TELEGEI

Home

Ақ қар

Құралай Омар

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақ қар

Ақ қар

Құралай Омар

Ақ қар

Жауып тұр ақ қар

Жауып тұр ақ қар...
Ақ қарға сырды ақтардым.
Құлдилап төмен
Құлады жерге ақ қар – мұң.

Аппақ қар болу арманым,
Бірақ
Келмейді табандарға тапталғым.

Жауып тұр ақ қар...
Көз жасы мүмкін аспанның?
(Мен неге одан жасқандым?!)
Періште болар кеудесінен жиреніп ұшқан

Тәңірден қорықпай тасқанның.

Жауып тұр ақ қар –
Ақ үміт, аппақ армандар,
Орындалмай ақ парақ болып қалғандар.
Қар көңіл берсең жетеді маған, жаратқан,

Аппақ қардың тағдырын басқа салмаңдар!

Аппақ қар – көңіл,
Таусылмас, сірә сұрағым.
Кеудені керіп жыр – ағын.
Дәл өзің құсап келеді менің жылағым,

Келмейді бірақ қап-қара жерге құлағым!

Өлеңімді іздесін

Көтеремін
Дей беріңіз:
“Сезіміңнің отына түс, күй, жасы.”
Мұңлы тағдыр ұсын, мейлі қинашы.

Өтінемін, өзіме емес, Тәңірім,
Өлеңіме өлмес өмір сыйлашы.

Бұралаң жол.
Уақыт сүйреп замананың арбасын,
Көшті таңдар түннен тауып жалғасын.
Жалғыздықты жар етейін, тек қана

Сәби жырым жетімсіреп қалмасын.

Құлап көңіл,
Құлазыдым күзде шын,
Сенгендерім үмітімді үзгесін.
Күн өтсе де күтумен күрсіндіріп,

Жаратқаннан сұрадым,
Өзімді емес, біреулер өлеңімді іздесін.

* * *
Бәріміз нүктеміз түбінде.
Бақытты сұраймыз бүгінге.
Керек пе?!

Жалғанның қызығын, байлығын
Ол жаққа апара алмаймыз, түгін де –
Қабірге қойылған ең соңғы гүлін де.
Жаныммен аттанар тек қана өлеңім,

Жазылған мөп-мөлдір тамшының үнінде.
Сұрақшы тізгенде қатемді,
Жыр оқып беремін,
Періште түсінер жүректің тілінде.

Жұмаққа жол алып жырларым, жаным да.
Дос қылған адамын, құсын да, аңын да,
Мен сосын оянам пейіштің таңында.
Алланың қардай ақ сенімін арқалап,

Әзірге жүрмін-ау сол сәттің қамында.

Күндерім жоғалды, таң ұмыт, кеш ұмыт.
Қол бұлғап алыста неше арман, неше үміт
Жетелеп жүріп-ақ есейтті, өсіріп.
Құдайын ұмытқан жандарды

Адам деп түсініп,
Пенде деп кешіріп,
Қаламға құйылған Тәңірдің жолдарын
Кей-кейде отырам қағазға көшіріп.

Жастық
Түнімен айтылып сырларым,
Көңілдің көбесі сөгілді.
Жасыма жазылған жырларым,

Жастығым, өзіңе төгілді.

Үзілген мөп-мөлдір тамшымен
Жуамын үміттің көйлегін.
Үнсіз ән салатын әншің ем,
Дәл бүгін келіп тұр сөйлегім.

Түсінер досымсың, білемін,
Бас сүйеп, сан мәрте жылағам.
Неше рет (жоқ мейлі жүрегің)
Өзіңді құшақтап құлағам.

Сүртеді көздегі жасты кім,
Даусымды естиді қай керең?
Тек сені табамын, Жастығым,
Түндерде…

Жоқ болсаң қайтер ем?!

Салмағын өлшер ме еді сағыныш көлемінің…
Мазалап түніменен сөйледі бөле – мұңым.
Жаңарып келе жатқан кешегі таңды көріп,
Ой қосып өріп бердім бұрымын өлеңімнің.

Ауысты дөңгеленіп, айналды ұршық – күнім.
“Тағы ояу өткіздің” деп жөнелді ұрсып түнім.
“Кедергі келтірмеші, ақ таңды күтемін” деп,
Ұйқымды қуып шықты бөлмемнен қырсықтығым.

Жанымды түсінбесең – мінімді көтермес ең.
Жастығым, жыр оқиын, тыңдашы, кетер ме есең?
Тастайын сызып бәрін, аяусыз шимайлайын,
“Мынауың ұнамады, жазыпсың бекер” десең.

Алғашқы сыншым өзіңсің…

* * *
Жылап тұрған аспан емес, мен едім,
Жанарыңның жасын отын сағынып.
Аңсағанда тамшыларды төгемін,

Көкке барып, бұлт жейдемді жамылып.

Тұнжыраған аспан емес, мен едім,
Жар бола алмас жалғыздықтан жабығып.
Айтшы, неге елесіңді өбемін,
Тәңір берген тағдырыма бағынып?

Күрсінген де аспан емес, мен едім,
Көкірегіме көзсіз көп мұң қамалып.
Әлде, жаным, “Сені сүйем” дегенім
Қалды ма екен жүрегіңе жамалып.

Жайнаған да аспан емес, мен едім,
Қиялымда құшағыңа жылынып.
Періште боп келіп еді жебегім,
Көрінбей-ақ, иығыңа ілініп.

* * *
Ақ қарыңды сағындың ба, қара жер,
Өткен күнге жете алмай өкініп.
Аяп сені ағаш деді: “Ала бер,

Мамығым – қар”
...Қона алмады...
... Өтірік...

Ол алдады ұсынып көп ұлпаны,
Тұрақсыздар арман жырын төкпеді.
Көрінеді бұйра-бұйра бұлт, әні,
Олардан да әлде қайыр жоқ па еді?!

Шашын жайып аспан сақ-сақ күледі,
Ақ қар емес, тамшыларын лақтырып.
Лайсаң кешіп менің тәнім жүр еді,
Өңсіз жаңбыр арсында бақ құрып.

Түссізденіп барамын ба, Жер – Ана?
Қар сияқты ақ едім ғой (сұрағым)
Ақ мамықты қашты тағы жел ала,
Дәл мен сынды таппады ол тұрағын...

* * *
Жасын ойнап, жаңбыр жауды, саналым,
Сені ойлаған бұл менің жабығысым.
Анау жасын – жарқылдаған жанарың,

Ал тамшылар – мөп-мөлдір сағынышым.

Жасын ойнап, жаңбыр жауды. Бөлмем мұң.
Кезіп кеттім су көшені ертемен.
Анау отты көздеріңнен көргенмін,
Сол от саған ғашық еткен, өртеген.

Жасын ойнап, жаңбыр жауды. Шөлдедім.
Сусын емес, жылы сөз бен сезімге.
Толтыра алмай күтудің көк шөлмегін,
Аласұрдым!

Таусылды ғой төзім де!

* * *
Бір күн елес –
Сағынышым пәнилік,
Жанмен бірге аттанатын жұмаққа.

Сені ғана таниды, ұқ.
Ұмыта алман бірақ та!
Мүмкін емес!
Жүрегіме жоқ әмір,

Көп ішінен іздеп келем өзіңді.
Маужырайды қоға гүл
Жоғалтып ап төзімді.

Үн тілемес
Ұйып қалған қиялым.
Екеумізді алып кетті аспанға.
Көзімді ашсам, ұя – мұң,

Жас тамады тастан да.
Күркіремес,
Жасыны бар жанарың,
Тұла бойды жылытады, өртемек.

Алдың жанның қамалын!
...Жүрмегенімді еркелеп
Күлкі демес...

* * *
“Мен келемін тайғанақтап
Сол маңда...”
Г. Салықбай

Ара қашық...
Болмаған соң жүз қадам,
Сезім әлде мұздаған –
Дауысың сап-салқын,

Далада шық.
Жанымыз болған қайық,
Періште жолдан тайып,
Тапты алтын,

Ала қашып...
Ұсынды жүрекке кеп,
Бұл күнде тілек те көп,
Сақтар түн

Араласып.
Көзімде бұлт жауады,
Көңілім сыртқа ауады,
Жақтар кім?!

... “Бала – ғашық”...

Сен бе едің?
Мазалап түсіме енген,
“Сыртым – сау, ішім өлген”
Құр сүлдері.

...Сенбедің
Ой ішіп түніменен,
Ояудың бірі мен ем.
...Күрсінгені...

Төнбе күн
Маған ғана, аспанға шық,
Өтінем, жасқанба түк.
Күлсін жері.

Өң бе мұң?!
“Шаттықты жамап жанға,
Сезімді қамап таңға
Жүрсің” – деді

...Жеңбедім...

* * *
Далада дауыл емес, сұйық жел есті,
Жанымды мұң торыды, күйік емес-ті.
Түсімде көріп сені жете алмай,

Оянып кеттім тағы сүйіп елесті.

Іздедім елесіңді қуып сағымды,
Жеңгендей болып едім жуықта мұңды.
Көңілім жер боп қалды көкте жүрген,
Көрген соң сенсіз тұрған суық тағымды.

Сен жоқсың, кеткім келді кезіп даланы,
(Қалайша жақсы көргем төзіп қаланы?)
Саған деген сағыныш жүрегімді,
Сеземісің, жаным-ау, езіп барады.

* * *
Арманымның ақ жейдесі шешіліп,
Ақ үміттің қолаң шашы кесіліп
Қалғанына кім кінәлі?

Әлде өзім...
Жолыққаным үшін саған кешігіп.

Тағдырымның берген маған сыйы осы.
Құлазыдым.
Құлатпашы, сүйеші.
Жұмағыма жеткізген сен ғанасың,

Сен ғанасың – жүрегімнің иесі.

Деуші едің ғой:
“Жанарыңнан сыр ұғам”
Сағынышым саған қарап ұлыған
Күйде жүрмін.

Көзімдегі алау да
Күте-күте шоққа айналып құрыған.

Еркелейін

Келші, жаным, аңсарым, сағындырмай,
Құшағыңда жанайын, өртенейін.
Сағыныштан сарғайған жаным бір жай

Тауып, саған, арманым, еркелейін.

Еркелейін, балқиын құшағыңда,
Жалынына сезімнің еріп кетіп.
Махаббаттың шешейік тұсауын да,
Қоймайық, жіберейік ерікті етіп.

Еркелейін, ұмытып қайғы-мұңды,
Ләззатына батайын өмірдің бұл.
Керек қылмайм жұлдыз бен Ай, Күніңді,
Сен қасымда болғанда көңілім гүл.

Кеш пе, мейлің, келші тез, ерте мейлің,
Төзімім мүлде менің жетер емес.
Елігіндей Алтайдың еркелейін,
Наздануым өзіңе бекер емес.

* * *
Махаббаттың масайып шарабына,
Есеңгіреп есімнен айырылдым.
Нұр боп әлде бойыма таралды ма,

Саған неге соншама қайырылдым.
Елестетсем өзіңсіз өмірімді
Налимын да қайғырып, жылаймын шын.
Іңкәрлік билеп алды көңілімді.

Жүрген едім бұрындар уайымсыз.
Аңсаумен өтіп жатыр түндерім де,
Қиялымда құс болып қалықтайсың.
Сүйгендіктен күтемін күнде-күнде,

Ынтықпын ғой – тосудан жалықпаймын.
Күш тартады мені бір саған қарай,
Өзіңсіз өмір мүлде жабықтырды.
Рет-ретімен қойылған бағанадай,

Еш қызықсыз, біркелкі күндерім де
Мезі етті, қажытты, жалықтырды.

* * *
Пері кім?!
Сөздеріңе ме?
От шашқан әлде көздеріңе ме?

Ерідім...
Қиялымда тербетіп,

Жанарымның ақша бұлтын селдетіп,
Серігім,
Сені ойладым, тек сенші.
Жылусыз жыл жауратты, нұр төксеңші

Бері, Күн!

Жарқыным,
Сол қайғы ғой –
Жаяуда шаң болмайды ғой,
Жалқыда үн.

Оранғанда қала шыққа,
Сыр түйіп ап қарашыққа,
Шарпыдың.
Бұлыңғырлау ертең мүлде.

Жасыныңмен өртедің де –
Балқыдым.
...Арты мұң...

* * *
Жанарыңнан жаз күтіп ем,
Күз бе едің?
Жүрегіме үңілмедің, жүзбедің.

Жылап тұрдым жүзім шыққа малынып,
Ал сен болсаң:
“Үмітіңді үз” дедің.
Үзу қайда...

Іздедім.
Қиялымда қауышып,
Тіл қатамын сұлу сөздің барлығын да тауысып.
Күбірлеймін...

Ауысып.

Көрмедің.
(Қыраттардан мен үшін қызғалдақ та термедің)
Не келеді қолымнан?
Тоқи бердім толассыз

Бір өзіңе арналған өлеңімнің өрмегін.

* * *
Енді қашан жүздесем?
Тап болып ең тағдырыма күзде сен.
“Сағыныштан сарғайттың ғой бар ма еді бізде есең”

Деп тәңірге тіл қатып ем түндерде.

Салқындапсың.
Егер сүйсең, арамызды үзбес ең.
...Аппақ қарда ізім жатыр – іздесең...

Енді қашан кездесем?
(Көп ішінен түсіп едің көзге сен)
Алқымыңа тығылған айтарыңды сезбесем,
Кешір мені...

“Жыр оқышы”
...Үнсіздік...
Түсінбедім, бұрындары өзгеше ең.
...Аппақ қарда кетіп барам – өз көшем...

Енді қашан жетемін?
Жанарымның моншағына толып кетті етегім.
“Жұлдыздарға сыр шертіп отырады жеке кім?”
Деп сұрама.

...Аппақ-аппақ әлемде қар қызы ән салады,
Құлағыңа жете ме үн?..

* * *
Жез бе еді?!
Жаным жүдеу, тұл халімді,
Өзін қимай тұрғанымды

Сезбеді.
Ойымдағы сол еді зиялым да,
Менің бейнем оның аппақ қиялында
Кезбеді.

Шешіп алды таң сырғаны,
Жүрегімнің жаншылғаны
Сөз бе еді...
Сағынышқа (көріп көпті)

Аппақ қар да еріп кетті,
Төзбеді.

Сызылды,
Аппақ әлем жасылданып,
Жанардағы жас ұрланып,
Бұзылды.

Болмаған соң күлкі иманды,
Тұрақтамай бұл күй мәңгі,
Күз ілді.
Сап-сары боп атыраптар,

Сағыныштан жапырақтар
Үзілді.

Сағынышқа (өңді шайған)
Төзуді мен енді қайдан
Ұғамын?!
. . . . . . . . . . . . . . . . .

Айтшы

* * *
Жанға сая таптырмады саябақ.
Мен мұңайдым, ағаш та мұң, тас та мұң.
Сізге деген сезімімдей аялап,

Еріп жатқан аппақ қарды баспадым.

Баса алмадым, жылап жатыр нәзіктер,
Күн көзінен қорғанады –
Қорғансыз...
Менің ақ қар көңілімді жазып көр.

Сіз де маған күн сияқты болғансыз.

Қауқары жоқ қар боп мен де ерігем,
Сізден өзге Күн болмаған көңілде.
Сосын...
Сосын барлығынан жерігем...

Өкпелімін сізге және өмірге.

* * *
Айтшы, түндер, жазығым не?
Ояттың жұлқып жағамнан.
Бұл өмірдің жазы кімде,

Қайда ұшып кеткен ақ арман?

Айтшы, түндер, жалқылығым ба,
Неліктен жатам өртеніп?
Мінезім менен бар қылығымда
Болмады ма әлде еркелік?

Айтшы, түндер, кінәлімін бе,
Алдаса мені сағымдар.
Жоқ болса егер күмәнің мүлде,

Айыптап, күйе жағыңдар.

* * *
Сені іздеп сандалады жүрек,
Қайтадан жолықтырдым неге?
Тілегім таңда қалды түлеп,

Тағдырдан қорық, құрбым, деме.

Сен болып ізгі арманым бүгін,
Бейнеңді елес қылып мүлде.
Сезім де бізді арбады, бүрін
Ағаштың теңестіріп гүлге.

Аспан да моншақтарын сол күн,
Көк бұлтқа байламады, үзді.
Өзіміз тоңсақтағы, торғын
Самал кеп аймалады жүзді.

Білгенмен бөгет барын, шіркін,
Жүрегім тыңдамайды ойды.
Бесікке бөлеп бәрін күлкім
(Төбемнен түн қарайды)

Қойды.

* * *
Көрінермін жұмбақ тым...
Қиял – теңіз, тереңіне шым баттым.
Өзіңізді аңсадым.

“Сіз” деп соққан жүрегімнің лүпілін
Келіп еді тыңдатқым,
Қымбаттым.

Жоқсыз.
Өзімді-өзім алдадым.
Тек күтумен күндерімді жалғадым.
Келсеңізші...

Құлақ тосшы... көкіректі жарған үн
Сізге арналған, ардағым.

Естімейсіз... жүрегіңіз құлақсыз...
Көрінбейсіз, бір қалада жүрсек тағы, жырақсыз.

Сірә, мені ұмытқан да боларсыз
...Алтыннан да бағалысыз бірақ сіз.

* * *
Аспан бүгін ағыл-тегіл жылады,
Мөлдір тамшы қара жерге төгіліп.
Жанарымның моншақтары құлады,

Көңілімнің қабырғасы сөгіліп.

Келмес сәтті ойладым да, ерідім,
Аңсағанмен оралмайды алайда.
Жаңбыр – тамшы жүзді жуды, серігім,
Аспан болсам көрер едің қалайда.

Көкірегімнен күмбір-күмбір күй ақты,
Ақша бұлт боп қайда көштің, тұрақта.
Аспан шексіз, қиялдарым сияқты,
Ол да жалғыз бірақ та...

* * *
Жазмыштың құлымыз,
салғанына көндігеміз шарасыз.
Күн дөңгелеп, ай жылжыды жаңасыз.

Жалғыздығым жабықтырды іздедім,
Сізді қайдан табамын?!
Мені қайдан табасыз?..
...Тоқыраған көңілімді толтырып,

Тым алыстан
Қиялымның терезесін қағасыз,
Жанарымда үміт болып жанасыз...
Кім біледі,

Бәлкім сіз арманымда ғанасыз.

* * *
Сап-сары көше кезгенім...
Іздеп ем сені ілесті тағы кезбе – мұң.
Ілгері басқан қадамым кейін кетеді,

Жолықпассың сірә, сезгенім.

“Көрмессің, – деді, – көн, есті!”

Жазмышым ғой, өртесе де өксік өңешті.
Сағымдай болып бұлдырап бара жатырсың,
Қол жетпес және көмескі.

Күлкі де қашты жамалдан.
Дейсің бе әлде: “жалған осы, жан, алдан!”
...Сағынышқа боялған жапырақ – жас
Үзіліп түсті жанардан...

* * *
Көзсіз сезім күйдірді,
Күйіп келем...
Есім кетіп егілдім, сүйіп керең.

Тәп-тәтті қиял деген әлемімнің
Сүйкімді кейіпкері ең.

Биіктер ем...
Өзіңсіз қайдан бірақ.
Жүрсің-ау біздегі күй, жайдан жырақ.
Көңілім көкте еді, қалды бүгін

Аппақ-аппақ арманым Айдан құлап.

Қайдан бірақ...
Көрмессің... Бұл түн егес –
Мазамды алды мазақтап сылқым елес.
Күп-күрең күндерімді жайнатпақ боп

Күліп келем... (Алайда күлкім емес)
...Мүмкін емес...

* * *
Сіз – мөлдір мұңсыз, тәп-тәтті қиял, тәтті арман,
Сағынышымсыз, елесіңізге сыр ақтарған.
...А-л-ы-с аспаннан алақаныңызға кеп қонған

Дәрменсіз екем ақ қардан.

Жете алмай жүрмін...
Бақытты шығар қар бізден?..
Жаныма, сірә, бола алмас дәрі, жалбыз да ем.
Сағынышымды тұндырдым қарашығыма,

Қалғаны осы сар күзден.

* * *
Сағынышқа шарпылдым, өртенейін...
Мөлдір мұңым, қайдасың, кел есіме?!
Назданайын, тағы да еркелейін

Көзімді ашсам жоқ болар елесіңе.

Еркелейін... Тәтті елес, алыстама,
Кезейік қиял деген әлемімді.
Біздің жайды түсінер ғарыш қана,
Жұлдыздардан жолдайын сәлемімді.

Құс жолына жыр жазып (дастан дағы)
Ұзақ түнде... түс көріп тамсанбадым.
Тылсымдағы, тұңғиық аспандағы
Үзіліп түспесе екен тамшы – арманым.

* * *
Білемін,
Кешірмейсіз, кешпедіңіз.
Жауратты өкінішім – төстегі мұз.

Қия алмай тұрсаңыз да (сүйсеңіз де),
Қайтейін, “қош” дедіңіз, “қош” дедіңіз.

Өшпедіңіз жанардан, жарық күнім.
Өкінумен өтуде ғаріп түнім.
Сізге деген мөп-мөлдір сағыныш пен
Жүрегіме мекендеп алыпты мұң.

Тәп-тәтті қиял едің, тоймаған ем,
Мұң болдыңыз, бағым деп ойлаған ем...

* * *
Мұң ба,
әлде күйік пе?!
Қоштасуға болады екен

Сүйе тұра, сүйіп те...
Жұлдыздармен жазылған хатымды оқып,
Сіз жүрсіз-ау биікте...
Мен жүрмін-ау биікте.

Жете алмай қол бұлғаймыз қиырдан,
Жыр болдыңыз жүрегіме құйылған.
Тағдырымның, қарсылық көрсетпестен,
Қабыл алдым бұл сыйын да бұйырған.

Бағынамын...
Сізге емес, өзіме емес,
Жазмышқа
(Балгердің сөзіне емес)

Тұңғиық әрі жұмбақ әлеміме
Келсеңізші...
Көрінші көзіме, елес...
Қайдасыз?

* * *
Жүрек, шіркін, тапса деймін тез емін,
Қиялымды қанат қып кеңістікті кеземін
Өзіңді іздеп... Қайдасың? Ұмыттың ба?!

Жо-жо-жоқ!
...Сағынышың екенімді сеземін.

Өзің ғашық гүл – өңім
Сарғаймасын, жайнасын деп, жылап тұрып күлемін.
Ойламауға тырысып, сызғаныңмен санаңнан,
Жүрегіңнің төрінде мен жүрмін ғой, білемін.

Өлшер ме еді сағыныштың салмағы мен көлемін?..
Өз өмірім өз қолымда, өзім ғана төремін
Десем дағы... Жете алмай,
Арманымның әлемінде жолығып,

Тек түсімде көремін.

* * *
“Махаббатта көз болмайды” деп еді.
Жаным жылып, жадырадым... Ызғарсыз.
Ойламауым мүмкін емес, себебі,

Жүрегімнің лүпілінде сіз барсыз.

Сағынамыз... Асығамыз жетуге...
Жанарымда мөп-мөлдір боп тұндыңыз.

Күндер күліп, сәттер сырғып өтуде,
Содан бері бақыттымыз... мұңдымыз.

Тағдырыма ойда жоқта тап болып,
Орадыңыз бір өзіңіз санамды.
Жеткізе алмай сезімімді жақ толып,
Тек өртеніп, жанам-ды...

* * *
Жүрегіме әмір бар ма, ұқпады...
Жанарыма тұнды неге шық тағы?
Сағынышқа оралған сөзім бар ед,

Көмейімде тұрып қалды, шықпады.

Айта алмадым... Көзім және көрмеді
Өзге жанды... Сезім әлде сор ма еді?
Темір де емес, жіп те емес, көрінбейтін,
Матап тастады тор мені...

Сізге...

“Түсінем” деп сыбырлады жел мені,
“Құрбыңмын” деп құшақ жайды қайың да.
Ешкімге де сырымды ашқым келмеді,
Сізге деген махаббатым жайында.

*** Түн үнсіз. Тыныштықта сізді ойлаймын тынымсыз. Сағыныштың сазы ғана тербеген Жүрегімнің лүпілісіз... және дағы мұңымсыз...

*** Туа ма ән? Жаным тыныш таба алмады, Қалай ғана уанам? Жақындасыз... Жету қиын, Сағымсыз... Көлеңкеңіз көрінсе де қуанам.

* * *
Сыймай барам бөлмеге,
Төрт қабырға жан-жағымнан қысқандай.
Түсінбедім, сағыныш па, шөл ме не?

Бұл күйімнен құтқарады күш қандай?

Сыймай барам далаға,
Бұлтты аспан иығымнан басты кеп.
Түссіз ауа ауыр болып бара ма,
Жанарымда мөлдіреген жасты жеп.

Сыймай барам ғаламға,
Жер қалмады кеңістікте кезетін.
Жүрегімнің жүгін арттым қаламға,
Жағдайымды ақ қағаз ба сезетін?..

Сыймай барам жалғанға,
Алсам дағы тиесілі еншімді
...Тұншығамын өзіңізсіз қалғанда,
Құшағыңыз бәрінен де кең сынды...

* * *
Іздемедің...
Таппадым... жоқ дерегің...
Сағыныштың моншағын төкпеледім.

Саған емес, үн-түнсіз тұрып алған
Телефонға еріксіз өкпеледім.

Еріксіз...
Өзімді алдап күн өткіздім.
Жанарыма тамшыны түнеткіздім.
Ұмытқансып жүр едім...

Неліктен кеп,
Қоңырауын үміттің “шың” еткіздің?..

Дір еткіздің жүректі...

* * *
Ойымда сен... жалғыз кетіп барамын,
Жатыр тағы бұлттың жасын жұтып бақ.

Түсінбедім... көрген сәтте қарадың,
Қарашығың қиялымды қытықтап.

Жасырған боп, жанарымды тайдырдым,
Ал жүрегім сөз ұқпады, бақ сұрап.
Арманымның аспанына Ай қылдым...
Жете алмай жүрген, бәлкім, жақсырақ.

Жақын тұрса, жұлдыздар да құнсыз тым,
Қолым жетсе, бағаң болмас, қымбаттым.
Сыр алдырмай… Күнін кешіп үнсіздің,
Тек жауынға жырларымды тыңдаттым.

* * *
Кеудемдегі лапылдаған өшті жылт,
Қуанта алмай көңілді көктем күйретіп.
Қолын бұлғап басқа жаққа көшті бұлт,

Моншағы үзік жанарға жылауды тағы үйретіп.

Қош дедім бұлтқа...
Шексізбен өлшеп биікті.
Тұңғиық аспан армандарымды шақырып,
Ұшамын...

Батырса да өмір сүйікті,
Сағыныштарға тұншықсам-дағы аһ ұрып.

Сарғайып кеттім, жапырақ біткен жасыл-ды.
Аңсаумен өткен күндерім өліп, бұлдырап.
Үміті тірі қиялым Айға асылды,
Тамсанғаныммен, өмірім емес бұл бірақ.

Алданып және арманнан тауып тереңін,
Бақытты болам сол елде,
Сосын самғаймын.
...Асыл ойымды көп шуға жем қып келемін,

...Айтады тіл мен таңдай мұң...

* * *
Ағыл-тегіл ерідім, жылып қар – мұң.
Тіл қатпадым, тыныштық. Тынып, талды үн.
(Сезімімнің алдында дәрменсізбін,

Жүрегін ақылымен құлыптар кім?!)
Қарашыққа қиялдағы тұнып бал күн
Жүрген едім...
Қайтейін, жолыққанда

Қолымды ұсына алмай тұрып қалдым.
Көзіңізге құрықталдым.

Бұғаулады жанымды...
Мұң демедім.
Күндіз – арман, түсімсіз түнде менің.
Жағымды ашсам, сөздерім жоғалардай,

Жаныңызда отырдым, үндемедім.

Түсіністік тілсіз-ақ, үн шығармай,
Лүпілдейді тек жүрек тыншы қалмай.
Айтары көмейінен шықпай қалып,
Дәл мендей, Күнді көрсе тұншығар ма Ай?..

* * *
Сезімімді тоңдыра алмас салқын да,
Кеудемдегі бәйшешегім солмаса...
Қымбаттым-ау ауыстырмас алтынға,

Көп толқындар жалғаған телефонмен
Хал сұрайсыз...
Күндер, түндер өзгеріссіз қалпында,
Өзіңізді сағынғаным болмаса.

Аңсағаным, сарғайғаным ғана мұң,
Ал қуаныш еншісінде сәттердің.
Тыным таппай толғанады сана мың.
Елесіңіз еркімнен тыс есті орап,

Еримін де...
От боп денем, жанамын
Парағындай дәптердің.

Жүрегімнің жасын үзіп қағазға,
Тізбек-тізбек жолдар етіп төгемін.
Жеке басқа шаттық сұрап тағы азға,
Не қыламын, Жер бетінде онсыз да

Жеңіліс көп, құлазу көп, бақ азда.
Сосын...
Сізді қайтіп сөгемін?..

* * *
Асыққан ем, арман саған шақырып,
Жете алмадым, адастырды соқыр ән...
Жұрт көзінен өзімді өзім жасырып,

Жолданбайтын хаттар жазып отырам.

Құрай алмай үзік-үзік үмітті,
Құлазимын, кете жаздап құрдымға.
Сен ғана ма, Ай да мені ұмытты...
Жан сырымды түсінбеді құрбым да.

Алыс кезде көрінуші ең Күн сынды,
Жақындап ем, ұстатпадың, сағымсың.
Көзсіз жүрек алып болды тыншымды,
Дедің бе әлде “Сағынсыншы, сағынсын”.

* * *
Сары сезім қойғаннан соң ағармай,
Көпшіліктен саяқ кетіп, жекелеп,
Баққа келдім жаным дауа табардай,

Өзімді өзім... сосын үміт жетелеп.

Бүтін көңіл жарты болған, жарылып.
Ауыр екен сағыныштың салмағы.
Аңсағаным, күтем деймін сарылып,
Сөкпеңізші, төзім мүлде қалмады.

Таусылдым-ау, тауым қоса шағылып,
Саябақтан жылап қайттым, түнеріп.
Жалғыз... жалғыз жүрек отыр тағы ұлып,
Жанарыма, жамалыма мұң еріп.

* * *
Кейіпкері – өзіңіз,
Тәп-тәтті түс көріп жатқам тамсанып,
Сағынышын төгіп бойға сары нұр,

Әйнегімнен сығалады жан салып.
Ақ әлемім сарғыш тартты, жоғалды...
Сізді сүйем бәрібір.

Айқастырып кірпігімді іздедім,
Аппақ түсім сіңіп кетті ғайыпқа.
Өмірім де, өлеңім де “сіз” дедім.
Таудан биік тұлғаңызды

Жұдырықтай жүрегіме
сыйғызғаным айып па?

Аспан түстес қиялымның
Балап сізді Күніне.
Жылынып ем, аңсауменен ауырдым.
Бағынам деп көкіректің үніне,

Арқаладым тәтті және ауыр мұң.

* * *
Өлара түнін жек көріп,
Сырлас Айым жерге жетпей, көкте өліп.
Қиялымнан Ай мен сізді тапқан ем,

Әлемімнен алып кетті көп көлік.

Тәтті ойымды шуы бөліп көшенің,
Ұсынады “іше ғой” деп кесе мұң.
Жаным жасып жүргенде жалғыздықтан
Жұбатады дауысыңыз... кешегі үн.

Алданышым, арманымсыз, ығымсыз
...Жанарыма қонақтады шық үнсіз.
Сағынышпен тағы да бір күн өтті...
Түсімізге еніңізші бүгін сіз.

* * *
Шегі жоқ шығар,
Түбі жоқ шығар арманның?!
Жетем бе десем, барады тағы тереңдеп.

Сонымен ғана жұбандым және алдандым,
Тәттіні көрген сәбиге ұқсап, елеңдеп.
Балынан гөрі уын көп таттым жалғанның,
Соңынан жырдың ерем деп.

Өмір дегенің ойыңда ғана сүйкімді,
Жалықтырады жаттанды болған іс пен құн.
Көзімді жұмбай өткізем ұзақ кей түнді,

Мағына таппай үзілген, қысқа түстен мың.
Жұтып ем, өртеп, ұрлады күлкі, ұйқымды
Кешегі Абай ішкен мұң.

Өткінші тірлік шығармай ізден, тұйықтан,
Қамаған кезде бас қайғы болар жан қайғы.
Еңсені езген ауырды сілкіп иықтан,
Демейді дағы, үміт пен арман самғайды.

Білмеймін бірақ, тамсандыратын, ұйытқан
Қиялдың дәмі қандай-ды?

* * *
Тәкаппарлау талғамым...
Содан ба екен, тек жалғыздық жалғаным.
Арманым...

Телефонмен...
Үнсіздікке ұйыдық.
Сездіңіз бе,
Айтарымның езуімде қалғанын.

Тыныштықпен жасырдым...
Төзім – сары, жүрегімде жасыл мұң...
Алматының нөсеріндей
Жаудым дағы басылдым.

Сынығы деп асылдың,
Сүйкімді өмір – қиялымда тасылдым.

Жоқ бақытты іздесіп,
Әлемімде сіз жүресіз жүздесіп.
...Күз кешіп,
Жапырақтар сабағынан үзілді

“Сағынышым сіз” десіп.

* * *
Жап-жасыл бақ солған... жұтқан...
Жапырақтың әнін жатыр тыңдап күз.
Сіз сағыныш болғандықтан,

Күз сияқты сүйкімдісіз, қымбатсыз.

Жұмбақпыз.
Түсінікті жолым кімге?

Сезім бар ма мұңсыз әрі күйіксіз?
Жетпеген соң қолым күнде,
Жұлдыздардай алыстасыз, биіксіз.

* * *
“Амансың ба, қалай, – деп, – көңіл-күйің?”
Сұрамады сүйгенім... жыр көшеді.
Қоңыр күздей киіп ап қоңыр киім,

Кезіп келем жабырқау сұр көшені.

Сұр көшеден, күп-күрең бақ ішінен
Таба алмадым жанымның жарасымын.
Мөлдіреген сезімнен тағы ішіп ем,
Қуантпады... Суланды қарашығым.

Бал ма деп ем, бәрі де бекер ме еді?
Қоңыр үнін естігім кеп тұр едім ғой.
Телефонды, қайтейін, көтермеді,
Шырылдаған, білмеді ме, жүрегім ғой...

Қоңыр даусын естімедім қоңыр күзде...

* * *
Күбір-күбір, күбір-ді...
Күз жаңбырын құшақтап,
Жапырақтар қара жерге жығылды.

Мынау аспан көңіліме ұқсап қап,
Жүрегімнің тамшылары көмейіме тығылды.

Мөлдір-ді
Жамалымды айғыздаған кермегім.
Жасыл бақты сап-сары күн солдырды.
Тырналарға жете алмадым, ермедім,

Айтқаныммен құстан қалған сол жырды.

Құс әнін
Қимастықпен қош айтысқан... мұң дедім...
Ей, тіршілік, аяғымнан тұса мың,
Қанатсыз деп мейлі мені күндегін!

Бәрібір де түсімде тарналардың тізбегіне қосылып,
Түпсіз көкке ұшамын!

* * *
“Өртен, тағы жалын іш, той”
Десе дағы сезімге бағынышты ой.
Кірпігіме тізілген меруерттер

Көз жасы емес, сағыныш қой.

Сүйсіндірген сүйікті елес,
Тұңғиықта, биікте емес.
Қолым жетпей күрсінгенім,
Аңсау шығар, күйік те емес.

* * *
Телефон мүлде соқпаймын,
Сағынсам дағы, біліңіз.
Бар болсам да енді жоқтаймын,

Өлсе де ішім – тіріміз.
Көрсем... Өзімді соттаймын.
Түсіме ғана кіріңіз.

Өзіммен өзім егестім,
Өмірімнің деп ем жырысыз.
Аспанмен, Аймен теңестім,
Таппадым ба екен дұрыс із?

Мен сізге ешкім емеспін,
Сіз – жүрегімді алған ұрысыз.

Сол ғана...

* * *
Күйін кешіп еркі жоқ... ғашық... құлдың,
Жете алмадық, күбірлеп асықтырды үн.
Жүрегімнің лүпілін сіз естір деп,

Телефонды төсіме басып тұрдым.

Көктем келді көңілге, қысы қалып.
Жайда емеспін, қайтейін, кісі ұғарлық.
Бақыт біткен телефонда сияқтанып,
Құшағыма отырам қысып алып.

Көшті ағылып көліктер... Көш емес-ті.
Ойды бөлді шу қала, көше кешкі.
Сүйкімді әлеміме аттанайын
Оқып жатып сіз жазған SMS-ті.

* * *
Не дейін саған, қоңыр жел, жапырақты үз, жылат.
Алғашқы қар қылаулады, орынынан күз құлап.
Жауа салып еріп жатқан қарды жақсы көргенмен,

Мұңлық қардың мұң тағдырын түсінбейсіз сіз бірақ.

Әйнектерді сызғылап... Хабары жоқ түк Күннен
Қауқарсыз ақ ұлпаларға қарап тұрып бұқтым дем.
Сағыну мен аңсауды сап-сары деп жүр едім,
Ақ түсте де зарығу бар екенін ұқтым мен.

Тосу, төзу – Қорқыт көрі құтылмайтын қашқаннан,
Жанарымнан, бәлкім, бәлкім жүрегімнен жас тамған.
Қар дегенім – күтулерден көкірекке жиналған
Көз жасының суреті екен суып түскен аспаннан.

* * *
Жылдар бойы бәлкім сізді іздегем?!
Сезімімді жеткізем деп
Сөз қалмады тізбеген.

Жүз сөзге де сыймайды сағынышым,
“Хат жаз” дейсіз.
Қалай және не жазамын сізге мен?

Тағы, тағы жанарыма қонақтады шық арсыз…
Жылы сөзге мен сияқты сіз де зәру шығарсыз.
Жүрегімнің тілінде ғой айтпағым,
Үнсіз қалсам, ұғарсыз.

* * *
Көз жасыммен тұншықтырып күлкімді,
Өтті күнім… өткіземін бұл түнді
Жалғыз өзім…

Сезбедіңіз,

Кеудемдегі кесек ет қызғаныштан бұлқынды.

Жанар атты бұлтымды
Ағыл-тегіл селдетіп,
Оңашада отырам, айта алмай елге түк.
Өмірімді енді мен өзгертемін деп едім,

Жалғыздыққа оралдым, басқан ізім кер кетіп.

Қайтадан сол тіршілік…
Бас шайқаймын “текке” деп.
Жүрегімнің моншағын шашып алдым көкке кеп.
Сүйенішім – қаламым,

Аппақ қағаз – достарым,
Тек солармен жұбанып, мұңайып һәм өкпелеп
Жыр жазамын түнімен…

* * *
Мазалайсыз түске кеп!
Ұмытар ем… Ұмытуға күш керек!
Сағыныштан өксігіме тұншығып,

Енді өзіңіз сүймейтін ерінімді тістелеп,

Жатам жалғыз…
Жалға алған үйімде.
Тіріге ұқсап, ішім өлген күйімде.
…Қоштасқалы осылай.

“Қош” деу әлде сезіміме қойылатын түйін бе?

Сенбедім!
Сенделдім, бір отырып, бір шығып,
Жүрегімнен жас орнына жыр сығып.
Ең соңғы рет “сүйемін” деп айтпақ болып тоқтатып,

Сөз таба алмай тұрып қалдым қырсығып.

* * *
Тағдырға бағынып, көнеміз,
Десек те “өмірге иеміз”.
Бір ысып, бір суып денеміз,

Мұздаймыз, жанамыз, күйеміз.
Қайдасыз, қай жерде кемеңіз?
Қай қырдан көрінер төбеңіз?

Ақылшым, “ақымақ” демеңіз,
Шашымнан сипалап, басымды сүйеңіз.
Жұбатар деп сізге сенеміз,
Және де тек сізді сүйеміз

Жүрек екеуіміз…

* * *
Хабарсыз кеттіңіз шынымен,
Ұстатпай… Ұқсайсыз қашқанға.
Хат жаздым сізге арнап түнімен

Сағыныш жайында аспанға.

Әсемдеп Айменен, жұлдызбен
Жүректің сөздерін көкке ілдім.
Сіз ұйықтап жаттыңыз бір қызбен,
Көруге шамаңыз жоқ, білдім.

Таң жақын, жұлдыздар маужырап барады,
Хаттарым тағы да оқылмай қалады.

* * *
Ағысымен ағып келед сең денем,
Ойламаймын не болар деп ертеңім.
Сіздің жақта бақыт бар деп сенген ем,

Жеңіліспен аяқталды ертегім.

Сіз жеңдіңіз!
Құттықтағым келеді.
Жарық әлем сізге төксін шуағын.
Елеуішпен өмір бізді еледі,

Жақсы күнге алып кетті уағын.

Қалдым сыртта – жалғыздықтың мекені,
Сорым және мұңым ауыр болғасын.
Түсінер жан табылмады жекені,
Өлең ғана сырласым һәм жолдасым.

* * *
“Бақытты бол,

Берілмей қайғы-мұңға…”
Айтып жатыр, демеп мені ән “сөйт” деп,
Сіз де алыс кеттіңіз-ау қам күйттеп.
Өмір тәтті болмағасын армандай

Отырамын амалсыздан кәмпит жеп.

Естігелі сүйгенімнің бітімін,
Таппай жүрмін көңілімнің күтімін.
Жүрегімді жылытар деп алданып,
Жұтам кейде темекінің түтінін.

22 қаңтар. 2007 жыл

Мұң мені жатты қамап,
Көзде шық жылтылдайды.
Көрмеген сәтті санап,
Тек сағат сыртылдайды.

Сағыныш сіңіп қалған
Жүрегім тоқтар ма еді.
Қанатым сынып, талған,
Ұшуға жоқ дәрменім.

Бес күндік жалғанымның
Өртеді күйіктері.
Бұлттай ақ арманымның
Ең асқақ кейіпкері,

Маржан сөз төске теріп,
(Белгілі, ұтыларым)
Сізге арнап тост көтеріп,
Жасымды жұтып алдым.

Туған күніңізбен!!!

* * *
Бауыржан Қарағызұлына
Достым,
Мені жалғыздық қой қинаған.

Мұңым күліп, жүрегімді жүр қанап.
Сыр айтпақ ем…
Тұла бойға сыймаған
Сағынышым жанарымнан сырғанап,

Іштен тындым. Жоқ тіпті үн.
Көкірегімді күйдіреді бір ащы.
Дауысыма дірілі еріп өксіктің,
Көп сөздерім күрсініске ұласты.

Ауыр демім кеңістікке жұтылып,
Ауыр ойым жүк түсірді алқымға.
Қолын беріп, “қош” деп менен құтылып,
Есіне алмай алыста жүр жартым да.

Асығамын, кеткім келіп мәңгіге,
Жүдеткенде бұл тіршілік – қыбырлақ.
…Таппаған соң жөні түзу әңгіме,
“Оған сәлем айтшы” дедім сыбырлап.

Сәлемімді жеткізші, достым, оған…

* * *
Миды жаншып, ой салмақтап еңсеге,
Күйкі өмірден көңіл кейде жығылып.
Күнді көрмей отырамыз кеңседе

Күнкөрістің қамы үшін тығылып.

Жіпсіз байлап, жібермейді тіршілік,
Тұтқынымын бостандық пен өзімнің.
Қарай берем құбылаға түршігіп,
Қадап қойып қарашығын көзімнің.

Сұп-сұр қала сұр тастарды төсеген.
Асығыстау жұрт тобына ерем де,
Кешке қарай ию-қию көшеден
Ұйқас іздеп келе жатам өлеңге.

* * *
Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?
Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім.
Айтылмай не мұңым, не сырым,

Телефон көзімнің жасына тұншықты.
Сіздегі үнсіздік – ақталу,
Мендегі үнсіздік – кешірім.

Солай-ау шамасы...
Жазмыштың жазуы –
Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.
Тыныштық тағы өлді ауыр дем арқалап,

Сіздегі күрсініс – жалғыздық,
Мендегі күрсініс – сағыну.

Аязға, мұзға да бергісіз,
Жүрекке сұп-суық ерді сыз.
Толқындар жеткізген үніңіз жауратты.
Сіздегі салқындық – үмітті жылату,

Мендегі салқындық... белгісіз...

Жалғыздық

Жігерді жасытып, бордай боп үгілем...
Қажыдым өмірдің сынынан, жүгінен.
Жырларым тамшылап жанардың түбінен,
Түнімен

Жыртылған жүректі жамаймын
Үзілген үміттің жібімен.

Күрмеуге келмеді қып-қысқа, шолтаңдап,
Тынысым тарылды, ащы өксік қолқамды ап.
Алыста түсінер достарым, ортам қап,
Сіз жайлы мөп-мөлдір армандар шақырып,

Асыққам...
Нем бар ед жол таңдап?!

Кеттіңіз таусылмас қиялды келтелеп.
“Бірге енді боламыз” деп сізге еркелеп,
Вокзалда аяусыз жылатқан жалғыздық,
Бұл жаққа жетіпті менен сәл ертерек.

Тағы да күйдірді, өртемек...

Ұзаққа бармады бақытты күйім де,
Жалғыздық жүр екен сіңілімнің үйінде...

* * *
Шамын жағып, жарқ-жұрқ етіп көзді алдайды Астанам.
Жатсынамын, жүдетеді жалдап алған баспанам.

Көше кезген аяқтарым, жел тербеген шаштарым,
Мүлкіндей боп көрінеді басқаның.

Қала шуын көкірегіме жеткізетін құлағым,
Шынымен-ақ менікі ме? Жанарымнан сұрадым.

Түніменен жаңа жырдың сөздерін һәм жолдарын
Жазып берер жүрегім мен қолдарым,

Менікі емес сияқтанып жүремін,
Солай бәлкім, тек бір нәрсе білемін:

Өлең ғана өзімдікі, қалғанын
Елу жылға Тәңірден жалға сұрап алғанмын.

* * *
Арман – теңіз, айдында жүзді кеме,
Көңіл – толқын толқи ма, үздіге ме?
Жағада қол бұлғаған бейтанысым,

Сағынады екенмін сізді неге?

Таусылмайтын тұңғиық қиял – әлем
(Өзіңізді мен кімге қия алар ем?)
Дәрменсізбін… Әттең-ай, сағым болсам,
Кеудеңізге, ойланбай, ұялар ем.

Сыр айтамын сыбырлап самалдарға…
Қарамайтын тосқауыл, қамалдарға
Ертегі батырындай ерлігім жоқ,
Батылым жоқ, қайтейін, амал бар ма?!

От боп жандым, айналдым тағы алауға,
(Тағдыр – ұстаз сынауда, бағалауда)
Өзіңізге асықтым, күтіңізші,
Күтіңізші мені сол жағалауда.

* * *
Өзің болдың қалауым, таңдағаным,
Жүрегіме жанардан отың ұшты.
Бозторғайдың арайлы таңдағы әнін,

Бірге тыңдай алмаймыз, өкінішті.

Сағым сәтке созамыз қолымызды,
Ақ жауындай сағынышты төкпелеп.
Наз айтамын ешқашан жолымызды
Тоғыстырмас тағдырыма өкпелеп.

Өмірім мұң, өксітеді қала мұң,
Жүдеу халмен өткіземін түнді аппақ.
Жалғыз өзім тағы кетіп барамын,
Жүрегіме елесіңді құндақтап.

* * *
Жырың бола алмадым-ау жатталған...
Көктем келіп, құлпырғанмен бақтар, маң,
Қуанышын сыйламады, қайтейін,

Жанарымнан тамшылады тәтті арман.

Мөлдір үміт кірпігімде тізіліп,
Төмен қарай құлдилады, үзіліп.
Қиялыммен тұрғызып ем мұнара,
Көзімді ашсам, қирап жатыр, бұзылып.

* * *
Бір сезім бүршігін жарды,
Қойдың-ау көзімнен сыр ап.
Сезетін гүл, шырын, балды –

Әлемнен, өзімнен жырақ –
Түсімде едің.

Ай тартып тым ақ сәлде,
Сәні артқан белес-белдің.
Сағым ба, жұмақ па әлде,
Әйтеуір елестердің

Ішіндемін...

Жанымда өзің бар ең...
Жалғыздық түнде мені
Оятты. Сөзімді әрең
Айтып ем, үндемеді

...Ішімде мұң...

Ақ жауын жұбатады,
Өткенде түнім жылап.
Тырс-тырс деп сыбырлаған
Жаңбырдың тілін бірақ

Түсінбедім...

* * *
Сұрқы қашқан сұр аспан,
неліктен күрсінесің?
Ойымда менің құрасқан

Оқиық жыр – сүресін.

Жабыққан кейбір сәттерде
Жаныма серік болдың.
Ашылған жүрек – дәптерге
Жыр жолы келіп қонды

Сұр аспан қайрат бердің
Мұңайып, торыққанда.
Тағдырдың тәлкегімен
бетпе бет жолыққанда.

Жасыңды төкші, аспан,
Тұнжырап тұрмай,
Менен де мөлдір тамшылар
Ағылсын тынбай.

Екеуіміз де жеңілдеп
Ашылайық.
Тек қана тасымайық!

* * *
Сезіміңді мөп-мөлдір төгіп алдым!
Шашылды!
Тамшысы да қалмады жоғы бардың.

Басылды.
Таң атқанша мазалап көбі қардың
бас ұрды,
Үмітіңе су құйсам, шоғы қалды...

Жасырды...

* * *
Қара ала жерде қар жылап жатыр –
Аспан ғой оның мекені.
Көзінен күннің қалжырап ақыр,

Бу болып ұшып кетеді.

* * *
Төселдік-ау қала, шерге.
Жылжытпай жүр алға мұң.
Жауды талай қара жерге

Менің аппақ арманым.

“Қапаланба, елік тектім”
Деп уатты өз үнім.
Сізді көріп еріп кеттім –
Еріді аппақ сезімім.

Жанарымнан шық ұрлады...
Қырда өскен гүл едім.
“Сүйемін” деп сыбырлады,
Жапырақтай жүрегім.

* * *
Қанатыңды берші маған, құстарым,
Сүйіктіме ұшып барып келейін.
Сағындырып алыста жүр құштарым,

Жетейін де от деміммен өбейін.

Қанатыңды берші маған бір күнге,
Сағыныштан сарғайған жанымды ұғып.
Қауырсынға түсірмеймін кірбің де,
Қоймаңдаршы мені енді жалындырып.

* * *
Мөлдірге лайсаң,
Аппаққа қара құмар шын...
Демеймін жаңбыр

Сөзімді жақтап құп алсын.
Періште жүрек
Пенденің оғы көп тиген,
Жараланған жанымды

Сен ғана, құрбым, ұғарсың.

Ақ үміт күтіп
Тек қана рауан таңдардан.
Көңілім қалып доспын деп жүрген жандардан.
Адасып долы дауыл мен қара шаңдардан,

Жайымды түсін, өзімді іздеп сандалған.

Боз ала тірлік,
Жоғымды табу қиындау,
Жолымды кесті
Құтыра соққан құйын – жау.

Дегенмен бірақ тәңірге
(Бергені үшін жолдама жарық жалғанға)
Мүмкін емес-ау сыйынбау.

* * *
Түнеріп аспан, көктемнің сәнін кетірді,
Төгіліп моншақ, құтырық жел де лепірді.
Неліктен мына қайыңдар бүгін көңілсіз?

Жаз келмей жатып, күз болып қойған секілді.

Неліктен аспан сәулесін күннің жасырды?
Сұрланып дала көктемнің реңін қашырды.
Тіршілік біткен маужырап мүлде қалған ба,
Сайрауық құстың әндері неге басылды?

Көңілсіз дала, көз жасын төгіп тұрғандай,
Тыныштық келіп әлемге билік құрғандай.
Ойлана алмай, мең-зең боп мен де отырмын,
Оңдырмай біреу төбемнен қатты ұрғандай.

* * *
Қолыма қондың, еріп кеттің,
Айналдың мөлдір тамшыға.
Ғұмырың қысқа неліктен тым?

Жанымды, ақ қар, жаншыма.

Қара жерге асықтың да,
Қас қағым сәтте құладың.
Білмеймін, саған ғашықпын ба,
Қимадым жерге, жыладым.

Көзіме тидің, тұрақтамадың,
Жас болып кеттің ағылып.
Болмады басқа бірақ та амалым,
Таптадым сені, ақ үміт.

* * *
Мен біргемін елеспен.
Көкіректе дауыл тұрып, жел ескен.
Жағдайымды сен білмедің, қайтейін,

Қабырғаммен кеңескен.

Сен біргесің өзгемен.
Бұл күйіңе бұлтарыссыз төзген ем.
Ап-ауыр жүк жүрекке арқалаттың.
Көтерем ғой – өз денем.

Мен біргемін сағыммен.
Жан жадырап, жүзім жанған шағым кем.
Жақын емес, жат болған соң, амалсыз,
“Сүйем” дедім сақ үнмен.

* * *
Тық-тық соқты уақыттың жүрегі...
Сен қасымда болмағаның жаман-ақ.
Мұң жастадым, уатып кім жүр еді,

Көңілімнің толмағанын шамалап.

Тағы ояумын. Күтумен күндер өтті.
Тартып алды жалғыздық ұйқымды да.
Көз жасымды жұтумен түндер епті
Су бетіне салғызды сиқымды да.

Құлазыдым. Құр тық-тық миды жеді,
Жүрегіңді тыңдасам жалықпар ем.
Шыға алмаған жыр тіпті күйдіреді.

Қайран, сезім, сынбасаң, қалықтар ем.

* * *
Сен менің жүрегімдесің,
жыр елімдесің.
Адасқанда өмірдің түнегінде шын.

Жол көрсетер бағдаршым, тірегім де-сің.
Әйтеуір ең ізгі тілегімдесің.

Сен менің арманымдасың,
ар, қанымдасың.
Нәп-нәзік кірбіңі жоқ қар – жанымдасың.
Жарқ етіп сөнгенінше жалғаным – жасын,

Тәкаппар талғамымдасың.

Сен менің сөздерімдесің,
кездерімдесің.
Белгілі, басқа жанды көзге де ілмесім.
Өзің ғана сыр тұнған көздерімдесің

...Түсіме өзге кірмесін...

* * *
Өкініштің оты өртеді өңешті,
Үңілгенде дәптеріме өңі ескі.
Ақ қағазда есімің – мәңгі өшпес,

Жадымдағы бейнең бірақ көмескі.

Тек есімде... ұмытпадым күлкіңді,
Жанарыма сансыз маржан іркілді.
Жүрегімде астаң-кестең ақ боран,
Жадыратып қойғаныммен сыртымды.

Сағынсам да жете алмадым, қайдасың?
Әлде айналып кеткенбісің Айға шын.
Әлде менен өзге сұлу жолығып,
Баурап алып асырды ма айласын.

Бақытыңды тапсаң бастан таймасын.
Көзіме тек бір көрінші...
Қайдасың?!

* * *
Қол ұстасып, бірге кешіп махаббаттың бал шағын,
Жүрсек тағы, қуана алмай, жанарымнан тамса мұң.
Кешір мені...

Сездің бе екен...
Құшып тұрып сағынып,
Сүйіп тұрып өзіңді аласұра аңсадым.

Жанымдасың... тәтті сөздің бәрін маған арнадың.
Бірақ, бірақ ұша алмады қанаты жоқ арманым.
Не істей алам?
Кеш жолықтық, тағдыр бәлкім осылай,

Өкінемін.
Тістелетін тағы өзімнің бармағым.

Айтшы, неге сорлы жүрек соны ұқпайды адасып?
Бағдары жоқ болашаққа отырамын бал ашып.
Сені көру, саған жету бақыт болса қаншалық,
Сонша қайғы шаттығыма көз алартар таласып.

* * *
Көктем келді, дәл баяғы көктем бе?
Жаңартумен ескі елесті, жол тартамын өткенге.
Бала шағым сағындырды, өзен, тау да, көк бел де.

Болашақты армандаушы ем, есіп самал өбкенде,
Қиялымды серік қылып гүл теруші ем бөктерде.
Дос таба алмай сыр айтқанмын ағаштарға, шөптерге.
Мұңаюшы ем мен де аспанмен жерге моншақ төккенде,

Қимастықпен төбемізден құстар ұшып кеткенде.
...Өзгеріссіз қалыппын ғой сол баяғы өткелде,
Жанымды ұғар, жақын тартар сырлас әлі жоқ менде.
“Іздегенің табылмаса, – дейді өмір, – кектенбе”.

Бұл жалғанға жоқ та шығар мұңым, назым, өкпем де.
Қанағатсыз адам, шіркін, мұратына жеткен бе?

* * *
Қызыл қоңыз, не іздедің,
жүргенің не сандалып?
Күнкөрістің қамы ма

Тамақ тауып, жан бағып?
Қызыл-жасыл тірлікке
Қызықтың ба таң қалып?

Өтіп жатыр төбеңнен
Екі аяқты сан халық.

Мен отырмын ой еміп,
Сен келесің адасып,
жаныңа әлде батты ма
Қоймағаным жақ ашып?

Не айтайын өзіңе...
Қиялмен жүрген таң асып,
қияли ақын боп барам,
Көңілім көкпен таласып.

Тезірек тап жоғыңды,
Көп адаспай, сортаңым.
Басып кетіп жүрмесін
Бәз біреулер, жол шағын.

Ал мен тапсам ойымды
(Адамзатқа ортақ үн),
Көре алмайтын көп табан
Таптай ма деп қорқамын!

* * *
Жабықтырып күрең тірлік, күрең күн,
Таба алмадым сезімімнің бір емін.
Аспан жақта болғаннан соң тілегім,

Солай қарай сандалады жұдырықтай жүрегім.
Алайда мен тірі едім!

Елдің сөзін естіп қалдым:
“Аман-есен жүр” деген.
Естіп алып езу жимай, күлген ем.
Жан аспанда, жұмыр жерде құр денем,

Жүргендігін ешқайсың да білмеп ең.
Білмегенің дұрыс болар –
Үндемен.

Ұшып барад бірдемем,
анау түпсіз ғарышқа.
Ей, ақша бұлт, меніменен жарыспа.
Қиялымнан жүйрік емес шығарсың,

Бара алмайсың алысқа.

Адастырар мен баратын тұңғиық,

Бірі жатыр тым төменде,
Ал біреуі тым биік.
Одан да бұл ақылыма бағынбайтын жүрекке
Берсеңдерші үн құйып.

Өтінемін, ақша бұлт...

* * *
Жел болар ма едім, самал боп саған жетер ем,
Қар болар ма едім, қолыңда еріп кетер ем.
Сағыныштың сан батпан ауыр салмағын

Қалайша, жаным, көтерем?

Құс болар ма едім, жаныңа ұшып барар ем,
Нұр болар ма едім, тау тұлғаңа тарар ем.
Менімен бірге сағыныштан сарғайып,
Кеткендей, жаным, бар әлем.

Ай болар ма едім, түндерде саған қарар ем,
Ақ нөсер болсам, терезеңді қағар ем.
Өзіңсіз күндер өтпеді, тіпті өзіңсіз,
Атады, жаным, таң әрең.

* * *
Жалғыздан жалғыз аппақ түндерде
Аспанда аймен сырласам,
Жалғыздан жалғыз аппақ гүлдерге

Сағынышымды айтып мұңдасам.
Жалғыздан жалғыз жабырқап жүріп,
Қар кешем және құм басам...
Жолықпас едім өзіңе, жаным,

Сыңарың болып тумасам.
Естисің, күнім, есіміңді ғана
Жүрегімді егер тыңдасаң.

Жалғыздан жалғыз аппақ әлемде
Қар қызы болып ән салам.
Жалғыздан жалғыз ұйықтап жатып,
Түсімде көріп тамсанам.

Жалғыздан жалғыз жүрсем де, жаным,
Күтуден сені шаршаман.
Жетеміз қашан, қыраным менің,

Күндерімізге аңсаған...

* * *
Тәтті ұйқымды бөліп түн,
Маза бермей азаптап.
“Жалғызсың, – деп – көріктім”

Ай күледі мазақтап.

Жұлдыздар да жамырап,
Көзін қысып тұр маған.
Жел соғып, суық аңырап,
Жалқылығымды бұлдаған.

Жалғызбын. Ояу. Түн іші.
Алайда екеу жүрегім.
Тарылып ол да тынысы,
Мені ойлап отыр, білемін.

Көрсем деп шығар жүрген де,
Сағынып, аңсап серігім.
Мына аспан, мына түндерге
Жалғыз деп айтты мені кім?!

* * *
Жыраққа кетер едім.
Қимаймын.
Нені?

Күнді?!
Жо-жоқ сені...
Өзіңсіз өмірге сыймаймын тегі.

Алыстап кетер едім.
Табынам!
Кімге?
Көкке?!

Жо-жоқ түнге.
Сүйемін тек сені, сағынам күнде.

Басып келем ақ қарды жалғыз, жаным,
Армандаумен болсаң деп сен қасымда.
Әнін есті ақ қыста қар қыздардың,
Мұңы олардың менің де бар басымда.

Алыстасың, сағынып, сыр ақтарып,
Сәлем жолдап жүргенім аппақ қардан.
Іздеудемін кетсең де жырақталып,
Жүрегімнің дүрсілін тоқтап қалған.

Тоқтап қалған жүректің дүрсілі мен
Күтудемін өзіңді, жан арманым.
Мұңлы жырлар жазамын күрсінумен,
Жасқа толып, мөлдіреп жанарларым.

* * *
Қол ұстасып қар қызымен өзің жаққа аттанам,
Ағытамын сұлу сөзді саған арнап сақтаған.
Елігіңді қорғап жүрсін сұқ көздерден, жанардан,

Жырмен жазған, сырмен жазған тұмарыңды тақ маған.

Тұмарыңды тағайыншы жыр-сүрелер басылған,
Қорған болсын көңілім мен сезіміме тасылған.
Қар қызымен бір кешейік мынау аппақ әлемді,
Ай нұрына шомылайық аппақ қарға шашылған.

Ай нұрына шағылысып ақ әлемнің ішінде,
Жүр екенбіз түсімде...

Сағыныш – сары құс

Сағыныш – сары құс,
Сәлемімді алып ұш.
Сүйіктім бар жырақта,
Соған барып тұрақта.

“Сағынды сені” дегерсің,
Сұлу сөзді төгерсің.
Түндерде кірші түсіне,
Есіне мені түсіре.

Сағынсын, мені ойласын,
Мазалап сезім қоймасын.

Жүрегі тоқып тасыла,
Келсінші бір күн асыға.
Жалынға орап жанымды,
Тасытып ыстық қанымды,

Қуанышқа бөлесін
Махаббаттың кемесін...
Ойымда жүрген күндерді,
Аңсаумен өткен түндерді

Тастайын серпіп тағы да.
Ұмтылып алға, бағыма.
Шыдайын, біраз төзейін,
Сағыныш дәмін сезейін...

Сүйіктімді, сары құс,
Келеріңде алып ұш!

* * *
Мұң басып кетті...
Мұнда қыс өтті.
Аппақ қар бүркеп тәнімді,

Сыңсыта салған әнімді
Жеткізе алмадым өзіңе.

Күлгенде көктем,
Гүлге үміт еткем.
Іздедім сені жасыннан бірақ.
Өрмелеп шыққан тасымнан құлап

Жете алмай қалдым өзіңе.

Жайнады жаз да.
Жайларым аз ба
Сағыныш тұнған кірпікте?
Қанатым сынған... үркітпе...

Жете алмай келем өзіңе.

Кімдерге күлем?!
Күндерде күрең
Ұшамын самғап құспенен.
Кей кезде таң қап түс көрем

... Жетермін бәлкім өзіңе...

* * *
Дәрменсіздің бірі мен,

Жан өксиді дәмесіз.
Бұрынғыдай сағыныштың тілімен
Хат жазбайсыз және сіз.

Күңгірт бөлме, тек жалғыздық қасымда,
Жүрегімді түтеді кеп түбіттей.
Алыстадық. Хабарымыз расында
Үзілді ме үміттей?

Күн өтеді еңсені езіп зілдей мұң,
Сорлы сезім мөлтілдейді ішімде.
Түнге неге асығамын, білмеймін.
Өзіңізді көрем әлде түсімде...

* * *
Сағынышты қайтіп, немен емдеймін?!
Жылжып жатыр жылы-жылы сөзсіз күн.
Келмейсіз бе?..

Біліп тұрып, сенбеймін,
Көріп тұрып, көзсізбін!

Ессіз аспан түсінердей бұл күйді,
Қара түннің жанарына үңілдім.
Сырт-сырт сәттер көз жасымдай сырғиды,
Өзіңізсіз...

Жалғыздықтан түңілдім.

* * *
Үнсіздікте үмітті ойлар бүр жарып,
Ұйытады, ұрлап түнгі ұйқымды.
Сәулесімен нұрландыратын бір жарық –

Сіз жайында қиялым бар сүйкімді.

Тыныштықтың тіліндегі тәтті күй
Тербетеді, ұшып бара жатырмын.
...Әлеміме келіңізше, ақылдым,
Сізді ғана шақырдым.

* * *
Қуанышым әрі мұңым ең...
Бақыттысыз ба шынымен?!
Бақытсыз бір жан сізді ойлап,

Жыр жазып шықты түнімен.

Үмітімді тағы сөндіріп,
Кірпігіме маржан қондырып.
Араласты діріл үніме,
Салқын сөзіңіз тоңдырып.

Жаурады жаным, күй осы.
(Басымды деп ем сүйеші)
Алыстап қайда барасыз,
Армандарымның иесі?

Қаңырап қалған жұрттаймын.
Жүректі жаншып бұлт – қайғым,
Жүзімді жуған ап-ащы
Көзімнің жасын ұрттаймын,

Сізге бақыт тілеп тұрып...

* * *
Тағы да ұшындым...
Жанарымнан жас сырғыттым қателігім үшін мың.
Адамның емес, Алланың махаббатының

Шексіз екенін түсіндім.

Жалған сезім алдады да, құладым.
Пенде ішінен сүйеу таппай жыладым.
Жалғыздықта Жаратқанға жүз бұрып,
Жанымның парағын жайдым да,

Алдында кешірім сұрадым.

Жылулық іздеумен жүр едім.
Бір нұрды сіңірді жүрегім.
Енді мен ғашық боп жазылған хаттарға
Сенбеймін – күлемін!

Сіз мені Тәңірдей сүймейсіз,
Мен сізді Тәңірдей сүймеймін, білемін.

* * *
Көктемнен көп үміт күткенмін...
Аңқылдақ ағаштар бүрледі.
Мөп-мөлдір арманым бүршікке қонақтап,

Жайқалған...
Күз желі үрледі.

Қара жер құшарын жапырақ білмеді.

Буылдыр бұлттарда жүргендей бақытым,
Қарағам тамсана.
Олар да сөгілді,
Төгілді

Сызылта ән сала.
Жерге кеп жығылды тамшылар қаншама.

Тапқандай сап-сары күзге де ем,
Ақ қардан адалдық іздегем.
Көктеме шапағын шашқанда,
Қап-қара топырақ жұтты да,

Жоғалды ұлпалар
Жаратқан жазған бір ізбенен.

Тіршілік өтеді жүз жылай, жүз күле,
Әлдене күтумен тағдырдан үздіге.
Арман мен үміттің мәңгілік мекені –
Жер ана қарсы алар бір күні бізді де.

* * *
Талып кетті қанатым.
Төзім кеміп, түгесілді тағатым.
Шыр айналып аппақ дәке іздедім,

Жүрегімнің жарақатын таңатын.

Таба алмадым.
Білмейді екен күз емді.
Күдерімді күтір-күтір үзем-ді.
Жанарымен жанымды емдер тәуібім,

Оралмайсыз сіз енді.

* * *
Теңіз – ой, мың шығып, мың баттым.
Біреуге – сырсандық, біреуге жұмбақпын.
Жанымды жанардан оқыған

өзіңіз едіңіз, қымбаттым.

Сырымды ұрлаттым. Дәрменсіз қарашық.
Арманым Ай, Күнмен таласып,
Жұлдызбен жарасып...
Болжаусыз күндерге отырам бал ашып.

Зарығу, ынтығу,
Сағыну... ұмтылу...
Иектеп неше мұң,
Төзімді тауысу,

Тәп-тәтті қауышу,
Ал сосын бақыттан масайрау... кешегім.

Кешемін
Өзімді, сізді де ақтаймын.
Тәңірім ұсынған тағдырға тақпай мін.
Өткеннің әдемі елесін

Бақиға жеткенше жүректе сақтаймын.

* * *
Сезімді
Бұғаулай алмаған кезім-ді.
Тауысып сабырды, төзімді.

Ауысып...
Ес – бүтін, жүректің үніне ілесіп,
Сағынып қауышып,
Бақыттан ұмытқам өзімді.

Күй кешіп өзгеше, ұнамды,
Еңсені езетін тұманды
Таратқан
Қас-қағым,

Балдан да тәп-тәтті сәттерді – күнәмді,
Күнәсін
Кеше көр, Жаратқан!

* * *
(Анна Ахматовадан)
Мен күлуді доғардым,
Мұздай боп ернім тоңған ем.

Бір үміт тағы жоғалды,
Бір өлең артық болғанмен.

Еріксіз беріп әнімді,
Келемеж бенен мазаққа.
Отырам сосын жанымды
Үнсіздігіммен азаптап.

* * *
(Анна Ахматовадан)
Құлашын жайып сары кеш,
Сәуірдің есті салқыны.

Болса да, жаным, бәрі кеш,
Қуандым көңіл алқынып.

Отыршы келіп қасыма,
Қарашы нұрлы көзіңмен:
Шыланған дәптер жасыма –
Естелік балғын кезімен.

Күн кештім мұңмен төзімсіз,
Алмадым және жұбана.
Кешірші, кешір өзіңіз,
Қателестім көп, сынама.

* * *
Сізден хабар үзілді...
Кеше көктем тарту еткен
Үмітімді күз ілді.

Өзіңізсіз өтіп жатқан
Сәтті санап тамшылар
Кірпігіме тізілді.
Мөлдір-мөлдір сағынышым

Жанарымнан сырғанап,
Сүйіп жатыр
Сіз сүйетін жүзімді.

Бәрі бекер екен тек...
«Аңсарыма-ау, саған қарай
Құс боп ұшып жетем» деп,
Серт беріп ап,

Жоқ болдыңыз...
Есіміңіз ғана қалды
Жүрегімде мекендеп.

*** Тапқандай боп ем бағымды. Аңсаумен сізді күні-түн. Жараладыңыз нәп-нәзік менің жанымды, Көз ілді жылап үмітім.

Тамшылар неге мекендеп алды жанарды?
Өксікке қалдым тұншығып.
Өзіңізсіз тағы да бір күн жаңарды,
Қуантпақ болып күн шығып.

Күрсініп алам,
Қоңыр күз жұтып демімді,
Жүректің нәрі сығылып.
Аппақ армандар күдіктерімнен жеңілді,

Сезімнің туы жығылып.

* * *
Жеткізбей арманыма іркеді күн,
Сағыныш торлап жанды, бүркеді мұң.
Жанарым мөлдір тамшы төккенінде

Жүрегін орамал қып сүртеді кім... сенен басқа.

Сөздерің сенің ғана жылытады,
Көңілдің өзіңе аян сыры тағы.
Күнтізбе бетін санап отырамын,
Жылжымай ол да дымды құрытады.

Сергелдеңге салады күнім, түнім.
Уысында уақыттың үгітілдім.
Күтуден талып кетті қарашығым,
Көзінен өпші келіп үмітімнің.

* * *
Жүдедім...
Сағыныш әнін сап жүрегім.
Жаныңа жете алмай, таң алды

Түсімде жолығып жүремін
Үнемі.

Білемін,
Сенде де осы күй, жарығым,
Хаттарың... сезімің мөлдіреп,
Телефон пернесін сүюмен саусағың

Тересің әрібін.

Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп,
Жылынам...
Қиялда кезігіп.

Содан соң сен жайлы тәп-тәтті түс көрем
Көз іліп.

* * *
Тырналды тағы аузы жараның,
Өткелден қалдым өте алмай.
Өз жүрегіме батып барамын,

Жағалауыма жете алмай.

Асау толқындар ұрып жанымды,
Тұншықтым кермек жасыма.
Желдерден естіп мұңлы әнімді,
Жетпейсің неге қасыма?

Тағдырым енді артады нені?
Қажыдым мұңнан... арыдым.
Түпсіз тұңғиық тартады мені,
Қолыңды созшы, жарығым.

* * *
Неге сенен алыспын?
Сағынышқа шарпылып,
Түні бойы өз-өзіммен алыстым.

Түпсізіне сүңгітіп ең қиялдың,
Сыйлаймын деп бір бөлшегін ғарыштың.

Енде неге...
Неге сенен жырақпын?
Күрсіндіріп күп-күрең күн,
Өксітеді жылап түн.

Арманыма қанат байлап
Құс жолымен самғап ем.
Құлаттың.

Күз бояған жапырақтай
Жерге келіп жығылдым.
Қолыңа алып аялашы...
Сенен өзге жылыта алмас

Жас жауратқан жанымды...
Ұғындым.

* * *
Жол неткен бұралаң,
Жолыға алмадым.

Өзімді күн сайын алдадым
Келер деп,
Жанымды бақытқа бөлер деп.
Содан соң... тістелді бармағым.

Көтере алам ба салмағын?
Мың батпан сағыныш, күдік пен үмітті...
Түсімде жолығып, өңімде жете алмай
Жүргенім жігерді үгітті.

Іздедім...
Көшелер... халді ұқпас біздегі
«Күдерді үз» деді.
Тек жаңбыр аймалап жүзімді

Мен болсам, өзіңді өлгенше күтетін
Жапырақ боп кеттім күздегі.

* * *
Тағдыр бәлкім ендігі сәт
Мұңдарымды шаттықпен алмастырар?
Жапырағы жер құшқан тал-теректер

Аппақ жаулық жамылып,
Күздің әнін басқаша жалғатырар.
Армандарым сияқты кіршіксіз, пәк,
Жерге аман жеттің бе, алғашқы қар?

Жауа түсші, ақ қарым,
Аспан жасын тыймасын.
Аяз қысып, мейлі, мейлі қинасын.
Мұзды ерітіп, тасты да балқытатын

Жүрегімде бір сезім бар,
Көңілімде күдік емес, күй басым...
Асығамын соған қарай,
Бақытыма жетер жолда аппақ ұлпа – үмітіңді сыйлашы.

* * *
Неліктен жетпеді үнім?
Келеріне сенсем де көктемімнің,
Бүгін жүрек жабырқау, көктеді мұң.

Өзіңді күтер жанның бар екенін
Ұмытып жүргеніңе өкпелімін.

Хабарсызсың, бармады хаттарым да,
Себеп тауып белгілі ақтарым да.
Саған деген сырымды айға ақтарып,

Қағазға жасым төгіп жатқанымда

Жұбатшы кеп.
Күткенім осы дейін.
Күн сәулесін көзіме көшірейін.
Жалт-жұлт еткен бақытты уыстап ап,

Күлімдейін, тағы да кешірейін.

* * *
Тыншымадым,
Түйсігімді тістелеп шымшыма мұң.
Хат жазысқан тәп-тәтті сәттерді аңсап,

Еріксіз өксігіме тұншығамын.

Амалымның
Жоқтығынан жүзіме жамалды мұң.
Сағындым ғой, сағындым, ерініңмен
Жасын сүртіп берсеңші жанарымның.

Біледі не?
Жете алмай жүрген жанмын тілегіне.
Мына аяз жауратты, жылытсаңшы
Жүрегімді орап ап жүрегіңе.

* * *
Күйдірді өксік өзекті,
Хатыңды күтіп қалжырап кеттім кезекті.
Өлеңімде емес, өмірімде болшы, жарығым,

Жалғыздығым әбден мезі етті.

Сергелдең сәттер өзіңді ойлап сенделген,
Шыға алмай жүрмін шырмалып қалып шеңгелден.
Қанатым сынып, құлап барамын құлдилап,
Жолығып қалып, жарамды жазып емдер ме ең?

Қансырап көңіл, асқынып дертім үдепті.
Қайдасың, жаным? Өзіңсіз өмір жүдетті.
Алақаныңа сап, әлдилеп бір сәт жұбатшы
Тек сені сүйер жүректі.

* * *
Сезіліп сырлы сөзімнен демім,
Бақытым жалғыз өзіңмен дедім.
Үңілсең егер көретін едің

Өзіңді ғана көзімнен менің.

Өшпейді мәңгі үміт – шырағым,
Ұмытшы мұңды, ұмытшы бәрін.
Өзіңсіз өксіп, жаураған жанды
Жүрегіңе орап жылытшы, жаным.

Күтемін десем жанарым талмай,
Неліктен мұңға жамалын малды ай?
Сағындым сені, сағындым, жаным,
Төзімім кеміп, амалым қалмай.

Жылжымас сәтке өкпелі екенмін,
Уақытты бекер сөккен екенмін.
Жолығыр болсақ ұғатын едің
Жүректе әлі көктем екенін.

*** Ұмыта алмаймын, Ұмыта алмайсың, соны ұқтым. Сен жайлы тәп-тәтті түс көріп, Аспанға жорыттым. Сағынып жүрсің бе, бейнемді серік қып, Бал сәтке ынтығып, келді ме жолыққың?

Тоңыппын,
Жүректі мұз қарып...
Бар емім
Өзіңсің,

Және де тек сенің сәлемің.
Өмірде алыссың, қиялда қауышып,
Кеземіз мөп-мөлдір арманның әлемін.

Әлегін
Сезімнің түсініп,
Дәл сендей сүйе алмас мені ешкім.
Санамнан бір сәт те шықпайсың,

Ойыңнан кетпейтін елеспін.
Тәңірім о баста сыңар қып жаратқан,
Сеземін…
Сен бөтен емессің.

*** Өз-өзіммен күні бойы егесем, Іште – дауыл, сыртта көктем демесең. Тыныш жатқан жүрегімді тулатып,

Сабырымды ұрлап кеттің неге сен?

Сезімімнің тартып жүрмін азабын,
Сенсіз күндер бекер екен, қаза – күн.
Саусақтарым телефонның пернесін
Сүйіп жатып, тағы да хат жазамын:

«Ғашық болып қалдым саған, кешірші...»

*** Торлады ма жанарымды әлде мұң, Үздігемін, үзілердей әл-демім. Түсінші деп кімге айтамын, жаным-ау, Өз-өзімді ұға алмайтын халдемін.

Күдік күліп, үміттерім көз ілді.
Мөлдір тамшы мекендеді көзімді.
Аласұрып, сыймай барам әлемге,
Жолыққалы жоғалттым-ау төзімді.

Мазасызбын, бермеді ғой кеш тыным,
Көз алдымнан кетер емес кескінің.
Қара түнде хат жазамын қамығып,
Сені сүю кінәм болса, кеш, күнім.

*** Тағы да мұңымды төгемін. Не үшін жылаймын? Білмеймін себебін. Еңсемді езгенде өксіктің салмағы Өзің кеп жұбатсаң деп едім.

Жоқсың сен... көнемін,
Жазмыш қой... көңілдің дегені болмаған.
Хат жазып жіберші...
Халімді сұрасаң, жетеді сол маған.

Үйренгем өзіңсіз өмірге –
Үнсіздік ұғады жанымды,
Қара түн сүртеді жасымды.
...Дәрменсіз екенмін,

Жанамын, күйемін...
Неліктен өзіңнің алдыңда иемін
Тәңірден өзгеге имеген басымды?

*** Сені күтіп сағынышым басылмай, Мені күтіп... отырасың төзімсіз. Сенсіз сәттер... секундтар да ғасырдай, Бұрын қалай өмір сүргем өзіңсіз.

Менің жаным сезіміңнің үнімен
Үндесті де... үміттерім үкілі.
Білесің бе, сезіледі шынымен
Әр әріптен жүрегіңнің лүпілі.

*** Менің хатым ерке желмен жарысқан, Сенің хатың жетті маған ғарыштан. Кеудемдегі күрсіністен арылдым, Жүрегіңнің әнін естіп алыстан.

Жанарымнан жүрген кезде тайып мұң,
Жолықтың ба жолдауымен ғайыптың?
Үніңді естіп, үмітіме жан бітіп,
Тоң боп қатқан өкісігімнен айықтым.

*** Шимайланған алақан – шиыр-шиыр жолдарым, Бақытым деп күтіп ем, сен де бақыт болмадың. Жанардағы бір сезім жылай-жылай суалып, Көрмейсің бе көңілім бірте-бірте солғанын.

Тағы алдымда шұбылып тарам-тарам жол жатыр,
Ұстай алмай үмітті қарманады қол да құр.
Жетегіңе ілессем, түнекке енбес деп едім,
Күздің басып тұманы, адастырды ол да ақыр.

Жасқа толы жүректің ішінде Жан тұншығып,
Батып кетіп барады, көзім отыр мұң сығып.
Тұманын-ай даланың, тұманын-ай сананың,
Қуантады қай күні көкжиектен Күн шығып.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙