Қараорман
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Серік Ақсұңқарұлы
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 А 37 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Ақсұңқарұлы Серік. Қараорман. Өлеңдер. – Алматы, «Ел-шежіре» ҚҚ. 2012. – 384 бет. ISBN 978-601-7317-19-5 Қазақтың айтулы ақындарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлының «Қараорман» атты бұл жинағына кірген кез-келген өлең-жырынан өршіл рух, асқақ мұрат, шарболаттай суарылған жігер мен қайрат көрінеді. Ақынның өзі өмір сүріп отырған ортаға, қоғамға, табиғатқа деген ойпікірлері, сыни көзқарастары өткір тілмен, образды суреттермен әдемі өрнектелген. «Қараорман» қазағым, елім, жұртым деген әрбір оқырманды Отанды, ел мен жерді сүюге жетелейтіні сөзсіз. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 978-601-7317-19-5
© Ақсұңқарұлы С. 2012 © «Ел-шежіре» ҚҚ. 2012
ҚАРАОРМАН Тасын жарып, мұз құрсанған шыңдардың, Қара жерде қарағай боп бүр жардым. Жазда – аптап, қыста – аязды көзге ілмей, Жар басында жап-жасыл боп тұрғанмын. Текті жұрттың – Әрі – ұлы, әрі – ірі, Топырақта жатады ылғи тамыры. Мен Алтайдан алты ағаш боп шығып ем, Алты Алашқа айналдырған – Тәңірі. Құдай мені Түрік қылды құты – ұлы, Жаным – сонда, тән де – соның тұқылы. Мен – Алтайдан Ақсораңға кеп түскен, Қарағайлы Қараорманның тұқымы. Маңғаз Мағжан, Өр Қасым да сол жұрттан, Сорғалаған көз жасым да сол жұрттан. Қара басты тәрк қылып қашанда, Қараорман деп зарлайтыным – сондықтан. Жан сіміріп жасыл жұрттың жарығын, Жастайымнан уызыма жарыдым. Қараорманым Хаққа қарап күңіренсе, Қақсайды, Алла-ай, алпыс екі тамырым...
АҚСҰҢҚАР, СЕН ДЕ ҚҰССЫҢ, МЕН ДЕ ҚҰСПЫН... ПУШКИНМЕН КЕЗДЕСУ Тарқамаған балалықтың базары, Муза келіп ала берген мазаны. Сәби едім. Сәби шерін қозғасын. Өлеңменен ерте есейдім өз басым. Александр жырларынан азалы Адамзаттың көрдім ащы көз жасын. Оранып ап қыста... жылы көрпеге, Бала тәнім отты ойлардан өртене, Жаттым жылап көңілден бір күй кетіп. Балалықты даналық кеп – күйретіп: Ақын қаны тамған мұңды өлкеге Муза мені алып кетті сүйретіп! Көз алдымда зулап өтіп бар кескін, Қиялымда қыршынымда-ақ қан кештім. Менің досым – досы барлық Пушкиннің. Менің досым – қасы барлық Дантестің! * Шыбын жан барда далаға жетейін, Кеудемді ашып пәкпін – деп. Құдіретіңнен садаға кетейін, Құрманғазы мен Тәттімбет! Елестеп өтсін Құлагерің де, Алтынға тағалатқандай; Қырық мың тұлпар құба беліңде Қиқулап бара жатқандай!
Парағын эпос – дастан ашсын да, Паш етсін қазақтығыңды. «Адай» күй ойнап аспан астында, Іздесін азаттығыңды! Шыңғысхан... Ақсақ Темір өтеді, Елестеп – ұшқан ұландар; Домбыраларды еңіретеді Азалы – «Ақсақ құландар!» Темірлер кімді тебірентеді Мінсе де қанша қаһарға? Күй Елі! Күйдің Мемлекеті! Жалғызсың – күллі жаһанда! Шыбын жан барда далаға жетейін Кеудемді ашып пәкпін – деп. Құдіретіңнен садаға кетейін, Құрманғазы мен Тәттімбет! СОЗАҚ КӨТЕРІЛІСІ Тілеубай Әзімбайұлына Созақтай ел бар ма екен паң даламда, Күллі Алаш сондай болса – сандалам ба?! Бетіне Сталиннің сол түкірген, Белдеуде аша тұяқ қалмағанда. Бұлдырап жұртың қалған жол артында, Өңшең ер – ел жұртына болар тұлға – Қан кешіп Қадыр – Қалман қашқан кезде, Әзімбай әкең сенің – он алтыда. Егіліп ел, еңіреп Сыр жылап тұр, Памирдің шатқалында құлдырап бір, –
Қоңырат жұрты көшті, Сартай қажы Моласы көз ұшында бұлдырап тұр. Қазақтың хабар айтпай құсы келіп, Жат жерде – Шөлде кеуіп, ұшып – өліп – Қаншама бауыр қалды баудай түсіп, Қажының сол моласы түсіне еніп? Туғаннан жанталасып жарыққа ердің, Сазына сағыныштың салып келдің. Сол көштен қалған күллі зәузатыңды, Көшіріп Алашыңа алып келдің! Ақыры түгенделіп жаны, малы, Алашың аймақ болды арыналы. Марқайдың Созағыңа жұртыңды әкеп, Сартайдың ырза Саған әруағы... АНАМА ХАТ Аман ба, Тәте, армысыз? Аспанда жүзген Ай-көңіл... Үстінде Жердің бармысыз? Армысыз, анам, әйтеуір. Кейінгі кезде күстәна Боп кеттім неге мұнша мен? Төбеңнен өткен құстан да Жүрсің бе жолдап бір сәлем? Уақыт-ай, зулап ұшқан кеп, Ұрлайды-ай күнде жамалын. Сіз жақтан-дағы құстар кеп Көктемнің берді хабарын. Ақсораң жаққа ұшқанда, Отыра қалып жүремнен,
Төбемнен өткен құстан да Сан сәлем жолдап жібергем. Сол құстар, Тәте, барды ма Көктемді алып жетекке? Қаңқылдап, шулап қонды ма Ақжарық деген бекетке? Кеттім-ау, Тәте, алыстап, Жүдеме, ойлап, күрсінбе. Өкпеңнің дерті тағы ұстап, Талықсып қалып жүрсің бе? Күркілдеп жатқан кеудеңде Қандай дерт екен, анам-ай? Ажалдың құсы келгенде Әкем де кеткен қарамай... Күдіктің зілдей тауын да Көтеріп келем бекем бір. Бәрін де тастап, ауылға Аттанып кетсем бе екен бұл? Білгендей соны: «Қолыңнан бал ашамын» – деп, шаршамай, Тұрады күтіп жолымнан Цыганның қызы қаршадай. Тыңдадым ұйып болжамын: – Әулием, айтып бергін, – деп. Сөзіне ылғи сол жанның Тұрады, Тәте, сенгім кеп! Аман-сау екен ел-аймақ. Әулиең айтып тұр, міне: Болжады цыган мені ойлап Көз ілмей жүргеніңді де.
Деді ол: «Жағдай қиын, көр: Дімкәстау екен шешеңіз. Тағы да біраз... тиын бер Оның да мәнін шешеміз!» Жанымның бұлтты аспаны Нөсерлер пері кезі кеп: «Алыңыз мынау ақшаны! Айтыңыз – деймін. – Тезірек!» Картасын жайып жаңадан Шомды ойға цыган не түрлі. Үстінде жердің әлі аман Жүрген бір тәңірі секілді! «Сеніңіз мендей пендеге, Жүрегі адал десеңіз: Міндадар болмай емге де Сауығады екен шешеңіз!» Сөйлейді цыган шабытты, Қалтасы бүгін олжалы. Болашағында бақытты Болатыныңды болжады! Тыңдадым ұйып болжамын – Ерікті саған бердім, – деп. Сөзіне ылғи сол жанның Тұрады, Тәте, сенгім кеп... Уақыттың шеру, дүрмегі Барады алып шығанға. Көрінбей... соңғы күндері Із-түзсіз кетті цыган да. Іздеймін соны көшеде, Көзіммен тінтіп...
Не екен бұл? Адамды сендірмесе де, Алданыш керек екен бір! Қонақжай әдет-ғұрпы мол Жанына тұрған жарасып – Ауылда жүр ме, мүмкін ол Енді еркін маған бал ашып? Иесі – жел ме, дауыл ма, Дегбірсіздердің бірі екен. Қалайша біздің ауылға Қаңғырып бармай жүр екен?! Сан жерде ұлың сыналған Тап болып тағдыр кермесі. Мен жайлы ешбір цыганнан Ештеңе ести көрмеші. Қыран боп шыңды шолам мен, Кеудеме шабыт қонған соң. Адамның ұлы болам мен – Анамның ұлы болған соң. «Шуаққа менің мол жаным...» – Десе егер біреу, мен гүлдеп: Сөзіне ылғи сол жанның Тұрады, Тәте, сенгім кеп. Біреулер бөгеп жолымды Жүрсе егер: «Құдай атты!» – деп. «Алыңыз, – деймін – қолымды! Айтыңыз, – деймін – ақ тілек!» Кім білсін, осы сөзімді Ұқты ма ол, жанға жақты ма? Арбап кеп менің көзімді Алдап кеп... оғын атты ма?!
Кім білсін, осы бәрінен Қиындау... Қайтіп жан бағам: Алданып келем әлі мен, Әлі де қанша алданам?!. Таныс көп, Тәте, менде де Дейтұғын: «Кетпес есеңіз, Сеніңіз мендей пендеге, Жүрегі адал десеңіз!» Сенемін. Ұқпас мені кім? Үмітке жаным кенелді: Адамға деген сенімім Алдамас мүмкін мені енді... * Есіңде ме Шайтанкөлдің түндері, Қиял бізді сонда алысқа сүйреді. Өмір деген тәтті болып кеткен-ді, Сонда сенің ерініңнен сүйгелі. Көз алдымда – сауал толы көздерің, Жанарыңды жаһан қылып кезгенім. Өмір заңы өз әмірін жүргізді Сен сезбедің... мен де түкті сезбедім... Тарпаң тағдыр жаншып басып еңсені, Жолға шықтық... Жоқ! Жоғалттым мен сені! Мәрт ғашықтар бір-біріне өмірде Мәңгі бақи кездеспейді деуші еді... ...Құстай ұшып Шайтанкөлге жеттім де Елесіңе тұрдым тағзым еттім де. Сен де сеніп сол әзәзіл сөздерге Кездескеннің қолын ұстап кеттің бе?
Сенбеші оған, сұра жұрттан сыналған, Сұрашы анау шыңда тұрған шынардан: Алдау үшін ғашықтарды аңғалақ Пасықтар ғой соны ойлап шығарған! Сенбеші оған... есіңді алған сұм ағын – Қайда әкетіп бара жатыр? Тұл – әнім... О, сұмдық-ай! Қасаң қағидалардан Тарс жарылып кетер ме екен құлағым?! Сенбеші оған... Елең қылма түгін де, Өткенде емес бар үмітім – бүгінде. Жалғыз өзім жастанып ап жартасты Күтем сені Шайтанкөлдің түбінде. Сенбеші оған... Жаңбыр менен жасында, Тірі жан жоқ–табиғат бар қасымда – Есіл шақты еркін еске түсіріп, Күтем сені Шайтанкөлдің басында. Келші, жаным... Суытпашы бекер бой, Шайтанкөлің – қасиетті мекен ғой. ...Мәрт ғашықтар бір-біріне өмірде Мәңгі бақи жолықпайды екен ғой. * Қас қағымда дүние бүлінді ме, Кеттің хабар-ошарсыз түңілдіре. Жат еркекке жүрегің жүгінді ме? Шайтанкөлде кездесіп қалып едік, Бүкіл жерде жоқсың сен бүгін, міне. Күнімді де тәрк етіп – батпайтұғын, Таңымды да тәрк етіп – атпайтұғын,
Іздеп келем. Белгілі – таппайтыным. Құпиям боп қалдың ғой, ғұмыр бойы Жүрегімнің түбіне сақтайтұғын. Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым. Жоқтығыңды білгенде – қалай бардым? Сан барармын. Әлі сан қарайлармын, Ішқұса боп таба алмай тарта берем, Келіп кеткен жолымен талайлардың. Мен секілді мазасыз шерлі екен көк, Барған сайын... нөсерін селдетер кеп. Табысатын кезім де келді екен деп, Арулардың жалт еткен жанарына Жалтақ-жалтақ қарармын сен бе екен деп. Дөңбекшітіп сені де төсегіңде, Шырылдаса сағыныш – сезім – бала, Сабыр беріп жүр ме екен төзім – нала? Қалай десең – олай де, осы өмірде Сүйген, сүйе білетін – өзім ғана.
ШЫҢҒЫСТАУ. ҒАСЫРЛАР. АБАЙ. Ғасырлар келеді ұшып оттай жанып, Құр бәрін жайпап өтіп құныққандай. Үстіне Шыңғыстаудың тоқтай қалып Кетті ағып, – тұрып қалмай... Кетті ағып. Сан жеткісіз – санасаңдар. Тамам үн соныменен тамамдалды. Талайлар көмілді де қара шаңға, Абайлар – аман қалды! Ғасырлар келеді ұшып оттай жанып. Түсін де түстеп жөндеп қарамадық: Үстіне Шыңғыстаудың тоқтай қалып, Тағы да барады ағып... Барады ағып. Жаңа жыл жалт қаратып тұңғыш қарға, Тұрса да алуан іс алдыма кеп, Келеді жетіп барғым Шыңғыстауға: «Топырағыңда Абайлар қалды ма?» – деп. Ғасырлар құсша ұшады. Қарасаңдар – Керемет мазасыздық келбетінде. Талайлар көмілсе де қара шаңға Қалса екен Абайларым – Жер бетінде! * Саған арнап сұлу жырдан гүл өрдім. Гүл өрдім де тығырыққа тірелдім. Рухыңды – бұлдыраған елестен – Өлеңіме айналдырып жібердім. Өлеңімсіз бозаң тартар өң кірмей – Өр кескінің – өзегімнің өртіндей. Дүниеде менен күшті еркек жоқ, Бір әйелді алып қалдым өлтірмей!
Қанатымыз ұша-ұша талғанда, Енді бізге құлау ғана қалған ба? Бұл жалғанда сенен асқан ару жоқ, Менен асқан еркек жоқ бұл жалғанда! Саған арнап сұлу жырдан гүл өрдім, Гүл өрдім де тығырыққа – тірелдім. Рухыңды – бұлдыраған елестен Өлеңіме айналдырып жібердім. Дала – дастан! Бала жастан оқып өскем сені мен, Көкпарыңа араласқам құлап аттың ерінен. Қыз қууда ұлы халық намысына күйгенмін. Ат үстінен жұлып алып аруыңды сүйгенмін! Кереметім – кеңдікте! – деп, Серілікте! – деп ел өсті. Бұл далаға – ерлік керек, ездік... керек емес–ті. Басымды оқтан ала қашпан. Елім ермен – еңселі. Дала – дастан! Бала жастан оқып өскем мен сені!.. Мен сені сағындым көктемде, Төбемнен жыл құсы өткенде, Домбыра күйшіге тап болып Әдемі әуенін төккенде. Түк те жоқ, өзіңсің санада, Сағыныш, жалыныш, нала да. Мен сені сағындым далада, Мен сені сағындым қалада.
Сені іздеп шекті азап есіл ар, Мені де сен де бір есіңе ал. Сүюді білмейтін адамның Осынау өмірде несі бар?! Мені де сен де бір есіңе ал... ТҮС Көгіңдегі жұлдыз еді бір сұлу, Сыр ғып маған соны айтушы ең қымсынып. Жыр ғып айтып келе жатсаң, көшеде Көріп соны... қалушы едің тұншығып. Қыз да сені жүрген сынды түсінбей, От сезімің жатты өртеніп ішіңде. Қандай ғажап мынау мылқау махаббат! «Үйленіппін, – дейсің – соған түсімде...» ...Менің түсім – кереғарлау – шатағы: Сол бір сұлу шат – күлкісі, шат әні – Жат төсекте жат жастықты... жастанып, Жат біреумен құшақтасып жатады! Елең қылмай ұйқыны да, түсті де, Кенет сонда маған бітіп күш, міне: «Бассыздықты тоқтатыңдар, кәне!» – деп Екеуінің кіріп барам үстіне!... Шынжырлаулы иттері үріп абалап: «Миы ауысқан жынды ма?!» – деп табалап Сонда екеуі атып тұрып төсектен Айдап шықты сыпырғышпен... сабалап! Сол түсіме сені қайтып сендірем? Бекежанды саған қайтып жеңдірем? ...Бұдан бұлай ғашық болған жандардың Арасына түспеспін-ау енді мен...
- * Келеді алып қашқым – Жегідей жеп, жанымды құса қылған Түн аңдыған бұзықтың пышағынан, Жасындардан кенеттен жарқ ететін, Сұлулық пен пәктікті тәрк ететін Дон Жуанның темірдей құшағынан! Кереғарды қалайша келістірем! Көзім алды – қайшылық, керіс кілең! Болсам егер қараңдар санатында Қысып алып өзіңді қанатыма Алып қашып кетер ем Жер үстінен! Алып қашып кетер ем, сол – тыныш-ты, Маған керек басқа әлем мол тынысты. Қайда барып еркін бір дем аламыз? Хиросима – секілді Жер-анамыз! Өмір сүру не деген қорқынышты...
ӘКЕ МЕН ҰЛ Роберт Рождественскийден Бұл – ән еді. Айтып беремін ғой деп
түсіңде де, өңде де қаларсыз... Кеткен әке: «Қайтып келемін ғой...» деп Қан төгістен оралған жоқ, Хабарсыз... Жиырма жылдай бопты-ау... көп пе, соншама? Соңында егер ұрпақ қалса, о да – сын: бала әкесін іздеп кетті Польшаға. Ең болмаса көрейін деп моласын... Тапты-ау іздеп сорлы бала-ай... сенделген. Рухына басын иді, құлыным. Әкесінен – жат өлкеде жерленген. Жасы да үлкен болатұғын ұлының... Сол азалы, сол азалы молада гүлдер жатты тебіреніп жетімді. Сол оқ гүлдер елестеді балаға госпитальдың ақ дәкесі секілді. Ауыр тулар түсті сырғып асыға, басталды-ай, кеп дүлей нөсер базары. Поляктар да келіп ұлдың қасына
тұрды үнсіз. Барлығы да – азалы. «Түсінеміз жүрегіңнің бәйітін – деді біреу – Ерсіз елі – немене?! Туған елге алып барып мәйітін туған жерге жерлегіңіз келе ме?..» Жапырақты жел мұздатып, толы сызға тамшылап тұр жаңбыр жасқа ұқсап қап. «Жоқ! – деді Ұлы, – Менің әкем онсыз да жатыр туған Жер-Анасын құшақтап...»
КЕКТІ БАЛА Берік Көпбаевқа Пушкин десе жанарың лапылдайды, Тұла бойға тоғысып ақыл, қайғы. Сендер барда сенем мен, мына өмірде Сұлулыққа қарсы оқ атылмайды! Пушкин десе жанарың лапылдайды. Есенинді айтасың еміреніп, Хиросима қақында тебіреніп. Сен оларды тапқалы, Дүниенің Қайғы-мұңы тауыпты – Сені келіп! Еміреніп сөйлейсің, тебіреніп. Заулап ғасыр өтсе де, ұшып көп күн, Жүрегіңе жасыны түсіп көктің – Еске түссе Лермонтов, қанат байлап, Кавказ жаққа келеді ұшып кеткің! Жүрегіңе жасыны түсіп көктің. Қойшы... Айта бермеші... Жетті, бала! Көз жасыңды көшіріп кеттім ала. Балаларды сүйемін – пәк! Дегенмен Сені ерекше сүйемін, кекті бала! Қойшы... Айта бермеші... Жетті, бала! Ал, ағаңды теңеме наркескенге, Менен өткен шерлі жоқ зар кешкенде. Мен бір – оқпын, құлыным... Пушкиндердің Тимей кеткен оғымын – Дантестерге! Менен шерлі адам жоқ зар кешкенде...
- * Халқына, мүлде, сенбеген, Арбалып тақ пен алтынға. Хан біткен қанға шөлдеген, Қалды сол қарау қалпында. Молдалар көзсіз сандалып, Намазға құлап теңселе – Абайға сенбей... арбалып. Аллаға ғана сенсе де – Өлді ұлып өстіп көп пенде Өмірде болған өтімді. Сеп болмай шен де, шекпен де, Өткінші затқа өкінді. Пыш–пыштар өлді бақырып Айта алмай соңғы ариясын. Ішкіштер өлді ақыры Сарқа алмай шарап дариясын. Сұлулар өлді сәнімен Кете алмай жерге ну егіп, Қор болып шалдың тәнінен Ләззат емес – у еміп! Пақырлар өлді – тірлігін, Өзінше жасап шайқап-ақ. Ақындар өлді – бір-бірін Тотықұстайын қайталап! Өлімнің заңы: «Көн!» – деген, Шежіре жыр ғып баяндар. Бәрі де – өлді. Өлмеген – Рубайлар, Омар Хайямдар.
- * Қап-қара түн... Зілмауыр қап-қара түн. Зауал шақ қой мәңгі есте сақталатын. Аяр сезім арбады тұл бойыңды, Аялдатпай уақытқа – ақталатын. Қап-қара түн. Құмар сәт боп елестеп күнә мына, Жаттың жауап таба алмай сұрағыңа. Қара түндей қатыгез қара кісі Сайтан құсап сыбырлап құлағыңа. Әзәзілдің дидарын көріп-танып, Жаттың үнсіз талықсып өліп-талып, Көзің алды қап-қара, қара түнек, Жарық дүние жалп етіп сөніп қалып! Тілсіз үрей басынып бар алапты, Ләззат пенен сұмдықты саралатты. Арбап алған тәніңді қара жылан Пәк тәніңе өрмелеп бара жатты... ...Алаң оймен оянып ала таңда, Жаттың ұқсап жазықсыз балапанға. Қара жылан шаққан сол қара түнде Ақ тәніңде қап қойды – қара таңба.
ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ Дала десең жарқ етер – Даңқым! – Деген бір өлең. Дала десен жарқ етер – Халқым! – Деген бір өлең. Мархабатым шығар-ау Махамбеттің туғаны. Ер ұлдарым болмаса – Ез екем деп жүрер ем! Дала десең жарқ етер – Сұлулық! – Деген бір өлең. Дала десең жарқ етер – Ұлылық! – Деген бір өлең. Арман шығар даламда Абайымның туғаны. Абайларым болмаса – Ақымақпын! – деп жүрер ем... Тарих Стадионы – Дала! Тәні – қан-жоса! Жалт қарады Ұлына ол көгін тұман торласа. Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат. Ақымақ бүкіл адамзат – Ақындары болмаса!
ТЕЛЕФОНДАҒЫ ӘҢГІМЕ – Амансың ба? Қандайсың бұл күндері? Танымай да қалуың мүмкін мені? Жас дәуренім өтіпті тез менің де, Хабарсызсың... Мәңгіге безгенің бе? Сен түсесің есіме жалғызсырап, Жабыққан кездерімде... – Гүл ғой – жастық, күзге қап – үсіп кеткен. Сөйлегендей болдың-ау түсіп көктен? Мен де жалғыз отыр ем... Келіншегім Жолаушылап Ташкенге ұшып кеткен... – Жалғызсың ба? Адамды, ая, Құдай! Жаным, міне, жалынды жай оғындай. Күмілжімей... Жетсеңші! Аэропорттан Күтіп алам бас иіп баяғыдай! – Кездескен жөн... Айтатын сөзіміз көп, Гүл ғұмырдың күрсінген көзіміз деп. Мен сені іздеп барған ем талай рет, Енді бір сәт келсеңші өзің іздеп?! ...Бірге жүре алмадық біз белеңде, Жүрегім – мұз. Кетпейтін сыз – денемде. Нанатұғын бір сылтау неге айтпайсың Табатұғын едің ғой – іздегенде?! Ұмытпайды бір әйел мәңгі мені. Түн ортасы. Күз... Басым мәңгіреді Осы түнде айтты екен қаншама адам Неше түрлі құпия әңгімені...
АҚЫНДАР МЕН ҚҰДАЙЛАР Муин Бсисудан Ақындарым-ай... Тоқтады қанша, соқпады қанша ел жүрегі? Мемлекеттік Штыкты қорғап біреуі, Біреуі өлді елемей елдің жара... зарын, Басымен ұрып Мемлекеттің Барабанын... Біреулер өлді... Не деген сорлы сүреңі, Мемлекеттік Етікті жалап біреуі – Өліп барады! Осы ма үлгі, өнеге? Тағы да біреу осылай... текке өле ме?! * Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде, Болса еркім ессіз жандай сенделем бе? Ханыша болсаң да бас имес едім, Махаббат жаһангері жеңбегенде! Бас ием, өлең болып өрім кеуде, Қайтейін, сөгілгенде... өрілгенде? Бас ием, армандасым! Қайран басым Иіліп көрген емес көрінгенге! Бас ием. Бағындыра түстің мені. Бас ием. Табындыра түстің мені. Жалғанда жүрегіме жақын – Сенсің Адамнан жұмыр Жердің үстіндегі! Бас ием махаббаттың мас... құрбаны Абдырап, ағар көзден жастың бәрі.
Жалғанда жүрегіме жақын – Сенсің Адамнан аспанымның астындағы! Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде, Болса еркім ессіз жандай сенделем бе? Ханыша болсаң да бас имес едім Махаббат жаһангері жеңбегенде! Бас ием. Басымды ием мен саған кеп, Кешпейтін күнәңді де кеше алам деп. Өмірде бір әйелге бас имеген Еркекті мен ойлаймын есалаң деп. ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ Мәрмәр – Пушкин! Мен саған жат емеспін. Қаршадайдан өлеңмен қатар өстім. Қателессем, өмірді сенше сүйіп, Сенше күйіп жүргенде қателестім. Мәрмәр – Пушкин! Мен саған жат емеспін. Өмір өтті ойлардың орманында. Өсек-аяң – ақынның соңдарында. Әлі, әлі Дантес бар тірі жүрген – Пистолет жоқ тек қана қолдарында! Мен де оққа нысана болғаным ба? Бір сыр билеп келеді жүрегімді, Жалт қаратар естісе гүл-өңірді. Өмір дейміз бәріміз, ерлер түгіл – Ездерің де сүйеді бұл өмірді! Бір сыр билеп келеді жүрегімді! Жыр жолына жанымды бақшыладым. Жақсылыққа шырағын жақсын арым.
Болашақ кеп қолымнан алса бүгін Алтын емес – Ақиқат тапсырарым! Жыр жолына жанымды бақшыладым. Өзің көрші! Көрмесең – сенбес едің: Күнде күйкі пендемен белдесемін. Сені таптым, пендесі бар өмірге Періштесі болмаса – келмес едім! Өзің көрші! Көрмесең – сенбес едің. Артық айтсам кешірші мені, ерім, Еріп кеттім жез едім, темір едім. Самолеттен түскенім жаңа ғана, Мұқағали бейітінен келіп едім... Еңірегім келеді, еңірегім... ПРОМЕТЕЙ АЛАУЫ Тірі жан жоқ далада ояу – Жаһан жаңа жаралып. Қапас ғалам – қара бояу. Күн көзінде – қара бұлт. Жер тамыры тоқтап тұрды. Кенет... Көктен түсті де, Прометей от лақтырды, Мұз – ғаламның үстіне! Ғалам отсыз қала ма енді жұмыр Жерді жұт алып? Киелі алау жана берді сөніп қалмай... тұтанып! Замандарым! Адамдарың найзағайша шатырлап,
Аристотель... Абайларың вулкан құсап лапылдап! – Өттіңдер-ау, Шүкір, халық, сөну деген саған жат Прометейдің алауы ғой бүкіл – Тарих, адамзат! Зымыран Уақыт! Ұшайықшы аттап бүкіл түнектен, Мұз – Ғаламды құшайықшы сол бір отты
жүрекпен! Тіл алмайтын баламын мен, көресімді көремін, Прометейдің алауымен өртенеді өлеңім. Өртенеді өзегім де, өзге затты жат қылып, Кең дүниені кеземін де өтемін от лақтырып! ӨМІР КІШЕНҰЛЫНЫҢ ӘруағыНА Атасу – аңыз толы төнірегі, Ағамның аты бөлек: «Өмір» еді Сәкендей заты бөлек болғаннан соң, Ел-жұрты әлі іздейтін көрінеді. Иманақ – алтын шөкпен босаға-ды Аялар Алла сүйіп босағаны Сәкеннің қаны тамған бұл топырақ, Әлі сан боздағына босанады! Атасу – Алашымның өркенді елі. Қазақтың көк жиегін көркемдеді. Өмірге Өмір сынды ұл келмесе Сағыныш өзегімді өртер ме еді?! Атасу, асып не бір белесіннен, Тауымен, тасымен де кеңесіп ем. ...Құдай-ау, қайда барсам Сәкеніңнің, Құтыла алмай қойдың елесінен.
- * Өксиді өмір өкіріп тағы, Аранын ажал ашқанда. «Өлдік-ау!» – дейміз. Өтірік – бәрі! Кетеміз ұшып – аспанға! Соңымызда қалады біздің Өмірге қамшы өрендер. Соңымызда қалады біздің Өлімге қарсы өлеңдер! КРЕСЛО – БЮРОКРАТ Талантты да тастайтұғын ысырып, Дөңайбат қып сөйлегенде ісініп – Кресло дейтін тақтың үстінде Пайда болды Кресло – Кісілік. Талай залды өктем үнмен жаңғыртып, Талай зілін көкейінде қалды іркіп. Серік түгіл, Мұқағали келсе де, Қабылдамай жібереді қаңғыртып! Оған енді қай құдірет тең келер? Шығып көрсін өз күшіне сенген ер! Көз сүзіп тұр Кресло – Құдайға Орындық боп кеткен өңкей пенделер! Аянышпен қараймын сол мүскінге, Ауысып-ақ тұрғаны ма күш күнде: Кемтар мүскін отыр, міне, патша боп, Кресло дейтін тақтың үстінде. Арыз айтсаң кенет ашу шақырып, Абайсызда жібере ме ақырып. Адам деген Орындықтың тағдырын Шешіп жатыр Кресло – Мақұлық.
Қонақта да оның орны жоғары, Бәйек боп жүр Орындықтар Қоғамы. Отырып ап Кресло-ақымақ Неше түрлі фәлсафаны соғады! Былықтырған Кресло – қаскүнем, Еңбектейді енді жердің астымен. Ішкіштермен сыбанып ап білегін, Күреседі Кресло – Маскүнем. Ай – сұлулар аңыз болған ертеде, Кресло Дон-Жуанға еркелеп... Кресло – суретшінің эскизі Эрмитаждың есігіне ентелеп... Қаламымды аңыз алып қашады, Мен ашпаған есіктерді ашады. Пайда болып Кресло – жазарман Кресло – оқырманды жасады! Жетер енді! Оған неге қорындық? Орын ғып бір аламыз ба ор үңгіп?! Осы өлеңді әзер жаздым, сықырлап Астымдағы тозып біткен орындық... * Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің. Серікке – серік болуға келіскен едің. Бейіш дер едім өзіңмен өткен өмірді, Періштем едің кездескен бейіште менің. Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің. Он сегіздегі мазасыз кезімдей шынар, Кез келді-ау маған дөңбекшіп көз ілмей шығар. Алатау жақта туғаның болмаса, жаным, Көкшетаудағы Ғалия өзіңдей шығар?
Ойларым мені барады тығырыққа алып: Жүрсің бе менен бір жерде тығылып, талып – Кездесіп менен басқа бір Балуан Шолақ Махаббат деген күресте жығылып қалып?! Ғалия Ару, қайтейін, дір етер жаным... Жаныңды сенің жаулаған кім екен жалын? Махаббат деген күресте жығылған болсаң – Балуан Шолақ әлі де тірі екен, жаным! ЛАТЫН ТІЛІ О, Латын тілі! Жарқылдағансың Жаһанның жауындарында. Цицерон болып саңқылдағансың Тарихтың дауылдарында. Тәржімалайын: азап – ділімде, Естіліп сонда жат үні, Сөйлейді дерсің қазақ тілінде, Латынның соңғы ақыны. «Жаһангермін, – деп мәлімдемедім, Осылып сұм ой діліме. Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін: Тимеші ана тіліме...» Күйкі ойлардан барамын күйіп... Ұйқыда қала тұр сұлық. Ауруханалар қабағын түйіп, Қарайды маған күрсініп. Темір шарбақты алаң бар сонда, Барам ба қайтем – шақырса? Ақ халат киген адамдар сонда Сөйлейді екен латынша...
Қиялында бәрі Айға ұшар, шіркін, Ұқсап бір тірі латынға – Өмір туралы айтысар, мүмкін, Айтысар өлім хақында? Жаны жоқ мәрмәр мүсіндейміз біз, Қараймыз текке шұқшия. Не айтады екен? Түсінбейміз біз, Латынша бәрі – құпия! О, Латын тілі! Зырлап – ендікті, Жырға орап гүлдей құлпырған! Вергилий сенде жырлап ерлікті, Ездікті – Цезарь тұл қылған! Уақыттың Дауылын сезінем мен де, Мәңгілік деген бекер ғой. Ділдер түгілі, кезі келгенде – Тілдер де өледі екен ғой! Замана дауылы! Сұңқылдап үні Қанша жан өлді – түс білем, Сан өтерсің-ау бұрқылдап әлі Бұл жұмыр жердің үстінен. «Жаһангерім!» деп мәлімдедім, Осылып сұм ой діліме. Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін. Тимеші ана тіліме! Есігіңді ашпа есіре күштерге, Жалмауыз күштерге жат үні. Зәрем ұшады есіме түскенде Латынның Соңғы Ақыны!
АЛМАТЫ. КОММУНИСТ ПРОСПЕКТІСІ, 105 Бесіктен біз де беліміз шықпай батыр ек, Келемін мұнда керемет азап кешіп мен: Әлжеке, мені Ғафу ет, бізді ғафу ет! Біздер де кірдік сіздер кіретін есіктен. Періште емес, көрінбес алтын айдары, Бұлт кешкен асқақ Алатау сынды ой кешіп – Жүр мұнда менің жұртымның Пайғамбарлары Алаштың асқақ Рухыменен сөйлесіп! Патшалар осы – түспейтін алтын тақтан да, Ұлыстарының ұлан да ғайыр көлемі. Тұрғындар... шулап өсекке таңып жатқанда Туған ел оны жүректеріне бөледі! Қаралы көштей қара бұлт торлап аспанын, Қасқайып тұрды қатал тәңірге қарап паң: Сталин – Сәкен, Бейімбет, Ілиястарын Әдебиеттегі әдеби иттерге талатқан... Күңіреніп талай көз жасын ол да көрді үзіп, Қасарып, бірде жасарып елмен тел өсті. Ешкімде оны: «Айт!» – десе – қойша өргізіп, «Шайт!» – десе – қойша жусата алған емес–ті... Келемін мен де бір ойлар жанды мазалап, Еркелеп шықтым сол үйден еңсем түсіп кеп. Халықтан ғана туады екен азамат, Тұрғыннан кілең пенделер ғана күшіктеп... Бесіктен біз де беліміз шықпай ақын ек, Келемін мұнда керемет азап кешіп мен:
Әлжеке, мені ғафу ет, бізді ғафу ет! Біздер де кірдік Сіздер кіретін есіктен... Кеткен жоқ әлі, кепкен жоқ әлі сор табы. Елімнің даусы шыңғырып... шықпай жүр менде. Әлі де қорқам... Ел–жұртың әлі қорқады Әдебиеттегі әдеби иттер үргенде... «Қой!» – деші соған! Сіздердей болу қайда әлі? Олжасты көрсек бой да өсіп қалар, ой да өсіп: Жүр мұнда менің жұртымның Пайғамбарлары Алаштың асқақ Рухыменен сөйлесіп! ҚҰСТАР ӘНІ Қайран, шешем... Дуалы патшалардың тағынан – Өзің салған ұяны – өз үйімді сағынам. Әуелетіп әлемі, бұлт бауырын кеп құшып – Жеті құсың бар еді, – жеті жаққа кетті ұшып... Қайран, шешем... Күйіне ойға батсаң не түрлі, Мынау Жарық Дүние – Құс Базары секілді. Жасқа толып етегің, тұрсың мұңлық пішінде, Жеті құстың екеуі жоқ қой соның ішінде... Қайран, шешем... Дуалы патшалардың тағынан – Өзің салған ұяны – өз үйімді сағынам. Бір ұяда сол кезде жеті құс ек, жеті құс! Жас боп шықты сор – көзге: қайда кеткен екі құс! Қой қайырып жүргенде – жетеу жеті елден кеп, Жетеуіміз жүргенде... сайран еді-ау жер мен көк! Қиқусыз һәм сайрансыз құс базары тұл екен, Сол бір екі қайран құс қайда ұшып жүр екен?
Таптық енді қайдан біз, жас ағады жанардан, Қанаты бар қайран құс ұшу үшін жаралған. Шегін кезіп жер-көктің, қанатынан жыр есіп, Мұңға батып мен кеттім Муза – құсқа ілесіп... Қайран, шешем... Жүрегім аптығады ах ұрып, Құс базары бұл өмір – Ақсұңқарың шақырып! Соны шарлап қайтайын жырды көңіл хошы ғып, Құстар әнін айтайын Нұрғисаға қосылып. * Таң атады. Түс. Ымырт, Түн кіреді. Естіледі Музаның мұңды лебі. Эрмитажда күліп тұр Джоконда, Жылап тұрған шығар ол? Кім біледі. Түсімде де өмірді, өңде көріп, Сан түскенмін сабама жөнге келіп. Қызыл-жасыл дүние көшіп жатты, Көз алдымда көлбеңдеп, дөңгеленіп. Арғымақтар даланы, саланы асып, Жердің шаңы бұлттармен араласып – Дүр етті де жоқ болды, бәйгені де, Көкпарды да аспанға ала қашып... Қала біткен қыз құсап боянады. Қызықтырмай, қаратпай қоя ма әрі. Отырардың түсіне Помпей кіріп, Ұйқысынан шошынып оянады. Жан рақаты джунгли жанатынан, Хиросима үстінде – қара тұман.
Көгершіндер ұшып жүр, бұрқ-бұрқ етіп Оқ-дәрінің иісі қанатынан... Ұштым мен де жаһанның шетін көріп, Қызыл-жасыл дүние не түрге еніп, Кілем жапқан тұр диван-керуеттер Махаббаттың төсегі секілденіп! Таң атады. Түс. Ымырт. Түн келеді, Естіледі Музаның мұңды лебі. Эрмитажда күліп тұр Джоконда, Жылап тұрған шығар ол? Кім біледі... ТОҚЫРАУЫН Ақтоғайда – Тоқырауын өзені, Салт аттыны өткізбейтін өзегі... Жаз шыққанда осы өзеннің алабы, – Шет елдегі бейне пляж алаңы. Шомылғанда қара бала қаптаған, Қара теңіз астар болмай қалады! Алпамсадай денесімен топ-толық, Атылып кеп сүңгігенде оқ болып – Астанадан келген Төкен көкеміз Алпыс минут! кететұғын жоқ болып! О, сұмдық-ай! Сүңгіп өлу мақтан ба? Алпыс... бала басады кеп «Аттанға!» ...Төкен көкем күліп шыға келетін Жағадағы ел жанталасып жатқанда!
Ол сүңгісе біз тұрамыз елеңдеп, Ол не десе соған көзсіз сенем кеп. – Мұхитты да, теңізді де көріп ем, Тоқырауын бәрінен де терең! – деп. Жүзуші еді денесімен топ-толық, Атылып кеп сүңгуші еді оқ болып – Айтқанына дәлел іздеу үшін сол Алпыс минут... кететұғын жоқ болып! Ол келгенше... болғанынша екінді, Біз қиялға батушы едік не түрлі. Тоқырауынның түбін көріп қайтқанша Бір сағаттай жүзетұғын секілді... Судан шығып, отырған соң жартасқа, Шабыттанып сөйлейтін сол марқасқа. – Тоқырауын құмға сіңіп... о, ғажап, Жер астымен құяды екен Балқашқа! Бұл әңгіме өңің емес – түсіңдей, Біз тұрамыз аң-таң қалып – мүсіндей. Құмға сіңіп кететұғын өзеннің Көлге барып құятынын түсінбей! Домбыраны қолына алса аңырап, Шанағында сазды әуендер жамырап, – Тоқырауын тұрушы еді сол кезде Манарбектің мақамымен маңырап... Жағалаудан жеткен талып жотаға, Неткен сиқыр әуен еді? О, тоба! ...Оның аты «Тоқырауын» күйі еді, Ол да бірақ түспей қалды нотаға... Сол ағаның соңынан сан ұштық кеп, Сол ағамен талай суға түстік кеп.
– Мұхитты да, теңізді де көріп ем, Тоқырауын бәрінен де ыстық! – деп. Сүңгуші еді құшырланып кеп көкем! Ыстық! – дейді... Қызу қайдан жетті екен? Жаңа ғана шомылғанда салқын су, Қапелімде қалай қайнап кетті екен? Сүңгиді кеп, тәні суды сүйеді, Судың асты таңғажайып би еді. Бізге қарап айқайлайды көкеміз, – Тоқырауын – киелі ғой! Киелі! ...Асау жылдар... толқындарша... алқынып, Асау ағын басылыпты шарқ ұрып: Төкен марқұм асыр салған бір кезде Тоқырауын бара жатыр тартылып. Ақтоғайда – Тоқырауын өзені, Салт аттыны өткізбейтін өзегі...
МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР Дүние неткен жап-жарық! Он үштен онда аспағам. Көркіне соның таңданып, Суреттер сала бастағам. Не дейді ел мендей сабазға, Сан ысып, сан сап басылған? Үй іші толы – қағаздар, Есіктен төрге шашылған... Шабытқа толы өзегім, Қағазға содан нұр тамып – Ақжарық деген өзенің Жатады ағып бұрқанып. Ақжарығымды далаға Асау мұхиттай аунатып, Бағдат деген балаға Қоямын балық аулатып! Миллиард бояу төгілген Болар ма әсем тау мұндай. Суретші болам дедім мен, – Суретін салам аудырмай! Танытам жұртқа жұртты әлі. Не дейді ел мендей сабазға? Ойрантау... көшіп бұлттары Ойран сап жатты қағазда. Көздерім күнде тауымда Жүргенде, жасым – он үште. Алыстан біздің ауылға Келді ұшып бір пәк періште.
Музамды соған сыйладым, Шабытқа жаным кенелді. Сол қыздың сұлу дидарын Салуға көштім мен енді. Не дейді мендей сабазға Қайтпайтын әсте бір беті: Үй іші толы қағаздар, Қағазда – қыздың суреті! Шабытым шалқып күнде тым, Шамамды қайтып өлшеппін. Бір күні қыздың суретін Өзіне барып көрсеттім. Құдай-ай, неге қинадым? Қайтейін енді налымай? Өзінің сұлу дидарын Қалды ғой өзі танымай! Естімесе екен ел, мүлде, Еңбегім кетті желге ұшып. Үйіме жетіп келдім де, Етпеттеп жаттым жер құшып... Күрсінген күйрек күйдегі Долының қара ісіне. Суреттің бәрін үйдегі Лақтырдым пештің ішіне! Бір шабыт жаулап денемді Мені алып саған қашты әмән. Сол шақтан бастап мен енді Өлеңдер... жаза бастағам. Не дейді мендей сабазға, Бастарын шайқар, көрер де ел.
Үй толы – қағаз. Қағазда – Махаббат жайлы өлеңдер! Жылдарым зулап көшті енді, Шер тарқар күнім жақындап, Өртеніп жатқан пештегі Суреттерімдей лапылдап! Көзді арбап жырдың әуені, Көрінбей ешкім көзіме, Газетке бермей әуелі Оқыдым қыздың өзіне. Таң қалды: «Неткен шерлі адам! Тұла бойы толы ар ма екен? Осынау жырды арнаған Қызда да арман бар ма екен?!» Өзіме өзім сенбедім, Тірі жан түспей көзіме. «Бұл жырды жазған – мен, – дедім Аманат болсын өзіңе...» Қарады ол көзбен бір мұңды... Өмірде аз сондай мезеттер. ...Сонан соң сол бір жырымды Әкетті қағып газеттер. Білмейтін сырды енді ешкім Айтайын, бірге егілсек, Сол қызбен бүгін кездестім... Неткен қылықты келіншек! Тағдырдың тарпаң жолдары, Енді оған, шіркін, сенер ме ел? «Есімде – дейді – сондағы Махаббат жайлы өлеңдер...»
Махаббат, қызық мол жылдың Қызуын айту мақтан ба? «Мен оқушы едім сол жырды Газетке шықпай жатқанда...» Ал, мен ше? Ал... мен не дейін? Үндемей қалды демессіз. Бір өлең оқып берейін, Абайдан әулие емеспіз. «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар, Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау, құрғырлар...» * Менің ішкі дертімді сезеді ме, Өксіп келіп тығылып өзегіне, «Өлеңіңді тасташы, – дейтін Тәтем, – Өгей бола қоймассың өз еліңе.» Алыс мұрат жеткенше зарықтырып, Ақ тілегі алдымды жарық қылып: «Айналайын, абай бол» дейтін сонсоң Ақжарықтан шығарып салып тұрып. Көз ұяма көл тұнып, тұманданып, «Иә...» дей сап жөнелем бұлаң қағып. Аңдап басып, абайлап жүре алмайтын Аяғыма қараймын күмәнданып. Жасынынан жанымның от өріліп, Өзегімнің өксігін өтер ұрып. Ойрантауға көздерім түсуші еді, Ойран дауыл кеудемнен көтеріліп.
Өлеңімді бірақ та тастамадым, Өртенуден жоқ еді басқа амалым. Екі арасын жол қылып жүріп алдым, Ақжарық пен ақ шаңқан астананың. Әлі содан сыздайды көкірегім, Кеше гөрші, Тәтетай, өтінемін! Бір қолқаңды өмірде орындамай, Кеткеніме керемет өкінемін... Ие болып малыңа, кетпеніңе, Тауығыңа жем шашып, кептеріңе, Қара болып қасыңда жүрер ем ғой Өлеңімді тастап-ақ кеткенімде. Маза бермей жаныма қойған ба бұл Мені үнемі батырып ойларға бір, – Ойрантауға көздерім түскен кезде – Көтерілген кеудемнен ойран-дауыл? Талғанын көр құсыңның қанатының, Ақжарықтың әуені – салатыным. Аспаныңнан күңреніп тіл қатады Ана сүтін емізген ана тілім. Өлеңімді сонда да тастамадым, Өртенбеуден жоқ еді басқа амалым... * Сыртқа шықпай бұрқанған жасын әні, Қыздар ойын тереңге жасырады. Жүрегінде құлып бар... кілтін ашсаң, Қақпа біткен айқара ашылады. Қияда да жол тауып, шатқалаңда, Алшаң басып аяқты аттағанда –
Баяғының тәкаппар мырзасындай, Кіріп едік қасқиған қақпаларға. Мейлі, мені жамандап жарыса кеп, Өсекке таң, ол дағы таныс әдет. Сұлу қыздың бәріне асылзада Басымды иіп келемін ханыша деп. Соны жыр ғып толғадым – толғасам да, Сары майдай еріді ол да сонда. Кілтін таптым әйелдің жүрегінің Сәкен сынды бекзада болмасам да. Құнын біліп шаттығы, мұңының да, Қалдым өстіп сұлулық тұғырында. Әйтеуір мен Жиенқұл болған жоқпын Қамшының сабындай ғұмырымда...
- Күліп тұрып қоштасайық жас дәуренмен кезінде, Ұмыт қылып – ең алғашқы махаббаттың өзін де. Қоштасайық танымасқа жету үшін асық боп. От басайық – тағы басқа біреулерге ғашық боп. Күнді сүйдік, Гүлді сүйдік. Ғажап еді-ау ортамыз. Кімді сүйдік? Бүгін соны еске алуға қорқамыз! Күнә қалды... Куә қалды! Ол да өлгенмен – тірі адам. Бір адамды сүйгеніңді кешірмейді бір адам! Бар күнәдан сап болайық, асылық бар ма, ал мұнда? Ақталайық тағы басқа біреулердің алдында. Күліп тұрып қоштасайық жас дәуренмен кезінде, Ұмыт қылып – ең алғашқы махаббаттың өзін де! Ұйқыға кеттің. Масқара: Қиялға шомған баладай Почташы әкеп тастаған Хатыма-дағы қарамай. Ұйқыға кеттің! Ал, мұнда, Мен тұрмын сап боп төзімнен. Ұрланып кіріп бардым да Бір сүйіп алдым көзіңнен!
«Несіне жүрсің зар қағып? – Деді бір дауыс... сандалып – Арзан арманға арбалып, Елесті жүрсің малданып! Лайық па құрмет, сыйыңа Өлшеп пе ең сана – өресін? Кіріп бар сүңгіп миына Көзіңмен бәрін көресің!» Адам ба түскен аспаннан, Қасыма түнде жеткен кім? Елес боп сонда... сасқаннан Миыңа сүңгіп кеткенмін. Шаттыққа толы күлкісі, Армансыз құшқан асылды, Бір еркек... бөлек түр-түсі Көзіме оттай басылды! Сүйдің сен оны тебіреніп, Сүйдің сен оны еміреніп! Аспаның да – бұлт! Жер де – бұлт. Тұрдым мен сорлы! Сенделіп... Төлеген құсап күңіренді Мойнына сол сұм асылып!? Сонымен болған күндерді Жүріпсің менен жасырып! Сонымен бірге жыраққа Аттандың азап кештің де. «Осының бәрін бірақ та Айтпаймын дедің ешкімге!» Айтпадың тірі адамға! «Күнәңді, жаным, кеш!» – деме.
Сол еркек жайлы... маған да Айтпапсың, тіпті, ештеңе? Мен тұрдым... тұнған мол көзде Бола алмай ие жасыма. Сен шошып кеттің! Сол кезде Мен жата қалдым қасыңа... Өзіңнен өзің бүлініп, Түн ортасында шам жағып, – Қарадың маған үңіліп, Қарадың маған таңданып. Мендегі асқақ рухқа Шырқырап жаның ілікті. Аядың! Аяп тұрып та Аңсадың әлгі жігітті! Аңсадың! Кесіп айта алам! Мен құсап азап шеккен кім? Миыңнан шығып қайтадан Аспанға ұшып кеткенмін... * Жұмбағы көп тірліктің. Шешесің бе? Белуардан жүресің кешесің де. Қанша адамның көз жасы қалып қойды Тағдыр деген Өмірдің кесесінде? Көп нәрсе бар кететін миға сыймай, Буырқанған мұхиттай бұл ғасырда. Өмір деген Кітапта қалып қойды – «Өлім» деген атпенен Хиросима!
Қараса егер тіп-тіке кім өмірге, Сол байқайды азалы түр, өңін де. Жазылмайтын жара боп Хатынь қалды Тарих деген Әкенің жүрегінде? Мәңгі шаттық – өлеңнің парқы осында! – Деп көп әлі езетін малтасын да. Бухенвальдтай мүгедек баласы бар – Уақыт деген Ананың арқасында! Көп көз жасы... Ол қашан болар ұмыт? Болар ұмыт! Көңілге толар үміт: Өлім жайлы Өлеңнің өзін сонсоң, Жазу керек Өмірге Ода қылып! МАХАМБЕТТІҢ МОНОЛОГЫ Өмірде өстіп жүремін бе мен, Тағдырдың тартып азабын? «Өзекті жанға – бір өлім!» – деген Өр едің неткен, қазағым! Күрес дейтұғын жүр күш қанымда, Құдайым – жырым, құлыным. Зұлмат күштермен жұлқысқанымда, Жұлынсын менің жұлыным! Қаскөйді таптым қандастарымнан, Қасіреттің кешіп сүренін. Махаббат жыры марқасқа қылған Тәкаппар – менің жүрегім! Қайралды қылыш қайнаған кекке, Ханның қанына тоймаспын! Басымды берем – Баймағанбетке! Жүректі бере қоймаспын!!!
ӘКЕ Келші, әке... Рух болып қайтып кел, Рауанға ертегіңді айтып бер. Ертегіге ұқсайтұғын ертеңі – Немерең де ұлың сынды ерке еді. Асыр салды ер жетуге бет алып, Атасынан естіместен ертегі. Қара дию қаһарымен қаусырып... Мыстан кемпір дейтін зұлмат жау шығып... Ақшам түссе Рауаннан қорқамын Айтатұғын аңыздарым таусылып. Кел, көрінші немереңнің көзіне, Тәнті қылып көнелердің сөзіне. Сақтап жүрген бір ертегім бар еді, Оны бірақ, айтам, әке, өзіңе. Тақ теңселіп, қайтқан кезде бағы кеп, Сұмырай мен сұмдарға айтып лағынет – Дат елінің бір королі өлгенде Соңындағы қалған тұяқ Гамлет – Әкені ажал әкеткен соң ғайыпқа ап, Тарпаң біреу таққа қонып байып қап – Дүниеден баз кешіпті деседі – Ажалды да, заманды да айыптап... Өзі ие бола алмай қап өзіне, Торға түскен арыстандай сезіне – Қайда жүрсе қайран марқұм әкесі, Әруақ боп елестепті көзіне. Қайран, әке! Таппай тыным, миятты,
Менің дағы көкірегімнен күй ақты. Елесіңнен құтыла алмай қойдым-ау, Естен танған сол Гамлет сияқты! Жарық дүние – жалғандық бар ғұрпында – Ұлысына болар дейтін ұл тұлға, Сүлейменнен туып еді тоғыз ұл, Бәрі көшіп... өзің қалдың жұртында. Жазмышы жалғыздықты сый қылған, Кейуана едің – кеудесіне күй тұнған. Ұзақ уақыт мен де жаттым құрсақта Ояна алмай балдай тәтті ұйқымнан. Көзін ашып көкірегімнен бір тұма, Ер жеткенде ұлар шыңға ұмтыла – Көктен жұлдыз ақты-дағы – сен де ақтың Мені тастап Сүлейменнің жұртына. Сонда өлшедім – жазылмайтын жарасы. Фәниің мен бақиыңның арасын. Көк жұлдызы көкжиекке сіңді ағып, Ал сен ше? Сен... қайда ағып барасың?! Сені іздедім көкжиектен астым да, Болмасаң да патша, король, һас тұлға. Сүлейменнен туған сол бір тоғыз ұл, Жатыр ұйықтап қара жердің астында. Мәңгілікке кетеріңде көз іле, Сырлас таппай, мұңдас таппай өзіңе, – Сүлейменнен туған сол бір тоғыз ұл Елестеген шығар сенің көзіңе? Өлім келіп өксік салған, жаным-ай, Маған қарап күрсіне ме налып Ай?
Болмаған соң мен – Гамлет, сен – Король Сүлейменді қалды ма ешкім танымай?! Жарық дүние Күнге ғашық, жарқылға, Айтыңдаршы, жер қойыны салқын ба? Сүлейменнен тумағандай тоғыз ұл, Қызыларай – бәз-баяғы қалпында. БАЛЛАДА Айта алмаймын тілім, мүлде, күрмеліп, Табиғатты тексереді кім келіп? Мәз болсын деп ұқсаспын деп ақынға Біреулерді сайратыпты тіл беріп. Сөйтіп, тірлік танымастай өзгеріп, Өзгеріппіз біз де желеу сөзге еріп. Ұқсасын деп мергендерге, табиғат Біреулерді мәз қылыпты көз беріп. Табиғат бір қызық кітап. Аш, көріп: Оқыр едің көзге күлкі... жас келіп. Мәз болсыншы ұқсаспын деп адамға – Есекті де ырза етіпті бас беріп! Дүниеде мұндай дарқан көрмедік, Бәрімізді қарық қылды-ау ол көріп. Бір бергенде мырза қолы мол беріп, Жендетті де ырза етіпті қол беріп! Табиғаттың бір бөбегі – Жер еді, Соғыстардан жанды жасыл желегі. Сол жендеттер сол қолымен, мінеки, Қолдан келген жерін... өртеп келеді!
ТАНАКӨЗ БЕН ЮННА МОРИЦ Жасарды славянның қарт өлеңі. Жаһанда қай жұрт оған пар келеді? Орыстан Юнна Мориц дейтін сұлу Бір патша шықты Ұлы Мәртебелі! Көршіден қазақ қалай қалыса алар? Жұлдыздай жұмыр Жерге алыс олар, Алашта тағы да Ұлы Мәртебелі Танакөз дейтін ару Ханыша бар. Солармен Күнге, гүлге, тауға Қайтейін қайран басым дауда қалып, – Тұр қазір арыстандай жүрегімді Екеуі алма-кезек жаулап алып... Екі Ару – екі жұрттың дарасындай, Екі ұлыс, екі ұлттың да санасындай; Алпыста екі әйелге еріп барам, Алаштың алты жасар баласындай! Әр жыры – заман зары, дәуір басы, Тәңірі әнінің бір қайырмасы. Жалған-ай, Юннаның Танакөзден Аллаға жоқ екен ғой айырмасы. Жалпының жүріп не бір жиынында, Жаманға салмадым көз қиығын да. ...Танакөз, Юнна Мориц дейтін екі Періште отыр екі иығымда.
- Елді аяймын – таң нұры түспейтұғын көзіне, Жерді аяймын – тағдыры түсініксіз өзіне. Жайсам деп ем дастарқан гүлге шарап орап та, Жердің үсті – тас-талқан... Кім келеді қонаққа?! Жер бетінің желегін рақатқа батырып, – Қызық қылсам деп едім Қызыларайға шақырып. Дастарқанға келіңдер! Үндемейсің сабаз, ә? Той өтпесе жеріңде не өтеді – жаназа?! Туған жер! Туған топырақ! Қарашы менің көзіме: Жұмыр жер жырын оқып ап, Құсша ұшып келем өзіңе. Құсша ұшып келем Арқаға, Алады күтіп анашым. Дүниежүзілік саяси картада Сен – жалғыз нүкте ғанасың. Жер үшін сен – бір түйір дән, О, менің құйттай мекенім. Кіндіктен қаным құйылған Кішкентай Планета едің! Айранын анам іш десе, Зәмзәм суына бергісіз. Кіндігім саған түспесе, Кім болатыным белгісіз.
Арқалап жүгін арқама, Мойындап өтем тірлікте: Дүниежүзілік саяси картада Жүрекке ыстық бір нүкте... БУНИННІҢ МӘЙІТІ Жасырды да толқынына бар ізін Ақты Уақыт. Уақыт – ұлы дария. Жүруші еді көшесінде Париждің Сексендегі қайғылы бір Қария. Көрінбейді! Қалды мұңды өлеңі, Бізге соның қайғы мұңын әкеліп. Ғасыры оның қасыретке толы еді. Ғұмыры да – қасырет пен қателік! Қанша тәнге қара таңба басылды, Адам – азап үшін өмір сүре ме?! Жаңа Ұрпақ ХХ-шы ғасырды Қателіктің ғасыры деп жүре ме?! Қорқамын мен! Ішімде дерт көп өлген, Жеңдірмейін жүрегімді зар-мұңға: Ең болмаса – осы шерлі өлеңмен Ақталайын адамзаттың алдында. Жасырды да толқынына бар ізін, Ақты Уақыт. Уақыт – ұлы дария. Жүруші еді көшесінде Париждің Сексендегі қайғылы бір Қария. Ол – шерлі адам. Париждегі досы – өлең.
Неткен сұмдық қайғылы еді сол Ақын: Адамдардан, Гаваньдардан, Көшеден Ресейін іздеп жүрген болатын! Атамекен, алыстағы құс үні Маза бермей адасқан сол Ақынға, Тоқтатып ап көшедегі кісіні Сұраушы еді Россия хақында. О, Ресей! – аспандағы арай Күн, Нұр шуағы кеткен кезіп алабын. Таңертеңгі газеттерді қарайтын Киоскісін шарлап бүкіл қаланың. Келеді іздеп... Құмары әлі жүр қанбай, Бауырларға – шет елдегі, біздегі: «Отаныңды ұмытпа!» – деп тұрғандай Сол бір шалдың шырқ айналған іздері... Сол бір іздер әлі жатқан секілді, Тарихтың да тақсіреті тұр сонда. Көшелерді, Бүкіл мына Парижді Сел нөсерге шомылдырып тұрсаң да – Өшпейді ол! Кешіріңіз сіз мені, Оқырманым: Отан – ұлы мекен ғой, Жат елдегі табаныңның іздері – Тәнге түскен қара таңба екен ғой! Жат өлкеде жалғыз өзі жүр еді, Кенет шалдың демі бітіп... тарылып –
Әбден тозған қасіретті жүрегі Сағыныштан – кеткен, – дейді – жарылып! Ей, жолаушы! Жолың түссе Парижге, Өмір бақи куә болам арыңа: Ресейдің топырағынан бір уыс Ала кетші түйіп орамалыңа! Шетке шықсаң бір елі, Сезіледі жақының – кім, жатың – кім. Ала кетші топырақты киелі, Сала кетші қабіріне Ақынның! О, Отаным! Анам да – Сен! Әкем де... Сенсің – жырдың сүйегі мен тиегі. Қаншама ұлың қалып қойған жат елде, Қайта оралмай топырағыңа киелі?! Қаншама ұлың... Қаншама отты жасындар Сөніп кеткен жат жаһанда – түс, міне. Туған жердің топырағын шашыңдар Мұхиттағы матростың үстіне! Мен оларды бермен ешбір патшаңа, Падишаңа! Неткен ауыр наласы, Қай жерлерде, қай мұхитта жатса да, Олар – біздің топырақтың баласы! Жасырды да толқынына бар ізін Ақты Уақыт. Уақыт – ұлы дария. Жүруші еді көшесінде Париждің Сексендегі қайғылы бір Қария...
- * Жүрегіңде – Жүремін мен мәңгі өмір сүремін де. Қиын екен қоштасу! Бірақ, жаным, Оңай нәрсе бар ма еді бұл өмірде? Жылаймын ба, құдай-ау, күлемін бе? Өкініш бар өртенген реңіңде. Жүрегіңде – Жүремін мен мәңгі өмір сүремін де. Жұмып алып көзіңді, жүдедің де Сүңгіп кеттің тағдырдың түнегіне. Қолыңа ұстап оқып көр: менің атым Жазулы тұр жаралы жүрегіңде! Жүрегіңде – Жүремін бе, мәңгі. Өмір сүремін бе? Ол – белгісіз! Әйтеуір, сенің атың Жазулы тұр жаралы жүрегімде...
БЕСІК ЖЫРЫ Ұйықта, адамзат, шаршадың ғой болдырып, Миллиондаған ғасыр бойы жол жүріп. Жұлдызша ақты XX ғасырың, Сені ғарыш кемесіне қондырып. Ұйықта, адамзат... Шаршадың ғой, болдырып. Тарих сахнасында – Актер болып ойнаудан да шаршадың. Ойсыздықтан... ойлаудан да шаршадың. Талай мәрте зілзаланы талқандап, Жеңісіңді тойлаудан да шаршадың. Күрк–күрк етіп шемен толы қос өкпең, Әзер тұрып жүргендейсің төсектен. Сен шаршадың – аштық ауру, соғыстан, Сен шаршадың – түрме, жала, өсектен. Қағынып – Тажал күштер тарпа бас сап жабылып, Сен шаршадың – неше түрлі заманда Неше түрлі құдайларға бағынып! Сорыңа – Жантық біткен жатып алды жолыңа. Талай рет Иудаға сендің де Шырматылдың сатқындықтың торына. Сен шаршадың – сөйлеуден де көпіріп, Сен шаршадың – өксуден де өкіріп. Күюден де – көкірегіңді от ұрып, Сен шаршадың – сүюден де өтірік! Сен қажыдың, Тұрпатыңнан байқағам, Әлди, әлди! Бесік жырын айт, Адам!
Анаң айтқан ұлы өлеңді ұмытсаң, Есіңе бір түсірейін қайтадан! Әлди, әлди, адамзат... ВЕНЕЦИЯ. МӘҢГІ ҰЙҚЫ Ұшып кетті ғасырлар қуатты, алып! Әлі өшкен жоқ ызғары, шуақтары. Өлді ақындар жаза алмай соңғы жырын Сөнген соңғы жұлдыздар сияқтанып... Өшті бәрі! Уақыттың қатал – ділі! Естіледі маған да қаһарлы үні. Түндер сайын төсектен атып тұрам, Жанға маза бермейді жаһан жыры. Шақырады даланың баласын көк, Адамзатқа аспаннан қарасын деп. Қызыларай аң-таң ғап қала берер: «Қай қиянға қаңғырып барасың?» – деп. Қиял келсе қиянға аттанасың, Жасырады жер-жаһан ақ-қарасын. Венеция! Ертегі дүниесі! Ескерткіштер еліне тап боласың. Кезем келіп көшесін жел қайықпен. Мұнда мені сиқырлы Муза күткен. О, армысың, мен сені іздеп келем, Поэзия – құйылған граниттен! Ескерткіштер, мүсіндер шақыруда, Ақының да осында – пақырың да. Тарих жүгін көтеріп – көтеріп кеп, Қалғып кеткен секілді ақырында!
Сәулесі жоқ үрейлі жанарында, Тап боласың жалаңаш сан аруға. Қатып қалған... Жер шары шыр айналып, Басқа дүние жан бітіп жаңаруда! Кеткен ұйықтап! Ұйықтауда зор тыныспен, Жатқан сынды түс көріп толқып іштен. О, сұмдық-ай, қатыгез зәрлі ұйқы, Мәңгі ұйқы! Сен неткен қорқынышты ең! Қатты ұйқыда, уақыттың қатал – ділі, Естіледі маған да қаһарлы үні. Түндер сайын төсектен атып тұрам Жанымның ап мазасын жаһан жыры. Тұр ма әлемге бір сұмдық орнағалы? Анашымның тартады сол қабағы. Күнде эфирден гүрсілдеп жарылады, Дабыралы Нейтрон бомбалары...
ТҮС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Шаршатады мазасы жоқ күн бізді, Қажып әбден қаракеттен күндізгі – Қалғып кетсек қара түнді жамылып, Қиялымыз кетер кезіп жұлдызды. Қиялы жоқ ой салтанат құрып па? Түс көресің ояу жүріп...Тұрып та. Өткен өмір, Болашақта – түсіңде, Түс болмаса күш бола ма Рухта! Алмасқанда зауал шақ пен ізгі шақ, Кетеді-ау бір миыңа өшпес ізді сап. Өлілер де түс көреді. Көргенін – Өңінде айтып бермесе де біз құсап. Аң-таң қалып өткенді еске түсіре, Түсінде Адам мінер қаһар – күшіне. Еңіреген ұл-қыз ғана кіреді Еңлігің мен Кебегіңнің түсіне. Не істемедік ессіз зұлмат күшке еріп, Еске түссе – көзден мұз – жас түсті еріп. Бір қырқада кіндігімнен қан тамған Махамбеттің басы жатыр – түс көріп! Таң қалатын таңсық зат па сол-дағы? Жаһан миы сансыз түсті толғады. Хиросима – күл боп кеткен Жер шарын Көреді ылғи – көз ілінсе болғаны! Тамам болып кетер ме екен тамам зат?! Түссіз ғұмыр – маған да елес, саған – жат. Сен түсіңде осы кімді көресің? Мен түсімде Сені көрем, адамзат!
ГОГОЛЬДІҢ КҮЛКІСІ Оспанхан Әубәкіровке Көрінген күйкілігі түр-түсінен, Кездесіп Сіз кездескен бір кісімен – Сақылдап күлген неткен рақат ед Гогольдың қасиетті күлкісімен! Көп пе екен біз көретін көресі де, Өрбіп кеп өңшең мысқыл өңешіңе – Ішек-сілең қатып күлгің келеді екен Дүниенің күллі күйкі – көмешіне. Жаза алман сол күлкісіз бір күн өлең. Көз жасын соныменен сүртіп өлем. Пенденің неше түрлі пасықтығын Қарсы алам, міне, осындай күлкіменен! Күлем мен... Қасірет жоқ түк қанымда! Көнбеспіз күлкімізге сұқтануға. ...Қаптаған анекдоттар келе жатыр Адамды азабынан құтқаруға! ӘЗӘЗІЛ Неше түрлі зымиян ой – ішінде, Неменеге қышиды осы тісім деп – Жер бетінде келе жатты Әзәзіл, Көздерімен күллі әлемді ішіп-жеп. Салды сонсоң сойқан сұмың ылаңды, «Шегіртке», – деп жариялап жылайды. Ақымақты «Данышпан!» – деп азғырды, Қорқақты да «Арыстан!» – деп мәз қылды! Жамандыққа қосып беріп жақсылық,
Адалдықты – аңқауларға тапсырып, Қулықты да қосақтады Ақылмен... Ақырында тіл табысты Ақынмен. – Кел, ішелік! Серімсің ғой сен менің, Қарамайтын түріне де теңгенің! Азат адам өзің ғана фәниде, Бәрі де құл – сенен басқа пенденің! Кел! Барлар мен кафелерге барайық, Адамзатқа аспаннан бір қарайық! Ақын кетті бетке ұстап сол моланы... Қайыршы Һәм құдай десе болады! Қасиетсіз Әзәзіл-ай! Қара бет! Күледі енді: – Маскүнемді қара! – деп. Мініп алған әбден қаһар күшіне, Қара мына Әзәзілдің ісіне: Ұйықтап жатқан Дарынсыздың Бір күні Муза болып кіріп барды түсіне! Не деді оған? (Бал ашпай-ақ қоялық). Омырауы көз жасына боянып: – Адамзат! – деп айқай салды сол пенде Ертеңіне ақын болып оянып! Қасиетсіз Әзәзіл-ай! Қара бет! Айқайлап жүр: – Данышпанды қара! – деп.
ҚАСҚЫРДЫҢ МОНОЛОГЫ Жек көрем итті! Алысып жүрем, Шабысып жүрем! Қағынып... Сайын даланың тағысымын – мен, Не деген ғажап – тағылық! Шауып түсемін! Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме. Адамның алмас пышағы сынды Ырзамын азу тісіме! Қасқыр – бабалар! Бар ұлыстардың Мазасын алып манадан – Иттермен болған қанды ұрыстардың Иісін сезем даладан. Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді Қорлық – қарғысқа барабар. Бізбенен иттің тегі – бір дейді... Рас па қасқыр – бабалар?! Өлексе үшін жұлысқан болсақ Өмірі бітпей кегіміз, Иттермен бірге туысқан болсақ Не болды – ата тегіміз?! Ала төбеттің астында қалар Күн туғаны ма ақыры... Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар, Қағынып кеткен жатыры?! Неге үндемейсіңдер? Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау – жау іші. Аспанның астын дүрліктіреді Үрген иттердің дауысы... АҚЖАРЫҚТЫҢ АҢЫЗЫ Арақ ішсе-ақ айқасатын кірпігі, Ұмыт бола қоймаған көп зіркілі, – Біздің Мұқаң... қырық жаста молда боп, Ақжарыққа жетіп келді бір күні! – Уа, мынау сол Мұқаң ба кешегі, «Бісміллә!» – деп ұстайды кесені! Шариғаттан уағыз айтса, ауданның Бар молдасы бас шұлғыпты деседі! Қара мұрты түсетіндей жағынан – Құлан құсап жеріп кеткен қағынан – Шарап ішкен құрдастарын: – Найсап! – деп Тырқыратып қуған, – дейді маңынан! Арақ көрсе ұстайды да сайтаны: – Әкет! – дейді... – пәлекетті! Тәйт, әрі! Ақжарық боп сонда басын шайқады... – Бәрімізді сақтады деп қатерден Горбачевке рахметін айтады, О, Ақжарық! Сенің еңсең асқақ, ә, Ақын тудың тіл бітірген тасқа да. Батыр тудың! – деп қайтейін мадақтап, Ақын да бар, батыр да бар – басқа да... О, Ақжарық! Сыншы ел өзі-ақ топшылар, Дауласпайын, сөзден өрт боп от шығар. Мұсылманға, берген Мұқаң молданы, Дәл өзіндей ауыл-аймақ жоқ шығар!!!
- * Бір көрсем деп ем мен сені Болса егер, жаным, бас аман, Тұлғаңды мәрмәр еңселі Талғампаз Тәңірі қашаған. Шіркін-ай, жолым бола ма Сен жүрген жұмбақ қалаға? Қалада – сен, мен – далада... Біраз жыл өткен арада. Көзімнің алды теңіз боп, Ерніңе шөлдеп, қаталап, Қаңғырып кетсем сені іздеп, – Мекенсіз, жайсыз, Махаббат! Жүйрікке зымыран мініп ап Біткенше бойдан хал, күш те, Ақсам-ау, шіркін, зымырап Адасып тапа-тал түсте. Түкпірін шарлап қаланың Таба алмай Сені әлі мен, Автобустағы адамның Сұрасам деймін бәрінен. Елемей елдің кесірін, Арманның айтып азасын, Күллі елдің қағып есігін Алсам-ау деймін мазасын! Қаланың халқы елеңдеп, Айтса аңыз адам білмеген: «Ауылдан Серік деген кеп, Ғашығын іздеп жүр!» – деген...
Көшеде қаңғып жүр екем, Жанымды сұмдар азаптап. «Ромео әлі тірі екен!» – Деп күліп жатса мазақтап! Қаланың көне сектасы – Әйелдер аңқау жандарша: «Кім екен Джульеттасы?!» – Деп шіркін сонда таң қалса! Біреуі сонда асығып: «Білеміз оны біз десе – Асылы оның, ғашығы – Ғалия деген қыз!» – десе... Табамын!!! Куә – түн, жұлдыз! Қайтпаймын осы антымнан! Ғалия деген күллі қыз Қорқады сонда даңқымнан! Естісең Сен де бір күні Аңызды осы гулеген. «Бір дәруіш келіп (күлкілі) Ғашығын іздеп жүр!» – деген. Таба алмай сені, Құлап та, Сүрініп... суға малтығып, Қонақ үй дейтін жұмаққа Жетермін шаршап-шалдығып. Тұрғанда шошып мен ертең Кейпімді келіп көрсеңіз: Көзіме түсіп телефон, Есіме түссе – 09!
Тауып ап сонда таң атпай Телефонның нөмірін, Атылған асау шараптай Аптығып кетсе көңілім. Ғалия! Шерлі ділімде – Жанталас! Қайтсем жетем-ау? Осынау жердің түбіне Сандалып келген екем-ау?! Не дейін? Тамыр-таныстан Естіп пе ең өсек гулеген: «Бір дәруіш келіп алыстан Ғашығын іздеп жүр!» – деген. Сол – менмін! Шарлап қаланы Сені іздеп жүрмін әлі мен. Автобустағы адамның Сұраған едім бәрінен. Елемей елдің кесірін, Жанымның айтып азасын, Күллі елдің қағып есігін, Мен едім алған мазасын! «Ал, қош бол!» – дермін. Тілсіздік. Тағдырым іштен тындырып, Махаббат деген – үнсіздік, Жүректе тұрар шыңғырып! Шерімді өстіп айтармын. Сонан соң өксіп өз басым; Ауылға қарай қайтармын Көзімнен ағып көз жасым...
Купелес елді еріккен Жан-күйім сонда мазалап: – Келесің жылап неліктен? Не болды, – десе – азамат?! Үндемен. Мылқау пақыр ем... Осы елдің бәрі пейілі шат – Алғашқы махаббатымен Қоштасқан жылап мен құсап! ҚАБЫРҒАДАҒЫ ЖАЗУЛАР «Цой – жив, Цой – с нами». Қалайша жөңкиді осы ой ырғағы. Мынауың өмір ме өзі – ойын-дағы; Адамзат ұлы жолдың бойындағы, – Алла мен Абайды да көзге ілмей кеп. Рухтың мәңгі – бақи өлмейтінін, Ақыры – Цойды көріп мойындады... * О, өлең! Қалам сенен несін бүгіп? Басыңнан сайқал дауын кешір бүгін: Әйелдің сұлулығын көру үшін Қажеті қанша оны шешіндіріп?! Бір ойдан бір ой туып, Есіл басты Даң қылып әсемдікке есік аштық: Ұятпен киінген пәк сұлулықты Ұятсыз, шешіндіру – Есуастық!
Шешінбе! Шешінбе, әйел! Есің кірсін! Сені еркек тек түсінде кешіп жүрсін, Ғажайып сымбатыңды тасқа құйып Тек қана – Мүсіншілер шешіндірсін!.. О, МҰҚА! Жиылып Жер шарының жетімдері, Алдында Ақиқаттың бірігіңдер! Мұқағали. О, Мұқа, мен де жетіммін! Жетіммін мен де! Басынан аттап талайдың секірдім мен де. Туысым қайда? Білмеймін түр-өңін оның, Халқыма ғана сақтаған жүрегім – орын! Туған жоқ менде, жоқ менде атаның ұлы. Жаныма маза бермейді жаһанның мұңы! Көзіме ыстық күллі елдің балапандары, Қандары бөлек адамның алақандары. Жалғыз қайың ем қалтырап жасынды күткен, Сол қолдар менің көзімнен жасымды сүрткен! Жүрегімде – үсіп-тоңғандар әні. Өгіздей өрге сүйреп жүр сол қолдар әлі. Сиынып айтам көзімнен егілген жасқа, Ешкімім жоқ қой, ешкімім – елімнен басқа!
Еліме келіп паналап, жетілдім Жерде. Себебі – жетіммін мен де! Ақиқат пенен адалдық – ұйып тынатыным. Маяковский мен Есенин – сүйікті ақыным. Алысып... Айқас-күреспен жетілдім Жерде. Себебі – жетіммін мен де! Жендеттер – шошып дүние дүрбелеңінде, Мені де, мейлі, қамасын түрмелеріне – Шығамын бұзып! Сан шептен секіргенбіз біз, Себебі – Жердің еркесі – Жетімдерміз біз! Нанымыз біздің – Ашкөздің арандарында, Қанымыз біздің – Сенаттың алаңдарында – Төгіліп жатыр! Кекті көр келбетімдегі! Азалы аэропорттар-ай, Жер бетіндегі, Жүректен Музам ұшуға билет алады: Құрлықтар – Сенат алаңы! От боп кірейін жас толы жанарларына, Қызғыш құс болам – қапаста қамалғанына! Сенат алаңдарына – Жеткім келеді, Қалуға бекіндім әрі, Себебі – Декабристер – жетімнің бәрі!
- * – Ұш! – дейді Уақыт сыпырып томағасын, Фәнилік сапарыңды доғарасың. Ертегі мен аңызда айтатындай, Мынау жарық жалғанға қайта тумай, Сен де, иә, із–түзсіз жоғаласың. Өзгереді өңір де не түрге еніп, Дауылына Уақыттың бетін беріп, Біз қаламыз көп жайды байқай алмай: Аққулар да кетеді қайталанба, Тәттімбеттің күйлері секілденіп! Неткен қатал, сұм тағдыр, керең еді, Ғашық жанның тілегін елемеді. Маздап жанып, һәм бықсып сөнбеу үшін, Барлық қателігіңді жөндеу үшін, Саған – Қайта бір туу керек еді!
БЕЛГІСІЗ СОЛДАТТАР Дүниежүзілік екінші қырғын (1939–1945) тамамдалып, солдаттар жыл құсындай туған топырақтарына оралғанда: «Майданнан менің ұлымды көрдіңдер ме?!» – деген азалы ананың сауалдарына жауынгерлер жауап бере алмай қатты қиналыпты... Бұл сауал талай жүректі жаралаған-ды. Соғысқа кеткен, хабарсыз! Манар ағамды – Берлинде шерім жас болып көзімнен ағып, Сұрағам мен де Рейхстагтың өзінен барып: «Ей! Мыстан Мола! Жалмаған жанары адамды! Сен-дағы көрген жоқсың ба Манар ағамды?!» Ол – үнсіз! Шулап бір үн жүр шыңғырып қана: «Дүниежүзілік қырғынды бұл да ұмытқан ба? 45-те Нюрнбергте, Жендеттер жер боп мәңгіріп тұрып қалғанда, Риббентроп... Кейтель... Геринг... Круптардан да – Сұрағым келген ұшып тұрып жөргегімнен де: «Сендер де! Манар ағамды көрмедіңдер ме?!» Айтпайды олар! Жатпайды сөз қозғап та әлгі, Өлтірген өзі, өйткені, сол боздақтарды! Адамның азап-михнаты – сенгісіз Жерде, Жер беті толы осындай – белгісіздерге! Помпей де бізге – Белгісіз!
Жат үнді – жыры... Белгілі – Брюллов: «Помпейдің ақырғы түні». Отырар бізге – Белгісіз! Марғұлан аға! Ғаламат шаңқан қаладан қалды ма – Мола?! Марғұлан аға! Қаланың табыттарына Қарасаң: Ұқсас Адамның табыттарына! Тереңде – қала қабірі... Білгенім, Аға – Табамыз одан бабамның күлдерін ғана. Олар да – Көріп, Естіген жасындар үнін, Белгісіз солдаттары ғой ғасырларының! Құлағымда – Сол бір шыңғырған боздақтар үні! Жер асты түгел – Белгісіз Солдат Қабірі!!! Келемін ұшып: Ділім – жыр, Серігім – проспект. Москва... Париж... Нью–Йорк... Берлин... Ташкент –
Жер беті түгел – Белгісіз Солдат алауы, Жер беті тегіс – Белгісіз Солдат алаңы! Прогресс – Уақыт! Таң қаламын мен: Сутегі, Атом, Нейтрон бомбаларымен – Кетіп барамыз регресс доңғалағымен. Доңғалап кетіп барамыз, (Таң қалам бір сәт) – Кері жүретін кесірлі арбалар құсап! Түс Атом арбаларынан! Кел, Адам, ізгі! «Белгісіз ел» – деп – Жер – Анамызды, Жер – Анамызды, – (Атомның ажал күрегі тастаған көміп!) Біреулер зерттеп жүрмесін аспаннан келіп!!! Мықты едім – нансаң, ер едім, Сабырлы едім де. Белгісіз Қалаларымның Қабірлерінде – Тұрамын боздап! Жер – Қаза таппасын бұлай! Белгісіз планетадан... сақтасын құдай!!! ...Белгісіз солдат алаңы – адамға толы. Көзіңмен көру – ғаламат оны: Бір кемпір келіп жылап тұр. Ағарған шашы... Алқызыл отқа тамшылап жанардан жасы...
Бір Ару келіп өксіп тұр он сегіздегі. Қан-жоса – сұмдық! Соғыстың көрсең – Іздері! Мен тұрмын алдын көзімнің басып бір тұман: Үрейлі ойдан қай жаққа қашып құтылам?! Ару қыз! Жүрші менімен! Мұңлық қарағым! Эрмитаж деген мұхитқа сүңгіп барамын: Соңымнан ерді аруым, Күйкі ойлардың бәрін де қоныштан басып, Эрмитаж жаққа жөнелдік – Соғыстан қашып! О, сұмдық! Мұнда Тағы кім Шақырды мұны?! Алдымда – Брюллов: «Помпейдің ақырғы түні».
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПІКІРТАЛАСТА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ А. Вознесенскийден Көргенсіздігімізді қашан көреміз біздер, жерді де құрттық көр қылып? Құдайға шүкір, өлеміз біздер – үлгермей бәрін өлтіріп! Жүрек жоқ, хайуан денеміз, құлқыны – құзғындай, тоймас жемесе. Құдайға шүкір, өлеміз бір күні, өледі Әлем – немесе. КӨШІ-ҚОН ОПЕРАЦИЯСЫ Мишаның үйін Мырзан сатып алды, Өтпеген қанша мүлік, заты қалды. Қазағым көбейді ғой деп ойлаған, Ғалия бұл жолы да қапы қалды. Қаламыз оянғанда Күн қытықтап, Біз де бір оянамыз суыт ұйықтап. Қазақша жөн сұрассақ, қиналады Мырзаның – өз әкесін ұмытып қап... Коммерсант қаладағы, ноян – әрі, Мырзанның орысшалау ой алаңы. Орыстың арағымен ұйықтап бұл үй, Батыстың әуенімен оянады. Әнімен Жүсекең мен Кенекемнің, Мен де енді тереземді тең етермін. Көршіміз Еуропа елінде жүр, Феодал боп мұнда қалған мен екенмін.
Қазақ боп кіріп ылғи сәнім, өңім, Мүйізім шыққан содан, кәне, менің? Қайратым менімен бір қаһарланып, Менімен бір боздайды Жәнібегім! Ал, бозда, боздау әнім, күйіне де, Оныңа осындағы ел сүйіне ме. Боздауға келген кезде бұл қазақтың Алдына кім түсіпті дүниеде. Тынысым қоңыр күйім есіп-кеңіп, Баладай жатыр едім бесікте еріп, Жан-жағым азан-қазан бұл күндері Қасыма Америка көшіп келіп! Келер күн бұлаңдатып сағымын-дүр, Алаулап атар таңы, ағылып жыр. Қазақша сөйлесетін өзіменен Ғалия Миша ағасын сағынып жүр. Өткіздік өстіп биыл зорға күзді, Құдайы көрші, дәмдес болған, ізгі – Құлазып Бавария даласында, Сағынып жүрген шығар ол да бізді, Көрісуге жазсын де. * Жаным толы мұңды ойлар, күдікпенен, Сенен басқа ешкімге сүйікті емен. Жасымды көр жанардан ірікпеген. Құлап кетпей, әйтеуір, жүріп келем. Әбден қажып, әлсіреп, жүдеп, арып, Жүрегімді сағыныш зілі қарып, Құлап кеткім келген-тін шыңырауға Көздерімді тас қылып жұмып алып!
Жүріп келем. Махаббат – елес ескі. Құндақтаулы сырымды неге шештім? Жүріп келе жатқанның бәрі бірдей Өмір сүріп келеді демес ешкім... Кім ұмытса сүйгенін – күнә сонда. Жүрек кілтін жат жаннан сұрасаң да Жанарымды тас қылып жұмып алып, Саған жетіп құлармын – құласам да! Саған жетіп құлармын... Қасіретті Менсіз-дағы қаншама ғашық өтті? Өліп-өшіп өзіңді сүйген әйел Қателесіп жүрсе де – қасиетті! РУБАЙ Ар-ұятын талақ еткен сан төстің – Саусақтарды саралап бақ, жанкештім: Қаламдікі – саусақтары Пушкиннің, Қанжардікі – саусақтары Дантестің!
П. НЕРУДА. РЕКВИЕМ. Чили жатыр қамалып түрмелерге аңырап... Күл боп жанған гүл-бақтар гүлденер ме тағы да?! Оянар ма Неруда – Ақын Чили – бағынан?! Түрмелерге қамалып жатыр Чили тағы да! Чили жатыр қамалып түрмелерге... Бөлшек-бөлшек жүрегі ананың да, баланың. Ызалы жас тұнып жанарында налалы. Дарынсыз сұм пенденің табанында, Жаралы – Соғып жатыр жүрегі Неруданың – Дананың! Ақын жатыр мұп-мұздай суық көрде... бұлдырап. Түк айта алмай сүйікті, Күйікті елге – Тұнжырап. «Рухы оның ұшып жүр биіктерде!» – дейміз біз – Жылатуға бергісіз, Жұбату ғой – бұл, Бірақ! Өлмейді өлең, өлмейді. Сөнбейді өлең оттары, Тірілердің қылмысын тергейді өлең – соттары! Мен ғана ма пір тұтқан ақындарды, гүлдерді? Менсіз де оның тарихта аты қалды! Күн көрді... Германия Гейнесіз қалған кезде, О, тоба-ай, Гитлерлер оп-оңай сатып алды тұл жерді!!! Пешке өртелді Гейненің асау жаны. Құс біткен Ұшып жатты Шығысқа... Көргендері – түс тіптен:
Өшірілді Мрамор – Тарихыңа, Алыптардың қолымен қашалғаны – штыкпен, Адамзаттың арымен жасалғаны – штыкпен! Штык өлім өртіне өріс берді, Жалаңдап: Қызыл жалын жалмады егістерді тағы арбап. Нерудасыз Чилиді көрдің, міне, о, көзім, – Көрдің тағы Гетесіз немістерді, Адамзат! Ақынсыз Чили – Аждаһа бейнесінде – Күллі адамның осы сөз кеудесінде. Сырласуға болмайды, сөйлесуге... Өмір менен өлімтік белдесуде – қан ағып. Бір сауал тұр әркімнің кеудесінде қамалып: «Гитлерсің бе?! Жоқ, әлде... Гейнесің бе, Адамым?!!» – Бір сауал тұр әркімнің кеудесінде қамалып. * Ол жақта орта өзгерген. Өткенді көксеп, зарығып, Ойсыздар айтқан сөздерден Кеттің бе әбден жалығып? Өмірдің көздеп төр жағын Ел жүрсе іші майлы боп, Өлеңді сүйген өр жаның, Өзіңе жүр-ау қайғы боп? Көзге ілмей сонда өзге елді, Өзге бір өрттен жанып іш –
Шарлайсың киоскілерді Есіңді алып сағыныш. Өрекпіп сонда көңілің, Ішінен өрттің шыққандай, Газеттің жаңа нөмірін Аласың сатып – түк қоймай. Таусылып төзім, шыдам да, Тұрасың лағып, сандалып. Ондағы сатушылар да Қарайды саған таң қалып! Пендесің сұмдық дәмелі, Қиялды шынға балайсың. Газеттердің де әуелі Төртінші бетін қарайсың. Махаббат – жұмақ әні бір, Есту де арман сырлы үнін; Таппайсың іздеп бәрібір Жоқ онда менің бір жырым... Жалтақтап жатқа, досқа да, Жас жүрек сауға сұрасын: Кіресің сонсоң почтаға, Онан да құр қол шығасың. Көңілің қалып оңбай, шын, Ала алмай хабар ар ма деп, Кей-кейде, тіпті, ойлайсың: «Өмірде өзі бар ма?!» – деп. Жоғалып кетем: Күллі елдің көздерінен де, Пыш-пыштың сөздерінен де, Тіршілігімді доғарып – Жоғалып кетем... жоғалып...
Жоғалып кетем: Домбыра шектерінен де, Газеттің беттерінен де; Тіршілігімді доғарып, Жоғалып кетем, жоғалып... Жөңкіліп сері адамдар, Залдарға думан саз қонып, Кафелер, ресторандар Менсіз де жатар мәз болып. Жоғалып кетем қаладан, Жоғалып кетем даладан; Жоғалып кетем көңілден, Жоғалып кетем өмірден! Не дейсің мендей пендеге? Жоғалдым... Басың шатылды: Почтаның жәшіктері де Ұмытқан менің хатымды! Вокзалдан ізде боп алаң, Тоғысқан торап шеттерден; Поездан күллі жоғалам, Жоғалам самолеттерден! Сол кезде мені, адалым, Жүрегін уақыт суытып, Өзіңнен басқа адамның Қалады бәрі ұмытып! Алдамшы сезім бұл бәрі, Арбалма оған, ақ таңым: Мен онда адам туралы Поэма жазып жатқанмын...
ТОПЫРАҚТАҒЫ ЖАЗУ Тәкаппарлық әбден бабы келгенде Көнбейді екен көкке құс боп ұшпаса: Цезарь бірде қас дұшпанын жеңгенде «Келдім, Көрдім, Жеңдім» – депті қысқаша. О, Отаным! – О, Жеңімпаз Тәңірім! Қызыл қаның, Ащы жасың төгілді... Талай жендет жүргізбек боп әмірін Цезарь құсап... «Келді. Көрді. Жеңілді!!!» БІР ҚАЗАҚ Пушкиннің әуенімен Ел надан болса, ер – қараң. Отқа айдар ұлды боққа айдап өткен кер заман: Немістен туса – Ницше, Еврейден туса – Исхақ Рабин болар боздақ-ты, Қазақтан туып, қаңғып, жүр қайран бекзадам!
БАЛЫҚТАР ТРАГЕДИЯСЫ О, люди! Где вы? Вас зову я! Вас зову! Н. Хикмет. Бүгін бір ғажап күн екен, Не деген ғажап сырлы әнің: Күн астында Күнекей Қыз жайлы аңыз жырладың! ...Көкжиек. Шаңқан өр теңіз Әкелген айдап кім мұнда! Отырмыз Шайтанкөлде біз Сөз беріп Муза – бұлбұлға. Шайтанкөл жатыр – Құрлықтың Дидарындағы таң-шырай; Сұлушаш деген Мұңлықтың Көзінен тамған тамшыдай... Шайтанкөл жатыр еркелеп, Еркелеп самал еседі. Бір кезде... осы өлкеде Топан су болған деседі... Топан су! Тұнбай – селдеген! Қиялға бір сәт ерік бер: Өмірге онда келмеген Темірхандар мен Серіктер... Мұхит-тын осы өңірде, Таң қалған тақсыр таңдар да, Серіктер түгіл, Өмірде Жоқ еді Ақсұңқарлар да!
Тірі жан жоқ-ты расында, Саф таза еді ауа да; Алланың жүрген қасында Адам Ата мен Хауа Ана, Таянып жерге қашқан Күн, Еріген Мұз-тас Әлемі; Астында ақзер аспанның Балықтар ғана бар еді. Ғаламат Дүние дір етіп, Өзгерген мұрат, зәуірі; Мұз дәуірінің күні өтіп, Басталған Судың дәуірі. Ауысып күн мен түн өңкей, Естіген селдің отты үнін, Күн астындағы Күнекей Қыз жайлы жыр да жоқ-тұғын! Күндейтін бәрін, жүндейтін Жоқ алтын... ақша, пірі бір; Басқаны мүлде білмеймін Балықтар патшалығы – бұл! Балықтар жимай, ал, есін Бақытқа – Жүзіп кенелер, Жоқ еді алған зәресін Катерлер менен кемелер! Бомбалар толы қарында, Кесапат кәрі мол, кезбе – Сүңгуір қайықтарың да Жоқ еді суда ол кезде. Ғажайып сиқыр шабыт бар Тәнінде.
Жұмақ – Жер төсі. Жүретін шоршып балықтар – Тәңірдің жалғыз еркесі! Көңілде – көктем, көңірсір, Рақат жырға – мол жаны. Су патшалығы өмір сүр – Жүзуді білсең болғаны! Аспанда жүзген тарлан Күн, Қызықтап шуыл, қылығын; Шартарабына жалғанның Шашатын уылдырығын... Балықтар сонда, Құлыным, Білмеген еді, Масқара – Біреулер маржан ұрығын Айналдыратынын ақшаға... Бір күні: Ғаламат Дүние шыр етіп, Өзгеріп мұрат, зәуірі, – Су дәуірінің күні өтіп, Құрлықтың туды дәуірі! Сондағы оның ойраны-ай! Тұл – аспан... Ажал – зар әні: Ойбай-ай! Ойбай! Ойбай-ай! Дүние... не боп барады?! Не дауа мына сұмдыққа? Кеудесі толы – шерлі кек, Балықтар жатты Құрлықта Желбезектері желбіреп!!!
Бәрі де кекті! Ашулы! Жоқ шығар мұндай еш апат: Көзіне оттай басылды «Топырақ!» – деген кесапат! Қаннен-қаперсіз өз басы Жүр еді кеше бабында. Жазықсыз ағып көз жасы Табытқа кірер шағында – Қарады көкке: О бастан Көп құпиясын жасырған – Көк Мұхит сынды көк аспан Көзіне оттай басылған! Балықтар жатты... Қайғырған, Шерленген, Тағдыр – мазағы! Жер – Анасынан айрылған Адамдар сынды азалы! ...Сол уақыт – аңыз. Аңызда Шындық бар, қалқам, артын ұқ. Сонан да кейін қаншама Мұхиттар кетті тартылып... Топан су! Солай селдеген! Қиялға бір сәт ерік бер: Өмірге онда келмеген Темірхандар мен Серіктер. Мұхиттың ұлы шебінде Сел қайталаған отты үнін,
Хиросима жайлы менің де Өлеңім туған жоқ-тұғын... ...Шайтанкөл жатыр еркелеп, Еркелеп самал еседі. Бір кезде осы өлкеде Топан су болған деседі... * Тұранды айтсаң, сол жұрттан Тұра қашып құрт-қыбыр, Құранды айтсаң – қолтықтан Құдай сүйер ұлтты бұл. Ғажап күнім – азат күн, Тәңірі бергей от-қуат. Абайы бар қазақтың. Ақымағы көп, бірақ!
- Әмірхан Меңдекеге Жайықтай толқып, жапанда қалған Еділше, Ел дейтін еркек егілсін сендей – егілсе. Тағынан тайған қаралы ханның абайсыз, Талайсыз ұлы сендей-ақ болған, меніңше. Бауырына жұртын баласыдайын құша кеп, Қараорман елдің қасіретінен құса боп,–– Хан Кене тақтан түскенде, сенің атаң да, Атынан түсті абдырап Жаяу Мұса боп. Тұқымың бекзат бек болды. Тәрк етіп бәрін, Тәңіріге туа бет қойды. Құдайдың коды бар еді мида, оны да, Құдайсыз елдің қулары шұқып жеп қойды! Ұлыған сайын көкірегіндегі Көк Бөрі, Азалы зарың Алашқа қалай жетпеді. Азалы зарың бір жетпей қоймас Алашқа. ...Алла естіп тұр ғой, өйткені. Ана тілім, Алашымның көзі едің, Өртенеді өзегім... Үндемейді бесік жырын айт десем, Өгей шеше – өз елім?! Бүгін – барда, жайлауда едім кеше мен. Шарап ішем қымыз ішпей кесемен. Өзегі шер ұрпақпын мен азалы, Өз анам жоқ... Қалдым өгей шешемен! Күнде – қарғыс, күнде – тергеу, сот маған. Шатқан-бұтқан, оттаған –
Өгей шешем айналдырған ақ басын, Өз әкемді танымайтын боп барам. Зіл табандай – өтер екен қайтып жыл, Жаңа ғасыр көшіп келмей, тайқып жүр. ...Жас баладай ұйықтап кетсем балбырап, Түсімде анам бесік жырын айтып жүр. * Шайтанкөлге барған кезде байқаңдар, – Шайтан бар! Ол келеді әлімсақтан, көнеңнен, Сұлу көрсе рахатқа бөленген. Сұлушашты сол жартастан құлатып, Шайтанкөлдің түбіне ала жөнелген. Маза бермей ата-баба бейітіне, Елдің өзін жібермей жүр еркіне; Сары шашты жынға айналып кей күні, Кейде – түсіп сұм заманның кейпіне. Алаш елін буындырып, алқымға ап, Төрімізде отырған сол жарқылдап. Талқан қылып Құнанбайдың мешітін, Төбемізден ұшқанын айт қарқылдап. Мейірім жоқ, жоқ онда бір қанағат, Кейде – қоңыз, кейде ит боп абалап, – Шықпай қойды осы әзәзіл, қазақтың Әсем нуын, сұлу суын жағалап. Бас айырмай – тарқамайды базары. Асымыз көп. Басымыз да – қазалы. Жалтақ сонсоң біздің Алаш басқадан, Ақыны да басқалардан азалы.
Кезіп муза кәрі жерді, Әрі мұңды, әрі шерлі Шайтанкөлдің хикаясын тыңдайды ел. Тек бізде бар мұндай көл. МАҒЖАНҒА ХАТ Мағжан, Ата! Аласапыран алқымға ап, Көңіл күпті – кешкен жұрттан халқың ғап. Алла берді Алашыңа азаттық, Оған бірақ керек екен алтын тақ. Рух қайда?! Тас жүрек пен мес дене – Көретінің бозала таң, кеште де. Тұран керек. Құран керек қазаққа! Абай керек. Одан басқа – ештеңе. Жүрегіңде – Көк Бөрі. Ұлиды көп Тәңіріне көктегі. ...Қайран жұртың қазағыңа, өйткені, Мен түгілі, сенің сөзің өтпеді. Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі. ҚАРА БҰРЫМ Қара бұрым... Қанша мәрте жырланды? Қасиетін білер оның ер кісі. Неге «Қара жүрек!» – дейді сұмдарды? Қара бояу – Сұлулықтың белгісі!
- Көзімнен адал жүрегім байқалмады ма? Сенбеймін мәңгі, сенбеймін сайқалдарыңа! Сенбеймін тіпті өліп-өшкен сөздеріне де, Өтірік күлген жымысқы көздеріне де. Сенбеймін мәңгі, көргенде шамданып қалам! Сүйіктім! Неге қарайсың таңданып маған? Серігің сенің, япыр-ау, сенгіш-ақ па еді? Сүйе алмайды олар ешқашан сен құсап мені! Өксиді олар өзгені өкініп тұрып, Өтірік сүйіп – күйеді, өтірік күліп... Сенбеймін! Тіпті көз салман түр-түсіне де, Көз жасына да сенбеймін, күлкісіне де! Аярға сеніп алданып, арбалып – талман – Осыдан бұрын оңбай бір алданып қалғам... Еңіреген зарлы ұлдарың Махаббатқа бағынады. Эпостағы Тарғындарың Құртқа аруын сағынады. Содан қалған ізгі өлеңдер, Рух болып осы арада. Әуре болып іздемеңдер, Төлеген жоқ Қособада!
Жоқ – ол. Тәнін жалын – іші, Ұшып келіп, танып көктен; Қыз Жібектің Сағынышы Ақжайыққа алып кеткен! Мен де өлермін дарияның Жағасында. Жалын – ішім... Пәк тәнімді Ғалияның Қасына апар, Сағынышым! * Құстар келді. Қыстар келді. Күндер келді. Түндер келді. Тағы да құстар... Тағы да қыстар... Тағы да күндер... Тағы да түндер... Сені күтем жүрек лаулап жанса да, Әбден жүдеп, айырылып әрінен. Келіп, кеткен Аяз – Ата қаншама? Сені күтем. Сені күтем әлі мен... Сені күтем, сағынышқа жан-ұя. Сол сағыныш ғұмырдағы жолдасым. Міне, отыз жыл... сені күтем, Ғалия! Басқа қызды күтсем – жолым болмасын! Сені күтем, сені күтем алаңдап, Біздің үйде ғана сөнбей жанған нұр. Шырт ұйқыда жатқан кезде адамзат Бөлмеме осы кіріп келіп таң қалдыр!
Ақ көйлегің ақша бұлттай әдемі, Көрсем сені, көздерімді ашқанда. Саған арнап жүрген шарап бар еді, Сонымды атып жіберейін аспанға! Осы күнді қанша күттім демеймін. Көз жасыңды үзіп... сен де жасыма. Аяулымды – Анамды ертіп келейін Жаюлы осы дастарханның басына. Таң қалайын өңім бе деп, түсім бе? Маңдайыма жазылса да ұрлық – той: Өмірдегі думаныңның ішінде Анамыздың болмағаны – сұмдық қой! Аруына баламай бар жер – көктің, Сені анам да күткен талай қырды асып. Достарды ертіп келу үшін мен кеттім! Біз келгенше отырыңдар сырласып. Достар келді. Суша шарап сапырам. Мені әлі де тұр ғой күтіп жол – ана. Әлемдегі әйелдерді шақырам! Әйелдерсіз әсем думан бола ма?! Дарымаған тәніне от, оқ әрі – Жігіттер де келіп, шықсын жоғары. Жер бетінде той түгілі, жаным-ау, Еркектерсіз соғыс та өткен жоқ әлі! Біздің үйде өткен тойдың дүбірі Жетер елге шықпаса да Күн әлі. Мына әлемнен қасіретің түгілі, Шаттығын да жасырғандар – күнәлі! Сені күтем. Сені күтем алаңдап,
Біздің үйде ғана сөнбей жанған нұр. Шырт ұйқыда жатқан кезде адамзат Бөлмеме осы кіріп келіп таң қалдыр! Құстар келді. Қыстар келді. Күндер келді. Түндер келді. Тағы да – құстар... Тағы да – қыстар... Тағы да – күндер... Тағы да – түндер... * Барады уақыт зыр қағып, Зырладық бірге өзіміз. Сонау күндерден ұрланып Қарайды сіздің көзіңіз. Сүюдің азап, бейнетін Көремін деп пе ем ол кезде? Пәктіктің керім келбеті Тұратын тұнып сол көзде. Ұйқтаппыз. Көкте жүзді Күн. Көңілде – сол бір жыл ояу. Келіншек бопсыз Сіз бүгін, Мен де әке боппын, құдай-ау. Тағдырдың ділі қатал-ақ, Сол шақтан белгі қалмаған: Алдаған мені махаббат, Сізді де оңбай алдаған.
Сізді ертіп, не Сіз мені ертіп Кетпесек – кінәлі өзіміз. Өтірік күліп неге тік Қарайды өткір көзіңіз? Пәк махаббатсыз не тірлік? Пенделік ғұмыр – құнарсыз. Кейде... Сіз мүмкін өтірік Жылайтын-дағы шығарсыз?
ҒҰМЫРНАМА Жүректі шер ғып, құса ғып, көзімді жаңа ашқанда Әкемді ажал құсы алып, әкеткен түпсіз аспанға. Тағдырдың жасы мол көзде, жасау да қиын иелік. Мен құлай беріп... сол кезде, анама қалғам сүйеніп! Тірліктің тарау жолымен жүргенде жүдеп жас жаным, Көзімнің жасын қолымен сүрткен кеп ауылдастарым. Жаралған жаным шуақтан – Суықтан қалса қысылып, Достарым келіп жұбатқан халімді менің түсініп. Жаралап кетсе пасық кеп жаралған жанды кіл оттан, Рухыма менің ғашық боп бір әйел бар-тын жұбатқан. Жырларым менің ұнаған, мен танымайтын бір адам Жаладан ақтап, күнәдан, жаныма сауға сұраған. Мен – тірі. Ғұмыр сүремін қарамай тағдыр кәріне, Бұлқынған бала жүрегім қарыздар соның бәріне. Аң-таң ғап көп ел сұрағын алдыма тартқан талай кеп «Мұрап та болмай, мұғалім... ақын боп
кеттің қалай?» – деп. Бәрі де мұның ғажап-ақ, ғажап-ақ мынау сұрақ та: Мұрап та болып азамат жетеді асқақ мұратқа. Бөлмегін мені елімнен. Болмаса қайтем қол шебер? Мұрап та болар едім мен – Мұратым тек сол болса егер! Ақын боп кеттім: Тастарға шуақ боп тамып қайтсам, – деп,
Айқайлап тұрып аспанға анашым жайлы айтсам! – деп. Даламның болып ақыны, көз салып ойы-қырыма, Ананың бәрін ақыры алыппын қосып жырыма. Сұрама менен дерегін, айналды дерсің, о, демде, Ошағым жайлы өлеңім – Отаным жәйлі өлеңге! Түсіне көрші сырымды, шабытым алып ұшқанда: Достарым жәйлі жырымды оқуым керек дұшпанға! Жаралап кетсе пасық кеп жаралған жанды кіл оттан, Рухыма менің ғашық боп бір әйел бар-тын жұбатқан. Деймін мен сол бір аруға: «Жаныңды мұңға жеңдіріп қызғана көрме! Қой енді... Сен жайлы жазам деп жүріп Жырлаппын бүкіл әйелді!» Қанатты жырым жүреді сені іздеп, ұшып, қараңдар: Бір соққан ізгі жүрегі, мен танымайтын адамдар! Соғыстан, өрттен өлермен кеудеңде жүр-ау дерт өріп? Өздерің жайлы өлеңнен кетем-ау бір күн өртеніп! Қанбайды ұйқым бал таңда, кеудемнен жалын от өріп, Жер шары – бала – арқамда, келемін соны көтеріп!
- * Кездестірші сол қызға мені бүгін, Қайта тусын баяғы сері жырым. Баяғыда бал болып елестеген Бір жұтайын шырынын ерінінің. Кездестірші... Ару бақ, саялы жай! Жалғыз қаппын жаһанның саяғындай. Дарияның аққуы – Ғалияның Тәні, жаны ақ па екен баяғыдай? Уақыт жүзі алмастай өткір екен, Оған да оның ойраны жетті ме екен? Қара шашын қайта бір сыйпайыншы, Әлде, бордай ағарып кетті ме екен... Кездестірші. Мені енді торықтырма. Жолықтырғың келмей ме? Қорықтың ба?! Арамызға ақжолтай болып тұр да, Кездестірші баяғы қыз күнінде, Әйтпейді екен – мәңгіге жолықтырма! Ертегіге сенуші ем – қасиетім, Әлеміш сөз жоқ, онда әсіре тым: «...Асылығың жынданып кеткен – дейді, – Ғашығының көргенде қасыретін...»
АЗА ЖЫРЫ Поэзия! Ақынның алтын тағы! Жендет оғы төбеңнен сартылдады... Күн бұзылып, Жер беті салқындады, Азап шекті-ау Ақынның жарқын жаны. Чили – өртте. Денесі жанып-ысып Нерудасын іздейді алып-ұшып. Бұл – оның мәңгі өлмейтін сағынышы. Гүл иісі құрыған... Қан иісі... Қайран Чили! Отаны батырлардың! Ошағы едің гүл – ару, шат – ұлдардың, Хунта – Тозақ! Өртімен лапылдадың! Қайран, Чили... қиналып жатыр жаның: Фашизм – азабы адамзаттың, Фашизм – ажалы ақындардың!
ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫР ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ... Роберт Рождественскийден Жұдырықтай жұмыр жердің бетінде Жұдырықтай пенде еді бір болғаны... Кіші кісі. Кіші қызметі де. Портфелі де жуан емес қолдағы. Аз – мұз ғана еңбекақы. Күлкілі: алтын берсең, ашкөз емес, алмас-ты! ...Терезесі дүрсілдеді бір күні атып тұрса: Соғыс деген Албасты!!! Алды ол сонда кіп-кішкентай автомат. Кіп-кішкентай етік көрдім кигенін. Кіп-кішкентай каска көрдік... қат-қабат. Өз бойындай – кіп-кішкентай шинелін... Шабуылда өлді ол. Қашып кетпеді! Үні естіліп шықырлаған тісінің... Мырза – жердің мәрмәрі де жетпеді Құйған кезде сол Кісінің мүсінін.
БЕЛГІСІЗ СОЛДАТ Димитр Методиевтен Жырыммен Даңқ боп сенгісіз Демеймін: – Аспанды шолайын. Осынау Дәуірдің белгісіз, Белгісіз солдаты болайын! Гүл болып тұрса екен атым да, Рухым оянып моладан – Ұрпақтар Белгісіз Ақынға Ескерткіш қойғанда қоладан... * Берікболға Аппақ дүние – ақ пілдің сауырындай. Қыс та келді, лебінің ауырын-ай! Төмпешік боп қырқада, тәнің мұздап Мәңгі ұйқыда жатырсың, бауырым-ай! Бүршік жарған көгі едің Күн иенің, Тез солдың ғой, қайтейін, күйінемін. Заман біткен орынын толтыра алмас Адам біткен – қонағы дүниенің. Жаз бен қыстар жылда өстіп ауысады, Жаңа ұрпақтар өмірмен қауышады. Сайран өңір өзіңді елестетіп, Қайран өмір төзімді тауысады. Көктем келер, қар да ерір, жылынса күн, Көк те шығар көтеріп тұлымшағын. Жан-жануар оянар жамырап, Тек Сенің ұйқың – мәңгі ұйқы, құлыншағым.
Осы өмірдің тұлғасы болсақ-тағы, Екі бөлер ертеңгі жол шатқалы. Шағылысып келеді Күн нұрына Сағыныштың мөлт еткен моншақтары... РОССИЯ Е. Евтушенкодан Ғаламат ғаламсың Сен Көз жетпес ұшаныңа. Құшақтап қалай сүйем, Сыймасаң құшағыма? Жара сап жанына да Тәніне құдыретті – Ұлы ақындарыңа да Сыйладың ұлы дертті... Аяз да, өктем жасын Жаныңмен егіз еді. Көл-көсір төккен жасың Қаның да теңіз еді! Кесір мен керістердің Бәрі оғын саған атты. Ғаламат Жеңістердің Парқы да ғаламат-ты! Қаһарлы айбының да, Мықтымыз – Сен де, мен де: Жоқ ұсақ қайғы-мұң да, Жоқ ұсақ пенделер де! Отаным! Қарашы, ұлың Ұмтылды құшақтауға.
Ұлы елдің баласының Һақы жоқ ұсақтауға. Аяулы анасың сен, Даңқты түлектері. Ұлы боп қаласың сен, Ұлдарың ұлы өйткені... КАРДИОГРАММА Өлең өзін өмірге елші етеді. Ақ-қараңды қапысыз өлшетеді. Ақ қағазға түскен жыр, айналайын, Жүрегімнің жүрісін көрсетеді. Бара жатып бас лағып, өліп-құрып, Өзегімнен өмірге өріпті үміт. Өзіме-өзім кей кезде тәуба қылам Жүрегімнің жүрісін көріп тұрып. Қалай-қалай соғады қайран жүрек, Аман-есен Жер Күнді айналды деп. Өзегіме өксік шер байланды кеп... Қалай-қалай соғады қайран жүрек. Ер салғалы Пегасқа – күреңіме Пенде емес ем қараған түр-өңіме; Сөйтсем, жүрек айналып ақ параққа, Ақ парағың айналған жүрегіме. Өлеңдерім – өрімім, сабаздарым, Ар-ожданым! Өзім кетсем өртеніп... Жүрегімді Тастап кетем сендерге, қағаздарым...
- * Тәнге күннен күміс бір шуақ тамып, Тіршілік өз міндетін тұр атқарып. Сүйікті боп жат жанға, Ұнап қалып, Өстіп... қатар жүреміз... Қосылмайтын Шойын жолдың табаны сияқтанып! Бірімізге біріміз кішірмейміз, Жүрегі жоқ гранит мүсіндейміз. Бізге дейін көп пенде түсінбеген, Біз де тағдыр тәлкегін түсінбейміз. Мұз құрсанған бір шер бар ішімізде. Суық қарап жазмыштың түсі бізге; Жат төсекте, жат жанмен аймаласып, Бір жатамыз екеуміз түсімізде. Ақыл толы алтын бас самғап әрі, Өзіне-өзі қартайып, таң қалады. Дейміз: «Балам, алданба, сүйген кезде!» Ол да бірақ оңбай бір алданады. Бәріміз де жастықта отпыз жалын. Елемейміз тағдырдың оқты ызғарын, Қайдағы бір қайраңға соққызғанын. Олар бізді тыңдай ма? Бір кездері Біз де ешкімді тыңдаған жоқпыз, жаным...
ДАУЫС Жәнібек Кәрменге Жүріп келемін. Дүбірге еніп бұл маң Ғаламаттармен қауыштым. Өмір дегенің – күңіреніп тұрған Даласы дыбыс, дауыстың. Таң қалып қарап ғаламға таныс От ойнап жанды көзімде. Далам да – Дауыс! Ғалам да – Дауыс! Дауыспын менің өзім де! Дауылдарға еріп көшемін демде, Телегей теңіз – тер деген: Түс көріп жатсам төсегімде де Дауыстар маза бермеген... Жүріп келемін, жанарым – тамшы, Жүк толы жүрек зырқырап, Даламның Даусы, Ғаламның Даусы Заманның Даусы шырқырап! Таң қалып қарап ғаламға таныс, От ойнап жанды көзімде: Далам да – Дауыс! Ғалам да – Дауыс! Дауыспын менің өзім де!
- * Білер ме ерің, Саған арнап біреудің жыр өргенін, Өмірінің серігі болмаған соң Өлеңінің пірі ғып жібергенін, – Білер ме ерің? Періштедей бейнеңе таң қалғанын, Арбалғанын, елеске алданғанын; Алатауға сені іздеп сан барғанын, Сан барғанын... таба алмай сандалғанын? Біреу иемденетін шекер, гүлін Махаббаттың біле ме бекерлігін? Не деп кеттім? Қайдағы еске түскен Қасіретті зауал күн екен бүгін... Жоқ, білмей-ақ қойсыншы мүлде мені, Бүлдіріп алып жүрме бірдеңені. Бар нәрсені білетін жұрттың кейде Бір нәрсені... жөн шығар білмегені! Жат жанға ауса бар ынта, ықыласың Азабынан сүюдің құтыласың. Екі-ақ адам білуге тиіс қой, бірақ, Махаббаттың ғажайып құпиясын...
ОҒЛАН Нұрмахан Оразбекке Көк аспандай Көк Түріктің тұнығы, Күлтегіннің желбіреген тұлымы; Шыңғысханның тал-бесігін тербеген Қоныраттың тұяғы– Саф алтынның сынығы! Ақиқаттың толғауын, Арқаға кеп, Ақтанберліше толғадың. Асау басы ноқтаға сыймаған, Арыстаннан да айылын жимаған– Оғланым!!! Тар заманда сен көрмеген талқы жоқ, Өрт ғасырда өзегіңді шарпыды от. Көк Тәңірі жетпіс мәрте жебеген, Текті, Түкті жүрегіңе тәнті боп! Замананың боранында ысылдың, Тоғыз жолдың торабында қысылдың. Ақ қағазға орадың да жүректі, Аруға емес – Алты Алашқа ұсындың! ...Қазығұртта кеме қалған дейді жұрт. Неге қалған? Соны жаңа түсіндім...
ДӘуІТӘЛІ ҚАЙТҚАНДА Біржан сал, Ақан сынды сері болып, Жалғанның жарығынан Сені көріп, – Ел-жұртым, Дүниеден бір еркең өтті, Егіліп ет-жүрегі – еміреніп! Шашылып тарағанда халық тойдан, Жалғанға Шашубайдай салыпты ойран. Кешегі көшпелінің жұртындағы Алтынның сынығы еді қалып қойған. Асыл еді! Бұзылды оны көріп ғасыр өңі. Елінің тауы менен тасына һәм, – Перінің қыздарына ғашық еді. Әруақты арқасында шалық көп-ті, Әлемге «Әудемжерін» салып кепті. Перінің сол қыздары алдап-арбап, Айырып Фаридадан... Алып кетті! Арқаға түскен жүкті ауыр ырғап, Заманның зіл – батпанын жаурынға ап, – Біржан сал, Ақан сері, Дәуітәлінің, Жұртында біздер қалдық: «Бауырым!» – дап... Ғасырдың төмен түссек өріменен, Ел көшкен – Мәди, Ақан серіменен. Сен де, қош, Қояндының жәрмеңкесі, Бұқа мен сиырлары мөңіреген... Заманның түбі – тексіз, Порымы – құл, Боздаудан басылмаған солығы бір. ...Алаштың ордасында да үңірейіп, Алтынның сынығының орыны тұр...
ФАИЗ АХМАД ФАИЗДАН Балалық патшалығындағы жылдар-ай, жырақ! «Сүйемін!» – деп ең сонда Сен. Арман аңсаған! Үздіккен Сенің үніңді тыңдамай, бірақ, Талақ қып тастап кеткен ем... Таң қалам соған! Ғұмырымның патшалығындағы жылдар-ай жырақ! «Сүйемін! – дедім – Сүйемін!» Сембеді жағым... «Мен – сөндім – жанып...» – Дедің де тыңдамай, бірақ, Талақ қып тастап кеткенсің Сен мені, жаным... Жөнеуде жылдар беттегі пердені ысырып, Сенделіп жүріп Сен де өмір сүріп келесің, Мен де өмір сүріп...
- * Қар ұшады күміс қанат. Неткен ғажап, пай, пай, өңір! Ақша қарды уыстап ап Атысамыз... Айхой, Өмір! Сүргендей ек түсінде өмір. Сен де – бала ең. Мен де – бала ем. Сол дүрмектің ішінде бір Сен де бар ең, мен де бар ем. Қарайтұғын сүйіне де, Біздер едік егіз ақ құс. Біз келгелі дүниеге – Сегіз көктем, сегіз-ақ қыс! Әй! Есіңде бар ма тегі Жауып үлде-бүлдені біз – Көміп қойып қарға сені Қарқ-қарқ етіп күлгеніміз? Бала едік қой. Баласынып Ойнағанда... Батыр едің: Аршып алсақ – аласұрып Қар астында жатыр едің! Сен де сәби лақ едің. Жүрсің енді дана құсап? Айқай салып жылап едің; Бажылдап ең бала құсап! Жоқ па сол сәт жүрегіңде?! Ойнамаймыз со құсап біз: Біз келгелі бұл өмірге, Отыз көктем, отыз-ақ қыс!
- * Бала болып бастадым тірлігімді, Уыз сәби ол кезде кімді білді. Баласы көп боқташақ Айкен апа, Айкен ана кесіпті кіндігімді. Кіндік бала аспанға қалай ұшты, Жүзіп кетті құшақтап қай ағысты: Баласы көп адамның сүйем бәрін, Баласы жоқ адамдар аянышты... Бар менің де еркелеу кекілді ұлым, Жек көремін баланың жетімдігін! Айкен апа кеспесе кіндігімді Ақын бола алмайтын секілдімін. Кіндігімді ол кеспей, зар қылғанда, Не болар ед – нәсіпсіз қалдырғанда? Балаларды қаншама сүйсем-дағы Басылмапты бір жырым «Балдырғанда». Жарқ-жұрқ етіп тұрғанмен қалалары Аштық – әлі ғасырдың қара дағы; Қайыр сұрап жүретін көшелерде Елестейді жат жұрттың балалары! Чилиде – олар. Африка торабында, Картадағы шет елдер жолағында. Егілмесем әлемнің баласы үшін Қызыларайдың қыршыны боламын ба?! Назаға ердім, сонан соң азаға ердім, Желіменен бойдағы аз өнердің. Хиросима өртінде өлген қыздың Өлеңдерін келеді жаза бергім! Балалардың көңілін қалдырмаңдар, Барлық үйде басталсын бал-думандар. ...Әлімбаев Мұзафар болмасам да Мен сендермен біргемін, балдырғандар!
МҰҚАҒАЛИ 1974 ж.Шілде Еңкейіп бара жатыр Күн бесінге, Панфилов гүл-бағының іргесінде – Ортаға ақынды алып отырғанбыз Шөл басып Алматының шілдесінде. Бұлдырап түрғанменен келешегі, Мұқаңның айдарынан жел еседі. Жарқылдап отырса да, жампозыңның Жағдайы онша жақсы емес еді... Жарықтық жабыққанда – жан-тән налып, Шаттығын шақыруға шампанды алып – Егіліп тірі жүрген Есенинге Елжіреп біз қараймыз аңтаң қалып! Жыр әлі – шикі, соған күнәліміз, Көңілден сейілмеген тұманымыз. Өзгеше өлең оқып сонда-дағы Келеді ұлы ақынға ұнағымыз! Біреулер қызды мақтап, жырды мақтап, Біреулер бос шөлмектей шылдырап қап... Бір қызға Шайтанкөлде ғашық болып, Бірдеңе жазғам мен де былдырақтап... Сол сәтте соны оқысам жететіндей, Жұртты – таң, ақынды – ырза ететіндей. Кезегім (керуен соққыр!) келмей қалып... Отырмын жарылып-ақ кететіндей. ...Мұқаң – жоқ! Өрт өргендей өзегіміз! Өзгеше кескінде екен кезеңіміз. Қасымда – Бауыржан мен Светқали, Келіп ед енді біздің кезегіміз!
Ал, сөйле, дүбірге еніп, күңіреніп, Шөлдесек – сусыннан бір сімірейік. Құдай-ау, кімге оқимыз енді өлеңді? ...Мұқаңның орыны тұр үңірейіп... * Сықырлайды креслом. Кеңседемін. Келген елді еркіммен еңсеремін. Ел тағдыры миымды шағып әбден Көтере алмай басымды... теңселемін. Мұрша бермей қойды-ау жұрт дамылдауға, Қарай алар шама жоқ дабыр, дауға. Бірінен соң біреуі... Бәрін бірдей Үлгеретін емеспін қабылдауға. Екшейтін мен: жөн бе екен, теріс пе екен, Пәтуаға көнбейтін керіс пе екен... Хатшы қыз да қалқиды аққуға ұқсап, Ғалияның өзіндей періште екен! Бұл Жібектің кім екен Төлегені? Көрген сайын көзге нұр бөленеді. Бір телефон сұңқылдап сөйлеп жатса, Бір телефон... безілдей жөнеледі. Неткен ғажап ел-жұрттың мұрат – әні, Ілтипаты кісіні жылытады. Баспалардың бастығы телефондап, Қолжазбамды қолқалап сұратады! Мен кім едім? Осы жұрт не біледі Дабырайтып алған-ау, тегі мені? Жыршы біткен өлеңін маған арнап, Сыншы біткен бас иіп, егіледі.
Оған-дағы үйренген етім бүгін. Желмен бірге кетіпті жетімдігім. Кеше өзіммен бірге ішкен жігіттерге Кекесінмен қарайтын секілдімін! Кеудем толы өлең бе, ария ма? Ақ кемемен жүземін дарияда... Көргендерім – ғажап-ты. Ояна сап Аңыз қылып айтқанда Ғалияға... Жүз шайысып, сол жолы ұрысқан ек, Жерге түсті... қолында – хрусталь ед... Таң қалған-ды зайыбым, сандалған-ды: – Ақыл-есің, байғұс-ау, дұрыс па?.. – деп. – Шытынама сен анау... хрусталша, Жөнін біліп алсаңшы – ұрысқанша: Әкім болар едім ғой, ақын болмай... Ақыл-есім егер де «дұрыс» болса!
ШАЙТАНКӨЛ БАЛЛАДАСЫ Самат Жүніске «Көп болды Ақжайыққа бармағалы...» («Қыз Жібек» фильмінен.) Жастықтың тамылжытып салған әні – Көп болды Шайтанкөлге бармағалы; Маңында масайрап-ақ жүрміз ғой деп, Өзіміз-өзімізді алдағалы... Қайтейін, қайран жүрек қапы қалды, Бір дауды бітпейтұғын сатып алды: Абдырап Алматыдан Дәуітәлі кеп, «Көрсет – деп «Шайтанкөлді!» – жатып алды! Тауды да елеместен тау екен деп, Қияда тәнімізді әуе тербеп. Буынып-түйіндік те тартып кеттік, Басына Шайтанкөлдің «Тәуекел!» – деп. Түсеміз бұралаңнан бұралаңға Көлшіктер көз жауын ап тұрады алда. Күйіктен күйбең қағам, шатақ-қонақ «Шайтанкөл – осы ма?!» – деп сұрағанда! «Жоқ, әлі биікте», – деп бал ашамыз. Бұл маңда әрбір тастың арасы аңыз. Шайтанкөл жатқан шыңның етегінде, Албасты басқандай боп адасамыз! Мықшыңдап тырмысамыз қайқаң белге, Ішімде құпиям көп. Айтам ба елге? Ләйланы Сұлушашқа қосып жырлап, Нем бар ед, тыныш жүрмей – Шайтанкөлде?
Мен – алда. Ал қонағым менен кейін... Қияда жол таба алмай... елеңдейін. «Сен өзің Шайтанкөлде болмапсың ғой! Неңді, енді, шатып жүрсің?!» – дегендейін. Қонағым ашуланып қалды құзда, Баса алмай әуре сарсаң қанды қызба. Түңіліп... қайтатұғын қайқаңды ассақ: Жарықтық! Жатыр екең алдымызда! Керемет тәкаппарлық келбетінде, Қаңғырып қайдан келдік тербетуге? Сұлушаш түгіл, менің жырымдағы Ләйла да көрінбейді көл бетінде. Тауға кеп құлағандай аспан – алып! Мәңгіріп тұрған ақын астаналық: «Сұлушаш! Қайран анам! Қайдасың?!» – деп Айқайға басты дерсің масқара ғып... Сезіксіз сеніп келген бар аңызға Ғалия абдырайды арамызда: «Апырым-ай! Алматыдан аман келген Адамды ауру қылып аламыз ба?!» Күн батты көкжиекке жалқынданып. Көлің де бара жатыр салқынданып... Шомылып Дәуітәлі жүр, шолпылдатып: Аумаған аңыздағы алтын балық! Ешкімді енді көзге ілмейтіндей, «Тәнім мен судың тегі бір!» – дейтіндей: «Шайтанкөл! Шайтанкөл!» деп бебеулейді Біз осы көлдің атын білмейтіндей! Денесін көлдің толқын – биі өңгеріп Шоршыған балыққа бас ием келіп.
Келгені Алматыдан кеше ғана! Алыпты көлді өзіне иемденіп!... Жыр еткен Сұлушашты қайран, Сәбит! Даңқыңды көкке апарып қойған шабыт! Шіркін-ай, көресің бе өз көзіңмен Көліңде бір бала жүр ойран салып! Тың тыңдап: «Үн бар; – дейді – жылағандай!» Сұлушаш сөйлей ме оған тірі адамдай? Бебеулеп біздер тұрмыз, шоршып жүрген Балықты жағалауға шығара алмай... Ғаламға ғажайыбын жариялар Көп пе екен, шіркін, мұндай дариялар?! ...Келеміз Шайтанкөлден төмен түсіп, Ләйла жоқ – қолтығымда – Ғалия бар. Қайда асау адуынды арынымыз? Басылған бағанағы шалығымыз. Құрлықта әзер жүріп келе жатыр Көлінен жаңа шыққан «Балығымыз!!!» * Сөнетін шамдар жалт етіп нұрды алып қашып! Жарқ етіп біз де шығушы ек ұрланып басып... Тұмса сезімге толы сол тұнық түндерді Ұмыттың мәңгі. Менің де ұмытқым келді! Ақжарық. Айлы түн еді. Қыз бенен жігіт... Бара ма мәз боп біз жүрген ізбенен жүріп? Сен жоқсың. Әлі сол беті Ақжарық бірақ. Үйіңде сенің ылғи да шам жанып тұрад!
ПЕРІШТЕ Әлі есімде, Күз еді... Ол бір елік лағындай қыз еді. Махаббаттың құсы ұшып келді деп, Сүйіп едім, сүйіп едім елжіреп. Тұрып еді пәк жанары мөлдіреп. Тұрып еді бір теректің қасында. Сары алтындай жапырақтар – Шашында. Махаббатқа жаратылған несібем, Айрылғандай болып еді есінен. Мас боп тұрған ғажайып бір сезімге. Махаббаттан басқа түк жоқ көзінде. Махаббаттан басқа түк жоқ сезімде. Он алтыда. Өртенетін кезінде! Жанында оның басқаға емес, Тап маған Бір керемет бар секілді сақтаған. Кеше көрдім сол Аруды табыттан! Дидарында жоқ ләззат, шабыт та. Үндемейді қоршап алған халыққа... Топырақ сап кетті ел тарап. Расым ба?! Тек мен қалдым қабірінің басында. Жылап жатып көрдім түнде – Түсімде: Жүрді жалғыз... таныс бақтың ішінде.
Тұрды үнсіз көк теректің қасында. Сары алтындай жапырақтар – Шашында... Дауыл соқты! Ағаш біткен сілкінді, Көзінде оның қорқыныш бар бір түрлі! Сонымен бір бейіш елін жүру үшін мекендеп, Мен ойладым бір түйінге бекем кеп: «Маған да енді өлу керек екен!» – деп. Сонда ол маған тірі адамдай тіл қатты: «Өмір сүру керек саған, қымбаттым! Бізсіз-дағы кете берер зырлап Күн: Не көрінді саған, өмір түлегі? Қабыл болу үшін халық тілегі – Муза және Ақын өмір сүреді!» Солай деді ол о дүниеден оралып, Омырауы көз жасына боялып. Сол дауыстан кеттім мен де оянып! Жылдар өтті. Найзағайдың күркірі Жаңғырығып тұрған кезде сілкініп Мұңды қызбен таныстым мен бір күні. Сол күні оны көрдім тағы түсімде: Жүрді жалғыз таныс бақтың ішінде. Тіл қатты ол. Көзінде мұң бар еді: «Саған, жаным, басқа ару сай еді. Ақын деген – мұңды адам. Сондықтан Шат сезімді болу керек әйелі!» ...Жарым менің осы ма деп іздеген Таныстым бір көңілділеу қызбенен. Түсімде оның сондағы айтқан сәлемі:
«Саған, жаным, басқа ару сай еді – Ақын деген – көңілді адам. Сондықтан аздап... мұңды болуға тиіс әйелі!» Жылдар өтті Дауылынан – шаң үстім... Жетегіне ермей асау ағыстың, Өзімнің өр сезіміммен алыстым. Талай қызбен таныстым мен Жердегі. Бәрібір ол ешбіріне көнбеді, Бәрібір ол ешбіріне сенбеді. Он алтыдан келді отыз жасына. Бір күні мен бір қызды ертіп қасыма Бардым оның қабірінің басына. Тұрдық үнсіз ғашық жүрек дүрсілдеп... Сонда әлгі қыз сырға толы бір тілде Сұрап еді үрейленіп: «Бұл – кім?» – деп. Айттым бәрін... ақ тілегін құп алып. Жанарынан тамшы жастар тұр ағып, Екеуміз де егіліп бір жыладық! Сол түні оны түсімде көрдім. Шабытты Сөйледі ол Шашы ағарып қалыпты: «Жаным! Саған осы әйел лайықты! Ұмыт мені! Ұмыт бәрін! Табытты! Өзгелердің қайғысы үшін жылаған Адам ғана болуға тиіс бақытты! Жаным! Саған осы әйел лайықты!»
- Түсі суық тағдырдың, түнерулі. Жыларыңды білмейсің, күлеріңді... Соғысса да ол мені жеңе алған жоқ, Жаралады тек қана жүрегімді. Жылайсың да, қайтесің, күлесің де, Талай-талай дүрбелең жүр есімде. Күрессе де ол мені жыға алған жоқ, Итерді кеп тек күл мен күресінге... Жылнамамның отыз бес бетін ашыппын, Кезім бар шығар арнамнан кеткен асып тым. Тірлігін кешіп көргем жоқ тегі Пасықтың, Асықтым... Асқақ мұраттарыма асықтым. Отыз бес... Осы жасаурап неге отыр көз? Көктемім қайда, көз байлап жүрген соқыр кез? Суыма, жүрек, он сегізіңнің отын сез! Жер Күнді қанша айналып шықты? Отыз бес! Отыз бес рет айналдым Күнді – һас тұлға, Отыз бес рет кез болдым ба екен тасқынға. Арбалдым, иә... Таң қалдым көзімді аштым да: Өмірден өткен ғажап жоқ аспан астында! О, Өмір! Саған ғашықпын! Мәңгі ғашықпын! Сұлулығыңа тәнті боп көзімді ашыппын. Ғұмыр сүруге хақысы бар ма пасықтың? Асықтым... Соны айтуға ғана асықтым... Жігіт ағасы – кешегі тентек бүлдіршін, Менімен жүрсін бүлдіршін... сол не бүлдірсін? Зілзала ойлап шығарды-ау небір білгір сұм... Жер Күнді қанша айналар екен? Кім білсін...
- * Дадим шар земной детям, дадим хоть на день... Н. Хикмет. Балалар! Балақандарым! Балапандарым! Асылып менің мойныма, Кіріңдер, қане, қойныма! Балшық... шалшықта сенделмей, Егер де менің келсе әлім – Хикмет құсап – сендерге Сыйлар ем бүкіл Жер шарын! Тәңірге жақпай талғамым, Күйкі жұрт сонда күйінді. Жер шарын сыйлай алмадым... Алыңдар, енді үйімді! Ғалияны іштен тындырып, Ойнаңдар шулап, шыңғырып, Кілемнің жібін сым қылып, Мебельдің бәрін сындырып! Қиқулап салшы гөй-гөйді, Отанның өндір – Олжасы! Ерке бол! Тентек бол, мейлі! Тек қана – Жетім болмашы...
- * Өз-өзінен болып алған басқа адам – Онда менің жасым оннан аспаған. Абырой боп, аудандағы газетте Өлеңдерім өңін аша бастаған. – Ойрантаудай жер жәннаты жоқ! – дейді. Оған қандай жүрек жұтқан беттейді? Осыны айтқан Төкен дейтін қойшы ағам, Аусар ағам... көз алдымнан кетпейді. Жасым кіші. Таласуға хақым жоқ. Үндей алмай отырамын пақыр боп. Қызып алса әлгі қойшы (таң қалам) Бір-ақ сәтте шыға келеді ақын боп! Ой тұсауын ертегімен кестірем, Керуен тартқан бір аңыз бар ескіден: Ойрантаудың етегіне келгендер Ақын болып кетеді деп естігем... Тауын айтса сайрайды-ау кеп тіл-көмей! Қабағын да түйіп алған... «Күл» – демей... – Ойрантау! – деп бастайды да өлеңін Қырсық шалып... отырады үндемей! Біздер кімбіз? Оған қалай күлеміз? Ыдыс-аяқ сынбаса деп тілеңіз: «Қой ұрлайтын Өміржандар секілді Ой ұрлайтын ақындар бар... Білеміз!» – Дейтін сол бір Ойрантаудың өрені Ылғи мені жүмбақ ойға бөледі. Тірі пенде естімеген қанығып Қандай екен, шіркін, соның өлеңі? Қызыларай, есіңде ме сол ақын? Шежіреңе қалдырмады ол атын. Ойрантау деп өлең жазған ең алғаш Мен емеспін. Сол бір қойшың болатын!
КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНЕКЕЙ ҚЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА 1973 еді. У-шу бала едік ұшқалақ. Алматы барсаң – кеткісіз еді, Арбайтын еді ұстап ап! Жалындап жүрген жас ақын едік Жаңа өскен өрім талдардай, Бас қоссақ – жырға басатын едік Қымызға тойған шалдардай! Өлеңнен алып дәру – жанына – Сезімнен, ойдан су жаңа – Ару – шаһардың арулары да Арбалды біздің Музаға. Таң-сұлу көрсек таласып-талып Думанға еріп сүйрелдік. Ай-сұлулардан адасып қалып, Алдауды біз де үйрендік... Парызын елдің бір өтейміз деп Арманға жүрдік арбала. «Күн астындағы Күнекей қыз!» – деп Сарнайтын еді сары бала... Басқа өлең ауызға алусыз қалды – Ертектен Пегас желіп кеп. Аңызда жүрген ару қыздарды Жырлайды ел соған еліктеп! Керімсал нұрды айт келбетіндегі, Кейін ол бөтен күйге енді: Күнекейге емес... Жер бетіндегі, Басқа бір қызға үйленді!
Ару деп пе еді арбала құлап? Түн өтті... Бір-ақ күн өтті: «Күнекей қыз!» – деп сары бала, бірақ, Сарнауын, тіпті үдетті! Бітпейді мүның әлегі неге? Күнекей – оған керегі! Әйеліне де, әдеміге де Қарамай қақсай береді! Әр жерден басы қарая қалады Көздері – сайын далада. Асқақ қала да алая қарады Аңыздан келген балаға... Жөнелді бір күні қырды асты-дағы, Біз қала бердік таңданып. Күнекейді іздеп Күн астындағы Сары бала кетті сандалып... Қала тұр сақтап бейіштегі әрін, Думанға батып не түрлі. Күнекей деген періште барын Ұмытып қалған секілді! * Осы бала бауырым, туысым да, Ойда... отырған киіз үй қуысында. Көзінде – арман шұғыла. Тоқырауынның Ақ бидайы бар екен уысында. Сол баланың кеудесі толған арман. Ашып тастап аяғын жол қараған... Өмірдегі күнә үшін: өнердегі Мен кешірім сұраймын сол баладан.
Жүрегімді аумайтын домбырадан Құлақ күйін келтіріп сол бұраған. Кердеңдеген кей пенде кешірмесін, Тек – сол бала кешірсе болды маған! Әлі есімде мектепке барғаны да, Қаншама 2, қанша 5 алғаны да. Киіз үйде отырған сол баланың Құлақ түрсең іштей ән салғанына! Ұшқыш болсам деуші еді. Жырақтағы Жиһанкез де болуды ұнатқаны – Бәрі есімде. Жарық-ты мұрат – таңы «Батыр болсам...» дейтұғын аңғал бала, «Ақын болсам...» деген жоқ бірақ-тағы. Ақын болсам дегем жоқ. Серігіңде – Құпия көп, көз салсаң көңіліне. Енді, міне: өзектен өлең өріп Артып алды бір жүкті өміріне. Сұра көктен, даламнан сұра менің, Сұра әкемнен, анамнан сұра менің. Ақын болсын демеген, алаң оймен Адам қылып жаратқан мұрагерін. Ғашық болып гүл-қызға; батыр ұлға Жүрек шерін армансыз сапыруға, Таяздарды тереңге батыруға, Жетесіздің бастарын қатыруға, Ұзақ таңды ұйқысыз атыруға, Ата-ананың тыңдамай ақылын да – Ақын болып кетіппін ақырында... Жұмып алып көзімді жүре беріп Кереметтен – кетіпті жүрек еріп.
Дантең менен Абайым шықты алдымнан Ұйқтап жатқан жерінен түрегеліп! Ақының кім? Ақының – мен бе сенің? Абайыммен қалайша теңдесемін? Ақының кім? Ақының – мен бе сенің? ...Мен өмірге ақын боп келмесем де, Әйтеуір, бір пақыр боп келмес едім. * Көзіме шер – жас толды да, Жырыма көшті зіркілі. Шешеміз жесір болды да – Жетім боп қалдық бір күні... Жаралы – жүрек. Айт, емін! Көз – басым сонда – көнек-ті. Еркектің көбін қайтейін, Әкемнің орны бөлек-ті. Жақсы екен бары-жоғынан! Бауырына тартар мәпелеп, Біреудің еріп соңынан Жүгіргім келді: «Әкелеп!..» Тұйыққа барып тірелдім Шикі ойды тағдыр пісіріп. Біреудің ұлын... біреудің Аямайтынын – түсініп! Сиреді шалдың қатары. Болмысқа осы болдық таң. Абдырап Адам – Атаны Айта да берем сондықтан...
АҚТОҒАЙДЫҢ АҢЫЗЫ ҺӘМ ТАШКЕНТ БАЗАРЫНДАҒЫ ӘНШІ ТУРАЛЫ ХИКАЯ Дәртай Сәдуақасқа Ән... арқада құс болып ұшып жүріп, Құс болса да құдірет, күшін біліп. Қонбай қойған... Өзінің қол жетпейтін Құдай үні екенін түсіндіріп. Ақының да таң қалған, пақырың да, Қонбай ұшқан құс шалғай шақырымға – Ақтоғайдың үстінен өте беріп Абдырапты адамдай ақырында... Сиқыр үнді ести сап мекенінен Алдан шыққан қырық қыз нөкерімен – Қызыларайдың шыңына көзі түсіп Әнші құстың қызуы көтерілген. Шыңда – қыран, қырында – сағым ұшып, Тоқайласты ән мен ел сағынысып. Шағаладай жарқырап Шатырша тұр Күн нұрына маңдайы шағылысып. Іштен тынып ұлыстың ұландары, Орнағандай бейіш кеп құрандағы... Бегазының беліне шыға беріп Тоқтай қалды Қусақтың құландары. Паң даланың саңқылдап қырандары, Ақжарықта аққулар сылаңдады. Жерге түсті ысылдап есі шығып, Жыландының ордалы жыландары... ...Дарынсызды бір сәтке кәріп қылып, Әрі өзіне ғашық қып, әрі ықтырып, –
Содан бері Ақтоғай ән салады Күйкі қамын тірліктің тәрік қылып! Өмірім – ән. Сол болар – ажалым да. Қайда жүрсем сиқыр үн – назарымда. Ән салмайтын мен едім. Мен де бірақ Бір шырқағам Ташкенттің базарында! Шырқап едім кенеттен басқа ой салып Жанды буған бұрқанып жастай шалық. Ай сұлулар тап берген сонда маған, Сатып тұрған жемісін тастай салып! Балуан Шолақ болса егер далам маған Айқайшысы – мен соның далаңдаған. Тәнті қылып Ташкенттің перілерін «Ғалиямен» әнімді тамамдағам... Жәрмеңкеде ән айтса, тәйірі не? Қыз пейілден қайтсыншы қайыры де! Сансыз көздер қадалып еді сонда Сайрап тұрған қазақтың шәйіріне... Сыйғыза алмай көл-көсір қазынаны, Ала-құйын арқамнан азынады. Таңырқаған таң – сұлу ханымдарға Жасап едім сонда бір базынаны: «Көгілдірде көсілген тау-тасым бар, Көзбен көрсең аңыз ғып айтасыңдар. Ақтоғайға жол түссе ән алып кел, Есесіне – ән алып қайтасыңдар!» Өмірім – ән. Сол болар – ажалым да. Қайда жүрсем сиқыр үн – назарымда. Арманым жоқ, өмірде, айналайын, Бір шырқағам Тәшкеннің базарында...
БҰЙРА ШАШЫН МАҢДАЙЫНА ТҮСІРІП... До свидания, друг мой, до свидания... С.Есенин. Бұйра шашын маңдайына түсіріп Ойға шомып тұрған жұмбақ – мүсіні. Ең алғашқы сүйген қызым секілді Еске жиі алам осы кісіні. Туған жерім... Көгілдірде – тау, шыңым, Туған елі еді шопан, малшының. Тез түсінді Қызыларайдың қыршыны Рязаньның баласының жан – сырын. Жүрегімнен сиқыр әуен дір етті. Өн бойымда өмір – Күннің нұры өпті. Ешкім де енді тоқтата алмас деп келем Есениндер оятқан сол жүректі!
ЖАРЫЛҒАПТАН ҚОРҚАМЫН! Әлі есімде: ескі мектеп... Ақжарық... Жас күнімнің елесі әлі – жап-жарық. Ағаш атта жүруші едік асыр сап Шаршы топты шығамыз деп қақ жарып! Балалық шақ – әнгіме-жыр сенгісіз. Серік батыр! Бала емессіз енді сіз. Шаршы топты шыға алдың ба қақ жарып? Ол – белгісіз... Ол әлі де – белгісіз! Белгілісі – өмір-керуен көшеді. Қалайша тез? Кеше еді ғой... кеше еді... Біреу тіпті сол бір ескі мектепке Жүгін артып кіріп алған, – деседі. Ескі мектеп... әлі тұр ғой құламай... Еске алу да қиын оны – жыламай! Балалықтың құйыны жүр, сол жерде – Аманжолдың сиыры тұр, құдай-ай!.. Ескі мектеп, елесіңді сағынам. Сен куәсің гүл-дәуреннің таңына. Дүниеге жаңа мектеп келді де Жастығымды көміп кетті-ау шаңына! Ескі мектеп! Жоқсың ба сен еш жерде?! Қабырғаңның бояуы да өшкен бе? Есіңде ме, төртіншіні тамамдап, Бесіншіге... жігіт болып көшкенде... Есіңде ме, Бағдаттың өлеңі, Жанып тұрған қоламтадай шоқ – өңі? Бағдаттың өзі ұмытып қалса да Ұмытатын... сенің жөнің жоқ еді!
Сол бір шақтың қателігін... мерейін Сен де ұмытпа, мен де «Елес...» демейін. Есіңде ме? Түспесе егер есіңе Өлеңіммен өзім айтып берейін! Ерке күннің елесі шын өшкен бе, Есіме алам деп пе ем соны өскенде? Есіңде ме: төртіншіні тамамдап, Бесіншіге... жігіт болып көшкенде. Жүгірмектер ер жетуге асық боп, Кеудесінен көпке жалын шашыпты от, Шулатып ек дүйім жұртты, хат жазып Кластағы аруларға ғашық боп! Есіңде ме, сондағы пәк құштарлық? Бірақ... Бірақ – кездесіп бір іштарлық – Бәріміз де бір-ақ күнде ғашық боп, Бәріміз де бір-ақ күнде ұсталдық! Бір класта махабаттың өрені Сүйгені үшін көздің жасын төледі. Есіңде ме, Бәтимаға ғашық боп, Бағдаттың сонда жазған өлеңі? «Көрген жоқпын сендей аққу құсты мен! Сенсіз ғүмыр – жалған елес... түс, білем. Ұшқыш болам – өзің үшін! Сонан соң Алып кетем Сені жердің үстінен!» – Деген өлең есіңде ме, жоқ-ау, ә? Кәрілік кеп жетектейді молаға, Ұмыт болар көрген қызық, сөнген от, – Мұндай жырды ұмытуға бола ма!
Әр шумағын әрлеп пәктік, жуған нұр Сол бір өлең қанымда әлі шулап жүр. Арбай бермек алпыс ғасыр өтсе де Адамды адам сүйген кезде туған жыр! Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші: «Бұл баланың ісі емес – жау ісі!» Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы: – О, ұятсыз! Қалай-қалай соғасың? Ал, ұшып кет... Қайда барып қонасың! Он сегізге – бәлиғатқа толмастан Қыз балаға қалай ғашық боласың?!! Көкірегің көктем екен мәуелі... Қалай-қалай әуелейді әуені?! Самолетте хақың қанша, мұрын боқ? Жаяу жүріп үйреніп ал әуелі! Көпті көрдік... Жасын көрдік, кәрісін, Көп жағдайды... сезе алмайды әлі ішім; Сен түгілі, мына біз де білмейміз, Қызға қалай хат жазудың мәнісін! Қайдан келген қаңғып саған зар-шемен?! Бадырақ көз! Байқап сөйлес партамен: Қыз балаға хат жазатын қолыңды Бір-ақ шауып тастайын ба балтамен?!! Бағдаттың басын тырнап сан күдік Жылап тұрған... Жоқ, қалыпты мәңгіріп: – Екінші рет қыздарға арнап, ағатай, Ант берейін, хат жазбаймын мәңгілік!!! Кешіріңіз! Жаңылдым... – деп өтінді. Аяп кеттік сонда осы бір жетімді.
Бірақ... Мынау Жарылғабың ешқашан Махаббатты... кешірмейтін секілді! Зіл, ашуы – немененің желігі, Көргенім жоқ мұндай озбыр періні: – Сен, шық! – деді бір кезде ол баж етіп «Ер Төлеген!» Ақсұңқардың Серігі! Көкірегімнен күңіреніп бір күй ақты, Сүйретіліп мен де шықтым. Ұят-ты: Мойынына қара таңба басылған Хунбэйбиннің құрбандары сияқты – Тұрдым боздап! Он үштегі төл едім. Күнәм үшін көз жасымды төледім. Әлі есімде, Бәтимаға ғашық боп Сонда жазған ең алғашқы өлеңім! «Жұмбағымды шешші! Мынау хош таңда Айналсақ қой айрылмайтын достарға. Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе Менің жұмыр жүрегімді қосқанда?!» Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші: «Бұл баланың ісі емес – жау ісі!» Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы: – Өзің айтшы, тез түлеген түлегім! Түсініксіз түтеп тұр ғой түр-өңің? Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе Қосқан кезде... оның жұмыр жүрегін?! У-ду күлкі... Тұрмын мәнін танымай, Жарылғаптың қағынды алған қаны-ай! Шапалағы зілдей екен, жалт етіп Жақ отымды жарқ еткізді! Жаным-ай...
Бүкіл класс Махаббатты ән қылып, Елегіздік естен танып – мәңгіріп: Қолхат бердік Жарылғапқа жалынып: «Қыздарға хат жазбаймыз – деп – мәңгілік» Әні өзгерді, мәні өзгерді ортаның, Махаббатшыл маңдайымда – сор қалың. Қыздарға арнап хат жазғанда, бар шыным Содан бері Жарылғаптан қорқамын! О, сұлулар, Өмірімді сендерге әлі өлшетем. Өле-өлгенше көркемдікпен көрші екем. Сендерге арнап жазған жырым бар еді. Соны апарып Жарылғапқа көрсетем! Сәлем жолдап әлі жүрек тұсынан Айналамын сұлулықтың құсынан. Рұқсат берсе егер Жарылғап Сол жырларды өздеріңе ұсынам! О, сұлулар! Періштелер! Асылым! Қалай бұзам Жарылғаптың рәсімін? Егер Жәкең рұқсатын бермесе Хатқа салып жіберермін жасырын... Түсініңдер Серік деген шерлі ерді, Көп құпия көкірегіме жерленді. Жәкең келіп қашан ұстап алғанша, Сүйе берем, жырлай берем сендерді!
- * Бетке алып шықтық қап-қара түнді, Жасырған жаһан сұр – өңін. Көйлегің таңдай ақ болатын-ды. Пәк болатын-ды жүрегің! Бұлықсып жүрген бұралаң едік. Тұман түн... іштен тындырып – Ұраға келіп құлаған едік, Шыңырауда даусың шыңғырып! Қай жерден шықтық желігіп?! Құрысын! Ұрыншақ едік сол шақта-ақ: Есімді жисам егіліп тұрсың Көзіңнен жасың моншақтап! ...Зулады жылдар желдің өтінде, Таңдар кеп, тұман тарады. Жалғызбын қазір жердің бетінде! Жүрегім мынау... жаралы... Құшақтасып бірге құламайсың кеп! Шықпайтын сыр бұл тісіңнен. Мен үшін енді жыламайсың сен Күлесің, мүмкін, ішіңнен? Түсімде көрдім: таңдағы аспандай Көзден нұр төктің ақтара; Ақ көйлегіңнің – таңба басқандай – Арқасы, бірақ – қап-қара! Бетке алған кезде қап-қара түнді Қасымда, шіркін, жүр едің. Көйлегің онда ақ болатын-ды, Пәк болатын-ды жүрегің!
ҚЫЗЫЛАРАЙДЫҢ ҚЫРЫҚ ҚЫЗЫ Ақжарықтың ақ арнасы – ертегі. Ертегінің перзенті еді – ерке елі. Қызыларайдың қырық қызы қақында Неше түрлі хикаяны шертеді... Жасынды аспан қақ айрылып жыртылып, Тұман тарқап, басылған соң бұлт ұлып... Соғыстан соң бой жетіпті қырық қыз, Осы қырда – қырық гүлдей құлпырып! Аңыз көшті арқада осы тау жайлы. Асау жүрек құлын-тайдай аунайды: Қырық үйден қырық сұлу шыққанда Қызыларай Гүлстаннан аумайды! Арқау болған аңыз бенен дастанға Қырық қыздың атақ-даңқы – аспанда. Қырық үйден қырық ару шыққанда Аузын ашып қалады екен Басқарма! Қыз дегенің бола ма екен қылықсыз? Көзбен көріп, жүрдік іштен тынып біз. Абақ қойшы алпыс жасқа толғанда Күллі ауданды күткен осы – қырық қыз! Соған бәрі тамсанатын – тамсанса. Солар салды жансыз тәнге – жан салса. Қырық бұлбұл сайрағандай болатын Қызыларайдың қырық қызы ән салса! Қызыларай – қырық қыздың кеніші. Әнге толды, сәнге толды ел іші: Шықпай қойды осы ауылдан, арқаның Сал Біржаны, перісі, Ақан серісі!
Ай астында алтыбақан шырқалып, Алты қырдан асқан кезде жыр талып – Қызыларай жәрмеңкеге айналды Қырық қыздың қызығына бір қанып! Сұлулық кеп бәрін айпап-жайпады, Көз көрместі көңіл өзі-ақ айтады: Алматыдан Кәрімбаев Садық кеп Қырық қызға ғашық болып қайтады! – Уа, сондағы қырық қызың, қане? – деп, Келген еді Кәрменұлы Жәнібек. Шырқап еді таң атқанша сол сері Сазды әуенін сағыныштың әні деп. Жәнібектің буынынан әл тайған, Сап басылып ер көңілі марқайған: Қырық қыз жоқ... Қырық шал жүр тек қана Махаббаттың мазағынан қартайған! Мына өмірді – өзгергіштеу қалпымен – Мен өлшеймін Сұлулықтың парқымен: Қалады әлі Қызыларай тарихта Сонау сұлу қырық қыздың даңқымен! Назырқанба, уә, Жәнібек, бауырым, Көтер әнмен көңіліңнің дауылын: Сұмдығымен... қалғандар көп дүниеде, Сұлулықпен қалған – менің ауылым! Назырқанба, уә, Жәнібек бауырым!
- * Кеудеңе қайдан дәру аласың Өкпеңнің дерті қозғалтпағанда? Ару анашым – аруанасың Ботаң ем. Босып... Боздап қалам ба?! Із-түзсіз қайтып өше бересің Аптыққан ауру қос өкпеменен. Көзімнен күнде көшеді елесің, Түн сайын сырқат төсектен көрем. Кеудеңді нендей пәле қысады Асыл тәніңді езіп, тек – күрмеп. Өмірден, сонда зәрем ұшады Өңірден осы безіп кеткім кеп! Кеудеңнің зауал дертін білмедім, Түн-ғұмыр соған тұйықталды ма? Жетім күндерім, жесір күндерің Өкпеңе шер боп ұйып қалды ма?!! Сені іздеп талай қиырға барам Жаутаңдап жұрттың қарайды үміті. Ақ сүтіңнен кеп құйылған маған Ақындық деген – Абай рухы. Із-түзсіз қайтып өше бересің Аптыққан ауру қос өкпеменен. Көзімнен күнде көшеді елесің, Түн сайын сырқат төсектен көрем. Күйіктен өрттей жана ма кеудең? Тастай қашсам ба кең даланы мен: Өмірге ақын адам әкелген Ананың шерін мен ғана білем!
Кешермін ата тірлігін мен де, Көшермін бір күн жырымды ап жырақ. Өмірге менің кіндігімнен де Бір бала келер шырылдап жылап. Сол бала... ағып көзінің соры Өлеңімді оқып толғана ма шын-ақ? Ақымақ болса – өзінің соры: Ақын болмасын сол бала, бірақ! От құйып, Муза жалыны арыма, Өстіп мен енді маздап-ақ өтем. Бір Ақсұңқардың шаңырағында Бір ақын болса аз бола ма екен? Күйіктен өрттей жана ма кеудең? Тастай қашсам ба кең даланы мен, Өмірге ақын адам әкелген Ананың шерін мен ғана білем... Кеудеңді нендей пәле қысады Асыл тәніңді езіп, тек – күрмеп. Өмірден сонда зәрем ұшады Өңірден осы безіп кеткім кеп...
ҚАҒАЙЫҚ ЕСІКТІ I Туған елім, Туған жерді сағынам: Мен жаралғам соның тамшы қанынан – Ортаңызда жүрген болсам қарайып... Сол өлкеңе барайықшы, халайық, «К–700» балонының шаңынан Өгіздердің ізін тауып алайық! «Қызыларай» – қайығы үлкен кеменің. Сол қайықта өрге жүзіп келемін. Көз алдымда – көкжиектің белесі. Кешір мені, Планета Кемесі, Менің бүгін саған айтсам дегенім 43-тегі қырғынның бір елесі... Өтті ауылдың үстінен сан дауыл да, Өтті ауылдың үстінен сан жауын да Шаң басыпты ат-арбаның жолдарын. Білесің бе оның сырға мол жанын: Леонардо да Винчисіз ауылда Бір перизат Мона Лиза болғанын? 43-еді... Елдің кеткен есесі... Кетпейді естен тарихымның кешесі. Сол сұлуды кеш білсеңіз – кешірім... Танысыңыз: табысқанның несі мін? «Фатима» деп марқұм әке-шешесі Арабшылап атап кеткен есімін.
Семіп қалған гүл еді ғой ол – күзгі... Қай жыланға шырын балын сорғызды?! Сол Мұңлықты жиі есіме алам мен. Атын оның алау етіп жағар ма ем? Ел білмесе, мен білемін Сол Қызды – Бірге оқыған Самат деген ағаммен. Өрім еді. Серігі еді Саматтың. Қып-қызыл боп қаны аққан қанаттың Аққу еді. Ел айтады: «Өлді» – деп. Лақ еді тұратұғын елжіреп. Соны ойласа әлі... әлі Саматтың Көздерінде жас тұрады мөлдіреп... Өрім қыз-ай, өмір сынды шерлі әні! Бейіштегі періште еді. Пенде әрі... Ана болып өмір сүру – анты оның. Уа, Музам! Ізіне түсіп, тарт оның! Сол Қызбен бір сыпырып шық сен-дағы Басқарманың конторын! Ал Уақыттың пәренжесін сыпырып, Қаһарыңнан кесір кетпес құтылып, Уа, Муза, не қалайсың – соны істе! Тірлік қамы... Ғұмыр жасы – он үште, Басқарманың кеңсесін сыпырып Жер үстінде жүрді сол бір Періште II Өзі лайық болса-дағы артистке, Еркін беріп соғыс деген зар – күшке Жүрді еңбектеп... Дәуірі оның бізге – алыс...
Кетті бірде ауыл шулап, мұздап іш: Басқарманың кеңсесінен тал түсте Естіледі шырылдаған бір дауыс! Есік – жабық! Құпияны жыр қылған... Бала-шаға – соғыс іштен тындырған Қаумаласып: «Бұл не айқай?!» десті кеп. Кеңседегі құлын дауысы шыңғырған Жүректерін пышақ құсап кескілеп – Тұрып қалды бала-шаға... Бала-шаға – шерлі жасы мол көзде – Сорлы болды-ау, сорлы болды-ау сол кезде?! Тұрып қалды. Қауқары бар не істердей? Қол-аяғын алмас қылыш кескендей! Басқарманың кеңсесіне ол кезде Дию ғана кіре алатын сескенбей... Бала-шаға қолқа қақсап, қол сыздап Сорлы болды-ау, сорлы болды-ау сол сында Қорғалаудан басқа бөтен жол қалмай... Білді сонда бір пәлені сор маңдай Білді сонда бір сұмдықты... онсыз да Дүниенің сұмдығы... аз болғандай! Бала-шаға ұқсап жансыз мүсінге Тұрды күтіп! Зәрлі ашу бар – тісінде! Көрді... сонда, көргені ме – күнәсі?! Көрген қылмыс! Осы ма еді туасы?! Самат тұрған сонда көптің ішінде – Зұлымдықтың бүгін тірі куәсі! Сорлы Самат!.. Бұл да ішінен тұр тынып, Бала – жүрек ақ парақтай жыртылып... Ібілісті көрді көзін ашқанда:
Боп-боз болып шыға келді Басқарма! Көктен жынын шашатындай жұлқынып Найзағайлар от бүркеді аспанда... Ойлай-ойлай үнемі осы һақында Бір маза жоқ қасіретті ақында, Көкірекке көктей өксік тірелді. Сонда Ақсораң албастыдай түнерді. Біраздан соң... шықты-дағы... Фатима... Жұртқа қарап өксіп-өксіп жіберді! Жаны толы – қасірет пен берішке, Жеңілген қыз жендетпенен керісте Кетті үзіліп... керілген сым ішектердей: Еңкіш тартқан... өлер шағы жеткендей... О, сұмдық-ай! Он үштегі періште Бір-ақ сәтте кемпір болып кеткен бе, ей?! Зар иледік – кесапатты кеш біліп, Соғыс – жендет тілімізді кестіріп Шошып кеттік сол кесірлі есіктен! Жаман хабар қашан жетпей, кешіккен «Екіқабат болыпты, – деп естідік – Белі шықпай жатып сол қыз бесіктен!!!» Есік қақты бір күні біреу даладан. «Не болды?!» – деп атып тұрды жан анам. «Фатима өлді... босана алмай... баладан!!!» III Өткен шақты еске алмаймыз бекер біз, Қалай ғана соны ұмытып кетерміз? Кең ғаламда Кесірге жоқ – кешірім!
Енді қайттім? Қалсақ-тағы кешігіп, Кел қағайық дүрсілдетіп екеуміз Басқарманың кеңсесінің есігін! Кел! Айтайық Фучик жайлы... бар адам Жан ұшырған даусына жалт қараған! Кел! Айтайық! Айғай болсын жыр біздің! Соғыс жылы... он үштегі бір қыздың Босана алмай... өлгендігін – баладан!!! Кел! Айтайық! Естіп-білсін бар адам! Кел, үкім мен әшкерлеудің толқыны! Терең әлі – қасірет пен сор түбі... Жер алыбың кетер ме екен бір аунап? Кел! Соттайық үкім кесіп ауыр-ақ, Басқарманың кеңсесіне сол күні Кіре алмаған сорлыларды тауып ап! Сонау соғыс... тұр – тарихта, тұр – есте. Қорқақтар да – бара алмайтын күреске, Бәрі есімде, тән мұздап, бой теңселер. Көргенімді айтайыншы, ел сенер: Көтер Қолды! Зұлымдықпен күреспе, Ит жанды адам, – сорлы болғың келсе егер! Сонда азаптың ащы дәмін білерсің, Ездігіңе – Ерше қарап... күлер сұм, Бетіменен кеткен жынды кілең сұм Ақыныңды шірітсін де түрмеде, Аруыңды қатын қылып жіберсін... Алаш! Мұны есіңе ала жүрерсің!
С. ЕСЕНИН. ЕСЕП САБАҒЫ. ЕСТЕЛІК Балалығым қалды сонау арқада. Сұлулық-ай! Өзіне арбап тарта ма: Күндіз-түні Есенинді оқушы ем Үйде отырып, түкпірдегі партада – Сабақ қалып оқып жүрдім, дәм қалып Парсы еліне барғым келді паңданып! Таң атқанша шам жағып, Тамашаға отырушы ем таңданып. Айта көрме игректің сабағын! Оны ойласам ашылмайды қабағым. Кластағы күллі қызды көзге ілмей Шағанаға ғашық болған баламын! Соны сезген математик мұғалім Бетіменен жібере ме ұланын. Қып-қызыл боп қайтуші едім күнде үйге Әбден піскен помидордай құлағым... «Тарих» пәні сабағында шаттана, «Әдебиет» әлемінде мақтана... Елдің бәрі шешетұғын есепті Шығара алмай тұрып алам тақтада! Математик – сөзі зілді, өзі де. Қаусап қалам қарай алмай көзіне. – Ми жоқ сенде! – дейді. Бірақ сол нәрсе Бар секілді елестейді өзіме...
Музамен бір ғұмыр сүріп, түс, мүлде, Ес жидым-ау көктен жерге түстім де. Талай-талай математик кездесті Өмір деген ұзақ жолдың үстінде. Басы – цифр, бақастарым – есімде. Сан есеппен матасқаным – есімде. 30-ға 30 қоса алмаған Сергейше Талай рет шатасқаным – есімде. Шотына сап тағдыр талай сынаған, Демеу болмай Есениндей ұлы адам – Есеп деген емтиханнан сүрініп Орға қарай омақа асып құлағам! Өзегім жыр. Өмірім де – өлең-ді. Өлең десе білмеуші едім өлер-ді Цифр толы кекжеңдеген бастарың Мені көрсе тұлан тұта жөнелді! Айтарым көп сол пенделер қақында. Өлгенімше қалам жырдың сапында! Таң қаламын: өлеңі үшін неге осы Қаламақы береді екен ақынға?!. * Шешен билер тамсандырған сөзіне Ұқсап кетті Цицеронның өзіне. ...Сарыарқаға келсем болды, сурет боп Неше түрлі елестейді көзіме. Мұңды Тоқа күйлерінің сазы кеп, Сыр шертеді өткен күннің назы деп. Тақпақтап ап жөнелетін секілді– Төрде отырған Қаз Дауысты Қазыбек.
Балқан таудан балбыраған тәтті үн кеп, Рух болып күңіренеді Тәттімбет. Керемет бір ой үстінде тұрамын, Кеңістікке «Адай» болып аққым кеп! Беймаза боп тұрғанымда сабылып, Құлақ күйден қалғандаймын жаңылып. Көз ұшынан көрем Абай атамды, Бара жатқан қара түнді жамылып... Жаз да бітіп, мамыржай бір жеткен күз. Асфальт жолға сала алмайсың тепсең де із. Дүниеден Ақан сері қайтты да, Серуенге шықпай қойды сексен қыз! Ойым – быт-шыт... Таң қаламын өзіме: Қалар болдым сыншылардың сөзіне! Сарыарқаға келсем болды, сурет боп Неше түрлі елестейді көзіме...
ҚАСЫМДАР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА «Ношу я на сердце достойные шрамы...» Р.Гамзатов.. Қасым Орынбетке Пенза мені қарсы алды періште деп. Жаным – көктем, жап-жасыл бейішке кеп. Көз алдыңа келеді – Жүрген кезде мекендеп алыс қырды, Жүрегіңді жаулаған ағыс күллі. Аға жоғын білгендей кіндігі бір Мені тағдыр өзіңмен таныстырды. Тілейтұғын тілеуің бекем ана Қайда бармақ ер жігіт жеке-дара? Қаталдығын қарашы мына өмірдің, Сенде туған іні жоқ екен, аға... Еңсемізді езіліп түсірместен, Жүдеместен, бозарып, ісінбестен – Ғұмыр сүріп келеміз. Жалғыздықтың Не екенін тым жете түсінбестен. Шыққан кезде жарыққа менің жырым Жақсыларға сен бердің көрімдігін. Жүріп келем құлатып алмайын деп Ағалардың аманат сенім – жүгін. Жүріп келем. Жүректен сыр ақтардым, Естіп үнін бұлбұл мен бұлақтардың. Талай пенде шалды да аяғымнан, Талай жерде шалқамнан құлап қалдым.
Жүріп келем. Аярдан алдандым кеп. Қайтара алмай есемді дал болдым кеп. «Ақын деген – бала ғой!» – деп кекетті ол. Сондай кезде кетеді шал болғым кеп! Жүріп келем. Күллі елге сүйікті емен. Күйкілерге мен де іштей күліп келем. Ғашық болып қалдым да Қасымдарға, Тасырларға қарадым күдікпенен. Қасымың – кім? Тасыр – кім?! Көріп – таңмын. Өз сөзімді айтсам деп өліп-талдым. Өмірімді өлеңге айырбастап Кейде менің... келеді өліп қалғым! Тас бас жарды тағдырмен алысқанда. Зәрем ұшты Топаспен танысқанда. «Ақын деген – ақымақ!» – дейді мәз боп Ал, өздері сонда кім? – Данышпан ба?! Дастарқандай жаныңды салсаң да ашып, Күледі олар мазақтап, арсаңдасып... Абайдың да ауылына ат шалдырмай Ақымақтар жүр екен алшаң басып! Көктегі еріп мен асау жасындарға, Сапар шектім шаң басқан ғасырларға. Қара сөзін көп елдің түсінбедім – Ғашық болып қалдым да Қасымдарға! Қасым ақын жоқ. Тірі – жыры бүгін, Бастан кешкен тағдырдың тығырығын. Жазмыш менің жазбады маңдайыма Сезінуді қолының жылылығын... Қасым кетті. Қалды тек – өр өлеңі. Өр өлеңі – бесікке бөлегені.
Жөнелді ағып жұлдызша көгімізден Айбергеннің аяулы Төлегені. Қатты тиді тағдырдың тезі бізге. Өкініштен өртендік өзіміз де. Алатаудың атақты ақ иығы Мұқағали түспейді көзімізге! Қанатымыз қан болып қайырылып, Сұм ажалдың қалды ма қайыр, үміт? Қасымдардан, құдай-ау, жасындардан Қаншама рет қалғанмын айырылып?! Шашып алған алқамдай, асылдарды – Қасымдарды іздеймін, жасындарды. Менің осы тарқамас сағынышым Мәңгі кезіп жүреді ғасырларды. Шыр айналып жүрмеспіз осы араны. Асқақ Муза алдыңнан тосар әлі. Менің осы тарқамас сағынышым Қайтсе де бір Қасымға босанады! Мен ойлаймын өмірді – мұз асу – деп Ұрпақтардан ұрпаққа ұласу – деп. Білгендей сол мұңымды, сен ұлыңа Ат қойыпсың, ағатай, – «Расул»,– деп. Дидарымыз әжіммен шимайланса, Арман бар ма аз ғұмыр жырдай болса. Мен де тастап кетер ем осы өмірді Енді қайтып Қасымдар тумай қалса!
ҮНДІСТЕРДІҢ КӨСЕМІ ТУПАК АМАРУ Э. Мэжелайтистен Сеньорлер мас боп табалап – күледі! Дұшпан – ит-ақ, ә?! Өзіңді өзің сабалап, о, бозда, сорлы гитара! О, Тупак! Мына дабырға – Мазаққа көнер күш – кімде? Үлбіреп жүрген жарың да – жоқ қазір жердің үстінде! Жауларың мас боп құсқанда – жиіркеніп қарап қалдың ба? Ақкөңіл болып дұшпанға, азапты – салып алдың ба?! Аяр жау алпыс айлалы, аямай, міне, сені енді – ат құйрығына байлады! Қиқулап шаба жөнелді... Кім түрер құлақ зарыңа! Ажалды қарсы ал, бекін де: Жанашыр жайсаң жарың да жоқ енді жердің бетінде! Өздері-тағы! Ит-ақ, ә? Айтады бізді «тағы» деп О, бозда сорлы гитара! О, қанды қолдар, лағнет!!!
- * Аямай сілтеп құрығын, Өтіпті-ау өмір, құлыным. Көз жауын алып ұрының, Түсетін жерге бұрымың. Бар жігіт саған бас ұрды, Сол көптің қалай бірі ем мен? Таңсық боп талай – Шашыңды Тарқатып жерге жібергем... Ұмытам қайтіп мен енді Көрсем де сұлу не түрлі – Қара шаш жапқан денеңді – Қап-қара нөсер секілді! ...Кездестік, міне, кешігіп, Қарамайсың ба қайырылып? Қос бұрым қалған кесіліп, Қос жолдар – қаққа айырылып! Қимасым едің, – Қош! Бүгін – Қоштасар күнім жетіпті. Арқаңнан түсіп қос бұрым – Қос жылан болып кетіпті...
- * О, Шырағым... Жанып – өшкен! Сүйші мені танып естен! Алақұйын сезім лықсып, Аумай барам жарыместен. Сиқыр сұлу қалпыңа көш, Көзді арбасын алтын елес. Естен танып сүйген сені Ешкім менен артық емес! Бөтен отқа күймегендей, Бөгде еркекті сүймегендей – Алда бәрін, Арба бәрін! Несіне оның таңқаламын? Аяғыңа жығылсын кеп Ақыл-ессіз аңғалағың. Арба бәрін! Жалғанда ыстық жар екенін, Онсыз – дүние тар екенін: – Махаббат жоқ десе біреу Көрсет оған – Бар екенін!
- * Қай жаққа мені әкеттің тағдыр тепең көк? Қарашаңырақ қайда, Қай жерді жүрмін мекендеп, Қыс түссе болды, қысылып жүрем, күрсініп, «Қарқаралыда да қар жауып жатыр ма екен» деп. Анаңның жүзін бір көруге де ділгірсің. Қасында мен жоқ. Шаруасы қайдан мыңғырсын. Қыраулы қыста бұзаулап қалып сиыры, Жем-шөбі қат боп, уайымдап жүр ме? Кім білсін... Шаруасы жұрттың жатқандай маған тіреліп, Күтпеппін малын қасына, шіркін, бір еріп, Өзінің сүтін емгенде кісі болғандай, Несіне әуре – Сиырдың сүтін жіберіп?! Қай жаққа мені әкеттің тағдыр – тепең көк, Қарашаңырақ қайда? Қай жақты жүрмін мекендеп. Ойлаумен жүрмін, қаһары қайтып қыстың да, Сиыры жазда бұзаулап бітсе екен деп. Аман ба, Тәте, адам затынан бөлегім, Тауыса алмадым дүниені, шарлап көлемін. Барғанда жазда бұзауың тұрса мөңіреп, Өзектен лықсып құйылар шерлі өлеңім...
- * «Великий человек смотрел в окно...» И. Бродский Қыртың да аяғында, құрт та қалып, Аспанның ауасынан ұрттап алып, Тұр ақын Мұқағали Көктөбеде Мұзартқан апай төсін бұлтқа малып. Атқанда шақшасын ап қалтасынан, Жай оғы жарқылдайды жартасынан. Аса алмай Алатаудың арқасынан, Алматы сұлап жатыр шалқасынан. Көгінен көрген ақын бас қаласын, Көзіне елестетті масқарасын. Берсе де, бермесе де баспанасын, Қасым-ай! Тастамаған астанасын... Елінің кірмесе де түсіне бір, Елжіреп алдында оның кішіреді ұл. Өр ұлын сыртқа теуіп, Магнитше Өңезін неге тартад ішіне бұл?! Алыстан ақынына бетін беріп, Тұр шаһар қызыл-жасыл не түрге еніп, Болғанымен өзі әдемі, Әсемдікті Ұқпайтын жәлеп қатын секілденіп...
- * Духовной жаждою томим, Несмотря на паспортные данные – Не читайте! Не завидуйте! – Я гражданин – страны страданья. А. Вознесенский. Ел болсақ дейміз есінеп, Естімейтіні несі деп. Алашты Алла кешіред: «Кіреді ақыл-есі...» деп Ертеңім – бұлдыр, үмітсіз, Елдікке елім – құлықсыз. Ұлдарым мынау – уытсыз, Қыздарым анау – қылықсыз. Ерлерді қырып, қалай біз Ел болдық ғайбат сөзге еріп? Игі жақсыға қараймыз – Ит көрген ешкі көзденіп! Боламын десең пақыр бір Құлақта жүрер нақыл бұл: Дарынсызыңды – ақын қыл, Ақымағыңды – әкім қыл... Төскейде – малы, Төсекте – басы тоғысып, Жат сүрер болса өріне, Өзіңмен өзің соғысып, – Өзгені шығар – төріңе! Ел болсақ дейміз есінеп, Естімейтіні несі деп. Алашты Алла кешіред: «Кіреді ақыл-есі...» деп...
КӨРШІМІЗ КӨШКЕН КҮНГІ БАЛЛАДА Шошқаның басы, қалқиып екі құлағы, Желінбей қалды... Тамам жұрт іштен тынады, Көңілі босап, ананы еске ап, мынаны, Көршіміз Миша көшерде өксіп жылады... Әйелі – неміс, белорус оның сүйегі, Қия алмай отыр қазақтың жерін киелі. Оң жағында – Еркебай, Сол жағында – Серкебай, Екеуін бас сап ернінен былш-былш сүйеді. Ағыл да тегіл – арақ пен шарап өзені, Мишаның бүгін бір белден асар кезеңі. Елжіреп отыр, бәрі бар шығар о жақта, Еркебай менен Серкебай жоғын сезеді. Қайтерсің осы – заманың бастан озғасын, Тереңнен шерді қозғаса шарап қозғасын: Мишамыз қойып, солығын баса бергенде, Еркебай мен Серкебай енді боздасын. «Айналып соғар, аман бол, ата-мекенім! Кетемін! – дейді – Мишамен бірге кетемін...» «Көшеміз» – дейді, көлікті болсын көштері, Көкесі күтіп тұрса егер онда екеуін. Түйенің қомы болса да, аттың жалы – бақ, Жетісер онда, бұ жақта жиған малы ғап. Әйелі неміс Мишаның өзі қиналды, Қайтеді, ей, мыналар, қазақтың қызын алып ап?! ...Сталин қайда болмайтын екі – дегені?! Бір дауыл келіп шайқалтты біздің кемені. Көңілі бірге ел-жұртты салып әуреге, Көш-қон деген әбігер қайдан кеп еді...
ТӨЛЕУҒАЗЫ ӘБЖАНҒА Ішіме тартып демімді, Таңданған тұлғам жетеді. Сен сүйдің ұлы Гегельді, Мен сүйдім ұлы Гетені. Ұлылықты сүйдік қаталап, Сұлулықты сүйдік қаталап, Қазақтың аты – Махаббат! Ғажаптың да аты – Махаббат! Көз жаспен бетін жуады, Дүние – ойға түсіп кеп: Маркстен – Ленин туады, Ницшеден – Гитлер күшіктеп... Пендеден бе екен, құдайдан, Малшынса жасқа жанарым. Толстой құсап, Ұлы ойдан, Қорқатын болып барамын. Ғаламға қарап сүйіне, Түбімізді көрдік – түркіні. Қазақша ойланса дүние, Ғажап болады бір күні. Түркінің осы қазағы, Махаббат оның – ғажабы, Ғажабы әрі азабы. Алашты көрші – азалы. Сұлу әйел – жер-көк, жарық күн, Тәкаппар туған төре еді. Қазақтай еркек халықтың, Сүйгенін жақсы көреді.
Қызықпай дүние, бөзіңе, Мән бермей қаңқу сөзіңе, – Сүйем мен сол бір аруды, Шөп салса-дағы көзіме. Күнсұлу – рухы, Ай өңді, Тебіреніп, терең толғана, Әйелге ұқсас Әлемді, Сүйдім мен. Кінәм – сол ғана. АКВАРИУМДАҒЫ БАЛЫҚТАР Аквариумдағы балықтар-ай, балықтар! Ұқсас екен біздей сері халыққа. Мәз болады жіберсең бір жемді сап, Біздей – сері. Біздей – ойсыз, Сенгіш-ақ: Еркіндікке естен танып мәз боп жүр, Егемен ел болдым дейтін мен құсап... Аквариумдағы балықтар-ай, балықтар, Қалайша ұқсас біздей сері халыққа. * Тәте, биыл үйге осы шөп түсті ме? Аз түсті ме тағы да... Көп түсті ме... Аппақ қарға оранып төңірек бұл, Неге ұлып тұр ит-құсы, көні кепкір?! Ала сиыр тағы да түсіме еніп, Маған қарап қалай бұл мөңіреп тұр?
Биылғы қыс қабағын түйіп кепті, Қарашада қарын да үйіп төкті. Қарқаралы қалжырап суға зар боп, Қанша шалғын шілдеде күйіп кетті. Уайымдама бір барам қасыңа, анам, Көкірегімде көк пен жер, ғасыр алаң. Қара сиыр қартайып етке өткенде, Ала сиыр еді ғой асыраған. Түсіме еніп ол неге мұңданады, Бұлт астында бұлыңғыр күн барады. ...Ала сиыр аш қалса, Ақсұңқардың, Тұқымынан бұл жақта кім қалады... ЛАТЫННЫҢ ЕСКІ ӨЛЕҢІ Феникс құсқа сай – тегім. Бардан жоқ болып, жоқтан бар болдым Мен неше. Сен, мемлекет болсаң, қайтемін, Мен – халықпын, ендеше. * Сұлу қыз, Бал шарап – Омар Хаям рубайлары, Кез болды кейін бізге удайлары... Дауасы кем емес бір шаманыңнан, Ес жисақ түнде құлап, таң алдынан – Мас болып өте шыққан екенбіз ғой, Елтай мен Колбиндердің заманынан. Қотарып сіміргенде қалыс қалмай, Итпен де, құспен де іштік намыстанбай;
Ит пен де, құспен де іштік намыстанбай – Қасиетті Есенинмен қағысқандай... Босатқан күлкісі мен әзілі ішті, Ойын-той отырыстың назы күшті. Мұқағали жазарын жазып – ішті, Біздікі – бір әшейін мәжіліс-ті. Кеудесін тырналаған қара күшік, Ақындар бардан барға барады ұшып. Қазтуған қымыз ішіп жазған жырды, Қай қазақ жазар дейсің арақ ішіп?! Қазақтың түркі болып түсіне енем, Күлтегін – түбім, буған ішін өлең. Аулаққа барады – ауып мама-бием, Айрылып құлыныңнан кісінеген... Қырықтан асқан кезде, а құдайлай, Түсіндік бір нәрсені қапы қалмай: Жырлаған бал шарапты Омар Хаям, Кетіпті одан тіпті татып алмай. Жандай боп дуаланған шаманыңнан, Ес жидық түнде құлап, таң алдынан. ...Мас болып өте шыққан екенбіз ғой, Елтай мен Колбиндердің заманынан.
- * Тоқырауынның ұстады биыл бақсысы. Осында бүгін қазақтың игі жақсысы. Өткізіп жатыр өткелден сыйлы мейманын, Әкімі осы ауданның, хатшы, атшысы. Жазғытұрым. Судың асты – мұз үңгір. Ей, мынау кім? Жапқан жарқын жүзін нұр – Алты Алашы аузына қарап отырған Ақын ағам мұз үңгірде жүзіп жүр! – Қалай екен біздің өзен, ағасы? Ыстық па екен Ақжайықтың суынан? Суық па екен Ақжайықтың суынан? Момын ба екен Ақжайықтың суынан? Тентек пе екен Ақжайықтың суынан? Терең ойға батам мен, – Турист деп пе ең мені келген жат елден? Баяғыда түсіп кеткен су ғой бұл, Ақмаралдай керілген бір апаңмен! Мұзды мұхит болмаса да – мұз үңгір, Мұз үңгірде жапқан жарқын жүзін нұр – Алты Алашы аузына қарап отырған Алпыстағы ақын ағам жүзіп жүр... Асау толқын барады оны қайда алып? Жағалауда оқшау ойға байланып, Ақмаралдай керілген сол апаммен, Ақыннан да тұрмын іштей айналып. Онда ақынның қылшылдаған кезі еді, Бұдан да асау Тоқырауын өзені, ...Әлемдегі құдіретті, Әйелдер Қалай осы жер түбінен сезеді...
- * Құдай-ау, поэзия кімге керек? Күнге керек, құлпыртсын гүлге бөлеп, Ақындар кімге керек айқай салған, Аярлар айтқан кезде «үндеме» деп. Кімге керек? Сұрадым елге барып, Тіл қатпады ол, мен қайттым шерге қалып. Көкке кетті Есенин... Елегіздік, Есенғали екеуіміз жерде қалып. Шықты небір шәйірлер домбыра алып, Мың бұралып, жүз, азы – он бұралып, Зәулім-зәулім сарайға толды халық. Ақын болсаң ал, шық деп, мына тобыр Енді бізді күтіп тұр қолды қағып. Сахнада қолқалап шақырғалы, Жатыр бәрі. Көрсетер ем көкесін ақындықтың Көріп тұр ғой Аспанның ақындары?! Қой десеңдер мен қойдым, мақұл, аға, Аты ақын адамның, заты – бала. Қыран біткен қияға сіңіп кетіп, Жапалақтар ұшып жүр – сахнада. Сұңқар – көкте. Ол қалай жерге түспек? Ию-қию қиқуға кел де түс деп, Қанаты бар жапалақ қомданады, «Сен құс болсаң, қайтейін, мен де құс» деп. Жапалақтар, ал, сайра елге барып, Жер шұқысын бұлбұлдар шерге қанық.
Көкке кетті Есенин... Елегізиміз – Есенғали екеуіміз жерде қалып. Мұқағали басына түнейік бір, Асықпай-ақ кел, өмір сүрейік-дүр. Мына жерде біз біраз жүрейік құр, Ішек-сілеміз қатқанша күлейік бір... * Ит сатып бер дейді ұлым. Ақымағым... Қасқыр еді әкесі, ақын – әрі, Дүние – базар бұл күнде, мені қайтсін, Иттің небір сырттаны сатылады. «Қой!» – деймін мен, Қоймайды бала мына. Ит асырап қасқырға саламын ба? Күшік асырап ит еткен Абай атаң, Жармасты ғой о да оның балағына. Қой деймін мен. Қоймайды балам әлі. Мына бала қоймайды – жан алады. ...Қайран, алтын басымды көкпар қылып, Басқа иттің де аз ба еді талағаны... Мұны да олар әуреге салады әлі.
ТОҚЫРАУЫН. ТОҚЫРАУ ЗАМАНЫ Қайда көшіп Ай барады – білмеймін. Тұман басты айналаны... Білмеймін. Кіріп барсам аупарткомның үйіне Басым неге айналады? Білмеймін. Бері аттадым, Әрі аттадым... Кірмеймін! Алла ма, кім – жаратқаным?! Білмеймін. Аупарткомның хатшылары ашулы, Неге ашпайды қабақтарын – білмеймін. Хатшы түгіл, нұсқаушы да өр кеуде. Көзін сала бермейтіндей көр-жерге. Тілшісі де, тіпті, аудандық газеттің Тіксінеді өлеңімді көргенде. Түк шабыт жоқ. Салқын ойлар санамда. Почтабайдың екі қолы – жағамда. Аға сұлтан бола алмаған Шоқандай, Тап болыппын алмағайып заманға. Ұлысқа ие болсам дейтін баланы Учасковый иығымен қағады. Жер түбінде жүгінетін Жезқазған... Тоқырауын. Баста – тоқырау заманы. Лап еттім де көкірегіме түскенде от, Іштім, сонсоң... Бостан босқа ішкем жоқ. Өзі – ақын, өзі – обкомның хатшысы, Көкеміздің көзіне де түскем жоқ!
Тентегі мен телді салып тезіне, Құл-құтанды тәнті қылған өзіне, – Совнаркомның төрағасы, тәкәппар, Сәкен ағам елестейді көзіме. Көкіректе күлкімнен көп екен мұң. Сонда-дағы өзіме-өзім бекеммін, Бір қауымға әйгілі ақын болғанша, Бір ауданға әкім болмаған екенмін. ...Осы ойменен шерменде боп кетермін. ҚАРАГЕРДІ БӘЙГЕГЕ САЛАРДА Қарагерім, кінәрат жоқ мүсінде еш, Ерге қонған ер еңсесін түсірмес. Сұлулыққа суғаратын көзіңді Сұлу жылқы – сұлу әйел пішіндес. Түсті-ау қолға деп жүргенде: «Жетем ғой...» Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой. Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып, Тұғыр болып туу – күнә екен ғой! Еуропа ерте жексе күймені, Қазақ қырда арғымақпен биледі, Жарасады бұл тұқымға Ақанның – Құлагері, Жұматайдың – Жирені. Қыр төсінде тұяқтан шаң жосылса, Неткен сері сал жұрт едік осынша: Құлагер мен Жирендерге енді кеп, Мына менің Қарагерім қосылса! Қарагерге көзі түсіп тосылып, Осындағы ойындары осылып, – Басы лақсын – басын кесіп ала алмай Батырашқа Қотырашы қосылып!
Тұяғыңмен жерден інжу аршып ал, Жөнел енді, жел өтіне қарсы бар Сенің де бір Батырашың бар шығар, Сенің де бір Қотырашың бар шығар. Ал, Құлагер, беу, «Сарыарқа» күйінің Нотасымен бас кеудеңнің күйігін. Қара шаң сап Қарқаралы шетіне, Бетіңе ұста Ақсораңның биігін. Мен өзіңе желге мінсем жетем ғой, Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой, Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып, Тұғыр болып туу – күнә екен ғой! ЕКІ ЖЫЛҚЫШЫ ТУРАЛЫ ЕКІ ТҮРЛІ БАЛЛАДА Екеуі де тау ұлы, Ел суарды екеуінің сауыны, Сапырылып күбі-күбі қымыз боп, Қатар жатыр екеуінің ауылы. Орал ағам от – мұзда, Тұрғанын айт қарауылдай боп құзда. Ат үстінен түспейді Аяз ата боп – Ақ – қар, көк мұзда. Кім жылқышы дейді Сәмет ағаны, «Волгасымен» олай-бұлай ағады, Ол бір шонжар, алты мыңдай жылқысын Қағылған мен соғылған кеп бағады... Қос жылқышы... қос-қос қосты паң дала, Ақ-қарасын білетұғын Алла да, Ақ-қарасын білетұғын пенде де, Екі ағам – бұл, екі түрлі баллада.
Хан тағында – Осы ұлыстың қолына ұстап бағын да, Орал ағам табын қосты – табынға. ...Сәмет жұрттың жауша тиді малына. Заулап өтті содан кейін ағын жыл, Көзден ұшқан сағым-дүр. Орал ағам жылқышы әлі атақты, Сәмет сиыр бағып жүр... Сары аязда сақылдаса тісі кеп, Көз алдына құба қылаң түсі кеп, – Оятады ат үстінен Оралды, Қалың жылқы кісінеп! Тұяқсыз қалса алап – тұл. Орал ағам арғымақты – қанатты ұл, Қайда әлгі Қара айғырдың үйірі, Қайда әлгі Құла айғырдың үйірі?! Қара бұқа Сәметке қарап тұр... Ел аманда, жұрт тынышта жұтаған, Есіл малды табарсың қай бұтадан, Қабақ түйіп қарап тұрған Сәметке, Қорқам осы бұқадан! Жалғыз қосты паң дала, Қарайғанға қарайтындай шамдана: Өзегіме құйылады өлең боп, Өмір дейтін екі түрлі баллада... * Сау емес дүние – қояншық, құдай біледі. Құлақ тынады жылаған, күлген дауыстан, Қара жамылған ғаламзат сақ-сақ күледі – Ақылы ауысқан!
Ала құс басын қозғап бір, Аспан айналып бара ма? Адамзат кейде күліп тұр, кейде боздап тұр – Жындыханада! Айығар ма екен дерті бұл? Аттан сал, мейлің, тістен кеп, Маскүнем қазақ барда отыр мас боп: «Мен түгіл, – Мұқағали да ішкен!» деп Есениндер-ай, өмірі – өсек, сандалған... Сол қаңқу қалар ұзаққа. Қазақтан-дағы мас ақын көрсем – таң қалман, Жынға жын тиіспейді бұ жақта.
- * Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны, Нендей дауыл кеудемнен лапылдады? XX-шы ғасыр да кеткелі тұр – Қырық жастан аспайтын ақындары... Жүрегімнің, немене, аһ ұрғаны? Қош, ғасырым! Музамен тебіреніп, Мұқағали боп сүйдің – еміреніп. Тереңіңе күмп етіп түсті-дағы, Жұмекен де тұншықты – Сені көріп. Бір жасадың – Музамен тебіреніп. Кеңшіліктің кім алды шыбын жанын, Қайтсем санап тауысам – қырылғанын. ...Темір ғасыр балқытқан Темірхандар, Гүлнарларым, төгілген – бұрымдарың, Сендер аман болыңдар, құлындарым. Сендер аман болыңдар, Дұшпаның – кіл, Сальеридей аяр ғой, құшқаны – тұл. ...Ақындарды жалмаған жалмауыздай, Мынау ғасыр тұғырдан ұшқалы тұр...
АЛЛА – АЛАШ – АБАЙ Махаббат пен Ғаделет – Хикметі Алланың! Жанымды жасыныңа жаны кеп, Жаһаннамға ұшқанда жан сезбейтін салмағын. Құрдымға сіңіп құса-мұң, Құдайдан келіп бір қуат, – Өзіңді бетке ап, өлең боп көкке ұшайын, Шыбын жаным шырқырап! Теріс қарап дойыр заманға, Іргеден Көк Бөрі ұлып, – Алаш – Алланы мойындағанда, Алдынан Абай көрініп; Шартарапқа шарқ ұрып, Ақыры, міне, Саған кеп, – Алаш тұр жүрегі алқынып, Арсы менен гүрсіге қанат қағам деп! Көкжиектен шығып, көк ала бұлттан әрі асам, Көз ұшында көрінер-көрінбес нүкте боп; Алла менен Алаштың арасына қарасам – Абай тұр! Басқа түк те жоқ...
АУЫЛ МЕН АВТОВОКЗАЛ Мағашқа Қызыларай тиіп тұр Аққораға. Екеуі де оранды ақ қалаға. Төбесінен ауылдың түсіретін Төте жол да шығыпты ат шанаға. Қырдағы ел мен ойдағы ел араласып, Мәртебесі шіркіннің барады асып. Қантамыры – далада қазағымның. Қалай жүрміз қалада қара басып? Түйіскені төрт жолдың – Қарқаралы. Жүзін неге ұлынан қалқалады? Билет таппай Талдыға... Мәди құсап Сағынышың сенің де тарқамады. Саған таныс сағыныш бала кезден, Аттап өтіп қаланы – дала кезген. Бес сом түгіл... он сомға билет бермей Автовокзал қарап тұр ала көзбен... Айналғанмен автобус ат шанаға, Әкең шығып алдыңнан... бас сала ма? Базары мол ауылын сағынды деп Баласынан Аққора ақша ала ма?! Жүр! Кетейік! Туған жер – асқақ әлем! Айырбастай алмайсың басқаменен. ҒТР-дың заманы Сағынышты Сатып ала бастады-ау ақшаменен... Бауырым-ай! Жүр! Кеттік! Тұра берме! Жол біреу-ақ жүретін бұл әлемде, «Келе ме, – деп, басыма балаларым...» – Күтіп жатыр әкеміз құба белде.
Қызыларай тиіп түр Аққораға. Екеуі де оранды ақ қалаға. Төбесінен ауылдың түсіретін Төте жолы дайын тұр ат шанаға. АЛТЫН АДАМ (Қарқаралы. б.з.д. VII–VI ғ.ғ) Арқадан шықты бүгін Алтын Адам, Ай мен Күн айдарында жарқыраған. Алдында төрт құбыла көзін жұмып, Тізесі тексіздердің қалтыраған... Аузы аққа қайтсе Алаштың жарымақ деп, Ойға – нұр, жанға – шипа, дәру ап кеп, – Жеті қат жер астынан атып шығып, Қонады ол арқамызға Әруақ боп. Атаңның әруағы қалғыған жоқ, Алашты алқайды ылғи алдынан кеп. Әлихан Бөкейхан боп – Ақсораңда, Баянда туды – Әлкей Марғұлан боп! Ғаламды басып бекзат, халқым, мысы – Һас Сақтан тағы шықты Алтын Кісі. ...Қайдағы өлең айтқан біреу емес – Қасым – Сол саф алтынның сарқындысы... Жаныңды тастай салып, Жасынға кір! Әруақ жай жүрген жоқ қасыңда құр: Түгі осы Баһадүрдің жүрегінің, Тоқтардың жүрегінің басында тұр! Ай мен Күн айдарында жарқыраған, Кәрінен тексіз біткен қалтыраған;
Адамзат үмбетінің ақсүйегі – Асылзат Алтын Алаш – Алтын Адам! Біз жұрттың соңы ма едік, қоры ма едік, Түс болса, Тәңірі, өзің жоры келіп. Батырын, ақынын да мазақ қылған, Қалай тұр аяр заман соны көріп?! 1970 Ж. 4 ҚАҢТАР. ХРОНИКА Өмір – өзен қалғаны ма тоқырап? Жүрек – шерлі. Ащы жасым мол – көзде. Мен әкеме салдым өксіп топырақ, Көбің тойда отырдыңдар сол кезде! Бәрін кешем. Алаңы жоқ ақ таңда Шаттаныңдар шарап ішіп, күлгендер, Тек – адамзат өксіп жылап жатқанда Біреулерің тойға барып жүрмеңдер!!! * Ақша қарға оранды Қарқаралы. Көз алдында – күллі әлем картадағы. Жұмыр жүрек ішінде – жұмыр Жерім, Сайрап кетсем тілімнен бал тамады. Шиырлаймын несіне ой легін көп? Уайым – жоқ. Тамақ – тоқ. Көйлегім – көк. Неше түрлі елдердің сөзін естіп, Неге менің кетеді сөйлегім кеп? Өліп-өшем өзгені – өзге емес деп, Ошақ сөзін Отаным сөз демес деп. Құнанбайдың мешітін көрсем болды Амра ибн әл – Аса көзге елестеп...
Маған жаттай жас дәурен, ғашық әні, Қайран жаным қай жаққа асығады. Хиросима туралы шерлі жырым «Коммунизм таңында» басылады... Кім бар менің үнімді есіткендей, Кім жүр ессіз елесті кешіп мендей? Алматыға жіберген өлеңдерім Алыс шаһар болған соң... кешіккендей. Шыдай алмай осы бір масқараға Алматыға тартсам ба – бас қалаға? Ақындардың ауылда туып, сонсоң Өлетіні рас па – астанада? Рас болса, жөнеуім қажет демде, Қар күрт еріп, құстар кеп мәз еткенде. Анда-санда... Ғаламды тану үшін Көз салармын аудандық газеттерге.
ИНТИМДІК ЛИРИКА Мен – Тұтқынмын. Мәңгіріп түсінбейсің түк мұны. Мен – Тұтқынмын. Мәңгілік Махаббаттың Тұтқыны. Мен – ғасырдың жасылы. Күннен гүл боп төгілдім. Белинскийдің ашуы. Күлкісімін Гогольдің. Мен – Арманмын. Арманмын – шымырлаған от үні. Шәйіт болған жандардың тірі қалған өкілі! Мен – Дауыспын. Еркін үн – пірім. Онсыз тұншықтым. «Сақтаныңдар!!!» – дейтұғын дауысымын Фучиктің. Көлеңкеден дір еттім жас үзіліп жанардан. Мен – Азамат – жүректің лүпілінен жаралған – Интимдік лирика.
ҺОМО САПИЕНС Тас-талқан боп құрсаулы мұз-кеніш те, Күннің нұры лап қойып мұз берішке – Жалт қарады жалпақ әлем аң-таң ғап Тәй-тәй басқан Һомо Сапиенске. Қыс – Заманның қаһарынан еті өліп, Әзер шыққан тұмауратып, жөтеліп – Басы айналған Һомо Сапиенс тұр Жерден алғаш өз бауырын көтеріп... Жұмыр Жерде жан-жануар қауышып, Үнге толды үңгірлер мен тау іші. Мұз құрсаудан шапшып аққан тасқыннан Жаңғырады Сарқырама дауысы. Мәңгі Көктем келгені ме? Шалқарда Арайланып атып жатты бал – таңдар. Босып жүрді таутеке мен киіктер, Жосып жүрді мамонттар мен тарпаңдар. Алғаш рет еске түсіп бас қамы, Қарын қамы – ойламады басқаны – Садақпенен жебені ойлап тапты да Сатырлатып көздеп ата бастады! Қарын қамы жаулап ойын, сезімін Олжалы боп еті де өсті көзінің. Жебелері – таутекені жаусатқан – Жайпады енді бауырларын өзінің! «Неткен сұмдық!» «Өлім дей ме?!» «Не дейді?!!!» Неге біреу мұның қылмыс – демейді?
«Өлтірме!» деп атып түрды – Өлтірме! Мамонттар да мамонт етін жемейді!!!» Осы Рухтың өлмесіне сенемін. Өлеңіммен соны ғана жебедім. Ең бірінші қайраткер – сол! Ол-дағы нысанасы болып еді жебенің... «Обал-ай!» – деп қалды ел. Өрттей – түрлері. Осы болар қасқырға иттің үргені: Қаруы бар адам миы сол кезде Ойлап тапты зындан менен түрмені. Мәре-сәре болған қылыш ісіне – Білте мылтық – шабыт берді кісіге. Енді, міне, бәрінен де баз кешті, Ракеталар кіреді оның түсіне... Отырарлар – Отырардың жалғасы. Хиросима – қасіреттің қамбасы. Ырсиып тұр Һомо Сапиенстің Бухенвальдта салған – қара таңбасы! Бәрі де сол – қарын қамы, бас қамы... Қарын қамы... Ойламайды – басқаны! Жебе ұстаған жанкештіден гөрі, тек – Бомба ұстаған – Тағы Бола бастады...
ЖАЗУЛАР Күйкілікке Тиейін жасынға ұқсап жасап бүлік. Қоймайын пәктігіне тас аттырып! Қанжарға – оңбағанның басын алған Сөзім бар жазатұғын қашап тұрып! Көп бейне көз алдымнан көлеңдеді, Елестеп Өмір-нәма өрендері. Сіз ғана оқитұғын сол қанжарда Жазулы – Спартактың өлеңдері. Өлең-құс ұшқан сайын ұзап менен, О, сұмдық, есуасқа ұқсап келем: Жазар ма ем бір жырымды, қағазға емес, – Бір арсыз бетке өткір Пышақпенен!.. Соғыстар кеткен елді араз қылып, Бұза ма Жер тынышын тағы азғырып? Мың рет Хиросима хикаясын Жазар ма ем ғасырымды қағаз қылып! – «Жақсы сөз – жарым ырыс» аман шақта Өзіңдей ақын керек адамзатқа. Алтынға қарағандай аң–таң қалып Қарайтын кез келеді қаламсапқа...
ЦИВИЛИЗАЦИЯ Цивилизация! Неткен осы ұшқыр ең! Көрген емен сендей жойқын күшті мен: Қалаларды жаулап алдың бір сәтте Аттап өтіп ауылдардың үстінен, Жаугершідей түсі суық. Түнеріп – Аспаныңда алапаттар жүр өріп. Қаланы да қара жерге түсірдің, Даланы да бір-ақ жалмап жіберіп! Жер-Мекеннің шығып қара қордасы, Адам тәні шошқалардың болды – асы. Цивилизация, – десем болды... Көзіме Елестейді – Атом. Атом Бомбасы... Өзің жайлы аңыз да көп не түрлі. Мынау Дүние нендей ойға бекінді? Анасынан қайта туған адамзат Өзін-өзі өлтіретін секілді! Пәктік тақтан түсіп, болды – тамам зат. Тәжін киіп кердеңдейді арам зат. Наркотиктей отыр мүлгіп түс көріп Ақыл-естен айрылған адамзат.
- * Батпаса егер жаныма жендеттердің тізесі Жер-көктегі Пәктікті түсінер ме ем, ар-ұят! Өмір деген Жұмбақты түсінбес ек біз осы – Өлім деген болмаса, айналайын, Табиғат! Алмастырсам қашанда алмастырам батыл мен Жауынгер мен диқанның мылтығы мен күрегін. Салғастырсам қашанда салғастырам ақын мен Арамзаның жүрегін! Өмірде де, өлеңде күйіндіріп, үркітіп, Қайшылықтың қырғыны тоқтар емес қан ағып. Дарынсыздың бәрін де кетер ме едік пір тұтып Егер Данте болмаса, айналайын, Даналық! Ата-бабам тарихтың құдығынан сор ішті. Болашаққа сенді олар, оның өзі – ұлылық. Кетер ме едік шошынып пушкасынан орыстың Егер Пушкин болмаса, айналайын, Сұлулық! Концлагерьлерде біз азап шегіп, қиналып, Бостандықтың қадірін қапаста қап түсіндік. Гитлердің өзіне кетер ме едік иланып – Егер Гете болмаса, айналайын, Шындық!
МУЗА ҚЫЗ БЕН МАНСАП АТТЫ МӘРТЕБЕЛІ МЫРЗА Жерім осы – тығырыққа тірелген, Қашанғы осы жүремін, – деп – шідермен Мансап деген мәртебелі мырзаны Муза-Қызға айырбастап жібергем! Сонда Мансап айғай салды: «Серігім!» Құшағында кеткенің бе перінің? Мархабатты жігітіңді іздерсің Махаббаттың... басқаннан соң желігін... Бесігінен жеткенінше молаға, Пендеңіздің қу құлқыны тола ма? Жоқ нәрседен бар жасайтын мен ем ғой.. Мына сұлу саған тұтқа бола ма?! Не таппақсың ғұмыр кешіп елеспен! Асқақ ұл ең айдарынан жел ескен... Муза-Сұлу – адамзаттың жеңсігі Ал... мен – сенің өзіңдікі емес пе ем?! Зиян көрген жерің бар ма менен еш? Жи есіңді! Соққаны ма сел-елес?! Адамзат деп өмір сүрген көзсіздің Біріншісі... соңғысы да – сен емес!..» Жөн айтады. О, бәрін де білем мен! Сонда-дағы тығырыққа тірелмен, Мансап дейтін мәртебелі мырзаны Муза-Қызға айырбастап жібергем...
- * Мен пәктікпен тел өстім, Бірге өлеміз өлсек те. Бақа-шаян емеспін, Батпағыңды көрсетпе! Көлеңкеде салқындап, Пұл сатқам жоқ базарда. Керек емес алтын тақ! Керек емес казарма! Керек емес маған түн Баскесерлер басынған. Қолы керек анамның Сипайтұғын шашымнан... Көргенім жоқ аз ылаң. Сау жер бар ма өңірде? Оңбағаннан қажығам: Олжас керек өмірге! Түскен емес көзіме ақ Жерік қылып жер-ғалам. Парижіңді өзің ап, Сарыарқамды бер маған! Құрсақта да жатып ек, Соны ұғатын ер керек. Екі метр ақырет, Екі метр жер керек. Керек маған гүл елі Жоқ жоқтауы, азасы. Ғашығымның жүрегі. Ғасырымның мазасы.
ПЕНДЕНІҢ ҚАСІРЕТІ Өзімнің зәрем ұшты сезгенімде, Дәл менше тағдыр елді сынап па екен, Күліппін – күлмейтұғын кездерімде... Соныма ғұмыр-бақи жылап кетем! Көзіңмен көре тұрып, сезбедің бе? Мен ғана күллі адамнан күйікті екем: Жылаппын – жыламайтын кездерімде. Соныма ғұмыр-бақи күліп кетем! Мен сөйтіп еңсемді бір биіктетем. * Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз! Келгені де, кеткені де – түс, мүлде. Жер астының бәрі – мола! Жүрміз біз – Адамзаттың сүйегінің үстінде! Әзәзіл күш әбігер сап әлекпен, Әлсіз пенде тайталасты күштімен. Жоқ Тарихтың – төте жолы. Бәрі өткен – Адамзаттың сүйегінің үстімен. Ұландарым қалды қанша жотада Төмпешік боп? Түн-Ғасырлар – түс, мүлде. Жер астының бәрі – мола! О, тоба! Адамзаттың сүйегінің үстінде – Гүл ашып тұр өмір бағы. Батыр да, Ақын да көп... Зілзала алып мазаны, Отырардың Обалары һақында Өлең жазып жүрміз сонда азалы. Қайшылықта қалқып жүрем сандалып, Қалш-қалш етіп тісім тимей тісіме.
Тәж-Мақалды көріп қайтсам таң қалып – Хиросима... кіреді ылғи түсіме! Крематорий – Бухенвальдтар бар тағы! Адамзатқа айтпан одан басқа түк: Қыз-Дүние көзіңді арбап тартады, Мұз-Дүние жүрегіңді қақсатып! Әзәзіл-күш әбігер сап әлекпен, Әлсіз пенде тайталасты күштімен. Жоқ Тарихтың – төте жолы. Бәрі өткен Адамзаттың сүйегінің үстімен. Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз! Келгені де, кеткені де – түс, мүлде. Жер астының бәрі – мола! Жүрміз біз Адамзаттың сүйегінің үстінде... «ҚАЗАҚ ССР ТАРИХЫ» КІТАБЫНЫҢ СОҢҒЫ БЕТІНДЕГІ ЖАЗУ «Менің далам тәкаппар да, өр мүлдем – Жоқ болса да көкті сүйген оқ шыңдар. Бәрің оның жеңілгенін – көрдіңдер. Күл болғанын! – бірің көрген жоқсыңдар!!!» * Өмір өтті тарихтың арнасында, Өр тасқынға шомылып мал, басың да. Адам деген қоғамдық жануарың, Тыр-жалаңаш болатын алғашында. Топас тұлға, сезімсіз кескіні – өлі, Керемет бір кез келіп, тез түледі: «Ұятыңды жап!» – деген ұлы дауыс – Жануардың ең алғаш естігені!
Тұл сұлбасын пәк сезім иіндіріп, Сұлулыққа имандай иілдіріп – Ұят! – деген ұлы күш жануарды Тағылықтан ап шықты киіндіріп! Рух сыйлап ұлы ұят ару-арға, Адам енді айналды палуанға, Жан-жануар тұрды кеп басын шұлғып, Адам деген қоғамдық жануарға. Сол үн талай ғасырды кескіледі, Ол да ақыры жаңғырып – ескіреді. «Ұятыңды – жап!» – деген үңгірдегі үн Ғаламзаттан қайтадан естіледі... Қанды қырғын індетке қара да тұр: Айналдырып басын кіл қара бақыр – Қайта шешіп киімін жануарың Тағылыққа талтаңдап бара жатыр. * Ел – Жер – Ер – Үшеуін Үш Таған көрдім. Соған – серт! Сен нұсқаған заманға ердім. Жеті қат жер астына түсіп-шығып, Жетемде – Жеті Жарғы – Саған келдім. Сығалап жын мен жыбыр есік-төрден, Тарихтың тақсыретін кешіп келген, – Алаш тұр алдыңа кеп, аяғынан Тұсауын Алла өзі шешіп берген.
Безеріп – іші, ылғи беті – күлген, Кердеңнің өзін сипап кекілінен, – Бауырыма басып алып, Саған келдім, Жесірін Жер бетінің, жетімімен! Көк Түркі, Көк Бөрінің тұқылы бір, – Үкілі Ұл, Үкілі Қыз, Үкілі Жыр, – Иманы Яссауидің жан тербеген, Исатай – Махамбеттің тұқымы – Бұл! Алтынмен ер-тұрманын өрнектеген, Бекзаттық біткен жұрт ек жөргекпенен. Бай болған, бағлан болған құл-құтанға, Құдайым, таупық бере гөр деп келем... Ел – Жер – Ер– Үшеуін Үш Таған көрдім. Соған – серт! Сен нұсқаған заманға ердім. Жеті қат жер астына түсіп-шығып, Жетем де – Жеті Жарғы – Саған келдім.
ХИРОСИМАДА ӨЛГЕН ӨРІМ ҚЫЗДЫҢ ӨЛЕҢІ Н. Хикметтен Ашыңдар есік өзіме, тірілерге рухым: «Ұш!» – дейді. Көрінбен тірі көзіне, әруақ – көзге түспейді... Хиросима Өртінде өлгем мен. Сонсоң – көмген мұз. Жетіде ем. Әлі – жетіде... Өспейді өстіп өлген қыз! Тажал өрт таза кенелді: шашымды жалмап жеген-ді. Күл болып кеткен денемді жел келіп ала жөнелді. Жатырмын талып тамұқта Керексіз – күріш, нан да, тұз! Қант та жемес алып та жапырақ құсап жанған қыз! Айтшы осы өлеңдерімді, адамзат, шалқып шабытың. Өртетпе өрендеріңді Өзі алып жесін – қантын...
- * Мен бүгін тағы, жан аға, Жатырмын ауруханада... Дәрігерлер іздеп күні-түн Дертімнің тапты бір емін: «Өлеңді таста, жігітім! Өрекпіп жатыр жүрегің...» Бір ойлар басты түтіп жеп, Қағазға көшіп таңбасы – Қолымда тұрды лүпілдеп, Жүректің кардиограммасы! Мен ғана ма екен алаңдап, Сарғайған ойлар санамда. Ғаламзат, бүкіл адамзат Жатыр ғой – ауруханада! Адамның тағдырнамасы, – Заманның тағдырнамасы, – Жүректің кардиограммасы! Ғасырдың кардиограммасы! Арайлап атып таңдарым, Көңілден көшті замандар. Көзімді ашсам – жан-жағым Ақ халат киген адамдар. Бір ойлар басты түтіп жеп, Соларға ұшып жөнедім. Қолымда тұрған лүпілдеп – Кардиограмма – өлеңім...
- * Бас игендер Сталинге – күштіге, Қалды да үнсіз қара бет боп арысы – Сұмпайылық тұғырынан түсті де, Басталды енді Сұлулықтың жарысы. О, Сұлулық! Болдың бұрын қай елде? Біздің жер де саған тәнті мекен ғой. Дүниеде тыр жалаңаш әйелге, Тең келетін ештеңе жоқ екен ғой! Еуропа... Азиялық Падиша! Ауданнан да ару шықты, ал, қалай? Мұхаметті ғашық қылған Хадиша Қасымызда жүр екен ғой... жалған-ай! Биыл біздің әйелдерге қонды бақ, Заман оған аққу бол да – ұш! – дейді. ...Мен білетін бір әйел бар... ол бірақ Бұл додаға түспейді ғой... түспейді. Мынау халық соңына еріп елестің Білмей жүр ғой қайда екенін һас тұлға. Жер бетінде одан артық жоқ ешкім, Ару жоқ қой сондай – аспан астында. Сұрамашы кім деп, онсыз азайып, Ортайған жоқ сұлулығың мол әлі. Ол – өзімнің құпиям ғой ғажайып, Һәм ғаламның құпиясы болады. Ол – құпия. Құпиясы ол ғаламның, Ғаламзатқа көрінбеуге хақылы. Атомды да ойлап тапқан адамның, Жетпейді іздеп табуға оны ақылы.
Еуропа... Азиялық Падиша! Барлығын да ғажап дер ем талғамай – Мұхаметті ғашық қылған Хадиша, Ол да оған пар келмейді-ау, жалған-ай! Бас игендер Сталинге – күштіге, Қалды да үнсіз, қара бет боп арысы – Сұмпайылық тұғырынан түсті де, Басталды енді Сұлулықтың жарысы... ИМАНБАЙ АТА Иманбай ата – беліне түскен сақалы, Ираннан келді, ойына түсіп Отаны. Ираннан келсе, ойына түсіп Отаны – Жетпіске кепті, жиырмада екен тоқалы... Иманбай ата, беліне түскен сақалы, Шарлады талай қиыр мен қырды, жотаны. Қытайда – бәйбіше, Ауғанда – тұңғыш тоқалы, Иманды болсын, олардың да осы – Отаны. Ираннан келсе, ойына түсіп Отаны, Сағынып қапты әкімі, ақын, шопаны: Иығына, тіпті, шапанын жауып оқалы, Басына үй сап, түйе байлады боталы. ...Бұ жақты-дағы жерсінбей, бірақ о, тәңірі, «Көшемін!» дейді. Қайда көшсе де – Отаны, Көше алмай шалдың көңілі әлі қапалы, Босанып қалып Ираннан алған тоқалы... Тоқтатар шалды топырағы, не сол тоқалы, Түркістан асса қайтеміз, о да – Отаны. Жиһазға – үйі, қозыға толды – қотаны, Ираннан келіп, Иракқа кетпес о, тәңірі...
- * Менің сені сүюге хақым бар ма? Жан-жүрегім дайын тұр лапылдарға. Сұлулыққа кенелген мына дүние, Неге суық қарайды ақындарға? Менің сені сүюге хақым жоқ па, Көбелектей көзсіздік шақырды отқа. Өртке түсіп өлгенім – ақымақтық, Суға түсіп сөнгенім... ақыл боп па? Менің сені сүюге хақым жоқ па? Менің сені сүюге хақым жоқ-ты, Судан гөрі етене ет ақынға от-ты. Лапылдап-ақ кетейін күлге айналып, Сүйме десең, қайтейін мақұл... бопты... Менің сені сүюге хақым жоқ-ты. Менің сені сүюге хақым бар-ды, Махаббаттың майданы шақырған-ды. Мынау дүние – күлкісі, шаттығы көп, Азасына жаратқан ақындарды, Менің сені сүюге хақым бар-ды. Менің сені сүюге хақым бар ма, Һақым бар ма өртеніп, лапылдарға. Махаббаттың майданы шақырғанда, Жасын оты жүректің атылғанда, Һақым жоқ па өртеніп, лапылдарға...
- * Қолыңнан сүйем, ерніңнен сүйгіз басқаға. Көңілімде – дауыл, көзімде – тамшы жас қана. Өзіңді көксеп, өзіңе ғана тәнті боп Өзгемен өмір кешуім неткен масқара. Қолыңнан сүйем, ерніңнен сүйгіз басқаға. Сергелдең ғұмыр кешумен кеткен Серігің, Түсінбей кетті періште қайсы, пері – кім. Қолыңнан сүйсем түсіме түнде кіреді Жат еркек сүйген алаудай ыстық ерінің. Түсінбей кеттім, періште қайсы, пері – кім. Жүректе білем, бір шеру барын қайнаған, Аспаннан аң-таң қарайды ылғи Ай маған. Көктемде күллі ел көгеріп, гүлге айналса, Мен, жаным, өстім өртеніп, – күлге айналам... Жүректе білем, бір шеру барын қайнаған. Өрт едім өзім, отқа ұқсас пішін, порымы, Баз кешіп, жүріп, басылмай кеткен солығы. Қолыңнан сүйем. Мен сүйген кезде лап етіп, Өртеніп кетіп жүрмесін соның орыны? Өрт едім өзім, отқа ұқсас пішін, порымы.
ҚҰРАН ЖЫРЫ Келетұғын кісінің қарағысы, Жұмағыңның ғажайып ғалам іші. Аузында оның абалап тұрады үріп. Қара ит болып кеткен бір қара кісі... Бізге ұқсаған бір кезде түр өңі кеп, Миы да оның – біздікі, жүрегі – жоқ! Біреу кірсе жұмаққа бұл дүниеден, Әлгі қара ит арсылдап үреді кеп. Бақи дүние фәниге – айна, бәрі – Өлгеннен соң өзіне сай болады. Мынау пендең – залым қу. Өлгеннен соң Бұл, әрине, түлкіге айналады. Өмір – мұхит. Бір шығып, бір батамыз. Орамалмен көз жасын құрғатамыз. Мынау – ертең қаптайтын құрт-қыбыр да, Анау – ертең мақтайтын құрбақамыз. Тәңірі қалай толғайды – толғағанда: Рух беріп, тірілтер сол – ғаламда. Өңез ойлы пенде көп, Өлген кезде, Не болады жапалақ болмағанда? Жылжып жатыр, күн, сағат, жайланып жыл, Басым қандай қатерге байланып жүр? Мұқағали рухы сұңқар еді. Алатаудың ақ басын айналып жүр... Құран жыры естілмей тамам болған, Қандай ғана осындай заман болған?
...Шошқа көрсем шошимын, Бір кездері, О да біздей кәдімгі адам болған. * Қырық жыл – ауысып түн, күн дүбірі, Қиялға айналғалы қыз бұрымы. Жүз өлең болды-дағы қалды, бірақ, Лүп еткен жүрегімнің жүз дірілі. Тәңірден жоқ рахат, тақ сұрарым, Әлемде әйелге кеп бақ сынадым. Лүп еткен жүрегімнің жүз дірілі – Жүз өлең! Қолыңа әкеп тапсырамын! Қойса да бақ құс қонып, ісім өнбей, Басты екен бәрін кімнің мысы мендей? Өтетін болдым мына дүниеден, Өзімдей сүйген сені кісі көрмей! Күлкіңді көріп ұлы Күн-иеден, Жазғаным – тәңір жыры, діни өлең. Бар-жоғы мен жүз-ақ күн ғұмыр кештім, Жүз рет сені көріп дүниеден! Алтынға, інжуге де қарамаймын, Сен – аққу болғаныңда, далам – айдын. Қырықтан ассам-дағы, туғанына, Қырық күн болған сәби баладаймын! Тәніне ішіп-жейтін жанарын сап, Сұқтанып сұлулыққа, сала құшақ, – Әйелді еркек құсап сүю – қылмыс, Елжіреп, сүю керек бала құсап!
Мен – жерде, сенің – рухың көкте, міне, Ұқсайсың бейіштің пәк кептеріне. Жүз-ақ күн осы жарық дүниеде, Өкінбен өмір сүріп кеткеніме! Қырықтан қыдыр қонар ғұмыр өріп, Өлеңнен өмірге өрттей дүбір еніп – Ләйләға жете алмаған Жұматайдай, Көшетін кез де келер күңіреніп... Көп шығар көрмеген ел күрсініп түк, Жанында бүтінделмей бір сынықтық – Жалғанда жүз мәрте өмір сүрді дерсің, Жүз мың жұрт жүргенде құр тіршілік қып.
ЭПИГРАММА Түркі елінен түр-түсі, мақамы – ада, Өлең бе бұл, немене, мақала ма: Шата қазақ қазақша өлең жазып, Шата ақынға айналды – шата бала. * Таста! Кет! Басқа жігітпен! Қалайын іштен тынып мен, Қайтады деген үмітпен, Үміттен өктем күдікпен... Сәлем деп ұшқан құстардан, Күтейін күллі тұстардан. Көрінбе Қазақстаннан, Ағылған автобустардан. Жел өтіп тесік өкпемнен, Іздейін жерден, көктен мен. Жолдасам сәлем кептерден, Өте шық самолеттермен! Пойыздар заулап от басқан, Аққанда асып жасыннан, Қарағандыға соқпастан, Қалқып өт менің қасымнан! Іздейін Алатаудан да, Іздейін Қаратаудан да. Тұрайын шошып оянып, Қара түн, ала таңдарда.
Іздейін сені даладан, Іздейін сені қаладан. Іздейін сені гаваннан, Іздейін күннен, заманнан. Іздейін сені көктемнен, Іздейін сені кептерден. Келер күндерден таба алмай, Іздейін өксіп – өткеннен... Еркесі болшы ертектің, Елеспен ғана жан бағып. Жүрегінен бөтен еркектің, Іздейін тіпті сандалып! Онан да іздеп таппайын, Таппайтыныма сенесің. Жүрегіме сонсоң сақтайын, Сандалған күннің елесін... Тіс жарман біреу айт десе, Өксікті өткен басымнан, Тастап кет мені! Әйтпесе, Жібермей қоям қасымнан! Тастап кет мені! Теңселіп, Келемін, жан-тән талған ба? Өлгенде ғана мен сені, Тастаймын мынау жалғанға...
АУДАНДЫҚ ГАЗЕТ Смағұл Ыбырайға Ауданда да адам көп дара дара, Қияли да қиқулар бара-бара. Ақжарықта жүріп-ақ адамзат деп, Қақсай берді қайтпас бір қара бала. Қара бала қай жақтан сыр шертеді? Тілші екені белгісіз, жыршы екені – Ақтоғайдың Чилиде несі бар деп Біреу айтса Сымекең мырс етеді. Менде де бар бір бастық ақылы қат, Содан жүрем күн сайын тақырып ап: – Сен Чилиді қой-дағы айналайын, Күйекті жаз! – дейді әлгі шақырып ап. Сымекеңнің онымен болмайды ісі, Ел оқысын газетті, сол – қайғысы Есіл-дерті күйек қой дейтін күліп, Махаббатты қайтеді ондай кісі?! Тілшілікке мәз болмай мансап қылып, Музам алып қашады сан саққа ұрып. Ләйлә аруға ғашық боп жазған жырым, Бастығымның миына қан шаптырып. Ашуланды бастығым бара-бара: – Алды артыңа қарайлап қарама да, Алматыға кет! – дейді ақын болсаң! ...Абдырайды сол кезде қара бала. Осы жүріс, құдай-ау, не тірлігім? Өртеніп-ақ барады бетім бүгін Алматыға жетпесем
Ақтоғайда Ақын бола алмайтын секілдімін. Бастығымнан жүргенде тақырып ап, Ләйлә алыстан әуре етті шақырып-ақ. – Сен қой-дағы ботаңды боздай бермей, Шопанды жаз! – дейді әлгі шақырып ап. Өзім ақын болғанда, өзім өлең, Алашымның ағысын сезіне өлем Адам көрдім осындай адамзатқа Қарай-тұғын ауданның көзіменен! Көз алдыма сол газет көлеңдеді, Қайда оның парағы көнергелі Бірінші бет – күйектен түскен хабар, Соңғы беті – махаббат өлеңдері. Шақырып ап ауданға айдаладан, Қолға қалам ұстатқан қайран ағам, Адамзат пен ауданды қосатұғын Сымекең жоқ, қаңғырып қайда барам?! Аман ба екен сондағы ел өзіме ерен? Содан Алаш ағынын сезіне өлем. ...Әлі де онда бір пенде адамзатқа Қарай ма екен ауданның көзіменен?! Қайда, шіркін, сондағы жас күніміз, Миллиардтар ағылған тасқынымыз? Бастық болып алды ма, құдай қолдап, Бас мақала жазатын бастығымыз?! Ойран тау мен Шатырша арасының, Асуында қаншама аласұрдым. Ғафу ағам ақын деп айтқанменен Мен аудандық газеттің баласымын.
- * Мен енді мұң шақпаймын бір адамға, Не жетсін іштен тынып, шыдағанға. Елжіреп егілмесем тірі адамға Жынданып кетпеймін бе, бірақ онда? Өршімей алай-дүлей толқын ішкі Өзіммен өзім жүрем. Сол – тыныш-ты. Күрсінген даласы да – аянышты, Түксиген қаласы да – қорқынышты. Бұл неткен мұздай суық діні халық, Сөйлейді тілі ғана – ділі қалып. Қарап тұр бәрі маған кірпік қақпай Іштегі құпиямды біліп алып. Сезем ғой наласын да, жарасын да, Көп сыр бар көздерімнің қарасында. Құдай-ау, сырымды айтып, шынымды айтып Қаңғырып қалай жүргем арасында? Қой... Енді мұң шақпаймын бір адамға Жынданып кетпеймін бе, бірақ онда? Адамзат жөнін айтпай, шыдағанда, Не жетсін өзіңе өзің жылағанға...
- * Аттың үстінде өмірім өтті-ау азамен! Азаттық! Неткен ғажап ең! Шүршітті қуған қазақ ем, Қалмақты қырған қазақ ем. Жағадан ап, жауым сабаса, Тілім жоқ, көзім алайды. Ел-жұртым ерге қараса Ер – неге жерге қарайды?! Жал, құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салдық па? Қалың малы арзан деп, Жаманнан қатын алдық па? Елеске еріп сағым дүниені қуған соң Түстік пе топан теңізге? Жаманнан жаман туған соң, Тарттық па топас негізге? Боқтасып келем, соттасып, Жүретін жолды жобалап. Абылайдың семсерін тот басып, Алтын бас кетті домалап... Мынау – кім? Кел де, танып ал, Ел көшкен, иесіз жұрты қап, Басы жоқ, шыбын жаны бар, Ішек-қарын жатыр шұрқырап... Көзімді жұмам. Ашқанда – Жынды боп, лағып кетермін. ...Алаштың рухы – аспанда. Мен – жерде қалған екенмін...
РЕАНИМАЦИЯ Ғабдолла Құлқыбайға Жанталас жанымызды түтіп жеп бір, Ауа емес, аспан жақтан түтін кеп тұр. Жасанды бүйрегіміз бүлк-бүлк етіп, Жасанды жүрегіміз лүпілдеп тұр. Ғасыр да тамам болмақ зырылдап жыл, Қазаққа қандай заман қырындап жүр? Жасанды махаббаттан жан азапты, Жасанды ұрпақ туып, шырылдап жүр. Алыстан мұңға батып Ай көрінген, Қасармай қашан көшер қайғы елімнен. Алашым адамзатқа жаутаңдайды, Азалы аурухана әйнегінен. Баяғы елім қайда – бал арасы? Елде ой жоқ – қарыны мен қара басы. Қазақта қазақ емес – жасанды жұрт – Жасанды замандардың шаранасы! Жасанды болғаннан соң көретінім, Жұтамын уын ащы темекінің. Бұл елге өзің сынды доктор керек, Сезбейді емделмесе – өлетінін...
ОПЕРАЦИЯ: ЖҮРЕКТІ АЙЫРБАСТАУ Жапырақ жүрек, жас қайың, Жанымды айырбастайын... Мұқағали. Жанымды айырбастайын, Жүректі алып тастайын: Ол – ақын бола бастаса, Мен – әкім бола бастайын. Топас болсаң да қашпайын, Кеудемнің кесіп, көк, етін, Жүректі айырбастайын, Жүрегін кім бар беретін? Кім алар дейсің еміреніп, Көрсе егер оның түр-өңін? Соғатын өксіп, тебіреніп, Тентектеу менің жүрегім. Сүйгенде отпен ойнаған, Күйгенде күл ғой десек те, Думаннан думан қоймаған, Туғаннан нашар есепке... Қызбайтын жерде қызды ептеп, Шуаққа жалт-жұлт бұрылған. Жалғанға жарық іздеп кеп, Түнекке барып ұрынған. Бұлқынып жатыр, әне, бұл Бұлықсып сезім мың ырғақ. Сұлуды сүйген пәле бір, Сұмдықты көрсе – шырылдап! Көрінген заттан дір еткен, Жүретін жері – жұт, ылаң.
Құдай-ау, осы жүректен, Қай жаққа қашсам құтылам? Жарыққа басы байланған, Өрекпіп соны өбе кеп. Алып шам – Алаш! Айналған – Жүрегім – көзсіз көбелек... Жанынан ұшып, жақындап, Тұрады қарап неге кеп? Отына түсіп, лапылдап, Кете ме көзсіз көбелек?! Сан қырға салып назарын, Айтады сайрап құс әнін. Біреудің тартып азабын, Білмейді қайда ұшарын. Шарлайды шалғай Ай төсін, Шатасып күнде, тілді алмай. Отан іздейтінін қайтерсің, Ошағын қарық қылғандай... Кім алар дейсің еміреніп, Шіркіннің көрсе түр-өңін. Соғатын өксіп, тебіреніп, Тентектеу менің жүрегім! Топас болсаң да қашпайын, Кеудемнің кесіп кеп, етін, Жүректі айырбастайын, Жүрегін кім бар беретін?! Жанымды айырбастайын, Жүректі алып тастайын, Ол – ғашық бола бастаса, Мен – пасық бола бастайын...
ҚАРАСАРТОВ – Марқұм! Мына өмірге шыр-шыр етіп келіп ем, Қара басты ғаламды-қасіреттің, селінен... – Сен кім едің? – Ұрпақпын, кезіп жүрген моланы. – Ә... білемін сендерді, бала мылжың болады... – Әке! Таң ғап сенделем, жөніңді айтшы, мен – балаң? – Тергеушімін – мен деген, Сұрақ қойма сен маған! – Ұрпақ Соты жөнінде айтшы, тергер сол әлі? – Сот деген жоқ өмірде. Жендет қана болады... – Неге?! – Сендей пақырға не айтсам екен? Әрі жүр! Сұрақ қойма сумаңдап, жауап бермен бәрібір! – Қорқасың ба?! – Күлкілі! Білем ғой бұл ортаны, Дір-дір етіп кірпігі Бәрі менен қорқады! – Үрейленіп мына жұрт не боп кеткен шетінен? – Қорықпаса адамзат кетпей ме екен бетімен! – Адамзатты қосатын үрей ме тек? – Енді не?! Шәкәрімдер секілді шатып кеттің сен, міне! – Шәкәрім кім?!
– Есіме түсіп кетті... Ол – ақын. Осындай да... бір кезде бұзық кісі болатын... Айдауыңа жүрмейтін, айтқаныңа қосылмай – Жер бетінде желікпе адамдар бар – осындай! – Білем... өлең жаза ма? – Көкірегін мұң тырнап – Екі сөздің бірінде «Елім!» – дейді сұңқылдап! – Халық десе ғажап қой! Сен... не... оған қарсы ма ең? – Сондай тобыр бар бізде – айдайтұғын қамшымен! – Тобыр?! – Тобыр! Көнетін – қандай тәртіп орнаса! Халық деген немене, айту үшін болмаса?! Икемі жоқ өмірге, Өлім десе өкіріп... Көпке шашпай топырақ, тек сыйлай сал өтірік! – Сонда халық... – Қақсама! Өздері өліп құтылып – Шәкәрімдер аузына кеткен екен түкіріп! – Алдың Дантес атағын... – Өшір бықсық өртіңді! Халық жауы – Шәкәрім! Оны – халық өлтірді! – Соңғы сөзің? – Өмір – тұл! Тірі жан жоқ қасымда: Халық жауы өріп жүр – Балқантаудың басында!!!
- * Тәте! Бітті тағатым, Талды ұшар қанатым... Көзіңнің ақ-қарасы, Үмітің ем мен сенің. Ақсұнқардың баласы Қыран болар деуші едің. Босағама қарасам, – Бала жылан ұмтылып, Төр жағыма қарасам, Қара жылан тұр күліп! Оқша атылып иіріліп, Оң жағымнан шығады. Суға түскен үйірі, Сол жағымнан шығады. Шығысыма қарасам – Кәрі жылан өлермен. Батысыма қарасам – Сары жылан көрем мен! Маза жоқ түн, ақ танда, Шерім – шемен іштегі: Жылан шағып жатқанда, Қыран ара түспеді... Ысылдаған шуынан, Қайда қашып барайық? Тәнім – соның уынан, Бара жатыр қарайып! Удан әбден уылдым, Сорды қоймай түгімнен.
У шығады ұлыңның, Бал шығатын тілінен. Жүрегі жоқ, буыны Тілі сұмдық уытты. Бауырының суығы, Бауырымды суытты. Қыран көрем түсімде, Құзғынға ашқан аранын. ...Жыландардың ішінде Жылан болып барамын! Бауыры – мұз, жатыры, Аяр жаны сол бұзық – Арбап алды ақыры, Айыр тілін сорғызып! Құтқар мына залымнан, Зәрі бойға тарады: Удың өзі, балыңнан, Тәтті болып барады... Қыран болар деуші едің, Алла айырып ағынан, – Тәте, қазір мен сенің Ақ сүтіңді сағынам! Көресімді көрсеткен, Тағдыр болса – көтердім. Енді білдім, емшектен Бекер шыққан екенмін...
- * Жетім жүрегім жасқаншақ, Айтқанмен көп жұрт сері деп. Қырықтан жасым асқанша Ел іздеп келем, еңіреп! Арқасын сипадым қонжықтың Алдымнан аю қашып ед. Езін де сүйдім сол жұрттың – Ер елдің шаранасы деп! Өмірден боздап өтермін, Көзіме жасым толды ма. Ақымағын басқа көтердім – Алашқа тұлға болды ма?! Күмбезім құлап аспандай, Болдық па қара басқандай: Құм жиылып – тас болмай, Құл жиылып – бас болмай?! Жетім жүрегім жасқаншақ, Айтқанмен көп жұрт сері деп. Қырықтан жасым асқанша, Ел іздеп келем еңіреп...
ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУМЕН ҚОШТАСУ Е. Евтушенкодан Қош, менің қызыл жалауым,
жер-көктің кезіп арасын,
албырап өрттей алауың Кремльден құлап барасың... Есімің елге ерлік ед, қасиетіңе сенді көп: Рейхстагта тұрып желбіреп, құладың неге енді кеп?! Еш болып есіл еңбегім, тастадым қолдан қаруымды, бауырым болсаң, сен менің жалмадың неге – бауырымды? Егіліп Еуропа елімен, окопта жаттық сенімен, соғыстан қайтып, – менімен, ГУЛАГ-қа бардың – менімен... Мұңды енді кім бар тыңдайтын, Қош, туым тұрмыз кеш қалып. Моладан мәңгі тұрмайтын, әруақтарды еске алып, – боздайық бастан бақ тайғанда, сандалып, жоқты малданып, Бізді алып шықтың майданға, өзің де қоса – алданып! Қош, менің қызыл жалауым,
осы ма тағдыр таланым? Сен – қанның түсі ең, қарағым, келмейді қанға қарағым... Қош, менің қызыл жалауым, жалт қара жесір жетімге, Пастернак, Доктор Живагоның, қаны бар сенің бетіңде! Ғаламның жүзін қандаған, қантөгісті енді жыр қылма. Бауырын – бауыры жалмаған, қой деші мына қырғынға?! Дүниені – өзімдікі деп, һәм өзгелердікі деп бөліп, Адамзат ашылып араны, барады – бір-бірін жек көріп... Қош, туым, ойнап бала боп, балалықты да қойғанбыз, қызыл боп ойнап қызынып, ақтарды біз де сойғанбыз. Қызыл құрлықта тудық біз – тарс жабық жатқа есігі, дүниежүзілік картада,
жоқ енді оның есімі... Қысқы сарайды алғам жоқ. Рейхстагқа да барғам жоқ,
мен емес сенің ұланың,
коммуна – елес, тұл – әнім,
қош, туым, Саған қарасам,
келеді бірақ жылағым... * Мына бір есер неме – пенде кісі, Езулеп уағыз айту – елдегі ісі. Өзінің дімкәстігін өзі сезбей, Өзгені келеді енді емдегісі. Кім қазір сұлулыққа сүйінеді? Жер мен көк өртеніп түр, күйіп өңі. Мына бір сайқал қатын сақ–сақ күліп, Арбайды ауру–сайқал дүниені. Шөл кеулеп суы қайтқан кемерінен, Ауру жер – мына бір жер, белеңімен. Жатырда жатқан күллі шаранасын Бүлдіріп жатыр сасық шеменімен.
Ауру-ау мына ауылдың бәрі, білем, Түсі де бұлағының сары күрең. Миы жоқ. Жүрегі жоқ, Дүниеге – Қарайды боқ сасыған қарынымен... Жаһаным жазыла ма кеселінен? Сонымен бір қасірет кешемін мен: – Ақындар өлеңімен емдеп, әуре, Пенде әуре – өртеп оны өсегімен. Өмір – от. Өсек те – өрт. Көремін мен, Көруге бола туған төл едім мен. Осынау болмысыммен, Өлеңіммен Екі оттың ортасында өлемін мен... * Тірлікте бірде – дана, Бірде – есермін. Құдай-ау, бұған дейін кімге сендім? Шарабын Әзәзәлдің өзі-ақ алсын, Мен енді қымыз ішіп күн кешермін. Бос кеткен жылдарды ойлап, айларымды, Өткенге тісім қатты қайралулы. Бір тәңір ойранымды өзі кешсін, Отыз жыл салып өткен сайранымды! Дүниеге салып жүріп сайранымды, Жырладым отқа оранған ойларымды. Құранның құдіретімен дінге сендім, Мен енді тәңірімен тілдесермін. Адамың жылан сынды аяр болса, Аллаға сенбегенде – Кімге сендім?!
Көргенде көңілім нұрға бөленбеген, Пендемен пенде болып өлем бе мен? Алланың айтқан сөзі Құран-Кәрім, О дағы жазылған ғой өлеңменен. Дүниеге салып өтіп сайранымды, Көрсеттім оған не бір ойранымды. Көрсетіп оған небір ойранымды, Жырладым отқа оранған ойларымды. МАКРО-ӘЛЕМ, СЫРЫМДЫ АЙТАМ ӨЗІҢЕ Макро – Әлем, сырымды айтам өзіңе, Микро – Әлем көріне ме көзіңе? Аярлықтан құтылатын айла жоқ. Айдаһарлар аузын ашып, шайнады от. Кіжінеді кіп-кішкентай бір жерде Кіп-кішкентай сталиндер пайда боп... Жаһан – Дүние жаңарғанмен жақсы боп, Бәрі – тапшы, Шындық одан – тапшы боп – Кіп-кішкентай ауданда әлі кішкентай Брежнев жүріп жатыр хатшы боп. Кіп-кішкентай бериялар тың тыңдап, Кіп-кішкентай жүректерді мұң тырнап, Миғұла ғып жіберердей миды жеп Кіп-кішкентай сусловтар сұңқылдап! Өмір бойы өзгертпеген өресін, Қайтем мынау төлеңгітін, төресін. Ел ағасы болып алған кәдімгі Кіп-кішкентай елтайды да көресің! Макро-Әлем, кем бар бізде, артық бар, Өзің кел де, қаһарыңмен қарпып қал:
Қалқып шықсын қазаныңның бетіне – Микро-қарасартовтар! Макро-Әлем, сырымды айтам өзіңе, Микро-Әлем көрінбей ме көзіңе? АНА Көкжиекке Күн батса тұрған күліп, Ақжарық – Түнекке ақ дидарын құрбан қылып – Іңірде шешем жаққан жалғыз шырақ, Жаһанды жіберетін нұрландырып. Әке өткен шаршап тағдыр әуресімен, Шығармай бізді өзінің тәубесінен. Іңірде шешем жаққан сол шырақтың, Жылынып өстік біздер сәулесінен. Анашым, жан жабырқап дерттене ме, Өксісең – өзегіңді өрт көме ме. Бес ұлдан – Берікболың жоқ демесең Төртеуі төрт үй болды – төрт төбеде. Жоғалтып көзіңнің сол қарасын да, Дүниеден жоқты іздеп барасың ба? Төрт болды-ау қайран көзің қайран шешем, Төрт үй мен төрт ауылдың арасында. Ойрантау ұшар басын бұлт алып кіл, Шақырар мені өзіне бұрқанып бір. Қолына шам ұстаған қайран анам, Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр. Білдім де көңілімнің күйі неде, Сүйініп ғұмыр кештім, күйіне де, Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр, Қап-қара түнек басқан дүниеде...
ЖОҚТАУ Шоқпардың жылқы жайдым даласына, Не қылдым Қақабайдың баласына... Мәди. Қайран Мәди – Қазыбектің ұланы, Құл атқанда көкжал құсап құлады... Бүгін – оның көп жанашыр, туысы, Жендет те жоқ – қанға толы уысы. Саясынан сая таппай, сайғақтай Өлгенінде жоқ ешкімнің жұмысы... Әсемдікті көзіне ілмей әсілі, Әсемпаз боп көріну де – тәсілі Ақынды атып... «Аққуды атпа!» дейтұғын Аяр екен адамзаттың нәсілі! Боздағанда баса алмайтын солығын, Көресің бе мыналардың порымын? Тірісінде кісі көрмей, өлген соң Өкіріп кеп, сипап жатыр орынын... Қары сынсын күймегеннің қаны үшін, Жыртып жатыр Алшынбайдың намысын, Алақанға салып жүріп Мәдиді, Арулап-ақ жөнелткендей арысын! «Советстан! Біздің Стан! Совстан!» Сәкен қайда – төбесінен оқ ұшқан? Мағжан қайда? Неге үнсізсің? О, мыстан! Быт-шытбыз ғой Германия сықылды – Жанталасып жаңа шыққан соғыстан!!!
Уа! Мен де сендей, іштен тынамын, Тынамын да, күннің күні сынамын. Шаранасын өзі жалмап, жейтұғын, Жыртқыш құсап жатысын-ай, мынаның! Мәдимен бір боздап па еді – боздаса, Қайда жүрген әруағы қолдаса? Қазағыңнан қалды менің көңілім, Аңқылдаған Алаш – Анам болмаса... САЙТАН МЕН ПЕРІШТЕ Керең тағдырмен керісте Демеймін: «Үріп, шайқадым...» Бір иығымда – Періште, Бір иығымда – Сайтаным – Жан кештім күндіз, түн демей, Үзбек боп талан – көгенді. Періштем қалса үндемей, Сайтаным сайрап жөнелді... Таңғалдым. Естен танғанмын, Өзімді өзім жазғырып. Арбалдым. Талай алдандым, Сандалдым – Сайтан азғырып! Өзімді өзім кешпеймін, Өксимін, жаным, мен іштен. Өмірді қалған не істеймін, Неге үндемейсің, Періштем?!
Сайтандар отыр төрімде Күзетіп мені көз ілмей. Періштем менің, өмірде Өңез боп шықты өзімдей... Оң заттың өзін теріс деп Адамдар асылық айтады. Бір иығында – Періште, Бір иығында – Сайтаны! Адамдар күндіз, түн демей Үзбек боп жатса көгенді. Періште біткен үндемей, Сайтандар сайрай жөнелді! Зарланды ел! Естен танған-ды, Жазмышын іштен жазғырып. Арбалды. Талай алданды! Сандалды – Сайтан азғырып... Отты айтсаң – боққа қашады Қара құрт құсап қыбырлап. Құдайды қолдан жасады Құлағына Сайтан сыбырлап. Не дейсің мына жауызға! Ұстап тұр ұлыс Күнді әрең: Бауырын – бауыры бауыздап Көрлақат болды күллі Әлем!!! Жүгіртіп елді сан-саққа, Өздерін өзі, Өзге алдап, Үйленіп Сайқал – Мансапқа Сары алтын барад көзді арбап..
Махаббат – Өмірбаяннан Сап болып, қалмай құны түк, Қозы Көрпеш пен Баяннан Басқа жұрт қалды – Ұмытып!!! Ошақтың сөнген шуағы, Ойлай ма залым басқаны, Қорланған нәсіл туады Зорланған... қарындастары! Қайғыны көріп, қазаны Қажып та бітті хас тұлға. Адамзат сынды азалы Боздақ жоқ аспан астында! Өзімді өзім кешпеймін, Өксимін, жаным, мен іштен. Өмірді қалған не істеймін, Неге үндемейсің, Періштем?!
ҚЫЗЫЛАРАЙДАҒЫ БАЙШЫКЕШ Запыран құсып заман тұр, Тексіз – өсер ұрығы. Фермер болды Жаманқұл – Надан болған ғұмыры. Аяғын сап шідерге шіренеді, ой, Алла, Тұқымында тігерге тұяғы жоқ-ты – Содан ба?! Әкесінің көзіндей. Жан-тәнімен жақсыға дұшпан еді әкесі. Тура – соның өзіндей! Мыстан еді әкесі! Бес ұл... қарыны тоғайып көрмей күндіз ақ таңда – Мұрынынан боғы ағып, жалаң аяқ ақ қарда – Жүруші еді қара боп жалғыз лақ көгенде. Күлуші еді ел... Жаманқұл күледі енді сол елге! Семізін ап колхоздың, жұртқа қалды арығы. Жарты-ақ жылда жампоздың шықты қозы қарыны... Салпақ ауыз, кер надан, ол қайтеді обалды ...Сұлулар да енді оған жымыңдайтын боп алды. Құндыз киді басына, құрым кисе анау жыл, Кедей ауылдасына кердең-кердең қарап жүр. Төске шауып, басқа өрлеп, Қызыларайды жерсінбей, Құнанбайды қастерлеп... Абайды да менсінбей! Бие етінен жиіркенді, құлын – көңіл хошына. Қазағымның ертеңгі Рокфеллері осы ма?!
Осы – Алаштың бағы ма? Сор болмаса жарады: Балақтағы бит тағы да басқа шығып барады! Шежіреде қазан тұр... Құл биледі – ғалам тұл! Алдымызда бәрінен асқақ алтын заман тұр. Табын-табын жылқыңды берем, болса саған – пұл, Қора-қора қойды да берем, болса саған – пұл, Бірақ біздің қазақты билемесең болғаны, Жаппар ием, Жаманқұл... ҚҰЛЫНШАҚ Тұяғы тау мен тасқа ұрынса кеп, Көгілдір – көкмайсадан құрылса деп – Шымырлап құйын сезім, шапқылаған Екеуіміз елжіреген құлыншақ ек. Екеуіміз құлыншақ ек елжіреген, Өмірге өле ғашық, өндір өрен. Аң-таң қап қараушы еді қос құлынға Аспаны Ақжарықтың мөлдіреген. Шабайық мөлдірлікке, ал, қуанып, Шабанның шалқар төсін шалқыма ғып, – ...Бір күні «жөнел» деді Қызыларай Кигізген ит көйлегін тартып алып. Айтпады біреу келіп неге қой деп, Әлі де құлыншақпыз деген ой кеп, Күрсініп тұр ек, өмір – сайқал әйел. Шақырды құшағына: «Келе ғой...» деп. Бір сәтте періштеден пері қылып, Пәктікке деген балаң семіп үміт,
Тұншығып соның оттай құшағында Құр сұлық жата бердік нені біліп? Жыландай ирелеңдеп сайқал дене, Сандалдық, жұртқа соны айтам неге? Арбайды неше түрлі қылығымен, Пендені пері қылған сайтан неме... Өзектен өмір өтті жылып ағып, Құлынның пәк көңілі, ділі қалып. «Ім...» дедік, дүниенің сайтан білмес, Сан қилы сайқалдығын біліп алып... Бұзылған бұл ғаламның кескін – өңі, Жатқан жоқ уайымдап ешкім оны, ...Шыңғырып бізді іздеген қос құлынның Қиядан құлын даусы естіледі!
ТЕЛЕФОНДАП ШЫҒАРМАШЫ ЕСІМДІ... Расул Ғамзатовтан Телефондап шығармашы есімді... Бара алмаймын тойыңа да тамаша. Көптен күткен мен бүгінгі кешімді, Бір әйелмен өткіземін оңаша... Сағатың да тұрып қалар тілсіз ғап Қос ғашықтың тиіп кие, дуасы. Әсем әуен, бүкіл әлем үнсіз ғап, Боламыз бір құпияның куәсі. Еркін әлі кірмей жүрген есімді Алмаңдаршы! Тыныштық қой – тамаша. Көптен күткен мен бүгінгі кешімді Бір әйелмен өткіземін оңаша. Мейлі, асау тойдағыдай мас болған Басы айналсын! Одан кісі өле ме? Мейлі, жұрттың қаңқу сөзі аспаннан Жасын құсап жаусын-ай кеп төбеме... Жыртам түнгі самолеттің кесірлі, Билетін де, Жерде қалам! Тамаша! Көптен күткен мен бүгінгі кешімді, Бір әйелмен өткіземін оңаша.
ЖАЙЫҚ БЕКТҰРДЫҢ ҚАБІРІ БАСЫНДА Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері! Өксікті айт өмірдегі, өлеңдегі. Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге Сен-дағы жатырсың ба жөнелгелі?! Қоя тұр... Екі араны жалғаймыз да, Екеуміз егіле әнге салмаймыз ба? Сен жоқта шыққан тегін, түбін білмес Тексіздің тұқымы боп қалмаймыз ба?! Қоя тұр... Бастан қанды ғасыр өтті. Жай өтпей, өр кеудеңді басып өтті! Соңында – шерін қозғап, боздап сүйген Қазағың қап барады қасіретті! Сұм ажал, ақынсың ба, батырсың ба – Қайтеді, атам да жоқ, ақылшым да. Алаштың азаттығын көзбен көріп, Алаңсыз аттанғалы жатырсың ба?! Ендеше, хош дейді ұлың қасіретті. Соңы бір замананың, басы да – өтті. Артында – шыққан түбін білетұғын Ұлы бір ұлыс қалды қасиетті...
АЙТЫКЕННІҢ АҢЫЗЫ Алпысыншы жылдары Аман мен Айтыкен Алматыға оқуға барады. Аман айтады: «Астанада Айтыкен екеумізден басқаның бір-бір тамыр-танысы бар. Бізді қолдап, қорғайтын ешкім жоқ . Сонда менің есіме Мүсілім Ермековтің түсе кеткені. Өзіміздің Қызыларайдікі ғой ол кісі...» Айтыкен марқұм айтушы еді: – Ой, мынауың жөн екен, – дедім мен қуанып – Бірақ ондай үлкен кісіге бару үшін бізге біраз дайындалу керек шығар? – Қалай? – дейді Аманым аузы аңқиып. – Ол оңай, – деймін мен. – Мәселен, сен Аман бол. Менақ Ермеков болайын... Мынау өзі өңі ме, әлде, түс түге, Аман сонда қара терге түсті де: – Уа, Ассалаумағалейкум, аға! – деп Кіріп келді «Ермековтің» үстіне! Ректор болу неткен қиын іс еді, Қаһарынан қар жауғандай түс-өңі: – Уаға–лейкум–ассалам! – деп Айтыкен Одан сайын кекірейе түседі. Тылсым сырды түйіп жатқан іші көп, Аман отыр терлеп-тепшіп кіші боп. – Уа, отыр, қайдан жүрген баласың! Дейді Айтыкен танымайтын кісі боп! Осы емес пе құдайындай сенгені, Шерлі Аманың одан сайын терледі. – Қызыларайдан... Мәймаң деген кісінің Баласы едім... Келдім сәлем бергелі...
Бір-ақ сәтте ректор болған сабазың, Ыңыранып сипап отыр жағасын. – Ә, білем ғой Қызыларайдың қуларын, Өскеннен соң іздейді ғой ағасын! Бір нүктеге екі көзі тесіле, Мына кісі толғанады несіне? Ойланады Мәймаң деген кісінің Кім екенін түсіре алмай есіне! Айтыкен де, Аманың да қысылып, Бірін-бірі енді ғана түсініп, – Ер қашайтын соқыр Мәймаң, емес пе?! – Деген кезде есіне әзер түсіріп! О, сұмдық-ай! О, сайтанның соққаны! Аманың да алабұртып тоқтады. Оқу қалып... оқ тигендей жүрекке Айтыкенді әкесінен боқтады! Ғұмыры – жыр, көңілінің хошы – бай, Біздің елде әңгіме көп, досым-ай, Құшақтасып кетіп еді екеуі, «Пышақтасып» қайтып келді – осылай! Кеше еді ғой, о да бүгін көне ме, Өткен күннің елесі өстіп сөне ме; Аман болса шофер боп жүр ауылда Ал Айтыкен... ұйықтап жатыр төбеде... Жылда келіп қаңтары мен тамызы, Өшті өткен мен кеткенімнің сан ізі. ...Жүргіншіні Ақжарықтың бойында, Күлдіреді Айтыкеннің аңызы.
- * Сарыарқам – жасыл жайлауым! Көрінген белге көшемін: Жүгімнің шешсем байлауын Өз үйім – өлең төсегім... Топырағым – тұмса бұлақ па, Сайыма гауһар сапырған. Жарымның даусы құлақта, Құраулап құлын шақырған. Көтеріп Күнді шаңырақ Қаз-қатар ошақ-от – алап. Қырымда қозым жамырап, Төбемде – түйем боталап... Қойын-қонышы мекеннің, Құмарта елтіп құс-үнге, Жұмақта жатыр екенмін – Өңім бе, әлде... Түсім бе? Елес боп кетті ар жағы, Отауға зілді жетті леп, Қатынның айғай салғаны, – Қайыршы кіріп кетті! – деп. Пендеге – пенде мазақ па?! Мал қалып, үй-жай, жан қалып, Қайыршы көрген қазақ па, Қарадық оған таңғалып... Құм кешіп келген, шөл кешіп, Кім мынау, тектес монахқа? – Есікте тұрма, төрге шық – Дедім мен қыдыр – қонаққа.
Айсаға біраз шоқынып, Сорлы... бір жазып арқаны Жаутаңдай отырып... отырып, Асады қазы-қартаны. Тойынды. Еркін тыныстап, Түсінер тәңірі обалын, ...Күн өтті. Жылдар жылыстап... Қайтатын емес қонағым! – Босағада – балам, мүлкім де Төрімде – сенің төсегің! ...Өзгенің үйі бұл күнде, Өз үйім – өлең төсегім. Өзек жалғатып Алаштан, Ішіме тарттым кемсінбей. Үй салып алды ағаштан – Киіз үйімді менсінбей! ... Қайдасың, сала-сайларым, Қай жаққа енді көшемін? Қайдасың, жасыл жайлауым, Өз үйім – өлең төсегім? Қайдасың, отым-ошағым, Бұлағым гауһар сапырған. Қайдасың, кербез қосағым Құраулап құлын шақырған? Қайдасың, қайран шаңырақ, Жасаған атам оқалап, Біттің бе қозым жамырап, Болдың ба түйем боталап?!
Қымызыңды құйып селдей ғып, Арағын ішіп – мазақ бол. Қонақты күтсең – мендей күт, Ел болам десең – қазақ бол! Түсім бе? Өң бе? Енді – нем? Көзіме не зат көрінді? ...Қазақ боп тусам енді мен, Тексізге бермен төрімді! Маркстен қайтып – Абайға, Қан-жоса болып майтабан – Қайтсем де, қалай-қалай да, Қазақ боп туам қайтадан. Сол кезде көңіл күйіме, Кіршік түспесін деп тілеп, Айтпасаң болды: – Үйіңе Қайыршы кіріп кетті – деп.
ӨЗІМЕ ЭПИГРАММА Ақыл-естен адасқан, Ақымақ жан екенмін. Абай туған Алашқа, Ақын болған – не теңім?! Өзіне өзі сүйініп, Жұрт барын білмей мазақтар, Мұхтарға мұрнын шүйіріп, Роман жазған да қазақ бар! Кітап жаз деген кім оған, Жанының жайып сатпағын? Өзінен басқа тірі адам, Оқымай қойды шатпағын... Сонда да қоймай, ит-ай, ә, Ырзығын тауып жүр – аман: Бір апта жазса – хикая, Екі апта жазса – роман! Жазбай жоқ көңіл хошы бір, Қажытты әбден бір елді. ...Қағаздың бәрін осы бір, Дәлдүріш құртып жіберді! Хош, өлең! Сөніп таңғы үміт, Әуреге мені сала ма. Қаламақысыз қаңғырып, Мен қалдым қарау қалада. Қайтейін, о да пенде деп, Тірлігіне тәубә етемін. Дәлдүріші көп елге кеп, Ақын болғаным – не теңім?!
- * Мен не бір шуақ жылуды сүйемін, Мен әлі не бір сұлуды сүйемін. Қолтықтап шаршы топқа кіремін, Қажисың, қатты соқпа, жүрегім! Анамды сағынам, баламды сағынам, Сағыныш болмаса ғаламды не қылам? Күннен де қызулы отта жүр едім, Лүпілдеп қатты соқпа, жүрегім. Арғымақ аттай шаппа, қарағым, Тірлікте өзімді ақтап аламын. Өлген соң қайтіп сотқа кіремін?! Шаршайсың, қатты соқпа, жүрегім! Сотқа кіремін... Қалған ғұмырым ғажап та болар, Алашта жүрсем – азап та болар: Оранып талай отқа кіремін! Ойпырым-ай, тез-тез соқпа, жүрегім Отқа кіремін! Лүпілдеп қатты соқпа, жүрегім, Мен әлі талай отқа кіремін, Боққа кіремін... Сотқа кіремін! Лүпілдеп қатты соқпа, жүрегім.
ПАТШАМЕН СӨЙЛЕСКЕН АУЫЛ Біздің шалдар жерге түскен сақалы, Аузын ашса, мәтелі мен мақалы, Ақжарықтың қуырады апшысын, Ашуланса, Абылайдан қаһары. Аңшы Зейнұр, тазысы көп, құмайы, Шешен – Мұхтар, Шыңғысхандай шырайы. Әттең, шіркін, кештеу туып, кем болған, Ерте туса, би болатын сыңайы. Не күн туды басынан сөз асырып? Ақжарықтың толқынындай тасынып, Ит те, құс та басқарма боп осы елге, Екеуі де алған әбден ашынып... Ойы ордалы, от ұшқындап көзінен, Бір айтты ма, қайтпайды сол сөзінен. Аупарткомды, обкомды да қойды енді, Сөйлесіп жүр Сталиннің өзімен! Тірі болғай, Мұхаң, Зекең екеуі, Біздің көрген құқайымыз жетеді! ...Аупарткомның нелер қатал хатшысы Мұнда келсе жымың-жымың етеді... Басқарма боп келсін небір көкеңіз, Иығынан қағып-қағып өтеміз. Шертіп көрсін маңдайынан біреудің, Не істер екен Мұхаң менен Зекеміз! Жас та болған, ішіп-ішіп мас болған, Бастықтар бар сұлуларға бас салған... Енді тиіссін Қызыларайдың қызына, Екі аяғын келтірейік аспаннан!
Қор қыздары ақ маралдай керіліп, Кірпіктерін қағуға да ерініп, Қызыларайға қияметтік сапардан Қайтып келді салдық пенен серілік! Бәйгені алып оңынан да, солынан, Қаражорға жығылмайды жолынан. Тиіп көрсін Батыраш пен Қотыраш, Біз өлейік сол жендеттің қолынан! Қорғаламай, ерше сөйлеп езің де, Жорғаламай... от лапылдап көзінде, Қызыларай патшаңменен сөйлесті, Мұхаңдар мен Зекеңдердің кезінде! ...Қайда бетке шығары сол сорпаның?! Ақжарықтың маңдайында сор қалың. Олар жоқта ит пен құс кеп тағы да, Басқа шығып алды ма деп қорқамын... * Мазалайсың сен келіп күнде мені, Қиял-ойым қияға түнделеді. Ақжарықтан сұрап ем, айтар емес, Шайтанкөлден сыр тартсам – үндемеді. Мөлтілдетіп жас толы жанарымды, Қалмасымды біле алмай, қаларымды – Іздеп келем соңыңнан, тілі жоқтай Тірі пенде айтпайды хабарыңды. Қайдасың сен? Қабағың түйіле ме, Күпті болып көңілің күйіне ме? Жаным, неге бір рет тіл қатпайсың, Жоқсың ба сен бұл жарық дүниеде?!
Баяғыша, кел, қырда жүгірейік, Тауға шығып, тасына сүрінейік. Ару біткен көзді арбап жүрсе-дағы Аспан асты тұр әлі үңірейіп... Сені іздеймін, сонда осы не тірлігім, Шарлап шықтым жаһанның шетін бүгін. Немерелі болғанша, басқа әйелді Жырлап өткен Тұманбай секілдімін! ...Түнде ұйқысын бұзбаған, таңда – шырқын, Елге – ішін бермеген, жанға – сыртын – Гүлнисасын ғана тек сүйіп өткен, Бағдаттың да арманы бар ма, шіркін.
ОРЫС АРАҒЫ Рахатқа құнығып ап, не керек, Ашылды ма адамзаттың араны? Жер бетінде бар ғой жеті керемет, «Сегізіншісі» – ұлы орыс арағы... Езуіңде – күлкі, көзге – жас толып, Дүрлігеді дүниеміз базардай. Бүкіл ГУЛАГ естен танып, мас болып, Құлап жатыр басын әлі жаза алмай! Мен түгілі, үндіс жүрмес маңынан, Кәпіріңнің асын осы не ғылам?! Патша құсап түсіп қалған тағынан, Қымыз ішкен заманымды сағынам... Ит күшіктеп, үрген бұл не дүние, Қайран Алаш көк бөрі боп жорта алмай, Сары сайтан жететінін түбіме Біліп кеткен әулие екен Шортанбай! Қазақ болып, мас боп көрген кісі ме ек, Махамбеттей мәрт емес пе ек Нарында. ...Жылқыларым ауып кетіп, кісінеп, Қап қойыппын Ресейдің барында... «Орыс болсаң – қазақ бол!»-дың кері кеп, Сорлы басым... сор қайнады – соны ұғам. Нағыз қазақ Төлеужан ед... Еңіреп – О да кетті Есениннің соңынан! Езуіңде – күлкі, көзге – жас толып, Дүниеміз дүрлігеді базардай. Бүкіл ГУЛАГ естен танып, мас болып, Құлап жатыр басын әлі жаза алмай...
- * Тәте, менің түсімді жорыдың ба, Жиі барам ескі жұрт қорымына. Біздің үйді біреулер бұзып жатыр, Алтын сарай салам деп орынына. Мас баланың кесірлі кескін-өңі, Тоқтатпады сол елден ешкім оны. Әкем шығып қабірден айғай салған, Әлгі есалаң дауысын естімеді! Ескі жұртта қай қымбат асыл қалды? Сенің көзің, менің – көз жасым қалды. Қырықтағы қып-қызыл орамалың Оттай болып көзіме басылған-ды. Жасыны ойнап Ойрантау күркіреп тұр, Ақжарықта ақ нөсер сіркіреп бір; Ақсораңым абдырап, Алла білсе, Ақсұңқардың көшкен бір жұрты деп тұр. Көрмедің-ау, Тәте, сол зіл алабын, Туған үйдің дүңк етіп құлағанын, Туған үйім дүңк етіп құлағанда Туған жердің еңкілдеп жылағанын? Жүрмін қазір кеудеме бір ағын кеп, Жүре берсем енді күрт сынамын деп, Ақжарыққа жетіп бір айғай салып, Аспан астын күңірентіп жылағым кеп.
ТҮСІМДЕ ДЕ, ӨҢІМДЕ ДЕ МЕН ӨЛДІМ Юлия Друнинадан Түсімде де, өңімде де мен өлдім... Көрдім талай жекпе-жекті оқ ұшқан. «Соғыста адам қорықпайды» деген – кім? Түк те түсінбегені ғой соғыстан! * Жария – бәрі. Не айтсаң да – хақың бар! Көптен жатқан көкейде шер лақылдар. Ленинді мадақтауын кілт қойып, – Абылай! – деп айғай салды ақындар! Ресейдің қайыңы мен емені – Дүниенің діңгегі ғой деп еді... «Ерім...» – дейді екі көзі бода боп Кеше ғана шенегендер Кенені... «Алаш» – дей ме, «Азат» – дей ме, не түрлі, Атқа мінген бала қаптап кекілді, – Найзаны ұстап, нар кескінді Наурызбай, Сары орысқа қайта шабар секілді?! Болды... деймін, қыздырмашы бекер бой, Мынау өзі біздің ел ме?! Шет ел ғой! Шенеунігім: «Елім» дейді сұңқылдап, Шенқұмар да – демократ екен ғой! Құдай көзін жөндеп салып жетімге, Асқақ-асқақ сөз айтылып не тілде – Неше түрлі тентек ойлар бұрқ етіп. Неше түрлі газеттердің бетінде –
Тұр, мінеки, қағаз да қат болғалы. Ақын түгіл, дәлдүріш те сорлады! ...Бізге қарап, улы ащы мысқылмен Жымияды ұлы орыс орманы... * Қазақтың бесік жыры – қара өлеңі, Туғанда есігімнен қарап еді. Несіне есігімнен қарап еді, Ес жисам – ел жұртымның қаралы өңі. Алдында Абайы жоқ жан секілді, Қазағым бір ғасырда қанша өкінді. Ақымақ атқа мінсе адыраңдап, Топастық – таққа мінген хан секілді! Тектісі мәрттігіне жүгіндірген, Тексіздің түрін көріп – түңілдім мен. Жақсысы жалғыз туып, таланған соң, Жаманы күшікше өріп, үріп жүрген... Ит пенен итше ғұмыр кешемін де, Кетемін басқа әлемге, көшемін де. Сыртымнан соғып небір өсегін де, Күңкілдеп жата берсін төсегінде. Несіне жалт қарадым есіл үнге, Болар ма бұдан бөлек несібем де. Оңаша неге қалдым ұятыммен Уілдеп жата бермей бесігімде?! Боздасаң, ал, кәнекей, бозда, жырым, Жүректің түбінен кеп қозға мұңын. Алаштың азасымен оятып ал Күңкіл мен күлкі аздырып, тозған ұлын.
Ал, кәне, жалт қаратып есіл үнге, Боздап тұр ең болмаса есігінде; Осындай жаралы елдің, қаралы елдің, Біздердей ұл жатады бесігінде! * Ұқсайтұғын археолог, ақынға, Жүретұғын таста, таудың шатында – Бір күні Әбең аупарткомның залында, Айтып салды Жамантай хан хақында. Ішінде көп шері менен асылы, Мінбе мініп шабыты оның тасыды. Машановтың шөбересі болған соң, Тау менен тас болып алған машығы. Таяқ жеген талай мәңгүрт соқырдан, Кездері көп өкінген де, опынған. Аупарткомның хатшылары үн-түнсіз, Оның сөзін ұйып тыңдап отырған. Жария заман, Тоқтатар кім оны енді? Жайып салсын тоз-тоз болған көнеңді. Кенет залдан біреу атып тұрды да, Жау көргендей «Аттан!» – сала жөнелді. – Жолдастар-ау, келейік те ақылға, Не боп барад... Не болады жақында? Аупарткомның кеңсесінде, керауыз Неге айтады Жамантай хан хақында? Партия деп басымды имей қасыма, Мен де келдім пайғамбардың жасына.
Жамантай хан жауы емес пе Кеңестің?! Мынау соның шақырып тұр басына! Өші бардай өршеленіп тарихқа, Хандық қайтып келетіндей ғайыптан, Жамандаған Жамантай хан марқұмды, Кім бұл десек – кәдуілгі Айыпхан... Қалған қатып айта да алмай халық түк. Айналасын әруағы жарық қып, Бір аунады-ау қабірінен сол күні, Жамантай хан жарықтық. Шежіреден шер тарқатқан іш налып, Әбекең тұр түсі қашып, сұстанып. Отыз жеті... болса егер, о, сұмдық, Осы қазір кетер ме еді ұсталып?! Айекең тұр тісі тимей тісіне, Елтай құсап мініп қаһар күшіне. ...Сталинді танымайтын Жамантай, Түні бойы кіріп шықты түсіме...
ҚАП ТАУЫНДА АҢЫЗ ЕТІП АЙТАДЫ Расул Ғамзатовтан Қап тауында аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған – қыран» – деп. Үнділіктер аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған – жылан» – деп. Мен ойлаймын: табиғаттың қолынан Ең бірінші шыққан – Адам. Соңынан – Біреуі оның кетті айналып қыранға, Біреуі оның кетті айналып жыланға... БАЛАЛАРҒА БЕРЕЙІКШІ ЖЕР ШАРЫН Назым Хикметтен Балаларға берейікші Жер шарын, ең құрмаса бір-ақ күн, домалатып ойнасыншы шулап бір, жұлдыздардың ортасында сұлулығына тамсанып, ойнасыншы ән салып! Балаларға берейікші Жер шарын, алып қызыл алма берген сықылды,
күлше-күлше ақ нан берген сықылды. Балаларға берейікші Жер шарын Сенім нұрын құйып саналарына, күллі әлемнің балалары күрес жырын қосып барабанына – қолымыздан алып біздің Жер шарын – берсін балаларына! Балаларға берейікші Жер шарын!
- * Жерден кеттің. Аспанды арала паң. Өңім де – түс, кімге оны саралатам: Әлияны жетектеп бара жатам, Айнұрыңды жетектеп бара жатам... Ойға батсам ойқастап кетемін де, Өгейдеймін өзімнің мекенімде. Екі дүние арбасып жүрегімде, Екі бала жүреді жетегімде. Екі кісі мен жаққа қарап күліп, Екі дүние қос көзден қан ақтарып, – Екі өмірге сенетін болып барам, Екі қыздың кекілін тарап тұрып. Өмірде боп, өлімге жолықпас кім? Көз жасымды көрсетіп, солық бастым. Мына дүние бір көрген түс екен ғой, Түсімді енді ешкімге жорытпаспын! Не келеді қолымнан? Қан ақтырып, – Ит тірліктің қойғаны ғой талаттырып? ... Егілгенім болмаса анда-санда Екі қыздың кекілін тарап тұрып...
АНКЕТА Григоре Виеруден – Аты жөнің? Кімсің сен? – Мен. – Туған жылың? Қашан жерде қанат қақты тірлігің? – Әкем менен анамның сүйген күні бір-бірін... – Шыққан тегің? – Далам – дана. – Туысың бар ма? – Бар, – Анам ғана. – Аты кім оның, бала? – Мама. – Ол мұңлық не істеп жүр сабылып? – Күтеді біреуді сағынып... – Сотталдың ба? – Бірнеше жыл Өзіме өзім болып едім тұтқында: Сол зынданнан шықпадым ба, шықтым ба... – Туысың бар ма шет елде? Неге үндемейсің, көкем? – Бар: Әкем... Бір солдаттың тұяғы едім. Шерлі ем – мен: 1945-те жат өлкеде жерленген. Шет елдегі туысым – сол. Жырақта. Хат жазбайды бірақ та...
- * Шашубайша сөз алып ағайынға, Қайың да жоқ сөйлесер маңайымда. Қайда жүрсің Жәнібек? Осы өлеңді Жәкемнің бір әні деп салайын ба? Жылап келіп дүниеге, күле бердім, Көкірегімде болған соң – жүрегі ердің. Жаман заман жағамнан алды-дағы, Орнымнан мен де өре түрегелдім. Көкірегімде болған соң – жүрегі ердің. Көк аспанға кеудемді тірегенмін. Көк Тәңірін көрген соң, жер тәңірін, Елең қылмай, бетіммен жүре бердім. Жүре бердім сенше, өмір сүре бердім, Жер құштым да сан мәрте, – түрегелдім, Сақылдап бір күлу ме дүние жалған? Күле бергім келеді! Күле бергім... Артым – ойран болғанда, алдым – мейрам, Ұша-ұша, қанатым, талдың қайран, Қазақ болып жаралған ғажап екен, Шашубайдай жалғанда салдым сайран. Айхой, жалған, Салдым сайран, Артым – ойран, Алдым – мейрам, Ғаламның дидарына қалдым қайран-ай!
- * Қаншама әйел биік арманы Жүректен ащы шер төкті. Сүйе де алмады, сүйдіре алмады Еңіреген не бір еркекті. Енді кеп дауға салма соларды. Сүйсе де Хафиз, Хаямдар, Алтын сақина арбады оларды, Алдады оларды аярлар. Кеудесін ғалам ашқан құстарға, Өмір мен өлім өтінде: Муза – Ләйләлар аспанға ұшқанда, Қалды олар – Жердің бетінде. Көркеуде тірлік көрікті алады, Дидарда нұр жоқ, шабыт та: Мыстан кемпірдей өліп барады, – Төсек Дейтұғын Табытта... ИӘ... ӨЛЕМІН ӨСТІП МЕН... Димитр Методиевтан Иә... өлемін өстіп мен... үлгермей сүйіп, өмір сүріп те үлгермей, түсініп – ажал түскенін жолдан ұшырып; аз бергенімді алаңсыз жүрген күллі елдей, көп асылымды жоғалтқанымды – түсініп... Иә... өлемін өстіп мен: үлгермей сүйіп, өмір сүріп те үлгермей.
- Түсімде неге ылғи барда отырам? Ішкенім ірің болып зорға отырам... Төлеужан неге тағы аңырап тұр? Шеменнен бір босайтын шаңырақ – бұл: Өзі іште, Ал, қақпаның ар жағында Иесіз қалған қойы маңырап тұр! Рас па, қалай сенем түсіме мен, Менің де жылап жатқан ішім – өлең. Жұматай – мұнда, Сыртта – Кенежирен Жер тарпып тұяғымен, кісінеген. Мұқағали – бейне алып Жер тіреуі, Жүзінде – бардың күллі өрті-лебі: «Алаштың ақындарын осында әкеп, Немесе байлап қойып өлтіреді...» – Деді де шығып кетті, Қара да тұр: Ол қазір мұнда емес, – Жер-Анада тұр. Түлкінің боғы екен-ау көрген түсім, ... Барға енді басқа ақындар бара жатыр. Біз жоқпыз Будда келгенде. Малдасын құрып, мазасыз ойда тұр әлі. Мойнына бұршақ салып ап сол бір шерменде Азған құлына аспаннан медет сұрады. Иса да келген, Ібіліс, жынмен арбасып, Сап тимақ болып өртіңді, өңез дертіңді.
Даурықпа тобыр оны да бас сап дарға асып – Өлтірді! Пайғамбар дарда тұр өксіп, Шуылдақ тобыр, бұзылған қаншық, қағынды ұл Шоқынып соған, Керілген кезін крес қып, Мойындарына тағып жүр... Мұхаммед ғалай сәлем де келген зарлана, Құдай біледі – құранның жыры нендей жыр. Абайы сенген Аллаға Алашы әлі сенбей жүр. Құрт құсап дүние қыбырлап жатып, жыбырлап, Көзін ашқанда көгін де көріп қалады. Құлағына Сайтан сыбырлап, Құдайдың сөзін естімей, өліп барады.
- * Қойшы жаным, Һауа Анаң жыламаған, Жылатпайтын күш берген жылан оған. Адам Ата шыдаған абдырамай. Һауа Ананың өзі ғой шыдамаған. Періштелер – аспанда. Жерде – пенде, Көк сұрланды, нөсерін селдетер ме? Күн тұлданды шатырлап нажағайы, О да біздей ішінен шерлі екен де. Жер үсті – лас, Кінә көп, – күнә-дағы, Шыдағаны сап болды – зіл алаңы: Бізді көріп аспаннан ашуланып, Мұнысы не, Алланың жылағаны? Неге бүгін жер мен көк ашуланды, Асылдарды лақтырып, жасындарды. Көк пен жерді суарып нөпір нөсер, Көк шалғында сенің көз жасың қалды... Қойшы, жаным, Һауа Анаң жыламаған, Жылама деп айтты ма жылан оған? Көк нөсерден көгеріп көк пен егін, ...Көз жасынан жаралған – күнәлі адам, Қойшы, жаным, Һауа анаң жыламаған...
РЕАКТИВТІ САМОЛЕТ ПЕН КӨБЕЛЕК ҺӘМ ҚЫЗЫЛ ҚОҢЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Игорь Шкляревскийден Дегендей-ақ: «көгіндегі күшті – мен! Кіжініп ап реактивті – құс кілең – қалтыратып жапырақты... жаныңды Ұшқан кезде жасыл жердің үстімен... Айқай салам қарап шулы аспанға: – Уа, Адам, ұлымын деп мастанба, бомбаны ойлап таптың рас... Мәңгіріп – жүрсің енді көгершінді ән қылып. Көбелек пен, бірақ қызыл қоңызды
ойлап таба алмайсыңдар мәңгілік! * Телефоннан күнде күтем даусыңды, Күнде күтіп өткіздім бұл маусымды; Телефоннан күнде күтіп даусыңды, Май шам сынды қысқа ғұмыр таусылды. Сен бе десем ақыл-естен ауысып, О, сұмдық-ай, басқа әйелдің дауысы! Телефоннан күнде күтем үніңді, Айды күтем, шығарып сап Күнімді. Телефоннан күнде күтіп үніңді, Өмір – дауыл соққандай боп бүлінді. Ғұмыр бойы күнімен де, түнімен, Жан түршікті жат әйелдің үнінен. Телефоннан күнде күтем күлкіңді, Мен күлкісіз өткіздім ғой бұл күнді. Телефоннан күнде күтіп күлкіңді, Мұңға батып бара жатам бір түрлі. Болмысы да бөлек сенен, түр-түсі, Миды ашытты-ау осы әйелдің күлкісі.
БҮРКІТБАЙ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Бүркітбай – әкем аты, ағам Омар, Ауылым айдын шалқар көлге қонар. Мұстафаның әнінен Бүркітбай – өзің. Әкең – Сламбек-ті. Сламбек – Қызыларайға қыран текті. Аһ ұрып Ақжарықтан аттанғанда, Кеудеңде талай шерлі жыр-ән кетті. Ақжарық саған қарап жаутаң қағып, Арқары Ақсораңның арқандалып; Асырып алты қырдан сен ән салсаң, Қырық қыз тұрушы еді-ау аң-таң қалып. Таудан сап, қырдан салып, ойдан салып, Ойыңнан – ел-жұрт кетпей, бойдан – шабыт. Жаманға жүруші едің ойран салып, Жақсымен жүруші едің сайран салып! Сен кеттің, Қызыларайдан қызық кетті. Орныңа – ұры-қары, бұзық кепті. Ұқсас ең Ақсораңдай алыбыңа, «Көн тартса деген жұрт ек – қалыбына». Ойпырым-ай, Ойрантаудың бұлтын қиып, Балқаштың қалай бардың балығына?! Сен – мұнда сал да әніңе, шырқа да отыр, Ел әлі өзің көрген қырқада отыр. Тектісі жан-жағына тарап кетіп, Тексізі қарындарын сипап отыр! Сен – мұнда шырқа да отыр, ал, дүр-өрен, Құмда – өлең, құрақ та – өлең, шалғын – өлең.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру