Жеті бояу
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
ЖЕТІ БОЯУ
ЖАЛЫН
НАЙЗА-ҚАРА Өз тұсынан о дағы қарғып шығып, қалды үздік – қиын, қиын соғады, шың болсаң да, жалғыздық. Тұрған бойы күпірлік, күпір, күпір, масқара; жараспаған бұ тірлік жаратқаннан басқаға. Баяғы сұс, кәрі айбын, кімге керек көктігі? қар да тұрақтамайды, қатаяр да жоқ түгі. Кетіпті тым әріге, ақ бұлттардан әрі асып. Қатар өссе бәрімен тұрар еді-ау жарасып. Қатал тағдыр кез келді, аяр пенде жоқ әлі. Ортасынан безгеннің обалы жоқ, обалы. Өзгелерден, мұндар жан, өскенің жөн ептеп кем: ол – безген жоқ шыңдардан, шыңдар оны шеттеткен. 1978, 1982
СҰР ТҮС Темір қақпа, темір төсек – сұр бәрі ертеңді-кеш сұстанып кеп тұрғаны! Сұп-сұр ұшқын төгіп қалды сұр жанар, сұр жұдырық түйіледі ұрғалы. Сұрғылт бұйрық, сұр айыптау, сұр сүңгі шың етіп сұр сәуле алдында бір сынды. Сұрғылт сұрақ, сұрқай жазалаушылар... сұрқай ой жеп сұрғылт тұтқын күрсінді. Сұр күзетші, сұр мылтығы сіресіп өрттен қалған қазық құсап тұр өсіп, Сұп-суық боп құйылады сұрғылт жел са-ақыр етіп ашылғанда сұр есік. Сұр есіктің мың тұтқыны – бір төбе, мына есіктің бір тұтқыны – бір төбе. Еден де сұр, қабырға сұр, сұр төбе, сұр шыңдарды сұрқай бұлттар бүркеген.
Бірақ тұтқын үміті мен тағаты – қиялдағы Қызыл Тудың қанаты. Бірақ анау көкжиекті қанатып келе жатыр қызыл күрең таң атып... СҰРАҚ Жер байғұстың бағына, әй, жаумады-ау, жаумады. Тұр ма ана бұлт тағы да басқа жаққа ауғалы?! Әр көріністе – мағына, сенде мағына жоқ па әлі? Мыс-табақ күн, тағы да барамысың батқалы?! Үйім тарлау – о да мұң; қысылмасын деп мені, қимайтұғын қонағым, отырмысың кеткелі?! Жыл қанатын қомдады, қанаттыға – бекер сын. Құс-дәуренім, сен-дағы бір күні ұшып кетерсің?! СӨЗ ОЙЫНЫ Мұрынымен мыңды жыққан мына ағаң ірілігін ұсақтықпен құраған. Қойдан құлап өлді ер жігіт, ал, қорқақ жолбарыстың жонын қыстап жүр аман.
Ине орнына жүрмегенін өкпе ғып, өтпедік деп, күрсінді ағай, өтпедік. Жүкті поез жұтты біреу, ал, біреу майшабақтың қылқанынан кетті өліп. Түсінігі түйе сын-ды мықты адам бір ләм айтса – жұрт жылқыша ықтаған. Орман құсап өртенді ойшыл, күлегеш мақта боп-ақ өрт ішінен шықты аман. Гауһар іздеп дүкенінен түйменің, майдан ашар жерде талай биледің. Ақ алмастар майырылған көп жерден жылпыңдығы өтіп кетті иненің. Қарғыс алған жігіт жұртты қақпайлап, айдаһардың құйрығымен жатты ойнап. Арыстанның азуына ат байлап күлген ерің әйеліне батпайды-ақ.
Уа, ойнаңдар! қылжақ-тағдыр, ойнап қал! Бағы барлар, бақа мініп тойға аттан! Иегімен құдық қазып ептілер, түйе байғұс су ішіп жүр оймақтан... ТАБИҒАТ Тау рухы ешкімнен сый күтпейді, еріп кетсін сай-жыра жидіп мейлі. Еркеленіп оралса бұлт мойнына, кекірейіп кәрі шың илікпейді. Тосырайып тас жатыр – о да өкпелі – кінәлайсың, досым-ау, не деп мені. Кетісті, әне, екі шың, ешқайсының бабын таппай жел байғұс дедектеді. Жасыл бұта қалқиып құлақ түрді, бір құлақты жел жұлып лақтырды. Ақ қайыңның табалап аңқаулығын көгалға аунап көгала бұлақ күлді.
О бастағы жарасым былай қалып, тартысып тұр табиғат – құдайға анық. ...Болған сайын көз мөлдір – көкей қуыс, көп жігіттің сөзі жүр ылайланып. Кінәладым, үңілдім, көп қарадым, келісім мен жарасым – жоқтағаным... Атыраудан аңқылдап шыққаныммен, Алатауға тіреліп тоқталамын. ТАРАЗЫ Жақсылар көп. Енді өкінбей не етемін: көп жақсының көрмей өтем бет-өңін. Ғұмыр – қысқа, қысқалықтың қырсығы: жақсылықты түгел көрмей өтемін. Көп әсерден айыққанда алғашқы өкінішім – қуанышқа жалғасты: ғұмыр – қысқа, қысқалықтың арқасы: жамандықты түгел көре алмаспын.
ТАРИХ-ЭТНОГРАФИЯ Қалың елге бірінші жау шапқанда, жауға қарсы жалғыз батыр аттанған. Қалың елге екінші жау шапқанда жауға қарсы дүйім халық аттанған. Бүкіл дала өлік, өлік боп кетті, байтақ елде өлімсіз күн өтпепті. Мезгіл содан дала-томын түптеген, бірақ қайғы мұнымен де бітпеген. Қара тасқа бір таңбаны басқанда – күреңітіп күн шығыпты аспанға. Қара тасқа екі таңба басқанда – ағараңдап ай шығыпты аспанға. Тас атаулы таңба, таңба боп кетті, тас бетінен таңбасыз күн өтпепті. Мезгіл содан дала-томын түптеген, бірақ тарих мұнымен де бітпеген. Туатұғын сықылды бір мықты өлең...
ТАС БАЛЛАДА Бір дөңбек тас қаланың дөң бетінде, бір ана бар Сантьяго шетінде. Тек тас емес, түйсіне алар бар әлі, тек ана емес, жесір әйел қаралы. Ері өлгелі со бір түнгі айқаста Жесір ылғи келеді екен қойтасқа. Ымырт сайын шағады екен зар-мұңын, ал, әлгі тас жұтады екен барлығын. Содан ол тас түнде – қара, күндіз – ақ. Әр кез көрген жұрт дауласып жүрді ұзақ; – Қара,– деді кеште көрген бір адам, – Жоқ, ақ – деді таңда көрген бір адам, – Жолақ!– деді пәк адамдар күнәдан. Жесір жеңіл қайтқан сайын, бар айып тасқа сіңіп, қалады екен қарайып. Түні бойы түнеріп тас өртенген, ағарады екен қайта ертеңмен.
...Сол бір түні келді жесір соңғы рет, тасқа шақты мұңын тағы мөлдіреп. Күңіренді-ау сонда орман, тау маңы, тау басында бұлт та ыңырсып аунады. Маңай зарлап аза жырын бастатты... ертесіне қақ айрылып тас жатты. Дәл со мезгіл әлдекімдер көріпті тас жанында қара киген өлікті. Нақ осымен жыр да тәмәм болыпты. ТАУДАҒЫ НӨСЕР Ескі ұғымға пародия Аспан жақ боздап кетті, мықты-ақ қайғы, диюлар бұлт тасалап бұқпақтайды. Көпшік қып қолтығына қара бұлтты ап, әнеки, Әзірейіл барады ықтап. Соқты жел, асқынған бұл даң-дамайды япыр-ау, аллам неғып аңдамайды?! дегенше... садағын ол оқтап, әне, атқалы сайтандарды оқталады.
Қорқа ма – сайтанды ақыр ата алмады, күмбезін аспанның құр бақандады. Содан соң құдіреттен жоқ хабары бір жынды ұстап, шыңғыртып ноқталады. Ал, сайтан жүрген жақ тек шаңытады, – көзге жай сескенгенін танытады. Дірдектеп әрі тоңып, бұғып әрі бір тастың қолтығына тығылады. Содан соң жартылықтан жұтып, ұрттап, күледі Хаққа қарап сықылықтап. Бір жақта пері біткен шулап тағы, жалпылдап бұлт жыртылып, бу қаптады. Ал, сайда поп пен молда қақтығысып, өкіріп бір пайғамбар жатты құсып. Періште даңғырасын қақты асыға, жағынып жақтасына – саппасына. Иемнің қорқып мен де қаһарынан зып бердім бір сұлудың қақпасына... 1978, 1982
ТАҒЫ ДА НАН ТУРАЛЫ Нан көп дейсің, осы сөздің обалы екеуміздің мойнымызда болады. Анау кезде ашыққаның жоқ есте, көп дегенің – масыққаның емес пе?! Нан көп деген сөз бола ма, досым-ау, көп ауызы бар халыққа осынау Нанды көп деу – бір басыңа мың айып, жамандықты ғана көп деу лайық. Мейлің, мейлі, «ақылшы» ата, сөк мені – көп бола ма таңның шығы шөптегі, көп бола ма жаңбыр жауып өткені, күннің нұры көп бола ма көктегі?! Тегін татқан нанымды айтсам, ағайын, осы менің нан таппаған бар айым. Наным көп деп сөйлегенше шалықтап, қолыңдағы кімнің наны – анықта.
Үзім нанда – тағдырлар бар, табан бар, жан-терің бар, айналайын адамдар – тоқпыз содан. Басқаша айту маған да ар, Нан көп дейді нанын ақтамағандар... ТАҢҒЫ СЕЗІМ Көк бұлақ, әй, қусың-ау, қусың бұлақ Тыныштық сай, жырада тусын, бірақ Ну сыңсып, жатыр әне су сылдырап. Бұраңдап көк шалғынға еркелейсің көк бұлақ, әй, қусың-ау, қусың бұлақ. Жіп соқпақ ирек түскен жол ма тағы?! Сапардың ұзақтығын аңдатады, Тәтті үміт, алда, алда, алда тағы! Тағы бір адастырып кетейін деп соқпақ жол түсті иректеп алға тағы.
Сылтауды дайындап ап бір өтірік, түстім мен, жол жаңсағын біле тұрып, тағы бір күрсінейін күле отырып, мәулет бер, ғұмыр, мықтап адасайын, тағы да естиінші бір өтірік. ТЕПЕ-ТЕҢ Ей, Алатау, саған бұл не болды жер бауырлап? Бұлты қонып ғаламның жатырмысың ауырлап?! Сұрқың сынық бір түрлі, күлдей сұрғылт қар түсі. Ауырласаң, бұлтыңның маған-ақ арт жартысын. Көрмейінші мен сені көңілсіз бұл кейіпте. Не басса да еңсені – бөліп көтерейік те. ТІЛЕК Ей, шөпбасы, шөпбасым-ай, шөпбасы, үп еткенге елпең қақпай, тоқташы. Жаяу-құйын, өрепкімей қоя тұр, сен де, өкпек жел, өтірікті соқпашы!
Тіліп айтар тектім болсаң – топқа шық, уа, топқа шық, алайықшы бетті ашып. Көлеңкелер, намаздыгер шақта осы, сен де жоғал, қараң-құраң боп қашып. Доп сенде екен – ал, ұра ғой, қақпа ашық, командам жоқ қарсы ойнайтын жақтасып. Күнде бүйтіп шыжғырғанша шоқ басып бір-ақ өртеп бітіретін жаққа шық! Шуақ өпкен күнгей жақтың көк тасы сен екенсің – бет жылтырын сатпашы. Сақтар болсаң, жалғыз ием – жалқы елім, мені осынау жылтырлардан сақташы... ҚАРА АҒАШ Бір сөйлеп ем махаббаттың тілінде, бүрсеңдеп ем Қара ағаштың түбінде. Бүгін көрсем – жалаңаш сол Қара ағаш, Қара ағаштай менің жаным жалаңаш.
Сағыныш пен қалды өкініш аралас, Енді маған қара ағаш та арам ас. Жалаңаш түн, Қара ағаштар хақында жазу қалды қырық асқан ақынға. Қара ағаштар қайғысы ма, қара бас кетті ағарып. Жалған айту жарамас. Ал, Қара ағаш... судырайтын желге әлгі жапырағы жоқ, құп-қу бұта – сол қалды. Тіл мен таңдай ей, тақылда, тақылда, қыз хақында жыр қиыстыр – мақұл ма? Әрнеден бір тәсі қайтып бүгінде тоңған жүрек, жапырақтай дірілде! Еріккен сөз, етегімнен ермеші, елім-тағдыр, енді бейнет бермеші! Уақыт желі, жүрегімді тербеші, Қара ағаш боп қартаяйын жерде осы!
СЫБЫР Сыңсып иіп бұйра алқап, бір ырғалып сыбырлады, біз дағы сыбырладық – жақын келші. Жатқандай дала кейіп мұрттарымен бидайдың жыбыр қағып. Қос боз торғай бір-бірін қиып, іліп көкте ойнайды. Не керек бұйығылық – батыл келші. Торғайлар кетті аспандап лақтырылған тиындай шиырылтып. Сары толқын ұмтылды жүгіргелі... «Айдалада не керек сыбыр!» – деді. «Сыбыр тәтті болады, – деді жыршы, – сыбыр – сыр ғой жүректің түбіндегі». Сыбырлайды сары дала, сары, сары толқын ауыр бүктеліп жарысады. Тозаңы боп алқаптың ұшар дәурен, шыбын-жаның да ұшады – бәрі ұшады.
Сыбырлайды төңірек, сыбырлайды, көңіл желі әр шиді бір ырғайды. Көк аспанда қос торғай шырылдайды, шырылдайды, бір-бірін ұғынбайды. Құр сыбдырмен мына алқап құтылмақ-ты – құйын жүрді, кенет, шаң-түтін жапты. Сыңғырады қос торғай күміс құсап, ал, төменде қос жүрек лықыл қақты... САРЫ ТҮС Ағаш басы сарғайыпты – бар ма айып мезгіл жетті. Ойды ескіртіп алмайық. Жата-жата архивында ақылдың көп өлеңім қалған сынды сарғайып.
Сары жел есті – сары бұта дір етті, сары күзің сары қырман күретті... Қас суретші бақытсызды салса егер сап-сары ғып қойса керек жүректі. Жапырақтың сары тілі, ал, әне сары көл бетін жалап-жалап алады. Сезген адам Нанның нағыз бояуын сап-сары ғып көрсе керек даланы! Сары жұртқа сара күйді шерте кеп, қарызымнан құтылмақ ем тер төлеп. Жасамақ боп алтын-жырды құм-сөзден сары қаламды қуып келем желкелеп. САРАЙ МЕН ТҮРМЕ Чили-сарай көк тірейді, есебі: Чили-түрме жер астында деседі. Шаңқан-аспан, шалқайғаның не сенің – Хунта-үкімет қалтырап күн кешеді.
Судан үркіп, шыңға қарай көлбеген көп қабатты үй екен ол ел деген: бір қабаты – қан шеңгелді үкімет, бір қабаты – халық, соған көнбеген. Бір қабаты бір қабатын жеңгенде қарауытып жүре берді ел демде. Болмайды екен, көнбейді екен ем-дөмге үкімет пен халық қарсы келгенде. Зұлымдық пен Гитлерге сыйынған қара үкімет... оның халі – қиын хал. Отыр Хунта үрей-бөшке үстінде Оқ пен ыза, бензин мен кек құйылған. НАН Түстің өзі енуші еді мазақ боп, түсімде нан... өзі қалың, өзі аппақ жүрді мені елесімен азаптап. Көзімді ашсам таба наным тек әлгі маңайыма иісін тастап жоғалды Содан шығар, тым ұйқышыл боп алдым.
Мезгіл қатал: мейлі көктем, қыс мейлі, түс те қатал: қолыңа нан түспейді. Түсімде де тата алмаған сол нанды басқа біреу қызықтырып тістейді. Үміт жайлап аш көңілді, бір күні көз жұмып ем, тез ілінді кірпігім. Шаңырақтан келе жатты Нан түсіп – ұстап тұрып жұлып алдым қырпуын. Ауызға жоқ, көңілді құр демеген, дәме байғұс, әлсіз едің не деген! Көзімді ашсам: бір қырпуы кетік ай ауып бара жатыр екен төбеден. НОЛЬ Өтті бір күн көгіңнен, Көкжиектің қақпасынан өтті шақ. Күншығыстан тебілген үлкен қызыл доп құсап. Бір күн өтті мақтаған қақпашылар тұра алмады көлденең. Бір доп өтті қақпадан, есеп болды бір де – ноль.
Өзімізді жұбатып, келеміз-ау әлсіздікке көндіріп. Жеңгенде бұл уақыт, жеңеді екен ноль қылып. НӨСЕРДЕН СОҢ Бәлкім, мұңды хал шығар – тал көз жасын іркіп тұр. Көзі шатынап тамшылар әлденеден үркіп тұр. Маңай – сылбыр, сұрама – сылбырлықта мың түрлі: су ағады жырада сүт қатқан шай сықылды. Ала алмай тұр жел екпін – көкті кетті сүртіп кім?! Түбі кәрі теректің сирағындай бүркіттің. Бір жасардың, жалған-ай; қайың-ару, хал қалай?.. Айыр інген – Алатау, боздап келіп қалғаны-ай. ОДА Заман – жақсы ертек бір, ертек жазам мен де енді: правосын еркектің әйелдермен теңгерді.
Бос орынға жүр өтпей, арыз айтып, жыр ғылып, әйелінен, күректей сөгіс алған бір жігіт. Байқа, ойбай, құрысын, әйел деген тілді жұрт. Бөріктінің мұңы үшін алма үйіңді бүлдіріп. Әйел – ерді малданды, таңдап жүріп шалды алды. Әйел киді шалбарды, шал да киді шалбарды. Ақыл қашты, тұр, ұста, ақылсыз да ол киелі: Жүкті әйел жүр жұмыста, декретте – күйеуі. Мезгілдің мол жүгі тым – ауырсынба, қой енді. Сен алмадың, жігітім, Заман алды әйелді. Ал, жасырдым тезірек, ұзап кетер сыр тағы; ана жақтан «өзі» кеп сезіп қойса – құртады.
ОРМАН БАЛЛАДАСЫ
Қиял Кәдімгі түн, бейжай аспан тұп-тұнық, салмайды еске өтелмеген парызды. Ерлер бірақ әрі қайсар, әрі ізгі, таныштыққа сенбейтұғын тәрізді. Әй, жасай бер, айналайын мықтылық! Қалың тоғай ішіндегі сұқпатқа бұрыштардан, подвалдардан шықты аттап көлеңкелер. Барады, әне, бұқпақтап. Осы түнді күзетті Емен тік тұрып, еменнен де қайсар сақшы тұр тағы. Қараң-құраң көлеңке боп жұрт әлі орманға өтер жолдың басын қырқады. Мына түннің мән-маңызын ұқтырып тынған сәтте алыстағы күй үні, шықты біреу: «бүгінгі сөз түйіні – ашық,– деді ол, көлеңкелер жиыны».
Жаса, жаса, Бостандық пен мықтылық! Тау мен қия қайталады осы үнді. Ана сайдан қос көлеңке қосылды. мына сайдан бес көлеңке қосылды. Қала жақтан сирень біткен шықты ұлып, ал, қара орман судырайды жай ғана – Әр бұтаққа күміс іліп қойған, ә? ...Ей, тақтылар, орманыңмен ойнама! Уақыт тұр уақытқа ұттырып, Ашылатын ер қайраты, ер ебі. минут – адым, сағат аттап келеді, ал, ну орман қарауыта береді. Желдің өзін мысы басып, ықтырып келеді үдеп тау мен орман атағы. Бас қалаға түсі суық, жат әрі қалың шуыл кіріп келе жатады. Әй, жасай бер, Батырлық пен мықтылық! Чили-тауды тас түйілген қабағы,
Сантьяго деген әсем қаланы Чили-орман қаусырып кеп алады. Таң бозарып атқанда көп күттіріп Бас почтаның бір бұрқ етті шатыры, Бас қара ту бір желп етті; ақыры... бітті осымен Хунта деген тақырып. ОРМАНДА Қайың-жеңге, алдыма қымыз қой да, тал-қарындас, сызылтып сыбызғы ойна. Орман-ана, кеңдік ет гүл-гүл аңқып, бір билейін Шілікпен мың бұралтып. Шілік-бикеш, – әр биі бір-бір алтын, – бұзып жүрген жоқ па екен, құрғыр, антын? Айнымалы уақыт қой, айнымалы; жастық шақ, махаббаттың қайда ылаңы? Оралғаным сонау бір кезден бері, содан бері соңымнан сөз де ермеді. Кеудем ғана шаншу мен салқын күткен, жігіт-дәурен алмасты шал-тірлікпен.
Деп ем, Қайың-жеңешем сый күтпеді, Тал-қарындас қайқайды – илікпеді. Бойы, әнеки, бір сүйем ұзын шығып, кетті билеп Шыршамен қызыл Шілік. Мұздай бауры жұқарған жылы ағын жеп, өксіп-өксіп, мен тұрдым, жылағым кеп. «Сорлы бар ма», – деп едім, – менен басқа – опырылып күлді-ай кеп емен қасқа... 1978, 1982 ОҚЖЕТПЕС Шын биікке немене – шаншылып-ақ кеткен тік. Біреу-міреу төбеме шығып қояр деп қорқып. О, түсінем, түсінем өскендерді аспандап: шығам деген кісіге қалдырмайды баспалдақ. Қалған білем кәрі боп, құпия сыр түйіп көп: аласаның бәріне ерегесіп биік боп.
Мыңғыр етпей мың жылға, тұр ол солай қасқиып. Айна-басы бір жұмбақ, айналасы – тас-түйін. Қамшылатпас құр аттың құлағындай қиық боп. Ішін төбе-қыраттың күйдіруге биік боп. Іштен тынып күйіп тек Біржан әнін айттым мен. Қарай-қарай биікке аласарып қайттым мен. ПАБЛО ЖЫРЫ Ақ қайыңның әр бұтағы қайғы ілді, аққуыңның бір қанаты қайрылды. Ар деген бір асыл бар-ды – аттады, жар деген бір жасыл бар-ды – таптады. Түрме болып кетті бір ел, бір есік тағы да бір боздағыңды жапты, әне. Өз Отанын өзі шауып жатқаны – бір түнеріс, аңдыс, қырқыс – тап бәрі, емшектесін оққа байлап атқаны – елдің дәмі емес шығар татқаны?!
Келеді анық тосқан бақыт бір күні, күйеді анық күншілдердің кірпігі: Паблоның өлеңдері жүр тірі, Паблоның өлеңдері жүр тірі!
ПЕТЕФИ Қайда, дедім, Петефидің моласы – Мадьяр дос танданғаннан ұқпай түк, жыпық қаққан жанарымен бітті айтып тарихтың бетінде жоқ бір сырды; сонсоң маған аяй қарап күрсінді. Тілім тістеп қалдым мен де, ондайды сұрақ етіп қойған кісі оңбайды. шын ақында мола деген болмайды. Болмайды, деп жуып-шайдым, жырда өлім, Бұлақ сүтін ақтарғанда тау-ана жерленді ақын таудан аққан ауаға. Самал желге жерленді ақын дем берген, ең бір мықты шумағына жерленді ол. Ашқаны үшін Шындық атты көмбені аспан өзі күн шуақпен көмді оны. Бұл өлімге Ел, сондықтан да, сенбеді. Мына жасыл, жапырақтар жап-жасыл жасап тұр ғой сол өмірдің жалғасын, суық жерге тигізбей жыр жамбасын халық өзі аңызға орап алғасын; ақындарда мола содан болмайды. Мола деген немене өзі? жай ұғым, ет, сүйекке жасалған жай қайырым. Тірі көзден жасыру ғой тек қана табиғаттың «өлім» атты айыбын. Күй – көңілден, гүл – еріннен туады, палуанды Ел білегімен туады, батырын Ел тілегімен туады, ал, ақынды – жүрегімен туады. Шын ақында мола содан болмайды.
РОМАНС Бұлақ асып аққанда шарасынан, сені көрем жапырақ арасынан. Өткінші екен о күндер – келді, кетті, сезімді тек мұңды етті, мөлдір етті. Бұлақ мөлдір, сыр терең, жан асыл ма, көкірегімде сен мәңгі қаласың ба? Сондағыдай әлі ойнап барасың ба, мен көрмеген бір бұлақ жағасында?! Бұлақ асып ағады шарасынан, сен қарадың жапырақ арасынан. Жасыл толқын бүктелді, жұмарланды, мен жыр еттім бітпейтін бір арманды. Көз алдымда сол бейне тұрар мәңгі! мен бе, сен бе, бұлақ па – кім алданды? Мың сан толқын әкетті мың арманды, мың арманның орнында бір ән қалды...
САЛМАҚ Адастырып арзан дәме, жалған үн, кемеңгерлер кемітпесін салмағын. Жеңілдесін көкке ұшатын кемелер, азаймасын тек салмағы Балғаның. Шегеге де, сезіп жүрміз, жан тәтті, балға алдында қағады ол да жалпақты... Әйел біткен қары талсын бала ұстап, дән салмағы майыстырсын алқапты. ...Жоқтық, аштық, қайғы, қаза сондағы танкі, кеме, самолеттер бомбалы – бәрін қосып есептесең – толмады «жесір» деген жалғыз сөздің салмағы. Өмір – нәзік, бірақ ауыр сынына шыныға бер, шыныға бер, шыныға. Мизам-жібін үзе алады, байқасаң, салмағымен құстың қауырсыны да.
Кетпен, күрек салмағы осы жер өңін жасандыра, жасандыра береді! (Ауыр екен, досым, жаңа кітабың, сыны бірақ жеңіл тисін дер едім). Салмақ керек! Ай мен Жұлдыз, бүкіл көк – салмақ бәрін ұстап тұрған бүтіндеп. Қатер-оқ боп атпаса екен қорғасын, қара тас тек ұшпаса екен түтін боп. САЛМАҚСЫЗДЫҚ Жақсылық – жас, Жылдар жаңа, күн өзге: ердің даңқы дарыды енді бір езге... Алатаудың ақ бұлттары салмақсыз, салмақсыздық келді содан мінезге. Салмақсыз қыз қасы-көзін сәндейді, сәнді қызға салмақсыздық тән – мейлі. Алды бәрін уақыттың өзі ақтап, космоста салмақсыздық – заң дейді.
Физиктердің шөбін орып кеттің бе – салмақсыздық – санасыздық деп күлме. Салмақсыздық – құлағанға қолайлы, сипаған боп сезіледі тепкің де. Құмға да ізің түспей кетті, әзаға, жел боп жүгір, жұрттың ізін тазала. Салмақ – қара таста қалса болғаны, тастай салмақ қалсын өлім-қазада. Қиялыңда құмар оты жансын тек – қанатсыз-ақ ұша аласың, ал, сілтет. Қалсын салмақ жұдырықта жауды ұрар, мықты айтылған сөзде салмақ қалсын тек. САНТЬЯГО Бір бесікте данышпан ұл – көсемі, бір бесікте – қарақшы ұлы өседі. Бір қолымен шынжыр ескен деседі, бір қолымен сол шынжырды кеседі;
Бір ұрты бал – бал қатырып келеді, бір ұрты қан – қан қақырып келеді; бір білекте – жас жесірдің желегі, бір жүректе – Неруданың өлеңі; Бірі құлап, жататұғын бірі өсіп, зұлымдық пен мейірімнің күресі, көрінгеннің көз ақысы – үлесі, Сантьяго! Түрме есігі – міне, осы! ҚАРА ТҮС Қара көмір жанатыны – әдемі, қара судың ағатыны – әдемі. Қара көздің жақсы-ау күлімдегені, одан гөрі дала түні – әдемі. Құт кірерде қара жерге қақ тұрған, қара қазан қамы бала бақтырған. Қара қазақ қауіпті дерт, ауруын қара қойдың өкпесімен қақтырған.
Қара көздің жасын түнге кептірген талай қара кезеңдерден өттім мен. Бірақ бабам «қара мал» ғып ырысын, қасиетін – «қара шаңырақ» деп білген. Қара, қара! Көп қой қара сөз менде көнбейтұғын етістіктен өзге емге. Қара бояу, лағынат айтам мен саған, қара көңіл бір досымнан безгенде. Қара, қара! Көп ұғымға жат әлі, – маған жұрттың түсінігі батады. Қам көңіл жан қарғанғанда, қақырап «қара түнге тапсырдым» деп жатады. Қара көздер! Қара нұрды құй жылдам – шомылайын. Бір түйінді түйдім дәл: қара – әдемі, әдемі ғой түнгі аспан, қара түс тек аулақ болсын пиғылдан!
Аққа қара жағылмасын, бүгін шын ақ, қара ту – Қызыл туға жығылсын! қара киіп жыламасын аналар, қара костюм – салтанатқа тігілсін! Қара нүкте бітірсін тек сөйлемді, сөйлем бітті, маған жаңа ой келді: қараға да ақ пейілмен қарау жөн, қара лента қоршағанша бейнеңді... ҚАРУ-ЖАРАҚ ХАҚЫНДА Сенің, Уақыт, жөнің жоқ-ау тарылар, өмір бай ғой, өлімде де бәрі бар: газ, электр... «момын қару» – қағаз ба, ол да кейде бомбы болып жарылар. Өлтірудің оғы көп-ау, көп тегі шаң секілді балақтағы, шөптегі, бомбы да көп жұлдыздардай көктегі – өлтірудің құралы көп, көп тегі.
Садақ түгіл, енді сізге жоқ мәңгі патронтаж; қылыш жасау тоқталды. Найза – ақсақтың таянышы боп қалды, қорғасын оқ қоян үшін боп қалды. Мейлі бомбы, шоқпар мейлі ұрса да өледі адам – бәрін, бәрін бір сана. Баяғы қан, ет – баяғы, жүрек – сол, қару қалай жиі ескірген мұншама? Оқтарды да оқ өлтірді, жүзі өлді қарулардың. Бүлінді жұрт... түзелді. Ұлы қару – Ерлік, жалаң қолмен-ақ бомбылардан қорғағанбыз біз Елді! Ең қауіпті оқ – ой мен пиғыл, Айға анық, ой мен пиғыл кетер екен қайда алып?! Айта алмаған сөзі жаудың Біз жайлы кетті бүгін бомбаларға айналып.
Содан, содан, содан өлім түрі көп. өмір дағы кетті содан ірі боп. Жаулар жайлы жаулар-дағы, құдірет, жақсы ойласа, тым құрыса, бір рет! Мылтық жасап жатыр біреу жан сала түрен жасап жатыр біреу жан сала. Қару керек өлтіруге адамды, асырауға түрен керек қаншама! Уақыт, уақыт! Кімге керек, жарқыным өмір жасау өлтірулер арқылы... Біздің қару – сәби тілі, қарт үні, күш, қанағат, сезім, сана артығы, жамандықты ұр, жақсылықтың бар түрі, күннің нұры, найзағайдың жарқылы... 1978, 1982
ЧИЛИ, ЧИЛИ
БАСТАУ
Чили-Орман сайрағанда шымшығы жаңғырды тас, жапырақтар сыңсыды... Әлденені қағып жатыр шеге ғып тоғайдағы тоқылдақтың тұмсығы. Чили-Чили!– өстіп сайрап торғай жүр, Кең әлемд жалғыз өзі зордай жүр. Шыр-шыр қаққан әркімде бар торғай бір, ей, адамзат, торғайыңды қорғай жүр! Масқара бұл: бос төгілсе қан жаман, тасқа-дағы қан жалатты – хал жаман. Асқары бар, тоғайы жоқ тау жаман, шырылдайтын торғайы жоқ таң жаман. Чили, Чили!.. Сол бір түнгі болған іс, Ол қасірет, ол қателік, ол намыс. Чили, Чили – қамаудағы жолбарыс, кісенде – ер, табытта – ақын, торда – құс.
Кірпігінен көздің жасы кеппеген, өз басына өз билігі жетпеген, қақ жартысы түрме болып кеткен ел – бақсыз әйел, батыр жігіт... неткен ел! Өзін-өзі жаулаған ел, о Тәңірі! Тұлып иіскер орынына ботаның саулы інген-ел, о, бақытты ел, сорлы жұрт, о, тордағы торғайлардың Отаны!.. ЧИЛИ-ХАЛЫҚ Иә, алыбым, тұрдың ба Хақ жолына қасқайып?! Құз ба алдың, құрдым ба – анықтап бір тастайық: мына жағың – терең ор, мынау – айдын ақ тымық. Уа, тәңірім, бере гөр тек сәттілік, сәттілік! Мына жағың – қасірет, міне, жоқтық, жұт, қайғы. Алдың – Хунта, басып от, табаныңа жұқпайды. Мынау көлің, тау әне... Хунта-үкімет құрамы сен жасаған ауаны солар былғап тұр әлі.
Сен іздеген матаны ол – шұлғау да етпейді. Ол – мырғамға батады, ал, саған нан жетпейді. Бағы ма екен маңдайдың, соры ма, әлде басқа ма: Ол – сарайлар таңдайды, ал, сенде жоқ баспана. Ие, масқара, масқара! Мінәжат қыл, мінәжат: мына жағың – тас қамал, қапас түрме – мына жақ. Түрмені де сен салдың, сарайды да сен салдың. Тындырдым деп тамсандың, ал тамсандың, қанша алдың?! Сенде егес нан үшін, Онда – дәулет гүрлеген. Сарай салғаның үшін Орын берді түрмеден. Әлемге ісін танытып, әлгі алып, денелі, қорлық, азап қамытын әлі тартып келеді. Нақ осылай нар-халық күн кешеді, көп қайғы. Кешқұрым тек зарланып бір қымбатын жоқтайды... 1978, 1982
ШАНШУ Ат мініп өскен аулақта, даланың ұлы ем деп мен де қараймын енді тау жаққа, жүрегім шаншып кеткенде. Аз көрдім деуге бола ма, астаналықпын деп мен де қараймын тұнып далаға, өкпем бір қысып кеткенде. Ел қойды мені кісі ғып, парызым өтер қанша әлі: содан өкпем қысылып, жүрегім содан шаншыды. ШАРАП КЕСЕСІ Бір шындықты көргенде күйіп кетіп, ернеуінен кесенің сүйіп кетік – айналаға қарады ол, сол бір кесе жас жігітті жіберді биіктетіп. Бүйтіп биік болғаным құрсын дедім, құрсын дедім; қалды тек құр сүлдерім. Ойға – шындық, сөзіме нұр сіңгелі жаһаннамға естілді күрсінгенім.
Шарап жұту болса егер өнер мықты, кесе жасар еді ғой көп ерлікті! ...Шарап бітті ішіліп, өлең бітті, көңіл, сен де қойсаңшы көбеңдікті?! ШАҚЫРЫЛМАҒАН ҚОНАҚ Суға түскен сәуледей дір-дір қағып уақыттың алдында жыр жырладық... Бір ымыртта есікті еппен ашып күдік деген сайқалың кірді ұрланып. Сыңқ етіп бір күлді де төрге асықты... содан бастап жанды кір, сор басыпты. Жүрегімді қос қолдап сығып еді ол – жалғыз шумақ қара өлең зорға шықты. Сылаң қаққан қыз-жырым ымырттағы содан қайтып шашбауын шұбыртпады. Сезінуші ем кеудемде көлім бар деп, әлгі сайтан сол көлді бір ұрттады.
Көл құрғаса орнына өседі не – бауырым сыз, иегім, көсе, міне. Жасыл бағым – жабырқау күзге айналды, басымдағым – күншілдің өсегіне. Күйе жакқан кірпігін көп қадады – күдік – жаман әйел-ау деп қаламын. Содан бері өзімді өзім тежеп, ...суға да бейнем түспес боп барамын. ШЕГІНІС Қошалақ құм маңдайында Күн тұрды, қабағыңда сенің жұмбақ мұң тұрды – Сол екеуін салыстырып қарап ем, жаным менің үркіп қалды бір түрлі. Қошалақ тау қабағында бұлт тұрды – біздің үйге бұлттай мұңды жұрт кірді. Мақалдады сақалдары ауылдың – көздің жасын кірлі жеңмен сүрттірді.
Ол бір күндер құмды өңірдің бар малын сен бағатын секілді едің. зарладың: дала – шексіз, бала – қыңыр, мал – асау, бәрін қосып «жетімек» деп қарғадың. Маған, маған... бауырында кешкі бұлттың өз атыңды неге ғана естірттің?! Қамқор түрлі... қорлық түрлі, түрлі адам – сабақ болды дей алмаймын бұл маған. Жесірлігің бұлдасаң сен, мен де, анам, «жетім» дегенді естідім деп бұлданам. 1978, 1982 ШЫНДЫҚ Бас июге арланып, ерлік төлеп, қайғы алды. Сонда Чили – бар халық Корваланға айналды. Құйын – уақыт мінезі,– шын бетіңді танытпа! Корваланның бір өзі айналды енді халыққа.
Хунтада аз татар дәм, аз таусылмай қоймайды. Азды «Құдай атарда» көпшілікпен ойнайды... ШҮКІР, ШҮКІР Нақ сол түні ақынға үкім кесілді, дар арқаны – бір қыл арқан есілді. Бір ат арба туарылды сол түні, бір айбалта суарылды сол түні. Үкім бірақ кетті айналып өлеңге, өлеңге, ал, дар арқаны – көгенге... Содан бері өлең жазам дегенде белгісіз бір толқу тұрды денемде. Ал, ат арба тезек тиеп жетті елге, ал, айбалта кетті айналып кетпенге. Бүгін еркін, есіп жырлап кеткенде шүкір етем: ондай қауіп жоқ менде. ЫМЫРТ Қараң-құраң бұталардың арасы, әлдебіреу жүрген жоқ па, қарашы? Маңай жұмбақ, бір құпия іс бардай, қазір біреу етегіңнен ұстардай.
Тағы да ұрлап әлденені, тағы алдап тағы біреу жүрген сын-ды қараңдап. Шегіртке үні, сыбдыр-сыры қияқтың көлеңке боп жортып жүрген сияқты. Маңай тымық... бар есімде қалғаны: нанның иісі шығып еді сонда бір, Түннен қалған сорпа құсап баттасқан жұлдыздары кілкіп шығып жатты аспан. Дәл осындай елең-алаң бір шақта жылады апам көзден жасы бұршақтап: қой ұрланды... желімізді кескен ең, содан бері, ымырт, сенен сескенем. 1978, 1982
ЭКСПРОМТТАР
Мыңқыл қақты-ау мынауың жинақ болып шыққанда. Тұмсығының тұмауы өлеңіне жұққан ба?! Иықтасып бір ермен бүгін де ішіп кетулі. Шашын жайып жіберген долы қатын секілді. Биік – ақын жағасы, балақтан ал, күшігім. ...Мынауыңды, ағасы, ең алдымен кісі қыл. Мен өзіңдей мықты емен бұлбұл жасар шымшықты... Бір түртіп ем нүктемен – «омай» деген үн шықты. Жүргем мен де көрінгенге қол жайып, байқа, жырым, мақтанғандай болмайық. Қара қызға ғашық болып бір күні қасіретінен кетіп едім сарғайып. Мына баспен көпті көрген, көп білген құтылмадым, тағдыр, сенің тепкіңнен. Күйдім бір күн сары қыздың отына, содан бері қап-қара боп кеттім мен.
Саған жігіт жетер ме деп қояды, досың сені бекер демеп қояды. Қайрап-қайрап бір қаттыға саларда балтасың деп көтермелеп қояды. Балта болсаң неге бұлай ұстайды? Ұрғаныңнан ұшқын неге ұшпайды? Қайрап-қайрап сені достар, о, қорлық, кей күндері... қарындашын ұштайды. Жұрттан артық, және тең – дәнің бе бұл, көктемім? Қоңырқайлау жан екен дән секілді моп-момын. Көп гүл өсті далаға – көбін мақтап бітірдік, Қанағат, жұрт, қанағат, ей, шүкірлік, шүкірлік! Көкте, қалқам, гүлде қыз, ендігі ісің – Хаққа ауған.. Күндесеңіз күндеңіз, күндеу артық мақтаудан.
ЭТЮД Екі беті бір бозарып, бір күйіп, ұлым кірді төбе-шашы үрпиіп: – Әке!– деді екі иінімен алқынып, – Ұлым,– дедім,– ойланып ал, сәл тынық. – Пионерлер жиынында аудандық Корваланды босатуға қаулы алдық. – Дұрыс бопты, дұрыс ұлым, деп қойдым,– сендей ері бар дүние – көктейді. Чили халқы – азабы ауыр, соры, шын – ара түсу – азаматтық борышың!.. Сәбилік-ай! Көз алдымда «өсті» ұлым, қаулы сөзін сол күн жиі естідім... Қорғаймын деп қарындасын тентектеу шешесінен таяқ жеді кешқұрым. ҮЗІНДІ Бұлақ ақса не тулап, не тебініп, жаңғырығып ойсыз сай кетеді ұлып. Батон-белдер сарғайып күн астында ашып, пісіп келеді көтеріліп.
Алатауды төрге алдық бір тұлға ғып – қарт сыйлаудың сыры осы қылпың қағып. Ашып-ашып жіберіп бұлтты аңғардан көл сімірді Бульба-шың мұртын малып. Жасыл теңіз – дастархан, қара мына: бауырсақ боп шоршиды алабұға... Жер жетеді: тұр, жүгір, жатып ауна, қыран көзі де жетпес бақылауға. Мен керілсем – бір қолым Алатауға тіреледі, бір қолым – Атырауға. Іле, Ертіс, Сыр жатыр аңқып ағып, ақын аңқып жыр құйды – талқыладық. Арман, Ардақ деп атап ұл-қызын ел, «Ақ желең» ғып күй шерттік, «Шалқыма» ғып. Дала жұрты мәрттікті ерте ұғыпты, содан шығар, жігіттің серті мықты, «алласынан» ары үстем; арыстаны мертіксе – Айға шауып мертігіпті.
Бір мақтанып таппасам көңіл емін, мақтануға батпасам – жеңілемін. Менің далам, дей берем, менің елім – бұдан өңге осы мен не білемін?! Дала маған сәби боп қал деп еді, мен есейдім ой етіп әлденені, мініп кетті қоңыр ат ымырт-қария, ақ боз ат жегіп, балаң-таң келеді. Соқты көңіл: мініп ап от-күреңін қос бүйірін мезгілдің тепкіледім. Кентауда маңдайымнан шыққан терді Қарағанды желіне кептіремін... 1978, 1982 АСХАНАДА Қартаң әйел қасы иілген тағадай қимылыңды, бет-жүзіңді бағады-ай. Есеп шоттың тасы жылпың, тіл жұмсақ – жарылқап тұр, жарылқап тұр жағалай.
Біреулерге күліп қойды қас қағып, бәзбіреуге мұңын шаға бастады. Біреуге – май, біреуге – ет, ал, маған жауырынның шеміршегін тастады. Шеміршекті былай қойсам – тоқтығым, тағам да көп, аспаздар да көп бүгін. Таң қалдырды мені бірақ, – сол әйел қайдан білді дау-шарымның жоқтығын?! Ұсақ жай ғой. Мұны өлең демес те ек: біздің тірлік асханада емес тек. ...Кей сыншының қисайғанда «шөміші» сол бір әйел тұрады ылғи елестеп. ХУНТА Елім-ай деп есуас та айтады, халқым-ай деп қарақшы да айтады. Тыныш жатқан тау мен дала байтағы – Чили жері, кегің қашан қайтады? Әрбір баста – басқа қайғы, басқа мұң –
ұмтылып қал, ойлайтындар бас қамын. Баспалдақтар бір көтеріп тастады тағы да бір, тағы да бір қасқаны... Зұлым айтса ар деген сөз өтірік! Өтірікпен бірікпе, өлең, кет іріп. Халық атынан ту көтерген – не тірлік, сол халыққа қиянат қып отырып?!
ХАБАРШЫ
Жаңалық! Жаңалық деп аттан салып, жаңаны жұрт со күндер қатты аңсады... Қара жел, ақ қар жайлы Блок толғап, туа алмай «Он екінің» жатқан шағы. Қара жел. қараңғы түн, қараңғы адам – шақ еді шапақ әлі таралмаған. Қараңғы көшелерде көлеңке еріп, етектер қара желге далаң-далаң. Тек қана Смольный жаққан шамын Күпінген көкіректер... мақтаншақ үн. Жалғыз сөз бар ауыздан бір кезде ытып, бір оқты «Аврора» атқан шағы. Дүние күтті, бір сәт, тынып қалды, тұрғандай есіне алып ұмытқанды. Солқ етті «Аврора», жанды бір шоқ – қара түн бір жарқ етіп қалды, алды да тітіркентіп суық талды, қара жел қара бұлтын қуып салды.
Дүние, тамшыдай тұн, сәл шыдай тұр, хабаршың келе жатыр... жуық қалды. Қарбалас, әрлі-берлі жүгіріс, нақ жүргендей әлдекімді ұрып, ұстап. Сол бір түн ұзақ болды деседі жұрт, ақынның, керісінше, жыры қысқа. Күзетші, қайтатын күн бүгін есең, қарашы қараңғыға үңіле сен. Мың лақап таратуға дайын әлем, бір хабар күтіп отыр ұлы көсем. Жазар ем тоқ етерін қыздырып мен, ал, оған асықпаймын: үздігіп бол. Алғашқы хабаршысы ед үкіметтің, – қиын-ау ол түгілі қызды күткен. Смольный. Күту, күту, күту әлгі... тырнағын тінтіп біреу шұқыланды. Жеңіне бір әйелдің басы құлап, желкесінде орамал-шыты қалды.
Топылған гу-гу етіп халық бірақ, естімейді ештеңені анық құлақ. Қадалған көше жаққа көз байғұстар маңдайдан кететіндей талып құлап. Әнеки, көлең етіп өтті біреу, – жөн шығар көздің мұны өткірі деу. Желкеде еріген қар табанға өтіп, арса боп азып-тозып жетті біреу.
Ду етті халық кенет, шегінді де түйдек боп көше жақтан төгілді кеп. Жаңағы суреттеуім – жаңсақ екен, мына алаң одан гөрі көңілдірек: қара емес, желдің өзі қызыл күрең, қара емес, түннің өзі қызыл күрең; сұр емес еріндері тоңғандардың, бір елес өрілді енді қызыл күрең. Жүзінен алабұртқан танып бірден – Хабаршы, хабаршы! деп алып кірді ол. Не хабар екен өзі? Бірақ ешкім болмады топтан оны анық білген. Сол топтың, Қызыл топтың екпіні ұрып, әлгі адам Ленинге кетті кіріп. Ең ұлы хабарлардың әлемдегі ең ұлы адамға кеп жетті бірі.
Алдайтын мезгіл емес жасты мансап, құм құсап шөліркеген тасқын аңсап. Басқасын қоя тұршы, сол адамды Ильичтің өзі сонда тосты қанша! Революция! Дауылдың екпіні өзі, Революция! Аялдар жоқ мінезі. «Рақмет, жолдас!» – депті Ленин сол сәт дүниені осы екі сөз кетті кезіп. Бақыттың жетіпті өстіп шабарманы, (дәл ондай шабарманның жоқ арманы) «Алынды Қысқы сарай!» – Осыны Ильич Советтер Съезіне хабарлады. Бір туды тікті уақыт мәңгілік қып, сол туды әлі адамзат ән ғылып тұр. «Алақай!» «Ура!» – деген дауыстарға бес құрлық орман, тауы жаңғырып тұр. Үш қабат Смольный қақты күлім, тасыды шаттық үні, – аптық үні.
Оқ тиген жапалақтай жалп-жалп қақты бөріктер лақтырылып, лақтырылып. Тосын күй шалынды адам құлағына – бөріктер, атыл, атыл; құла, құла! Ішінде көп бөріктің бар-ды сонда қазақтың баулы түлкі тұмағы да. Қызыл ту! Қызыл болды неге түсі – емеспін оны ұқпайтын көне кісі. Сол түннен туды дейді жұрт кей кезде Александр Блоктың «Он екісі...» УАҚЫТ-ҚОНАҚ Келді ме сыншыл қонақ Уақыт деген?! Соны күтіп талайдан жатыпты өлең. Қара дойыр сүйретіп Уақыт кірді, – қорқып кетіп бір сөзім атып тұрды. Қонақ емес, қырсық қой мынау нағыз, бүйтіп келген қонаққа қуанбаңыз. Қыл тұзағын шұбатып Уақыт кірді, – бір теңеуім шыңғырып атып тұрды.
Қонақ емес, бір сойқан дүбір кепті, тып-тыныш көкірегімді дірілдетті. Жалаң қылыш суырып Уақыт кірді, – бір сұлу ой селк етіп атып тұрды. Қонақ емес, мынау бір ұры білем, мен де қорқып алдында сүрініп ем, жаздым деп ем не ісім, не тілімнен – уақыт-ұстаз сипады кекілімнен. ҚАРҒЫС Бір адамды тұтқын етсе – жарайды ал, он адамды тұтқын етсе – жарайды ал. Бола ма екен бүкіл елді тұтқындау, кітапхана, ән-күйімен қарайған?! Ал, ұмтылыс: анау – ақын, мынау – жау, ал, тым-тырыс: тұман ба бұл, күмән ба-ау, Сантьяго бықсып жатыр. Мүмкін бе бір халықты түгелімен бұғаулау?!
Дала – дала, орман – орман болғалы қара орманға кіре алмаған жел-дағы, қара халқын қыра алмаған хан-дағы... О, сазаңды күндер бергір алдағы! ҚИСЫҚ БҰТА Терістіктен өкпек жел тұрды – мейлі еске салды осы жел бір дүлейді... Шыға қашты ақ түтін мұржалардан – шөп басында ақ түбіт үлбірейді. Кәрі қойшы жетектеп қотыр атын, отыратын аңырып, не тұратын. қотыр мұржа түтінін түйдектетті – әжем өстіп жүн түтіп отыратын. Қисық бұта, құшақтап сүйші мені, көңілім бір жетімдік түйсінеді. Қисық бұта, көзіме жылысың сен – әжемнің де қолдары қисық еді.
Мұңы бітпей тұр ма анау талдың әлі, бір зіл басып буынып талдырады. Жарқырап-ақ келіп ем, соны көріп менің дағы қабағым салбырады. ҚОРЫҚ Сүйіп ем мен; елде болған екі айда ол да сүйген секілді еді, – не пайда қара кемпір қуды бір күн: – кет, әйда. – Осыны да қыз бағу деп атай ма? Ит байлайды – «жанды құлып» қояды. есігіне даңғыра іліп қояды: ей, тіршілік, кемпіршілік баяғы! Қыз қалды өстіп. Қызығы алды еңбектің. (Енді бәрін еңбегіммен жеңбекпін). Онсыз-дағы күзеті мол есікті бірер жұма күзеттім де мен кеттім.
Кемпір қызын ат ізінен қызғанды... тағдыр, бәлкім, маңдайына сызған-ды: қызғаншақ жан дүниеден озды ақыр, бірақ ешкім жоламады қызға әлгі. Жұрт шошыпты, ақырында не шықты: аула айнала адыраспан өсіпті. Сол ғашыққа соғып едім жақында – кетік тісті кемпір ашты есікті. ҚОҢЫР ТҮС Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, көзін сулап, қалып еді қамығып. Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп – қоңырқай ой маза берер емес түк. Қоңырайып жатыр алда жол әлі – кеудем кейде қоңыр күйге толады. Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп, өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн... қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім. Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем. Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда – шешем қалды қоңыр төбе басында. Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде қоңырайып отырамын үстелге... 1978, 1982 ҚУАҢШЫЛЫҚ Ыстық құмды жебелеп соғады жел бір тынбай. Ақселеу мен ебелек Шылымшының мұртындай. Сараң дана, аспан-ау, саған ғана сөз ғап тұр. Бота ма анау, басқа ма-ау – боз жыңғыл боп боздап тұр. Бие-құм жоқ бусанған, жетім құлын құм қапты. Әлдебіреу жусанға иод төгіп былғапты. Ып-ыстық шаң жол, аңғар, шидің түбі ыздиып. Шіриді деп сораңға қойған сын-ды тұз құйып.
Әй, састым-ау, састым ал, менсіз бір жұт болыпты. Әр қабақтың астынан қурай сыңсып жолықты. Қияғы жылап қарлығып, қаңбағы босып, апыр-ау, Қошалағым бар мұңын маған шағып жатыр-ау. Шырылдайсың баладай, мен үлкен боп не білем. Мен де саған, далам-ай, мұң шағуға келіп ем... ҚЫЗЫЛ ТҮС Жырың қызыл ғой десе, жауап әзір, таза арым: қызыл тілім сөйлесе, қызыл қанмен жазамын. Қызыл тілім тіпті ұзын, ұқсас қызыл тасқынға. Ант еткемін қып-қызыл қызыл жалау астында. Күні қызыл аспаным, туы қызыл Ұлы Отан, қызыл сөзден басқаның қызылдығын ұнатам. Қызыл ақын не деп тұр? Не десе де – медет қыл. От секілді өрепкір қызыл өлең керек бір.
Гүл – қызарса әдемі; әділеттік жасайық: қыз – қызарса әдемі, жыр қызарса – несі айып?! ҚЫЗЫЛОБА Қызылоба. Тал, терек жасыл-жасыл Судырайды-ау ақ жауын басылғасын. Жылға суы жымысқы, жылжып аққан, екеумізді тал түсте бір жылатқан. Қызылоба. Тал, терек ыбыр-сыбыр, жел тұрғанда сен-дағы ыңырсыдың. Тал иілген – ақ басын ол да игесін... сабақтатар кім маған енді инесін. Қызылоба. Тал, терек судырайды, судырайды, жылғада су жылайды. Маңай жасыл, жапырақ ызың-ғызың, тек қабірдің топырағы қызыл-қызыл. Қызылоба. Қарайды ел қабірді асып, шаруа айтады қайбірі дабырласып. Жетім адам мен енді – белгілі адам, «қарағымды» кім айтар енді маған.
Жасыл-жасыл шөп кірпік қыбырлатты, қызыл-қызыл топырақ дүбір қақты. Титтей дене қабірге түсіп кетті... қысып кетті-ау жүрегім, қысып кетті. ӨЗАРА СЫН Кешір, кешір, өзіңді Хақ-тағалам сәл әзілдеп, артынан ақтап алам. Бастығым бар – ол әзіл көтермейді, құрдасым бар – ол өзің атқан адам. Көңілдің келе-келе аңғарғаны: сын тыңдар сенен өңге жан қалмады. Не керек періштелер пері қанат, не керек сайтандардың сандалғаны. Өзіңнен мәулет алып батылдана кінә қоям – мақұлда, мақұлдама – «Сен дағы құр атақтың құлы екенсің, құдай деген – қауқиған атың ғана» –
деді ақын. Шапқа түртіп ұлыларды, өзінің енді оңбасын біліп алды... Сонсоң ба? Сонсоң аспан шатыр етті – әлгі ақынның бір шөкім күлі қалды. ӨМІР Бір күйді бастайыншы, күй артығы өзен боп бір теңізге құяр түбі... қайтсем де бүгін Мекке барамын деп желіден өреді екен түйе әр күні. Теріп қырқып сол түйе әр бұтаны жантақ, сораң, қаңбақты қарбытады. Түске жақын күрсініп күлге шөкті... ұлы сапар басталмай қалды тағы. Әркім де тілек қылып жүр күресіп, жатыр үміт бірде өшіп, бір күні өсіп. Таңғы көңіл – ашқарақ, түсте тойып, ертесіне тағы да тірлік осы.
ӨМІРБАЯН Асықты адам – тамыр теуіп тасып қан, тағатсыз ғып, қанатсыздық жасытқан. Асыққан ол тұз алуға көршіден, кешкі ауылдан қыз аулауға асыққан. Мақсұт – алыс, ажал – жақын, жоқ қанат – сары атанды мінді бір күн ноқталап. Бел үзілді, тақым талды, талды көз аспандағы ұшқан құсқа көп қарап. Кесек тасты жұдырық қып лақтырып, қапылыста қол қуатын қапты ұғып... Ұшқан құсқа қайран қалып, қан қызып, қарап тұрды, бір күндері, ат мініп. Алыс күнге түсті жаңа баспалдақ доңғалақтың сырын алғаш ашқанда-ақ. Арба мініп қарады адам шалқалап тағы да сол ұшқан құсқа аспандап.
Ойдан қиял тудырғанда ол көп өңдеп, құс та қалған секілденді төмендеп. Поез мініп қарады адам бір күні әлі де сол аспан жаққа елеңдеп. Шөп сыбырлап, жел ескенмен, гүл қалғып, Жылдамдық боп жылдан озып жылды алдық. Бір сағатқа сыйды айшылық сапарың... бұ да, ақыры, қажытты деп бұлдандық. О, жылдамдық! Жыл барады сырғанап сабырлар мен салмақтарды ұрлап ап. Біз аспанға көп қарап ек, енді аспан жұлдыз-көзбен бізге таң боп тұр қарап. ӨТІНІШ Көп кеңеске қатыстырма мені осы – кітабымды бітірейін келесі. Бір «қалқамен» үлгергем жоқ қыдырып, бір есерге қарыз ем бір жұдырық.
Бар еді ептеп сыбап алар бір кісім, енді соған тіреліп тұр күллі ісім. Сені анада ренжітіп кетіп ем, сонымды әлі сіңіре алмай жүрмісің? Өкпе айтуым керек еді бір досқа, бір тәтті әзіл қарыз едім құрдасқа. Саған! Саған айта алмаған сөзім бар – достар, менің ғұмырымды созыңдар! ТЫНЫШТЫҚ Кім үзеді өзі әлсіз, жіңішке ойды? Тыныш дейді дүние, тыныш дейді. Бірақ шыңды бұлт болып буды қайғы, бірақ бұта дамылсыз судырайды. Қайнап жатсын миында мың іс мейлі – тыныш дейді дүние, тыныш дейді. Бірақ мың үн маңайға тарайды үдеп, күшік-бұлақ көк тасты жалайды кеп.
Үй шатырын ай нұры күмістейді – тыныш дейді дүние, тыныш дейді. Бір көлеңке, бір сәуле – ала-құла, ала-құла үн берер қала мына. Ой шатысты оралып жабағыға, жел жығылды сүрініп балағына. Сары жапырақ бұтадан құлап өлді – қайдан болсын тыныштық бұл әлемде! ТҮН Ызың-ызың ететінің не сенің, онсыз дағы жайсыз менің төсегім: еске түсіп біреулердің қорлығы, біреулердің айтқан жала-өсегі. Жатырмын ғой, көрмеймісің, көз ілмей, аңдиды екен дәл осындай кезіңді ой. Айналып кеп шағып жатыр өзімді, біреулерге артық айтқан сөзім кей.
Мені де артық жазалапты бір мықты, мен біреуге орынсыздау ұрыныппын. Қиянатын, тонна болсын, өлшемей, қайырымын «грамдайтын» тірлік бұл. АРИФМЕТИКА Екі қол еді – бір-бірімен алысты, екі жүйке бір-бірін жеп тауысты. Қос табақша, екі қасық... сән ұшты қосылғанда үшінші бір шанышқы. Үшіншінің аруағы асып тұр. Қос шыңды бұлт баса-баса жасытты. Ырысы ма сол үшінші қасықтың – екі қасық бір-біріне у шашыпты. Екі ғашық – екі қабақ тырысып, бірі кетті өсек қуып, бірі ішіп, Батыр жырым, осы айқастан тірі шық, сенің дағы берекетің жүр ұшып.
Ұсақ тірлік, ей, құрышы, құрышы, аяқ-табақ аралаған жыр ісі... Бәрі екеуден кеп жатса ғой дұрысы, төртеу болсын тек бөлменің бұрышы. АҚӨЗЕКТЕ АЙЛЫ КЕШ «Ақөзектің» пәк жүзін жымыңдатып, бұлт-бұлт етіп барады құлын батып. Құлын батып барады. Жас сұлудың жауырынына кетіпті бұрым батып. «Мына қазды қанатпай, шіркін атып алсам-ау» деп, жүрегі бүлкіл атып жігіт отыр, келіншек шай құяды сүт орнына сып-сылдыр күлкі қатып. Бұлт ойнайды аспанда түртіп Айды, Ай астында боз бие шұрқырайды. Құлын батып барады, ана-бие шұрқырайды шақырып «бір құдайды».
Әзір ас жоқ, жас жігіт бір «тік қасық» жаутаңдайды көз-ғашық кірпік басып. Құлын мүше келіншек – шабақ болып қармағымен ойнайды түртіп қашып. Енді бір сәт... қарашы, құдіретті: енесіне аман-сау құлын өтті. Ит шәу етті, келіншек тұрды атылып, жас қонақтың жүрегі шымыр өтті... БІР СӘТ Жұлдыздары жымың-жымың күліп түн жібек нұрын шашып тұрды үміттің. Қашан еді, қай түн еді? – Ұмыттым. Зеңгір көктен қарағанда жылып күн біреу – маған, мен біреуге күліппін. Шын күлкі ме, кекесін бе еді? – Ұмыттым. Ей, ағайын, қартай, қайғыр, үміт қыл, үміт – тәтті, жұта-жұта құнықтым. Құнықтым ба, ашықтым ба? Ұмыттым.
Әйтеуір бар тірі жүрек менде осы, үміт, тілек биігірек менде осы – ештеңені ұмытпаппын ендеше. БІРЖАН ТУҒАН ЖЕРДЕ Шығандығы шыңдардың Біржан әні секілді. Алыс жатқан мұң бар бір – жырлағаны секілді. Бүлдіргендер бір түрлі «Ханның асы» секілді. Ақ қайыңдар үкілі домбырасы секілді. Жапырақтары аққудың таранғаны секілді. «Айна көлі» ақынның адал жаны секілді. Қыз аңдыған тал ұстап, ісі бейпіл секілді. Шідерлі аты алыста кісінейтін секілді. Ару қыздар көп еді – таңдағаны секілді. «Біз қартайдық», – дегені алдағаны секілді. Бурабай көл сырғыса тамсанатын секілді. Шертіп қалсаң сұр бұта ән салатын секілді.
Тас өзегін жыр кернеп тіліп тұрған секілді. Біржан ағам бұл жерде біліп туған секілді. ДАЛА Құйын біткен адасып жүр далада. Тастар – шұбар, сайлар – ирек, дөң – ала; құм қаңбағы, ал, домала, домала! Дене сөніп табылғанша моладан «адам басы қаңбақ» дейді көп адам. Бәзбіреулер «доп» деседі жаңартып – жайлы тиіп жатқан тірлік жоқ одан. Мен – қазақпын, сайда бықсып жұрты қап, көшкен ел ем, енді таптым бір тұрақ. Бірақ әлі қызығамын құйынға, құйынды ойлар ұйтқығанда миымда. Кең пиғылдар кернегенде кеудемді глобусқа үңілемін мен де енді: аяп кетем, аяп кетем сонда анау қаласы көп, даласы жоқ елдерді.
Неру – нағыз жігіт екен! Ерте өліп өкіндірер ерлер жайын шертелік: Күлі – Үнді топырағына сіңді оның елге деген махаббаттан өртеніп. «Әу» десем үн – тауға ұрды да, жаңғырық ытқып келіп маңдайымды қалды ұрып... Мен – далама сіңіп кеткім келеді кейде осынау жаңғырықтай қаңғырып. ДҮКЕНДЕ Түсінбейсің көп адамға, көпте – ерік, көп деген көл – тұзың көлге кетті еріп... Қайбір пиғыл қиын бірақ; дүкеннен шықты біреу бір тай шытты бөктеріп. Жаңсақ сөздер өртейді екен өзекті, бір күн өстіп өртенумен тез өтті. Соқты біреу шырпы қымбаттайды деп, бір келіншек шұлық жайын сөз етті.
Тамақ тоқта, таң қаласың, қайғы көп, қызды уайым не болса – сол жайлы үдеп. Көп көзінше дүңк еткіздім мен кенет «жаңа жылда өсек қымбаттайды», – деп. Кейде адамның келеді екен күлкісі, – кетті өзгеріп сонда жұрттың түр-түсі. Біреу күлді: «рас, кітап қымбат», – деп, «болар, болар!» – деп күрсінді бір кісі. Дүкеншілер жоқ қаулы мен бар заңды ап лақап етті ұят қосып, ар жалғап: Қымбаттаса – қымбаттасын шыт-шыпыр, тек, адамдар, біз қалмайық арзандап. ЕКІ КӨРІНІС Сирек бұлттар алалап қырат, қырды, бір көлеңке, бір шуақ лақтырды. Әр сыбысқа жапырақ құлақ түрді, бұрғы-құйын бір дөңге шаншылып ап бұрап тұрды бұрқырап, бұрап тұрды.
Бұрап жатты бір жиын бір авторды, салды да айдап бульдозер, тракторды – жаңа жазған кітабын құлаттырды. Ал, далада қаскүнем құйын мәз боп қаңбақ-бөркін аспанға лақтырды. Ұрылмаған бір тұмсық тапты-дағы, бір авторды төпелеп жатты бәрі; (автор бірақ жастығын ап құлады...) Тренері атақты жас боксшы тегін жатқан тұмсыққа жаттығады. Мына сайтан, япыр-ай, қатты ұрады, ұрған сайын алысқа лақтырады, – көнек болған бетіңді қап қылады... ...Құйын ұрған баласын дала қарты қара қойдың өтімен қақтырады.
Құйын келген сын-ды әлгі, даладағы, көк өрім боп шулайды қала бағы. Бір сөз өрбіп бір сөзден, балалады: біреу боксер бүгінде, біреу – құйын, екеуі де қонбай жүр маған әлі. 1978, 1982 ЕЛ-ЖҰРТ Жел екпінін маған берсе табиғат, маған берсе судың күшін табиғат, жаңғырығын берсе жақпар-таулардың, даладай ғып кеңдік берсе табиғат; берсе маған нөсерлі көк күркірін, бұлт астынан шыққан күннің кірпігін, жеті бояу қосып берсе түр-түрін, дүние қолда тұрса нандай бір тілім; жол қуатын қиған күннің өзінде, су ағысын құйған күннің өзінде, алақанға ап асқар таудың өзін де, Дала құсап кеңіген бір кезімде –
Соның бәрін айналдырып мен үнге, үш күн, үш түн айқайласам кемінде, айқай салсам ел-жұртымды сүйем деп айқай салсам топырағымды сүйем деп, жар салсам мен екі тілде... бес тілде – бірақ оған сенбес еді ешкім де, сенбес еді, «күмәнді» атап тірлікті, қазығына таңар еді бір мықты; жатып келіп тексертер ед, Сен де, дос, айқай салып арзандатпа шындықты! ЕМЕН Қар мен желге қарсы бітіп алып тұр, жалаң төсін найзағаймен жанып тұр. Шекісіпті шеңгел болып тамырлар – қара тасты бүріп қатып қалып тұр. Мынау қартың еске салды жетімді: арық қолдар – бұтақтары секілді. Жапырағын сыпырып ап кекілді табиғаттың мұқатқаны секілді.
Түбінде қарт бір үндейтін секілді, сөйлеп кетсе сүрінбейтін секілді. Уақыттың – келер күннің алдында тізесі сәл дірілдейтін секілді. Тамырында су ағатын секілді, сол су бәрін жуа алатын секілді. Қара тасты аспанға атып бөрік қып, түбінде бір қуанатын секілді. Емен – шындық (өзің жалған секілді), қарт көңілге сезу де арман секілді. Жапырағын – жел, ұлын – майдан жоқ етіп – еменге ептеп төзу қалған секілді. Ей, қара шал! Кірмек едім даң-дұң қуған топқа әлгі... Сені көріп түсінгендей боп қалдым, төзу де үлкен күрес пе екен деп қалдым, өстіп мен де бір қабаққа тоқталдым...
ЕСЕП Табиғатта бәрі есепті деп еді, есеп шығар – түсінбесем мен оны?! Күн аласа болған сайын көлеңке ұзын болып келеді. ЕСКЕ АЛУ Сталинград деп күнде Жырлап еді-ау Неруда. Сонда желдің өтінде тұрған еді-ау Неруда. Көкірек қой бұл ғасыр, көкірегін көр міне: ұлы ақынның тұлғасын кіші санап кергіді. Чили деп жыр арнадық, жыр парағы жатыр мың. Ара түсе алмадық ажалына ақынның. Жанарыма жас тайып, жүрегім құр сыздады... Тұрмыз бірақ қасқайып жел өтінде біз-дағы. ЕСКІЛІК Дүниеде «тозды» деген сөз қиын – айтпас едім: әттең, менің тозды үйім. Аттап қалсаң – батқан сынды дүр салмақ, еден-тақтай қиналады ырсаңдап.
Ей, қызыл тіл, аңдап-аңдап сөйлеші, үй ескірсе – ескі жырдың бейнесі. Бір ескілік сезінемін. Өзім де ескі кісі секілденем кейде осы: талай сырым бітті ескіріп ішімде, бітпей жатып ескірді көп ісім де. Осыдан-ақ шығар: күпі киіп мен, түйе мініп жүрем ылғи түсімде. ЕСКІШЕ Не сезінсең, сол жайлы ашық айту – болмайды. о, болмайды, болмайды. Емен болып біт, мейлі, қағаз етіп бүктейді. ой, бүктейді-ау, бүктейді. Аузын сүртіп күт, мейлі, жұрт көңілі бітпейді. о, бітпейді, бітпейді. Ойы тозып, ниеті іріп, төріңе озып отырып, Ией, күледі-ау өтірік! Өзі салып жараны өзі айналып жалады. әй, жалады-ау, жалады.
Достық кетті оңай боп, дос деген – құр атағы. Көңіл күйің қалай деп жымиғаны – батады. Әй, батады-ау, батады. ЖАРАСТЫҚ Бірді сынап жүрген жұрт, бірді міндеп: қара қарға байғызға күлді күндеп. Бозторғай жүр – шиқылдақ балапанын уа, менің кіп-кішкене бұлбұлым деп. Қанден кімнен кем екен! Пілге үреді. көп мақтама, қой, ойбай – бүлдіреді. Салыстырсаң қарғамен бозторғайдың балапаны, шынында, бұлбұл еді. Атақ десе көңілге құрт кіреді, бұлбұлды әркім, сондықтан, түрткіледі. «Елге мәлім бұлбұлдың таңғы әуені, есектің де есімін жұрт біледі».
Деп тоқылдақ бір жақтан дау шығарды; (дауға жарар оның да даусы бар-ды) Жас жолбарыс аулақта жатты жымып, кәрі түлкі айласын таусып алды. Шымшық айтты: «мені де біледі елім», «білгені ғой, – Үкі айтты – тілегенің?» Қарт жапалақ жармасты тоты құсқа «бір тапшы деп, сұлуым, жүрек емін». Арыстан тұр ешқайсын кәріне ілмей, оған маймыл әрі дос, әрі інідей. Торғайша ұшты бұлбұлдар, қазша – қыран, ал, орманға аң-құстың бәрі бірдей. ЖАУАП Әлдекімге қарау ой боп қонатын мені, мені ағартады қара түн. Таң алдында ақ періште құсаймын қыз-келіншек қырқып алған қанатын. Пәк жыр жазып өткізбек ем бұл айды – әлдекімге жазбағаным ұнайды.
Қара сөзді ұнатамын, сондықтан көлеңкем де қара болып құлайды. Ұқпайсың ба? Мақұл, достым, бара ғой, менің тілім қанжар емес, ара ғой. Бағаласаң – көлеңкеме қарама, көлеңкенің бәрі бірдей – қара ғой. Ой, пиғылым, тіршілігім – бәрі ізгі, ізгіліксіз көп кісіден қара үздім. Үһі десем ақтарылып аузымнан аппақ-аппақ гүл түсетін тәрізді... БІЗ ӨЗІМІЗ Шындық деген көк аспандай тым биік мұхит сын-ды әрі терең тұңғиық. Жан сендіріп жаңсақ жайлар, қате аңыз біз де содан қателесіп жатамыз.
Шыңды, рас, мойындадық биік деп, суды, рас, мойындадық сұйық деп. Көрген шақта шын қасірет-қайғыны аяғаннан жүрегіміз айныды. Шашақтарын самал желге жүздірген қызыл туды – қызыл дедік біз бірден. Қараны, рас, қара дедік бір қарап, адалдықты ақ атадық бір қарап; жапырақты жасыл деген секілді, гауһар тасты асыл деген секілді, жақсы десе – ауруға да дарыды ас, жаман десе көңіл қайтып арымас, – рас, рас, бәрі-бәрі-бәрі рас.
Тайғанақтап із секілді мұздағы, бірақ кейде қателестік біз дағы: тау мен сайдың арасына, дес бермей төбелердің өсетінін ескермей, байғыздың да аңсауы бар екенін, бұлбұлдың да жемсауы бар екенін, ақылдың да ажалы бар екенін, бақырдың да базары бар екенін, ұмыттық біз; әділеттен үміт қып, әділеттің өзін кейде ұмыттық. Жақсылардан еңбек күтіп, тер күтіп, жалқауларды алдық біраз кергітіп. Төбелердің көңілі үшін, ғасырлық Кейде шыңның асқақтығын жасырдық. Жапалақтың шыққаны үшін тасқа ырғып, таққа сүйеп отырғыздық «тақсыр» ғып. Ал, кей күні қыран құстың қанатын қиып алып бір байғызға жапсырдық...
Таудың даңқын көтерем деп байқаған төбе бірақ қақты бір күн қайқалаң. Бұлбұлдардың әнін шырқап байқаған қызыл әтеш – әтеш болды қайтадан. Біз керемет кең халықпыз, сөз бе еді қателесу көтерем деп өзгені! Жақсылығын – жақсылардың өздері, жамандығын – жамандардың өздері дәлелдеді. Ал, бір жақта құлан құлап құдыққа, Құлағына ойнап жатты құрбақа... 1978, 1982 БЕСТАРМАҚ Қара түнгі найзағайдың жарқылы өтетұғын сықылды мен арқылы. Содан шығар, содан шығар жарқыным: қара суға қайық салдым – қалқыды, қара сөзге сезім құйдым – балқыды.
БЕС САУСАҚ Саусақ – бесеу. – Пәлі, шіркін, жарқ етті-ау бір жаңалық! Біреу, екеу... ал, санадық, санадық. Шалдар алды шашқа – қырау, сақалға – ақ, «бірдей емес бес саусақ» деп мақалдап. Теңдік деген болмаған-ау оңды аса бес саусақтың өзі бірдей болмаса?! Саусақ бөлу, міне, былай басталмақ: «Ортан терек», «шылдыр шүмек», «бас бармақ». Бір қолдың әр саусағына ат байлап, саусақты да бөлген қазақ қақпайлап
нені бөлмес... бөлуге әуес жұрт осы, анау – үйі, мынау жалғыз – күркесі. Бір-бір үйден. Ауыл деген – атағы, әр қабақтан түтін бықсып жатады. Қойы ғана дүбір салса түнде үркіп, жұлдызды аспан – жыпың қаққан мың кірпік. Тағдыр талай саусақтан ап бір-бір түп бұрап еді-ау бұ даланы шыңғыртып! Шыңғырып кеп көкке созған құлашын сонда шыққан дауыс па екен мына шың?! Сонда тұнған көз жас па екен көл анау? (Әй, обал-ау, обал-дағы, обал-ау!) Заман – шүкір. Сәби құсап шүлдірлеп, бөліп жүр дос өз саусағын бір-бірлеп. Жау жоққа – жау, жұтамасқа жұт арнап, өзін өзі бөле ме адам бұтарлап?! «Балан үйрек», «титтей бөбөк», «бас бармақ», бағың жанып тұр-ау бүгін аспандап – жұлдыздарды түртіп тұрған саусағың өз шекеңді бір түртсе деп аңсадым. Қайда бірақ... Маңда құрақ сусиды, өнерліден өсек айтқан қу сыйлы. О, бес саусақ! Тұмсыққа ұрар шегелеп жауың жоқта жұдырық боп не керек, Саусақ біткен біріксін де керемет алақанға су тұрғызсын деген ек...
НЕЙТРОН БЕЙНЕСІ
Қасіреттің тілін қалай дәл тапқан, өмір жасап пальтолар мен қалпақтан – о, ант атқан, ант атқан! Мөлдір бұлақ бұрынғыдай сұп-сұйық, шөп басынан шық қарайды сықсиып. Тірі жан жоқ. Тірі қапты пальтолар отыр, әне, орындықта мықшиып. Екі қолдың күшін еттім мен үнем, ей, екі қол, қашан да сен жеңіп ең! – Адамға адам қол беруден қап енді бос пальтолар көрісе ме жеңімен? Мүгедекті жеңін берген қол ғылып, көрген сайын қалып жүрдік болдырып... Жоқ, сенбеймін! Ғылым емес жасаған «Нейтронды» бомбы ғып. «Зияны жоқ» қару ғой деп бұл тіпті, жауыз ойын сөзбен майлап жылпытты. Фугастарды доп қып ойнап ол енді, қой баға ма таяқ етіп мылтықты?
Аулақ, аулақ! Ұсақ қорлық, даң-дамай, лас пиғылдың сыртын сырлап алдамай. Жалғыз шының қирамасын, адамзат, бер, дейсің ғой, киіміңді қандамай?! О, болмайды мұндай «емнің» даруы, бұ ғасырдың қайғысы бар, бар уы – жетіп жатыр қан шығармас қаруы... одан да ақтап үйренейік тарыны! А...ҒА Тағдыр сені тоқ қылды, торықпа, дос, мықты бол. Құшып ең бір шоқ гүлді, тікенек боп шықты ол. Құмай ғой деп мөлитіп асырап ең бір итті, төбет болып ол итің өзіңе үріп тыритты. Суып кеттің, – бұ да анық, – суындырмай қойды ма: жібек тағып сыланып кірген жылан қойныңа. Ерегіссең ал енді еліңе жүр, тоқты бақ. Хайуанат көп әлемде, сендей кісі жоқ бірақ.
АДАМ АТА ...Саздан құйып Құдірет сонда Адамды бір жіберген қатесін оңдап алды. Сол сәтте жүзіне бұлт тұтып, ықтап жетіп кепті Ібіліс сықылықтап. Саз-мүсінге сәл қарап тұрған оғаш, бір түртіпті қарынын тыр жалаңаш. «Іші қуыс – болды енді, жетті, бітті... – алдауға болады екен!» – деп күліпті. Содан бастап жігер-құм, үміт тағы, қуыстығын ешкім де ұмытпады. О, менің қуысы мол туыстарым, түпке жетті-ау қуыс ой, қуыс қарын! «Алдауға болады екен?» Күні бүгін біреудің кемітерде ұлылығын, бар мақсатқа қарынды кепіл ғылып, ішті түртіп қарайтын секілді жұрт.
Жан екенсің, досым сен, түсің ізгі, үлкен сыйлап, күтіп жүр кіші бізді: қуыстықты қайтеді ұмыт етсек, түрткізбесек қайтеді ішімізді?! АЛТЫ КАРТА Балта түсті, мәткең бар ма – соқ, қане! Бір соғарға жарайтын күш жоқ па әлі?! Қызды-ау ойын, қызды, қызды, әй, қызды – көзір алты ұрып алды жай тұзды. Бітірмейді желке қасу, жөтел түк, әне сегіз, қосқан екен – кет ертіп. Біреу, міне, тұздары бар кісіге жер тістетті жетілікпен көтертіп. Тұз құлады тыраң асып табыстан, король жатты бастан дәурен-бағы ұшқан. Балта жүзі мұқап қалды, даманың тырнағы өткір екен барыстан – бүрді-ау бәрін, бүрді кенет, әй, бүрді:
ондық күлді, қарға тоғыз қайғырды. Король біткен тақ-тажынан айрылды, балталар да баққанынан айрылды. Кеудең қаңырап бос қалады, жан ұлып, теңселесің қарға-қанат жамылып. Қызыл табан – тамып қалған қан сынды балта мұрнын қанатқанда дама ұрып. Жалт-жұлт етті көздер бейне жай тасы, мықты екенсің, қызбай ойнап байқашы! Махаббат деп мақтағаның бозбала-ау, дамалар мен балталардың шайқасы. Жеңу, жеңу бұл ойынның бар мәні, әйтеуір бір жеңу – көптің арманы. Мен де ойнап ем – қолым жөнді шықпады, сондықтан да қарсы жағым мықты әлі... 1978, 1982
АЛЬБОМ ЖЫРЫ Жанжалдың созады әйел қирағатын, келтіріп Хақ есімін, иман атын. Бұршақтап екі көзі бұлан-талан, жан бар ма бірақ соған иланатын. Күлкісін сұлулармен тиғалы ақын ән аңдып, құлақ қалды күй бағатын. Қайтесің күлін шашып көне жұрттың өнердің өлген ізін сыйла, қатын. Қан жанып тамырларда қызыл маздақ, ол рас: қызыл көңіл бұзылды аздап. Өткіздік қызғанышты қызыл тұрмыс, қос жүрек қызыл жібін үзіп-жалғап. Емес ем тау мен құзға тоқтар ағын, ал, кейде шөп тастасаң – тоқталамын. Жеңілген секілдімін, өйткені мен әйелге де өкпелейтін боп барамын.
Жотама бар күнәні шайқап артып Отырсың, пиғылың жоқ жай табар түк. Жай таппас пері-қанат періштеден сасса – сабыры бар сайтан артық! 1978, 1982 АНА Мезгіл жақсы, тұрмыс бірақ күйгелек, күйгелек қой көңіл шіркін – күй керек. ...Апыл-ғұпыл жаға, жеңін түймелеп күнде шығам кішкене ұлды сүйрелеп. Менің үшін басталады жаңа күн қыңыр-керіс, қыңқылымен баланың. Әрбір күннің жаңа мақсат, жаңа әнін бала болып бастайды екен заманым. Содан сәби үні, ұнат, ұнатпа – кешке дейін кеп тұрады құлаққа! Бала-бақша екі аттам жер, бірақ та жүретұғын сықылдымын бір апта.
Ылғи бала сүйреген жұрт, күл мейлің: бірінің де аты-жөнін білмеймін. Бірі менің тон, бөркімді күндейді, ал, бірінің күлкісін мен күндеймін. Күнде көрсең жөңкілген ел-топ әлгі, қайсы жүздер бір жалт етіп жоғалды. Тек оқшаулау жүретұғын қарт ана көз алдымнан сол өшпейтін боп алды. Үсті бүтін, жүзі жылы, тап қайғы жеп тастаған адамға өңі жатпайды. Әлденеге ынтық жандай ындыны, ынтыққанын алуға, әттең, батпайды. Әлде бөтен құпиясы бар мұның? тұңғыш сездім ақыл-ойдың тарлығын. Сөз емес-ау «не жетпейді» деген сөз, осы сөзде – кедей пиғыл, жарлы ұғым.
Соны ойласам әлі күнге дір етем; сол жолы ана маған қарап тұр екен. Сәлем бердім. «Балам, – деді, – үйге кір, қазақсың ғой, парызың бар, жүр, өте». Неткен парыз? Алжыған-ау деп мүлдем, үйге кірдім, түк түсінген жоқпын мен. «Осы жерде қартайдым мен, – деді ана, – қайырымдының жолын тосып көп күннен». Содан кейін сәбиге айтты: «күлші, ұлым, үйірілші, менің титтей ұршығым. Айқай салып шапқылашы, күлші-күл, ал, мен шегіп алайын тек бір шылым». «Ойна, ұлым! Жүгір! Секір! Тұр! Атыл! Тасқын-күлкі, тау-бұлақтай құлатыл. Бір шаңытсын едені бұл тұл үйдің, қалсын үнің қабырғада мына тұл!»
Толғанды ана. Ыңырсыды, ол енді жатқа оқыды бір дастанды көлемді... Тар үйде өсіп қағу көрген тентек ұл ескі еденді дүрсілдете жөнелді. Жан ауырды. Сол жанымды – мені емдер, ана мұңы, маған жалғыз өлең бер! Онда не тұр, жалғыз екен бір кемпір, соны сөз ғып не табасың демеңдер. Мысқал ойды, қалам, теріп ала біл, сәби үні, қабырғада қала біл. Бала жетім болушы еді бір кезде... батты маған жетімдігі ананың. АРНАУ Әңгімеңді бұзса жыр мен ән бұзып, отырсаң-ау көңіл түлеп, қан қызып. Хрустальдар сыңғыр қағып, қойсаң-ау досың саған, сен досыңа алғызып.
Омырауды ағыттырып салқын бақ, сөйлессең-ау екі дос боп аңқылдап. Ауық-ауық жылытылса тоңған ас, күй шертіссең, ауық-ауық ән тыңдап. Төре екеу, жыршы да екеу деп ұғып, қойын дәптер ақтарыссаң төгіліп. Ол – кешірсе сенің кешіргеніңді, бас изесең ол ұққанды сен ұғып. О, тіршілік! Жетім шыбық мен бастан, жел өтінде жырлап келем талмастан. Көңіл қайтты күліп сөйлер жолдастан, бір бармағы ішіндегі көп достан! Желпінейік: алдыршы бір жарты арақ, білесің ғой, бұ сабазың «тартады-ақ». Кінәң бар ма – ашық көтерт, арқалат, ал, менде сол адал көңіл, нар талап.
Сен де ашшы анау балконыңды, әйнекті, шүкір, тыныш, ұрыс бітті, қайғы өтті. Домбыра әкел! Қалықтасын ән құстай, бір кешімізді өткізейік аңдыспай. 1978, 1982
АҚ ТҮС Ақ деген не? Қиянаттан, тепкіден аман шыққан Ардың түсі деп білем. Сәл кірлесе күймен жуып жанымды, Алатауға – шыңға жайып кептірем – ақ бұлт құсап желбіресе сонда әлгі, жүрек аунап, жауар бұлттай толғанды. Дария Сырда қамыс шулап, Жайықта аққу-толқын қанаттарын қомданды. Ерді асырап Ар, адалдық атағы ақ дүние мәз-мейрам боп жатады. Ақ дастархан, ақ жаға, ақ көңілдің тек оп-оңай кірлейтіні – батады. ...Бір ақсақал ақ бата айтып қол жайды, ақ батаны жолдас еттім жолға әйгі. Ақ көңіл деп мадақтадым досымды, өйткені өзім ақ ойладым ол жайлы. Ақ тілеуім – ақ дастархан боп шығып,
ақ нан ұстап келді маған тоқшылық. Жырым – аппақ, жырды жазар парақ та ақ, көлеңкең де кейде ақ сынды... бәрі аппақ. Аспан аппақ, ақ бұлттарын жинады, ақ шыңдарға аппақ жаңбыр құйды, әне. Ақ нәрсенің бәрі әдемі, мені осы ақтай қалған қағаз ғана қинады. 1978, 1982 АҚБОЗ Құйрық-жалы әдемі төрт тұяғы балғадай ақбоз атым бар еді – әй, жалған-ай, жалған-ай. Қарғығанда жырадан кетті айналып ұршығы-ай. Мен де оңбай құлағам әй, қырсық-ай, қырсық-ай. Ер жығылды. Бір сайда бөрік қалды домалап. Ауырсындым ырсаңдап... өй, обал-ақ, обал-ақ. Бөркім – әнтек ұшты деп шағына алман басқаға-ай, бірақ бұдан күштірек бір масқара... масқара-ай.
...Көрдім кеше боз атты – жазылыпты. Тұр билеп, өлеңі боп қазақтың кісінеді күмбірлеп. Сәл қисайған жалы бар, сәл жүдеген халі бар. Әй, жануар, жануар, әй, жануар, жануар. АҚЫН Қып-қызыл бұлт қонды да тау басына, бір жарқ етіп ант берді алласына: «Шың мойнына орады далам мені, енді осында мәңгілік қалам!» – деді. Төгіп еді бір ақын жатқа жырды – әлгі таудан жүз бұлақ ақтарылды. Ақын айтты: «ел туды мына мені, мен де осында қалармын, сірә!» – деді. Сол-ақ екен бір керім төкті нөсер, алтын көсеу-найзағай көкті көсер. Ақырды аспан – тұндырды құлағымды, ақырды ақын – бұрқырап жыр ағылды.
...Нөсер тынды. Ақын жоқ – өтті, кетті, кетті ақтамай көп үміт, көп тілекті. «Жетпей жазды-ау ақын!» деп шулап бәрі сол ақынның ұрлап жүр шумақтарын. АҚӨЗЕК БОЙЫНДА Тас төбеден төніп кеп Ай үңілді – Неткен сәуле жұп-жұмсақ, қайырымды! Көл езуі сылпылдап өсек айтар, байқап сырғыт, бала-дос, қайығыңды, Келе ме екен тербетіп ұйқы мені – көңіл байғұс бір бейжай күй тіледі. Түнгі дауыс, білесің, кетеді алыс, сезіп қалды... тыңдашы, ит үреді?! Ескегіңді суыршы судан енді – соңымыздан көп дыбыс шулап ерді. Мен де ерімін қаланың, сөкпе, досым, қызық пен қыз деп ұққан туған елді...
Әже байғұс жалқы үйлі жағадағы жалғыз қызын жарғақ боп баға ма әлі? Енші алысты дедің бе, Көзжақсының соқтықпалау деуші еді ағалары?! Сейіл құрдық, мақұл-ау қайтса да енді, бұл ауылға, сұраса, айт сәлемді. Пиғыл түзу, кеткен жоқ әзірге есе, құрдастарым, болды тек, әзілдесе: «әлі түнде жүреді мына ағаң деп, талай әсем қыздарға ұнаған деп». көңіл-көбең сондықтан, әлгі әзілге күле берсем – бар мақсұт, шыдаған боп... 1978, 1982 БАҒАН Анам мені тәй тұрғызып о баста сүйеп еді жуан баған-ағашқа. Сонсоң сырттай бақылады, кетпеді, қыпың қақты «құлап қалар» деп мені.
Бір алаяқ үй тұрғызды – еп қылды, еп қылды ол – қолын жуып кептірді. О да алыстан бақылады, көкейі: «мен кеткенше құламаса!...» – деп тұрды. Осы екі жай көкірегімде жүрді ұдай – бірде бұлай, еске ап жүрдім, бір бұлай. Біреу епке, біреу көпке сүйеніп, қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан тірлік-ай! Қаз тұрғызып жыр ұшырдым, не терлеп Қара сөзбен жан қинадым бекер көп. Кітап сайын қыпың қақтым мен-дағы «қайтер екен, құлап түсер ме екен» – деп. Тірілте алам сөздің өзін ең өлі, түстің өзі сөз боп ылғи енеді. Мезгіл-анам бақылап тұр мені әлі, баған-елім әлі сүйеп келеді. БЕЙБІТШІЛІК МАЙДАНЫ Жұмыс дедік, бермедік тынысқа ерік,
жүр-ау содан жүйкелер жіңішкеріп. Сілкіп сөйлеп, сондықтан жұлқып іштік, көңіл тілер, сондықтан бір тыныштық. Тыныштық па? Тыныштық қайда саған, мен де ізімді, деп жүрмін, Айға салам. Алыс арман, асығыс көп үмітті қуып жүріп талай тер төгіліпті. Сүйген жарға ішпей-ақ тиіс, інім, тыныштығын сол бұзса үй ішінің. Жел мүжісе – қарт емен ормандағы жапырағының тозарын ол да аңдады. Тозбас үшін тоздыру кейде керек, айқын ойды – ашық сөз бейнелемек: кесім кестік, кетістік, тексерістік – бір тыныштық үшін біз көп соғыстық.
Ерге жақпас болар ма ер кеңесі: ал, термеле дос, қасты термелеші, Күрес керек бір мықты, күрес керек тыныштықты қорғауға Жердегі осы! ЖАҢБЫР Жаңбыр жауды, хал мүшкіл, көлік сирек – кешіктім. Алқынып кеп жабыстым тұтқасына есіктің. Үсті-басым су болды – жаңбыр жауды бір күні. Сонда маған түйрелді бастығымның кірпігі. Көзі от шашты сұр-сары, жаңбыр жауған денеге найза болса – бір сәрі, кірпік деген немене елемедім, бас салып мақтай бердім мен оны. Махаббатың тасса анық бастықты да жеңеді.
Шықпады үні, не демі, мен бітірдім бір істі. Жеңілді ол, себебі: нахалсың деп ұрысты. Нахал деді, денеме қуат бітті он есе. Нахал деген немене, жағымпазсың демесе. Бүгін менен жалғыз да отыр ағам таппай мін... Не жаңбырды жауғызба, не бастықты мақтай біл! Күнде жаңбыр болмайды, кешікпейсің күнде сен. Ісің бірақ оңбайды «нахал» бола білмесең. ЖЕБЕ Не бір еппен, алған жақсы, не бетпен – сөйлейінші тамағымды кенеп мен: эпос ері тірілді де кенеттен, сұр жебелі қарт садағын қолға алды. Намыстан-ақ өліп-өліп болған-ды, қыран құсап алыс қарап қомданды, адырнасын шірей тартып толғанды – мықты жауын жайратуға ниет қылды.
Дұшпан қаптап кеткен шығар деп түрлі, Ұлытаудың ұшарына кеп тұрды. Оқтың ұшын Күнге созып кептірді Сонсоң тартып жіберді сұр жебені. Бұл кездің де ең жүйрігі – оқ еді, жебе ысқырып ұшып ала жөнеді, жолдағыға қатер-қауіп төгеді – құстар ұшты, тоғайлардан аң қашты. Тау мен дала, теңіз бен шөл алмасты – бәрінен де өтті жебе, алға асты, оқ екпіні зілзалаға жалғасты... уа, қалтыра, қалтыраңдар, дұшпандар! Айла-ақылы адамзаттан күшті аңдар, зауал туса оқтан жылдам ұшқандар! ал, ұстаңдар, тағдыр оғын ұстаңдар! Күн астында жебе сарнап ұшыпты. Екпінімен желдің өзін ысытты. Ер атқан оқ қашан жерге түсіпті – тауыпты ақыр... бір бұралқы күшікті...
Бітті білем бұл тақырып, ал, аға, сөзімді ұқсаң – бір жымиып бағала. Алтай аңырап атсаң-дағы далаға итке тиген оқтарыңды санама! КӨК ТҮС Көктемгі жер бояуы да көк қой деп, көлеңдетіп киіп едің көк көйлек. Көл-дүниеден көкті ғана білуші ең, кетер болсаң – көк зәріңді төкпей кет. Көктем еді-ау, көктем еді, дүбірлі көк бұлақтар көгал кезіп жүгірді. Көк кіреуке көзді айналған күндері көгіс тілің көк төбетпен бір үрді. Көктемде көкек құсап көк, көк деп көк уыңды, сөйлер болдың, төкпектеп. Күте-күте, қуа-қуа көк түсті кеттің білем, ақырында, көк бет боп.
Көктем өтті, жаз да кетті, күз жетті, енді әр мезгіл өз бояуын іздетті. Ал, сен болсаң – баяғы сол көк, көк, көк – көк тіліңнен көк сөздерді төк, төк, төк! ІРГЕ Кеудем – бір үй: Іші – дауыл, сырты – дау, күні-түні бір бұрқырау, бұрқырау. Етек-жеңім далақ қақты; бұ-дағы жел өтінде қалғандықтың бір түрі-ау. Көптен маған тиіп жүр-ау бір тұмау, буындарым, сенің ісің – сырқырау. Шілдеде де суық ұрды жанымды – көңіл байғұс, сенің де іргең жыртық-ау. ҚАДЫРҒА Сен сыналдың, бір апта ойлап жүрдің сол жайлы. Сені сынар бірақ та жиын – күнде болмайды. Сүймесіңді – жолатпа, жалғыз-ақ қал сен мейлі. Көп ішетін қонақ та күнде саған келмейді.
Шыдау – сенің міндетің, бұлшық ет боп пісіп, қат. Жақсы бастық күнбе-күн жатқан жоқ қой түсіп қап?! Аңырма, Ақыл, түңілме, Ес, Қайғы ойлама, қайран Бас: күнде тұлпар сүрінбес, есек күнде бәйгі алмас. Бұ да қызық шақ шығар сүлгі айтса ту жайлы... Күнде өлмейді жақсылар, жаман – күнде тумайды. Сөйледі деп бір шірік керегі не күрсініп. Жаман емес тіршілік, жаман емес тіршілік! ҚАЗАҚ ...Сақалды адам санасыздау жөткірді, тіл ұшынан сөзі үзілмей көп тұрды. Сен, қасірет! Тілін буған шешеннің, қырғыш еткен алмастайын өткірді.
Жұбандырар сөз жоқ па, әлде жан жоқ па – ұға алмайсың, біле алмайсың болжап та. Жігіт ұлы мерт болыпты осы үйдің – кебінді өлік – шымылдықта, оң жақта. Күйік қинап булығады әке өксіп; (күйік көрмей өссек біздер – қате өстік) қазан жақтан ана даусы шықты ащы: «сорлы бала, сорлы бол да жат өстіп!» Содан соң-ақ келді жұрттың сөзге әлі, жұбау сөздер бірте-бірте қоздады. Әр сөз бірақ саулы інген боп ыңырсып, жетім бота болып әр сөз боздады. Мақал мініп жатты ағылып ой легі, сөйледі-ай кеп шешен біткен, сөйледі. Жалтылдақ сөз мысал жегіп, мыс киді; сонсоң... «сабыр – сап-сары алтын» ғой деді.
Өлген жұртты «дүниеден озған» ғып, жылатуға жарап жатты сөз барлық. (Бауыры бүтін жұрттың аузы алғыр ғой – жүрек түгіл сүйегіңді қозғарлық). Таңырқаман таным тұтса нені елім, бірақ бұны таң боп айтқым келеді: Қазалы үйдің жеті қызы бар еді, ешкім бірақ балаң бар-ау демеді. Тасқандық па, тасырлық па бет тілген – ойлай-ойлай алысырақ кеттім мен. Жаугер халқым ат мініп, ақ қылышты кім ұстаса – соны балам деп білген. ҚАЙРАТ Ей, ер халық, сілкініп бір түрегел! Ұлы дүбір жаңғырықсын тау-тасқа, шабыт берсін жаңа-жаңа айқасқа. Қартайды ғой Гомер, Данте Пегасы, Паблоның қазан-аты, ойқаста!
Дүйім дүние бұрды саған жол басын, сіздің ұлдар – біздің бауыр болғасын, Жарқылдасын Чапаевтың қылышы, Махамбеттің аруағы қолдасын! Ескі ерлердің қайратымен сұрапыл туды күнің бұрқырап бір шығатын. Жұл бұғауды жүректінің қолынан, ашу-кектің арыстаны, тұр, атыл! Гүл үгіліп күл болуын тіледі ол, хунта басы құлауға әзір... кім еді ол?! Ол бір елес – Гитлердің үрейі, Муссолини моласына түнеген. Ей, ер халық жұлқынып шық, түрегел, найза сынсын өңменіңнен тіреген. Сынсын құлып, сыңғырасын бір өлең туған өлең қыл бұрау мен дүреден!
ҚАҒАЗ ТІРЛІК Жер хақында сыр күттік Айдан әлі; Тыныштық деп газеттер майдалады. Қағаз-бомба бұрқ етіп жүр жарылып, жүріп жатқан сықылды майдан әлі. Аңдата алса қаламның ізі нені, соған сайып күн кештік біз үнемі. Жұлқып жатқан ешкім жоқ жағамды ұстап, түймем бірақ тым жиі үзіледі. Ескі қару тәрізді бәрі, бәрі бірақ неге жаңаша жарылады? – Алып тұрған алқымнан ауыр қол жоқ, Неге, неге тынысың тарылады?! Уақыт кең дегенмен, мақсат мықты, шаппай жатып жүйрігім ақсап бітті. Жүрегіме бір шаншу қадалып жүр, бір сыздауық қалыңнан қақсап шықты.
Құрдастар әзіл ғой деп майдалады, құрбылар назым ғой деп аймалады. Қағаз-танкі жапырып балаусаңды жүріп жатыр, ал бірақ, майдан әлі. Жо, жоқ, мылтық жоқ қазір аңшыда да, Соймай іреп жіберсе – қан шыға ма. Күңкіл кеңес көбейді, ең зор қару сөзден өрген қағаз-сап қамшы ғана. Шағыну да кей кезде мақтан сын-ды, қағаз-тұзақ құрулы жатқан сын-ды, Қағаз қулық, қағаз дос, қағаз айла, «қағаз құдай» барлығын атқан сын-ды.
ӘКЕЛЕР МЕН АҒАЛАР Әр жыл сайын әлдеқайдан бір құпия жел есер, әр жыл сайын түн қойнында әлдекімдер кеңесер. Жиырма миллион! (нольдері көп демесең) қағазды да қайыстырмай жазылар сан емес ол. Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман, – сонау жылы қайтпай қалған майданнан әкелер мен ағалар. Жо-жоқ, қате! Қайтпай қалған жоқ олар: Тоғызыншы май сайын сол Ер халық күнбатыстан бұлт секілді торланып – қалың гуіл түнгі аспанға тарайды; ең биікке шығып ап қырық миллион көз-жұлдыз боп қарайды ұрпақтардың тірлігіне қызыға, содан кейін окобына-сызына Қайта құла-ған шақта солқылдайтын секілді Жер бір түрлі – жапырақтың көзіне жас іркілді...
Жиырма миллион ұлы Армия, ұлы рух көтеріліп қайтадан әр жыл сайын бір-ақ түнге тіріліп, орман болып түннің желі шайқаған түйіледі қырық миллион жұдырық тірі қалған жауларына. Түн тымық, түнгі самал алыс қырда тімтініп, іздеп жүріп «туысқандар моласын» оятады түгел бәрін. Сол асыл Ер жігіттер – әлемді алған атағы – сарт-сұрт етіп сапқа тұрып жатады. Содан кейін... «Отбой» алып бір тұстан жолдарымен қырқысқан, жиырма миллион көлеңке боп шұбалып,
курант ұрып, түн ортасы болғанда нені қорғап өлген болса, сол маңда табысады бәрі-бәрі. Сонсоң әлгі көп халық бара жатыр Бас алаңды бетке алып. Жиырма миллион Ерлік, Қайрат, Құдірет әр жыл сайын бір рет, партизаны арба жегіп кәрі атқа қатысады Жеңіс түнгі парадқа. Жиырма миллион үміт, тілек, қайғы, арман – сонау жылы қайтпай қалған майданнан әкелер мен ағалар. Жо-жоқ, мүлде қайтпай қалған жоқ олар: әр жыл сайын Тоғызыншы май түнгі салтанатқа қаруларын қайта ілді, қарауытып жауып өзен, жағаны түні бойы дүбір тасты жарады... ертесіне тірілердің парады. Ал, біздің үй... ерке қыз бен тентек ұл шат-күлкіге кенеледі иен-тегін. Ескішілдеу шешем – есті болса да, әкеміздің өлген күнін сол санап Тоғызыншы май сайын – Сары майға пісіреді шелпегін.
1978, 1982 ӘТТЕГЕН-АЙ Жыламсырап тұрып едің, тал-түсте мені тағы сендіріп ең нан тістеп. Күн астынан жел жүгірді бір ыстық – арамызға сөз жүгірді – ұрыстық. Иір-қиыр сөз қуып біз, сол маңда қайта ұғыстық, түн ортасы болғанда. Алыс шамдар ұғынысқан, ымдасқан жазып тұрған секілді еді бір дастан; бұталар да сыбыр-сыбыр сырласқан. Жер үстінің тірлігіне кір басқан тесіліп тек қарап еді түнгі аспан... Таң алдында қылыш құсап Ай туды. Серіліктен пері болдың айтулы – қағып өттің, тірлік еттің тым еркін, тағы кеттің сүйреттің де бірер түн. Содан бері ызадан бір ашынам, содан бері қызарам бір, басылам.
Қырқып неге алмадым мен желкеңді қайқы қылыш-айды алып қыр басынан?! 1978, 1982 МАШҚАР-АТА «Бет күймесін таңда машқар күніңде – дейтін қария, – бір тергеу бар түбінде». Белгісіз бір үрей туып үнінде, бұны айтқанда кететұғын дірілдеп. Сол қария – бетің сипа, күбірле – өліп кетті сүрінді де түбірге. Тамыр-тамыр қара ағаштың түбінде шымнан қиған зираты тұр бүгінде. Көп күліп ек, «Машқар-ата» деп күлдік – Содан қалды тілдегі сәл өткірлік. Күлкі отына талай көйлек кептірдік; ұмыт болды-ау, ұмыт болды көп тірлік.
Жалғыз сиыр сауылатын сол шалда, жалғыз еді сыйынары болса – ол да. Бір жөткіріп: «шүкір, – дейтін ол сонда, – Таңда машқар, кісі асына қол салма». Таңда машқар деп сөйлесе сол адам қорыққаны емес шығар моладан. О дүние – жоқ нәрсе ғой, жоқ, одан қауіптірек ой бар мені қамаған. Сөз дегенді ие берсең – иін көп, сөздің құны кетті, білем, тиын боп... Кейде осы мен өкінемін, өкінем: о дүниенің жоғы қандай қиын деп. МАҢДАЙЫН ОҚ ТЕСКЕН КАСКА ТУРАЛЫ ЖЫР «Көру керек, көру керек келгесін», – қарт күрсінді у-шу болып кеудесі. ауыр тыныс алдым білем мен де осы. Қадалатын сықылды ғой оқ түрлі, оқ ізіне қарап біреу көп тұрды. Тітіркендім,
шымыр етті маңдайым, біреу менің көк желкемнен жөткірді. Кім қалды екен жауған оқтың астында?! көзі болса батар еді тас мұңға! Кім киді екен мынау темір телпекті? Тағдыр оғы, ей, адамды басқа ұрма! Майдан десе ораласың сен еске: ер бейнесі, ал, елесте, елесте! ...Сол бір жылы Москваның түбінде менің әкем киген каска емес пе?! Қайықшының қолы неткен көк еді, көк каскамен қайық суын төгеді. Оқ ізінен су шүмектеп кетеді жанды үркітіп, шошындырып денені. Сөз ажалы таңдайынан деп еді, ер ажалы маңдайынан деп еді, «...ерлікпенен қаза тапты» деп еді – көз алдыма «қара қағаз» келеді.
Сүйір тілге кетті бір сөз орала: «мынауыңыз обал, дедім, обал, ә? – Соғыс өлді, ер тірі ғой, ер тірі, бас киіммен су төгуге бола ма!» – Мас қайықшы тіл қатуға ерінді, кіржің етті: не сыбады, не күлді?! Сонда маған қолындағы каска емес, бас сүйегі секілденіп көрінді. Аруақты қадыр тұтқан жұрт едік, аза салдық қара аспанды бүркеніп, «не боп кеттік», – деп күрсіндім салмақпен... айқай салдым – үнім шықпай қалды әттең! МЕДЕУ САЙЫ Кең-ау, шіркін, менің ата мекенім, маған, саған, оған да жер жетеді. Қуырылған жүгерідей аспанда ақ жұлдыздар ыршып-ыршып кетеді.
...Хақ қолына өтіп кетіп ішім-жем, қинап жүрді со бір түнгі түсімде ел. Сирень-бұзау мөңіреді аулақта, босағада қыңсылады күшік-жел. Саулы інген-шың бұлақ-сүтін лақтырып, ағызды-ай бір, қалды айнала қақ тұрып. Қыр астында құлын-көңіл кісінеп, әлдеқайда қасқыр-пиғыл жатты ұлып. Шақұр-шұқыр тас пен темір қырқысқан: вулкан атқан екен деймін бір тұстан. Уысымда бір жапырақ бұлт жатты, – тиген үлес екен деймін жыртыстан. Бұлақ таудан қашып шығып – құтылмақ, тастар үркіп, жел жүгірді қыпыңдап. Көктөбелер мүңкіп жүрді, беткейде арқан-жолдар жатты үзіліп бытырлап...
Кенет, көзімді ашып алдым. Жырдың-ақ есерлігі батты маған, бұрғылап қайдағыны шығарады: сай – тыныш, тек жылпылдап тасқа тайып жүр бұлақ. Айыққанда әсерімнен бастапқы өң мен түсті салыстырып бас қатты. Бәрі бейжай: тауды бұлтпен бастырып, төбелерді жолмен буып тастапты. Тасты көңіл көк бұлақтан көбік ап, тау баурында бүлінген түк жоғы ұнап. Ұлы бөгет ар жағында сел жатты тарқатылған буырыл шаштай қобырап. Есімде жоқ: әлде күндіз, әлде түн – қара ойлының біреу жарып алды өтін. Атып апты біреу қасқыр-пиғылды, күшік-желге ас құйыпты әлдекім. Әлдеқайдан тыныштық боп төгілді үн, жүрегім, тек, лүпіл қақтың – не білдің?
Алатауды айнала ұшып жүрді тек вертолеті мазасыздау көңілдің... МЫЛҚАУ Ың-ың етті. Екі қолы ербеңдеп, төсін түртті сұқ саусағы «мен», «мен» деп. Бұдан өңге түк ұқпадым мен де емге – қиналды әлгі; Қос жанары телмеңдеп тамып түсер тәрізденді. Ол әлі көп-көп сөзбен көңілін айтпақ болады. Иегін сәл алып бір сәт жоғары кеңірдегін кертіп тұрып соғады. Содан өзі үрей тапты. Сол адам қашып шыққан жанға ұсады моладан: Әңкүр-Нәңкүр қыл бұрау сап сабаған, не бір үйір сайтан қуып қамаған. Хат-қабат боп шөгіп кеткен тар маңдай жосыған тер, жаға-жеңі малмандай. Қиналды екен, шіркін, шыбын-жан қандай мың бір дүние мылқау болып қалғандай, –
шарпып өтті маңдайымды бір ыстық, Біз әлгіге қарамауға тырыстық. Татымайды-ау, дедім, тірі жүріс түк тілдің өзін бермесе алла дұрыс қып. Бір сәт, бәлкім, ұғысармыз деп біліп, қан-тамыр боп қос самайды тепті үміт. Жоқ, болмады. Бетті бір жел кептіріп, автобустың іші, кенет, кетті ұлып. Көңіл біткен құлазыды – не амал бар, амалсызда ақыл да жоқ – соны аңғар. Аянышты әсер береді екен ғой бірін-бірі ұға алмаған адамдар. Көзі жасып, сөнді сонда беті оның – мен жасыдым: жарып сөйлеу не теңім! Кещеліктің кесір халін сездім мен, түсінбеудің түсіндім не екенін.
Оу, ағайын, тіл жоқтықтан болмас та пиғылыңды жеткізе алмау жолдасқа. Әркім мылқау – тілін ешкім ұқпаса, сен бір басқа топшылайсың, ол – басқа. Батты маған осы ойлардың тізесі қатты, құдай, мылқаулықты түзеші. Ынта бар ма өзгені ұғар? Ал, кейде ұғындыра білеміз бе біз осы? Балай алман Сізге мылқау шалды мен, мағынасыз емес бірақ әңгімем. Алдымен біз қинамайық мылқауды, тілі барлар, ұғысайық, алдымен! МЫСЫҚ ТІЛЕК Дана қартқа со заманда баяғы біреу келіп күнде қолын жаяды: «келер күннің бір белгісі жоқ әлі», – айтшы, қашан топан-тасу болады?
Шөккен кәрі қайғы арқалап, шер теңдеп, алдайды екен күнде әлгіні «ертең!» деп. Жеткізбейтін қиял мініп тебінсең – ертең, ертең! Неткен алыс едің сен! Шыдамсыз жан қаусап, тозып бітті енді, белі – сұрақ белгі құсап бүктелді. «Қашан? – деді тағы бірде, – ал, қашан? бауыздаймын бүгін болжай алмасаң – Кәрі суайт, сұрап тұрмын соңғы рет!» Шынымен-ақ қазам осы болды деп қарт қиналды; төгіле алмай мөлдіреп сақалына бір тамшы жас қонды кеп: «Бар жақсы адам өліп бітсе, сол күні шаяр, – деді, – бәрін топан толқыны; жаһанда әзір бір-ақ жақсы адам бар, сол құрыса – жер де өмірін тәмәмдар».
«Ол кім екен?» Дүңк етті қарт: «ол – сен!» деп, «Ол – сен!» – деді, – сырт айналды кемсеңдеп. Әлгі жауыз өзі-өзіне кектеніп, сол сәтінде буынды да кетті өліп. Ескі әңгіме. Ескермесең – әрі жүр, әрі жүрші, қызыл иек кәрі жыр! Бір жақсылық жасады сол дана қарт, ал, жауызда обал болса – маған арт! КӨЗ ЖАСЫ О, сезімнің шым еткен нұр-шуағы балқытады, жуам десе – жуады... Шыдай тұршы, шыбыным сәл, көз жасы құлап кетсе күл-талқаны шығады. Туған көз жас қасірет боп іш тіреп, жүрегіңде у боп қайнап, пісті көп. Xрустальдің сыңғырындай мөлдір жас жарылса егер – «нейтроннан» күштірек.
Сақтаныңдар! Сағат туса ерге сын, адам ісін, аллам, өзің тергеші! Мынау алғыр әйелдердің ғасыры тек көз жастан қару жасай көрмесін! Бірақ маған мынау жанар тұр ұнап – (ұнағаны – құл болар ем бүгін-ақ). Ал қарындас аңқаусиды, кірпікке ең қуатты бомбаларды іліп ап. Жылау керек, (керек әрі боздамау), керегірек кірпігіңді қозғамау. Ажалға да ажар берер күлкі бар, көз жасы да жарасатын көз бар-ау. О, сезімнің шым еткен нұр-шуағы жуам десе – кегіңді де жуады... кірпік қақпай шыдай тұршы, көз жасы тамып кетсе күл-талқаны шығады.
Кірпік қанша қағылмайды?! Бір түнгі ой емес-ау бұл, сақтық айтсам – құлқым ғой... Сақтан! Бір күн мына дүние кірпігін қағып-қағып жіберуі мүмкін ғой... КӨГЕН Біз де бастан талай күнді өткердік, енді соны еске алуға жетті ерлік. Талай жерде бедел алып, бет бердік, әлденені түзеткіміз кеп бердік, әлдекімге тыз еткіміз кеп бердік, содан кейін... жыр ұшырдық кептер ғып. Сырығыңнан бұйым таппай тебендік күреңіттік; намыс, намыс деп өлдік. Содан басқа осы біздер не бердік, көкірек ұрып, көне жерді теберлік?! Жеті бояу, он саусақты өлең қып, соның бәрі мен боламын дегендік. Қоңыр қозы – жырыма арнап мен енді қара сөзді керіп жүрмін көген ғып.
КӘРІЛІК Күрсінді ата – кәріліктің қайғысы шығар дедім, күрсіне ме жай кісі? – Жоқ, – деді ол, – ішті жалап барады бір жүйріктің алынбаған бәйгісі. Күрсінді ата – түртеді екен не түлен, бұлар, – дедім, – қайғырғыш-ау шетінен. – Жоқ, – деді ол, – бұдан елу жыл бұрын бір досыма жалған айтып кетіп ем. Күрсінді ата – түртеді екен не түлен, бұлар, – дедім, – еріккен-ау шетінен. – Жоқ, – деді ол, – сұрағанда қиылып бір жеңгеме белбеу бермей кетіп ем. Күрсінді ата – қасіреті бойдақтың шығар, – дедім, – уақыт бар: ойнап, күл. – Жоқ, – деді қарт, – баяғыдан бос жүріп шөбереме құда түсіп қоймаппын.
ЖЕЛ Тіл секілді сүйрең қағып құм көшті, көшкен құмға ай менен жыл мінгесті. Желдің сумаң саусақтары бір түрлі сүртіп жатқан сықылды ескі жұртымды. Дүркіреп кеп көшті қаңбақ, жел есті; құмдағы ізім онсыз дағы көмескі – жел сол ізді жуып жатқан сықылды, топырақтан қуып жатқан сықылды. Жел алдында жерге басын ұрады ши шырқырап, мені қорғап тұр әлі. Жыңғыл жылап жасыл шашын жаяды, қыр бұлдырап мені аяйды баяғы. Ішін тартып есіріп жел тұр ұлып, көне құмды көсігімен суырып о да еңіреп жүргізеді әмірін. ...Тереңірек бірақ менің тамырым.
ЖЕТІМ ЛАҚ Ол – жетімек, Мен – жетімек, жетімек – екеуміз тым бауыр басып кетіп ек. Шама аралас жуындыға қанып ап еруші еді сылдыр-сылдыр маңырап. Екі құлақ – екеуі екі шекеңде – ал, секеңде, секеңдеші, секеңде! Титтей аузы таппайтұғын бір тыным – о, кішкене менің қара құлқыным! Аяу сөзін айтыппын-ау бекер көп – жетім лақ та ойнайды екен секеңдеп! Лақ – жетімек, мен – жетімек, жетімек – екеуміз тым ұғынысып кетіп ек. Жаутаң қағып жанарымен мөп-мөлдір, қараушы еді көрмегендей көптен бір. Кетті отығып әрнені бір түртіп-ақ, тұмсығынан жусан исі бұрқырап.
Маңырайтын кеп... жетім аты жойылды, жойылғаны – бір қонаққа сойылды. Мен есейдім. Талай ешкі ұстадық: жаз – төлдеттік, күзде – қырқып, қыс – бағып... Кеше сол лақ маңырап жүрді түсімде – ешкі-ғұмыр бара ма екен қысқарып?! ЖОЛ – Қайда тарттың, қара жол, алдау ма әлі бас қайғың? – Сүйе білген жүректі суынуға бастаймын. – Өртеп үміт, қайғы ішті, талас құрам десеңші, тағы да бір байғұсты адастырам десеңші! – Адал мақсұт мендегі, түсінігің неге ескі? Сенен өңге пендені адастырған емеспін. – Жөнел онда, қара жол, мен де сенен түңілгем. – Ескілікті жаңамен Жалғамақ ем бүгін мен. – Баста, ақ жол, ал бізді, көтерейік еңсені.
– Күйеу алған сол қызды, сүймейді әрі ол сені. – Досыңа апар онда әлгі, сырласайын бір түн мен. – Досыңа бақ қонған-ды, шошып жүрер күлкіңнен? – Шарапқа өзім сенбеймін, ал, әсері – әдемі. – Оның жөні келмейді. тағы кімің бар еді? – Қарауытып жолығар, құрсын қолды қысқаны – ақылы бар, жөні бар, бірақ ол бір дұшпаным. Мысқылы ащы, көңілді, тәңір соққан бір бет қып. – Жаңа таптың жөніңді, ал, бастадым, жүр, кеттік!
ЖЫЛ БАСЫ Таң ағарды. Шығыс жақтан қып-қызыл қызыл күннің бір құлағы шықты ұзын. – Жылды бұрын кім көре алса – сол бастар уақытты. – Ал, қараңдар, ал, достар! Хайуанаттар жар салды. Шу-айқайды таңғы әлсіз жел ыққа итеріп байқайды. Менен биік кімі бар, – деп, – тырс етпе! – түйе тұрды бойға сеніп бір шетте. Маймыл бәрін айналдырып қылжаққа, доңыз байғұс қорсыл қақты бір жақта. Ит өзінің ит екенін ұққанда, дүр сілкініп қызыл әтеш шықты алға. Хайуанаттар жиылды. Шу-айқайды таңғы самал ықтырып ап қайқайды. Мекіреніп қоңыр саулық көп тұрды, үркек қоян бір бұтадан кетті ырғып.
Хайуанаттар жиылып-ақ болған-ды. Ең соңынан жылан шықты дөңге әлгі. Маңай тынды, тынды бәрі, тым-тырыс. Ал, итеріс, ал, ұмтылыс, ұмтылыс! Кенет бірі: – Әне! – деді, – Жыл, әне! Тосын дауыс бір жаңғырып тынады. Шығып алған өркешіне түйенің тышқан екен – қылтияды құлағы. Тасыр емен тақырыпты жай таңдар, сезгенімді, түйгенімді айтам бар: болмайды екен тышқан деген сайтанда ар: ей, түйелер, тышқандардан байқаңдар! ЖҰМАҚ БАҒЫ Хақ-тағала қатты еріккен шағында жүреді екен жасыл жұмақ бағында. Езуіне «Беломорын» қыстырып, жын-шайтанын жинайды екен ысқырып.
«Қара дию сен ұш, – деді бір күні, – күзет анау пәнде деген жылқыны!» Дию ұшты; бірді азғырып, бірге ұрды – соғыс шықты. Әй, бүлдірді-ау, бүлдірді. «Ақ періштем, сен ұш, – деді бір күні, – түзет анау пәнде деген жылқыны!» Періште ұшты: бітті бәрі, тыйылды – соғысқандар салтанатқа жиылды. Сонсоң Алла... ол да ер-ақ кісі еді: диюлардың маңдайына үш елі қарғыс тігіп, қарқылдап бір ішеді. Ал, періште қанаттана түседі... Құдай болу неткен қиын іс еді! КОРВАЛАН Неруданың теңеулері сықылды тосын, өткір, жалынды, әрі ұтымды азамат ол, қамалды да түрмеге халқы алдында парызынан құтылды.
Бүгін әлем шулап жатыр бүтін бір, соңғы хабар түнгі ауаны түтіп жүр. Әділеттің айдарына үкі ілдір – дүниенің әділ соты, үкім қыл! Корваланға кешсең, Ана, сүтіңді өңге ешкімнен іздемейді ол бітімді. Күні өтсін деп Прометей сықылды, Чили-тағдыр, кесіп пе едің үкімді?! Сол торғайды, Чили, сені! Көпіріп өзеуресін өсекшілер өтірік... Отан қорғау – он есе ерлік, он есе, сол Отанның түрмесінде отырып. КРЫЛОВ ТАҚЫРЫБЫ Қара тал судыр қағып жапырағы қайың боп ойнағанда – қатырады. Ролін тау-қыранның байғыз ойнап, бұлбұлды есек сынап жатыр әлі.
Түк ұқпай қайсар Емен заман жайлы, Шілік әлі майысып амалдайды. Қорқытып қоңыр қанден пілдерге үріп, Қу түлкі арыстанды әлі алдайды. (Арыстан – құдірет қой бірақ әлі, кім қарсы азулыға тұра алады?! Табылды, білемін, тек бүгін ғана түлкіге алданбаудың бір амалы). Япыр-ау, көңіл қалай қамықпайды – Әтеш те әтештігін танытпайды. Осы екен шын өкініш, анық қайғы: Маймылдар айна сырын әлі ұқпайды. Бір күндер өтіп жатыр бірге ілесіп, Аққу мен қара қарға іргелесіп. Аңқаудың аузында әлі ірімшік тұр, аш қасқыр ала қоймен жүр кеңесіп.
Тоқтыққа әр құмырсқа жол ашты ұлы – Жоқ! Бүгін о кезгінің жоқ аштығы. Келеді әттең, әттең әлі қалмай қимыл мен пиғылдардың оғаштығы. Бұл, рас, көне мысал, тозған қайғы, аққу, шортан, шаянға сөз қалмайды. ...Жігіттер, ойлан бірақ, бүйте берсек біздің де көп жүгіміз қозғалмайды. КҮЗ-КӨҢІЛ Гулеп кетті жел тұрып маңай тағы, Кәрі қурай ызыңдап ән айтады. Мойын жүні үрпиіп жетім торғай аяныш-сезіміңді молайтады. Аспан тұнжыр, жел үні бір сембейді, кез келген бір қуысқа кірсең дейді. Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай ыққа айналып бұталар бүрсеңдейді.
Кірлеп кетті-ау мына маң, кірлеп кетті, жылғадағы лай су ірмек бопты. Кемпір-бұлттар үңіреңдеп ұршық созып, сұп-суық жаңбыр жібін дірдектетті. Ұлыма боти іздеп дүкенге еніп... су өтіп табандардан бүкеңдедік. Тұнжырап кетті маған қабақ біткен – аспаным бір айықпай бітем бе өліп?! Бір әйел біздің үйге жылап кірді, бір түйіншек қайғысын лақтырды. Бір сыншыны тартып ем шапалақпен, ол мені бір газетке сынаттырды. КҮЙ Қысырақ па үріккен, саяқ па әлгі – дүбір салды бір нөпір, таяп қалды... Бурыл-шұбар топанын сай ақтарды – дір-дір қақты тізелер, аяқ талды.
Мың балапан немесе талпынысып, жүз мың аққу жүргендей шалқып ұшып; Не қос ғашық сүйеніп бір ағашқа түк айта алмай тұрғандай алқынысып. Мың асау су немесе қарғып ақты, қарғып ақты, тау бұзды, жар құлатты. Перне басқан саусақ па, құдірет-ау, тұяғы ма әлде мың арғымақтың?! – Күн батқан шақ еді-ау ол, іңір алды, ың-жың болып бір дыбыс тұрып алды. Бір ақбөкен бөріден тірі қалды, бір жаралы жолбарыс ыңыранды. Сүгіретке айналды дыбыс, кенет, таудан аққан су сынды жіңішкелеп басталды да бір көрініс, бір іс демек... қорбаң қағып қос аю ұғысты ерек.
Көргеніңіз жөн, сірә, Сіз алыстан: әне, сайдан шықты өріп жүз арыстан, – тістер андап, көмейлер қызарысқан, жүз арыстан келеді ыза қысқан. Тегеурін бе ең, япыр-ау, тепкі ме едің, мен де күшім көрсетсем деп тіледім: «Ой, жалған-ай», деуге әзер жетті демім – Жүрек-қолқам қозғалып кетті менің. Сиқыр самал секілді күй дегенің – ағытылды омырау-түймелерім. Сүйікті боп кетті, лез сүймегенім. Сүй дегелі, бұралтып билегелі мен де аулаққа біреуді сүйреледім... 1978, 1982 КҮЙЕ Екі бала келді маған бір күні: От бүркеді біреуінің кірпігі, біреуінің жанарына жас тұнған, екеуі де асқынған. Бірі – шағым, екіншісі соқты дау:
– Мынау, – деді, – күйе жақты, – Жоқ, мынау... – Кірпігіңді келмей ме, дос, кептіргің құрдасыңның көз-отына? – деп күлдім. Біреуі айтты: – Ақтама, аға, ақтама, күйе жақты, міне, қара, қап-қара. Сонда аңғардым: біреуінің беті айғыз. – Мұны, – дедім, – ұят, ұят атаймыз. Сонсоң сүртіп әлгі күйе-бажақтың қақ жартысын ана балаға жақтым. Сонда екеуі мәз болысты. бәрі әйгі: Күйелілер – бөліскенді қалайды. Тазарған жоқ ешқайсының жүзі одан... содан өзім әлі күнге қызарам. КҮМӘН Сонда сен бір сөйлеп едің нан ұстап – мен жазылдым. Ол күн кетті алыстап. Наныңды ұстап Мысыр бардың, Шам бардың – саған емес, нанға сеніп мен қалдым.
Тайғанақтап, әй, кеттің-ау, әй, кеттің сәуле құсап қырындағы әйнектің. Сөйлейсің ғой, білем, қазір аптығып сол баяғы жұртты жаманатты ғып. Көзің – лай суындай боп өткелдің, білем, тағы сендіремін деп келдің. Хауа-ана бол, періште бол сен мейлің – нанды алдаған кісіге мен сенбеймін. КҮННІҢ БАТУЫ Бір қария төмендеп тоқсанды өтті, қан шықпайтын секілді соқсаң бетті: өңі құп-қу, қураған шашы да аппақ, бірақ ол да бір сәуле шашыратпақ. Әттең, семген құр сүйек, құр сүлдері, кейін кеткен аяғы – жүрсе ілгері. Ілініп жүр тарамыс таяққа әлгі, таяп қалды-ау көкжиек, таяп қалды.
– Ғұмыр берсе Тәңірі жүзін бұзып несі таңсық, кеткен соң қызу, қызық?! Тірлік берші, Табиғат, бейілді ана, бет қызылы біткенге дейін ғана... Саясаттан, құдайдан, діннен бөлек барып қалды батуға Күн дөңгелеп, Жалқын нұрын жаһанға құяды әлі – қызарады, несіне ұялады? Ұят па, әлде, қайғы ма, ыза ма әрі – қызарады Күн байғұс, қызарады. Бір өкініш еткендей өртенеді, – батуға әлде бұл Күнге ерте ме еді?! Өкінейін, қайғы артып, ыза алайын, өшерде де бір мықтап қызарайын. Мен де жанып батуды қатты аңсайым, әрбір күнім алаулап батқан сайын.
КҮРДЕЛІЛІК Абайласаң: ақымақтың бәрі епті, өзге жұрттан қылмыстылар әдепті. Ал, мынаның сөзі – құран, үні – иман: жылан да, әне, секілденді жымиған. Бір жаман ұл жанашыр боп тұр көпке, жақсы ойласа – жаманды да құрметте. Зұлымдық пен Ерлік – қалың том екен, Махамбет пен Ықылас жүр бір бетте. Уа, дірдекте! Ептілерді, ел күтіп, бақ, жан – жалаңаш, ал, қытықтат, қытықтат... Жомарт жігіт тырналайды қалтасын шыдам атты алтын пұлы бітіп қап! Шыншылдардан ұрылары әдепті, тау-қыраннан тарғыл мысық тәбетті. Бүйірімнен бір ызғардың табы өтті – жүрек байғұс салып жатыр әлекті...
МӘСЕЛЕ Ұғыспау ма уақыттың алдында? Жо-жоқ, достым! Басқа мазмұн бар мұнда. Бір еркелік етуден де қалдың ба – жел де еркелеп аунайды ғой шалғынға?! Пәк көңілмен тосқан сайын жыр төсін көп адамның пиғылынан үркесің. Күзетшідей күйіп кеткен күркесі неге сұп-сұр саған деген жұрт осы?!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру