дөңгелетіп,
Күн менен түн түседі қозғалысқа.
Сертімізден сенімді сәт тайсақ та,
Орманына жақсы ойдың от қойсақ та,
Осы түннің сүйеміз біз қызығын,
«Қара түн» деп жағымсыз ат қойсақ та.
Жасырмаймывз, сеземіз бірдемені,
Сол қара түн аспанға тіл береді.
Сол қара түн аспанға тіл береді.
Сол қара түн боламса,
Жұлдыздардың
Жымыңдаған күлкісін кім көреді?
Осы түнді бағалап батқан күндер,
Осы түннің ләззатын татқан тілдер.
Рақаты үшін адамның жаратылған
Жомарт түндер,
Сүйкімді мақпал түндер.
Мақпал түндер,
Жұлдызға,
Көкке асыққан,
Жүректерден жүрекке от тасып қал.
Құнсыздардың құм құйып ауызына
Сен туралы жырласын тек ғашықтар.
Мақпал түннің бояуы – қара бояу,
Кірпіктерін төңкеріп далаға ояу,
Ғашық көзбен қарайды жұлдыздары,
Жұлдызды түн бояуы –
Дара бояу.
Адамзаттың қайсыбір өлшеміне Қарсы тұрып,
Бөлгені,
Бөлшегіне
Сенің нұрлы жағыңды жарқыратып,
Қара бояу, ұнатам мен сені де.
Ширықтырып намыс пен санамызды,
Талай ғасыр қақтады дала бізді.
Күн астында күйген соң бидай өнім
Мен өзім де сүйгенмін қара қызды.
Ұмыта алмай не тағдыр,
Өмірлерді,
Жүзі жарқын жұлдызды көңілдерді,
Құрметтейміз еске алып, алыстағы,
Африкандық азатшыл негрлерді.
Әрқайсысы өзінше дара кіндік,
Бес ақина,
Бес құрлық жаңа білдік,
Азаттығын аңсаған Африка,
Африка – қара алтын
Қара құрлық.
Аптапты күн жазында түн саяңдай,
Маңдайымнан мақпал кеш,
Сүйші аянбай.
Қара деген бояуды жүрміз біздер
Орынына дәл тауып жұмсай алмай.
Ақындар – қандас бауырлар
Мінездерінде дауыл бар,
Боран бар,
От бар,
Жауын бар.
Әр тілде мейлі жазса да,
Ақындар – қандас бауырлар.
Күміс де,
Жырды алтын де,
Жазады олар әр тілде,
Ақынның азап – рақатын
Бермейді тағдыр әркімге.
Құрметтеп ақын қауымын,
Бар елдің сүйем ақынын.
Назым да менің бауырым,
Тагор да менің жақыным.
Жырменен жаным жай табад,
Сырласам кейде түнімен,
Пушкинді тағы қайталап,
Руставелиге үңілем.
Табиғат - ана әркімге,
Сыйласын жырдың жарығын.
Жазғанмен олар әр тілде,
Мақсаты біреу бәрінің.
Мінездерінде дауыл бар,
Боран бар ,
От бар,
Жауын бар.
Әр тілде мейлі жазса да,
Ақындар – қандас бауырлар.
Сахнадан кетеміз
Мынау алып сахна - айналамыз
Дайындалып,
Жаттығып,
Ойланамыз.
Өзіңіз де жетесіз өзіңізге
Рөлінде басқаның ойнамаңыз.
Қу да ойнайды өзінің рөлінде,
Өйткені оның қулық бар жүрегінде.
Сұмда ойнайды өзінің рөлінде,
Өйткені оның сұмдық бар реңінде.
Ақымақ та ойнайды өз рөлін,
Ол талантпен күн сайын кезігемін.
Ақылдының рөлін ақымақтар
Ойнай алмай жүр соны сезінемін.
Биік-ақ қой өмірдің мөлдір әні,
Соған жетпей көп адам болдырады.
Жақсының да өзіне кейбір кезде,
Жақсы рөлдер жетіспей қор қылады.
Жылаймын ба,
Білмеймін күлемін бе,
Жүрсе-дағы ауры жүрегімде
Жолықпастан,
Қайыспастан ойнап келем,
Адал, әділ адамның рөлінде.
Ақшаға емес,
Ақылға кедей адам
Сыртыменен,
Ішімен одағы аян.
Осы рөлдің өзін де қызғанатын
Ағайын бар,
Ал оған не дей алам.
Азабы мен қиыны қандайына,
Мехнаты тисе де таңдайыма
Бар ма, жоқ па, білмеймін бақталасым,
Сыйлы ма, әлде
Сыйсыз ба көпке басым.
Хақым да жоқ.
Жетпейтін қабілетім,
Рөліне ешкімнің жоқ таласым.
Ойнап берем өкінбей өрендерше,
Өлеңім де өлмейтін өлеңдерше.
Өз рөлін ойнайды,
Рөлімді
Мен де ешкімге бермеймін өл-өлгенше.
Гастрольмен осылай кең ағыста
Аралармыз
Қарсы алып ел алыста.
Қалың гүлмен шығарып салар халық
Сахнадан кетерміз дем алысқа....
52 жастамын
Елу екі жасқа толдым мен бүгін,
Бос далақбай болар ма екен ендігім.
Сезілмейді жанымнан да қанымнан,
Баяғы бір асаулығым, өрлігім.
Бұла күшті таба алмаймын бойымнан,
Қайрат қайда, қарсыласты қайырған.
Жасыл алаң жиегінде отырмын,
Футболшыдай шығып қалған ойыннан.
Елу екі аз ба, көп пе, білмеймін,
Өзіме өзім «алға, ақын жүр» деймін.
Сексендегі серік қартты көргенде,
Шындығында неге ойнақтап жүрмеймін?
Өмір сүрем өлең үшін, жыр үшін,
Құрбандық қып данның рақат тынышын.
Өлердей бір шаршай алмай келемін,
Қандыра алмай жанның бір құрышын.
Сырқатым бар. Оның да бар себебі,
Мойындамай зорлап келем мен оны.
Еркін-ақ бір ауырайын десем де,
Өмір-күрес мұрша бермей келеді.
Таразы
поэма
- Өз тағдырың өзіңе берілмеген,
Басқаның да қолымен өрілмеген.
Бірақ сенсіз бір дән де себілмеген
Неткен жұмбақ осынау өмір деген,-
Деді маған бір ауру, әлсіз адам,
Күні біткен, жартылай жансыз адам.
Көзқарасы дұрыс па,
Бұрыс па әлде
Кейуім де ол жерде заңсыз оған.
Мен өмірді басқаша сезінемін,
Тағдырыммен күн сайын кезігемін.
- Өз өмірім өзімде емес -деді-ау
Келістім де қойдым мен сөзіне оның....
- Өз қызығым өзімде емес менің,
Жанбай тұрып білмеймін неге өшпедім.
Ынтықтық пен сүюдің мазмұны жоқ.
Өттім жалған ғашықтық белестерін,-
Деді маған жас жігіт мұңын шағып,
Келе жатқан өмірі құлынша ағып.
Бұл сөзіне өзі де сенімді емес
Түк көрмеген өмірден тұлым шабыт.
Бақыт жалғыз сағатта жасалмайды,
Оның өзі емес-ау осал қайғы.
Ол жігіттің сұлуы жеңіл ойлы
Махаббаттың тағдырын шеше алмайды.
Төзімдінің көңілі ортаймайды,
Шаңырағы шалқайып, шайқалмайды
Кейде жарты ғұмыр да төреші боп.
Бақыт жәйлі пәлен деп айта алмайды.
Дем беретін шаршаса түңілме деп,
Сәл жеңіске масайрап бүлінбе деп
Бақыт жәйлі дәл пікір айта алатын
Бір адамға бүтін бір ғұмыр керек.
Салмағы жоқ сөздерге сенемін бе,
Қиқар басым шынымен көнемін бе.
Бір үйлену тойында бір перизат
- Мендей бақытты әйел жоқ, -деді өмірде.
Шындығында дауым жоқ жамалына,
Бұғағы да,
Мойыны,
Тамағы да,
Өлгенді де тірілтіп алатындай
Және өзінің бар екен амалы да.
Болмаса да менің бір жоғалғаным,
Қылықты әйел бойынан сол арманым
Ізгілікті және де
Жанарынан
Өмір отын лаулаған көре алмадым.
Шарапқа да жақсы екен,
Көңілді екен,
Дейді: - Барлық сыннан да сенімді өтем.
Күйеуім бар,
Байлық бар,
Волгамыз бар,
Ал, байлықсыз өмірің өмір ме екен.
Меншік үй бар,
Бар ғажап алма бағы
Біздегіні ел қызғанып,
Таңданады.
Соның бәрін құраған одан-бұдан
Күйеуімнің бақытты әр қадамы.
Өзім болсам сырқатпын жүрегімнен,
Оны әркім көреді күйеуімнен
Көре алмаған жұртыңыз не демейді
Күйеуімді сонда да сүйемін мен.
Көтерілем кей кезде тауға да әрең.
Ол түгілі түсемін ойға да әрең.
Өзім болсам айттым ғой үйдемін деп
Ал, күйеуім аздаған саудаменен…
….Әлі ертерек не дейміз,
Сақтанамыз,
Қанатын кең жайсын деп бақ-панамыз.
Өзімізді өзіміз ұстап жүрміз…
Сондықтан да әзірше жоқ боламыз.
Өмір бізді осылай жетектейді,
(Өмір біздің киімді өтектейді)
Менің алтын күйеуім,
Арыстаным,
Сөзімді бір құдай-ау екі етпейді!
Өтірік айтып өмірден безінбеймін,
Мен де пенде тұп-тура өзіңдеймін.
Бақыт өзі арзандап тұрған кезде
Қалай ғана бақытты сезінбеймін, -
Деді тура бетіме қарап тұрып,
(Қалдым мен де сыр бермей қабақ түйіп)
Жүрегінің қарамай сырқатына
Алды өзіне содан соң шарап құйып.
Адамның да көп екен,
Көп аласы,
Бола алмайды пәктіктің ол анасы.
Кеткен ондай пақырлар арманы арам
Тұяғынан бақыттың садағасы.
Айтқанына сенбесім,
Сенерімді
Біле алмадым
Мен оған не дерімді,
Өзі арзан ойлайтын болғандықтан
Арзандатып жіберді ол өмірді.
Тыңда ақиқат өмірдің өз баласы,
Адамдардың ішінде аз ба аласы.
Әр пенденің болмысы жаратылыс –
Сол адамның өмірге көзқарасы.
Кірді өзіне ешкім де жолатпайды,
Айтуды да ол жайлы жаратпайды.
Даттап жатса біреулер бұл өмірді
Біреулері асыра мадақтайды.
Сөйлегім де келмейді оспақтатып,
Жібергім де келмейді тас қаптатып.
Бұл өмірді біреулер құнсыз етіп,
Біреулері жіберді асқақтатып.
Көргенімен,
Түйгені,
Көңілімен,
Ащысымен,
Ауыры,
Жеңілімен,
Кезекті сөз келеді ақиқатқа
Жұмысы жоқ басқа да
Соны білем.
Тыңда, оқушым, айтайын аз ғана шын,
Тағдыр айтып ең соңғы көзқарасын,
Таразысына өзінің салып тұрып,
Әркімге өмір береді өз бағасын.
Ажыратып салмақтың аражігін,
Қалтылдайды бастары таразының.
Өлшеуіштер үнсіз-ақ дауыстайды
Аттама деп біреудің ала жібін.
Қашып тұрып дүниенің қиынынан,
Күлер біреу өзінше миығынан.
Неше түрлі салмақты көтереді,
Өлшеуіштер дем алып иығынан.
Ар-ожданды аяққа төсеп тұрып,
Жатқанда да көресің есеп қылып.
Машинадан біреулер түсіп жатыр
Келіп жатыр біреулер есек мініп.
Бұлдыраған алдыңда сағым дермін,
Сатып жатыр біреулер жанын жердің…
Болмайды екен ешнәрсе сатылмайтын
Дүниенің ол жерден бәрін көрдім.
Жүрек сенер,
Көргенде көңіл ұғар,
Тазасын ал,
Таңда да ең іріні ал.
Өлімі бар тиын мен ақшаңыздың
Жемістердің базарда өмірі бар.
Іздемейсің жәндік пен құс терісін,
Өрік, жаңғақ аласың тістеу үшін.
Алаулаған алмалар сатылады,
Бұтағынан домалап түскені үшін.
Үркек үміт ұшсаң да ұш мен үшін,
Базардағы сен дәмді пістемісің.
Бүлдіргендер ешнәрсе бүлдірмей-ақ
Сатылады шағында піскені үшін.
Шайқап тұрып бастарын таразылар,
Өз иесін сынап бір алары бар.
Ал, саудагер, сақ болғай,
Байқамасың
Ожданың мен арыңның ажалы бар.
Артқа – мұра,
Осы ма алдағы үміт,
Жатқан жандар үміт үшін сауда қылып.
Таразының басында қалт-құлт етіп,
Бара жатыр ақиқат аударылып.
Жер тұрғанда қайтеміз ерке қылып,
Жер тұрғанда кішкентай өлкені ұмыт,
Тіршіліктің анасы жұп-жұмыр жер,
Кетпесе - деп тілейін төңкеріліп...
Өзін-өзі тұқым мен қинады дән,
Ұзаған соң бөлініп үй маңынан,
Пәлен тиын болды да шыға келді
Әңгелектің бағыс килограмм.
Құлық түріп иесінің жарлығына,
Бүтіні де,
Жартысы,
Қалдығы да,
Салмақтарын саралап,
Өлшеттіріп,
Алып жатыр бағасын барлығы да.
Үлкені де,
Орташа,
Титтейі де,
Шикісі де,
Піскені,
Үйткені де.
Үйрек болып,
Ет болып өтіп жатыр –
Баға мықты сатылып біткеніне.
Толып жатыр дүниенің басқасы да,
Алып жатыр ел біткен ақшасына
Алып жатыр бағасын саудагердің.
Ешкісі де,
Иті де,
Шошқасы да.
Әйелдер де
Бояйтын тырнақтарын,
Бояулардың құндысын,
Қымбаттарын,
Алып жатыр.
Еркектер сатып жатыр
Ит тұқымы – Балонка,
Бульдоктарын.
Алақаның қышыса алағандай,
Ешнәрсе де қалмайды сараланбай.
Ал, бағасыз қалғандар бақытсыздар
Қалуға да болмайды бағаланбай.
Болар бәрі,
Бәрін де уақыт сынар.
Жүніңді де саудагер жақұт қылар.
Базарыңда түскен соң таразыңа
Бағалы боп кетеді бақыттылар.
Итім үшін қызықтым үйшікке де,
Қамшыға да, жүгенге,
Бишікке де
Әсіресе бақытты сезінеді
Сатылғаны үшін де қисық шеге.
Қаны сұйық тым үйір жанжалыңа,
Жете алмайтын бәрібір арманына
Сәл бақытсыз,
Әйткенмен тым қаһарлы
Бір ингуштың қызықтым қанжарына.
Тауларынан Кавказдың өркештенген,
Келген екен.
Жасты екен ертектермен,
Аңыздармен түйедей құрдас екен
Бір заманда қалыпты черкестерден.
Рас болса, Пушкин де ұстапты оны,
Рас болса, Лермонтов ұштапты оны,
Қиылады алыңыз, дегендей-ақ
Көргісі де келеді қыстап мені.
Жүрегімде Кавказ бен дала менің
Егер ақсам Терек боп ағар едім
Бәрінен де Пушкин мен Лермонтовтың
Қаламсабы болғанда алар едім.
Әркімдер жүр өз жоғын қарастырып,
Біреулер жүр біреуді адастырып,
- Бал ашам деп сыған қыз жалынған соң
Көрдім оған ерігіп,
Бал аштырып.
Тік қараймын мен оның жанарына,
Ол қарайды жасқанып қабағыма.
Тым әдемі көздері,
Кірпіктері,
Дауымыз жоқ дидары,
Жамалына.
- Көріп тұрмын жігітсің жолың ауыр,
Жуытпаған жансың сен арыңа кір.
Әділ болғың келеді шамаң келсе
Бақ та қонбай жүр екен басыңа бір.
Жат білекке, жігітім,
Жат ерінге,
Қызықпағай,
Қызықсаң – қатерім де.
Тұрмысыңды алғаның жақсы түзеп
Нашар екен жалдаған пәтерің де.
Тиді сөйтіп әдемім намысыма,
Сөйлегісі келмеді әрі сірә.
Шошып қалды түрімнен тез өзгерген
Балады ма даланың тағысына.
- Әділсің сен.
Тым адал қара басың.
Бақыт сені қаласын,
Қаламасын.
Мінезің бар қайтпайтын алған беттен
Түбі, -деді – Бақытты бола аласың.
Ел-жұрты көп базарда қарақұрым
Аттамай-ақ пенденің ала жібін.
Таразысы секілді саудагердің
Өлшеу керек мезгілдің ара жігін.
Бола аласың.
Боласың.
Бақыттысың.
Өлшей алмай жүрсің тек уақыт күшін.
Тәжірибе,
Аздаған тәсіл керек
Бақыттысың бауырым,
Бақыттысың.
Адам ғой ол, келмеді алалағым,
Адам ғой ол, келмеді табалағым.
Емес шығар балгер де,
Көріпкел де
Психолог екен деп жобаладым.
Бірақ, бірақ қайнады зығырданым,
Шығарам ба деп едім шыбын жанын.
Жетіп келді жаныма бір сұлу қыз
Төгілдіріп жіберген бұрымдарын.
-Сәлеметсіз бе, ағай,
Амансыз ба?
Бағаңыз бар онсыз да,
Оларсыз да.
Кейімеңіз мазмұнсыз сөзіне оның
Не айтпақсыз пікірі табансызға.
Қызықтырды мені оның көзіндегі ой,
Қызықтырды пікірі,
Сөзіндегі ой.
- Өмірі де,
Бақытты,
Болашағы,
Таразысы әркімнің өзінде ғой.-
Деген сөзі жаныма жетті менің,
Тым жақыннан сезіндім отты лебін.
Дәл осындай көп білсе ойлы жандар
Одан басқа өмірден жоқ тілегім.
Одан басқа өмірде жоқ арманым,
Табылғандай кеткенім,
Жоғалғаным.
Жаман оймен ұшырып қоқсықты
Үрлеп тұрса адамның самал жанын.
Әрбір адам өзінше әуен дермін.
Әуен емес, керемет әлем дермін.
Әділеттің алдында тұрғандай-ақ
Қызға мен де иіліп сәлем бердім.
Өзін сосын Бақыт -деп таныстырды,
Көзінде от,
Сөзінде намыс тұрды.
- Студентпін,
Болашақ мұғаліммін
Жүрген жай бар армандап алыс қырды.
Алда, ағай, мақсатпен бір тауымыз,
Алда әлі шарықтау,
Шырқауымыз.
Бақыттымыз.
Бізден де бақыттырақ
Болады әлі біздердің ұрпағымыз.
Деп ойлаймын.
Ұстанам заман жырын,
Заман жыры алдында табандымын.
Адам жасау адамнан қандай бақыт
Сондықтан да ұнайды мамандығым.
Дихан,
Шахтер,
Ер етіп,
Батыр етіп,
Космонавт,
Дәрігер,
Ақын етіп,
Және, және үкімет басшылары
Мұғалімнің алдынан жатыр өтіп,-
Деді маған жалт етіп жанарымен,
Жайлап алды жанымды қалауымен
Адамдар мен ұрпақты сүйетінін
Аңғартады ап-ашық қабағымен.
Жырлаймын мен енді оны ашық тілмен,
Сыр пернесін сыңсытып басып бірден,
Ұрпақ үшін жанымен ауыратын
Студент қыз,
Өзіңе ғашықпын мен.
Ажыратып салмақтың аражігін,
Қалтылдайды бастары таразының.
Өлшеуіштер үнсіз-ақ дауыстайды
Аттама деп адамның ала жібін.
Былай тұрып қара бас амандығы,
Адал, ойлы жандарды аға қылды.
Қасқағым мен сәт сайын таразыға
Түседі екен адамның адамдығы.
Мән беріліп ісіне,
Сөздеріне,
Білгеніне,
Көргені,
Сезгеніне,
Бергеніне,
Еккені,
Тергені де
Түседі екен әділдік безбеніне.
Мақсаты бар әркімнің,
Арманы бар,
Сапары бар,
Шарлаған жолдары бар.
Сол арқылы басамын таразыны
Әр тағдырдың өзіндік салмағы бар.
Салмағы бар шөптің де,
Шөңгенің де,
Қаңбақтың да қаңғыған ең кемінде...
Салмағы бар.
Салмағың сенің, адам,
Әр ісіңде,
Ақылың, еңбегіңде.
Самғат,
Самғат биікке дала құсын,
Келсін саған күннің де қарағысы.
Бар дүние сенеді тек өзіңе,
Тек өзіңде әділет таразысы.
Құрастырған: Закарина Ф.Б.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру