TELEGEI

Home

Өткен күндер

Сәкен Сейфуллин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өткен күндер

Сәкен Сейфуллиннің ерте кезеңдегі лирикалық, азаматтық өлеңдері мен қазақ даласының өмірін бейнелейтін шығармалары.

ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ

2-КІТАП

ТУҒАН ЖЕРІМ – ӨЗ EЛІM

(Шетте жүргенде)
Қайғы ойлаттың естен кетпей туған жер,

Қаны қашты, әм сарғайды ет пен тер.

Сені ойласам ішім күйер қапа боп,

Жүрегімде түйіншектей қайғы шер.

Ұйықтасам да еш шықпайсың түсімнен,

Тұрсам-дағы сен кетпейсің есімнен.

Көзден таса қылсам деген жоқ едім,

Шыға алмадым азалдағы кесімнен.

Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім,

Тек құрбыммен қағысып, ойнап жүргенім.

Жап-жалаңаш жайдақ атпен жүздіріп,

Бәсеке қып, жұмыртқа алған ну көлім.

Өткелдерге ауыл қонған мезгілдер,

Бәйшешектер құлпырынған мезгілдер.

Майысып бір көк талдардың басында,

Құстар сайрап, көңіл бұрған мезгілдер.

Сені ойлап күні-түні туған жер,

Қаны қашты һәм сарғайды ет пен тер.

Бие байлап, қымыз ішіп қызған соң

Азаматтар мәжіліс құрған мезгілдер.

Өзен өрлеп, суға қармақ салғаным.

Құрбылармен таласып балық алғаным.

Сөйткен жерге хохол келіп орнады

Арманда боп, жылай-жылай қалғаным. 1914жыл.

(1914)

ШЫҒАРУШЫ ТАРАПЫНАН БІР-ЕКІ СӨЗ

Бұл жазылған өлеңдердің ішінде тосын оқыған кісіге бір сөз артық я кем сияқты көрінеді; ол қазақ әдебиетіне өте ашына болмағандықтан боп табылады, өйткені әр елде әртүрлі өлең, әртүрлі күй болады. Сол реттегі бірі біздің Ақмола маңайындағы елдің өлең, күйімен жазылды. Сол тақырыпты оқушы мырзалардан ондай жерін айыпқа алмауын өтінем.

С. С.

БАСТЫРУШЫЛАРЫНАН:1

Әдебиет деген сөз тілге қанша жеңіл болса, оның тууы, өсуі һәм өнуі сонша қиын, қай білімді халықты алсаңыз да, бәрінің әдебиеті жүре-жүре түзелген, жалғыз-ақ парқы (айырмасы) сол, қайсы біреулерінде шапшаңырақ түзелген, қайсы біреулерінде — шабанырақ. Ол себеп, әрине, әдебиеттер емес, халықтың өзінен: халық арасында әдебиет қолдаған неғұрлым көп болса, соғұрлым әдебиет атағын шапшаңырақ баспақ, қолдамақ (көтермек). Екі түрлі—жазу һәм бастыру— бұл екеуі бір жерден табыла бермейді. Жазушысы болса да жарнасы болмай, жазылған кітаптар отқа да жағылатын уақыттары болады. Жалғыз онымен тұрмай жазушы екпіні қайтып, өнері өліп қала береді. Міне, осындай істі есімізге алып, біз — қазақ жастары жолдасымыз С. С. мырзаның бұл кітабын бастырып отырмыз. Мақсатымыз оны сатып баю емес, осындай талапкерлердің өнері жерде қалмауы үшін, өсуі үшін һәм қазақ әдебиетінің ұлғаюы үшін; бірақ бұл кітаппен ұлғаяды деген сөз деп түсіну жарамайды: «көп түкірсе көл», «тесік моншақ жерде қалмас» дегенді алдыңызға ұсынамыз. Қазақ жастары.

НҰРА

Сағынып, Нұра, мен келдім,

Бұрынғы иең– байғұсың.

Айрылған сенен көп елдің

Жатырсың көрмей қайғысын.

Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа
Айырылып сенен бейбақыт
Сорлылар қалды мазаққа
Қырғауылдары селкілдеп,
Маңырап көшіп жағалай,
Түндіктері желкілдеп,

Қонған қазақ сағалай.

Жазғытұры болғанда

Ұжмақтай гүлің жайнаған.

Бұтаңа құстар қонғанда

Мың құбылтып сайраған.

Ұжмақ иісті сайларға
Желілеп бие байласып,
Кедейлер де, байлар да

Рахатпен жайласып.

Мөп-мөлдір аққан суыңа

Шомылған қыз-келіншек.

Олардың күлкі, шуына

Тал паналап келуші ек.

Әртүрлі әнге, күйге сал
Жатқанда құстар ұяда,
Рахатқа батып ләззат ап,

Алысушы едік мияда...

Сырыңды айтшы сен маған,
Атамыздың жайлауы!
Мың-мыңнан жылқы жусаған

Биелердің байлауы.

Айтпасаң да білем мен

Ішіңдегі сырыңды.

Қайғыдасың бүгін сен,

Айтпайсың бірақ шыныңды.

Қош, Нұра, тағы көргенше

Есендік берсін бір құдай.

Енді қайтып келгенше,
Ескі иең жүрер құр жылай!
Бұрынғыдан қайғылы
Құстарың да сайрайды:
Қолдан келер еш не жоқ,

Жүрек от боп қайнайды.

ЖАЙЛАУҒА КӨШУ

Ел көшкенде кең жайлауға таласып,

Жүк артысар аяқтарын тез басып.

Таң белгісі білінгенде сарғайып,

Ақырындап дүниеге нұр шашып.

Кәрі жастар жүген алып жүгірер,

Жылқы келіп, ат ұстауға шуласып.

Аттарын ерттеп жүк артқанша ел арты,

Алды кетер шұбатылып бел асып.

Өз өзімен әлек болар кей жастар,

Көшке мінген асаулары туласып.

Көш артында қыз-келіншек іркіліп,

Бір жүруге біріне-бірі қарасып.

Қатарласып жорғаларын салысар,

Желектері, үкілері жарасып.

Өзіне өзі риза бола ыржаңдап,

Қастарында жүрген жігіт жанасып.

Тайға мініп балалар жылқы айдасар,

Ақсақалдар ілгері қоныс сайласар.

Өртеңді өріс, суы тұнық көлге кеп,

Ауыл қонып, үй тігісіп жайласар.

Көлге жауып жылқыларды суарып,

Желі қағып, шалғынға бие байласар.

Атпен барып тұнық жерден су әкеп,

Самауырлар үй алдында қайнасар.

Бұрынғы елден ерулік жеп соңғы ел,

Сары қазы, бағлан етін шайнасар.

ЖАЙЛАУДАН ҚЫМЫЗ ІШУ

Бие байлап, қымыз құяр уақыт болды,

Кәрі-жас, малшы, мырза үйге толды.

Шығыршықты піспекті сылдырлатып

Керіліп жігіт пісті қара көлді2.

Тегенеге қымызды толтырып ап,

Аты шыққан бәйбіше мырза қолды.

Тегенені қойғызып қарсы алдына,

Сапырады құлаштап оңды-солды.

Мақұлдамас бәйбішені адам болмас,

Кезімен көрген қанып мұндай молды.

Үкілі ожауменен қымыз құйып,
Жақсы-жаман талғамай бәрін жиып,
Қайта-қайта қымызды бергеннен соң,

Кім шықсын ондай үйден тастап қиып.

Тізіліп босағадан төрге шейін
Келген адам отырар бәрі сиып,
Көйлекшең, шапандарын жамылысқан,

Жалаңаш аяғына кебіс киіп.

Малшылардан өрістің жайын біліп
Дуылдасып, қызысып ойнап-күліп,
Күлу үшін сөздерін бұра сөйлеп,

Бірін-бірі сықақ қып сөзбен іліп.

...ҒА

Айыпқа бұйырмассыз жазғанға хат,
Тартпақтап, жатырқарлық емеспіз жат,
Көңіл ашар ләззатпен сөз жазысып,

Сізден басқа жоқ болды білер бекзат.

Болса да сізден басқа көп сәулемдер,

Хат жазып, мұсылманша оқу білер.

Бірақ аз сізден өзге ғылымдысы,

Зер жайын зергер білер көңілі шебер.

Жобамен жаздым сізде бар деп зейін,
«Сыйға сый, сыраға бал» дегендейін,
Жылы сөз қайырсаңыз бір-екі ауыз,

Жазар ем көңіл сырын бұдан кейін.

Жақсы қыз кісі көңілін қалдырмаған,

Адамға ішкі сырын алдырмаған.

Миуасың гүл бақшада желкілдеген,

Ешкімге құрғақ көңіл шалдырмаған.

КЕТПЕЙТІН ЕСТЕН ҒАШЫҚ ЖАР

Кетпейтін естен ғашық жар!
Айта алмай жүрген сөзім бар,
Талай жерде оқталып,

Айтуға көріп ұят-ар.

Көкірек жанып жүргенде
Жанасуға болып зар,
Жүректің сырын айтуға

Реті келді бүгін дәл.

Құр өлең деп ойлама,
Ынталы сөзге құлақ сал:
Күйдім, жандым жалындай,
Қиын, қалқаш, біздің хал!

ҚОШТАСҚАН ЖЕР

Жан жолдac! Ұмытылмас қоштасқан жер.

Сөздерің емес тіпті естен кетер.

Көзіңе жас кеп толған сұрың қашып,

Мен келіп, хош дегенде қолыңды бер.

Әрең деп, тұрдым сонда менің де өзім,
Тұрғанда жасқа толып екі көзің,
Қоштасып көп тұруға шыдай алмай

Қол ұстастым жоқтай-ақ айтар сөзім.

Есен-сау бол, жаным деп ұстасып қол

Дегенде «Алла жазсын амандық жол».

Елжіреп жүрек бауырым, есім шығып,
Сол жерде деймін хош бол! Хош бол!
Дегенде: «мені ұмытпа, жан жолдасым»
Сызылып махаббатты қара қасың,
Сүюге ерінге ерін тиген шақта

Бетіме тамып аққан ыстық жасың.

Білмеймін сол уақытта тұрдым неғып,
Толғанда жүрекке қан лүпіл қағып,
«Есендік жазсын Алла» дегенінде

Меруерттей екі көзден жасың ағып.

Хош, қалқам, деп құшақтап қайғырғаның,
Мөлдіреп жасың төгіп айрылғанын,
Өлгенше естен кетпес көзің сүртіп,
Майысып, маған қарап қайрылғаның!

САҒЫНУ

Сарғайдым сағынғаннан, қалқаш, сені,

Қиял мен ойдың саған ауып дені.

Қайғыда, қасіретте мен жүргенде,
Ойға алмай жүр ме екенсің әлде мені?
Сен де мені сағынып жүр ме екенсің?
Я тіпті қасіреттен құр ма екенсің?
Сағынып мен тұнжырап отырғанда,
Әлде ойнап біреуменен жүр ме екенсің?

Сенен жақын дүниеде маған жан жоқ.

Жырақта жүрсем-дағы көңіліме тоқ,
Жүрегім күйді, жанды, сені ойлай,

Ішіме түскендей-ақ қып-қызыл шоқ.

Мәлімсіз тағдырымыз жалғыз хақта.

Бөліндік ойда жоқта жастық шақта.

Өлгенше менің көңілім жалғыз сенде,

Жүрсең де сен ол жақта, мен бұл жақта.

ТҮС

Түсімде жапан түзде кезіп жүріп,

Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп.

Аяныш түсті ойыма сол арада,

Қуарған ағаштардың түрін көріп.

Семіпті сұры кетіп ағаштары,
Көгерген жапырақ жоқ —бәрі сары,
Жаздыгүні қурапты сорлы бақша,

Болмаса жаратушы хақтың жары.

Жайқалып көкпеңбек боп тұрған толып,
Көк шалғын сұлап жатыр қуқыл болып,
Қызылды-жасылды боп желкілдеген

Гүл шешек түрі кеткен қурап-солып.

Ағаштың көзім түсіп жастарына,

Мен бардым жөн сұрауға қастарына.

Салбырап ой ойлап тұр көк шыбықтар,

Бір қайғы түскендей-ақ бастарына.

Сұрап ем бір шыбықтан жөн-жобасын,
Шыбық сорлы тұқитып төмен басын,
Сыбырлап, ақырын ғана жауап берді,

Ағызып екі көзден ыстық жасын.

Шыбық айтты (шаққандай ғып ішкі сырын):
«Белгілі бақша екенбіз бұдан бұрын,
Әртүрлі ағаш, гүл, шешек — бәрі де өскен

Адамзат таң қалғандай көріп түрін.

Ынтымақсыз иеміз болғаннан соң,

Жанжал қып, харап қыпты бірі бірін.

Түсіпті қараңғылық сонсоң бізге,
Хақ тәңірі аяғандай бізден нұрын...»
Оянып, түсті ойыма өткен уақыт

(Елестеп көз алдыма жас пен бақыт).

Шынымен қайран бақша өшкені ме,
Жайнаған гүлдер өсіп кең «пайтахіт»?!3
«Көк шыбықтар көбейсе тал боп жетіп,

Көркейер сонда бақша, қайғы кетіп.

Я, Алла! Жеткіз сорлы жастарды!» — деп

Тіледім, шыбықтардан үміт етіп.

KІM БАСШЫ – АҒА ХАЛЫҚҚА?

Халық ағасы жұрт қорғайтын панадай,

Адасқанды жөнге салар данадай.

Қара халық жөн білмейтін, адасқан,

Соңынан еріп қалқақтаған баладай.

Біздерде аз халыққа аға болған ер —
Шын көңілімен өз жұртының қамын жер,
От басында ынтымақсыз өздері,

Солар аға, солар басшы дегендер.

Бірікпесе басшылардың сөздері,
Бірін бірі кекетсе олар өздері,
Қыңыр-қисық қазақ халқын түзеуге
Кәне олардың құрған өйтіп тездері?!
Олар өйтсе, кім басшы-аға халыққа?
Қисайғанды кім салады қалыпқа?
Басшысы жоқ адасқан қара халықты
Кім бастайды қараңғыдан жарыққа?
«Аға» дейміз бізді жөнге бастаса,
«Кір қатарға, ілгері адым бас» десе,
Өздерінің ынтымағы бірігіп,

Алты бақан кер тартысты тастаса.

Кейінгіге жақсы өнеге көрсетіп,
Надандықты табанымен таптаса,
Шыбын жанын халқы үшін пида қып,

Ата күші, ана сүтін ақтаса.

Сонда сіздер басшы бізге, ағалар,

Жоғарыдан жанашыр жоқ көз салар.

Қызметі деп басшылардың халыққа,

Кейінгі жас аға асын бағалар.

ҚАЗАҚ САБАҒЫ

Иесі болса дағы алтын тақтың,
Көнеді бенде ісіне жалғыз хақтың,
Тағдырға мойын сұнып, елден безіп,

Мен жүрмін ортасында бөтен-жаттың.

Сары қазы, сары қымыз тамағы боп,

Жүргенінде жастары біздің жақтың.

Өлшеулі ет, қара шайды тамақ қылып,

Өткізіп жүрмін уақытын жастық шақтың.

Ас-тойда мендей жастар салтанатпен

Қызығын көргенінде мінген аттың.

Шаң жұтып, көше кезіп, таңдай кеуіп,

Мұршасын алып жүрмін екі аяқтың.

Бейғам боп ата-ананың қастарында

Талайы жүргенінде мендей заттың.

Сағынып әке-шеше, құрбыларды,

Мен жүрмін ортасында қасіреттің.

Қызойнақ, жиын-тойда мендей жастар

Жүргенде істеп дауасын көңіл шаттың.

Сағынып ойын-күлкі, мерекені,

Бетіне мен отырмын қарап хақтың.

Мені ешкім зорлаған жоқ шетте жүр деп,

Не «қасірет» болса дағы өзім таптым.

Шалқамнан жатар едім мен де үйде,

Мен дағы ұрпағы деп аруақтың.

«Өнер тап, жолдастығы жоқ» —
дейді ойым,

«Атадан қалған артта мал мен бақтың».

Я, Алла! Жеткізе көр мұратыма,

Рахаты бар деуші еді мехнаттың.

НАДАН БАЙ

Мың жылқы, мың қойым бар бір басымда,

Қызықты көріп бақтым бұл жасымда.

Бір аяқ саумал үшін малай болған

Қараша үй қоңсым бар көп қасымда.

Орысша оқыр кей ақымақ теріс жазып
Тымақ кимей, қалпақ киіп жөннен азып,
Оқымаған адамдарды надан дейді,

Орысша оқып, діннен азып, хаққа жазып.

Малайларға ақы берем жылдап, айлап,
Қотыр-қатпа, арық-тұрақ, тайынша-тайлап
Балаларым оқымай-ақ адам боп жүр,

Maл шашпай-ақ оқу үшін молда сайлап.

Мал бақтырмай балаларын оқытқанның

Еш пайдасын таппадым ойлап-ойлап.

Кісі жақсы малын өзі бағатұғын,

Ақсақ-тоқсақ, ауруларын қағатұғын.

Оқу оқып, һәм орысша киінеді,
«Пиғылы» жоқ бір құдайға жағатұғын!

ОҚЫМАҒАН ҚАЗАҚ

Сендерден қайыршы артық, надан байлар
Құландай тұрағы жоқ біткен тайлар,
Ұдайы екі-үш боран соқса егер,

Жемтік боп сасып қалар терең сайлар.

Ілім, өнер ойыңа кірмес сенің,

Көрінер саған қисық сөзім менің.

Орнына біткен малды жұмсамайсың,
Білесің соқыр кеуде жайын ненің?

Өнерліге не керек — бәрі дайын.

Білеміз надан байдың тұрмыс жайын:
Жарлыларға, жетімге қараспайды,

Ұйқы көз, жуан қарын надан байың.

Ешкімге жәрдем қылмас көп болса да,

Басы бос, құр қарны тоқ болса да.

Ол байдан өнер білген мың есе артық,

Атаулы бір қарасы жоқ болса да.

Жұтамас өлмей өзі оның малы,

Наданнан мың есе артық киім, сәні.

Жалынбас өлгенінше надан байға,

Сәлемет тұрса егер шыбын жаны.

Жақсыны жаманменен біле алмайсың,
Қисайып еш уақытта тіл алмайсың,
Емшекте ұйықтап, тойып, бұғып, жатып,
Адамдық қисабына кіре алмайсың!

АҚЫН

Ғибратты сөздер айтып болдың ақын.

Мүсәнләфләр4 сөзіне сөзің жақын.

Үлгі қып кейінгіге жаздың нұсқа,

Қиыннан қиыстырып сөздің нарқын.

Сөзіңнің қарап тұрсам мағынасы мол,

Бастаушы адасқанды болғандай жол.

Өзге сөздің патшасы — сенің сөзің,

Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол.

Өлсең де мың жыл бұрын сенің өзің,

Тозбайтын алтын үлгі қалған сөзін.

Сыңар жақ пікір қисық тоң мойынды

Түзеуге үміт етіп құрған тезің.

Сөзіңді үлгі қылды білген адам.

Түсінбес оқыса да бітеу надан.

Надан құр қу ағаш құрған тезің,

Көткеншек, алға қарай баспас қадам.

Сөзіңнің жылдан-жылға қадыры асты,

Оқуға құмар қылды талай жасты.

Құмар болған кеудесі — сәулелі ар,

Айтпаймын ауылдағы шыбай масты.

Саналы көзі ашыққа сөзін алтын,
Санасызға — жел, сөз — соққан салқын,
Ойында санасыздың еш нәрсе жоқ,

Ілгері бассын деген қазақ халқын.

ІНІШЕГІМЕ

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!

Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш.

Балалыққа жас миыңды алдатпа,

Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.

Бұл заманда ғылым білу — өнер алды.

Аталарың оны білмей артта қалды.

Шырға қылып қызартқанға алданып,

Әр харамға ысырап қылып біткен малды.

Қамсыз жатып, артта қалып бұ күнде,

Я шырақсыз, я сәулесіз қараңғы үйде.

Сырттан қарап жаны ашитын адам жоқ,

Ағаларың жатыр, қалқам, бұл күйде.

Біз қараңғы үйде отырмыз, қарағым!
Басқа жұрттар жап-жарық қып шырағын,
Солардай боп біз де жарық көрейік,
Сендер де көп шырақ жақшы, шырағым!

ЖЕТІМГЕ

Жастай жетім қалдың жалғыз,
Қоясың қайда басыңды?
Туғаныңнан айрылып,

Ағыздың көзден жасыңды.

Таяныш жоқ, медеуің —
Сиын хақтың өзіне,
Ата-анада майрылған соң,

Жан көрінбес көзіңе.

Жетім деп аяп жаны ашып,
Көзінің қырын кім салар?
Жас төгіп сен отырсың,

Ойнап жүр өзге балалар.

ІІІешелері олардың
Еркелетіп сүйгенде,
Шеттен қарап жылайсың,

Жүрегің от боп күйгенде.

«Мені де сондай сүйсе деп
Әке-шешем тірі болып»,—
Мөлдіреп ағар жасың көзден,

Қайғы-қасірет ішке толып.

Балалар оқуға барғанда
Қолдарына кітап ап,
Бүрісіп сорлы сен жүрсің,

Оқи алмай жетім қап.

Ceні де оқуға берер еді,

Әке-шешең тірі болса.

Дәл осындай болмас едің,

Тым болмаса бірі болса.

Сен де оқу оқыр едің,

Балалармен бірге барып.

Босағасында әркімнің

Жүрмес едің жүдеп-арып.

Ата-анаңның сен дағы

Әлпештеген баласы ең.

Ата-анаңның көзінің

Ағы менен қарасы ең.

Есіркеп сипар маңдайдан

Мұсылман жоқ қайрылған.

Жәрдемші жоқ ғаріпке

Туғанынан айрылған...

АЙТ КҮНІ

Тоқшылық бүгінгі күн берекелі,

Көңілді ойын-күлкі мерекелі.

Әр адам өз әлінше айт қылып жүр,

Дүниенің сезілгендей кең екені.

Талғамай жақсы-жаман, кәрі-жасын,

Бай-кедей, бөтен-жақын ayылдасын.

Әр мүһмин күтетін күн келгендерді

Құрметпен алдарына жайыпасын.

Жігіттер қатар түзеп, сәндік құрып,

Айттайтын күн жиналып бірге жүріп.

Аралап әр ауылдан көкпар алып,

Аттары екіленіп аласұрып.

Аттарын секеңдетіп кейбір жастар,

Жұлынып кейбір аттар алып қашар.

Елеңдеп кейбір аттар сау аяңдап,

Keй аттар алды-артынан ақсап басар.

Болған соң айт асымен аузын ашып,
Жиылып қыз-келіншек хабарласып,
Олар да айттайтын күн әр ауылды

Тізіліп, қайтқан қаздай дуылдасып.

Бұлғақтап үкілері бастарында,
Сылдырлап шолпылары шаштарында,
Судырлап шөпті сипап етектері,

Шүпірлеп уақ қыздар қастарында.

Жүгірер қуанысып балалар да,

Ойнаған лақ-қозыдай биік жарда.

Асыр сап құлындары сүтке тойған

Тайлардай енелерін емген арда.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙