TELEGEI

Home

Бүкіләлемдік-азаматтық тұрғыдағы жалпы тарих идеясы

Иммануил Кант

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бүкіләлемдік-азаматтық тұрғыдағы жалпы тарих идеясы

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары. "Мәдени мұра" Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: Құл - Мұхаммед Мұхтар, төраға Досжан Ардақ, төрағаның орынбасары Асқаров Әлібек, жауапты хатшы Қоғамдық кеңестің мүшелері: Абдрахманов Сауытбек Аяған Б...

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

БҮКІЛӘЛЕМДІК-АЗАМАТТЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ ЖАЛПЫ ТАРИХ ИДЕЯСЫ

И. КАНТ

(Аударған Б. Сатершинов) Ырықтың еркіндігі туралы метафизикалық тұрғыдан алғанда біз өзімізше қандай ұғым құрастырмасақ та, адамзат қылықтарының, ерік көрінісінің табиғаттағы барлық өзге құбылыстар сияқты, жаратылыстың жалпы заңдарымен анықталатынын қажетті түрде мойындауға тура келеді. Бұл көріністерді зерттеумен айналысатын тарих, олардың себептері қаншалықты тереңге тығылғанымен, егер ол адам ырқының еркіндік әрекетін бір жиынтықта қарастырар болса, онда ол оның заңды барысын аша алар еді деп ойлауға мүмкіндік береді; және де жекелеген адамдарда ережеге көнбейтіндей әрі шатасып кеткендей көрінетін нәрсені бүкіл адамзат тегіне қатысты оның бастапқы нышандарының, баяу болса да, өзгермейтін үдемелі, дамуы ретінде мойындауға болар еді. Мысалы, некеге, онан туындайтын туылу мен өлуге адамның ерікті ырқы үлкен ықпал еткенімен, соның негізінде оның санын алдын ала математикалық тұрғыда анықтауға болатындай қандай да бір ережеге бағынбайтын болып көрінеді. Дегенмен әлеуетті елдердегі неке туралы жыл сайынғы мәліметтердің көрсететініндей, жекелеген жағдайларда анықталмайтындығына қарамастан, жалпы алғанда астықтың өсіп шығуы, өзендердің ағысы сияқты өзге де табиғи құрылымдарды үздіксіз және бір деңгейде қолдап отыратын ауа-райының өзгермелі тербелістері сияқты, отасу да табиғаттың тұрақты заңдарына сәйкес жүзеге асады. Жекелеген адамдар немесе тіпті бүтіндей халықтар әрқайсысы өз пайымымен және көбіне өзгелерге зиянын тигізе отырып, өздерінің жеке мүдделерін қуған кезде, олар өздеріне байқалмайтын табиғаттың беймәлім мақсатының жетегінде кететінін ойлап бас қатырмайды және егер бұл мақсат оларға белгілі болғанның өзінде де қызықтыра қоймағанымен, бұл бәрібір оған жетуге ықпалын тигізеді. Адамдар өздерінің ұмтылыстарында жалпы алғанда жануарлар сияқты таза инстинктивті де, сол сияқты әлемнің зерделі азаматтары сияқты келісілген жоспар бойынша да әрекет етпейтіндіктен, оларда жоспарланған тарихтың (мысалы, айталық бал аралары мен суырлардағы сияқты) болуы мүмкін емес тәрізді. Ұлы әлемдік сахнадан олардың әрекет тәртібіне көз салған кезде кейбір күйзеліс сезімінен құтыла алмайсың. Сол сәтте кей жағдайлардан байқалатын барлық көрнекі данагөйлік барысында түбінде бар нәрсенің тұтастай алғанда ақымақтықтардан, балалық баққұмарлықтан, ал кейде қиратуға деген балалық өшпенділік пен құмарлықтан түзілгенін аңғарасың. Және ақырында өз күшіңе қаншалықты сенгеніңмен, біздің тегіміз туралы қандай ұғым құрарыңды білмей дал боласың. Мұндайда философ үшін тығырықтан шығар бір жол қалады: адамдарда және олардың қылықтарының жиынтығында қандай да бір саналы өзіндік мақсаттың болмайтындығын білгендіктен, адамзаттың іс-әрекетінің бұл мән-мағынасыз барысында табиғаттың мақсатын ашуға тырысу керек, соның негізінде жеке жоспарсыз әрекет ететіндердің табиғаттың белгілі бір жоспарына сай ықтимал тарихының болуы мүмкін болып шығар еді. — Мұндай тарихқа сілтейтін сүрлеуді таба алар ме екенбіз, көрейік, және сонда ғана тарихты жазуға қабілетті адамды өндіріп шығару мүмкіндігін табиғатқа бере аламыз. Ал табиғат болса, ғаламшарлардың эксцентрлі орбиталарын аяқ астынан белгілі бір заңдылыққа бағындырған Келлерді де, бұл заңдарды жалпы табиғи себептермен түсіндірген Ньютәнды да дүниеге келтірді емес пе.

Бірінші қағида Тірі жанның барлық табиғи нышандары жетілуге және мақсатқа орай дамуға бағытталған. Барлық жануарларды сырттай бақылау мен олардың анатомиясын зерттеу осыны дәлелдейді. Қолданысы жоқ орган, өз мақсатына жетпейтін құрылым табиғат туралы телеологиялық ілімдегі қайшылықты білдіреді. Шындығында, егер біз осы негіз құраушы қағидалардан бас тартсақ, онда біз заңды емес, мақсатсыз әрекет ететін табиғатқа ие боламыз; және, өкінішке орай, сілтеуші сүрлеу қызметін зерденің орнына кездейсоқтық атқаратын болады.

Екінші қағида Өз зердесін қолдануға бағытталған адамның табиғи нышандары (жер бетіндегі жалғыз зерделі мақұлық ретіндегі) толығымен индивидте емес, текте дамытылады. Тірі жанға берілген зерде — бұл барлық оның күш жұмсау мақсаттары мен ережелерін табиғи инстинкт шектерінен тысқарыға кеңейту қабілеті; оның мақсатты ойлау тараптарының шегі жоқ. Бірақ зерденің өзі инстинктивті әрекет етпейді, аңғарымпаздықтың бір сатысынан екіншісіне біртіндеп қозғалу үшін сынақты, жаттығу мен үйретуді қажет етеді. Міне осы себепті әрбір адам өзінің табиғи нышандарын анағұрлым толық пайдалануға үйренуі үшін мейлінше ұзақ өмір сүруі керек; немесе егер де табиғат оған өмір сүру үшін қысқа мерзімді ғана бекітсе (ал бұл шындығында солай), онда оған біздің тегіміздегі нышандарды ақырында оның мақсатына толық сәйкес келетіндей даму деңгейіне жеткізу үшін бір-біріне өз білімдерін сабақтастықпен жеткізіп отыратын ұрпақтардың шексіз қатары керек болуы мүмкін. Және де бұл жағдай, ең болмағанда, адамның ойында, оның ұмтылыстарының мақсаты болуы тиіс, онсыз табиғи нышандарды көбіне пайдасыз және мақсатсыз деп қарастыруымыз керек; ал бұл бүкіл практикалық принциптерді жоққа шығарар еді және барлық өзге ұстанымдарды қарастыру барысында даналығы ереже қызметін атқаратын табиғатты адаммен ғана ол ақымақтық ойынын ойнады деп кінәлауға мүмкіндік берер еді.

Үшінші қағида Табиғат адамның өзінің хайуандық өмірінің механикалық құрылымынан тысқарыда жасалынатынның барлығын өзінен туындатқанын және тек ол инстинкттен тәуелсіз, өзінің жеке зердесімен қалыптастырған бақытына немесе кемелдігіне ғана лайық болуын қалады. Табиғат артық ешнәрсе істемейді және өз мақсаттары үшін құралдарды қолдануда соншалықты ысырапшыл емес. Ол адамға зерде және оған негізделген ерікті ырық бергендіктен, осының өзі оған қабілеттер беруге деген оның ниетінің айқын куәлігін білдіреді. Ол оның инстинкттерді басшылыққа алуын немесе жаратылысынан білімдермен қамтамасыз етіліп, соған машықтанғанын қаламады, ол оның барлық нәрсені өзінен туындатқанын қалады. Қоректенудің, киім мен баспананың құралдарын іздестіру, сыртқы қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету (не үшін ол оған бұқаның мүйізін, арыстанның тырнағын және иттің азуын бермей, тек қана қол берді), өмірді тартымды ететін барлық қызық-думандар, тіпті оның аңғарымпаздығы мен ақылы, тіпті оның еркінің ізгілігі — осының бәрі тек оның қолынан шығуы тиіс. Табиғаттың езі, бұл жерде, осы ұлы үнемділіктің өзінен ләззат табатын сияқты, және ол адамдарға хайуандық қасиеттер беруде сараңдық танытып, адамның барынша тұрпайылығынан мейлінше шеберлігіне дейін, ойлау үрдісінің ішкі кемелдігіне дейін көтерілетіндей (бұл жер бетінде мүмкін болғандықтан) және осының арқасында бақытқа жететіндей, яғни ол тек өз еңбегінің жемісін ғана жеп және сол үшін тек өз-өзіне ғана борыштар болуы үшін олардың бастапқы өмірінің өзін жоғарғы қажеттілікке қарай қатаң бағыттады. Ол [адамның] сыртқы игілігіне емес, оның саналы өзіндік багамына көбірек үміт артқан сияқты. Бұл жолда адамды сансыз қиыншылықтар күтіп тұр емес пе. Алайда табиғат мүлде адамның жақсы өмір сүргенін емес, оның өзінің жүріс-тұрысының арқасында игілік пен өмірге лайықты болатындай жағдайға адамның өзінің жетуінің қамын ойлаған тәрізді. Бұл жағдайда келешек ұрпақтар үшін, дәлірек айтқанда, табиғаттың белгілеген ғимаратын неғұрлым жоғарырақ тұрғызуға арналған сатыны дайындау үшін, және оны тұрғызу үшін алдында дайындалған бақытты пайдалану мүмкіндігінен айрылған алдыңғы буынның ұзыннан ұзақ қатары еңбек еткен ғимаратта тек кейінгі ұрпақтар ғана түру бақытына ие болуы үшін аға буынның терлеп-тепшіп еңбектенетіні қашанда таң қалдырады. Бірақ мұндай тәртіп қандай құпия болмасын, ол керек, өйткені егер ақылға ие мақұлықтардың бәрі саналы жануарлардың табы ретінде өткінші екендігін, бірақ олардың тегі мәңгі екендігін түпкілікті мойындаса, өздерінің нышандарының толық дамуына қол жеткізуі тиіс.

Төртінші қағида Адамдардың барлық нышандарының дамуын іске асыру үшін табиғаттың қолданатын құралы — бұл олардың қоғамдағы антагонизмі (қайшылығы), өйткені ол ақыры аяғында олардың заңдылықты түрдегі тәртібінің себебіне айналады. Антагонизм дегенде мен бұл жерде адамдардың теріс пиғылды қарым - қатынасын, яғни олардың қоғамға үнемі ыдыратушылық қаупін төндіретін, жалпыға ортақ қарсылықпен байланыстағы қарым-қатынасқа деген бейімділігін айтып отырмын. Мұның нышандары адамның жаратылысында анық енгізілген. Адам өзіне ұқсастармен қарым-қатынасқа түсуге бейім, өйткені осы жағдайда ол өзін адам ретінде, яғни өзінің табиғи нышандарының дамуын көбірек сезінеді. Бірақ сондай-ақ оған оңайлануға (тұйықталуға) деген күшті ұмтылыс та тән, өйткені ол сонымен бір мезгілде өз бойынан тұйықтық қасиетін — тек өз ақылымен ғана пайымдау ниетін де табады және сондықтан барлық жерден қарсылық күтеді, себебі ол езінің өзгелерге қарсыласуға бейім екендігін ездігінен біледі. Дәл осы қарсылық адамның барлық күшін оятады, оны өзінің табиғи жалқаулығын жеңуге мәжбүрлейді, және баққұмарлығының, билік құмарлығының немесе өзімшілдігінің итермелеуімен ол қаншалықты төзе алмайтынына қарамастан, оларсыз тура алмайтын өз жақындарының арасынан өзіне орын табады. Дөрекіліктен мәдениетке алғашқы шынайы қадам басу осы жерден басталады, адамның қоғамдық құндылығы осымен сипатталады. Осы жерден барлық дарындар біртіндеп дамиды, талғам қалыптасады және ағартушылықтың табысқа жетуінің арқасында уақыт өте келе адамгершілік айырмашылықтардың дөрекі табиғи нышандарын белгілі бір практикалық ұстанымдарға айналдыруға және сонысымен қоғамда өмір сүруге деген патологиялық мәжбүр келісімді ақыры соңында моральдық тұтастыққа енгізуге қабілетті ойлау үрдісінің бекітілуіне арналған бастаулар қалыптасады. Өздерінің өзімшіл мүдделерінде міндетті түрде соқтығысуға болатын қарсылықтарды тудыратын осы оқшаулықтың өз-өзінен тартымсыз қасиеттерінсіз аркадиялық бақташылардың өмірі жағдайындағы, [яғни] толық бірауыздылық, байыптылық пен өзара сүйіспеншілік жағдайында барлық таланттар өзінің дәнегінде мәңгіте жасырын күйінде қалып қояр еді; өздерінің бағып жүрген қойлары сияқты өте көнбіс мұндай адамдардың өз өмірлерін үй жануарларының өмірінен абыройлырақ етуі екіталай болар еді; олар саналы жаратылыс ретіндегі оның мақсатына қатысты жасампаздықтың саңылауын толтыра алмас еді. Сондықтан да табиғат төзімсіздік үшін, қызғана бәсекелесетін даңқ құмарлық үшін, иелену мен үстемдік етуге деген тойымсыз құмарлық үшін шапағатқа бөлене берсін. Оларсыз адамзаттың барлық тамаша табиғи нышандары мәңгіге дамымаған күйінде қалар еді. Адам келісімді қалайды, бірақ табиғат оның тегі үшін ненің жағымды екенін жақсырақ біледі. Ол уайымсыз, көңілді өмір сүргісі келеді, ал табиғат қиыншылықтардан саналы түрде құтылудың амалдарын табу үшін осы қиыншылықтарды бастан еткізіп, оның тұла бойымен жұмысқа еніп кетуін, уайымсыздық пен мұңсыз ризашылық жағдайдан шыққанын қалайды. Осылайша, соншалықты зұлматтарды тудырумен қатар, адамды өз күшін жаңадан жұмылдыруға, және, табиғи нышандарын қарқынды дамытуға үздіксіз итермелейтін оқшаулық пен жаппай қарсыластықтың қайнар көздері, табиғи оятушы себептер данышпан жасампаздың тудырған құрылғысын тамаша аңғара алады; және бұл жерде жаратқанның жасаған керемет құрылғысына килігіп кететін немесе қызғаныштан оны бұзатын зұлым рух туралы сөз қозғаудың ешқандай мәні жоқ.

Бесінші қағида Табиғат оны шешуге мәжбүрлейтін адамзат тегінің ең улы мәселесі — жалпыға ортақ құқықтық азаматтық қоғамға қол жеткізу. Тек осындай, оның мүшелеріне ұлы еркіндік берілетін, демек толық антагонизм болатын және дегенмен өзгелердің еркіндігімен сиымдылығы үшін еркіндік ең дәл анықталатын және сақталатын дәл осындай қоғамда ғана табиғаттың жоғарғы мақсаты дегеніне жетеді: адамзаттың бойындағы барлық оның нышандарының дамуы іске асады; бұл жағдайда табиғат осы мақсаттың және оның маңдайына жазылған барлық басқа мақсаттардың да өз-өзінен жүзеге асқанын қалайды. Міне сондықтан онда сыртқы заңдардың бақылауындағы түпкілікті еркіндік игерілмейтін мәжбүрлікпен астасатын мұндай қоғам, яғни барынша әділетті азаматтық құрылым, табиғаттың адамзат тегіне арналған жоғары міндеті болуы керек, өйткені тек осы міндеттің шешілуі мен орындалуы арқылы ғана табиғат біздің тегімізге қатысты өзінің басқа міндеттеріне жете алады. Жалпы алғанда толық еркіндікке бейімделген бұл мәжбүрлеуші жағдайға енуге адамдарды зұлымдық итермелейді, және адамдардың өздерінің бір-біріне тигізетін қырсықтардың ішіндегі дәл осы ең ұлығы — бұл олардың бейімділіктері жүгенсіз еркіндіктің барысында олар бір-бірімен ұзақ бірге тұра алмайтындығы. Алайда азаматтық одақ сияқты осындай шектеулі кеңістікте бұл адамзаттық икемділіктер, әрқайсысы қасындағыдан ауа мен күн сәулесін тартып алу үшін осы игіліктерді анағүрлым жоғарыдан іздеуге бірін-бірі мәжбүрлегендіктен және соның арқасында әдемі әрі тік болып өсетін ормандағы ағаштар сияқты, кейінірек ең жақсы әрекеттерді өндіріп шығарады; ал бір-бірінен алшақ, еркіндікте өсетін ағаштар бұтақтарын қалай болса солай салып, тұрпайы, шірік әрі қисық болып өседі. Адамзатты безендіретін бүкіл мәдениет пен өнер, ең үздік қоғамдық құрылым - мұның бәрі қарым-қатынас оқшаулығының жемісі, ол өзіндік жаратылыстың әсерінен өзін-өзі тәртіпке келуге мәжбүрлейді және осы мәжбүрлеу өнерінің көмегімен табиғи нышандарын толығымен дамыта алады.

Алтыншы қағида Бұл мәселе ең қиыны және оны адамзат тегі ең соңынан шешеді. Бұл міндеттің идеясының өзі оның қиындығын төмендегіше айқын көрсетеді: адам өз тегінің өзге мүшелері ортасында өмір сүре отырып, билеушіге мұқтаж болатын жануар болып табылады. Мәселе оның өзінің жақындарына қатысты өз еркіндігін міндетті түрде асыра пайдаланатында болып отыр: ол саналы мақұлық ретінде барлығына арналған еркіндіктердің шекарасын анықтап беретін заңның болуын қалағанымен, оның өзімшіл хайуани бейімділігі керек жерінде өзі үшін артықшылықтар жасауға итермелейді. Демек, ол өзін әркім еркіндікті бірдей пайдалана алатын жалпы мойындалған ырыққа бағынуға мәжбүрлейтін және өзінің жеке ырқын ауыздықтайтын билеушіге мұқтаж болады. Мұндай билеушіні ол қайдан табады? Тек адамзат тегінен. Бірақ бұл билеуші де билеушіні қажет ететін жануар ғой. Сондықтан, мұндай жағдайда адам қалай жасамасын, жоғары билікті бір адамның немесе осы мақсатқа тандап алынған тұлғалардың қауымдастығының қолына бере ме, қалай ол оның өзі әділетті болатындай, көпшілікке әділ басқарушыны таңдайтынын ұғыну қиын. Өйткені билікке ие болған әркім де өзінің еркіндігін қашанда асыра пайдаланады, оның үстінен қарайтын ешкім болмаса, заңдарға сәйкес оны кім басқарар еді. Жоғарғы басқарушының өзі әділетті және сонымен бір мезгілде адам болуы тиіс. Міне сондықтан бұл барлық міндеттердің ішіндегі ең қиыны; оның үстіне мұны толығымен шешу мүмкін емес; адамның жасалып шыққан қисық қалыбынан түзу ешнәрсе шығару мүмкін емес. Тек бұл идеяға жақындап келуді ғана табиғат бізге бұйырыпты. Бұл мәселенің басқаларының бәрінен кейін шешілетінінің мынадай шарттары да бар: бұл үшін мүмкін болар [мемлекеттік] құрылымның табиғаты туралы дұрыс түсінік қажет, көптеген ғасырлар бойы жинақталған үлкен тәжірибе және оның үстіне, мұндай құрылымды қабылдауға дайын ізгі ырық қажет. Ал бұл үш элементтердің қосындысы — өте қиын шаруа, және егер ол орын алар болса, көптеген бос әурешіліктерден кейін ғана, өте кеш орындалады.

Жетінші қағида Кемелденген азаматтық құрылымды қалыптастыру мәселесі мемлекеттер арасындағы заңға бағынышты сыртқы қатынастардың бекітілуі мәселелеріне тәуелді болып келеді және ол осы соңғы мәселені шешпей іске аспайды. Заңдық тәртіптегі азаматтық құрылымға қол жеткізуден, яғни қоғамдық ағзаны (организмді) құрудан жекелеген адамдар не ұтады? Адамдарды бірігуге мәжбүрлейтін баяғы сол тұйықтық тағы да әрбір қоғамдық ағзаның сыртқы қатынастарда, яғни басқа мемлекеттерге мемлекет ретіндегі қатынасында толық еркіндікті пайдалануының себебі болып табылады. Демек, мемлекеттер де бір-бірінен жекелеген адамдардың өзара бірін-бірі ығыстырып, заңды тәртіптегі азаматтық жағдайға түсуге мәжбүрлейтіні сияқты әділетсіздіктер күтеді. Табиғат, осылайша, адамдардың арасындағы бітіспес ымырасыздықтан тыныштық пен қауіпсіздік жағдайын табу үшін, осы адамдардың, тіпті осы тектестердің үлкен қоғамының және мемлекеттік ағзасының күндестігін тағы да пайдаланды; басқа сөзбен айтқанда, ол соғыстар арқылы және оған деген дайындық бір сөтке де саябырламайтын шектен тыс шиеленісті талап ететін, осының салдарын әрбір мемлекет бейбіт заманның өзінде іштей сезінетін зұлматтар арқылы, бастапқыда жетілмеген шикі ұмтылыстарға итермелейді, бірақ ақыры соңында көптеген жойқын қиратындылардан және тіпті ішкі күштердің толығымен сарқылуынан кейін, ақыл-ойдың осындай қайғылы тәжірибесіз - ақ айтып бере алатынындай, дәлірек айтқанда, заңдардан мүлдем бейхабар жабайылық жағдайынан шығып, халықтардың одағына бірігуге, онда әрбір, тіпті ең кішкентай мемлекеттің өзі өзінің қауіпсіздігі мен құқықтарын өздерінің жеке күштерінен немесе жеке әділетті пікірінен емес, тек халықтардың осындай ұлы одағынан (foedus Amphіctyonura), біріктірілген күш-қуаттан, біріккен еріктің заңдарымен сәйкес шешімдерден күте алатындай жағдайға әкеледі. Бұл идея қаншалықты қияли болып көрінгенімен және оның жақтаушылары аббат Сен - Пьер мен Руссо қаншалықты сыналғанымен (мүмкін олар оның жақын арада іске асатындығына кәміл сенгендіктен болар), бұл, дегенмен, адамдардың бірін-бірі осы жағдайға әкелетін, тіпті жабайы адамның өзі осыған келуге мәжбүр болатын, дәлірек айтқанда, өзінің хайуани еркіндігін құрбандыққа шалып, заңдық тәртіптегі (мемлекеттік) құрылымнан тыныштық пен қауіпсіздік іздеуге мәжбүр болатыны секілді, мемлекетті сол шешімге келуге мәжбүр ететін (бұл қаншалықты қиындықтармен астасып жатса да) қиямет жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Бұл көзқарас тұрғысынан алғанда барлық соғыстар, мемлекеттер арасындағы жаңа қатынастар қалыптастырудың және қиратудың немесе ең болмағанда барлығын ыдыратудың арқасында жаңа бірлестіктер түзудің көптеген ұмтылыстарын білдіреді (шындығында, бұл адамның мақсаты ретінде емес, табиғаттың мақсаты ретінде), дегенмен бұлар тағы да не ішкі үйлесімділіктің болмауы себепті, не болмаса сыртқы қырқыстардың салдарынан сақтала алмайды және ақырында бір жағынан, азаматтық құрылымның ең жетілген ішкі жүйесінің арқасында, екінші жағынан, мемлекеттер арасындағы ортақ келісім мен халықаралық заңнаманың болуының арқасында азаматтық қоғамдар сияқты автомат ретінде дербес өмір сүретіндей жағдайға дейін жетпейінше, дәл жоғарыдағыдай жаңа төңкерістерді бастан өткізе береді. Біз қандай пікірді ұстанбасақ та, мысалы, біз мұнан әрекеттегі себептердің Эпикур бойынша тоғысуының нәтижесін күте аламыз ба, ол бойынша мемлекет материяның ең ұсақ бөлшектері сияқты, өздерінің кездейсоқ қақтығыстарынан барлық мүмкін болар түзілімдерді бастан кешіреді және олар ақырында осындай түзілімдердің бірі кездейсоқ қалыптасып, өзінің формасын ұстап қала алатындай жағдайға жеткенге дейін (жүзеге асуы екіталай бақытты жағдай) жаңа соқтығыстардың нәтижесінде қайта қирай береді; әлде біздің тегімізді хайуандықтың ең төменгі деңгейінен біртіндеп жоғары деңгейге — адамшылыққа әкеле отырып және, оның үстіне, жабайы болып көрінетін бей-берекет тәртіпсіздікте мейлінше заңды бастапқы нышандарды адамның мәжбүрлікпен болса да, өзінің өнері арқылы дамыта отырып, табиғат өзінің заңды тәртібімен жүріп отыр деп пайымдаған дұрыс не немесе біз адамдардың барлық осы әрекеттері мен қарсы әрекеттерінің нәтижесінен мүлдем, ең болмағанда саналы ештеңе шықпайды, бәрі сол бұрынғыдай қалып қояды және сондықтан да біздің тегімізге тән ымырасыздық ақыры соңында азапқа толы тозақ отын дайындап бермейтініне, өркениеттің қандай жоғары сатысында орналаспасақ та адамзаттың осы сатыны және мәдениеттің барлық қол жеткізген жетістіктерін жабайылық жойқындықпен жойып жібермейтініне кепілдік жоқ (соқыр кездейсоқтықтың үстемдігі тұсындағы мұндай тағдырға қарсы тұру мүмкін емес, шындығында, мұндай үстемдікті табиғаттың бағыт сілтеуші жолының даналығымен құпия байланысы бар деп есептемесек, ол іс жүзінде анархиялық еркіндікпен бірдей болып шығады!) деп мойындауға бейім болсақ та, — мәселе шамамен алғанда, мынаған келіп тіреледі: табиғаттың құрылымын бөлікке қатысында мақсатқа сай және бүтінінде мақсатты емес деп мойындаған ақылға қонымды ма? Сонымен, біздің тегіміздің барлық табиғи нышандарының дамуын тежеп ұстайтын, бірақ ақыры соңында оның келтірген зұлматтары арқылы оны сол жағдайдан шығуға мәжбүрлеп, барлық осы [табиғи] нышандар дами алатын азаматтық құрылымға енуге мәжбүрлейтін барлық мақсаттардан жұрдай болған жабайылық жағдайының жасайтынын түзіліп үлгірген мемлекеттердің жабайы еркіндігі де жасайды, дәлірек айтқанда жойқын соғыстардан туындайтын, онан да жоғары деңгейде үнемі соған дайын болу қажеттілігінен туындайтын жаппай қарулану үшін қоғамның барлық күштерін бір біріне қарсы пайдалану табиғи нышандарды тежегенімен, осыдан туындайтын күйзелістер көрші мемлекеттер арасындағы олардың еркіндігінен туындайтын өздігінше игілікті қақтығыстар үшін тепе-теңдік заңын табуға, және осы заңға күш беру үшін біріккен билік құруға, демек, жалпыхалықтық мемлекеттік қауіпсіздіктің бүкіләлемдік - азаматтық жағдайын құруға біздің тегімізді мәжбүрлейді. Бұл жағдай өзінің бойында кейбір қауіпті ұялатады: оған жетісімен, адамзаттың күш-жігері әлсіреуі мүмкін, бірақ оның бойыңда, сондай-ақ бірін бірі қиратуға мүмкіндік бермейтін олардың әрекеттері мен қарсы әрекеттерінің тендігі принципі де әрекет етеді. Осы соңғы қадамды жасағанға (дәл айтқанда мемлекеттердің одағын құрғанға) дейін, демек, бұл құрылымның табалдырығында адамзат табиғаты біздің сыртқы игілікті жағдайымыздың алдамшы көрінісі барысында анағұрлым ауыр күйзелістерді бастан кешіретін тәрізді. Және, жабайылық жағдайға басымдылық бере отырып, біздің тегіміз көтерілуі тиіс соңғы сатыны назардан тыс қалдырған Руссоның пікірімен келісу қиын. Өнер мен ғылымның арқасында біз мәдениеттің жоғарғы сатысына жеттік. Біз өзіміздің қарым-қатынасымыздағы сыпайылық пен барлық ескерімпаздығымыз мағынасында өте өркениеттіміз. Бірақ біз адамгершілік тұрғыда кемелденгенбіз деп есептелуімізге әлі де көп нәрсе жетіспейді. Шындығында, моральдылық идеясы мәдениетке жатады: алайда ар-абыройға деген сүйіспеншіліктегі адамгершілік тәріздестік пен сыртқы сыпайылыққа ғана құрылған бұл идеяны қолдану өркениетті ғана құрайды. Алайда мемлекет барлық өзінің күштерін өзімшіл және зорлық-зомбылықты жаугершілік мақсаттарға жұмсайтындықтан және сондықтан өз азаматтарының ақыл-ой үрдістерін іштей жетілдіру бойынша ақырындап жүргізетін жұмыстарын, бұл бағыттағы тіпті кез-келген әрекеттерден айыра отырып, оны үнемі қиындататындықтан, — мораль саласында қандай да бір ілгерілеушіліктерді күтуге болмайды. Өйткені бұл үшін өз азаматтарын тәрбиелеу мақсатында әрбір қоғамның ұзақ уақыт бойына іштей кемелденуі қажет. Ал моральдық тұрғыда ақыл-ойдың жағымды үрдісіне егілмеген барлық жақсылықтар тәрізділік пен алтынмен сырттай жылтыратылған адамгершілік мазмұннан жұрдайлықтан басқа ештеңе де емес. Біз көрсетіп берген жолмен мемлекеттер арасындағы қатынастардың бей -берекет ретсіз жағдайынан шықпайынша адамзат тегі осы жағдайда қала береді.

Сегізінші қағида Адамзат тегінің тарихын бүтіндей алғанда табиғаттың құпия жоспарының орындалуы ретінде қарастыруға болады — бұл осы мақсат үшін және ішкі іске асырылуы да адамзатқа егілген барлық нышандарды толығымен дамытуға мүмкіндік бере алатын жалғыз жағдай ретіндегі сырттай кемелденген мемлекеттік құрылыммен байланысты. Бұл қағида алдыңғысынан туындайды. Біз философияның да өз хилиазміне ие болатынын көріп отырмыз, бірақ оны жүргізу қаншалықты алшақ болғанымен, ықпал ете алатындай оның идеясының өзінің қолынан келеді және бұл мүлдем қияли да емес. Мәселе тек табиғат мақсатының осылай орындалуы туралы тәжірибе бірдеңе аша алады ма дегенге келіп тіреледі. Жауап берейін: шамалы [нәрсені ғана аша алады], өйткені бұл айналым өзінің аяқталуы үшін орасан уақытты талап ететіні сонша, адамзаттың бұл бағытта жүріп өткен оның аз ғана бөлігінен бүкіл жол туралы және бөліктердің бүтінге қатынасы туралы түсінікті өзімізге толық сенімділікпен қалыптастыра алмаймыз және мұны қозғалмайтын жұлдыздардың ұлы жүйесіндегі өзінің серіктерінің барлық шоғырымен қоса алғандағы біздің Күннің жасайтын қозғалысын анықтау үшін осы уақытқа дейін жүргізілген барлық астрономиялық бақылаулардың негізімен салыстыруға болады және ғаламдық кеңістіктің жүйелі құрылымының жалпы негіздері мен жүргізілген бақылаулардың мейлінше дәйектілігіне қарамастан, мұндай айналымның шынайылығын бекітуге бұл аздық етеді. Сонымен бірге адамзаттың жаратылысы сондай, егер біздің тегіміз сол заманда өмір сүре алады деп күте алатын болсақ, оның өте алыстағы дәуіріне де бей - жәй қарап қала алмаймыз. Әсіресе қазіргі жағдайда біз өзіміздің саналы құрылымымыздың көмегімен ұрпақтарымыз үшін аса қуанышты сәтті жақындата алатындай болып көрінгендіктен мұндай селқостық таныта алмаймыз. Сондықтан біз үшін оның жақындауының, тіпті әлсіз белгілерінің өзі барынша маңызды. Қазіргі уақытта мемлекеттердің арасындағы қатынастардың күрделілігі соншалықты, бірде бір мемлекет өзгелерімен салыстырғанда күші мен ықпалын жоғалта отырып, ішкі мәдениетін төмендете алмайды. Осылайша, табысқа жеттік демегеннің өзінде, ең болмағанда табиғаттың осы мақсатын сақтаудың мемлекеттердің әділет сүйгіш ұмтылыстарының өзімен толығымен қамтамасыз етіліп отыр. Мұнан әрі, ендігі жерде шаруашылықтың барлық салаларына, әсіресе саудаға зиян келтірмей, соның әсерімен сыртқы істердегі мемлекеттің күшін әлсірей, азаматтық еркіндікті соншалықты қомақты түрде бұза алмайсыз. Бұл еркіндік біртіндеп дамып келе жатыр. Өзгелердің еркіндігімен үйлестіре отырып, өзінің таңдаған тәсілімен өз игілігін құруға ұмтылған азаматқа кедергі келтірілсе, онда барлық өндірістің өмір қамы тоқтатылады және осынысымен тағы да тұтастықтың күші азайтылады. Міне сондықтан өз әрекетінде тұлғаны шектеу барған сайын кесімді түрде жойылуда, ал дінді ұстанудың жалпыға ортақ еркіндігі кеңейе түсуде. Осылайша біртіндеп, адамзат тегі адасушылық пен алдамшы сағымдарды игере отырып, олар өздерінің жеке пайдасын түсінгендіктен, өздерінің билеушілерінің үстемдікке деген өзімшіл ұмтылыстарының өзінен үзіп алатын ұлы игілік ретіндегі ағартушылықты қалыптастырады. Бірақ бұл ағартушылық, сонымен бірге міндетті түрде туындайтын, ағартылған адамның өзі толығымен игерген, қайырымдылыққа деген ішкі рухани мүдделілігі біртіндеп жоғары билеушілерге дейін жетіп, тіпті басқарудың принциптеріне де әсер етуі тиіс. Бүгінде, мысалы, біздің әлемдік билеушілердің барлығы алдын ала болашақ соғысқа шегеріліп қойылғандықтан жалпы игіліктерді құрастыруға және жалпыға бірдей тәрбиелеуші мекемелерге деген құрал -қаражаттары болмағанымен, бұл істегі өз халқының мардымсыз болса да, дербес күш-жігеріне кедергі келтірмеудің өзінен өздерінің жеке пайдасын көріп отыр. Және ақырында, соғыстың өзі біртіндеп тек жасанды ғана емес, өзінің барысымен екі жақ үшін де күдікті бола бастап қана қоймай, сонымен қатар, жауып тастаудың шегі көрінбейтін барған сайын өсіп бара жатқан қарыздардың ауыртпалығын (жаңадан табылған құбылыс) мемлекеттердің сезінетін қайғылы салдарларының әсерінен тәуекелмен астасып жататын шараға айналды және әрбір мемлекеттің мұндай күйзелісінің біздің өндірісіміздің арқасында дүниенің соншалықты тығыз бөлігінде өзге мемлекеттерге әсерін тигізетіні соншалықты, бұл мемлекеттер өздеріне төнген қауіптің қысымымен, бұған шындығында заңды негізі болмаса да, өздерін арашашы ретінде ұсынып отыр, және осылайша мұның үлгісін біздің ата-бабаларымыз көрсете алмаған, болашақтағы ұлы мемлекеттік бірлестікке біртіндеп дайындала түсуде. Қазіргі уақытта мұндай мемлекеттік бірлестіктің мейлінше дөрекі нобайы бар болғанымен, оның барлық болашақ мүшелері қазірдің өзінде өздерінің әрқайсысының мүдделері үшін тұтастықты сақтау қажеттілігін санаға сіңіріп алған тәрізді. Және бұл бізді бірнеше өзгертуші төңкерістерден соң, табиғаттың өзі белгілеген жоғары мақсатқа, дәлірек айтқанда, адамзат тегінің барлық бастапқы нышандары құйылатын арна ретіндегі жалпыға ортақ бүкіләлемдік - азаматтық жағдайға жетелейді деген үмітті ұялатады.

Тоғызыншы қағида Философтардың адамзат тегін жеткілікті түрде азаматтық біріктіруге бағытталған табиғаттың жоспарына сәйкес бүкіләлемдік тарихты жасауға ұмтылысы табиғаттың осы мақсатының мүмкін болар және тіпті ықпал етуші нәрсесі деп қарастырылуы тиіс. Дегенмен, егер ол кейбір саналы мақсаттарға сай жүзеге асатындай болса, заттардың кәдуілгі барысы қандай болуы керек деген идеядан шыға отырып, тарихты жазар болсақ, онда ол оғаш әрі олақ пиғыл болып көрінер еді; мұндай мақсатпен тек роман ғана шығаруға болатын сияқты. Ал егер де біз адам еркіндігінің көріністерінің өзінде де табиғат жоспарсыз және соңғы мақсатсыз әрекет етпейді деп ұйғара алсақ, онда бұл идея мейлінше пайдалы болар еді; және де біз қазір тіпті мұрнымыздың астындағыны да көре алмайтындай болғандығымыздан, оның құрылымының құпия механизміне көзбен терең бойлай алмаймыз, бірақ осы идеяны басшылыққа ала отырып, адамзат қылықтарының ретсіз агрегатын, ең болмағанда, жүйе түрінде көрсете алар едік. Шын мәнінде, егер соның арқасында кез - келген, анағұрлым көне әрі сол заманға сай немесе тым болмағанда куәландырылған грек тарихынан бастар болсақ; грек мемлекетін жұтып қойған Рим империясының құрылуы мен ыдырауына гректердің тигізген ықпалын, және өз кезегінде Рим империясын құлатқан варварларға римдіктердің ықпалын, және осылайша біздің заманымызға дейін саралайтын болсақ, ал өзге халықтардың мемлекеттік тарихын, олар туралы мәліметтер дәл осы ағартылған халықтар арқылы бізге біртіндеп жеткендіктен, оны эпизод ретінде қоса жинақтасақ, онда дүниенің біз жақ бөлігінде (ол уақыт өте келе барлық, өзгелер үшін еліктеудің үлгісіне айналуы әбден мүмкін) мемлекеттік құрылымды жетілдірудің заңды түрдегі барысы ашылады. Онан ары егер тек барлық жерден азаматтық құрылымға, оның заңдары мен сыртқы саяси қатынастарына назар аударсақ, бұл [сыртқы қатынастардың] бойыңдағы жақсы нәрселердің, арқасында ұзақ уақыттар бойы халықтардың өркендеуі мен өсуіне (және сонымен бірге ғылымдар мен өнерлердің де) ықпал етіп қана қоймай, сонымен бірге оларға тән жаман қылықтар осы халықтарды құлдырауға әкелгенімен, онда қашанда қалып отырған ағартушылықтың дәнегі әрбір төңкерістен кейін онан ары дами отырып, кемелденудің анағұрлым жоғары сатысын дайындады деп қарастырар болсақ, онда, менің ойымша, адамзат істерінің соншалықты шиеленіскен түйінін түсіндіріп бере алатындай немесе болашақ мемлекеттік өзгерістерді саяси болжау өнерін түсіндіре алатындай ғана емес (жүгенсіз еркіндіктің байланыссыз әрекеті ретінде қарастырғандағы адамзаттың тарихынан кезінде алынып қойылған пайда), сонымен қатар болашаққа арналған көңіл жұбатарлық келешектерді ашатындай бағыт сілтеуші жол табылады: таяу аралықта емес, бірақ әйтеуір бір адамзат тегі өзінің бүкіл табиғи нышандарын толығымен дамытатындай және оның жер бетіндегі мақсаты орындалатындай жағдайға ақыры бір жетеді. Табиғатты осылайша ақтау немесе болжау — әлемге деген ерекше көзқарасты оятатын таңдаудың итермелеуші себебі. Шындығында, бүкіл жаратылыстың мақсатын құрайтын және осы ұлы аренада асқақ данышпандық айқын көрініп, адамзат тегінің тарихы бұған қарсы тұрақты түрде паразы болуы тиіс кезде, ақылдан айрылған табиғат патшалығындағы жаратылыстың көркемдігі мен даналығын мадақтаудан не пайда бар. Оның көрінісі бізді одан ренішті асырмай теріс бұрылуымызға мәжбүрлейді, және біз бұл жерден саналы мақсатты таба алуымыз қашанда күмәнді болғандықтан, бұл бізді оған тек ана дүниеде тана үміттене аламыз деген ойға әкеліп тірейді. Бірқатар априорлы жол сілтеуші бағытқа ие әлемдік тарихтың бұл идеясы арқылы мен, сөздің тура мағынасында, тарихтың таза эмпирикалық бөлігін жасауды алмастыруға тырыстым деп ұйғару менің ниетімді дұрыс түсіндіре алмас еді. Бұл өзге көзқарас тұғырында тұрып, философиялық ақылдың (ал ол дегенмен тарихта мейлінше білікті болуы тиіс) не істей алатындығы туралы ойды ғана білдіреді. Оның үстіне, қазіргі заманғы тарихты жазудағы бүгінгі біздің мақтанарлық тәптіштеушіліктігіміз қанша дегенмен, бірнеше ғасырдан кейін біздің кейінгі ұрпақтарымыз біз қалдырған орасан зор тарихи материалды қалай игереді деген ойға әркімді де жетелеуі тиіс. Әрине, көне дәуірдің тарихы арасынан олардың жадындағы әбден өшіріліп кеткен мәліметтерден олар өздері үшін тікелей қызығушылық тудыратын нәрселерді ғана, дәлірек айтқанда, бүкіләлемдік -азаматтық тұрғыда халықтар мен өкіметтер нені бүлдіріп, неге қол жеткізгендерін ғана бағалай алады. Бұған көңіл аудару мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекет басындағылар мен олардың бағыныштыларының әділет сүйгіштігін олар туралы жақсы ат қалдыруға қабілетті осы жалғыз құралға қарай бағыштау, мүмкін, оның үстіне, осындай философиялық тарих қалыптастыру ұмтылысына азғантай болса да дүмпу болатын қызмет атқаруы да ықтимал.

И. Кант. Идея всеобщей истории во всемирном- гражданском плане.
И. Кант. Сочинения в шести томах, т. 6, М. 1966,
с. 7-23.
Түсініктеме

Бүкіләлемдік азаматтық тұрғыдағы жалпы
тарих идеясы

1. Өзінің осы шағын шығармасының атауына қатысты Кант төмендегідей түсіндірмені қосқан болатын: "Gothaіsche Gel [enter] Zeіt[ungen] , 1784, . Stuk, . Februar, S. жиырмасыншы нөмірінде жарияланған жолаушылап жүрген бір ғалыммен болған менің әңгімемнен алынған қысқаша хабарламаның бір жері мені түсіндірме беруді мәжбүрлейді, өйткені онсыз бұл жер түсініксіз болып қалады". Канттың айтып отырған аталмыш Гота газеттегі түсініксіз жер мынау: "профессор мырза Канттың сүйікті идеясы, бұл адамзат тегінің түпкі мақсаты — мейлінше жетілген мемлекеттік құрылымға қол жеткізумен сипатталады және ол қандайда бір философиялық ой-толғамы бар тарихшының адамзат тарихын осы тұрғыда құрастыруды, адамзаттың әртүрлі кезеңдерде осы түпкі мақсатқа қаншалықты жақындағанын немесе алшақтағанын көрсетуді және оған жету үшін не істеу керектігін жазуды қолға алғанын қалайды". 2. Аббат де Сен-Пьер — 1658 — 1743 жылдары өмір сүрген француз дінтанушысы. Кант бұл жерде заманында кеінен танымал болған оның "Projet pour rendre la paіx perpetuelle en Europe". Utrecht, 1713 ("Мәңгі бейбітшілік жобасы". Утрехт, 1713) шығармасын айтып отыр. Онда ол халықтар арасында мәңгі бейбітшіліктің орнығу мүмкіндігін дәлелдейді. 1760 жылы Жан-Жак Руссо "Мәңгі бейбітшілік жобасынан үзінділерін" (" Extraіt du Projet pour rendre la paіx perpetuelle de M. Abble de Saіnt- Pіerre") жариялады. Бұл "Үзінділердің" орысша аудармасын "Трактаты о вечном мире". М.,1963. жинағынан табуға болады. 3. Эпикурдың ілімі бойынша, араларын бос кеңістік бөліп тұрған әлемнің ең ұсақ бөлшектері — атомдар шексіз кездейсоқ қақтығыстардың, түзілімдер мен қиындылардың нәтижесінде, ақыры соңында қандай да бір заттың пайда болуына әкеледі. Кант мемлекеттер арасындағы идеалды қатынастардың орнауы кездейсоқтықтың, ықпалымен, көбіне билеушілердің ізгі еркінің немесе зерделілігінің нәтижесінде болады деген пікірді ұстанушыларды келемеждейді. 4. Алғашқы қауымдық адамдардың ("тағылардың" немесе "жабайылардың") артықшылықтары немесе "жабайылық жағдайы" туралы Ж.-Ж. Руссо негізінен өзінің мынадай шығармаларында жазған: "Dіscours sur L orіgіne et les fondements de 1 іneralіte parmі les hommes", Amsterdam, Rey, 1755; "Du contral socіal ou prіnsіpes du droіt polіtіque...". Amsterdam, Rey, 1762. Орысша аудармаларын қараңыз: Жан-Жак Руссо. О причинах неравенства между людьми. СПб., 1907; Жан-Жак Руссо. Об общественном договоре, или Принципы политического права. М.,1938. 5. Хилиазм (ежелгі грек тілінен аударғанда "chіlіas" — мың) — христиан діні мен дінтануында Христтың "екінші келуінен" кейін діндарлардың мыңжылдық үстемдігі туралы ілім. 6. Фукидид (б.з.д. 460-400 жылдар шамасы) — Батыста прагматикалық тарихнама деп аталатын саланың негізін қалаушы саналатын ірі ежелгі грек тарихшысы. "Пелопоннес соғысының тарихы" (б.з.д. 432-401 жылдар аралығында демократиялық Афины мен олигархиялық Спартаның арасындағы соғыстар) еңбегінің авторы. Аталмыш соғыс оқиғаларының белгілі бір байланыстары мен әлеуметтік себептерін ашуға тырысқан алғашқы тарихшылардың, бірі. Тарихқа деген өз көзқарасын ол өз шығармасының бірінші бетінде баяндайды (қараңыз: Фукидид. История, т. 1. М.,1915). Дэвид Юм осыны меңзеп отыр (Davіd Hume. Essays Moral, Polіtіcal and Lіterary, Volume І, Essay XІ. Greene and Grose. London, 1898, ІІІ, 414).

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙