TELEGEI

Home

Комплекс

Жүсіпбек Аймауытов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Комплекс

Философиялық танымымен Жүсіпбек Аймауытов өмір құбылыстарын өнер туындысына айналдырады. Кейіпкерлерінің жан дүниесін ашу үшін түрлі жағдаймен бетпе-бет кездестіреді. Шығармаларында адам мен табиғат арасындағы байланысқа, көркем суреттеулерге баса назар аударады. Адам бойында болуы керек деген сү...

ІІ. КОМПЛЕКС

ӨТКЕНДІ ЕСКЕ ТҮСІРУ

Өткен әңгімеде: программ деген жұмыстың үлгісі, жоспары, жұмысты бір жолға салу, саралау екенін, бұрынғы програмдар жұмысқа жанаспай, құрғақ білім, қысыр әңгімемен күн өткізгенін, төңкерістен мектеп түбірінен өзгеріп, «бірізді еңбек мектебі» туғанын; еңбек мектебінің мақсұты: тіршілікке керекті білімі бар, ұйымдасып жұмыс қылғандай, жаңа тұрмыс жасасқандай адам жасап шығару екенін; мектеп баланың денесін, ақылын, әлеумет сезімін тәрбиелеу керек екенін; жаңа программа еңбекті, жаратылысты, қоғамды ірге қылғанын; жаңа програмның мінезі – марксшылдық комплекс, жергілікті материал, баланын өзіне істету сияқтылар екенін, бұл программен оқытуға, мұғалімге білім, тәжірибе, кітап, құрал көп керек екенін, ГУС програмның қысқаша қалай жарыққа шыққанын; барлық материалды жылдың мезгіліне қарай жіктейтінін; Қазақстан білім орындары қазақ жағдайына қарай ол програмды өзгерткенін, өзгерткен програмда Қазақстанның барлық жеріне дәл келе бермейтінін, оның себептерін көрсеткенбіз, айтқанбыз, енді сол програмның іске асу жағына, оқыту жолына, дәл айтқанда, комплекс жүйесіне көшеміз.

КОМПЛЕКС ДЕГЕН НЕ?

Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқытуды комплекс деп атайды. Одан да дәлдеп айтқанда: Өмірде шын жолығатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын зерттеуді комплекс дейді. Комплекстің бірде-бір мәнісі – «түйдек», «жуымық», «топ» деген сөздерге тура келеді. Ненің түндегі, ненің жуымығы десеңіз, әралуан нәрселердің түйдегі, жуымығы болу керек. Мысал: Қазақта құдалық болғанда немесе атқа, балуанға бәйгі тіккенде, жол-жораға түсетін «тоғыз» деген нәрсе бар – «ат бастатқан тоғыз, жамбы бастатқан тоғыз, құндыз бастатқан тоғыз, қасқа тоғыз» беріпті деп келеді. Бір тоғызда тоғыз түрлі бұйым болады. Соның ең құндысы, қымбаты: ат не жамбы, не құндыз болғандықтан «бастатқан» деп атайды. Комплексті сол тоғызға салыстыруға болады. Комплекс ішіндегі бас тақырыпты, бас пікірді атқа, жамбыға, құндызға теңеуге болады. Бір тақырыпқа тоғыз түрлі нәрсе емес, одан да көп те, аз да нәрселер, құбылыстар тіркеуге мүмкін. Бұл тек мысал үшін айтылып отыр. Тағы мысал: комплекс тақырыбы үй ішінің күзгі жұмысы екен. Әлгі ат, жамбы, құндыз орнына жүретін нәрсе осы екен. Енді мұның шапшан-шоқпыт, орамал-шаршы сияқты бұйымдары не болады десеңіз, ол мыналар: әр баланың үйінде қанша жан барлығы, олардың жасы, жұмысы, күзгі шаруасы, шаруа саймандары, ол саймандардың қалай жасалуы, дамуы, еңбектің қайткенде өнімді болатыны, еңбек өнімді болуға күн райының, өсімдіктің, түрлі хайуаның, сайманның, адам күшінің есебі, күн райы, өсімдік өзгерістерінің себебі, еңбектің құнарсыз болуына ауыл (қоғам) арасындағы қолайсыз жағдайлардың (зорлық, қиянат) әсері, еңбектің жемісі, оның құны... деген сияқтылардың бәрі кіреді, зерттеледі, тексеріледі. Міне, бір тақырыптың маңына өмірдегі барлық құбылыстарды жинаған, түйдектеген деп осыны айтады. Әлде «құбылыс» деген сөз ұғымсыз болды ма? Ұғымсыз болса «құбылыс» – құбылу, яғни бір күйден екінші күйге түсу, дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын нәрсе жоқ. Мысал: «жел» – жаратылыстың бір құбылысы, жел жоқ, тымық боп тұрып, дереу жел көтеріледі, жел тұруға ауаның бір тұсы жылынып, бір тұсы сууы себеп болады, жылы ауа мен суық ауа бірінің орнын бірі алуға, араласуға тырысып, ауа қозғалады. Сол қозғалуды жел дейміз. Ауаның жылынуына не себеп болды? Күннің көзі, жердің қыртысы, судың жүзі себеп болды. Сол сияқты жаңбыр, қар, найзағай, от, электр, қыс түсу, жаз шығу, егін салу, құрт қайнату, май алу, шам жану... – бәрі де «құбылыс» боп саналады. Үйткені мұның бәрінде де нәрсе бір күйден екінші күйге ауысады.

КОМПЛЕКС ЖҮЙЕ МЕ, ӘДІС ПЕ?

Орыс білімпаздарының кейбірі комплекс – «әдіс», кейбірі – «жүйе» деп жүр (әдіс – метод, жүйе – система). «Әдіс» деп алу керек деушілердің дәлелі, комплекспен оқытқанда, құбылыстар бір-біріне байланысқан, пайда болған, дамыған, еңбек шаруаға негізделген түрінде түйдек зерттеледі. Ғылымда мәселені бұлайша зерттеуді «диалектілік әдіс» деп атайды. Бұл Гегельдік, Маркстің қолданған әдісі. Сондықтан «комплекс әдісі» деп атау керек дейді. «Жүйені» жақтаушылардың дәлелі: төңкерістен бұрын мектепте әр пән бөлек-бөлек оқылатын (ол әлі де қалған жоқ). Пәндерді біріне-бірін араластырмау, бөлек оқыту тәртібін «пән жүйесі» деп атайтын. Комплекспен оқытқанда, бөлек-бөлек оқылатын пәндер (жағрафия, жаратылыс, тарих, ана тілі, есеп, физика) болмайды, бәрі бірігіп, түйдектеліп отырады. Ендеше, комплекс «пән жүйесі» деген ұғымға төтеп бергендей, соның орнына жүргендей ағым екен. Сондықтан «пән жүйесі» деген сөзге қарсы қоюға, «комплекс жүйесі» деп атау керек дейді. Оған қосымша, «әдіс» дегенге қарсы тағы бір айтатыны: «әдіс» деген сөз көп жерде қолданылады, «әдістің» мәнісі уақ, тар, ана тілінің әдісі, есеп әдісі, еңбек әдісі, тәжірибе әдісі, серуен әдісі, зерттеу әдісі... деген сияқты толып жатқан әдістер бар. Комплекстің мәнісі бұл әдістің бәрінен кең, бәрінен терең. Әлгі айтылған «әдістер» комплекстің баласы тәрізді. Комплексті «әдіс» десек, балаларының атын әкесіне қойған сияқты боламыз. «Жүйе» деген кең мәнді сөз. Сондықтан да, жүйе деу керек деседі. Әр сөздің дәл мәнісін қазақ тексеріп, салт қылмаған, пән атауларының маңызын есептей білмеген шала-шарпы сауатты. Адамға мұндай бір сөзге бола таласу – әурешілік, даукестік сияқты көрінеді. Ғылым жолына түскен елге бұл — әурешілік емес, бір сөздің мәнісінен (тәпсірінен) көп нәрсе шешіледі. Ескі молдалар «Құран», «Мұқтасар» сөздерінің тәпсіріне таласып, қастасып, кейде пышақтасып қала жаздағанын еске алу керек. Молдалардың бұл дүниеге керексіз әурешілік болса да, араб сөзінің мәнісі қиындығы, арабтың мәдениетті жұрт болғандығы кітабынан байқалады. Бізге қайсысын алу керек: «әдісін бе», «жүйесін бе?». Еріншегіміз ұстап, енжарлансақ, «а, қойшы соңы» дейміз де, әдісін де, жүйесін де тастап, «комплекс», «комплекспен оқыту» деп жүре береміз. Ерінбесек, соңғы білімпаздардың ауқымын еске алсақ, «комплекс жүйесі» деп аламыз.

КОМПЛЕКС ЖҮЙЕСІНІҢ ПӘН ЖҮЙЕСІНЕН АРТЫҚТЫҒЫ

а) Пән жүйесімен оқытқанда, пәндер жеке-жеке өз жолымен жүретін, бірінің арбасына бірі соқтықпайтын, ең ұқсатқанда аз-маз жарыса үзеңгі қағыса оқылатын. Комплекс жүйесімен оқытқанда, пәндер бірігіп бір жолмен, бір арнамен ағып, айқасып, араласып оқылады. б) Пән жүйесінде мұғалімдер әрқайсысы өз пәнін оқытып, өзгеге бұрылмайтын, жазаласа, бірінің сабағына бірі қайшы келіп, бірінікін бірі өтірік қып отыратын, әсіресе, дін молдасы мен пән молдасы шартпа-шұрт түсе беретін. Комплекс жүйесінде мұғалімдер арасында ала ауыздық болмайды, дін молдасы мектептің қарасын көрмейді. Молда балаға икемденеді: баланың сұрауын қызық көргенін еске алып баланың өзіне тапқызады, істеуге тырысады. е) Пән жүйесінде өмірді, құбылысты қолма-қол зерттеу деген жоқ, барлық білім кітапта болатын, білімді тәжірибе арқылы баланың өз көзі жетіп таппайтын, мұғалімнің сөзіне сенетін, оқу заманнан аулақ қалатын. Комплексте бала өмірді, құбылысты өзі бақылайды, зерттейді, тәжірибе қылады, оқуды заманға тіреп, заманмен байланыстырып оқиды. ж) Пәндерді бөлшектен оқыту баланың жан жүйесіне қарсы. Бала нәрсені тұтас түрінде, іске пайдалы жағынан қарап, ұғып біледі, бөлшегін, тарауын, қимылын елемейді.

Комплекс тұтас, түйдек түрде ұқтырады, баланың жан жүйесіне тура. д) Пән жүйесінде сағат сайын пәндер алмасып, ауысып отыратын да, баланын ынтасын бірде-біріне тұрақтатпай, алаң қылатын, комплексте сабақ үздіксіз бірінен-бірі туып, біріне-бірі жалғасып отырады, бір сағатта бітпеген нәрсе екінші сағатта зерттеледі. Тыныс деген сабақтың арасын жіктеу үшін емес, дем алу үшін, бой көтеру үшін істеледі. Баланы бірден-бірге алаңдатпайды. е) Пән жүйесінде адамның тіршілігіне керекті, керексіз көп сөздермен, пікірлермен баланың басын тығындап, миқата қылатын. Комплексте керексіз көп материалдар шағындалады, сұрыпталады, тек еңбек пен жаратылысқа, қоғамға қатынасы бар, өмірге керектілері алынады.

КОМПЛЕКСТЕ КІНДІК ТАҚЫРЫП — ЕҢБЕК

Комплекс жүйесінде негізгі зерттелетін нәрсе, кіндік тақырып – еңбек. Еңбек болғанда сол өңірдегі елдің күн көретін еңбегі.

Еңбек қалай зерттеледі, оқылады десеңіз үш жағынан қаралып оқылады: 1) Оқудың бас қазығы еңбек болмақ. 2) Мектеп өмірінің, мектеп ұйымының бір басты бөлімі еңбек болмақ. 3) Өмірді зерттеуге басты әдістің бірі еңбек болмақ. Оның мәнісі: бір жағынан бала еңбекке өзі аралассын, көмектессін, екінші, еңбектеніп жүріп, еңбек арқылы білім алсын, үшінші, еңбектеніп өнімді болатын төте жолын үйренсін.

Мектептегі еңбек түрлеріне қойылатын шарт: 1) Еңбек тәрбие жөнінен маңызды болсын, яғни баланың денесі, ақылы жетілуге қолқабыс еткендей еңбек болсын. 2) Баланын жасына, күшіне лайықты, шамасы келерлік еңбек болсын. 3) Бала түсінгендей, баланың мүддесіне тура келетіндей еңбек болсын. Мұғалімнің қосқаны, бұйырғаны болмасын. 4) Іс жүзінде пайдалы еңбек болсын. 5) Көптесіп, бірлесіп істегендей еңбек болсын. 6) Баланы шаршатып, деміктірмейтін еңбек болсын. 7) Еңбектің мақсұтын, планын балалар өздері белгілеп, бірлесіп орындау жолын өздері реттеп, кім қандай жұмысты істейтінін, күштеріне қарай үлесіп алсын. Қай түрлі еңбекті істету керек: егін оруға, шөп шабуға, арық қазуға, ағаш егуге, отын жаруға, күл-шарбақ жинатуға, судың, ауанын өзгерісін зерттеуге, өсімдікті бақылауға, қар күреуге, терезе майлатуға, кітап түптетуге араластыра ма, мал күткізе ме, ауылнай исполкомның списогын жаздыра ма, шақыру қағазын таратқыза ма, үй ішін қағып-сілкуге, дененің тазалығымен алысуға, ыдыс-аяқты тазалауға қатыстыра ма, оның бәрін жер-жердің жағдайына қарай. Кезіндегі науқанға елдің қажетіне қарай. Балалардың қолынан келуіне қарай бөлу керек. Қалайда жоғарғы айтқан шарттарға тура келсін. Оның үстіне балалардың үйдегі, мектептегі күндегі еңбектері жабайы, қарапайым, өнімсіз, түйтінек екенін мұғалім қашан да ескертіп, тексеріп, кітап оқу, әңгімелесу арқылы балаларды еңбектің құнарлы түрімен, төте жолдарымен таныстырып, жабайы түрін өзгертуге баланың талабын қоздырып, қызықтырсын, құмар қылсын. Еңбекке аздап болса да балалар өздері қатынаспай тұрып еңбектің не екенін түсіне алмайды. «Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер» дегендей, неғұрлым еңбекке қолма-қол араластырып оқытса, соғұрлым оқу қонымды, жұғымды болғаны.

КОМПЛЕКС ТАҚЫРЫБЫ ҚАНДАЙ БОЛУ

1.Тақырып кездейсоқ болмасын, оның мәнісі: не болса соңы тақырын қып ала салма деген сөз. Комплекстің тақырыбын тоғыздың басына: атқа, жамбыға, құндызға салыстырып едік қой, тоғыз жасағанда. Кез келген бұйыммен бастата салмайды. Таңдайды, талғайды, іріктейді, сұрыптайды, «бас» болуға осынау олқы болмас деген нәрсені алады. Бұл сияқты тақырып програмның бас пікіріне – еңбекке сол бөлімдегі балалардың мүддесіне, жасына, мағлұматына қарай таңдату керек. 2. Тақырыптың бөлімдері (тараулары) біріне-бірі жалғасып, тіркесіп, тетелес кеп отырсын, шатасып, араласып, былығып кетпесін, құндызға тіркеу шапан, оған тіркеу комзол, оған тіркеу көйлектік шыт, оған тіркеу ыштандық 4 кез кіртон, оған тіркеу орамал... деген сияқты, бөлімдерінің арасында жақыннан алысқа қарай, аздан көпке қарай, бүтіннен қиқымға қарай, сырттан ішке қарай, үлкеннен кішіге қарай жағалайтын бір тәртіп болу керек. 3. Тақырып пұшықтың танауындай, тыныстар болмай, білімнің әр тарауынан мағлұмат бергендей, жан-жағы кең суат көлдей болу керек. Партаны», «шәкіртті» тақырып қып алсақ, оның суаты тар болады, одан білім таратуға келмей қалады, «лампы», «шылым», «от» , «самаурын», «күкірт», «жіп» сияқты уақ нәрсені тақырып қылсақ одан да сорақы боп шығады. Пұшықтың танауы нағыз солар болады. Тақырып қолма-қол мағлұмат беріп, баланың білімін іске оранын арттырғандай болу керек. «Комплекс», «пәнге» қарсы қойылған сөз болғандықтан, нәрсенің соқа басын ғана емес, өмірдегі нәрселердің түйдегін толық зерттеу керек. Бір, екінші кішкене тақырыптарға қайраңдап, оқудың көлемін тарылту баланын табиғатына да қиын соғады. Тұсаулы малдай, баланың қол-аяғы бір уыс боп, тыпырлап, тырбаңдап қалады. Мұғалімнің тынысы тарылатыны өз алдына. 4. Тақырып барлық баланы жұмысқа етпеттеп жұмылдырғандай, бәріне де қызық, бәріне де қызмет табылғандай болсын. Дайын мағлұматты мұғалім айтып беріп, балалар жадағай отырып, таңдағандай болмасын, мұғалімнің жәрдемімен өмір мәселесін бала өздігінен ойлап, ізденін шешкендей болсын. 5. Әрбір тақырып өзге тақырыптар қатарынан оғаш, шешек шыққан үйдей оңаша тұрмасын. Барлық тақырып көгеннің бұршағындай тізіліп, ол тізілісте белгілі тетелестік болсын. 6. Бір тақырыпқа керекті, керексіз көп деректерді шоқпыттап тығып, тақырыптың басынан асырып тұншықтырмасын. Басы тақырыптан, кіндік пікірден алыстап, қияға шығып кетпесін, артығының бәрі қырналып, алып тасталсын. 7. Тақырып таңдап алып, оны жұмыстағанда жаттығу есеп, тіл ұстарту, жазу, оқу, еңбек қылу, өнер жасауы деректері жеткендей толық болсын (барлық сабақ уақытының 40 проценті немесе тең жарымы жаттығу жұмыстарына арналғаны жөн).

ТАҚЫРЫП НЕШЕ КҮНДІК БОЛУ ЖӨН

«Пәлен күнге бір тақырып алынсын, одан артық та, кем де болмасын» деп кесіп-пішіп айту ағат. Үйткені барлық тақырыптарды бір қалыпқа соққандай қып жасау мүмкін де, дұрыс та емес. Кейбір кеңірек, көлемдірек, комплексті жұмыстарға уақытты молырақ салу керек. Кішірек тақырыпқа уақытты да шағындап алу керек болады. Әйтсе де осы кездегі тәжірибелерге қарағанда, комплекстің ең үлкені екі айлық, ең азы апталық болып басылып жүр. Кейбір орыс мектептері 3 айға (80 оқу күніне) лайықтап, 1-нші жылы мынадай тақырыптарды алады екен: 1. Баланың мектептен бұрынғы өмірі 2. Мектеп пен танысу 3. Балалардың саулығын сақтау 4. Октябрь төңкерісі 5. Қысқа дайындау 6. Баланын қысты күнгі төңірегі 7. Тоқсан (семестр) тиянағы – көрме.

Есептесек, екі аптаға бір тақырыптан келеді.

Кейбір мектептер оқу жылына барлығы 14 тақырып алып жүр. Оқу күндерін дәл жеті ай деп есептегенде, мұнда да екі жұмаға бір тақырып орнаған боп табылады. Кейбір мектептер 2 жылға 21 тақырып арнаған. Қандай-қандай десеңіз мынадай: 1) Күз, 2) Күзгі қала, 3) Қысқа дайындалу, 4) Мескөм, 5) Совет, 6) Адамның қысқы өмірі мен еңбегі, 7) Көктем, 8) Үй, қыр хайуандары, 9) Астық, 10) Ат (?), 11) Сиыр (?), 12) Жолбарыс, 13) Құстардың өмірі, 14) Орман, 15) Бау, 16) Қайың (?), 17) Қала (?), 18) Кішкене қала (?), 19) Қала – мәдениет ошағы, 20) Шойын жол – қала мен даланың еңбек қатынасы (?), 21) Төңкеріс мейрамдары. Бұл тақырыптардың ішінде тым уақтап кеткен, қолайсыздары бар, мәселен, сұрау белгілері қойылған: «ат», «сиыр», «жолбарыс», «қайың», «қала», «кішкентай қала», «шойын жол қала мен даланың еңбек қатынасы» деген тақырыптар әрі уақ, әрі тақырып шартына келмейді, әрі қайталама боп кеткен. Біздің «жаңа мектепте» бұзылған қазақ програмында бірінші жылға 8 комплекс (тақырып), екінші жылға 7 тақырып алынған.

І жылдық тақырыптар: 1. Мектеп, бала, үй іші (3 жұма). 2. Күзгі жаратылыс (3-4 жұма) 3. Мектеп және үй ішінің күзгі жұмысы (3-4 жұма). 4. Қыс түсуі (3-4 жұма). 5. Қысқы тұрмыс (4 жұма).

6.Қыс малдың тіршілігі (2-3 жұма) 8. Жазғытұрғы тұрмыс (?)

ІІ жылдық. тақырыптар: 1. Жазғы тұрмыс (2 жұма) 2. Ауылдың күзгі жұмыстары (4 жұма) 3. Қыс түсу (4-5 жұма) 4. Үй хайуандары (3 жұма) 5. Ауылдағы қысқы тұрмыс пен еңбек (4-5 жұма) 6. Жазғы тұрғы бет алу (3-4 жұма) 7. Ауылдың жазғытұрғы жұмыстары (4 жұма) Бұл тақырыптардың қолайлы, қолайсыздығын сөз қылмағанда, әуелгі төменгі сұрауларды шешуіміз керек. 1.Елде оқу қай айда тоқталып жүр? Көпшіліктің жауабы: Апрельдің 15-20-ында, азының қала маңындағылардың жауабы: майдың бірінде тоқталады. 2.Елде оқу қай айда басталып жүр? Көпшіліктің жауабы: Октябрьдің бірінен басталады. 3.Қыс ортасындағы – жаңа жылды, жазғытұрғы – марттағы мейрамдарды мейрам қыласыңдар ма? Оқытасыздар ма? Көпшілік: оқытамыз. 4.Октябрь мейрамын, Қазақстан Республикасы құрылған күнді, Ленин өлген күнді, Париж коммунасын, Наурызды, Айтты, жұмаларды есептемегенде барлығы неше күн оқу болады? – Есептесек, дәл алты ай оқу болады екен. 5.Комплексті қолданғандардың неше күнге бір тақырып алдыңдар? – Бір аптаға, екі аптаға бір тақырыптан. 6.Комплекс тақырыптары аз күнге арналғаны ма? Көп күнге арналғаны ма қолайлы? – Озса екі апталық, әйтпесе бір апталық болғаны қолайлы.

ТҮРКІСТАН ЖАҒЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРГЕ

ЛАЙЫҚТАЛҒАН ТАҚЫРЫПТАР

Түркістан жағындағы елдердің тұрмыс, кәсіп жағдайын еске алып, кеңесіп отырып жасаған тақырыптарымыз соңғы болды (бұл тақырыпшалардың жалғыз-жарымы болмаса, көбі білім ордасының програмындағы тақырыптардың тарауы есепті).

І жылға 1. Баланың мектептен бұрынғы өмірі (1 жұма). Октябрьдің 1-7 дейін. 2. Мектеппен таныстыру (1 жұма). Октябрьдің 7-15-не дейін. 3. Баланың саулығын сақтау (1 жұма). Октябрьдің 15-21-не дейін. ІІ. 4. Күзгі тұрмыс (2 жұма). Октябрьдің 21-нен 13 ноябрьге дейін. Октябрьдің мейрамы (3 күндік) тақырыпша осыған кіреді. 5. Қысқы там (1 жұма). Ноябрьдің 13-20.

ІІІ. 6. Қыс басы (2 жұма). Ноябрьдің 20-5 декабрь. 7. Соғым сою (1 жұма). Декабрьдің 5-12. 8. Қысқы жаратылыс (?) (1 жұма). Декабрьдің 12-18. 9. Суықтан сақтану (1 жұма). Декабрьдің 18-24. 10. Малдың күтімі (2 жұма). Декабрьдің 24-6 январь. 11. Қысқы үй тіршілігі (1 жұма). 6-13 январь. 12. Балалардың қысқы еңбегі, ермегі (1 жұма). 13-20 январь. Ленин азасы (3 күндік). 20-23 январь. 13. Қысқы аң, балық аулау (1 жұма). 23-30 январь. 14. Арық-тұрақ малды күту (2 жұма). 1-14 февраль. 15. Қыс аяғы (2 жұма). 14-20 февраль. 16. Егінге дайындалу (2 жұма). Марттың 1-14. 17. Жазғытұрғы тұрмыс (2 жұма). 14-28 март. 18. Мал балалау (1 жұма). 26 март - 5 апрель. 19. Көші-қон қамы (1 жұма). 5 -12 апрель. 20. Жазғы жаратылыс (2 жұма). 12 -26 апрель. Май мейрамы (4 күн). 26-30 апрель. Бұл тақырыпшалардың ішінде 3 апталық боп жасалған жалғыз-ақ «Күзгі тұрмыс». Оның ішінде де октябрь мейрамы кіргендіктен 2 жұмалық боп шығады. Өзгесі бір жұмалық, 2 жұмалық, қолайсызырақ боп алынған тақырып «Қыс басы» мен «Қысқы жаратылыс», екеуінде де қысқы жаратылыс жөнінен сөйленіп қайталама болуға, материал табылмауға мүмкін. Үйткені еңбек туралы өзге тақырыпшада көп сөйленеді. Іс жүзінде байқап, қолайсыз келсе, өзгертуге байластық. Бұлардың ішінде қайталама боп келген бір-екі тақырыпша бар. Оның бірі «Баланың саулығын сақтау» мен «Суықтан сақтану», енді бірі «Малдың күтімі» мен «Арық-тұрақ малды күту». Бастапқы туралы ескертетініміз, білім ордасының програмында «Денсаулық» туралы бөлек тақырып болмайтын, денсаулық жайын әр тақырып тұсында ескертіп, іс жүзінде істетіп отыру керек делінген. Сол қайталай берудің өмір жүзінде баланы мезі қылатын тәрізді бір, екінші, денсаулық жайын бөлек тақырып қып қаза бермеген соң, елеулі болмайтын, баланың есінде қалмайтын тәрізді. Балаларды күнде бақылап, құнттап отыру өзі басқа, оның үстіне саулық сақтауды айрықша тақырыпша қылсақ та, көп болмайды дестік. Сондықтан алғашқы кезде саулық сақтаудың жалпы шарттарын білдіруге, «Балалардың саулығын сақтау» деген тақырыпшаны алдық, қыс түскен соң, суықтан сақтанудың жан-жануарға, бала түгілі үлкендерге де керектігін, зиянын, сақтану жолын білдіруге «Суықтан сақтану» деген тақырыпшаны алдық. Малдың күтімін екі рет алған мәніміз: алғашқы тақырыпшада жалпы мағлұмат берігі, екінші тақырыпша кезінде жануардың қысаңдайтын жағында балаларды қолма-қол араластыру керек. Ол кезде одан үлкен науқан жоқ дегендіктен еді. Іс жүзінде қолайсыз табылса, оны да өзгерту керек. Мұнда кейбір ұсақ мейрамдар көрсетілмейді. Оны мұғалімдердің өз қарауына, тұрмыс жағдайына қалдырдық.

Енді ІІ жылға арналған тақырыпшаларға келейік.
ІІ ж ы л ғ а
І. 1. Жиын-терін (2 жұма). Октябрьдің 1-15.

2. Күзгі жаратылыс (1 жұма). Октябрьдің 15-21. 3. Қала мен ауылдың айырбасы (1 жұма). Октябрьдің 21-28. 4. Қора-қопсыны өңдеу (1 жұма). Октябрьдің 23-3 ноябрь. Күйек байлау (3 күндік). 5-7 ноябрь. ІІ. 5. Мәдени өсімдік (қоза, салы, кендір, майкене, дермене), жиын-теріні (2 жұма). Ноябрьдің 7-21. 6. Ауыл (2 жұма). Ноябрьдің 21-6 декабрь.

ІІІ. 7. Ауылдағы әлеумет ұйымдары (3 жұма). 6-26 декабрь. 8. Ауылдағы қол өнері мен кәсіп (2 жұма). Декабрьдің 26-10 январь. 9. Үй хайуандары (2 жұма). 10-24 январь.

ІV. 10. Малды жұттан сақтау (2 жұма). 24 январь -7 февраль. 11. Егін жабдығын қамдау (2 жұма). 7-21 февраль. V. 12. Егінге үкімет жәрдемі (1 жұма). 21-28 февраль. 13. Күннің жаратылысқа әсері (1 жұма). 1-7 март. Марттың 8, 12, 18, 22, 23 — мейрамдар. Бұл мейрамдар арасында егіске «көн», «топырақ төгу», (9-12), «көшет егу» (13-18) – тақырыпшалар. 14. Бау-бақша жұмысы (1 жұма). Марттың 23-31.

VІ. 15. Малдың түрлі аурулары (1 жұма). Апрельдің 1-7. 16. Арық шабу (1 жұма). Апрельдің 7-15. 17. Жылдық жұмыстың жиынтығы. Жаңа жазғы дайындық (2 жұма). Апрельдің 15-30. Күйек байлау», «Егіске көн-топырақ төгу», «Көшет (ағаш) егу сияқты 2-3 күндік тақырыпшаларды санамадық. Бұл тақырыпшаларды еңбек түрлерін: жиын-терін, егін салу, арық қазу, салық жинау, бау-бақша жұмысы сияқтыларды жергілікті мұғалімдердің көрсетуі, айтуы, ұйғаруы бойынша әрбір науқанның кезіне келтіріп алдық. Лайық келмегендер болса, мұғалімдер өздері ауыстырмақшы. Білім ордасының тақырыптары орны ауысып келгені оқа емес деп ойладық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙