TELEGEI

Home

Практикалық зердеге сын I

Иммануил Кант

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Практикалық зердеге сын I

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары. "Мәдени мұра" Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: Құл - Мұхаммед Мұхтар, төраға Досжан Ардақ, төрағаның орынбасары Асқаров Әлібек, жауапты хатшы Қоғамдық кеңестің мүшелері: Абдрахманов Сауытбек Аяған Б...

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ПРАКТИКАЛЫҚ ЗЕРДЕГЕ СЫН

И. КАНТ

Аударған Қ. Әбішев

ТАЗА ПРАКТИКАЛЫҚ ЗЕРДЕНІҢ ТҮПКІ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

§ 1. Анықтама (дефиниция)

Практикалық түпкі тұжырымдарға өзіне көптеген практикалық ережелерді бағындыратын ырықтық айқындықтары жатады. Егер ондай ережелердің шартын субъект тек өзінің ырқына ғана қатысты деп қараса, онда олар субъективтік немесе максималар деп аталады, ал барлық зерделі жандардың ырқы үшін күші бар деп мойындалса, олар объективтік немесе практикалық заңдар болып есептеледі.

Ескертулер

Егер таза зерденің өзінде өздігінен ырықты анықтай алатын практикалық негіз бар деп мойындалатын болса, онда практикалық заңдар бар; ал ондай негіз жоқ жерде барлық практикалық түпкі тұжырымдар тек максима бола алады. Зерделі жанға әртүрлі патологиялық ықпалдар әсер етсе, оның ырқында максималары мен өзі қабылдаған практикалық заңдардың соқтығысы пайда болады. Егер, мысалы, біреу өзіне жасалған жәбірлердің ешбірін өш алусыз қалдырмауым керек десе де мұның практикалық заң емес, өзінің ғана максимасы екенін түсінсе... Ырықты анықтайтын негіздерді қарастыратын практикалық танымда біздің өзімізге жасап алатын түпкі тұжырымдар жеке субъектінің өзгеше ынталарымен әрқашан есептесетін болғандықтан, ол бәрін езіне бағындыратын практикалық заң емес. Практикалық ереже зерденің мақсатын салдарларда іске асыру үшін оның әрекетке жетелейтін туындысы. Бірақ зердесі ырқын анықтайтын көп негіздердің бірі ғана болатын жан үшін ондай тиістілік сипаттағы ереже іс-қимылға күштеп мойындататын императив. Оның мәнісі — егер зерде ырықты толығымен анықтай алатын күш болса, іс-қимыл сөзсіз сол ереже бойынша іске асқан болар еді. Императивтер, сондықтан, субъективтік максималардан өзгеше объективтік маңызға ие. Императивтер зерделі жанның ықпал етуші себебі ретінде әрекеттің нәтижелі болуына жеткілікті екендігінің 48 шарттарын немесе нәтижесіне жеткілікті себеп болу -болмауына қарамай-ақ ырықтың өзін анықтайды. Алғашқылары і с к гипотетикалық императивтер, олар нәтижеге қол жеткізудің тиісті машықтарын көрсетеді, екіншілері қатаң міндетті және тек қана практикалық заңдар. Максималар, олай болса түпкі тұжырымдамалар болғанмен императивтер і мес. Ал императивтердің әзі, егер олар шартты, яғни біз білетін нәтижелерге бағытталған гипотетикалық болса, онда омар практикалық алғышарттар, бірақ заңдар емес. Заңдар менің оларды орындауға қабілеттерімді және ол үшін қандай іс - әрекеттер атқаруым керек екендігін айқындамай тұрып - ақ ырықты тек ырық ретінде анықтауға жеткілікті болуы керек. Олай болса, заңдар бұлтартпайтын (категорический) болуы керек; онсыз олар заң бола алмайды, өйткені оларда патологиялық, яғни ырықтың кездейсоқ жағдайларына тәуелсіз практикалық қажеттілік болуға тиіс. Егер, мысалы, біреуге қартайғанда таршылық көрмеу үшін жас кезінде көп еңбек етуің керек десе, ол, әрине, дұрыс практикалық ереже. Бірақ, мұнда ырықтың өзі өздігінен емес, адамның өзі де тілеуге тиіс басқа сыртқы нәрсеге бағытталғандығын байқау қиын емес... Қандай да болмасын ереже зердеден және сол ережелердің қажетті талабы да содан шығатын болса да (онсыз ол императив бола ал мас еді), ол қажеттілік мен субъективтік, яғни тап осы зерде иесінің өзіне ғана тән, сондықтан оны барлық субъктілерде бірдей бар деп ойлауға болмайды. Бірақ зерде заңдарын түзу үшін ол (зерде) тек өзі өзін ғана алғашқы және шартсыз негіз етуі тиіс, өйткені сонда ғана ол әр зерде иесінде бола алатын кездейсоқ, өткінші жағдайларға тәуелсіз жалпыға бірдей, яғни объективтік заңдар бола алады. Егер біреуге ешуақытта жалған уәделер бермеуің керек десе, ол тап осы адамның мақсаттарына жету - жетпеуіне тәуелсіз оның өзіне ғана тиісті талап. Таза ырық жоғарыда айтылған ережелерге сай a prіorі болуға тиіс. Егер осындай ереже таза зердеден шыға отырып әрі практикада да ақиқаттығын анықтаса, ол — заң, себебі ол — категориялық императив. Сонымен практикалық заңдар олардың себептілігінен не нәрселер жасалғанына қарамастан тек ырыққа ғана қатысты, сондықтан да оларды сезімдермен қабылданатын дүниедегі нәтижелерін ескермей - ақ таза заңдар деп айтуымызға болады...

§5

І тапсырма

Бұрын да айтылғандай, максиманың заң формасы ырықты анықтайтын жеткілікті түпкі негіз бола алады. Онда осы негізбен анықталатын ырықтың ерекше белгілерін табу керек. Сезімдердің объектісі (заты) емес, яғни құбылыстар (сезіммен қабылданатын нәрселер — Қ.Ә.) қатарына жатпайтын, тек зерде арқылы айқындалатын, ырықты анықтайтын негіз бола алатындықтан заңның таза формасының табиғаттағы оқиғаларды анықтайтын себептілік заңы бойынша болатын негіздерден өзгеше, себебі олай болмаса сол негіздердің өзі құбылыстар болған болар еді. Ал егер жалпыға бірдей заңдық формадан басқа ешнәрсе де ырық үшін заң бола алмайтын болса, ондай ырықты табиғат құбылыстарының өзара қатынас заңынан, яғни себептілік заңынан толық тәуелсіз деп ойлау керек. Мұндай тәуелсіздік еркіндік деп аталады. Олай болса, тек таза заң түзушілік форма ғана өзіндік заңы болып тұрған ырық еркін ырық.

§6

ІІ тапсырма

Сонымен ырықты еркін дедік; олай болса, тек оны анықтауға ғана жарайтын заңды табу керек. Практикалық заңның материясы, яғни максиманың объектісі тек қана эмпирикалық түрде болса, эмпирикалық (яғни сезімдермен қабылданатын дүниеге қатысты) жағдайлардан тәуелсіз деп қаралатын еркін ырық та өз анықтамасын алу керек болса, онда еркін ырық заңның материясынан тәуелсіз сол заңның өзінен негіз табады. Бірақ заңның максимасында оның материясынан басқа заң түзу формасы ғана бар, олай болса ырықтың анықтаушы негізі сол форма.

Ескертпелер

Сонымен, еркіндік пен шартсыз практикалық заң бір - біріне сілтейді. Мен бұл жерде олар бір-бірінен іс жүзінде әр түрлі ме, дәлірек айтсақ, шартсыз заң таза практикалық зерденің өзін-өзі тануы ма, сол арқылы зерде неден басталады: еркіндіктен бе, әлде практикалық заңнан ба, деген сұрақты қойып отырмын. Зерде еркіндіктен бастала алмайды, өйткені біз оны тікелей санамен де қабылдай алмаймыз, оның алғашқы ұғымы теріс, тәжірибеден де шығара алмаймыз — тәжірибе бізге құбылыстардың заңын, яғни табиғаттың механизмдерін, басқаша айтқанда, еркіндіктің тікелей қарама-қарсы жағын тануға ғана мүмкіндік береді. Олай болса,тілімізге ырықтың максимасын түзей бастасақ тікелей сана -көре алатын моральдық заң ғана өзін алға тартады, зерде оны ешбір сезімін жағдайлармен ығыстыруға болмайтын және олардан тіпті тәуелсіз негіз етіп көрсететіндіктен ол тікелей еркіндік ұғымына апарады.

§7

Таза практикалық зерденің негізгі заңы

Ырқыңның максимасының қуаты жалпыға бірдей заң түзу принциптері бола алтындай етіп іс-әрекет жаса.

Ескертпелер

Таза геометрияның постулаттары қажет бола қалған күнде бір нәрсені істеуге болады деген болжамнан аспайды. Олар таза геометрияның өмір сүруге қатысы бар бірден-бір тұжырымдары. Яғни олар ырықтың проблематикалық шарттарына бағынышты практикалық ережелер. Ал жоғарыдағы ереже тек қана тап осылай іс-әрекет ету қажет дейді. Практикалық ереже, ендеше, ешбір шартсыз, a prіorі берілген бұлтартпайтын қағида. Ырық онымен сөзсіз және объективтік жағдайда анықталған.

Қорытынды

Таза зерде өзінен өзі практикалық зерде және (адамдарға) біз адамгершілік заңы деп атайтын жалпыға бірдей заң береді...

§8 ІV теорема

Барлық моральдық заңдар мен соларға сай міндеттердің жалғыз принципі, ол — ырықтың автәномиясы (дербестігі — Қ.Ә.); қандай да болмасын еркін қалаудың гетерономиясы (өз еркінен емес, басқа бір нәрседен шығуы — Қ.Ә.) ешқандай міндеттілік туғызбайды, керісінше, оның принциптеріне қайшы әрі адамгершіліктің ырқына қарсы. Адамгершіліктің жалғыз принципі — оның заңның материясынан (өзіне сай тілек туғызатын объектіден) тәуелсіздігі және еркін таңдауды жалпы заң түзудің формасымен байланыстыру. Максиманың соған қабілеті болуға тиіс. Бірақ, объектіден тәуелсіздік негативтік (терістеу — Қ.Ә.) мағынасындағы еркіндік, ал таза практикалық зерденің өздігінен заң түзуі позитивтік жасампаздық мағынасындағы еркіндік. Яғни моральдық заң таза практикалық зерденің автәномдығынан немесе еркіндігінен басқа ешнәрсені білдірмейді, ал бұл еркіндіктің өзі барлық максималардың формалдық шарты, тек сол арқылы олардың бәрі ең жоғарғы моральдық заңмен үйлесе алады. Бірақ, егер бір тілектің объектісі ғана бола алатын ырықтың материясы заңмен байланысып, практикалық заңға оның болу мүмкіндігінің шарты ретінде кіретін болса, оңда қалауына қарай талғаудың гетерономиясы, яғни белгілі бір тілек, не құмарлықтың жетегіне тартатын табиғат заңына бағыныштылық пайда болады; ондайда ырық өзіне заң бермейді, тек патологиялық ықпалдарға зерделіліктің шеңберінде ғана мойынсұнуға алғышарттар жасайды. Мұндай іс-әрекет заңға сиымды болса да, оның максимасында ешқашан жалпы заң түзушіліктің формасы жоқ, сондықтан ешбір міндеттілікті туғызбайды, қайта өзі таза практикалық зерденің принципіне және сол арқылы адамгершілік ой жүйесіне қарсы түр...

ІІ ескертпе

Егер ырықтың анықтаушы негізі ретінде жеке бастың бақыты принципін ұстанатын болса, онда ол адамгершілік принципіне түп - тура қарама қарсы келер еді. Себебі бұл принципке заң болуға тиісті анықтаушы негіздің көрсетуіне сай заң түзу формасынан бөгде нәрселердің бәрі де кіріп кетеді... Табиғат категориялары деп аталған теориялық ұғымдардан менің еркіндік категориялары деп атап отырғандарымның көзге ұрып тұрған артықшылықтары бар: табиғат категориялары тек ойдың формалары, олар біздің әрбір болуы мүмкін андауларымыз үшін жалпы ұғымдар арқылы бір күңгірт объектілер ұсынады, ал мынау айтып отырғандарымыз (еркіндік категориялары) үшін (ешбір сезімдік аңдаудың (созерцание) түрі берілмесе де) тек еркін таңдаудың (freіen Wіllkur) айқындықтары ғана бар, өз негізінде практикалық алғашқы ұғымдарының андау формаларын (кеңістік пен уақыт) емес, яғни сезімділіктің формаларын емес, зердеде берілген таза ырықтың формасын ұстанады; осының арқасында таза практикалық зерденің барлық ұстанымдарында өз мақсаттарын орындаудың табиғи жағдайлары жөнінде емес, ырықтың өзін анықтауы болғандықтан ең жоғарғы еркіндік принципіне қатынасында априорлық практикалық ұғымдардың өздері танымға айналады, бұлай болу үшін оларға андаулықты күтудің қажетті жоқ, себебі теориялық ұғымдарда тіпті де болмайтын таң қаларлық ерекшелігі -олар өзіне сай шындықты өздері тудырады. Таза практикалық зерденің пиғылдары (мотив) туралы әрбір іс-әрекеттің адамгершілік мәні — моральдық заң ырықты тікелей анықтайды. Егер ырықты анықтау моральдық заңға сәйкес болғанымен қандай да болмасын тек сезіммен дәнекерленеді деп, ал ондай жорамал ол заңның қуатын жеткілікті ету үшін жасалса, яғни іс-әрекет тек қапа заңды орындау үшін ғана болмаса, онда іс-әрекетте легальдық (сырттай жария) бар, бірақ моральдық жоқ. Бірер пиғыл (eleater anіmі) деп табиғатынан зердесі объектілік заңмен міндетті түрде сәйкес келе бермейтін жанның ырқын анықтаудың субъективтік негізін түсінсе, онда одан ең алдымен құдайдың ырқында ешқандай пиғыл бар деуге болмайды, ал адам ырқының (және әрбір жаратылған зерделі жанның) пиғылдары моральдық заңнан басқа ешнәрсе бола алмайды; ендеше, егер істер мен қылықтар заңның белгісін ғана емес, рухын да сақтауға тиіс болса, анықтаушы объективтік негіз және тек сол ғана, қашанда іс-әрекеттің субъективтік те жеткілікті анықтаушы негізі болып тұруы керек. Ал олай болса, моральдық заң үшін және оған ырыққа ықпал жасауға мүмкіндік беру үшін моральдық заңның өзінің пиғыл болуынан басқа пиғылдарды (мысалы пайдагерлік пиғылды) іздеуге болмайды, сондықтан моральдық заңның қалай пиғылға айналуын дәл анықтаудан басқа ешнәрсе қалмайды және ол пиғыл болатын болса, онда осы анықтаушы негіз әсер еткенде адамның тілеу қабілеті не нәрсеге ұшырайды? Іс жүзінде заң қалайша өздігінен тікелей ырықты анықтаушы негіз бола алады (сол моральдылықтың барлық мәнісі осында ғой) — бұл адамдық зерде шеше алмайтын проблема; бұл еркін ырықтың қалай болуы мүмкін деген сұрақпен бірдей. Сондықтан, біз a prіorі қандай негізде моральдық заңда пиғылдық бар екенін көрсетуге тиіс емеспіз, тек моральдық заңның өзі пиғыл болғандықтан сол пиғыл қалай әрекет ететінін (дәлірек айтсақ, қалай әрекет етуі тиіс екенін) көрсетуіміз керек.

И. Кант. Критика практического разума. Сочинения в шести томах, М. 1965, т. 4, ч.1, с. 331-348.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙