TELEGEI

Home

Сафи Өтебайұлы

Нұрлыбек Сафин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сафи Өтебайұлы

Сафи Өтебайұлы

(Қазақ мұнайының ардақтылары. Өмірбаян сериясы) Қабырғаға жағалай ілінген ескі суреттердің әрқайсысына жеке-жеке көз тоқтатып қарап келе жатқан ұзын бойлы, жүзін әжім айғыздап тастаған қария қолдан тоқылған ескі кілемшеге назары ілігe беріп, кілт тоқтай қалды. Жүзіне лып етіп қан жүгірді. Кеудесін әлдебір іңкәр сағыныш керней жөнелді сосын. Сол-ақ екен, шау тартқан жады дүр сілкініп, сонау бір кездер ап-анық боп ойға орала бастады.

Мына кілемшені де ұмыта бастаған екен. Ұмытылмайтын-ақ нәрсе еді... Бірақ, соған дейін ұмыттыра бастаған уақыт дегенің соншалық құдіретті-ау! Кілемшеге әлдебір шебер асқан ыждақаттылықпен бұның бейнесін қолмен тоқып салыпты. Кім тоқыды, қалай тоқыды? Ол жағы бұған беймәлім. Білетіні — осы кілемшені Өзен мұнайшылары мен бұрғышылары атынан Рахмет Өтесінов пен Нәсіпқали Марабаевтің сыйлағаны. Сонда ол екеуі неге сыйлады мұны? Ненің құрметіне? Сол жылы Өзен-Гурьев-Куйбышев мұнай айдау құбыры жедел салынып жатқан-тұғын. Сол жылы Қазақстан мұнайшылары алғаш рет 10 млн. тоннадан астам мұнай өндіру үшін тынбай еңбек етуде еді. Сол жылы... айтпақшы, осындай қауырт жұмыстардың басы-қасында жүрген ол алпыс жасқа келген екен-ау! Бұның алпысқа келіп қалғанын ол екеуі солай еске түсіріп еді-ау! Рахмет пен Нәсіпқалидың ісі мен адамгершілік қасиеттерін құрметтеп, екеуін де інім деп жақын тартушы еді бұл.

Бірақ, осы сыйлық кілемшенің мұражайға қайдан тап болғанына таң.
Содан бері отыз бес жыл өтіпті. Ех, зымыран уақыт!
 Сәке, ойланып кеттіңіз-ау!

Атырау топырағына табаны тигеннен жанында болып, жағдайын жасап жүрген Нұрпейіс (Мақашев) ескі кілемшеден көз айыра алмай қалған қарияның ойын бөліп жіберді.  Айналайын-ай, мына қарашы, мына кілемшеге. Осының тоқылғанына отыз бес жыл болыпты.

 Өй, Сәке, отыз бес жыл деген немене, тоқсан бестің қасында.
Ол еріксіз езу тартты.
 Сафи аға, үлкен залда халық күтіп отыр.
Олай болса барайық, халықты күттірмейік.

Мәдениет сарайының екінші қабатында ұйымдастырылған көшпелі мұражайды тамашалап жүрген той қонақтары той иесін ортаға алып үлкен залға қарай бет алды. Бұл 2004 жылғы мамыр айы еді. Атырау қаласы. Мұнайшылардың Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайы. Қазақ мұнайының атасы Сафи Өтебаевтың 95 жасқа толған мерейтойы. Той «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Нұрпейіс Мақашев пен «Қазмұнайгаз» барлау, өндіру акционерлік қоғамының бас директоры Жақып Нәсіпқалиұлы Марабаевтың қолдап, ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Той иесі қасына Нұрпейіс, Махамбет сияқты ізбасар інілерін ертіп облыстық мұражайдың «Мұнай абызына 95 жыл» атты көшпелі көрмесін осы жаңа ғана тамашалап болып, төменгі қабаттағы үлкен залға еніп еді. Залда ине шаншар орын жоқ екен. Жиылған халықтың қошеметтеп қол соғуымен сахнаға көтерілді. Бұл оның осындай той сахнасына

үшінші рет көтеріліп тұрғаны. Сексен бес, тоқсан жылдығы інілерінің арқасында дүркіреп өтті ғой, несін айтасың! Бұл жолы да... Әне, Нұрпейіс Мақашев тойды ашып жатыр. Әне, Махамбет Батырбаев бұның өмірі мен қызметі туралы сөз сөйлеп тұр. Тоқсан бес жыл жасаған, сол өмірінің жартысына жуығын мұнай өндірісіне арнаған қартқа қызыға қарап зал толы халық отыр. Осы сәт той иесі қария біртүрлі жалғызсырап сала берді. Жалғызсырағанда... бұл тойды тағы да алпыс жыл отасқан өмірлік қосағы — Шәрипасыз өткізіп отыр ғой. Бұдан бес жыл бұрын тоқсан жылдық тойы қос Нұрлан (Балғымбаев, Қапаров) інісінің қолдауымен өткенде де осылай жалғыз өзі келіп еді. Дәл осылай жалғызсырап еді сонда да. Онда да көңілі дәл осылай жабырқаған. Ал, сексен бес жылдық... О-о! Ол тойдың жөні бөлек еді ғой. Қасында Шәрипа отырды. Кәріліктің зейнетін көріп, бақытқа бөленіп отырды. Десте-десте қызыл гүл дәл осылай алдында жатты. Айтпақшы, дәл сол кезде Доссордың 60 жылдығы тойланбақ екен, той тойға ұласты. Қала басшылары қадірменді қарияларды қолпаштап, кішкене кемемен Жайыққа сейіл ұйымдастырыпты. Баяғы Орынбордың Рабфагінде оқып жүргенде жағасына екеуі оңаша барып қыдыратын Жайық. О, дариға! Жарықтық Жайық әлі сол қалпы. Ыңыранып ағып жатыр. Онда бұл жиырмадағы бозбала,

Шәрипа он бестегі үлбіреген қыз еді. Арманшыл, албырт жастар еді. Ол кез адам баласының өміріндегі ең қызықты, ең ләззатты, қамсыз дәурені екен. Екеуі кеме жақтауына сүйеніп тұрып соны еске алды. Атырауда Шәрипа оқытқан оқушы көп. Мынау, өзін көкке көтеріп, баяндама оқып тұрған Махамбет те Шәрипаның шәкірті. Қазір ол «Қазмұнайгаз» ҰМК-ның тете-президенті, ел басқарып отырған азамат. Сақыш Қарабалина да осы Шәрипаның алдын көрген. Көп қой шәкірті. Сол тойда «Менің сүйікті ұстазым» деп талайы сәлем беріп кетті. Бұл құрмет Шәрипаны бір-ақ күнде жасартып тастағандай болды ғой. Сонда Шәрипа дәл сексенде еді-ау. Бұл той сонда Сафидың ғана емес, Шәрипаның да тойына айналып жүре бермеп пе еді. Не керек, сол тойдан екеуі де Алматыға марқайып қайтты. Қуанып қайтты. Ал, бұл жолы... Обалы не керек, мұнайшы інілері қазақтың тұңғыш мұнайшы-инженерін алақанға салып, көкке көтеріп-ақ жатыр-ау. Бірақ, бұның көкейінде не барын, көптің ішінен елеңдеп кімді іздейтінін біле ме екен олар? Тоқсан бес жыл жасаған көкіректе нендей арпалыс боп жатқанын сезе ме десейші? Әттең-ай, бұл өмірдің қиындығын да, қызығын да бірге көрген қосағы—Шәрипаны қанша іздесе де енді таба алмайды ғой. Сол өкініш! Әйтеуір, қазақтың тұңғыш мұнайшы-инженері деп, қазақ мұнайын бес алыптың қатарына қосып, қазақ елін алтыншы алып еткен ер деп, Маңғыстау даласына өмір әкелген білікті басшы деп, бар өмірін адам игілігі үшін сарп еткен әулие деп мақтауын келістіріп-ақ жатыр. «Бар бол, айналайын, бар бол!» деді төрде отырған той иесі қария күбір етіп. Ал, бұл кезде Махамбет сөзін аяқтап қалған екен. «Құрметті Сафи Өтебайұлы! Ұзақ жасаудың сыры неде дегенде сіз:—Адал еңбек еттім, жұртқа қолымнан келгенше жақсылық жасадым, өз кәсібімді шын қадірледім,—деп жауап берген едіңіз. Жастан жасқа шығып, ағайын-туыс, дос-жолдастарыңыздың ортасында аман-есен жүре беруге Аллаһ нәсіп етсін!» Зал толы жұрт ду қол шапалақтады. Осы ду қол шапалақ дауысы кейде құлаққа әр қилы естілетіні бар. Залда көппен бірге қол соғып тұрсаң, оның әсері онша бола қоймайды. Ал, сен оны сахнада тұрып тыңда! Оның құдіретін сонда аңғарғандай боласың. Құдай-ау, соғылған әрбір алақаннан қанаты сусылдап аққу құс ұшып шығып, ұшып шығып жатқандай... немесе қос арғымақ қаныңды қыздырып қатарласа құйғытып ала жөнелгендей... Осы бір қос әсерге қатар бөленіп орнынан тұрады. Махамбет мінбеден түсіп кеп, той иесіне Премьердің алғыс хатын, министрдің құрмет грамотасын, «Қазмұнайгаздың» кеуде белгісін табыс етті. Біздің қазақтың қай тойы мақтаусыз, марапаттаусыз өтіп еді? Той деген, кейде ойлап қарасаң, осы мақтау мен марапаттауға тойдыру ғой. Әсіресе, алғыс хат пен құрмет грамотасына келгенде қазақтан мырза халық жоқ. Кейде оны алтындалған әріппен жазып, күмістелген қоршауға салып тұрып тапсыратынымыз бар емес пе? Мына тойда да сондай лебіз жазылған алтын әріпті, күміс қоршаулы құттықтаулар тау боп үйіліп қалды. Мейлі ғой, бәрі халықтың жүрекжарды лебізі. Бір-бірімізді тіріде осылай сыйласқаннан артық не бар? ...Қарт Сафи ұшақ баспалдағына аяқ арта беріп, соңына бұрылып қарап еді, Атырау қимастықпен қол бұлғап, шығарып салып тұр екен. Бұл да қол бұлғады. Бұның да көкірегін әлдебір қимастық баурап алды. Бүкіл саналы өмірін өткізген Атырау даласына енді келе ала ма, келе алмай ма? Ұшақ екпіндеп барып, көкке көтерілді де, самғай жөнелді. Қарияның көз алдында күні кешегі той салтанаты... Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...

Тойдағы көп мақтаудың ішінде үш адамның сөзі мұны қатты тебірентіп еді. Бірі Зейнолланың (Қабдолов) сөзі. «Сафи барда—Ембі тірі, Ембі барда— Сафи тірі. Ембі оның жүрегі» деді-ау. «Апырмай, сонда:—Сен мәңгі-бақи тірісің. Сен Ембінің жүрегі боп мәңгі-бақи соғып тұра бересің,—дегені-ау Зейнолланың. Айналайын, Зейнолла!»

Екіншісі, Өмірзақтың (Озғанбайұлы) сөзі. «Бұл той—тоқсан бес жасқа толған Сафи ағамызды ерекше аялап, құрметтеу керек екенін сезінетін, бәрімізді де тойлаумен бірге ойландыратын той! Бұл той—жағалауда қайықтың кезегін күткен ағамызға бар ықыласымызды білдіріп қалуға асығатын той. Бұл той—қазақ мұнайының құрдасы, қазақ мұнайының күйзелісі мен қуанышының тірі куәгері, бар өмірін адам игілігі үшін сарп еткен Сафи ағамызды әулие атандыратын той!»

«Не дейін, айналайын, Өмірзақ!»
Ал, өзі жақсы көретін інісі Мереке (Құлкенов) өлең оқи жөнелді.

Аллаһ жазса, ғасырмен теңестіңіз,
Алып талай асу мен белесті Сіз.
Тұңғыш қазақ баласы Бакуде оқып,
Өзге ұлттың ұлымен тең өстіңіз.

Күтті Сізді сахара, кең далаңыз,
Исатай, Махамбетпен болған аңыз.
Жапанға жан бітіріп Сіз келесіз,
Мұнайшы деген түсіп жолға нағыз.

Дем бердіңіз кеніштің көрігі боп,
Мұнай барда қазақтың көңілі тоқ.
Маңғыстауға Сіз алғаш бұрғы салып,
Маң дала дүр сілкінді, өмір үдеп.

Асқар тау секілдісіз арамызда,
Боламыз ініңіз де, балаңыз да.
Қазақтың мұнайының атасы боп,
Әлі де ілігесіз сан аңызға.

* * * Қарт Сафи иллюминатордан төменге көз тастап еді, Атырау даласы бүрісіп, алақандай боп кішірейіп барады екен. Ал, аспан төрінен қарағанда алақандай боп көрінетін осы жерде кімдер өтпеді дейсің? Соның біразын көрді ғой көзі. Мына Мерекенің атасын да білуші еді. Бұл оған іні болды. Талай рет үйіне барған, сәлем берген. Бәрі сол Қарабаудан шыққан ағайынды адамдар емес пе? Ертеде Мыңбай батыр «туған жерім» деп зарлаған Қарабау! «Сол Қабыл ағам Гурьевте совет үкіметін орнатысқан, ақтармен күрескен батыр. Ұзақ жыл округ милициясының бастығы болды. Жауырыны қақпақтай, ірі кісі тұғын. Кәтепті қара нар еді. Жігіттің қабыланы еді. Алмас қылыш еді. Ағамның сол мінезі Мерекеде де бар. Мерекенің әжесі Бәтима жеңгем елге қадірлі бәйбіше болды. Ех, дариға, солар өткен өлке ғой бұл!» Сафи әлгі Мереке інісінің сөзіне ұқсас лебізді оның атасы, бұның ағасы Қабылға қаратып айтушы еді. Енді соны інісі бұның өзіне айтып тұр. Тек Мереке ғана емес, бүкіл мұнайшы қауым, бүкіл Жем, Атырау бойы айтады. Бұның еткен еңбегін құрметтеп айтады. Бұл құрметке ол қалай жетті? Қалай мұнайшы болды? Не себепті мұнайшы болды? Ойлап қараса, бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес екен. Оның жауабы—бүткіл саналы ғұмырың екен. Әне бір жылы осы Алматыдағы мектеп оқушыларымен кездескені бар. Алматылық жасөспірімдер үшін мұнай деген таңсық тақырып. Оны қалай іздейді, жеті қат жер астынан қалай алады? Бұл туралы олардың көпшілігі білмейді, түсінігі де жоқ. Айтсаң таңғажайып ертек тыңдағандай аузын ашып қалады.

 Ата, адам мамандықты қалай таңдайды?—деп сұрақ қойды сонда бір оқушы.
 Ал, сен өзің айтшы, мектеп бітірген соң кім болғың келеді?
Сұрақ қойған оқушы қарсы сұрақ қояды деп күтпесе керек, сасып қалды.

 Білмеймін.
 Қалай білмейсің?
 Ойланғаным жоқ.
 Сен өзің, айналайын, нешінші класта оқисың?

 Оныншы.
 Бәлі!
Сафи сонда бір қайран қалған.

Ертең мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған талапты жастың ертең кім болатыны туралы ойланбағаны, бір шешімге келмегені айтар ауызға да, тыңдар құлаққа да ұят қой. Тіпті, бұл жас адамның өз өміріне жауапсыз қарауы емес пе? «Қорқамын бүгінгі жас балалардан!» Қайран Абай, осы сөзді сен неге айттың екен? ... «Мұнай» деген сөзді алғаш естіп, тұңғыш рет тірі мұнайшыны көргенде, ол бар болғаны жеті-ақ жаста еді. Бұл 1916 жыл емес пе еді? Әкесімен бірге ат арбамен жүз шақырым жол жүріп Доссорға келген. Ал, Доссорда Ғұсман мен Қали ағалары бар. Олар мұнай кәсіпшілігінде тартальщик боп ең ауыр жұмыс атқарады екен. Тартальщик дегеннің мәнісін ертеңіне Қалимен бірге мұнай соратын мұнара басына келгенде ғана түсінгендей болған. Ілгері-кейін дамылсыз қозғалып тұрған темір арқанға ілесіп шыққан қарақошқыл май (осыны мұнай дейді екен) әлгі тартальщик боп жұмыс істеп жүрген қазақтардың төбесінен нөсер боп жауып

тұр. Байғұстар басын көтеріп, жоғары қарай алмайды. Бүкшеңдеп мұнай жаңбырының астында жұмысын жалғастыра береді. Үсті-басы шылқыған май. Бет аузына да қап-қара боп май жұққан. Жылтырап көздері ғана көрінеді. Кейде құрысқан денесін жазбаққа сәл ғана еңсе тіктегенде, аянышты жүздері аңғарылып қалады. Бала Сафи сонда оларды аяп қана қоймап еді, мынадай азапты өмірден зәресі ұша қорықты. Мұнайдың иесі ағылшын, неміс шонжарлары екен. Ал, мастерлер мен бригадирлер—оқыған орыстар. Ал, ең лас, ең ауыр жұмыста қазақтар жүр. Олардың жағдайы тым төмен. Жататын жері жертөле. Жұмыстан соң жуынып-шайынатын су жоқ. Тіпті, ішуге де тапшы. Ғұсманның да, Қалидың да көрген күндері осы боп шықты. Ағаларымен бірге жұмыс істейтін Қалман, Аққали, Жауылбай, Бораш, Шуаққали, Қали (Бартаев), Әубәкір деген қазақтар да осы ауыр бейнеттен бастарын көтере алмайды.  Мұнда бастық пен инженердің ғана жағдайы жақсы. Мастер де қазақтар сияқты қиналып жүрген жоқ,—деді Қали мұнара басынан қайтып келе жатқанда.  Ал, сіз неге инженер болмайсыз? Кішкентай інісінің аңқау сұрағына күліп жіберген Қали: —Мен оқымаған адаммын. Оқымаған адам инженер бола алмайды. Ал, сен оқуың керек, сонда инженер боласың,—деді. Қали ағасының осы сөзі содан кейін жатса-тұрса жеті жасар бала Сафидың ойынан шыққан жоқ. Ол ой ұлғая келе, оқуға деген арманға ұласты. Өскенде инженер болуды ойлады. Инженер болып ағаларының ауыр жұмысын жеңілдетуді қиялдады. Осы күні ойлап қараса, бұны Доссорға әкеп жүрген әкесі де әулие екен ғой. Доссорға барған сол сапарында Ғұсман мен Қалиға:  Сафижанды біреуің кәсіпшілік басына алып барыңдаршы. Көрсін, мұнайдың жұмысын,—деп еді. Сонда қайран әке, тым болмаса кенже ұлы оқысын, адам болсын деп Ащысайдан Доссорға дейін жүз шақырым жол шегіп, мұнайдың не нәрсе екенін кенже баласына ұғындыруға келген екен ғой.

* * * «Ойпырмай, — деп ойлады қарт Сафи әппақ алып ұшақтың жайлы орындығына жайғасып отыра беріп. — Түнеукүні Өмірзақтың бір сөзіне аса мән бермеппін ғой.

 Түрлі қоғамдық формацияларды көрген абзал аға,—деп еді-ау». Иә, Құдай берген тоқсан бес жастың арқасында бұйырғанды көрді ғой. Кейінгі ұрпақ оқулықтан ғана білетін кедей мен бай бұның жадынан өмірі өшпейді. Шетелдік алпауыттардың жергілікті қазақтарды қалай қанағанын, олардың Қазан төңкерісінен соң Доссордағы мұнай мұнараларын қалай қиратып кеткенін көрді. Ақ пен қызылдың қырқысын сезініп өсті. Репрессия үрейін бастан кешті. Ең соңында қазақтың Тәуелсіздік алған күніне куә болды. Ендігі тілегі—Тәуелсіздіктің баянды болмағы. Ол 1921 жылғы тамыз айында ағасы Қалиға еріп Доссорға келген еді ғой. Сол кезде Омар ағасы да осында-тұғын. Ғұсман ағасы екі жыл бұрын қаза болған. Әкесі бұны Қалиға қосып тұрып:

— Байқаймын, бұл заман оқығандікі болатын түрі бар. Сафи Доссорда оқысын,—деп көрегендік танытып еді.

Доссорға келсе, кәсіпшіліктегі жұмысшылар шетелдік алпауыттар қиратып кеткен мұнара, ұңғыларды қалпына келтіріп, жанталасып жатыр екен. Омар мен Қали ағалары да солармен бірге күн демей, түн демей жұмыс істейді.

Бұл Сөйтіп Доссорда 1921 жылдан бастап бастауыш мектепте оқыды. Айтпақшы, осы бастауыш мектепте оқып жүріп Орынбордағы Тәжірибе-тағлым мектебіне түсем деп аласұрып еді ғой. Орынбор Рабфагінде оқитын Шағыр Жұмабаев, Тоққожа Досқарин деген Доссордың балалары жазғы демалысқа келгенде Орынбордағы оқу туралы айтып, бала Сафиды қызықтырып қойды емес пе? Олардың айтуынша, Тағлым мектебін бітіргендер одан әрі институтқа түсуіне болады екен. Ау, бұл талайдан бергі арманы ғой. Соны естіген бойда Омар ағасына ұшсын. Омар кенже інісін жер-көкке сыйғызбай тұрған жаңалықты Қалиға айтып, ақылдасты да, бұның Орынборға баруына келісім берді. Мұны естіген Сафи құралыптас балалар ұлықсат сұрау үшін ата-аналарына жүгірсін. Олардың ішінен екеуі—Жаңбырғали Құрымбаев пен Төлен Аққонашев қана бұлармен бірге жүретін болды. Сөйтіп, түйе арбамен он бес күн сапар шегіп, Орынборға өлдім-талдым дегенде жеткенін қайтейін-ау, Наркомпрос Нұғыман Залиев пен КазЦИК төрағасы Сейітқали Меңдешевтің арасында зыр жүгіріп, табанынан таусылды емес пе? Залиев «орын жоқ, ала алмаймын» десе, Меңдешев бұның арызына бұрыштама соғып, «енді алады, Залиевке көрсет» деп қайта жұмсады. Қайтып барса, Залиев кешегі сөзін қайталап, міз бақпайды. Сонда Сафи бар болғаны он бес-ақ жаста болатын.

Үлкен қаланың қатыгездігіне налып, елге қайтты ғой сосын.

— Балам,—деді, мән-жайға қаныққан әкесі.—Біз сенің жасыңда тек күнелтуді ғана ойладық. Қу тамақтың қамымен жұмыс іздеп сонау Жылойдан бір-ақ шығып ек. Енді сендер оқу іздеп ел аралап жүрсіңдер. Заманның өзгеруі деген осы ғой. Оқығаның жөн. Үлкен оқуға биыл түспесең келесі жылы түсерсің. Алған бетіңнен қайтпа, балам!

Қайран әке! Көп оқығаннан емес, көпті көргеннен сұра деген ғой. Әкесі байғұс Ащысайда мал соңында жүріп-ақ заманның бет алысын сезген екен-ау.

* * * Жас адамның құштарлығы деген сірә, осы шығар, ол жатса да, тұрса да мұнай инженері болуды көксейтін. Инженерлік оқуда оқығысы келетін. Бірақ, қайда барып оқиды, қалай оқиды, ол жағы әзірге бұлдыр. Ағаларының да бұл жөнінде білетіні аздау сірә, олар бұны жұмыс басына жиі апарады. «Осы бастан үйрене бер, кейін осында істейтін боласың» деп кезек-кезек ақыл айтып қояды. Бәлкім бұның мұнайшылық жолға түсуіне ағаларының осы сөзі себепші болған шығар. Әлде, мұнайшыдан басқа кәсіп адамын көре қоймағандықтан ба екен. Айтпақшы, бұның мұнайдан алыс кетпеуінің тағы бір себебі бар екен ғой. Ол—1925 жылғы күзде Доссорда ФЗУ-дың ашылуы еді. Оны ұйымдастыруға Доссордағы мұнай өндірісі бастығының жаңадан тағайындалған орынбасары, революционер-жазушы Сабыр Шәріпов тікелей өзі араласты. Училище бұрғышы, слесарь, токарь, оператор мамандықтарына оқытатын еді. Бұл слесарлыққа түсті. ФЗУ-да білім мен тәжірибе ұштастырып оқытылатын. Күніге сегіз сағат оқудың төрт сағаты теориялық білім, келесі төрт сағаты механикалық шеберханадағы жұмысқа ұласады. Ал, шеберханада Василий Урясов деген білгір слесарь бар. 1927 жылы Доссор кәсіпшілігіне Әзірбайжаннан бір топ маман келді. Олардың көмегімен роторлы-айналмалы бұрғылау әдісі өндіріске енгізіліп жатты. Бұл уақытта ол слесарлыққа тәп-тәуір машықтанып қалған болатын. Бірақ, білсем, үйренсем деген талап бұны бұрғышылар бригадасына алып келді. Сөйтіп, ол алғаш рет №301 ұңғыны бұрғылауға қатысты. Әрине, бұрғышы емес, бұрғышының көмекшісі болып. Сонда бұл өзінің мұнайшылық жолға шыңдап түсе бастағанын сезініп, бұрғылауға қатысқанын Омар ағасына қуанып кеп айтып еді-ау. Омар ағасы інісінің он сегіз жасқа толып, қол-аяғы серейіп жігіт боп қалғанын жаңа аңғарғандай, бас-аяғына сүйсіне көз жүгіртіп шығып:

— Міне, жігіт болды деген осы, бүгіннен бастап сен нағыз мұнайшысың,—деп бұның жауырынынан қағып, көтермелеп қойып еді.

Одан кейін №302,303,304-ші ұңғылардың бұрғышыларына көмекші боп, қолғабыс етті. Сол бұрғылар алғаш рет мың метрден де тереңге сүңгіп кеткен-тұғын. Жаңа әдіспен тереңге бұрғыланатын алғашқы ұңғыларды қазуға қатысқандардың ішінде өзі де болғанын ойласа болды, қарт Сафидың бүгінге дейін көңілі жадырап сала береді. Сол көрініс көз алдынан кетпейді, жадынан өшпейді. Сен оны неге деп сұрама. Әзірбайжаннан келген бұрғышылар Фатих Салахетдинов пен Григорий Сурковтан бұрғылаудың қыр-сырын үйренді. Бұл екеуінің қимылына қызыға қарайды. Осылардай болсам екен деп бұл да тырысып бағады.

* * *
Оқуға тоймаған жылдар еді ғой ол.

ФЗУ-ды 1928 жылы бітірген кезде, дап-дайын бұрғышы боп шығып еді. Бірақ, ол бұрғышы да, слесарь да болғысы келмеді. Білімін одан әрі жетілдіре түсуге тым құштар. Фатих пен Григорийдан инженер болудың жолдарын сұрай береді. Алайда, екеуі де инженерлікке қол жеткізе алмай, бұрғышылықты місе тұтқан бейбақтар не кеңес бере қойсын, екеуі де «Бакудегі мұнай институтына түсуің керек» дегеннен басқаны білмейді. Ал, қалай түсу керек? Әңгіме осыған келгенде екеуі де жауап бере алмай қалады.«Басқа жолын білсек өзіміз де инженер болып алмаймыз ба» деп күліседі. Оның бір ұққаны ФЗУ бітірген адам институтқа түсе алмайды. Институтқа түсу үшін орта білім керек. Ал, орта білімің болып, инженерлікті меңгеріп алдың бар ғой, мұнай өндірісін дамытудың жеңіл жолдарын өзің ойлап таба беретін көрінесің. Қазір, өндірісте жаңа әдістердің көптеп еніп жатқаны техникалық сауатты адамдардың біртіндеп молая бастағаны екен. Шіркін-ай! Мейлі, кейінгі ұрпақ не десе, о десін, жаңа орнаған Совет үкіметі кедей балаларының оқуына барынша қамқор болды емес пе? Сол қамқорлықты бұл да көрді. ФЗУ-ды бітіріп, бұрғышы боп қара майға аттанып бара жатқан жерден сол қамқорлық арқасында өмір жолы өзгеріп сала берді. Тіпті, ойламаған жерден. Бұл Сафи сияқты кедейдің баласына тұңғыш қонған бақыт шығар. Бұдан төрт жыл бұрын бұны қабылдамаған Орынбор енді Рабфак директоры Кислицин дегенді бас қып, бір топ адамды Доссорға аттандырыпты. Сондағы мақсаты—Рабфакқа оқушы тарту. Мұны естіген оның жүрегі жарыла қуанды. Көктен іздегені жерден табылды. Әйтпесе, мал баққан жарлы баласының Орынборға өз бетімен барып, оқуға ілігіп кетуі, әй, қиынның қиыны еді ғой. Бұны әне бір жылы суық қабылдаған Орынбор бұл жолы олай етпеді, бұларды есігін айқара ашып тастап қарсы алды. Сафи ФЗУ-да бірге оқыған достары Мұхамбет Исенов, Мұхамбетжан Исалиев, Давид Черняев, Григорий Шведковтармен бірге (барлығы отыз шақты бала) Орынбор Рабфагінің оқушысы боп шыға келді. Мұны естіген елдегі Өтебай шал қуанғаннан жалғыз тоқтысын жайратып тастапты дейді. Колхоздың талапайынан қалған жалғыз тоқтыны. Содан соң Қабиға еріп Доссорға көшіп кеткен.

* * *
Орынбор—асқақ арманына от тастаған жер!
Орынбор—жүрегіне махаббат, ғашықтық ұрығын еккен жер!

Орынбор десе оның есіне осы екі жай орала береді. Кейінгі өмірі осы екі асыл тінге қоса өріліп еді ғой. Ол мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспепті. Мұнайшылықты айттық қой, ал өмірлік жар таңдауға келгенде оның бір ғана ұстанымы болды: «Менің болашақ жарым қазақ қызы болуы керек!» деген. Өйткені, қазақтың көптеген оқыған азаматы әйелді не орыстан, не татардан алатыны оны қатты ойландыратын. Тіпті, ызасын келтіріп, намысын қоздыратын. Сондай ойда жүргенде Шәрипа кездесті. Ол Рабфак жанындағы Жасөспірімдер мектебінде оқиды екен. Тілдесті. Тілдесе келе түсіністі. Ғашық болу деген осы шығар, жатса да, тұрса да Шәрипа атты сол бір он бес жастағы қыз туралы ойлай беретін. Көргісі кеп тұратын. Жә-ә, ол тарих туралы әлгі журналист жігіт майын тамызып газетке жазып еді ғой. Сөйтіп, Сафи асқақ арманына от тастаған, жас жүрегіне ғашықтық ұрығын еккен Орынбормен 1930 жылдың желтоқсанында қоштасты. Рабфакті бітірген соң Баку тау-кен институтының тау-кен факультетіне жолдама алып, кідірмей сонда жүріп кетті.

* * *
Бұл жалғанда арманға жақындай түссең, соның өзі үлкен бақыт.

1931 жыл Сафи үшін сондай бақытты кезең. Бұл күнде ол Баку мұнай институтының студенті. Рас, көбінесе аш қалатын, ұйқы шала болатын... Соңынан ақша келмейді. Ағалары өз отбастарын әрең асырап жүр. Әке-шешесі болса, колхоздасу кезіндегі аласапыранда бар малын ортаға салып, соңғы тоқтыны ана жылы бұның Рабфакқа оқуға түскен қуанышына сойып тастап, Доссорға көшіп барған. Институттың тоқсан сом шәкіртақысымен (стипендия) жан сақтады. Азық-түлікті мұнайшылар сияқты карточкамен алады. Күніне 800 граммнан. Айына 12 келі картоп, бір келі май, бір келі қант. Қара нанға томат жағып жеп, оны қара сумен итеріп, күн көрді ғой.

Мейлі, бұл сонда да бақытты еді. Ертеңін ойлап бақытқа кенелетін. Ал, бұл кезде елде қазақ даласын аштық жайлап, ұлы нәубет басталған-тұғын. Ағалары өндірісті сығалағаны себепті ол нәубеттен аман қалды. Бұл болса оқуда жүр...

Осыны ойлап жүрегі діp ете қалған қарт Сафи иллюминатордан жерге көз тастап еді, бара-бара бүрісіп, бір уыстана берген Атырау қаласы көрінбей қалыпты. Aл, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... «Мынадай алып ұшақпен ұшқан бақыт қой, бірақ, терезесінен қарасаң қауіпті сезесің. Көкірегіңе қорқыныш ұялайды»,—деп ойлады иллюминатордан көз айыра алмай.—Біздің студенттік шағымыз да қорқынышты заманда өтіп жатыпты-ау». Қоғамдық жұмысқа Доссор мектебінен-ақ төселген еді ғой, институтқа түскен соң оған тіпті, құлшына кірісті. Сол заманның жастары, шіркін, қандай еді? Егер олар қоғамдық жұмысқа араласа алмай қалса, қуыстанын бітпеуші ме еді? Замана ағымына ілесе алмай қалатындай, біреу тоғышар деген жаман ат тағып тастайтындай күй кешуші еді ғой. Қоғамдық жұмысқа қатысу зор абырой болатын. Тіпті, «қоғамдық өмір өз өміріңнен де қымбат» деген ұғым болды ғой. Содан ба екен, осы баяғыда аудандық партия комитетінің бірінші секретары Әмір Ипмағамбетов Доссор мектебінің оқушыларын дайындап, сахнаға шығарған ойындарға қатысып, әртүрлі рөлдерде ойнай беретін. Қазіргі түсінікте бұл тіпті масқара, ақылға сыймайды ғой. Ал, ол кездің студенттерін сабақ үлгерімімен қатар қоғамдық жұмысқа қаншалықты белсене қатысатынына қарап бағалайтын. Ондай студент қастерлеп, суретін құрмет тақтасынан түсірмейді. Сафидың суреті де құрмет тақтасынан түскен жоқ. Ол факультет комсомол комитетінің хатшысы болды. Комсомол комитетінің міндеті—студенттерді сабақ пен қоғамдық жұмысқа түгел қатыстыру, үлгерім мен тәртіпті жақсарту. Үлгерімді жақсарту үшін сабаққа дайындалудың бригадалық әдісі дегенді қолданушы еді ғой. Сабақты жақсы оқитын бір студентке үлгермейтін немесе нашар үлгеретін он шақты студентті бекітіп береді. Сонан соң жақсы оқитын студент сол күнгі берілген тапсырманы түсіндіріп жатқаны.

Институтта жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын бірнеше студент бар еді. Мысалы, Михаил Андрианович Евсеенко институттың партком хатшысы болды. Николай Константинович Байбаков оқу озаты. Сафи болса да факультеттің комсомол комитетінің хатшысы, Сәбит Атаевич Оруджев факультет комсомол комитеті хатшысының орынбасары. Амиян, Галонский, Қараев... осылай кете береді. Бұлар кейіннен одақтағы мұнай саласын басқарған білікті басшылар болды. Айтпақшы, өзімен бірге оқыған, кейін жауапты қызметтер атқарған Апряткин Семен Семеновичті ұмытып бара жатыр екен ғой. Ол институт бітірген соң Грозный мұнай бірлестігін басқарды, Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұдан соң Шешен-Ингуш облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Апырмай, осы Апряткинді бұл «комсомол қатарына өт» деп, талай үгіттеп иліктіре алмап еді, оның қалайша бірінші хатшы боп, қалайша коммунист боп шыға келгеніне әлі күнге дейін таң қалады.

* * * Сафи тау-кен факультетінде, қала берді институтта оқып жатқан тұңғыш қазақ. Институт басшылары оған қарап қазақтың бәрі дәл осы жігіттей сабаққа алғыр, қоғамдық жұмысқа бейім деп ойлады ма, 1933 жылы жазғы демалысқа шыққанда бұған Қазақстаннан оқуға адам тартуды тапсырған-ды. Елге келісімен бұл үгіт-насихат жұмысына құлшына кірісіп кетті. Институттың өзі тапсырма беріп тұрғанда, құлшынбағанда қайтеді. Қазақтың барлық баласы оқып, білім алса екен деп ойлайды ғой бұл. Сөйтіп, қазақ даласы оянса екен, өндірісін дамытып ел қатарына қосылса екен деп көксейді. Осы оймен Орынбор Рабфагін бітірер жылы қолқалап қоймай жүріп Рабфакқа Қалиды да апармады ма? Қали ол кезде кәсіпшілікте балташы. Төрт-ақ класс білімі бар. Ол қасына Нұрбай Қондыбаев деген кілтші-оператор жігітті ертіп алған. Оның да білімі шамалы, Қалимен қарайлас. Екеуі де отызға келген азаматтар. Қажы-Тарханға (Астраханға) дейін пароходпен, одан әрі Орынборға пойыздың қызыл вагонымен жетті. Сонда оқу жасынан асып кеткен бұларды көріп Рабфак деректірі басын шайқап күлді ғой. Дегенмен талабын қайтарған жоқ, оқуға алды. Ол екеуіне жалдап жататын пәтер іздесіп, сабағына көмектесіп бұл зыр жүгіріп жүреді. Бір күні Шәрипаны әкеп таныстырды.

— Мынау Шәрипа, бұйырса келініңіз болады. Оқуды бітірген соң осы қызды аламын,—дейді Сафи ұялып тұрса да батыл сөйлеп.

— Ой, айналайын, бақытты болыңдар! Өзі иман жүзді жақсы бала екен,—деп Қали мен Нұрбай қосыла мақтап қояды.

Сол жылы (1930 ж.) желтоқсан айында Сафи жолдамамен Баку институтына аттанып кетті де Қали мен Нұрбай Орынборда жіпсіз байланып қала берді. Жіпсіз байланатыны, елге қарай жол жоқ. Оқиын десе, оқу қонбайды.

— Ай, қарағым,—деген Қали оқу басталғаннан-ақ,—бізге оқу қонбайды екен. Бізге балтамыз дұрыс екен. Балтаға ештеңе жетпейді екен.

Қали осы ойынан айныған жоқ. Көктем шығысымен Нұрбай екеуі Доссор қайдасың деп, балтасына асығып жолға шығып кетіп еді. Олардың оқуды тастап, елге тайып тұрғанын Сафи кейін естіді ғой...

Елге келсе біраз өзгеріс болып қалыпты. 1930 жылы Гурьевте ашылған тау-кен, мұнай техникумын бірталай жас жігіт бітіріп кеп, өндіріс басқаруға араласа бастаған. Олардың ішінде Ғұсман ағасының ұлы Уәли де бар. «Ембімұнай» тресінің бастығы Я. В. Лаврентьев оны Тасымалдау конторы директорының орынбасары етіп жұмысқа алыпты. Астында мәшине, шалқып жүр. Езуінде темекі. Мұны көріп, арсалаңдап жүгіріп келе жатыр. Сафи үгіт-насихат айтуды Уәлиден бастады.

— Айналайын Уәли, жеті жасымда алғаш рет Доссорға келгенде сенің әкең Ғұсман маған «оқы, оқысаң ғана адам боласың» деп ақыл айтып еді. Мен сол ағамның тілін алып оқып жүрмін. Сен де менің тілімді ал. Бакуде мен оқып жүрген институтқа оқуға түс. Өзім ертіп апарамын,—деді.

— Мына жұмысым да жаман емес қой,—деп Уәли бұлтақтап еді:

— Саған директор болуға әлі ерте. Күні ертең-ақ институт бітіріп жастар келеді. Сонда техникум бітірген сен оларға ысырылып орныңды беруге мәжбүр боласың. Болашағың үшін жоғары білім керек,—деп, сендіре сөйледі.

Ағаның орынды уәжінен соң Уәлидің келіспеске амалы қалмады.

Оқуға Уәлиден басқа алты бала бірге жүретін болды. Олардың ішінде Сафидың есінде қалған—Сәйфи Мәгдиев пен Всеволод Нұршанов. Сәйфидің шешесі Ғазиза сол тұста Доссорда коммунистік партияның әйелдер кеңесін басқаратын. Ал, Всеволодтың әкесі «Ембімұнай» тресі бастығының орынбасары еді. Всеволодтың шешесі Клавдия Васильевна партия қызметкері. Всеволодтың өзі Уәлимен бірге техникум бітіріп, газетте тілші боп жүр екен. Сафидың үгітін естіп, шешесі байғұс қуанып кетті. Кейін осы Нұршановтың наны жүріп, Орынбордың Халық шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары, одан соң Одақтың мұнай өндірісі министрлігінде қызмет істеді. Сондағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан республикаларының мұнай өндірісін қадағалайтын басқарманы басқарды. Өле-өлгенше Сафиды аға деп кетіп еді.

Ал, Уәли сол жылы институтқа түсе алмады. Бірақ, аға ақылын алып, дайындық курсында оқыды. Сафидың тоқсан сом стипендиясына екеуі күн көрді. Сөйтіп, келер жылы ғана (1934-ші жыл) студент атана алды. 1939-жылы институт бітірген оны Баку НКВД-сы жұмысқа тартыпты. Сосын оны Мәскеудегі КГБ-ның жоғарғы мектебіне оқуға жіберген. 1940 жылы ол мектепті бітірген соң Түркіменстанға қызметке аттандырады. Бірақ, Түркіменстанда тұрақтап қала алмады. Соғыс басталған соң Тәшкентке, содан соң Ақмолаға ауысты. 1941 жылы соғысқа аттанды. Соғысқа аттанып бара жатып: «Сафи аға, мен соғысқа аттанып бара жатырмын. Құпия жұмыстамын, сондықтан менен хат күтпеңіздер. Хат жаза алмаймын. Амандықпен көріскенше» деп хат жолдап еді. Уәли солай хабарсыз кетті. Ғұсман ағасынан қалған жалғыз тұяқ еді, оны да сұм соғыс жалмады.

* * * Сол түні оның кірпігі кірпігіне ілінбей-ақ қойды. Қалай ілінсін, таң атқан бойда жолға шықпақ, елге—Гурьевке аттанбақ. Сол жердей ақжолтай арманын бастамақ. Баку тау-кен институтының дипломын алғаны да осы бүгін ғана. Онымен қоса «Эмбаневть» тресіне берген жолдама бар. Сафи дипломды қолына алып тұрып: «Мені Ембіге жіберулеріңізді сұраймын» деп институт ректоратына өтініш білдірген тұғын. Сонда комиссия басқарып отырған кісі бұған таң қала қарады. Таң қалмай ше, институт тарихында Ембіге сұранып тұрған студентті көріп тұрғаны осы болса.

— Бітірушілердің барлығы жағдайы жақсы, мұнайы мол жерге барғысы келеді. Сен неге Ембіні қалап тұрсың? Онда жұмыс істеу өте қиын. Соны сен білесің бе?—деді комиссия төрағасы көңіліндегі сұрақты іркіп қалмай. Институтты сол жылы екі жүз жиырма студент бітіріп тұрған еді.

— Ембі менің туған жерім. Мен—қазақпын. Сондықтан басқа жаққа баруға менің азаматтық та, моральдық та қақым жоқ. Ембінің мұнайын Баку мұнайына жеткізуге атсалысуым керек. Ембіге сұрану себебім осы!—деді бұл.

Иә, енді ол баяғы Орынбордың рабфагын бітірген жәй бір бұрғышы немесе жәй бір балташы емес. Мыңнан бір қазақ баласының қолы жетпеген Баку тау-кен институтын бітіріп тұрған білдей инженер. Оның кірпігін кірпігіне айқастырмай жатқан осы қуаныш. Әттең-ай, қасында ұйқы құшағында жатқан жігіттерден ұят-ау, әйтпесе осы қазір-ақ төсегінен атып тұрып сөмкесіне ықтияттап салып қойған инженерлік дипломды қолына алып, тағы бір сүйсіне қарар еді. Таң атса елге қарай жолға шығатыны, елге аман-есен жеткен соң қазақ мұнайын өркендетуге, оны Баку мұнайының деңгейіне жеткізуге атсалыссам деген ежелгі арманын орындауға кірісетіні бір бөлек әңгіме. Ал, қазір бүкіл Баку қаласы шырт ұйқыда, қараңғылық құшағында жатыр. Көшеде жылт еткен от көрінбейді. Арагідік тас көшені тоқ-тоқ басқан тағалы аттың аяқ дыбысы болмаса, қаланы тыныштық тұмшалап тұр. Осындай тыныш түнде көңілі алағызып, ояу жатқан тек Сафи ғана. Ақыры шыдаған жоқ, темір кереуетті ойбайлатып орнынан тұрып, тұсында ілулі тұрған алақандай суретті қолына алды. Жатақхана бөлмесі тас қараңғы болса да осы бір суреттегі бейне көз алдына жатталып қалған. Шашын қақ айыра тарап, желкесіне бос қоя берген еліктің лағындай жас қыздың суреті. Бес жыл бойы кездесе алмаған, бес жыл бойы аңсаған Шәрипасы. Тіпті әне бір жылы одан мүлдем хат келмей, зарықтырып қойып еді ғой бұны. Мына суреттегі сол Шәрипа. Суреттің сыртында араб әрпімен Шәрипаның өзі жазған мынадай сөз бар: «Сафи. Осы жансыз суретімді саған жіберіп отырмын, өлсем өзімдей, өлмесем көзімдей көріп жүрер деп. Қош. Шәрипа. 1932 жыл, 22-март. Орынбор қаласы.» Бүгінгі түн ұйықтай алмай қойса, институт бітірген қуанышпен қатар, осы Шәрипаға жолығар күннің жақындай түскенін де ойлап жатыр ғой. Бұдан бес жыл бұрын айтылған серт естен кете ме?

— Сен пединститутқа оқуға түс, мен Бакудегі тау-кен институтын бітіріп, инженер деген мамандық алып шығайын. Содан соң қосылайық,—деп еді бұл

Сонда Шәрипа не деп еді? Әрине, ол толқыды. Толқыды да үн қата алмады. Тек Сафидың мойнына асылып, иығына басын қойып еді. Бұл келіскені ғой. Жас жігіт Сафидің де бақыттан басы айналған сонда. «Біз бір-бірімізді күтеміз» деп екеуі екі айрық арман жолына түсіп еді. Иә, ол бұдан бес жыл бұрын, 1930 жылдың желтоқсан айы еді. Қазір 1935 жылдың желтоқсаны. Артық-кемі жоқ, бақандай бес жыл. Осы уақытта екеуінің басынан бір-бір романға татырлық тарих өтті. Енді, Құдай қаласа, екі тағдыр бір арнаға тоғыспақ. Екеуі де жас маман. Екеуі де еңбекке құлшынып тұр. Көкіректе ежелгі арман лаулаған үстіне лаулай түскен. Ол—қайткенде Ембі мұнайын Баку мұнайының дәрежесіне жеткізу. Мұнайшы ағаларының ауыр көл еңбегін жеңілдету. Сөйтіп, жоқшылықты көп көрген қазақтың бақытты ғұмыр кешуіне атсалысу. Сафи алақандай суретті кеудесіне қысып жатып, осының бәрін Шәрипаға іштей ақтара берді.

Ал, қас қылғандай, Баку таңы атуға асығар емес.

Адам асыққан сайын арман шіркін қашықтай бере ме, қалай өзі? Ел асып, Баку барып, бес жыл уақытты білім алуға сарп етті. Диплом алған күні «енді елге қайтам, мұнай өндірісіне араласам» деп сонша қуанғанын қайтейін, қақаған қыста елге жете алмайтынын, жолдың бәрі жабық екенін ескермепті ғой. Содан Сафи дипломы мен Ембіге берген жолдамасын шабадан түбіне тығып тастап, амал жоқ, Бакудің бір мұнай кәсіпшілігінде наурыз айы туғанша бұрғышы бола тұруға мәжбүр болды. Сонда ғой уақыттың тұсаулы аттай жылжымай қойғаны. Күн санап жүріп, міне, елге аттанар күн де туды. Оралға келді. Енді Гурьевке жете алсашы. Арбаға жеккен түйе бірде қарлы, бірде қарсыз дала жолын өндіре алар емес. Іш пыстырған шайқалма жүріс. Биыл жиырманың жетеуіне толатын жас инженер елге жетуге сонша асығулы. Бірақ, оның алып ұшқан көңілімен санасып жатқан тірі пенде жоқ. Тіпті, түйе екеш түйе де ұзын сирағын әдейі кердеңдей басып, ит жыныңды келтіре түседі. Мына түрімен Орал мен Гурьевтің арасындағы бес жүз шақырым жолды қанша уақытта жүріп өтер екен? ...Бакуден шыққалы да бір апта уақыт өтті. Пойызбен Ресей қалаларын жағалап, Оралға аяқ іліктіргеніне осымен екінші күн. Ойдай, Оралға келгенде өз үйі, өлең төсегіне жеткендей, қалған жолға көлік табыла кетердей қуанып еді-ау. Енді ше, «Ембімұнай» тресінің осындағы қонақ үйіне белгілі геолог Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев түсіп жатыр екен. Оның үстіне «Ембімұнай» тресінің бастығы Яков Васильевич Лаврентьевтің де әйелі осында болып шықты. Қалай қуанбасын, губерния бастығы трест бастығын құрметтеп, әйелінің Гурьевке жетіп алуына аэрошана беріп тұрса. Ал, ол әйел Беркінғали мен бұны сол шанамен ала кетуге келісіп отырса. Аэрошанаға бір отырып алса, ол ұшырғаннан ұшырып отырып айналасы жеті-сегіз сағатта Гурьевке дік еткізер еді. Бірақ, қас қылғандай Оралдан сексен шақырым ұзағанда жарқырап жатқан қар түте-түтесі шыққан киіздей жұқарып барып, таусылсын да қалсын. Одан әрі дала жалаңаштанып жатыр, кеңсірікті қытықтап, көктем лебі лекілдеп есіп қоя берді.

— Енді қайттік?—деді трест бастығының әйелі абыржып.

— Орал бізге қайта орал деп тұр ғой,—деді Беркінғали жымиып. Жымиғанда жұқалтаң мұрты өзіне жараса қалады екен. Саспады. Жүзінде абыржу нышаны байқалмайды.—Шананы келген жаққа бұрғаннан басқа амал жоқ.

Сафи не десін, манадан бері желп-желп етіп қуанышын жасыра алмай келе жатыр еді, енді сол қуанышы су сепкендей басылып қапты. Губерния бастығы берген құстай ұшқыр аэрошана, сөйтіп, бұларға бұйырмады. Бұл анау екеуіне қалай әсер еткенін қайдам, алып-ұшқан бала-жігітке оңай тимеді. Былтырғы желтоқсан айынан бері жолының бір болмай қойғанын неге жорырын білмей дал. Осыны ойлап енді Атшыбаевтың түйе арбасында шайқатылып келе жатқаны мынау. Беркінғали Мұқашұлының геологиялық барлау сапарына көндіккен оншақты түйе, бірі арба сүйреп, енді бірі жеңіл шана тартып алға қарай жылжудан бір тынбайды. Лаврентьевтің әйелі де осы керуенде келеді. Беркінғали да осында. Ол көш керуен жеткенше Гурьевтегі жұмысын тындыра берер еді, бірақ қары түспегірдің еріп кеткені ғой. Сафи Беркінғалиды жақсы таниды. Өзі елуге келіп қалған өте бір кішіпейіл, сауатты адам. Бір жағы бұның жерлесі де. Қызылқоға ауданының Миялы ауылында туған. Орал әскери-қазақ училищесін бітіріпті. Алаш қозғалысын құрушылардың бірі. Соның Ойыл уәлаятын басқарған ба қалай? Содан 1920 жылы ол елден қудаланып, он жыл Мәскеуде тұрған. И.Губкин атындағы мұнай институтында оқыған. Бірақ, Алашордаға қатысың бар деп 5-курста оқып жүргенде оқудан да шеттетіліпті. 1930 жылы елге қайтып кеп, мұнай ісіне араласқан. Қазір «Ембімұнай» тресінде геолог. Аманшылық болса Сафи да осы «Ембімұнайға» тұмсық тіремек. Сонда, осы Бәкеңмен жұмыстас болады. Сафи үшін осының өзі бір бақыт. Неміс тілін еркін меңгерген Беркінғали Атшыбаев Жем өңірінің геологиялық картасының жасалуына, Құлсары, Ескене, Алтыкөл мұнай алаңдарының ашылуына еңбек сіңірген адам. Қондыбай мен Жолдыбай күмбездерінің геологиялық картасын жасағанының өзі неге тұрады. Түйе арба аэрошана емес, алып ұшқан көңілді басып-ақ тастады. Бұлар бірнеше күн жол жүріп, жолай кездескен ауылдарға қона жатып келе жатыр. Осыдан бірер күн бұрын Калмыков ауылына қонып еді, бүгінгі тұмсық тірегені Бақсай болып тұр. Бақсайдан Гурьевке дейін жетпіс бес шақырым. Егер түйе жүрісінен жаңылмаса екі күндік жол қалды. Бірақ, қас қылғандай түйелер аяғын баспай қойсын. Болдырған. Оның үстіне жол дегеннің миы шығып езіліп жатыр. Беркін мен Лаврентьевтің әйелі Гурьевке хабар беру қамымен жүр. Егер трест бастығына ол хабар жетер болса, онда жолының болғаны. Ол енді тонына оранып арба үстінде отырған қалпы Лаврентьевті ойға алды. Яков Васильевичті жақсы танушы еді. Жаз шыға оқудан қолы босағанда Доссор кәсіпшілігіне кеп, өндірісте жұмыс істеп жүргенде танысқан. Жұмыс істеу Сафиға бір жағынан тәжірибе жинақтау болса, екінші жағынан тиын-тебен табудың қамы. Сол жылдар қазақтың басына ашаршылық зобалаңы туып тұрған кез еді ғой. Мұнай кәсіпшілігінің қара жұмысына жегілген ағаларының бір тиын көмек беруге шамалары жоқ. Тапқан-таянғаны өз отбасынан артылмайды. Еті тірі, келешекке үмітпен қарайтын жас жігіт ертең алаңсыз оқуы үшін жаз бойы тыным көрмей, қаражат жағын қамдап қойғысы келеді. Күндіз-түні кәсіпшілік басынан шыққысы жоқ. Кабинетінде омалып отыра беруді сүймейтін Яков Васильевич Сафиді міне осы кезде көреді. Ал, Сафи қазақтың басқа жастарындай емес, істі үйіріп барады. Көзі іс танитын сияқты, қолы епсекті. Лаврентьев арнайы бұрылып, бұның кім екенін сұрады. Баку тау-кен институтында оқитынын білгенде, тіпті қуанып, қанаттанып кетті. Ақсары жүзі алаулап келіп, бұның жауырынан өзімсіне қақты.

— Институтты бітіре салысыңмен осында кел. Ешқайда бұрылма.

Сафиға да керегі осы еді. Ембі мұнайын әлемге танытсам деген ежелгі арманын ақтарып салды. Орыс тілінде мүдіріссіз сөйлеп тұр. Яков Васильевич осыдан соң Доссорға келсе болды, Сафиді іздеп тауып алып, қасынан тастамайды. Қазақтың қарт жұмысшыларымен сөйлескенде бұны аудармашы қылып қояды. Міне, Сафи Я.В.Лаврентьевпен осылай танысқан. «Ембімұнай» тресі 1929 жылы Мәскеуден Гурьевке көшірілгенде, министрлік треске бастық етіп осы Яков Васильевичті жіберіпті. Қазір қырық бес — қырық алтыларға келген, білек сыбанып жұмыс істейтін кезі. 1928 жылдың соңына қарай оны Халық шаруашылығы Бүкіл одақтық Советі мұнай кәсіпшілігімен танысып, үйреніп қайту мақсатымен бір жылға Америкаға жіберіпті. Сол жақтан тәжірибе жинақтап қайтқан ол, енді көрген-білгенін осында—Ембіде қолдануға құлшынып жүр. Оның жаңашылдығын институтта оқып жүрген Сафи жақсы түсінеді. Білім қуғанда бұның да көздегені осы ғой. Ағалары мен басқа да қазақ жұмысшыларының ауыр еңбегін жеңілдету басты мақсат. Я.В.Лаврентьевтің бұрғылауда роторлық әдісті енгізуі, қол жұмысын көбірек қажет ететін жұмыстарды механикаландыруға баса көңіл бөлуі Сафидың да ойынан шығады. Әсіресе, оның «Надо прекратить человеческий импорт и взять курс на национальные кадры» деген сөзі қазақ жастарын қанаттандыра түсіп еді. Расында Я.В.Лаврентьев жергілікті қазақ жастарынан мұнайшы маман шығаруға көп көңіл бөліп, 1930 жылы Гурьевте тау-кен, мұнай техникумын ашуға ықпал етеді. Сол техникумды алғашқылардың бірі боп бітірген Уәли інісіне де трестің транспорт бөлімін сеніп тапсырған осы кісі. Осы келе жатқанда өзінің де одан үлкен қолдау табатынына сеніп келеді. ...Түс қайта Бақсайда қалған бұларға Яков Васильевич жіберген мәшине келіп жетті.

Сафи бүгін ұйқысынан ерте тұрды. Жуынып-шайынып, үсті-басын түзеп алды да кідірместен трест кеңсесіне тартты. Жолда Яков Васильевичке не айтатынын, қайда сұранатынын іштей жұптап келеді. Бұған салса жаңа мұнай көздері табылып жатқан Ескенеге тартпақ. Сонда бұрғышы болып тәжірибе жинақтауды көздеп келеді. Мейлі, бұрғышыға көмекші болса да жетіп жатыр. Туған жерде ашылып жатқан әрбір мұнай алаңына елеңдей зер салып отыруды студент кезінен-ақ әдет етіп алған. 1931-32 жылдары Оңтүстік Ескененің батыс жағында мол мұнай қабатының ашылғанын, ал 1933-34 жылдары осы арадан нөмірі 9-шы ұңғы қазылғанын, одан тәулігіне 250 тонна таза мұнай атқылағанын біліп келе жатыр. Көңілі алдамаса, сол маңға тағы да жаңа ұңғылар түсуі тиіс. Түбі абырой әкелетін алаң сол Ескене болатын шығар. Ескене Гурьевтің шығысында 65 шақырым жерде. Одан әрі солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта Доссор жатыр. Ескененің шығысында, 18 шақырым жерде Байшонас алаңы бар. Міне, осы аралықта жатқан алаңның бергенінен әлі де берері мол болмақ. Не де болса, нар тәуекел! Осылай ой үстінде келе жатып, трест кеңсесіне де жетті. Яков Васильевич әдеттегідей кабинетінде жоқ екен. Кім білсін, кәсіпшілік аралап кетті ме? Егер олай болса, бүгін келе қоймайды деген сөз. Ол келмесе, тағы бір күн өлгелі тұр. Осы ой басына келгені сол екен, Жгентидің кабинетіне кіріп барғанын өзі де кеш аңғарды. Жгенти трест бастығының орынбасары. Сондықтан оның пәрменімен де жұмысқа тұра беруге әбден болады. Сафи Ескене туралы әлгі ойын айтып шыққанша орынбасар сөзін бөлген жоқ. Қызуқанды грузин жігіті алдына кеп тұрған жап-жас жігіттің салмақты әңгімесіне құлақ түріп отырып қалды.

— Оның да дұрыс екен,—деді ол бұл сөзін бітірген соң, қаламын саусақ арасына салып айналдырып отырып.—Қарсы емеспін. Сонда Ескенеге бүгін жүріп кетпексің бе?

— Иә, бұйрық қолыма тиген замат құстай ұшамын ғой.

Жгенти шынында да құстай ұшқалы тұрған жігітті бөгеген жоқ. Бұйрықты жазды да берді. Сафи бірақ өзі ойлағандай Ескенеге сол күні жүріп кете алмады. Мүлдем басқа бағытқа жол тартты.

Трест бастығының орынбасары Жгенти қол қойған бұйрықты алып кеңседен шыға беріп еді, Яков Васильевич қарсы кездесе кетті.

— Сәлеметсіз бе, Яков Васильевич.

— Сәлем, сәлем, ау, сен Сафи Утебаевичсің бе?—деді ол жас жігітке үңіле қарап.—Ал, баянда, оқуды бітірдің бе? Диплом алдың ба?

— Диплом да, жолдама да бар.

— Ой, жарайсың! Енді жұмысқа кірісуің керек. Жүр ақылдасайық, сенің қайда баратыныңды, кім боп баратыныңды.

Яков Васильевич ескі танысын ұшырастырғандай сөйлей жүріп кабинетіне беттеді. Бұл соңынан еріп келе жатып:

— Қайда баратынымды шешіп те қойдым. Ескенеге... Ескенеге баратын болдым.

— Қазір, қазір. Ескенеге де білімді мамандар керек-ақ. Бірақ, мен саған одан да маңызды алаңдардың бірін ұсынбақпын.

Ол орнына жайғасып отыра беріп қолымен қарсы алдындағы орындықты нұсқады да, Сафи ұсынып тұрған бұйрықты алып оқи бастады. Кенет көзіне қамшы тиген аттай басын жұлып алып, бұған таңырқай қарады.

— Тоқта, бұрғышының көмекшісі?

Бірдеңе бүлдіріп қойдым ба деп сасып қалған Сафи аузын ашып үлгергенше трест бастығы қызына сөйлеп кетті.

— Сен, қалқам, кеше ғана институт бітіріп келдің. Білдей инженерсің. Ал, инженер адам тым болмаса бұрғышы болмай, кім болса сол бола беретін көмекшілік жұмысқа тұрыпты деген не сұмдық? Кім бұған қол қойған? Қандай ақымақ?

— Өзім сұрандым, Яков Васильевич,—деді Сафи Жгентиді құтқармақ боп. Бір жағынан өзі де ыңғайсызданып барады.

— Өзім? Көмекшілікке ме? Немене, инженерлікті сонда босқа оқыдың ба? Әлде өзіңе сенбейсің бе?

— Жоқ, Яков Васильевич, аз уақыт үйренейін дегенім ғой,—деп Сафи енді ақталуға көшті. Не десе де бұл оның шын ойы еді.

— Мұның болмайды,—деп трест бастығы бұған түйіле қарады.—Саған, жолдас Утебаев, үкімет пен партия қанша қаржы жұмсап оқытқанын білесің бе?

— Білем ғой.

— Білсең, сол қаржыны алған біліміңмен қайтаруың керек. Бұрғышы, бұрғышының көмекшісі деген мамандықты ФЗУ-де жүріп үйреніп алғансың. Сенде ондай тәжірибе жетеді. Мен сені институт бітіріп келеді деп, келген соң жауапты қызметтердің бірін атқарады деп қанша уақыт күттім. Сүйткен адамды қалай көмекші етіп жіберем. Қой оныңды,—деді күйіп-пісіп.

Сафи енді шын қысылды. Лаврентьевтің сол кезде тұрақты тіркес боп ел арасына жайылып кеткен «надо прекратить человеческий импорт» деген сөзі ойына оралып, қызарып кетті. Сафидің шын қысылғанын ол да сезді ме, бір кезде:

— Сен инженерсің! Соны ұмытпа,—деді әр сөзін салмақтап. Сүйтті де Жгенти қол қойған бұйрықты умаждап қалдық шелекке тастай салып, орнынан тұрды.—Жүр, бұл мәселені Окружкомға барып шешейік.

Гурьев сол тұста Орал губерниясына қарайтын округ болатын. Гурьев округтік партия комитетінің бірінші хатшысы Ақботин Хамит Ыстамғалиұлы болатын. Яков Васильевич Сафиді жетелегендей боп Окружкомның кеңсесіне келсе, Ақботин жоқ екен. Бұларды екінші хатшы Коган қабылдады. Бас изесіп, қол алысып, амандық-саулық біліскен соң трест бастығы сөйлеп кетті.

— Мына жігіт кеше ғана Баку институтын бітіріп келген Сафи Утебаевич деген жас инженер. Мен білсем осы институтты бітірген тұңғыш қазақ баласы. Әрі өзі коммунист.

— Дұрыс екен,—деді Коган,—бізге инженер керек. Хош келіпсің. Сіз қалай ойлайсыз, Яков Васильевич, бұл жас инженерді қай объектіге жіберуді қолай көріп отырсыз?

— Өзі жас, өзі білімді инженер қай объектіге де ауадай қажет. Егер маған салсаңыз, Мақат кәсіпшілдігіне жіберер едім,— деп екеуіне кезек көз салып отырған Сафиге қарады.—Бірақ, бұрғышының көмекшілігіне емес. Сондағы бұрғылау цехының аға инженері боласың.

Лаврентьев көмекшілік туралы әңгімені Коганға айтып, жас инженерге қарап, өзара күлісіп алысты.

— Әсіресе, бұрғылау жұмыстарын жақсартуымыз керек. Біз саған жауапты жұмыс тапсырып отырмыз. Жаңа алаңдар тауып, жаңа скважиналар қазуымыз керек,—деді Коган бұған шырай бере қарап. Сосын ол трест бастығына бұрылды.—Яков Васильевич бұл жігітті неғұрлым жаңа, неғұрлым болашағы бар жерге жібергеніңіз жөн ғой.

— Әлбетте, Нармонданақта былтыр ғана іздестіру-барлау бұрғысы салынғаны есіңізде болар. Биыл осы алаңның батыс бетіне терең бұрғылау жұмысын бастасақ деп отырмыз. Сіз қарсы болмасаңыз, Сафи Утебаевичті сонда жібергеніміз дұрыс болар.

— Мен қарсы емеспін,—деп Коган бұл екеуіне кезек қарап, қолын ұсынды.

Енді бұл кешегі болған жайды ойына алып, өзінен өзі еріксіз күліп келеді. Яков Васильевичтің күйіп-пісетіндей реті бар ғой. Ал, анау Жгенти аңқау ма, институтты жаңа бітірген жас инженердің сөзіне еріп қолын қойды да жіберді. Бастық мұныма қалай қарар екен деп ойласа не қыл дейсің. Ембіде алғашқы кен орны—Доссор 1911 жылғы көкектің 29-ында ашылыпты. Екінші ашылғаны—осы Мақат. Ол 1915 жыл еді. Ембі өңірінен 1917 жылға дейін бар болғаны 1208,8 мың тонна мұнай алынған көрінеді. Ал, қазір осы екі кәсіпшіліктің қатарына Байшонас (1931 ж.), Ескене (1934 ж.), Қосшағыл (1935 ж.) қосылып отыр. Ғалымдардың айтуынша, бұл әлі тым аз. Ал, Ембінің табаны шылқыған май. Соны қазақ баласы ашпағанда кім ашады? Қазақ баласы өндірмегенде кім өндіреді? Сафи Мақатқа бара жатып осылай ұзақ толғанды. Кешегі қылығы есіне түссе еріксіз езу тартады. Гурьевтен шыққан соң кеше Доссордағы ағаларына соқты. Шешесі Рахимаға маңдайын сүйдірді. Сонда бұрғышының көмекшісі болғысы келгенін, оған Лаврентьевтің қарсы болғанын ағаларына айтып беріп еді, ағалары да бас шайқасып күлісіп алды.

— Сафижан,—деп қырықтан асқан үлкен ағасы Омар сөз бастады.—Біз ғой көз ашқалы біріміз тартальщик боп, енді біріміз балташы боп, нәпақамызды әрең айырып жүрміз. Соның бәрі оқымағандықтан. Ал, сен оқыдың, инженер болдың. Енді сол мамандығың бойынша жұмыс істе.

Шешесі көзіне жас алды. Көзіне жас алғаны қуанғаны ғой. Баяғыда осы Сафиді тезек тере барып, босанып қап еді. Сонда шыр-шыр еткен нәрестесін қапқа орап үйге жеткен-тұғын. Сол кенже ұлы енді, міне, мұнайдың басында отырған үлкен адамның көзіне түсіп, үлкен азамат болуға талпына бастады. Шеше байғұс осының бәрін ойлады. «Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа» деді күбірлеп. Сүйткен Сафи енді Доссордан шығып, Мақатқа жол тартып келеді. Анада Коганның кабинетінен шыққан соң Яков Васильевич Мақат кәсіпшілігінің директоры Рақымжан Сағындықов туралы айтып еді.

— Рақымжан Сағындықович өте іскер, талапшыл адам. Ақылдасып, келісіп іс қылсаңдар алынбайтын мұнай болмайды. Ең жаманы түсінбеушілік қой,—деп күлімсіреп шығарып салған.

Рақымжанды Сафи да жақсы таниды. Атына қанық. Міне, енді сол Рақымжанның алдында отыр. Ол да Сафиды біледі екен.

— Атыңды естіп жатырмын, жақсы келдің,—деп күлімсірей қарсы алды. Рақымжанның Сафидан бес жас үлкендігі бар. 1934 жылы Баку өнеркәсіп академиясын бітірген. Бұл да инженер. Баяғыда осы Сафилерден сәл бұрын Орынбордағы рабфакта оқыды. Сұңғақ бойлы, денелі жігіт еді. Сонда көркемөнерпаздар қойған ойында Арқалық батырды сахнаға шығарғаны бар. Сафидың ойында әсіресе сол бейне қалып қойыпты.

— Мен сізді Арқалық батыр кезіңізден білемін ғой,—деп Сафи рабфак кезін еске түсірді.

Осылай күлісіп алған екеуі одан әрі жұмыс барысын әңгіме етті.

— Ең жауапты учаскеге келіп тұрсың,—деді Рахымжан, жүзіндегі жылуды жиып қойып.—Нармонданақтың мақтайтын ештеңесі жоқ. Жағдайы нашар. Жағдай деген дұрыстап жұмыс істесек қана түзеледі. О жағын өзің білесің ғой.

Сонымен Сафи бұрыннан қалыптасып қалған, дегенмен әлі де жетілмеген, әлі де жоспар орындап көрмеген кәсіпшілікке аға инженер болып шыға келді. Қарамағында үш жүз адам бар. Ол оншақты бригадаға бөлінген екен. Сол оншақты бригаданың 6-7 еуі бұрғылау бригадасы. Қалғандары мұнара құрастырушылар. Көбісі арнайы білімі жоқ қазақ жігіттері. Оқығандардың өзі шала. Бұрғы жұмысын меңгерген мамандар көп емес. Жоспардың орындалмайтыны, міне, осыдан екенін салған жерден сезе қойған Сафи оларға арнап кешкі оқу ұйымдастыруды қолға алды. Кешкі оқуда бұрғышылар мен олардың көмекшілеріне бұрғылау технологиялары, құрастырушыларға мұнараларды қайткенде берік әрі тез құрастыру әдістері үйретіледі. Соның басы-қасында қашан көрсең Сафи жүреді. Кей топқа сабақты өзі жүргізеді. Айтатыны, талап ететіні —тәртіп. Содан ба, жұмысшылар жұмыстан қалмайтын болды. Жұмыстың дұрыс жүрмеуінің екінші бір себебі бар, ол - техникалардың тозығы жеткендігі. Оны бұрғылау цехының бастығы Комаров Павел Степанович Сафи келген күні-ақ жеткізген.

— Осында бір жаңа техника жоқ. Бәрі ескі. Жамап-жасқап келе жатқан жайымыз бар. Ескі болғаны сондай монтаждауға дейін жұмыс істеп тұрғандары монтаждан кейін селт етпей қалады. Керім болсаң, жүргізіп көр,—деп зарлай жөнелген.

Жоқ нәрсе мың жерден зарлағанмен бар болмайды ғой. Жоқты бар қылатын, барды нар қылатын тек білім мен ыждағатты еңбек қана. Техниканың кейбір бөлшектерін шеберханада жасауға талпынып та көрді. Жоғары орындарға қатынас қағаздар жазып, мәселені анық қоя білудің арқасында бірер жаңа станокқа да қол жетті. Бұрғылау жолға қойылып, оң нәтижелерге қол жете бастады. Жақсы басшыға жанында жүрген жақсы маман қанат бітіреді ғой. Сафи Нармонданақта бұрғылауға дайындық жұмысын ойдағыдай ұйымдастырып, бұрғылауды бастап берген соң Рақымжан оны Мақат кәсіпшілдігіне жіберді. Мұнда келген соң да бұрғылау жұмысын үйіріп ала жөнелген. Рақымжан сол себепті Сафиға іштей разы боп жүр. Бірақ, онысын көзінше айтып көрген емес. Кейбір жұмыстарды Сафидың білетінін сезіп тұрса да, әлде де көре берсін, әлде де үйрене түссін дей ме, білек сыбанып өзі кірісіп кетеді. Мысалы, бұрғылау жұмыстарының ішіндегі ең қиыны—бұрғы жүзі қажетті тереңдікке жеткеннен кейін су қабатын мұнай қабатына жіберіп қоймау үшін оған цемент құйылады. Бұл өте жауапты жұмыс. Азабы өз алдына. Өрт сөндіргенде де бұлай жанталаспайтын шығарсың. Бұлай жауапты болатыны, бұлай азапты әрі жанталасты болатыны тиісті техниканың жоқтығынан ғой. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Ұңғының тереңдігіне қарай кейде қырық-елу, ал енді кейде елу-алпыс тонна цемент ағаш шаңдарға салынып, су құйылып күрекпен араластырылады. Өрт сөндіргендей жанталас осыдан соң басталып кетеді. Ұңғы басындағы бұл қимыл ұясы бұзылған бал араларының мазасыздануына ұқсар еді. Өйткені суға араласқан цемент қырық-елу минутта қата бастайды. Сол себепті оны скважинаға дер кезінде құйып үлгеру керек. Бұл жұмысқа ұңғы басындағы барлық адам қатысады. Сұйық цемент забойға алпыс атмосфералық қысыммен айдалады. Оны қайтадан ствол бойымен жоғары көтеру өте дәлдікті қажет етеді. Цемент быламық жасау да оңай емес. Не қою, не сұйық боп кетпеуі керек. Сұйық болса ағып кетеді, қатты болса өтпей қалады. Қысқасы, өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Егер цемент дұрыс құйылмаса, оған дейінгі жұмыстың бәрі зая. Мұны Сафи теория жүзінде талай оқыған, іс жүзінде көзі көрген, қолы істеген. Сонда да болса дәл осы жұмысты Рақымжан директор өзі басқарады. Атыраудың ми қайнатар жазғы аптабы мен күзгі миы шыға езілген батпағына, қысқы аязына әй бір шыдаса Рақымжан ғана шыдайтын шығар. Қашан көрсең өндіріс орындарын жаяу аралап, жортып жүргені. Кабинетінде қағазға көміліп көп отыра алмайды. Өзі ұзын бойлы, денелі кісі. Жұмыс кезінде жүзінен ызғар есіп тұрады. Күн сайын цех бастықтарын, цех шеберлерін жинап алып, өндіріс барысын сөз етіп жатқаны. Өзі көріп кеткен кемшілікті жасырған адамға аяушылық жасаған емес, тура жұрт алдында сойып салады. He нәрсе болса да, кім де болса өтірік айта алмайтыны сондықтан. Одан сескеніп тұрады. Сафи да алғашында тіке кеп қалуға жүрексінетін. Сүйтсе, Рақымжан соншалық қатал адам емес екен. Тапсырған істі тиянақты орындап, ыждағатты жұмысымен көзге түскен адамды хан көтеретін мәрт кісі боп шықты.

Сағындықовтың үйінен шығысымен тұла бойы босап, соншалық қалжырап, шаршап кеткенін сезді.

Кәсіпшілік директоры іссапардан бүгін ғана оралған-тұғын.

Оралған бойда апат болды деген Мақаттағы нөмірі 315-інші ұңғыға жетіп келсе, мұнда түк болмағандай, бәрі бәз баяғыша. Жігіттер алаңсыз жұмыс істеп жатыр. «Ау, апат болды дегені қайсы? Кәсіпшілік директорымен бұлай ойнамауға тиіс еді ғой». Рақымжан мән-жайды Сафидан естіп қана көңілі жайланды. Иә, апат болыпты. Бірақ, кейде айлап жөндеуге тура келетін бұл апатты Сафи инженерлік мол білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында үш күнде қалпына келтірген. Апат болған әрбір күн қаржы шығыны деген сөз. Ал, қаржы шығынын азайту табыстың молаюы емес пе?

Сафи Рақымжанға апаттың болу себебін, оны қалай жойғанын айтып берді. ...Сол күні қас қылғандай Павел Иванович те жоқ еді. Жауапты жұмыста Сафидың жалғыз өзі қалды. Бұрғышылар да, мұнара құрастырушылар да бірдеңе бола қалса жас инженерге қарайды. Сафи да мұнайда қырық жыл жұмыс істеген адамдай-ақ, осы араның ой-шұқырын тегіс біліп алған. Астындағы торы атпен құйындатып шауып жүргені. Бұл кезде жас жігітті инженер ретінде бұрғышы-монтажшылар да, өндіріс шеберлері де тегіс мойындап болған. Оның біліміне де, ұйымдастыру қабілетіне де ешкім таласпайды. Дегенмен, екі бастығына бұл да арқа сүйейді. Рақымжанның жасы үлкен, тәжірибесі де мол. Ал, анау Комаровтың бұдан екі жас кішілігі болғанмен, екі-үш жыл инженерлік тәжірибесі бар. Грозный мұнай институтын 1933 жылы бітірген. Осы екі бастығы жоқ болғасын, Сафи кешелі бері қазыла бастаған 315-ұңғы маңынан шықпады. Осы ұңғыға жоғары жақ назар салып отыр. Осыны қалай да аман-сау 1200 метр тереңдікке жеткізу керек. Сафидің инженер ретіндегі болашағы да осы ұңғыға көп байланысты. Кешке дейін ұңғы қасынан айналсоқтап шықпай қойды. Осында келгелі, инженер атанғалы екі бастықтың екеуі де жоқ боп тұрғаны осы. Соны ойласа, көңілі құрығыр қобалжи бастайды. Ал, кейде бар жауапкершілік жалғыз өзінің иығына түсіп тұрғанын сезінсе болды, шиыршық атып шыға келеді. Сөйтіп жүріп түскі астың уақыты өтіп кетіпті. Бұрғы алты жүз метрден әріге мысық табандап сіңіп барады. Сафи күннің кешкіріп қалғанын сонда байқады. Қарны да шұрқырап қоя берді. Сосын анадайда жайылып жүрген торы атқа ырғып мініп, үйге қарай желдірте жөнелді. Торы ат күнделікті жүрер жолын жақсы біледі. Жылқы жарықтық арқасынан ер алынар мезгілдің де тақалғанына қуана ма, әйтеуір Сафи тізгін қақпаса да үйге қарай лыпып келеді. Бірақ, Сафи күндегідей торы аттың ерін алып, бос қоя берген жоқ. Есік алдына қаңтара салды. Ойы ас ішіп әлденіп алған соң бұрау жақты тағы бір тексеріп қайту. Соны ойлап үйге енгені сол екен, телефон зарлап қоя берді. Телефонды зарлатып жатқан 315-тің бригадирі екен.

— Тыныштық па?

— Қайдағы тыныштық? Құрыдық!

— Не боп қалды?

— Инструмент ұстап қалды.

— Не дейт?! «Бас-бош» жасап көрдіңіздер ме?

— Көрдік. Міз бақпайды. Амалымыз таусылып, иіріліп қалдық. Өзің келіп бірдеме қылмасаң.

— Ойбай-ау! Не деп тұрсыз? Барам ғой. Міне, шаптым.

Бұрғылау басындағы адамдар не істерін білмей, иіріліп тұр екен. Торы атпен дүрсілдетіп шауып келіп, дәл қастарына топ етіп секіріп түскен ол, сол бойда 670 метрге сіңіп кеткен құбырды қашауымен қоса суырып алардай, жетіп келді. Жас инженер не істер екен дегендей аналар да ентелей қалды. Оның алғаш байқағаны бұрғының 670 метрге жеткенде тұтылғаны болды. Мейлі, неше метрде тұтылса да бұрғышылар инструментті орнынан қозғалту үшін «бас-бош» әдісін қолданады. «Бас-бош»—әзірбайжандық бұрғышылардан қалған сөз. «Бас»—көтер, «бош»—түсір деген сөз. Демек, тұтылған инструментті көтеріп-түсіріп, ырғап-ырғап суырып алуды айтады. Бұл сөзді ол сонау 1925-28 жылдары ФЗУ-де оқып жүрген кезден бері біледі. Сол жылдары Бакуден келген бұрғышылар Григорий Сурков пен Фатих Салахетдиновтерден бұрғылаудың қыр-сырын үйренген. «Бас-бошты» алғаш солардың аузынан естіген болатын. Сол сөз бұрғышы әзірбайжандармен бірге келгенмен, жерге қысылып қалған бұрғыны бірде төмен басып, енді бірде жоғары көтеру арқылы босатып алу керегін қазақ білмей қалған жоқ қой. Қалай болса да, «бас-бош» сөзі қалмай келеді. Қалмайтыны инструмент жиі ұстап қалады. Жиі ұстап қалғасын мұнара басы «бас-бош, бас-бош» деген сөзге толып кетеді. Егер «бас-боштан» инструмент қозғалып кетсе онда апат деп дабыра жасаудың қажеті жоқ. Ойбайдың көкесі инструменттің «бас-бошқа» бағынбауында ғой. Сафи жетіп келген бойда, бас салып осы «бас-бошқа» кірісті. Мотордың тежегішін өз қолына алып, инструментті ақырын көтермек боп еді, жерге қазық боп қағылып қалған бұрғы міз бақпады. Оның ойынша, 670 метр деген онша көп тереңдік емес, салмақты сала түссең сопаң етіп шыға келуі тиіс. Өз ойына өзі сенгені сонша, салмақты жетпіс тоннаға жеткізгені сол екен, тас төбесінен әлдене шатыр-шұтыр ете қалды. Жүрегі су ете қалып, төбе құйқасы шымырлап ала жөнелді. Сонда да мұнараны тастай қашқан жоқ, дереу тежегішті басып, моторды сөндірді. Сонан кейін ғана мұнара астынан сытылып шықты. Сүйтсе, «жас инженер енді не істер екен» деп, ротор алаңына жинала қалған бұрғышылар бет-бетіне безіп кетіпті. Мұнара қисайып тұр. Шатыр-шұтыр ете қалған соның ағашы екен. Ет қызуымен қорқуды да білмепті ғой, мынаны көріп жүрегі тас төбесіне шықты. Баяғыда, ұмытпаса 1928 жыл болар, Доссорда Омар ағасы құлаған мұнара астында қалып, қолы мен иығын сындырып, алты айдай кәріп боп қап еді. Егер мына мұнара құлап түссе, Омар ағасы сияқты бұл да бір жерін майып қып алып, қозғалуға зар боп қалар еді. Бірақ, шүкір, әйтеуір одан аман. Бас жарылмай, қол сынбай аман қалған оның бірден ойына келгені басқа қауіп. Егер, бүкіл инструментті көтеріп тұрған мұнара жалп ете қалғанда бар ғой, еткен еңбек, төккен тер зая кеткендей екен. Қыруар шығын. Абыройсыздық. Әсіресе, көңілі алып-ұшқан жас инженерге қатты соққы болар еді.

Не істеу керек? Сафиді осы сұрақ дүр сілкіндірді.

Мұнараны қайта тұрғызу керек! Әрі тез тұрғызу керек! Әрине, мұнараны тез тұрғызу оңай жұмыс емес. Оның үстіне уақыт озған сайын жер қыртысына бойлап енген қашауды жібітіп алу қиындаған үстіне қиындай береді. Тіпті, мүлдем шықпай қоюы да әбден мүмкін. Баяғыда ондайды да көрген. Ұмытпаса, Доссорда болар, бұрғы мың метрге барғанда қысылды да қалды. Сонда ғой, бір «бас-бош» 50 түгілі, мың «бас-бош» қылса да тырп етпей тұрып алғаны. Ондайда не істейсің, жылап-еңіреп, шашыңды жұласың да қоясың. Қолыңда құдірет болмаған соң көнесің. Бұлар да көнген сонда. Жанына басқа бұрғы салды. Әлгі мың метр құбыр жер қойнауында қалды.

Нөмірі 315-ші ұңғы да сүйтпесе қайтсін.

Содан қарбалас басталды да кетті. Ұңғы басына жүз қаралы адам жиналды. Бұлар демалып жатқан монтажшылар мен басқа да жұмысшылар еді. Бригадирлер мен өндіріс шеберлерінде болса да ұйқы жоқ. Сафи жабдықтау бөлімінің бастығы Петр Пастуховқа не керектің бәрін тап деп нұсқау беріп қойды. Сондықтан болар, жұмысшылар түні бойы мұнара құрастыруға қажетті ағаштар мен құбырларды ұңғы басына тасумен болды. Бұлардың осы қимылын құмырсқаның тіршілігіне ұқсатуға болар еді. Бірі келіп жатыр, бірі кетіп жатыр. Сафида маза жоқ, жаңадан мұнара тұрғызуға не қажет екенін анықтап, жаны қалмай жүгіріп жүр. Жұмыс тоқтамасын деп ұңғының жан-жағынан қуатты прожектор жаққызып қойды. Ыстық тамақ ұйымдастырды. Әйтеуір, мұнараның тезірек қалпына келуі үшін, аянып қалатын ештеңесі жоқ. Соның арқасында мұнара басына жиналған жүз қаралы адамның бірде біреуі жұмыстан кетіп қалмады. Егер басқа жағдай болғанда мұнараны екі аптада тұрғызуға болар еді. Ал, осы жолы Сафидың басқаруымен екі тәулікте қалпына келді. Қазір ойлап отырса, жанкештілік көрсетіпті ғой. Өзі де, жұмысшылар да екі тәулік бойы бел шешпеді. Ұйқы көрмеді. Сол жүз адамның барлығы сонда ерлік көрсетті. Олардың барлығын түстеп қалай танысын. Бірақ, аты-жөндерін білетіндерден есте қалғаны—Өтеп Тоқсанбаев, Ақмырза Тоқмұрзаев, Блонкин, Сағын Қауышев, Сәрсен Егізғарин... тағы кім... айтпақшы, электрик Абдолла Бекқұлов бар екен ғой. Сонымен қисайған мұнара кеудесін көтеруін көтерді, бірақ барлық гәп инструменттің қозғалуында болып тұр ғой. Мұнара бітуге жақындағанда Сафи бір бригадирді жұмсап, он тонна мұнай алдырып қойып еді. Жұмысшылар енді соны забойға құя бастады. Бұл бұрғы қашауын қысып қалған жынысты жібіту үшін жасалып жатқан әрекет. Бұны инструментті шомылдыру тәсілі деп атайды. Ұңғы бойына мұнай толған соң оны он екі сағатқа дейін қозғамаған жөн. Сол он екі сағатта жер асты жынысы жібіп, бұрғыны қайта суырып алу оңай болмақ.

Жұртты үміт пен күдікке бөлеп он екі сағат та өтті.
Бисмилла рахмани рахим! Иә, іске сәт!

Ұңғы басына жиналған жұрт іштей Тәңіріден тілек тілесіп, ротор алаңына жиналды. Тежегіште тағы да Сафидің өзі. Моторды оталдырып, салмақты шым-шымдап арттыра бастады. Көңілінде күдік те, үміт те бар. Егер жыныс жібімесе ше... Инструментті қанша салмақ салып тартқанмен шықпай қойса ше... мұнара тағы да қисайып қалса ше... болат арқанның бекіткен жері үзіліп кетсе ше... Қойшы, әйтеуір күдік көп, үміт біреу-ақ. Ол үміт—инструменттің бір милиметр болса да қозғалуы. Әне қозғалды. Салмақ жетпіс тоннаға жетіп тұр екен. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Әлі де сенуге болмайды. Бір миллиметрден соң да сіресіп қалуы мүмкін. Жо-оқ, екі миллиметр... үш... төрт... Айнала үрке қарап тұрған жігіттер «уралап» қоя берді. Қуаныш қой. Сол сәт құбыр сопаң етіп шыға келді. Ендігісі қиын емес, бұрғышылар 670 метр құбырдың барлығын шығарып алып, ұшындағы балықтың құйрығына ұқсай қалған долотонды ауыстырды да кәдуілгі жұмысын қайта бастап кетті. ...Сафи апатты қалай жеңгенін әңгімелеп болған соң, Рақымжан иығынан ауыр жүк түскендей күлімсіреп қоя берді.

— Жарайсың, інім. Міне, сен нағыз инженер екеніңді көрсеттің. Әй, өзім де солай ойлап едім-ау. Ойымнан шықтың... Бірақ, дандайсып кетпе,—деп, сұқ саусағын безеп қойды.—Ойнап айтам. Жүр, қазір біздің үйге барайық. Жеңгеңнің қолынан дәм татпағаныңа біраз болды ғой...

Міне, енді сол үйден кешкі ас ішіп, Рақымжан екеуі «Рислинг» атты жеңіл шараптан бокал түйістіріп, пәтеріне қайтып келді. Неше күнгі шаршауды енді сезіп, көзіне ұйқы тығылды.

— Гурьевке барып қайт,—деді Рақымжан бір күні.—Сені Иосиф Иосифович Курус шақырып жатыр.

Иосиф Иосифович «Ембімұнай» тресінің бас инженері-тұғын. Сафидің жүрегі атша тулап сала берді. Не нәрседен де жақсылық күтетін жалындап тұрған кезі емес пе, бір жылға толмайтын еңбек жолында басшылықты жерге қаратқан жері жоқ. Әйтеуір, осы Мақаттың отымен кіріп, күлімен шықпады демесең, аянып қалмапты. Бұрғылау жұмысы алға басқан сияқты. Оны бұл бұрғышылардың әңгімесінен аңғарады. Ал, Сафи болса, осы жұмысының өзіне көңілі толмайды. Гурьевтегі трест кеңсесінде бас инженер Иосиф Иосифович Курус Сафиді жылы шыраймен қабылдады.

— Ембіде осы уақытқа дейін жоспарды орындаған бұрғылау конторы болмапты. Құттықтаймын, жылдық жоспарды он бір айда орындапсыз,—деп Сафидің қолын қысып қойды.

— Оның бәрі бұрғышылар мен монтажшылардың еңбегі ғой.

Сафи бас инженердің салған жерден мақтай жөнелгеніне ыңғайсызданып қалды.

— Жо-жоқ, олай демеңіз, біз де біліп отырмыз. Жұмыс өзіңіз келген соң жүре бастаған. Бұл арада сіздің үлесіңіз мол. Ал, бұрғышылардың еңбегіне сөз бар ма? Айтпақшы, 315-ші ұңғыда болған апат туралы да естігенмін. Бакуде бекер оқымапсың, жарайсың.

— Иосиф Иосифович, Баку демекші, Әзірбайжандағыдай техникаға қашан ие боламыз осы? Егер жақсы техника болғанда ғой, кәсіпшіліктің көпшілігі-ақ жоспарын қиналмай-ақ орындаған болар еді.

— Жә, Сафи Утебаевич, сіз жассыз ғой, сондықтан да сіздің бұл қызбалығыңызды кешіремін. Мұнай өндіруде «қиналмай-ақ» деген сөз болмайды. Жеті қат жердің астынан мұнай алу қандай техника болса да оңайға соқпайды. Әрі мықты техникасы бар жердің жоспары да мықты болады.

— Сол мықты техника мен мықты жоспарға қашан жетер екенбіз?

— Ондай да күн туар, бізге ең әуелі білікті де білімді маман керек. Мысалы, мына тұрған өзіңіз сияқты. Сонда Баку мұнайының дәрежесіне Ембі мұнайы да көтерілер еді.

Иосиф Иосифовичтің мына сөзі Сафидің ежелгі арманын есіне түсіріп жіберді. Енді бір сәт ол тәтті қиялға шомып, үнсіз отырып қалыпты.

— Трест басшылары ақылдаса отырып, сізге бір сый әзірлеп едік. Мінекейіңіз,—деп Сафидің қолына әлдебір қағаз ұсынды. Қараса, Туапседегі «Гульрипш» демалыс үйіне берілген жолдама екен.—Осыған барып демалып келіңіз.

Сафидің көз алдына күн демей, түн демей, еңбек етіп жүрген бұрғышылар мен мұнара құрастырушылар келе қалды. «Еңбек солардікі ғой,—деп ойлады Сафи,—менікі жәй ұйымдастыру, қалай жұмыс істеуді үйрету ғана. Ертең жұрт не дейді? Бәрі де—Омар, Қали, Қаби ағалары сияқты еңбеккерлер ғой. Олар демалыс дегенді біліп пе?»

— Жоқ, Иосиф Иосифович, мен бұл демалысқа бара алмаймын. Мен жаспын, жас адамға демалып жатқан ыңғайсыз ғой,—деді, жолдаманы қайтарып бермекші болып қолын созып. Бірақ, бас инженер ұсынған қағазды алған жоқ.

— Бұны сізге берілген аванс деп ұғыңыз.

— Тым болмаса Мақаттағы жігіттермен ақылдасып келуге мұрсат беріңізші, Иосиф Иосифович,—деп, сол жолы екі оттың арасында қалғандай күй өшіп еді.

Өндірістегі алғашқы бір жарым жылы да зу етіп өте шықты. Әрине, өте шықты деп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, ел іші үрейге толы. Халық ашаршылықтан енді ғана кеуде көтерген. Кәсіпшіліктегі жағдай да мәз емес, техника жоқтың қасы. Барлық қара жұмыс қолмен атқарылады. Қазылып жатқан немесе мұнай беріп тұрған ұңғыларда күнде бір кілтипан болып тұрады. Сол себепті инженер тыным таппай жүгіреді де жүреді. Торы төбел атпен жосылтып бара жатады. Таңның атуы—күннің батуы солай. Сынып жатқан қашаулар, тұтылып қалған инструменттер, қақалып-шашалған ұңғылар... Соның бәріне инженер жауапты. Сафи өндірістегі алғашқы бір жарым жылды осылай өткізді. Институт бітіріп келген алғашқы айлардай емес, қазір әбден ысылған. Теория мен тәжірибені ұштастырған кәсіби маман. Бірақ, онысын былайғы жұртқа көрсетіп, мақтанған да емес, міндет еткен де емес. Инженер солай болуға тиіс деп ойлайды. Бірақ, айналасындағы жұрт, әсіресе басшылық жақ оның басқан адымына сынай көз жүгіртіп отырыпты ғой. Алғаш рет кәсіпшілікке директор болу туралы ұсыныс айтылғанда бұл қапелімде не айтарын білмей қобалжып қалған-тұғын. Бұл 1937 жылдың қыркүйек айы еді. Бір күні Мақат кәсіпшілігіне Одақтық «Главнефтінің» бастығы—Баринов Михайл Васильевич келе қалды. Михаил Васильевич қызылшырайлы, тұлғалы кісі екен. Қырма сақал. Ұзынтұра бойына өсіңкі мұрты келісіп тұр. Сафи бұл кісінің аты-жөнін естігені болмаса, көрген адамы емес. Оның үстіне Мәскеудегі басшылықтан келген адамды алғаш қарсы алуы. «Главнефть» бастығы деген министрден кейінгі адам. Бұл кісі туралы естігені шамалы, бар білетіні елге белгілі мұнайшы. Советтік мұнай өнеркәсібін өркендетуге атсалысқан адам. Дәл осы кез «Ембімұнай» тресі бастығының орны бос тұрған-тұғын. Бұрынғы бастық Яков Васильевич Лаврентьевті біреулер ұсталып кетті деседі. Енді біреулер Ақтөбедегі мұнайлы өңір Темірге басшы боп кеткен дейді. Кім не десе де, Сафидің әңгіме тыңдауға уақыты жоқ, есіл-дерті мұнай боп жүрген кезі ғой. Лаврентьевтің кейінгі тағдыры не болғанын Сафи білмейді, бірақ Баринов қасындағы көзіне пенсне киген орта бойлы, шекесі торсықтай кісіні Лаврентьевтің орнына келген трест бастығы деп таныстырды. Аты-жөні—Гутин Семен Абилевич болып шықты. Ол бұған дейін Бакуде өндірістік кәсіпшілер одағын басқарыпты. Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтының 1935-жылғы түлегі екен. Михайл Васильевич пен Семен Абилевич келе сала кәсіпшіліктерді аралап көрді. Онда жұмыс істеп жатқан бұрғышылармен, монтажшылармен кездесті. Олардың жай-күйімен танысты. Сонан соң мұнайшыларды жинап, жиын өткізді. Әні, енді Баринов сол жиында сөйлеп отыр. Не айтатыны белгілі: «Мұнайды көбейтіңдер, жаңа аландар ашыңдар». Сафи да, жиылған жұрт та ә дегенде солай ойлап еді. Ал, Баринов әңгімесін басқаша өрбітіп әкетті.

— Баку ежелден-ақ мұнай беріп келе жатыр ғой,—деді ол. — Татарстан мен Башқұртстаннан да мұнай өндіру жолға қойыла бастады. Дегенмен, Ембі мұнайының, мына сіздер өндіріп отырған мұнайдың оларға қарағанда бір ерекшелігі бар. Ол алпыс градус аязға қатпайды. Сондай сапалы. Осы сапалы мұнайға еліміз мұқтаж болып отыр.

Баринов енді жұрт болжаған сөзін бастады:

— Сондықтан, мұнайшы жолдастар, мұнайды барынша көп өндіру керек. Жаңа аландарға бұрғы салып, жаңа кен көздерін көбірек ашу сіздердің абыройлы міндеттеріңіз.

Жиылған жұрт өздеріне қаратып айтылған сөзге қол шапалақтап жіберді.

— Қане, бұған не дейсіздер? Алып-қосар бар ма?—деді соғылған шапалақ сирексіп барып басылған кезде. Ортадан біреу қол көтерді.

— Маған бір-екі ауыз сөз берсеңіз.

Жұрт оған ошарыла қарасты. Жас инженер Сафи екен.

— Иә, айта беріңіз,—деді Семен Абилевич алғаш рет күлімсірей үн қатып.

Семен Абилевичпен жаңа кәсіпшілікті аралап жүріп танысып үлгеріп еді. Сонда оған ой-пікірінің біразын айтып үлгерген-тұғын. Сол ой-пікірлері трестің жаңа басшысына ұнап қалған ба, бұл қол көтергеннен-ақ күлімсіреп сала берді.

— Мұнайды көп өндіруге, жаңа жерлерді көбірек бұрғылауға біз де құштармыз, жолдас Михаил Васильевич,—деді Сафи оң жақ шекесіне қайырып тастаған шашын алақанымен басып қойып.—Сол үшін де аянбай тер төгіп жатырмыз. Бірақ, біздің алдымызда үлкен бөгет бар. Ол—жаңа бұрғылау станоктарының жоқтығы. Мақаттан 80 шақырым жердегі Нармонданақта да бұрғы салып жатырмыз. Ол араға да жаңа станоктар керек. Мүмкіндігінше, сондай станоктан қарасып тұрсаңыздар.

Баринов басын баппен изеп қойды.

— Әрине, мүмкіндік болғанша...

Жиналысқа қатысып отырған қарапайым мұнайшы қауым оның батыл ұсынысына сүйсіне қарасты. Өйткені, олардың да қышыған жері сол ғой. Бірақ, Сафи сол белсенділігіне қонақтармен бірге кеңсеге келген соң қатты өкінді. Бірі Мәскеуден келген, екіншісі «Эмбанефтіге» бастық боп тағайындалған адамның алдында өзін көрсетіп қалуға тырысқан секілді сезініп, қатты ыңғайсызданды. Өйткені, кеңсеге келе салысымен Семен Абилевич:

— Біз сізді осы Мақат кәсіпшілігіне директор қылып тағайындасақ деп отырмыз,—деген-тұғын.

Бұл Сафи күтпеген нәрсе еді. Сосын ол жаңағы топ жарып, сөз сөйлегеніне ұялып, қызарып сала берді. «Сонда Сағындықов қайда бармақ?» деп те ойлады. Tөp жақта отырған Рақымжанға жалт қарапты. Осыны сезе қойған Баринов:

— Рақымжан Сағындықовичты біз жұмыссыз қалдырғалы тұрған жоқпыз,—деді. — Ол Қосшағыл кәсіпшілігіне директор боп барады. Қосшағыл өнеркәсіптік кәсіпорнының пайдалануға берілгеніне тура бір жыл толып отыр (пайдалануға берілген уақыты 1935 жылғы қыркүйектің 23-і—Н.С.) Әрі оның биылғы міндеттемесі де оңай болмайтын түрі бар. Қосшағыл биыл 200 мың тоннадай мұнай өндіруі керек. Міне, осындай жаңа кәсіпорынға Рақымжан Сағындықович сияқты тәжірибелі маман керек. Ал, Мақат 1915 жылы мұнай бере бастаған, біршама қалыптасып қалған кәсіпшілік. Сен оны басқара аласың. Тәжірибе жинақтай бер, сонан соң сені де жаңа алаңдарға жібереміз,—деп ол сөзін аяқтады.

Басшылық сенім білдіріп жатса, соның өзі зор қуаныш емес пе? Басшылық болғанда, ол өзі күнде көріп жүрген кәсіпшілік директоры емес, сонау Мәскеуден кеп отырған, «Главнефтінің» бастығы Баринов Михаил Васильевич пен «Ембімұнай» тресінің басқарма бастығы Семен Абилович Гутин болса. Сафи «Мақат кәсіпшілігіне директор боласың» дегенде кәдімгідей қобалжып қалып еді, үйге келген сон тереңірек ойлап қараса, бұл жоғары жақтың өзіне көрсетіп отырған сенімі екен. Ал, сенім деген де бір бақыт құс, ол кез келгеннің басына оңайлықпен қона салмайды. Осыны ойлағаны сол екен, бағанағы қобалжуы ғайып болып, жадырап сала берді. Осы қуанышын жеткізу үшін Орынбор пединститутында оқып жүрген Шәрипаға хат жаза бастады. «Жаным, Шәрипа...»

Шәрипа әуелі Орал пединститутында оқыды. Ол сол институтқа 1934 жылы түскен еді. Бірақ, сол жылы тропикалық безгек ауруына шалдығып, Орынбор пединститутына ауысады. Оған Шәрипаны қараған профессор-дәрігердің «климат ауыстыр, безгектің одан басқа емі жоқ» деген сөзі себеп болыпты. Қазір тәуір, Орынборда, соңғы курста оқып жатыр. Бұған жиі хат жазып тұрады. Сафи Шәрипа жазған хаттарды ықтияттап жинап қоюдан еш жалыққан емес. Айтпақшы, осы жазда Сафи кезекті еңбек демалысында Шәрипаны іздеп Орынборға барып еді-ау. Шілде айы болатын. Бұл барғанда Шәрипа үшінші курсты бітіріп, ауылға жүрмекші боп тұр екен. Екеуі қол ұстасып, Шәрипаның тумалары тұратын Қарабалық колхозына барды. Қарабалық Қостанайға қарайтын колхоз, Тройцкіге онша қашық емес. Шәрипа бұған Тоқсанбай деген кісінің үйіне түсетінін айтып, тәптіштеп түсіндіріп келеді. Тоқсанбай Жүзбайдың ағасы. Мағрипа деген әйелі бар. Ол Шәрипаға жеңге. Тоқсанбайдың өзі о дүниелік болған. Талқанбай, Әбдірахман, Қабдолла атты балалары өсіп келеді. Сөйтіп, бұлар ауыл шетіне де ілікті. Үй маңында қолымен көзін көлегейлеп, сүйекті бір кемпір тұр екен. Ол жақын кеп қалған бұларды көріп қап:

— Көтек, Шәрипажан қасына қыз ертіп келеді деп еді, мынаусы жігіт қой,—деп бұрылды да кете барды. Болашақ қайын жұртым қалай қарсы алар екен деп келе жатқан бұл ыңғайсызданып, беті ду ете қалды. Есесіне Шәрипаның басқа тумалары бұны жатырқаған жоқ, жылы қарсы алды. Қалғандарының емен-жарқын амандасқанын арқаланды ма, Сафи әлгі кейуананың кім екенін сұрады.

— Ол осы әулеттің биі, үлкен шешеміз еді,—деді Шәрипа.

— Онда сол әжемізге алдымен сәлем берейік.

Сафидің мұнысы ақыл болыпты, кейуана тұратын үйге сәлем беріп кіріп барғанда, кимешек киген әлгі кемпір бұларды күтіп отыр екен.

— Иә, қай баласың, шырағым?—деді бұлардың сәлемін алып, төрге оздырған соң.

Сафи қысылса да бар жайды жайып салды. Шәрипамен Орынборда танысқанын, жоғарғы білім алған соң отау құрмақ боп уәделескенін айтты.

— Мен де өзіңіздей әженің кенжесімін. Сізге сәлем беріп, ризашылығыңызды алғалы келдім,—деді.

— И-й, қарағым-ай, көргенді бала болса, өзі келер, Сөйтіп сәлем берер деп күтіп отыр едім. Көргенді жерден шыққан бала екенсің. Келдің, сәлем бердің. Ризамын, айналайын. Осы күнгі балалар өз еркім өзімде дейтін боп бара жатыр ғой. Сен соларға ұқсамай, үлкеннен бата алғың келген екен. Бердім батамды. Ылайым тату-тәтті өмір сүріңдер, Әумин!—деп ажарлы қара кемпір бетін сипап еді сонда...

Сафи алдындағы ақ қағазға жазып жатқан хатты ортадан асырып тастаған соң, өзі алмақ болған қызға құда түсіп барғанын ойлап, еріксіз жымиып қойды.

Сафидың ойлайтыны, мұнайды қайткенде де көп өндіру. Мұнай көптеп өндірілсе, қазаққа жұмыс табылады. Жұмыс істеген қазақтың қарны аш болмайды. Өндіріс қазақтың көзін ашпақ. Сафи мұнай өндірісінің пайдасын міне, осылай саралайды. Мұнайдың одан да басқа пайдасы көп қой. Жаңа алаңдарға бұрғы тиіп, жаңа кәсіпшіліктер ашылса, ен далаға жан бітер еді. Қазақтың өрісі кеңір еді. Сафи осылай пайымдайды. Соған өзі мұрындық болғысы келеді. Михаил Васильевич Баринов пен Семен Абилевич Гутин бұған директорлықты ұсынғанда көп бұлтақтамай көне қойғаны да сондықтан. Әйтпесе, «өндірістегі тәжірибем әлі де аз еді» деп іштей толқыды ғой. Жалпы, Сафи асқақ мұраттарды армандап ержетті. Мұнайшы болсам деді, мұнайшы болғанда жер астынан мұнай алу мәдениетін арттыруды арман етті. Дегенмен, неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір іштей тартыншақтай бере ме қалай, жүрексіне бере ме, қалай. Неге олай екен? Әлде кедей шаруа отбасынан шыққандікі ме? Не болса о болсын, әйтеуір бұл жолы оны асқақ арманы әдеттегідей тартыншақтауға мұрша бермеп еді. Енді ол Мақатқа басқа көзқараспен, директордың көзімен қарап келеді. Кәсіпшілік Гурьевтің солтүстік шығысында, 130 шақырым шалғайда жатыр. Батыс жағында 35 шақырым жерде Доссор кеніші мұнай беріп тұр. Сафи өндірісте жұмыс істеп жүрген екі жылдай уақытта тек өндіріс туралы, қайткенде мол мұнай өндіруге болатыны туралы ойлай беріпті. Енді қараса, мұнай тарихының бастауында тұратын алаңдардың бірі осы—Мақат екен. Арғы тарихты қазбаламай-ақ, беріден алып қарағанда, зерттеушілер Мақат мұнайы туралы дерек 1852 жылы Н. А. Северцев деген біреудің жазған жазбасында бар екен деседі. Ал, 1892 жылы геология комитетінің мүшесі С.Н.Никитин бастаған экспедиция шыққан. 1907 жылы Мақатқа алғаш рет топографтар келіпті. Барлау жұмыстары 1911-1913 жылдары жүрген көрінеді. Алғаш рет 1915 жылы мұнай алынған. Осы ұңғыны «Ембі» қоғамының Ф.Данилов бастаған бұрғышылары қазған көрінеді. Мейлі, жұрт не десе о десін, Сафи осы өлкенің мұнайын алғаш рет сырттан келген кезбелер ашты дегенге, оған дейін қазақтар түк білмепті дегенге сенгісі келмейді. Оларды бұл өлкеге сүйреген кім сонда? Оларды бұл өлкеге сүйреген әңгіме ғой. Қазақтардың мұнай туралы әңгімесі. Оларға мұнай шығып жатқан жерді көрсеткен де өз ата-бабаларымыз. Мысалы, Меңдібай Қожамбетов, Басарбай Сексенбаев, Игілік Байдалиев деген үш қазақ 1898 жылғы экспедицияға жол көрсетуші боп жұмысқа тұрыпты. Экспедиция оларға әрбір тапқан мұнай көзі үшін 5 сом сыйлық беріпті. 5 сом ол кезде бір тоқтының құны. Игілік бабамыз төрт мұнай көзін көрсетіп 20 сом алыпты. Сафи осы әңгімені қай шалдан естіді екен. Ол тағы есінде жоқ. Қалай болғанда да Ембінің мұнайын тапқан жергілікті қазақтар деп ұғады. Мақат мұнайын кең түрде зерттеу мен өндіруді қолға алған кез Қазан төңкерісінен кейін ғана ғой. Әйтпесе, 1911 жылдан төңкеріске дейін Доссор мен Мақаттан бар болғаны 1208,8 мың тонна мұнай алыныпты.

Сөйте тұра Сафи бұл алаңның болашағына зор сеніммен қарайды. Ана бір жылдары СССР-дің мұнай комитетін басқарған Иван Михайлович Губкин Орал-Ембі өңірінің мұнайға қатысты мәселелерін СССР Ғылым академиясының алдына мәселе етіп қойған болатын. Ал, Ғылым академиясы 1935 жылы Гурьевте осы тақырыпты қозғаған ғылыми сессия өткізді. Сонда академик Иван Михайловичтің өзі сөз сөйлеп, Каспийдің шығыс жағалауында бір мың бес жүзден аса тұзды күмбез бар екенін айтқан болатын.

— Егер соның бестен бірінен ғана мұнай табылса, онда осы өңірден жылына 25 миллион тонна мұнай алуға болады,—деп еді.

Алайда, Сафи өз туған жерінен мол мұнай шығатынына академиктің дәлелдеуінсіз-ақ сенеді.

Кәсіпшілікке директор болу инженерліктен әлдеқайда жауапты жұмыс қой. Бұған дейін ол тек қана бұрғылаудан көз айырмайтын. Енді, директор болғалы әрбір бұрғышының, әрбір мұнарашының хал-жағдайын көзінен оқып тұратын болды. Осы жылдың соңғы үш айында сейсмикалық барлаулар ерекше қарқынмен жүрді. Осыған сәйкес бұрғылау жұмыстары да, өнім өндіру де сол жылы бір қалыптылығынан айныған жоқ. Алғаш рет жоспар орындалды. Сафи Мақат мұнайын көбейтудің келер жылғы жоспарын ойластырып жүрген-тұғын. Алайда, желтоқсанның басында Гурьевтен трест бастығы Семен Абиловичтен шақыру келе қалды. Трест бастығы шақырған соң жан қала ма, Сафи Гурьевке сол күні-ақ жүріп кетті.

— Иосиф Иосифович туралы естідіңіз бе?—деп сұрау сала қарсы алды Семен Абилович.

— Естідім, Семен Абилович,—деді Сафи абдырап. «Трест бастығы салған жерден бас инженер туралы неге сұрады?» деп, тұла бойын үрей билеп ала жөнелді. Өйткені, Иосиф Иосифович халық жауы деген айыппен ұсталғалы көп уақыт өткен жоқ еді.

— Естісең, қазір со кісінің орны бос. Соған өзіңді қолай көріп тұрмын.

Жас инженер салған жерден не дерін білмеді. Мақатқа директор боп барғаны кеше ғана. Тындырып тастағаны шамалы. Рас, жоспарды орындады. Бірақ, жоспарды орындаумен іс біте ме? Бұның өз жоспары, өз ойлағаны бар. Мемлекеттік жоспардың орындалғаны, өз ойының орындалғаны емес қой. Сафи Мақат мұнайын өндірудің түбегейлі жоспарын жасап жүр еді... Енді сонысы іске аспай қалатын түрі бар. Сафи шынын айтар болса, қызметте өсу туралы ойламаушы еді. Оны әзірге ерте санайтын. Мақатқа директор етіп қойғанда да соны ойлаған. Енді міне, бас инженерлікті ұсынып тұр.

— Семен Абилевич...

Семен Абилевич сұйық мұртын сипап қойып, күлімсірей қарады.

— Семен Абилевич, Мақатта жасаймын деген жоспарым бар еді. Соны орындауға үлгермей жатып...

— Сонда сен бас инженерліктен бас тартпақсың ба?

— Бас инженерлік жауапты жұмыс қой. Шынын айтсам, қолымнан келмей қала ма деп жүрексініп тұрмын.

— Жүрексінбе. Сен тресте жалғыз емессің. Қасыңда тәжірибелі мамандар бар. Білмегеніңді үйретеді. Қазір тіпті сенің келіскен-келіспегеніңді талқылап жататын уақыт емес. Оның үстіне коммуниссің. Солай емес пе?

— Солай ғой.

— Солай болса, ертеңнен бастап жаңа жұмысыңа кірісе бер.

Ертеңіне оны бас инженер етіп окружкомның бюросы бекітті де жіберді. Окружком хатшысы Құлжан Өтеғалиев:

— Үкімет пен партия саған сеніп отыр. Сол сенімді ақтайды деп ойлаймын,—деді.

— Жұмыста батыл бол,—деді бюродан шыққан соң Семен Абилевич.—Адам батыл болса ғана іс тындыра алады.

Сафи не десін, бар болғаны бастығына күлімсірей қарады. Ризашылығын сол көзқарасымен-ақ білдіріп тұр еді.

Иллюминатордан сыртқа көз тастап еді, төменде қашып қалып жатқан ақша бұлттарды көрді. Мезгіл шаңқай түс. Әппақ бұлттар күн көзіне шағылысып, көзді қариды. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Өткен өміріне еріксіз сүңгіген қарт Сафи жауапкершілік пен зор міндеттер жүктеген сол уақытты ойлап, көңілі толқып кетті. Иә, сол жолы бұл бар болғаны жиырма сегіз жаста еді-ау. Жігерлі кезі. Қайда жұмсаса да көзді жұмып қойып кететін. Қайран жастық шақ-ай, лезде зымырап өтіпсің де кетіпсің-ау. Бүгін ойлап қараса, сол шақтың қиын күндерін де сағынады. Иә, сонымен не болып еді. Бас инженер қызметіне тұрысымен-ақ Ембі мұнайы туралы зерттеулерді жата жабысып оқуға кірісті. Сонда не білді? Сол білгені бұған өмірлік азық болған еді той. Ол туралы әне бір жылы жарық көрген кітабында толық жазды да. Сол жазбалары әлі күнге дейін көз алдында, көкірегінде сайрап тұр. ...«Қазақстанның мұнай-газ байлығын зерттеу негізінен тек Батыс Қазақстанның территориясында ғана жүргізілген. Батыс Қазақстан деп аталғанмен оның өзі үлкен екі аймаққа бөлінеді. Бірі — қазіргі біздің «Ембімұнай» тресіне тікелей қарайтын Гурьев, Ақтөбе облыстарының территориясы да, екіншісі — Маңғыстау. Жер бетіне шығып жатқан газ бен мұнай белгілері Батыс Қазақстанда ежелден белгілі болған. Бірақ, мұнай мен газды іздеу, геологиялық барлау жұмыстары тек бертінде ғана, атап айтқанда, өткен ғасырдың (XІX ғасырдың—Н.С.) екінші жартысынан басталған. Осы маңның мұнайы, газы жөнінде бірінші ақпарды 1860 жылы географ Н. А. Северцев өзінің География қоғамында жасаған баяндамасында тұңғыш жариялаған. Сол баяндамада «...мұнай судың бетіне қалқып шығып жатады» деп көрсетілген. Осындай азды-көпті материалдарға сүйенген Геологиялық комитет тау-кен инженері Д.В.Кирпичниковты 1874 жылы Қарашүңгіл, Иманқара және Доссорды зерттеуге жіберіп, қаражат бөледі. Кейін ол өзімізге белгілі Доссор жөнінде, «бұл жерде мұнайдың мол қоры бар екені анық, бірақ бұл байлықты игеру өте қиын, себебі ол жерде тұщы су да, қатынас жол да жоқ» деп жазады. Осыдан жиырма жыл өткеннен кейін, 1892 жылы Рязань-Урал темір жол қоғамы Геологиялық комитетпен біріге отырып, болашақта жол салынатын трассаның бойынан бірнеше тайыз ұңғылар қазып, барлау жұмысын жүргізуге кіріседі. Сол барлаудың нәтижесінде Доссорда, Ескенеде, Қарашүңгілде мұнай қорының барлығы ғылыми анықталады. Ембі өңірінің мұнай байлығы, осы зерттеу жұмыстарынан кейін, оңай олжа іздеген алпауыттардың назарын өздеріне аудара бастайды да, көп кешікпей Қарашүңгіл алаңына бұрғы салынады. 1899 жылы Қарашүңгілден атқан мұнай фонтаны тек патша үкіметінің ғана емес, шет ел капиталистерінің де көз алдына сарқырап ағып жатқан сұйық қара алтынды елестетіп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырады. Патша өкімет орындарына Ембі ауданын арендаға беруді сұраған хаттар үсті-үстіне түсіп жатады, патшалы Россия зерттеу жұмыстарын бұрынғыдан гөрі жақсартуға мәжбүр болады. Ал, Қазақстан территориясындағы мұнайлы, газды деп жобаланған екінші аймақ—Маңғыстауда мұнай мен газ қорының барлығын 1893-1902 жылдардың аралығында жүргізілген зерттеулер анықтайды. Бұл зерттеулер негізінен мұнай көзін ашу, не табу үшін жасалмаған-ды. Қаратау жоталарында топографиялық жұмыстар жүргізген Насибьянц өз еңбектерінде сол маңда мұнай қорының бар екенін атап өтеді. Ол өзінің қолжазбасында Қарасаз-Таспас құдықтары маңында, Түбежік ауданында жер бетіне шығып, қатып жатқан мұнай кесектерін өз көзімен көргенін жазады. 1911 жылдың 29 апрелі Ембі мұнайының ашылған күні болып есептеледі. Сол күні Доссор алаңындағы №3 ұңғыдан газ бен мұнайдың күшті бұрқағы атқылаған-тұғын. Осыдан төрт жыл өткеннен кейін Доссордың шығысында отыз шақырымдай жердегі Мақатта да мұнайдың мол қоры бар екені анықталады. Оның екеуі де Октябрь революциясына дейін дүниеге келген кәсіпшіліктер болатын. Мұнайдың мол қоры бар екені бүкіл әлемге белгілі болғанымен, мұнай өндіру өте баяу дамып, мешеуліктен құтыла алмаған. Октябрь революциясына дейін Ембі аймағында зерттеу жұмыстары тек жиырма алаңда ғана жүргізілген, жалпы бұрғыланған тереңдік 38 мың метр ғана. Сонымен қатар, 166 тайыз барлау ұңғылары қазылған, ал ашылған мұнай көздері тек екеу ғана—Доссор мен Мақат. 1911 жылдан 1917 жылға дейін өндірілген мұнай 1208,8 мың тонна болды. Ол кезде мұнай өндіруде тиісті техникалық, технологиялық режим деген атымен сақталмады. Соның кесірінен қабат қысымы ерте азайып, мұнай көздері тез тартылды, скважиналар мерзімінен бұрын істен шықты. Бұл кемшіліктердің бәрі мұнай өндірудегі капиталистік системаға тән қасиеттер еді. Олар табиғаттың байлығын жыртқыштықпен пайдаланып, талан-таражға салды. Мұнайшылардың тұрмыс жағдайлары өте ауыр болды. Жұмысшыларды аяусыз қанап, шетелдік концессионерлер мен патшалық Россияның билеп-төстеушілері оңай олжаға, шексіз байлыққа белшесінен батты. Әсіресе, жергілікті қазақ жұмысшылары адам төзгісіз жағдайда өмір сүрді, олар ауыр жұмыстарды атқарып жүрсе де, ақыны басқа жұмысшылардан әлдеқайда кем алды, жертөлелерде тұрып, аш-жалаңаш, қайыршылық тұрмысты басынан кешірді. Ұлы Октябрь революциясы республиканың халық шаруашылығының қауырт өркендеп, тез өсуіне, оның ішінде мұнай өнеркәсібінің жедел дамуына бұрын-соңды болып көрмеген жағдай туғызды. Ембі мұнайының игерілуі, кең көлемде барланып зерттелуі, құлашын кеңге сермеуі Владимир Ильич Лениннің есімімен тығыз байланысты. Совет өкіметі өндірісті өз қолына алған шақта Қазақстанда мұнай тек Доссор кәсіпшілігінде ғана өндірілетін. Оның іргесіндегі, қол созым жердегі Мақат кәсіпшілігі 1915 жылы ашылса да, пайдалануға әзір болмағандықтан, мұнайды тіпті аз, жартымсыз мөлшерде ғана беретін, оның мұнайының өндірістік мәні де, маңызы да жоқ еді. Владимир Ильич Ленин Орал-Ембі мұнай байлығын тез игеріп, барлау, зерттеу жұмыстарын тез қарқынмен кең түрде жүргізуді бірден қолға алды. Жас Совет республикасы азамат соғысы жылдарында отынға, жанар-жағар майға өте зәру болды. Донецк көмір бассейні мен Кавказ мұнайлы аудандарының ақтардың қолында қалуымен байланысты елді мұнаймен қамтамасыз ететін тек Доссор кәсіпшілігі ғана еді. Ембі мұнайы интервенцияға қарсы күресте үлкен роль атқарды. Осы жағдайды көрегендікпен жақсы түсінген Ленин 1919 жылдың апрелінде Он бірінші Армияның Реввоенсоветінің председателі К.М.Механошин жолдасқа жолдаған телеграммасында жағдайдың қиын екенін ашық көрсетті. Халық Комиссарлары Совет! 1920 жылы 13 январьда Владимир Ильич қол қойған қаулыны басшылыққа ала отырып, Ембі кәсіпшіліктерінен шығатын мұнайды көлікпен Орал қаласына тасып, Россияның орталық қалаларына жеткізу жолында көптеген шаралар белгіледі және жүзеге асырды. Ал, 1920 жылдың 28 январында В.И.Ленин Түркістан және Кавказ майдандарының Реввоенсоветтеріне арнайы телеграммалар беріп, Ембі мұнайын Орал қаласына жеткізу үшін төрт мың солдат пен екі мың бес жүз көлік бөлуді міндеттеген. Сонымен қатар, сол жылы Ембі кәсіпшіліктерінен су жолымен еліміздің орталық аудандарына 1,5 миллион пұт мұнай жеткізілді. 1920 жылдың мартында өткен су транспорты қызметкерлерінің Бүкіл ресейлік ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде көсеміміз отын, жанар-жағар майға тірелген мәселенің бір десте жеңілдегенін атап көрсетеді. «Бізде мұнай мәселесі әлдеқайда көп жақсарды... Ембі өнеркәсібі біздің қолымызда» деді В.И.Ленин. Владимир Ильич Лениннің тікелей қолдауымен Александров-Гайдан Ембі кәсіпшіліктеріне дейін кең табанды темір жол құрылысын жүргізу сол жылдары қолға алынды. Осы тұста Владимир Ильич Ембі кәсіпшіліктерінен алынатын мұнайды Волга су жолына жеткізетін құбыр тарту мәселесінде күн тәртібіне қойып, оған көп көңіл бөлді. Сонымен қатар, Ембі мұнайлы аудандарының жағдайын жақсартып, өндірістерді одан әрі өркендету жөнінде бірнеше документтерге қол қойды. 1920 жылы Москвада құрылған Мұнай басқармасы, 1924 жылы Гурьевте ұйымдасқан «Ембімұнай» тресі Ембі мұнай өндірістерін тез қарқынмен дамытып, мұнай өнімдерін арттыруда орасан зор ықпал жасады. Трест құрылғанына бір жыл өткеннен кейін Ембі кәсіпшіліктерінде шығарылатын мұнайдың мөлшері 250 мың тоннаға жетті, бұл 1913 жылы өндірілген мұнайдан екі жарым есе артық еді. Гурьевте трестің құрылуына байланысты жаңа алаңдарды зерттеуге үлкен көңіл бөлініп, мұнай шығады деп үміттенген бірнеше нүктеден ұңғылар қазыла бастады. Сонымен қатар жол, өндіріс объектілерін салу, басқа да құрылыс жұмыстары тез қарқынмен алға басты. Мақат кәсіпшілігі қысқа мерзімнің ішінде іске қосылып, өндірістік мұнай бере бастады. 1927 жылы Гурьев-Доссор аралығына тар табанды темір жол төселіп, өлке орталығы өндіріс орталығымен тікелей жалғастырылды. 1930 жылы партияның Орталық Комитеті Бүкілодақтық Халық шаруашылығы советінің алдына Ембі мұнайлы аудандарында геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі кеңейтуді кезек күттірмейтін мәселе ретінде алға қойды. Мұнай өнеркәсібін өркендетуге қаражат мол бөлініп, барлау, бұрғылау жұмыстарын жақсартудың, ұлғайтудың нәтижесінде мұнай өндіру жыл сайын арта бастады. Әрбір жылда жаңа кен орындары ашылып, кәсіпшіліктердің саны көбейді. 1931 жылы Байшонас, 1934 жылы Ескене, 1935 жылы Қосшағыл кәсіпшіліктері пайдалануға берілді. 1937 жылы Ембі өңірінен өндірілген мұнай 500 мың тоннаға жетіп, 1925 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Ембі мұнайының молаюына, өндірістің өркендеуіне «Ембі-мұнай» тресінің сол жылдардағы басшылары Яков Васильевич Лаврентьев, бас инженері Иосиф Иосифович Курус, бас геологі Николай Васильевич Неволин ұланғайыр еңбек сіңірді. Солармен қатар, Ембі мұнай өндірісінің қалыптасып, өркендеу тарихында бар қабілетін, күш-жігерін аямай сарп еткен, өндірістің

даму белестерінде өшпестей із қалдырған ардагер қарттарымыз—аға буын жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлерін атап өтпеуге болмайды. Олар—операторлар Өтесін Жайлыбаев, Бораш Жұбатқанов, Қайырғали Жылқышиев, Ботабаев, балғашылар Ермек Дүтбаев, Бимырза Төралиев, слесарь Василий Урясов, қаңылтыршылар Әбілхайыр Айтуаров, Тәжіғали Мендешов, машинистер Андрей Бородин, Баймолда Шырдабаев, Құбаш Мендешев, Николай Быстрицкий, прорабтар Иван Качалин, Болонкин, мастерлер Қалифа, Қансұлтан Ауқатовтар, Ермеш Аманбердиев, Қараменді Мұстафетдинов, Аққали Ауысниязов, Рамазан Есқараев, Сабырғали Зорбаев, оператор Балғаным Досбаева және басқалар». Сафи өзі жазған кітаптағы осы жазбаларын ойша оқып шықты да, ауыр күрсінді. «Бұл тарих қой» деді сосын ішінен. Сол тарихты жасағандардың жуан ортасында өзі де тұр емес пе? Демек, бұның өмірі мағыналы дa, мазмұнды. Ал, күрсінген себебі, жаңа ғана еске алған мұнайшылар бұл күнде тегіс ана дүниеде. «Топырақтарың торқа, иманың жолдас болсын, жарықтықтар» деп, бет сипады... Aл, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға аспанда қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді...

Қашанда жаңашылдықты қолдайтын Сафи бас инженерлікке тағайындалғалы бері түйген ойларын трест бастығы Семен Абилевичке жеткізуге бекінді. Ол осы ойын айтар-айтпасын білмей, он ойланып, жүз толғанып еді. Жоқ, Семен Абилович Гутиннің алдына бара алмай отырған жоқ қой. Жұмыс барысымен күнде жүздесіп жүр. Сондайда бір ретін тауып айтып салар еді ғой. Бірақ... Ел ішін бір үрей буып тұр. Әр сөзіңнен ұлтшылдық пен жікшілдік іздеп, басқан ізіңді аңдыған біреулер. Осы жақында ғана (1937 жылғы қазанның 27-сінде) Беркінғали Атшыбаевты ұстап әкетті. Рас, қазір бұрғылау да, мұнай өндіру де, жаңа алаңдарды ашу да қарқын алып келеді. Айналмалы (вращательный) бұрғылаудың дамуына байланысты ұңғы тереңдігі де арта бастады. Мысалы, 1929 жылы орташа тереңдік 196,7 метр болса, 1932 жылы бұл 637,7 метр болды. Қазір одан да тереңге, мың метрден әріге бұрғы салып жатыр. Тереңдік артқанына қарамастан бұрғылау жұмыстарының көлемі ұлғайып келеді. Екінші бесжылдықта (1933-37 жылдар) ол 39%-ға артты. Оның ішінде пайдалануға берілгені 48,6%, ал барлау үшін бұрғыланғаны 31,8%. Соның арқасында Байшонас, Ескене, Қосшағыл сияқты жаңа кәсіпшіліктер іске қосылды. Осы уақыт ішінде Орал-Ембі өңірінде жаңадан қырық мұнай көзі табылды. Мұнай өндіру бірінші бесжылдыққа қарағанда төрт есеге, бұрғылау көлемі бес есеге артты. Осыған байланысты мұнайда жұмыс істеуге қазақтар көбірек келе бастады. Мысалы, 1933 жылы барлық жұмысшылардың 58%- ы қазақ болса, 1934 жылы 67%-дан 82%-ға жеткен. 1928 жылы Ембі мұнайында техникалық сауаты бар он бір қазақ жұмыс істесе, 1937 жылы олардың саны 257-ге жетті. Міне, Сафиді толғандыратын әсіресе осы қазақ жұмысшыларының жайы. Қай кәсіпшілікке барсаң да олардың тым жұпыны тірлік кешіп жатқанын көресің. Тіпті, баяғы Доссорға барып жұмыс істеген ағалары сияқты алыс ауылдардан келген қазақтарда үй де жоқ. Олардың көбі жертөле қазып алған. Жұмыстан қалжырап келгенде адам сияқты демала да алмайды. Қазақ жиналған жерде 72 баланың басы құралады, оларға балабақша, мектеп, аурухана үйлері салынуы қажет. Басқаның бәрін былай қойғанда, жұмысшыларға ауыз су тауып беру қиындық тудырды. Әсіресе, Қосшағыл кәсіпшілігіндегі жұмысшылар отбасына обал-ақ. Қосшағыл мұнайы Мақатқа құбыр арқылы айдалады. Мұнайдан бос кезде сол құбыр арқылы Мақаттан мұнда тұщы су жіберіледі. Қолдың қысқалығы ғой, басшылар одан өзге амал таппай қойған. Мақаттан Қосшағылға қарай су айдамас бұрын құбыр сумен қанша жерден шайылса да, бәрібір ол судан мұнайдың иісі мүңкіп тұрады. Тіпті, судың бетінде жылт-жылт етіп жайылып жүреді. Сол суды жұмысшылар ішіп отыр. Ал, жұмысшының дені қазақ. Трест басшыларына көзі түссе болды, олар осы арызын жамырап айта бастайды. Бірақ, амал не, бұл жұмыс трестің қолынан келмейді. Қосшағыл болса Гурьевтен екі жүз шақырым қашықта жатыр. Мақатпен екі ара да сол шамалас. Бұл тек Қосшағыл ғана тартып отырған тақсірет емес, барлық кәсіпшіліктің жұмысшылары көріп отырған кеп. Жаңа мұнай өндірістерін игеріп, жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдыру үшін, міне, осыны орындаумен қатар көптеген өндірістік базалар, электр стансалары, шеберханалар, мұнай резервуарлары, мұнай құбырлары, темір жолдар салынуы тиіс. Семен Абилевич кабинетінде оңаша отыр екен. Сафи мұны жақсылыққа жорып, көптен бергі толғанысын жайып салды.

— Сафи Утебаевич, айтып отырғаныңыз көңілге қонады. Жағдайдың нашар екенін мен де білемін. Бірақ, жоққа жүйрік жете ме? Біздің қолдан не келеді?

— Сондықтан, Мәскеуге барайық. Осының бәрін ашып айтып, көмек сұрайық,—деп, сәл ойланып қалған Сафи одан әрі қызына сөйлеп кетті.—Семен Абилевич, бұл треске сіздің келгеніңізге көп уақыт болған жоқ. Мен де сондаймын. Сондықтан, мәселе көтеруге, бұрынғы кемшілікті жөндеу үшін көмек сұрауға правомыз бар шығар.

— Мен де осыны ойлап жүр едім, олай болса ойыңды қағазға түсіріп, дайындала бер. Есепте. Не керек? Қанша керек? Мәселені анық қояйық,—деді Гутин.

1938 жылдың ақпан айы.

СССР Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының төрағасы Лазарь Моисеевич Каганович Сафи мен Семен Абиловичті түнгі сағат екіде қабылдады. Нақ сол күні Каганович Қазақ ССР Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Левон Мирзоян мен Қазақ ССР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Жанұзақұлы Исаевты және жас инженер геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты да қабылдады. Л.М.Каганович әуелі соларды тыңдады. Сафидің екі көзі Қанышта. Ол да инженер-геолог. Қазақтың болашағы үшін тыным таппай жүрген жас ғалым. Қаныш Сәтпаев деген аты әжептәуір шығып қалған кез. Ол Мирзоян мен Исаевтан кейін Жезқазғандағы мыс кен орындары туралы айтты. Кезек бұларға келгенде Гутин орнынан ұшып түрегеліп, Сафиді таныстыра жөнелді. Ол сонысымен-ақ мәселенің негізгі қозғаушысы Сафи екенін сездіріп қойды. Каганович мұның созған қолын алып тұрып:

— Баку институтын бітірсең тегін инженер болмадың,—деді де «ал, енді шаруаларыңа көше беріңдер» дегендей екеуіне кезек қарады.

Гутин Ембінің бүгінгі жайына жалпы шолу жасай келіп, негізгі мәселені бас инженердің баяндайтынын айтып өтті.

— Лазарь Моисеевич, Ембіде қазір өндіріліп жатқан мұнай көлеміне біз қанағаттанып отырған жоқпыз,—деп Сафи сөз бастады.—Мұнайды бұдан да көп өндіруіміз керек. Әрі біз оны орындай алатынымызға сенімдіміз. Бірақ, сол сенімге тұсау болып тұрған бір кедергі бар.

— Ол қандай кедергі?

Сафи көптен бері жанын жеп жүрген ауызсу туралы ойын, жұрт «Железный нарком» атап кеткен Лазарь Моисеевичтің алдына жайып салды. Обалы не керек, ол жас инженердің бұл сөзін де ден қоя тыңдады. Сонан соң:

— Қазір Қосшағыл кәсіпшілігінде қанша адам жұмыс істейді?—деп тосын сұрақ қойды.

— Дәл қазір бес жүзге жуық адам. Олардың семьясын қосқанда Қосшағылда мың қаралы адам бар ғой.

— Оларды қазір сумен қалай қамтамасыз етіп отырсыздар?

Каганович ол жағын сұрай қоймас деп еді, қателескен екен, суды мұнай құбырымен жеткізіп беріп отырғандарын айтуға тура келді. Тіпті резервуарға құйып алған судың бетіне жайылған мұнайды қалқып алып тастап, ішіп отырғанына дейін тәптіштеп сұрап, айтпасына қоймады.

Кенет Кагановичтің түсі бұзылып орнынан ұшып тұрды да:

— Осы уақытқа дейін мәселені жоғарыға жеткізіп, дабыл қақпай қайда жүргенсіңдер? Бұл үшін сот алдында жауап беретіндеріңді білесіңдер ме?—деп ақырып жіберді. — Осы тұрған екеуің сондай қиыншылықта жұмыс істеп, Отанымызға мұнай беріп жатқан мұнайшылар үшін жауап беретін боласыңдар.

Сафидің осы жаңа ғана алып ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Осы сәт бұлардың әңгімесіне құлақ қойып үнсіз отырған Мирзоян мен Исаев, Сәтбаев отырған жақтан қозғалыс байқалып қалды.

— Лазарь Моисеевич,—деп Ораз Исаев сөзге араласты,—ғафу етіңіз, бұл екеуі де «Эмбанефтіге» жуырда келген жаңа адамдар.

Мирзоян да үнсіз қалған жоқ. Бұларды ақтап алатын уәж айтып жатыр. Каганович сонан кейін ғана сабасына түсті.

— Мұнайшыларға қалайда таза су жеткізу керек. Бірақ, оны мен шешпеймін, оны Политбюроның алдына мәселе етіп қояйық. Ал, оған дейін не істейміз? Машинамен су тасуға бола ма? Болса неше машина керек?

Гутин бұған, бұл Гутинге қарады.

— Жиырма, отыз жетіп қалар.

— Жиырма бес машина аласыңдар. Бірақ, оларды су тасудан басқа жұмысқа жегіп жүрмеңдер,—деп қатаң тапсырды.

Сафи одан әрі көптен көкейінде жүрген ойларын жүйелеп айта бастады. Өндірістік базалар, электр станциялары, шеберханалар, мұнай резервуарлары, мұнай құбырлары, жұмысшылар үшін тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, ауруханалар...

— Мұның бәрі өзіңізге ұсынылған баянхатта толық жазылған.

— Жақсы,—деді Каганович, алақанымен стол үстін соғып қалып,—мұның бәрі мұнай өндірісін өркендету үшін керек нәрсе. Сондықтан, биылдан бастап керек заттарыңды ала бастайсыңдар. Тағы... бар ма, айтатындарың?

— Лазарь Моисеевич,—деп Сафи ізетпен одан әрі сөзін жалғады.—Ембінің асты шылқыған мұнай. Бүгін болмаса да, күні ертең ол кең көлемде игеріледі. Сол үшін Гурьевте мұнай өңдеу зауыты салынса деген ойымыз бар.

Ол осыны айтқанда Каганович оң жағында отырған Байбақовқа қарап күліп жіберді. Мысқылдағаны ма, риза болғаны ма, ол жағын өзі білсін. Ал, бұл ойындағысын айтып үлгерді де, мүдіріп қалды.

— Сафи Утебаевич,—деді кенет Каганович қайтадан сұсты қалпына түсіп,—сіз Гурьевке мұнай айыру зауыты салынуы керек дегенді ойланып айтып тұрсыз ба?

— Әлбетте, Лазарь Моисеевич,—деді Сафи сенімді дауыспен.—Ембінің басқа кен орындарынан... мысалы, Бакуден, Грозный мен Майкоптан мынадай артықшылықтары бар. Ол Ембінің географиялық орналасуының қолайлылығы. Қолайлы болғанда Еуропа мен Азияны мұнай өнімдерімен тең жабдықтап отыруға өте тиімді. Бұл бірінші артықшылығы. Екінші артықшылығы, Ембіде мұнай жер бетіне өте жақын жатыр. Әрі бұрғылау да басқа кен орындарына қарағанда оңайырақ. Доссор мен Мақаттағы ұңғылардың орташа тереңдігі Бакуден 2,4 есеге, Грозныйдан үш есе тайыз. Бұл Ембі мұнайының қоры орасан көп деген сөз. Демек, мұнай айыру зауытының қажеттілігі дәл қазір сезіле қоймағанымен, болашақ бәрібір талап ететін болады.

Сафидің орынды дәлелдеріне ұйыды ма, Каганович бір сәт жүзін терезеге бұрып, үнсіз қалды. Дәл осы арада бұлар Қазақстан үшін соншалық маңызды мәселелерді талқылап жатса да Мәскеудің онымен жұмысы жоқ, түн тыныштығын бүркеніп тегіс ұйқыға кеткен. Кагановичтің де жүзінен шаршау білінеді. Сағаттың қысқа тілі болса түнгі үшті көрсетіп тұр.

Лазарь Моисеевич бірінші орынбасары Байбақовқа бұрылып:

— Николай Константинович, сіз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?

— Егер қаражат мәселесі шешіліп жатса, зауыттың болғанына не жетсін. Ондай жағдайда ол жақтан таза өнім тасымалданып, зауыт өз шығынын тез арада ақтап шығар еді,—деді Байбаков.

— Олай болса, кіріс осы іске. Жобасын дайында,—деп Каганович өзінің бірінші орынбасары Байбаковқа табан астында тапсырма беріп жатыр.

— Лазарь Моисеевич, олай болса завод салынатын жерді Сафи Утебаевичтің өзі белгілесін. Сол жұмысты мен өзіне тапсырғым келіп тұр. Сіз не дейсіз бұған?

— О жағын өздеріңіз келісе беріңіздер.

— Сенім білдіргендеріңізге рахмет, ол мәселені барысымен қолға аламын.

Ол басқасы басқа, мына ұсынысы қабылдана қояр демеп еді. Сол себепті де осы ойын Семен Абилевичке де айтпай көңіл түкпіріне сақтап қалған-тұғын. Енді бұл ұсынысының да лезде шешіле қалғанына сене алмай тұр. Сенбейін десе көзі көріп тұр, құлағы естіп тұр. Каганович алдындағы қағазын жинап, орнынан тұрғанда таңның атуына екі-үш сағат қалып еді.

Сол тұста Л.М.Каганович Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының төрағалығымен қатар, БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы-тұғын. Оның Қосшағылға қажет ауыз су туралы мәселені салған жерден саяси бюрода қараймыз деп батыл айтуының себебі сонда жатыр. Қай Құдай итергенін қайдам, Л.М.Каганович уәдесінде тұрды. Мәселені партияның Орталық комитеті Саяси бюросының алдына қойды. Ал, Саяси бюро Гурьев-Қосшағыл су құбырын салуға қаулы қабылдады. Әрі осы қаулы бойынша тезірек жоба жасалынып, тиісті қаражат бөлінетін болды. Ең қуаныштысы, тұщы су қосшағылдықтардың таңдайына биыл (1938 жыл) тиетін болды. Қаулыда оның пайдалануға берілетін мерзімі қазанның 1 -і деп белгіленді. Сталиннің өзі қол қойған қаулыға иланбасқа амалың жоқ. Сталин қол қойды, бітті, орындалуы тиіс. Оның үстіне Мәскеуден арнаулы құрылысшылар келмек. Жас инженер жол бойы Кагановичпен болған кездесуді ойлап, аса бір қанағаттанарлық сезімге бөленді де жатты. Айтпақшы, су құбыры құрылысының басы-қасында жүретін адамдар да белгілі болды ғой. Бастығы болып Коркин, ал бас инженерлікке Беляков деген кісілер тағайындалды. Демек, бұл жұмыс сол қаулы шыққан күннің ертесі-ақ басталды деген сөз ғой. Мәскеуден шыққан пойыз әне-міне Оралға кеп тоқтамақ. Сол жерде бұларды Гутиннің шоферы күтіп алады. Пойыз демекші, құрылысы 1936 жылы басталған Гурьев-Қандағаш теміржолының жұмысы жеделдетілетін болды. Ол тек мұнай үшін ғана емес, осы жылғы қаңтардың 15-інде өз алдына бөлініп шыққан Гурьев облысының көркеюіне де зор үлес болып қосылмақ. Әйтеуір, бәрі де ойдағыдай шешілді ғой. Рас, Қосшағыл бұл екеуінің төбесіне бұлт боп үйіріле жаздады. Л.Мирзоян мен О. Исаевтың сөз жәрдемі болмағанда... кім біледі, осы күні аузыңнан аңдаусыз сөз шықса да айдалып кете бересің. Айтпақшы, Сафи Бакуде Кагановичтің бірінші орынбасары Байбаковпен бірге бір институтта оқыды ғой. Рас, ол жоғары курста еді. Бірақ, институт ішілік қоғамдық жұмыс бұларды тым жақын етіп жіберген-тұғын. Оның үстіне Николай Константиновичтің бет-әлпеті қазаққа ұқсайтын. Байбаков деген фамилиясы де орыстікі емес. Оған Гурьевте салынуға тиіс мұнай айыру зауытының жобасын жасау жүктелгенде, сол зауыттың орнын анықтайтын комиссияны басқаруды Байбаков арнайы бұйрықпен бұған тапсырды ғой. Сафи елге жетісімен сол жұмысты Обкоммен ақылдасып отырып қолға алмақ. Сонымен қатар, өздері аттай қалап алған қаржы түгел игерілуі керек. Осылай жігерленген екеуі кейде «сол қаржы қолымызға тиер ме екен?» деп күдіктеніп те қояды. Сүйтсе бұлар бекер күдіктеніпті, Гурьевке жеткен күннің ертеңіне су таситын жиырма бес машина бипілдетіп келіп те қалды.

Қосшағылдықтар 1938 жылғы қазанның біріндегі қуанышты өмірі ұмытпайтын шығар. Сол күні Гурьев-Қосшағыл су құбыры іске қосылып, қыстақ халқы Жайықтың мөлдір суына қарық болды да қалды. Осыған дейін олар мұнай құбырымен келетін суды ішуге мәжбүр болды ғой. Халық оған да көнді. Көнбегенде қайда барады, жергілікті халықтың жалғыз күнкөріс көзі осы мұнай, осы Қосшағыл болса. «Мұнайды неғұрлым көп өндірсең, жағдай да соғұрлым жақсара түседі» дегенге малданып, әлі күнге дейін үмітін үзбей келіп еді. Сүйтсе, өмірі орындалмайтын армандай болған мұқтаждықты шешуге елдің қамын ойлайтын бір азамат жетпей тұр екен ғой. Сол жылы Сафидің трест бастығымен бірге Мәскеуге барғаны, онда мұнайшылардың су емес, у ішіп отырғанын айтып, көмек сұрағаны, басқа жерді қайдам, осы Қосшағылға аңыз боп тарап еді. Енді сол арман бір-ақ күнде орындалды да қалды. Обалы не керек, Мәскеу жіберген жиырма бес су таситын мәшине күні-түні зыр қағып тұрды ғой. Бірақ, тасып ішкеннің аты—тасып ішкен, қанша жерден жерге бір тамшы тамызбайын дегенмен дәл бір керек кезінде таусылады да қалады. Сосын ол суды жұрт алтынға балап үнемдеп ішеді. Кейде автобөшке кешігіп жатса, көршіден су сұрап ішу ешкімді таң қалдырмайтын. Несін айтасың, судың зары өтті ғой бастан. Баяғыда... баяғыда дейді-ау, тіпті бертінге дейін жергілікті қазақтар арбамен бөшке-бөшке су тасып, онысын мұнайшыларға сатқан кез де болды ғой. Сонда аптапқа шыдамаған кей арбакеш су толы бөшкеге түсіп, басын қылтитып отырады екен. Сондай суды да ішкен мұнайшылар ғой бұл!

— Ау, естідіңдер ме, ауылға су келді ғой.

— Жарықтық Жайықтың суы екен.

— Баяғы мұнай құбыры емес, таза құбырмен ағып кепті.

— Ой, оның өзімен кетсін.

— Жайықтың суын ішіп көрдіңдер ме?

— Ау, ішпей. Біздің үйдің самаурыны кешелі-бері бір демін алған жоқ.

— Апырмай, таза су ішетін де күн болады екен ғой.

— Осыны қылған адамның атасына рахмет.

— Біздің жағдайымызды ойлап, Мәскеудің табалдырығын тоздырып жүрген әлгі «Ембінептінің» бас енжінері екен.

— Бакудің институтын екі жыл бұрын бітіріпті. Жап-жас жігіт көрінеді.

— Ағаларының бәрі біз сияқты бұрғышы, мұнарашы дейді.

— Иә, ол өзі Есентемір екен ғой.

— Есентемір? И-й, айналайын-ай, өз бауырым, інім болып шықты-ау!

— Есентемір болса, бізге жиен боп тұр ғой.

— Саған жиен болса, ол бізге нағашы.

— Біздің құдамыз.

Қыстаққа жаңа құбырмен су келген күні жұрт үйді-үйге жүгіріп сүйінші сұрасып, тойдан бетер абыр-дабыр болды да қалды. Бары самауырға шоқ салып, жоғы су толы қара құманды отқа қоя береді. Әр үйде Жайықтың мөлдір суынан шәй ішіліп, барын қазанға салып жатыр. Шәй ішілген үйде гүр-гүр әңгіме. Әңгіме арқауы су жайы, су құбырын жоғарыдан сұрап алып берген Сафи туралы. Сүйсіне әңгімелегендердің бірі оны өз тумасы деп танып жатса, енді бірі нағашы қып, жиен қып, әйтеуір өзіне жақындатып-ақ жатыр. Айтып-айтпай не керек, талай жылдан бері халық зәру болған су құбырының салынуы осы елдің халқы үшін ерекше оқиға болып еді. Екі жүз шақырымдық осы құбыр құрылысы мамыр айында басталып, толық бес айда салынып бітті. Сонда Гурьев пен Қосшағылдың арасы қарақұрым техникаға толып кетіп еді. Эксковаторлар ор қазып, құбыр тасымалдайтын жүк көліктері үздіксіз ағылып жатты. Екі жүз шақырымдық құбыр бойы бригадаларға бөлініп-бөлініп берілді. Жекелеген бригадалар жұмыс істеп жатқан жерге көшпелі асхана мен монша ұйымдастырылды. Жұмыс күні-түні бір толастаған жоқ. Екі жүз шақырымдық құбыр бойы түнде темір дәнекерлеп жатқан құралдың от ұшқынымен жақұт алқадай жарқ-жұрқ етіп жататын. Осы бір игі шаруаның мерзімінде бітуі үшін облыстық партия, кеңес ұйымдары, аудандық партия комитеттері тегіс күш жұмсады. «Ембімұнай» тресі де құбыр құрылысынан шет қалған жоқ, қолда бар күшті қуанышты күннің тезірек келуіне жұмсады. Бір өкініштісі, Семен Абилевич Гутин осы қуанышты көре алмады. НКВД-ның жендеттері оны құбыр құрылысы басталған мамыр айында-ақ ұстап әкеткен еді. Сафи 1937 жылғы үрейден аман шықты. 1938 жыл да жаман басталмаған сияқты. Ел Мәскеу сапарының пайдасын көре бастады. Өндіріс үшін, тұрғын үйлер, аурухана сияқты халық қажетін өтейтін орындарға арнап Мәскеудің бұйрығымен алғашқы құрылыс заттарының бір бөлігі келіп жетті. Гурьев-Қосшағыл су құбыры іске қосылды. Салына бастайды деген мұнай айыру зауытынан ғана хабар жоқ. Ал, құрылысы бірде жүріп, бірде тұрып, бітер мезгілі созылып бара жатқан Гурьев-Қандағаш теміржолы бойында қараң-құраң жұмыс басталды. Ең басты мақсат барлауға арналған бұрғылауды жиілету, сөйтіп жаңа аландар табу. Мәскеу сапарынан соң Семен Абиловичтің алғашқы тапсырмасы осы болды. Сафи мұны тапсырма деп түсінген жоқ бұл оның бала кезінен аңсап келген арманы ғой. Енді ол сол арманын орындауға құлшына кірісті. Ең қиын жұмыс скважина қазылатын жүздеген шақырым жерге құрал-жабдықтарды жеткізу. Оған көліктің жетіспейтіні бөгет болып жатыр. Әрине, қиын. Тіпті, кейде жұмысшылардың қалжырағаны сонша, сүрініп кетсе тұра алмастай көрінеді. Жаңа аландарға темір мұнараларды бөлшектеп апармаса, сом күйінде жеткізе қоятын күш қайда? Мұнара түгілі двигательдерді, электр стансаларды да бөлшектемесе түйе арбаға тией алмайсың. Он-он бес түйе арбаға бұрғылауға қажетті заттарды осылай тиеп алып, елсіз құла дүзге ұбап-шұбап кетіп бара жатады. Бағыт Нармонданақ, Алтыкөл, Құлсары, Төлес... Гурьевтің шығысына қарай бағыт алған осы керуен аялдаған жердің бәрі бір-біріне тым ұқсас. Ұшы-қиырсыз бұйырғынды иен дала. Анда-санда жап-жасыл боп, әппақ гүлін жарған адыраспан кездесе кетеді. Аспан мен жердің арасын қуырған аптапта адыраспанның жасыл түсін жоғалтпай, түйнегін байлап, топ болып ұйысып өспей-ақ, жалғыз-жарым жайқалып тұра беретініне таң қаласың. Таң қалатының бас-аяғын сағым құрсап жататын иен далада ернің тобарсып, көнің кеуіп келе жатып, тек қана суды ойлайсың. Судың қадірін еске аласың. Ал, барлаушылар мен бұрғышыларға ауыз сумен қатар көп мөлшерде техникалық су да қажет. Сонан кейін барлаушы-бұрғышылардың тірлігін тозақ демей көр. Әуелгі бағыт Нармонданақ еді. Нармандонақта 1935 жылы іздестіру-барлау бұрғысы салынған-тұғын. Ал, Сафи 1936 жылы аға инженер боп барып, осы алаңның батыс бетіне терең бұрғы салу үшін дайындық жұмыстарын жасап беріп кеткен. Бірақ, қанша қазса да бұрғышылар қанағаттанарлық ештеңе шығара алмап еді. Сол алаңға қайтадан бұрғы салынбақ. Ал, Алтыкөлде мұнай белгілері білінгенімен, әзірге тың жатқан жер. 1929 жылы маршруттық гравитациялық түсірілімдер болған. Сонда мұнай белгілері табылып, 1931 жылы геологиялық карта жасалды. Сол жылы Алтыкөлде гравитациялық детальді түсірілім жүргізілді, бірақ, бұл іс аяғына жеткізілмеген еді. Құлсары мен Қосшағылдың шығысында 30-35 шақырым аулақ жатқан, аты 1929 жылдан белгілі болған Төлес кен орны бұл кезде әл тым-тырыс қалпы, бұйығып жатқан еді. Бірақ, барлаушы-бұрғышылар жыл сайын түрткілеуін қойған жоқ. Ақыры, 1937 жылы жасалған структуралық-іздестіру бұрғысы күмбездің геологиялық құрылымын анықтап, бұрыннан бар мәліметтерді толықтыра түскен еді. Сафидің ойынша, бұл өлкеден де үміт күтуге болады. Алайда, бұлардың ішінде ең жаңа, ең көп үміт күттіретін жер—Құлсары алаңы. Құлсары тұз күмбездері структурасын зерттеу 1933 жылы ғана басталған болатын. Ал, 1934 жылы геологиялық зерттеу жүргізіліп, карта жасалды. 1935 жылы сынған толқындар (переломленных волн) тәсілімен сейсмикалық түсірілім іске асырылды. Осы жылы терең бұрғылау басталды. Осы зерттеулердің нәтижесінде Құлсарының біраз жерінен мол мұнай қоры анықталды. Атап айтсақ, ол жерді шығыс қанаттың солтүстік бөлігі, солтүстік қанат түгелімен, батыс қанаттың солтүстік бөлігі деп бөліп айта алар едік. Міне, осыған қарағанда мұнай білінген алаңдарды зерттеу, барлау бұрғысын салу өте сараң жүріп отырыпты. Сафидың ойынша, геологтар көрсетіп кеткен үмітті нүктелерді тезірек зерттеп, тезірек бүйірін тесіп, дамыл бермеу керек. Соның ішінде, трестің бас инженері көбірек үміт күтетін алаң осы—Құлсары. 1938 жыл басындағы Мәскеу сапарынан соң Сафи осы жұмыстарға қауырт кірісіп кеткен еді, көзді ашып-жұмғанша көктем де шығып қалыпты. Уақыттың мұнша асығыс зымырағанын көргені осы шығар. Оның үстіне жұмыстан басқа бөтен ой ойлауға мұршаң келмейтін шақ. Мұршаң келсе де бөтен ой ойлауға болмайтын кез. Шамасы, Гурьев-Қосшағыл су құбырының құрылысы басталған кез болар, бір күні Сафи жұмыста әлдебір қағаз толтырып отыр еді, сумаң етіп бір жігіт кіріп келді. НКВД-ның жендеті Мехнович екен. Қолында бір бума кілт.

— Мә, мынаған ие болыңыз.

Тани кетті, Семен Абилевичтің қолында жүретін кілт. Демек, Семен Абилевичті де қамап тастаған ғой.

— Уақытша беріп тұрсың ба?—деп сұрады Сафи кілтті қолына алып жатып. Оның «уақытша беріп тұрсың ба?» дегенін Мехнович «Гутинді уақытша қамап тастадыңдар ма?» деп сұрап отыр екен деп

түйді. Ал, Сафи болса, «ертең жазықсыздан жазықсыз мені де ұстап кетесің ғой» дегенді меңзеп еді. Иә, сол жылдары үрей бел алып тұрған еді ғой. Оның үстіне қарбалас жұмыс сіңбіруге мұрша бермейтін. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, Семен Абилович Гутин түрмеге жабылды. Бар жауапкершілік трест бастығының орынбасарларына ауды. Соның ішінде Сафи да бар. Алайда, Сафи бұл жылды (1938 ж.) абыроймен бастап, абыроймен аяқтады. Осы жылы Гурьев өз алдына облыс болуына байланысты мамыр айында Облыстық бірінші партия конференциясы болып, сол конференцияға қатысқан делегаттар Сафиді облыстық партия комитетіне мүше етіп сайлады. Артынша облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне өтті. Жалындап тұрған жас инженерге деген сенім бұнымен ғана шектеліп қалмаған екен. Осыдан кейін-ақ Бақсай ауданының халқы Сафиді Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына ұсынды. Бұл әрине, жас инженерді шыңдай түсті. Ол 1938 жылғы маусымның 24-і күні депутат болып сайланды.

Олар осы күнді сегіз жыл күтіп еді. Сағына күтіп еді. Бірақ, олар бірін бірі сағынғанымен, кездесуге асық болғанымен уақыт санаспайды ғой. Олар бір-біріне қанша асық болса да уақыт өз жүрісінен жаңылған жоқ, қалып та қоймай, озып та кетпей бірқалыпты сыдыртып отырды да қойды. Осы уақыт ішінде Сафи баяғы уәдесінде тұрып білім алды, инженер боп өндірісте тәжірибе жинақтады. Өмірдің қатал сынына шыңдалған азамат боп үлгерді. Шәрипа ше? Шәрипа да бір кісідей тағдыр тауқыметін бастан кешті. Елдегі ашаршылықты көрді. Репрессия зобалаңын жанымен сезіп ержетті. Ол да баяғы уәдесінде тұрып, жоғары білім алды. Иә, олар осы күнді сегіз жыл күтіп еді. Сағына күтіп еді. Міне, уақыт шіркін қалып та қоймай, озып та кетпей, бірқалыпты сыдыртып отырып сол күнге алып келді. Орынборда оқып жатқан Шәрипадан хат алған сайын жүрегі атша тулайтын Сафи бүгін одан тағы да хат алды. Әдеттегідей «Сафи» деп бастапты хатын. Бірақ, бұл жолғы хаты әдеттегідей ұзақ емес, қысқа екен. Осы қысқа хат Сафиды қатты толқытты. Осы қысқа хаттан сонау 1930 жылы уағдаласқан күн, серттескен сәт тым таяу қалғанын ұқты. Өзіне тағы бір жауапкершілік жүктелгелі тұрғанын сезді. Ол—отбасын құру жауапкершілігі еді.

«Оқуымды бітірдім, уәделі уақыт жетті, кел, мені алып кет» депті Шәрипа.

Сафидың дәл осы сәт жырғап той жасап жататындай немесе баяғының сал-сері жігіттері сияқты, қызға ұрын баратындай мұршасы да жоқ болатын. Жоғарғы Советке депутаттыққа ұсынылған кез. Сайлау жұмысынан бас ала алмай жүр. Ертең Бақсай жақта еңбекшілермен кездесуі тиіс. Соған жүріп кетпек еді, мына хат қолына тиген сәтте кәдімгідей тосылып қалды. Партия мен үкімет, қала берді халық бұған сенім артып отыр. Жауапкершілік жүктеп отыр. Қалай болады? Не істемек? Ол әрі ойлап, бері ойлап, ақыры Шәрипаға «Оралға кел. «Ембімұнай» қонақүйіне» деп жеделхат салды. Ертең Бақсайға барып, сол күннің кешінде Оралға жүріп кетуді іштей жоспарлап қойды. Содан бірер күн өткен соң Шәрипа Өтебай әулетіне келін боп түсті. 68 жасқа келген шешесі кенже келінін құшағына алып, қуаныштан көзіне жас алды. Анасынан ерте көз жазып қалған Шәрипа да Сафидың анасын өз анасындай сезініп, жарасып-ақ кетіп еді.

Сафидің бір тал шашы сол түні ағарып шыға келді. Оны өзі де, Шәрипа да аңғарды. Бірақ, Сафи ол туралы Шәрипаға айтқан жоқ, білмей-ақ қойсыншы деп ойлады. Шәрипа да оны Сафи білмей-ақ қойсын, онсыз да шаршап жүр ғой деп, жұмған аузын ашпады. Сол күні таңертең жұмысқа салы суға кетіп аттанып еді, жұмыстан қас қарая түнеріп оралды... Сол түн естен кетпейді. Сол түнді ойласа әлі күнге дейін жүрегі дүрсілдеп ала жөнеледі. Неткен қасіретті кез еді десеңші... ...Біреу есікті дүрсілдетіп ұрып тұр екен. Шырт ұйқыда жатқан Сафи көзін ашып алғанымен, ә дегенде не боп, не қойғанын айыра алмай сүлесоқ отырып қалды. Есік тағы да үсті-үстіне соғылды. Сафи сонда ғана есін жиып, орнынан атып тұрды. Жүрегі құрғыр дүрс-дүрс, үрейі ұшып кеткен. Орнынан тұра салып киіміне жармасты. Мезгілсіз келген әлдекім есікті тоқпақтауын қояр емес. Шәрипа да оянып кеткен екен, көзі алақандай боп Сафиға қарады.

— Тағы да солар ма?

— Солар болар.

Шәрипаның «тағы да солар ма» деуінің мәнісі бар. Ана жолы дәл осындай түн ортасында, есікті дәл осылай тоқпақтап НКВД- ның екі жендеті, Сапрейкин мен Мехнович сау ете қалған тұғын. Сафи да, Сафидың үй-іші де сонда бір үрпиісіп қалып еді. Бірақ, ол жолы олар бұған тиіскен жоқ.

— Ильин қайда тұрады?—деді бар болғаны. —Қайдан білейін.

— Немене, араласпаушы ма едіңдер? —Иә, араласпаушы едік.

Олар сол жолы осылай келгеннен кеткендері тез болып еді... Бұл жолғы екпіні тіпті сұмдық, есікті сындырып жіберердей, соққыны үдетіп барады.

— Солар болар,—деді Сафи сыбырлап.—Шәрипа, жаным, мықты бол!

«Халық жауы деген жаламен ұсталған осы шығар» деп ойлады сол сәтте. «Хош бол!» дей жаздады Шәрипаға. Жүрегінің басы үсікке шалдыққандай мұздап бара жатса да, өзін өзі бекем ұстап, есікке жақындады. —Бұл кім?

— Аш есікті! Бұл—НКВД! Ішке тағы да cay етіп әлгі қос көк жағалы кіріп келді. Тыста тағы біреулері қалған сияқты.

— Сағындықов қайда тұрады?

Қайда тұрушы еді? Өз үйінде тұрады да. Ал, бұлар осы қаладан кімді іздесе соның қайда тұратыны өз қолдарында емес пе? Сафи соны ойлап батылданып кетті. —Білмеймін. —Қалай білмейсің? —Күндіз-түні жұмыстамын ғой. — Соқпа өтірікті. Сағындықов сенің көршің емес пе?

— Қазір сен бізге Сағындықовты шақырып бересің. А-а, жо-жоқ, сен емес, әйелің жүрсін бізбен.

— Ойбай-ау, қорқады ғой ол, қалай барады?

— Жоқ, жібер, саған болмайды.

Қос жендет бұның Жоғарғы Советке депутат екенін біліп тұр ғой. Депутат «Халық жауын» ұстауға қалай қатыспақ.

— Мына жігіт барып келе қойсыншы,—деп Сафи сасқанынан, ербиіп тұрған Махметті нұсқап еді, көк жағалының назары Махметке ауа қалды.

— Кім бұл? Фамилиясы кім?

— Менің бір жақын інім еді. Фамилиясы—Айтбаев.

— Не қып жүр мұнда?

— Командировкаға келіпті.

— Кәне, документің?

Сапрейкин мен Мехнович оның құжатын тексеріп көрді де, оны тастай салып Шәрипаға бұрылып, жаңағы әніне қайта басты.

— Кәне, сен жүр, Сағындықовтың үйін көрсет.

Шәрипа амал жоқ, сүйретіліп үйден шықты. Иә, Рақымжан Сағындықов бұларға көрші, үй арасында үй жоқ. Сол бір жұлдызсыз үрейлі түн Шәрипаның жадына жатталып қалып еді. Дала тас қараңғы болса да аяқ жолын еркін тауып, Сағындықовтың үйіне жақын кеп тоқтады.

— Міне,—деді сосын, — Сағындықовтың үйі осы.

— Қақ есігін.

— Өз атыңды айтып қақ.

«Қазір мыналар Рақаңды ұстап әкетсе, өмір бойы бетіме шіркеу болар-ау» деп ойлағаны мұң екен, Шәрипаның көңілі алай-дүлей боп ұйтқып ала жөнелді. Сосын тоқ-тоқ ұрылған есіктің арғы жағынан «Бұ кім?» деген Рақымжанның дауысын естіді. Бұл сәл кідіріп «Шәрипамын ғой» деп дыбыс берді.

— Кім?

— Шәрипа! Сафидің үйіндегі келініңіз...

Есік шалқасынан түсті. Кіре беріс бөлменің жарығын жағып қойған екен, бірден көзіне түскені еңгезердей Рақымжанның қос қолын басынан асыра жоғары көтеріп тұрғаны болды. Артына жалт қарап еді, екі жендет екі жақтан наган кезеніп тұр екен. Шәрипа қорыққаны сонша, қалш-қалш етіп, өзін-өзі ұстай алмай, тізерлеп отыра кетті. Анау екеуі бұны тастай сап, баса-көктеп үйге кіріп кетті де, Шәрипаның көзінше Рақымжанның қолын кісендеп, алдына салып айдап ала жөнелді. Егер белдесе кетсе Рақымжан екеуін екі жаққа шиырып тастар еді, әттең-ай, бар билік, бар құдірет анау екеуінің қолында тұр ғой. Оның үй іші түгел сырқат еді. Туберкулез. Азаматын кісендеп алып бара жатқанда науқастан титықтаған шешесі мен әйелі әлсіз дауыс салып, жылап қалды.

Осылай... күнде бір оқиға... күнде бір хабар. Үрейлі хабар. Бәленшені ұстап кетіпті. Түгеншені жауып тастапты. Осындай хабар толассыз айтыла берген соң, күн сайын өзіңнің де қамалуыңды еріксіз ойлай бастайды екенсің. Егер бүгін қамалмай шықсаң, сол күн сенің олжаң. Сағындықовты ұстап кеткелі бері Сафидің өңі бір кірмей-ақ қойды. Өңі кірмейтіні ештеңенің мәнісін түсінетін емес. «Жұмысты бір адам адал істесе, осы Рақымжандай-ақ істесін. Қалайша ол халықтың жауы боп шыға келді? Қалай?» Осы жағын ойласа Сафидың іші жидіп сала береді. «Рақымжаннан кінә тапқан НКВД бұдан кінә таппас деймісің?»

Сафидің мазасыз ойын фаэтон сүйреген ат тұяғының дүрсілі бөліп жіберді.

— Ойбай, анаң қара, Әлғазы ағай (Ілиясов) фаэтонмен кетіп бара жатыр,—деп қалды Шәрипа.

Бұлармен бірге Қаби келе жатыр еді:

— Тс-с, үндеме,—деп ол сыбыр етті.—Анау НКВД-ның фаэтоны ғой.

Сафи Әлғазы Ілиясовты бұрыннан да жақсы танушы еді. Ол 1899 жылы туған. Жерлесі. Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының тумасы. Сафидан он жас үлкендігі болса да Баку өнеркәсіп академиясын 1936 жылы бітіріп келіп еді. Содан бері мұнайда. Еңбек жолын Мақат, Доссор кәсіпшіліктерінде жұмысшы боп бастаған-тұғын. Өзі Омардың қызын алған күйеу бала. Ескенеде директор боп, жұмысты жолға қоя бастап еді. Енді міне, «Ембімұнай» тағы бір техникалық сауаты бар (ол кезде дипломы бар деп айтылмаушы еді ғой) маманнан айрылғалы тұр. Қандай өкініш! Ау, бұлар білімді маманды балшықтан жасай алмай жүрген жоқ па еді. Оны айтасың, «Ембімұнай» тресі дәл осы кез С.А.Гутинсіз—бассыз қалғандай күй кешті ғой. Ал, Семен Абилович Гутин сол қамалғаннан қайтып оралған жоқ. Тергеу үстіндегі қорлау мен азапқа шыдамай тергеушіге тіке қарап: «Семен Абилович был честным большевиком, и остается так же» деп, жоғары қабаттың терезесінен секіріп, о дүниелік бопты. «Ембімұнай» Гутиннен солай айрылды. Тағы бір күні трестің жоспарлау бөлімінің бастығы Михаил Николаевич Михайловты бір түнде жоқ қылды. Өзін жұмысқа алған Лаврентьевке де жала жабылды. Айдалып кеткендердің көбісі оралған жоқ. Ал, Құдай сақтағанда Сағындықов пен Ілиясов аман оралды ғой. Сонда Шәрипа барып Рақымжаннан иіліп тұрып кешірім сұрады. «Мен ұстатып жібергендей болдым» деп. Азамат қой, сонда Рақымжан қабақ та шытқан жоқ.

— Шәрипажан, сенің еш кінәң жоқ. Сені сонда анау екі жендет айдап келді ғой. Сен түгіл мені де алдына сап айдап әкеткен жоқ па? Уайымдама. Ойлама бұл туралы,—деп Шәрипаның көңілін орнына түсіріп еді-ау.

1939 жылдың басында Құлсары бірінен соң бірі бұрқақ атып жатты. Әрине, бұл да болса еңбекті ұтымды ұйымдастырудың нәтижесі. Еңбекті ұтымды ұйымдастыра білу—қиыншылықты жеңу деген сөз. Қиындықсыз жер астынан ешқашан мұнай алынған емес. Оның үстіне жер шалғай, жол болса да жоқ. Бұрғылауға қажетті құрал-жабдықты сонау екі жүз отыз шақырым қашықта жатқан Гурьевтен тасып жеткізу бір қиямет. Құрал-жабдық дегенің—станоктер мен двигательдер, мұнара тұрғызуға қажетті ағаштар мен әр түрлі темірлер, құбырлар. Ал, механикалық шеберханалар мен қоймалар, электр станциялары өз алдына. Міне, осы заттарды қолда бар машинаға тиеп, қалғанын түйе арбаға артып алып, көздеген жерге «ух» деп арып-ашып жетсең, алдыңнан тағы бір мәселе сопаң етіп шыға келеді. Бұрғышылар мен мұнара құрастырушыларды аспан астына жатқызбайсың ғой. Оларға жұмыстан қалжырап келгенде бас сұғып жататын баспана керек. Баспана болмаса жұмыстан да маза қашады. Міне, осының бірін реттеп, бір жолға салу тиімді ұйымдастырудың арқасында ғана жүзеге аса бастап еді. Сафи кейде талмай еңбек етіп жүрген жұмысшылардың жүдеу тұрмысын көріп іштей аяп қояды. Бөліп берер еді, әттең-ай, қол қысқа, өзінің де жағдайы жақсы боп бара жатқаны шамалы. Үй көрмей, жар төсегінен жетіскеннен безіп жүр дейсің бе? Ең бірінші ойында тұратыны жұмыс, жұмысты бір сәтке тоқтатуға қақы жоқ. Осының бәрі жақсы тұрмыс үшін емес пе? Тоқсанбаев, Тоқмұрзиев, Камалин, Болонкин басқаратын мұнара монтаждау бригадалары, Жауылбай Алдақов, Шуаққали Қарамеңдиев басқарған бұрғышылар бригадалары талай қиыншылықты бастан кешті, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрсе де жұмыстан қашқан жоқ. Бүгін ойлап қараса, олардың барлығы да нағыз отаншыл адамдар екен ғой. Сафи треске бас инженер болысымен Орал-Ембі мұнайлы аймағы туралы зерттеулерді қадала оқыды. Соның ішінде оны айрықша қызықтырғаны Оңтүстік Ембі мұнайлы ауданы еді. Сонда ойлайтын, «бір шықса, мол мұнай осы Құлсарыдан шығады» деп. Ол бұл ойын Семен Абилевичке де айтқан болатын. Сол Құлсарыға бұрғы салуға мүмкіндік тигеніне қуанған Сафи қолда бар күштің едәуір бөлігін осы жерге бөлген болатын. Бұл өте жауапты учаске екенін де естен шығарған жоқ. Сондықтан ба екен, әйтеуір мұнай барлау-бұрғылау экспедициясын басқару Сабыр Шәріповке жүктелді. Сабыр Шәріповтің сол күндері жазушылығынан гөрі өндірісті басқару шеберлігі көбірек сөз болатын. Ал, оның алдында жұрт оны революционер деп таныды. Сабыр Шәріповті Сафидың көргені де сол кез. Ол 1925 жылдың көктемі болатын. Он алты жасқа толған Сафидің ФЗУ-ге түсуі де осы Сабыр Шәріповтың арқасы. Енді сол Сабыр басқарған барлау экспедициясы Құлсары төсіне тұрақтап, қарбаласқа толы бұрғылауды бастап та кетті. Бұрғылау басталғалы Сафи да байыз тауып Гурьевте тұра алмайды. Құрал-жабдық, керек-жарақ тасыған кез-келген көлікпен күн демей, түн демей салып ұрып бұрғы басына келіп тұрғаны. Байыз тауып отыра алмайтыны, Құлсарының алғашқы қара алтынының көкке қалай шапшығанын өз көзімен көргісі келеді. Кейде бұл «Құлсары қанша қазсаң да бүлк етпей жатып алған Нармонданақ сияқты, бағынбай қойса қайттік» деген күдік қылаң беріп, тынышын алып бітеді. Сондай мазасыз күндердің бірі еді. Геологтар белгілеп берген тұз күмбезінің шығыс қанатындағы нөмірі оныншы ұңғыға ат басын тіреді. Мезгіл жаз айы еді. Ұңғыны Жауылбай Алдақов басқаратын бригада бұрғылап жатқан болатын.

— Жаке, қашан мұнай бересіз?—деді Сафи, амандық-саулық сұрасқан соң.

— Құдай иіген күні,—деді Жауылбай тықыр басын сипап жіберіп.—Құдайдың да иетін күні жақын қалды-ау.

Қап-қара шалғы мұртын таулап қойған Жауылбай сенімді сөйлеп тұр. Бұрғы болса мың метрден әріге кетіп қалған. Осы екі арада әлдеқайдан Сабыр Шәріпов те келе қалды. Осыдан кейін көп уақыт өтпей оныншы ұңғыдан мұнай атқылай бастады. Үміт ақталды. Сафидың да, Сабырдың да, Жауылбайдың да, қала берді барлық бұрғышылардың да қуаныштарында шек жоқ. Сафи сол күнгі қуанышты өмірі ұмытпас. Қалай ұмытады? Құлсарының төсі иіп, қазаққа алғашқы қара алтынын «мә, ала ғой» деп шашудай шашып жатса. Оны алғашқы ашқандардың басында өзі тұрса. Жо-жоқ, ұмытылуы мүмкін емес... ...Бәлен мың метр биікте, көк төсінде қалқыған әппақ ұшақ ішінде өткен өмірін іштей саралап отырған қарт Сафи толқып кеткені сонша, жанарына жас толып шыға келді. Жалмажан беторамалын алып көзіне апарды... Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Иә, ұмыта алмайды. Арада алпыс алты жыл өтсе де күні кешегідей көз алдында. Әне, шалғы мұртынан қара май тамшылаған Жауылбай... бала боп кеткен бе немене, бұның бетіне май жақпақ боп, екі езуі екі құлағына жетіп, тісі ақсиып жүгіріп келе жатыр. Бұл да мұнайға қолын батырып алып қарсы ұмтылды. Жаулыбайдың бұдан бақандай он тоғыз жас үлкендігі бар. Ол да қарабаулық. Аталас ағайыны боп келеді. Бұрын Сафи оған ұшырасып қалғанда «аға» деп қолын ала жүгіруші еді. Енді, міне, көл-көсір қуаныш үстінде ол да бала, бұл да бала. Ал, ана жақта бұрғышылар бірін-бірі қара майға шомылдырып, мәз-майрам. Сол жылдары елуді еңсеріп тастаған Сабырды ағамыз ғой деп жатқан жігіттер жоқ, оның да бет-аузы май-май. Қуаныштары қойындарына сыймаған жігіттер оның тіпті шоқша сақалына дейін майлап жіберіпті. Оған ренжіп жатқан Сабыр жоқ, мұнайшылардың дәстүр боп кеткен салтымен ол да біреудің бетін майлап тастамақ боп жүр... Оныншы ұңғыдан әуелі газ бұрқағы жер-әлемнің зәресін алып, біраз уақыт ысқырып тұрып алды. Мұнай соның соңын ала шапшып ата жөнелген. Жүз атмосфералық қысыммен атқылаған мұнайдың тәуліктік мөлшері 100-150 тоннаға жетіп жығылды. Мұндай мол мұнайды Ембі Ембі болғалы көрген емес.

Сонымен Құлсарының табаны шылқыған мұнай екені іс жүзінде дәлелденді. Жауылбай бригадасы қазған оныншы ұңғыдан мұнай атқылаған соң, көп ұзамай-ақ нөмірі 182-інші ұңғының да мұнай бергені туралы хабар шартарапқа тарап кетті. Оны Шуаққали Қарамендиевтің бригадасы бұрғылаған болатын. Бұл өзі оныншы ұңғыдан да берекелі ұңғы болып шықты. Атмосфералық қысымы еріксіз бас шайқатады, анау-мынау емес, екі жүзге бір-ақ жетті. Тәуліктік өнімі де таңдай қақтырарлық—екі жүз тонна. Қатар атқылаған қос ұңғының ара қашықтығы едәуір жер. Сафи оны атпен оншақты минөтте жүріп өтер еді. Сонда екі аралық бір-екі шақырым боп қалады. Міне, осыны ескерсек Құлсарының табанында құрығанда сондай көлемде мұнай көлі жатыр деген сөз. Бұл жаңалық туралы Мәскеудегі Ауыр өнеркәсіп Халық Комиссариатына баянхат тапсырылды. Оның көшірмесі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республикалық Халық Комиссарлары Советіне жолданды. Сол-ақ екен, баянхат жолданған жоғары жақтан құттықтау жеделхат жауып кетсін. Әй, қызық-ау өзі. Бүгінгі күннің көзімен қарасаң күлкің келеді. Бірақ, жоғары жақтан құттықтау хат алу деген сол кез үшін ерекше оқиға еді ғой. Бұлар соның өзіне жігерленіп, социалистік жарысты өлген-тірілгеніне қарамай қыздырып жіберетін. Бар шаруа осы екі ұңғының мұнай беруіне қарап-ақ тұр екен, мұнай шапшып шығысымен өндірістің мың-сан жұмысы қайнап жүре берді. Сол жұмысқа жан-жақтан көптеп жұмысшы тартылды. Бұрын жылына бір мәрте ғана геологтар мазасын алып қоятын бұйығы дала, кенет оянып кеткендей әп-сәтте қан базарға айналды. Бұрынғы бұрынғы ма, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе осы тұста тағы бір өткір сезіліп еді.

Мың метр тереңдікте тұншығып жатқан мұнай, адам баласы салған саңылау арқылы жарық дүниеге лықсып шығып, шапшып төгіліп жатқанын алғаш көрген Сафи ә дегенде қауіп-қатер туралы ойламап еді. Шуаққалидың бригадасы қазған ұңғыдан шапшыған бұрқақты көргенде көңіліне үрей кірді, бойын әлдебір қорқыныш билеп алды. Бұрқақтың ысқырып-пысқырып, сол маңдағы кеудесінде жаны бар тіршілік атаулыны елең еткізіп, зәресін ала шапшуынан бұ да қаймығып қалды. «Егер мынау жер астынан қайнап шығып жатқан ыстық мұнайға ұшқын тиіп кетсе не болар еді?» Құдай сақтасын, соны ойлағаны мұң екен, маңдайы шып-шып терлеп қоя берді. Сүйтті де дереу іске кірісіп, бұрқақты бәсеңдетуді бұйырды. Сафи осыдан кейін-ақ «сақтанбаса болмайды екен» деген қорытындыға келді. Осы күдігін бригадирлерге сан рет айтқан, сан рет ескерткен. Жаңадан мұнай көзінің ашылуы, сөз жоқ, аса қуанышты жай, бірақ, техникалық қауіпсіздікті сәл сақтамаудың өзі үлкен қауіп-қатерге ұласып, тіпті қайғыға соқтыруы әбден мүмкін. Құдай-ау, жақсылық болсын, жаманшылық болсын, адам жүрегі соны сезе қояды деген рас шығар. Соңғы уақытта Сафи ашық бұрқақ туралы көбірек ойлап кетіп еді. Ойламайын десе, оның алдында ғана атқылаған қос бұрқақ көзге елестеп, сол бір мазасыз ойды қайта-қайта түртіп оята береді.

Сол қауіпті Сафи бекерден бекер ойламапты. 1939 жылдың басында Құлсарыда жүрген Сабыр Шәріповтен хабар келді. «Алексей Александров бригадасы қазып жатқан нөмірі 61-інші ұңғыдан кенет ашық бұрқақ басталып кетіпті!» Ашық бұрқақ дегеннен-ақ жүрегі зырқ ете қалған Сафи көңілінің астаң-кестең болғанын қасында тұрып, әлгі хабарды бірге естіген трест бастығы мен қызметкерлеріне сездірген жоқ. Салқын қабылдаған боп үнсіз қалды. Үйткені, осы хабарды, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір кезде еститінін жүрегі құрғыр әлдеқашан сезіп еді ғой.

Үрейлі хабар құлағына тиісімен шұғыл жолға шықты.

Бұрылыс-қайырылысы мол, адыр-бұдыры жетерлік дала жолында теңселген мәшиненің ішінде қоса теңселіп отырып, бой бермей жер астынан шапшыған мұнай туралы ойлаумен болды. Неден болуы мүмкін? Кейбір салақ мастерлер мен олақ инженерлердің ұңғы аузына превентор қоймай кететіні бар еді, бұл да сөйтіп жүрмесе. Бірақ, Александр Александров өз ісіне мығым сияқты еді ғой. Жарайды, ашық бұрқақ басталуын басталып кеткен екен, енді кінәліні іздегеннен не шығады, одан бұрын оны тезірек жабу қамына кірісу қажет. Өрт шығарып алмауды ойлаған жөн. Ал, өрттің шығу себебі толып жатыр. Ең әуелі, жер астынан газ бен мұнайға ілесіп, мылтықтың бытырасындай атылып жатқан ұсақ тастардың өзі-ақ аса қауіпті. Одан кез келген уақытта өрт лап ете қалуы мүмкін. Әлгі жүздеп, мыңдап ұшып шығып жатқан ұсақ тастың біреуі мұнараның белдік теміріне соғылса, одан жылт еткен ұшқын шықса, онда бітті дей бер... Оның беті әрмен. Ілеспе газдың ауаға кең тарап кетуі де аса қауіпті. Тіпті, бұл жақта жер астынан мұнай атқылап жатқанынан хабары жоқ біреу ық жақта жүріп темекі тұтатса да жер-дүние бір-ақ сәтте отқа оранады. Қой, бұл Тәңірден ашық фонтан болмауын тілейік, ашық бұрқақ болса, өрт шығып кетпеуін тілейік. Егер өрт шығып кетсе... әй, тресте оны сөндірер күш те, тәжірибе де жоқ қой. Соңғы жылдардағы бір жаңалық, кәсіпшіліктер баяғы ағаш мұнаралардан біртіндеп бас тартып, темір мұнараға көшіп жатқан болатын. Ал, темір мұнараның биіктігі қырық бір метрге жетіп жығылады. Құлсарыға да темір мұнара тұрғызылған-тұғын. Сафи ен даладан осы зәулім мұнара қашан көрінер екен деп тағат таппай келе жатыр еді, өзі күткеннен де сұмдық көріністің үстінен шықты. Газ аралас мұнай фонтаны қырық бір метрлік мұнарадан да биікке шапшып тұр екен. Мұндай қысымға превентор да шыдамаған болуы керек, бұрқақ гуілінің өзі үрей шақырып, көңілге қорқыныш ұялатады. Бұрғы маңында қай жер ой, қай жер сай, соның бәрі мұнайға толып, бөлек-бөлек қап-қара көлге айналған. Байқаған адамға осының өзі қорқыныш шақырып тұр. Қазақтың ырымында да қара түс қайғы-қасіреттің белгісі еді, мынау бір соның кері болмағай. Сафи келе сала өрт шығарып алмау жағын ойластыра бастады. Айнала күзет қойды. Жақын ауылдарға кісі шаптырды. Үрпиіскен мұнайшылардың темекі-шырпыларын қолма-қол жинап алып, жерге көмдіріп тастады. Мұнара басындағы жұмысшылар бір-бірімен үнсіз ұғысып, Сафи не айтса да бағына береді. Барлығы да мына ауыздық салдырмас асаудан меселі қайтып қалғандай. Обалы не керек, Сафи да шыр-пыры шығып, білгенін істеп-ақ жатыр-ау. Мұндай сұмдықты бастан алғаш өткеріп тұрған жоқ. Баяғыда, Бакуде оқып жүргенде, Лоқпатон деген алаңда ашық фонтан болып, студенттерді соған көмек беруге апарған. Бірақ, ол кезде бұл көптің бірі ғана еді. Енді бұл бастық. Қарауындағы мұнайшылар жалтақтап бұған қарайды. Құдай-ау, не істеу керек? Бұдан да қылышты жарқылдатып қалың жаудың ішіне қойып кеткен оңай шығар. Төбеден жаңбырша жауып тұрған мұнай астына құр қол кіре алмайсың. Техникаға тіпті де араласуға болмайды. Әйтсе де, техникасыз іс бітпейді, сондықтан оның жел жақтан ғана жұмыс істеуіне рұқсат берді. Олар жел жағына шыққанда не істесін, тракторлар бір-бір күрек топырақ итеріп көрді де, онысынан түк шықпасын сезіп абдырап, тоқтап қалды. Ал, Сафидың айналасына жиналған мамандар әрқайсысы өз ұсыныстарын айтып, бір мәмлеге келе алмай жатыр. Кім не айтса да, әйтеуір бір бөгесінге тап бола береді. Ақыры олар ұңғы астына іркілген мұнайды аулаққа ағызып әкету керек деген шешімге келді. Сөйтіп олар бір-біріне жалғанған бөренелерді ұзын-ұзын болат арқанмен сүйреп әкеп, ұңғының мұнай шапшып шығып жатқан аузын жабатындай қылып қатарластырып, мүмкіндігінше жақын, мүмкіндігінше тығыз етіп қоя бастады. Содан соң мұнара астына бірнеше жерден ұзын-ұзын құбыр төсеп, әлгі ойын іске асыруға кірісті. Әрине, бөрене мен құбыр төсеу айтқанға ғана оңай. Жұмысшылар осы жұмыстың өзін мұнай жаңбырының астында жүріп, бірнеше күн атқаруға тура келді. Сафидің өзі басшы екенін ұмытып, жұмысшымен бірге жұмысшы болып жүр. Тұла бойын ыстық тер басқан. Әлде ол ыстық мұнай ма? Ол жағын елеп-ескеріп жатуға мұршасы жоқ. Әттең-ай, жанталасып жүріп жасаған еңбек бәрібір іске асқан жоқ. Олар тоқтаусыз он бес күн арпалысты. Сол он бес күнде де газ аралас ыстық мұнай жер астынан күңіреніп шыққан қалпынан бір айныған жоқ. Жер жарықтық сонша қысымға қалай шыдап жатқанын бір Тәңірдің өзі білсін. Адамның Тәңірі алдында сонша әлсіз, сонша бейшара екенін Сафи алғаш рет сонда ұқты. Енді Гурьевке барып, облыс және трест басшыларымен ақылдаспай, Мәскеуден көмек сұрамай іс бітпейтінін бәрі де түсінді. Сафи сол күні түнделетіп Гурьевке келіп еді, Шәрипа үрпиіп, қорқып отыр екен. Қолында НКВД-ның шақыру қағазы. Қағаз емес, жылан ұстағандай, бұған берер-бермесін білмей көзі жасаурап қоя берді. Оның Гурьевке асығыс келгендегі мақсаты, Құлсарыдағы жағдай туралы трест басшыларымен ақылдасып, Мәскеуден көмек сұрау болатын. Одан басқаға бұрылуға мұршасы да, уақыты да жоқ. Гурьевке тек сол үшін ғана келді. Айтарын айтып болғасын, Құлсарыға қайтадан шұғыл аттанып кетуі керек. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жан алқымға келгенде НКВД-ның шақыра қалғаны. Шақырғаннан кейін бармауға тағы болмайды. Айтылған уақытта жетпесе, милициямен айдатып алдыратынын ескертіпті. Амал жоқ, таңғы асын ішер-ішпестен НКВД-ға келді. Сүйтсе бұны шақыртқан баяғы Мехнович екен. Ол бұған бір том тергеу ісін дайындап қойыпты. Соны Сафидың алдына ысырып:

— Мынаған қол қой,—деді.

— Қалай қол қоям, қол қою үшін әуелі оқып шығу керек қой?

— Оқып шық.

— Сіз кешіріңіз, мен Құлсарыдан осы түнде ғана келдім. Ол жақта фонтан болып жатыр. Сол фонтанмен он бес күн алыстық. Шамамыз келмеді. Сосын Москваға хабарлайық, көмек сұрайық деп түнделетіп кеп отырмын. Менің мынаны оқып отыратын уақытым жоқ. Ана фонтан өртке ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан, қолымды қоя алмаймын,—деп есікке қарай бұрылып жүре берді.

Мехнович те шалт екен, тез қимылдап есік тұтқасына қол созған Сафидың алдына кесе-көлденең тұра қалды.

— Тоқта! Қой қолыңды!

— Тарт қолыңды!

Қаны басына теуіп, ашуға мінгені сонша, қалш-қалш етіп, тістене сөйледі.

— Сен маған күштеп қол қойғыза алмайсың. Менің Жоғарғы Кеңес депутаты екенімді білмеуші ме едің?

Сафи одан әрі өзін өзі ұстай алған жоқ, Мехновичті жолдан итеріп тастап, сыртқа жүгіре шықты.

Мехновичтің кабинетінен жүгіре шыққан Сафи НКВД кеңсесінен алыстап кеткенше екпінін баса алмады. Тек Жайықтың Бұхар жақ бетіндегі екі қабат трест мейманханасы мен оның арғы бетіндегі кеңсеге жақындағанда ғана жүрісін баяулатып, үсті-басын түзеді. Енді «Фонтанның тоқтаусыз әл бермей он бес күн атқылағанын естісе жаңа бастық не дер екен?» деп ойлап келеді. Қолайлы адам табылмады ма, кім білсін, әйтеуір, Семен Абилевич ұсталып кеткеннен кейін трест бірнеше ай бойы бастықсыз қалып еді. Мәскеу ойланып-толғанып, әрең дегенде треске бастық етіп Хананян деген біреуді тағайындаған-тұғын. Сафидің жаңа бастық деп келе жатқаны да сол—Хананян. Жаңа бастық кабинет бастылау ма, қалай өзі, осы қызметіне былтырғы күз келгелі бері аралап көрген кәсіпшілігі санаулы-ақ. Құлсарыға тіпті де бармапты. Әлде, бас инженер жүр ғой деп, соған сене ме? Не ойлап жүргенін бір Құдай білсін. Не ойласа да дәл осынысы Сафиға ұнаған жоқ. Бастық деген жұмысшы арасына бармаса, олармен бетпе-бет кездесіп, хал-жағдаймен таныспаса, анау-мынау қиыншылықты сол сәтте шешіп жібермесе... онда ол бастық бола ма? Онда ол бір жансыз қуыршақ қой. Сафидің оған ренжуі де орынды. Бұрынғы қылығын қойшы, 61-ші ұңғы мұнай атып, әл бермей жатқанын төрт көз түгел отырып естіді ғой. Сонда Хананян не дәрмен көрсетті. Тіпті бастық боп, бір сөз айта алмады-ау. Бар болғаны шарасыздық танытып, басын шайқап отырып қалды. Қалған көз енді соған қадалған. Кілең бір сұраулы көздер. «Не істейміз? Не қайрат қыламыз?» Жаңа бастық сол сұраулы көздерді байқамай қалса өзі білсін, байқап тұрып бір ақыл-кеңес айтқан жоқ.

— Не істейміз?—деді бұл да шыдамай.

— Өзің біл,—деген сонда Хананян,—инженер емессің бе?

Бастықтан көңіл жұбатарлық ештеңе ести алмаған Сафи осының еті тірі-ау деген бірер маманды ертіп Құлсарыға сол күні-ақ жүріп кеткен-тұғын. Енді араға он бес күн салып үміті үзілердей боп келе жатқаны мынау. Хананян әдеттегідей кеңседе екен, Сафи асығыс келгенін сездіріп үстіне кіріп барды. Қысқа ғана амандық-саулықтан соң фонтанды тоқтатуға күш жетпей жатқанын баяндап өтті.

— Фонтанды тоқтатудың бір-ақ жолы бар,—деді ол трест бастығын үміттендіріп.

Манадан бері өңі қашып, боп-боз боп отырған Хананянның бетіне қан жүгіргендей, жүзі лап етіп шырайлана қалды.

— Ол қандай жол?

— Мәскеуге хабарлау керек. Әйтпесе, фонтан өртке ұласып кетуі мүмкін.

Сафи осыны айтып ауыз жиған жоқ, кәсіпшіліктермен байланысып отыратын жігіт рұқсат сұрамастан киіп-жарып кіріп келді де, қолындағы қағазды бастықтың алдына апарып қойды.

— Құлсарыда өрт шығыпты. Мынау сол туралы хабар.

— Өрт?! Құлсарыдан?!

Хабар әкелген жігіт жүзі күреңітіп, көзі қанталап төніп келген бас инженердің сұсынан қаймығып, қорқып кетті ме, бөлмеден сытылып шыға берді.

— Иә, өрт басталыпты,—деді әлгі жігіт үшін Хананян жауап беріп.—Қасыңызға бас механикті алып, осы қазір Құлсарыға жүріп кетіңіз. Мәскеуге хабарлап, олардың көмегі келгенше қолда бар күшпен амалдай тұрыңыз. Иә, иә, сүйтіңіз. Кідірмеңіз.

Сафи кідірген жоқ, үйге де соқпады. Кеңседен шыққан бойда бас механик Николай Неверов екеуі Құлсарыға қайта аттанып кетті.

Бұл 1939 жылғы наурыздың 14-і еді. *** Төбесін брезентпен жапқан «Уазик» Құлсарыға елу-алпыс шақырым қалғанда түн түнегін түріп, аспан астын шарпыған өртті бас инженер мен бас механик қатар аңғарған-тұғын. Сафи үндей қойған жоқ, ал Неверов кішкене мәшиненің ішіне сыймай кетті.

— Сафи Утебаевич, көрдіңіз бе, көріп келе жатсыз ба?

«Көргенмен қолдан келер қайран жоқ қой» дегендей Сафи үнсіз бас изеп еді, бірақ оны Николай Трофимович аңғарған жоқ. Сол аңғармаған күйі:

— Сафи Утебаевич, құдайым-ай, мынаған адамның әлі келе ме? Неге үндемейсіз, әлде көз алдыңыздағы өртті көрмей келесіз бе?

— Көрдім, көріп келе жатырмын. Мен бұрғы басындағы жұмысшылар аман ба екен деп, манадан бері уайымдап келем. Мұнараға жақын қонған бір ауыл бар еді. Сол ауылды фонтанның солтүстік-батысындағы Қамыскөл деген жерге көшіру керек деп нұсқау беріп кетіп ем. Көшіп-қонуды Сабыр Шәріпов ұйымдастыруы тиіс. Жауапкершілікті сезіне білетін, тәжірибесі мол кісі ғой, дегенмен ауылды көшіріп үлгерді ме екен?

Осыдан соң екеуі де өз ойымен өзі қалып, мәшине ішіне қозғағыштың бір сарынды гүрілі ғана естіліп тұрды. ...Жер дүниенің апшысын қуырып, аспан асты жер үстін қып-қызыл жалынға орап, үсті-үстіне өршіп, кейде құлақ тұндыра сатырлай жөнеліп, кейде зәреңді зәр түбіне жіберіп гүмп ете қап, артынша ысқырына лапылдап жанған мынадай қайыру бермес алып өртті Неверовты қайдам, Сафидің көріп тұрғаны осы. Құдай сақтасын! Адам бейшара әбүйірін жауып оң-солын тани бастағалы мың сан апатты бастан кешкен шығар? Бірақ, мынадай алапат өртке куә болып па екен? Бұ не зауал?! Қара жердің қысымына шыдамай қырық-елу метр биікке шапшыған мұнайдың өрті тіпті аспанмен таласып, түнгі қараңғылықтың өзін қыр асырып түріп тастағандай, айналасы бірер шақырымды ыстық жалынымен шарпып күйдіріп барады. Сафи Гурьевке аттанарда мұнара маңы мұнай көліне айналып үлгеріп еді. Енді көл беті бұрқ-сарқ етіп, бұрқ-сарқ еткен сайын маңайына мұнай шашып, шашылған мұнай жерге түспей патыр-пұтыр жанып... Құлсары майға шыжғырылып жатыр.

Таң біліне Құлсарыға келіп көргені осы болды.

Не істеу керек? Осы сұрақты өзіне Гурьевтен шыққалы мың мәрте қойған шығар? Сол мың мәрте қойылған сұраққа, манадан бері жауап таба алмай жанын жеп келді ғой.

Не істеуші еді? Өртті сөндіру керек?

Қалай сөндіреді? Жалаң қол кіре ме өртке? Бейшара бұрғышыларды отқа тоғытпаса, басқа не қайран? Айтпақшы, бұрғышы демекші... бұрғышылар дін-аман екен. Топ-топ боп мұнарадан төрт-бес шақырым қашықта безіп жүр. Отқа шарпылып қалмай, аулақ кетіп үлгергендеріне Тәңіріне тәуба десіп дірдектеп жүр.

Олар бұл екеуін көргенде құтқарушы кеп қалғандай жамырай ұмтылысты.

— Сафижан-ау, енді қайттік?

— Мынадай сұмдыққа қайдан тап болдық?

— Не жаздық Құдайға?

— Шиеттей бала-шағамыз зар еңіреп, жетім қала жаздады-ау!

— Енді шетімізден соттайтын шығар.

— Сөйтіп бала-шағаны тірі жетім ететін шығар.

Құдайды аузына алып зар илеген топтың ішінен біреу ес жиып, қалғанына басу айта сөз сөйледі.

— Ay, халайық, еңірей бергенше, ақылдасып іс қылайық. Инженер келді ғой, бір амалын табатын шығар. Соның айтқанын қыла берейік те?

Барлығы бас инженер мен бас механикке үміттене қарасты.

— Үрейге бой алдырып, дүрліге бермеңіздер. Бір-бірімізді ұғысып, бірлесе қимылдасақ көмек келгенше біраз шаруаны ыңғайлап қоярымыз анық. Қазір біз не істеу керегін ақылдасып, жоспар түзіп алғанша тамақтанып, жан шақырып алыңыздар,—деді Сафи.

Жап-жас жігіттің салиқалы сөзінен жұбаныш тапқан жұрттың боп-боз болған жүздеріне қан жүгіре бастады. Сафидің машина ішінде тербетіліп келе жатып ойлағаны мұнара түбіндегі көл болған мұнайды келесі бір ойға ағызып әкетіп, өрттің көлемін неғұрлым азайта түсу болатын. Осындағы мамандармен ақылдасып алған соң, күдігі басым қатерге қарсы барлығы бірдей білек сыбанып шықты. Бар мақсат сол ойды іске асыру. Бірақ, құмырсқаша қыбырлаған шарасыз адамды келеке еткендей алапат өрт одан сайын өршіп, ойранды салып-ақ жатыр. Жұмысшылар «Аллалап» жүріп, құбырларды бір-біріне жалғап іркілген мұнайды келесі бір ойға ағызу қамына кіріскенде, жан-жақтан жылжып жеткен жыланбауыр тракторлар өрттің одан әрі жайылып кетпеуі үшін ұңғыны айнала топырақ үйіп, жал жасай бастады. Шеңберленген осы жалды абайлап тарылта түсу үшін тракторшылар шыбын жандарын шүберекке түйіп жұмыс істеуге тура келді. Тракторымен бірге отқа оранып, күлге айналу әп-сәтте бола қалуы мүмкін еді. Осылай айдала, құла дүзде отпен арпалысқан оларға келесі күні де, одан кейінгі күн де тұяқ серпіп ешкім көмекке келген жоқ. Тек үшінші күн түске ауғанда ғана Бакуден алғашқы жәрдем келіп жетті. Ол— өрт сөндірушілердің әскериленген командасы болатын. Олардың ізін ала трестің бірқатар техникасы мен жұмысшылары өртке тұмсық тіреді. Көмек келген соң, өртке қарсы шабуыл қарқын ала бастады. Топырақ күреген тракторларға көмек ретінде өрт аузына қарай топырақ толтырған мыңдаған қап тасылды. Осы қаптардың қуыс-қуысынан жыланша сумаңдап, балақты қауып, бөліне жанып жатқан мың сан ұсақ отты елеп жатқан ешкім жоқ, барлығының назары ана жақта. Өртке қарсы шабуыл үдей түскен сайын, өрттің тынысы тарыла бастады. Өртеніп жатқан мұнай көлінің біраз бөлігі ойпаңдарға, ойпаң болмаса адам қолымен қазылған шұңқырларға құйылып алынды. Ендігі жанталас өртті осы мұнайға қарай жіберіп қоймау үшін болып жатыр. Өрт сөндіру барысында жұмысшылардың ас-суы мен демалысын ұйымдастыру басты назарға алынды. Әрине, көсіліп салып, алаңсыз ұйықтауға жағдай қайда, дегенмен шаршаған, қалжыраған жұмысшыларды демалту, қарнын ашырмау ұмыт қалған жоқ. Көл болған мұнайды құбырмен ойпаңға ағызып әкету, ұңғыны айналдыра үйген топырақ аясын тарылта түсу жұмысы бірнеше күн қатарынан тоқтаусыз жүргендіктен өрт алғашқы күндегідей емес, көлемін кішірейтіп жуаси бастады. Бірақ, жер астынан әлде де шапшуын тоқтатпаған мұнай онсыз да әл бермей жатқан отқа дамылсыз май шашып лаулатып тұр. Сондықтан, өрт сөндіруді басқарып жүрген мамандар «қалай болғанда да осы фонтанды ауыздықтау керек» деген тоқтамға келді. Бірақ, қалай?

— Аспанға шапшып жатқан мұнайды құбыр арқылы ағызып әкету керек,—деп ұсыныс айтты Сафи. Дағдарып отырған мамандар осыған тоқтады. Басқа амалдары жоқ еді. Бұл өзі соқырға ине сабақтатқандай өте қиын жұмыс болып шықты. Ұзын құбырдың екі басына болат арқан байлап, бір басындағы трактор өрттің арғы бетінен тартып, екінші басындағы трактор өрттің бергі бетінен сүйреп, айқай-сүреңмен, айнала шабыспен ұлы жобасына жақындаған сияқтанды. Ұңғының аузына кептелген құбыр арқылы ойға қарай сарқырап мұнай аға бастады. Бұрқақ сылқ түсті. Енді әлгі құбыр арқылы ағып үлгермей, сыртқа төгілген мұнай мен ауа жайылған газ жанып жатыр еді. Оның өзі жанына тірі жанды жақындататын емес.

Ұңғы маңының топырағы күрең-қызғылт тартып, бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Жер астынан алып бір құбыжық шыға алмай жанталасып жатқан сияқты. Алғашқыдай емес, өртке қарсы тұрған жандардың бұл күнде еті өліп кеткен сияқты. Қай-қайсысы да тапсырылған істі қалайда орындауға тырысып, отқа кір десең сөзге келместей халге жетіп еді. Бұл немене сонда, жаннан безу ме, әлде алғашында Құдайдың құдіретіндей көрінген қатердің бәсеңси бастағанынан үміттену ме? Бүгін ойлап қараса, осының екеуі де екен ғой. ... Ендігі мақсат—ұңғы аузына қарай мысық табандап жақындай беру. Ол үшін тағы да жал топырақ шеңберін тарылта беруден басқа жол қалмап еді. Топырақ үюмен тағы бірер күн өтті. Отты айналдыра салынған топырақ сақинасын одан әрі тарылту мүмкін болмай қалған кезде инженер-техниктер мен өрт сөндіру мамандары тағы да бір-біріне қарасты. Енді не істейміз? Бұл жолы не істеуді өрт сөндіргіштер біледі екен. Солардың ақылымен өрттің екі бетіне қарама-қарсы етіп бірнеше баған орнатып, олардың арасына болат арқан керілді. Олар осы арқан арқылы дәл ұңғы аузына он алты келі аммонол апарып, қопарылыс жасау жолымен өртті тоқтатамыз деген тоқтамға келді. Бірақ, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Маврин деген біреу, өрттің неше түрін бастан кешіп жүрген адамдай-ақ, салған жерден қарсы шықты. Оның ойынша, қопарылыс жасаған соң, ұңғы аузы одан сайын үлкейіп кетеді екен. Сөйтіп, өрт одан әрі шалқи жөнеліп, әл бермей қоятын көрінеді. Бірақ, оның болжамының инженерлік-техникалық жағынан еш негізі жоқ болатын. Сафи да, Баку өрт сөндірушілер командасының бастығы Сикорский да мұны Мавринге қанша айтса да ұқтыра алмады. Қопарылыс жасау әдісінің тиімді екеніне өрт сөндіруді тікелей басқарып жүрген бұл екеуінің көздері анық жеткен. Сол себепті, өзі маман болмаса да қасарысып қалған Мавринге түсіндіруден жалыққан жоқ. Мавринге «Егер сіздің айтқаныңыз келіп, ұңғы аузы үлкейіп кетсе, Сөйтіп, өрт әл бермей қойса, онда біз-ақ жауапты болайық» деп ұзақ айтысып-тартысып тұрып алғасын ғана жібіді. Онда да амалдың жоқтығынан. Бел шешпей күні-түні өрт сөндіруді басқарып жүрген Сафи мен Сикорский қопарылыс жасауға рұқсат алысымен дайындық жұмысына кірісіп кетіп еді, сол сәт бұларды неше күннен бері сырттай аңдып жүрген НКВД-ның екі үндемесі Сафидан сұрақ-жауап алам деп, талап етіп отырып алсын. Бұл енді қайттік дегендей Сикорскийге қарады. Бойы екі метр болатын Сикорскийдің шықшыты ойнап, шыдамы кете бастаған екен. Сол сәт ол көз ілеспес шалттықпен пистолетін суырып алып екі үндемеске қарап ақырып жіберді.

— Кет бұл жерден!

Сикорский өзін-өзі ұстай алмай, көзі қып-қызыл боп, анау екеуін ішіп-жеп барады.

— Кет!

Анау екеуі жылыстап сытылып шыға берді.

— Көрінбе көзіме! Көзіме көрінсең, атам... ит сияқты атып тастаймын.

Үндеместердің сондағы зытқанын көрсең.

Олар қарасын жоғалтқан соң Сикорский сабасына түсіп, дайындық қайтадан басталды. Қайта-қайта пысықтап, электр тоғын жіберетін сымды тексеріп болған соң, өртті айналдыра өртсөндіргіш мәшинелерді қаз-қатар тізіп тастап, өздері қауіпсіз жерге жүгіре жөнелісті. Сол сәт электр тоғы тұтатып жіберген аммонол күшті қопарылыс жасап, өрттің төменгі бөлігін тұншықтырып тастады. Үстіңгі бөлігі соңғы рет қарақошқылдана лап етіп, ашық аспаннан тұрақ таба алмай лезде ғайып болды. Осыны күткен өртсөндіргіштер тұс-тұстан қатты қысыммен су бүркіп неше күннен бері ойран-ботқасы шығып жатқан жердің қызуын басып жатыр. Енді неше күннен бері мұнай шапшып, өрт шалқып тұрған жерден көкке құшақ-құшақ бу көтерілді. Ыстық тасқа су сепкендей жер жарықтық бырысып-тырысып ыңырсуын қоя алар емес. Ал, мұнай болса бәз-баяғыша, құдды бір өрт болмағандай, мына жұрт неше күн, неше түн жанталаса қимылдамағандай, сол алғашқы қалпынша сарылдап ақты да тұрды. Ендігі шабуыл дәл сол ұңғының аузы болатын. Ұңғының үстіңгі флянеціне монифольт жалғастырылуы керек. Оған тәжірибелі механиктер Неверов пен Құлбаев өздері баратын болды. Ол екеуіне көмектесуге бірнеше мұнарашы жіберілді. Солардың ішінде Сафидың туған ағасы Қали да кетіп бара жатты. Әрине, жаңа ғана сөнген өрттің тағы да тұтанып, лап ете қалуы әбден мүмкін еді. Солай болса да тура ажал аузына беттеп бара жатқан ағасына Сафи «қайт» дей алмады. Егер, тағы да өрт шығып кетіп, олар ұңғы аузынан қайтпай қалса, Сафидың басы бәлеге шатылды дей бер. Мүмкін, Қали осыны ойлаған шығар, әйтеуір әлгі жауапты жұмыс тапсырылған топқа өз еркімен қосылды. Олардың жұмысына сол арадағы бүкіл жұмысшы, бүкіл өртсөндіргіш демдерін іштен алып, аман-сау бітіруін тілеп, қарап тұрды. Солардың тілегі ме, әлде механиктердің ептілігі ме, әйтеуір ұңғы аузындағы жұмыс тез әрі сапалы орындалды. Ажал аузына барған сол бесеу сонан соң бері қарай жүгіре жөнелгені мұң екен... цементтеуші агрегаттар іске қосылып кеп кетті. Сөйтіп, бір ай бойы үрей мен қорқынышта ұстаған ұңғының көмейіне жүз жиырма тонна сұйық цемент құйылды. Бұрқақ пышақпен кескендей тиыла қалды. Сафи сонда ғана қатты қалжырағанын сезіп, тұрған жерінде теңселіп кетті. Көзіне ұйқы тығылып, кірпігі кірпігіне іліне берді.

Бұл 1939 жылғы наурыздың 31-і еді.

Бар ынта-ықыласыңмен адал атқарып жүрген жұмысыңнан біреу қасақана ілік іздеп жатса қандай күйге түсер едің? Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының кері ғой бұл. Сондай күйді Сафи да бастан кешті. Он бес күн атқылаған мұнайдың он бес күн өртенуі миллиондаған соммен өлшенетін қыруар шығын ғой. Әрине, өкінішті. Алайда, бұл үшін ешкімді де кінәлай алмас едің. Мұндайды қазақ «жазым» деп жалғыз ауыз сөзбен түйіндей салған. «Жазым аяқ астында» деген сосын. Мынау да сол. Ешкім де ашық бұрқақты әдейі жасаған жоқ, ешкім де өртті қолдан тұтатқан жоқ. Қастық та, қысастық та болмаған. Алайда, қашан көрсең бәле іздеп жүретін НКВД жендеттері Сафидың соңынан шырақ алып түсті. Өрттен бұрын да иісшіл иттей тіміскілеп жүрген олар енді мынадан кейін жерден жеті қоян тапқандай өре түрегелмесін бе? Тіпті, өрт болып жатқанда да, сонау Гурьевтен әдейі кеп, сұрақ-жауап алам деп есті шығарды емес пе? Анадай алапат өрттің сөну-сөнбеуі екіталай боп тұрғанда, өздерінің де шыбын жандары шүберекке түюлі тұрғанда, бұл дегенің Сафи үшін тым ауыр соққы-тұғын. Тым ауыр болса да көтерді ғой. Бірақ, дәл осы жағдай, НКВД қызметкерлерінің іздеп келуі мен сұрақ-жауап алам деп мазаны алуы, онсыз да шуда жіптей ширатылып тұрған жүйкені жұқартып кетті. Егер Сикорский болмағанда... Сүйтсе, бұның сыртынан талай мәрте тон пішіліпті ғой. Оның бәрін ұзынқұлақтан кейін естіді емес пе. Гурьев өз алдына облыс болған соң облысқа бірінші хатшы боп Қалдыбай Байманов деген кісі тағайындалып еді ғой. Міне, осы кісіге Сулема деген НКВД-ның жендеті айтыпты: «Анау Өтебаев деген ашық фонтан жасап, көл-көсір мұнайды өртеп жатыр. Бұл жас Совет өкіметіне деген үлкен қастандық. Өтебаевты ұстау керек, қамау керек» деп. Сонда Байманов тұрып:

— Смотри,—депті. — Ондай адамды жауып тастау үшін Жоғарғы Кеңестен рұқсат алу керегін білесің бе?

Сулема Сафидің Жоғарғы Кеңеске депутат екенін сонда ғана біліп, бұнымен содан бері байқап сөйлесетін болып еді ғой. Бірақ, Сафи қауіптен ақи-тақи құтыла алмады. Жүйкені жұқартқан, төзімді тауысқан тіміскілеулер тиылған жоқ. «Орнында бар оңалар» демекші, қанша шығын шықса да, сол 61-інші ұңғыдан өндірілген өнім шығынды бір жыл ішінде жауып тастады ғой. Ал, жөнсіз жұқарған жүйке мен жала кесірінен жүрекке түскен жара жуық арада жазыла ма? Содан бері Сафидың оларға деген өкпесі қара қазандай. Бұл да оларды аямасқа бекінді. Алматыға қызмет бабымен барған бір сапарында әдейі жұмыс қып Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцовтың қабылдауында болды. Сонда Сафи ештеңе жасырып қалған жоқ. Мұнайдың қалай атқылағанын, оның қалайша тез арада көлге айналып, оның қалай отқа оранғанын, сол өрттің жанкештілікпен қалай сөндірілгеніне дейін бүкпесіз жайып салды. Осы жұмысқа кедергі келтірген НКВД қызметкері Сулема мен облыстың екінші хатшысы Мавриннің іс-әрекетін, пиғылын айтпай тұра алмады. Орталық комитеттің бірінші хатшысы Сафидың имандай шынын айтып тұрғанын жазбай таныды. Таныды да бұған жігер бере сөйледі. Владимир Ильич Лениннің «Бізде Гурьевтің мұнайы бар» деген сөзін еске ала отырып, сол мұнайды көптеп өндіру жолында алаңдамай жұмыс істей беруі керегін айтты. Сафи бірінші хатшыдан қуанып шықты. Қолдау көріп шықты. Өзінің адал атқарған қызметінің әділ бағасын алғандай толқыды. Енді ше, қалың өрт өршіп тұрғанда да, қоғам сол өрттей адамның апшысын қуырып тұрғанда да жанын бағып қалған бұл жоқ еді. Кешегі өртте жұмысшылармен бірге, олардың сөне бастаған үмітіне дем беріп, солармен бірге отқа да, суға да түсіп, ерлік көрсетті. Қалжыраған жұмысшылар бұған қарап қайраттанды ғой. Басқасын қойшы, өрт сөндірілген күннің ертеңіне кештетіп үйге келген мұны Шәрипа танымай қалған жоқ па? Қалай танысын, қас-кірпігі тегіс үйтіліп қалса. Кештетіп кеп есігін қаққан бұның «бұл мен ғой» деген дауысы тарғылданып шықса.

Сөйтіп жүрген Сафиға да біреулер халық жауы деп жала жауып бақты-ay. Н.А.Скворцовқа кіріп көңілі жайланған Сафи елге орала сала ештеңе ойламастан жұмысына кірісіп кетті. Анадағыдай НКВД мазалай қойған жоқ. Көзіне Сулема да, Маврин де түспеді. Олар бұл облыстан аластатылған еді.

Уақытша болса да бұлардың Мәскеу тұрғыны болғанына осы айдың соңында алты ай болады. Сафи осында алты айлық білім көтеру курсында жыл басынан бері оқып жүрген. Осы курсқа Ауыр өнеркәсіп Халкомының бірінші орынбасары Николай Константинович Байбаковтың ұсынысымен келген еді. Әйтпесе, оқу оқып жүретін мезгіл емес, «Эмбанефтінің» кәсіпшіліктерінде жұмыс дегенің бастан асады. Сафи, ә, дегенде осылай ойлағанымен алғашқы лекциядан соң-ақ ол ойынан айнып шыға келді. Үйткені, мұнай өндірудің жылдан жылға дамып, жаңарып келе жатқан технологиясы туралы оқылып жатқан лекция мұны салған жерден баурап ала жөнелген. Гурьевтен шыққан бетте-ақ Сафи Шәрипаға Қызыл алаңдағы Мавзолейде жатқан Владимир Ильич Ленинді көрсетемін деп уәде беріп еді. Бірақ, Мәскеуге келгелі сол

уәдесін орындай алмай-ақ қойғаны.

Бұлардың тоқтаған жері қаладан отыз-қырық шақырым қашық жер. Томилин деген демалыс орны. Табиғаты әсем шағын ғана қыстақ. Осындағы бір жеке үйді алты айға жалдап алған. Тұрған пәтері қалаға қашық болғанмен екі аралықта электр пойыз қатынайды. Сафи осы пойызбен таң атпай лекцияға кетіп бара жатады. Кешкісін қас қарая үйге шаршап келе жатады. Бір күн демалысында тағы бір күтпеген шаруа аяққа орала кетеді. Осылай Шәрипаға берген уәдесін орындай алмай жүр еді. Шәрипа да соңғы күндері соны еске қайта-қайта салып мазасыз боп алған.

— Оқу мерзімің де бітіп қалды. Ал, сенің уәдеңді орындайтын түрің жоқ,—деді Шәрипа Сафиға кешкі шәй үстінде.

— Соны өзім де айтайын деп отыр едім. Дайындал, ертең барсақ барып келейік. Әйтпесе, оқу да бітіп қалды. Сосын-сосынмен өзім де әбден өтірікші боп біттім,—деп күлді Сафи.

— Шын айтасың ба?—деп қуанғаннан Шәрипаның жанары жарқ ете қалды.—Ертең елге барған соң мектептегі мұғалімдерге «Қызыл алаңды, Ленинді көруге уақыт таба алмадық» деп қалай айтамын деп қысылып жүр едім. Жақсы болды ғой. Айтпақшы, балаларды... Света мен Әбдірахманды не істейміз?

— Светаны ауыртып алармыз. Әлі кішкентай ғой, екі-ақ жаста емес пе? Ығы-жығы адам. Әсіресе, мавзолейге кірерде кезекке тұрып қаламыз,—деді Сафи. — Одан да Әбідарахман екеуі үйде қалсын. Балдыздың рахатын осындайда көрмегенде қашан көремін?

Әбдірахман Шәрипаның немере інісі. Жүзбайдың туған інісі Тоқсанбайдың ұлы. Күйеуі қайтыс болып, күйі кеткен Мағрипа Әбдірахманды Сафи мен Шәрипаның қолына тәрбиелеуге жіберген. Содан бері ол осы үйде еді. Сонымен не керек, маусымның 22-сі күні жексенбіде Шәрипа екеуі электр пойызға мініп, орталыққа қарай жөнеп беріп еді. Әйел адам зады байқампаз ғой, пойызға отырысымен-ақ:

— Москва халқы қалай өзі. Көздерінде үрей ме, қорқыныш па, әйтеуір абыржулы ғой,—деп Сафидың құлағына сыбыр ете қалды.

Сафи сонда ғана жан-жағын шола қарап, жүргінші жұрттың әңгімесіне құлақ түрсе, айтып келе жатқаны соғыс туралы. «Киевке бәлен бомба тастапты, Харьковке түген бомба тастапты» деп келе жатыр. Әр нәрседен хабары бар Сафидың жүрегі осыны естігеннен-ақ мұздап сала берді. Бірақ, онысын Шәрипаға сездірген жоқ. Қызыл алаңға келсе радио саңқылдап сөйлеп тұр. Сафи В.М.Молотовтың дауысын тани кетті. Ол Одақтық Халық комиссарлар Советі председателінің орынбасары, Сыртқы істер министрі еді. В.М.Молотов фашистік Германияның бейбіт жатқан Совет еліне күтпеген жерден ескертусіз соғыс бастағанын хабарлап, азаматтарды Отан қорғауға шақырып жатыр екен. Мұндай хабарды күтпеген халық радиоға құлақ қойып, сілейіп-сілейіп тұрып қалыпты. Сафи олардың көздеріне ұялап үлгерген үрейді енді ап-анық аңғарды. Аңғарғаны сол екен, өзі де үрейге ерік берді. «Соғыс! Ер азамат түгел соғысқа аттанбақ. Соғыс деген өлім мен өмірдің арпалысы.» Осы жаңа ғана сең соққандай сілейіп тұрып қалған халық, бір қараса, әлдеқайда жүгіре басып тарай бастаған екен, бұл да Шәрипаның білегіне шап беріп, Мавзолейге қарай дедектетіп ала жөнелді. Сафи бұл кезде орда бұзған отыздың екеуін толтырған, ақыл тоқтата бастаған кез. Енді не істеу керегі оған ап-айқын бола кетті. В.М.Молотовтың жігерге толы сөзінен қайрат алған ол мәңгілік ұйқыға кеткен көсемнің алдында «өз еркіммен соғысқа аттанамын» деп шешті. «Владимир Ильич, қазір осы арадан отан қорғауға аттанамын. Біз жеңеміз. Ант етем!» деді сосын іштей. Мавзолейден толқып шықты. Шыққан бойда Шәрипаны үйге қайтарып жіберді де, өзі жүгіргеннен жүгіріп отырып қалалық әскери комиссариатқа тартты. Барса, комиссариат алды ығы-жығы адам, ине шаншар орын жоқ. Кезек күткен лектің соңы көрінбейді. Өзінің ойынша, үш шақырым қалай да бар. Егер кезекке тұрар болса комиссарға бүгін де, ертең де, тіпті оның арғы күні де кіре алатын түрі жоқ. Сонан соң «Әй, тәуекел!» деп әлденеге бекініп, кезектің басына тартты. Басына барса, екі әскери адам кезекке тұрған халықты біртіндеп комиссарға кіргізіп тұр екен. Сафи сол екеуіне «Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаты» деген куәлігін көрсетіп:

— Кезек күтіп, комиссарға кіре алатын түрім жоқ. Соған көмектесіңіздер, жолдастар,—деді.

Анау екеуі өзара ақылдасып, бұны кезексіз кіргізді де жіберді. Комиссариаттағылар соғыс жағдайына сол күні-ақ көшкен. Сарт-сұрт еткен қарулы солдат бұны комиссардың алдына бір-ақ шығарды.

— Не шаруамен жүрсің?—деді комиссар әй-шәй жоқ.

— Мені тезірек соғысқа жіберіңіздер.

— Түсінікті. Фамилияңды айт!

— Өтебаев Сафи.

— Мекен-жайың?

— Қазақстан.

— Қазақстан?!

— Иә, Қазақстан. Осында оқып жатырмын.

— Оның қай жері?

— Гурьев.

— Мамандығың?

— Мұнайшы.

Сол-ақ екен, қағаздан бас алмай шұқшиып отырған комиссар селт етіп, басын көтеріп алды.

— Мұнайшымын дейсің бе?

— Иә, мұнайшымын.

— Соңғы жұмыс орның?

— «Ембімұнай» тресі.

— Кім боп істедің?

— Инженер.

— Инженер?—деп комиссар қайталап қалды да, қаламын стол үстіне тастай салды.—Мұнай инженері болсаң, жолдас Өтебаев, біз сені соғысқа жібере алмаймыз. Сондай бұйрық бар. Ал, қазір боссың. Тезірек жұмыс орныңа жет. Мен саған бұйырамын.

— Жолдас комиссар...

Айтып үлгерген жоқ, әлгі ертіп келген солдат бұны қақпайлап сыртқа шығарды да жіберді. Жолы болмай іші удай ашыған Сафи енді ойланбастан Нарком орынбасары Николай Константиноваич Байбаковқа жетті.

— Біз сізді қайдан тапсақ екен деп отыр едік. Өзіңіз келіп жақсы болды ғой,—деді Байбаков бұны көріп қуанып кетіп.

— Николай Константинович, көмектесе көріңіз,—деп аптықты Сафи, оның неге қуанып кеткеніне мән бермей.

— Не боп қалды?

— Мен лейтенантпын ғой. Өзіңіз білесіз, Бакуде сондай әскери шен берген жоқ па еді.

— Түсінбедім. Оны маған неге айтып тұрсыз?

— Соғысқа кетуім керек. Ал, әскери комиссар мені жібермеймін деп қасарысып отыр.

— Тоқта, тоқта! Сіз не деп тұрсыз?—деп Байбаков орнынан ұшып тұрды.—Сіз лейтенанттан бұрын мұнайшысыз. Мұнайшы-инженерсіз. Сіз кез келген адам мұнайшы бола алмайтынын біліп қойыңыз.

Николай Константинович кабинет ішін кезіп кетті.

— Жоқ, жоқ,—деді әлден уақытта.—Сіз кешікпей Гурьевке жетуіңіз керек. Біз сізді өзіңіз ашқан Құлсарыға деректір етіп тағайындадық. Бұл республика орталық комитетімен, обкоммен келісілген. Дереу соған жетуге тиістісіз. Отан алдындағы борышты сіз солай ақтайсыз.

Сафи оған не дерін білмей қалды. Не десін, айтып тұрғаны дұп-дұрыс. Николай Константинович қабырғадағы мұнай көздерінен хабар беретін үлкен картаның алдына барып:

— Міне, мұнда қараңыз, Майкоп пен Грозный мұнайын цементтеп тастауға бұйрық берілді. Неге екенін түсінетін боларсыз. Мақсат фашистің қолына мұнай бермеу. Келешек, кім біледі, Бакуді де жапқандай боламыз ба? Қазір жалғыз үмітті жер Ембі болып тұр. Баку жабылмаған күнде де, енді ол мұнайын соғысқа жеткізіп отыру үшін «Ембімұнайдың» құбырларын пайдаланатын болады. Сондықтан, Сафи Өтебаевич, сіз Құлсарыға тез жетіңіз. Бұл—бұйрық! —деді.

Сафидің Байбаковты тыңдамасқа амалы жоқ еді. Иә, соғыс десе, Сафидың ойына Мәскеудің сол бір қаралы күні еріксіз орала береді.

Соғыс зардабы, ә, дегеннен-ақ сезілді. Кілең бір әскер тиеген, кілең бір азық-түлік, қару-жарақ тасыған пойыздар қарсы бақытқа жөңкіліп жатыр. Бұлар мінген пойызға жол берер емес. Әшейінде Мәскеуден Оралға дейін бірнеше күнде жетіп келетін пойыз, бұл жолы кібіртіктеп бұларды он күн теңселтті де қойды. Елге келсе, елде де дүрлігіс. Ер азаматтарды соғысқа үздіксіз әкетіп жатыр. Оларды шығарып сап, жылап-сықтаған әйелдер мен балалар. Сағы сынған шал-кемпірлер. Жолдағы он күндік жүріс, елдегі мына жағдайдың өзі ендігі жерде не істеу керегін айқындап-ақ тастап еді. 1920 жылы Баку мен Грозныйды ақ гвардияшылар басып алғанда бар тіршілік осы Ембіге қарап қалмап па еді. В. И. Лениннің «Бізде Гурьев мұнайы бар» дегені де сол кез ғой. Міне, енді бүкіл ел тағы да Ембі мұнайына үміт артып отыр. «Мұнай неғұрлым көбірек өндірілсе, жеңіс те соғұрлым тезірек болады». Расында да жағдай солай еді. Ембі мұнайынан жоғары сапалы бензин мен авиациялық жанармай алынатыны бұрыннан да мәлім еді, енді осы қасиеті тіпті ерекшеленіп көрінді. Ендігі міндет өндірісті қайткенде де жеделдету. Бұл орасан зор қиын жұмыс еді. Олай болатыны дәл сол тұста Құлсарыда Жаулыбай Алдақовтың бригадасы қазған №10 ұңғы мен Шуақали Қарамендиевтің бригадасы бұрғылаған №182 ұңғы ғана бар. Бұл екі ұңғы фонтан бергені болмаса, осы күнге дейін өндірістік мұнай бере қойған жоқ. Ол екеуін іске қосу керек. Ал, анау апатқа ұшырап он бес күн өрт болған №61 ұңғының аузы цементтеліп ол жатыр. Оны қайта құру, қайта мұнара тұрғызу дегенің жұмысты жаңадан бастағаннан қиын. Әрі көп уақытты алады. Бұл үш ұңғыны қатарға қосумен іс бітпейді, басқа да нүктелерге бұрғы салынуы керек. Үш ұңғы бір кәсіпшілікке тым аз. Әрі мынадай соғыс жағдайында. Осындай ұшы-қиырсыз ауыр жұмысты атқаруға жұмысшы қажет қой. Ал, жұмысшыға бұл жерде тіпті де жағдай жоқ. Сол тұста жағдай деген не? Жағдай деген жұмыстан соң басыңды сұғып жататын баспана ғой. Құлсарының басында бары бірер жеркепе ғана. Одан басқа түк те жоқ. Міне, дәл осындай жағдайда Сафи Құлсарыны қабылдап алып, кәсіпшілік директоры болды. Бұл 1941 жылғы шілде айының басы еді.

Жұмысқа қолбайлау дегенің мың сан, жетпей жатқан нәрселер басыңдағы шашыңнан көп. Ең қиыны соғыс мұнайшыларды тірілей жұта бастады. Қарттар мен әйелдер, жас балалар жұмысқа шықты. Оларға жұмыс істей жүріп үйретуге тура келді. «Кез келген адам мұнайшы бола алмайды» деген Байбаковтың сөзін осы кезде еріксіз еске алып еді. Сафи кеше кешкілік жүрек жалғап алған соң машинаның артқы отырғышына қисая қойып еді, қапелімде көзі ілініп кетіпті. Содан таң бозарып атқанша тұяқ серппей ұйықтады. Бүктетіліп жатқандықтан ба, арқа-жотасы сырқырап ауырып қалыпты. Ояна салысымен машинадан секіріп түсіп, сол арада қол-аяғын керіп, бірер жаттығу жасады да бұрғышы, мұнайшылардың жеркепесіне қарай адымдай басып жүріп кетті. Ол ең әуелгі әрекетін осы отыз шақты маман жұмысшыға жеркепе қаздырудан бастап еді. Олар қазір кезектесіп күндіз-түні мұнара құрастыру, бұрғылау жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп жатыр. Бұларға үш мезгіл ыстық тамақ әзірлеп беру қатаң тапсырылған. Соғыс жағдайын, обалы не керек, олар да жақсы түсінді. Қыңқ деген жоқ. Өзі болса да күндіз-түні осылардың қасында. Тағы да жетіспеушілік. Бұрын жетпеген нәрсені жоғарыға айтып жүріп, қалай да таптырып алушы еді. Ол кезде төменгінің жұмыс істеуі үшін, жоғары жақтың жағдай жасауы, жоқ нәрсені жеткізіп беруі міндет болса, енді тіпті, көмек сұраудың өзі айып болып қалды. Оның басын қатырған да осы жағдай еді. Тіпті, қыс түскенше жатқыза тұруға палатканың өзі де жоқ. Ал, жұмысшыда не болушы еді, ол байғұстың қол күшінен басқа түгі де жоқ қой. Бір күні Сафи барлығын жиып алып жағдайды айтып, қысқа дейін бір әрекет жасау керегін түсіндірді.

— Оның жиылып біреуіңе үй салыңдар,—деді ол.—Мүмкін, екі-үш отбасы бір үйде қыстап шығуға тура келетін шығар. Әйтеуір, қалай болғанда да биыл амалдап шығу керек. Бірақ, үй салу жұмысқа кедергі болмасын.

Сафи жұмысшыларға жұмыстан тыс уақытта үй салып алыңдар деуін десе де, құрылыс заттары тапшы екенін ойламай қалған жоқ. Ойлады ғой. Ойлап отырып әлгіндей тапсырма беруге мәжбүр болды. Оны жұмысшылар да түсінді. Басқа уақыт болса, «Кірпішті қайдан аламыз, ағашты қайдан аламыз?» деп шу ете қалар еді ғой. Бұл жолы барлығы да үнсіз тарасты. Бірақ, Сафи сол күйі үнсіз қалған жоқ. Айтылмай іште кеткен сұраққа іспен жауап қатты. Құлсарыдан жүз шақырымдай жердегі Атырау жағасындағы Жылыойдың ескі қаласында бұзылмай қалып қойған көне үйлердің ағаш тасын тасуды ұйымдастырды. Ол да жетімсіз болды. Құлсарыдан екі жүз шақырым қашықтықтағы патша заманынан қалған Прорва бар еді. Оның да ағаш тасын бұзып әкелуге көлік сайлады. Бұзып әкелінген құрылыс заттарының әділ бөлінуін өзі қадағалайтын. Сөйтіп, қыс түскенше Құлсары басында мыңдаған жұмысшы тұратын баспана тұрғызылды. Бұл ғана емес, жан алып, жан беріскен жұмыс өндіріс базаларын, гараж, шеберхана, электр станциясы, мұнай құбырлары сияқты тағы басқа да өндіріске керекті құрылыстар салынғанда қызу қарқын алды. Міне, осының бәрінде бір де бір жаңа зат қолданылған жоқ. Бәрі ескі. Жоқтан бар жасалды. Жыртық жамалды. ...Атыраудан Алматыға қарай самғаған жайлы ұшақ ішінде отырып, өткен өмірге көз жүгірткен қарт Сафи coл бір сұрапыл күндер еске түскенде еріксіз бас шайқады. «Ойпырмай, жетпей жатқан нәрсені санап тауыса алмаушы едік қой» деді іштей. Ұшақ ішінде бірге келе жатқан басқа жолаушылар 95 жастағы қарттың арпалысқан ойымен жұмыстары жоқ, өздерімен өздері болып отыр. Aл, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... ...Құрал-жабдықтың жетіспейтіні сонша, бұлар ескі кәсіпшіліктегі сыздықтап қана мұнай беріп тұрған ұңғыларды тоқтатып, құрал-жабдықтарын жаңа бұрғыланған ұңғыларға бөлшектеп апарып орнатуға мәжбүр болды ғой. Бұзып алған құрал-жабдықты тасымалдауға көлік жетіспей өмір жасты өксіткен күндер ше. Баяғыша түйе арбаға иек артылды. Онда да түйе арба табылмады, табылса оны сүйрейтін түйе іздеп зыр жүгіретінсің. Оны да қойшы, бәрінен бұрын мұнайды аз беріп тұрған, құрал-жабдықтарын бөлшектеп алуға болатын ұңғылар да көп емес еді ғой. Құбырдың жетіспеушілігінен ұңғыны кондукторсыз қазу әдісін өндіріске енгізіп те көрді. Соның бәрі амалдың жоқтығынан. Әрине, кондукторсыз қазуға бұлар тәуекел десті. Әйтпесе, ғылыми негізделмеген нәрсе ғой, ертең ойлағандары болмай, бар еңбек зая болса, бас кететін шаруа. Бірақ, абырой болғанда, бұрғылау нәтижелі болды. Кондуктор деген бұрғылауды бастағанда қазылып жатқан ұңғыға аузынан құм құламасын деп қосымша салынатын кең құбырды айтады. Оның өзі анау-мынау емес, жетпіс метр. Бір күні Сафи мұнарасы тұрғызылып бұрғылауға дайын болған мұнара басына келсе, әлдеқашан жұмыс істеп кетуге тиісті ұңғы маңы тып-тыныш. Алдынан қысқа мұртын сипап бұрғылау шебері Бейсенғали Өтеулиев шықты. Бисекеңнің бұдан мүшел жас үлкендігі бар еді. Алғаш көрген адамға миығын солға қарай тартып, жымиып жүрген адам сияқты боп көрінетін. Бұл оның үлкендігін де, шеберлігін де сыйлап құрмет тұтушы еді. Бірақ, әлдеқашан жүріп кетуге тиісті жұмысты тоқтатып қойғанына түсінбей қалды.

— Бейсеке, бұл қалай? Бір минуттың қымбат екенін білмеуші ме едіңіз, немене? Бұрғылауды бастамай не қып жүрсіздер?

— Маған бір ой келіп, соны ақылдасайын деп өзіңе барғалы жатыр едім.

— Е-е, о не қылған ой?

— Бәрі дайын болғанда кондукторға құбыр табылмай қалды. Соған байланысты ой ғой. Осы кондукторсыз-ақ қазсақ не болады? Инженерсің ғой, соған сен не айтады деп...

Ана жолы дәл осындай кең құбыр табылмай қап, ұңғыны бұрғылау бірер күнге кешіккенде кондукторсыз-ақ қаза беруді Сафи да ойлаған. Жердің құмнан емес саздан тұратынын ескерген. Бірақ, артынша қажетті құбыр әкелінді де, бітпей жатқан жұмыстарға алданып, әлгі ойы естен шығып кетіпті. Енді соны Бейсекең еске түсіріп тұр..

— Бейсеке, алдымен сіз мынаған жауап беріңізші. Осы кондуктор не үшін салынады деп ойлайсыз?

— Е-е, неге дерің бар ма? Қазған жерге құм құйылмауы үшін де.

— Ал, мына жерден құм құйылар ма еді?

— Дәл мына жер сап-сары саз, құйыла қоймас.

— Беті сазы саз-ау, одан төменгі қабатта не бар екенін қайдан білесіз?

— Сазды жерден көбіне құм шыға қоймайды. Егер құм көп шығып жатса, оны көреміз. Ойымыз іске асса, құбыр да үнемделер еді.

Директор сәл ойланып тұрды да: «Қазсаңыз қазып көріңіз» деді. Бисенғалидың да, мұның да болжамы расқа шықты. Кондукторсыз қазылған ұңғы басқа ұңғылар сияқты мұнай берді. Бұл Одақ бойынша кондукторсыз қазудың алғашқы тәжірибесі еді. Осылайша айналасы аз уақытта қолда бар құрал-жабдық пен адам күшін жұмылдырудың арқасында Құлсарыда қайнаған тіршілік басталды. Осы қайнаған тіршілікті шебер прорабтар Качалин, Болонкин, Омар Өтебаев, Өтеп Тоқсанбаев және Тоқмұрзиевтер мұнара құрастыруды мезгілінде бітіріп, тоқтатпай демеп отырды. Одан басқа да ұланғайыр жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ұңғы сайын құбырлар мен өлшегіштер, траптар мен резервуарлар салынып, қажетті тұстарға насостар орнатылды. 1941 жылдың басында Құлсары кәсіпшілігі тәулігіне бар болғаны елу тоннаға жуық мұнай беріп тұрып еді. Ал, әлгіндей қызу жұмыс арқасында 1942 жылдың алғашқы тоқсанында тәулігіне 800 тонна мұнай өндіруге қол жетті. Бұл жалпы «Ембімұнай» тресіне қарасты барлық кәсіпшіліктер өндірген мұнайдың үштен бірі еді.

Сафи сол күні Шәрипаға айтқан уәдесінде тұра алмады. Наурыздың 8-і еді. Халықаралық әйелдер мейрамы. Ол бүгін әдеттегідей ұйқысынан ерте тұрды. Апыл-ғұпыл таңғы асын іше салысымен кәсіпшілікке асықты.

— Шәрипа,—деген кетерінде.—Жаудың да беті қайта бастады, өндіріс те жанданып келеді. Бүгін мереке ғой, жұмыстан ертерек келермін.

Соғыс басталғалы жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген күйеуінің мына сөзінен соң Шәрипа көңілденіп сала берді. Қазанға ас салып қойып, құлдыраңдап жүгіріп жүрген Светаны қолына алды.

— Бүгін әкең жұмыстан ертерек келетін болды ғой,—деді қуанып.

Бірақ, әкесі жуық арада келе қоймады. Оны Шәрипа да, Света да асыға күтті. Әкесін күте-күте шаршаған Света кешкі асын ішіп алған соң балбырап сөйлеп жатып ұйықтап қалды. Шәрипаның таң атқанша көзі ілінбеді. Тықыр естілсе «Сафи емес пе екен?» деп елеңдеумен болды. Бірақ, Сафи келген жоқ. Ертеңіне де, одан кейін де. Тек бесінші күні ғана, наурыздың 12-сінде кешкісін сырттан «Шәрипа» деген Сафидың қарлыққан дауысы естілді. Неше күннен бері үрейі ұшумен болған Шәрипа үйден жүгіре шықты. Жүгіре шықты да киімі мұнайдан сығып алардай боп есік алдында тұрған Сафиді көріп жылап жіберді.

Бұл оқиға былай болған еді.

Жер жарықтықтың қойнауында не тылсым барын тек бір Тәңірі біледі ғой. Оған «ә» дегенде адамның білімі де, қиялы да жетпейді. Адам тек болжайды. Ал, болжамының дұрыс-дұрыс емесі тәжірибеге байланысты. 1941 жылдың басында, Сафи Мәскеуде оқып жүргенде қазылған №182 ұңғы әжептәуір мұнай беріп тұр еді. Сол ұңғы қырсыққанда 1942 жылғы наурыздың 8-і күні пышақ кескендей тоқтады да қалды. Бұ не пәле? Қырсыққанда қымыран іридінің кері. Үйге ертерек барамын деген уәде далада қалды. Төтенше жағдай кезінде қайдағы үй. Мұнай беріп тұрған ұңғының тоқтап қалуы деген адам айтқысыз сұмдық жағдай. Жоғарыдан қылғынып сұрап жатқан жоспардың орындалмай қалуы деген сөз. Әрі бұл соғыс уағы болса. Осыны ойлаған Сафидың маңдайынан шып-шып тер білінді. Соғыс уағы болмай-ақ, «план, план» деп, 1940 жылы қандай жағдайға душар болды бұлар? Мына хабарды естісімен дереу №182 ұңғы басына жиналған мамандар мән-жайды тексеріп болғасын, тереңдік сорғышын (насос) орнатып, СКН-10 качалкасын іске қосу керек деп шешті. Уақыт оздырмай оны да іске асырды. Бірақ, күткен мұнай көрінер емес. Сорғыш пен качалканы орнату да қыруар жұмыс қой. Сол жұмыс зая кеткені ме? Әлде мұнай қоры шынымен түгесілгені ме екен? Мүмкін емес. Мұнай қоры түгесілсе көрші ұңғылар да сарқылуы тиіс қой.

— Енді не істедік?—десті абыржыған жұрт.

— Күтейік,—деді сол арада тұрған бір қарт бұрғышы.—Кейде мұнай жүретін көздің бітеліп қалатыны бар.

Бұлар тілі дір-дір еткен монометрден көз алмай қадала қарап, мұнай әне шығады, міне шығадымен 4-5 сағатты үздіге өткізді. Қарт бұрғышының білгені бар екен, кенет ұңғыдан мұнай аға бастады.

Ұңғы басында үрпиісіп отырған жұрт «уралап» шу ете қалсын.

— Уа, Құдеке, бар екенсің той?—деп әлгі қарт мұнайшы тебірене сөйлегені мұң екен, сылқ-сылқ күліп ағып жатқан мұнай ыңырана күшейіп, жойқын бір күшпен сарқырап ала жөнелді.

Мұнара басындағылар ес жиып үлгерген жоқ, енді мұнай қатты қысыммен көлбей шапшып жатыр. Ескі құбыр бүйірінен жарылған ба қалай? Сүйтсе колоннаның аузындағы флянецтың қорғасын прокладкасы қысымға шыдамай жарылып кетіпті. Мұнай сол арадан жол тауыпты. Бұрғышылар жүгіріп барып сорғыш пен качалканы тоқтатып тастады. Фонтан сонда да бәсеңсіген жоқ, бұрынғыша тігінен де көлбей де шапшуын тоқтатпады. Жанына жақын бару мүмкін еместей. Бірақ, мүмкін еместі мүмкін қылу бұлардың міндеті.

Соғыс жүріп жатқанда бұлардың шарасыздық танытып жатқаны қылмыс емес пе? Ойланып жатуға уақыт тар. Қорғасын прокладка жыртылып кетсе, не істеу керек? Прокладканы жаңасымен ауыстырғаннан басқа амал бар ма? Онымен бірге пайдалану колоннасының басына жоғары қысымға төтеп бере алатын фонтандық арматура қою керек деп ұйғарысты. Ал, ол арматураны тек қана шеберханада жасау керек. Ол жасалып, құрастырылып біткенше кәсіпшіліктің директорынан бастап, бригадирге дейін тыным тапқан жоқ, техникалық қауіпсіздікті сақтау ісін ұйымдастырып, зыр жүгіріп жүрді. Айнала күзет қойдырып, жұмысшылардың отбасыларын Қамыскөлге көшіріп те жіберді. От жатуға тиым салынған. Кез келген уақытта өрт лап ете қалуы әбден мүмкін. Өрттің қандай болатынын басқа білмесе де Сафи біледі, ана жылы өз көзімен көрді ғой. Одан Құдай сақтасын! Сафидың төзімін тауысып барып, төрт күннен соң фонтандық арматура да дайын болды-ау. Ал, бұл екі арада кәсіпшілік көл-көсір мұнай астында қалды. Таңертеңгілік мезгіл еді. Сафи ең мықты деген 22 маманды іріктеп, бөлек алып шықты.

— Қазір соғысқа кеткен бауырлар шыбын жанды шүберекке түйіп, біз үшін қырқысып жатыр. Мынау ашықтан-ашық шапшып жатқан мұнай да жаумен тең. Оған қарсы енді біз шығуымыз керек. Қарсы шыққанымыз сол— мына атқылаған мұнайды өртке бермей, ауыздықтауға тиіспіз. Әрқайсысыңның өз міндеттерің болады. Етер біреуің дұрыс істей алмасаңдар, немесе, біреуің тайқып кетсеңдер, бәріміз қоса өртенеміз. Сондықтан, бұл жұмыс соғыспен тең,—деп қатаң тапсырды.

Сафи сол арада кімнің қандай жұмыс атқаруы керек екенін, кімді кім ауыстыратынын белгіледі де, «нар тәуекел» деп, өзі бастап нөсерлеткен мұнай астына кірді. Соңынан Меңдіқара Мұстафетдинов, Боранша Құлбаев сынды шеберлер, Якуда Қаржаубаев, Бақыт Жұмағалиев сынды механиктер ерді. «Мұндайдың талайын көргенбіз, қазір-ақ жауып тастаймыз» десті олар жаңбырша жауып тұрған мұнай астына кіріп бара жатып. Десе де, олардың шапшыған май астынан аман шығуы беймәлім еді. Оны бәрі де біледі. Білгендіктен де бір-бірін өстіп жұбатып қояды. Сафидың мойнынан құйылған жылымшы мұнай қыр арқасымен төмен қарай ата жөнелгені мұң екен, төбеден төпеп тұрған қара май бүкіл денесін жуып кетті. Қасына ерген жігіттердің де халі осы. Олар сонда да кідірген жоқ. Бара сала скважина аузындағы флянецтың болттарына кілт салды. Сөйтіп, флянецтан құбырды бөлектеп алған замат қысым бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп, қара жерден қара май құтырына атқылады. Ол монометрді көзі шалып қалып, қысымның 150 атмосфераға жеткенін аңғарып қалды. Сол-ақ екен, қатты қысыммен шапшыған газ бен мұнайдың екпіні мен газдың иісіне шыдамаған бір жұмысшы тұрған жерінде гүрс етіп аяқ астына сұлап түсті. Құлағандарды құтқаруға қойған топтан екі жігіт жарылып шығып, жүгіріп келген бойда әлгі сұлап түскенді екі жағынан іліп ала жөнелді. Оның орнына қосымша күште тұрған бір жігіт тұра қалып, ананың тоқтап қалған жұмысын жалғастырып ала жөнелді. Қатардан шығып қалғандар жұмысқа қайта жіберілмеді. Сол күні жер астынан қатты қысыммен шапшып шығып жатқан мұнай нөсерінің астына кіргендер де, оларға қызмет етіп сыртта жүргендер де өрт әне-міне лап ете қалады деп қорқумен болды. Сөйтіп жүріп Тәңірден ұшқын ұшпауын тіледі. Егер жазатайым ұшқын болса, өздерінің де қоса өртеніп кететінін жақсы түсінді. Сонда да қолды бір сілтеп сытылып шыққан бір адам болған жоқ. Ешкім де тартыншақтамады. Олар тәуекел десті. Өртенсек бірге өртенерміз, соғыста шейіт болғандардан жанымыз артық емес деп тастүйін жұмыс істеді. Флянец пен колоннаның арасындағы жарылған прокладканы алып тастау көп уақытты алмағанымен оның жаңасын қою қиынға түсті. 150 атмосфералық қысыммен атқылаған дүлей күш оған мүмкіншілік бермей, біраз әуреге салды. Ақыры түсті-ау. Флянецтер бір-біріне беттескен соң, жаңа ғана әл берместей боп, өз еркімен жол тапқан жағына атқылап жатқан қара май икемге көне қалды. Енді ол орталық құбыр арқылы аға бастады. Қысымның біразы сол жаққа бөлінді. Бұл фланцты қайта болттап, бекітіп тастауды едәуір жеңілдетті. Сәлден соң жер астына сыймай, сыртқа шығып жатқан дүлей, фонтандық арматура арқылы жанама құбырға ата бастады. Сонда ғана олар ашық фонтанды ауыздықтай алды. Дүлей тоқтаған сәтте ұңғы маңындағы ойпаң жерлер көл боп мұнайға толып қалып еді. Сафи жанкештілікпен ерлік көрсеткен 22 жігіттің тез арада қауіпсіз жерге баруын бұйырды. Олар өз міндеттерін орындап шықты. Олардың бұл ерлігі ДЗОТ-ты кеудесімен жапқан батырлардың ерлігімен пара-пар еді.

Қалған жұрт көл болған мұнайды жинап алу қамымен жүр.

Сафидің үстінде Министрлер Кеңесі берген былғары пальто болушы еді. Ес жинаған соң қараса, өзі де мұнайға малшынып, өртеніп кетуге дап-дайын боп тұр. Ол сол қалпымен үйге қайтты. Ертеңіне ерлік көрсеткен 22 жігітке Сафи кәсіпшіліктің есебінен бір-бір жаңа сырт киім сыйлады.

Қарт Сафи бір уақ қиыншылық туралы ойға шомды. Сол қиыншылық кейде қатерге ұласып кететінін, қырқыншы жылғы азаматтардың сонда да беті қайтпайтынын еске түсірді. Бүгінде тегіс ана дүниеден мәңгілік мекен тапқан сол азаматтар шетінен қайсар, шетінен батыр екен ғой. Олар «Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен аянбай күні-түні жұмыс істемеп пе еді. Тіпті, бригада болып демалыстан бас тартқандарды да көрді. Олар «Отан үшін» деп еңбек етті. Жүректері отан деп соқты. Қырқыншы жылдар азаматының шетінен қайсар, шетінен батыр болатынының сыры сол отаншылдықта екен ғой? Ұңғыны кондукторсыз бұрғылауды Одақ бойынша өндіріске алғаш енгізген Бейсенғали Өтеулиев сол кездегі ең жоғарғы марапат—Ленин орденіне ие болды. Озат бұрғышылар Бейсен Қарамұрзиев пен Беркінғали Досмұхамедовтер «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Тек бұлар ғана емес, еңбегі еленгендер сонда ондап, жүздеп саналды той. Бірақ, қарт Сафи олардың көбісінің аты-жөндерін жадынан шығарып алған. Аты-жөні естен шықса да олардың барлығы көз алдында тұр. Сафи бір фотосуретті күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап жүруші еді. Жұмабай Шаяхметов өткізген жиналыстан соң орден алған елу шақты адам топ боп түсіп еді. Міне, осы суретті көрген сайын сол бір сұрапыл кезең еске түсіп, кеудесін осып-осып өтеді. Айтпақшы, орден алғандардың ішінде Омар мен Қали ағалары да бар екен-ау. Омар сонда мұнара құрастырушы. Ол да «Знак Почета» орденімен марапатталды. Ал, Қали «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. Ол Құлсары бұрғылау кеңсесінің мұнара құрастыру бригадасының бригадирі еді. Сафи орденді төсіне тағып тұрып қатты толқыды. Неше күн, неше түн ұйқы көрмей жүріп еткен еңбекті жоғары жақ ескерусіз қалдырмапты. Бұдан кейін де төгілген тер атаусыз қалмақ емес екен. Бұл мұнайшыларға зор қуат берді. Жұмабай Шаяхметов соғыс уағында көбінесе Гурьевте болды. Сол жылдары Ембі мұнайына деген мұқтаждық күн сайын сезіліп тұрды ғой. Сондықтан да осы аймақта күндіз-түні қауырт жұмыстар жүрді емес пе? Бакуден келген мұнайды қабылдап алып, оны Ресей қалаларына жіберу үшін темір жолдар, резервуарлар, кеме тоқтайтын айлақ құрылысы бір сәт тоқтаған жоқ. Міне, Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов осы жұмысты басқарды. Оның көбінесе Гурьевте болу себебі де сонда еді. Облыс мұнайшыларын бір серпілтіп тастаған әлгі жиналыстан соң Жұмабай Шаяхметов Құлсарыға келді. Мұнайшылардың жай-күйімен танысты, олармен кездесіп сөйлесті. Сол сапар Жұмабай Шаяхметов Сафидың үйінде болып, Шәрипа жайған ақ дастарқаннан дәм татты. Дастарқан басындағы әңгіме бастан-аяқ соғыс барысы мен мұнай өндірісі туралы болды. *** Құлсарыда жылдың қай мезгілі де мұнайшы байғұстарға жеңіл болып көрген жоқ. Қыста сақылдаған сары аяз. Жазда аспан асты жер үстін қуырған аптап. Әсіресе, қақ шекеңде шақырайып тұрып алатын Күнді айтсаңшы. Оның үстіне кейде жер дүниенің көңін кептіріп ыстық жел жүйткіп өтеді. Ал, қанша қақсаң да аузы-мұрныңа қонып, маза таптырмайтын бір қана мен сонаның көрсетер азабы өз алдына бір төбе хикая.

Күз бен көктемнің де бұл аймақта оңып тұрғаны шамалы.

Сафи кейде еріксіз ойға шомады: «осы мұнай деген қымбат зат неге ит байласа тұрғысыз шөлге бітеді екен» деп. Әлде, шешесі байғұс тұрса да, отырса да аузынан тастамайтын жалғыз құдірет иесі, оны адам қолы жетпейтін қиын жерге әдейі жаратты ма екен? Әй, солай-ау, жасыл желегі жайқалған, ауа-райы жайлы жерден мұнай өндіріпті дегенді естіген емес. Анау Араб елдері қылтанақ шықпас таза құмның үстінде отыр емес пе? Бірақ, олар да тіршілік етуде. Мұнайдың арқасында. Құдіреті күшті жаратушының осынысына қарап-ақ, оның әділдігіне көзің жете түседі. Мынау жұмыр Жерді адам баласы үшін жаратқаны шын болса, байлық ырзығын қоса берген. Бірде байлықты жердің үстіне шығарып берсе, енді бір елге байлықты жердің астына жасырып берген. Баяғы көшпелі қазақ Тәңірі берген ырзығын жердің үстінен теріп жесе, енді кейінгіге сақтап, жер қойнына тығып жаратқан байлықты адам баласы сол Жаратушы сыйлаған ақыл-санасымен алуды үйреніп, қажетіне жаратып жатыр. Әттең-ай, тек сол байлықтың қанқұйлы соғысқа жұмсалып жатқаны өкінішті. Егер, сол көл-көсір байлықты бейбіт өмір сүруге пайдалансақ қой. Бейшара халық көгеріп, гүлдер еді. Өркен жаяр еді. Қазақ баласы білім алып, ғылымды дамытар еді. Басқаға жалпақтамай, жайлы тұрмыс құрар еді. Иә, хош, сонымен Ембі мұнайшылары жылдың қай мезгілінен де рахат көрген емес. Қай мезгіл де мұнайшы байғұсқа өз азабын ала келеді. Бұл жолы жаз еді. Шіліңгір шілде дүниенің тынысын тарылтып, жер дүниені қуырып тұрған. Лүп еткен жел жоқ. Сафи мінген ат құмға малтығып, жүрісі өнер емес. Көзге үймелеген шіркей мен сонадан әбден ығыры шыққан ат, басын дамылсыз шұлғып, құйрығын сабалап келеді. Шіркейі түскір ат үстіндегі адамды да жауша талап, мазасын алып біткен. Алайда ат үстіндегі Сафи көңілді еді. Мұхиттың «Үлкен Айдайын» аңыратып келеді. Үйткені, мынадай ыстықта таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істейтін мұнайшыларға әкеле жатқан сыйы бар. Не жақсылық болса да бұрғышылар мен мұнайшыларға жасасам деуші еді. Ана жолы келгенде судың жетімсіздігінен бұрғышылардың қиналып жүргенін көріп, мұнара басына жеткілікті мөлшерде су жеткізілуін тиісті адамдарға қатаң тапсырып еді. Екінші бір келгенде бұрғышылар бұған рахметтерін жаудырды. Күн күйдіріп тұрғанда, таңдай жібітер судың жеткілікті тасылатынын айтып риза боп жатты. Олар сонда ысып кетсе де таза суға таңдай жібітіп ап, кендір арқанның қалдығын тарқатып темекі қып тартып отырды. Кендірдің ащы түтіні тамақты орып түсетінін, көзден еріксіз жас парлататынын Сафи сол жолы өзі тартып көргенде байқаған. Сонда оларды жұбатарлық сөз айта алмай кетіп еді. Не десін, олар мұнара басында тозақ отындай аптапқа қақталып жүрсе, бұның директор боп көрген рахаты шамалы. Бұрғышылардың шеккені кендір арқан, ал, Сафи шәмбе орап тартып жүр. Шәмбе шеккенге ұялып, онысын жұртқа көрсетпеуші еді. Өзі солай болған соң, бұрғышыларды қайдан жарылқай қойсын. Оның сол жолы көңіл жұбатарлық ештеңе айта алмай кетуінің себебі де осы еді. Ал, енді бүгін көңілді. Бұрғышыларға әкеле жатқан сыйы бар. Анада Жұмабай Шаяхметов Құлсарыны аралап, үйге қонғанда айтып қалған бұйымтайы еді. Обалы не керек, Жұмекең уәдесінде тұрып, бұған бір жәшік шәй, бір жәшік махорка жібертіпті. Сафидің бұрғышыларға әкеле жатқан сыйы—осы. Көңіл шіркін кейде бір атым насыбайдан да қалады, кейде сол бір атым насыбайды ықыласпен ұсынсаң шалқып ала жөнеледі. Бұл жолы да солай болды. Әрбір мұнара басы бір қорап шәй, бір қорап махоркадан тигенде, бұрғышы байғұстар көптен ішпеген шәй ішіп, көптен шекпеген махорка шегіп бір жасап қалды ғой. Жарықтық, Жұмекең... Жұмабай Шаяхметов одан кейін де жиі болмаса да ауық-ауық шәй мен махорка бөлдіріп тұруды ұмытқан жоқ.

...Бүгін ойласа, осының өзі тарих екен ғой. *** Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Ембі өңірінен өндірілген барлық мұнайдың 20 пайызын Байшонас, 19 пайызын Қосшағыл, 17,3 пайызын Құлсары, 9,9 пайызын Мақат кәсіпшіліктері беріп тұрды. Ал, 1942 жылғы қыркүйектің 22-сінде Қорғаныс комитеті «Ембімұнай» комбинатында мұнай өнімін арттырудың шаралары туралы» қаулы қабылдады. Бұл Майкоп пен Грозный аудандарындағы мұнай өндірісінің уақытша тоқтатылуына байланысты болатын. Сосынғысы түсінікті; Қазақстанда мұнай өндіруді барынша арттыру керек. Қазақстан 1942 жылғы тамыз айынан бастап тәулігіне 2500 тонна мұнай өндіруге міндетті болды. Әрі бұл көлемді үнемі арттырып отыру керек. Қосшағыл кәсіпшілігі 1942 жыл қорытындысы бойынша Құлсарыдан алда болды. Ал, 1943 жылы жаңа ұңғылар іске қосылып, Құлсары алға шығып кетті. Сол жылы «Эмбанефтінің» міндеттемесі жылына 900 мың тонна болатын. (Ал, 1940 жылы—750 мың тонна). Ал, Құлсары осы мұнайдың үштен бірін, яғни 300 мың тоннасын берді. Жұмыстың алға басуы жоспардың орындалуымен бағаланатын еді ғой. Ал, жоспар орындау сауатты басшылық пен ұтымды ұйымдастыра білудің арқасында іске асады. Сафи қарамағында жұмыс істейтіндердің бәрін атын атап, танитын. Олардың барлығын бауырындай ішке тартып, жылы сөйлесетін. Бір қорап шәй тапса, солармен бөлісіп ішіп, бір қалта махорка тапса, солармен қосылып тартатын. Жоспарды асыра орындау үшін әрбір мұнайшыға ықпал етіп, қолдан келгенше жағдай жасап отыратын. Олардың ішінде өзінің ағалары—Омар мен Қали да бар еді. Олар мұнда құрастыру бригадасының бригадирлері болды. Омар мен Қали бригадасымен бірге бір айдың ішінде он бұрғылау мұнарасын тұрғызып үлгерді. Осындай қарқынды жұмыс бұл өлкеде бұдан бұрын болып көрмепті. Сонымен қатар, бір жақсы қасиеті жастардың тың бастамалар көтеруіне ықпал жасап, үнемі қолдау көрсетіп жүретін. Оның бұл әрекеті нәтижесіз де емес. 1942-жылғы шілденің 17-сінде СССР мұнай өнеркәсібі Министрлігінің жеделхаты бойынша, облыстық партия комитеті «Құлсары мұнайшыларына сыйлық беру туралы» қаулы шығарды. 1943 жылдың қаңтар айында Жем комсомолдарының жиналысында жас стахановшы Меңдіқара Мұстафетдинов жастар алдында сөз сөйлеп, жоспардан тыс бір эшолон мұнай өндіріп, оны қоршаудағы Ленинград қаласына сыйлыққа беру туралы бастама көтерді. Ол Құлсары кәсіпшілігіндегі мұнай өндіру цехының операторы боп жұмыс істейтін. Мұстафетдиновтың бұл бастамасын жастар іліп әкетті. Осы бастаманы қолдаған Құлсарыдағы комсомол жастар міндетіне алған 350 тоннаның орнына жоспардан тыс 530 тонна мұнай жинады. Аға оператор Меңдіқара Мұстафетдинов басқарған комсомол жастар бригадасы жоспарды 104%-ға, осы кәсіпшіліктің слесары Әділова 106%-ға орындады. Сөйтіп, бастама сол жылы іске асып, көкек айының 30-ында бір эшолон мұнай «Қызыл мұнайшы» деп аталатын мұнай базасына тапсырылды. Оған Құлсары кәсіпшілігінің комсомол-жастар бригадасының бригадирі Данченко Василий Александрович қатысты. Қазақстаннан барған делегацияны қазақстандық жауынгерлер митингі өткізіп қарсы алды. Олардың алдында мерген қазақ Арыстанбеков пен Ақтөбелік танкіші қазақ Хиуадолла Сапаұлы сөз сөйледі.

— Біздің «Т-34-тер» қыстың саршұнақ аязында да оңай оталып кете береді. Неге десеңіздер, совет танкілері «МД» майымен жұмыс істейді. Ал, «МД» майы Қазақстан мұнайынан жасалатынын сіздер жақсы білесіздер. «МД» деген «Мақат-Доссор» деген сөз ғой. Сіздер мұнайды неғұрлым мол өндірсеңіздер, біз де фашистерді соғұрлым індеріне тыға түсеміз,—деді әлгі Ақтөбенің Ырғыз ауданынан келген Қиуадолла есімді танкіші.

Міне, мұның бәрі Ембінің, оның ішінде Құлсары мұнайшыларын қанаттандыра түсті. *** «Бәрі де мұнай үшін, бәрі де жеңіс үшін!». Осы ұран әрбір мұнайшыға қайрат қосты. Осы ұран тылда жанын жалдап жұмыс істеп жүрген еңбек адамын ұйқысынан ерте тұрғызып, кеш жатқызды. Ешкім де қарақан басын күйттеп кеткен жоқ. Қажет кезінде күндіз-түні жұмыс істеуге бейіл еді және сүйтті де. Қайтесің, соғыс уақыты... Кімнің болсын санасын «...бәрі де жеңіс үшін» деген ұран жаулап алған. Сафи да жоспардан артық өндірілген әрбір тонна мұнай жаудың бетін қайтаруға қосылған күш деп ұқты.

Алайда, пенденің пенделігі соғыс боп жатса да қалмайды екен. 1943 жылдың күзі еді. Қыркүйектің соңы ма, әлде қазанның басы ма... о жағы есінде жоқ. Әйтеуір, салқын түсе бастаған. Ойламаған жерден обкомға шақырылды. Не боп қалды? Мезгілсіз бұл қай шақырыс? Обкомда бюро отырысы болғалы жатыр екен. Бірлі-екілі ұшырасып қалған таныс адамдар бұнымен салқын амандасты. Сафи аң-таң. Бұл жұмбақтың себебін бюро басталғанда бір-ақ түсініп еді-ау. Бюрода жалғыз-ақ мәселе қаралмақ екен; ол да Құлсары кәсіпшілігінің директоры Сафи Өтебаевтың қасақана істеген зиянкестігі туралы мәселе. Ал, керек болса!

Сафидың ойына түнеу күнгі комиссия түсе қалды. «Ембімұнай» комбинатының бас инженері Еронин бастап келген сол комиссия тексеру қорытындысын да айтпастан келген жағына жедел кері қайтқан-тұғын. Не де болса мынау сол Ерониннің лаңы. Осыны ойлағаны мұң екен, мінбеге бас инженердің өзі де көтерілді. Анада айтпай кеткен тексеру қорытындысын осы арада жайып салды.

— Сафи Өтебаев 1200 тонна мұнайды артық жазған. Сводкада көрсетілген, бірақ резервуарда жоқ.

«Майданға қанша мұнай керек болса, сонша береміз» деп ұран тастап, сол ұранға сай жұмыс істеп жүрген Сафи үшін мына мәлімдеме біреу тас төбесінен қос қолдап қойып қалғандай әсер етті. Мәссаған, күн демей, түн демей жұмыс істеп жүрсе... Бұл туралы мүлдем басқаша ойлайтын адамдар да бар боп шықты. Басқаша ойлаған емей немене, мың тонна деген шындап келгенде кәсіпшілік үшін аса көп те емес. Мың тонна мұнайды Құлсары күн сайын беріп тұр. Демек, Ерониннің мынаусы аяқтан шалу. Бірақ, аяқтан шалуға да себеп керек емес пе? Себеп—«бұрын бас инженер болған С. Өтебаев сол орынға тағы да тағайындалып кетуі мүмкін». Құдай біледі, Ерониннің ойы—осы. Әйтпесе, оның бұдан ала алмай жүрген ақысы жоқ. Сафи басқарған кәсіпшілік қарқынды жұмыс істеп, жоспарды күннен-күнге арттырып келе жатыр. Сондай адам бас инженерлікке әбден лайық. Сондықтан, бір ілік тауып, айыпты етіп қою керек. Әй, залым-ай, тапқан айласын қарашы. Артық жазған адам дәл қазір, әсіресе Гурьев облысы соғыс жағдайында деп жарияланған кезде тым қатал жазаланады. (1942 жылғы тамыздың 23-інен бастап, СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Атырау облысы соғыс жағдайында деп жарияланған) Сондықтан қалай да өзінің ақ, адал екенін дәлелдеп шығуы керек.

— Мен, Еронин жолдастың дәлелін мойындамаймын,—деді Сафи салған жерден.

— Қалай мойындамайсың? Бас инженердің өзі айтып тұр емес пе?—деді бірінші хатшы Круглов Сергей Иванович.

— Бұған кінәлі мен емес, егер шынымен де біреуді кінәлі қып шығару керек болса, бұған мына тұрған Ерониннің өзі кінәлі,—деді Сафи қаймықпай.—Мен бас инженерден неше мәрте трап сұрадым. Ал, бұл оны бермей отыр. Біз болсақ соғыс жағдайын ескеріп, мұнайды резервуарға тарапсыз-ақ айдап жатырмыз. Ал, трапсыз газын айырмастан айдалған мұнайдың резервуарда қандай жағдайда болатынын бас инженер жақсы білуі тиіс. Ал, бұл... кез-келген қатардағы жәй мұнайшы білетін нәрсені білмейді екен, не болмаса білгісі келмейді.

Бұның айтып тұрғанының жаны бар. Жер астынан жаңа ғана қатты қысыммен шапшып шыққан мұнайды резервуарға айдамас бұрын, әуелі арнайы құрылғы арқылы (оны мұнайшылар трап деп атайды) газын айырып алу керек. Әйтпесе, газ араласқан мұнай резервуарға құйылғанда өз деңгейінен екі метрге дейін көтеріліп кетеді. Сафидің кез-келген мұнайшы білетін нәрсе деп тұрғаны да осы. Бірақ, бұны қалай да сүріндіруді көздеген Еронин алған бетінен қайтпады.

— Мен де мойныма ала алмаймын. Қажет болса кәсіпшілік басына барып көріңіздер, резервуарда мұнайдың қалай толқып тұратынын,—деп Сафи бірінші хатшы мен бас инженерге кезек қадалды.

— Мен айтарымды айттым, ақпарда бар 1200 тонна мұнайдың жетпейтіні рас, қалғанын обком шешеді,—деп Еронин сылқ етіп отыра кетті.

Бір сәт үнсіз дағдарған Круглов:

— Сафи Өтебаевич мұнай өткізудегі жауапсыздығы үшін бүгіннен бастап директорлықтан босатылсын,—деді де, бюроны жабық деп жариялады.

Бұл оның қай бұйрығы екенін Сафи түсіне алған жоқ. Кәсіпшілік директорын тағайындап, орнынан алу Мәскеудің ғана құзырында. Оған облыстың хатшысы араласа алмайды. Кругловтың мұнысын жеңілгені деп түсінген Сафи бюродан шығысымен Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцовқа жеделхат жолдады. «Мені обком хатшысы негізсіз жұмыстан босатты. Тексеріп, шара қолдануыңызды өтінемін». Сафи осыдан соң ғана иығынан батпан-батпан жүк түскендей жеңілдеп сала берді. Сүйтті де үйге соқпастан қала шетіндегі қазақ ауылында тұратын Қалидың үйіне тартып кетті. *** Жеңгесі пісірген ыстық астан соң Сафи Еронинді де, оның бұған деген көзқарасын да ойлауға мұршасы болмай, кірпігі кірпігіне іліне берді. Ер-азаматы түгел соғысқа аттанған, бала-шаға, қатын-қалаш тегіс жұмысқа шыққан қазақ ауылы Сафидің ұйқысын бұзған жоқ. Ол сол қалпы екі тәуліктен аса тәтті ұйқы құшағында балбырап жатты. Иә, арасында бір оянып, жеңгесі ысытып берген шәйді ішкен екен ғой. Міне, ол енді екі күн өтіп, үшінші күні қызыл іңірде өзі мініп келген жеңіл мәшинені құйындатып қалаға тартты. Бір ғана шешімге табан тіреп келеді. Онысы қалаға жеткен бойда астындағы мәшинені комбинатқа тапсырып, соғысқа сұрану. «Жұмыс істейтін адамның еңбегін бағаламайды екен, бағалау былай тұрсын аяқтан шалып, кінәлап күйдіреді екен, олай болса мұндағы жұмысты өздері-ақ істесін. Қызғыштай қорыған бас инженерлігі өзіне». Адал еңбек еткеннен басқа кінәсі жоқ Сафи анау екеуіне қатты өкпелеген еді. Сол қалпы «Ембімұнай» комбинатының директоры Нифинтовтың үстіне рұқсат сұрамастан кіріп барды. Сафи оған да аздап күдіктене қарап еді, онысы бекер екен, ол бұны көріп қуанып кетті.

— Сафи Утебаевич, құдайым-ау, тірісің бе, қайда жүрсің?

— Соғысқа кетем,—деді бұл дүңк етіп.

— Соғысы несі? Сені үш күннен бері бірінші секретарь іздеп жатыр.

— Жоқ, бармаймын. Мен сізбен есептескелі келдім. Соғысқа сұранам. Мәшине сыртта тұр. Қабылдап алыңыз.

— Сафи Утебаевич, бұл не дегеніңіз? Қойыңыз. Секретарь мұнайдың жайын қайдан білсін. Ерониннің аузын жабуды мен өз мойныма алайын. Қойыңыз, осы қазір жүріңіз,—деп Нифинтов асығыс-үсігіс иығына жадағайын жамылып, бұны қолтығынан демеп, сыртқа ала жөнелді.

Түннің бір уағы боп қалса да Круглов өзінде екен. Рұқсат сұрап есіктен бас сұққан бұларға қарсы жүріп келіп, қолын ұсынды. Сафи онымен қол алыспауға бекініп келіп еді, өзі бірінші боп ұсынып тұрған соң, амал жоқ, бұ да қол созды.

— Немене, өкпелеп қалдың ба? Қайда жоғалып кеттің,—деп бастады сөзін бірінші хатшы.

— Соғысқа жіберуіңізді өтінемін!—деді Сафи төтесінен тартып. Круглов орнынан тұрып кетті.

— Соғысқа, соғысқа... бәрі барғысы келеді соғысқа... Батыр атанғысы келеді бәрі!

— Мен Отан қорғауға аттанам,—деді Сафи нығыз сөйлеп,—батыр атану үшін емес.

Нифинтов бұлардың сөзіне араласқан жоқ. Сәлден соң секретардан рұқсат сұрап кабинеттен шығып кетті. Круглов бұған жауап берместен үстел үстіндегі папиросты тұтатты да, артынша шоғын сөндіріп, күлсауытқа тастай салды.

— Сафи Утебаевич, мәселені Орталық Комитетке телеграмма соқпай-ақ шешуге болатын еді ғой,—деді сосын Сергей Иванович, барынша жайбарақат сөйлеуге тырысып,—жарайды, енді о жағына мән бермей-ақ қояйық. Өтті, кетті. Сіз өкпеңізді тастаңыз. Біз де ұмытайық.

— Онда сіз бюро қаулысын өзгертіңіз,—деді Сафи секретардың мүләйімси қалуынан Николай Александрович Скворцовтың хабарласқанын біле қойып.

— Біз мұнда ақылдаса келе сізді Комсомол кәсіпшілігіне директор етіп жіберуге шешім шығардық. Сіз коммуниссіз ғой. Бас тарта қоймассыз.

— Ал, сіздер коммунистің ар-ожданын қорлағыларыңыз келді. Егер, райыңыздан қайтар болсаңыз, мені қайтадан Құлсарыға жіберіңіз. Ал, анау Комсомолға адам керек боп бара жатса, Еронин-ақ барсын. Көрсін, трапсыз мұнай айдағанның қандай болатынын.

Сергей Иванович тағы да папиросын түтіндетіп, Сафиға шарасыз көзін қадады.

— Сафи Утебаевич,—деді шеге бастаған темекіні тағы да күлсауытқа атып ұрып,—соған мен-ақ кінәлі болайын, ал сіз күні ертең Комсомолға жөнеліңіз. Ретін келтіріп сізге бір жақсылық жасармын.

Сергей Иванович екі ойлы боп отырған бұған тағы да қолын ұсынды. Біріншінің мына ұсынысына қалай келісіп қойғанын аңғармай қалған Сафи өзінің ең осал жері мұнай екенін сонда бір сезініп еді-ау. *** «Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцов, обалы не керек, әділдік жағындағы кісі еді ғой» деп ойлады, иллюминатордан аспан төріне көз қиығын салған қарт Сафи.Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған

Адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... ...Басқаны қайдам, ол осы кісінің әділдігіне осымен екінші рет куә болып тұр. Бірінші рет Құлсарыдағы өрттен соңғы жақсылығы.

— Сафи Утебаевич, бұдан былай сізге НКВД тиіспейтін болады. Алаңдамай жұмыс істей беріңіз,—деп орнынан тұрып ілтипатпен шығарып салып еді.

Екінші әділдігін бұл жолдаған жеделхатын алып, тез арада қолдау білдіргенін Кругловтың әңгімесінен аңғарды. Ал, ұзынқұлақтың айтуы бойынша, бюро болған күннің ертесі-ақ, ол Алматыдан телефон соғып, Кругловтың екі аяғын бір етікке тыққан көрінеді. «Кәсіпшілік басқаруға Өтебаевтан артық адам таба алмайсың. Мен оның қандай директор екенін білемін. Осы қазір орнына қоятын бол!» деп бұйырыпты. Кругловтың айналасы бірер күнде жүні жығылып қалуының себебі сол екен. Еронин тіпті інге тығылған тышқаннан әрі. Бірақ, Круглов бәрібір өз дегеніне басып, бұны мұнайы аз, әлі күнге төрт аяғынан тік тұрып кете қоймаған Комсомол кәсіпшілігіне жіберді. Бұл әрине, Сафи үшін оңай емес. Алматыда отырған бірінші хатшы бұл сырды қайдан білсін. Сафидің Құлсарыға бауыр басып қалғанын, алдына қыруар мақсат қойып отырғанын, әттең-ай, білмейді ғой. Бәрінен бұрын бас инженер мен біріншіге өзінің кім екенін танытты емес пе? Бұл үшін сол жеңіс. Айтпақшы, былтыр, 1942 жылы осы Николай Александрович Скворцов Гурьевке келіп еді ғой. Сол сапарында ол Доссорда жиналыс ашып, оған Сафи да қатысқан-тұғын. Қатысып қана қоймай Құлсарының қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады. Кәсіпшіліктің мүмкіншілігін айтып өтті.

Сонда Николай Александрович тұрып:

— Осы айтып тұрғаның қашан жүзеге асады?—деп сұрады.

— Үш күннен соң,—деп еді бұл сонда ойланбастан.—Қазір, бір ұңғыны бұрғылап болып қалдық. Сол ұңғыдан үш күннен соң тәулігіне 600 тонна мұнай ала бастаймыз.

Республиканың бірінші хатшысы сенімді дауыспен аспай-саспай сөйлеп тұрған бұған: «Оған қандай дәлелің бар?» деп, тіл ұшында тұрған сауалын және қойған.

— Міне...

Сафи Құлсарыдағы әлгі ұңғының картограммасын жайып тастағанда жиналысқа қатысып отырған жұрт бұның баяндамасына қызық бір әңгіме тыңдағандай құлақ түріп еді-ау. Бірақ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Сафидың уәдені қалай орындағанын күткен жоқ, Алматыға жедел аттанып кетті. Дәл үш күн өткен соң Құлсарыда Сафи айтқан №94-інші ұңғы іске қосылды. Сол ұңғы Сафи айтқандай тәулігіне 600 тонна мұнай берді. Оны сол кездегі Обкомның І-хатшысы М. Бекжанов Орталық комитетке арнайы телефон соғып, Скворцовқа хабарлаған-тұғын. Енді, міне, осыдан бес-алты жыл бұрын өзі тұңғыш еңбек жолын бастаған Нармонданақта білекті сыбанып жіберіп, жұмысқа кірісіп кетті. Мұнда да, анау Құлсарыдағы сияқты жұмысты жоқтан бар жасаудан бастады. 1941 жылы Нармонданақтың оңтүстік қанатындағы орталық телімінде өндірістік мұнай кені ашылған болатын. Ал, биыл оңтүстік қанаттың батыс бөлігінің жартысында және солтүстік қанатында бұрғылау жүріп жатыр. Комсомол кәсіпшілігі 1943 жылы өндірістік мұнай бере бастаған болатын. Сафидың 142 кәсіпшілікке директор боп барғаны да осы жыл. Сол жылы кәсіпшілік 41 мың тонна мұнай өндірді. Ал, келесі 1944 жылы геологтар белгілеп берген нүктелерді бұрғылаудан толымды нәтиже шықпаса да, мұнда мұнай өндіру 71 мың тоннаға көбейді.

Сафи Комсомол кәсіпшілігін осылай тірілтті. *** 1945 жылғы қаңтардың 31-інде 1-Беларусь майданы неміс фашист әскерін тықсырып әкеп, Германияның Бранденбург провинциясына жетті. Ақпан айында да Кеңес әскері алға жылжи берді. Наурыз айы да жеңісті жақындата түсті. Штургард, Бервальд, Темпельбург, Фалькенбург, Драмбург, Вангерин, Лабес, Фриенвальде, Шифельбайн, Регенвальде, Керлин, Наугрард, Польцин, Голлков, Штепенитц, Массов секілді Германияның шығысындағы қалалар бірінен соң бірі Кеңес әскерінің қолына өтіп жатты. Осы қалаларды Кеңес әскері бір аптаның ішінде алған болатын. Мұндай жағдай бұрын-соңды соғыс тарихында болмаған оқиға. Ғажайып ерлік. Кеңес әскерінің рухы асқақтап тұрды. Мұндай ақпарды Әбдірахман радиодан тыңдап, газеттен оқып алып Сафи жездесіне түгел баяндап шығады. Сафи сосын оны мұнайшыларға жеткізеді. Ал, елдегі мұнайшылар Кеңес әскерінің әрбір жеңісіне қуанып, мұнайды одан да көп беру үшін жұмыс қарқынын бір сәтке де төмендетпеуге тырысады. Тұтастай алғанда, Ембі кәсіпшіліктері мұнайды үшінші бесжылдық кезіндегіден 15,2 пайызға көп берді. Майкоп пен Грозныйға жау қолында қалу қаупі туғандықтан Ембіге бұрғылау құрылғылары әкелінді. Соның арқасында бұрғылаудың өзіндік құны оның алдындағы бесжылдыққа қарағанда 12 пайызға төмендеді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде Гурьевке жаңа бұрғылау станоктары бөлінді. Соның арқасында бұрғылау жұмысы 1940 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Батыста кескілескен соғыс жүріп жатса, мұнда мұнай өндіру жанталас жағдайында іске асуда еді. Халық жеңіске деген үмітпен өмір сүрді. Жылыой ауданындағы кәсіпшіліктер де соғысқа дейінгі кезбен салыстырғанда мұнай өндіруді екі есеге арттырды. Гурьев қаласында, баяғы Сафи Өтебаев пен С.Гутин екеуінің JІ. М. Кагановичтің қабылдауында болып, дәлелдеп, сұрап алғандай қылған мұнай өңдеу зауыты кеш те болса салынып, бітуге айналды. Комсомол, Қошқар, Тентексор кен орындары пайдалануға берілді. Гурьев темір жол депосы құрылды. Гурьев-Доссор-Қосшағыл автомобиль жолы іске қосылды. Комсомол кәсіпшілігінде дизельді электр станциясы салынды. Қамыскөл көлінде турбиналы электр станциясының құрылысы басталды. Міне, 1942 жылғы тамыздың 23-інде соғыс жағдайында деп жарияланған Гурьев облысында маңызы сол кез үшін де, болашақ үшін де аса зор осындай күрделі жұмыстар жүріп жатты. Дәл осындай қауырт жұмыстар жүріп жатқан ақпан айының соңында (1945 ж.) Сафи тағы да жұмысын өзгертуге тура келді. Міне, ол тағы да обкомның бірінші хатшысы Кругловтың алдында отыр. Оның алдында екінші хатшы Нығмет Қамбаров қабылдаған. Айтылар әңгіме негізінен екіншінің алдында айтылған.

— Сізді Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші секретарлығы қызметіне ұсынғалы отырмыз,—деген сонда Нығмет Қамбаров.

Бұл ұсыныс Сафидың үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Рас, Сафиға салса мұнайдан артық жұмыстың қажеті жоқ. Оның үстіне өзі партия қатарында болғанымен, осыған дейін партиялық жұмыс атқарып көрмепті. Институтты бітіргелі 8-9 жыл ішінде тек өндіріс жағында жүр. Сонымен қатар мал шаруашылығы деген саласы тағы бар.

— Мен сол үйренген жұмысымда жүре берсем қайтеді,—деді Сафи, — мал бар, егін бар... не дегенмен айналыспаған салам ғой.

Нығмет оның егін мен малды айтқанына еріксіз езу тартты.

— Сәке, мал шаруашылығы деген мал бағу емес пе? Онымен осы елдің халқы атам заманнан бері айналысады. О жағынан қорықпа. Өзіңді Жылыойға секретарь етіп әкелгендегі мақсат, ауыл шаруашылығын жандандыру ғана емес, Жылыойға қатысты кәсіпшіліктердің жұмысын жолға қою. Жаудың беті қайтты ғой, жеңіске де жетерміз. Енді халықтың да әл-ауқатын көтеру керек. Міне, осындайда өзіңнің басшылық тәжірибеңе сүйеніп отырмыз. Облыстық комитеттің назары саған түсіп отыр,—деп Нығмет бір жағы үгіттеп, бір жағы түсіндіріп кетті. Мұнай өндірісін дамыту туралы әңгіме айтылған жерде Сафидің неден де тартынбайтын әдеті. Осы жаңа ғана бас тартпақ боп отыр еді, енді онысынан да айнып, өзімен өзі іштей арпалысып, бірауық үнсіз отырып қалды. Айтқан уәжі әсер еткенін сезген Нығмет те одан әрі бастырмалата жөнелді.

— Өзіңіз білесіз, Жылыой ауданын өзің басқарып кеткен Құлсары бір көтеріп еді. Содан кейін тоқырап қалды ғой. Ендігі талап—осыны дамыту. Яғни, барлау-бұрғылау жұмыстарын күшейту керек болып тұр, Сәке,—деп көндіре сөйледі.

Әрине, обком тапсырып отырса коммунист адамның бұлтақтауға шамасы қайсы. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деген кез. Партия бастаушы да, сен солдатсың. Қайда жұмсаса да сөз айтпастан баруға тиістісің. Сафи, әрине, бұл жағын жақсы түсінеді. Дегенмен, қай жерде де өз ойын ашық айтуға дағдыланып қалған ол Кругловтың алдына барған соң да мұнайдан кеткісі келмейтінін айтты. Ана жылы Құлсары мұнайын өндіруді әп-әдемі жолға қойып келе жатқанда Комсомол кәсіпшілігіне директор қып ауыстырып жіберіп, бұның біраз жоспарын бұзып кетіп еді. Енді, міне, Комсомолды төрт аяғынан тік қоя бастағанда... аудан басқаруға жұмсап жатқаны мынау. Жалпы, Нармонданақ жұмбағы мол алаң. Біраз жылдардан бері кен барлаушылары да, бұрғышылар да осы жерді жиі төңіректесе де мардымды мұнай таба алмай жүргені сол себептен. Геологтардың зерттеулеріне қарағанда Нармонданақтың табаны мұнайға тұнып тұрған сияқты. Ал, қазып кеп қалғанда мейіріңді қандырып мұнай шықпайды. Сафи келгенше Комсомол талайды шаршатты ғой. Сөйтсе, жердің де жағдайын жасау керек екен. Аялай білу керек екен. Жер жарықтық сонда ғана сүтті сиырдай аяқты алшайтып тастап желінін тосады екен ғой. Нармонданақ соңғы жылдары ғана тұщымды мұнай бере бастап еді. Сафи алда істелетін жұмыстардың жоспарын түзіп қойған. Енді соның бәрі іске аспай дал ада қалайын деп тұр. Өзінен кейін баратын адам сол жерді зерттеп білгенше тағы үш-төрт жыл текке кетпек. Бұл мұнай өндірісінің тоқырап қалуы деген сөз. Егер, олай болса, басшыларды тасқаяқтай қағыстырып ауыстыра бергеннен не шығады? Мұның бәрін Сафи Кругловқа түсіндіріп әуре болмады. Оған уақыт та, мүмкіншілік те жоқ. Бар болғаны:

— Мен өзім үйренген салада жұмыс істесем, сонда көбірек пайда келтірер едім,—деді.

— Міне, біздің ойымыз да осы ғой,—деп Круглов қуанып кетті,—Жылыой ауданының аумағында Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдарын қайта мазалай бастаймыз. Міне, сіз осы кен орындарының тезірек іске қосылуына мұрындық болуыңыз керек. Сонымен бірге бұрыннан мұнай беріп тұрған кәсіпшіліктердің деңгейін төмендетіп алмай, оларды одан әрі дамыта түсу керек. Осындай мұнайлы ауданға өзіңіз сияқты тәжірибелі басшы керек боп тұр.

Круглов Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдарын айтқанда Сафидың ойына бұл үш алаңнан да әрі жатқан Маңғыстау ауданы аумағын зерттеу мәселесі оралып еді. Төсінде азын-аулақ мал жайылған, адам қонысы сирек орналасқан ұшы-қиырсыз даланы зерттеп көру Сафидың өндіріске келгелі оянған арманы болатын. Бұл ойын бұдан бұрын көпшілікке ашып айта қоймаған. Әрине, Сафидың бұл ойына дөп түсетін Маңғыстау жерін зерттеу туралы ой, кейде әр жерде айтылып та қалушы еді. Мейлі, Маңғыстауды алғаш ашатын кім болса, ол болсын, әйтеуір мұнай көбірек өндірілсе, халықтың әл-ауқаты жақсарса екен деген Сафидың ежелгі арманы ғой. Егер Гурьевтен 300 шақырым, Құлсарыдан 100 шақырым қашықта жатқан Қаратон игерілсе одан әрі Маңғыстау даласы жатыр. Сол даланы игеру үшін 146 одан берірек жатқан Қаратон, Тәжіғали, Ақнияз, Қонысбай, Құмшете, Ұшқан, Прорва, Боранкөл аландары мұнай бере бастауы керек. Ал, бұлардың мұнай беретініне күмән жоқ. Үйткені, осы алаңдардың қақ ортасында құдай бере салған Қарашүңгіл жатыр. 1899 жылдың қараша айында Қарашүңгілдегі №7 ұңғыдан мұнай атқылап, тәулігіне 20 тонна өнім берген. Бұл сол кез үшін өте көп мұнай болатын. Күн сайын беріп тұрған жиырма тонна мұнайды жүздеген шақырым жерге жеткізуге қанша түйе қажет болды десеңші. 20 тонна дәл қазіргі күнмен салыстырғанда түк те емес. Бірақ, №7 ұңғының тереңдігі 300 метрден аспаған еді ғой. Демек, жаңағы алаңдардың болашағы өте зор. Ал, ол аландар игерілсе Маңғыстау дегенің тиіп тұр. Осы ойын Сергей Иванович пен Нығметке айтқаны сол екен, ол екеуі Сафидың бұл ұсынысын іліп ала жөнелді.

— Жақсы барайын,—деді Сафи,—бірақ, ауылшаруашылығы жағынан сіздерді көбірек мазалауым мүмкін.

— О жағынан қам жемеңіз, ауылшаруашылығын сол саланың мамандары арқылы басқарасыз,—деді Круглов Сафиды жұбата сөйледі.—Ал, әзірге бұрынғы жұмысыңызға бара беріңіз. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті біздің ұсыныстарымызбен келіскен соң сізді қайта шақыртамыз.

...Сафи обкомнан ойланып шықты. Аудандық партия комитетінің бірінші секретарлығына қалай келісіп қойғанын ойша саралап, жүрексініп келеді. Ауданның бірінші секретары болу деген сөз, өндірісті басқару емес. Ол партиялық жұмыстан бастап, ауданда не жұмыс болса, соның бәріне қатысты болу деген сөз. Анау екеуінің екі жақтап қолқалауы жәй бір этика үшін ғой. Коммунист адамға ешқашан өтініш айтып, жалынып жатпайды. «Барасың» деген бір ғана сөз бүкіл тағдырыңды шешетін. Сондықтан, Сафи секретарлықты қаламаса да келіспеске амалы жоқ еді. Оның үстіне... әй соны «коммунист адамның, патриот адамның» ойға алғанының өзі ыңғайсыз. Әңгіме жалақы туралы болып тұр ғой. Әрине, мұны Сафи обкомның бірінші секретары түтіл өзіне дауыстап айтуға ұялады. Тіпті, бұл туралы мана обкомда отырғанда ойламапты. Тек, кәсіпшілікке қайтып келе жатқанда, ұзақ жолда мәшине ішінде тербетіліп отырып өзі ғана ойлады. Кәсіпшілік директорының қазіргі айлық жалақысы төрт мың сом. Ал, секретардікі бір мың екі жүз сом. Бірақ, халық басына күн туып тұрғанда оны ауызға алудың өзі айыппен тең. *** Облыстық партия комитетінің бірінші секретары Сергей Иванович ана жылы «Ретін келтіріп бір жақсылық жасармын» деп еді. Сол уәдесін ұмытпапты, Сафидың шенін өсірді. Жақсылығы сол екен. Бәрі де жоғарыдан өлшеніп-пішіліп қойылған ғой. Круглов ұсынған, Орталық комитет бекіткен. Ал, ақпанның 25-інде (1945 ж.) Жылыой аудандық партия комитетінің пленумында Пленум мүшелерінің ұсынысты бірауыздан қабылдағаны жәй көңіл үшін ғана. Сафиды бірінші секретарь етіп қою үшін облысқа Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Тарыбай Шаукенбаев келген болатын. Ауданды басқару біреуге қол жетпес арман шығар, ал Сафи мұндай мансапты ойлаған да емес. Сафи үшін мұнайдың айналасынан басқа жұмыстың қажеті де жоқ еді. Мұнайға шомылып жүрсе, ол үшін сол бақыт. Ал, Круглов жақсылық жасаймын деп бұны сол бақытынан бөлектеп алып кетті. Амал қанша, бұл өмір ылғи да өзің ойлағандай бола бермейді ғой. Енді, міне, жоғары жақ бұны аудан басқаруға қолайлы көріп отыр екен, қаласаң да, қаламасаң да осы жұмысты атқаруға тиістісің. Әрі өте жақсы атқаруы керек. Оның үстіне Сафидың өзі қолға алған жұмысын тиянақтап істеуге дағдыланған. Тапсырылған қай іске де салғырт қарау оның әдетінде жоқ. Аудан орталығы Қосшағыл кенті болатын. Ол алғашында «Поселок 1-ой пятилетки» деп аталды. Аудан 1925 жылы жеке шаңырақ көтерсе, оның 1938 жылға дейінгі орталығы Каспий теңізіне жақын 148 орналасқан Жылыой кенті болды. Теңіздің тартылып кетуіне байланысты және орталықтың мұнайлы кәсіпшіліктерге жақын болу қажеттігі туындаған соң 1938 жылы Қосшағыл аудан орталығы мәртебесін алған. Міне, осы Қосшағылда орналасқан Аупарткомның кеңсесіне келген Сафи ең әуелгі жұмысын аудандағы ауылшаруашылығы саласын зерттеуден бастады. Аудандағы мұнай өндірісінің жағдайы белгілі. Ол салада жұмыс істеп жүргендердің бірқатарын Сафи жақсы таниды. Аудан басқару тәжірибесі болмаса да әуелі ауылшаруашылығын бірыңғайлап, оны басқарып отыруды тиісті кісілерге тапсырып, өндіріске содан кейін ғана біржола бет бұру керек деп шешті. Ауданда шағын-шағын 19 колхоз бар екен. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Егін тек қана Жем өзенінің бойында. Мың гектардай жер. Оған негізінен тары егіледі. Бірақ, Жемнің жағдайы Сафиға белгілі. Көктемде қанша жерден су тасығанымен Каспийге жетпей орта жолдан құмға сіңіп, жоқ болады. Ал, шілде айында Жемнің арнасынан бір тамшы су таба алмайсың. Осы себепті де Жем бойындағы егістік жерге тек тары егіледі. Шілдеден бастап су болмауы себепті ол араға басқа дақыл егу мүмкін емес. Оның үстіне жердің құнарлылығы тым төмен. Ал, малдың саны тіпті де сын көтермейді. Дәл сол кезде бүкіл аудан бойынша бар болғаны 37 мың бас мал бар екен. Ал, 1940 жылдың соңы, 1945 жылдың басында шамамен 100 мың басқа жетіпті. Осы мал Сафи келер алдында ғана жұтқа ұшыраған екен. Аман қалғаны жаңағы—37 мың бас. Бұл орта есеппен әр колхозға екі мыңнан келеді деген сөз. Екі мың бас мал мен колхоз қалай күнелтеді? Колхозшылардың жағдайы тым төмен. Өлместің күнін көріп отыр. Соғыс колхозды тым тұралатып тастапты. Малшылар мал соңында әлі күнге дейін көшпенді тірлік кешеді. Маңғыстау жері кең болса да, жайылымдық жер мен шабындық көлемі өте аз. Үйткені, бұл өлкеге жауын-шашын өте сирек түседі. Мардымсыз. Жемнің суы болса да анау.

Қашаған ақын заманында былай деген ғой:
Маңғыстау деген бұл аймақ,
Даласы шаң мен құм ойнақ.
Шулы өзендерге зар болып,

Кешпедік суын ылайлап,
Адыра қалған аспаннан,
Сұрадық жауын, Құдайлап!

Жылой Маңғыстау ауданына көрші аудан. Қашаған ақынның Маңғыстауға қаратып айтқанын Жылыойға да айтуға әбден болады. Жылой малшыларының айналып келіп сағалайтыны Жемнің бойы болып шықты. Қысы-жазы сол өңірден шықпай шиырлай бергендіктен, өзен бойы да азып-тозып барады. Жылдан-жылға шөп шықпайтын тақырға айнала бастапты. Міне, Сафи ауылшаруашылығының осындай жай-күйімен тиісті мамандарды сөзге тарта келе қанықты. Аудандағы ауыл шаруашылығымен тікелей айналысатын екінші секретарь Есмұқаш Көптілеуов әңгіме барысында әсіресе су мәселесінің қатты қинайтынын баса айтса, Еңбекшілдер депутаттары аудандық Советінің председателі Есім Айсин колхозшылардың тұралаған тұрмысын, еңбек күнге ақы ала алмай жұмыс істейтінін баяндады. Ал, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Шапиқ Ізбасов айтқан бір әңгіме Сафиды ойлантып-ақ тастады.

— Ауданның Атырау жақ бетінде шабындық бар,—деді Шапиық,—бірақ итарқасы қиянға барып шөп шабу, оны тасып алу қымбатқа түседі.

Сонда Сафидың, ә, дегеннен ойына келгені: «егер қыстауды шабындығы бар Атырау жаққа салсақ ше?» Бірақ, ол осы ойын қойын дәптеріне түртіп алғаны болмаса, ашып айта қоймады. Айналып келгенде түсінгені—ауданда су мәселесін шешпей ауылшаруашылығы саласында табысқа жету мүмкін емес. Су ең әуелі жайылым мен шабындық жердің көлемін ұлғайту үшін қажет. Бұл екеуі болмаса малдан күдер үзе бер. Қайта осы күнге дейін аз болса да малдың барына таңқалады. Жұт болған жылдары алдына салғанынан айрылған халықтың саусағын танауына тығып қалған кезі көп. Сонда да бұл қазақ мал соңынан қалмайды. Сүйткен халыққа Аспандағы да, Жердегі де ешқашан қарасқан емес. Тек, «план, план!». Планды малға топырақ беріп орындамаса, басқа еш мүмкіндік жоқ. Сафи бірді ойлап, бірге кетеді. Ол жоспарды емес, сол жоспарды проценттеп қалай өсірем деуді емес, ең әуелі жайылым мен шабындыққа қажетті суды қайдан ағызып әкелем деп, басы қатуда еді. Ақпан айы шолақтығына басып шолтаң ете қалысымен қасына жер жағдайын білетін екі-үш жігітті алып, ауданды тегіс аралап шыққан болатын. Машине бара алмайтын жерге атпен жетті. Қыр жағын, Сам жағын шолып өтті. Теңіз жағалады. Жемді бойлап өрлеп те көрді. Колхоздарға барды. Көшіп қонып жүрген шопандармен сөйлесіп, сыр тартып көрді. Олардың да айтатыны осы су. Артынша аудандық шопандар кеңесін өткізді. Онда да мәселе суға тіреле берді. «Ал, сол жоқ суды қайдан, қалай әкелеміз?» Бұл сұраққа жауап жоқ. Ешкім ештеңе айта алмады. Сафиды қинаған судың жоқтығы ғана емес, су әкелудің еш мүмкіндігі табылмағандығы еді. Қашаған ақын айтпақшы, «Адыра қалған аспаннан» жауын сұрап Тәңіріне жалбарына ма? Жоқ, бұл шаршағанда айтылған жәй сөз ғой. Аудан халқы жыл сайын Жем тасымас бұрын өзеннің Бақаш деген тұсына топырақпен бөгет салады екен. Бірақ, колхозшылардың күшімен тұрғызылған сол бөгет біраз уақыт шыдап тұрғанымен, су кеміріп ақыры бұзып тынатын көрінеді. Колхозшылар келер жылы тағы да бөгет салуға аттанып бара жатқаны. Биыл да сол. Ауыртпалық, әсіресе, әйелдерге түседі. Одан қарттар мен балалар да шет қала алмайды. Әйтеуір, бірі қолдап, екіншісі арбалап топырақ тасып, қарбаласқан жұрт. Бұны көрген жаңа хатшы су тасып кетпей тұрып бөгетті салып бітіру үшін өндірістен көмекке жұмысшылар мен техника әкелді. Осыған дейін өндіріс пен ауылшаруашылығы бұл ауданда өз алдарына жеке-жеке мемлекет болып өмір сүрсе, Сафи ол екі саланы біріктіре білді.

— Біз шопандар баққан қойдың етін жейміз, дихандар еккен бидайдың нанын жейміз. Ал, енді олардың басына қиыншылық түскенде қалай көмектеспейміз?—деп еді бір кәсіпшілікке барған кезде. Өндіріс мамандарын ол солай көндірген. Өндіріс пен ауыл шаруашылығының жақындауы аудан көлемінде әжептәуір жаңалық боп тарап еді сонда.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ғой, бұрын бір айда әрең бітетін бөгет сол жылы бір аптада салынып бітті. Оның тез салынып бітуіне өндірістен келген көмек себепкер болды. Аудандық партия комитетінің жауапты қызметкерлері де бөгет біткенше жұмыс басынан кеткен жоқ. Жұмысшыларды тамақтандырып, дем алдыру солардың басқаруымен бөгет басында ұйымдастырылды. Бөгеттің бітуіне қарап тұр екен, күн жылынып, Жем арнасы суға толып шыға келді. Мол су Сафи ойлағандай көні кеуіп, тобарсып жатқан жазыққа жайылды. Бұл шабындық мәселесін түбегейлі шешіп тастамаса да, малдың өрісін едәуір кеңейте түсті. Ұлғайған шабындықтан әжептәуір көлемде пішен жинап алуға мүмкіндік туды. Бірақ, бір өкініштісі, колхозшылар мен өндіріс жұмысшыларының маңдай терімен салынған бөгетті биыл тағы да тасыған су бұзып кетті. *** Жем жарықтықтың сол жылғы тасуын-ай! Ондай мол суды Жылыой халқы бұрын көрді ме екен? Өзегі талып, өзен жағалаған малды жайылған су қырға алғаш рет түріп тастады. Шопандар «су қайтқан сон мына жер жайылымға айналады» деп қуанып жүр. Одан да қуанышты жай—елге жеңіс хабарының жетуі еді. Сафи соғыстың қай бағытта жүріп жатқанын, Совет әскерлерінің қандай қалаларды алғанын күн сайын хабарлап, елдің рухын көтеріп айта жүретін. Бір күні Совет әскерінің жеңісін хабарлайтын қуанышты күн де жетті. Сафи сол күні митинг жасады. Халықты жеңіспен құттықтап, алдағы міндеттер туралы әңгімелеп берді. Алдағы міндет азғантай егістік жерді уақытты өткізбей игеру болатын. Азғантай болса да мезгілінде жер өңдеп, тұқым себу соғыстан күйзеліп шыққан шаруашылықтар үшін қиыншылығы да, машақаты көп жұмыс. Солай болса да оны жеңу міндет. Сафи бұған да өндірісті көмекке әкелді. Бұрын жер жырту түйе, өгіз күшімен атқарылса, биыл алғаш рет трактор іске кірісті. Бірақ, егілген тарыны суаруға келгенде ауданның жаңа басшысы дағдарып қалды. Егістік атам заманғы әдіс—шығырмен суарылады екен. Көзі таңылған түйе байғұс күні бойы шығырды айналумен болады. Сафи мұндайды бұрын естігенде онша мән бермеуші еді, енді бетпе-бет келіп, өз көзімен көргенде, не дерін білмей, мына бір өнімсіз істі жеңілдетуді ұзақ ойланды. Тіпті, баяғы жеті жасында Доссорда көрген ауыр тірлік еске түсіп кетті.

Сол жылы тары ойдағыдай өнім берген жоқ.

Дихан жылда арманда ғой, Сафи суармалы егісті қалай да дамыту үшін шығырдың орнына келер жылы сорғыш (насос) орнату керек деп түйді. Ал, оған мотор қайда? Іздестіре келгенде ол Астрахан кеме жөндеу зауытында бар екені анықталды. Аупарткомның атынан Астрахан қалалық партия комитеті мен зауыт дирекциясына кешікпей хат жазылды. Ақыры, тынбай ізденістің арқасында зауыттан бензинмен жұмыс істейтін 40-50 ат күші бар отызға тарта мотор алынды. Оған шақ келетін сорғышты Гурьевтегі Петровский атындағы зауыт жасады. Техника тілін білетін өндіріс адамының керегі, міне, осы жерде бір білінді. Колхозшыларға моторды іске қосып, оны сөндіре білуді үйретуге өндірістерге мамандар жіберілді. Ал, сол жылы қыста аудан орталығынан колхозшыларға арналған техникалық курстар ашылды. Сөйтіп, ауданның ауылшаруашылығының беті бері қарады. Ауылшаруашылығына техника араласты. Ауданда ең бірінші автомашина 1946 жылы Микоян атындағы колхозға келді. *** Бұрын Сафидың алдында ұңғының картограммасы жатушы еді. Қашан көрсең сол картограммаға үңіліп, әлдеқандай бір есептерді шығарып, өзімен-өзі ұзақ ойға шоматын. Кейінгі кездері ол басқаша бір картаға көбірек шұқшиятын болып алды. Бұл ауданның малшаруашылығы картасы еді. Онда малдың жайлауға шығу, қыстауға қайту бағыты, уақыты тап-тұйнақтай етіп көрсетілген. Бірақ, іс жүзінде мүлде басқаша еді. Сафидың ойынша, қыс қыстайтын жерді жаздай таптап, шаңын шығармау керек. Ол жөнінде данышпан Абай да айтқан ғой,

«Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай».

Ол бұл ойын мал шаруашылығы мамандарына айтып еді, олар: «Ондай кең жайылымды қайдан табамыз, артық жайылым болса, ауыстырып отырмайтындай не жынымыз бар» десті. Бірінші хатшы осы жиынға мамандарды шақырар алдында Шапиық Ізбасовтың «Атырау жақ бетте шабындық бар» деген баяғы бір сөзін еске алып еді. Мамандар осы шабындықты тиімді пайдалану жолын айта ма деп үміттенген, бірақ, үміті ақталмады, бәрі де ауыздарын қу шөппен сүртті. Ол туралы Шапиықтың пікірі белгілі. Ал, басқа мамандар «Оны Шапиық білмесе...» дегеннен әріге бара алмады.

— Жем өзенінің қос жағалауына су қаптатып, қолдан азын-аулақ жайылым жасап алдық қой,—деді Сафи оларға картадан өзенді көрсетіп,—жазда малды осы қос жағалауда ұстап, қыста Шапиық айтқан, Атырау маңына қыстатсақ ше? Сонда сонша шөпті алысқа тасудың қажеті болмай қалады. Ал, мал деген мұнда өз аяғымен келеді ғой.

Жиналыс бірауыздан осыған тоқтады. Шапиықты жанына ерткен Сафи тағы да атқа қонды. Жерұйықты іздеген Асанқайғыша Атырау жақты шарлап қайтты. Иә, бұл маңда шөп баршылық екен.  Ау, Шапиық,—деді көңілденіп сала берген Сафи,— осы жерге қыстау салсақ, малды қыстата аламыз ба? Айтшы кәні пікіріңді, мен сияқты мұнайшы емес, сен мал маманы емессің бе?  Неге болмасын, малға от керек. Ал, малшы байғұс малына шөп табылса, соған өзі тойынып жүре береді. Мал қора мен үйі жылы болса, одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Болады қыстатуға, неге болмасын! Ауданда мал шаруашылығына деген түбегейлі бетбұрыс осылай басталды. Дегенмен, жайылымға деген сұраныс бәрібір өткір күйінде қала берді.

 Не істеу керек?

Сафи осы жолы шын дағдарып еді, екінші секретарь Есмұқаш Көптілеуов бір ұсыныс айтты.  Көрші Байғанин ауданына барып, көріп қайталық, олар не амал жасап жатыр екен,—деді ол.

Оның ұсынысы ойға қона кетті. Бірінші секретарь тағы да атқа қонатын болды. *** Келесі жылы Жем өзені тағы да мінез көрсетіп, тасып бір берсін. Бүкіл аудан халқы жабылып салған бөгет бір түнде шайылып кетті. Қаппен арқалап, арбамен сүйреп топырақ тасыған есіл еңбек зая болды. Халық көз жасын сонда бір сығып алып, жұмысқа тістеніп қайта шықты. Қаппен арқалап, дорбамен сүйреп топырақ тасып, бөгетті қайта тұрғызды. Бес жылғы соғыстан әбден титықтаған халық сонда соңғы күшін жұмсап жатқандай көрінетін. Сафи оларды аяйтын. Жаны ашитын. Бірақ ол кез сезімге беріліп отыратын кез емес. Бүкіл елдің көрген күні осы еді. Жылойға алғашқы автомашина 1946 жылы келді. Халықтың сенетін көлігі—түйе арба, ат арба. Ана басы мен мына басы жүздеген шақырым жолды атпен жүреді. Жұмыс тым ауыр. Жылойлықтар сонда да мыңқ етпес қара нар сияқты, қайыспай жұмыс істеді. Бәрі де еңбекқор. Бәрі де тәртіпті. Жем бойын негізінен адай руы мекен етеді. Осы адайларды ана бір жылдары үкіметке қарсы болғандар деп түсіндіруші еді. Сонда Сафи ештеңе түсінбей, «Неге олар Совет үкіметіне қарсы болады?» деп ойлап, басы қатушы еді. Ненің не екенін кейін білді ғой, өз еңбегімен ғана өмір сүріп жатқан адайлардың сол уақытта іздейтіні бостандық екен ғой. Маңғыстау мен Жем бойының адайлары бас көтерген 1931 жылы Сафи елде емес еді, Бакуде институтта оқып жүрген. Елге аз уақытқа келгенде әртүрлі қаңқу әңгімелерді естігені болмаса, ол туралы толық білмейді де. Әрі әнгіме қуатын кез емес, ертеңгі оқуына тиын-тебен жинап алу үшін каникул болса кәсіпшілікте жұмыс істейді. Кейін білді, сол көтеріліс Голощекиннің қанқұйлы саясатына қарсылығы екен ғой. 1928-29 жылдарда қыста салған «Қызыл жүн» салығы, ол аз дегендей, тері, сүйек, шүберек жинау елдің тынысын әбден тарылтқан ғой. Салық мөлшері тым көп. Халық үстіне жамылып жататын көрпесін сөгіп, жүнін өткізуге дейін мәжбүр бопты. Одан да болмағасын, қыстың қақаған аязында қой қырқылып, түйе күзелген. «Қызыл жүн» салығын халық сонда да орындай алмай, көпшілігі түрмеге қамалған. Онсыз да арып-ашыған халықты қанқұйлы саясат діңкелете берген соң, олардың Совет өкіметіне деген сенімі жоғалып, бұл өкіметтен жақсылық күтуге болмайтынын түсінген. Өйткені, қанау патша өкіметі кезіндегіден әлдеқайда асып түскен. Маңғыстау халқының көпшілігі қатысқан бұл көтеріліске Жылой ауданы аумағындағы он бір ауыл да қатысыпты. Бұл толқуды, әрине, өкімет еркінсітіп қойған жоқ. Басып тынды. Халықтың қаны төгілді. Бірақ, халықтың әділет іздеп шыққан бас көтеруі аяусыз басып жаншылғанымен қоймай, теріс түсіндірілді. Адайларды бұзық, тентек етіп көрсетті. Міне, сондай қысымшылықты өз көздерімен көрген, өз бастарынан кешірген адайлар, олардың балалары әне, қыңқ етпестен колхоз жұмысында жүр. Советтік идеология түсіндіргендей, олар тентек те емес, бұзық та емес, нағыз еңбекқорлардың өзі екен. Оларға Сафи күні бүгінге дейін разы, алғысы шексіз. Қайсыбірін айтсын, мұң мен шерде жүрсе де келешектен күдер үзбей еңбек еткен олардың бәрі де майталман еді ғой. Бұлармен қатар, Сафи бірқатар колхоз төрағаларын өмірі жадынан шығарған емес. Жылой ауданын басқарған кез туралы ойласа, солардың жел қағып қоңырқай тартқан бейнелері көз алдына келе қалады. Сондай қиын кезде аудан шаруашылығын алға бастыра білген Тауман Елеуов, Тағым Сатыбалдиев, Сәрсенғали Аманшаев, Шимекен Сәрсенбаев сияқты колхоз төрағаларын қалай ұмытсын. Жоқ, ұмыта алмайды. Олар жоқшылықта жүріп еңбек етті. Сөйтіп жүріп бүгінгі баршылықтың негізін қалады. Әсіресе, Ворошилов атындағы колхозда қаршадайынан малшы боп, содан Ембі ауылдық Советінің бірнеше дүркін депутаты, Ленин ордені, «Орақ пен балға» алтын жұлдызы, «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атағына ие болған Жанбөпе Мергенбаева мен Сталин атындағы колхозда сауыншы болған, кейін селолық Советтің депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған Ағилаш Шарғабаеваларды бөліп айтуға болады. Олар сол кезде жиырманың үстіне енді ғана шыққан қыздар болатын. Күні бүгінге дейін Жылой ауданы дегенде әсіресе, тұтас халықты ілтипатпен еске алатыны сол себепті ғой. ***  Әй-шәй жоқ, сау етіп үстіңе кіріп келгенімізді айып етпе, айналайын,—деді ақсақалды, атжақты қария қабырғаға тақау қойылған ұзынша тақтай орындыққа жайғасып отырған соң. Онымен бірге келіп, жанына тізе бүккен үш қария да «біздің де айтпағымыз осы еді» дегендей, бас изесіп, қопаңдасып қалды. Сафидың ауданға бірінші секретарь боп келгеніне көп уақыт бола қоймап еді. Әрі кетсе бір ай, екі ай... Сондықтан ба екен, алдына кеп бұйымтай айтқалы отырған қарттарды жыға тани алмады. Бірақ, осы Қосшағылдың тұрғындары екенін іші сезіп отыр.  Айналайын, аты-жөніңе сырттай қанықпыз. Өзіңе әдейі бұрылып ықылас, алғысымызды айтқалы келдік,—деді әлгі ақсақал сөзін жалғап. Оған қосылып, қалған үшеуі бір-бір ауыз сөз қыстырып қалды.

 Көп жаса, қалқам!
 Жағың түспей жаманшылық көрме!
 Өркенің өссін!
Сафи аң-таң.

 Иә, не шаруамен жүрсіздер?  Алып бара жатқан жұмысымыз жоқ, қалқам. Түнеу күні сүйегіміз сықырлап Құлсарыдан жаяу келе жатқан төрт шал, мына біз едік. Сонда дөкей басыңмен тоқтай қап, құрмет көрсеткен саған разы боп, ықылас-ниетімізді өз аузымызбен білдіре кетуді парыз санадық. Ал, енді, қалқам, біз сенің уақытыңды алмайық, жортқанда жолың болсын,—деп ақсақал орнынан тұрды.

Оған ілесіп жанындағы үш қария да көтерілді.  Ой, ағалар, ол менің інілік парызым ғой,—деді Сафи ақсақалдар алдында кішірейіп,—менің орнымда басқа біреу болса, ол да сүйтер еді.  Ол да мүмкін,—деп келісті қариялар, бірақ Қосшағылға жете алмай, ит өлген жерден сүйретіліп келе жатқанда жарылқаушымыздай боп кезіге кеткен басқа емес, өзің ғой.  Жарайды, ағалар, сіздер қандай құрметке де лайықсыздар,—деді бұл да ақсақалдарды ілтипатпен шығарып салып тұрып.

Осы оқиға бүкіл Жылой ауданына жайылып кетіп еді. Ол былай болған. ...Бірінші секретарь төбесі брезент машинамен Құлсары кәсіпшілігінен шығып, Қосшағылға қарай асығып келе жатқан-тұғын. Жарты жолда таяққа сүйеніп, жол жағалаған төрт-бес қария көрінді. Қосшағылға қарай жаяулатып кетіп барады. Шаршап-шалдыққандары таяқ сілтесі мен аяқ тастасынан көрініп тұр. Сафи олардың қасынан шаңдатып өте шығуға дәті бармады. Тоқтай қалды.  Ассалаумағалейкүм, ағалар!—деді мәшинеден секіріп түсіп,- мына мәшинеге мініңіздер, жеткізіп салайын.  Айналайын-ай, Қосшағылға жете алмай аяғымыз қырқылып келе жатыр еді. Аллаһ разы болсын! Сафи әй-шәйге қаратпай олардың бәрін сүйемелдеп, енді бірінің таяғын алып беріп, мәшинеге отырғызды. Сонан соң шопырға:  Бұл кісілерді Қосшағылға жеткізіп салып қайта айналып кел, мен бірауық жаяу жүрейін,—деп өзі костюмін иығына асып, айдау жолға жаяулап түсіп еді. *** «Ойды ой қозғайды» демекші, адам ойлана берсе, қайдағы бір ұмыт болған оқиғалар еске түседі екен... 1947 жылы Сафи Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына ұсынылды. Сонда жер-жерге барып еңбекшілермен кездесу өткізген-тұғын. Қайда барса да халықтың өзіне деген ілтипатына марқайып қалатын. Әсіресе, Құлсарыда өткен кездесуді айтсаңшы. Кездесуге Құлсары халқының тайлы-тұяғына дейін келген бе дерсің, жиналыс болатын үлкен клуб аузы-мұрнынан шыға лық толды. Бірінен соң бірі сөйлеген халықтың ықыласында шек жоқ. Бірақ, бәріне бірдей сөз қайда, кезегі келмей қалғандар да болды. Кездесу аяқтала бергенде көпшілік ішінен бір жігіт ұшып тұрып, рұқсат сұрамастан саңқылдап сөйлеп ала жөнелді.  Құрметті Сәке! Сіз ұйымдастыру қабілетіңіз бен іскерлік шеберлігіңіздің арқасында осындай құрметке бөленіп отырсыз. Сіз осы қалпыңызбен бір романның кейіпкері болуға лайықсыз. Сондықтан, мына жиылған әлеуметке сіз туралы кітап жазам деп уәде етем. Сафи оның кім екенін кездесуден кейін білді. Мектепте мұғалім екен. Аты—Ермек. Фамилиясын білуші еді, әттең-ай ұмытып қалыпты. Сол кісі халық алдында берген уәдесін орындады ма, орындамады ма, о жағын бұл білмейді. Ермек деген мұғалім бұл туралы кітап шығарыпты дегенді бұрын-сонды естімепті. Соған қарағанда жазылмаған сияқты. Ал, неге жазылмады, о жағы Сафиға әлі күнге жұмбақ. Әлде мүмкіншілігі болмай қалды ма екен? Мейлі ғой, «жазам дедің де, жазбай кеттің» деп жазғырар бұл емес. Кітап жазам деп көпшілік алдында білдірген ықыласының өзі неге тұрады. Бұның депутат болып сайланғаны, халықтың осындай ықыласының арқасы емес пе? ... Ұшақ ішінде отырып, сонау бір жалындаған жастық шағына сапар шегіп кеткен қарт Сафидың ойына тағы бір оқиға түсе кетті. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Ұмытпаса 2000-ыншы жылдың оныншы наурызы болар. Иә, иә, оныншы наурыз. Бұл күннің ұмытылмайтын себебі бар. Бір 160 інісі газет қағазына басылған бір бет жарнаманы беріп жіберіпті. Қағаздың ашық жеріне: «Сәке! Сізді аса құрметтеумен елу үш жыл сақтаған жәдігерді өзіңізге қайтардым. 10.03.2000 ж.» деп жазып, қолын қойыпты. Ол халықты 1947 жылғы ақпан айының 16-сы күні өтетін сайлауға шақырған насихат қағаз екен. Осы насихат қағаз Сафидың 38 жасының куәсіндей боп жеке архивінде әлі сақтаулы. Бұл үшін аса бір қастерлі насихат қағазды қарт Сафи кейде қолына алып, жазуына үңіледі. Онда бұның өмір жолын баяндай келе, мынадай мінездеме берілген екен: «Басшы болған жерлерінде Ленин-Сталин ұлы партиясының сенімді ұлы Өтебаев жолдас өзін Ленин-Сталин типті қайраткер, еңбекшілер бұқарасын сүйікті Отанымыздың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбекке ұйымдастыру қолынан келетін қайраткер етіп көрсете білді. Жас маман Өтебаев жолдас басқарған мұнай промыселдары Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге жоспардан тыс мыңдаған тонна мұнай беріп, даңқты совет армиясын жанармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Партия мен үкімет Өтебаев жолдастың еңбегін жоғары бағалады, оны «Екінші дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградтады. Облыс еңбекшілері үлкен сенім көрсетіп, Өтебаев жолдасты 1938 жылы бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады. Сол жылы, Гурьев облысының большевиктері оны ҚК(б)П Гурьев облыстық, комитетінің пленум мүшесі етіп сайлайды. Большевиктік іскерлік, өзіне және басқаларға талап қоюшылық, маңызды мемлекеттік шараларды практикада іске асыруда табандылық, саяси-идеялық, көрегендік Өтебаев жолдасқа беделі өсуіне көмектесті. Жылой ауданының еңбекшілері өздерінің сайлау алды жиналыстарында Сафи Өтебайұлы Өтебаевты №107 Жылыой сайлау округі ойынша Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп тағы да бірауыздан ұсынды. Өтебаев жолдас өзінің барлық күшін Отанымыздың ұлы социалисты құрылысына, халыққа қызмет етуге жұмсауда. Міне, сондықтан да ол Қазақ республикасының мемлекет билігінің жоғарғы органына сайлануға лайықты өкіл. Жас, қажырлы, Ленин -Сталин партиясының ісіне ақырына дейін берілген, қазақ халқының адал ұлы Сафи Өтебайұлы Өтебаевтың Қазақ ССР-ның халық шаруашылығын онан әрі өркендету ісіне, соның ішінде Гурьев облысының және облыс шаруашылығының шешуші саласы—мұнай өнеркәсібін онан әрі өркендете беру ісінде қажырлы еңбек істейтініне күмән жоқ, халық сенімін ол абыроймен ақтап отырды. Сайлаушы жолдастар! Коммунистер мен партияда жоқтар одағының кандидаты С.Ө.Өтебаев жолдасқа дауыс беріңіздер!» Сөйтіп, Сафи екінші мәрте депутат болды. Ол осы депутаттық мәртебесін халық мүддесі үшін жұмсады. *** Соғыстан сілелеп шыққан ауыл халқының еңсе көтерер халі жоқ. Жоспар орындалмағандықтан колхозшылар еңбекақы алып көрген емес. Сафиды осы мәселе көбірек мазалаушы еді. Ол халықтың еңсесін көтерудің жалғыз жолы ауылшаруашылығын дамыту деп ұқты. Тынымсыз жүгірістің арқасында аудандағы азғантай малдың жағдайы біржақты боп қалған сияқты. Малдың көпшілігі Атырау жақта салынған қыстауда. Енді бірқатары Қарақұмның бір пұшпағын жайлап жатыр. Жаз шыға сол мал Жем бойына қарай жайыла көшеді. Осындай күтімнің арқасында мал басы көбейе бастаған. Мал көбейе бастағандықтан, шабындық пен жайылым көлемін арттыру мәселесі өткір сезіле түсті. Егіннің де көлемі мен түсімін арттыратын кез келген. Осы екі мәселе туралы Сафи қанша жерден бас қатырып ойланса да түбегейлі бір шешімге келе алмай-ақ қойды. Мәселенің бәрі судың тапшылығына тіреле береді. Шіркін су... су болса осы өлкені мыңғыртып малға толтырып, егінді жайқалтып тастамас па еді. Аралтөбе маңына тоған салу туралы ой Сафидың басына міне осы кезде келді. Аралтөбе Қосшағылдан 120-130 шақырым жерде, Жемнің жоғары жағы. Сол маңда ауқымды табиғи ойпат бар. Егер Жемді сол тұстан буып, әлгі ойпатқа су толтыра алса, Аралтөбе малға да, жанға да жайлы қоныс болар еді-ау. Аудан көлемін сан рет шарлаған Сафи бұл өлкенің ойы мен қырын бес саусақтай біледі. Әлгі ойпатты да талай мәрте көрген. Бірақ, сол ойпатқа су келтіру туралы ой бұрын басына келмепті. Дұрысы, ойлауға мұрша болмапты. Енді уақыттың өзі осы қажеттілікті еске салып тұр. Алайда, тоған жасауға ауданның күші жетпейді. Облыс тарапынан, одан қалды республикадан көмек керек. Бұл кезде облыстық партия комитетінің бірінші секретары қызметіне Сәлімжан Ғалиев деген кісі келген. Жаңадан келген секретарды білетін жұрт «адамгершілігі мол, білімді адам» деуші еді. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, жұрттың айтып жүргені рас екен. Оған анада қабылдауында болғанда көзі жете түсті. Сафимен бірге облыс басшысының қабылдауында аудандық Кеңес төрағасы Есім Айсин мен аудандық ауылшаруашылық мекемесінің бастығы Шапиқ Ізбасов та болды. Бұлар тоған жобасын жасағанда мал шаруашылығын дамытумен қоса, егін көлемін арттыру, аудан халқы үшін көкөніс өсіру жағын да қамтыған болатын. Оны суландыру әлгі ойпатқа қол боп жиналуы тиіс Жем суы арқылы жүзеге аспақ. Ал, ойпатқа бірнеше миллион текшеметр су жинап алуға болар еді. Сафи облыс басшысына осы ойын түгел жеткізді. Ғалиевтің бір жақсы қасиеті адамның сөзін бөлмей, мұқият тыңдайды екен. Сол әдетімен бұның сөзін аяғына дейін тыңдап алды да:  Су мәселесі тек Жылыой ауданы ғана емес, бүкіл облыстың мұқтажы. Ал, анау Маңғыстау ауданының жағдайы сіздерден де жаман. Біз де су тапшылығын білмей отырған жоқпыз. Бұл облыс бойынша ең көкейтесті мәселе. Сондықтан да, біз мұны үкіметке арнайы мәселе етіп қойғанбыз. Ол жақтан біздің осы сұрауымыз бойынша, жақында Нұртас Дәндібайұлының өзі келмек. Сонда өз көзімен көріп, танысады. Бір шешімін содан кейін айтады. Соны күтейік. Сіздерге рахмет, жоқ-жоқ деп алақан жаймай, нақты ұсыныспен келіпсіздер. Мына жобаңыз көңілге қонады. Солай емес пе?—деп манадан бері әңгімеге құлақ қойып үнсіз отырған облыстық атқару комитетінің төрағасы Сабдық Шәріпов пен облыстық ауылшаруашылық мекемесінің бастығы Рафаэль Ахметовке қарады. Мана Сафи ауданда су тапшылығын жою жөнінде жобамыз бар дегесін бұны тоқтатып қойып ол екеуін шақыртып алған еді. Ол екеуі де бірден түсініп:  Қолдауға тұратын жоба,—десті бірауыздан. —Олай болса бұл жобаны әлі де нақтылай түсіңіздер. Министрлер Кеңесінің төрағасы (ол кезде Советінің председателі деп орысша айтылады—Н.С.) Нұртас Оңдасынов жолдас келгенде қолына ұстатайық,—деп облыстың бірінші секретары Сәлімжан Ғалиев сөзін аяқтады. *** Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Жылойдың іргесінде жатыр. Сол жылдары ауданды Кәрім Ержанов деген азамат басқаратын. Сафи оны сырттай таниды. Арғын руынан екенін де естіген. Бір күні сәрсенбінің сәтінде Сафи Байғанин ауданын бетке алып жүріп кетті. Онымен бірге аудандық Советтің төрағасы Есім Айсин мен Шәрипа да келе жатыр. Кәрім бұларды құрметтеп қарсы алды. Сый-сияпат көрсетті.  Келгендегі мақсатым,—деді Сафи әңгіме үстінде,—біз көршіміз ғой, ауыл аралас, қой қоралас жатыр. Сондықтан өзіңізбен кеңірек таныса келдім. Мынау Шәрипа сіздің қарындасыңыз. Арғын. Сіз маған сонда қайынаға боп шықтыңыз. Ал, енді қайынағаға айтар бұйымтайым бар.

 Ay, күйеу бала, айт бұйымтайыңды,—деді Кәрім.  Айтсам, жуық арада облысқа Нұртас Оңдасынов келмек. Мен оған ауданда жайылым жердің тым тар екенін айтып, көрші аудандардан уақытша пайдалануға жер сұрамақпын. Сонда Ойыл жағасынан жер бөлуге сіз қарсы болмаңыз. Менің қолқам осы. Өзімнің қарақан басыма ештеңе керек емес, Жылыойдың малын жаятын өріс іздей келдім,—деп, Кәрімге «бұған не дейсің?» дегендей сұраулы жүзбен қарады.

Кәрім болса:  Біздің ауданның табиғаты да өздеріңе ұқсас қой. Жайылым бізде де көп емес. Бірақ, күйеу бала жұмыс қып кеп тұрса, бермеске амалымыз кәні,—деп сөз аяғын әзілге бұрып жіберіп еді. Көп ұзамай Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Ақтөбе, Гурьев облыстарын аралап көрді. Жылойға келгенде Сафи аудан жағдайын баяндай келе, тоған жөніндегі жобаны алдына жайып тастады. Жобаны бір кездері су инженерлері институтында оқыған Нұртас Дәндібайұлы да қолдайтынын білдірді. Бірақ, мұндай ірі жобаны салу үшін Мәскеу қаулы шығаруы керек екен. Нұртас Ондасынов мұны аяқсыз қалдырмауға уәде етті. Ал, өз қолынан келетін шаруа—Сам, Ойыл жерінен Жылой ауданына жайылымдық жер бөліп бергізді. Өріс кеңігесін аудандағы мал шаруашылығы айтарлықтай дами бастады. 1951 жылы ауданда мал саны 207 мың басқа жетті. *** Ал, Аралтөбе тоғанын салу мәселесі содан 7-8 жыл өткесін ғана шешімін тапты. Республика үкіметі мұны Мәскеуге мәселе етіп қоя білді. Бұл кезде Сафи Гурьев экономикалық ауданының Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болатын. Облыстағы барлық өндіріс осы Халық шаруашылығы кеңесіне қарады. Сафи ендігі жерде ауылшаруашылығымен айналыспайтын болса да, баяғы орындалмай қалған Аралтөбе тоғаны жобасын ұмытқан жоқ. Бір мәрте өндіріс мәселесімен Мәскеуге барғанда одақтық мұнай комитетінің төрағасы Байбақовқа ойында жүрген жоба туралы әңгімелеп берді.  Мұнайшылар жан төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Оларға құнарлы тамақ керек. Олар көкөніс жеуі керек. Ал, өзіңіз білесіз, көкөніс деген Ембі бойында аса қат қой. Тоған салудағы мақсат мұнайшылар үшін арзан көкөніс өндіру,—деп мұнайшылардың мүддесін баса айтқан-тұғын. Байбақов тоған салу жобасына қарсы болмаса да, ә дегенде қолдай қоймап еді. Бір күні Гурьев Халық шаруашылығы кеңесіне оның өзі телефон шалды.  Сафи Утебаевич, анадағы жобаңыз Қазақстан республикасы тарапынан да ұсынылып жатыр ғой. СССР Министрлер Кеңесі сол тоған туралы қаулы шығаруы мүмкін. Соның алдында СССР Министрлер Советінің төрағасы Алексей Николаевич Косыгин жолдастың өзі сізді қабылдап, сөйлесіп көрмек. Сондықтан, тезірек Москваға келіңіз,—деді. А.Н.Косыгин өзіндік ой-пікірі бар, білікті басшы-тұғын. Н.С. Хрущев билік басына келе сала бір облысты ауылшаруашылығы және өндіріс саласы етіп екіге бөліп, екеуіне бір-біріне бағынбайтын екі бастық тағайындағанда осы Косыгин қарсы болған еді. Бірақ, Н. С. Хрущев дегенін істеп тынды ғой.  Осы тоған аса қажет пе?—деп Косыгин алдына кеп отырған Байбақов пен Өтебаевқа кезек қарады.  Меніңше, бұл өте қажет нәрсе деп ойлаймын,—деді Байбақов,—бұл ең әуелі мұнайшылардың тұрмысын түзеу үшін керек.

 Ал, тоған салынғаннан кейін бұл бізге қанша пайда келтіре алады? Бұл сұраққа Сафи жауап берді. Талай жылдан бері көкейінде жүрген ой емес пе, оның қаншалықты пайда келтіретінін, тоған маңына тек қана көкөніс қана өсіріп қоймай, аудан мал шаруашылығын дамытуға септігі тиетінін дәлелдер келтіріп айтып беру Сафи үшін аса киын шаруа емес еді. Бұл екеуін тыңдап, пайдасына көз жеткізген соң, А. Н. Косыгин «Аралтөбе маңына тоған салу жөнінде» қаулыға қол қойды. Сафи елге сонда бір қуанып қайтып еді. Тоған жобасын жасауға Жылой ауданындағы тиісті мамандар барын салған болатын. Жобаның жоғары жақтан қолдау тапқанын айтып, Сафи оларды да бір қуантып тастады. Алайда, тоған құрылысы жанданып, алғашқы құбырлар салына бастағанда үкімет пен партия Сафиды Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарының басын біріктірген Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы етіп, Ақтөбеге жіберді. Сөйтіп, республика тарапынан қойылған мәселе шешімін тауып, құрылысы енді бастала бергенде бәрі де аяқсыз қалып қойды. Бұл кезде Нұртас Оңдасынов та Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босап, зейнет демалысына шығып жатқан-тұғын. Сөйтіп, Үкімет қаулысы қат-қабат шаруалардың арасында ескерусіз қала берді. Бұл облыс үшін ең бір өкінішті жағдай еді. *** Басшылық қызметте жүріп жақсымен де, жайсаңмен де араласты ғой. Солардың ішінде адамдық асыл қасиетімен де, іскерлік қабілетімен де есте қалған екі адам болды. Олар—Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов пен Сәлімжан Фазылұлы Ғалиев болатын. Нұртас Дәндібайұлы облысқа басшы боп 1955 жылы келді. Сол жылы ол облыстық Советтер атқару комитетінің төрағасы, ал, 1956 жылдың қаңтарынан облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. Ал, Сафиды Жылойға Круглов жіберді. Артынша өзі де кетіп, орнына осы Сәлімжан Галиев келді. Сәлімжан адамгершілігі мол, өте мәдениетті адам еді. Онымен кейінгі жылдарға дейін араласып тұрды. Мәскеу ауруханасында емделіп жатқанда көңілін сұрай барғаны бар. Ол өр көңіл адам еді. 1949 жылдан 1950 жылға қараған қыс болар, сол жылы қыс қатты түсіп, қырық градус саршұнақ аяз сықырлап, табан аудармай тұрып алды. Қар тізеден жауған. Сол жылы облыста адам айтқысыз жұт болды. Бірақ, соңғы жылдары Жылой ауданы мал қыстатуға мән беріп, бірнеше жерден қыстау салып алғандықтан жұттан аз шығынмен шықты. Ал, облыс бойынша алғанда көп мал қырылды. Бірақ, бұл туралы кейінгі кезде шығып жатқан энциклопедиялар жұмған аузын ашпайды. Жұт болған жылы Сәлімжан Ғалиев үкімет алдында малдың есепсіз қырылғаны жөнінде жауап берді. Ол сонда аудан басшыларын қорғай сөйлеп еді-ау.  Бұған аудан басшылары кінәлі емес,—деп еді сонда.—Малдың жұтқа ұшырауына мына біз—облыс басшылары, республика басшылары кінәлі. Үйткені, мал өсіруге жағдай жасай алмадық. Су жеткізе алмадық. Мұндай күрделі жұмысты атқаруға ауданның күші жетпейтін еді. Олар қолдан келгеннің бәрін істеді. Сондықтан, оларды емес, біреуді кінәлау керек болса, бізді кінәлаңыздар,—деп қасқайып тұрып алды ғой сабаз. Сөйтіп, хатшылық қызметтен өзі кетті. Осыны Сафи өз көзімен көрді ғой. Оның ер көңіл азаматтығына сонда бір тәнті болғаны бар. Одан Сәлімжан Ғалиев жаман болған жоқ, өмірден ақ, адал күйінде кетті. Қызметтес болған адамдардың жүрегіне шуақ құйып кетті. Сафи сондықтан да оны ұмыта алмайды. Әр кез еске алып отырады. Ғалиев Гурьевке Шымкенттен келді. Өзі Қостанай облысының тумасы. Сафидан бір жас кішілігі бар. Қазақтың әдет-ғұрпын білетін, соны құрметтейтін. Бір жылы Сафи киіз үй көтерді. Асып-тасқандықтан емес, тас үйдің ыстығынан ығыры шығып, киіз үйге шығуға мәжбүр болды. Бақсай ауданында уық, кереге жасайтын үйші ұста бар екен, соған 1200 сом ақша төлеп, киіз үйдің сүйегін жасатты. Киізді аудандағы «Живсырье» мекемесіне бастыртып, оны да сатып алды. Бәтима, Нұрыш апалары ши орады. Салиқа жеңгесі басқұр тоқыды, Нұрзила жеңгесі бау тоқыды. Қали ағасы балташы, ұста еді ғой, ол арбаның ағаш дөңгелегінен шаңырақ жасады. Барлық дайындық жұмысы бітіп, үй тігілді. Оның сән-салтанаты жарқырап сонда көрінді. Әсіресе, оралған ши мен басқұрдың, баудың қызылды-жасылды оюы көзді арбап шыға келді. Ауданға бір келгенде осыны көрген Сәлімжан:  Апырай, Сәке, мынауыңыз ғажап қой, ғажап қой,—деп үйге бір кіріп, бір шығып, сүйсініп қалып еді.—Қазақтың қолы осындай үйге жетер ме екен енді, жетпес пе екен? Әй, қайдам! Мұндай үй басатын ұста-шеберлер таусылып бара жатыр ғой. Мынадай уықты кім иеді, анадай керегені кім түйіп, қызыл ала, көк ала етіп шиді кім орайды? Анадай басқұр енді тоқыла ма?

Сәлімжан сүйсініп тұрып, киіз үйдің болашағын да ойлап еді-ау. *** Сафи Жылой ауданына бірінші хатшы болып келгендегі мақсатын бір сәтке де естен шығарған емес. Ол—Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаңдарын aшy, Сөйтіп маң дала Маңғыстауға қарай жақындай түсу еді ғой. Ауданда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жұмыстары, шынын айтқанда, Сафидың көп уақытын алып кетті. Дегенмен, 170 ол Жылыойдың басты байлығы мұнай өндіруді көзден таса еткен жоқ. Осы жылдары Құлсары, Қосшағыл кәсіпшіліктерінде жаңа кен орындары ашылып, өнімге өнім қосты. Ал, аталған үш алаңды зерттеу шарықтау шегіне жеткен еді. Төлес, Мұнайлы алаңдарын зерттеу 1929-1930 жылдары басталса, Қаратонға барлау бұрғысы 1900 жылы-ақ түскен болатын. Содан бері бұл алаңдар барлаушылардың назарынан қалып көрген емес. «1949 жылы Қаратон, Төлес кен орындары мұнай беретін болсын» деген СССР Министрлер Кеңесінің И.В.Сталиннің өзі қол қойған қаулысы шықты. 1947 жылы Қаратондағы Тоғызбай Дәулетов бригадасы қазған №11 ұңғыдан мұнай шықты. Келер жылы Мұнайлы, Төлес кен орындары да алғашқы мұнайын аспанға шапшытты. Алайда, мұнайдың қара жерді қақ айырып шығуымен іс бітпейді ғой. Алынған өнімді тиісті жерге жөнелту үшін толып жатқан өндірістік базалар, мұнайшылар тұратын үйлер, тар табанды теміржол салу қажет. Бұлардың бәрін былай қойғанда, Қосшағылдан Қаратон мен Мұнайлы кен орындарына мұнай, су құбырлары, электр желілері тартылу керек. Бір киын жері бұл аландар бір бағытта емес, бірі Ақтөбе жақ бетінде болса, екіншісі Каспий теңізі жағында-тұғын. Екеуінің арасы тым қашық. Мұнайлы Құлсарыдан 60 шақырым, Қаратон 100 шақырым қашықта жатыр. Жұмыстың соншалықты ауқымды екенін осыдан-ақ білуге болады. Қосшағыл мен Құлсарыда жүздеген құрылысшылардың, құрастырушылар мен дәнекерлеушілердің басын біріктіретін құрылыс-монтаж конторлары құрылды. Бірақ, осыншама жұмысшыға тез арада үй-жай тауып беру мүмкін емес еді. Жаңа кен орындарын іске қосу бұған да қарап тұрған жоқ еді. Құрылыс заттары жетіспей жатты. Сондықтан да Сафи Жылыой аудандық партия комитет! атынан одақтық мұнай министрі Байбақовқа: «Мұнайлы және Қаратон кен орындар белгіленген мерзімде іске қосу үшін көмек беруіңізді сұраймын» деп хат жазуға мәжбүр болды. Хат қолына тиісімен Байбақов он күн ішінде Мәскеудегі үш бас басқарманың бастығын Жылыойға аттандырып жіберді. Олар: мұнай министрлігінің құрылыс бас басқармасының бастығы генерал Папировский, мұнай өндіру бас басқармасының бастығы Сидоренко, мұнай құбырларын тарту бас басқармасының бастығы Виноградов болатын. Олар келген соң құрылыс жұмысының қарқыны шұғыл артып сала берді. Жан-жақтан құрылыс заттары тасылып жатты. Жылойға келген осы үш бас басқарманың бастықтары құрылыс басынан кеткен жоқ. Өндіріске араласу аупарткомның міндеті емес, десе де Сафи қаулының дер мезгілінде орындалуына бел шешіп кірісті. Сөйтіп, Қаратон, Мұнайлы, Төлес кен орындары 1949 жылдың желтоқсанында өндірістік мұнай бере бастады. Ембі мұнайының жаңа тынысы ашылды. ...Атыраудан Алматыға қарай бағыт алып, кең аспанның төрінде қалықтаған ұшақ ішінде отырып, сонау жылдарға сапар шегіп кеткен қарт Сафи Мұнайлы және Қаратон кеп орындарын жанталасып жүріп, қайткенде мерзімінде іске қосқан кезді бүге-шігесіне дейін ойлағысы келмеді. Үйткені, дәл сондай қиындықты бұдан да қиын уақытта Құлсарыда жүргенде, Комсомолда жүргенде бастан кешіп еді ғой. Ол үшін ең маңыздысы қайткенде де Байбаковты көндіріп, Жылыойға басты-басты үш бас басқарманың бастықтарын алдыруы еді. Мұның бәрі қазір тарихқа айналды. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... *** Бұл Сафи коммунисліктің рахатын да, азабын да тең тартты ғой. Әрине, азап дей алмайсың, бірақ, бұны ылғи да бір жауапты жұмыстан екінші бір жауапты жұмысқа ысырды да отырды. Мүмкін, бұл жас маман ысылсын дегені шығар. Барған жерін тірілтіп, енді жолға қоя бастадым дегенде, жұмыс ауыстырып, тағы бір ақсап жатқан немесе алдында қыруар міндет тұрған жерге басшы боп бара жатқаны. 1949 жылдан 1950 жылға қараған қыста облыста жұт болып, жаппай мал қырылғанда Жылойдың малы аз шығынмен аман қалып еді ғой. Міне, бұл тынымсыз жүгірістің арқасында болған нәтиже емес пе еді. Сол жылдары ауданда мал басы көбейіп, жаңа кен орындары ашылып, қыруар жұмыстар тындырылды. Осы істі басқарып отырған адам қашанда жоғарының назарына тез ілігеді. Сафи да солай, әрі бұл бірінші рет емес. 1951 жылдың жазы еді, маусымдық қарбалас жұмыста жүрген бұны облыстық партия комитетінің бірінші секретары Сейітжан Палымбетов шақыртып, «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы етіп ұсынып отырғанын, оны Қазақстан компартиясы орталық комитеті де қолдайтынын айтты. Бұл Сафи үшін аса қуанышты хабар еді. «Төлес, Мұнайлы, Қаратон кен алаңдары ашылып, өндірістік мұнай бере бастағалы Маңғыстау мұнайына деген үміт күшейіп, сол үміт қол созым жерде тұрғандай сезіле беретін. Енді сол арманына бір табан жақындаған да сияқты. Сафидің бір қасиеті қай жерде, қай ортада жұмыс істесе де уақыт өткен сайын сол адамдармен жақындаса түсетін. Тіпті, кейбірімен бауыр да боп кететін. Сондықтан ба екен, сол жерден ауысып, басқа жұмысқа бару Сафи үшін оңай емес. Бұл жолы да қимастық сезім кеудесін керней жөнеліп еді. Жылой халқын қанша жерден қимаса да, ежелгі арманын орындауға мүмкіндік туып тұрғанына қуанды. Бірақ, бірінші хатшы алдында ұстамдылық танытып, «алақайлап» кеткен жоқ. Бар болғаны:  Мен коммунистпін ғой. Сондықтан, үкімет пен партия қайда жұмсаса да дайынмын,—деді бұл. Облысқа Ғалиевтан соң келген Сейтжан Полымбетовтің бұдан 3-4 жас кішілігі бар. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туған. Мамандық жағынан Сафидан алыс емес, Алматы кен-металлургия институтын бітірген. Бірақ, бар өмірі партия саласында өтіп келе жатыр. Ол Қазақстан коммунистік партиясы ОК-нің аппаратында нұсқаушы, Қарағанды облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан КП ОК хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі, республиканың Жергілікті өнеркәсіп министрі, Алматы халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Министрлер Кеңесінің Техникалық бақылау мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚазКСР кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Министрлер Кеңесі ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі сияқты сан-салалы қызметтерді атқарған тәжірибелі партия қайраткері еді. Ол Сафидың бетіне лып етіп шыға келген қуаныш табын табанда аңғарып қалды да, әңгіменің төтесіне көшті.  Сәке, тездетіп Москваға жүріп кетіңіз. Мұнай министрі Байбаков жолдас сізді қабылдамақ. Біз ұсынуын ұсындық, енді мәселе сонда шешіледі.

Сейітжан әңгіме осымен бітті дегендей орнынан тұрып, бұған қолын ұсынды. *** Дәл осы уақытта Қазақстан жылына 1200-1400 мың тонна мұнай беріп тұрды. Бірақ, бұл көлем соғыстан соңғы дамып келе жатқан ел экономикасына сай болмай шықты. Үкіметті де қанағаттандырмады. Бүкілодақтық мұнай өндірісімен салыстырғанда Қазақстанның үлесі 2-3 процент қана болатын. Өндірілген мұнай көлемінің соншалық аздығы мен Ембі мұнайының қымбат болғаны себеп болды ма, одақтық министрлік қаржы жағынан үнемі сараңдық жасайтын. Мұнай өндірісінің барлығы одақтық министрлікке қарағандықтан республика да қаржы бөліп жарытпады. Міне, осындай қиыншылықтан шығудың жалғыз жолы қайткенде жаңа мұнай көздерін ашып, өндірісті жандандыру еді. Сафидың мұнай саласына қайта оралуы осындай жағдайға тұспа-тұс келген-тұғын. Байбақов Сафиді Москваға келген күні-ақ қабылдады. Институтта бірге оқыған ежелгі достар министрліктің кабинетінде жылы жүздесті.  Бұл қалай?—деп күле қарсы алды ол. — Өзіңіздің мұнай инженері екеніңізді ұмытып, партия жұмысына араласып кетіпсіз ғой.  Коммунист болған соң, партия жұмсаған жаққа баруға міндеттісің. Ол жағын өзіңіз де жақсы білесіз.

 О жағы түсінікті ғой.
 Өмірлік мақсатым мұнай өндірісі болғанмен, Жылойға бауыр басып қалыппын.

 Жоқ, Сафи Утебаевич, мамандардың қайда, не істеп жүргені біздің есебімізде ғой. Соғыс дедік, соғыстан кейінгі кезең дедік, әйтеуір қайда керек болсақ сонда баруға мәжбүр болдық қой. Енді соғыстың аяқталғанына да алты жылдан асып барады. Енді мұнай өндірісімен табанды түрде жүйелі айналысатын уақыт келді. Жаңа ғылыми негізде. Сондықтан басшылыққа кімді қоямыз дегенде, Қазақстан республикасы партия ұйымы мен облыстық партия комитеті сізді ұсынып отыр. Мен бұл ұсынысты қуана қабыл алдым.  Николай Константинович, сенім білдіргеніңізге көп-көп рахмет. Партия мен өкіметіміз сенім білдірсе, сол сенім үдесінен шығуға тырысамын ғой. Менің де ойым—мұнай өндірісін дамыта түсу емес пе? Егер мен осы бірлестікке басшы боп барған күнде Маңғыстауды зерттеуге мүмкіндік бола ма?  Сафи Утебаевич, сіз не деп тұрсыз? Біз бірлестікке өзіңізді таңдағанда міне, нақ осыны көздеп отырған жоқпыз ба? Біздің ойымыз да осы. Ал, Маңғыстау туралы сіздің ойыңыз қалай?

 Маңғыстауды іске қоспайынша Қазақстан Бакудың деңгейіне жете алмайды.  Ендеше, Қазақстанды Бакудың деңгейіне мына тұрған сіз жеткізуге тиістісіз. Айтпақшы, жақында «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бірнеше станок, техника, құрал-жабдықтар бөлдік,—деді Николай Константинович. Сафи тәтті қиялға беріліп, осы сәт үнсіз қалды. Әне бір жылдары Маңғыстау даласын зерттеу туралы айтып, Жылыойға бірінші хатшы еткенде ол жерге бәрібір қолы жетпейтінін алғашқыда аңғара қоймапты. Басқа аудан боп, бөлек отырған Маңғыстау түгілі Қаратон мен Мұнайлыны, бұл екеуінің арасында жатқан Төлес кен орындарының өзін Мәскеуге хат жазып жүріп мерзімінде іске қосылуына атсалысып еді ғой. Енді міне, нағыз мүмкіндік деп осыны айт. Бірақ, Сафи мыңдаған шақырымға созылып жатқан сусыз даланың талай қиындығын бастан кешетінін ойлаған жоқ. Оның ойында бір ғана Маңғыстау тұрды. Осы былтыр ғана (1950 ж.) жайылымдық-мелиоративтік трест Маңғыстау даласын зерттеп, 6 млн. 245 мың га жерге байқау жүргізген болатын. Сонда есінде қалғаны: жайылым әлгі жердің 75,1%-ін, құмдақ—5,5%-ын, сор—10,2%-ын, аңғар, жар, егістік алқап— 6,4%-ын, тақыр—0,6%-ын алып жатыр екен. Ал, сулы жердің үлесі бар болғаны— 1,3%, басқалай пайдасыз, қолайсыз жерлер 0,89% қана екен. Маңғыстау жері осындай қолайсыз болғанына қарамай, табаны тола байлықты ғасырлар бойы басып жата беріпті. Енді бұлар осы байлықты іздеп, елсіз, сусыз далаға аттанып кетпек.  Сафи Утебаевич, олай болса сіз Орталық комитеттің шешімін күтесіз,—деп Николай Константинович оның ойын бөліп жіберді. *** Сафи Мәскеуде бір аптадай кідіріп қалды. Ештеңемен айналыспай, қам-қарекетсіз құр жатқаннан ауыр нәрсе жоқ қой. Министрлікке күн сайын бір рет барып, хабарласып қояды. Тағы бір барғанда... Байбақовтан естіді, бұл осыған дейін үш-төрт сөгіс алған адам боп шығыпты. Ол туралы басқа түгілі өзі де білмейді екен. Соны Орталық Комитеттегілер дабыра ғып, «Мынау бір кілең сөгіс алған адам болды ғой, сондай адамды қалай ұсынып отыр» деп қарсылық білдіріпті. Баяғы Кругловтың кесірлі қаулысын алып тастадым деп еді бірде Сейтжан Палымбетов. Мынау қайдан жүрген сөгіс? Сафи секем алып, бұл сөгістің қай сөгіс екенін есіне түсіре алмай ұзақ ойланды. Біреуі Кругловтан қалған шығар. Ал, екіншісі жұт болып, мал қырылғанда, өзімен қатар жұмыс істеп жүрген бірнеше ауданның бірінші хатшылары орындарынан алынғанда бұл аман қалып еді. Сонда шамасы, бұған сөгіс беріп, жабулы қазанды жабулы күйінде қоя салған ғой. Ал, сонда үшінші, төртінші сөгіс қайдан жүр? Бұл білмейтін не қылған сөгіс? Әйтеуір, жеп қойған қылмысы жоқ. Баяғы артық жазды деген сөз жала боп шықты. Ал, мынаған тәуекел! Дегенмен, министрмен кездескелі бері қоздап жатқан қиялына тосқауыл болуы мүмкін. Орталық Комитеттің қаулысы шыға қоймаған соң Сафи мазасызданып, елге қайтуды ойлана бастап еді. Жылыойда да бітпей жатқан шаруа көп. Келешек істелуі тиіс жұмыстардың жобасын да жасап қойған. Бірақ, сол күні кеше ғана қасарысып отырған Орталық комитет жібіп сала берсін. «Сафи Өтебаев «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы боп бекітілсін» деген қаулыны шығарды да берді. Бұл 1951 жылғы тамыздың 13-і еді. Осы қаулы бойынша министрлік бұйрық жазды. Бұ не ғажап?

Сөйтсе... оның бәрін Сафи кейін естіді ғой.

Сөгісі бар екен деген себеппен бұның мәселесін қарауды кешеуілдете бергесін сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Сталинге «Өтебаевты «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы етіп ұсынып отырмыз. Ұсынысымызды қолдауыңызды сұраймын» деп телеграмма соғыпты. Ал, Сталин «поддержать предложение» деп қолын қиғаштап қоя салған. Мұны республика орталық комитеті ауыр өнеркәсіп жөніндегі бөлім бастығы Тарыбай Шәукембаев деген кісі кейінірек айтып беріп еді. Ал, анау сөгістерді кім бергені жұмбақ күйінде қала берді. *** Қазіргі тарихшылар Маңғыстау даласының зерттелуі мен мұнай-газ өндірісінің дамуын негізінен төрт кезеңге бөліп жүр. Оның бірінші кезеңі 1887-1949 жылдар, екінші кезең 1950- 1957 жылдар, үшінші кезең 1957-1961 жылдар, төртінші кезең 1961 жылдан былай қарай. Міне, осы төрт кезеңнің соңғы үшеуінде Сафи Өтебайұлының жүріп өткен жолы ап-анық сайрап жатыр. Ана басы мен мына басы мыңдаған шақырымды алып жатқан маң далаға бұрғылау станоктарын алғаш әкелген «Қазақстанмұнай» бірлестігі, оны басқарған Сафи Өтебайұлы еді. Сафидың анық есінде, сол 1951 жылы Маңғыстауда мал басы 500 мыңнан сәл асатын. Өзге өндіріс көзі жоқ, өзімен өзі боп тып-тыныш жатқан өлке еді. Біріне бірі жақын қонған ел жоқ. Ел жоқ болғандықтан жол да түспеген. Көктем шыға Күн шыжғыра бастайды. Жазда тіпті аптап, Күн тас төбеңе көтерілгенде лүп еткен жел болмай, дүние өртеніп тұрады. Ал, кейде жазық далада, не аспаннан түскені, не жерден шыққанын білмейсің, күтпеген жерден жел тұрып кетсе, борпылдақ топырақ көкке көтеріліп, көзді аштырмайды. Осындай далада бір тамшы су жоқ. Малшылар шыңырау құдықтарын өздері ғана біледі. Оған сеніп, жолға шығуға болмайды. Егер адасып кетіп, құдықты таба алмай қалсаң біттім дей бер, аптапта ауызды бақадай ашып, шөлден өліп қалуың әп-сәтте. Жазда мұнда бір тамшы жаңбыр жаумайды. Ал, күзде жаңбыр жаумаса екен дейсің. Өйткені, сапарлап жүрсең жаңбырдан соң ұшы-қиыры жоқ батпақтың ортасында қалдым дей бер. Жаңбыр тіпті қыста да төпеп беретінін қайтерсің. Мидай далада қыбырлаған тірі жан болмайды. Мұндай жұмбағы көп, әрбір табиғи құбылысы қауіп-қатерге толы өлкеге тәуекел ету бір ерлік те, оған бел шешіп сапар шегу екі ерлік еді. Мұның бәрін Сафи білді ғой. Бірлестіктің бас инженері Наум Исакович Гершман мен бас геолог Николай Александрович Калинин екеуін кабинетіне шақырып алып, әңгімелескенде осы мәселенің бәрі бүге-шігесіне дейін тегіс айтылған еді. Ал, «әуелі қай алаңдарға бұрғы саламыз» дегенге келгенде әуелі ауызға ілінгені—Төңірекшың, Прорва, Боранкөл болды. Олар осы үш алаңға барлау жүргізуді «Маңғыстауды игерудің кіріспесі» десті. Ал, негізгі жұмыс, олардың ойынша Маңғыстауда болуы керек. ...«Қазір ғой зымырап машина жүріп тұр, пойыз қатынап тұр, ұшақ ұшып тұр,—деп ойлады әуе кемесінің үстінде жайланып отырған қарт Сафи.—Ал, ол кезде... қаймықпай қалай бардың сол жерге? Елсіз, сусыз жерге тәуекел деп кете беретін барлаушылар мен мұнайшылар нағыз жүрек жұтқан батырлар екен ғой». ...Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... ...Бас мамандармен болған әңгімеден соң бірлестік бастығы Төңірекшыңды бетке алып жедел аттанып кетті. Онымен бірге бас геолог пен бас инженер де жолға шықты. Олар бұрғы түсетін алаңдардың жер жағдайын көріп қайтпақ. Сосынғы әрекеттердің барлығы осыған байланысты болмақ. Ал, жедел аттану себебі, бұрғылауды күз түспей бастап қалу. Егер ұйымдастыру жұмыстарын күннің ыстықтығына қарамай жаңбырсыз жазда бастамаса, ертең күз түсе лайсаңда қалып, жұмыс келесі жазға дейін мандымай қоятыны анық еді. Олар Маңғыстау даласына аяқ іліктірген соң, манадан бері үнсіз отырған бас инженер, ойына не түскенін қайдам, кенет су жөнінде әңгіме бастап жіберді.  Айтпақшы, Сафи Утебаевич, ертең барлаушылар мен бұрғышылар келгенде су мәселесін қалай шешу керегін ойландыңыз ба?  Біздің осы аттанысымыздың өзі соны анықтау емес пе? Әрине, ішкі болжам деген болады ғой. Судың проблемасын туғалы көріп келе жатқан осы араның тұрғынымын. Соғыс басталардың алдында осы Қосшағылда су болмай, тұрғындар мұнай құбырымен келетін мұнай сасыған суды да ішті. Соны да көрдік. Енді ондайға жол бере қоймаспыз.  Біз экспедицияда жүргенімізде көбіне малшыларға неғұрлым жақын жүруге тырысатынбыз,—деді Николай Александрович.

 Олардың өздері ғана білетін құдықтары болады.  Онда малшы жүрген жерді ғана бұрғылаймыз ба, қайтеміз?—деп бас инженер күліп жіберді.  Жоқ, сіз күлмеңіз, Наум Исакович,—деді Сафи.—Николай Александрович өте дұрыс айтып келеді. Бізге алғашқы кезде суды сондай құдықтардан тасып ішуге тура келетін сияқты. Сондықтан, мәселен Төңірекшыңның маңайында қандай құдықтар бар екенін, олардың тұрған орнын, су мөлшерін, қашықтығын белгілеп қарта жасап алған жөн шығар. Сіз, Николай Александрович, осы жағын өз мойныңызға алыңызшы.

Бас геолог басын изеп келіскен ыңғайын білдірді.  Сіз білесіз бе, Наум Исакович,—деп Сафи енді бас инженерге бұрылды.—Малшыларды кейде геолог па дерсің. Олар қандай жерден тұщы су, қандай жерден ащы су шығатынын дәл білетін болған. Қараңызшы, кешелі бері осы өңірден адам атаулыны кезіктірген жоқпыз. Мына жерге құдды бір жүздеген жылдан соң алғаш рет біз ғана келіп тұрған сияқтымыз. Жоқ, олай емес, мен білсем Маңғыстаудың малшы шарламаған пұшпағы жоқ. Малдың аузына ілігетіндей от болса болды, соның жайымен әлі күнге дейін көшіп-қонып жүре береді. Көшкенде де кездейсоқ, бейберекет емес, өздерінің белгілі бір бағыты, тұрақтау уақыты бар. Сондықтан, олар жүріп өткен жерде міндетті түрде құдық болады. Әрі ол шыңырауды қай малшы болса да көздің қарашығындай сақтайды.

 Тереңдігі қандай болады екен?
 Тереңдігі ме, тереңдігі бес-алты құлаштан бастап, одан әрі кете береді.

Осыдан соң үшеуі де өз ойларымен болып, үнсіз қалды. Кішкене брезентті машина дала қоңызы секілді шайқалақтап, Үстіртке де келіп жетті. Бұйырғын мен жусан өскен, арагідік адыраспан, изен, жантақ араласқан кең дала. ««Төңірекшың» деген осы жер екен. Сафи оның атына бұрыннан қанық болғанмен, келіп тұрғаны осы. Осыншама кеңдіктен тіпті көзің тұнып, басың айналады. Сафидың ойынша таулы жер адамның көкірегін қысып тастайды. Ойға тұсау салады. Ал, мына дала... кең дала... тіпті шетіне де шегіне де ой жетпейді. Далада туып, далада өскен адамның шетінен ақын, шетінен әулие болатыны осы кеңдіктен емес пе екен. Екі күн Үстіртті аралағанда жолда мал баққан екі-үш малшы кездесті. Олардан басқа қыбырлаған жан көзге түспеді. Арасы алшақ жүретіні соншалық малшылар бірін-бірі танымайды, білмейді. Сафи бастаған топ сапар барысында бірнеше ескі шыңырау құдыққа белгі салды. Кеше Сафи ойлағандай, бұрғышылар мен монтажшыларға суды енді осы құдықтардан тасып беруге тура келеді. Олар келгенше кейбір құдықтарды аршып, суын молайтып қою керек. Одан басқа амал жоқ. Ең жақын деген Құлсарының өзі бұл жерден 150 шақырым қашықта жатыр. Ең қиын, ең жауапты, ең жанталасты жұмыстар әлі алда. Жұмысшылар тұратын баспана мен сонау Құлсарыдан техникалық жабдықтарды жеткізу соның ең біріншісі. ***  Осы Маңғыстауда көлеңкенің өзі елу градус ыстық дейді, сол рас па?—деп Сафи әне бір жылы Сырым Жиенбаевтан сұрағаны бар еді. Соны неге сұрағанын қайдам, күннің соншалық ыстық болатынын Сафи көрмей, білмей жүрген жоқ. Маңғыстау мен Жылыой бір біріне іргелес жатқан аудандар. Көрші ауданның жағдайын содан-ақ шамалай беруге болады. Ал, Сырым Маңғыстаудың жағдайын жақсы білетін адам. Соғыстың алдында ма екен, сол ауданда бірінші хатшы болған. Ол Сафидың әлгі сұрағына сұрақпен жауап қатты.

 Сен әуелі Маңғыстаудан көлеңке таба аласың ба?
Екеуі қатар күліп жіберді. Сонан соң бұл әңгімеге қайтып оралған жоқ.

Иә, сол жылдары халық «Өлі қолтық» деп атап кеткен Маңғыстауға баруға тәуекел ететіндер некен-саяқ еді ғой. Кейбіреу Каспийдің осы түбегінде тіршілік жоқ шығар деп ойлайтын. 1950 жылдың аяғында Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы академия президенті Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен өтті. Сонда Үстірт пен Маңғыстауға геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу мәселесі сөз болды. Бұл жұмысты академия сессиясының ұйғарымынсыз-ақ әлдеқашан бастап кетуге болатын еді. Әрине, қиын. Бірақ, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Маңғыстауға барлау бұрғысын салам деген ұсыныс болса, оған кім қарсы тұрар еді? Маңғыстау даласына баруға «Қазақстанмұнай» бірлестігін Сафидың алдында басқарған Федоров тәуекел ете алмады. Оның «өлі қолтықтан» жүрексінетіні академия сессиясынан кейін тіпті айқын аңғарылды. Ол Маңғыстауға барудан түрлі сылтау айтып, ашық бас тартты. Алыс деді, техника жетпейді деді, алғашқы барлау ұңғыларынан түк те тамбады деді, әйтеуір Федоров ала шапқыннан қашып, басқа бір тыныш жұмыс тауып тынды. Маңғыстаудың алыс екені де, техниканың жетіспейтіні де рас қой. Сондай-ақ, нәтижесіз бұрғылаудан соң қайтпай қалған мыңдаған сом қаржыға жауап беру де керек. Міне, осы кезде «Қазақстанмұнай» бірлестігін жергілікті маманға басқарту қажет болды да, таңдау Сафиға түсті. Ал, Маңғыстауды қолға алу оның ежелгі арманы ғой. Сол жылы (1951 ж.) тамыздың 13-інде бірлестікке басшы боп келе сала, қос бас маманмен ақылдасып ап, Төңірекшыңға қарай кідірмей тартып кетуінің себебі де осы еді. Төңірекшың маңын көзбен көріп қайтқан соң Сафи бұрғылау қондырғыларын сол алаңға тасымалдауға нұсқау берді. Құлсарыдан Төңірекшыңға дейінгі екі аралық жүз елу шақырым. Жүз елу шақырым жолсыз дала, әсіресе мұнара секілді жүкті тасығанда жеткізбей ығырыңды шығарады. Мұнаралар мен бұрғылау станоктары бөлшектеніп, мәшине қораптарына салынды. Кейбір бөлшегін трактормен сүйретіп апаруға тура келді. Тіпті, кей жағдайда баяғыша түйе де іске жарап жатты. Бұрғылау станогы демекші, сол жылдары Оралдың ауыр машине жасау зауыты терең бұрғылауға арнап мұнарасы елу үш метрлік станок шығара бастаған. Анада Байбаков соның бірнешеуін «бірлестікке бөліп отырмыз» деп еді. Уәдесінде тұрыпты. Енді сол су жаңа станоктың үшеуін бұлар ырым қып жаңа нүктелерге орналастырмақ. Осы үш станок пен басқа да толып жатқан құрал-жабдықты тасымалдап жүргенде бір айға жуық уақыт сырғып өте шықты. Ал, мұнараны құрастыруға тағы да төрт айдай уақыт қажет болды. Ал, бұл кезде бұрғышылар бригадасы жасақталып, жұмыс орындарына да жетті. Бұрғышылар бригадасының бригадирлері Тоғызбай Дәулетов, Әбдірахман Серкебаев, Далапқали Боқаевтар жаңа станокпен терең бұрғылау жұмысына кірісті. Кейін осы үшеуі де «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Тоғызбай мен Далапқали «Еңбек Қызыл Ту» орденімен қоса Ленин орденін кеудесіне тақты. Бұл үшеуінің де жасы Сафимен қарайлас, тәжірибелі бұрғышылар болатын. Тоғызбайдың бригадасы мұның алдындағы Қаратондағы №11 ұңғыны қазып, мол мұнайдың көзін ашқан. Демек, бұлардың қай-қайсысына да сенуге болады. Дегенмен, осы мұнаралар басында бір-бір жауапты адам бекітілді, олар бұрғы жұмысының тежеліп қалмауын, құрал-жабдықтан тапшылық көрмеуін қадағалады. Бұрғышылар да Маңғыстаудың алғашқы мұнайын көруге асықты. Бірлестіктің жаңа бастығы Сафидың да алғашқы мұнайдан үміті зор еді, ол Төңірекшыңнан фонтан шапшыды деген хабарды қашан естимін деп үнемі елеңдеумен болды. Бірақ, еңбек ақталған жоқ. Төккен тер тағы да зая кетті. Төңірекшың осынысымен бір нәрсені айқындай бастады. Ол—Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқаны еді. *** Маңғыстаудың кең даласын зерттеуді ұлғайта түсу туралы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің ұсынысын Мәскеу қолдаған соң, сол 1951 жылдың күзінде түбекке бір топ барлаушы-геолог аттанып кетті. Оны басқарып отыру үшін шағын кеңсе құрылған еді. Оған тәжірибелі мұнайшы Константин Николаевич Тулин тағайындалды. Ал, бұл кезде Төңірекшыңда қазу жұмысы жүріп жатқан-тұғын. Дегенмен, Маңғыстау даласын игерудің үнемі сезіліп тұратын алғашқы қиындығы алдан шыға келді. Ол—Гурьевте отырып мың шақырым жердегі жұмысты басқарудың оңай болмайтындығы еді. Сонымен қатар, барлаушыларды құрал-жабдықпен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру да қымбатқа түсетін түрі бар. Сондықтан, бұрғыланатын, зерттелетін алаңдарға жақын жерден материалдық-техникалық база дайындау қажеттігі туды. Сафи алыстан басқарудың қиын болатынын бірлестікке басшы боп тағайындалғаннан-ақ сезіп еді. Бірақ, ол туралы ойлауға мұрша қайда? Қайткенде де, Маңғыстауға қатысты жұмысты тезірек бастап жіберу қажет болатын. Ішкі түйсігіне сенген Сафи сол күнгі қиындықтарды ғана шешуге әрең үлгеріп отырды. Арқаны кеңге салып, ертеңді ойлап отыруды уақыт көтермейтін. Енді сол қиындықты шешетін кез туды. Сол себепті кеше бірлестік басшысы мен бас геолог Маңғыстау даласымен тереңірек танысу үшін жол жүріп кеткен-тұғын. Сафидың да, бас геолог Николайдың да діттегені Форт-Шевченко. Одан қолайлы жер мынау еді деп екеуі де айта алмайды. Бүгін бұл екеуі Маңғыстау ауданының орталығы Таушыққа келе жатыр. Кешелі бері машина ішінде теңселіп, таусылып болмайтын дала жолына қараудан-ақ шаршаған. Сафи өз ойымен өзі болып үнсіз отыр. Николай да солай. Соңғы кездері Сафидың қолынан Маңғыстаудың қартасы түспейді. Картаға қарап отырып ойлайтыны, бұрғылануға тиісті алаңдарға баратын жол жағдайы. Алаңдардың ешқайсысына төтелеп бара салатын жол жоқ. Бәрі де шалғайда жатыр. Форт-Шевченкоға апаратын жалғыз жолдың өзі Маната асуы арқылы өтеді. Патша заманында Каспийдің мол суы батыстан жел соқса осы Манатаға жетіп жығылады екен. Бірақ, қазір теңізде ондай мол су жоқ. Судың азаюы осы жағынан мұнайшыларға тиімді болғанмен, екінші жағынан тағы бір қиыншылық туғызды. Гурьевтен Форт-Шевченкоға мың шақырымнан аса жол жүріп баруға тура келетіндіктен құрал-жабдықтарды теңіз арқылы жеткізбек болып еді. Бірақ теңіз деңгейінің едәуір төмендеп, Гурьевтегі бұрынғы кеме тоқтайтын айлақтан 40-50 шақырымға алыстап кеткені осы кезде еске түсті. Сафидың манадан бері ойлап, басы қатып келе жатқаны да осы. Егер, Форт-Шевченкоға дейін су жолын пайдаланамыз деген тоқтамға келетін болса, Гурьев жақ беттен жаңадан айлақ (причал) салынуы тиіс. Оған қосымша күш қажет. Оны қайдан алуға болады? Сафи ойлана келе, қайткенде де айналма қара жолдан екі есе қысқа, әрі арзан су жолын пайдалану қажет деп шешті. Су жолы қысы-жазы бір үзілмейді. Ал, қара жолмен көктем мен күздің лайсаңында, қыстың боранды күндерінде жүру тіпті де мүмкін емес. Ал, оған тәуекел ету қияметке өз еркіңмен мойынсұну деген сөз. Ал, құбыр тасығыш ауыр машиналарға Маната асуы аса қауіпті. Сафи не ойласа да алдынан не түрлі қиыншылық андыздап шыға берді. Оның осы ойын:  Сафи Утебаевич, Түбіжік алаңына келіп те қалдық,—деп, бас геолог бөліп жіберді. Сафи сонда аңғарды, қаптай өскен итсигек сұйылып, жер қара қотырлана бастаған екен. Сәлден соң машина бір тал қылтанағы жоқ, қап-қара алаңқайға тап болды. Бұ не ғажап? Бірақ, бұл көзін мұнаймен ашқан мұнайлы өлкенің перзенттері үшін аса таңсық та емес. Бұл жер астынан шығып жатқан мұнай ғой. Осыдан-ақ Маңғыстау табанының шылқыған мұнай екенін аңғара беруге болады. Мұнайдың жер бетіне осылай шығып жататынын ата-бабалар ежелден-ақ білген емес пе... ... Ұшақ ішінде тарих боп тым алыста қалған жастық жылдарына сапар шегіп кеткен қарт Сафидың ойына «мұнай» сөзінің қайдан шыққаны туралы бір ғалымның жазған болжамы түсіп кетті. Сонда ол «мұнай сөзін қазақ білмеуші еді, Сабыр Шәріпов оны нефть-жермай деп жазды» депті. Ол аз болса, «мұнай деген сөз мұң май деген сөзден шыққан» деп соғыпты. ...Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Ойпырмай, осы Сафи мұнай сөзін жеті жасында әкесіне еріп Доссор кәсіпшілігінде жұмыс істейтін ағаларына барғанда естіп еді ғой. Сонда бұл Қазан төңкерісінен бұрынғы уақыт емес пе еді? Бакуде оқып жүргенде әзірбайжандардың мұнайды мұнай дейтінін естіген. Сонда бұл түбі бір түркі сөзі болып тұр ғой. Түркі сөзі болғанда да осы Атырау, Маңғыстау даласын мекендеген қазақтар мұнай сөзін ежелден-ақ пайдаланған. Оған дәлел, Жылой жерінде Мұнайлы деген жер бар. Оны қайда қоясың. Ал, осы Мұнайлы атауы бұдан әлденеше ғасыр бұрынғы жазбаларда жүр. Сонда қалай, оны Сабыр Шәріпов нефть деп жазды екен дей қазақтың сөзі емес деуіміз керек пе? Бұл қате. Мұнай деген сөз қазақтың ежелден келе жатқан төл сөзі. Оған Түбіжікте жер бетіне қарайып мұнай белгілерінің шығып жатқаны дәлел. Мұндай белгілерді Форт-Шевченко сапарында Қарасаз-Таспас алаңынан да кездестірді. Бірнеше күнге созылған осы сапардан Сафи шаршап келсе де, көңілді еді. Маңғыстау даласын өз көзімен көрді. Түбіжікте, Қарасаз-Таспаста мұнайдың әлгіндей жер бетіне шығып жатқанына куә болды. Бұл оның Маңғыстау мұнайына деген сеніміне сенім қосты. *** Ол бір үмітке толы жылдар еді ғой. Қарбалас жұмыс кейде ненің не екенін де аңғартпастан ертеңге қарай дедектетіп әкететін кез. Бүгінгі жұмысты мезгілінде орындап тастамасаң, ол ертеңгі қарекетке қосылып, мәселені қиындатып жібереді. Міне, осындай шақта кейде нар тәуекел деген жалғыз ауыз сөздің өзі дәтке қуат болды ғой. Сафи Форт-Шевченко сапарынан соң өзі ойлағандай Жайықтың теңізге құйылысынан причал салу мәселесін көтерді. Осы жұмыстарға қабаттасып Маңғыстау даласына аттанып кеткен геолог-барлаушылардың алғашқы ақпары түсе бастады. Ол ақпар бойынша, Түбіжік, Қарасаз-Таспас, Қазан, Құсайын алаңдарына бұрғы салынуы тиіс. Иә, сол жылдың соңында осы алаңдарға бұрғы жүзі де тиді емес пе? Бірақ, Ембінің ескі кәсіпшіліктерінде жұмысын істеп, үйреніп қалған жерінен, шебер бұрғышыларды елсіз, сусыз жерге алып баруға көндірудің өзі қыруар уақытты алды ғой. Ал, Маңғыстауға тек шебер бұрғышыларды жіберу қажет болды. Сондықтан, ондай бұрғышылар Ембінің бүкіл кәсіпшіліктерінен іздестіріліп, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, көндіру жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде Дүйсен Үсенов, Ғабдолла Тоқсанбаев, Салық Рысқалиев, Ғафиз Әбдіразақов, Петр Тарабрин сияқты, бұрғылаудың қыр-сырын меңгерген шеберлер бар еді. Әрине, осындай қыруар жұмысқа қыруар қаржы жұмсалады. Егер сол қыруар қаржы қайтарым бермесе жауапты болатын адам біреу-ақ. Ол—«Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы Сафидың өзі. Оның сол кездегі тәуекелге мініп берген бұйрығын көзжұмбайлық деп түсінгендер де болды. Бірақ, бұл көзжұмбайлық емес еді. Мұнай өндірісі дегеніміз, бұрғылап кеп қалсаң сылқылдап мұнайдың аға бастауы емес. Кейде апталап, айлап еткен еңбек, жұмсалған қаржы зая кететін кездері болады. Төңірекшың соның бір мысалы. Бұл Сафиға да оңай тиген жоқ. Ал, бұрғыны жүргізген бұрғышылардың тіпті ұнжырғасы түсіп кетті. Ал, кейбір мамандар осыдан соң-ақ қатты түңіліп, Маңғыстауда жұмыс істеу мүмкін емес дегенді айта бастады. Алайда, Төңірекшың Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқанын сол кездің өзінде дәлелдеп жатқан еді ғой. Сафи Маңғыстау мұнайынан бәрібір үмітін үзген жоқ. *** Төңірекшың дегеннен шығады ғой, осы алаңды терең бұрғылау енді ғана басталып еді. Мезгіл шілде айы. Нақ осы кезде СССР Мұнай министрінің бірінші орынбасары Сәбит Атаевич Оруджев облысқа келе қалды. Ол облыс басшыларымен кездескен соң Жылыой ауданындағы мұнай кәсіпшіліктерін көргісі келетінін білдірді.  Сафи Утебаевич,—деді ол.—Сталин қол қойған Совминнің қаулысы бойынша іске қосылған кәсіпшіліктерді аралатсаңыз. Сафи министр орынбасарының қай кәсіпшілік туралы айтып тұрғанын біле қойды. Ол бұдан бес жыл бұрын іске қосылған Қаратон, Мұнайлы кәсіпшіліктері ғой.  Сәбит Атаевич, сіз біздің Маңғыстау түбегіне қарай тереңдеп бара жатқанымызды білетін боларсыз, егер уақыт боп жатса бұрғы жүзі енді ғана тиген жаңа алаңдарды да көре кетсеңіз. Сафидың бар ойы Мәскеуде жайлы орында отырған министр орынбасарының бұрғышылардың өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанына көзін жеткізу еді. Министрдің орынбасары бұл ұсынысқа қарсы болған жоқ. Сол жылдары (1954 ж.) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы боп Өтеп Балғымбаев келген-тұғын. Төңірекшың осы ауданның аумағында болғандықтан Өтеп бұлармен бірге жүрді. Төңірекшыңда үш мың метрлік ұңғы қазу көзделген еді. Сол үшін бұл бригадаға өндіріске жаңадан енгізілген УЗТМ-5 станогы берілген. Бұлар бұрау басына жеткенде бұрғышылар жұмысын бастап кеткен екен. Бригадир Тоғызбай Дәулетов жұмыстың жақсы басталғанын, жаңа станоктың алымды екенін айтып жатыр. Ал, жататын жері, ішер тамағы туралы сұрақ қойылғанда бөгеліп-ақ қалды. Жағдай мәз емес болатын. Бұрғышылар әлі күнге вагонда тұрып жатыр. Ауызсу тапшы. Кейбір техникалық құрал-жабдықтар жетіспей қалса, жұмыс апталап тұрып қалу қаупі бар. Сафи мұның бәрін жасырған жоқ. Жұмысшылардың өздеріне айтқызды. Олардың айтқанын өзі де толықтырып жатыр. Оның бір қасиеті келеңсіз жағдайды жасырып қалу дегенді жаны сүймейді.

Шындық айтылуы керек. Шындық айтылса ғана кемшілік жойылады.
Осы әңгімеден министрдің бірінші орынбасары тиісті қорытынды шығара білді.

 Мен техникалық құрал-жабдықпен көмектесіп тұрайын, ауызсу табуды Сафи Утебаевич мойнына алсын,—деді ол табан астында міндет бөлісіп.—Ал, ет, сүт сияқты азық-түлікті аудан басшысы Утеп Балғымбаевич өндіріп беріп тұрсын. Ауызсу мәселесі Сафиды өндіріске араласқалы қинап келе жатыр. Оны бұл ешқашан елеусіз қалдырған емес. Әрбір жаңа алаңға аяқ басқан сайын алдынан нөмірі бірінші қиындық боп шыға беруші еді. Осы қиындықты қалай жеңеміз деген ой, сондықтан да, Сафидың жатса-тұрса есінен кетпейді. Онсыз да Төңірекшың маңына қосымша станок орнатып, су шығаруды ойлап жүр еді, министрдің орынбасары осы ойын тап басқасын не тұрыс, қысқа мерзімде ол да орындалды. Оған дейін ауызсу таситын арнайы машина бөліп қойды. Ал, Өтеп Төңірекшың маңайына мал фермасын орналастырды. Сөйтіп, мұнайшыларды етпен, сүтпен қамтамасыз етті. *** Жылдан жылға Маңғыстау төсі дүбірге тола берді. Жайықтың құйылысындағы айлақ (причал) асығыс салынса да, сол себепті кейбір кемшілігі болса да Форт-Шевченко бағытындағы су жолы жанданып, «Өлі түбекте» тіршілік тынысы сезіле бастады. Ол кей жағдайда қоршаудағы Ленинградқа өмір жолы болған Ладоға көліне ұқсайтын. Маңғыстау даласына шабуыл басталып кеткенімен әзірге оның нәтиже бола қойған жоқ. Бірақ, үміт зор. Сафи да, өзге бас мамандар да Маңғыстау дегенде құлақтары түрік. Елеңдеп хабар күтеді. Алайда, жақсы хабардың зарықтырып барып жететін әдеті ғой, бұлар қанша жерден елеңдесе де Маңғыстау жақ тым-тырыс. Әрине, Маңғыстау сияқты жол түспеген, электр желісі тартылмаған ауданда айналасы бірер жылда бұрқ етіп мұнай шыға қалмады деп ренжуге де болмайды. Сол себепті барлау-бұрғылау көлемін ұлғайтуды бірлестік күн тәртібінен түсірген жоқ. Оған Форт-Шевченкода құрылған шағын кеңсенің шамасы жетпейтін болғандықтан, тиісті өндірістік базалар, тұрғын үйлер салу үшін қаражат бөліне бастады. Маңғыстауға қатысты бөлінген әрбір қаржының артында «Осының қайтарымы бола ма, болмай ма?» деген зілді сұрақ тұрушы еді. Ол сұраққа түптің түбінде бір өзі жауап беретінін ойлағанда Сафидың дегбірі қалмаушы еді. Бірде үміт басым түссе, енді бірде күдік иектеп алатын. 1952 жылғы наурыз сондай үміті мол, күдігі де баршылық айдың бірі еді. Бір күні Түбіжіктен мұнай алынды деген хабар дүңк ете қалды. Бірақ, қуаныш ұзағынан болмады. Жер бетіне шыққан мұнайдың көлемі болар-болмас еді. Әрі соның өзі ауыр мұнай боп шықты. Форт-Шевченкодан 15-20 шақырым жердегі Құсайын алаңы мен геофизиктер мұнай шығады деп белгілеп берген Қарасаз-Таспас алаңынан алынған мұнай көңіл көншітерлік емес еді. Жығылғанға жұдырық демекші, Төңірекшың мұнайдан да, газдан да хабар бермей, безірейіп жатып алды. Бұрғыланған ұңғының мұнай бермеуі деген қып-қызыл шығынға бату деген сөз. Нәтижесіз әрбір ұңғы жүз мың сом ақшаны желге шашқанмен тең. Ал, Сафи басшы боп келгелі бері қанша ұңғы қазылды десеңізші. Бәрі де суалған сиырдың желініндей боп-бос. Тамбайды. Сонда қалай, Маңғыстауға жұмсалған миллиондар солай құмға сіңген судай құрдымға кете бере ме? Жо-оқ, Маңғыстау табанында мұнай бар екеніне Сафи күмәнданбайды. Ол үшін тағы бірер миллионды жұмсауға бар. Бірақ оған Мәскеудегі министрлік адамдары қалай қарайды? «Қазақстанмұнай» бірлестігінің сейсмикалық партиялары ұзақ зерттеуін қорытындылай келе Маңғыстаудың шығысында мұнай мен газдың мол қоры бар екенін мәлімдеді. Бұл барлау-бұрғылау бағытын Форт-Шевченконың шығысында жатқан Жетібай мен Өзенге қарай бұру деген сөз. Екі аралық 200-300 шақырым. Бұрғышы-барлаушыларды басқару, оларға жағдай жасау, құрал-жабдық жеткізу бұрыннан да қиындай түспек. Оның үстіне Маңғыстау мұнайының тым тереңде жатқанына Сафидың көзі жетті. Неше жылдан бері бұрғылаудың нәтижесіз бола бергені содан ғой деп ойлап қояды. Осыдан кейін-ақ ол жеңілдеп сала берді. Басына тың ойлар үйірілді. Терең бұрғылауды жолға қою үшін Форт-Шевченкодан трест құру керек. Сафидың бұл ойын Одақтық мұнай министрі Н.К.Байбақов та, оның бірінші орынбасары С.А.Оруджев те қолдады. Сөйтіп, 1957 жылғы қаңтар айында министрдің бұйрығымен «Маңғыстаумұнайгаз барлау» тресі құрылды. Ол Форт-Шевченкода орналасатын болды. Сафи тресті басқаруға сол тұста Байшонас кәсіпшілігінің директоры боп жүрген Орынбай Бердіғожинді тағайындады. Орынбайды Сафи іс тетігін білетін маман ретінде жақсы танитын. Отызыншы жылдардың басында Лаврентьев ашқан Гурьев мұнай техникумының алғашқы түлектерінің бірі. Оқуынан гөрі тәжірибесі мол азамат. Ембінің бұрғылау-барлау жұмыстарының талайын абыроймен атқарған адам. Сафи оны трест басқаруға шақырғанда осы біліктілігіне аса мән берген-тұғын. Өзінен бір-ақ жас кішілігі бар Орынбаймен құрдас, замандас ретінде сөйлесті. Ал, бас геологтік қызметке жас жігіт Валентин Петрович Токаревті бір жағынан үгіттеп, бір жағынан міндеттеп отырып жіберген өзі емес пе? Валентин Петров Грозный мұнай институтын 1952 жылы бітірген жас маман болатын. Келіншегі Нина Ивановнаны да күйеуімен бірге осы трестке геолог етіп жіберді. Сафи жаңадан құрылып жатқан осы треске жауапкершілікті сезіне білетін мамандарды жіберуге тырысты. Өйткені, жер шалғай, бірлестік басшылары жиі барып тұра алмайды. Сафидың треске бас мамандарды талғап, таңдап жүргенінің себебі сол. Жалпы алыс алаңдардың бәріне ең мықты, сенімді ақтайтын азаматтарды аттандырып отырды. Сондықтан да, треске бас инженер етіп Есенғалиев Бақытжанды өз қолымен тағайындады. Бақытжан отызға енді ғана аяқ басқан жас жігіт болатын. Ол Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітірген, бұған дейін Сағыз кәсіпшілігінің бастығы боп жүрген-тұғын. Оның бұрғылау техникасы мен технологиясын жақсы білетінін Сафи бірнеше рет аңғарып қалған-ды. Содан кейін не болып еді? Иә, трест басшылары тағайындалып бола сала, Қызан алаңында 2500 метрге терең бұрғы салып, бірақ түк таппай салы суға кетіп отырған бұрғышыларды, олардың станоктары мен құрал-жабдықтарын жер түбінде жатқан Жетібайға тасу басталды. Жол қашық, екі жүз елу шақырым шамасы. ...Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Сол ұшақта ұшып бара жатып өткен өміріне саяхаттап кеткен қарт Сафи сол бір тасымал жұмысын ойлағысы келген жоқ. Жүрегі әбден шайлығып қалған. Өйткені, сол кездегі тасымал жұмысының өте қиындығын айтып шығу былай тұрсын, ойлап тауысудың өзі біраз уақытты алады. Қырық бір метрлік темір мұнараны жабыла сүйреген оншақты трактор... басқа да толып жатқан станок, әртүрлі құрал-жабдық... таусылып болмайды. Тиісті жерге жетіп те болмайды. Ол сонымен тынса жақсы ғой. Соның соңын ала бұрғышыларға арнап тұрғын үйлер салу, оған үлгермесе жертөле қазу, шағын өндірістік базалар, механикалық шеберханалар, гараждар мен қоймалар, дүкендер мен асханалар салу. Оған тағы да құрылыс заттарын тасу. Тасығанда әуелі Гурьевтен Форт-Шевченкоға су жолымен, одан әрі үш жүз 194 шақырымға машина, тракторлармен жеткізу. Жолдың жоғын айттық қой. Дөңгелекті көліктер қай жер жүруге ыңғайлы болса, сол жермен салып ұрып тарта беретін. Ондай жолдың қиындығы шаш-етектен еді. Айтпақшы, ауызсу тасымалы ше? Апырмай, соған қалай тәуекел еткеніне қазір өзі де таң қалады. Хажы-Тарханнан (Астрахан) Еділ суын баржымен Форт-Шевченкоға жеткізуге бұйрық беріп еді ғой. Сол үшін мың текшеметр су сиятын резервуарлар жасатып еді-ау. Ал, Жетібай мен Өзен асып кеткен барлаушы-бұрғышылар мен құрылысшыларға ауызсу тауып беру бірлестік басшыларын сең соққандай сергелдеңге салып қоймап па еді? Бірақ, мәселе табан астында шешіле қалды. Сонда ғой осы Сафидың су шаруашылығы мамандарына көмек сұрай барғаны. Олар бұның қолқасын жерге тастамай,осы арадан су шығады деп бірнеше нүктені белгілеп берді де, бұрғышылар сол араға бұрғы салып кеп қалып еді, жер астынан тұщы су сылқ-сылқ күліп шыға бастады.

Сол жылы (1957 ж.) жазда Жетібай мен Өзенде бірнеше жерге бұрғы жүзі тиді. Иә, бұл Маңғыстау жүздеген, мыңдаған адамды бірде үмітке, бірде күдікке салып қойған өлке болды ғой. Маңғыстауға алғаш аяқ басқан 1951 жылдан бастап, «Маңғыстау мұнай-газ барлау» тресі жұмысын бастап кеткенге дейін міне, тура алты жыл өмір өтіпті. Бұдан кейін тағы да нәтижесіз қанша жыл өтпек. Оны Көк Тәңірі—Құдай мен, жер асты жаратылысы мұнай білмесе, адам баласы болжам айтуға да тайсалып қалды. Жетібай мен Өзен Сафидың соңғы үміті. Егер де осы екі алаң мұнай бермесе... білмеймін Сафидың халі не болатынын. *** Бүгін ойлап қараса барлық мәнді өмірі өткен ғасырда қалып қойыпты. Сол ғасырдың ортан белінде өмір сүрген қажырлы азаматтың маңдайалдысы-тұғын. Көпті бастап қазақтың мұнай тарихын жасауға қатысты. Жақсы ма, жаман ба, оның батасын ұрпақ береді. Өзінше ойласа, өткен өмірі мәнсіз емес. Отаншыл болды. Соған шүкіршілік етеді.

Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен—бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?

—деп Абай айтқандай бұның-дағы ендігі ермегі сол баяғы өзі жүріп өткен жолға қайта-қайта қарағыштай беру. Өткен өмір—тарих. Кейде зер салсаң пәлен жыл қозғалмаған тарихқа шаң тұра бастайды екен. Шаң тұра бастағасын оны тани қою да қиындай береді екен. Әйтсе де Сафи үшін мұнай тарихы жадынан өшірілмек емес. Өйткені бар өмірі, талабы, ынта-ықыласы сол мұнайға арналмап па еді.

Иә, құрылуына өзі мұрындық болған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі 1958 жылы Қазақ ССР-інің геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне қарайтын Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бағынысына көшті. Мейлі ғой, қайда бағынса да осы трест Сафиды белбаласындай ерекше сезімге бөлейді. Сафи бұл кезде Гурьев халық шаруашылығы кеңсесінің төрағасы-тұғын. Бұл оның мұнайдан алыстағаны емес, қайта бұл мұнаймен бірге облыстағы бүкіл өндірісті басқару деген сөз. Әрине, қайда жүрсе де Сафидың бүйрегі мұнайға бұра береді ғой. Гурьев халық шаруашылығы кеңесінде төраға боп отырғанда қайта қолы ұзара түсті. Содан ба екен, Маңғыстау мұнайын ашуға деген үміт те үлкен. Бірақ, мақсатқа жетер жол даңғыл емес қой. Жетібайдағы №1 ұңғыға бұрғы 1959 жылы қаңтардың 24-інде түсті. Сафи бұл күнді де ұмытпайды. Өйткені, әрбір бұрғы, мейлі ол мұнай берсе де бермесе де, мұнайшы үшін өз перзентіндей. Ал, ата-ана өз перзентінің туған күнін ұмыта ма? Ата-ана әр баласынан үміт күтетіні сияқты, бірлестік басшысы Сафи да, бұрғыны жүргізіп жатқан трест бастығы Орынбай Бердіғожин де, бас инженер Бақытжан Есенғалиев те, бас геолог Токарев те осы ұңғыға үміттене қарады. Бірақ... Бұрғы екі мың метрден әріге кеткен. Жер қойнауынан шыққан жыныстарға қарағанда бұрғы жүзі жерасты мұнай теңізіне жақын қалған сияқты. Дәл осы кезде сайманы түспегірдің тұтылып қалғаны. Ескі ауру ғой. Сафи оның қалай тұтылып қалғаны туралы айта алмайды. Айта алмайтыны, қалай тұтылып қалғанын көрген жоқ. Сонау бір жылы Мақатта сайман осылай тұтылып қалғанда торы атпен шауып келіп, бас салып бас-бошқа кірісіп кеткеніндей, осында жүрген мамандар да бас-боштың неше атасын көрсеткен шығар тау. Бірақ, кейде мыңқ етпей қатып қалатын саймандар болады. Ондай кезде тұтылған бұрауды жылы жауып тастағаннан басқа амал жоқ. Осы бұрауды жүргізіп жатқан басшылар Орынбай мен Бақытжанды, тіпті, бригада мастері Жігер Мұқатовты жерден алып, жерге салғаннан іс оңала ма? Олар сайманды қасақана тұтылдырып тастаған жоқ. Қайта олардың күндіз-түні ойлағаны осы бұрғының қамы, осы бұрғының мұнай қабатына аман-есен жетуі ғой. Жоқ, Сафи оларды кінәлай алмайды. «Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» демекші, мұнайшы ұңғы сайын арманда болып жүрген кез. Төккен тер, еткен еңбек бұнда да зая кетіп, одан сәл кейін басталған №2 ұңғыға үміт артқан-ды. Сол үміт 1960 жылғы ақпанның соңында жылт ете қалды. Бұл ұңғыны Салық Рысқалиевтің бригадасы қазып жатқан болатын. Бұрғы жүзі 1715 метрге жеткенде әдеттегідей мұнай сіңген жыныс шыға бастапты. Бұрғышылар қолдан қолға өткізіп, әлгі жынысты бір-бір иіскеген. Содан соң «уралап» қоя берген. Ол жынысты Сафи да иіскеп көрді. Иә, мұнайдың иісі. Сол жыныс Мәскеуге де, Ленинградқа да жөнелтілді. Енді олардың да Маңғыстау мұнайын алуға деген күмәні қалмады. Бірақ, №2 ұңғыны одан әрі қазуға болмайтын еді. Өйткені, мұнай шығарып, сынап көруге дәл сол кезде қажетті заттар жоқ болатын. Цемент те, компрессорлық құбыр да жеткізілмеген. Бәлкім тасымал жұмысының жолға қойылмауына Маңғыстаудағы он жылға жуық нәтижесіз бұрғылаулар да әсер еткен болар. Сол себепті одан әрі қазу тоқтатылып, жер қойнауынан шыққан жынысты зерттеу басталды. Ал, қажет заттар Гурьевтен тасымалданып, тоқтап қалған ұңғыны қайта жүргізіп кеп қалғанда, Сөйтіп бұрғы 2007 метрге жеткенде №1 ұңғы сияқты бұның да сайманы тұтылып қалсын. Бұл 1960 жылдың қазан айы еді. Сайман тұтылып қалса да ұңғыдан су аралас мұнай аға бастады. Бес сағатта бір текше метр сұйықтық шықты. Оның үштен бірі таза мұнай. Маңғыстаудың алғашқы мұнайы. Бірақ, қоп-қою, ұйып қалған қан дерсің. Тіпті, шелекке құйып алсаң діp-діp етіп төгілмейді. Төбежіктен алынған ауыр мұнай сияқты. Бірақ, от тигізсең дереу жана бастайды. Жана бастайтыны түсінікті. Мұнай ғой. Ал, бұл бәтшағар неге қоп-қою? Сүйтсе, оның құрамындағы парафин 22-24 пайыз боп шықты. Демек, бұл жеңіл мұнайдың қатарына жатады. Құрамында күкірті жоқ, тотықпаған. Алайда, отыз градус жылылықтың өзінде қоюлана қалады. Ал, Құлсары мұнайының қоюлануы минус 47 градус. Ал, енді осыны ғажап демей көріңіз! Маңғыстауға шабуылдың басталғанына тұп-тура тоғыз жыл. Сол тоғыз жыл мызғымай жатып алған Маңғыстау қарғаның саңғырығындай мұнай берді. Демек, қолға «қарға тышты». Енді Маңғыстау мұнайының толассыз аға бастайтын күні де алыс емес. Сонда тоғыз жыл бойы торыққан көңіл бір жадырамақ, тоғыз жыл бойғы төгілген тер мен жұмсалған қаржы өтелмек. Айтса айтқандай, содан екі-үш ай өтпей-ақ, 1961 жылты қаңтардың бесінде тағы бір жаңалық болды. Жетібайдың шығыс жағында жетпіс шақырым жердегі Өзеннен газ шықты. Ол Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасы қазған №18 ұңғы болатын. Осыдан соң-ақ, бұрғышы-барлаушылар жұмысқа ерекше бір екпін қосты. Сөйтіп, Маңғыстау мұнайы адамға мойын ұсынды. Ол 1961 жылғы шілденің 5-і болатын. Жетібайдағы №6 ұңғыдан сол күні тұңғыш рет Маңғыстау мұнайы атқылады. Бұл хабар мынау тұрған Гурьевті ғана емес, шығысындағы Алматы мен батысындағы Мәскеуді дүр сілкіндірді. Сафи жеткенде шапшыған қара май елу үш метрлік мұнарадан асып түсіп, адам шошырлық алапат күшпен күңіреніп жатыр екен. Ұңғының айналасы кілкіген мұнай көлі. Мұндайдың талайын көрген, талай рет мұнай нөсеріне шомылған Сафидың өзі мына құдірет күшті көргенде кәдімгідей сескеніп қалды. Бірақ, ол көпті көрген тәжірибелі мұнайшы емес пе? Тек, бұл ғана емес, осында да мұндай мұнай фонтанын баса алатындар да бар ғой. Күрделі жұмыстар жөніндегі шебер Дүйсен Үсенов фонтанды басуға тәуекел етіп шыққан еріктілерді басқарып, жауып тұрған мұнай жаңбырының астына кірді. Бұлардың бәрі батырлар еді. Бейбіт өмірдің батырлары! Олар—Оңғар Қабжанов, Сайлаубай Ысмағұлов, Қайып Азанбаев, Қантөре Қуанышбеков, Найзабек Толтырбаев, Бідан Қалиев, Бисенғали Бәжіков, Ермұқан Таужанов, Шәкірат Саханов, Жолдас Тоқжанов, Қасықбай Науанов, Хасен Тәжиевтер еді. Бұрау басындағы жалғыз трактордың тракторшысы Николай Рассветов пен осы ұңғыны қазған Николай Петровтың бригадасы да фонтанды басуға қатысты. Бұдан басқа да жүздеген адам фонтанды ауыздықтауға жұмылды. Мәңгілік қыспақтан шығарға жол тапқан мұнай бұрқағына бұлар үшінші күні сағат түскі он екілерде өліп-талып бұғау салып еді. Содан екі күннен кейін ғана Бакуден апаттық бригада келіп жетті. Олар мұндағы бұрғышылардың фонтанды жоғарғы техникалық деңгейде, дәл бұғаулай алғанына таң қалысты. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне сол жылы техникалық сауатты, Москва мұнай институтын бітірген Халел Өзбекқалиев басшы боп келген-тұғын. Халел Өзбекқалиев бұрғышының көмекшілігінен бастап, барлық сатыдан өткен жалындаған жас жігіт болатын. 31 жаста еді. Соған қарамастан білікті, тәжірибелі. Мұнай фонтанының аса қауіпті екенін, кез-келген сәтте өрт шығып, дүниені шыжғырып ала жөнелуі мүмкін екенін еске ала беріп қайтейік. Ал, осы ой шапшыған мұнай астында жанталасып жұмыс істеп жүргендердің жүйкесін жүндей түтумен болып еді ғой. Бірақ, солай болса да бұл соншалықты қуаныш, үлкен жеңіс еді. Осы жеңіске жету үшін мұнайшы қауым он жыл тынымсыз әрекет етпеді ме? Нәтижесіз әрбір жыл үшін жоғарыдан сөз естіп, келер жылға қаржы бөлдіруге көндіру, дәлелдеу оңай ма екен? Ал, ол келесі жылы тағы да солай... Тіпті, ғалымбыз деп жүрген кейбіреулер Маңғыстаудан түңілген жоқ па еді. Анау Чочиа деген ВНИГРИ директорының орынбасары: «Маңғыстауға енді қаржы бөлмеу керек» деп те соқты ғой. Осы сияқты қарсы тұрғандардың сөзін ести беру Сафиға оңай болған жоқ. Кейбіреу «Маңғыстауды мен аштым» деп кеудесін ұрады екен. Рас, Маңғыстауды ашуға мыңдаған адам қатысты. Мыңдаған адам еңбек етті, тер төкті. Солардың бәрі Маңғыстауды ашушы. Бірақ, соның бәріне жауапты, яғни, соның бәрін ұйымдастырып, талай жыл арман болған жұмыстың тоқтап қалмауына жоғарыны көндіріп отырған кім екенін ұмытпай, еске алып отырған жөн ғой. Сонымен, Жетібайдағы №6 ұңғыдан шапшыған мұнай ауыздықталып, фонтандық арматура қойылғаннан кейін, мұнайдың тәуліктік мөлшерін анықтауға мүмкіншілік туды. Ұңғы тәулігіне 400 тонна мұнай берді. Ілеспе газдың өзі 100-150 мың текшеметрге жетті. Қысым 150-200 атмосфера болды. Сонау соғыстың алдында Құлсарыда №61 ұңғыда ашық фонтан болып еді ғой. Ол ұңғының сонда бергені тәулігіне 100-150 тонна. Қысымы жүз атмосфера еді. Салыстыра бер. Бұл енді Маңғыстау мұнайының Сафи ойлағандай шындыққа айналғаны емес пе? *** Сөйтіп Маңғыстау даласы дүр сілкінді. Жәй бұрғышыдан бастап бүкіл Ембі мұнайын басқарып отырған Сафи Өтебаевқа дейін қуанды. Олардың жүзінде шаттық ойнады. Маңғыстау былайғы жұртқа әу баста қыбырлаған тірі жан жоқ, қаңырап бос жатқан дала болып көрінетін. Сүйтсе, онысы бекер екен. Қайдан шыққанын қайдам, көкке шапшыған мұнайдың қысылып шыққан ащы дауысы естілісімен сол маңға аттылы-жаяулы адамдар қаптап кетті. Олар фонтан басылғасын да тараған жоқ. Қап-қара боп жарқырап жатқан мұнайды алыстан тамашалап, айнала жағалап жүрді де қойды. Қойын бағып, қойыртпағын ішіп жүрген жерден мұнай шапшып шығады деп ойламаған олар бәріне таңғала қарайды. Ал, неше жыл қу медиенде жүргендей сезінген геологтардың таң қалысы оның арғы жағында. Олар таңғалса, қара жерден қара май шапшығанына емес, «бұл маңда да сонша көп адам тұрады екен-ау» деп таңғалады.

Міне, сөйтіп Маңғыстау мұнайының сыры ашылды. Ол тым тереңде жатыр екен. Көп ұзамай, 1961 жылдың аяғында, дәлірек айтсақ қазанның 10-ында Өзендегі №1 ұңғыдан 1248-1261 метр тереңдіктен мұнай атқылай бастады. Оның тәуліктік өнімі 80 тоннаға жетті. Бұны әрине Жетібайдағы №6 ұңғының тәуліктік өнімімен салыстыра алмайсың. Дегенмен, бұл да қанағат тұтуға болатын өнім еді. Осыдан соң-ақ, тұс-тұстан «мұнай фонтан боп атты, мұнай көрінді» деген хабар дүңк-дүңк естіле бастады. №2,13,22 ұңғылардан 202 күшті мұнай атқылады. Енді Жетібай мен Өзенде мұнай атқылап жатқаны жаңалық болудан қалды. Солай болуға тиісті сияқтанды. Ал, Сафи болса сонау елуінші жылдың басында-ақ солай ойлайтын. Бірақ, бір қателескені, қас қылғандай мұнай жер бетіне оңайлықпен шыға қоймады. Кешеуілдей берді. Ал, ендігі жағдай мүлдем басқаша. Маңғыстауда мұнай да, газ да бары айқын дәлелденді. Енді тек оны игеру керек. *** Тәңірі мұнай сияқты жерасты байлығын қиын жерге жаратқан ғой. Оны алу, игеру де оңай болмаған. Сондықтан, мұнай шықты екен деп бас салып ана басы мен мына басы мыңдаған шақырым болатын қу медиен далаға құбыр тартып, жол төсей бастамайсың ғой. Әуелі мұнайдың қорын анықтап алу керек. Жоғары жақтың қоятын талабы осы. Ал, Сафи болса Маңғыстау даласының мұнайы шөбере-шөпшегіне дейін жететініне күмән келтірмейді. Дегенмен, талаптың аты талап, Жетібай мен Өзен алаңдарының мұнай-газ қорын анықтау үшін терең бұрғылауды екі-үш есе арттыруға пәрмен берген болатын. Көп ұзамай-ақ тиісті деректер қолға тиді. Жетібайда 147 миллион тонна мұнай, 32 миллиард текшеметр газ қоры бар екен. Ал, Өзендегі мұнай қоры одан бірнеше есе артық, 600 миллион тонна мұнай, 6 миллиард текшеметр газ. Міне, саған Маңғыстау байлығы... Ал, қолмен ұстап, көзбен көріп тұрған байлықты қалай игеруге болады? ...Қарт Сафи иллюминаторға үңіліп қарап еді, будақ-будақ ақша бұлттар тым төменде аунақшып қалып бара жатыр екен. Ұшақ бейнебір бір орнында тұрып қалған сияқты, ал ұшып бара жатқаныңды бұлттарға қарап қана аңғарасың. Осы көрініс қарт Сафиды тағы да Маңғыстау даласына алып келді. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... 1951 жылдан 1961 жылға дейінгі он жыл уақыттан кейде бір белгі қалмағандай көрініп кететіні бар. Бақандай он жыл. Осы он жылда «өлі қолтықта» жұрт елең етерлік бір өзгеріс болмапты. Мына, тақымындағы ұшақ сияқты бір орында тұрып қалғандай сезілетін. Ал, сол 1961 жылдан кейін ше, әсіресе Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Советінің төрағасы Дмитрий Федорович Устиновтың қаулысынан соң Маңғыстауда жылда... жылда емес-ау, ай сайын өзгеріс болып жататын еді ғой. Ал, сол өзгеріс өзінен өзі бола салып па екен? 1963 жылы одақтық мұнай комитетінің төрағасы Н.К. Байбақовқа телефон шалғаны есінде.  Николай Константинович,—деп амандық-саулықтан соң оны өзіне қарата сөйлеп еді.—Тұтастай Маңғыстауды айтпағанда, Жетібай мен Өзендегі мұнай қорының өзі бұл өлкені қорықпай өндіріске айналдыруға болатынын айқындап тұрған жоқ па? Сондықтан мен Қазақ ССР-і, Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Советінің председателі ретінде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Советіне Маңғыстау мұнайын жедел игеру туралы ұсыныс қойғым келеді.

 Маңғыстау мұнайын жедел игеру дейсіз бе?
 Иә, жедел игеруге...

 Сафи Утебаевич, жалпы мұндай ұсынысқа біз қарсы емеспіз. Бірақ, ұсыныспен жіті танысып шығуым керек қой.  Мен де соны айтайын деп отырмын, Николай Константинович. Менің ұсынысым дайын ғой. Соны алып өзіңізге баруым керек боп тұр.

 Келіңіз...  Келгенде, осы ұсынысты Дмитрий Федоровичтің алдына бірігіп қойсақ деген ой бар.  Әуелі, ұсынысты көрейін, келіңіз,—деді Байбақов, әңгімені одан әріге созып жатпай. Содан бұл әдеттегідей Шәрипа жуып, үтіктеп, шатын шабаданға салып қойған бір киер киімін алып Мәскеуге жүріп кетсін. Обалы не керек, Н.К.Байбақов пен оның орынбасары С.А.Оруджев бұның жасап әкелген ұсынысын толық қолдайтынын айтты. Егер шынымен де осы ұсыныстардың тым болмаса біреуі орындалмай қалса, мұнайды игеру ойдағыдай жүзеге аспас еді. Соны білетін олар ұсынысқа көз жүгірткеннен-ақ мәселенің мәнісіне түсіне кетті, сөзге келген жоқ. Ертеңіне Байбақов екеуі Дмитрий Федорович Устиновтың қабылдауында болды. Басқа уақытта сұсты көрінетін Устинов бұл жолы күлімсірей қарсы алды. Байбақовтың кіммен бірге келетінін біліп отыр ма, сөзін Маңғыстаудың жайын сұраудан бастады. Маңғыстаудың жайы Сафиға белгілі ғой, биыл Өзен кен орнындағы мұнай мен газдың қоры жайлы Мемлекеттік комитетке есеп берген. Сонда айтқаны көкірегінде әлі сайрап тұр. «Өзенде осы уақытқа дейін 25 барлау ұңғысы бұрғыланды. Барлық қазылған жер 36,6 мың метр...» Мұндай мәліметті журналын ашып қалса, Устиновтың өзі де бірден есіне түсіре қояр еді, бірақ Қазақстаннан келген өкілді сөйлеткісі келді ме, сөзін бөлмей мұқият тыңдады. Сафи мән-жайды баяндап болған соң мұнай комитетімен бірігіп жасаған ұсыныстарына көшті. Олар мыналар еді:

Бірінші, Шевченко қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігін құру. Гурьев пен Шевченко қаласының арасы тым қашық. Ал, Жетібай мен Өзен оның да арғы жағында. Жұмыс көбейген сайын Гурьевтен басқару мүмкін болмауға айналды. Ал, Маңғыстау жолсыз, сусыз мидай дала. Осы мидай далада күні ертең үлкен өндіріс жұмыс істейтін болады. Демек, ол өндірісті қоян-қолтық араласып отырып басқару керек.

Екінші, мұнайшы-жұмысшылардың айлық жалақысын көбейту.

Маңғыстауда жұмыс істеу кімге де оңай емес. Сусыз жер. Ел жоқ. Табиғаты қолайсыз аймақ. Сол себепті бұл ауданға жұмысшы келе қоймайды. Ал, «өлі қолтықты» тірілту үшін мыңдаған жұмысшы күші керек. Үшінші, Мақат-Шевченко теміржол құрылысы аяқталды. Оны одан әрі Жетібай арқылы Өзенге жеткізу жобасын жасап, құрылысын неғұрлым жылдам бастап кету. Бұл толып жатқан жүк тасымалдау мен жол қатынасын былай қойғанда, ең әуелі осы екі алаңның алғашқы өндірістік мұнайын тасымалдау үшін қажет. Төртінші, Шевченко қаласынан Жетібай арқылы Өзенге жоғары вольтті электр желісін тарту. Ол үшін Шевченкодағы электр станциясының қуатын арттыру. Электр станциясына қосымша 25 мың киловольт қуат беретін двигательдер болу. Әрине, кәсіпшілікті іске қосудан бастап, басқа да толып жатқан жұмысты атқаруға, қыл аяғы Күн бата сала Кең даланы бүркеп алатын қараңғылықты жарық етуге де электр қуаты қажет.

Бесінші, Өзенде тұрғын үйлер салу.

Күні ертең осында жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшыны тұрақтандыру баспана мәселесіне тікелей тәуелді.

Алтыншы, «Шевченко-Жетібай-Өзен» асфальт жолын салу.

Жетінші, мұнай өндіру кәсіпшіліктеріне қажетті түрлі өндіріс базаларын салу.

Сегізінші, мұнай және су құбырларын тарту.

Егер осы ұсыныстар қабыл алынып, қаулыға қол қойылар болса, Маңғыстау даласы ұлы дүбірге толғалы тұр. Отан орасан зор күш, аса көп қаржы қажет. Осы қыруар жұмыс өзімен бірге ауыр машақат әкелетінін де біліп отыр. Көңілінде үміт те күдік те бар. Үміт болатыны мол мұнай көзі ашылды. Оны игеруге Үкімет те мүдделі болып отыр. Ал, егер бұл ұсыныстар өтпейтін болса, орталық бір тамшы да мұнай ала алмайды. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Сафидың ойын түсінді. Сөйтті де, бұл ұсынған ұсыныстың барлығын қабылдап, қаулы шығарып берді. Бұл 1963 жылғы желтоқсанның 12-сі болатын.

Сафидың сондағы қуанғанын айт! *** Аспан асты, жер үсті екі аралықта ілінген алып ұшақтың ішінде отырған қарт Сафи содан соңғы оқиғаларды ойға алғаны сол екен,жүзі жадырап сала берді. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Бұған дейінгі дәтке қуат еткені тәуекел ғана еді, енді ежелгі арманға жетудің бар мүмкіндігі қолында тұр. Сонда Сафи елге жетісімен облыстық партия комитетімен келісе отырып, «Маңғышлақнефть» бірлестігін құруға кірісіп кетіп еді ғой. Оның бастығы етіп тәжірибелі мұнайшы Чеплаков Степан Федоровичті тағайындады. Бірлестіктің штаты белгіленді. Бірлестік ішінен «Өзенмұнайгаз» басқармасы құрылды. Отан Рахмет Өтесінов директор болды. Рахметті басқармаға директор етіп тағайындағанда Сафи оның білімі мен тәжірибесін бағалаған еді. Ол 1951 жылы Мәскеудің мұнай институтын бітіріп келісімен Мақат, Комсомол, Қошқар кәсіпшіліктерінде цех бастығы, бас инженер, директор боп өндірісте шыңдалды. Одан соң біраз жыл партиялық жұмыста өзін көрсете білді. Аудан басқарды, облыстық комитетте өндіріс жөніндегі бөлімге меңгеруші болды. Сафидың оған бір риза болатыны, Маңғыстау дүбірі естілісімен-ақ аптап соққан далаға тартып кетті. Әкесі Өтесін Жайлыбаев та мұнайшы еді. Ол осы бір кәсіпке сонау Қазан төңкерісінен бұрын-ақ араласқан. Мұнайдың ең ауыр жұмыстарын атқарған адам. Бірлестікті аяғынан тік тұрғызып жіберу үшін бұдан басқа да ондаған басқармалар мен кеңселер құрылуы керек еді. Соның бірі «Өзен бұрғылау-пайдалану» кеңсесі. Оған директор боп Нәсіпқали Марабаев тағайындалды. Нәсіпқали сонда 27 жаста еді. Жас болса да мұнай өндірісінің қыр-сырын меңгерген, әжептәуір ысылған маман болатын. Мәскеудің мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын бітіріп келгеніне бес жыл болған. Институттан кейінгі еңбек жолын бұрғышылықтан бастап, кәсіпшіліктің бас инженеріне дейін көтерілген жігіт. Сафиға ұнайтыны, өзі жас болса да өз кәсібін үздік меңгеруімен қатар, істі шебер ұйымдастыра білетіндігі еді. Сөйтіп, Шевченкода Маңғыстау мұнайын игеру үшін құрылған болашағы зор бірлестік қаз-қаз басып алғашқы жұмысын бастады. *** Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің мәселе етіп қойған ұсынысының бірі Маңғыстауға барған жұмысшылардың айлық жалақысын өсіру туралы еді ғой. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Дмитрий Устинов бұл ұсынысты жауапсыз қалдырған жоқ, қолдап қаулыға енгізді. Бұдан былай жұмысшының негізгі жалақысына 70%-дық үстеме қосылатын болды. Бұл «Өлі қолтыққа» жан бітіру үшін жұмысшы жинау әрекеті болатын. Маң даладан мұнайдың табылуы оның бір кезеңі де, оны игеру ең жауапты екінші кезеңі. Егер елсіз, сусыз жерге жүмысшы жинай алмасаң, неше жылғы бейнеттің зая болғаны. Мұнайды игеру үшін екі күш керек. Бірі—білім күші, екіншісі—білек күші. Осы екі күш қосылса, игерілмейтін мұнай жоқ. Ал, осы екі күшті әлгіндей көтеріңкі жалақымен жинамасаң, «жапалақ ұшпас жапан түзге» жұмысшыны құрғақ насихатпен апара алмайсың. Сафиды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған тағы бір нәрсе бар. Ол—білім күшінің тапшылығы. Иә, білек күшін жоғары жалақы беріп, қайдан да болса табасың-ау. Ал, тапшы боп тұрған техникалық сауатты маманды қайдан аласың? Осы ой оны «Қазақстаннефть» бірлестігіне бастық боп келген 1951 жылы-ақ мазалай бастаған-тұғын. Сол себепті бірлестік атынан мұнайшы мамандығына оқытатын жоғары оқу орындарының ректорларына хат жазып, қазақстандық талапкерлерді байқаудан тыс қабылдауға өтініш жасаған болатын. Ондай оқу орындары негізінен Ресейде, Татарстанда, Башқұртстанда, Әзірбайжанда ғана бар. Сафи өтініш хатын бірлестік атынан жіберуін жіберіп қойғанымен, ректорлардың бұл мәселені өздігінен шеше қоюына күмәнмен қарады. Сол себепті осы мазмұнда хатты КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинге жолдауға тура келді. Обалы не керек, бұл ұсыныс та жерде қалған жоқ. Жылына жүз баланы байқаудан тыс оқуға қабылдау туралы қаулы қабылдады. Бұл деген енді бес жылдан соң Маңғыстау мұнайын игеруге жыл сайын сауатты жүз инженер келеді де тұрады деген сөз. Білім байлығы дегеніміз міне осы! Бұл байлық мұнай байлығынан да қымбат. Ойпырмай, бүгін ойлап қараса, бұл жер астындағы байлықты іздеп қана қоймапты, жұдырықтай жұмыр бастың ішінде жасырынып жатқан білім бұлағына да жол аша біліпті ғой. Өйткені, Одақтық Министрлер кеңесі шығарған қаулы содан жиырма жыл бойы күшін жойған жоқ. Міне, ерте бастан ойланған әрекет «Маңғыстаумұнай» бірлестігін құру кезінде жеміс бере бастады. Әлгі қаулы бойынша оқуға байқаудан тыс қабылданған балалар содан бес жылдан кейін институтты бітіріп, елге топ-тобымен келіп жатқан еді. Көкіректерін арман кернеген сол жастардың дені аты жер жарып тұрған Маңғыстауға бет алды. Жан-жақтан құйылып, Маңғыстауға жиылып жатқан мыңдаған жұмысшыны басқарып, өндірісті тоқтаусыз жүргізіп тұру үшін мықты басшылық керек екені онсыз да түсінікті ғой. Сафи бірлестік құру барысында, міне, осы жағына аса мән берді. Өзі толық білмейтін адамға жауапты жұмыстың тізгінін ұстатып жіберген жоқ. Бірде... осы бірлестік жасақталып жатқан кез еді ғой, облыстық партия комитеті бір адамды бірлестіктің кадр бөліміне басшы болуға ұсыныпты. Ол адам осыған дейін бір ауданда партия қызметкері екен. Анкетасында солай жазылған. Аты-жөнін бұрын естімеген. Танымайды. Танымаған адам туралы не деуге болады? Оның үстіне ол жергілікті адам емес. Ал, бұл болса кадр бөлімінің басшысы етіп осы жерде туып-өскен адамды қойғысы келеді. Оның мынандай себебі бар. Осы қызметке жергілікті адамды алса, ол адам жұмысқа өзі білетін жергілікті адамды көбірек тартады. Ал, жергілікті адам бұл арадан өлсе кетпейді. Әрі Маңғыстаудың табиғат жағдайы мен жер жағдайының қиыншылығына кәтепті қара нардай төтеп береді. Егер қолайлы маманды өзі таппаса, онда обкомның ұсынысын қабылдауға тура келеді. Сафи осыны ойлап кабинетінде жалғыз отыр еді, жақында ғана өз қолымен «Өзенмұнай» басқармасына бастық етіп қойған Рахмет Өтесінов келе қалды. Рахмет бұл кезде өндірісте де, партия жұмысында да тәжірибе жинақтап, оңы мен солын танып қалған азамат. Өзі сол жылы 37 деген мүшел жасқа толған шағы. Ендеше, неге ақылдасып көрмеске?! Ақыл жастан деген ғой.  Мына кісіні танисың ба?—деді алдында жатқан анкетаны Рахметке қарай ысырып. Рахмет анкетаны көз жүгіртіп оқып шықты да:

 Танимын, аудандық партия комитетінің қызметкері ғой.  Танысаң, осы адамды обком бізге кадр бөліміне ұсынып отыр. Ал, мен жергілікті жігіттердің бірін қойғым келіп еді. Сен бір іскер жігіт таба аласың ба? Бірақ, өзі де, анкетасы да мынадан мықты болуы керек,—деп алдында жатқан анкетаны нұсқап қойды. Рахметтің кімнің кім екенін танып қалған кезі ғой, Сафидың сұрағына көп ойланып жатқан жоқ.  Егер маған салсаңыз, Алым Жаңбыршинді ұсынар едім. Ол өзі осы Маңғыстаудың тумасы.

 Сен маған оның артықшылығын айт?  Артықшылығын айтсам, мынау партия мектебін сырттан бітіріпті. Ал, Алым КазГУ бітірген. Соғыс көрген. Мына кісі аупарткомның бөлім меңгерушісі болған екен. Ал, Алым Жаңбыршин болса, қазір қалалық партия комитетінің ІІ хатшысы. Ал, оның алдында Маңғыстау ауданында партия-кеңес жұмысын атқарған.

 Тұра тұр, Алым дегенің анау күйші жігіт пе?
 Иә, соның дәл өзі.

 Ол Алым, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде, тереңнен бұрғылау бөлімінің бастығы боп жүр еді ғой.  Міне, өзіңіз де біліп жүр екенсіз, ол өндірісте де тәжірибесі бар. Ал, обком ұсынған мына кісі өндіріс бетін көрмепті.  Дұрыс, мынауың жөн екен,—деді Сафи риза боп,—осы жігітті шақырайық. Бірақ, хатшылығын тастап, бірлестікке келер ме екен?  Неге келмесін, біле білген адамға Маңғыстауды игеруге қатысу бақыт емес пе?  Ерте ме, кеш пе, өндірістен біз де кетеміз. Биыл елу бес жасқа толады екенмін. Енді пенсияға шығуға да көп уақыт қалған жоқ. Менің алаңдайтыным—жергілікті жастардан тұрақты кадр дайындап кету ғой. Түсініп отырсың ба? Сырттан келгендер түбі кетіп қалады ғой. Сонда еліміздің мұнай өндірісін ақсатпай ұстап қалатын өз балаларымыз болуы керек,—деді Сафи тереңнен толғап. Иә, Сафи кадр бөліміне осындай стратегиялық ойды іске асыра алатын адам іздеп еді ғой. Десе дегендей, обком мен қалкомның келісімімен бірлестіктің кадр бөліміне қызметке келген Алым Жаңбыршин Сафидың осы ойын жүзеге асыра білді. Сол жылдары мұнай мамандарын көбейту мақсатында Сафи ҚазССР Министрлер кеңесіне хат жазып, өз елімізде де мұнай факультетін ашу туралы ұсыныс түсірген болатын. Осыдан соң Алматыдағы политехникалық институтта мұнай факультеті ашылды. Ал, Алым Жаңбыршин Сафи Өтебаевтың бұйрығымен институттағы қабылдау комиссиясының тұрақты өкілі болатын. Осы факультетке Маңғыстау балалары да жіберіліп жатты. Олардың алаңдамай білім алуы үшін Сафи институтқа алпыс адамға арналған жиналмалы ағаш жатақхананың екеуін жіберді. Оны сол кезде оқыған студенттер ұмыта қоймаған шығар. Міне, қазақтың мұнайын игеруге қазақ балалары осылай тартылды. Бірақ бұл да аздық етті. Сондықтан Әзірбайжаннан, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Краснодардан, Ставропольдан мыңдаған білікті мамандар мен тәжірибелі инженерлер шақырылды. Ал, осы мамандар Маңғыстауға берерін беріп, аларын алып болған соң елдеріне қайтқанда инженерлік жоғары білім алып үлгерген қазақ балалары өндірісті әрі қарай алып кетті ғой. Осыған қатысты бір жайды ойласа, қарт Сафи бүгінге дейін толқып, өзінің дұрыс істеген сол ісіне дән риза болып қалады. 1971 жылы Кеңес дәуірінің қызығын да, қиындығын да қатар тартып келіп, зейнет демалысына шыққанда сол балалар бұның орнын басты ғой. Бұл зейнет демалысына кеткенде білікті мамандарға деген тапшылық күн тәртібінен түсіп қалып еді-ау... Аспан төсінде еркін көсілген әппақ әуе лайнерінің ішінде отырған қарт Сафи, міне, осыны ойлап аса бір рахаттанған, өз ісіне аса бір қанағаттанған сезімге бөленді. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Кезінде өзі жіберген жиналмалы жатақханада жатып оқыған балалар бүгінде қазақ мұнайын басқарып жүр. Оған мысал ретінде Нұрлан Балғымбаевты айтсақ та жетіп жатыр. *** Көзің жетіп тұрған нәрсені біреудің мойындамай қойғанынан өткен азап бар ма? Ал, көзің жеткен нәрсеге сенбей қойғандар, күндердің күнінде өзінің жеңілгенін мойындап жатса одан өткен жеңіс жоқ қой. Сафи сондай қуанышты күй кешіп жүр. Маңғыстауда ойлаған адамның басы айналатын өте көп мөлшерде мұнай табылғанын Одақ көлемі тегіс мойындап болды. Алтын басты, күміс қолды мамандардың жан-жақтан құйылып келіп жатқаны соның бір ғана дәлелі. Мойындамаса келе ме? Өзен кенішінен жиырма шақырым жерде Қарамандыбас алаңы Өзеннен кейінірек ашылды. Бірақ, сол кездің өзінде Өзен мен Қарамандыбас—екі алаңның бір ғана мұнай теңізінің үстінде тұрғаны анықталмап па еді?! Ал, сол екі алаң сыйып кеткен жерасты мұнай теңізінің көлемі қандай еді? Оны естігендер еріксіз таңдай қағысып, бас шайқасады. Оның көлемін айтпас бұрын атақты Доссорды еске түсірейік. Оның астында жатқан мұнай көлінің көлемі бар болғаны бір-ақ шақырым. Ал, Өзен мен Қарамандыбастың астындағы мұнай теңізі қырық шақырымға созылып жатыр. Өзен мен Жетібайдағы мұнайдың есептелген қоры Баку мұнай қорынан әлдеқайда асып түседі. Ал, Татарстан мен Башқұртстаннан бірнеше есеге көп. Міне, осындай байлығы бар жерді Құдай қазақтың ақ ниеті үшін берген. Бергенде де қазақ байғұс әбден есін жиған соң өзі игеріп алсын, оған дейін бұл түбекке ешкім қызықпасын деп күннің райын қолайсыз қып тастаған. Сол жалғыз Тәңірінің әмірімен халық ол жерге «Өлі қолтық» деген ат берген. Ол атау жанындағы жеті жұртқа жетіп жатқан. Көп адам осы атаудың өзінен қорқып, бұл маңға аттап аяқ баспаған. Бұл қиял емес, қиялға бергісіз шындық. Тәңірдің тілеуі бойынша Маңғыстаудың мұнайын қазақтың баласы ашуы керек-тұғын. Бірақ, 1951 жылға дейін Федоров деген біреу алғашқы ашу құрметіне ие болып кетуі мүмкін еді. Бірақ, көк Тәңірі Федоровтың жүрегіне қорқыныш енгізіп, Маңғыстауға деген кежегесін кейін тартқызып қойды. Мәскеуде отырғандардың санасына «Маңғыстауды ашуды жергілікті адамға жүктеу керек» деген ой салды. Ал, көк Тәңірі бұны 1909 жылы жарық дүниеге келтіріп, атын Сафиолла деп Адам Атаның есімін қойғызып, осы ұлы іске дайындап, дамылсыз шыңдап жатты. Құданың құдіреті деген міне, осы! *** 1963 жылы желтоқсанның 12-сінде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Кеңесі Маңғыстауға қатысты Сафи ұсынған жеті мәселе бойынша арнайы қаулы қабылдады дедік қой. Сол жеті ұсыныстың дәл осы кезде біреуі ғана іске асып еді. Яғни, «Маңғыстаумұнай» бірлестігі жасақталды. Енді бұлар сол 214 қаулының қалған бөліктерін жаппай іске асырудың алдында тұрған. Бірақ, қалай іске асырады? Ол үшін одақтық басшыларды осында—Маңғыстауға шақыру керек деп шешті. Келсін. Көрсін. Сосын шешім шығарсын. Ал, Мәскеуден шыққан бұйрық алыстағы Маңғыстауға әлсіреп жететіні әлімсақтан белгілі. Сафи сонан соң одақтық министрлерге Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесі мен Батыс Қазақстан Өлкелік партия комитетінің атынан шақырту хат жазды. Осы хатты қабыл алып, одақтық министрлер 1964 жылғы мамыр айының ортасында Маңғыстауға сау ете қалсын. Олардың келетінін алдын-ала естіген Сафи Батыс Қазақстан Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Мұхамбет Исеновпен бірге Ақтөбеден Шевченкоға ұшып келді. Сафидың ойынша, қыруар мәселе осы жерде шешілуі керек. Келісілген күні Шевченко қаласындағы арнайы дайындалған тақыр алаңға қонақтар мінген ұшақ келіп қонды. Жалпы қарасы елу шақты адамды одақтық мұнай комитетінің төрағасы Николай Константинович Байбақов пен мұнай-газ өнеркәсібі құрылыс министрі Алексей Кирилович Кортунов бастап келіпті. Міне, енді олар бірнеше жеңіл машинаға бөлініп мініп Жетібай, Өзен бағытымен жолға шықты. Сафи жолдың нашар екенін, сол үшін басшылардан сөз еститінін біліп келеді. Бірақ, Сафи Маңғыстаудың қиын жағдайына қонақтардың көзін жеткізу үшін жолға машинамен шыққан жөн деп тапты. Ал, өзіне келетін сөз.... Жә, мәселе оңынан шешіліп жатса, сөз деген немене?! Николай Константинович одақтық мұнай комитетінің төрағасы болғанымен, өзіне баяғы бірге оқыған Колясы емес пе? Сафиға ол әлі күнге солай көрінеді. Ал, Николай бұған қалай қарайды? Ол жағын ойламапты. Бұл кезде бұлар мінген машиналар Қарақия ойпатына түсіп келе жатыр еді. Қарақия—дүниежүзіндегі ең терең ойпат. Теңіз деңгейінен 132 метр төмен жатыр. Ұзындығы—35 шақырым. Өзенге қарай өтер тұсының ені шамамен 25 шақырым. Қонақтар тым-тырыс. Қайда қарасаң да көз жеткісіз жазық дала. Дала төсіне мың тарау боп түскен жолдың қайда апаратынын біліп болмайсың. Тіпті, бұл жерде жол дейтін жол да жоқ. Мәшине ізі кең даланы өрмекшінің торындай торлап тастаған. Борпылдақ топырақтан ұшқан шаң кеңсірікті ашытып барады. Күн болса ыстық. Жаз сияқты. Машина әйнегін бұлар жолға шығысымен-ақ қымтап жауып алды ғой. Бірақ, қайдан тесік тапқанын қайдам, бұлар бәрібір мәшине ішінде де көкала шаңға көміліп отыр. Осы кезде қонақтардың жүзіндегі ренішті тез-ақ байқауға болар еді. Осылай Қарақия қырқасына көтерілгенше ешкім ләм-мим тіл қатқан жоқ. Көкала шаңның ішінде тіл қату мүмкін де емес. Оның үстіне қонақтар быршып терлеп, қозғала алмай отыр. Қырқаға көтерілген соң да біршама уақыт мәшине есігін ашу мүмкін болмай қалды. Қаладан шығысымен бұларды өкшелеп қалмай қойған бұрқылдақ шаң қырқаға көтеріліп тоқтай қалған мәшинелерді айналсоқтап, біразға дейін сейілмей қойды. Ал, ойпат жақта қатарласа қозғалған машиналар көтеріп кеткен шаң сол күйінде тұтасып тұрып қалыпты. Бұл кейбір мәскеуліктер үшін әрі қорқынышты, әрі қызық көрініс еді.

— Біз сенің бүйтіп қинайтыныңды білмеппіз,—деді Николай Константинович ренжи сөйлеп.—Немене, самолет дайындап қоюға болмайтын ба еді?

— Үйтуге де болатын еді, бірақ...—деп мүдірді Сафи,—мұнайдың қандай жерде шығып жатқанын өз көздеріңізбен көріп кеткендеріңіз жөн ғой.

— Иә, көріп тұрмыз,—деді Николай Константинович. Даусында зіл бар. Оның зіл сала сөйлеген осы сөзін елемегендей Сафи өздері келген жақтан бастап қолымен ауаны бір сызып өтті де:

— Міне, дәл осы жерден теміржол мен асфальт жол өтуі керек. Сонымен қатар, электр, байланыс желілері, мұнай, су құбырлары салынуы тиіс. Олар салынған соң сіздер шаңнан басқа ештеңесі жоқ кең даланы көре алмайсыздар. Ол кезде, сіздер кешіріңіздер, маған сондай даланы көрсет деп жалынсаңыздар да, бұйырсаңыздар да мен көрсете алмаймын. Өйткені мына дала енді бес жылдан соң мүлде басқа кейіпке енеді,—деп шабыттана сөйлеп кетті.

Осыдан соң тана қонақтардың жүздері жылып, үсті-бастарын қата бастады. Қалай болғанда да Сафидың есебі түгел еді. Мәскеуліктер Маңғыстау мұнайшыларының қандай жағдайда жұмыс істейтінін, мұнайды өндіріп, оны тасымалдаудың оңай емесін өз көздерімен көрді. Олар енді осы көргендерін өмір бақи ұмыта алмайды. Тіпті, жүрген жерлерінде айта жүретін болады. Николай Константиновичтің де ойы осы екен, ол Сафиға қарап былай деді:

— Сафи Утебаевич, сіз енді бұл жерге не істеу керегін айтпасаңыз да болады. Біз түсіндік. Көп ұзамай керек заттарды ала бастайсыздар. Ал, енді осы жерден кейін қайта берсек те болатын шығар.

— Жо-жоқ, Николай Константинович, сіздер әлі түкті де көрген жоқсыздар. Егер осы жерден кері қайтып кетсеңіздер, кейін өкінесіздер. Оның үстіне жарты жолдан кері қайту—біздің халқымызда жаман ырым. Қарақияның қағарына ұшыраймыз,—деп Николай Константиновичке құрмет көрсетіп, машина есігін ашты.

Ал, Алексей Кирилович Кортунов жол бойы жан-жағына таңдана қарап, басын шайқаумен болды. *** Дәл осы кезде Өзен алаңында жалғыз тапал барақтан басқа ештеңе жоқ болатын. Маңғыстаудың бар шаңын көтеріп жеткен қонақтарды елсіз далада құлазыған жалғыз барақ қасында «Өзен-мұнай» басқармасының бастығы Рахмет Өтесінов қарсы алды. Мұнайдың не екенін, оның қалай игерілетінін білетін маман үшін осы көріністің өзі көп жайттан хабар беріп тұр еді.

— Өзен кеніші қазірдің өзінде жылына он миллион тонна мұнай беруге дайын,—деді Рахмет қонақтарға кәсіпшіліктің жай-күйін баяндап тұрып.—Естеріңізде болса, қазір Румыния 15 миллион беріп тұр. Бакудың беріп тұрғаны 20 миллион. Өзен кеніші одан көп бермесе, кем бермейді. Тек кәсіпшілікті тезірек іске қосу керек.

Рахмет бұдан соң ауызсу мәселесінің қинап тұрғанын, бірақ қаржы бөлінсе Сауысқан құмынан табылған тұщы суға құбыр тартуға болатынын баян етті. Кездесу барысында жұмысшылар да мәскеулік басшыларға ауызсу тапшылығын айтып, соны тезірек шешіп беруді өтінді. А.К. Кортунов өзіне қатысты мәселе айтылған соң орнынан тұрып, жаңа ғана Рахмет айтып өткен Өзеннен 50- 60 шақырым жердегі Сауысқан тұщы суын төрт-бес айда жеткізіп беруге уәде берді. Техникалық су алу мақсатында (ұңғыдағы мұнай қысымын бірқалыпты ұстап тұру үшін жер астына айдауға) 150 шақырым қашық жатқан теңізге дейін құбыр тарту да осы кездесу барысында шешімін тапты. Қонақты құт көрген қазақ емеспіз бе, осы жолы Жаңаөзен қаласының қазығы қағылды. Осы рәсімге қонақтардан Н.К.Байбақов пен А. К. Кортунов жергілікті мамандардан Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесінов, Мұхамбет Исеновтер қатысты. Сафидың ойынша кезек күттірмес мәселе—жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қалғандарының бәрі—екінші кезекте. Мейлі, ол мұнай болса да. «Құдай теңгермегенді мұнай теңгереді» десе де, мұнай деген байлық адамнан қымбат емес қой. Мұнай адам баласы үшін өндіріліп жатқан жоқ па? Адам аман болсын деп ойлайды Сафи. Қазір өлген-тірілгеніңді білмейтін соғыс кезі емес. Бүгінгі жұмысшыға жоғары жалақы, демалуға жайлы орын керек. Қонақтармен бірге әлеуметтік мәселелерді талқылап болған соң, Сафи кім үшін де елең етерлік өте күрделі мәселенің шетін шығарды. Ол өндірілген мұнайды тасымалдау мәселесі болатын. «Маңғыстау мұнайының құрамында парафин мол болуы себепті (24%) оны тасымалдаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнай құрамында 24% парафин бар дегеннен-ақ мұнайшылар бұл шындықты дереу түсіне қояды. Үйткені олар 24% парафині бар мұнайдың 30 градус жылылықтың өзінде тоңазып, қоюлана бастайтынын жақсы біледі. Міне, осындай мұнайды тиісті жерге диаметрі 500мм құбырмен жеткізу үшін әрбір жиырма екі шақырым сайын мұнайды арнайы пешпен қыздырып отыру керек. Әйтпесе диаметрі жарты метрлік құбырға мұнай қатып қалуы әп-сәтте. Осылай сатылап қыздыра отырып, Өзен мұнайын Шевченкоға жеткізу үшін екі араға он екі пеш салынуы тиіс екен. Міне, осы бір қызық технологияны біздің жобалаушылар жасап отыр. Бұл одақ бойынша осы Маңғыстауда іске аспақ». Мұнай мамандары Сафидың бұл баяндамасын әсерлі әңгіме сияқты беріле тыңдады. «Бұл технология аса қымбатқа түспей ме?» деп ешкім де сұрақ қойған жоқ. Үйткені парафин дегеніміз химия өнеркәсібі үшін бағалы шикізат екенін олар жақсы түсінеді. Оның үстіне қыздыруға босқа жанып жатқан газ пайдаланылады.

— Маңғыстау деген тозақ емес, тұнып тұрған байлық екен ғой,—деп Байбақов жиналыстан жадырап күліп шықты.

Сафидың ойға алғаны орындалып, қонақтарды құрметтеп шығарып салды. Олар Мәскеуге емес, екі-үш күн аралаған Маңғыстауда жүзеге асуға тиісті жұмыстарды жан-жақты талқылап, нақты шара белгілеу үшін Алматыға жол тартты. *** Н. К. Байбақов пен А. К. Кортунов қасына елу шақты мамандарын ертіп Маңғыстауға келіп кеткелі де бір жылдан асып кетті. Осы екі ортада Бүкілодақтық Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы Дмитрий Устиновтың қаулысымен салынып жатқан Шевченко-Өзен теміржолының құрылысы 1965 жылы шілденің бірінде соңғы шегесін қақты. Ал, 1964 жылғы қазанның бірінде Сауысқан құмының тұщы суына кенелген Өзен кәсіпшілігінің жұмысшылары бұл күнде қызу жұмыс үстінде. Теміржолдың біту қарсаңына бір эшелон мұнай дайындалуы тиіс. Тәйірі, бір эшелон мұнай деген немене, ол Өзен сияқты кәсіпшілікке сөз бе? Бірақ, қолды байлаған ол емес, мұнай алуға дейінгі дайындық жұмыстары ғой. Міне, енді Сафи көптен күткен күн де келді. Көптен дейді-ау... көптен болғанда осы күнді тура 14 жыл күтіпті ғой. «Биссимилла» деп Маңғыстау даласына аяқ басқанда қылшылдаған қырық екі жаста екен. Енді ел ағасы болар жасты еңсеріп, елу алтыға келіпті. Рас, осы 14 жылда бұлар тек Маңғыстаумен ғана айналысқан жоқ қой. Ескі Ембі кәсіпшіліктерін былай қойғанда, Боранкөлді, Прорваны, Кеңқияқты ашты. Оларды өндірістік жүйеге түсіріп, тоқтаусыз мұнай беретін жағдайға жеткізді. Бірақ, 1965 жылғы 10-ыншы шілденің орны бөлек. Өйткені Маңғыстаудың алғашқы мұнай эшалоны Гурьев мұнай айыру зауытына осы күні жөнелтілген еді.

Сафи бұл күнді Маңғыстау мұнайының туған күні деп атады.

Жұрт алыс сапарға қимасын аттандырып жатқандай, көз алдынан өтіп жатқан мұнай құйған цистерналарға қол бұлғап ұзақ тұрды. *** Сафи Өтебаевтың көңілін аулағың келсе, өзі туралы ештеңе айтпай-ақ қой. Сұрама да. Оның көңілін аулағың келсе, елуінші жылдан жетпісінші жылға дейін Маңғыстауда не істелгенін айт. Сол туралы сұра. Сонда оның көңілі жадырап сала береді. Өйткені, сол жылдары жасалған жұмыстың қайсысын алсаң да, соған Сафи Өтебаевтың қатысы бар. Қатысы болғанда жәй ғана көптің бірі емес, сол іске себепші болған, ықпал еткен. Ондай жұмыс Маңғыстауда толып жатыр ғой, қайсыбірін айтарсың. Басқаны былай қойып, БХШК-нің төрағасы Дмитрий Устинов қол қойған 1963 жылғы желтоқсанның 12-сіндегі қаулыны алайықшы. Егер құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында жатқан даланы дүрсілдетіп, Шевченкоға қарай пойыз өтсе, ол пойыз одан әрі Жетібай арқылы Өзенге бағыт алса, ол - осы қаулының күші. Егер Маңғыстаудың кеш батса тас қараңғы түнекке айналып жататын даласы электр нұрына бөленіп, мұнда да ел бар екенін білдіріп тұрса, ол да сол қаулының ықпалы. Егер әлгі теміржолды бойлап асфальт жол салынса, сол жолмен ерсілі-қарсылы көлік жүріп тұрса, ол да сол қаулының әсері. Құдай-ау, оның бәрін санап тауысу мүмкін бе? Бәрін айт та бірін айт, осының бәрін мәселе етіп көтеріп, оны Байбақов пен Оруджев екеуіне қолдаттырып Д.Устинов қаулыға қол қойғанша жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басқа емес, осы Сафи Өтебаев емес пе? Рас, бұл істерге мыңдаған адамның қолы тиді. Еңбегі сіңді. Жалғыз мен істеп едім деуден немесе мен болмасам бұлай болмас еді деуден аулақ. Олай деуге ар-ожданы жібермейді. Тек, осы ұлы істерге себепші болғанын ойлағанда бір серпіліп, бір жасап қалады. Өмірді босқа сүрмегеніне көзі жете түседі. Мына жұрт қазір біле ме, білмей ме... Мұнайдың қат-қабат шаруасын шеше жүріп, сонау Железноводскіден жазда мұнайшылардың балалары демалу үшін, қыста мұнайшылардың өздері емделу үшін санаторий салдырып еді ғой... Әппақ бұлттардан да биікте ілініп тұрғандай болып сезілетін жайлы ұшақ ішінде отырған қарт Сафи кенет өзінен-өзі мырс етіп күліп жіберді. «Апырау, Железноводскідегі сол санаторий есіне қайдан түсіп отыр? Әлдеқашан ұмытылып қалған нәрсе. Мұнайдың бұдан да басқа қыруар жұмыстарының арасында, бәтір-ау, бір санаторий деген немене?» Қарт Сафи солай ойлағанымен күндіз-түні бұрау басынан шықпайтын мұнайшылар үшін бұл зор демеу болатын. Онсыз да күндіз-түні ойлайтыны мұнай болған Сафи 1965 жылы тағы да өндірістің ішіне сүңгіп кетті. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... *** Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің 1965 жылғы пленумы өндірісті басқару мәселесін талқылап, Халық шаруашылығы кеңестерін тарату жөнінде қаулы қабылдады. Одақтық министрліктер қайта құрылып, өндіріс тікелей Мәскеуге қарайтын болды. Қазақстанда да мұнай министрлігін ұйымдастыру қажеттігі туды. Сонымен қатар, «Қазақстан мұнайын басқаратын бірлестік қай жерде құрылғаны дұрыс?» деген сұрақ тұрды. Осыған байланысты Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Алматыда мәжіліс өткізді. Оған Сафи да шақырылған болатын. Мәжілісте осы мәселе көтерілгенде Қазақстан мұнайының жағдайын бес саусақтай білетін Сафи пікір білдірмей тұра алмады. Д.А.Қонаевтың не ойлағаны барын қайдам, осы мәселе туралы Сафидың пікірін тыңдауға айрықша құлықты екенін танытты.

— Қазақстан мұнайының дені—Маңғыстауда. Сондықтан болашағы мол кен орындарын игеруді тездету үшін мұнайды мұнай шығып жатқан жерден басқарған дұрыс. Ол үшін Батыс Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мұнайға қатысты құрылымдардың басын біріктіріп, Маңғыстаудан бірлестік ашуымыз керек.

Мәжіліске қатысып отырғандардың бұл туралы қандай пікір айтқаны есінде жоқ. Бірақ, ешкім қарсы болмады. Сөйтіп, Маңғыстауда жаңадан «Қазақстанмұнай» бірлестігі құрылатын болды. Жаңа бірлестікке басшылық жасауды Д.А.Қонаев бұған сеніп тапсырды. «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі осы «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қосылды. Ал, Гурьевтегі бұрыннан бар «Қазақстанмұнай» бірлестігі енді «Ембімұнай» комбинаты болып атын өзгертіп, жаңадан жасақталған «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бағынатын болды. Қазір кейбіреулер Сафи Өтебаевты «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігін басқарып еді деп тарихты бұрмалап, жұртты шатастырып жүр. Ол дұрыс емес. «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің құрылуына ықпал еткен өзі екені рас, отан бірінші директор етіп Чеплаковты тағайындауға өзі ықпал етіп еді ғой. Бұл жұрт сөйлей береді екен-ау. Сонымен, 1965-70-жылдары Сафи басқарған «Қазақстанмұнай» бірлестігі Маңғыстауда үлкен құрылыстар салды. Бұйығы Маңғыстау төсі дүбірлі еңбекке толды. Жаңадан елді мекендер ашылды. Жапан далаға жан бітті. Мыңдаған ұңғы қазылды. Ондаған өндіріс бой көтерді. Онда 18 300 жұмысшы жұмыс істеді. Маңғыстау сол жылдары ешкімді жатырқаған жоқ. Кез-келген адамға жұмыс табылатын. Соның бәрі «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қарасты болды. Сол жылдары 150 шақырымдық жоғары вольтты Шевченко-Өзен электр және байланыс желілері, су құбыры тартылды. Қаптаған өндірістік нысандар бірінен соң бірі бой көтеріп жатты. Резервуар парктері, насос станциялары, т. б. Осы жұмыстарға әлгінде айтқан он сегіз мыңнан астам жұмысшы араласты. Бірақ, олардың көбі бүгінде бұл өмірде жоқ. Олар Маңғыстаудағы сол ұлы құрылыстың кірпішін қаласқанбыз деген тоқ көңілмен кетті бұл дүниеден. Ана дүниеде де иманы шалқысын марқұмдар, олардың қорықпай Маңғыстауға келгенінің өзі бір ерлік еді ғой. Олардың балалары да, немерелері де, тіпті үрім-бұтағы Маңғыстауды біздің мұнайшы әкеміз, атамыз, бабамыз гүлдендіруге үлес қосқан десе артық болмайды. Иә, Маңғыстауға жан бітіріп, ел жинаған мұнайшылардың ерен еңбегі. «Оның басында кім тұрса да, атасына рахмет» дейді бүгінгі ұрпақ. Ал, енді ойдан ой шығады, осы Маңғыстаудың кіндік әкесі КСРО-дің орта машина жасау министрі Ефим Павлович Славский деп бөліп айтатындар бар екен. Осы пікірді айтуға жұрт неге құмар екенін Сафи түсіне алмайды. Рас, атом өндірісі мамандары Маңғыстау жеріне 1958 жылы мұнай барлаушыларынан жеті жыл кейін келді. Одақтық мәні бар уран шикізатын іздеді. Оны тапты да. Табылған шикізатты іске асырды. Теңіз суын тұщытатын қондырғы—АЭС салды. Бүгінгі Ақтау қаласының іргетасын қалады. Онда да жалғыз уран рудасына емес, сонымен қатар мұнайдың молдығына сеніп кірісті жұмысқа. Мұнайшылар болса, Шевченко қаласын газбен қамтамасыз етті. Олар сол газды пайдаланып, азот, полиэтилен зауыттарын салды. Олар мұнайшыларға, мұнайшылар оларға зор көмек көрсетті. Бірлесіп бір мақсат үшін жұмыс істеді. Олай болса, Маңғыстаудың немесе Ақтаудың кіндік әкесі мынау еді деп бір адамды, болмаса бір министрлікті бөле-жара айтуға болмайды. Маңғыстауды маңғыстау қылған мұнай, оны өндірген Ембі мұнайшылары. Соны ұмытпау керек... Алматыға қарай бет түзеген алып әуе лайнерінің жұмсақ орындығына шалқайып отырған қарт Сафи көзін жұмып еді, Өзеннің алғашқы мұнайын темір жол арқылы аттандырған күн еске түсіп кетті. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Бірақ, ол Маңғыстау мұнайының тамшысы ғана еді ғой. Теңізді тамшылап тасып тауыса аласың ба? Теміржол тасымал мәселесін шешпейтіні о бастан-ақ белгілі болды емес пе? Пойыздар күндіз-түні жүріп-тұрғанының өзінде жылына 1 млн тонна ғана мұнай тасуға әрең үлгереді. Мұнай тасымалының ең төте жолы құбыр ғой. Ал, құбыр құрылысы оңайлықпен біте қоя ма? Сондықтан Өзен-Жетібай мұнайын теңіз арқылы тасымалдау ойластырылды. Алайда, табиғат қорғау мекемелері бұған қарсы шықты. Теңізге мұнай төгіліп, су ластанады деді. Оны мұнайды басқарып отырған басшылар түсінбейді емес, жақсы түсінеді. Теңіз жағалауына танкер тоқтайтын айлақ салуға бірлестіктің тез кірісіп кету себебі сол емес пе еді?! Оған үш-төрт ай уақыт кетті ғой. Теңіз тасымалын жолға қою үшін айлақтан басқа да алуан түрлі құрылыстар, мәселен, теңізге жақын жерге резервуарлар паркі мен одан әрі Өзенге дейін құбыр тартылуы тиіс еді. Ал, ол құбыр туралы Сафи алғаш рет Байбақов пен Кортунов Өзенге келгенде айтқан болатын. Ұзындығы 141,6 шақырымды қосы құбырдың әрбір жиырма екінші шақырымына мұнайды қыздырып тұратын пеш салынуы тиіс. Міне, осы құбыр 1967 жылғы қазанның 1-інде іске қосылды. 520 миллиметрлік осы құбырмен жылына 8 миллион тонна мұнай айдауға болар еді. Иә, сол қазан айының бірінде мұнай тасымалының екінші тынысы ашылғандай болды. Сол күні төрт мың тонна мұнай құйылған алғашқы танкер Мақаш қалаға жол тартты.,Сондай танкерлер Қажы-Тарқан мен Волгоград қалаларына бағыт алды. Бірақ, танкерлер де Маңғыстаудың мол мұнайын тасып үлгере алмайтын еді. Сол себепті ондаған ұңғыны қолдан тоқтатып қоюға мәжбүр болды. Ал, мұнай беріп тұрған ұңғыны тоқтатып қою деген қып-қызыл шығын. Оны қайтадан жүргізу оңай емес. Мұнай құрамындағы парафин ұңғы тоқтаған кезде дереу қата бастайды. Соның өзінде мұнай өндіру жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, Өзеннен 1965 жылы 334 мың тонна мұнай өндірілсе, 1966 жылы ол 1 млн 400 мың тоннаға жетті. Ал, осыдан бір жыл өткесін, 1967 жылы өндірілген Өзен мұнайы 3 млн 800 мың тоннаны құрады. Ал, енді бұған Жетібайдың өнімін қосыңыз. Ол аз десеңіз, 1965- 66 жылдары мұнай мен газ берген басқа да ұңғылар бар ғой. Сағит Бағаутиновтың бригадасы қазған Теңгедегі №1 ұңғыдан газ шықса, Шектібай Бармақов бригадасы қазған Қарамандыбастағы №5 ұңғы мұнай берді. Тасболаттағы №1 ұңғы 1966 жылы қара алтынды ақтарды да салды. Бұлардың соңын ала Оймаша, Шығыс Жетібай, Ақтас, Дөңге алаңдары мұнай мен газ беріп жатты. Маңғыстауда мұнай ағатын шүмек көбейді. Бұл бұдан бұрынырақ жоспарланған Өзен-Гурьев-Самара ысытып айдау құбырын салуды тездетті. Оның құрлысы теңіз тасымалын жолға қойысымен-ақ басталып кетті. Жалпы ұзындығы 1500 шақырым. Құбырдың диаметрі 1020мм болды. Осы құрылыстың 711 шақырымдық алғашқы кезеңі, яғни Өзен-Атырау аралығы 1969 жылы іске қосылды. Бұл техникалық жағынан дүниежүзіндегі теңдесі жоқ ғажайып құбыр болды. Егер ыждағаттап жаза білген адам болса, осы құбыр бойындағы өмірдің өзі ондаған кітапқа жүк болар еді. *** Мұнайшының әрбір жұмыс күні қатерге толы. Ойламаған жерден апат болуы мүмкін. Ол апат кейде адам өмірін жалмап та кетеді. Болмаса жарымжан қып тастайды. Жер астында қандай тылсым күш барын білмейсің. Қанша жерден техникалық қауіпсіздікті сақтағаныңмен кей жағдайда құбырдың бір жерінен саңлау тауып немесе прокладканы жыртып кетіп, әйтеуір сыртқа атқылап, шапшып жатады. Ал, ол кез-келген секундта от лап ете қалуы немесе басқа бір адам ойламаған қауіпке ұласып кетуі мүмкін. Апатқа кейде инженерлердің салақтығы немесе жауапсыздығы ғана емес, бұрғышының көңіл-күйі де себепкер болып жатады. Қысқасы, оның мың түрлі себебі бар. Ондай қауіп-қатердің талайын көрді ғой Сафи. Сол апаттардың қақ ортасында да жүрді. Біледі. Түсінеді апат қандай болатынын. Сондықтан күн сайын ұйқыға бас қояр кезде ұңғыдан апат шықпауын тілеп жатады. Ал егер апат бола қалса жауапты кісілерді не жазғырарын, не жазғырмасын білмей дал болады. Баяғыда осы Құлсарыда өрт болып, он бес күн отпен арпалысып жүргенде, апырмай, осы НКВД адамдары бұны жауапқа тартып әурелеген жоқ па? Сонда бұл трестің бас инженері еді. Бас инженер болып не жазыпты сонда? Түк кінәсі жоқ. Жер астының дүлей қысымы прокладканы жыртты да кетті. Сол үшін бас инженер кінәлі. Осы әділдік пе? Қоя той, әділдікті ойлап жүрген НКВД жоқ. Өрт сөндіріп жүрген адамды былай алып шығып, жауапқа тартып... Әй, хайуандық қой ол. Сондықтан апат болған жерде инженерді салған жерден күстәналай жөнелу Сафиға жат. Бір күні әне бір ұңғыда кішігірім апат болып, сол үшін инженерді орнынан Сафидың қолымен алып тастауға тура келді. Алып тастағанда, апат жасағаны үшін деп, жоғары жақ солай ұйғарып отыр. Солардың қысымын енді бірлестік басшысы орындауы керек. Ал, бұл Сафиға оңай тимейді. Адам баласына қылдай қиянат жасап көрмеген Сафи әлгі инженер сүмірейіп алдына келгенде тіпті қиналып кетті.

— Айналайын-ай, апаты құрғырды қалай байқамадың? Жазым деген аяқ астында ғой, байқасаң етті?!

Қазір барған соң жерден алып, жерге салатын шығар деп жүрегі ұшып келген инженер аң-таң. Зіркілдеген бастық емес, мейірбан ағасының алдына келіп отырғандай. Әуелден-ақ қызметімен қоштасып келген инженер мынандай мейірбан бастықты көргенде үміттеніп қалып:

— Енді байқаймын, кешіріңізші,—дей берді.

— Менің кешіріміме қарап тұр ма бұл бәле. Енді қалай байқайсың, орныңнан кетейін деп тұрсың? Жоғары жақ солай ұйғарып отыр,—деді Сафи да басқа жол таппай дағдарып.

Анау-мынау емес, білдей бірлестік бастығы біреу үшін сонша қиналғанын көрген әлгі инженер енді өзі мойынсұнып:

— Сәке-ай, қойсаңыз қоя салыңызшы қолыңызды. Сізді қинағанша бұрғышы боп-ақ кетейін,—деді.

Сол инженер қызметінен солай айырылып еді.

Бірақ, бірлестік бастығы ол жігітті кейінірек қайтадан инженер қып қызметін көтеріп қойды... «Адамның тағдыры деген ойыншық емес,—деп ойлайды кейде қарт Сафи.—Қисайған ағашты одан сайын қисайтпай, түзеп қойса, абзалы сол ғой». Аты-жөнін ұмытып қалыпты, баяғыда комсомол хатшысы болған, одан партия ұйымын басқарған бір кісі есіне түсіп отыр. Сол партия ұйымының бастығы әлдеқандай кінәлі боп қалған партия мүшесін күліп отырып партиядан шығаратын. Ол кезде партиядан шығып қалсаң біттің ғой. Сондай оқиғаны бірнеше рет байқап қалған Сафи әлгі партия ұйымын басқарушы жігітке бірде адам тағдырына соншалық жеңіл қарағаны үшін кейіп тастағаны бар. Ал, ол арсыздың беті қалың екен, бұның кейісті сөзін де шыбын шаққан құрлы көрмей, сақ-сақ күледі. Сүйтсе, ол сөзбен жеңе алмағанын сол сақылдаған күлкісімен жеңеді екен ғой. *** Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда Мұнаралар басына шырақ тасып,—деп, әне бір жылы Төлеген Айбергенов Маңғыстауға келген бір сапарында Маңғыстау мұнараларын осылай жырға қосып еді ғой. Асқақ рух боп өлеңге іліккен сол алаулардың күндіз-түні жанып жатқаны сәндік үшін бе екен? Бәрі де сол амалсыздықтың, асығыстықтың кесірі. Теория бойынша ілеспе газды әуеге жағып жіберуге болмайды. Мұнайды алмас бұрын ілеспе газды өңдеп, пайдаға жарататын зауыт салып алу керек. Ал, іс жүзінде барлығы басқаша. Басқаша болатыны, жоғарыдан мойынға қиып салынған жоспар бар. Сол жоспар өлтіріл орындалуы тиіс. Әуелі зауыт салып, мұнайды содан кейін тана игеру керек. Бірақ, оған мұрша қайда! Мұрша болмағандықтан, ілеспе газды биік құбырлар арқылы әуеде жағып жіберуге тура келеді. Ал, биік құбыр басында от боп жанып жатқан газ өндіріс басшыларына қып-қызыл он сомдықтар отқа оранып жатқандай боп көрінеді. Бірақ, сол үздіксіз жанып жатқан «он сомдықтарды» игеру үшін зауыт салынуы керек. Осы самсаған шамшырақ 1969 жылы Мәскеуден арнайы келген мұнай министрі Валентин Дмитриевич Шашиннің көзіне түсті. Сол жолы оның қасында Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Ефремов, «Мұнайгазқұрылыс» министрі А.К.Кортунов, Мұнай өңдеу министрі В.Федоров бар еді. Олардың қасында мұнай саласына қатысты бірталай маман еріп жүрді. Сонда ғой, өндірісті аралап көрген қонақтардың көзіне әуелі осы самсаған шамшырақ түскені. Ал, түнде бұл оттар алыстан көрініп, Өзен алабын ғажайып бір әсемдікке бөлеп тұрар еді. Қонақтар отпен өрілген Өзен түніне қайта-қайта таңырқай қарасты.

— Бұл біздің ішімізді удай ашытып жүрген өте маңызды мәселе,—деді Сафи қонақтар Өзен басындағы кеңсеге келген соң.—Қанша газ әуеде босқа жанып жатыр. Жақпасқа амал жоқ. Бір байлықты алу үшін екінші байлықты ысырап етуге тура келеді. Ал, соны ысырап етпеу үшін бізге газ өндеу зауыты керек.

Сафи осыны айтып қонақтарға жағалай көз жүгіртіп шығып еді, олар бұның ауызша айтқан сөзін ұйып тыңдап отыр екен. Олардың әлде де тыңдай түсетінін байқаған ол сөзін жалғастыра берді.

— Егер осы зауытты іске қосып, жер қыртысына сығымдалған газ айдауды жүзеге асыра алсақ, мұнай өнімділігі арта түсер еді. Ал, бұдан артылған газды тұрмыста қолдануға болады.

Шевченко енді ғана бой көтеріп келе жатқан жас қала. Болашақта оған да көп газ керек. Жалпы, жер бетіне табиғи қысыммен мұнайдың жартысы өздігінен шығады. Қалған жартысы қысым әлсірегендіктен жер астында қалып қояды. Міне, сығымдалған газды ұңғыға айдау осы сарқынды мұнайдың 5-10%-ын жер бетіне көтеріп шығара алса, бұның өзі үлкен табыс. Сығымдалған газды жер астына қайта айдау әдісін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал, ол әдіс Өзен кеніші жағдайында қалай іске асуы керек? Сол туралы кеңірек білгілеріңіз келсе, осы әдісті зерттеп жүрген Рахмет Өтесінов міне, алдарыңызда тұр. Сондықтан біз сіздердің осы келгендеріңізді пайдаланып, Өзенге газ өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасағымыз келіп тұр. Бұл ұсынысты сіздер де қолдайды деп сенемін,—деп сөзін аяқтады. Сафи газ өңдеу зауыты туралы пікірінің дұрыстығына кәміл сеніп еді. Лауазымды қонақтар алдында еркін көсіліп, сөйлеп тұрғаны да содан болатын. Ұсыныстың дұрыстығында сөз жоқ, алайда осы дұрыс пікірді мәскеулік лауазымды қонақтар қалай қабылдар екен? Кенет В.Д.Шашин сұрақ қойды:

— Сафи Утебаевич, сіз газ өңдеу зауытының қанша тұратынын білесіз бе? Сафи қапелімде не дерін білмей, бір сәт оның бетіне қарап тұрып қалды да:

— Газ өңдеу зауытының қымбат екенін білеміз, Валентин Дмитриевич,—деді Сафи қызына сөйлеп.—Сонда зауыт қымбат екен деп, ілеспе газды жағып жібере береміз бе?

Мұнда бүгін ешкім болмағанымен, ертең мұнай игеру құлашын жайған соң, айтпады демеңіз, осы өңірге адам сыймай кетеді, сонда оларға газ керек емес пе, жұмыс орны керек емес пе? Мынадай байлықты босқа жағып жіберген қылмыс қой. Жо-жоқ, зауыт салмай болмайды. Айта берсек, осы «өлі қолтықтың» асты толы қазына. Мұнда Менделеев кестесіндегі барлық элементті кездестіруге болады. Кезі келгенде сол байлықты игере бастағанда оларға да көп мөлшерде газ керек. Бірақ, Сафи көкіректе маздаған осы бір көп ойын қалай айтып тауыссын. Оның үстіне Одақтың мақсаты қалай да мұнай өндіру, әрі оны көбірек өндіру болып тұр ғой. Комиссия мүшелері Өзенде газ өңдеу зауытын салуға қарсы болған жоқ. Бірақ, табан астында келісім бере де қоймады. Бұл мәселенің өте күрделі екенін айтып, Мәскеуге барған соң Министрлер Кеңесінде қараймыз десті. Көп ұзамай СССР Министрлер Кеңесінің «Өзен газ өңдеу зауытын салу туралы» қаулысы шықты. Сол жылы күзге салым жылына 2,5 млрд. текше метр газ өндіретін зауыт құрылысы басталып кетті. Оны тоғызыншы бесжылдықта аяқтау КПСС XXІV съезінің директиваларында арнайы көрсетілді. Иә, сол зауыттың бірінші кезеңі бұл зейнет демалысына шығып кеткен соң, 1973 жылы іске қосылды. Соның өзінде зауыт жылына бір миллиард текшеметр газ өңдеп, өндіріс пен ауылшаруашылығын өркендетуге ұлан-ғайыр көмегін тигізді. Атап айтар болсақ, Шевченко қаласында азот, полиэтилен зауыттары салынды. Содан бері зауыт үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Бұған қалай қуанбассың. Қуанады ғой. *** Өзен алаңының табанында анау-мынау емес, қырық шақырымдық мұнай теңізі кілкіп жатыр дедік қой. Бірақ, осы көл-көсір байлық оңай алынбайтын болып шықты. Тасымалдау да жатқан бір машақат. Құрамындағы 24% парафин 32 градус жылылықтың өзінде қоюланып, қата бастайды. Арнайы апандарға құйылып қойылған мұнайдың үстімен қыстың күндері тіпті, түйе де өте беретін еді. Күрекпен ойып алып, қи жинағандай текшелеп жинап қоюға да болады. Міне, бүкіл елді дүр сілкіндірген Өзен мұнайының осындай қиыншылықтары өндірісті кәдімгідей тежеп тастаған-тұғын. Өндіріс басшыларының басын қатырып қойған тағы бір мәселе, мұнай қысымының бара-бара кеми беретіндігі еді. Бұрын қысымды көбейту үшін жер астына су айдаушы еді ғой. Ал, Өзенде сонша көлемде техникалық су жоқ. Су табылған күннің өзінде оны жер астына ысытып айдау керек. Ал, сонша көлемдегі суды қалай ысытасың? Осы мәселе әсіресе тікелей осы өндірісте жүрген Рахметті көп ойға сала беретін. Ақыры ол жер астына сығымдалған газды қайта айдау әдісін ұсынды. Өзен мұнайын игеруде бұдан басқа да шешімін таппаған мәселе жетіп артылады. Сол себепті де, 1969 жылы Шевченко қаласына бірлестіктің мұрындық болуымен Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция шақырылды. Оған Мәскеуден, Ленинградтан, Бакуден, Татарстаннан, Башқұртстаннан ғалымдар мен осы саланың білікті мамандары жиналды. Осындай құрметті қонақтар келгенде жергілікті жерге қатысты нақты мәселелер шешіліп қалатынын білетін Сафи бұған тыңғылықты дайындалды. Конференция болатын күні таңертең қонақтар мәжіліс залына уақытында топтасып кеп отыра бастады. Ұйымдастыру жұмыстарында жүрген жігіттер де әбжіл қимылдап, ғылыми мәслихат ойдағыдай өтуі үшін барлық жағдайды жасап қойған. Сафи да ерте келді. Бірақ, неге екені белгісіз, Рахмет кешіге берді. Өзеннен келуі тиіс еді. Ол кешіккен сайын бұның дегбірі қаша берді. Өзінен кейінгі маңызды баяндаманы Рахмет жасауы керек. Неге кешігіп жатыр? Не болды оған? Таңертең аздаған жаңбыр жауып еді. Бірақ, қазір жол жақсы, сәл жаңбыр жауса былжырап жататын баяғы кез емес, асфальт төсеп тасталған. Себелеп өткен жаңбыр машинаға бөгет бола ма, тәйірі? Сафи сағатына қарағыштап, Рахметті ұзақ күтті. Уақыт болса өтіп барады. Амал жоқ, конференцияны ашып, баяндамасына кірісті. Мінбеде баяндама жасап тұрып та алаңдап, залға қарағыштай беріп еді-ау. Неге екені белгісіз, жүрегі өрекпіп, ойынан Рахмет шықпай қойды. Ол білікті маман, іскер басшы ғана емес, Сафиға туған бауырындай жақын боп кеткен-тұғын. Иә, сол баяндамада Сафи қысымды арттыру үшін жерасты қабатына су айдау әдісін қолданып, Құлсары мұнайын 70%-ке арттырғанын еске алды. Ал, осы әдісті парафині мол Өзенге қалай қолданамыз? Егер қолдана алған күнде мұнай өндіруді қаншаға арттыруға болады? Міне, баяндама осы мәселені қозғайды. Ал, Рахмет жер астына сығымдап газ айдау әдісі арқылы өнімділікті арттыру тақырыбына баяндама жасауы керек. Құдай-ау, сол бір сәт еске түссе төбе құйқасы шымырлап қоя береді. Сондықтан да ойлағысы келмейді ғой. Бірақ, қанша ойлағысы келмесе де ой деген жүйрік емес пе? Ойлайды, ойлайды да бір өкініш жүрегін күйдіріп ала жөнеледі. Баяндаманы бітіріп қалып еді, біреу мінбеге жақын келіп, алақандай қағазды алдына қоя берді. Сафи оған еріксіз көз жүгірткен. «Рахмет аварияға түсіп қалыпты. Жетібайда» деп жазыпты. Бұл сонда не боп, не қойғанын білмей, естен танып қала жаздады. «Мүмкін емес, мүмкін емес». Ішкі дүниесінен тағы бір дауыс шығады: «Мүмкін, бәрі де мүмкін. Тез жет!» Баяндаманы осы арада шолақ қайырған Сафи мінбеден түсе салып, сыртқа жүгірді... Дайын тұрған машинамен ұшып отырып Жетібайдың ауруханасына жетті. Рахметтің апатқа ұшырағаны рас екен. Жүзі боп-боз боп, қозғала алмай төсекте жатыр. Тұла бойының қақсап ауырғанын білдіргісі келмей ме, тістеніп екі қолымен темір кереуеттің екі жақтауын қысып ұстап алыпты. Сол сәт Өзеннен әкесі Өтесін келді ойбайды салып. Үсті-басы дәкемен таңылған Рахметті шыр айналып жүгірді ғой сонда: «Әй, Құдай, сенен соңғы тілегім, осы жалғызыма садаға болайын, мені ал, мен-ақ өлейін. Жалғызымның жанын қалдыр» деп.

Әйелі Сақыш келді жылап-еңіреп.

Сафи тез есін жиып, Бакуге телефон соқты. Бірге оқыған курстасы Бахтияр Мамедоғлы Әзірбайжан республикасының мұнай өндірісі министрі. Рахметтің атын естіген Бахтияр Мамедоғлы қолдан келген көмегін аямауға уәде берді. Сол Бахтияр Мамедоғлының көмегімен келесі күні Бакуден хирургтер ұшып келді. Білікті хирургтер Алматыдан да жеткен болатын. Содан Рахмет Алматыда жеті ай жатты ғой. Бұл екі арада қарт Өтесін шынымен де өзін садақа етіп, о дүниеге аттанды. Содан ба, әлде Рахметтің өмірден күдер үзбеуінен бе, әлде хирургтердің мықтылығынан ба, әлде елдегі жәутеңдеген төрт баланың тілеуі ме, әйтеуір Рахметтің жаны қалды. Рахмет өзі ер мінезді жігіт қой. Апатқа ұшырап, арбаға таңылып қалса да мойыған жоқ.

Кім Құдайдан сынақ бер деп сұрайды,
Ал Құдекең күші барды сынайды.
Тезге салып майыстырып бұрайды,
Ондай сынға күшті ғана шыдайды,

—деп өзі жазғандай, тағдыр салған тепірешке мойымаудың өзі ерлік қой. Ал, Рахметтің әйелі Сақыш ше? Қазақтың әйелі осы Сақыштай-ақ болсын. Рахмет арбаға таңылғанда бар болғаны 38 жаста болатын. Міне, содан бері 35 жыл өтіпті. 35 жыл мүгедек жанның көңіліне қаяу түсірмей келе жатыр. Сафи осыны ойласа болды, Сақышқа ішінен мың мәрте алғыс жаудырады. «Рахмет тағдыр салған тауқыметке төтеп берсе, мақсатқа жету жолында шаршамай, қажымай келе жатса, ол әуелі Аллаһ, қала берді осы айналайын Сақышжанның арқасы. Қазақ қыздары міне, осы Сақыш Қарабалинадан үлгі алсын» деп тебіренеді кейде Сафи. Сақыштың аялы алақаны мен ізгі махаббатынан қайраттанған Рахмет өмірден де, мұнайдан да күдер үзген жоқ.

Арбаға таңылып жатып-ақ парафині мол мұнайды өндіру жолдары мен ілеспе газды пайдаланудағы жаңалықтар жөнінде оннан аса ғылыми мақала жазып, орталықта шығатын ғылыми журналдарға жариялады. Романы бар, повесі бар, өлеңі бар, барлығын қосқанда оншақты кітап жазды. Шығармаларына мұнайшылардың өмірін арқау етті. Бірнеше орден, медальмен марапатталған. Төрт баланың әкесі. Айтпақшы, осы Рахмет Сафиға арнап өлең жазып еді-ау. Бұл сексен бес жасқа толғанда өзі аузымен оқып берген. Қалай еді? «Шықтың самғап сексен беске, жан ата...» Иә, дәл осылай басталатын.

Шықтың самғап сексен беске, жан аға.
Қуат берсін жанға Аллаһ Тағала.
Кәрі Каспий толқынынан нәр алып,
Самғай берер сен бір шаңқан шағала.

Өзіңді емес, қамын ойлап басқаның,
Отыз жылдай мұнай көшін бастадың.
Қиын-қыстау белестерден өткізіп,
Жолға салып, қыр асырып тастадың.

Аға деген көп қозының марқасы,
Інілердің лақ боп ойнар жартасы.
Дөңгелентіп қыздарменен билесең,
Шәрипадай жеңгеміздің арқасы.

Жақсылардың ағаттығын көз көрмес,
Соңдарынан сыпсыңдаған сөз ермес.
Атыраудың асыл тұқым серкесі,
Кәрілікке мойын сұнбас, сыр бермес.

Халқың сүйді, құтты болып қадамың,
Қадірледі тұңғыш мұнай маманын.
Сақтап қалды от ішінде мақтадай
Дауылдатқан, жалын атқан заманың.

Артын ойлап, артық дәулет жимайтын,
Үлкен-кіші пір тұтатын, сыйлайтын.
Жұмыс бабы шалыс басқан адамға
Жаза беру жаныңызды қинайтын.

Балта жүзді балық құйрық бұрғылар
Шақпақ тасты жаншып өтіп, ұн қылар.
Су тартады, суырып жердің өкпесін,
Бір кездегі өзің қазған ұңғылар.

Төл туындың—Маңғыстаудың мұнайы
Өзен болып ағып жатқан ұдайы.
Мұнайшылар сағынышпен күтеді,
Ұшқан құспен сәлем жолдап дұғайы.

Мұнай тегін түптей қалса біреулер,
Айналып кеп бір өзіңе тірелер.
Ел-жұртыңның құрметіне бөленіп,
Ақылшы боп арамызда жүре бер.

Қашанда да биік тұрар шоқтығың.
Оқшауланып жүрген кезің жоқ бұрын.
Бұны жазған бір кездегі өзіңнің
Көп боқтайтын жаман інің боқмұрын.

Аспан асты, жер үсті екі аралықта ілінген алып ұшақтың ішінде отырған қарт Сафи осыны ойлап, көңілі босап кетсін. «Айналайын-ай, жүз жаса! Жүз жаса, Рахмет бауырым! Сақышқа да сол жүзді тілеймін» деді іштей. Ал, Алматыны бетке алған аппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... *** Мәскеу сол жылдары өте көп мұнай талап етті. Сүйте тұра мұнайшылардың азын-аулақ талабын орындай қоймайтын. Өктем мінезін ашықтан-ашық көрсететін. Жоғары лауазымды кейбір шенеуніктер: «Бұл өңірде мұнай жоқ, үкімет қаржысын босқа шаштыңдар» деп зілді сөз айтқанда өзіңді кәдімгідей-ақ кінәлі сезініп қаласың. Тіпті, СССР мұнай өндірісі министрінің бірінші орынбасары Сәбит Атаевич Оруджиев Жетібай мен Өзенде мұнайшыларға арнап қалашық салуды қолдай қоймады. Оның ойы басқа еді. Мұнайшылардың Өзенде вахталық әдіспен жұмыс істегенін қолдады. Сол үшін Өзенде қала емес, вахталық ауыл салу керек деген пікір айтты. Бірақ, әрбір ауысым сайын мыңдаған адамды тасымалдап отыру, жұмыс ырғағына нұқсан келтірер еді. Қазір Жаңаөзенде шамамен 40-45 мың адам тұрады. Осынша халық жиналатынын Сафи әлдеқашан білді ғой. Осындай аса қажет қажеттіліктер ұзақ уақыт дәлелдеу мен табанды талап етудің арқасында шешімін тауып жатты. Орталық көп жағдайда жергілікті жағдаймен санаспайтын. 1970 жылдан бастап Қазақстанның мұнай өнеркәсібі тікелей Мәскеуге бағынатын болды. Бұл кезде Мұнай өнеркәсібі министрі В.Д.Шашин еді. Сол В.Д.Шашин ойда жоқта мінез көрсетті. «Өндірістік мұнайы азайып кетті» деп Гурьевтегі «Ембімұнай» комбинатын жауып тастамақшы болды. Екі бірлестік болмасын деп талап қойды. Оның ойы Доссор мен Мақаттағы екі мұнай басқармасын Ақтаудағы «Қазақстанмұнай» бірлестігі қарамағына беру екен. Егер, В.Д.Шашиннің осы ойы орындалар болса, сонау Ақтауда отырып өндірісті басқару қиын боп қалар еді. Басқарудың әлсіреуі өндірілетін мұнай көлемінің күрт кемуі деген сөз. Не істеу керек? Мына министр соны біліп істеп отыр ма, әлде білмей істеп отыр ма? Қалай да бір әрекет қылып, тосқауыл қою керек. Сафи шешуге тиіс мәселеге табан астында кірісіп кететін әдетімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І-секретары Д.А.Қонаевқа телефон шалып мән-жайды жеткізді. Бұл туралы Д.А.Қонаев та хабардар екен. Ол бұны Мәскеуге шақырды. Мәскеуде тоқайласар жер—Қазақстан елшілігі. Сафи белгілеген мерзімде елшілікке жетсе, Қазақстан басшысы одақтық Мұнай министрі В.Д. Шашинді осында кездесуге шақырып қойыпты.

— Ал, Сафи Утебаевич, уәжіңді айт!

— Айтсам, «Ембімұнай» комбинатын жабу деген өте қате пікір,—деп Сафи сөзін, ә, дегеннен қарсы пікір айтудан бастады.—Біз «Теңіз» алаңына терең бұрғы салып жатырмыз. Геологтардың болжауынша «Теңізде» үлкен мұнай қоры бар. Еділ мен Жайық арасынан мұнай табылды. Кеңқияқ та солай. Оларға да бұрғы салып жатырмыз. Осындай қыруар жұмысты Ақтауда отырып басқаруға бола ма? Біз «Қазақстанмұнай» бірлестігін неге Ақтауда құрдық? Маңғыстауды басқару үшін емес пе? Сондықтан, «Ембімұнай» комбинатына тиіспей, сол күйінде қалдыруыңызды сұраймын.

Дінмұхамед Ахметұлы «Бұған не дейсің?» дегендей В.Д.Шашинге көз тікті. Ол үндей қоймағасын:

— Меніңше, Сафи Өтебаевичтің айтып тұрғанының жаны бар. Ана жағы Ақтөбе, мына жағы Орал жері, басқару оңай емес. Неге, сол шап-шағын комбинатқа шүйліге қалдыңыз? Бұл керек десеңіз көсеміміз Владимир Ильич Ленин қолдаған «Ембімұнай» қой,—деді.

Валентин Дмитриевич сонда ғана езу тартты. Сөзге сараң адам ба, әлде қазақтың ойлағаны болғанына ызаланды ма, «Жақсы, қалсын» дегенді ерін ұшымен әрең айтты. Сөйтіп, тарихы тым тереңде жатқан «Ембімұнай» комбинаты сақталып қалды.Сол жылдары комбинатқа жаңа басшылық келді. Директоры Бөлекбай Сағынғалиев, бас геологы Жолдасқали Досмұхамедов, бас инженері Құмар Балжанов болды. Бұлардың барлығы Мәскеу мұнай институтын бітірген, біраз жыл мұнайда жұмыс істеген тәжірибелі мамандар еді. 45-55 жас шамасындағы нағыз жұмыс істейтін шағы. Олар «Теңіз» алаңына «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бұйрығымен бұрғы салып, үлкен мұнай көзін ашты. Сол үшін үшеуі де ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ақтөбеден «Жаңажол», «Кеңқияқ», Қызылордадан «Құмкөл», Оралдан «Қарашығанақ» кеніштері ашылды. Мұның бәріне «Қазастанмұнай» бірлестігінің ықпалы болды. Сафи бір ғылыми конференцияда жасаған баяндамасында теңіз қайраңына да бұрғы салуды қозғаған-тұғын. Оның бұл ойы да орындалды. Қазақ геологтары мен шетел геофизиктері Каспий қайраңына зерттеу жүргізіп, «Қашаған» алаңын ашты. Оған қазаққа аты мәлім мұнайшылар Балтабек Қуандықов, Жақып Марабаев басшылық жасады. *** Сафи 1951 жылы Гурьевтегі «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы боп келіп еді ғой. Міне, осы кезде Қазақстан жылына бар болғаны 1 млн. 200 мың тонна мұнай өндіретін. Ал, содан жиырма жылдан соң, яғни, 1970 жылы Маңғыстау жылына 10 млн. 300 мың тонна мұнай беретін жағдайға жетті (1965 жылы бергені 355 мың тонна). Оған «Ембімұнай» комбинаты мен Кеңқияқты қосып айтқанда «Қазақстанмұнай» бірлестігі 15 млн. тонна мұнай өндіретін жағдайға жетті. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ мұнайына шетелдік инвестиция тартылды. Осының арқасында елімізде мұнай өндіру қарқын алып келеді. Қазір Қазақстан мұнайшылары жылына 55-60 тонна млн. мұнай өндіреді. Міне, осының бәрі Атыраудан Алматыға қарай самғап бора жапқан ұшақ төрінде отырған Сафидың көз алдынан көлбеп өте берді. Ал, Алматыны бетке алған аппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... 1971 жылы мамырдың 15-інде зейнет демалысына шықты. «Қазақстанмұнай» бірлестігі сол күні таратылды. Таратылған бір бірлестіктің орнына «Маңғыстаумұнай», «Ембімұнай» деген екі бірлестік құрылды. Одақтық мұнай министрі В.Д.Шашин осы «Ембімұнай» бірлестігін жауып тастап, Қазақстанның бүкіл мұнайын «Маңғыстаумұнай» бірлестігі арқылы билегісі келді ғой. Ол осы бірлестікке басшы етіп Тимонин Виталий Иосифовичті тағайындады.

— Сенің киімдеріңді жуып, шабаданға аударып салып әрең үлгеретін болдым ғой,—деп Шәрипа күлетін.—Алматы кетесің, Мәскеу барасың.

Үйде тұрмайсың. Балаларың көрмейді сені. Кілең шауып жүресің. Командировкадан келсең, өндіріске кетесің.

— Енді маған не қыл дейсің, Шәрипа-ау,—дейді бұл қолын жайып.

— Жасың болса жақындап қалды. Басқа бір жеңілдеу жұмысқа ауыссаңшы,—деп Шәрипа бұның зейнетке шығатын жасқа келгенін сонда бір ескертіп еді.

Сафи жасының 62-ге қарағанын сонда ғана аңғарғандай, оңаша қап терең ойға шомғаны бар. Қырық жыл өмірін қазақ мұнайын дамытуға жұмсапты. Басқа кезді айтпағанда 1951 жылы өндірілген мұнай көлемін 1970 жылы он есеге көтеріпті. Бұл аз ба, көп пе? Қанша мұнай өндірсе де Мәскеудің оқпан өңешінен өте беріпті. Енді қанша өндірсең де лақылдатып жұта бермек. Бұл қуаныш па, өкініш пе? Сафидың бір қуанатыны сол мұнайдың арқасында ен далаға тіршілік барды. Жол төселді, электр желісі тартылды. Қала салынды. Соның бәрі қазақтың игілігі үшін жасалды. Сафи осыған шүкіршілік етеді. Шәрипаның әлгі сөзінен соң бұл сылқ түсіп, зейнет демалысына шығуға бел буды. «Ендігі қалған өмірімді балаларымның қасында, тыныштықта өткізейін» деп түйді. *** Сөйтіп алғаш рет Сафидың иығы жұмыстан босады. Жұмыстан босаған соң талай тарихты бастан өткерген Маңғыстау жерін армансыз аралап көрмек болып еді ғой. Расында Маңғыстауда Сафи араламаған жер жоқ. Бірақ, бұл өлкенің қай жеріне барса да, соның бәрінде ойында тек мұнай болды. Қазақ мұнайын әзірбайжан мұнайынан асырам деген ежелгі арманы басқа ой ойлатпады. Әйтпесе, Маңғыстау, Атырау алабы тарихқа бай жер екенін іші сезеді. Әсіресе, үш жүз алпыс екі әулие өткен өлкенің жөні бөлек. Сол әулиелердің қайсыбірін айтып, қайсыбірін аралап тауысарсың, жарықтық о дүниеге көшкендеріне талай ғасыр болса да Маңғыстаудың қазақтікі екенін дәлелдеп жатыр ғой, әрқайсысы. Бәрі де қазаққа ыстық, бөле-жара айтуға болмайды. Соның ішінде тарихы тым әріде жатқаны Шақпақ ата екен. Шақпақ ата—есіміне қатысты жер асты мешіті Шиліқұдық жерінде жартастан қашалып жасалған. Ол 9-10 ғасыр сәулет өнеріне жатады. Демек, Шақпақ ата да сол уақытта өмір сүрген деуге болады. Одан әрі Шопан ата, Сұлтан ене, Есен ата, Бекет ата... осылай кете береді. Ал, одан беріде XVІІ ғасырда өмір сүрген Манағы мен оның шешесі Күйкенге қатысты оқиға қалмақ шапқыншылығын еске түсіреді. Бұны «Манашы ұлы Тұяқбай» дастанынан көреміз. Қазіргі Бейнеу станциясының маңында Манашы сайы мен Күйкенұшқан тауы бар. Жалпы, Маңғыстау тарихқа бай өлке. Ата-бабаларымыз осы бай тарихты тас бетіне жазып кеткен. Дастан қып айтқан. Жер-су атауы қып қалдырған. Бұл тарихты тек көзбен көру керек. Осылай ой түйген Сафи «Маңғыстаумұнай» бірлестігіне басшы боп енді ғана келген Тимонин Виталий Иосифовичтен машина сұрап алып, Маңғыстаудың шығыс жақ бетін аралап та келген-тұғын. Ендігі бағыт оңтүстік. Сүйтсе, бұған екінші мәрте көлік берілмейтін болып қапты. «Кім бермей жатыр?» десе, «Голыдев бермей жатыр» дейді. «Не боп қалыпты?» десе, «Пенсияға шыққан соң жатпай ма тыныш» депті. Гольцев Григорий Федорович дегенді осы бірлестіктің автокөлік бөлімінің меңгерушісі етіп сүйрелеп жүрген басқа емес, осы Сафи емес пе еді? Тіпті, өкпесін құрт жеп, жұмысқа жарамай қалғанда жұмыс орнын сақтап, ауруханамен өзі келісіп, емделуіне жағдай жасады да ғой. Сүйткен, Гольцев сипағанды білмеген сиырдай осқыра қарайтын көрінеді. Сафи ашуланғаны сонша, Тимониннің үстіне рұқсат сұрамастан кіріп барды.

— Не боп қалды, Сафи Утебаевич?—деді Тимонин бір жайсыздықты сезіп.

— Мен осы Маңғыстауда 1951 жылдан бері жүрмін. Оның алдында да бұл өлке маған бөтен емес. Бірақ осы кезге дейін тек мұнайды ойлай беріппін. Мен енді Алматыға көшем. Соған дейін тарихи орындарды көріп, халықпен араласқым келеді. Ал, анау ақымақ, подлец Гольцев «пенсияға шыққан соң жатпай ма тыныш» деп, маған машина бөлмей қойды,—деп Сафи Гольцевті тұздықтап әкесінен сыбап жіберді.

Жә, Сафи Маңғыстауда жаяу қалайын деп тұрған жоқ қой. Бұны осында жұмыс істеп жүрген басшы-қосшының бәрі сыйлайды. Сыйлағаны сол—астындағы атын түсіп беруге бар. Тек, анау жақсылықты білмейтін Гольцев сияқтылар болмаса. Иә, алды машинаны, барар жеріне барып келді. Бірақ, Сафидың көкірегінде бір түйін тұрып қалды. «Е-е, Сафи,—деді сонда ол өзіне өзі.—Енді сен қол астыңдағы кез-келген машинаға мініп жүре беретін, кез-келген самолетке отырып ұша беретін бірлестік басшысы емессің. Сен енді пенсионерсің. Соны ойла!»

— Шәрипа, үйде қанша ақша бар?—деді содан үйге келісімен.—Машина алайық. Әйтпесе, мына түрімен бізді жаяу қалдыратын түрі бар бұлардың. Қанша бар, қарашы!

— Он мың сом!

— Он мың сом?

Сафи машине сатып алу туралы шешімге келгенде ойына «Волга» оралып еді. Енді қайтті? Он мың сомға «Волга» алса, ертең қалай күн көреді? Әрине, бірлестік басшысы боп жүргенде ақшасы жеткілікті еді. Бірақ, Москвадан, Алматыдан мұнайды тексеріп төтенше қонақ көп келетін. Соған банкет жасайды, үйге қонақ етеді... Бәріне өз қалтасынан төлейді. «Үйде он мың сом ғана қалыпты-ау» деп ойласа кәне! Отыз бес жыл мұнайда басшы қызметте жүріп, ақыр аяғында он мың сомға қарап қалыпты деген не сұмдық. Сафи әрі ойлап, бері ойлап бес мың сомға «Москвич» алмақшы болды. Өзен қаласы бойынша мұнайшыларға сатылатын көлік кезегіне тұрды. Бірақ, қала әкімі Ибаш Жанболатова кезексіз алуға рұқсат етіп, Сайлау деген геолог өз кезегін берді.

Сөйтіп, Сафи 62 жасында жекеменшік машинаның иесі болды. *** Сафи үшін мұнайшылар арасынан кету оңай болған жоқ. Әсіресе, мұнай өнеркәсібінен қол үзу жанына қатты батты. Қолына қондырған сүйкімді құсты абайсызда ұшырып алған баладай қамықты. Бірақ, өтер уақыт өтіп кетті. Енді Сафи өткен өмірдің зая болмағанына шүкіршілік айтатын қартқа айнала бастағандай ма қалай? Ара-тұра Гурьевтегі Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтына жұмысқа тұруды ойлап та қояды. Өзі басқарған бірлестікте кішігірім қызмет істеуге де болатын еді, бірақ «Пенсияға шығысымен Алматыға көшем» деген жоспары бар. Оның үстіне Алматыда тұратын күйеу баласы Сәбит Оразбаев пен қызы Света әке-шешесінің астанаға көшіп келуін қалады.

— Алматыға көшіп келіңіздер. Мұнда ауа-райы жақсы ғой,—деді олар.

Света Сафи мен Шәрипаның тұңғышы. 1939 жылы шілденің 2-сінде туған. Жастайынан музыкаға бейімі болды. Сафидың ойы оны да мұнайшы қылу ғой. Бірақ, мұғалімдері «Светаны музучилищеге беріңіздер» деп кеңес берді. Сөйтіп, музучилищеде оқыды. Одан кейін консерватория... Сонда жүріп тұрмысқа шықты. Күйеу бала Сәбит Оразбаев театр институтын бітірген. Әуеліде әртіс деген соң жеңгелері: «Ойбай-ау, әртістен басқа дұрыс адам табылмап па?» деп қарсы болды. Бірақ, Сафи Шәрипа екеуі: «Актерлік те құрметті мамандық. Жалпы өнер адамының жаны нәзік, адамгершілігі мол болады. Бірін бірі ұнатып тұрса, біз қарсы болмайық» деп, ақ батасын берген-тұғын. Света мен Сәбит бұлардың сенімін ақтап, жақсы отбасы болды. Света жиырма бес жылдан астам дирижер қызметін атқарды.

«Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген құрметті атақ алды. Ал, Сәбит өнерімен халқын қуантты. Үлгілі отбасына ардақты әке болды. Адамгершілік қасиетін көріп Шәрипа екеуі тәнті болды. Алматыға келсе Әділ, Жанар атты қос жиені «аталап, әжелеп» алдарынан жүгіре шығады.

Содан кейін Сафи мен Шәрипа көп ойланған жоқ, тәуекел деп жолға жиналды. *** Сафи Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың алдына осымен екінші рет жеке шаруамен келіп отыр. Жеке шаруамен бастық жағалау бұның салтында жоқ еді. Бұрын бастық жағаласа мұнай мен мұнайшының жайын айтып жағалаушы еді ғой. Сол үшін берісі Алматы, әрісі Мәскеу... талай сабылған. Барған адамына салмақты салып отырып, шаруасын тындыртқан. Е-е, Маңғыстау солай бой көтерді емес пе? Ол кезде сескенбей қай бастығыңа да кіріп барушы еді ғой. Енді мына бір жеке шаруасы түскір... бетке шіркеу боп отырғанын қарашы. Дінмұхамед Ахметұлына ана жолы Алматыдан пәтер сұрай кірді. Обалы не керек, Димекең сөзге келген жоқ, бұған осы күні тұрып жатқан Амангелді көшесіндегі нөмірі 55 үйдің қырық екінші пәтерін,бергізді. Су жаңа пәтер. Бір айыбы төртінші қабатта. Бірақ, алпыс жас деген немене ... алақандағы сынаптай жүгіріп тұрған кез. Үйлі болып, көңілі бір жайланып еді сонда. Енді Димекеңе жеке шаруамен кірмеспін деп көңіліне бір түйіп қойған. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» демекші, енді міне, тағы да Димекеңнің алдында отыр... Пәтер алып, Алматыға біржола орныққан соң Сафи үйге сыймайтын әдет тауып еді. Төртінші қабатта, төрт қабырғаға қамалудың несі жақсы дейсің? Жұмыс іздеп көріп еді, алдынан өзінің зейнеткер екені шыға берді. Баяғыда мұның орынбасары болған адамдар мұнда үлкен-үлкен мекеме басқарып отыр ғой. Дегенмен, солардың өзі жұмыс тауып бере алмады. Барса, «Сіз пенсиядасыз ғой» деп, сылтау айта бастайды. Жолы болмаған аңшыдай үйге салы суға кетіп келеді сосын. Сафи Дінмұхамед Ахметұлына осы мұңын тегіс айтып шықпақшы болып оқталып келіп еді, бірақ тереңнен толғап отыра алмады. Әңгімені қабырғасынан қойды.

— Мен демалыстан шаршай бастадым. Маған жұмыс керек. Соған көмектесіңіз. Бұрынғыдай бірлестік бер демеймін. Жәй, қатардағы инженерлік жұмыс болса болды.

— Сені пенсияға бекер шығарған екенбіз,—деді Димекең әдемі әзіл қашыра күліп.—Істеймін десеңіз қызмет табылады ғой. Қай жерде бос орын бар екенін байқап көрдіңіз бе?

Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат институтында деректірдің орынбасарлығы бос дегенді осының алдында Ғарай Сағымбаевтан естіп еді. Ғарай Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары, Сафи оны жақсы таниды.

— Маған сол институт деректірінің орынбасары болса болды, —деді Сафи шынын айтып.

Дінмұхамед Ахметұлы сөзге келген жоқ. Орталық комитеттің кадр жөніндегі бөлім меңгерушісіне тапсырма беріп еді, ол Сафиды неше күн сандалтқан істі әп-сәтте жайғап тастады. Сафи Орталық комитеттен шыққан бойда Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бастығы Кетебаевқа келді. Қайдан естігенін қайдам, ол бұл жөнінде құлағдар боп отыр екен.

— Осы орынды өзіңе тіке келіп сұрауыма да болатын еді. Бірақ пенсионер адамды жұмысқа алып жатыр деген сөзге қалмасын, зияным тиіп кетпесін деп, Бірінші хатшының өзінен сұрап алдым. Сенің абыройыңды ойладым. Мені қабылдайсың ба, қайтесің?—деді Сафи.

— Сәке-ау, сізді қабылдамағанда...

...Бұл 1971 жылдың соңы болатын. *** Денсаулығы мықты адамға үйде жата бермей жұмысқа ерте кетіп, кеш келген де жақсы екен ғой, Сафи мына жұмысқа құлшына кірісті.

— Сәке,—деп еді өткенде Мемжоском төрағасы Кетебаев,— институтқа өндірістік база салып беруіміз керек еді. Екі жарым миллион сом әлдеқашан бөлінген. Сол құрылыс басталмай жатыр. Соған кірісіңіз, сізден одан басқа жұмыс сұрамаймыз.

— Жарайды.

Мемжоском төрағасының өндірістік база деп отырғаны төрт қабат ғимарат еді. Жоба бойынша бірінші қабатта баспахана мен асхана орналасады. Екінші қабатта 420 адамдық мәжіліс залы. Одан басқа институт қызметкерлері үшін жүзден аса жеке бөлме. Сафи әуеліде «екі жарым миллион сом деген немене, келесі жылы бітіріп тастаймыз» деп тау қопарар талаппен кірісіп кетіп еді, жо-оқ, олай емес екен, «әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, Алматыда бүгін берген құрылысшыны ертең қайта алып қоятын бір жаман әдет бар екен. Бастауын жедел бастап кеткенмен, жұмыс әлсін-әлсін тоқтап қала берді. Сол жылдары Алматыда «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі», Орталық мұражай сияқты әйгілі құрылыстар жүріп жатқан-тұғын. Құрылысшылар осыған байланысты жетіспеді ме, әйтеуір, 1972 жылдың алғашқы айларында басталған ғимарат құрылысы 1977 жылы әрең бітті. Осы құрылыс жұмысын басқара жүріп, Сафи институт тапсырмасымен әр облыстан бір-бір институт филиалын құрды. Жолын тауып институтқа жиырма шақты машина алып берді Сонау жастық шақтан бастап, зейнет демалысына шыққанға дейінгі өміріне ойша сапар шегіп кеткен қарт Сафидың қиялын «Ата, шәй ішіңіз» деген аса бір ілтипатты нәзік дауыс бөліп жіберді. Жалт қараса, ізетпен шәй ұсынып тұрған стюардесса қыз екен. Жас қыздың жанарынан жанына соншалықты жақын, жақын бола тұра бейтаныс бір ұшқын жалт етті. Сол-ақ екен, бұның жүрегі елжіреп сала берсін. Құдай-ау, соншалық іңкәр, соншалық ізгі осы бір көзқарасты бір жерде, бір заманда көрген сияқты ғой. Қайдан көріп еді? Қартайған деген осы ма, кейде бастан кешкеніңді еске түсіре алмай қиналып отырғаның. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Иә, иә, бозбала шағы... ақ шағаладай аппақ стюардесса қыздың көзінен жалт етіп жоғалған әлгі бір ұшқын бұны тағы да бозбала шағына сүйрелей жөнелді... Иә-иә, бозбала кезінде жүрегін дүрсілдеткен от қой ол. Ах, тапты! Он бес жастағы ұяң қыз—Шәрипаның жанарынан көріп еді ғой сол отты. «Құдай-ау, Шәрипа...» Шәрипа екеуінің махаббатын Мерекенің газетінде жұмыс істейтін әнебір журналист жігіт майын тамызып жазған жоқ па еді. Сол мақаланы бұл жүз рет... жоқ мың рет оқыған шығар. Оқыған сайын өзін тастап, ана дүниеге аттанып кеткен қайран Шәрипасын сағына еске алады. Кейде көз алды бұлдырап, ыстық жас келіп те қалады. Сол журналист жігіт мұның көкейінде лаулап жанып жатқан сезімді қалай дөп басып, дәл бейнелеген десейші. Жас Сафидың алып ұшқан ғашық жүрегін суырып алып газетке қондырған да қойған. Ал, ол жүрек газет бетінде бүлк-бүлк соғып тұр. Керім. Сол Шәрипа Сафидың анасы Рахима әжейді өз анасындай күтіп, бағып-қақты ғой. Енесінің көзі бұлдырап, табан жолын көруден қалғанда «Әжемді Москваға апарып емдетейік» деп қоймай қойған осы Шәрипа емес пе? Сонда Света әлі кішкентай, екі айлық шақалақ. Сафи жұмыстан демалыс алып, Мәскеуге жиналғанда «Мен де бірге барайын, сен әжеме қарай алмассың» деп құрттай Светаны құшақтап өзі бірге шыққан-тұғын. Пароходпен Қажы-Тархан қаласына барып, одан пойызбен Мәскеу жетіп, Ленин атындағы көз зерттеу институтына қаратты ғой шешесін. Операция жасады. Ауруханадан шыққан шешесі жарық дүниені қайта көріп, Өтебай шаңырағына Шәрипаны келін қып түсірген Құдайға мың алғыс айтты. Қуанды. Бұл Сафидың Шәрипаға деген құрметіне құрмет қосты. Сафи шешесін«әже» деуші еді. Әжесі 1870 жылы туған, В.И. Ленинмен құрдас. Он бір құрсақ көтеріп, сегіз баланың азамат болғанын көрді. Кенже ұл Сафиолланың балаларын сүйіп, о дүниеге армансыз кетті.

Кенже ұлдың Шәрипадай адал жар тапқанына қуанды.

Сафидің тресте бас инженер боп жүрген кезі. Сонда осы Света екі жаста болар, әжесін жетелеп жүруге жарап қалған.

— Сафижан,—деді бір күні кейуана,—сен болсаң мынандай жауапты қызметтесің. Кәмөнессің. Келін де жұмыста. Мен болсам міне, жетпіске келдім. Егер өле кетсем, құран оқытпауың мүмкін. Мен не де болса, анау ауылдағы ұлдарға барайын. Солардың қолында өлейін. Сендерге өкпем жоқ. Сендерге ризамын.

Сафидың Қали, Қаби ағалары Құлсарыда тұрушы еді. Кейуана кеудені қысқан қаладан қашып, даланы аңсады да тұрды. Ақыры 1956 жылы ақиретке Қалидың үйінен аттанды. Оған Құлсарыдан топырақ бұйырды. *** Жас кезінде жеті ата туралы әңгімеге аса мән бермепті. Тек бертін келе «Жеті атасын білмеген — жетесіз» дегенді естіп, өзінің қайдан шыққанына үңіліп, тексеріп көргені бар. Бұл жөнінде қайта Қабидың ұлы Болат пысық па деп қалды. Бәрін тап-тұйнақтай етіп жазып жүр екен. Жазып жүргенін ана жылы бұған көрсеткені бар. Руы Есентемір екенін біледі ғой, тәйірі руын білмейтін қазақ болушы ма еді? Оның ішінде Тағашы, Тағашының ішінде Әжімбет. Осыған кеп тұрып қалатын. Кейін білді, одан әрі шежіре былай жалғасады екен... Әжімбеттен Үштаз, Үштаздан Бекетай, Бекетайдан Қоңыр, Қоңырдан Баспай, Баспайдан Өтебай...

Сафи бір сәт әкесі мен бауырлары туралы ойлап кетті. ...Әкесі Өтебай 1860 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Оның әкесі Баспай кедей шаруа екен. Сафи Баспай атасын көрген жоқ, ал әкесінің кедей тұрмысын сезініп өсті. Әкесі біраз жыл байдың малын бағып, шөбін шауып күнелтіпті. Бір жылдары Жылыой жаққа барып көпестердің қайығын айдап, балығын аулап нәпақа айырған да көрінеді. Кенже баласы Сафи ес біліп, өздері қарттыққа аяқ басқанда ғана, туған жері—Қызылқоғаға оралыпты. Содан соң азын-аулақ мал ұстап, қалт-құлт тіршілік кешті. Бұл кездің шет жағасын Сафи өзі де көрді. Өтебай он бір перзент сүйді. Бірақ, өсіп, өркен жайғаны—Ғұсман, Айша, Омар, Қали, Бәтима, Қаби, Нұрыш, Сафи атты сегіз бала. Қазір сол сегіздің жетеуі ана жақта. «Топырағы торқа, иманы жолдас болсын, марқұмдардың!» ...Атыраудан Алматыға қарай самғаған жайлы ұшақ ішінде ой кешіп отырған қарт Сафи тағы бір мәрте бет сипап, әруақтарға іштей дұға етті. Ал, Алматыны бетке алған әппақ ұшақ жерден қараған адамға қалт-құлт еткен жалғыз нүкте боп көрінеді... Бәрі-бәрі көз алдында. Күні кешегідей-ау, кешегідей. Тек Ғұсман ағасы ғана көмескі. Ол бұл дүниенің бейнетінен ерте құтылып, ана дүниеге озғанда бұл бар болғаны он жаста екен ғой. Содан бері, құдай-ау, сексен бес жыл өтіпті. Жадынан өшіріле бастайтын реті бар екен-ау. Көмескі болса да Ғұсман бұған жас жігіт болып елестей береді. Омар, Қали, Қаби... олар жарық дүниемен жасарын жасап, асарын асап барып қоштасты ғой. Ал, Ғұсман... үлкен ағаның бейнесі мәңгі-бақи жас қалпында қалды. Ол Доссорда тарталыцик боп жүріп 1919 жылы отыз жасында қаза тапты. Баяғыда өзі Бакуге оқисың деп үгіттеп апарған Уәли осы Ғұсманның ұлы. Бірақ, сол Уәлидің өзі соғыста хабарсыз кетті. Ал, Омар 1894 жылы туған. Сегіз жасынан әкесінің қасында жүріп еңбекке араласты. Патшаның қара жұмысын көрген көзі ашық адам. 1917 жылы патша тақтан құлаған соң, елге келіп 1919 жылдан бастап Доссор кәсіпшілігінде әуелі тарталыцик, одан соң мұнара құрастыратын ағаш шебері болады. Кейін темір мұнара шыққанда, соны құрастыру жұмысында жүрді. Өмекең бұдан соң Нармонданақ, Байшонас, Құлсары кен орындарын игеруге, Иманқара, Қойқара өңірлерін барлауға өз үлесін қосқан. Мұнараны бір кәсіпшіліктен екінші кәсіпшілікке қолдап көшіріп жүргенде (1928 ж.) қолы мен иығын сындырып алып, алты айдай жұмыстан шеткерілеп қалғаны бар. 1924 жылдан бастап коммунистік партияның мүшесі. Өле-өлгенше партиялық жарнаны өзі апарып, өткізіп тұрыпты. Партиялық билетін «бөтен қолға беруге болмайды» деп әйелі Күміске де ұстатпайтын көрінеді.

Сафи 1920 жылдан бастап осы Омар ағасының қолында оқыды.

Өмекеңнен он екі бала тараған. Соның бесеуі ата жолын қуып мұнайшы болды. Олардың ішінде жарқырап көрінгені Аслан Омарұлы болды. Әкесінен аумай қалған бала. Мұрны, аузы сол Өмекең... Апырмай, қалай ұқсаған. Көзі де... шашы да... Аслан 1952 жылы туды. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын 1971 жылдан Өзен кен орнында оператордың көмекшісі болудан бастады. Ақылды да іскер ұл өз мамандығын тез игеріп, инженер-геолог, басқарманың геология бөлімінің бастығы болды. 1991 жылы Қызылорда облысындағы Құмкөл мұнай бірлестігінде бас геолог болып ауысты. Одан кейінгі жұмысы—Құмкөл-Хари кейін бірлескен кәсіпорнының вице-президенті. Айтпақшы, осы Асланның туған ағасы Есенгелді (1949 жылы туған) Жаңаөзенде тұрып жатыр. Сол Есенгелді бір ұлының атын Сафи қойыпты. Сол бала Сафи—ата Сафидың 90 жасқа толуына арнап былайша өлең жазыпты.

Қабыл болсын батаңыз,
Ардақты біздің атамыз.
Осы өлеңді шығарған,
Сіздің сүйікті Сафи атты балаңыз!

Кішкентай бала Сафидың бұнысына қарт Сафи не десін, «Бәрекелді,—дейді.—Менің жасыма кел» дейді. Омардан кейін Қали ағасы дүниеге келген. Ол Бәтимамен егіз еді. Олар XІX ғасырдың соңын ала 1900 жылы туған. Қали ағасы Ғұсманға еріп он алты жасында Доссорға барған. Алғашында ол да ең ауыр жұмыс—тарталыцик болыпты. Доссорда ФЗУ ашылған кезде соны оқып, ағаш шебері мамандығын алады. Осы мамандығы оған өле-өлгенше нан болды. Ал, Бәтиманың мектеп-интернатта бес-алты жыл аспаз болғаны бар. Бұл екеуінің де балалары мұнайшы мамандығын игерді. Айтпақшы, Ғұсман қайтқан соң, жесірі Ағибашты «аға өлсе жеңге мұра» деген ғұрыппен Қалиға қосады. Сол Агибаш Қалидан екі қыз туды. Сафи сол Агибаш жеңгесінің парасаттылығын құрметтейді ғой. Қалекеңе кейінірек үйленуге рұқсат етті. Содан ол Нұрзила атты әйел алып, одан Әзберген деген ұл көрді. Оның алдында Қалекең Қаби інісінің Борис атты 1940 жылы туған ұлын алған болатын. Бористың жолы құтты болды, соңынан Әзберген інісі ерді. Ол екеуі де мұнай саласында көп еңбек сіңірді.

Қалекең 1979 жылы 79 жасында көз жұмды.

Сафидың Айша атты үлкен апасы ертеде Орынбор жақ бетте Жылқысай деген жерге ұзатылған екен. 1924-25 жылдары күйеуі қайтты ма, елге оралды. Елге келген соң Қабдіқадір Айтуаров деген кісіге күйеуге шықты. Ұлы Бисен соғыста хабарсыз кетті. Қабидың Сафидан бес жас үлкендігі бар, 1904 жылы туған. Ол еңбек жолын 1928 жылы Мақат мұнай кен орнында мұнара құрастыру бригадасында ағаш шеберінің көмекшілігінен бастап еді. 1930— 35 жылдары Доссорда жер астынан мұнай тартатын қондырғыларды жөндеу жұмысына ауысады. 1935 жылдан бастап кәсіподақ, партия ұйымдарында қызметте болып, 1948 жылы қайтадан өндіріске оралады. Құлсары терең бұрғылау конторы деректірінің орынбасары, Қаратон, Тереңөзек, Қарсақ, Қызылқұдық, Алтыкөл, Боранкөл, Прорва барлау учаскелерінің бастығы сияқты жауапты жұмыстар атқарды.

Әйелі Салиха екеуі он бала тәрбиеледі.

Қаби әнші еді, әсіресе «Зілқараның әнін» аңыратқанда еріксіз таңдай қағасың. Ақтық сапарға шығарып салар митингіде аудан басшысы сөйлеп, «Қабекеңнің Зілқарасы-ай!» дегенде осы Сафи жылап жіберіп еді ғой. Қабекеңнің мұнайшылық жолын ұлы Болат жалғастырды. Ол Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын бітірді. Ол да басқа дипломды мамандар сияқты әуелі оператор боп Құлсарыда еңбек жолын бастады. Содан ол Боранкөл, Қарарна, Қарасор, Прорва терең бұрғылау учаскелерінің аға инженері, содан соң бастығы болды. 1964-72 жылдары Биікжал өте терең бұрғылау экспедициясының бас инженері қызметін атқарды. Ол Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы қырық шақты алаңдарды бұрғылау жұмыстарына қатысқан. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Болат Маңғыстаудағы «Арман» және Батыс Қазақстандағы атышулы Қарашығанақ мұнай-газ кенорындарын алғашқы ашқандардың бірі. Жер қойнауын барлау жұмыстарының үздігі. Болаттың ұлдары Қуаныш (1962 жылы туылған) пен Марлан (1964 жылы туылған) да әкесіне тартып, Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай, химия, газ өндірісі институтын бітірді. Олар да еңбек жолын Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшы боп бастады. Қазір олар Қызылорда облысының Қызқия, Арысқұм, Майбұлақ, Қоныс, Бектас кен орындарында абыройлы еңбек етіп жүр. Берік (1960 ж.) пен Бекұлан (1973 ж.) атты ұлдары да мұнай саласында. Сафи апалары мен ағалары туралы айтса, ерекше шабыттанып, әрқайсысының отбасына тоқталып, олардан тараған ұрпақты аты-жөніне дейін тізіп атап айтып отырады. Әсіресе, Нұрыш апасы қиын өліммен көз жұмды ғой. Әкесі Өтебай әуелі оны Еркеқара деген немере інісіне қыз қып береді. Еркеқара болыс болған адам. Нұрышты сол кісі ұзатады. Бірақ, барған жерімен тұзы жараспады ма, Доссорға қайтып келді. Кейінірек екі бал асы бар бір кісіге күйеуге шығады. Өзімен бірге еріп келген Сағима атты кішкене қызды «ана балалармен сыйыспас» деп, не сезгенін қайдам, Сафидың қолына табыстап кетіп еді. Көп ұзамай Құлсарыда тұрып жатқан үйінен өрт шығып, күйеуі де, өзі де, анау екі бала да сол өрттің ортасында қалыпты. Сафи бұл туралы ойласа жүрегі ауырады. Ал, Сағима Сафи мен Шәрипаның тәрбиесінде болды. Бой жетті. Күйеуге шықты. Міне, Өтебай әкесі мен Рахима шешесінен тараған ұрпақ осылайша өмірден өз соқпағын тауып, соңына ұрпақ өргізіп, өркен жайып келе жатқан үлкен әулет. Көпшілігі ата кәсіп—мұнайшылық мамандықтарын қалаған. Болат інісі пысық қой, санап кеп қалса, Өтебаевтардың барлығы жиылып мұнай өндірісіне 800 жылдан аса жұмыс істеген боп шығыпты. Әрі ол жыл сайын көбейе де бермек. Үйткені, Өтебайдың немере, шөберелері қазір де мұнайда еңбек етіп жүр... Қарт Сафи енді балалары туралы бірауық ойға шомды. Тұңғышы Света. Одан кейін 1941 жылы Шәрипа жарық дүниеге Әділ деген ұл әкелді. Сафи сол Әділден үлкен үміт күтетін еді. Шешесі оқушыларға сабақ беріп тұрғанда ол артқы партада тыңдап отырады екен. Жеті жасқа толмай жатып әріп таныды, өздігінен оқи бастап еді. Құдай өзі берген баланы жеті жасында өзі алды. Ол 1948 жыл еді. Бұл Сафиды үлкен қайғыға салып кетті. Бұның көз жасын көрді ме, Құдай Шәрипа екеуіне Әбіл (1945 ж.), Мақсот (1952 ж.) атты қос ұл берді. Шүкір ғой, екеуі де жоғары білімді, мұнай мамандығын алды. Әбіл келіншегі Асыл екеуі Өзен кен орнында мұнайшы болып, жиырма жылдай еңбек етті. Ал, Мақсот екі институт бітірген. Жиырма жылдай мұнайшы болды. Қазір Атырау қаласында КТК мекемесінде жұмыс істейді. Гөзел атты келіні бұны көрсе, иіліп сәлем беріп тұрғаны. «Құдайға шүкір» дейді Сафи кейде немере-шөберелері туралы ойланғанда. Міне, қазір де сол шүкіріне басып отыр. Бұл Аққұдайға Сафидың еш өкпе-реніші жоқ. Қайта осы бір өсіп-өніп жатқан ұрпағын көргенде Тәңірге мың да бір алғысын айтады. Света мен Сәбиттен Әділ, Жанар атты екі жиен сүйді. Екеуі де өнерлі, музыкант. Сол Әділ жиеннен Айша деген сүйкімді жиеншар көрді. Сол Айша қазір Лондонда музыкалық академияда оқып жатыр. Одан кейін туған ұлдың атын ұлы нағашы атасының құрметіне Сафи қойыпты. Кішкентай Сафи қазір мектепте оқып жүр. Жанардан Әсет, Тайыр атты балалар өсіп келеді. Әсет «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатыр. Ал, Тайыр жақында Италияға виолончельден байқауға түсіп, қырық талапкердің ішінен бірінші орын алып келді. Айтпақшы, бұл тоқсан жасын атап өткенде Айша да, Тайыр да музыка тартып, жиылған қонақты тәнті етіп еді.

Мақсоттан Гүлнар, Элмира, Елдар атты немерелері бар.

Әбілден Асқар деген немере сүйді. Ол Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіріп, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі Жәзира есімді қызды Өтебайдың қара шаңырағына келін етіп түсірді. Шәрипа қайтыс болардың алдында «ата-әжемді күтемін» деп, атасының қолына келіп еді. Содан бері атасының жағдайын жасап, күтіп-баптап, осы үйде тұрып жатыр. Қазір Асқар да, Жәзира да өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Бұл екеуінен Надира, Қуат атты екі шөбере бар. Екеуінің де атын өзі қойды. Қазір екеуі де «аталап» шауып жүр. «Иә, Құдай, көрсеткеніңе шүкір, арманым жоқ!» дейді күбірлеп. *** Сафи Атыраудан көңілі жайланып, аса бір қанағаттанарлық сезімге бөленіп қайтып келе жатыр. Жо-оқ, бүкіл облыс боп, республика боп бұның мерейтойын атап өткеніне ғана емес, көптен бері көңілінде жүрген бір шаруаны тындырғанына қуанышты. Сол жұмыс көкірегінде түйін боп тұрып алып, қайда барса да тарқатылмай қойып еді. Сол тарқатылды. Көңілі жайланды. ...Анада Қызылордада тұратын Болаттың баласының үйінде болғаны бар. Сонда әңгіме арасында Болат:

— Өтебай атамыздың басын қарайтуымыз керек,—деп ұлы Қуанышқа әңгіме айтып отыр екен. Болаттың осы сөзі Сафиды елең еткізді.

— Ау, мен ше? Мен оның туған ұлымын ғой. Жо-оқ, әкемнің басын.өзім қарайтуым керек,—деп бұл намыстанып қалды.

Көкірегіндегі тарқатылмай қойған түйін осы болатын...

Сонау 1931 жылы Сафи Баку институтының бірінші курсын бітіріп каникулға келгенде әкесі екеуі арбамен Қызылқоғаға барып келіп еді ғой. Әкесін ақырғы рет көруі сол екен, екінші курсты бітіріп келгенде әкесі байғұстың топырақ құшқанына жылға жуықтап қалыпты. Көзінен жасын сығымдап әке сүйегі қойылған қабірге барғаны есінде. Доссордағы сол қабір басына Омар ағасы ағаштан белгі қойған екен. Бірақ, ол құлап қалып, Қали құлпытас қойыпты. «Өтебай Баспайұлы, руы Есентемір. 1860-1931 жыл. Белгі қоюшы баласы Қали» деген жазуы бар еді. Басқа түк жоқ, жәй төмпешік боп қана жатқан. Талай рет басына барып дұға етіп жүр ғой. Сонда басын қайта көтеруді талай ойлады. Бірақ, бейітті жаңартуға болмайды деген ескіден қалған сөзден қаймыға беруші еді. Әйтпесе, бес-алты мың кірпіш анадай қызмет істеп жүрген Сафиға бұйым емес. Тойдан соң Маңғыстаудың тасына тапсырыс берді. Тасқа тапсырыс бергенін, қарап отырмай, «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Нұрпейіс Мақашевке айтып еді:

— О не қылған тас?—деп ол таң қалды.

— Әкемнің басын көтерейін деп сұрап едім,—деді бұл шынын айтып.

— Сәке-ау, о не қылғаныңыз,—деп Нұрпейіс сол арада күйіп-пісті.—Біз тұрғанда неге сұрайсыз? Керегі жоқ, сұрамаңыз. Өзіміз салып береміз.

Сөйтіп, Нұрпейіс барлық шығынды өз мойнына алды.

Құрылысшылар кірпіш қалап жатқанда Сафи әкесін енді ғана жерлеп жатқандай көңілі босап, көзіне жас келіп қалды. «Қайран, әкем!»

— Бұрын неге салмадыңыз?—деді Нұрпейіс бейіт құрылысы біткен соң.

— Комсомол болдық, коммунист болдық. Ондай адамда ақыл бола ма?

... Сафи әке атын ұятқа қалдырған жоқ. Халық бұған риза болғанда «Атаңа рахмет!» деуші еді. Тоқсан бес жасқа келсе де әкенің алдында бұл әлі бала. Осыны ойлап кәрі кеудені шаттық кернеп ала жөнелді. Осы сәт әппақ ұшақтың дөңгелегі дік етіп жерге тиді де, әудем жер екпіндете жүгіріп барып, бері қайырылды. Сафи сонда ғана ұшақтың Алматыға аман-сау келіп қонғанын аңғарды. Осы жаңа ғана Атыраудан бауырын көтеріп ұшып шығып еді, енді міне, табанының астында Алматы жатыр. Су жаңа әуе лайнері бұны көзді ашып-жұмғанша Алатау бөктеріндегі қалада тұратын шөберелеріне алып келді. Осы екі арада бұның көз алдынан бүкіл өмірі елес беріп өтіп еді. Сафи ұшақтан түсіп, әуежай бекетіне бет ала бере «Уай, өмір-ай, тоқсан бес дегенің Атыраудан Алматыға самолетпен ұшып келгендей-ақ уақыт екен-ау!» деп ойлады да, ауыр күрсінді. Ал, дәл осы кезде қос шөбересі - Нәдира мен Қуат «аталап» анадай жерде жүгіріп келе жатты.

Аса қадірлі Сафи Өтебайұлы!

Мағыналы да мазмұнды ғұмырыңыздың бір асқары—90 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің мұнай өнеркәсібінің тарихына Сіздің есіміңіз алтын әріптермен жазылуға лайық. Осы салада еңбек еткен 40 жылдан астам уақыттың ішінде Сіздің республикамыздағы Құлсары, Комсомол, Прорва, Кеңқияқ, Қаратон, Жетібай, Өзен мұнайлы алаңдарын ашуға, халық игілігіне жаратуға қосқан үлесіңіз зор. Сіздің майталман мұнайшы мамандар тәрбиелеуге сіңірген еңбегіңіз де сүбелі. Құрметті Сафеке, абыз жасыңыз құтты болсын, деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін, ұзаққа жасай беріңіз.

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан республикасының Президенті

Аса құрметті Сафи Өтебайұлы!

Сізді өміріңіздегі айтулы оқиға—90 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өміріңіздің 60 жылдан астам уақытын мұнай-газ саласының құрылуы мен дамуына арнаған Сіз Гурьев облысы Мақат мұнай кәсіпшілігінің бұрғылаушысы мен барлаушысынан бастап, Қазақстан мұнай шығару өнеркәсібі бірлестігінің бастығына дейін үлкен еңбек жолынан өттіңіз. Экономиканың қайта қалыптасуы кезеңінде, әсіресе, Қазақстанның мұнай өндіру базасындағы жетіспеушіліктер сезіліп тұрған соғыстан кейінгі жылдарда тұңғыш рет осы маңызды істі қамтамасыз ету үшін «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы лауазымы Сізге тапсырылды. Парызды терең сезінушілігіңіз, жоғары кәсіби шеберлігіңіз, тамаша ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз ерекше еңбексүйгіштігіңізбен және адами қасиеттеріңізбен астасып, биік табыстарға жетуіңізге мүмкіндік берді және республика басшылығының, мамандардың, Сізбен еңбек еткен барша адамның құрметіне бөледі. Қоғам игілігіне қосқан Сіздің сүбелі үлесіңіз Ленин орденімен, Октябрь Революциясы орденімен екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Құрмет грамоталарымен, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері және КСРО-ның құрметті мұнайшысы құрметті атақтарымен аталып өтті. Сіз төрт рет республиканың және бұрынғы КСРО-ның Жоғарғы заң органының депутаты болып сайландыңыз. Бүгінде құрметті демалыста, Қазақтың Қ.И.Сәтбаев атындағы техникалық университеті студент жастарының тәлімгері бола отырып, Сіздің өміріңіз, Сіздің толқынның өмірі Отанға мүлтіксіз қызмет етудің жас ұрпақтар үшін жарқын үлгі екенін көрсетудесіз. Тоқсан жылдық мерейтойыңыз күні, аса құрметті Сафи Өтебайұлы, Сізге мықты денсаулық, туған-туысқандарыңызға бақыт пен құт-береке тілеймін!

Құрметпен, Қазақстан республикасының Премьер-Министрі Нұрлан Балғымбаев.

Ардақты Сафи аға!

Ата қоныста бағзы үрдістің, баба кәсіптің бағы өтіп бара жатқан тұста ел-жұртыңызға жаңа кәсіп тауып берген тарихи топтың көшбасшысысыз. Сіз барлаған мұнай барлаушылары мен өндірушілері бір ғасыр ішінде ұлан байтақ қазақ даласының түкпірінен түгел дерлік байлық тауып, ел әулетіне асыруда. Бүгінде самсаған сары қолға айналған қара алтын өндірушілердің Бас Сардары әлі Өзіңізсіз. Көп жылдық еңбегіңіздің жемісі тәуелсіз Қазақстанның маңдайын жарқыратып, қалған дүние алдындағы бірден-бір бет жүздігіне айналып отыр. Еңбек жанды, ер мұратқа жетті деген осы. Әлі де ұзақ ғұмыр жасап, көксегеніне жеткен халқыңыздың көсегесі көгергенін көре беріңіз.

Деніңіз сау, мерейіңіз үстем болғай!
Інілік ізетпен,
Әбіш Кекілбайұлы,
Қазақстан республикасының мемлекеттік хатшысы.

Махамбет БАТЫРБАЕВ,

«Қазмұнайгаз» ҰМК-нің тете президенті Қазақтың тұңғыш мұнай инженері Сафи Өтебайұлының 95 жасқа толу мерейтойында сөйлеген сөзі.

Қадірлі қонақтар! Құрметті мұнайшылар!

Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикалық қуатты күші болып табылатын мұнай өндірісінің түп-төркіні әріде жатыр. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, Қарашүңгіл мұнай алаңындағы №7 ұңғыдан, 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 25 тоннаға дейін өнім беріп, бұл аймақта үлкен мұнай қоры бар екендігі дүние жүзіне жария болды. Сөйтіп, Қарашүңгілден басталған «қара алтын» көші атадан балаға жалғасып, кейінгі ұрпаққа мұра болып келеді. Бұл жердегі буырқанған байлықтың «иісін» күні бұрын сезген еуропалықтар қазына іздеуді тоқтатпастан өз дегендеріне жетті. Алғашында, жер астынан үздіксіз шығып жатқан, отқа құйсаң жанатын, қолға ұстасаң жұғатын, қара майдың соншалықты қымбат екендігін жергілікті халық түсіне қоймады. Қара жерге қара ағашты қазықша қағып, терең өзек бойымен мұнай ағызған, оны тері меске құйып, түйеге теңдеп теңізге тасыған Tіршілікке араласуды ағаларымыз пендешілікпен күн көру деп ұғынса, кейін бұл өндірістің өмір екенін тез түсінді. Біреу атымен, біреу арбасымен жалданып жүріп, бұл саланың қыр-сырын қабылдап үлгерді. Осылайша жеті қат жер астынан жарып шыққан қазынаның игерушісі өзге болғанымен, иесі өздері екенін ұғынған ел, мұны атадан балаға жалғастыруға, жастарды осы іске тартуға бел буды. «Маңдайынан тер емес, май сорғалаған мұнайшы ағаларымды көргенде олардың бейнетін жеңілдетуге бел будым»—деген Сафи аға, сол кезде ол жас жігіт болатын. Жас жігіттің қиялы күн санап қанаттанып, ер жетуге талпындырды. Бұл құбылыс кез келген жанның пешенесіне жазыла бермейтін, өресі жете бермейтін құбылыс. Олай болса, Сафи Өтебайұлын көптің арасынан дара туған, көп арасында қайталана бермейтін, Жаратушының ерекше назары ауған пендесі деп білеміз. Бұғанасы қата қоймаған Сәкеңнің оқи жүріп, өндірісте еңбек етуі талпыныс пен білмекке құмарлықтың қуаты болатын. 1927 жылы Ембі тарихында алғаш рет биіктігі 41 метрлік, айналып қазатын алғашқы бұрғылау қондырғысы өмірге келді. Бұл Сафи ағаның алғашқы табысты еңбегі, жеңісті жолы болатын. Өз кәсібіне деген құштарлық батар күн мен атар таңнан қуат алып, оқысам, білсем деген талпыныс 30 жылдардың басында Бакуге қарай жетеледі. Арман-қиялы тағы да адастырмады, осында 5 жыл оқыған Сафи Өтебайұлы студенттің арасында жалғыз қазақ болып, еліміздің тұңғыш мұнайшы-инженері атанды. Ел мен жерге деген махаббат, «Елге бару—борышым» деп табандылық танытуы, жалғыз Сәкеңнің абыройын үстем еткен жоқ, бүткіл қазақ халқының мерейін көтеріп тастады. Саналарында қазақ деген ұғым тек дала мен мал болып шегеленген талай жұрт, осы жолы Қазақтың қайсарлығын да, намысы мен мәрттігін де мойындады емес пе?! Осылайша жүрегінің түбінде мұнайшылардың тұрмысын түзетемін деген үмітін ұялатқан Сафи ағаның қиялы сертке айналды, ал мұндай азаматтың сертке тұрмауы мүмкін емес еді. Ембі даласында бірінен соң бірі жаңа кен алаңдары ашылды, соғысқа дейін мұнай өндіру көлемі бірнеше есеге артса, соғыстан кейінгі жылдары оның көлемі 1 млн-нан асты. Мұны місе тұтпаған мұнайшы қауымы Прорва, Боранкөл, Маңғыстауға бұрғы салуды қолға алды. Өйткені, соғыстан қалжыраған еліміз үнемі мұнайшылардан қара алтын өндіруді сұрап отырды. Әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар мұнай бер, соны Сізден сұрайды ел» деген жыры сол халықтың атынан айтылған сөз екенін баршаңыз жақсы білесіздер. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Сафи Өтебайұлы Мәскеуде оқуда болатын. Оны бітірісімен Сафекең Құлсары кәсіпшілігінің директоры болып тағайындалды. Ол кезде Құлсарыда бірнеше ұңғы ғана бар еді. Сафекең барысымен тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, жатақхана, өндірістік базалар салуға кірісті. Тез арада бұрғылау қондырғылары орнатылды. Жұмыс қолы аз, жастар майданда еді. Кәсіпшілік басында тұрып, тәулік бойы жұмыс істейтін бригадалар құрылды. Мұнайшылардың ерен еңбегінің арқасында 1942 жылы тәулігіне 800 тонна мұнай өндіріле бастады. Ел басына күн туып, жауға қарсы барлық күш біріктірілген тұста, Сафи Өтебаев та қалыс қала алмады. Москвада әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майдан өртіне сұранады. Құжатындағы «мұнайшы» деген жалғыз ауыз сөз, Сафекеңнің майдан өртінде емес, тылдағы өндіріс ортасында «отқа орануына» мәжбүр етті. Сөйтіп, ол басқыншыларға қарсы жанкешті соғысты тылдан, өндірістен жалғастырды. 1945-51 жылдары Сафи Өтебаев Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс атқарды. Осы жылдары жаңадан Мұнайлы, Қаратон, Төлес, Тереңөзек мұнай кен орындары ашылды. Аудандық партия комитетінде де алғырлығымен көзге түскен Сафекең тәжірибелі басшы ретінде «Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұл жерде де 6 жыл абыройлы еңбек етті. Мол тәжірибесі бар, іскер ұйымдастырушы, әрі белгілі мұнай маманы Сафи Өтебайұлы Маңғыстау мұнайын игеруге аттанды. Екі жылдан соң-ақ барлаушылар Жетібай және Өзен кен орындарының зор болашағы барын дәлелдеп шықты. Сафи Өтебаев бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істей білді. Біреудің қате кемшіліктерін жолдастық ниетпен шешуге тырысты. Қандай істе болсын төзімді, ойындағысын тайсалмай айтатын батыл басшы болды. 1957-1965 жылдары Сәкең Батыс Қазақстан Совнархозының басшысы ретінде Гурьев, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе облыстарын басқарды. Осы жылдары «Маңғышлақмұнай» бірлестігі құрылып, оның орталығы Шевченко қаласы болды, жаңа кен орындарына теміржол, электр желілері, су құбырлары тартыла бастады. Ал 1964 жылы 2 барак қана тұрған жерде Өзен қаласы бой көтерді. Жылдар мен тағдырлар астасып кеткен бұл кезең Сафи Өтебайұлының тағдырындағы ерекше уақыт дер едім. Бір кездері Қазақстанның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев Сафи Өтебайұлымен ақылдаса отырып, мұнай орталығын құрды және Сәкеңнің ұсынысымен ол Маңғыстауда орын тепті. Осылайша, 1970 жылы еліміз бойынша 15 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазақтың мұнайды танып, оны тапқан мезгілі мен өндіруді осындай межеге жеткізуі аралығындағы ұлы жолдан өткен Азаматын елі мақтан етеді, ертеңіне үлгі етеді. Сафи ағаның жергілікті жастарды білімге тарту, оларды оқуға жіберіп, маман дайындау мәселесінде белсенділігін айтуымыз керек. «Әке-шешелеріңнің қолы жетпеген үмітті сендер ақтаңдар» деп, Мәскеуге қазақ жастарын көптеп аттандыруы «өз байлығын халықтың өзі игеруге тиісті» деп, мұнай өндірісінің келешегіне оқыған, еңбекке серпін әкелетін жастарды тартуды түпкі мақсат етті. Сол жастар, ағалар салған жолды жалғап, бүгінге жеткізді. Сәкең салған сол жолдан қарапайым мұнайшы да, мұнайшы министрлер де өтті. Сол жол арқылы ерлікке толы еңбектің үлгісі жасалды, ол елге аңыз боп тарады. Сол жол арқылы Қазақстанның бүгінгі мұнай өндірісі қалыптасты. Ағалар салған сара жол қазақ мұнайын әлем саудасына шығарды. Осындай маңызды істердің көш басында болып, «қара алтынды» өңірдің мәртебесін арттыру жолында толымды табыстармен көзге түсіп, құрметке бөленген үзеңгілес ағаларымыз Таумыш Жұмағалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Жетпісбай Есенжанов, Өтеп Балғымбаев, Қуаныш Құдабаев есімдері кейінгі ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Абзал ағалар жүріп өткен жол—кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеппен пара-пар десек, Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев, Темірхан Сарбуфин, Табын Өржанов, Құмар Балжанов, Мақаш Балғымбаев есімдері де мұнай өндірісі саласында мақтанышпен аталады. Ізбасар інілері Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов, Роберт Бердіғожин, Нұрлан Балғымбаев, Равиль Шырдабаев, Ұзақбай Қарабалин, Ләззат Қиынов есімдері де бүгінгі күні атап өтуге әбден лайық. Өткен ғасырдың қарынға құйып тасыған қара алтыны, бүгінде қанша мемлекетті қиып өтіп, құбырлар арқылы сыртқа шығарылуда. Осыдан жүз жыл бұрын келешекті ешкім болжай алмады, ал осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда 50 миллион тонна қара алтын өндірілетініне, яғни өндіріс бірнеше есеге артатынына сенген адам кемде-кем болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстандық бизнестің қалыптасу процесі аяқталып келеді. Ол ішкі ғана емес, сыртқы нарықта да күш сынасу үшін пісіп-жетілді. Біз ендігі жерде шаруаларымызды да Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ әлемдік нарықтағы бәсекелестік күреске дайындауымыз керек» деген болатын. Бұл әңгіме сөз жоқ мұнайды барлау, қазу, өндіру, тасымалдау секілді қара алтын өндірісіне де қатысты. Елбасының экономиканы қуаттандыру барысында ұстаған саясаты бұл күндері өз шешімін табуда. Кең байтақ Қазақстанның қай бұрышына қарасақ та, ірі-ірі өндіріс ошақтары бой көтеріп, ел мүддесі үшін еңбек ырғағын еселей түсуде. Қызылордадағы «Құмкөл», Батыс Қазақстандағы «Қарашығанақ» кәсіпорындарының дүниеге келіп, ерен еңбек үлгісін көрсетулері сөзіміздің дәлелі. Қазір Қазақстанда құрлықты қоспағанда, судың үстінде геофизикалық шараларды жүзеге асыратын қуатты кәсіпорын қалыптасты. Өз бетінше теңізде бұрғылау жұмыстарын жүргізе алатын компания құрдық. 2015-жылға дейін мұнай өндіріле бастауға тиісті Каспий қайраңын игеру жұмыстарына қатысу үшін Ұлттық компания нақты әрекеттерді қолға алып отыр. Ғасыр жобасына бағаланған Каспий құбыры қазақ мұнайын сыртқа шығаруды тездетіп, Қазақстанның мұнай өндірісінің дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. Кеңес өкіметі тұсындағы алты алыптың бірі атанып, жылына 15 млн тонна «қара алтын» өндірген Өзенмұнай кен орны мен атақты Ембі кен орнының қосылып, ірі бірлестік болып құрылуы—ел экономикасын қарышты дамытуға қосқан тағы бір зор үлес болды. Бұл айтылып отырған жайлардың бәрі соңғы он жылда жүзеге асқан жаңалықтар болғанымен, жүздеген жылдар бойына созылған мұнай өндірісінің заңды жалғасы, 10 жыл 100 жылдың жүгін арқалағанымен, солардың тәжірибесі мен жетістігінен бастау алады. Олай болса бүгінгі таудай табыс, ел елеңдеп күткен ертеңгі келешек Сафи ағалар салған соқпақтың арқасы екені даусыз. Бүгінгі тоқсанның бесеуіне келсе де халқына, еліне жаны ашып, өндірістің келешегіне алаңдап, ағалық ақылын айтып отыратын абзал ағаның кеңестерін, біз әрдайым басшылыққа алып отырамыз. Жеті қат жер астындағы қазына байлықты халық игілігіне айналдыру үшін толарсақтан саз кешіп, маңдайларын күн тескен, қарлы боранға да қыңқ етпеген, қасқайып ілгері тартқан қажымас қара нардай азаматтар өсіп шықты, олардың ұрпақтары әке жолын жалғап, өз еліне қызмет етіп жатыр. Бір өкініштісі, Шарипа анамыздың осы күнге жете алмай кеткендігі. Бірақ апай Сәкеңнің осындай биікке көтерілуіне, абырой беделінің артуына мол мүмкіндіктер жасап кетті. Сіздердің өмірлеріңіздің өзі өзгелерге өнеге. Бір-біріңізге деген сыйластық, жарасымдылық, кішіге деген мейірім, адамгершілік қасиеттеріңіз көпке кезінде үлгі болды, бүгінгі ұрпақ та сол жарасымды өмірді жатырқамай, жандарына жақын тұтады.

Құрметті Сафи Өтебайұлы!

Ұзақ жасаудың сырын өзіңіз бір әңгімеңізде «адал еңбек еттім, жұртқа қолымнан келгенше жақсылығымды аямадым, өз кәсібімді шын қадірледім» деген едіңіз. Жолыңызды кейінгі буын жастарға берсін дегім келеді. Себебі, Қазақстанның келешегі кемел, оған Сіз секілді елі мен жерін қадірлей алатын, өз ісін терең сезіне алатын іскер жандар ауадай қажет. Ежелден қойны-қонышы қазынаға толған, жер үсті шежіре-жырға бөленген Атыраудай қасиетті аймақта дүниеге келген Сафи Өтебаевтың жоғарыда тілге тиек болған парасаттылығы, кәсіби шеберлігі, елім, жерім үшін деп толғанған ерен еңбегі, оның әрбір қадамынан байқалып тұрды. Сол кездегі ірі мемлекеттік марапаттар—Ленин, Октябрь революциясы, П Дәрежедегі Отан соғысы, екі бірдей «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендеріне, көптеген медалдар мен құрмет грамоталарына ие болды. Қазақстан мұнайының 100 жылдығына орай, егемен еліміздің тұңғыш президентінің қолынан, мемлекеттік ең үлкен наградасы «Отан» орденін иемденді. Мұның бәрі Сәкеңнің ел алдындағы адал еңбегі үшін берілген әділ баға деп түсінемін. Ақтау қаласы мен Жылой ауданының құрметті азаматы атануыңыз да халықтың өзіңізге деген ыстық ықыласы. Қымбатты Сафи Өтебайұлы! Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар осындай мағыналы өмір жасыңыз үшін бүкіл қазақстандық мұнайшылар қауымы атынан үлкен алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіремін. Аллаһ Тағала бас амандығының арқасында бүгінгі өмір қуанышын халқыңызбен бірге, әлі де алаңсыз көре беруге жазсын! Жастан жасқа шығып, ағайын-туыс, дос-жолдастарыңыздың ортасында аман-есен жүре беруге Аллаһ нәсіп етсін!

БӘЙТЕРЕК

Адамгершіліктен, қасиеттен, пәктіктен, адалдықтан, кісіліктен туған екі алып тұлғаны көріп-білгеніме өзімді әрқашан бақытты санаймын. Бірі—қазақ халқының заңғар ұлы тұлғасы, кешегі өткен заманда еліміздің иесіне де, киесіне де айналған, қалың қазақтың көсемі Дінмұхаммед Меңліахметұлы Қонаев та, екіншісі—бүгінде ғасыр жасап отырған, халқының шапағатына бөленген, қазақ мұнайының атасы атанған алып бәйтерек Сафи Өтебаев еді. Екеуі де ұрпақ жүрегіне періштедей ұялап, ізгіліктің әдемі жолын салды, өмір сүрудің мінсіз ғажайып үлгісіне, Отанға қызмет етудің символына, заманының, халқының мақтанышына, мәуелеп бұтақ жайған бәйтерегіне айналды. Сафи Өтебаев 1909 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау селосында мұнайшының отбасында он бірінші бала болып дүниеге келеді. Доссордағы мектепте бес жыл оқып, ФЗУ-да үш жыл оқып, слесарь, бұрғышы мамандығын алады. 1928-30 жылдары Орынбор рабфагінде, 1931-1935 жылдары Азербайжан мұнай институтында оқып, елге оралады. Осыдан бастап бар өмірін, тәжірибесі мен білімін Құдайдан кейінгі бүгінде елді асырап отырған мұнай өндіруге арнайды. Қызметін Ембі, Мақатта бұрғышы инженер, кәсіпшілік директорлығынан бастаған жас инженер 1937 жылы «Ембімұнай» тресіне бас инженер болып тағайындалады. 1945 жылы елімізде тұңғыш мұнай айыратын зауыт салдырады. 1941 жылдан бастап батыс өңірінде жер астында балқыған мұнай теңізінің жер бетінде талай көзін ашады, ұңғымаларды іске қосады. 1945-1951 жылдары Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, 1951 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігін басқарады. 1957-1965 жылдары әуелі Гурьев, сосын Батыс Қазақстан совнархозын басқарады. Сөйтіп, Батыс өлкесінің төсінен сан мыңдаған мұнай көзін ашады, мұнай өнеркәсібін дамытады, жаңа зауыттармен қатар мұнайды тасымалдайтын құбырлар, теміржолдар салдыртады; Қазақ политехника институтының жанынан мұнай факультетін аштырып, Одақтың жоғары оқу орындарына жүздеген жастарды конкурстан тыс қабылдатады. Сөйтіп, өткен ғасырда қарынға құйып тасыған қара майдың даңқын аспанға асырады. Сафи аға Орынборда жүрек табыстырған, Аллаһ қосқан, сүйіп қосылған адал жары Шарипа апаймен алпыс жыл баянды өмір сүреді, перзент сүйеді, халқының сүйіспеншілігіне бөленеді, арына, ұятына, абыройына айналады. Табиғатынан, жаратылысынан әдемі туған Сафи аға жүзге таяған шағында да нұрлы, келбетті. Мұндай бақытты да Аллаһ тағала әркімге бере бермеген, сүйген құлына ғана берген. Ағамыз осындай бақытқа ие болған адам. Өсек-аяңды, пыш-пышыңды, пендешілікті білмейтін, кісінің ала жібін аттамаған, ешкімге қиянат жасамаған, мейірімнен, шапағаттан, сұлулықтан туған адам. Өмір сүрудің, еліне қызмет етудің асыл өнегесін жасаған кісі. Сафи ағаны бәріміз осы қасиеті үшін де жақсы көреміз. 1999 жылы Сафи аға тоқсан жасқа толды. Той жасады. Мен төрде, қасында отырдым. Коньяк ішті, «Қызыл Бидай», «Майтура» делінетін өзінің сүйікті әндеріне салды, үзілісте қыздармен биледі. Бәріміз де қызықтық, сүйсіндік. Кейінірек өзінің інісі Рахмет Өтесіновтің 75 жылдық мерейтойында да аздап коньяк ішіп, ән салып, үзілісте қыздармен билепті. Келіні Сафура:

— Аға, қыздармен билейтініңіз не, ұят емес пе, тәтемдермен билесеңізші, — дегенде:

— Қой, құрсын, оларды алып жүру киын,—деген екен. 2004 жылы Қазақстан мұнайының 100 жылдығы тойланды. Осы жолы мұнаймен бірге жасасып келе жатқан асыл ағамыз «Қазақ мұнайының атасы, абызы» аталды, кеудесіне «Отан» орденін тақты. Жүзге жақындап отырған ағамызға «Халық Қаһарманы» атағын бере салса неғылады, шіркін-ай» дедік бәріміз де. Осындай байтақ, әрі өнегелі өмір кешіп келе жатқан асыл ағаның кеудесіне Қаһармандықтың белгісін қадай салса да болғандай еді.

Асыл адамдар, биік тұлғалар атақ үшін өмір сүрмейді, ұлы мұраттар үшін ғұмыр кешеді. Ағамыздың ең биік атағы—Халқының құрметі, құрметке бөленген кісі. Бөлене берсін, мейірім шаша берсін, биік бәйтерек жапырағын жая түссін. Тоқсанның жетісіне келіп, туған күнін тойлаған менің бір ағама інілерінің біреуі:

— Аға, жасыңыз құтты болсын, жүзге жетіңіз,—деп бата беріпті.

Сонда ағамыз:

— Онсыз да жүзге жетіп отырған жоқпын ба, оның аржағында өмір жоқ па екен?—деп тас-талқан боп ашуланыпты. Сол айтқандай, жасамасақ та, жүздің де аржағында жас бар екенін білеміз, бүгінде ғасыр жасап отырған халқының батагөйі, тілеуқоры Сафи ағамыз жүзден де ассын, Алланың берген жасын жасасын, жағы түспей жамандық көрмесін.

105 жасаған менің Жұмабай деген ағама бір күні апамыз:

— Асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, енді баратын жеріңе жүре бермеймісің? — депті.

Сонда ағамыз:

— Жазған-ау, ол жаққа барып, қайтып келген адам жоқ, не бар дейсің ол жақта, бала-шағамның арасында жүре тұрайын да,—деген екен.

Ия, Сафи ағамыз халқының тілеуқоры болып ел ішінде, бала-шағасының қасында жүре берсін. Баянды өмірдегі байтақ ғұмырын кеше берсін.

Мырзатай Жолдасбеков,
30-сәуір, 2006 жыл.
Сафи ӨТЕБАЕВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген құрметті мұнайшы.

95 жасқа толу мерейтойында сөйлеген сөзі

БӘЙТЕРЕК БҰАҒЫМЕН, АДАМ ҰРПАҒЫМЕН ЖАСАЙДЫ

Аса қадірлі қауым, мұнайшы балаларым!

Орталарыңа үлкен қуанышпен келдім. Сіздер менің көп жылғы мұнай саласындағы еңбегімді жоғары бағалап—«Мұнай атасы» деп марапаттағандарыңа көп-көп алғысымды айтамын. Әсіресе, Ұзақбайға, Тимурге, Махамбет, Нұрпейіс інілеріме бек рахмет! Мен Қызылқоға ауданы, Қарабау селосында туып-өстім. Әкем кедей шаруа еді, мен оның 11-ші баласы болдым. 1916 жылы ағылшынға жұмыс істеп, мұнай өндіріп жатқан Қали, Ғұсман ағаларымның жұмысымен таныстырамын деп Доссорға әкелді. Қали ағам өндіріске апарып, буровойды көрсетті. Мұнай өндіргенде скважинадан шығатын желонкамен, тартальный қанатқа еріген мұнай төбелерінен жауынша құйып тұрғанын көріп, қорықтым, аядым. Мен сол кезде 7 жаста едім. Осы мұнайдың тетігін үйреніп, мұнайшы болуды армандадым. Доссордағы мектепте 5 жыл оқып, ФЗУ-да 3 жыл оқып, слесарь, бұрғышы мамандығын үйрендім. 1928-1930 жылдары Орынбор рабфагінде оқыдым. 1931— 1935 жылдары Бакуде, Әзірбайжан мұнай институтында оқып, елге оралдым. Сол жылы 220 студент бітіргенбіз, Ембіге тек өзім сұранып келдім. Мемлекеттік комиссия: «Сен неге сонша Ембіге сұранасың, бітірген бір бала барғысы келмей отыр. Онда жұмыс істеу қиын ғой» деді. Мен айттым: «Төрт мың студенттің ішінде бір қазақпын ғой, мен Ембі мұнайшысының баласымын, сонда барғаным жөн, Қазақстан мұнайын Бакудің деңгейіне жеткізу үшін сонда еңбек ету—менің арманым» дедім. 1936 жылдың сәуірінде Ембіге келіп, Мақатта бұрғышы инженері, кәсіпшілік директоры болып жұмыс істедім. 1937 жылдың желтоқсанында «Ембімұнай» тресіне бас инженер болдым. Сол кезде Доссор, Мақат өндірістеріне жаңа Қосшағыл, Байшонас, Ескене өндірістері қосылды. Осы өндірістерді игеру үшін Москваның көмегі керек болды. 1938 жылдың ақпан айында Москвада ауыр өнеркәсіп халық комиссары JІ.М.Кагановичтің қабылдауында болдық. Бізбен бірге республика басшылары JІ. Мирзоян, О. Исаевтар да барды. JІ.М.Каганович әрі ВКП(б) хатшысы, бізді жылы қабылдап, көп жәрдем берді. Керегінше қаражат, техника, буровой станоктар, транспорт, электростанция, техникалық материалдар бөлді. Ең қиыны, Жайықтан Қосшағылға дейін 200 шақырым тұщы су құбырын салу болды. «Оны Саяси Бюро шешеді, салу керек, оған дейін су тасуға қанша машина керек?» деді. Біз 25-30 дедік, оны жақында аласыздар деді. Саяси Бюро су құбырын салып бітіруді, 1938 жылдың 1 қазанына аяқтауды міндеттеді. Құрылысшылар сол құбырды уақытында салып бітіріп, Жайық суына мұнайшылар қарық болды. Біз алғысымызды айтып, қажырлы еңбек етуге уәде бердік. Мұнай айыратын зауыт салуды өтінгенбіз. JІ. М. Каганович қазақтарға зауыт керек шығар, Н.К.Байбаковқа жоба жаса деді, сол зауыт 1943 жылы басталып, 1945 жылы іске қосылды. Жол жөнінде JІ.М.Каганович 1938-1940 жылдары Қандыағаш-Гурьев темір жолы салынады деп қаулы алғанын айтты. 1938 жылы жаңа алаңдарға—Құлсары, Нармонданақ, Алтыкөл, Төлеске терең бұрғы салдық. Бағымызға қарай Құлсарыдан 1938-1939 жылы бірнеше ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылады. Нармонданақ, Төлестен мұнай табылды. 1941 жылы мен Құлсары кәсіпшілігін басқардым, күні-түні еңбек еттік. Көп ұңғы іске қосылды, үлкен мұнай көзі табылды. Соғыс жылдары Ембі мұнайшылары—қажырлы еңбегімен Ұлы Отан соғысының жеңісіне үлкен үлес қосты. 1945-1951 жылы Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Мұнда да қарбалас жұмыс. Қаратон,Мұнайлы, Тереңөзек кен алаңдарын тез іске қосуға үлес қостық, ауданның экономикасы өрлей бастады. 1951 жылы Гурьевте «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бастық болып бекідім. Енді елімізге үлкен мұнай керек екенін ескеріп, жаңа алаңдарға бұрғы салдық. Боранкөл мен Прорва, Ақтөбе облысынан Кеңқияқ мұнай берді. Сол жылы алыстағы Маңғыстауға мың шақырым жолсыз, елсіз, мидай далаға геологтар, геофизиктер жібердік, тереңге бұрғы салдық: Төбежік, Құсайын, Қызан алаңдарына. Геофизиктер Жетібай, Өзенде үлкен мұнай алаңдары болу болжамы барын көрсетті. Сол бойда Қызаннан, Түбежіктен бұрғышыларды Жетібай, Өзенге көшірдік. Теңізбен жаңа бұрғылау станоктерін жібердік. Жетібайда, Өзенде терең бұрғылау кеңселері құрылды. Ол жаққа көптеген Ембі мұнайшыларын іріктеп жіберіп терең ұңғы қаздыра бастадық. Гурьевтен, 1300-1500 шақырым жердегі барлаушыларды басқару қиын болғандықтан, мұнай өнеркәсібі министрі Н.К.Байбаковпен келісіп, Форт Шевченкодан «Мангишлакнефтегазразведка» тресін құрдық. Оған басқарушы етіп О.А.Бердіғожинды беркіттік, бас геолог болып В.Н.Токарев бекіді. Кейінірек X.Ж.Өзбекқалиев істеді. Сол жерден база, тұрғын үйлер салынды. Қажырлы Ембі мұнайшыларының еңбегі арқасында 1961 жылы Жетібайдағы №6 ұңғыдан үлкен мұнай бұрқағы атқылады. Сол жылы Өзеннен де №1 ұңғы бұрқақ берді. 1957-1965 жылдары партия мен үкімет қаулысымен Одақтық министрліктер тарап, жергілікті Совнархоздар құрылды. Мен әуелі Гурьев, кейін Батыс Қазақстан совнархозын басқардым. Сол кезде жұмыс істеу өте қиын болды. Төрт облыстың (ауылшаруашылығынан басқа) барлық көп салалы өндірісін басқардым. Соның бірі Маңғыстау мұнайы болды. 1963 жылдың қыркүйек айында ВСНХ төрағасы Устиновтың қабылдауында болып, ол біздің ұсынысымызды қолдап қаулы алды. Біріншіден, Маңғыстауда мұнай бірлестігі құрылатын болды. Екіншіден, Өзен-Жетібай аралығында теміржол салынатын болды. Ол үшін Мақат-Шевченко темір жолы ұзартылатын болды. Үшіншіден, мұнайшыларға 0,7 коэффициент берілетін болды. Төртіншіден, мұнай құрылыстарын, тұрғын үйлер салу, мұнай-газ құрылыс министрлігіне жүктелді. Басқа да тапсырмалар берілді. 1963 жылдың қыркүйек айында Батыс Қазақстан совнархозы Ақтаудан «Мангишлакнефть» бірлестігін құрды. Өзенде мұнай өндірісі құрылып, оған Рахмет Өтесінов бекіді. Жетібайда басқарма бастығы болып Кеңес Жоламанов бекіп, мұнай өндіру жұмыстары басталды.

1965 жылы совнархозды таратып, Одақтық министрліктерді қайта құрды. Республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаев «Мұнай өнеркәсібін қалай басқарамыз, Алматыдан министрлік құрамыз ба» деді. Біз—мұнайды тез игеру үшін мұнай басқармасы Маңғыстауда болған дұрыс деп ұсыныс бердік. Ол соны қолдап, Маңғыстауда мұнай бірлестігі құрылды, Гурьевте «Ембімұнай» комбинаты болып осы Маңғыстауға бағынды. Мені сол «Қазақстанмұнай» бірлестігіне бастық етіп бекітті. Біздер 60-70 адамнан тұратын мұнай штабын құрып, 1965- 1971 жылдар арасында Маңғыстауда үлкен жұмыстар атқардық. Ондаған өндіріс құрдық. 20-30 мың адамнан тұратын коллектив жинақтап, жұмыс істедік. Мыңдаған ұңғымалар қазылды. Үлкен өндіріс құрылыстары салынды. Шевченкодан Өзенге жоғарғы кернеулі электр жүйелері салынды. Мұнай құбырлары, су құбырлары, байланыс желілері, асфальтталған 220 шақырым жол төселді. Көптеген резервуарлар, насос станциялары іске қосылды. Жаңаөзен қаласы салынды. Зауыт тұрғызылды. Теміржол арқылы тек 1 миллион тонна, ал теңіз арқылы танкерлермен 1-2 миллион тонна мұнай таситын болдық. Мұнайды ысытып айдайтын үлкен 1500 шақырымдық мұнай құбыры салынды. Маңғышлақ-Гурьев-Самара құбыры 1970 жылы бітті. Қазақстан мұнайын 20 жыл басқарған, өндірген «Қазақстанмұнай» бірлестігі. Мұнайдың көлемі 1970 жылы 15 миллион тоннаға жетті. «Қазақстанмұнай» бірлестігі 1951 жылдан бастап мұнайдың өсуіне байланысты кадрлар әзірлеуді қолдап, мұнайшылардың балаларын жоғарғы оқу орындарында оқытты. Конкурссыз жылына 100 бала өтуіне біздің өтінішімізбен одақтық үкімет қаулы шығарды. Сол қаулы 20 жыл бойы іске асты. Алматыда Қазақ политехника институты жанынан мұнай факультеті ашылды. Сондықтан, қазір республика мұнай өнеркәсібін өзіміздің инженер жастар басқарады. Біздер ерте уақытта ағылшынша білген жоқпыз. Енді сол «Қазақстанмұнай» бірлестігі «Қазақойл» болды, дұрысы қазіргі «Қазмұнайгаз». Біздер мұнай көбейгесін басқару Астанаға көшкені дұрыс деп санаймыз. Соңғы уақытта тарихты өзгертіп, көп жылдар бойы мұнайшылардың еңбегін бағаламай, Маңғыстауды игерген атомщиктер деген пікір айтады. Бұл деген 20-30 жылдай маң далада мұнай іздеп, Маңғыстауды қысқа мерзімде игерген мұнайшылар еңбегін жоққа шығару ғой. Мұнай арқылы облыс құрылды. Тарихты бұлай бұзғаны орынсыз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан мұнайының 100 жылдығына байланысты 500-ден астам мұнайшылардың еңбегін бағалағанын қалай ұмытамыз? Соның ішінде маған да «Отан» орденін тақты. 1991 жылы, КСРО құлаған кезде, республикамыздың жағдайы өте нашар болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нәтижелі басшылығымен, егеменділігіміз нығайып, бас-аяғы 12 жыл ішінде қуатты елге айналдық. Халқымыздың әл-ауқаты жақсара бастады. Еліміздің үлкен өндірісін өзі басқарып, мұнайшыларға жол көрсетті. Мұнайдың дамуына байланысты республикамыз дүние жүзінде ірі мұнайлы елге айналды. Мақсат, жол-жоба жазулы. Еліміздің 2030 жылға арналған стратегиялық жобасын іске асыру үшін мұнайшылар қажырлы еңбек ету керек. Жастарға тілегім—7 мың метр тереңдіктегі ұңғыманы қазу өте қиын мамандық. Соны жақсы игеріп, өз мамандарымыз басқаруға тиіс. Сөзімнің соңында тағы да алғысымды айтамын. Жемісті еңбек ете беріңіздер, халқымыздың әл-ауқатын жақсарта беруге үлкен үлес қосыңыздар деймін. Бәріңе зор денсаулық, бақытты өмір тілеймін. Менің жасыма жетіңдер. Әумин!

Өмір бойы «айналайын» деп өттім

Сафи Өтебайұлы мен журналист
Нұрлыбек Сафиннің сұхбаты

Аллаһ Тағала адамзат баласының жүрегіне махаббат деген нәзік сезімді дарытқанда отбасының біртұтас әрі тұрақты болуын діттеген ғой. Олай болса, өмірдің мәні махаббатқа тәуелді. Махаббатың қадірлеп, кісі қызығарлықтай ғұмыр кешкен жандар бұл өмірде аз ба екен, әлде көп пе екен? Ондай жандардың әрбіреуі бір-бір дастан ғой. Бірде редакцияға қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаев келді. Қолында шашын қақ айыра тараған, еліктің лағындай жас қыздың суреті. Ескі сурет.

— Бұл менің ғашығым ғой. Бұл менің 60 жыл отасқан асыл жарым Шәрипа ғой,—деп суретті ерніне апарып, кеудесіне басты. —Амал қанша, Шәрипа мені тастап, ана дүниеге кетіп қалды. 4 жыл болды, жалғызбын.

93 жастағы Сафи ақсақалдың жанары жасаурады.

— Төсегімнің басында Шәрипаның суреті ілулі тұр. Қарап жатамын. Сырымды айтамын оған. Бұрын маған өлім қорқынышты көрінетін. Сөйтсем, ең қорқыныштысы өлім емес, ең қорқыныштысы ғашық жандардың бірі ана дүниеге аттанып бара жатқанда екіншісінің мына дүниеде қалып қойғаны екен. О дүниеде мен үшін енді қорқыныш жоқ. Ол жақта Шәрипам бар.

— Шәрипа жеңгемізбен кездесе қоймаған бозбала кезіңізде махаббат туралы, болашақ жар туралы не ойлаушы едіңіз?

— Қол ұстасып өмірге бірге аттанар серігім қазақ қызы болуы керек деп өзіме өзім мақсат қойдым. Қазақ деген атым бар, орыстың немесе еврейдің қызына таңылсам, ұлтымды қорлағаным емес пе? Онда қазақтығымнан да, әке-шешемнен де, бауырларымнан да айрылғаным ғой.

Ол кездегі қазақ қыздары оқуға аз баратын. Сол себепті оқыған жігіттердің көпшілігі орыс қызымен бас қосатын. Орыстың қыздары да «ұстамды, тұрақты» деп, қазақ жігіттерін тәуір көреді. Сол үрдіспен кетсем, мен де қысқа өмірімді көк көзді сары қызбен қол ұстасып өткізер ме едім, қайтер" едім? Замандас жігіттердің кейбіреуі орыспен көңіл қосқанда, менің көкірегімді «өз қазағымның қызы кімнен кем?» деген ой мазалайтын.

Шәрипамен алғаш рет 1929 жылы кездестім.

Біз ол кезде Орынбор Рабфагінде оқып жүргенбіз. Бір күні біздің жатақхана жанында қазақтың уылжыған екі қызы тұр екен. Қайырылып, жөн сұрастық.

— Айналайын, қазақтың қызы екенсіңдер. Не жұмыспен жүрсіңдер? Кімге келдіңдер?

— Осында ағаларымыз оқиды деп естідік. Соларды іздеп жүрміз,—десті олар.

— Біз де ағаларыңбыз. Осында Рабфакте оқимыз. Қай ауылдан келдіңдер? Қай оқуға түстіңдер? Аттары кім?—деп сұрап жатырмыз.

Елден қашық жүрген біз өз қарындасымызды ұшырастырғандай қуандық. Олар да туған ағаларын кездестіргендей мәз. Торғай облысынан келіп, рабфакке оқушы даярлайтын жасөспірімдер мектебіне түсіпті. Қараторы, толықша келгені Кәмила да, аққұба талдырмашы осы Шәрипа екен. Шәрипаны көргеннен жүрек байғұс лүпілдеп, бұлқына бастады. Жақсы көрдім. Ұнаттым. Ғашық болу деген осы болар деп ойладым.

— Өткен ғасыр басындағы жігіттердің ғашығына жүрек сезімін қалай білдіргені бізге қызық көрінеді. Соны айтыңызшы.

— Мүмкін бірден ғашық болмаған шығармын. Бірақ, жүрегім қалады да тұрды. Бір түрлі, көргім келеді. Оқу басталған соң, рабфактің комсомол комитеті Асқар Закариян екеуімізге жасөспірімдер мектебінде оқитын оқушылар арасында тәрбие жұмысын жүргізуді тапсырғанда, сол арманыма жеткендей қуандым.

Енді Шәрипамен жолығуға мүмкіндік молайды. Тәрбие жұмысына құлшына кірістік. Асқар ән, өлең үйірмесіне бала жинай бастады. Мен драма үйірмесін құрдым. Доссорда ФЗУ-да жүргенде драмаға қатысқаным бар. Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын қойдық. Сонда мен қыздың рөлінде ойнағанмын. Мектепте елден келген 300-дей қазақ баласы оқиды. Араларында жастары, бізбен деңгейлестері де бар. Асқар екеуміз уақыт тауып, сол оқушыларға ақыл-кеңес айтудан жалықпаймыз. Әңгіме өткіземіз, комсомолға өту жолын түсіндіреміз. Мектепке келген сайын Шәрипаны көремін. Көрсем болды, көкірегімде бір шаттық ойнайды. Жүрегім елжірейді. Айналайын-ай, сонда ол 15 жаста еді ғой. Сондықтан да, көп жақындай қоймаймын. Маған «кет әрі» емесін сеземін. Кейде театрға барғанда аға ретінде «Шәрипа, оқы. Оқығаның жақсы» деймін. Оқудың, азамат болудың жайын көп айтамын. Басқа тақырыпта әңгіме қозғамаймын. Келесі, 1930 жылы мамырдың 2-сінде Орынбордан 15 шақырым жердегі «Қараша үй» деген қазақ ауылына барып, «Қыз Жібек» пъессасын қойдық. Жалғыз ат арбамызға заттарымызды тиеп, ойынға қатысатын 30 шақты бала түс қайта жаяулатып жолға шықтық. «Қараша үй» — шағын ауыл. Біздің келгенімізді естіген халық мектепке жинала бастады. Еденге пішен төсеп, көрерменді сонда отырғыздық. «Айналайындар-ай, келгендерің қандай жақсы болды. Қазақша ойын қойылмайды бізде. Мұндағылардың бәрі орыс. Қазақшамызды да ұмытып барамыз. Өстіп келіп тұрыңдаршы» деп, ауыл халқы кішкене сахнада қойылған «Қыз Жібегімізге» кәдімгідей қызыға тамашалап, шығарып салды. Мен спектакльдің қоюшы режиссерімін. Ойынды сырттай бақылап тұрып, Қыз Жібек-Шәрипаға жүрегім лүпілдей қараймын. Бір кезде сахнаға Төлеген шыға келді, Қыз Жібекпен кездесіп, ғашықтық сөзін айтып жатыр. Сол-ақ екен, кеудемді қызғаныш кернеп ала жөнелді. Сол арада оны менен айырып, біржола жетелеп әкетердей үрке қарадым. «Әттеген-ай,—деп ойладым сосын,—Төлеген болып өзім ойнасамшы, ғашық екенімді сахнада болса да сездіріп қалсамшы. Әттең-ай!»

Түнде жолда жаяу келе жатып та соны ойлаумен болдым.

— Аға, ойын қалай өтті?

Қызғаныш отына қуырылғаным сонша, соңыма ілескен Шәрипаны да аңғармаппын.

— Ой, айналайын, Шәрипамысың? Жақсы өтті ойын. Халық риза. Алғыс айтып жатыр. Бірақ, мен бір нәрсеге қапалымын. Сен Қыз Жібекті ойнағанда Төлеген болып мен шығуым керек еді. Соны ойлап өкініп келемін,—дедім.

Ұялды білем, бірауық үнсіз қалды. Ол жақтырмағаны емес. Әдеп сақтағаны. Шаттықтан шашу шашып, жатақханаға көңілді оралдым. Ретін тауып одан кейін де кездесіп тұрдық. Спектакльге, киноға бардық. Жайық жағасындағы тоғайда қыдырдық. Қолтықтасып, қос аққудай қалқыдық. «Айналайын, жаным» деп, құшағыма алдым, бетінен сүйдім...

— Өзіңмен танысқалы бір жыл өтсе де, күн сайын көргім келеді сені. Сен осындағы пединститутқа түс, мен Бакудегі мұнай институтынан мамандық алып шығайын. Сонан соң қосылайық, қол ұстасып бірге өмір сүрейік,—деп тілегімді жеткіздім.

Ол мойныма асылып, иығыма басын қойды. Бақыттан басым айналды.
Көп ұзамай рабфакті тәмамдап, арнайы жолдамамен Бакуге аттандым.

— Сен қазақтың қызысың,—дедім аттанып бара жатып,— уәдеге берік бол. Күт мені. Мен де күтемін.

Бір-бірімізді қимай қоштастық. Оның жанарына жас іркілді.

— Сонымен Бакуге жүріп кеттіңіз, Шәрипа Орынборда қалды. Бұл андыздап ашаршылық келер түс. Балапан басына, тұрымтай тұсына дейтін заман. Кер заманның сүйіспеншілік отына әсер еткен кезі болды ма?

— Суретін бөлме төріне іліп, бірге оқитын қыз-жігіттерге «Мынау менің болашақ жарым» деп таныстырып қойғанмын. Хат келсе де, қуанып, бәріне көрсетемін. Кей жерін оқып та беремін. Отыра қалып хат жаза бастаймын. Оқу жайын сөз етемін. Жүректің әмірін айтамын. «Уәдеге берікпін. Күтемін сол күнді. Сен де күт» деймін. Осылай алғашқы екі жыл үзбей хат жазысып тұрдық. 1932 жылы «Қарақалпақстанның Төрткүл деген қаласында жеңгемнің қолындамын» деген соңғы хатты алдым. Одан кейін хабар пышақ кескендей сап тиылды. Қанша хат жолдадым, бір жауап жоқ. Бакуге аттанарда «Хатты жиі жаз. Егер хат келмей қалса, айрылдым деп есептеймін» деп ескерткенім бар. Енді көңіл алаң, әр қилы ой келді. «Қарақалпақстанға неге ауып кетті? Анау жеңгем дегені кім? Әлде...» Бірақ, жүрегім жаманшылыққа қимады.

— Үздік оқитын, орысшаға жүйрік, әрі сымбатты Сізбен достасып, жары болсам деп үміт еткен қыздар да болған шығар-ау.

— Орыстың да, әзербайжанның да қыздары болды ғой. Көкейдегісін сеземін олардың. Жаман қыздар емес. Бірақ, жүрегімде Шәрипам берік орныққан. Ертең елге жетемін, қалай да тауып аламын деген сенім бар. Сондықтан Надя, Оляларға жолай қоймадым. Сертке кір түсіріп алмайын деп. Бірақ, жас емеспін бе, кейде барсам ба деп ойлап қоясың. Бірақ, Шәрипаның күнәдан ада періште жүзі көз алдымда тұрып алады.

— Күдік пен үмітке кезек арбалған, қобалжыған күндер, айлар, жылдар қаншаға созылды сонда. Түңілген, күдерді әбден үзген кезіңіз болған жоқ па?

— Шәрипаның өз қолымен жазған хаттары—жұбанышым. Әйтеуір, жаманат хабар жоқ. Көңілге сол демеу. Шәрипаның суретіне қараймын. Сағыныш кернеген жас жүрегім лүпілдеп, бүгін-ертең хабар алатындай елеңдеп жүрдім. Махаббат бекер болса сөйтем бе? Махаббат ұлы сезім ғой. Сүю, күту, күдер үзбеу махаббаттың үш тағаны. Әуелі осы үш таған берік болсын.

...Шәрипаның хаты сағынып, сарғайтып барып екі жылдан соң ғана қолыма тиді. Қарақалпақстанның Төрткүл қаласында Сәлімжан Байтілеуов деген туысқан ағасы бар екен. Жақия атты ағасымен еріп сонда барған. Жақиялар барған соң 2-3 күннен кейін Сәлімжан ағасын халық жауы деп ұстап әкетіпті. Жеңгесі би қатын екен, «ағаң ұсталып кетті, енді бізге қарайлас» деп, жібермей алып қалыпты. Жұмысқа тұрғызыпты. Үгіттеп бір қызметкер адамға алып та бермек болған. Менің жазған хаттарымды тығып тастап жүріпті. Шәрипаның маған жазған хатын да поштадан біреу арқылы жібертпей, өзінде жинай беріпті. Шәрипа оны бір реті келгенде тауып алып, жеңгесімен қатты ренжісіпті. Сол тұста екі жыл қамауда болған Сәлімжан ағасы босайды. Сөйтіп, ол отбасын алып Қызылордаға көшіп келіп, Қаракөл кеңшарының директоры болады. Қазақстанға келген соң ол үйден Шәрипа қашып шығып, Ақтөбеге тұрақтайды. Онда халық ағарту саласын басқарған Нығыман Залиевтің қарамағында жұмыс істеген. Сол 1934 жылы күзде одан да босап, Орал педагогикалық институтына оқуға түсіпті. Маған хатты сол жерден жолдапты. Шәрипаның өз қолымен жазған хатын алып, «екі жылдай жоғалып кеткен ғашығым табылды» деп жүрегім жарыла қуандым. «Бар екенсің ғой! Тірі екенсің ғой! Уәдеге берік, сертке адал екенсің ғой, жаным!» Дереу жеделхат жолдадым. Бір айлық стипендиямды қоса салдым.

— Сіздің махаббат дастаныңыз тым ұзап барады. Сол Бакуге аттанарда-ақ бас қоспадыңыздар ма?

— Сөйтсек те бізге ешкім қарсы тұрмас еді. Бірақ, білім алып, азамат болуды басты мақсат етіп қойдық. Оқымасақ анау ағаларым секілді бұрғышы, не балташы болып кетпеймін бе? Қазақты өсіретін білім екенін Шәрипаға түсіндірдім.

Оны сегіз жыл күттім. Ақыры, 1938 жылы үйлендік. Анам, ағаларым мен жеңгелерім алдымыздан шықты.

— Айналайын, Шәрипажан, сені мына Сафижан айтқалы сегіз жыл болды. Көремін бе, көрмеймін бе деп, уайым шегуші едім. Енді арманым жоқ,—деп кемсеңдеп құшағына алды.—Сағындырдың ғой. Баяғыда суретіңді көрсеткенде, аққұба талдырмаш әдемі қыз едің. Көзім жақсы көретін ол кезде. Енді бұлдырап көрмей қалды ғой. Сегіз жыл сағындырған келінімсің. Аналық ақ батамды бердім. Бақытты болыңдар.

1938 жылы Орынбор қаласында, Жайықтың жағасында айтылған серт орындалып, бақытты, жаңа өміріміз басталды.

— Жаңа түскен келіншек те бір, қауызын жаңа жарған гүл де бір. Сәл нәрсені көңіліне алғыш келеді. Қызғаныш туы да мүмкін. Осының қайсысы өтті басыңыздан?

— О-о, болды ғой ондай қызғаныш. Неге қызғанбасын! Қызғанады. Ол бір жаппай жазалау уақыты. Мүлт кетсең, біттің. Сол себепті кейде жұмыстан кеш ораламын. Ұйықтамай күтеді ондайда. «Қайда болдың? Неге кешіктің?» деп сұрай бастайды. Қызғанады ғой. Мен жаспын. Қыдыруға шамам келетін жігітпін.

— Айналайын-ау,—деймін мен,—жағдайды білесің. Көршіміз Сағындықовты НКВД көзімізше ұстап, қамауға алды. Сондықтан, жұмысты адал атқаруым керек. Өзіңді сегіз жыл күткенде, енді бөтен қызға қырындаушы ма едім? Сен қызғанба да, қорықпа да! Жүрегім сен деп соғады.

—Жақсы әйел жоқты-бардан ас қылады.

Жабырқаған жаныңды жас қылады.
Арманыңды тек алға бастырады,
Шайқалған шаруаңды тас қылады,

—демекші, Шәрипа жеңгеміздің сіздің абыройлы еңбек етуіңізге сеп болғанын сезіп отырмын. Десе де, қандай қасиетін айырықша атар едіңіз?

— Менің туған-туысқаныма оң қабақ танытты. Шешемнің көрмей қалған көзін Мәскеуге апарып емдетуге ықпал етті. Таршылық көрген-ағайындарым, олардың балалары біздің үйде тұрды. Бәріне көмек бердік. Жетімге жаны ашитын. Жылыойда аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып жүріп, Айранкөл ауылында колхозшы шал-кемпірдің жертөлесіне басымды сұққаным бар. Тақыр кедей екен. Ақжемденіп жыртылған кенеп көйлек киген 10-12 жастағы екі қыз баланы көзім шалды. Тумаларынан қалған жетім қыздар екен. Үйге келген соң Шәрипаға айтсам, «байғұстар-ай, не жетісіп жүр дейсің, біреуін алып келсеңші, жәрдем етейік» деді. Сөйтіп, 12 жастағы Әліп біздің үйдің қызы болды. Қолымыздан ұзаттық. Сол Әліп қазір сегіз баланың анасы.

Сонша адамға жәрдем қылғанда жақтырмай қабағын шытқан жоқ. Үш рет ауырдым. Осы үш ретте де қасымда отырып, Құдайдан тілеп, аман алып қалды. Мен қызмет бабымен қайда барсам, бәріне көнді. Менімен бірге көшіп-қонып жүрді. Құлсары, Комсомол, Атырау, Ақтөбе, Ақтау мектептерінде 40 жылдай ұстаз болды. Еңбегі бағаланды. Сегіз рет медальмен, бірнеше мақтау қағазымен марапатталды. «Озат мұғалім» атағын алды. Сондай адамды қалай сүймессің? Алтын асықтай төрт бала туды. Әділім 7 жаста шетінеп кетті. Света музыкант, Әбіл, Мақсұт екеуі де мұнайшы. Күйеу балам, келіндерім де абыройсыз емес. Немерелерім, шөберелерім бар. Құдайға шүкір! Бірақ, осы шөберелерінің қызығын ұзағынан көре алмады. 60 жыл «шәй» деспей отасқан Шәрипам 1997 жылы тамыздың 11-інде көз жұмды.

— Аллаһ Тағаланың бұйрығына амал бар ма? Ауыр да болса айтыңызшы, көз жұмар алдында не деп еді?

— Үш ай ауырды ғой. Дәрігерлер енді емдеуден пайда жоқ. Миға қоректік заттар жетіспейді,—деді. Светам мен Сәбитім Алматыдан табылмаған дәрілерді Ташкент асып, қоймай жүріп тауып әкелді ғой. Мені тастап кететініне көзім анық жетті. Амалдап өмірін үш айға создық. Дәрі ішкен соң сегіз сағат сау адамдай тың жүреді. Содан соң...

— Маған әкем аян берді ғой, Сафи—деді бірде.—Мен ана өмірге аттануға біржола бел байладым. Көпке бармаспын.

— Ой, «түс түлкінің боғы» деген. Сенбе оған. Міне, емдеп жатырмыз. Өмірің ұзақ болады,—деп жұбатқан боламын. Оны жұбатқанмен өзімді жұбата алмаймын.

— Сафи,—деді ақырғы сағаты соғар алдында.

— Әу, Шәрипа.

Қолын ұстап жатыр едім, ұшып тұрып аузына су тамыздым. Көзіміз тоқайласып қалды.

— Сафи,—деді тағы да. Одан өзге сөз айтқан жоқ. Жанарынан көзімді тайдыра алмадым. Есіме дәл осыдан 68 жыл бұрын көрген, уылжыған жас қыз Шәрипа түсті. Талай күн жанып-күйген, сағынысқан ғашығым Шәрипа енді қартайып, мүжілген тастай үгіліп, ана дүниеге аттанғалы жатыр. Соңында қалжырап, шаршаған қарт Сафи қалып барады.

«Шәрипажан, айналайын, мені тастап кетпеші» деймін іштей зарлап. «Сафи, қош бол! Сонау жылдары танысқанда-ақ айналайын деп едің. Сол айналайыннан айныған жоқсың». Шәрипаның оты сөне бастаған жанарынан осыны оқыдым. Қолы суып барады. «Айналайын, айналайын». Зар жыладым. Ажал менен айырып, ғашығымды әкетіп бара жатты.

Сөз соңы:

— Айт дедің, айттым,—деді Сафи ақсақал ұзақ үнсіздіктен соң. —Бірақ, осы әңгіме кімге керек?

— Сізді қазақтың жеті ғашығының қатарына қосайын деп отырғаным жоқ. Бірақ, жасы жүзге жуықтап қалса да ғашығын жыр қылып, содан бойына қуат алған шал көп пе екен?—дедім мен.

«Ана тілі» газеті, №1, наурыздың 7-сі, 2002 жыл.

Өмірбаян

Сафи Өтебайұлы Өтебаев 1909 жылғы мамырдың 25-інде қазіргі Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында туған. Қазақстан мұнай өнеркәсібін ұйымдастырушылардың бірі. ҚазССР-ның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1969 ж.), КСРО құрметті мұнайшысы (1969 ж.). Еңбек жолын 1925 жылы Доссордағы ФЗУ-да оқып жүргенде слесардың көмекшісі болудан бастаған. 1930 жылы Орынбор Рабфагін, 1935 жылы Әзірбайжан тау-кен институтын бітірген. 1936-1945 жылдары Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инженері, бастығы, «Ембімұнай» тресінің бас инженер!, Мақат, Құлсары, Комсомол мұнай кәсіпшіліктерінің

директоры болды.

1945-1951 жылдары Қазақстан Компартиясы Жылыой аудандық комитетінің бірінші хатшысы; 1951-1957 жылдары Гурьев қаласындағы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы;

1957-1962 жылдары Гурьев Халық шаруашылық кеңесінің төрағасы; 1962-1965 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік халық шаруашылық кеңесінің төрағасы; 1965-1971 жылдары Ақтау қаласында қайта құрылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы; 1972-1980 жылдары Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат институтында директордың орынбасары.

Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің (1951-1975 жылдар) мүшесі. Қазақстан Компартиясының ІІ-ХІІІ съездерінің және КПСС-тың XXІІ, XXІІІ, XXІV съездерінің делегаты. Қазақстан Жоғарғы советі І, ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының (1938-1959 жылдар) депутаты.

СССР Жоғарғы Советінің V, VІІ шақырымдарының (1959, 1966 жж.) депутаты.
Ақтау, Атырау қалалары мен Жылой ауданының Құрметті азаматы.

С. Өтебаев келесі ордендермен марапатталған: «Знак Почета» (1942 ж.), «Отечественной войны 2-ой степени» (1946 ж.), «Ленин» (1959 ж.), «Трудового Красного знамя» (1966 ж.), «Октябрьской Революции» (1971 ж.), «Отан» (1999 ж.), І дәрежелі «Барыс» (2004 ж.).

Сондай-ақ, көптеген медальдардың иесі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙