Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 28 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Орақ Байғалиев
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
ОРАҚ БАЙҒАЛИЕВ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Орақ Байғалиевтің таңдамалы шығармалары енгізілді.
ҚАРАША ӨЛЕҢДЕР
Орақ Байғалиев 1948 жылы сәуір айында дүниеге келген. 1966 жылы Жетібай кентіндегі орта мектепті бітіріп, мұнай барлау экспедициясында бұрғышының көмекшісі болып істеген. Алматы қаласындағы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған. Қарақия ауданында мектепаралық өндірістік оқу комбинатында оқушыларды автокөлік жүргізуші мамандығына баулыды. «Маңғыстау мұнай» өндірістік бірлестігінің Жетібай технологиялық көлік құралдары басқармасында қауіпсіздік техникасы бойынша аға инженер, кадрлар бөлімі бастығы, Маңғыстау өндірістік ұлутас өндіру және өңдеу бірлестігінде заңгер және кәсіподақ комитеті төрағасы болып қызмет атқарған, қазір Ақтау қаласындағы орта мектептерде технология пәнінен сабақ береді. Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» 1988 жылы шықты. 2006 жылы «Сәуір туған шақ», 2010 жылы «Сүмбіле» жыр жинақтары жарық көрді. «Ақын Орақ Байғалиевтың өлең шумақтары барынша мығым, арасында арам ет болмайды». Жұмекен Нәжімеденов
ӘКЕМНІҢ ҮЗІК СЫРЛАРЫ
«Махамбет Өтемісұлының туған жиені Байғали Есболайұлы – «Адай көтерілісі» сарбаздарының бірегейі». «Адай көтерілісі», 2010 ж. I том. 301-бет. Ілкі үзік Шешемнің аз үмітін үзем күнде, Жабағыдан жетпеймін күзем жүнге... Бес жасармын алам ат шаужайынан Аш бөрідей жабысам үзеңгіге. Бейуақытта жолаушы келе қалған, Қымыз ішкен жұрт тыныш – ел аманнан, Отқа қойған тұғыры табан асты Иесіне мінгізбей белең алған... Қайығымда білмеппін ескек кемін, Әкем болса... таяқ жеп, мес боп па едім? Аждаһаның аузынан апан қазған Балалық шақ – еркелік не істетпедің?!
2-ші үзік Тауым биік, даламның көлемі есте... Тынам қалай тыншитын өлі емес пе? Құдай берді, шаң шықса қуанамын – Шыға шабам – барымта, төбелес не?.. Қайрат, мінез әркімнің қорған-қолы, Арқамда нән жыланға дорбам толы, Жолбарыстың жыртар ем жон терісін Біздің жақта сыңсыған орман жоғы. Жұрттың бәрін жүрісім сезікті еткен, Ойнамаймын баламен – кезіп көппен, Он үштегі отаудың иесімін Ауылдағы, қырдағы безіп кеткен. ...Бір жан көптен үйінде – сал жататын, Әлі мініп көрмеген балдақ – атын, Шалқасынан қарайтын шаңыраққа Қара бұлтқа, ақ бұлтқа алданатын. Ойланғанмын қияға – тауға барып,
Бауырайы бұлаққа, бауға қарық, Абы жылан апанда ысқырады Басы әйкелдей, құйрығы қауға ма – анық. Алқымынан ап міндім желкесіне, Орамақ па, ұрады бел – төсіме, Көмейінен суырдым айыр тілін Бөрі – көңіл сескеніп селт етсін бе!! Мені алмақ боп дұшпан мен ұры адасты, Жіпсіз байлап құрадым құрамасты – Есігінен жібердім Әбжыланды Жатқан адам, аһ! – деп тұра қашты... 3-ші үзік Шығарғанда соқпа дерт бар ашуды, Сана – шулы, бойдағы жарасы улы, Біздің үйге ілбіген біреу кірді Іше берді келгеннен қара суды. Шешем айтты: ауруы жаман – жұққан, Үзім азық әл – сауға – аманға ұрттам... Өлгендерді екеулеп көме бердік Ешкім қалмай ауылдан – тамам жұрттан.
Жаратқанға бересі, аласы кім, Көкірегіме қадаған дала сұғын, Ата – қыран жоқ, анам – ана-қыран Мен – тас түлек, он бесте баласымын... 4-ші үзік Жолды басқа Алладан нұсқап па екен, Түрме болған туған жер – қыспақ мекен, Үйге келсем, іші ойран опыр-топыр Аға-жеңгем, анамды ұстап кеткен. Жаңа шыққан кезімді он алтыға, Баға жетпес әр сәті сом алтын ба... Бәріміздің теңемек санамызды Айналдырып алмақшы қоғам құлға. Теп-тегіс тең – бай-кедей қалта-қарын... Дайындаған көнбесе балта – дарын... Айдаушыны ортада қуып жетіп Атын міндім тартып ап алтыатарын.
Жаудың көзін жоятын Жоямерген – Ұйықтап жатып ұсталдым... оянар ма ем... Қарсы алдымда қарасам, айдаушым тұр Мен өлтірмей баяғы қоя берген. Батырмын һәм палуан, – кем бе атағым, Ойластырып жүрмесін пенде қамын... «Келесі де кезіксең атам» – деді Айттым: «маған жолықсаң, мен де атамын»... 5-ші үзік Күйдіремін күндерді он сегізге, Ақ қыс – ақ құс шүйіліп қонса күзге, Қалың әскер қаңғырып ауыл таппай Тумысынан томырық тоңса түзде. Бұл заманда жалшы ма төре ме кем? Үйде адам ба... далада бөрі егемен, Қуып ала жөнелдім құламаға Ойға ойысқан аттарын өрелеген.
Дүбір жосып ағызып түсті қырға, Ұмтылады көп мылтық тісті тыға... Винтовканың оқтары асып кетіп Аю-тоннан өтпейді құсбытыра. Қаратпай бет қабады – қар ашуы, Ат сауырының ағады қара суы, Басып келем, қолда тек дойырым бар Бағытым – шың ұшпа мен жар асуы... 6-шы үзік Қырға шығам кісі боп жоқ қараған, Астымдағы Жараукөк – тоқ тараған, Қоғамдардан қоғамға өткен кезде Тартқылыған жан-жақтан көкпары адам... Аума-төкпе, береді кім батасын... Қасымда жан қалмады мұңдасатын, Түн ұйқысын ұмыттым-тыныштықты Уақытты ұмыттым – күн датасын.
Жүргізе ме жайыма жала жөнге, Елін сүйген ер жігіт талабы өңге, Әскер басы атыма қызықты ма – Жаяу қалдым құла түз-ала дөңде. Әуедегі бүркітке болдым сыңар, Сағым үсті шайқалса толқын шығар, Кемелерде сорайған мачталардай Келе жатқан байқасам шолғыншылар... Сәлемімді қасына таман... бердім, Жығылсам да жатсам да маған жер мін... Аудардым ер-тұрманын тартпасынан Арқасына қарғыдым Қабанкердің. Көлегейлеп өлкемнің шаң-торқасы, Дауыс жетер, оқ жетер маңда ор тасы, Алдым-артым, жан-жағым бұрқ-бұрқ Қабан аттың қайнайды қан-сорпасы...
7-ші үзік Мың ба, жүз бе – болжатпас көш қарамы, Өмір-өлім ұзартпас өш пе араны, Қосақталып қос құзғын – аэроплан Төбемізден құяды бөшке дәрі. Бөлектеніп ішкен бал у демеп пе ел, Көңілімнің көгінде, ту, медет бер! Қақырады қара қан қосқат ойлар Қыр басынан сарнаса пулеметтер. Жусан қызыл, жол қызыл, жүлге қызыл, Мына зауал-зұлматтың діңгегі зіл, Дүниеге үйімде келген едім Жат қолынан біте ме түзде ғұмыр. Ақырғанда аяздың қу шұнағы, Зеңбіректер дауысы ушығады, Түйе үстінде босанып келіншектер Белдерінен бұрқ етіп бу шығады. Көкірегім күн құмар, жарыққа асқақ, Мен емеспін ұрыста ғаріп – қашқақ, Есе бермей сол жерде өлгім келді
Бұрымыңнан сені ұстап жарып тастап... 8-ші үзік Таразысын жалпының жалқы басар... Жанарында шоғына жалт ұласар, Тағы түзде құр жүрген құрық көрмей Аспанқұла айғыр асау алтыжасар. Оғаш істі көңілім бастауға мас, Жиырмадамын – басыма бассауға қас, Аңызақ пен аптапты жарып өтіп Аспанқұла қойғаны астауға бас. Тітіретер тұлпарда екпін бүлік, Қамбар ата иесі тектім – күлік, Құйрығынан тартып қап жібердім де Тұрғанынша үстіне кеттім мініп. Басын тығып, тулады бұтын асып, Жабысы емес жылқының жұты жасық, Көкке жетті шыңғырған құлан даусы Иірілді үйірі құты қашып.
Мен де атамның күшіне күпті ұлы-ары, Тағдырдың да шік бірде бүк пе ұраны? Маңдайымен өкіріп жер сүзеді Екі артына шаншылып тік тұрады. Төбем қайнап, қазанға ұсап-қаным, Өзім-қанжар, жоқ сәйкес пышаққа қын... Қос қолтығын өкшеммен тіредім де Қара санын қапсыра құшақтадым... 9-шы үзік Аямады түбірді, көк шыбықты, Дауыл айдап халықты – көпшілікті, Жығылмаған үй ғой деп кіріп едім Төрі, есігі тұтасқан шөп шығыпты. Маңдайымды межелеп тарттым тағы, Кезі бар ма жанатын мәрттің бағы, Аман ердің қашанда аты шығып Мақтан етіп жүрер ме артқы ұрпағы.
Өкпемдегі қағады өзек безек, Көмейімді көсеймін көзеп-тежеп, Сар желіспен шалғынды шалып құлам Екі жақтан үзеді кезек-кезек. Өзім, әкем, атамның күс-ті қолы, Бұралаңға бағытым түсті жолы, Түйіп алған беліме бес жүз оқ бар Суымайды мылтығым стволы... 10-шы үзік Қолым буып мінгізді нарға жайдақ, Қайда апармас адамды арман айдап, Аяғымды төсінен шалып алды Қапы қалған қыранды қарға байлап. Үйге қамап оңаша күзет қойды, Бармағымды шештім де түзеп бойды, Шаңырақтың ұстадым желбауынан Кезі келсе қылатын біз ек тойды... Балапаным буыны бекімеген, Айдынға әлі шықпаған екі кемем, Жан жарыма: бір жолға түстім, - дедім Бітетінін білмеймін шеті немен.
Ата қоныс, баба жұрт, бет түзедім, Жұлдыз жұлып, күн шайқап, көкті үземін, Аспанқұлам астымда аман болса Қос құлыным, жарымды жеткіземін! Барар жерім, басар тау меже кеңде, Қаршығамды қондырам кебежеге, Бес қаруым бойыма түгел ілем Не істемес ер келгенде жеме-жемге. Дұшпаны аз ба жақсының, жаты шағын? Ақ пен қызыл – шығысым, батыс ағын... Көлденеңнен атымды жығып тастап Етпетімнен ерте-кеш атысамын. Ықылықтап... оқ тиді бір балама, Тамақта ажал айналып тұрған ара, Көз тастады әйелім ақтық рет – Үлесінен ол да алар құр қала ма...
Жау жолында шөккен мен қара бура, Тәнім тасқа айналған, сана бу ма?... Кеудемдегі ұңғыма от саламын Қорғасынды суарам налама-уға. Жауды таудан, ернектен құлатпадым, Төмен қарай ағады бұлақ-қаным... Жастығымды осылай өткеріп ем Өмірімнің бастауы – ұлы ақ таңын. Ақырғы үзік Соққан заман балғасы – қара төсі, Тоқтамаған, тоқтамас дала – көші... Өзім атам шежіре – тақ-тақ Еңсеп Ер Махамбет – шешемнің қары әкесі. Сөзімді айтар, ісімді жаршы – дала, Бұзып өткен кезім көп – шаршына ана... Құс ілдірсем деп едім қырға барып Капияда оққа ұшқан қаршығама.
Күніме кеш, түніме таң қосамын, Кетер емес ойымнан қан жоса – мұң, Арыздасып қалуға үлгермеп ем Қапылыста мерт болған жан – қосағым. Бауырыма құрағын басқан бұла, Әлі талай шығар-ау тастан тұма... Шырт ұйқымнан оянып құлақ тігем Кісінейтін сияқты Аспанқұла... Астана Замандарға алтын тоғысқан жезі... Архив – ғасырлар соғыстан мезі, Тілім де біреу, дінім де біреу ... ия, ... стандардың жоқстан кезі. Биіктік пенен терендік тегі, Сақтады халық-ер елдік нені, Айқара ашылған – айқұшақтасқан Бойлықтар менен жер ендіктері.
Мәңгілік сөнбей лаулар күн ойы, Таусылмас бақтар – баулардың тойы, Бұтағын созып бұлқынса бұлтқа Аспаннан асқан таулардың бойы. Қаз тұрған кеше бала маң дала, Басында бөркі қаладан қама, Баса алмас топан мұң-мұхит қаптап, Ала алмас қайғы – аламан нала. Ғұлама атам – ұлан өте алып, Қыран – рухым құлама талып, Таңырқап қарап тәнті болады Туысы бөтен планеталық. Есен-саусың ба – сәлемнің сөзі, Пәлен миллион пәлен мың – өзі... Сарыарқамдағы қалада асқақ – Астанамда күллі әлемнің көзі. Халқым бар ұлы – осы – күн елім, Жер шарымда жоқ – бесігімде мін, Астанам менің жасайды мәңгі – Жасайды мәңгі есімің сенің.
Қараша Тау өссе... шөксе... кемір... кеңір жазық, Қайғы да қуаныш та өмірге азық, Әлемдік теория рас болса Түбінен суырылмас Темірқазық. Жарыққа шыққан кезім ару көктем, Жоқ мына заманаға дәуірге өкпем, Болашақ жердің барлық тұрғындарын Қысамын құшағыма бауыр деп мен. Уақыт күнді іле ме, түнді іле ме, Айтарым бар ма менің бұл күні елге, «Сәуір туған шағымды» парақтаймын Өткенге көз саламын – «Сүмбілеме».
Іліктім қара суық Қарашаға, Балапан жырым ұшса-ау жара-шаға! Желтоқсан жылдың соңы – аяғы ғой Әзірге түсе тұрса арашаға... Махамбет Тарланның тұяғы шаңы – түйдегі аспанда, Хан мен төре тығылып үйге – бас қамға, Жайық үшін жандасып жебесін тартып Еділ үшін егесіп қидаласқан ба. Алысқан аю – терістік – күш – алыппенен, Қызыл тіл қылыш кесіп тұсалып па екен! Отқа оранып өкінтіп өткенде күндер Қызғыш құсқа мұң шаққан құсалықпенен.
Қайта шауып далама, келсең қырыма... Менің енді басылмас еңсем ғұмырда, Ақындық қонса маған айтармын әлі Қиылып мерт боп кетпесем семсер жырыңа. *** Жасымның жығылмаған туы шағы, Не болар құштарлықтың суыса әні, Айдың ақ сәулесімен араласып Бойыңнан бал сезімнің буы ұшады. Соғады лүпіл етіп, лүпіл жүрек, Көңілім күйген жоқ па тұр күлбіреп, Ақ маржан айналаға нұр шашады Жүзіңе үйірілсе күлкі үлбіреп.
Белгісіз берілерім, беріспесім, Ойыма кірсе қайтем, пері – ішке сұм... Өмірді ойын – той деп жүрген аңқау Бейкүнә, ақ уыз сен періштесің. *** Аспанның аты – қара бұлты кісінеп, Бұлақтар бұраң қағып күлкісі ніл көк, Көкжиек кемпірқосақ – басқұрын тартып Төңірек мың құбылған түлкі сүгірет. Қанатын жайғанда көл құрағына іңкәр, Ой толып жас шалғынмен тұрағын қымтар, Дауыстап сәлем берсем құстарға қайтқан Үніме қызыл-жасыл жұғады жұпар. Қызғалдақ құмар белге шоқ тамған көзі, Дария тасиын деп оқталған кезі, Аңқылдап апыл-тапыл шықты алғаш самал Жел жұлқып түсер ме орға – оқпанға өзі.
Шадыман шақырады қыр – қызық шулап, Қайығым қалды ма екен күз мініп қурап... Қара атқа – бұлтқа тақым салайын десем Жүрексінем жығардай шыңғырып тулап... *** Қара түнді қақ жаратын үр көрік, Дидарынан сәуле шашып – нұр төгіп. Ләйліні алғаш көрген Мәжнүн сияқты Жүрегіме от түсірдім бір көріп. Содан бері өтті ағылып талай жыл, Көз алдымнан кетпей қойды арай нұр, Уақыт бәрін ұмыттырар дейтінді Жан өртімді баса алмаймын, қалай бұл... *** Ал, ақ бұлақ, атыңның басын жібер, Сәуір туды, сәуірге ғашық жүрек... Өлеңіме нажағай – от қояйын Шолақ сайлар мен жоқ деп тасып жүрер.
Ай, ақ бұлақ, жүйткіші пәк күйіңмен, Қосылайын атойлап қақ бүйірден, Бір кезде мен жасындай жарқ еткенде Өлеңшілер иманын шаққа үйірген. Мен нөсер – жыр, сен бұлттан пырақ мініп, Күнді қолға көтеріп шырақ қылып, Кеңістікке кетейік көз жаздырып О дүние, бұ дүниені лақтырып... *** Жайлау қылып сары бел, қауын жонды, Дейді, қалқам, көлге кеп ауыл қонды, Сендер жақта күн әлде ашық па екен Бүгін бізде түнімен жауын болды. Жапырақтар жанарын жасқа бұлап, Атып шықты адырдан қасқа бұлақ, Сені көрген алғашқы мен сияқты Талып түсті ақ тамшы тасқа құлап.
Кеткен кезде күрсініп, күркіреп күн, Бұлттар бұғып жөнелді дүркіреп бір, Сендер жақта, япырмай, ашық па екен Бүгін бізде ақ жаңбыр сіркіреп тұр. *** Көк төсіне, құс жолына түнімен, Көз тігемін – түбі терең, түбі кең, Бізден басқа бар ма әлемде тіршілік Қалай анық білер екем мұны мен. Аспан жаққа асық шығар кім-кімде, Жетем қашан – мың жылда ма, мың күнде, Жерге өлшеусіз өмір берген табиғат Оның жалқы жаралуы мүмкін бе? Өтті көктем, өтті күз, жаз, өтті ақпан, Жүрек – көңіл жоғын іздеп жоқ тапқан, Түн баласы белгі өзінен бергендей Бүкіл аспан жарқыратып от жаққан.
Бұрғанынша бері қарай таң бетін, Жұлдыз сайрап бөленеді сәнге түн. Кең дүниеге құлақ тігем, көз тігем Әлдеқайдан тіл қатардай әлдекім... *** Түлкі заман құлпырасың, түлейсің, Жолықтырсам долы дауыл – дүлей сын, Ойлар, ойлар тыншытпайсың сен мені О, көңілім, осы нені тілейсің? Гүлдер де бар солып, қайта көктейтін, Арман да бар көкірегіңнен кетпейтін... Бұл өмірде бәрі де бар, бәрі бар Бірақ маған бір нәрсе бар жетпейтін. *** Дүлділдер саған жеткен бе, Шабытым – шапсаң Шалқұйрық. Гүл болып дала кеткенде, Ақ көбік атып ал құйғып. Аспанның төсі жарқырап, Ақ жұлдыз құсап аққанда... Айдындардан өт арқырап, Шың – мұзарттардан сақтан ба.
Кісінеп – көкте күркіреп, Қалқыған кезде қаз даусың. Борандар соққан дүркіреп, Жағасы жайлау жазға аусын. Көкірегімді толқын буған соң, Дариям тасыр – тола алға. Ақын боп, сірә, туған соң, Тыныштық деген бола ма! *** Сен менің әнім бе едің – айтарым ба ең, Сен менің күнім бе едің, ай – көгім бе ең, Тау барам, дала барам, теңіз барам Ойымнан шықпайсың сен, қайтемін мен. Бұл жүрек бір өзің деп бұлқынады, Көп болар қасіретім, күлкім әлі... Адамды махаббат тек гүл етеді Адамды махаббат тек күл қылады. *** Көктем кеп бойға қуат – үпіріп нұр, Тулар-ау шу асаудай тұқырып қыр, Қыс бүгін, түзді талап боран ұрар Қып-қызыл екі көзі құтырып тұр.
Ағашқа ақ сақал мен мұз мұрт бітіріп, Үйге ызғар бүйірімнен түртті кіріп, Жібімей күн шалқаяр, жел көгеріп Шытынап аяз шығар шырт түкіріп. Таң атпай тайталасып мұнар, жарық, Түн – түлкі аунар қарға құмар қанып, Айнала ақ түтек боп апай-топай Айқасып аспан мен жер жұмарланып. Келер жаз, соғар әлі боран талай, Жүрген кез өр Алатау, өр Алтайдай! Тоңсам мен тонға оранып күн кешермін Жастық шақ – күнімді өткен оралта алмай. *** Жиырмада едім батпан салмақты жеңіл көретін, Топ қыздан сені бетіңде қара меңің бөлетін, Астымдағы асау аулыңа қарай аққанда құсша Әкем мен анам артымнан қарап көңілденетін.
Ойласам соны көз алдыма өсіп сағым құрағы, Толқыным шулап жағама соғып – жанымды ұрады, Баяғы шапқан асау да атылып аулыңа қарай Баяғы қалған сол бақ жер де енді сағындырады. *** Қамсыз өстің, қарашығым, құлыным, Төгіледі толқындайын тұлымың, Аңқылдап кеп ағып кетпе ағынға Өмір де бір асау өзен – мұны ұғын. Өстің күліп өрімдей боп, қарғашым, Саған қарай қайғы бұлты бармасын, Ұмтылып кеп ұшып кетпе ұшпадан Өмірде бір тау басқан ақ қар басын.
Сен дегенде өзімді әрең тоқтатам, Сен үшін мен шұғыла таң боп та атам, Құлшынып кеп құлап кетпе құрдымға Өмір терең, түбі оның жоқ ботам! *** Бұйрық болып ақырғы сол күн Хақтан, Тамырларым тыныстар солқыл қаққан, Көкірегім де тыншыр-ау Тынық мұхит Толқынға ұрып толқынын – толқынға атқан. Нөлден төмен түсер-ау қан қысымым, Даусын ести алмаспын жан-құсымның, Ойына алар өмірде өкпесін кім Айтар маған артымнан алғысын кім. Жерде туып, жерде өсіп, жерге енесің, Тіршілікте кездеспес ерге не сын, Топырақ сап, жақсы деп бәрі де айтар Бәрінен де, жаным-ау, сен не дерсің?!
Мұнара басында Лапылдап газ жанады гүрілдеп бір, Қарайды, қызығады күлімдеп қыр, Қара алтын қарғын құсап қаптар ма екен. Тұрбалар мойнын созып дірілдеп тұр. Ісінген шлангалар – өңештері, Мұндайды көріп пе едім мен өскелі, Қара алтын көкке қарай атылар ма Жерімнің алағаудан дөңес, белі. Жүзіне қан теуіпті бұрғышының, Жайы боп көңілінің – бір құсының, Ойларым ойпырмайлап ойға батты Қиядан көзін тігіп тұрды шыңым.
Қара алтын үсті-үстіне өршеленіп, Болды ма жоғарыға жол шегерлік. Моторлар белін бүгіп бұқшияды Өзің кеп одан кейін көрсең еді... *** Тізгінін тағдыр кімге берер сеніп, От борар қып-қызыл шоқ денем – көрік, Бір жалын бойымды орап бара жатыр Қарағым, кете көрме сен өртеніп. Жас келді жағам жақын жетем өрге, Қайратым қайтса ауырды көтерем бе, Бір жалын кеулеп мені бара жатыр Қарағым, сен өртеніп кете көрме. *** Жастықта жеңілу жоқ, жеңіс көбі, Алдым мен ойлағандай тегіс пе еді, Ақ уыз алаулаған албырт шақта Бейкүнә жолықтырғам періштені.
Ол күнім алыстағы бұл күні аңыз, Үйімнің қалды орнында жұрты жалғыз, Оқталып оңашада, ал, алдында Сөзімді айта алмаушы ем, бейкүнә қыз. Жүрмеген жастық отқа түсіп бекер, Қыс келсе жанымды аяз – үсік не етер, Үп етсем үркітермін деп ойладым Ақ арман ақ құс болып ұшып кетер. Оралмай содан бері өтті ай, көп күн, Той өтті, той өткесін тоқтай ма екпін... Сол жанды сүйе тұра айта алмадым Сүйем деп айта алмадым, айтпай кеттім. *** Тілдескім келіп барады көлмен, көк, құспен, Қойдың ғой шықпай ару – аққуым боп түстен, Көгілдір белден көктемде көріп мен сені Албыртқан асау жүрегіме алғаш шоқ түскен.
Әнімді салам, аңсарымды айтам бар маңға, Аңсаттырмаса арман да тегі арман ба, Іңкәр гүлім-ау, көзімнен ұшып кетіп сен Қайтемін бір күн кеудемді қайғы жарғанда... *** Көрінсе көзіне ажал – тұнатын қан, Әбжылан қарсы алдымда шұбатылған, Иіріліп жазылғанда шаң шығады Оқ шығар маңдайыма бұл атылған. Жалы бар желкесінде күдірейген, Көмейі құрдым құдық үңірейген, Құлаштай құйрығымен соққан кезде Төңірек дір етеді бір үреймен. Жанымды жалап тілі, тісі өтеді, Белгісіз өң екені, түс екені, Біресе сол жағыма шығады атып, Біресе оң жағымнан ыс етеді.
Жиырылып атылады уы шыға, Түспесем ажал-ауыз қуысына, Белімді барын салып орай алмай Тамағы сыймайды қос уысыма... *** Сенен, жаным, бітсе бұрын ғұмырым... Ажал, сірә, салар бір күн құрығын, Қалай қиям мөлдіреген көзіңді Өмір мен сен мен үшін тек бір ұғым. Ажал маған аттың басын тірепті... Бұл ойымнан бойым менің дір етті, Қалай қиям алаулаған жүзіңді Қалай қиям мен деп соққан жүректі. *** Мерген бе ем бармас күн – биікке оғы, Көзіме менің мұң – мұхит толды, Тынышымды алған сен шығарсың, сен Болмасаң егер кім құйыпты оны.
Ашылар ма екен түбі бет алдым, Қансонар жаста түлкімді ата алдым, Келгенде күзім кездестім саған Түнде ұйқы, күндіз күлкімнен қалдым. Ойласам жолдан өмірі аумаппын, Ай төгіп сәуле омырауға ақ, түн... Кеудеңдегі от қос түймені бастым Түймеңді бастым – қоңырау қақтым... *** Бұл күнде бойымдағы айып – күш кем, Жиырма бес! Каспийді ұрттап, Жайықты ішкен, Жаным-ау, кеудемдегі қор болдың-ау Ғарышқа – ғажайыпқа, ғайыпқа ұш – кең. Басушы ем тырп еткізбей жел құлағын, Ататын асуды асып сел – бұлағым, Талайғы талабымды турап берем Тәнімді жегі құртқа жем қыламын.
Аспанға, шыбын жаным, ауаға ауыс, Жатармын сенен күтіп сауап – алғыс, Түнімен көретінім қап-қара түс Күнімен еститінім қара дауыс... *** Қас ақынға жыр түбі апат – өлім, Махамбеттің жиені ата – тегім. Шабыт буса шар болат – шамырқанам Шабыт буса шарт кетем – лап етемін. Адам емен амалы, айласы – арман, Ақынмын мен шықпаған пайдасы алдан, Нағашымнан өз жұртым осал емес, Өңменіне жауының найза салған. Анықталар алар жер – жайым бір күн,
Өмір – үйде естілмес дәйім күлкім. Жігіт етер жігітті үш жұрты ғой Үшінші жұрт – кім екен қайын жұртым. *** Жұрттан басқа жан болдым сыры бөлек, Өміріме өлеңнің нұры қорек, Бұл дүниеде жүру де қиын боп жүр Қиын боп жүр, жаным-ау, шыны керек. Жан дертімнің дауасын таба алмадым, Қанша ұмтылып келсе де аман қалғым. Не менімен болмаса өлеңмен бол Деп ауыр шарт қойдың ба маған, жаным.
Арманы өлген адамда жай бола ма, Қалсам мейлі қай жерде, қай молада, Өлең де жоқ, сен де жоқ ақырында Қаңғып кеттім лағып айдалаға. *** Өткір ме ажал тарнағы – тағы күштің, Қапаланып қайғымды қанып іштім. Жапан көкке кеттің бе, жаным, алыс Мені тастап ғайыпқа нағып ұштың. Көңіл – терек көктейтін бұтағы жоқ, Бойға бомба – қойныма тұтамын оқ, Сағыныштан жатамын сар тап болып Жалғыздықтан жалын жеп жұтамын шоқ.
Жұлдызды аспан, түнек төр – түн қиялым, Артымда бар әйтеуір ұл – тұяғым. Қазаныма ошақта от толтырам Бокалыма толтырып мұң құямын. *** Таң қалғандай қаланың келбетіне, Каспий жатыр толықсып тербетіле, Тұңғиықта туласа мұнай-мұхит Ақтау аққу қонған кеп жер бетіне. Шілдеде аптап шыжғырсын безілдеп маң, Кетеді асып күнге, айға – жез ілгекке ән, Қала арудай тосады кеудесін кең Кешке есетін самалға теңіз жақтан.
Ақжалданып асардай даланы ары, Ұмтылады толқындар – шабар әлі... Ғашық теңіз тыншымай дөңбекшиді Аққу қала жағада таранады. *** Жаным-ай, тағдырыңа өкпелісің, Менің де жетпес енді көпке күшім. Біз тегі бұл өмірге келіп пе едік Мен күйіп, сен жасыңды төкпек үшін. Қонақтап қабағыңа нала, мұң – қар, Жылайды қолыма алсам қаламым – зар, Қанатын балапандар қаққанынша Қайтесің, шыдайсың не амалың бар.
Өтіппін жиырма бестен – құмай жастан, Біз деген бір күні күн – құлайды аспан. Жаным, сен жалғыз мені кінәлама Мені де саған тағдыр – құдай қосқан. *** Ақ тұйғын қонып жатыр алғашқы қар, Ақ боран ақ азуын алмас қылар, Алдына ақ киізге құмалақ сап Ақсақал ақ тілекпен малдас құрар. Тақырға тарлан бұлақ шаппас тура, Астау ой белшесінен батпас нуға, Ақиық айдалада арлан қағар Ақтарып ақ көбігін ақ бас бура.
Көрінбей ақ түтектен ат құлағы, Бұйығар қойшының да саққұлағы, Алғашқы қар жауып тұр, жаумай жатып Ала – құйын болам деп аптығады. *** Бокал тағы бұрқырап қайта толды, Ақкөңіл деп ақкөйлек айтады оны, Күреңітіп қан күрең шай құяды Келіншегі көзінде – шайтан оты. Жүрген күнде жандар көп бірге сыйлы, Талқан қылып кетсем деп түрмесі – үйді, Келемемді қайырып мен отырмын Шайтан оты иектеп жүрмесе игі. Шақырады – сөнеді, жанады бір, Жанған сайын алма жүз жарады бүр, Жардың ары ақ қар ғой алғаш жауған Ақ қарда дақ – қарайып қалады кір.
Үйіне енді кетсем бе ғұмыр келмей, Қожайынға бұл сырым білінбегей, Шайтан отын сөндірмей тұрып алды Келемеге барады тілім келмей... *** Таң ағарып түн қашты – қара сұлба, Сәуле маған, аспанға тарасын ба... Өлең – ғашық өртеген мен жатырмын Өмір менен өлімнің арасында. Өң бе, түс пе шабыт, мен – жел егіз бе ек, Қиял көкте жоғымды келем іздеп, Ақ тамшы боп ақ сәуле қашан тамар Көңіліме сіркіреп – себезгілеп. *** Бұзау тіс қардың сөгілсе енді көбесі, Асқар таулардың көрінен ме екен төбесі, Былтырдан бері бұйығып жатқан бәйшешек Түсемін көзге – бой жетем дейді, о несі...
Сері ғой сәуір, серілік құрған ай қандай, Мұхиттар қалай, теңіздер шыдар шайқалмай, Ақ жаңбыр – сырын ақтарып жерге төгеді Көк аспан көптен көңілінде жүрген айта алмай. Өзінен өзі тарс айырылып талағы, Кездескен жанның жағасынан жел алады, Ойлардан шығып шаяды айдын ақырын Тал бойы дел-сал толғатып жатқан даланы. Қызғалдақ шығар қырларға тіккен жалауша, Найзағай түтер көк жабағысын сабауша, Құрсағы кеңіп жер-ана балқып бусанар Қанатын жаяр балапан тірлік балауса. *** Көңілім көлдей толқитын, Жеткізер – айтар сөз бар ма. Аш белің қайда солқитын, Ажарың – жүзің тозған ба.
Тағдыр да маған төнген көп, Қайтеміз іздеп кінәні... Баяғы от менде сөнген жоқ, Сөнген жоқ, жаным, біл әлі. *** Гүл атып жеңге десем, билесе өңі, Басына бақ қонғандай күй кешеді Қасымда ағаң бар деп жымияды Қазір ап кетем десем үйге сені. Аяймын мен несіне бетті-нені, Көңілдің орындалса көп тілегі, Шақырсам өзі кіріп құшағыма Ақырын ағаң бар ғой деп күледі. Тойған ба тірлікте бұл тәбет-құлық, Басатын дамы емес пе валетті ұрып, Жеңешем тарқарда той тағы да тұр Қиылып, емексітіп, дәметтіріп... *** Ойпырмай, қайтем енді, қайтем енді, Бұлықсып бұлбұл шабыт қайта келді, Айта алмай жүргенімді айтамын ба Таңдантып тастаймын ба байтақ елді.
Бойымды билеп алды сағынышым, Лап етті жан сарайым – жалын ішім, Қисам да өмірімді болмас па енді Көретін өлеңімнің жарығы үшін. Жарылып бара жатыр көкірегім, Жырымды шықса атылып оқыр елім, Жазайын осы сәтті, өтіп кетсе ол Өртеніп өмір бойы өкінермін. *** Түсімде... Әлемге соңғы шақ таяп қапты, Күннің қызуы жоқ, шығып жатпай-ақ батты, Төрт мұхит түгел сарқылып таулар тас болып Жер орбитасынан ауып шатқаяқтапты. Темір қазықты тот басып босаған екен, Шолпан жылап көкке қош бол, қош аман деген, Жеті қарақшы жын буып жебесін сайлап Кеңістік – үрей, қорқыныш, қос оба мекен.
Тірлікке тойып астамсып мастанған ба адам... Басы бітпей жатып аяғы басталған заман, Кең әлем толы – шашылып жұлдыздар аққан Жер теңселген, ай құлаған, тас-талқан ғалам. *** Есіме түсірейін біріндеп тек, Ай-сәуле сипағандай бұрымды ептеп. Жанында төсегіңнің тұрып қалғам Демігіп екі иінім дірілдеп кеп. Бойымда қаным теуіп лапылдаған, Дес бермей асау сезім ақыл қалған, Біресе от боп жанып кейін кеткем, Біресе от боп жанып жақындағам. Содан соң айрылғанмын тілден-күйден, Түнде де ақ дидарың күндей күлген, Не болды сонан кейін айта алмаймын Не болды одан әрі білмеймін мен...
Күзетте Аспанға қарай алмай, жерге де түк, Бірдеме көрінердей ербең етіп, Басқа ма, жүрегім бе дүрс-дүрс еткен Бір пәле бойымда жүр кернеп, өтіп... Ұқсайды иіріліп қой жатқанға, Қорқыныш жайлаған ба бойлап қанда, Бұталар аттан салып келеатқандай, Қырдан да, құдықтан да, ой жақтан да. Қап-қара, қара суық көр қара түн, Қолымда ештеңем жоқ қорғанатын, Перілер отын жағып отырғандай Алдымда аң өтпейтін сор болатын. Ашыққан көкжал да көп аласұрып, Шаппағай қойға мені баласынып, Тәубе етем бұл күйіме, қайтер ем деп Көзіме қадалса ұйқы – қара сүлік.
*** Жиырма бес, шандоз, қайнардан ұласқан ағынға, Көп болды-ау менің қыдырып қыр аспағаныма, Кешегі қыздар қайда екен қиылып қарайтын Арман – айдында оң-солды құлаштағаныма. Сені іздеген көңілімнің жай таппағаны ма, Кім сенеді енді серідей шайқақтағаныма, Өмірдің теп-тез өтерін сездірмегенің бе, От қызуыңмен он орап байқатпағаның ба. *** Тоймен атқан толықсып таңдар сәнді, Қаракөздер көктемгі талдар сәмбі, Жанарлары жарқылдап қарайды олар Қараса егер – жүрекке қанжар салды! Кеудемде көл толқынын сапырады, Анық па адам өткенге аһ ұрары, Қара көзден шоқ түсіп лау етпесін Сап-сарыала күзімнің жапырағы.
Көз алдымда қыздар – гүл ырғалады, Алар уақыт барымды ұрлап әлі, Көңілімнен бір құйын жүріп өтті Тереземнен жастық шақ бір қарады. *** Бойға қуат бітер ме күш қанға енді, Құс – көңілдің тарылды ұшқан көгі, Досым күліп жүрмесін жығылды деп, Ойламасын жеңдім деп дұшпан мені. Қарамағын басыма күмістенген, Ерітермін от ыстық – тыныс деммен, Маңдайыма мезгіл тор салған шығар Мезгіл егер болмаса кім істеген?! Жылдар өтер, ай өтер, өтер күндер, Бұл өмірге келер кім, кетер кімдер, Мақсаты ұлы адамдар жолда қалмас Екі дүние бірі оған жетермін дер... *** Шырмалып шыға алмадым түн-түнектен, Замана шалдырмайтын түлкі неткен, Өлкемді бауырына басам деген
Өзіме көз алартқан кім бұл өктем. О бастан өлшемі жоқ – кең көлемі, Жеріме жаһанда не тең келеді, Атама жазирада сайран салған Бостандық емес пе еді ең керегі. Аямай ақ көңілдік бізге тәңір, Тартқанбыз далаға ұлы – түзге тамыр, Алқа көл сұламадан аман жеттім Енді ақтық үмітімді үзбе, тағдыр! Көрсем деп оймен арай – шұғыланы, Көзімді жұмсам... маңым ұры-қары, Аюмен, Аждаһамен арпалысқан Абылай көз алдымда тұрып алды. *** Бір күш бар құдіретті тұлғаңда айбын, Тұңғиық жанарыңа тұнғандай мұң, Алдыңа келгенімде тынымым жоқ От басып табаныма тұрғандаймын.
Оңаша барып-қайтып далаға сан, Сен жайлы ойларыммен жағаласам, Бір әнім болса, жаным, саған айтам, Бір сырым болса, жаным, саған ашам. *** Жортуылда арлан, бүлікті дейді салармын, Қырқаға тігіп қырағы қос шоқ – жанарды, Ақ күртік қарды омырып күрт-күрт желеді Жан-жағы жапан, құла дүз, тастай қараңғы. Тартады алға түр-өңі жаман бұзылған, Жотасы жартас, тырнағы түрен, ұзын жал, Аңқасы ауып төңірегін түгел тінтеді Лақылдап атып ақтарылса деп қызыл қан. Тұмсығын көкке, құйрығын жерге тірейді, Ұлиды суық, ұры пейілмен үрейлі, Азуын алмас ауада сақ-сақ жаниды Арандай аузын ашады – айқас тілейді.
Көңілінде құрты – құмарлық деген қызады – от, Табанын тесер ажалы жетсе – тұзақ-оқ, Уыстап қарды ақ түтек қылып шашады Тағдырға мынау тентіретіп қойған ызы боп... *** Жаңа көрдім мен сені, Жолды қалдым еңсеріп... Толқын – жүрек тулайды Теңіз болып теңселіп. Бұлттанбаса ай-көгім, Келе алмассың, тәйт, өлім! Толқытасың дауыл боп Теңіз болам, қайтемін... *** Өтті жаз, өтті көктем... тағы көктем, Жанымның бүр жармады бағы көптен, Аспаннан – ақша бұлттан сұрау салдым Сұрадым жұлдыздардан ағып өткен. Жастық шақ – жапырағым жайқалмады, Мұң – көлім көзімдегі шайқалғалы, Көрдің бе, – деп сұрадым даладан да Сұрадым Алатаудан, айта алмады.
Қуармын сен үшін деп арман құсын, Меке ғып жүрсем фәни – жалғанды шын, Тағатын кеудеме сен гүлімбісің Қадалар кеудеме әлде қанжармысың?! *** Тақымында тарпыған түн тарлан ат, Жарқ етеді күнге тисе шарболат, Қыран бабам қанатымен көк тілген Жағаңа алтын жармаса ма жарғанат... Жасқа малып суарғанда наркескен, Дұшпаны – жат қыл арқанын дарға ескен, Атырау – қақ құрсауланған көк мұзға Еділ – Жайық қабырғадан қан кешкен. Буып алған даламды ұлы өр намыс, Қас батырда шабуыл, жоқ қорғаныс, Ақтабанда ақыратын Арыстан Тарлан атта тап беретін Жолбарыс...
*** Сәуір мынау сәуір ғой аты шулы бұл әйгі, Қуаныштан көз жасын көкшулан бұлт бұлайды, Дал-дал қылып тал бойын тау басынан далаға Ақ бұлақтар атой сап ақ боз атпен құлайды. Сәуірде мен туып ем жақсылыққа жау нөсер, Алқабымда құлпырып қызғалдақ, бақ-бау да өсер, Баяғыдай жүгірсем жалаң аяқ, жалаң бас Жағамнан ап жұлқыса жел деген бір әумесер! Ақ түтек боп айнала көрінбейді ара түк, Түн тұнықты кешем деп киіп алған қара етік, Қайырып ап қамшысын тартып қалса нажағай Көк көйлегі аспанның айрылады дар етіп.
Құй ақ нөсер, құй нөсер, құй ақ нөсер шелектеп, Жайқалсыншы жапан түз, жайқалсыншы желек-көк, Ауылымның алдынан асыр салсын ақ айдын Аймағымды аңсаған ақ нұрыңа бөлеп кет! *** Сені, жаным, ғұмыры іздеп келем, Күндер қайтқан құстардай тізбектелген, Тағдыр бұлты төбемнен түнереді Үмітімді ең соңғы үзбек пе екен. Жастық өтті құлпыртып кілем бағын, Өзіме-өзім осы күн күлем, жаным, Сені іздеумен жер орта жасқа келдім Қайдасың сен, кімсің сен біле алмадым. *** Түн іші төскейге аунап тамған жұлдыз, Шомылған Шолпан ару – арман бір қыз, Ай көкті айшықтаған алтын таға Күн – тұлпар шапқанда ұшып қалған күндіз.
Әуеде ала бұлт жоқ – тұма тұнық, Құс жолы ақ арқандай шұбатылып, Жеті – ұры қарақшы тың тыңдайды Темірқазықты айналып тұра тұрып. Самала шамын аспан самсатады, Төбемнен тамса жұлдыз, тамса тағы, Соқса леп, кеудемді ашсам, әлдеқашан Әлдене ұмыт болған аңсатады. *** Жаным, биыл кетіп пе едің төркіндеп, Көкірегімнің баса алмаймын өртін көп, Ана жылы іші күйген бір жігіт Жанарыңа көз тігеді-ау еркін кеп. Жатырсың ба аунап туған ұяңда ақ, Қайын жұртқа жіберермін сый арнап, Өзің жайлы ойға кетіп жүремін Отырамын өзің жайлы қиялдап.
Жағдайымды хабарсыз-ақ айтпай сез, Көк теңізге асықпаған Жайық қай кез, Сағынсын деп, сарғайсын деп сен мені Жүр ме екенсің әлде әдейі қайтпай тез. *** Баламыз шауып жүрген талды ат қылып, Үлкендер жүреді ылғи алдап, күліп... Досымды жаным сала қорғайтынмын Кім көрген өмір сырын болжап, біліп... Бәрі де көз алдымда, әлі есімде, Жүрген кез әрі ұрына – әрі есіре, Бүлдірсе бірдеңені мен дейтінмін Қалушы ем барлық кінә – пәлесіне. Аяғы балғын шақтың тез боларын, Алтын деп жүргенімнің жез боларын, Ақкөңіл адалдықпен байқамаппын Достың да менен кетер кез боларын.
Мен оған ойламаушы ем болмасын деп, Сенімім енді өзімді қолдасын тек, Баяғы аңқылдаған жоқ көңілім, Баяғы жан досым да – жолдасым жоқ. *** Жалықтым, күйкі тірлік, күйкі кәсіп, Жүремін басым мең-зең ұйқы басып, Жарық күн, жер-жаһанды жарқыратқан Жаныма қашан сәуле – нұр құясың. Кетпегей уақытқа – кезіме есем, Шыққан бұл жүрегімнен сөзіме сен, Қашан жан сарайыма жарық түсер Қашан мен жалын жұтам, сезім ішем. *** Ойым орман шытырман нулы қалың, Сімірем бе ащыны – у бұлағын... Бір қыз өтіп барады, сұқтанам деп, Демім жетпей демігіп булығамын.
Бір қыз өтіп барады, кім бұл күлген, Қалай жабам ашылған мұң кілтін мен, Көріп пе едім түсімде бұрын оны Бұрын оны оқып па ем мың бір түннен. Қарай көрме мен жаққа қарама түк, Енді қалған жерімде жаралы етіп. Көйлегіңнің етегі далаң етіп Бір қыз өтіп барады, барады өтіп. Уақыт-ай, өзгермес қалпым нағып, О, жастық шақ, жүретін шалқып-жанып, Көзім алды көк теңіз сағымданған Жүзіп өтіп кеткендей алтын балық. *** Толқындардың дуылдаған шу – тілі, Қара құрдым – жеткізбейді су түбі, Тарғыл-тарғыл жақпарларды жасқантып Меруерт тас жарқырайды ту тігіп.
Жас ақындар жаңа басқан қаз құрақ, Ата ақындар жазады қыс-жаз құрап, Асыл тастың аз болары сияқты Ақық ақын арасында аз бірақ. *** Айды аспаннан алқа ғып тағам ба үзіп, Шарайнасын шыдамның шағам – бұзып... Балаңа бар, бара ғой ойнап кел деп Қарайсың от көзіңді маған сүзіп. Балаң ойнап қуанып бара жатыр, Сезімге ие болатын сана ма, ақыл, Көңіліңе қара жел кіре қалса Ердің ары тиын ба қара бақыр. Өмір кейде мұз тайғақ тақа сынар, Аласымды алмасам қате шығар... Балаң құсап мен де оған қуанар ем Балаңның да өзімдей әкесі бар.
Алматы Самолетпен – құс жолымен келем мен, Қашан шығар кеудемдегі өлең – кен, Көк төсінен көзімді алмай қараймын Далам байтақ – бұл неғылған көлем кең. Мынау қала абат бақ қой жап-жасыл, Терек айтып тауыса алмайды талға сыр, Нөсер құйып ауық-ауық салды асыр Алау атып арай апорт – алма асыл. Көңілім кептер, көгершін, ақ құс кілең, Алатау бір іліп қойған тұс кілем, Жерден де мен тоя алмадым көркіне Тоя алмап ем ақша бұлттың үстінен. *** Мұқағали, Светқали есімді алып, Шықпай ма өлең кеудемнен тесіп-жарып, Абайдайын атама мұң шаққандай Өксіп жылап жыр-анам жесір-ғаріп.
Ой маржанын тере алмай өтті есіл күн, Жеткенім бір, бүгінде жетпесім мың Жыр қақпасын он бес жыл қақпай кеттім Бойымда мен он бес жыл отты өшірдім. Жиын қолын соқпады сатырлатып, Бұлақтарым шықпады тақырға атып Көгіме бұлт жауам деп шыға қалса Найзағайым қуды атып патырлатып. Сияқтымын бәрінен бос қалғандай, Қолтығымнан демейтін дос бар қандай, Жазбаспын деп өлеңді тағы отырмын Және де одан біржола бас тарта алмай. *** Үміт етіп елі туған ұлдан көп, Астамсыған Астанада тұлғаң тоқ, Естігім де көргім де енді келмейді Сенімімді саған деген жұлған ба оқ.
Ажалдың да ез емес қой араны ер, Тоқсаныңа, жүзіңе де бара бер, Мен сол сәтте кіре алмадым – өлмедім Қақ төсінен жарылмады қара жер. *** Білмегенді білмекке болып құмар, Жоқ алдымнан шықпады жолықты бар, Фани – бақи, күн мен жер, өмір – өлім Дін мен ғылым бір-бірін толықтырар. Нұрын құйған тұп-тұнық тұмама Хақ, Қараңғы да, жарық та жұмама жақ, Дүниені ұстап тұр екі нәрсе Бір-біріне қайшы-һәм бір бұ не ғажап. *** ... Құтқармақ қолын созып далам аяп, Аяғын алдырған ба қала алаяқ... Еріген солтүстік мұз, оңтүстік мұз Су кешкен Америка – жалаңаяқ.
Өзенім өпірім ең қунақ аққан, Бөленіп жатырмысың буға бақ-маң, Ернегін Еуропаның асып кеткен Африка белуардан суға батқан. Бұл көрген түсім еді – бұл күн елес... Алдымда жолбарыс жон түлкі белес, О бастан Аталарым қам жасаған Өшуі тіршіліктің мүмкін емес. *** Басым қыс көңілім мұз ойым үсік, Мұң төбет арманымның бойы күшік, Кәрі ажал көрінгенге тиісердей Алған ба алжығанда тойып-ішіп... Көзің сал тысыма емес астарыма, Кездеспей жүрсіңдер-ау қас дарынға, Адамның қартаюы екіталай Он сегіз, жиырма бестей жас барында. Тағы өскен асауларға салдым құрық, Кісі емен күн кешетін қалғып жүріп,
Жұмаққа баратын сен дейді досым Ішегім қатқанша бір алдым күліп... *** Жалғыз өзім сияқты дастан – дарын, Білмейтін кез жер барын аспан барын... Мектептемін сабақта өлең жазам Ақын болу – жоқ менің басқа арманым. Сол экзамен есімнен кетпейді әлі, Біреулердің қашанда көп қой балы... Сұрағанның бәріне көмектесем Уақытым өзіме жетпей қалды. Содан... содан өзге оқу, жұмыс та өзге, Көрінемін көзге алтын, күміс көзге... Орынымды өмірден таба алмадым Әйтпегенде, тәйірі, Ұлы – іс, сөз бе... *** Балғамда тер күректе шер кетпен – кек, Кез-ді майдан шыққан алғы шептен кеп, Коммунизм айтылмаған бостан бос Социализм орнамаған тектен тек.
Бұл адамзат байқап бәрін сынаған, Арта берген жөн болар ма кінә оған, Бас-басына би боп кетсе... ел құлаған Темір тәртіп жүргізді ме дін аман... Ең ескінің шегіртке, женьшень бе асы, Мен шығармын мемлекеттің ең жасы, Демократия, диктатура екі гир Тағдырымның – таразымның тең басы. *** Міндім бе ауыр ойдың тұғырына, Түстім-ау комиссияның құрығына, Мен әлі өзімді бір байқағам жоқ «Шын ердің су келмейді жұлығына». Ой – пері ақыл – шайтан сана – бақсы, Ол кезде ақымақ та дана адасты, Төраға өлең шығар деген сәтте Аузыма түскен еді табан асты. Жалпыға жүрмесе де тұл ісі ұнап,
Құдайдың жол бермейді құлысымақ, Баяғы комиссия емес енді Ұлыдан алдымда ұлы – Ұлы сынақ... *** Басшысымен қосшысымен көрікті ел, Жолдарымды не тарқатып өріп бер... Көрер жарық маңдайыңда жазулы Келешегіңді оқып білген көріпкел. Өмір мына әрі шілде әрі ақпан, Иса да таң, Будда да таң, араб таң... Ойыма өлең келе қалса бір шумақ Мені қолдап демегені Жаратқан. Біз көтерген биік болсын ұя ақ – үй, Бәрі Алладан құрмет пен сый я күй, Тағдырыңа өкпелеме, жаным, сен Маған қайдан тап болды деп қияли... *** Бір мақсатым бар-ды о баста діттеген, Жолдар шықты тік жоғары тік төмен, Кезіккенде оқиғалар күтпеген Жүргем жоқ па бітірместен түк те мен.
Қақ төрде әлі отырмаппын шаншылып, Атқан аңын жықпаған ба аңшы – үміт, Қара тер боп қабырғамнан қан шығып Қызметті де істемеппін жан шығып. Түзде босқа... жауы болып үйде астың, Мына әлемге бұдан ары сыймаспын, Қайтем енді қимас күн мен қимас түн Үстім дәрі – үстім бомба мина астым... *** Мәңгілік туған өлке қалмақ мекен, Өскелі өзімді өзім алдап па екем... Алтын бар деген жерде болмас бақыр Әкем өз ауылыңда мал бақ деген. Бүгінде қайғым ақыл қайғым сана, Бара ма күнім ауып ай қисая, Сен адам болмайсың деп шешем айтқан К...е күбі-күбі май құйса да.
Өткеннің сабағы ма – тәлімі ме, Өмірдің шықты алдымнан мәні міне, Кетіп ем ата-анамның тілін алмай Опық жеп өкінемін әлі күнге. *** Туымды көкке жүремін алып, Қаншама ғасыр нұр елім налып... Ұлтымның ұлы ұйытқысы көсем Көсемнің дана тірегі халық. Қазірдің өзі-ақ – сәскем бағам бар, Көз тіккенде басқан қадамыма әр, Шаң жұтқан барлық үмітін сауған Жағасын ұстап аспандағандар... Отаным мәңгі – мол бағы ұстаған, Даламның төсі толған іс, толы ән, Таудағы бүгін барыс қана емес Нудағы түбі жолбарыс болам. *** Ат қоюшы ем балама бас қатырмай, Есімдерде нендей гәп – сыр жатыр жай... Соғыстағы күндер келіп сұрапыл Атыңды мен қойған едім – Батырбай.
Таңдайыма талшық – тамшы тамды қай... Бәр-бәріне бермесін көп мән Құдай, Жорытқанның жолы болып жүргенде Атыңды мен қойып едім – Бандыбай. Біреулердің күн шылымы шақшасы ай, Көлді қолдан жасап алған – Қапшағай, Көп күттіріп келдің бе бұл дүниеге Атыңды мен қойдым сенің – Ақщабай. *** Өтті кез кеп ап кеткен үйіме ұшақ, Құлағыма көшенің күйі пышақ, Бағдаршамдар бақшиып өткізбейді Жол апаты жая ма жиі құшақ... Жететіндей жасанған жауға амалы, Домалаған тасы өрге – сауда, малы, Шалдырмайтын сияқты ем тауқыметке Алдырмайтын сияқты ем тау қамалы.
Өткізіппін өмірдің ауыр сынын, Биылғы жыл мен туған сәуір шығын... Сағынғанда саған сан хат жазармын Қанатымның қалам қып қауырсынын... *** Минусім көп пе, плюсім көп пе, Жабығым бауыр ілуші ем өкпе... Бармаған жерім баспаған тауым жоқ Уағымды ұшар білу үшін көкке. Қағаздан басқа ұстамай ұсақ, Аққуларды әкеп – құсқа бай бұ шақ... Көктем де бір күн өте шағар-ау Қыстағы Ақпан – қысқа ай құсап. Сақтаған сыр деп есім сұм нені... Тал түсім де өткен бесін сын еді, Періште емеспін – біледі ішім Құдайдың өзі кешірсін мені... *** Жүйкемді мазалайды ара жиі, Қайсысы билік қайсы пара – биі, Қаһары кабинетті қақыратар Басында үстелінің қара бүйі.
Неше жыл өтінішім сүрленгелі, Құдайдың шәкіресі бір мен бе еді... Қалтасы тесік кірмес қараңғыға Ақшаның айдан жарық жүрген жері... Күзетші бері аттады ары аттады, Артыма кетіп барам қарап тағы, Ағаштан ұшып жатыр жапырақтар – Желге ұшқан үмітімнің парақтары. *** Орыны жоғалмас Жер алып дене, Ай жүзген айдынында балық кеме, Қайда жүр қайда барар қайдан шығар Өз жайын ойламаған халық па не... Онсызда... қосып қайтем бұлтыма түн, Өзгертіп неғыламын ұлтым атын, Сақтайтын ну орман мен ұлы қорған Кез өтті шапқан жауы құл қылатын.
Ғарышқа – қоныстанбақ Марсқа адам, Үйімнен шыққан жоқпын қарыс қадам... Баяғы... Оян, Оян! – деп тұрғандай Кеңселер, көшелерде Барыс маған. *** Әкімімін аймағымның баспын ба... Ебін тапсаң сіңеді екен тас құмға, Көкірегім араны апан ашкөздік Шомам терге ақша буы астында. Министрмін түпкірлерді үптеген, Неге қойған түсінбедім түкке мен... Көмейіме кетіп жатыр составтар Корабльдер, лайнерлер жүкпенен.
Үндемейді ешкім маған еті өлген, Отан – анам, құшағыңа жете емгем, Іссапарға барғам кейін билет жоқ Қалып қойдым келе алмадым шетелден... *** Жеңе алмаған жоқ қылмаған қор қасын, Мекен етіп тақыр үстін сор басын... Маңғыстаудың қара ойы ну көк шалғын Ғұндар тіккен ата қонысқа ордасын. Мыңжылдықтардан да терең түбірі, Түркілердің бірі аға, бірі іні, Құлағымда семсерінің шыңылы Тұлпарының тұяғының дүбірі. Тумысымнан ту ұстаған тектімін, Көкбөрімнің көтеремін көкке үнін, Жеті жұрт кеп кетті деуді қоятын Жетті мезгіл, жетті уақыт – жетті күн! *** Балпаңдап басып, желеді, Шудасы нудай жайқалып. Қыр жақтан құлап келеді, Түйелер шұбап, шайқалып.
Буралар бұрқап басады, Шабына қалса күркіреп. Тайлақтар шайпау асады, Буыршын біткен дүркіреп. Мойынын созып ырғалып. Асықпай мая, атан, нар. Бір озып, кейін бір қалып. Боталар жүрмей қатарда. Шығатын құйқа шөбі өсіп, Өрісі – жайлау, түбек, төр. Қып-қызыл болып өңеші, Лоқ ете түсіп үлектер. Көңілім қайнап бу атып, Түйелер салған серуен... Өтеді-ау өмір – уақыт, Көшеді-ау дүние – керуен. *** Еркетай қыз, он сегізде нұрланар, Қызыққа бар, думанға бар, қырға бар, Саған қарай ұшты аққулар кеудемнен Көктем әнін көтеріп ап тырналар.
Балалықтың базарында тел өскем, Кекілім мен тұлымыңнан жел ескен, Ақша қардан моншақ тақсам мойныңа Бұртия қап қуатын сен емес пе ең. Жайым қиын сырымды енді біл-ұғын, Көңілімнің бастың перне – бір үнін, Ұйықтатпайтын болды мені түнімен Сенің қара көзің менен бұрымың. Атыңды көп айта берем қайталай, Өткен күндер, білдірместен ай қалай... Тұлымшағы желбіреген ерке қыз Бұрын сені келгем қайтіп байқамай. *** Өмірде орта жолдан асып барам, Қайтейін, кете бердің қашыққа арман, Көңілім көк теңіздей жұлқынады Желігіп жиырма бесте тасып қалған.
Асыққам алға қарай ұмтылғанмын, Әйтеуір жүрген жоқпын күн-түн қалғып. Мен үшін ең қара күн ажал емес Ол –халқым қаперінен ұмытылған күн. *** Жастық қалды біз шыққан күрең белде, Ағалықтың аулына кірем менде, Жан әлемім аспандай жарқ ететін, Жанарыңнан жай отын жібергенде. Содан бері дауыл сан, құйын тұрды, Енді баурап балқытар күйім кімді, Жарға шапқан толқындай жайпап өтіп Көрер емес уақыт бұйым құрлы. Күн кірер деп кеудеме – төріме нұр, Өршелендім өмірдің өріне кіл, Алқынып-ақ қалғандай асау жүрек, Секем алып қалғандай сері көңіл.
Сала алмадым арманға әлі құрық... Жайлауымның кеткен бе сәні құрып, Жылдар ағып бүгінде жасырыпты-ау Балғын төсің, бал ернің – бәрі де ұмыт. *** Жақсылықтың жаз күнін сайрандағам, Дүниеге баладай қайран қалам, Сая тапса жолдасым жадыраймын Жолдасымның аты озса жайраң қағам. Біреуге алдан ор қазып кектенбеймін, Көңілімнің бұзбадым көктем кейпін, Ақ жаныммен жарқылдап өтсем деймін Ағып түскен жұлдыздай көктен кей түн. Ақан сері Шаптың ба, шалқайдың ба Маңмаңкермен, Көшті мен көз алдыңнан арман-керуен, Кидің бе қама, қамқа желкілдетіп Түсінде таңдай қағып хандар көрген.
Шаптың ба, шалқайдың ба Құлагермен, Құландай құлдыратып құла белден, Ән салсаң аузын ашып қалды ма жұрт Аңырып ақ боз үйден шыға келген. Көл барып құс салдың ба, баптап құла, Ай туса асықтың ба Ақтоқтыға, Кер құла, қараторғай, құмайыңды Қызық қып қалың елге мақтаттың ба. Арқада асыр салып аң қақтың ба, Міндің бе аттан да тек таңдап құла, Тұлпарың тұмар таққан мерт болды ма Шемен боп көкірегіңе қан қатты ма.
Жүрдің бе серілікпен, салдықпенен, Ән десе ажарланып, балқып денең, Жүйрікке Құлагердей мініп кеттің Артыңда ілесе алмай қалдық па екен?! *** Баурайда бұлаңдаған кәусар бұлақ, Күлкіден жарылғанда аусаң-құлап, Құлынша құлдырауға құмарсың-ау Бір күні уақыт ішіп тауысар бірақ. Тұсауың әлі сенің кесілмепті, Арда еміп Алатаудың төсін-көкті, Құлдилап құламаға кезігіп ең Ақ көбік, алақайлап есің кетті. Дейтінді бір тосқауыл бар тасқанға, Көңілің жарты әлемде, жарты аспанда. Қақ болып, қара су боп қалармысың Басыңды соға-соға жартастарға.
Ақса да дариялар ақыл, еппен, Ақ маржан арнасына жақұт еккен. Ақыры айдалада айтақыр боп Құм басып көкірегін қапы кеткен. Құшағын аспан жайсын, дала жайсын, Сағат сын, саған күн сын, саған ай сын, Есіріп, екіленіп ентелейсің Япырмай, алды-артыңа қарамайсың. *** Жеттің бе, жырым – жыл құсым, қос қанатыңды сабалап, Күлкі ғып бітті достарым, дұшпаным мына табалап, Аспанға төсеп төсіңді жұлдыздай ағып келдің бе Артыңда асқар тауларды қалдырдың кімге аманат?
Ай менен күнге шағылып ақ алмас құсап жарқыл қақ, Қыранша шүйіп, шүйлігіп толтырып көкті шаңқылдап, Томаға саған салмайын топшыңды созып тартынба Қарғалар сені көргенде бұтаға бұқсын қарқылдап. Алқаға түссем жеңемін бәйгемді бүгін шаппай бер, Ақтопан атып тасимын – дарияларым қаптайды өр, Аңсаған құсым жеттің бе – алқымы іскен асау жыр Жарылар ма екен жүрегім ата-бабаларым сақтай гөр! х х х Таудан аққан өзендей тасып жырым, Көтерер ме ем дәуірдің, ғасыр жүгін, Кеудемдегі кенімді ашып жүрмін, Көкірегімнен шоғымды шашып жүрмін.
Өлең, өлең бойымда сен кеселім, Уақыт – ғұмыр аянбай белдесемін. О, жаратқан, жай өтер жүз жылға мен Шабыт буған бір сәтті бермес едім. *** Тағдыр басқа салғаннан соң не амал бар, Жат боп кетті деп тумалас жамандар, Туған жерге биыл барып келейін Онда әкем мен әлпештеген анам бар. Өскен жерге соқпай, сірә, бола ма, Қырларына қаптайтұғын долана, Бұлақтары буырқанып таси ма Сайлары асып сағағынан тола ма.
Бар атам да, бар енем де, абысын... Төзіп келем балапаным бағы үшін, Қыздың қырық жаны бары рас-ау Болаттан да берік қыздың жаны шын. *** Он жыл оқып, кетеміз бе он жаққа, Өмірде, дос, жете бермес қол жоққа, Бізді ортақ жол әкелгенді бүгінге Бізді бастар ортақ енді жол жоқ па?! Тартатұғын түбі терең өмір-ау, Мұрт тебіндеп, толықсыпты омырау, Қош бол, алғаш әріп жазған ақ партам Қош бол, күміс күмбірлеген қоңырау.
Көңілімде қалар мәңгі көктемім, Сағыныш боп жүрер сенде өткен күн, Менің ақыл – ұстаздарым бол аман Қош бол, менің алтын ұям – мектебім. *** Бұқпағам басым бағып қорғаныста, Тағдырым, ту-найзаңды толғап ұста, Кезіксем күркіреген көк өзенге Жолықсам жапа жалғыз жолбарысқа! Торласа қорғасын бұлт құрсап ауыр, Жат болып бетін менен бұрса бауыр... Желкенін қайығымның көтергенде Алапат айдында апат – тұрса дауыл. Қыс қысса қары қалың қабаты – омба... Тағдырым, найзамды күш таба толға, Қағам деп перілер кіл келсін маған Аждаһа келсін – ажал анаконда.
Өлең Бел буып шықтым саған – сапарға алыс, Бойымда буырқанған қаһарлы ағыс, Бұл жолда жаз өтер ме, күз келер ме Боранын бұрқыратып жатар ма қыс. Қалайша жүрегімді тыңдата алам, Шық шайса жанарымды – мұңға қанған, Алатау, Қаратаудай тұра алам ба Тамшыдай жоғалам ба құмға тамған. Бәріне басым тігіп бақ сынармын, Ай түнде, аспан шамын жақсын әр күн, Алдымнан ажал апан қаза қалса Мен сені кімге сеніп тапсырамын... *** Сенің, сәулем, не мені күтпегенің, Енді әнім жоқ айтатын, бітті өлеңім, Арманым да жоқ енді таусылмайтын Көңілім де жоқ енді түкке менің.
Сырым да енді жоқ басқа жан ұқпайтын, Қыдырмаймын өзіңмен жалықпай күн, Сен бар жерде енді мен отырмаймын Сен бар жерге жүрмеймін барып-қайтып. Енді ертеңді қиялдап аңсамаймын, Қайтем жанса жан отым – жанса қайғым, Енді маған жаумайды ақ жаңбырлар Енді жарық болмайды жан сарайым. Енді сая таппаймын жаным үшін, Көкірегім көк толқын, жалын ішім, Сенсің менің өйткені қуанышым Сенсің менің өйткені сағынышым. *** Балғын кез, алау шақ қайда, Қыдырған жасыл бақ қайда, Аңсарын көңіл таппай ма Уақытқа мына жоқ па айла.
Армандар қайда айға асық, Жүрмеген жерді жай басып... Қайдасың кеткен күндерім Балдырған шағым, қайдасың! *** Өтіп жатыр жылжып апта, баяу күн, Қандай екен берекеге бай аулым Құлыншағым құлдырай ма құлпырып Сағыныштан сарғайдың ба, аяулым. Алқа белден аға ма асып ақ бұлақ, Көктем сайын көңілденіп, атқылап, Мен кеткенде тарғыл, сабау күшік-ті Енді сырттан төбет шығар саққұлақ. Аман сау ма атам менен ақ мамам, Сары қазыны сүрлеп жылдап сақтаған, Адам барса ала қашқан асау-ды Кер құла тай ат болды ма Ақтабан.
Бүгіндері ұйықтатпайтын ой – аулым, Жайлаудағы келген әрбір той-ау күн, Не ғып жатсың айтшы, жаным, сен қазір Түн ортасы... ал, мен әлі ояумын. *** Тыншымайсың жайыңды білем жүрек, Жан емеспін мен өмір сүрер жүдеп, Мұқалар деп ойлама қиындықтан Қиындықты мен әркез тілеп жүрем. Жүгінемін, әйтеуір, шындық – досқа, Мейлі ешкім де мендегі мұңды ұқпаса, Бейнеттерім, сал мені қарсы ағысқа Жайшылықта кетермін жүнжіп босқа. *** Өмір деген әрі иірім, әрі ағын, Жиындарда жарқ-жұрқ етіп жанарың, Он сегізде тұратынсың от болып Қол тигізбей кеудеңде қос анарың.
Он сегізде кім өзгені елеген, Жібек пенен Баянға өзін теңеген, Қызық көрсең қуатынсың қырық күн Өз-өзіңнен қозатұғын делебең. Есіме алып отырамын сол шақты, Бетіңе әжім айғыз-айғыз жол сапты, Сондағы асау сені қолға түсірген Уақыттың қу болғаны ма сонша әккі?! *** Арқар тұр шыңда салбырап жерге сақалы, Қауіп пен қатер көкжал боп аңдып жатады, Шаңырақ мүйізін шайқайды-дағы астына ап Шыңырауға өзін бар пәрменімен атады. Жауына қарсы тұра алмағасын күйеді, Тұлғасы талқан, күл болатындай сүйегі, Ернектен аққан қара тас құсап зуылдап Тұңғиықты барып тас төбесімен түйеді.
Риза ма, әлде, емес пе риза жалғанға, Жүреді жалғыз шатқалда, жарда – тар маңда, Дұшпаны шапса жартастан өзін тастайды Жем болғаннан да өлгені жақсы арманда... *** Тауым – тау, көлім де – көл, далам – дала, Өзгерген мына жалғыз балаң ғана, Жата бер тамыр тартып топыраққа Артыңнан барғанымша алаңдама. Көңіл бұл бүтін емес, көңіл шемен, Қайтсемде қағылмайды өмір – шегем, Күздегі жапырақтай қалтыраймын Қайғыдан қапалықтың шерін төгем. Жетім жыл өксіп-өксіп жылағанда, Бойымда қылау түсті тұма-қанға. Жапырақ жаутаңдайды жерге, көкке Мен болсам анаған да, мынаған да.
Бәрі өгей айналаның – өңір өгей, Қасірет толқынына көмілер ой, Жапырақ екеуміз қос тамшыдаймыз Бір күні көзден ытып төгілердей... *** Шығамын ұлы мақсат – ұлы жолға, Ғұмырым қу құлқынның құлы болма, Бесқару – жарағымды бойыма ілем Құдайым тек жолымды қылып – оңда. Бата бер ауылымның ақсақалы, Атымның қызар тасып шапса қаны, Мөп-мөлдір көңілімнің көк аспаны Кіршіксіз арманымның ақшақары. *** Шабыттан жаным сая, тапқан емін, Бұлбұл боп сайрар ма екен бақта өлеңім, Булығып кейде ойымды айта алмаймын Жырымжы жаза алмаймын – шаққа өремін.
Балқимын кей кездерде қорғасындай, Өлеңім көкірегіме – торға симай, Басыма байлық жинап не қыламын Көңілге, сезімменен болғасын бай. Қуатым, қандай деймін қарқын-шамам, Найзағай берген жоқ па от – жарқыл маған, Ең жақсы жырларымды жазсам деп ем Барымды берсем деп ем, халқым, саған. *** Балапаным, бал бұлақтай бал тілің, Сұрар біреу жұрты кім деп, халқы кім, Астындағы атын түсіп беретін Атаңның ақ көкірегін ал, күнім. Құлыншағым, құлдыраған еркесің, Біліп өскін еліңнің ер-серкесін, Батырлығын ал адуын атаңның Дұшпанының үзетұғын желкесін.
Атаң ақын сөзіне адам сиынар, Атаңның ән, күмбірлеген күйі бар... Маған да әкем берген өстіп ақ бата Қарғам, сенде құлағыңа құйып ал! *** Қарындасым, үңілші жаныма сен, Менің де атқан шұғыла таңым әсем, Бұдан бұрын кездессең, болар ең-ау Бұлаңдаған асау жас шағыма сән. Билер едім сені мен дөңгелетіп, Есе бермей елігіп өңгеге түк, Көңілімнің көлі асып көтеріліп Көйлегіңнің етегі көлбең етіп. Кетер едім, кетер ем шыр айналып, Білегіммен беліңді қынай қалып, Сенің жүзің алқызыл алау тартып Менің жүзім шырақтай, шырайланып. Түні бойы тамаша етіп көпті,
Құшқандай боп күнді, айды жетіп көкті, Жүрер едім, жүрер ем, қарындасым, Ол кезеңім, қайтейін, өтіп кетті. х х х Арман қуған бар күнім мен бар айым, Көк бүршігін көкірегімнің жарайын, Бұл жүрістен не шығады деп жүрме Түңілмеңдер тегі менен ағайын. Ұмыттым мен қуанышты – күлкіні, Бірақ шығам биік – көкке біл түбі... Балапан да ұядағы сары ауыз Арлан қаққан қыран болып бір күні. *** Мені алып келе жатсың өлең – сенім, Шомылып шуағыңа бөленсе елім! Далама нәр болам деп жайдым қанат Шалқар ма, шұқанақ па көлем – шегім.
Көңлімде сен болған соң келем өрлеп, Бойыма құрған тобам – өлең өрмек, Өртеген өзегімді өзің едің Өзіңсіз маған өмір неге керек. Шын айтам, жасыра алман, бүкпен мұны, Өзіңсің алдымда арман күткен де ұлы, Менің де ақ сапарым аяқталар Кеудемде сенің үнің біткен күні. *** Алып кетті сені айырып жол басқа, Тағдырдың да мейірімі болмас па, Күміс той да жасармыз-ау деуші едік Сен де келдің, мен де келдім сол жасқа. Омырауыңнан тартқан кез-ай жел ойнап, Сағыныштан сарғаямын мен ойлап, Аққу құсап бір кезде сен шомылған Көкірегімде салады әлі көл ойнақ.
Күн кешемін үмітімді үзбеумен, Қашан ерір көңілімде мұз-сыз кеудем, Өмір әлде жаратты ма бізді осы Бірін-бірі жүрсін деп тек іздеумен. *** Көңіл әлі – көк дөненім жүр қызып, Көз алдымда кешегі өткен тұр қызық, Шарайнаға қарап алғаш шошығам Маңдайыма түскен кезде бір сызық. Содан кейін тізбек болып қаптады, Уақыттың құрулы тор, қақпаны, Бірақ менің асаулығым жоқ бүгін Сол сызықты алғаш көрген шақтағы. *** Өскен едім бөлектеу, бұйығылау, Тірлігімнің қоңырқай күйі мынау, Қара өлеңім – қара көз, жылытармысың Түседі қар, көңіліме жиі қырау.
Басыма бұл не келіп, нелер кетті, Шайқалтатын жұмыр жер, зерең көкті, Көз алдыма көл тұнар деді ме екен Көлденеңдеп көкжалсай тереңдепті. Елім үшін барармын мен құрбанға, Өзегіме өрмегін жел құрған ба, Мені басқа ештеңе аудара алмас Қара көзің мөлдіреп сен тұрғанда. *** Ақ аспанға асығып, алабұртып, Шығып алды қара бұлт – қара бүркіт, Шамданды ма, шырқау көк шатыр етті Ала бұлттар қарамай барады үркіп. Үсті-басы ақ айдын малмандай боп, Дала жатыр бусанып, талғандай боп, Дүсірледі ақ нөсер, дүсірледі Бәйге атындай қызынып алғандай боп.
Тау тәкаппар көтерген басын биік, Түнереді қабағын – қасын түйіп, Айтақырлар аунақшып шыға келді Жас шалғындар жайнақтап жасыл киіп. Ақ бұлақтың ырқына беріліп бір, Бойын жазып көсілді керіліп қыр, Сонда да әлі дүние дүркіреп тұр Сонда да әлі қызба жел еліріп тұр. *** Өмір – шатқал кездім көп, Тез қуанам, тез күйреп, Ойлағаным болмайды Тағдыр деген безбүйрек. Күндер озып өтті өстіп, Қайғыменен беттестім. Өткел таптым – өтпеспін Арман қудым – жетпеспін... *** Алқызылданып шығыс жақ белгі – шаң берді, Қаратау қарап қабағын қалың сәл керді, Дүбірлі далам дүрмекке толы ұйқыңды аш Толғана басып, толықсып торғын таң келді.
Елгезек гүлдер елеңдеп ерте оянған, Жусанның ақ боз омырауы нұрға боялған, Ақ бидай басын теңселіп барып иеді Иығын жаншып ойнақтағасын ноян дән. Көлдерге күміс көгілдір сәуле – күй тұнды, Керілді бұлақ бал қылығымен сүйкімді, Ару таң келді ақ дидарыңды аймалап Ұлы атам – далам, ұйқыңды аш енді, ұйқыңды. *** Бара ма күйіп, өртеніп, жанып өзегім, Қайдасың өлең, қайдасың қайран сөз – емім, Осындай қиын сәттерде жәрдем берсейші Өмірімнің барлық бастауларының көзі едің. Жанмын ғой, сірә, тек саған ауған мен есі, Бар даусыммен, барыммен айтар жер осы... Жүрегім жұлып, қабырғам сөгер сәттер бар Өлеңім қайран, қолтығымнан келіп демеші.
Басында асау дария ақжал тіршілік, Аяғындай ақпай қара су қалған бір шірік... Ақырғы демім бітеді-ау енді дегенде Алдымнан күткен үмітім болып жүр шығып. *** Сұлулар, жүрсіңдер ме сайран құрып, Жарқылдап жігіттерді қайран қылып, Аңсатқан, армандатқан асулар-ай Сендерге түсер екен қайдан құрық. Кеудеге тақтыңдар ма гүлдің бәрін, Көңілге құйдыңдар ма күннің нәрін, Қонатын айдыныма, аққуларым, Сайрайтын бақтарымнан, бұлбұлдарым.
Бойымда от, көңілде күн, армандағы ай, Төгілер сендер барда бар маңға арай, Жасымда жалынға орап шоқ салғанда Өртеніп жанып кетпей қалғам қалай. *** Қара бұлт шықты құрсағы нөсер сіреген, Найзағайы ойнап садағын тартып шіреген, Қызыл ой жанып қызғалдақ, гүлге толар ма Көктемнің биыл көкірегі думан түрі ерен. Ақтопан қарғын алқымын сығар аңғардың, Атымтай жомарт шуағын төгіп самғар күн, Былтырғы қалған түбір менен тұқыл, тұқымның Бойлары өсер – басына шығар жалдардың.
Ұйқыға кеткен жауғасын алғаш – тұмса қар, Жер – ана дел-сал тал бойы балқып бусанар, Ару қыздардың аршын төсінен өбеді-ау Аптығын асық баса алмай қалып нұр самал... *** Ештеңеге мен тегі түсінбедім, Өмір – жұмбақ алдында күшім кемін, Жан жүрегім езіліп жүреді әркез Қарапайым адамдар үшін менің. Көріп келем теперіш, көп соққыны, Бозбаланың бұрқырап өтті от күні, Уақыт – ағыс ағызып бара жатыр Бұйым көрмей шөп құрлы – шөпшек құрлы. Аяғам жоқ барымды таныс, достан, Кішкентайдан бірге өскен, қол ұстасқан, Қарапайым деп жүрсем тап береді Аяғымды мүлт кетіп шалыс бассам.
Маған жақын сияқты бәрі ағайын, Ештеңеге мән беріп қарамайым, Жолдас-жора үйіме тағы толды Моп-момақан, шетінен қарапайым... *** Жас жігіт менің басыма бақыт қонар кез, Ұрына берме көрінген жерде борар сөз, Қапталдан келіп қарғынша ағып – қағасың Қарғынның аққан басылуы да болар тез. Жасырып, жігіт, жанарыңа атар оқ тықпа, Жан сарайымда алтыннан алқа, от тұтқа, Жанарым жалын жарқырай жанған, жасырсың, Жасыған соң-ақ жаныма келме, соқтықпа! *** Көзімді салсам өткенге, Жауқазын шақта – көктемде, Бас білмес асау өлеңмен Алқаны дүбірлеткем бе. Қыздардың көзін сүздіріп, Жүрдім бе тойды қыздырып... Басыма түсті боз қырау Кеудеме қонды күзгі бұлт.
Келемін тағы сапарда, Ұрынам ба қыс – қаһарға... Жиырма бес сенде жалын жас Сиды екем қалай жиһанға. *** О, махаббат, сен бе едің мені тербеген, Бойымды алып басыма ерік бермеген, Ақ жайықтай сен үшін Жібек жас төккен Сен деп Баян өзіне қанжар сермеген. Өтеді өмір, өтеді дәурен – өтеді ән, Сені бірақ түсіне ме екен жете адам, Құрбан болған сен үшін Қозы, Төлеген Сен деп Қодар, қарақшы болған Бекежан. Қан қысымым басыма шауып тасынам,
Арманым ба, ажалым ба әлде асығам... О, махаббат, сен бе едің жалғыз құдірет О, махаббат, сен бе едің жалғыз асыл ән. *** Жер – ана жаһанда алғаш жаралғанда, Тіршілік тамыр тартып нәр алған ба, Дүние сені қайта көрер ме еді Бір кезде, бір уақытта – замандарда. Кесіспес ешкімде онда ат құйрығын, Базар деп басымдағы бақ – бұйырымым, Қарсы алар өз төрінде қазаны емес Алланың ақ өлімін – хақ бұйрығын.
Алаңсыз тынышталар ел құлағы, Белдеуге қаңтармас ер Керқұланы, Адамзат түбі, сірә, тіл табысар Қаны бір, туысы бір – Жер тұрағы! *** Ақындар алқа топ боп астанада, Жыр – бәйге таңазаннан бастала ма, Алатау ұмтыла ма көкке қарай Өлеңді оқып-оқып тастағанда. Жарыстан көңіл қызып, дене қызып, Қарасын қас жүйріктер келеді үзіп, Жүрегім дүрсіл қағып, тынышым кетіп Түн бойы ұйықтамаймын елегізіп.
Сендерді аңсап жүрмін, сағынғам ба, Барымды базар қылам бағым барда, Ауылда қалып қойған ақ бұлақпын Қосыла алмай ұлы ағындарға. *** Күйемін бе отына әлде тамұқтың... Тірлік неге баянсыз деп қамықтым, Қымбаттығың қысқалығың болар ма Өмір, білсем құдіретіңді жаңа ұқтым. Жанбас мәңгі көкте жұлдыз, күн сөнер, Көктемді аңсап құсалықпен гүл семер, Тіршіліктің тәттілігі бола ма Бұл дүние қалауыңша тұрса егер. Қыста жауған ұйқы-тұйқы бұрқап қар, Жазда сіңіп, көк шалғын боп қыр қаптар, Соңғы күнін күткен алда қарттар тұр Ал, артымда ап-тап басқан ұрпақ бар.
Адам жолы туғаннан соң толы сын, Таба алмассың жүргенменен жол ұшын, Ғұмыр-тірлік қымбатсың сен – қысқасың Сүйем, өмір, сүйем сені сол үшін. *** Түзепті бойын ерте тораңғы, тал, Алдыңнан саумал самал соғар – жұпар, Қалқам, кел қырға шығып қыдырайық Қыс келсе ала-құйын боран бұрқар. Шапқылап бұлақ шықса сықылықтап, Тақырда жатыр атып ықылық қақ. Қарғам, жүр сейіл құрып сереуендейік Күз келсе айта алмаспын қыпылықтап.
Ерекше биыл тіпті қызғалдақ қыр, Сал көктем сазын ерке бізге арнап тұр, Айнам, кел бүгін, бәрін еске алармын Өзіңнен үмітімді үзген шақ бір. *** Қарай ма көктен құмар ай сығалап, Қанатын керегедей жайсын аймақ, Дір етті-ау көлім аунап, мазалаған Жел ме екен, құйын ба екен – қай сұғанақ? Қартым-ай, тоқсандағы жаспын деген, Мойнына моншақ тағып тас гүлдеген, Өкіріп өр өзенім ала қашты-ау, Асаудай құла дүзге бас білмеген. Далам-ай, жусан жауған бетегелі, Аққулар аңсауменен жете ме енді, Көңіл деп көп барушы ек көрші ауылға Бір жаққа қара көз қыз кете ме енді.
Шынымен мынау балғын көктем бе екен, Арман – гүл кеудемдегі көктер ме екен, Ақ аспан ақ жаңбыр боп ағылып тұр, Жарылып сағыныштан кеткен бе екен. *** Қып-қызыл шоқтан қызарып шыққан тандыр нан, Кешегі масақ такаппар қарар жал-қырдан... Жаралдың ба екен күннің ақ, алау нұрынан Жаздағы нөсер – бұрқырап жауған жаңбырдан.
Алқабым – егін, алқабым – бидай, алқап – дән, Шаңырақ аспан шаттанып жатсам шалқамнан, Бабамның көзі күн сүйген алтын далам-ай Көгінен бұлты, көгінен тамшы – бал тамған. *** Қып-қызыл жоны маздаған шоқтай қайнап құм, Тас төбесінен сұқтанып жалын жайнақ күн, Бауырын жатыр көтере алмай ол ұмтылып Барады қайда, тұрғыны екен қай жақтың. Дауыл да долы салмай-ақ қойды-ау сүреңге, Ашуын атса алқымға келіп тірелген, Өкпесін соғып, ентігіп қалған еңкейіп Күйік пен ыза өз-өзін өрт қып жіберген.
Ақ ардақ арман күндерден күдер үзген бе, Құйындай сайран сала алмағасын түз-дөңде, Құм екеш құм да алдына қарай жығылып Созады қолын сексеуіл менен жүзгенге. *** Бір сырды жүрем әркез түйіп ішке, Білемін махаббатта күйініш көп, Дәм емес, дәмі, жаным, шараптыңда Бокалға сен ұсынған құйып ішпей. Бойымда бір дария тасыды өктем, Білемін махаббатта қасірет көп, Түк емес сенің, жаным, жанарыңның Қасында жарқылдаған жасын көктен.
Ойымды – қазынамды қазамын кеп, Білемін махаббаттың азабы көп, Қусам да ақындықты қуғам шығар Бір өлең өзің жайлы жазамын деп. *** Ойларымды торлаған сұрақ – күдік, Жастық өтті шуынан құлақ тұнып, Өмір-өзен тартады иіріміне Құйын тағдыр үйірсе лақтырып. Көкіректе жан болдым өлең – шері, Қандай екен алдымда жол өлшемі, Жаным менің өлеңнің шуағына Екі дүниенің бірінде бөленсе еді... Қайғы айырды кеудемді қақыратып, Енді емдей алар ма ғасыр – уақыт, Тұлпар жырмен шаппадым тасырлатып, Бар тірліктен түңілдім басым қатып.
Бүгін бұрқап басыма қар жауғанда, Не боларын білмеймін талғау жанға, Өлең жазбай кеткенім өлгенім ғой Түсінер жан мұнымды бар ма-ау маңда... *** Жүрсем алдым Қағба мен Құбыла, Шуақ шашқан жаныма нұр шұғыла, Өмір қызық, өмір деген тамаша Өмірді осы білмей жүрміз ұғына. Дала, теңіз, қара тауға – маңға ұлық, Шығады күн – атады ару таң күліп, Өмір деген таусылмайтын қуаныш Өмір мәңгі, өмір мәңгі, мәңгілік! *** Жұлдыздардың түу алыс арасына – Ұшып шығып ғарышқа барасың ба, Жер де, көк те ұйыған тыныштықта Табиғат бұл өзгеше жарасымда.
Отауы бар – өрісі кең – өлкесі, Адамзаттың ғаламда өр еңсесі, Күн шуағын төккенде күндіз көктен Түнде сая жаныңа көлеңкесі. Жаһан келмес қайтадан жаралып мың, Кете көрме қайғы-шер, таралып мұң, Орбитасын айналып ұша ала ма Өрт шалса егер қанатын Жер алыптың. Тіршілікте – сапарда, жолда сынар, Жауған жаңбыр қорғасын, қорғасын қар... Кең әлем, сен, - кеңістік енді абай бол, Адам – Атом. Қолында бомбасы бар. *** Мен үшін қазір көп ішіне көз тастамайтын шақ, Сері боп серке, әндерді ерке бастамайтын шақ, Менің басымда бозғұлт мұнар мен бозғұлт тұман бар Сенің басыңа – саған төгеді аспан, ай, күн шуақ.
Сен нөсер болып ақтарыла ағып – төгіп те аласың, Мен таудағы қар, ери алмаймын – сен ұқпағансың, Көк өзен құсап көк тасты жарып көктей өтетін Көк найза кезімде, жаным-ай, неге жолықпағансың! *** Көп қыдырдым ішінде жасыл нудың, Тарғыл шыңның құлаған тасын қудым, Балалық шақ, сенде мен серуен құрдым Жаңбыр жауса жүгіріп басым жудым. Атам келсе алдынан алқынып мен, Жеттім желдей ағызып тал – күлікпен, Қарағанның қабағын жадыраттым Баурап алдым бәрін де бал қылықпен. Баяғыдай барады қыр жолы әсем, Аспан да бір батып тұр нұрға ересен, Жоқсың бірақ балауса, балалығым Қалдың білем айырылып бір жола сен. х х х
Оған мүлде ұсамайтын мына шақ, Ол кез тауда болған бұлақ, тұма сап, Жаңбыр да жоқ, жауа-жауа таусылған Арал да жоқ – тапқан ажал құм асап. Уатылған мұзарттары мұз мұхит, Шалғыны жоқ дала – қара түз күйік, Теңіздерге, өзендерге, көлдерге Тақ толтырып қойған біреу тұз құйып. Тақалғандай тіршіліктің аяғы, Таусылғандай күн күлкісі, ай әні, Мұның бәрі болған ерте, ертеде Бақ заманда өтіп кеткен баяғы... *** Қалқам-ау, түстің бе бір жол-арманға, Көз тігіп қыран барып қонар маңға, Арқаңнан аю тырнақ аяз шағып Қыс келер, ұрынарсың боран, қарға.
Жолың да шаңдақ бірде қатқақ болар, Алдыңда асқар тау мен батпақ, сор бар. Төбеңнен дүсір-дүсір нөсер жауып Жаз келер, аңызақ пен аптап соғар. Әуелден куә алып жер, байтақ аспан, Өмір мен өлім мәңгі тайталасқан, Қуаныш көкіректі желпіндірсе Көңілді қайғы келіп қайта басқан. Жеткізбес оңайлықпен көздеген жер, Айрылар ісіменен – сөзбен ез, ер, Бақытты қашанда да күрескендер Бақытсыз қиындыққа төзбегендер. *** Алысамын, жұлысам айла-күшпен, Тасып асқан қыжылым қайнап іштен, Жүрмін білем мен осы босқа ұрынып Шарап – мұңын өмірдің қайдан ішкем.
Жанарыма күні алтын нұр сіңдірген, Көкірегіме қайғысы – түн сұм кірген, Өмір басын ат па ақбоз алып қашқан Бір мінгізіп, бір жығып – күрсіндірген. *** Алдымда асу, қандай белес бар тағы, Кеңге салып жүре алмаймын арқаны... Көремін бе көп аңсаған біреуді Мына құрғыр көзім неге тартады. Маған басын үлкен иді, кіші иді, Бүгін мынау жалпақ жанның түсі игі, Құшағыма ап көрісем бе біреумен Мына құрғыр алақаным қышиды. Қай жаққа алыс, қай тарапқа барамын, Тегі айтатын өзгеше бір бар әнім, Жұлқынады кеудемді ұрып жүрегім Шыдатпайды екі қара табаным.
Тартты ма тау, жасыл жайлау – түк мекен, Алтын сақам шік пе, әлде бүк пе екен, Толып барам, асып барам жағамнан Бүгін менің алдымнан не күтті екен? *** Жастық шақ – дәурен той-думан қуған ай, қызба, Көңіл гүлімді ұсынсам екен қай қызға, Қанаты қаһар қыранша түлеп сілкінем Жүре алман ұқсап жапалақ пенен байғызға. Кінә артып маған ісіме де әзір тақпа сын, Арманға жетпей ірке алмай жүрмін ат басын, Алдымнан күткен мұрат бар – ұлы мақсат бар Құдайым мені бәле-бәтерден сақтасын. *** Құрыққа түспес асау арман – күлік, Миымда мақсат майдан салған – бүлік, Оқ салып мылтығына кезенеді Аларып, көзі ақиып алған күдік.
Шомылсам шуағына жарық күннің, Талапсыз болсам – елер ғаріпті кім, Ажал да аяғымды тұсай алмас Қайғырма, қапаланба, тарықпа үнім. Құлшынып құмарымнан шықпаймын ба, Қаймықпай қарсы басып ықпай мұңға, Ойымды мазалаған – өмір сені Ұғам ба, ұға алам ба, ұқпаймын ба? Жастықта жеттім құйын, жеттім желге, Фәниге қайтады аз-ақ кеп күн пенде, Басымда тағы да ой бар мазалаған – Бір еңбек айтатындай еттім бе елге? *** О, далам, толған қан қасап күнде боздаққа өр, Бәйгеге түсіп жүйріктер шаңын созбақ төр, Үмітіңді ақтар ұланың ба екем, білейін Көңілімді менің – пернемді басып қозғап көр!
Алдымда жатыр қияға тартып жол қасқа, Алпамыс шапқан алты жасында қол бастап... Өзегің жарып бойыңнан шыққан шыбық ем Шыбықтың да өсіп жайқалар кезі болмас па. *** Мен туралы көп ойлайсың, ана, сен, Мен туралы көп ойлайсың, әке, сен. Жұрт таңданар әрі ақылды, әрі әсем Ойда-жоқта келініңді әкелсем! Менмін, әке, қуанышың, мұратың, Менмін, ана, күнің, әнің, ай, гүлің. Нысананы түсіріп тек бір атып, Ойда-жоқта жеңіп алсам бәйгіні!
Менмін, әке, көрінетін мың артық, Менмін, ана, қыран десең – құс десең. Мен сендерді жүрсем ылғи қуантып, Ойда-жоқта бәрін және істесем! *** Билеп алып қуаныш пен күй, қайғы, Мені сәтке тыншытпайды, қинайды, Сеніменен кездескелі, о, жаным, Мына жүрек кеудеге де сыймайды. Өзге түгіл өзіме-өзім таңым бар, Бір бұлқыныс болды пайда қанымда, Сенің бейнең қалып қойды көзімде Сенің сөзің қалып қойды жадымда. Қонар бәлкім, қонбас бәлкім бақ маған, Көңілім отын бұрын ешкім жақпаған, Әйтеуір мен дариядай толқимын Әйтеуір мен төгілуге шақ қалам. *** Тарпыған жерін жанышты, Бауырынан борап шаң ұшты, Тас төбесінде қос құлақ Құйрығын көкке шанышты.
Үйірі – өскен ұя жоқ, Көзінен ұшқын – құяды от, Алдынан келсең тісі – алмас Артынан барсаң тұяғы – оқ. Кекілін тарап, жал тарап, Құрғанды құр боп салтанат, Омырауында бұғалық, Әуелейді атып шалқалап. Уақыт өмір куәсі-ау, Қойдан да аяғы жуас-ау, Басында бәрі ақикөз Басында тірлік шу асау. *** Жүрсем мен қоңырайып құр сүлдемен, Тірлігім неге керек құрысын дер ем, Қашанда қос жанарым жарқылдаған, Қашанда көкірегім дүрсілдеген.
Келемін күндерді алғы аңсауменен, Жарқырап жұлдыз құсап жанса-ау кеудем, Дүйім ел дүр көтеріп айтып жүрер Бір ісім аңыз болып қалса-ау деп ем. *** Қаратаудың басынан көш келе ме, Дұшпан байтақ далама өш пе, неге? Бес қаруын батырлар бойға іле ме Аттана ма ата жұрт, қош деп елге. Сартап болып сарғайып қалды ма алап, Жат көліме жантайсам салды қармақ, Құйын болып жүгірер құмайларым Қырандарым ұшар-ау қандыбалақ. Күн туды ма ұрандар халқыма паң, Көкірегі қорғасын балқыған – қан, Бозбалалар тойда әлі қыдырар-ау Құрбы қыздар тебер-ау алтыбақан. Домбырамнан құйылып күй ақпай ма, Көшім таудан құлаған сияқты ойға, Қан майданға қаймықпай кіріп барып
Кегімді алар артымнан тұяқ қайда! *** Асықтық деген емес-ау осал білгенге, Көргенде сені өзгеретінді түр менде, Ауылдың айлы түнінде адыр сыртында Кездескем саған ақ сүйек ойнап жүргенде. Кеткенмін әрең шығыстан ақ таң біліне, Беймәлім бір күш бұғалық салып тіліме, Сонда алғаш саған – қысыла қызға қарағам Сонда алғаш жігіт болғанымды мен біліп ем. *** Анаған сақ көңіл-ай, мынаған сақ, Бастан әлі өткен жоқ бұла, бал шақ, Дала барсам аспаннан жаңбыр тілеп Теңіз барсам дауылды тұрам аңсап. Далам, Далам! Қызықты өстім көріп, Сен тұрғанда бермеспін ешкімге ерік. Жусаныңа кетеді аунағым кеп Көлдеріңді кетеді кешкім келіп.
Мен өзіңсіз көмілдім құса-мұңға, Жүгірем бе, жетем бе, ұшамын ба, Тау-тау деп жұрт несіне бәлсінеді Тау да дамыл таппай ма құшағыңда. *** Адам да бұл дүниенің қонағы бір, Аурудан жаның ақыр болады ығыр, Жыл сайын көк жазыққа көл түседі Жыл сайын қызғалдаққа толады қыр. Желігіп сері күндер шайқақтаған, Байыптап алды-артыңды байқатпаған, Көк теңіз буырқанып көбік шашса Жасарған көктем сайын байтақ далам. Өмірге адам ынтық келер, кетер, Жетпеген мұратына ертең жетер... Туғанда анам бөлеп тербеткендей Мені де бесігінде жер тербетер.
*** Құлағыма естілмейді түк дыбыс, Кеудемдегі – майдандағы от – бітті ұрыс, Көңілімдегі ойнамайды найзағай Жанартауым ұйықтап жатыр тып-тыныш. Желім де жоқ кірер бойға, қанға ызғып, Отырмаймын түн оянып, таң мызғып, Аспанымда алақандай бұлт та жоқ Жан-жағымды жайлап алған жалғыздық. Жоқ бұрынғы жолға шығу, ұмтылыс, Арман барда алатынды кім тыныс, Көзге түртсе көрінбейтін қараңы Жоқ ештеңе төңіректе, тым-тырыс.
Қаңыраған тұр ой, қыр – бар тұр түкпір, Халқым менен жаны жарқын жыр күтті үр, Маған дүние қараң қалған тәрізді Шабыт құсым, оят тездеп жұлқып бір. *** Жыр бәйгінің жеткен қырға, ойға үні, Отырсыңдар түңіліп, деп, қой мұны, Қалар екем қашан артта шаң жұтып Озар екем жарқ етіп мен қай күні... Дүбір шықса кермені үзген кер дөнен, Әуелі емес, кейін алдын бермеген, Күн ілгері күдер үзбе, о, жұртым, Жаңа шығып келе жатыр тер менен. *** Дала мен көлде, аспан мен жерде жарасым, Көк торғын белге, бұлттарға бура қарашы, Ұлы той ертең төскейді тербеп дүрлетер, Құлагерлерді, құмайкөктерді таң асыр!
Бабам боп берер ақжолтай тілек батам бар, Палуандар қайда балпаңдап басқан атан, нар, Ақындар қайда арыстан азу – ақ алмас Бас бәйгілерді қос-қостан тізіп атаңдар. Ұлы той ертең дұшпаным қостар досымдай, Ұлы күн қалмас Қозы мен Баян қосылмай... Талай жыл таң боп таңдайын қағып жұрт жүрер Бұрынды-соңды болып па еді деп осындай. *** Қысқа өмірде мың сүрініп, құлаған, Арманына жетер ме екен бұл адам, Данышпан боп шықты ақымақ бұрынғы Ақымақ боп шықты ұлы ғұламам. Жеткізбейді жетер жерім жол бұраң, Шашып алдым қалды артымда мол мұрам, Жаңа ғой деп қайта-қайта бастасам Айтатыным сол баяғы – сол бір ән.
Өмір қысқа, сапарға ұзақ буғам бел, Мұхит толқып, тау жаңғырып, шулап жел, Арманыма жетем түбі мен – Адам Төбемде аспан, табанымда туған жер! *** Қоңыр күз бе екен, қарағым, Торғын тал басын желге иген. Қаңбақтар қарғып барады, Қос танаулары делдиген. Торғын тал белін жазбайды, Қоңыр күз келді-ау шамасы. Тарқаған тойы жаздайғы, Далаға мына қарашы. Қоңыр күз кейін қыс болып, Соғар ма боран жаяулап. Кеудемнен ұшпас құс қонып, Өзенім ағар баяулап.
Қусам да қалай жетермін, Көктемім өтті, дәурен-ай. Бір кезде аңсар ма екенмін, Қоңыр күзді де, сәулем-ай. *** О, далам, ұқсайтұғын үйге алып, кең, Атамның ақ көңілін сыйға алып па ең, Құйғытқан арғымақпен жігіттерің Бас иген келіндерің ибалықпен. О, далам, қуанышым, дана, аңызым, Сенде алғаш құштым жанып дала қызын, Төсіңе атам соққан қорғандардай Менің де сенде жырым қалады – ізім. *** Оққа оранып қапқанда жер қалалар, Менің жаным қайтіп тыным таба алар, Күңіренген қайғы кернеп арулар Аңыраған шашын жайып аналар.
Дұшпан шықпас далам байтақ – ұлық төр, Елің үшін жүрегіңді жұлып бер! Уыз кетер көз ашпаған сәбилер Қыршын кетер қылшылдаған жігіттер. Өткен соғыс талай-талай қанқұйлы, Есіме алып ойға кетем санқилы, Соғыс өрті тұтанбасын, тұтанса Ол бүгінде бүкіл жерге шалқиды. *** Далаңда, атам, көгінен бұлт пен күн кезген, Салыпсың күмбез – шыққандай өсіп түз-белден, Арғымақ аттай қаңтарып қойған жаратып Құламай қалай қалған ол, сірә, тіл-көзден. Атағыңды алып ғасырдан, ғасыр, ғасырға, Күмбездер маңғаз төбесін көктен асырған, Ақ адал досың алақан жайып сиынып Ата дұшпаның алдыңа келіп бас ұрған.
Ойранын салған, емініп келген жауға есер, Атамды болар найзағай десем, тау десем, Күмбездер мынау тәкаппарлықпен қарайды Көз жұмған соң да басылмағасын кеудесі өр. *** Шешем менің әнге салып тойда асқақ, Бозбаланың өзегіне өрт – ой тастап, Бойжеткен боп жүрді ме екен көз тартып Әкем сонда ақбоз атпен ойқастап. Көктем шығып гүлдер толып бел-дөңге, Бұлт – бикеден сыр тартқанда жел – жеңге, Әкем менің барды ма екен күйеу боп Шешем менің келін болып келген бе. Өмір ғажап күлген бірде түксиген, Кіре алмайтын өзі қайта шықса үйден, Әкем бүгін қалтылдаған қара шал Шешем бүгін қара кемпір бүкшиген.
Құстар Келесіңдер ме шұбаған көштей тізіліп, Былтырғы кеткен жүз алау арман, жүз үміт, Көк аспан астын көк базар қылған сендерді Жалғанда, сірә, түсіне алмаспыз біз ұғып. Қос қанат қаққан сал-сал боп қирап талды ма, Қос жанар жасып күні-түн тікке алдыңа, Баяғысынша көк өзен күмпіп көлдерге Баяғысынша құлпырар тағы жал мына. Сағыныш буса таулардан да асып жете алар, Сендерсің біткен көктемге, көлге бет-ажар. Келдіңдер ұшып, қайттыңдар биыл тым ерте Оңтүстік жақта тыныштық па екен, не хабар... *** Еңбек, сенің күн бейнеңнен нұр емем, Бойыңда күш, құдірет бар бір ерен, Түйін-түйін тас тұлғаңа қарап мен Елім жайлы ақтарылам – жыр өрем.
Саған біткен адалдықтың құлқы бар, Жауған жауын жауырыныңнан бұрқырар, Бұлшық етің бұлт-бұлт ойнап тұрғанда Ақын болам – халқым менің жыр құмар. Сенен ыққан қиындықтың бар тауы, Өмірімнің – өзегімнің арқауы, Сен бар кезде мүмкін емес ешқашан Тіршіліктің базарының тарқауы. *** Буыным әлі бекімеген балаң ба ем, Өз-өзімнен екі иінімнен алам дем, Алқа топта көз салғанда сен маған, Тұла бойым шымыр етіп қалам мен. Аяғыма әлім келмей имене, Бөлеп алған мынау ғажап күй ме, не? Шақырамын, жан сырымды ашамын Менен басқа жанмен бүгін билеме.
Құлағымды тұндыруға аз-ақ қап, Соғады әуен, күйдіреді саз-аптап, Өзің салған дардың жібін өзің шеш Мені өлтіргің келмесе егер азаптап. *** Басын мәңгі қара жерге қойып бір, Әжем жатыр – қарсы алдымда бейіт тұр, Тентегім деп маңдайымнан сүйетін Қап бәлем деп алатұғын кейіп құр. Пейілі мен мейіріміне бөлеген, Айтатын көп қалған сөзді көнеден, Оқуымнан келерімде ауылға Отыратын түспей ылғи төбеден. Баратынды үйге де кеш бата күн, Мені ойлаумен ұйықтамай таң ататын, Көкжиектен көрінсем мен көзіне Құшақ жайып ұшып келе жататын.
Жоқсың бүгін, жоқсың, әжем, қасымда, Аят оқып тұрмын жалғыз басыңда, Әлпештеп-ақ өсіріп ең сен мені Не көрсеттім, ал, мен саған расында. *** Жайымды менің ұғынар ешкім жоқ па анық, Арланның – көкжал көзіндей көзім шоқтанып, Бір қырдан келем – белестен келем асуға Бір істі келем істеуге енді оқталып. Талабым биік, талабымның зор – тау тағы, Жолымды тосқан қиынның қалмас саутамы, Дұшпан деген не, қамаған дұшпан түгілі Алдымнан ажал шықса да жетпес қауқары. *** Тауларым жатыр бүк түсіп алып мәңгілік, Басында бұлттар, қояды түнде ай – шамды іліп, Күркіреп аспан нажағай өтсе от шашып Өзегін тіліп өкінте ме екен жаңғырық.
Ғасырлар бойы неғып ол жатыр үндемей, Болған ба, сірә, тауларға біткен тіл-көмей, Тереңнен толқып ыстығы бойын шарпыса Жанартау атып, от шашып, жанып жүрмегей. Бауырын аспан, арқасын төсеп боз далам, Жатыр-ау олар аяқ, қолын да созбаған, Мінезі тұйық, өтінем дүние бәріңнен Тауларымды ұлы жатқан жерінен қозғама! *** Таң атып – шыққысы кеп емініп күн, Талықсып, әлі бітіп, демігіп түн, Қызыл гүл – қып-қызыл өрт – қыз жанады Жатырмын жалын ұстап мен үміттің. Тұншығып деміне өзі түн қызады, Мойныма оратылып мұң тұзағы... Алынбас алдымдағы қамал ма екен Қамалды мен бұзбасам кім бұзады?
Құмарым қолға дойыр қамшыны алып, Өзенім өн бойымды жаншып ағып, Қызыл гүл жармасады сабағына Күп-күрең тамағынан қан шығарып... *** Шығарма, өмір, саған берген сертті естен, Көкірегімді арман деген дерт тескен, Қаһары бар қиындыққа қарсы ағам Жалын кешіп шыныққанмын – өртте өскем. Босқа келіп бұл дүниеден бос өтпен, Кел, қиындық, тос алдымнан – тос оқпен, Күресемін жүрегімнен бір тілім Бір жұлымы қалғанынша қос өкпем.
Қамап мені тұра алмассың тор құрып, Алдым толған аран, апан, ор – құдық... Талабымды тастай алман талақ қып Қанатымды қидыра алман қор қылып... *** Түбінен көңілінің төте белгі, Жасыған жермен жексен өтер ері, Сүйсе деп тамағымнан билеп болып Қасымнан кетпей иегін көтереді. Көпшілік арасында өсті бағым, Әуенге әуен құйып – қосты тағы үн, У-дуға бөлеп ән мен күй шулайды, Тамағын – қайта-қайта тосты жағын.
Теңселдім, шалқаладым, бүкірейдім, Мұртымды, иығымды тікірейтіп. Тамағын тосайын деп келе жатыр Аузыңды аш, бұратала түкірейін... *** Сап-сарыала атырап, күз келген бе, Жастығынан күдерін үзген мен бе... Көк сағымдай тайғанақ мұз қатады-ау Бір кезде біз аққудай жүзген көлге. Шөптің басы боп-бозғылт қырау жапқан, Алда қыс бар көңілде сұрау – батпан, Жастық өтіп кеткендей жаз да өтті ме Шалғынына құлатып бір аунатқан!
Айнала, ағаш – жапырақ бәрі сары, Айдалада қаңбақтар жарысады, Жастықты іздеп жүрегім пәре-пәре Жазды жоқтап көңілім әрі-сәрі. *** Маңдайынан күміс тері моншақтап, Атам салған жатыр алда жол, соқпақ, Еңбек десе арқаланып кететін Жүзі жайнап сала беріп сол шақта-ақ. Құрыстанып қысқан кезде шын қайрат, Тауға қарап шегетұғын шыңға айбат, Адалынан малын тапқан атам-ай Мыңды беріп, мыңын алған – мыңды айдап. Алдында асқар, теңіз жатсын телегей, Тоқтамаған кім болатын сен емей, Қайран атам, Даңқ-полюске ұмтылған Маңдайымен мұзды жарған кемедей.
*** Құмармын, өмір, қанбайым, Шөліркеп кепкен таңдайым, Ақырған ақжал толқынмын Көк тасқа соққан маңдайын. Қырандай ілген – шақ бүрген, Басыма қонған бақ бірден, Тереңнен шыққан ыстықпын Өзегін жердің қақ тілген. Қазынам жетпес құм – баймын, Меселі қайтқан мұң – қайғым, Сәуірдегі асау өзенмін Дарияға жетпей тынбаймын. *** Жұмыстан бүгін, жаным, кешіктің ғой, Төсекте түлейді үстін шешіп түнгі ой... Жанымның жайлауында жусап жылқы Кеудемде жатқан кез бұл өсіп мың қой. Мүмкін бе... саған – күлкі, маған – түрпі, Кірмесін көңіліңе амал – түлкі, Әйнегі терезенің діріл етсе Айдың ақ сәулесінен жағам шырпы.
Жарық пен қараңғыда – таңғы аралас, Мүлгиді маужыраған маң шала – мас. Қарасам көктің жүзі алас-қапас Жұлдыздар күннен безген жап-жалаңаш... *** Көктем келді, дала тұнған қызғалдақ, Мен де бұрын апарғанмын қызға арнап, Шабақ-көңіл секем алып қалған ба Айдыныма тастаған ба күз қармақ. Бозбала мен бойжеткенде жоқ қайғы, Алдымда қыс мылтығын ап оқтайды, Көктеменің көк желегі құлпырар Күздің көші қайда барып тоқтайды. Ағаш гүлдеп, жасанып қыр сән құрған, Көктем – жастық үшін өмір – жан құрбан, Көзді тартып қызықтырған дүние-ай
Күздегі емес көктемгі өткен жаңбырдан. *** Болса да ғарыш, ғалам – өрісім кең, Теңгерем нені туған жер үшін мен, Анамның ақ жаңбырдай жасы тамған Атамның қаны менен тері сіңген. Төсіңде өскен дана, дарын – шынар, Бұл балаң жолға шығып бағын сынар, Сені ойлап, о, туған жер, күрсінгенде Дүр етіп көкірегімнен жалын шығар. Сағыныш бар еркімді алған-сынды, Жанарым қарай-қарай талған-сынды, Кіндігі бұл әлемнің сен секілді Жүргені жұрттың айтып жалған-сынды... *** Бұрынғының әдебінен озбаған, Сен бойжеткен, мен албырттау бозбала, Екеуміз де ұялшақпыз, ұяңбыз Сырымызды білдіреді көз ғана.
Наз қылығың тал бойыңа жарасып, Міне, алдымнан тез-тез басып барасың, Мен өмірде ұнатпағам жел сөзді Сен де оны ұнатпайсың шамасы. Сенің жүрер жерлеріңе көп келем, Оның жайын сұрамағын тек менен, Мен қысылсам, қан ойнайды жүзіңде Байқаусызда ұшырассақ бетпе-бет. Тартылмаған, айтылмаған күй-әнбіз, Келер көктем, жапырағын жияр күз, Кездескенде айта алмаймыз ештеңе Мен бозбала, сен бойжеткен ұяң қыз. *** Жас едім мен, жауқазын ем, бозала таң, бозбала, Махаббаттың сөздері әлі айтылып көп тозбаған, Қызғалдақты қырларға алыс қызық қуып бармағам Арғымақтай арманға асау қолымды әлі созбағам.
Кенет... тегі жайма шуақ болу керек бір күні, Тұр екенсің жанарыңда бір тамшы жас іркіліп, Содан кейін кеудемде бір күмбір етіп көл толқып Содан кейін кеудемде бір құйын ойнап жүр, күнім. *** Жетер ме шуақ төксем жерге нұрым, Толқиды домбырамда тел қоңыр үн, Адамдар, ақ пейілмен үйіме кел Шалықтап отыр бүгін жел көңілім. Бақ қонған ақындарға қай заманда, Өлеңнен алар көп пе, пайдам аз ба, Жаюлы ақ дәмім – ақ дастарқаным Ниетім сыймай жатыр тай қазанға.
Өмірге – болмадым шақ өлшемге осы, Көңілімде көктеменің сел-сең көші, Сендерді қарай-қарай көзім талды Тезірек күттірмей-ақ келсеңдерші. *** Тартасың мені көңілім қайда, Тісінен күлкі төгіліп майда, Алдымнан шықса бір сұлу қарсы Шуаққа – жүзі көміліп айға. Аунаса көкке, тұрмаса үздігіп, Тоймасам тәтті нұрға – сіміріп, Алтыннан жүзік қолына салсам Демінен жұтсам сырғасы үзіліп... Ойпырмай бұлай қалай ойладым, Ойлана берсем талай алдармын... Келгенімде үйге отыра алмадым Көзіңе тіке қарай алмадым. *** Жел жынданып есіріп, Тастар сұп-сұр мүк басқан. Қарайды құр тесіліп, Жабағы бұлт – түкті аспан.
Шалғын қайда жап-жасыл, Тозған ба аймақ – кексе өңір. Жел мазасын алғасын, Жұлқынады сексеуіл. Өткен-кеткен жоқ көп із, Жетім қалған түзім тұл. Шуылдайды көк теңіз, Суылдайды қызыл құм. Жасын жаздай төккенді, Көкірегі қақырап. Сағынумен көктемді, Сарғайыпты жапырақ. *** Жиырма бесте жарқырап жанбай өтті ме ер, Жиырма бес жаста көкірек – көңілің көк тірер, Жүрісім менің жақпаған шақта көпшілік Жастықтың буы, мастықтың уы деп білер. Қыранша шыңға қасқайып барып қонармын, Жиырма бес қайран жантайған шақта болар мұң, Алаңдай берме, абайлай көр деп ақыл сап Басымды тауға, тасқа ұрып талай соғармын...
*** Бұршақ ұрды көңілімнің көк желегін, Басым мең-зең бойым дел-сал келемін, Тауға барам тасқындарын тасқа ұрған Таба алам ба жүрегімнің мен емін. Алдымдағы жатқан мынау далам ба, Бір күдік бар, бір үміт бар санамда, Теңіздердің түбін түгел тінтемін Жүрегімнің жоғын іздеп табам ба. Не болады болашағым – ертеңім, Домбыра – өмір шегін қалай шертемін, Бойымды алған қандай құйын өрт едің Көкірегімді алған қандай дерт едің?! *** Айтшы қырдан ары асып, Ұйтқып қайда барасың? Жұлмалайсың жолыңды Ашулысың шамасы. Ызақорсың, дүлейсің, Ауық-ауық үдейсің, Қайдан шықтың құтырып Қайда барып түнейсің?
Тосқауыл бар – сынар сын, Ұрынуға құмарсың, Желіккенмен сен де, жел, Соғып-соғып тынарсың. *** Қадаламын аптығып мүсінге аппақ, Қос қанатын құмарым – құсым қаққан, Күн көңілім нұр құйып тал бойына Тамағына там-тұмдап тісім батқан... Бұзып-жарып шығардай тән-денені, Бұрқ-бұрқ етіп басыма қан тебеді, Уілдейді уыз үн құлағыма Әуез де емес, ән де емес, әлденені... Жанған өрттен жанымда күйеді аспан, Ай сәулесі түнді ару сүйе бастап... Жұлдыз ағып жанардан тамған жастай Темірқазық шолпанға иек асқан.
Әлі жетпей жатырмын ақ таңыма, Құламасам шалқамнан шақта мына... Су-су етіп түнгі ауа дір қағады Құмар-құсым қанатын қаққанында... *** Төсінен өткен батыр, өткен дана, Жыл сайын көгеретін көктем ғана, Жонында жорық қолы шаң суырса Белінен қызыл қанға бөккен дала. Жайым жоқ қорлыққа жат көнер менің, Есіңе ал дұшпаныңның өлерменін, Сан қасап қабырғаңнан қанға баттың, Далам-ау, тарихыңда не көрмедің. *** Қол туралы басыма ойлар қонғалы, Көңілімде сәт тыныштық болмады, Осы қолмен гүл егеді жерге адам Осы қолмен жасайды адам бомбаны. Осы қолға қарап қалған, ғажабы –
Осы қолмен дұға, дуа жазады, Осы қолдан қалады адам өлімнен Осы қолдан болады адам ажалы. Қолы адал ма, қолы арам ба, қараңдар, Қол тигізген жерде менің жарам дәл, Осы қолмен барын беріп жомарттар Осы қолмен жинайды тас сараңдар. Ойға батып отырамын қол жайлы, Қол жайында ойламасам болмайды, Дүниені орнататын осы қол Дүниені төңкереді – сол қайғы. *** Артыма көзім салсам – өткенге енді, Тағдырдың соққан талай өкпек желі, Қаншама қамшысын ап қысы келді Қаншама гүлін алып көктем келді.
Ағады өмір – өзен дариядай, Тірліктің тәттілігін жариялай, Тұлғам қарт Қаратаудай жатқан бүгін Қарынан қысы-жазы арыла алмай. *** Түбінде жетер ме екем көздегенге, Сенем бе өз күшіме – өз денеме, Самал жел, жеткізші кең жайлауыма Ақ бұлттар алып кетші боз көдеме. Мен бейбақ туған жер деп жағы талған, Салады мойныма ажал қамыт алдан, Бетімді бассам саған бір жасар ем Топырақ, ата-баба қаны тамған.
Қайтпайтын қалап алған сапарым бар... Тозақ бар, қаһары – мұз, қаһары – қар, Самал жел, жайлауыма жеткіз мені Ақ бұлттар тездеп мені апарыңдар! *** Айтарымды қарамай айта салам, Аңдағанға бұл өмір шайқас әман, Жақсылығым жолында жамандық бар Кезенеді қаруын қай тасадан. Үйір болдым жасымнан адалдыққа, Жанымды ашам қашанда жағам жұртқа, Арам ниет алдымнан ор қазады, Жақсылықтың өтеуі жамандық па?!
Қараулық – мұз тау, мәңгі жатады қар, Адалдықтың аты зор – атағы нар, Жақсылық та жасауға қауіптенем Өйткені оның да артында қатері бар... *** Аққуым көңіл-көлде жаралы шақ, Қайғым да қара бұлтқа барады ұсап, Мен сені ұмытармын, ұмытсам да Кеудеме қадалса ажал – қара пышақ. Сене бер сені ойымда сақтарыма, Арманға жете алмасақ тақпа кінә, Қападан басқа қолдан не келеді Бозалаң, бурыл тартқан шақта мына. Келе ме өткен қайтып ойлағаннан, Қоламта баяғы оттан бойда қалған, Тасыған қуаныштан қайран күндер Жиырма бес он сегізбен тойға барған.
Күй шалып домбырасын толғайды өмір, Жанбасақ – болмасақ күл – болмай көмір, Махаббат жұпар шашқан қызыл гүл ғой Жүрегің тоқтамаса солмайды о гүл. Жолымыз екеуміздің дара тартқан, Қаруын тағдыр бізге қарата атқан, Жаным-ау, әлі күнге мен де жүрмін Сен салған жазыла алмай жарақаттан. *** Жиен десе, нағашым, жансың ашық, Алайықшы тағы да, ал, сырласып, Далада ма, үйде ме жатқанымыз Көре сала қағысып, қалжыңдасып. Көңіліңмен аспандай шаңқан ашық, Мен келгенде жүгіріп жан саласың, Үйге түгел толтырып достарымды Құлағымның түбінен шампан ашып.
Әзіліңді ойыма түйіп бекем, (Жеңгем сені жүрмеген сүйіп бекер), Жап-жаңа алған дүкеннен көйлегіңді Сұрамай-ақ өзіңнен киіп кетем. Сағынышым лауласа болар содан, Ойыныңды қызығып көп аңсағам, Таудан аққан бұлақтай асып-тасып Көктемеде жыл сайын соғам саған. *** О, достарым, жақыным, жұрағатым, Менің басқа жайымды сұрама түк, Мен әйтеуір жанымды жайып жүрем Самалша есіп алдыңнан тұрам аңқып.
Жабырқадым қаншама жәбір шектім, Үзіп ала жаздадым өмір – шекті, Түбіме осы жетпесін аңқылдақтық Түбіме осы жетпесін көңілшектік. *** Ойланамын, отырамын оңаша, Сырымды бар ойға батқан соң ашам, Жанымды жеп бітпей қойдың ит тірлік Келесің сен алла өлімі, о, қашан. Алмаймын ем, ішпен берген дәріні, Ауруымнан айықпаймын бәрібір, Талақ етем, талқан етем ит тірлік Тілегімді бере гөр хақ – тәңірім.
Адаммын-ау арылмаған азабы, Инемменен құдық – ойды қазамын, О, құдайым, жүрем неге көп жасап Мен нем үшін тартпақпын бұл жазаны. *** Самайым қырау – ұрлана басып ақ кірген, Қайдасың қайран, жиырма бес – асау шақ күлген, Мен үшін арман аймаңдай бір қыз болатын Төсіме басып құшпаған екем, қап, бірден. Буыным, белім бұлт шыққан кезде қан қақсап, Қайдасың қайран, жиырма бес, сайран нар қасқа, Тойларға тасып палуандар асып келетін Алқаға түсіп салмағам екем жамбасқа.
Сарғаяр енді көктемде бүрін жарған көк, Жиырма бес, қайран кеудемде әлі арман көп, Отырам қазір өзіме-өзім аң-таң боп Өткізіп сені босына қалай алғам деп. *** Тұнық көк, тұнық дүние, тұнық ауа, Қылаудай дақтан неке түнім ада, Тып-тыныш таңғы мезгіл самал сүйіп – Сипайды маңдайымнан ұлы дала. Көңілім бірленді ме – жұлдыз күліп, Мейірім маңайымда – түнде ізгілік, Сенің саф мүсініңе сәуле төгіп Апарып айды қойған кім құзға іліп...
Сапырып сал сезімді қанам ішіп, Жанымнан шоғым түсіп жанады ұшып, Балалық шақты қимай жатырсың ба Көзіңнен неге үзіліп тамады шық... *** Шынымен сені, досым, таппадым ба, Тоқтатқан ақылымды шақта мына, Қапысыз, қайран аңқау, балалық-ай Бар сырын ашып салған ақтарыла. Тап болдым бүгін мына тосын жайға, Көңілі баяғыдай досым қайда, Сағындым, сені аңсадым, балалығым, Бүкпесіз айтар бәрін осындайда.
Қайтадан соғармысың бала күнім, Теретін жалықпастан дала гүлін, Қапысыз, қайран аңқау кезім-ай сол Аңқылдап ақтарылып алатұғын. *** Қыс келді ме қар жауып жапалақтап, Үсті-басы, мұрты – мұз, сақалы аппақ, Жарға бұғып бұлақтар жата қалды Асыр салған ала жаз атанақтап. Ақ түтек боп көкжиек көмкеріліп, Бойын жиды жататын жер керіліп, Ала қанат ақ құстар келеді ұшып Ауық-ауық аунақшып төңкеріліп. Аяз шықты шақылдап саршұнақша, Табиғаттың құпия сыры – ашса, Жанарынан жарқ етіп шоқ ұшады Қыз-бозбала алысып қар сыбасса.
Түк көрінбей барады төңіректен, Адырнасын жел тартып мөңіреткен, Адамның да жаны жаз, қыс сияқты Көктем болып, күз болып өмірі өткен. *** Туған жер алтын, туғаннан жаным ән құмар, Топырағыңнан өскенмін алып нәр-құнар, Қара бұлттардай қанаты – жауын селдетер Ақша бұлттардай жырларым менің сән құрар. Келемін саған арманымды бар арнаумен, Саяңда өстім, қызықты кештім бал дәурен, Сен аман тұрсаң, туған жер – алтын босағам Жыр шашар жақұт – басылмас менің нар кеудем. *** Бойымда буырқансын қуат дәйім, Алдымнан жарқырасын шуақты айым, Қоштассын тау мен далам бата беріп Қоштассын орман-терек, жылап қайың.
Түсімде аян берген Абай бабам, Жеңер ме кеудемдегі талайғы арман, Арамдық адалдықпен майдандасса Мен оған белді буып қалай барман. Білем мен көңілдерге құйып қайғы, Кейде жол қарсы алдыңды тұйықтайды, Тұлпарлар сонда-дағы сілтейді алға Жабылар жатып алып ұйықтайды... *** Шықпадым-ау жарыққа үйден жүдеп, Жанарыңнан жаныма тиген бір оқ, Арқандағы асаудай алқынады Кеудемдегі өзіңді сүйген жүрек. Көңілімнің көсілтіп Құлагерін, Мен ішетін таусылмас бұлақ ернің, Ақ бұлақтан асылып су алғанда Саған қарап келеді тұра бергім.
Көк аспандай көк жібек орамалың, Көкірегімнің алғандай орап әнін, Ақырғы дем алдында бір жарқ етші Кетіп бара жатсам да оралармын. *** Ауруым асқынған ба, меңдеген бе, Жүз неге жасамаймын кем дегенде, Өмірдің өтетіні өкінішпен Ойыма тіпті менің келмеген бе. Оңаша табынатын ой – құраным, Мен әлі құдай қосса той қылармын, Қалайша көзім қиып тастап кетем Өлеңім – тағдыр берген бойтұмарым. Күтермін қысылғанда сенен көмек, Жүре гөр о жақта да желеп-жебеп, Пенденің маңдайына жазылған ғой Еркі емес кетем демек, келем демек.
Күн кештім дақ түсірмей фамилияма, Бұл сапар жолығармын бақ – иманға, Соңғы рет қарайын кең мына әлемге Тілімді келтірейін кәлимаға... Бұрғышы Шарықтайды көк аспанға, қырға үні, Салған сайын тереңдікке бұрғыны, Ей, еңбеккер, қаһарыңнан мына жер Дария боп атылады-ау бір күні. Қимылдайсың қызуланып, көк тер боп, Масаттанып күндеріңмен өткен көп, Бара жатыр бұрғың сенің тереңге Ал, мұнараң бара жатыр көкке өрлеп. Құйылып бір көзіңе тер, от қанға, (Сенен тегі кімдер озып өтті алға), Мотор дауысы дабыл үнін қағады Бұрғың барып тұңғиықты соққанда.
Ала бер тек, қазынаңды ала бер, Күннен күнге көркейіп бұл барады ел, Ей, еңбеккер, әлемде сен құдірет Саған ғана бас иеді қара жер. *** Мамыр кеп сымбатына қызықтырып, Жастықтың жаз өмірін жүз ұқтырып, Таңғы ауа таңғы әуеннен діріл қағып Көкке күн көтерілді жүзіп – күліп. Көңілдің құстары ұшып шартараптан, Күй шалқып, бақыт жырын арқалапты ән, Мамырда аспан жасыл, жер де жасыл Дүние жаралған-ау махаббаттан. Күн сүйген әжім жүзі күреңітіп, Көктемнің жібергендей нұры ерітіп, Бойында келер күннің қуаты бар Қарт сарбаз – қарт емендей жүреді тік.
Баурапты айналаны мақпал қылық, Сұлудай жасаныпты бақтар күліп, Ал, халық қуанышын көгершін ғып Барады болашаққа аттандырып! Сарбаз сыры Ойламадым бас қамын, Өмір онда қас қағым, Кеудемде ойнап жатты әр кез Жеңіс деген асқақ үн. Көзін таптым күзеттің, Оқ денеме тыз етті... Қаймықтырдым ажалды Аузын жауып дзоттың. Мен сарбазбын – дауылмын, Жеңіп шыққан жауын мың, Намысы үшін Отанның Ақ дәмі үшін ауылдың. *** Сен маған соғып жатсың боқтығыңды, Еске алам ұмыт болған – жоқ күнімді – Ширекке татымайтын жаман жабы Жұлатын жұлыныңды – шоқтығыңды.
Үдейсің үндемеген сайын елеп, Үйірдің таласатын тайы ма әлек, Жын шашқан көмейінен жаман жарбай Бураның буындырса жайы бөлек. Алдың ба боқтығыңмен ауыз дәмін, Салмағы теңесе ме қауыз, дәннің, Керек те етім кессе үндемеспін Қозғалсам болатпенен бауыздармын. *** Көңілім түкке тартпайды, Таппадым сен деп түк тыным. Көш болып құстар қайтқанда, Көктемде келем күт, күнім. Шақырар сен деп жол алға, Күт мені, жаным, ақ таңда. Жап-жасыл жаңа көгалға, Шалқалап құлап жатқанда. Атым бар – арман кер төбел, Қайғы мен мұңға дес берме. Күт мені, жаным, ертемен, Шығыстан самал ескенде.
Таулардан, тастан өтемін, Шыдамым жоқ-ау түк менің. Аңсаған көңіл жетеді, Күт мені, жаным, күт мені! *** Көкшулан теңіз буырқанып, бұрқап, тулап қап, Күмбірлеп көлдер, көк орман, тұрса шулап бақ, Жырымды мен де қыл шылбырша атып жіберем Қас асауларға лақтыратындай шумақтап. Жұлдыздар ақса қараңғы қапас түнектен, Жаңғырық шықса жарты әлем толқып дір еткен, Жырымды мен де қанжарша сілтеп жіберем Қас дұшпаныма қадалар барып жүректен. *** Батырлар шықса елі үшін сайлап жарағын, Ақындар ақса аспан астында дара ақ үн, Жырымды мен де жас жігіт қылып жіберем Ару қыздардың аударып алар жанарын.
О, жүрек, сенің кезің де келер тоқтайтын, Бір кетсем білем, қайтадан кері соқпаймын, Жырымды, жұртым, өзіңе арнап жүрейін Сонда тек менің өмірде мынау жоқ қайғым. *** Мектепте оқып жүрген бала кезім, Басыма пәле тілеп алам өзім, Оныншы сыныбымда шығып кеттім Жетпеген кезі шығар сана-сезім. Кеудем өр институтта – астанада, Бұла кез – қыздар үшін бас садаға, Тағы да оқуымнан шығып кеттім Жиырмадан асқан жігіт жас бола ма. Мұндайды бұрын біліп кім ысылған, Ортама ойым оғаш, тынысым таң, Бастығым мені көрсе едірейіп Мен енді шығып кеттім жұмысымнан.
Жұмбақ кіл өмірдегі қинайды ойын, Жүргенім түзу емес – шимай жолым, Қай жерге, қайда барам ыңғайым жоқ Мына кең дүниеге сыймай қойдым. *** Арман, арман, арман деген көп менде, Күмбірлеймін домбыра боп көктемде, Қиял бердің қырларымды кезсін деп Өмір, саған қоятұғын өкпем не?! Арман, арман, арман деген көп менде, Таба алмаған іздеп жерден, көктен де. Көңіл бердің гүлдерімді көрсін деп, Өмір, саған қоятұғын өкпем не?! Арман, арман, арман деген көп менде, Қия алмайтын қоштасқанда – кеткенде, Қуаныш та бердің асып-тассын деп Өмір, саған қоятұғын өкпем не?!
Арман, арман, арман деген көп менде, Арманға адам ақырында жеткен бе, Берген де сен, алатын да сен мені Өмір, саған қоятұғын өкпем не?! *** Қуансаң да сен, әке, жақсы атыма, Қайғырғаның көп маған тақса кінә, Мен өрескел ісіммен өмірде бұл Түсірдім-ау ертерек ақ шашыңа. Дарығанмен бір қуат бой-қаныма, Кеш келді, әке, осы ісім ойға мына, Мен ауылға айналып келерімде Кірісіп сен жатарсың той қамына. Аман келді деп менің ұл – өмірім, Шақырасың бар халқын бұл өңірдің, Мен болдым-ау сенің тек ойлайтының Мен болдым-ау сенің тек тілерің бір.
О, әке, сен үлкен бе ең, даналық па ең, Жарасатын мынау паң дала алыппен, Сен де бір кез қоштастың жастығыңмен Мен де енді қоштастым балалықпен. *** Сәлем, қыздар, жанарының оты бар, Сәлем, қыздар, сәлем аққу, тотылар, Сендерді ойға алмай-ақ өз өзіммен Күн бар ма екен, сірә, тыныш отырар. Сұлулықтың домбырасын шерткенде, Көкірекке түседі-ау шоқ – дерт демде, Содан соң-ақ басылмайды құмарың Содан соң-ақ басылмайды өрт кеуде. Ойда-жоқта түскендей боп көктен кеп, Көз алдыңнан көлбең-көлбең өткенде, Жанарлар-ай қарақаттай қап-қара Жанарлар-ай көк аспандай көкпеңбек.
Жас көңілді жайлағанда ғашықтық, Бір-ақ аттам болады екен қашықтық, Ынтықтырып қойған шебер өмір-ай Сізді бізге, бізді сізге асық қып. *** Қаршығадай ілетін сұңқар жігіт, Сені бір қыз қойды ма іңкәр қылып, Айлы түнде алып қаш алаңдамай Ауыздықпен алысқан тұлпар мініп. Жаратылдың тартыс пен шабысқа анық, Қорқыныштың ауылы алыс қалып, Содырлардың сойылын қағып таста Кескен кезде жолыңды, намыстанып.
Қас сұлудың аш белі бұратылып, Ақ жұлдыздай ағып өт, бір атылып, Жігіт, сені жұрт осы дауыл дейді Дауыл деген болмайды, сірә, тымық. *** Өткеннің қалғаны жоқ менен аяп, Нақақтан жай жүрсемде жегем таяқ, Торығып таңды атырған түндерім көп Күндерім той-тойлаған некен-саяқ. Жасқана жолға түстім басқа бөтен, Жас-мастың көңілі көк аспан екен, Не бір нан кеудесіне піскендерді Құлаштап құлар жерін тас төбе етем.
Байланып нысанаға бардым оққа, Кезеніп кездігімді қалдым топта, Тірлігім бұл кездегі қойдан жуас Белгісіз, білмейді ешкім – бармын, жоқ па. *** Басымды алып жүрмін әзір, тірімін, Азамат боп үй болыпты бір інім, Ата-ананың қызығымын ба мен осы Ата-ананың күйігімін бе, кімімін? Басымды алып жүрмін, сірә, тірімін, Оқу оқып адам бопты бір інім, Ата-ананың қуанышымын ба мен осы Ата-ананың қайғысымын ба, кімімін? Басымды алып жүрмін, тегі тірімін, Ақыл айтып аға бопты бір інім, Ата-ананың күнімін бе мен осы Ата-ананың түнімін бе, кімімін?!
Ауылға барғанда Ертемен тұрып атыма жылдам ер салып, Тартамын жонға құйындай ұйтқып, желше ағып. Жаңғырыққандай төбемде зеңгір, көк аспан, Дүбірлегендей болады бүкіл жер шары. Арманым болып жанымда қалған мәңгілік, Құйғытам келіп даламның төсін шаң қылып. Сол кезде ғажап алқызыл тартып шығыс жақ Атады әсем, арайлы, аппақ таң күліп. Содан соң қайтам көңілім шалқып өсіп мен, Тып-тыныш дала, соғады самал есіп тек, Күтеді анам дастархан жасап, шай қойып Көршінің қызы тұрады қарап есіктен... *** Өмірім, саған қараймын қалай құлықсыз, Шабытым келді ақ боран болып бұлықсып, Шығандап асып шырқауға шығып кетейін Жырымды жұртым аһ ұрып оқып бір ұқсын.
Бозала түнде бозбаланы тартқан бақ – қыздай, Аялы таңды әдемі сырсыз атқызбай – Шабытым, менің аласың қайта тұрғызып Жарымның тіпті қасында тыныш жатқызбай. Сен үшін келгем, сен үшін ылғи арығам, Өмірдің сенсіз жоғы да жақсы барынан, Қара бұлтты аспан қақырағандай күркіреп Сел жауын болып ағылам – мүмкін жарылам!.. *** Анам менің, әкем менің, о, тілім, Сен бар кезде ақынмын мен от үнім, Тыңда далам, тыңда аспаным, тыңда орман Тыңда мені – өлеңімді, оқы – ұғын. Сені, тілім, көтеремін көгіме, Сен бар кезде ақын болам – төгілем, Ақ жарылып отырамын алқада Жыр шығарам туған ұлы еліме.
Берілмейтін төнсе қайғы – төнсе өлім, Тілім барда ақынмын өр еңселі, Сондықтан да жырлаймын мен сені, Отан, Сондықтан да жырлаймын мен, Жер, сені! *** Суырылса қынабынан қанжар – қан, Ойға қалам солды екен деп қанша арман, О, халайық, ойлашы өзің өткенді Аулақ жүрген жерің бар ма жанжалдан. Адамбыз деп отырамыз асқақтап, Қалай бізге жайымыз боп ас батпақ, Көңілімізді жүрді бір күн мұң басып Көзімізді жүрді бір күн жас қаптап. Жасалды да небір бомба, оқ қолдан, Талай боран артымыздан, соқты алдан, Арулардай арман болған қалалар Бір-ақ күнде шаңы шығып жоқ болған.
Тарихыңда от кешпеген кезің кем, Тыныштыққа не жетеді көз ілген, Неге бүгін аңырайды аналар Неге бүгін боздайды осы бозінген. О, ұлы адам, тыйылмаған жасы көп, Шалықтап от, шарықтап өт, тасып өт, Бұл өмірді тағдыр бізге бермеген Шексін деп тек қайғы менен қасірет. *** Есенбісің, қарындас, еркесі кең жайлаудың, Мына күннің ыстығы-ай көңілім қымыз, шайға ауды, Баса алмаймын шөлімді өзің барып құймасаң Баста мені, ал, енді, қайда үйің – қайда аулың? Қарындас-ау, жүрелік ірке берме ат басын, Далалықтың қашанда көңілі ашық, тәтті асы, Сырым да көп айтатын домбырамен, жырменен Айтам оны қымызға қызған ғажап шақта ашып.
Сен боларсың дастан, жыр, аңыз – сұлу құралай, Саған, сірә, тең болып аспанда асқақ тұрар ай, Келгенменен қуанып, қапа болып аттансам Жанарымнан өртеніп кетті дерсің бір ағай. *** Арманымды ұзатып, Ұмтыламын қыза тым, Бетімнен ап жүрмесін Қайғы деген бұзақы. Жетсін заңғар айға атым, Іс тындырсам жайратып, Қолтығымнан демесін, Қуанышым – қайратым. Мен алға тек тартайын, Үйде отырмай марқайып, Жұмылғанша жанарым – Жатқанымша арқайын... *** Туысым ба робот – құлтемір нем, Тауып алған бабамның жұрты – өңірден, Әлде ұлым боп белімнен жаралды ма Бас қосқанда бірде ашық, бұлт өмірмен.
Темір тұтқан тоңмойын тетік емен, Суыққа да, ыстыққа етім өлген, Қаратауды қайырар қайратым бар Жүрмін әзір жібермей бетіменен. Әлі сәби көзінде тұма – жасы, Адаммын мен – ұлы ата, ұлы анасы, Жағамнан ап жүрмесе жоқ етем деп Буыны бекіп қатқан соң бұғанасы... *** Ұқсыншы әлем, жер мені, ұқсыншы теңіз ұқсын көк, Шабытым менің сөнбесін шалаға ұқсап бықсып көп. Сезімім шалқып айдындай, ойларым жатсын орман боп Қайнардан аққан бұлақтай шымырлап терім шықсын тек.
Сол кезде көл боп көктемгі көгалдар болып көңілдер, Бой бермей кетем ағынға, өзенге асау – өмірге өр... Қызды да қылыш жігіттер бой жетсе көрер дейді ғой Мен де, жұртым, әрқашан жыр жазған кезімде көріңдер. *** Өмір деген көктем кейде күз, досым, Думандаймыз басымызды жүз қосып, Аялайтын бір гүліміз бар біздің Біреу келіп суық қолмен үзбесін. Өмір кейде қыс жататын қар басып, Бізден артық бақытты адам бар ма осы! Бір көк өзен – дариямыз бар біздің Біреу келіп бөгемесін арнасын.
Өмір деген кейде ұлы жол, тұйық із, Жан біткенді ұйытады күйіміз, Шаңырағын шайқамасын біреу кеп Бар бір біздің отауымыз – үйіміз. *** Жауға шабар ат емес тас – тұғыр нән, Жанарында жалын жоқ – жас тығылған, Тұяғынан шоқ шашқан қайран тұлпар Ер салатын көкжал ұл – қасқыр ұлан. Жан – сүйегін даламның кеміре жеп, Өтті заман, елімнің өмірі өжет, Мынау тұрған мәстек қой пақыр мінер Батыр емес темір төс – темірөзек. Өлкемді өңкей қыран – ер қонбай шолған, Қоям белгі алтыннан сомдай саған, Қас қаһарман халқына қорған болған Қара тасты қалайша домдай салған... Күз Көк аспанды торлап алды күзгі бұлт, Күн де кетті мың қайрылып, жүз күліп,
Ақ қайыңның мойнындағы моншағын Алпауыт жел үзіп жатыр үздігіп. Аспанменен таласатын қарағай, Жалбыр шашын қоя берді тарамай, Сар көйлегін киіп алған жапырақ Айдалада қаңбақ болып барады-ай! Көшіп кеткен жайлаудағы қау қалың, Қаһарына мініп алған тау жағың, Таң азаннан кешке дейін жалықпай Ағыл-тегіл құяды бір ақ жауын. Соғар екен ертең суық боран қай, Қораланған ұясына қонарда ай, Құстар, құстар қайрылмастан барады Енді мәңгі кететіндей – оралмай. Жас жұбайларға тілек Алауланып жүздерінде нұр ойнар, Бүкіл ауыл сүйіншіні сұрайды, ал! Жанарларың жарқырасын жасымай Еңселерің еңкеймесін, жұбайлар!
Жолдар тартар қия, жонға, тасқа өрлеп, Қадамдарың құтты болсын, бас төрге, Мынау атаң арнап тіккен ақ отау Мынау анаң жиған жиһаз қастерлеп. Үйлеріңе қонбай қайғы, қасірет, Ата-ананың алдында иіл, бас ие өт, Мынау қара босағада беріктік Мынау қара шаңырақта қасиет. Бұл өмірдің көктемі мың, күзі мың, Жарастықтың жаны – жайлау, жүзі – күн, Шаңырағын шайқамаңдар отаудың Махаббаттың жоғалтпаңдар жүзігін! *** Мынау ма шалқар, мынау ма адуын күй деген, Қалайша сыйып отырмын ақ боз үйге мен, Саған қай қазақ тәкаппар басын имеген, Сені қай қазақ көкірегіне түймеген.
Арқаммен бірге армандар қозды-ау мендегі, Шығыстан шыққан сәуір бұлтындай боп жел – демі, Барамын толып, барады бойым шымырлап Аңқылдап, ағып, ақтарып кеттің сен нені. Мың әуен толқып құйылды-ау шектен, пернеден, Арғымақ аттар ала жөнеліп кермеден, Сен бе едің саңлақ даланың тұлпар дүлділі Сен бе едің асау көк өзен өткел бермеген. Көктем боп келіп шулатқан жырау көл құсын, Жетер ме саған мәрмәрдан соқса ел мүсін, Ақ арман қуып, алысып өткен атамның Қуанышы – көзі, қайғысы – мұңы сенбісің! *** Аңғалдаумын, албырттаумын, қызбамын, Жұрт ішінде отыра алман міз бағып, Талай-талай өкпелетіп алдым мен Сені, жаным, орынсыз көп қызғанып.
Біреулерге көрінсем де жан жұмбақ, Сен дегенде көңілім ашық, бал-бұл жан, Өкпелетіп алдым сені талай мен Бір құрбымды қағытам деп қалжыңдап. Саған, жаным, сағынышпен, мұңменен, Жету үшін күндіз демен, түн демен, Өкпелетіп алам сені әрқашан Қуантайын деп жүрсем де күнде мен. *** Қашаннан да көзі болған көненің, Ақсақалдың сөздеріндей өрелі үн, Ақ кемемен ағып келем аспанда Таудан үлкен талабым зор – көремін! Шамшырағын жолыма көк жаққан мың, Аймалаймын алтын нұрын ақ таңның Толқындарым жаба салып жағамды О, теңіздер, төгілуге шақ қалдым.
Осы сәтте таңдай тілер татым-бақ, Жас жүрегім жанартау боп атылмақ Өйткені мен оттылардың мекені Алатауға келемін ғой жақындап. *** Бақыт жырым жатқанменен жырланып, Білгін менің кеудемдегі сырды анық, Көңілім бір тыншымайды, о, досым, Жер бетінде азап шексе бір халық. Қараймын да далама көз тоймаған, Ал, бір елдер ойран-ау деп ойланам, Әкелері отырмайды-ау үйінде Балалары болмайды-ау деп ойнаған. Сонда-ау, деймін қасірет пен қайғы-мұң, (Қашан соңы болады енді, ай, мұның), Сонда-ау деймін шашын жайған аналар Толғанамын сол халықтар жайлы мың.
Кім жеңілген, кім күң болған, құл болған, Туған жерге табан тіреп тұрғанда! Атылмаса оқ екен деймін ешқашан Жарылмаса екен деймін бір бомба. *** Тауды әкем деп кеудемді – жағамды ашып, Барлығы да бал бұлақ – маған ғашық, Маңдайымнан маң далам – анам сүйіп Шықса алдымнан ағаштар амандасып. Шалқытады ән сал, сері самал есіп, Қапталыма көк майса қалады өсіп, Қарай-қарай қара бұлт шарт түйіліп Жылап-жылап, күркіреп – алады өксіп. Дала кезіп қара бұлт тау түнеген, Бала – құрақ, бауырына бау тілеген, Тау – әкемнің қабағы түнереді Анам жатыр алқынып қаупі неден?
Қара бұлт тұр қайт, қайт деп, қайтшылаған, Көңілімді күпті еткен жайт бұл алаң, Бала күмән әкеге, анаға аян Тау ма, бұлт па, әкем кім, айтшы маған... *** Неліктен үйір болдым темекіге, Жігерін жастың құм ғып жеңетін не? Бір жақсы, бір жаманға құмар болдым Туғаннан жарылғанмын мен екіге. Шымырлап тартты шулы шарап мені, Басымнан бақайыма тарап демі, Сыртынан жақсылықтың ізін бағып Жамандық жүрмей ме екен қарап тегі. Артынан бауырына алды арбап наша, Аждаһа алдындамын – жалмап салса, Иелік өзіме-өзім ете алмадым Етіме ине салдым, амал қанша.
Кетпейді қайғы мұзы – қар басымнан, Жамандық жанында оғы бар жасырған, Әуелден жақсылыққа ауа алмағам, Өмірмен қоштасамын – дарға асылам! *** Түнімен ала алмадым көз шырымын, Өлеңді ішемін деп – сөз шырынын. Жүрегім сыздағанда пайдасы жоқ Емнің де, дәрінің де – ешбірінің. Ойымды ұйытады сөз мәйегі, Сезімім жан-тәнімді бордай езіп, Өмірім отқа түсер көбелектей Жаратқан жүрмесе егер қорғай өзі.
Мұңы көп, тартар ауыр азабы алда, Өлеңім, енді мені мазалама, Өзімнің сау кезімде қойсам деп ем Басыңа бір құлпытас – қазанама. *** Мені өлтірер қиылған қас пен қылық, Бұлақ-бұрым иықтан тасқан күліп, Бойымды алып балқытып нұр жіберіп Ақ сәулесін қыз жатар аспанға іліп. Көзім тігіп қараймын – бос дәме ме, Сімірсем бір! Демі – уыз, төс – тегене, Айдынына тұншығып батпас па екем Кеудедегі жеткенше қос кемеге. Бас салмасам тамақтап бара түбі, Қияды жеп шыдамым – ара тілі,
Найзағаймен түйресем жарқ-жарқ етіп Қашқанынша қыңсылап қара түні... *** Тыңдайды аспан, тыңдайды көл, құба тал, Көкіректен сағынышты құлатам, Сен де жүрген шығарсың-ау, жолымды Күтіп күнде – ақсарбасты мың атап. Ойлауменен жүрсің-ау тек жан анам, Елең етіп біреу келсе қаладан, Маған тәтті көрінетін балдан да Отқа көміп сен пісірген таба нан. Тентегіңнің жолын күту күш болып, Жүр ме екенсің ғажап-ғажап түс көріп, Көкіректен ән төгетін шығарсың Жанарыңнан мөлдір тамшы түссе еріп.
Күннен ыстық құшағыңда ай-хай бір! Көп қамықпа бәрін, бәрін айтармын, Мен кеткенде балапан ем сары ауыз Келерімде құс боп ұшып қайтармын. *** Қиындық көрсетсе де өмір деген, Ешуақыт басымды имен өлімге мен, Көрсем мен бір жамандық түршігемін Көрсем мен бір жақсылық көңілденем. Ақ дала қызыл гүлге бөленгенде, Туады таң қалдырар өлең менде, Біреулер шуақтайды күн жағымда Біреулер жай табады көлеңкемде. Маған бар жағатын да жақпас адам, Жақсыны сенген емен даттаса сан, Біреудің жақсы ісін мақтап жүрем Біреудің жақсы жырын жатқа соғам.
Бастарың қосылғанда бәрің мақтап, Жырымды жүрсе досым, жарым жаттап, Жарасам ұлы елімнің қадесіне Жаным да, жүрегім де, арым да аппақ! х х х Ей, көктемім, келдің бе күйлері мың, жыры мың, Бір сілкінтіп аспанды, бір шалқытып қыр үнін, Сен келгенде алдыңнан шығады есіп самал жел Ақ қайыңдар асқақтап тарқатып ап бұрымын. Ей, көктемім, келдің бе күн боп күліп сыр ақтар, Шықсын аңсап жатқан бір жайраң қағып бұлақтар, Дөңбекшісін теңіздер, күмбірлесін төңірек Жап-жасыл боп дүние, жап-жасыл боп құрақ, тал.
Ей, көктемім, келдің бе жадырап бір мәз болып, Көңіліңе көл бітіп, көкірегіңе қаз қонып, Көмейімді қозғаған домбырамдағы саз болып Ару, аққу қыздардың жанары боп, наз болып. Ей, көктемім, келдің бе көп аңсатып, күттіріп, Қарсы алады маң далам, қия шыңым тік тұрып, Не боп кетер бұл өмір, не боп кетер тіршілік Жылына бір келмесең жан-дүниеңді ұқтырып. *** Жеткізбей ой ұшығы ми да қажыр, Жаратқан шапағатын құйған әзір... Тірлікте таңғажайып тағы тұлға Жоғалып кеттің қайда, динозавр? Тіршілік тебісуде бақ таласа, Шығам деп кемерінен – шақтан аса, Қарайып жер бетінде жүрмес пе едің Өзіңді туған тәңір – хақ қаласа.
Жан бар ма көңіліне түйген мұны, Келем бе сабама отқа күйген күні, Жақпаса адамды да құрта салар Алланың мен деп жүрмін сүйген құлы... *** Жыр оқыр қашан тұшынып көк – күн, Аруды айтатын құшып ұқ, - деп, түн, Ақынмын деп ең, жазғаныңды оқып Өлеңнен бездім – ұшынып кеттім. Ұшынып кеттім – запыран құстым, Үзілді ішегім, қақырап үстім, Найзағайлардан салдырдым ине Жазыла алмадым – Атырауды іштім! Кеудемнен ұшып кетпей – талған үн, Мақсатқа қуып жетпей қалғаным, Шу асау жырға құрық салмадым Өлеңге қайтып беттей алмадым...
Солдат туралы жыр (Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевқа) Жайқалар жазғы шақ қой нақ, Толыпты гүлге бақты аймақ, Кеудесін теуіп Каспийдің Көк бұйра толқын жатты ойнап. Тұр ойлы жігіт жағада, Көкірегі от боп жана ма?! Айта ма сырын самалға Айта ма сырын далаға?! Өр болып өскен о бастан, Теңізше толқып, толастап, Тартады көзін көкжиек Көңілін биік көк аспан. Тағдырдың жолы мың білем, Не күткен алда кім білген, Теңіздей терең болам деп Толқынға талай сүңгіген. Тыншытпай кернеп бір арман, Шыңға да жұлқып шығарған, Қадалып ұзақ қарайтын Қалықтап ұшқан қыранға...
Ешкімге ырық бермеген, Көк теңіз болып тербелген, Айқаспағасын бұлтпенен Жағаласпағасын желменен. Барамын қанды майданға, Көңілге түк те қайғы алмай, Қалқаны болсын елімнің Күн кеудем мен ай маңдай. Қалмаймын жауға табаға, Болмайды мынау дала қан, Тапсырған маған ұлы елім Тапсырған маған жан анам: – Жігіт пе сынға төзбеген, Жауыңды екі көздеме! Өтіпті атаң өмірден Есесін бермей өзгеге. Тауды да атаң қозғаған, Дұшпаныңнан оз, балам, Қолдайды сені туған жер Қолдайды сені боз далаң... Жас ұлан солай аттанған, Гүл жарған әсем шақта арман, Артынан қарап жас қалған Артынан қарап қарт қалған...
Дзотты – алда дұшпан бар, Өшірер оны күш бар ма! Барар жол оған қауіпті Бара жол – оққа ұшқандар. Дзотта алда тас қорған, Жатпаған ерлер бас қорғап... Беліне түйіп гранат Жылжыды алға жас солдат... Көңілдің қайғы – жарасын, Қалайша енді жазасың, Бұл соңғы сөзім айтатын Бұл соңғы хатым, анашым. Ер ме едің әлде өр ме едің, Мен үшін нені көрмедің?! Мен әлі саған, жан ана, Келініңді ап та бермедім. О, қайран менің, жастығым, Көңілімнің құлпын ашты кім, Айт бүгін маған әніңді Сақтағаныңды ас бүгін. Оқышы жазған жырымды ап, Көкірегіңді алып мың ырғақ, Суретімді бас кеудеңе Домбырамды алып дыңылдат.
Болармын қызыл жоса қан, Туған жер – алтын босағам, Қош, туған менің ауылым Аяулы, асыл қош, анам! Ұшқынға толып жанары, Өн бойы от боп жанады, Өлсем де ұл боп өлем деп Арымды ұқстап жоғары. Ұмтылды солдат кекпенен, Жиырмаға да әлі жетпеген, Астаң-кестең жер деген Көкала түтін көк деген. Жауың да зұлым сақ қандай, Жатады атар шақты аңдай, Нысанасында – қақ жүрек. Нысанасында – қақ маңдай. Ажал боп ашқан аранын, Дзотқа жетіп барады, Көз алдына кеп көк теңіз Құлағына кеп дала әні. Көргенде жауды тұра алмай, Ұлы Отаным, - деп ұрандай, Бұрқаған оққа атылды Төбеден түскен қырандай.
Соққандай көктен жай қатты, Көк орман, көлді шайқалтты, Жоқ қылды жауын ақыры Өзі де сөйтіп жай тапты. Өткен-ді солай бір өмір, Алаулап жанып нұр өңі, Дүр сілкінді төңірек Дүр сілкінді бұл өңір. *** Көрмейтін түнде тыным – мігір ұры, Қырқынан қиғысы кеп сіңірімді, Буғанда буынымды сырқыратып Қанымның басылған ба дүбір-үні. Басыма басын сұқты, бұғанама, Үндемей жата берем – ұнаған ба? Құртам, - деп құлағыма сыбырлайды Жұлын құрт жан жемесе жұбана ма.
Аққуым бататындай бара жүзбей, Азамат жүрсе жолы сара біздей... Сол ұры түнді қойып күндіз енді Кеудеме мінген, өзі қара зілдей... *** Тереңнен терең – тұңғиық ойы, Мың жалын орап – мың күйіп бойы, Қуамын сені, қуамын деймін Ұлы ақын отыр жымиып қойып. Таңдантып қалың бата алған жұртын, Оқ бойы озық қатардан – бұрқып... Жабыларды оқып жай қалма десем Басады сипап сақал мен мұртын. Үйімді танып оқыр кім кіріп, Жырымды мен де тоқырмын іліп... Тұлпармен жарыс, тұлпармен деймін Қала алмасымды отырмын біліп. *** Жаныма құйдың, еркем, ағып сен, Түнімен іштім, ертең тағы ішсем, Көңіл құрағым – көк майсам өсіп Күй тартты көзім серке қағыспен.
Қарадым қанбай қарықты жанар, Өлтірер мені мамық түн, анар... Өзегім толы от өртеніп жүрем Өзегім толы – жарыққа құмар. Алтыннан ғана, ұсынбан жез гүл, Бұлғасын қолын тұсымнан мезгіл... Шатыр еткенде масағым түскен Көздесем тиген – құсым қан кез бұл. *** От алмайды, машинам – шыпасы бар, Жан-жағымнан қамаған бұрқасын қар, Есігімді аяз тұр теуіп кіріп Үстімдегі киімім жұқа шығар. Құтырады бұлт суып дөңге төне, Ақкөңіл жан жалғыз-ақ мен бе, неге? Тартып жібер – біреуге десем өткен Алдыменен дейді ақы – теңге төле.
Жолда қалып жатырмын таңнан таңға, Адам емес таппасам аңнан пана... Бір танысым келгенді, терезеден Ақшаң бар ма, - дейді ол да жанқалтаңда... Желқұйын Алған арқар қошқарын мойнын бұрап, Жатырсың ба, тазым-ау – жойқын, сұлап, Жанарыңнан парылдап жас ағады Менің де аққан миымнан ой – мың сұрақ. Тиетінсің бөріге – жауға шыға, Маңдайыңды тіктің бе тау тасына, Мүйізінен неге ұстап ұштың төмен Тілеп алып сақина сау басыңа. Қансонарда салатын майдан панам, Қалай ажал – айырам айбалтадан, Әлі талай құйындап қар басар ең Енді сендей сырттанды қайдан табам.
Көзіңе түн – көлеңке қара қонып, Жаныңды жеп қанды азап барады обып, Көріп тұрып жасыңды шыдамаймын, Тамағыңды түбінен шалам – орып... *** Жаратты тәңір аң, құспын деме... Аралын аңсап шаң құшты кеме, Көкжөтел қысқан күркілдеп аспан Қапырық әлем қан құстың неге?! Мұнардан мұнар, күн аумаған ба, Таппадым жұлдыз түн аулағанда, Көктемі де жоқ, көк майса да жоқ Тауым мен далам тымаураған ба. Аңменен құсым, туыс ең – кейпің... Дүние неткен қуыс ең – бейітім, Көзімді жұмбай түс көрем ылғи Түсімде су деп у ішем деймін...
Адам атам-ау, жер – салған мекен, Хауа анам-ау, емсе – арман етем! Тебінгімді тер шалса деп ем Ереуіл атқа ер салсам деп ем... *** Кету – қайғы, өмірге келу – арман, Көсем өтті-ау көргенде елі уанған, Асылғанда қол жетсін топыраққа Тамым биік болмасын белуардан. Құдай білер кәрі ме, жас өте ме... Садақа да бермеңдер аса төге, Намазыма тұрғандар налымайды, Тізгін беріп жүрмеңдер бәсекеге. Жабы емеспін жарысса шабары жоқ, О жақта да жақсының табары көп... Жолаушы өткен адасып бара жатса Тіп-тіке етіп үстімнен жағарым от.
Өзім айтқан қойыңдар жолға таман, Қуат алып жатайын мол батадан, Осылардың барлығын орындаңдар, Орындаңдар, бәріңнен қолхат алам! *** Жата ма тыныш – бұйығы пілім, Соққысы келіп құйыным – кімін? Самалға қосып сырымды саған Ашайын десем – ұйыды тілім. Леп те жоқ па, түн күтіп әуре, Тағыпты дала, гүл бітік – тәубе! Көкірегімді тосамын айға Ішіме кірсе – бір жұтым сәуле. Алдымнан аңым табылса қашқан, Өткізіп сәтті – лағыл шақ бастан, Беліңді тартып білегімді орап Төсенсем шалғын, жамылсам аспан... *** Жасаған жасамаған жарата обыр, Адам кең әлемге өтер тарата өмір... Өлгенше қанын ішем – сорам дейсің Халықты халық па деп – қара тобыр.
Бабамыз берген елге төкпей асын, Топырақ толғанда көз – жеп тоярсың, Халықтың қамын ойлап жүрмін десем Не керек халық саған, - деп қоясың. Талабым табанымнан таймау түбі, Осы уақ оңай емес ойлау мұны, Жұртым деп жүрсем ұшып екі етек боп Құлатып халқым отыр сайлау күні... *** Әскерден босап мойным қайтсам елге, Сүйінші сұра, шап, - деп айтсам желге, Күпінген көктем шыға көңілімді Көк бұйра кілем етіп жайсам белге. Даламның жанға шипа емсе лебі, Көкірек – үйім анық теңселері, Қаракөз арқам мұздап отыр деген Жамылып шинелімді берсе белгі...
Сарбазбын жүріп қалған ережемен, Алдымда көлім кепкен кенеземе ем, Құлағын тігіп анам отырғанда Тырс етіп хабар берсем терезеден. *** Күштімсіп – күдірейіп дөкір шыны, Шүпілдеп қыз көзінен нөпір шығы, Тәттілеп, таңдайыма тілін берсе Шараптың бұрқ-бұрқ етіп көпіршігі. Осы сәт құйын күйім көкке көшіп, Көңілім жайлауында шөп төсі өсік, Тып-тыныш, ештеңе жоқ, естілмейді Музыка қалған білем өкпесі өшіп.
Шапшиды шарасынан – тартыс қанда, Салмаған әлі маған қар – қыс таңба, Жанымның түкпірінде жалт ойнайды Тән мен тән – отпенен от шарпысқанда. *** Жеттім бе, жетпедім бе парқына түк, Өмірдің екі алды азап, арты бақыт... Адасып айдалада аяз қамап Шақпақ қып жел шағамын қар тұтатып. Алған ба аспан ішіп күреңітіп, Далама аман қалсам тілерім құт, Ақситып азу тісін боран ұлып Төбемнен ауық-ауық үреді бұлт. Бойым – мұз, қаным қатып, миым қатып, Әйтеуір көңілге үміт – күйім қатық, Суындай суға түскен суық кіріп Қойныма, қонышыма құйындатып.
Алысқа айқай салам талмаса жақ, Бұл енді жүрген тірі жанға сабақ, Қолымда шақпақ та жоқ, шырпы да жоқ От жағам ойыма үсік далбасалап... *** Ғарышқа көшін тартқан даңқы – күні, Шарықтап Көкбайрақтың саңқылы – үні, Ақпейіл, адалдықпен қолын созған Ардақты адамзатқа халқым ұлы. Қараймын тауыма паң, далама кең, Тарихым сан ғасырлық ала бөтен, Бабам дос – тату бол, – деп өсиет айтқан Бәріңнен сол айтқаным талап етем! Тоймаймын Астанамның гүл өңіне, Өлкем – кең, толған түлік, бұла егінге, Сән берген жер-жаһанға салтанатым Жарасқан жасампаздық ұлы еліме.
Құшағын Ана – әлемім жаза құшқан, Қыраны аспанында азат – ұшқан, Маңғыстау, Арқа Алатау, Атырау, Алтай Кең байтақ ұлы Отаным – Қазақстан! *** Көңілімнің жаралы аңы, құсы қан, Күндерімнің іші басқа тысынан, Сұқ саусағын безеп бәрі тұрғандай Көпшілікке көрінуге қысылам. Бұрқырамай бұғынады бұлағым, Өмір-өзен өкіреді ұлы ағын, Жүрексінем теледидар қосуға Радиомның бұрамаймын құлағын. Берекемді алған көк тер маза ақ тер, Жарық көріп жүрер қанша азапты ер, Тыңдамаймын айта ма деп телефон Жаза ма деп қауіптенем газеттер.
Мен дегенде уақыт та тас сараң, Қаратаудай қаһарланам, қасқарам, Мына халық түбі бірақ білердей Түбі менің шығатындай масқарам. *** Үздігіп өлең – ару жүрсе алқынып, Күтумен күн таусылып, түн сарқылып, Ғарыштан ақын кепті таңғажайып Біз әлі шыға алмаған бір шарқ ұрып. Жауысы «біртүрлі ақын» бұлты жалқы, Көтерсе төбесіне жұрты – халқы! Ғарышта жыр жазады құс жолына Ғарыштың жерден бөлек ғұрпы-салты.
Өлеңнің тіккен көкте, оқы, ұраны, Жабының жалықтырды шоқырағы... Тамсанып таңдай қағып таңырқайды Талайды туған қазақ топырағы. *** Бұлт бірде, құрдым бірде заңғар заман, Самұрық ілесер ме самғар саған Қара ойдың көкірегі қызыл жалын Қайғыма қапы кетіп қанжар салам. Қар көшіп тулады ма тау түсініп, Булығып қалды ма Атырау қысылып, Төрт түлік – жайлауымды жұмақ қылып Тамұққа кірсем дегем жау түсіріп.
Қан құсқан өтті күндер ішетін қан, Мен емес жат – құлдыққа түсетін жан, Басымды ап қуанады, бас алғаннан Білмейді кетпейтінін күш ақыннан... *** Жұмақ – төрде ұлы атам отыр ағып, Ақынмын деп жүрсің бе – топырақ жұт, Бәйгі бүгін арғымақ – жыр қосамын Таныр ма екен тарлан ат оқыранып. Жұлдыз жауып жанарым – құямын от, Қара ой жатыр мәңгілік ұя – мұң – оқ, Еділді ерттеп Жайыққа жайдақ мінер Тұлпар да жоқ, тұлпардың тұяғы жоқ.
Мұз жастанса соғатын кәрі ақпанның, Жадыраса сәулесін таратқан күн, Төбесіне той жасап көтереді Сүйгені деп бүкіл жер жаратқанның. *** Мен кеткелі өтіпті неше ғасыр... Топырақ та қуарар кеше жасыл, Қартайды ма Қаратау – қайран әкем Әр тайды ма даламнан – шешем асыл. Бара-бара бақиға батам налып, Өткінші – өмір сырына атам қанық, Қызыл тілі халқымның аузында ма Жұтты ма жұрт жұртпенен жаһанданып. Жатырмын жай – тыныштық таба алмастан, Тілім өлсе талайғы тәмам дастан, Елім қалған артымда есен сау ма Бүкіл мына жер шары ғаламдасқан... *** Тілінен әлсін бал тамып лағыл, Алған ба жан мен тән талып дамыл, Өмірдің бары – қызығы шындық
Дүниенің рас жалғаны кәміл. Сағым ба санам жапқан ба тұман, Жұлдызым жанып аққан-дағы ұғам, Адамның қызу сәт сезімі анық, Бақытын ғұмыр тапқан ба – күмән. Шықпайды даусым қарлығып қатты, Теңізім толқып жарды ұрып – қақты, Садағым сынды, найзам да сынды Астымдағы атым барлығып қапты... *** Жаратылыс, ғаламға ұлы ие кім, Алдында бас ғылым мен дін иетін, Мынау шексіз кеңістік бар ма әуелден Қалайша жер, жаралған дүние – күн. Қазығұртта, Қап тауда кеме қалған... Бар болса егер дүние неге жалған, Бұл әлемнің аяғы, басы бар ма Басы болса бастауын неден алған.
Адам қарға қартайса, жаста қыран, Өмір – айдын, айдынға ой – тас батырам, Маған дейін... кейін де ешкім білмес Неменеге мен осы бас қатырам. *** Бәйбішем бұрын жауын етегі бұлт, Жас келсе жебесін ап жетеді жұт, Тоқалым түсірем деп торын құрса Шүріппем шырт етеді – кетеді мүлт. Мезгіл жеп көзім тасын жүр шық уатып, Айқай кез күнге шапқан бүршік атып, Барым сап тоқтатайын деп ойлаймын Бұғалық салдырмайды ыршып уақыт. Пенденің өмірі өтер жай бірі емен, Бұла шақ түнді сойып айды іреген! Бытыра мылтығымды тағы оқтадым Аяғы бітер екен, тәйірі немен... *** Салтанатты сан ғасыр салты түлеп, Тілі күшті өскен ел халқы дүреп,
Сөзі жоқтың өзі жоқ өлген ізі Сенде ерекше өлең-сөз бар құдырет. Ойымнан бір шықпайсың жатсам-тұрсам, Жетіп жүрсе тірлікте шаққа мұршам, Құлдырап кеп қоянша түсермісің Құмай қосып алдыңнан қақпан құрсам. Көкіректен көз жұмбай арман кетпес, Жұртпыз түбі көк бөрі – арлан тектес, Қолжаулығы бола алмас кез келгеннің Өлең – сөз бұл ұлы өнер шарғаң жетпес. *** Маған ғұмыр бермеген тәңір жұмақ, Өшетіндей лап етіп сабыр-құрақ, Адамыма баратын бармадым деп Өртенеді өзегі жарым жылап. Басым төмен... отырмын түсіп иық, Бақтың әман ұшады құсы биік, Маған қалай тап болдың деп қоямын Жалқы жүрген жан едім кісікиік.
Ай қамығып, жұлдыз жеп түн тұнжырап, Мұңым жақын пендемін күлкім жырақ, Мың күн сынбас шөлмек те бір күн сынар Біз тұтатқан сөнер ме от – бір күн шырақ. *** Бүркіт бұғып түсе ме шымшық бүріп, Аралымнан құйрығын құм шықты ұрып, Мына кезең қай кезең қай, қай кезең Өзіме өзімді өлтіртер тұншықтырып. Жоқ-ау жібім үзілсе жалғар жайым, Өмір-өзен иіріп тал қармаймын, Қуанышым күшік боп көзін ашса Күдірейіп шығады арлан қайғым. Өтіндемін тұрмыстың – түрменің – оқ, Ішімде итім қапқаннан үргені көп, Тақта отырмын таныман деп ойлама Мен де жерді жай басып жүргенім жоқ... *** Дүние – өмір дегенің кем күн сынақ,
Құс жолы да ақ емес теңбіл шұбақ, Құлақ тігіп асыққан сен бе десем Босағамды тырнаған жел қыңсылап. Жабығыма жарық қып айды ілемін, Түндігімнен үпірем қайғы лебін, Жаза бассаң сүрініп кешігерсің Табаныңа жанымның жай кілемін. Үмітімді талғажу етем дағы, Жүрегімнің шыдар ма мекен – қабы. Сыртты сипап бірдеңе тысырлайды Сен емессің, жел де емес не екен тағы... *** Миымда мұхит тасып, құрлық қашып, Қараңғы жарықпенен жүр жұптасып, Жазам деп дүниені дем саламын Адамға жаралған соң тірлік нәсіп. Түбі – Жер адамзаттың көгі – маңдай, Белгі жоқ әлге дейін өлі жандай, Ертеңге қалай сақтап апарамын Өмірді шарасынан төгіп алмай.
Қатерлі өн бойымнан тоқ өтер күн, Неге ойым атом бомба – оқ әпердің, Ұрпағым, кең әлемде жалғызсың сен Жалғыздың көзін қалай жоқ етермін. *** Көктен биік көңілім алағызған, Аузын ашқан қала мен дала аңыздан, Арнама алтын көліме күміс төгем Өзенім де су емес – бал ағызам. Дүние бұл талайға жайды ұқтырған, Басын маған қылды ма байлық құрбан, Әкем «әркім тұсында жүйрік» деген Патшаның да жүрегін шайлықтырам. Пенде боп пе ем үзілген өрмегі – бау, Қалай шығар дейтінді төрге мынау, Тақ ұсынса отырмас кезім келді Осынымды, жаным, сен көрмедің-ау. х х х
Есігімді қара түн тепкіледі, Көкірегім бөге ме кекке үнемі, Жұлдыз біткен жымиып миығынан Ай маған, ал, не істейсің деп күледі. Шықты ашуым түк көрмей жын түкіріп, Өңім емес түс-сынды шым-шытырық, Мен Арыстан – адаммын аң патшасы Мерт болады тиіссе кім құтырып. Сабырлы ем аш қызбайтын тоқта қаным, Кетпесе есем өзге одан жоқ талабым, Жүрегінің түбіне қанжар салдым Маңдайына қорғасын – оқ қададым. *** Қуанышымды қауымға бере көсіп, Көкке шашқан күлкіні терем өсіп, Алам деген адамым алдап кетті Шықтым саған деймісің ерегесіп.
Орнықпаса ошақ – от қалай жансын, Тағдыр – тозақ таптады талай басым, Өзегімді өртеймін – шарап ішем Көңілімнің талқан ғып шарайнасын. Еске аламын сондағы ел мен тойды, Өшіре алмай әлек шер – жел білте – ойды, Менің саған – ешкімге керегім жоқ Ең ақыры өлім де келмей қойды. *** Қысым алда қоңырқай күзімде ой көп, Айды аламын қолыма жүзім ғой деп, Ашылғанда аспаным шатыр құрып Кемпірқосағым шықты қызыл көйлек. Балбырайды боз далам бусанады, Жазирамның соғады ту самалы, Қарым әзір түскен жоқ кеш емес-ау Күдер үзген күндерді қусам әлі... Бұл не деген мамыра жайма-шуақ, Ертең оны көретін қайда қуат,
Ет жүрегім ериді, езіледі Басымда ойлар – ормандар – тайга шулап. *** Үй үнсіз ауыр ауа сезімге ұйып, Жібін тек жібермесін төзім қиып, Ай басын терезеден сұққан кезде Қараймын ақ тәніңе от көзім күйіп. Шағым ба тарланымды таң асырар, Жүрегім шығатындай аласұрар, Қыстығып қиналамын төсегімде Басыма ойлар келіп қара шұбар. Рас па жақтамаса жұрт ұяңды, Күн түртіп әйнегімді нұр құяды, Тұрдың ба ұйықтап жақсы десем оған Бала ма ең шикі өкпе деп бұртияды... *** Жастықта асау татитын бал қаламым, Өзегіне жыр құйғам маң даламның, Қалай ару өлеңнің өлкесіне Мен он бес жыл ат ізін салмағанмын.
Ойым – өзен қосылған қаны мұңға, Арайланып аунашы мамығыма, Қаратауым басына қырау түсті Алатауым аппақ қар таныдың ба. Тұсау сала берем бе тілге үнемі, Уақыттың орар-ау құм кілемі, Ақ қағазға сырымды ақтарайын Енді он бес жыл бар ма алда кім біледі... *** Жаратқан аумасын деп сана бастан, Жарық боп, жаңбыр болып тамады аспан, Ұмытып перзенттігін, пенделігін Адамзат бір-бірімен жағаласқан. Азға зор тіршілігін жасата ма, Астамсып асын ішіп тас ата ма, Біреулер от ішінде өмір сүрген Өлімге басын тігіп қасақана. Қуаты, діні күшті ел егес елмен,
Айрылып қалып жүрмен мен есемнен, Жатырмын жайбарақат жаным тыныш Мен осы ұйқы басқан неме сенем. *** Бағымдағы гүл бөтен, өрік бөтен, Кеуде мына кеуде емес өлік мекен, Қаншама жыл арада ақты асығып Ақырғы рет шығып кет көріп кетем. Қалмай жүрген мен де әлі баяғы жыр, Басы бұлақ қапқан құм аяғы құр, Қаза тапқан қапыда қайран арман Босына өткен қор болып зая ғұмыр. Бұйыртпаған әуелден бақ қу жалған, Ішкім келіп аңсаймын шақты у толған, Көп ұзамай көңілім – көлім бітер Бір кездері қазбенен аққу қонған. *** Дауыл бірде дүние тымық мынау, Жазылмайды сендегі құнық тұмау, Аждаһадай алдымен мені жейсің Адам қылдым сен оны ұмыттың-ау.
Қасқырың ба жүретін түлкің бе ұтып, Келтіреді күмірә күлкің қытық, Тағы да бер аламын деп отырсың Бұл неғылған тойымсыз құлқын – құдық. Асу алда ары да бері өтер сын, Қамшылама атыңды тер етерсің, Бермегенім, бергенім – барлығын ал Менің немді бұдан соң жер екенсің... *** Құлатпайтын құрдымға демеу – халық, Бозторғайым ұшып жүр бебеу қағып, Көкірегім тып-тыныш дауыл тұрар Шықпай қойдың ұяңнан жел-ау нағып. Тұман көзі құмарын құшып әркім, Алыс емес жан-жаққа пышырар күн, Қарқылдаған қарғалар қаптай берсін Қыранымды мен әлі ұшырармын.
Аллаға адалдың ақыр ісі – шейіт, Әбжыланның бұзылған түсі – кейіп, Бозторғайым айналып кете алмайды Барған сайын шеңбері кішірейіп... *** Соқса дауыл бақ шамы – үй сөнбеген, Ой отына не қалар күйсем менен, Жалғыздық тек жарасқан жаратқанға Бір жарық нұр өзіңнен сүйсем деп ем. Қайғым қасап қасымнан қалмаса іреп, Үзе алмасам арманның алмасы көк, Шоқ шашырап деміңнен жанса өртеніп Жан мен тәнім айқасып алғаш рет.
Бұлт сөгіліп қосылса қаныма ағын, Қызыл түйіршігі мен ағы жалын, Бір арай нұр өзіңнен көрсем деп ем Батшы, жаным, күнәға жалынамын. *** Өзенге өлсе ерем деп бұлақ па есті, Жаңаға жамау салған ұнап па ескі, Соңынан жүгіресің жаның қалмай Сен әлде құлымысың құлақ кесті. Мансап – құрт қашан саған маза берді, Миыңды одан сайын қажар енді, Қасынан қалмай қойсам көлеңкедей Көтерем деп ойлайсың дәрежемді. Жердің де өз, аспанның да өз бар көлемі, Уақыт төбемізден қар төгеді, Бұл кезің – бұл жүрісің мүсәпірлік Бізбенен жүрген кезің мәртебелі. *** Астымдағы оқ шұбар, Жанарымнан шоқ шығар, Дара біткен бәйтерек Тумысымда жоқ сыңар.
Жүргенді тек мақтайма ел, Толқындарым қаптайды өр, Ассам атып арнамнан Бабаларым сақтай гөр! Күнім алда ұғынам, Таңнан тарар шұғылам. Батыс, шығыс таңырқар Терістік пен құбылам. Көңіл мына басылар, Кірпігі мұз, қасы қар... Өлмес бірақ өлеңім Аяғы жоқ басы бар. Іздемедім ұры атақ, Қалдырмаспын мұра – тақ, Алдым ару – ақ өлім, Алдым тымық – рахат... *** Өмірдің күткен кіл көк құрақ таңын, Біліп пе ек үлкен алда сұрақ барын, Блокнот көзіме оттай басылады – Сендердің адрестер – тұрақтарың. Жүзі өткір уақыт қыс, жаз жонатын, Суалды ақ айдыным қаз қонатын, Қанатын қияға ұрған қайран күндер Қар жауса, жаңбыр жауса мәз болатын.
Өзенім орта жолда тоқтаса ағып, Не етейін халқым қарап жоқтаса құп, Отырмын пеш жанында блокнотымды ап Оқталып жібергім кеп отқа салып. *** Бұрылмас сара ма жол, сара ма заң, Неліктен алады ақтан пара заман, Отбасы – ошағымның бұты сынды Қашанғы қақ бөлініп қара қазан. Даусыма алтын емес, жалатам зар, Басымнан сипар қандай алақан бар, Не істеймін ұясынан құлап кетсе Қанаты қатаймаған балапандар. Жан ем-ау даласы ата, аспаны ене, Мен мінген соққаны ма тасқа кеме, Ортада адастырып кетерің бар
Жолыңды қосып едің баста неге. *** Тағдырымның өзім бе иесі анық, Қаламсабым қарайды сиясы ағып, Қайтқан құстар көктемде құлағыма Қонбағалы не заман ұя салып. Жая алмаса қанатын қағып тірлік, Талабымды алам ба тарықтырып, Көзге түртсе көрінбес қараңғы ішім Күлпаршасын шығарса жарық кіріп. Құдай құлы жүрген бе сақтықпенен, Жұмақ па әлде тозақ па ақтық мекен, Дүниеге қарасам деп ем қайта Жаңа туған нәресте пәктікпенен. *** Адамға керек теріс, керек бір оң, Әйтпесе бітер ме еді ерек – түр өң, Қаптаған энергия тұлабойым Тақ толған тамырларым электрон.
Мен шығар биік алда ұйықтаман, Күй тартқан көкірекке ұйып па қан, Дүние төңкеріліп кететіндей Кездерімде қысқа тұйықталған. Алған ба табанына шоқ басып қыр, Тұман ба, мұнар ма – аспан жоқ па ашық нұр, Жақын ба атом жарар ақырзаман Жарқылдап денем дір-дір тоқ шашып тұр... *** Тау – кеме, дала – теңіз, қала – маяк, Өзімді ара-тұра алам аяп, Базар шақ балалығым қайда қалдың Қар кешіп жүгіретін жалаңаяқ. Тоқтамас әзір кемем – тау тыныстап, Адамның үлкейгенде қаупі күшті-ақ, Көктемде көктің тартып құлағынан Құстардың алатынмын даусын ұстап. Барады уақытқа құл күн кеміп,
Шалдыртпай заман деген түлкім желіп, «Қожаның көжесі жоқ көңілі құртта» Отырмын ойларыма күлкім келіп. *** Ақ ғалам мен көк ғалам, қызыл ғалам, Таңбаларым – жолдарым – ізім қалған, Мәңгілік құт қонысым қай жақта екен Әлі құлын мүшесі бұзылмаған. Тумысында – тірлікте дара ма адам, Жалғыз жанның бойына ас тарамаған, Ғаламдардан ғаламға өтіп келем Маңдайымда қабарған қара ғалам.
Хақ бұйырған орныңа жетеді не, Жармасады жұлдыздар етегіме, Түзесем бе бетімді Жер шарыма Оралсам ба ата жұрт – мекеніме. *** Көгімнен көп болды жалт ойнап – жай тамбағанына, Шарамды шарпыған ақ айдын – шайқалмағаным ба, Отыңа оранып өртеніп күйіп – жансам деп ем Аспанды басыңа көтеріп айқайлағаныңда. Күндер-ай, айналам ақ жаңбыр – қара бұлт қамаған, Құйыным құтырып шығатын жалаң құт даладан, Өлеңім өзіңе жетер ме үсті-басы қан-қан Оқыған, оқимын деп жұлып тамам жұрт талаған.
Түн ішіп қамықпа, түңілме, теңселме жүр есен, Менде әлі жалын – шоқ уақыт еңсерген бе десем, Табармын, таппасам көк барып тамағымды асармын Жаңа туған айға, кеудемді күн – семсерге тіресем. *** Әліппені ашпақпын білемін ес, Өмір – пәннен алмадым үнемі бес, Қайғым қамап қашанда әуелі кеп Көңілденем соңынан – күлемін кеш. Алды-артымды баламын бағамдаман, Қырсықтығым бар еді табандаған, Ағай қандай адам деп сұрағанда Өп-өтірік өлтіріп жамандағам.
Балғын кездің өзге еді-ау дәмі мүлде, Азамат болсам берген тәлімің бе, Сапарымның сарқылар шағы келді Ұяламын соныма әлі күнге. *** Аңқаулықтан әуелден кенде емес ем, Көк бетінде қап-қара мең бе десем, Ана бұлттың менде арам ойы бар деп Бұлқан-талқан болады жел-жеңешем. Бөлек тілі әуеде – бөлек пе үйі, Басына бақ қонғандай ерек күйі, Жанын қояр жер желім таппағандай Айт анаған қорқам, – деп өрекпиді.
Сүйегіме басылар таңба көріп, Екі көзім аспанда қанға бөгіп, Жеңешем тұр бұлтқа ымдап қолын сілтеп Жүзін өзі көтерген шаңға беріп... *** Болдың ба жаудан бетер, жаттан жаман, Адассам Темірқазық қаққан ғалам, Әуелден ақ жүрек – ақ көкірек біткен Аспанда ақ жұлдыздай аққан маған. Жанымнан жолын тартқан сара күй бұл, Баурайды бақида да ой дана, би тіл, Мендегі құдірет – күш дес бере ме Ағарсын, ағармасын қара пиғыл. Қарайсың қысша ұлыған қары ақпанда, Алдымда жанат күн бе, абат таң ба, Кімнің кім екендігі анық қой тек
Көк пен жер иесі ұлы Жаратқанға. *** Бітпеп пе еді адамға сана ғажап, Көңілімді мұң торлап нала қажап, Бұрқыратып бой жетпей түн тартады Сезімі де ақ емес алабажақ. Көлеңке жоқ, «күні» ашық қылығы күң, Кесіп алған түбінен тұлымын кім... Жұлдыз ағып демінен түн жұтады Жұтқан сайын жұлады жұлынын түн. Сырғасы кір болады-ау, жүзігі кір, Жоғала ма жым-жылас ізі-ғұмыр, Қою түнді ішеді қап-қара қып Жаңа ғана қылтиған қызыл іңір... *** Отбасы да тірлік қой ілік табар, Өмірден кім жұмаққа күліп барар, Аңдамай қап атымды атай көрме Күдік кірер көңілге – біліп қалар.
Өлімнен ақ жүрміз біз безіп бекер, Кеңістікті жанымыз кезіп кетер, Байқаусызда мені айтып мақтап жүрме Айта берсең күмән ғой сезіктенер. Содан бері аспаным, ұқ, ұям ой, Берілер-ау, мәңгілік ұйқыға бой, Қызғанам деп білдіріп алма абайсыз Алып кетер өзіммен құпиям ғой. *** Төңкерілгені қазаным қай күн, Құшағын ашпай сазаныма айдын, Еңсемді езеді жүйкемді жейді Қажытып бүгін аза – мұң-қайғым. Әуелден адал берік ем сертке, Күйлерім төкпе, сері мен шертпе, Көзімді торлап басады тұман Бойымды булап еріген дерт пе. Басыңды қосып несіне алдадың, Ерте мерт болған есіл арманым,
Өлерде жұрттың бәрін де кештім Бірақ мен сені кешіре алмадым. *** Қарайма көзіне қан толған бақыт, Жылжыған жылдар мына болды аңдатып, Ойқастап орынтақта отырмайды Иісі күлкісінің қолқамды атып. Сөзі су сияқты ма құм мекені, Жолықтым мұңым шағып кімге тегі, Көзі де, көңілі де өп-өтірік Иісі күлкісінің мүңк етеді. Арманым – анам бала үстінде өліп, Үмітім ақталмайды түс – түнге еніп, Халқыма басшы ғой деп кіріп едім Отырмын шаққа шыдап құсқым келіп. *** Болдым ба батырып күн, атырып таң, Демі жоқ мынау неткен қапырық маң, Жазайын десем соңғы өлеңімді Қаламым қалтырайды қақырып қан.
Ойлағам жерді кең деп ауа тегін, Әулие – әмбиелер тәу етемін, Өксігін баса алмайды өлеңдерім Дертіме дарыр сірә ем-дауа кебін. Алған кез күннен хабар, айдан хабар, Мойныма құйылады айбалта қар, Орыным жұмақта ма, тозақта ма Оқушым мені іздесе қайдан табар... *** Көресің жек ішімнен сеземін мен, От ағады өрт шығып өзегімнен, Өмір өтсе орнына өлім бар ғой Келер өзі бәрі де кезегімен. Жаныңды бақ, жүдеме, жабырқама, Маған енді болар үй қабыр пана, Сен дегенде ақ жүрегім кінә тақпа Тақса кінә тағатын тәңір ғана. Қырға шығып құлдырап құлаған жол,
Несібем мен қайда да сыбағам мол, Бата оқуға дос жетер, дұшпан жетер Көзіңді сүрт, бетің бас жылаған бол. *** Күш қуатым бағыма мол – құтыма, Қол жаңыла көрмесін – қол тұтыға, Машинамның тізгінін қоя берем Зәресі ұшқан сиеді жол бұтына. Дала қайда, ой қайда, қыр, зере көк, Жете алмай жел маңдайын тұр төбелеп, Қапталынан құйынның қағып өтсем Айналумен қалады шыр көбелек. Қара бұлтпын құятын жай шықтамай, Өмірімді жүре алман айшықтамай, Басып келем түбіне дейін газды Алатаяқ – алдымнан ГАЙ шықпағай. *** Шығам қалай қапастан, тор – қамақтан, Отыңды жақ ойыма – орадама ақ таң, Әділеттік айта алмас ақиқатты Көзінен жас парлаған, сорғалап қан.
Адамзаттан – адамнан кім мықты алып, Шыққан шақ па шайтан мен жын жұпталып, Арашалап ала алмас адалдықты Шыбын жаны шырқырап шындық барып. Мың күн сынбас шөлмектің сынар жері, Оятпасам халқымның тынар демі, Мұнан ары шыдауға құқығым жоқ Алланың ақ перзенті шығар мені. *** Жүрегіміз таза еді-ау кір сіңбеген, Қарауылға ап жүрмесін бір сұр мерген, Бұрынғыдай емессің бұйығысың Бірдеңені жасырып жүрсің менен. Маған өлі сияқты көзқарасың, Арамызға кірмесін сөз – борасын, Жабығамын күйініп ызаланып Жолбарыстай жалаған өз жарасын.
Күнді сүйдім, құштым ай, нұрға бөктім, Алдындамын атылып тұрған оқтың, Басы айналған бақыттан жан едім ғой Қайтіп қидың – сен мені құрбан еттің. *** Қиялдан қиял қуып кетем кей күн, Мәлім бе мәңгі орыным – мекен бейітім, Беймағұл қайда келе жатырғаным Көзімнің сәті ілінген екен деймін... Түзеймін маңдайымда нұр – жарыққа ап, Тәнім жоқ жаным жалғыз жүр қалықтап, Орнынан тапжылмайды Темірқазық Ұямды барып қонар тұр ма анықтап. Таусылар емес арман, мақсат әлі, Жұлдыздар жан-жағымнан ақса тағы, Анам сол баяғыдай құшақ жайған Әкемнің белуардан ақсақалы.
Бәрін де бағым үшін жеңбек едім, Үзер-ау үміті мен пенде демін, Артыма алып ұлы Жерді тастап Кезіп кең ғаламды ұшып мен келемін. *** Қалжыңдаймын жақыннан ары бармай, Жарстықтың жаңбыры, қары қандай, Иығыңа сәлем деп қолым салам Қуанасың жүрегің жарылардай. Сөзіме әзіл қосамын тұздық қылып, Қыздар көп қой өлтірер үздіктіріп, Қалың қалай жеңеше десем болды Қоя берер жүзіңнен қызғылт жүріп.
Өтер ұрып өмірдің өкпек желі, Аңсап жүрсің құпия көптен нені, Азаматың арынан артық не бар Ойыны емес ойы бар деп пе ең мені. *** Көк шалғын жоқ жапырған ту бел төсін, Жамылды аппақ жазғы орман ну көрпесін, Маңдайы – мұз құрысқан тұла бойы Қаңтар келіп қиғасын су желкесін. Астында аяз ақпанның – арғымағы, Көрінбейді аспанның арғы жағы... Күлімсіреп көп күткен наурыз келер Жанын қайда қоям деп қар жылады.
Өмірменен өлім – бал, удан татып, Ұшқан құстар ұйықтамас шулап жатып, Барабанын көк – бұлттың дүсірлетіп, Сәуір енді шығар ма думандатып. *** Қас ішінде қасқыр көп, бөлтірік көп, Көкірек – көл тулайды толтырып кек, Таңғы ауадай таңымды тартқызбаймын Семсеріңді сілте де өлтіріп кет. Масайратпан таптатып туым жығып, Періштелер арулар жуындырып, Жақұтыма жауларым қол салмасын Бұрымыммен бұрай сал буындырып.
Өлтір мені, өлімім таппас емім, У берсе егер дұшпаным татпас едім, Ақыретте күтемін келгеніңше Құшағыңа кірем о жақта сенің. *** Аспан мен жер туған әлем – туған үй, Ойлай-ойлай айнала ма буға ми, Жұлдыздарды жітіремін жағама Атойлаған толқындарым – цунами. Барам асып күннен де ары шарға алыс, Жаныған жан – жүрегімді ар-намыс, Көзімді ашпай түскенім бе тұтқынға Бұлқынайын десем ғалам – тар ғарыш.
Көкірегім жейді тесіп дерт үңгіп, Босаға емес қайда шаршы төр – кіндік, Кеңістіктен шығам тордан – қапастан Маған азат өмір керек – еркіндік. *** Шықты алдымнан тауым мен далам қапылып, Күдік – көлге ойымды алам батырып, Айыбы бар адамдай қипалақтайсың Жүзің неткен беймағлұм әлем-тапырық. Барымды үгіп бағымды байламақ қайғы, Соңыра сот о жақта қайдан ақтайды, Күнәсі бар жан құсап кібіртіктейсің Неге төмен жнарың – тайғанақтайды.
Көтере алам ба жүрек – көңіл қазасын, Сығып алар жанымды – сөлімді аза сұм, Шыныңды айтшы, жалынып тәңірге барып Өзіме өзім сұрайын өлім жазасын. *** Мезгілімді қар басыпты ақ самайы, У-шу боран іші-сырты, маңайы, Ғашық бар ма Қозыменен Баяндай Махаббат та жалған – секс жабайы. Жер жұп-жұмыр жамбасымды жайлы етер, Қолымдағым мұнда өтпесе қайда өтер, Әділдік те бұрылмайды әлсізге Адалдық та арам болған – айлакер.
Бағасы жоқ сұрауы да жан-тәннің, Батыста да шығыста да қан-қан күн, Мұңын шағып жылайды алып мұз мұхит Дүние түтін барлығына аң-таңмын. *** Асырар ма алдағы түйе кезең, Оранам да отыңа күйе безем, Жұғыныңа шөл қысқан жұқ болар ма Самарқаулау мендегі бүйен өзен. Қанатымды келді ме жайдырмас күн, Қамын ойлар жан едім қайбір бастың, Найзағайлар жарқылдап түнді тіліп Арналарды жаратын айғыр тасқын. Жазыла ма жазы өткен жайттан етім, Ала алған ба арызын айтқан жетім, Төсегімде бүк түсіп бүркенемін Бәрінен де бүгінде қайтқан бетім. *** Алмаспаса күн мен түн таң ата ма, Өмір – тамшы таусылар тама-тама,
Кеткеніңе көкке ұшып жыл толыпты Жануарды шаламын садақаңа. Бұл балаңның жерде емес есі көкте, Алдымнан шық құс жолын кесіп өт те, Садақаңа шалғаным тума тұлпар Қолтығыңда шұқыр бар тесік өкпе. Бауырыңа жақын мен жырақ кірер, Жұлдыз жанар – жарық қып шырақ тігер, Құлагердің тұқымын құрбан еттім Шағың ғой деп астыңа пырақ мінер. *** Тауысып аспанды жер қақтап еміп, Үздігіп барады ыссы, аптап өліп, Шөптің көк көйлегін жеп боп-боз қылып Марқайып мініпті жаз таққа келіп. Көлеңдеп көкжиекте сағым – елес, Жастықпен жасамыс бұл шағым егес, Іңірде үміт ішіп жолға шығам Жол шықсам сорым ба екен бағым емес.
Соқ есіп, соқ алдымнан саумал самал, Дала да бұла шақта тау – қансонар, Қиғашты әлі мен де салармын-ау Қыс түсіп қиыршықтап жауғанша қар. *** Жүре бермес жақын жаз, жақын күзің, Тот баспасын жаныңда бәкің жүзін, Әкем отыр ақылын айтып маған Келінімді – алып кел әкім қызын. Басталатын нәрсенің жоқ па аяғы, Алда жылдар, алда айлар көп қой әлі, Әкем жатыр төсекте ақырындап Министрдің қызын ал деп қояды. Ажырата ала ма ара бізді, Көңілімнің ерір ме нала – мұзы, Келініңді ап басыңа келіп тұрмын Көршіміздің баяғы қара қызы. *** Бірін алған, бір-бірінен бар ма асқан,
Ұлан дала, асқар таулар қар басқан, Тас түйіліп бес саусақтай бес құрлық Топан сумен – төрт мұхитпен арбасқан. Ұға алам ба әлем қалай жаралды, Айта алам ба арты жоқ деп бар алды, Кеңістікті кезген қарсы – қайшылық Күнменен түн – жарықпенен қараңғы. Қуанышты қайғы келген тұстан тос, Әйел мен ер – аққу, қыран ұшқан қос, Бақыт пен сор, азаппенен рақат Өмір – өлім, жұмақ – тозақ, дұшпан – дос. *** Қар қонар ма күз өтіп түн – шашыма ақ, Өмір соңы болар ма мұнша сұрақ... Мұң – мұхитым мұз тауы морт етеді Қарағанда көзіңнен күн шашырап.
Көкірегім – жанымды жарған намыс, Алып кетер әлі асау арнамда ағыс, Қайрылмаған артына қайран күндер Таңдарды ұрған таңдарға тарлан шабыс. Уақыттың теңізі – тереңі ме, Тізгінімді бостан бос беремін бе, Саған жауап қатармын батыра алмас Әйтпегенде ғұмырдың керегі не. *** Үнемі дәніккен бе үмітті ішіп, Семірген көңілімде күдік-күшік, Сақамды жарық әлем сайлағанда Алшы деп тағдыр маған тігіпті – шік! Жүректі жарар аңсау жарса тегі, Бақидан қайтпас адам барса кері, Арманым орындалар деп ойласам Күшігім төбет болған арс етеді.
Барымды аямадым тірі жаннан, Бірі жоқ достарымның бірі қалған, Мен осы мақсатыма жетер ме екем Күдік – көк бөрі ішіме кіріп алған. *** Жылдар жылжып қатемді жүр ұқтырып, Өндірдей жас ем, діңкем құрып тұрып, Қыздар келсе әдейі көзге ілмедім Шылым шегем түтіні бұрық-бұрық. Көңіліңе көлеңке – түсеме дақ, Бас киміңді әуелден піше ме бақ, Қыздар мықты жігіт дер деп ойладым Жиын-тойда бокалмен ішем арақ.
Мұның бәрі баяғы бал күнгі аңыз, Жолым қанша, татар кім – алдым дәм-тұз, Тақияма тар болмас таз да таппай Аяғында сопайып қалдым жалғыз. *** Еске алам өткен жастық шақты тарлан, Қанатын қақты ажалым – қақты қарғам, Артымнан іздеп мені келермісің Аһ ұрып айрыламын ақтық арман. Алдыңнан шығам құшақ гүл ұсынам, Шыққанша құмарыңнан күл ішіп ән, Нұрына жанарының шомыларсың Бал беріп хор қыздары тіл ұшынан.
Жерді де, аспанды да теңсер құдірет, Көрсін деп жүрмін тілеп мен сен құрмет, Қамықпа, қабағыңды аш, қасыма кел Қарайын дидарыңа ең соңғы рет. *** Бұл күндері бір түрлі ме бұл ағаң, Жас шағында ұраны – күй, ұраны – ән, Ойлап-ойлап түсіре алмай есіме, Әйелімнен атың кім деп сұрағам. Сабырым жоқ салып жүрмін көп түрге, Абақты алдым – түнектенген тек түрме, Сәлем бердім бастығыма кіргенде Ассалау... емес атаңның ауызын... деп бірде. Қалды артымда, қалды тағы неше бел, Өмір – жұмбақ, жұмбақты адам – шеше ме ер, Бойың балқып жатқан кезде бойжеткен Бозбала боп барып қалсам кеше гөр.
*** Көңілім сырттан тоқ жанмын бейне, Түсірер атып жоқ жамбың дей ме, Жүрегім қанын жұтады жұлып Кеудемді жарып көкжал мұң кейде. Қашанғы құлар орға құстарым, Жетер енді өмір – торда алысқаным, Кеңістік кезем кеңсің бе маған Ыңыранады жолбарыс жаным. Бауыры бұлт пен жарысқан жасын, Тауымның білдім қар ұстамасын, Кез келіп жалғыз көпекке кілең Қор болған қайран арыстан басым. *** Қардан қасат арылып шағыл қунақ, Дүсірлейді аспанда дабыл – тулақ, Өлең айтса өр өзен сеңін сөгіп Тілінен кіл түседі лағыл шумақ. Толып асып кетер ме тұмаға ақ маң, Бұрымынан бұлттардың бұлақ аққан, Күншуаққа арқасын қыздырады Таулар қыста демі – мұз тұман атқан.
Қызғалдақтың жүзінен тамса қаны, Тастар тулап түз түлеп жанса бағы, Төңірекке қызығып мен отырмын Көктемімді ұмытқан аңсап әлі. *** Мұқалма қайсар мұқалма қаламым, Оранар отқа тұтанған ғаламым, Көк мұхитына суарғанмын салып Жырымды құрыш күт алдан жаңа күн. Кететін келіп көп қонақ емессің, Көптің бірі емей жоқ болар елес кім, Тоқтала қалсам бастала алмаймын Бастала қалсам тоқталар емеспін. Анық па жағам – анық па көлемім, Әйтеуір сені даңққа бөледім, Құдай қаласа тағы да соғармын
Соқпасам қош бол, қамықпа өлеңім. *** Сан рет кете жаздым болып құрбан, Өмірдің шарасы мұң толып тұрған, Әуелден ақкөкірек аңғал жанмын Тәңірім сені әдейі жолықтырған. Алдымда алыс емес жақын жаға, Қимаспын жиналғанда – қапылғанда, Есебін қалай тауып кездестірген Құдайым мені сендей ақылманға. Жолың – тау, жолың – тастақ, жолың – белес, Баста өмір, соңда берер өлім кеңес, Жазулы маңдайыңа деген рас Бақ пен сор пенденің өз қолында емес. *** Еңсемді езіп көтертпей қоғам аяп, Оқымайды өткендер молама аят, Жүгірсем деп ұмтылам жүре алмаймын Дауысым да шықпайды тобанаяқ.
Көк пе жер ме беймәлім қайда екенім, Алпыс екі өзімше айла етемін, Арамдық бар кезінде ойламаппын Адалдықтан аққұла пайда кемін. Жазы тымық қақпанын қысы құрар, Дүние бұл көңілдің құсы құмар, Хор қызы кеп жаныма шуақ төгіп Оянып ем тілі айыр түсі шұбар... *** Жан едім жазсам сөзі егін пүліш, Қойынын жердің көздедім – тыныш... Аңсатпас мені айдындар алтын Арнасын аспас өзенім күміс. Аязым өлең, аптабым дастан, Қайда да үйің шап-шағын тас там... Жатайын деп ем таппадым орын Самғайын деп ем таппадым аспан. Жылжыған жылдар уатып еміп, Барады қайран қуатым кеміп,
Өлеңім өмір сүрер-ау мәңгі Қалмаса мына уақыт өліп. *** Уақыт та, адам да – бәрі асығыс, Қазір көктем алдыңа қарашы – қыс... Өзен көлге, бу бұлтқа, от түтінге – Бұл неғылған жаныққан жаратылыс. Сыйғыза алмай отырмын ой-санама, Сыйғызбасам ойыма – бой шама ма, Өмір сүргім келеді мәңгілікке Өмір сүрсем өмірім той-садақа... Жарық сөнер – түбіне жеткен күн дақ, Тас топырақ болмайды тектен құмақ, Барар жерін білсе де бәрі асығыс Мына жалған дүние неткен жұмбақ. *** Бір гүл бар өзге көктемнің ерке кенжесі, Көзі – күн күлсе шашылып алтын теңгесі, Күз де кеп оған сап-сары қолын созады Қыс та ойлап жүр ме жұлсам деп жетсе – кем бе есі...
Айта алмайтындар әуенін әсем бұзбаса – ән, Ай – сырғасы аспан, асқар тау – шыңға – құзға сән, Шартарап – жаным шатырлап жанып барады Көкірегіме айсбергтерді – мұз басам. Аһ ұрар арман алатын ақтық дем бе бұл, Өмірде бардың бәрі де бірдей – пенде кіл... Құйын, жел, аяз – дүние түгел сұқтанған Әзірге аман жаралған жалқы кенже гүл. *** Берер ме Әйтеке мен Төле кеңес, Қазыбек Қаздауысты жолы – өнеге еш... Аудармай берешегін борышқорым Жүгінем – сот көңілін бөлер емес... Алқаға әділ биін халқы ұсынар, Тағдырлар шешіле ме – талқы сынар, Айтады ол да – саған елу пайыз Мен де айтам – алып берсең жартысын ал. Күдік – көл таразының тасы батып,
Үміт – көк жауатындай жасын атып, Екеуміз екі жақтан қысып тұрмыз Ортада судьяның басы қатып... *** Өзені жыр далам ба бұлағы өлең, Ұмытатын ұлтанын ұлан емен, Аңқам кеуіп алыстан аңсап келем Ұшағымнан үстіңе құлап өлем! Темірқазық жастанып тістенген кім... Әнім созып аққуға – құсты емгенмін, Өмірі ұзын өлкемнің өлшемі жоқ Жұлдыз жатқан, ай қонған, түстенген күн. Қояр бәрін орнына мезгіл дана, Туған жерін тастайды ез – құл ғана, Даламның да жүрегі алып ұшқан Менің де асау арманым кез бұл – бала. *** Тәбет төбет жал-жая ақпа-төкпе асқа, Толса қайтем бүйрегім мен өт тасқа... Бір іс ашсам – егін салсам деп едім Кісінейді шегірткелер көк қасқа.
Көппен бірге көрер ұлы той салық, Бір іс ашсам жылқы шалып, қой шалып, Күдік күшік құлағым жеп қыңсылап Көкжал қаупім қашпайды көп бой салып. Жақсылықпен жаңбырыңды әуе көл Төк – несібе үйіме бақ-бау әкел, Банкротқа ұшырармын деп қорқам Бір кәсіпті бастайын нар тәуекел! *** Ойлаушы ем үй боп бақ – сырғам тағам, Айна алдында әлі шақ сырланбаған, Тізгінімді беріп қолыңнан ұстап Тағдырымды сеніп тапсырғам саған. Жанарыма ұйып жиі жасым кеп, Келіндерім де иба абысыным көп... Марқайып көңілің сұрайсың менен Өміріңе өткен ризамысың деп.
Шын сыйласқандар құсым деп өтер, Өңім де көрген түсім де бекер, Баяғыдан бері айтқаным жоқ қой Енді айтып қайтем ішімде кетер... *** Ойлай-ойлай ойымның иі қанық, Көңілімнің келмейді күйі нағып, Кең дүние сені ашып білгім келді Қаным шапшып басыма миым ағып. Дауасы жоқ жабысқан дерт ерімес, Телескоптар айта алмас жер серігі еш, О, ұлы әлем, сені анық түсінем бе Жұмбағыңды шешем бе ертелі-кеш.
Аспан алыс жұлдыздар мол бағыма, Кірісермін талай мен жол қамына... Алла мәңгі пайғамбар дегені рас Жаратылыс әуелден болғаны ма. *** Қалқиып қалғаны ма көк құлағы, Тәу етем тәңірінің төк бұлағы, Тағы да шаңы қаптап келе жатыр Мына жел жындылығы – өтті ылаңы. Биыл бұлт белі байғыз бұты қарға, Шаппаған басын тігіп тұқымы арға, Далиып дандайсытқан далам-дағы Әйтпесе құтыратын құқы бар ма.
Қыр шөгіп су кетіпті мойынына, Бәкене – бұталардың бойы бұға, Күйдіріп көкжиекті жалт қарайды Белгісіз шыны ма әлде ойыны ма. *** Өртенеді жан-тәнім күн-көкірек, Жақұтымды жатырмын түнге тіреп, Кімнің тұлпар екенін қайдан білем Кімнің жабы екенін – кім текірек. Жастық жайпап ай-шайға қаратпаған, Тасыған кез бойыңа шарап қаннан, Құр босына сырғыған қайран уақыт Қайран өмір тұлыпқа қарап қалған.
Елең етіп мендегі күй құлағы, Таусылмайтын тіршілік күйкі ме әлі... Қармағымды қабады қараңғы кеп Қарап қойып ұрлана ұйқыға өлі. *** Адам аума-төкпелі ме оң, теріс, Құшағың жай наурыз келген соң көріс, Бір түбірден жаралмап па ек бәріміз. Маған неге тумаласым тоң торыс. Таппадым ба тұрмыс кілтін – дәйегін, Жыл емен күз – қамба... мамыр айы егін, Көңілімізді жарастырмап па едік біз Маған неге қарайды жат әйелім.
Жүре-жүре кім бар қажып тозбаған, Жан-жағымда автокөлік боздаған, Маған тура біреу тапап келеді Рулінде отырған мас өз балам... *** Айналып «алқа көлден», басқа көлден, Тарихын таңбалаған тасқа өлеңмен. Ел аман жұрт тынышта менің халқым Қалайша ала-пөле аштан өлген. Жатқанға жамбасы ісіп жалықпауы, Толама толғай тартпай балыққа ауы, Есімде өткен ғасыр отыз жеті Мен болдым алдыменен «халық жауы».
Енді азат елі егемен еркін дейді, Бәрібір сол баяғы дертім жейді, Өзіме өз байлығым бұйырмайды Өзіме өз жерімнен жер тимейді... *** Мейрамхана ... жанымдағы мас құрбым, Талай аңның таңын тартқан қасқырмын, Бөтелкемді бокалына батырдым Шақпағымды шақпағына – тасқа ұрдым. Ойнақтайды қабырғалар бұрышы, Қанар емес құлағымның құрышы, Шыңылдайды скрипка дауысы Дүңк-дүңк барабанның ұрысы. Тікірейіп жылқының жалжаясы, Тарылады тынысымның аясы, Көзін жұмып күрсінеді жарықтар Төңкереді табақшасын даяшы... *** Бітер екен ҰБТ – тест немен, Шыққан андап сұрақтар – естімеп ем, Қуанышым басылды су сепкендей Үмітімді күдігім кескілеген.
Қорыққаннан баспайды қаламсабым, Оқығаным ойда жоқ маған сағым, Көшелерін жарық қып көңілімнің Тротуарларымның бар жағам шамын. Сенімімнің қайдасың сері өзені өр, Жетпейсің бе кепкенде кенезем – жер, Ұстаздарым күтіп тұр әкем, анам Төрт қабырға тұр бағып терезелер... *** Әділдік болса егер де көкте ғана, Сондықтан артық жерде өкпе – нала, Қатаям қиындыққа мойымаймын Мейірімін құлына төккен Алла. Қапысыз қан майданда жайпар алмас, Басатын аптығымды ай – қара қас, Бермесең төрелігің бермей-ақ қой Жолымды бөгер дейсің қай қара тас.
Ненің де алды адал да арты харам... Белгілі пендешілік парқы маған, Атама атамасаң атағымды Бәрі бір бәрін де мен тартып алам... *** Балтырың ба әлде ай – сәуле ме жұмыр, Келетін бе еді жас тәубеге ғұмыр, Жапыраққа көк жұғысқан аңғал желдеймін Болмадың ба мезі мен салған әуреге – ығыр. Тіле алар ма екем төбе – түймеңде таспа, Көкірек – көңіл күнге күйген бе, мас па, Құшағыма тығылып сен ақырын ғана Ештеңе білмейсің-ау дейсің сүйгеннен басқа. *** Заман ба арқалаған дорбасы – құт, Үкілер қай кез жүйрік, жорғасын жұрт, Терісімнен ұдайы жел тұрады Қонғысы кеп кеудеме қорғасын бұлт.
Құлы ма тірлігінің – кісі күннің, Кетпейді шырқ айналып құсы мұңның, Бір жағымнан сес беріп теңіз толқып Бір жағымнан басады пысы құмның. Ынсап аз құлқын азған – ындын шөлдеп, Жеңері түбі әділдік шын – кім көрмек... Мен қашанға шыдаймын беймағұлым Бір күн сынар сынбаған мың күн шөлмек. *** Өтірікті шала алмаған шын әлі... Қолда орнында бармағы мен шынағы, Машинаңның жүгін артық салдырма Көп күшенсең к.....шегің шығады. Атам айтқан... зіл беліңе байлама, Біреуге айдын біреуге артық айдала, Әлін білмес әлектенген – ғұмыры Әлін білген жеңіп шыққан қайда да.
Жанға жаққан жылы сөздің не түрі ем, Басым біреу жүзімде жоқ екі рең, Сыннан өткен сүңгуір ғой дегенге Мачталардан мұхиттарға секірем... *** Далам байтақ – таланттарға толы өлке, Жүйріктердің үзіледі жолы ерте, Нағыз ақынның ары ақ деп Жұмекен Күн де ақ дейтін болмайды онда көлеңке. Ақын адам аққуы ғой көп емес, Абай жалғыз дейтін еді – жоқ, елес, Тауды тау ғып әуелде Алла жаратқан Тауға қарай ұмтылғанмен төбе – кеш. Ойыма алсам өткенімді мұңы екем, Өлең оқып... жігерімді құм етем... Түсіме еніп тыңдай беріп ояндым Тағы нені айтпақ болды Жұмекен...
Марат Ғинаятұлына Өзен де бұлтты таудан төккенше ағын... Армандар – аңсар адам өткен шағын, Дүниеге, Марат аға, сен келгелі Жағыпты алпыс рет көктем шамын. Өмірде көппе мекен – аз ба тұрақ, Аунатар көңіл-күйге – сазға құрақ, Алшаңдап, Марат аға, сен келгелі Жайыпты алпыс рет жаз жапырақ. Азамат үйде жайсаң түзде мықты, Барарсың сексен, тоқсан, жүзге құтты, Аспандап, Марат аға, сен жүргелі Айналып алпыс рет күз келіпті.
Бүгінде қалаң әсем, жанат ауылың, Өзіңді қаумалаған дана қауым, Жасай бер, жарқырай бер, жалындай бер Алпыста арқа сүйер Алатауым. *** Уақыт-ай басы да аяғы жоқ, Тиген осып тағдырдың таяғы көп, Тұман басқан мұхитым якорь салам Жете алам ба жағама – маягыма – от. Өзегімнен өшірсем қайғы табын, Күн түкіріп, жұлдыз жеп, ай жұтамын, Бір сенімім бар еді О, Жаратқан, Жапырағын жанымның жай – бұтағын.
Қозғалайын дауыл кеп өршеленер, Толқын шауып кемеме аш бөріше енер, Қайратымның барында қағармын-ау Акуланың азуын көрсем егер. *** Жанымды емдер қамықпан тағдыр тәуіп, Көкірегім тасыған жаңбыр жауып, Екеуміз де отбасын құра алмадық Құра алмасаң от басын аңдыр қауіп... Қабығын ал қайыңым төгер шырын, Өзені жоқ өлі көл өнер – шығын... Қарап жүріп қарадан қайдан қашсын Қырғиыңды көрмесе көгершінім.
Бұла көшкен бұлтта ойнап бұлаң қақтым, Ұстатпады құлағы құлан бақтың, Жер қойнына сен енді деген кезде Үйімде мен тұншығып жылап жаттым. *** Қалтқыдай қалтылдасам күлме, балам, Бұл атаң талай аспан – жүлдені алған, Қаралай қыздар көріп мас болатын Басында базар еді-ау күнде – жалған! Көшеге шығам шатып шатқаяқтап, Қолымда тақ-тұқ еткен ақ таяқ-бақ, Сарнатып сигналын машиналар Үстімнен ұмтылады қаптай аттап.
Қарайды тау да менен дала қырын, Алып па ем үзіп әлде ара жібін... Үйде де отырғызбай бала-шаға Сыртта да жүргізбей жұрт қара-құрым. *** Басқа әлемге бас тігіп барады кім, Адамзатқа біткен бе дара бітім, Баба отауым, жер, сені қимай барам Жүрегің өрт өкпең ыс қара түтін. Шарға көшіп шарлардан таптым тұрақ, Орман кесіп ойымнан жақтым шырақ, Өңім ішкі сарайым өзгермеп пе Мазалаған миымды ап мың сұрақ. Толатынды жұлдыздар – шамым маңға, Жаным жан ба, тәнім тән, қаным қан ба, Таспа салам қараймын экранға Адамды алғаш – атамды сағынғанда... *** Етім түрпі сияқты бетім сүгірет, Мұңым шағып айтпаспын екінші рет, Қиналамын апаңның жоқтығынан
Ақ балдыз-ау, жатырмын жетімсіреп. Айдалаға арландай үрем бе ұлып, Өтсе де елу тың тілген түрен қырық, Тақымымда тағы асау тырп етпеген Керек емес маған ер, жүген – құрық. Домбыраңмен шертейін өмір күйін, Бұл лебіңнен өртенер көмір – бұйым... Десем күліп балдызым қиылады – Бүгін, жезде, болмай тұр көңіл-күйім. *** Балаусамын талап зор еңсем ұлық, Адам, сірә, арандар жеңсе құлық, Өзегімнен тебеді өмір – өзен Көкірегіме кептеліп сең соғылып. Жаз аспаным қап – қара дөрекі бұлт, Жағаласып жатқаны жел өтірік, Өңменімнен өмір – тау итереді Айқұлағын шығарып сел өкіріп.
Көрпесі мұң қысым ба төсегі зар, Өмір солай жоқ өсіп өшеді бар, Өткенімді ойланып ойда отырмын Тас төбеме бұрқырап көшеді қар. *** Қу тағдыр құлашыңды жаздырған ба, Адамзат бармаған ғой аз құрбанға, Еуропа аяғына кісен салған Азия, Африка қаз тұрғанда. Қорғалап жүріп келем туғалы еппен, Көкірек неткен толы уға кекпен, Жан-жағым айлапат төрт алып мұхит Үмітім көзін ашпай суға кеткен. Менің де шығар күнім атар таңым, Тоймадың ішіп көшім – сапар қанын, Ажалын Атомыңның жеткізермін Әзірге таусылған жоқ татар дәмім. *** Асырмаса аспаннан арман ағат, Қыран шырқап қағады қарға далақ, Қайда жасырсаң да алтын көрінеді Неғыламын атымды жарнамалап.
Мұхит қайнап тау ерір тас деміме, Ғарышқа ұлы – кім шығар хас көгіне, Қос тізгінін қағайын тұлпарымның Шыбыртқыңды шырт еткіз мәстегіңе. Айқын дарын қысы жаз, күзі көктем, Түн маңдайын жұлдыздар сызып өткен... Жан жуытпас жанына жанартаумын Етегін шоқ – көмкерген қызыл отпен. *** Аяғынан алдырған ба әккі адам... Жетпеймін бе ақырзаман шаққа аман, Жердің үсті кіл құл темір – робот Жүрегінде 380 вольт – ақпа қан. Ешкімнің де жоқ туысы, отбасы, Күн күн емес домалаған көк тасы, Кеудесінде мина тартқан желілер Ойы – қатер толған бомба, оқ басы.
Магниттік өріс – тартыс маңайы, Темірлердің туған білем жаңа айы, Роботтар салтанатпен сап құрған Адам тағы – үңгірінде жабайы... *** Ырқыма беріле ме түн ару шын, Жүзден де асты білем градусым, Ақ сәуле ай астынан жарқ еткенде Қара бұлт – қара төбет тұра қусын. Тамырым – атыс-шабыс атырап бар, Бауырынан қан ағады қақырап тал, Бұтағын бұрауыммен бұтарласам Бұрқырап жөнеледі жапырақтар. Көбесін қара бұлттың қарғын жарып, Құладым – көкжиекке бардым жанып, Көмілем көк аспанның күркіріне Дауысы шыққан сайын тарғылданып...
*** Ұлым өссін үй болсын деп тіледім, Темір түйген сом бұлшық ет білегім, Жеткізбейтін сияқты жолым шеті Өз пайдамда таразым – шеккі менің. Қуанамын басымның қары азына, Араласпан алқаға бара қыза, Тәй-тәй басқан немерем келе жатыр Тепе-теңдік қарасам таразыма. Төмен тартқан шеккімнің арғы басы, Көңілімнің көмілген жар, жырасы, Немеремнің отауын көрсем деп ем Одан артық қызық-бақ бар ма расы! *** Жабы біткен қапталдасып қоймады, Таңырқаған қырдағы мен ойдағы – Тұлпар келді тауды оятын тұяғы Бөлек мұның тойнағы. Құмарынан шыққанынша ғұмыр бер, Табанында дүбірлеген тұғыр – бел, Аспан асты бұл ғажапты көрмеген – Жаралғалы жұмыр жер.
Жанат – дала, маржан – теңіз, құндыз – құм, Не істей алар құлқынына құл құзғын, Біз білгеннің бәрі жалған алдамшы Жаңа туды жұлдыз – Күн. *** Заман-қоғам тегі аумалы-төкпелі, Ілеспесем кімге артамын өкпені, Баяғы сол қысқа жібім күрметпес Баяғы сол жетпейтінім – оттегі. Тендері бар әкім-қара тең бе еді, Дәрігерден дәрі іздерсің ең кемі, Тарылады тірлігімнің шеңбері Ала аламын, сата аламын мен нені. Етім өлген су жүгірген іргеме, Төзіп бағам тағдырыма – түрмеме, Мемлекетке мамандығым еленбес Тағы өзгерер тағы болар бірдеңе. *** Сұрайсың жаста өткен нені, Көкпеңбек қас көктем еді... Теңіме тебіренбейтін Жаны жоқ тас деп пе ең мені.
Енді айтып қайтесің тергеп, Ондағы шайқас-үн жер-көк... Сен мені бақытты етпедің Таппадым ай төсіме ермек. Бойымның оятам ба қанын, Ойымның боятам ба бағын, Мен содан әлі ашылған жоқпын Мен содан соң тоят алмадым. *** Тарихта дұрыстық пен жаңсақтық, Күйінгенім жанарымнан тамса-ақ шық, Ат ойнатқан желкен керіп Ескендір Кұрлықтардан, теңіздерден қан шапшып. Қаламды ару қиратқаны шын-дұшпан, Ата жауым-аяғымды кім құшқан, Қорқыратам деп қол салған қолқама Тамырымды түймек болған Шыңғыс хан.
Басқыншыға туған жердің иті де ер, Жоғалмас өр халық қайта үй тігер, Ұрпақ өлер, ұрпақ келер ауысар Ұлы адам ғой деп жүрмесін Гитлер. *** Алдым қарттық жаз емес шамасы қыс, Адамзатта ақыл-ой, сана асығыс, Дүниені танудың жолы бар ма Болса ол жалғыз жол, - дейді дана Шығыс. Қиялымнан – басымнан аса алман-тар, Жасалмаған көк толы жасалған шар, Кеңістік пен уақыт шегі бар ма Жаратылыс – құдірет қашаннан бар. Жарық құйған жаныма нұр өңіме, Бұл ғаламның иесі кім, тірегі не,
Аспан да емес жерде емес сенің орның О, Жаратқан – сенім, ақ жүрегімде. *** Өлеңімді шабытым шақыра аққан, Онда тағдыр – онда аптап, жатыр ақпан, Шатырлаған жарқылдап найзағайы Қабырғасын аспанның қақыратқан. Тауға бардым үйімнен мені іздеме, Қалатын ба еді өлең егіз неме, Арманымды ақ желкен ғып сапар шектім Мені тартты мұхиттар, теңіз – кеме. Уақыттың білемін қатал заңын, Мен де өзіме бұйырған татам дәмін, Ұлы Абайдың жасына жеткеннен соң Қаламымды ұстауға бата алмадым. *** Ол кездегі заман басқа, заң басқа, Қарамайтын жат жұрттық па, қандас па, Етегіңнен тартпайтынды ит тірлік Жағаңнан ап салмайтынды жамбасқа
Дейтін әкем ақ, адал бол – күші не, Жас келсе де өмірді алман түсіне, Кірген із бар шыққан із жоқ індігеш Кауіп-қатер сақтаған ба ішіне... Жағып шамын шақырады мәңгі шақ, Қанжар салған жауырнымнан қан-құшақ, Сен шайтан бол, сұм бол деймін балама Өзім арам ақылы бар жан құсап. *** Түнмен қою астасқан ба таңғы нұр, Жаңа ғана басын жарған дән-ғұмыр, Тәніңменен тәнім әлі қауышар Жаным бірақ бола ала ма мәңгі бір Жаным жанды – жаныңнан нәр – ішті нұр, Барады ұшып қиқулаған құс – ғұмыр, Параллель – қос сызықтардай тәніміз Сәске де өтті, екінді өтті, түсті іңір. Шарасынан талай асты нұр таңғы,
Қызғалдақтарды да – ағызды қыр қанды... Осы уаққа дейін кездестірмедім Жан мен тәнім қосылатын бір жанды. *** Өтетін өмірімнің әр күні елең, Байлықтың өлшенеді нарқы немен, Атамның бабасынан қалған мұра – Мал-мүлкін баяғыда тәркілеген. Құралса дәулет басқа неке себеп, Адал ма арам ба асар екі еселеп, Қараның қай заманда бүйірі шыққан Алмақ па билігі бар жекешелеп.
Шаппаған тұлпарымның тағасы тот, Жалт – түскен арманыма – ағашыма от, Тарихтың қойыны толған оқиғалар Бірақ тек – тұрақты бір бағасы жоқ. *** Ақшаңқан бұлт, алқара бұлт, қазбауыр, Көшкенде ұшқан жапырағы жазға ауыр... Бала болдым жігіт болдым шал болдым Мен басымнан кешпеппін ғой аз дәуір. Қараған кез тәнтілікпен дала сан, Алдым айдын артым түйдек ала шаң, Жауқазындар көздің жауын алады Құмарымнан шықсам соңғы – таласам...
Періштелер... перілер ме мас маңда, Сарайдағы ақ сақшы – сынды тас таңба, Өзен де жоқ, теңіз де жоқ, көл де жоқ, Алақандай ала бұлт жоқ аспанда... *** Қасірет кысы алдымнан көп бораған, Адамның үміті өшсе жоқ қоры одан, Аспанда ұшақ-апат құлап төмен Жанымды шырқыратып отқа ораған. Қалайша сәлем айтам от басыма, Ұшқалы тұрмын мәңгі көк қасына, Балалық, балғын дәурен бал күндерім Шұбырып көз алдымнан өтті асыға.
Болыпты-ау талай қызық арада – ертек... Мінеки қызыл жалын барады өртеп, Көңілі бітпес маған сені еске алам Қайда жүр екен деймін қара тентек. *** Есігімді үнемі аңдып-торып мұң, Шалғынымды ортайтады орып күн, Аяғымды басқан сайын қауіп еттім Балғын шақта өлімімнен қорықтым. Қадамымды теңіз бөгеп кескен құм, Жанқалтамның түбі тесік – тескен кім, Тарқай-тарқай үзіле ме үмітім Жол ортада қалам ба деп сескендім.
Кезіккенім тырнақты мен тұяқты, Қабағымнан қан ба, тер ме жиі ақты, Көре-көре көндіккенмін бәріне Қазір ажал туған анам сияқты. *** Сәулесін төгіп ай күліп өңір, Бауырын жазып сәйгүлік көңіл, Аспанда шамдар жарқырағанда Ғаламда басқа қайда ұлық өмір... Бәріне бұл сәт иемін – жер, күн, Сүйемін сені сүйемін дермін... Тұла бойы толы өрт түн тәні ыстық Сүйегім еріп күйеді ернім. Буалдырланған боз тұман таңғы, Өзегім таппай өз тұмам... дамбы... Талықсып тауым, талықсып далам Көліме батып көз жұмам мәңгі... *** Шыңдарға шығып шамырқанар шақта өр, Талабым тассын тәңір маған бақ бер, Қимаймын сені қуанған күндер Қимаймын сені жабырқаған сәттер.
Аспанға шауып атойлаған мекен, Теңізім кешіп жат ойнаған не етем... Төбе тау болмасын білетін едім Тау төбе болса қате ойлаған екем . От па өмір сүйейін, оқ па өмір сүйейін, Халқыма қазір жоқ пейіл сын кейін... Елімнің жері кені де көп шығар Бірақ мен бұған тоқмейілсімейін... *** Таксистімін күтемін кім келеді, Тұрмыс мына тықпасын інге мені. Сағатымның тілімен бал ашамын Өтіп жатып уақыт дым демеді. Үмітімнің алды қар борап тағы, Ай емес пе ең қысқа қоры - ақпаны... Темір тұтқан кезең ғой тән де жан да Төзімімнің шыдар ма тораптары.
Қармақтан да балыққа жөні ау шығар, Тоналушы қашаннан тонаушы бар... Жетіскеннен жүргем жоқ мен де бүйтіп Көп жазғыра бермеңдер жолаушылар. *** Басым қырау белім мұз қар буыным, Ақыр түбі ішетін бар бір уым, Айға барам, күн барам, жұлдыз барам Қоймай қойды бұл ажал дар құруын. Бәрі өлшеулі... жасы бар Пайғамбардың, Отаныма – үйіме пайдам – бармын, Әлім жетсе алар ем алқымыңнан Әттең, қайран жастық деп қайнар қаным.
Уақыттың алдыртпас қамалы ұлы, Орындалар ма адамның талабы-үні, Ажал ауыз салуға асықпағын Өзі-ақ келер Алланың ақ өлімі. *** Жеткізбестей алыс па еді үй бұрын, Қалай қиям басымдағы күй құрын, Жақындасам алыстайды жанған от Сорға апарып батырмасын шимұрын. Төбе-төбе, ойдан ойға жалға асты, Осындайда мәнгүртпенен дал жақсы, Жанып-сөніп, жанып-сөніп барады Шыңға апарып ұшырмасын албасты.
Ит үреді ту сыртымнан қайтам ба, Жарқырайды аспандағы ай-таңба, Параллельдер қиылыспаған ешқашан Кез болдым ба жын-періге, шайтанға. *** Пендемін ғой басымда бар тауаным, Көп сұрақтың таппай кеттім жауабын, Әйет оқы өткен сайын тұсымнан Алдыменен саған тиер сауабым. Арайға аппақ ағып барам дүлділмен, Өмір жұмбақ шешуі жоқ кім білген, Қараңғыда жұлдыздарға айналам Бағыт берем – жарық болып түнде ілген. Аққуменен қарға қара тең бе еді, Алаңғасар түсініппін мен нені, Сонда да сен еске аларсың үнемі Еске аларсың ұмытпассың сен мені.
*** Ойластырып жаратқан пішіп-теңей... Ындын құдық тәбет құл кішік көмей, Заманалар салтанат сап құрады Миымды жеп бітірді күшіктеп ой. Құдіреті құдайдың қошың келер, Таңғажайып тап келсе шошынба егер – Ұшақтардан көкке ұлы ұшып жатса Копиялар – адамдар – көшірмелер... Бұлар қайдан алыстан – жер тегі дер... Тамшылары теңіздей тер төгілер, Асқарына аспанның шындық шығар Жіп есе алмай қалады ертегілер... *** Көңілім аспанға ашкөз құмар құлық, Тақсам-ау күн мен айды тұмар қылып, Қасыма келіп тұрып жаумай кетті Шынымен болғаны ма бұралқы бұлт. Жел жекіп дауыл жұлқып таласа қар, Шығанға шыға ала ма дала сапар,
Көкті өткен көшелері қандай екен Жүйіткіген жұлдызды әлем – қала-шаһар. Жаныма жаңбыр тілеп аңқам ауып, Жатармын жас шалғынмен қаңқам жауып, Топырақ туған мені тозбаса екен Ойымның тұла бойы қан-қан – қауіп... *** Еуразия төрінде көшпенділер... Өткен тарих – өпірем – өшкен күндер, Өзегіңнен теппеспін топырағым Тепсем қала төбесі өкшем кірер. Желе берген көк бөрі ұлып алып, Аю да емес акула құлы балық... Көш шығыстан батысқа бұйда тартқан Ұлы қоныс аударған – Ұлы Халық.
Тарлық етіп таласар баққа кіммен, Отырған кеп тәңірден – таққа күннен, Орман кезіп жүрмеген жаяу жалпы Аталарым әу бастан атқа мінген... *** Азаматтың ақиқат ар – көсемі, Қаласа гүл көк мұз, ақ қарға өседі, Көңілі көктем назы ерке жанары жаз Жаныма ыстық ақ неке – жар төсегі. Қазанымда береке сүт ұйып бұгін, Басымда бақ үйімде құт-иықтымын, Мен сені іздеп кеткенмін кеңістіктен Астан-кестен қылғанмын мұхит түбін.
Қанаты кең дархан мол далам самғар, Сап түзер-ау сарбаз, кіл қалам – сардар, Ертең көкті кетермін тағы кезіп Көрдің бе, - деп сұрармын ғалам шарлар... *** Жерде бәрі не деген жебір еді Бар-ау қарау жандардың не бір ебі, Аптап атып түсірсе көктем көгін Жаз жілігін күз шағып кеміреді. Күз төбесін теседі қыс қылаулап, Қарды қарып еріткен ыссы лаулап, Көкектегі көлдің көз жасын көріп Көктен құлап түседі құс тұмаурап.
Біреуге арман ісініп – қампию төрде, Жанкештіге жарылу – жан қию – ер ме?.. Жүрегімді жарық қып жағам десем Вирус кірген кеудеме – компьютерге. *** Тіке емес екі дүние арасы ирек, Туған тау даналарды дала сирек, Өр өлең өлгенімше сені аңсадым Кұл көріп қара сөзді қара сүйек. Қасарып қараулыққа қан – даққа –індет, Жатқызбас мендегі арман – мандат – міндет, Түнімен ақ қағазға үңілемін Ішіне жүректердің шам жаққым кеп.
Адамға Алла беріп бақ, сый екті-ой, Біреуге ылғи өмір тақ сүйеп той, Ақынмын арым таза, жаным таза Бабам – жыр, атам – өлең ақсүйек қой. *** Бойын созбай ойын созса кемір ме ұл, Еуропалық, Азиялық, негр бұл, Атамның ақ көкірегімін деп жүріп Сорлы басым соғысқаным темір құл. Миым жоқ па миллионым, мыңым қан, Қылышымды суыртпайды қынымнан, Өкініштен сырқырайды сүйегім Шырқырайды кеудемдегі шыбын жан.
Мезгіл – қамшы жауырыныңды тілсе – емші, Өмір – орман қожасы зор піл – сенші, Рухани байлық қудым, той қудым Темірлердің тиісетінін білсемші. *** Көңілім түні төсек, күні бесік, Жаныма нұрын құйған үміт есіп, Кел, кел, - деп қыздар күліп қол бұлғайды Қарасам күлкісінің түбі тесік... Жылдарым сыны батпан сыры мысқал, Жынға ма, шайтанға ма түрім ұқсар... Менімен жолдар жүр, - деп шақырады Барсам кіл шаппаменен бұрылыстар.
Бұл мезгіл не боп кеткен арман – өкпе, Халқымның бақ-байлығы бар ма – көп пе... Теңгемді доллар талап түссем ара Тым-тырс премьер де, парламент те. *** Ақиықтар бар айбары, ісі – егес... Буырылданған түн ай, намыс, елес... Маған керегі аламан бәйге Айналымы аз тай жарыс емес. Тұлпарға таққан тұмарым аңқы, Сүйші тағы да күн-арым тәнті, Шолақ сайдай тез тасисың неге Неліктен келте – құмарың таңқы. Жұлдыздар ағып масыққан маңым, Тамырым тапап тасып там қаным, Тал бойым еріп танайын естен Аптығыңды бас асықпа жаным...
*** Бір күнгідей болмайды өткен өмір, Көрігімді қыздырар көп пе көмір... Қаншама рет қуандым қайғы жұттым Бірде шертіп бірде ақпа – төкпе көңіл. Алма кезек жеңісім – айқасым жұт, Түспегесін төбемнен жай тасым құт... Құба жонның қоңына түрен салам Тың көтерсем алатын байғазым бұлт... Тоқтамас той жалғасар би неше күн, Тондылардың шанышам шиге шенін... Өз отыма отырам өзім балқып Жұрт түсінбес басымнан күй кешемін. *** Жаға алмадым ошағыма от құр көзеп, Ұшырам деп дауыл соғып тұр ма өжет, Заман – түлкі шалдырмайды тазыма Алдырмайды алдындағы сұр көжек.
Мына кездің сұсы арыстан, сұсы апан, Өзімді-өзім біткен жанға ұсатам, Екі қолға табылмады бір күрек Көлге барам құр дәрімен құс атам. Ойымның да, ісімнің де құр бәрі, Мас күнімнің қалмағаны-ау жұрнағы, Бір жағынан өмір сүргім келіп тұр Өлгім келіп бір жағынан тұрғаны. *** Бітіспес құрлық-теңіз балық-таба, Тапқан ба тарихта халық пана, Біресе бұл құжатың дұрыс емес Біресе әкел дейсің анықтама. Көз жасын жүрген жанмын кешіңкіреп, Ой тұман елестеген есім сүгірет, Бірінен шығарасың бірдеңені Осымен қайырғаның нешінші рет.
Сонда да қасарысам қайтпай сынға, Кезігем үнемі осы жайттай сұмға, Ауызды құрғақ қасық жыртар дейсің Басында – баяғыда айтпайсың ба. *** Көк нөсердің көктен шауып құйғаны, Буыршын бұлт үзген ноқта – бұйданы, Шетін серпіп шұғыла ашса түндігін Тазалайды-ау кеудемдегі ұйыманы. Мазаламақ па қайтадан қаланы, Көкжиекке тағы аяғын салады, Ойпаңдардан өрге қашып шығыпты Зәулім үйлер су-су болған балағы. Көшелер көл орындалар бар мақсат, Қызыл гүлдер қауыз – дәнін жармақ шақ, Жол сақшысы джиптерге ау таппай Жағада тұр жигулиге қармақ сап... *** Қырандай қанатыңды жаз ұрпағым, Басымның ойлай алам әзір қамын... Белгісіз қайда барам кімге барам
Шығып қап жұмысымнан назырқадым. Үзіліп іші шама дүмшем демі, Өзіме ылғи пәле білсем нені... Ақсаса басшы аяқты сылтқан жөн бе Жан құсап мақұрым дал жүрсем бе енді. Құдай да, ұра берсе... ұғам сөзді, Бұл тастай тағдырымның тұман кезі, Көре алмай көзәйнегін кисе басшым Қыспаймын бұратала жұмам көзді. *** Ай жарық аунайды аңқау балаша ақ түн, Көкірегіме асау жас дала шақ күн, Перім мен періштемнің арпалысы Жұлдыздар аспанымда алашапқын... Домбырам өткен күйін сарнатады, Құй, жаным, құтыңа бал-шәрбәт, әлі... Табаным қызып ала жөнелемін Құйғыса музыканың шарлатаны .
Маған оқ жүзіңдегі мең қара тек, Ақылым ауысса емдер емхана көп... Тойларда егдемін деп отыра алман Баяғы тарлан тағы темперамент... *** Адал қор арам зор ма жебір аман, Қайран жоқ шайнаймын күй кемірем ән, Сәлем деп қол ұсынсам тапаншасын Кезейді көзіменен темір адам. Өрісім кең болғанмен толы ақ қойым, Ғарышқа шыққаныммен шолақ па ойым... Неге жан-сезіміне топырақ сап Бойына құйып алған болат – шойын. Көңіл-күн отын қарт та, жас та ұрлатқан, Көкірегінде қара тас тұр батпан, Қол беріп хал сұрауға жүрексінем Қол берсем қабатындай қасқыр қақпан. *** Адамзаттың аң емес пе атары... Туыс емес, жақын емес жат әрі,
Мені билеп келген тарих бүгінге Хандарымның атасының қаһары. Батты қатты аюдың да тырнағы, Ойымда ұйып қырларымның тұр қаны, Алтайымның бір жағында жалғауым Бір жағында түбірімнің жұрнағы. Қашаннан күн-тәңір төккен нұрым дем, Несібемді сақтармын-ау ұры іннен, Өзім болып өз тәжімді кигем жоқ Өз тағыма отырғам жоқ бұрын мен. *** Обал жүген бұғалық обал таға, Шайқасатын шап беріп топ-алқада, Табында бір қан күрең айғыр болды Байтал біткен келетін қоналқаға. Суға бірде үйірмен қалды келмей, Бұрқыратып шабатын жалды желдей, Жасы жетіп союға қимаушы едім Дөңде жалғыз нағып жүр-бағы нендей.
... Иегінің астынан жер таяды.. Екі көзін шоқ қарып өрт ояды, Төрт мезгілі сияқты жылдың өткен Бірінен соң... серпісе төрт аяғы. *** Үстімізге жамылғы бопты ұя түн, Ол кезде күш еркіңді жоқ тиятын... Алаулаған жүзіңе қан қызынып Өзегіме жанарың от құятын. Ала-ала таусылар қызық та кен, Көрер жарық маңдайда – сызыққа тең, Он сегізге төсегін салдыратын Аталарым алпыста бұзық па екен. Қасиет-құт от аға, от анадан, Тұла бойы толқыған тоқал алам, Тәңір солай жаратқан бізді баста Бәйбішемнің көзі жас – боталаған... *** Өмір сүрем өмірімнің қор мәні, Өртенеді ойларымның орманы, Арыстанның ауызына апарған Гладиатор сықылдымын тордағы.
Қысқа жібім келмей қойды күрмеуге, Жол дегенім соқпақ па әлде сүрлеу ме, Жиын-тойда жарқығаным өтірік Маңызданып бара жатсам – құр кеуде. Тарихта таяқ жеген арыс – ер, Тәні терден арылмаған жаны шер, Мені ойыншық қып отырғандай ортада Мұрттан күліп кілең вампир – қанішер. *** Қызғалдақтар қызып алған қыр нақ бақ, Көкірегім күмбір – күмбір – ырғақ тақ, Көктем келді тізгінімді босатам Менің атым – шабатын ат тырнақтап. Ұшқыр – құйын әудем жерге тыз етпе... Қайран тұлпар сырты – іші тер - тұз өкпе! Қос шырағын сөндірмек пе жабылар Қос құлағы қалғымай нық күзетте.
Дем біткесін қалған бәрі жай қаңқа, Қас шабанға қайғы бәйгі – қайғы алқа, Кауіптенем қарамды үзіп кетуге Құлагерді қиғаннан соң айбалта... *** Қаңтардың көз байлайды қар, тұманы, Керуен бағытының бар күмәні... Бұйдасын байқатпастан шешіп алдым Жүгі ауыр соңғы түйе тартынады. Сақшысы мызғыған таң қараңғысы, Адал ма адам әркез арам ба ісі... Шылбырын қолындағы қиып алдым Жорыққа мінер аттың жарамдысы. Қашамын аң сияқты түз бағы-үміт, Жүріп пе ем мың қуанып жүз қамығып, Сап келем сорға қарай не батармын
Не қалар артымдағы із жабылып... *** Жырымды неден бастап неге құрсам, Бәріне бермес, сірә, жете мұршам... Кейиді жарым маған – тағы өлең бе Аймалар – алдандырар деп отырсам. Осы ақын мінер тауы, мінер тасы... Жаңылса досы күйер, күлер қасы, Қарайды ашуланып жарым маған – Немене ұйықтамай түн ортасы. Төсекте талықсимын тоят – таңда, Бітірдім өлеңімді бояп қанға, Жарыма оқиын деп жұлқыласам Кетші бар, - дейді ойласам оятқанға... *** Көктем қара жаз бен күз сұр сары қыс, Адам ойы жеткен жердің бәрі ыс, Дала сынақ, теңіз сынақ, тау сынақ Озон тесік ядролық жарылыс.
Мұң толтырған мұздықтардың ерісі, Арпалысқан көктің ары – берісі, Өлген орман өлген өндір өсімдік Жер жалаңаш сыпырылған терісі. Құтырынған – құрсауланған түнек – кек, Қайран атам өмірді өткен үбектеп, Менің бағзы ақ арманым сияқты Аппақ қаным ағады атып – шүмектеп. *** Тынымым жоқ өмір тек бал тати ма... Тыныштық па – барғаннан соң бақиға, Көп ішінде көзге түсе беремін Сау басыма тілеп алам сақина. Тағдырымды алмайды ешкім телігем, Тірлік асау басқызбайды белінен, Ештеңе адал айлығыма түспейді Қадамымды басқан сайын желінем. Ақиқаттың ауылын сұрар есі кем... Сәбилік шақ – періште кез бесігі ем!
Үмітіме үкі тағам сонда да Әзір таусылмағасын дәм – несібем. *** Адамның сай ағзасы – затына есі, Дүниенің материя – нәті несі, Жоқтан бардың бардан жоқ болмасы анық Алла әлемнің санасы, ақыл – иесі. Ғалам шарлар... тепкен күш тартылыс – заң, Пенде өмірде жарты дос, жарты дұшпан... Барлығы да тоқтаған кеңістікке Барлығы ұлы кеңістік арқылы ұшқан. Фәни-бақи бірінсіз бар ма мәні, Ақыретте де айтылар арман әні, Жаратылыс – материя әуелден бар Туылмаған – тумаған Алла мәңгі! х х х Бара алмассың деген тойға – тоқсанға, Менің көңілім адам ойы жоқ санда... Көп көрінбей жүруші едім ортада Жұмақ - тозақ... соқпасам ба, соқсам ба...
Орындалар орындалмас арман тез... Әйтеуір тек бар киімім – бар сәрбөз... Көз алдымда қарға оранған киіз үй Қызғалдақтар, гүлдер басын жарған кез... Тиер-тимес уақыттың ем-себі, Екі ұлы әлем бір-біріне енсе еді... Бұ жақтан да таба алмадым сені мен О жақтан да табар ма екем мен сені... *** Бара-бара сыямын ба пішімге, Ойымдағы үлкенім не, кішім не, Алпыста асқан қазанымды түсірем Өлеңімнің бір қайнауы ішінде. Өтер заман, дәуір... асам қайтадан, Күнге көміп нан пісірем – ай табам, Жұлдыздарды табағыма толтырам Менің жырым бүкіл әлем – байтақ ән.
Серпем дүние зауалы мен тауанын, Тазартамын көкірегіңді ауа-мұң, Аспандағы айдынды алам төбеме Барлық планеталарға жауамын. Шешілгенде құр – көкжиек – кемер – көк, Менмін қара шаңырақты демер тек... Болашақ ұл қарайлай жүр артыңа Ақ періште ақын қашан келер деп. *** Бұ заман қызықтырмас мода кімді... Жұлдыздар паналаған тоңа түнді, Келіп ем қонақ үй жоқ дейді күліп Сіздікі біздікіне қонатынды... Үреді ішімдегі итім ұғып, Қалайша осындайдың китіңі құх... Асылсам артық емес қақ алдында Көбік пе... менікінің титімі құт.
Бет әлпі әлем – жәлем сиқы – етегі, Өртенген тұла бойым құйқа тегі... Кіргізсем оянады-ау отағасы Топсасы есігімнің шиық етеді. *** Қоңсым ажал қонған жерім оқ қасы, Жанартаулар жатады атып – тоқ тасы, Бұл дүниеге пәлен жыл деп айта алман Уақыттың да туған күні – жоқ басы. Маза бермей қанатты мен тұяқты, Аспанымнан жұлдыздарым жиі ақты, Қашан пайда болғанымды айтам деу Құр далбаса – әурешілік сияқты. Кеміп кейде күшіне еніп кейде әлім, Жүріп келем тірлігімнің жей қамын, Қайдан шықтым қайда барам белгісіз Уақыттың қай кезеңі беймәлім. *** Ақылды алдамаса алдана ма, Бола ма дауыл соқса далда дала, Жаттым-ау жаттың табан тепкісінде
Ел-халқым жерден ада, малдан ада. Етім жеп сүйегімді кемірді – ебін, Су тегін, мұнай тегін, темір тегін... Өрт түсті өзегіме – өміріме Қап-қара түтін тұтты кеңірдегім. Бәрібір мұңым қызды қайғым ұлды, Мен қашан кешіп едім жайлы күнді, Кім мені теспей сорып-ішпей жатыр Кім тасып шашпай жатыр байлығымды. *** Мен баптаған қайың жасаң, тал жасаң, Маңдайымнан ұрған тағдыр – балға сан, Бастағанмен бітірмеген ісім көп Жарар еді инфаркт ап қалмасам. Бұрынғы емес жүрек мына сыздайды, Мәресіне жеткені ме күз-бәйгі... Қуанышын сағына ма – лүпілін Құрсауына қысқан кезде мұз-қайғы.
Көңілімдегі басылмайды дүрбелең Ұйқымды әлі төрт бөлемін – түнге ерем, Жаңылысып соққанынан қауіп етем Мақсатыма жетем қалай – үлгерем... *** Қарап қоям хатшы қызға – нұр ханым... Қара басып құдай мені ұрмағын, Шақырыпты тез келсін деп директор Білмей тұрмын жел қай жақтан тұрғанын. Үзік-үзік комьпютердің тұл әні, Тік-түзелген қаламсаптар ұланы, Үстел үсті тыныштығын жұтады Телефонның түріп алған құлағы. Жарды тық-тық тескен сағат тілі үскі, Арқамда тер кіл мұп-мұздай, кіл ыссы, Қай қылығым жақпай қалды қауымға Халім қиын – халім менің қыл үсті... *** Өлгенді – аңыз естігенмін құсадан, Құр сүлдермін ауру іші тысы аман,
Көзімдегі – көретінім сен – бейнең Күн де ай да – бәрі саған ұсаған. Жер де маған жұдырықтай аспан тар, Арманымды аспасына асқан дар, Апырмай шын болғаны ма баяғы Ләйлі – Мәжнүн, Қозы – Баян... дастандар. Дертім кеулеп кеудеме еніп меңдеген, Бақыт осы мен бақыттан кенде емен, Қосыла алмай көз жұмады дегенге Ғашықтарға – қиссаларға сенбеп ем... *** Беріле мен бермейін аса мұңға, Қарсы барып тұрайын қасабыма... Жазылғаны осы ма маңдайыма Өз қолыммен өзіме жасадым ба. Көрейін бе бәрін де пешенемнен, Бүгініме тап болдым кеше немен... Бұл жұмбақты шешпеген атам, анам Кім оны ертең шешеді, шеше ме – нем?
Ұшықтай сап ұша алмас хал құсы іле, Алды шалғын артында шалғысы не... Өз тағдырын жасай ма адам өзі Шарасы жоқ, жоқ! Әлде Алла ісі ме... *** Бәрі уағында жаз боп қыста шаңғы теп, Алар ұлан – ер майданда қанды кек, Он сегізде отқа күйген қанаты Ойлайсың ба махаббатты мәңгі деп. Ай да тозар, жұлдыз да өлер, күн сөнер, Көктем де өтер, күз қуарар, гүл семер, Жастық – дауыл жапырамын – соғам дер Соқса дауыл тынбасына кім сенер. Баға берер жоқ сарапшы – жоқ сыншы, Көңіліңді – көйлегіңді көкке ілші... Бара – бара барлығы да өзгерген Мына өмірдің өзі өтірік – өткінші. *** Мақсат, мұрат, мансапқа бақ мүдделі,
Қаншама жыл қамшы ұстап ат мінгелі, Отырғанмен сынардай сықырлайды Жалықты ма талды ма тақтың белі. Талабымен тау жыққан сенем жасқа... Көкірегімде айналған шемен тасқа, Өзім кетсем көремін өлетіндей Баяғыдан басшы жоқ менен басқа. Көзім күнде табан жер маңдай айда, Тойсадақа әңгіме-даң-дамай ма... Ойым әлі орнымда қала тұру Қолданамын тағы да – қандай айла... *** Ойлаушы ем өмір ұзағы бағым, Мойнымда дардың тұзағы, жаным, Көк аттыға өткен көзіңді салдың Өртенеді ішім қызады қаным. Маған күнім мен ай қайғы – қашық, Саған түн – аспан жайнайды – ашық, Көлденеңге ауып көңілің бердің Қан-тамырларым қайнайды тасып.
Дәміне қызыл кім құмар татар, Жан-сарайымда гүл-тұмар жатар... Қанымның буы басыма шабар Жүрегім жарар – бұрқырар – атар. *** Келіскен қабағында ай қасы-бабы, Өрге ме... домалар ма тасы тағы... Тау әзір шишалардың мойнын бұрап Тойларын төбелердің басынады. Күштінің к... дирмен... мақал қалған, Қапқанда қара бұлтты қақалмаған, Төбелер етегінен тарта-тарта Тау енді шөге-шөге тапалданған. Көзіне келер күтпей құм толған күн, Тағамын десе кінә-мін қолда-мың... Құйын да жел де тас деп тебеді ішін Керек пе баяғыда кім болғаның...
*** Жатқызбайды бірі борап бірі ұлып, Наразы ма мұхиттар мен құрылық, Ұмтылып ем жер шоқтығы қашықтап Мені көріп кетті өзендер бұрылып. Ататынды жібектейін шымқай таң, Өтінішім бар апарып кімге айтам... Маған оқты көзін қадап барлығы Мені мазақ қып жүргендей жын-шайтан. Қуатқа да, қуанышқа толы ем-бай, Күндерді алтын әм бақырға бөлем жай, Бұрын мәңгі өмір сүрсем дейтінмін Өздігімнен енді отырмын өле алмай. *** Жеткізе ме уақыттың мәресі, Болмысынан бұл әлемнің бар есі, Шегі де жоқ шеті де жоқ құбылыс – Аспан – шарлар ылғи ұшқан зәресі.
Керегесін төрт жағына тең керген, Дүние ме айналатын шеңбермен, Уақытты уысында кім ұстар Кеңістікті ұлы кім бар меңгерген. Әзір батып шала алмаған күнді ызғар, Құтырмаған аптапқа күң, құл мұз-қар, Жана-жана таусылам деп қорқады Тағдырынан қауіп етеді жұлдыздар. *** Жалаңаяқ кигені ашық жаз көйлек, Менің күзім көп толғандықазды ой көп, Жағажайда жатқан аппақ аққулар Ішіп алам батылдығым аз ғой деп... Тапжылмаймын татпаймын да сол күн нәр, Теңізге де жүрсең міне жол – кім бар... Кеудем қыж-қыж қызыл темір қарыған Балтырымды тістелеген толқындар.
Ақылым аз болғасын ба кенде амал, Жаппас әзір қақпасын қос дем-қамал... Судан шығып шоршымайды шабағым Шағалам да ұша алмайды – кембағал. *** Шықса өзі шыңға дара шынар бағы, Үгілер, уатылар сынар бәрі... Окоптан шақырымда белгі берем Жау келсе шығынға атап шығарғаны. Самалым есер кей күн еспес кей күн, Маңдайым басылған мөр өшпестей – мұң, Қалдырған жау өтіне тағы-құрбан Жападан жалғыз өзім кес-кестеймін.
Құдыққа бекіттіріп түсті-амалы, Бұғамын-паналаймын тыста талды, Сақтады құдай мені сақтар әлі Жау келіп барлығын да ұстап алды... *** Шақырымдап шаң суырған жоқ бәйгі, Астамсыған мейманасы тоқ қайғы, Кеше жанын тәнін қосқан қосағым Бірдеме айтсам қарғап-сілеп боқтайды. Күн артынан келгені ме іле түн... Қалды-ау шақ та баулары алқап гүлі егін, Қолдан келер нәрсе түгел жасалған Бәрі менен болған ығыр – білемін.
Іскен дертім салдырмайды ілгегі, Түсті есіме мақал сөздің – тіл кені: Өлетін адамның жақсы өлгені Артындағылардың жақсы күлгені... *** Қолымнан келетіні қара жұмыс, Жанартау – жастық шақта жарады күш, Тұрғаннан төсегімнен тас көтерем Тері адал – жұмаққа сол барады-мыс... Көзіме құйылады... малшынамын, Инесін салмады әзір шаншыма мұң, Көктем мен жазда есемді жібермеспін Қандайды күз бен қыста жан-шыдамым. Таймайтын таудан, мұздан табан мықты, Басында басқан кезде қадам құтты...
Қашанға-қайда барам белгісіз бұл Кезінде меңгермей бір мамандықты. *** Лақтырғанда тасы айға жетер, Жастығым асау масайма – кетер... Қызғалдақ қызық қуатың барда Алла құлы ұзақ жасайма – бекер. Тәлтіректеймін қолымда таяқ, Артымдағы ізім жолым ба саяқ, Баяғы жалын жанарым сөнген Оңымда да жоқ солымда маяк. Азаннан да ерте өреді сөзім, Орныққан төсек – төр еді төзім... Жатпай ма... саудагер келіншекке айтам – Әдемі әйел, тиынды көреді көзім. *** Бай ма ірі, кедей ме ірі-ірі кімдер, Өмірде өлі күндер, тірі күндер... Ол кезде одан өткен ұран жоқ-ты – Барлық ел пролетары бірігіңдер!
Ұланым ұлы елімнің жас-сақшысы, Көп көрген зиялылар хас жақсысы, Бүгінгі ту көтерген демократ Кешегі коммунистер Бас хатшысы. Миымда өшіре алман-мазамда ізді, Ауысқан ақпан... шілде қазан күзгі... Түлкіні тазы болып шала алдық па Әйтпесе шалып жүр ме заман бізді. *** Джунгли мекені қу әккі ме аң, Жаралғалы қаншама су ақты-қан... Тағам тәннің толтырар қуаты ғой Өлеңменен, әнменен қуатты жан. Таңдайына тамшы-нұр тамса өңір – кен, Босағам той думан төр сал-сері іргем, Өндірілген өніммен семірсе тән Өлеңменен өрілген жан семірген. Бәрі жерге су-бұлт күл-көмір сіңер...
Жібермейді тартқанмен темір шідер, Асы арқауы сүреді тән өмірін Өлеңменен әнмен жан өмір сүрер. *** Қайда достар балалықтатең өскін, Жұмыстағы басшылармен егес күн... Неғыламын операция үстелін Сырқатымнан құтқара алмас мені ешкім. Жарақаттап жатамын ба денемді, Мұхитыма батырайын кемемді, Хор қыздарын шақырайын вальске Жаратқанға боқтатайын енемді... Сұрақты бұл қазір шеш не, шешпе не... Өмір сүрдім... мұнымды ерте, кеш деме, Қүдайға да қарыздарсың - жан берген Тіршілікте тегін емес ештеңе... *** Ғылым ашар талай ғажап жаңалық, Қарттық болып аяқталар балалық, Миымды да ауыстырып алар ем Ұмытам ғой тарихымды далалық.
Бұзбай сақтап тұра алмаспын қалпымды, Сағынамын басыма бақ бал күнді, Жүрегімді ауыстырып алар ем Сүйе алам ба отанымды-халқымды. Үгітілген үмітім де бор бүгін, Жолымды орап шырматылған тор мығым, Өмір сүргім келеді әлі, бірақ та Ауыстырып алсам-бар бір органым... *** Жалқау емен жататын нәті үй құмар, Жазда жауын қыста ұлпа татимын қар, Мұнайымды базарға шығарамын Тұрбаларым дірілдеп капиллияр... Бұтақтарым созамын не қам тағы... Бұлбұлыма табылса кең ән бағы, Еуропаның сыздаған жүрегіне Құям қара алтынды-венам қаны.
Берген қолым алаған бартер-иә, Теңізімнің төрінде танкер-ұя, Алдым ашық Азия, Африка Америка, Австралия – артерия. *** Кафе емес түз де емес ұям – үй тірек, Түні бойы ұйқы соям – ұйқы іреп... Күн илейді буыныма сары су Ай миыма түсіреді микроп. Жылдарым бос көтереді бокалын, Жан бергенге – жай бер мәтел-мақалым, Тасқа толған бүйрегім мен бауырым Бактерия мұртым менен сақалым. Басымдағы киген бөркім қама-қар, Дос күле ме дұшпан бар ма – табалар, Шу атады менсіз түнгі клубтар Бу атады менсіз мейрамханалар. *** Есім ауып дөкейге, байға кілең, Түлкі құсап бұлғаңдар айла білем, Қастарына жылмиып жетіп барам Айналмаймын қайдағы-жайдағымен.
Өзім құдай – өзімше титан кез бе, Мен билесем тойдағы би таң ба – өзге, Орағытып өзімді салыстырам Әйелдері ұқсайды шимпанзеге, Қаздарымды қалқытып тізбектетем, Үйде жатып налысам түз-көп мекен, Ошағымның жанбайтын оты маубас Тамызықты даладан іздеп кетем... *** Өтті жылдар сары май ма, торта ма, Қуанышы, қайғысы енді өрті ада... Қатарыма қосылмаспын мен барып Оқшырайып отырмаспын ортада. Шешінейін кірлеп кетті жағам – тер... Үш жерімнен буыламын – таңам зер, Сендер шыққан мерей тойда, достарым, Мен айтамын тосты алғашқы – маған бер.
Толқындарды тоқтататын күшім – не?! Ұлы көкке ұшып кету үшін бе... Соңғы өлеңім жаза алмадым – жазбадым Соңғы өлеңім кетті өзіммен – ішімде. *** Ыстық ұрған шөлде басын жармас дән... Дүние қос бір-бірімен арбас-қан, Президентін бір халықтың сайлаған Басқа бір ел президенті дарға асқан. Аңдысқалы мұхит пен шөл екі өмір, Бірінде май бірінің бай беті-өңір, Біреуінің аты ұдайы ерттеулі Біреуі атын құр жібергенжеке жүр...
Талаптанған, талпынғанның несі мұң, Тербетеді мұнараны бесік-үн, Күнге шығып қыздырынған біреуі Бірі қашып жауып алған есігін... *** Отырысым кабинетте төрге сән, Бір аяғым жерде бірін көрге асам, Анықтама берем жалған келгенге Құжаттарға жалған сарт-сарт мөр басам. Теңгелердің есептемен шамасын, Елтаңба бар елтаңбаға нанасын... Біліп қалса тексеруші органдар Мені апарып қараңғы үйге қамасын...
Сыртқы көзге сияқтымын жүзі ақ нұр, Түсіме еніп арқаны қыл тұзақ жүр, Көрінемін жұртқа-мұрты майланған Қалтыраймын біткенше дем-ұзақ жыл... *** Айналам толқын-сынды жал-жал – айдын, Иілген құшағымда талша қайың, Жұлуға жапырағын жүрексінем Тілінен түн тамызып бал жалаймын. Оралам қайығыммен қайта тағы, Көңілім қалайынша жай табады, Шашылса меруерттер жанарынан Ақ сәуле шашырайды ай тамағы.
Күтемін қуанышты – тілегім той, Ақ отау алғашқы әуен ілемін ой, Келемін ертең кешке десем, - дейді Келмей-ақ қой мен сені білемін ғой... *** О, Жаратқан, аз болса да бер ақыл, Ашуланам, ашуым ба – Геракл, Тойым қашан тарқайтыны белгісіз Белгілісі – өзім барар жер ақыр... Ертеңгісін ойлағанға есі ие, Нарық-қаһар қабағына сұс үйе, Дар ағаштың қыл тұзағы сияқты Мойнымдағы өсім-пайыз, несие.
Періште сұм, пері де сұм, жыны сұм, Талқан етем бұл тірлікті түбі-шын, Қонышына жармасамын қоғамның Қысқан сайын тарылады тынысым. *** Саумал ішкен кім бокал, кім күбімен, Жастық шақ-ай шоқ алған күн түбінен, Студентпін көңілім көктен биік Таң атқанша бал сорам түн тілінен. Оқу бітті көзмайым таусылғасын, Көп қамықты бақ досым, бау сырласым, Жұмыс іздеп мен барған мекемелер Шатырынан жалт ойнап – жаусын жасын...
Мұз оямын астында – балықта ойым, Қуанады ел-жасаған халық тойын... Білімімді басымда бұғаулаймын Дипломды сандыққа салып қойдым. *** Сүйем емес шығады айтсам басқаша... Жөнеледі жасамыс пен жас қаша, Қайран аңқау пәк сезім-ай баяғы Өртенетін не өрілетін таспаша. Ойларыма тау құлаған құз батқан, Ащылаймын оймақпенен тұздап қан, Ойпатыма ойдым-ойдым су тұрған Сезімімнің сақалына мұз қатқан.
Қазір көктем кіл көк бояу-көк көл, қыр, Жібітер ме жұлынымды өпкен нұр, Көңілімнің әйнегіне тысырлап Жауған жаңбыр жанары жас мөп-мөлдір... *** Тіршіліктің тамыры таң ба мәні, Тағдыр сіңген тәніңе-қанға дәмі, Жаратылмай жаратқан жар болған-ау Материя сияқты жан да мәңгі. Бұл жөнінде беретін мен бе кеңес... Бұрынғы мен бүгінгі тең бе демес, Қара суға қанша сал қара тасты Шым бойына шыбын жан енбек емес.
Қараймын мен болашақ-баламша алға, О, Тәңірім, қаламды, далам шалма... Материя мен жан егіз сондықтан да Жан ұшады ғаламнан ғаламшарға. *** Атам заман қуыс емес пе ұры арты, Кім айтыпты-кіші Алатау ірі Альпі... Маңызданып мінбеде тұр қол сілтеп Күні кеше бұғып жүрген бұралқы. Сенсің дейді дамушы елден тақыл кей, Қол соғамын, бас изеймін мақұл дей... Жұрт жыл сайын Астанама жиналып Маған бәрі болып алған ақылгөй.
Сумен жолдас бола ала ма – теңдес пе от, Емізгің кеп тұрғаныңмен ембес тоқ... Өз үйімде өзім мас боп отырам Шарап құям... шындығында менде ес жоқ. *** Жүргенім шетте жас тамбағы түйнер, Жұбаныш етем таспамдағы ән, күйлер, Шіреніп маған такаппарланады Бұлттарды тартқан аспандағы үйлер. Жанталасқан жұрт тері мақтан не өзге, Тұнау, ұшақ, туған жерім жатқан-тезде, Өзендер толып арнасынан асты Жүрегім тулап еріп аққан кезде.
Қайда барсам да талақ етем-кетем, Ойнап өскен төр ала бөтен екен, Енді мен мәңгі ажырай алмаспын Таппадым жұмақ-далама тең мекен. *** Тікен кіріп тұрып алды камазым, Қасымда сен білем сенсіз мән азын, Жөндеп оқи алмағанда дұғамды Қаршадайдан қаза болды намазым. Ағытылды болттар кілең бұрама, Бұл не ғажап – не нәрсе деп сұрама... Сықырлады астауы мен аспасы Майысқанда ортан белі – рама.
Қызыл гүлдер, сары гүлдер, аңқыды ақ, Маң көк жусан, маң көк шалғын, маң құрақ, Қалш-қалш етіп қызып кетті моторы Тайып кетті аққан майы домкрат... *** Санап кетсе табыла ма он ақын, Қырандары қия шыңға қонатын, Өлең-кие сөз мәйегі ұйытар Менің әлі танылған жоқ том-атым. Кітаптар да шығармаспын тізбектеп, Жүре берің Астанада біз деп көп... Өзі табар оқымаған, оқушым Бұ болмаса о дүниеде іздеп кеп.
Көзге түсер к...ке кірер епті, арам, Жағаласып жасайтыным тек таран, Есім барда қоштасайын сенімен Алпысқа кеп ... жеп барам... *** Ұмтылмастың тәні де сал, жаны сал, Алакеуім жарық берер шамы сәл... Ақымақтан алыс жүрер айналып Ақша да арам ақылдыға жабысар. Еріді ме ерте жауған миым қар, Той думан бар басқа түсер қиын бар... Банктердің дәлізіне кіріп ем Қарамастан өте шықты тиындар.
Әкем бе анам... айтар айла-кеңес кім, Жүгім ауды демес түнім, демес күн, Ақылды емес екенімді білемін Бірақ рә ақымақ та емеспін... *** Бір ақын жүрген жүрегін жұлып халқына, Өлеңін ішсең тастақтан шыққан бал тұма, Алты қыр асып ата жұртына қарайды Қуанып сәби балаша келген алтыға. Кеудесін жарсаң Ақ жайық аққан ақ көңіл, Біреуге тозақ, біреуге жұмақ – бақ па өмір, Табыт – буа қалса қарабайырмен тең шығар Шабыт – буа қалса шырқау көктегі Хақ – тәңір.
Жабы тірлік-мұң жанын жеп уын татқан көп, Жамбыны алтын түсіре ме ылғи атқанда оқ... Астына ат та мінгізген оған жоқ ешкім Атын да атап шапан да ешкім жапқан жоқ. *** Күштінің қайран бар ма дарына – үкім, Халқым мәрт намысы зор ары бүтін, Жалқы жұрт жаһанданып жанын берсе Нұр отан сенде менің бар үмітім. Елімнің кең пейілі кең құшағы, Соғылмас тауға барып енді ұшағы... Тарихтың тартқан тағдыр – тауқыметін Бұұда – терезесі тең бұ шағы.
Қара! – деп кіжіне ме құтжолдысын... Басыма тағы қара бұлт қонды – шын! Анадан тумай жатып тұншықпасын Бесікте жаңа ұйысқан ұлт-болмысым. *** Алатау, Алтай, Альпі өр анасы, Туымда қыран мен көк бөрі арасы... Білмеймін қанша ғасыр өткен... далам Планета парламенті төрағасы. Құс жолы аспанға ішек тиегі жер, О, Тәңір, ұлы әлемге иемін – бер! Самалы Еуропаның президент Аптабы Африканың премьер.
Адам араздасса ортақ заң шешті – тоқ, Қанжарын – суармайды қанға ешкім оқ, Басынған барлық елді жоқ басбұзар Жаратын өзін-өзі жанкешті жоқ. *** Жеткізер ме жаяулап жүрсем Мекке, Зарығамын шарана – бір перзентке, «Молла» тұна бейітке түне дейді Түнемесем құрсағым - нұр сөнбек пе. Шымылдығын түскен бе ұстап іңір, Асықпаса болмайды қысқа ғұмыр... Бейіттің төрт құлағы қалқияды Ойлағанға іштегі тыстағы бір...
Көрінгенге көңілім болған алаң, Үмітімді қысады толғақ әман, Қайдан көрдім, келген кім, - деп қарасам Келіп тұрған манағы «молла» маған... *** Мұхит та теңіз... дейді ағыс Нұқ бар... Қоңсы емес демеу кейде алыс жұрт жар, Араби әлем бөленген нуға Арқадан ауса Бейбарыс бұлттар. Күн дархан дала, ай дархан дала, Өзіңдей артық қайда арман ана, Жаратқан жалғыз деп айтқан алғаш Заратуштра – пайғамбар дана. Қазынам кетіп қабысқан денем, Тоятын емес жабысқан кенем... Үйренгендерін ұмытқан бәрі – Орман, тау-жер де, ғарыш та менен... *** Бұл өмірдің ұққанға мол сабағы, Атам – қазақ үйі елге толса бағы, Қонағының алдына барын тосып
Тойған соң ол қызына қол салады... Өткен күн мен өткен іс кейін үлгі, Құтқарар ма зейін қыз, зейін ұлды, Дұшпан сірә жасайды дұшпандығын Түсінбесе досың ақ пейіліңді. Сендім суға сүйеніп дос – ағама, Жақындаған сындымын қос обама... Тілім енді үшбұрыш ұшы үш жақта Төрім беріп отырмын босағамда. *** Көлім түбін шоғымда бойлап алдым, Шашау шығып кетпесін ой бағамын, Қаратауды айырар қайратым бар Алпысыма келдім деп тойламадым. Жүре берсем етігім тақама мұң, Жаз тасып қыс мұз үстім жатам-ағын, Желді бүріп желкесін жер тістетем Жетпіске де жеттім деп атамадым.
Жақсының да жаманның тегі мәлім, Сақтар мәңгі есте елі ең кемі ұланын... Талабым да таусылған қуатым да Сексенге кеп жар салып неғыламын. *** Бұл сапар берер... бермес не түк маған, Жатса үйде мақсатына жетіп пе адам, Басы асау қайда соқпас көңіл жүйрік Қара жол қайда апармас етік табан. Оралам отау тігем келесі жыл, Ерісе тоңы түсіп дене – сібір... Дүние тәтті тойы – думаны ынтық Дүние ащы түс пен елесі ығыр. Арман не жанса лаулап туа бағым, Дауысың бұрынғыдан жуан - әнің, Өксігің баса алмайсың құшағымда Білсем мен күтесің сен қуанамын... *** Бүркітпін тұмсығы мен тырнағы айбын, Әзірге тор салмаған түрме-қайғым...
Түсіне шортанымның шабақ кірсе Бір шоқып жан-жағыма бір қараймын. Ұямда аң, құс, балық пішіндегі, Аясын заман берген күшім нені, Мен енді екі шоқып бір қараймын Акулам шыдатпайды ішімдегі. Бұл қызық өтіп жатқан оқиға ерен, Көңілім барлығын да тоқи керең, Алып кит сарайымда ауызы апандай Қарамай шоқи берем, шоқи берем... *** Ұстазым көңілі күн үлкен жүрек, Ойыма нұр себеді бұлты елжіреп, Кешегі шәкірт балғын – жалаушалар Қаншама шаңырақта тұр желбіреп. Мен үшін асқан талай шектен қаны, Жайқалса еккен шыбық – еккен бағы! Өрелі оқушысы орман орса Ұстаздың мұратына жеткен шағы.
Бұлағы – өзендері көсіле ағар, Жас келсе жауса көктен несібе қар, Талап қып тасқа шығар, тауға шығар Ұстазын шәкірті әркез есіне алар. *** Шыдамымды шығарма шарасынан, «Елім-айы» халқымның ана сыры – ән, Алатауды ала жаз құр жіберем Қаратауды қаңтарып таң асырам... Ат ойнатқан майданда ұлты бүтін, Әлжуаздың басында бұлты - түтін, Мұхитта тау толқындай жайпап өтіп Жаһандану келе ме құлқыны кім... Қаһарлы көп сорым ба жеңсе бағым... Ала алмадым өмірдің мен сабағын, Теңізімнің бетіне су бүркемін Дамыл тапкан далама дем саламын... *** Қалғыса жарық иегін аспа шамға аса,
Таңғы нұр әлі тоғанын бұзып тамбаса, Төсегім төсі түбіті шыққан тас-талқан Көрпемнің көзі қып-қызыл үсті қан жоса. Бойыма сыймай галактикамның көлемі, Үзілген білем құс жолым-жаным бөлегі, Бөлмемнің іші жауқазынның жас жұпары Ауаға сіңген хрусталь әуен-өлеңі. Жастыққа құлап өрнегін өртеп салып шық, Айдында асау қайнайды тулап балық-сүт, Көкжиекте көкке көкбөрі-күнім ұлиды Түн демі бітіп ай есі кетіп талықсып... *** Өз жерімде болдым – ау өзім өгей, От басында шақ отыр сөзім өлмей, Түбін қазып діңімнің қопармақшы Бұл не пәле толмайтын көзі-көмей.
Бізден басқа жұрт неге қу кіл, өктем, Талайғы үміт-туды жаз, туды көктем, Аталарым Қабанбай, Бөгенбайлар Көлеңкемнен қорқатын су жүрек пе ем. Көңіл-көлім қашанғы тұшымайды, Бабам ілген найзасы ұшына айды, Жат шығып ап төріме билік айтып Қағады арқамнан жұмсап іші майлы. *** Тағдырдың тәлкегіне төзген ұтқан, Күн туса құдіретті сөз де бұққан, Қуатты энергиям ұшқын атса Адамдар айтарымды көзбен ұққан. Магнит өріс кеудем – жаһан – басым, Бір кезде тағы көрген апанда сын, Көкірек кек – желісін көзбен үзсем Қарақшы түсіреді тапаншасын.
Қай заман – мына заман жеткен күн бақ, Құбыла, жұмақ-пейіш... Меккем түні ақ, Бір-бірін көргеннен-ақ түсінеді Адамзат арғы атасы аң неткен жұмбақ. *** Адам ойы апарып у-ақ қанға, Шашпай ма алтын теңгесін шуақ таңда, Тұла бойы таулардың талқан болып Мұхит тасып мұзарттар бу атқан ба. Арта ала ма жаратқан құлына өкпе, Берген жаны құйғасын жұлыны – өтке, Қос құлағы ғаламның дыбысында Екі көзі даламның ұлы көкте.
Алғаш ана-аспанды емген еркін, Күн мен жерді, жұлдызды теңгерер кім... Атомыңды атынан аударармын Құтқарармын – ғайыптан мен келермін... *** Күйеуімнің көзінің шөп іші – нық, Ошағымның отының өңі сынық, Күнге салып қолымды қарап тұрмын Шелегі мен өзгенің шөміші үміт. Түсінбейтін балам ғой тақа жайтқа, Маубасы де момыны - атағы айып та... Велосипедің сайлы көшеге шық Машина көп деп ұрсар папаңа айтпа...
Тойға барсам толықсып топ жарамын, Шалдар іздеп кетеді жоқ жарағын... Қызым ертең білмеймін кім болады Бүгін маған қадайды оқ жанарын... *** Атам жоқ әкем өлер шешем өлер, Өр өмір өрге тартқан өше ме - өнер, Көкорай көктем сайын қайта оянған Дүние дөңгеленіп көше берер. Күн батса күнбатысты жуар қаны, Шолпанның шақырады ну алқабы, Жер өлсе басқа галактикалар бар Басқа әлем бар екені қуантады. Шам жағып іздейді көк – әуе түнде, Жаратқан жан біткенде сәуе кімде, Ұрпағым ара-тұра келіп - кетер Жер – бейіт мекеніме тәу етуге.
*** Құтылған аз қызыл қанға бөккен көп, Күндер заулап машинадай өткен лек, Тамырыма тежеуі жоқ дерт кірді Бағытында бағдаршамдар көкпеңбек. Замана ма аш қорынған тоғы асқан, Теледидар – жаңалықтар оғаш, таң... Емханада бәрі тегін деп айтқан Ем ал дейді, алам десем – жоқ ақшам... Кетіп барам өмір – мынау вокзалдан, Қайда апармас басымдағы бақ – жалған, Ажалыма ара түскен қимастай Қол бұлғайды ақ желеңді абзал жан... *** Ата-баба дәстүріне бас ұрам, Жаңартамын деп салады ғасыр ән, Боқауызды айтуыма болмайды Боқауызым болғаннан соң жасырам.
Болсам да адам сыртыменен іші есі, Жіберер ме белдігімнен күш иесі, Боқауызды айтуыма болмайды Боқауыз да тәннің толық мүшесі. Тостағаным толған ұят төкпейін... Заман сайын, дәуір сайын көктейім, Боқауыз да кәдімгідей айтылар Бірақ ол кез менен көп-көп, көп кейін... *** Бақытыма басталды далам жылы, Адастырмас аспаным – ала, ақ жібі, Қос тұлпарым құлағын қайшылаған Қыранымның бұрқ етіп балақ жүні. Баға алам ба сөзіме ісіме бес, Халық емен жазы ойнақ қысы кеңес... Маңдайыма мақсатты сызып қойғам Барс болам дегенмін мысық емес. Түптің – түбі той жасар кімде ар-қан, Көңіліңе түй, ұрпағым, міндет артам, Көкбөрінің үнінің бағытына
Ән-ұраным – көкке – алтын күнге тартам. *** Жаным менің жақсылыққа жүр шөлдеп, Баяғыдай болар заман күлшем көп... Иінімді инфляция жапқызбай Үй алатын ақшама іштім бір шөлмек. Бәтеңкем де етігім де тарылған, Айырылып барамын ба барымнан, Телефондап басшыма айтам жайымды Басшымның да басы айналған жарымжан. Қарыз алам пайызы паң банктен, Нарық жүр бай – үсті толған танкпен, Қақ ортада қаңғалақтап келемін Лағып – ұшқан кометадай маңып мен. *** Қабылданса жағар ішке шара май... Аңға деген құмарым жүр тарамай, Тасасына тығылмақшы ем қылышын Қынабынан суырып алды қарағай.
Басымдағы бұл таңсық жай ерек хал, Ер жігітке керек ақша, керек мал... Жасырынып жақындағам қасына Мылтықтарын оқтай қойды терек – тал. Жаңа жылдан таныспын ғой шыршаға, Көз саламын екеумізде сыр шама... Қаңтар туа керек дейді маған да – Бірдеңе бер... көрсетейін жүрші аға. *** Тіршілікке табиғат ете ме әмір, Жапырағын жайған ба некелі ақ ұл, Егер бәрі біртіндеп пайда болса Неге адамға ешкім жоқ жетеқабыл. Тамырынан туыстық бар ел табар, Алысқан ба ғарыш – жер пароль – хабар, Келгені ме сана алыс ғалам шардан Тастап кеткені ме ұшқан тарелкалар. Құс жолы ма... жауған қар тегіс көшкін, Аржағыма ақылым кеміс – бөстім,
Адам атам, Хауа анам өздеріңе Тартқам бұйрықсыз жемес жеміске өшпін... *** Атағы зор жығатын жыры мыңды, Әйтпесе көп қой жүрген шұбырынды... Қақпағын қазанымның ашып қарап Дәмі дәм емес қой деп тыжырынды. Әзірге қораш көшім тұрқы – айбары, Бас білмей бура шығар жүр тайлағы, Қағаз бен қаламыма көз салмастан Біреуі қолын сілтеп сырт айналды. Эверест, Джомолунгма жалғап шыңын, Қойса да аяқты мен салмақ – шыным! Үшбұрыш пирамидам – үш шумақпен Сыйлықты ең, ең ... ұлы алмақшымын... *** Капитализм... болмас аяу жанды, Контрактім бітуге таяу қалды, Атқа мінген алқада көкпар тартып Жолортаға жетпеген жаяу мәңгі.
Көмектесу кісіге ұстанымым, Кімге керек көктегі құс танымым, Жұмысымнан шығармай қалдыра ма Күрмеуіме келмесе қысқа жібім. Тонымның жоқ – жағасы, етегі ме, Жүре берем тұрмыстың жетегінде, Шенділердің шешімін үнпарақтан Оқып мәз боп кіремін кетегіме... *** Өлім алдым сарбаз құсап «құп» - тұрмын, Бейтанысым – тақпан кінә түк құрбым, Өзіме – өзім білем қылдым барлығын Өзіме – өзім бұл ауруды жұқтырдым. Күйім қашып кетті мазам – дегібір, Жұлыныма түскен құрт қой жегі іңір... Ауыр дертке шалдықтым ба бұлтартпас Науқасым мен ажалымның емі бір... Сол мезетте сорға батқан бақ – қайғы,
Сүйгеніңдей басқа отыңды жақпайды... Бабамыздың айтқанының бәрі рас Құдай да тек сақтанғанды сақтайды. *** Жұлынған түк қалмады табиғатта, Қыз бала толғаннан соң балиғатқа, Еркектің кеудесіне мініп алды Көргенім осы болды фани – бақта. Тірліктің маңдайына мәнін сызған, Келтіріп қызығы мен дәмін тұздан, Әйелдер «сүйемін»... деп арам тер боп Еркектер «туамын» деп тәнін бұзған. Өзі еркек өзі әйел от – тоқ береді, Жүргенін жерді басып көп көреді, Тіршілік тамырыңды қи түбінен Бұлардың бір-біріне жоқ керегі... *** Тірлігімде ағысы қатты иірімі... Кесілгенде арада ат құйрығы, Маңдайыма жазылған сол ғой деймін Құтылмайтын ешқашан хақ бұйрығы.
Ақылды елдер арттағы жұртты аулаған... Бес құрлыққа ұмтылып ұлт қаулаған, Көтертпейтін еңсемді іс түссе басқа Деп қоямын бұйрықсыз бұлт жаумаған. Өзгелердің өзені таса айдынға... Берілемін құмымды асай мұңға, Неге көрем барлығын жаратқаннан Тағдырыма кірісем – жасаймын ба... *** Адам миы жүз пайыз – толған ғалым, Өздеріне жасаған қолдан қамын... Жиырма бес кіл он сегіз от тұтатқан Қартаймайтын – құпия болған мәлім. Есебі жоқ уақыт – мәзи аға, Мұзды мұхит балқыған жазы – ұяда, Африка ауысқан Еуропаға Америка қосылған Азияға.
Батысыма шығыстан көшім өткен... Бүгініме жеткенмін өшіп өкпем, Сыймағандар жері көп халқы аз елге Қоныстансын деген БҰҰ шешімі өктем... *** Күндер, айлар, жыл өтті тіркемейді... Жоқтық – жомарт жағалап жүр кедейді, Ғұмыр бойы тапқаным бәрін берем Бірақ бітей алмаймын бір көмейді. Ойға – қырға орныққан жұп сан бекем, Жер – жаннатта жайласаң құт сан мекен, О дүниеде түсетін тендер бар ма Жұмақты ма, тозақты ұтсам ба екен...
Аспандағы қосылар жолым құсқа... Ұғынғанға оңым да солым нұсқа, О жақ бұ жақ менен бай адам болмас Қысқа жібім әзірге қолым қысқа... *** Соңғы жылдар тыныштығы, тықыры ық... Бере бермес мезгіл деген жұт ырық, Қайран жастық көрісімен от берген Даладағы жатқан жүнге құтырып... Қарата ма – көз қаритын жалтылға, Сәттер асау семсеріңді ал, ал – қында... Күмісімді суарармын – шыңдармын Әлі талай шайдырармын алтынға.
Күндер кеткен саясы орман, тоғай кіл, Бойыңа дерт қона қойса емі ай – гүл... Қоламтамда көмген қызыл шоғым бар Ажал мені ала ала ма – неғайбіл... *** Қолына алар көзін сатпай мықты айды, Мысалдар көп қайтем бәрін қып қайғы... Бастық ертең дегенді естіп қасымнан Көптен көрінбеген досым шықпайды. Ойлағанмен оңтайыңда бола ма ай, Өне бойы тау көтермес Толағай... Орнын ертең босатады деп естіп Кетті досым... сол кеткеннен жоламай.
Қоржынымды толтырамын қорға – азық, Алдым тақыр жақындасам сор – жазық... Бай боп бара жатыр ма деп бір досым Өшігіп жүр арыз жазып, ор қазып... *** Көктем келмей тау жібіп мұз ақпайды, Онда ойда жоқ түсетін тұзақ – қайғы, Бала көңіл аспанда құсты көрсе Ұшақ – қиял ұмтылып ұзатпайды. Жаздың – жастық таусылған ескен лебі, Алда біреу бар бәрін кескен тегі... Егінімді жинауға үлгерем бе Күздің биылғы райы сескентеді.
Мезі етті ме өмірім өше төзім, Хан қалада даңғыл-кең көше кезім! Қақаған қыс ыстығым түскен ішке Киімімді жітіріп шешем өзім... *** Айтамын деп ақиқатты тіл күс, тер, Майдан зорын артындағы – тылға істер... Барлығы да судан таза сүттен ақ Мен боп шықтым ұсталатын – қылмыскер. Қожаларым қайда жүрген мәжбүрлеп, Қыста қарды тауысқан көл жаз гүрлеп, Кекіріктеп кекірейген кеңселер Буланған бақ, тұлданған тақ, тәж – дүрмек.
Торына орап сормақ енді өрмекші, Өз-өзі боп отырады-ау төрде ешкі... Бір кобра тұр мізбақпай қақшиып Алда-жалда шықсам шағып көрмекші... *** Басшы болсам оқуы озық әрі іскер, Заман – түлкі маған тазы – әдіс бер, Жатахана, мен тұрған үй аман бол Профессорлар, лекциялар – дәрістер. Келер күннің сыйы қандай әкелер, Адамдықтың аты білім аты өнер, Аудитория, кітапхана қимаймын Мен отырған кешкіқұрым кафелер.
Алмағайып асау сезім бұ шақта, Әрең секунд ілінеді пышаққа... Алдымда ауыл аңсаған дос, бауырлар Мінсем бе екен поездға әлде ұшаққа. *** Ажал бар ғой басқа балта баққа ара, Дос бола алмас беріп пара ап пара, Төсегімнің түнегінде тұншығып Жатпайын мен үнім бітіп қап-қара. Бұл дүние әрі жаман жақсы әрі, Ауыз аш таң қараңғысы нақ сәрі... Төсек тартып сарыжамбастанбайын Ойым оңып демім шығып сап-сары.
Жапырағын ұшырмасын тал тұлға, Табылады тиын-тебен нан-пұлға... Жұмысымда құлайын мен кенеттен Мен кетейін осы тұрған қалпымда. *** Сәуірім шығар деп ем бір дерегің, Тағы да тағамысың іргеме мін... Өзендер екі көзі шатынаған Тіледі семсерімен қыр кемерін. Шүпілдеп суға толып түбек-күбі, Даланың үймелейді үдеп түгі, Дауысы көк – бураның сетінеткен Құстар кемпірқосақтың жібек тіні.
Туғаннан басқа талант өзге дарын, Қыздырам ойымды орап сөз базарын, Сенімен дүниеге келген едім Мен енді қайтіп қиып көз жазармын... *** Той аяғы жақын,-дейді тамадам... Шама, сірә, артық болмас шамадан, Мына уақыттың көк алақан дойыры Кім-кімді де көк мес қылып сабаған. Көңілім ашық ойым жұмбақ тестлер, Менің атым шығар кейін естілер... Күнге алдырдым ұстара аймен шашымды Тұсауымды, кіндігімді кесті жер.
Шайқап келем шалқуменен үнемі, Талай жұлдыз көкірегіме түнеді... Қайта айналмас, қайта қарғып мінгізбес Асау жылдар басында жоқ жүгені. *** Басында аққу – айдын Босс-ы – күші ем, Осы күн кемемнің көп SOS-ы – пішен, Ақ кептер – ақ тілектер пыр етеді Қайғымды шарабыма қосып ішем. Ортадан өмірімнің бөлем демін, Аспады шарасынан кемел көлім, Апырай осы кешке неге келдім Тап болып жол апаты неге өлмедім.
Мәні жоқ – өмірімнің бос дерегі, Жұбайлар қос қайың той қос терегі, Бақытты болыңдар деп айтамдағы Тамада қазір маған тост береді... *** Ұмтыламын бітпегесін дем әлі, Алдырта ма өмір орден, медалі, Үзілген бе сезімімнің пәк шегі Жұқарған ба жүйкемнің ақ эмалы. Көңіл күзім көре – көре тоқтасқан, Кеше ғана ойнап жүріп от басқан, Жұлдыздарым өтіп кетті төбемнен Маған бірі көзін салып соқпастан.
Қашанғы ағып құлдырасын хал – құлын, Паналармын өсіп шыққан тал түбін... Ауық-ауық жапан түзді жаңғыртар Күркіреген аспан құсап жалқы үнім. *** Бермес ылғи... шығар оқып бата күн... Шаттық дәмін, қайғы дәмін татамын, Қайтқан әкем бейітіне салдым деп Атым жазам – шықсын деп пе атағым? Көзден кетсе алтынның да мыс құны, Жазға кірсем төсегі тоң қыс түбі... Өмірде жоқ құрдасымның әйелі Қолын алсам көтерілген ыстығы...
Байлығым – бақ, ойым биік – бас терең, Білу керек барлығы – сау, тас керең, Теледидар, газеттерден жар салам Аталарым аунар... Мен! Мен! Ас берем... *** Он алтыда бір ай бар қар басым, Санама артар қайғы арқар тасын, Шыдар ма екен жауқазын жұпар Шыдар ма екен пайғампар жасым. Қанатын ақ бұлт жайса – қан-шырын... Бұл дүниеге қайшы әман жырым, Нәп – нәзік бола тауға қол созған Түсіндім енді Айша анам сырын.
Көзімді кешіп көп өтті кеме, Өңменімді өртеп оқ өтті – деме... Сабағыңды ерте неліктен үздің Өзіңді өзің жоқ еттің неге?! *** Мұхиттардың, теңіздің тұма басы, Адам алғаш жазуы – сына – тасы... Христиан, Иудей, Будда, Ислам – Көшпенділер - діндердің түп атасы. Басымыздан өтер-ау жалған ұлы, Бәрі бірдей пенденің... малға құлы... Жаратушы, Жасаған, Тәңір, Құдай – Барлығынан жоғары Алла ұғымы. Бұрын басқа орнапты сая бақ қай, Өлген талай өзенім аяғы ақпай, Арабия, Алтайға ізін салған Арғы тегі қазақтың баяғы Ад-Дай. Біздің заманымыздан бұрынғы мың жылдықта Ад, Дай тайпалары Каспий мен Арал теңіздерінің аралығын жайлаған.
*** Күнменен түнді – мәнді ұқсам – тез... «Алтын» боп мыс пен аңдысқан жез... Қазір нұр көктем... өтерін ойлап Қызғалдақ қызыл – қан құсқан кез. Көзімді тартқан мақпал бақ па, Қол созған әңгі тақтан хаққа... Қуарарын білмей қуанған мына Не айтамын уыз ақғалдаққа. Кейін кеш, нөсер, кем бе есі... төк, Ақылы – ағасы, жеңгесі жоқ – Таусылар демей сауып жатыр Сарғалдақ мырза – теңгесі көп...
Тауменен ұшан далаға арнап, Салған ба суға нала қармақ, Басына әлден тартып апты Қара орамалын қарағалдақ... *** Жастығым жоқ ұшқыны емес өрті ұшқан, Маған бүгін босаға да, төр дұшпан... Көзімді ақ қар – қарытпадым жарыққа Бөлмесінен шыға алмайтын – көртышқан. Ала алмаған мәңгілікке ұйқы әлі, Күмбірлер ме көкірегімде күй тағы, Айлар қайда айшықтаған аспанды Жаңбыр тасқан сайлар қайда құйқалы... Қуаныш-ты көңілімнің нәрі – бер... Көше біткен абыр-сабыр, әбігер, Құлағымды жарар ма екен дауысы Жедел жәрдем – келмесе екен дәрігер.
Тұла бойым тұлан дала, тау маймақ, Мендік енді тола қоймас бауға аймақ, Ажал алмай отырмын мен, желменен Қасарысқан қара бұлттай жаумай қап. *** Ақырғы өлең, қайдасың ақырғы дем, Алтын емес өмір бұл бақыр – білгем... Өзімнен бе, О, Жаратқан, өзгеден бе Түк шықпаған тағдырым тақыр – кімнен? Тұманға көп дүние тұнбаға кем, Ажал келсе – қайғы ма, мұң ба-ақ өлем! Қай уақытта, қалайша пайда болған Жете алмадым сырыңа жұмбақ әлем. Жаным менің ұмтылар жанған күнге өр, Патшадан құл, ханшадан – ханнан күң бер! Абат қанша бақ қалар – бақыт қалар Таң атқанша есінен танған түндер...
Көрсете алмас маған сес, дос-қас айбын, Кемемді алып дауылдар – тоспас айдын, Кел, соңғы рет басайын көкірегіме – Мен сенімен мәңгі енді қоштасайын. *** Соңғы сапар ісім не... Бірі бауыр бірі өкпе... Найза көрем түсімде, Шаншыла ма жүрекке. Бұлшық етім жыртылып, Тамырларым жарылар. Меніменен жүр тымық... Бәрі де жоқ бәрі бар. Көңілімде жоқ қауіп, Алдымда ма қан майдан. Бір мылтық тұр оқ тауып, Қадамақ па – маңдай қан... Дұшпан түлкі дос құзғын, Қауышам көк – әуе, кел! Баяғы адыр – көзсізбін, Баяғы нар тәуекел... *** Тағдырға мына ие... кім Сызықтан ары аса алды. Мен сені қалай сүйемін, Жүрегім жалған – жасанды.
Қара жер қашан тояды... Бұл ұлы ғалам өте кең... Белгісін беріп қояды, Бойымда бөтен бөтекем. Кеудемнен ұшар жан неге, Жасар ма заман – дәуір той. Қабағым шытсам қам жеме, Жатырқап жатқан бауыр ғой. Жаратылыс жоқ жұбаныш, Адаммын жұмбақ әлемім. Өмір сүру ме – қуаныш, Қуаныш және ақ өлім. *** Базар тарқап бара ма түс ауғасын, Бәрінен де уақыт күші-ау басым, Қыранымды әзірге ұшырайын Балық ілсін, аң қақсын, құс ауласын. Ортайыпты айдыным – көлім төккен, Саралаймын сапарым – жолымды өткен, Өмір неткен мұншама ыстық едің Соншама ыстық тәтті едің өлім неткен.
Бұзған күндер кешегі күш арнасын, Досым өрлеп ажалын құшар қасым, Қауіп-қатер бара алмас – мекен етер Балапандарым шыңның ұшар басын. Күн нұрланып жер балқып көк гүлдеген, Кеңістік ұлы шегі жоқ мүлде – кең, Тауқыметін тағдырдың тартқам шығар Бақытсыз боп бірақ та өттім демен. *** Адамның тек өлер болса тәні – шын, Алдымда ауыр кездесер-ау әлі сын, Ештеңенің байыбына бармаппын Бұл өмірдің түсінбеппін мәнісін. Таба алмаппын – жан болмаппын досы адал, Отырыста у ішіппін қоса бал... Қасымдағым қолданғаны осы әдіс Айналамның жасағаны осы амал. Өтіп кеткен жайдары жаз, наз көктем,
Ісім болмай тіршілікпен – аз, көппен... Қолым бұлғап аққуға өткен, қазға өткен, Жүре бергем өз-өзімнен мәз боп мен. Бағым байлап тағдыр – ием шешті әрі, Қайтармайды кейініме еш дәрі, Қынабына салдым қаламсабымды Енді айттым не, айтпадым не кеш бәрі. *** Айтам сөздің мақал, мәтел-мәйегін. Бұдан басқа іске барды қай ебім, Құр босына жақсы көрем дегенше Бір зат әкеп сыйла дейді әйелім. Менің жаным айқай менен шуға қас, Ұстанымым жете алмасаң қума қаш, Көңіліне жақпады ма бір нәрсем Маған тағы өкпелеп жүр тумалас. Адалдық та, әділдік те бізге алыс, Күнге қарап күнін көрген күнбағыс – Бір жолдасым аяғыма шот салды Ішін өртеп барады ма қызғаныш.
Тойға барған тостаған кім, тегеш кім, Жұрттың бәрі Хан тәңірі емес – шың, Әлі күнге түсінгем жоқ өзгені Әлі күнге түсінген жоқ мені ешкім. *** Саған көктің айы қасың күні мең, Кеудем күмбір көкірегім үні кең, Шаңырағын көтеремін аспанның Сүйем сені таң атқанша – түнімен. Бүкіл әлем әлі құрып талмаусып, Өзегімді өртейді ащы – алғау шық, Жарқ етеді күркіреген көкжиек Жұлдыз біткен сан айырылып сан қауышып. Дүбірлеген дүниенің демі ыстық, Төңірегім тегіс жауын – тегіс құт, Ұшып келем барар жағым беймағлұм Көзім алды ұшы-қиырсыз кеңістік.
Көңілімде күй құлағымда ұлық ән, Кездеспегем бұрын бұған мұны ұғам, Мұз бен отым лау-лау еріп шарпысқан Сапырлысқан терістік пен құбылам. *** Екі дүние – бірі рас... бірі өтірік... Санам менің жас әлі – жүр отығып, Құрлықтарым шығам деп шаң суырса Мұхиттарым жабам деп тұр өкіріп. Екі дүние – бірі анық... бірі сынақ... Уақытым аз – күн, айым, жылы ысырап, Көрмегендерім болса біреуі шын Көргендерімнің бәрі – мыңы сұрақ.
Екі дүние – бірі бар... бірі мәңгі... Қосақтаймын әзірге жырыма әнді, Осыменен тоқтайын бұл әлемнің Ашып алып жүрермін сырын арғы... *** Өттің сен де, өттің сен де, ұлы ақын, Көкірекке қайғы бұлтын құлатып, Өмір деген қара су ғой бір жұтым Өмір деген насыбай ғой бір атым. Қып-қызыл боп өрттей жанып ақша қар, Алқымыңнан ақтарылып жатса қан, Бір өлеңді айтып-айтып тастапсың Қаһарынан қалтырайтын патша – хан.
Ар мен намыс таразысы дуэль ме, Заман азса дәрісі емес уы ем бе, О, ұлы ақын, жүре алмадың мен білсем Данышпанын дарға тартқан бұл елде. *** Кететін сияқты ма үнім шырқап, Бозбала күнім менен түнім бұрқақ, Ұрандар анталайды жан-жағымнан – Коммунизмде сүреді өмір бүгінгі ұрпақ. Бұл бұйрық орындалар – жарлық қайтіп, Бас хатшы уақыт аз – тарлықты айтып, Тасиды, дейді, жиырма жылдан кейін Телегей теңіз болып барлық байлық.
Қуанып жанарымды жасқа көміп, Ұшақтан таңдамадым басқа көлік, Жиырма жыл өттті жиырма ғасырдай боп Сол жыл қала жаздадым аштан өліп... *** Қарашада қара суық жай ма ұғар, Көңілім күн – аспан құмар, ай құмар, Жазсам деп ем кітабымды – «Желтоқсан» Желтоқсанда қуаныш та қайғы бар... Инеменен құдық шығар қазғаным, Қара басымның ойласам аз қамын... Қаламсабым түсе берді қолымнан «Желтоқсанды» жаза алмадым – жазбадым... Мазмұны
Әкемнің үзік сырлары. Ілкі үзік......................................................... 2үзік.................................................................................................... 3үзік....................................................................................................
4үзік.................................................................................................... 5үзік.................................................................................................... 6үзік.................................................................................................... 7-үзік..................................................................................................... 8үзік.................................................................................................. 9үзік.................................................................................................. 10үзік................................................................................................ Ақырғы үзік....................................................................................... Астана................................................................................................. Қараша................................................................................................ Махамбет. Жасымның...................................................................... Аспанның аты... Қара түнді............................................................. Ал, ақ бұлақ... Жайлау қылып......................................................... Көк төсіне... Түлкі заман.................................................................. Дүлділдер саған... Сен менің............................................................ Көктем кеп... Жиырмада едім.......................................................... Қамсыз өстің... Бұйрық болып......................................................... Мұнара басында... Тізгінін тағдыр.................................................. Жастықта жеңілу... Тілдескім келіп................................................ Көрінсе көзіне... Сенен, жаным....................................................... Мерген бе ем... Бұл күнде................................................................. Қас ақынға... Жұрттан басқа............................................................ Өткір ме... Таң қалғандай................................................................. Жаным-ай тағдырыңа... Ақ тұйғын................................................. Бокал тағы... Таң ағарып.................................................................. Бұзау тіс... Көңілім көлдей............................................................... Гүл атып... Ойпырмай....................................................................... Түсімде... Есіме түсірейін................................................................. Күзетте... Жиырма бес...................................................................... Төсімен атқан... Бойға қуат.............................................................. Шырмалып... Бір күш бар................................................................. Жортуылда арлан... Жаңа көрдім.................................................... Өтті жаз... Тақымында...................................................................... Сәуір мынау... Сені, жаным............................................................. Түн іші... Жаным, биыл.................................................................... Баламыз шауып... Жалықтым.......................................................... Ойым арман... Толқындардың......................................................... Айды аспаннан... Алматы................................................................ Мұқағали... Үміт етіп....................................................................... Өңім бе әлде түсім бе... Білмегенді................................................ Құтқармақ болып... Басым қыс....................................................... Жалғыз өзім... Балғамда................................................................... Міндім бе... Басшысымен................................................................. Бір мақсатым... Мәңгілік..................................................................
Туымды көкке... Ат қоюшы ем........................................................ Өтті кез... Минусім көп пе................................................................ Жүйкемді... Орыны жоғалмас.......................................................... Әкімімін... Жеңе алмаған.................................................................. Балпаңдап басып............................................................................... Еркетай қыз... Өмірде....................................................................... Жастық қалды... Жақсылықтың...................................................... Ақан сері............................................................................................ Баурайда............................................................................................. Жеттің бе жырым... Таудан аққан.................................................... Тағдыр басқа... Он жыл оқып........................................................... Бұқпағам... Өлең................................................................................ Сенің, сәулем... Балғын кез.............................................................. Өтіп жатыр... Тыншымайсың........................................................... Өмір деген... Арқар тұр..................................................................... Тауым-тау... Шығамын ұлы............................................................. Шабыттың жаным... Балапаным...................................................... Қарындасым... Арман қуған............................................................. Мені алып... Алып кетті.................................................................... Көңіл әлі... Өскен едім...................................................................... Ақ аспанға... Өмір.............................................................................. Алқызылданып... Бара ма................................................................. Сұлулар... Қара бұлт......................................................................... Ештеңеге... Жас жігіт........................................................................ Көзімді салсам... О, махаббат........................................................... Жер – ана... Ақындар........................................................................ Күйемін бе... Түзепті бойын............................................................. Қарай ма көктен... Қып-қызыл......................................................... Қып-қызыл жоны... Бір сырды......................................................... Ойларымды торлаған... Жүрсем алдым.......................................... Жұлдыздардың... Мен үшін............................................................. Көп қыдырдым... Оған мүлде.......................................................... Қалқам-ау... Алысамын.................................................................... Алдымда асау... Жастық шақ........................................................... Құрыққа түспес... О, далам.............................................................. Мен туралы... Билеп алып................................................................ Тарпыған жерін... Жүрсем мен........................................................ Қаратаудың... Асықтық деген.......................................................... Анаған сақ... Адам да бұл................................................................. Құлағыма... Жыр бәйгенің................................................................ Дала мен көлде... Қысқа өмірде....................................................... Қоңыр күз бе... О, далам................................................................... Оққа оранып... Далаңда, атам........................................................... Шешем менің... Құстар.....................................................................
Еңбек, сенің... Буыным әлі............................................................... Басын мәңгі... Жайымды менің........................................................ Тауларым жатыр... Таң атып............................................................ Шығарма, өмір... Түбінен көңілімнің.............................................. Сап – сарыала... Маңдайынан.......................................................... Құмармын... Жұмыстан бүгін........................................................ Көктем келді... Болса да................................................................. Бұрынғының... Жас едім................................................................ Жетер ме... Тартасың мені............................................................. Жел жынданып... Жиырма бесте................................................... Бұршақ ұрды... Айтшы қырдан...................................................... Қадаламын... Төсінен өткен............................................................ Қол туралы... Артыма..................................................................... Түбінде... Айтарымды..................................................................... Аққуым көңіл – көлде..................................................................... Жиен десе... О, достарым............................................................... Ойланамын... Самайым.................................................................. Тұнық көл... Шынымен сені.......................................................... Қыс келді ме... Туған жер.............................................................. Бойымда... Шықпадым-ау.............................................................. Ауруым асқынған ба... Бұрғышы.................................................. Мамыр кеп....................................................................................... Сарбаз сыры... Сен маған............................................................... Көңілім түкке... Көкшулан теңіз.................................................... Мектепте оқып................................................................................. Арман, арман... Қуансаң да............................................................ Сәлем, қыздар.................................................................................. Қаршығадай... Өткеннің................................................................. Басымды... ауылға барғанда........................................................... Өмірім, саған... Анам менің........................................................... Суырылса қынабынан.................................................................... Есенбісің, қарындас... Арманымды.............................................. Туысым ба робот... Ұқсыншы әлем.............................................. Өмір деген... Жауға шабар............................................................. Күз... Жас жұбайларға тілек........................................................... Мынау ма шалқар............................................................................ Аңғалдаумын... Қашаннан да......................................................... Бақыт жырын... Тауды әкем........................................................... Неліктен........................................................................................... Түнімен... Мені өлтірер.................................................................. Тыңдайды аспан... Қиындық көрсетсе.......................................... Ей, көктемім..................................................................................... Жеткізбей ой... Жыр оқыр.............................................................. Солдат туралы жыр.........................................................................
Көрмейтін түнде... Тереңнен терең............................................... Жаныма құйдың... От алмайды...................................................... Желқұйын... Жаратты тәңір............................................................ Кету қайғы........................................................................................ Жатыр ма тыныш... Жасаған.......................................................... Әскерден... Күштімсіп.................................................................... Жеттім бе, жетпедім бе... Ғарышқа............................................... Көңілімнің........................................................................................ Үздігіп өлең... Бұлт бірде............................................................... Жұмақ-төрде... Мен кеткелі........................................................... Тілінен әлсін... Жаратылыс............................................................ Бәйбішем бұрын... Салтанатты...................................................... Маған ғұмыр... Бүркіт бұғып......................................................... Дүние – өмір... Миымда мұхит...................................................... Көктен биік... Есігімді.................................................................... Қуанышымды... Қысым алда......................................................... Үй үнсіз... Жастықта асау.............................................................. Жаратқан... Бағымдағы.................................................................. Дауыл бірде... Құлатпайтын.......................................................... Соқса, дауыл... Өзенге.................................................................... Астымдағы оқ шұбар...................................................................... Өмірдің күткен... Бұрылмас........................................................... Тағдырымның... Адамға................................................................. Тау – кеме... Ақ ғалам..................................................................... Көгімнен көп болды........................................................................ Әліппені ашпақпын... Аңқаулықтың............................................. Болдың ба... Бітпеп пе еді............................................................... Отбасы да... Төңкерілгені............................................................... Қарайма... Болдым ба...................................................................... Көресің жек... Күш қуатын............................................................. Шығам қалай... Жүрегіміз.............................................................. Қиялдан қиял қуып......................................................................... Қалжыңдаймын... Көк шалғын...................................................... Қас ішінде... Аспан мен жер.......................................................... Шықты алдымнан... Мезгілімді..................................................... Асырар ма... Алмаспаса.................................................................. Тауысып... Жүре бермес................................................................. Бірін алған... Қар қонар ма............................................................. Үнемі дәніккен бе... Жылдар жылжып.......................................... Еске алам... Бұл күндері.................................................................. Көңілім.. Қардан масат................................................................... Мұқалма қайсар... Сан рет............................................................. Еңсемді... Жан едім......................................................................... Уақыт та... Бір гүл бар....................................................................
Берер ме... Өзені жыр..................................................................... Тәбет төбет... Ойлаушы ем............................................................ Ойлай-ойлай... Қалқиып................................................................ Өртенеді... Адам............................................................................. Айналып... Мейрамхана................................................................. Бітер екен... Әділдік........................................................................ Балтырың ба... Заман ба.................................................................. Өтірікті... далам байтақ................................................................... Марат Ғинаятұлына........................................................................ Уақыт-ай... Жанымды емдер.......................................................... Қалтқыдай... Басқа әлемге.............................................................. Етім түрпі... Балаусамын................................................................ Қу тағдыр... Асырмаса.................................................................... Аяғынан... Ырқыма......................................................................... Ұлым өссін... Жабы біткен............................................................. Заман – қоғам... Сұрайсың............................................................. Тарихта... Алдым қарттық............................................................. Өлеңімді... Ол кездегі..................................................................... Түнімен... Өтетін............................................................................. Ақшаңқан бұлт... Қасірет қысы..................................................... Есігімді... сәулесін төгіп................................................................. Шыңдарға шығып... Таксистімін................................................... Басым қырау... Жеткізбестей......................................................... Пендемін ғой... Ойластырып.......................................................... Көңілім аспанға... Еуразия.............................................................. Азаматтың... Жерде бәрі................................................................. Тіке емес... Бойын созбай............................................................... Көңілім... Ақиықтар бар................................................................. Бір күнгідей... Жаза алмадым........................................................ Бітіспес... Көп нөсердің.................................................................. Қырандай... Ай жарық.................................................................... Адал... Адамзаттың......................................................................... Обал жүген... Үстімізге.................................................................. Өмір сүрем... Қызғалдақтар........................................................... Қаңтардың... Жырымды................................................................. Көктем... Тынымым жоқ................................................................ Адамның... Бара алмассың............................................................. Бара-бара.......................................................................................... Бұ заман... Қоңсым......................................................................... Ақылды... Мен баптаған................................................................ Қарап қоям... Өлгенді – аңыз........................................................ Беріле ме... Бәрі уағында............................................................... Мақсат, мұрат... Ойлаушы ем....................................................... Келіскен қабағында... Жатқызбайды............................................
Жеткізе ме... Жалаңаяқ.................................................................. Шықса... Шақырымдап.................................................................. Қолымнан... Лақтырғанда.............................................................. Бай ма ірі... Джунгли...................................................................... Қайда достар... Ғылым ашар.......................................................... Жалқау емен... Кафе емес............................................................... Есім ауып... Өтті жылдар................................................................ Ыстық ұрған... Отырысым.............................................................. Айналам... О, Жаратқан.................................................................. Саумал ішкен... Сүйем емес........................................................... Тіршіліктің... Атам заман............................................................... Жүргенім шетте... Тікен кіріп........................................................ Санап кетсе... Ұмтылмастың......................................................... Бір ақын... Күштінің....................................................................... Алатау... Жеткізер ме..................................................................... Мұхит та... Бұл өмірдің.................................................................. Көлім түбін... Бұл сапар................................................................. Бүркітпін... Ұстазым....................................................................... Шыдамымды... Қалғыса жарық..................................................... Өз жерімде... Тағдырдың............................................................... Адам ойы... Күйеуімнің................................................................. Атам жоқ... Құтылған аз................................................................ Ата – баба... Бақытына................................................................... Жаным менің... Қабылданса.......................................................... Тіршілікте... Атам зар.................................................................... Капитализм... Өлім......................................................................... Жұлынған... Тірлігімде.................................................................. Адам миы... Күндер, айлар............................................................ Соңғы жылдар... Қолына алар....................................................... Көктем келмей... Айтамын деп...................................................... Басшы болсам... Ажал бар ғой....................................................... Сәуірім шығар... Той аяғы.............................................................. Басында аққу... Ұмтыламын........................................................... Бермес ылғи... Он алтыда............................................................... Мұхиттардың................................................................................... Күнменен түнді... Жастығым жоқ................................................. Ақырғы өлең.................................................................................... Соңғы сапар... Тағдырға мына....................................................... Базар тарқап..................................................................................... Адамның тек... Айтам сөздің......................................................... Саған көктің..................................................................................... Екі дүние... Өттің сен де................................................................. Кететін... Қарашада.........................................................................
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру