Шығармалары VI том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Рафаэль Ниязбек
Рафаэль НИЯЗБЕК
ШЫҒАРМАЛАРЫ КӨПТОМДЫҚ 6-ТОМ
Алматы ӘОЖ 121.512.122-1 КБЖ 84 (5 Қаз)-5 Н 65 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
НИЯЗБЕК РАФАЭЛЬ ШЫҒАРМАЛАРЫ: Өлеңдер/Рафаэль Ниязбек. –Алматы: ҚАЗақпарат, 2015. ISBN 978-601-03-0225-9 Т.6. – 2015. – 380 б. ISBN 978-601-03-0348-5 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының және Ресейдің Сергей Есенин алтын медалінің иегері, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің бұл алтыншы томында дауылпаз ақын Махамбеттің қилы тағдыры, ол ғұмыр кешкен аумалы-төкпелі уақыттың улы зардабы, сабылған ердің шерменде өмірі өрелі де шынайы суреттелген. Сонымен бірге бұл томдыққа ақынның бүгінгі уақыттың тыныстіршілігін ашып, жүрек қылын шертетін өлеңдері де енген. Бұл туындылар батыл ой-пікірімен де, буырқанған қуат күшімен де ерекше көрініп, оқыған кісіні бей-жай қалдырмасы хақ.
ӘОЖ 121.512.122-1 КБЖ 84 (5 Қаз)-5 ISBN 978-601-03-0225-9 © «ҚАЗақпарат», 2015 Н 65 © Р.Ниязбек, 2015 ISBN 978-601-03-0348-5
ЕЛІН СҮЙГЕН ЕРЛЕР ЖАЙЫНДАҒЫ ТЕБІРЕНІС Поэтикалық талантын поэзия сүйетін барша қауым мойындаған, есімі еліміздің көрнекті ақындарының қатарында аталатын Рафаэль Ниязбек туған жерінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жан алыс, жан беріс арпалысқа түскен тау халқының аянышты тағдыры жайында сонау жылдары “Шешендер” атты жыр кітабын жазып бір ерлік көрсетіп еді. Бұл еңбегі Шешенстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік “Ұлт намысы” орденімен бағаланып, оған Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы берілген болатын. Енді, міне, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуы құрметіне арнап 200 өлеңнен тұратын “Махамбет майданы” аталатын жыр кітабын жазып тағы бір ерлік жасап отыр. Мұны ерлік деп атауға өлең санының көптігі себеп бола алмайды, әрине. Бірақ, жинақты бастан-аяқ оқып шыққан адамның өзі-ақ Махамбет бабамыздың, Исатай батырдың және олардың жауынгер жолдастарының ұрпақтан ұрпаққа аңыз боп келе жатқан ерлік істерінің бұрыннан мәлімбеймәлім қырларын поэтикалық көркем тілмен, азаматтық пафоспен һәм шынайы тебіреніспен жырлағанына куә болып, осындай тұжырымға келері хақ. Ұлы ақынның 200 жылдығына жыр-шашу есепті бұл жинақ “Теңдік қуып, алмас қылыш тағынғанда”, “Әділ жолдан замана жаңылғанда”, “Ат арытып, мұң кешіп сабылғанда”, “Жорық күйлер жыр болып
ағылғанда” және “Махамбеттің өр рухын сағынғанда” дейтін тақырып табиғатына сай ырғақта буырқанып, шиыршық атқан бес бөлімнен тұрады. Ұлтымыз мүддесі үшін қызмет етіп, қан төккен біртуар арыстар жайында трилогия, дилогия, роман, поэма жазған қаламгерлер әдебиетімізде ондап саналады. Бірақ, сондай тарихи тұлға жайында тұтас бір жыр кітабын жазған ақын жалғыз-ақ. Ол – 200 өлеңнен тұратын “Махамбет майданы” атты жинақтың авторы Рафаэль Ниязбек екенін және мұндай кітаптың өмірге келуі бүгінгі қазақ поэзиясындағы елеулі оқиға болып табылатынын мойындамасқа лажымыз жоқ. Махамбет рухын пір тұтып, ол күйінсе күйініп, ол күңіренсе күңіреніп, ол қаһарға мініп күркіресе күркіреп, оның от-жалынға оранған өмір өткелектері жайында 200 жыр-толғау тудырған ақынның шабытты еңбегі қандай мадаққа да лайық. Теңіз суының дәмін тамшысын татып-ақ білуге болатыны секілді, бұның да қандай дүние екенін ондағы кез келген өлеңді оқып-ақ бек жақсы таныпбілуге болады. Жалпы, біздің ойымызша, белгілі ақын Рафаэль Ниязбек шығармашылығында батырлықты, ерлік пен елдікті, азаттық жолында жан қиған қаһармандар тағдырын жырлау басым орын алады. Оған жоғарыда аталған “Шешендер” жыр жинағы мен бір жылға жуық еңбектің нәтижесінде дүниеге келген “Махамбет майданы” атты шынайы көркем жыр кітабы айғақ. Құрманғазы ҚАРАМАНҰЛЫ, жазушы
МАХАҢДАРЫ ЖОҚ ҚАЗАҚҚА, МАҚТАНУ КЕРЕК СЕНІМЕН!.. Рафаэльге Қазақтың үлкен ақыны, Үйсінмін деуге хақылы. Арсы-күрсі мінезде, Адайға нағыз жақыны. “Именной” қанжар-сапылы, Қап тауының Батыры!.. Азуын айға білердей, Арқасын аруақ шірердей, Екіталай кез болса, Ерлікті ерттеп мінердей. Ашуы аспан тірердей – Ат көтере алмастай, Атанды мертіктірердей! Аузынан шыққан сөзі де өр, Өлеңі де өр, өзі де өр. Бақан бет мына заманда Махамбеттердің көзі дер! – “Бозағаштан биік сен едің, Бұлтқа жетпей шарт сынбас”. Мәрттіктің сөйлеп дегенін, Нәмартқа бедел таптырмас. Ар, ақиқат баласын Тұмсықтыға шоқтырмас, Қанаттыға қақтырмас!
Тастамақ болған күндерде сонау жау – мықтың Талқандап сәтте қас қағым, Қолында жүрді қарулы әрбір таулықтың Құран мен сенің дастаның!.. Әлі бір күнге Рухы сынды ол неше ердің, Өз жырым дейді өр тұрақ, – Алдыңда сенің шешеннің Генералдары бөркін ап! Бір осы құрмет аз-ақ па?! Бірегей біткен ерім ең. Махаңдары жоқ қазаққа Мақтану керек сенімен! Еңбегің оған татыр-ау, Ерлігің теңіз – Атырау… Ақындық жеткен жерлерге Сендегі бізге батырлық жетпей жатыр-ау!.. Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, Қ.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты
ЖЫР БАСЫ І Аузым жетпей жүрсе де шынтағыма, Ата жолын арымның қуғаны ма. Маха, Сізге екі жүз жыр арнадым, Екі жүз жыл толғанда туғаныңа. Ес тұтатын мезгілде естіні елде, Жігерімнің шылбырын естім мен де. Құлагерім құлағын қайшылаған Дүбіріңді алыстан естігенде. Көңілімнің қайнарын суат көріп, Қайрады ма жасаған қуат беріп. Көкірегімнен құйылған жыр жолдары – Керуендей жүк артқан шұбап келіп. Қалам малып жыр жазған арай нұрға, Өкпелі емес қай ақын ағайынға. Бұрқақ атқан Ар-намыс болсаң егер, Айналмайсың, жан баба, қалай жырға. Ғасырлардың көз салып сілеміне, Қайта-қайта қайралып жігеріме, – Тебіреніп екі жүз жыр арнадым, Салмақ салып саналы жүрегіме. Беделімді біреулер түсіргенде, Семсер етіп сілтегем сұсымды елде. Ақынға ақын толғанып жыр арнаған, Жанын ұғып, бір-бірін түсінгенде.
Көкірегім толғанда өрелі үнге, Өр шабыттың сүйенгем көмегіне. Бақыттымын – екі жүз жырым менің Татыса егер екі жол өлеңіңе. Ішім – жүдеп, күн кештім сыртым – түлеп, Тағдыр мені әлі де жүр сілкілеп. Төгіп өткен көз жасым шығар – жырым, Көңілімнің көгінде күн күркіреп. ІІ Күндіз-түні жыр арнап толғанамын, Бірақ жасық жырыма қорланамын. Маха, Сізді оқысам өркештеніп, Бұлт қажаған кеудесін өр боламын. Қарғасы көп мезгілде қарқылдаған, Кім семсерге айналсын жарқылдаған. Бетін дауыл сапырған мұхит болсаң, Айдыныңда қайықпын қалтылдаған. Толқындармен толқын боп араласып, Ғұмыр кешсін дедің бе жағаласып. Айдыныңнан шығарды бір-ақ мені, Қайығымды дауылың ала қашып. Дауыл аңсап тудым ба, тегі, мен де, Ар-намысым тереңнен тебінгенде. Ағыстарға қасқайтып қайта салғам, Жағалауға қайығым шегінгенде. Қабағымнан қар жауған күндер қанша, Шайлыққанда жүрегім, жеңілгенде. Жетілгесін күн кешіп өнерлі елде, Неге өзімді боркемік көрем пенде.
Маха, Сізге сүйенгем қайығымды Қуып айдап дауылың жөнелгенде. Жұмбағы көп жұмақты тылсым арай, Көңілімде Сіз соққан тұрсын сарай. Шығармасаң мені егер айдыныңа, Екі жүз жыр еңіреп тусын қалай?! Көңілімнің көгінде күн бұлттанып, Көз жасымды мен талай жұттым налып. Сіз дегенде жамырап шыққан жоқ па, Жүрегімде жатқан жыр тұтқындалып.
БІРІНШІ БӨЛІМ ТЕҢДІК ҚУЫП, АЛМАС ҚЫЛЫШ ТАҒЫНҒАНДА ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ САЯСАТЫ Шоғырланып бір жерге, Түгенделген сайманы, Жұрттың бәрі айлалы. Қазақ көшіп жүре берсін ендеше, Бұл – Ресейге пайдалы. Отырықшы елге айналса егерде, Махамбеттің басталады майданы. Қамыс деме сайдағы, Махамбеттер – Ар-намыстың қайрағы. Орыс – мерген болса егер, Қазақ – қырдың сайғағы. Айраны ақтарылған табақтай Абыройы төгіліп, Ұлтаны кеткен етіктей Іргесінен сөгіліп, Ыдырасын бұ қазақ Жүзге, руға бөлініп. Төрт түлік боп жайғаны, Бөлінгені – пайдалы.
Жүрегіңді тілетін Қабан қанжар – Қайғы әлі. Қылыштары өтпейді Сынса егерде қайрағы. Жігері оттан өрілген Қандай ел де ат үстінен көрінген. Тозған жұртты торғай шұқып жесе егер, Бөріге азық – бөлінген. Жаудан, сірә, күні бар ма шегінген, Ешбір жаудан жеңілмей Қазақ – Қазақтан ғана жеңілген. Бұдан былай ендеше Қамыс боп отқа жағылсын, Намыс боп атқа тебінген. Іріткі сап жасырын, Маңғаз дейміз – масылын. Сұңқар көріп – сатқынын, Азғын дейміз – асылын. Содан кейін миы – Суға айналып, Су миы – Буға айналып, Көз-жанарын шел басып, Көкірегін шер басып, Ақылынан адасып, Көзін алыс тіге алмайды белге асып. Етекбастыны көп көрсе, Неге өспесін елінде Егеулі найза ер жасып.
Теңізін кешіп азаптың, Аңсамасын Азат күн. Жүзге бөлініп, Жүзі күйсін қазақтың. Ұмыттырып сауықты, Кигізбе асыл сауытты. Бұ қазақтың Ресейге Біріккені – қауіпті. ЗАУАЛ ТУЫП КЕЛЕ МЕ… Ақыл қайдан бітеді жарақтыға, Үйренсе егер оқ атып қанаттыға. Ақ Жайықтан өттің деп Махамбетті, Жапты бірде қараңғы абақтыға. Күні туған заманда жарақтының, Күні қараң емес пе қанаттының. Ақын болса далаға сыймай жүрген, Сыйсын қалай ішіне абақтының. Ақын еді күн кешкен шырғалаңда, Не істейді сертінде тұрмағанда. Қабырғасы шатынап солқылдаған Абақтының ішінде бұрқағанда. Ажырамай бура күш – қуатынан, Зұлымдықтың бетіне тура атылған. Уысына қысқанда буы шығып, Қандай тас та шыдамай уатылған.
Заман, сірә, сертінен таймағанда, Жүрер еді найқалып Айлы алаңда. Азу тісі ақынның шақырлаған Күтірлетіп тастарды шайнағанда. Ыза-ашудан өзегі өртенгенде, Жусан бірге өртенген бөрте дөңде. Неге азамат түрмеге жабылады, Өріс ашып ұмтылған өркенді елде?! Махамбеттің өрт кетпей өзегінен, Қай-қайда да от болып сөзі өрілген. Зауал туып келе ме Тұтқындалар Азамат ер өтсе де өзенінен.
ЕЛГЕ ХАТ Махамбет алғаш қолға түскенде тұтқында отырған бір сарбаз былай деп елге хат жолдаған. АВТОР. І Бері ойланып хат жаздым, әрі ойланып, Бейнесіне Махаңның қарай қалып. Махаң деген елімнің таңы емес пе, Шығыс жақтан көрінген арайланып. Қанды балақ соқтығып түнді елеске, Жамандықпен шығады кім белеске?! Айналайын ел-жұртым! Махаң деген Көкжиектен көрінген күн емес пе!
Қанат жайып шарлаған дала әлемін, Қойдан жуас қоңырың – қара өлеңің. Болса егерде ел-жұрты жасыл орман, Сол орманда жайқалған дара еменің. Ел-жұрты оның көзінен жас ақтарып, Шықпай ма, айтшы, мұндайда жасақталып. Шыныменен Махаңның кеткені ме, Жамандыққа тағдыры қосақталып. Ендеше оны жүгірген жел қолдасын, Кісінеген жүрегін бел толғасын. Азамат та еркелеп шатасады, Арқа сүйер артында ел болғасын. Елдігіңнен не пайда, кеңдігіңнен Еңіреген ер рухы жер болғасын. Ажал қолын салғанда белдігіңе, Қарсы неге жүрмейсің желді күнге?! Ара түсу Махаңа, ара түспеу Байланысты нар жүрек елдігіңе. ІІ Тап болғасын, амал не, тосын жайға, Тартам десең өзің біл қосыңды Айға! Азаматтың азаматтығы, Елдің елдігі – Сыналар осындайда. Барлық істі демеймін өткенге жап, Бола бермес қашанда көктем ғажап. Жалғыз Махаң емес қой Білгендерге Жаны күйіп жазықсыз кеткен қазақ!
Қуат алып қыранның қанатынан, Жан-жүйесі далаға таратылған. Махаң сенің, ел-жұртым, дара тұлғаң! Ара түскін Махаңа Ел болсаң сен Адамзаттың арына ара тұрған. Төбесіне үйіріп егес бұлтын, Әр қашанда берер-ау дөңес сыртын. Азаматын ажалға байлап беру – Елдікке тән қасиет емес, Жұртым!
ТҮРМЕДЕ ТУҒАН БАЛА ДА… Таланам неге бүргеге, Күшіме ылғи сенемін. Жапса да қанша түрмеге, Бұзып шыға беремін. Жүрегім – алау, от – дене, Айдында жүзер кемемін. Тағдырым тепсе өкпеге, Өкпеге мен де тебемін. Батыр десең – батырмын, Құрсанып қамал бұзатын. Ақын десең – ақынмын, Бұрқанып қоғам бұзатын. Ендеше неден тайсалам, Бұрқанған мынау ақпанда,– Көз жасқа толып сай-салам, Сарқырап ағып жатқанда.
Бермесін қуат күн неге, Туымды неге жығамын. Жаба бер мені түрмеге, Бәрібір бұзып шығамын. Теріңе сыймай сыздайсың, Көрсетіп тозақ, азапты. Түрмеде қалай ұстайсың, Далада туған қазақты?! Туғандар байтақ далада, Ар-намыс болып тулаған. Түрмеде туған бала да, Кеңдікке қашпай тұрмаған. БІЛСЕ ЕГЕР… Ей, Жәңгір хан,тағыңа таласпайын, Бірақ неге ел қорғап жақ ашпайын. Жұртқа пана болмадың, Тыр жалаңаш – Жар басына шаншылған ағаштайын.
Тірлігің көп жалғанда қан қайнайтын, Туған елді мал көрме шаңға айдайтын. Тақтан тайсаң деп едім есің барда, Мезгіл жеткен қарадан хан сайлайтын. Туған елдің тұнығын арамдаған, Хан болдың жүрек отын жаға алмаған. Құдайына қараған қара қазақ Құл болуға анадан жаралмаған.
Бастамадың жұртыңды баққа кілең, Жүзің сенің нұрлы емес, қатпа білем. Таққа мінсең еліңді тоздыруға, Тоздыртпауға ендеше атқа мінем. Жалпағынан жалғанды таптап жүрген, Сарбаз қанша елді ойлап сапқа кірген. Таққа мінген хандарды қай кезде де – Ат көтіне байлаған атқа мінген. Ей, Жәңгір хан, сен соны білесің бе? Жүзің сенің шыдай ма тіресуге. Мені уақыт биікке көтергенде, Лақтырады сені Уақыт күресінге. Туған елің қайғылы, мұңды орманың, Емес шығар асқар тау, шың – қорғаның. Тарих куә. Бүгінде кім білмейді, Тақта отырған ханның да тұл болғанын. Сөзді өзіңдей хан неге түсінбесін, Көлеңкесін неге өмір түсірмесін. Тақ үстінде отырмын деме, Жәңгір, Білсең егер табыттың үстіндесің. ҚҰЛ БАСҚАРҒАН ЖҰРТ ТҮГЕЛ ҚҰЛҒА АЙНАЛҒАН Ішін желге толтырған бүйендейін, Сені өлеңмен ауырсаң жиі емдейін. Нағашының жүгірген атын ерттеп Қол қусырман бірақ та жиендейін.
Елде тірі жүргенім күйік болды-ау, Көзге шыққан сүйкімсіз сүйелдейін. Күн туғанда басыма екіталай, Неге елімді пір тұтып сүйенбейін?! Жетпесем де, Жетсем де тілегіме, Туған елдің жол тартқам жүрегіне. Бөле алмайсың ендеше мені елімнен, Айналсаң да жалғанның тірегіне. Азап-қайғы тұралап ел шеккенде, Бір сұлтансың сатылған шен-шекпенге. Шен-шекпенге неге оңай сатылады, Еркек бала егесіп ержеткенде. Соған мен де түсінбей таңданамын, Сардар ері болғасын сардаланың. Құл болуға бұл казақ жаралған ба, Құрсағынан шықса да арлы ананың. Шен-шекпенге ауғасын есің мүлде, Қалай ғана жол тартсын көшің күнге. Өзің құл боп жүрген соң ақ патшаға, Жұртты ұстағың келе ме есігіңде?! Мұз төсеніп, басына қар жастанған Ел ішінде өзіңнен кім жасқанған? Құл басқарған жұрт түгел құлға айналып, Пірге айналған ел ғана пір басқарған.
СОҒЫСА МА ӨЗДІ-ӨЗІ…
Кісіліктің көз жазып арайынан, Сыбағаның қол үзген талайынан, – Қазақ неге өзді-өзі соғыспасын, Жалаңдаса жау іздеп маңайынан. Жеткен бойы қырды асып, қайқаңды асып, Жатқаны ылғи өзара майдандасып. Заманға артып кінәні содан кейін Қауышады қайтадан жайраңдасып. Арада апта өткенде Айғырлардай Шайнасады өзара қайта айқасып. Сылтау етіп соғысқан жесірін де, Кей қылығы бұл жұрттың кесір мүлде. Қанжар неге өскенде ұстамасын, Қанжар жастап үйренсе бесігінде. Қырқысқаны өзара – жаттығу ма, Бодандықтың жүрген соң есігінде. Отырса жөн жер жетпей сығылысып, Жүргендері ұстасып, қырылысып. Бір ауылдың үстінен – соғысады, Бір ауылдың өтсе де шыбыны ұшып. Араздықтың жарыса уын ішіп, Бір-бірімен жүр неге суынысып?
Кейде қотыр тай үшін қылыштарын Шыға-шыға келеді суырысып. Қара құлып есігін бұзып ашып, Сүйгенімен кетсе де қызы қашып,– Сойылдасып жүргені жылқылардай Табысудың орнына шұрқырасып. Бұл қазаққа нендей күш жел беретін, Әдет тапқан жау жоқта сенделетін. Соғыса ма өзді-өзі маңайынан Өзіне ылғи жау таппай тең келетін.
ПАТШАНЫҢ ҚҰШАҒЫНДА Тірі жанмен сырласып, кеңеспеген Ару бар ма лебінен жел еспеген. Фатиманың патшамен билегені Махамбеттің көзіне елестеген. Сұлу неге жүрмесін сайқалданып, Құтырса егер жүрегі майдан салып… Патша биге шақырған Фатиманы, Айдай сұлу көркіне қайран қалып. Қайғы-мұңға жүрегін қойған малып, Қайран ақын тұрған-ды ойға алданып. Фатима ару патшамен билегенде, Быт-шыт болған сенімі ойрандалып. Булыққанда шықпай қап сөзі ашынған, Қызғаныштың бұрқ етіп көзі ашылған.
Фатима тек көзіне тұрды елестеп, Құнажындай бұқаға өзі асылған. Фатиманың патшамен билегені – Айғыр көрген байталдай күйлегені. Махамбеттей даланың мұзбалағын, Бұрынғыдай өртеніп сүймегені. “Намысты ұлы болғасын сұсты Ананың, Қызғанамын, – деді ақын, – қызғанамын.” Оу, Фатима, патшадан кем көрдің бе, Таулары асқақ даланың мұзбалағын. Би биледің бұралып есіл белің, Оған бола жазғырмас сезімді елің. Биде не тұр… Патшаның құшағында, Батады тек бақытты сезінгенің. ФАТИМА ХАНЫМНЫҢ МАХАМБЕТКЕ ЖОЛДАҒАН СӘЛЕМІ Кеңістікте толқыған теңіз бе едің, Толқыныңнан бір шипа мен іздедім. Жолықтың-ау босаға көргенімде, Қыз күнімде гүлімді неге үзбедің? Тамырыңда туласа қызған қаның – Мені бөгде көздерден қызғанғаның. Болмас еді арманым өзің келіп, Қыз күнімнің үзгенде қызғалдағын.
Жәңгір ханның сен төзбей қорлығына, Түскеніңді ұмытпа қорығына. Жорық жырын қаладың сардаланың, Махаббаттың аттанбай жорығына. Өскен ақын сен едің төзімді елде, Өскен ару мен едім төзімді елде. Қай қиырда жүрсең де ат сабылтып, Ойың менде болатын, көзің менде. Сондай шақта толқитын теңіз денем, Көңіл гүлі жайқалып жел үзбеген. Көкжиектен көзіңді көретінмін, Ақ Орданың ішінен мені іздеген. Мақаш жаным! Тәнтімін қуатыңа, Қуатыңа тәнтімін, ұлы атыңа. Неге соңғы күндері келмей кеттің? Ат та оралған су ішкен суатына. Бұлықсыған сезімді сезінбеген, Тастан суық сауыт па төзім деген… Хан қойнында жатсам да, аласұрып, Түндер қанша сені аңсап көз ілмеген. Бұлбұл құстай алқынып бағына ұшқан, Ғашық жандар емес пе ек сағынысқан. Қателіктен тұрса Өмір есі ауысып, Бізді қоспай тағдыр да жаңылысқан. Түнде мені күзетіп жалықты ма Ай, Сен кеткенде ат басын анық бұрмай.
Сағындырсаң сағындыр, бірақ, жаным, Жетші ертерек кісіні зарықтырмай! Қайғы кешіп жүрмек боп құм Нарында, Қайғы арқалап тудың ба – туғаныңда. Білсең егер, Махамбет, тұтқынымсың, Жүрегімнің қап қойған зынданында. Мені сені сүюге туыпты Анам, Көңілімді сондықтан суытпағам. Құтылмайсың сен менен Ана жаққа – Аттансаң да соңыңнан қуып барам. …Содан бері қаншама қыр түледі, Көк аспанда күн қанша күркіреді. Ана жаққа барғанда екі мұңлық Табысыпты деседі, кім біледі?! ХАН ОРДАСЫНАН ИСАТАЙ КЕТКЕНДЕ Алдияр тақсыр, қасыңнан Исатай ердің кеткені – Бақ құсың ұшып басыңнан, Сұмдықтың сізге жеткені. Жер шаппай, Шабар ер басын Зұлымның қара кетпені. Алдияр тақсыр, қасыңнан Исатай ердің кеткені –
Қалыңдап қайғың шашыңнан, Тозғаны шындық шекпені; Азамат ерлер ұғыспай, Халықтың азап шеккені. Кешіре қоймас бұныңды, Байұлының батыр текті елі. Исатай ердің кеткені – Сөгілгені берік іргенің. Қырылып қырдың текке елі, Талауына түсер бүргенің. Онсыз да халық ішінде Жалған Дүние – түрменің. Қалқан ғып кімді ұстайсың? Исатай ерді қуғанда. Қорғансыз қалған құстайсың, Қара күн басқа туғанда. Басыңа қонған бағыңның, Исатай еді қайнары. Жайғасқан алтын тағыңның, Исатай еді айбары. Исатай ердің кеткені – Кеткені сені шапқалы. Соңынан ерсе кекті елі, Қаныңның судай аққаны. Аз ба еді оның қолынан, Дұшпанның ажал тапқаны. Көңілің, тақсыр, жайлансын, Батырды кері қайта алып, Құзырың қайта майлансын, Ақ ордаң тұрса шайқалып.
Батырды кері алмасаң, Жүремін қалай ортаңда. Соңынан қуып бармасаң, Қала алман суық Ордаңда. Аң-құсы болса орманның, Орданың сенсің иесі. Бірақ та сұсты Ордаңның, Исатай еді киесі. Исатай еді – қорғаның, Көкірегің шерге тола ма? Киесі кеткен Орданың, Қасиеті, сірә, бола ма?!
ЕРІ БАТЫР БОЛМАСА ҚОЛ БАСТАҒАН Дауыл тілеп тұрғанда отты өлеңім, Әлі талай азапты өткеремін. Болашақ күн бәрібір дәлелдейді, Махамбеттің босқа қан төкпегенін. Болашақты болжасам күн ілгері, Өмірге әсте келмеппін түңілгелі. Көрінемін күні ертең бір биіктен, Ат үстінен көрсе елім бүгін мені. Жортып жүрсем Нарында құм суырған, Бұның бәрі тағдырдың қырсығынан. Елдің жайын ойласам, тал бойымда Асау қаным бір ысып, бір суынған. Заманды ерттеп мінбесең бас біле ме, Көк бөрідей бір соғып тұмсығынан.
Бақыт тілеп халыққа, дүйім елге, Құрық неге салмайын құйын-желге. Қызыл бидай секілді бүтін шығам, Заман мені тартса да диірменге. Ел қамын жеп анадан туылғасын, Қылыш неге Махамбет суырмасын. Атқа мінген жоқпын ба, кілең дүмді Жұрттың жанын табаға қуырғасын. Жер түбінен дұшпанды қалтыратып, Алысқа әлі жебе атам аңыратып. Қыңқ етпейтін ер керек бұл жорықта, Қабырғасын сөксе де қақыратып. Не істеймін азапқа төзбегенде, Мен төзбесем – төзе ме өзге пенде. Адырнасын садақтың соза тартам, Жауымды ылғи алыстан көздегенде. … Сарбаз бар ма бірге елді қорғаспаған, Ауыртпалық түскенде қолдаспаған. Батыр елге бұл қазақ айнала ма, Ері батыр болмаса қол бастаған.
ҚЫРЫҚ БАТЫР СЕКІЛДІ АЙБЫНДАНҒАН – Дүниеге қараған шекесімен, Жау құтылып көрмеген жебесінен.
Батыр болсаң, Махамбет! – деді Исатай, – Бір қорқытшы тандырып мені есімнен. – Айдыны асып аспанда жүзген Айдан, Ашқан талай батырсыз түзде майдан. Сізді, Иса-еке – деді ақын, – қорқытатын, Аждаһа алып күш бітсін бізге қайдан. Исатай ер тұрғанда топқа қарап, Тұла бойын бір қызу өтті аралап. – Қорқытасың! –деді ол қасарысып, Айтқан сөзін атылған оққа балап. Аруақ-күш ақынды жебегенде, Неге тұрсын аңырып төбе, белде Кілең сарбаз сап түзеп тұра қалған, Қырға шауып Махамбет жөнелгенде. Махамбеттің туындап қиялынан, Көңілінен күмбірлеп күй ағылған. “Ағатай” деп ұрандап құйғытқанда, Шаң бораған атының тұяғынан. Айдарынан ер бар ма жел еспеген, Құйғытқанда Махамбет белеспенен. Исатайдың көзіне қырық найза, Самсап келе жатқандай елестеген. Арғымағын ақырып тебінгенде, Сардаланың шаң көмген көгін демде. Махамбеттің бір өзі қырық сардар, Секілденіп көзіне көрінгенде, – Қалды ойланып Исатай қорқып қашып Сарбаздардың қатары сөгілгенде.
Сұм заманда шаң басқан, қына басқан, Қылыш бар ма сөзіңе құлақ асқан. Тоқтағанда Махамбет шауып келіп, Исатайдан басқасы тұра қашқан. – Күн мұңданып көзіңде, Ай мұңданып, Көңіліңе кірмесін қайғы ұрланып. Алдан бағың ашылсын, – деді Исатай, Махамбетті бұл жолы айқын танып: – Ер екенсің шапқанда кететұғын, Қырық батыр секілді айбынданып. ХАН ОРДАСЫН ҚОРШАҒАНДА Атыраудың сұстанып атырабы, Атқа қонған жыңғылы, тал-құрағы… Исатайлар қаптап кеп қоршағанда, Хан орданың шайқалған шаңырағы. Намыс қайрап, жетілген жігерлі елде, Жауар бұлттай кіл сарбаз түнергенде. Қаһарынан сескеніп сап басылған, Қара құйын суырған күрең белде. Мал қайырып қырында жан бақпаған, Сарбаздардың көзіне қан қаптаған. Хан орданың үлкені, кішісі де, Жапырылып қоғадай жалпақтаған. Ханның ұлы алдында тұрды еңіреп, Жайшылықта әр сөзін салмақтаған. Ашық аспан даусынан қыр түлеген, Сонда Исатай былай деп күркіреген:
– Он күн мұрсат беремін ойлануға, Үмітімді әлі үзбей үкілеген. Еділ, Жайық арасын елге беріп, Бұдан былай жүресің жөнге көніп. Ажал құшып әйтпесе өкіресің, Төрде көрмей басыңды көрде көріп. Хан ұлы ұры иттей жалақтаған, Үрейі ұшып, көздері алақтаған. Исатайдың алдында қалш-қалш етіп, Сөзін әрең былай деп сабақтаған: – Ақ семсерін намысқа қайрап алған, Батырын жұрт тыңдамай қайда барған? Құлдық ұрам сөзіңе, сайғақ емен Үйірінен адасып сайда қалған. Тұрсаң егер шапқалы дамыл бермей, Қайда барам сөзіңді қабыл көрмей. Талабыңның бәрін де орындаймын, Сертін бұзып көрмеген жауынгердей. – Жетер енді, хан ұлы, қалтырама, Сынық арба секілді салдырама. Арыстандай ақырып мен ұмтылсам, Жан тұра ма жолымда, хан тұра ма! Бұрынғыдай кете алмай сөзін бөліп, Бұрынғыдай тұра алмай төсін керіп. Ханның ұлы жөнелген Исатайдың Қан қаптаған қып-қызыл көзін көріп.
МАХАМБЕТТІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ Қара бұлттай ордаға қаптағалы, Қонған жоқ па сарбаздың атқа бәрі. Қынабынан ызалы суырылған Қылыштардың бұл қалай шаппағаны?! Он күн тұрмақ бір күн де мұрсат берме, Тексеретін кез емес ақ-қараны. Сардар батыр болсаң да қол бастаған, Бұл ісіңді тұрғам жоқ жақтағалы. Қай бетіңмен қарайсың ертең елге, Сарбаздардың төгілсе жатқа қаны. Қуат бергің келсе егер сардалаңа, Жігіттердің жігерін жаңқалама. Қызған кезде темірді соғар болар, Сарбаздарды баста алға, сардар аға ! Батыл шешім жасамай булыққаның – Тал бойыңнан қаныңды суытқаның. Жауды аяған жаралы болатынын Сардар аға, бұл қалай ұмытқаның?! Найза сұғып үйренген жаралы елге, Хан орданың қабағын баға берме. Азаттықтың жолында атқа қонған Сарбаздарды бетінен қаға көрме. Сардалада өксіген зарлы барда, Пайда қайсы жігерді дал қылғанда? Тартып қалсаң тізгінін не болады, Терең ордан арғымақ қарғығанда?!
Ел басына қаралы күн туғанда, Шығар едің ұтысқаұмтылғанда. Сорлар еді хан қайрат көрсете алмай, Тұтқындалып қолыңда ұл тұрғанда. Бекер, батыр, сен оны босаттың-ау Ит иесін қаппай ма құтырғанда. Ат суарып орданың бұлағына, Соған сенің көңілің құлады ма? Жүзін қанға боямай кім салады, Суырылған қылышты қынабына. Бұдан кейін өз жолын таңдар бәрі, Сарбаздардың жер болып қалды арманы. Оу, Исатай, ордаға бастадың ба, Қазанаттай қазыққа қаңтарғалы. Оу, Исатай, жолыңнан жаңылғанда, Не істейміз қасыңнан табылғанда? Шағылмас ед сарбаздар тауы қайтып, Шаңырағы орданың шағылғанда. ИСАТАЙДЫҢ МАХАМБЕТТІ САБЫРҒА ШАҚЫРУЫ Қой бастамай серкелер серке бола ма, Қара кесек еті жоқ желке бола ма? Буырқанған ашуды тізгіндеп ұстап, Ақылдасып пішкен тон келте бола ма? Ақыл барда ашылмас қақпа бола ма, Күшті болсаң кең далаң жатқа тола ма? Қынабынан суырып алмас қылышын, Қыру үшін сарбаздар атқа қона ма?
Үміт артпай өрісті, өрелі еліне, Қара қазақ сенген-ді төрелеріне. Бәрін, бәрін ақылға жүгіндіремін, Көнбесе егер от жағам төбелеріне. Жөнге көніп, басымыз бірікпегенде, Не істеймін тізгінді ірікпегенде? Ат көтіне сүйретіп, соғымдай сойып, Не түседі Жәңгірді жіліктегенде?! Маған қалай Жәңгір хан майдан ашады, Қоршап тұрсам, ол шіркін қайда қашады? Асу бермес айбынды асқар тау болсам, Оқ аспаған басымнан қайдан асады?! Неге ендеше көнбесін талаптарыма, Қара жердің сіңбесе қабаттарына. Көкке ұшса да соңынан қуып жетемін, Қыран құстың жармасып қанаттарына. Ақылымнан мен әзір адасқан жоқпын, Сүйенсем де сарбазымжарақтарыма. Алған беттен Исатай қайтады деме, Шағым айтып барсаң да Жаратқаныңа. Не көрсем де бұл жолда шыдап төземін, Халқым жетсе болғаны абат бағына. ҮКІ БАТЫРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ Түсіңе сенің не кірді, Мылтығың қайда оқтаған?
Қызған кезде темірді, Өкінеді соқпаған. Исатай, сенсің жалғанда, Ат басын тежеп тоқтаған. Сарбаздар қалды арманда, Намысын елдің жоқтаған. Соңыңнан біздер ергенде, Қаламын деме жырада. Он күн мұрсат бергенде, Қаруланбай орда тұра ма? Ордаға кісі салғаның – Исатай, сенің көнгенің. Жүзеге аспай арманың, Біздерді тірі көмгенің. Ордаға кісі салғаның – Алдына жылап барғаның. Барғаның – қажып талғаның, Сарбазсыз жалғыз қалғаның. Кезеңде өртке шарпылған, Орданы шаппай бола ма? Көк бөрі неден тартынған, Шапқанда қойлы қораға. Сарбаздар атқа қонғанда, Қаңтарсын бізді деп пе еді. Көкірегі шерге толғанда, Бәрі де өжет кекті еді. Сен шаппай тұрған хан орда, Түбіне кімнің жетпеді.
Ар қуып белін буынған, Анадан жасық туа ма? Сарбаздар қылыш суырған, Иіріліп қойдай тұра ма?!
ТЕҢІЗДІҢ ӨКСІГІ БАСЫЛҒАНДА Әңгіртаяқ ойнатпай ханға барып, Жігерлері құм болған жаңқаланып. Сарбаздардың көңілі жай таба ма, Қылыштарын суырмай қанға малып. Құмарынан бәрі де шығар еді, Хан ордасын шапқанда арқаланып. Бәрі қара шыңдардай тұлғаланып, Сарсылған-ды көзіне мұң қамалып. Исатайдың сөзіне құлақ асып, Сосын түгел жайғасқан құмға барып. Самал соқпай, жел соқпай тау-жырадан, Бәрі түгел босаңсып, маужыраған. Сарбаздардың от шашқан көздері де, Жетім көлге айналып жаудыраған. Тауы қайтып, көзіне мұң толғасын, Ердің неге жігері құм болмасын? Ойда жоқта қателік жіберсе егер, Қилы шақта басшыны кім қолдасын?! Көздерінде тұрғасын мұң арылмай, Сағым қумай қайтеді, мұнар қумай.
Суырылып сарбаздар шықсын қалай, Қанға малып, қылышы суарылмай. Қаны қайнап, сарбаздар ашынғанда, Тауыңды да қопарған тасынғанда. Толқында ашу бола ма, дауыл тынып, Теңіздердің өксігі басылғанда. ЖЕҢІЛМЕС ЕДІ ИСАТАЙ Исатай басшы болғанда, Махамбет қосшы болғанда. Қарағайға қуат біткен-ді, Қасқайып өскен орманда. Исатай басшы болғанда, Махамбет қосшы болғанда. Қара орман қазақ күн кешкен, Құрыштан құйған қорғанда. Исатай басшы болғанда, Махамбет қосшы болғанда. Найзаға түгел айналған Сарбаздар атқа қонғанда. Самайын қырау, қар шалған Исатай кенет жар салған… Зеңбіректі қалың әскерді, Бекетай құмда қарсы алған. Заманы тұрса тарынып, Не істейді бәрі жабылып?
Ортасын кеткен ойрандап, Зеңбірек добы жарылып. Қазаққа қайғы, мұң берген, Орысқа қару, жын берген. Зеңбіректі қалың әскерді, Қылышпен шауып кім жеңген?! Қырылып Алаш баласы, Қан жұтты қазақ даласы. Азамат ерлер оққа ұшты, Аларып көздің қарасы. Айналған қанды өзенге, Жайықтың жалпақ саласы. Ақырып теңдік сұраған, Ер қанша оқтан сұлаған. Орыстың добы ор қазып, Арғымақ қанша құлаған. Қынадай қырып салғанда, Кеткендер қанша арманда,– Ағашына арсыз ажалдың, Қазақты әкеп таңғанда. Кеудемен соғып, қақпа ашып, Үйренген жауын тап басып,– Жеңілмес еді Исатай, Алдынан түлкі – бақ қашып. Опасыз жалған орысқа Кетпегенде жақтасып.
БИЛІК – БИЛІК ҚҰРМАС ЕД… Қайран қазақ алысқа көз салғанда, Шабар еді алысқа боз тарлан да. Хан тағынан қаңбақтай ұшар еді, Халық болып, ел болып қозғалғанда. Сайтан келіп, араға кіріккенде, Кімдер және салмасын іріткі елге. Басынады қандай күш бүкіл қазақ Жұдырықтай жұмылып біріккенде. Бір-бірінен ағайын суынғанда, Желбіретіп ұстай ма туыңды алда. Жасқанбасын қандай күш жалқын шашып, Бүкіл қазақ қылышын суырғанда. Ата жолын, Ар жолын жақтағанда, Айбар неге болмасын атты адамда. Төтеп берсін қандай күш қаһарланып, Бүкіл қазақ тасқындап қаптағанда. Көздерінің қойғасын нұрын алып, Оққа кеуде кім тоссын бұрын барып. Әр төбеде шашылып қала берген Қасқыр тартқан терідей жырымдалып. Елде жүрген ер қанша жасын атпай, Беттен қағып заманы бақ сынатпай.
Билік – билік құрмас ед бар қазақты Ұстаса егер бір жерде шашыратпай. ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ ӨКІНІШІ Арыстандай ақырған айбатыма, Жолбарыстай жұлқынған қайратыма, Хан ордасы шыдамай солқылдаған, Сары орыстың көп ерген айтағына. Қайқы білек қылышпен басын шабам, Мінсін, мейлі, қатыбас Қайғы атына. Бірақ, бірақ Ордаға неге сендім, Сардар ері болсам да жебелі елдің. Желбуаздың тіліне ердім неге, Тілін алмай Махамбет – кемеңгердің. Асқар таудың қайралған боз тасына, Сарбаздардың қалдым-ау көз жасына. Он күн мұрсат бергенім – қайғы-сор боп, Жабысқанын көрдің бе өз басыма. Хан ордасын бұ қалай тыңдағаным, Шаңырағын түсірмей ортасына. Қай бетіммен қараймын сарбаздарға, Махамбетке не деймін, жолдасыма. Алау болып жанамын бөрте дөңде, Жалын жұтып, өзегім өртенгенде.
Өкініштен өкіріп жылайды екен, Қиянатқа, қорлыққа көнген пенде. Қарбаласта ішілмей қалған асы, Жылап тұр деп көндім-ау хан баласы. Қайтпас едім бетімнен нар қазақтың Атқа түгел қонғанда сардаласы. Он күн мұрсат ордаға бермегенде, Қарап, сірә, қалмас ем жерге мен де. Азғырынды сөзіне алданам ба, Тал бойымда бір желік желмегенде. Күнім төмен еңкейіп көлбегенде, Басқа салды, қайтемін, көнбегенде. Жылмаңдаған қу түлкі – хан баласы, Қаныңды енді ішермін шөлдегенде. Жау қарасы алыстан көрінгенде, Қазғаным бұл емес пе көрімді елде. Ойлады ма жат жұртқа жем боларын, Жүзге, руға бұ қазақ бөлінгенде. Орыс добын атқанда күркіретіп, Тау мен Дала қалған-ды дір-дір етіп. Қарулы Күш осал ма келе жатқан – Жағасынан Жалғанды сілкіп өтіп. Тау мен Дала шыңғырып отқа оранды, Қызғалдағын өсірген үлбіретіп. Дүрбі салып қарайтын елі алыстан, Дара шығып, жау қайда жеке алысқан.
Зеңбіректі әскерге не істесін, Исатай мен Махамбет – екі арыстан. Толқын болып соқса да жарға басын, Жауды қалай қос қылыш жаңқаласын. Бағаналы терегім қақ жарылған Қайтқан құстай базарым тарқағасын.
БОРАНДЫ ТҮНДЕ Ығысқанда көп жаудан сәні кетіп, Көңілдерін шырағдан жарық етіп, – Исатайлар далаға қонған бірде, Ақ Жайықты боранда жарып өтіп. Жалын көрген, Исатай жасын көрген, Қырық батыр сарбазы қасына ерген! – Түні бойы дірдектеп шықтық, – деді, – Мына суық боранда шашын өрген. Құм бораған Нарынның даласында, Ерлер еді сыналған дара сында. Қыстың көзі қырауда сарбаздардың Мәсі киген бар еді арасында. Бұны көрсе не дейді бала-шаға, Жолыққандай күлмей ме тамашаға. Сауыт киген сарбаздың аяғына Мәсі киіп жүргені жараса ма?
Ығыспайтын ер еді қай күштен де, Қайысты ма, кім білсін, қайғы үстемде. – Тоңбас едік суықта, – деді бірі, – Ақ құманға қайнатып шай ішкенде. Тал бойында тулаған асыл қаны, Сардар ердің бұл қалай жасығаны? Ат мінсе де алшайтып, жай біреу ме, Алшысынан түспеген асығы әлі. Сардаланың жалаңаш қырқасында, Сыр берсе егер бір түнгі бұрқасында, Қырық батыр сарбаздан ертеңдері Исатайдың қалады кім қасында? Қорғаймыз деп даланы жатқа толған, Боламыз деп ел-жұртқа, баққа қорған. Исатайдың дауысы саңқ еткенде, Дүр сілкініп сарбаздар атқа қонған.
ИСАТАЙДЫҢ ЕЛГЕ АЙТҚАН СӘЛЕМІ Мұнар сағым мұнартып көше берсін, Бірақ ердің соңынан көшелі ерсін. Ел болуды ойласа жұртым егер, Түнде мамық құс төсек төсенбесін. Жайшылықта бойдағы күшке сеніп, Қатып қалған жан қанша түзде семіп. Құс төсекке жамбасы үйренгендер, Қар жамылып, жата алмас мұз төсеніп.
Өз тағдыры өзіне көнбегенде, Ат ойнатып кім жүрсін өрде, белде. Ел болуды ойласа жұртым егер, Шай ішпесін тері ағып шөлдегенде. Ұрынғанда тағдырдың суығына, Оранса да қаптама тұлыбына, – Үйдің ыстық шайына үйренгеннің Неге көк мұз қатпасын қуығына?! Қан тамырда Ар-намыс бұлқынғанда, Шырт ұйқыда жатпасын жұртым таңда. Кебіс, мәсі кимесін аяғына, Ер етікпен су кешер күн туғанда. Қара құйын құтырып қырда ескенде, Не боларын күні ертең білмес пенде. Суық ызғар мәсіден тұра ма өтпей, Аяғымен ер жігіт су кешкенде. Сардаладан бақытын іздегенде, Қазақ жортпай тұра ма түз, белеңде. Ата жұртым төзімді ел болады, Осы үшеуін бұлжытпай істегенде. Қараулықтың тілінен сөзі өрілген, Кім басынбас жасықты көзі егілген. Азаттыққа алқынбай бір жетеді, Елдер ғана азапқа төзе білген.
МАХАМБЕТТІҢ САРБАЗДАРҒА ҚАЙРАТ БЕРУІ Орыс келіп, соғыссыз елді алғанда, Ер шыдамай атына ер салғанда. – Сертің қайда азапқа төзем? – деген, Еңку-еңку егесіп жер шалғанда. Жат жұрт келіп еліңді қорлағанда, Аспаныңды қара бұлт торлағанда. – Сертің қайда азапқа төзем? – деген, Көк найзаны күркіреп қолға алғанда. Тап болса да сұмдыққа көз көрмеген, Азамат ер сертінен өзгермеген. – Қияметтің жауса да тас бұршағы, Сертің қайда азапқа төзем? – деген. Шабыс күнде, білемін атыс күнде, Бізді көріп шошынсын жат түсінде. Ат үстінде туғандар жерге түспей, Қай кезде де көз жұмған ат үстінде. Шар болатқа суарып, қайрап алған Ей, сарбаздар, намысың қайда қалған?! Қара құстың қанаты секілденіп, Қара қазақ көгінде Қайғы айналған. Бұзып-жарып, тайсалмай қайдан да өтіп, Аспан асты, жер үстін майдан етіп, – Ей, сарбаздар, қайғыны жеңем деме, Жанылмасаң қайғыны қайрақ етіп.
ШАЙҚАСЫП ТЕҢДІК ҮШІН… Жігіттер! Суық ажал қайдан деме. Даланың бар төбесі – майдан төбе. Кеудеңе неге, неге қадалмасын, Ышқынып атылса егер сайдан жебе. Жігіттер! Суық ажал қайдан деме. Өмірдің білсең егер өзі – майдан, Ашылсын көк тұманнан көзі қайдан. Анадан арыстан боп туған жандар Асырып өткен жоқ па сесін Айдан. Тірліктің қайдан бітсін тайталасы, Қазақтың жау болса егер айналасы. Ел қорғап, жауға аттанған ер жігіттің Қалмаған домаланып қайда Басы. Айқайлап атқа қонған күшке енеді, Атынан өлмей қашан түскен еді. Бағзыдан келе жатқан салт бойынша, Ер жігіт үйде туып, түзде өледі. Кім келіп, бұл өмірде кім өлмеген, Бай да өлген бақ-дәулетін түгендеген. Хан да өлген, патша да өлген, батыр да өлген Бұзықты тезге салып жүгендеген.
Жасасын мың жыл, мейлі, жаман қарға, Бәрібір сүйрей алмас заманды алға. Шайқасып теңдік үшін асыл ермен Бірге өлсек бұл жалғанда арман бар ма?! БАЛА ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ АҒА МАХАМБЕТКЕ АЙТҚАН ӨТІНІШІ Сұм заманда Жәңгір хан таққа мінген, Кілең сарбаз сайланып сапқа кірген. Сарбаз етіп мені де ал, дұшпанға арнап, Жүрегімде бір оқ бар сақтап жүрген. Сақтап жүрген оғым бар жүрегімде, Тұрған жоқ па айбар, сұс түр – өңімде. Арыстаннан – ақырсам – айбаттымын, Жолбарыстың күші бар білегімде. Шапқылаған құлындай дала, белге, Мені ендеше, ағатай, бала көрме. Бала біткен жасынан бақ қуса егер, Қақ тұра ма киелі қара жерге. Даналар да кезінде бала болған, Қанша сәуле шашса да саналы елге. Қарыс сүйем артына шегінбеген, Өжет мінез өскінмін тегінде мен. Тебіндеген, ағатай, кегім шығар, Бала мұртым жаңадан тебіндеген. Өтпесе де азаптың көбі бастан, Бәрін көріп үлгерген көңіл аспан.
Көкірегімде бұрқанып жатыр тулап, Теңіздердің өксігі көбік шашқан. Бір күйімнен бір күйім күш алмасқан, Дүбір салса даладан күзен қашқан. Болашақта атақты күйші болам, Буырқанып күй тартып кісен ашқан. Бес қаруым бойымда түгенделіп, Бақ сынайын қалың қол – түменге еріп. Буырқанған күй тартсам шайқастарда, Сарбаздар да қалмай ма жігерленіп. Жұрттың бәрі күркіреп қонғанда атқа, Қалай жүрем ауылда шідерленіп. Сарбаздардың айналған серкесіне, Мені ертпейтін құдайдың еркесі ме? Қилы шақта кім кепіл домбырамның, Көк найзаға айналып кетпесіне?! МАХАМБЕТТІҢ ҚҰРМАНҒАЗЫҒА БЕРГЕН ЖАУАБЫ От көрсем де көзіңнен нұр атылған, Жаралсаң да даланың қуатынан. Қылыштарға оп-оңай қиылмай ма, Сен секілді шыбықтар бұратылған. Балақ бауы алынбай балағынан, Көк бөріге түсе ме бала қыран. Кішкентайсың, қараймын елге қалай, Өліп кетсең жаулардың жарағынан.
Бақ іздеме даладан, бақытыңды Домбыраның сен ізде шанағынан. Сендей сарбаз қазақта толып жатыр, Бірақ сендей күйші жоқ, бала Құрман. Ата күйші түбінде сен боласың, Қара нөсер күй жауған қабағынан. Күйшілерден күй қалған, найза қалса, Сарбаздардан оқ тиген сағағынан. Туласаң да сөзімді бұйым көрмей, Сендей күйші жол тапқан құйынға ермей. Ғасырлардан ғасырға жол тартады, Буырқанған бура күш күйің өлмей. Біз болмасақ Ар жолын кім қуады, Қанымда асау намысым бұлқынады. Болашақта егеулі көк найзаның Керексіз боп қалатын күн туады. Қайтем сенің көзіңе жат көрініп, Көкірегіңде асау күй жатты өріліп. Көк найзаның өлгені, бала Құрман, Ортасынан сынғаны қақ бөлініп. Ойладың ба сен соны, Құрман бала, Найза толғап ендеше ұрандама. Домбырадан егерде қол жазбасаң, Көтереді биікке қыран дала. Жау қолынан өледі жау сағынған, Тау басына шығады тау сағынған. Найза толғап қайтесің, Құрман бала, Күй төгіліп тұрғанда саусағыңнан.
Түнергенде көзінен күн күлмеген, Жалғандығын жалғанның кім білмеген. Бала Құрман, күйіңнің күні бар ма, Жорықтарда менімен бір жүрмеген. Ата күйші атанып сен қаласың, Сардаланың күйі боп күмбірлеген. ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ “КІШКЕНТАЙ” КҮЙІ Буырқанған теңіздей – қазағымның кекті елі, Кекті елімнің мұңы еді – жас жанымның шерткені. Көкірегіне шер толып, күркіреген күйшіні, Керек еді сарбаз ғып – Махамбеттің ерткені. Кішкентайсың дегені – қанымды ерен тулатқан, Көңілімнің орманын – жел тұрғандай шулатқан. Мендей өжет күйшілер атқа ақырып қонбаса, Теңдік елге келе ме – зұлым күшті құмға атқан. Мендей өжет күйшілер айналмаса жебеге, Зұлым күшті құмға атқан – теңдік елге келе ме. Ерттеп мініп қайықты – Ақ Жайықтан жұрт өткен, Күнін салмай ақ шаңқан желкен керген кемеге. Қазанаттан кей-кейде байтал озған заманда, Азаматтан кей-кейде сайқал озған заманда. – Кішкентайсың! – деп айтпай Ер Махамбет ерткенде, Жамандардың күс қолы жүрер ме еді жағамда. Көкжал бөрі күшігін үйреткен-ді тістелеп, Жау қолына тірідей ешқашанда түспе деп.
Оу, Махамбет, мені де баулығаның керек-ті, Ағалардың қуаты жаңа туған күште деп. Сарбаздардың тұлғасы құйылса да құрыштан, Қалжырамай тұра ма – қанды жорық ұрыстан. Оу, Махамбет, сен мені кішкентайсың демегін, Қанжар өткір екенін ұмытпағын қылыштан. …Көңілінің жібімей тұрса егерде мұзы әлі, Күйші неге болмасын – от құрсанған құсалы. – Кішкентайсың! – деп сардар қытығына тимесе, Көкірегінен бұрқанып күй туа ма ызалы. Тұла бойын қыздырып, қаны ойнаған құланның, Бәрі де асау, бәрі өжет сардалада туғанның. Махамбеттің сөзіне шамырқанып қалғанда, Бұрқақ атып “Кішкентай” күйі туған Құрманның. ИСАТАЙ БАЛАСЫН МАХАМБЕТКЕ ТАБЫСТАҒАНДА Білем, Маха, жеңістен алыстадым, Сонда да егеп найзамды тағы ұштадым. Олай-бұлай боп кетсем, Алла атынан Жақиямды өзіңе табыстадым. Жәңгір ханды сұлатып ұзынынан, Жұмыр басын жыландай жанышпадым. Әлі күнге өзегім өртенеді, Өкініштен қай күні қан құспадым.
Есімді алып, ессіз ғып алмастырған, Мен не дейін құдайға алжастырған. Жақиямды сақтарсың қарашықтай, Ғұмырымды, жолымды жалғастырған. Тірі кезде досым де, серігім де, Ұмытарсың күні ертең мені мүлде. Құдай жазды – мен көндім, Ұрыста өлді: Бір әйелім, бір балам… келінім де. Қайда қуат қақ бөліп тауды айырған? Дау шеше ме сертінен дауда айныған? Мал қайырған қазақты сарбаз етіп, Сардар бар ма бұл күнде жау қайырған. Жауым неге жүрмесін қыбы қанып, Ыңыранған атандай бір ырғалып, – Зеңбіректі әскерге қарсы шауып, Сарбазымды сорласам қырып алып. Бірақ, Маха, бар деме не білгенің, Намыс болып тебінген – тебінгенім. Болашақтың жеңісі үшін болар, Бүгін менің жер болып жеңілгенім. Күннен-күнге тарылып кеңістігім, Бара жатыр алыстап жеңіс күнім. Мен бастаған қан майдан біткенмен де, Бітпес бірақ майданы жер үстінің.
МАХАМБЕТТІҢ ИСАТАЙМЕН ҚОШТАСУЫ Арман құсың тұрғасын жоғары ұшып, Дос болып ем өзіңмен қол алысып. Қасарыспа мінезге көшкенсің бе, Көңіліңде жібімей тоң қарысып. Арпалысқан шипа іздеп жаралы елге, Мін тағуға бола ма саналы ерге. Айтқан тілді алмайсың қасарысып, Қарсы біткен бұтақтай қара еменге. Қара құйын суырған белес-белде, Не түседі тілді алмай егескенде. Қай мәселе шешілмей қалушы еді, Сағым қумай сабырлы кеңескенде. Шайқастарда жауына төнген өлмей, Ер жігітті бола ма өрде көрмей. Хан ордасын шабатын қызба шақта, Тұрып алдың жолымда жөнге көнбей. Қайда, қайда жоғалған асқақ әнің? Жанға батты бетімді жасқағаның. Оу, Иса-еке, жеңіске бастап тұрып, Жеңіліске бұл қалай бастағаның?! Кермесіне Ерліктің ат байлаған, Батыр едің ел үшін баққа айналған. Болады, айтшы, қылышта не қасиет, Шабар кезде жау басын шаппай қалған?!
Тілді алмадың жалынып өтінгенде, Жармай алар жау көп те өтіңді елде. Тірі болсаң, шапқылап бір жетерсің, Ала өгіздей көрімде өкіргенде. Жайшылықта көзіме мұң тола ма? Мен кетемін қасыңнан бұл жолы, аға. Хош болып тұр, Иса-еке, мен кетемін, Енді қайтып көрісер күн бола ма?! БАЙМАҒАМБЕТ ЖАҚИЯНЫ ҰСТАП БЕРГЕНДЕ Баймағамбет сұлтаным! Жыртысыңды сенің қалай жыртамын. Исатайдың баласы Арыстаның болмаса, Емес еді ұлтаның. Жақияны ұстап беріп не еткенің, Кәне, содан мұратыңа жеткенің? Ұстап егер бермесең, Шықпай, өспей қала ма, Қара жерге еккенің. Айдарымнан жел еседі деймісің, Егеулі найза ерлерден Ада болса текті елің. Елің азап шексе егер, Сенің де азап шеккенің. Жақияны қолдан ұстап бергенің – Сары орысқа иманыңдай сенгенің.
Сұлтан деген атың ғана Жалған емес кәпірдің Жансызы боп келгенің. Қарыныңды жарғандай, Тау-тасыңды ақтарған – Сары орыстың қолында Балта болдың сапталған. Жағаң құндыз болғанмен, Қызыл қанмен қақтанған. Тұтқындалған Жақия – Ар-намысың сенің де Аяқ асты тапталған. Арамзасың, Бай-еке, Сырт пішіні адамның Терісімен қапталған. Қыңқ етпейтін ет кессе де етінен, Асыл ерді жел қақпаған бетінен. Түгесуге айналдың, Ұстап беріп шетінен. Күн кешсең де толғанбай, Күн кешпессің қорғанбай. Сорламасын жұрт неге, Билік құрса сен секілді сормаңдай. Елің сенің – Емендері кесілген Селдіреген ормандай.
ЕРДІҢ ҚҰРБАН ЕТПЕСЕ АЛТЫН БАСЫН Көкірегі күй шертпей күмбір қағып, Заман қанша зар төккен күн сұрланып. Жәңгір – төбет болатын қарғы баулы Алтын таққа байланған шынжырланып. Бұйырған соң Жәңгірге тақ адасып, Сосын елден жоғалған бақ адасып. Бақ адаспай қайтеді, Жәңгір жүрсе – Асыл ердің бәрімен жағаласып. Кәпір көзбен қадалған өз халқына, Балық көріп жейтұғын табаға асып. Қарағанда қыр-сырды ұғар еді, Жұмған көзін кішкене шамалы ашып. Орыс десе, құлдырап құрақ ұшқан, Қазақ десе, ат-тонын ала қашып. Ойлы көзбен үңілмей мекеніне, Жәңгір жаттың жармасқан етегіне. Әй, кәпір-ай, атанбай қайда барсын, Кәпірлердің ерген соң жетегіне. Шекелі боп анадан туса егерде, Қызыға ма жат жұрттың шекеріне. Өмірді ұғып, өзгертіп көзқарасын, Құлаққа әсте ілмеді сөз сарасын. Жәңгір солай қасқырға айналған-ды, Қойын қырған шабуылдап өз қорасын. Сөйлегенде көңілін күйік басып, Билік айтқан болады тиіп-қашып.
Асыл ерді көзінен тізіп берсе, Елде өзімен кім жүрсін иықтасып. Борай соғып даласын азынатқан, Жәңгір жұрттың үйрегін, қазын атқан. Сыйға тартқан патшаға ердің басын, Керуенін жасырып қазына артқан. Құзырына бас иіп, табынғалы, Көшпелі елдің бәрі де сағымда әлі. Ақ патшаға сондықтан аса қажет – Ақылды алтын бастардың шабылғаны. Қанды жебе еліне тартылғасын, Жәңгір қалай семсер боп жарқылдасын. Бірақ алтын тағында отыра ма, Ердің сый ғып тартпаса алтын басын. ҚАЛДЫБАЙ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ БЕС ҰЛЫ ХАҚЫНДА Қаласы мен даласы жатқа толған, Бұл қазақта бақыт та, бақ та болған. Бес ұлына егеулі найза ұстатып, Намыс қуып, Қалдыбай атқа қонған. Қилы шақта мұңынан кім арылған. Жан болмаса егерде мұнар қуған. Қалдыбайдың бес ұлы бес семсер-тін, Махамбеттің кегіне суарылған. Түнергенде қар жауып қабағынан, Қол жазбайтын қарулы жарағынан, –
Қалдыбайдың бес ұлы бес найза-тын, Жаудың ылғи сұғылар сағағынан. Қайыр көрмей патшалық өкіметтен, Ат үстінде алысып өмірі өткен, – Қалдыбайдың бес ұлы – бес жебесі, Талай жауды өгіздей мөңіреткен. Шыға келер жау бар ма қалтарыстан, Атқа қатар қонғанда алты арыстан. Алтауы да өр кеуде ер болатын, Тұла бойы сомдалған Ар-намыстан. Атқан оғын алысқа аңыратқан, Алтауы да дұшпанын қалтыратқан. Басынатын жұртымды жау болмас ед, Алты батыр шықса әр шаңырақтан… Оу, ағайын, не сыр бар жасыратын, Айдыныңды кімің бар асыратын? Бір-бір батыр шықса да әрбір үйден, Жау болмас ед қазақты басынатын. Жортып өткен тарлан көп тарлан белде, Тағдырмен де ұстасып, жалғанмен де. Ұрығы асыл батырлар шайқаста өліп, Ұрығы азған божымдар қалған елде. ГУБЕРНАТОРДЫҢ ЖАЗАЛАУШЫҒА АЙТҚАНЫ Тағдырды ерттеп өмірге міне келген, Ер Исатай кісі емес жүрегі өлген.
Қайтпас қайсар мінезін бойға жинап, Түрме ішінен баласы түрегелген. Көзін оның көрдің бе шоқтай жанған, Ұқсамайды тұтқынға дүреленген. Сым секілді тартылып тұрады ылғи Сұмдықтардың бәрін де жүре көрген. Тілегі елде тұтқынның, жүрегі елде Күрең мініп жүргендей күрең белде. Қанжарға да айналып кетері хақ, Қабағынан қар жауып түнергенде. Түлеп шыға келер деп кім ойлаған, Көрдей суық түрмеге түнегенде. Арыстандай тұрғаны айбат шегіп, Айға азуын ақырып білегенде. Теріс қарай кигізіп тақиясын, Исатайдың азапта Жақиясын. Көкжал бөрі емес пе әкесі оның, Ақырында алдырған жатқа ұясын. Ажырамай тұрғанда қуатыңнан, Су ішетін көз жазба суатыңнан. Жат бура кеп ботасын шайнағанда, Бозінгеннің сүйегі уатылған. Бұл бала да биікте, туыпты өрде, Атқа мініп, Ар жолын қуыпты елде. Ендеше оны азапта, әкесі оның Ала өгіздей өкірсін суық көрде. Күн кешсе де қым-қуыт шырғалаңда, Ұлы күштер болады ұлы адамда. Исатай деп азапта шыбын жанын, Жақияны шыңғыртып бұрағанда.
Сүйегінен жаралған құм-даланың, Қанша ұрпағы болса да нұрлы ананың. Жілігінің сынғаны қажет емес, Сағын сындыр алдымен бұл баланың. Талайлардың түбіне егес жетіп, Көз көрмеске жоғалған белеске өтіп. Жақияны соққанда соқсын бәрі – Исатайды көзіне елестетіп. Білемісің алдыңда кім тұрғанын, Тулап туған баласы бір тұлғаның. Бұның сағын сындырсаң көрде жатқан Исатайдың да сағын сындырғаның. ЖАҚИЯНЫ ЖАЗАДАН ҚҰТҚАРСА ЕГЕР Неге кеттің қасымда жүре бермей, Мұқалмады бұл күнде кім егелмей. Сені сақтай алмадым, Жақия інім, Көлге пана болмаған шүрегейдей. Суырылып еліңнен дана шықпай, Күн кешем деп ойлама қабақ шытпай. Әкең сені табыстап кетіп еді, Қорғай жүр деп ұлымды қарашықтай. Елі үшін де, өзінің күні үшін де, Азамат ер мұң шеккен тірісінде.
Түн жамылып қапыда сені басты-ау, Қарақшыдай сау етіп түн ішінде. Шүрен жұртын қысылмай қыстап келіп, Жатырмысың түрмеде қыспақ көріп. Ақ патшадан шен-шекпен алған еді, Баймағамбет сені де ұстап беріп. Сұлтан етіп қойғасын жендетті елге, Мұнар кешпей мұратқа ел жеткен бе. Асыл ердің баласы кете бардың – Айырбасталып әлгіндей шен-шекпенге. Түн жамылып сені кеп ұстағанда, Не істеймін жүрегім мұздағанда? Сардар басым саудаға түсіп тұрған Қанды құрсау қатыбас қысталаңда. Ендеше, інім, ағаңды кінәлама, Тап болғасын, не шара, сұламаға. Исатайдың көзі едің елде қалған, Мен түспесем түседі кім араға. Босатқанша қапастан сені қашан, Шырқырамай шыбын жан тұра ала ма?! Мүсіркеуге бұл күні жұрт та шебер, Асқақ болғын, дұшпаның бұқпаса – көр. Қандай жаза берсе де мен көнейін, Інім, сені жазадан құтқарса егер.
ЖАҚИЯҒА СОҒЫЛҒАН 750 ДҮРЕ Патша өкіметінің әскери соты Жақияны 250 солдатқа үш реттен дүре соққызып, сонан соң Финляндияға жер аударуға, одан кейін жарамды болса, солдатқа алуға, жарамсыз болса – Иркутск губерниясына жер аударуға үкім шығарған. Тарихи деректерден. О, Жақия! Өмірге күле келген, Исатайдың рухысың түрегелген. Қанжоса етіп арқаңнан таспа тіліп, Патша әскері жарыса дүрелеген. Жендеттердің түңіліп жүздерінен, Алдың, сірә, төзімді, күшті – еліңнен. Қанды жолақ арқаңда қалып жатты, Ысқырынған шыбықтың іздерінен. Қанды көбік аузыңнан құстырғанда, Қайрат бермей бойыңа күш тұрған ба. Жұмыр жерді құшақтап тістендің-ау, Жон арқаңда шыбықтар ысқырғанда. Қабағына жендеттер мұз бөктеріп, Сапқа тұрып соққанда тізбектеліп,– Құлағыңа қайтпа деп сыбырлаған, Сонда әкеңнің өр рухы іздеп келіп. Бала кезден оқ жонып атаға ердің, Бір ұрпағы саналып саналы елдің. Ел-жұрты үшін қанша азап шеккен сайын, Сонша айбарлы шығады атағы ердің.
Не істейсің, Жақия, төзбегенде? Ширегіңе келе ме өзге пенде. Зұлымдығын бетіне басар едің, Әскер соты сескенбей сөз бергенде. Құлағыңда бозторғай шырыл қалып, Көтерілесің сен әлі тұғырға алып. Ерік берсе, Жақия, көз жұмар ең, Зеңбіректің аузына тығындалып. Қорқау қасқыр қоғамды күйік көрген, Ер жігіт ең өмірді сүйіп келген. Өзі тұрмақ қыранның Баласы да Қандай азап шексе де биікте өлген. ОПАСЫЗ БОП АТАЛА МА ДҮНИЕ Суық үрей Нарын құмын кезгенде, Махамбеттен сырт айналып безді ел де. Қара құйын құтырынып суыған, Бір сұмдықтың болатынын сезгенде. Махамбеттің өрт жүрегін қақ тіліп, Өз ішінде бір аш бөрі жатты ұлып. Шырақ алып түскен қанша ізіне, Сұрау салып, жан-жаққа адам шаптырып. Көшелі еді қорамсаққа қол салған, Көсем еді тыңнан сара жол салған. Дүние бірақ оны қайдан ойласын, Қасіреттің темірімен қоршалған.
Не түседі қанын оның ішкенде, Не түседі көк желкесін үзгенде? Өзі туған Махамбеті емес пе, Елге кенет бір мейірі түскенде. Суық ызғар жиып сұсты жүзіне, Шырақ алып түсуде әлі ізіне. Мықтыларды жойған ылғи Дүние, Қызғаныштан шоқ түскенде ішіне. Ізгіліктің бәрін қолдап құптаса, Қайғы жұтып, қан кешпес ед жұрт та аса. Опасыз боп атала ма Дүние, Асылдардың басын егер жұтпаса. МАХАМБЕТ ИСАТАЙДЫ ЖОҚТАҒАНДА Сені, Исатай, аңырап жоқтағаным – Мылтығымды жауыңа оқтағаным. Жол үстінде көз жұмған жолаушыдай, Жол үстінде бола ма тоқтағаным. Өледі деп ойлама кегіңді алмай, От талабым, әлі де шоқ табаным. Асау құлын секілді туласа егер, Тағдырды да келеді ноқталағым. Бірақ сенсіз мен қалай шарықтайын, Естен тансам, сең соққан балықтайын. Мені әйтеуір бір үміт жүр сүйрелеп, Алыс қырдан көрінген жарықтайын.
Сардаланың көзге атқан құралайын, Мерген болсам, мен неге туламайын. Ызалы ұшқын көзімнен шашырайды, Бұрқ-сарқ қайнасам бурадайын. Ет-жүрегім сені ойлап езілгенде, Әзер жиған кезім көп есімді елде. Қасиеттеп туыңды тік көтердім, Қара тобыр өзіңнен безінгенде. Сені жоқтап боздадым, жалғыздығым Жанға батып кей-кейде сезілгенде. Өзің барда күш едім екпінге енген, Тіршілікте бет-жүзі секпілденген. Екі тарлан бөрі едік, уа, Исатай, Ата Ерліктің қос қолы секілденген. Ойлап сені көзімнен жиі ақты мұң, Қайда, қайда бастайды мият-күнім? Бұл күндері, Исатай, сыңарынан Айырылған жалғыз қол сияқтымын. Бұнысымен тағдырдың келіспеймін, Көк желкесін ендеше неге үзбеймін. Оу, Исатай! Қолым бар семсер ұстар, Қалқан ұстар қолым жоқ. Не істеймін?!
ОПАСЫЗ МЫНАУ ЖАЛҒАНДА Мұнар да мұнар, мұнар күн! Бетіңді қанмен жуармын. Қасарысқан қатал тағдырға, Қарсы өскен қайсар шынармын. Сертіңде сен де тұрарсың, Сертімде мен де тұрармын. Азабыңа шыдап төзсем де, Қорлығыңа қалай шыдармын. Жел қуған қара бұлттайын, Жерімнен бір күн қуармын. Қалғыған ойды құмға атып, Жортамын ылғи түн қатып, – Ұйықтап жатқан даланың, Намысын жанып тулатып. Тулатқан көлді қоғалы, Өр рухым өлген жоқ әлі. Құзыры күшті кімнен де, Жұлдызым менің жоғары. Ат барда жортам жер көріп, Ас барда жортам ел көріп, – Қыңсылатып қызыл қаншықтай, Тағдырдың өзін өңгеріп; Қаруын түгел асынған Сарбаздарға дем беріп; Шайқаста түскен олжаны Қараша жұртқа тең бөліп. Ат барда жортам жер көріп, Ас барда жортам ел көріп.
Сең соққан балық секілді Жүрмеймін елде сенделіп. Мұнар да мұнар, мұнар күн! Азабыңа төзіп шыдармын. Аспанда еркін самғаған Қанатын қимай қыранның, – Тағдырын бердің, қайтейін, Қағынан безген құланның. Өксіген долы теңіздей, Өкіріп барып құлармын. Опасыз мынау жалғанда, Кетпеген кімдер арманда. Қайсың бар созған қол ұшын, Махамбет жалғыз қалғанда. Қай заман опа көрсетсін, Опасыз мынау жалғанда. САРБАЗДАР ӨЛІП БІТКЕНДЕ Қазақ пен қазақ айқасып, Бір-бірін ұрып құлатқан. Қазақ пен қазақ шайқасып, Бір-бірін соғып сұлатқан. Қазақты қазақ қаралап, Бір-бірін тыққан түрмеге. Жүрегін, жанын жаралап, Талатқан бүйі, бүргеге. Құдайға емес, патшаға Бөксесін бұрып жағынған.
Сатылып қағаз ақшаға, Оқалы түйме тағынған. Азаттық тілеп жылаған, Арбаға шандып байланған. Ақырып теңдік сұраған, Итжеккен жерге айдалған. Ақиқат сөзді қолдаған, Жалаға ұрынып шатылған. Сырт көзден елін қорғаған, Сол бойда дереу атылған. Жақсылық алдан күткенде, Бағымды кімдер байлаған? Сарбаздар өліп біткенде, Сары орыс елді жайлаған.
БАЙҚА, АТАМАН, НЕМЕСЕ ПОЛКОВНИК ГЕККЕГЕ АЙТЫЛҒАН СӨЗ Жазалаушы отрядтың атаманы “Махамбетті қайтсем де ұстап, кескілеп өлтірем” деп ызалы тістенген. АВТОР. Жүргеніңді ұмытпа намысты елде, Ханға айналам деймісің қан ішкенде. Байқа, атаман! Құдайын ұмытады, Сендейлер кеудесіне нан піскенде. Махамбетке кебін ғып жабам дейсің, Қара жерге ақ ұлпа қар түскенде.
Жел тұрғанда пырт етіп сынатұғын, Сардаладан көрдің бе қамыс пенде?! Неге сенің көңілің арымасын? Қалсаң кейде қан ішпей тарығасың. Алда-жалда Махамбет қолға түссе, Өлтірем деп өжектеп жанығасың. Сайтан сені азғырып, жын ұрғасын, Сардаладан жау іздеп жұлынасың. Адам аулап жүргенде қарбыздайын Жұлынбасын бір күні жұмыр басың. Байқа, атаман! Ойланбай ат тебінбе, Келмесе егер оранғың ақ кебінге. Алмас қылыш емес пе ер Махамбет Тек қазақтың бойына, шақ беліне. Байқа, атаман! Махамбет барыс ақын, Империяның өзімен алысатын. Білсең егер даланың темір қолы, Алқымыңда тістесіп қарысатын. Кісі болсаң жөн-жоба, жолға сенер, Махамбетті сен қайта қорғаса гөр. Сары орыстың балтасы өтпейді оған, Өз балтасы қазақтың болмаса егер. Қалай сенің тұнығың мөлдіресін, Әлі талай із кесіп көп жүресің. Өлтірсең де өрт тілді Махамбетті, Рухын бірақ сен қалай өлтіресің?!
МОЛАҢ СЕНІҢ ҚАЛМАСА ЖЕР БЕТІНДЕ
Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады. Ноғайбай шешен. Көлденеңдеп жолымда қырын тұрған, Өзін-өзі пәлеге ұрындырған. Ақындардың құлағы білсең, тақсыр, Өзінен де қырық жыл бұрын туған. Қоспасаң да бір ұран ұраныма, Қылыш сілтеп қайтемін тұрағыңа. Атпай, шаппай өлесің, Бір періште Сыбырлаған түнде кеп құлағыма. Шаруаға Жайықтан жер бөлесің, Бөлмей-жармай жұртыңды тең көресің. Қылышымды қайтемін қанға малып, Суға батып бәрібір сен өлесің. Бір қасірет тұрғанда келбетіңде, Бүйідейін тиіспе елге күнде. Жоғалғаның емес пе ізім-ғайып, Молаң сенің қалмаса жер бетінде.
МАХАМБЕТТІ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАН ШАҚЫРТҚАНДА Ұлтын ұмытып, құлқын қуған санасы, Ей, нар-қоспақтың баласы! Өлген қойдың терісіне тұра ма, Сен секілді сұлтандардың бағасы. Сардаланы жарып аққан Ақ Жайықтың бола алмасаң саласы, Аталасың қалай елдің ағасы?! Патша мінген тұғырдың Сен емес пе тағасы. Атадан қалған сауыттың Мен емес пе жағасы. Жемдегенің сенің – Сары орыстың баласы. Емдегенім менің – Алты Алаштың жарасы. Елге әділдік орнамай Екеуімізбен бітпейді Ер мен ездің таласы. Сары ағашсың қайғылы – Жел тұрғанда солқылдаған. Дариямын айдыны – Дауыл шақырып толқындаған. Бірақ қатал тағдырдың Өз асылын танымай Күні бар ма қор қылмаған. Сенің мынау алдыңа Өз аяғыммен келтіргені Қорлағаны емес пе?
Бұның өзі тағдырдың Амал таппай Сорлағаны емес пе? Егеулі найзаға айналған Тізе бүге ме егесте. Найзағайдан жай тартқан Махамбетпін көздегенін жайратқан; Төбесінен сендейдің Сақылдатып қара қазан қайнатқан; Ер болғасын біртуар Нысанаға тигізе алмай Оғым әсте болған емес қайта атқан. Бес қаруым бойымда, Жау төнсе де қай жақтан. Арыстандай ақырсам, Бұлт ішіне жасырынып Ай батқан. Қараша көрме сен мені, Қырға шығып қой баққан. Сардар ермін еңселі, Тақымында арғымағын ойнатқан; Егескеннің аузынан Қара қан атқылатып, Өңешіне көк найзасын бойлатқан. Қатесі бар ма сөзімнің, Ей, нар-қоспақтың баласы! Жоқ болса егер көзіңнің Маған деген аласы. Ендеше, тақсыр, сөз тыңда, Айтылғалы тұрғанда Сөздің жаңа парасы. Қай балыққа тарынған Ақ Жайықтың саласы.
Бұйырмайды неге ендеше қазаққа, Еділ, Жайық арасы? Неге жеке жайлайды, Хан-төренің баласы? Ақсүйектің ұлынан Сорлы ма еді Қарашаның баласы?! Исі қазаққа ортақ емес пе, Құдайдың байтақ даласы?! Арғымақ ат арыған, Азамат ер қалғыған, – Мынау сұрқай заманда Аяз болып қарыған. Ала қойды бөле қырыққан Қашан жүнге жарыған? Ол аз десең, ей, тақсыр, Моласына ата-бабаңның Орыс иті сарыған. Қайда сенің намысың, Шар қайраққа жаныған?! Ел биледің бе абыройын төккелі, Қабырғасын қақыратып сөккелі. Он екі ата Байұлының Барлық жұрты өкпелі. Жабылады түрмеге Ақ Жайықтан өткені. Неге бұлай, ей, тақсыр, Қысқа айналған заман ба, Бұл қазақтың көктемі?! Ар-намысын бірге қуып қазақтың, Өзендейін өзің қашан таза ақтың? Күріштейін суда өскен, Қазақ неге бой түзейді, Ішінде ылғи азаптың?!
Бұл сұмдықты неге, тақсыр, көрмейсің? Шамырқанған намысыңды Қамшы етіп неге өрмейсің? Жұртыңа қысым жасаса, Қолында неге өлмейсің?! Сөзін сөйлеп кірменің, Кімге дәрі сұлтан болып жүргенің. Қырын қарасаң еліңе – Өз көрпеңді тілгенің. Білсең егер қарашаның арқасы Сенің де, Бақ кешіп дәурен сүргенің. Сұңқар басқарған ел – озған, Сұлтан басқарған ел – тозған. Сен емес пе қазақтың сіңірін созған. Сұлтан емес, жұмыртқасың шіріген, Жұртың мынау өз ішінен іріген. Ар-намыстың басын шаптың сен талай, Тамырыңда қан жүгіріп тірілген. Алдың ашық болар еді, Дос болсаң Азамат ердің бірімен. Аңсағаның – жылы қан, Сендей сұмдар қашан елден құрыған? Сұлтан емес, қасқырсың Орманға қарап ұлыған.
Жерің жатқа толғанда, Қаныңды теспей сорғанда, Жолбарыстай найқалып, Жүремін деме орманда. Ей, нар-қоспақтың баласы! Екеуімізбен бітпейді Ер мен ездің таласы, – Ашығып боздап тұрғанда Қазақтың байтақ даласы. Тусам да түйе қомында, Ей, тақсыр, тұрма жолымда. Басқа байлық не керек, Тұрғанда қылыш қолымда. Жұмыр басым жұлынса да жоқ арман, Азаттықтың жолында. Қарға-құзғын секілді Күштер көп те топтанған, Жүрегімде кектің оты шоқтанған. Заманымнан озып туғаным – Мылтық болсам егерде, Заманынан ерте оқталған. Бірақ мендей асылды, Кімдер, қашан басынды? Не істейсің егер итке тастасам, Кесіп алып басыңды?! Сен де тудың анадан, Мен де тудым анадан. Еркек болсаң, жекпе-жекке шық, кәне, Қуат жиып даладан.
Найзағай ойнатып санаға, Шық ендеше далаға, – Жасырынған шешесінің артына, Ұқсамай қорқақ балаға. Жайшылықта – батырсың, Қайшылықта – қатынсың. Дауыл боп соқсам егерде, Құлағалы тұрған шатырсың. МАХАМБЕТТІҢ ЖАРАҚТАРЫ НЕМЕСЕ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАНҒА АЙТҚАНЫ Байланғанбыз бәріміз қыл арқанға, Ажал жетсе, өлмесін кім арманда. Ақ алмасым көкте ойнап жарқылдаған, Дұшпанымның қанына суарғанда. Кейде көзден жас емес, қан тамшылар, Өзегімді өртейді жанған шынар. Қасқа жолдар – белдігім болар, бәлкім, Шұбатылып даламда қалған шығар. Текке жортып жүрмін бе белең-белде, Ар-намыстың күшіне сенем мен де. Қынабында алмасым дамылдайды, Хан мен қара теңесіп, теңелгенде. Ай туғанда көгімнен қияқтанып, Жүрмін әлі жорыққа жиі аттанып.
Дулығалы өр басым тұрған жоқ па, Асқар таудың бір құзы сияқтанып. Шыбын жаның кеудеңде үйірілген, Кірсе егер де көк найзам бүйіріңнен. Қара жерге өкіріп сен құларсың, Ала айғырдай адасқан үйірінен. Тыңда мені! Барасың қайда асығып? Сені қайдан қайрасын Қайғы ашынып. Атқан оғың өтпейді сауытымнан, Жеңсең мені жеңерсің айла асырып. Айла асырып бірақ та жеңем деме, Ақ көйлегім – ақ желкен, денем – кеме. Өзім болсам садақтың адырнасы, Атылмасын алысқа жебем неге?! Түңілгенде тірліктен суып қалып, Қуат алам жырымнан рухтанып. Қайда қашпа, желкеңнен қадалады, Атқан жебем соңыңнан қуып барып. МЕНІ БІРГЕ БИІККЕ КӨТЕРЕДІ НЕМЕСЕ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАННЫҢ СӨЗІ Жоқ, Махамбет! Сен өлмей мен де өлмеймін, Тағдырымды көзіңнен көргендеймін.
Қайда барма, алдыңнан шыға келіп, Көшкен сағым секілді көлбеңдеймін. Сені ұстаймын тағдырдың қыспағында, Толқын болып тулайсың мұзды ағында. Көкірегіңнен ызалы жыр туа ма, Емін-еркін күн кешсең қыстағыңда. Отқа жаққан талайды көмір етіп, Сынаптайын сырғуда өмір өтіп. Мөңіретіп адырна тартасың ба, Ұстамасам сені егер мөңіретіп. Нарын құмның сен болсаң арыстаны, Мен туғанмын өзіңмен алысқалы. Қос арғымақ секілді қатар шапқан, Бірге ұшамыз жебедей алысқа әлі. Ақ Жайықтың сен болсаң бір жағасы, Ақ Жайықтың мына мен бір жағасы. Арамыздан жатса ағып арналы өзен Елдің неге шөлдесін қыр-даласы. Ел басқарып жүргесін жер бетінде, Қалады деп ойлама ел шетінде. Уысымда умаждап мен ұстаймын, Зар жылатып қатынын, еркегін де. Қасиетіңді жұрт сенің қайдан білсін, Қасірет боп тұрмасаң келбетіңде. Тіршіліктің бораған ақпанында, Сардар ерсің жетілген ат жалында. Болашаққа жол тартсаң, сенен қалмай Болашаққа жол тартам қапталыңда.
Өмір қалай тартыссыз көгереді, Бей-жай күйде көңілсіз өтер еді. Көтерсе егер Болашақ сені ту ғып, Мені бірге биікке көтереді. ЕЛГЕ ҚЫРАН БОЛҒАНЫҢ КЕРЕК ЕДІ Ертелі-кеш жүрмесең Ай тағалап, Ендеше, айтшы, келгенсің қайда қарап? Кімге дәрі сұлтан боп шіренгенің, Жұртың азып, тозса егер сай жағалап. Неге қырын қарайсың қарашаға, Аштан қатып, өлсін бе бала-шаға. Ердің бәрін көзінен тізіп берсең, Сенің сұлтан басыңа жараса ма? Жат алдында қайтеміз аласармай, Билік тисе өзіңдей аласаға. Бұрмасаң да бұлқынған бұлақ елге, Сары орысқа бөксеңді бұра берме. Ел қорғайтын ерлерді сен түгесіп, Зар боларсың күні ертең мұрагерге. Табанына орыстың ұлтан болған, Қай заманда, қай кезде сұлтан оңған? Ел болуды ойлаған қандай жұрт та, Тұрғызбаған ешқашан құлдан – қорған. Туса сені егерде Ару-ана, Жер бөліп бер Жайықтан шаруаға.
Тілімді егер алмасаң, торсық етіп, Бөктеремін басыңды қанжығама… Билік саған, ей, тақсыр, не береді, Бұл орынға сені кім шегеледі? Жауыздықтың жыланы болғаныңнан Елге қыран болғаның керек еді. АНАҢНАН ҚАЙТА ТУСАҢ ДА… Басыңа төнген – қауіппін, Сөзімді тыңда, ағасы. Атадан қалған сауытпын, Жыртылмас тозып жағасы. Терісі сойған өгіздің – Өзіңдей ердің бағасы. Кем емес ханның ұлынан, Қазақтың қара баласы. Тарынасың сен неге? Тарылмай өзен сағасы. Басыңды жарып жүрмесін, Атымның шойын тағасы. Қыздырма менің қанымды, Атылғалы тұрған жебемін. Суырып шыбын жаныңды, Қағылар болат шегемін. Сойқанға жұртты бастама, Ат басын қайда бұрсаң да. Бетімді менің жасқама, Бездіріп елден қусаң да. Махамбет бола алмайсың, Анаңнан қайта тусаң да!
ЕЛІМ НЕГЕ АРЫСТАН ҰЛ ТУАСЫҢ? Қайғы, азап боп суырып күнде еліме, Мәз емес пе жер басып жүргеніне. Қасқыр ішік болмаса үстіндегі, Баймағамбет тұра ма бір теріге. Бір теріге өз басы тұрмағасын, Мені көріп, ол неге туламасын? Қарғы баулы төбеті болса егерде, Патша әмірін ол неге тыңдамасын? Ел ішінде ит көп те абалаған, Қалың жұртты ер бар ма сағалаған. Менің жұмыр басыма бәйге тігіп, Баймағамбет мың сомға бағалаған. Тігілсе егер бәйгеге жұмыр басым, Неге қылыш Махамбет суырмасын. Азамат ер тұра ма атқа қонбай, Қарақшы боп қоғамы құрылғасын. Өткен жолы қарайлап текті еліме, Өкінемін өлтірмей кеткеніме. Текті еліме не дейін ара түскен, Ара түспей Ар қуған кекті еріне?! Қаным неге ендеше туламасын, Сілкіндіріп Нарынның құм-даласын. Ел қауқарсыз бола ма сұм билеген, Семсердейін сүйеген шыңға басын.
Бұндай шақта тал қармап бұлқынасың, Бір жығылып, орныңнан бір тұрасың. Шыбын жаның құландай шырқырамай, Шаң боратып жер қайдан бұрқырасын. Солай болса тағдырдың жазуы егер, Қайда қашып, ойпырмай, құтыласың. Қолдан берсең арыстан бір ұлыңды, Елім неге арыстан ұл туасың?! КӨРІПКЕЛДІҢ СӨЗІ Жәдігері болғасын бір жүйенің, Маха, саған басымды күнде иемін. Күйеуі өлген қатындар бай таба ма, Жалғандығы болмаса Дүниенің, Дүниенің болмаса жалғандығы – Азаматтың тумай ма алдан күні. Жалғандығынан емес пе, айдалада Ердің жаяу салпақтап қалғандығы. Тұлғасына қарай ма, келбетіне, Қадалмасын жетсе ажал жебе кімге. Дүниенің болмаса жалғандығы – Бірде бетін, бірде артын береді ме?! Боққа қонған кей-кейде қақпайланып, Бір орында тұра ма бақ байланып. Жау шапқанда ер қанша опат болған, Қынабынан қылышын таппай қалып.
Дауылдарға қарсы ұшып, іркілмеген Қыран құс та жемтігін күнде ілмеген. Ер жігіттің басынан бақ тайса егер, Ажалдың да көмейі бүлкілдеген. Өмір деген жол болса шаңы шыққан, Шаңы шыққан сол жолмен кім жүрмеген. Неге семсер жүзінде серт етесің, Серт етсең де, өмірден сен де өтесің. Жалған Дүние жаралса жалған болып, Неге сенің кеудеңді өртемесін?! Шындық болып қараған күн көзіне, Неге қарсы қоймасын мыңды өзіне. Басыңдағы дулығаң сен өлген соң, Айнала ма деп қорқам күмбезіңе. МАХАМБЕТТІҢ ӨЛЕР АЛДЫНДАҒЫ КӨРГЕН ТҮСІ Махамбет әлгі жерде қонақтарына (Ықылас бастаған топқа) өзінің алдыңғы күні көрген түсін айтады: – Өз басым өзіме иіліп, сәлем берді. Бұл неге көрінері? Берқайыр АМАНШИН. “Махамбет тағдыры” Борай соққан құйыннан көзім түйіліп, Ақ сауытын жүргенде төзім киініп. Түнде көрген түсімде, ғажапты қара, Сәлем берді өз басым өзіме иіліп.
Сәлем берді өз басым ауаға асылып, Қара бұлттай қабарған қабағы ашылып. Сол түсімнен, ойпыр-ай, сұмдық шошынып, Атып шыққам ақырып далаға асығып. Қайда кеткен көзімде өрілген арай? Жабыққанда жарқылдап көрінген талай. Сағағынан үзілген қарбыз секілді, Өз басымның денемнен бөлінгені қалай? Тілегімді жеткізбей, сөзімді еліме, Басым менің шынымен кесіледі ме? Жайшылықта опынып көз жұмар болсам, Алмас қылыш тағындым несін беліме. Көшсін қайдан қара бұлт дүркіреп көктен, Қара суық жаңбырын сіркіреп төккен. Өмірім бара ма сиырқұйымшақтанып, Найзағайдай жарқылдап күркіреп өткен. Жорытсам ба түсімді көңілді еліме, Өлсем, мүмкін, шығармын өмір төріне. Өз басымның өзіме сәлем бергені, Сұм ажалдың көзіме көрінгені ме?! МАХАМБЕТТІҢ ЖҰМЫР БАСЫ Махамбетпен бірге, әне, сөнген арай, Ей, Ықылас, шығасың төрге қалай?.. – Қап!.. Қап!!. Қап!!! – деп өкінген ақын Басы Бара жатты домалап өрге қарай. Қызыл қаны өрт болып далаға ақты, Күңірентіп ел ішін, дана қартты.
Ақын Басы ылдиға домаламай, Өрге қарай домалап бара жатты. Кімдер құран оқысын тұра қалып, Ел ішіне жүрсе егер сына қағып. Жұмыр Басты соңынан қуды бәрі, Түскендей боп ізіне шырақ алып. Қапыда ақын ажалын құшпағанда, Қалмас еді дәл бұлай қысталаңда. Ықыластың бетіне ызалы Бас, Былш еткізіп түкірген – ұстағанда. Кімге – жұмақ бұл өмір, кімге – абақты, Күңіреніп кең дала мұңға батты. Қараулықтың алапес қоржынында, Көз жұмса да Жұмыр Бас тулап жатты. Қайдан тусын толғатып кіл ұрғашы, Енді қайтып белгілі туылмасы. Екіталай күн туса, қалың елдің Басқа киер Махамбет дулығасы. Қалай сыйсын қоржынға Тірісінде Кең дүниеге сыймаған Жұмыр Басы! Айналса да Махамбет күйікті ерге, Жоғалтпаған сүйкімін сүйікті елге. Ақын Басы қоржында қалай жатсын, Қақ айырып, жол тартқан биіктерге.
ҚАРАОЙДЫҢ ҚАСИЕТІ Азаматын қашанда өрде көрген, Табиғат та кей-кейде жөнге көнген. Көз жіберсең Қараойдың жазығына, Шаңыраққа ұқсайды дөңгеленген. Қанды жасы көзінен тарамдалған, Тажал болып төнгенде заман – жалған. Қаптаған жау тұсынан көрмей өтіп, Шағын жұрты Қараойдың аман қалған. Бір шындыққа бастаса арман – елес, Көңіл туын көтерген тарлан белес. Ер Тарғынның Қараойда ат шалдырып, Бір күн түнеп жатқаны жалған емес. Бұлақтары ақпаған бұлай налып, Жатушы еді Қараой шұрайланып. Қасиеті болмаса, Төлегеннің Алты аққуы өте ме бір айналып. Сары сайтан түртпектеп жел бере ме, Түкіреді біреулер жерге неге? Қасиеті Қараойдың тартпаса егер Махамбеттің сүйегі жерлене ме?! СЕН ЖЕҢЕСІҢ Жер бетінде жау көп те қараңдаған, Дүниеге ақынсың алаңдаған.
Дүниенің бақытын неге ойласын, Дүниеге кірпіш боп қаланбаған. Алайда елге жүрегің сенген еді, Қапталыңда сұр қаншық жел желеді. Хан-төреден мұңайма жеңілдім деп, Сардалада кім саған тең келеді. Махамбет кім? Жәңгір кім? Ел біледі, Талай мәрте көк туың желбіреді. Қанды ұрыста азамат көп қырылып, Қара ормандай ел іші селдіреді. Қара тобыр сен жайлы не біледі, Бірақ олар мұңдасың, теңің бе еді. Туған елің болса аман әлі талай Махамбет боп намысы тебінеді. Өмір өзі екшейді, тексереді, Қайратыңа бәрібір ел сенеді. Қабырғасын күйретіп, жай соққанда Небір алып таулар да теңселеді. Сол таулардай сен де әлі теңселесің, Шыбын жаның жай таппай сенделесің. Жер көресің ат барда желіп жүріп, Асың барда аралап ел көресің. Өзгені емес, өзіңді жөн көресің, Жаудың әлі аспанын төңкересің. Күнің туса тағдырды ерттеп мініп, Көкпардайын алдыңа өңгересің.
Ез деп ешкім айта алмас сені егілген, Сардар ерсің мұхитта кеме мінген. Өмір бәрін қояды өз орнына, Кім-кімді де өткізіп елегінен. Сені бірақ қай кісі ер демесін, Бір өзіңді бір қауым ел көресің. Жер бетінде қаншама жауың болса, Соның бәрін түбінде сен жеңесің. ЕЛ БОЛМАСА… Бұл қазақты ақылды, есті деме, Есі болса ақылы кеш кіре ме? Басы болса егерде, жиылып кеп, Махамбеттің өр басын кесті неге? Шибөрілер секілді жабылғанда, Сауға сұрап сардар ер жалынған ба. Басы жоқтар теңесіп, мәз болған-ды, Махамбеттің өр басы шабылғанда. Бітті неге қайғылы ғұмыры Ердің? Содан, сірә, арта ма шырыны елдің. Жұмыр Басы шабылған сүмбіл дене, Жатты тулап үстінде Жұмыр Жердің. Ар жолында қанжардай қайралғасын, Құрбан еткен ер қанша қайран басын? Жұмыр Басы ерлердің шабылса егер, Сал денеге неге елі айналмасын?! Бабалардың тас шайнап, қар жегенін, Ойлағанда мен іштей зар шегемін.
Ақ патшаға сый болып тартылған-ды, Жұмыр Басы кесіліп хан Кененің. Асылына қадаған жебе күнде, Неге ендеше Азғындық кемелінде? Қалпақ басы болмаса, темірлігі Кімге қажет жүзі үшкір шегенің де. Ата қазақ жұрт болса ақылы асқан, Шабылады Жұмыр Бас неге елімде?! Жегеніне мәз болса асын тауып, Жүгі неге жатпасын сағымда ауып? Билегені Ресейдің жалған емес, Ауық-ауық ақылды басын шауып. Төндіргенде зауалын арсыз жалған, Ауыртпалық қаншама жан сыздаған. Неге ақылы кірмейді әлі күнге, Ел болмаса бұл қазақ бассыз қалған?! БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАН ТҮС КӨРГЕНДЕ Сұлтан жолай бір үйге түстенеді, Қой етін жеп, қымыз да ішкен еді. Астан кейін жастыққа қисайғанда, Көзі ілініп, үрейлі түс көреді. Неге екені белгісіз бір Жұмыр Бас Бұған сұсты қадалып тістенеді. Азу тісі ашулы сақылдаған Бұл – Жұмыр Бас тағдырды тақымдаған.
Зеңбіректің шар добы секілденіп, Ауада ұшып, қалықтап жақындаған. Кімнің Басы екенін танығанда, Қатер күтіп тұр деді анық алда. Сұлтан демін ала алмай қатты сасқан Сұсты ызғары жүрегін қарығанда. Басы – кегін қуар деп кім ойлаған Ақын Басы қапыда шабылғанда. Көз жанары ызалы ұшқын атып, Көктен тұрған секілді құс құлатып. Кекті ызадан өртеніп, Суық сорған Қарш-қарш шайнайды мұзды уатып… “Оқ атпаған даланың кептеріне, Қай бетіңмен қарайсың текті еліңе. Сұлтан, менің Басымды шаптырдың-ау, Генералдың қызығып шекпеніне. Ақыл қашып, кісіден ес кеткенде, Сатылады сен құсап шен-шекпенге”, – Деп ызалы Жұмыр Бас сұстанады, Айбар болып қайықты, ескекті елге. Махамбет те бір елдің арыстаны, Келмегенін сезген соң табысқалы, – Баймағамбет неге енді шошынбасын, Басы – ақынның жетсе егер шабысқалы. Бұл не сұмдық? Не нәрсе шырықты алған? Ойы қайда жоғалған сұрыпталған?
Ақын – ғұмыр жалғасып Болашаққа, Сұлтан неге ойыннан шығып қалған?! Кісінеме, ей, сұлтан, кісінеме, Жаның сенің өр рухты түсіне ме. Жаралса егер аспанда самғау үшін, Самғамасын ақынның құсы неге?! Болашаққа бұлақтай тұнып барған, Махаң қашан ел бұзып, шырықты алған. Оу, Байеке, қарасаң көзіңді ашып, Көкірегіңе ой жиып сұрыпталған: Көкке асылып шарайна күн секілді Ақын Басын көресің тұрып қалған. МОЛАСЫ ҚАЛМАҒАН БЕЙБАҚ Баймағамбет генерал шенін тағып, мейманасы тасып, Елекке жеткенде өзеннің мұзы бұзылып, сең жүріп, бұрқанып, долданып тасып жатқан. Сұлтанның бойын желік билеп: “Елек мықты ма, генерал мықты ма, көрейін. Арғы бетке пароммен өтеміз” деп келте бұйырған. Аңыз-әңгімелерден. Елек мықты ма? Генерал мықты ма? Көрейік күш сынасып, Көңіл деген сандықтың құлпын ашып. Басылсын бір аптығым мұз-сең жүріп, Тасып жатқан өзенмен жұлқыласып.
Жанарымда тұрғанда жасын ойнап, Тайсақтаман қарақан басымды ойлап. Жүзіп өтем қайтсем де, тастаса да Қаратаудың мойныма тасын байлап. Қасиеті дарыған жеті Аралдың, Көкжал бөрі анадан мен жаралдым. Тентек Елек мың жерден тасыса да, Жолын бөгей алмайды генералдың. Сал паромды, Електен мен өтемін, Жалған емес жау жүрек ер екенім. Қолдамаса генерал атанам ба, Алты Алашты өсірген жер-мекенім. Сал паромды, жетемін мұратыма, Таңырқасын мұзды өзен қуатыма. Қорықпағын кетер деп суға батып, Жығылам деп мінеді кім атына. Сал паромды өзенге, үрейленбе, Кімге өткел бермейді дүлей неме. Сеңді бұзып қайтсем де мен өтемін, Су перісі сыйынып Сүлейменге… Жабырқаған көңілін сергіткелі, Жарамады сұлтанның желіккені. Күйме үстіне мінгізіп, паромға артып, Шерлі өзенге салды әкеп серіктері.
Неге алдынан жып-жылы жел еспеді, Махамбет асу бермес белес пе еді. Паром судың жеткенде ортасына, Сардар ақын көзіне елестеді. Көз алдында көк сағым шұбап, өріп, Өзін сұлтан жүрсе де бұла көріп. Шын сескенді жағамнан ала ма деп, Су астынан Махамбет шыға келіп. Сұмдық ойдан сескеніп, тосылғанда, Қорқынышты сезімдер жосылды алда. Төңкеріліп Дүние бара жатты Сұсты елестен сұрланып шошынғанда. Түлкі көрген өмірді, құмай көрген Сұлтан суға шалқалап құлай берген. Қақ жүректен, кім білсін, көздеді ме, Махамбеттің кегі үшін Құдай-мерген. Көкірегін айқара далаға ашқан Махамбетпен жауығып, жағаласқан Сұлтан суға өкіріп құлағанда, Таудай толқын жұлқынып ала қашқан. Қайғы болып жетсе егер елге күнде, Қайдан опа табады ер тегінде. Қан жүктеген мойнына сол бейбақтың Моласы да қалмады жер бетінде.
ЕКІНШІ БӨЛІМ ӘДІЛ ЖОЛДАН ЗАМАНА ЖАҢЫЛҒАНДА БІЛГІҢ КЕЛСЕ ЕРЛІКТІҢ НЕ ЕКЕНІН… Самал ессе Жайықтың жағасынан, Ерлік рухы еседі даласынан. Кіші жүзді жау қоршап тұрса егерде, Тумай қайтсін найза ұстап анасынан. Шекарасы шойынмен қоршалмаған, Бұл өңірде талайды оқ жалмаған. Кіші жүзді қолына найза беріп, Көкжал етіп туған-ды көкжал заман. Атыраудың құнарлы бай даласы, Көкжиекпен астасқан айналасы. Арқа тұтқан алдыңғы екі ағасын, Кіші атаның өр емес қай баласы. Ел қорғайтын ерлерін жасақтаған, Асау қаны бұл жұрттың аз ақпаған. Жауын көздеп, боратып оқ атса да, Бірақ, бірақ тұныққа тас атпаған. Түйеге артқан, жүктерін кемеге артқан, Өскесін бе үлгі алып көне қарттан, –
Адырнасын садақтың соза тартып, Бәрі түгел бұл елде жебе тартқан. Ата Ерлікті салт етіп, жалғастырып, Жауын неге жықпасын жамбасқа ұрып. Жауға шапқан бұл елде қыздар қанша, Кесте бізін найзаға алмастырып. Жауға шапса, қатынды қатын деме, Теңіз болса – уайым, ақыл – кеме. Арыстаннан арыстан туса егерде, Батыр елден тумасын батыр неге?! Суырғанда құйын-жел сұр далаңда, Сұмырай да көп туған сұм заманда. Тұрар еді аспаны аласарып, Махамбетті сардар ел тумағанда. Бұлағы да көрмеген жылап ағып, Батыр елге қарасын кім аларып. Білгің келсе Ерліктің не екенін, Кіші жүздің елінен сұра барып. НЕГЕ БАТЫР МАХАМБЕТ ХАН БОЛМАҒАН? Арғымақта көп жортқан жал болмаған, Ер жігітте көп жортқан мал болмаған. Жортуылдап жүргенде ат байлайтын, Құлан ішпес қақ суда тал болмаған. Жақсы бар ма қасына шаң қонбаған, Судан таза болған-ды Ар қолдаған. Қырық ханнан ақылы тұрса да асып, Неге батыр Махамбет хан болмаған?!
Ақ орданың алдына ат байлаған, Махамбетті тағдыры қақпайлаған. Қанды балақ қарақшы заманына, Орақ ауыз, өрт тілі жақпай қалған. Құзырлының есігін айқара ашып, Құзырлымен кірсе егер тайталасып, Кім жақтырсын, өзіне сор болған-ды, Ақ ордадан тұрғаны айбары асып… Уақыттың көздері шел басқанба-ай! Неге ордаға кірмейді ер жасқанбай? Ақымақтың жүргені атын байлап, Ақыл неге сорлайды ел басқармай?! Неге Ақылды жүреді жат көрініп?.. Ар-намысы қамшыдай қатты өріліп, – Қалың қазақ қарадан хан шықса егер, Кетпес еді қара жер қақ бөлініп. Жараспайды өрісті, өрелі елге, Жетегіне төренің көне берме. Ақсүйектің қанында жоқ па арамдық, Неге тізгін береміз төрелерге?! Жақсы бар ма қасына шаң қонбаған, Судан таза болған-ды Ар қолдаған. Қырық ханнан ақылы тұрса да асып, Неге батыр Махамбет хан болмаған?! Ұнамайтын жігіттің арыстаны, Уақыттың ақылы ауыспалы. Махамбетті хан етіп сайламаған, Махамбетпен жеке өзі алысқалы.
БӨРІЛІ БАЙРАҚ КӨТЕРГЕН КӨК БӨРІ ЕЛДІҢ... Сұсты өмірге үңілген зейін беріп, Тіршілікке өседі бейімделіп. Қанжау туған күшігін құрбан еткен Қасқыр қанша тұрса да мейірленіп. Қыңбай жортып боранда азынаған, Бөрілердің көзінде от шашыраған. Азу тісі алқымда қарысатын, Күшіктерді өсіріп, асыраған. Сөгілсе де қақырап көбесінен, Қыңқ етпейтін ұрпақты бөрі өсірген. Қасқырлардың ішінде күні қараң Қоралардың түспеген төбесінен. Іштерінде жоғары бағаланып, Жол бастаған көкжалы дараланып. Заңы солай: Қасқырлар талап жеген Көсемі егер қалса оқтан жараланып. Жемтігіне айналып бөктергінің, Кім жоғалтсын жалғанда көктем күнін. Көк бөрі ұрпақ қалайша өсіреді, Заңы қатал болмаса көк бөрінің. …Оу, Махамбет, жаз көрдің, көктем көрдің, Соры арылмас дәурені өткенде ердің. Талауына түспесең жарар еді, Бөрілі Байрақ көтерген көк бөрі елдің.
ИСАТАЙ ӨЛГЕН СЕН ЖОҚТА Исатай ердің барында, Жарқырап жанған бағың да. Бөрілі Байрақ көтеріп, Бөрідей жорттың Нарында. Тізеңмен бұзып өтуші ең Жайықтың мұзын, қарын да. Ол жоқта жанға ұқсадың, Адасып қалған сағымда. Желкелеп тағдыр-жетімді, Жігерің тас боп жетілді. Исатай барда атылдың Қос ауыз мылтық секілді. Құзғын құс жаумен құрамдас, Алдыңда сенің тұра алмас. Исатай – семсер болса егер, Сен едің қанжар мұқалмас. Қарау күштермен айқасып, Жоғалдың сонда қайда асып. Исатай өлген сен жоқта, Жауымен қырғын шайқасып. Осал тұсты анық білгенде, Сұм ажал жетер бір демде. Өлмес еді қайран Исатай Қасында өзің жүргенде.
Астыңда аты ойқастап, Ақ сауыт киген қол бастап, Исатай ерді қатерден Періштесі ең жүрген қорғаштап. ШАМЫРҚАНҒАН БОЛАТ ШАҒЫНДА Таусылған амал, айласы Махамбеттің Қайғы – асы. Исатай сардар өлгенде, Шарт етіп сынған найзасы. Достығы берік құрыштай, Еді ғой егіз туыстай. Исатай батыр өлгенде, Қақ бөлініп сынған қылыштай. Қауымшыл еді жасынан, Қалмайтын еріп қасынан. Исатай батыр өлгенде, Дулығасы ұшқан басынан. Ақырып жауға ұмтылған, Алдында оның кім тұрған? Исатай батыр өлгенде, Сауыт боп қоса жыртылған. Исатай ердің барында, Ойнаған аттың жалында,– Махамбет тарлан бөрі еді, Шошытқан ханды тағында. Шарт сынбаса игі еді, Шамырқанған болат шағында.
ЕЗДІКТІ ҚОРҒАҒАНЫ ҚАЛАЙ ЕЛДІҢ Зауал туса сом білек жуандаған, Адам азып, жауласпай тұра алмаған. Азып-тоза бастайды табиғат та, Сағым көшіп қырында бұлаңдаған. Табиғаттың алдында шіренгенде, Таралғы үзе жаздаймыз күрең белде. Бұлақ көзін суырып құм басқан-ды, Адам көзі шел басып бітелгенде. Құба жонда жосылған сағым барда, Табиғатқа зұлым күш бағынған ба. Өзендердің сулары тартылған-ды, Адамдардың пейілі тарылғанда. Бір-біріне сілтеген қабан қанжар Жүректері ызадан қабынғанда. Кімге жаулық бұл адам ойламаған, Әділдіктің жолынан жаңылғанда. Казақ қанша қуанған қандасының Шаңырағы сүйектей шағылғанда. Махамбеттің өр басы шабыла ма, Қалың елі қасынан табылғанда. Жұрт арандап бір өртке шарпылғасын, Қорғай алмай қалды ма нар тұлғасын. Махамбетті өлімге қиған еді, Сақтау үшін қадірсіз ханның басын. Төбесіне ту тіккен талай белдің, Нарқын білмей састы ма арайлы ердің.
Ерлікті емес, ездікті шыр-пыр болып, Қорғағаны жан салып қалай елдің?! ЖАУЫНГЕР ЕЛІ СИЯҚТЫ… Махамбеттің батыр болғаны – Найза ұстап туған елінен. Махамбеттің ақын болғаны – Сол елдің ішкен шерінен. Мысырды билеп-төстеген Бейбарыс сардар сұлтан да, Атыраудың асыл жерінен. Тектілер ғана тараған Беріштің бекзат тегінен. Ығыспай сұсты жауынан, Қанатын қағып қомданып,– Дендердің жампоз тауынан Махамбет туған сомдалып. Найзасына айналған – Жайықтың ұзын саласы. Қалқанына айналған – Байұлының байтақ даласы. Найзагер елдің баласы – Найзагер неге болмасын. Жауынгер елдің баласы – Жауынгер неге болмасын. Ат мінген болат тұяқты, Отыра алмай үйде пайыздап,– Жауынгер елі сияқты Махамбет те туған найза ұстап.
УАҚЫТТЫҢ ҚАРА БАЛТАСЫ Талайдың басын жалмаған, Дүниені кім бар барлаған? Семсерді тасқа ұрғандай, Махамбетті қайда салмаған. Салды оны бітпес дауға да, Сілтеді тасқа, тауға да. Сауытын шешіп үстінен, Салды айдап қалың жауға да. Сұмдығын ішке сақтаған, Оқ бар ма тағдыр атпаған. Кептірген балық секілді, Отқа да салып қақтаған. Сонда да елдің сенімін Махамбет еді ақтаған. Азаткерлігі үшін де Хан-сұлтанға жақпаған. Талауына түсіп бүргенің, Ұмытып қашан күлгенін,– Далада туған Махамбет Дәмін де татқан түрменің. Ез көп те жерге қараған, Кім оны ерге балаған. Махамбет – көкжал болса егер, Төбеттер қанша талаған. Арманын елдің арқалап, Сүйреген алға нар талап.
Махамбет – Емен болса егер, Уақыттың қара балтасы Шаппады қанша жаңқалап. ЖАЛҒАНДЫҒЫ БОЛМАСА ДҮНИЕНІҢ Қайран ақын сергелдең жүріспенен, Ер-тұрманын тоздырған күмістеген. Екіталай күн туып, шөл қысқанда, Құлан ішпес қақ суын кім ішпеген?! Өз тағдыры өзіне көнбегенде, Махамбет те ішкен-ді шөлдегенде. Жалғыз өзі жапанда жортар ма еді, Бір қара бұлт басына төнбегенде. Ұлы ақында жалғанның құны бар ма? Азапты өмір үшін Ол туылған ба? Қасқыр қанша бұғынып тұра қашқан, Іші кейде қасқырдай ұлығанда. Шың емес пе Махамбет дара тұрған, Неге, неге көзіне нала тұнған? Елдің неге асылын қуғындайды, Неге әділетсіз Дүние жаратылған?! Өр ақынды айырып тағатынан, Ішке бүгіп сұмдығын дала тынған. Нарын құмын кезеді шырқ айналып, Қайырылған құстайын қанатынан.
Қайда барса қалмайды қара қайғы, Қара жердің атқылап қабатынан. Елі неге сұрау сап іздемейді, Тірілердің сызбаса санатынан?! Қан тамыры тартылса тулап аққан, Не істесін Махамбет мұңға батқан? Жалғыздықпен жапанда қалды айқасып, Қанша батыр болса да мыңға шапқан. Ол болмаса басымды кімге иемін, Қасиетін арқалап күн киенің. Бұл өмірден Махамбет баз кеше ме, Жалғандығы болмаса Дүниенің. ЕГЕР РУХТАС БОЛМАСА… Жарасатын сөз сөйле намысты ұлға, Ұлылардың бәрі де таныс тұлға. Махамбетті биікке көтерем деп, Махамбетті Пушкинмен салыстырма. Махамбет те, Пушкин де жоғалмайды, Замандардан заманға жоғарлайды. Егер Пушкин Махамбет бола алмаса, Махамбет те Пушкин бола алмайды. Пушкин болса қалада – төрде туған, Ал Махамбет далада – өрде туған. Пушкин ғұмыр кешсе егер бақ ішінде, Махамбетті тағдыры шөлге қуған. Шаншу қалған қадалып бүйірінде, Екі ақын да құз кеуде биігінде.
Махамбетке ақ сауыт жарасса егер, Пушкин – Пушкин өзінің киімінде. Жүрегіме жоқты айтып жара салма, Салыстырып екеуін аласарма. Бакенбардын Пушкиннің өсірсе егер Келбетіне Махаңның жараса ма?! Сағым кешіп мұнартқан жат төбеге, Табынғанды көп тобыр бақ көре ме? Махамбеттің күн сүйген ақ сауытын Пушкин кисе, Бойына шақ келе ме?! Бұлбұл құсын ұшырып жыр бағына, Жазықты ма ақын боп туғанына? Тағдырдан ба, кім білсін… Екеуі де Жауыз қолдың айналған құрбанына. Тағдыр неткен, ойпыр-ай, шебер еді? Соны ойласам өзегім өртенеді. Егер рухтас болмаса, Екі ақын да, Екі сұмның қолынан неге өледі?! МАХАМБЕТТІҢ БІТПЕК ЕМЕС МАЙДАНЫ Ібілістің күшейгенде сайтаны, Ізгіліктің құлындай ма байталы.
Жер бетінде жаулық барда, жау барда, Махамбеттің бітпек емес майданы. Асау қанда Ар-намыстар бұлқынған, Қарау жандар қару алып жұлқынған. Бірі –Ақтан, бірі – Қара киініп, Екі дүние бір-біріне ұмтылған. Төбесінен айқыш-ұйқыш оқ ұшып, Екі дүние келеді әлі соғысып. Бүтін дүние қақ бөлінген екіге, Қай жағы да жақтасына болысып. Бейбіт күннің тыныш өтпес сайраны, Соғыс құмар сұмдар көп те қайдағы. Екі дүние ұғынысып бірікпей, Махамбеттің бітпек емес майданы. Жүрсе егерде бірін-бірі жойғалы, Дүниенің қайдан бітсін ойраны. Қаруланған қара жүрек зұлымдар, Жұмыр жердің миын жүр ме ойғалы. Кеңес жұртын басқарғанда қайдағы, Сыпырылды елдің асыл қаймағы. Қорқауларға жем болмас ед арлы Алаш Махамбеттің жанығанда қайрағы. Атқа қонса қыран құстай баптанған, Ата қазақ Махамбет боп шаттанған. Отан қорғау соғысында қазақтар– Қалың жауға Махамбет боп аттанған.
Туған елдің тауға салып қайратын, Туған елдің Айға асырып айбатын,– Алтын құйып емдесең де құрсағын, Махамбетті тусын қайта қай қатын. Тәуелсізбін, жұртым өжет пішінде, Жаулары да буырқанған күшінде. Қара ниет қорқау қанша бұғынған Қабырғалы қалың қазақ ішінде. Махамбет кеп жанып-жанып кетеді, Елімді ылғи ұйықтап жатқан түсінде. Адамзаттың серттен, сірә, тайғаны – Соғыс ашып, көздегендер пайданы. Жер бетінен зұлым күштер жойылмай, Махамбеттің бітпек емес майданы. ҚАРСЫ БІТКЕН БҰТАҚТАЙ ЗАМАНАҒА Бастап еді тағдырың жолға қандай, Маңайыңда жүрмеді сор қамалмай. Ел қорғаған сардар ең, амал қанша, Өз басыңды мерт болдың қорғай алмай. Жер бетінде Әділдік орнағанда, Сендей ердің көзін мұң торлаған ба? Елің бірақ қорғаусыз қалар еді, Маха, қара басыңды қорғағанда. Туған жердің қан шашқан боз тасына, Заман кімнің қалмаған көз жасына.
Уақыттың көздерін қан басқанда, Бұл жалғаннан болды ма озбасыңа. Саған қастық мезгілдің жасағаны, Қастығы еді жасаған өз басына. Сен болмасаң ел жайын кім біледі, Сен болмасаң ел қорғап кім жүреді. Сілкілесең тағдырды жағадан ап, Қатал тағдыр сені де сілкіледі. Сілкіледі денеңнен қан шығарып, Сілкіледі кеудеңнен жан шығарып. Бөрене етіп төседі көпірлерге, Қабығыңды емендей аршып алып. Арыныңды аптыққан іркіп кейін, Теспей сорды қаныңды сүліктейін. Итке сені тастамақ болды қанша, Қызыл еті сырылған жіліктейін. Жетем деп ең, жетпедің самалаға, Мұң да шақтың қызғыш құс, шағалаға. Уатпады уақыт сені қанша, Тағдыр деген шегелеп бағанаға. Сен тізеңді бәрібір бүкпей кеттің, Қарсы біткен бұтақтай заманаға. АЙБЫНДЫ ЕДІ МАХАМБЕТ АТҚА МІНГЕН Махамбетті ер етіп ғасыр туған, Жәңгірді де хан етіп ғасыр туған.
Жәңгір бетін жуғанда ағын сумен, Махамбеттің жанарын жасын жуған. Ұғыса алмай өшігіп ұстасардай, Сонда екеуін не нәрсе ашындырған?! Бір-біріне не шара жат қылғасын, Неге тартсын жаулықтан аттың басын? Бақ қуғанда Махамбет ер атанып, Неге Жәңгір жылмаңдап тақ қумасын?! Айы оңынан туғанда тақ қуғанның, Соры арылмай сарсылған бақ қуғанның. Бақ қуғанның талайы шөлден өлген Шүмегі де қараспай ақ құманның. Тоздырғанда Жәңгір хан елін қорлап, Ер Махамбет жүректен шерін толғап, Атқа қонған ақырып, зұлым күштер Қасіретпен қойғанда жерін торлап. Құзырлыдан жымысқып жатқа күлген, Сардар артық емес пе сапқа кірген. Таққа мінген Жәңгірден, не десең де, Айбынды еді Махамбет атқа мінген. ТАР АРНАДАН АТЫЛМАСАҢ СЕН ЕГЕР Жауыз барда көздеріне қан толған, Халқың сенің қайғы кешкен зарлы орман. Аяғыңды қысқан темір етіктей, Ақындарға кең дүние тар болған.
Сұм заманда сұмырайлар хан болған, Көкірегіңе сары запыран зар толған. Арыстандай аласұрдың ішінде, Кең дүние секілденіп тар қорған. О, Махамбет! Сендей асыл жебелер, Мәңгі өлмейді, самғайды әлі, сене бер. Ғасырлардан ғасырларға ұшпас ең, Тар арнадан атылмасаң сен егер. ХАЛҚЫҢ АЙБАРЛЫ БОЛСА… Алтын тақтың буы бар сізге біткен, Алты Алаштың буы бар бізге біткен. Бес қаруын асынған азамат ер Үйде туып, ажалын түзде күткен. Сөзің қайда ел ішін арайлаған, Көзің қайда жұртыңа қарайлаған? Алтын таққа жайғасқан қандай хан да, Байлық емес, алдымен Ар ойлаған. Жігіттерге танытпа суық қабақ Тал бойында намыстың қаны ойнаған. Жердің тартып алған соң шұрайлысын, Тақсыр ием, бұл күнде шырайлысың. Қаһарланып бар қазақ атқа қонса, Толқын соққан жартастай шыдаймысың?!
Жүйе неге болмасын жүйелі елде, Түйе неге болмасын түйелі елде. Шағылмайды сүйегім деп ойлама, Ақ патшаға арқамды сүйегенде. Сауық қуып қырында сайрандаған Жұртты қанжар көрмегін қайралмаған. Ақ патшаның шанышқан шыбығысың, Халық сені хан етіп сайламаған. Қатер төнсе садағын қайдан да атқан, Қазақ деген – нән қазан қайнап жатқан. Қайта-қайта сен неге соқтығасың? Жаудан бетер өшігіп қайта шапқан. Хан мен халық тілегі қосылғанда, Қиналғанда жол таппай тосылған ба. Не түседі, Алдияр? Күнде қалған Ақ сауыттай жұртыңды тоздырғанда. Ақ орданың есігін құмайға ашып, Сыртқы жауын жеңеді кім айқасып? Халқың сенің айбарлы болса егерде, Қай елден де айдының тұрмай ма асып?!
ХАННЫҢ ҚАНЫН МОЙНЫҢА ЖҮКТЕГЕНДЕ Ақын едің, күйші едің, өнерлі едің, Қамын ойлап халықтың не көрмедің.
Тау басына тұрғанда күнің шығып, Дүмділерді қозыдай көгендедің. Тамырыңа сонда да қан жүгірмей, Сортаңда өскен ағаштай көгермедің. Қашып-пысып жүргенше құм Нарында, Жәңгір ханның қолында неге өлмедің?! Арлы анадан алаулап туғаныңда, Кісінеген боз айғыр құм Нарында. Тұрған еді көкжиек нарттай жанып, Құбылаға мойныңды бұрғаныңда. Бұрғаныңда мойныңды құбылаға, Көкжиектен көңілің жыр ұға ма? Өрт ішіне сүңгідің нарттай жанған Жеткізсем деп еліңді шұғылаға. Сарсылғанда тірліктің қыбын таппай, Арман – туын жүр дейсің кім құлатпай. Теңдік алып еліңе бермек болдың, Көкжиекке тұрғанда күнің батпай. Желбіретіп ту тіккен нар төбеге, Сендей ерлер өз халқын Ар көре ме. Қабырғалы қазақтың қамы еді ғой, Өшіккенің өлердей хан-төреге. Қырға шықса, қиқулап аң аулаған Төрелерді жек көрдің танаулаған. Тәнін қарып, өзегін сан өртедің, Сардалада өрт болып алаулаған… Жасығанда жігерін қайрап елдің, Уа, Махамбет, қай кезде қайғы ембедің?! Жәңгір ханды шындасаң өлтірер ең, Қанын жүктеп мойныма қайтем дедің.
Үйіріліп тұрса да бұлт төбеңде, Бір қайырым өзіңнен күткен ел де. Сенің сардар басыңа сын болар ед, Ханның қанын мойныңа жүктегенде. ҚЫНАБЫНАН ЕРТЕ ҚЫЛЫШ СУЫРҒАН Уа, Махамбет! Ғұмыр кешіп не білдің? Теңдік қуып Ар-намыс боп тебіндің. Нарын құмда еңіреген ер болсаң, Неден босап егілдің? Шындық болып тусаң да, Қараулықтан жеңілдің. Арбасына қайғының, Қайғы болып жегілдің. Ат үстінде күн кешкен, Уа, Махамбет, мына өмірде не білдің?! Не бітірдің ер қолдап, Не бітірдің ел қорғап? Күркірейсің Нарында, Шамырқанған шер толғап. Туың сенің жығылмай, Күрессең де бұғынбай. Жұртың сені күйзелтті Теңдік үшін күрестің Не екенін ұғынбай. Кең шолғындап Еділ-Жайық арасын, Дүниенің қабағын бір кісідей бағасың.
Қателігің бірақ та, Біле тұрып шамасын. Бастағаның күреске – Мал қайырған қазақты Сардар етіп тірілтіп алмай санасын. Зауал туса жұрттың бәрі бұғынған, Намыс туы жығылған. Сарбаздар да атқа қона қоймайды, Белін бекем буынған. Ажалына асыққандар тегінде, Қынабынан ерте қылыш суырған. ХАЛЫҚ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ХАЛЫҚТАН ТУҒАН Махамбеттің қара орман елі де болған, Мал өсірген құнарлы жері де болған. Аспандаған арудың жүрегін жаулап, Сезімдерін тулатқан сері де болған. Тірлігіне өзінің көңілі толған, Рухты ақынның өрі де, төрі де болған. Ел қорыған Махамбет атына қонса, Көл қорыған қызғышы көліне қонған. Намыс қуған Махамбет байлық қумаған, Елдің ыза-кегі боп Жайық тулаған. Сардарды атқа қондырған – зұлымдық еді, Дала өңірін тұманнан айықтырмаған. Қарақшы уақыт қазақты жақтырмағанда, Сары зәрін басына шаптырмаған ба.
Туламасын елді ойлап неге Махамбет? Шапқа түртсең осқырып ат тулағанда. Жолын кесіп, Жәңгір хан алдында тұрса, Жолдан былай қайтеді лақтырмағанда. Елдің жайы көзіне елестегенде, Жәңгір ханмен қайтеді егеспегенде. Зұлым күшке ақырып қарсы шыға ма, Зұлым күштің ызғарлы желі еспегенде. Қабан қылық қабарып қабан заманда, Құбылатын болған-ды адам табанда. Қараулықтың орманы қайдан өртенсін, Жай отынан Махамбет жаралмағанда. Адаспаса жауынан жарықта қуған, Қамыт киер мойынын қамытқа бұрған. Ханның сөзін сөйлесе Жантықтан туған, Халық қамын ойлаған халықтан туған.
ЕРЛІК ХАҚЫНДА Ат өте ме көк мұздан тағаланбай, Ер жүре ме майданда жараланбай. Бірақ, бірақ ерлікті кім жасасын, Ескерусіз қалса егер бағаланбай. Жайшылықта бәрі де сілкінеді, Қайшылықта кім қашан күркіреді? Бұралқы иттің тағдырын кешер болса, Жұмыр басын қатерге кім тігеді?!
Сыбағалы ала алмай үлесін де, Ерлік қанша қап қойған күресінде. Махамбеттің тағдыры – сұрақ болып, Жауап таппай әлі де жүр есімде. Пәле-жала жуымай көп қараға, Қара мылтық ерлерге оқтала ма?! Махамбеттің ерлігі бағаланса, Жауыз қолдан қапыда мерт бола ма?! Аспаса да бір белден – өрден әрі, Ел ішінде боз жорға, бөрте бәрі. Бауыржанның тағдыры – сұрақ болып, Өзегімді келеді өртеп әлі. Сайтан алған заманда, сайтан алған, Бағаласа екеуін қайда қалған?! Оу, ағайын, жоқ емес кездеріміз, Қос тұлғаны тентек деп майдаланған?! Неге ормандай ел іші селдіреген, Туы қайда биікте желбіреген?! Күмпілдеген кездер де аз емес-ау, Ер еді деп ездерді еңіреген. Өсіргесін көлдердің нар қамысын, Ерлікті ердің ұмытып қалғаны шын. Бағалайды ерлікті елдер ғана Байрақ етіп көтерген Ар-намысын.
АБАЙ ЖАҚҚАН БІР СӘУЛЕ Қазақтың құтты құрсағы, Ұлылардан кенде болмаған. Бұрқаса да тағдыр бұршағы, Ерліктің жырын толғаған. Басыңа қатер төнгенде, Жыққалы сені орға атып. Қапыда солай өлгенде, Кең далаң жатты толғатып. Ажырап қуат, шырайдан, Ерліктің туы құлаған. Уақыт енді Құдайдан Данышпан ақын сұраған. Екі жыл салып араға, Ұлы Абай келген өмірге,– Көз салып байтақ далаға, Көз салып қанды өңірге. Қалжырап дала жатқанда, Сұм қанша жұртты сорлатқан. Ұлы Абай шырақ жаққанда, Бір сәуле саған жол тартқан. Мерт болып қырық үш жасыңда, Жатырсың болат құрсанып. Ұлы Абай жаққан бір сәуле – Қабіріңнің басында О, Махамбет, тұр жанып.
АЗАМАТ ЕР ҚОРҒАУСЫЗ ҚАЛАДЫ НЕГЕ? Неге алдыңнан жеңістің желі еспеді? Себебі елің жұрт болып кеңеспеді. Теңдік қуып соғысып, қан кешкенің – Тентек қылық секілді елестеді. Өзді-өзіне елдікті жиі ұқтырмай, Жұрт оңған ба құлқыннан биік тұрмай. Қай кезде елдің көгерді көсегесі, Ақыл менен парасат билік құрмай. Сені де елің, қайтейін, түсінбеді, Беделіңді қай кезде түсірмеді. Теңдік қуып атыңа сен қонғанда, Қарау қоғам әлі де күшінде еді. Жанарыңда жарқ етіп тулап айдын, Күйін кештің жаралы құралайдың. Тасқа шауып семсерді майырғандай, Сені қайда салмады бұлағай күн. Шамырқанған өзі едің өр намыстың, Қырда алыстың жауыңмен, жолда алыстың. Бірақ ата ерліктен опа таппай, Күйін кештің жаралы жолбарыстың. Жайшылықта күйініп, шер толғаған Қалың қазақ кімдерге жем болмаған. Неге елінде қорғаусыз қалады ылғи Азамат ер өзіңдей ел қорғаған?!
ЕЛІН ҚОРҒАУ ҮШІН ДЕ… Тіршілікте осынау құйындаған, Махамбеттің тағдыры қиындаған. Шырқ айналып Нарында жалғыз жортты Қарсақтайын қар үстін шиырлаған. Жаудан қашып құтылса, бір қуанып, Айналасын шолғындап тұрды бағып. Ыза-ашуын жер-көктің бойға жиып, Көкірегінде жатты өзен жұлқып ағып. Бұлақ жоқта жосылған мың бұралып, Қақтың суы кезіксе, бір қуанып. Шербет көріп, тұндырып сүзіп ішті, Көйлегінің етегін жыртып алып. Тұман басып күн көзін төккен арай, Ер Махамбет көз жұмсын текке қалай. Төбесінен қаз ұшса, бір қуанып, Садақ оғын жөнелткен көкке қарай. Киік атып алса да, бір қуанып, Көкірегі күй төккен күмбір қағып. Қыр басында тұрғаны тік шаншылып, Қара жерге сіңердей бұрғыланып. Көзі қайдан күледі күміс шашып, Қараулықпен жүрсе егер қылыштасып,– Ел қорыған Махамбет енді, міне, Өз басы үшін тағдырмен жүр ұстасып.
Біреу төгіп кеткендей асын қорлап, Жыр төгеді найзағай – жасын толғап. Елін қорғау үшін де, қандай ер де Тіршілікте күрескен басын қорғап. ҚАСИЕТІ БОЛМАСА КӨК БӨРІ ЕЛДІҢ... Кісі болмай соңыңнан іздеп келген, Күнің аз ба қабаққа мұз бөктерген. Жанға батып жалғыздық көк аспанда Тырналарға қарадың тізбектелген. Неге, неге ел жақтан жел еспеді, Туған жердің жат па еді белес-белі? Қырда көшкен көк сағым көзіңе ылғи Қыз Жібектің көші боп елестеді. Жырлап келген зар-мұңын өрелі елдің, Кеудең – өрттің, жүрегің төрі – өлеңнің. Алты аққуға қызықтың аспанда ұшқан Алты аққуы шығар деп Төлегеннің. Бірлігі елдің қақырап сөгілгенде, Жоғалтады келбетін көңілді ер де. Жалғыздығың есіңе түсті талай, Жалғыз қыран көгіңнен көрінгенде.
Сілкінгенде көзіңнен мұң қашатын, Күрсінгенде жүрегің қырға асатын. Жалғыздықтан сескенбей жалғыздықты – Серік еттің оңаша сырласатын. Тұс-тұсыңнан жауыздық антыздаған, Күнің бар ма ызалы қан қызбаған. Заманынан озғандар өзің құсап – Қалың елдің ішінде жалғыз қалған… Қайтарсам деп жұртыңның көктем күнін, Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірің. Азаттығы үшін де азап шеккен Таңдадың ба тағдырын көк бөрінің. Өжет ердің бірі едің, өктем ердің, Болашақтың көзінен көктем көрдің. Сен Махамбет болмас ең тал бойыңда Қасиеті болмаса көк бөрі елдің. ҚАЙРАҒАНДА ҚАЙЫРА ЖЕТІЛЕТІН Жанарыңа күн болып төккен арай, Мұң болып та түбіне шөккен талай. Қара балта орманға жау боп тисе, Қиылатын алдымен көк қарағай. Елі үшін қабырғасы сөгілетін, Ердің рухы биіктен көрінетін. Білсең егер қазақта сүт тасыса, Бал қаймағы алдымен төгілетін.
Өміріңді, о, Маха, күйік көрме, Сүйкімдісің әлі де сүйікті елге. Қара бұршақ сатырлап төпегенде, Неге алдымен жаумасын биіктерге. Жалғыздықтың тербеліп кемесінде, Жалғыз жорттың тіршілік белесінде. Кейде ұқсайсың жаралы жартасқа сен – Оқтың ізі көп қалған денесінде. Күнің қарап күйкентай, бөктергіге, Жетем деп ең, жетпедің көктеміңе. Қар үстіне қан ағып жортып жүрген Кейде ұқсайсың жаралы көк бөріге. Қырандайын қанаты қайырылған, Жалғыз сен бе жұртынан айырылған. Суға батпай жүзетін қажырлы ерсің, Аударылып түссе де қайығынан. Қайрағанда қайыра жетілетін, Ақ семсер де жүзінен майырылған. МАХАМБЕТ ТҰҚЫМ СЕБІЛМЕЙ Теңдікке жетіп, толсақ та, Қуанып ерте қол соқпа. Бір Махамбет керек-ау, Тәуелсіз ел болсақ та. Қыз туады некесіз, Ұл өседі шекесіз. Махамбет егер жоқ болса, Мұратқа қалай жетесіз.
Жылап келіп өмірге, Өмірден жылап кетесіз. Болса да таудай тұлғалы, Қазақ – саясаттың құрбаны. Ендеше керек бұл елге Махамбеттердің туғаны. Арылмай құлдық санадан, Болашақ күтпе баладан. Бақан беттер неге туады, Махамбеттер тумай анадан?! Көзіне өжет жыр тұнбай, Күн кешкен жүдеу жұртым-ай! Анаға тартып қыз тумай, Әкеге тартып ұл тумай, Көңілің сенің жыртылды-ай, Аспанның қоңыр бұлтындай. Ұсақтап кетті сардар ел Тұқымы өсіп, құлпырмай. Асығы алшы түсе ме, Асыл задалыққа ұмтылмай. Тоналып, тозып бай дала, Көз жасқа толған сай-сала. Махамбеттерді туатын Жатыры асыл қайда Ана?! Жазылмай жүрек жарасы, Азған жоқ қазақ Анасы. Еркектер бұған кінәлі, Араққа уланған санасы.
Зәрлі уға бөгіп айнала, Тербеледі әлсіз жай ғана. Махамбет тұқым себілмей, Махамбет тусын қай Ана?! МАХАМБЕТ, СЕНІҢ БАРЫҢДА Махамбет, сенің барыңда, Сардарлар жүрген Нарында. Қазақтың Ата Ерлігі – Ойнаған аттың жалында. Махамбет, сенің барыңда, Сатқындық жоқ-тын Нарында. Ар-намыс ылғи бұлқынған Қазақтың асау қанында. Махамбет, сенің барыңда, Сұсты еді өжет Нарын да. Үрейі ұшпай селк етіп, Отырған қай хан тағында. Махамбет, сенің барыңда, Әулие көп-тін Нарында. Дауысың қалған жаңғырып, Жайықтың жайсаң жарында. Еңку-еңку жер шолған, Ел іші толған ер болған. Сен барда, Маха, қазағың Ақ сауыт киген ел болған.
КЕЛГЕН САЙЫН ҒАСЫРЛАР ЖАҢАЛАНЫП Ер қадірін ел неге кеш біледі, Неге сенің басыңды кескіледі? Тірісінде асылын танымаса, Қашан, Маха, қазаққа ес кіреді?! Ғасыр сайын жаңарып биіктесең – Жырың қалай киімдей ескіреді. Күркіреген өр даусың әлі күнге Тәңірінің үніндей естіледі. Көзің әлі ызалы от төге ме, Маңайыңа қарайсың өктем неге? Өкпек желі сүйекті сырқыратқан Қыстан суық көктемді көктем деме. Мұзы қалың мұхиттың мұзын жарған Әлі, Маха, ұқсайсың көк кемеге. Қуат-күшін ұстаған жиып белге, Өкпең сенің жоқ шығар сүйікті елге. Көзің тірі кезіңде шыға алмаған, Ескерткішің қойылған биіктерге. Мәртебеңді жүргенде ел өсіріп, Сені қалай құлатсын жел есіріп. Заман өзін келмесе өшіргісі, Жоя алмайды тарихтан сені өшіріп. Шайқаста өлген ерлердің басын даулап, Найзағайдан жүрмісің жасын аулап. Сені өшіре алмайды қай ғасыр да, Жанарыңда жатқанда ғасыр аунап.
Махамбет-жыр қашанда сүйікті өлең, Көңіліме қыр-сырын түйіп келем: Ғасыр сені биікке тұр көтеріп, Себебі өзі сен арқылы биіктеген. Замандардан заманға дараланып, Тұлғаланып, Сомдалып, Сараланып, – Өлмей мәңгі жасарып, биіктейсің – Келген сайын ғасырлар жаңаланып. НАМЫСЫ ӨЛГЕН ЕЛ ТІСТЕНБЕЙДІ Сары орыстың қатпарлы қулығына, Қандай ұзын құрық та бойламаған. Түкіргенде су ішкен құдығына, Обал, сауап дегенді ойламаған. Жалған емес басқарғаны, Қуатты елдің асау қанын аздырып, – Жаншылғанда тасқа арманы, Суық көрін өздеріне қаздырып. Жабыдан айғыр салдырған Қысырақтың үйіріне Арғымақ тумасын деп. Жаманды билікке алдырған Өз халқының қадалып бүйіріне, Ата жолын қумасын деп.
Арабы тұқым биеден Арғымақ тумай, Ер-тұрманы тозды елдің күмістелген. Азамат ер ата жолын қумай, Іштен іріп, жұрт азды құрыш көрген. Екіталай күн туғанда, Жауға мінер ер жігіт ат таппады. Ел басқарған кіл жаман құтырғанда, Азамат ер қуғын көріп салпақтады. Жамандардың күні туған, Азамат ер түрмеде шірігенде. Бірте-бірте Ерлік те ұмытылған, Болмағасын бірлік елде. Оқтын-оқтын басын шауып отырған, Бас көтеріп Ар-намыс тірілгенде. Қазақ содан бұрынғы өткен өмірін, Бір жалт етіп өте шыққан түс көреді. Қайғы-шері қозғағанда көңілін, Қайрат таппай шарасыз тістенеді. Қайрат таппай шарасыз тістенеді, Бара жатқан сұлудай Қарақшының алдына өңгеріліп, Бұл – Дүниенің түскені еді, Үсті астына төңкеріліп. Көлдердің де кеудесін күш кернейді, Жағасында жайқалып қамысы өнген. Ызалы тістенбейді, Елдер ғана намысы өлген.
КӘРІ АРЫСТАН БОЛДЫҢ-АУ… Намысыңа қайралып кетілгенде, Желбіретіп ту тіктің жетілгенде. Арқарлардың бойыңда қаны ойнаған, Арқардайын тау-тасқа секіргенде. Сардар болсаң сен бұрын жауда ойнаған, Қарт маралсың бұл күні тауда ойнаған. Мына жалған Дүние, ойлап тұрсаң, Кім-кімді де қайғыдан сау қоймаған. Шаңын қағып, жер-көкті сілкілеген, Күнің қайда от бүркіп күркіреген? Өте шығар көрінген басқа теуіп, Бұралқы иттің тағдырын кім тілеген?! Жұрттың бәрі халіңді шамалаған, Сырт айналып, сыртыңнан қаралаған. Бұта ғұрлы болмады қалың елің, Ұшып келіп жетім құс паналаған. Уақыттың тап келіп тасқынына, Ен Нарынның жоғалдың тас-құмына. Туған елдің сардары болсаң кеше, Бұл күндері айналдың қашқынына. Тіршіліктің жырасы, жықпылында, Жалғыздықтың күн кештің тұтқынында. Ел ішінде сөзіңді кім сөйлесін, Кісіліктің жоғалған жұт жылында.
Бақ пен бақыт түссе егер бастан аунап, Қу түлкіге айналар қашқан заулап. Өте шығар ғұмырың, оны қайтып, Ұстағанша таудан да, тастан да аулап. Көк аспанда шарықтап ұшқан заулап, Жатушы еді оғыңнан құстар аунап. Кәрі арыстан болдың-ау, Күнін көрген Нарын құмның ішінен тышқан аулап. МАЙДАН ОҒЫНАН АМАН КЕТКЕНДЕ
Бұлағай заман, сұм заман, Сұм заманда кім жаман? Ер қорғаған ер жаман, Ер қолдаған ел жаман. Бұлағай заман, сұм заман, Сұм заманда ел басқарып кіл жаман, Ұстараның жүзінде Жүрдің ылғи жақындап Сұм ажалға бір табан. Ел ішінде шыдатпады, қайтейін, Жапырақтай қалтыратып, Қараулықтың қара бораны бұрқаған. Жолы қайда тураның? Арман емес, Сағым болды қуғаның.
Сақалы шығып жат болды, Бірге өзіңмен туғаның. Бұрқ-сарқ қайнап, ақ көбік атып аузынан қара атанға шөгетін алжасқаны бураның. Ер жаманы өз асылын лақтырып, Жұмақ көрген жаттың жаман тулағын. Зауал туса азамат ер бұғынған, Буыршындар мұзға тайып жығылған. Тарлан бөрі шаңқай түсте тай жеген, Орманына тығылған… Оу, Махамбет, бұл күнде өр көңілің суынған, Елің қайда тас түйін боп буынған? Құм ішіне сүңгідің, Найзадайын сұғылған. Бастан бағың тайғанда, Жауыз қолдың мылтығы Оқ боратқан қайдан да. Пана таппай зыр қақтың, Ойдан, қырдан, сайдан да. Бұл қорлықты көргенше, Кескілесіп неге, сардар, өлмедің, Кескілескен майданда?! Арбауына түссе егерде сайтанның, Күні қараң бастан бағы тайғанның. Жем болмасаң жарар еді итқұсқа, Аман кетіп оғынан қанды қырғын майданның.
КІМ ШЕГЕДІ АЗАПТЫ? Жұлдыз болып жансаң да көгінде елдің, Өмір көрдің, сен біраз өмір көрдің. Ханның саған есігі неге ашылсын, Жабылғанда есігі көңілдердің. Көңілдердің есігі жабылғанда, Дос-жараның қасыңнан табылған ба. Ұлыларын ұлытып, қан жұтқызған Алақұйын Уақыт қағынғанда. Қырға шығып, ел жаққа көз тігесің, Сағым кешіп, сарғайып сағынғанда. Жүз қайтара семсер боп қайралғанда, Жарқыл қағып жүрмек ең майдандарда. Даң-дұң ойға беріліп, жасымағын, Қуғын көрген кезінде пайғамбар да. Жасымағын, қайтсе де қажымағын, Болашақта гүлдейді жасыл бағың. Тірі болсаң, бір жерден шығарады, Тал бойыңда тулаған асыл ағын. Сұм заманда Ар жолын қуынбаған, Зұлымдықтан зұлымдық туындаған. Аспанынан тұрғасын Қайғы жауып, Өңір бар ма көз жасқа жуынбаған. Ұрындым деп пәлеге мұңаймағын, Кезде Уақыт қылышын суырмаған.
Ағысы өлген өзеннің суы ғана, Тау мен тасқа соқтығып ұрынбаған. Қисық мойын бақыттың керегі не? Асыл ерге өзіңдей бұрылмаған. Жанбай жатып отсың ба текке сөнер, Қараулыққа оқ атып, кектесе бер. Кім шегеді өзіңдей азамат ер Халқын ойлап, азап-сор шекпесе егер?! АШЫЛҒАНДА БАҚЫТТАН ҚАБАҒЫ ЕЛДІҢ Ер жете ме өзіңе, сардар аға! Жаралғансың намыстан, Ардан аға! Дауылпаз боп туғансың қан тулатып, Дауылдары бораған сардалада. Асылдарын ту еткен анық танып, Керек еді өзіңдей халыққа алып. Махамбетсің алаулап бір-ақ туар, Ғасырларды араға салып барып. Өзің барда Ар жолын шындап қуған, Жылынбасын неге Өмір мұздап тұрған. Махамбетсің найза етіп, от құрсанған Найзағайды қолына ұстап туған. Булыққанда көңілдің күйі налып, Қанжарыңды қайғыға жиі малып, –
Нарын құмда көп жорттың, жер мен көктің, Ыза-ашуын бойыңа жиып алып. Бойға жинап қуатын көктем, күздің, Қараулықтың желкесін көктен де үздің. Көкірегіңде өксігі көбік шашқан Ала өгіздей өкірген көк теңіздің. Шырғалаңға шырмалып шатылғанда, Талай батқан батпаққа батыл жан да. Қараулықтың орманы жатты өртеніп, Ауызыңнан ақ жалын атылғанда. Қаһарлансаң Нарында құм бораған, Жаулық ойлап сен барда кім жолаған. Хан-төреге ақырып атқа қондың, Туған елдің жүрегін мұңға ораған. Төсін босқа тоздырған қара жердің, Бірі емессің жалбыр тон жабағы ердің. Сен түсетін шығарсың аттан, сірә, Ашылғанда бақыттан қабағы елдің. ЕҢІРЕГЕН ЕР ІСІ… Таптың ба опа бұла күш, қуатыңнан, Ұшып түстің зымыран құла атыңнан. Мойыныңа құрық боп түсті ме әлде, Соңыңда анау бұйра шаң шұбатылған? Күліп, әне, тұрғанмен көкте күнің, Естірмісің сен енді көктем үнін.
Не себепті сүріңдің, жаным ағам, Жетпеді ме жалының, көпке гүлің? Сонау жылы жапқанда даланы ақпан, Мына жақтан келгенді, ана жақтан, – Бәрін бірдей төсіңде шуақтатып, Бәрін бірдей жан едің паналатқан. Қаншама адам болмасын шұбап келген, Көктем едің жаныңнан шуақ бөлген. …Сардар басың саудаға түсіп тұр-ау, Қайда ағайын өзіңді қуат көрген?! Қайда ағайын алдыңа шұбап келген?! Енді, міне, тар жолдың сыйын көрдің, Қиясында жығылып қиын өрдің. Ел қорғаған жігіт ең, Сені қорғау – Келмеді, аға, қолынан дүйім елдің. Бір қуардың сен бұған, бір түнердің, Қапаланба Боркемік кімді көрдің?! Еңіреген ер ісі Кейбір сәтте Қолынан келмеуі де мүмкін елдің! АРЫСТАН БОП ТУСА ДА… Жігерліге шіреніп жебе тартқан, Шекесіне шерлердің шеге қаққан Заман қанша жоғалған, Бірақ, Маха, Нар тұлғасың жоғалмай келе жатқан.
Ойда жоқта төбеңнен жай түсіріп, Заман сені қинады Қайғы ұсынып. Адам қолы жасаған қылмыстардан, Қалтырайды көгінде Ай қысылып. Орағытып тиетін тасы алыстан, Тағдыр талай егесіп қасарысқан. Кәрі арыстан болса егер қатал тағдыр, Айбары асқан сен едің жас арыстан. Ұстаса да семсер ғып намысты алға, Көзін жіті тіксе де алыстарға, – Бір арыстан жеңеді жауды қалай Елі түгел айналмай арыстанға. Әділ жаннан түңіліп безінгенде, Күңірендің жия алмай есіңді елде. Жұрт ішінде жүрсең де аласұрдың Жалғыздығың білініп сезілгенде. Қалып қойған өтінде қарлы ызғардың, Күйін кештің жапанда жалғыз талдың. Жолбарыстай қайда да жеке жортып, Қыстан суық мезгілде сан мұздадың. Арыстан боп туса да, қай кезде де, Күні қараң екен-ау Жалғыздардың! ЕЛ ІШІНІҢ ЖАУЛЫҒЫ КҮШТІ МЕ, ӘЛДЕ… Бақыт құсы басына қайдан қонсын, Жалған Дүние жақсыға жайған – торсың.
Қырық ханды берсе де бодауына, Махамбеттің орыны қайдан толсын. Жатты тулап көз жұмбай бірден демде, Жауыз қолдың балтасы сілтенгенде. Махамбеттің жүрегін қайдан ұқсын, Маңайында күпініп жүрген пенде. Жатыр, әне, даланың жотасы ұлып, Естілуде халықтың сөзі ашынып. Көз жұмғанда Махамбет… болды аймандай, Дүниенің қысылған көті ашылып. Ноқта киген қауқарсыз шідерлі елде, Арманына жетпеген жігерлі ер де. Хан-төренің қамы үшін не түсті, айтшы? Ұлы ақынды құрдымға жібергенде. Көз жұмды деп өр ақын сайрандама, Сайрандайды бұндайда сайтан ғана. Ел төресіз қалар деп қорықтың ба, Қашан қалған төбесіз қайран дала. Құлындайын мерт болған желісінде, Неге өледі Махамбет ел ішінде?! Қандасының қолынан қаза тапты-ау, Бір тата алмай жеңістің жемісін де. Кім біледі қыр-сырын ел басқармай? Өтпеуші еді алдынан жел жасқанбай. Қандасының қолынан неге өледі, Сыртқы жаудың қолынан жер жастанбай?! Заманының сомдалған құрышынан, Ақын неге айрылды тынысынан?
Ел ішінің жаулығы күшті ме әлде, Сыртқы жаудың қанды қол қылышынан?! ЕКІ ЖЫЛ СЫРҒЫП ӨТКЕНДЕ Ел билеп кілең құтырған, Жағасы жұрттың жыртылған. Махамбет басы шабылып, Қараңғы көрге жұтылған. Арманда ақын кеткенде, Алаштың Айы тұтылған. Сағымдай көшіп көк белде, Екі жыл сырғып өткенде. Ұлы Абай туған албырап, Қазақтың тауы шөккенде. Отырсың қалай жүрелеп, Жаныса жігер күні егеп. Абайды сүйіп қарсы алған Махамбет рухы түрегеп. Айдынын сәуле торлаған Дария бар ма толмаған. Қазақтың құтты құрсағы Ұлыдан кенде болмаған.
МАХАМБЕТТІҢ РУХЫ СӨЙЛЕГЕНДЕ Батырдың сүйегі бұрын жерленіп, басын кейін апарып асығыс көме салған. Сөйтіп, басы кеудесінен жарты метр жоғары қойылған. Біз қайдан білейік, аңыз солай дейді. Өзім қажып жүргенде, атым арып, Ажалыма тұрдым ба жақын барып. Аңғалдығым түбіме жетті ақыры, Сорладым-ау, қайтейін, қапы қалып. Жұмыр Басы қапыда кесілгенде, Не істесін көз жұмған есіл пенде? Бүйтіп ажал құшпас ем, Ел алдында Менің қилы тағдырым шешілгенде… Жұрттың жыр боп жатталып көңілінде, Енді аңызға айналар өлімім де. Мені жоқтап бір кие жүреді ылғи Нарын құмның құнарлы өңірінде. Мен өлмеймін, Ендеше мен өлмеймін, Рухым жайлы жазылып өлең кейін, – Замандардан заманға көшіп және Биіктерден биікке мен өрлеймін. Сақ-сақ күліп өмірге мен келгенде, Ойлағам жоқ өлем деп сергелдеңде. Жұмыр Басым жоғары жатқан жоқ па, Өзге түгіл өзімнің кеудемнен де.
Сілтенбесін ажалдың кімге орағы, Қай адам да өмірдің бір қонағы. Қапылыста кесілген Жұмыр Басым, Кесілмеген бастардан тұр жоғары! ТАҒЫ ДА МАХАМБЕТ ХАҚЫНДА …Ақ алмас шапқан кезде желкесінен, Даланың көз жазбады бел-төсінен. Хас батыр жығылыпты Құдірет-ау, Өз басын жоғары ұстап кеудесінен. Есіл ер дұшпанына табынған ба? Бір өзі мыңды шапқан жабылғанда. Атқаны алшысынан жатқан түсіп, Бояған не мықтының тағын қанға. Дүбірі тұлпарының аймақты алған, Ұшқан шаң көлге қонып қаймақтанған. Жүрегін жұлып алып найза еткенде, Даланың айбары боп айбаттанған. Көрмепті жанарында жас қамалып, Намысын қайрап өткен тасқа жанып. “Батылдық – біздер үшін ұлылық!” деп, Өз жауын көрге тыққан жасқап алып. Көңілдің кім бөгейді жыр ағысын, Жігіттің жаратқан ол қырағысын. Иілмес болат семсер сынды бір күн Қайырып салмақ болған қыран құсын.
Ол кетті алға асырып жас қиялын, Ол өлді– тұрды алдымда қасқия мұң. Ыңырсып, ыршиды кеп бедеу бұлақ Арнасын тіліп өтіп тас қияның. Көрдің бе баса алмай тұр күн аптығын, Жанардан тамшы жас боп құлапты мұң. Махамбет жерді басып тұрған кезде, Егіліп, азап шегіп жылапты кім. Қалды енді бір төбеде – таста қыстап, Арманы дауылды әлі жасқап ұшпақ. Өз басын өзге түгіл жатыр, сенсең Өзінің кеудесінен асқақ ұстап.
ҚЫЗҒЫШ ҚҰС Борай соғып заманды шайқап өктем, Ата жауын жапырып, жайпап өткен. Ел қорыған Махамбет енді жоқ қой, Көл қорыған қызғышым қайда кеткен?! Қайда кеткен?! Япыр-ау, қайда кеткен?! Айналаны көп шолдым қырға шығып, Іздеп табам кетсе де құмға сіңіп, – Көл бетінде жарқырап тербетілген, Кетсін, мейлі, айналып нұрға асығып. Ар-намысты, қайратты белге түріп, Іздеп табам, кеткен жоқ жерге кіріп. Тұл далада мола көп, ессіз біреу, Тықсын, мейлі, табамын көрге бүгіп.
Құлағымнан құсымның сазы кетіп, Қойнауларды келемін қазып өтіп. Көлдің суын лайлауға құмар біреу Кетсін, мейлі, табамын жазым етіп. Ойхой, далам, қайдасың құндақтаған, Сен болдың-ау жалғанда үн қатпаған. Біреулерден бүлініп ел торыған, Көл қорыған қызғышым қымбат маған. АҚЫНДАРДЫҢ СҰМ ЗАМАН КӨЗІН ЖОЙҒАН Шамырқанып шарыққа қайралатын, Кетті-ау, әттең, қапыда қайран ақын. Махаң деген Ерліктің Емені еді, Болашақта орман боп жайқалатын. Қастық ойлап кісіге күнін көрген, Зұлымдықтың қашанда түбірі өнген. Қайран Махаң – Қорқыттың қобызы еді, Қуғын көріп, Қараойда күңіренген. Көресіні көп көріп тағдырынан, Ерлік кетті-ау қиылып тамырынан. Секіргенін қарашы басқа бір-ақ Тістелеп кеп тағдыр-ит балтырынан. Зауал туса заманың ез болатын, Асылға ажал күн туар кез болатын. Ақындардың өмірі гүлге ұқсас па, Түске жетпей жұлынып тез солатын.
Қанша ғұмыр кешсе де бесікті елде, Ажалына Махамбет кезіккен де. Ақындарға неге ажал кешікпейді, Қырт-шырттардың бәріне кешіккенде. Маңайынан жүрмейтін бұрын жұрттың, Күні туып келе ме жұлын құрттың. Ақындардың сұм заман көзін жойған, Көзін ашу үшін де зұлымдықтың.
ҮШІНШІ БӨЛІМ АТ АРЫТЫП, МҰҢ КЕШІП САБЫЛҒАНДА МЕН НАРЫННАН КЕТКЕНМІН Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін. МАХАМБЕТ. Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін. Дүниенің түбіне жетем бе деп жүргенде өз түбіме жеткенмін. Қағынан безген құландай, Мен Нарыннан кеткенмін. Жақсыға жайсаң көктеммін, Жаманға сұсты өктеммін. Қабырғасын дұшпанның, Қақыратып сөккенмін. Жайықты кешіп өткендей, Талай жолдардан өткенмін. Арман боп алдан ескенмін, Жайықты талай кешкенмін. Найзағайдың кіндігін Қанжармен қиып кескенмін.
Сол дәурен қайда бұл күнде? Жоқ деме қайғы күлкімде. Махамбеттің Нарыннан Кетуі әсте мүмкін бе?! Жүрегімнің жатыр соғысы – Көк бөрі жортқан бүлкілде. Түңіліп әділ жанымнан, Кеткенмін құмды Нарыннан. Садаға кетсін мал мен бас Кір шалмас асыл арымнан. Ақ сауыт киген сардармын, Көз алмай жортқан сағымнан. Жарылқай ма құдай алдымнан, Көремін оны бағымнан. Соққанда боран қағынып, Беліме қылыш тағынып, – Мен Нарыннан кеткенмін, Оралу үшін сағынып.
БАЙЛАУЫН ТАППАЙ ДҮНИЕ Өтемістен туған он қайда? Атадан қалған жол қайда? Ақырып теңдік сұраған Сардардан қалған қол қайда?! Азамат ерден жұтаған Қалың ел мені қорғай ма? Паналаған қисық бұтаны Бақытты менен торғай да. Қасірет, қайғы шеккенде, Көлінен қызғыш кеткенде, –
Құм ішіне сүңгіп жоғалғам, Атанып тентек текті елде. Таулары кербез керілген, Кетті ме кие жерімнен. Жәңгірдің қорқау ортасы Бездірген мені елімнен. Тексіздер сыртқа тепкенде, Жүремін қалай текті елде? Егеулі найза қолға алып, Айналсам да өжет кекті ерге, – Өз қолымды өзім кесе алмай, Жұртымнан безіп кеткенде: Үйірінен қалған адасып, Ұқсадым жалғыз кептерге. Дертінен қоғам айықпай, Туласам да асау Жайықтай, Қалт-құлт еттім теңіз бетінде, Ескексіз қалған қайықтай. Сіңдірмей бойға жегенін, Сорлайды ылғи неге Елім? Күйреген теңіз бетінде Күйін де кештім кеменің. Қоғамда мұзы сірескен, Жел болсын қайдан жылы ескен. Бір күндік сәуле үшін де, Күндерім қанша күрескен. Ат үстінде туып жетілген, Неге де бекем бекінген. Қайтатын жолдан мен емес, Соқса да дауыл бетімнен.
Балдағы алтын семсермін, Қайрауын таппай кетілген. Дүбірге бөлеп жазығын, Жолдан тауып азығын, – Ағындап жүрген ақ бозбын, Ел ішінен таппай қазығын. Жұлынса оқыс жұлыным, Тоқтайды өзен ғұмырым. Қона алмай жүрген қыранмын, Ел ішінен таппай тұғырын. Құлындап жұлдыз түн – бие, Төксе де нұрын күн – кие. Баянды бола қоймаспын, Байлауын таппай Дүние. АҒАТАЙ, СЕНІҢ ТҰСЫҢДА Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. АВТОР. “Ағатай, Беріш!” ұранға Айналған батыр сен едің. Қағынан безген құланға Тағдыры ұқсас Тарлан ақын мен едім. Заманым тарта білгенде Көбе бұзар жебе едім.
Ағатай, сенің тұсыңда: Халқымен ханы бірге еді, Жау төнгенде жұдырық боп жұмылған. Ағатай, менің тұсымда: Нар халықтың қадірін Хан-сұлтандар білмеді Заманға қарап құбылған. Ағатай, сенің тұсыңда: Қай хан да туған халқы үшін Кеудесін оққа төсеген. Ағатай, менің тұсымда: Тақта отырған қай хан да, Қара басының қамы үшін Бықсыған отты өшірмей, Өршітіп қайта көсеген. Ағатай, сенің тұсыңда: Ел билеген хан-сұлтан Өзекке халқын теппеген. Қанжығаға бөктеріліп, Сүйем жер жатқа кетпеген. Іздегені алдан табылып, Мұратқа кімдер жетпеген. Ағатай, менің тұсымда: Айырып ата қоныстан, Қазақтың жолын шектеген. Қолтығына орыстың Аман қалып тығылған, – Қараша үйлер жығылып, Қосын артып шұбырған. Сары садақ асынып, Атқа қонды сарбаздар Хан-сұлтаннан суынған. Далам жасқа шыланып, Далам қанмен жуынған.
Ағатай, сенің тұсыңда: Әділдік ылғи жеңетін, Бақ, дәулет қашпай халықтан. Ағатай, менің тұсымда: Зауал туған сенетін Өтірікке жаныққан. Шындықтан бәрі қорқады – Жарқанаттай түнде ұшқан Сескеніп нұрлы жарықтан. Қазақты егер іздесең Табасың тозақ, тамұқтан. Халықтың соры қайнаған Көз ашпай ауыр салықтан. Ағатай, сенің тұсыңда: Жапа шегіп сотталып, Кімнің жаны қиналған. Екіталай күн туса, Көздері оттай шоқтанып, Бір төбеге жиналған, – Бұлшық етіндей даланың Шоғыр-шоғыр топтанып. Ағатай, менің тұсымда: Аждаһаның үш басы секілденіп, Қазақ үшке бөлінген. Тігісі кеткен көрпедей, Іргесі сөйтіп сөгілген. Айдан асырып атса да жебесін, Бөлінгенді бөрі неге жемесін. Ағатай, сенің тұсыңда: Билік құрған текті елге Сатылмаған хандары Оқалы киім, шекпенге. Ағатай, менің тұсымда:
Ел билеген хан-сұлтан Сатылды мата, бөзге де, Сатылды жылы сөзге де, Жылы ұшыраған көзге де. Ағатай, сенің тұсыңда: Елін жаудан қорғаған, Батырын ел де қолдаған. Ағатай, менің тұсымда: Елін жаудан қорғаған, Батырын сұм көп қорлаған. Ағатай, сенің тұсыңда: Жанарына ғасырдың Толқынданып аунаған Сұлулық көзді жаулаған. Ақынын көкке көтерген Жүрегінен жыр саулаған. Ағатай, менің тұсымда: Аластап елден ақынын, Адамды адам аулаған. Ағатай, сенің тұсыңда: Бурадайын шабынып, Еңіреген ез де ер болған. Ағатай, менің тұсымда: Әділет іздеп сабылып, Азамат ерлер жер болған. Абақтыға жабылды, Ата жолын қуынған. Су түбіне жоғалды Қаһарлы қылыш суырған. Желбіреді ту болып, Туған елін қуырған. Өлді үйінде буынып, Хан болса халқын сатпаған.
Қырандар көктен қуылып, Аспанға қарға қаптаған. Аспанға қарға толғасын, Жүзеге асқан арманы. Құдай қайдан қолдасын, Қыран, – десекқарғаны… “Ағатай, Беріш!” ұранға Айналған батыр сен едің. Қағынан безген құланға Тағдыры ұқсас Тарлан ақын мен едім. Заманым тарта білгенде Көбе бұзар жебе едім. Шалғайына жармасып, Көрінген төбет үргенде Өшіріп үнін бір демде, Сырқыратқан сүйекті Өкпек желге ықтамай Қасқайып қарсы жүргенде Қазақты қай жау басынды?! Мұхитқа салып кемесін, Найзағайдан жай тартқан Қазақты қай жау басынды?! Ыза-кекке суарылған Аңырата атып жебесін Қарсыласын жайратқан Қазақты қай жау басынды?! Ағатай, сенің тұсыңда: Қазақты намыс өлтірген. Ағатай, менің тұсымда: Намысты қазақ өлтірген.
Намыстың жүрмей жолымен, Бас қамын ойлап жұлқынған, – Қазақты қазақ қолымен Қан жоса етер күн туған.
ИСАТАЙ ЕРДІҢ ЖОҚТЫҒЫ Исатай ердің барында, Адаспай тұман, сағымда, – Жолбарыс болып жортқанмын, Түйе өркеш құмның Нарында. Қарағай сыңды шаншылып, Қараойдың қалдым қағында. Жалғыздық қамап тұр мені, Қамалды бұзар шағымда. Әділдік іздеп шабылдым, Ат арытып талай сабылдым. Исатай жоқта… жүрмейтін Жолдармен жүріп жаңылдым. Жылусыз кейде қалғанда, Қараойдың түнін жамылдым. Қараорман елден дос таппай, Исатай ерді сағындым. Исатай тірі жүргенде, Сыртымнан дұшпан күлгенде, Бұтына қада қаққанмын, Етегін желге түргенде. Исатай тірі болғанда, Болар ед қамал, қорған да. Қараойда жүрмін мен ұлып, Ұлыса қасқыр орманда.
Майланған өркеш, шоқтығы Не керек қарын тоқтығы. Қараойда жалғыз қалдырған – Исатай ердің жоқтығы. ТОРЫҚҚАНДА Арғымақ, сені сақтадым. МАХАМБЕТ. І Қазанат, сені баптағаным – Айналсын деген едім дүлдүліме. Азамат, сені сақтағаным – Жарайтын шығар дегем бір күніме. Қасдұшпан қаптай шауып ұмтылғанда, Қазанат, қайда жүрдің? Басыма екіталай күн туғанда, Азамат, қайда жүрдің? ІІ Қамықпасын бұндайда кісі неге? Бұны айтқызған ызаның күші деме. Мен өлгенде – молама шауып келіп, Мені жоқтап қазанат кісінеме. Жауын қуған жарысып белең-белде, Жетілгенмін садақты, жебелі елде. Сыйласпай кеп тірімде, мені жоқтап, Жылағанның көзі ақсын мен өлгенде.
МАХАМБЕТТІҢ САРАЙШЫҚПЕН СЫРЛАСУЫ Күндіз –Күннің, түнде –Айдың аманында, Не көрмедің, Сарайшық, заманыңда. Сарай едің мың өліп, мың тірілген Ғасырлардың шыңғырып табанында. Уақыт деген жосылған көшкін еді, Бәрін неге бұ қазақ кеш біледі? Оу, Сарайшық, кеудеңнен ыңырсыған Бабалардың үндері естіледі. Естіледі ызалы ышқынғаны, Қанды көбік жауына құстырғаны. Жауға мінген апай төс аттардың да, Естіледі қан жұтып пысқырғаны. Қасиеті қайда бұл кемел елдің, Көтермейді күмбесін неге өнердің? Оу,Сарайшық, кеудеңнен қан ағып тұр, Тесіп өткен ізінен жебелердің. Өткен күннің арылмай елесінен, Қайта, қайта танасың неге есіңнен? Бір бөлшегі сен едің Жұмыр Жердің, Сорғалаған қызыл қан денесінен. Оу, Сарайшық, сен мұнша солармысың, Әлі талай кеудеңе қонар құсың. Ұрыс күні көзімнен ағып түскен Қарашығы көзімнің болармысың.
Оу, Сарайшық, қан бар ма сен кешпеген, Оу, Сарайшық, бар ма азап мен кешпеген. Күңіренген кеудеңнен үн естимін, Жылы жел боп өмірі елге еспеген. Сергелдеңге сап қойды сенген елім, Балықтайын сең соққан сенделемін. Күңіренген кеудемнен үн естисің, Көкірегімді тыңдасаң сен де менің.
МАХАМБЕТТІҢ ӨТКЕН БҰЛА КҮНДЕРІН АҢСАУЫ Адырнасын өгіздей мөңіреткен, Алыс-жұлыс тірлікпен өмір өткен. Қарай-қарай сағымға көзім талды, Қара-құра көрінбей төңіректен. Махамбет боп жаралсам мен егерде, Не істеймін ел қамын жемегенде? Қара қазақ баласын ардақ тұтып, Хан ұлына мен едім теңеген де. Жетпей желкем қиылсын деген жоқпын, Жетім, жесір… барлығын жебегенде. Талай мәрте туымды желбіреткен, Бір жақсылық күтемін зеңгір көктен. Қараойға кеп топ етіп түстім білем, Атылғанда мойны ұзын зеңбіректен. Қайда барам бұл жерден ұзағанда, Қырға шығам тоңазып мұздағанда.
Ұстап мені бермек пе, кім біледі? Тағдыр мені Қараойда ұстағанда. Бұзып-жарып, талқандап қайдан да өткен, Махамбет ем жер-көкті майдан еткен. Ақ Орданың есігін теуіп кірген Қайран өжет күндерім қайда кеткен? Қайда кеткен, япыр-ау, қайда кеткен?! ЕЗДІГІ ЕДІ ЕЛІМНІҢ МЕНІ ЖЕҢГЕН Нарын құмы суырған өрістенмін, Сусын етіп шерімді көп ішкенмін. Қара қанжар сілтеген қилы күнде, Қанжығада талаймен көріскенмін. Шашыраған далада тарыдайын, Қалың жұртты тыңдасаң зары дайын. Заман – суық қыс болып төнсе еліме, Неге қысты өрт болып қарымайын?! Кісіліктің алдымнан желі ескенде, Шалғын болып тербелдім белес-белде. Мен айналдым егеулі көк найзаға, Қара сойыл Қараулық егескенде. Бұлттанса егер жұртымның түскі аспаны, Зауалдардың зауалға ұласқаны. Атқа мініп, құрсақтан шауып шыққам, Сұм тағдырдың өзімен ұстасқалы.
Намыс барда мұратқа жетем мен де, Қара қазақ баласы теңелгенде. Жеңілмес ем жарақты қай жаудан да, Қайран жұртым найза боп егелгенде. Зұлымдықтың көзіне жебе тартқан Мен – Махамбет Нарында келе жатқан. Шеңгел төсеп жолыма, ал шекеме Өз елімнің ездері шеге қаққан. Сергелдеңге көп түсіп сенімге ерген, Сатқын болды жігітім сері көрген. Жаудан, сірә, жеңіліп көрген жоқпын, Ездігі еді елімнің мені жеңген. КҮННЕН ТУҒАН МАХАМБЕТ Болашақты болжап бола ма, Көңілім шерге тола ма. Асыққан күндей батысқа, Барам ба тартып молама. Махамбет деген батырмын, Махамбет деген ақынмын. Кемесінде қатердің Тербетіліп келе жатырмын. Исатай сардар өлгелі, Махаңның қорлық көргені. Исатаймен бірге Ерлікті Батады-ау жерге көмгені.
Бетіне шыққан сорпаның, Төгіліп бітті-ау. Қорқамын. Мен болсам жүрмін Нарында, Сүйегін шақпай Орданың… Бәрінен көңіл суынған, Күн қайда қылыш суырған? Елім – Емен болса егер, Жапырағымын жұлынған. Жұрт сеніп кәпір-сумаңға, Шалынса да ерлер құрбанға, – Күннен туған Махамбет Бағына ма күлден туғанға. ИСАТАЙ БАТЫР БАР БОЛСА… Жақсыға қосшы болғанда, Арайлы таң боп атқанмын. Жаманға қосшы болғанда, Бетім күйіп ұяттан Қызарып күн боп батқанмын. Төреге қосшы болғанда, Төбеге шығып жатқанмын. Төбе биге қосшы болғанда, Орақ ауыз, өрт тілдің Отын лаулатып жаққанмын. Ханға қосшы болғанда, Қабағын жіті баққанмын. Хан ұлына қосшы болғанда, Үлбіретіп үмітін ақ қауырсын таққанмын.
Ханшаға қосшы болғанда, Көк аттыға көзін сүздірмедім. Хан қызына қосшы болғанда, Қызыл гүлін үздірмедім. Исатайға қосшы болғанда, Қосымды нарға артқанмын. Көкірегім шерге толғанда, Садағымды шіреп тартқанмын. Исатай батыр өлгелі, Өзіме өзім қосшымын. Не пайда? Не көрмедім. Исатай батыр өлгелі, Өзіме өзім басшымын. Не пайда? Неге өлмедім. Исатай батыр бар болса, Түсім қашып, түн қатып, Осынша азап шегер ме едім, Иә, азап шегер ме едім! АРҚАСЫ БІЗДЕЙ ЕРЛЕРДІҢ Жалғанда кімнен қорқамын, Керегі не мыйсыз ортаның. Құландар жортпас жапанда, Түн қатып жалғыз жортамын. Ұқпаса қайтем, жайсаңдар Бетіне шыққан сорпаның. Ордалы жылан қаптаған Ішіне зәулім Орданың.
Көзіме шерлі жас толған, Алты малта ас болған. Меңіреу дүние мелшиген Секілді алып тас қорған. Батырғалы жарық күнімді, Естімейді жорта үнімді. Отына қақтап жақса да, Шаштыра қойман күлімді. Жылымға батып жоқ болған, Қоздырған жандар жынымды. Ей, Дүние! Мені тыңдағын, Бірімін дара тұлғаның. Төнесің неге асылға, Шалынбай қалса құрбаның? Бір туар өжет ақынды, Бұның не бастан ұрғаның? Жараса ма сойлы бойыңа, Жолыма қақпан құрғаның? Жапанда жалғыз жортқанда, Шөлімді талай басқанмын, Тұндырып суын жылғаның. Ей, Дүние, бақыт емес пе, Біздерге мойын бұрғаның. Арқасы біздей ерлердің Сенің де аман тұрғаның.
ЕЛІМ – САДАҚ, МЕН – ЖЕБЕМІН Жеңіл деме, кейінге шегін деме, Суынбасын бұндайда көңіл неге? Көбік шашқан теңізден өте ғой деп, Өмір бермес ешкімге тегін кеме. Көрген жоқсың батқанын қыл бұраудың, Не екенін білмейсің бұрғылаудың. Елге қажет асылдың барлығы да, Жатқан жоқ па түбінде шыңыраудың. Теңдік қуып, несі айып алысқанның? Талайлармен сол үшін шабысқанмын. Шаппай қайтем, ырысы бүкіл елдің Кетсе егерде аузында арыстанның. Қатарыма қосылғын сен де келіп, Тұтас жұртты тоздырмай жерге бөліп. Бақ-дәулетін қайтарсақ, қалмайды ма, Жасыл орман секілді ел көгеріп. Атқа қонбай бұның не терлегенің? Желкеніне жарамай ел-кеменің. Сендей жігіт жұртына үлестірген Тартып алып тағдырдың бермегенін. Егер сапқа кірмесең сарбаз болып, Кімге дәрі торы атты жемдегенің.
Дос та күлген, ез болма жат та күлген, Азамат ер елді ойлап атқа мінген. Қазан-ошақ маңайын жағаламай Бес қаруын асынып, сапқа кірген. Мен де сенің жасыңда, Ел қамын жеп, Азаматпын айқайлап атқа мінген. Қараулықпен мен туғам алысқалы, Алқымында шеңгелім қарысқалы. Елім – садақ болғанда, мен – жебемін, Атылғанда ұшатын алысқа әлі. ҚАРДЫҢ БАСЫН ҚАР АЛСА… Айналайын кең далам, Не істеп жүр тумалар? Исатайдың кегін мен алам, Кегімді менің кім алар?! Төреге сенген – Ту тіге қоймас төбеге. Төлеңгітке сенген – Қайдан болсын өнеге. Кімдерден опа табамын, Сенемін жалғыз өзіме. Мыңға қарсы шабамын, Мұң толғанда көзіме. Мұзға салсаң – Мұз жаратын кемемін.
Құзға салсаң – Құз жаратын жебемін. Солқылдаман – сазға біткен ағаштай, Қоңқылдаман – өзім жүріп бақ ашпай. Мен кінәлі емеспін, Дүмпуі күшті дүмдімен Қабағым жүрсе жараспай. Жүрмесіме қойды ма, Тағдырым үшін таласпай. Ұғыспайды неге кең ғалам, Адамдар нұрдан жаралса? Жыртығына дүниенің Қайда жүр бәрі жамалса? Туламаймын мен неге Қара қанжар Қараулық Әділет болып саналса?! Ханның басын мен алам, Қардың басын қар алса. ДАЛАМНЫҢ ӨЗІМ ЖОРТҚАН БІР ҚЫРЫНДА Ат қайда ағын судан желіп өткен, Ер қайда атқан оғын еңіреткен? Қыз тартып тумағасын анасына, Әкеге бала тартпай кері кеткен. Жылт етіп көздерінде нұры жанып, Сыртымнан жүр ме жауым қыбы қанып.
Мен бейбақ сорладым ба, кім біледі? Шайқаста ердің бәрін қырып алып. Мені елде отыр дейсің кім сағынып, Заман да жынын атып, тұр қағынып. Көзіне күйік болмай көрінгеннің, Сегіз жыл жортқанымда түн жамылып. Жақпады қай қылығым бұл ғаламға, Қай құдай мені салған шырғалаңға? Тар екен жалған дүние етіктейін, Ар қуып, намыс қуып тулағанға. Өр мінез күркіреген даусым барда, Жүрмеуім керек неге тау-шыңдарда. Танымай ұлы ақынын алыса ма, Амалы уақыттың таусылғанда. Басылмай қара боран құйындаған, Тағдырым күннен-күнге қиындаған. Мен кейде қыр түлкісі секілдімін, Қар үстін әрі-бері шиырлаған. Туған ел озық елмен теңелгенде, Жортпас ем аш бөрідей белең-белде. Сан мәрте бұл жүріске нәлет айттым, Шер-шемен жылан болып мені емгенде. Жыртығы бітеле ме дүниенің, Жапанда жортып жүріп мен өлгенде. Сілкінген қыран едім тұғырында, Бітуге жақын тұр ма ғұмырым да. Әйтеуір басым қалса жарар еді, Даламның өзім жортқан бір қырында.
ЕМЕННІҢ ИІР БҰТАҒЫ Кетілсем – қайта қайралдым, Боркемік, жасық күйге енбей. Дүниені шырқ айналдым, Көзіме қамшы тигендей. Күйіктен өрт боп жансам да, Түңіліп жаннан безінбей, – Жол тартып қайда барсам да, Жүрмедім қатер сезінбей. Тізгінім шығып ырқымнан, Жолымды теріс бұрғандай, – Тайтөбе құмдар сыртымнан Қарауылдап бағып тұрғандай. Аңдыған дұшпан алдымнан Шыққанда қару кезеніп, – Өзгер деп өжет қалпыңнан Шөл дала жатты безеріп. Төбемнен ұшты оқ талай, Танытып сұсын мылтықтың. Түн қатып жорттым тоқтамай, Ауылын іздеп Шындықтың. Шырғалаң жолды тағдырдың, Салса да қайда бұлтағы. Қайта ма алған бетінен Еменнің иір бұтағы.
КӨК АСПАНДЫ АЛМАСАМ ҚАЛҚАН ЕТІП Балақ бауы алынып балағымның, Серіппесі тартылған садағымның. Жебем зулап жүр ұшып, жау жоқ па деп, Кеңістігін шолғындап дала, құмның. Сарбаздарым сап түзеп тізілгенде, Кім қайтарсын ақ алмас – жүзімді елде. Үзілетін шығармын сағағымнан, Серіппесі садақтың үзілгенде. Сенім артып Болашақ кие күнге, Көкжиектің үңілем жиегіне. Алда-жалда жығыла қалсам егер, Сүйенермін найзам мен сүйегіме. Нарттай жанған жүзімді демі шарпып, Келер күнге мен жүрмін сенім артып, – Қайда барсам Қорқыттың көрі ашылып, Тұрмаса егер қара жер мені тартып. Ажарымды жүрсе ашып көрікті өлең, Қайнап-тасып мен неге көбіктенем? Кімге дәрі егеулі найза екенім, Етекбасты елімнен көріп келем. Кедергінің бәрінен самғап өтіп, Атқан жебем заулауда алға кетіп. Жауым, сірә, көбейіп бара жатыр, Көк аспанды алмасам қалқан етіп.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН ЖАНДАЙМЫН Тілекті құдай бергенде, Мінген атым сардалада желгенде; Сенгендерім таймағанда сертінен, Жеме-жемге келгенде – Болар ма едім шерменде. Еңкейе білмес еңселі елім! Күдік артпай сенгенде, Қарағайға қарсы біткен бұтақтай Қасарыспай ергенде; Исатаймен бірге соғысып, Жарақты жауды жеңгенде; Дүниені шырқ айналған Болар ма едім шерменде. Етегі жерге шұбалған ежелгі дұшпанымды көргенде, Өліп жатсам да атып тұрам көрден де. Толағай сапты найзамнан ежелгі әлгі дұшпаным қара қан құсып өлгенде – Басылмас еді өр кеуде. Көкірегім шерге толғанда, Жалғыздық деген сұр жылан солқылдатып қанымды сорғанда; Қарауытып көз алдым, Адастым талай жолдан да. Менің мүшкіл халімді жалғыз ғана ұғынған ұлыған қасқыр орманда.
Көптің қамын мен ойлап, Не түсті ақырып атқа қонғанда?! Ақырында аңырып, жалғыз қалған жандаймын, аңғал-саңғал қорғанда.
ҚАРАОЙ Қажып, сұлап жатса егер қайран далам, Буырқанған қайратты қайдан табам? Көзі тірі кезінде Исатайдың, Ойсыздардың ордасын ойрандағам. Ыстық аптап ауада жалбыз жанып, Жел еседі алдымнан жансызданып. Кім ойлаған қараорман халқым барда, Сорлармын деп Қараойда жалғыз қалып. Жалғыз үймін… Қараойдан қайда барам? Жасығанда жанымды қайрап алам. Жұртым безсе – мен көндім, азар болса, Қасқыр жеген сайғақтай сайда қалам. Серт үстінде бергенін қайта алмаған, Жұртым өтпес пышақтай қайралмаған. Арқасына сәл ғана салмақ түссе, Қысыр жылан секілді қайқаңдаған. Жүрсе өздері сүрініп алашаға, Қайдан солар жарасын арашаға. Әкелері шайқаста қаза тапқан
Не істесін елдегі бала-шаға. Аласа боп жүрмеске шараң қайсы Күнің егер қараса аласаға. Таусылуға айналған азығым да, Шірімеген кімдердің басы құмда. Жалғызсырап қалғаным – қалған шығар, Қуат берген Қараойдың жазығында. САРДАЛАДА МАҢАЙЫН ҚАРАУЫЛДАП… Зұлым күш кеп араға киліккенде, Халықтан да қайран жоқ, биліктен де. Хал кешесің түлкідей Сары орыстың Самұрығы аспаннан шүйліккенде. Төнсе егерде түнеріп бұлт далаға, Зардабынан аман-сау жұрт қала ма? Ханнан аман кетсең де, Сары орыстың Самұрығы бәрібір құтқара ма?! Жамандығын суырса ақпан етіп, Тасын неге атпасын сақпан етіп. Айдап салса қазақты қазаққа егер, Даланы да үлгерген қақпан етіп. Далаң алып қақпанға айналғасын, Темір ноқта кимесін қайдан басың. Басқан жерің бұғынған қақпан болса, Қазақ қалай қыр кешіп сайрандасын.
Жұлдыздайын жарқ етіп жайсаң сөнер, Зұлымдыққа бұл қоғам қайдан шебер. Сауыт киген ер қазақ не болады? Қамыт киген өгізге айналса егер. Жын қоғамда танаудан қармаққа асқан, Қайда барып тығылсын зарлап қашқан. Сардалада маңайын қарауылдап, Аман жүрген аяғын аңдап басқан. БІР-БІРІН ЖАУДАН ҚОРҒАШТАП… Желкеден тағдыр бүргенде, Махамбет қалды-ау бір белде. Өтемістен туған қайда Екеу? Егеулі найза еді ғой, Екеуі қатар жүргенде. Басына бақ боп құс қонған, Өтемістен туған үш Қорған. Үшеуі бірге жүргенде, Қамал бұзар күш болған. Қайда жүр, қайда үш найза, Суарылып кекке ұшталған?! Айқайлап атқа қонатын, Маңдайдан жауын соғатын, – Өтемістен туған Бесеу де, Бес қарағай орман болатын. Қайда жүр Бесеу? Ақырса Қалжырап жатқан даланың Өн бойы күшке толатын.
Өтемістен туған он қайда, Қаптаған найза қол қайда? Асылын қолдан бермеген – Атадан қалған жол қайда?! Махамбетті қорғап дұшпаннан, Қасында жүрсе болмай ма?! Бір-бірін жаудан қорғаштап, Шырылдап ұшқан торғай да. МЕН – ЕГЕУЛІ НАЙЗАМЫН ЕГЕСКЕНДЕ Қан кешемін ел үшін, сел кешемін, Қараулықпен қабарып белдесемін. Өз тағдырым өзіме көнбесе егер, Мен де көнбей ұстасып егесемін. Оған себеп: Жел ескен қанатынан, Әділетсіз Дүние жаратылған. Сенбейсің бе? Ендеше адамдарға, Ала-құла неге ұят таратылған?! Үлкендерден мен де ылғи бата аламын, Садағымды шіреніп ата аламын. Ақсүйек боп жаралып төре біткен, Қара сүйек мен неге атанамын?! Көңілімнің тартылса күйі елімде, Жүрмекпін бе бір белдің жиегінде. Неге ендеше ақсүйек атанбаймын? Қара таңба жоқ болса сүйегімде.
Шата емеспін бет-қолын шала жуған, Азаматпын Ар жолын дара қуған. Ханнан артық болмасам кем емеспін, Мен секілді оны да ана туған. Шаңын қосқан суырып сан төбенің, Хан-төренің көзінен қан көремін. Бұйрығымен солардың неге жүрем, Басы артық па басымнан хан-төренің. Тереземді тең көріп теңестірмей, Жүрсе қайтем мені олар егестірмей. Ұстағысы келеді уысында, Айдарымнан айбынды жел естірмей. Айдарымнан айбынды жел ескенде, Махамбетпін жортатын белес-белде. Егеспес ем егерде кісі көріп, Ақ орданың ішінде кеңескенде. Мен – егеулі найзамын егескенде. ДӘУРЕНІМНІҢ ӨТКЕНІ МЕ? Тағдыр қара құйындай үйіргенде, Мендей өжет жоқ еді дүйім елде. Алшысынан асығым түсуші еді, Әуелетіп тақырға иіргенде. Хан-төрелер қалшылдап қалтырайтын, Жауар бұлттай қабағым түйілгенде. Бастан дәурен өтер деп кім ойлаған, Қайта айналып келе ме күйінгенде.
Атып алған көкала үйректейін, Тағдыр қайда тастайды сүйреп кейін? Ақ орданың ішіне мен қадалып, Неге жатып алмадым түйнектейін?! Қуғын түссе Жайықтан неге өтпейін, Толқын жарған кеудесін өжеттейін. Нарын құмын бұл күнде жүрмін кезіп, Бұталарға бұғынған көжектейін. Таба алмай жүр мені іздеп жауым көптен, Қорқыныш жоқ көңілге қауіп еткен. Дәуренімнің шынымен өткені ме, Арғымақтай тұсымнан шауып өткен.
ОПАСЫЗ ДҮНИЕ Еділ үшін егескенде, Хан ордасын талқандап, Бұзуды ойлап кеңескенде – не көрдік? Қарашаның қара ұлы Хан ұлына теңескенде – не көрдік? Жайық үшін жандасқанда, Қиғаш үшін қандасқанда – не көрдік? Сарбаздарым қан кешіп белуардан, Соғысымыз ай бойы жалғасқанда – не көрдік? Ажал тура бет түзеп бұрылғанда, Қамын ойлап қазақтың қырылғанда – не көрдік?
Сыпырылған терідей, Денемізден қызыл ет сырылғанда – не көрдік? Тептер үшін тебіскенде, Дендер үшін керіскенде – не көрдік? Теңдік үшін шайқасып, Ағайынмен кетіскенде – не көрдік? Сырт айналып Уақыт құбылғанда, Шындық іздеп шырқырап қуынғанда – не көрдік? Қырмақ болып патшаның қалың қолын, Қызыл қанға жуынғанда – не көрдік? Қуат қосса тәңірі қуатына, Кір келтірсін жалғанда кім атына. Бірге өзімен азабын қоса арқалап, Азамат ер анадан туады ма?! Айдарынан жел ескен Ай қалқалап, Жете алмады мақсатқа қайран талап. Арқалаған сарбаздай ер-тоқымын, Айдалада аңырдық қайғы арқалап. Ісімізді бүкіл ел қолдағанда, Көк найзаны дүркіреп қолға алғанда, – Жеңер едік біз жауды, Дүниенің Опасыз жалғандығы болмағанда.
ИСАТАЙҒА ЖЕТЕР МЕ? Салпы етек сары қатыннан, сары садақ асынып, Әлі талай ұл туар. Көресіні көріп жақыннан, Екі көзіне мұң тұнар. Шырғалаңнан шыға алмай Олар-дағы бұлқынар. Исатай жоқта қан болған Елдің бетін кім жуар?! Сөзімді жұртым топшылар, Нарында сардар көп шығар. Исатайдай бірақ та Арыстан ері жоқ шығар. Алтын құрсақ анадан Азамат ер туса да, Исатайға жетер ме? Сары жонды даладан Ата жауын қуса да, Исатайға жетер ме? Асылдан асыл туса да, Ата жолын қуса да, Исатайға жетер ме? Арыстаннан арыстан туса да, Алланың жолын қуса да, Исатайға жетер ме?!
УАҚЫТТЫҢ ЖАСАҒАН ЗҰЛЫМДЫҒЫ ЕДІ Мен де – Құдайдың құлы, Пайғамбардың үмбетімін, Қақталғаны аз ба еді, кепкен балық секілді күнге етімнің. Сөзін сөйлеп туғанмын, Қорғаны жоқ Қазақ деген кіл жетімнің. Ел қорғаса ер жігіт қайда жүрген? Қайдан даусы естілсін сары иттің сайдағы үрген. Бұл күндері: Танымайды атасын атқа мінген, Танымайды тәңірін тайға мінген. Ханның құрғақ сөзіне халық тойған, Қылқанына қақалған талма түсте балық сойған. Бұл халықты жалғанда кім ойласын, Заманынан бөлініп қалып қойған. Ары өтсе де Жайықтан – жабылған абақтыға, Бері өтсе де Жайықтан – жабылған абақтыға. Сонда, сонда бұл қазақты Қорлық үшін жаратты ма?!
Тарыдайын шашылған құм-белеңде, Неге елімді қорғамайын қарғыс атқан дүрбелеңде. Не істеймін қысастықтың Көк етегін найзамен түрмегенде. Қайда жүрмек бұл қазақ? Өз жерінде Алшысынан тұрып, Алшайып жүрмегенде. Қысастық көп әрине шеттен кірген, Бұл қазақты жұрт көріп текке жүрген. Уақыттың жасаған зұлымдығы еді, Мені атыма қондырып, ызалы кектендірген. МЕНІ АЖАЛДЫҢ БАСЫНЫП ЖҮРГЕНІ МЕ? Не көрмедім? Тірлікте не көрмедім? Ер Исатай өлгенде – неге өлмедім? Елге қорған болсам да елге сыймай Қасқырдайын жапанды мекендедім. Зар заманда артпаған беделі ердің, Бекер келдім өмірге, бекер келдім. Қайғы деген шыңырау құдық болса, Құдығына қайғының шегенделдім. Жел сыпсыңдап айтады бірдемені, Нар қазақтың тозғанда іргелі елі.
Ту сыртымнан аңдыған қарақшыдай, Төңіректеп сұм ажал жүр ме мені. Шуақ-нұрым жоғалса Айға ағылған, Сарт етеді сұм ажал қай жағымнан? Құйындайын ойнақтап шыға келген, Неге менің шығады Қайғы алдымнан?! Күлмесе егер тағдырым бетін беріп, Бір қырқаның жатармын шетінде өліп. Қара қайғы қасымнан бір қалмайды, Бірге туған сыңарым секілденіп. Қатар жүзген жайындай теңіздегі, Жаным, сірә, қайғымен егіз бе еді. Құмға сіңіп кетсем де, иіс тартып, Ізге түскен иттейін мені іздеді. Көкірегіме ызалы өрт толғасын, Мені тінтіп іздеуде оқ-қорғасын. Қорғанынан айрылған сарбаздаймын, Ер Исатай қасымда жоқ болғасын. Бақ тілесем егерде күнде еліме, Неге сынам қайғы-иттің үргеніне? Кім біледі? Исатай жоқ болғасын, Мені ажалдың басынып жүргені ме?! СЕРГЕЛДЕҢДЕ ЖҮР ДЕМЕ Азап, сордың бәріне көнген пенде, Ғұмыр кештім сегіз жыл сергелдеңде.
Қайғы есігін айқара тұрды ма ашып, Дүниеге күркіреп мен келгенде. Қызғыш құсым көлінен безінсе егер, Қуғын көріп, кеткенмін елден мен де. Кім ойлаған тентіреп жүремін деп, Хан ұлына қараны теңгергенде. Жерге қарап қалам деп ойладым ба, Жетім менен жесірге жер бергенде. Ерлігімнен не көрдім? Семсер болып, Қасқыр мынау заманға сермелгенде. Басқа түсті, қайтемін көнбегенде, Жалғыз жортып келемін бөрте белде. Хан ордасын кетеді өртегім кеп, Өзегімді бір өксік өртегенде. Жатқа айналып үлгерсе өз баласы, Боздамасын неге елдің боз даласы? Қайдан түзу ұшады түтіні елдің, Ақ патшаның түзелмей көз қарасы. Кісен ерге салса егер, кісен елге, Көзқарасы патшаның түзеле ме? Түзу болса патшаның көз қарасы, Құйрық-жалы жұртымның күзеле ме?! Ел үшін де мың азап шеккім келіп, Күннен-күнге барамын екпінге еніп. Қалың жұртым көзіме елестейді, Селдіреген қара орман секілденіп.
Заман мынау қабарып тұнжыраған, Сардаланы тулатпай шынжырлаған. Жауыз қолдар жағама жармасқанда, Алтын жағам қалды ма жыртылмаған. Жығылмаса егерде шынары ұшып, Асыл ерді жеңеді кім алысып? Сергелдеңде жүр деме, қолым менің Алқымында заманның тұр қарысып. МӘҢГІЛІКПІН Өз халқымды өтемін текті көріп, Көмілсем де тірідей тепкіленіп, – Тас қоғамның сұп-суық қабағынан Қараса да қадалып кек түнеріп. Өлтірсе де ешқашан мен өлмеймін, Болашаққа көз тігіп елеңдеймін. Жарқыраймын алтындай толқын шайған, Үстімдегі сауыттай көнермеймін. Бір Махамбет туса да менен кейін, Болашақта мен неге еленбейін, – Қоғам терең көмсе де, қараулықтың Торын тоқып үйренген шебердейін. Патшаға да, ханға да илікпеген, Өтті өмірім қайғылы күйікпенен. Мені уақыт азапқа салған сайын Рухым менің со ғұрлым биіктеген.
Уақыттың алдында аласарып, Тұрсын қалай тауы алып, даласы алып?! Болашақ мені биік көтерді, Махамбеттің атында қала салып. Көңілімнің толқыған терең көлі, Неге ұмытсын туған ел, кең өлкені. Қаруымды бойыма түгел асып, Туған жоқпын анамнан мен өлгелі. Құрыш қанша жоғалған жер бетінде, Ұлыс қанша жоғалған жер бетінде. Мәңгі жанған жұлдыздай жарқыраймын, Ғасырлардың мен өшпей келбетінде. Дала ауасын тазартып желдетемін, Көктен кейде нөсер боп селдетемін. Өмір өлмей ендеше мен де өлмеймін, Мәңгілікпін, мәңгіге мен кетемін. ӨЛЕҢІМНІҢ АРҚАСЫ АТҚА МІНГЕН Тыңда мені өрісті, өреңді Елім, Мені өлтірді, бірақ та мен өлмедім. Жауған оқтан қорғады, жанған оттан, Ар-намыс боп тулаған өлеңдерім. Шамырқанып, өрт жаным күйінгенде, Тартсам тартқан шығармын күйімді елде.
Енді өлмеймін дедім мен өлеңдерім Сауыт болып үстіме киілгенде. Жауым маған, мен жауға ұмтылғанда, Сауытымның жағасы жыртылған ба. Дулығама айналған өлеңдерім, Екіталай басыма күн туғанда. Жанға мені балама өмірі өткен, Көтергенде көгіне көңіл көктем. Сұр садағым емес пе өлеңдерім, Адырнасын өгіздей мөңіреткен. Есем жауға, ел-жұртым, кетті деме, Азамат ер мұндайда шет жүре ме. Қалың жаудың көбесін қақыратқан, Ызалы өлең, жырларым кекті жебе. Асу барда алда әлі алынбаған, Өрт жүрегім күн бар ма қабынбаған. Алдаспаным емес пе өлеңдерім, Қынабында даланың дамылдаған. Ұялаған қайғы-мұң қабағына, Жұрттың бәрі білікті, саналы ма? Небір қилы шақтарда өжет жырым, Қаруыма айналған, жарағыма. Адасқанда жаңылып ер жолынан, Ұры-қары қаптаған ел торыған. Өлеңімнің арқасы атқа мінген, Мен – Махамбет атансам ел қорыған.
ТУҒАН ЕЛДІҢ КӨЗ ЖАСЫ Көкірегімде от барда, жасын барда, Ар-намысым тулайды асыл қанда. Жанарыма тұнады шұғыла – арман, Күннің көзі жарқырап ашылғанда. Алайда, Елім, өксігім басылады, Теңіздердің өксігі басылғанда. Қайғы-мұңның қоймасы тылсым кеуде, Неменеге мәз болып жүрсің пенде? Мен де қоса күрсінем күреңітіп, Күреңітіп тауларым күрсінгенде. Қаным тоқтап, ағысы іркілгенде, Көз жұматын шығармын бір күн мен де. Жүрмін әлі жапанда жалғыз жортып, Мүлкімді елде қалдырып, күлкімді елде. Мен де қоса сілкінем, белі талып, Шыдай алмай қара жер сілкінгенде. Көңілімнің көгінде күн күркіреп, Тағдыр мені Нарында жүр сілкілеп. Сағым қуып, лағам ба сардалаға, Саулығымды жүрсе егер жұртым тілеп. Сардаладан Әділдік мен іздедім, Жұртым бар ма? Мен оны сезінбедім. Исатайдың барында дария едім, Шалқып жатқан телегей теңіз де едім.
Намыс, иман, ұяттан жаратылған, Сөйлейтін де күн туар Ар атынан. Жүргізбеді елімде не бір сұмдық Қара жердің атқылап қабатынан. Маза бермес кетпесем аспанға ұшып, Қыран құстың ұстап ап қанатынан. Атым бірақ жазылар сөз басына, Өзім кепіл – сауыттай тозбасыма. Кейде өзімді балаймын тасқа тұнған Туған елдің мөп-мөлдір көз жасына. ЖАНАРТАУ СӨНСЕ, СӨНЕР-АУ… Қайғы – өзен лықсып тасқанда, Қара бұлт жүзер аспанда. Әділет кетті жерімнен, Әбілет келіп басқанда. Қайғы кеп есік ашқанда, Не істейсің қара басқанда? Сілтегенде қабан қанжарын, Қан шығар қара тастан да. Қасірет шегіп өтесің, Қасиет елден қашқанда. Өкпеңнен тағдыр тепкенде, Жүремін деме текті елде.
Кісінеп қайда барасың, Кісілік елден кеткенде. Дауылдан сұсты айбыны, Көңілім – теңіз айдыны. Жайықтан өттім мен қанша, Қайық қып мініп Қайғыны. Опасыз мынау жалғанда, Жан қанша өлген арманда. Қайғыны міндім мен ерттеп, Айдалада жаяу қалғанда. Тілекті Құдай бергенде, Болмас ем мен де шерменде. Айырдым қанша… тағдырым – Қайғыдан желкен кергенде. Қайғының күйген шоғына, Махамбет ердің қоры ма? Қарғыдым қанша үстінен, Құрғанда тұзақ жолыма. Көз жасын аспан төккенде, Көп күнім өксіп өтті елде. Қайғы-мұң қанша кезіккен Кеудемнен қағып, өткелде. Шыдамай қайтем, біртіндеп Қабырғамды менің сөккенде. Жақсылық алдан кім күтсін, Бураға атан шөккенде. Шайқасып ата жауымен Сарбаздар өлген көк белде, –
Жұлынбай қалған жусанмын, Көктейтін қайта көктемде. Жанартау сөнсе, сөнер-ау, Сөнбейді бірақ от кеуде. ҒҰМЫРЫ ҰЗАҚ ҚАРҒАНЫҢ Сағымдай көшіп, жосылған Тірлікте ой көп тосылған: Арғымақ орға жығылып, Үйірге жабы қосылған. Қаруын белге тағынып, Қараулық жетсе қағынып. Аурулар аман қалады, Арулар атқа таңылып. Бағынған елдер кірмеге, Таланған бүйі, бүргеге. Ез жігіт аман қалады, Ер жігіт түсіп түрмеге. Бура – уақыт тұрса шабынып, Іздеме шындық сабылып. Ақымақ аман қалады, Ақылды бастар шабылып. Қасірет қанат жайғанда, Жетпей ме қайғы қайдан да. Сатқындар аман қалады, Сардарлар өліп майданда. Қырандық болса, арманың – Сор тілеп басқа алғаның;
Тірлікте бірақ аз жасап, Лапылдап от боп жанғаның. Қай заман, қандай кезде де, Ғұмыры ұзақ қарғаның. ТЕҢДІККЕ ҚОЛЫҢ ЖЕТКЕНДЕ Жайғасқан биік төбеге, Жағынам неге төреге. Бағынбай жүрген тағдырым, Мені осал әлде көре ме? Тағдырым жүрсе бағынбай, Қала ма отым жағылмай. Қараулық қару тағынса, Мен қалай жүрем тағынбай, – Із тастап Нарын құмына Көшсем де соңғы сағымдай. Жеткеріп жесір, жетімді, Болашаққа түзеп бетімді, Бұрқанып өтем өмірден Бұрқаған дауыл секілді. Тілінсе де қанша сауыры, Сарқылмай келген сауыны, – Асыл ер әлі көп туар Болса аман қазақ қауымы. Махамбет емес шығар-ау, Нарынның соңғы дауылы. Қылыштан өткір намысы, Алаштың мен бір арысы.
Махамбет емес шығар-ау, Жайықтың соңғы барысы. Қолына тимей теңдігі, Кеппеген тоқым, терлігі, – Махамбет емес шығар-ау, Даланың соңғы Ерлігі. Намыстың сынбай қайрағы, Құласын неге Байрағы. Махамбет емес шығар-ау, Азаттықтың соңғы майданы. Кең далам азап шеккенде, Ат үстінде туғам текті елде. Болашақ! Мені есіңе ал Теңдікке қолың жеткенде. ЗАМАН ТУЫП КЕЛЕ МЕ… Көкпар етіп тартқанда тағдыр мені, Қайда жүрді қазақтың сан қырлы елі?! Қай заманда қай жұрттың арлы ақыны, Елге сыймай далаға қаңғып еді. Құтқармақ боп жұртымды шерлі күннен, Жауға шапқан не таптым ерлігімнен?! Көкірегіме шер болып құйылды ма, Терім кеппей тоқымым, терлігімнен. Ата жолын, Ар жолын қуынғанда, Ыстық қаным бойымнан суынған ба.
Ойладым ба қорғансыз қаламын деп, Қылышымды қынаптан суырғанда. Неге бұлай? Сен мұны тегін деме, Қирады ма, кім білсін, сенім – кеме. Ай жасырған айбаты бола тұра, Ара түспей бұғынды елім неге?! Ей, тағдырым! Мені енді мазалама, Елден бөліп, жүзімді тасалама. Билік құрған Елбасы болса ақымақ, Жұрт та – ақымақ басынан аса ала ма?! Ей, тағдырым! Тал бойым сілкінеді, Неге менің көзімде мұң жүреді? Ақындарын ит қосып қудалайтын, Заман туып келе ме, кім біледі?! СУЫРЫЛМАЙ ҚАП ҚОЙҒАН ЖЕБЕДЕЙІН Талай ақын туса да менен кейін, Болашақта мен неге еленбейін. Халқым өжет жырымнан қуат алар Шың басынан сыр тартқан тереңдейін. Биікте өскен жайқалсам жемістейін, Суық көрден өзімді неге іздейін.
Халқым өжет жырымнан қуат алар Маржан жиған түбіне теңіздейін. Талай алған аударып көшін белде, Ғұмыр кештім көнтерлі, төзімді елде. Махамбет боп жасайды жырым менің, Алдажалда Махамбет көз ілгенде. Өжет жырым сарбазға айналады, Көкірегімнен жүз тұлпар көсілгенде. Теңдік қуып, жанғасын жастан лаулап, Жанарымда жатады аспан аунап. Бақ дегенің – қу түлкі болар, бәлкім, Қыран көрсе, құлдырап қашқан заулап. Сыйламақ ем сол Бақты мен еліме, Соғып алып таудан да, тастан да аулап. Жармасқандар көп болып шалғайыма, Ол бақытты жазбады маңдайыма. Қорлығына ешқашан мен төзбеймін, Қиындықтың төзсем де қандайына. Жүз сардар боп атына қонады енді, Ұя салған жүз бұлбұл таңдайыма. Көрмесе де еншіме сауық тиіп, Көңіліме, қайтемін, қауіп түйіп. Жырым – сардар ақырып атқа қонған Үстеріне оқ өтпес сауыт киіп. Алыстарға жол тартқан кемедейін, Жырым сапар шегеді. Мен өлейін. Заман, бірақ, кеудеңде сыздап тұрам, Суырылмай қап қойған жебедейін.
ҚОРҚАҚТЫҚ ЖАЙЛЫ Қилы шақта ел-жұртын қорғап қалған, Азамат ер қаншама жолға аттанған. Қорықпаймын жау болып оқ атқаннан, Қоян жүрек қорқамын қорқақтардан. Қорқақтардан тобыр жұрт құралғасын, Қалай жауға сілтейді жыр алмасын. Үрейі ұшып қояндай тығылады, Көтерсе де бақа көз жылан басын. Бұғынбайтын жерлерде бұғынады, Жығылмайтын жерлерде жығылады. Жолаушыдай тұсынан өте беріп, Қалай Бақыт бұл жұртқа бұрылады?! Сегіз өрім қамшысы босқа өрілген, Жұрт болдық па қасы да, дос та күлген. Батыр елдің көзіне жау елестеп, Қорыққанның көзіне қос көрінген. Қорқыныштан көз алды сағымданып, Ел ішінде жүрген көп жанын бағып. Сардар ерге барлығы жабылады, Дүниені сілкіген шаңын қағып. Сардар ерді ел бұзған дүлей көріп, Жабылады барлығы үрейленіп. Сол қорқақтық емес пе? Жағынатын Құзырлыға жақсылық тілей келіп. Көкірегінде бұғынып, қыстап келген Қорқақтықты жұрт бар ма ұшпақ көрген.
Сол қорқақтық емес пе? Сары орысқа Көзден тізіп ерлерді ұстап берген. Сағым қуған төсінде шымыр белдің, Бәрі қорқақ қашанда құбылма ердің. Сол қорқақтық емес пе? Жаудан гөрі Жетіп жүрген түбіне тұғырлы елдің. ЕЗДІКТЕРГЕ – БІР МАЙДАН Кеңістіктен іздеп өткен мұратын, Сардар ермін сертінде ылғи тұратын. Зұлым күшпен жүрмін әлі алысып, Жігіт жаста сауық-сайран құратын. Семсер көрме сілтегенде сынатын, Күшімдемін атанды ұрып жығатын. Бүгін мені батырса да, алаулап – Жарық күнмін ертең қайта шығатын. Сұм заманға кез болған, Елдің іші қоян жүрек ез толған. Жел тұрғанда құлайтұғын жалп етіп, Жұртқа қайдан қалқан болсын жез қорған. Қара тобыр қорқақтардан құралған, Сілкінбесе арыла ма тұманнан. Ендеше мен Еңсені езген ездікке Майдан ашпай тұра алман.
Арылмаған ездіктен Қай елге де, үрей толы көз біткен. Көбелектен қорқып қашқан қояндай, Қылыш түгіл сескенеді кездіктен. Арылған ел ездіктен Алыстарға көз тіккен – Қарсы атылып ажалға Кіріп келген есіктен. Қуат алмаса нұрлы Айдан, Туындайды жыр қайдан. Ездіктерге ендеше Мен – ашамын бір майдан. Жасығанға дем беріп, Сол майданда кетсем егер ерте өліп. Жердің ыстық құшағында жатамын, Мәңгіліктің қуатында тербеліп. АЗАТ КҮНГЕ БІР ТАБАН ЖАҚЫНДАТЫП Қандай асау болса да жүгендеймін, Тағдырдың да етегін түргендеймін. Ана жаққа аттанар күн жақын ба, Қырға шығып, бой жазып жүргендеймін. Жүре бермей тып-тыныш белес-белде, Не бітірдім тағдырмен егескенде. Теңдік қуып, қонбас ем атқа ақырып, Азаттықтың алдымнан желі ескенде.
Жарқын ұстап жүргенде жүзімді елде, Салып ұрып жетті ме күзім демде. Қауіптенгем үзіліп кетем бе деп, Үсік шалып, үмітім үзілгенде. Ала тайдай ел іші бүлінгенде, Тапсам тапқан шығармын тілімнен де. Көкірегім ақ жалын өртке толған, Өкініштен өзегім тілінгенде. Жоқ, өкінбен! Мен әлі арайланам, Көрем ылғи тұлғамды шар айнадан. Теңдікке егер елімді жеткізбесем, Ана жаққа ұялмай қалай барам. Күннен-күнге кеңейіп кеңістігім, Неге туын тікпесін жеңіс күнім. Атқа мені қондырған алалығы – Ала-құла жаралған жер үстінің. Сайлағасын хан етіп аласаны, Елім қалай асудан дара асады. Ана жаққа мен қалай аттанамын, Хан ұлына теңгермей қарашаны. Жүрегімді жасынға, жалқынға атып, Дауылдатып өтемін, жаңбырлатып. Жетпесем де тілекке, кетем елді – Азат күнге бір табан жақындатып.
ЖҮРЕ АЛМАЙ ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ
Кетбұғадай билерден Ақыл сұрар күн қайда? МАХАМБЕТ. Төріне Қызыр түнеген Шаңырағы аспан үй қайда? Азуын айға білеген Кетбұғадай би қайда? Өмір дегенің – бұлақ боп, Теңізін тауып құймай ма? Пана тапса күйлі елден, Жүрегім босқа тулай ма? Кетбұғадай билерден Ақыл сұрар күн қайда? Махамбет кетсе өмірден, Махамбет тағы тумай ма? Жоқ әлде өмір дегенің – Бір тартатын сырнай ма? Ел-жұртым болса айбынды, Жүрегім тоңып мұздай ма? Ұмыттырып қайғыңды, Құшатын ару қыз қайда? Өмір өгей болмаса, Азамат ерді азаптап, Жел өтінде ұстай ма? Соңымнан қуғын қалмады-ай, Көңілім жасын төкті Айға.
Жол үстінде сынған арбадай Өмірім кенет тоқтай ма? Көкірегім алау от құсса, Жасын боп туғам тегінде. Шыбын жаным көкке ұшса, Айналар ақ бұлт кебінге. Тосқауыл қойып асқанға, Көз жұмсам майдан өтінде, – Жан рухым ұшар аспанға, Жүре алмай жердің бетінде. КІМ ЖАСАЙДЫ ЕРЛІКТІ? Жұлдызды түн еншіме тиген еді, Құлағыма күмбірлеп күй келеді. Жарық Айдың сәулесі ағындаған Жанарыма жарқ етіп сүйкенеді. Тіршілікте осынау кері кеткен, Жолаушымын түнде Айды серік еткен. Қара дию секілді қара ат мінген Құйын қанша тұсымнан желіп өткен. Ата жауын боздатып, еңіреткен Күндер қайда туымды желбіреткен? Мына заман қай заман? Теңдік қуған Ердің бәрін қаңғытып тентіреткен. Бұрындары ер жігіт ел қорғайтын, Қуғын көріп тобырдан жер болмайтын. Ата Ерліктен кім-кім де опа таппай, Заман туып келе ме шер толғайтын.
Тусам керек Анамнан туғым келіп, Дәулет, байлық жимадым құлқынға еріп. Кім жасайды Ерлікті? Ата Ерліктен – Опа таппай жүрсе егер қуғын көріп. ҚОЙ АҚЫЛДЫ Қаракетін, тірлігін мақұл көрмей, Құдай қойса қайтеді ақыл бермей. Қазақ қайдан теңдікке қол жеткізсін, Қол бастаған сардарға, батырға ермей. Исатайдың соңынан ермегенде, Өкпелегем, ренжігем елге мен де. Асыл ерлер Сібірге айдала ма, Тізіп ұстап шетінен бермегенде. Басынатын жалғанда күш бар ма еді, Халық болып қылышын сермегенде. Сайтан мінген кержалқау желкесіне, Бұ қазақтың түспей ме серт есіне. Қалай өтсін қайғының өзенінен, Жол бастаған ермесе серкесіне. Көңілінен көк туы көтерілген, Көсемге ерген ел ылғи төте жүрген. Қой ақылды қазаққа қарағанда, Серкеге еріп өзеннен өте білген.
МОМЫН ҚОЙҒА ЕГЕРДЕ АЙНАЛМАСА Ата аруақ рух болып жебегелі, Қай жұрттан кем Алаштың жебелі елі. “Қойдан жуас ел едік!” дейді қазақ, Өзін қойға бұ қалай теңегені?! Семсер етіп сілтеген намысты алға, Батыр жұртты тағдыры жанышқан ба. Ішкені ірің бола ма бұ қазақтың, Өзін егер теңесе арыстанға. Қызық қуған, қыз қуған бел-белеңде, Батыр аз ба қазақтай жебелі елде. Жолбарыстай жүректі болмас па еді, Өзін егер тарғылға теңегенде. Қойға, малға теңесе өзін егер, Қай жұрт оның көрікті көшін елер. Қазақ деген – ер халық емес пе еді, Қан майданның өтінде – төсінде өлер. Басы, мойны қисайған құбылаға, Қазақ қайдан шомылсын шұғылаға. Момын қойға егерде айналмаса, Қасқыр шапқан қойдайын қырыла ма?!
ҚАЗАҚ – СЕМСЕР БОЛСА ЕГЕР ҚАҚ БӨЛІНГЕН Асау өмір ұстатпай құлағынан, Жүрмін әлі тарқамай құмарымнан. Томағасын сыпырам Дүниенің, Сыпырылып түссем де пырағымнан. Бабалардың Ерлігін мұра қылған, Көкірегімнен көк өзен жыр ағылған. Суырылмай қайтемін семсердейін, Жерім қан мен көз жасқа суарылған. Сан қайралып шарықтың боз тасына, Ойран салам жаулардың ортасына. Қала қанша даламда бой көтерген, Туған елдің шыланып көз жасына. Кім кінәлі? Ал бұған кім кінәлі? Жауап таппай бұған да жүрмін әлі. Айналмаса игі еді жоқтау жырға, Азаттықтың күрескер бір күні әні. Көкжиектен қара бұлт көрінгенде, Сұмдар аз ба таптаған төрімді елде. Қақ бөлінген семсерге ұқсайды екен, Тұтас қазақ екіге бөлінгенде. Ата жұрттың жүрегін жаралаған, Ездер аз ба жат күшті жағалаған. Тұтас қазақ екіге қақ жарылып, Бірі – орысты, бірі – елін паналаған.
Дұшпан барда, жау барда жат көрінген, Ар-намысым қамшыдай қатты өрілген. Алты малта жортқанда ас болатын, Заман туған түспейтін ат белінен. Бірақ, бірақ жау басын қалай шабам, Қазақ – семсер болса егер қақ бөлінген. Күнім өтіп жатса да сергелдеңде, Неге өзіме сенбеймін – ел сенгенде. Қараулықтың бәрібір басын шабам, Қақ бөлінген ақ алмас семсермен де. ЖАҢАРМАЙ ЕСКІ ҚОРҒАНЫ Жерінен безген құлан – Құрық сап ұстап мінгенім. Елінен безген ұлан – Қасыма ертіп жүргенім. Тауынан безген қыран – Түлетіп аңға салғаным. Інінен безген жылан – Қамшы етіп өріп алғаным. Бағынан безген бұлбұл – Жүргенім түзде сайратып. Тұяқтан қалған дүлдүл – Соғым еткенім жайратып. Жағадан қашқан құрақ – Шылбыр ғып белді буғаным.
Теңізден қашқан бұлақ – Бетімді шәйіп, жуғаным. Қазаққа қазақ қас болған, Осынау сұрқай заманда, – Дүние, шіркін, тас қорған, Бұзуды ойлап, амалда. Табылмады-ау бір ие, Дүние дүние болғалы. Көгереді деме Дүние, Жаңармай ескі қорғаны. МҰРАТҚА ОНДА ЖЕТКЕНІМ Үндеме дейсің, үндеме, Берілді онда тіл неге? Дүниеге бола тозатын Күресіп мені жүр деме. Жапсаң да көрдей түрмеге, Бағымды менің күндеме. Тай үшін қасқыр жеп кетер Күресіп мені жүр деме. Қатер бұлт барда төнетін, Мен бе екем жанбай сөнетін. Күресіп мені жүр деме Тоқтыға бола өлетін. Айбатым тұрса Айға асып, Отырам қалай жайғасып. Қан кешіп мені жүр деме Билікке бола шайқасып.
Дүниені жуып, ағартып Өзгертем бәрін жаңартып. Хан тағын қайтем, тұрғанда – Азамат ердің бағы артып. Өзімді мың сан қол көріп, Басына қазан төңкеріп, – Қасарысқан қатал тағдырды Қыңсылатам атқа өңгеріп. Сындырса да жаулар жағымды, Сындыра алмас сағымды. Айырбастаман ханның тағына, Күресте туған бағымды. Сыпырып құлдық шекпенін, Теңдікке жетсе текті елім. Бұрынғының Аяз биіндей, Мұратқа онда жеткенім. ТҰҚЫМЫ АЗЫП ҚАЗАҚТЫҢ Біздерден кейін сомдалып, Азамат ерлер туар ма? Шашақты найза қолға алып, Кегімізді біздің қуар ма? Сарқылар су да біртіндеп, Тартылып жатса қу арна. Көкорай шалғын артта қап, Беттеп бара жатқандай Сезінем ылғи қуаңға.
Азғаны емей, немене, Міне алмаса егер баласы Әкесі мінген құланға. Келгендер билеп шет жерден, Ел іші толды бақсыға. Махамбет туған текті елден Бақан бет туса жақсы ма?! Жүргендер кілең тызақтап, Мұңымды дұрыс ұғынсын: Кетсек егер ұсақтап, Жасқанып қай жау бұғынсын. Көкірегіме шерлі күй толған, Мен қашан сертте тұрмадым? Аламан жұртқа би болған Атама жете тумадым, Әкемнен өте тумадым. Өкірген теңіз секілді Өкіріп сосын туладым. Болашақта туған ұрпағым Боркемік, қанжау болар деп Көзімді жасқа буладым. Көркіне көңіл толатын, Аршын төс ару қыз қайда? Ұлтқа тұтқа болатын Егеулі найза ұл қайда?! Шұғыла шашып далама, Тумаса ерте Азат күн. Тұқылы ғана қала ма, Тұқымы азып қазақтың.
КҮН СӘУЛЕСІ МЕНІ САҒЫНЫП Адаспай әділ жолымнан, Сұстанып суық қарама. Тегеурінді темір қолымнан Көк найзам сусып бара ма. Азаптан қалай құтылам, Азат күн тумай далама. Тілекке жету қалайда – Қағылған шеге санама. Бағаналы терек жарылып, Дүние тұрса тарылып, Ой кешем үйде сарылып; От кешем түзде сабылып, – Басына қатер төнгенде, Қасынан жұрттың табылып. Исатай – өлген, мен – жалғыз Жортамын қылыш тағынып. Қау шөптей қалың көп тобыр Не істейді маған жабылып?! Тұс-тұстан жауым ағылып, Оқ атса заман қағынып. Сол жолда өліп кетсем де, Құлшылық қылман бағынып. Гүрзімен бастан соқса да, Кірмеймін жерге қағылып. Жерге егер кетсем қағылып, Моламды жатар аймалап, Күн сәулесі мені сағынып…
КӨҢІЛДІҢ ӨЗЕНІМЕН ҚАЙҒЫ АҚҚАНДА Құлақта өксігі мен зары қалған Дүние – сіңірі шыққан кәрі тарлан. Жастық шақ – көрген түстей кете ме өтіп, Тірлікте болмаса егер бәрі жалған. Жоғалған бәрі қайда көңілдестің, Күндер көп көтермеген көңілді ешкім. Күн кешсем қоңыр күзде қоңырайып, Сарғайып сары күзде өмір кештім.
Бақ күтіп тұрмаса да теңбіл белде, Білекті қуаттанам мен түргенде. Өтемін мұз үстімен арғы бетке, Көңілдің өзенінде сең жүргенде. Арманым жүрегімді сыздатқанда, Айналам атан күшке сұсты ақпанда. Өзімді сезінемін тағалы аттай Көңілдің өзенінде мұз қатқанда. Сұм ажал төнсін, мейлі, қай жақтан да, Түнімен жортам ылғи Ай батқанда. Қайғыны қайық етіп жүзіп өтем, Көңілдің өзенімен Қайғы аққанда…
ДАЛЬДІҢ МАХАМБЕТТІ ҚАЙРАУЫ Сардар ақын “Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің” авторы В.И.Дальмен жақсы таныс, дос-жар, сырлас болған. Тарихи деректерден. Қарау күштің алдында бүгілмедің, Болашақтан себебі түңілмедің. Нарын құмын ашумен талақ етіп, Бұралқы иттің жортақтап күнін көрдің. Оу, Махамбет, сенемін жүрегіңе, Жарық күні боласың түбінде елдің. Сардалаға келсе егер жаттан кісі – Қараулықтың қазаққа ол батқан тісі. Алтын бесік ел іші қайдан болсын, Ала тайдай бүлініп жатқанда іші. Азаматсың Ар жолын қуған қалап, Күннің көзін тұрады кім қалқалап. Халық мұңын бұрқанып жырлау үшін Туған жансың Анаңнан мұң арқалап. Жүрегің – өрт, көзің – от, өрт – денең де, Мәңгі, Маха, жасайсың текті өлеңде. Бұған анық менің де көзім жеткен, Жорық жырың, күйіңді зерттегенде. Сұм замана қағынып, бүлінгенде, Кім өшірсін өр дауыс үніңді елде.
Болашақтың көзінен көрем сені, Болашақтың көзіне үңілгенде. Жарқын-жарқын естіліп күлкің күнде, Жұпар атып тұрасың қыр гүлінде. Боз ағаштан биіктеп, алаулайсың – Шапақ атып боз таңның кірпігінде. Қарайғанның бәрінен қуғын көріп, Жүрмін деме тағдырдың сүркілінде. Қара бура бұйдасын үзбегенде, Бұрқ-сарқ қайнай ма түз-белеңде. Азаттықтың жолында азап шеккен, Азаттықты адамдар іздегенде. Найза ұстатқан өзіңдей шекелі ерге, Қаны адамның төгілмес бекер жерге. Ғасырлардың қайғысын жарып өтіп, Сен аңсаған Азаттық жетер елге. Мың күн майдан болса да, мың күн егес, Оу, Махамбет, байырғы күлкіңе көш. Ат үстінде күн кешкен сардар елге, Азаттықтың келмеуі мүмкін емес.
ТУЛАП ЖАТАМ КӨРДЕ ДЕ… Көл қорыған қызғыш құс көлден кеткен, Ел қорыған Махамбет елден кеткен. Бұл күндері ойласам, жолбарыстың Күні қараң екен ғой белден кеткен. Мысық – тағдыр мені де тышқан көріп, Не өлтірмей,
не жемей ермек еткен. Махамбеттің басынан бақ таймаса, Күндер қайда семсерін сермеп өткен?! Бақ көрдім бе арыстан айбатымнан, Таптым ба опа жолбарыс қайратымнан. Қорқыт көрі секілді қайда барсам, Борай соғып алдымнан Қайғы атылған. Бұла күштен не көрдім қырға атылған? Торғайдаймын тұзаққа шырматылған. Қара құйын жолымды кес-кестейді, Сайқалдайын би билеп бұратылған. Жылан болып мойныма оралмасын, Жолдың шаңы ізімнен шұбатылған. Тістенгенде тістерім шақырлайды, Тас секілді күтірлеп уатылған. Теңдік қуып не түсті тебінгенде, Қара терге терлігі желінгенде? Досқа күлкі, дұшпанға таба болдым, Күшім жетпей жауымнан жеңілгенде. Өліп кете жаздадым намыстанып, Зеңбіректі әскерден шегінгенде. Туған елдің соңғы ері болмасам да, Кісі бар ма алатын кегімді елде?! Теңдік алып берсем деп текті еліме, Жоқ, өкінбен! Мен азап шеккеніме. Қуанамын мен қайта нар халқымның Санасына сәуле боп жеткеніме. Тулап жатам көрде де Арманда өлген Сарбаздардың айналып кектеріне.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ ЖОРЫҚ КҮЙЛЕР ЖЫР БОЛЫП АҒЫЛҒАНДА “ҚАЙРАН НАРЫН” Қайғы жұтып жатырсың қайран Нарын, Қайнамасын қызынып қайдан қаның. Жұрт оңа ма сыйдырмай ел ішіне, Қуғындаған ит қосып пайғамбарын. Тобырлардың тозаңын жұта берсең – Кімге дәрі қылыш боп қайралғаның. Не көрмедің Дүние жаралғалы, Ақты қанша төсіңнен адам қаны. Көкірегіне көрмеген сәуле ұялап, Қайран қазақ көр соқыр қараңғы әлі. Жүрмек едің жұртыңды өрде көріп, Бермеді ырық қу заман жөнге көніп. Жаттың қанша қансырап сарбаздайын Жанарыңда Дүние дөңгеленіп. Сені еске алып кей-кейде таңданамын, Секілдісің Жалғызы арлы Ананың. Сенсің, Нарын, үстіне сауыт киген Көзсіз батыр өлкесі сар даланың. Жаралды екен сірі боп қайдан жаның, Қайта түзе жұртыңның тайған бағын.
Қанды ұрыста мың өліп, мың тірілген Көзсіз батыр өлкесің, қайран Нарын. Қайғы-мұңың көп әлі тарқамаған, Жан нұрыңды сездірмей қалқалаған. Саған жетер жалғанда өлке бар ма, Ғасырлардың Ерлігін арқалаған. Шексең де азап тым ауыр дүре көріп, Өлке емессің сұлаған жүрегі өліп. Ата Ерлігін қазақтың бойда сақтап, Келе жатқан Ғасырсың түрегеліп.
“ЖАЙЫҚ АСУ” Сең жүрген суық көктемде, Аңырып тұрман өткелде. Жайықтай талай тасығам, Жайықты жарып өткенде. Бұйырмасын мені айыпқа, Асу бермес асау Жайық па?! Толқынын жарып өтерде Айналар Қайғым қайыққа. Буыршындай мұзға жығылған Махамбет серттен тайып па?! Тілекке жетпей тынбаймын, Кетпесем сіңіп ғайыпқа, Бұйырма, Жайық, айыпқа. Асу бермес Жайық сен бе едің, Аса алмайтын ақын мен бе едім, Мұзыңды бұзып тіземмен, Құлашымды Айға сермедім. Сенсем де мінген атыма, Қатынға бірақ сенбедім. Қарысқан қысыр тағдырдай Теңдікті жауға бермедім. Өмірін елге арнаған Ер жігіт қайда бармаған. Жарқылдап жауды жеңе алмас, Жайықтан аса алмаған.
“ЖОРЫҚ” Теңдік қуған Нарын құм мекенімде, Мұратыма мұқалмай жетемін бе, Көкірегімде жорық күй бұрқақ атса, Ерулі атым зар желген жетегімде. Дауылпаз күй дауылдан жаратылған, Сардар етіп сені де дала туған. Жер мен көкті сілкілеп бір тазартшы, Ұлы дауыл тудырып қанатыңнан. Теңіздейін бұрқанған дауыл тілеп, Қауым жүдеп барады, ауыл жүдеп. Жорық күйім жорыққа баста еліңді, Қыран құстың бәрі де қауымды деп. Қаһарына кім мінсін қорлық көрмей, Сал бөксеге айналды ел жорыққа ермей. Жолындағы бөгетті қалай бұзсын, Тасқын судың арнасы толып келмей. Мал соңында салпақтап жүре берген Жұрттың асау бұлқынбай жүрегі өлген.
Елдің ашық аспанын бұлт шала ма, Алатау боп намысы түрегелген. Намысты емес, Малыңды жоқтағасын, Жұртым, әлі қабақты көп бағасың. Сал бөксеге айналдық асыл ерлер Бес қаруын түгендеп жортпағасын. Жауға тимей мүлт кеткен оғы талай, Шашыла ма бұ жұрттың жолына арай. Бес қаруы тірлікте түгенделмей, Түгенделсін қазақтың жоғы қалай.
“ЖҰМЫР-ҚЫЛЫШ”
Қаптағанда қасқырлар даламда өріп, Жорттың бірге жорықта маған еріп. Жұмыр-Қылыш, сен мені көп қорғадың, Көкірегі жыр толы ғалам көріп. Қынабымда тыныстап сен жатқанда, Жеңетұғын жау бар ма мені ақпанда. Мені атқанда жүзіңді оққа тостың, Оққа тостым кеудемді сені атқанда. Бұлақтайын бұлқынып тулап аққан, Самайымнан сорғалап тер аққанда. Қансыраған жүрегім шегінгенде, Жалғыз сенсің қуынған кегімді елде. Суырылдың жарқ етіп қынабыңнан, Ар-намысың күш жинап тебінгенде.
Шайқастарда майысып сен сынбадың, Дауылдарда қайысып мен сынбадым. Ғасырлардың кеудесін қақыратқан Жұмыр-Қылыш, сенен де шер тыңдадым. Қилы-қыстау кезеңде сен сатпадың, Ел ақтамай сенімді сен ақтадың. Сардар басым саудаға түскен кезде, Қынабыңның ішінде сен сақтадың. Жарқ-жұрқ етіп сілтендің жауға бермей, Саңқылдап та сөйледің дауға бермей. Пайғамбар да пайғамбар атанбаған, Құзар басын бұлт шалған тауға келмей. Қара тобыр намысын жерлегенде, Кімге сенем қылышқа сенбегенде, Қиып, кесіп түспеген кезің жоқ-ау, Кекке малып жүзіңді сермегенде. Жаным менің өзіңмен бір түледі, Құлын-жүрек қай жаудан үркіп еді. Дұшпан неге көбейген, Жұмыр-Қылыш, Сілтей алмай жүрмін бе, Кім біледі?! Соны ойласам, Тау тұлғам сілкінеді. “ҚИЫЛ ҚЫРҒЫНЫ” Түнде көкте тұлданып Ай тұтылды, Күндіз көкте тұлданып Күн тұтылды.
Басталғанда Қиылдың қан қырғыны, Қызыл қанға жайындай құм жұтылды. Қанды ұрыстан жер мен көк тітіркенді, Жыртық дүние өлікпен бүтінделді. Қызған кезде Қиылдың қан қырғыны, Кім шақырсын жөн айтып бітімге елді. Сұм сойқаны басталған кешкі бестен, Сұсты ажалдың ызғарын кешті ме ескен,– Қанды ұрыста кімді-кім мүсіркесін, Қанды қылыш сермесіп кескілескен. Адам қашан өзара келіседі, Неге өштесіп, егесіп керіседі?! Алып ұрып бір-бірін жанышқанда, Аттары да ышқынып тебіседі. Бөрік киген бөрідей жұлқысқанда, Қаймақ етіп Қайғысын ел ішеді. Ұшып егер кетпесе қанат сұрап, Тастамасын кімді еттей жарақ турап. Жуған еді даланың омырауын, Қырғынында Қиылдың қан атқылап. Жүрмегесін өзара сағынысып, Жетсін қалай Бақ болып бағына ұшып. Қиыл қырғын тыйылған Біткен кезде– Бір-бірінің адамдар қанын ішіп. Бұқа мойын, бура күш тау бұрылған, Қазаққа ылғи соқтығып, жау ұрынған. Әлі күнге тұрғандай қан атқылап, Қызыл қырғын Қиылдың сауырынан.
“ИСАТАЙДЫҢ АҚТАБАНЫ-АЙ!” Исатайдың жем беріп баптағаны – Оқтан ұшқыр ор қоян Ақтабаны. Ақтабанның үстінде жүрсе сардар Қайдан тисін жеріме жат табаны. Анасынан Ақтабан туған шығар Жау оғынан сардарды сақтағалы. Азамат ер сыбанып бақ қуады Қара жерге қалтырап қақ тұрады. Жаугершілік заманда ел қорғайтын Сардарларға лайықты ат туады. Жанарына жарқылдап жасын толған, Асыл ердің аты да асыл болған. Аты жақсы жігіттің, жары жақсы, Айбар сұсы кімнен де басым болған. Исатайға қалайша жат күледі, Егескеннің жүрегін қақ тіледі. Қандай сауыт үстіне киген болса, Соған лайық осқыртып ат мінеді. Қыран құстың баласы тауда түлер, Исатай ма жалғаннан сауға тілер. Дауға мінер атына сенбесе де, Сенеді ылғи атына жауға мінер. Исатайды ажалдан сақтағалы, – Арғымақтың бұйырған Ақтабаны. Жау қолына егерде тастамаса, Сардар ердің сенімін ақтағаны. Қан қырғында Исатай өле қоймас, Оққа бұрын ұшпаса Ақтабаны.
“ТАРЛАН” Тарланым-ай! Тарланым өрге тартқан, Алысқа оғың ұшатын дөңнен атқан. Сен күркіреп шапқанда – Рухтанатын Аруақтарға жан бітіп көрде жатқан. Неге қатты соғылдың жарға бұлай? Аңқау жүрек, ақ көңіл тарланым-ай! Өзі беріп, жаныңды өзі алды ма, Фәни жалған секілді жалған-Құдай. Ойда жоқта көз жазып сенен, аға, Айдалада аңырып қалғаным-ай! Көңілімнің көлдерін тұнық көрген, Тарланым-ай, ішінен тынып келген. Азамат ер сендей-ақ болар, бәлкім, Көкірегінен жүрегін жұлып берген. Ұран болып соңында серті қалған, Исатайсыз ел – жетім, жетім –арман. Ар-намысты басынған жау бар ма еді, Қатар жортып жүргенде екі тарлан. Көк бөрі рух Күнге де, Айға да ұлып, Күңіренген таулар да шайқатылып. Сардаланы тұмандай басып тұр-ау, Ата қазақ жерінен Қайғы атылып.
Серттен таймас ер едің Ар ойлаған, Жағдайына жұртының қарайлаған. Арқар кеуде азамат мерт бола ма, Арқарлардың бойында қаны ойнаған. Солмасын деп Тіршілік желісінде, Ел үшін де шайқасқан, жер үшін де, – Сенің арқаң екен ғой, тарланым-ай, Махамбет боп жүргенім ел ішінде. Тартып келем сонда да жоталанып, Бір жұлдызды нысана-жобаға алып. Жұмыр басым қай белде қалар екен, Таудың жұмыр тасындай домаланып. “ӨКІНІШ” Ит тірлікте сұмдықтың көбін көрген Сардар қанша майданның өтінде өлген. Жақсарса егер жағдайым жақсармай ма, Ала өгіздей өкіріп өкінгеннен. Дұшпан қаптап жүргенде анталаған, Өкініштен көздерім қанталаған. “Халық! Халық! деп шауып, пенде екенмін Етек-жеңін жинақтап қамданбаған. Абыз қайда Ар сөзін салмақтаған, Ел-жұрт қайда ақынын ардақтаған?! Жауға шапқан ерліктен пайдам қайсы, Өкініштен көзімде қан қаптаған. Ер қадірін біле ме ер болмаған, Мал қадірін біле ме мал бақпаған.
Өзек өртер ақ жалын өкініштен, Сардар ермін тағдырдың отын ішкен. Шырақ алып ізіме түсуде әлі, Жаралғандар сойқанды содыр күштен. Жігер-отым лапылдап жетілді іштей, Жалғыз-жарым жұлқынған жетім күштей. Жарық Жалған – кісіні құрсауынан Шығармайтын қатыбас бекіністей. Запыранына заманның халық тойған, Махамбет те сарсылған жалықты ойдан. Бекіністің ішінде көз жұмады, Сыртқа атылып шыға алмай қалып қойған. Бағаламай өз күшін шектесе – ер, Сұм жалғанның азабын текке шегер. Бұзбай қалай шыға алам бекіністен, Шыбын жаным көкке ұшып кетпесе егер.
“ШІЛТЕРЛІ ТЕРЕЗЕ” Ауылыңа сағынып күнде келген, Мен – бір сұсты мергенмін пілтеленген. Ару жүзің көрініп қала ма деп, Терезеңе қараймын шілтерленген. Көңілімді сиқырсың күнде бөлген, Неге сенің терезең шілтерленген? Көп ұзамай қалармыз жолығысып, Түсім егер шын болса түнде көрген. Бауырыңда ыңырсып жұмарланған, Ару құшып, сүюге кім арланған?
Сенің шілтер құрылған терезеңдей, Дүниенің көзі де мұнарланған. Бізді, қалқам, қоса ма, қоспайды ма, Түлкі құйрық алдамшы мына Жалған. Жүрегімнің бір тамшы жасы емес пе, Жанарыңа мөлт етіп тұна қалған. Терезеңді ұста ашық – шілтерлеме, Ғашықтарды қоспайды күндер неге? Жүрген жоқ па сыздатып кірпігіңнен – Жүрегіме қадалып кірген жебе. Өкпе, назға толтырған кебежесін, Махаббаттың білесің ережесін. Шілтер құрмай, қалқатай, ашық ұста, Мені сүйген жүректің терезесін. “АҚЖЕЛЕҢ” Көз алдында сағымды дала көшіп, Азабыңды жүр әлі ағаң кешіп. Сәлеміңді күнде ылғи жеткізеді, Ауылыңнан ақжелең самал есіп. Көңілімнің кісінеп арғымағы, Арманымның жана ма шам-шырағы. Сағынышым болар ма сені аңсаған Сары күздің сарғайған жапырағы. Тағдырыммен ұстасып егескенде, Көп жортатын сардармын белес-белде. Сен екен деп қаламын беттен сүйген Қарсы алдымнан ақжелең жел ескенде.
Жауға шабар қол жинап есті өреннен, Ерте кетіп, үйіме кеш келем мен. Ақша бұлты аспанның жел ұшырған – Орамалың болар ма кестеленген. Бірге өзіңмен тоғайда түнегелі, Өрт жаныңның мен болдым тілегені. Қайда жүрсем алдымды орағытқан Сенсің бе әлде даланың жібек желі. Мұздағанда ызғарлы желге тоңып, Қыран құс та жылынған жерге қонып. Азамат ер құшпасын ару неге, Көкірегі кеткенде шерге толып. Сұстанғанда көзіңде күн күлмеген, Тас түлекке құс бар ма ілдірмеген. Саған қарай жол тартқан сағынышым – “Ақжелең” күй кеудемде күмбірлеген. АҚЫННЫҢ ОН КҮЙІ Мұң торлаған көзімді кілең сүртіп, Бір жақсылық қайдан да жүрем күтіп. Жортып өткен ақынның жорық күйін, Жырға қоспай тұрам ба күреңітіп. Тұлпарлардың кеудеме дүбірі еніп, Жорық күйін жыр еттім күңіреніп. Жігер күшпен жырлауға мен тырыстым, Жігерімді шыңғырған шылбыр көріп.
Қуат-күшім тұрғасын жыр-қаламда, Тербелгендей сезіндім нұрлы алаңда. Күймен бірге өксідім өксігенде, Күймен бірге бұрқандым бұрқағанда. Қуат беріп жаныма көрікті аспан, Жанарыма жұлдыздан көрік басқан. Күймен бірге жарға аттым толқынымды, Қара теңіз секілді көбік шашқан. Жау жібермей далаға қақпа болған, Жорық күйі ақынның баққа – қорған. Арыстандай ақырып салғанда ұран, Менің сардар жүрегім атқа қонған. Шамырқансам, кеудемде сел жүретін, Шақұр-шұқыр соғысып сең жүретін. Жүрегімнен үзіліп жырға айналды, Махамбеттің он күйі мен білетін.
БЕСІНШІ БӨЛІМ МАХАМБЕТТІҢ ӨР РУХЫН САҒЫНҒАНДА
НЕ ДЕСЕ ЕГЕР ЕРЛІКТІ? Тастан да тамыр іздеген, Махамбет – нұры Ананың. Жамандықты жіпке тізбеген, Махамбет – жыры даланың. Махамбет – таудың құлжасы, Сыңары деме егіздің. Махамбет – ашу-ызасы, Дауыл сапырған теңіздің. Ақырып теңдік сұраған, Кеше ме күйін қашқынның. Махамбет – таудан құлаған, Қуаты жойқын тасқынның. Жарқылдап көкте ойнаған, Махамбет – жасын, найзағай, – Болашақ қамын ойлаған, Толықсып туған найзалы Ай. Кешсе де бәрін азаптың, Арымас Алаш арысы. Махамбет – батыр қазақтың Бұлқынған асау намысы.
Көзінен нұрлы жыр атқан Махаңмен ел де еңселі, – Суырылғанда қынаптан Серттен таймас Семсері. Ғасырларға жалғасты Махамбет – күштің солқылы. Бұрқанып соқты жартасты Махамбеттің ақжал толқыны. Қазақ қылқынғанда Махамбет болып бұлқынған,- Жағасы жыртылғанда, Көзіне өжет жыр тұнған. Қасарысқан жауыздықтың Жұлынын үзіп жұлқынған. Ақынның дара тұлғасын, Уақыт бар ма жасырған. Қандай бір зауал тумасын, Махамбет айдын асырған. Жырлаған талай елдікті, Қала ма ерлер тойланбай: Не десе егер Ерлікті, Махамбет дер ем ойланбай! ӘДІЛЕТТІ СОҒЫС ДЕЙМІН… Дүниенің қашан біткен ойраны, Жер бетінен жүр ме адамды жойғалы. Тақта ауысқан жауыз хандар секілді Бітсе ойраны, Басталады сойқаны – Тіршілікті төбесінен ойғалы.
Билік құрған көк орманның орысы – Байтақ дала ер қазақтың қонысы. Дүниенің өзі де, Әділетсіз жаралса, Неге ерлердің басталмасын соғысы?! Кімге жақсы бәйтеректей бұталған, Елім үшін бірақ мен де жұтам қан. Әділетсіз соғысты Тұншықтыру үшін де, Әділетті соғыс өрті тұтанған. Оққа айналып қорғасын, Тіршілікті шалғын шөптей ормасын. Әділетсіз соғыс болса тірлікте, Әділетті соғыс неге болмасын. Кемтарларға беріп ылғи қол ұшын, Қорғап өткен ата мекен, қонысын, – Әділетті соғыс деймін қашанда, Теңдік қуған Махамбеттің соғысын. КЕКТІ АШУЫ ҚАЗАҚТЫҢ Кекті ашуы қазақтың – Махамбеттің көзінде. Данышпан ойы қазақтың – Ұлы Абайдың көзінде. Арыстан сұсы қазақтың – Бауыржанның көзінде. Махамбеті бар қазақтың – Бақан беті де жоқ емес. Ұлы Абайы бар қазақтың –
Сұмырайы да жоқ емес. Бауыржаны бар қазақтың – Ауру жаны да жоқ емес. Бақан беттер ел билеп, Суық қол сұқса мұраға,– Сұмырайлар жерге илеп, Сұрайды жұрттан сыбаға. Ауру жанның сырқаты Қоғамға жұқпай тұра ма?! АСҚАҚ РУХЫ ҚАЗАҚТЫҢ Атадан арлы жол қалған, Сардардан қалың қол қалған. Асқақ рухы қазақтың Махамбет болып сомдалған, Ұлы Абай болып толғанған, Бауыржан болып қомданған. Тауларым заңғар зор қорған, Құс жолы – даңғыл жол болған. Ес жиып, етек жапқалы Арлы Алаш бар ма қорланған. Асқақ рухы қазақтың Қай кезде де қорғалған. ҚЫРЫҚ ПЕН ЕЛУ АРАСЫ Сұм тағдыр сұсты мерген бе, Кететін жайпап желгенде. Асыл көп кеткен өртеніп, Қырықтан аса бергенде.
Қатты боп тағдыр тастан да, Жұлдыз көп сөнген аспанда. Махамбет ақын көз жұмған Қырықтан жаңа асқанда. Жабатыны қалай қайтадан Есігін өмір ашқанда?! Заманда сонау құтырған, Жазмыштан кім бар құтылған. Махамбет батыр өлгенде, Қазақтың айы тұтылған. Ардақтамай арлы ардағын Сөндіргені несі арманын? Өлексе жанға бұл тағдыр Ғұмырын қиған қарғаның. Айналған жандар жасынға, Тұра ма кетпей ғасырға. Ғұмырын берген қыранның Махамбет сынды асылға. Өлексе, боқты асаған Қарғалар жүз жыл жасаған. Қырандар бүріп ұстаған Түлкіөмірді қашаған. Азаттық үшін айқаста, Қалмады ізі қай таста. Қырықтан асқан Исатай Көз жұмған қырғын шайқаста. Даланың сыңсып желі де, Жоқтауда қырқа, белі де.
Қырықтан асып, толғанда Көз жұмған Сегіз Сері де. Тұтылмай көкте тұра ма Ай, Шынар да тұрмас құламай. Жүйткіген аттан жығылған Елуге жетпей ұлы Абай. Ажалға жоқ па шеп-қорған, Көкірегіме содан дерт толған. Елуге жетпей қапыда Кенесары хан да мерт болған. Кезінде зұлым Кеңестің, Шырмауында қалып елестің, – Мұқағали жетпей елуге Жастанған бірін белестің. Қанды ауыз, қасап кең танау, Тағдыр да сұмдық мерген-ау. Өртеніп туған өрендер Өртеніп кете берген-ау. Таусылған амал, шарасы, Жазыла ма жұрттың жарасы, – Асылдар жасар жас болса, Қырық пен елу арасы. ҒАСЫР ЖЕБЕСІ Махамбет мінген боз аттың, Тізгінін неге босаттың? Тоздың ба құрым тоқымдай Ішінде жүріп тозақтың.
Махамбет өлген екен деп, Жетпей ме бәрі тепеңдеп, – Қазақтың байтақ даласын Иеленіп лезде кетем деп. Азамат ердің баласы – Елінің алтын жағасы. Жыртылса жаға сөгіліп, Бөлінбей тұрмас даласы. Махамбет батыр өлгелі, Таусылған жұрттың шарасы; Аласы қалып ішінде, Көзінің ағып қарасы, Асқынған жүрек жарасы. Не шара түкке тұрмаса, Азамат ердің баласы. Ақылдан, жолдан жаңылған Уақытта бәрі жабылған. Махамбеттің Басы Ақынның – Басы еді тұңғыш шабылған. Өмір кейде таскерең, Өмір кейде тасшеген. Ақынның басын шапқандар Хан сарайынан бас жеген… Махамбет ақын кім еді? Заманның өжет ұлы еді. Найзағай көкте ойнатып, Күркіреп өткен күн еді. Өлімі қайран ақынның Елдікке түскен сын еді. Махамбеттен кейін қай ақын Азуын Айға біледі.
Әлі күнге Рухы оның Арыстан айбар, айбатпен, Жолбарыс жүрек қайратпен Түсіме ылғи кіреді. Халқыңды, Маха, жебеші, Батпасын суға кемесі. Тыныштықты ұшқан күзетіп, Ғасырдың сенсің жебесі. Далаңды әлі кезіп жүр Қараулықтың қорқау елесі. Атылған оқтан шұрқ тесік Дүниенің сұлу денесі. Демеші, Маха, жебеші! БАТЫР БОЛМАУЫ МҮМКІН ЕМЕС АҚЫННЫҢ Босап белден белдігі, Қай сардардың кепкен еді терлігі. Сенің бірақ ерлігіңнен көрсеткен Артық еді Исатайдың ерлігі. Жырлап ұлы халқыңды, Бірақ одан сен асырдың даңқыңды. Қарудан да қуатты еді жырларың, Бойға жиған найзағайдай жарқылды. Қараулықтың көк етін Жырың сенің қақыратып сөгетін. Қылыш өтпей мұқалатын тұстарда, Кесіп түсіп, жырың сенің өтетін. Айбаты Ай жасырған Батыр да өзің жаратылған жасыннан.
Құдай берген ақындығың болатын Исатайдан айдыныңды асырған. Жайған көкке даңқын мың, Кім кіші емес алдында асқар халқының. Нағыз батыр, мүмкін, ақын бола алмас, Батыр болмауы мүмкін емес ақынның. МАХАМБЕТТІҢ ЖЫРЫ Жолбарыстың жаралған қайратынан, Арыстанның жаралған айбатынан, Махамбеттің жыры да Айға атылған. Өжет ақын күркіреп жыр оқыса, Кең дүние теңселіп, шайқатылған. Қынабынан қылышын суырғанда, Райдан қайтып, Махамбет құбылған ба. Қызу қанды жырлары өртке айналып, Дүниені жылытқан суынғанда. Ара түсіп халқының тағдырына, Көк аспанның айналған жаңбырына, – Отты, өжет жырлары қызу беріп, Тіршіліктің құйылған тамырына. Қабағына қараған қара бұлттың, Білместігі кей-кейде бар-ау жұрттың. Махамбеттің әр жыры бір-бір жебе, Кеудесіне қадалған Қараулықтың. Атқан оғын алысқа аңыратқан, Ақын жыры ханды да қалтыратқан.
Өжет жыры айналып найзағайға, Қара бұлтты тілгілеп қақыратқан. Айналса егер ақиық ақын тауға, Зобалаң күн бере ме дамылдауға. Махамбетжыр елімнің ерлік жыры, Қарсы ақырып ұмтылған қалың жауға. Зұлым көрсе бұрылып, тоқтай қалып, Ақын жыры шыңғыртқан шоқтай қарып. Қатер төнсе ысқырып неге ұшпасын, Махамбеттің жырлары оққа айналып. Күні бар ма көңілге қауіп түйген, Еншісіне ақынның шабыт тиген. Махамбеттің жыры да, білсең егер, Кілең сардар үстіне сауыт киген. ОҚЫҒАНДА ЖЫРЫҢДЫ… Жырың алмас семсердей өткір еді, Содан менің көңілім көп түледі. Жер мен көктің арасын жалынға орап, Оқығанда кеудеме өрт кіреді. Өжет мінез әсерден кім арылған, Қай қазақ та жырыңды тұмар қылған. Ақ алдаспан емес пе жырың сенің, Ызакекке, ашуға суарылған. Қасқыр итке таланып дүбірлі елде, Мына өмірден кей-кейде түңілгенде,
Жанарыма жарқ етіп шоқ түседі, Ойлы көзбен жырыңа үңілгенде. Аға көрмей үлкенді, жаға көрмей, Бала дана бола ма данаға ермей. Шамырқанған от жырың жасығанда, Сілкіндірген сілкінген қара жердей. Маха, сені заман ба жанықтырған? Ата ерлікті бетіңе салық қылған. Буырқанған жырларың көзің сынды, Жел үрлеген шоқтай боп жанып тұрған. Заманға да кейде ақыл кеш кіреді, Махамбет-жыр қалайша ескіреді?! Айбат шеккен арыстан жырларыңнан, Арыстанның дауысы естіледі. Жырың кейде найзағай шатырлаған, Тағдырды да сүйретіп тақымдаған. Қопарылған таулардың – жырың сенің – Соғылысқан тастары шақырлаған. Мына фәни жалғанда мың құбылған, Талай мәрте жүрегім қуырылған. Жырыңды оқып, Айналғам семсерге де, Қынабынан жарқ етіп суырылған. Сырласатын дос таппай төңіректен, Сен секілді бізден де өмір өткен. Жырыңды оқып, айналғам садаққа да, Адырнасын өгіздей мөңіреткен.
Бұрылмауы мүмкін бе бақ қарамай, Рухың мені сүйресе сапқа қарай. Оқығанда жырыңды, аруақтанып, Қонғанымды білмеймін атқа қалай.
АРУАҒЫҢ, О, МАХА, ҚОЛДАСА ЕГЕР О, Махамбет, рухыңа жүгінгенде, От шашырап жатады түгімнен де. Қайта еңсемді тіктеймін, белім менің Қаратаудай қайғыдан бүгілгенде. О, Махамбет, рухыңа жүгінгенде. Тумағасын өзіңдей батыр әлі, Шайқалуда қазақтың шаңырағы. Демеп жібер, рухымның қалған жоқ па, Ызғырықта қалтырап жапырағы. Бастау көзі бітелген атыраптай, Көңілімнің өзені жатыр ақпай. Қолдамасаң бола ма, Ар-намысым Жатқан кезде тапталып жапырақтай. Қуат берген, күш берген жиі еліме, Тәуеп етем өзіңдей киеліме. Жығылғанда рухыңа сүйенемін, Тұрсам да атып сүйеніп сүйегіме.
Етегім де ит тартып жырымдалған, Құрыш денем құбырда сығымдалған. Даусым қалай жаһанға естіледі, Көмейімнен үн шықпай тығындалған. Сыртқы жауды тұрғанда далам жасқап, Неге алау боп жанбасын қалам маздап. Бостандыққа бұлқынып әзер шыққам, Тілімнен де ажырап қала жаздап. Қыл тамақтың оқ тимей сағасына, Дүние, шіркін, түсе ме сабасына. О, Махамбет, құтқаршы жауыз қолдан, Азаттықтың жармасқан жағасына. Түзелгенде қайран жұрт мың алжасып, Жолдан енді тайдырсын кім арбасып. Бодандықты көксеген жарықшалар, Сенің де әлі жағаңа жүр жармасып. Жақсылыққа сұм көп те сүйінбеген, Жаным менің қай кезде күйінбеген. Шайқасайын үстіме киіп алып, Рухың сауыт болса егер киілмеген. Бара жатқан мезгілде бәрі уақтанып, Сорламайын рухыңнан ажырап қалып. Аруағың о, Маха, қолдаса егер, Атқа қонам қалайда аруақтанып.
МАХАМБЕТ АҚЫН БОЛАР МА? Безінген құлан қағынан, Қағына қайта жолар ма? Безінген бұлбұл бағынан, Бағына қайта қонар ма? Сонарда шыққан аң аулап, Құлаштап қасқыр соғар ма? Жана алмай қалсаң алаулап, Кеудеңе жалын толар ма? Қақаған қыстың ішінде, Қаптама киген тоңар ма? Туғандар өжет пішінде, Матадай түсі оңар ма? Жайқалған гүлдер көк белде, Тамыры өлмей солар ма? Көп болса батыр текті елде, Қарулы дұшпан жолар ма? Жүргендер билік басында, Алысты барлап шолар ма? Қинала қалсаң, қасыңда Махамбет ақын болар ма?! МАХАМБЕТТІҢ ЖОҚТЫҒЫ БІЛІНГЕНДЕ Қараулықты інінен суырғасын, Ықыласты қалайша жын ұрмасын.
Жұмыр Басын шапқаны Махамбеттің, Шапқаны еді Ерліктің Жұмыр Басын. Жұмыр Басы Ерліктің шабылғасын, Шаңырағы неге елдің шағылмасын? Қапы соғып, Ерлікті Ездік жеңсе, Неге ендеше қылышын тағынбасын. Махамбет жоқ, Сенемін енді кімге, Тап болғанда ызғарлы желді күнге. Содан бері тумады бір Махамбет, Сын емес пе кең құрсақ елдігіме. Қызғыш құс та жоғалып көл қорыған, Үміт жанбай көк шөптей ерте орылған. Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын, Ұлықтар да ұры боп ел торыған. Қиын-қыстау кезде де жер болмаған, Көңілдерді бұл күнде шер торлаған. Махамбеттің барында Билік сорлап, Жоқ кезінде қара орман ел сорлаған. … Заманында қаптаған бақан беттің, Ерлік болып сен қашан маған жеттің? Ел ішінде білініп қалады ылғи Жоқтығы әлі өр мінез Махамбеттің. Әзер көріп жүрсем де күнімді елде, Запыраннан жүрегім тілінгенде, – Махамбетке айналып кетсем деймін, Махамбеттің жоқтығы білінгенде.
МАХАМБЕТ – РУХЫ ҰЛТЫМНЫҢ Махамбеттің жыры кезінде, Еш жерде жарық көрмеген. Ендеше ақын емес пе? Махамбет сардар кезінде, Жекпе-жекке шығып көрмеген; Шашақты найза қолға алып, Жауына жалғыз төнбеген; Жағаласып, айқасып, Қолында оның өлмеген. Ендеше батыр емес пе? Махамбеттей ақынның, Батыр болмауы мүмкін бе? Махамбеттей батырдың, Ақын болмауы мүмкін бе? Жақсылығы көзге елестеп, Жылы жел алдан ескенде. “Махамбет батыр емес” деп, Жүр айтып кімдер есті елде?! Естимін деп пе бұл сөзді, Махамбет қырғын кешкенде. Жантықтар өсіп жалданған, Қасиет кеткен заманда, – Не дейсің сұмға сандалған, Найзағай ойнап санаңда. Іздесін найзаны қайдан, Туғанда зауал қайғы артқан. Махамбет найзағайдан Шумақтап суырып жай тартқан.
Махамбет – ата қазақтың, Арыстан сұсты айбаты. Махамбет – ата қазақтың, Жолбарыс жүрек қайраты. Махамбет – ата қазақтың, Қызыры елге түстенген. Махамбет – ата қазақтың, Шарасыздығы тістенген. Теңізін кешіп азаптың, Төгілген шер боп құсасы, – Махамбет – ата қазақтың, Бұрқанған ашу-ызасы. Жортса да құмның Нарында, Азамат ердің арысы. Махамбет – асау қаныңда Тулаған қазақ намысы. Аруақтанып жауын жапырған, Құрағындай орып жағаның,– Махамбет – теңіз сапырған, Дауылы кекті даланың. Махамбет – ақбас Алатау, Айдан да асқан айбыны. Махамбет – қайтпас Қаратау Қайыспай көтерген қайғыны. Махамбет – желбіреген Өр рухымның Байрағы, – Елім деп еңіреген Ерлердің намыс қайрағы.
Алдында кімдер тақ тұрмас, Мерейі үстем жұртымның. Кеудесін жауға бастырмас, Махамбет – рухы ұлтымның. МАХАМБЕТТІҢ СУРЕТІ Тірлік қуып жүргесін дүбірлі елде, Ой кешесің күнімен, түнімен де… Махамбеттің көзінен қайғы көрдім, Суретіне байыппен үңілгенде. Тұнжыраған көзіндей айдын көлдің, Жанарынан мұң көрдім айбынды ердің. Күңіренбей қайтеді ақын жаны, Арқаласа қайғысын қайғылы елдің. Жанарында мұң тұрды мен көрмеген, Қайғы тұрды көзінде сен көрмеген. Сол суретке қайыра үңілгенде, Және көрдім серіні серті өлмеген. Махамбеттің майданы бітпек емес, Күні бар ма семсер боп сермелмеген. Жігерімді жасытпай шұғыл ұштап, Сол суретпен жүрегім жүр тыныстап. Дүниенің күзетіп тыныштығын, Махамбет тұр суретте қылыш ұстап. Тұла бойы елімнің толған күштей, Болашағын көп ойлап, толғанды іштей. Қай жау бізді басынсын Тұрған кезде – Махамбеттің қылышы қолдан түспей.
Көңілімнің көзіне шуағы өріп, Сақтап жүрмін суретті мұра көріп. Атқа қонар секілді жау төнсе егер, Сол суреттен Махамбет шыға келіп. МАХАМБЕТТІҢ БҰРЫНҒЫ ЕСКЕРТКІШІ Ол туған жер – даланың күшті өңірі, Қайда ақынның ышқынған құс көңілі? Ескерткіштен тіпті де сезілмейді, Қабағынан қар жауған сұсты өмірі. Жылу сезбей шұғыла мөлдір көктен, Махамбеттің құсамен өмірі өткен. Ескерткіште ақынның қайда ызасы? Тағдырды да өгіздей мөңіреткен. Елдің ері болса егер баққа қорған, Ездері де жоқ емес қатпа болған. Ескерткіштен көрмейсің Махамбеттің Ар-намысын ақырып атқа қонған. Қайда нұрлы жанары сырға тұнған? Буырқанса бұрқанып жыр атылған. Жер мен көктің арасын майдан етіп, Шаңы қайда артында шұбатылған? Махамбетті, азаткер ұлы ақынды, Қара тас қып тұлғасын кім қатырған? Бұл ескерткіш ендеше кімге дәрі, Өрмекшінің торына шырматылған.
… Қара бұлттай басымнан ауғанда азап, Ұлы ақынды қорлама саудаға сап. Ескерткіште Махамбет тірілмейді, Нар тұлғасын тұрғызбай таудан қашап.
ОУ, МАХАМБЕТ! Жоқ болғасын өзіңдей таза сері, Көтеруде даңқыңды қазақ елі. Арлы Алаштың азаткер ақынысың, Дастан етіп аспанға жазам сені. Сен өмірге келгенде дауылдатып, Дауылдатып, көк нөсер жауындатып, – Жан болса да аузымен құс тістеген, Кіре алмаған үстіңе жауың батып. Дауылдатып өмірге сен келгенде, Қара құйын жоғалған желген белде. Серке мінез сертіңнен айнымадың, Ұлы Өмірің өтсе де сергелдеңде. Қайтсем шипа болам деп жаралы елге, Өжет жыр боп тарадың дала, белге. Тағдырыңа қасқайып қарсы тұрдың, Қарсы біткен бұтақтай қара еменге. Қас-дұшпаның алыстан көрінгенде, Қашан сенің сауытың сөгілді елде? – Мен өлемін!- деуші едің қайран Маха, – Ата Ерлігі қазақтың көмілгенде.
Сені кейін қай жауың шегереді? Болашақ күн демегін не береді? Оу, Махамбет, жасасаң мәңгі өмірде, Ата Ерлігі қазақтың неге өледі?! Қуат берген, күш берген елге күнде, Ата Ерлігі қазақтың келбетіңде. Оу, Махамбет, Мәңгісің, Мәңгіліксің, Жасай берер мәңгі өлмей жер бетінде.
МҮСІНШІГЕ Күйікті етем десең жауларды – Өнерде ерлік жасағын. Биіктетем десең тауларды – Рухы биіктерді қашағын. Жетілген өсіп ұлы елде, Бірі едің ойлы естінің. Махамбеттің шіренбе, Сомдадым деп тастан кескінін. Жігер жоқ мынау мүсінде, Жай ғана сарбаз бұл тұрған. Құрсанған әлем ішінде, Махамбет қайда бұлқынған?! Жүрегіне ауыр қайғы артып, Жансың ба ерте суынған. Найзағайдан жасын, жай тартып, Күн көзінен сәуле суырған Махамбет қайда ендеше Елі үшін жанын қуырған?!
Мұңды да жұтқан, шерді де, Сойылын соғып жақынның, – Сілкіндірген қара жерді де, Өр рухы қайда ақынның?! Махамбет өжет пішінде, Оңаша ойға бататын. Арыстандары қайда? Ішінде Аласұрып күркіреп жататын. Махамбет өжет пішінде, Оңаша ойға бататын. Жолбарыстары қайда? Ішінде Жұлқынып тулап жататын. Махамбет енді тумас та, Құм көмген қайнар тұнбасын. Тау да асқақтап тұрмас па, Қашасаң таудан тұлғасын. МАХАМБЕТТІҢ ДУЛЫҒАСЫ ҚАЙДА? Асқар таулар болса егер судың басы, Ер Махамбет емес пе жырдың басы. Ескерткіште неге ақын жалаңбас тұр, Қайда, қашан жоғалған дулығасы?! Сардар еді шайқасып биікте өлген, Жан бар ма әлі Махаңды күйік көрген.
Дулығасын бұл қалай салмағаны, Екі ғасыр басына киіп келген?! Дауыл туған дауылпаз қанатынан, Сардар еді таулардан жаратылған. Дулығасыз Махамбет Махамбет пе, Сомдап соғып құйсаң да таза алтыннан. Қарғыс атқан заманда, қарғыс атқан, Жолына ылғи құрылған барыс-қақпан. Ақындық пен батырлық қатар сіңіп, Махамбеттің қанында жарыса аққан. Талай келген бәйгеден қосқан аты, Ақын қалай тобырдан дос табады. Ақындық пен батырлық – қағып өткен Махамбеттің емес пе қос қанаты. Ескерткіште жабырқап тұрған ақын, Жау шапқанда кісі емес бұрқанатын. Бір қанатын бұл қалай сомдағаны, Сардар ердің сомдамай бір қанатын. Білсең егер Махамбет ер кісі еді, Дулығасыз салғанда не түседі? Серті болса қыл қалам ақындықтың, Батырлықтың дулыға белгісі еді. Сый үзбеген көңілден, күй үзбеген, Туған елдің бақытын жиі іздеген, – Дулығасы ақынның жоғалмаса, Неге, неге басына кигізбеген?!
Анасынан найзағай – жасын тістеп, Тулап туған Махаңды асыл күш деп, – Дулығасын қоса іздеп сарсылдық-ау, Хан Кененің жүргенде басын іздеп. ҚАЗІРГІ ЖАУЫ ҚАУІПТІ Кеңшілігі болар заманның, Ақ күні туса жаманның. “Исатай мен Махамбет Тентегі елдің” – дегендер, Ұрпағы ма ұлы даланың?! Естігенде бұл сөзді, Ойран болғанын-ай сананың! Екі ғасыр өтсе де, Қалмағанын-ай табаның! Исатай мен Махамбет – Көрінген ора беретін Құрағы ма еді жағаның. Баданасын басына баса киген, Атқан оғы жауына Таулардан аса тиген, – Болат сауыт құрсанған Екі тарлан бөрі емес пе, Қасарысқан қарағайдан Қайқайтып садақ иген. Ұран қоспай ұраныма, Жауыздықтың айналған құралына. Ерлеріне елімнің Соқтықпай тұрады ма?! Құрбақалар! Құдыққа құлап өлген Құландардың шықпай ма құлағына.
Қыран көрген тауықты, Қоғам қашан сырқатынан сауықты? Исатай мен Махамбеттің Алысып өткен тірісінде Жауларынан сауытты. Қаламына сүйенген Қазіргі жауы қауіпті. САРБАЗЫ БОЛСАМ ЖОҚ АРМАН Шомылып талай ай, нұрға, Шықпадым шауып қай қырға. Міне алмай кетіп барамын, Махамбет мінген айғырға. Қамшыма сыймай жүргенде, Келмейтін қарсы бір пенде. Жығылып қалсам, қайтемін, Үстіне қарғып мінгенде. Жауларым барда қауіпті, Көңілім қашан сауықты. Кие алмай кетіп барамын, Махамбет киген сауытты. Айналып ұшсам жебеге, Тілекті Құдай бере ме… Махамбет киген ақ сауыт, Шақ келсін қайдан денеме. Күйреген жөндеп кемені, Қақсам да талай шегені.
Тарта алмай кетіп барамын, Махамбет тартқан жебені. Күн бар ма бағам артатын, Болсам да қанша мәрт ақын. Махамбет тартқан жебені, Құдірет қайда тартатын. Қаламын өткір ұштаған, Мен бе екем құс боп ұшпаған. Толғаймын қалай? Найзаны Махамбет толғап ұстаған. Тіршіліктің еміп емшегін, Бекітсе де мықтап ел шебін. Сермеймін қалай? Махаңның Көтере алмай жүрсем семсерін. Сонда да талай қайралдым, Қақсам деп басын сайтанның. Сарбазы болсам жоқ арман, Махамбет ашқан майданның. ҰЛТЫМ – ҚАЗАҚ… Зауал туып келе ме елге азатын, Күлкі болып, етегін желге ашатын. Ата текті кісі көп қазбалаған, Кісі таппай жүргенде кен қазатын. Жау көрінсе атылмай тұра алмаған, Қазақ жұрт па ел болып құралмаған.
Пысық қанша қазаққа қимай жүрген Махамбетті Беріш деп ұрандаған. Қалам сілтеп сен неге Айға шаптың? Қаны таза бұл күнде қай қазақтың. Жаугершілік заманда жұрт емес пе, Бәрін бастан кешірген қайғы, азаптың. Ата тегін ендеше қазбалама, Тегін қазсаң, басыңа қаз қона ма? Қызылбасқа телисің Махамбетті, Жел сөзге еріп, Құдайға жазған, аға! Сені, ағатай, ішіңнен іріткен кім? Көрініп тұр шыққаны сілікпеңнің. Біреулер жүр: Махаңды қолға түскен – Түйір қаны екен деп Түрікпеннің. Жанарыма сөз қанша мұң қаптырған, Жарықшағы жаңғырып құлаққа ұрған. Махаң қалай Жәумітке сатылады, Жайық қаны бойында тулап тұрған... Қатер төнсе мен емес семсер іздер, Қарыздармыз қашанда елге – біздер. Осы бастан кетейін өзім жазып, Қаны таза қазақпын, сенсеңіздер! Қарау ойдың қол артқан жүлгесіне, Аға, саған болды ма күлмесіме. Ұлтым – қазақ деп айтып мен кетейін, Тіке қарап жасқанбай күн көзіне.
Сүйегіме таңба сап, тегімді ертең Қазып біреу, кім кепіл, жүрмесіне. ЖАҚСЫЛЫҚ ПА? Алда қандай заман бар, кім біледі? Қара жер де кей-кейде сілкінеді. Қыстың көзі қырауда жаңбыр жауып, Қыстың күні неге аспан күркіреді?! Бастағалы жүр ме әлде бірдеңені, Ауыстырып мезгілді, жүндегелі. Қыс ішінде сидиған жиде талдың, Жақсылық па бүр жарып гүлдегені. Жақсылықтан жақсылық туындаған, Заман қайда қатерге ұрынбаған. Қасқа сиыр бұзаулап қыс ішінде, Қыс ішінде боз бие құлындаған. Буы бұрқырап, шарпылып өрге демі, Қыстан аман шыққаны, өлмегені, – Көктемеде ауызы көкке ілінген, Мезгілімен малдардың төлдегені. Қыста көктей қоймас-ау қыр дүркіреп, Көктен жаңбыр жауса да мың сіркіреп. Жазда қалың қар жауса, жақсылық па, Қыстың көзі қырауда күн күркіреп.
Жамандық пен жамандық тез қауышып, Жүрген жоқ па кімді де селі ағызып. Адамдардың естері ауысқалы, Табиғаттың бара ма есі ауысып.
ЕРЛІК ҚАЛАЙ ЖАСАЙМЫН Күйкі тірлік ығысып, былай қалып, Жүрмін асқақ рухыңмен шырайланып. Екі ғасыр өткенде алдан күткен – Бір ұрпағың шығармын жырға айналып. Ел ішінде жүргем жоқ текке мен де, Тістенемін кек болып текті өлеңде. Жауға шапсаң егерде, не істеймін, Семсеріңе айналып кетпегенде. Қуатымның тұрғанда күші жетіп, Қыңсылатам тағдырды күшік етіп. Маха, Сізге жыр арнап жазған күнім – Мінген күнім күреңді кісінетіп. Туған елдің тұрғанда қайғысы үдеп, Қанатымен су сепсін қай құсы кеп. Бұла жырға айналып кетпек болып, Көкірегімде тулайды тай кісінеп. Жамандығын кей-кейде шектей білген, Егескенін көрпеге көктей бүрген, – Қабырғалы қазаққа қай кезде де – Сендегі асау намыс қой жетпей жүрген.
Одан өзге нәрсенің бәрі де бар, Жүрегімнің жан бар ма зарын ұғар. Сенің қаның бойымда тулағасын, Көзсіз ерлік жасауға жаным құмар. Арай шашып тұрғанда заңғар Айым, Обалыма менің де қалма, ағайын. Ерлік қалай жасаймын көзім жұмып, Ұсақ тірлік болса егер бар маңайым. ТАҒДЫРЫМ ҮШІН ТАЛАСПАЙ Күн кештің елде қамығып, Шашса да жырың елге арай. Тағдырың үшін жанығып, Тартысқа түстің сен талай. Қазақты қазақ тау көрген, Әділдік қанат жайғанда. Қазақты қазақ жау көрген, Қараулық шықса қайдан да. Заманда мынау арбасқан, Адамға адам жаға ма? Жұлқынып келіп жармасқан, Жаманның қолы жағама. Өзіңдей өжет пішінде, Жүрсем де алға құлшынып, – Тартпа мен папка ішінде, Тағдырым жатты тұншығып. Өмірдің кейде ашынып, Бетіне айтсам сұмдығын, –
Қараулық қару асынып, Оқтаған қара мылтығын. Жүремін қалай тайраңдап, Күйдірмесін неге от қарып, – Өтірік өрде сайрандап, Шындығым жатса сотталып. Жалғызды құртпай тынбаған, Жантықтар жүрген топтанып. Кетпеді менің кімге есем, Жүргенде ылғи жақ ашпай. О, Маха, қалай күн кешем, Тағдырым үшін таласпай?! КӨТЕРЕ АЛМАЙ СЕМСЕРІН ЖҮРСЕМ ЕГЕР… Жүрегімді малсам да арай нұрға, Махамбетті жырлауға жараймын ба? Өткен еді өмірден мұң арқалап, Ол секілді батамын қалай мұңға? Қайық салсам кетпей ме дауыл қуып, Кеме жүзер Махамбет – ақ айдынға?! Шуақ шашып тұрғасын батылға арай, Хас батырға бола ма жақындамай. Махамбеттің жебесін тарта алмаған, Нар тұлғасын сомдасын ақын қалай?! Жарқылына жүрегім шарпылғасын, Жырлау қажет қалайда нар тұлғасын. Махамбеттің сөздері семсер еді, Сөзім қалай семсердей жарқылдасын.
Ұлы ақынның қараймын қабағына, Көз де салам садағы, жарағына. Қалай сомдап жыр жазам, Найзағайдың Түспесе егер ұшқыны жанарыма. Жыр туа ма жаныңды қыстағанда, Айналсаң да түнеріп сұсты адамға. Көп қазақтың бірімін күпінетін, Махамбеттің семсерін ұстағанға. Жаным жырдың азабын күнде шегер, Жырға сенбей тірлікте кімге сенер. Бірақ қалай сомдаймын, Махамбеттің Көтере алмай семсерін жүрсем егер НАМЫСЫҢ, МҮМКІН, ШЫҒАРМЫН Туа сап құмның Нарында, Ойнадың аттың жалында. Қазақтың бүкіл намысы, Тулаған асау қаныңда. Қалғысын неге қаршыға Ар, Қалғысам – рухың қамшылар. О, Маха! Сенің денеңде, Менің де қаным бар шығар. Тамырың – түпсіз тереңде, Тамырым – белде, белеңде.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру