Еңлік - Кебек. 1922 жылғы нұсқа
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
ЕҢЛІК-КЕБЕК
3 перделі 5 суретті трагедия
(Қайғылы хал)
Тарихи әңгіме ескі қазақ тұрмысынан
1922 жылғы нұсқа
СӨЗ БАСЫ
Ардақты оқушы!
Кей кездерде қазақтың өткен күнін сен де еске алушы едің! Атаңның кешірген дәуренін, істеген ерлігін, тауып айтқан сөзін жұбанышпен, құрметпен сөйлеуші едің ғой. Қайратына қуанушы едің, ақылына сүйінуші едің. Өз заманыңды қызығы кетіп азған заман, ел берекесі кетіп тозған заман деуші едің. Мен өткен күндегі аталарыңның бір мінезін алдыңа сынға қойғалы отырмын. Мақсатым атаңды жамандап, сені мақтау емес, және атаңды мақтап, сені де жамандау емес. Шын мақсатым: осы қазақтың даласында кешегі күндердің бірінде болып өткен бір оқиғаны сол аталардың бүгінгі ұрпағы сендердің көз алдына көрсетіп қана өту. Сындарыңа тапсыру ғана. «Оқушыдан», «көрушіден», әңгімені тыңдаушыдан жалғыз тілейтін тілегім, ескі әңгімені тыңдағандағы айтатын әдеттегі «жарықтықты» таста, екінші ол күнгі қазақ надан, үлгісіз, білімсіз деген орны жоқ зор кеуделікті таста. Бәрін де қасыңдағы жақын адамдай көр. Мінезі мен құлқын, әдеті мен үлгісін, жақсылығы мен жамандығын, өнері мен кемшілігін көңіліңдегі таразыға сал. Сенен екінші сұрайтыным: сол күнгі атаң мен бүгінгі өзіңнің араңда, сол күнгі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасында қандайлық айырым бар, қандайлық артық, кемдік бар, соны салмақта. Ол күнгі қазақ «жарықтық» емес болатын. Өткеннің бәрі де әулие дегенің, өткен күнді көксегенің, бүгінгі күннің алысынан қашқаныңды көрсетеді, келер күннен үмітіңнің қайтқандығын, қалғандығын көрсетеді. Өткен күн сондай-ақ жақсы ма еді. Сен ойлағандай «қой үстіне боз торғай жұмыртқалап» па еді. Оны көрерсің. Өткен қазақты білімсіз, надан деп кемсітпе. Бүгінгі қазақ та жетісіп отырған жоқ. Оларды үлгісіз, өнерсіз деме, бүгінгі қазақ та «кемеліне келіп, кер торысына мініп» тұрған жоқ. Рас, айырмышы бар, ол неде? Айырмыштың жоқ жері бар, ол неде?.. Кешегі арқаның ескек желі желдеткен ала тудың астына жиылған жер қайысқан қол қайда? Оның орнында бұл күнде күңгірт пішінді, қоңыр момын қазақ ақсақ тоқсағын түртпектеп жүр. Кешегі ұраншыл ел, аламаншыл батырдың орнына қараңғы түнді жамылып, ағайынның малын жетектеуді өнер қылған қорқақ ұры жүр. Кешегі сарнаған қобыз, тамылжыған шерлі сыбызғы, күңіренген домбыра дауыстары қайда, о да өшкен. Бұл күнгі дала жым-жырт мұңды, жүдеу... Кешегі сері жігіт, ерке ақын әнін тоқтатқан... дауысын өшірген, тыңдаушы қазақ қаяуланған... Кешегі тентек батырдың ойнағы болған жасыл пейілдер бұл күнде сарғайған... сағынышпен жүдеген. Енді сол заманнан қалған не?.. Айнымаған не нәрсе? Айнымаған: кешегі күнгі жақынымен жағаластырған алты бақан, ала ауыздық ол, әлі күнге сол қалыпта «алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген берекесі, тыныштығы жоқ, бітімі, тынымы жоқ қазақ әлі күнге сол қазақ. Өз қайратын өзі жойып, қасындағы туысқанын қарақтап өз қолын өзі байлап берген қазақ әлі күнге сол қазақ. Өшпеген мінезі осы. Ұмтылмаған әдет, жазылмаған дерт осы. Оқушы! Зор кеуделі оқыған болсаң, сен де осы мінезден арылған жоқсың. Атаңның ескі жолында сен де жүрсің. Әлі де оқушы қара қазақ болсаң ойлан. Өзіңді өзің сына. Сен де осы аурумен ауырып жүрсің. Туысқан бауыр, туған ел! Ойлансаң осыған ойлан, сынасаң осыны сына. Алдымен, көзіңнің құйрығымен өз ішіңе үңіліп өт.
М. Әуезов.
ОЙНАУШЫЛАР
Абыз — Әйел ардақтаған сәуегей қария. Құрметті шал. 80 жаста. Таңшолпан — Абыздың қатыны, білімді әйел, ел анасы болғандай ақкөңіл кемпір. 65 жаста. Ақан, Қалампыр — Меймандос кәриялер, момын. Еркек баланың жоқтығы армандарының үлкені, 60—80 шамасында. Еңлік — Ақанның қызы, жасында еркек шора болған ашық, өжет, адуын, еркек мінезді, 20 жаста. Кебек — Тобықтының атақты батырының бірі, ел аузынан аты түспейтін жаужүрек ел қорғаны, 28 жасында. Кеңгірбай — (Қабекең) Тобықтының қабырғалы, айдынды биі. Ел ішінде өте қадірлі, сөзі қабыл болатын дуалы ауыз, 60 жасында. Көбей — Қабекең мен елдің арасындағы сөзді алып жүретін, пысық, жүйрік би. Қабекеңнің жұмбақтап айтатын сөздерін тез шешетіндіктен Көмей би деп атанған, 45 жаста. Матақ, Кембай, — Көбейден соңғы елдің басты адамдары. Ел сөзінің бір қабырғасын ұстап жүргендер.
Есен — Найманның батыры. Еңліктің әмеңгері.
Жомарт, Еспембет — Найманның елшілері, ашулы. Айтқан сөзінен қайтпайтын, қатты адамдар, жалғыз жуастауы Жомарт. 20—30 ж. Жолдастары бар, бітімшілер.
Қосдәулет — Дадан Тобықтының басты кісісі.
Қараменде — Дадан Тобықтының биі, ақ жүрек, ел қамқоры болған әділ, таза би, 75 жаста
Жапал — Ақанның малшы баласы.
Жәуетей — Кебектің жолдасы, таза жігіт. Тобықтының кісілері. 2—3 бітімшілер.
БІРІНШІ ШЫМЫЛДЫҚ
Абыздың үйі, үй ішінде көзге түсерлік қызылды-жасылды нәрселер көп емес, жалғыз-ақ Абыздың жер төсегінің тұсында тұтулы кілем, жайылған алаша бар, босағада ілулі жіп шідер, қара үзеңгісі бар, биік қасты қоқан ер, қыстырулы сойыл, айбалта, шашақты найза, шоқпар, үлкен қара кебеже, бір-екі қап құрт, төсектің тұсында ілулі қобыз, бір сапы.
Бірінші көрініс
Абыз (жалғыз). Жаратқанның жарлығына ризамын, аз ауыл Тобықтының алақанына салған батагөйі қылды. Сақал-шашым ағарғанша, тұғырымнан тайғам жоқ. Қара, би, төре, батыр бағлан әлі де болса алдымнан өтеді. Он батама ынтық болады (көтеріліп, саспай.) Келе жатқан күндегі көмескіні болжасам да болатынына сенеді, иенің сәуегей қарты адастырмайтынын біледі (Тоқтап.) Ел бастаған қабырғалы билерім, қол бастаған батырларым, асқар белдерім, оң батамды алған жолы жарға жығылған емес. Жаратқаныма сансыз шүкір етемін. Олар бастағалы Тобықтының жығасы жығылған жоқ. Мерейі үстем болып, тастаған тасы өрге домалап келеді. Қайратын қара тауға меңзеген талай жауы тізесін бүгіп жеңіліп отыр (Таңшолпан кіреді.)
Екінші көрініс
Таңшолпан. Көбейлер бүгін сізге келіп сәлем бермекші екен, келсе құр ауыз шығара алмаймыз ғой, соған бір мал алып қалайын деп тұрмын?!. Абыз. Шіркін қатын-ай! Сондай сөзді маған несін айтып келесің, мен қонақтан ас іріктеуші ме едім, билеген өзің билей берсең болмай ма, келген ағайынға өзің біліп ішкіз де, алғыс ала бер. Бізге ел тілеуін тілеп, бір азаматқа бата беріп отырғаннан басқа не керек. Таңшолпан. Абыз-ау, мен оны ұмытады дейсіз бе, білем ғой, әшейін мал мен басты билеп-төстеген кісіше сізге сөз қатпай істегенді лайықсыз көрем. Әйтпесе сіз тірі тұрғанда ел тастайды, мал таусылады дейім бе, менің де тілейтінім өзіңнің бағаң мен сол атқа мінген балалардың тәңір жарылғасыны да. Абыз. Дұрыс айтасың, кемпірім! Ондай жағулы жерге жететін толғауың бар еді ғой. Таңшолпан (Күліп). Мені сөйтіп мақтаған боласыз ғой. Енді сол малымды алғызып қалайын (Шығады.)
Үшінші көрініс
Абыз (жалғыз). Сорлы кемпіріме ризамын, өзіме сай жолдасым ғой, дүние үшін назаланбайды, қолы ашық, пейілі жомарт, ақкөңіл бейшара ғой. Анда-санда сөз қатып сөйлесетін сырласым да осы.
Төртінші көрініс
Таңшолпан. Әлгі кісілер ғой деймін, бір үш атты келеді Әнікем бейітінен өтіп.
Абыз. Болса болар, келсе келсін азаматтарым.
Таңшолпан. Бұл жолаушы жүріп қайда бармақшы екен? Тағы да бір жайсыз сөз туып қалды ма екен әлде? Тынымы, тыныштығы жоқ қарашықтарым, бұлар да бір ел қамын жеген Едіге ғой. Абыз. Ей, кемпір! Көбейдің қай жүрісін санап отырсың сен, Көбейдің алдына келмейтін сөз бола ма (Тым-тырыс.) Әлі осыны сырттың тартысына салды ма? — екен. Сыртпен арбасқанға шыдаса төс табанды би сонда болады ғой. Өзіңнің толайым туысқаны бітімшіл, дәнекершіл болғыдай.
Таңшолпан. Өзінің айтқан сөзіне жұрт тоқтағыш дейді ғой.
Абыз. Ел тауқыметін көтерген жақсылар сегіз қырлы болмаса бола ма? Сыртқа салсам екі жүзді наркескенім, ішке салсам ел шеңберін аудармайтын Көбейім бар, не мұңым бар? Таңшолпан. Тек, қарақтарым тірі болсын (Тоқтап.) Абыз!Мен сізге жорытайын деп ұмытып отыр екем, бүгін бір түс көріп едім, көңілімді сол қобалжытып жүр, жақсылығын ер азаматқа жорыңыз, жаманшылығын мен бейбаққа жорыңызшы.
Абыз (түксиіп). Е, мұрадар не көріп ең, қабағыңда кейіс бар ғой, айтшы! Таңшолпан. Түсімде ел бір үлкен сергелдеңге түсіпті. Тобықтының игі жақсысы жиылған екен, бәрінің де пішіні түнерген, күңгірт, біріне-бірі жөнді жауап қатпай, бір нәрсенің тетігін таба алмай, дел-сал болған секілді, ел әрі-бері сабылып сергелдең болып жүр. Бір уақытта біреуден келіп: не болды деп сұрасам, күн шығыстан өрт келіп қалды, соның ақылын таба алмай дағдарысып отырмыз дейді, сол арада біреу келіп: Тоқтамыстың қолы сынып қалды, сорлы мүгедек болды-ау!—деп қайғырады. Би көзінен кәдімгідей жас ағызып жылайды: «Ел басына күн туып, тебіңгіден тер жауып, тар өткелден өттім бе деп едім, әлі де бір сыбағам алдымда екен ғой» деп осы сөзі аумастан есімде қалыпты, бір түрлі шошып ояндым (Түнеріп отырады.). Абыз (басын шайқап). Өзімнің бірталайдан түсім бұзылып жүр еді, тек ер, азамат аман болсын, күн шығыстан шыққан өрт болса, Матай мен біздің ел бүлінісе ме, қайтеді, бүліншілік шықса тағы да талайға баратын сергелдең болар (басын шайқап) хай-хай! (Күрсінеді.) Таңшолпан. Жасаған, өзгесі болса да, қолдасқан болмаса екен, ел болып шабысқаннан, елдің көрген әлегі жеткілікті болды ғой. Абыз (азырақ күрсініп). Жаратқанның бір жазғаны болар. Орынсыз бүлікті ешкім де іздемес, егескен жауың тізесін бүгілтіп еді,.. ендігі іздейтін береке болу керек. Таңшолпан. Көбей келсе үгітіңізді айтып қойғаныңыз лайық-ау деймін, жеңбеген жауым бар ма деп, кеудені көтеріп тасқындап кеткен де жаман ғой, әйтеуір осы түсімнен қорқамын. Абыз. Көбей бастаған жерде бүлік шықпас, таразыны аудармай ұстауды білер, бірақ ел ішінде есер көп, Көбей қайсысының қолына матау, аяғына тұсау салады, пәле шығаратын тентек, дау шығаратын сылтау аз ба? Таңшолпан. Үйтсе де «сақтықта қорлық жоқ» жұрттың көбі сізге келгенде азды-көпті өсиет есітсем деп келеді, естеріне салып қойыңыз, пәледен машайық қашыпты деген емес пе? (Көбей, Матақ, Кембай кіреді, бәрі де қол қусырып сәлем береді.) Абыз (Сәлем алып, көзін салып қарап). Жарқыным, Көбеймісің? Жоғары шық! (Бәрі де жоғары шығып, қол беріп амандасады) Азаматтарым, аман-есен жүрмісіңдер! Аз ауыл тобықтың аман ба?
Көбей. Шүкірлік, баба, амандық (өзгелері де амандасады.)
Абыз. Ел іші әлді-сәлдіден тыныш па?
Көбей. Әзірге тыныштық (тоқталыңқырап), баба, күйің қалай? Ыңқыл-сыңқылдан саумысың? Талайдан бері келіп сәлем беріп, қал-жайыңды білейін десем де, анау-мынаумен алданып келе алмадым: бүгін енді жолшыбай ғой, соқпай кеткенімнің жөні болмас деп келдім. Абыз. Балам, оқа емес! Қайда жүрсең аман жүр, біздей кәріге анда-санда көрініп кетсеңдер де болады ғой, барыстарың қай жер еді? Шет пе? Ел іші ме?
Көбей. Бір ел ішінің сөзі болып, би шақыртқан екен, соған барамыз. Абыз. Олай болса жақсы келдіңдер, тығыз жүріс жоқ екен, кемпір мал алып қалып еді, дәм татып кетіңдер, қазан көтерсін. Таңшолпан. Қарақтарым келеді дегенді естіп, қазанды асқызып қойғанмын, Абызбен бірге отырып, дәм татып кетіңдер! Матақ. Қазан көтеріліп қойса, асығып қайда барамыз, бабамның дәмінен үлкен не жұмыс болушы еді?
Көбей. Кембай. Мақұл, дұрыс (Аз тым-тырыс.) Абыз. Балаларым, ел жайының әңгімесі болса, бізге сөйлеңдер, көптен мұнда келген жоқсың, ел сөзінің немен тынып жатқанын әлі күнге құлағым қанып естіген емеспін. Әлдекім бала-шағадан ел әңгімесін естігім келмейді. Көбімен әңгімелеспеймін, көңілім үйлеспейді. Көбей. Баба! Бұл күнгі күнде ел ішінде соны айтайын дерлік даурыққан бөтен сөз жоқ. Абыз. Ұлым, маған сөздің бүгінгі, кешегі деген сүрі-жасының керегі жоқ қой, біз секілді заманы өткен кәріге күнде болып жатқан жәбірдің бәрін жіпке тізіп отырам деуге бола ма? Маған керегі көңіл сүйсініп, құлақ құрышы қанатындай, билердің істеген шешендік, көсемдігі, батырлардың істеген қайраты керек. Матақ. Бабамның сөзі шын ғой. Елдің астын үстіне шығаратын пәле келсе де, шабыншылық соғыс болса да соның бәріне төтеп беріп, артынан ел аузында әңгіме болып қалатын өнерлер бар ғой. Ол өнер сол, шешендік, батырлық, ел сүйсінген қайратты мінездер, баба, осы елдің елдігі де сондай мінездерден сыналады ғой деймін? Тілеуін тілеп алғыс айтқан билері, бата берген батырлары бар, қандай қайраты бар, соны білгісі келеді ғой.
Абыз. Жарқыным, рас айтасың.
Матақ. Олай болса, Бабамды сүйіндіретін әңгіменің бәрін де айтыңдар, елге еңбек қылып жүрген ұлы кім, шешені, батыры кім екенін біліп отырсын.
Көбей. Баба! Сұраңыз, білгенімізді айтайық.
Абыз. Әлгі осы, тоқсан сусар тон берсең де, тоқсан қара нар берсең де бітпеймін деп, басқа шауып, төске өрлеген Матайдың әптігін немен бастыңдар? Маған көмескі әңгіменің бірі осы (Бұл уақытта Таңшолпан сабадан үлкен керсенге қымыз құйып, сапырып, еркектерге шарамен беріп отырады.) Көбей. Баба! Матайдың сөзінің басы таудай болса да, аяғы сиыр құйымшақтап келіп, қылдай болып кетті. Өткінші жаңбыр секілді болды. Басында бұрқ-сарқ етіп келген бетінде ашуы өшпес жауып тұрған жалын секілді еді, бірақ біздің бидің айбыны ол ашуын басып кетті Кембай (күліп). Матайдың әуелгі беталысында қара борандатып келуі осы айтқандай-ақ болды. Көбей. Би осындай ашудың өзін шұғылынан қайырам десең дәуірлей беруші еді, одан да әрісіне жіберейік дейді, сонан соң тас табандап шындай бердік. Матай: қоралаған қойыңды, қостаған жылқыңды шұбыртамын деп келіп еді, бетін қайырып жіберіп, біз барып бір кілем, бір тонын асырып түсірдік. Ел шабамын деп еді, елді одан бұрын біз шаптық. Абыз. Бәрекелде, би ақылын табады ғой, сол қара шал кемеңгер болмаса Тобықты неге аға болып жүр дейсің? Ия! Көбей (күліп). Аяғында батыр болсаң бопсаға шыда дегендей, айыптың үлкені бопсаға шыдау екеніне көзім жетті. Жүрек қобалжымай, табан таймай, қасқайып тұрып салысуға шыдаған соң, Матай шыр айнала бастады.
Абыз. Тоқта, сөздерің не болды, сонымен?
Көбей. Айтқанның бірі де болмады, би майталмандыққа салып отырып алды, киіз туырлықты қазақтың баласысың, елді бақадай шулатып, қайтып қуып тастайсың. Тобықты іргесінің Шыңғысқа осы орнағаны орнаған, енді қоқан-лоқыңа кетпейді, алысам десең алысуыңа дайынмын, өлісем десең өлісуіңе дайынмын, білгеніңді қыла бер дейді. Абыз. Бәрекелде! Әй, Арғыннан туған ардагерім, әй, ел қамын жеген Едігем-ай! Тусаң ту.
Матақ. Біздің бидің өзгені оқ бойы орап, оңдап кететін осындай жері ғой.
Кембай. Жарықтық сырттан ғой, Тобықтының асқар белі емес пе?
Абыз. Ия, айта бер, жарқыным.
Көбей. Сонан соң оның алғашқы ызғары қайтқан соң біз де азын-аулақ еліктік, сонан соң тай-тулақ, анау. мынау берісіп, бітім таптық. Абыз. Солай, балам, басыңа қилы-қилы күн туса, түрлі-түрлі күйге түсерсің, «заманың қызыл түлкі болса, қарғылы қара тазы болып бір шалып қал» деп неге айтты дейсің. Матақ. А-ай! Сол кезең өзі, Тобықтыға, өте бір қысылшаң кез болды ғой, алысқан жауымыз Матай болды ма? Матайды қабаттап келіп талай елдің бізді талағысы келді ғой. Кембай. Уай, оның несін айтасың баяғыда үзілді-кесілді болып біттім, тындым деген бура да көтерілді, алты аласысы, бес бересісі жоқ Шорда Тобықтыны ойпап алғысы келді. Әйтеуір құтылдық қой. Қабырғалы би тұрғанда, білегі жуан батыр, бағыландар тұрғанда, анау-мынаудың жаулығы түк болмайды екен (Малшы кіреді.)
Бесінші көрініс
Малшы кіріп, Таңшолпан сыбырласып сөйлесіп, шәугім мен шылапшын әкеліп, кісілердің қолына су құяды, ас беруге айналады, кісілер әңгімелесе береді. Көбей. Әйтеуір кезінде әлсіз, айдынсыз елге өзіміздің соқтығып егер қылғымыз келетіні бар шығар, үйткенмен, дақ сол біздің әлсіреген кезімізде талай жұрттың араны ашылып кетті (Табақпен ет келді, әңгімелесіп отырып, етті турап жеп отырады.) Матай да, Шора да, Бура да, құлындағы сақау, құнандағы тістеуін айтып, қолдан келсе Тобықтыны жырым-жырым қылып әкетпек болды. Абыз. Ол бір анда-санда кез келетін өткел секілді заман ғой. Жә, ел басына күн туғанда, бидің істеген еңбегі әлгі екен, енді батырлардың еңбегі қандай болады? Санаулы батырларының ішінде ерлігі асқан, еңбегі асқаны қайсысы болды? Матақ. Баба! Ол уақытта еркек кіндікті азаматтың іркіліп қалғаны жоқ, тіпті әуелі бірен-саран келіндеріңнің ішінен де жау жүректері шығып қалды.
Абыз. Атын аташы, солардың атын біліп отырайын.
Көбей. Еркек кіндікті азаматтың ішінде батырлығы асқан Кебек болды.
Абыз. Бұл Тоқтамыстың інісі ме? Сол ауылда бір отты бала бар деп естіп едім, сол екен ғой.
Матақ, Кембай. Ия.
Көбей. Матаймен алғашқы бір ұрыста біздің қолымыз жиыла алмай қалып, Матайдың күші үлкейе берді, сонда Кебек, бұлардан бір жеңілсек бел алып кетеді деп, іріктеп қырық жігітті артынан ертіп алып, жаудың қамалына қарсы шапты, артына ерген кәртең батырлар айтады: сонда өзімізге неше рет ар келіп, жүрексініп қалғанда самсаған сары қолға, айнымастан тұйғынша түйіліп, үш кіріп, үш шықты дейді.
Матақ. Сабаз-ай десеңші.
Абыз. Ой, қарағым! Ұл туса, осындай тусын, сонан соң,
Көбей. Сонан соң жұрттың бәрі де бара араласыпты. Аяғында Матай бұлардың аянбайтын түрін көрген соң, серпіле жөнеліпті. Сол жолы артынан тұра қуып, талай Матайды түсіріп әкелді. Кембай. Кебектердің туысы бұл жүргеннің көбінен сонау құрым бөлек жатыр, ел басына күн туғанда шоқтықтанып, жауланып кетеді. Және бір уақыт қапысы болмайды. Қай қауып болса алдымен Кебек жүреді.
Матақ. Бәрінен де Шор шапқандағы еңбегін айтсаңшы.
Абыз. Ия, ия, онда не істеді? Айтыңдаршы!!
Көбей. Онда Шор қапылыста келіп, кез келген елді шауып, малды айдап жөнелген ғой.
Абыз. Ия, Шордың шапқанын білем ғой.
Көбей. Сондағы арттағы ел жиылғанша бөгемек болып, үш жүз кісінің артынан жалғыз жөнелген, қуып жеткен. Астындағы аты жүйрік, қашса жеткізбейді, қуса жетеді. Әншейін тамам қолды айнала түйреп, алды, артын орап, ет асымдай бөгеген. Сол уақытта жиналып қалған ел артынан жеткенде, малды айырып алып қалған. Матақ. Кебектің онан соңғы бір қайраттылығы, асылы жас болып қажыған, талған дегенді білмейді. Сол Шор қаптаған замандар өте тынышсыз болған мезгіл ғой, сонда тыным алып үйде жатқан емес. Анда-санда кез келіп «сені тыныққан жоқ дейді. Кішкене көзіңнің шырымын алсаңшы» дегенімде: «Ой, ағалар, аламанын қуып, аттанғанын қумай жатып, көздің шырымын аламын деп кім жатады» деп жүре береді. Абыз. Жарайды, тек арыстаныма өмір берсін. «Қас жүйрікте күй болмас» деген сол ғой (Табақ жиылады, малшы қолдарына су құяды.) Жә, бұдан соңғы батырлық қылған кім? Кембай. Онан соңғы ерлік қылған осында бір Шынасыл деген келініңіз болды. Шор алғашқы шапқанда Қартпай ауылының Мақан деген бір жігітін өлтіріп кетті ғой. Қасқиып қарсы келе жатқанда, маңдайынан салған найза желкесінен бір-ақ шығып ұңғысынан омырылып қала беріпті. Сонда Шордан қолға түскен бір жігітті қанды қанмен жусын деп, көшті жүргізіп жіберіп, тамам келіншектердің ортасына тастап кетіпті. Әлгі жігітті өлтіруге жұрттың бәрі де бата алмай тұрғанда Шынасыл қолына қарыс қара пышақты алып барып, ішін бір-ақ пісіп өлтіріпті.
Матақ. Осыныкі де ерлік-ақ.
Көбей. Бәрекелде!
Абыз. Ерлік болса солай болат та (Тым-тырыс.)
Көбей. Жә, енді біз атқа қонайық... Баба! Енді бізге жақсы, жаманнан айтарлық сөзіңіз бар ма? Абыз. Жарқыным, бөтен не айтайын, жалғыз-ақ соңғы уақытта түсім бұзылып жүр, енді әлдеріңнен келгенше елді басып ұстауға тырысыңдар, бәлеге бас болып жүрмесін біздің ел, түбінде сондайдың арты жаман болатын түрі бар. Осыны естеріңе саламын, жолдарың болсын.
Көбей, Матақ. Мақұл! Баба! (Қоштасып шығады.)
Алтыншы көрініс
Абыз (ойланып отырып). Кемпір бүгінгі сенің түсіңді әлгілерге айтқамын жоқ, көңілдеріне күдік түсе ме, жасаңдап қала ма деп.
Таңшолпан. Оныңыз да мақұл ғой, жаратқанның нені жазатынын кім біледі? Абыз (қобалжып қозғалақтап). Сенің түсің кеудеме жүз түрлі ой түсіріп отыр (таңданып) бұл аз ауылды елде тағы қандай пәле бар, қобызды әперші, аз ғана болжайын (Таңшолпан қобызды әпереді де шығады.) Абыз (Жалғыз. Қорқыттың күйін тартып, кейде мыңқылдап сөйлеп, кейде дауысын қосып сарнап отырып, қозғалақтап). Сорлы-ы, ә-ә, е, басына бұлт үйірілген біреу ғой, жалыны шоқтай, қайнаған қыршын жас па екен, қайраны қайтқан қарт па екен? А-а-а... (Тоқтап қобызын жерге тіреп таянып отырады, сол уақытта Есен кіріп, қамшысын босағаға тастап, қолын қусырып.)
Жетінші көрініс
Есен. Салаумаликум, баба!
Абыз (басын жоғары көтеріп). Әликсәлем! Уа, қай ұлсың?
Есен (Абыздың қасына отырып). Баба! Арғы атам Найман, бергі атам Сыбан, өз атым Есен. Ел қосқан атым батыр Есен. (Абыз ел жайын сұрап амандасады.) Келген шаруам: әлемде екі тосқауыл кезең тұр. Бірінен өту үшін түгі шыққан жүрек, палуан білек керек. Бірінен өту үшін тәңірім үстем қылып жаратқан талай керек. Ақыл, айла керек. Осының екеуіне де өзіңнен бата алайын деп келдім. Абыз (аз тым-тырыстан соң). Ұлым, екеуіне де кеудесі қуыс пенде беретін көмек жоқ екен. Өз өнеріңе сенерсің, әйтсе де айт жөнін. Есен. Баба, айтайын: алғашқы айтқан кезегім: қайраты тең батырмен, күшімді сынасайын деп жүрмін. Кездескелі ізденіп жүргенім өзіңнің батырың — Кебек! Екінші кезек: жастық, аптығымның кезегі Матай қызы жесірім, інімді менсінбей, кетем дейді. Ерден кетсе де елден кетіргім келмейді. Жігіттігімді сынға салғалы тұрмын. Абыз. Батыр! Қайратың адам дұшпаны арыстанға біткен қайратпен тең екен. Төңірегіңді торып жүрген кәпірді көрмей, іздеген жауың мұсылман баласы болса, алты алаштың баласын көрмей, тапқан жауың туысқаның болса, өрісің ұзақ болмас. Кер заманға кез болып, кер кеткен елдің кер тартқан тентегі шығарсың. Басқа айтар сөз жоқ. Есен. Баба! Мен сенен жеңілдім. Жалғыз-ақ Тобықтының баласы осы ақылыңды естімеген болып жүрмесін. Қош, Баба (тәкаппарланып басып шығады.)
Абыз. Қош ұлым, түзу беттеген жолыңда бетіңнен жарылғасын (Есен шығады.)
Кебек. Салаумәлейкүм!
Абыз. (Үндемей көзін салып қарап). Әликсәлем, уа, қай ұлсың?
Кебек. Баба! Тоқтамыстың інісі Кебек балаңмын.
Абыз (Басын шайқап). Былай шық, батырым екенсің ғой (Кебек жоғары шығып жүгініп отырады.) Жарқыным, ер азамат аман ба? Ел жайы не?
Кебек. Ел тыныштық, ер аман, Баба!
Абыз. Балам, мен сенің жайыңа қанып жүрмін, шынжырлы балақ, шұбар төсім екенсің, әмсе абыройың асып, алапатың қандай болсын.
Кебек. Айтқаның келсін, Баба!
Абыз. Ұлым, не жаймен жүрсің?
Кебек. Баба! Көптен келіп сәлем бергенім жоқ, сәлем берейін, сонан соң батаңызды алайын деп едім. Және келер күнімде не қауіп, не қуаныш бар, оқ астына, найза ұшына кездесіп қалып жүруші едім. Ажал күнім қашан екен? Соны болжап берсеңіз деп едім (Қойнынан қағаз шай алып.) өзіңізге сыйға әкелген мына бір құйрық шайым бар еді (Алдына қояды.) Абыз (Қынжылып). Ай-й, балам! Алдыңғыны болжатып қайтушы едің. Ол тұңғиық сыр ғой... Сыр ғой... Аруағың өрмелеп келе жатқан ұлымсың, жаман-жақсы сөз есітіп, жабығып қалмасаң. Кебек. Баба! Жаман айттың деп жабықпаймын, сезгеніңді айқын қылып айтып беріңіз.
Абыз. Иемнің сөзін жасырмаймын, бекін, жабықпайтын бол.
Кебек. Бекіндім, Баба! Болжаңыз.
Абыз (ілулі тұрған қобызды алып Қорқыттың күйін тартып анда-санда бетінің терін орамалмен сүртіп, қобызды бір алып, бір жерге қойып, аа-а деп отырып бір уақытта сайрай бастайды).
Ал піріңмін! Піріңмін! — піріңнен туған еріңмін.
Аз ұл Олжай ішінде — таңдап бір қонған жеріңмін.
(Бақсының сарынынан бірталай сөздерді өлеңдетіп айтып келіп, анда-санда мыңқылдап, былдырлап.) Мұңдар шіркін не дейді?!. Алтын берсең алмаймын, айтқаныңа нанбаймын (Сілкініп басындағы тақиясын ұшырып жібереді, аздан соң қызуланып тағы сарнайды, үйдің іші шылдырлайды; аздан соң саңқ етіп.) Қыз?!. Қыз ба? Не дейді? Сұрлау?.. ей... ой шіркін... жартас дейді. (Үйдің іші тағы шылдырлайды, тоқтап терін сүртіп отырып, басын шайқап.) Батырым! Сұңғақ бойлы, биік қабақ, сұрлау қыздан ажалың бар. Ол қыз қақпа жартас түбінде кез болады, кез болса, кешікпейді тез болады. Сақтықта қорлық жоқ, осы сөзді есіңе ал! Кебек (Теріс қарап). Ендігі жас дәуренімді, сұлу жар алып соның қызығыменен өткізем десем, сәуегей қария не дейді? (Абызға.) Мақұл, Баба? Абыз. Ұлым... Атаның ұлы азбайды. Екі сөз айтам! Бірінші жауды жақыннан іздеме, жақыннан жау шығарсаң азғаның. Екінші әйел жынысы бірде досың болса, бірде қас болып кез келеді. Оған бойыңды берсең де азғаның, азып кетіп жүрме, аңғал батыр атанып қалма! Сақ болмай салқамдық қылсаң бойыңа мін болар.
Кебек. Баба, ұқтым өсиетіңді (Аз тым-тырыс.) Енді мен жүрейін. Абыз. Ұлым... Әрқашан қолдаушың аруағың болсын және есіңде болсын, ердің бір басшысы түсі болады, түсіңе көңіліңді бөле жүр! Енді қолыңды жай бата берейін (Кебек қолын жаяды. Абыз қазақша ұзақтау бір батаны сартылдатып сөйлеп, бата береді.) Енді жолың болсын, айтқанымды ұмытпа! Сақ бол, сақ жүр.
Кебек (Тура келіп). Қош, баба! (Шығады.)
Шымылдық
ЕКІНШІ ШЫМЫЛДЫҚ
Ақанның үйі, қысты күнгі мезгіл, үйдің ішінде айнала киіз, кілем ұстаған, ортада жанып тұрған от, асулы қазан, үйдің бір жағында тұтулы ши, ілулі найза, шоқпар, оң жақта таза жиылған биік төсек, батсайы шымылдық. Перде ашылғанда үйде Қалампыр күпі жамылып, от жағып отырады. Ақан кезең тай терінің үстінде отырады, үстінде қалың киімі, қолында таяғы бар.
Бірінші көрініс
Ақан. Осы күн суытып кетті ме? Немене? Ызғырықтап. Әлгі бір әзірде реңкі бұзылған секілді еді. Еңлік жан қайда жүр (Тоқтап) мал жайласып жүр ме? Қалампыр. Малда емей, қайда дейсің? Біздің малға көз болатын кісіміз жоқ деген сайын тақаты қалмайды, күн суық болса үсіп қалып жүрер ме екен, жарығым! Ақан. Қарағым еркек бала болса, ел аузындағы азаматтың бірі болар еді. Құдайдың мұны бергеніне де шүкіршілік. Еңлік жаным болмаса, кімді ермек қылар едім? . Қалампыр. А-а-а-й, шал-ай! Әйел бала болып жынысын басқа қылып жаратқан соң, әншейін біраз күндік қонақ қой, көңілдің бүгінгі жұбанышы ғой. Ақан. Қайтесің, алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық екенін бүгін біліп отырмыз ба? «Әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» бала тілеген кісінің бірі біздей-ақ болар, тілегенің қабыл болмаған соң қайтерсің (Мұңайып отырады..) Қалампыр (Отты көсеп, мұңайып жылап). Би Фатима пірім-ау! Не күнә сұмдығымнан осындай болдым, мал бітті деп пейілімді бұзған жерім жоқ еді, мезгілсіз келдің деп, тарығып бір қонақтың атын басқа қаққаным жоқ еді. Ағайын, туғаннан береген, қолы ашық, меймандос, алғыстан басқа қарғыс алған пенде емес едім. Ақан (түнеріп отырып). Пәке, паруелерге не! Мұнша назаландырғандай не қылмыс қылдым. Қыруар мал, ұшан теңіз дүниені бергеніңді қайтейін, қу бас шал қылып, қу тіземді құшақтатып қойғаныңды қайтейін. Қалампыр. Атқа мініп сойыл соғар азамат балам болса кімге жалынар едім, «қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытар ма еді» (Жылайды.) Ақан. Біз өлген күні бұл дәулетке кім ие болады (Жылап.) Жалшы жайдақтап, құл құрықтап тауысқаны ма?
Екінші көрініс
Бұрынғылар һәм Есен кіреді. Амандасады.
Ақан. Батыр, қайдан жүрсің?
Есен. Ата, батыр күні кезбелі емес пе, күш сынау мен бақ сынаудың кезуінде жүрмін. Ақан. Ұлым, күш сынауыңды ұқтым, бақ сынауың неменең? Бағыңды немен сынамақшысың? Есен. Ата! Тілім қысқа, ебім аз, топассың деп сөкпе; бүгінгі күнде бағымның сыншысы сенің балаң — Еңлік.
Ақан. Бізге неше тақпырт айтқан сөзің ғой бұл. Баланың райын кім біледі. Есен. Еңлік бұл күнге шейін жауап берген жоқ: сөзге сараң, бойына дарытпайды. Бүгін өз аузынан байлаулы сөзін естігелі келдім (Еңлік кіреді.)
Үшінші көрініс
Қалампыр. Жарығым, тоңған жоқпысың?
Еңлік. Жоқ, aпa, тоңғаным жоқ.
Ақан. Кемпір, далаға шығып мал жайғасайық жүр (Екеуі шығады.)
Төртінші көрініс
Есен (Еңлікке қарап отырып). Еңлікжан, не айтасың, сөйлеші (Еңлік үндемейді.) Неге үндемейсің сөйле дейім. Еңлік (аз тым-тырыстан соң). Не айт дейсің, менің саған айтпақ сөзім бар ма еді? Есен (ажарлы дауыспен). Ерке қыз, бұл кемсіту ме? Мазақ па? (датты.) Найманның неше ұлын алдамақшы едің? Мен де алданайын ба? Бірақ мені алдауың құр кетпейді. Мен батырмын. Еңлік (саспай). Батырлығыңды қайтейін, аңғалсың. Алдайын деген кісіге кез келсең, жұрттан бұрын сені алдар.
Есен. Не қыл дейсің, жөніңді айтшы.
Еңлік. Жөніңді өзің айт. Аңғал батыр, менің затым әйел. Қайратыңмен жұмсатам деме, ебіңмен жұмсат. Ақылы дұрыс жас жігіт мінезімен алар болар. Есен (жұмсап). Еңлікжан, сенің сының-құрулы мылтық, құрсаулы жаудан да қиын болды-ау, ұрмай-соқпай қинаған кісім сенсің. Ерден кетсең де елден кетпе, аталы рудың, елдің келінісің, аруақты қорлама, күйеуіңді менсінбесең, маған ти. Мен саған құмармын дедім. Осыныма не жауап бердің? Еңлік (кекетіп). Көрде жатқан аруақтың басын ауыртып қайтесің, атаның намысын қуған ұл болсаң өз құлқыңды қоя тұр. Ініңнің намысы қайда? Ол сенің мойныңа қарыз емес пе? Мен әлі саған ініңе бармаймын деген сөзді айтқаным жоқ. Есен. Ата-анаң атастырған ініме тием десең дауым жоқ. Онда мен тоқтадым, бірақ көңілің азған, тұрақтамаса басқа кісінің ортағы жоқ, сен менікісің. Еңлік. Ондағы күнді көрерсің. Бірақ бүгінгі күнде әдепті бол, қайнағалық жолыңды біл. Мен үйреткенім мақұл емес. Есен (ашуланып). Тоқтат қыз, тіліңді шанышпа енді. Сенің шараң жетті маған. Бұл жолы жеңдің сен, сөзіңнің артын түсінемін.
Еңлік. Бәсе, ер болсаң сабырлы бол.
Есен (қайтарып айтады). Сабырлы бол (Салмақпен.) Алдымен сен сабырлы бол, сен азған күні менен сабыр сұрама. Мен енді күндегі ізіңді аңдимын. Батырдың басы әйел мазағына көнбейді. Алдасаң менің кегім бітпейді. Осыны жадыңа тоқып ал. Қош, мен кеттім (Түрегеледі.)
Еңлік. Неге қонбайсың?
Есен. Сенің шырайың түзелмей, мен үйіңе қонбаймын (Шығады.)
Бесінші көрініс
Еңлік (жалғыз). Шырағым түзелгенін күт! Олай болса сыныма толғаныңша, мен де қорқып қатын болмаспын саған.
Алтыншы көрініс
Ақан мен Қалампыр кіреді.
Жапал (тыста). Ассалаумағалейкум! (Бөтен дауыс) Әликсәлем. (Үйдегілер құлағын салады.)
Еңлік. Қалампыр. Ия, біреу келді.
Дауыс. Бала, бұл кімнің ауылы?
Жапал. Ақанның ауылы. Өзің кімсің?
Дауыс. Мен қонақпын. (Тыста киімін қағып Кебек, Жапал кіреді.)
Жетінші көрініс
Кебек. Салаумағалейкум! Кеш жарық (Төрге шығады.)
Ақан. Әликсәлем. Е, жарқыным, қай ауылсың, танымадық.
Кебек. Ата, мен Тобықты Тоқтамыстың інісі, атым Кебек болады. (Еңлік қарайды.)
Ақан. Уа, Тобықтының ер-азаматы аман ба? Елдерің тыныштық па? Кебек. Шүкірлік, аман, ата! (Үй ішіндегілердің бәрімен де амандасады біраз тым-тырыс.) Ақан. Жарқыным. Беймезгіл уақытқа келдің, мына пісіп тұрған аз дәмге ырза боламысың, жоқ қайтадан қазан көтерсін бе? Кебек. Осы да болады ғой, ата! Көтермей-ақ қойсын. (Бұл уақта Еңлік шешесімен сыбырласып отырады. Жапал тысқа шығады.)
Ақан. Өзің түнделетіп қайдан жүрсің, балам!
Кебек. Бүгін бір аңшылық қылып шығып едім, әлгі бір әзірде бір түлкінің ізі кездесіп еді, аң көздің құрты ғой, күн батқанға, соның ізіне түсіп, жаңа міне бір шатқалда алғыздым. Соған алданып жатқанымда, бұлыңғыр түсіп кеткен екен, әйтеуір иттің дауысымен осында әрең жеттім.
Ақан. Мақұл, балам (Айғайлап.) Жапал-ай, Жапал.
Жапал (тыстан). Ау, немене?
Ақан. Қойды күнге қайырып қой, балам! Ығып кетіп жүрмесін, боран болып үйтсе-мүйтсе. Мына қонағыңның атын ыққа байлап қой, балам, шарбақтың ішіне кіргізіп. Қалампыр (Кебекке). Балам! Сен әлде Тобықтының Кебек деген батырымысың? Еңлікжан атын есітіп едім деп отыр. Кебек (Күліп). Батыр дерлік, сонша ел шауып, ығыр қылған өнерім жоқ. Әншейін жұрт қатарлы елге істеген азын-аулақ еңбегіміз болмаса. Еңлік. Бөтен елде отырған соң сыпайылық жөні осы дейсіз ғой. Өз жайыңызды өзіңіз жасырып сөйлейсіз (Күледі.) Кебек (күліп). Сіз қанық болсаңыз болады да. Мен батыр едім, палуан едім деп, не дейін. Еңлік. Кім біледі, баяғыда жауласқан Матайым еді деп, сақтық ойлап отырмасаңыз. Кебек. Сақтық ойласам қоналқаға келіп нем бар, ондай ой-қыры жоқ сақтық бола ма? (Жапал кіріп үйге ас ішіп отырады.) Ақан. Батырым! Елің алды-салдыдан тыныш па? Матаймен тыныштасқан соң енді тыным алып тұрған шығарсыңдар.
Кебек. Осы күні тыныш-ақ. Құлаққа ұрған танадай деуге болады. Ақан. Бәрекелде! Тыныштық жақсы да! Осы екі елдің тыныштасқанына көп шүкірана қылдым өзім, алаш ұранды бір қазақтың баласы жатша жұлысып жатқаны жақсы ма? Жер, су жетпейді деп ұрысқаны сылтау ғой, тіпті. Кебек. Ата, оның рас, бірақ жер-су деген әуелдегі сылтау ғой, біраздан соң ел намысы, ел ұраны деген шығады да тартыстың көбі сол үшін болады ғой. Ақан. Ел ұраны дегеннің өзін де жөндеп қастерлей ме осы ел, Тобықтымен жауласқанда ел ұраны болсын-ақ, бірақ осы Шыңғысты Матай емін-еркін өзі билеп отырғанда да тыныш отырды ма? Өзімен өзі күнде қиян-кескі болған жоқ па?
Кебек. Онда да солай болып па еді?
Ақан. Бәрекелді, болды! Бұл Шыңғыс жердің сауыры ғой. Осының өзінде бір желік бар. Баяғыда жарықтық Асанқайғы айтыпты ғой: шөбін жеген мал құтырар,. малының етін жеген адам құтырар деп. Шыңғысты мекен қылған елдің жұлыстан аман отыратын күні болмайды (Тым-тырыс.) Жапал (Еңлікті түртіп). Қонаққа әңгіме айтқызайық, өзі батырмын дейді ғой, (басын изеп) жорыққа аттанғандарын айтсын (Тоқтап.) Батыр болса болғандай екен, өзі де алпамсадай ғой тіпті. Айтқыз, Еңлік. Еңлік (кекетіп). Жарайды, дәмесінің зорын, сен әмір қылсаң айтатын шығар (Күледі.) Жапал. Е, айтса қайтеді, әңгіме айтпайтын қонақ бола ма? Айтпағанда кәрі кісіше жантайып жатқан жақсы ма (Ақырын күледі.)
Еңлік. Өзінің жамбастап келе жатқанын қара.
Қалампыр. Е, айтқызсаңдар, айтқызыңдар, естиік.
Кебек (басын көтеріп). Бала, осы сенің айналдырып отырғаның мен бе? Қонақтың ырымын істе деп отырмысың? (Еңлік күледі.)
Жапал. Ұрысқан кісіше томсырап отырғанша, әңгіме айтысып отырайық. Қалампыр. Батыр әңгімесін айта берсін, біз қазан түсірейік (Түрекеліп, Жапал екеуі қазан түсіріп, тамақ дайындап жүреді.)
Ақан. Батырым, олай болса бір әңгіме қозғай отыр.
Кебек. Мен ертегі анау-мынауды білмеуші едім, не әңгіме айтам.
Еңлік. Әңгіме жалғыз ертегі дейсіз бе? Өзіңіздің жүрісіңізде талай ертегі бар шығар. Соның бір қызықтысын айтсаңыз да болады ғой. Ақан. Ия, қанекей, қатерге ұшыраған жерде, қайрат қылған батырлығың, болмаса жортуылда жүргенде, қысылшаңда жырындылық қылғаның болса, сондайларды айт, соның бәрі ертегіден артық әңгіме емес пе? (Жапал қолдарын жуғызады.) Кебек. Енді сондай әңгіменің біреуін айтсам айтайын бірақ онда әңгіме ұзын болмайды ғой. Әйтеуір қонақтың ырымы деген ғой (Ет келеді, Еңлік бірге отырады.) Ақан. Оқа емес батыр, ұзақ әңгіме айт деп зорлағанымыздың мәнісі болмас, өзің күні бойы аңда жүрсең, қажыған да шығарсың шаршап, азғана әңгіме айтсаң болады да, көңіл көтеріп аздан соң жатармыз.
Кебек. Мақұл, енді, айтайын.
Еңлік. Әңгіме айтамын деп, ет жей алмай қалып көрмеңіз. Ет жеп алып айтсаңыз қайтеді. Қалампыр. Рас-ау! Бәрің бірдей тақымдап әңгіме айт деп, ет жегізбей жүрмеңдер.
Кебек. Оқа емес, әже, ет жеп отырып-ақ айтамын ғой, етті де ұмытпаспын.
Жапал. Олай болса құлағымызды түріп отырайық.
Кебек. Бес-алты жыл болды, баларақ кезім, Шормен біздің елдің жаңа-жаңа ұстасайын деп жүрген кезі. Ақан. Ия, Шор да қылып еді-ау, бір кезде сіздің елге, айта бер, қарағым, мәртебең өссін. Кебек. Қарашаның күні еді, бір түні кезекте отырғанымызда жылқыны тиеп әкетті деген хабар келді. Беті қай жақ деп едік, осы Найманға қарай деді. Ер-азаматтардың бәрінің де аты белдеуде болатын, атқа міне шаптық, ай көзге түртсе көргісіз қараңғы екен. Артынан қуғанмен жете алатын емеспіз, адастырып кететін болды және жылқышылардан сұрап едік, келген кісінің қарасы бізден көп болып шықты.
Ақан. Ел шабуға келген соң аз келе ме? Саптанып келген шығар. Кебек. Саптауында қапы жоқ десті, сонан соң мұның бетімен жүріп отырып, таң атқанша алдын орап барып тұрғыны бұрын алайық дестік, солай қылсақ қамсыз кезеңде жолығармыз және атты да сабылтпаспыз дедік.
Ақан. Бәрекелді, ие...
Кебек. Айтқандай, бөгелместен желе отырып, таң ата қарауылға келдік, тұрғыны бұрын алып, жұрттың бәрін сақадай сайлап, саяға қойып, таң белдеуленіп атып келе жатқанда-ақ тұрғыға шығып отырдым. Елеңдеп тұрған жұрттың кейбіреуі: сарын естіледі, өтіп кетпесін деп тұрды. Бірақ жер шаршысы белгілі ғой, әлі жете қоймағанын біліп отырмын. Сөйтіп біраз отырдық. Бір мезгілде қарасам көз үшінде шаңы аспанға шығып бұрқылдатып келе жатыр екем. Ақан. Бәсе, олар да топылдатып айдаған ғой, қуғыншы жетіп қала ма деп келеді ғой арсалаңдап. Ия сонан соң. Кебек. Сонан соң аз отырдық. Жақындап келіп қалды. Байқаймыз жылқыны сойылдап келеді. Бірақ тіреліп тұрған жылқы жүруге жарамай қалжаурап қалған көрінеді.
Еңлік. Ет жей отырыңыз, етті аз жедіңіз ғой.
Кебек. Жоқ енді тойдым, тәңірі жарылқасын, табақты әперіңіз.
Ақан. Қарағым, асат қонағыңа.
Еңлік. Олай болса мынаны асаңыз (Кебекке асатады.) Артынан табақты әпереді.
Ақан. Кемпір! Ағың болса қатірім жаса. Батыр ішсін, (Кебекке.) Ия, сонан соң. Кебек. Сонан соң, жау алдына қарамайды, бірісін-бір, екісін-екі арттарына жалтақтай береді, сонда қолында шоқты найзасы бар, бір қылаң атты жүгіртіп биікке шығып алға қарауылдап отырып келеді. Бір мезгілде арттан қуған кісі жоғына көзі жетті-ау деймін, қолына келіп жылқыны тоқтатты. Тәрізі аз ғана тыныстап алғысы келген кісінің түрі бар.
Жапал. Е, құдай сөйтіп төбесінен ұрады ғой (Күледі.)
Ақан. Қой, сөзді бөлмей отыр.
Кебек. Айтқандай-ақ бір шоқының түбіне келді де, жылқыны сайға иірді. Мен қарап отырмын, байқаймыз аздан соң будақтап түтін де шыға бастады, өздері қалжаурап қалған ғой деймін, ыстық істеп ішуге айналса керек. Сол кезде әлгі қылаң атты нақ бізге қарсы тұрған бір шоқының басына шығып, қарауылдап тұрды. Мен бір тастың жанында жаяу отыр едім, әлгі көретін болды, сонан соң шекпенімді шештім де жалпылдатып етекке қарай ұшырып жіберіп, өзім бұғып қалдым.
Ақан. Ия-ия (Бәрі де сорпа ішеді, асжаулық жиылады.) Кебек. Енді құс екен десін, кісі екенімді сезбесін деп, өзім еңбектеп түсіп кеттім, әлгі қылаң атты мені құс екен деді, жайбарақат түсіп кетті. Сонан соң айылды мықтап тартып, тымақтың құлағын жымыра байлап алып бір жылғамен жүгіртіп келіп, тиіп кеттік.
Ақан. Пәлі, енді бір араласшы.
Кебек. Куілдетіп найза қағып қиқулап қуған соң, жылқы жосылып шығып кетті, жаудың бәрі атынан айрылып, жаяу қалды, сонан соң немене, жартымыз жылқыны қуып, жартымыз жауды топылдатып жыға бастадық.
Ақан. Бәрін түсірдіңдер ме? Жоқ қалғаны да болды ма?
Кебек. Сонда атын ұстап қалған жалғыз әлгі қылаң атты болды, біз келіп қалғанда қолында шашақты найзасы бар екен, қап-қап деп жөнеле берді. Соның соңынан түстім, атым ұрт еді, ананың аты бауырын жазғанша қоя ма, қолтық келіп қалдық. Найза салуға шұғыл болып қалды. Сонан соң топ етектен келе алдым, сонда шу-шулеп тебініп жөнелгенде әлгі сытылып шыға берді. Үстінде бота ішігі бар екен, қолымда соның бір өңірі жұлынып қалғаны, алғызбай жүре берді, тақымы мықтыда, соны көрдім. Артынан сұрастырсам, сондағы қылаң атты Найманның Есен деген батыры екен.
Өзгелер. Есен бе? Біздің Есен ғой.
Кебек. Есенді біледі екенсіздер ғой?
Ақан. Білуші едік, біздің құдамыз еді, Сыбанның батыры екені рас.
Кебек. Есен сонда: қапыда кеттім. Кебекпен бір кездессем деп ізденіп жүр дейді (Күліп.) Батыр сондай бәсеке егеспен жүреді ғой. Еңлік. Қашып кетіп егескен батырлығын қайтейін. Қарапайым қазаққа ғана батырсиды екенсің ғой. Ер болса сол арада жолдастарымен бір көрсеші не көрсе де.
Ақан. Ал қалғанын қайттіңдер?
Кебек. Қалғанын байлап алып, жылқыны аман-есен алып қайтқанбыз (Тоқтап.) Бар білген әңгімем осы-ақ. Ақан. Жарайды, қарағым! Рахмет, өмір жасың ұсақ болсын. Қалампыр (Тысқа шығуға ыңғайланады.)
Жапал. Жарайды (Тұра келіп керіліп.) Жә, енді жатайық.
Ақан. Қарағым. Еңлікжан, төсек сал енді (Ақан, Қалампыр, Жапал шығады. Еңлік төсек салып жүреді.) Кебек (шығуға ыңғайланып). Құрбым! Сенің қолқаңнан мен құтылдым ғой енді? Солай ма? Еңлік (күліп). Құтылдыңыз, ия (Кебекке қарап.) Оның несін айттыңыз? Көмейіңізде бірдеме тұр ғой...
Кебек. Несін айтайын (Күліп.) Әншейін сыйға-сый, сыраға бал деген болмаса. Еңлік. Сіздің көңіліңіз әлденеде шығар, бірақ анық Кебек батыр сіз болсаңыз менің сізге айтпақ арызым бар, мезгілімен тыңдарсыз.
Кебек. Мақұл, тыңдамастық шарам бар ма? (Шығады.) Ақан (тыста). Жапал! (Жапал дыбыстайды.) Балам, қонағыңның атына шақтап шөп салып қой, шөптің өзі де аз ғой, таң ата ана қақпатастың түбіндегі орманға аяғына өре салып қоя берерсің, өзің айтақташы!
Жапал. А-а-а-ат-айт... (Ақан, Қалампыр кіріп жатады.) Қалампыр. Қарағым, Еңлікжан, қоламтаңды көміп, көжені қазанға құйып қой, таңертең қонағың ішіп кетсін.
Еңлік. Құйып қойдым өзім де (Кебек кіреді.)
Сегізінші көрініс
Кебек төрге шығып төсегіне отырады, Еңлік тысқа шығады.
Кебек. А... бұл маған не арыз айтпақшы екен, өзім көріп жүрген қызымның ішіндегі қылықтысы, сөзі де, отырысы, тұрысы да, кісіге өте жұғымды, мінезі көрген жерден көңіліме майдай тиді, өзім қыз дегенге құмартып, бой беріп көрген жоқ едім, мынау не жұрттың бәрінен асқан ала бөтен, не мені албырттық, жастық жеңейін деп отыр (Еңлік кіріп жатады, жарық бәсеңдейді, екі-үш минуттей тым-тырыс, Ақан, Қалампыр қорылдап ұйықтайды.)
Тоғызыншы көрініс
Еңлік (Басын көтеріп төсектің үстінде аяғын салбыратып отырып). Батыр! Бері таман кел, менің әлгі айтқан арызымды тыңдап кет (Кебек басын көтеріп баруға ыңғайланады), ұйқыңыз қанар, бүгінсіз де түн бар ғой. Кебек. Бүгінгі түгілі сан күнгі ұйқыны сарып қылмайым ба? Сіз қолқа қылсаңыз, қимайтыным ұйқым ба менің! (Қасына келіп.) Еңлік. Ендеше менің аз сөзіме көңіл бөл (Тоқтап.) Ойыңда көрінгенге көз сүзген әлде қандай қыз деп тұрған шығарсың. Бірақ сен батыр болған соң, мен шынымды айтсам, түсінер деп отырмын. Кебек. Әлі күнге менің көңіліме жаман ой кіргізетін сөз сөйлеген жоқсың. Мен сені сөкпеймін, жалғыз-ақ ойыңдағыны маған көмескі қылмай ашып сөйле. Еңлік. Олай болса менің арызымның, мұңымның үлкені — өз басым, мына көзің көріп отырған әке, шешемнің жалғыз баласымын. Әкем менің, жас кезімде өзіңдей батыр болған, шешем Байжігіттен, ер Қабанбайдың қызы, о да тексіз кісі емес. Бірақ, өткен күнін қайтейін, осы күнде халі бітіп, қартайған түрі мынау. Осы әке-шешем мені бір байдың баласына атастырған болатын, күйеуім былтыр ұрын келді, келгеннен бұрын да атағын есітуші едім, одан беріде көзім көрген соң бір жолата көңілім қайтты, теңім емес, жаман көңілім оған баяндамайды. Қасына да жоламадым. Жолдас болмайтынымды өзіне де сездірдім.
Кебек. Ия, айта бер!
Еңлік. Сол сөзімді естіген боз баланың көбі жағалап келіп жүр. Бірде-біреуіне бой ұрғам жоқ, көңілімдегі іздейтінім — теңім. Бұрын сенің атағыңды есітуші едім, бүгін құдай кез келтірді, кез болдық, өз көзіммен сынап көрдім. Бұрынғы естілген даңқың шын екеніне көзім жетті, мен тең болуға жарасам, сен жарайсың, менің сұрайтыным өмірлік жолдастығың (бетіне қарап) осы тілегіме табыламысың? Жоқ па? Кебек (күліп). Еңлікжан! Сөзіңді ұқтым, (ойланып отырып), бірақ бүгінгі күннен үзілді-кесілді сөз байлап алды-артымызды тұйықтамасақ болмай ма? Жастықтың да достығы бар емес пе? Соны аужал қыла тұрсақ қайтеді? Күйеуің жас шығар. Жас өсіп, жарлы байымай ма? Жаман болса, жаман еркекті жақсы ұрғашы түземей ме? (Күліп қарайды.) Еңлік. Батыр! Маған аз күнгі, арам жүріс аужал емес. Менің көңілім ондай іске баяндайтын болса сізге айтпас та едім, арызданбас та едім, күйеуім жас емес, құдай жаратқаннан ынжық болса оны қайтіп түзетерсің (Тым-тырыс.) Кебек. Ол күннен мен қашпас едім, бірақ сенің басың бос емес, өзің Найманның жесірісің, сені алсам Найман мен Тобықтының арасына тағы бір от жақпаймын ба? Осы екі елдің пәлесі онсыз да жұртты тойғызған жоқ па? Бұған не айтасың? Еңлік (салқындап). Мұндай қауіпті сенің айтатын шағың емес. Есеппен жүрген батыр болсаң өзің білесің. Онда сені қорқытатын тағы бір әңгіме бар, айтқан соң сырдың бәрін айтайын: жаңағы әңгіменің ішінде айтқан Есен менің күйеуімнің ағайыны, бір қыздың басына татимын деген көңіл онда да бар. Сол осында күнде келіп інімді менсінбесең өзіме ти деп жүр. Менің оған да көңілім толмайды. Ол құмармын, асықпын деп жүр, мұны да қоса ойла.
Кебек. Шын ба, Еңлікжан, о да саған құмар болып жүр ме?
Еңлік. Неменесіне таң қалдың әлде көңіліңе сақтық кірейін деді ме?
Кебек. Тоқта, Еңлікжан, олай емес. Есенмен күш сынасып бір кездесіп едім. Енді бақ сынасып тағы кездеседі екем. Ол менімен таласқанда, мен онымен таласпаймын ба? Еңлік. Мен сенің басыңа ынтық болған адаммын, сөзімнің бәрін айтып болдым, бұнан әрі көндірем дер жайым жоқ. Жалғыз-ақ, маған үзілді-кесілді жауабыңды айтып кет. Екі елдің пәлесінен қорқып сақтық қылам десең өзің біл. Бірақ жыны қозғанда бір белге таласатын ел ол. Кебек. Олай болса, мен сен өлген жерде өлдім, әлде қашан көңілім саған ауып еді. Бағанадан бергі сынамақ үшін айтылған сөз еді. Енді мен бекіндім, жалғыз-ақ жолығып жүретін, қашатын күнімізді байлайық (Құшақтасып сүйіседі.) Еңлік. Күнді кезек ақылдасып байлармыз, әзірше жұмасында бір жолығып тұрайық, үйдің артындағы тасқа кезінде келіп тұрсаң болады, қалай көресің? Кебек. Мақұл, қалқам... (Ұзақ сүйіседі. Сол қалде олар отырады, жарық қайта өседі, таң атады.). Еңлік. Міні, таң атып, күн де шықты, өмірге сүйсініп ерген күнім бүгін. Кәне батырым, мен сендік болдым ғой, жалғыз-ақ есіңе салатыным, бүгінгі түн ұмытылмасын, көңілде бір көрген түс секілденіп қалып жүрмесін. Кебек. Еңлікжан, көңіліңе енді алаң кірмесін, бұл күйде де жан тұрмаса тұрмас, бірақ саған айтқан уәде тұрар. Хош бол!
Еңлік. Батырым, мен разымын, қош бол! (Құшақтасып сүйіседі.) Кебек (төсектен түсіп, ыңғайланып). Мен атымды алып келейін, үйдің іші тұрса енді жүрер едім (шығады). Еңлік (әке, шешесін оятады). Апа, тұрыңдар! Қонақ атын алып келіп, жүремін деп кетті. (Екеуі де тұрып сыртқы киімдерін киінеді.) Қалампыр. Жүремін десе, түндегіден қалған тоңазып тұрған ет бар, соны бер. Қарсақжон ішсін (Ақан шығады.)
Еңлік. Дұрыс.
Қалампыр. Әкең екеуміз малды жайлап өргізейік қонағың асықса, тамағын беріп, жүргізе бер! (Шығады.)
Оныншы көрініс
Еңлік үйде жүріп тамақ дайындайды. Кебек кіреді.
Кебек. Енді мен жүрейін, атымды әкеп, ерттеп қондым.
Еңлік. Ас дайын тұр, ішіп кетіңіз (Тамақты әкеп қойып, тысқа шығады.)
Кебек (жалғыз). Еңлік үшін құрулы мылтық, құрсаулы жауға кездессем де шыдадым (Еңлікке) Еңлікжан, ас иесімен тәтті деген, келіп тамақ же. (Еңлік келіп отырады. Ақан кіреді.)
Он бірінші көрініс
Ақан. Батырым, жүруге айналдың ба?
Кебек. Ия, ата!
Ақан. Қарағым, арлы-берлі өтіп жүргеніңде соға жүр, (Кебек ас ішіп болып, киініп, жүруге ыңғайланып.) Кебек. Ата, мына түлкі олжа ғой, құдай кез келтірді, сіз байлаңыз, шығыт тымақ істетіп алыңыз (Ақанға береді.) Ақан (алып). Балам, рахмет, қайда жүрсең де аман жүр, қош бол! Еліңнің ер-азаматына сәлем айт. Кебек. Қош бол, ата. Ақан. Қош! Еңлікжан, қонағыңды аттандыр (Кебек, Ақан, Еңлік шығады, біраз тым-тырыс. Есен кіріп, домбыра тартып, күйлеп отырады, Еңлік кіреді. Есен ән салады.)
Есен. Ару ең, ата-анаңды мақтандырған,
Мен едім кеше сені сақтандырған,
(көзінің қырымен қарап)
Бүккен сыр ашылатын жер болды ма!
Ерке қыз, қонағын кім аттандырған?
Еңлік (домбыраны алып ән шырқайды).
Ата-анам еркелеткен баласымын,
Көзінің ағыменен қарасымын,
Қонағын үйге келген кім күтеді
Алдымда аға-інім жоқ дарасымын.
Есен. Жауап бер, сұлу бикеш, жөн сөзіме,
Құбылтқан мен сенбеймін жел сөзіңе.
Атаңның бас сыйласқан құдасымын,
Неге мен ілінбеймін оң көзіңе?
Еңлік. Ұсақтық батырлықпен егіз емес,
Қызды анду ер жігітке негіз емес.
Күймей-ақ айла, сабыр, ақылмен ал,
Ой жетпес қыздың көңілі теңіз емес.
Құбылма мінезің бар неше түрлі,
Жігіт бол батыр болсаң сегіз қырлы.
Аңду мен қызғануды өнер қылсаң,
Қайрат жоқ сенде мақтар әйел құрлы.
(Есен жылдам басып шығып кетеді. Еңлік домбырасын ұстап аңырайып қалады.)
Шымылдық
ҮШІНШІ ШЫМЫЛДЫҚ
Ақанның үйінің сыртындағы жартас. Жартас ойын бөлмесінің екі жағында қақпа секілденіп келеді, орта ашық, алыста биік тау. Жартастың арғы жағы аздаған тоғай. Уақыт жазғытұрымғы күн, түс мезгілі. Перде ашылғанда аз тым-тырыстан соң ойын бөлмесіне жақындап, алыстан салып келе жатқан қыздың әні естіледі... Дауыс басында алыстан үзіліп шығады, жақындаған сайын күшейе береді.
Дауыс. Жар көрсе сүйінеді сағынған жас,
Толқытпай оған көңіл ерікке қоймас.
Сұраймын уәде ұстап келді ме деп,
Бауырына жан батырым айтшы, жартас.
(Тым-тырыс.)
Жауап жоқ, меңіреу жартас мұңға батқан.
Дыбыс жоқ, дүние жым-жырт тастай қатқан,
Қуанту, суалту да өз қолында
(Ойын бөлмесіне шығады.)
Асықтық! Қиын дертсің жастай тартқан.
Бірінші көрініс
(Тастың жан-жағын таңданып жүріп қарайды)
Батырдың бүгін еді келмек күні,
Тәңірдің өтпеп пе еді күн мен түні.
(Қиналып.)
Сағынып көрмегелі апта болды,
Естілші тым болмаса жалғыз үні..,
(Тым-тырыс. Жартастың басына шығады. Ақ көйлек, қара кемзалы бар, белі қыналған, басына үкі таққан үлкен қамшат бөркі бар. Қолында бүктеулі қара шапан күн батысқа көзін салып қарап, бір қолымен мықынын таянып, ән салады.)
Бұлғыр тау бұлдырамай қойныңды ашшы,
Шырқашы есітіліп даусым ащы!..
Салақсып салғырт батыр салқын жүрсе,
Оятып, асықтыршы, болшы, баршы...
Зорайып қатарланған белден асшы,
Созылып батыр жүрген сайды тапшы.
Жайылып әлде жүрген даласына,
Қайытпас тас жүрегін маған тартшы.
Сағынса құрышын қандыр құлағының,
Қажыса күшін ендір білегінің,
Жау оғы душар болып, әлсіз болса,
Суын бер Әбілхаят бұлағының.
(Соңғы өлеңнің орта кезінде жартастың екінші жағынан Есен шығады. Белінде садағы, қолында найзасы бар.)
Екінші көрініс
Есен (Еңлік әнін тоқтатқанда, жерде тұрып ән салады).
Ерке қыз, иесіз тауда неғып тұрсын,
Құрбысыз жалғыз көрген көзім құрсын.
(Кекетіп.)
Шыңғыстың шыңында өскен тағы болып,
Таста ойнап ор қоянша неғып жүрсін.
Қадалған қара көзің мөлдіресін,
Үніңді досың естіп елжіресін.
Сырнаймен жау тартатын сыбызғыдай,
Белгіні кімге беріп келтіресің.
Еңлік (тастың үстінде тұрып, көңілсіз пішінмен).
Беретін бұл сөзіңе жауабым жоқ.
Аңдысар сеніменен көңілім жоқ.
Сақ жігіт ізді қуған сен бола ғой,
Әзілдеп жала жабар дәрменім жоқ.
Үй-жайым жат болмаса саған мәлім,
Білесің әкемнің де бойында әлін.
Мал көздеп шаруаны басқармасам,
Ата-анам кім сақтайды қолда азын.
(Есен қыз тұрған тастың түбіне келеді).
Есен (қатты). Еңлік, жетті енді алдауың, аңқау, нанғыш болғандағы сенен көрген сыйым осы ма? Не ойың бар, жөніңді айт?
Еңлік. Не айтқызбақшысың маған?! Білгеніңді өзің айтшы әуелі. Есен. Бикеш, көлгірсіме, мен сенің артыңнан бақпай жүрген шығармын. Аптасында осы жерге бір келесің, не аңдып жүрсің? Кімді тосып жүрсің? Айт осыны. Еңлік (күлімсіреп). Батыр, сөзіңе сенемін (Басын изеп.) Аңдитының рас, ол мінезің маған белгілі, мен аптасында емес, күніне бір келемін, тіпті құдайдың құтты күні осы тауда жүремін. Не қыл дейсің? Көргеніңді айтшы сондағы. Есен. Мен өзім бағып жүргем жоқ, бойыма мін болатын нәрсені білемін, аңдисың деп түйремей-ақ қой! Бағып жүрген кісі менен басқа, сол айтты. Еңлік. Оның да бір тәуір екен. Олай болса сол бағып жүрген кісіңнен көргенін сұрап кел? (Күліп.) Бет алды байланысқаныңның жөні бар ма? Есен (найзасымен жерді түйіп). Бұлтарма, шыныңды айт. Қасыңа келген кісіні көрген, оны қайда тығасың. Еңлік. Көрсін. Тасқа талай кісі келеді, оны айтсаң, батырсың ғой, Шыңғыстың тауынан кісі жүргізбе? Далада жүргенде, аң қуған аңшыны, жау қуған батырды, жоқ қуған жоқшыны да көрдім. Қызды қуған боз баласын да көрдім. Аңдыған кісің бұны да көрген шығар, не қыл дейсің. Есен (наныңқырап). Өтірік айтасың, сенің іздеген кісің бар (Еңлік күледі. Тым-тырыс.) Есен (Еңлікке қолын созып). Еңлікжан, шыныңды айтшы, қинамашы, көңілің ауған кісің болса, білдірші! Маған, мен жайыма жүре берейін. Еңлік (Есеннің тымағын алып, қолымен төбесін басып тұрып, күліп қарап). Батыр, сабырсыз болма, менде жат ой бар деп қиналма. Мен әйелмін ғой, маған сыр білдіріп кішірейме. Сенімсіздік қылып ұсаққа да сатылма. Есен (Қуанып күлімсіреп Еңлікке қарап). Еңлікжан, ақылың асқар таудай емес пе? Айтшы осындай сөзіңді, көрсетші жылы шырайыңды, көңілімдегі бар күмәнімді кетірші, мен сенен жеңілейін. Бір жағы шынымды айтайын, қорқамын сенен. Айлалы әйелден қиын қамал жоқ екеніне көзім жетті. Еңлік. Батыр көңіліңді орнықтыр, күдікті кетір, үш күннен соң осы араға кел. Байлаулы жауабымды естіртейін (Тымағын басына кигізеді.) Әзірше қайт (күліп) аңдытқан кісің тағы да тағар өсекке. Есен. Енді өсектің керегі жоқ. Жұрт сөзіне нанбаймын. Өзіңе нандым, болады (Жүруге ыңғайланады.)
Еңлік. Жә! Аңдытқан кісің кім? Атын айт енді?
Есен. Айтайын, бірақ оған ұрысып жүр ме?
Еңлік. Ұрыспаймын, айт?
Есен. Жапал!.. Одан артық аңдушы бола ма? Бірақ, құдай атқан ешнәрсені біле алған жоқ (Түсін суытып.) Еңлік менің көңілім саған әбден ауған. Мазағыңды көтермейді. Мұны ұмытпа, жалғыз-ақ (Кетіп бара жатқанда бір жағынан Кебек шығады, екеуі біріне-бірі қарап аңыраяды.)
Үшінші көрініс
Есен (Кебекке қарап). Еңлік, бұның кім?
Кебек. Еңлік, бұл кім?
Еңлік (Кебекке қарап). Әуелі жатқа жақынымды таныстырайын (Есенді көрсетіп.) Бұл менің қайнағам батыр Есен. (Кебек таңданады, Есенге Кебекті көрсетіп.) Бұл жігітті жоқ қуып жүргенде бір көріп едім, ұмытпасам аты — Кебек (Есен басын жұлып алып, Еңлік пен Кебекке қайта-қайта қарап таңданады. Тым-тырыс.) Еңлік. Неге аңырып тұрсыңдар, лайығы жоқ болса да екеуіңе жөнді мен айтайын ба? Екеуің де кісілігің бар азаматсың, сабырлы батырсың, жауласқан елдің ұлдары болсаң да, біріңе-бірің амандықты қимаймысың, неге амандаспайсыңдар. Кебек. Бикеш, сөзің дұрыс сенің. Мен өз басымды, өзім ақтайын... Аңнан басқа жан жоқ деп келе жатқанда ойда жоқтан алдымда бір қыз, бір жігіт тұрған соң өңім бе, түсім бе деп таңырқап қалып едім. Біріңе-бірің бөтен кісі емес екенсің, түбінде қайда кездессеңдер де оқасы жоқ екен. Еңлік (Есенге). Батыр, сен не айтасың? Ана кісінің сөзінің құйрығы екеумізге соғып тұр ғой. Есен. Жұрттың жаласынан жасқанбаймын. Көлденең келген көк аттыға сынататын жат қылығым жоқ. Құдай қосқан жесірімсің, жұрттың сенде не жаласы бар, менде не ақысы бар. Кебек (Ашуланып). Батырлықтың бір міні тасырлық деуші еді. Өзге енеріңді білмеймін, тасырлығың бар көрінеді. Бірақ, екеуміз қан майданда кездесіп тұрғанымыз жоқ. Екеуміздің де сыншымыз — әйел затының жанында тұрмыз. Сөзіңе азырақ ие болу керек емес пе екен? Есен. Сен де тіл жағыңа сүйеніп ұрыншақтық қылмай-ақ қой, сен кірісетін сөз жоқ. Еңлік мені сынап болған. Кебек (Еңлікке қарап). Рас айтасың, дөң астында кездесетін келін, қайын ағаның сырын білетін шығар. Қайын ағасына да келін сыры мәлім шығар. Бірақ, өткен-кеткен дос-дұшпанға әйгілеткенің не? Әлде келініңе о да жаға ма екен? Есен (басын жоғары көтеріп, ашуланып). Қысқарт енді сөзіңді, қалай тигізесің сөзіңді, тіліңді, ізденіп жүрген жаумысың әлде? Кебек (Саспай қатты). Іздегенде не қыласың? «Өтпес жарлық, бойға қорлық» дегенді білемісің? Айбынды батыр сен болып, ағып кететін қатын мен болыппын ба? Көрсетші тағы ашуыңның артын. Есен. Сенімен езіп тұрар жайым жоқ. Іздесең мен де сені іздегенмін. Шық жекпе-жекке. Кебек. Ә-ә, кел-кел «ер шекіспей бекіспейді» сырлас келініңнің алдында мақтанбақ шығарсың (Екеуі де ыңғайланады.)
Есен. Мен келінімді саған мазақтатпаймын.
Еңлік (Тастың үстіне тұрып). Е, е, ей батырлар, жігіт болсаңдар тоқтаңдар (Екеуі де жалт қарайды.) Екеуіңнің ортаңа әйел басыммен төрелік айтпасам, басқа кісі жоқ. Кебек (Ашуланып). Бикеш, сен де мұның кісісісің, төрелігіңді алмаймын. Екеумізге тең кісі болсаң, жөніңді айт қазір. Еңлік (Кебекке). Батыр, шараңнан аспа, сен адасатын іс болған жоқ, аңғалдық қылсаң, ер емессің (Есенге жақындап құлағына сөйлейді, сол уақытта артындағы Кебекке қой деп, ым қағып қолын шайқайды, Есенге) сөзге шалысып, ұрысқа неге ренжимін, ол табалаушы дұшпан. Жұртқа жаман атым жайылады. Қызғаншақтығыңды мен білейін, өзге кісі білмесін. Жігіттігіңе мін болады. Ашуыңды тоқтат. Сенен бір тілейтін тілегім осы. Кебек. Бикеш, оңашалап айтқан бітіміңе мен разы емеспін. Айтатын болсаң, екеумізге бірдей қылып ашып айт. Еңлік. Мен айтсам, екеуің де тентексің. Алдымен жақынымның тентектігін айтайын (Есенге қарап.) Есен, менің басымды қорғамақ кісі болсаң да олақтық қылып тұрсың. Кебек екеумізге бірдей арам жала жауып тұр. Сен қорғамақ болсаң, сөзіңмен ағартып қорғасаңшы, пәледен сөйтіп құтқарсаңшы. Соғысқаның ағартқаның ба? Жаланы мойынға алғаның емес пе?
Кебек. Бәсе, ақылың дұрыс қыз болсаң да намысыңды өзің қорғасаңшы сөйтіп. Еңлік (Есенге). Қорғамағың мен болсам, бұныңа разы емеспін. Батырдың жаққан күйесімен қарайтып әкеткенің болысу емес. Есен. Олай болса әзілің жарасқан батырың екен ғой, жағынам деп жаныңды бер. Өзіңді өзің ақтай бер. Тентек мен екенмін ғой?! Еңлік. Жалғыз сен тентек емессің (Кебекке қарап.) Қонақ батыр, сен де тентексің. Батырлықтың жөні бар. Бір жақтағы Матай қызының намысын жыртып, жөн-жосығын білмейтін жат біреумен арандасудың саған да орны жоқ. Кекетіп қағысуың орынсыз.
Кебек. Мақұл, мейлің, бұл болмасаң күл бол, сен үшін менің нем шықты. Еңлік. Енді екеуіңе айтатыным: екі ру елдің атқа мінген азаматысыңдар. Ен далада қызға таласып арандасыпты деген атақ екеуіңе де жаман. Әсіресе ол атақ маған жаман. «Ел құлағы елу» бұл сөз жұрттың бәріне де жайылар. Енді мен қастарыңнан кетемін және мен үшін таласатын, мал емеспін, жер емеспін, менсіз де күштеріңді сынамақ болсаңдар, сылтау табылар, екеуің де жөніңді тап, жайларыңмен жүре бер.
(Батырлар аңырып қалады. Еңлік кетіп бара жатып ән салады.)
Шын батыр уәдесінде удай тұрар!
Кездесіп қира керің тұрған шығар.
Бой беріп сабыры мен ақылына,
Келер деп кезін тосып әлі шыдар.
(Кетіп қалады, әнінің аяғы естіліп тұрады.)
Төртінші көрініс
Есен (Теріс қарап). Маған айтқан жұмбағы ғой, уәделі үш күніне шыдармын.
Кебек (Теріс қарап). Маған айтты, кетіп қалма, тос дегені ғой.
Есен (Кебекке ашуы тарқаған кеудесін көтеріп). Кебек! Сенімен мен мұндай жерде кездесем деп ойламап едім. Бірақ ниетім қай жерде кездессем де, бір шайқаспақ еді. Қыздың сөзі тоқтатып кетті. Кебек. Ізденіп жүрсең неменесі бар. Тоқтамаймын десең әлі де еркің өзіңде, батырдың кегін қыз билеуші ме еді (Көздерімен айтысады.); Есен (Қатты тәкәппарланып). Жоқ, мен қыздың сөзін мақұл көрдім. Бұл жерде соғыспаймын, жесірімді Кебек әкетіп бара жатқанда соғысқан болам. Атағым солай шығады. Өйтіп аруағымды кішірейтпеймін. Кебек. Олай болса бағана несіне арам тер болдық? Әуелі қыздан ақыл сұрап алмай. Есен. Ендігі сөзім мынау. Бұл қыздың турасынан бұдан былай екеуміз кездеспейік. Кездессек сол жерде оң-терісімізді найзаның ұшы, білектің күші айырсын. (Кетуге айналады.)
Кебек (Салмақпен). Мақұл, мен кездесуді тіледім енді.
(Екеуі екі жаққа кетеді. Бір аз тым-тырыс.)
Бесінші көрініс
Тасты жағалап ойын бөлмесіне қойшы Жапал шығады. Беліне ақ таяқты көлденең ұстап, екі қолын артқан, ыңыранып, қазақша ән салып келе жатады. Жапал (Аз тым-тырыстан соң). Осы жартасқа Еңлік неге келе береді бұл, ә! (Тастың жан-жағын еңкейіп қарап жүріп.) Бірдеме бар ма әлде? Дәнеңе жоқ. Бүгін де осы арадан кетіп бара жатыр. Әлде ертегідей жер астына түсетін есік бар ма екен (айналасына қарап) тұтқа болады деуші еді ғой әліден өзімше жер астына түсіп, алтын, гаухар тауып алсам. Бір жағында жібек шымылдықтың ішінде отырған ай мен күндей әмбеге бірдей перінің сұлу қызын тапсамау, ай-жалған (Тоқтап, басын шайқап.) Бұл Еңліктің несі бар? Тоқтай тұр: өзі осы араға келген сайын ән салушы еді ғой, қыз болып ән салайын, кім келер екен, не болар екен? (Тастың үстіне шығып ән салады.)
Тор айғыр тоқпақ жалды қорада тұр,
Пат құндыз, дүрия камшат қалада тұр.
Алыстан ат арытып келгенімде,
Мақпал қыз, мойнын бұрып қара да тұр.
Ажарың ақ түлкінің ажарындай,
Жаманға салма құдай назарымды-ай.
Аулыңнан қыз кеткен соң қызық кетер
Тарқаған жәрмеңкенің базарындай.
(Тамағын кенеп, жан-жағына жалтақтайды.)
Ой, қалқа, сен ақ қоян шыңнан қашқан,
Артыңнан мен ақ сұңқар тілеп ұшқан.
(Тағы да қарап.)
Айырылман бұл дүниеде деген сәулем,
Айырған екеумізді қандай дұшпан.
(Тағы да жалтақтап қарап.)
Әй, түк шықпады ғой, ешкім келмей жүрмесе игі еді. Еңлік жанынан шығарып айтушы еді, соның бір өлеңін айтайыншы:
Мекенім хан Шыңғыстың саласында,
Көп Матай қонысым бар арасында.
Шыңғыстан айырылып өтіп шыққан,
Ауылым тоғайлы өзен жағасында.
(Жан-жағына қарап тура келіп). Дәнеңеге де болатын емес қой, қой, енді кетейін, қойым ұзап кеткен шығар (Кетіп бара жатып ән салады, арт жағынан ойын бөлмесіне Кебек шығып, әнін тыңдайды, ақырын жартасқа қарап келе жатады. Жапалдың әні.)
Ұрпағы ата, анамның, мен жалғыз бас,
Сүйенер аға, інім жоқ, қуатым аз.
(Ойын бөлмесінен кетеді.)
Ерігіп іш пысқанда келетінім!
Меңіреу тіл-аузы жоқ, қақпа жартас.
Кебек (Әнге құлағын салып, тасқа жақындап келіп шошынып қатты). Қақпа жартас! (Екі жағындағы тасқа қарайды: Қақпа жартас осы ғой. Ойланып.) Абыз айтқан қақпа тас та осы ма? А-ә-ә!!. Бүгінге шейін шыққыр көзім шығып кеткен бе? Неғып көрмегенмін (Тасқа қарап.) Мынау қақпа! (Ойланып салмақпен.) Қақпа тастың түбінде биік қабақ сұрлау қыз кездеседі деген (Басын көтеріп қатты.) Ол Еңлік (тым-тырыс) шын ба? Өтірік пе? Өңім бе? Сандырақ па? Бұл күнгі батыр не? Енді кездессек өліспекші болдық (Ойланып.) не Еңлікпен көңілі қосылған. Не ойында қосылу бар. Ол шын айтады. Енді кездессек қағысамыз. Әлде соның қолынан өлем бе? (Созып.) Ах-ах бұл күнгі көргенді ойын секілді көрсем ойын емес екен ғой. Ә-ә!!! Еңлік кім маған? Қас па? Дос па, Абыздың айтқаны болса мен қыздан өлемін ғой. Бүгін менімен қашпақ күні еді (Асығып.) Қазір сынаймын. (Далаға қарайды.) Келе ме? Келмей ме? (Біраз тұрып.) Енді келмейді, өзім барайын (Алдынан Еңлік шыға келеді.) Еңлік (Кебекке құшағын жая жүгіріп). Батыр, сөзімді ұққан екенсің ғой. Ризамын (Келіп мойнына асылады.) Кебек (Салқын). Еңлік, әуелі маған жауап бер! Бүгін менімен кетемісің? Жоқ па? Әлде тағы аялың бар ма? Еңлік (таңданып, Кебекке қарап). Көрмей жатып неге бастырмалаттың? Ойыңда бір қорқыныш бар ма?
Кебек. Ойымда не барын не қыласың? Түзу сөзіме жауап бер, әуелі. Еңлік (Күлімсіреп, Кебектен алысырақ кетіп). Қорқынышың болса ойланып ал. Көңіліңе іс өткен соң қобалжу кіріп жүрмесін? (Кебекке қадала қарап.) Бүгін кетпеймін. Кебек. Еңлік, бүгін менің сынымдасың, бүгін кетпейтінің шының болса, сырыңды білдіргенін, сенің жайыңды түйдім, онда (Еңлікке қарап) кетпейсің ғой бүгін. Еңлік (күліп). Бұл мінезді қайдан таптың? Іш тарлығың ба? Жоқ шынымен істеп тұрған сақтығың ба? Жөнін ұқтыршы? Мен кетпегенде не үшін кетпейді дейсің? Кебек. Маған бүгінгі күні кетем деген бір ауыз сөзіңді айтпасаң, жөнімді ұқтырарым жоқ. Айт шыныңды, кетемісің, кетпеймісің? Еңлік (қасына келіп, таңданып). Бұл қыңырлыққа не дауа? Әрине кетемін, бағанада киімімді киіп дайындалып келгемін. Әлгі біреу бөгет қылғаны болмаса... Жүр. Қазір-ақ кетейік, енді көңілің көншіді ме? Сенімсіздігіңнің жөнін айтшы кәне?.. (Кебектің мойнына асылады.) Кебек (құшақтап сүйіп). Қалқашым, көңілім жаңа орнықты. Бағана сен кеткеннен бері ойыма не кіріп шыққанын білмеймін.
Еңлік. Айтшы, не кіреді? Әлде, мені Есенге азды деп ойладың ба? Кебек. Оны ойлап бұзылғам жоқ. Бірақ көңіліме ойда жоқтан бір түйін түсті, соны әлі күнге шеше алмай тұрмын.
Еңлік (Қадалып). Не түйін айтшы?
Кебек. Екі-үш жыл болды. Абызға келер күнімде не қауіп-қатер бар деп болжатқанымда айтып еді. Тез заманда қақпа тастың түбінде биік қабақ сұрлау қыз кез болады. Ажалың содан деп. Бүгін қайдан келгенін білмеймін, сол сөз есіме сап ете түскені. Еңлік (шошып). Кебек, жаным не дейсің, сені өлтіретін кісі мен болғаным ба? Сенің жолыңа басым құрбан болсын деп жүрсем, не деген сұмдық (Кебекке.) Батырым, Абыздың сөзі мені шошытты ғой. Кебек (күліп). Еңлікжан, шынымен айтып тұрмысың, ер емес екенсің ғой. Мен сенің қастық қылып өлтірмейтініңді білемін. Оған Абыз түгіл әулие айтса да нанбаймын. Одан басқа неменесі бар! Өлімнен адам баласы құтыла ма? Мен биттей шошымаймын. Еңлік. Маған қайда жүрсең де аман жүргенің керек, ойда жоқтан қауіп пен қатерге ұшырап жүрмесең?!! Кебек. Еңлікжан, нар тәуекел, осы жүргенде мен де ермін деп жүрмін ғой. Баяғыда айтылған бір сөзден несін шошиын (тым-тырыс.) шапаныңды киіп ал, жүрейік енді, аруаққа тапсырып. Еңлік (шапанын киіп, белінен бір кез шытты алып). Абыздың сөзі рас болса, қақпа тас деген осы ғой, бұның да иесі бар ғой. Мына біреуді ырым қылып байлап кетейін (тасқа байлайды) батыр, неғайбыл жолға кеткелі тұрмыз, көңілімде сенен іркіп қалған сөзім болмасын, сырымды айтайын.
Кебек. Ол не сыр, айт.
Еңлік. Бүгін сені осы жерде тосып тұрғанымда Есен келіп қалды, соны тез жөнелту үшін үш күннен соң осы араға кел, жауап беремін деп жіберіп едім. Сыртыңнан жау істейтін қылықты істеп едім. Сонымды түбінде кешірерсің. Кебек. Оқа емес, Еңлікжан! Сенің көңілің менде екеніне күмәнім жоқ енді, кәне болдың ба? Еңлік (өңі бұзылып). Болдым. Бірақ әке-шешемнің қолынан аттандырып, құтты орнына қондыратын баласы едім. Керек десе оң батасын алмай да кетіп барам. Туған ел, өскен жеріме қоштасып, бір-екі ауыз өлең айтып кетейін, аял қыл... Кебек. Айт, Еңлікжан, сенің өлеңіңнен менің жалығатын күнім жоқ (Аз тым-тырыс.)
Еңлік (әнмен):
Көп заман байқамаппын кетіпті өтіп,
Жас дәурен өтпес деуші ем үміт етіп.
Ата-анам кеше ғана алдында боп,
Бұл күнде жар таңдаппын бойым жетіп.
Ата-анам! Ақ батаңды аттап кеттім,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Болсам да шұбар жылан іштен шықтым,
Қарғамас, сілемес деп сеніп кеттім.
Ағайын! Мен қимаймын аймағымды,
Жүдеттім санасыз қыз аруағыңды
Таңдырып Арғын, Найман өсегіне,
Күшейттім құрық беріп жау жағыңды.
Туған ел, амандасам жас-кәріңе,
Бірге өскен құрбы-құрдас дос бәріңе,
Жарасқан әзіл сауық, аға-жеңгем,
Аласың не деп мені естеріне?!
Өскен жер, қош есен бол, хан Шыңғысым,
Өзгермей құт сақтасын жазы-қысын.
Шүйгін шөп, мол суда өсіп мал кіндігі,
Молайсын ел байлығы көрмей қысым.
Аман бол, найза шоқы тоғайлы өзен,
Өрістеп қой асатын тұмсық кезек,
Бөрлі мен батыр шыққан Қарауылым!
Ен дала көркі болып жалғыз безен.
Бауырына қос өзенің талмай ақсын,
Палпан ши көл құрағын іздеп тапсын.
Аралап Мұсақұл мен Жидебайды,
Пішендік көгалдарға суын жапсын.
Ақадыр Шүйгінсумен алыс Орда!
Амандық мен айтамын кетер жолда.
Ақ дала, қара бөктер, қатар таулар,
Аман бол үймелеген оң мен солда.
Жылы сай, тас қорамен сен де аман бол,
Ескектеп оңнан соққан жел де аман бол.
Мал басым берекеңде өніп-өскен.
Қара жұрт қоқырсыған қор да аман бол.
Қашқын қыз болдым тастап сендердің
Аруақ сонда-дағы демеушім сен.
Тең-теңін, тезек қабын іздейтұғын,
Жаңылма өз-өзімен дегеніңнен.
(Кебекке жақындап, құшақтасып кетіп бара жатып.)
Білмеймін қандай асу жолда жатыр,
Құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр.
(Ойын бөлмесінен шығып бара жатады.)
Сиынып аруақ пен бір құдайға
Ұстадым етегіңнен, баста батыр!
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ ШЫМЫЛДЫҚ
Бірінші көрініс
Қабекеңнің ауылының сырты. Дала көгал, алыста таулар көрінеді, ойын бөлмесінің бір жағынан ағаштың бұтақтары шашырап көрініп тұрады. Жаюлы ақ киіз кілем. Би (Жалғыз). Елімнің жағаласуы жетпеді ме? Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей деген кейіпті батырларым кимеді ме? Тәңірдің әлі де болса олқысы бар дегені ме? Енді қандай сыбаға тартар екен? Найманды даңды судай тасқызып, бұрық-сарық еткізіп мұнда әкеле жатқан қызыл қарын жас баланың маңдайындағы соры ма? Әлде алалы жылқы, ақтылы қойдың тері ме? Найман бұл жолы келсе ашынып келеді. Білемін Матайдың талайдан Тобықтыда жүрген есесі бар. О да Найманды шүйлемей қоймас. (Ойланып, аунақшып.) Тағы да тебінгіден тер, қабырғадан қар жауғызам ба? Жоқ қылша мойным талша деп, бас ием бе? (Ойланып.) Бірақ Найман кегі оңай емес, салмағы ауыр... Оңайшылықпен бітім таппайды. Кебек сынды батырыма қатер көп, аз ұл Тобықтыма қамқор болған ардагерім. (Басын шайқап тоқтайды. Көбей, Кембай келеді, сәлем беріп қол ұстасып амандасады!)
Екінші көрініс
Би (Көбейге). Жарқыным, аз ұл Тобықты аман ба? Ер азамат не күйде? Көбей. Ел тыныш, ер аман, би... (аз тым-тырыс.) Найман кісісі ел шетіне келсе керек, бүгін осында келіп түспек дейді. Барлығы жүз қаралы кісі болса керек.
Би (түнеріп отырып). Сөз ұстап келе жатқан басшысы кім екен? Көбей. Басшысы қисық Еспембет, онан соңғысы Жомарт дейді. Тағы Кебек алып қашқан қыздың, әмеңгері Есен деген Найманның батыры дейді. Ішінде қатты өршеленіп келе жатқан сол болса керек. Би. Ендеше, бітімнен дәме қылмаңдар, бітімі жоқ без бүйрек Еспембетті салған соң Найманның ау-жайын түйдім. Бұның ұстап келе жатқан екі-ақ түсті сөзі бар ғой, не Тобықтыны шөге түсіріп жығып кел, не тұрысар жеріңді байлап кел деген екен. Артындағы Найман қол жиып, отыр екен ғой, одан алған хабарларың бар ма? Көбей. Хабар келіп отыр. Айтқаныңыз рас. Найманның еркек кіндікті азаматы қалмасын деп жар салып жиып алып, Қартпай би тарқатпай иіріп отыр дейді. Би. Ендеше белді бекем буғаннан басқа не қалды? Елге жар салмадыңдар ма? Жиылып дайын тұрмаса болмас.
Кембай. Әрине, онсыз бола ма? Енді не болса да қамсыз отыруға болмайды. Көбей. Кеше сол хабарды естіген соң ел-елдің басты-басты адамдарына кісі шаптырып жібердім, құлама бесін кезінде олар да жиылып қалар. Би. Елге көп сөзді даңқтандырмаңдар, не істесек те Найманның бетін көріп отырып істерміз, ел іші дегенім: қандай заман болса да, құлағы түріңкі отырсын дегенім. Көбей. Мақұл ғой, сөздің арты неге соғатынын кім біледі? Көп ел жиылса өз құлағымен есітіп кетер, қапысыз болармыз.
Би. Кебек ел ішінде емес қой?
Көбей. Ел ішінде емес.
Би. Бұл екі елдің сөзінде көлденең ағайынның көз құлағы болса, мақұл болар еді. Арғынның өзге елінен келетін кісі бар ма екен? Көбей. Кебек, Арғын ішінде сүйеу қылған бір бабам едің, деп Қараменде биге сөз салдырған екен. Мен де сәлем айтып жіберіп едім. Бүгін келеді деп отырмыз, елінен шықты деген хабары келді. Би. Келсін, мақұл. Әншейінде Тобықтыға тентексің деп көзін алартып, мүйіздегісі келіп тұратын көп жуанның ішіне қосылмақшы болып, көп Тобықты аруағына жау болып еді. Енді Арғын, Найман салмағы таразыға түскенде қайтер екен?! Ағайынның ау-жайын байқайтын, бір кезеңге келіп тұрмыз ғой, не болса да (Тым-тырыс.) Найман келетін болса тосып аларсыңдар, мен атқа мінем. Көбей. Мақұл, мінсеңіз мініңіз (Аз тым-тырыстан соң.) Біздің ұстайтын сөзіміздің нұсқасы не болады? Би. Тобықты соры ашылмаған ел ғой, қай қияға соғарын болжай алмаймын. Түбінде Найман ұстаған екі сөздің бірін біз де ұстасақ керек (тоқтап) әйтсе де икемге келер ме екен? Тамырын ұстап байқаңдар сөз кесігің маған қаратсаңдар (Көбей басын изейді.) Мына жотасы көрінген екі сөздің екеуі де біздің елге жайсыз: (тоқтап) бірін ұстасаң елдің сағы сынады, бірін ұстасаң зықысы шығады. Аралықта не бітім болса, соған тоқтарсыңдар. Көбей. Мақұл, не болса да бетіне қарай іс қылатын болдық қой. Кәне енді жүресіз бе?
Би. Жүрейін (Кембай, Көбей кісесін буындырады. Би шығады.)
Үшінші көрініс
Кембай (аз отырып). Бидің осы кетіп қалғаны лайық бола ма осы, Көбей би? Найман тізе көрдім деп шұбырып келеді, ердің құны, нардың бұлындай сөз ұстап келе жатсам, би менсінбей атқа мініп кетеді, бұнысы қай жуандық деп, осының өзін бір ұпай қылып жүрмесе.
Көбей. Ол сөзді сен бабына бармай айтасың.
Кембай. Қалайша?
Көбей. Найман бұл түгілі ел шауып, егер қылам десе де бидің басын кішірейте аламыз ба? Тобықты деп толымды қылып айтқанмен, сол Тобықтының басы мен белі би емес пе? Би жоқ болса, не бидің басы кішірейсе, артындағы ел неге тұрады? Ол құр дене емес пе?
Кембай. Уау, оның несін айтасың жарқын.
Көбей. Бидің басы кішірейсе, артындағы ел серкесі жоқ қойдай сергелдең болады, Найман етін сыртына түйіп шертіп келеді. Ондай серпініп келе жатқан елден әуелгі бетінде асқақ сөз көп шығады.
Кембай. Ие, ие, түсініп келем.
Көбей. Мұндай жерде арбаспасаң бола ма? Әуелі бізбен сөйлессін, тасқыны басылып, ызғары қайтсын, ашуы саясына келсін, біз бетін жылыта береміз, сонан соң түп қазық қып биді қойып, сөздің кілтін биге қаратармыз. Кембай. Бәсе, бұ да ақыл екен, Еспенбеттен берекелі қай сөз шығар дейсің (аз отырып) Көбей би, Матай анау күнінде осы сөзбен бір келді ғой. Сонда не жауап беріп қайтарды би? Көбей. Ондағы жауабы: Кебек болса сұңқар, Матайдың қызы тауық емес пе? Алса өзінің ежелден алатын жемін алды, ел жарылып Ертіс бұзылатын сөз емес қой, Тоқтамыс жолаушылап кетті, соза тұрыңдар, Матай басыла тұрсын деген. Кембай. Сонда тағы бір тақпақ айтқан ба? Би немене (аз тым-тырыстан соң) жарықтықтың құдай кеудесіне жазған билік әшейін өлең болып ағып тұрады-ау. Бірақ, бидің алды тар ғой. Көп сөзін жұрттың көпшілігі естімейді. Ешкіммен де ағытылып сөйлеспейді. Көбей. Жә, қысыр кеңесті қоя тұрайық. Біздің осы мына келе жатқан бітімшілерге тіккізген үйіміз дайын болды ма? Үй жетпей қалып жүрмесін, ондай ел сыныққа сылтау таба алмай, түймені түйе қылатын «елемейсің», «ескермейсің» деп. Кембай. Жүз кісінің мөлшері деген соң, он кісіге бір үйден он үй тіккіздім, күтушілерін де, сойыстарын да қамдаттым, ол жағынан мін таға алмас. 1-ші дауыс (алысырақтан айғайлап). Қырамысың өзің шетімізден не жазығымыз бар саған, келмей жатып басқа, көзге төбелеп (Билер аңырып артына қарайды.) Қай басынғаның бұл, қоя берші, анау отырған биге барамын.
Көбей. Бұл немене? Шаң-шұң кімнің даусы, ашуланып бұрқырап жүрген? Кембай. Осы жаңа ас басшылыққа қойған Қалдашбай ғой деймін. Наймандар келіп қалды ма? (Тағы шаң-шұң.)
Көбей. Білші барып (Артына қарап.) Міне біреу келе жатыр ғой осында. 1-ші дауыс. Ал, ұра ғой, тағы кәне ұршы енді көрейін. Тіпті қалай-қалай асқақтайсың өзің. Ісініп келіпсің ғой түге, биге барамын. 2-ші дауыс. Бара ғой биіңе, сенің биің болса мұндағы елдің зәресі ұшар деймісің. Биіңнен қорқатын мұнда Тобықтының саяғы жоқ, Тобықтының шаңырақ төбесіне мініп келген қолы емес Найман, терезем тең елмін, неге елеп, ескермейсің түге (Кембай баруға ыңғайланады. Қалдашбай артына қарап жұлқынып алдында келе жатқан Кембаймен қақтығысып қалады, беті-басы қан.)
Төртінші көрініс
Кембай. Мұрдар не болды саған? Немене жұлқынып жүргенің, ен далаға симай.
Көбей (жарыса). Бұ шаң-шұң не? Неғып жүрсің түге, Найман келді ме?
Қалдашбай (қатты). Келіп қырып бара жатқан жоқ па солар! Алдынан тосып алып, аттарын байлап, үйді-үйіне кіргізіп жүр едім, бір ісінген біреуі: «үйді неге көп тікпейсің» деп тікек-тікек етіп төбелес салғаны. Міне қып-қызыл жосадай қылып отырғаны мынау. Өстіп қоқақтатып қоямысыңдар. Тіпті жазығым болса-ау тым болмаса. Көбей. Жә, өрекпімей-ақ қой. Айғайлап жүргенің со ма? Бас жарылса бөрік ішінде. Ішегің шықпайды, айтқандарын істеп, дауласпай, төбелеспей төбелеріңнен тік тұрып күтіңдер.
Қалдашбай. Жоғ-ау, тіпті мен төбелесейін деген пенде болса бұйырмасын.
Кембай. Жә, болды деді ғой енді.
Көбей. Бар, басыңның қанын жу да, қайтадан күт соларды. Найманға біздің қылғанымыз да аз емес. Ондайын көтермесек ел боламыз ба? Бар енді (Қалдашбай шығады.)
Бесінші көрініс
Көбей. Кембай, бұ не қылғанын. Осындай салқылық бола ма? Күтушіге басты біреуді қойсаң болмады ма? (Кейіп.) Өзің де алдында тұруыңа керек еді. Кембай. Бұл уақытта келеді деп ойламадық қой; тіпті бұндай ерте келетінін кім біледі. Мен әлі де болса барайын (Тура келіп кете бастайды.)
Көбей. Ей, бар болсын, келмей жатып шаң-шұң шығартып.
Кембай. Барайын, барайын енді, әлі де болса жөндетем ғой (Кетеді.)
Алтыншы көрініс
Көбей (жалғыз). Бидің айтқаны рас қой, қате кетуші ме еді? Терісіне симай келгендерін сезіп отырмын. Қалдашбайда жазық жоқ болса, сабап жүргендерін көрмеймісің? Еспембеттің қылығы ғой бұл (басын шайқап) ел зықысын тағы да шығарады ғой.
Жетінші көрініс
Қараменде биді екі жағынан екі жігіт сүйеп ойын бөлмесіне алып шығады, қасында Қосдәулет, Матақ. Бидің қолында ақ таяғы бар, ақырын басып келе жатады. Көбей (тура келіп). Ах, қарт бабам да жеткен екен ғой. Салаумалейкум, баба! (Алдынан шығып, бір жағынан сүйемелдейді.) Қараменде (тұрып). Аз ауыл Тобықтының баласы болып, қиыр жайлап, шет қонып, жалғыз жүріп шая болған ауыл едік. Тар кезеңде кездесіп тұрмыз ғой, ала көңіл артқа қалсын, келші құшағыңа құшағымды қосайын, қарағым (Көбей екеуі құшақтасып көріседі, бәрі де отырады.)
Көбей. Ел-жұртың амандық па, баба!
Қараменде. Ел әзір аман (Тым-тырыс.) Істің әзіргі жоспарына қарағанда, береке бітіммен тынатын беті жоқ. Сондықтан менің де дәнекерлігім аз болар. (Тоқтап отырып.) Кебек тентектің екі ауыз сәлемі үшін келдім. Арғында бел қылған бір бабам тірі ғой деп, бір тентектік қылып едім деген екен (Тым-тырыс.)
Сегізінші көрініс
Бір рет Найман кісілері шығады, бастықтары Қарамендемен қол ұстасып амандасады, Найман кісісі 20—30, оның артынан бірыңғай Тобықты кісілері шығады, олардың да саны сондай екі жарылып отырысады, көп халық.
Көбей (Сәлемдесіп). Жолдарың болсын!
Жомарт. Айтсын.
Көбей. Найманның ер-азаматы аман ба?
Жомарт. Амандық (Үндеспей бір талай уақыт отырады.)
Көбей (Кембайға). Мына кісілерді сусындатып асын қамдаттыңдар ма? Жолдан қажып келген шығар.
Кембай. Қамдаттық.
Еспембет. Жол қажыта ма? Жоқ қылығың асып, қырыс Тобықты сен қажытамысың? Қайсысы екенін қайдан білейін. Әйтеуір Найманның қажығаны айқын. Көбей (Күліңкіреп). Қажыдым дегенің сөздің кезегіне айта салған бір қырың ғой, әйтпесе сен қажитын күн болған жоқ қой. Еспембет. Тобықты құрыш болат емеспісің? Екі жүзді алмас кеспейтін. Сенің қаттылығыңа Найман қайтіп шыдасын, қайтіп қала береді. Көбей. Сол Тобықтыға төтеп берем деп келіп отырсың ғой, сен де жалғыз өзің ет бауырың елжіреп жұмсап тұрсаң көреміз ғой. Еспембет. Білмеймін, көңіл шіркін күдікті боп қапты, Тобықтының биі, құйрығын сыртқа саларда, бетіне сені ұстайды деуші еді. Майталманым деп, сенің қаншалық жұмсағаныңды біз де көрерміз. Түбінде көмейдегі көмескіні болжайтын, табаны бұдырлы би сенсің, біз үлгіні сенен аламыз ғой.
Кембай (Күліп). Билердің келмей жатып шалысып жатқанын қара. Көбей (Еспембетке). Сен шырға тартарсың ғой, солай, бірақ түбір сөздің түйіні сенде көрінеді ғой, қай жаққа кешкізсең де ерік сенде. Қаттылық деген қалпың болушы еді, әлде машығым деп соныңа тартамысың? Еспембет. Сенің еліңнің сынына толып қызын алайын деп жүргенім жоқ. Тобықтының шешені мен ділмарынан алған мақтауыммен Найманның арыған итін семіртіп, аш бүйірін тойғыза алам ба? Құдай ежелден жүргізген бетіме көшірсін (Тым-тырыс.)
Жомарт. Бұл би қайда? Бір жаққа жолаушылап кетті ме?
Көбей. Жолаушылап ұзаққа кете қойған жоқ. Бір ағайын арасының сөзі болып соған шақыртып кетіп еді бүгін.
Жомарт. Қашан қайтады?
Көбей. Осы бүгіндері қайтып қалар. Сіздердің хабарларыңды естісе көп бөгеле қоймас. (Тым-тырыс.) Жомарт (аздан соң Еспембетке қарап). Жә! Енді елде де тамам елді иіріп, мұнда келіп те ошарылып жатамыз ба? Мына келелі сөзімізге келеміз ғой деймін енді (Еспембет ызаланып отырады.) Көбей. Дұрыс оларыңыз, сөйлессек сөйлей отырайық (Еспембетке қарайды, тым-тырыс. Еспембет қамшысын тастайды.)
Жомарт. Еспембет, сөйле.
Еспембет (ызғарланып). Сөйлессек, мен ұзақ сөзді білмеймін. Тобықтының баласы Матай, Тобықты болып тұрған күнінде атыстың-шабыстың бұл ісің алты алашқа әшкере болған. Тобықты шаялығыңды қылдың ба. Құлшылдығыңды білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың, ата қонысынан іргесін аудардың, ел-жұртын шұбырттың. Бүгінде іргеңді хан Шыңғысқа орнатып отырсың, Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде, әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді міні шарпуыңды Матайдан асырып найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат көтіне салып әкетіп отыр. Ағайын ұзында өшті, қысқада кекті емессің бітім сұрап кісі салсам бақайыңнан келтірмейсің. Мына Найманда алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса, оныңды айт! Әйтпесе мен Тобықтының қоңсысы емеспін. Мынауыңа билігіңді айт (Тым-тырыс.) Көбей (қамшысын тастайды, Жомарт сөз береді). Еспембет сөзің шын, ұзын да өшті, қысқа да кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне ел болып істеп отырған жаулығым болса мойныма сал, ондайлық қылығы болса, аруақ құдайға Тобықты шет болатыны шын. Матай мен Тобықтының бүлігіне бұл елдің қайсысы себеп болды. Мен оны қазбайын. Даудың қарасын көбейтем деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеп үйгенің лайықсыз болады. Матай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда, бұл сөзің сияды. Тентектік ылғи Тобықтыдан шығады деуге болады. Бірақ сол Матаймен қалған Найман неге жауласады. Бүгінге шейін қиян-кескі болғандығы басылған жоқ. Бұған да Тобықты жазалы ма? Өткен күндегі жаулықтың бәрі үшін қай елді кінәлі қылып, қай елді ақтап шығаруға болады. Сондықтан Тобықтыны ала бөтен болып ізденіп жүріп біреуге соқтығады деп айтпа. Бүгінгі Найманмен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысын аңдамаған албырт жастардың албырттық шалалығы. Рас, тентек болса да, Тобықтының тентегі иесіз демеймін, ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді туынды сөз қылғанымыздың лайығы жоқ. (Жомарт Еспембетке сөз береді.) Еспембет. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойыңдағыдай асырып түсіреді деп айтқызамын. Екі елді шиеленістірмей, келісетін ұтымды жерді біледі деп айтқызамын. Сенің ойың, менің дауымды жасытпақ болса, жайдақтатып, жадағайлатпақ болсаң мен билікті айтқызбаймын (Қатты.) Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын, шолақ байталдың құйрығындай Тобықты үкіметің асты деймін, тасқын судай кемеріңнен шалқып асып отырсың сен (Көбейге сөз беріледі.) Көбей. Еспембет! Кеден-кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың. Мен саған ол дауың орайсыз деп отырғаным жоқ. Менің сөзім екі елдің сөзін ұстап, кездескен соң дәнекер болатын «қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой» деген. Жақпаса билігіңді өзің айт, сапты аяққа ас құйып сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын. Және бұл Тобықтының азды-көптігін сарапқа салған жер емес қой, көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүр. Тобықтының Найманға істеген ерлігін, үкіметін көргем жоқ. Керісуге неге керек (Аз тым-тырыс.) Еспембет. Олай болса сенің қырмызыдай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым, менің билігіме Тобықты баласы тоқтайтын болсаң, өз тентегің ана Кебек, қыз атамның аруағына қастық қылған менің тентегім — екеуін де шығарып бер, мойнына арқан таққызып өлтіремін.
Жомарт. Сөйле, Көбей!
Көбей. Еспембет! Тобықты да рулы ел, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Мына айтып отырғаның бірге бітім емес. Найман мен Тобықтының арасына, ердің құны, нардың бұлының дауын саламын, пәлесін орнатамын дегенің бұның арты атадан ұрпаққа кететін үзілмес қан кегі болғалы отыр, өшпес жаулық болғалы отыр. Одан да түбінде келісетін кезекті жерге тоқтайтын болайық. Ер қанын мойнына жүктеймін деме, бітім іздесең дүниеге тоқтасайық, берекенің шегінен шығысайық. Еспембет. Жоқ, мен ондай емексіген сөзге иліге алмаймын. Менің кесер сөзім әлгі. Тоқтасып бауыр боламын десең, айтқаныма көнесің, көнбейтін болсаң арам алыс алашпын. «Оразаның түбіне мақсым жетер, азған елдің түбіне тақсыр жетер» деп (Қатты.) Тобықты! Сені аялағаным жеткен, бұдан артық менен бітім іздеме. Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, тура шабысатын жеріңді айт! Менің қолым жасанып дайын отыр. Тобықтының жығасы жығылмайды екен ғой, жауабымды қазір бер (Тым-тырыс. Көбей үндемей төмен қарап отырады.) Жомарт (Жан-жағына қарап). Ағайынды екі ру елдің баласы, сөздеріңде әлі күнге берекенің жотасы көрінбейді, тағы сөйлейтінің бар ма? Жоқ па? (Тым-тырыс. Тобықтылар бір-біріне қарап қысылып күбірлеседі.) 1-ші дауыс (Тобықты жағынан өз кісілеріне). Күн бұрын еңсесі түсіп неғып кетті.
Жомарт. Сөйлеуші бар ма? (Тым-тырыс.) 1-ші дауыс. Енді бір айтқан соң сөз бітеді ғой (Еспембеттің) соңғы сөйлеген сөзі сөз болады ғой.
2-ші дауыс. Бұларға не боп кетті (Қобалжу, гүбір Тобықты жағында көбейеді.) Жомарт. Жә, сөйлеуші жоқ болғаны ма? (Қараменде басын жоғары көтеріп, қамшысын тастайды, жұрт тынады.) Сөйле, қарт би. Қараменде (аз отырып). Сөз айым болудан кетіп ауыздан шыққан жел есебінде болған заман ғой. Сондықтан сөйлер, сөйлемесімді де білмей көп отырдым. Бәрің де кәдірі кетіп азған заманыңа қарай азғындап туған ұл екенсің. Туысыңда қапы жоқ. Бірақ бізге бұл жат дүние екен, содан байқағанымды айтайын. Азған заманның белді биі, бойлауық жылқы секілді бой бермейтін қисық болады екен, не болмаса шабуылдан сақтанам деп еп іздеген қу болады екен. Ашық кеуде, адал көңілмен ойына сөзді бүкпей, қара қылды қақ жарып сөйлейтін билердің заманы, ел көзінен бір ұшқан екен. Қазақтың баласы бірлік-берекеден айрылған екен. Туысқан араздықта сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, өсек, жәбір әрекеге белшесінен батқан екен, түбінде сырттағы кәпірдің дұшпандығы қырмас еді-ау, қазақ баласын алып жейтін осы өз ішінің алты бақан ала ауыздығы болады екен. Жас ұлғайып, сақал, шаш ағарған күнде, қайрат, ажар қайтып сүлдер құрыған күнде ел сөзінен тиылып тыныш үйде жаттым деген күнде бір тобына кездескен екем. Туысқан ажарыңнан түңілдім. — Көрмесем деген заманым еді (сақалын созып) бұған жазалы мына құп-қу болған сақал мен шаш. 1-ші дауыс (Жанындағыларға). Жарықтық қазақтың шын қамқоры-ау, шынымен күйініп отыр ғой, қайтсін. 2-ші дауыс. Шынымен депсің-ау, өзің. Қазақтың қамқасы деп неге аталды дейсің? Қараменде. Екі туысқан араңа кедергі көк тікен болып отырған сөзге келсем, кешегі заманда бұл түс шайысатын іс емес еді. «Қатынды не ел шауып, егер қылып жаттан аласың, не ағаңды өлтіріп жеңгеңді аларсың» деген аталарыңның кешегі күнде айтқан сөзі еді. Ер жігіттің жесірін өзіндей жігіт алса, еркек болып туған ұл өз кегін өзі алуды білуші еді. Рулы ел болып, тайлы таяғы қалмай шұбырып жас жігітке қатын әпергенді көрген жоқ едік. Бұ да жаңа заманның жаңа түрі екен (Есен ашуланып маңайдағыларға күбірлесе бастайды.)
Жомарт. Найманның баласы тақат қыл.
Қараменде. Ағайын көзіңе қан толып, түгіңді сыртыңа теуіп бүгінгі сөзге осынша түйіліп отырсың. Осының артынан туатын ертеңгі сөзге, пәлеге көзіңді салдың ба? (Тым-тырыс, Наймандарға қарап.) Тастап отырған сөзіңнің жеңілі: білегінің күші бар, жүрегінің түгі бар, осы отырған басшылар! Абылайдың ала туын ала аттансаң, артыңнан еретін аламаныңның маңдайы бір батырың. Бір туысқан бауырыңның қанын төгемін дейсің. Ол болмаса екінші сөзің: екі елдің игі жақсысы бас қосқанында ауыздарыңнан шыққан сөздеріңе, құлағы мен көзін салып, телміріп тыныштықты тілеп отырған екі ру еңкейген кәрі, көзінің жасын ағызамын дейсің. Ел шырқын бұзамын, нақа қанды мойынға жүктеймін дейсің? Қай сөзіңде мақұлдық бар? Қай сөзіңде қасиет бар? Арадан жол тап, тыныштықты ойла, артындағы етегіңнен ұстаған еліңнің мойнындағы қарызын ұмытпа. Бізді апарып арандат, бізге жаңа жерден жау тауып әкел деп, еш қайсыңның елің де тапсырған жоқ (Тым-тырыс.) Жомарт (аздан соң). Қазаққа қамқа болған Қараменде едің, баба, не айтайық, жолыңнан әлі тайған жоқ екенсің. Ұғушы құлақ болса айтылмай қалған сөз жоқ. Заманынан кеудесі асқан ел қамқоры, батагөй қарттың сөзін сенің аузыңнан есітіп отырмыз (Наймандар риза болмаған пішін көрсетеді. Тым-тырыс.) Жә, бидің сөзінен соң сөйлейтіндерің бар ма? (Найман жағы бір-біріне қарап күбірлейді. Сөйлеуші шықпайды.) Жомарт (Екінші рет). Сөйлеушілерің бар ма? Жоқ сөз тоқталды деп санаймыз ба? (Тым-тырыс. Найман тынышсызданады.) Есен (Ашулы серпінмен Еспембетке). Найманның түгел сөзінің түбін ұстатқан белді деген бір биі сен едің. Сөйлеймісің жоқ па? Еспембет. Көсемсіп алдыма түсіп Жомарт туысқаның кедергі салып қойды. Енді не айтушы едім мен. Менің де би деген атым бар, ылғи кері тартып, кесір шығаратын атты мен-ақ ала берейін бе? Есен (қамшысын тастайды). Би сөзінің құйрығы маған соқты ғой, маған рет бер. Жомарт. Сөйле олай болса, батыр Есен! (Жұрттың бәрі Есенге қарайды, Есен мықынын таянып отырып сөйлейді.) Есен. Би сөзінің ішінде айтты ғой, шын батыр өз кегін өзі іздеп алушы еді деп. Мен ол заман әлі де болса өткен жоқ деймін. Кекшіл, намыскер батыр да өлген жоқ деймін. Мен міне әрісі Найманның намысын, берісі өз намысым, өз кегімді қуған Найманнан туған батырмын. Менің басыма сөз қалғанда айтатыным сол! Осы жұмыстың жолында жүргенімде кездессем Кебекті алдымен жекпе-жекке шақырамын. Әділдік, ақтық күш-қуат менің жағымда болса да, өз кегімді өз қолыммен алу үшін өзге жұртқа талатпаймын. Өз қолыммен өлтіремін. Онан соң елде жиылып отырған Найман да, мұнда келіп отырған да, менің намысымды жыртып келіп отырған жоқ. Аруағының намысын жыртып отыр. Оны ешкім де сөге алмайды. Осы отырған шаршы топтың ішінде, аруағыңның намысына қызбайтын бір де бір жан бар ма? Айтсыншы кәне (Наймандарға қарап.) Сондықтан бөгелектейтін дәнеңе де жоқ. Найманның алғашқы айтқан сөзі сөз. Мұнда келген билердің табанында бұдыр жоқ болып тайғанаса тайғанасын (Қамшысымен жерді ұрып отырып.) Бірақ ере келген. Найман алғашқы сөзді ұстайды. Мен соны ұстаймын.
Дауыс. Рас айтады.
Есен. Енді сөйлейтін ұзақ сөз жоқ. Тобықты билерімен сөйлесіп, жауабын беремін. Не тұрысатын жерін айтысады. Осы сөзге еретін Найманның кісісі тарт менің артымнан (Тура келеді. Наймандар біртіндеп тура бастайды, Жомарт, Еспембет отыр. Кейбір Наймандар соларға қарап бір жағынан Есенге қарап зорға турады, ақырында бар Найман турады. Жомарт пен Еспембет отыр, Наймандар қозғалуға айналып, бұларды ұға алмай қарайды.) Есен (Билерге айналып көп Найманға). Жә! Тарт, не тұрыс бар (Ашулы.) Найманның ішінде де шіріген жұмыртқа бар, білемін (Наймандар қозғалады. Жомарт, Еспембет зорға тұрып артынан ере кетеді. Тобықты кісілері қарап қалады.)
Тоғызыншы көрініс
Қараменде (Наймандар кеткен соң басы төмен түсіп). Иә, сөз бітті... екінің бірі... екінің бірі... Көбей (Назаланып). Қайтерсің енді, қолыңмен істегенді мойныңмен көтерерсің деген осы. Басынан атқуылдап отырғанынан-ақ сезіп едім.
Кембай. Жә! Біз бұған не айтамыз? Биге де үлкен дерт болды ғой бұл. Көбей. Кімге дерт болмай отыр. Айтқанына көнсең, Тобықты сағының сынған жері де, өлген жері де осы. Көнбесек ел не болады. Найман көп. Иә, пәруәрдігер не-ай, аруағыңның бәсеңдегені ме? Ел намысының тапталғаны ма? (Басын шайқап түнеріп отырады, би шығады.)
Оныншы көрініс
Би (Киімшең жантайып отырады). Сөйле Көбей... (Бас көтеріп, Қарамендеге қарап.) Еспембеттің сөзі Бабамның да, сенің де иығыңды түсіріп кетті ме? Көбей (басын көтеріп өзге Тобықтыға). Сендер бара тұрыңдар, (Қараменде, Кембай, Матай, Көбей және Қосдәулет қалады, өзгелер шығады.) Би! Еспембет құлаш ұрып шарықтап тұр. Шағулы жерге келетін емес.
Би. Айтшы қане, сөзінің қысқасын.
Көбей. Сөзінің қысқасы: Матай мен Тобықты, сенің араларыңда қандай жаулық болса да, мен қатынасқамын жоқ. Ең аяғы ара-қарындастың айтатын құдайшылығы болса оны да айтқамын жоқ. Айтпағаным Тобықтының бәрі зорлық болды, сенікі зорлық деп айтатын болсам, саған жау секілді көрінетін болдым...
Би (ыңыранып). Е, е (Басын изейді. Көбей дейді.) Көбей. Бүгінгі күнде Матайың Матай маған шарпуыңды тигізгенің қалай? Бұның асқандық, басынғандық. Пәлен паштуан деп аяғында тіпті дәуірлеп кетті. Мен Найманнан туғаным шын болса, бұл қорлықты көріп отыра алмаймын. Не Кебек, не қызды шығарып бер, не менің қолым дайын, тұрысатын жеріңді айт дейді. Сөзге өзі қонақ бермейді. Аяғында Бабам сөйлегенде Еспембет те тоқталып еді, Найманның көпшілігі де қобалжып еді. Есен шығып, аруақты мазақтағаны үшін Кебекті шығарып беріңдер. Мен жекпе-жекке шығамын дейді. Бірақ, түбінде мені өлтірсе де Кебек өлтірілетін болсын дейді. Билер үндеген жоқ. Көп Найман сол сөзге еріп шығып кетті, Кебекті өлтіртем, қолдарыңнан шығарып беріңдер десіп, анау жер түбінен ұстатып жіберген сөзі осы көрінеді. Қараменде. Жер түбінен ұстатып жібергені рас, не ананы істе, не мынаны істе, бұл екеуінен басқаға алданба деген көрінеді. Көбей. Осы екі сөзімнің қайсысына болса да байлау сөзді екі би айтсын дейді, жауапты Бабам екеуіңнен, өзіңнен естігісі келеді (Тым-тырыс.). Би. Найман көп. Көптің ісі кеудемнен келмей ненің тұрысып, табандасып, шыдасайын десем, көлденеңнің сөзіне әшкере болған ісім бар. Тентектік Тобықтыда. Алмас қылыш жүзіне табан басқан қылығым бар (Аз тым-тырыс. Сыртта дабырлаған дауыстар.) Дауыс (сыртта). Сен бар, сен бар, айтып кел көптің сөзін. (Бір жігіт шығады.)
Он бірінші көрініс
Жігіт (жүгініп отырып). Баба, тыста тұрған ер-азамат мені жіберді сіздерге: Кебек Арғыннан асқан ардагеріміз емес пе еді?! Қолымыздан оққа байлап беріп отырып қайтып дәтіміз шыдайды. Бұдан үлкен сүйекке намыс бола ма? Біз Найманның не пәлесі болса да көтереміз. Жағасы жақұт, кіреуке жебесі жетіп жүн болғанша шыдаймыз, Кебекті бермесін дейді. Би (қатты). Мен Тобықтының намысын сатып ағарттым ба сақал мен шашты? Билігіме ара түсем деген қай бассыздық? Шық!
Көбей. Бар. Бұл жүйесіз жерге пышақ салған санасыздың ісі (Жігіт шығады.) Қараменде. Ер азаматтың бұл сөзін де еске алу керек. Тобықты жағы сынғалы отыр. Кебекті қолыңнан өлтіріп қойып бәрібір тыныш отыра алмайсың, тайғақ кешу, тар кезең осыдан артық бола ма? Даданның баласы да Кеңгірбайға өкпелі едім деп отырып қалмас. Арғын, Найман салмағы сынға салынып тұрған соң береке мен тыныштықты қанша іздегенмен отырғызса отырарсың. Төбеңе ор қазып жатса отырғанмен тыныштық табылмайды. Төгілетін қанның жүгі Найманның мойнында болады. Шексіз шыдам болмайды. Кебекті бермеу керек.
Қосдәулет (Қарамендеге). Даданның баласы не қосылар еді, не қосылмас еді.
Қабекең (сөзін бөліп кекетіп). Не қосылмас еді.
Қосдәулет. Бірақ мезгілімен құлақтандырған ел жоқ. Біз келсе де Кебектің ғана сәлемімен келіп отырмыз. Онда дайын отырған күш жоқ. Бүгін-ертең мұндағы Тобықтыға күш қоса алмайды. Найман қолы дайын тұр. Бүл жағын да ойлау керек қой деймін.
Қабекең (Көбейге). Даданнан келген азамат жоқ қой?!
Көбей. Әзір келген кісі жоқ. Билерден басқа.
Қабекең. Қолсыз сайраған тілді қайтейін. Тіл мен жақтан мұндағы Тобықты да кенде емес қой. Өз артыңа қарамасаң басқа шығар жол жоқ.
Қараменде. Өзің болсаң өзіңе сен, бәрібір шық Найманның қарсысына.
Қабекең. Қыздырманың қызыл тілі ғой.
Қараменде (ашуланып). Тағы да қасқырша өз күшігіңді өзің жейін деп пе едің?
Қабекең. Даданның улы тілін ауру денеме тағы да сұқтың ба? Көзін аңдып, бауырлығыңды бұдан бұрын да сынағанмын. Елжіреген жүректі көргенім жоқ-ты. Қараменде. Қайтпас тас бауыр қылған сенің осы менмендігің болатын (Тым-тырыс.). Көбей. Билер, ескі жараны білтелемей, мына сергелдең болған елге жол табатын жөндеріңді айтсаңдаршы (Қабекеңе қарайды аз тым-тырыс.) Би (Ашулы серпіліп). Менің атам Әнет бабам емес пе? Ел тыныштығы үшін нені құрбан қылмады. Атаның жолынан адасам ба? Бойымдағы күшімді өлшемей азаматты арандатып, құрулы мылтық, құрсаулы жауға талатам ба. Тартпасам батам қабыл болмайтын, сор маңдайлығым тартпаған шығар. Кебекті көрсетемін... Қайтемін тыныш жатам... (Тым-тырыс.)
Көбей. Мақұл би...
Кембай (Көбейге). Кебекті ұстап беретін болдық па? (Екеуі шығуға ыңғайланады.) Би (Көбейге). Кебек аз ауыл Тобықтыға қамқа болған аруым еді, ардагерім емес пе еді. Басты кісілерді Найманмен бірге жібер, Тобықтының еліне айтар арызы болса естіп келсін (Түнеріп басын изейді. Кембай шығады.)
Шымылдық
БЕСІНШІ ШЫМЫЛДЫҚ
Бірінші көрініс
Тоғай, ар жағында тау көрініп тұрады. Ойын бөлмесінің бір жақ бұрышына таман тігілген шанышпа аласа қос. Есігі ашық. Киізі екі жағына қайырылған. Қостың аузында кескен Терек жатады. Ішінде Еңлік ұйықтап жатыр. Жанында құндақтаулы баласы. Перде ашылған соң біраз тым-тырыс болып тұрады, аздан соң Кебек шығып ақырын басып қостың жанына келеді. Жанында қанжар, асынған садағы, қолында найзасы бар. Кебек (қостың есігіне қарап қайтып). Еңлік бишара біраз тыныштық алып ұйықтап жатыр екен. Ұйықтасын, ұйықтасын. Босанғанына біраз күн болса да, әлінің аздығына қарамай, көзінің шырымын алмаушы еді. Күннен күнге азып барады, ылғи ойлайтыны менің жайым. Менің көзім ілініп кетсе, басымда күзетіп отырады (Біраз тым-тырыс. Басын шайқап.) Күндіз-түні аң болып қашып жүрген өмір құрып қалсын. Жалғыз болсаң бір сәрі, көшерімді жел білсін, қонарымды сай білсін деп жүре берер едің. Енді олай емес, аяғыңда тұсауың жоқ болып, шарқ ұрып кезіп жүретін кез емес. Еңліктің басы былай тұрсын, оның үстіне екеумізге бірдей масыл болып мына бір бала туып қалды (Басын шайқап.) Бағың ашылатын күн болар ма екен. Әлде, сорға туған сорлы болармысың? (Біраз тым-тырыс.) Жауы болса да, елі болса да, келетін күні болса керек еді? Әзір тыныштық, ештеңе білінбейді. Кесіктері не болар екен?.. Осындай күдігі күпті қылып бітірді. Бітістік, шырайластық дей ме? Жоқ? Қалқаман — Мамырша ит пен құстың талауында боламын ба? Екінің бірі... Екінің бірі... (Еңлік оянып, басын көтеріп сөзін тыңдайды.) Не, масайрап ойнап-күліп ел-жұртқа қайту, не (қанжарын сабынан ұстап, суырыңқырап жүзіне қарап.) Қанішер қайқы болаттың қайратын сарапқа салып өлтіру... өлу...
Еңлік. Батырым, не деп тұрсың?! Сөздерің қалай жаман?
Кебек (қанжарын қынына тығып жіберіп, жалт қарап). Еңлікжан, не айттым мен? Жай бір, өлең емес пе, айтып тұрғаным? Еңлік. Қайдан білейін!.. (Теріс қарап.) Уайымын менен жасырады ғой... Жасытпайын, үрейін ұшырмайын дейді ғой (Кебекке) ендеше менің құлағым қақас естіген ғой (Кебек қостың аузына барып Еңліктің жанына отырады.) Кейде шырт ұйқыда жатсам да, ояу жүрсем де құлағыма жаман сөздер саңқ етіп, естіліп қалады. Кебек. Өзің бір уақыт ұйықтап тынықпайсың, ұйқының шалалығы да адамды жындандырып жібермей ме? (Бетіне қарсы қарап отырып.) Қалқам, осы менің сенен тілейтін тілегім: қайғырма да, налыма да, ұйқыңды да бөлмеші. Маған жау келіп жағаласқаннан да, ел болып соңыма түскеннен де, бәрінен сенің жүдеп-жадап жүргенің батады. Еңлік. Батыр, елеме, ескерме дегенің бәрі айтуға ғана женіл. Сенің етегіңнен ұстап жүргенде орға түсем бе? Жарға жығылам ба? Маған оның уайымы батпайды. Жалғыз-ақ... (Көзіне жас алып.) Мынадай жапан түзде қаңғып жүрген жалғыздық батады, қапысын тауып біреу-міреу қастық қыла ма деймін... Кебек. Қалқам, сен осы ылғи басымызға қауіпті орнататының не? Жұрттың бәрі бізге жау деп ойлаймысың? Болса жау Найман шығар. Болмаса біз Тобықтыға не жаздық дейсің? Бірімізді-біріміз сүйдік, ғашық болдық. Еркімізбен қосылдық. Найман мен Тобықтының шаңырағын ортасына түсіретін қылық па осы! Еңлік. Бұныңның бәрі айтуға ғана жеңіл ғой, сүйістік қосылдық, соның не орасаны бар дейсің. Кезінде ол дұрыс еді, бірақ аяғы жаманға айналды, бұзылды ғой, мені жұбату үшін айтып отырсың ғой әшейін... Кебек. Сенің көңіліңе осындай ой қайдан келеді. Осы неліктен уайымшыл болып жабырқап кеттің, әлде жалғызсырап жүрмісің? Еңлік. Білмеймін, бұрын бала күнімнен осы уақытқа дейін бір жұмыстан жүрегім сескеніп қорыққан емес едім, бір қобалжу түсіп жүр. Кебек. Мен сені мұндай жасиды деп ойламаушы едім. Елдегі ереміз деген көп азаматтың, бір талайын алып келуші едім. Болмаса, құдайдың салғанын қай жерде көрмейміз. Найман басыңды қағып алам десе де елде отырар едім, осы қорқынышыңның мәнісін айтшы? Еңлік. Батыр, назаландың ғой. Онсыз да көрер таңды көзіңмен атырып жүргеніңде, менің уайымымды қоса байлап күдіктене берерсің. Мен сорлы сезгенімді айтамын. Он шақты күн болды, мен бір жаман түс көрдім. Кебек. Түс... (Теріс қарап.) Өзімнің де түсім болып еді... (Еңлікке) айтшы не түс көрдің? Еңлік. Түсімде Найман мен Матайдың ер-азаматының бәрі де бір жерге жиылған екен. Қара құртша жыбырлап жер қайысқан кісі. Бөлініп-бөлініп жүрді де, бір уақытта Тобықтының аруағы жығылды. «Тобықты тізе бүкті» деп ұрандасып, айғайлағанда жер күңіренеді. Сонда не болып қалды деп, сұрастырсам: Тобықтыға жіберген кісіміз қайтты дейді. Онан басқаны айтпады. Сөйтсем, бидің үйіне Найман кісілері келіп биге оң қолыңды кесіп бересің, онан басқа жоқ депті. Түстері суық. Қабақтарынан қар жауғандай, би бермеймін, не сөйлейсің деп еді, ендеше деп бидің үстіндегі кестелі тоны мен басындағы қара сусар бөрігін жұлып алуға айналды (Күрсініп.) Сонда би бар және елдің басты кісілері бар: олай болса тоқта, айтқаныңды қылайық деп, бидің үйінің босағасына Наймандарды жетелеп алып келеді. Қарасам әлгі жерде екі көр тұр. Бидің даусы саңқ етіп: «Мынаның біреуі Кебектің, біреуі Еңліктің көрі білгендеріңді қыла бер» дейді. Әлгіні естігенде шошып оянып кеттім. Өңде қап-қараңғы азынаған көр (Тым-тырыс.) Кебек. Еңлікжан, түс түлкінің боғы, ойлағаннан көрген бір нәрсе де. Әлгі жасып, уайымдап жүргенің сол ма? Еңлік. (Теріс қарап). Өңің бұзылды ғой сенің де, саған да аян бермей жүр деймісің? Жә! Қашанғы жаси берейін, мен де сыр бермеймін енді. Өзі де қажып жүрген, көңілін босата беріп қайтейін (Кебекке.) Уайымның үлкені осы еді (тоқтап) ойлағаннан болса болар. Кебек. Ойлағандікі. Тәңір сенімен менің құйып тұрған нөсерге, өшпестей жанып тұрған жалын секілді жас шағымызда болымсыздан суымыздың қайтқаны мақұл ма? Сүйегімізге мін емес пе? Еңлік. Батыр, менің жынысым әйел емес пе? Менің қайратым сенікіне жете ала ма? Жасысам затыма тартқаным шығар. Әрнәрсені ойлап-ойлап келгенімде, жүйрікке бір тұмар деген сөз есіме түседі. Сонан соң жүрегіме қорқыныш ала беруші едім. Кебек. Еңлікжан, мен Тобықтының келімсек құл-құтанының баласы емеспін ғой, құт дарыған қордалы ауылының сүбелі атасының баласымын. Шығара байлап беретін шіріген жұмыртқасы болады екенмін деп титтей ойламаймын. Сондықтан ойыма алатын түк қаупім жоқ. Ұқтың ба? Енді ол сөзді тастайық. Басқа бірдемемен көңіл көтеріп отырайық, бір ермек тапшы (Тым-тырыс.) Еңлік. Неменені ермек қыламыз?!. Домбыраңды әкеп берейін, әлде ән саламысың? Талайдан бері қарай ән салған жоқсың ғой...
Кебек. Әкелсең әкелші бір шырқатайын.
Еңлік (кетіп бара жатып артына қарап). Жоқ шырағым, шырқатып айтуға рұқсат жоқ, баяулатып ақырын айтасың жарай ма?! Кебек. Ой, еститін кісі болса ести берсін, қашанғы келін болайын, бәрінен де жасып бұғып жүргенім ұят емес пе? (Күліп.) Әкел бар. Еңлік (домбыраны желе жатып). Қарағым қалай десең де шырқатып айтқызбаймын (Күліп.) Қасыңда отырып аузыңды бағып отырамын жарай ма? Әйтпесе сенің даусың жер жаңғырықтырады (Кебектің қасына келіп домбырасын беріп, мойнына білегін артып құшақтап отырады.) Кебек (домбыраны күйлеп отырып). Шын шырқап айтқым келіп отыр (Күліп.) Найманның біреуі көрсе, жесіріміздің жаныңда масайрап отырғанын қарашы деп іші бір күйсін. Өзім сонша жасығандай болып, жабығып кеткеніме қорланып жүрмін. Бір серпілейін (Еңліктің бетінен сүйіп алады) менен соң сен де айтасың. Еңлік. Жарайды. Әуелі өзің айтшы, сенің әдетің ғой, өзің айтсаң маған да қоса айтқызатын.
Кебек (ән салады, Еңлікке қарап)
Бір мен деп ата-анадан безген, сәулем,
Қорқыныш жас жүрегін езген, сәулем.
Мықты ұстап білегімнен басын байлап,
Қауіпті жапан түзді кезген, сәулем.
Кезеңде қиын-қыстау ерген, сәулем,
Бейнетті бірге жүріп көрген, сәулем.
Жалығып денем шаршап талған кезде.
Бойға күш, ойға қуат берген, сәулем.
(Еңлікті сүйеді.)
Атақ ап талай заңгер шықсам-дағы,
Дұшпанның талай туын жықсам-дағы.
Бой еріп, бір сүйсініп көрмеп едім,
Қорқақ жау айбатымнан бұқсаң-дағы.
Қан жауған қамалдарды бұзған күндер,
Қалдырған білек қоржын ұзақ түндер.
(Еңлікке қарап күліп.)
Бәрі де Мақпал қызға жеткен емес,
Құриды қызығынан бойды сүйер.
Еңлік (күліп). Батыр, бұл сөзің әйелден жеңілетін осалдығыңды білдіреді ғой! Осындай сөз сенің басыңа лайық па екен? Кебек. Тәңірі әйелден еркек жеңіледі дегеніне кім сенеді. Жеңдім десе десін, содан жеңілдім деген сөз бойыма мін болады екен деп, биттей шімірікпеймін (Күледі.) Қайтесің, әйел мені қайратымен жеңдім дей ме? Ақылымен жеңдім дей ме. Сендерден жеңілгенге бақ кетпейді.
Еңлік. Ай, білмеймін. Мен де біраз өлең айтайын енді.
Кебек. Айт, айт... Айтқың келеді ғой, бірақ жеңіп кетіп жүр ме?!
Еңлік (күліп). Қорықпай-ақ қой (ән салады.)
Батырым, бір-екі ауыз айтайын сөз,
Отырсын әйелменен сен көзбе көз.
Ірікпестен сыр ұшығын түгел айттың,
Қайтесің қатаң шықса алдыңнан кез.
(Кебекке қарап күледі.)
Бетіңнен дұшпан қорқып ырғалады,
Кәрі өтпей қадалған жау құр қалады.
«Алайда аңсыраған алғыр тұйғын,
Аңдамай аңқып ауға шырмалады».
«Сақтықта қорлық жоқ» деп бабаң айтқан,
«Сақтансаң сақтармын» деп иең айтқан.
Үстінде екі талай тұрғанында,
Сырыңды мақұл емес маған айтқан.
(Әнін тоқтатып) десем не дейсің? (Күледі.) Кебек (құшақтап сүйіп). Сен менің осалдығымды дұшпаныма жеткізетін болсаң тіпті арманым жоқ. Сақ бол дегенмен де түйіп тастаған шүберек емеспін ғой, жанымдай көрген жақыныма сырымды айтпасам тесіліп өлмеймін бе?
Еңлік. Рас-ау, таңертеңнен ас та ішпедің ғой, әкелейін бе?
Кебек. Әкелсең әкел... (Еңлік кетеді, жалғыз.) Еңлік үшін Тобықты оқ ұшына байлайтын болса, кескілеспей басылмаспын... Еңліктен мені құдай айырмаса, бауыры суық қара жер айырмаса, адам баласы айыра алмас. Өлетін болсам да, өзгеге бұйырмас денесімен денем айқасып жатар. Бұл секілді жар үшін өлетін болсам, көп өлгеннің бірі болармын. Тіпті арман етпеймін. (Еңлік шарамен ақ әкеледі.)
Еңлік. Ойда-жоқта ән салып, сергіп қалдық-ау.
Кебек (Ақты қолына алып ішіп отырып). Ән салмайтын несі бар? (Тым-тырыс.) Апыр-ай осы сөздері бітетін уақыт болып еді, неғылып кісі келмей жатыр? Жәуетай бізді таба алмай адасып жүр ме? Еңлік (Мұңданып). Кім біледі, неғып бөгеліп жатқандарын, қылды ғой, әйтеуір (Күрсінеді.) Кебек (Еңлікке қарап). Сен тағы да уайымдайын деп отырсың ғой, таста оны, кел (құшақтап қасына тартып отырғызып) тағы ән салайық іздеген кісі болса дауысымызды естіп тез келсін.
Еңлік. Ұялмастан тағы ән саламыз ба! Әнші батыр-ау.
Кебек. Саламыз, қосылып айтайық, бірдемені бастап жібер (аз тым-тырыс) қане... (Еңлік бастайды. Кебек қосылады, қазақ өлеңімен екі ауыз ән салады. Әннің ортасында Жәуетай қос жақтан ойын бөлмесіне шығып, қарап тұрады.) Жәуетай (теріс қарап). Әттең қыршын жас, осы қалпында айналаң аман отырса, дәнеңе етпес еді-ау. Бірақ не керек? (басын шайқап) қыршыннан қиылғалы тұрсың ғой (Әндерін болған соң, Кебектерге қарай келіп, амандасады.) Еңлік. Ә, ә... Мынау екен ғой, әлдекім деп жүрегім тіксініп қалып еді. Ел-жұртың аман ба, жаным?
Жәуетай. Амандық. Өздерің есен-сау жатырсыңдар ма?
Кебек. Біз есен-сау жатпай қайтуші едік? Қане не болды? Жұрт не деп жатыр? Қысқасын сөйлеп, айтшы жайын. Жәуетай. Жұрты құрсын, не береке шығар дейсің сол жұрттан, елдігі кеткен ел емес пе? Біздің Тобықты.
Кебек. Ә, ә, не боп қалды?!
Еңлік. Жарқыным, сөз аяғы бұзылды ма?!
Жәуетай. Бізге бұл арада тұруға болмайды. Қаптайды жауыздар, қанішерлер, тез кету керек бұл жерден.
Еңлік (шошып). Бәсе жүрегі құрғыр осыны сезіп жүр ғой!
Кебек. Айтшы, не болды? Сөйлеші бәрін, неменеге тоқтады? Әлде, Найманның қолына бермекші болды ма? Билік айтылған соң, іс жасырудан өтеді. Бөгелме, сөйле. Жәуетай (қиналып). Айтқаның рас, батырым! Найманның қолына сендерді ұстап бермекші болды. Найман мойындарыңа арқан тағып өлтіреміз деп келе жатыр.
Еңлік. Жасаған-ай, мұндай да сұмдық болады екен, бұл не деген тас бауырлық. Кебек (салқын қанмен қатты). Бұл билікті кім айтты Найман ба, Кеңгірбай ма? (Еңлік баласын құшақтап қостың жанында тұрады.) Жәуетай (асығып). Қалқаларым! Бұл арада ұзақ сөйлесіп тұруға болмайды, кету керек, көзді жоғалту керек. Мен әдейі осы хабарды білдіріп, қашыруға келдім. Осы сөзге тоқталысымен Найман дүрк атқа мінді, біреу хабар беріп қояды деп, олар да асығып келеді, қане сөзді қысқарталық. Кебек (саспай). Жәуетай, өзге достығыңнан бұрын, бүгінгі маған істеген достығың осы болсын билікті кім айтты? Тобықты оңай көнді ме осыған? Маған осыны айт, сенің сөзіңді бастан-аяқ есітемін. Тіпті қашу керек емес шығар. Қайдан білесің? Бірақ менің тілегім: шыныңды айт?
Жәуетай. Кебек, ондайды айтпа, достым?
Кебек. Дос болсаң жасырма, айт, бастан-аяқ. Мен осыны естімей қашпаймын.
Жәуетай. Билікті Еспембет айтты. Ырғағанға көнбейтін болды, Қараменде көп тартысып еді, Найман көнген жоқ. ішінде Есен бар. (Кебек, Еңлік жарысып.) — Есен бе?? Жәуетай. Өзге Найман Қараменденің сөзінен соң тоқтаңқырап еді. Есен омыраулап болмады. Қалған Найманды соңынан ертіп алды.
Еңлік. Жаратқан-ай, бұл дұшпан әлі де соңымда екен ғой.
Жәуетай. Есен Кебек пен Еңлікке деген кісілеріңді айтыңдар. Мен өзім көрген жерде жекпе-жекке шығамын деді. Кебек. Шын ба? (Еңлікке) Еңлікжан! Өзгесі не болса да мынасы жақсы екен. Сонымен жекпе-жекке шығысқан соң не қылса да арманым жоқ тіпті. Жә, сонан соң не болды?
Жәуетай. Мұнан соң билер көнді: не болушы еді...
Кебек. Билер азаматқа сөз салмады ма?
Жәуетай. Батырым, несін жасырайын! Тобықтының сойылын соғар азаматы кісі салып, көнбесін деп еді. Сөздерін тыңдаған жоқ. Қане, енді көңілің көншіді ме? Жүр енді кетейік, кетейік тез. Көзімізді жоғалтайық, көрінбейік, аямайды дұшпан. Кебек (Саспай). Көзімізді жоғалтпаймын, кетпеймін, қашқын болып, аң болуым жеткен. Ажалды осы арада тосып аламын. Өзгеден қашсам да, Есеннен қашқаным мақұл емес.
Еңлік, Жәуетай. Не дейсің, батыр, ойбай, қой оны!
Кебек. Қоюға болмайды. Күтіп жүргенім осы ғана болатын, шыдамым тозған.
Жәуетай. Ойбай-ау, неге үй дейсің? Аяйды деп тұрмысың? Келе жатқан бірен-саран кісі емес. Жер қайысқан қол, төтеп бере алмайсың. Кебек. Төтеп бермесем өлермін. Кеңгірбайдың көңілі көншісін, Тобықтының сөзі екі болмасын. Мен бұдан былай Кебек емеспін, шіріген жұмыртқамын. Енді менің тіршілігім не? Өлгенім не?
Еңлік (жылап). Сәулем-ау, неге олай дейсің? Қапыда өлген арман емес пе? Кебек. Арманда, қапыда емес (қатты) мен адасып жүр екенмін. Босқа ерегіседі екем. Тобықтының ырысы шығармын. Азын-аулақ пәле үшін айтқан тоқты болып кетбеспін деуші едім. Олай болмады. Менің өлімім Тобықты баласының қабырғасын сүңгілер деуші едім. Өлтір деп ұқса, байлап би берсе, не болса да болсын деп бір толқынбай азамат қалса алданғаныңды білерсің. Бағаң қандай екеніне көзің жетер. Жәуетай.. Азаматтар қайтсын, досым. Көнбейміз... деген сөзді — айтпай отыр ма? Бірақ бетке ұстаған жалғыз бидің билігін бұзған соң, ел қайтіп ел болады. Сынап отырған жау анау. Азамат болмаймыз деп ерегесіп атқа мініп еді, осыны айтып елдің барлық басты кісісі болып, тоқтау салып, бөгеп тастады... Кебек. Елдің басты кісісі биге ерген соң, ер-азамат оларға ерген соң, ар жағында не қалды? Айтыңдаршы. Жылдан-жылға мен қашып-пысып өмір бойы аң болып, тағы болып жүргенімде, көңілдегі медеуім не болды? Тілеуімізді тілеп отырған ел ағасы билер бар дейін бе? Енді өлмей қалсам Тобықты маған ел емес, жау болады. Өлімімді тілейді. Жәуетай. Қойшы, қалқам. Тасташы осының бәрін. Жүрші кетейік, келіп қалады (Артжақтан Есен шығып найзамен Кебекке тап береді. Кебек тез айналып қағып жібереді.)
Еңлік (жалт қарап). Құдай-ай, сұмдық болды ғой, мына сұм жетті ғой. Есен (найзасын Кебек қағып жібергенде). Қап-қап, болмай кетті-ау (Кебекке) аз тұра тұр бір-екі сөз сөйлеп алайын. Кебек (Дайын тұрып ашуланып). Сөйлетпеймін, кел енді. Қылатыныңды қыл. Былтырғы сөзіңді ұмытқан жоқпын! Өзің де ұмытпа! Ендігі кездескенде ақ-қарамды найзаның ұшы айырсын дегенсің.
Есен (Дайын тұрып). Батыр болсаң дегбірің қашпасын үрейлене. Еңлік. Жазғыруын қарашы. Жүз дұспанның артындағы кісісі жетсін деп тұр ғой (Талықсып отырып қалады, Жәуетай басында отырады.).
Кебек (Ұмтылып). Енді күтпеймін бол!
Есен (Ашулы). Кебек! Сені мен іздеп келіп тұрмын, сен мені іздеп тауып тұрған жоқсың. Менің қорықпайтынымды сонан біл, менің іздейтінім жекпе-жек. Көп Найман болса сенімен алыстырмас деп, олардан ұрланып, озып кетіп келіп тұрмын. Айтпағым осы, кәне! Кебек. Олай болсаң жігіт екенсің. Кел Арғын-Найман берекесі бізге қарап тұрған жоқ. Кетсе берекесі кете берсін. Кімнің басы қазаққа ұйытқы болып тұр. Есен. Сені мен менің жаратылыста жұлдызым қарсы болған. Мен сенімен өмір бойы күндес болғамын, сені жеңбей бағым ашылмайтынын білгемін. Сондықтан мен сенімен өліскелі келіп тұрмын. Кел енді еркектігіңді сынайын. Кебек. Кел, екеуіміздің де шешеміз тапқанда еркек бала таптық деп қалжа жеді ғой. Өлген соң еркек өлімінде қан майданда өліселік (бір-біріне ұмтылысады, әуелі найзамен қағысады. Аздан соң Кебектің найзасы сынады, артынан Есен қуанып ұмтылғанда Кебек оның да найзасын қиратады. Содан кейін сапыларын алып ұмтылысады, алысып жүреді.) Еңлік (қатты). Е, құдай! Ақсарбас осы жерде өлтірсең де арманым жоқ. Тілегім сол: осы арада Кебектің жанын қалдыр, жарымның, жалғыз қуатымның. Жағаласқан жауынан мерейін үстем қыл!.. (Жәуетай екеуі шошынып, тілеу тілеп, алыстан аңдып тұрады.) Кебек (Алысып кеп Есенді қанжарымен жасқап қағып түсіріп, ашулы). Жастығымды ала жатпай не бопты (Кеудесіне басып тұрып сапыны тығып, былғап-былғап алады.). Еңлік. Жәуетай, құдай-ай, бере көр, жасаған-ай, бере көр! (Кебек өлтіріп болған соң) Жасаған, жарлығыңа ризамын (Жүгіріп келіп Кебектің мойнына асылып жылап, сүйіп-сүйіп.). Сәулем, сәулем, жаның қалды ма? Жалғызым, медеуім. Кебек (Құшақтасып сүйіп). Кеудемді жеген жыбыр құрттан құтылды ма? (Есенге қарап) Жат, сол сенің сиың. Азулы дұшпан сені ала өлген соң тіпті арман жоқ. Жәуетай (Кебекке). Қалқам енді кетейік. Енді бір айтқаның болды ғой. Болшы енді. Кебек (Қатты). Енді Кебектің не бағасы бар? Неменесіне жабыса бересің. Кебектің дәурені өткен. Азаматтығының, еңбегінің елге керегі жоқ. Орнына қуыс қурай, заман сондай болған соң азаматтығым жоғалып, еңбек қайратым ұмытылған соң менің кісілігімнің біткені, жігіттігімнің жойылғаны. Елдің азаматы, арысы болған дәуренімнен айырылған соң мен көретін не қызық бар. Оның үстіне мінеки сұм Найманның тағы бірін қанға былғап отырмын. Осы арада ажалды тосып алу керек дейтінім сол, еркек тоқты құрбандық. Еңлікжан. Менің сөзімді ұғып тұрсың ғой? Мақұл емес пе? Еңлік (баласымен Кебектің жанына келіп). Батырым! (Күрсініп.) Сөзіңнің бәрі дұрыс. Бірақ сенімен менің басым болса бәрібір... жалғыз-ақ мына сорлыны қайтеміз, соры ашылмаған сорлы бейбақ осы болмай ма? (Жылап.) Ел бүлдірген қашқындардың баласы болып, түрткі көрмей ме? Осының қақысы үшін жалтара тұрайық.
Кебек (бетінен сүйіп). Қашайық деймісің сәулем, сен де?
Еңлік. Қашайық, жалтарып көрейік, ызғарлары қайтпас па екен? Тас бауырлары жібімес пе екен? Егер елді бүлдіріп бара жатса, ашуы тарамаса қолдарына барамыз, менің қайғым мынау кішкене нәрестеде. Жәуетай. Кебекжан, қайтшы ашуыңнан. Тасташы қаттылығыңды. Солардың осы жолдан соң ызғары қайтады. Тобықты өзгереді. Кетейік деймін! Еңлік. Батырым! Көн Жәуетайдың сөзіне. Тілеймін. Мен сорлының әлде соңғы тілегім шығар осы... Қайт райыңнан!
Кебек. Сен тілеймісің, қалқам!
Еңлік. Тілеймін, жалынамын!
Кебек. Олай болса, қаштық (қиналып.) Сендер дайындалыңдар. Мен күреңкейді әкелейін (кетуге айналады) біз қаштық, біз өмір бойы аң боламыз, қоянжүрек қорқақ боламыз, көрінген адам баласынан қорғанатын келін боламыз (Мылтығын алып кетеді.)
Төртінші көрініс
Жәуетай. Кел, Еңлікжан, дайындайық енді, киіміңді ки, Еркешті маған бере тұр (Алады.). Еңлік. Ұйқысынан әлі оянған жоқ бейшара. Күнің не болады? Әке-шешенің сорына тудың ба? Әлде не болады? Жәуетай. Қайғырмаңыз, түк те болмайды. Осы арадан аман-есен кетсек болды. Найман ізімізді де таба алмас.
Еңлік. Келе жатқан кісілер көп пе, құрдас-ау! Мылтықтары бар ма екен? Жәуетай. Көбі көп қой, ол иттердің ішінде, әсіресе Еспембет деген қанішер бар (Есенді көрсетіп.) мынадан соңғы ызғары қайтпайтын сол. Қолында білтелі қара мылтығы бар . Еңлік. Одан басқасында бар ма? Құдай-ай сақтай гөр (Қосқа кіре береді де, дүсір естіледі. Көп кісі қосқа қарай ду жүгіреді. Дауыс естіледі). Келді... келді... жаратқан, төбеден ұрдың ба?
Бесінші көрініс
Дауыстар. Қапта, қапта... керей, Найман! Әруақ, әруақ! (Жүгірісіп келіп жау тиеді. Еңлікті ұстайды, қолдарында найза, шоқпар. Тымақтарының құлағын жымырған.) Еспембет. Тоқта шуылдамаңдар (Есенді көріп.) Мынау Есен ғой, өлтіріп кеткен екен ғой?
Көп дауыс. Бұл не деген сұмдық! Бауырым Есен! Ойбай бауырым... Жомарт. Қанішер Тобықты, қанқұйлы Тобықты, тағы қылған екен ғой есеңгерірім-ай! Еспембет. Жә, болды, шулама! (Тоқтайды.) Өлсе өле берсін! Онымен Найманның саны кемімейді. Оған боқ басына өл деген кісі жоқ, (мазақ қылып) жекпе-жекке шыққандағы тапқаны ғой. Айтатын дәнеңе де жоқ. Есен бұл күнге шейін батыр болса, енді батыр емес. Тобықтының жығылған жығасын қайта түзеген Найманның шіріген жұмыртқасы. Жылаған жасымнан садаға. Тоқтаңдар бір ауыз сөз айтпай өлексесін жиып алыңдар (Тым-тырыс). Кебек жоқ екен ғой, дабылдарыңды естіп қашып кетпесін, әлде кетіп қалды ма екен?
Жомарт. Мынау қашқын қыз біледі ғой жайын айтқызыңдар осыған.
1-ші жігіт (Еңлікке). Айт жаның барында?
Еңлік. Мені ұстаған соң батырымды да ұстадыңдар ғой. Мені тастап ол кетпейді, мұраттарыңа жеттіңдер ғой. Құдай-ай, ең болмаса өзі аман қалар еді қашып та кетпеді-ау!
Жігіт. Амандық па әлі сенің іздейтінің.
2-ші жігіт. Тырнақтай түйсік болсашы өзінде.
Жігіт. Сенің лаңың жетпеді ме, әлі де мына қызыл қанды тағы да сен төгіп отырсың, Тобықтыға қол артсам, Найманның қолы жетпейді дедің ғой. Пәлем, әлі тоқтай тұр. Батырыңның да, өзіңнің де сыбағаң мығым. Еспембет. Жә! Қарап тұрып қапыда қалмайық, жарым-жартың іздеңдер! Бұл қыз көлгірсіп тұр алдап. Бар, жөнеліңдер, ол қашса да әлі ұзаған жоқ. Сүзіңдер осы шат-шаттың бәрін. Мә, менің мылтығымды ал біреуің. Бар! (Бірталай жігіт кетеді. Қалғаны он шақты.) Жомарт (Жәуетайды көрсетіп, мазақ қылған пішінмен). Мына біреу жігіттің бағана ант-суды ішіп ішіп енді тұрған жерін қара (Күліседі) уу-ууу... ой кәпір, пысық екен, қанша айтқанмен құтқарып әкетіпті ғой?! Еспембет. Тұра тұрсын ол әлі, Кебек табылмаса сыбағасын өзіне тартқызамын (Кебек шығады.)
Дауыстар. А-а батыр, келдің бе ажалын айдап...
Кебек (Мылтығын кезеп, тура қалады). Келдім... Мен Еңлікжан өлген жерде өлем деген уәдем бар, сол үшін келдім... Тағы жастығымды ала өлейін бе? Ажалсыз қай Найман барсың, айтшы маған.
Еспембет (кеудесін ашып). Ат міне мені, Найман құрып қалса көрерміз. Еңлік (Жарыса). Сәулем, атпа, ойбай тілеймін, еркек тоқты құрбандық деп еді ғой. Арғын, Найманның қалған елі қарғамасын бізді, өлсек те жазықсыз болып өлейік. Кебек. Дұрыс, қалқам (Мылтықты тастап) ал ендеше, мінеки білгендеріңді қылыңдар. Еспембет (жылдам барып мылтықты алып). Жә, байлаңдар қызбен екеуінің қолын. Не тұрыс енді. Кебек. Еспембет! Қылмағыңды қолымды байламай-ақ қыл, қарсылық қылсам мен бүйтіп тұрар ма едім. Еспембет. Ол сөздің керегі жоқ — қане олай болса мойнына арқан тақ, екеуін де буындырып өлтіреміз (Жігіттер Еңлік пен Кебекті ұстайды.)
Дауыстар. Өлетін жерлерің келді енді, имандарыңды айт.
Жомарт. Арқан әкел! Тақ мойындарына (жұрт шулайды. Жапырлайды.).
Еңлік. Уа, азамат аталы елдің баласысың, жақсың бар, жаманың бар, өлтірерде үш тілек бар емес пе еді? Қыршын жасымыз қиылғалы тұр ғой. Үш-ақ түрлі тілек айтам. Дауыстар. Керегі жоқ айтпай-ақ қойсын. Сендерде не тілек бар, ел бүлдірген қыздың не берекелі тілегі бар дейсің.
Еспембет. Жә, шуылдама! Айтсын... айт!
Еңлік. Кебекпен арыздасайын, айырылысар жерім еді ғой. Екінші өлтірген соң екеумізді бір жерге көміңдер (Жылап) үшінші бізде жазық болса да, мына сорлы нәрестеде жазық жоқ, — еді ғой. Тобықтының сүйегі еді, осыны биге тапсырыңдар. Бар тілегім осы.
Еспембет. Дұрыс, бердім тілектеріңді, арыздаса ғой ана жарыңмен. Матақ (көптің ортасына шығып, Кебекке келіп). Қарағым, еркек тоқты құрбандық деп еді, ел тыныштығы үшін өзі де басын қиып жүріп еді ғой деп, елдің жақсысы мына Найманның қолына беруді ұйғарды (жылап) берерін берсе де би атаң жанын бергеннен кем болған жоқ, қарағым, қыршын жассың, ашуың құрыш болып ішіңде кетпесін. Тобықтының еліне айтар арызың болса, маған айт, жарығым, би болып, Көбей болып мені саған жіберді, қоштасқаның осы, бізге айтар, сәлемің болса, ақырғы сөзің болса айт. Кебек (салқын пішінмен). Тобықтының баласына менің сөзім жоқ. Ендігі сөзім жетіп жүйесін босатпай-ақ қойсын. Тобықты беріктік қандылығынан таймасын (Еспембетке.) Менің арызым, Еспембет, сенде!..
Еспембет. Айт менде болса!..
Кебек. Менің айтатыным: Мен де Тобықтының асыл сүйегімін ғой, біздің мойнымызға арқан тағып өлтірме. Мен Еңлікпенен құшақтасып арыздасайын, сол уақта, қолыңдағы мылтықпен өзің ат. Әйтеуір өлген соң әркімнің қолынан өлмей Есенді мен де өз қолымнан қан майданда өлтірдім. Елдің айбынды биісің, сенің қолыңнан өлсем арманым жоқ (Еңлікке.) Еңлікжан, менің осы тілегіме сен де ризамысың.
Еңлік. Ризамын.
Еспембет (өзгелерге). Олай болса, босат екеуін де, арыздассын (мылтықты алып, көздеп тұрады. Еңлік, Кебек жақындасады өзгелер шетке кетеді.) Кебек. Еңлікжан, жаным, аз күндік жолдастығымда артық-кемді сөз айтып, көңіліңе ренжу салсам кеш, бұдан басқа не айтамын (Құшады.). Еңлік (жылап). Жарығым, өзің де кеш, ақиретте көрісуге жазсын! (Сүйіседі! Мылтық тарс етеді, екеуі де жығылады).
Кебек. Жығылып бара жатып: Абыз!.. Абыз!..
Матақ, Жәуетай (Жылап жүгіреді). Арысым... арысым... (Басына барады.)
Еспембет. Найман, іс бітті, жарты кек қайтты. Есеннің қанын тағы жоқтаймыз Тобықтыдан, тартыңдар елге (Жөнеледі. Матақ, Жәуетай жылап отырып қалады).
Шымылдық
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру