TELEGEI

Home

Ақбазарған

Kitap.kz

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ақбазарған

Ақбазарған

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАН

Патша ертең ерте түрегелді:

– Ел-жұртым қазір түгел жиыл, – деді.

Кімде кім жамандықтан қашып жүрсін,
Дарға асып осы қуды өлтір, – деді.
Келтірді Бақтиярды уәзір барып,
Тамам жұрт қиналысты ортаға алып.

Екі қолын қусырып сәлем беріп,
Аяңдап топқа келді-ау байғұс ғаріп.
Жиылып уәзірлері отырыпты,

10. Бақтиярды ортаға ап келтіріпті:

– Қылыш ап патшаға неге кірдің,

Ал, Бақтияр, сөйлеші өтірікті.
Уәзірлер жиналды бірі қалмай,
Өлтірмек болды тергеп күнә салмай.
Екі қолын қусырып тіке тұрып,

Зар жылап тұр жалынып дамыл алмай.

– Патша-ау, мені текке өлтір дейсің,

Күнәмді мойныма сап тергемейсің.
Арт жағымнан ақтығым мағлұм болса,

20. Нақақтан өлтірдім деп қайғы жерсің.

Өлімім қиын емес бір теңгелік,
Тірі болсам қызметім мың теңгелік,
Азғана күн артымды абайлаңыз,
Бәрімізден қалмай ма бұл дүниелік.

Не үшін патшалар зындан қылған,
Жазықсызды зынданға қамап салған?
Әбден тергеп күнәсін тапса өлтірмек,
Адамзаттың бойында қалмас арман.

Шарам не ашуыңды бермесеңіз, 30. Дұшман болған уәзірге ермесеңіз.

Ақ-нақағым сол кезде табылмай ма,
Зынданға сап біраз күн тергесеңіз.
Жазам шыны табылса сонда өлермін,
Күнәмді мойныма артып жөнелермін.

Егерде нақақтығым мағлұм болса,
Саяңда әлі дағы күн көрермін.

– Ей, залым, жұрт көрмеді, өзім көрдім,

Үйіме қылыш алып түнде келдің.
Ханымға сөз айтқаның рас болды,

40. Рұқсатсыз кіретін кімді көрдің?

– Патша-ау, өлерімді енді білдім,

Бұл істен жолым таза, аппақ едім.
Өлсем жақын барармын Құдайыма,
Құдайым иман берсе ақыр көндім.
Құдай-ау, енді ажалым жеткен екен.

Ғаріп басым жалғаннан өткен екен.
Бұрынғылар үлгі ғып айтатұғын,
“Аққа зауал жоқ” деген бекер екен.
Ақ иіліп сынбақ жоқ деген қайда,

50. Аз тергесең ақтығым табылмай ма.

Патшам, жарлығыңды кім тоқтатар,
Әміріңе менде жоқ қылар хайла.
Өлтір деп қаһар еттің енді маған,
Сөзім қабыл болмай тұр, патшам, саған.

Бір заманда өтіпті бір саудагер,
Менің халым ұқсап тұр бейне соған.
Бар екен бір саудагер – Ақбазарған,
Ақ жолмен сауда ғып күнін көрген.

Ақ жолмен жүрсе де бейнет тартқан, 60. Өз халым сол секілді болған екен.

– Патша айтты: – Кім екен Ақбазарған?

Кім екен сен секілді бейнет көрген?
Ақ жолмен сауда ғып жүрген болса,
Не себепті бейнеті аса берген?
Патша Базарғанның халын сұрды,

Бақтияр жылап-еңіреп кеңес құрды.
Патша уәзірлермен отырысып,
Сөзіне құлақ салып тыңдап тұрды.
Бақтияр зар еңіреп құрды кеңес,

70. Айтқан сөзі бір күнге түгесілмес.

Бір саудагер бар екен Ақбазарған,
Басыра шаһарында өзі көпес.
Байлығы асқан екен талай жаннан,
Ғаріп пенен ғасірге қайыр қылған.

Бір кезде Базарғанның бағы тайып,
Басынан бақ-дәулеті кетті қонған.
Базарған дәулеті кетті бағы тайып,
Бейшара-ай аш көз болып болды ғаріп.

Бейнауа болды малы күннен-күнге, 80. Пайда жоқ сауда қылса қайда барып.

Қолында анша-мұнша аз мал қалды,
Бар малын ақша қылып жиып алды.
Өз елінде бір жылы астық қымбат,
Астық арзан бір үлкен шаһар барды.

Шаһардан ақшасына бидай алды,
Бидай алып шаһарына қайтып барды.
Қайтып келсе елінде астық арзан,
Алған бәсін кемітіп сата алмады.

Базарған таба алмады ақыл-ойды, 90. Бұрынғы көп дәулеттің бәрін жойды.

Келер жыл қымбат болса сатамын деп,
Бар астығын қамбаға сақтап қойды.
Келер жылы және астық арзан болды,
Астығын адам алмай сарсаң болды.

Өз бағасын кемітіп сатпаймын деп,
Ол жылы бидай өтпей қалған болды.
Үшінші жыл көп шықты елге бидай,
Базарған ақыл-ойдан жаңылды ұдай.

Енді бидай шіріді, құрттап, сасып, 100. Қамбасын мекен қылды тышқан, торғай.

Базарған ешбір опа таба алмады,
Шіріген ескі астықты жан алмады.
Қамбасынан бидайды шығарды да,
Арбалап дарияға төге салды.

Қалмады өз бойында жалғыз тиын,
Бейшара-ай Базарғанға болды қиын.
Бекерден босқа қарап өлмейін деп,
Бағалап бір байға әкеп сатады үйін.

Үйін сатып қайтадан ақша алады, 110. Қайта сауда істеуді ойланады.

Теңізден сауда қылып өтіп жүрген,
Бір керуенге ілесіп кетіп қалды.
Керуендер кеме мініп суға кірді,
Базарған жолдас болып бірге жүрді.

Құданың құдіретімен бір жел соғып,
Кемесі су ішінде ғарық болды.
Керуендер білмеді бірін-бірі,
Мұндай пәле жол болды жүрген жері.

Таудай кеме бір сәтте быт-шыт болып, 120. Базарғанның не болды көрген күні?!

Базарған бір тақтаймен жалғыз кетті,
Жалғыз ағып теңізде зар-зар етті.
Талай халық бар екен су шетінде,
Құдай айдап Базарғанды кез келтірді.

Базарғанды олар да суда көрді,
Қайық сап дариядан алып келді.
Ауызда ас, үсте киім, қолда ақша жоқ,
Бейшара жан екен деп есіркеді.

Ол халық Базарғанға мойын бұрды, 130. Базарған жылап-еңіреп кеңес құрды.

“Құданың құдіретімен суға кетіп,
Құдай айдап сіздерге келдім, – деді.
Көңілім кедейлікке бір көнбейді,
Қылсам ісім орнына бір келмейді.

Әуелде бай, кейіндеп кедей болдым”
Деп, Базарған бейшара бәрін дейді.
Ол адамдар жай-күйді естіп білді,
“Бейшара жан екенң деп есіркеді.

Бір көпес бай бар екен, ол адам да 140. – Кел маған еншілес боп жүрсе”, – деді.

Пысқанда бидай орып берсең маған,
Оннан бірін берейін, жаным, саған.
Соныменен ауқат қып, жан сақтарсың,
Жақсылыққа жеткізсін Хақ Тағалам.

Базарған “болады” деп қожаға ерді,
Қожекең тауып алды қызметкерді.
Бидай орып болған соң ақысына,
Оннан бірін есептеп бермек болды.

Базарған ол ақыны қабыл көрді, 150. Қожа ертіп үйіне алып келді.

Бір заман бидай пысқан уағында,
Базарғанды қасына әкеп салды.
Базарған дамыл алмай бидай орды,
Көптігінен ора алмай дымы құрды.

Ақыға оннан бірін есептесе,
Оннан бірі бір үлкен таудай болды.
Базарған өз көңілінде ой ойлайды,
Оннан бірі көптігін абайлайды.

“Түгел берсе бірталай мал емес пе, 160. Осыны түгел бермес, – деп, – ойлайды”.

Базарған сақтық қылды ақыл ойлап,
“Өз ақымды тығайын бір жерге ұрлап.
Еңбегімді еш қылып бермей қойса,
Мен бейшара ала алман мұнан даулап”.

Базарған өз ақысын ұрлап тықты,
Тексі орып тік бидайдың бәрін жықты.
Оннан бірін есептеп берейін деп,
Мал иесі қожекең бір күн шықты.

Мал иесі малына енді келді, 170. Базарғанның қызметін жақсы көрді.

Табан ет, маңдай терін берейін деп,
Оннан бірін есептеп бөліп берді.

– Хисаплап бөліп бердім оннан бірін,

Көңіліңе қош келді ме, қызметкерім.
Мұны сатсаң бірталай мал аларсың,
Бейшара-ау, табан етің, маңдай терің.

– Бәлі, қожа, жақсылық сенен көрдім,

Оннан бірін хисаплап бөліп бердің.
Борыш болар, малыңды мен берейін,

180. Өз ақымды хисаплап алып болдым.

Қожаны өзі бастап алып келді,

– Сізден тыққан бидайым мынау, – деді.

Есеп қылып артығын қайырып ал,
Қожеке-ау, өз қолыңмен сана, – деді.
Қожекеңнің көңіліне қош келмеді,
Құдай берген халалды малым, – деді.

Бидайымды апар да орнына сал,
Енді менен жылдам кет, залым, – деді.
Сабады Базарғанды, – жылдам кет, – деп,

190. Біздің осы шаһарға тұрма беттеп.

Құдай берген халалды малымды ұрлап,
Өз обалың өзіңе бөлдің шеттеп.
Базарған бір пәлеге тағы қалды,
Бейшара ғаріп болып зар жылады.

Қожадан ақы санап алмақ тұрғай,
Аялдап ол шаһарда тұра алмады.
“Базарған ол шаһардан енді кетті”,
Көрмедім, – деп, жылайды, – ғанибетті.

Дариядан ау салып гауһар алған, 200. Бір топ жатқан адамға келіп жетті.

Ол адамдар жай-күйді сұрап білді,
“Бейшара жан екен деп есіркеді.
Құдай үшін дарияға ау салалық,
Бағыңа не шықса да бердік” деді.

Ғаріпке арнап дарияға ауын тықты,
Ауына алты дана гауһар шықты.
Құдайы деп беріпті Базарғанға,
Базарған қол көтеріп дұға қыпты.

Базарған қайыр алып онан кетті, 210. Тыңдасаңыз естисіз талай кепті.

Бейшара әрең жүріп келе жатса,
Алдынан бір топ адам көрініпті.
Ол адамдар жол тосқан қарақшы екен,
Залымдықпен талайдың малын жеген.

Бұл ұрылар жанжуымды алады деп,
Базарған жаман қорқып, дірілдеген.
Базарған таба алмады ақыл-ойды,
Бұрынғы көп дәулеттің бәрін жойды.

Жанжуымның жартысын тығайын деп, 220. Киімінің әр жерін тесіп сойды.

Етегіне үш жанжуын тығып алды,
Түгел сатсам алар ем талай малды.
Көрсетпеймін деп хайла қылғаны сол,
Үш жанжуын аузына салып алды.

Аз ауқат болар еді бірі қалса,
Несі қалар киімді тонап алса.
Жанжуымды аузыма сап сөйлемейін,
Үндемесем қалмай ма тым болмаса.

Үш жанжуын аузына енді салды, 230. Аузын жұмып ұрыға жетіп барды.

Тонап алар нәрсесі болмаған соң,
Ұрылар көзін салып қарамады.
Ұрылар бір жерге кеп тамақ жепті,
Базарған аузын жұмып сөйлемепті.

Асты көріп аузынан су аққан соң,
Ұмтылып түкірем деп жерге түсті.
Байқамай бір жанжуы түсіп кетті,
Бір ұры кеп шоқпармен көсіп кетті.

Шықшытқа ағаш тығып, “шыныңды айт” деп, 240. Үшеуін тауып алып бөсіп кетті.

Бір ұры айтты: – Қинадық ғаріп басын,
Бар болса көп жанжуды неге айтпасын.
Бойында бар жанжуы сол-ақ шығар,
Бейшараны көп қинап не қыласың?!

Ұрылар сабап-сабап жүріп кетті,
Таяқтың уытымен халі бітті.
Ұрылар кетіп қапты маңайынан,
Бас-көзі көнектей боп ісіп-кепті.

Бейшара-ай ол арадан енді кетті, 250. Тәңірім адастырып тентіретті.

Тамақ таппай аш жүрді соры құрып,
Кешке кеп бір шаһарға әрең жетті.
Келді де бір бұрышқа жатып алды,
Кеңесіп өз көңіліне ақыл салды.

“Ертең мұны біреуге сатқызайын”
Деп, бағасын жанжудың біле алмады.
Базарған ертең ерте базар келді,
Бір үлкен жан кезігіп сәлем берді.

“Ей, аға, мынау қанша мал болат?” деп, 260. Шапанынан үш жанжуды көрсетеді.

Ол адам сәлем алып жақын келген,

– Сен кімсің? Адам едің қайдан келген?

Үлкен көпес саудагер емессің ғой,
Қолыңа бұл үш жанжу қайдан енген?
Базарған ол адамға жауап берген:

– Мен бейшара сұрағам қайырды елден.

Бардан жоқ боп зар болған бейшарамын,
Қайырға үш жанжуды біреу берген.

– Қайырға ешкім бермес мұны саған,

270. Бұл үш жанжу менікі, ұрлап алған.

Жаныңнан дәмең болса шыныңды айт,
Көптен бері дерегін таба алмағам.
Шап беріп Базарғанды ол ұстап алды,
Көшедегі адамға айғай салды.

Жабылып кеп тепкілеп тентіретіп,
Тас қылып қол-аяғын байлап алды.
Базарған бір пәлеге тағы қалды,
Сүйретіп патшаға оны алып барды.

“Не жазалы адамды таптыңыз?” деп, 280. Патша Базарғанға көзін салды.

– Патша-ау, құтты болсын алтын тақтың,

Көп мүлікті жоғалтып іздеп таптым.
Жоғалған үш жанжуды танып алдым,
Сол ұрының біреуі – міне, таптым.
Әлгі адам патшаға қадірлі екен,

Патша мұның сөзін рас деген.
“Малың түгел анық боп табылғанша,
Мұны апарып зынданға салғыз” деген.
Базарған жатып қалды зындан барып,

290. Тәңірім жазғаннан соң болды ғаріп.

Бағана қайыр берген адамдары,
Сол шәрге келіп қапты жанжу алып.
Керуендер жанжу алып шәрге келді,
Жанжу сатқан керуенді патша көрді.

Сатып ап қазынаға жияйын деп,
Патша қонақ қылды керуендерді.
Жанжуының бәрін де патша алды,
Хисаплап керуендер де көп мал алды.

Бұл шаһарда жанжу рас қымбат екен, 300. Керуендер айдады талай малды.

Керуендер жанжуын сатып болды,
Аралап алыс-жуық жолды көрді.
Шаһардың тамашасын көреміз деп,
Әр көшені қыдырды оңды-солды.

Бір, екі-үш күн бұл шаһарда жүрелік деп,
Кеңесті зындан ішін “көрелік” деп.
“Зындандағы бейшара адамдарға,
Қолымыздан қол қайыр берелік” деп.

Зынданға кірді бұлар есік ашып, 310. Зындан ішін қарады қадам басып.

Бағана қайыр берген адам жатыр,
Танып келді қасына таңырқасып.

– Бейшара-ау, танимысың бізді, – дейді,

Қайыр ғып құрметтеп ек сізді, – дейді.
Ғаріп жолы қайсы деп жүре бермей,
Қандай шайтан көңіліңді бүрді, – дейді.
Базарған зар жылады мұны танып:

– Сіздерден кетіп едім, қайыр алып.

Тірі пенде “не көрем” дейтін емес, 320. Тәңірім жазғаннан соң болдым ғаріп.

Сіздерден кетіп едім қайыр алып,
Құдайға шүкір қылдым көңілім жанып.
Шыға бере үш ұры жолдас болды,
Соларменен сол түні қондым барып.

Хайла еттім жанжуымды ала ма деп,
Жаман қатты қайғыға сала ма деп.
Алтауын екі бөлек қылып қойдым,
Бірін алса, біреуі қала ма деп.

Үшеуін аузыма сап сөйлемедім, 330. Аузымды ашып ешқандай үндемедім.

Ешқандай менен де сөз сұрамады,
Мен дағы жауап айтып бермеп едім.
Ұрылар бір жерге кеп асын жеді,
Екі көзім солардың асында еді.

Сілекейім аузыма тола берді,
Таппадым түкірерге алыс жерді.
Шыдамай түкіріппін абайламай,
Жанжуым ыршып түсті жақын маңай.

Құдай есті алған соң, амал бар ма, 340. Өзіме өзім қылдым сорлы маңдай.

Жанжуым абайсызда түсіп кеткен,
Бір ұры тұра сала көсіп кеткен.
“Аузыңа жанжу ұрлап тығыпсың” деп,
Үшеуін тартып алып тентіреткен.

Ұрылар сөйтіп мені көп сабады,
“Тағы бар ма, шыныңды айт” деп сабады.
Үш жанжу шоқпыт киім арасында ед,
Айтпаған соң оны іздеп кім табады.

Ұрылар сабап-сабап жүріп кетті, 350. Таяқтың уытынан халім бітті.

Адамнан бақ тайған соң, болмайды екен,
Құдайым мұндай қылып тентіретті.
Ұрылар сөйтіп мені тентіретті,
Неше күнде аш жүріп халім кетті.

Тентіреп тамақ таппай сорлы болып,
Ғаріп басым бұл шаһарға әрең жетті.
Шаһарға әрең жетті ғаріп басым,
Көп жапа, машақатпен өтті жасым.

Қайырға нан жеп, ас жеп қылдым шүкір, 360. Бойымда үш жанжу бар жан жолдасым.

Мал табылса бұл шаһарда жүрейін деп,
Шерік болып бір байға кірейін деп.
Үш жанжуды көрсеттім бір адамға,
Арзан-қымбат бағасын білейін деп.

Ол адам сөзге келмей ұстап алды,
Көшедегі көп елге айғай салды.
“Бұл үш жанжу менікі, ұрладың” деп,
Сүйретіп патшаға алып барды.

“Мынау менің үй бұзған ұрым, – деді, 370. Өзіңізге мағлұм бұрын, – деді.

Залымнан үш жанжуды танып алдым,
Жанжуымды ұрлаған зұлым” деді.
Мен айттым патшаға “ұрлық қылман,
Үш жанжуым бар еді қайыр алған.

Бұл адамға көрсетсем ұстап алды,
Міне осылай жаланы жапты маған”.
Ол адам патшаға қадірлі екен,
Патша оның сөзін рас деген.

“Малың түгел табылып болғанынша, 380. Мұны апарып зынданға салғыз” деген.

Кірмеді құлағына айтқан сөзім,
Анық ұры болғандай болдым өзім.
Қол-аяғым шегелеп, бейнет тартып,
Тар зынданда телмірді екі көзім.

Әр тараптан көңілім басылмаған,
Қайда барсам бақытым ашылмаған.
Азабым күн-күн сайын аса берді,
Сор, бейнетім көп екен таусылмаған.

Сіздерді кезіктірді Құдай маған, 390. Бұл шаһардан маған таныс табылмаған.

Тәңірім бір сауапқа жазбай қалмас,
Құдай үшін сұраңдар патшадан.
Бұлар айтты: – Бейшара-ау, қайғырмаңыз,
Қайғырып көп ақылдан айрылмаңыз.

Өзі бастап Құдай сізге бізді әкелді,
Шықпаймын деп зынданнан ойламаңыз.
Ең қаттысы қалармыз жолымыздан,
Үйтіп-мүйтіп берерміз пұлымыздан.

Бейшара-ау, не қылсақ та Құдай үшін, 400. Біз шығарып кетелік қолымыздан.

Саудагер осылай деп жүріп кетті,
Мекенді сарайына барып жетті.
Қолы жеткен көпестер дереу барып,
Патшаның алдына мағлұм етті.

– Патша-ау, тамашалап зындан келдік,

Ішіндегі адамға қайыр бердік.
Бір жалғаншы қожаның себебінен,
Бір адам жатыр екен оны көрдік.
Нақақ жанға болыссақ Құдай сүйер,

410. Алалды харам десек иман күйер.

Сұраймыз сол бейшара шықса екен деп,
Патшам, қайырың бар ма бізге тиер?
Ол мүсәпір бізден кеп қайыр алған,
Алты жанжу беріп ек, үші қалған.

Үш жанжуын ұрылар жолдан соқса,
Үшеуін қожаң зорлап тартып алған.
Қайта екеуін тергеңіз біз тұрғанда,
Мағлұм болсын жұрт байқап отырғанда.

Әйтеуір екеуінің бірі ақ шығар, 420. Біреуі дүзі қара болсын сонда.

Патша жарылқады, жарлық берді,
Жарлық етіп жұмсады жендеттерді.
“Қол-аяғын босатып тез шығарып,
Базарғанды мұнда алып келтір” деді.

Саудагерлер “қожаны келтір, – деді,
Бұл істі жақсы сұрап бітір деді.
Халайықтың алдында мағлұм болсын,
Қайсысы жалған іс қылса өлтір” деді.

Қожаны да шақырып алып келді, 430. Патша екеуіне “сөйле” деді.

Патшаның алдына кірген заман,
Қожаның өне бойы тітіреді.
Патша сөз сұрайды қожасынан,
Енді қожа жаңылды тәубасынан.

– Бұл ғаріпке жаланы қалай жаптың,

Енді қожа сөйлеші турасынан?
Қожаның сөйлей алмай дымы құрды,
Уәзірлер патшаға түгел кірді.
“Байғұс-ау, сөйле, – деген, – мойныңа алма”,

440. Деп уәзір жан-жағынан түрткіледі.

Қожаның сөйлей алмай мысы құрды,
Жендеттер дар алдында қарап тұрды.
Қожаның қаралығы білінген соң,
Патша жендеттерге жарлық қылды.

Патша жарлық етті бұйрық шашып:

– Қожаны өлтіріңдер дарға асып.

Қожаның мал-мүлкі мен үй жиһазын,
Бәрін де бұл Базарған қалсын басып.
Жендеттер ол қожаны дарға асты,

450. Ажалына харамдық араласты.

Қожаның мал мен мүлкін алып беріп,
Көпестер Базарғанның көзін ашты.
Патша Базарғаннан сұрайды сөз:

– Көп жапа, машақатты тартыпсыз сіз,

Ісің ақ боп бейнеттен құтылдыңыз,
Бейшара-ау, уәзірлікке жараймысыз?

– Патша-ау, қиын болар уәзір ісі,

Қартайғанда заң табу көп жұмыс.
Жасымнан сауда қылып, есеп қақтым.

460. Жарамас уәзірлікке мендей кісі.

– Қылмасын адам пенде саған зорлық,

Ол болмаса, қылайын саған бұйрық.
Қазынамды ұстап тұр хат-шот алып,
Жас күніңнен есепке болсаң жүйрік.

– Жан тәніммен ұстайын қазынаңды,

Патша-ау, жарлығыңа көңілім қанды.
Олай болса тұрайын қызыметке,
Қайда барсам еш опа табылмады.
Қазына басын ұстатты Базарғанға,

470. Базарған қазыналық тұрды шенге.

Барлық уәзір жиылып дұшман болды,
Ақсатып Базарғанды кемсітуге.
Байғұсқа дұшман болды уәзірлері,
Базарған көп бейнетті көрген еді.

Нақ қылып қазынасын ұстаған соң,
Көбейді уәзірлердің іштен шері.
Уәзірлер кеңес құрды оңды-солды,
Көңілдері жабырқап жаман болды.

Қожамызды өлтіртіп орнын басты 480. Көрмедік, – деп, – шулайды мұндай жолды.

Кеңес қылып жүр дейді талай халық,
Мұны жұрт бетімізге қылар салық.
Жүрсе-тұрса аңдылық бәріміз де,
Бір сөзін үш сөз қылып жамандалық.

Ішінде қазынаның бір сарай бар,
Бұл сөзге құлағың сал, ей, жарандар.
Адамнан бақ тайған соң болмайды екен,
Базарған жетісуге бірталай бар.

Нақақтан қор болудың келді кезі, 490. Бар екен патшаның жалғыз қызы.

Патша алты айда бір көреді екен,
Ол қыздың көркем екен шырай-жүзі.
Әлгі сарай сол қыздың жатар үйі,
Ол Базарған бейшара білмес бұны.

Қазынаның ішінде хат-шот ұстап,
Есеп қылып жатады екен күндер-түні.
Қыз сейілге көңілін бұрады екен,
Бес ай жүріп тамаша құрады екен.

Ол қызға тек бір кемпір күтуші боп, 500. Қыз кеткенде жалғыз сол тұрады екен.

Тышқан келіп сарайды қылған тесік,
Ін қылып саңылау салып қылған есік.
Базарған көрді дағы қайран қалып,
Апыр-ау, бұған қылар шарам нешік?!

Жарамас қазына ішін тесік қылсам,
Ұры кірер бекітпей есік қылсам.
Тесікті патша көрсе айып етер,
Бұл тесік бекімей ме қазық ұрсам.

Базарған тоқпақ пенен қазық алды, 510. Бітейін деп сарайға енді барды.

Қазық тіреп тоқпақпен қатты ұрғанда,
Керпіш сынып, дүркіреп құлап қалды.
Базарған ақыл таппай жаман састы,
Бейшара-ай бір пәлеге араласты.

Кетпенменен жер шауып бітейін деп,
Су құйып аяғымен топырақ басты.
Аңдып жүрген уәзірлер мұны көрді,
Патшаға жамандап жүгірді енді.

Патша-ау, бір нәрсені көзбен көрдік, 520. Сіз рұқсат берсеңіз айтсақ, – деді.

Айтайық десек дағы қорқып тұрмыз,
Тышқандай үрке қашқан шоршып тұрмыз,
Көрген істі айтпауға шара нешік,
Айталық деп белбеуді шешіп тұрмыз.

Патша айтты: – Айтыңдар білгеніңді,
Шын айтыңдар көзбенен көргеніңді,
Жарлық қылсам жарлығым жетпей қалмас,
Білдір дос боп көңіліңді бөлгеніңді.

– Қазынасын ұстаған Базарған ер,

530. Тауып жолдас қылыпсыз Құдай білер.

Көзбен көрсең білесіз не қылғанын,
Бізден басқа сенімді кісі жібер.
Біз көрдік сарай түбі бопты тесік,
Бір кісі сыйғандай ғып қыпты есік.

Күндіз аузын балшықпен бітейді екен,
Қызыңызды қойып ба ең соған қосып?
Патша мына сөзді естіп болды,
Бір сенімді уәзірді ол жіберді.

Екі қолын балшық қып бітеп жатқан, 540. Әлгі уәзір көрді де қайтып келді.

Әлгі уәзір бара сап қайтып келді,
“Рас екен, көрдім” деп айтып келді.
Патшаның ашуы қатты келіп,
“Тез сүйреп Базарғанды әкел” деді.

Екі уәзір жүгіріп жетіп барды,
Базарғанды қақ басқа оңбай салды.
Екі қол, екі аяқтың балшығымен,
Сүйретіп патшаға алып барды.

– Өй, залым, саған нетті сарай тесіп,

550. Дараға астырайын басың кесіп.

Бейнеттен құтқарып ем өз қолымнан,
Енді саған қылайын, шарам нешік.

– Ашуланбай тұра тұр патша-ханым,

Жақсы-жаман Аллаға бәрі мәлім,
Әуелі бір жөн сұрап тексеріңіз,
Маған сонан кейін де жетер әлің.
Патша ашуланды жаман қатты,

Сарай бұзды деген сөз жанға батты.
Бір ауыз сөзге келмей ол патша,

560. Көп қинап екі көзін ойып алды.

Бейшараның екі көзін ойып алған,
Нақақтан қор боп қалды дүние жалған.
Екі көзден айырылып мақұрым болып,
Базарған сорлы болып тағы қалған.

Падиша сарайына өзі келді,
Сарай бұрышы тесігін көзі көрді.
Тесіктен көзін салса, қыз үйде жоқ,
“Ханышам қайда кеткен менің” деді?

Күтуші кемпір еді тастап кеткен, 570. Ол қызы бес ай болған сейіл кеткен.

Қызы үйде жоқ болған аң-таң қалып,
Патша сөз сұрайды күтушіден.
Күтуші патшаға жауап берді:

– Сейіл құра кеткелі бес ай болды.

Келетұғын уақыты болғаннан соң,
Келер деп тосып жүрмін оны, – деді.
Сұрады күтушіден ішкі сырын:

– Бұл үйде тесік бар ма ед мұнан бұрын?

Сарай бұрышын кім бұзды шыныңды айтшы, 580. Жарылқаймын жақсы айтсаң қызметкерім?

Күтуші патшаға жауап берді:

– Тышқан келіп сарайды тескен еді.

Ар жағынан бір адам қазық ұрды,
Іш жағында саңылауы кішкене еді.
Патша мына сөзге қайран қалды,
Қызынан сұрайын деп іздеп барды.

Сейілдеп қызы қайтып келеді екен,
Алдынан жол үстінен ұшырады.
Патша сөз сұрайды баласынан,

590. Сейіл ғып қызы келген даласынан.

Патшадан қыз именіп ұялып тұр,
Төменшік боп жаралған ту басынан.

– Ей, балам, қанша болды сен кеткелі,

Алты айда бір көруші ем ер жеткелі.
Қашан келер деп сені тосып тұрмын,
Сағындым көптен бері көрмегелі.

– Ей, ата, бес ай болды мен кеткелі,

Көп қызбен ойнап-күлдім, көрдім жерді.
Атам мені сағынар деп келемін,

600. Алты айда көретұғын уақ боп еді.

– Шырағым, сағынбасқа шарам нешік,

Бұл дәурен әлі-ақ өтер желдей есіп.
Сарайыңның бір бұрышы бұзылыпты,
Сенен бұрын бар ма еді ақау-тесік?

– Жоқ еді мен кеткенде ақау-тесік,

Тышқан тескен тесік бар ол тым кішік.
Қарап тұрып неліктен бұзылды екен,
Құданың құдіретіне амал нешік?!
Патша бұл сөзді естіп қайран қалды,

610. Ішінен көп ойланып қайтып барды.

Базарғанға жалғаннан жала жапқан
Жинап алды дұшпандық қылғандарды.
“Тастадым бейшара ғып көзін ойып,
Енді сөзін тыңдайын құлақ қойып.

Көре алмай қастық қылса, уәзірлерден
Оның өшін алайын қырып-жойып”.
Патша Базарғанға өзі келді,
Екі көзден айырылып жатыр еді.

Не аянар жаның бар көзіңнен соң, 620. “Ей, бейшара, басыңды көтер” деді.

Базарған бас көтерді жылап-еңіреп,
Жазықсыз көзімді ойып алдыңыз – деп.
Жалғанда еш жақсылық көре алмадым,
Ақыретте бермесе Құдай себеп.

Патша Базарғаннан сөз сұрайды
Жаман айтпай жақсылап еп сұрайды.
“Сарай бұрышын кім бұзды, шыныңды айтшы,
Не себептен тесілген” деп сұрайды.

Базарған зар еңіреп кеңес құрды: 630. – Ол тесіктің дауасы менен, – деді.

Білмедім, бітелсін деп қазық қақтым,
Бұрын тышқан тесіп ін қылған еді.
Білмедім, бітелсін деп қазық қақтым,
Кірпіші бұзылған соң балшық жақтым.

Уәзірлер сізге апарды ақырында,
Көзсіз боп еш кінәм жоқ бейнет тарттым.
Мағлұм бір Аллаға айтқан сөзім,
Ақ жолмен жүрсем де шықты көзім.

Білмеймін не қарғысқа қалғанымды, 640. Ақырында қор болып қалдым өзім.

Базарған осыны айтып зар еңіреді,
Жазықсыз екендігін патша білді.

– Нақақтан аппын екі көзіңді ойып,

Күнәмді ақыретте кешір, – деді.

– Патша ғып Құдай жаратқан сізді,

Өзі айдап кез келтірді бізге сізді.
Мен кешемін дегенмен Құдай кешпес,
Тәңірім тергемей ме екеумізді.
Патша мына сөзді естіп білді,

650. Нақақтан көз “ойдым” деп алды мінді.

“Ақыретте жазасын қайтемін” деп,
Патша зар еңіреп іштен тынды.
Бағанағы өлтірді уәзірлерін,
Дұшпандықпен айырған қызметкерін.

Өкінішін әр жерде айтар болар,
Күнәсіз Базарғанның өлген жөнін.
Базарған сөйтіп қор боп зарлап өлген,
Бейшара талай-талай бейнет көрген.

Күнәсіз Базарғанның көзін ойып, 660. Патша өзі ұялған қара жерден.

Бақтиярдың сөзі

– Өлімім Базарғандай болған екен,

Бұл дәурен енді менен қалған екен.
Бейкүнә жазықсыздың қанын жүктеп,
Сіз секілді сан патша қайғы жеген.
Патша әрбір түрлі ой ойларсың,

Артымды тірі қойсаң абайларсың.
Шағым тілмен жіберсең мені өлтіріп,
Өкініп бармағыңды бір шайнарсың.
Бір қасық қанымды қи, ей, падиша,

670. Тергей берсең ақтығым табылмай ма?

Ақтығым мәлім болса жұрт алдында,
Дұшпаным аяқ асты болар сонда.
Патша-ау, мені өлтірмей сақта тірі,
Сабыр қылсаң тарқайды көңіл кірі.

Айтқан сөздің бейнесін байқадың ба,
Базарғанды не қылды уәзірлері.
Патша-ау, басыңда тәж, астыңда тақ,
Қайта қонбас басыңнан бір тайса бақ.

Әлгі сөзден өзің де білмейсіз бе, 680. Патша-ау, Аллаға аян, Базарған – ақ.

Падиша мына сөзді естіп қалды,
Айтқан сөзі насихат ішке кірді.
“Бақтиярды апарып зынданға сал”
Деп, жарлық қып шақырды жендеттерді.

Шақырған соң жендеттер жетіп барды,
Бақтиярды жетелеп қолына алды.
Қол-аяғын бекітіп кісен салып,
Тар зынданның ішіне қамап салды.

Бақтияр тар зынданға барып жатты,
Уәзірлер өлтіре алмай күңкіл қақты.
Осы сөзбен бір күнге аман қалып,

692. Адамның бір шыбындай жаны тәтті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙