Көлеңкелер күбірі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ақберен Елгезек
Автопортрет Жизнь моя, иль ты приснилась мне.. Есенин Өңім бе еді бұл өмір, түсім бе еді? Мен әлі де ештеңе түсінбедім. Айнадағы бейнеге ұқсасам да, Сол біреуге тартпаған ішімдегім! Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым, Біреудікі – өксігім, жымиғаным. Қарашықтың түбінен оқта-текте Оқылады дыбыссыз жыр-иманым. Кейіпкердей өткен шақ өлеңінде, Ұмыт болдым, Белгісіз дерегім де. Өмір сүріп беймәлім керегі не, Кедергі жоқ адамдар әлемінде. Миллионжылдық секундтар есебінен Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге. Өзім, сірә, тірімін! Қызық екен... Денем отыр бүкшиіп төсегімде... Бір кісі
Менің жұмық көздеріммен бір кісі Жылап отыр... Сондай оның күлкісі. Жұлдыздардан тәспі тартар түн бойы, Иығынан пыр-пыр етіп пір-құсы. Тілеулеске көкте тұрған Айды алып, Көлеңкелі көңіліне қайғы алып, Кірпігімен тамшылаған көз жаспен Жыр ояды құлпытасқа, майда қып... Оның жасы – мыңжылдықтар құрдасы, Оның сөзі – мың мұңлықтың сырласы. Үміт іздер түйсігімнің түбінен, Көк Тәңірден үрейленген сұлбасы. Менің соқыр саусағымды шошайтып, Бәз-біреуге күрсінеді, қош айтып. Содан кейін менен шарап сұрайды. Сіміре сап, тұңғиыққа құлайды, Жүрегімді масайтып.
Бір қазада, еріп келген қорымнан, Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан. Жетімек шал... Орын беріп ішімнен... Содан бері қара дертке ұрынғам. Ол қиялға берілгенде бүрісіп, Менің мүлде жоғалады тынышым. Бір нүктенің мекен етіп бұрышын, Оның түсін мен көремін түн іші. Қаракөк нұр – түсімдегі денесі. Ғұмыр бойы күтер Көктің кемесін. «Құс жолынан» желкен жайған сол кеме – Болашақтың елесі. Қашып жүоген Жаратқан мен сайтаннан, Тыншымайды ішімдегі майталман. Оның түсі өмірім бе, өңім бе, Менің түсім – оның түсі? Айта алман! Санамалап әр аптаны, күн, айды, Өкінеді, Ағыл-тегіл жылайды. Қолындағы сезім шашқан шырағы Аспан жаққа құлады...
Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым. Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым? Жазмышым ше, қара сөз бе, өлең бе, Сыңарымнан сұрағым кеп тұрады. Көк аспаннан мен де күтем кемемді, Ал, сыңарым қалшылдатып денемді. Кірпігімнен тамшылаған көз жаспен Қараш тұрар құлпытасқа өлеңді... Геометриялық ойлар Дәу шеңбердің ішіндегі нүктедей, Мен отырмын қолдарымнан түк келмей. Арманым жоқ өтіп кетсем, түк көрмей. Ақ парақты құлпыртуға үйренген, Бір сызыққа тізіледі сөйлемдер. Өлең жазу қасіретін ақынның, Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем.
...Әлі ешкім оянбаған әлемде, Түсіп жатыр жұлдызданған сөйлемдер, Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де, Мыңдап ақын туғанымен әр елде. Бірақ, біреу төртбұрышты бөлмеде, Кітап қысып шерге толы кеудеге. Жылап-жылап алатыны ақиқат, Келетіні тағы шындық тәубеге. Доға қылып исе сені тағдырың, Онда артында – өкінішің, алдың – мұң. О дүниемен қиылыспаса жолдарың, Бұл дүниеде ажалы жоқ қалды кім?.. Қашан ғасыр қозғалудан жалыққан, Жарық күнді айналады алып шар. Дәу шеңбердің ішіндегі нүктелер, Бір күндері аспан жаққа қалықтар.
Сонда ғана жеңілдейді зілдей мұң, Жұпар аңқып өлең жатар гүлдей бір. Ал әзірше ғұмыр берші, Тәңірім, Үзілмеші шексіздіктің шеңбері!.. Түнгі қонақ Тыныштықпен таба алмаған үйлесім, Жарқылдайды қара бұттар жүйкесі. Жан дүниемнен ашылады түнге есік, Бүгінгі түн – періштелер би кеші! Нәзік гүлдей еліктірмес би кімді? Қызық үшін қидым тәтті ұйқымды. Періштеге қарай қалсам, өртенем, Сондай сұлу, сүйкімді!.. Татып көрсем тыйым салған жемістен, Жүрегімде сансыз сезім керіскен... Сацтан болып шықпаса еді соңыра, Мейірімді періштем... О, Жасаған, Жасаған!.. Күліп жүрмін, жанарымнан жас аға!.. Құшағымнан кете берер сытылып, Шұғылаланған хош ауа...
Бір елесті көрсетеді таңертең, Атталмаған босаға... Аңғалақ Барлық адамның аңғалағы* бірдей келеді Эрнест Мулдашев Пері өмірін келгендей қайталағым, Айна ішінен жаныма жай табамын. Қарашықта жұлдыздар ән салады, Қара аспанның нұрынан Ай толады. Өкінішіне өткеннің өкпелемей, Жерұйыққа ақыры жеткен елдей, Мен өзіме қараймын айна ішінде, Мейірімнен тұтанған от көрердей. Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның, Болашағы киесіз бұл ғаламның. Шиырланған жаһанның тамырымен, Аппақ нұрды қуады түн қараңғы. Түн қараңғы, басады сар Даланы, Кірпігінен дібірлеп шам жанады. Рухым кезіп іздейді кеңістіктен, Беймекенде орныққан шамбаланы.
Өткендердің босаған аңғалағы, Түнегімен үңіліп, жанды алады. Шым-шытырық айнаның әлемінде, Өз-өзімді таба алмай сандаламын... *Аңғалақ – адамның бас сүйегіндегі көз ұясы Пенде мұңы Періште перзент едім ғарыштағы, Рухыма Тәңір тәнді бағыштады. Жаратқанды сағынып жылап жаттым, Жалғанменен еріксіз табысқалы. Елігіп жұлдыздарға жолымдағы, Бағымды жоғалттым ба қолымдағы. Білмеген өлім сырын бала жүрек Шошыды құлпытастан қолымдағы. Аллаға адал қайту антым еді, Шаршатты тіршіліктің шарты мені. Сенделіп екі дүние арасында, Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.
Рухым ұшса ортасы шеңберленген, Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем... Не сұраймын, Не күтем, Нені білем, Мен сияқты беймәлім, Бейтарапта, Бейжауапты күтпеші сен де менен... Антиқұсалық Көкірегін көкжиекпен көмкеріп, Жұлдыз жұтпақ, Көк төсінен өртеніп... Па десеңші! Қылық-ақ! Қарғап-сілеп мына бес күн жалғанды, Дәтін тырнап, зарланды. Өкінішінің өртін сұмдық лаулатып, Өртемекші орманды!.. Оған енді не дейін-ай, не дейін, Сақал-мұрты – қудан ақ. Көл боп аққан көз жасымен, әдейі, Мұхиттарды уламақ! Тектен-текке көңірсіген ғұмыр-ай!.. Іздемейді дауаны. Ұнжырғасы үңірейіп, Сұмырай Ұрлап кетпек ауны!
Ақырынып айтқан сөзі – ала жел... Қай адамға пайдалы? Қара Аспанға күрсінеді Қара Жер, Айдан – күміс айдары. Зәр шашады алабұртқан қоғамға Көзіндегі сұқтан да! Жұқпаса екен оның дерті маған да, Жұғып кетсе, бітті онда! Жүрек қылын жын үнімен жалғап мен, Күресімді құсалықтан бастаймын: Пешенесін көздеп тұрып бармақпен... Бір күндері атамын да тастаймын!.. Жіберілмеген sms Жанарымыз жұлдыздардан жаралған, Жүрегіміз – шашыраған аралдар. Сен – демімсің, басталатын самалдан, Мен – өлеңмін, тылсым түнге қамалған. Көзіңдегі мұхит – менің мекенім, Толық шашың – сыйынатын тотемім! Ерініңде мен сүймеген көк өрім Еріп жатыр удай тәтті шекерің.
Кірпіктерің мұхитымның шетінде, Сая тапқан бұйра-бұйра кекілден. Тамшы-ғұмыр сенсіз өткен мөлдіреп, Мөлтеңдейді сен сүймеген бетімде. Бұлттар, бұлттар… Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі, Мың құбылып, биіктікте бүр жарған. Мені елемей, өткен күнге өкпелі, Сағымданар сұр жалған. Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі, Жусан исі аңқып ескен жаңбырдан. Өміріміз ақ жауындай өтпелі, Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған? Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі, Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің? Шығыс жақтан айдаһар-Күн от демі, Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.
Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі, Жербауырлап, боз даланы емізген, Көкке мен де шырқап кеткім келеді, Өздеріңмен егіз бе ем? Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі, Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың. Мен де болғам өздеріңдей көшпелі, Енді міне, қала болды қамалым. Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі, Мені ала кет, қосып алып көшіңе. Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері Неге жиі оралады есіме?.. Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі, Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен… Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін, Аспан жаққа кететін боп шештім мен! Күзгі қала. Жаңбырлы кеш
Тереземнің арғы жағы – күнелтудің амалы. Күнелтуде мән қанша? Хайуан болып ырылдауың керек шығар, Жанарың Жап-жасыл боп жанғанша! Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше, Үш көзі Жыпылықтап кезекпен... Өлең үшін ішу керек, ішкесін, Шер тіленген өзекпен!.. Тереземнің арғы жағы – гүр-гүр мотор, Отынан Жаратылған газ көкшіл... Асфальт қана жазар бәрін жадына, Жазылары – сөз кекшіл... Тереземнің арғы жағы – жетім жаңбыр, тілемсек. Әйелдердің өкшесі... Жапыраққа Күз жыр жазып жіберсе, Жап-жарық боп кетсе есім!.. Тереземің арғы жағы – тұмандықтар, ғаламдар... Аузын ұрдым... ақшасын!.. Біреу маған қарап отыр жалаңдап, Көзін қара!.. Жап-жасыл!..
Депрессия Бұрын, Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер. Көкірегімдегі нұр шашатын күдік те. Түні бойы өлең жазып, Таң алды Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!.. Кеше, Талай-талай кітап оқып тартымды, Ақыл-есім ойжетпеске талпынды. Ондай кезде, мырзасынғандардың бетіне Шашып кететінмін алтынды. Құштармын жаратылып армандар, Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал... Бүгін, Жалған өрнегімен жауратты Жалбыр-жұлбыр жауған қар... Менен гөрі бақыттырақ секілді, Майхананы мекен етіп алғандар... Енді, Ойламаңыз мен секілді ерді сіз, Күз келді де, меңдеп алды жерді сыз. ...Жындандыра еріп кетті бір адам, Барар жері белгісіз... ***
Сені мүлде ұмыту – өз жадымнан бас тарту, Сенің бейнең жүрекке сөз айтады астыртын. Сені жоққа шығару – өмірімді қысқарту, Сені еске түсіру – қарашықтан жас бүрку! Сені сүймеу – дұшпанға пышақтату жүректі, Құмырадай кеудеге құшақтату түнекті. Сені мүлде ұмыту – қасиетті міндетім, Бірақ менің болмасым – сенің ғана үмбетің!.. *** Жұлыны түннің үзіледі, Жұлдыздар тағы өшеді... «Бәрі де – Тәңір құзыреті» деседі. Тәніміз – қасқыр, ырылдаған, Жанымыз –пенде, жасқаншақ. Елестеуші нді бұрын маған, Екеуін Тәңір қосқан шақ. Алпауытпен де, жарлымен де Ойнайды Құдай, сенемін. Мен де солардай сорлы пенде, Қасқырды мініп келемін.
Көңілім ылғи мұң жияды, Пенделік қай бір қуаныш. Қасқырым ертең қылжияды, Сол ғана – маған жұбаныш. Фантасмагория Шытырман түстер... ұлыған иттер дауысы Қинайды мені, көз іле қалсам түн іші. Ауаға тажал сурет сала береді, Сүп-сүйрік саусақ-қауырсын. Шытырман түстер: құтырған иттер күлкісі, қосбасты аттар, төрткөзді қырдың түлкісі... Сапарға шықсам, қолымды ұстап басымды, Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі... Шытырман түстер... Бітпецтін зарлы жаңғырық... Жүреді біреу аң қуып. Құтырған қасқыр қаңғырып, Жүреді иаңды лаң қылып. Еріккен біреу Ішімнен Ұлиды-ай келіп!.. Әңгүдік...
Шытырман түстер... Аядай ғана бөлмемде менің дөңгелеп Лаулайды Күнім... әңгелек... Оятшы мені, телефон... Өртеніп барам!.. Жан керек!.. Сен жайлы Жанымның жабыңқы әлемі, Көңілдің күбірлі кемсеңі. Сен жайлы емес бұл өлеңім, Ұмытып үлгергем мен сені. Сен жайлы ой емес, Дегенмен Сол бейнең көз алды, бұрыңғы. Мен сенсіз көруді үйренгем, Болғанмен болашақ бұлыңғыр. Шарапты өзіңе ұнаған Мен бүгін ішемін бокалсыз. Сен жайлы сезімдер қураған, Күздегі гүлдердей жұпарсыз. Сен жайлы естелік емес бұл, Бұл өлең ғайыптан сезілген. Сөздердің ішінде елес жүр, Сен жайлы сезімнен безінген...
Сен жайлы емес бұл өлеңім, Ұмытып үлгергем мен сені. Жанымның жабыңқы әлемі, Көңілдің күбірлі кемсңі... Айна Жалғыз ұлы, жетім ұлы әкемнің Үңіледі қабырғаның ішінен. Көк түтінен көрінбейтін кафенің Қабырғасы айна екенін түсінем. Түсінем де, үңірейіп отырам, Айнадан да, шараптан да шошынып. Қышқырады дөкір ән, Құтырамын, қайырмасына қосылып. Қайтем енді, діл саңырау... Сол-ақ па?.. Ешкімнің де қажет емес сөздері. Оңай шаруа – тойып алып шарапқа, шайтан болып өзгеру. Алдымдағы төңкеріп сап көзені, Жынданғым-ақ келеді. Қабырғаның оқты көзін сеземін, Көрінбесті көретін.
Оқты көзде – жетім ұлы әкемнің. Сол кірпияз пішін – мен... Жетімдіктің не екенін Айна ғана түсінген. Горький саябағындағы ойлар немесе мұңнан қашу Кірпіктердің арасында күн сәулесі сығалар, Көгімдегі алтын ділда – менің жалғыз сыбағам! Бұл көктемнің ауасы да, дәл өзімдей мас бүгін, Қурап қалған ағаштардай – жапырақсыз жастығым... Шіркін, шырша болсам егер, төрт мезгіл жап-жасыл, Тауға тәж боп тұрар едім, безендіріп қар басын! Әй, адаммын бірақ та мен, ұмтылатын жақсы атқа, Өзі білмес, қадйа апарар армандар мен мақсаттар...
Жып-жылы күн алдамшы тым, көпті көрген арудай, Пенделер жүр дөңгеленген – Тәңір шашқан тарыдай. Менде солар сияқтымын, өзгешелік жоқ менде, Тек жүрегім сәл басқалау, сәл басқалау көктемде. Қиялымда мүлде ұмытып, жер бетінде жұрт барын, Мен көктемде тербелемін бесігінде бұлттардың. Жапырақсыз жүрегіме, ақ бұлттардан жай табам, Содан кейін ораламын, көк аспаннан қайтадан. Ол да өтірік, мен жай ғана күн сәулесін сіміріп, Отырамын бар адамның тыңдаған боп күбірін, ...Шындығында шырша салып дәптерімнің шетіне, Жап-жасыл бір өлең тілеп, Тәңіріммен өтінем!.. Теңіз-көктем
Көктемдегі жапырақтар – толқындар, Ал көктемнің өзі – ұшан бір теңіз. Көктен түскен сәулелерде алтын бар, Көкіректің көзіменен көрсеңіз. Көк желектер жұлдыз болып жайнаған, Көктем деген аспан дер ем, сенсеңіз, Көктем келсе дуадағы шулаған, Ауыл жаққа алып барам, ерсеңіз. Көктем біздің ауыл жаққа келгенде, Таулар жасыл кемелерге айналар. Қажып жүрген кеудеңдегі шерменде, Жүрегінді ерке самал аймалар. О, туған жер!.. Қоңыр сағым кештегі, Ұқсап кетер топ-топ жүзген дельфинге. Қиял деген қайығыңның ескегін, Есе түссең, есе түссең еркінде!..
Таңғажайып теңіз десем бұл маусым, Жаздың өзін жатырқайтын шығарсың. Толқын-толқын бұлттар көшсе көктемде, Көк аспанның тұңғиығын ұғарсың! Семейге хат Амансыз ба, Семейдегі қымбаттым? Арамызда жатыр әне, қара түн. Менікі сол – жеңілдету жұмбақты, Сіздікі сол – жаңа әлемдер жарату. Біздікі сол – көзбен көктен түн ішу, Сағыну бар өзіңізді, аңсау да. Тіршіліктің тіреліп тұр қылышы, Уақытым жоқ шаршауға. Сол баяғы, шылым шегу. Төселгем. Сол балконда тағы отыру қамалып. Керуен-керуен серуен құру көшеде, Емес бүгін жаңалық.
Ал, Сіз, бүгін?.. Білем, білем, мыңдаған, Терезеден кроссворд шешіп тұрсыз ғой. Түпсіз жанар түкпірінде мұң ғана, Ми ішінде жаңғырады үнсіз ой... Кей түндегі жүрістерден жалығып, Менікі сол – өз-өзіммен достасу. Сізге қазір ұшсам, шіркін, малынып, Тұмандарға жап-жасыл! Сіздікі сол – «маңдайдан нұр тарату», Менікі сол - сәуле іздеу Аспаннан. Жатыр әне арамызда – қара түн, Мың жыл бұрын басталған... Жол Қамықтырып ақ таңдарда ой-күдік, Қара бұлтқа сіңіп кетті Ай күліп. Алабұртып, қара жаяу қалпымда Жолға шықтым... Қажет емес сәйгүлік.
Бұл сапардың жөні бөлек, жолы – сын, Бұл сапардың бітер жері – «Кәрі-шың». Басында оның мәңгі жасыл бағым бар, Сорым бары тағы шын. Жәутеңдеген қоңыр көзі құланның Мұнарынан елестейді тұманның. Ақ тозақ қар иреңдейді тұс-тұстан, Ізін салып жыланның. Мен, әйтеуір, көз ашпадым бораннан, Жібермейді тосқауыл боп ол алдан. Қар жастанған қарақшылар жолында Әулиелер тоналған. Осы – жолда айдаһарлы үңгірлер, Осы – жолда тылсым-тылсым күмбірлер... Өрмелеймін. Өлерімде қай жерде Ішімдегі мұң білген. Болсам-дағы өз-өзіме өкпелі, Пікірлерімнен медет күтем көктегі. Қос өкпемді айналдырар қанатқа Тәңірімнің нұры ойнаған оттегі!
Айналамды ажал демі құрсаулап, Азғыруда сайтан күліп, жыр сарнап. «кәрі-шыңның» шығам бір күн басына, Өн бойымнан нұр саулап... *** Маған, мүмкін, бару керек балшыға, Үрейімнің білу үшін отанын. Бар жынымды жығып берсін қамшыға, Мен несіне өз-өзімнен қорқамын?!.. Маған, мүмкін, бару керек балгерге, Айтып енді өлтірсін деп шынымен, Өз-өзімен қашып жүрмей әр жерге, Мұң тамырын суырайын түбімен. Маған, мүмкін, бару керек емшіге, Бұл дертімді жасыз берсін шөбімен. Мен сенбеймін өлең деген елшіге, Ойларымнан өзім шошып, шегінем.
Маған, мүмкін, бару керек анама, Алақанын сағындым-ау, білемін. Түсіретін сол адам ба сабама, Неге тоқтап, соқпай қалдың жүрегім?! *** Биыл тағы тобылғылар гүлдейді, Өзен жатқан сағынышты қаңқыл кеп. «Биыл тағы ауыл жаққа кел!» олпо – дейді, Түнгі ұйқымды оятатын әупілдек. Биыл тағы қыраттарда гүл жайнап, Есіл-дертті ертіп кетер белестер. Биыл тағы жанарымда мұңлы ойлар, Ауыл жаққа асықтырар елестер. Биыл тағы тұнық аспан төрінен Жер бетінде Тәңір нұрын көшірер. Биыл тағы нөсер мені шомылтып, Кезекті бір иткөйлегім шешілер.
Биыл тағы тәж қып киіп сағымды, Патшалығын көрсетеді жер. Еске салар бозбалалық шағымды, Бір арудың көзіндегі жасыл көл... Аңсар Сен менің сұп-суық қолдарыма Сәуленің ұшқыны боп қонасың ба? Жазылмаған өлеңнің жолдарына Өзің жайлы теңеулер таласуда. Бес күндік ғұмырымда жолықпадың, Дүниенің ешқандай қызығы жоқ. Бірақ та, көрінуге жалықпадың, Түнгі түстерімнің үзігі боп. Бейтүкпірлерге жоғалатын Бецнең елестейді миым іші. Бокалымды скверлерге жағалатып, Күбіріңді жүрмін құйып-ішіп... Дәптерімді, сүрленген ащы өлеңмен, Қойныма тығып алып, Өзіңмен қоса өлем мен, Шұғылалым! Шешім
Ақ түьіт бұттар көшімен, Армандап Күнге көшіп ем... Жусанды иіскеп айықтым, Жымиған гүлдер ішінен. Ақ мамық қарға айналып, Ауада жаттым жайналып. Құмардың шөбін тістедім, Құмырсқаша ойланып. Жұлдызға қарап сәулелі, Санамнан қудым әурені. Жылап та тұрып, ән салдым, Өтіп жатыр дәуренім. Аңсай да аңсай көсемді, Шараптан алдым есімді. Сықылығына қыздың көп тостым Сынық көңіл-кесемді. Алысқа қарап ұзақ тым, Наламды желге ұзаттым. Өрекпіген сайын, Жүректе Ұлғайып барады сызат тым. Ойнадым, Күлдім, Өкіндім, Бұлтты ойдан қалды шөкім-мұң. Аңырайды қу тірлік... Аяз болуға бекіндім. Медитация
Бола ма мүлде өлмеуге, Бола ма мұңды емдеуге? Симайды, әттең, бұл жүрек, Кеңістік сыйған кеудеге!.. Тоқтатпай секунд, минутты, Қасымнан талай жыл өтті. Көрсем бе деп ем уақытты, Сағаттың тілі дір етті. Қаламмен түртіп жүректі, Көңілге көркем жыр ектім. Көрсем бе деп Тәңірді, Періште түйсік шыр етті... Арқалап аңқау арманды, Көрсем бе деп ем орманды. Орманым отқа оранып, Аспанға барып сомдалды. Биікке мен де құмар ем, Биікке мен де сыңар ем. Көрсем бе деп мұзартты, Төмендеп кетті мына әлем. Симадым енді жерге мен, Қимадым жырды көрге мен. Аспанды сүйсем деп едім, Жұлдызды сүйіп көрген ем.
Содан мен жолды шаң қылып, Шықтым да кеттім қаңғырып? Сағаттың тілі тоқтады, Басталып кетіп мәңгілік... Утопиялық түс Түс көріп жатқам… Сәлем айтып келіпті өткен шақтан, Самал желмен қалықтап жеткен хаттар. Жүр екен-ай, жайылып боз көдеге, Тәңір көктен түсірген ертегі аттар. Бір қуантып шаһарлық тамам елді, Ауыл жақтан күтпеген хабар келді. Таңғажайып аққулар түннен қулап, Мекен етіп алмақшы Аралды енді. Иен далаға наладан күйіп кеткен, Жәудір көзді бітіпті киік-көктем! Барыс-таулар көкала кейіпке еніп, Марғау ғана есінер биіктіктен.
Біз түгілі, алыста жат қуанған, Бір керемет болыпты Сақ-Тұранда. Ал, ендеше, көлкіген көк тұманнан, Қарғып-қарғып шығыпты ақ құландар. Ертеректе қағылған қолданыстан, Ескі сөздер келіпті қолғабысқа. Биік-биік қамыстар арасында, Пайда бопты жоғалған жолбарыстар! Па, шіркін-ай, кигендей ала көйлек, Саңқ-саңқ етіп ұшыпты қара ләйлек. Аппақ жауын жауып тұр қабырға боп, Тұрғызғандай тап-таза далаға әйнек. Ех, көңілім, көңіл-ай, көк дөненім, Арманым бар елім-ай, көкте менің. …Оятатын осындай түстерімнен, Қалай сені жұмысым жек көремін! Қарғалы бағы
…Қарғалыда қалмады қарақаткөз тиіндер. Олар жайлы ойламау, маған, сірә, қиындау. Бәрі есімде! Сол кезгі қайыршылық күйім де. Ал, әзірше күй мынау, Берекесіз жүрістер, Мақсаты жоқ жиындар. Кеше ғана ол маңда серуендейтін ән-самал, Бозбаламын арманшыл, жүрегінде мың алау. ЕҺ, шіркін-ай, есіл кез, қандай тәтті едің сен, Қиялиға мүмкін бе еркіндікті аңсамау! «Сабыр, сабыр!» – деуші едім, мен әлі де тірімін, «Жетім болсам, жетіммін, бірақ көптің бірімін» Деп жұбатып өзімді, Кеуіп қалған шелпекті Қытыр-қытыр кеміріп, ой жиғанмын ең текті.
Қарғалым-ай… қарағай-қайың-терек халық-ай!.. Жүруші едім бағында, дұрыс асқа жарымай. О, сол кезде түсіме жиі-жиі енетін Ыстық-ыстық бауырсақ, қарындағы сары май! О, сол кезде аңсаушы ем ақшаны да, мансапты, Қазір шынын айтайын: екеуі де шаршатты! Бәрін қойшы, қайран сол Қарғалымның бағы еді-ау, Ғашық еткен өмірге аңқылдаған жүректі! Ал, бүгін ше, бүгін ше? Маңайдағы бар ағаш Қиылыпты, құрғыр-ай! Ұжымағым жалаңаш. …Зәулімзәулім кешенге таңдай қағып, сүйінді ел, Қарғалыда қалмапты мен сүйетін тиіндер… *** Мына жалған имен сияқты тынымсыз, Шыр көкбелек айналады Күн асты. Бір күндерім әнге салса, Бірі үнсіз Қайғырады, Мұңы ащы.
Мына көктем мен сияқты балаң тым, Өлім жатқан сенгісі жоқ күз демін. Мына ақшам мен сияқты алаң тым, Бақылайтын көліктердің тізбегін. Мына таулар мен сияқты көкірек, Көңілімен өлпештеген аспанды. Мына жұлдыз мен сияқты жетімек, Тастанды. Мына өлең мен сияқты қырсық шын, Көнбейтұғын жылтыр көз бен мақтауға. Сөзін сөйлеп кетсе күш пен бұлшықтың, Оған менен жоқ сауға. Мына түн де мен сияқты тылсым-ды, Бұза түскен ақындардың ұйқысын. Тағдыр, сірә, қылкөпірлік қыл сынды, Тартқылай ма бір кісі? Иесі ме ол мендік ақыл-теңіздің, Бел байладым не қылса да көнбеуге. Мен, тегінде, тек ажалмен егізбін, Тиіспін бірақ өлмеуге. Нәркес
Әлемде бар еді бір сұлу, Жат еді өзіне күрсіну. Жайдары болғанмен сырт көзге, Ішінде бар еді бір сыры. Қыз қалпын қалтқысыз сүйетін, Ол еркек болғысы келетін. Тек қана өзіне ұқсайтын, Бейнені түсінде көретін. Тек ойша өз-өзін аймалап, Құмартып тұратын айнаға. Ал, Тәңір сене ме қулыққа, Табиғат көне ме айлаға? Сүйгені келмеді өмірге, Сұлу тек елеске емінген. Жамалы желінді қайғыға, Табаны таланды шөгірге. Ләззатсыз қаншама түн қалды, Азапты жүректе мұң қалды. Ешкімді сүймеген қалпында, Өз-өзін сүюден жынданды. Иесіз қалдырып тұрағын, Қорымда қаңғырып, жылады. Бір күні қанжардың ұшына, Айнасын құшақтап құлады… ***
Мұңды бұлттың тоқтамаса жаңбыры, Мұңдай күні жалғыз қалу – заңдылық! Тамшылардың арасынанмәңгіріп, Өткен шақтан қарап отыр мәңгілік. Өткен шақтан қалқып түсіп естелік, Қарашалық қар жауар ма кешкілік?.. Бала кезім күліп отыр бақытсыз, Дау-дамайдың арасынан естіліп... Неге бүгін еске салдым ауылды, Қазандағы қайтыс болған бауырды? Айғыз-айғыз, мұң аралас ғұмырдай, Жақтырмаймын қар аралас жауынды. Қара үй – жалған... Іргесінен із қашқан – Өлең жолы. Мағынасыз түз-дастан... Неге менің қамшылайды бетімді, Тамшылармен күзі аспан?.. Махаббат періштесі
Менің сұрғылт ойларымның ішінде, Жылап отыр жараланған періште. Күйдірейген еркек сайтан түсімде, Айтқанымды дауыстайды терістеп. Бір хабарды жеткізуге келгендей, Жылап отыр, о неліктен, аппақ рух? Жаһандағы жалғыз досым өлген бе, Қайдан келді, қалқып ұшып батпырауық? Рухы келді мүлде басқа аспаннан, Әлденеден қалтырайды жер бүгін. Сорлы Ібіліс, бұ дүниеге тасталған, Орындатпақ болғаны ма жарлығын? Мүмкін біреу көрді ме екен Құдайды, Содан бері ол бейшара мазасыз? Ол бейбақтан ұрпақ енді тумайды. Бірақ мәңгі өмір сүрер қазасыз?
…Әлде, биыл көктем келмей қояр ма, Қыстан кейін қайта айналып келер күз? Әлде, біреу лашығында оянған, Қалған шығар жалғыз өзі, әлемсіз? Ей, періште! Ақ қанатты жолдасым, Жылымашы, жыламашы, білемін… Бір сезімді жоқтап келген шығарсың, Ал, мен саған сұрақ қоя беремін… Сезімі жоқ құлазып тұр жүрегім, ЕҺ, періштем, махаббат қой – тілегің… Аруларға Көздерде терең тұңғиық, Қарашық – гүлдер жайнаған. Сезімнің шыңы ең биік… Қыздарға толы айналам. Қастары керім қиылған, Кемпірқосақ – көктем-дүр… Ажарға қызыл құйылған, Шіркін-ай, көрік неткен бұл! Бұрымдар – қара ормандар… Ырғағы мас қып жүректі… Құмартып өлем жалғанда, Құдайым берсе тілекті!..
Қыз жүрген жердің бәрі – бақ. Қыз жүрген жердің жаз бәрі. Аруды ғана танымақ Көңілдің қоңыр қаздары. Уақыттың сұмдық ағысы… Құмардың анық өшпегі… Арулар жүрген бақ ішін Күз жайлап кетсе, кеш мені… *** Мені кімдер күтіп отыр, Кімдер мені сағынады? Бір арудың мүмкін бе оты, Баяғыдай жалынды? Бұрынғыдай, баяғыдай Сүйе ме екен ол мені? Дәруіштің таяғындай, Серік етер жол мені. Өкпелемей өткеніме, Барар едім өкінбей, Күбірлеген көктеміне Күзден жеткен өкілдей. Барайын ба, көрейін бе, Сол жүректі гүлдеген? Көз алдында өлейін бе? Шаршап кеттім, мүлде мен...
Келе жатсам көшелермен, Соқпақтармен созылған, Қарсы ала ма, Кешер ме екен, Мінезімді бұзылған? Сағынды ма өлеңімді, Арналмаған өзіңе? Сезер ме екен келерімді, Жас тығылып көзіне? Қайдам, қайдам, Қайдағыны Айтып кеттім... Сандырақ! Кейде осылай ойдағыны Өлең қылар жан бірақ. Білем, мені ешкім күтпес, Білем, ешкім сағынбас. Кешір мені, сағым типтес Қиялдағы қарындас!.. Менің гордий түйінім Жасыл айдың сәулесін кірпігімнен үзбедім, Түнішіндік ізімді өзім қайта іздедім. Қайырымсыз шаһардың шамдары да безбүйрек, Жақсы сөзі жарқырап жарық берер бізге кім?
Жеңе алмадым мұңымды, Желбіремей туым бір, Жарылуға шақ қалып, шамырқанған миым бұл. Жүрегімнің ашынған тамырлары буылып, Жан түбінде тастай боп шиеленген түйін тұр. Ол түйінді қия алмас жігер деген қылышым, Іште жатқан күдікке күрмеледі бір ұшы. Жанарымнан тоқтаусыз сорғалайды ып-ыстық, Жан ішінде балқыған көңілімнің күмісі. Атып шықтым ішімнен, күшім жиып ақырғы, Көкейдегі түйінін шеше алмаған пақырмын. Шешілмейтін сол сұрақ: «кіммін мына өмірде?», Ертең тағы тәнімді сипалайды-ау соқыр-Күн.
Қара тәнім – топырақ, Қарашығым – қара мұң, Тәңірді ойлап, жанды ойлап, ми ішінде жанамын. Ішкі гордий түйінін шаба алмаған баламын, Аққан жұлдыз ізінен семсер көріп қаламын… Пессимизм. Оптимизм. Қалды ма біреу мына әлемде тірі әлі, Сыныптай боп жылжып жатыр түн әлі. Күй шығады көкіректен күнәлі, Үміт қана дірілдейді шүбәлі. Үнсіздік те жаңғырады күмәнді, Қаңғырады ауа ғана тұманды. Кеңістікте кісінейді құлан бір, Жалғыз өзі кезіп жүрген Тұранды. Мешіт жақтан айтып отыр кім әнді? Таңғы бесте тыңдайыңшы Құранды… Ысылымен үмітімді сөндірмек, Иманыммен өлтірейін жыланды! Реквием-көңіл
Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта, Қимылы жоқ, тынып тұрған әлемде, Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та, Күліп тұрып, реквиемге елеңде. Сәуле іздеп, жарық таппай түңілгем, Мың түнектің керуеніне ілестім. Шыңғыстаудың елесіне көмілгем, Келмеген соң жалған күнмен күрескім. Қиямпұрыс қиялына құл адам, Саф алтынын таба алмайды сабырдың. Күйсандықтан басқа күмбір сұрағам, Лақылдап кеп Лакримоза ағылды. Тұңғиықтың шеті де жоқ, шегі де, Тұңғиықтан тұнық көздер қарады. Ауаменен көшкен күйдің легі де Ой-санама ойран салып барады.
Минуты жоқ, секунды жоқ уақытта, Мәңгілікте қалу – менің әлегім. Шопен вальсі, жүрегімді балқыт та, Реквием боп жылап тұршы әлемім… Күзгі пастораль Көкейімнің текті жырын Қырау қылды өткен күн. Жүрегімнен кетті үзіліп Түймелері көктемнің. Тұмшаласам көздерімді, Жапырақпен сарғайған, Алыс қалған кездерімді, Еске салып арбайды ән. Сол бір кездің арман әні, Тәтті бал мен шекерден. Саған ғана арбалғаным, Білші, сәулем, бекер ме? Қыста туып, жазда өлсем, Күзге сіңер ар-жаным. Бір жауқазын мұзда көрсең, Бұл дүниеде қалғаным. Көрінбесем жер бетінен, Қара аспаннан іздеме. Жаздан кейін, келбетіңнен Аймалаймын күзде мен.
Күз дегенің – рухым менің, Билеп тұрған жалғанды. Самал болып сыбыр-демім, Ыңылдайды сол әнді… Ноктюрн Шығыстан күз бүгін, шашады күнді, Ішімнен үздігіп, тосамын кімді? Сарғайып кеткен, күз түгіл, кеудемде менің, Жапырақ-жүрек сезеді жаңбырдың демін. Аспаннан көшкен таңертең, жаңбырмен мөлдір. Мөлдіреп тұрған үмітім мәңгіге өлді. Кімді күтемін алыстан, нені күтемін, Қашан келеді жақыным – менің бөтенім?.. Ескі бақтаға сахнаға қалықтап қонып, Діріл қағады бір сағым қамыққан болып. Мың құбылған қызыл-жасыл жарыққа толы, Ол әкелер көз алдыма өлеңнің жолын.
Ал, мен болсам, терезеге жақындап, төніп, Мұңға батамын қайтадан. Жабырқау көңіл. Бейберекет құлап жатқан тамшылар таңғы, Әйнекпен ретсіз сырғанап, билейді танго… Түс жору Келбетімнен бүгін менің, аяулым–ау, нені ұқтың, Түнде менің пәк түсіме ақ көделер еніпті. Толқып тұрған аппақ теңіз тербетілген сағым-дүр, Сезесің бе, мен – даланы, дала мені сағынды… Мені іздеген бала күнгі қоңыр көзді жылқылар, Ақ көдені кешіп жүрді кісінесіп, шұрқырап. Қос құлағын қайшылаған, жер тарпыған жұлқынып, Маған ұқсас, өзі асаулау шапқылайды бір құлын. Осқырына жақындайды, соза түсіп тұмсығын, Құшақтатпай қайта қашар, кіп-кішкентай қырсығым!
Анау жерде өзен жатыр, балық толы құрсағы, Жағасында мен отырмын, қатып қалған құрт шағып. Сары құртпен араласа, бырдай-бырдай шашылып, Жатыр екен, қынаменен мың боялған асығым. Қармағым да қолымдағы – қарағаштың бұтағы, Ол бұтақтың өн-бойынан мөлдір-мөлдір шық ағып… Ару самал тым мейірлі, маңдайымнан сипаған, Күй төгеді дөңгеленіп аспанда Күн-күйтабақ! Сиқырлы күй!.. сиқыр сәуле!.. сиқырлы бір ноталар!.. Бұлаң-бұлаң бұлт билейді, көтеріліп жотадан!
Ах, шіркін-ай, бүйтіп жаным шалқымапты бұрыннан, Ах, шіркін-ай, Күннің исі аңқитындай құлыннан!.. Қандай бақыт!.. Ал, есімде бақытсыздау балалық… Әлде, Тәңір түспен емдеп бермек пе еді сананы? Сұм қалада жүрген кезде жан берісіп, жан алып, Көптен күткен тылсым жақтан бұл бір ғажап жаңалық?! …Бұл түсімді жору үшін, көңілімді тасытқан, Қылаң таңда оянып ап, тауға қарай асыққам. Таулы өзеннің жағасында қиыршық тас «шүкір!..» – деп… Тасқа айналып кеткен болды түсімдегі асықтар… Параллелизм елесі
Тып-тыныш түн, түнгі аспан, Жоқ алайда тыныш жер… Нән шаһарда – қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел. Ал, ауылда, ауылда… құлазыған көшелер, Құлазыған көшеде құлазумен өшеді ел. Құлазыған қыз-жігіт шөлмек ұстап қыдырған, Құлазыған көшені қала көріп құбылған. Ол көшпелі қазақтың ұрпағы ғой дегенмен, Рухы өшіп қалған соң, қаланы аңсар өлермен. Ал, қаланың ішінде тоғыз қабат сары үй, Құлазиды жетінші қабатында сары ұл. Қаладағы өмірі – бәрі талас, бәрі мұң, Жайдары еді ол бұрын… Оған енді бәрібір…
Тып-тыныш түн, түнгі аспан, Жоқ алайда тыныш жер. Нән шаһарда – қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел. Алыс-алыс, алыста азық іздеп бөрі жүр, Ол – арланның ұрпағы, рухы өшпес бәрібір!.. Нән шаһарда… балконда асыранды дүр тазы Ұйықтап жатыр, түсінде түлкі індете, ін қазып. «Ол кешегі құмайдың ұрпағы ғой» дегенмен, Таң алдында оған да бутерброд берем мен… Кәрі бала Қала шеті. Күл-қоқыс. Жаздың күні тымырсық. Қайыршылар арықтан әндететін ыңырсып. Лас сөздерден жиіркеніп бұлың-бұлың көшемен Күнде өтеді бір жетім, тумай жатып есі өлген.
Қайыр сұрап шығады ол, кәрі шалдық түр-өңмен. Жап-жас бала бірақ та. Жеті жасар. Білем мен. Белгісіз бір ауруға душарланған өгей ұл. Өкініштен-өксіктен жыбырлайды көмейі. Қоғам деген мен үшін – сол жетім мен өңгелер. Тақияға ескірген соқыр теңге дөңгелеп Түсе қалса, Сырқаттан айығам деп ойлайды. Қолындағы шыбықты аспап қылып ойнайды.
Кімді іздеп жүр бұл бала тым қатыгез әлемнен? Ұйытардай қаныңды, ұйқасы жоқ өлеңмен. Дерт меңдеген денесін, Елес кезген санасын… Қаптап жүрген кіл пенде қайырылмайды жаны ашып. Бүгін де сол… күл-қоқыс. Айнала-маң тымырсық. Арық іші алқаштар қозғалады ыңырсып. Кәрі бала шыбықты аспап қылып… жылады. Құдайым-ау, шыбықтан сыбызғы үні шығады!.. Гүлдер Ол жақтағы гүлдер мүлде өзгеше, Солған емес, келгенімен күз неше. Ақ қауызы ашылады ән салып, Сайтан келіп үзбесе. Ол жақтағы гүлдер мүлде басқаша, Қаулап өсер, тамырымен тас қашап. Мына әлемді мойындатар күні ертең, «Сұлумыз!» – деп таспаса.
Ол жақтағы гүлдер мүлде бөлек тым, Солай, солай, сұрамаңыз деректі!.. Олар жайлы өлең жазу үшін де Әулиелік керек тіл! Түсін мейлің, түсінбе, Ойға шомсам жетімектеу пішінде, Сол бір гүлдер бір-бірімен сырласып, Жыр тоқиды… түсімде… Көздеріңмен көре алмайсың оны сен, Кешір мені, олар менің ішімде. *** Мен тағы да бұл әлемге келер ем, Жатқан кезде қыс сарғайып, күз көктеп. Мен бағбанға гүл орнына берер ем, Жұпарланған жырларымды тізбектеп. Өтіп кетер өкінішті өмір бұл, Бір Құдайдың өзгермейтін заңы бір! Мені тағы ақын етсе Тәңірім, Бұл жалғанға келер едім тағы бір! Елес Ағам Данышпанның рухына
Бір көрініс келгенде көз алдыма кештетіп, Опынумен отырам, көңіл өшіп, ес кетіп. Құтыла алман одан мен… Дымқылданса жанарым, Өлең жазу тек қана – құтылатын амалым. Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып, Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр, Аппақ үйді көремін, Шөлмектерін тізілтіп, Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып, Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып. Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап, Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап. Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені, Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені… Сол бір елес, білемін – өң мен түстің арасы, Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып. Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын, Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын. Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбатым, Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі – өз әкемнен аумаған) Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан. Ағам еді ол менің, елес іші қамалған, Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған. Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым, Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым. ….Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан, Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан… Әпкеме Маржанға Алматының шетіндегі кафеде, Маусымдардың арасында отырмыз. Аруақтарға сағыныш бар көкейде. (Үнсіз күтіп жүрміз ажал сотын біз). Үнсіз ғана тілдесеміз екеуміз, Ас мәзірін жалған оқып, мұңайып. Жарты сағат – жарты ғасыр, Не етерміз, Іштей өксіп, жылайық.
Әкеміздің соңғы сөзін естіген, Сен ғанасың, байыптап. Өкінемін, Аспан жаққа көз тіге, Іздей берем бір бейнені ғайыптан. Отырмыз ғой ой парағын ақтарып, Өткен шақтан белгі бар ма, көрелік?! Жүректегі Алла рухы-көк жарық, Үнсіз айтар төрелік… Қысқы кеш этюді Шайырларға Зәулім үйлер арасынан, сәулесіз, Сүйретіле шығып жатыр қара кеш. Бізді мүлде түсінбейтін, әуресіз, Алдымызда әлем жатыр алапес. Ызғарлы кеш құбылады, киесіз, «Құс жолы» да – бір құбыжық, ала төс. Қап-қара ауа айнасынан иесіз, Қадалады кірпігі жоқ қара көз.
Ол нендей көз? Тегін емес, әйтеуір, Бір қатерді ымырт келе байқағам… Телесандық айтқан сайын ертегі, Көкіректі шер басады қайтадан. Әлдебір дем терезені жиектеп, Иір-иір ою-өрнек жасаған. Бір өрнекте – қырауланған жүректер, Бір өрнекте – гүлді құшқан ошаған… Бір өрнекте – қыз сұлбасы қаралы… Бір өрнекте өлеңдерден қалған із. Бір бұрышта ақ параққа оранып, Қара кешке сіңіп жатыр сұлбамыз… *** Жалғыздық пен мылқау түннен түңіліп, Жүрек бүгін тоқтап қала жаздаған. Ал мен тұрмын аспан жаққа үңіліп, Жылынам деп жұлдыздармен аздаған...
Бәрі бекер, жылыта алмас аспан түк , Өте суық, қатал өте жұлдыздар. Бар да шығар суықтықта бостандық, Жылылықта – мұңлы ызғар?.. Оу, жұлдыздар!.. Жаурағам жоқ мүлде мен, Өздеріңнен сәуле іздеуді қоймағам, Мына қыста жүрек нұрға шөлдеген, Мен басқаны ойлағам... Енді, міне, берекесіз шалдай бір, Көңіл бүгін «күңкілдегіш» боп алған. Қандай сәуле, Қандай жылау, Қандай нұр, Тауып берем мен оған?.. Ұйқысырау цикл І – өлең …Бұрыш жақта су ағады шүмектен, Сыра біткен. У ағады жүректен. Мен тынышпын, мен мұңлымын, Дір еткен, Иек қана құлап кеткен білектен. Естеліктер. Балалық шақ елесі, Қалқып шықты, мылқауланған түнектен.
Болмайтындай енді мүлде ертеңі, Үлкен сәби жазып отыр ертегі… Тозып біткен тоқсан жылдык күнделік, Парақтарын боратады, түрленіп, Кезектегі мыңжылдыққа, ең кемі… Қас-қағымның шырымынан емделіп, Ары қарай кетпеу күнә сенделіп.. Өлмеген соң балконыңа жерленіп, Шылымыңды сорғылайсың шерленіп. Анау жақта жарқырайды салюттер, Олар мәз ғой, Менікі – құр пенделік… ІІ – өлең Тағы да түн. Жалғыздық. Темекінің тұқылы, Ақыл-есі түтіндеп, күлсалғышқа жұтылды. Ми ішінде майысып көркем ойлар үкілі, Үлбіреген үмітке тәж тоқиды жұпыны… Тағы да түн. Жалғыздық. Сары шөлмек сыра бар, Шылымым бар тағы да, Бәрі жақсы, сірә да!
Тек іштегі біреудің маза бермес сұрағы, Дір-дір етіп тұрғанша шайырлардың шырағы… Жоғалғандай жаһаннан жұбандырар бар қызық, Тағы да сол күйге еніп, бойды мұңға алғыздық, Жүрегімді орап ап, тоңдырады бар мұздық, Темекінің түтіні… Тағы да түн. Жалғыздық. ІІІ – өлең Тағы да түн торлады мынау әлемді, Әлемде мынау әлдиге әуес бала өлді. Жүрегім болса, бүк түсіп жатыр кеудемде, Жыламай көрші, шошымай көрші, ал, енді! Домалақ бала сәскеде әлі ерке еді, Батыстың шашын демімен қызыл өртеді. Мәңгілік Түннің түбіне құлап өлетін, Жап-жарық Күннің ғұмыры неткен келте еді.
Бір таңға дейін қалған соң шыбын жандары, «Еһ, дәурен-ай!» – деуші еді ауыл шалдары. Бір күнге тағы үмітін жалғап отырып, Бір түннен ауыр, қорқатын еді, алдағы. Шалдардың сонда, әжімдер тілген бетінен, Ажалдың түрін көргендей шошып кетіп ем. Өмірдің бірақ, білмеген екем күн сайын, Дөңгелеп жүріп, сынатын бір сәт шетінен. Тағы да түн торлады мынау әлемді, Торына кімді түсіріп алар, ол енді? Жүрегім болса, сандырақтап жатып ұйықтады, Түсіне оның ажалдан қашқан бала енді… ІV – өлең
Би кешіндегі арудайын сырғалы, От түрінде газ билейді ырғалып… Терезені ашып қалсам айқара, Күмілжіген көктен тұрар Ай қарап. Көше жаққа елеңдеумен отырам, Жазылмаған жырларымды қайталап. Жаурап өткен сұр көктемде кеш шығып, Ауламызда дірдектейді бес шыбық. Бес досыма ұқсатамын оларды, Мені іздеп келе жатқан, есі шығып. Телефон да… өзі суық, өзі үнсіз, Қозғалыссыз, қоңыраусыз, көңілсіз. Жылан-сағат оратылып білекке, Айыр тілін қозғалтады сенімсіз. Сөредегі кітаптар да қызықсыз, Көңілдегі сұрақтар да қызықсыз. Теледидар терезеден аумайды, Терезеден Ай қарайды құлықсыз…
V – өлең
Арбалу Түгесілмес түн сыры. Таңға дейін бар уақыт. Жылы тәнге оранып, маужыраумен жан жатыр. Көк жарықты рух сергек! Ол білмейді ұйқыны, Оның басты міндеті – дұрыс жолды таңдату. Қатпарында миымның ұзақ жылдар сақталып, Құлыптаулы-кілтеулі жадым жатыр хат болып. Ішімдегі Тәңірдің көрінбейтін сәулесі, Қос дүниенің арасын нұрландырар, қақ бөліп. Түн мен күннің арасын сол ғажайып тылсым нұр, Айырған соң, түнектен жарық мәңгі ыршып жүр. Таңға дейін уақыт бар…Жұлдыз көшер кез келер, Ал, әзірше аулада біреу үнсіз сыңсып жүр…
Түн дегенің – мәңгілік, біткен кезде таң келер, Дүр сілкініп, өмірге атылады жан-жебе. Қазір оны оятпа, қазір өлең жаза тұр, Бәрі ертең болады, ал, әзірше қам жеме… Көз ілініп барады… Бұлдыр-бұлдыр бір елес, билеп келе жатқандай, Арудайын тым сұлу, қайқы кірпік, ақ маңдай. Ол ібіліс мен білсем, жоспарында – азғыру, Балқып кетіп барамын, тұңғиыққа батқандай… Жалғыз қалу қауіпті! Түн дегенің – бір мектеп… Саусақтарым қалтырап, денем отыр дірдектеп. Рухым ұйықтап қалған ба? Мен сайтанды құштым ба? Ары қарай беймәлім, ары қарай көп нүкте…
VI-өлең
Байғыз-құстар Ауыл жақта дәл осылай болатын, Күнде осылай ыңылдайтын қара Түн. Қыс түскенде жылымайтын қара үйдің, Шатырына байғыз-құстар қонатын. Қомдап қойып жұлдызданған қанатын, Сыбырлап та, шәуілдеп те алатын. Көрінбейтін көзінен де көлкілдеп, Айдалаға суық сағым ағатын. Нәресте боп іңгәлайтын бейуақта, Шайтан болып ыңырситын аулақта. Өлген шалдың орнын сипап, Кемпірдің Түріне ене, күбірлейтін аруаққа. Құмар сөзін кірпігімен жасырып, Қыз болып та қымсынатын, тосылып. Бұлт болып та аунақшитын зәу-көкте, Ай нұрынан қауырсыны шашылып.
Құлақ тосып даладағы лаң дуға, Жүрек тосып моладағы зар-мұңға, Батыратын жұлдыздардың қарасын, Бір балақай терезенің алдында. Жылдар өтті. Мен өзгердім. Түн бірақ, Өзгермеді. Ойлай берем тұнжырап. Сол баяғы байғыз-құстар елесі Көкірегімде жүр жылап…
VII – өлең
Ауруханадағы түн. Тереземді осып өтсе жарқанат, Қақырынып қояды бір қарғалар. Ай қызарып тұмсығының ұшында, Ит ұлиды, жел қарасын қармалап. Қажып бітіп қараңғылық зілінен, Қабырғалар күбірлесті түнімен. Тек тыныштық ән салады ыңылдап, Қабаттасып үнсіздіктің үнімен. Өшіп қалған үмітінің шырағы, Тар көшеде панасыз мас жылады. Албастының демін сезіп алыстан, Дірілдейді жапырақтар құлағы. Қалтарыста – қарақшылар күбірі. Бұрылыста – жезөкшелер сыбыры… Үрей иісін сезінеді жәндіктер, Үйеңкінің қабығына тығылып. Таң алдында Ай көрінсе тұтылған. Түйсігімнен дауыс шығар құтырған. …Тірілерге жаназа оқып отырған, Мына түннен дұға оқып құтылғам…
Күнбатыс Өрт пе мынау, теңіз бе? Қызыл шашы жалқындап, Жанарымды шарпиды, қою-қою толқындар. Көкжиекте ақ бұлттар қызыл түске боялып, Өкси-өкси көшуде, ауыр-ауыр ой алып. Кіндігінде теңіздің иірім бар ұршықтай. Қанша кеме бұл жерден өте алмаған тұншықпай. Иірімнің түбінде күндерім бар қайғылы… Қаперімнің бетіне қалқып шығар қай күні? Қай шерімнің толқыны шығарады қаңқасын? Қай көңілдің дауылы жинастырар жаңқасын?.. Мына теңіз тым сұсты көз жасындай Тәңірдің, Үзіледі аспаннан, жазмышымдай әмірлі…
Қызыл беті теңіздің болғанымен тым үнсіз, Тұңғиықтан әруақтар ән салады көңілсіз. Бұл азапқа шыдамай, айналды да балыққа, Сүңгіп кетті Күн байғұс, толқып жатқан тамұққа. Ал, мен болсам түсімде жүзіп жүрдім теңізде, Қаракеуім шақта бір, ғайып болған күнді іздеп… Жұлдыз-гүлдер Бұрыңғы бір түстерімдей көрмеген, Бұрыңғы бір өмірімдей сүрмеген. Көк пейіштен көктем исін үрлеген, Көк аспанда жұлдыз-гүлдер бүрлеген. Жұлдыз-гүлдер… Ғұмырымда көрмеген. Жүрегімді емдеңдерші кірлеген! Іштен сыртқа шығатындай бірдемем, Сендер жаққа жаутаңдаймын түнде мен.
Жұлдыз-гүлдер… Жылап тұрмын мен неге? Бұл жалғанның жарығына көнген ем, Білем, білем шаршап кеттім мүлде мен, Маңайдағы жұлдызсынған пендеден. …Еш пенденің түсіне де кірмеген, Көксеңгірде жұлдыз-гүлдер бүрлеген. Көз жасымның түкпірінде бұлдырап, Көк пейіштің көбелегі жүр неге?.. Бейнала Күн еңкейсе, көлеңкелер мүсіндей Бой көтерер, қызғылт дала төсінде. Пенделердің жалғыздығын түсінбей Фотосурет аңыраяр иесіне. О, несіне… несіне мен егілдім, Өткен шақтың елесімен көрісіп? Мен – әлемнен, әлем менен жеріді, Жалғыздық пен жетімдіктің соры үшін.
Бір-ақ дауыс шығарғанда мың ауыз, Бір қауыз да ашылмайды мың гүлден. Бір-ақ сәтте тұңғиыққа құлармыз, Жарылғанда жүректегі күмбірден. Мұң өтінде жамау жөргек желбіреп, Жетімдіктің сорын қосса әнге бір, Жер-жаһанның жанарынан мөлдіреп Бір-ақ тамшы тамар ма еді көрге бір… Бір ақ жүрек мың жүректен безінді, Бір-ақ тілек – тыныштықтың төсегі. Бұлқыныс боп, күрсініс боп сезілді Мың ауыздан шыққан дауыс кешегі! Мың сәттердің қосындысы – өмір бұл, Мың өкініш түйсік түбі өшеді. Еске салма, еске салма, Тәңірім, Маңдайдағы қасіретті бес елі!
Мың-сан сурет шеру жасап барады, Түсім бе бұл, өңім бе бұл, кім білген. Мың жүректе сөздер жатыр жаралы, Жалғыз қауыз ашылмады-ау мың гүлден… *** Менің досым жырақта жүр. Кешегі уақыт қалада... Күмбірлейді құлақта жыр... Мұң тұнып санада. Мұңым – баптап. Соны білдім. Ақыл үнсіз, тіл түгіл. Бұлт ішінен сары іңірдің Қимылдайды кірпігі. Кешегі бақ – даңғыл түбі. Кешегі бақ... Сау о да. Сағыныштың сарғылтымы Ілініп тұр ауада. Көңілімді шешінбесем... Көнбейді жарадан... Қашып кетті досым кеше. Мене емес. Қаладан.
Кеше ғана, кеше ғана Қасымда еді жас досым. Дұшпандарға қасақана Екеуара бас қасу... Бал сырадан қанып ішіп, Отырысу қарайып... Бүгінгі іңір – сары мысық, Пырылдайды жабайы. Бал сыраны төге салдым, Құрғап тұрған кесеге. Кездеспеуге көне салды, Кешегі уақыт көшеге... Cеренада Сенің нәзік серпілгенде кірпігің, Тәңір маған сыйлап тұрар күлкіні. Сенің ғана жүрегіңнің дүрсілі, Өзгертеді бар әлемді бір күні. Сенің ғана ерініңнің дірілі, Сенің ғана өрілмеген бұрымың. Сенің ғана сөздеріңнің шырыны, Сақтап қалар сұлулықты ең ұлы.
Сенің ғана көздеріңде мөп-мөлдір, Көңілдегі мен аңсаған көктем жүр. Ғаламдағы жалғыздардың жұлдызын, Жандыра алсаң, жандырасың тек сен бір! Сенің ғана жанарыңның жалтылы, Тірілтеді мұңға батқан жалқыны. Саған ғана жан-дүниемді шарпулы, Мұз қылады көздеріңнің салқыны! Аясаңшы, алтыным! Түн Тұңғиықтан түрте-түрте соқыр мұң, Есін алды елес қуған пақырдың. Жүрегіме жұлдыз біткен жұтылып… Бір нүктеде ғарыш болып отырмын. Тылсым гүлдер көз алдымда жайқалып, Қолтығымда үлпілдейді Ай-мамық. Қарашығым бар жарықты сімірді, Сәулелердің қоймасына айналып.
Жанарымнан өшкен оттар суретін, Санасына көшіреді көне Түн. Шерлі сырлар сіңіп жатыр сағымға, Әлімсақтан өзім ғана білетін. Өзегімді шарпып өтіп аш жалын, Көңілімнен бұлғаңдайды мас сағым… Қаламыма қолды соза бергенде, Ғайып болдым түйсігімде қас-қағым. Арқамдағы қанатымнан тамып қан, Ұшып келдім белгісіз бір бағыттан. Түн болмысын өзгерткім кеп, талпынып, Тулап тұрған жанның нұрын ағытқам… Содан бітті… Санам кетті сан ұшқынға шашылып, Үні сөнді, Күні сөнді басымның. Темірқазық қадап қойып ауаға, Алпыс екі тамырыма асылдым… Қобыз-жүрек
Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып, Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін. Дүниедегі бәр дыбыстар бір арнада қауышып, Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы. Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы, Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі шырақшы. Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн, Сен білерсің, түсінерсің, бұл Жалғанның тарлығын. Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер, Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде… Кенет, сені бөлек жерге қондырады тылсым күш, Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс, Алаңғасар дүниені дауыл алып жоғалар, Ал, ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін, Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін. Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар, Бұршақ-бұршақ саулап жатар жұмыр-жұмыр жұлдыздар. Мақшарланған ақшам сондай! Сен қапысыз аңдап қал, Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар. Жиын болар содан кейін… Қобыз үні мәңгілік! Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры!.. Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы. Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін! …Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін, Қобыз-жүрек, Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін… Бақылау
Қасымда жоқ сырласатын ешкімім, Мен отырмын өзді-өзіммен қату боп. Су бетінде әлем жатыр бес жұлым, Жаратқанның жырым-жырым хаты боп. Алтыншысы солтүстікте мұздана, Ақ аюға мекен болған кеңістік… Өткен күндер шұғыласында – түз-дала… Жерұйықпен оңтүстікте табыстық. Ал, ауылым ғарыштан да мұнартып, Сағыныштың ширатады түтінін. Ләйліген жұрт… Ондай дудан мұң артық, Тұрмыс артық, шапан киген жұпыны. Жұлдыздар жоқ, көрінбейді ешбірі, Жымыңымен қытықтайтын жұлынды. Жоқтау айтып, мені іздеуші кешқұрым, Өлең ғана екендігі білінді.
Таңғы арай да – қызыл қораз, шақырған, Көк аспанда дөңгеленер бақыр-күн. Ызғар ғана сезіледі ақылдан, Түк жаза алмай отырмын… «Иә» мен «жоқ» «Иә» мен «жоқтың» арасында жауабың, Мен еститін сол үнсіздік баяғы… Ал, мен сенің көздеріңе табынып, Жүрегімді жайнамаз қып жаямын. «Иә» – десең таралады бойға ыстық, «Жоқ» – десең бе? Мен жаһанға симаспын. Бізді қазір бір нүктеде ұстап тұр, «Иә» мен «жоқтың» арасында қимастық. Кейде ұшып кетердейін құс болып, Кірпігіңнің әр қимылы астарлы. Сол кірпіктен тұтанады бір күні, «Иә» мен «келдің» ортасында құштарлық! Амнезия
Кеудемдегі көп көрініс кешегі, Түйсігімнің түкпіріне көшеді. Мәңгі-бақи тастар ма екен ұйықтатып, Алақандай қабірстан төсегі? Шынымды айтсам, ол – мұңымның кеселі, Оны бірақ Тәңір маған кешеді. Жүрегіме тас боп біткен секілді Бар ғаламның қайғы-соры бес елі. Сәуле шашқан сезім кетті сенделіп, Шым-шытырық дауыстарға мүлде еніп. Жадым іші қызыл жалын секілді, Сағынышым – шимай-шимай күнделік. Тағдырым да (талай тиген таяғы) Мені ұмытты, Бәлкім жылап, аяды. Сандырақпен бірге кетті жоғалып, Санамдағы сансыз сұрақ баяғы.
Менде ой жоқ! Ойлау енді кеш еді… Тек тамшылар тыныштықты теседі. Біреулерден сұрап көрсем өзімді, «Ол пендеңіз өліп қалған» – деседі. Жаздың салған бар бояуы кешегі, Жапырақсыз көшелерде өшеді. Қырға шығып жылап отыр қыркүйек, Күздің келіп қалғаны ғой, есебі… *** Өз сорыма айналғандай өз бағым, Жалғыздықтың құшағында мұздадым. Түндер түнеп қабағымның астында, Жүрегіме құлап кете жаздады... Мына әлемнің маздап тұрған оттарын, Мұңның мұзы басып қапты қап-қалың, Мен түгілі, албасты да безінер, Тәубесі жоқ тәуліктерден таптаурын.
Көз алдыма елесі кеп ескірінің, Өлетіндей аласұрам кешқұрым. Тұла-бойды үрейлі бір діріл ап, Жаназалық күй ойнайды бес күнім. Кеуде жатқан естілгенде жан демі, Ойлағанмен, құтылмайсың әрнені, Көше жаққа жаутаңдаймын, кімді іздеп, Достар қайда? Досым менің бар ма еді?.. Есіктерін қағып жүріп қанша үйдің, Кімді табам, кімге барып, тыншимын?.. ...Көкке қарап ұлып тұрған бөрінің, Жанарынан көксұр жұлдыз ыршиды... Саяхат Шумақ-шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп, Тыпыршыған жүрегім «жүрем!» – десе, елеңдеп. Кеужіреген кеудеге, күн тығып ап кешқұрым, Түнге сіңіп кетер ем, жалын құшып бестінің.
Оң жағымда көк бөрі, салақтатып көк тілін, Сол жағымда көк қасқа – ер тимеген шоқтығын, Әр бұтаққа байлауға көйлегімнің ақтығын, Бара жатам сүйретіп көлеңкесін аттының. Бара жатам бетке алып жалындаған батысты, Қарт-құрт шайнап құртымды, жусан жұлып ат үсті. Таза ауадан масайып, ән бастасам бір рухты, Шапалақтап көкте құс, қолпаштар ед мұңлықты! Жанымдағы көкжалым ұлып берсе қосылып, Жас төгілер ауадан, жерге жетпей шашылып. Тыныштығы бұзылған тұра келер дала-аю, Мың құбылып жазылар, гүлге толы самайы!
Сауырынан бестінің ақ тамшылар дөңгелеп, Ақ маржандай шық болып, қонып жатар шөңгеге. Дүбірлетіп бар маңды асып өтсем белден бір, Дүр-дүр етіп ұшар ед шаһит рухы көрден бір. Дербес менің дауысым жатқан кезде жаңғырып, Еркіндіктің есінен кетпес едім мәңгілік! Көк қасқаға ауысып, көк сағымды шұбыртып, Кең даланы бір шолсам, көздерімді жүгіртіп. …Бар жатса көз ұшы бейнем менің сұйылып, Дүниенің төрт жағы сәлем берер иіліп! Алқаш шал Пәк ауадан көк түтінге ауысып, Кемсең қағып, өксіп отыр бір адам. Көз жасының тамшылары суарар, Ақ сақалын қуарған.
Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді, Духанада қалып қойған тірі өлік. Әкесінен сықпыртады әлемді, Дию сынды түнеріп. Айналасы – кәрі мен жас дөрекі, Сырттағы әлем – тұманданған күз есі. Саусағының арасындағы темекі – он үшінші мүшесі. Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді, Көкірегін жаулап алған қай қайғы? Терезе алды жылап тұрған еменді Кемпірім деп ойлайды. Жын сөзіндей – духананың түтіні, Шал соңыра емен түбі құлайды. Аузы сыра көпіршігін жұтынып, Ақ сақалы жылайды… Жаңбырлы түн Ерлан Жүніске Жанарымнан жан ұшқыны шашылып, Күтем сені… әлденеге асығып. Бөлмем ішін көкшілдене кезіп жүр Бұлтты ойымның булығулы жасыны…
Кәдімгі адам деп қарайсың сөзге сен. Ой жасыны… ол да – түйсік өзгеше. Кездестірмес едім сені ғұмырда, Бұл жалғанды жанұшыра кезбесем. Жырларымның әуеніне қосылып, Мұңданамын, шылым шоғын өшіріп. Арғымақ түн тереземе асылып, Кісінейді, ашынып. Арғымақ түн – арқыраған тіршілік, Кісінегені – бос үміт… Сен інісің және маған ағасың. Өкінтпесін өткінші өмір тобасыз. Мен өзіңді хабаршы ма деп қалам, Бұл әлемге ерте келген адасып… Жарық дүние мен жаназаның арасын Өлеңіңмен өлшеп жүрсің шамасы. Қара да тұр, жаңбыр жауып біткенше, Айға айналар, арғымақ-түн тағасы.
Құрысыншы! Сағат – түнгі он екі. Сорлы қала, мінез-құлқы дөрекі… Жаңбыр қойды… Отырайық бұрқырап, Ала келші темекі. Алматы – 1 Алпыс екі тамыры ақырын бүлкілдеп, Шаһар жатыр, көшелері күңкілдеп. Ақындары аттанады үн-түнсіз, Кеңсай жаққа біртіндеп. Көкірегі сірілері – қамыққан, Жалтақтайды сатылмалы жарыққа. Әнебіреу талант еді тәп-тәуір, Жатыр бүгін арықта. Е, бұл қала кімді марқұм қылмады, Алатаудың басында өлсін шын дарын. Көсем болам! – деп келеді ауылдан, Көкбазардың құлдары. Болар жағдай боламын деп болар ма, Құдай қыли қарайтындай оларға. Қарындыға қала ішінен үй дайын, Дарындыға – қол арба!
Қыз ақынның маңдай соры бес елі… Ашыныспен артық айтсам, кеш, елім. Бұл қаланы шеше көрген барлығы, Әкесінің… мұндай өгей шешенің! …Кел, ақындар, менен де бір ішіңдер, Күбірлейді қып-қызыл мас мүсіндер. Бұл қаланы Құс аңдыған көшеден, Есенғали ғана түсінген… Елегізу Іңірлер… Қып-қысқа бір өмірлер… Көше бойы – көмескілеу күбірлер. Жүректегі үміт құсын үркітетін түнімен, Жарқанаттар жамырайды көк үйлердің түбінен. Іңірлер… Көкжиектің ысқырығы – сыбызғының үніндей… Аққан жұлдыз айдаһардың тіліндей. Енді қанша ғұмырыңның қалғанын Біреу санап тұрған сынды, білінбей.
Іңірлер… Біз сүймейтін беймаза шақ, көңіл де. Өксіктер бар, қараңғылық тозаңына көмілген. Ай бұрымы, көкжілтімдеу өрілген, Ақ сайтанның сақалындай көрінген… Іңірлер… Қып-қысқа бір өмірлер… Телефонның жүрегіне таңбаланған нөмірлер… Құштарлық пен үрей табы көрінер, Құпия хаттың бұзылмаған мөрінен… Іңірлер… Қып-қысқа бір өмірлер… Қызыл кеште нұр тамшылар көгімнен, Мен отырмын хатқа қарап шошынып, Маған келген үкім болар, тегінде?.. *** Уақыт... Керуен-керуен мезертер, Секундтар... Ажал күткен кезекте... Бақыт... Алдамшы бір үміттей... Сағаттар... Қыршын кеткен жігіттер. Өмір... Өтіп кетті кешегі ел. Тәңір... Пақырынды кеше гөр!.. Алматы
Алпыс екі тамыры ақырын бүлкілдеп, Шаһар жатыр, көшелері күңкілдеп. Ақындары аттанады үн-түнсіз, Кеңсай жаққа біртіндеп. Көкірегі сірілері – қамыққан, Жалтақтайды сатылмалы жарыққа. Әнебіреу талант еді тәп-тәуір, Жатыр бүгін арықта. Е, бұл қала кімді марқұм қылмады, Алатаудың басында өлсін шын дарын. Көсем болам! – деп келеді ауылдан, Көкбазардың құлдары. Болар жағдай боламын деп болар ма, Құдай қыли қарайтындай оларға. Қарындыға қала ішінен үй дайын, Дарындыға – қол арба! Қыз ақынның маңдай соры бес елі… Ашыныспен артық айтсам, кеш, елім. Бұл қаланы шеше көрген барлығы, Әкесінің… мұндай өгей шешенің!
…Кел, ақындар, менен де бір ішіңдер, Күбірлейді қып-қызыл мас мүсіндер. Бұл қаланы Құс аңдыған көшеден, Есенғали ғана түсінген… Алматы кеші Жасын көшіп қара бұлттар есінен, Жарықтықтар сөйлейді-ай кеп шешіле. Көше бойы. Асығып та тұрмын мен Поэзия кешіне. Ақша қуған, атақ қуған түгелдей – тым қауіпті – ақын болу бұл елде. Келіп қалды дәу «мерседес» зырқырап, Өрімдей қыз – рөлде. Жас болған соң, жасындармен жалғанбай Өмір сүру қиын екен, арланбай. Қолшатырсыз қарап тұрмын, Үсті-бас Жыр-жаңбырға малмандай! Бағдаршамдар, күзетшілері көшенің, Бақылайды поэзия нөсерін. Көріп тұрмын, рөлде отыр жап-жас қыз, Қарақат көз, қош ерін!..
Нар тәуекел! Тоқтатуға бекіндім. Ақынмын ғой сүп-сүйкімді, кекілді!.. Сұлу бірақ мені құдды бұралқы Ит көретін секілді!.. Осқырынған орысшалау қыз түге. Әлде ағасы, әлде әкесі күшті ме, «Мерседесі» күрт ышқынып, Лай суды Бұрқ еткізді үстіме! Есіргендер өстуші еді жыларда, Алайда оны кекиген қыз ұғар ма. Арықта ағып барады жатыр қызарып, Құрты қозған бір алма… Ой, қойшы, поэзиясы бар болсын!.. Сол… отырған… Мақсат Мәлікке Білесің бе, Ғайса досым, сол, әлгі… Күлуді мен енді мүлде доғардым. Қу медиен сахарадай көкірек… Кеше түнде жоғалдым.
Содан кейін… Қаңғып жүріп таң алды, Түстерімнің түкпірінен оралдым. Қайтем енді, байыз таппай жүрген соң, Байғұс жаным дәруіштей боп алды. Жүргенімде, сонда Сенен алыста, Күрсінгенің естіліп ед ғарыштан. Сездім Сенің аспандағы бейнеңді, Ішіндегі перілермен алысқан. О, сол кезде сағынып ем Өзіңді, Жүрегіңді, жан-жүйкеңді төзімді. Ғайып сәтте Саған ұқсас пайғамбар, Менің мына құшағымда көз ілді… Сол… отырған… Сыра тартып, салқындап… Білте шамдай Ай жанады қалтылдап. Жасырынып тұрғандайсың әдейі, Аспан-қалқан артында!
Жаңалық жоқ. Сол… отырған… ән тыңдап, Баяғы бір балбал тастай қалпымда. Маңайымда тірі жандар билеп жүр, Арасынан елестейді марқұмдар… Бәрі өтірік – бақытты боп өтем деу, Бәрі – жалған, Таусылмайық бекерге?! «Алдавайда» кездесейік екеуміз, Ана жаққа біржолата кетерде… Күзгі элегия Сары мұң қалды көгалда… Жазмышын өзі сызған бақ… Тұманды жарып жоғалған Қып-қызыл Күнім – қызғалдақ. Қайырлы бұлттар қанатты, Төбемнен ұшты бұрқырап. Теректің жасын санап тұр, Көбелек – сары жапырақ. Жарқырап қайта шықса-ай Күн! Топырақ көзі – қақ суы… Мылқау бір жынға ұқсаймын, Сіміріп алған бақсы уын.
Сырымды кім бар тыңдамақ, Қоштастым Көкпен. Пенделік. Жүректе жырым іңгәлап, Тұманда жүрдім, сенделіп… Көңілсіз қыркүйек Оңтүстікке құстар ұшып кеткенде, Кезіп кетер кеуде ішін күз-көңіл. Көздеріңе жұлдыз түсіп кеткенде, Батыс жаққа асығады бір ғұмыр. Солтүстіктен ызғар шаша күз келсе, Мың бүгіліп намаз оқыр қызыл гүл. Шым-шытырық түске енді төзбесек, Шығыс жақтан күн көрмейміз біз бүгін. Аспанымнан жараланған қанаттан, Тамып түсер мөлдіреген тамшылар. Кім жылап тұр? Біз білмейтін жәннаттан, Бізді аяған, күнәсіз бір жан шығар…
Әне, әне! Бір қауырсын қалықтап, Көбелектей қонды жолдың бетіне. Жанып кетпе, өмір атты тамұқтан, Ақ, қауырсын, өтінем! Үзіп алып жапырақты саркебір, Бір шетіне құстың көшін көшірдім, Бір шетіне өлең жазып әлдебір, Әдемілеп оны қайта өшірдім. Мен де бір күн үзілем де сабақтан, Жапырақтай саған ұшам Жаратқан! Сонда маған құс қанаты қанатқан, Аспан жақтан шашылады парақтар… *** Мен жалғанға келгем Сені көруге, Өзің үшін қуану мен жылауға. Көркем көзің маған жылу беруге. Арналмаса, айналамын қырауға! Мен дүниеге келгем Сені естуге, Ғашықтықтың қайғы-зарын білуге. Мәжнүн күйін бастан кешкен естіге Бұйыр енді өлуге!
Мен білгенмін... Құмар жанға жаза – мың, Дүниеге келген сәтте-ақ ұрындым! Басылғанда жүрегімнің азабы, Мекеніме қайтып кетем бұрынғы... Тағы да саған Сенің ғана көздеріңмен көргім келген әлемді, Сенің ғана сөздеріңмен өргім келген өлеңді. Сенің ғана саусағыңмен ағытқым кеп түймемді, Сенің ғана ерініңмен білгім келген сүйгенді. Сенің ғана қолдарыңмен әлпештеп пәк сәулені, Сенің ыстық тынысыңа күйгім келген, әуелі.
Сенің ғана шаштарыңда қалғым келген тұншығып, Сенің шығып асқарына қалғым келген бір шығып. Сенің сұлу бұрымыңнан иіскей-иіскей гүл исін, Сенің ғана қулығыңнан өлгім келген, у ішіп. Сенің ғана құшағыңды қанат қылып… Күн асып, Сенің ғана кірпігіне кетсем деймін ұласып. Сонсоң, бүкіл ғұмырымды көне хаттан таңбалы, Оқып шығып, жатқанымда жас баладай таңқалып, Көкірегімді шаттық кернеп, еңіреуді қош көріп, Көздеріңнен ыршып кетсем бұршақ-бұршақ жас болып! Алғашқы қар Диірмен-аспан түбінен, Төгілді мәрмәр ұнтағы. Азынақ көңіл етегін Қымтағын. Ақ ұлпа құстар ғарыштың, Қонақтап жатыр жерге аман. Бойынан сырғып қамыстың, Бір тобы құлар көлге алаң.
Әуеде билеп ақ құйын, Тигізді тауға табанын. Тәңірдің берген ақ сыйын, Қабылдап жатыр жалғаным. Ақша қыз мақпал денесін, Тигізді жапырақ-жігітке. Сорайған аппақ енесі, Көндірді күзді үгітке. Күздің де бітті билігі, Төрінде қыстың бейнесі. Бебеулеп кірді килігіп, Ақ аттар тартқан күймесі. Қалықтап келіп көгімнен, Төселді көрпе қар мамық. Оранып аппақ кебінге, Сіресіп қалды быламық…
P.S.
Терезе сырты ақ әлем, Бер жағы дерт пен дәрілер. Ұйқассыз ұйқы – ақ өлең, Ақшақар қыздай дәрігер… Қысқы палитра Қар жауып тұр былтырғыдай, Неткен өрнек ағыл-тегіл. Аяз ата – жылтыр құдай Алдап жатыр тағы мені… Гүл өсіп тұр темірге де, Шын гүл емес, қырау ғана. Мұнша қатал өмір неге? Тағдыр деген – жылау ғана. Солқылдап бір жылап алшы, Мұзға айналсын қарың мына. Тұра алмаймын сірә, қарсы, Көк аяздың жалынына! Сұп-суық боп, маздап тұрсаң, Жұбанады жалған мына. Жапырағын жаз лақтырса, Обалын да қардан сұра!.. Жылашы сен! Жылағаның – нағыз өмір, Қалғаны – ермек. ….Білдіреді тұман барын, Мұзішіндік таңбалы өрнек… Сәлем, көктем!
Сәлем, көктем, Мен қайтадан туылдым, Көк аспанның күмісімен жуындым. Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің, Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым. Сәлем, көктем, Таңғы самал ескенде, Бұлт гүл болып өскенде, Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де, Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде. Сәлем, көктем, Өрнек қандай су салған, Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған. Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың, Жұпар исін жұта берем жусаннан. Сәлем, көктем, Өліп кетпеу үшін мен, Күннің нұрын жүрегіме түсіргем. Аспан асты – керемет той, аста-төк, Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген…
Сәлем, көктем, Өркеш-өркеш томарың… Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!.. Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып, Қауызында сақталса еді обалым!.. Сәлем, көктем! Кіл еңбекқор, кіл асқақ Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан. Көңілімнің оркестрін ойнатты, Тырналардан нота түзген мына аспан!.. Музаға Мейірімді жүрегіңмен кішкене, Уды өлтірдің жүрегімді тістеген. Зейнұр сені әкелгенде әлемге, Ажал маған мәңгілікке «қош!» – деген. Мен өзіңді аспан жақтан сұрағам, Уығымсың! Шаңырағым тұр аман! Заңғар-заңғар биіктерге ұш, қызым, Адамдарға еліктеме жылаған.
Мен сияқты қумай босқа сағымды, Уысыңда ұстағайсың бағыңды! Зұлымдықтың тік қарағын бетіне, Адал болсаң, сындыра алмас сағыңды! Маңдайыңа жұлдыз жақсын Тәңірім, Уыздай боп үлбіресін көңілің. Зерделі бол, зиялы бол, балапан, Аллахуакбар, ұзақ болсын өмірің! Жетіқарақшы Түнгі қара сұлбамнан, Іштегі әлем шетінен Мың-мың жазу түсірем жұлдыздардың бетіне. Қос дүниенің арасы жалғансыншы менімен, Жалған тәннің ішінде бөлінсем де екіге!.. Маған бүгін бар сиқыр амалсыздан көнеді, Мен жай адам емеспін, Мен ақынмын себебі! Шексіздікті жұта алмай, көп тесілсем көгіме, Менің жасыл көзім боп, аспан жерге төнеді!..
Шексіз сана ішінен көлеңкелер қараңғы, Қанаттанған сәулемен барша әлемге таралды. Мәңгіліктің төріне суретімді салдым мен, Көңілімнің мұңына малып алып қаламды!.. Шындығында, тұңғиық ғарышта да жыныс бар, Жүрегімнің түбінен құмар үнін тыныстар. Құс жолы әні! Тұмандық… Жұлдыз-жұлдыз… жұлдыздар!.. Тамшылай ма санама вирусы бар дыбыстар?.. Түнгі қара сұлбамнан, Іштегі әлем шетінен, Мың-мың жазу түсірдім жұлдыздардың бетіне. Енді сырқат ғарышқа емші өлеңді жіберем, Мұздай суық төсіне қадап кетсін жеті ине! Түнгі коллаж
Керікмойын мұржалар… көмейлерінен жын ұшып… Жапырақ-жәндік сыңсиды, өз ішінде бүрісіп. Ертегілік кейіпкер шығардайын құмардан, Түкпірінде есімнің шар үрлейді тұманнан… Құбылмалы өмір бұл, кейде қиял, кейде мұң, Өзім де адам емеспін, сыра аңқыған жейдемін. Бірақ тірі жейдемін, Сөйлеуге де тілім бар, Ойлап қоям, сыра иісін жақсылыққа ырымдап. Қалықтайды әуеде май шам жанған бөлмем де. Құтырынған құс сынды жаға-жеңім ербеңдеп… Түнгі жынды көбелек нұр іздейді көзімнен… Аман қалсам игі еді шалығы зор сезімнен!
Ішімдегі шайтаным шайқап-шайқап қайғысын, Жүрегіме толтыра ішіп отыр, байғұсым… Көше кезіп, бақ кезіп, қанбай қалған ойыны ма, Қалғып жатқан таулардың бұлттар еніп қойнына, Өзім еккен жас талдың түс көруде бүршігі. Ай да қонды аулаға, көк ала қал – тұмсығы. Тек сен жоқсын бұл түнде, Сағындырмай келші, еркем, Құлазыған ғұмырға егіз болған көлеңкем… *** Олар ұзақсыр шертісіп отырды... Жаназа оқып, жанған Күнді батырды. Келер таңды азан ұшы атырды. Сүйкімді қос тентек бала, ақылды, Ұзақ-ұзақ сыр шертісіп отырды...
Олар ұзақ ағыл-тегіл жылады, Бұлдырады қара көздер қырағы. Қос көмекей – қанжар-сөздің қынабы... Қос кәлләнің бұлаңдады шырағы... Сүйкімді қос тентек бала... жұма күн, Ұзақ-ұзақ ағыл-тегіл жылады. Олар кенет құрбантыққа тіленді, Ақыл айтар, бақұл айтар кім енді? Екеуі де – келбетті жас, гүлөңді. Сүйкімді қос тентек ұл... Құбандыққа тіленді. Елеместен азғырынды сыбырды, Елеместен жындысүрей дүбірлі, Олар іштей бір-біріне жүгірді, Пенделіктің ала туы жығылды. Қайта бастау керек енді ғұмырды... Эйфория
Күрсіністен арқамдағы қанаттарым сілкініп, Арманым жоқ, ұшып кеттім періштедей бір күні. Шыр айнала атылдым да, Биіктікке құлшынып, Ағыл-тегіл жылап алдым, көк аспанда тұншығып. «Таба алсам ғой кеудемдегі алаураған құсаға ем, Айды әлпештеп әр сөзіммен, Күнді барып құшар ем!..» Деген оймен, Тозақтан да самғап кеттім жоғары, Рухым байғұс бір қуанды, еркіндіктің ұраны.
Ох, шіркін-ай, мұндай рахат көрмеген бұл жүрегім Менен бөлек құс боп ұшып кетердейін, білемін. Сағым болып билеп тұрған көріп қалдым бақты бір, Ақылымды аймалайды тылсым жақтан тәтті нұр. «Жұмақ па бұл, пайғамбарлар суреттеген неше бір, Жұмақ болса, кірер едім!.. о, Тәңірім, кеше гөр!» Әне, әне, мен сияқты қанатты бір сұлбалар Ұжымаққа еніп жатыр, еніп жатыр ұрлана. Бәз біреулер ұлымен де, құлымен де қауышып, Оймен ғана тілдеседі, естілмей-ақ дауысы!.. Елдің бәрі мәз кезінде мен де қарап тұрам ба, Бірдеме деп сөйлеп қалдым айдары әсем жыланға…
Әйел ме екен, сайтан ба екен сол бір жылан, сол бейбақ, Сықпытында түн ойнайды, жанарында – Ай-аруақ. Сорлы екенмін, рұқсатсыз кіріп кеткен пейішке, Жон арқамнан қамшыменен осып өтті періште, Құлап кеттім мен қанатсыз!.. осы өмірге-төменге, Содан бері, қорқып жүрмін қанаты жоқ денемнен… Сабыр, сабыр… Қалмахамбет Мұқаметқалиға Қамығамыз бекер біз. Рас қой, енді! Бұл жалғанға бөтенбіз. Жалған жарық жақтырмаса, не етерміз, Көлеңкеге айналармыз екеуімз… Қазір кілең бай-манаптар үдеп тұр. Тәңір егер берсе бізге тілекті, Көлеңкемен жіберер ек жарық қып, Күні ертеңгі түнекті.
Көз көрместі біздердегі без көрген, Ұғып болдық – заман қатты өзгерген. Ерен ойды жаратамыз деп жүріп, Таяқ жедік ергежейлі сөздерден. Не демекпіз халыққа? Қарық олар шамдар шашқан жарыққа. Көлеңкеден көлеңкелер түсіріп, Күбірлесе тұрайықшы тамұқта… …Міне, қазір хабарласам, Қамықпа! Иман Жібек қылып отыр біреу түнді есіп, Орман демі керімсалдай тұрды есіп. Бір қуатты аппақ нұрға малына, Ғалам жатыр тыныштықпен тілдесіп. Бір мезетке аңырая өмір дүр, Салқын көкте сапар шегіп Тәңір жүр. Жұлдыздардан тұрғызылған көшеге Кілем болды тұмандықтар көгілдір.
Кеңістікті ой баурауда кемеңгер, Гүл аңқиды, жыр аңқиды жұмыр жер. Таң қалысып, қарай қалды жан-жақтан Бей-берекет өмір сүрген әлемдер. Белгісіз бір бағыттарға бет алып, Рухтар ұшты, қызыл-жасыл от алып. Күлкі үнінен ғарыш жатты жайқалып, Жақсы сөзден жәннәт майы тұтанып!.. Бұл не өзі, мен жынданған шығармын? Енді ешқашан болмаса екен мұнар күн. Көзді жұмып күбірлеймін ішімнен, Шатастырып сүрелерін Құранның!.. Ал, шын айтсам, Таң атқанын тілеумен, Түн өткіздім ғарыштағы біреумен. Ол біреуім үнсіз ғана ыңылдап, Жүріп алды жұлдыздарды күреумен… ***
Дала бейне теңіздей... Ал ол алсы шаһардан келе жатыр мені іздеп... Тәрк еткен соң қызық-думан – барлығын. Көкірегіндегі шам тіліндей нұрлы үміт, Сөнер-сөнбес кейпте шыңғырады қарлығып. Әр елестен бейнемді қалқып жүрген көшкіндеп, Көшіреді кеудеге суретімді кескіндеп. Сағыныштан жүрегі бір уыс боп жиналып, Тәңіріме жалынып, иман оқыр ибалы. Мекендеген қалтасын көмескі бір суретім, О, бұл неткен іздеушім, тыным таппай жүретін. О, несіне мен саған қажет болып қалды екем, Қайран менің қарт бабам, қайран менің шал көкем?!
Қарсы алушы ем алдыңнан, білмеймін-ау, қай жерде, Келе жатыр ақсақал, селеу саусақ, ай кеуде... Бір астау ет жылқының, торсық-торсық қымызды, Алып шығып күтуші ем, қонағымды ең ізгі. Саясына еменнің көрпе тастап, жантайып, Ол маған бір әңгіме айтар еді марқайып: «Сені балам іздедім, ғасырлардың көшінен, Сені балам іздедім, ақындардың ішінен. Іздедім ғой бірақ та, таппадым ғой аспаннан, Құтылмас ең бәрібір, мәңгілікке қашқаннан. Алыстағы шаһардың шайырынан көнерген, Саған кітап әкелдім, іші толған өлеңге.
Алыстағы шаһарда түсінбеген оны ешкім, Сол шайырмен жер үсті өзім ғана тілдестім. Жаһандағы ол шайыр алғашқысы болатын, Кемеңгерге аспаннан өлең-құстар қонатын. Сол құстардың ішінде, Жазылмаған жалғыз-ақ ала қанат кептер жүр. Кеудесінде кептердің екі-ақ шумақ өлең тұр, Өлеңдегі мағына ой жетпейтін терең бір. Саған айтсам деп едім, түсінер деп жұмбақты, Уақыт, шіркін, тоқтамай мыңжылдыққа зыр қақты. Іздей, іздей шаршадым, енді таптым мен сені, Ұлы рухы шайырдың түсірмеді еңсемді!».
«Ал, тыңдай ғой!» – дегенде оянамын, селк етіп, Елес болып сақалы терезеден желк етіп, Жоғалады әлгі шал, оралады қайтадан, Басталатын сапардың соқпағына лай табан. Мен қалғанда күтумен мыңжылдыққа дос болып, Бір шаһардан шығады жалғыз соқпақ басталып... Қас-қағым Айқасқанда кірпіктерім, көз жасымен бапталған, Қорқынышқа қозғау салып қараңғылық қатпарлы, Қайдағы бір әлемдерден (алтынменен апталған) Жұлыныма жұлдыз жауды, көк түбінде сақтаулы. Жар қасында ашылғанда жалғыздықтың құшағы… Бір бұрышта бөлектенем бар ғаламнан, бүрісіп. Көз ұшында ұшып жүрді жүрек қана құсалы, Қып-қызыл бір көбелектей түн іші…
Көз ішінде күрсінулі көлеңкелер көшуде, Көлеңкелер – жүйкемдегі сәулелердің мүрдесі. Айналамнан ызың-қуың естіледі дыбыстар, Барша адам мен өсімдіктің ауысқандай мүлде есі… Уақыттың өзі, сірә, қап-қара тас пішінде… Ертең қайта қақ төбемнен Күн жайнай ма, кім білген. Бір жұмылып, бір ашылған жанарымның ішінде Ұшып жүрді бір қара құс, қанатына түнді ілген… Қылкөпір Шылымымның көк демі боп шұбалған, Сүрлеу-түтін сіңіп жатыр тұманға. Ауа ғана күрсіністен уланған, Талықсиды қасыретті құмардан. Сират-сүрлеу көз ұшында басталған, Көтеріліп бара жатыр аспанға. Күйреп қалған қалалар бар астында, Сиреп қалған жанарлар бар жас тұнған.
Күнәһарлар аттанатын мақшарға, Мына ізбін қылкөпір ме тасталған? Кеше ғана мың арманнан мастанған, Екі жағы көрінбейді бастардан. Арты өкініш, азабы мол – алды мұң, О, неліктен мен көремін жолды бұл. Салынбаған суреттерді әлдебір, Түйсігіме тығып жатыр жын небір. Елестермен күресуге пәрменсіз, Сорлы миың дабылдайды дәрменсіз. Содан кейін жындануға шақ қалып, Отырасың өз-өзіңнен сақтанып. Ауыр ойлар өлеңің боп жатталып, Ақ параққа тізбектелер қатталып. Ал, қылкөпір ерініңнен басталған, Бұралаңдап ұшып жатыр аспанға. Аспан қайда? Ол ауадан уланып, Ұйықтап қапты, жүрегімді жастанған… Дұғалау
Қырық шырақ тұтатып, дұға оқып отырмын, От ішінде билеген сайтаным бар ақылды. Сақ-сақ күліп, құбылып, жайнаңдайды жанары, Жолатпайды маңына молдасынған ақынды! Күрсіністі түнге атып, ішқұса боп жыладым… «Бұл дүниеде кім суайт, кім оңбаған, кім әділ?..» От-жалын боп шалқиды қырық шілтенді дұға-тіл, Өмір мәнін бес күндік өз-өзімнен сұрадым. Ішім толған зар мен мұң… Көрмегенім көп менің? Шырақ-үміт қолға алып, қара ойларға беттедім. Ол ойларда – күрең күз, ажал күткен кемпірдей… Өліп кетті көктемім…
Айшық алдым қолыма… қорқытпақ боп сайтанды, Сайтан кетті көрінбей, Сайтансыған Ай қалды. Жон арқамнан, жыбырлап, қанат бітер секілді. Жан кәусары дірілдеп, жүрегімде шайқалды. Секем алдым ажалдан… Енді емделу қиын-ды, Өрт лаулатқан өз дұғам өртейтіндей миымды. Сайтан қайта көрінді сұлу әйел түрінде, Оған мені азғыру қорқытудан тиімді. «Уа, Жаратқан – дедім мен, – құтқар мына пендеңді, Құзырыңа Өзіңнің пақырыңыз көнді енді!..» Сонда ғана қырық шырақ шытыр-шытыр лаулады, Бір қара рух бірақ та, кезіп жүрді бөлмемді… Ақырет
Жылады ма Тәңірім, жалғыздықтан жабыққан, Көк аспанның түбінде жұлдыз ақты тамұқтан. Жер-Ананың жүрегі тоқтап қалды тас болып, Әділетке зарыққан. Ойланбайды ол енді, Жаппар Ие өлтірсе. Айналмайды ол енді, айналмайды еркінше. Қарғыстан да қараңғы. Ай тартады табытын, Жаназасын – жел дүмше. Қара аспанға шапшыған адамзаттың күнәсі, Періштелер ғайыпқа ұшып кетті Күн асып. Жансыз қалған Жер үсті естіледі Ең соңғы Пайғамбардың дұғасы. Жер-Ана өлді, тамұқтың мөрі түсіп тасына. Осы сұмдық әлдебір сұмдықтардың басы ма? Мұхиттар мен теңіздер кеткен екен айналып Бір тамшы көз жасына…
Сөз жоқ, енді басталмақ космостық басты ылаң.. Қара аспанның от жанар үстінен де, астынан. Ай да ғайып, Күн ғайып… Судырайды құр ғана Бір сөзі жоқ бос Құран… Балапан Сарыауыз балғын балапан Шырқырап іздер енесін. Жақ жүні қызыл ала таң, Жауратар әбден денесін. Күн-өктем ілезде бұрқаулы… Балапан жатыр қорексіз. Болды ма жемі сұңқардың, Енесі кетті дерексіз. Түйсігі әлсіз бейшара Қыбырға ғана сенеді. Ұяға шөп кеп түссе де, Аузын аша береді. Лүпілдеп құйттай жүрегі, Ұяға симай кетеді. Титімдей сорлы!.. Кең дүние Жарылқай салса не етеді!.. Сезбеді тіпті өлімді, Бергенде тағы таң қылаң, Анасы болып көрінді Ысылдап тұрған әбжылан… Ақиқат
Оралмай қап кешкі серуендерден, Құмға сіңіп, қираған керуендермен, Бұл жалғанды сүймеген мұңлықтармен, Күн астында қақталған құрлықтармен, Шындық үшін баз кешкен шаһиттермен, Тамшыларда тұңшыққан мұхиттармен, Күдіктерден мертіккен армандармен, Шың басында ентіккен ормандармен, Ақ параққа түспеген дастандармен, Ақ бұлттары адасқан аспандармен, Шылымдармен ең соңғы, шегілмеген, Бұрымдармен кеудеге төгілмеген, Соңғы бейне сақталған таспалармен, Сахнада тапталған маскалармен... Біздің басқа қонбаған бақытпенен, Тектен-текке өртенген уақытпенен, Күннің нұры сырғыған сілемдермен, Оранып ап жап-жаңа кілемдермен, Иегіңмен соңғы түк тебіндеген, Көкйлек киіп ең соңғы кебін деген, Мойындарды қажаған қамыттармен, Қайыңдардан қашалған табыттармен, Табандарға қадалған жаңқалармен, Құшақтасып қураған қаңқалармен, Тарам-тарам сүрлеулер, тармақтармен, Бір өкініш аңқыған келбетіңнен, Жоғаламыз бір күні жер бетінен!
Сөз Ең әуелі сөз болған Інжілден Алдымен Сөз! Содан кейін барлығы, Солай еді Хақ Тәңірдің жарлығы. Сөзден ғана пана тапқан жүрегі, Аянышты ақындардың тағдыры. Алдымен Сөз! Содан кейін барлығы, Солай еді Ұлы ақынның жарлығы. Содан бері қарашықтың түбінде, Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы. Алдымен Сөз! Содан кейін тіршілік, Бір құрасақта бұлқыныпты, тұншығып. «Күн!» – дегенде көкжиектен күн шығып, «Түн!» дегенде – қыр астынан түн шығып, Шайырларды құшақтайды қымсынып. Алдымен Сөз! Содан кейін елеңдеп... Әріптерден құралатын әлемде. Жұлым-жұлым дәптеріне ғаламның, Көз жасы боп тамшылайды өлеңдер...
Алдымен Сөз! Содан кейін бар дала, Тымырайып жалған сөзге алданар, Жүректерге көшер ме екен сүртілмей, Тамшыдағы таңбалар?.. Жүгіну Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Біздің жақта азғындаған күй мынау, Көк түріктің рухы өшкен заман бұл, Кеңірдегін кеміреді қылбұрау. Көкжалдықтан айырылған бір ағам, Төбет құсап тағып апты қарғыбау… Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Жалған жатыр сол баяғы жалған боп. Аласарып таулар ғана қартайған. Мағынасыз жанарларда – жалған от, Жағылмаған шырақтарда шайқалған, Сөз шырыны шынымен де арман боп.
Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Көкке қарап жылауды да ұмыттық. Оны мен де ұмытқанмын. Бес күннің Мағынасын түсінбеуге құлықты, Бүгін бізден тектілік те жоғалды, Бақытым деп ұғынатын былықты. Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Көкке қарап ұлуды да доғардық, Қыңсылап кеп тығыламыз әркімге. Мың бүгілген белімізге обал-ды, Көк Түрігім өз ішінде өртенген, Көп түрігің көпқұдайшыл боп алды. Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Төрт құбылаға түмен-түмен атылған, Бізде дәрмен қалмады ма шынымен? «Билеушімін!» – деп шығатын жатырдан, «Күн біздікі!» – деп шығатын түнімен, Афрасиабтай айырылдық па батырдан!..
Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Бабаларымыз тітіреткен жаһанды! Бізден қашан қыңқыл-қыңсыл жоғалар?.. Атқа қонып, белден буған шапанды, Құшағына паналатқан Отанды, Бір бабамды елестетем, ағалар! Ұмай-Ана! Көк Тәңірді көрдің бе? Тербететін рухымызды қолға алып, Бізді мүлде ұмытқан ба, ол ғаріп? Күдер үзіп кетті ме екен біздерден? Бұл жалғанда бәрі қазір өзгерген, Бір мейірім іздеп жүрміз, алданып, Сөніп қалған көздерден…. Ұмай-Ана! Көк Тәңірге сәлем айт! Күпірлі ирония Шахановша әзілдеу Бәрі өтірік боп шықса – Хауа Анаң да, Қабылың да… Ең алғашқы Адамың да! Жердің бетін күл қылатын, Жарық Дүниемді түн қылатын Ақырзаманың да.
Бәрі де өтірік боп шықса – Жұмағың да, Жұмақтағы ғажабың да, Тозағың да, Тозақтағы азабың да! Гөйтіп жүргенімізде «Жан дегенің – құпия құбылыс» деп, Періште мен ібілістер, Қылкөпірлік «жүгірістер», Күнәлар мен түңілістер, Бәрі ақырында өтірік боп шықса! Онда мені діншілдердің қатарынан шығарып, Салып көрші жүрегіме бұғалық! Өлгеннен соң бәрібір ғой, Дінге мүлде бөлінбейтін, Көзге мүлде көрінбейтін, Аруақтарға айналмаймыз ба, Құдай-ай, Соны неге түсінбейді бұ халық?!.. Мінәжат Сабыр берші Тәңірім, сабыр ғана, Күйкі тірлік батып жүр қабырғама. Үміті көп бейбақ ем, Сандаламын, Саруайым санамды сағым қамап.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана, Ынсабыма керегі дамыл ғана. Сабыр бер де, ақыл бер аңқылдаған, Жүрек төрін жайласын көңіл–қонақ. Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана, Ойланайын бір уақ шамырқана. Алабұртып әрнеге, адасармын, Алтын-күміс, гауһармен жарылқама. Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана, Басқа тілек менен Сен қабылдама. Барар әлі алдыңа жаным қара, Тажал тәннің мекені – қабірхана… Әумин деші… Ғайсаның монологы Жалғап тұрған Жер мен Көктің арасын, Қайран жалған, қайда кетіп барасың. Тәңір көктен жібергенде қайтарып, Тозаң болып мені қарсы аласың!
Адамзаттың күнәсіне мұңданып, Ажалыммен жүз ойнағам шыңдалып. Іңір кіре Ібіліспен жолығып, Екі кеште кеткендеймін жынданып. Қимаймын деп көк отына тамұқтың. Адамзаттың қамын ойлап, қамықтым, Осы жолда тәрк еткенмен өзімді, Құрбан болу қасіретін жаңа ұқтым. Бақи менен фәни заңы жалпылық, Жалпы көпке түсіріпті жалқы ғып. Балаң арман бой көтерсе санамда, Бас шайқады көз алдымда қарт үміт. Азап болды мен жүрер жол ертеңгі, Қайтем енді, жүрегімді дерт емді. Сабырлы боп көрінгенмен бәріне, Өне-бойым қорқыныштан өртенді.
Тәңір айтқан текті сөзді енді ұқтым, Аспан жақтан сәуле іздеп, көз тіктім. Қуыршағы болғанымша Құдайдың, Құрбаны боп кетпедім бе кездіктің. Жазылар-ау ертең Інжіл – әз хабар, Жанарлардан мені аяған жас тамар. Шәкіртімнен сатқындықты сұрағам, Түн ұйқыда жатқан кезде басқалар. Жоғалттым мен туа сала бақытты, Іздеймін деп жүректерден жақұтты. Мың соқпақта адасып кеп іркілдім, Жалғыз Ием тоқтатқан соң уақытты. Отыз үште ортаймаған көңілмен, Отыз үште қартаймаған өмірмен. Отыз үш мың түсіп тозақ отына, Отыз үш мың қара жерге көмілгем.
Жұмақты емес, аңсап едім бір ләззат, Күйдірді ғой, қайтейін-ай, сыр-азап, Магдалена арманымсың құпия, Құпиядан шерлі көңіл зәрезап. Бұл дертімді емдей алмас жұмақ та, Күлкісі мен үні оның құлақта. Құдай атты махаббаттың әлемін, Салғым келген қыз бұрымды бұлаққа. Мөлдір бұлақ, құмды қырат, тұр есте, Балғын кезім, бал сезімім, бәрі есте. Пайғамбарлық парызымды қайтейін, Сүймеген соң іңгәлаған нәресте. Азап қандай, аспан жерге құлағыр, Мазақ қандай, қатқан жерім жылағыр. Бір-ақ сәтте ажал шешім шығарар, Мың-мың сәттен тұрғанымен бұл өмір.
Менен соң да таң атады, жер көктеп, Қара жерге қонақтайды мұң-кептер. Сыз ғаламнан қылдай болып тартылып, Көтереді жүрегімді гүл жіптер. Пайғамбардың жолын өттім шынайы, Пенде болып кете жаздап ұдайы. Сен көрдің бе қасіретті осындай, Адамзаттың, жер мен көктің Құдайы?! Сездің бе сен бір ләззатқа шөлдедім, Бұл өмірде бір қуаныш бер дедім. Қайғысы да, наласы да адамның, Кешір мені, сенің ғана ермегің. Жалғыз қалдым, ажал жақын төрімнен, Жарық жалған қараңғы екен көрімнен. Жүрек емес тамырларым жарылып, Ұшар ертең жаным тәннен бөлінген.
Сонда менің халімді кеп көргейсің, Сонда мені неге, не деп тергейсің. Тамырымнан жақын едім мен саған , Тағыдырымды өз қолыма бергейсің. Ықтияр жоқ жадырап бір күлуге, Жол таппадым түн түнегін түруге. Уа, Жаратқан босат мына айшықтан, Өзім үшін бір сәт өмір сүруге. Бұл қорлыққа келер кімнің көнгісі, Жанбай жатып келер кімнің сөнгісі, Қасіретімнің құпиясын аңдасаң, Көкке көз тік… Сұлбам – сұрақ белгісі! Өкініш Жер бетіне мыңжыл бойы тұнжырлы, Аппақ жұлдыз сапар шекті мың жылдық. Тау мен тасты жарып өткен сәулесі, Жүректерді тесе алмаcтан, қынжылды.
Тәңір атты жаралған соң өрістен, Аппақ жұлдыз – періште еді келіскен. Пенделердің әлеміне жол тартты, Пенделерге көрінбейтін пейіштен. Батыс жақтан көлбеңдеді көлеңке, Шығыс жақтан сібірледі кіреуке. Бір хабарды айта алмаған хабаршы, Бұл жалғанға келді ме екен тым ерте? Солтүстік пен оңтүстікте таң атпай, Гүлдер солды, желге бетін қаратпай. Пәктік пенен адалдыққа өгейлеу, Аппақ нұрды бәрі тұрды жаратпай. Бар ғаламды басып кетті қас түнек, Көкжиекті жасын өтті кескілеп. Қараң бірақ адамдардың жанары, Қарашығы санасынан естірек…
Ғасырларда нәлет құшып тасталған. Сол күндердің көздерінде жас қалған, Аппақ жұлдыз жаңалығын айтпады, Содан кейін бәрі қайта басталған. Қараңғылық күтпей жатып Күн, Айды, Аяғы ауыр бір аруды сынайды. Құрсағында тулап жатқан пайғамбар, Тумай жатып, өліп қалған сыңайлы. Аппақ жұлдыз қара аспанда жылайды… …әлем әлі дайын емес… Көшпелі таным Қайран Митра, Мейірімің шуақты, Қайырымың қуатты, Бүгін мені түлендер түн ішінде жылатты. Күрсініс те, күдік те бұрынғыдан қараңғы, Сірә, көктен біздерге ақырзаман құлаттың…
Қайран Митра, Сөзің сенің Күн еді, Безің сенің Түн еді, Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді. Бүгін енді тұман да түйсігімді тұмшалап, Бүгін енді құландар тек түсімде жүреді. Қайран Митра, Мейірімің шуақты, Қайырымың қуатты, Жусан исі шалқитын бәріне ортақ бір-ақ тіл! Құдіретіңе сыйынып, тітіреткен әлемді, Балбал баба жылап тұр… Қайран Митра, Сөзің сенің Күн еді, Безің сенің Түн еді, Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді. Тастан қатты бүгінде бетегенің бүйрегі, Қара орманның бауыры, Қара жердің жүрегі.
Қайран Митра, Мейірімің шуақты, Қайырымың қуатты, Жанарымнан көңілдің майы аралас у ақты. Кіндігінен әлемнің сені тапсам деп едім, «Митра көшіп кетті» – деп, сорлы үмітім жұбатты… Атамекен Тасы да мұңлы салар ән, Тауы да тірі әулие, Туған жерге оралам, Топырағында бар кие. Құстары – пері, сенсеңдер, Сусылдап көлге қонатын. Қайыршы түрде келсем де, Қақпасы ашық жәнәтім! Туған жер – әкем һәм анам Тұмасы – мұздай зәмзәмім. Тоғайдың қойны – долана, Жартастың қойны – алша мұң… О, туған жер, Өтті ғой деймін күнім мың, Алыстап сенен, бұлғақтап… Қаңғырып кеткен ұлыңмын, Қалаға барып… жын қаққан.
Қамқоршым өзің шыдамды, Қандайда болсам, қабыл ал. Көйлек қып көкшіл бұтаңды, Бұлтыңнан шекпен жамылам. Жусанды ғана қалаған, Жұмағыңда жүрген сайтанмын. Топас та қапас қалаға Періште болып қайтармын… Дала трагедиясы цикл І. Ақын мен атом Генералдар «қызыл түйме» басқанда, Тозақ оты көтерілді аспанға. Дегелеңнің қақ жарылып бүйрегі, Дала жатты жанарынан жас парлап. Ауылдарда алдын ала тасталған, Иттер менен мысықтар жүр аш қалған. Біреуінің жүні жидіп, Бірінің Жанары ағып… Аппақ сүйек бас қалған. О, қас жандар, бұл не деген масқара! Қандай зұлмат қара жерде басталмақ?! Орман-тоғай тамырлары үзіліп, Жапалақтап күл жауады аспаннан!
Дауыл соғып, тұншықтырып жер бетін, Өзгертуде кербез дала келбетін. Жер ананың шашы ағарып ілезде, Қарғап жатты қасиетсіз жендетін… Қандай қайғы көрмеді бұл мекенім, Қаншама ұлдар қаза тапты шекелі! Аштықты да, айдауды да көрсе де, Білмеді ғой жынды атомның не екенін! Бұза алмаған қанша жасын-жебелер, Быт-шыт болды таулар киген көбелер. «Мақшар күні келген екен!» деп жүрді, «Қызыл жұмақ – коммунизм!» деген ел… …Жылдар өтті, дала ерні кезерген. Жанданар ма орман-тоғай, өзен-көл? Жапырақтың жанарынан қырдағы, Жасырынған сәуле дертін сезем мен.
Түзде қайта көк өсуде ұйысып. Тек Сөз ғана сақтайды екен иісін: азалы жұрт Абай жырын жаттаумен аман қалды, жусан аңқып ми іші! ІІ. Психосурет.
Жер-суына ұқсап қалған түрлері, Біздің жақтың адамдары күрделі. Жүйкелері Күн нұрына күрмеліп… Күлкі орнына – иектегі дірдегі… Мен, әйтеуір, бұл жалғанға келгелі, Жанар гүлі бүр жарғанын көрмедім. Жыламсырап шыққан керең сөздері Өзгермепті, бабалары өлгелі. Қуғыннан ба, аштықтан ба, білмедім, Ұрпақтары со қалпы жүр түнеріп. Іштегі шер сыртқа лықсып шыға алмай, Күп-күрең боп, міз бақпайды іреңі. Аралатпас ішкі сарай-бөлмені. Ілінулі жүректердің ілгегі. Жүздерінде – сыр бермейтін салқындық, Жарығы жоқ тас үйлердей түндегі.
Тірі жүрсең, ол – өзіңнің еңбегің, Өліп қалсаң, төсегің бар көрдегі. Ғайып болсаң, жоқтамайды дала да, Сыбдыр етіп теңселместей шеңгелі. Ертеңгілік қабірлері қазулы, Біздің жақтың адамдары қажулы. Шал жігіттер, кемпір қыздар қайдағы, Жарылыстан бетке түскен әжімі! Бұл неғылған сұрғылт-сұрғылт суреттер, Бұл неғылған меңірейген жүректер?.. Мұздай нұрға бөлеп жатыр даламды Қорымдардан сәуле шашқан сүйектер!.. ІІІ. Қария мұңы
Мына ауыл болды енді оңбайтын, Балалар аз, асыр салып ойнайтын. Қайтем мына ойларымды зарлайтын, Кәрі миды құрттай тесіп қоймайтын. … Анау жерде ләңгілі топ, бірнеше, Анау жерде асықты топ, бірнеше. Бір топ бала, сияқтанып дәл кеше, Доп лақтырар, құлаштарын сермесе. Сонау құмда бір қожалақ бүлдіршін Сарай соғып отыратын, Күмбезі… Бұзау айдап жеткіншектер оу қырдан Түсетұғын, торы тайға міңгесіп. Келіншектер бөбек ұстап, шешек-гүл, Өң-түстері өртеп кетер өсекті. Кейуаналар желкен тұтар өрмектен, Толқынында жасыл өлең-төсектің!..
Е, шіркін-ай, улап-шулап қой кешке, Қозыларын емізетін дөңесте. Жыр-думаншыл қайран ғайып құрдастар Алар ма екен о дүниеде мені еске?! Қолдарында жарқыраған күрегі, Егін жақтан келер елдің тірегі. Қайран біздің қасиетті туған жер!.. Қажыды ма, қартайды ма жүрегі?.. Қайран ауыл, ең сүйікті жердегі, Тым шөктіріп жібердің-ау сен мені. Басқа ермек қалмады ғой біздерге, Әй, кемпірім, шәй ішелік, кел бері!.. Содан кейін малдас құрып, жөтеліп, Ауырлаған сүйегімді көтеріп, Елестетем, ойнап жүрген қасымда Орыстанған немеремді шекелі…
IV. Екі ауыл
Біздің жақта екі ауыл бар, Бірі өлі, Біреуінде тіршілік бар, Тірі елі. Біреуінде ұйықтап жатыр жан-әкем, Бұ дүниеге үні жетпей, түнеріп. Тірі ауылға апарады қасқа жол, Өлі ауылда түнеп шығу – басқа сор. Қос дүниені жалғап жатыр көпір боп, Екі ауылдың арасында қасқа жол. Екі ауыл да бір атадан тарапты, Екі ауыл да құбылаға қарап тұр. Тірі ауыл қастерлейді бабасын, Өлі ауыл аңсатады жәннәтті.
Бір ауылда таралғанда жыртыс тең, Бір ауылға қара түнде нұр түскен. Бірінде – Ай, бірінде – Күн-шаңырақ… Екі ауыл да қалануда кірпіштен. Екі ауылдың арасында – мәңгілік, Мәңгілікті өмір жатыр ән қылып. Екі ауылдан бірі ғана қалар деп, Қорқып жүрмін әр қалада қаңғырып…
V. Өлген тарих – өшкен уақыт
Бір өмірім – пирамида қасында, Бір өмірім – қирандылар басында. Мен отырмын өкініштен опық жеп, Ұмыт болған тарихымның асында. Көне шаһар мүрдесіне қонақтап, Дәуір құсы шаңқылдайды, түрі аппақ. Қауырсыны – календарлық парақтар… Әр күн сайын жүрегіңді жылатпақ. Қайырымсыз, қанағатсыз қай құзыр? Құлқын десе, сезім жасыл, ой қызыл! Бүгінгі ұрпақ кешегіден қатыгез, Олар да ертең ел болады қайғышыл… Ақыл-есте болар ма екен ымыра? Құлқын құлы – құм құюлы құмыра… Дәл бүгінгі заманыңның зар-мұңын, Бас сүйегің айтып берер, соңыра…
Адамзаттың есі неге сұр сағым?.. Шермиеді жаңа ғасыр құрсағы. Уақыт сенің ұмытқанда атыңды, Ұрпағыңнан түсер Хаққа бір шағым!.. Ауылды аңсау Аңсатып сол бір шақтың арман әні, Көп болды ауылға да бармағалы. Ә. Шегебай Мамырдың мамыражай күнінде бір, Мұң түртіп жүрегімді, бүлінді өмір… Аңсадым ауылымның ақ селеуін, Әлдилеп арманымды әлібек-жыр. Тобылғысы гүлдеген таулары мен Көк қамысын сағындым, бауларымен. Досым еріп бармаса Күркілдекке, Сайранымның сәні не барғаныммен. Туған жерде құс – биші, киік жорға… Көңілімді алдырдым күйік-зарға. Бала болып қайтадан кетер ме едім, Күнұзаққа шомылған Биікжарға.
Әнге салса әупілдек ұясында, Қала түгіл, ғаламға сиясың ба? Аунаушы едім қой бағып, кітап оқып, Сартайпақтың сарғайған миясында. Егілемін бұл күнде, Төземін де. Езу тартып мұң күлер өзегімде. Қызықтым ғой қартайған қарияларға, Қайтадан бала болған өз елінде. Кешір ауыл, биыл да бара алмадым, Қиын болды қалаға қамалғаным. Үркер-жұлдыз гүлдеп тұр тобылғыдай, Төбесінде адасқан адамдардың. Күйкентай тау Ұмытсам сенің кештегі Сұлбаңды, кедір-бұдырлы, Күйкентай тауым, кеш мені, Күйкентай тауым, тұғырлы. Жәндігің көркем, құсың сақ, Бөктерің толған бетеге. Өзіңнен туған құлыншақ, Көдеңді сүймей кете ме.
Аппақ бұлт шалса басыңды, Қытықтар сағым далаңды. Елші қып жібер лашынды, Сағынсаң сары балаңды. Бабамның асыл іздерін, Жалғауға бір күн жетермін. Өзіме жетпей өз демім, Жусаннан мас боп кетермін. Жүздессем егер сенімен, Кетерде мәңгі қоштасып, Бір сөйлеп қалам көгіңнен, Көкжиегіңмен астасып… Лашын баллада Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп, Бедеу торы құлындады. Естідік. Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің Көңілінен қоңырсамал есті үміт. Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты, Өгей атам боратады бұйрықты. «Құлыншаққа көзің тиер!» – деп, Маған Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.
Берсе ғой деп сол биенің құлынын, Тезек терем, үзілгенше жұлыным. Өгей шалдың қас-қабағын бағамын, Тумасам да баласы боп ұлының. Сәби едім, келер күнге сенетін, Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді. Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен, Қырсық шалдың немересі көп еді. Көңіліме тынымсыз күй бұйырды, Бағып жатам жылқы келер қиырды. Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың, Елестетер шұрқыраған үйірді. Құштарланған қиялымның күшімен Атқа мінем!.. Ол елес қой, түсінем. Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп, Қоңыр төбел құлын кірер түсіме. Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп, Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп. Арманымды біреу сезіп қоярдай,
Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп. Құлағы оның қалар сонда дір етіп. Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп. Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де, Жүруші едім Лашынымды жыр етіп. Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп, Жүргенімде, кетті талай сүйретіп. Ондай кезде мәз болатын қырсық шал, Сар сақалын иегінде билетіп. Қозы бақтым. Қой құрттадым ашынып. Ала жаздай серік болды Лашыным. Қарашада еркіндікке жібердім, Қалмасын деп мен секілді басылып. Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды. Ал, қырсық шал «өй, әкеңнің!..» деп алды. «Әкең..» деуі бер жағы ғой кәпірдің, Лашын үшін талай рет сабалдым.
Мен де бірақ «кесір» едім қағынған, Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған. Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал Сатқан екен көрші ауылға, соғымға. Мен де іштей «өй, әкеңнің!..» деп алдым. Иә, солай… қоңыр төбел жоғалды. Есесіне, қоңыр дәптер ішіне, Жан сырымды өрнектейтін боп алдым. Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір, Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр… Анда-санда азаптайды, еске алсам, Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл. Лашыным-ай!.. Үні келіп құлаққа, Жаңғырық боп адасады жыраққа. Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін, Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!
Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн, Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!.. Өжет болып өскеніме өкінбен, Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!… Жұмбақтау Есіл-дертім ендігі – тылсымменен күресу. Содан болар… Сол жаққа ауып кеткен мүлде есім, Құшағымда әлдилеп, бір өлеңнің мүрдесін, Кеш қарайса іздеймін, еркіндіктің түрмесін. Міне, бүгін дәл солай, шылым шегіп, мұңданып, Түбегейлі шешуге жаратылыс жұмбағын, Ми қайнатқан жанартау-ойларымнан салқындап, Дір-дір етіп отырмын, байыз таппай балконда… …Ағып түсті бір жұлдыз, Ажалға ол да бір дәлел. Жолақ-жолақ іздері – белгісіз бір ноталар, Ал, суылы – түнгі әуен.
Құлап түсті бір боздақ, бетке алып бақиды, Қалған жұлдыз жымыңдап, жаназасын оқиды. Үрейлі ме? Әрине! Өлім жайлы үрейің – үрейлердің ұлысы, Ажал жайлы ойламау – бақыт дерсің, дұрысы! Секунд, минут – қаңғыбас ойларыңмен күресу… Секунд сайын өліммен… Қорқынышты, құрысын! Жұмбақ шешкің келе ме? Онда үрей – үлесің! Үрейіңнің көзімен талай қызық көресің… Ең дұрысы ондайда – болашақты еске алу. Кешірілмес күнә ғой, болашақтан кеш қалу. Келешектен кім білген, қызық сырды ұғармыз, Мүмкін біздер бұрын-ақ өліп қалған шығармыз?.. «Фәни-жалған!» дегендер барған шығар бақиға, Керісінше болмасын, біз білетін оқиға!
Құрсағыннан анаңның шыққың келмей жатқаның - Тоғыз толғақ үстінде қысқан шығар басқа мұң?! Күнә істеп қойдың ба? Онда жалшы боласың, Тазалайсың, иманды бір пенденің қорасын. Ары қарай белгілі… Осылайша өрілер, өміріңнің әр күні… Бейіт қана түзетер – жолы болмас бүкірді, Құдай мені сақтасын, ойларымнан күпірлі! Е, мұңдасым, қайтейін… Мүмкін шындық осында, Екі дүние арасы есске алумен қосылған. Төсектегі қария түк түсінбес бала боп, Бесіктегі бал бөбек былдырлайды дана боп… Бәрі әуелден белгілі… Қар құрсағын жарады қалтыраған қыр гүлі… Өте берер осылай бір заңдылық өзгермей, Өмір деген ұлы көш тозаңдарды көзге ілмей…
Ал, сен болсаң, жұлдызды ағып түскен, мазақтап, Қызықтайсың түсінбей, рухын оның азаптап… Бір күрсінер оған да, өмір дейтін әулие, Қайран саған амал жоқ, Алма-кезек дүние… Иван Буниннен Сириус Қайдасың арман жұлдызым, Тәжіндей сұлу аспанның. Ғажайып түнгі жалғызым, Ақ қар мен Айдың дастаны. Қайдасың түнгі адасу, Даланың төсін кезетін. Үміттер, ойлар, қағажу, Бала жүрегім сезетін. Лаула жұлдызым, алаулап, Сәулеңді жібер боратып. Қабірге тұрған ән аулап, Тәңірмен ұмыт болатын. Сатурн Шашырап жалын жапырағы, Ғаламның көшер түбінен. Жұлдызды тұрсам бақылаумен, Тәңір еңбегін түсінем.
Шыққанда сұп-сұр шығыс жақта, Қорғасын мүрде Сатурнның. Қаһарлы түнгі осы шақта, Тәңір қабағы қатулы. *** Ақсұр аспан үстімнен төніп, Ашық орманның құшағы. Лимон сабағын батпақ көміп, Қараға сары тұсаулы. Биіктікте ызғарлы шуыл, Жалғанды жатыр көмкеріп. Жастығым өтер елес қуып, Мұңлы ойлардан өртеніп. Дмитрий Мережковскийден Нирвана Жаралғандай жаңа аспан, Көгілдір ауа көк пүліш. Қайғы да жоқ жағаласқан, Күнәсіз жүрек тып-тыныш. Керек емес атақ, сезім, Дала үнсіз қалған таңда. Таза шөптер сияқты өзім, Тыныстаймын анда-санда. Қайтем күнді айға қонған, Мені сүймес енді біреу. Қандай бақыт ойламаған, Қандай бақыт түк тілемеу! ***
Адамдарды сүйе алмадым, нетермін, Мен оларға туғанымнан бөтенмін. Биік тұрған жағымсынған достардан, Маған қымбат ешнәрсе жоқ аспаннан! Жадау жанға көрсетеді туыстық, Жұлдыздар мен мұздай суық кеңістік. Бүгін маған шөлдің мұңы ең ыстық, Сүйкімдірек сосын мылқау тыныштық…. *** Жалғандығымен өмір құнды, Күрес те емес, қайғы да емес. Тек шексіз күндер өте мұңды, Қорқынышқа – ойдан елес. Маған қазір өмір тұрғандай, Бір нүктеде. Жүрек тоқтап. Түсімде жүрсем жын ұрғандай, Өңімде жүрем шумақтап.
О дүниеде Тәңірім лаулай, Осындай жаза қолданса. Онда өмір өлімнен аумай, Біткені дұрыс қалғанша. Шайқалып тұрам қара таудай, Тұманды көкке қамалып, Өлімнен тұрса өмір аумай, Ажал да болмас жаңалық. Варлам Шаламовтан *** Осылай жүрмін… Ажалға қалды бір қарыс. Өмірім көк конвертте. Күнкөріс. Күзге хатым бар… Құтыда. Онда бір сөз бар, Құпия! Хат жіберетін мекен-жайды білмеймін Мүмкін содан ба Өлмеймін… *** Күндіз-түні қар жауады, Қатал ғой Тәңір қарашы. Қолжазбаның әр парасын, Батырады қарасын. Жаппар Иеме ұнамаса, Жаман әндерің дөрекі. Жаңа қылық көрсетеді, Бұлттан шегіп темекі. ***
Поэзия – шалдардың шаруасы, Бозбаланың тірлігі емес ол мүлде. Ғұмырда біткен дауасы, Шалдар жазады жыр –мүрде. Жүз өмір сүрген толықтай, Еркектер жазсын, бала емес. Теңізден шыққан балықтай, Биікке шыққан ол емес. Шыңдарын таудың игеру, Жанның түбіндей алынбау. Поэзия – бұл мұңға күю, Аппақ шаштардай жалындау! Владимир Высоцкийден Оң мен солым перілер, Абақтыдан біреуі, Ал, біреу жиыннан. Қайсы жақсы, қайсы сері, Құрысыншы, құйыңдар! Қай түкпірге, қай бағытпен, Апарады бұл қулар? Біз білмейтін қай жарықпен, Қай этаппен қудалар. Не болса да құрдасым-ау, өткен күнге көмерміз. Ішші досым, мұңдасым-ау, Бәрін ертең көрерміз.
Бұл жалғаннан, іш те, қашшы, Толған заң мен тиымға. Кәне, Күнім сәуле шашшы, Құрысыншы, құйыңдар! *** Мен барлық сыраханалардың қонағымын, Мені ешкім шақырмайды банкетке. Шылымымды өшіріп ап балағыма, Қыша жағамын қазір паркетке! Ал, сен білдің бе, жиіркенген қарағым-ау, Мен көз жасымда ағызғанмын котлетке… Мен қатал бола алмадым, нәзік те емен, Тек мені туыс жақтырмаған туғаннан. Ол жанұяда бірі дихан, ал, бірі төмен, Таптан шыққан. Мен жалғыз көрермен. Менің «менім» ұшты ғой содан бері, Түрмелерге жолдармен көнерген… ***
Мен сіздерге айтып берем ертеңімді, Елестер бар кеңістіктен жарып шығар. Шиыршықты түсінбесем, еркелігім, Кешіріммен қараңдаршы тарихшылар. Өз орына қайтып келер, ертелі-кеш, Дауыл желдер, керек емес басқа заңың. Кешіріңдер бұл айтқаным ертегі емес, Мұз құрсайды мұхиттардың асқазанын. Өсек пенен қарғыс сынды жер-жаһанды, Орап кетер үскірік пен боран текке. Солтүстіктің желі тұрса үдеп қалың, Оңтүстікте айналады жылы лепке. Қуатты тоқтар құлап бағанадан, Тылсым күшке еріксіз иіп кетер. Жоғарывольттық ағындар шаранада, Айналады төменгі жиіліктерге.
Сайтан болып ышқынады тоғың сонда, Бұзып-жарып реле мен кедергі – омды. Қашып жүрер ұстатпай қолдан-қолға, Межеліктен ұстап көрші тілмен оны. Дау-дамайдың арасынан құлап тұрса, Тыныштыққа айқай-шу мен төбелестер. Солтүстіктің тұрғындары жылап тұрса, Оңтүстіктің адамдары кем емес қой. Дәл сонда шыңғысхандық ордалар мен, Қайқы қылыш және аттар дүбірі емес. Бұл жалғанды шарап суы басып тұрар, Миллиард көзеден төгілген күбірлі кеш… Гийом Апполинерден Ноктюрн Шаһардың сансыз оттарынан, Көмескі бүгін мына аспан. Жайқалған өмір бақтарынан, Жүрек пен гүлдер жыласқан.
Ғұмырдың нұрсыз іздерінен, Ғарыштан түсті түнектер. Шамдардың мұңсыз көздерінен, Аспанға ұшты жүректер! Ажалсыз рух қой, Тәңір күткен, Махаббат өлген тек қана. Ән-күймен жерді дірілдеткен, Әуеге ұшқан шоқ қана… Гүл теру Жүр қалқам баққа, гүл терейік, Оларда сан жоқ, сұлуым! Райхан гүлдерді тірілтейік, Көрмеген жаздың жылуын. Олардың нәзік білтелерін, Жел иіп жатыр қарашы. Жұпарын шашқан күлтелерін, Арманға біздің балашы! Линда
Лебіздей жеңіл көлеңке, қалықтап жаңа түскендей, И шара жаса кірпікпен, мұңлы бір күйге көшкендей. Н октюрн әлде романс па? Жүректі үнсіз аймала, Д ыбыстар ұшар саусақтан, пернеге тисе жай ғана, А Һ, ұрар зарлы пианино, бетімнен тамшы тайғанап…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру