Мен - қазақпын
Жұбан Молдағалиев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген!» деп ұрандаған қазақ рухының айбынды гимніне айналған заңғар поэма.
МЕН–ҚАЗАҚПЫН
І
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.
Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өшкендерді табатын бір ғана біз.
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.
Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қараңғыға тас батып ер екпінім.
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».
Естімеппін Архимед есімін де.
Жемісі де тимепті несібеме.
Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.
Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Бағы жанса, солардың бірі болар.
Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.
«Коммунистік манифест» ғаламатын.
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!
Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.
Оған дейін не таңба таңылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары,
ІІ
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
– Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде
Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін.
Менмін сені тірідей жерлейтін де!..
От көссе де қолымен, бір көседі.
Әр шапқыншы қолында жүр кесегі.
Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.
Шат күлкілі даланы жат күй алды.
Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым. «Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де. Жез тырнақша қадалды жебір неме.
Біреуінен бірі кем елірді ме!?
О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да салды денеме дыр таңбаны.
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.
Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Ала топан жоңғардың жорықтары...
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.
Уайым түбі – теңіз ғой, бара берме.
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді
Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.
Жолдас емес адамға дүние боқ.
Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.
Ата мирас мәңгілік дүние боп.
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»
Сондай-сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өзге орында балалап өскен елмін.
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.
О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастарқандай.
ІІІ
От басында, өрісте, қос алдында.
– Жан жүрегі көзінен көрінетін Қазақ, – дедім, – отырған осы алдыңда.
Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.
Не тауыппын құранның әлхамынан.
Ұқсатамын оны мен қысыр малға.
Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға.
Еске аламын кейде бір қысылғанда.
Көргенім жоқ өмірге бір керегін,
Еркек болып сәлдені сыйламадым,
Әйел болып бетімді бүркемедім.
Жоқ, дін емес, мал – жаным, жер – кіндігім.
Күн астында гулеген желді сүйем,
Сүйем оның тежеусіз еркіндігін,
Келгенім жоқ дүниеге кемді күн мен.
Хауанадай көңілшек түзден тудым,
Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.
Табиғатым десем де еріктімін.
Сырға өзімдей түнінің беріктігін.
Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.
Аптап шілде, ақ боран мұз-қары да.
Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.
Сақ-сақ күлсем секіріп, жынды деме.
Құс ішінде ұнайды қыран маған.
Күрт құлаймын құласам, бұраңдаман.
Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.
Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.
Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?
Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,
Қалт-құлт етіп тірнектеп мал құрадым.
Сүйем судың, мөлдірін, бал бұлағын.
Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.
Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.
Жал-құйрығын атының күлтелеймін.
Жығылғанға жұдырық сілтемеймін.
Асым барда қуанам қонаққа мен.
Болса болды бірер ән, қонақ кәдең.
Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.
Қолымыздың бірдей ме саусақтары.
Демес едім «қабырғам қаусап қалды».
ІV
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Әлі күнге білмейсің, ей, адамзат.
Құлпы тасты шұқыған кей азамат.
Әйтеуір мен – адамның баласымын.
Айырымы жоқ ақ өң мен қарасының.
Адамдықта, әдетте, аранда бар.
Бабасын да сатады арамға олар.
Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым.
Салды астына жұртымды лаң тудың,
Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қан татыған аузыма дәм келеді.
Соларды тек жебеді сараң құдай.
Озбырлықты отамай, қараң қылмай.
Прометей мен болдым құрсауланған.
Махамбет боп тілінен жыр саулаған.
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Ел қондырсам деп едім.
Мал толтырсам деп едім.
Еріксіз кірсем деп едім.
Отын етсем деп едім.
Тоқым етсем деп едім.
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім...1»
Қамшы үйірдім атойлап хан тағына,
Хан-сұлтандай қайрымсыз аң табына.
Қаңтарылған зар заман аңтарыла.
Теңселгенде қанды тақ, еңсеріле,
Тұрып қалды жамбастап сүйеніп ап,
Ақ патшаның қап-қара семсеріне.
Төне түстім, дауылым серпілмеді,
Өштескен соң өліспей бітіспеймін –
Не сен! Не мен! – болды тек сертім де енді.
V
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, Россия адамымын.
Ала бардым Неваға дала мұңын.
Петропавл түрмесі – қамалы үнін.
Тағдырымның бетіне дөп қарады.
– Шеттен таяқ жемессің мен тұрғанда, Патшакеңнен болмаса... – деп қалады.
– Жоқ, жоқ, – дедім,– мен оның пендесімін Сол береді шапағат, ел несібін.
Танылады ұлындай енді есімім...
Сәби сенім, ақ үміт желіктірді.
Әлде алдамшы бір сайтан еліктірді.
Қол қусырып сарайға келіп тұрды.
– Қазағыңмын, Алдияр, үмметіңмін, Еділ, Жайық, Ертістің күн бетімін.
Қуғын шектім, күзендей індетілдім...
– Тоқтат! – деді патшамыз, – қазағы кім?
– Қара қырғыз, Алдияр, онысы бір, – Деп нөкері көбейтті мазақ үнін.
– Мен – қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанын.
Бөліп берген егізге уыс нанын.
Ерке Талас, ер Манас – қырғыз деген.
Төскей, төсек, тілегі бір бізбенен.
Ал қай құдай қазақты білгізбеген?..
– Болған емес, болмайды қазақ деген!– Патша ашулы, шеккендей азап менен.
– Ей, Алдияр, ақылың аз-ақ!– дер ем Шығысыңда сұр дала сұлап жатқан.
Бүлкілдеткен ұртыңды бифштекс –
Шопан ата көз жасын бұлап жатқан.
Менен, тақсыр, жерің аз жат сыр алған.
Қызметіңде қалбаңдап қат сыналғам.
Солдатын боп Сенадан ат суарғам.
Көрген емес көршіден дараланып.
Ортақ егін саламын, қара барып.
Екі тілден тояды бал аңызға.
Құда түсіп қоямыз қаламызда.
Он алты – он жетіге келген кезі:
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:
Бір сен үшін тудым...»
Шіркеулер де, мешіт те былай қалды,
Жерде патша, аспанда құдай қалды.
Бөле алмады, жалп етіп құлай қалды.
Қастерлейді Пугачев аруағы.
Күл астында тығулы қаруы әлі...
Бір болмаса арманы, тұлға, шебі –
Ер Пугачев – қазақтың Исатайы,
Нар Исатай – орыстың Пугачеві.
Зәреңді алған жұртыңмен аттастығым.
Қынапта құр қос қылыш жатпас бүгін.
Пушкин білді қазақты, сен білмесең.
Арылмаған аяқтан сен бір кісен.
Бұғауларды жырымен үзбек те еді.
Көп ұқсастық көзінде тізбектелді.
Керуенін заманның көшірген ән,
Қозы менен Баянның, сырындай ән,
Күйзелткен ән, көңілді өсірген ән...
Құдіретті ән иесін, құба белді.
Көлеңкесі Пугачевтың шыға берді.
Шыға берді, дауылды шақтай әлі...
Жаңа жыр боп ақынға бақ таянды...
Татьяна – қазақтың ақ Баяны».
Ақын кетті даламның досы болып.
Тұратұғын тоятсыз тосып өлік.
Қанып еді Жыр – Тарас көп зарыма.
Арыстан жал Аралдың көк жарына.
Дер еді олар, бір тұрса табытынан, –
Қазақтың да білерсің кім екенін,
Соға қалса өр дауыл тағы тыңнан!..»
Болды маған мұжықпен бірге жатсам.
Болды соның білігін тілге тартсам.
Халық қамы ойыңа оралды ма?
Жез өкшедей жат тілде шүлдірлейсің,
Күлесің сен орыстың соры алдында.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
Оң-солымды туды енді абайлар күн.
«Кім жазықты?» дегенде талайлардың.
Мен өзгердім, көп жіті көз-құлағым.
Бөгде-бөгде жайларды сөз қыламын.
Қанжарының бір сипап жез қынабын.
«Күрес», «теңдік», «декабрист» дегендері.
Патшаға да оқталса, егерде елі.
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.
Орыс, қазақ отырып әндетеді.
Бақыт тілеп, нұр тілеп досқа таңнан.
Ақ патшаны табасың тостағаннан...
Ащы судай жоқ болды-ау марқабатың.
Арктика жайлады әр қабатын...
Жоқ, жоқ, сенің алдыңа кіре алмадым.
Тыңдайды деп сөзімді тірі алдандым.
Өзі ғана еститін бір алланың.
Екі айыпты біреуін бірі ақтаған.
Сот алдында «әкемді» бір-ақ табам.
VІ
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда, күлкімнен түн түрілген.
Ат қосқандай бәйгеге ауыл да асыр.
Жиырмасыншы жас ғасыр, дауыл ғасыр.
Тарап жатыр өлкеме жан жырындай.
Төгіп өтті жаздың ақ жаңбырындай.
Саф самалға шөліркеп ел тұрды аңсап.
Көкжиектен көрінді кемпірқосақ.
Ту желбіреп тұрғандай жолағынан.
Әлденеге жориды, шолады жан...
Болған да емес қызылы, жасылы өзге.
Самолетті, сауытты ғасыр өзге.
Кей жағдайда жаяумен бірмін әлі.
Өгей бала үніндей үн бұл әлі.
Әлі де одан жүреді үркіп атым.
Жекірігі секілді ол Урквардтың.
Қарағанды,
Аузына оның Алтай тұр бүркіп алтын.
Жатқа неге жеріміз жем болғаны?
Мені тіпті жабайы малшы десең,
Орыс қалай өзгеден кем болғаны?
Еңбектеді, тәй тұрды, аяқ талды.
Жаяулады, арманы жай ақталды.
Жер тартқандай бабалар қала берген.
Аэроплан қанатын ала келген.
Қалай ғана Поповтар таусылды елден?
Ломоносов, Ползунов, Менделеев –
Ақыл-ойдың дәуі ғой дәусінбеген.
Тегін де емес жатқаны ту қанданып.
Соған қарап далам да тұр қамданып.
Ұйықтап жатып санағам мал басын мен,
«Шәйт!» деп енді лақтырсам, ақ таяғым
Табысады жұмысшы балғасымен.
Табысады ту тіккен Нілдімен де.
Кімде қайрат барын да білдім енді.
Ер қасына сойылды ілдім мен де...
Пісіргені көк құрыш көріктердің.
Сарбаздарға сом дойыр өріп бердім.
Баса киіп тымағын, бөріктерін.
Лап береді ел дауы, жер егесі.
Қара күйе болады керегесі.
Ақ патша да аяққа бас ұрады.
Деп күбірлеп тұрғандай ғасыр әні.
Дала соны тыңдайды, «ұзын құлақ». «Ұзын құлақ» әзірге ызың бірақ.
Қыран билік алғандай, құзғын құлап.
Көз қысам шығып келе жатқан күнге.
Асығамын қиқулы «аттан» күнге.
VІІ
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Европа да, Азия да емеспін мен.
Бірақ барша адаммен тел өстім мен.
Дүр сілкінтіп дүмпуіл тиді өзіме.
Қалқып шықтым түнектен күн көзіне.
Революция күшімін, нақ тәңірмін.
Мен – жұлдызды халықпын, бақ тамырмын.
Қасиетті күрес бұл, қатері игі.
Азаттықтың бірінші материгі.
Аласапыран айқастың дүбірі өтті.
Жиырмасыншы жыл келді құдіретті.
Ұлы Ленин бұл жылды қыдыр етті.
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.
Жоқ-жітікпін әзірге, жалаңашпын.
Жан тоқ болса, демейді дала ашпын.
Қалай тұтас бақытқа баламаспын!
Мен – қазақпын, азат қыз, ерікті ұлмын,
Жер бетінде Антейден берік тұрмын.
Кремльге, Ильичке келіп тұрмын.
Ыржиямын, екі езу құлағымда.
Бөрі талап кеткендей тымағым да.
Өз көзімдей қысыңқы кездері де.
Бірден баурап әкетті сездері де.
– Аталғанға не жетсін өз атыңмен!
Мен – орыспын, мысалы, деген қандай,
Тартсаң дағы сол үшін жаза кімнен...
Мен – қазақпын деген де қандай ғажап!
Мақтан етсін халықтар халықтығын!
Жетер сан жыл шеккені малдай азап!
Түседі еске сәбилік жөргегі де.
Қалықтаған орыстың жер-көгінде.
Өз басымнан өтті бұл, мол ұққаным.
Сенімен де сырт таныс болып қалдым.
Швейцария жерінде жолыққанмын.
Жан жырыңды, жан сүйер сән жырыңды
Ән-жырыңда тұрғандай тізбектеліп,
Көз алдымнан өткіздім сан жылыңды.
Дидарластым даланың дәу елімен.
Тұрды аңқылдап қазақтың әуенінен.
Кейде жарқын, кей шақта азалы үні.
Ұмытқандай мұң-зарын қазақ ұлы.
Бірде шеру тартқандай дүбірлейді,
Бірде қыран бүркіттей шүйіледі,
Түңілмейді, бұқпайды, бүгілмейді.
Жақсылыққа жаралған халық көрдім.
Жайла, қазақ, өңірдің жарық төрін.
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді.
Революция қазығын жүрсің қағып,
Қаға түс, қақ, терең қақ, жалпақ алып,
Жер бақытын сақшыдай тұрсын бағып.
– Жолдас Ленин, үш түрлі байлығым бар:
адал –
Революция ісіне сарп етемін.
– Жарлығым сол – патша бол тағдырыңа.
Таңың атты, ұрлатпа таңды ұрыға.
Су тамызба жауыңның тандырына.
Мал да зәру, тым зәру бізге бүгін.
Ашаршылық артып тұр түзге жүгін.
Ең үлкені – сенімнің үзбе жібін.
Революция лаулатқан жалын болса,
Небір биік мұратқа жете аласың,
Одан өзге нәрсеге жалынба онша.
Жаннан үлкен тартуды білген емен.
Сен де білме, білмесең, біл де демен.
Далаңды да шын үлде-бүлдеменен.
Жер деген, ал, зор байлық өз алдына.
Сапқа тізсе, сол үшін өлгендерді
Жүз орайды жер шарын көз алдында:
Тілі болса жер үшін аққан қанның,
Айтар еді қаншама қақ қалғанын.
Қандай құрбан арқылы сақталғанын.
Бір нәрсеге сүйінем, қайран қалам:
Жүзге, руға ұнталған көшпе халық
Мұнша өлкені қалайша сайрандаған!
Ұлылықтың емес пе белгісі бүл?
Белгісі бұл, алда әлі нағызы оның,
«Кереметке куәмін» дер кісі бір.
Жер – анадан табады мәртебе елің.
Ертеңі бар әр тақыр, әр төбенің.
Жасыл бұйра жабады бар төбелін.
Дәуірімізге дарынын дала арнайды.
Қаңбақтардың жолында қала орнайды.
Ескерткішін ерліктің сала орнайды.
Пирамида, мұнара, мазар емес.
Ешбір ажар онысыз ажар елес.
Қазынаңның кім білген неде шегі.
Ұлттық аты ұрланған ел кешегі?!
Қол ұстасып халықтар, тұрды сапқа.
Отан деген ұлы ана перзентісің,
Бауырларың өзіңмен бір құшақта.
Араласам, дариға-ай, ауылыңды аз-ақ! –
Деп, армандап Ильич желпінгенде,
Билеп кетті кеудемді дауыл ғажап.
– Жолдас Ленин, көзіңе мақтамаймын.
Өзің аштың. қазақтың бақ-таланын.
Тілемеймін жолдың да тақтадайын.
Хан, патшадан түңілген сор басты ел ем.
Әділеттік әлемде болмас деп ем.
Сенсің тұңғыш қадірлеп «жолдас» деген.
Жолдасыңмын жер мен көк ауысқанша.
Солдатыңмын демімді тауысқанша.
Жыршың да мен, жеткенше дауыс қанша.
Жүрегіміз шоқ гүл боп өріледі.
Әр тәулікте өзің боп көрінеді.
Төңкерісшіл «тобырдың» топыры әрі.
Мың рахмет, Россия топырағы!..
«Документте бұл сөздер жазылмаған...»
Жазылмаған заң аз ба, шындық аз ба?
Оны жырлау қалайша жазым маған?
Тек Ильич жебейді, жебесе кім.
Минут сайын өзімен кеңесемін.
Әлі сондай, жеңіп жүр қазаны да.
Майдандар мен құрылыстар қазанында.
VІІІ
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен Ленин есімін айта келдім.
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Жыр ғып қазақ тілімен жүремін мен.
Тырнап аштым кезімді әріптермен.
Желініне ғылымның дәріптелген.
Тыңдайды түз сансыз шат Баян үнін.
Бір-бір жолы жаңа өмірбаянымның.
Мені уақыт шыңдады, шынықтырды. «Күрес – бақыт» дегенді шын ұқтырды.
Зәулім құрылыс, ұлы істер тұнып тұрды.
Әр төбенің басында алауладым.
Әр шешектен арадай бал ауладым.
Поездарша жүк артып ой озды алға.
Отан пешін қыздырдым аяздарда.
Бақыт жатты сары жез саф тасында
Жер астынан көр емес, жұлдыз кердім,
Түстім қызыл екпінді тақтасына.
Тамшы болдым, шық болдым, дән де болдым.
Соныменен оянып ән боп өрдім.
Тас та қалмас, сеземін, гүлдемеген.
Қазақ қазақ болғалы білген емен.
Өрмектерім – өзендер, өргенім – тал,
Жаңа үй болған жастардай мәз боп жүріп,
Жақсы күнде жаман түс көргенім бар.
Шалбарымның белдігі босап қалған.
«Жау» деген сөз жанына қосақталған.
Жиырма жылда біреу-ақ ондай түнім.
Білем уақыт оны да оңдайтынын.
Жөнсіздіктің жасы ұзақ болмайтынын.
Таңды орнынан кердім мен, бір ысылып
Төрт жүз миллион қол тұрды тік көтеріп
Мені, менің жерімді күнге ұсынып.
Тағы өзінше танытты бүл кемді күн.
«Қазақ, сенің жеріңе тіркелді күн!..»
Тіркелді күн даламда сан күйінген,
Қызға ұқсаймын мен тұңғыш сән киінген.
Қанмен, термен, қаламмен, ән-күйіммен.
Мен иемін бүгінге, ертеңіме.
Герб! –
Қазақ ССР-і!
Елдік күйін, ел күйін шертем мен де!
Туып жатыр жұлдыз бен ай далада.
Бұршағыңды, бұлтыңды айдама да.
Мен бақыттың не екенін жаңа ұқтым.
Өз өмірім өзіме жаңалық тым.
Кең кеудемде жүрсе де жаны алыптың.
Өз жерімде тоқылған матаға да,
Өз қолыммен жасалған тетіктерге,
Тіпті сонда жіберген қатама да.
Көре білсем, көңілдің ержеткені.
Жас ананың сүтіндей жер женттері.
Дүние – сұлу көрпесін жаңа ашқанда,
Ту сыртымнан сарт етті қара қанжар,
Қан боп шықты соғыстың шаңы аспанға.
Таңың атты – ұрлатпа таңды ұрыға!»
Осы бір сөз сап етті ә дегеннен,
Түнек қаупі төнгенде таң нұрына.
Қабырғамдай қираған маған осы.
Азаттықтың, елдіктің мағынасы.
Ана емшегі, ақ сақал, ар сүйегі.
Қалай қазақ ас ішіп, жар сүйеді?
Түсіп кеттім майданның құрсағына.
Бейбіт күндер ұқсады құр сағымға.
Ұлы Ленин қаласы құрсауында.
Қазған ормын дұшпанға ентелеген.
Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген.
Паспорттары, паролі сол да атымның.
Еңбектің де сом білек солдатымын.
Тоғызы боп он оқтың сонда тудым.
Танытам деп әлде бір ата күшін.
Октябрьдің, Ильичтің аталы ісін.
Мен – солдатпын сол үшін шаужайлаған.
Ұлт атында жоқ енді дау жай маған.
Азат етем жерімді жау жайлаған.
Менің халқым, бауырым демесі жоқ.
Алып шыққан азаттық кемесі боп.
Қазақ елі оларсыз болар ма елім.
Дос-жарым көп қандай мен оралды едім!
Солдат бірде – мейрімсіз қатал алып,
Бірде бала, ал кейде ата халық.
Мен сүйгенмін еңіреп жата қалып.
Азаткердің берді атын ғасыр маған.
Қуанышы сол күннің басылмаған.
Жатқан сәтте құшағын достар жайып,
Тұрды аспанда Егоров, Кантария,
Тұрды аспанда жас қазақ Қошқарбаев.
Бранденбург, Шпрея, көл еркесі,
Күл боп қалған сүлдесі Гитлердің,
Алас ұрған фашизм көлеңкесі...
Дей алмаймын және одан аз у қалды.
«Қазақ» деген әйтеуір жазу қалды.
Даңқым басқа, бүл күнде дабыл басқа.
Асып-тасқан біреу боп танылмасқа.
Барымта емес даңқ бірақ даулап алған.
Жеңіп алғам оны мен, жаулап алғам.
Өз денемнен аққан тер, саулаған қан.
Аз болған жоқ халықтар шұбырынды.
О адамзат, ең биік тұғырыңды!
Маршалдықтай көремін малшылықты,
Мәпелеймін бөбектей тал шыбықты.
Еңбек жүгін еселеп салшы мықты.
Күтпесін тек күрестен жасырмаққа.
Соғысуға бармын мен ғасырлап та.
Солдаттықтан оралдым жең сыбанып.
Мен – қазақпын, жаушы емес, елші халық.
ІX
Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін.
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен Ленин есімін айта келдім.
Жаршысы қып даланың барша адамын.
Жер-жаһанның ішкендей бал шарабын.
Алатаудың көк бұйра бөктерінде
Ойнап берді оркестр күймен қырып,
Көктемеде әуезі көкке өріле. «Қазақ елі – мереке» күйдің аты.
Аясындай аспанның күй қанаты.
Табиғаттың құз атап құйған заты.
Жалғыз тұрса тау емес, бір ұршық тас.
Жалғыз қаздың, деген бар, үні шықпас.
Домбыраның өзіммен күні ұшықтас.
Жапа-жалғыз сол көптен тұрған қазды
Алып келген өлтірмей – асқан өнер,
Найзагер күй сиқыры Кұрманғазы.
Мылқаулықты домбыра жерлейді енді.
Көкжиекті күмбірі кернейді енді.
Ду көтеріп қосыла сермейді енді.
Домбыра да осындай қолқанатты.
Жалт қаратты, телміртіп мол қаратты.
Маңқиған тау шөгерген нар кескінді.
Әр шертуі баурына тарта естілді.
Өзгерді ұғым көп ғасыр ала келген.
Қала оттары самсаса ала белден?
Қандай дала Кентауы, Теміртауы,
Алтын тауы, жез тауы, көмір тауы?
Тұрған күліп төсінде өмір таңы?
Қандай дала жолаушы шөлдемесе,
Сайтанданған сағымды «көл» демесе,
Бір сапары жүз рет «өл» демесе?
Қалай сондай дей алам Сарыарқаны,
Сал Біржандай тірілген әні арқалы.
Алтын мұртты бидай ғой әр алқабы.
Жалы қандай жайқалған шоқы, адырдан!
Шал күйеуден құтылған арудай түз –
Топас кетпен, азусыз шот арылған.
Жыр толғанып соны ойлап, «дала» десем.
Түседі еске ұйқастай дана көсем.
Бір ұғымға қалайша баламас ем.
Мың. жылда да оны «өлді» демес едім.
Күнде өзімен тілдесіп, кеңесемін.
Соған дәйім беремін ел есебін.
Мал, жан, білім, жер, бақыт – барлығы бар
Бұратана емеспін, Отаным бар,
Соның менде күші бар, нарлығы бар.
Тәубаға кеп, тартқандай тәңір қартаң,
Мен күш алып, аспандап тұрмын бүгін,
Таңырқаман, бірақ мен таңырқатам.
Қандай сырлы «Ал қоңыр» – бал қоңыр ән!
Әнмен бірге кемелер кетіп жатыр
Старт алып космосқа Байқоңырдан.
Бай да қоңыр қанатты байтақ өңір.
Сол баспалдақ арқылы Айдағы өмір.
Өз атымдай естілген елге есімі.
Менің жерім оның да бір бесігі.
Эйнштейн, Кюридің қисындары.
Содан таппақ шын ғылым сый, сындарды.
Қара көзі көкке өтті, жерге өтті енді.
Қанышым да екі рет жөргектелді...
Жаралған тек тіршілік әкелуге.
Қызыл сұңқар ақ жүрек Сәкенім де...
Дандайсыма сен бірақ, аңқайлама.
Жетіп жатыр даңқыңдай қай-қайда да.
Өмір берген, дән берген далаға тың.
Аспандайды қалықтап ғаламат үн.
Шат күлкінің саф күміс сыңғырындай.
Шабыттанған ақынның, тың жырындай.
Тасқын атқан таулардың гүрсіліндей.
Құлдырайды, самғайды бір сүрінбей.
Дүние толып кетеді ертегіге.
Ертегіші – алдияр баба дала.
Ақындардың ақыны жер, тегінде.
Жерді көр де мені көр, сыншыл қауым.
Іші күйсін күңіренген күншіл жаудың.
Байлап алса көзіне кір шұлғауын.
Қандай болып көрінер Қарағанды?
Ақ деп, бәлки, кемірін қаралай ма?
Соған да ұқсас сандырақ тараған-ды.
Енді ондайлар бойыма аласа тым.
Күндері өтті түс көріп, бал ашатын.
Қазақстан даңқымен таласатын?
Бола қалса, күңкілдеп күндемес ем,
Көріп тұрып күндізді түн демес ем.
Күнсізге күн, үнсізге үн боп өсем.
Жетіп барған космосқа жол туралы.
Мақтанышқа жүректі толтырғалы.
Жалғыз қалсаң жасисың, әл кетеді.
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.
Қосылады, көтеріп әндетеді. «Қазақ елі – мереке» күйдің аты.
Аясындай аспанның күй қанаты.
Табиғаттың тау атап құйған заты.
X
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен Ленин есімін айта келдім.
Мен – қазақпын қаныммен, сүйегіммен.
Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен.
Мұрагермін оған да, иемін мен.
Тоқтатпасын, тостыртып сарылтпасын.
Тұсау болып адымды тарылтпасын.
Кері баспан, кейінге қарайламан.
Маған жаңа модадай қарайды адам.
Қарай берсін, ол маған жарасады.
Қабат көрсін «қалаша», «далашаны».
Қутыңдайды қазақтың қара шалы.
Кисе бір сәт қамзол мен қама берік,
О заманнан келді деп сөгуші жоқ,
Жүр оны да модаға бала көріп.
Орындыққа мен алғаш шаққа отырғам.
Шіренемін патшадай тақта отырған.
Өзгеге ұқсап, өзіме тартып келем.
Ертеңімді содан да артық көрем.
Құсбек болса, бүркіт те, тазы да бар.
Өзге десе, езге де қазына бар...
Тіміскілеп «шыл», «шылық» іздемесін.
Көксегендей көктемнен күз елесін.
Ұлт атына уларын бүрке берген.
«Қазақшылық»дегенмен бүркелеген.
Жоқ, жоқ, маған ондайды жапсырмасын.
Еңкеймейді ездікке тақсыр басым.
Менен тапқан адалдық ақ сырласын.
Мен жақсыға анамын, ене емеспін.
«Шылықшылдар», «шылшылдар» – мен емеспін
Мен аулақпын бөлексіп бәлденуден.
Үйренбеймін «ұлттықты» әлдекімнен.
«Мұсылманмын» деп және сәлде кимен.
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Өзгемен бір өзім боп жүремін мен.
Мақтан етсін атақты туысы атын.
Біліп қойсын, болса ойы жұғысатын.
Мен – қазақпын, адамзат, бір балаңмын.
Кетігіңе кірпіш боп кіл қаландым.
Барлаушысы боп жүрмін бұл ғаламның.
Көрдім, рас, көбіңнен ерте күнді.
Көсіп алып жатқам жоқ мен тегінді.
Тағдырыма патшалық сырын ұқтым.
Коммунистік партиядай ұлылықтың!
Сондықтан да биіктеп барады елім,
Барады ұлы Отаным – балалы елім.
Бақытсызға өзімді балар едім.
Болмысында ешкім жоқ оза туған.
Шыр етіп ол ақ қолын соза туған.
Барсам барам Айға да өз атымнан.
Жауыздықты жер – ана жерлесін тек.
Адам ұлын мақтан ғып жерлесім деп.
Көсіп алып жатқам жоқ мен тегінді.
Менше көрсең, менше ойлап ертеңіңді.
Мен – қазақпын, жан Отан, бел балаңмын.
Махаббаты сенікі жер – даламның.
Кешір мені, аса айтсам – мен де адаммын.
Кейде асқақтау сөйлесем мен өзім бір,
Құлағы естіп кенеттен, тілі шыққан
Саңырау-сақау құлқындай мінезім бұл.
Кешір, ана, еркеңді елпілдеген.
Дүр сілкіндім өзіңнің қанатыңмен,
Еркін келем тек сенің еркіңменен.
Шақтар өшті меңдейді менсінбеген.
Енді о да бар, оны да сенсің берген.
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып
Қазақстан гербі де, жалауы да.
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Айта бергім келеді, айта бергім!
Қараша, 1963 – сәуір, 1964.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру