TELEGEI

Home

Жолбарыс терісін жамылған батыр

Шота Руставели

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жолбарыс терісін жамылған батыр

Жолбарыс терісін жамылған батыр

Дастаннан үзінділер

І. АРАБ ПАТШАСЫ РОСТЕВАН ТУРАЛЫ ЖЫР

Аударған Ізтай Мәмбетов
Арабтарды өтті билеп Ростеван бағы асқан,
Әскері зор падиша еді, әділдігі жарасқан.
Жаны абзал, қолы жомарт, ел билеуде ақылды,

Сөзге шешен, өзі көсем, еш міні жоқ батыр-ды.
Құдай оған ұл бермеді, жалғыз ғана қыз берді,
Сол қызына күн сипатты шырайлы жүз берді.
Көрген кісі естен танып, құшып-сүйіп жанатын,

Тек данышпан оған арнап жыр шығара алатын.
Тинатин деп ат қойды оған—білсін барша бұл ғалам.
Өсе келе сұлу болды күнді де тең қылмаған.
Патша бірде кілең игі жақсыларын ақылды

Ұлылықпен, сабырлықпен кеңесуге шақырды.
Ағзам айтты: «Мынау менің ойласатын бір ісім:
Егерде гүл солар болса, өткен болса күні шын,—
Жаңа шыққан жауқазынға орын беріп үдерген,

Менің-дағы батты күнім, түнім де айсыз түнерген.
Дәм таусылып барады енді, қарттық, келді қырсығып,
Бүгін-ертең көз жұмамын, қалар фәни тіршілік.
Ойлап босқа қызыққанын бұ дүниенің, бағына,

Күн дидарлы қызым мінсін, бұдан былай тағыма!»
Бекзадалар берді жауап: «Қарттың, сірә, сөз бе екен!
Алқызыл гүл солғанымен, қызығады көз деген.
Соның исі, соның көркі артық бізге басқадан,

Нұрсыз айдан жұлдыз әсте жайнаса да аспаған.
Гүлсің, патшам, солған жоқсың; жөн емес-ау егілген.
Ал жарлығың болса да ауыр, қымбат бөгде жеңілден.
Ден қоямыз, осы болса шын қалаған сырыңыз,

Елімізге етсін билік күннен көркем сұлу қыз.
Қыз болса да құдай оны ханзада ғып жаратты.
Ақылымен, еңбегімен елді аузына қаратты.
Арыстанның күшіктері кім болса да мейлі олар

Еркегі мен ұрғашысы бір-біріне тең, болар».
Қарт шаһбаз баласы еді жас қолбасшы Автандил.
Жалт-жұлт еткен хрустальдай жалын еді жатқан бұл
Ай мен күндей ажарлы еді ақ шынарға барабар.

Тинатиннің кірпігінен болған жаны жарадар.
Ер мәжнүн кеудесіне от түсті де қинады,
Қызды көрмей жүрер болса, гүлдей солды дидары.
Көрген кезде, жас жүрегі жалындады, лепірді.

Сорлы асықтың ынтықтығы, ажал лебі секілді.
Ханшасына қарт әкесі, тағын берген кезінде,
Сол Автандил сабыр тапты, үміт ойнап көзінде.
Ол ойлады: «Енді жиі көрермін, деп, нұрымды.

Енді қайта жарқыратып жайнатар, деп, мұңымды».
Арабтардың әміршісі, елге жарлық берді енді:
«Тинатиндей сұлуымды падиша еттім мен» деді.
«Күн көзіндей көркейтеді ол алдына келгенді.

Көрген жандар таңдансын да айтсын мақтау өлеңді!»
Ақсақалды араб біткен қаптап кетті сарайды.
Автандилдің сарбаздары құмарлана қарайды.
Кілең игі жақсыларды келді бастап Сократ.

Тақты орнатып, деді бәрі: «Өзгеден бұл көп қымбат!»
Күн дидарлы қызын, міне, таққа әкесі мінгізді.
Қолына аса ұстатты да, басына тәж кигізді.
Патшаларға лайықты киіп үлде-бүлдені,

Күндей ару қонған келіп бақыт-бағын білді енді.
Қарт патша мен қалын, әскер қыз алдында бас ұрып,
Падиша деп жар салады бірден-бірге асырып.
Кернейлердің күй лебізі сызылып кеп шығады.

Қыз кірпігі шымқай қара жас іркіліп тұрады.
Қысылады мінгеніне әкесінің тағына,
Жылай-жылай жас толыпты оның гүлді бағына.
Жұбатты қарт: «Әке тағы жасқа мұра ертеден,

Сол мизамды бұзсам егер, мен өртеніп кетер ем!»
Айтты патша: «Ақылға кел, тыйым сал да жасыңа,
Арабтардың көз нұры ғып отырғыздым қасыма;
Патшалыққа бұдан былай өзің ғана дарасың,

Даналықпен билік жүргіз, айырып ақ-қарасын.
Қурай менен гүлге бірдей төгеді күн шуағын,
Құл-қожаны бірдей көріп, бірдей сыйла, шырағым.
Әм жомарт бол, жомарт болсаң, дос болады қасың да,

Теңіздерден бөлінбейді толқын деген расында.
Патшаларды көркейтеді әрқашан да даналық,
Сыйлайды әркім, тұрса-дағы көңілінде алалық.
Ішіп-жемге тарлық қылма,—қума дәулет, аяшым,

Бере білсең,—аларсың сен, түк бермесең,—не аласың?!»
Әкесінің бұл айтқанын тыңдады қыз құп алып,
Ақыл-ойға ден қояды, көз жанары нұрланып.
Қарт падиша шаттанады ұлан-асыр той бастап,

Тинатиннің ақ шырайы күнді жауып қойды асқақ.
Күтушісін қыз падиша шақырттырып алды да:
«Қойманы ашып, бар байлықты әкел,—деді,—алдыма».
Бабалардан мұра болған байлық деген, сірә, мол,

Үлестіріп жатыр жұртқа, бітер емес бірақ ол.
Үлестірді әкесінің жорықта алған олжасын,
Бірдей көрді өз елінің үлкені мен олжасын.
Айтты сосын: «Орындаймын кемеңгердің жарлығын!

Ешкім бүгін ақ сарайдың аямасын байлығын».
«Бүтін тұрған сарайларды аш,— деп берді ол бұйрықты,—
Әкеліңдер айдап мұнда үйір-үйір жүйрікті!»
Соның бәрін аямады үлестірді табанда-ақ,

Сарбаз біткен алып жатыр қарақшыдай жалаңдап.
Алып жатыр аямай-ақ, тонағандай түрікті,
Баз біреуге сұлы жеген араб тұлпар тиіпті.
Беріп жатыр падиша қыз бар байлықты боратып,

Беріп жатыр еркекке де, әйелге де таратып.
Зияпаттың кемдігі жоқ, думандатып өтті күн,
Қалың әскер сыйға бөгіп, сайрандады көп бүгін.
Қарт патшаның жүзін бірақ жапты қайғы бұлты кеп;

Жұрт таңданды: «Неден сірә бұзылды екен шырқы?»—деп
Алқа топтың сүйіктісі Автандил жүр жарқылдап,
Арыстандай атылады, жолбарыстай жалтылдап.
Көне құлан Сократ кеп Автандилдің қасына:

«Падишамыз неге мұңлы?» — деп сұрады жасыра.
Айтты және: «Мұңаяды-ау өткен күнді жадына ап.
Өзге қандай шері болмақ, жүргенде жұрт жадырап!»
Сонда Автандил айтты: «Мұны білеміз біз қазір,—деп,—

Айтқызайық ауыр ойын ойнаған боп әзілдеп».
Көзелерін толтырды да түрегелді екеуі,
Ростеван қарт қасына күлімсіреп жетеді.
Тізелерін бүгіп барып отырды да ізетпен,

Уәзірдің естілді енді әзіл, қалжың сөзі өктем.
«Назалысың, о падишам, дидарыңда күлкің жоқ.
Оның да жөн, сарайыңда бұрынғыдай мүлкің жоқ.
Талан-тараж етті қызың мырзалығын білдіріп,

Өзің таққа мінгіздің, де өзің, қойдың бүлдіріп».
Мұны есітіп қарт падиша күлімсіреп қарады,
«Қалай жетті батылдығы!» деп таңданып қалады.
Содан кейін қызын жақтап: «Сонысы жөн,—деді тек,—

Суайттар да айта алмайды мені сараң еді деп.
Оған, уәзір, қайғырмаймын, қайғырамын басқаға.
Жылдар жылжып, келіп қалдым, міне, үлкен жасқа да.
Бірақ байтақ Отанымда табылмады-ау, жасаған,

Менен ерлік ғибратын үйренетін жас адам.
Құдай маған ұл бермеді қырсығына шалдырып,
Жалғыз қызды өсіріппін өзім ерке сал қылып.
Дәл менше кім доп ойнайды, кім атады садақты?

Тек Автандил маған аздап ұқсайтұғын сияқты»
Патша сөзін сұлу жігіт бар зейінмен қабылдап,
Басын иді күліп сосын, жан-жүрегі жалындап.
Ол күлгенде ақ маржандай тістерінен ай туды.

Патша сонда: «Неге күлдің, мәні не?» деп айтулы.
Деді және: «Түсінбеймін, ерсі ме әлде ақылым?»
«Айтам саған жасырмай,—деп жауап берді батырың,—
Өзің бірақ, о падишам, серт етесің алдымен:

Жазғырмайсың, айтсам ашып жанға тиер жайды мен».
Айтты патша: «Түк қысылма, ашу қылман сөзіңе,
Ант етейін жазғырмасқа Тинатиннің, өзімен!»
«Біл ендеше: мақтанба сен бүкіл елдің ішінде

Менен озар ешкім жоқ, деп, жауынгерлік ісіңде.
Мен де білем мергендікте айла-тәсіл барлығын.
Жұрт көзінше сынасайық—болсын соған жарлығым»
«Менен озған адам жоқ!» деу—бос лепіру мақтанып.

Шапшаңдықты көрсетейік алаң барып, допты алып!»
Деді патша: «Жеткізбеспін, жете алмассың шеніме.
Сынасайық шыққанша бір мергендіктің шегіне.
Жанымызға ертеміз жігіттерді куә ғып.

Кім мақтауға тұрар екен, кел майданға шығалық».
Бітті әңгіме, патшасына жас Автандил бас ұрды.
Сауық-сайран, ду күлкіні бұрынғыдан асырды.
Содан кейін бұл сайысқа мынадай шарт қояды:

Жеңілгені үш күн бойы бас киімсіз болады.
Айтты патша: «Он екі құл ерсін бізге ат мініп.
Он екі құл қызмет етсін садақтарды тарттырып.
Сенің құлың, Шермадинің, дес бермейді бұларға.

Ұшқан оқты есеп қылар бағып бәрі тұрар да».
Аңшыларға бұйырды ол: «Орап алып орманды,
Бізге қарай айдайсыңдар үйір-үйір көп аңды.
Әскер біткен әзір тұрсын шақырғанда жетуге».

Сөйтіп бәрі тарқады енді думандатқан бетінде.

ІІ. РОСТЕВАН МЕН АВТАНДИЛ АҢ АУЛАҒАНДА...

Аударған Ізтай Мәмбетов
Таң алдында шықты жігіт талдай бойы бұралып,
Жақұт жүзі жалт-жұлт етіп, үлде-бүлде оранып.
Қызыл алау шапаны бар, семсері бар қынапты,

Қарт патшаны шақырды кеп, ойнақтатып ақ атты.
Қару-сайман сайлап алып шықты патша тобымен,
Жау қамалын жайратардай шықты қалың қолымен.
Қатар-қатар сап келеді кең, даланы зулатып,

Зуылдайды сұр жебелер аң біткенді шулатып
Ростеван жарлық қылды: «Он екі аңшы, еріңдер!
Садақ пенен жебелерді әзір ете беріңдер!
Біздер атып болғаннан соң, тиген оқты санаңдар!»

Ал, мінекей, аң, қаптады, ер аттанды, қараңдар.
Жабайы өгіз, тау текелер, бұғы, еліктер жосылды,
Есебіне сан жетпейді, үйірге үйір қосылды.
Падиша мен албырт жігіт ерегісіп ұмтылды.

Епті қолдар садақ ұстап, жебе салып жұлқынды.
Тұяқтардан шыққан тозаң кетті көміп таң нұрын,
Зуылдаса сұр жебелер, қан сасытты тау қырын.
Қорамсақта оқ таусылса, құл жеткізіп жатады,

Сор бойында сорлы жыртқыш қара қанын атады.
Жан сауғалап кілең тағы топырлады ілгері,
Құдай бірақ қолдамады, мүсіркеуді білмеді.
Қан тасқыны жатыр ағып, қып-қызыл ғып маңайды.

«Жас Автандил қас мергені» деп жұрт таңдана қарайды.
Мергендер кеп тоқтады ақыр, кең жазықтан өтті де,
Тау түбінде ағып жатқан көк өзенге жетті де.
Ат кіре алмас ну орманға аңдар келіп тығылды.

Шаршаса да сездірмейді сырын екі жырынды.
«Жеңген менмін! Көп тигіздім!» дейді екеуі жарысып,
Бір-біріне әзіл айтып, бір-бірімен қағысып.
Сонан кейін құлдар келді естіп патша әмірін.

Бұйырды ағзам: «Кім жақсы атты? Айтыңдар тек әділін!»
«Тақсыр патша, жасырмалық, ақиқатын айталық.
Жас батырдың саған сірә тең емесін байқадық.
Өлтірсең де шынымыз сол, тең емес-ау ол саған.

Садағынан оның жыртқыш өлік болды самсаған.
Дәл жиырмадан бір жүз рет болды бүкіл олжамыз.
Жас Автандил оған тағы жиырма қосты, болжаңыз.
Көздегені бос кетпеді, табыс қосты табысқа,

Сіздің оқ та жердің бетін жауып жатты алыста».
Патшасына жақты бұл сөз нардтың үні тәрізді,
Шын шәкірттің жеңісіне шаттанады жаны ізгі.
Гүлін сүйген сандуғаштай ол сүйетін ұланын,

Ел күлкісін қуаныш қып тарқатты бір құмарын.
Жасыл терек саясына келіп сосын тынықты.
Бітік өскен дән сабақша құлдар қоршай тұрыпты.
Он екі ердің, үстерінде сауыт жалт-жұлт жайнайды.

Жіті көзбен кейде өзенді, кейде орманды барлайды.

ІІІ. АРАБ ПАТШАСЫНЫҢ ЖОЛБАРЫС ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН БАТЫРДЫ КӨРУІ

Аударған Тайыр Жароков
Бір батырды көрді ғажап басында өзен жиегінің,
Атын ұстап, арыстандай тұрған тұлға, реңінің,
Қаруын ер қасына ілген, айшығы інжу жүгенінің,

Көз жасы оның, қанды бетін жуған, шерлі жүрегінің.
Жолбарыстың терісінен жамыла үске киген гафтан,
Жолбарыстың терісінен бөркі айқара басын жапқан,
Қолында оның білектейін өрген дойыр қамшы батпан,

Көз айырмай қарады жұрт бұл батырға таңырқатқан.
Сөйлеспек боп бір құл кетті жылап тұрған батырға енді,
Тұнжыраңқы тұрған жанмен сөйлесіп тіл қатуға енді.
Кірпігіне жаңбыр төгіп тұрғандай жас қатулы еді,

Тіл қатуға құлдың бірақ бармады оған батылы енді.
Құл шешіліп сөйлер еді,тұрды шошып тіл қаталмай,
Батырға аң-таң, қарай берді жүрегін шын тоқтат алмай,
«Патша бұйрық етті» деп ол сез бастады аялдамай,

Батыр бірақ сезбей оны жылай берді сөз қайтармай.
Батыр тіпті есітпеді оған айтқан құлдың, сөзін,
Еш нәрсені ол айырмады ұмытқандай өзі-өзін,
Жүрегі оның оттай жанып таусылған тым тағат-төзім,

Қанды жасы сорғалады ашқандай-ақ бұлақ көзін.
Батыр ойы басқа жақта ойлап терең ойдың сырын,
Құл қайтадан айтты оған алғашқы айтқан патша әмірін,
Батыр бірақ жылап тұрған өзгертпеді тұлға түрін

Не айтқанын да есітпеді, шығармастан сыбыс үнін.
Батыр жауап бермеген соң, құл ізінше қайтып келді,
Қайтып келіп, жөнін айтып Ростеванға хабар берді.
Сізден батыр тілер емес, тыңдар да емес ештеңені,

Айтқан сөзге құлақ қоймайды, күндей күшті екен,—деді.
Патша оған жаны күйіп, ашуланып аң-таң қалып,
Әмір етті: «он екі құл, қолдарыңа қару алып,
Ол батырға он екіңіз топ жазбастан түгел барып,

Кім болса да,—деді,—шапшаң келіңіздер маған алып?»
Патша әмірін орындауға құлдар тобы бара жатыр,
Азан-қазан айғайласып, қару-жарақ етті шатыр,
Сонда сезіп, есін жиып, еңіреді тағы батыр,

«Қайғылымын» деді жалғыз басқа еш сөз айтпады ақыр.
Батыр тұрып қолыменен көзден ыстық сүртіп жасын,
Тез ыңғайлап асынды да найза, садақ - оқ саржасын,
Құлдар сөзін тыңдамақ боп мінді атына күші басым,

Тыңдамады, бірақ, шүу—деп бұрды шапшаң аттың басын.
Батырға олар ұмтылысты ұстамақ боп қолмен қармап,
Көрмегенді көрді құлдар, көрсең шошып жаның аяп,
Тас табақтай қағыстырып бірін-біріне ұрып-сабап,

Қамшыменен тілді батыр құл қырыла жеді таяқ
Патша кейіп, құлдарына қуып ұста — деді шапшаң,
Қуғыншылар жеткенінше жан-жағына қарамастан
Батыр кетті, жеткендерін өлімші қып аямастан,

Оны көріп іші күйіп, ызаланды кекті Ростан.
Автандил мен патша қуды аттарына міне салып,
Қасқаймастан жортып бара жатыр жалғыз батыр алып,
Пырақ сынды тұлпар аты тұяғымен тоңды жарып,

Жерге сәуле түсті, батыр: көрді қуған патшаны анық.
Батыр атқа қамшы басты, патшаны тез көре салып
Сүйткенінше-ақ қас қаққанша көз ұшынан болды ғайып,
Кетті ме, әлде құзға құлап, яки — көкке жұлдызша ағып,

Өзі түгіл, оның басқан ала алмады ізін танып.
Із-түзі жоқ жын ба әлде деп жиналған жан аң-таң қалды,
Өлген-жіткен жанды жинап жауынгерлер жаутаңдады,
Жылап-сықтап жабырқаңқы жұрт еш нәрсе айта алмады,

«Қуанышым жоғалды енді» деп патша да салқындады.
Деді патша: «жақпаған ғой, тәңірге қуанышым,
Қайтып алған екен менен қайғы беріп, қуанышын,
Құдіретіне шара бар ма тоқтатуға әмір ісін

Не қылса да өз еркінде қабылдадық тәңір ісін».
Осыны айтып кейін қайтты тұнжыраңқы қабақ түйіп,
Жанына ешкім шақырмады күрсінуде жаны күйіп,
Аң аулаған мергендер де бет-бетіне тарап жүріп

Кетті, патша «жен» айтады деп тәңіріге жалбарынып.
Кірді патша сарайына тұнжыраңқы қайғыланып,
Автандилден басқа ешкім бірге ене алмай қойды қалып,
Жұрт тарқасты, үй іші де отырмады бір жиналып

Қуаныштың, шам-шырағы лап сөнгендей болды ғайып.
Тинатин да сезе қонды әкесінің қайғыруын,
Жайлап тұрып барды есікке күлімдетіп күндей нұрын,
Қазынашыға айтты біл деп: «Ұйқылы-ояу,— патша шіркін»

«Қайғыланып отыр,— деді ол,— томсарыңқы ой басқан өңін».
Жанында оның отырған тек басқа жан жоқ Автандилден,
Патша неге томсарыңқы, рас бір дәу батыр көрген.
Тинатин деді: «кетем кірер мезгіл емес білем,

Мұнда қазір болды дерсін, сұраса егер мені сенен!»
Деді патша бір мезгілде: «істеп жатыр қызым не ісін,
Судан сұлу інжу-маржан күн сәулетті қуанышым?»
Қазынашы жауап қатты: «келген жаңа қуқыл түсін,

Жабырқаңқы сізді көріп кеткен қайта бұзып түсін».
Айтты патша: «онсыз қалай отыра алам, шақыр бері»
Деді оған айт: «әкең бағын өмір алып жатыр кері»
Қайғы қашсын, көңіл ашсын, жазар мені ол ем дәрі

Қуанышым есті неге айтам бәрін келсін деді.
Әкесінің жанына тез Тинатин қыз тұрып барды,
Ажар-көркі елестетет туған толық алтын айды,
Езіле кеп сүйді әкесі еркелетіп ерке жанды,

Деді қызға: «өзің келмей, күттің неге шақырғанды?»
Айтты қызы: «патша тұйық, сіз томсарып отырғанда,
Қанша керім болса-дағы сізге енуге баталар ма?
Сіз қайғыға шомылғанда кек те тыныш жата алар ма?

Қайғыны қой, қапаны жой, осы сөзде қата бар ма?
Деді патша: «мені, сәулем, отырса да қайғы басып,
Саған жалғыз қарағанда жадыраймын көңіл тасып;
Жабырқаңқы жан жарасын жазатын сен сергіте ашып,

Жадыратар жалғызымсың тазартатын қайғыны аршып.
Алып туған бір керемет көрдім батыр сырттанын мен,
Сәулеті кеп орағандай жердің шарын, жақпарын кең,
Әлде неге қапаланып жылады өксіп, ұқпадым мен,

Келіп маған жолықпады, кейіп сонсын тоқтадым мен.
Мені көріп жасын сүртіп, мінген кезде атына кеп,
Нөкеріме бұйрық бердім ұста деп тез қалпына кеп,
Ғайып болды, нөкерлерді жапырды да ақыра кеп,

Кетті ме, әлде біле алмадым көріп мені ақыры жек.
Тәтті қызық, албырт шағым бар еді неге қайғырдым мен,
Ол күндерді ұмытып қазір қызғылықтан айрылдым мен,
Мені ешнәрсе жұбатпайды, мұңайыңқы қайрылдым мен,

Енді еш нәрсе қуантпайды, қуаныштан айрылдым мен.
Деді қызы: «асыл сөзді тауып терең ағытқан да,
Тақсыр тәңірі я тағдырға күйзелісің ағаттан ба?
Баршаға езгі тәңірі ісін қаралауың нақақтан ба?

Неге тілді тигізесіз жанның бәрін жаратқанға.
Патшалардың патшасысыз, сізге айтатын ақылым сол:
Сөз жетпестей, көз жетпейтін тұрған шексіз жеріңіз мол,
Барша елді аралалық батырды іздеп, түссе оң жол

Сонда ғана білесіз, бар жан ба, әлде жоқ жан ба,— ол.
Сіз керген дәу ірі батыр рас болса жүрген шығар,
Толып жатқан елдің бірі оны анық көрген шығар,
Сізді алдаған көз байлағыш сиқыр болса, онда не бар?

Олай болса көңілден де, қайғы-зарды ойдан шығар».
Жұртты жинап деді патша: «аспан астын қалдырмаңдар,—
Аралаңдар, қандай-дағы қиындықтан қайғырмаңдар
Батырды іздеп табыңыздар бел буған соң тайынбаңдар.

Аяқ жетпес жерге хатпен жазып, ашық айқындаңдар!»
Қуғыншылар кетті іздеп, жылдап жұртты аралады,
Қайта-қайта сұрастырып қарамай жер қалдырмады,
Аспан асты, жердің үстін; жаралғалы жанның бәрі

Жүрген жерден батырды іздеп таба алмады, қалжырады.
Іздеп кеткен қуғыншылар, патшаға өңшең құлдар келді.
Батырды іздеп таппадық деп бір ауыздан жауап берді,
Тірі жанның бірі білмейді, көрген жоқпыз дейді,—деді:

Таппасаңыз болмас, сірә, басқа бір жол іздеп енді.
Деді патша: «қызым менің әуелден-ақ білген екен.
Көз байлағыш бір сиқыр зат мені алдауға келген екен,
Көктен түсіп көзге ұшырап маған жау боп жүрген екен.

Қапалықты мен тастайын, ойлап оны енді не етем?»
Соны айтты да көңілденіп бір тамаша ойын қылды.
Әнші, жыршы, кернейшінің қалдырмастан бәрін жиды,
Сарайына шақырып ап сыйлық тартып сайран құрды,

Жанға ұнаған жанның, бәрін жинап алып ойнап-күлді.
Ер Автандил жалғыз отыр ұйықтайтұғын бөлмеде ерек.
Сазын шертіп ән де салған, үстінде тек жалғыз көйлек,
Тинатиннің, негр құлы кірді оған күтіп дерек,

Деді негр: «сізді өзіне ай нұрлы ару келсін» деп еді.
Автандилге жағып кетті осы еді оның, күткені де.
Тұрып барып киді әдемі асыл торқа шекпенін де,
Қызғалдақпен жолығу еді жеке тілек еткені де,

Тинатинге сүйген жар боп жеткендей-ақ күткеніне.
Айбаттанып ер Автандил ешкімнен де ұялмастан.
Келе жатыр сұлу жарға, сол үшін ол көзін жастан
Жуған талай, қыз отырды айындай-ақ; сұлу аспан,

Төңкергенде ай тұтылған қара бұлттай қара шаштан.
Жап-жалаңаш аппақ тәні алтын, қамқа дүрге оранған.
Басқа киген шалмасында інжу-маржан жарқыраған.
Ұзын қара кірпіктері жүрегіне дәл қадалған,

Күміс күмбез ақ төсіне ұзын қара шашы оралған.
Тұнжыраңқы қыз отырды баста қызғылт буаласы.
Автандилге отырыңыз деді аралас ұялысы,
Құл әкеліп қойды отырғыш, отырды ер құрметтісі,

Сұлу жарға бетпе-бет кеп бойында ойнап қуанышы.
Батыр айтты: «бір сөз айтам болса сізге ұнамағы.
Көріскенде жүзі солып, күн алдында ай ұялады,
Сөзге шорқақ бір жан едің ой оралмас қиядағы

Неден жүзің жабырқаңқы, сұрамай жан шыдамады?»
Сұлу жанға жарасады, таңдап айтқан әдемі саз.
Деді ару: «бізден алыс тұрсаңыз да, келдіңіз кез,
Жүректегі жұмбағымды келсе егер білгіңіз тез,

Жан жарасын мен айтайын, мендегі сол тұйық мінез:
Есіңде ме Ростанмен аң аулап бір жүргеніңіз.
Жасын сүртіп жылап тұрған бір батырды көргеніңіз,
Сонан бері ой бөлініп, жабырқаңқы мінезіміз

Көктен, жерден соны іздеп кел, болсын жәрдем бергеніңіз.
Бұған дейін кездесе алмай, сөйлесе алмай жүрген едім.
Сенің мені сүйгеніңді алайдағы білген едім;
Менің үшін көз жасыңды төккеніңді сезген едім,

Сен ғашықтық тұтқынысың, жүрекке атың түйген едім».

ІV. ТИНАТИННЫҢ ЖОЛБАРЫС ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН БАТЫРДЫ ІЗДЕУГЕ АВТАНДИЛДІ АТТАНДЫРУЫ

Аударған Ізтай Мәмбетов
Автандил өз бөлмесінде жатыр еді дамылдап,
Арфа шегін қағып нәзік, жан-жүрегі жалындап.
Тинатиннің қара құлы кіріп келіп ақырын,

«Айдай жүзді асыл шынар жатыр, деді, шақырып».
Бұл сөздерге жас қолбасшы алып-ұшып сүйінді,
Әлемішті асыл киім үстіне енді киінді.
Көп ынтыққан қызыл гүлін қайта қазір көрмекші,

Қас сұлудың ордасына емін-еркін енбекші.
Маңғаз басып келе жатыр, қысылуды білмейді,
Жаны сүйген қызға келіп, қазір көңіл бірлейді.
Отыр сұлу мұңға батып, жанарда шоқ талаурап,

Айдан да әсем ақ дидары сәуле шашып алаулап.
Ақ тышқанның терісінен тіккен ішік оранған,
Басындағы жібек шәлі жерге түсе шұбалған.
Жүрек түйрер кірпіктері қара мұңға боялған.

Ақ мәрмәрдей мойынында толқын шашы бұралған.
Шымқай қызыл перде жапқан жүзіне шер сызы өткен.
Жас сардарға отыр деді байсалды бір ізетпен.
Құл әкеліп берді орындық, отырды бұл әдеппен,

Қыз жүзінен көрінгендей бақыт-бағы дәметкен.
Тіл қатты қыз: «Дертім ауыр, жеткізе алман тілменен,
Тағат шіркін таусылмаса, айтпас та едім мүлде мен.
Білемісің неге сені алғанымды шақырып?

Білемісің неге бұлай қайғырасың аһ ұрып?»
Айтты жігіт: «Қасіретіңнің табам емін қайтіп мен?
Күн шыққанда, ажарынан айрылмай ма ай тіптен?
Сол сияқты мен де қазір ақыл-естен адамын.

Өзің-ақ айт. Мүмкін сонда кеңес бере алармын».
Падиша қыз әңгімесін өрнек етіп өреді:
«Бұдан бұрын сені өзіме жақындатқам жоқ еді.
Енді, міне, бағын, жанды, шүбәланба түк бұған,

Тыңда бірақ, ең, әуелі қасіретімді ұқтырам.
Есіңде ме, әкемменен аңға барған кезіңде
Көргендерің жас батырды қанды жас бар көзінде?
Естігелі осыны мен шермендемін, зарлымын.

Тапшы соны, кезіп-шарлап бұ ғаламның барлығын.
Сен сырыңды бір ашпадың—мен тосыннан не айтамын
Бірақ көптен маған деген көңіліңді байқадым.
Білдім сенің жүрегіңді жаралы еткен дертіңді,

Махаббатқа тұтқын болып, берген үнсіз сертіңді.
Сондықтан да тілегімді қабыл алу борышың:
Біріншіден, қас батырсың көрген жаудың соғысын,
Екіншіден, ұғуымша, ғашық-ақсың маған шын.

Жат жігіттің қайда екенін өзің іздеп табарсың.
Маған деген сүюіңді осы ерлікпен есіріп,
Көңілімді күйкі қылған қасіретімді өшіріп,
Жүрегіме үміт-сенім гүл шешегін егерсің.

Күн боп сонда қарсы алармын, арыстан боп келерсің.
Үш жыл бойы ізде оны сен, шарлап жазық-белеңді,
Тапсаң, орал жеңімпаздай, айтып сүйдім дегенді.
Таба алмасаң—тыныш болам жын екен деп оны мен,

Ашылмаған асыл гүлдей қауышамын сенімен.
Серт беремін: егерде мен сүйсем басқа біреуді,
Тапсам егер сенен басқа күн дидарлы күйеуді,
Жұмақ көрмей кетейін де өртенейін дозақта,

Сүюіңді ажал етіп, пышақта да азапта!»
Жауап берді батыр жігіт: «Асыл тастай жанарлым!
Тағдырыма бағынамын, қайтіп сөзден танармын?
Тұңғиықта жатыр едім, тұтандырдың шаламды,

Құлың, құсап қол қусырып, кезермін мен ғаламды.
Жарық күн ғып жаратқанда құдай сені о баста,
Жұлдыздарды бір өзіңе табындырған болмас па,—
Мен де саған жалындым да зор шаттыққа кенелдім,

Сен бар кезде бұдан былай солмаспын деп сенермін».
Автандил мен қыз Тинатин осылай серт байласты.
Қайта-қайта тіл қатысып, асыл сөздер сайласты.
Өткен күннің қасіреті бойдан солай бір түсті.

Ақ тістерін найзағайдай жарқылдатып күлісті.
Ыстық сөздер ынтызар ғып, бір-біріне құмартты.
Асыл тастар арбағандай ықыластар тым артты.
Айтты жігіт: «Шықты жүрек ақыл-естің; еркінен.

Ақ дидарың алау екен, күйіп барам өртінен».
Шықты батыр айрылысқан тірлігіне қамығып,
Жалтақ-жалтақ қарайды артқа, көзі тұман жамылып.
Тұла бойы қалтырайды бұршақ ұрған гүл сынды,

Қыз жүрегін аңсап-іздеп жас жүрегі ұмсынды.
Айтты өзіне: «Айрылысудан гүлдер ерте солмақшы,
Хрусталь да тез сарғайып, жақұт көркін жоймақшы.
Мен не істеймін, жүрек сорлы болады ғой жаралы,

Досқа арналса өмір бірақ—бақыт бар ма бағалы!»
Төсегіне құлады да төкті жасын сабырсыз,
Дауыл ұрған көк тал құсап қалшылдайды дамылсыз.
Көзі ілініп бір уақытта, көрді сұлу дидарын,

Айқай салып ол оянды ушықтырып мұң-зарын.
Бойын буып сүйгеніне деген ыстық сағыныш,
Көздің жасын көл етеді, өзек күйіп, жанып іш.
Тұрды бірақ таң алдында көзді тартып келбеті,

Ақ сарайға жетіп барды атқа мініп сол беті.
Қарт патшаға хабар салды, жолдап дұғай сәлемді.
«Бір жол ақыл айтуға мен бел байладым, ал енді.
Күш-қуатың ұшан-теңіз, тұрсың билеп әлемді.

Әйтсе де оны ескерткен жөн кезіп жүріп бар елді.
Жер жиһанды жарып өтіп, жау ордасын шайқармын,
Тинатиннің патша екенін барша жұртқа айтармын.
Қарсыларды қиратам да көнгендерді қолдаймын.

Мол тартумен, ақ сәлеммен саған елші жолдаймын».
Карт патша да нөкерінен жөнелтіпті алғысын:
«Арыстаным, айқастарда аңқылдайтын бар күшің,
Соған орай жауынгерлік ақыл-ойы тәуір-ақ.

Жолың болсын, бірақ сені көп жыл көрмеу ауыр-ақ».
Патша алдына келді жігіт тағзым етіп, бас ұрып:
«Қайран қалдым, тақсыр, мені мақтадың-ау асырып.
Қуанышты күйде сені көрсетсін кіл құдайым,

Мен де сонда дәл өзіңдей шалқып-жайнап тұрайын».
Құшақтап кеп сүйді патша өзі туған ұландай.
Дүниеде бар ма екен-ау ұстаз-шәкірт бұлардай?
Қоштасты да кетті жігіт көңіліне қайғы алып,

Ростеван жүдеп қалды жанына шер байланып.
Серпілді де тартты Автандил туған елге түк үнсіз.
Жиырма тәулік күні-түні жолда жүрді тынымсыз.
Ғұмырында тұңғыш сонда сезді жүрек мұңлы күй,

Тинатиннің от дндары көз алдында тұрды ылғи.
Жетті туған мекеніне, қалды халқы қуанып,
Алпауыттар келді алдына тағзым етіп, сый алып,
Ағайыны мәз-майрам боп, жатты жасап тойларын,

Бірақ батыр ұмытпады алдында алыс жол барын.
Дұшпанының пысын басқан бар еді оның, қорғаны,
Жан-жағында тұрған қоршап биік жартас, орлары.
Сол маңайда үш күн бойы саят құрып алды да,

Шермадинді шақырады кеңесуге алдына.
Шермадинді сөз еткенбіз, оқушымыз біледі,
Автандилдің құрдасы еді, жанын қияр құлы еді.
Ол сезбеген шалынғанын досы сүю шоғына,

Албырт жігіт жасырмастан айтып берді оны да.
«Шермадинім, болса да ұят, жасырмайын шынымды,
Сенімен кіл ақылдасып, ашсам-дағы сырымды.
Көз жасымды көрсетпедім, оны саған айтпағам;

Бұрын қайғы салған ару берді бақыт-бақ маған.
Тинатинге болып ғашық жас жүрегім лепірді,
Оттай ыстық көздің жасын жұтты да гүл жетілді.
Жан жарасын жасырып ем, одан бетер қинады,

Үміткер ғып қайта сұлу, бақытымды сыйлады.
Жарлық алдым, жат батырды іздеп жүріп табамын,
Қайтсам тауып, жүрегімнің ынтызарын аламын.
Еш адамды сүймес болып ант-су ішті асылым,

Сол сөзінен шипа тауып, көңіл бірлеп тасыдым.
Біріншіден, батырмын мен, міндетім бар маңызды,
Алдиярға адалдықпен қызмет ету парыз-ды.
Екіншіден, қыз падиша азап отын жоқ етті.

Сондықтан да қиын сәтте қорықпауым керек-ті.
Махаббатта қарт пен бала біздерге әсте тең емес,
Өтінемін, тыңда жақсы, айтайын мен бір кеңес:
Ел билейсің, әскерлерге бұйрық-жарлық қыласың,

Мен болып тек барлық істі сен тындырып тұрасың.
Ақсүйек пен әскерлерді басқар елді қорға да,
Мән-жайларды білмек үшін кісі жібер ордаға.
Асыл сыйлар жөнелтіп тұр мен боп ылғи сарайға,

Алыс жолда жүргенімді жан сезбесін қалайда.
Өзім құсап саят құрып, аттанып тұр жорыққа,
Еш адамға білдірместен үш жыл күт сен, торықпа.
Құдай берсе, оралармын, солмас сұлу жас шынар,

Оралмасам—қара киіп, көздеріңнен жас шығар.
Сонан кейін падишаға жайды айтарсың зар қылып,
Өлгенімді баяндарсың, жұртты есінен тандырып.
Тумақ болса, өлмек бар деп жұбатарсың халқымды.

Кедейлерге тарт сосын мыс пен күміс, алтынды.
Осыдан соң өзіңе өзің берік бол сен, налыма,
Мені бірақ кетпе ұмытып, түсіріп тұр жадыңа.
Аруағымды апар жылап туған өлке. жағына,

Анам құсап жоқта және жастықты еске ап тағы да».
Мына сөзді есітіп құл, естен тана жаздады,
Жанарынан жас тамшылап, ажарының азғаны.
Айтты ол: «Сенен айрылғасын жайбарақат жата алман

Не дейін тек?—Мені тыңдап қалмассың сен сапардан.
Қалай жүрем сен болып мен? Қинамашы сен олай!
Қожайындық етем қалай? Ұқсай алман мен оңай!
Сенен қалып шер болғанша, жер болғаным көп артық.

Мені өзіңмен бірге ала кет, қызметіңді мол артпа».
Айтты батыр: «Алсайшы сен сөздің парқын дәл ұғып.
Жалғыз кезбек кең, даланы, кетсе мәжнүн қамығып.
Ақық деген саудаласып, бағасына өтпей ме?

Өз парызын өтемеген найза ұшында кетпей ме?!
Сенен артық мейірімді, мүсіркегіш жан болмас,
Сеніменен кім таласар? Сендей маған нар болмас.
Сондықтан қал, елді қорға, жау тимесін шеніңе.

Тіршілікті жазса тағдыр, оралармын еліме.
Жүз адам ба, бір адам ба—ажал жетсе, біткені,
Жаратқаным жар болсын тек, қорқытпайды түк мені.
Үш жылдан соң оралмасам—жылап, жоқтау айтыңдар

Хастар саған бағынады—өсиет жазған хатым бар».

ІX. ТАРИЭЛЬДІҢ АВТАНДИЛГЕ ӨЗІ ТУРАЛЫ АЙТҚАН БІРІНШІ ӘҢГІМЕСІ

Аударған Әбділда Тәжібаев
«Тыңда, маған көңіліңді бөл, тыңда менің хикаямнан,
Жетер әрең тілім оған—сырды айтуға ойыма алған,
Сабырсызбын бір жан үшін—ынтықтырған, ақылымды алған,

Торына ілген тұзақтаған, тасыттырған бойымнан қан.
Білесіз бе, жұртқа әйгілі Үндіде бар жеті король,
Алтауына үкім еткен бәрінен де Парсадан зор.
Асқан жомарт, ер, дәулетті корольдерге өзі қамқор

Түрі арыстан, жүзі күндей, қол көсемі, жеңімпаз ол.
Жетінші боп таққа отырды әкем, жауын жуды қанға,
Саридан деп аталушы еді, рақымсыз еді қарсы жауға,
Я әшкере, я құпия шықпады жан таласарға

Аңға шықты, думандатты, тәтті өмірден тартты қауға.
Жаратпай ол жалғыздықты, түсті ойына шексіз қиял,
Деді өзіне ол: «жеңісіммен жаудан алған жерлерім бар,
Қудым жауды, өктемдікте жақындады күн қартаяр.

Деді өзіне ол: Парсаданға берілейін болып ықтар.
Бел байлады Парсаданға жіберуге өз елшісін,
Тапсырды оған баяндауға: «сен Үндінің күштісісің,
Әміріңе бергім келеді жүрегімнің іші-тысын.

Құдіретіңнен тапсам сая, бар қайратым сенің үшін.
Естігенде Парсаданның қуанышы кетті сыймай,
Берді хабар: «Ел қожасы шүкіршілік деймін құдай,
Сәлеміне сендей патша Үндідегі өзіме сай

Келші кәне, құрметтейін я әкемдей, я баламдай».
Қас батырға лайықты—сыйлады оған патшалықты.
Барлық Үнді әскеріне шеру тартар қол басы етті,
Корольменен кеңескенде айнымастай жол көрсетті.

Бір патшадан басқасына билеп-төстеп әмір етті.
Әкешімді сүйді король, тең санады өз басына,
Деуші еді ол: тең табылмас менің сардар қолбасыма.
Соғысқа, аңға бірге аттанды, ойран сап жау ордасына,

Ұқсамаймын мен әкеме, маған да ұқсар болмас, сірә.
Король және күндей ханым зар болыпты бір балаға,
Қайғы тартып қан жұтыпты, кіріпті үрей армияға.
Ұл боп туып Әмір бардан келіппін мен қу дүниеге,

Депті патша: «өсірейін өз баламдай бағып-қаға».
Патша, ханым алды мені, өздерінің баласындай,
Баулыды олар әскерінің басшы болар данасындай.
Ғалымдардан үйретті ілім патшалардың санасындай,

Күндей нұрлы жігіт болдым, тұлғам бейне арыстандай.
Айтшы, Исмат, егер менің айтқанымда болса жалған
Бес жасымда ұқсаушы едім үлбіреген гүлге ашылған.
Арыстанды торғайдайын өлтіруші ем қолыма алған

Баласыздық Парсаданға қалып еді болмай арман.
Куәм менің сенсің, Исмат, көрген азап бейнетінің,
Сұлулықта күндей едім ортасынан шыққан түннің.
Мені көріп таңданғандар: «міне адамның үрі» дейтін.

Бұл кездерде сол бейнемнен тек бір қалған көлеңкемін.
Жүкті болды бес жасымда ханым,—деген кезде батыр,
Күрсінді ауыр, көзінде жас: «қыз туыпты» Ауып ақыл.
Танды есінен, су септі Исмат; әлсіз ғана сөйлеп жатыр:

«Сонда отына күйдірген еді, сонда-ақ күндей еді асыл».
Сөйлеп тұрған осы тілім жетпейді оны мақтауыма,
Той жасаймын деп Парсадан әмір етті жар салуға.
Тұс-тұс жақтан келді хандар, сый шашулар асыл мұра.

Таратылды әскерлерге, қымбат байлық ақтарыла.
Босанғанда ханым аман хат үстіне келді хаттар,
Үнді түгел хабарланды келді елшілер марқа маттар.
Ай қуанды, күн қуанды, қуаныштан жаңғырды аспан.

Қыздырды ойын дуылдатты, тойға келген азаматтар.
Той да бітті, қыз бен мені тәрбиеге алды бәрі,
Сол кезде-ақ күндей еді қыздың көркем бет ажары.
Патша менен ханым бізді сүйді бірдей, таңданады.

Күйеді жан аузымды ашсам атын соның атағалы.
Атады да сұлу атын қалды батыр естен танып,
Автандил де зар жылады, моншақтап жас бебеу қағып.
Қайғылының күйді отына, оның-дағы жаны жанып,

Тірілтті қыз су себелеп көкірегіне жатқан талып.
Есімі Нестан-Дареджан еді, жеткенінде жеті жасқа,
Болды ақылды; тең шықпады күннен басқа, айдан басқа
Қалай шыдар шіркін жүрек айрылса одан, қалса адасса.

Тең болғанмен мойымайтын асқан берік ақ алмасқа.
Өсіп сұлу бойжеткенде, мен де болдым майданға сан.
Қызын патша өзі бақты, ата мирастыққа баулай.
Мені әкеме берді қайтып, жүрдім ойнап қайғыланбай,

Ермегіме бейне мысық өлетін-ақ арыстандай.
Арнап қызға соқты патша әсем capaй мұнаралы.
Тас орнына қалады оған қызыл жақұт безораны.
Қарсы беті гүлді бақша, мөлдір хауыз, фонтандары.

Сонда келіп кетуші еді—мені өртеген жанның жаны.
Торлаулы еді сарай іштен, төңірегі мақпал перде.
Көре алмадық біз, ұқсады ол кристалға, таза гүлге.
Қасында оның болды Исмат, дос даяшы және бірге

Өсті сонда сымбатпенен ескендей тау Габаинде.
Жасым менің жетті он беске, күтті патша өз ұлындай.
Күнде онымен болдым бірге, қайтармайтын көзі қимай.
Жүзім күндей, тұлғам үрдей, күшті болдым арыстандай.

Шықты даңқым мергендіктен, асты өнерім бойға сыймай.
Тартсам садақ оғым зырлап, аң мен құсты қан қып қырды.
Қайтсам түзден, алаңда ойын, алдымда доп зыр жүгірді.
Үйге келсем салтым шаттық, білмеуші едім қайғыруды

Енді сұлу мені өмірден ажыратты қол үздірді.
Қайтты әкем дүниеден күні келді кезек алар,
Парсаданның, шаттығына салды бүлік суық ажал.
Кенелісті қуанышқа қорқып одан қуарғандар,

Масайрапты дұшпан деген тілектестер берді хабар.
Сол өмірде мен бақытсыз қаралы үйде отырдым жыл.
Күні-түні азаптаумын, айтпады ешкім жұбатып сыр.
Жұмсап маған жасауылдар—депті патша күндерде бір:

Балам Тариэль, шық бөлмеңнен, қара тастар жетті мезгілі»
Қайғылымыз бізде, қарақ, айрылғанға ардақтыдан,
Деп сыйлады жүз қымбат зат, қара кию қалды шыннан.
Бар өкімін әкешімнің өткізді де айтты маған:

«Әмір барсын, ал әкеңнің; қызметтерін орындаған».
Сөнбей оты көкешімнің өртеп мені күйіндірді,
Жасауылдар бастап мені қаралы үйден алып жүрді.
Индияның иелері арнап маған той қылдырды,

Бір туғандай құрметтеді, сүйді сыйлап сүйіндірді.
Балап туған баласына, отырғызды таққа жақын
Ұқтырды олар марқабатпен, міндетімді атқаратын.
Көнгім келмеді, сиқым жоқ, еді дәл әкемдей бола алатын,

Қайтпады олар, басымды идім, Әмір бардың істеп салтын.
Содан бері өтті көп уақ, ұмытыппын қалғандарын,
Айтам қалай сонша қиын тарихының; түгел бәрін,
Алданышты азап еккен, опасы жоқ дүние залым,

Мені мәңгі жандырады содан келіп тиген жалын.

X. ТАРИЭЛЬДІҢ МАХАББАТЫ ТУРАЛЫ ЖЫР

Аударған Әбділда Тәжібаев
Хикаясын созды тағы, төге отырып мұңды зарын:
«Бір күндері патша екеуміз қайттық аулап түздің аңын.
Тіл қатты ол: «жүр қызыма жолығайық, жүр, шырағым!»

Неғып жаным шықпайды екен, түскенде еске осы шағым»
Көрдім бақша аса көркем артқан барлық рахаттан,
Құйқылжытып бұтақтарда жыршы құстар төгеді ән,
Гүлді сулар көкке атады шомылатын фонтандардан.

Есік жабық сырты бүркеу, перделері Масатыдан.
Жалатқаны жасыл жақұт шарбақтары изумрудтен.
Мұнараның қасына кеп ұлы патша түсті аттан.
Кірдік сарай ішіне кеп төрт жағына кілем қаққан.

Жаным қалай шыдайсың сен, жараңа сонда найза батқан.
Әмір етті патша маған жіберуге қызына гүл
Алып кірдік сол себептен пайда болды жүрекке зіл.
Содан бері табынуға жетектеді аумалы өмір.

Шыңдай жүрек алдырар ма, қадалмаса алмас темір.
Қаламаушы еді көрсетуді күнін патша бөтен жанға.
Қалдым сыртта, кетті кіріп, перделі есік ашылғанда.
Түк көрмедім, естілді тек сөйленген сөз сол маңайда,

Патша Исматқа әмір етті тартуымды қабылдауға.
Сырғанатып ысырды да, пердені ашты Исмат сонда,
Жүректі, ойды найзалаған көрдім қызды көз алдымда.
Тартуымды тапсырды Исмат, қабыл етті отты тұлға,

Содан бері жалынды дерт мәңгі мені жандыруда.
Өшті қазір сол шырағым көзден ұшқан күнім менің,
Одан әрі шыдамады, құлап улы алды демін.
Автандил мен жылады Исмат, бұзды көңілін дерт тілердің.

Үндесті олар: «алып батыр өз дертінің таппас емін!»
Бетіне Исмат су бүркіді Тариэльдің кірді есі де,
Сөйлеуге ұзақ келмеді әлі батқан қайғы зердесіне.
Отырды да шақты мұңын, ақты жасы жерге сіңе,

«Неткен ауыр азап деді, ойлап жаным түссе есіме».
Опасыздың сыйына мәз, қу өмірге алданғандар,
Оның опасыздығынан да таппас бірақ ешбір амал.
Бәрекелде өмірменен арпалысқан данышпандар.

Аяқтайын хикаямды шықпай жаным, жеткізсе әл.
Алғанда олар тартуымды таба алмадым жүрерге жол.
Қалдым құлап ессіз-түссіз, әлсізденді аяқ, пен қол
Көзімді ашсам естіледі жылау-сықтау үһлеулер,

Қоршап мені жиналыпты мінетіндей қайыққа ел.
Жаттым үлкен кең сарайда, мамық төсек төсенгенім,
Пәруана боп патша, ханым ағызды жас алмай демін.
Зар жыласты жыртты дал-дал, тырнақтады өз беттерін.

Белзевула сиқырлаған—депті молда ауру жеңін.
Көріп менің, көзімді ашық, құшты патша мойынымнан.
Деді маған көз жасымен: «айтшы бір сөз болсаң, аман!»
Үрейлімін бейне жынды, бере алмадым жауап оған,

Тағы қайта тандым естен жүрегіме құйылып қан.
Жиналысқан қожа-молда, мені ауқымдап алған орап.
«Бусап» ашып бәрі тегіс күбірлеседі соған қарап,
Ұйғарысты жын соққан деп, әлде тағы неге балап,

Жанып жаным өшпес отқа: қалдым демсіз үш күн ұзақ.
Дәрігерлер таңданысқан десті ауру бұл не қылған.
Емдейтін ол ауру емес, кездескен ғой қайғы тыңнан,
Кейде сөйлеп сандырақтап тұрып кеттім орынымнан,

Толар еді нелер теңіз аққан менің көз жасымнан.
Я өлі емес, я тірі емес үш күн ұдай жаттым залда,
Үш күннен соң ақылым еніп, білдім жатқанымды қайда.
Дедім: «өмірім өтіп менің осы жерде-ақ қаламын ба,

Дедім мені сабырлы қыл жаратушы өзің, алла.
Дедім тәңірі құр тастама, есіт менің арызымды,
Сабырыңнан қарасғайсың, тұру үшін бұдан енді,
Жатсам мұнда ашылар сыр, бұйырта көр өз үйімді.

Тілегімді орындады жаралы жан әлге кірді.
Тұрдым... Маған келіп қалды падишадан көп адамдар
«Айықты деп есен-аман» жеткізді оған жақсы хабар.
Ханым, патша жетті олар да есі шыққан ақылы дал,

Өзгелері тұрды үндемей шақты патша тәңірге зар.
Патша, ханым қоршап мені қолдарынан берді тамақ,
Дедім: «тақсыр ардагерім, жүрегіме бітті қуат.
Аңсап дала, өзендерді мінгім келеді астыма ат».

Әзірленді, міндім атқа өзі патша бастады шат.
Өттік алаң өзен бойын біз екеуміз оза бастап.
Келдім үйге қайтты патша ертіп мені әкеп тастап.
Ауыр тартты тағы бойым, қайғы үстіне қайғы ұласпақ

Дедім қалап өлер едім ауырғанша мұнша қақсап.
Көздің жасы жуып бетті запырандай өзгерді өңім,
Он мың пышақ қадалғандай тілімделді ет жүрегім.
Патшайым кеп шақырғанда қазынашының жолығуын

Білер екен не жаңалық, не дер екен бұлар дедім.
Исмат деді даяшы кеп «сұраттым мен не білерін
Кірді сырттан, ұсынды хат махаббаттың шерткен кебін;
Қалдым қайран не қылайын, жүрегімнің отты лебін!

Арта түсіп бұрынғыдан ауырлады қайғы лебім.
Таңмын! Сұлу сүйіп мені жазған қалай осы хатты?
Әйтсе-дағы жауап жазбау, жабың қылық жарамасты.
Үзіп үміт өзіңнен деп етер әуре мен бейбақты.

Жауабына жолдадым хат удан ащы, балдан тәтті.
Өтті күндер, меңдеп жүрек жана түсті жалын қақтап,
Көре алмадың, түзу қарап, ерлерімді шыққан қаптап.
Дәрігерлер үзілмеді, баса алмадым аяқ аттап.

Содан бері дүние азабын тарта бердім тайғанақтап.
Дәрігерден жетпей жәрдем, жүрегімді жаншып түнек,
Ешкім отты сезе алмады жанымда жанған үдеп;
Кінә тақты қаныма олар еткеннен соң, патша тілек

Қан алдырдым қарсы болмай, қайғымды жұрт білмесін тек.
Тартып төсек жаттым жалғыз қою қанды беріп қолдан.
Неге келдің, деп сұрадым үйге кірген даяшымнан.
«Исмат кеп тұр».Әмір еттім кіргіз бастап үйге жылдам.

Қандай адам, не дейді қыз? Кетпейді сол қиялымнан.
Даяшы кеп хат тапсырды, аптықпастан оқып шықтым.
Білдім хаттан—тездеп маған келмек бопты өзі тіпті,
Жаздым жауап «жетті мезгіл, жазыпсың, шын дұрыстықты.

Барайын мен шақыртсаң сен, таға көрме жалқаулықты» .

Жүрегіме шақтым мұңды: сарсаң, болдың мұнша неге?
Мен Әмір бар, патшамын мен бүкіл байтақ Индияға.
Өсекшілер сезсе мұны салып әбден көптірмеге
Жуытар ма маңайына, кіргізер ме мәжілістерге.

Падишадан келді кісі—білу үшін бір жаңалық,
Кіріп маған сөз қатады: бастады ма қаныңды алып.
Иә деймін: «қан аңқалы қалдым қунап қуаттанып.
Көтеремін көңілімді өзіңізге өзім барып».

Бардым патша сарайына, деді: «істеме енді мұндай»
Аттандырды мені жеңіл—қару-жарақ асындырмай,
Жібергізді сұңқарларды, кекіліктер жатты қирай,
Мергендері тартты садақ, қуанышпен атты шулай.

Дәл сол күні қайтып түзден той жасадық, үйге келіп,
Күйші-жыршы, арфашылар өлеңдетті әнді төгіп.
Сан жетпейтін асыл тасты қолдан патша берді бөліп.
Жан қалмады жарымаған қатысқаннан бірге болып.

Тырыссам да қанша шыдап таба алмадым қайғыма ем,
Түсіп ойға сүйген сұлу жалынменен жанды кеудем.
Тең құрбымды қасыма алып, болып өзім өзімменен,
Тартынбастан іше түстім жасыруға дертімді мен.

Қазнашым келіп маған құлағыма сыбырлады;
«Сізді сұрап бір әйел тұр, көрем дейді Әмір барды».
Беті перде бүркеу жапқан—көтергендей бар мақтауды».
Дедім оған: бөлмеме апар шақырғанмын оны арнаулы.

Тұрып едім, басқалар да тарар болды түгелінен,
Той қызығын тоқтатпаңыз дедім, ерлер, қайтып келем.
Шықтым сүйтіп өз бөлмеме; күзетші тұр күзетімен.
Ерлендірдім жүрегімді, мұңай масқа әңгімеден.

Тәжім етіп қарсы алды әйел, есігіме келгенімде.
Деді: рахмет жұмсап сізге маған сұлу сенгеніне,
Таңырқадым, бұл кім деймін иген басын көргеніне!
Жаратпадым күтпей мені, асығып сыр бергеніне.

Деді маған: ұят оты жүрегіңді күйдіреді.
Өз ойында махаббатпен келді саған дерсің мені.
Жасырасың ойдағыңды—үміттенген әңгімені
Асығыспын айып етпе, айтады деп әлденені.

Келдім арнап сәлемімен көрісуге ұялғаннан,
Күдіктенбе тапсыруын ұлығымның айтсам саған,
Бұл сияқты ірі ерлікті сол қымбаттым берген маған.
Міні хаты, айтар түгел, барлық сырын ойына алған.

XVІІ. ТАРИЭЛЬДІҢ ХАТАЙЛАРҒА ҚАРСЫ ЖОРЫҒЫ ЖӘНЕ ҰЛАНАСЫР ҰРЫС

Аударған Ізтай Мәмбетов
Жарлық бердім: «Керней тартып, шақырыңдар әскерді»
Шеруге әзір қалың сарбаз ағыл-тегіл тасты енді.
Хатаэти шеніне өрлеп, арыстанша атылдым.

Ескі жолға сыймағасын, тыңнан жолды жапырдым.
Артымызда қалды үнділер; жеттік жолда бөгелмей,
Хан Рамиз жөнелтті елші қорықпасын өлердей.
Жібітпекші болып мені, аяр сөзін бөсті кеп:

«Сіздің, ешкі біздің көкжал бөріден де күшті!» деп.
Алдарқатпақ боп Рамиз асыл бұйым сый берді.
«Жалынамыз, табынамыз, жанымызды қи!» деді.
Деді: «Міне, кессең, басты! Ант береміз, көнемізді

Барымызды қарсылықсыз алдыңа әкеп төгеміз.
Күнәліміз, кінәліміз, кешірім ет бірақ та,
Бол тәңірдей рахымды; қалың, қолды құлатпа,
Қаптап келіп таптамасын,салып елге ойранды,

Аз адаммен келсең-дағы, бердік қала, қорғанды».
Деді солай. Мен кеңестім уәзірлермен бас құрап;
Олар айтты; «Жассың әлі, үлкендерге ас құлақ;
Бұл жандарды білеміз біз, залым ойлы келетін,

Күліп жүріп, алдап ұрып, ажал уын себетін.
Аттан бірақ, батырларды бізге өзіңмен ала бар.
Қалың әскер тұрар әзір—қылғайсың тек хабардар.
Алла атымен антын берсін, адал болса хат айлар,

Арам болса, бір өзің біл, кек қайтқанша ат ойнар».
Кәрілердің ақылына ырза болып қуандым.
Хат жаздым мен: «Хан Рамиз, жауабыңды құп алдым.
Тыныш тұрған тәуір, рас, қан қырғынға желікпей.

Сәлем бере барам өзім қалың әскер ерітпей».
Көп әскерден үш жүз батыр сарбазды мен сайладым,
Тек соларды соңыма ертіп, аттануды ойладым.
Қалың қолға еттім бұйрық: «Еріңдер де ақырын,

Белгі берген кезімде тек, лап қойыңдар ақырып!»
Кеттік жүріп; өтті үш күн; Хан елшісі жолығып,
Тағы маған асыл сыйды тарту етті мол қылып,
Айтты сосын: «Хан иесіз сый жөнелтті тағы көп,

Үндістанның сардарының, ырза болсын жаны деп».
Жолда және жолықты адам хан хабарын тапсырған:
«Көргенін ше асық болып, шықтым өзім қарысыңнан!»
Жауап еттім: «Айтқаныңды жарлығыңдай пір тұттым,

Ата, бала секілденіп қауышуға ынтықпын!»
Аялдадық қалың орман шетіндегі алаңда,
Тағы да бір хабаршылар жетіп келді табанда.
Алып кепті арғымақтар маған тарту еткелі.

Беріп бәрін: «Хан иеміз көргенше асық, бек!» деді.
Хан хабарын айтты сосын: «Үйден шығып келемін,
Таныс жолда таң алдында кезігем деп сенемін.
Сенің барлық елшілерің ақ сарайға жайғасты,

Қонақ болып, күзетпен бір ұйықтауға енді жайласты».
Жақсылықты жақсы кісі ұмытпайды-ау асылы,
Әлгілердің біреуі кеп айтты маған жасырын:
«Өтей алман, өлгенім ше, қарызымды, сенімді,

Сатпаймын да, ұмытпаймын есіркеуші ерімді.
Әкеңнен мен бала кезде басқа пана тапқанмын,
Сондықтан да елші болып саған өзім аттандым.
Қалай көрем құлағанын сендей асыл шынардың?

Мен айтайын, ұға бер сен, зұлымдығын бұлардың.
Қапы қалма—қаныпезер жауың тұзақ құрды анық.
Жүз мың әскер сені тосып сәтті кезді тұр бағып.
Одан әрі үш есе көп күтулі қол да әзір.

Қамданбасаң—құрығаның, қауіп-қатер мол қазір.
Хан қадірлеп күтіп алар—көз тартады келбетің,
Бірақ жансыз жарлығы бар—қастық қылмақ жендетін,
Будақ-будақ түтін шықса, әскер біткен қаптайды,

Аз кісіңді анталап кеп қырып-жойып таптайды».
Мұрша келген қадарынша алғыс айттым оған мен,
«Тірі қалсам—қайтарармын; қам жеу керек болғанмен,
Сен ешкімге сездірместен солармен бірге жүре бер,

Ар-ұяттан айрылармын, сені ұмытсам шын егер.
Сыр білдірме жан адамға түк сезбеген секілді».
Өзім іштей не де болса көрейін деп бекіндім.
Артта қалған қалың қолға тек шабарман жіберіп,

Хабар еттім: «Жетіңдер, деп, қаптай шауып үдеріп».
Елшілерге күні ұзын мен жылы-жылы сөйледім:
«Сені, Рамиз, бір көруге ынтызармын мен,—дедім.—
Түске дейін тынбай жүрдім жол азабын тартсам да.

Тағдыр сірә құтқармайды, қиянға асып бақсаң да».
Көрдім кенет шаң-тозаңды көтерілген алыстан.
«Хан Рамиз келе жатыр қақпан құрып қарысқан».
Қылыш емес, найзаменен жанын оның, алармын.

Осы кез тек білді әскерім қауіп-қатер хабарын.
«Бауырларым,—дедім сонда,—алдап соқпақ жауымыз.
Кескілескен қанды айқаста талмас болсын қарымыз.
Ағзам үшін жан қиғандар шығар бірден жұмақтан.

Қатайларды қарсы алайық қылышты алып қынаптан».
Бердім бұйрық сарбаздарға—қанды ұрысқа қамданды,
Дулыға мен сауыт киіп, қаруларын сайланды.
Сапқа тұрып, жүйткіп бердік, кек қайтар сәт таянды.

Бүгін менің алдаспаным алар басын аярдың.
Жау жақындап, көрді бізді сауыт киіп қам тұрған.
Тағы бізге кісі салды сөйлеспек боп антұрған.
Деді: «Біздер уәдеде тұрмыз берік әлі де,

Сауыт-сайман сайлапсыздар, мұныңыздың мәні не?»
Жауап бердім: «Аян маған жаулықтарың жымысқы.
Тек бітіре алмассыңдар ойлағандай бұл істі.
Одан да ашық, шайқасайық, сол адал да дұрысты.

Бізде асықпыз суыруға қылшылдаған қылышты».
Соны есітіп кетті елшісі, қайта бізге соқпады,
Әскеріне белгі берді түтіндеген оттары.
Екі қатар саппен шықты тасадан жау шуласа,

Тап бұлармен кескілесу рахат қой тым аса.
Найзамды алып, дулығамды баса кидім басыма.
Қаскөйлерді ойрандауға асығамын ашына.
Жалау ұстап, біз де ақырын аяңдадық ілгері.

Лек-лек болып түйілген жау, естілмейді үндері.
Мен жақындап барғанда, олар мазақтады жынды деп,
Басты күші тұрған тұсты қаусата ұрдым кеп.
Шаптым жауды, аты да ауды—екеуі де жайраулы.

Әттең, кенет найза сынды! Семсерді алдым қайраулы.
Қалың шілді қырған жалғыз қаршығаша түйілдім.
Жау әскері ат-матымен төбе болып үйілді.
Кейбіреуін көтеріп ап аспанға атып үйірдім.

Әлек-шәлек болды сөйтіп, көбіне өлім бұйырды.
Қалған дұшпан қаптай шауып, шайқас қайта қызынған.
Оңды-солды салдым ойран, өзен болды қызыл қан.
Талай өлік кетіп жатыр ат үстінде салбырап.

Тірілері тайқып жүрді үрейі ұшып абдырап.
Ымырт болды, айқай салды қарауылы жабыла:
«Ал қашыңдар, жан сауғалап, төнді қауіп тағы да.
Келе жатыр бір керемет, қарап тұрсақ шаңына,

Қалың әскер көрінеді, құримыз-ау тағы да».
Бұлар менің артта қалған қалың қолым боп шықты.
Маған жылдам жетпек үшін күні-түні жортыпты.
Сай-салалы тауларды асып, дер кезінде келіпті.

Кернейлерді күңірентіп, атой салып беріпті.
Шарасыздан зытты дұшпан, қудық біздер табанда,
Артта қалды жаңа ғана айқас болған алаң да.
Рамазды бір-ақ ұрып, құлаттым мен күйретіп,

Көп әскерді тұтқын етіп, алып кеттік сүйретіп.
Ізімізде жүрген әскер қашқандарды қамап ап,
Басып, жанышып, тұтқын етті, қорқытып та табалап.
Мұнын, бәрі арсыз жауға түс секілді көрінді.

Қолға түскен сарбаздары күңіреніп егілді.
Әскерімді жиып алып, аялдауды бұйырдым.
Қолым және жаралы еді, қаны тынбай шұбырды.
Сарбаздарым келіп жатыр бір-бір көріп кеткелі,

Мақтағаны сондай мені, айтуға сөз жетпеді.
Шіркін сырттай мадақтаса, табар еді-ау жүйені.
Біреу тілмен көтермелеп, біреу мені сүйеді.
Алпауыттар жас төгеді табысыма малданып,

Қайратыма тәнті болды қалың әскер таңданып.
Әскер бөлдім келу үшін алым-салық көп алып,
Бәрі соның қайтты кейін мол олжамен оралып.
Қастық, еткен дұшпан болса, қанға бояп састырдым,

Қорғандардың, қақпаларын қарсылықсыз аштырдым.
Раманға тіл қаттым мен: «Аярлығың мәлімді.
Ақталып көр, егерде сен керек етсең, жаныңды.
Бұйрық тарат—бекіністер берілсін кіл қорғанбай.

Бұйрық бермей, бас тартсаң, сен, болдым дей бер сормаңдай».
«Айтқаныңа алдиярмын,—деді сонда ол маған,—
Қос қасыма нөкеріңді өз мүддеңді ойлаған.
Әскер тұрған қорғандарға беріп бұйрық-жарлықты,

Бәрін саған бағындырып, орнатамын заң мықты».
Қостым оған нөкерім мен бір топ сарбаз жігітті,
Хатаэти қамалдарын сөйтіп маған жүгінтті.
Зар еңіреп жасын төкті жас бала да, кәрі де,

Тиді қолға не бір асыл қазынаның бәрі де.
Хатаэти жерін түгел аралап ем соңынан,
Қазыналы сарайлардың кілтін берді қолынан.
«Қорықпаңдар,—дедім сосын қарапайым халыққа,—

Өздерін; де сорларсыңдар, бұйырмаймын айыпқа».
Сарайларды тінттік біз қоймай бұрыш-бұрышын.
Байлық деген шіріп жатыр, сөз жетпейді құрысын.
Таптым содан кенет ғажап көйлекті әсем шәлімен,

Керген кісі өтер мәңгі есі кетіп сәнінен.
Білмедім мен кім тіккенін, қай жердікі екенін.
Көрсетіп ем,—таңданысты «Керемет!» деп нөкерім.
Білінбейді-ау, білінбейді өн бойының еш міні.

Нағыз чекан тығыздығы, күйген көмір түс-түрі.
Күн дидарлы сұлуыма тап осыны атадым.
Қалған қымбат дүниені падишаға тартамын.
Арттырдым да дәл екі жүз қашыр менен түйеге,

Жөнелттім мен сәлем айтып бәрін тақсыр иеме».

XXV. ТАРИЭЛЬ НЕСТАН-ДАРЕДЖАННЫҢ ЖОҒАЛҒАНЫН ЕСТИДІ

Аударған Ізтай Мәмбетов
Елшілерді қайтардым да кеттім ойдан қабынып,
Нестаннан еш хабар болмай, күйіп-жандым қамығып.
Жасыл мұнар дуалдың кеп үстіне мен тұрып ем,

Қатты шошына қалдым сонда көрген сұмдық түрінен.
Екі жаяу келеді екен, шауып барып жолықтым,
Исмат та жүр қастарында, сиқынан бір сор ұқтым:
Бас сүйегі жараланған, бет-ауызынан қан шұбап,

Күлмейді де үндемейді бұрынғыдай қарсылап.
Көріп мұны қатты састым, айрылғандай ақылдан,
Айқай салдым: «Не болды?—деп.—Қай қырсық бұл шатылғам?»
Исмат байғұс жылай берді, әрең-әрең тіл қатып:

«Құдай бізге кәрін тікті, көк әлемін шулатып».
Таяу барып дедім тағы: «Айтшы бәрін, жасырмай!»
Ол қайтадан еңіреді жан өксігі басылмай.
Қайғы-қасірет қажытқанда, сөздің аз-ау аусары,

Қыз төсіне қан сорғалап, қызарыпты саусағы.
«Ақиқатын айтайын мен—қалай оны жасырам.
Сол үшін тек құтқар мені бұл қорлықтан, бас ұрам.
Кетейінші мынау мұңлы, қасірет толы өмірден.

Тілегімді берші солай, қайтар бәрі тәңірден.
Күйеуді кім өлтіргені ұзамай-ақ ашылды.
Патша қатты қаһарланып, кәрін тігіп ашынды.
«Қанды қолды тез алып кел» деп жарлығын жаудырды,

Сенің қашып кеткеніңді есітті де санды ұрды.
Жоқтығыңды айтқа сын жұрт екіленіп құр тұрды.
Айқай салды: «Білдім енді оқиғаны сол түнгі.
Қан төккені—қызыма оны ашықтығы қинаған,

Ұшырасып қалғаннан соң, айрылысуға қимаған.
Жүзіқара қарындасым тартады енді күйікті.
Жақсылықтың дәнін сеппей, сайқалдықты сүйіпті.
Ғашықтардың сырын бүгіп, қыз күнәсін жақтады,

Жазаламай қойсам оны, мені құдай атқаны.
Падишаның әдеті еді бостан-бос серт қылмайтын,
Бір ант етсе, оны сірә орындамай тынбайтын.
Кадж-Даварға хабарлапты біреу мұны қағып ап.

Жұлдыздардан білетін қыз келешекті анық-ақ.
Кадж-Даварға айтқан екен бәрін дұшпан адам кеп:
«Өлтірмек боп жұрт алдында уәде етті ағаң», деп.
Күйінді ару: «Құдай куә, емеспін мен кінәлі.

Ағам бірақ байыптамай, жазалайды мені әлі».
Сен кеткесін Нестанның да жансызданған жанары.
Бұрынғыша сонда да оның сұлу еді жамалы.
Ұят тіпті оған айтқан шайпау сөзі Давардық:

«Жалап, мені құрттың, бірақ саған да азап салармын'
Күйеуіңді, сайқал, өзін, өлтіртіп қой түптедің!
Қанын енді неге менің мойныма әкеп жүктедің?
Аға менен қарындасты өшіктірдік неге сен?

Күнаһарлық жігітіңмен бақ табамын деме сен!»
Соны айтты да тарпа бас сап, шашын жұлып сабады,
Өлусіреп көздерімен түйіліп кеп қарады.
Қыз ақырын шыдап бақты, жанға таяқ батса да,

Мен жәрдемге жарамадым, ол ыңырсып жатса да.
Сабап болып шақырды Радж күлдей қара қос құлды,
Жетіп келді олар лезде жан шошитын ұсқынды.
Қайықтары әзір екен жасайтындай ұрлықты,

Қызды соған отырғызып, қарауылдап тұр мықты.
Әмір етті Дабар: «Мұны тұңғиыққа тастаңдар,
Біле алмасын бар екенін қайда бұлаң-бастаулар».

—Құп! Құп!—деді қуанғаннан тісі ақсиып екі азбан.

Тұла бойым тітіркеніп тұрып қалдым мен жазған.
Сарайды асып, кетті жүзіп білдірместен дыбысын.
Айтты Дабар өзіне-өзі: «Өлуім хақ бұл үшін
Өлтіргенге дейін азап шектіреді, одан да!..»

Деп өзіне қанжар салып құлап түсті со маңда.
Таңдандырмай қоймас сірә менің аман қалғаным?
Сұмдық хабар жеткізгесін сый сыбаға таңдадым:
Құдай үшін өлтір мені, жалынамын мұншама!

Көзі жастан құрғамады, өзі күйіп тұрса да.
«Өз ісіңді тындырыпсың, емессің сен кінәлі.
Нестанға мен борыштармын—келер ме өтер күн әлі?
Суды басып, тауларды асып, іздей берем тынбастан!»

Соны айттым да естен танып, жүрегімді мұң басқан.
Тұла бойым тітіркенді, есім кетті мұздап іш,
Деп ойладым: «Құр күрсіну болмайды екен жұбаныш.
Іздеп қызды қыр кезейін, көңіл сонда бүрленер,

Достарымның кім екенін танитын да күн келер».
Жолға лайық әзірленіп, қонғанда атқа бір басым,
Жаныма ерді кіл жаужүрек бір жүз алпыс құрдасым.
Сосын қамал қақпасынан шықтықтағы далаға,

Беттей бердік толқынында қайық тұрған жағаға.
Қайық мініп, қарауылдап жүрдім теңіз жолдарын,
Теңізшілер менен асып кетпесін деп ойладым.
Бірақ үміт ақталмады, ызаландым, қорландым,

Ашу еттім тағдыр маған тым қатыгез болғанын.
Көп замандай көрінсе де арада тек жыл өтті,
Нестанымды бірақ ешкім көрмегені жүдетті.
Бір-біртіндеп тауқыметтен жолдастарым кетті өліп,

Таусыл майын, құдай ісін қабылдайын хақ көріп!
Теңіз үсті тым қажытты, шықтым қайта жиекке,
Жыртқыш аңның жүрегіндей қатал болды жүрек те.
Жалғыз қалдым жер жаһанда, жолдасым жоқ жанымда,

Дүние менен безсе-дағы, безбейді алла, задында.
Исмат пенен әлгі екі құл—маған қымбат қазына,
Сол үшеуі медет болды қалған өмір азына.
Қажып біттім күте-күте Нестан қыздың хабарын,

Ойлап соны жыласам да бір рахат табамын.

XXXІІ. ЖАСЫРЫН АТТАНЫП БАРА ЖАТЫП РОСТЕВАН ПАТШАҒА АВТАНДИЛДІҢ ЖАЗЫП ҚАЛДЫРҒАН ӨСИЕТІ

Аударған Өтебай Тұрманжанов
Ол отырып жазды өсиет, патшаға арнап мұңды сөзін:
Ей падишам шектім сапар, табуға оны міндетті өзім.
Таппай болмас маған оны, өмірімнің отты көзін,

Жібер мені, қайырым ет, алла өзің—қолда өзің!
Мен өлшедім ойға салып, бұл байламды шет көрмессің,
Ақылды адам—анық дана, сүйген досты жек көрмессің.
Платондай ғалым сезін, еске салсам кек, көрмессің.

«Тәнді кірлер, жанды бұзар—өтірік пен көлгір шешім».
Бақытсыздық бас—өтірік, қашан дағы болған солай.
ЬІстық сүйген туған досты, ұмытқаным болар ма орай,
Ойға алғаның болмай қалса, даналықтан пайда қалай?

Ұлылыққа ұмтыламыз, сондықтан да талмай талай.
Білесің бе мадиярлар, қалай жазған шын сүюді?
Қалай оны мадақтаған, қалай сүйген шын сұлуды?
Сүю бізді шарықтатар жалғаны жоқ сазды үні

Қалайша мен сендіре алам, оқымасаң бұрын мұны?!
Жаратушы маған өзі, жау жеңетін күш сый етті,
Көрінбейтін сол бір қуат, жандыға жан ол—ие етті.
Өмір шегін өлшеп, пішкен, тәңіріде сол құдіретті,

Ә, дегенше жүзді жалғыз, жалғызды ол жүз де етті.
Тәңірі өзі қаламаса, болар ма іс онан ағат?
Күн нұрына қарамаса, көбелектей гүл де солар.
Сүйкімді ғой, әрбір көзге, көркем нәрсе қарауға ұнап,

Онсыз қалай тұра аламын, бұл өмірден тауып мұрат?!
Қанша қайғы шексең де сен, кешір, сертің орындалсын;
Ер жүрегі еркін соқпай, бұғаудағы орындар кім?
Жорық жасап жолға шығу—қайғылы отқа болар тыным.

Жол бейнеті майыстырмас, азаттықта болса күнім.
Пайдасыз құр жасты төгіп, қайғыланып күйреп, сыну,
Талап қылмай, тау өрлемей, бейшара боп іштен тыну:
Шыдамдылық ерге мұрат, ауырды алып, қайрат қылу.

Күрес болмай—үлес болмас, батырлықпен ер—шын сұлу.
Тәңірі жазса маңдайыма, болсын көңіл қалағаны,
Ойға алғанды орындасам, тоқтар жүрек қанағаны.
Аман қайтсам қуанышта, сізді көрем есен тағы,

Айтқан сертті орындасам, сол ерліктің, ары, бағы.
Десе теріс халық мұны, ей падишам, өлтір мені!
Игі ерлікке аттанғаным, қайғылы етер қалай сені?
Алдай алман оны шыным, екі сөздік—ердің міні!

Опасыздық—өліммен тең, сөзде тұру—кісі сыны.
Ойға алып сүйген досты, қызмет ету ұнар жанға,
Сертті бұзған, жалған айтқан, ұятсыздық әр адамға!
Уәдемді бұза алмаймын, қара бет боп патша-ханға,

Ер адамға кешіккеннен, бұл дүниеде жаман бар ма?
Майданда оттай ойнамаса, ер адамнан төмен бар ма?
Жалтақтаса жанын аяп, сыр алдырса ол ажалға.
Қорқақ жаннан қорғаланған, өрмекші әйел артық—алда.

Дүниедегі бар жақсылық—шын ерліктей бола алар ма!
Тайғақ кешу, тар жолыңда, өлімде алды бөгей алмас,
Әлде—әлсізді теңгеретін, тастан қайтпас шындық алмас,
Жер қойнына кірер ақыр, өткір жас та, қарт та ақ шаш,

Ерлік өлім мың есе артық, жүргеніңнен қор болып бас.
Соңғы сырды баяндауға, ей падишам, қаймығамын:
Қателесер қай адам да, күтпесе өлім минут сайын.
Күндіз, я түн келеді ол, қатал мінез үміт дәйім.

Енді мені көрмесеңіз, сөндіргені өмір шамын.
Жебір тағдыр жайпап жеген, жесе мені жер бетінен,—
Жаһангер жан жолда өлер, жыламас дос туған елмен,
Кебінге орар, көрсе олар, қатар-құрбы кезі келген.

Аяр мені көзге жас ап, жан жүрегі қайғы сезген.
Байлығым көп баға жетпес, ұшан-теңіз асыл бұйым.
Құлды азат ет, құдайы бер, алтын, гауһар дүние-дүйім
Жетім-жесір алсын бәрін, жоқ-жұқана жыртық киім,

Олар сонда мені есіркеп, айта жүрер алғыс, сыйын.
Қалаулы емес қазынаңа, қалса зейнет асылдарым;
Үй тұрғызып жетімдерге, жол сап шығар ел мұқтажын.
Сараң болма дүниеме, жомарттана жұмса бәрін!

Ешкімім жоқ сенен басқа, кім өшірер жанған шамым?
Мұнан кейін ешбір хабар, мен туралы біле алмассың;
Осы ақиқат жазған хатым, жан сырымның, кілтін ашсын.
Жалған жұмыс жәрдем етпес, адамдықтан аулақ қашсын,—

Кешір мені, оқы, дұға, өлген жаннан не таппақсың!
Шермадиндей «құлым» үшін, ер падишам иемін бас,
Осы тұста қайғысы оның, болды ауыр—зіл қара тас.
Шерін шығар, рақым қыл сен, менше аялап көңілін аш.

Қайғы-зардан қойынына, жас ақпасын қан аралас.
Өсиетім болды тамам, қолымменен жазған менің,
Ей өсірген тәрбиешім, кеттім алып жүрек тілін!
Мұңға батпа менің үшін, қайғыланып патшаларым,

Жауды үрей ғып кетсін даңқың, шын адалдық болсын жарық.
Өсиетін жазып болып, Шермадинге табыс етті.
Патшаға сен алып барып: түсіндіріп айт депті,
Адалдыққа сенен артық, сірә болмас адам текті,

Осы сөзбен сүйіп, сылап, ыстық, нұрлы жасын төкті.

XXXІV. АВТАНДИЛДІҢ ЖАСЫРЫН САПАРҒА ШЫҚҚАНЫН РОСТЕВАН БІЛЕДІ

Аударған Ізтай Мәмбетов
Енді жаңа жыр бастаймын, жетем ерге алайда.
Ростан бүгін еш адамды кіргізбеген сарайға.
Таң алдында тұрды ашулы, түтігіп кеп төкті алау,

Уәзірін шақыртып еді, құты қашып жетті анау.
Көрді патша уәзірдің мына түрін мәңгірген,
Айтты сосын: «Есімде жоқ кешегі бір әңгімең.
Мені қатты ренжіттің, ашулымын әлі мен.

Өзіңе де көресіні көрсеттім-ау сәнімен.
Есіңде ме, білемісің, қаһарландым неге мен?
Ғылым сөзі дәл айтылған: «Ренжу—көп шер» деген.
Енді ұмытпа, мені сірә ашулантқан жөн емес.

Кәне, бәрін қайта сөйле, сұрағыма бер кеңесі»
Ростанның әмірімен уәзір қайта сөйледі.
Тыңдап болып оны патша, қысқа ғана бүй деді:
«Сені ақылды десем егер, боп кетейін жебірей,

Жап аузыңды—тіпті сиқың шақырады тек үрей».
Шықты уәзір падишадан әрең, тауып есікті,
Автандилді айтып әркім, жылағанын есітті.
«Дар базға мен бара алмаспын,жетер айқай кешегі.

Мен өкіндім.Барсын енді қайтпағандар меселі».
Падиша оның сырын біліп, кісі жұмсап шақырды.
Келгенімен ене алмады, босағада шатылды.
Күмәнданып Ростеван, езді жанын уайым.

«Жүз кісіге теңгермейтін кеткені-ау ер лайым».
Автандилді алды ойына, амалсыздан аһ ұрып,
Кісі салды, енді, міне, уәзірді шақырып.
«Келсін мейлі, айтсын мейлі жалған сөзін сыпыртып».

Келді уәзір, зәресі ұшты, патша мысы тұқыртып.
Өне бойы күйіп-жанып, өлердей боп тұрады.
«Күнім рас кетті ме?» деп падиша одан сұрады.
Не болғанын жасырмастан уәзір қайта толғады.

«Шырағымыз сөнді біздің Жаратқан жар болмады».
Бұны есітіп патша тағы ойбай салды еңіреп:
«Жаным балам, асыл нұрың жоқ қой бізге енді!» деп,
Сақал-шашын жұлды жылап, қатты састы сарайы

«Қайда кеттің, қайда сөнді ақ сәулеңнің Арайы?
Ақыл-естен айрылмасаң, қайғырмассың мен құсап.
Мен қайтемін, жаным балам, үйім күйді-ау бұл бір шақ.
Жұртты тыңдап, кеттің жырақ, мені жалғыз қалдырып,

Сені ақиқат көргенім ше, азап шегем зар қылып.
Аңнан қайтқан зіңдегі күлкіңді аңсап, сұңқарым,
Елге көрік болған сұлу сипатыңа іңкәрмін.
Ода айтатын әуендей бір дауысыңды сағындым.

Сенсіз маған қажеті не сарайым мен тағымның!
Сен аштыққа ұрынбайсың, ауыр сапар шексең, де,
Азық болар ақ садақ пен бар ғой өткір оқ сенде.
Азап жүгін арқаласаң, медеткерің—құдайды.

Өлсем егер, басыма кеп, жан балам, кім жылайды».
Падишаға жұрт қосылып, күңіренді төңірек,
Сақалдарын жұлып жатыр кей ақсүйек еңіреп.
Қалың жоқтау, жылаулардан шықты қалың жаңғырық.

«Жарық күн жоқ,—десті халық,—өшті түнге қалдырып:
Ақсақалдар дар базға енді, қарсы ап патша жылады:
«Жақсылықтың,—деді,—нұры бізге түспей тұрады.
Бізден қашып кететіндей жазығымыз бар ма еді?

Әскерге кім бас болады, кім құтқармақ зарлы елді?»
Жылап ұзақ еңіреді, кейін ғана жұбанды
«Кіммен кетті? Жалғыз ба әлде?»—деп берді ол сұрауды.
Падишаға құты қашқан Шермадин кеп ақырын,

Қорықса да берді хатты кеткен жазып батырың.
«Таптым мынау қағаздарды бөлмесінде қалдырған,
Жалшылары шашын жұлып, шықты жылап алдымнан.
Жас-кәрімен хош айтысып, жалғыз өзі кетіпті.

Ал азапта, бұл тірлікті талақ еттім мен тіпті!»
Күңіреніп кетті халық, хат мазмұнын білгесін.
Айтты патша: «ақ сауытты әскер енді кимесін.
Дұға оқысын жетім, жесір, мүсәпірдің бәрі де,

Құдай өзі қуат берсін қас батырға әлі де!»

XXXVІ. АВТАНДИЛДІҢ АҚЫЛЫНАН АЛЖАСА БАСТАҒАН ТАРИЭЛЬДІ ТАБУЫ

Аударған Қадыр Мырзалиев
Еңку-еңку жер шалып ер келе жатса құла түзде,
Әлденені, әлдекімді жетім жүрек жылап іздеп,
Қаңтарулы тұр арғымақ нар қамыстың арасында,

«Жаным мынау Тариэль ғой, Тариэль ғой расында!»
Дейді батыр көңілінде қуаныштың атып таңы,
Қайғы менен қасіреттің Күні лезде батып тағы,
Көкіректе күйіп-жанып, күйіп-жанып сағынышы,

Құйындатып келді жетіп, келді жетіп алып-ұшып.
Ал Тариэль көрсе де оны, көрмегендей міз қақпады,
Өңі сынық, ашқандай ол ажал атты мұз қақпаны.
Самайынан қан сауылдап,дал-дұл бопты омырауы,

Соғылғандай ақырғы рет бұл тірліктің қоңырауы.
Өз қайратын құла түзде байқаған ба батыр сынап,
Бір арыстан, бір жолбарыс қан жоса боп жатыр сұлап.
Ал бірақ та Тариэльдің, ыстық жасы тоқтамайды,

Көкіректі қайғы өртеді, құйғандай кеп отқа майды.
Ажалменен бетпе-бет те ақылы оның ауысқан ба?
Ақылынан ауысқан да, төзімін ол тауысқан ба?!
Қайран батыр қайғы жұтып бір тұйыққа тіреліпті,

Ал Автандил құшақ жайып тірілтпекші тірі өлікті.
Тариэльдің көзін сүртіп, көлдей жасты құрғатты ол,
Атын атап сілкіп көрді, сілкігендей құр қапты ол.
«Автандилді көрмейсің, бе? көрсең, неге қуанбайсың,?!»

Тариэль тек көзін ашты, де гендей-ақ бұл қандай сын.
Автандилді қапа қылды, қапа қылды құса мына,
Шалажансар қас батырды алды елжіреп құшағына.
Тариэль де сосын оны бауырына құшты келіп,

Taп бұлардай ерлер жоқ-ты алысқан тең күшті пәлі!
«Серттен мені тайдырмады,—деді батыр,—қанды майдан,
Ал егерде адам антқа берік болар әлде қайда.
Бөгет болма, елейін мен жасқа малып шала жанды,

Ит пен құсқа жем қылмай тек шығарып кет жаназамды!»
Айтты Автандил: «Құдайым-ай, бүйтіп те ер сандала ма?
Мәжнүн болып махаббатқа өртенген жан сен ғана ма!
Сұлулар мен сайқалдардың дей алмаймын аз құрбаны,

Соның үшін өлсең егер, жын-шайтанның азғырғаны.
Дана болсаң, ұғындырып берші маған даналықты,
Көздің жасын сыға бермей, таста мынау балалықты.
Жартас болып жасымай қал көрсең ауыр қазаны да,

Адамзаттың бар азабы—тек ақылдың азабы да!
Кемеңгерсің оқымаған кемеңгерлік емлесін,
Хайуандардың арасында қалған жандай егілесің.
Неге керек бұл фанида өзіңді өзің тұншықтырып,

Сау денені жарақаттап, ал жараны ушықтырып.
Құсалықтан кім құтылып, Мәжнүн боп кім көрмепті?
Арман қуып, сағым қуып, кім адасып үлгермепті?
Өлер сәтте одан басқа қатерден кім қынжылыпты?

Бұл жалғанда тікенексіз раушанды кім жұлыпты?
Раушан гүлден сұрапты ғой: «Әп-әдемі-ақ қара басың,
Бірақ неге кірпі құсап тікенекке оранасың?»
«Жақын адам қашан да алыс,—дейді раушан құрап түйін,

Оңай түскен сұлулықтың құны-дағы бір-ақ тиын!»
Гүлдің өзі қиындықпен қолға тисе бұл уақытта,
Еңбек етпей, терін төкпей жеткен екен кім бақытқа?
Шайтан жолы құтқара ма, былық болса еткен ісің,?

Оралмайтын не бар осы? Демек босқа өкінесің.
Ақылға кел, атыңа отыр, тірі қалар жанды уайымда,
Көне берме тағдырыңа, жазулы деп маңдайымда.
Көңіліңе ере көрме, өмір сүргін ерегесіп,

Түк шықпаса, бетке түкір, маған-дағы керегі осы!»
«Не айтайын мен,—дейді досы,—оралмайды тілім түкке,
Ештеңені ұқпайды ми айналған соң сілімтікке.
Сезеді ішім: жұрт қайғысы бізге жеңіл бұл қауымда,

Түсінбейсің, неліктен мен кеттім ажал шылауында.
Жалбарынам жаратқаным мейірімге молықсын деп,
Қосылмаған ғашық жандар о дүниеде жолықсын деп.
Ең болмаса өлгеннен соң қуанышқа қарық, болсын,

Ал сен мені жерле осында, жатқан жерім жарық болсын!
Жаһаннамда болса-дағы, кетіп жүрген салы суға
Сорлы жігіт ғашығымен құштар әсте қауышуға.
Көздің, жасын қорек қылып, қорек қылып аш қарынға

Мен онымен қауышармын, құдай қосса, махшарында.
Ақиқатпен алыстық ба?—мәңгі-бақи болар қайғың.
Ажалға мен кетіп барам, орта жолдан оралмаймын.
Өміріңнің өңі қашса, сен де өлуге бекінерсің,

Тірі қалсам, түбінде өзін қуанбассың, өкінерсің.
Құлағыма кірмейді сөз, кеңесіңе таңсық емен,
Құны бірдей ғұмырыңның тамып түскен тамшыменен.
Мені құмар қылған заттың бәрі бірдей мұзға айналған,

Қара жерге кірем енді көз жасымнан сызға айналған.
Кемеңгерлік, даналық не, ақмақ басқа қиын қонса,
Алтыннан да қымбат ақыл айттың, маған, миым болса.
Бірақ күнсіз раушан не?—гүл емес, жай мазақ қана,

Бір құмарлық жеңген мені, мені босқа азаптама!»
Ал Автандил жалықпастан басу айтып құлшынады:
«Өзіңді өзің құрттың делік, сонда, досым, не шығады?
Аусарланбай аш көзіңді, жөнсіз іске қасарыспа!»

Жетпейді бұл дос кеңесі Тариэльге, жас барысқа.
«Амал нешік, деп жүреміз бір ардагер бекер әлді,
Құлағыңның етін жеуді қысқартайын, жетер енді.
Бұл ғана ма, ажал гүлдің басын талай қағып түскен,

Тек бір тілек!»—дей бергенде жасы құрғыр тамып түсті.—
Кетіп едім қалып артта қалың елім, қара орманым,
Әлем кезіп, адам көру болып менің бар арманым.
Ата-ананың сезімін де тәңір сонда байламаған,

Ал сен мені тыңдамайсың, керек қандай айла маған.
Айналайын, тағы түздің жем боп өлмей бір аңына,
Ақырғы рет өтінемін, мінші атыңа, пырағыңа
Сонда мүмкін құса-қайғы кетер шығып көкейіңнен,

Сосын мейлі не істесең де, өз бетіме кетейін мен!»
Осыдан соң «жүрейікші» сегіз рет қайталады,
Атқа қонбай, қалай желік бітеді деп айта алады.
Асау мінсең, жүрек шіркін алып ұшып өрекпиді,

Көңілің де дәл сол сәтте ойнап берер керек күйді.
«Көндім! Әкел!—деді батыр,—мінейін бір атқа қарғып»,
Сол-сол екен көтеріп дос отырғызды арғымаққа.
Бал-бұл жанды содан батыр қалған кеше әлі құрып,

Асау тұлпар қайғы-мұңды кетті, сірә, алып ұрып.
Жол үстінде Автандилдің әңгімесі тыйылмады,
Қырғын қызық хикаядан езулері жиылмады.
Айтылды һәм ғибрат та молайтар ой-дарияны,

Һәм қалжың да бала қылып жіберетін кәрияны.
Мықты болсаң құсалыға қуанышын берші тауып,
Ал Автандил міне соған оқығандай емші-тәуіп.
Қуып түрлі құзырлы ойды туған достық санасында,

Айтты-ау шіркін не қызықтың анасын да, мынасын да.
Сосын бір сәт сұрақ қойды: «Ақтарсайшы құпияңды,
Босқа тастап шықпаған да шығарсың-ау құт ұяңды.
Сұхбаттассаң, жоғалады жанарыңнан сырғып тамшы,

Сүйесін, де, сүйгенің кім, айтшы, рухым сергіп қалсын!»
«Ойдағыны жеткізуге шебер емен, білімді емен,
Бар айтарым—әрі бақыт, әрі қайғы сұлу деген.
Жер мен аспан ол арудың татымайды шерлігіне,

Бірақ оны—жан жарасын—есіме алып керегі не?І»
«Сыр бүгетін түк қалмады, бұл жәйді өзің мойындадың,
Шынын айтсаң, осы еді ғой Менің-дағы ойымдағым.
Жанға батар жаман десе бір кісіңді тәуір деген,

Бірақ мұздай тас сұлудан артық күнді қадірлеген.
Қызба ол тәйір жұрт қызығар, қызықпасаң оқасына,
Алтын-күміс алқасына, алабажақ оқасына.
Ал Исмат ше, бәрін біліп, қылып жүрген және құлдық,

Ол ғой саған керек емес, қайда сонда жеңілдік.
Қарындасым дедің оны, көмегі оның күнде дайын,
Ғашықтықпен екі арада болған жоқ па жеңгетайың?
Жаратқаны—сенсің, саған жан-тәнімен берілген ол,

Ал сен оған бауырсақ боп бұлғайсың ба көріңде қол?»
«Бұл сөзіңнің шындығы бар, ұқпай кеппін, сырласпақпын,
Нестанды ойлап іштей тыну—қасіреті шерлі Исматтың.
Мен өмірден күдер үзгем, суық бойды кернейтін қан,

Өзің келіп, тірі қалдым енді Исматты көрмей тынбан!»
Қателеспе өстіп олар қуанышқа қарық десем,
Сөкпеңіздер қос батырды жаным салып дәріптесем.
Сусағанды жыр шырыны осындайда суармай ма,

Жылы-жылы сөйлей білген жыланды іннен шығармай ма?
Айтты Автандил: «Досым үшін тәнім құрбан, жаным пида,
Өтінем тек: өз қолыңмен қара жерге қаның құйма.
Біліміңнің керегі не, сүңгітпесе тереңіне,

Шық қызығын көре алмасаң бақ-дәулеттің керегі не?!
Ер дегенің егіле ме, бас жарылып, қол сынбаса,
Өлемін деп өле алмайсың, татар дәмің таусылмаса.
Раушан гүл үш-ақ күндік, егер Күні бар болмаса,

Тағдырыңды жеңе алмайсың, Жаратқаның жар болмаса!»
«Сүйікті ұстаз ақылдыға—сүйкімсіз ғой жетесізге,
Бүкіл жерді берер едім өзің айтқан жеке сөзге.
Қайғы-құса құшағынан босатпаса қайту керек?

Мені аясаң, күл-бүлтесіз ойдағыңды айту керек!
Балауызың балқиды отқа, өйткені олар бір туыстар,
Суға түссе, қалар сөніп, өйткені олар би-туыстар.
Бишараға бишараның көрсе әдеті иіп кеткен,

Білсең еді, мына жүрек қайғы отына күйіп кеткен!»

XLІ. АВТАНДИЛДІҢ НЕСТАН-ДАРЕДЖАНДЫ ІЗДЕП ПРИДОН ПАТШАЛЫҒЫНАН АТТАНУЫ

Аударған Өтебай Тұрманжанов
Төрт құлымен ер Автандил, келе жатыр теңіз жиектеп,
Бар арманы бальзам тауып, Тариэльге тартсам еді деп.
Күндіз-түні қайғы-зармен, жас төгеді дария сел ғып,

Оған дүние көңілсіз-ақ: қызығы жоқ тұрар белге.
Өткен-кеткен керуен көп, жолығады бәрін санап.
Жүз күн жолда сұрайтыны—жан сүйгені арнап, қалап.
Шыға келсе шоқы тасқа, көп керуен келеді аңдап.

Суға олар келіп, төніп, ойға батып тұрды таң ғып.
Есепсіз көп керуендер, теңіз жиегін тұрды торлап,
Я тына алмай, я жүре алмай, бастарына қайғы орнап.
Батыр келіп сәлем берді, қошемет үн кетті қоздап.—

Саудагер ма, кімдер сіздер? Олар кетті сезді қозғап.
Көпті көрген керуен басы, кемеңгер жан аса артық.
Автандилге әдейі арнап, мақтау жырын айтты шалқып.
Мақтады оны, мадақтады, тәрбиесін көрген артық,

Деді ол сонда: «күніміз сен, қайғы шерді қуар сарқып.
Атыңнан түс, айтайық біз, бар тарихты бастан тартып!»
Аттан түсті Автандилде, керуен халқы сөйлеп кетті:
«Біз Бағдаттық саудагерміз, Мұқамбетке біз үмбетті,

Су патшасы қаласына келдік сиқыр пері текті.
Артқанымыз қымбат қамқа, асыл бұйым кіл жібекті
Ессіз, түссіз жатқан бір жан кездестірдік осы арада,
Жәрдем еттік, тілге келді, айтты жайын ол бейшара.

Біз сұрадық: «қайдан жүрген, неткен жансың бұл арада?»
Деді ол: «Олар өлтіреді. Өлімші боп қалдым қара!»
Саудагер ек Мысырдағы, көп керуен қаруланған,
Артқанымыз шайы, жібек, қымбат парша алуан-алуан.

Сонау жерде көп қарақшы, керуенді алды, етті талқан.
Бәрі өлді, жым-жылас боп, мен қалайша қалғам аман!
Ей арыстан күніміз сен, кідірудің мәні осылай!
Кейін қайтсақ, сансыз зиян, орны толмас ол бір ұпай;

Кемеге артсақ, жолға тартсақ, өлтіреді, емес күш сай.
Амалсыздан аялдадық, я жүре алмай, я тұра алмай.
Сонда батыр сөзге келді: «Қайғылану бекер босқа,
Құтылмассың қашқанменен, тағдыр жазған болса баста.

Қасық қаның төгілмеске, кепіл болам жау алмасқа.
Кім соғысса сендерменен, ерік берем ақ алмасқа».
Керуендер қуанды да, жүздерінде ойнады нұр,
Десті олар: «Жаудан қорықпас, жолықты ғой бізге батыр.

Жадырайық, жайланайық. Бұл күшіне сенген асыл».
Осылайша жүгін тиеп, кемеменен жүзді батыл.
Сап таза ауа, лебі жібек, сырғып келеді теңізбенен,
Ер Автандил сері сақшы, ешбір қайғы жегізбеген.

Көп қарақшы тап берді алдан, оңай олжа, жем іздеген.
Кемелері қырғын, апат, сойыл ұшын темірлеген.
Көп қарақшы—сұмпайы, пері, тиісті кеп дабыл қағып.
Керуеншілер қорқып, састы, көздерінен жастары ағып.

Сонда тұрып батыр айтты: «Қорықпаңдар болса да алып!
Мен қырамын бірін қоймай, я өлермін. біреуі анық.
Тағдыр жолым бөгемесе, жауды жер ғып күйретемін.
Арам жеген айуандарға, адалдықты үйретемін.

Найза теспес, қылыш кеспес, сүйген жанды, адал тілек.
Менше балар батырға өзін, мұны ұғынған әрбір жүрек.
Қуыс кеуде саудагерлер, шорқақсыздар соғысқа тым,
Оқтан сақтан кемеге кір, есігің жап, қорған, күтін.

Ғашық жаны арыстан ғой, жау зәресін—алар құтын.
Арамдықта батырлық жоқ, бықсық, сасық ол бір түтін.
Тамашалап қараңыздар, соғысқанын жалғыз ердің!
Жолбарыстай жойқын салам, арыстандай алып шермін,

Көрерсіңдер сөл боялып, жау қанының төгілгенін.
Айдарымда ғашық оты, жанарымда өлмес сенім.
Жолбарыстай ойнақ салды, бейне алмастай тырнақ салды.
Темір шоқпар бір қолында, кез келгені естен танды.

Батыр жүрек судай тасып, екі көзі нарттай жанды.
Семсерін бір сілтегенде, жау жапырылып қирап қалды!
Қарақшылар қарға болып, баса берді батыр сұсты.
Бөренемен қойып кетеді, кез келгенін темір ұшты.

Кемесінің сауырында, тұрды батыр тасқын күшті.
Кеудесі іскен қарақшылар, кеме құрап суға түсті.
Бұзылмаған бір кемеде, оқшау шығып өзі қалды.
Тығылуға жер таба алмай, жау қинап жүр шыбын жанды.

Құтыла алмай арыстаннан, қырылумен естен танды.
Ай бейне алмас ақ семсермен қарғаларды қырып салды.
Жауды өлтірді қойдай қырып, асқан батыр, алғыр, ерен.
Кейін бүктеп кемеге ұрды, кейін атып суға терең.

Тас қабаттай соғыстырып, қоштастырды өмірменен.
Тығылды өлік арасына, кейі қашып зар илеген.
Жүрек нені тілеп еді, жеңді, болды ұнағаны.
Дінге кіріп, жалбарынып, кейі тірлік сұранады:

Сұранғанын өлтірмеді, достай көріп қабылдады—
Мадиярдың сөзі анық: «Қорқу—сүю туғызады».
Паңданба, адам, қуатыңа, мақтанба тым өсер мастай.
Пайда бермес басқа қуат, талабыңды тәңір ашпай.

Бәйтеректі өртер ұшқын, тағдыр жазса жаза баспай,
Шынарды да қылыш кесер, қаттылығы қара тастай.
Кеп қазына керді Автандил, мынау неткен ойсаң олжа.
Керуендерге қолын бұлғап, шақырды ол кел деп мұнда,

Керуен басы масайрады, ол сайрады сөзге жорға,
Ер жұмысын мадақ етіп, таңғажайып басты жырға.
Мақтау үшін Автандилді, мұқтаж болды шын тұлпар тіл.
Жеткізе алмас сынын айтып, бұл шайқастық ағылған жыр

Керуеншілер дауыстады: «Ей тәңірі төгілсін нұр»
Күн сәулесін төкті бізге, қараңғы түн таң болып тұр.
Автандилді ортаға алып, аялады, аймалады.
Бастан, беттен, қол-аяқтан, сүйді сылап, шын ағаны.

Айбар, сұсты айдын күндей, жаңылдырды шын дананы—
Құтқардың сен қайғы-шерден, қайрат жұмсап тым бағалы.»
Батыр айтты: «Алғыстарың болсын ұлы тәңіріге,
Сол тәңірінің қалауымен, барлық жұмыс болар жерде.

Құдіретті күш иесі ол қуат берген адал ерге,
Бұған барша сену керек, сенеді бұған кемеңгер де.
Жандарыңды сақтау үшін, жаратқаннан болған жарлық.
Мен кім, мен де бақытсыз жан, тажал қайда күш шығарлық?

Жайпап бердім жауларыңды, тағдыр ісі осы барлық.
Ұсынам мен көп қазына, ал алыңдар қылман тарлық».
Батыр ісін жарасымды, жыр ғып айтсақ оның көркін.
Көңіл шат боп тасып, шалқыр, жан сусындап тыңдар еркін.

Құрмет сөздер келісімді, ибалықпен айтылды көп.
Қылыш жара—ерге сәулет, әдемілік зияны жоқ.
Көрді бұлар көзбенен жеп, қарақшылар жиған малын.
Ұшан-теңіз жатқан байлық, білу қайда оның санып!

Тасып алды кемесіне бұл байлықтың түгел бәрін.
Жау кеменің отқа жақты қаңқаларын, жаңқаларын
Керуен басы Автандилге, саудагерлер сыйын айтты.
«Саған ерік бұл сыйлықты, біреу емес, жиын айтты.

Белімізді бекіткен сен, білсек керек біз де ұятты,
Барлық олжа саған сыйлық, бұл шешімді көп ұнатты».
«Айтып бар сен керуеншіге, жасын төккен кеше ғана.
Сол жас үшін есіркеген, қорған болып құдай тағала

Қуанамын мен несіне, болған сізге тәңірі пaнa!
Маған сыйлық неге керек сыйлық—өзім, атым ғана.
Қазына ғып жинау үшін—керек етсем, күміс, алтын.
Өзімде бар сансыз байлық, байлық түбі бірақ салқын.

Маған байлық керек емес, сақтадым мен жолдас салтын.
Ойымда бар басқа арманым, өрен ерлік тілер бәлкім.
Менің тапқан бұл олжамды, бәрін, тегіс үлесіп ал.
Керегінше алсын әркім, жетеді мол дүние мал.

Көп назарын аударатын, менің жалғыз тілегім бар,
Жасыр мені араңызға, жалғыз тілек қабыл аңдар.
Мәулетті күні кез келгенде, айтпаңыздар ешбір жанға.
«Батыр» демей, «басшы» деңдер, әдейі арнап сұрағанға.

Сауда еткен саудагер боп, көрінейін қарағанға,
Шипа болсын бұл қамқорлық, зілді ауыр жара жанға.
Керуеншіні қуандырды, мына лебіз—батыр сөзі.
Батырға кеп басын иіп, сертін берді әркім өзі:—

«Сен бізге үміт, бізге қуат, кез келтірген тәңірі өзі,
Қызметіңе тақ тұрамыз, күніміз сен—жарқын жүзі».
Көп кідірмей өз жолымен, керуеншілер кетті жүріп.
Шипалы ауа, сүйкімді күн, көл бетінде жатты күліп.

Таңырқасып, һәм мақтасып, ерге арнап өлең, айтып,
Неше түрлі нақыштаған, інжу-маржан тарту тартып.

XLІІ. АВТАНДИЛДІҢ ГҮЛАНШАРАҒА КЕЛУІ

Аударған Қадыр Мырзалиев
Теңіз кешіп жетті Автандил екі беті қан шаптырған,
Көз алдында көркем қала айнала бақ қоршап тұрған.
Қызыл гүлдер сияқты бір шыға келген от қыз алдан,

Бұл елдің мен сұлулығын, сірә, жазып жеткізе алман.
Жат шаһардың, келе сала сырын ұғу қиынырақ,
Қайыққа кеп отырды ол, саудагер ше киініп ап.
Бұйрық берді дамбалдарға бұйымдарды жүрген тасып,

Өзі отырды сауда жасап, сөйтер болар керуен басы.
Автандилді көріп еді, осылай ғой сезім «жынды»,
Ғашық жандай кәрі бағбан аузын ашып, көзін жұмды.
Айтты Автандил: «Халқыңыздың кеткен екен байып бәрі,

Патшаңыз кім, кім яки бұл дәулеттің айыпкері?!»
Міне осылай қойды сұрақ бағбанға әлгі ұйып тұрған:
«Қандай нәрсе арзан мұнда, қандай нәрсе күйіп тұрған?»
Айтты бағбан: «Толған айдай ажарың нұр құйған маған,

Уа, жігітім, сенің үшін бәрін айтам, илан маған.
Біз тұрған жер теңіз елі, болып кеткен бастан аңыз,
Гүланшара жұртымыздың мақтанышы, астанамыз.
Кім-кімнің де сауда істеуге қақысы бар бақ-елімде,

Мәлік Сура отырған тақ мол байлықтың дәлеліндей.
Бізге келсе мәужіреген қарттарың да құлпырады.
Сауық кештеу жұртымыз бар, біздің мекен—күн тұрағы,
Жыл он екі ай гүл бөлеген қаламыздың мол жасауы,

Бізді көрген жат жерліктер ақылынан алжасады.
Пайда табу әрқашанда—сәудегердің, бар мақсаты.
Саудада ол кейде ұтылып, кейде ұтады зар қақсатып.
Бір жыл толмай байып шығар мұнда келген қара шекпен.

Біздің елде болады әкім басқа жерде жапа шеккен.
Бағбанымын бас саудагер Үсен деген кісінің мен.
Берсем айтып артық болмас жай-жапсарын ісінің мен.
Шетелдерден келгендердің бұйым беріп-алысуға

Бар мүлкімен жөндеп тұрып тиіс өзі танысуға.
Құдай болсын маған десе, саудаменен келсе тегі,
Қазынасын алдыменен соған ғана көрсетеді.
Ең асылық сол Үсеннің қалтасына кіреді анық,

Содан кейін сен де алтынды жаттым дей бер күреп алып.
Сіздей қымбат қонақтарға жаны құмар астана бұл,
Өзіңізге лайықты береді Үсен баспана бір.
Бірақ қазір қалада жоқ, кетіп еді жолаушылап,

Келе-сала шақыруға тиіс сізді солай шырақ!
Қожайынды жоқтатпайтын бар бірақ та бәйбішесі,
Қонағуар, сауықшыл жан, оны көрген қайғы ішеді.
Мен білген соң Сіз жәйлі сөз бәйбішеге жетеді анық.

Сөйтіп Сізді Ай тумай-ақ келіп біреу кетеді алып».
«Жүгір,—деді Автандил де,—ойымда бар жолығыспақ»,—
Құйындатып кетті бағбан екі өкпесін қолына ұстап.
Айтты ол келіп Фатимаға асып-сасып, қағып таңдай,

«Бір азамат көріп келдім алма беті атқан таңдай.
Саудагер жай, білуімше, өзі және керуен басы.
Талшыбықтай бұралып тұр, қаққан қанат—керген қасы.
Қара алтын, қара гауһар—жанарының жалт еткені,

Базар жайын сұрап еді, айтып бердім қайт етпедім».
Фатима оны құл жіберіп шақыруға тайынбады,
Дүниесін қоятын сенімді орын дайындады.
Автандил де бас тартпады, келді әйелге таныспаған,

Бәрібір ғой батыр үшін қыран шеңгел, барыс табан.
Халық деген ағыл-тегіл, иреңдейді айдаһарша,
«Өзін жөндеп көрсек еді»—деген дауыс қайда барсаң.
Автандилді көргендердің жүректері дүрсілдеді.

Әйел біткен одан кейін еркектерін менсінбеді.
Жолығуға асыққаннан таусылғандай шыдамы шын,
Фатима өзі шықты алдынан, жасыра алмай қуанышын.
Жат жерліктің келбетіне риза боп халық қатты,

Ал Фатима бір көргенде-ақ ақылынан танып қапты.
Жасам ыстау демесеңіз әлі күнге көңілі ояу,
Сезім толы жұмыр дене махаббатқа қомағайлау.
Әнші-күйші әдемі әйел бір басуға ерініп тұр,

Киімінен, қылығынан саудагерлік көрініп тұр.
Сол Фатима түніменен берді жұртқа қонақасы.
Автандилдің тартуын ел мақтады кеп ұнат қасын.
Шоқ боп түсіп жүрегіне, әйел жанын өртеді де

Дем алуға кетті сосын батыр біздің ертегідей.
Дем алған соң келесі күн ертеңменен тұрып тағы,
Фатиманың көз алдында бұйымдарын сұрыптады.
Сосын айтты жігіттерге: «Бар үмітті ақтаңыздар,

Мен туралы түк демеңдер, құпияны сақтаңыздар!»
Автандилім жүрді сөйтіп саудагердің киімімен,
Бір-біріне жүгірісіп махаббаттың күйігінен.
Халге жетті Фатимаңыз Автандилсіз қалар солып,

Роминсіз бір өмір сүріп жүре алмаған Вист ей екі болып.

Ромин мен Вист—«Вист пен Ромин» деген романның негізгі кейіпкерлері.

XLІІІ. ФАТИМАНЫҢ АВТАНДИЛГЕ ҒАШЫҚ БОЛУЫ

Аударған Қадыр Мырзалиев
Аулақ болсын әйелдерден, әйел заты ұзын құрық.
Әйел егер дуаласа, қалар мәңгі мысы құрып.
Біліп қой сен бұл халықты—опасызды, кесіріңді,

Өлдім дей бер—бір мекерге сенген болсаң бір сырыңды.
Автандилді аңсап көңіл, ойлай берді ақылдағы,
Фатимаңыз махаббаттан күйіп-жанды, лапылдады.
Сыр бүгуге болмай қалды, кетті сезім алып ұрып,

«Дауа қайда, шипа қайда!—жалбарынды әлі құрып.
Айтар едім—кім біліпті, мәңгі үркітіп аламын ба?
Айтпас едім—шыдам бітті, күл боламын жанамын да.
Не де болса айтқан дұрыс—жазылсам, не демде өлем де,

Дәрігерден ауруымды жасырғаннан емделе бе?!»

L. НЕСТАН-ДАРЕДЖАННЫҢ ҒАШЫҒЫНА ЖАЗҒАН ХАТЫ

Аударған Тайыр Жароков
Ғашығына хат жазды қыз бірде жылап күйіп-жанып,
Көз жасымен сөндірген ол жанған отын жалындатып.
Жазған хаты тыңдаушының, жүрек қылын кетер шалып,

Гүлді сұлу тербеткендей, кристалдан шырақ жағып.
«Сәулем, жазған осы хатым—саусағымның сыйы менің,
Жаным сазын қалам жазды, жас денемнен өріп өнім,
Ақ қағазға бірге оралды жүрегіміз менің, сенің,

Шерлі жүрек шешілмесін, қосылысып түйген түйін.
Сәулем, талай-талай істер дүниеде жаралды да,
Жиһан қанша жарық болсын, сенсіз маған қараңғы да.
Жиһан сырын дана ұғады, жиһан ұғады дананы да,

Сенсіз менің жиһандағы өмірім ауыр—қаяулы да.
Жан сүйгенге сеніменен құрсын өмір мені айырған;
Жүзіңді енді көру қайда, қуанышты құмарланған;
Жүрегімді қайтып жазам? Садағыңмен жараланған,

Сыр жұмбағын саған аштым, ойымдағым қиялданған.
Ант ішейін, тірі екен ден сені тіпті ойламап ем,
Өз өмірім, жас жігерім өшті екен деп ойлаған ем,
Тәңірге шүкір еттім, сені есітпей сорлаған ем,

Ескі шерді қуанышпен тоғыттырдым тоймаған ем.
Сенің өмірің менің үшін, үміт нұры саналанған,
Сенің үшін күйіп-жанып еді жүрек жараланған.
Ойға ал мені, ойла мені, сен үшін ем жоғалған жан,

Ғашықтықтың ыстық шоғы жалынды отын жая жанған.
Тарих ымды тауыса алман, хатпен жазып, сәулем, саған,
Нана қоймас тыңдаған жан, айта да алмас тіл шаршаған:
Фатимаға рахмет құтқарды ол қалдундардан,

Енді, міне, тағдыр тағы туғызғандай ой жаңадан.
Қазір, міне, құса болып өрши түсті күйінішім,
Сондықтан да ұнамады, күйінішті тағдырға ісім,
Тағдыр қолдан қолға допша ойнатты оған жетпес күшім,

Талай бәлеге ұшыратып бақты бізге жұмсап күшін.
Мен қапаста көз жетпестей тас қорғанды мұнарадан,
Жол қатсақ жер астынан сақшысы бар бағып тұрған,
Күндіз-түні кезек-кезек батырлары бақылаған,

Қарсыласқан жанды өлтіріп, жолағанды өртше ораған.
Ойлама оңай, тәртіптері басқа соғыс секілді емес,
Шер үстіне шерді өршітіп, шерге елтіп мені өлтірмес!
Сені тірі деп білмеймін, мені өртейді, мені өртемес!

Айрылысамыз, тастан берік жүрек беркіт бірміз демес!
Тал бойымды таңдатам деп, бөгде жанға ойлама анық,
Оның үшін, сүйген жарым, жүрме қатты қапаланып,
Сенсіз менің өз өмірім, өмір емес мен бір ғаріп,

Сен болмасаң, жардан ұшып яки өлем бауыздалып.
Күнменен ант етемін, өз тағдырым, айың сенің,
Күнменен ант етемін, үш күн тусын сәулесі оның
Сенен аспас, ойда тұрсам шыққан биік жақын нұрың.

Жаным үшін жалбарыншы, ұшын тигіз қанатыңның.
Менің үшін тәңіріге жалбарыншы жадырайын,
От пен судан, жер ауадан құстай ұшып ағылайын,
Тілегіме ұшып жетіп, бар қайғыдан арылайын,

Күндіз-түні күндей күліп күн нұрына малынайын.
Сен бір күннің, бөлшегісің, сенсіз күнім күн болмайды
Әрине сен күннен қолды үзбейтұғын жан айбарлы.
Күн жүзіңді күнге теңеп, күңгірт көңілім жадырайды,

Өмірім менің ащы еді, енді тәтті өлім-қайғы.
Өлім маған ауыр емес, жаным сендік болғандықтан,
Махаббатым жүрегімде мәңгі ұялап қалғандықтан.
Айрылған шақ еске түссе, жара үстіне жара шыққан,

Уа, сүйіктім! Мені ойлап жыла машы қапалықтан.
Үндістанға жөнел, аттан, сорлы әкеме көрсет көмек,
Жау қоршаған айналасын, ешкімі жоқ тұрған демеп,
Мені ойлап қамығуда қам көңілін жұбат жебеп,

Мені есіңе ал, сенің үшін зар жылаған қайғы кернеп.
Көп мұң шақтым тағдырыма жетерліктей енді болар,
Шын әділдік бір жүректен, бір жүрекке көшіп қонар,
Бір сен үшін, өлермін мен, төбемде ойнап қарға шулар,

Өле-өлгенше сені ойлап екі көзім жасқа толар.
Қара, таны! Өзің берген бет пердені еттім белгі,
Уа, сүйіктім! Бұл перденің бір шетінен жырттым енді,
Сонау күткен, зор үміттен қалған жора осы еді,

Бізге қарап, қаһарланып жеті қат көк дөңгеледі».
Бітірді ол, ғашығына әдейі арнап жазған хатын,
Бет пердені алдыдағы, бір шетінен жыртты ақырын,
Басы ашық, тарқатып еді бір топ қою ұзын шашын

Қош иіс аңқы, жүре берді серпіп берген түс қанатын.
Құл аттанды Гүланшараға, аз күн жүрді сапар шегіп
Бір минутте Ватманға шапшаңдатып келді жетіп,
Автандилдің тілектерін орындап ап, көңілденіп,

Қолын жайды жоғарыға жасағанға шүкір етіп.

LІІІ. ТАРИЭЛЬ МЕН АВТАНДИЛДІҢ ПРИДОНҒА КЕЛУІ

Аударған Қадыр Мырзалиев
Көз тояды қарап тұрсаң; қос батырға, екеуіне,
Келе жатқан Исматты алып Нұрадиннің мекеніне.
Астарында арғымақтар саф алтынға сатып алған,

Автандилге сүрлеу таныс, жол дәмін ол татып алған.
Басқа жұрттың төрт түлігі келе алмайтын қатарына
Жолай олар кездеседі Нұрадиннің отарына.
Дейді үнділік: «Ойын үшін осы малды тонай кетсек,

Жәйсіз хабар тез жетеді патшасына, солай етсек!
Тарайды өсек, егер біздер қуып салсаң малын ептеп,
Нұрадинің берер бұйрық қарақшының қанын төк деп.
Сосын олар жеткен кезде жолықпақ боп бұзыққа бір,

Жау орнына бізді көріп, батып қалсын қызыққа бір!»
Өстіп олар қойып кетті соққандай-ақ дауыл қатты,
Жылқышылар алау ұстап, төңірекке дабыл қақты.
«Тоқтаңыздар! Қор болмаңдар! Бұл сұмдыққа ханың көнбес.

Ол басыңды алған кезде, «Алла!» деуге әлін келмес!»
Бірақ олар садақ атып, айналасын бұқтырғанда
Болды бір кез малшылардың төбе шашы тік тұрғандай.
Жетті сосын Фридонға осы жайлы жайсыз хабар,

«Қарақшылар шауып кетті, тез келмесе малсыз қалар!»
Сол-сол екен, Придоның әскерді де барша халды,
Сақадай сай әскерімен бұзықтарды қоршап алды.
Ал дұшпандар—көп қол емес—бар болғаны қос ақиық,

Алдарынан шыға келді дулығасын баса киіп.
«Мұнша күшпен құртпақ болып іздегенің біз боламыз,
Деп Тариэль күліп қойды,—енді қалай қозғаламыз?!
Арып-ашып келгендердің жомарт көңіл іздері шын,

Соғысудан қонақ күту қиын ба әлде сендер үшін?!»
Асып-сасып сәлем берді Фридон патша түсіп аттан,
Қалды айқасып дос құшақтар, сом білектер күші батпан.
Ойда жоқта жолыққанға жолдастардың шат көбісі,

Жаратқанға алғыс айтып алма-кезек жатты өбісіп.
Деді Фридон: «Есептеңдер кемшілік деп мұны біздің,
Жатсаңыздар—жастың болам, жұмсасаңыз—құлың ызбын!»
Айжұлдыздың одағындай болды олардың қауышуы,

Хан сарайға бет түзеді басылмастан у-шуы.
Таң қалдырды жұртты сарай—бір дүние қазыналық,
Фридон патша отырды онда Автандилді қасына алып.
Барқыт таққа отырды кеп сыйлы қонақ Тариэль де,

Фридонға тарту тартып баға-құны жария елге.
«Дана патша, тартуларың жұпынылау, сірә!»—демес,—
Бірақ, байлық тығулы үңгір өздеріңнен жырақ емес!»
Фридон сонда достарына иді басын мұң, батпаған,

«Сіздер берген сыйлық өзі жомарт қолдай қымбат маған!»
Өстіп достар мәз боп қалды дос атанып, ер атанып,
Елдегідей әдетінше ертеңменен дәрет алып.
Дос құшағы—құшақтаған, дос еріні—жатқан сүйіп,

Жарқ-жұрқ еткен лағыл-маржан—Нұрадиннің тартқан сыйы.
Айтты патша: «Қауышқан дос аймаласып, сүйіседі,
Сіз бен біздің жолығу да той болуға тиіс еді.
Бірақ қару-жарақ алып жауға аттану тән ісіміз,

Раджалар кеп қалса егерде алмағайып табысымыз.
Жүрек жұтқан үш жүз жігіт, үш жүз батыр тұрғылықты
Жетіп жатыр қапылыста салу үшін қиғылықты.
Раджалардың төгу үшін қызыл қанын лақылдатып

Қайраңыздар қанжар жүзін ұстарадай лыпылда тып.
Қалжат деген тау қоршаған берік қамал, сұсты қорған,
Тура шапсақ, дей беріңдер өзіміз-ақ түстік орға.
Жолбарысша жылжымасақ жымымызды білдірместен,

Қалың қолмен кіру қиын қатарыңды бүлдірместен!»
Қаһармандар осыдан соң келді түгел бір түйінге,
Исмат қана ажырасып Фридонның қалды үйінде.
Қиындыққа көніп шыдар ақырында жеңіп шығар.

Жүрегінің жүні барлар қан майданға жерік шығар.
Ер үстінде ғұмыр кешу ерлер үшін ежелгі үлес.
Теңіз өтіп келе жатты үш қаһарман үзеңгілес.
«Көріп қалса, үш жүз батыр сүйектері қурап өлер,

Сондықтан да күндіз емес, түн жүруге тура келер».
Түн болған соң аттанды ерлер, жатқан еді бір күн күтіп,
Зәулім қамал тұрған алда үйренген сан қырғын күтіп.
Жақындаған сайын тіпті одан бетер өсе түсті.

Күзетшілер үн қатысып, сақ, тұрғанын паш етісті.
Ал қамалда он мың әскер арғымаққа тақым басқан,
Соны білген арыстандар ай астында ақылдасқан.
«Ойланайық болу үшін жорығымыз біздің, құтты,

Қыбын тапсақ, қан майданда мыңыңнан да жүзің мықты!»

LІV. КАДЖЕТИ ҚАМАЛЫН АЛМАҚ БОП ПРИДОН, АВТАНДИЛ, ТАРИЭЛЬ ҮШЕУІНІҢ КЕҢЕСКЕНІ

Аударған Жақан Сыздықов
Фридон айтты: «Бұл қаланы алуға көп қол керек.
Бізде күш жоқ шабуылға, құр мақтанып не керек.
Біздер азбыз, қалаға біз кіре алмаймыз кеңірек—

Қақпаларын ашпаса егер, өздері арнап бізге деп.
Бала шақтан акробаттық өнер таныс жай маған,
Мені үйреткен ұстаздарым, керген арқан байлағам.
Көз ілеспей жаттыққанмын, секіргенмін, ойнағам,

Мені көрген жастардағы, мен болам деп ойлаған.
Ұзын арқан бір ұшын біз лақтырайық мұнарға,
Қиын емес, өрмелейміз арқанменен мұнараңа.
Маған оңай жазық жермен бірдей осы мұнарада—

Бірақ ішке кіргеннен соң жаным аман тұра ала ма?
Қару-жарақ асынамын. қалқан ұстап ішке кіріп;
Қойға шапқан бөрідей боп, жауды шауып, қаһар тігіп,
Жауларымды өлтіремін, қақпаны ашам дереу шығып

У-шу дауыс естілгенде, тез келіңдер сендер кіріп».
Сонда Автандил айтты: «Фридон! Саған достар тақпайды мін
Елемейтін жарақатты, сен қайратты жолбарыссың.
Айтқан ақылың жаудың сағын сындырарлық болса да үн,-

Естимісің жаудың даусы, жау сақшысы жақындау тым.
Қару-жарақ салдырласа, төмен қарай түсерде.
Есітіп қалар сақшылар да, арқаныңды кесерде;
Істегенің, босқа кетіп, басыңа күн түсерде,

Басқа ақыл табайық біз, күн өткізбей бекерге.
Бәрінен де жақсысы сол—тығылайық далаға;
Жолаушыға тимейді олар, келе жатқан қалаға.
Көпес болып, киім киіп, кірісейік айлаға.

Бір қашырға сауыт, қалқан, қылыш артып және де.
Жасырынып көпес болып қару-жарақ тағайын,
Ішке кіріп, айла асырып, жауға ойран салайын.
Үшеуміз де бірге кірсек сезіп қалар сарайын:

Сел қылайын жаудың қанын, солай ақыл табайын.
Іште тұрған сақшыларды, жермен-жексен қылайын
Қақпаны мен ашайын да сындырайын, бұзайын.
Сол уақытта жетерсіңдер, қаһарманша шабайын,

Бұдан басқа ақыл бар ма, айтыңдаршы тыңдайын!»
Тариэль айтты: «Қаһармансың, асқан батыр білемін,
Батырлықты сөздеріңнен, ісіңнен көремін.
Өткір семсер сілтегенде, сыбанғанда білегім,

Сырттан көрген адамдар да тоқтата алмас жүрегін.
Қан майданда жауға қарсы, сендер ойран салғанда,
Араласпай мен майданға қаламын ба арманда.
Ғашық жарым мұны естісе менің күнім қараң да,

Көрінемін қалай оған, масқара ғой жалғанда.
Таң сарғая әрқайсымыз, жүз адаммен аттанып,
Үшеуміз де үш тараптан кірісейік, сапталып,
Біз оларға аз сияқты көрінеміз, шақталып

Семсерлерді сілтейміз біз, жау жасқанар тапталып.
Жауды қоршап алайық та, сырттан қырғын салайық,
Қақпаға олар үлгіре алмас, біріміз ішке барайық.
Ішке кіріп алғанымыз жау қанын сел қылайық,

Ал, келіңдер! Қолға семсер, қару-жарақ алайық!
Фридон айтты: «Мен ұғындым, бәріне де түсіндім.
Тоқтатуға қақпа алдында әлі жетпес ешкімнің,
Менің мінген атымды да, көрсін жауым, түсімнің

Каджетиге тасқынданар қызып қайнар күшімнің».
Осылайша Фридон да көңілді еді, шаттанды.
Күлдіргі сөз, әзіл-оспақ ойынменен баптанды.
Бірін бірі іліп-қағып әзілімен жатқан-ды,

Сайлап алып таңдап алған ойнақы атқа аттанды.
Бұлар солай әзілменен бір-біріне тиісті,
Тариэльдің айтқан сөзін құптап бәрі келісті.
Әрқайсысы белін буып жүз адамнан бөлісті,

Қаһармандар атқа мініп дулығасын киісті.

LVІІ. КАДЖЕТИ ҚАМАЛЫНЫҢ АЛЫНУЫ ЖӘНЕ НЕСТАН-ДАРЕДЖАННЫҢ ҚҰТҚАРЫЛУЫ

Аударған Жақан Сыздықов
Батырларды көремін мен, күннен жарық сәуле шашқан.
Оңнан айы, солдан жұлдыз тауып, олар бағы тасқан;
Тариэльдің мінгені де қара арғымақ, қарсыласқан—

Дұшпандарын қырып-жойып, ұлан-асыр соғыс ашқан.
Күшті тасқын сел боп ағып, сай-саланы алғанда,
Сайды өрлеп, толқып, тасып, сарыны жер жарғанда;
Қосылғанша тасқын, теңіз, сірә, тыным алған ба?

Батырлардың, ісі осылай болды мысал алғанда.
Теңдесі жоқ батыр еді Фридон мен Автандил,
Әйтсе-дағы Тариэльге тең келмейді ешбір ер.
Күн сәулесі, тек қана бар план еттер және Үркер,

Ал, жарандар, тыңдаңыздар! Соғыс күшін енді көр.
Үш қаһарман, үш қақпаны бөлісті де өзара,
Үш жүз әскер қастарында таңдамалы бар жаңа.
Тап сол күні жауға қарсы, әзірлікпен қамдана,

Қалқан ұстап жолға шықты, атқанда таң сарғая.
Ә дегенде жолаушыдай жайлап қана жүрді олар,
Іштегілер сезбеді де, келе жатқан кім бұлар?
Елемеді, байқамады қауіп-қатер не болар?

Жақындады жылдам ғана дулығасын киді олар.
Қамшылады аттарын да, алға қарай қойды лап!
Бір мезгілде көрді олар, ашылыпты қақпа жақ,
Қақпа ашылды, қала іші үрейленді у-шулар,

Даңғыраулар қағылды да, керней күйі шырқап.
Тәңірінің қаһарына Кадет ұшырап,
Төмен қарап ызаланған Кросстан тайды бақ.
Жау басына ақырзаман күні туды дәл орнап,

Жердің, бетін өлік басып сыймай кетті қырғындап.
Тариэльдің қаһарлы үні жауды есінен тандыра,
Быт-шыт қылды, шынжырды үзді, ол қамалды алды да,
Зор қақпаның үш жағынан шабуылды салды да,

Ойран қылды қамалды олар, ішке кіріп алды да.
Автандил мен кездесті іште Фридондай арыстан,
Қанын сел ғып жеңді жауды қарсы тұрып алысқан.
Бірін бірі көрді-дағы қуанысып табысқан,

«Қайда Тариэль»,—десіп олар жан-жаққа көз салысқан.
Тариэльдің қайда екенін біле алмады енді олар,
Жауға назар салмастан-ақ қақпаға бет бұрды олар,
Сынған семсер, быт-шыт болған қаруларды көрді олар,

Он мың сақшы өлгенін де, сол арада білді олар.
Барлық сақшы сұлап жатыр, баудай түсіп жайрады
Қарулары күл-талқан боп сауыттары-сайманы
Қамалдың да есігі ашық енді олар ойлады:

«Міне, сабаз Тариэльдің қиратқаны, ойраны».
Жүрді олар ұзын жолмен қазылған жер астынан,
«Күнге қарсы шабамын деп айдан жүдә қас жылан».
Тариэль түр дулығасыз, нұр төгілген шашынан,

Бауырына қысып, сүйіп бір-біріне асылған.
Көздерінен жасын төгіп: сүйіседі құшақтап,
«Мұштар менен дуалдай боп бірге шыққан аңға»,—нақ
Гүлге түссе күннің нұры жайқалады гүл жайнап,

Екі ғашық қайғы тартқан қуанғандай тұр жайнап.
Баса алмады оймақ ауыз жүрек лебін сүйісіп,
Олардағы лезде болмай келіп қалды түйісіп.
Автандил мен Фридон да құттықтап бас иісіп,

Шалқыған күн шұғыласынан нұр сәулесі тиісіп.
Күн күлімдеп сәуле төгіп қақты жайнаң шұғыла;
Күн қарсы алып, бөленді олар күннің жарық нұрына.
Серіктерін қуантады алғыс сөздің сырына

Автандил мен Тариэль де әңгімеге жұмыла.
Тариэль де құттықтады, батырды олар мақтады,
Жауды жеңіп, жексен еткен батырлардың мақтаны.
Арыстандай айбатпенен жауға қарсы шапқаны,

Жау жеңілді, айбатынан шықты олардың талқаны.
Жүз елудей әскер қалды үш жүздейін адамнан;
Назаланды Фридон да ашу бойға таралған,
Қалған жауды тағы қырды тірі қоймай қаһарман,

Есебі жоқ қазынаның, олжаның да таланған.
Түйе, қашыр жинады олар тиеуге асыл заттарды;
Асыл заттар, гауһар, жауһар мықты берік сақталды.
Олжа, қазына, үш мың ділда барлық асыл тапқанды

Тиеді олар: қымбат бұйым нелер олжа, заттарды.
Алпыс адам қойды күзет Каджетидің қамалына,
Күндей шалқып сұлу жүрді сүйсіндіріп ажарына,
Бет түзеді дала жаққа салған теңіз жағасына,

«Көріселік Ватманменен, тиістіміз сый тартуға!»

LX. ҮШ БАТЫРДЫҢ ҮҢГІРГЕ КЕЛУІ ЖӘНЕ ОДАН АРАВИЯҒА АТТАНУЫ

Аударған Қайрат Жұмағалиев
Көңіл қойып, көз жіберген дүниенің паркына,
Дана Дивное аталы сөз қалдырыпты артына.
Зұлымдықты фәни жалған түнегі деп біліпті ол,

Жақсылықты тіршіліктің тірегі деп біліпті ол.
Үш жолбарыс енді тағы сапар шегіп барады,
Бәрі де шат, жанған күндей жарқырайды жанары.
Ортасында асыл ару толған айдай нұр жүзі,

Гүл жамалын бір көрген жан дейтін бейне хор қызы.
Қыз отырған палантинді көтеріп үш жолбарыс,
Күліп-ойнап, аңын аулап, шықты осылай жолға алыс.
Үш барыстың атақ-даңқы шартарапқа таралды

Талай ел-жұрт қошемет қып, тартты тарту-таралғы.
Баршасы да шат-шадыман. Өтті күндер білінбей.
Хамса сұлу күлкісі де тас бұлақтың, үніндей.
Бірде елсіз ен алқаптың етегіне тоқтапты,

Тариэль де тани кетті баурайдағы соқпақты.
Тариэль айтты: «Маған таныс мынау жатқан кең аймақ,
Біздер, міне, келдік мұнда, о достарым, дәм айдап.
Исмат тағам жасай берсін құла түздің тағысын.

Достарыма сый тартайын, аңда сөзім аңысын».
Шың-құзға өрлеп, тас үңгірге барар жолды тапты олар,
Қыз пісірген бұғы етінен бұйыртқан дәм татты олар,
Қайғы бұлтын ыдыратып, шер-наланы таратқан,

Десті бәрі бергеніңе мың шүкірлік жаратқан.
Тас үңгірдің, төрт бұрышын түгел шарлап қарады,
Тариэльдің тығып кеткен қазынасын табады.
Мол байлықты қызықтайды баршасы да қайран қап.

Достарымен тұрды мәз боп, мәрт Тариэль жайраңдап.
Қарық қылды қалың қолды, әскербасыларын да,
Қазынамен достарын да жарылқады тарынбай.
Ес-досы да, басқасы да мол дәулетке кенелді,

Риза боп сарбаз біткен соңына еріп жөнелді.
Сонда Тариэль Фридонға былай деп сөз толғаған:
«Маған еткен жақсылығың қайтсын тек бір алладан.
Ғұмыр-бақи қиуасын қайыра алман мен оның.

Мезіреті ғып, бұл қазнаны саған сыйға беремін».
Жан досына Фридон да ойланып сөз саптайды,
«О Тариэль, бұл сөзіңе көңіл шіркін соқпайды.
Әйтсе-дағы, сеніменен дауласа алар батып кім?І

Дидарыңды жүрсе көріп—Придоның бақытты!»
Тариэль сыйын құп алмауға Фридон патша қаймықты, ?
Жөнелтпекші болды еліне керуен - керуен байлықты.
Содан кейін өңшең батыр, қасқа - жайсаң, бар асыл,

Жүріп кетті бетке алды да Арабтың бас қаласын.
Артта қалып кең сахара, жапан дала, сары бел,
Елге келсе, қара киіп, қан жұтып жүр қалың ел.
Аға тұтып, арқа сүйер Автандилін жоқтайды,

Көкіректе шемен болып қалған қатып көп қайғы.
Сонда Тариэль хабар салды патшасына Арабтың
«Ұлы патшам, бір жас ноян өзіңе сыйламақпын;
Өзіңді іздеп келіп тұрмын, падишасы ем үндінің,

Сұхбаттасып бір көруге болдым құмар мен бүгін.
Бірде мені бөгемек боп, қалың қолың ағылды,
Қырып едім сонда небір өжет сарбаздарыңды.
Оның бәрі өтті-кетті, еске алудың реті не,

Тағзым етіп, тұрмын келіп енді еліңнің шетіне.
Фридон патша куә: тарту-таралғым да жоқ менің,
Барса алдыңа басын иіп, Автандилді сөкпегін.
Тариэльдің хабаршысы тәжім етіп тұр, міне,

Патша отырды біраз уақыт түсінбестен түгіне.
Ақ жүзінен арайлы таң атып келе жатқандай
Тинатин де отыр үнсіз, терең ойға батқандай.
Патшалыққа түгел жарлап дабыралар қағылды

Меймандарды қарсы алмақ боп қалың әскер сабылды.
Небір жүйрік келтірілді түзде желмен жарысқан,
Келді жетіп сайыпқыран хас батырлар, арыстан.
Қолды бастап шықты патша сәйгүлігін салдыртып,

Қызықшыл топ қыздырмалап, аспан астын жаңғыртып.
Дейді бәрі: «Жаратқанның кеңшілігі көп тегі,
Зұлымдық еш өрге баспас, жақсылықтың жоқ шегі».
Жер қайысқан қол көрінді, Арыны да тым қатты,

Сонда Автандил Тариэльге мынадай деп тіл қатты.
«Достым, мынау алқаптағы қою шаңды көрдің бе,
Жүрек лоблып, тағат таба алар емен мен мүлде!
Һәм ұстазым, һәм қамқоршым келе жатыр білемін,

Бірақ, оны қарсы алуға дауаламас жүрегім.
Құдай қарғап, санаменен сарғайдым ғой, не етемін?
Қайткенде де бір амал қыл, Фридонмен екеуің».
«Дұрыс,—дейді Тариэль оған.—Тауып кеттің, міне, өзің

Сен мұнда қал. Маған-дағы ұнап тұр бұл мінезің .

Ростанмен мен сөйлесем. Күн сипатты бұраң бел
Сендік болар ақырында. Кәміл сенем бұған мен».
Ер Автандил көңілі тасып, риза боп досына,
Шатырға кеп жайғасады қыз Нестанның қасына.

Жас аруды көрген адам ғазиз жаннан кешкендей,
Балдай шырын лебізінен пейіш самал ескендей.
Фридон патша хас жолбарыс Тариэльге ереді,
Екі батыр Станға салып жетіп келеді.

Аттан түсіп қарт Ростан оған жайып тұр құшақ,
Сонда өзі Тариэльдің әкесіне тұрды ұқсап.
Ер Тариэль алдына кеп, иіліп сәлем еткенде,
Падишаның төбесі де болды көкке жеткендей.

Оны ұлындай құшып-сүйді. Қызықтап тұр кеп халық.
«О көз нұрым, жанған күнім!»—деді патша шаттанып.
Жолбарыстың тұлғасына, тұрпатына таңырқап,
Отыр патша, көз қылды деп тәңір өзі жарылқап.

Тариэльдің нұр жүзінен әлі көзін алған жоқ,
Сәлем берген Фридонға назарын да салған жоқ.
Ростанның көкейінде түйткіл барын көрмесін:
«Дән ризамын,—деді батыр,—жасырайын мен несін.

Әйтсе-дағы ұқпадым мен, не жөнің бар жабығар,
Автандилдей батыр туған елдің неден қамы бар?
Патша ағзам, Автандилді кешікті деп ол неге,
Көңіліңе күдік алып, ойлап қалма әлдене.

Алдыменен көкмайсаға жайғасайық, бермен кел,
Сонсоң маған баянда деп, о падишам, пәрмен бер!»
Падишалар жайласады, кіріспек боп кеңеске.
Айналасын алқа қотан тұрды қоршап көп әскер.

Хас батырдың нұр дидары алтын арай таратты,
Ақылымен шаршы топты ол аузына қаратты:
«Автандилдің өтінішін дәл жеткізем демейін,
Шама-шарқым келгенінше баян етіп берейін.

Ер Автандил—еңіреп туған сұлтаны ғой жігіттің,
Ол—нұр шашып туатын, тұратын күліп күн.
О падишам! Бізде сыр жоқ сенен бүгіп жасырар,
Шынымды айтсам, ретім бар оған мәңгі бас ұрар!

Бағымды ашқан сол болатын, басып жүрек күйігін, Қайтем бірақ, оның бәрін айтайын сөз түйінін:

Автандил мен Тинатинді ғашық дерті меңдеген,
Жан досымның аһ ұрғанын өзім талай көрген ем.
Күйіп-жанған екі жастың көз жасын сен көргейсің,
Екеуінің тойын тойлап, ақ батаңды бергейсің.

Бұдан басқа еш арызым, еш арманым жоқ десем,
Қос ғашықтың сауабын ал десем мені сөкпе сен!»
Орамалын тұзақ қылып, соған мойнын ілді де,
Станға кеп иді басын. Жұрттың бәрі дүрліге

У-шу болып таңғал ысты. Патша сыйын өткізді,
Тариэльден әрі иіліп, басын жерге жеткізді.
Содан кейін Ростан патша деді: «Сен де тап тыным
Жарқыным-ау, мұның қалай, сап болды ғой шаттығым.

Басыңды име, батыр патша! Өзің қолқа салғанда
Саған қарсы тұрар, сірә, пенде бар ма жалғанда?!
Көнер ем ғой, қызымды сен тірілей көм десең де
Саған тең жоқ, дүлділ мініп шарласаң да осы елде!

Менің қызым елге билік жүргізуге жаралған,
Сонда да оған Автандилден артық қосақ таба алман.
Мен қартайдым: мезгіл жетсе күзгі гүлдей солмас кім!
Жалғызымның бұл тілегін қалай қабыл алмаспын?!

Саған пенде ләм дей алмас. Еш қарсылық қылмас ем,
Тинатиннің теңі осы деп қоссаң да оны құлға сен!
Автандилді бір көру де жүрген еді уайым боп
Мен бақилық. Қақ кәріне ұшырайтын жайым жоқ!»

Мұны естіп Тариэльдің көңілі бір жайланды,
Екі патша құшақтасып сүйісті—серт байланды.
Терезесі тең патшалар, парманы мол, бағы асқан,
Көңілдері шалқып-тасып, қошеметі жарасқан.

Шатырында Автандил де тағат таппай тұр күтіп,
Фридон жақсы хабар алып, жетіп келді құйғытып.
Шаттанса да батыр жігіт қуанышты жайды ұғып,
Әзер-әзер келе жатыр патшасынан қаймығып.

Келді барыс қайратына қарсы тұрмас еш пенде
Ростан патша тұрды орнынан, ол атынан түскенде.
Батыр сасып бетін басты, қайтып қана шыдарсың,
Әйтсе-дағы, күннің көзін қалай бүркеп тұрарсың?!

Патша ұмтылды Автандилді маңдайынан өпкелі,
Жас жолбарыс басын иді, оған тағзым еткелі.
«Тұр!—деді ағзам.—Мынау байтақ ел-жұртымның бағына,
Шын махаббат бәрімізді қауыштырды тағы да».

Сүйді патша Автандилді, жарқын жүзі нұрланып,
Бәрін көріп, қошемет қып, шат-шадыман тұр халық.
Деді патша: «Әлі талай ризығыңды терерсің,
Алтын шапақ арай жақтан жұлдызыңды көрерсің».

Осылай деп, патша әлі құшағын да жаза алмай,
Жылы сөйлеп, арыстанға қарай берет көз алмай.
Қасірет шегіп, қапа болып, бәрі бастан еткенде,
Не жетуші еді, ақырында мұратыңа жеткенге!

«О әміршім,—дейді батыр,—айтқандарың ып-рас,
Әр сөзіңді қалт жібермей, қойдым әбден ықылас.
Егер менің лебізімді құптап қабыл алсаңыз,
Өзің бас боп, бір сұлуды қарсы алайық баршамыз»,

Сәйгүліктер ағындайды бәйге атындай аңқылдап,
Батырлардың сауыт-сайман дулығасы жарқылдап.
Жұлдызша ақты, Нестан қызға жетпей қалай тоқтасын,
Ә дегенше шатырға кеп, тіреді олар ат басын.

Міне, ғажап! Нестан қыздың көз қаратпай жамалы,
Аттан түсіп, тұр бәрі үнсіз, құрып біткен амалы.
Патша барып сәлемдесіп, тілге келді қызбенен
Бұдан сұлу перизатты таппас адам іздеген.

«Нұр сипатың,—деді патша,—жадыра жаз, ашық күн,
Көкіректен күй тербетіп, көңілдерді тасыттың.
Он бесінде толықсыған, толған айдай дидарың,
Ай жүзіңді раушан гүлге теңеуге де қимадым».

Падиша да айтар сөзін одан әрі соза алмай,
Баршасы да таң-тамаша, тұр арудан көз алмай.
Жанарынан жүрегіне шипа тілер сан ғашық,
Жұрттың бәрі ақ сәулелі алтын шапақ таңға асық.

Жеті бірдей жарық жұлдыз көкте жанып тұрса да,
Нестан қыздың жан арындай шұғыла шашпас мұншама.
Енді дереу шоң шаһарға бұрды бәрі ат басын,
Падишалар құйғытып кеп ашты сарай қақпасын.

Тағында отыр Тинатин қыз, жүзі бейне жарқын жаз,
Гүл сипатты реңіне құп жарасқан алтын тәж.
Патшаларды қарсы алды қыз ақылы терең тұңғиық,
Сырға толы жанарынан жүректерге нұр құйып.

Тариэль, Нестан Тинатинге сәлемдесіп тұрады,
Шын сырласып, сұқбаттасып әңгіме-дүкен құрады.
Жайнап кетті, кең сарайдың енді кірді ажары,
Сәтте дулап жүре берді қайран жастық базары.

Қыз Тинатин Тариэльге басын иіп құрметпен:
«Мына таққа отыр,—деді,—сені күтіп тұр қаптан.
Бір өзіңсің ақыл кені, елден асқан данышпан,
Оң жағыңнан орын алсын күн сипатты арыстан».

Ер Тариэль Тинатинді отырғызып тағына,
Автандилге орын берді ғашығының жанынан.
Ғашықтығы асып түскен Ромин мен Вистен де,
Дәл бұлардай іңкәр жанды көрген емес еш пенде.

Қыз Тинатин Автандилмен қатар отыр қысылып,
Ростан патша кетті сөйлеп, қысылғанын түсініп.
«Ұялмай-ақ қой, қарағым, ұялатын жоқ жөнің,
Екі жастың бағын ашу—аталардың ақ жолы!

Мың жасаңдар, құлындарым, одан артық не дейін,
Қосағыңмен қоса ағар деп, ақтан бата берейін.
Тұрғайсың дар бұл дүние тұрғанында, лайым,
Тек сендердің алдарыңда алсын мені құдайым!»

«Автандилге тағзым қылсын сарбазымның барлығы
Бұл алланың бұйрығы,—деп берді сосын жарлығын.—
Ер Автандил патша болсын, бас тартамын тақтан бұл
Жасым жетті. Енді бәрің соны піp тұт, мақтан қыл!»

Автандилдің алдына кеп қисапсыз қол жиылды,
Небір маңғаз, Марқасқасы тәжім етіп иілді.
«О алдияр!—десті бәрі.—Ғұзырыңа мәзірміз!
Өзің үшін шыбын жанды пида етуге әзірміз!»

Сарбаздарды жиған түгел сары қолдай самсатып,
Атой салды бәрі: «Жауды жеңеміз,—деп,—қаусатып!»
«Бірің туған бауырымдайсың, бірің қимас қарындас!
Ер Автандил қол бастаса қамал бар ма алынбас?!»

Шабыттанған ақындардай махаббатты жыр еткен,
Тариэль батыр осылайша сыр тербеді жүректен.

LXІV. ТАРИЭЛЬ МЕН НЕСТАН-ДАРЕДЖАННЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Аударған Қадыр Мырзалиев
Алып келіп алтын таққа қолтықтасқан бұларды әсте
Құттықтады ғұмыр тілеп шынжыр балақ, шұбар төстер.
Жас жүректер алды бекіп қалған кеше көп құлазып,

Күледі жұрт, жылауына, қайғыруға жоқ бір лажы.
Ханым тастап бар қараны қасіретті қозғар тағы,
Дүниеде бұлдар үстіндегі киім-кешек көз тартады.
Бақ-дәулетке малтыған жұрт күн көзіндей күлімдейді,

«Келді бақыт қайта оралып қарамаймыз кейін!»—дейді.
Әке тағын нұрландырды Тариэль мен уыз келін,
Күйеу менен қалыңдықты келеді бір егіз дегім.
Осыларды жыр қылуға ақындар-ау ең керегі,

Адамзатта екеуіне қандай адам тең келеді!?
Арманына жеткендерге бақыт-шаттық тілесін ел,
Жеті алтын тақ, жеті жиһан тиді екеудің үлесіне.
Қиындықты ұмытты олар той-тамаша дамылдатпай,

Қуаныш та келмейді екен қасіреттің дәмін татпай.
Күндей нұрлы қос періште, мүмкін емес көрмей кету.
Тариэль кеп таққа отырды сырнайлатып, кернейлетіп.
Қазынаның кілтін берді жиналған ел шөптей қаулап,

«Осы біздің патшамыз!»—деп шалқыды жұрт оттай лаулап.
Автандил мен Фридон да отырды кеп екі таққа,
Қанық болса керек халық бұл даңққа, бұл атаққа.
Екеуіне тең адамды Жаратқан да жаратпаған,

Әңгіме айт деп қаумалайды оларды жұрт таратпаған.
Той-тамаша: қонақасы қойып жатыр даяшылар,
Ұлан-асыр болды мейрам, сарайға бұл аян шығар.
Жұбайларды сыйлықпенен кеміп салды ел де тіпті,

Жарып қалды жақыбайлар ұмытып бір кем-кетікті.
«Қазынаға қарық қыл деп жетім менен жесірлерді!»—
Ханым-ана әмір етіп, хал-тұрмысын өсірді елдің.
«Екеуіне ұзақ өмір тілеңдер!»—деп Ханым-ана

Қанша байлық, қанша дүние үлестірді халығына.
Тариэль де тіл қатты бір: «Тілек айтар күнім бүгін,
Ханым-ана, Рамаздың кешіргейсің зұлымдығын!
Жасын төгіп жалбарынған күнәкардың күні құрсын,

Босат оны, өмір бақи өз басыңа құлдық ұрсын!»
«Кешірдім!»—деп ханым сонда іле-шала әмір етті.
Рамазды алып келіп ел алдында еңіретті.
Ән мен күйдің күмбірлеген қайтып жатты үні алыстан,

Кеше қайғы қанша болса, сонша бүгін қуаныш та.
Көзді тартар алтын-күміс, лағыл-маржан һәм жақұт та
Тау-төбе боп үйіліп бір көл-көсір боп жатты ағып та.
Кім болса сол қалағанын керегінше алып бақты,

Дән риза болды әйтеуір жомарттыққа халық қатты.
Айтылды сөз Автандил мен Придоннын әскеріне:
«Қысылмаңдар, алыңыздар, құрмет бірдей жас-кәріңе!»
Қоржын-қоржын асыл тастан алды халық, пұлын, бөлек,

Мұның бәрін есептеуге ала-бөтен білім керек.
Автандил мен Фридонға дүниенің, бір бөлегі
Берілді анық, бәрін оның, айтуға тіл күрмеледі.
Құтқарушы бұл екеуге адамзатта бола ма тең,

Олар үшін Ханым-ана төгеді алтын ала бөтен.
Автандил мен Фридонның жолына гүл төсеп тегі,
Көктің нұрын алып келген періште деп есептеді.
Пірі тұтып және екеуін арманына жетті халық,

Тағзым етіп қайту үшін ағыл-тегіл жатты барып.
Тариэлің Раманға қойды шартты төтесінен,
Ант аттаған айыбын ол алтынменен өтесін деп.
Өткен-кеткен бар кінәсін Рамиз да ұғып кепті,

Бұл жазаға риза боп бас иді де шығып кетті.
Үнді әмірі айтты сонда Исмат қызға жаны бірге:
«Ешкім сені жатсынбайды, бір болайық тағы бірге.
Берем саған жетіден бір үнді жерін, иран бақты,

Тақ үстінде өтетұғын болады өмір балдан тәтті.
Сүйген жанға тұрмысқа шық, батам: құтты қадам болсын
Ол да бізге шын берілген жаужүрек бір адам болсын!»
Жығылды Исмат аяғына: «Сізсіз жанмын пайдасы кем,

Қызметтен қызық не бар? Мен сіздерсіз қайда сіңем?!
Асыл ием, айтып салдым, қолайсыздау көрсеңіз де,
Мен ешқайда кете алмаймын, бар әлемді берсеңіз де!
Маған түк те керегі жоқ, жүрсем болды саяңызда.

Қамқоршымды қия алмаймын, мені де бір аяңыз да!»
«Ескі жара жаныңды жеп, жауқазындай сола берме,—
Деп Тариэль ақыл айтты,—гүлдей нәзік бола көрме.
Есіңді жи, қасіретті көтере алмай қалма кейін,

Зұлымдықпен айқасқа шық, әскер бастап, айбат шегіп!»
Ққп болады!—деді Исмат,—әміріңді қабыл алам»,—
Бұл өнерге оны жақсы үйрететін табылды адам.
Ұстазының қолтығында ұқсап Исмат ор киікке,

Отырды кеп жеке таққа мәртебелі бір биікке.
Үш ағайын міне осылай бақыт дәмін татып жатты.
Той-думанға, мол сыйлыққа белшесінен батып жатты.
Неткен маржан! Неткен аттар! Тастапты ел көп ұсынып.

Тинатинін сағынған тек Автандилдің өңі сынық.
Ал Тариэль сезді оны: «Сүйген жарын, құба талын,
Сағынып қой отыр батыр, іштей маған кінә тағып.
Сені көмген ауыр азап ернеуінен барады асып,

Ажырасып, тағы жалғыз қалам, сірә, қара басып».
Фридон да қош айтысты: «Бұл көңілдің берігі шын.
Кеттім елге, тағы саған қайта оралып келу үшін.
Айтқаныңды екі етпестен тыңдайтын дос мен ұдайы

Іздеп сені жетермін тез, су іздеген бұғы дайын».
Фридонға қылды ұлықсат көзін сүртіп жасқа тұнған:
«Жолын, болсын! Қайда жүрсең ұмытпағын дос-қасыңды!
Ал Автандил сенен тіпті келмейді сәл алыстағым.

Амал қанша, Күніңді аңсап алып ұштың, арыстаным!»
Мырза қолды Тариэльден бұл жалғанда жан асқан ба!
Не керемет ыдыстардан сый жіберді Ростанға.
«Жолын, болсын! Бұл ыдыстан Ростаның бал жаласын!»

Айтты Автандил: «Ажырарда ауырсынам жан жарасын!»
Нестан сұлу Тинатиннің құйып қойған тұлғасына
Жіберді бір асыл көйлек лайық тек өз басына.
Ол көйлектің қымбат тасы жалт-жұлт етіп нұрын шашып

Қара түнді жарық қылған жұлдыздардай жымыңдасып.
Автандил де досыменен қош айтысты, бақылдасты.
Екеуінің жүрегіне қимастық бір отын басты.
Көздің жасын төкті сонда бүкіл үнді дуылдаған,

Айтты Автандил: «Сұм дүние берді аямай уын маған!»
Екі батыр бірге жүрді, айтылды сыр не жарасты.
Бірақ жолдың айырығы бөлді екеуін, ажырасты.
Мақсатына жеткен олар, қанған өмір шарабына.

Қайын ата өз еліне, кетті Автандил арабына.
Қарсы алды падишасын қалмай жұрттың біреуі де.
Күнін көріп Автандилдің түсті орнына жүрегі де.
Тинатинін қасына алып отырғаны бек өжетті,

Құдіреттің арқасында абройы көкке жетті.
Қиын кезде көмектескен жақсы доста бар қасиет.
Үш падиша өмір сүрді бір-біріне арқа сүйеп.
Бірге шауып ортақ жауды қанжығаға өңгер істі.

Жерді, суды, қолға түскен қазынаны тең бөлісті.
Бұрын-соңды осындай бір жақсылығы жасалып па,
Жетім менен жесір байып, майға бөкті аш-арық та.
Опасыздық, оңбағандық һәм зұлымдық тәмәм болды.

Бозторғайлар қой үстіне жұмыртқалар заман болды.

ТҮЙІН

Аударған Қадыр Мырзалиев
Өтті-кетті қайран өмір көрген түстей, сағым дайын,
Зұлым уақыт, сайқал дүние мың бұзылды сабындайын.
Өмірді кім ұзақ дейді Жер үшін ол қас-қағым дүр.

Оны есептеу менің емес, қызметі басқаның бір.
Давид үшін Күннің өзі мейірбанды, бауырмал-ақ.
Соған арнап бұл жырымды шықтым мен де тәуір қалап.
Күнбатысқа ол шеру тартып дұшпандардан арылды шын.

Жауын жеңіп, адалдарға ағынан бір жарылды шын.
Давидтің сол батырлығын қалай жөндеп айта аламын.
Өзге патша жайындағы жырларды жоқ қайталағым.
Мен олардың бар жақсысын көңіліме түйіп көрдім,

Сөйттім-дағы айтпағымды өлең қылып құйып бердім.
Бұл жалғанға сенбеңіздер, зұлымдықтан тұр сынасып.
Ашып көзді жұмғанша өмір ете шығар қырсық басып.
Іздемегін бақытыңды, білмейді ешкім ол бағытты.

Миына түк кіріп шықпас адамдар бар сол бақытты.
Дареджан Әміринді жырлап Моси Хонелиің,
Абдул Мес си атын жайған еді жырау Шавтелиің.
Диларгетті даңққа орап кетсе Сари Тмогвели,

Тариэльді көз жасымен жазып шықты Руставели.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙