TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы

Сапарғали Бегалин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы

Сапарғали Бегалин шығармалары тәрбиелік мәнімен құнды. Қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруға жәрдем етеді. Отан қорғаудағы қаһармандықты негіз ететін шығармалары да көп. Әңгімелерінде ұнамсыз мінез-құлықтарды жан-жақты әшкерелеп, ұрыншақ қылықтардан сақтандырады.

ДЕГЕЛЕҢГЕ БІТКЕН ШЫНАР

Сапарғалидің ата қонысы — Шоқан мадақтаған, қобыз тартып ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі – Дегелең таулары. Арғы замандарды айтпағанда, бертінде, әсіресе, XІX ғасырдың аяғына қарай бұл атырап Семей мен Қарқаралының арасын жалғастыратын жандарал қара жолының бойында болғандықтан,қырдағы әрі шығыстық, әрі батыстық деуге келетін мәдени ошақтардың бірі еді. Шежірелік арнадан тартқанда, Сапарғалидің түп бабасы — Қаздауысты Қазыбектің бір Бошаннан өрбіген қандас туысы, өмір бақи онымен үзеңгілес жүрген, ай, жұлдызға көз тігіп, болашақты айтатын атақты Жүгіней көріпкел. Ескі көз қариялардың аңызына қарағанда, жарықтықтың мәйіті де ағасы Қазыбектің мәйітімен қатар Түркістанда жатса керек. Сапарғалидің бабасы Бегалы кезінде Ташкентте, Бұқарда ұзақ жылдар оқып, шариғат жолымен қоса, Шығыс фәлсафасын, сан алуан ғылымдар жосығын терең үйренген ғұлама, діндәр қари болғандықтан, елге оралған соң қыстауы Сарыобада медіресе салдырып, молда болып, бала оқытқан, сонымен күн кешкен. Сол буынның ішінен кейін Сүлеймен қажы (Мемлекет қайраткері Мұқаметқали Тәтімовтің аталары), Алдаберген болыс, (Шәкәрімнің нағашысы), Ысқақ (Сапарғалидің әкесі) секілді ислам негіздерін, Шығыс әдебиеті мен мәдениеті тағылымдарын жас төл, жаңа ұрпаққа сіңіре білген көзі қарақты адамдар шыққан. Дегелең бауырындағы кісілікті шаңырақтарда құран, шариғат, хадистермен бірге араб, парсы, шағатай, түрік, татар тілдеріндегі сан - алуан кітаптар оқылған. Бертінде бұған орыс әдебиеті қосылды. Қазақ сахарасында алғаш скрипка тартқан да — осы Дегелең ауылы. Ең бастысы, туыстық, құдандалық ретімен іргелес жатқан Шыңғыстаумен Дегелең мидай араласып, әбден бауырласып кеткен елдер екені өз алдына, бұл орталар данышпан Абай тағылымын тең, ортақ етіп өскені ақиқат. Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы басқа немерелері секілді Сапарғалидің да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатын ашып, өзі оқытқан. Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, махаббат пен ғадауат, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидің мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген. Жаңа заман, құбылған дүние ағысы Сапарғалидің басын тауға, тасқа соқты: Семейге келді, орыс мектебінде оқыды, белгілі қазақ зиялылары Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың аттарын айдап, кейін туған балаларындай болып кетті, үш жүз елу жігітке басшы болып он алтыншы жылы Петербург түбінен бір шықты, Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарды; елге оралып, Дегелеңде болыс, Қарқаралыда сот, Алматыда Түрксіб басқармасында қызметкер, газетте журналист, Ғылым академиясында зерттеуші болып істеді, отыз жылдай зейнеткер болды. Бұл — Сапарғали Бегалин өмірінің көпке белгілі деректері. Таяуда табылған құжат — Алаш қозғалысына жақындастығы, Мұстафа Шоқаймен араласқаны, Әлихан Бөкейхановтың туысы Смаханмен достығы, ең бастысы, ұлтшылдығы, совет құрылысына қарсылығы үшін қазақтың елім деп еңіреген, ұлт жолында сан етін кесіп беруге әзір ерлерінің басына қара күн туғанда Сапарғали Бегалинді де Сталиннің жендеттері 1929 жылы Семей түрмесіне тыққан. Замандастары ұмытпаған шығар, тұғырдан түспеген кезін айтпағанда, сексеннің жуан ішіне кірген шақтың өзінде Сапарғали Бегалин көшеде, мекемеде, редакцияда, басқа да ресми жиналыста қатары, тіпті кейбір жас буын өкілдері секілді олпы - солпы жүруді, қалай болса, солай үстіне ілінгенді сүйрей беруді білмеді. Ол үнемі жыл маусымына сәйкес келетін әрі әдемі, әрі ықшам өзіне құйып қойғандай, сәндік киінер еді. Бұл ретте басқада жоқ әрі өте қымбат моданы қуатын Ғабит секілді емес тазалық, ұнамдылық, қолайлылық талабы бар. Жағасы жоқ жеңсізді жылдар бойы иығынан тастамайтын Ғабиден мінезінен де аулақ. Сапекеңнің көйлегінің жағасын кір шалмайды, шалбарының қыры түспейді, пиджагі мыжылмайды, туфлиінің өкшесі қисаймайды, мойнында —қашанда галстук, басында — көктем мен күзде шляпа, қыста сусар бөрік, жасы тоқсанға қарай беттегенде ғана таяқ ұстады. Ол кісі үйде мыжырайған шарқай сүйретпей, жеңіл, жұмсақ туфли киеді; тізесі қаптанған ескі шалбар, жеңі қырқылған шапан, тыртиған спортшы формасына жолаған жоқ. Жазу столында ресми жиналыста отырғандай мұздай киініп алатын. Шашылған, бұрқыраған, аткөпір қағаз жоқ, кітаптар, қолжазбасы, қаламы, қарындашы, өшіргіші, көзілдірігі, бәкісі, қайшысы, гантелі — бәрі тап-тұйнақтай, әрқайсысы өз орнында. Әрідегі үлкендермен қалай араласты, оны біз білмейміз, ал кейінгінің алыптары Мұхтар, Қалыбек, Сәбит, Кенен, Ғабит Ғабиден, Әлкей, Жүсіпбек, Бауыржан, Бейсенбайлармен, тіпті бертінге дейін Қарағандыда тұрған Алаш есімдерінің бірі Әлімхан Ермековпен Сапарғали Бегалин қандай қарым-қатынаста болғандығынан хабардармыз. Құлақпен естіп, көзбен көрген жәйттар, өзіміз ішінде болған оқиғалар бар. Мұхтар Әуезов мұхит тектес дарын, телегей-теңіз білім иесі, атақ – даңқы жер жарған, әлемге мәшһүр жазушы, ғалым бола тұра Сапарғали Бегалинді өзінен екі-ақ жас үлкендігі үшін ғана зият тұтып, төрге шығарып, құрмет көрсетті дейсіз бе? Бір еркек кіндікке зар болып жүріп ақыры Фатимадай қасиетті, анадан ұл көргенде (Мұрат Әуезовті айтып отырмыз) оның атын өзгеге емес, дәл Сапарғалиға қойғызу себебі неде? Астына ат мінгізіп, қолына ту ұстатып Абайдың 100 жылдық тойын төбеге шауып шығып, бастап беру рәсімін Мұхтар Әуезов неге Сапарғали Бегалинге тапсырды екен? Мұхтардың апталап, айлап Шыңғыстауды аралағында қасына ерткен сенімді серігі кім? Тағы да — Сапарғали. Серіде бар, бағылан да бар, ғұлама да бар — соның бәрінен Мұхтарға Сапарғалиді жақын еткен қай қасиеті? Сәбит Мұқанов сүйсінгеннен Сапарғалиға өлең арнады. Бауыржан Момышұлы аға тұтты. Өзге ортада басқаны елей қоймайтын Ғабит пен Ғабиден қазақтың ауыз екі әңгімесінің үздік шебері Сапарғали отырған жерде байқап басып, көбіне салт, бұрынғы тұрмыс, ел арасындағы хикая, шежіре, аңыз, жүйрік ат, тұйғын құс туралы ағаның ұзақ-сонар сөзіне жалықпай құлақ қоятын. Сапағарли кейде мұртынан бір күліп қойып, тісі ақсиып қалып, ыңыранбай, қақалмай - шашалмай, жорға секілді тайпалып, ашық үн, әдемі әуезбен, қазақы әңгіменің майын тамызып отырар еді. Алып - қашпасы, дарақы - даңғыры, өтірігі жоқ, қарағай домбырадан төгілген күй іспеттес қоңыр сарын есер еді. Мүмкін, Мұхтар Әуезов те осы орайға құлаған шығар. Жиырманың ішінде бірінші дүние - жүзілік соғыстың майданында болып, адам қанының судай аққанын көріп шошынған, отыздың ішінде жазықсыз елдің тападай тал түсте тоналып, зорлап жасалған тәркілеу кеселінен аштан бұралып қырылғанын көріп, не істерін білмей жүрегі қарайған, қырықтың ішінде ұлтының маңдайына біткен асылдарын атып-асып құртқан зұлымдықты көріп, дүниенің бәрінен түңілген, елудің ішінде туған Дегелеңі атом полигонына айналғанын көріп көзінен қанды жас аққан — Сапарғали Бегалин тіршіліктегі жалғыз медетті қалам қайратынан тапқан. Онда да тап тартысы, науқандық мәселелер емес, саясаттан аулақ, балалар әлемі, табиғат аясы — шығармаларының негізгі өзегіне айналған. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған тар заманда, Мағжан айтпақшы, қызыл тілі кісендеулі жүріп, әр түрлі туынды берді. Сапарғали Бегалин — қазақ жазушыларының бүгінгі буынының ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той тойлаған бірінші қаламгер еді. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармалары да сондай қызық. Сапарғали — әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп жылдар шаршамай шапқан жүйрік. "Қазақ бозбалаларына" деген тырнақалды өлеңі 1914 жылы "Айқап" журналында басылған. С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына тиген соңғы көлемді еңбегі — "Замана белестері" атты күрделі роман. Осы 65 жылдық ұзақ сапарда суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды. Сапарғалидің өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыншыл ақын екеніне анық көз жеткізеді. Ақынның "Жаз лебі", "Көктем бұлты", "Нөсер артынан", Сарыжайлау" секілді өлеңдері — сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. "Кавказ аңыздары", "Бұқара — Самарқанд сапары" циклдарында тосын образ, әдемі деталь, есте қалар бейнелер мол. Абайға, Мұхтарға, Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім бітірген. Адамдар ерлігін, батырлығын мадақтайтын "Алтай аңызы" (Төлеген Тоқтаров туралы), "Қанатты қазақ" (Нұркен Әбдіров туралы) поэмалары — соғыс шындығын сәтті бейнелеген көркем шығармалар. Ақын Сапарғали — әсіресе, поэма жанрында кең көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма — "Абақ арманы". Абай, Ілияс құдіреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың. Қазақтың кең даласындағы тау-тас, өзен-көл аттарына байланысты аңыз-әңгімелерде мол поэзия жатыр. Естігенімізбен ескермейтініміз, мән бермей, байыптамай жүргеніміз, асыл сөзді қадірлей алмай келгеніміз жасырын сыр емес қой. Әйтпесе ел аңынан "Батыр Баяндай", "Көкшетаудай" ғажап жыр тудырған дәстүр сайрап жатыр емес пе? Дәлірек айтқанда, Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі — дау жоқ, тау атына қатысты аңыздан туған "Баян жүрек" поэмасы. Бұл шығармада дара бейнелер, эпикалық серпін, кең құлаш, қызықты оқиғалар бар. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, екі елдің ерегістен ығыр болып, ер-азамат арқасында достықпен табысуы сәтті көрсетіледі. Шебер әсірелеу, әуелету жарасып тұр. "Айдос", "Ұр, тоқпақ" дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек - бедері, бояу нақышы байқалады. Өмірден көп нәрсені көзімен көріп, бастан кешіріп келген талантты адам жазған туындыны оқығанда, тіршіліктің бұрын өзің аңғармаған, сезбеген жаңа қырларын танып, марқайғандай, кенелгендей боласың. Әсіресе, қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс -әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларда ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналары бар. Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын, кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі Сәтжан повесіндегі қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тайталасы бір оқыған адамның есінен кетер ме? "Көксегеннің көргендері" повесінде Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. Қақпанмен аң аулау, мылтық ату, мергендердің сан - алуан сырларына қанық болу бар мұнда. Қазақ прозасындағы новелла, оқыс, қызық оқиғалы сәтті шығармаларды атағанда, С.Бегалиннің "Мұстафа қарттың әңгімесі", "Тайатқан тауынан табылыпты", "Алданған жолбарыс" хикаялары бел ортада тұрмақ. Әсіресе, ертерек уақыттарда Балқаштың аспан зәулім қамысын мекен еткен шұбар ала, аң перісі — жолбарыс аулаудың тәсілдерін, ер-азаматтың тапқырлығын, жүректілігін бейнелейтін әңгімелерді кім болса да қызықпай оқи алмаса керек. Халқымыздың жылқы жайын білуі, жүйрік атқа махаббаты "Сұрапылда", "Кер киік", "Колхоз бәйгесі" әңгімелерінде әсерлі көрсетіледі. Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин туындылары бір сала іспетті. Әсіресе, ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, "Бүгінгі Ыбырай", "Қазақтың Маршагы" атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей, бір сөзбен жетпіс жеті жұрттың балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды. С.Бегалин прозасының объектісі — қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қадам аттаған жасөспірім, жеткіншектер — ауыл адамдары. Қаламгердің жетпісті еңсеріп, сексенге аяқ басқанда Қазан революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ ауылындағы, қаладағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді көрсететін документті, деректі негізі бар "Замана белестері" атты мемуарлық роман жазып шығуын суреткерлік үлкен қайрат деп білеміз. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері — белгілі революционер Мұқаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі — Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшһүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын типологиялық тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу", Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебі", Ғабиден Мұстафиннің "Көз көрген" сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады. Республикамыздың атақты композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Еркеғали Рахмадиев Сапарғали Бегалиннің текстіне өн жазған. Сапарғали Бегалин жиырмасыншы - қырқыншы жылдарда ел ішінде кеңес, сот, газет қызметтерінде жүріп, кейін Жазушылар одағында, Ғылым академиясында істеген кездерінде республиканың кең атырабын көп аралап, ескі көз, кәрі құлақ майталмандармен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер — мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмір баянын жазған — Сапарғали Бегалин. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де — Сапарғали Бегалин. Ұлт ойындары жөнінде жинаған материалдары да қымбат. Дегенмен, С. Бегалиннің зерттеуші, оқымысты, фольклорист ретіндегі ең жемісті, ең бағалы туындысы — Жамбылдың ата тегі, өмірі деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып алынған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата - бабасы, алған тағылымы, мінез - құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне революциядан бұрынғы Жетісу атырабының аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын-жырауы, домбырашы - күйшісі жөніндегі фактілер де өте бағалы, дәл. С.Бегалиннің там - тұмдап жарық көрген зерттеуінің кейбір үзінділерін кейбіреулер кейде сілтеме беріп, кейде сілтеме бермей пайдаланып та жүр. Осы маңызды әрі әдеби, әрі этнографиялық тарихи мәні зор жұмысты толық күйінде жариялау оқырманды қатты қуантар еді. Халқымыздың асыл перзенті — Шоқан өмірі бүгінде көптеген көркем шығармаларға арқау болып отыр. Сәбит Мұқановтың, Сергей Марковтың, Сәуірбек Бақбергеновтің ұлы ғалым өмірін бейнелейтін роман, повестерінің қатарында Сапарғали Бегалиннің "Шоқан асулары" дилогиясы өзінің деректі негізімен, ықшамдылығымен, тартымды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұл кітап — тамаша адамдар өмірін фактілі негізден ауытқымай дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі сәтті туындылардың бірі. Сексен жылдығын тойлауға елге барғанда радиациядан уланған бұлақтан су ішіп қойған Сапарғали Бегалин жазылмас дертке ұшырап, мерт болды. Жүзге жетер деп жүрген қайратты жан тоқсанға екі-үш жыл қалғанда дүние салды. Маңайына өлім сепкен аждаһа полигон кесепаты Сапарғали Бегалинді өлтіргенмен, оның шығармалары халқымен бірге жасамақ.

Р.Н. Нұрғали
ҚР ҰҒА академигі

ҚАЗАҚ БОЗБАЛАЛАРЫ

Қыналған киім, сыптай бой,
Қырынған жігіт желөкпе ой,
Киініп кербез ат баптап,
Іздегенің айт пен той.

Барыңды киіп үстіңе,
Қырынып үсті-үстіне;
Ел қыдырып, ет аңдып,
Оныңнан пайда түсті ме?..

Талапсыз, ойсыз бос кеуде,
Ермегің елден ет жеуде,
Көп барған үйің мезі боп,
Ұялар бірақ кет деуге.

Жылытам дер үй-іш ажарын,
Құрмақ боп жастық базарын,
Қалжақтай сөйлеп қағытып,
Қазанда боп назарың.

Екі-үш жігіт әр жерден,
Бас қосып бос сенделген.
Іздегендерің ет пен шай,
Күн ұзын аңдып телмірген.

Қырындап қызға бойжеткен,
Көрінсе ондай бір шеттен,
Жастықтың жөнін және айтпақ,
Ет үшін жүріп кері кеткен.

Қысқарттым сөздің аяғын,
Өзгерер ме деп баяғың,
Ойланар деп осымен
Көп жерлеуге аядым.

Сүймеймін жаяу салдықты,
Мағынасыз ескі қалдықты,
Істеуге түгіл, айтуға ар
Көрсетер жарым жандықты.

Ардақты құрбы, көп інім,
Қалса да айттым көңілің,
Бос жүрме ізден, оқу тап,
Босқа өтпесін өмірің.

1914.

ЫНТЫҒЫП ІЗДЕП

Ынтығып іздеп,
Оқуды көздеп,
Аттандым елден жыраққа.
Көз сүзбей жатқа,

Қалмай артта,
Жетпек болып мұратқа.
Мұраттың алыс қарасы,
Қиын боп жету шарасы.

Талапты жасқа,
Соғылар басқа
Кедергі бар емес пе?
Тамақсыз ақыл

Боларға мақұл
Елде орын тар емес пе,
Тар орында тапшы ақыл
Болар ма оңай мап-мақұл.

Тамақшыл қауым,
Түзеген дауын,
Сезер ме нең бар ішінде?
Өміріңді сарып,

Сонша ашып, арып,
Жұмсаған не бар күшінде
Обыр көзі тамақта,
Ойлы жан көзі талапта.

Талаппен қуып,
Белді бекем буып,
Тағдырдың мініп атына,
Алдымды көріп алыс,

Жете алмаған намыс,
Жалтақтамаймын артыма.
Арттағы таяу, алғы алыс,
Қиналдым үнсіз жол шалыс.

ЖҰМАБЕККЕ

Жұмабек сен бір сорлы жаралған жан,
Саған да жарқырап бір атар ма таң.
Жетімдік, жоқтық, қорлық бірге туып,
Сүйенер қайтыс болды жалғыз ағаң.

Кемдіктің сатып алған құлындайсың,
Жоқтықтың өзі тапқан ұлындайсың.
Күн болар теңдік нұрын көретұғын,
Сол кезде сен де күннің нұрындайсың.

Өмірде бір таң болып неге атпасын,
Жан ұлы бақыт демін не атпасын,
Әзірше көтеріп ал, сыр білдірме,
Сұм тағдыр борандатсын, бұрқақтатсын.

Сол шақта бұл бейнетті ұмыттырар,
Алдында өмір гүлі жайнап тұрар.
Бұл күнде қыңыр қарап тұрған тағдыр,
Күлімдеп саған өзі мойнын бұрар.

АЗАМАТ АРМАНЫ

Мал бағып тыныштықта жүрдік елде,
Аңсадық еркіндікті туған жерде.
Күн туып ер басына, ел күйзеліп,
Көз сүзіп көрінгенге болдық пенде.

Топталып алға түстік қайырғанда,
Зарықтық туған елден айырғанда.
Тендік жоқ, тепкі көріп күйзелеміз,
Батады намыс — арға, қайғы — жанға.

Бар қару — қолда күрек, жер қазамыз,
Халықпыз "бұратана" бар жазамыз.
Айдайды қамшы үйіріп городовой,
Тартқан бұл надандықтан бір сазамыз.

Қолымда қаруым жоқ жауға ататын,
Панам жоқ жан сауғалап қарманатын.
Атайды "бұратана" халықтар деп,
Жанға осы үлкен қорлық шын бататын.

Күн осы, бізден хабар күткен ауыл,
Күйзелме, қайрат жина ана, бауыр.
Бізге де теңдік тиер күн тілейміз,
Құтқар деп өгейліктен мынау ауыр.

1916

КӨШЕР ME ТҰМАН СЕРПІЛІП

Түнеріп түндей томсарған
Көшер ме тұман серпіле,
Аспанның асты нұр жайнап,
Күн кірер ме көркіне.

Сағым басып, сарылған
Қай күйде екен сары бел?
Қабағы қатқан алыста
Қай күйде екен қайғылы ел?

Тағдырмен адам кектесіп,
Қаптаған соң көзді шел.
Тай-таласта тапталып,
Қор болды-ау бейуаз момын ел.

1916.

ҚҰРАЛҒА

Атың — Құрал, құралың жоқ қолында,
Сенің түсер қақпаның көп жолында.
Неге келдің мынау майдан шебіне,
Болдың душар әлдекімнің кегіне.

Жазаң сенің—қойдан қоңыр мінезің,
Әлдекімге артық болдың бір өзің.
Өмірге сен өгей болып туғансың,
Туған күні-ақ жаспен бетті жуғансың.

Сол жасыңның биыл төктің қаншасын,
Төкпе, сақта жігердің тек баршасын.
Кейін — Құрал, керек болар жігерің,
Аман қайтсаң анаң, ауылың, өз жерің.

Қарсы алады, қайратыңды қайт жинап,
Қайратыңмен анаңды уат сен сыйлап.
Атың — Құрал, сен күштің қаруы,
Ел дертінің болғайсың бір даруы.

ҒИЗАТУЛЛАҒА

Құшақтап гармоныңды, Ғизатулла,
Қалайша қалып қойдың жалғыз жолда.
Вологда қаласында адасыпсың,
Ауылға іздемесе, қайтсаңшы онда!..

Әлде сен кетесің бе бізбен бірге,
Бауырсың, емессің сен, бізге кірме,
Бәрібір барар жерің—майдан шегі,
Бір жұмыс—екі қолға, қашсаң—түрме.

Сен бізді жатырқама, гармонды ойна,
Башқұрттың әсем өнін түсірші ойға.
Ел едік Еділ, Жайық тел жайлаған,
Әніміз, жырымыз бір, оны да ойла.

Бүгінде бір айдауда жүрміз жосып,
Адасып қайтқан қаздай елден босып.
Барар жер мәлім емес алдағы өмір,
Кім білсін қандай азап отыр тосып.

Тек сенің, бізден — тымақ, бөркің басқа,
Оған да жол табамыз, әзір саспа,
Үстінде ұзын жолдың бізді таптың,
Қолды бер, Ғизатулла, айырылмасқа.

Вологда, 1916.

ШАНИГЕ

Бір кезде балауса едің сен гүл ашқан,
Деміңнен жан сүйсінте жұпар шашқан,
Аз-ақ күн көрмегелі өтті, Шани,
Қалайша жүзің солып, сұрың қашқан.

Не ғажап сенің мұнша кемуіңде,
Күл болып жансыз, сұрсыз кебуіңде,
Қанша сен жаратқанға жазықтысың,
Кегі бар кешірмейтін кімнің сенде?

Кімнің сен бермей кеттің малын ұрлап,
Кімнің сен қанын іштің, жанын ұрлап.
Табиғат саған куә болды ма екен,
Біреудің сүйгенінде, жарын ұрлап?

Шықты екен қандай ұрлық, қай қылмысың,
Етті екен не себепті мұнша қысым.
Тартқаның қандай жаза, қай орында,
Қан кетіп бұзылғандай мұнша түсің.

Көзіңнің қайда кеткен қарақаты,
Лебіңнің у болғандай бал ләззаты,
Құлпырған қызыл гүлдей екі беттен
Нұр семіп, өшкен жанның рахаты.

Келтірген соның бәрін теңдік арман,
Айрылған өктем күшпен сүйген жардан,
Ғұрыптың құдіретіне душар болып,
Өмірден сыбағаң сол күшпен алған.

Па, шіркін, ерік тисе өз қолыңа,
Аттансаң жайраң қағып өз жолыңа,
Өктем күш, ескі әдет күл-талқан боп,
Күйрейтін күн туар ма күң торына.

1916.

ПЕТРОГРАД КӨШЕЛЕРІНДЕ

Невский деп бір көшемен келеміз,
Көрінгенге таңдана қарай береміз,
Ел де бізге қарайды "бұл кім?" - деп,
Баста тымақ, қолбаңдаған денеміз.

Кейбіреуі қарайды үркіп тымақтан,
Кей ожары тартып қалады құлақтан.
Ерегісіп қарсы келер күн қайда,
"Бұрын қазақ жүрмеген ғой бұл жақтан?"

Дейді менің қасымдағы Қабалақ,
Тымағы оның сеңсең еді, сабалақ.
Оны көрсе түйе көрген мәстектей,
Кетеді үркіп қала халқы бір қарап.

Ел үркеді, біз көшеге сыймаймыз,
Сонда-дағы етек-жеңді жимаймыз.
Көше әдемі, қала ғажап қызықты,
Көрсек тоймай қызырып жан қинаймыз.

Тек таныспыз атымен Пушкиннің,
Онан басқа білмейміз атын ешкімнің.
Ескерткішін ұлы ақынның көргенде,
Қасынан кетпей таңданамыз қатпай үн.

Еске аламыз аудармасын Абайдың,
Татьяна әнін шырқап талай түн,
Өткізгенде ауылда ойын кештерін
Ойлайтынбыз мұны әуелде жазған кім?

Міне, көрдік сол ақынның тұлғасын,
Көкке меңзеп салып кеуде тұр басым.
Үнін қосқан сонау қазақ қырынан
Ұлы Абайдың көрдік ұстаз сырласын.

Қала ғажап, таңданамыз сыртынан,
Сыр ала алмай ұғынысып жұртынан.
Жүреміз бе үнемі өстіп түсінбей,
Сыртын көріп, сырын ұқпай болып таң.

1917.

АЙЫРЫЛДЫМ СЕНЕН СҮЙГЕН ЖАР

Қара көзің мөлдіреп,
"Хош" дедің, сәулем, қарағым,
"Шын кеттің бе" дегендей
Артымнан ұзақ қарадың.

"Айырылдым сенен, сүйген жар,
Көретін күн жуық па",—
Дегендей сенсіз дүние тар,
Түсіңді салдың суыққа.

Сонда сенің сырыңды,
Ішпен үнсіз түсіндім,
Сондағы түйген сырымды
Есіме бүгін түсірдім.

Қайырылып ойды жіберіп,
Қарастырдым сол күнді,
Қайтайын деп бір көріп,
Ойын мен күлкі мол түнді.

Осы мұңлы өлеңді,
Жаздым жүрек емі үшін,
Таппасам рахат бұл жанды,
Бергендеймін сен үшін.

Айырылған жар алыста,
Сенде мендей зармысың,
Әлде үздің бе күдерді,
Жат біреуге жармысың,

Әлде есіңде мен болып,
Мұңайып жалғыз жылайсың.
Меруерттей жас төгілтіп,
Алма бетті шылайсың.

Онда екеуміз ортақпыз,
Қайғы мен қызық сәулеге,
Қытымыр заман талқысы
Салған бізді әуреге.

ЕСТЕН КЕТПЕС ЖЕР БАРАҚ

Тыста—тұман, барақта — бу,
Жылт етпейді күннің көзі.
Айнала — орман сыңсыған ну,
Өзгерген бе жердің жүзі?

Шұқысаң су, бассаң балшық,
Құрғақ түйін қолға ілінбес,
Дегдітпейді дымға малшып,
Желдің лебі бір білінбес.

Аязсымақ болса тыста,
Аппақ қырау дымқыл барақ.
Су мұз болып бар ыдыста,
Шылқып киім, төсек, жарақ.

Селкіл қағып Дәурен ағай,
От тұтатса қаңылтыр пеш,
Тұтанбайды жас қарағай,
Бықсып жатыр ертелі-кеш.

Дәурен кейіп, кейде отырып,
Сағынғанда күннің көзін:
"Қайда кеткен, — дейді, - құрып,
Кім ұрлаған күннің өзін.

Бір ессейші, Арқа желі,
Сағындым ғой қоңыр лебін.
Бақытты екен қырдың елі,
Күнге еркелеп жатқан желін". —

Дейді дағы жабығады,
Жылауға да жоқ мұршасы.
Қапаланып қамығады,
Мөлтіл қағып көздің жасы.

Ерік те жоқ, құн көзі жоқ,
Тұман басып тұншықтырған,
Жан сергітер жан сөзі жоқ,
Айнала азап қақап тұрған.

Азабынан осы барақ,
Құтылармыз қайсы шақта?
Қайтсақ тірі елге тарап,
Еске алармыз әр уақытта.

Бу бұрқырап, моншақтаған,
Естен кетпес тамшыларың.
Кім ұмытар ойнақтаған
Городовой қамшыларын.

Қолпын, 1916-1917.

ПЕТР ДОСҚА

Досым Петр, жақын отыр,
Мұңдасайық сыр ашып,
Сен орыссың, мен қазақпын,
Кеше білдік сұрасып.

Сен жұмысшы, мен малшымын,
Ойда жоқта қостық бас,
Біз мұңдаспыз - бұл дәл шыным,
Болма Петр бізге қас.

Шошымаймын мен де сенен,
Сен де менен үрікпе.
Сырласуға уәде берем,
Салма ойыңды күдікке.

Үлесе алмас бізге не бар,
Екеуміз де еріксіз.
Бұл сырымды, дос, қабыл ал,
Тегінде біз серікпіз.

ДӘУРЕНБЕККЕ

Қаудырап тоңып,
Қарбаңдап қолың,
Жер қазасың Дәуренбек.
Өзіңді зорлап,

Тағдырыңды қорлап,
"Тірімін, бұ да дәурен" деп
Қорлықты жүрсің мойындап,
Жүрген жоқсың ойын сап.

Туғанда анаң,
Қызықтап саған,
Атыңды қойған Дәуренбек.
Ержетіп ұлан,

Жігіт боп бұлан,
Жасасын қызық дәурен деп.
Бүгін сен кімсің, Дәуренбек?
Бүгін сен өгей әурең көп.

Қамшысын ағаң,
Үйірсе саған,
Тосасың арқа жоныңды.
Өлсең де үнсіз,

Сәулесіз, күнсіз,
Көтере алмайсың қолыңды.
Кімсің бүгін, Дәуренбек?
Өгейсің, көрер сәулең жоқ.

Қолыңда күрек,
Бозарып жүдеп,
Өткенің бе өстіп, Дәуренбек.
Еркіндік алып,

Аулыңа барып,
Жүрер ме едің дәурендеп.
Айта алман оның жауабын,
Қайтарман үміт тауанын.

ЖІГІТ СӨЗІ

Сүйгенім деп сүйдім сені,
Сен де "сүйдім" деп едің.
Мен күйгенде аяп мені,
"Мен де күйдім" деп едің.

Алдау екен сол сүюің,
Міне, бүгін байқадым.
Бағаламай жан күйігін,
Қайтып басты шайқадың.

Менде бар ма кінә, назың,
Айтшы маған ұқтыра?
Әлде кінә менен болып,
Бір мінезім шықты ма?

Жатты сүйіп жатырқатты,
Жалындаған жарыңды.
Ақтық сөз деп бір тіл қаттым,
Түсіндіріп зарымды.

Кей көргенде назбен қарап,
Қайнатасың қамымды.
Біржолата суындырмай,
Көп қинайсың жанымды.

Қинағаның қиын емес,
Соқа дерттен өлмеспін
Бұл достыққа сыйымды емес,
Мейлі бақыт көрмеспін.

Жас жанымның сен сөндірдің
Жайнап тұрған шырағын.
Ауыр дертке сен көндірдің,
Болмай опа тұрағың.

Хош бол, хош бол, опасыз жар,
Тірі көмген байыңды!
Сен де сергі күдігіңнен;
Мен бекіттім бойымды.

1924.

ҚЫЗ СӨЗІ

Хатыңды алдым,
Күйіп, жандым,
Жазалапсың жазықсыз.
Өсекке еріп,

Тізгін беріп,
Ауыр бір наз жазыпсыз.
Опасыз боп,
Көзіңе шөп

Салғаным жоқ, нан маған,
Сенермісің,
Жаным түсін,
Қайтып айтсам мен саған.

Мен білемін,
Түсінемін
Естуге ауыр ондай сөз,
Жеңіл ойлап,

Кінә қоймақ,
Шын деп сенбек көрмей көз.
Шын достарға,
Асық жарға,

Лазым емес жан жарым.
Өсек сөзге,
Еріп лезде
Түңілуге барғаның,

Сенші, жарым,
Бұл шын зарым,
Антым барым өзіңе,
Ая мені,

Сүйген сені
Бір көрін, жар, көзіме.

ҚАРЫНДАСҚА

Сәулем Шәни,
Келші кәні,
Берші қолды ағаңа.
Еркіндік ап,

Жүрмей жылап,
Жетті көзің бағыңа.
Совет заңы—
Бақыт таңы

Болды саған, азатсың.
Тылсым өмір,
Жабы көңіл
Қайта оралмай шым батсын.

Өшті ғұрып,
Дауыл ұрып,
Октябрь кеп үйретті.
Ұлы Октябрь

Беріпті нұр,
Қайта гүлдеп жайнапсың.
Азат құс боп,
Бейне алтын шоқ,

Шығып үнің сайрапсың.
Жолың ашық,
Нағыз басып,
Ұмтыл алға, қарындас.

Бұйықпа бос,
Өмірге үн қос,
Өнерге ұмтыл, жолыңды аш.
Қолыңды бер,

Именбе кел,
Мен ағаңмын, досыңмын,
Еркін ару,
Өнер—қару.

Тап, тобыңа қосылдың.

1924

ЖАН ЖАРЫМ

Толықсып тоғай, бұлбұл сайрап,
Сығалады ай бұтақтардан.
Жарқырап көктен аққан жұлдыз,
Мөлдіреп шық шөпті малған.

Қасыма келдің жымиып, сәулем,
Сүйкімді әсем, Нұржамалым.
Естен кетпес сол түнгі әурең,
Бір өзіңсің—бар алаңым.

1925

ЖАЗ ЛЕБІ

Жаздың лебі бір ессе,
Жүректі тербеп оятар,
Алдыңнан үміт елестеп,
Келер күн бейне тіл қатар.

Жел мамықтай үлбіреп,
Ызыңдамай есілер.
Жайдарлы жаз келді деп,
Жер шандуы шешілер.

Жаз лебінен жаным да
Қанаттана ұшардай,
Жаным сүйген жарым да
Елестейді құшардай.

1929

СҮЙЕМ СЕНІ

Сүйем сені, асқар таудың өр басы,
Асылғанда ай толықсып төбеңнен.
Сүйем сені, шыққан күннің шұғыласы,
Жер мен аспан қуанышқа бөленген.

Сүйем сені, жартастардың қиясы,
Күн сәулесі ойнағанда бетінде.
Сүйем сені, батқан күннің ұясы,
Алтын шапақ ойнағанда шетінде.

Сүйем сені, бұлақ суы, сылдырлап,
Таудан ағып тастан тасқа секірсең.
Сүйем сені, жасыл жапырақ, сыбдырлап,
Жасыл тоғай бұтағында теңселсең.

Сүйем сені, тамылжыған жазғы іңір,
Ескенінде хош иісті жел самал,
Мөлдіретіп меруерт шықты алуан гүл,
Тұрса балқып өмірден алып шырын бал.

1927.

ЖАМШЫДА ЖАЗДЫҢ ТҮНІНДЕ

Күміс шардай көкке өрлеп,
Сәулесін төкті маңғаз ай.
Қазбауыр бұлттар көкке өрнек
Салғандай, жылжып көшкен жәй.

Жамшының жарын паналап,
Тығылған айдан көлеңке,
Біз жорттық жарды жағалап,
Тұр ғой деп тосып ақ ерке.

Сәулесі айдай дірілдеп,
Сүңгісе өзен суында,
Тербетіп ағып жүр-жүрлеп,
Тоқтаусыз салған суылға.

Барлаймыз ауыл елесін,
Көрінер ме деп күткен жар.
"Жан сәуле, қашан келесің,
Тостырып мұнша еткен зар".

Елеңдеп қарап жан-жаққа,
Тағатсыз күткен елесің
Көрінеді сұлу бір шақта
Жағалап жардың белесін.

Бұрала басқан ақ ерке,
Наздана қарап әлемге,
Жасырған бізді көлеңке
Гүлге оранды бір демде.

Алтын айдар ару жар,
Ерткендей айды қасына,
Көркіне көркі бара - бар
Құрдас па аймен жасы да,—

Деп ойлап ем сол түнде,
Қасыма келген аруды,
Лебімен арбап ол мүлде,
Мұң еткен жақын баруды.

Келдім, сәулем, сен үшін, —
Деп еді ару үн қатып,
Тартқан соның лебі үшін,
Мен жортып ем түн қатып.

Дариға, сонау әсем жаз!
Арқада Жамшы бойында,
Сондағы біздер айтқан наз
Жоқ па екен сұлу бойында?..

Ұмыттың ба әлде сол кешті,
Айтшы, сұлу, жасырмай,
"Қайтем деп айтып келместі"
Қойдың ба сырға бас ұрмай.

1935.

ӨТЕДІ КҮНДЕР

Бір көктемде қолыма алып,
Иіскеп ем бір жас гүлді.
Жұпар исі мұрын жарып,
Балбырады гүл біртүрлі.

Қалдым гүлден мен көз жазып,
Қайда түсті қалай қурап...
Іштен ойлап жүрдім азып,
Сағыныштың дертіне улап.

Өтті жылдар, өтті күндер,
Ере бердім мен артынан,
Уақытқа әрең ерді гүлдер.
Бөгелтпеді бос тартынған.

Ойда жоқта сол бір гүлді,
Көрдім өмір сүрлеуінен.
Ойыма алып өткен күнді,
Кеттім сүңгіп ойға терең.

1938.

АҚЫН ЖӘНЕ ТЕҢІЗ

(Пушкиннің Қара теңізбен қоштасып тұрған суретіне қарап).
Теңізді дауыл сапырып,
Жартасты толқын тарпиды,
Үйіріліп толқын лапырып,

Толқынды толқын қарпиды.
Көз жеткісіз көз майдан,
Теңіз де, көк те қаракөк.
Алыста тұман бір ойдан—

Жүрегін ақын қайғы жеп:
Ақынның ұшқыр қиялы,
Сүңгиді теңіз суына.
Дауыл мен толқын ем болып,

Жүректің ащы уына.
Қош айтқалы ақын тұр,
Сүйген теңіз шуына: —
Мен де бір толқын өзіндей,

Шуылда толқын, шуылда.
Шуыңа жаным жай табар,
Шуылда шарпып асқарға.
Мен де сендей толқынмын

Ұрылған меңіреу тастарға.

1937

ЛЕНИН МУЗЕЙІНДЕ

Көрген сайын көргім келіп,
Бардым Ленин музейіне.
Көрген сайын жаңа ой беріп,
Алуан өмір музейі бейне.

Қиын, ауыр жолдар кешкен,
Ұлы өмірдің тұр бейнесі.
Қиын күнде түйін шешкен,
Тұр құралдар - сыр пернесі.

Алғаш қолмен Ленин жазған
Тұр советтік декрет те.
Тағы ғажап бір көргенім,
Бір қалам тұр сол ретте.

Сақтаулы тұр өңсізденген
Ағаш сапты темір қалам.
Сабында қол дағы түсіп,
Көп ұсталып көне өң алған.

Сол қаламды көрген жерде
Маған мынау ойлар түсті:
Сол қаламмен ұлы Ленин
Жазды - ау, талай тамаша істі.

Қандай жайда, қай шебердің,
Жасап қолы сол қаламды?
Ұлы дана қолға берді,
Жаңа өмірге жазар заңды.

Ұлы Ленин жазған томдап,
Бақыт кілті сан даналық.
Адамзатқа жаңа жол сап,
Келешекке барар алып...

Па! Шіркін-ай, тым терең - ау,
Аз нәрседе өмір сыры.
Сол қаламды жасаған жан
Дүниеде бар ма тірі?..

ТАҢСЫҚ

Апасы ақ Баянның ару Таңсық,
Туған қыз, тұрған кезде өмір қаңсып,
Шынардың шыбытындай ширатылып,
Қос өрім өстің өксіп суда шалшық.

Оқ тиген ақ бөкеннің ылағындай,
Еңсеңді езіп еді заман жаншып.
Ардақты атың бүгін арманың жоқ,
Батпақтан батыр заман алғанда аршып.

Толықсып тоғысқандай шолпан мен ай,
Шашқандай таң шапағын қызыл арай,
Ақша бет, алма мойын қос ханша,
Ай Таңсық, ару Баян - қос Құралай.

Тұрыпты. Өліпті-міс осы жерде,
Аңыз бол сұлу өмірі қалған елге.
Тірлікте қосыла алмай Қозыкемен,
Ақ Баян арманменен түскен көрге.

Ертегі есте қалған ескі бір жыр,
Ол жырға болған ие ескі бір жыл,
Қай жылда, қашан болды, кім біледі,
Әйтеуір ел жырында бар терең сыр.

Сақтаған ел жүрегі ескі бір сөз,
Көрді ме, көрмеді ме ескі бір көз?
Ақ Баян, Қозы Көрпеш, Ай Таңсықтың
Бейіті осы, өскен жері дейді Аягөз.

Көргенде Аягөздей сырлы өзенді,
Аңызды алыстағы ой кезеді:
Таңсықты тамды көріп тас мұнара,
Болғанын бір терең сыр ой сезеді...

Таңсықта тастан соққан жалғыз мола,
Түксиіп мұңға оранып, шерге тола.
Қанша жыл, қанша күнді өткізді ол,
Дұға оқып сан керуен көше - қона?

* * *
Таңсықта тас мұнара Баян дейтін
Жөкей шал: "Балам, соны көрдім" дейтін,
Түнеріп қас-қабағы бір түйіліп

Шежірелеп кетуші еді заман кейпін:
"Ертегі ел аузында Көрпеш-Баян
Екеуі ғашық болған әлемге аян,
Мал құмар қарау әке қастығынан,

Қосылмай құмарлықпен өлгені аян.
Күйзелген екі жасқа халық сонда,
Екеуін қатар көмген қазып сонда.
Тапжылмай тас мұнара бұл күнде тұр,

Өлуі екеуінің анық сонда.
Бейітте тұр, "Бақа айғырдың" басы қойған,
Ұзыны бәлкім оның артық бойдан,
Тұлпардың тәуап еттім басына мен,

Бес күнде бесік жая бесті болған.
Жануар Қозыкемен бірге өліпті,
Бейнетті ұзақ жолда бір көріпті,
Желгенде жер табаны жиырылып,

Шапқанда шалғай шағын жер болыпты..."
Дейтін де сүйсінетін кеңесіне,
Ел құмар тыңдауға деп кеңесіме,
Аңдаған бай жәмшігін Жөкей шалдың,

Қызықты еді әрбір айтқан кеңесі де.
"Семейден Алматыға атпен шығып,
Ақ боран сұрапылда атпен ығып,
Жол омбы, жөн тоқсырып қар құшақтап,

Жылжытпай сорлатушы еді атты жығып.
Аяңмен ай жүруші ек, жылжумен жыл,
Сондағы ермегіміз осындай жыр,
Алты айда Алатауға әрең жетіп

Келуші ек биыл кетіп, ендігі жыл".
Шал сондай жер түбі деп жете алмайтын,
Құс ұшып қияқ күйіп өте алмайтын,
Тұяғы сан тұлпардың тұқылданған,

Айтатын азапты алыс жолдың жәйтін...
Жасымда сан тыңдаған Жөкей шалдың
Кеңесін тап Таңсықта есіме алдым,
Көргенде тас мұнара Баян бейітін,

Сырына білер ме еді деп құмарландым.
Тас бейітке Таңсықтағы талай жүз жыл,
Сақтаған ел көкейі қайғылы сыр,
Бұл күнде шат халықтың думанымен,

Болыпты балдан тәтті бағалы жыр.
Таңсықта таң қалғандай бүгін өмір,
Шаттықпен шарықтайды көрсе көңіл,
Қала анау, халық мынау мәз-мейрам боп,

Колхоздың дәулетімен жайнайды өңір.
Ойнақтап болат тұлпар күні - түні,
"Сергоның" жер солқылдап шыққанда үні.
Ақантай Түрксібтің ардагері,

Жүйткітеді паровозды бүгін міні.
Бір кезде Бақа айғырмен ер Қозыке,
Жорытқан жөн, жолдасы жоқ жүріп жеке,
Дидарын Баян жастың бір көре алмай,

Тұрмыстың тұтқыны боп ар келеке.
Ал, бүгін болат рельс төсеп баурын
Қондырған қызындай ғып өнері аулын,
Ақантай, Ақжамалды ардақтады ел,

Еңбекпен сүйсіндірген жаңа қауымын.
Жөкейдің алтай жүрген алыс жолы,
Ақантай алты-ақ сағат жортады оны.
Алысты адым жер ғып болат "тұлпар"

Тоқымдай Түрксібке жердің жоны.
Еңіреп, Ерік көксеп ару өлген,
Құба жөн, қуқыл дала қайғы көмген...
Ал, бүгін Ақжамалдың күлкісімен

Тұр күліп, тұр масайрап бақытты өңмен.
1940.

ЖАСЫЛ ЖАПЫРАҚ АРАСЫНДА

Еседі жел кешкі самал,
Отыр ойнап қос өрімтал,
Жасыл жапырақ суылдайды
Сыбдырлайды көк шыбықтар.

Бұлбұл төкті әдемі әнін,
Таңдайынан тамғаңдай бал.
Қара көзі қаймаң қағып,
Ерні үлбіреп сүйіскен жар.

Жасыл тоғай жамылыпты,
Бал алысады қос өрімтал.
Гүлдей жүзін күлімдетіп,
Беттен сүйеді кешкі самал.

Жамырасын жапырақтар,
Жасыл майда жарқын таңды,
Күткен ойнап жас құрақтар,
Сүйсін жарқын, алсын балды.

1940.

КӨКТЕМ БҰЛТЫ

Аспанның алыс әлемін,
Көктемнің кезді жас бұлты.
Айтқандай аспан сәлемін,
Жаңбыр жауды, сел құйды.

Сапары бұлттың тым жырақ,
Аспан ғой астын кең жайған.
Түн болса бұлт маужырап,
Бал алғандай нұрлы айдан.

Сүйемін көктем жаз бұлтын,
Найзағай атып ойнаған,
Кемпірқосақ сұлу тым,
Салады жүйрік ой маған.

Дариға бұлттың жәйіндей,
Жарқылдап көктің жүзінде,
Шындықты жырлар тайынбай,
Болсашы жалын сезімде.

1940.

ЖҮРЕК

Суылдап жел, шулап орман
Күңіренгендей айнала.
Қарт күзетші күтеді таң,
Тұр тұнжырап сай-сала.

Күткен қартқа күдікті бір,
Келді қаптап жат дыбыс.
Қартты ұстады, айтқызбақ сыр,
Жетті ұрланып топ неміс.

Қартта "тіл жоқ", күтті офицер,
Сұрайтыны партизан.
Қарт па қажып сырын берер,
Сырынан да оңай жан.

Ажалды әкеп көз алдына,
Қарттан күтті жауы сыр.
Толған жүрек кек жалынға,
Қартта "тіл жоқ", я қыбыр.

Қалың орман, қаракөк түн,
Қырым тауын сүйген қарт,
Туған елін сүйгені үшін,
Жанды отқа жалындап.

Туған жерді, туған елді,
Сүйсең сонау қартша сүй,
Тісте ерніңді, шыда өлімге,
Сырды берме, жанды қи!

1942.

ЖАР СУРЕТІНЕ

Қайта - қайта мен қараймын
Суретіңе сенің келген.
Жарқын өңді таба алмаймын,
Келбетің тұр мүлде өзгерген.

Дерсің соғыс әжімі ғой
Ауыр күнде салған ізін.
Бар сияқты тағы бір ой,
Суық, суық, рас жүзің.

Күтем, күтем, жан жүрегім,
Ынтызарым жалғыз өзің.
Аман қайт тек бар тілегім,
Жоқ қой менде басқа сезім.

1942

ИІРДІ AHA ҰРШЫҒЫН

Қырпықтап шүйке қылшығын,
Ұлпасын созып иіріп,
Зырлатып ана ұршығын
Қояды айдап шүйіріп.

Безектейді жез ұршық,
Бейне бір желген нар тайлақ,
Баяуласа құлшынтып,
Қояды ана қайта айдап.

"Созылшы кәне, жібектей,
Үйіріл, ұршық безекте,
Батырға арнап тоқыйын,
Саусақты жылы першетке.

Жіберейін тез тоқып,
Аяғына жылы ұйық.
Майданда жүрген ерлерге,
Отанын қорғап жау қырып.

Сықылдап аяз шаңытып,
Біресе борап қар түтер.
Сұрапыл соғып суытып,
Әлемді қыс тітірентер.

Кисін сонда қолына
Жұмсақ жылы жүн қолғап.
Атсын жауды өлтіре
Зеңбірекпен оқ толғап.

Қарымасын қатты аяз –
Шатынатқан көк болат,
Қысқа да қалды уақыт аз,
Үйіріл ұршық зырыл қақ",

Дейді де ана саусағы
Шүйкені созады маймаңдап,
Үйірілші, ұршық, тез тағы,
Желбендеп желген нар тайлақ.

Өткен жылда ананың
Ұршығы желе үдере,
Қуантып қолын сан ердің,
Қыстың қиын күнінде.

Қайрат беріп қаһарман,
Батырларға жылы ұйық,
Ағызып еді жаудан қан,
Көктен, жерден оқ құйып.

Биыл тағы жез ұршық
Безектеп ана қолында,
Үйіріледі құлшынып,
Тұрмайды бір орнында.

Ана биыл иірер,
Жеңістің жібін ширатып,
Батырлар жылы киінер
Жеңер жауды қиратып.

АҚША ҚАР

Ақша қар жауып ашылып,
Жайнады мөлдір көк аспан.
Шұғыласы қарға шашылып,
Күн әлемге нұр шашқан.

Қардан көрпе жамылып,
Бүркенді торғын қара жер.
Ұлпаға орман малынып,
Солқылдар бұтақ, ессе жел.

Бөбектің сүйіп бетінен,
Аймаласа ызғырық.
Ойнақтап ұлан лепірген,
Шаңғысын қарға сыздырып.

Айнадай аспан асқар тау,
Айнала өмір думаны.
Серпілген ашық омырау,
Жүйріктей жүйткіп дудағы.

Ойнақтаса ұландар,
Қиядан зырлап шүйіліп,
Мұнда өнер бар, сан сыры бар...
Қуанам мен де сүйініп.

ЖАС СҮҢҚАРҒА

Ұшқыш гвардеец Байсұлтановқа
Қиыр шексіз теңіз майдан,
Одан да үлкен шексіз аспан,
Көк қияға қанат жайған,

Көп құзғынмен күнде алысқан.
Болат қанат гвардеец
Батыр сұңқар бауыр Әлім,
Туған елден, сүйген жерлес,

Жалындаған бұл сәлемім.
Сен бір ұштың бұлтқа бойлап,
Шалды көзің бір "шағала"
Жау құзғыны еді қулық ойлап,

Шабуылға шыққан жаңа.
Сен оны айдап шықтың бұлттан,
Төбесінен түсірдің жай,
Көк шыңынан допша қаққан,

Түсті суға, көмді оны ылай.
Бір топ құзғын көрді сені.
Ұшты қаптап, сескенбедің,
"Ала алмайсың тіпті мені,

Маған жету қиын", — дедің.
Жеткізбедің жеті құзғын,
Қала берді бұлтқа оралып.
Сен самғадың бұлтты бұздың,

Шықтың түнек тұман жарып.
1943.

ЖҮРЕК ҮКІМІ

Балбыраған көктемде гүлдеп бақша,
Айырылысар жетті күн қыз бен жігіт.
Жігіт кетті әскерге—майдан жаққа,
Қыз оқуға "барам" деп қайтты күліп.

Қамал бұзды сол жігіт бір соғыста,
Жарасы ауыр, тек тірі қалған жаны,
Қабырғада ілулі тұрған тұста,
Көрді айнадан өз түрін танымады.

Түсті есіне судағы өз дидары,
Ғашық болған бір кезде құралай көз:
Мұңға батып қиналып жігіт жаны,
Хат жіберіп сол қызға жазды ауыр сөз.

"Мені күтпе сарғайып, қымбат досым,
Сен сүйерлік көркім жоқ, мен жарымжан", -
Жігіт хаты қызға кеп жетті тосын,
Хатты оқып қыз қайғырып болды қайран.

Қыз хат жазды: "Кінәм не сен түңілер,
Неге жаздың сол сөзді қайрылмастай.
Көркің емес, сен мені жарым деп біл,
Жаным пида жаныңа айырылмастай".

Балбыраған көкемде гүлдеп бақша,
Барды алыстан бір күні жарды іздеп қыз.
Жүректегі шын сүю кетті ұзаққа,
Көрікті емес, көңілде достық лебіз.

1944.

БАЛА ҚЫРАН

Бала қыран талпынды,
Көктің төсін құшуға.
Қомдап қанат алқынды,
Құмартады бір ұшуға.

Әсем аспан астын кезіп,
Сермеп кербез қанатын.
Өр тәкаппар қияға ұшып,
Алам деп өз тоятын.

Жіберді де бір шаңқылдап,
Қарады үнсіз аспанға.
Шеңгелімен түлкі алқымдап
Түскендей бір қашқанда.

1944

ЕКІ ХАТ

Орман гүлдеп толықсыған,
Асар таудың сай-саласы,
Құстар сайрап мың құлпырған
Алуан үнмен айналасы.

Елестетіп Айдар көркін
Кетті Әнуар терең ойға.
Тәтті сырлар билеп еркін,
Сағынышы тарап бойға.

Алған хаты Айдарынан
Балдай шәрбәт жан қорегі.
Әр сөзінен ерінді жан,
Сертті сергек ой береді.

"Сәулем Әнуар, сағынарсың,
Сарғаярсың, күтіп ұзақ.
Жанға медеу хатым барсын,
Орай басқа, жүрсем ұзап.

Шын махаббат атыменен
Аузыма алам есіміңді.
Соны ту ғып, майданға енем
Күтем нұрлы келер күнді".

Осы хатты оқиды Әнуар,
Айдар жазған қан майданнан.
Шын елжіреп айтыпты сөз.
Артық көріп жарын жаннан.

Алды қолға қарындашын,
Көз жіберді кең алапқа.
Неден бастар сөздің басын,
Жан жарына жазар хатқа.

Сағындым деп бұл да айта ма?
Күнде айтылған көптің сөзі.
Сағынса да мың қайтара,
Осы ма оның айтар кезі?

"Хатыңды алдым, жаным Айдар,
Менің сырым өзіңе аян.
Өтсе дағы жылдар, айлар,
Келешекке қанат жаям.

Сені елжіреп сүйген жүрек
Тұрар соғып бір сен үшін.
Соны өмірге еткен тірек
Достыққа деп жұмсар күшін.

Күнді күтіп, ойнап саусақ,
Қызылшаны бөлеп жерге.
Тез болсын деп кездесер шақ —
Ер оралар туған елге.

Сонда мынау аспан айы,
Әлем көркі төгер нұрын.
Туған жердің райхан сайы
Тыңдар балқып жарлар сырын.

Біз қосылып ән салармыз,
Сонда мынау бұлбұл сайрар,
Жан жүректен бал алармыз
Аман сау кел, сәулем Айдар!".

1944

ҚУАН, БӨПЕМ!

Тамылжыды жазғы іңір,
Туды толқып алтын ай.
Сайрап бақта тұр бұлбұл,
Тыңда, тыңда, сәулетай!

Самал желі жүгіріп,
Сыбдырлады жапырақ.
Торғын аспан құлпырып,
Туды жұлдыз жарқырап.

Қуан, қуан, бөпешім,
Келді папаң сәлемі.
Әлі-ақ өзің көресің,
Сүйер келіп ол сені.

Отан жауын қиратқан
Папаң сенің жауынгер.
Одан сәлем әкелді,
Бізге мынау жүйрік жел.

Келер өзі жан әкең,
Құртып жаудың қарасын,
Сүйер құшып қуанып,
Сүйген жарын, баласын.

Жыртқан түйреп жау оғы
Сұр шинелдің жеңімен.
Қолына алар ол сені,
Сүйер ыстық демімен.

Шынықтырған зор жорық
Күшті, күсті қолымен.
Сені ойнатар көтеріп,
Шаттанар да алар дем.

1944.

МЕЙІЗЕК

Заулап желеді қос күрең ат,
Мен келемін батып ойға,
Туған жерді сүйе қарап,
Сыр пернесін шерткен бойда.

Жол жағасы толықсиды,
Піскен егін желге ырғалып.
Жерді танып ой шалқиды,
Билеп қиял кетеді алып.

Мынау жайлау бір кездегі
Даумен жайлап, шумен көшкен.
Жазда жанжал, күз келгенде,
Елсіз меңіреу дыбысы өшкен.

Мынау, жайлау Мейзек еді,
Кім абайлап сырын сезген,
Ел еңбексіз бір кез еді,
Көшіп желдеп аңша кезген.

Бүгін Мейзек кен қоймасы,
Жаңа бес жыл кілтін ашқан.
Егіс болып айналасы,
Дала бейне маржан шашқан.

ҚАРАҚҰМДА ТҰҢҒЬІШ МАЙ

Қаңсыған сусыз Қарақұм,
Қарбайып қаңбақ өспеген.
Дөңбекшіп құмды алабың,
Күнің жоқ аунап көшпеген.

Жарқырап шығар жазың жоқ,
Аязды қарлы қысың да,
Тамшы су, тал шөп сазың жоқ,
Ұшып өтер құсың да.

Миллион жылдар сазарып,
Жатыр едің, Қарақұм,
Кеудеңді бір үн қақ жарып,
Бөлеңді шуға алабың.

Тұңғыш май келді гүлін ап,
Жайнатты құмның алабын.
Болашақ ертең орнын сап,
Құмдағы жаңа қаланың.

Алшақтай аттап құм белді,
Ашалы азу, аршын тіс.
Арналап жарып тың жерді,
Дүрілдейді алып күш.

Ырғалады ақмақ та,
Жайқалып егін, шалғының.
Заводтар гулеп жан-жақта,
Гудоктен шықты айбынды үн.

Басталды құмда жаңа өмір.
Мекені болып жаңа жұрт.
Тебіндеп өсті жаңа гүл,
Құлпырдың, құм бел, жаңарып.

НАРЖАН ҮШКЕ ТОЛҒАНДА

(Мәжиттен туған Нартай немереме арнаймын.).
Үш атанды аман көріп,
Толдың үшке, Нартай жаным,
Бүгін саған бата беріп,

Ұмытты атаң қартайғанын.
Үмітпенен сені тосып,
Топтап жасап тоқсан жылды,
Үш буынның басын қосып,

Қуанды атаң көңілі тынды.
Жай қолыңды, айтсын атаң
Жүз жыл жиған ықыласын.
Бейнеті емес көрген қатаң,

Бақыты мен берсін жасын.
Әкесінің атын саған,
Ұялтпас деп тұр тапсырып,
Ақыл, қайрат аршындаған,

Болсын саған бар жақсылық.

УА, АҚЫН

(Ю. Лермонтовқа)
Уа, Кавказ сан ғасырдың тұяғына,
Сан жылдың зулап ұшқан қияғына
Бастырып шоқтығыңды тарих тізіп,

Сақтадың талай сырлы ұяны да.
Асқарсың аспандағы айға ауылдас,
Қол созған күнге бойлап, көкке шыға.
Сұлу шың, әсем өзен, жартасыңды

Сан ақын қанат қылған қиялына.
Ақынның өрістей ме ойы аспанға,
Шықпаса қиял құсы ұлы асқарға.
Шыңынан аспанға, айға қол созбаса,

Тереңнен тебірентіп сөз бастар ма.
Теректей Қап тауынан шыққан қайнап,
Өр талант ұшты ойнақтап, найзағайлап,
Жалындап туды дағы өшті жанбай,

Қадады қара күнге сөзден сайғақ.
Сондағы түнек Ресей даласынан,
Сұмдық пен жауыздықтың жаласынан
Айтты ақын аттанарда: қоныс табам,

Сүйгенім сұлу Кавказ саласынан.
Ақынның қиялына жердің шары —
Емес пе домаланған жалғыз тары.
Өткенін, келешегін, жаңылар ма,

Мөп-мөлдір судай таза ақын жаны.
Ол сонда, жібек қанат жырын көкке,
Демонын ұшырды да келешекке.
"Мен Демон келем ұшып, келешек жұрт,

Сен ая, бауырыңа тарт, сыртқа теппе".
Деп солай Қап тауынан алды да орын
Көтеріп келешекке ақын қолын.
Мәңгілік асыл сөзден маяк соғып,

Өсем деп жатты құшып "Қаптың" жонын.
Келешек, ұлы ақынның мұнарасын,
Қалаған поэзия асыл тасын.
Жанға азық, ойға сусын ете берді,

Тоймады қанша көрсе тамашасын.

АБАЙ ӘНІ

Сазарған дала,
Ел бір жас бала,
Ертеңінен хабарсыз.
Сондай бір күнде —

Күн емес түнде,
Жасадың өмір амалсыз.
Алысып қалың наданмен,
Қарысып қатал заманмен.

Қиналса жаның,
Уланса қанын,
Тапқан дауаң ән мен жыр.
Наданды жерлеп,

"Адам" деп, "ел" деп,
Күңіреніп күйіп айттың сыр.
Ұғынған халқың сырыңды,
Жаттады асыл жырынды.

Оянып дала, Есейіп бала,
Арманына ел жетті.
Жазылып жара,
Жетіліп сана,

Адамдық, ғылым ер жетті,
Жүрегіндесің халықтың,
Төріндесің тарихтың.

1954

ТАМШЫ

Бұлттан ыршып түсті жерге
Тамшы ақықтай мөлдіреп,
Кетпей ұшып соққан желге,
Гүл бүріне қонды кеп.

Аңсаған гүл жұтты жайнап,
Тартты ішіне тамшыны.
Ашылды күн шұғыласы ойнап,
Жайнады гүл талшығы.

Күн нұрынан гүл сергіді,
Кебірсіді тамшы ұшты,
Айдады жел сыр белгілі,
Тамшы бу боп бұлт түсті.

Қайта бу боп, тағы су боп,
Кетті тамшы домалап.
Тағы келіп қонды егінге,
Шөлдеп тұрған күн жалап.

Егін балқып дән толтырды
Тамшы кетті тамырға,
Егіс жайнап, қыр құлпырды.
Өсті алтын дән сол қырда.

СЕМЕЙ

Даланың тастап шуларын,
Шыққанда жаяу ауылдан.
Бір білім болып қуғаным,
Жасқанбай қатер дауылдан.

Бет алып едім Семейге,
Ізденіп білім сәулесін.
Қиналса жаным кей-кейде,
Деп еді "достар әуресің..."

Артымда қалды жосылып,
Ауылды тастап шыққан із,
Талапқа қайрат қосылып,
"Қажытпаспыз, - деді - біз".

Сүйеніш болып әр үміт,
Созғанда қолды қияға.
Ауыр күн артта қалды ұмыт,
Тұншықтырған ұяда.

Өмірге көзім ашылып,
Аз білім нұрлы шырайын.
Түсірді маған шашылып,
Жарыққа сүйреп күн сайын.

Қымбатсың маған Семейдің
Құмы мен суы Ертістің,
Не таптым сенен демеймін,
Бойымдағы бар күштің

Азығын алғаш мен алғам
Халқыңнан, сенің қалаңнан,
Өмірімді тұтас арнағам,
Далама туып жаралған.

Борыштымын мен саған,
Алғаннан аз бергенім.
Арнармын талай жыр саған,
Аяман қолдан келгенін.

1954

СЫРЫМ

Өмірге түзде туып қырда өскенмін,
Күңгірт күн күңіренген жылда өскенмін.
Еңбектеп ес білгенше балапандай, .
Тұңғиық тұман басқан күн кешкенмін.

Қарманып қараңғыда күнді іздегем,
Сырымды сұрапыл жел білгізбеген.
Өкпені өрде өшіріп алқынғанмен
Тар заман күнгейіне кіргізбеген.

Сонда да қарап жатпай қарманғанмын,
Заманға құл болуға арланғанмын.
"Заманың түлкі болса, құмай боп шал"
Дегендей бел буардан бір шалғанмын.

Тозаңға топтан қалмай ілескенмін,
Тағдырмен талай рет күрескенмін.
Бәйгесін бостандықтың құрбылармен,
Бірге алып, бірге бөліп үлескенмін.

Сол бәйгем алтын шоқты айдарымдай,
Заманда адамдықтың майданындай,
Желпілдеп жел естіріп айдарымнан,
Міне, мен жеттім заман айғағындай.

Қол бұлғап кейінгі елге айтам күліп,
Ол елім келер ұрпақ арттағы ұрық.
Мен ұлы партияның мүшесімін,
Солдаттай келем әр кез сапта тұрып.

Біз еккен кездессеңдер көк шыбыққа,
Құрмет ет бір бұтағын жерге жықпа.
Дәуірдің ұлы жаңа адамы еккен,
Ағаштың миуасын ал, саяла, ықта.

Сендерге бақыт бағын біз орнаттық,
Біріміз ұрығын егіп, біреу бақтық,
Еңбекпен маңдайдан тер тамшылатып,
Сендерге мәңгі бақыт отын жақтық.

Сол отты өшірем деп шапқан жауды.
Оғына жотаны емес омырауды.
Қаймықпай қарсы төсеп, салдық айдап,
Бастырмай жаңа өсірген бақша-бауды.

Еркімен сендер өсіп ер жетсін деп,
Шыңына коммунизм ел жетсін деп.
Баста ми, бойдағы күш, қолдағы өнер
Барды біз қарыштадық тез жетсін деп.

Сөкпеңдер мақтанды деп келер ұрпақ,
Сенбесең біз жасаған өмірге бақ.
Куәсі күн нұрындай өшпейтұғын,
Ескерткіш ұлы еңбектен тұр ғой шырақ...

ШАҢҚАНАЙ ҚЫРЫНДА

(Шоқан Уәлихановқа)
Құйрықты туған жұлдыздай,
Шығып ең қазақ көгіне,
Түсірді ұзақ тұрғызбай

Кездестің заман кегіне.
Аспаннан сырғып аққанмен,
Түстің кеп туған далаңа.
Жаныңды заман шаққанмен,

Дақ түспеді санаңа.
Топырағың асыл жастанып
Жатыпсың Жоңғар жонына.
Қараңғы түнде қасқарып,

Алғандай шамдал қолыңа.
Асқар ойлы асау жан
Бір кезде жалғыз тусаң да,
Қыраңдай шыңға талпынған

Жастай-ақ білім қусаң да,
Жете алмай ізгі мұратқа
Арманмен аңсап өтсең де,
"Болады бәрі бір шақта

Мен жете алмай кетсем де", -
Деген ең сеніп, келешек
Сәулесін көріп түнектен,
Уақытыңнан өзің ересек

Адамдық таза жүрекпен, -
Кетіп ең тартып айқын жол,
Шаң басып, шөп өспейтін.
Жеткізген бізді бастап сол

Достыққа ұлы өшпейтін.
Еңбегің құрбы бізбенен
Бірге жасап, бірге өскен.
Достығың осы еді іздеген

Ұлы жұртпен бірлескен.
Күн асқан сайын басыңа
Құрметпен халқың ағылған.
Қуанып келсе қасыңа

Алыста жүрсе сағынған.
Бір кезде жалғыз бір жонда
Жатсаң да ұзақ жабырқап.
Мұраңды алды ел қолға

Еңбекке дана таңырқап.
Жайнаған жаңа заманда
Жаңа жұрт жаңа өмірмен,
Атағың жетті ғаламға,

Бір кезде күңгірт көрінген.
1955.

ҚАСЫМҒА

Мынау жатқан жалыны өшіп Қасым ба?..
Ақын еді туған ұлы ғасырда,
Бұлтқа бөлеп дауыл шайқап туғызған,
Жарқылдатып меңзеп бейне жасынға.

Еркін өмір құшағында ержетіп,
Қақты қанат ұқсап түлек лашынға.
Алып топшы жыр қанатын сермеді,
Шығар ма деп дүние шыңның басына.

Өр кеудесі жыр көгінен бүгілмей,
Ойда арманы халық арнаған жүгіндей,
Ұшты арқалап алғыр талант әр ақын,
Тізе бүгіп жалықтым деп жүгінбей.

Бүгін көзін ақын жұмған өмірден,
Жыры қалды жалынменен өрілген,
Өлді деуге ақынды ауыз бармайды,
Оның жыры жоғары тұр өлімнен.

1955.

АРМАН ЕМЕС

Алпысты алыс жас көріп,
Ойлаушы едім жетпестей,
Балғын дене, жас көрік,
Көрінуші едің кетпестей.

Жетіппін сол алпысқа,
Алқына басын асығып.
Жастықтан қалды қай нұсқа,
Қарттыққа тұрмын бас ұрып.

Ойласам алдым жақындап,
Артымда жатыр алыс із.
Кәрілік жетті тақымдап,
Құтқарар емес, алдым құз.

Мұңайып маған қарайды,
Бір кездегі жастық күн,
Миллион ойлар тарайды,
Әлсіз ғана келеді үн.

Анық неге естілмей
Алыстайды сол дыбыс,
Көктемі жастық көшкендей,
Тұр ма әлде жақын қарлы қыс?

ПОЕЗД ҮСТІНДЕ

Көкпекті жонда көлкілдеп,
Будырап жатты ақша қар.
Бастықпай беті үлпілдеп,
Жап-жаңа түскен қалпы бар.

Жарқылдап қылау күмістей,
Көрінді маған поездан.
Өңіне кіршік із түспей,
Түскендей сынып жұлдыздан.

СҮЙІКТІ ӨЛКЕМ ТУРАЛЫ СӨЗ

Қыста қымтап қар көрпе
Жөңкіліп жайсаң жаз жетсе.
Іркусіз жортып жел ерке
Сағымды қырда тербетсе.

Шарықтап қиял алысқа
Кететін кезіп даланы.
Өндіріс орнап бұл түске
Көрем деп жаңа қаланы.

Жоқ шығар қазақ ойлаған,
Кен қайдан кірсін түсіне,
Білгені жалғыз мал ғана
Жоқ еді басқа ісі де.

Тұншығып жатқан асыл кен,
Жайлауда күзек көңінде
Арнасын бүгін ашып кең,
Түсі емес, көрді ел өңіңде.

Алдыңа ұшқыр ой тастап,
Көресің байлық сәулетін,
Алуан байлық құлаштап
Шалқытты халық дәулетін.

Аршындап алып құрылыс,
Даламды мотор дулатқан.
Ояңды тыңнан алып күш,
Келешекке жол тартқан.

Адамның дана ойына,
Бейбіт еркін жол ашқан.
Октябрь ұлы тойыңа
Қуанып жырдан гүл шашқан.

Мен даланың ұлымын,
Жасым кексе, жаным жас,
Астында Ленин туының
Құдіретіңе ием бас.

ЖАҢА ҚАЛА

Ашылып алып аймағы,
Ақтарылған асыл кен,
Тақтасын кертіп сайдағы
Атырабын үңгіп ашып кең.

Шыңырауда жатқан қоңыр тас,
Алынып темір сом діңгек,
Қопарып жатқан батыр жас,
Қопартып жатқан ұлы еңбек.

Аршын азу аттағыш,
Төбені түйреп аударып,
Жүргізіп маман баптаған,
Тілімдеп жонды қақ жарып.

Жаңа кенде жас маман,
Жүргізіп алып тетікті.
Жаңа қала, жаңа адам
Даланы думан етіпті.

"Ағай" деп алдан күлімдеп
Жас қазақ шықты инженер,
Тас үккен мотор гүрілдеп,
Жүргізген бәрін жас шебер.

Гулеген тасқын бір екпін,
Заманнан озбақ қарқыны,
"Қымбатты кенмін, керекпін",—
Дегендей зор күш шалқыды.

Арқа, Оралдың сілемдес,
Босаға, белдеу шегінде,
Ильич шамын алып ГЭС
Ойнатқан Арқа көгінде.

Туысқан елдің туы еңбек,
Бөленген ғылым табысын,
Бейбіт ел баққа бөленбек,
Асырып көкке дабысын.

1958.

АТА ҚАЗАҚ АУЗЫНАН

(Бірінші сөз)
Сан заманды қарытып,
Сан тұлпарды арытып,
Сан соқпақты көнелеп,

Сан қияны көбелеп,
Тұманды тұйық белді асып,
Сусыз, жолсыз шөлді асып,
Сақал-шашты ағартып,

Үдере ұзақ жол тартып,
Тапқандай өмір қонысын,
Қоныстың балқаш сонысын.
Желмаясын шөгеріп,

Асан - қайғы өңі еніп,
Отырғандай масайрап,
Ата қазақ тұр сайрап:
"Уа, шырағым, шырағым,

Қасаңдау еді құлағың,
Табылсын барлық мұратың,
Бар еді бір сұрағым;
Естірте айтып ұғындыр,

Той, думанын маған бір..."
Деді де қарт сөз тосып,
Салды маған құлағын,
"Тойға мен де үн қосып,

Сыр айтам" деді, шырағым.
Тойдың сырын ұққандай
Қуаныш сыртқа шыққандай
Ата қазақ жадырап,

Үні тауды жыққандай:
"Мен бала боп өскелі
Елім мен өмір кешкелі,
Қай белесті аспадым,

Қай қияны баспадым,
Қай азапты көрмедім,
Қай мазаққа көнбедім,
Соның бәрін өткенде,

Бақытты заман жеткенде,
Жерұйық тауып жерінен,
Арылып қайғы елімнен,
Жерімнен қазына ашылып,

Еліме тағдыр бас ұрып,
Бетеге сайын қой өріп,
Тарлау сайын тай өсіп,
Бидайық басы дән болып,

Жарлауыт сайын кен болып,
Толықсып көңілім толғанда,
Еккенім өсіп орғанда,
Тойың болса, қарағым,

Бас болып өзім барамын,
Мақтан қып айтар ерім бар,
Бақытты елдің мүддесін
Ақтайтын дәстүр сенім бар", -

Деді де қарт күлімдеп,
Ұлы тойға сайланды,
"Жетіпті думан күнім" деп,
Ақсақал төрге жайланды.

Ата қазақ айқайлап,
Көне өңінен нұр жайнап,
Шежіресін өмірдің
Шебер сөзбен тұр сайрап.

Екінші сөз
Алтай, Орал, Арқа, Алатау саласын,
Балқаш, Каспий, Арал, Зайсан арасын,
Ертіс пен Сыр, Жайық, Нұра, Жетісу,

Ендей көшіп елім жүрген даласын.
Көз жіберіп кезер болсам өткенін,
Көрем талай асқарлы асу өткелін,
Тайғақ кешу, тар жолында елімнің

Білем меруерт, маржан төгіп кеткенін.
Оны көрер көз бар ма еді елімде,
Жеткізе айтар сөз бар ма еді ерімде,
Көзі күңгірт, үні жым-жырт сардала,

Асыл барын кім еледі жерімде.
Туды Октябрь — жайнады аспан ашылып,
Күн нұрынан жатқан асыл шашылып,
Ерім көрді, елім терді қуанып,

Асылымды қоқым басқан жасырып.
Өмірімді гүлге бөлеп жайнатқан,
Заманым ғой ойымды асыл сайратқан,
Ұлы Ленин партиясы нұр төгіп,

Келер күнге ауылым бүгін жол тартқан.

МАҚТАНЫШЫМ МОСКВА

Елдің көне өмірін,
Ердің жүдеу көңілін,
Жарқыратып жаңартқан,
Ұлы жолға көш тартқан.

Құдіретті Москва.
Ел санасын өсіріп,
Қатты татты өшіріп,
Көрмеген еш жасқанып,

Компартия басқарып,
Қамқор болған Москва.
Жаңа өмірдің тірегі
Партияның жүрегі,

Күндей күлген дананың,
Асқан алып сананың
Шалқытқан туын Москва.
Жетілдіріп, жеткізіп,

Мерейін үстем өткізіл,
Емірене сүйіп адамды,
Таң қалдырған ғаламды.
Өмірге өріс Москва.

Мейірбан боп анадай
Еркіндеттің баладай.
ЬІстық болып ұядан,
Өмірлік сенен сый алған,

Біз де өз ұлың Москва.

АЛМА АҒАШ

Сабағы тұқыл қу түбір,
Балтаның жүзі айғыздап,
Елеусіз сайда жатты бір,
Жүзінен алмас түскен тап.

Алма ағаш қалай ол сайда
Қалайша қашан өскенін,
Ол ағашты қай жайда,
Кім егіп, кімнің кескенін?

Кім елеп оны ойға алсын,
Түбірге көкек қонбаса?
Тұқылға кім көз салсын,
Отыншы біреу болмаса?

Түбірге бірде жас сабақ,
Жалғанды өсіп жан кіріп,
Жамырап өсті көп бұтақ,
Тамырдан балқып дән жүріп.

Бұлбұлдар сайрап бұтақта,
Алуан жеміс тартты бас,
Кәрі түбір бір шақта
Туды қайта болып жас.

Төскейде өскен жүйрік жел,
Ойнақтап көшсе жас бұлт,
Тау тағысы асау аң,
Аспаннан төнген жас бүркіт.

Одан басқа өмірдің,
Білді ме барын ол ағаш,
Сабағын кескен заманға
Лағынат айтып, төгіп жас.

Оның асыл дәнінің,
Ашқан сырын ақтарып,
Бір сабақта сан жеміс,
Өсірген оған жан салып.

Заманның дана ғалымы,
Жасартқан талай кәріні,
Елеусіз жатқан асылды
Ашқан заман алыбы.

Таулар көшіп орнынан,
Дариялар аунап арнадан,
Заманның күші көшіріп,
Қанат бітіп самғаған.

* * *
Бір күні көшті алма ағаш,
Алатаудың төсінен,
Төгілтіп жеміс иіп бас,

Көрменің қалың көшімен.
Москваның бағында,
Жасарып қайта өскенін.
Бақытты заман шағында

Саяхатқа көшкенін.
Көрсеткендей әлемге
Өмірге қайта туғанын,
Қоныс тауып бар жерде,

Тапқанын өмір думанын.
Тұрғандай айтып алма ағаш
Жемісін мол ғып өсірген,
Түбірі көне, жаны жас,

Бұғағы гүлдеп көсілген.
Көріп ем көрме төрінде
Тұрғанын жайнап алма ағаш,
Жемісін жаңа өмірге

Бергенін жырмен етем паш.
1941.

НӨСЕР АРТЫНАН

Найзағай оты жарқылдап,
Нөсер жауды селдетіп,
Сайда сулар сарқырап
Күн де ашылды желдетіл.

Бұлтты түріп, жел қуып,
Аспан шайдай ашылды,
Жердің шаңын сел жуып
Тозаң да ұшпай басылды.

Қара көк аспан мөлдіреп,
Қоңыр самал есті жел,
Кілемдей жайнап төңірек
Күлім қақты туған жер.

Сол бір сәтте жүректі
Кетті билеп бір сенім,
Сол екен ғой құдіретті
Еңбек істеп жүрсе кім.

1946.

ТРАКТОРШЫ ҚАРЫНДАСҚА

Күлім қағып көрінді көктем күні,
Жібек қанат, естіледі жаздың үні,
Азынаған ақ боран қысты қуып,
Жер қуанды думандап күндіз-түні.

Көк үйірім көл болып сай мен сала,
Қызғалдақпен безеніп қыр мен дала,
Еңбек ері егіске аттанатын
Күн келіпті, қарындас, қырға қара.

Темір тұлпар тұяғын қашап жерге,
Дүрілдетіп алапты шықсаң белге,
Көктем күні сағымдап саңлақтанып,
Омырауын тосқандай жібек желге.

Жүйткіт, сәулем, тұлпарды, жүйткіт биыл,
Жылдағыдан өзгеше биылғы жыл,
Әр жаңа дән майданда жауға бомбы
Жеңіс дәнін, қарындас, тез еге біл.

Үдере тарт көктемнің көк майсасын,
Бітік шығып алтын дән, жөн жайқалсын,
Қызтуғанның жазығы жасыл көл боп,
Егін толқып, мол астық ну найқалсын.

Еселеп жырт егістің кең даласын,
Үдете сеп мол астық колхоз алсын,
Сарымайдай сақталған тынды жыртар,
Міне, бүгін күн туды, қарындасым.

Жыртылмаған қалмасын жұрындай жер,
Астық дәнін өсіріп өнім берер,
Еселетіп еңбекті ерше баура,
Сорғаласын қолдан май, маңдайдан тер.

Шыққан кезде күлімдеп көктем күні,
Егіс қырын безентіп күндіз-түні,
Ақ маңдайың жарқырап, ән шырқатшы,
Өзендерде құйқылжып құстың үні.

Қоссын сенің әніңе көктем күйін,
Билеп тұрса кең дала мотор биін,
Симфония төгілтсін алтын аймақ,
Боп жатқандай ұлы той, жеңіс жиын.

EPЛІK, ДАҢҚ ЕҢБЕКТЕ

Тау орнына көлдер орнап,
Құм орнына өсірдік гүл,
Табиғатты еркін қолға ап,
Жаңарттық біз, жайнады өмір.

Кіп-кішкене бидай дәнін,
Балқытады баптап еңбек,
Қара түнек қастық зәрін —
Жауыздықты көмген жерлеп.

Ерлік, даңқ— бәрі еңбекте,
Тағдыры да табиғаттың,
Еңбек ие жер мен көкке,
Өршіл күші адамзаттың...

АНА

Күйбеңдеп қоңыр үйінде,
Жөргекте ұлан өсірдің,
Талпынып ұлан күлгенде,
Масайрап сен де есілдің,

Ер жетті ұлан есейіп,
Тыным көрмей күйбеңдеп,
Қабыдың шапан, тері илеп,
Он саусағың сүйреңдеп,

Аттанды ұлан жорыққа,
Азығын жолға сайладың,
"Шаруаңды ойлап қамықпа", -
Дедің де белді байладың.

Жолын күттің ұланның,
Келеді қашан ұлым деп,
Оралды аман шырағың,
Алдынан шықтың күлімдеп.

ТУҒАН ЖЕР

Дегелең
Сүйсіндім көріп мақтанып,
Туған тауым, асқарым.
Өр кеудеңмен бұлт жарып

Жастанған қазына тастарың,
Мақтаны болып халықтың
Моторға қуат күш берген,
Кен жастанған алып шың,

Арқада көкке төс керген.
Сарқыттай сақтап сан заман,
Жеткіздің асыл ұрпаққа,
Аспанда түлеп самсаған

Қанатты елің дер шақта.
Еңсеңді көкке көтере,
Кен есігін кең аштың,
Байлықтың өрін төтелеп

Мақтасам қалай жарастың.
Өсіп ем сенің өріңде,
Қайнарыңнан нәр алып,
Алуан қилы өмірге

Ер жеттім сенде жаралып.
Аттанғам сенен ертерек,
Түзден тілеп тоятты.
Шыңына өнер ентелеп

Арнағам соған жас шақты.
Жанды еңбегім талпынған,
Орнымды таптым бойға шақ,
Ырзалық таптым халқымнан,

Халқым да шат, мен де шат.
* * *
Бұйыға жаңбыр дым бүркіп.
Дегелең шыңын булайды.

Жеңгем де көзден жасты іркіп,
Көрсетпей жеңін сулайды.
Мен қайтуға жиналып
Жүргелі тұрмын асығып,

Аулымды қимай қиналып,
Сыр бермей тұрмын жасырып:
"Әзілдес, жеңге, әз аға,
Ақжарқын ыстық ықластар.

Ақпейіл туыс, жоқ баға,
Әзілі ащы құрдастар.
Көрістік аман, көңіл шат,
Аттанам бүгін айтып хош.

Көңілге түрлі ойлар сап,
Асықпа, ауылым, мені тос.
Мен келермін сан рет,
Самалды желді төске ала,

Аунармын талай саған кеп
Керім иық, кер дала.
Қияңда қыран қиқулап
Баяғы қалпың ас қар шың,

Баурында талай ойнақ сап,
Сайрандаған жастық күн.
Ойнап өскен замандас,
Аяулы аға, жеңгелер,

Сағынып келіп идім бас,
Баурыңа бастың туған ел.
Мауқымыз бүгін басылды
Көріспей көптен аңсаған.

Сағынышты шаттық жасырды
Жаңалық жайнап самсаған.
Айдамашы атты, Уақбай,
Асықпашы, бауырым.

Көктемдегі шуақтай
Жылы еді қандай ауылым.
Көзімнен таса қалмасын
Туған ұям Дегелең,

Тұрайын көріп арнасын,
Өмірбақи деген ем.
Көрініп тұрсын, Ұялы,
Есіме салып ел төрін,

Кезеңі қырға қиялы,
Ұмытпасын тентегін.

ҮЙТАС

Құлазып Үйтас елсізде,
Талайғы сырды қозғайды.
Көрген қызық жас кезде,
Өмір де ойдан тозбайды.

Бір сырды еске түсірсем,
Сан сырым сонан қозғайды.
Қанша қызық кешірсем,
Жас күннен бірі озбайды.

Толықсып туып алтын ай
Арқаның әсем түнінде,
Назданып күліп сәулетай,
Еркелік наз бар үнінде.

Келмеп пе еді өзі іздеп
Уәделі сайға аулаққа,
"Именіп едім күндіз тек"
Деп бір қарап жан-жаққа.

Жан балқып, ләззат алысқан,
Жалынды сол бір кештерім.
Құйқылжып жетіп алыстан,
Таң самалы ескенін.

Ұмытқан жоқ есімде
Үйтастың кербез жазығы.
Дегендей жүрсін есінде,
Сырының болып азығы.

Бүгін де маған жұмбақ сай,
Көзіме оттай басылдың,
Тұр ма әлде тосып сәулетай,
Жоқ әлде менен жасырдың?

Талай жылдар өткізіп
Тағы бүгін бір келдім,
Тұрғандай сезем жеткізіп
Самалы есіп сол желдің.

Желден басқа тілдесер,
Үйтаста онда ел де жоқ,
Оларды айтып сыр шешер
Қиялдың тілі менде жоқ.

Қала бердің құлазып,
Үйтастың сұлу биігі,
Алыстап барам көз жазып,
Ойымда сағыныш түйіні.

Бір сәтке неге келмейді,
Шіркін, сол бір жас күндер,
Жүрекке неге кірмейді,
Құлақтан сол бір жақсы үндер?

Қатпар - қатпар өткен күн,
Артымда қалған бел-белес,
Сақталған сонан құлақта үн,
Көңілде қалған көп елес.

Сол бір үн заман үніндей
Самсаттың үміт, ойымды,
Шатырмақ күздің күніндей
Жылытасың бір сәт бойымды.

1943.

САРЫЖАЙЛАУ

(күй)
Сарыны жүйткіп сарыжайлау
Құлазып Арқа желіндей,
Күйінген бір үн бай - байлау

Күңіренген күйзеу еліндей.
Сары жұрт болған жайлауда,
Құлазып жалғыз күй толғап,
Ызалы тісін қайрауда,

Күйзелткен жанын шер толғақ.
Домбыра шегін сарнатып,
Сонымен демін күйші алған.
Сол үннен жанға сыз батып,

Тыңдаушыда шер қалған.
Көңілін күймен толғантып,
Күйші есінен танғандай,
Дөңбекшіп тұрып, бір жатып,

Болады жалғыз қалғандай.
Сарыны сазды күй тілі,
Тыңдасаң жанды тербеткен,
Нақысы назды үні зіл

Қиялды көкке серметкен.
Бұл күйді Әбікен сарнатқан
Домбыраның шегінен.
Тарихтан күймен тіл қатқан,

Сөз қозғап күй тегінен.
Құйқылжыта күй лебін,
Түкситіп түкті қабағын,
"Қыздарбектен ұғып ем"

Деп кенеп кейде тамағын.
Тәттімбет пе, Тоқа ма?
Тартылған күйде терең сыр,
Кім тартса да оқа ма,

Жазылған сөзсіз әсем жыр.
Көзіңді жұмшы, тыңдаушы,
Күй құлақтан сыр құйсын,
Күй балқытса тұрмаушы ем,

Көкейім балқып сыр түйсін.
Алысқа таста ойыңды,
Күйдің бір мініп қанатын.
Наз билесін бойыңды,

Көкейде қыстап қалатын.

МАҒЫНАСЫЗ ҚҰР ДАУРЫҚ

(Кейбір есер жолдасқа)
Өз үніне өзі мәз боп,
Даңғырлаған қос қуыс,
Желден жеңіл шиыры көп,

Түйір тұрмас бос уыс.
Ертеңгің де бүгінгің ғой
Несі медеу несиең.
Өрісі жоқ құр қайыршы ой

Қымбат болмақ не ісімен.
Оған сеніп осы тұлға,
Болады деп кім сенбек.
Елді мінеп тізген қылға

Жапқан жалаң кімге ермек.
Ертең берер асылыңды,
Бүгін несін сүрлейсің.
Өз бойыңнан көрмей мінді

Жатты неге кірлейсің.
Тұрпатына тұрмас тонға
Киемін деп сұғынба.
Есті қауым айтқан оңға,

Бармай орға жығылма.
Бір жығылсаң тұра алмассың,
Халық өрі қақпандай.
Заман бетін бұра алмассың,

Қор боп жүрме сақтанбай.

ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ДӘСТЕРЛЕМЕ

(Кейбір досқа)
Өзіңді өзің дәстерлеме,
Семіз сөзбен серпіндеп,
Жат көресің елді неге

Оныңнан кім серпілмек.
Жыртық ойың жырым-жырым,
Сыртқа шықса ыдырар.
Арты ашылып барлық сырың,

Бос сөзің ел қыдырар.
Кеселі үлкен кер ауыздан
Кернеп шыққан кейбір сөз,
Дәні шірік бос қауыздай

Үгілер де, өшер тез.
Көп сүймесе, кім күшімен
Елді именіп сүйдірмек,
Дос тимесе өз ісімен

Көпті қалай күйдірмек.
Алтынмын деп жарқылдаған
Жалған жезден жаман жоқ.
Асылмын деп барқылдаған

Айғайға орын қалған жоқ.

ЖАЗ ТЕЗІРЕК ЖЕТСЕ ЕКЕН

Ызғары тарқап, күн жылып,
Жаз тезірек шықса екен.
Жымыңдап жұлдыз, ай күліп,
Ызғырық жерге бұқса екен.

Жапырағын жайып аққайың,
Балбырап аспан бойласа,
Серуендеп жас қыз күн сайын
Сүйгенін құшып ойнаса.

Бар арманы сол болып,
Сүйенер бір қыз қайыңға.
Сұлуға тезірек жол болып,
Түсірмей көктем уайымға.

Жетсе екен, жайнап жазғы іңір.
Ай толықсып көгінде.
Айтылса жардан жан сыбыр,
Қалдырмас күдік көңілге.

Опасын кейін көрмей ме,
Жас жүрек бассын жалынын.
Сенімін жас жар бермей ме,
Жартысын қолға ап жанының.

Шіркін, жастық жалынсың,
Шарпылмай өтер қай жүрек.
Жас жұбай жапырақ жамылсын,
Жетсе екен сол жаз тезірек.

БІР АРУҒА

Тауаның қайтып тағдырдан
Мойындаған жазмышқа,
Асырып заман сан қырдан
"Қалған деп күнім тым қысқа",

Салмақпен ұстап бойыңды,
Сімірген үнсіз ойыңды.
Арусың, құрбым, аяулы,
Өмірден көңілің қаяулы.

Қалтыраған бұтақта өсіп,
Күзің жеткен жапырақтай,
Балбыраған бояуы өшіп,
Жел жапырған су құрақтай,

Нәрсіз үміт, әлсіз күшпен,
Дәнсіз шөгіп әрсіз түскен.
Тонаушың боп өткен жылдар,
Ұнаушың жоқ қайран сындар.

1953.

АҚСӘУЛЕ КЕЛГЕНДЕ

Аққуысың сен Сібірдің,
Ұшқан аңсап жаздың лебін,
Бақ туысың сен өмірдің,
Аңқыттың кеп шаттық демін.

Анау дүлей орманынан
Суық Сібір қар жамылған,
Тылсым өмір торлауынан
Нәзік жаның гүл сағынған.

Ұштың тынбай, ұштың самғап
Күй төгілтіп қауырсыннан,-
Бейне аққудай ару саңдақ,
Жоқсың жолды ауырсынған.

Келдің күннің шұғыласына,
Ерітем деп жүрек мұзын,
Сүйген жанның ықыласына
Күнестетіп өмір сызын.

Алатаудың асқарынан
Құшағыңа ап күн шуағын,
Оңтүстіктің аспанынан
Жеттің аңсап жан сұрағын.

Шомылшы ару Ыстықкөлдің
Айдынына жатқан шалқып,
Алатаудан ескен желдің
Лебін жұтшы жаның балқып.

Алматының алма бағын
Алшы аяңа ерке тоты,
Не қалайсың бізден тағы
Нені сүйеді жүрек оты.

Алшы, ару жан, аярым жоқ,
Бәрі сенің қалауыңда.
Айтқан серттен таярым жоқ,
Еркім сенің қарауыңда.

Алшы тағы, ала берші,
Қызықтаймын алғаныңды,
Келші, досым, келші, келші,
Құшағыңа ап от жалынды.

1937.

АҚСӘУЛЕ ҚАЙТҚАНДА

Ақсәуле, сенен бөліндім,
Қайтадан қашан көрермін,
Қызықты сәтін өмірдің
Тез болсын тағы көрер күн.

Қош айтқанда назбенен,
Телміре терең қарадың,
"Аққу ем келген жазбенен
"Күзбен" деп "қайтып барамын".

Келгенің қандай керемет
Із қалдырды жүректе,
Кіршіксіз мөлдір таза ниет,
Жүректе мәңгі жүреді те.

Сипатыңды, сырыңды
Қосты екен қалай табиғат,
Қабылдармысың жырымды,
Мазмұны ортақ, тілі жат.

Көкейде көп сыр бар еді,
Айта алмадым жеткізіп,
Тағдыр сұм қандай тар еді,
Тоқтатпай күнді өткізіп,—

Айырды бізді алысқа,
Көкірекке түйреп күйініш,
Қарышта, сабыр қарышта,
Алдыңнан тосып сүйініш.

1937.

МӘДЕНИЕТ БАҒЫНДА

(Алматы)
Аршып ағаш жапырағын бұтақтан,
Күз сұрын ап бақты мүлде жұтатқан,
Күн шұғыласы үрей жерге үңіліп,

Әлсіз жылу қытықтайды жырақтан.
Гүл бүрісіп жер қойнына тығылып,
Жапырақтары сұры қашып жығылып,
Күміс шықтар қырауытып мұңайған,

Гүл бетінен ызғар қуып бұғынып.
Алып емен мөлдір суға үңіліп,
Бұтақтары басын иіп бүгіліп,
Мүйіс басқан ескерткіштей көп жанға,

Жұмбақ сырды жатыр басып жүгініп.
Көзімді алмай тұрмын қарап мүйістен,
Мөлдір судың үйіріміне түйіскен,
Талай жанның жатыр сыры мүйісте,

Суға үңіліп елжіресіп сүйіскен.
Үйірімге мен де үңілдім бір шақта,
Күз сипатын бірге көрген сол бақта,
Бір суретті иірімнен қараймын

Тұр ма екен деп қалқаланып бір жақта.
Жоқ көзіме ілінбейді ол бейне,
Ет жүректі шымшығандай кей-кейде,
Жетектейді сол мүйіске беттетіп,

Түсінбеймін көрмесең де бар дей ме?.
Барған сайын алысамын ойменен,
Түссіз у ғой түсінгенге ой деген.
Өткен елес сол бір сәтті сағынып,

Тұншықтырып әкетеді ой терең.
1937.

АНИШКE

Мен көрмеген Аниш сенің жарың бар,
Сыр бермеген сырттан іште зарың бар,
Кеш кездесіп ойда жоқтан сүйгенге,
Жүрегінде арман жаққан жалын бар.

Сыр бермейсің сыйлаған мен сүйгенге,
Жас төгесің жаның шөлдеп күйгенде,
Күліп едің күн шұғыласын шомылтып,
Айтылмаған бір сырларды түйгенде.

Көз алдымда сол бір сәткі келбетің,
Махаббатпен балқығандай нұр бетің,
Құйылғандай күн шұғыласы нұрыңнан,
Жанарыңнан оқығам мен сыр шетін.

Ол сырыңды айтып жетпес сөзім де,
Мен түгілі айта алмассың өзің де,
Бір айнымай көз алдымда тұрады,
Сол сырыңның ұшқындары көзінде.

Сол бір сәтті күнде есіме аламын,
Аламын да басам көңіл алаңын,
Жанды тербеп жүрекке ұшқын түсірген,
Қара көздің сағынамын жанарын.

Бар тілегім ендігі айтар өзіңе,
Жат қадала қарамасын көзіңе,
Еркімді аттап артық айтсам орынсыз
Кінәлама махаббаттың сөзіне.

1936.

КЕЗДЕСТІМ НЕГЕ МЕН САҒАН

Кездестім неге мен саған,
Тарттың сен неге бойыңа?..
Өшпейтін арман сен маған,
Орнаттың мәңгі ойыма.

Өзгерттің неге түсінді,
Балқытып мұзын жүректің,
Жаныма жара түсірді,
Орайы келмей тілектің.

Жастық шақ емес жараның
Зардабы дақсыз жетілер.
Сағаттап еске алармын
Емеспін ойдан кетірер.

Орайсыз арман орнады,
Қайткенде шыдап төзермін,
Есімде сөзің сондағы,
Қалайша күдер үзермін.

Ауырламас ем аузыңнан
Естісем кескен жазаңды,
Көрер ем бәрін өзімнен
Алмас еді арман мазамды.

1936. ***

Күнде бір қолға аламын
Алыстан келген хатыңды,
Басамын көңіл алаңын,
Көргенде хаттан атынды.

Жазыпсың айқын Аниш деп
Құрметтеп менің сөзімді,
Ойласам да ара алыс деп
Көргендей болам өзіңді.

Барған сайын алысамын ойменен,
Түссіз у ғой түсінгенге ой деген.
Өткен елес сол бір сәтті сағынып,
Тұншықтырып әкетеді ой терең.

СОЛ БІР ШАҚТАР ЕСІМДЕ

(Х-ның сұрауымен жазылған)
Асыға аңсап барғанымда алдымнан
Айдай толқып қарсы алғаның есімде.
Жүрегімде өшпейтін із қалдырған

Шын елжіреп, шын жанғаның есімде.
Әсем асқар Алатаудың шыңындай,
Сұлу сындар зипа бойың есімде.
Манас құшқан Қанікейдің сырындай,

Опалы жар асыл ойың есімде.
Тарқатылған қолаң шашың оралып,
Жүрегімді күйдіргенің есімде.
Қыпша белің алтын сымдай бұралып,

Демің аңқып сүйдіргенің есімде.
Күндей балқып Ыстықкөлге үңілген
Нұрлы сәулең шалқығаны есімде.
Айрылысарда назбен қимай бүгілген,

Ыстық жас ап балқығаның есімде.
Жүрегіме қадалғандай кірпігің
Қарағанда арбалғаным есімде.
Көзіндегі махаббат жас бүртігі

Айрылысарда бір тамғаны есімде.
Шараб, шампан ақық кесе ұсынып,
"Ақбөкенді" белгі еткенің есімде.
Сүйгеніңді сонда есіңе түсіріп

Ішерсің деп серт еткенің есімде.
Осы бір жыл, осы бір ай, осы күн,
Сәтті сағат саяхатты кешімде,
"Хош бол, ботам, есіңе ұста",- деген үн

Мәңгі жүрер от жалын боп есімде.

ЛӘЙЛӘҒА

Ләйләсі емес арабтың
Айтарым менің жыр етіп.
Қанатындай талаптың
Өмірге ұшқан шыр етіп.

Жас өмірдің өрінен
Мезгілсіз түскен бөлініп,
Ләйлә ғой жастық төрінен
Жоқ болған аз жыл көрініп.

Жайнап бір туған жас ару
Өзенде өскен сүйріктей.
Жоқ онда жалған жасану
Бұйығы өрен жүйріктей.

Өмірге күле туды да,
Гүл болып өсті аз күндік,
Арманға бола туды ма,
Ардақты жан деп біз жүрдік.

Қиянатсыз қыршын жан,
Кез болған кенет ажалға,
Сүйріктей көктей қыршылған,
Күн кезі түспей азанда.

Арманда кеттің, Ләйләжан,
Ардақты едің туысқа,
Туыстан бөлек сайлаған
Бар ма еді досың тұрмыста?

Оған аузым бармайды,
Қимаймын асыл жүзіңді,
Сипатың сөнбей арбайды,
Салалы кірпік көзіңді.

Үнемі көріп тұрғандай
Қиылған қара қасыңды.
Боламын мейірім бұрғандай
Ойыма ап сендей асылды.

Ару едің, асыл ең,
Жетсе деп едік жеткіншек,
Ғылымға қадам басып ең,
"Мұқтажсыз соған жеткізсек",-

Деген ізгі ниетпен
Мәпелеп еді жеңге, ағаң.
Жетсін дер асыл ниеттен,
Ойлар басқа ой кім саған.

Жазығың жанға бар ма еді,
Көркіңнен басқа көз тойған.
Тұла бой толған ар еді,
Жасалған жандай нұрлы ойдан.

Айтуға ауыз бармайды,
Қош бол деп мәңгі, жас Ләйлә.
Ақын ой — жырын арнайды,
Тағдырға таппай басқа айла.

Тебірентіп жатқан жеріңді
Сайрасын арман бұлбұлы.
Сүйсіндірмей еліңді,
Үзілген өмір бір гүлі.

Қалдың да семіп хабарсыз
Қара жер құшағы қайран гүл,
Сирек – ақ туар сендей қыз,
Жылыстар дүние миллион жыл.

1958.

БАТЫР ТУРАЛЫ БІР-ЕКІ СӨЗ

Шын ұғып өмір ләззатын
Кең болжап өлім салмағын,
Досына жазған бір хатын
Оқығанда ойға алғаным...

"Қара теңіз толқынынан,
Ялтаның қиян көгінен,
Ізденіп дауа Қырымнан,
Дертіме соның түгінен,

Келіп ем" депті хатында.
"Алысып дертке имей бас,
Уақыт көп қалсаң артымда,
Еске алсын деп жан құрдас.

Жібердім мына суретті,
Гүліне Қырым бөленген,
Суретім сөйлер сан кепті.
Кем болмас сыршыл өлеңнен.

Күн жетсе,- депті,- көріспей
Құрт жеңіп сөнсе өмірім.
Кетем бе сырды бөліспей
Арманмен улап көңілім.

Есіңе сонда аларсың,
Қорқыт боп өткен Батырды,
Сырыма сонда қанарсың,
Жоғалтпа сурет хатымды".

Депті де қойып көп ноқат
Айтыпты досқа бар ойын,
Мағынасы терең, сыры жат
Толтырып сөзбен хат бойын.

Жан достың ұғып сол сырын,
Ағызбай көзден қанды жас,
Ұқпады - ау жүрек сыбырын,
Тірлікке ұсақ болып мас.

Кімді алдатпас бұл өмір,
Тірліктің ұсақ жыбыры,
Ұмытшақ қой бұл көңіл
Еленбес шындық сыбыры.

Сонау үлкен жүрегің,
Өліммен туа алысқан,
Өмір деп ұққан тірегің
Іздеген шарлап алыстан.

Ұстатпай ақыр сүрінтті - ау,
Торабына кеп Торанның
Өмір — шұғыла, үміт — тау
Шыңдарындай Оралдың.

Жатырсың бүгін тынымдап,
Оранып Торан торқасын,
Жазбайсың досқа енді хат,
Енді сен неден қорқасың.

Білем оған өлім жоқ,
Қорқыныш та, қатер де,
Достық та жоқ, көңіл жоқ,
Кім жатса да қай жерде

Қалады да мәңгі ұйықтап,
Күзетіп заман соқпағын,
Тірі адам одан нені ұқпақ,
Ұға алмай мен де тоқтадым.

1957.

ӨМІР ӘНІ

Шырқал, шырқал жаным сүйген жақсы әндер,
Жетті жазың әнші далам, масайра.
Гулеген жел, асыр салған өзендер,
Көкірегімде жатсың бәрің қашанда.

Қырда құлын кісінеген тай, құнан,
Асыр салып ауылда ойнар қозы-лақ,
Көктем күйі күлімдетіп атып таң,
Толқысын көл, тұрсын билеп көк құрақ.

Қайшы қанат қарлығаштар суылда,
Қыр әншісі бозша торғай жырлашы,
Балын жинап аралар да әнге сап,
Аңырмашы, әнсіз далам тұрмашы.

Ауылым ән сап шат өмірін шалқытсын,
Жарқын өмір күміс қоңырау соққандай,
Көкірегім күй нөсерін ағытсын,
Шырқалсын ән күндіз-түні тоқталмай.

Тыңдайын да өннің балын жұтайын,
Жаным мас боп балқысын бір сүйегім,
Әнші, тынба, ән тыңдауға мен дайын,
Өмір әнін бар жаныммен сүйемін.

КЕЛЕШЕКТІ АЛ ОЙЫҢА

Өмірге сай өрт талап,
Серік болып жасында,
Қандай өнер сен қалап,
Алам десең қасында.

Ғылым алсаң мектеп бар,
Өнер қусаң өндір іс,
Жас шағында өктеп қал,
Бойға қорлық бос жүріс.

Мұны ұқпаған жас бар ма,
Талаптанып, талпынбас,
Заман мектеп жастарға,
Үйретпей бос қалдырмас.

Алмасына жол бермес,
Алдырады ар-намыс.
Алман деген ой келмес
Айнала өмір ду жарыс.

Жарыста артта шаң жұтып,
Қалу қорлық бойыңа,
Қарышта өрге ар тұтып,
Келешекті ал ойыңа.

1949.

ЖАС TYЛEK СӨЗІ

Қош айтып туған қалаға,
Аттанып алыс қиырға.
Бет алып жаңа далаға –
Бел байлап кеттік "қиынға".

Салулы үй де аз, сайлы орын,
Шатырды қырда кеулер жел.
Бөгер ме олар ер жолын,
Жолдама берген туған ел.

Жасауға жаңа өмірді
Барамыз егіс қырына.
Ән шырқап қырдың бұлбұлы
Үн қосар мотор жырына.

Көз алдымыз көк жайқын,
Жайқалып өскен толқын дән,
Елестеп бақыт тұр айқын,
Қанатын жайды алтын таң.

Сәулетін көріп ертеңгі
Орнаған жаңа қаланың,
Қонысы бақыт ол мәңгі
Тында өсер, туып баланың.

Қош айтып туған қонысқа
Келдік біз сонау қиырдан.
Қосылдық мұнда туысқа,
Бізден де бұрын жиылған!

КАВКАЗ АҢЫЗДАРЫ

Кавказ
Қысса мен көп оқығам дастандардан,
"Қап" деген бір тау бар деп аспандаған,
"Сиқырлы сай-саласы жын жайлаған,

Апатты қиясынан аспайды адам".
Әлемнің ашылғанда маған сыры,
Жеткенде Лермонтов пен Пушкин жыры.
Білгемін қаптың Кавказ екенін де

Таныс боп құз-қиясы ойы - қыры.
Ерте естіп сол Кавказға кеш оралғам,
Ертеден бір сыр бар-ды ойыма алған.
Шіркін-ай, жазсам көріп жыр қып дастан

Кавказдың аңызын ел жаттап қалған.
Айшық қып Эльбрустың ақ күмбезін,
Қазбекке қақса қанат ақын сезім,
Шарықтап мазалайтын ұшқыр қиял,

Күтетін сәті келіп жазар кезін.
Кавказдың шипалы су салаларын,
Солтүстік қасиетті далаларын,
Халықтың саулығына сая болған,

Сүйемін ел сайраны қалаларын.

БЕСТАУ

Шоқы деген атау жоқ па,
Неге Бестау деп атаған?
Төбе тау ғой тауы жоққа
Болса да дөң жап - жатаған.

Мейлі атасын тау деп, дөң деп,
Бәрі бір ғой жер тұлғаға,
Халық өзі алмай ма өңдеп,
Барлық сырды сол тұлғада.

Бестау аты қасиетті,
Дертке дауа қайнарымен,
Сақтап көне талай кепті,
Таңғажайып жайлауымен.

Саяхатқа бізді бастап
Алып келген Людмила қыз,
Жер-су жайын айтып тастап,
Бір тамаша бастады аңыз:

МАШУК

—Мынау тұрған жалғыз биік,

Машук дейді тұрғын елі,
Машук қыздың тартып күйік,
Осы туған, өлген жері.
Қыздың өмір тағдырынан,

Бастап осы ел аңызын.
Көнеленген ел жырынан,
Батыр Таяр, Машук қызын –
Тірі әкеліп сөйлеткендей,

Тартқан күйік заман зілін,
Жыр қанатын серметкендей,
Сайратқандай қыздың тілін.
Шежіре қыз айтты жайлап,

Ертегі бір қызық жайды.
"Бұл аңыздан қалған айғақ",-
Деп нұсқап бір терең сайды.
Ерте кезде Қабарда елі

Мекендеген осы өңірді,
Машук қыздың туған жері,
Жасапты өте аз өмірді.
Қабарда елі тым жауынгер,

Қолбасшысы батыр Таяр,
Мекені осы қасиетті жер,
Жау тисе ер ме жанын аяр.
Бір тайпа көрші елімен,

Алысыпты Таяр батыр.
Қабарда елін өз жерінен
Кетірмек боп күш қып ақыр.
Соқтығыпты саны көп жау,

Шабуыл сап ойда, қырдан,
Алуан жала жапсырып дау,
Жерді алуға айла құрған.
Сол көрші елмен тату шақта,

Таярдың бір болған досы,
"Екеуің де ел арын сақта",
Халық серті қойған осы.
Екеуінде екі бала

Қатар ойнап, жедел өскен,
Жасы жетіп жаңа ғана,
Махаббатпен әзілдескен –
Кездерінде, басталды ұрыс,

Екі рудың кескілескен,
Ойын түгіл бір көру күш —
Болды түстей күндер кешкен.
Мамет шықты қару алып,

Қарсы аттанып Таярларға,
Машук үйде жатты налып,
Маметті ойлап балап жанға.
Маметтің де есі-дерті

Машук болып тартқан күйік,
Елін сатпау берген серті,
Іштен ғашық отқа күйіп.
Таяр шығып жекпе-жекке,

Ат ойнатты: "Шық! — деп ерің,-
Бел байладым намыс кекке,
Қан боласың келгендерің".
Мамет жақтан ешкім батпай,

Шошып Таяр қаһарынан.
Бүгін оған жақын жаттай,
Қарсыласса ағызбақ қан.
Тұрған шақта ел бөгеліп,

Таяр көкке күрзі сермеп,
Мамет сонда көпке келіп,
Еткен тілек: "Бата бер!" - деп.
"Мен барайын, сүйікті елім,

Арың үшін кешіп жаннан.
Айнымасқа берем сенім,
Артық емес жаным ардан".
Осыны айтып шықты Мамет,

Таяр тұрды ат ойнатып.
Таңғажайып бұл жекпе-жек,
Мамет қалай бармақ батып.
Күні кеше әкесіндей,

Еркелеткен Таяр батыр,
Тағы ұлы арман тұр шешілмей,
Машук зарлап қайда жатыр.
Күні кеше анау бақтың,

Жасыл гүлді арасында,
Тәтті ойынмен алып уақтың,
Мынау майдан даласында.
Жүрмеп пе еді асыр салып,

Сұлу Машук өзіменен.
Бүгін қайда отыр налып,
Көк гауһардай көзіменен.
Айсыз түнде көк аспандай,

Жатылдаған қаршыға көз.
Жаныменен сырласқандай,
Елестеді Маметке ілез.
Ұйығандай тұла бойы,

Қайратынан қалмай ұшқын,
Машукте боп барлық ойы,
Көрінбеді Маметке ешкім.
Өзі тілеп жекпе-жек деп,

Қарсы барған Таярды да
Көрмегендей қасына кеп,
Тұрды үн қатпай таянды да.
Ашу билеп ойы сөнген

Қабақ жауып қанталап көз,
Қас қырандай аңға төнген,
Тіл оралмай айтуға сөз.
Алды - дағы ауыр күрзі,

Ұрды үйіріп бар күшімен,
Өрт алғандай жердің жүзі,
Таяр соққан күрзісінен.
Кетті Мамет быт-шыт болып,

Тіл де қатпай, қаруласпай,
Майдан үсті шаңға толып,
Бес шоқы боп қатты тастай.
Зілзәлә боп сол атырап,

Тұрды басып қалың тұман,
Тоқтап соғыс, халық жылап,
"Қайғы жоқ,- деп,- артық мұнан".
Машукке де жеткен хабар,

Махаббатқа Мамет құрбан.
Болды өлтірген батыр Таяр,
Қаһар билеп қапыда ұрған.
Ұлы арманмен қайғыға улап

Машук сонда тасқа айналды.
Өлсе де өзі жатты жылап,
Машук тау боп тұрып қалды.
Анау сайдан опырылып,

Қайнапты су ыстық жасыл,
Су іркіліп қалған тұрып,
Өткен оған талай ғасыр.
Шежіре қыз аяқтады,

Бестау, Машук ел аңызын.
Сиқырлы үндей аяттағы
Үнсіз тыңдап қыздың сөзін.
Біз бет алдық көк үңгірге,

Ыстық жасыл су қайнаған.
Сан мың адам келіп күнде,
Саяхаттап сайраңдаған.
Тау белдеуі опырылып,

Көк жасыл су жатыр қайнап.
Бейне көздің жасы іркіліп,
Жылжығандай ажым бойлап.
"Бұл жасыл су Машук жасы",-

Десе аңызшы шермен аққан.
Бұл күнде су жан шипасы
Халықты емдеп, дерт тазартқан.

АҚЫН ЕСКЕРТКІШІ

Кек пен шердің майданындай кер дала,
"Бестау", "Машук" арасында аз жер ғана,
Сақтап ұлы ескерткішті тас бөктер,
Тұр тұнжырап мұң бөленіп бір сала.

Құлпы тастан қойған биік мұнара,
Ұлы ақынның қаны тамған бұл дара,
Жекпе - жекте Мартыновтың оғынан
Жығылған жер Лермонтовтай ер дана.

Мұнараның айналасы қоршалған,
Сом шынжыр мен мықыр діңгек тұр шалған.
Төрт жағында төрт лайлақтың тұлғасы,
Ақын рухын бағып алып құс қалған.

Келешектің бейнесіндей төрт қыран,
"Біз күзетші ардақты ақын зор мұраң –
Келешекке жеткенше біз ұшармыз,
Біз сақтармыз атқанынша алтын таң".

Дегендей - ақ тұғыр басып төрт жерден,
Ортасында құлпытас тұр түнерген,
Жас күйінде жауыздықтың қанды ізі,
Сақталыпты өтіп ай, жыл, күндерден.

Бұл орыннан кім аттанар күйінбей,
Қыршын өмір алып ақын күйіндей.
Аз өмірде Лермонтовтың жазғанын,
Кім оқиды не күйінбей, сүйінбей.

Осы орын тұр бөктерінде Машуктің,
Көз жасына сүңгіп сол бір ғашықтың,
Ақын жаны дамыл тауып жатқандай,
Күн де батты, айналаны басты түн.

Аттандықта бұл орыннан күйіне,
Келдік ақын аз күн тұрған үйіне,
Ақын тірі отырғандай сол үйде,
Қарай бердік бар мүлкіне сүйіне.

Ақын мүлкі, бар құралы сол күйі,
Аз күн тұрған жалғыз қабат ақ үйі.
Алша ағашы көлеңкелі көк сандал,
Лермонтовқа болған орын мол сыйы.

Мәуесін ап уылжыған алшаның,
Рақаттанып жырын жазып қанша күн,
Тұрғанын қыз айтып бізге жеткізді,
Сияқтанып ұлы ақыннан қалған үн.

ТЕМІР СУ

Сауықтырған сан сырқауды,
Темір сулы, темір тауды,
Нуы балқып, көл шалқыған
Саяхаттап бақша-бауды.

Емін алып, демін алып,
Жер көркіне мейірі қанып.
Балқып жаны сан азамат
Сайраңдаған келген халық.

Туысқандай ойнап-күліп,
Әзіл - достық судай тұнық.
Саулық түзеп сайраңдаған,
Сәнді үйлерде сауық құрып.

Сан үлгімен сәндеп салған,
Алуан үйлер алқаптанған,
Әрбірінің тарихы бар
Ертектеп ел жаттап алған.

Біреуі оның Пушкин үйі,
Ақынға арнап салған күйі,
Өзгерместен бір өрнегі,
Сақталған үй халық сыйы.

Арзрумға барған жолда,
Дем алыпты жатып сонда.
Жол дәптері ұлы ақынның
Болған шығар жазған қолда.

Қай шумағын әсем жырдың,
Қай жұмбағын терең сырдың,
Жазды екен деп ақын Пушкин,
Үйге қарап ойлап тұрдым.

Отырғандай ақын тірі,
Ойды қозғап үйдің сыры,
Түсті есіме Кавказға арнап,
Ақын Пушкин жазған жыры.

Өлмес, өшпес жазып белгі,
Есіне алып келер елді.
Ақын ойдан ағылды - ау жыр,
Ақтарғандай асыл кенді.

Тағы бір үй шығыс текті,
Жасыл күмбез сырлы өрнекті,
Үй тарихын Людмила қыз,
Айтты да ашты бір зор кепті.

"Бұл үй жайы,- деп,- өзгеше,
Тарихынан көп сыр шеше,
Бұхар әмірі Сеид — Әлімхан,
Тағы сондай бектер неше.

"Ақ патшаға" ақтап антын,
Адал қызмет етпек шартын,
Орындаған еңбегі үшін
Құрбан етіп өзбек халқын.

Тұншықтырған халық күшін,
Бостандыққа жасап қысым.
Мың тоғыз жүз жетінші жыл,
Ел қозғалған айбынды ісін.

Қару жұмсап төгіп қанын,
Ерікке ұмтылған елдің арын,
Сатқаны үшін ақ патшасы
Әмірге арнап үй салғанын.

Айтқанда қыз түсіндіріп,
Ертеде Әмір сайран құрып —
Жатқан үйге біз қадалып,
Ұзақ қарап қалдық тұрып.

Қарап бояу өрнегіне,
Қиял қанат сермеді де,
Осы үй үшін сан мың адам,
Азап шегіп өлмеді ме.

Мынау өрнек бояулары,
Қан мен терден боялғаны,
Тарихымен тұр айтылып,
Мынау бояу халық қаны.

Қарарсыз бек, арсыз әмір,
Халыққа ұлы еткен зәбір,
Сазайын ап ел қолынан,
Таңы атқанда ұлы Октябрь.

Аластап ел арасынан,
Жазылып кек жарасынан,
Бек пен Әмір сұрқияның
Құтылып сұм қарасынан.

Үй халықтың болып мүлкі,
Сайран, сауық, ойын-күлкі,
Дертін емдеп, демін алып,
Жайнаса әсем өмір көркі.

Сүйсінесің көресің де,
Бақытты өмір елесіне,
Темір судың сырын, көркін,
Тоймай қарай бересің де.

Гүлі жайнап, нуы балқып,
Бейне айнадай көлі шалқып,
Сай-саладан мол шипа су
Көлге құздан құйған сарқып.

Көз тойғызып қала берген,
Шипалы су әсем жерден,
Шежіре қыз кетті бастап,
Бір аңызды ұққан елден.

СҰЛУЛЫҚ, ЖАСТЫҚ ҚАЙНАРЫ

(әзіл - аңыз)
Теміртаудың тепсеңінде бір қайнар
Мөп-мөлдір боп жатыр шығып тереңнен,
Бұл қайнардан аңыз болған көп жайлар,

Шежіре қыз айтса халық кенелетін.
Ерте кезде, Теміртаудың түбінде
Тұрған екен Жаппар деген бір мерген,
Ел аз екен бұл арада ол күнде,

Аң көп екен орманында қойша өрген.
Жаппар жасы егде тартқан кезінде,
Аң қашықтап іздер бопты жырақтан,
Бірде шаршап тау мен орман кезуден

Түнделетіп аңнан шаршап кеш қайтқан.
Шөлдеп келіп осы қайнар басына,
Мейірі қанып Жаппар көп қып ішкен су.
Жігер тасып қарамай қарт жасына,

Кіргендей боп судан бойға жастық бу.
Кетті өрекпіп бойын билеп жас қайрат,
Жетті үйіне көңілі тасып жайраңдап,
Қалипаға қарт күйеуі болып жат,

Шу дегенде тұрды біраз қайран қап.
"Сен қалайша жалғыз күнде жасардың,
Тұрмын танып әрең сені үніңнен.
Қуанғаннан көзіме ыстық жас алдым,

Сымбаттысың сона бір жас күніңнен".
Қалипаның қайран қалып сөзіне,
Өзі де ұқпай жасарғанын неліктен,
Сенбегендей әлде болса өзіне,

Айтты сырын жасырмай жан серіктен.
"Шаршап қайтып ұзақ күнгі жүрістен,
Қаным кеуіп жеттім қайнар басына.
Сол қайнардан шөл қандыра су ішкем,

Тұрсам кеппін жігіт күнгі жасыма.
Бар көргенім менің осы, зайыбым,
Халал жарым, Қалипа, жан серігім,
Бұдан бөлек жоқ жасырған айыбым,

Сөкпе мені жасартқан деп сені кім.
Олай болса мен барам сол қайнарға
Жасарамын қасиетті су ішіп.
Олай болса тезірек бар айналма,

Қуанайын мен де бір жас жар құшып".
Осыны айтып қалды Жаппар үйінде,
Қалипаға айтып қайнар жобасын.
Өзі әдемі сол жас жігіт күйінде,

Көк тәңіріне арнап ізгі тобасын.
Сол кеткеннен Қалида таң атқанша
Оралмады ұзақ түнде ішті су.
Іше берген су шәйлі боп жатқанша

Өте жас қыз болмақ болып бір сұлу.
Таң атқанда келді Жаппар қайнарға,
Қалипа жоқ Қайнарда отыр бір бала,
Баланы ешкім Қалипа деп ойлар ма,

Жаппар ойы жасарған жар бір ғана.
"Қайдасың?" деп Қалипаны шақырды.
Айтылады Жаппар іздеп жұбайын.
"Көрмейсің бе отырмын ғой мен, міне

Бала болдым білмей ішіп су жайын".
Алды Жаппар Қалипаны қолына,
Жасарам деп күлкі болған жұбайын,
"Әйел халқы жасарудың жолына,

Дүние түгіл құрбан етер құдайын".
Деді - дағы Жаппар қайтқан үйіне,
Жас бала бір Қалипадай қолында,
Жету қайда баяғы қарт күйіне,

Күлкі болған жастық іздеу жолында.
Шежіре қыз айтып болып аңызын,
"Ішіңіздер жастық, көрік қайнардан,
Айтқан аңыз ұмытпаңдар маңызын,

Жамылмаңдар жаңағы айтқан жайлардан".
Тоқтатқанда Людмила кеңесін,
Әзіл, қалжың жұрт өзара.
Сақтағандай бұзбай ертек елесін,

Тұрды балқып ну бөленіп кең дара.

ЕСЕНТУКИДЕГІ БІР БАҚТА

"Бейне ағылшын бағындай" деп
Неге айтты екен осынау бақты.
Ағашы, құсы тағыдай көп
Кемітті екен кім бұл жақты.

Келдік біз сол бақты аралап,
Ағашы қалың бойлап өскен.
Бөлеген нуға бұл кең алап,
Аңқытып жұпар самал ескен.

Екпей өскен көк майса гүл,
Әсем сұлу тоғайлары,
Еркін ұшқан сайрап бұлбұл,
Төгіліп гүл шоқ, айдары.

Өткінші бір жаңбыр бүркіп,
Гүл жапырағын жапты моншақ,
Мөлтіп қағып күміс бүртік,
Айнала орман тұрды қоршап.

Жауын тоқтап, күн ашылды,
Шұғыласын мол төкті жерге.
Жайнап гүлдер көк жасылды,
Төсеп бетін жібек желге.

Күн шұғыласын төгіп көктен,
Мүлгіп орман, тынған жан-жақ.
Біз ықтаған бәйтеректен
Түсті үзіліп жалғыз жаңғақ

Біз екеу ек баққа келген,
Серуендеп кеңес құрып,
Сырлас емес, сыйлап ерген
Құрметпенен көңіл бұрып.

Жаңғақты алып ұсындым мен
Қасымдағы серігіме.
Бұл жаңғақты белгіге ал сен,
Жаңғағы не, өрігі не!

Жан қалтаңа сал жаңғақты,
Сақта ойыңда серуен жәйін.
Есіңе алып мынау бақты
Ойландырсын көрген сайын.

ЖЕЛ ТӘҢІРІНІҢ ТАҚТАСЫ

Гулейді жел, сусылдайды жас тоғай,
Ұйтқиды жел, ойнақтайды тоқтамай.
"Жел тәңірінің" тақтасы тұр қияда,
Арфасы жоқ жел сайратқан шертіп жәй.

Ерте кезден ел сақтаған бір аңыз:
"Осы дәнде тұрған дейді бір жас қыз,
Қызға ғашық ай мен жұлдыз, жерде жел,—
Сұлулардың сұлуы екен қыз нағыз.

Бір күн түнде ғайыптан қыз жоғалған,
Белгісіз боп көк пе, жер ме, кім алған?..
Жел долданып іздеп қызды шарқ ұрған,
Жел лебінде содан зарлық үн қалған.

Қызды іздеп жел бармаған жер қоймаған,
Табармын деп өмір-бақи ойлаған,
Табар ма жел табылмасты іздеген,
Арманменен өксіп бір саз ойнаған.

Осы сазға үнін қосып жас тоғай,
Арфа болып қызыл шырша қарағай,
Ішегін тағып шырмауықтың талынан,
Сиқырлы үнді үзбейді екен осы сай.

Жел мен арфа үнін қосып сан мың жыл,
Үнге қосып айтса керек сан мың жыр,
Ішек тозған, арфа қурап күл болған,
Арфа да жоқ, жырдан да жоқ еш сыбыр —.

Жыр тәңірісі Лермонтовқа тас тақта
Орындық боп, Демон жырын бір шақта —
Жазыпты да айтты деген аңыз бар,
"Демон жырын мен жазамын, сен сақта".

Күнде кешке осы аңғардан жел гулеп,
Орман шулап желге үн қосып дүрілдеп,
Лермонтовтың Демоны ұшып жүргендей,
"Тіл қатқандай бірі - біріне жер мен көк".

Дейді екен ел ақын рухын сыйлаған
Шежіре қыз да ел аңызын жинаған,
Көрсетті әкеп "жел тәңірінің тақтасын",
Арфасы жоқ тас тағанын қираған.

Жел қанаты Лермонтовтың қиялы,
Тұғыр қылып мынау ғажап қияны,
Демонының тарауларын жазғанда,
Көк меңзеген ұлы ақынның әр жаны.

Күңіреніп тілдескендей аспанға,
Мұз күмбезді Эльбрустай асқарға.
Мынау сұлу ел аңызын арқау қып,
Жазған шығар дедік сырлы дастанға.

ЛЮДМИЛА

Сұңғақ бойлы, сергек ойлы жас қыздың,
Шежіресіндей Кавказдағы аңыздың.
Айтқанында құлақ құрышын қандыра
Аңыз сырын көкірегінде қалдыра.

Тыңдайсың да, сүйсінесің лебізін,
Сүп-сүйкімді Кавказдың сол жас қызын,
Естен кетпес сұлу көркі, тал бойы,
Көкірекке жазылғандай бар ойы.

Күн бейнесі қалып қойған көзімде,
Ыстық лебі кетті ілесе сөзімде,
Бұлтсыз түнгі көк аспандай мөлдір көз,
Жас шағымда болмады екен неге кез.

ЗАУЛАШЫ ЖЕЛІ АРҚАНЫҢ

Суылдайды, ышқынады,
Арқа желі үн қатады,
Кейде зулап ысқырады,
Кейде ән салып шырқатады.

Кейде өрекпіп толғанғандай
Аңыратады әдемі жыр,
Тыңдаушыға ой салғандай
Елестетіп ертегі сыр,

Алма мойын, қарақат көз,
Желпіп ару ақ бетінен,
Есіңде ме сондағы сөз
Іліп алып сен кетіп ең,

Күміс шолпы күй сыңғырын,
Алмап па едің сонда қағып,
Күбірлескен жанның сырын,
Кетпеп пе едің бойға тағып,

Айтамысың әлде соны
Кетіп едім мен ұмытып,
Бүгін басқа Арқа жоны
Түрленген ғой заман ұтып.

Бүгін сенің қанатында
Қалықтайды мотор үні,
Арқа жоны қабатында,
Симфония күндіз-түні.

Жүйткі, желім, серме қанат,
Ел тыңдасын мотор күйін,
Дәнек толып, Арқада алап
Алсын халық өмір сыйын.

МЕЛЛАЙ

Ерке мінез ел бұланы "Меллайды"
Тыңдасаң сен онан халла - лелләйді.
Көз алдыңа келіп халық ән-күйі,
Жадыратып әлдилейді жан сыйы.

Жасы барсын, өнері алтын Әбенді,
Көрсең болды-ақ үдетеді дәмеңді.
Қара торғай қағып таңдай шырлайды,
Көмейінен Әбен тартып сырнайды.

Таңдандырып сағатта сан құбылып,
Қыз боп сыңсып, сәтте көзі жұмылып;
Мұңлы кемпір даусына сап жарықшақ
Қайта күліп жылаудан ел жалықса - ақ.

Кекеш шал боп кеңірдектен қылқынып,
Тентек бай боп, отбасында жұлқынып.
Алуан түрлі ел мінезін сақтаған,
Сол үшін - ақ бай, жуанға жақраған.

Әбен аты Меллай болып өзгеріп,
Еркелетіп елі үнемі сөз беріп,
Қадірлі қарт бүгін колхоз тобында,
Жастар оның сөзін тыңдап соңында.

Ауыл көркі көне өнерге шежіре,
Халық өнері өскен өрлеп кезінде,
Өз үлесі шырқайды Әбен Меллайды,
Қоңырлатып халаләйку – ли - лләйді.

Жаңа Арқада жаңа өмірге қосып үн
Меллай - Әбен, әнші, ойыншы жүр бүгін.
Жасы кәрі, жаны бала ойнаған
Неткен сері жаны ойынға тоймаған.

Әбен халық тұлғасындай өнерлі,
Мал мен бақтан артық көрген өнерді.
Ойын думан, ән мен күйді бөктеріп,
Келіп отыр көп сыр бастан өткеріп.

Қарт ойыншы көңіл-күйі елінің
Қазынасын ақтарысып жерінің,
"Желігімді жетпіс менің баспайды", -
Деп Меллайға Әбен шырқап тастайды.

1957.

КӨКТІҢ КӨЛІ

Арқа көлін аты Кербез,
Көретін бір болса деп кез
Жүруші еді ойда мүлде,
Сол бір сағат болса деп тез.

Сәті түсіп бардым көлге,
Көлде орнаған қалың елге,
Жаңа совхоз, жаңа қала
Шырай беріп көлге, жерге.

Құлпыртыпты көлдің маңын,
Түрлендіріп өмір таңын,
Өсіп тоғай, гүлдеп бақша,
Талқандаған дала заңын.

Көл бейнесі ертедегі,
Естігенде ертегі еді.
Жер иесі, көл иесі,
Жәкен деген тентек еді.

Жалғыз қонып Сеңгір дөңге,
"Жәкең ие көлге, жерге,
Салт өте алмас көлді бойлап,
Бір Жәкеңнен адам өңге".

Деген лақап Арқа кезіп
Жәкен жуан кедейді езіп,
Шалқыған ол тентек күндер
Шаң боп ұшқан қалмай сезік.

Ел құтылған ол қыспақтан,
Көл баяғы шалқып жатқан,
Сарысудың бір саласы,
Томар шалғын шалқып жатқан.

Өскен әсем тоғай гүлдеп,
Өмір базар, думан - дүрмек,
Көктің көлін шебер қолдар
Өзгертіпті сәндеп, түрлеп.

Маман жандар сан қиырдан
Көлге жаңа жұрт жиылған,
Көл торабын әшекейлеп
Тас түтіктен су құйылған.

Тас арықты мөлдір бойлап
Көк үйірім су салған ойнақ,
Шолпылдайды ақ қайрандар
Күн көзіне ыршып ойнап.

Көл алқабы, құс базары,
Таңнан шалқыр құс азаны.
Кесте басқан көк бүліштей,
Көлдің күндіз түскі ажары.

Көл совхоздың орталығы,
Еңбек қызған ығы-жығы.
Дүрілдейді сансыз мотор,
Бейне майдан ер жорығы.

Бүгін Кербез Көктің көлі,
Елдің көлі, көптің көлі,
Қырында мал, алқабы егін,
Сансыз дәулет тартқан желі.

ЕСКЕРТКІШ БАСЫНДА

Секілді еді күні кеше,
Жаңғырығып жау ойраны,
Өтсе де алуан жылдар неше,
Өшпес сыр ғой ол ойдағы.

Қанды кек болып орнап ойға,
Ардагерлер арманда өлген,
Сол бір күннен қалған ойда,
Сыр қозғалды сақтап келген.

Сырды қозғар сырлы ескерткіш
Ортасында тұр қаланың,
Құстар сайрап ертелі-кеш
Гүл бөлеген кең алабын.

Алуан гүлдер жайнағанда,
Күн нұрынан түскен балқып.
Таң бұлбұлы сайрағанда,
Пионерлер жыры шалқып.

Ескерткішке күнде әдеппен,
Келеді ерте бір топ ұлан.
Дабырламай басып еппен,
Қолдарында жазған ұран

"Біз пионер, біздер юнат,
Ұрпағымыз ер атаның.
Біз жеткіншек өміріміз шат,
Бабамыздың ер атағын

Көтереміз біздер көкке,
Еліміздің ұлы даңқын
Жеткіземіз келешекке
Ата, баба ісін жарқын.

Мынау жатқан қырандардың
Гүлге бөлеп ескерткішін,
Орындаймыз ұрандарын,
Халық үшін, совет үшін.

Біз дайынбыз жан қиюға,
Жас жеткіншек біз пионер
Аттанамыз не қиынға
Әмір берсе өсірген ел!.."

Сол ұранмен пионерлер,
Кіріседі құрметті іске,
Тамшылатып маңдайдан тер
Еңбек етіп ескерткішке.

Бірі баптап бағып күтіп,
Бірі тасып су себеді,
Құлпы тастан шаңды сүртіп
Түрлендіріп гүл егеді.

Майданында Ұлы Октябрь
Тап пенен тап кескілескен.
Шежіресіндей ескерткіш тұр
Ел басынан күннің кешкен.

Баяндаушы Қарақаралдың
Қанды түнін бұл құлпы тас.
Осынау бір топ қаһарманның
Есімдерін етіп тұр паш.

Таң бұлбұлы сайрағандай
Ұрпақтары сол ерлердің.
Жас жігері қайнағандай
Жалынды үні пионердің.

Күнде таңмен жас ұрпақтар
Тербетеді ерлер рухын.
Бұл дәстүрді мәңгі сақтар
Келер ұрпақ дүркін-дүркін.

1957.

АТАСУ-МАНАҚЫ

"Атасу - Манақы
Ат ойнатқан Шөкеман".
Осы аңызды оқып ем
Ертеде бір кітаптан.

Көкейге сонан тоқып ем
Кеңесім болып ұнатқан.
Қайда екен деп Атасу?
Кім екен деп Шөкеман?

Өлке ме екен өскен ну
Сол үшін қазақ төккен қан?..
Сондай сансыз ойлардың,
Еріп ем ұзақ артынан.

Анықтай алмай қойғамын
Хабарым аз боп парқынан.
Атасудың алқабы
Сәті кеп түсті алдыма,

Етектеп шел мен Арқаны
Жол жетектеп барды да.
Тірелді әкеп бір қырға,
Шаншыла біткен жазықта.

"Табасың шешу бір сырға
Жет мүддеңе жазып та..."
Дегендей бейне тас қорған,
Жалғыз шоқы басында.

Таңбадан басқа тасқа ұрған,
Түк белгі жоқ қасында.
Көп тоқталдым ойланып,
Шөкема шоқы қырында.

Шөкеман қолға сүңгі алып
Қарады - ау қырдан Қырымға
Шыққан ғой атты ойнатып,
Жауынан сұрап жекпе-жек

Найзасын бұлтқа бойлатып,
Алуға батыр жайдан кек,
Суырылып шығып көп қолдан,
Кірген ғой жаудың шебіне.

Ажалы жетіп сол жолдан,
Кездесіп дұшпан кегіне,
Мерт болған ғой арыстан,
Арқадан жауды бостырып,

Талқандап шебін алысқан,
Тозығын шөлден тостырып,
Қалған ғой сонан бұл аңыз.
"Атасудың бойында

Шөкеман сынды ер нағыз
Сақталып халық ойында,
Қалды ма ерден өсиет,
Сүйегін қой деп сол дөңге,

Мекенім болсын осы шет,
Қаламаймын жерді өңге,
Сылдырап ақса Атасу,
Тыңдайын судың сыбдырын,

Балбырап өскен қалың ну,
Мал қаптасын ой-қырын
Мынау тұрған Қаражал
Қазынаның болат қоймасы,

Қопар да құрыш бар тасы.
Дегендей батыр жастанып,
Жатыпты жартас бұйраттан.
Ұрпағы бүгін тасты алып,

Бұйратты бордай қиратқан.
Шөкеман сынды батырдың
Төгілген бүгін атын кім,
Құрбан болған халқы үшін,

Еңбегі ердің төленген
Ел қамын еңіреп ойлаған,
Ұрпағы баққа бөленген
Қоныс қып мәңгі орнаған.

Ердің есімін мақтаныш,
Айтады бүгін ер ұрпақ,
Қазынасын асыл ақтарып,
Орнаған завод қала сап...

1957.

МЕРУЕРТ КӨЛІ

Бір шынды Қарқаралыда дер Бұғылы,
Бұғының қонысы деп ел ұғымы,
Сақтаған ерте күннен елдің аузы
Сол жерде қалған талай жыр жұғыны.

Бұғылының найза шыңын оқ жанамас,
Батысқа бетін төсеп жап-жалаңаш,
Сыпырық, жып-жылтыр боп қызыл құлпы,
Қарасаң шың шоқтығын айналар бас.

Сол тастың бауырында бір әсем көл,
Қалың ну, айналасы өтпейді жел,
Ақ қайың, қызыл шырша, сұлу сандал
Еміне көлге төніп өсіпті тел.

Сол көлдің солтүстік жақ кенересін,
Тұрғандай жаудан бағып ерте - кешін,
Арыстан тас боп қатқан жатыр шөгіп
Кім білсін қай уақытта танған есін.

Сол көлдің шар айнадай айдынына,
Қараудан орман мен шың айныды ма,
Ғажайып меруерт көл мен оқ жетпес шың,
Бұл да бір Бұғылының айбыны да.

Меруерт көл, найза шыңға кім келмеген,
Көргенде кімге бұл жер ой бермеген.
Шөккен тас арыстан боп анау жатқан,
Көз түссе, қиял көкке қол сермеген.

Аңыз бар ел аузында алуан түрлі,
Жыр да көп осынау жұмбақ шашқан сырды,
Дейтұғын екі жастың арманы екен,
Арыстан тас боп шөккен бағып қырды.

Ертеде бекін іздеп осынау жерге,
Сия алмай Арқа толы қалың елге,
Келіпті Әлісапар, сұлу Ажар,
Алып шың меруерт шашқан айдын көлге.

Көл - айна, тал — шымылдық, томар - жастық,
Елсіз тау екі ашықтың көңілін мас қып,
"Пана бол, асқар бізге, айдын көл су,
Аянда жалындаған жан сырды аштық", —

Деп олар отырыпты аймаласып,
Көңілде көп арманның зарын басып,
Сезбеген арттан жеткен қуғыншыны,
Өшіккен ожар кекпен судай тасып,

Арты тау, алдында көл, айнала жау,
Екі жас пана таппай тұрған сасып.
Сол сәтте бір ғажайып естілген үн,
От шашып, жай түсіріп қап-қара түн,

Арыстан атып түсіп бұлт ішінен,
Ақырған зілденгендей әлемге күн.
Алдынан қуғыншының шегіп айбат,
Арыстан аузы арандай, сипаты жат,

Жеткізбей екі жасқа қуғыншыны
Шөгіпті жартасқа кеп, жау жағын ап.
Сол сәтте күңірентіпті асқарды жел,
Дауылдан сілкінгендей астында жер,

Екі жас ел көзінен болған ғайып,
Аңырап қала берген қамаған ел.
Ақ меруерт бетін жауып айдын көлдің,
Үйіріліп екпінінен долы желдің,

Үрей боп арыстан мен сұрапылдан,
Қуғыншы пана ете алмай үстін жердің.
Қайтқанда қуғыншы елге үрейленіп,
Түн сырын түрлендіріп, әсер беріп,

Таратқан екі жасты бұлт көтеріп,
"Әкетті аспанға" деп тұрдық көріп.
Ажар қыз бұлттан бүркіп төкті жасын,
Себелеп көлге көктің меруерт тасын.

Су беті көбік атып, меруерт толқып,
Сиқырлы сыр бөледі көл шарасын", -
Деген бір сонан туған ерекше аңыз,
Орнаған ел ойына шын боп нағыз,

Кім білсін бұлт жұтты ма, жер жұтты ма,
Әйтеуір жоқ болыпты жігіт пен қыз.
Сонан көл атаныпты "Меруерт шашқан"
Аңыз қып, екі жас деп аспанға асқан,

Айтады күні бүгін ел ертегі,
Кейде жыр күңірентіп, кейде дастан,
Өшер ме ел ойынан жас арманы,
Болғаны арман аңыз жасарғаны,

Ертек боп ел ойында сақталғаны,
Ескерткіш өлмес, өшпес жасалғаны.
Ой туды көргеннен соң әсем көлді,
Ертек боп тамсандырған ертеде елді,

Аңыз боп андыздаған ел дастаны,
Аз сөзге айтыларлық әсер берді,
Арқалап кете алмадым ой борышын,
Мазалап Меруерт көл мен Бұғылы шың,

Асығыс ой қанатын сермегенде
Ойыма түсті осы аңыз болғандай шын.

ЖҮРЕК СӨЗІ

Жолдасым!
Бізге оқылды жаңа жарлық,
Таң ата соғысқа енбек бұйрық алдық.
Қалғаны жеті-ақ сағат таң атуға

Еркіндік бізге қалған уақыт барлық.
Міне, түн көк ғарышында алыс жұлдыз,
Жымыңдап тұр жыпырлап бейне жас қыз.
Тұр тынып түн жамылып зеңбіректер,

Қасымда қорылдайды көршім жалғыз.
Адамның өмірінде бір жәйлі шақ,
Ұмытылмай сақталмай ма есінде қап,
Сондай бір жәйлі түнім менің - дағы

Отызы Октябрьдің бүгінгі тап.
Бұл түнде ай маңқиып Донның қырып
Жүзеді жылжып баяу төгіп нұрын,
Алыста суықсырап тоңған жұлдыз,

Сөйлейді ұйқысырап көрші ақырын.
Окопта мен жатырмын қақпай кірпік,
Фонарды етегіммен жауып, қымтып,
Жазам да осы хатты ойлаймын мен,

Окопта қолыма ұстап қылыш, мылтық.
Мұз мұхит, Қара теңіз арасында,
Созылған Донның жалпақ даласында,
Төсеніп дымқос топырақтар окопта,

Миллион жан мен секілді отыр сонда.
Отыр-ау олар да ойлап қан майданды,
Минуттеп күтіп бәрі атар танды,
Алдында өмір, өлім арпалысып,

Ойлайды - ау өз тағдырын және Отанды.
Жолдасым!
Мен де өмірді сүйем балдай,
Еркіндеп туған жерде жүрген қандай!

Бірақта мен сүймеймін тіршілікті
Жан қинап жатқа құл боп өтетін жай.
Еңбектеп кеше біреу "арғы беттен",
Немістің аңдуынан жылжып еппен,

Окопқа біздер жатқан келді өлер боп,
Қан саулап аяқ-қолы ісіп-кепкен.
Көргенде зар жылады бізді құшып,
Дірілдеп ерні, қолы кеткен ісіп,

Айта алмай тілі жетіп мехнатын,
Бүгілген күптей болып аяғы ісік.
Біз оған беріп едік май мен нанды,
Жан ашыр көріп бауырын мейірбанды,

Зорлығын фашистердің айтып сорлы
Ағызды екі көзден жас пен қанды.
Барлығы бір жарым ай өмір кешкен,
Бағынып қорлық көріп ол немістен,

Азаптан омыртқасы омырылып,
Жотасын қуалата қамшы кескен.
Жортқандай бір ай жарым иіп басын,
Сындырып жұлын жота омыртқасын,

Жүргендей қамшы ұшына жонын төсеп,
Қалтырап моншақтатып көзден жасын.
Мынау жон еркі кеткен жанның жоны,
Жон бойлап анау аққан қанның жолы.

Дегім кеп: "Жаз бойыңды, көтер иық,
Сен енді азатсың",- деп көргенде оны.
Ойландым мен де көрем осы азапты,
Қолына түссем жаудың кәрі қатты,

Өсірдік өрімдей ғып ұрпақтарды,
Біз бірақ осы күнді сонда білдік.
Шегінде ұлы Отанның алас ұрып,
Жыртқыш аң біздің елге бетін бұрып,

Жер сабап құйрығымен құтырынып,
Кимелеп бірде жатып, бірде тұрып.
Қан сасып соғыс демі өмірді улап,
Еңбекті, махаббатты, тұрмысты ұрлап,

Біз қашып ұйқымыздан даярландық
Бел шешпей жабдық жасап, қару қамдап.
Көріне ең ақырғы фашист құлағы,
Жемтігі жаудың жусап қырда сұлап,

Ақырғы атып оғын зеңбіректер,
Соғыстың быт-шыт болып, бұлты ыдырап.
Тозғындап желмен түстей кетіп бәрі,
Жоғалып қоңырсық күн улы зәрі,

Жеңістің ұлы бейбіт орнап күні,
Жарқырап жақсылықтың атар таңы.
Жолдасым біз естірміз сонда бәрін,
Сыбдырын жапырақтың тоғайда әнін,

Тек, ол ма бүкіл әлем, адам ұлы,
Азат боп қуанышпен дем алғанын.
Біз сонда фашистерден алған қайтып,
Барармыз қала, ауылға шеру тартып,

Қарсы алар гүл жаудырып қуанған ел,
Шын тұрмыс мәңгі бақыт сәулесі аңқып.
Заводтар гулеп қайта орынында,
Тұрмыстың кірер мәңгі өңі сонда.

Жолдасым еркін жерден еркін халық,
Бәрі дос адам біткен еркі қолда.
Мінеки ол өмірге жету үшін,
Өлсең де арман емес еткен ісің,

Сақталар өлмей мәңгі өмірлік боп,
Көрерсің шын бақыттың сонда түсін.
Жолдасым!
Міне келеді таң рауандап,

Сүмеңдеп сұр көлеңке жүгірді андап.
Өмірде маған бұрып кездескен жоқ,
Тап осы таң атардай қызықты шақ.
Қарашы, гүл жайнайды Донның қыры,

Құйылды анау тауға күннің нұры.
Жарқылдап күміс шұғыла көз қытықтап,
Тұрғандай таңға айтылып барлық сыры.
Па! Шіркін, өмір қызық тәтті қандай,

Жеңісті көргім келеді жұтып балдай,
Құшақтап шенелімнен бүлдіршіндей
Қызымның сүйсем бетін ернімді алмай.
Өмірді сондай жақсы көрем, сүйем,

Бірақ мен қорықпаймын өліміңнен,
Өмірді ерше жасап, ерше өлуді,
Өмірде соған ғана басымды ием.
Міне таң...

Зеңбіректер дүрілдетіп,
Атты оғын, ашты көмей гүрілдетіп.
Жолдасым, біз де шықтық түзеп сапты,
Кіреміз ал айқасқа, келдік жетіп.

Күлімдеп күн де шықты Дон қырына,
Шыққан күн соғыс күні міне мұнда,
Астында алтын күннің шұғыласының
Жолдасым, ант етемін жау қыруға.

Сескенбен бұл соғыста жауған оқтан,
Мен шықпан жараны елеп жолдас топтан.
Қанша жау қамаласа қарсы тұрып,
Берілмен, ағызармын жауызды қан.

Жоқ менің жүрегімде еш қорқыныш,
Етпесін жауға рахым қайраулы тіс, .
Билеген тұла бойды қаһарлы кек,
Бұл біздің не өлтірер, өлер соғыс.

Жолдасым!
Ал, соғысқа кеттім кіріп,
Хат кетті мені тастап саған жүріп.
Жазған қол осы хатты винтовка ұстап,

Кезеніп оғын жауға қалды тұрып.

ӘЛИЯ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

(баллада)
Тербелтіп бойын Ойылдың,
Ойнаса суы талымен
Шерткендей қылын ойымның

Су сырласып жаныммен.
Көп ойларға жетектеп
Қатпар бетті алып жар,
Су іреп бетін, күн, жел жеп

Жосылған заман ізі бар.
Ауыздықпен сан тұлпар
Омыраулап жардан су жұтып,
Алысып жаумен сан сұңқар

Етігін шешпей суды өтіп.
Жатқандай ізі жосылып
Ойылдың ор боп ойында,
Талай жорық қосылып

Шаңдатып өзен бойында.
Өткендей болады шұбырып
Ойқастап заман жылдары,
Ерте бір кезде жау қырып

Қазақтың батыр ұлдары.
Ойылдан айдап қалмақты,
Тазартып жаудан өз жерін,
Қорқып бір жаудан қалмапты,

Қорғаған ерлер өз елін.
Сол ерлердің қан төгіп,
Орнаған өзен бойында,
Ел мекендеп, нар шөгіп,

Қоныстап өскен Ойылда.
Туып еді бір бөбек
Бұйығы ғана бір үйде.
Байқасын оны кім елеп,

Шұбырды заман бір күйде,
Атын қойды Әлия
Ардақтап сүйіл ата, ана.
Жалынды жүрек, жақсы ұя

Өмірін тілеп бір ғана.
Сол үйде бөбек ер жетті.
Елеусіз бойға сыр сақтап,
Марқайтты заман келбетті,

Сырына сай сымбаттап.
Қанаттанды жас өмір
Қанат боп алтын дәурені,
Шарықтады жас көңіл

Құшты да бақыт сәулені.
Өрісі кең заманы
Өскелең жасқа жол ашты,
Қиядан қырға қарады

Құлшына жайып құлашты.
Ойылдан шығып жеткіншек
Неваға барды өрістеп,
Ауылдан туған кетті шет.

Оқуға түсті сонда кеп,
Шомылды Нева суына.
Асыр сап со бір жас бала
Ерлікті соның бойына

Құйды бұл ескі астана.
Күміс көбік Неваның
Мөп-мөлдір суын қан бояп,
Кек күңірентті ел жанын,

Жау құйылды атой сап.
Күңіренген кекпен ел үні
Қоймады тыныш оны да,
Майданға кетті бір күні

Автомат алып қолына.
Жер жалынмен дем алып,
Аспан отпен күрсінді,
Топырақ маздап, тас жанып,

Өртке үйтіліп, жер тынды.
Сан қабат жау қамалын
Тайсалмай барып қыз бұзды,
Тозаңдай қаққан жау жанын

Аңдиды жаулар ер қызды.
Атады оғын жау арнап
Әлияның жанына,
Ұшады жындай оқ сарнап

Құмартып ару қанына.
Бірде өтеді зуылдап
Киімін жалап қасынан.
Бірде өтеді суылдап,

Жалын жалап шашынан.
Желпіп желі жерінің
Желпілдеп өскен қолаң шаш
Көркіндей көркем елінің

Уылжыған ару жас.
Өр туған өжет Әлия
Елі мен жері сүйгені,
Сол үшін шыққан жан қия

Қаһардан сауыт кигені,
Әлде жауыз жау көзі
Жас аруды көрді ме.
Әлде адасқан оқ өзі

Тиді ме өзі келді де.
Батыр қыздың денесін
Күйдіргендй бір жалын,
Сезгендей ажал елесін

Тұншықтырған қыз жанын.
Денені бейне зіл басып,
Талықсып батыр жүрегі,
Әлсіреп көзін зорға ашып,

Салдырап балуан білегі.
Әлсіз ғана қара көз
Ашылды қимай өмірді,
Шырқ үйіріліп бәрі тез

Алуан елес көрінді.
Қасақана сиқырлап,
Арудың есін жұбатып.
Жан сәулесін тұр ма ұрлап?

Өмір ақтық тіл қатып,
Күрсінгендей сыңсиды.
Жел аруды ұзатып,
Тек жүрегін шымшиды.

Айтпайды да қызға түк
Жан сіңлісі Сапура,
Анасын ертіп еңіреп
Тұрғандай қарап тұп-тура.

Қақ қасына таяу кеп ,
Бәрі анталап алдында
Тұрғандай ақтық тіл қатып,
Үн мен сезім жоқ мұнда

Орны орнында тұр қатып.
Жылағыш болсаң ал жыла,
Жеңілтек жел сарнаған
Ару батыр алдында

Отан деп өмір арнаған.
Батыр ару басында
Жауынгер достар күңіренді.
Лаулаған оттың сөнбесін

Барлығы түгел білген-ді.
Рас!
Айбынды үні сөнген жоқ,
Дабылдап бастар жеңіске,

Әлия батыр өлген жоқ,
Сақтады оны ел есте.
1944.

КӨРКЕЙГЕНДЕ ШӨЛ ДАЛА

Көгінен төніп күн қақтап,
Бетінен сырғып жалап жел.
Қысында қызыл, жазда аптап,
Бырысып беті күйген жер.

Сазарған бетпақ шөлінде,
Қылтанақ бітпей өмірде,
Күйзеліп күйген күйікпен,
Түскендей қайғы салмағы,

Сирақтай шала үйткен,
Күйгендей күнге жарғағы.
Мәңгіге дала безеріп,
Жатушы еді беті кезеріп,

Ескеріп көзін жан салмай,
Із түспеген ел басып,
Тек шөл кезген құралай,
Сағымша жүйткіп белді асып,

Ода ұрттам су таппаған,
Тапса да тамшы татпаған.
Осы еді-ау? Бетпақ, өмірің,
Атыңнан құлақ түршіккен,

Барса - келмес өңірің,
Атанып ұзақ сыр бүккен.
Жатпайсың енді кезеріп,
Гүлдендің бүгін безеніп.

Толғанып терең сыр ұққан,
Жетіліп ғылым тіліне,
Еңбекке пісіп шыныққан,
Қайыспас өмір зіліне,

Көбеңе салды ер қолын,
Төсеуге төскей ел жолын,
Тыңда, тыңда Бетпақ шөл!
Тебірен енді меңіреу жөн.

Алабың толқын болды көл,
Балқыды жібіп жатқан тоң,
Уа, шіркін, ерлер еңбегі,
Өркендеп өскен бір дәурен,

Байлықты тауып шөлдегі,
Жапанға түскен күн сәулең.
Жайнатып жапан даланы,
Орнатып сәнді қаланы.

Өмірге тартқан арқаудай,
Төселді болат рельстер,
Ыстық боп Бетпақ арқамдай,
Жаңа өмір сенде өрістер.

Соны қоныс, соны жол,
Жасаған сені батыр қол.
Отқа күйген бауырдай,
Тырысқан бетің балбырап,

Миуаның өскен бауындай,
Желкілдеп далаң албырап,
Көремін әсем көркіңді,
Билейді шаттық еркімді.

Әсем қала, бай ауыл,
Туысқан халық бір бауыр.
Егін толқып даланда,
Өрісті керней мал өріп,

Өндіріс гулеп қалаңда,
Алабың киіп сән көрік,
Тырысқан бетің кезеріп,
Жайнаған бүгін безеніп,

Сол елімнің ішінде,
Сол гүлденген даламда,
Бетпақ жаңа пішінде!
Көрікті жаңа қалам да.

БАУЫРЫМА

Суырылып Шу дөңбекшіп екіленіп,
Асқардан андап түсіп, ойды керіп,
Балқашқа бауырымдап ат қойғандай,
Ерке Шу құла құмға тұмсығы еніп.

Жатқалы жайраң қағып қанша заман,
Суында жүзді, күлді қаншама адам,
Апай төс алабыңда аяланып,
Өмірге талай қыран басты қадам.

Ерке Шу екі ауылың егіз туған,
Қанысын жүрегінің жанын жуған,
Қияда қанат қағып қырғыз ауылы,
Ойында Албан, Дулат салған думан.

Екі ауылым еміренген алтын бастау,
Ортаңнан тұрған төніп Тәңірі тау,
Керсендей Ыстықкөлді төсіне алып,
Такаббар бұлтқа оранып тұрғаны анау.

Екі елдің салқындатып бауыр қанын,
Сұм заман сұрқия өмір айырғанын,
Амалсыз бауыр деуге аузым бармай,
Аз уақыт әлі есімде айрылғаным.

Бұл күнде жүз де бірге, жүрек бірге,
Өріс те, түз де бірге, жүрек бірге.
Бауырмыз бір біз емес, он бір Одақ
Туғанда алтын ғасыр тұтасты ірге.

Бауырым, жәй құшақты, әкел төсті,
Еміреніп бір қысайын төске төсті.
Жан бауырым жалынданып бір сүйейін,
Шығарып қайғы-шерді жатқан ескі.

1940.

AHA ӘМІРІ

Сүмбіле түні мұнартып,
Жүзді ай аспан еркесі,
Малынды шыққа бу тартып,
Днепрдің өлкесі.

Өрнегі болып не заман
Өзенге төне жанасып,
Жағалай біткен ну орман
Өлкеге тұрды жарасып.

Бұрқырап буы аспанға,
Толқыны тулап Днепр
Жатты соғып су жарға,
Осындай күзгі кеште бір.

Жылыстап бейне жыландай,
Жапырып талын, шалғынын,
Өзенге келген ыландай,
Қаптатты фашист малғұнын.

Тұмсығымен жарды іреп,
Қорсылдап бейне доңыздай,
Мүйізімен ну тіреп,
Сауытты қара қоңыздай.

Салды әкеліп қайықты
Днепрдің суына.
Бастарын суға кеп бұқты,
Толықсып тұрған нуына.

Осы күнде су бойлап,
Ақ шашты алып бір ана
Көтеріп қолын айқайлап,
Ерлерге айтты толғана: —

Ұлдарым, айтам тобыңа,
Бізді жауға тастама...
Мен, қарт ана жер мен су,
Елімнің алтын бесігі,

Қорғауға соны көтер ту!.. —
Сол болды ана кесімі.
Ана қалды алыста,
Кесімі ерлер есінде,

Басталды міне зор шайқас,
Тағы бір күздің кешінде.
Тағы да ана ақ шашты,
Жауған оқтың ішімен:

"Келіндер, ұлдар, жау қашты,
Арылып елдің ішінен! —
Деді де қолын көтерді,
Ананың жара денесі, —

Күнің туды алар кек,
Жеңістің жетті белесі!"
Әмірлі ана үніне
Ұлдары жетті жауынгер,

Жеткізген жеңіс күнін
Өгейі жоқ өңкей ер.
Орыс, қазақ, грузин,
Украин, өзбек, түркмен,

Таңдандырып жер жүзін,
Бір туыстай біріккен.
1944.

БАТЫСТАН СӘЛЕМ

Жазамын сәлем сағынып,
Зарықпа ойлап, жан ана,
Қару – жарақ тағынып —
Аттанған жалғыз мен ғана.

Емеспін елден өзгеше,
Еңіреп ойлап егілер,
Сен сияқты сан шеше —
Көзінен жасы төгілер.

Сағынып мендей ұланын,
Майданда жүрген қан кешіп,
Күн сайын түріп құлағын,
Тыным алмай бел шешіп.

Күңіренсе сондай аналар,
Көкірегін кере күрсініп,
Саған да қайғы жамылар,
Жүрегің үннен түршігіп.

Батыстан барған хатымнан,
Алыс деп анам шошынба,
Жеңісті көрем жақыннан,
Қуаныш күйі осында.

Батысқа гулеп біз жеттік,
Күл қылып үгіп қамалын,
Жау ордасын күйреттік,
Отқа қақтап заманын.

Біз батысты қиратып,
Бүлдірмейміз қаласын,
Баласын жетім жылатып
Аңыратпаймыз анасын.

Біз батыстың жаңа елін,
Жақын бауыр етеміз,
Бауыр елдің мекенін
Гүл бақшасы етеміз.

Енді батыс біздің жер,
Тойдың туы осында,
Батыстың елі біздің ел,
Алыс деп анам шошынба.

Батыс пен Шығыс арасын,
Жақындатқан жандармыз,
Батыс пен Шығыс қаласын,
Саяхатқа таңдармыз.

Той жабдығын, анажан,
Сіз де ауылда әзірле.
Хат кешіксе балаңнан
Сағынып ойлап езілме.

ТЫҢ ТҰҢҒЫШЫ

Тың құнары жатты бұғып тереңде,
Дегендей - ақ "оңайлықпен берем бе?"
Қалың қыртыс, қау өсімдік қалқалап,
Дала барын қымтай берді тереңге.

Тасқын қайрат жаңа күшпен асқанша,
Жас алып қол жетіп тұқым шашқанша,
Асыл дәнді алқабына қондырып
Миллиардтың мол өнімі басқанша.

Тобыл бойы тозаң көшіп безеріп,
Шөбі қурап, жаз шаңытып кезеріп, —
Жатқан алқап егіс болып ырғалды
Дән толықсып жаңа өмірмен безеніп.

Түңғыш дәні тыңның балқып толғанда
Комбайншы Қайсар бастап орғанда,
Бір бөбектің іңгәлаған шықты үні,
Туды тұңғыш жас ұяда сол маңда.

Тыңның дәні, тыңның ұлы далада,
Туды құрдас жаңа түскен қалада,
Атын Тыңбай қойды ұланның ырымдап,
Тың түрленді, туды тыңшыл бала да.

Аты Тыңбай тыңда туған тұңғыштың,
Жас ананың жанарында тұрды ұшқын.
Гүл бөбегі дән байлығы толықсып,
Шалқиды үні шадыман әсем тұрмыстың.

Тобыл бойы той боп күнде дулайды,
Қынаменде ән менен би тыңбайды.
Балаларға салған жаңа бақшада,
Тың тұңғышы көрдім биыл Тыңбайды.

Элеватор зәулім асқар сарайды,
Тамашалап Тыңбай күнде қарайды.
"Меніменен құрдас дәннің қоймасы"
Деп те Тыңбай миллиардқа өзін балайды.

1958.

НАРЦИСС

(Ақсары гүл нарцисс)
Жапырақ жарып ақсары гүл,
Сабақта жасыл шоғын түйген,
Гректің елі сыйынып бүкіл,

Табынып осы гүлді сүйген.
"Тәңіріміз" деп гүл боп мәңгі,
Жаңарып өсіп, солып сөніп,
Тұрады күтіп ататын танды,

Тіріліп күндіз, түн болса өліп.
Тәңірі де гүл, гүл де тәңірі,
Тәңірі деген бар бір сенім,
Тәңіріні іздеп адамзат мәңгі,

Таппаған оған ұқсатар теңін.
Гүл жаралса топырақтан, судан,
Топырақ пен су туған қайдан,
Топырақ та, су да жерден туған,

Жер пайда боп қатқан ылайдан.
Ылай пайда болған неден,
Төкпей, шашпай тоңазытқан кім?
Тапшы осыны шежірем деген,

Ауыр сұрақ шешусіз тым...
Нарцисс ақ гүл грекше тәңірі,
Менше айтқанда ақсары гүлсің.
Тимеген жанды, жансызға зәбірі

"Көргендер күйінбей иіскеп сүйсін".
Деп өстің бе жер бетіне,
Жапырақ жайып алты тарам.
Көз сүйсінер келбетіңе,

Мен сүйсініп күнде барам.

ҚАРАҢДЫ КӨРСЕМ ҚИЫРДАН

Қиырдан көрсем қараңды,
Елжіреп құштар жүрегім,
Ұмытып кәрі жарамды,
Елестер ескі тілегім.

Жаралы жаным жадырап,
Сермейді сырық қанатың.
Әлдеқайдан бас құрап,
Махаббат іздер санатын.

Сөнген бір жан от алып,
Сермейді әлсіз қияғын,
Жасыған жастық тот шалып
Көрсетер жабы сияғын.

Шын махаббат тозар ма,
Жасыса жалын болар күл,
Орынсыз қолын созар ма,
Сырым сол, досым, өзің біл.

ҚАРАЛЫ БІР СҰЛУҒА

Қара түнек қайғының ізі
Шиірін салып, шырайын алған,
Нұры тамған сұлудың жүзі
Бозарып солып сүлдері қалған.

Сүйкімді мөлдір қара көзді
Қасірет қармап бөлеген ызғар.
Әдепті ерке мінезін ізгі,
Салқындатқан бір суық сыз бар.

Күлкіге біткен алуа ерін де
Жаңылғандай жақсы әдеттен.
Шаттықтан із жоқ еш жерінде,
Бәрі үрей боп қайда кеткен?..

Қайда кетсін, кетсін қайда,
Кеткен шығар қайғыдан сырғып,
Қайғыны жеңер қайратың қайда?
Сайрашы, сұлу, шерінді жыр ғып,

Қасіретіңді жырменен жу,
Жаныңды бөле жыр торқаға,
Басындырма қайғыңды қу,
Бекітіп бойды шықшы ортаға.

Адасу көп, өмір қысқа,
Түзелгенше тұр бітпесін,
Өзгермесін асыл нұсқа,
Қасірет басып гүл бітпесін.

Гүл қонақ қой өмірі тым аз,
Бір солған соң қайта өнер ме.
Соны ойлан да жаранды жаз,
Ақын жаннан от сөнер ме.

Қызған оны қызыға күйіп,
Қызғана сүймей қызығы не.
Зарығып жетпей тартпасаң күйік,
Өзге өмірден озығы не...

ГАЗ БЕН ҒАЗИЗА

Ғазизаның үйіне
Орнады газдың тағаны,
"Тетігі қалай, күйі не?
Отынын қалай жағады!.."

Деп Ғазиза мастерден
Тетігін жайлап сұрады.
Бойына сіңген жас күннен
Үйге от жағу мұраты.

Үйренгенін мастерден
Ұмытып қалып лезде:
Түскі шай деген дәстүрмен
Шәйнегін қойды бір кезде.

Тамсанып ап әр жерін,
Ашып, қағып қарады.
"Мыңқиып тұрған бір керім
Қайнатса шайды жарады".

Деп әкеліп тағанның
Шәйнегін қойды үстіне,
"Отынсыз піскен тағамның
Әлде нәрі күшті ме?.."

Деп барды да жантайды,
Пісірсін деп көрейін,
Қайнатпақ қалай газ шайды
От шалмаса көмейін.

Ғазиза келіп біразда
Шәйнегін қозғап қараса,
Оттан хабар жоқ газда,
Мінеки қызық тамаша!..

Біраз тұрып тамсанып,
Сөйлеп ала жөнелді.
Тағанды қолмен бір салып,
"Адырам қал, кет енді.

Осы ма қарық болғаным,
От жақпай, сым жалғамай.
Төрімнен келіп орнадың,
Шағар ма еді өзін жалған - ай".

Деген сөзін Ғазиза,
Болғанша айтып долданып:
Болса керек газ да ыза
Сөйлеп кетті толғанып:

"Түтін қарып көзіңді
Тезекпен, қимен алысып,
Көпіртуші едің сөзіңді,
Жауынмен, қармен салысып

Кәрәсін тасып бүйенмен,
Жылтылдатып шырағдан.
Көшіп-қонып түйеңмен
Су тасушы ең бір жақтан

Онан кейін көмірмен
Алысып ең күйелеш.
Қоштаса жаздап өмірмен
Зарланушы ең ерте, кеш.

Электрдің де сымымен,
Алысып ең сан жалғап.
Тұрсың ба айтып шыныңмен,
Тақымың толмай от талғап.

Сіреңке тартып білмесең
От беруін тетікке,
Жаға алмай өзің тілдесең
Бірдеңем менің кетіп пе.

Тұра берем томпайып,
Уытты сақтап бойыма,
Сен ұрсады деп қомпайып,
Келмейді түк ойыма.

Заман күшін білмесең,
Көпіре бер, кейи бер,
Түсінбей мені тілдесең,
Коммунизмге кейін кел!"

Деді де газ жылмиып,
Тұра берді от алмай,
Ғазиза оған тұр күйіп,
Не жаға алмай, кете алмай

АСЫЛ ЗАМАНДАС ТУРАЛЫ СӨЗ

Мұхтарға
Тұлғаңа тұтас сыйып екі ғасыр,
Толғанса ой теңізі ұлан-асыр,
Алдыңа әлем сыры кестеленіп,

Құйылып еді кеудеңнен керемет сыр.
Боталап төңкерілсе ойлы көзің,
Толқындай аспан атып ұлы сезім.
Көркемдік тізбектеліп суреттері,

Құрғандай заманға арнап ойдың тезін.
Сол шақта табиғатқа бір толғанып,
Семсерін әділеттің қолына алып,
Алдыңнан өткізуші ең ғасыр көшін,

Түнекті түрілткендей тұман жарып.
Жарқылдап жүрегінен от найзағай,
Тұрғандай өзі келіп ақын Абай.
Әрбір үй, әрбір жүрек сырға сүңгіп,

Табатын ұлы тағылым өзіне сай.
Тартқанда тұңғиықтан Абай көшін,
Ала алмай зұлматтан арман өшін,
Жалыннан өртенгендей жалғыз дана,

Қиянат қылышына ашып төсін.
Өткенін өмірін улап қайғы арқалап,
Таппаған сөзден басқа жанға жарақ.
Тұлғасын ұлы жанның бердің жасап,

Сүйсінтіп күллі әлемге кетті тарап.
Халқыңның асқақ ойын, әсем сырын,
Көрмеген, естімеген елге бұрын.
Жайнатып аспанынан бүкіл әлем

Жеткіздің тамылжытып ғажап нұрын.
Дән риза болып халқың туғаныңа,
Бөленді ел мақтан ғып думаныңа,
Жұлдыз боп жарқырадың маңдайдағы

Іңкәр ғып ұзағырақ тұрғаныңа.
Бір ғана мәжілісің бірге кешкен,
Дос-жарға ой қалдырып орнап естен –
Кетпестей Ләззәтті ізі жатушы еді

Таралып алуан сырлар ондай кештен.
Әлі де ортасында сол халықтың
Тұрғандай сүйсіндіріп сол қалыпты үн,
Кетер ме замандастың көкейінен,

Отырсың қатарында күні бүгін.
Сан қилы бел-белесте дауыл кешіп,
Халқыңмен сынды өткелде бірге көшіп.
Шыңына ұлы заман бірге аттандың,

Көрген жоқ бұл жорықта өкпең өшіп.
Бір емес өтер жылжып сансыз жылдар,
Арналар ардақтап жұрт сансыз жырлар.
Күн санап жайнай түсер асыл мұраң,

Демеймін ұлы есімді заман ұрлар.
Армандар сонау - сонау өзің тізген,
Меруерттей көк теңізден сушы сүзген,
Алдыңда асыл тұлға келешектің

Өзіңмен тұрар қатар өшпей көзден.
8 маусым, 1962 жыл.

САХНА САҢЛАҒЫНА

Қалыбек Куанышбаев жетпіске келгенде
Өзің өскен сахараның,
Өзің ашқан сахнаның
Сандағы өрен майталман,

Сүтпен біткен өнеріңді,
Сүйсіндірген күллі мыңды,
Сөзім жетіп айта алман.
Теңіз мінез, терең сырлы,

Асқақ сипат алуан қырлы,
Ажуаның ақ берені,
Күйдіретін күлкің жауды.
Күлдіретін кес - мылқауды,

Өрелі өнер ой тереңі.
Халқыңның сен Қаллекиі,
Сыбағаң боп халқың сыйы,
Еркелеткен елің сүйіп,

Өнеріңе сүттей ұйып.
Балаға әке, халқыңа аға,
Өнер көшін өрге сүйреп,
Кер тартқанды сөзбен түйреп,

Қажымас нар қайтал жаға,
Жеттің жетпіс қамал жасқа,
Қарттық итті бір теп басқа.
23 сәуір, 1963 жыл

БҰХАРА-САМАРҚАНД САПАРЫНАН

Зарабшан
Айтқан екен данышпан бір ізгі қарт,
Ұрпағына өсиетімен қойып шарт:
"Емгің келсе байлық, бақыт емшегін

Арық ал да Зарабшанның суын тарт".
Осылайша аңыз қалған елінде,
Алтын тамшы байлыққа ұйытқы жерінде,
"Зарабшанның суын ішсе жер қоздар",—

Деген аңыз елді ұйытқан сенімге.
Алтын тамшы Зарабшанның арнасын,
Кім таппаған іздеп бақыт жарнасын,
Тәжік, өзбек ағайындас тел қонып,

Бірге төккен бір заманда көз жасын.
Бірге бүгін бақыт гүлін жайнатып,
Бақтарында бұлбұл гөя сайратып,
Толқындатып ақ мақтаның теңізін

Заводтары бақыт балын қайнатып,
Шалқып жатыр әсем қала, қыстақтар
Жұпар атып, жайқалады гүл бақтар.
Алдақашан ұмыт болған аты өшіп,

Әмірлер мен бектер салған қыспақтар.
Самарқанд
"Ісмер кент" деп
Зергерлердің қаласын,

"Жемісі жент" деп,
Үзім, алма даласын,
Мадақтаған ертегідей ертеде,
Ардақтаған атақ байлап мәртебе.

Самарқандтың
Сәнді сұлу шаһарын,
Жаудың, жаттың
Талай төнген қаһарын —

Талқан етіп тарих көшін шұбыртқан
Өткен күндер ел күңіреніп зар жұтқан.
Ана тұрған
Аспан зәулім сарайлар,

Хандық құрған
Қанішер хан талайлар,
Қанды сорап ізі жатыр жосылып,
Зергерлердің өнеріне қосылып.

Бірі заман өнерінің
Өрнекті әсем өркешін,
Бірі сонан өз елінің
Алтын айдар еркесін

Ардақтаған атын жазып мәңгілік,
Тұр шежіре күйін шертіп сан мүлік.
Темір қақпасы
Күйретіп шың, жартасты толқын үгіп,

Толқынға бас игендей тізе бүгіп,
Қаусырма босаға боп қалған қатын
Жартастар тұр сілейіп соған мүлгіп.
Жал жатыр құшағына ап теңбіл тасын,

Таңбалап бұйратында заман жасын,
Жалпақтап сарбаздары шеру тартып,
Күзеткен Темірдің тас босағасын.
Темірдің ордасына күндік жерден

Келсе де елші - тыңшы қандай елден,
Қақпа боп қара жартас жолын тосқан,
Өте алмас Санзар құйған тасқын селден.
Сол Санзар әлі ағады арна кернеп,

Ғалаптың аралына құлаш сермеп,
Қанша жыл қанша суды ағызды екен
Нәр құйып Санзар өзен жерді жемдеп.
Ала көз, қауға сақал қалқан ұстап,

Сардарбек қаһарлы үнмен салған қыспақ,
Алдында тас босаға, сәкі тастан
Мұрап тұр су ағынын қырға нұсқап.
Тасқыны тас бұлақтың талай тасып,

Ғалапты аңсап жатқан толқын басын.
Сан заман өткен шығар сонау күннен
Сан ғасыр жатыр ұйқтап құмға ұласып.
Сан тұлпар тұяғымен осқан арал,

Сан халық жаяу шұбап босқан арал,
Алтын дән, ақ мақтаға ұйытқы болып,
Перзентін алуан ұлттың қосқан арал.
Ал, Санзар тасқын бұлақ, арал Ғалап,

Дән кені нан арал деп халқың қалап,
Ат қойып, ардақтаған өзен, өлке,
Сан аңыз алқабыңнан жатыр тарап.

БАХАРА

"Бұхараи шәріп" деп
Әлемге атын дәріптеп
Мақтанып тәжік, өзбек
"Қасиетті қала" деп,

"Туғызған талай дана" деп,
Әлемге шерткен әсем кеп.
Құлақта жүрген сол сарын
Білуге ынтық не барын.

Құмарды жаным жасымнан,
Ынтызар болып сол кезден
Сипатын сырттан ой кезген,
Кеңес іздеп ғасырдан.

Сәті түсіп сақ саулы ой
Жүруге көңіл ұрды бой,
Аттандық жолға аспанмен.
Қарт Торанның көгімен,

Сейхонның асып шегінен,
Тілдесіп талай асқармен
Келдім Бұхар қалаңа,.
Басымды иіп данаңа

Ибн Сина, Рудаки Дахиқыдай балаңа.
Салауатты сарайлар,
Келіп кеткен талайлар,
Ғасырлар салған қатпар жол,

Ажымындай қарт ана
Қатпарланып қарт қала,
Ескерткіш болып оң мен сол.
"Келсең ашық құшағым,

О шағым мен бұ шағам,
Алдыңнан бәрін жайнатам,
Аңыз болған әлемге,
Атағын жайған бар елге

Шежіресін заман сайратам",-
Деп тұрғандай әрбір үй,
Сыртын көр де сырын түй.
Әмірлер еткен астана

Көне дүние сырларын,
Күйзелген жұрттың жырларын
Шалқалай басып жастана –
Жатқандай маған сезілді,

Биледі қиял сезімді,
Мұнарасын ажал көргенде,
Сол мұнара басынан
Сыпырық суық тасынан,

Тасталған жас жан өлгенде
Құйынған қаны сол бір жер
Ұясы болып мұң мен шер,
Жатқандай болды күңіреніп,

"Бақытты заман жандары
Жазықсыз ақпас қандарың
Бізді ұмытпа",- деген бір
Тұрғандай болды үн келіп.

Ол үн қашан өшкелі,
Ол заман қашан кешкелі,
Қасірет күйін арқалап,
Еркіндік заман туғалы,

Зұлмат бұлтын қуғалы,
Бөленіп шаттық бар алап,
Ән шалқытып аспаны,
Жырланып бақыт дастаны

Бөленген қала думанға,
Бөленсін өмір ән-күйге
Әлдиле, шаттық, әлдиле...

ЖОРЫҚ

Біз отанның солдаты жауға аттанған,
Біз халықтың қанаты қанаттанған.
Қайтпас семсер, көк болат, біз ақ алмас,
Қаһарменен суарып кекке малған.

Қайырмасы:
Шапсақ
Жайратқан,
Атсақ

Дәл атқан
Біз отанның солдаты
Қаһармен кек қайнатқан.
Біз Отанның баласы батыр туған,

Батыр баба ұрпағы салтын қуған,
Самалды өлке, сәнді тау ұлы Отанға
Басып кірген фашисті қанмен жуған.
Қайырмасы.

Сарқылмайтын Сайлаулы ел күшіміз,
Жанды қияр жауынгер ел үшін біз.
Ұлы дана партия бастаған қол,
Жарқылдайды жақындап бақыт жұлдыз.

АҚ КӨГЕРШІН

Бейбітшілік жаршысы, үш аспанда,
Еңбекші елге, достыққа ұран сал да,
Ақ қанатты көгершін адам досы,
Жетсін үнің, ұраның бар жаһанға.

Бейбітшілік бақыт деп салсаң ұран,
Үніңді естіп талқандар торды қыран,
Еңбек сүйген әлемнің адамдары
Қанаттанар жас түлек жалынды ұлан.

Сен бақыттың жаршысы өмір құсы,
Үстінде бар бейбітшіл халық күші.
Шарла әлемді, шарықта, шаршап, талма,
Жаз болғанша теп-тегіс өмір қысы.

Ақ көгершін, аспанда
Қырғи бар деп жасқанба,
Шырқа шыңнан асқарға.

КӨКТЕМ

Көңілді көкке өрлетіп көктем жыры,
Көл шалқып көк майса боп ой мен қыры,
Сылаңдап сылқ-сылқ күліп сайда бұлақ,
Мал мен жан масайраған жазғытұры.

А-а-ай шіркін-ай, жазғы тұры.
Мыңғырып сай-салаға мал өргенде,
Мамырлап көл еркесі қаз келгенде,
Керілген кең өлкемде келісті өмір,

Сайраңдап салған егін жасыл белде.
А-а-ай шіркін-ай, жасыл белде.
Елімнің сүйіктісі — Еңбек Ері,
Ексең дән, өргізсең мал бақыт кені,

Жарқылдап жазбен бірге шықсаң қырға,
Жанымдай жақсы көріп сүйем сені.
А-а-ай шіркін-ай, сүйем сені.

ҚАРА КӨЗ

Жаным сүйген қара көз,
Қай уақытта болам кез.
Алдым — майдан, артым — ел,
Қосылар шақ - ақ болсын тез.

Қарағым, қара көзім, сарғайдың ба,
Сағынып жас жүрекке зар жайдың ба?
Ауытқып әлде көңілім алаңдайсың,
Толқындай дауыл қуған көк айдында.

Қашанда, қалқа жарым, сен қасымда,
Жауынгер жарым да сен, жолдасым да,
Сен барсың сенен бөлек минутым жоқ,
Жүрсем де оқпен оттың ортасында.

Кеудемде сен біргесің сезім барда,
Өзің де өміріңді соған арна,
Достықтың жайнай түссін жарқын таңы,
Сертім де, антым да осы сүйген жарға.

1942.

САҒЫНДЫРҒАН СӘУЛЕМ-АЙ

Айналайын сүйген жар, күткем сені,
Хат жазбаған кешігіп сөкпе мені,
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

Еңбектемін ерте кеш ел қалаған,
Ерге қуат табысым жүрек емі,
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

Сыр бермедім жан сәулем сағынсам да,
Аққан талдай толқында қағылсам да,
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

Асығамын күтемін жеңіс күнін,
Жетемін деп жігермен нағылсам да,
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

Тосқан сәулем, жетеміз ұлы тойға,
Жеңіс даңқ күш беріп асық ойға.
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

Қанат жайып қарсы алам сүйген сәулем,
Жүректе серт, ауызда ән, достық бойда.
Шіркін-ай, дәурен-ай,
Сағындарған сәулем - ай.

ОРМАН ТАҢЫ

Ұшты орманда бұлбұл сайрап,
Есті таңның самалы,
Оянды орман кетті жайнап,
Тамылжыды таң әні.

Қайырмасы:
Көктем әні — көңілді ән,
Біз тыңдаймыз сүйіп жан.
Күн нұрына балқығанда,

Жайнап орман гүлдері,
Алуан түрмен шалқығанда,
Орманда өмір үндері.
Балғын батыр еркін өсер,

Біз пионер жас юнат,
Еңбекте өнер ерте пісер,
Өмірге еркін көңіл шат.

KEЛ, ОЙНАЙЫҚ, KEЛ, ЛАУ-ЛАУ

Сендер де алтау, біз де алтау,
Одақ боп костер басында,
Кел, ойналық, кел, лау - лау
Түнде лагер қасында.

Ал, билейік от айнала,
Қол ұстасып дөңгелеп.
Гүлге оранған сай мен сала,
Айнала орман көк желек.

Кеттік ойнап, кеттік дулап,
Бер қолыңды, кел, ұста.
Жансын костер жалын лаулап,
Шалқып сәуле алысқа.

БЕСІК ЖЫРЫ

Әлди - ау, әлди - ай,
Әлди де бөпем әлди - әй.
Ұйықтай ғой, бөбек, ұйықтай ғой,
Балбырап балқып, қалқатай.

Ұйықта, бөбек, көріп түс,
Өмірге сайлы жинап күш.
Балғын бол, бөпем, батыр бол,
Өс, бөбегім, өс, өс!

Өсерсің бөпем ержетіп,
Өсірер өмір тербетіп.
Ұшырар өмір шыңына
Қияға қанат серметіп.

Арыстан сынды айбатты,
Алып та болар ма екенсің.
Ақылы теңіз данышпан
Ғалым да болар ма екенсің.

Толқыны тулап көкке атқан,
Теңізді кешер ме екенсің,
Ұйықтаған шынды оятып,
Аспанда ұшар ма екенсің.

ПОЭМАЛАР

АБАҚ АРМАНЫ

(поэма)
Кіріспе
Көк мұнар кешкі тұрым тау етегі,
Жібек жел қырдың гүлін тербетеді,

Жайқалтып жапырағын жасыл тоғай,
Сыбырлап, күбірлейді, ән шертеді.
Жар теуіп, тасты үйірген мұздай бұлақ,
Меруерт су сарқырайды құздан құлап,

Сылдырап көк майсаға көбік бөлеп,
Секіріп тастан - тасқа жатыр тулап.
Жапырып жасыл шалғын сұлу гүлін,
Аңқыған жұпар иісі жарып мұрын,

Аттандық тауды бетке ап саяхатқа,
Үйренген көп достармен жүріп бұрын.
Абақ шал аң іздерде мылтығын ап,
Кететін жалғыз өзі тауды құлап,

Өрісі жалғыз аяқ жартас жолы,
Үсті күз, астында өзен жатқан тулап.
Бүгінде бізді бастап тауға барып,
Отырдық Күйгенсуда аз дем алып.

Келген соң Күйгенсуға күңіреніп,
Абақ қарт көп отырды ойға қалып.
Абақтың көзін жауып түкті қасы,
Мүлгіді ойға кетіп шалдың басы.

Бір ашып түкті қасын тағы жұмды,
Елестеп көз алдына Мариясы.
Шал шерін шертейін деп неше оқталды,
Шал ерні бір қыбырлап, бір тоқталды,

Елестеп көз алдына берген серті,
Жол бермей тілге жүрек тыйым салды.
Шал сыры қинағанмен шалдық жанын,
Соқпағы Абақ шалдың бізге мәлім.

Күттірмей тыңдаушыны мен бастайын
Таратып білгенімше шал арманын.
Шал сыры — Елдің сыры, таудың сыры,
Шал сыры - меңіреу жартас таудың жыры.

Асты өзен, үсті құзар қақпа тасқа,
Қамаған шалды қуып жаудың сыры.
Арқаның ерке өзені, айдын көлі,
Арқаның асқар тауы, шалқар белі,

Шалқыған, құлазыған, ені шексіз,
Арқаның сонау бетпақ шалғай шөлі.
Басынан кешірмеді қандай күндер,
Томсарып түнермеді қандай түндер.

Зәр жайып денесіне тыңдаушының
Сол белде зарықпады қандай үндер.
Тау шерлі, дала зарлы, бел күрсінген,
Қан жұтып, қара киіп ел күрсінген.

Әлсізді күшті талап әжуалап,
Жем үшін жыртқыш сұмдар елді бүрген.
Ерігіп мазақтаса елдің ерін,
Қорлап ол сындырмады кімнің белін.

Айдап сап араны үшін арам тамақ
Ішпеді кімнің қанын, кімнің терін.
Сарысуды Өрлей көшіп Тарақты елі,
Жайлауы — Бұғылының сары белі.

Құлдилап күзге қарсы Сырға ойысып.
Сыр қыстап, Арқа жайлап жүрген еді.
Аққозы озбыры еді Тарақтының,
Істеген барымта, ұрлық таппай тыным,

Жұлысып Қаракесек, Қуандықпен
Арқадан Сырға қарай салған сүргін.
Аққозы жігіт жинап, ат жаратқан,
Сан бедеу арқан бойлап керме тартқан.

Сан жігіт келте байлап орамалын,
Ширығып бай әмірін күтіп жатқан.
Бастаған осы қолдың басшысы Абақ,
Сан жауға Аққозы үшін тартқан садақ.

Туысы бір атадан болмаса да,
Қылыш боп сермегенде жауын шабады.
Үйткені Абақ кірме тегі Тама,
Бай тілін қайыруға бар ма шама?

Әке құл, шеше күң боп осы есікте,
Шіріген шілде көрмей ата-баба.
Болғанмен тегі Тама, түбі кірме,
Жан емес, жау жасқантқан бірме - бірге:

Әрі алып, әрі - мерген, найзаға ұста,
Көрсеткен үстем қайрат талай жерде.
Қармаулы, қара құсты, қалбағайлы,
Ұзын жақ, қалқан құлақ, кең маңдайлы,

Отты көз, қасқыр қабақ, қошқар тұмсық,
Сом дене, болат тұлға ерге сыйлы.
Кең иық, шалқақ топшы, балғын білек,
Бура сан, қасқыр жота, өр көкірек,

Қайтпайтын жаннан беті өрт мінезді,
Сан жаудың алдын тосқан найза тіреп.
Сүйріктей суға шыққан көзді тартып,
Туып еді құрбысынан Абақ артық.

Не керек ердің еркі жат қолында,
Болғанмен иесінен ерлігі артық.
Бедеулер белдеу тартып, көкке қарғып,
Жігіттер әмір күтіп ерде қалғып.

Аңсырап Арқа белін жортуды өксеп,
Жатқанда Аққозыдан болды жарлық:

— Жігіттер, аттаныңдар Сарысу бойлап,

Тайатқан, Найзакескен жонын тойлап.
Кегім бар Қаракесек, Бесатада
Салыңдар осы жолы Нұрланға ойнақ.
Қосымен қопара алып Түйте көкті,

Сабасын кереге іліп, қорын төкті.
Дегізіп, аты қалар бір қайрат қып,
Алдыма әкеліңдер Құлжанбекті. —
Аққозы осылайша берді жарлық,

Ел шауып, жонды жол қып, белді қан ғып.
Әкел деп әмір берді Түйте малын,
Бағыма, қайратыма елді таң ғып.
Он жігіт Сарысу бойлап сағым қуып,

Бұлдырап, бұғылыға келді жуық.
Жеткізбей жазық жоны, Тайатқанның,
Бел асса бел астынан белес туып.
Ұйықтаған меңіреу белді мәңгі бөгіп,

Тұяғы он тұлпардың жол ғып сөгіп.
Ілінді жалғыз бекін Тектұрмасқа
Шаншылған найзадай боп сағым төгіп.
Бекініп Тектұрмасқа салды салық,

Үш күндей ат күйледі тыным алып.
Жетеуі Жамшы түскен Түйтені іздеп,
Үшеуі ел торыды сонда қалып.
Жетеудің басшысы Абақ жерге жетік,

Ел бар деп сескенбейді елең етіп,
Басшиден Жамшы құлай жатқан жайрап,
Түйтеге желіккен жау келді жетіп.
Көз барда алды шолып жер шарасын,

Жылқының кешкі өрісін, сай-саласын.
Ел жата дүрілдетіп тимек болып,
Майданға неде болса байлап басын.
Ай жарық самаладай, бұлтсыз аспан,

Ырғайкер Абақ алда шеки басқан.
Бір белден желге беттеп жылқы шықты,
Айғырлар үйір жинап арқырасқан.
Жылқының сезіп дыбысын жүйріктері,

Жетеуін желіктіріп алып қашқан.
Ел жата, жылқы өріске жеткен кезде,
Жылқыға Абақторы араласқан.
Ай жарық, жылқышы көп, бұлар шағын,

Жылқышының түре тиген ауыл жағын.
Арасын көк пен жердің "аттан" керіл,
Жамшының тұяқ баты қыр қабағын.
Желіккен қалың жылқы айғайға еріп,

Жайлауыш тай-тулақта шапты елеріп.
Сайланған жылқышы да тобын жазбай,
Салды ұрыс жан аямай түйдек келіп.
Жарқылдап, айбажалар от ұшқындап,

Желекті ақ найзалар жүр сымпылдап.
Қабақтан қан сырылдап, маңдайдан тер,
Ұрысқа екі жақ та кірді шындап.
"Аттанның" қоюланып артқы жағы,

Құйылды тобыменен ел адамы.
Жазылып Абақ тобы есі шығып,
Жалғыздап қаша ұрыс сап бытырады.
Абақты бой жаздырмай ортаға алып,

Абақ та жан аямай қимыл салып.
Дарытпай етке таяқ, аш бөрідей
Шығады, Ырғайкермен топты жарып.
Бетпе-бет бір келгенде бір қалың топ,

Айбалта алмас жүзін кекке жанып.
Жарқ етіп, құлақ түбі Ырғайкердің
Құлады омақаса жерге барып.
Бас алды кіжінген ел аясын ба,

Жөнелді қол, аяғын байлап алып,
Берді деп құдай қолға қас дұшпанды,
Қолына долы Нұрлан берді апарып.
"Кеудесін тірі жанға бастырмаған,

Жауына қарыс адым аштырмаған.
Нұрлан — ер, Нұрлан — көкжал, Нұрлан — қияс,
Жауы жоқ жағаласа састырмаған.
Осылай аңыз қылып Қаракесек,

Нұрланды жан жеңбейтін батыр деседі.
Әупілдек, өр көкірек, мақтан құмар,
Жауының жағаласса жолын кеседі.
Жетеудің қолға түскен бірі кетпей,

Таласқан Түйте олжаға ұры жетпей.
Жолдасын бөліп алып, тон - тонауын
Кісенде жатты бәрі қыбыр етпей.
Аққозы — Нұрлан жауы көп алысқан,

Ығыр ғып ел тонатып сан салысқан.
Көп тұлпар, талай көкжал басын жұтып,
Арасы Қыр мен Сырдың қайғы құсқан.
Біріне саламын деп бірі таңба,

Батырған момын елді талай қанға.
Отына кім күймеді бұл обырдың,
Барқылдап айқайласа екі қарға.
Жеңбеген жат таяғы батыр Абақ,

Өр мінез, қайсар, өжет, батыл Абақ.
Тұтқын боп итаяқтан сарсу ішіп,
Кісенде қол-аяғы жатыр Абақ.
Байлауда Абақ бүгін, Нұрланда үн жоқ,

Ізденген Абақ ерді елде ешкім жоқ.
Жоқтаусыз жау қолында жатты есіл ер,
Қол, аяқ кісендеулі босар күн жоқ.
Күн өтті, күн артынан айлардан ай,

Байлауда Абақ жатыр қимылдамай...
Қой жиған Қояндыдан қалың қоспен,
Нұрланның келді аулына ташкенттік бай.
Бұл байдың шала қазақ шыққан тегі,

Келгенде сараңдыққа жоқ-ты шегі.
Арсын Арқа — Ташкен соқпақ етіп,
Саудамен ел қанаған бұл бір жегі.
Қос - қолаң тамақ үшін басын иіп,

"Бай" дейтін Садық демей аузы күйіп.
Сол Садық Сарыарқадан таңдап, қалап,
Достасты Нұрланменен жаны сүйіп.
Қамы үшін саудаменен жиған малдың

Қауыптың кездесетін алып алдын.
Тартумен тамағына түйін тастап,
Нұрландай досы болды озбыр жанның.
Биыл да таралғылы тартуымен,

Ақбас нар, тайлы мата артуымен.
Нұрланның ордасына келіп түсті,
Бұрынғы келіп жүрген салтыменен.
Қонағын Нұрлан тосқан алды күтіп,

Бай қосы жер қайысқан малға бітіп.
Жамшыдан ине шаншар жер қалдырмай,
Қой басты құмырсқадай, шиді түтіп.
Жаты да бірнеше күн қосы көшті,

Қос арты неше күнде әрең өшті.
Бай досы аттануға қамданғанда,
Нұрланға кесапатты бір ой түсті.
"— Аққозы қиратқанша Сырда жатып,

Кісісін жіберейін итке сатып.
Басайын Тарақтыға өшпес таңба,
Мақтан ғып Қаракесек жүрсін айтып".
Деді де досын Нұрлан оңаша алып,

Қиналтып қимас досқа қолқа салып. —
Байлауда бір ұрым бар қолға түскен,
Қолқам сол — соны Ташкен кетсең алып.
Босатпа байлауынан жыл өткенше,

Қиылып қол, аяғы әл кеткенше.
Босанса кегін алмай тоқтамайтын,
Қанішер қауыпты жау бір кектенсе.
Не өлер, жыл толғанша не әлсірер,

Кемтар боп кек қуатын оты сөнер.
Сол кезде босат - тағы құл ғып жұмса,
Бір көнсе айтқаныңа сонда көнер.
Мен десең орындалсын осы қолқам,

Ерлік қыл осыны істеп көрсет өнер.
Орнына сол адамның бір тілегім
Қостағы қос қарала итінді бер.
Ит беріп сатып алған, құлым дерсің,

Сұраса: "мұның кім?" - деп жолындағы ел.
Таратып осы атақты кетсең, досым,
Дүнием жоқ аяйтұғын, айт та ала бер!
Бұл қолқа ауыр тиіп, бай сандалып,

Бере алмай ашып жауап, ойда қалып.
Алмаса Нұрлан көрмес жау болады,
Абақтан қатер күшті жөнелсе алып.
Мінеки осы салмақ байды басып,

Біле алмай не қыларын отыр сасып.
Дос - мынау, қолқасы - анау - екіден бір,
Бірде ерлік, бірде қорқу араласып.
Сүйтсе де бай қорытып шешті сөзін,

Не сорға, не баққа деп қайрады өзін.
"Алғаным итке кісі маған да атақ
Қайткенде тастай алам Нұрлан сөзін.
Ташкентте бір жеткізсем жолда бағып,

Шынжырлап қол, аяғын бұғау тағып,
Сонан соң иттен қор ғып, итше ұстармын
"Итке алған Тарақты" деп ажуа ғып".
Зұлым бай күлді қарап Нұрланды алдап,

Басса да сыр білдірмей ауыр салмақ.
"Кісендеп қол, аяғын" деді мата,
Абақты итін беріп болды да алмақ.
Алған соң өз қолқасын Нұрлан бөгіп,

Алдына Садық дотың бәрін төгіп.
Жел жетпес Көсеукөктей атын байлап,
Жабылып жібек кілем нары шөгіп.
Абақты салып берді Нұрлан байлап,

Сазарып Абақ жатыр тісін қайрап.
Айтар сөз, істер қайрат, қолда күш жоқ,
Тек қана жалын төгіп көзі жайнап.
Екі аяқ кісендеулі, қолда тұзақ, Абақты ап

Садық қосы жөнелді ұзап.
Сатылып қос қарала қотаншы итке,
Аттанды Абақ батыр сапарға ұзақ.
Іште кек жан жалындап қайнағанмен,

Жауына азу тісін қайрағанмен,
Қол, аяқ кісендеулі істер лаж жоқ,
Қару қып кегін жанып, сайлағанмен.
Аяқта темір кісен, шынжыр қолда,

Кілт байда, ауыспайды басқа колға.
Қос артқан қара нардың жыртық шомы,
Көшсе де, қонса да қос, Абақ сонда
Қара нар балпаң басып ырғалады,

Қос көшсе қоймен қаптап құба жонға.
Тамызық шөлдің желі тандыр кесіп,
Абақты әлсіретті темір торда.
Бергізіп сұмырай Садық әлсіз қорек,

Сөткеде саптыаяқтан сусыз жонда.
Жабысып тіл таңдайға көмей, кеуіп,
Кетеді ауыр ойға Абақ сонда:
"Егер де өлмей өтсем мынау шөлден,

Бұл да бір бейнет шығар тәнім көрген.
Тән түгілі жан қорлығы бұдан да ауыр,
Сатылып ит орнына ит боп көнген.
Босанар бір кез келсе кісенді ашып,

Құтылар мынау тордан шығар қашып,
Садықтай сұмырай байдың басын кесіп,
Кетер ем кегімді алып, қанын шашып".
Деп ойлап жасымайды бойын беріп,

Жанына жалынды үміт болып серік.
Бетпақтан тынбай көшіп Садық көші,
Нариген, Науалыға қонды келіп.
Шөлді өтіп, Бетпақты асып, бойы кеңіп,

Садыққа ерекше бір бітті желік.
Мал сойып малшыларға сый көрсетіп,
Есірді байлығына нашаны еміп.
Бұрқырап қорқордан су, наша бықсып,

Кілмиіп көзі аларып, бой былықсып.
Бір тұрып, бір жығылып, бұлғақтап жүр,
Мал болып нашаға улап, күліп сық - сық.
Күн батып, шөл даласын түн ұйытты,

Мал жусап, малшыларды ұйқы жықты.
Сандалып шала есі бар сақ-сақ күліп
Шатырдан Садық сұмырай сыртқа шықты.
Аяғы бұлғалақтап шалынысып,

Ашалмай екі көзін Садық қысып.
Қақтығып қап қасына Абақтың кеп,
Жығылып жатты ұзыннан мұрттай түсіп.
Жылжып кеп кісенімен бай қасына,

Қол салып кілтті салған қалтасына.
Ақырын сылдыратпай алды да Абақ,
Отырды тығып біраз жамбасына.
Талыққан тынбай тартып шөлде үдеріп,

Қоста ояу бір пәнде жоқ, жатыр "өліп",
Байқап ап айналасын кісенді ашып,
Орнынан тұрды да атып, байға төніп.
Қараса бай белінде қоқан пышақ,

Суырып белбеуінен алды көріп.
Қанталап екі көзі, кегі қайнап,
Ақылға жан ашуы бермей ерік.
Шығармай еш дыбысын, аузын буды,

Сезбеді ешнәрсені бай бір өлік.
"Осы - ау деп қақ жүрегің, Садық сұмырай",
Пышақты сағалата қалды көміп.
Жиырылып бір ышқынып бай жан берді,

Қалшылдап қара болат қанын емді.
Қанжарды сүртіп - сүртіп қынына сап,
Маңдайдан Абақ сүртті суық терді.
Білінбей ешбір дыбыс тұн булығып,

Қалың қой ортасы ой боп жатты ұйлығып.
Арқаннан Көсеукөкті шешіп алып,
Біраз жер бай қосынан тұрды шығып.
Жез белбеу алты қырлы ұзын перен,

Оятқан шөл даласын түнде керең.
Қаруы бай қосының сақтыққа алған,
Білтелі ақ мылтық тұр түзу ерен.
Қайрылып қосқа келіп мылтықты алды,

Атына сыртта жатқан желқом салды.
Жан сезбей, күзет көрмей батыр Абақ,
Қара үзіп бай қосынан кете барды.
Астына Көсеукөктей тұлпар тиіп,

Байлаудан босап шығып, есін жиып.
Бай көшін Тандыр шөлде жер соқтырып,
Жарысып Абақ желмен тартты ызғытып.
Еркіндеп шыққаннан соң бойын жазып,

Жүйткіді Көсеукөгі жерді қазып.
Барарын қай жерге енді салмақтады,
Абақтың болды ойына қиял азық.
"Ел бар деп Сыр бойына не деп барам,

Барғанмен менде өмір жоқ, күнім қаран.
Сатылған ит орнына "ит" аталып,
Сүйекте кетпес таңба жоқ па жарам.
Көрсетпей сүйегімді далада өлмей,

Басымды енді неге базар салам.
Сыймаспын Сарыарқаға атым өшпей,
Неге өсті өшкір атым, бағым өспей.
Арқа мен Сыр бойына қош айтысып,

Болмайды қырғыз өтіп шетке көшпей.
Кетпесем құлақ естіп, көз көрмеске,
Нұрланның құрығы ұзын жол бермес те.
Түсіндім Аққозы да, Нұрлан да жау

Болмайды түзде жүріп, шетте өлмеске".
Деді де көк тұлпардың басын тежеп,
Қаранып жан-жағына алма-кезек,
Толқытып ойдың түбін тереңдетті,

Бірде - Арқа, бірде - Алатау, Сырды кезеді.
"Жоқ олай қалың елден торықпайын,
Сыр тартпай, сырттан шошып қорықпайын.
Ел іші — алтын бесік, адастырмас,

Білейін өзім барып елдің жайын",-
Деді де Абақ солай қорытты ойын,
Бекітті баруға елге батыр бойын.
Көсеукөк ауыздықты қаршылдатып,

Алысып тізгінімен салады ойын.
Кетіппін көпке Көкті таныстырмай,
Көсеуді көп көкпенен салыстырмай.
Көсеуді Түйте шулап тұлпар дейді,

Алатын топтан торай жарыстырмай.
Түйенің арық борбай арса Көгі,
Түлкі төс, бота тірсек, арша Көгі.
Жиын, той шаппай бәйге ұсынатын

Нұрланның қай жиынға барса Көгі.
Көк озды жарысқанда шапқан малдан,
Жолы жоқ Көктің шауып малдан қалған.
Арқадан ат озбаған атақты Көк,

Нұрландай озбырға ондап олжа салған.
Сұйық жал, сабау құйрық, көстиген Көк,
Есіктей омырауы төстиген Көк,
Асты — алыс, үсті — қысқа, сиыр бөксе,

Кең танау, кешкіл маңдай кекшиген Көк.
Көсеудей тұлғасы оның көсей біткен,
Бауыры жерге жақын төсей біткен,
Атаған Көсеукөк деп тамам Түйте,

Мүшесін үйлестіріп сыртқы түкпен.
Қимас дос, қимас атқа қолқа салып,
Қиналған қияс Нұрлан сөзден қалып,
Үш жылдай ұдайымен қоймай қалап,

Садық дос шығып еді биыл алып.
Көк тұлпар көсеудей боп баурын жазып,
Сом тұяқ соны белден соқпақ қазып,
Бұлдырап бұйра шөлден сағымданып,

Бетке ұстап тарпы Абақ Темірқазық.
Абақты елге қарай шығарып сап ,
Садықты Науалыда сұлатып сап.
Оралып ел мен қосқа бір соғалық,

Берелік тыңдаушыға хабарын ап.
Көрініп сәулесімен мөлдір айдын,
Шөл шөбі сүр баялыш, сыры қурайы,
Қуанып күткен таңның сәулесіне

Шыр етіп ұшты шөлдің бозторғайы.
Ыңыранып айдау көрген қойлар жатыр,
Көміліп күміс шықпен ойлар жатыр,
Бүгіліп көлденеңдеп көк шетіне,

Шөл белі, бір ауыр ой ойлап жатыр.
Ешкімнің хабары жоқ Абақпенен,
Жол соғып және тойған тамақпенен
Сүтжан да еш қаперсіз бір ұйықтаған,

Қапы жоқ бұл жерде жау алар деген.
Қос басы сақтығымен байға жаққан,
Шөл жолын айсыз қара түнде тапқан.
Қонысшыл қос жолына, әрі малсақ,

Күндіз, түн бай малы үшін безек қаққан.
Жексұрын малшыларға Сүтжан соқыр
Ызғары байдан әрі көпке батқан.
Сүтжанды осы түнде қара басып,

Кетті ме әлде көптен ұйқысы асып.
Қатты ұйықтап қалған екен еш қаперсіз,
Таңменен тұрды орнынан араласып.
Байқаса қостарда ояу бір пенде жоқ,

Ай жарық, таң бозарған, аспан ашық.
Алдымен шолды келіп байдың қосын,
Шатырдың шалқасынан есігі ашық.
Жаюлы төсек жатыр, жатқан бай жоқ,

Үңірейіп соқыр көзі сұры қашып,
Шошынып шолды қостың айналасын,
Жүгіріп безек қағып асып — сасып.
Қарап еді қостың қой жақ көлеңкесін,

Жалғыз көз көрді жатқан бай денесін,
Шарт байлап орамалмен аузын тартқан,
Пышақтап қақ жүректен қос өкпесін.

— Жайратып байды жарып, бауырын қан ғып,

Қандай жау қапылыста тұрған андып,-
Деді де соқыр Сүтжан айқай салды,-
Өлді, - деп, - арыстаным, - жұртқа зар ғып.
Жүгіріп түгендесті қостың маңын,

Ешкім жоқ есіне алған Абақ барын.
"Көк ат пен байлаудағы ұры қайда?"
Деп қалды көне қойшы кәрі Ығалым.
Қамалған ізін таппай болған көптің,

Жақ ашпай қоршап алып тұрған көптің.
Ығалым бетін бұрды сол сөзімен,
Абақты таппаған соң іздеп ешкім.
"Бұл жұмыс келген екен қайсар сұрдан,

Қанталап екі көзі құдай ұрған,
Тартып ап қанын ішке, тілін тістеп,
Жатушы еді тамақты ішпей беріп тұрған".
Деп шешті, көптің аузын ұят буған,

Жасымен жалғыз көздің бетін жуған.
Жанашыр жалғыз кісі Сүтжан соқыр
Садыққа бауырындай бірге туған.
"Өнбейді енді ешнәрсе бос тұрыстан,

Бітірді өз жұмысын қайсар дұшпан.
Қамданар екі қос ат, қостан таңдап,
Нұрланға жетсін хабар бұл жұмыстан".
Деп Сүтжан қосқа әмірді берді тығыз,

Төрт атпен екі жігіт деп "дайынбыз"
Аттанды бетін түзеп қайта Арқаға,
Жобалап көш жолымен сүрлеулеп із.
"Айтыңдар қапылыста бар қазасын,

Беруге салсын қимыл жау жазасын.
Бар болса көк астында, жер үстінде
Келтірсін қос қолына Абақ басын.
Тез барып, тез қайтыңдар, мен күтемін,

Сүйегін байдың "Ташкен" жөнелтемін.
Жылыстап су сағалап тосып алам,
Сендерге Құлансуды меже етемін".
Деді де қала берді Сүтжан соқыр,

Тамам қос Сүтжан лебін тосып отыр.
Ташкентте жеткізуге бай сүйегін,
Қамданды қос жабылып апыр-топыр.
Кеткенде Абақты алып, бай аттанып,

Абақты итке сатып, бай мақтанып.
Көңілі өскен өр көкірек Нұрлан қамсыз,
Жатқанда түк қам қылмай ел сақтанып.
Қоңыр кеш, ала сәуле, ай тумаған,

Жер бетін "аттан" басып ел шулаған.
Жылқыға найза қағып тиген жаудан,
Дүрілдеп жер сілкініп, шаң тулаған.
Дүрлігіп жылқы түсті жау алдына

Таяқтан бір жылқышы сау қалды ма,
Ел қамсыз, ат раңдап, ер тыраңдап,
Жатқанда Тарақты кеп бас салды да.
Тастамай тағалы тай көтере алып,

Ел зары түнді оятқан жерді жарып.
Шайнасын бармақтарын жаяу үйде,
Түйенің адамдары қапы қалып.
Қалың жау жылқыны алып жүре тартып,

Қуғыншы қала берді шаңға малтып,
Астына аты тимей Түйте еркегі,
Шобырға тақым толмас борбай артып.
Көре алмай қала берді жау қарасын,

Түйенің ыза кернеп кәрі-жасын,
"Ақшатау, Алтын сандық, өзен Жамшы,
Томсарып алды тосып ел көз жасын.
Осындай Нұрлан бүлік, жауы шауып

Бұт артар жылқы қалмай адамы ауып,
Айрылып бар жылқыдан отырғанда
Сүтжанның шапқыншысы келді шауып.
Аттанған хабар айта екі кісі,

Түн қатқан түзді үдеріп қашып түсті,
Нұрланға хатты әкеліп ұсынғанда,
Күлдей боп оты сөнген Нұрлан түсі.
Дірілдеп буыны құрып екі қолы,

Өртеніп екі жақтан бірдей жолы.
Не дерін, не қыларын басқара алмай,
Отырды обыр Нұрлан қайнап соры.
Аққозы айдатып ап Түйте көгін,

Нұрланнан қайтардым деп кеткен кегін,
Мардамсып Сыр бойында жатты жайрап,
Күзетіп шалғыншы сап елдің шегін.
Қуғаны Аққозының мал мен мақтан,

Елді айдап, ерді жұмсап, ауыл шапқан.
Алған соң көп жылқыны көзі тұнып,
Ұмытты адамдарын қолда жатқан.
Ой жоқ-ты Аққозыда босар деген,

Абақты Нұрлан бұрын, итке сатқан.
Бір күні ойда жоқта алды хабар,
Босанып келді деген елге Абақтан.
Аққозы бұл хабарға ғажаптанып,

Отырды селқос тыңдап, әрең нанып,
Сыр бермей өзі барып сынамаққа,
Байына сәлем берді Абақ барып.
Сайқал бай Абақты алдап күлді өтірік,

Абақта сыр айтпады бұған жарып.
Қысқалап қашып шықтым деп доғарды,
Садықты өлтіргенін айтпады анық.
Аққозы, Абаққа өзін ақтай сөйлеп,

Алғанын хабарды кеш алға салып.
"Мен барда кек кете ме Бесатада,
Нұрланды отырмын, - деп, - шауып алып".
Абақтың көңілін аулап түсті алдына,

Ішінде жүрмесін деп өкпе қалып,
Басылып көзіне оттай жүйрік Көсеу,
Абақтың көргеннен-ақ атын танып.
Абақты көтермелеп қойды мақтап, —

Ер ғой, - деп, - Көсеукөкті шыққан алып.
Жануарды тынықтырып күту керек,
Жүрмесін күйі қашып, зорық шалып.
Деп баурап Абақтан да атты икімдеп,

Аптықты бар ынтасын атқа салып.
Топшылап Аққозының арам ойын,
Жылытпай Абақ отыр байға бойын.
Бауратпай Көсеуді өзі кетті мініп,

Ақаңның көрерміз,- деп,- кейін тойын.
Жатты Абақ сол бетімен үйге барып,
Сыр айтпай Аққозыға тісін жарып.
Жан ашып ел ішінде құрбы-құрдас,

Абақтың сырын сұрап ортаға алып. ,
Жасытпай көңілін аулап сауықтап жүр,
Сыр шашпас көңіл жетер жерге барып.
Көсеуді бермегенге Аққозы обыр,

Түңіліп жатты Абақтан көңілі қалып.
Өлтіріп Садықты Абақ, Көсеуді алып,
Жер түбі, қиыр шөлде ойран салып,
Тарақты көтере алып бар жылқыны

Шыққанын жау үстіне қапы қалып.
Өзінің кездескенін бір тосқынға
Мойындап Нұрлан жатты ұзақ налып.
Алайда бекітті әкеп ой түйінін,

Тіл алмақ Аққозыдан елші барып.
"Қайтартар барымтасын екі жақтың,
Айласын төте жолдың жаңа таптым",
Демекші "тентекті бер кісі өлтірген,

Мал емес. Бізге басын бер Абақтың.
Абақты бір айда осы қолға аларлық,
Абаққа күйем демес елі барлық.
Қайтар ма Садық кегі бұ дүниеде,

Абақты бауыздамай қызыл қан ғып.
Бермесе Аққозы аяп қанішерді,
Мен - дағы арылтармын барлық жерді,
Ташкеннің бектеріне қағаз салып,

Қол емес, заңмен көрем күшін енді".-
Деді де аттандырды бес елшісін —
Абаққа азу басып, қайрап тісін,
Абақты қолға берсе бітім болмақ,

Болмаса бітімім жоқ ұқшы, кісім.
Бес елші Сыр бойына ілінгенде - ақ,
Абақты сұрастырып түрді құлақ.
Елу ғой ел құлағы, ел шыншыл ғой.

Елшілер Абақ барын білді сұрап.
Бес елші Нұрлан сөзін келген ұстап,
Соны айт деп елде Нұрлан берген нұсқап
Абақтың Садық байды шөлде өлтіріп,

Кеткенін қолға түспей Көсеукөкті ап.
Келгенін келісіммен елшілікке,
Қателік кімнен болған соны ұғыспақ.
Алдына Ақ қозының ағытты елші,

Істемек бір бітімді ел дұрыстап.
Ұлық хан қалың дауды шешпек болған,
Билікті өзің айт деп, бітімді ұстап.
Нұрланның жалғыз ғана тілегі бар,

Бар болса қолға берсең Абақты ұстап.
"Абақты шалқайсаңыз бермей қолға,
Шабады дау аяғы насырға онда.
Бір үйлі кірме Тама Абақ қандай?

Ойлаңыз, Нұрлан, қандай салып жолға.
Садыққа бір біз емес, Ташкен жоқшы,
Демесең кездесейін қалың сорға,
Егер де айтқанды істеп ұстап берсең,

Аласың бар билікті өзің қолға".
Жеткізіп Нұрлан сөзін келген елші,
Майдалап салды алдына етпей ерсі.
Байлады сөз түйінін Абаққа әкеп,

Бар тілек Абақты ұстап қолға берші.
Аққозы естігенде бұл хабарды
Сазарып басын шайқап ойға қалды.
Еңкейген елші салып Нұрланды ойлап,

Өлімін Садық байдың тағы ойға алды.
Садыққа жоқшы күшті, түбі Ташкент,
Қояр ма бермегенмен алмай жанды.
Бермесе Абақты ұстап артқы салмақ

Өзіне тиетінін есіне алды.
Ауырлап осы ойменен шақырды елін,
Жауаптың шешерінде қиын жерін.
Елшінің ұстап келген сөзін айтып,

Аққозы күтті көптен айт деп елім.
Ұйлығып сөз айта алмай отыр халық,
Айта алмай ұстап бер деп аузы барып.
Абақты күні кеше Бесатаға

Жұмсаған жылқы әкел деп жауға салып.
Сатқанда Нұрлан қорлап итке Абақты,
Іздеусіз жібергенін есіне алып.
Көпшілік Аққозыдан күтті лебіз,

Дегендей өзің айтшы салмақтайық.
Аққозы көпке қарап: "менің ойым,
Еңкейген кемітпейін Нұрлан бойын,
Тентектік байды өлтірген Абақтікі,

Күшім жоқ көтеретін Ташкен тойын".
Осылай көпке ұсынды өз пікірін, -
Абақты бермек болған түпкі сырын.
Алдына Аққозының кім шығады,

Мақұлдап бас изеді, құп деп мұның.
Жалпы етек Аққозыға Жәпек сұмырай,
"Мұныңыз дұрыс" деді елден бұрын.
Абақты өзгеден де көп күндейтін,

Бір құнсыз қу ауыз еді тым жексұрын.
Елшілер ел шетіне кіргеннен — ақ,
Абақта сақтанып еді хабарын ап.
Тыңшы сап Аққозының сөзін торып,

Адамның сыр айтатын өзіне жақ.
Қаруын, атын баптап сақ отырды,
Тынарын қандай сөзбен құлағын сап.
Күйленіп көк тұлпар да ерігуде еді,

Жер тартып, тақымда ойнап, ал жүр деп шап.
Сылдырап мөп-мөлдір боп Сырдың суы,
Мұнартқан көтеріліп көкке буы.
Құшақтап ай сәулесін төсін керіп,

Сыбдырлап көкше құрақ шалқып нуы.
Сыңқылдап әнін қосып көк айдында
Қалқыды қатар жүзіп қаз бен қуы.
Жел тербеп сылдыратқан көк құраққа,

Ән қосты әсем тербеп құстың шуы.
Аспанның ақ еркесі айы жүзіп,
Су бетін қанатымен аққу сызып.
Қос ерке бірін-бірі еркелетіп,

Өмірдің өрнегіндей туды қызық.
Көк тұлпар елегізіп, тақымда ойнап,
Жер тарпып, тізгін созып салады ойнақ.
Алдынан бір суық сөз ой күткендей,

Абақтың қобалжыды жүрегі ойнап.
Аққозы Нұрланға ұстап бермек болған,
Хабарды іңірде алған — көзін жоймақ.
Ақырғы күнім шығар Сырдағы деп,

Отырды келешегін кезіп ойлап.
Алайда тұра қашпай күтіп отыр,
Жан-жағын қарауылдап көздеп бойлап.
Асынып ақ мылтығын, белде садақ,

Күтулі хабаршысын көзін қадап.
Келетін болды уақыт, неғып жатыр,
Деп ойлап маңын шолып отыр қарап.
Тастаған ай көлеңке бұйра құмға,

Абақтың тұрған жері терең жылға,
Көк тұлпар бір пысқырып тікті құлақ,
Саңқ етті деген дауыс — Абақ мұнда.
Болғанын бір сұмдықтың Абақ сезіп,

Алайда шу дегенде бермей сезік,
Найзасын қолына алып тұр түйіліп,
Шолады айналасын зерттеп кезіп.

— Мен мұнда, іздеген кім? — жау ма , ел ме,

Ажалды іздемесең жақын келме,
Алдымен жөніңді айтып, сөзіңді ұқтыр.
Деді Абақ өзін андып келгендерге.
Абақтың даусын естіп іркілді топ,

Артынан шыға келді тағы бір шоқ.
Шықты да топтап біреу жүрді Абаққа.
"Біз елміз, тоқта батыр, мұнда жау жоқ.
Аққозы анау тұрған, Жәпекпін мен,

Өзіңе тілдеспекпіз, сөзіме сен.
Шеше алмай дау түйінін ел күйзелді.
Батыр ең, жол табатын Абақ ең сен.
Елші кеп қамап жатыр Бесатадан,

Тауыпты Садық қата бір қатадан.
Анығын сол жұмыстың айтып берсең,
Жұмысқа біз дайынбыз сен атаған.
Екі жақ бітімдеспек жолға салып,

Сол дауға сені керек дейді халық.
Сатқанын Нұрлан итке сені қорлап,
Тарақты күйзеліп еді ауыр алып".
Деп Жәпек сұрқиялап сөзбен торлап,

Алуға болмайтынын күшпен зорлап,
Айламен айналдырып маңайласса,
Алдымен астындағы атын ормақ.
Бұл істен хабар алған Абақ бұрын,

Білетін сұмырай жауыз Жәпек сырын.
Алдауға кеп тұрғанын алдандырып,
Анықтап ыңғайынан біліп мұның.

— Сен, Жәпек жақындама енді маған,

Сөзім жоқ айтатұғын сұмырай саған.
Екі айдай жау қолында жатқанымда,
Аққозы іздеген жоқ бар деп адам.
Жылқы алса құлқыны үшін алып отыр,

Жалғыз тай қияр ма екен содан маған.
Айдап сап араны үшін Аққозы сұм,
Сатылып ит боп кеткен менің, бағам.
Жәпек сұм, Аққозы обыр қос қанішер.

Қалды ма басылмаған таңбаң маған,
Бірақ мен ел деп қана елге келгем,
Сағынып құрбы, құрдас, інім, ағам.
Көруге ел мен жерді бір бұрылғам,

Болмаса жолым алыс — ойыма алған.
Тұрғанда Жәпек сұмырай сөзбен арбап,
Салуға Абаққа бір қанды қармақ,
Абақтың айналасын қамап алған

Жан-жақтан ат қойды кеп ұстаушы андап.
Найзасын жерден толғап қолына алып,
Көсеудің басын бұрып қамшы салып.
Не болса да бір айқасып көрейін деп,

Тобына Аққозының кірді басып.
Абаққа қол серметпей айдап шықты,
Қалың топ Аққозыны ортаға алып.
Жан-жақтан найза - сойыл сумаң қақты,

Көк тұлпар, бауырын жазып жұлдызша ақты.
Бір жанды маңайлатпай қаша ұрыс сап,
Серметпей жау сойылын Абақ қақты.
Түсірді бірнешеуін жоннан түйреп,

Көкпар қып кейбіреуін аттан сүйреп,
Көк тұлпар Сырдың құмын осты ойнақтап,
Торт тұяқ бір арадан түсіп түйдек.
Бір-бірлеп айқасқанын түйреп тастап,

Кейбірін екпінімен ұрмай жасқап.
Жәпекті Аққозымен аңдыды Абақ,
Кездессе кеудесіне найза баспақ.
Аққозы жанын қорғап, көпке бұғып,

Айта алмай бір ауыз сөз шетке шығып.
Абақтың шын ашуға кіріскенін,
Жүргенін қанға ұрынып үннен ұғып.
Айдап сап көпшілікті тұрды әмір қып,

Жабылып беріңдер деп маған жығып.
Паналап Жәпек те жүр көптің ішін,
Қол сермер қуаты жоқ екпінге ығып.
Кіріп жүр Абақ көпке барысша ойнап,

Найзасы сумаң қағып топқа бойлап.
Көк тұлпар тісін егеп, баурын жазып,
Кеудесін көбік жауып салады ойнақ.
Ақырып бір кіргенде топты жарып,

Найзасын оң мен солға кезек салып.
Қапысын таптым ба деп Жәпек сұмырай,
Сермеді айбалтаны тұра қалып.
Жіберді Айбалтаны Абақ қағып,

Жәпек сұм сермегенмен аңдып бағып.
Айбалта ұңғысынан сабы үзіліп,
Жарқ етіп жүзі кірді жерге барып.
Жәпекті ту сыртынан көктей түйреп,

Көтеріп ат үстінен алды сүйреп.
Ербитіп қол-аяғын бұлғақтатып,
Жерге ұрды салмағымен көтеріп кеп.
Түскенде бүктетіліп жерге Жәпек,

Абақты ашу жеңіп билеген кек.
Жәпектің жүрегінен салған найза
Шымырлап тұрды кіріп жебеге кеп.
Қалың қол сонша болмай кетті қаптап,

Жөнелді Абақ тайқын найзасын ап.
Ілдіртпей қолдан ұзап тұрды шығып,
Жәпекке жатқанында жұрт жабырлап.
Ұйлыққан артындағы қарап қолға,

Ойнатып көк тұлпарды шығып жонға.
Кетуге енді алданбай елден ұзап,
Абақтың айтқан сөзі көпке сонда:
"Қош бол, көп, Аққозының артына ерген,

Жәпектей сұмырайға тізгін берген.
Жазығым жан аямай шоқпар болдым,
Кегіңді ап, жұмсағанда талай жерден.
Мені итке Нұрлан сатып қорлағанда,

Күтіп ем кек қуар деп мен сендерден.
Сол жауға тағы мені ұстап бермек
Болдыңдар, елшісіне іздеп келген.
Ұғындым, Аққозы да, Нұрлан да жау,

Қош, сау бол, қайран елім соған ерген.
Сендерге ақтық рет қоштасқаным,
Тұрғызбай қуды Аққозы туған жерден.
Қош бол Сыр, сылдыраған мөлдір сулы,

Көк айдын, көкше құрақ қаз бен қулы.
Болайын тумағандай бұл арада,
Дей көрме осы жерде Абақ туды".
Деді де көк тұлпарға қамшы басты,

Сырғытып талай белес қырдан асты.
Жете алмай қол ұйлығып қала берді,
Десті де: Абақ енді қайрылмас - ты.
Сол Абақ сол кеткеннен кете барды,

Алатау қайдасың деп бетіне алды.
Асайын неде болса Қырғызға деп,
Қош айтып Арқа, Сырға кетіп қалды.
Қайрылмай сол кеткеннен кете берді,

Жобалап көрмесе де бұрын жерді.
Бұлт бөлеп, қар жамылған кәрі
Алатау Кимелеп көк кемерін елес берді.

МАРИЯ

Арқадий шашты ағартқан ағаш бағып,
Кестірмей бір бұтағын тауды қағып.
Ағаштың арасында өткен өмірі,
Нан жеген сақтығымен байға жағып.

Жасынан қалың ағаш арасында,
Көрмеген қырдың байтақ даласында,
Терең шат, асқар құзды, саңырау сайлы,
Бұлт құшқан Алатаудың саласында.

Серігі Аркадийдің ақсақ Сәрсен,
Адамның бар серігі баласында.
Өмірін бірге жасап, бірге өткізген,
Бір тұрып қалың нудың арасында.

Күзетіп Сәрсен түнде, Аркаш күндіз,
Бағатын аңнан бөтен түсірмей із.
Тұрмыс бір, туыс басқа, өмірге ортақ,
Баласы екеу ара Мария қыз.

Көрмеген өмірінде Сәрсен бала, Зайыбы —
Қалиманмен екеу ғана.
Жөргекте бауырына сап, татулықпен,
Мария Сәрсен шалға болған бала.

Марияға жаннан бөлек біткен көрік,
Көркіне көз тоймаған тұрған көріп.
Алтын шаш, қаршыға көз, қиылған қас,
Тал бойы таспа сымдай қойған өріп.

Аркадий ардақтаған жалғыз қызын,
Үйретті жас күнінен мылтық беріп.
Аркадий тауға шықса Мария қыз,
Қасынан қадам қалмай жүреді еріп.

Бір күні Аркадий жоқ, Мария жалғыз,
Басынан Күйген судың қарады елік.
Ойда жоқ, қия құзда бір жат мерген
Ешкі атты Марияға таяу келіп.

Тіл қатып таныспай-ақ екі мерген,
Сынасты бірін-бірі көрген жерден.
Бой сақтап, кезек беріп, іштен сынап,
Бірі атса екіншісі қала берген.

Әйтсе де жат мергеннің оғы жүйрік,
Мариядан бұрын атып ала берген.
Бір тастан көлденеңдеп бір тау ешкі,
Жөнелді Марияға таяу жерден.

Жазым боп дарымады Мария оты,
Кім білсін көз тайды ма соққан желден?
Жат мерген алыс тұрып атты өкпеден,
Қайрылып түсті теке атқан жерден.

Таңданып өнеріне жат мергеннің
Мария қыз тамашалаған таяу келген.
Сыр бермей сынасқанда қыз таңданып,
Ешкі атқан ақ мылтықты Абақ мерген.

Кірген соң саласына Алатаудың,
Аулынан алыстады қуар жаудың.
Көсеукөк Абақпенен тыным алып,
Азық қып аңын, суын жатқан таудың

Тығылып көзге түспей Күйген суда
Паналап, күндіз-түні қалың нуға.
Азыққа елік ата шығып бүгін,
Жоқ жерден Марияға келді тура.

Мария қыз амандасты қазақшылап,
Сый тұтып жат мергенді сөзбен сылап.
Сиқырлы үн, мағыналы сөз Марияға,
Абақ тұр ынтасы ауып, ойы құлап.

" — Мергенсіз біз көрмеген бұл маңайдан,
Жан кешіп тауда жалғыз жүрсіз қайдан?
Шет кісі жаны батып бұл қияға
Келмейтін аң атуға қорқып байдан?"

Мария қыз осылайша қойды сұрақ,
Ашқандай сыр сандықтың кілтін бұрап.
Абақтың еркін тартып, қыз дауысы,
Тап басып тайсалдырмай жөнін сұрап.

Жалтартпас жанын тінткен қыз сұрағы,
Және жоқ атап берер өз тұрағы.
Абақтың амалсыздан ашылды сыр,
Шындыққа шымырқанып ой құлады.

Берді айтып, қызға сөйлеп Абақ сырын,
Қалдыртпай қазыла айтып барлық шынын.
Түйілген түйдек тұлға, қыран бейне,
Асырмай асқақтады қыздың сынын.

Қыз сонда ер сырына егілгендей,
Қайысып қабырғасы сөгілгендей.
Жаны ашып жалғыз жүрген ерді есіркеп,
Мойыды қыз, мейірімі төгілгендей.

— Мергенім, жүр баралық біздің жаққа,

Жабықпа енді тауда жатпа.
Біраз күн тынығарсың бізде жатып,
Сонан соң ойланарсың барар жаққа,
Деді де Абақты қыз қасына ертіп,

Ішінен Мария қыз да Абаққа елтіп,
Үйіне алып келді таудан тапқан
Мергенін шынын айтқан сырын шертіп.
Абақты үй ішімен таныстырып,

Жайланып жан тынығар құрмет қылып.
Абақтың мергендігін Мария қыз
Айтып жүр аузын ашып, көзін жұмып.
Аркадий Абақ сырын сырттан шолып,

Келбетке келістікті көңілі толып.
Көне шал көпті көрген ерді сынап,
Күтіп жүр жүгіріп бәйек болып.
Үйіріліп Абақ жаны қыз бен үйге ,

Мейрімді таза ықылас көңіліне.
Тап келіп, ауыр жолда тапса жатақ,
Серік те болар, дейді өміріме.
Көргенде Марияны тас қияда,

Қырандай жемін көрген тас ұяда,
Жан төніп, қайғы сөніп кеткен от боп,
Бар ынта аударылып Марияға.
Айта алмай Абақ жүрді қызға сырын,

Аша алмай жұмбақ болған жүрек жырын.
Абаққа, Абақтан да Мария ғашық,
Бата алмай жүрді сынап бірі - бірін.
Ерігіп екі мерген аң сағынып,

Кетіп еді елік іздеп тауға шығып.
Басына Алатаудың бұлт айналып,
Бұлдырап түткен жүндей қатты шөгіп.
Биікке тау кемері алыс елден,

Аң алдап көздің құрты алып келген.
Қияда боран бұрқан күн бұзылды,
Қамалды, жол таба алмай екі мерген,
Екеуі жан қармалап, жартас тінтіп,

Атқан аң қалды сыртта екі мылтық.
Бір қуыс жел бармайтын алды тауып,
Минутта өмір өксіп болған ынтық.
Тар қуыс, тас босаға желді қағып,

Екеуі есін жиды тас пана ғып.
Күн бата жел басылып, боран тынып,
Жайланды таудың іші түні жылып.
Жұлдыздар жымыңдады көктен төніп,

Жіберді ыдыратып бұлтты сөгіп.
Жарқырап күміс табақ ай да туып,
Жайнатты асқар басын нұрын төгіп.
Ай нұры асқар құшып тасты сүйді,

Тас емес, тастағы екі жасты сүйді,
Ақ жүзін ай қытықтап сұлу Мария
Керілте ақ маңдайын, қасын түйді.
Марияның ай нұрлаған ақ ажарын

Аудара аялаған бар назарын,
Абақ тұр жаны үзіліп, жалын болып,
Айта алмай қызға батып ынтызарын.
Белгісіз бір күш билеп кетті Абақты,

Жүрек те шыдай алмай дүрсіл қақты.
Тіл қурап, таңдай кеуіп, қол дірілдеп,
Ыстық қан бойды билеп басқа шапты.
Айта алмай қысылғаннан қызға зарын,

Ғашықтық кетті билеп ердің жанын.
Аузынан қалды білмей қалай шықты,
Құшақтап Марияны деді: - жаным!
Мария да жанын шалған жалынға еріп,

Майысып сұлу дене құшаққа еніп.
Жабысып екі дене құр сүлдер боп,
Сезімге емін-еркін берілді ерік.
Табысып екі жүрек көптен ғашық,

Сәл бір шақ жалын қайтып, лебін басып.
Аңсаған асық жандар аймаласты,
Тілден бал сорысты да, шөлін басып.
Таң атып, тау безеніп жаны кіріп,

Екі асық тұрды орнынан таңмен еріп.
Алтын күн Алатаудан артып иек,
Жайнатты жартас ішін сәуле беріп.
Екеуі мылтығымен атқан аңын,

Алды да жол іздеді шолып маңын.
Шың жартас құлай біткен ойында өзен,
Қияның екеуі тұр басып жалын.
Бұл құздың түсу қиын барғанынан

Қарасаң бас айналған жар жағынан.
Түсер із жалғыз жымы тау текенің
Келетін суға құлап ар жағынан.
Қия құз жалғыз аяқ жазым соқпақ,

Сыймайды екі табан қатар тоқтап.
Сол жолмен Абақ бастап, Мария артта
Келеді алдарына көзін оқтап.
Жер емес жаннан безіп серт қылатын,

Жол қиын жазым басса - ақ мерт қылатын.
Тік жартас, аспан зәулім астында өзен,
Түк жол жоқ бұдан өзге бет бұратын.
Болжады Абақ алдын тұра қалып,

Қияға көз жүгіртіп, алдын шалып.
Мария да Абақ ізін аумай басып,
Аяғын аунақшытпай батып салып.
Келеді керегедей қия таспен,

Жетем деп түсер жерге қалай барып.
Бір жылан улы тілін жалаңдатып,
Марияның аяғына қалды оралып.
Шошынған балғын сұлу шыр етті де,

Жартастан құлап түсті суға барып.
Қиядан құлап түскен жас сұлуды
Долы өзен тұншықтырып жөнелді алып...
Қабағын бір қаққанша Мариясы жоқ,

Абақ тұр не екенін де білмей қалып.
Құр дене сезім сөніп, сазарған ер,
Құлады етпетінен Абақ талып.
Сол жерде Абақ жатты есі кірмей,

Мылқау құз, меңіреу жартас тұр сазарып.
Жел тынып, бұлт көшпей, мүлгіді аспан,
Тығылған ұясына күнде барып.
Бұлдырап түткен жүндей бүркеп басты,

Құз бетін жылжып баяу түн кеп басты.
Үңірейген ажал сынды айналаға,
Бір кезде Абақ тұрып көзін ашты.
Түбінде шыңырау шаттың толқын тулап,

Жартасты сабап толқын жатты шулап.
Жаралы жүрегіне қанжар болып,
Қадалды қорқау дыбыс жанын улап.
Күңіренген жалғыз жел о да жортты тауды қулап.

Күйгенсу бір бұл емес, талай күйген,
Күйгенсу өмір десе қабақ түйген.
Күйдірген сонау суды қандай жалын!
Шықты екен жалын қайдан, кімнен күйген.

Біз оны бұл арада тергемеспіз,
Су сырын айтып бізге бер демессіз.
Сүйткен су тағы жанды жалынменен,
Өртенген өзегінен ердің емсіз.

Бұл суда талай жанның жаны күйген,
Бұл суда сан ғашықтың жары күйген.
Сондықтан Күйгенсу деп аталған су,
Тағы да күйді бүгін зарлы күймен.

Сол суда Абақ шертті жан күйігін,
Күңірентіп зарға бөлеп тау биігін.
Күйігі Күйгенсудың зарға ұласып,
Ер шерін екілентіп ұлғайтты тым. —

Ойпырай, жанды өртеген мынау қорлық,
Мылқау күш, бұ да маған қылды зорлық.
Сиғызбай кең дүниеге тасқа қамап,
Артымда - өр, алдым — дария, астымды ор ғып". —

Деп зарлап Абақ сонан тауда қалған,
Жан барма еді Абақты іздеп тауға барған.
Жалғыз-ақ Аркадий шал Сәрсенменен,
Жоғалтып Мария, Абақты тауды шолған

Мария жоқ, Абақ жалғыз тау күңірентіп,
Жүргенін Күйгенсудан тауып алған.
Абақтың су күйдірген жалынымен,
Екі шал бірге өртеніп қоса жанған.

Мария жоқ, шалдар күйіп-жанғанмен,
Абақты үйге қайт деп жөнге салған.
Қос жетім жан жарлысы екі шалдың,
Көңілін Абақ қимай үйге барған.

Алданып әрі аса алмай сол бетімен,
Қасында Аркаш, Сәрсен Абақ қалған.

ЭПИЛОГ

Ол күндер жатыр алыс әлдеқайда,
Аққозы, көпес Садық, Нұрлан бай да
Жоғалған, із - тозы жоқ олар түгіл,
Талай жыл, талай жаңа туған ай да.

Қырқалап қилы заман жыл шұбырды,
Өзіне арман болған ауыр сырды,
Жеткізді бізге әкеліп өз аузынан
Абақ қарт заман кешкен асып қырды.

Кей кезде есіне алып Мариясын,
Абақ қарт алады іркіп көзден жасын,
Шіркін-ай, осы өмірді көрер ме еді,
Достықпен алуан ұлт тең қосқан басын.

Дейді ол - бүгін менде өлшеусіз бақ,
Өсірдім талай-талай бақытты ұрпақ.
Қарт десең қарқылдайды: - жаным жас қой,
Келді,- деп,- жаңа маған жасасар шақ.

Бізге айтқан ертедегі шал арманын,
Менің де ортақтасып еске алғаным.
Алдына жас оқушы тарттым кеңес,
Келешек толықтырар кем қалғанын.

Ел сүйген ерлік ісін ер өлер ме,
Қиямет ер еңбекке теңелер ме. Арқа,
Сыр, Алатауда айтады ертек,
Абақтың аңызы,- деп бүгінгі ел де.

АЙДОС

(Күй сарынымен жазылған аңыз)
Домбыра үні сыр тілі
Пернемен жосып сарнайды.
Көкейге күйдің сыбыры

Күңіреніп зарлайды.
Сырлассаң күйге тіл қатып,
Ертеде өткен елді айтар.
Кей кезде күй үн қатып,

Ел серкесі ерді айтар.
Сол домбыра сақтаған,
Шешейін түйген сырымды.
Күй күмбірлеп мақтаған

Есейін талдап жырымды.
Айдос туып арқада,
Апыл-тапыл басты аяқ.
Жау қаптады арқаға,

Ауылға келді қол таяп.
Найзаға ұшып әр әке,
Иесіз қалды ерген ел.
Қалмады елде береке,

Жау қолында қалды жер.
Желекті найза желпініп,
Желкілдеп туы жау жетті.
Қарсыласпай бет бұрып,

Қоныстан босып ел кетті.
Бірде Сырдың бойында,
Бірде Бетпақдаласы,
Бірде Аралдың ойында,

Бірде Атырау сағасы.
Тозғандай көшіп ел жүрді.
Сайда саны, құмда із жоқ.
Ойға, қырға шұбырды,

Түнде бар ел, күндіз жоқ.
Бала Айдостың басынан
Талай ауыр күн өтті.
Қиындық көріп жасынан

Арман билеп ер жетті.
Жосылған жорық шаң көшіп,
Алыста көне із жатыр.
Елі басқан қан кешіп,

Елсіз құла түз жатыр.
Қалмақ жаулап қаңғытқан
Қоныссыз шұбап елі жүр.
Сан жорықта шаң жұтқан

Елдің де мосқал ері жүр.
Жер қайысқан қол қайда,
Жалындап шабар жас батыр.
Ту байлап шығар жон қайда,

Қоныста қоршап жау жатыр.
Ел жүдеп, ерлер бүгіліп,
Садағын сала байланбай.
Қоныстан, жерден түңіліп

Жорыққа жарақ сайланбай.
Аттың босап айылы,
Найза, үзікті жастанып.
Қатар ұйықтап аға-іні,

"Үй күшік", тоғышар бастанып.
Еңсесі түсіп ел құлап,
Көш, еруі белгісіз.
Қоныссыз босып, ел жылап,

Жазы қысқа бергісіз.
Күңіреніп көшін ел тартып,
Шұбырып күндер жатты өтіп.
Алуға кек құмартып,

Айдос өсті ер жетіп.
Желекті найза үйіріп,
Желпінте жүйрік ат мініп.
Жауар бұлттай түйіліп,

Ат құйрығын шарт түйіп.
Әке өлімі, ел зары,
Ойды құрттай жайлаған.
Жауға айқасу іңкәрі,

Кеудеде ыза қайнаған.
Албырт өжет жас батыр,
Ұран күтті жан-жақтан,
Неге езіліп ел жатыр,

Арылтпай қоныс қалмақтан.
Тарақты, Тама көсіліп
Сарысуды өрлей жайлаған.
Жібектей желі есіліп,

Құлпырып өлке жайнаған.
Ел жайлауда, ойын-той,
Ерігіп жастар ойнаған.
Қайрат масы өңкей сой,

Найзасы бұлт бойлаған.
Елегізіп жау күтіп,
Еріксе салып ер сайыс,
Тұлпар баптап бүгілтіп,

Салады сынап ат жарыс.
Бірде қару сынасып,
Мақтасып найза, қылышын.
Шыққанын қандай сұрасып,

Суарған қалай құрышын.
Гуілдеп жастар күшке мас,
Айдос та жүрді масайрап.
Қасыңда жары Қарашаш,

Алма беті гүл жайнап.
Қарақат көзі жаудырап,
Қарағанда Қарашаш,
Жүректі шымшыр жүз бұрап,

Лебіне жаның болып мас.
Қарашаш десе - Қарашаш,
Бұрымы түспес толқындап.
Иіліп нәзік қара қас.

Ақ маңдайға өрмек сап.
Қыр мұрынды, қыпша бел,
Сұңғақ сұлу тал бойы.
Демесек те кемеңгер,

Айдосқа серік әр ойы.
Ақылды адам жар сыны
Айдостың жанын балқытып.
Табылғандай жан күйі,

Ерте-кеш күйді шалқытып.
Айдос шығып бір күні,
Отырды қырдың басында.
Сыбызғының сырлы үні,

Толқытып жарын қасында.
* * *
Сыбызғы күйі сызылып,
Үн қосқандай желменен,

Баяулап кейде үзіліп,
Ымдасқандай жерменен.
Бірде өрекпіп дәуірлеп,
Көтеріле аспандап.

Бірде баяу ойды ұрлап,
Шулаған елдің жарын сап.
Бірде кекпен түйіліп,
Бірде жадырап шалықтап,

Бірде көктен шүйіліп,
Бірде бұлттай шарықтап.
Манаурап бірде жайланып,
Бірде сақ-сақ күлгендей.

Бірде қару сайланып,
Жорықта жосып жүргендей.
Ұмытқандай жарын да,
Батырды билеп күй кетті.

Қарашаш отыр жанында,
Шерткенде алуан күй кепті.
Батуға барды жазғы күн,
Бұлттарды малып жалынға.

Сыбызғыдан құйылды үн,
Жалынып бейне жалынға.
Батар күннің күйі ме,
Жалынмен жайған құшағын?

Әлде мұңды үні ме,
Іздеген жардың құшағын?
Күй басылды баяулап,
Күн де батты жалындап.

Ауылдан біреу жаяулап
Келді асығыс жақындап.
Айдос айым, ер ұлан,
Деп бастап сөз майдалап,

Хабарға келдім мен саған
Қамдады ерлер жол - жарақ.
Арқа ұранды барлық ел,
Аттанбақ қарсы қалмаққа,

Ата-баба туған жер
Қонысын қайтып алмаққа.
Ата қоныс — Арқа үшін,
Қалмақ пен қазақ айқаспақ.

Сақадай сайлап бар күшін,
Кеудесін қалмақ бір баспақ.
Аттанбақ болған асығыс,
Ел ауқымы осындай.

Қалмақта да қалың күш,
Сонда да бармақ шошымай.
Аттануға түн қата Жорыққа
Айдос жиылды.

Жұрт топталып ел жата,
Жан-жақтан қол құйылды.
Қабағынан қар жауып,
Жәй бұлтындай түйіліп.

Тұлпарлары жер қауып,
Найзасын көкке үйіріп.
Сайланып жүрген сан қыран
Садағын сала байланып.

Атқа мінді шықты ұран,
Дайын болды бар халық.
Айдос та мінді атына,
Қасына келді Қарашаш.

Құлағың сал сөзіме,
Жолыңа, жарым, ием бас.
Аттанба деуге аузыма
Түспей тұр ондай сұмдық сөз.

Жар түгіл жаттың аузы да
Айта алмайды ондай сөз.
Еркек тоқты құрмалдық,
Ер туады ел үшін.

Боз қасқа айтып мал шалдық,
Біз садаға сен үшін.
Аттанасың арыстан,
Намыс үшін, ар үшін.

Ер өледі намыстан,
Бір халқының қамы үшін.
Тек армансыз қоштасып,
Кел құшайын төсіңнен.

Жүргенде сен от басып,
Шықпасын бейнең есімнен.
Деді де сұлу Қарашаш
Сүйдірді бетін Айдосқа.

Бұршақтап көзден ыстық жас,
Қоштасты жары жан досқа,
Қаптап келген жау анау,
Халықтың алып үрейін.

Қайғырып тұрған жар мынау,
Дегенде жорық жүрейін.
Аз кідіріп тұрды да,
Айналаға бір қарап,

Жарына мойнын бұрды да,
Қынабына қолын сап,
Ант еткендей суырды,
Алдаспанның қынынан.

Не болар деп ел тұрды.
Қысылып батыр сұсынан.
Жүзіне қылыш үңіліп:
"Ажал деген немене,

Тумай жатып түңіліп.
Қорқарым сен бе, селебе?
Қорықпаспын ажалдан,
Шайқасып талай жүрермін.

Жар болып жалғыз тәңір ием.
Сан қамалға кірермін.
Мынау жасыл болатын
Жаудың басын кесермін.

Өмірде ер боп мен тусам,
Ез болып қалай өтермін.
Қаймықпаспын қатерден
Тамшы қаным қалғанша,

Кетсем де өліп жат ерден
Табанға жауды салғанша.
Желпіне шапқан тобымнан
Жер жастанбай бөлінбен.

Желкілдеген туымнан
Айырылмаспын тірі мен.
Қоғалы қара көлде өткен,
Көлдің сәнін келтірген

Жағалай қонған елде өткен
Ел ары үшін жан қиын,
Еңіреп талай ерде өткен.
Ойдым желке, көк мойын,

Тұлпар боп туған жер де өткен,
Арыстан атам Наймантай,
Жау тобын жалғыз күңіренткен.
Ажалсыз ода өлген жоқ,

Жорықпен ылғи күні өткен
Солардан өткен бұл дүние
Түбіне мұның кім жеткен".
Деді де батыр тебінді,

Көк тұлпар көкке атылды.
Сартылдап сауыр тебінгі,
Қайратқа мінген қатулы.
Қол дүрілдеп жол тартты

Желкілдеп туы желменен,
Жосылып шаң боп бел жатты
Тұяқтан тұлпар сермеген,
Жамшының өр басынан

Биігін Бектау бетке ала,
Құйылды селдей тасыған
Солқылдап бейне сары дала.
Бектау - ата суында

Қалың қолмен бас қосып.
Бөлініп неше буынға,
Сол жерден шықпақ жау тосып.
* * *

Жиылды сонда қалың топ,
Әр елдің басшы батыры.
Жауға аттанбақ тартып жол,
Ту алып әр бір ата ұлы.

Жетіге жасы жеткенде,
Жер шаршысын шенеген.
Қол бастайтын шет жерде,
Күндіздей түнде көреген.

Сан тұңғиық су кешіп,
Өткелін тапқан сасқанда.
Сан қиырсыз шөл кешіп,
Жау жолын кескен қашқанда.

Қарт Қожатай ту ұстап.
Байбөрі тобы жер шолып,
Жатыр еді бұрын салық сап.
Ілеспейтін ат шауып,

Жаяу жорытса жапанда.
Қысылғанда жол тауып,
Қол бастаған қатарда.
Аттыдан озып жауға енген

Жәй оғындай жарқылдап,
Балапан келген Кернейден.
Қасына қалың қолын ап,
Түнерсе жаумай ашылмас,

Қара бұлттай кілегей.
Жайратпай жауын басылмас.
Қаруын қанға тіремей.
Түйеден келген түйіліп,

Жаңа шыққан Жарылғап.
Жас қыранға шүйіліп,
Жас барыстай жалындап.
Қамшыдан басқа қаруды

Қамданып бойға ілмеген.
Айдасқан жауын қарулы,
Жан бар-ау деп білмеген.
Келді батыр Байғозы,

Тарақты туын қолға алып.
Сан жорықта бір өзі,
Қамалды бұзған жол салып.
Өңкей ноян жиылды,

Найзасын айға білеген.
Сол жерге қол құйылды,
Найзасын жауға тіреген.
Бір ауыздан сөз байлап,

Қан жаласып шынтақтан.
Ортада шалқып ту жайнап,
Жыршылар ұран шалқытқан. —
Қаны бірге елі үшін,

Ата қоныс жері үшін,
Түгі жібек барқыттай,
Салалы шалқар белі үшін.
Суы тәтті сарқыттай,

Қоғалы айдын көл үшін.
Арқа көркі асқар шың,
Асқар анау тау үшін.
Жиденің сөгі бал шырын,

Екпей өскен бау үшін.
Қызыл қарын, жас бала
Халқының ерлер қамы үшін.
Кіндік кесіп, кір жуып,

Ата-анаң өскен дала үшін.
Қандасыңдар қалмақпен,
Қайырына шауып келместей
Еліңді жерден бездіріп,

Өрінде дулап желместей.
Жеріне қурап кеппесін.
Арқаңнан ерлер айырылып,
Ұрпағың жерсіз өтпесін.

Деп күңіреніп жыршылар
Ашынтып ерлер жігерін.
Ерге қымбат намыс - ар,
Айырмақ жаудан өз жерін.

Ел қаһарын тұтатып,
Сөзімен қамал бұздырып
Жауына жалын оқ атып.
Ар жаршысы қарт Жантоқ.

Аттанды алып қобызын.
Қобызын тартса жалын боп.
Тыңдамай өмір өр құзын.
Кетуші еді ағылып,

Жыр нөсерлеп көмейден.
Айтпаса елі сағынып.
Қолқалаушы көбейген.
Жантоқтың қоңыр қобызы

Жосылтып жорық ұранын.
Жалындап ерлік лебізі,
Шыққанда ерлік тұрар кім?
Желпініп аттар жол жұтып,

Шашағы найза желкілдеп,
Бірде жортып, бір шауып,
Жетуге жауға желпілдеп.
Тозаң тулап, шаң көшіп,

Бұрқырап бұлт боп жосылып.
Ат тұяғы жерді осып,
Шаңы бұлтқа қосылып.
Қалың қара тұман боп,

Қолдың жолы мұнар боп,
Жердің жоны орланып.
Бозала таңнан батырлар,
Жетті қалмақ қолына.

Қалмақ та шулап салды жар,
Сап түзеп қалың қолы да.
Қалмақтың ханы Шажасы,
Дабылын қатты, ту тікті.

Күркіреп күндей қолбасы
Қара дәу бастап қол шықты.
Сайланып келген салмаққа
Қазақпен ұлы бір шайқас.

Берді бұйрық қалмаққа:
"Бірің қалма бар да айқас.
Киіп алып кетіңдер,
Келген бетте-ақ лап қойып.

Қан төге қайрат етіңдер.
Бой жаздырмай тез жойып.
Шошытпаңдар қазақты,
Үрейлетіп сасқандай.

Ду қылыңдар жан-жақты,
Дүркіреп бәрі қашқандай" –
Хан бұйырды қалмаққа,
Қалмақ бірі тартынып.

Дуылдасып жан-жақтан,
Тасыған селдей алқынып.
Қаптап шапқан қалмаққа,
Қазақта қарсы құйылды

Жасқанып, бұғып қалмақ па?
Қазақтың ері жиынды.
Кетті айқасып екі жақ,
Найзасын көкке үйіріп.

Айбалталар жарқылдап,
Қылыштар қия шүйіліп.
Алтын кіріс сары садақ,
Адыранасы мөңіреп.

Тартқанда ерлер тұра қап,
Ат шөгіп аяқ жер тіреп.
Садақтан оқтар көкке ұшты,
Жасындай ағын жарқылдап.

Талай дене жер құшты,
Құлаған аттан жалпылдап.
Тұтылғандай күн көзі,
Найза, сойыл тозаңнан.

Боялғандай жер жүзі,
Майданда акты қызыл қан.
Қазақ, қалмақ екі жар,
Шеп құрып тұрып соғысты.

Талай сабаз батырлар,
Жау қолынан жер құшты.
Үздіксіз үш күн соғыс боп,
Ат болдырып, қажыды ер.

Қалмақтың күші басым боп,
Қауып ойланып сасыпты ел.
Жатты түнеп екі жақ,
Үдересін бойында.

Таң ата тағы сап құрмақ
Күркілдек, Құсақ ойында.
Қайратты жауға жолығып,
Қанжығадан қан кешіп.

Ертеңнен ел торығып,
Жау алқымдап үні өсіп.
Жабығып жасақ қол жатыр,
Жалыны қайтып басылып.

Қарсыда қара нар жатыр,
Аруағын бүгін асырып.
Сан қамалға бұйырып,
Бекінін бұзып қалмақтың.

Айдос шықты түйіліп,
Зәресін алып жау жақтың.
Жас барыстай жалындап,
Жарқылдап жайдай Айдос ер.

Жау тобына ойран сап,
Сілкінткендей демі жер.
Арқа таңы созылып,
Аталмай сыздап алыста.

Айдос та бойы қызының,
Шыдамай күйіп намысқа.
Алмай көздің шырымын,
Асығып атар таң күтіп.

Қажыған түйіп ел сырын,
Қамығып батыр қан жұтып: —
Шынымен жауды айдамай,
Арқадан — ата қоныстан.

Қайтпақпыз үйге біз қалай,
Сайланып келген соғыстан.
Ел аруағын жасытса,
Ардан аяп жан қорғап.

Жаудың көңілін тасытса,
Ер өмірі не болмақ.
Ата аруағын күңірентіп,
Моласын таптап жау жатса.

Қосынсыз қор боп күн елтіп,
Жөңкіліп жосын ел жатса.
Ердің күні не болмақ!
Ер дегенің ез бе еді!?

Осындай ауыр сыр толғап,
Атқан танды ол сезбеді.
Ширатқандай ер бойын
Алдағы ұлы айқасқа,

Бекіткендей ер ойын,
Жасқанып жаудан таймасқа.
Суылдап таңның самалы
Арқадан андап есілді.

Алдында жаудың қамалы.
Сайланып атқа ел мінді.
Өктемдеп кеше бағы өскен,
Дәуірлеп үні бір қалмақ.

Найза үйірді белестен.
"Жекпе-жек" сұрап кек алмақ
Қазақтан шапқан Қалмамбет,
Қаза боп кеше қолынан.

Тағы да сұрап жекпе-жек,
Бүгін де кезек тобынан.
Айдарлы қара бұл алып,
Қазаққа таныс талайдан.

Сан соғыста жол салып,
Ағызған талай ерден қан.
Қазақтың қолы ұйлығын,
Суырыла ешкім шаба алмай.

Қазақтың қолы тұр бұғып,
Баратын батыр таба алмай.
Намыс пен арын ширатқан,
Жас қайраты жалындап,

Айдос келіп түсті аттан,
Халық алдында қару сап: —
Жау найзасы жарқылдап,
Ойнаса елім көгінде.

Тығылып топқа бойды ұрлап,
Тұрғаным тірі өлім де.
Жас жанымды арнадым,
Қазақтың намыс, ары үшін.

Жас күшімді арнадым
Халықтың қоныс қамы үшін.
Атадан қалған кегім бар,
Анау тұрған қалмақта.

Тілекте халқым тұрыңдар,
Байладым басты бармаққа.
Рұқсат бер, халайық!
Ер тілегі — бір тілек.

Жекпе-жекке барайық,-Деген кезде жас түлек
Қамалып тұрған қазақтан,
Қасқара шабар таппай ер,
Жабығып тұрған барлық жан:

"Айдос жаным, бері кел,
Жай қолыңды, жас көкжал.
Қолдасын қорғап ер бабаң,
Қалмаққа бар да ойран сал.

Жауыңнан ағыз қызыл қан".
Сол жерде тұрған халық боп,
Ақ ниет, адал тілекпен
Бата бердің қалың топ,

Бір дауыспен дір еткен.
Дулыға күнмен жарқылдап,
Найзасын көкке үйіріп.
Шар айна төсте жалтылдап,

Тұйғындай жауға түйіліп.
Шыға шапты жас батыр,
Қазақтың қалың қолынан.
Майданда тосып қалмақ тұр,

Қан жосыған жолынан.
Жекпе-жек сұрап желіккен,
Мақтанмен ісіп қабарып.
Қарсы ұмтылды жау беттен

Жас батырға Қара алып.
Жалындап шапқан жас батыр,
Алыппен кетті айқасып.
Ойран салды ой мен қыр,

Екі көкжал шайқасып.
Жарқылдап ойнап көк сүңгі,
Желекті жебе сумаңдап.
Зәресі қалмай ел тұрды,

Не болар деп екі жақ.
Кейде найза салысып,
Кере тұра толғасты.
Қайысып кеп бүк түсіп,

Тізесімен жер басты.
Тастай беріп найзасын
Қылышпен қия қағысты.
Сұмырай қалмақ айлалы,

Күш көрсетіп қарысты.
Жарқыл қағын алдаспан,
Емініп Айдос мойнына,
Жаралған қанқор алмастан,

Өлімнің құштар ойнына.
Әлденеше үңіліп,
Қылыш желке жағынан
Дарытпай Айдос бүгіліп,

Қылышты қырқа сабынан,
Шапқанда қылыш түсті ұшып,
Қара алыптың қолынан.
Жалтарғанша ол ырсиып,

Қалмақты тартты жонынан.
Кекпенен тартқан ақ алмас
Шұрқылтайдан сыр етті.
Доптай ұшып түсті бас,

Қан қылыштан дір етті.
Қалмақ шапты алыптың
Әкетуге сүйегін.
Қазақ шапты, халықтың

Берді деп тәңірім тілегін.
Өңгеріп алып қалмақты,
Айдос топқа жеткенде: —
Я, әруақ!- деп шуласты

Қуаныш сыймай жер, көкке!
Алыбы өліп кеткен соң,
Қалмақтың үні басылып.
Қазақтың қолы жеткен соң,

Дәуірлеп дулап тасынып.
Қамыққандай қалмақтар,
Қашқақтай қайтып ұрыстан.
Алдыңғы тобы қазақтан.

Ат басын кейін бұрысқан.
Ту қасында хан Шажа,
Қолына ұрсып ақырды.
Қашқанына бер жаза,-

Деп Шағанды шақырды.
Қысылғанда қимылдар,
Сүйенерім, ер Шаған.
Жекпе-жек сұра майдан бар,

Келді кезек, ер, саған.
Шақыр әлгі батырын,
Кезегіңді ал, төк қанын.
Қара дәу қайран, батырым,

Бұзатын жаудың қамалын.
Қапыда кеткен ерімнің,
Кетпесін жауда есесі.
Қаймығып, қалған елімнің,

Көтер бір, Шаған, еңсесін.
Шапты Шаған дүрілдеп,
Қалмақтан шыға атой сап.
Дауысы күндей күрілдеп,

Найзасы жайдай жарқылдап.
Шыққанда шауып қалмақтан,
Өңмендеп Шаған лапырып:
Айқассам ағады қызыл қан

Кетем, - деп,- таптап жапырып.
Жетіп еді Айдос та,
Қайырыла шауып майданға,
Шаған да келді сол тұсқа,

Бұрылмай жолда бір жанға.
Шықты ақырып алдынан,
Шағанға қарсы Айдос ер.
Аруақтап қазақ салды ұран:

Батырға, тәңірі медет бер.
Жауар күндей түнерді,
Атпаққа кегін жасындай.
Салмаққа бір сүренді,

Күйіне түскен лашындай.
Жас барыстай жонданып,
Аш арыстан белденіп,
Ақиықтай қомданып,

Айқасты жаумен ер келіп.
Қалмақтан шапқан дәу
Шаған, Айдосқа келді жекпе-жек.
Аламын деп қанға қан,

Жібермен деп мен де кек.
Садағын кезеп жол тосты,
Атындай тартпақ алыстан.
Адырна желмен үн қосты,

Толғаса топшы қарысқан. —
Алдыңғы кезек менікі,
Аламын қанын ағамның.
Екінші кезек сенікі,

Ер болсаң Айдос шығарма үн.
Айдос тұрды қасқарып,
Шегінді Шаған алысқа.
Қорыққан ба ол жасқанып,

Қалдырып елін намысқа?
Жүгіртіп келіп дәу Шаған,
Тартқанда садақ шіреніп,
Екпінінен толғаған,

Тізеден жерге ат еніп.
Айдостың жалап топшысын,
Иіріліп оғы жыландай.
Жүректің көздеп дәл тұсын,

Кетті атқанмен дарымай.
Барып соқты бір дәнді,
Тастары шаң боп көкке ұшты.
Айдос тайып сонда ерді,

Шамдандырып кек қысты.
Шаған да беріп ер кезек
Тұрды қабағы қасқарып.
Садағын Айдос нақ кезеп,

Жүгірте толғап бетке алып.
Қозы жауырын, сұр жебе,
Кірісі алтын садақтан,
Адырнаға күш бере,

Шірене толғап кер тартқан.
Болса да алы арасы,
Қос өкпенің тұсы - ау деп.
Қас дұшпан иттің баласы,

Өлер жері осы - ау деп.
Тартқанда Айдос шіреніп,
Көк тұлпар белі қайысып.
Аяғы жерге тіреліп,

Жез қармақтай майысып.
Айдос тартқан сол жебе,
Қалаған жерден қадалып.
Басы айрылып жерге ене,

Шағанның үні жер жарды.
Өкіре келіп дәу Шаған,
Құлағанда қара аттан,
Көтерілді жерден шаң,

Құйылды қазақ жан-жақтан.
Құлаған соң Шағаны,
Қалмақтың қалмай үрейі.
Тыңдамай елі Шажаны,

Лап қоя қашты бар елі.
Жау қаштылап қазақтар,
Қалмақты қуып жөнелді.
Тартты қалмақ азапты

Жеңіске қазақ кенелді.
Қосарлап қара тұлпарын
Қалмақтың ханы Шажасы
Алып қашты өз жанын

Қымбат боп елден өз басы.
Дүркірей қашқан көп қалмақ,
Аягөз асып, құм барды.
Естері шығып жан қармап,

Бытырап кезді құмдарды.
Арқадан жауды бір түріп,
Қазақтың гулеп үні өсті.
Қара түнек серпіліп,

Балқашты бойлай қол көшті.
Қол серпіліп қонған соң,
Қос тігіліп су бойлап.
Көңілі шалқып толған соң,

Домбыра, қобыз күйді ойнап.
Айдостың қалған әкеден
Жанында жүрген сыбызғы.
Шаттанса тартар күйі екен,

Орағытып өр құзды.
Дәуірлеп күймен кезгендей,
Арқаның әсем саласын.
Жаны бір шаттық сезгендей,

Аймалап туған даласын.
Арман шөлін басқандай,
Ата аруағын емірентіп.
Көңілі көл тасқандай,

Жауын жеңіп күңірентіп,
Жас жүрегі қуанып,
Жас қайраты шыңдалып.
Жауын қанмен суарып,

Майданда озып жүлде алып.
Желпініп сауыт шешініп,
Жеріне аунап керіліп,
Құлашын жайып көсіліп,

Жаны майдай еріліп.
Күй сырғытып дем алып,
Тынымдап Айдос отырды.
Тамыздың күні тамылжып,

Жанданып жер құлпырды.
Тына қалды қалың қол,
Күйге түріп құлақты.
Жан жүректі тербеп ол,

Қуантты, кейде жылатты.
Бірде шат боп күлімдеп,
Жымиғандай қуанып,
Бірде өзеуреп дүрілдеп,

Алмасты қанға суарып.
Бірде әлсіреп талмаурап,
Нәзік үнмен тіл қатты.
Бірде үнінен қан саулап,

Жалынып жылап мұң шақты.
Жадыратып бірде жайлантып,
Тербетіп көкей жусатып.
Жүректі шымшып үн шалқып,

Балқытып бойды бусантып.
Әкеткендей күй билеп,
Тартқанда Айдос тұнжырап.
Алуан сырды ой сүйреп,

Жүректі шымшып жүз бұрап.
Отырғанда Айдос ер
Бір түс кеп түсті есіне.
Көрмегенім жақсы еді?!

Шашын жайып Қарашаш
Неге апырмау қамықты.
Қанды жасы аралас
Неге бүйтіп тарықты.

Жаудың оғы, қылышы
Майданда сермеп мені атқан.
Тарылтып әлде тынысын,
Күйзелтіп сол ма жылатқан.

Қарашаш сәулем қамығып,
Отыр ма қорқып ойланып.
Әлде жүдеп жабығып,
Сағынып жарын ойға алып.

Жабықпа жарым, жүдеме,
Қағас көрдім, қатер түс.
Басынды сүйеп кеудеме,
Қоштастың тым асығыс,

Дегендей үні сыбызғы,
Сызылып жүйткіп сорғалап.
Толқынын Балқаш күй жүзді,
Бауырлап жүйткіп жорғалап.

Әлде желдің лебімен,
Садақтан ұшқан оқ тілген.
Әлде ажалдың демі ме,
Өмірді өрттеп от киген.

Күйден шықты бір сарын
Шошынғандай өмірден.
Күйзелткендей өр жанын
Құшақтасып өліммен.

Аһ, дүние-ай сол кезде
Айдосқа кеп оқ тиді.
Өң бұзылып леп-лезде.
Бітіре алмай ол күйді.

Денесі құлап жер құшты,
Белгісіз оқтан атылған.
Сыбызғы қолдан жер ұшты
Күнді күймен батырған.

Қайдан шықты, қай жақтан
Қаңғырып кеп жалғыз оқ?
Қандай дұшпан, ісім атқан?
Айнала жым-жырт, түк үн жоқ.

* * *
Күйді тыңдап гуілдеп,
Отырған қоста көп қыран,
Оқ тигенде зулап кеп,

Айдосты сүйеп жығылған.
Басын жерден көтерді,
Тіл қатпай Айдос сазарып.
"Қиып кетті – ау желкемді",-

Дегендей боп бозарып.
Ымдағандай ернімен
Бітпеген бейне күй лебін.
Басылды қыбыр еріннен,

Бітіргендей күй демін.
Ердің ақтық лебізін
Іліп алып есті жел,
Күңіренткендей жер жүзін,

Ел көкейін кесті жел.
Айнала іздеп ел шапты,
Бекініп оқтың атылған.
Қалмақты ақсақ ел тапты,

Бір жарда бұғып отырған.
Жалғыз қалмақ жаралы,
Жар тасасын паналап —
Тыңдамай ауыр жараны,

Кек жалыны жалындап.
Қол қонғанда ши бойлап,
Дересінді өрлеп жамырап,
Жаралы қалмақ кекті ойға ап,

Садағын кезеп бетіне ап.
Жетіп еді Айдостың,
Жағалап тұсын жарменен,
"Жолыңды жауым мен тостым

Қоштасарсың жаныңмен".
Деп шірене қу қалмақ
Атқан екен жүректен.
Жасырмай сырын, бұлтақтап,

Аттым, - деді, - шын кекпен. —
Мен Шағанның інісі ем,
Айдостан жеткен қазасы.
Өлімнен қорқар кісі емен,

Ел үшін туар ер басы.
Мені де Айдос найзалап,
Түсірген шаншып жаралап.
Ел кетсе де мен қалдым,

Өлсем деп оқты бір қадап.
Жардың түбін паналап,
Жалғыз жатып тостым жол.
Жауырын қарап, ашып бал,

Келуін күттім қайтқан қол.
Қондырып қосын шешініп,
Отырса да Айдос сақтанбай.
Бөгелдім атпай кешігіп,

Тәңіріме садақ тартқандай.
Өйткені Айдос сызылтып,
Сыбызғыдан күй төкті.
Сол күй бойды езілтіп,

Қабырғамды күй сөкті.
Күй тілімен сырласып,
Күйзеліп жарға мен бұқтым.
Бірде ерленіп, бір жасып,

Күйдің сырын мен де ұқтым.
Атуға қимай алыстым,
Жүрегіммен белдесіп.
Намысқа, кекке қарыстым,

Алайда аттым жан кешіп.
Жанымның нәзік бір қылы,
Күй шерткендей күңіреніп.
Жасымнан билеп сол мені,

Көкейге түрлі күй келіп.
Қуыс қурай қобыз ғып,
Сарнатушы ем сан күйді.
Айдос тартқан сол күйден,

Жүрегім ауыр сыр түйді.
Асқақтап тартқан Айдостың
Намыспен күйі тиді арға.
Садақты сонда мен бастым

Жан не керек ар барда!
Түсерімді білсем де,
Намысым қайнап атқызды,
Жалғыз тілек өлсем де,

Сол күйді маған тартқызшы —
Деді де қалмақ қолына ап,
Қоншынан қуыс қурайын,
Айдостың күйін аумай сап,

Көкейге құйған удайын.
Сұңқылдатты қу қалмақ,
Күйді ағытты қурайдан.
Кешкі желге үн жалғап,

Қанатын алыс күй жайған.
Құмды күймен үйіріп,
Будыратып шаңды айдап.
Балқашқа жетті жүгіріп,

Жел күйді алып бай - байлап.
Сүңгіді толқын күйді алып,
Дүлейіне Балқаштың.
Желге үн қосып толғанып,

Күй күңіренді күндіз - түн.
Жұрт тыңдауға еңіреген,
Еріне жаны күйзеліп.
Жарысқандай желменен,

Арқаны кезді күй желіп.
Садақтың оғы сан іреп,
Жүрегін жыртқан қоңыр жел.
Азуын айға сан білеп,

Ерлер жортқан сары бел.
Көбелеп ерлер жау қуған.
Жағасы ор боп айдын көл.
Сан заманды көшіріп,

Сақтаған ізін көне жер.
Бітпеген осы күйменен,
Күңіреніп жатты үн қосып.
Кестеленіп сыр терең,

Даланы кезді күй жосып.
Айдос күйін кестелеп,
Тартқан әлгі қалмақты.
"Күй сақталсын есте" деп,

Басын кесіп алмапты.
Өмір бойы сол күйді,
Тартыпты қалмақ байлауда,
Көрмей туған елді, үйді

Жүрсе де азап айдауда.
Эпилог
Ел көкейі елгезек
Жинаған көне аңызды,

Татымсыз сырдан бой тежеп
Кеңесті жырлар маңызды.
Сондай сырдың бірі, - деп,
Құйқылжып қолы шек бойлап,

Бұл күн Айдос жыры еді, -
Дейді Әбікен күйді ойнап.
Бастайын да кеңесін,
Шежірелеп кететін.

Балқаш пен Үшдересін,
Бойына күймен жететін.
Қолында жалғыз домбыра,
Жарықшақ жабы үнімен,

Сырын ойға қондыра —
Жеткізіп ем мұны мен, —
Дегенде күйші гулетіп,
Жөнелді ойнап оркестр.

Эфирге шырқап күй жетіп,
Бөленді күйге ой мен қыр.
1944.

ЧЕРКЕС КЕГІ

(шағын поэма)
Тентек Терек бұлқынып
Дариялыдан шықты ойнап,
Шың жартасты бетке ұрып,

Жосылып ойға салды ойнақ.
Көк торғындай аспанға
Толықсып, өрлеп маңғаз ай,
Нұр төгіп Кавказ асқарға,

Жүзеді көкке жылжып жәй.
Қазбектей қату қаһарлы,
Теректей тентек өзеннен,
Ер жеткен күш ап өр жанды,

Жауына кекпен кезенген.
Кавказдың өжет баласы,
Құзда өскен орғып арқардай,
Өсірген тауы — анасы,

Ыстық боп бейне жас жардай.
"Қандай ыстық туған жер,
Сүйкімді өзен тау мен тас,
Ардақты ауыл, туған ел,

Жан сүйген құрбы замандас.
Алтын дәурен — бала шақ
Өткізген осы тауда ойнап,
Жігіттік дәурен, жас жарды ап,

Салған күндіз, түнде ойнақ.
Атқызған осы қияда
Тамаша таңның талайын,
Қырандай қонған ұяға,

Шолып Мурид маңайын.
Отырды осы бір кеште,
Жартастан аңди жау жолын,
Қадалып әрбір елеске

Қырандай сүзіп оң, солын.
Ауын анау өртенген,
Бықсиды шала қоңырсып,
Естимін үнін өртте өлген,

Бауырдың зарлап ыңырсып.
Қайда ақ Белла ару жар,
Бөбегім, Әшім, құлыным.
Тілдеспей өлді - ау сорлылар

Қолында фашист сұмының.
Арыңды жауға бастырмай
Терекке қиған жаныңды,
Жауыңа жасып бас ұрмай,

Қуат қып мені, жарыңды.
Арманда кеткен ару жар
Артыңа тастап аманат,
Тау елінде аңыз бар,

Өлімнен ерге ар қымбат.
Сен де таудың қызысың,
Арың қымбат өлімнен,
Мен де таудың ұлымын,

Ар үшін безем өмірден.
Осы ойлар кекті өршітіп,
Отырды Черкес долданып,
Тау жолын андап жау күтіп

Мылтығын оқтап қолға алып.
Теректің бойын тепкі қып,
Орнатқан фашист қара күн,
Муридті билеп қанды кек,

Айқасып жаумен күндіз, түн.
Сан фашисті жайратқан
Осы тауда ер Черкес.
Қиядан қағып құлатқан,

Терекке түпсіз ерте-кеш.
Алғандай тынып түн басып,
Мелшиіп тұрды тау мен тас,
Теректе толқын атой сап

Мөңкуден мәңгі тыйылмас.
Бұрқырап ойнап жарқылдап,
Теректің суы жатты ағып,
Жан-жағын шолып құлақ сап,

Жартастан бойлай бас батып.
Мылтығын қолға серт ұстап,
Жорғалап бейне жыландай,
Келеді біреу жылыстап,

Қиялай өрлеп көз алмай.
Отырды Мурид сығалап
Таныған жаудың жүрісін,
Мылтығын кезеп жанына ап,

Ішіне тартып тынысын.
Қарауылға алып жан басын,
Салды басын ер Мурид,
Қан қылып шыңның жартасын,

Құлады құзға құдиып.
Ағынға түсіп құлдырап,
Толқын қуған нәжес тән,
Тереңін Каспий бетіне ап

Жөнелді ылайға жауыз жан.
Осыменен болды отыз,
Мурид атқан жау саны,
Жау ажалы осы құз,

Өлімнің жұмбақ қақпаны.
Атқан жауын құлатқан
Қуанып Мурид қаперсіз,
Мәлел сұмырай ел сатқан,

Кеп қалды аңдып қара жүз.
Муридті Мәлел бассалды,
Бассалды бірге офицер,
Қапыда қыран ұсталды,

Қаруласпай қайран ер.
Алдында қару ақ перен,
Байлауға түсті батыр қол,
Ойында Терек, су терең,

Айнала жартас зәулім зор.
Жылжиды көкте алтын ай,
Жыпырлар жұлдыз алыста,
Бәрі де қарап тұрғандай

Қадалып жерге ғарышта.
Жаңа ғана еркіндеп
Еркелеп құшқан табиғат,
Ілезде бәрі қарап шет,

Томсарады болып жат.
Түнергендей тау мен тас,
Мұңайғандай есті жел,
Тұтқынға түсті азат бас,

Қаруласпай есіл ер.
Қолы бос боп Мәлелмен
Кездеспей тауда жекпе-жек.
Байлауға түсті ер мерген,

Азғыннан алмай қанды кек.
Әкетті айдап қыранды,
Қиядан ойға жеңген жау,
Айнала жартас сұрланды,

Мелшиіп тұрды асқар тау.
Қараңғы шыңырау тас зындан,
Байлаулы қолы артына,
Түсірді соған атпай таң,

Мәлел де бірге барды да.
Отырды Мурид жалындап,
Қасында қансыз сұм Мәлел,
Ториды сырын сұрау сап,

Партизаннан бір дәлел.
Сұрқия арбап қулықпен,
Күлгендей ердің арына,
Өлімнен болмай қорлау кем,

Қарайды Мурид қанына.
Қатпады тіл қасарып,
Азғын Мәлел кетті ұйықтап,
Қараңғы зындан томсарып,

Түн басты жым-жырт тұйықтап.
Кек пенен қатер тай - талас
Алысты батыр жүрекпен,
Ұйқыға кетті Мәлел нас,

Дыбысы шықты қор еткен.
Мәлелдің төніп басына,
Отырды Мурид аз тыңдап,
Томсарып зындан тасы да

Ер кегін қозғап ойға сап.
Муридтің қолы байлаулы
Ұйықтайды Мәлел қымсынбай,
Таң атса дара сайлаулы,

Муридтің барар орны сай.
Мына азғыннан кек қайтпай,
Қоштасады ер өмірмен,
Өлуге серт қып сырды айтпай,

Артық боп ары өмірден.
Отыр Мурид бекініп
Торға түскен тау қыран,
Өз өмірінен сыр қымбат,

Ол сыр сонау партизан.
Мынау азғын сұм Мәлел,
Сатылған жауға бұл қорқау,
Айтпай ма қарғыс маған ел,

Артымда бұл сұм қалса сау.
Ақырғы жинап қайратты
Алмай кекті бұл сұмнан,
Өлсем арман, бұл қатты,-

Болмай ма берсем ертең жан.
Есіне алды күйініп,
Осы ойменен түйіліп
Жиып алды бар күшін,

Жауыздардың бар ісін
Не қалды қайта ойланар,
Өлімнен басқа өріс жоқ,
Қорлауға түскен сүйген жар,

Өртелген үйі қоныс жоқ.
Жас ұлан жалғыз Әшімін,
Жау шанышқан найзаға,
Қайнатты бұл кек ашуын,

Тірлік пен өлім бір баға.
Халқы түскен талауға,
Қаласы күл боп өртенген,
Жосыған халық жүр тауда

Тамақсыз, үйсіз аңша өрген.
Қабындап келген қанды кек,
Қорғасындай басты ойды,
Көзінің алды тұман боп,

Әкетті билеп өн бойды.
Кек қайраған ер черкес,
Мәлелді тепті жүректен,
Жинай алмай Мәлел ес,

Жатты талып шықпай дем.
Тағы да тепті басынан,
Мылжаланды бет-ауыз,
Жаншылып зындан тасына,

Жатты жайрап сұм жауыз.
Түйдектеп келген түнеріп,
Батырдан ашу таралып,
Азғын Мәлел жатты өліп,

Білінді таң да ағарып.
Зынданға келді ысқырып,
Жендеті фашист қанішер,
Жатыр жайрап қылжиып,

Тыңшы боп қалған қу Мәлел.
Қарайды жендет жан жаққа,
Жалғыз тұтқын тас зындан,
Оның қолы байлаулы,

Ешнәрсе жоқ қарудан.
Алып шықты зынданнан,
Тергеді Мәлел өлімін.
Өлтірген Мурид жоқ танған, -

Оны өлтірген міне мен.
Ол азғын еді дос сатқан,
Өлтірдім ұйықтап жатқанда,
Тау елін сатқан ант атқан,

Ұйықтады, түсті қақпанға.
Сыр керек болса айтам мен,
Еріңдер менің артыма,
Партизан орнын тап деген,

Байладым басты шартыңа,-
Деді де қайсар ер Мурид,
Қобалжымай қасқарып,
Ішінде терең сыр бүгіп:

"Барайын бекін тасқа алып.
Тастың төрі тұйық құз,
Ойында Терек орғыған,
Арты қыспақ жалғыз із,

Апарам бастап мен соған".
Мөлдіретіп берді айтып
Партизаннның бар сырын,
Сенерлік етіп сыр тартып,

Жүретін жолын, бекініп.
Сенді ме, сенбей сынау ма,
Кім білсін жаудың қулығын,
"Баста" деп ерді ал тауға,

Алдасаң өлдің, - деді — ұғын".
Түсті Мурид соқпаққа,
Қолы артына байлаулы,
Үмітпен қарар тау жаққа,

Кекпенен тісі қайраулы.
Ойлаған ойын Муридтің,
Әлде ұғады партизан,
Сәті болмай үміттің,

Әлде есіл ер береді жан.
Сыр сездірмей сыртынан,
Сиқырлы жүзбен жауына.
Күледі ішпен мұртынан,

Сеніммен қарап тауына.
Тәкаббар таудай өр жанды,
Қазбекте өскен ер Черкес.
Үйіндей біледі бұл маңды,

Сайрандап өскен ерте, кеш.
Мурид алда, жау артта,
Кезеулі мылтық бұрылтпас,
Гүрілдеп аспан бір сәтте

Жаңғырықты тау мен тас.
Шыға келді ойнақтап,
Тауды сүзген бір қыран,
Құйқылжып шүйіп ойнақ сап,

Құйылды құстай көрген аң.
Самолеттің көргенде
Қанатты қызыл жұлдызын,
Жата қалды жау жерге,

Паналап қуыс тау құзын.
Тәкаббар бойын өр ұстап,
Көтеріп басын қасқара,
Адымдап Мурид аяқ сап,

Арқардай ырғып тастарға.
Тарта берді бөгелмей,
Таныған Мурид қыранды,
Жауды атқылап жол бермей,

Муридке қыран жол салды.
Айнала беріп бір тастан,
Байлауды қиды тасқа егеп,
Тас қыры кем бе алмастан,

Жіберді қиып кіршілдеп.
Қол шешілді ер Черкес,
Арқардай ұйытқып кетті ойнап.
Жолдасын тауып сол күн кеш,

Қайта аттанды қару ап.
1942.

МАШИНИСТ

(Поэма)
Бұл поэмамды, Түрксібтің жолын
қолымен салысқан, Семей көпірінен
түңғыш жүріп өткен паровоз бригадасының

составында болған, қазақ жүмысшыларынан
тұңғыш машинист болып, үздіксіз жиырма бес
жыл паровоз жүргізген қарт коммунист,
еңбек пенсионері Ақметқали Жүнісевке арнаймын.

Автор
Сөз басы
Ертістің долы ағынын ығыстырып,
Сом діңгек қызыл құмды шетке ысырып,

Шымырлап су түбіне бентше бойлап,
Тәкаббар балуан дүмі жатты кіріп.
Алтайдың өр құзынан өкім күшпен,
Су қашап сыртын түктеп айдап түскен,

Малта жон, маржан түсті қызыл тасын
Қабаққа үйіп жатыр алып іштен.
Талқандап бауырын жыртып асау судың,
Күшімен гуілдетіп от пен будың,

Бойлатып жатыр қалап алып діңгек,
Қайраты қаптап келген қалың нудың,
Ойнақтап ертең алып жортпақ поезд,
Көпірмен Ертісті аттап түн мен күндіз.

Вагондар тізбектеліп байлық тиеп,
Әндетпек масайраған ұл менен қыз.
Су үні сонда өзгеріп шат күй төкпек.
Үні емес желмаяның жортқан өктеп,

Қорқыттың қобызынан шыққан сарын,
Сап болып сар даладан мүлде кетпек.
Ертіске еркін тиген елім қолы,
Салынған мынау бақытты өмір жолы,

Заманның желмаясын желден жүйрік,
Өлеңмен жеткіз елге жырлап соны!
Алғашқы кәстел
Орнатып біреу көпір, біреу жолды,

Біреу су, біреу қашап тастақ жонды,
Көтеріп біреу рельс, біреу шпал
Қайнаған көрді Тақан қалың қолды.
Тартылып жаңа өмірдің жаңа жолы,

Будырап бұрқыраған Шағыл жоны,
Балуан қол, болат сүймен ойнақ салып,
Тебін қып тегеуірін жерді соны.
Тақан болат шымыр құрыш жол салуға,

Жарқылдап асыл сүймен ұшқын шашып,
Жартасты жапырақтап құлатуда.
Ертістің қабағынан қатарласып,
Шпалдар жер құшақтап бауырын басып,

Сыңғырлап болат рельс бойын созып,
Жайнағанда балуан қолдар жапырласып.
Еріткен еңбек лебі, құйған шындап,
Суарып құрыштаған тізген сымдап,

Өмірдің жасыл болат сом табаны,
Ертістің қабағынан табанын сап.
Төсесін сол болатты Тақан қолмен,
"Жүреді поезд ертең осы жолмен,

Тұңғыш жол, тұңғыш рельс төсегенім,
Қаққаным тұңғыш кәстел балуан қолмен.
Бақыттың жолына еткен еңбегімді,
Бірінші кәстелді ұрып бергенімді,

Тарихтың бір шегесін қақтым бастап,
Жаяуға ат, жарлыға бақ болар мәңгі".
Тақан да терең талдап осыны ойлап,
Ұрған жоқ ол кәстелді бәрін ойға ап,

Әйтеуір көкірегін шаттық кернеп,
Балуан қол, болат балға салғанда ойнақ.
Шпалға шымыр қағып кәстел жоқ боп
Жөнелді ұзын тартып рельс бойлап.

Жалғасын бір-біріне тартты рельс,
Жарыс сап қосарланып шпалда ойнап.
Созылып рельс сонан тарта берді,
Артына тастап талай асқар белді,

Тақандар алдын созып, көшін бастап
Рельспен құрсаулады талай жерді.
Катя
Жас Катя көп жұмысшы арасында,

Бір мін жоқ тал бойының саласында,
Күлімдеп жаудыр көзі жарқыл қағып,
Жанды өртер бір жалын бар қарасында
Сияқты ол Тақанға көптен бөлек,

Көргеннен өртенді ойдың жарасында.
Жүректен махаббаттың оты лаулап
Түскендей үміт, сабыр таласына.
Тақанды теңсегендей толқын іштен,

Бір дүмпу үйіргендей алып күшпен,
Алысып жүрегімен Тақан жүрді
Күнінен Катяға бір көзі түскен.
Еңбектің майданында ерке сұлу

Жұлдыздай жарқылдайды түспен де іспен.
Қашан да қажуы жоқ, қабақ түйіп
Өмірге өрекпіген мерейі үстем.
Жарыса шпал жайған рельс төсеп,

Күйретіп тасты қашап, тауды кеседі,
Екпінін жолшылардың бөгейтіндей
Түйе тас көлденеңдеп жатты кесек,
Сол жерге бөгелгендей тасқынды екпін.

Дәрі әкеп қиратқанша "әдейі шөктім"-
Дегендей тәкаббар тас мызғыр емес,
"Ашуын шақырармын талай кектің"
Дегендей "елермін бе жаяу күшті",

Алып тас ырғау бермей көлбей түсті
Қаладан тауды бұзар дәрі келмей.
Ерлер де қайрат қоздап қайрап тісті.
Тәуекел қиратамыз мұны қолмен,

Мылқау күш белдеспек пе түсер жолмен,-
Десті де Тақан бастап салды қимыл,
Соғылып болат сүймен онмен, солмен.
Катя да арасында осы топтың

Қайраты әдісі мол шебер - ақ тым.
Көп жігіт қала берді ілесе алмай,
Мықтысып қосылғанмен оқтын - оқтын.
Қайланы ап Катя тасқа үйіргенде,

Сом білек ширатылып иілгенде,
Мотордай тұла бойда ойнақ салып,
Бұлшық ет бұйраланып түйілгенде.
Көркейіп көп ішінен иығы асып.

Жас қайрат бұлқынғандай іштен тасып,
Тақан да қызды алдына түсірмен деп,
Сүйменін үйдей тасқа ырғай басып,
Қопарды, жігін тауып түйе тасты,

Рельстің төселетін жолын ашты,
"Алып" деп толағайдай тау қопарған
Сүйсініп мақтады жұрт Тақан жасты.
Катянің түспегенмен бұрын көзі,

Мақтаған Тақан күшін елдің сөзі,
Естіліп қуаныш боп құлағына,
Тақанға жақын жандай сезінді өзі.
Қандай күш аңғарған жоқ тастады ұшқын,

Лебі ме ел мақтаған алып күштің
Жоқ әлде, жүрегі ме жас Тақанның
Қанардан жас сұлуды "сүйдім, құштым"
Дегендей елжіреп бір қарағаны,

Катяның тұлабойын аралады,
Көрмеген бұрын мұндай ынтызар көз,
Жүрегін жас сұлудың жаралады.
Сол күннен екі жас та тілсіз достық

Дегендей "ұлы еңбекте тізе қостық",
Екеуі сырсыз ғана сырттан сүйіп
Көргенде жылы шырай көңіл қоштық –
Көрсетіп, екеуі де іштен жанып,

Сөз ашып сырласа алмай мейірі қанып,
Сүю не, сүйісу не сырын талдап,
Айтпай-ақ бірін-бірі сүйгені анық.
Паровоз

Төселіп рельс ұзын тарта берді,
Артына тастап талай асқар белді.
Қопарған түйе тастың астын жайлап
Тақандар шпал жаяр қолға берді.

Тақымдап паровоз да "алдымды аш" деп,
Ақырып: "Ұмтыл алға, шапшаң бас..." деп,
Тірсектеп екпінімен елді иектеп
Тұрады аспапты алып аралас кеп.

Тақан да паровозға көп таңданып,
Жүйіткісе салмағы ауыр составты алып.
Қарайтын, сүйсінетін, қызығатын
Телміріп тетігіне құмарланып,

Жүргізген машинистке талай келіп.
Будкеге тамашалап талай еніп,
Бажайлап машинистен жайын сұрап,
Ынтасын паровозға жүрді беріп.

Машинист көпті көрген кексе Гамов,
Тақанға күлімдейтін ажарланып,
"Қызықсаң кочегар боп кел қасыма,
Сонан соң үйренесің бәрін танып!"

Осы сөз қозғағандай жас Тақанды,
Құмарлық тыным бермей билеп алды.
Бар ынта паровозға аударылып,
Гамовқа бір ғана емес күнде барды.

Өмірдің оқып терең мектебінен,
Адамның мінез-құлқын көп зерттеген,
Отты жас ойнап тұрған өткір талап,
Тақанды Гамов "шебер болады" деген.

Тақан оқуға жүрді
Тақанның дәл келгендей ойдағысы,
Лаулаған, жалындаған бойда күші,
Оқуға Алматыға жүрмек болды

Тақан бар, тағы сондай бір топ кісі.
Тақан сол аттанарда Алматыға,
Гамовпен қоштасуға үйден шыға
Келіп еді, ұстазынан ақыл сұрап,

Оқудың тәртібінен кеңес ұға.
Алдынан шықты Катя күлімсіреп,
Соққандай бір-ақ жерден екі жүрек,
Катяның созған қолын алды қысып,

Жас Тақан көзін қадап үндемей тек.
Сөз бастап Тақан да түк айта алмады,
Катя да қолын тартып қайта алмады.
Айқасқан алақанда үн қатқандай

Мұңайып қыз жанары жаутаңдады.
Шарықтап арман құсы барады ұшып,
Қос жүрек лүпілдеді, жүздері ысып,
"Серт осы, сенім де осы өмірлікке"

Десе алмай бір дыбыстан кетті ығысып.
Ол дыбыс жүрісі еді есті ананың,
Дегендей күлімсіреп "қос қарағым",
Мейірбан ықыласпен қарады да,

Катяға ыммен нұсқап есік жағын.
Дегендей "шақыр үйге, кірсін досың,
Екі жас бақытты бол, жолың болсын,
Дегенді қабағымен білдірді де,-

Ырзалық ұғынсаңдар менің осым".
Ананың қабағынан ұғып сырын,
Айта алмай жүргенімен бұдан бұрын,
Катя да Тақанды ертіп кіргізді үйге,

Тақанға Гамов қарт та емес қырын.
Отырды мейірлесіп дос үйінде,
Гамовтан кеңес алып дос күйінде,
Тәртіптен оқу жайын ойға тоқып,

Бата алмай тоқтап Тақан бір түйінге.
Орын жоқ ол түйінді бүгін шешер,
"Катя да түсінеді сөкпес кешер,
Оқу бар, ойда талай мақсұт та бар,

Ол оған түсінбейтін емес есер".
Осыған түйіндеген барлық ойын,
Бекітіп үлкен жолға Тақан бойын,
Хош айтты ұстазбен де, Катямен де,

"Оралсақ жасармыз,- деп бақыт тойын".
Оқудан оралғанда
Оқудан Тақан қайтып оралғанда,
Сағынып Катя досын балап жанға,

Келгенде шықты алдынан Катясы ойнап,
Жарқ етіп ұқсап бейне атқан таңға.
Екі дос ашысқан жоқ әлі сырын,
Ағытар орын таппай жүрек жырын,

Достық бар, жалындаған жақындық бар,
Үйлену, үйлесуден туған бұрын.
Тақанды келісімен Гамов баурап,
Өзіне кезекші етіп паровозға ап,

Үйретті машинаның бар тетігін
Өнердің қиядағы жолына сап.
Тақан да бүлдесінде паровоздың,
"Өнерге нар тәуекел қолым создым"

Дейтұғын Гамов қартпен әзілдесіп:
Келеді көп кешікпей сізден де озғым".
Жымиып күлетұғын Гамов онда:
"Тетігі озу, озбау шебер қолда,

Шығарсам сені жақсы машинист қып
Жарысқа кірісерміз әлі сонда".
Екі дос будке ішінде қатар тұрып,
Тақанға Гамов жайлап ұғындырып

Жатқанда депо ішінде Змеев кеп,
Мысқылдап қастарында тұрды күліп:
"Қой бақпай, паровозда нең бар сенің,
Түйе емес бұйда тақса тіркелетін",-

Тақанның қасына кеп ажуалап, Гамовқа
"Есек нені біледі дедің!"-
Дегенде Гамов оған түсін бұзып,
Тақанды қорлағанға қаны қызып,

"Бір ғана Тақан емес бүкіл ұлтты
Қойшы деп қорлауыңыз өте қызық.
Менімше сіз сияқты Тақан да адам,
Талап бар Тақанда да жалындаған.

Аз күнде —ақ алды үйреніп көп тетігін
Тек қана бұларды өмір еткен надан.
Көзқарас ескі шірік шовинистік,
Ұғынбай ұлтты қорлау шын білместік,

Советтің сіз өндіріс командирі,
Мұныңыз үлкен қате кешірместік",-
Дегенде Змеевің өңі қашып,
Гамовтен сезіктеніп қалды сасып,

Жылмиып зәлімдікпен түсін жылытып,
Әлгісін жайып, шуып жақындасып. —
Айтамын екеуіңе әзіл тілмен,
Шын айтып тұр деп қалдың мұны зілмен, -

Деп сұмырай жалт берді де жаттықтырды,
Тігісін сойқанды удың шыққан тілден.
Осымен сөз өрбімей одан әрі,
Ішінде Змеевтің улы зәрі,

Түйіліп Гамов пенен Тақандарға
Ерте, кеш болды осылар аңдығаны.
Шыны да сыры да ашылды
Шыны да, сыры да ашылды

Тақанды Гамов көріп баласындай,
Тақан да сеніп оған анасындай,
Үйреніп паровоздың тетіктерін,
Түсініп саусағының саласындай.

Тақанның қолы босап келсе жолдан,
Баруға күн, түн демей ынтық болған.
Аңсары Гамов пенен Катя үйінде
Өз бойын тоқтатуға келмей қолдан.

Катяның жаудыраған бота көзі,
Әзілқой, ашық айтар батыл сөзі,
Назынан жас сұлудың елтіп Тақан
Катяның бойын билеп бар мінезі.

Көз алмай пұшайман боп көрсе Тақан,
Көзіне бір Катя емес көрінбей жан,
Сабыры күннен-күнге сарқылғандай
Өзіне-өзі кейде болатын таң.

Әлде ерсі бұл жүрісі Гамов шалға,
Көретін баласындай өлшеп жанға,
Әлде онда қызғаныш жоқ қызын ойлап,
Сұмдықпен сын қоятын жас Тақанға.

Қайта өзі екеуіне әзіл жалғап,
Қайдағы күлкі сөзді ойланып ап,
Күлдіріп қызғану жоқ қызықтайтын,
Жастардың махаббатты ойына сап.

Алысып жүрді Тақан жүрегімен,
Бере алмай ешбір сезім тілегінен,
Катяға ақтара алмай сырын ашып,
Жас қыздың тіл ала алмай жүрегінен.

Катямен сан шығатын көше бойлап,
Сан сөзді қойса - дағы бұрын ойлап,
Айтам деп ерленсе де енді ұзатпай,
Айта алмай тоқталатын жүрегі ойнап.

Тақанға сырынан қыз бермей сезім,
Оның бір андып торып қапы кезін,
Жүректің сызы ойнақшып алма бетте
Қадайтын алмай ұзақ бота көзін.

Тақанның өзін ойлап күйетінін,
Жанымен жалындана сүйетінін,
Білсе де білмегенсіп сыр бермейтін,
Білгізбей оны ішіне түйетінін.

Жалғанса жас жүректе сүю ұшқын,
Басуға жетер әлі қандай күштің,
Сол ұшқын өртке айланып өзекті алып,
Демей ме бір-ақ күнде сүйдім, құштым.

Жақындап сол минутке басқан сайын,
Жылыстап заман күні асқан сайын,
Бірінен біреуіне біреуі ынтық,
Сырды ашар таппайтұғын бір ыңғайын.

Батпай да Тақан неден салмай айтып,
Айтар еді шыдар оған қайтіп,
Дейтұғын - "қарындасым" сөзі қайда
Гамовты әкесінен көрмей ме артық.

Майысып жазғы бақша гүлге оранды,
Мөлдір су сылдыр қағып соққан жарды,
Аягөз аясына ап ардақты елін,
Ақшатау аңқытып тұр жел самалды.

Бақшада өскен сандал егілген гүл,
Жарқырап электрден төгілген нұр,
Фонтандар неше жерден су боратып,
Меруерттей көктен жауған құйылып тұр.

Өрімдей өндірістің бозбаласы,
Сүйріктей алдында өскен бой саласы.
Алуға еңбектен соң еркелеп дем,
Құрылған бақшасына бір парасы.

Сылқылдап жас сұлулар қолтықтасып,
Бұраңдап аш белдері әрең басып,
Қолда гүл құрбылары берген сыйлап,
Дем алады жұпарынан сарайды ашып.

Бір түптің гүл төгілген жапырағын
Жамылып екі жас тұр қалқа жағын,
Сәулесі электрдің көз қытықтап.
Ойнайды қуаныштап қызық шағын.

Жас жігіт жас сұлуға гүл береді,
Гүлменен Алуа ерінге тіл береді
Жаудырап бота көзі буыны босап,
Жас сұлу жалынданып тілді емеді.

Тілде жоқ сөйлер қуат тек сүйеді,
Лыпылдап ыстық жүрек тек күйеді,
Жібек жел желпіп есіп екі жасты,
Қызыл гүл қастарында тербеледі.

Талайдан күрмелген сыр шешілгендей,
Құмартқан екі жүрек шешінгендей,
Катя мен Тақан еді бұл сүйіскен
Гүл боп гүлдей жастар есілгендей.

Бақшаның қызыл гүлі бас жарғандай,
Гүл өмір сол минуттен басталғандай,
Бір-ақ жан, екі тән боп егілісті,
Ер жігіт, ерке сұлу ақша маңдай.

Бергенде таң белгісін бақша оянды,
Сандуғаш бұтақтарда әнге салды,
Секіріп гүлден - гүлге таңға еркелеп,
Ұйытты жүз құбылтып әнге маңды

Бұл кезде Тақан қызды қайта құшты,
Аш белден кел жаным деп қайта қысты.
Міне серт өмірлікке таң куә деп,
Екі жас үйді бетке ап айрылысты.

Біраз жер бара түсіп қайта жүріп,
Тақанға тағы Катя келді күліп:
"Депоға барасың ғой, жол жүресін,
Папам да келген шығар",- деді тұрып.

Майысып сонда Катя көзін қадап,
Тақанын қысайын деп құшағына ап,
Ұмсынып әлде нені айтайын деп,
Бір сөзі аузына кеп тұр жақындап.

Маған,- деп - білемісің Тақан жаным,
Начальник қандай істі бұйырғанын,
Жүресін Ақбұлаққа деген ертең,
Бар,- деді,- қызметке сонда тағып.

Бұл сөзді айтты - дағы Катя күліп,
Тақанның қимайтынын тұр ғой біліп,
Сонда да айтпай кетсем ренжір деп,
Тақанға мұны айтып тұр ақыл қылып.

Бар, егер, бастық айтса қарсы болма,
Бәрібір қызмет қой мұнда да онда,
Мен үшін тіпті жақсы, күнде барам,
Кетпеймін онда соқпай шықсам жолға.

Тек сәулем өмірлікке серт бер маған,
Тән мұнда бірге болсын кеудеде жан!-
Деді де Катяны кеп қайта құшты,
Сүйісті, қарап тұрды шығыстан таң.

Катя жол бойына аттанды
Аттанды Ақбұлаққа сұлу Катя,
Айрылу Тақанынан жанға бата,
Алайда арғы бір сыр қыз жүрегін

Өртейтін оқтын - оқтын жалындата.
Оқтанған айтайын деп әлде неше,
Тақанға аттанарда күні кеше,
Бұл сырын жасырды ма, батпады ма,

Әйтеуір ала алмады өзі шеше.
Жалғыз-ақ қыз сенімі жүрегінде,
"Өмірге бақытым да, тірегім де,
Барамын, жар етемін кімді қалап,

Онымды билетемін сірә кімге".
Дейтін де бекітетін өзін қайрап,
Албыртып жас жүректен жігер қайнап,
Сөйтсе де кейбір кезде толғанатын,

Кекті үні Змеевтің ойда сайрап.
Бұл сырын шешуінде, ашуында,
Біле алмай үлкен мән бар жасыруда,
Змеев көптен бері Катяны арбап,

"Жан қияр ғашық жан боп" бас ұруда.
Жол бермей қайда барса алдын тосып,
Сиқырлы жылмаңдаған сөзі жосып,
Катяға алтын таулар орнататын,

"Өмірлік жарым бол,- деп,- көңіл қосып".
Депоның жаңа келген командирі,
Инженер атағы бар, оқуы ірі,
Болса да жасы кексе үйленбеген,

Салт басты, сері бойдақ "жастың" бірі.
Бір көріп сыр тартуға мін табуға,
Жеткендей кімнің ақылы мұндай қуға,
Шыны ма үйленбегі, зұлымдық па,

Катя қыз шеше алмайды мұны тура.
Халықтың деп одағы көзқарасы,
Жыландай жеркенеді бір дарасы,
Аталса Змеевтің ызғарлы аты,

Түршігіп болады үрей кәрі-жасы.
Катяға көп ой салған көптің сөзі,
Жеркенткен еңбек елін жат мінезі,
Ызғарлы Змеевтің жылмаң түрін,

Катя қыз көруден де болған мезі.
Кейде үйде, от басында сөз қозғалса,
Сөз өрбіп өндірістік жайға барса,
Гамов қар Змеевтің жат мінезін,

Жеркеніп лағнет айтып аузына алса,
Катя қыз ойлана ұғып әке сырын,
Бар-ау деп үлкен күдік бір жасырын,
Ішінде кейін айдың Змеевқа,

Бой тартып тілдесуден тартты қырын.
Бұл жайды ұқбайтұғын емес аңғал,
"Сорлы қыз өмір сүйсең айтқанымды ал,
Әйтпесе де қор етемін қолымдасың,

Тағдырың мына менде оны да аңғар,-
Ызғарлы Змеев сұм айтып күшін,
Дегендей: - арбамаймын өмір үшін,
Ажуам ажарына таңба басын,

Әлі де көрсетермін талай қысым".
Дегенін ұқтырды да қабағынан,
Жоқ болып көк сұр тартып өңінде қан;
"Білемін қосақталмақ есегіңді,

Сезімсіз мен де ондайдан емеспін қам".
Змеев төккенімен ашу - зәрін,
Қолынан келерінің айтып бәрін.
Өжет қыз қорқу түгіл именбеді;

"Ажуаға арнаулы емес менің арым.
Күшіне жай сыйладым, басымды имен,
Жар етіп шенге қарап жатта сүймен,
Жүрегім кімді сүйсе соған жармын,

Әлермін, бірақ, жар боп саған тимен".
Дегені Змеевті өшіктіріп,
Қыз сөзі іш - бауырын удай бүріп,
Тақанды Катяменен жоқ етемін

Алыстан айла іздеді торын құрып.
Катяның бастығына сатып ажар
Өр қызды айтқанды істеп етпейтін жар,
Жібертті қызметке Ақбұлаққа

Қастандық сонда істемек мақсаты бар.
Катяның айта алмаған Тақанына
Сыр осы түйін болған өз жанына,
Асығып алдан күткен бақыт тойын,

Сол бір сәт байланды сөз тақалды да.
Сол күнге асыққанда арманындай,
Батар ма жау қастығы жанға мұндай,
Жібертті зорлықпенен әдейі айдап,

Тілегін Гамовтың да елең қылмай.
Катяға Тақан сөзі беріп жігер,
Дегені "өмірлікке сертіңді бер,
Жарымсың қайда болсаң жанымдайсың

Тұрамын күнде барып жап-жақын жер.
" Өжет қыз ор қайратпен оттай жайнап,
Еңбекке, сертіне де өзін қайрап,
Барды да Ақбұлақтан орын алды,

Тетігін стрелканың білген жаттап.
Даңқ сапары
Депода думан болып еңбек қайнап,
Станок зырыл қақты мотор айдап,

Жоңқалап көк болатты асып қырғы
Шығарып паровозға мүсін сайлап.
Сом темір нанша иеленіп, жіпше есілді
Сом білек болат балға соғып жайлап,

Майша еріп мыс қазанда бабит толқып
Көпіршіп көлкілдеді күміс қаймақ.
Құйылып қалыптардан шығып жатыр
Ерітіп электр ток ағып қайнап.

Ішінде девятконың шоқтығы асып
Алып күш паровоздар андағайлап.
Үйіріліп елдің бәрі өз ісіне,
Жапырлап жарыс салып ісін сайлап,

Біреулер паровоздың ішін жуып,
Боршалап кейбіреулер сүртіп, майлап.
Машинист кең иықты, орта бойлы,
Үлкен көз, қыр мұрынды, терең ойлы,

Шалқақ бой салмақты ойдың сандығындай,
Кең кеуде, келбетті жүз, сұңғақ мойны.
Жәрдемші машинист пен кочегарын,
Серіктес жолдасының көріп бәрін,

Ертіп ап дайындықты тексерді де,
Оларға ұғындырды жүріс жайын. —
Бүгінгі алмағымыз ауыр состав,
Серт еттік өзіміз сөзді бастап,

Жігіттер, шеберлікті көрсетіңдер,
Жалқаулық, жалтақтықты кейін тастап.
Айтылды Тақан сөзі қысқа-қысқа,
Кірісті бригада зор жұмысқа,

Дайындап паровозын составқа әкеп
Тіркеуге деподан ап шықты тысқа.
Тіркелді ауыр состав, шықты жолға,
Эстафет маршрутын алған қолға,

Будкеден қыран құстай тұғыр басқан,
Қонды да қарап Тақан оң мен солға.
Жүйткіп сызып берді составты алып,
Екпіні керней соққан желді жарып,

Будкеден поезын бір көзбен шолып,
Ребристі бір-екі рет толғап алып,
Тұтқасын регулятор қамти басып,
Тетікке он үшінші қойды апарып.

Қаласы Аягөздің нұрға оранып,
Жұлдыздай электрлер жымың қағып,
Мөлдіреп дөңгеленіп сәуле ойнайды,
Арудың алқасындай асыл жақұт.

Тұп-тұнық көкшіл аспан көбесінен,
Шықты әне сұлу таңлақ мұнарланып.
Көлкіген көк торғындай көк бетінде
Жұлдыздар гәуһар тастай төнген жанып.

Бөленіп сұлу түннің самалына
Жымия жүйрік поезд жөнелді ағып.
Кондуктор, майлаушылар тормоздарда
Келеді поездан көз алмай бағып.

Тақанда баса айдады паровозын
Ойнақтап аттады Арқа Аякөзін,
Екпіні еңсергендей алып шынды,
Илердей саз балшықтай тасты құзын.

Шыққанда Тақан алып ауыр состав,
Поездің эстафетты көшін бастап,
Сұп-сұр боп қаны қашып Змеевтің
Депонның контор үйін жауып тастап,

Қолына ап трубкасын телефонның,
"Оңтүстік бер деп маған бойын жолдың,
"Ақбұлақ, Елеусізов, тез керек деп,
Бір сөзді күбір етіп,- деді "болдым".

Басқаға Шекен сұмнан бұл құпия.
Бір шұлғып "бәрі дайын" деді де иә,
Шақыртқан дежурниға айтып рақмет,
Түк те айтпай жоқ боп кетті ол зым-зия.

Бұл кезде Ақбұлақ қасындағы,
Хабарлап қатарынан екі жағы,
Аржақтан пассажирды жібердім деп,
Бержақтан эстафетты шықты тағы.

Пассажир бұрын жетпек эстафеттен,
Дежурный қабылдауға бұйрық еткен,
Екінші жолға алуға стрелочник,
Маршрут дайындады саспай еппен.

Дежурный қабылдап ап пассажирды,
Күткені эстафетті поезд енді,
"Бірінші жолмен өткіз, бөгелтпе" деп,
Дежурный постыға арнап хабар берді.

Катя еді Ақбұлақта поста тұрған,
Бұйрығын дежурныйдың алып жылдам,
Эстафет келеді деп естігенде,
Күлімдеп елестеді Тақан бұған.

"Сол аймақ еді бүгін эстафетті",-
Деді де қыз жүрегі тулап кетті,
Аузына түскенінде Тақан аты,
Дулатты жүрек қаны алма бетті.

"Ойнатып болат тұлпар желді жарып,
Орнаған болат жолмен белді жарып,
Сүйген жар ән шырқап келе ме екен,
Катясын күтіп тұрған есіне алып.

Будкеден ойлап мені қарп қырға,
Тақан жан кете ме екен нәзік сырға,
Ұмытып алыстағы Катя досын
Көңілі бұрылмай ма әлде мұнда?.."

Деді де шықты тысқа Катя әндетіп,
Алдында жатты сайрап барлық тетік,
Айнала жол алабын шолып алып
Стрелке тетігіне келді жетіп.

Бұл кезде Шекен сұмырай аласұрып,
Апатқа дайындаған торын құрып,
Катяға мезгілсізде келді жетіп
Жатқанда стрелкені жаңа бұрып.

"Аралап жолдың мынау қарнауынан,
Ұзарды бүгін маған қып-қысқа таң,
Түндегі жол күзеті қиын қандай"
Деп сұмырай бола қалды жол баққан жан.

"Шықты екен қандай поезд Аягөзден?
Жан болмай ешнәрседен хабар сезген,
Күйбеңдеп стрелочник будкесіне
Шекен қу кетті кіріп ардан безген.

Катя қыз маршрутты жайлап бұрып,
Алғанша бекітуін ашып құлып,
Паровоз светафорға сигнал беріп,
Арқырап келе жатты ойнақ ұрып.

Шекенен секем алмай сезіктеніп,
Сөзіне жылпылдатқан көңілі сеніп,
"Сақшы ғой жол күзеткен, келген шығар,
Зерігіп сөйлесетін іздеп серік",

Деп жорып, Катя қызға басқа ой келмей,
Шекеннің жүрісіне шын мән бермей,
Тұрғанда жүз құбылып Шекен соққан,
Толқыды жарға ұрынар аққан сендей.

Шекеңді Змеевті сөзі билеп,
Алдыңда үңіліп тұр сертті минут,
Не түспек өзі қолға сыр ашылмақ,
Болмаса орындалмақ артқан міндет.

Айқаспақ қара жүрек қарбаласта,
Қастықтан қапы қалады минут асса,
Эстафет есен өтпек ойран болмай,
Шекенді ширек сағат қара басса.

Шекеннің өз тағдыры шешілетін.
Не Катя, не өз басы кесілетін,
Секунттен сезік бермей жүз аударып,
Кіріп еді будкеге әдейі бұрып бетін.

Апатқа эстафеттің бетін бұрса,
Аңғартпай Катя қызды өлтіре ұрса,
Орындап ойдағысын ойран қылып,
Жол бұзып, мүлікті өртеп, жанды қырса.

Онда оның орындалмақ бар міндеті,
Құйылды міне осыған жауыз нетті,
Шекенді шексіз жауыз ниет билеп,
Будкеден жалмауыздай шыққан беті.

Шекеннің арам қаны көзін жауып,
Қан ішу, қастық іске ниеті ауып,
Шыққанда қапылыс жан қарсы алдында
Катя жүр ешнәрседен қылмай қауіп.

Бірінші жолға бұрып маршрутты
Дұрыстап жаңа ғана жасап бопты,
Шекенге келе жатқан бұрылғанша
Қанды қол ту сыртынан бір-ақ соқты.

Жарқ етіп көзінен от, басы зеңіп,
Жауыз жау жібергенде сырттан періп.
"Ох!" деп стрелочник құлағанда,
Шекен сұм стрелкеге жетіп келіп,

Бұрды да біріншіден маршрутты,
Екінші жолға қойып сигнал отты,
Пассажир поезына стрелке ашып,
Апатқа ұрындырмақ беріп соққы.

Ұйытқыған жүйрік состав ойнақ салып,
Тақандар Аягөзден шыққан алып,
Тоқталмай жолдағы ешбір разъезге,
Көптеген станциялар артта қалып.

Таянып Ақбұлаққа ұмтылғанда,
Тақан бір алды қарап жолға маңда,
Ашылып жасыл көше жатыр жайнап,
"Бөгет жоқ" деп тұрғандай, ұмтыл алға.

Аңырап келді жетіп семафорға,
Көз тастап стрелкеге бұрған жолға,
Катяның қолындағы жасыл жалау,
Тұр ғой деп желмен ұйтқып шебер қолда.

Көзіне әлдеқайда бұлдырап от,
Катяның жалауы да, өзі де жоқ,
Басында стрелке күлімсіреп,
Кетіп еді бірде Катя тұрғандай боп.

Алдаған үміт көзін ол бір елес,
Қиырда тұнжырайды құба белес,
Ойысып көзі қайта жолға түсті,
Байқаса маршруты дұрыс емес.

Түйіле маршрутты қайта қарап,
Жолдарын станцияның жатқан тарап,
Байқап еді бір күдікке тоқталды көз,
Стрелке бұрулы тұр апатқа тап.

Алдыңда қос фонары сәуле төккен,
Табандап жолбарыстай қарсы шөккен,
Паровоз составы ұзын сол жолда тұр,
Алғандай ашулы леп асқан көктен.

Маршрут қойылғанын тура соған,
Көргенде бойы мұздап, суынып қан,
Көз алдын әлдеқандай күдік билеп,
Елестеп үлкен қатер болып аң-таң.

Соғылса екпінімен екі поезд,
Тау көшіп құлағандай қиядан құз,
Поезда анау тұрған бейқам жатқан
Сан мыңдап қаза таппақ ұл менен қыз.

Қымбаты қымбаттардың солар өлмек,
Бір емес, мыңдап адам қаза көрмек,
Өзі алған өзгеше жүк жүйрік состав,
Талқан боп тамтығы жоқ, жол бүлінбек.

Жоқ, - деді ол,
Болмайды апат, арам қашық.
Салмақпен саспай шебер тормыз басын,
Шегере шебер толғап зор составын,

Жол ығысып кетпесін деп, вагон қашып.
Бабымен баяулады паровоз да,
Бандаждап колодкалар бауырын басып.
Тақанның зор составы тұрды тоқтап,

Ашылған стрелкеден біраз асып.
Шыққанда қатерлі ұран таяу жерден
Гудокты паровоздан Тақан берген,
Жүргінші поезының машинисті

Түсініп сақтық үнін бұрын елден.
Асығыс зәресі ұшып, буыны құрып,
Ала алмай ребресін артқа бұрып,
Біресе тормыз басып, бірде сигнал,

Поезын қозғады әрең артқа сырып.
Аптығып шегіндірген сасқалақтап,
Жіберген олақ түйіп алмай баптап,
Рельстен таймаса да толқып барып ,

Вагондар әрең қалды шайқалақтап.
Тербетіп жорға поезд вагон бесік,
Маужырап жатқан халық ұйқыны есіп,
Вагондар шайқалғанда ішіндегі

Шошынған жүргіншілер тұрды ілесіп.
Андады бар адамы станцияның,
Шыққан соң мезгілсізде сақтық сарын,
Бұл кезде Шекен сұмырай сұп-сұр болып,

Шеше алмай тұрды бұғып не қыларын.
Катя қыз қозғала алмай жатыр сұлап
Соқпады бірін-бірі поезд құлап,
Машинист байқап қалып маршрутты

Апаттан аман қалды тоқтатып ап.
Ендігі не болмақшы өз тағдыры,
"Мынау қыз өлмей егер қалса тірі!"
Осыны ойлағанда Шекен сұмның,

Шұбырды көз алдынан бар өмірі.
"Бір кезде ел иесі ем етек-жеңді,
Бақ, дәулет, абырой, атақ түгенделді.
Дейтіндей аруағын атамның да,

Күңірентпей шекпен киген алып шенді.
Без бүйрек қарамайтын ел бетіме,
Бетті де, епті де едім, сол ниетіме –
Бергендей, белден соғып шоң қитқандай,

Өшігіп кедей-кепшік жеркенді де.
Құрыққа қу далады сырық жалғап,
Ақтарды абыройды алдан малды ап,
Құл-құтан балақтағы басқа шапшып,

Жер - судан қуды аластап жерлеп, қарғап.
Таудай бой тарыдай боп таса қуып,
Көзіме көлеңкемнің өзі суық,
Көрініп салмағым да ебелектей,

Ербеңдеп елес алып жанға жуық,-
Келе алмай, кек алуға кезек күтіп,
Қасқарып қарсыласар қажыр бітіп,
Қапы іздеп қара түнді қарауылдап,

Күн мынау, өмірі мынау жүрмін бүйтіп.
Екі оттың арасында кезек күйіп,
Елбеңдеп екі жаққа кезек иіп,
Бас деген отқа ұстаған бақыраштай,

Шалаға шарпыламын, күнде күйіп.
Сеніп ем арыстандай атаман деп,
Змеев әперер деп жауымнан кек,
Оның да күннен күнге әлі бітіп,

Қолынан бар келері өзімді тек
Қайдағы қиынға айдап серт қояды,
Сертінен серпілсең - ақ шек қояды,
"Отқа түс, орға жығып, тайқысаң - ақ,

Көзіңді өзім құртам" деп қояды.
Мінеки бар тіршілік көрген күнім,
Өмірге мен қара бет, мен жексұрын,
Өрт алған өрісімді сұмыраймын,

Не жан бар енді менде аяр бүгін.
Бәрібір өлі жанмын өмірі біткен,
Күн сайын көмілетін көрін күткен,
Онан да бір жауымның қанын ішіп,

Сусынды сімірейін ащы кектен"...
Деді де: "шыққан жоқ па әлі жаны"?
Тіл қатпай талып жатқан ағып қаны,
Тағы да Катя қызға Шекен сұмырай

Сүйменді ап ұмтылғанда қайта ұрғалы
Артынан ұстай алды қарулы қол,
Көре сап жау қастығын жеткені сол.
Шекен сұм қолға түсті, құтылмады,

Көріп қап аға сержант, күзеткен жол...
Сақтығы машинистің сақтап қалған,
Болғызбай жау қастығын көңілге алған,
Отанның адал ұлы қыран көзі,

Құрылған жау қақпанын жазбай шалған.
Тақанның тапқырлығын көрген халық,
Қоршалай таңырқасып ортаға алып,
"Болсаң бол,- десті,- осындай шып қырағы,

Баспайтын жау қақпаны қойған салып".
Бұл кезде таң сәулесі тарамдалып,
Шығысты қызыл жалын нұрға малып,
Сырғытып түн зұлматын таң шапағы,

Бозторғай таң жыршысы әнге салып.
Ұласып таң нұрымен қуанышты үн,
Сақтаулы әр көкейде бұл күн.
Жан да олжа, аман қалған жабдық та олжа,

Кімге кім арқалатты тағдыр жүгін!..
Кәні біз таға соған оралалық,
Түсінсін жау қастығын сонау халық,
"Жүрген кім? Жүргізген кім қаскүнемін?"-

Деп тұр ғой сырды ұға алмай сұрау салып.
Түрілген хабар күтіп құлағына,
"Бұл қандай уақиға" дер сұрағына.
Жау сырын жеткізелік желіленген,

Жете алмай қолға түскен мұратына.
"Жаралы жау қолынан ер қарындас,
Қаскүнем қапы іздеген жүрегі тас,
Шекен сұм түсті қолға ұрыпты сол,

Ағып жау іште жүрген арам ылас".
Деген сөз кекті леппен көкті жарып, -
Жеткенде күтіп тұрған сонау халық,
Жүгірді Катя жатқан жерге қарай,

Көруге өз көзімен әркім барып.
Анталап ашулы жұрт көрді жауын,
Бәріне ажал сайлап құрған ауын.
Бес минут бұдан бұрын жан алғыштың

Құрбаны еді мына тұрған барлық қауым.
Ол сұмнан жеркенгендей жердің үсті,
Кісі емес, айыр құйрық шаян түсті,
Боп тұрған көп көзіне Шекен сұмның.

Сұмдығы айқындалды одан күшті.
Дыбыссыз әлсіз демі әрең шығып,
Катя қыз алдарында жатыр сұлап,
Қан кетіп желбезектен дене сұлық.

Қолда кілт, белде рожок постын бағып,
Жауынгер тетік баққан жан пида қып,
Ары үшін, Отан үшін құрбан болып,
Қыз қаны жазығы жоқ жатыр ағып.

Жаралы жарын көріп жанын қияр,
Көз жасын ондай жерде қай жан тияр,
Катясын Тақан келіп түсті құшып,
Қалмады сабыр етер бойда ықтияр.

Бозарып күлім көзі сөніп, жалын
Кетірген жау соққысы бойдан әлін,
Қарсы алар "Тақаным" деп Катяда үн жоқ,
Аңсаған көрермін деп сүйген жарын.

"Катяжан, аш көзіңді мен Тақаның,
Тілдеспей кетесің бе, сәуле жарым.
Жауыз жау түбімізге жеткен екен,
Қалайша қапыда ақты нақақ қаның?..

Мен сені күліп келіп қарсы алады деп,
Будкеден еркелер деп асылып кеп,
Күтіп ем желмен ойнап толқын шашың,
Құшақта қолмен сипап басылар деп.

Көрем деп ойлап па едім қанға батып,
Катяжан, жатқаныңды үнсіз қатып,
Өмірдің бар қызығы алда емес пе еді,
Жаңа күн шықпап па еді таңым атып".

Деп Тақан күңіренгенде Катя көзін
Бір ашып, айтпақ болып оған сөзін
Талықсып тағы қайта көзін жұмды
Әлсіреп билей алмай өзі-өзін.

Ішінен жүргіншінің бір жас әйел,
Абыржып айла таппай тұрғанда ел,
Катяны көре салып демін тыңдап,
"Үрей боп шуламаңдар, қарауға бер!"-

Деді де: "Соққан екен талмау жерден,
Тезірек қанын тыйып етпесек ем.
Аламыз ауырлатып, қансыратып,
Қолданам шұғыл шара, қараймын мен!"

Соны айтып тез қимылдап жас дәрігер,
"Вагоннан орау құрал, дәрі алып кел"
Деп жұмсап бір жолдасын ем жасауға,
Қан тиып, жараны орап кірісті әйел.

Дәрігерлік вагоныңда поездағы,
Апаттан аман қалған бұл жаңағы,
Бірі еді жүргіншінің шыққан арнап,
Дәрігер бармақ беті Сибирь жағы.

Катя қыз орныққанша емханаға,
Кете алмай қамсыз тастап құр далаға,
Қасында жаралы қыз болды дәрігер,
Үйірілген анасындай жас балаға.

Шекенді айдап кетті тиісті орын,
Поездар өз бетімен тартты жолын,
Маңдайы шағылысып алтын таңмен,
Бөлентіп қуанышқа оң мен солын.

Тақан да аз тоқтаған бөгелісін,
Толтыра перегонда толғап күшін,
Есілтіп эстафетті заулатты ұйтқып,
Аттанған өмір үшін, бақыт үшін.

Бұл кезде сымды бойлап шаттық хабар,
Тақанның тапқырлығын еткендей жар,
Жеткізіп астанаға айып жатты,
Қаскүнем ұсталғанын сұр жыландар.

Бір емес, Шекен тобы тамырлырақ,
Әр жерден ішке кірген басын құрап,
Ашылды бүгін сыры талайының,
Бойында жаңа жолдың етпек тұрақ.

Солардың індеріне шыбық салып,
Сүмірейтіп сирағынан сүйреп алып,
Жатқанда сыры ашылған Змеев сұм,
Жіберді өзін-өзі бір-ақ шалып.

Жеркенткен жердің бетін улы қанын
Төкті де өз қолынан жауыз зәлім,
Көк сұрғылт сұм денесін қаны жауып,
Қор болып ит жемеде берді жанын.

Сөз соңында
Болған бұл уақиға еді ана бір жыл,
Сол жылдар туған бала жігіт боп дыр,-
Жетсе де еліміздің шежіресінен,-

Қалмайтын қақас болып іс еді бір.
Бақыттың мәдениет жүгін сүйреп,
Қамалын мешеу күннің бұзған түйреп.
Түскенде Түрксібтің болат жолы,

Жаулардан ішкі-сыртқы сенім күйреп.
Алысқан сол бір кезде жанталасып,
Жау торын әшкерелеп басып жаншып,
Ойнатып техниканы балуан қолмен,

Тайлықпай қиындықтан қорқып сасып.
Жүргізген тұңғыш қазақ паровозды,
Тақан деп бастап едім айтар сөзді,
Составын социализм қыр асырып,

Шыңына коммунизм көшін созды.
1960.

ҚАНАТТЫ ҚАЗАҚ

(Поэма)
Совет Одағының батыры –
Нұркен Әбдірұлына арналған.
Іштен ер боп кім туады,

Ез болам деп кім өсер,
Жұмбақ — адам болашағы,
Күрессіз оны кім шешер.
Сол күресте ер ететін

Ақыл мен қайрат, заманын,
Өрің қия сен жететін,
Таймасын, тап бас табанын.
Өмір өрін ойын деме,

Өршеленбей асырмас,
Өрді ер асар өршелене
Мұқалып өрге бас ұрмас.
Қыран ұясы

Әкеліп бір алдарына
Ұлан өскен ұясын,
Қондырайын қолдарыңа
Бір тас түлек лашын.

Қарқаралы әсем біткен,
Ойда өлкелеп су ағып,
Қияларын тас бекіткен,
Өрде иірін, бұлт бағып.

Осы қардың аясында
Туып өскен біздің ұлан,
Бақытты өмір саясында,
Өткізіп түн, атқызып таң.

Балаусадай бала күні,
Мектеп барған боқша арқалап,
Асыр салған күндіз - түн,
Құрбы серік досы алқалап.

Осы ауылда, осыңда өскен
Комсомолға жетіп жасы,
Мектебі еді Нұркен түскен,
Берген әкеп ата-анасы:

"Ағаш туған Отаныма,
Жас жүректен беріп сенім,
Ұлы сертті жас жаныма,
Айтқан жерім осы менің".

Дейтін Нұркен есіне алса
Өскен ауыл, туған жерін,
Соны айтатын қайда барса,
"Көз алдымда сертім менің".

Аты Нұркен жас түлектің
Қияда өсіп, шың жайлаған.
Еркесіндей жер мен көктің.
Совет ұлы от жайнаған.

Өнерге еркін, өрісі кең,
Алғыр, өжет заман жасы,
Барлық Отан үйімен тең,
Өмір қызық кең құлашы.

Жас қайраты қанаттанып,
Жалын атып шырқап көкке,
Ұшуға ұйтқып талаптанып,
Ерген өршіл дос жүрекке.

Заманы сай талабына,
Ұшса аспаны, қонса жері,
Неге ұмтылса алады да,
Ерке өсірген еркін елі.

Қақты қанат аспанына
Кешіп өтті көк теңізін,
Шығып өнер асқарына
Нұркен көкте жосылтты ізін.

Жетілдіріп қос қанатын,
Желпігендей жас жігерін,
Нұркен сонда-ақ толғанатын
Сүйіп ыстық туған жерін.

Аттаныс алдында
Аттанысқа ел сайланды,
Жау тиді Отан бір шетінен,
Қару-жарақ ер байланды,

Кек дуылдап келбетінен.
Сол қалың ел ортасында
Іркіп қайрат тал бойына,
Нұркен ұқсап жас лашынға

Талап тоқып өр ойына.
Оның үлкен бір сыры бар,
Көкейінде қиыстаған,
Алда өмірдің бір сыны бар,

Өзі ту ғып ерте ұстаған.
Дана жолмен көп билеген,
Қалың совет зор елі бар,
Жауын елеп бас имеген,

Сан миллион сайлы елі бар.
Шалғайы кең із түспеген
Шексіз байтақ кең жері бар,
Асқарлары көкке өрлеген,

Асу қия, тік белі бар.
"Ел сыналар, ер екшеліп,
Басқа сынды күн туғанда,
Ер сыналар майданға еніп,

Белді ел үшін шарт буғанда.
Өмір-майдан жері емес пе,
Балтыр түріп, батыр шығар,
Айқасты ондай ер егесте

Ездер күйрер, ерлер жығар.
Жығылам деп кім шығады,
Жығамыз деп тек ер сенер,
Сенсе күшке кім бұғады,

Егесте ерге ел сенер"
Осындай көп ойлар толғап,
Өнерге өскен талаптанып,
Айла мен күш бірге асыр сап,

Аспанға ұшты бұлтты жарып.
Қомданып ол қос қанатын,
Қиырға ұшар жас қырандай,
Ал ұш деген сын сағатын,

Естігенше жүр тына алмай.
Көзі аспанда көк бір майдан,
Жас қайраты жалын атып,
Салуға асық көкте сайран,

Жау ордасын жалындатып.
Томағасы сыпырылып,
Балақ бауы шешілгендей,
Қанат, құйрық көкте ысқырып,

Екпіні бұлт көшіргендей.
Көктен жерге көзін салып,
Атырабын шолтағандай,
Туған жерін есіне алып,

Жүйтки қанат толғағандай.
Көз алдында өскен жері
Самаладай сан сәулетті,
Отан күшін шешкен жері

Ақтарған ол мол дәулетті.
Өмір үні дүріл қағып,
Кеннің терең қойнынан,
Құрбы-құрдас күлім қағып,

Асылғанда мойнынан.
Осы өмірдің кең қақпасын
Озбыр неміс жау қаққанда,
Сарқылмас кен мол тақтасын,

Қара жылан жау шаққанда.
Ел жүрегі шын түршігіп,
Барабанын ер қаққанда.
Жердің үсті тұр күрсініп,

Майданға ерлер жол тартқанда.
Айтылды отан зор әмірі
Қомданған сол жас қыранға,
"Қыспақта елдің тұр тағдыры,

Жасыл түсір жауға бар да..."
Алғашқы айқас
Аттанысқа жас Нұркен,
Алды елінің әмірін,

"Ірікпен барды елімнен,
Болмайды екі әмірің".
Алыста жатыр ата-ана,
Әлде ұйқыда маужырап,

Әлде оянды бар қала,
Тұрғызды гудок ұран сап.
Қақ қасында тұрғандай,
Мейірбан шеше, әкемен,

Соларға мойын бұрғандай,
Рұқсат сұрап жас перен.
"Сәулесімен алтын таң,
Алақан жайып бата бер:

Ақ сүтін берген анажан,
Әкеммен кәні қатар кел.
Көтерілем аспанға,
Алдымда тұр зор айқас.

Қуаныш хатты ашқанда,
Көздеріңе алма жас.
Жеңілуге емес, жеңуге,
Барамын қазір жекпе-жек.

Жау жазасын беруге,
Алуға қырып қанды кек".—
Жазды да хатын осылай,
Ойнақтап көкке кетті ұшып,

Жарқылдап бейне найзағай
Қас қаққанша бұлт құшып.
Аспан бұлтын ұшты іреп,
Тілімдеп көктің көбесін,

Кектеніп күндей күркіреп,
Жұлдызға бөлеп төбесін.
Кең иықты келбетін,
Дөңгелек шымыр денесін,

Айбынды өткір ер бетін,
Қарымды қолдың жебесін –
Айқасқа арнап, ойнатып,
Шыныққан сахара желіне,

Көп тыңдап, аз сөз қатып,
Сүйкімді сыры еліне.
Шабытқа ұшты жас қыран,
Көргендей анды алыстан.

Суытып күзгі атты таң,
Шүйілді Нұркен ғарыштан.
Қос қанатты ұшқыр "ЯК"
Аққан жайдай зулатты.

Жол бермей жау да сақ,
Оқ шашып көкті от жапты.
Бірде бұлтты паналап,
Бірде жайдай атылып,

Жетті жауға жағалап,
Оқ төгуге сапырып.
Түйдек-түйдек қаптаған,
Тобын жазбай көп танк,

Басқан жерін таптаған,
Орманды өртеп от салып.
Келе жатыр аптығып,
Апат тиеп өмірге.

Оқ боратып шаптығып,
Үн қосқандай өлімге.
Олар үшін өмір не?
Өмір – оқтың мазағы.

Олар үшін өлім не?
Өлім - адам азабы.
Олар үшін адам не?
Адам - соғыс құралы,

Олар үшін заман не?
Заман - ажал құрағы.
Өмірді олар ұмытқан,
Одан алар сезім жоқ.

Бар сезімін оқ ұтқан,
Бейне есалаң бассыз топ.
Осындай болып көрінді,
Жас сұңқарға жау тобы, —

Іздесе олар өлімді,
Жаудырайын мен соны,-
Деді - дағы шүйілді
Сұңқар жаудың тобына,

Жауға жасыл құйылды,
Біріне-бірі соғыла.
Ұйлығып шулап жау жатты,
Шоңқиып шойын тажалдар.

Жан-жақтан оғын зулатты,
Оқ сайын ұшқан ажал бар.
Әлдеқайдан далбаңдап,
Жау құзғыны о да ұшты.

Ә, дегенше ойран сап,
Біздің қыран бұлт құшты.
Жаудың сұмырай құзғыны,
Сан сұңқарды қамаған,

Қарғадай шулап ызғыды,
Қанатпен бұлтты сабаған.
Айналып ұшты ақ бұлтты,
Қыранды тінтіп ішінен.

Жүлгелей бұлтты жүйткітті,
Дегендей айдап түсірем.
Аспанда тұңғыш бұл айқас,
Ортаға түсті жас сұңқар.

Жаздырар емес жау құлаш,
Бұлтқа кеп кірді құзғындар.
Таяу жерде серік жоқ,
Лезде қалды көз жазып.

Жан-жағынан зулайды оқ,
Кете алар емес бой жазып.
Құзғын үшеу , бұл біреу,
Тұңғыш көрген айқасу.

Бой тоқтар бұлтта жоқ тіреу,
Будырап көшкен дымқыл бу.
Қалды ма көріп бір құзғын,
Жарық етіп бұлттан атылды.

Бұлтты тінтті екі сұм,
Биледі қауып батырды.
Айқасар еді жекпе-жек,
Екеуі жетеді сыртынан.

Кеп қалды құзғын бетпе-бет,
Қамауға түсті жас қыран.
Ойлануға жер шұғыл,
Қаққанша қабақ бітеді іс,

Жауына бермей сұңқар сыр,
Сүңгіді бұлттан асығыс.
Шүйіліп кетіп, жалт беріп,
Қайтадан көкке ырғып,

Жаудыра оғын жіберіп,
Құзғындар зулап сырғыды.
Қысылғанда қысқандай,
Тақымын Нұркен "атына",

"ЯК"- ты өзі алып ұшқандай,
Ыршытты көкке атыла.
Бірнеше ырғып суылдап,
Үйірілді көкте ұршықтай.

Құзғында көзі қырындап,
Алды-артын болжап тыншықпай.
Қарайды дүркін алды-артын,
Сан үйіріліп жалт беріп.

Қалғып құзғын төменде,
Байқады Нұркен бір көріп.
Осы сәтте қимылдап,
Төтелеп түйреп аталаса,

Өзіне туады қиын шақ,
Қалған көріп қаптаса.
Не құтылу, не қирау,
Шешілер кезі жекпе-жек.

Құтқарар емес жүйрік жау,
Қапысын табар еп керек.
Бір ойнақшып ырғып қап,
Топшылап қадап дәл атты.

Мотордан от қойды лап,
Құзғын от боп жерге ақты.
Бұлттан шығып қос құзғын,
Серігін көріп жайраған,

Жалпылдап ұшып бейне жын,
От пен бұлтта ойнаған.
Шүйілді ерге, тура ақты,
Жаудырып оқты жаңбырдай,

Нұркен де "ЯК"- ты ойнатты,
Сұңқарын оққа шалдырмай.
Екі жақтан түйілген
Қос құзғыннан ер састы.

Сол кезде алыс бүйірден,
Сермеді Сергей құлашты.
Нұркеннің жан серігі,
Қатар ұшқан ұядан.

Оның да сол —ақ келуі,
Жолдасын көріп қиядан.
Екеуі бірге ұшса да
Екі айрылып жауды ұрып,

Зеңбірек оғын құсса да,
Оқ дарытпай бет бұрып,-
Оралып еді, ер қыран,
Серігін іздеп көк шолып.

Ағызып жаудан қызыл қан,
Жасап қайтқан ер жорық.
Құзғындар көзі Нұркенде,
Сергейдің сезбей жеткенін.

Айқасты Сергей бір демде,
Бұрғызбай құзғын беттерін.
Қуалай атып құйқылжып,
Бидайықтай зу етті.

Құзғынның бірі қыбыржып,
Мотордан жалын ду етті.
Көктен жалын төккендей,
Жерге қарап шөміштеп.

От ұясын сөккендей,
Құлата құздан бұзып шеп.
Жалынды созып жетектеп,
Оның көшін тартқандай.

Ажалдың шоғын етектеп,
"Диюға" көкте артқандай.
Аспаннан ағып құлдырап,
Жетпей-ақ жерге болды құл.

Қалған құзғын бұлдырап,
Қалбаңдап қашып қақты зыр.
Құтқармады қос тұйғын,
Екеулеп түйіп қақпалап.

Құтыла алмай қонды сұм,
Қаусады күйреп қан жалап.
Бір күнгі айқас аяқтап,
Қос сұңқар қайтты аман - сау,

Ерліктерін ел мақтап,
Үрейленді қалың жау.
Тереңнен толғап ой кешіп,
Телміре қарап тесілмей.

Сан түйіндеп, сан шешіп,
Толғанып, бірде есілмей.
Ширығып бірде түйіліп
Жайраңдап, бірде ашылмай,

Күйзеліп, кейде күйініп,
Бұрқырап бірде басылмай.
Өзекті жанның өресі,
Тұра ма кейде ылғанбай,

Болмай ма өзі төреші,
Кейде шешіп тынғандай.
Алыста, майдан жерінде,
Толассыз торын жау жолын,

Жеткізбей совет еліне,
Қаптаған қанды жау қолын.
Темір сауыт тажалдың,
Талайын таптап илеген,

Ұясындай ажалдың,
Сан бекініс күйреген.
Қашып жаудың үрейі,
Қамысқа қашқан үйректей,

Қырғидай Нұркен тиеді,
Кетпейді тобын сиретпей.
Сондай бір жорық,
Ұяға қыран оралды,

Сол күнгі айқас ойға сап,
Аулын Нұркен еске алды.
Әлде аспанның жұлдызы,
Жайнаған таяу қасынан,

Әлде асқар тау шың құзы,
Шүйілген талай басынан.
Қозғады, оның сырларын,
Бала күннен жинаған.

Түсірді еске жас жарын,
Қосылмай жанын қинаған.
"Жұлдызды мынау түндерде,
Көк барқыт аспан құлпырған,

Отыр сәулем қай жерде,
Жұлдызға қарап, күтіп таң.
Әлде мынау мен жүрген,
Аядай жерін аспанның,

Бадамдай түс көрген,
Шалады көзін жас жардың.
Әлде екеуміз бір сәтте,
Қарадық туған шолпанға,

Әлде екеуміз бір шетте,
Ортақ боп атқан бір таңға.
Сағынған жүрек бір жерден,
Соққандай бірге тынымдап,

Түн лебін жұтып бір деммен,
Өмірден ыстық шырын ап.
Жоқ әлде жар сол сырын,
Жұлдыздан да қызғанып,

Шығармай тығып жан жырын,
Айта алмай іштен жүр жанып.
Тек көзінен кей кезде,
Ыстық жасын ыршытып,

Мұңайып жасын лезде,
Әлде қабақ жүр шытып.
Ойыма неге алдымен
Жар түседі жалындап,

Жар үшін, сақтап жанды мен,
Тұрғандаймын жарға ымдап.
Өйткені адам жанымен,
Жарыса туған үміт бар,

Сол үмітке тумен тең,
Жарқылдап бастар сүйген жар.
Жоқ! Өмірді адам сүйгенде
Сүйгізген жалғыз жар емес,

Үмітке басты игенде,
Жар ғана сүйген жан емес.
Жардан да ыстық елім бар,
Аялап мені өсірген,

Алтын алқа жерім бар,
Игі, шексіз көсілген.
Сөзінен жаным семіріп,
Көркіне көңілің марқайған,

Лебінен бойға күш кіріп,
Өмірге қанат кең жайған.
Туғызған ата-анам бар,
Қасиетпен қартайған.

Ақылы асқар данам бар,
Өмірге бақыт нұр жайған.
Сол үшін ойнап көгінде,
Желіккен жауға тиемін,

Қайратым кешпес кегімде,
Күйретем жаудың сүйегін".
Алыстағы елін сағынып,
Бақытты бала күндерін,

Ой теңізі ағылып,
Өмірдің шарлап сүрлеуін.
Алаңсыз, мұңсыз жар құшып,
Жайраңдаған жарқын шақ,

Құрбымен ойнап алысып,
Сайрандаған асыр сап.
Мейірбан ата-ананың,
Аялап сүйген үндері,

Туып, өскен даланың,
Гулеген қалың дүрмегі.
Алдынан өтті шұбырып,
Көңілдің күйін шерткендей,

Ұшқыр ойы қыдырып,
Сағыныш жанын еріткендей.
Тебіренткен Нұркен көңілін,
Күңіренген майдан жері еді,

Күйзелткен халық өмірін,
Соғыстың ащы демі еді.
Кек алуға шақырып,
Жаралы отан даласы,

Жауыз неміс қан қылып,
"Қаралы" ауыл қаласы.
Шашын жайып шар құрып,
Ақ шашты халық анасы.

Панасыз шұбап шұбырып,
Жазықсыз бөбек баласы.
Орман-тоғай үйітіліп,
Арудай шашы жұлынған.

Жер борша боп түтіліп,
Жемтіктей арса сылынған.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙