Бір уыс сәуле
Жәди Шәкенұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бір уыс сәуле
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
(Әңгімелер жинағы)
ДАҢҒЫЛЫҢНАН ЖАҢЫЛЫСПА
Жәди Шәкенұлы деген қаламгерге Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы жайында жазған сыни мақаласынан кейін ғана назар аудара бастадым. Өмір шындығын шынайы қалпында жеткізу қажеттігіне назар аударғаны ұнады. Өйткені Кеңес одағы тұсында жалған сөйлеуге үйреніп, қызықты болсын деген пиғылмен қисынсыз қиялға ерік берген жаман әдеттегі ақын-жазушыларды сақтандыру мақсатында ер мінезді, қара сөзден май ағызып, қиынның қиюын табатын, тарихи тақырыпқа жүрексінбей баратын Қабдештің айғыр жалына жармасқан бейтаныс қаламгерге жалғыз мен ғана емес, басқалар да назар аударған болар.
«Қазақ әдебиетіне» қызметке келуі де, «Үн» есімді журналды шығаруы да маған беймәлім қалмады, әр тақырыпта жазғандары, әсіресе қысқа-қысқа әңгімелері де көзге түсе бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Өз әдебиетімізді өзгеден емес, өзгенің әдебиетін өзімізден іздейік», «Әдебиетіміздің атасы да ботасы да қазақ», «Жастар шығармашылығында поэзия биік, ал проза» деген мақалалары мен тарихи тақырыпқа, әсіресе Абылай ханды тұтқынға түсіп қалу қаупінен құтқарып, оң тізесінен орын талап еткен Ер Жәнібек жайында жазғандарын елеңдей оқығанымды жасырмаймын. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деген бабаларымыз өз фамилияларымен, яғни атымен айна қатесіз танылып жатса, соларға серік болған, қол бастаған керей Ер Жәнібек батырдың еленбей жатқанын біреу біледі, біреу білмейді.Қазақ жазба әдебиетінің негізін алғаш қалаушылардың бірі, бүкіл Қытай мен Монголия қазақтарының піріне айналған атақты ақын Ақыт Үлімжіұлының «Жәнібек батыр» поэмасы 1909 жылдан бері шығыстағы бауырларымыздың рухани азығы, өнеге болар қаһарманы болып келе жатыр. Сонымен қатар Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, ірі жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романын 1999 жылы Құлжаға барған сапарымда ала келіп, атақты бабамыздың өр мінезі, азаматтық келбетін танып, Советтік қазақтардың елемей жүргендігіне қам көңіл болып ем.
Тәуелсіздік келіп, әрқайсымыз өз ата-бабаларымызды іздеп, орынды-орынсыз той өткізе бастаған шақта жоғын іздеушілердің ең соңында Керей Ер Жәнібекке де кезек келді. Оған арналған ғылыми конференция болады екен деген хабарды естіп, 2006 жылдың 9 маусымында Ғалымдар үйіне бардым. Лық толған халық, алайда Кеңестік қазақтардан кейбір ақын-жазушы, ғалымдардың төбесі анда-санда бір көрінеді. Баяндамашы – Жәди Шәкенұлы. Алғаш көріп, сөзін естуім осы. Ынта қойып тыңдадым. Сөз әлпетінде пысықтығы, шешімділігі мен шешенділігі бірден аңғарылды. Сөз кезегі маған тигенде әңгімені бірден шығандатып: «Ағайындар, Абақ керей, Ашамайлы керей емес, Қазақстанда жалғыз ғана Керей бар, жалғыз ғана қазақ бар. Бұл бірігудің басы болатын болса онда «Халықаралық Ер Жәнібек қоғамдық қоры» құрылуға тиіс деген ұсыныстан
бастағаным қазір де еске түсіп отыр. Ұйымдасу шаралары әңгіме болғанда сөзі түсінікті де орнықты, пікірін ашық айтатын Жәдидің осы қоғамдық қордың міндетіне жегілгенін дұрыс көріп, басқа жұмыстарының көптігіне қарамай президент сайлаған едік. Содан бері бұл жігітке әлеуметтік тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да назар аударып келемін.
Жәдидің қалауымен 2007 жылдың сәуірінде Қазақстанның Халық Жазушысы, шын классик Әзілхан Нұршайықов екеуіміз Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Ер Жәнібек мазарын барып көрдік. Көрген білгенімізді облыстың әкімі Жәнібек Кәріпжановқа баяндап, ел елерлік қадамдар жасауын өтіндік. Қытайдағы ағайындар да қамданып жатыр. 2008 жылдың күзіне қарай батыр мазары бой көтеріп қалатын сияқты. Оның басы қасында Жәди жүргені өзінен-өзі түсінікті болар.
Таяуда (2008 жылдың 5 наурызында) «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» өзінің «Атажұрт» баспасы дайындаған 9 кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Сол кітаптың бесеуінен «Қазақ әдебиеті» газетінен көктемде ғана қауымдастық баспасына редакторлыққа ауысқан Жәдидің жәдігерлігін көріп отырмын. Соның алдында ғана жастар шығармашылығына арналған «Жас толқын» («Жалын» баспасы, 2006 жыл, екі кітап, Ұ.Зәуірбековамен бірге), «Оспан батыр» («Арда» баспасы, 2007 жыл, Д. Кәпұлы, Ө. Нәбиұлымен бірге) кітаптарын құрастырғанын, 2007 жылдың соңында балаларға арналған «Балқаймақ» кітабының «Балалар әдебиеті» баспасынан жарық көргенін білетін едім. Бұл ретте Ақыт Үлімжіұлының «Жиһаншах» атты өлеңдер мен дастандар жинағы, Қытайдағы қазақ ақындарының өлең жырлары «Күнгей бет» атауымен, Қауымдастықтың 15 жылдық тойының жалғасы «Қауымдастық – қазақтың бір отауы» (Б.Уатқанмен бірге) деген атаумен Жәдидің құрастыруымен шығыпты. «Шетелдегі қазақтар» кітапханасына Қытайда туып, қуғынға түсіп, Монголияда жазушы болып қалыптасқан, Қазақстаннан топырақ бұйырған Сейітқан Әбілқасымұлының «Қуғын» есімді өмірбаяндық хикаясы Жәдидің қолымен дайындалып, «Ақиықтың ақырғы балапаны» деген эссесімен бірге жарияланыпты. Ал «Қытайдағы қазақтар» атты монографиялық еңбегінің кітап болып шығуы өз алдына бір әңгіме. Мұның барлығы Шәкенұлының қалам қауқарының қарымдылығын аңғартса керек.
Осылай танысып-білісіп жатқан күндердің бірінде Жәди имене тұрып «Бір уыс сәуле» деген әңгімелер жинағының қолжазбасын ұсынып, оқып шығуымды өтінді. Ол тілегін орындап, көрген, сезгенімді ауызша айтайын десем де бүгін еріксіз қолыма қалам алып отырмын.
Әуелі жинақ атына көз салайық – «Бір уыс сәуле». Өмір шындығы тұрғысынан сәулені уыстау мүмкін емес, ал поэзия әлеміне келгенде қисыны табылса сәулемен құшақтаса да аласың. Ал Жәди сәулені оқырманға қалай уыстатыпты? Сендіріп пе? Бүкіл жинаққа есім болған әңгіме не бәрі жарты-ақ бет. Осыншама шағын көлемде кімді сендіре алмақ? Өйткені әр құбылыстың басталуы, шарықталуы, түйінделуі болатынын білгендіктен суреттемені екі-үш рет қайтадан оқыдым. «Аспан астында ұшып жүретін дауыстар көп» дегенге тосырая нанасың. Толған айдың бетінен шарананы
жарып шығуға жанталасқан нәрестенің бүктетілген бейнесін көріп, дүниені дүрліктіруге келе жатқан айғайын естисің. Сол айғаймен бірге ұшып келген жұдырықтай сәуле көзіңе шалынады.
Автордың «қолым жетпеген көп нәрсені өңімде емес, түсімде көретінді шығардым» дегеніне елеңдей қаласың. Ай бетіндегі бедерлі шарана үш жасқа толып, көбелек қуып жүр. Көмектескен болып қуысқан әкесінің көз алдында көбелек бір уыс сәулеге айналғанғанда баласы қуып жетіп ұстайды. Оянып кеткенде, жанында ұйықтап жатқан ұлының жұдырығы тарс жұмулы екен. Қуаныш, шаттық, бақыт деген осы емес пе?! Өзің ойлан да, сырын аңғар. Жарты беттік әңгіме(шындығында новелла) мені осылай қайран қалдырып, біраз ойға батырғаны өтірік емес. Эстетикалық мәні бар шығарма оқушысын әрқашан ойландыруға, тіпті керек болса таңқалдыруға тиіс. Сонда ғана ол жүрекке жол тауып, санаға орнайды. Есте жүреді.
Мен бұл баяндауды әдейі жасап отырмын, өйткені Жәдидің қалам сілтесі, өмірді іштей көруі, ойландыруы басқаларға ұқсай бермейді. Символиканың да, романтикалық желінің де, нағыздық шынайылықтың да іздері кездесіп, шап-шағын, қып-қысқа әңгімелері еріксіз өзіне тартады. «Жасыл жаңбыр», «Күміс кісе», «Алтын жүзік», «Қаз қанатына жазылған хаттар»... бәрі-бәрін тебіренбей оқу мүмкін емес.
Әрине, тіл қолданысында Кеңестік қазақтардың қолданысынан әлдеқашан шығып кеткен сөздер, ойлау жүйелері де кездеседі екен. Болсын, оның тіл дамытуға еш зияны жоқ. Жоғалтқанымызды қайтарайық, білмегенімізді үйренейік. Әдеби шығарманың қасиеті де осы ғой.
Қазіргі заманда көркем шығарма жазып отырмын деп ежіктей беруден аулақ болған жөн. Европаға елікте демеймін, онда роман – повестің, повесть – әңгіменің, әңгіме – суреттеменің деңгейінде жазылатын рәсім қалыптасып қалды. Көп сөзділік емес, көретін, сезетін, ұғатын көркемдік керек қазір. Осы тұрғыдан алғанда Жәдидің әңгімелерінде ойландырып-толғандыратын, көріп-қуанатын, сезіп тұщынатын сәттер жиі кездеседі. Мәселе тоқ етерін айтуда емес, соны оқушының жан-жүрегімен сезінуінде, өмір шындығын елестен ажыратып алуында, қызуы жоқ қиялды нәрлі өмір шындығына айналдыруында десек, бұл жағында қаламгердің өз қолтаңбасын қалыптастыруға көп еңбектенгені көрініп тұр. Арманыңа жетер даңғылыңнан жаңылыспа, әдебиет керуенінде жолың болсын!
Тұрсынбек Кәкішұлы,
Ф.ғ.д. профессор
12. 03. 2008
ЕРТІС ҚЫЗЫ
– Әне, әне, тағы да шықты, – деп әкем көзім енді іліне бергенде шынтағымен ақырын түртіп оятты. Тайқазан қауымдастығының пішен жұмысында болатынбыз. Шатырдың сыртында маса буып тұр. Оқта-текте шегірткелердің ащы шырылы естіледі, одан ары бақаның үні. Соның бәрін басып тоғайдың арғы түкпірінен, Ертіс бойынан сыбызғы дауысы талып жетеді. – Әке, ол не? – Ертіс қызы, Ертіс қызы сыбызғы тартып жатыр, шақырып жатыр . . . – Ертіс қызы деген кім, кімді шақырып жатыр? – Тоқта, тоқтай тұр. Әкем шатыр ішінде басын көтеріп алыпты, әлденеге елегізе құлақ түреді. – Тоқта, ақырын, дыбысыңды шығарма, тез киін, жүр ендеше. Алдымен киінген әкем шатырдың етегін еппен көтеріп, бүкшеңдей сыртқа шықты. Асығыс-үсігіс киініп, аюдың қонжығындай томпаңдай ердім артынан. Даланың бүкіл масасы бізді күтіп тұрыпты. "Шатырға тығылып алып шықпай қойып едіңдер, бәлем, енді шықтыңдар ма?" – дегендей, басың-көзің демей төпелей жөнелді. Тоғайдың қыр жақ шетінде аттардың пысқырынып жер тарпығаны, өгіздердің масаға булығып ыңырана өкіргені естіледі. Көрші қостан біреу күрс-күрс жөтеледі. Маяшы Әділбек ағайдың үні. Темекіні аямай тартатын кісі. Әкемнің сол жақ сұқ саусағынан тас қылып ұстап дедектеп келемін. Маңайдан шабылған пішеннің жағымды иісі аңқиды. Бұл кез масалардың өлім ауызында арпалысқан ақырғы күндері болғандықтан, олар өте уытты. Тоғайдан суырылып, өзен қырғағындағы малта тасты қыратқа ілінгенде барып азая берді. Ағынға қарсы соққан баяу жел жаңағы тымырсық бусантқан денемді еппен желпи бастады. Жылқының құйрығынан істелген қыл желпуішін маған берген әкем күләпарасының құлағын түріп, ұсақ шағыл тасты құмды дөңеске құйрығын қойып отырды. Жағаны сылп-сылп ұрған Ертіс толқыны түнгі аспанды шанағында шайқап, баяу шымырлап жатыр. Шіріген ағаштың сыз иісі, балық иісі білінеді. Өзеннің қарауытқан арғы жиегінде сыбызғы сыңсиды. – Әне, әне... Мен әкемнің қолтығына жабысып, бұға бердім, Ертістің ұйыса біткен тал-терегінің бауырына тығылған қара көлеңкелер жұлдыздар сағымымен толқып, билеп жүрген секілді. Судың сылдырына, желдің сыбырына қосылған мұңлы бір үн су бетінен қалқып, тоғайға қарай сұғына ұшады. Кейде қанаты талып, қатты серпуге келмеген шеміршек топшы майысып, суға құлауға айналады. Құласа болды шым-шым батып жоқ болатынын сезіп, қауырсынының ұшы ғана толқындарға жұмсақ ұрылып, қайтадан садақ жақтауындай иіле көтеріліп, баяу қалықтайды. Орман белдеуінен көтерілгенде, батыстың қоңыр самалы төсін
соғады да, одан ары аспанға қарай шалқи жөнеледі. Кенет, беймәлім жебенің ысқырығы естіледі де, топшысы сарт етіп үзіледі. Енді бүкіл дүние зіл-зала күй кешеді. Өзен жанарында моншақты аспан шыр айнала дөңгелейді. Аспан астыңда толқындар қазанға қайнатқан құрттай сапырылады. Көк бұйра желке жүндері жалбыраған су серкелері сарт-сүрт сүзісіп шалқасынан құлайды. Ертіске шүйіле құлаған үн айдын тереңіне атқан оқтай батып кетті. Сыбызғы дауысы шорт үзілді. – Аһ . . . Әкем көкірегін айыра күрсінді. Мен қолымның қалтырағанын білдірмеуге тырысып, маңымды мазасыздана желпи бердім. – Әке, әке, кім ол? – деп әзер сұрадым. – Ол Ертіс қызы. – Ертіс қызы деген кім? – Ол ма... Әкем айтқысы келмегендей желкесін мағынасыз қасып, аз тұрды да, демін ішіне тартып, ауыр тыныстады. Басын кегжите, көзін орманнан асыра аспанға қадап сөйлеп кетті. – Ерте, ерте, ертеде асқан сыбызғышы бір жігіт болыпты. Ол бала күнінен қой жайып жүріп-ақ бүкіл даланың қурайына жан бітіреді екен. Күндердің күнінде байдың жылқысына үркек дерті тиіп, қайыру бермей дүркірей қашқанда жігіт оны сыбызғымен тоқтатады екен. Сыбызғы тілін білетін байдың қызы мұны өз көзімен көріп, ет құлағымен естіпті. Сол күннен бастап жігітке ғашық болыпты. Бірақ, жігіт ол кезде әлдеқашан үйлі-баранды болған кез екен. Қыз әр күні Ертістің жағасына келіп көңіл-күйін сыбызғымен жеткізетін болыпты. Арғы жағада жүріп мұны тыңдаған жігіт оған сыбызғымен жауап береді екен. Атастырып алған жарына бұрыннан-ақ көңілі толмайтын ол шабан ат, өтпес пышақты күйге қосып толғайтын болған. Осылайша сыбызғымен ғана сырласқан қыз бен жігіттің бір-біріне деген ынтызарлығы күн сайын арта беріпті, арта беріпті. Күндердің күнінде қыз жеңгелері арқылы әкесіне өтініш айтып, жігітке тұрмысқа шықсам деген тілегін білдіреді. Жігіттің кедейлігін былай қойғанда үйлі-баранды жайын бес саусағындай білетін бай тік шапшыпты. Сол күннен бастап қызын аттап шығармайтын болыпты да, бір байдың мырзасына қалың малға беруге келісіпті. Ал сыбызғышы жігітті айшылық алысқа жылқы отарлатуға жіберіпті. Көз жасын көл қылған қыз еш амалы қалмай, түнде үйінен ұрланып шығып, Ертіске келіп жылапты. Оның зар-наласына қосылған толқындар бірге егіліпті. Сол күннен бастап қыз үйіне қайтпапты. Ендігі жерде ол байдың қызы емес, Ертістің қызына айналыпты. Бірақ оның қарасын ендігәрі ешкім көре алмайтын болыпты. Ал, ол тартқан сыбызғы үні күні бүгінге дейін естіліп тұрады екен.
Әкем екеуіміз ұнжырғамыз түсіп, қосқа көңілсіз қайттық. Мен ұзақ түстің аяғына жете алмай әбден діңкелеп, қатып қалыппын.
Әкем: «Ертіс қызы шақырады» деп мені түртіп оятып жатқандай еді,
оным бекер болды, әтештей қоқылдап азаннан оятатын Мәуіт атты
пішеншілер бастығының айғайы екен.
Мен шөмелені басып жатсам да, өгізге мініп шанамен шөп тасысам да
Ертіс қызын ұмыта алмай діңкелеумен болдым.
Сол күндердің бірінде түскі демалыс болып, шанамызды жапа-тармағай доғарып, қосқа келе жатып, сыбызғы үнін естіп қалдық. Елең ете түстім. О, тәуба, баяғы Ертіс қызының сыбызғысы. Қосқа жүгіре жеттім. Қалың пішеншілер сыбызғы шыққан жерді қаумалап алыпты. Жұрттың арасынан кимелей барып мойын создым. Ортада дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, қою қара сақал-мұрты бар, тығыршықтай шал кеңірдегін кенеп алып, тамағынан сыбызғы үнін толқытып отыр. – Кім, кім бұл? – дедім мен Жеңіс деген шанашы досымның шынтағынан ақырын тартып. – Зейнолла, Зейнолла деген сыбызғышы шал екен, Шібеті жақтан келіпті! – деп күбір етті ол тәмпіш танауын күс қолының сыртымен сүртіп тұрып. Мен шалға оңды-солды көрім-ақ қарадым, қолында сыбызғы түгіл дәнеңе де жоқ. Анда-санда бөбежігін ақырын-ақырын қағып қояды. Сыбызғы үні құбылып шығандай жөнеледі. Онан төмен сорғалайды... Мен енді әкемді іздедім. Әкем қоста шалқасынан түсіп жатыр екен. Бидайықтың өзегін тісіне салып, қырт-қырт үзеді. Үзеді де бүркіп жібереді, қайта сөйтеді. – Әке, әке, мына шал . . . – Иә, ол шал? – Ол Ертіс қызының сыбызғысын шалып жатыр ғой. – Иә, ол Ертіс қызын шақырады, Ертіс қызы оны шақырады. Мен әкемнің сөзіне түсіне алмай, бетіне тесіле қарадым. Ол түк деместен бидайық өзегін қырт-қырт шайнайды. Мен қайтадан топқа жүгірдім. Тымағын жанына қойған Зейнолла ақ шыт тартқан шақшадай басын шайқап-шайқап қойып, сыбызғы үнін сұңқылдата толғайды. Пішеннің малын бағатын Закон шал кір-қожалақ орамалымен маңдай тері мен көз жасын кезек сүртіп, мұрынын қорс-қорс тартып жылап отыр. Сөйтіп, жұмбақтың байыбына барғанша демалысымды аяқтап, оқуға баратын кезім болды. Пішеншілерге қош айтып қалаға тарттым. Келесі жылдың пішеніне орала алмадым. Себебі әкем . . . әкем мен Зейнолла мені тастап, алысқа, а-л-ы-с бір жаққа кетіпті. Ертіс қызы туралы ертегіні екіншілей жан баласынан естіген емеспін.
ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР
Жасыл текшенің тұмарша төсін тұманның жұқа шүйкесі орап тұр. Сұрғылт аспан ұсақ-ұсақ суық тамшыларын бүрке бастады. Жалаңаш білегіме соғылған жарты бидайдай жаңбыр тамшылары жап-жасыл екен. Аспанға, айналама ғажаптана қарадым. Дүниенің бәрі жасыл буға оранып, жасыл демі бұрқырайды. Жасыл әлемге қарай-қарай қарлыққан болар деп көзімді уқалап жіберіп қайта қарадым. Тағы да сол – жасыл әлемге жасыл маржандар шашылып жатыр. Табиғаттың тана моншақтарындай жасыл жүректерден жасыл қан ағып тұр. Етекке, сай тағанына қарағаныммен, шұбала көшкен бозғылт тұманнан басқа дәнеңе көрінбейді. Одан бері қарағай, самырсындардың тұманды тескен сәукеленікіндей сүйірше жасыл төбелері ғана бұлдырайды. Жаңбырмен бірге жердің, мәңгі қартаймайтын балғын, балауса иісі мүңкиді. Кенет, қарсы алдымдағы алма ағашының бұтағы сәл тербелгендей болды. Жүзін жасыл тамшылар айғыздаған әдемі аққұбаша қыз алма ағашының астынан еппен шығып келеді. Үстінде көл суынан жасалғандай көгілдір көйлек. Ботаныкіндей дөңгеленген мөлдір, шаралы жанары маған тесіле жаудырайды. Табанымнан көтерілген ыстық ағын тұлабойымды шарпып, жүрегім шымырлап кетті. – Сәлеметсіз, қарындас, сіз... – Сөзді осылай бастап оған таядым. Самайына талдана құлап, суға шыланған қоңырқай шаштарын арық етсіз саусақтарымен күн көрінетіндей жұқа құлағынан асыра артына қайырды. Бозара дірілдеген еріндерінің ар жағынан әппақ тістері көрінді. – Сәлеметсіз, аға, – деп жасқана тіл қатты. – Сіз..? – Аға, қорықпаңыз. – Жөн сұрасақ айып болмас. – Атым Айман. Жөнімді айтар болсам ол ұзақ әңгіме. Қыз жүзіне тұман ұйығандай тұнжырай қалды. Қап-қара ұзын кірпіктері жиі-жиі қағылып, жерге қадалды да, ауыр демінен болмашы әппақ бу көтерілді. Беліне оралған білектей бұрымын алдына алып, ұшын шұқылай өріп: – Мені сізге жолықтырған Аллаһтың әмірі шығар, – қыз тағы күрсінді. – Бір үйдің ерке шолжаңы едім, ауылымыз анау таудың ар жағында, – ол жұқа иегін соза көтеріп, бозғылт тұман жапқан қарсы бетке мұңдана қарады. – Әкем өз дәуірінің шалқыған байы еді, не ішем, не кием десем бетімнен қақпады. Бірақ өте қатал болатын. Өз тілінде сөйлемей өзге тілде сөйлейді. Екінің бірінде есе сөйлеп: – Мен неге қазақ боп тудым екен?! өмірдегі ең үлкен өкінішім де осы! – дейтін. Қандастарын өлердей жек көретін. Кісі жалдап талайының сорын қайнатқанын сезетінмін. Әжемнің әлдиімен, ауыл құшағында бесік жырымен
есейген мен осы жағынан онымен жұлдызым жараспады. Ол болса әкеліктің дойыр өктемдігін көрсетіп, мені өзіндей бай өзге ұлт жігітіне атастырмақ болды. Онымен қоймай арақ-шарап араласқан жын-шайтандардың дастарханына тарта бастады. Атамның жайнамазына жағаласып өскендігімнен олардан жаным түршігіп, періштем шошынды. Ақыры, темір тегеурінін салмақ болған әке шеңгелінен жалғыз-ақ күнде қашып шықтым. Содан бері таудамын. Тау жемісін сыйлайды. Қара күпілі қарағайлар аға болып ыстық бауырына басса, ақ жағалы қайыңдар жеңге болып сыбырлайды. Адамдар жау санаған көкбөрілердің өзі құйрығын бұлғап еркелейді. Бұлбұлдарды жүрегіме ұялатып, ақ көгершіндерді алақанымнан ұшырамын. Қарашы, бәрі де жап-жасыл! – Қансыз қалтыраған саусақтарын майыса бүгіп, жасыл жапырақтарды аялай сылаған оның ақшыл жүзіне күлкі жүгіріп, миығында толқын дірілі тұрды. – Қарашы, аға, бәрі де жүрегін жайып тұр. Бұлардың жүзі қалай болса, жүрегі де солай. Жүрегі қалай жасыл болса, қаны мен жаны да солай жасыл. Бұлар ешкімді алдамайды. Күлгенде бүкіл даланың желегі желбіреп, шаттана ырғалады. Жылағанда етегі жасқа толып еңірейді. Кейде анама ұқсайды, – ол осыған келгенде булығып қалды. Мен оның кірпігінен бірін-бірі қуалай үзілген жас тамшыларын көріп тұрдым. Тоқ тамағының бүлкілдеуінен ащы запыранды ары қарай жұтқаны білінеді. – Мен жетіге келгенде анам көлік апатынан қаза тапқан, осы таудың бөктерінде жатыр. Оның қабірін де тура осындай жасыл шөптер жапқан. Қазір ол жер жай ғана төбешік. Әкем басына күмбез орнатуға үлгерместен тағы біреумен үйленіп алған. Анамның қазіргі серігі де осы жасыл періштелер. Көктемде ол маңды қалың қызғалдақ жабады. Мен алғаш қашып шыққанда сол қызғалдақтарды жастанып, анамның қабіріне түнейтінмін. Анамнан әлдене дәметіп, қара жерге құлағымды төсеп жатушы едім. Топырақтың асты бүлк-бүлк етіп, оның жүрегінің лүпілі естілетін. Құлағыма сыбырлап: «құлыным, тұра ғой, көз жасынан пайда жоқ» деп жұбататын. Ал, қазір болса бәрі-бәрінен алыстап кеттім. Онан бері қанша заман өткенін де білмеймін, – қыз тағы жылады. Бұл шақта бүкіл дала қызға қосылып бірге жылап тұр еді. – Қазір онда неге бармайсың?.. – Аға, маған сеніңізші, мен адамзаттан алғаш рет сізді жолықтырып отырмын. – Міне, жаңбыр басылайын деді. Тұмандар да түріліп келеді. Оның қыр мұрындары қусырылып, демі сығылып, үніне діріл араласты. – Қарындас... Шынында жаңбыр тамшылары сиреп, тұмандар түйдегі тау алқымына жылыстап барады екен. – Аға, қош, қош енді, мені жасыл жаңбыр жауғанда күтіңіз, қалғанын сонда айтамын. Тұманға беттеген бейтаныс қыздың, бейтаныс емес-ау, Айманның көкшіл көйлегі көлбіреп, бұраң белді нәзік тұлғасы еппен алыстап барады. – Қарындас! Ол артына бұрылып қарамаған күйінше боз тұманға сіңіп кетті.
Мен жасыл текшенің жүрекше тасынан секіріп түсіп, бетегелі бетке қарай тырмыстым. – Қа-рын-дас! Бота мойынданған кезеңнің өркешіне ілінгенімде, күн шайдай ашылып кетті. Тек көз алдымда бір шөкім тұман ғана аспандағы қазбауыр бұйра бұлттармен қанаттасып, ары ауып бара жатты. Сонан бері Алатауда аттай желіп алты жыл өте шықты. Сонан бері әр жаңбыр жауған сайын аспанға алақанымды тосамын. Жердің миын шығарып, жеті күн, жеті түн нөсер құйса да, жасыл жаңбыр әлі жауған жоқ. Шіркін, жасыл жаңбыр қашан жауар екен... “Сен айтшы, жасыл әлем, жа-сыл жаң-быр қа-шан жа-уа-ды?” – мен жасыл текшенің тұмаршасында тұрып дәл осылай айғайлағым келді.
Тіршілік үшін аспан шалғайынан ұшып жететін дауыстар көп. Кейде сол дауыстар құлағыңның түбіне келіп күмбірлеп тұрып алатынын қайтерсің? Толған айдың бетіне зер салып қарайсың ба, шарананы жарып шығуға жанталасқан балғын нәрестенің бүктетілген бейнесін көресің. Көп өтпей оның үнін естисің. Айдың бетінен ұшқан дыбыс “ә” дегенше құлағыңа кіріп, жүрегіңді шымырлатады. Сол сәтте құдіретің күшті болса дауыспен бірге ұшып келген жұдырықтай сәулені уысыңа ұстап үлгіруің керек. Әй қайдам, ұстай алмайсың, егер ұстай алсаң ол сенің бүкіл бәденіңе нұр болып тарайды. Қан тамырыңда асау ағындар жүйткіп, жан сарайың саф алтынға айналады. Мен қолым жетпеген көп нәрсені өңімде емес, түсімде көретінді шығардым. Көктемнің көк төскейінде үш жасар ұлым көбелек қуып жүр екен. Олай-бұлай бұлтақтай жүгіргеніне қарап көбелегі құрғыр ұстатпай жүр-ау деп ойладым. Оған болысып, көбелекті бірге қумақ болып ентелеген менің көзіме көбелек емес бір уыс сәуле көрінді. Менен бұрын жеткен ұлым әлгі сәулені ұстап үлгірді. Ұйқымнан оянып кеттім, жанымда ұйықтап жатқан ұлымның жұдырығы тарс жұмулы екен. Мен оның алақанын ашуға бата алмадым. Бір уыс сәуле...
САҒЫМ ДҮНИЕ
– Ей, Аллаһ, бір ғана тілегім бар. Сен ағайындыларды қырқыстыруды адам атадан-ақ өзің бастадың. Сол үшін де адам атаның үлкен ұлы Қабыл інісі Әбілді өлтірді. Сол жауыздық жер бетінде әлі жалғасып келеді. Сен оларға ойлануға уақыт бермедің. Күнәсінен тиылуға орай жаратпадың. Егер тілегімді қабылдап, уақытты кері шегерсең, олар қатесін танып, түзелер еді, жер беті жауыздықтан тиылар еді!
Бұл адам атаның шөпшектерінің өтініші еді.
Ғасыр өз бұйдасын қанша жыл кері тартты, оны ешкім аңғармады. Алла адам әулетінің тілегін мақұлдаған болатын.
Қабыл әуелгісіндей жер жыртып, егін салса, Әбіл мал бағатын. Ол інісі Әбілдің тірі жүргеніне қайран қалды. Әрі оның қарындасына баяғыдай ғашықтығын көргенде ақылын ашуға жеңдірді. Әуелгі сөзін қайталап:
– Сенің менің қарындасымды алып бақытқа кенелуіңді, өзімнің азапқа қалуымды қаламаймын. Сені сөзсіз өлтіремін – деді. Әбіл де бұрынғы сөзін қайталады:
– Аға, өйтіп күнәһар болмаңыз, райыңыздан қайтыңыз, Алладан кешірім сұраңыз. Олай болмағанда көресіңізді көріп, тозақтың отына күйесіз. Арамдық атаулы жазасыз қалған емес! – деді.
– Егіздің сыңары болса да асқан сымбатты аяулы қарындасымды өзім алмай саған беріп бұл дүниеде өртенгенімнен о дүниеде өртенгенімнің өзі жақсы! Осыны айтқан Қабыл Әбілге тап берді.
Амалы таусылған Әбіл баяғыдай өлімге басын ұсынбай, тұра қашты. Мүмкін Қабылдың тәубасы есіне түссе райынан қайтар деп үміттенді. Әрі адамзат дүниесінің кейінгі мысалын көрсетпекке қабірлер үстімен ұшты. «Ромео мен Жульетта», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Еңлік пен Кебек» кесенелерінің қасынан да өтті.
Сағым дүние жердің бетінен неше аунады.
Әбіл қашып келеді. Қашып келеді...Ағасынан әлі де күдер үзбеді.
Қабыл болса соңынан бір қалатын емес. Көзіне Әбілден өзге ештеңе
көрінбейді. Ол інісін өлтіретіндігіне сенімді еді.
БАЛАНЫҢ ОЙЫНШЫҒЫ
Дархан малды ауылға, қыр тірлігін көруге бір жылдық сапарға аттанарда әйелі:
– Алты жастағы ұлың асыққа үйір, ауылдан көп асық ала кел – деп
арнайы тапсырған болатын.
Бір жыл әрі ұзақ, әрі қысқа болды. Шалғай ауыл, жар мен бала сағынышы оны асықтыруда. Дорба толы асықты арқалап ауылдан қалаға оралған Дарханның қуанышында шек жоқ.
Барған үйлерінде мал сойылғанда асыққа тапсырыс беріп, оны боятып алатын еді. Неше түсті асық, қорғасын құйған сақалар көздің жауын алады. Өзінің бала күнгі асыққа қолы жетпеген жоқшылық тағдыры да еске түседі. «Шіркін, мұншама көп асықты көргенде балам қандай қуанар екен» - деп асыға кірді есіктен.
Бірақ, баласы қуанбады. Алдына төгілген асыққа наумез қарап:
– Біз асықпен ойнамайтын болғанбыз – деп бұртиды. Әрі әкесіне сөреге қойылған қошқардың бас сүйегін көрсетті. Жүгіріп барып бір түймешікті басып қалып еді, қошқардың көзінің орынына салынған жасыл шырақтар жанып, кеңсірік қуысына орнатылған кішкене кернай маңыраған үн шығарды. Ізінше жағымды музыка үні естілді. Мүйізіне оралған жіңішке жіпті түрлі-түсті шырақтар жылт-жылт етеді. Шынында әдемі екен.
– Біз баспен ойнаймыз, – деді сосын, – маған бас керек. Қошқардың, бұқаның, аттың басы . . . адамның бас сүйегі болса тіпті жақсы. – Бас ... !?
АЛТЫН ЖҮЗІК
Ол алтын жүзікті жақсы көретін. Әрі үнемі басқалардың қолындағы жүзікке зер салып жүретін. «Қарашы, анау жас қыз шылдыр шүмегіне жүзік салып алыпты. Не деген бақытты, ә!» деп тамсанушы еді. Оның көздерінен: «Сен маған қашан жүзік сыйлайсың» деген тәтті сезімнің арайын көруші едім.
Біз оны жерлеп қайтқанда қапалақтап қар жауып тұрды. Көптің көзінше айттырмаған қалыңдыққа егілудің ретін таппай, көз жасымды жұтумен болдым.
Ертесі қайта бардым. Қара жердің төсінде аппақ қарды жамылған ұзын жал топырақ жатыр. Басын қанатының астына тығып, ұйықтаған аққудан аумайды. Шолпанның ана сүтін лайламаған кіршіксіздігіне куә болғысы келген ұлпа қар күміс ұнтағындай жылтырайды. Қабір топырағын құшақтап жылағым келсе де, көбік қардың майда мамығын таптағым келмеді. Із түсіруге қимай шылбыр тастам жерге тізе бүктім. Сонымды сезді ме, мазардың томпиған жал топырағы қар астынан бұлқынып шыққысы келгендей бүлкілдей қозғалып жатты. Мен егіліп отыр едім.
Сол түні көп жыладым, ұзақ жыладым. Оған арнаған алтын жүзікті алақаныма салып аймалаумен болдым. Манағы қар жамылған қабір аппақ той көйлегін киіп түрегелген Шолпанға айналып, маған қолын созады. Мен жүзікті салайын десем, қолым жетпейді.
– Шолпан, Шолпан бұл саған арналған жүзік еді ғой – деп кемсеңдеймін.
Қалжырап қатты ұйықтасам керек, таң қараңғысында оянып кеттім.
Қолымда жүзік жоқ.
Басымды көтермек едім, көкірегіме шеңгелін салған әлде не жүрегімді суырып барады. Саусақтарын ұсынған Шолпанның елесі қайта көрініп, кірпігім ауырлап, тұла бойым үскірік шалғандай суынып кетті. Көзімді аша алмадым. Маужыратқан тәп-тәтті ұйқы уыздай ұйытып барады. Бір ғажабы ұйқы дегеніміз жұлдызсыз қап-қара тымық дүние екен. Сол қараңғы әлемнің тұңғиық биігінде менен алыстап бара жатқан қияқтанған имек айды көрдім. Оқтай зымырап ұзаққа ұшқан имек айдан мен де қалар емеспін. Жақындағанда байқадым, ол ай емес, әлсіз сәуле шашқан алтын жүзік екен. ИЕСІ...
ҚАЛАМ
Қаламды ұқыптап ұстауға жоқпын. Қашан көрсеңіз төсімді, жанымды сыйпалап қалам іздеп жүргенім. Қаламсыз тағы жүре алмаймын. Кейде күндізі түгілі, түн ортасында ұйқымнан ояна салып, қалам іздейтін кездерім бар. Бүгін де солай болды. Ұйықтар-ұйықтамаста жын ұрған бақсыдай орнымнан ұшып тұрдым. Әйелім, балаларым шырт ұйқыда жатыр. Ондайда шырақ жақпауым керек. Шырақ жақсам болды көз алдымда ұшып жүрген көгілдір бейнелер сарғыш сәулеге айланып ғайып болады. Киноның ең тамаша жеріне келгенде тоқ өшіп қалғандай күй кешемін. Қайтейін, бәрібір қаламды таппадым. Қолыма алған ақ парақтың бетіне тырнағыммен іздер салған болдым. Таңертең жайыммен оянсам қағаздың беті қалың шимай. Бір тәуірі өз қол таңбам сияқты. Бірақ, сиясы бөтен – байырғы қолжазбалар қорындағыдай ескі. Ертесі ұйықтап жатып, таңға жақын қағаз бетіне жорғалаған қаламның сытырынан оянып кеттім... Таңғы шай үстінде әйелім: – Бұл үйде қайдағыны жазамын деп не сен жынданасың, не сенің қылығыңнан мен жынданамын. Түнде марқұм болған жазушы нағашыңның атын атап қалам дейсің бе әйтеуір бірдеме сұрап, күбірлеп шықтың, – деді. Мен үндемедім. Тағы да қалам іздедім. Бұл жолы кішкентай қызым Нәр көмектесті: – Әке, әке, міне қалам. – деді. Мен оның бетінен сүйдім де осы әңгімені жаздым.
ҚАБІР БАСЫНДА
Күздің жаймашуақ күні емірене өпкен сары белді майыстырып қалың мола тұр. Ғұмыр бойы балапаны үшін шырылдап өткен ғазиз ананың ыстық тәні қара жердің суық қойнына , мейірімсіз мешкей дүниеге жұтылып барады. Ана қазасы – Адам қазасы! Оған қара жердің қабырғасы да қайысар. Бірақ, Алланың бұйрығынан аспақ жоқ. Жер екеш жеріңіз он сегіз мың ғаламның біреуі ғана. Қараңызшы... Алла қара жерге айтты: – Мынау ғұмырдан қайтқан пенделерді өз қойныңа тапсырсам деймін. Жер айтты: – Ей, Алла, өмірге әкелген пендеңнің бәрі періште емес. Оның тап-таза балғын тәніне алақанымды тосып алақайлап едім. Енді лас-былапыт етіп, көкірегін арамдықтың ұясына айналдырып маған табыстағаныңа көне қоймаспын-ау. Алла айтты: – Қара жер, сен есіңе алшы, мен оны сенің топырағыңнан алып, балшыққа айналдырып, жан салып едім. Өз топырағыңды өзіңе қайтарсам оны неге алмайсың?! Жер айтты: – Жаратушы Аллам, сіз, сол топырақты менің бойымнан алғанда ол кірсіз, ұлпа еді. Аспанның ақ қарын ғана сімірген таза күйінде болатын. Енді оны шайтанның арбасына мінгізіп, жамандық атаулыны жапсырып, дайрақ көлшігіне матырып, маған бергеніңіз қалай? Алла айтты: – Сен өте дұрыс айттың. Мен оны сенің көгеніңнен таза күйінше босатып алған едім. Енді аузына иманын салып, жуындырып-шайындырып, өздері білген тазалығымен өзіңе жөнелтіп отырмын. Ендеше, су тазарта алмаған дүниені сен тазартасың. Өз топырағыңды өзің тазалау сенің ғана қолыңнан келеді. Жер айтты: – Алла, әміріңе құлдық. Денемнен ойып алған бөлшектерді өзіме қайтарғаныңызға мың алғыс. Оларды әуелгі бостығына жамаймын. Топырақ пенделерді топыраққа ғана айналдырып тазарту табиғат тағылымы мен дала заңына да қайшы емес. Бүгінгі тірі пенделердің барлығы да кеше қалай топырақ болса ертеңде сондай топырақ... Күбірлеген бұл үнді біреу естіді, біреу естімеді. Үн аспан мен жердің арасын кезіп қанша ғасыр жүрді – оны да ешкім білмейді. Ананың, жер бетіндегі ең асыл жанның мүрдесі тас табыттан сырғып, сұп-суық қабырдың тұңғиық аранына сүңгіп барады. Ораудағы ақ киіз ағытылып, аппақ кебінге оранған аяулы тән ұстаушыларының қарымын талдырып, жанақымға сұғынып барады. Ақ уызын емгеннен көз жазбай өскен көп әулет жарық дүниеден
біржола аттанған қонақ – ғұмырдың топыраққа көмілетініне сенер емес. – Шеше, шешем менің... Анам менің, топыраққа қалай қиям сені?! Қорғасындай тамшылар ұлпа топырақты тесердей тырыс-тырыс тамады. Олар өмірге әкелген аналарын өз қолдарымен, аналары тұзбен жуып, маймен сылап өсірген сом қолдарымен қара жерге көмбекші... Қатыгездікке үйренген пенделер топырақ сала бастады. Ананы көміп жатыр, “Неткен жауыздық!”. Анадан туған екі аяқты мақұлықтар ана қабырына асығыс топырақ тастауда. “Тоқтаңдар, тоқтатыңдар!” Бірақ, бұл сөзді ешкім айта алмады. Дөң басында, сағымдар арасында қурай басын майыстыра қонған бозторғай әлсіз шырылдады. Екі көзі топыраққа аунаған пенделер оны елеген жоқ. Жұрт алдына шыққан ақ сәлделі имам қос иығын қомдай сөйлеп тұр. Оны осы жұрттың бәрі біледі. Мешіт салған, медресе ашқан. Қазақ даласы елдігін қайта алған жылдары мұсылмандыққа мұрындық болған инабатты адам. Сондығынан болар, осы маңдағы торқалы той, топырақты өлім ол кісіні соқпай өтпейді. Қабыр басындағылар имамды мүлгіп тыңдауда, тек, “күмп-күмп” тасталған топырақ үні естіледі. – Балапан басына, тұрымтай тұсына тартып, жерді додаға салғанын бәріңіз білесіздер. Сол тұста әкімдердің есігін тоздырып тулақша бөлінген жерден осы алақандай төбені алғанбыз. Біреудің анасы, біреудің мынасы дегендей марқұм болғандарға соңғы мекен болды. Жер алтынға айналған мына күнде ешкімнен ақы дәметпедік. Жұрт ішінде ұсақ күбірлер шықты. – Рас-ау, жалғыз басын біресе онда, біресе мұнда сүйреп талай жанның сауабын алды. – Егер бұл кісі болмағанда жаназа шығарғанды қойып, шарапқа сылқия тойып, әлі талайды кебінсіз көмер едік. – Е, Аллатағала сауабына жазсын... Имам тамағын кенеп, жұрттың төбесінен асыра көз тастап, сөзін жалғады: – Қазір заман өзгерді. Біздің қолымызда құран аударып, мешіт қарап отырған бес-алты бала бар. Олардың киер киімі, ішер тамағы бар дегендей. Алда құрбан айт келе жатыр. Құрбанға мал шалсаңдар біреуін біздің мешітке беріңіздер, Алланың сауабын аласыздар, – жұрт аузы аңқия, ұшқан шыбын үні естілердей үнсіздікке көшкен: – жақыннан бері жігіттеріміз қабыр қазып шайшалаңын айырып жүр. Бұдан кейін қабыр қаздыру керек болғанда мешітімізге хабарласыңыздар. Қабірлік жердің бағасы да аса қымбат емес... Неге екенін кім білсін, осыдан кейін жұрттың құлағы тарс бітіп қалды. Қас-қаққанша аспанды бұлт торлап, айнала шаңыт-туманға оранды. Олар буалдыр дүниенің ішінен имамның ауық-ауық жыбырлаған аузын ғана көріп тұрды. Ақсиған тістерінің арасынан қып-қызыл сүйір тіл жылтың-жылтың етеді. Одан жоғары сексеуілдікіндей екі шоқ тұманды тесіп тұр.
Жұрт қабір басынан ауыр жүк арқалап, еңсесін көтере алмай қайтты. Артта олардың қимас жандары қалды. Арттағылардың барлығы төбе басына жиылып, өздерінен алыстап бара жатқан тірілер тобын үнсіз ұзатуда. Жер бетіндегі тірілер қара жердің құшағына енгенде ғана бір-бірімен теңеседі. Патшаға да қара құлғада бұйырары бір уыс топырақ. Қазір олардың көзін шел басқан. Алысты көре алмайды. Бірақ, оларды кешіруге тура келеді. Өткені, өздері де кеше тірі болған. Тірілерге қарағанда өлілер мейірімді келеді. Адамдарда жалғыз ғана мекен бар. Ол – қара жер. Қара жердің құшағы қашанда ыстық. Бұл өлгендердің уәжі. Екі дүние үшін табиғат қана мәңгілік. Ол сол мінезін тағы бір мәрте танытқысы келіп түк сезбегендей сары жонды, сары жондағы үлкенді-кішілі молаларды баяғдай маужырай сүюде. Ал топырағы суып үлгермеген екеудің шыбын жаны торғайға айналып, өлгендер мен тірілердің арасында шырылдай ұшып жүрді. Олардың бірі – ана, бірі – имам еді.
КҮМІС КІСЕ
– Бұл кісенің қашан, қай жерде жасалғанын білмеймін, әйтеуір арғы заманның мұрасы екені рас. Қарашы, құйма күмісінің өрнегі мен ауырлығына! – Қарт осыны айтып тізерлей тұрып кереге басындағы кісені еппен алып, сүйекті саусақтарымен аялай сипады. Төрт елідей жалпақ, мол күміс өрнекті көне кісе қолымды майыстырып, білегімнің қарымын талдырып барады. Менің қолыма көп тұрғызуды қимағандай орнынан жеңіл тұрған қартым оны әуелгі орнына қайта ілді. Жасаураған шұңғыл көздерін ашық есіктен қарсыдағы жасыл беткейге қадаған қарттың шоқша сақалы сәл дір етіп, қою мұртының астындағы еті қалың еріндері жыбырлап кетті. Қарт сөйлеп отыр: – Тілші екенсің, бәрін білсем дегенің жөн ғой. Бұл бір ұзақ әңгіме. Қарт етігінің қонышына қолын жүгіртіп, мүйіз шақшасын суырып алып, сол қолының алақанына еппен қағып қара көк насыбай салды. Шегірткенің төбесіндей ғана шағын үйменің жиегін жиыстыра отырып, аузына қарай сақ еткізді. Тіл астына басылған насыбай сөлін төгіп алмайын дегендей астыңғы ернін жымқырып бірталай отырды. Одан оң қолының саусағы көкқұтанның мойнынша иіліп барып, астыңғы ерінді жағалай ауызға лып етіп кірді де, қармағына ілінген шайынды насыбай нілін сүйреп шықты. Үйдің іргесіндегі сырмақ шетін көтерген қарт саусағын солай қарай бір сілікті де еңкейіп барып шырт түкірінді. – Сонан бері тұп-тура елу жыл өтті, иә солай, елу жылдың алды болатын. Дәл осы жұртта отырғанбыз. Екінті мен ақшамның арасында түйеге мінгескен бір топ бала сау ете түсті. Бала деймін-ау, өңкей сайдың тасындай өрімдей жас жігіттер екен. Онда менің отызға енді ғана ілінген шағым болатын. Қазақтың қаймағы бұзылмаған қара нөпір дастарханы жайылып, мал сойылып, қымыз құйылды. Жігіттер түнімен ән салды. Пай, пай, әндері қандай ғажап еді! Ауылдың үлкендерінен жыламағаны жоқ. Есімде қалуынша, біреуі: Жалғыз шешем бар еді, Өзі ауру кәрі еді. Осынау әнге салдырған, Он алтының зары еді, – деп солқылдатса, енді біреуі:
Алтайда өскен баламыз,
Алысқа кетіп барамыз.
Ажал жетіп біз өлсек,
Қай жерлерде қаламыз, – деп зарланады.
Жөн ұғыссақ, бұлардың әкелері орыс жеріндегі қызыл үкіметтен өр Алтайға қашып келген екен. Жолбарыстың аузынан құтылып, арыстанның апанына түстім дегендей олардың ұлдары енді ұлт-азаттығы қозғалысын жаныштау мақсатындағы Қытай армиясының атты әскерлер полкына
апарыла жатыпты. Күбір-сыбырларына қарағанда қазаққа қазақты салатын сияқты, деп қан жылап бара жатқан түрлері бар. Сөйтіп, таңға жақын көз ілген көп баланың біреуі қатты-қатты жөтеліп мазасыздана бастады. Сексенге келген әкем бар еді, таяғымен түртіп, мені ыммен шақырды. Кешесінде сойылған қызыл қойдың ошақтай құйрығының жартысын туратқызып май дайындатты. Сосын әлгі жөтеліп жатқан жігітті де таяғымен түртіп оятты. Ыстық майды ағаш тегенеге құйғызып, оның алдына қойды. Жігіт ұрттар ұрттамастан тыжырына бастап еді, әкем таяғын алды да оның басына жеңіл бір тық еткізіп: – Іш, әйтпесе, таяқ жейсің! – деп гүр ете түсті. Жігіт өзіне төніп тұрған аюдай шалдың айбатынан жасқанды ма, әлде сыйлады ма сәл жымиды да тегенені бір-ақ көтерді. Әкем жігітті көрпемен бүркеп ұйықтатып тастады. Жөтелі дым басылып, күн қыза қызара бөртіп әрең тұрған жігіт әкеме көп рахмет айтты. Соңында: – Ата, алыс жолға кетіп барамыз, батаңызды беріңіз, аман-есен қайта оралсақ, сізге сәлем беретін боламыз. Сөзімнің айғағы болсын, белімдегі кісені аманат ретінде сізге қалдырайын, арғы аталарымыздан қалған еді. Көненің көзі, беліңді бекем буып жүр деп әжем сыйлаған болатын, – деп, түйе жүн күпісін буынған күміс кісені әкеме ұсынды. Міне, сол кісені әкем марқұм өлерінде: – Бұл біреудің аманаты. Ықылым заманнан аманатқа қиянат жасамаған елміз. Тірі болса бір келер, иесіне табыстаңдар! – деп маған тапсырған. Сонан бері елу жыл өтіпті. Ой, жалған-ай деші. Небір саяси толқындарды бастан кешірдік. Ұлтшылдарға қарсы күрес, көненің көзін жою, бай шаруаларды құрту, халық жауларын аластау, жалған мәдени төңкеріс секілді ұр да жық ұрандар көтеріліп, талайдың малын алды, жанын алды. Алтын-күмісін тонап, асылдарын отқа жақты. Шалдардың сақалын күзеп, қыз-қатынның бұрымын кесті. Ал, біздің аманат тастаған Алтайлық азаматымыз әлі оралмады. Біз оның аманатын өртке де, дертке де бермей аман алып қалдық. Қиын күндерде әкем құрым киізге орап, марқұм шешемнің қабіріне жасырды. Ел мұрасы ақтала бастаған бүгінгі күнде ғана тығулы орнынан алып шықтық. Баяғыдай қаз-қалпында екен. Осы күміс кісеге көзім түскен сайын осыдан елу жылдың алдындағы Алтайлық жігіттің:
Алтайда өскен баламыз, Алысқа кетіп барамыз. Ажал жетіп біз өлсек, Қай жерлерде қаламыз, – деген әні күні кешегідей жаңғырығып тұрады. Өліп қалды ма деп ойлай беремін. Тірі болса бір соғар еді-ау. Е, жалған-ай, кім білсін?! Балам, тілші екенсің, мұның бәрін жазарсың, мүмкін жазғаныңды ел көрсе, біреуден біреу дегендей кісенің иесі табылып қалар, табылып жатса аманында аманатын да алар. Біздің көзіміз жұмылып кетсе кейінгі жастар не білер дейсің...
Шүңірек көздерінің жиегіндегі жиі әжімдері сулана қалған қарт сөзін ауыр күрсініспен аяқтап, насыбай шақшасына қол салды. Мен сонда ғана байқаппын, қарттың насыбай шақшасы да күміспен зерленген екен. Күміс кісенің өрнегінен аумайды. Таңданысымды жасыра алмай кереге басындағы кісеге қайырыла қайта қарадым. Шаңырақтан шашылған күннің сәулесіне шағылысқан бедерлі күмістері жарқырай нұр шашып тұр. Менің есіме әкем марқұм түсті. Қызыл армия қатарында болған ол ауыр жараланып, соның тақсіретінен мен ес біле көз жұмған еді. Әкемді еске алған сайын оның мені алдына алып отырып, ыңылдап айтатын әні құлағыма еміс-еміс естілгендей болды. – Ал-тай-да өс-кен ба-ла-мыз, Алыс-қа ке-тіп ба-ра-мыз... Әкем есіме түскен сайын өзегіме өрт кеткендей болып, көз алдым тұмандап кетті. Мен қалың тұманның арасынан әкемді көрдім. Оның белінде жарқыраған күміс кісесі бар екен. – Әке...
СУРЕТ СӨЙЛЕЙДІ
Мен суреттегі адамдар сөйлейді дегенге сенбейтінмін. Ол сөйлеп тұр: – Сен мені қайда тастап кеттің? Менің жүрген жерім Ертістің жағасы еді ғой... Белуардан келетін көк шалғынды көріп тұрсың ба. Мені суретке әкем түсірген. Жүзімнің көлеңкесіз көкжиектей жарқырап тұрғанын байқайсың ба. Күннің ашықтығынан дедің бе, қой ары, әкемнің дидары күннен де жарық болатын. Енді киімдерің жұпыны екен дегенің жөн. Сен білмейсің, үлкен қалада тұрасың, ішкенің алдыңда ішпегенің артыңда. Тамағың тоқ, көйлегің көк, астыңда шетел машинасы... Біз онда киім түгіл бір жапырақ нанға зар едік қой. Ауылдың өгізіне тақымымз тисе түнімен ұйқымыз келмейтін. Сен енді құдайдың құлағын ұстағандай бәрімізді ұмыттың. Ұмыту дегеннің не екенін білесің бе, ертең сені бүкіл адамзат біржолата ұмытып кетсе қайтер едің, сенің бұл фәниге келіп-кеткеніңді ешкім білмей қалса қандай күйде боласың?! Суреттегі адам үйдің ішін кезіп жүрді. Оның аяғының сықырына дейін ап-анық естіледі, мен “субыханымды” үйіріп әзер ұйықтадым. Түсім бе, өңім бе күбірлеп жатырмын. . Тұлпарлар тұяғы түткен жабағы даланың төсінен бұлқына шапқан асау тайды көремін. Жылдар шылбырын ұзартқан сайын сол асау тайыңның алыстап бара жатқанын көзбен көру еттен жаралған жүректің еншісіне ауыр тиеді екен, қарашы... Жібектей құлын жал күннің сәулесінде толқи ойнап, күмісше жарқырап барады. Тік шаншыған құйрығы ғана артында қалған леп белгісіндей! Сағымданған дала төсінде жалғыз ноқат жоғалып барады, одан ары асқар таулар... Асқар таулардың піл сауырлы жоталары, көк бұйра төскей, бұлаққа тұмсығын матырған бұйрат-бұйрат төбелер... Ертесі ертемен тұрып бала күнгі суретімді үлкейтіп, төрдің алдына іліп қойдым. Ол енді сөйлемейтін болды. Балам оны өз суретім деп сеніп жүрді.
БІЗ ҮШЕУ ЕДІК
Біз үшеу едік. Он сегіз, он тоғыз, жиырма. Бұған қарамай сендер мені аға көрдіңдер. Ол сенімен бірге есіктен кіргенде екі қалтасы томпайып тұратын. Алдымен сол жағындағы қалтасын жасқана сипалаушы еді. Құмыра көрінетін. Мен күлген соң суырып алатын. Құятын, ішетінбіз. Құмыра сарқыла бере ол тағы да қалтасына жасқана қол салатын. Онысы өлең еді. Енді ағалы-бауырлығымыз азайып қолтықтасып кете баратынбыз. Ауылдың сыртындағы құм төбеден көрінуші едік. Ежелгі сақтардың моласындай қадау-қадау құм төбелер «Айғай құм», «Сиқырлы құм», «Мойын құм», «Көшпелі құм» — барлығы осы өңірден табылады, таңдай-таңдай, бұп-бұйра құм төбелерде сексеуіл, жыңғыл, дүзген, қараған өседі. Бұзаубас кесірткелер құм арасынан жылтың-жылтың етеді. Көкшіл немесе жасыл түсті қоңыздар да көп. Құм төбелерінің бауырында ебелек те бар. Қарағанның бидай өңді жез қоңыраулары майысқақ самалмен сылдыр-сылдыр күй шертеді. Оған қуыс қурайлар сыбызғы үнін қосады. Біз өлең оқимыз. Ертегі, ертегі ғұмыр! Ертегі демекші, ертегі айтады: Ауылдың топ баласы үнемі бір төбеге келіп ойнайды. Бірі би, бірі даугер. Бір қызға екі әке таласыпты. Әділ қазы шеше алмаған таласқа еш бидің билігі жүрмепті. Сөйтіп олар төбеге келіп ойнайтын бала биге жүгініпті. Бала би: – Қане, екеуің екі қолынан керіп тұрыңдар, мен екеуіңе бөліп берейін, – деп қылышын алып тап бергенде шын әке қолын босата салыпты. Бала би қоя бергеннің қыз әкесі екенін танып, әділ билік айтқан екен. Сөйтсе сол төбенің астында ежелгі әділ патшаның алтын тағы бар болып, балаға билік айтқызған соның қасиеті екен. Кейін ойлаймын, Алтайды бөлген ала сызықтың иелеріне көктен Қайса түсіп, жерден Мәді шығып тап берсе қайтер еді... Біз отырған төбені қазса... Бірақ мен тым жырақта жүріп, кеш ойлаған едім. Біз үшеу едік. Көз алдымыздағы дүниенің бәрі өлең. Өлең толастаған бір сәтте қой көздерімен батар күнге мұңая қарап ол айтатын: – Сендер бақыттысыңдар, өз әкелеріңнің атын шығарып жүрсіңдер, – деп. Ертістің қалың орманына бетімді беріп мен айтамын: – Сендер бақыттысыңдар, бастарың бос, еріктерің қолдарыңда, – деп. Шимен жер шұқылап сен айтатынсың: – Сендер бақыттысыңдар, мен сияқты жалғыз емес аға-бауырларың бар, –деп. Ол айтатын: – Қой ішелік, тірі жүргеннің бәрі бақыт! – деп. Үш бұрышталып қарама-қарсы отырған үшеуміз ошақтың үш бұтынан аумас едік. Ортада жыр қазаны қайнайды. Қурайды домбыра етіп өлең құраймыз. Ауызшаға келгенде ол ұтқыр еді. Төгіп-төгіп тастайтын. Төбе басында қып-қызыл жалын шалқиды. Айналада дүниенің бәрін жалмаған
оттың қызыл тілі аспандағы мақта бұлттарға ілінеді. Ол да лап етеді де, бүкіл аспан қып-қызыл шоққа айналады. Өртеніп біткен дүние шай қайнатымнан кейін қара көмірлене бастайды, тек желдің үрлесінімен сексеуілдікіндей шоқтардың тұмсығы жылт-жылт етеді. Біз әлі үшеу едік. Кеш кіріп сам жамырай бастағанда орнымыздан теңселе қозғаламыз, аспанға аңыра қараған ол: – Аға жұлдыздар неге ағады? – дейді оқыстан. Біз жауап қайтара алмаймыз. Түн құшағына үш көлеңке сіңіп бара жатамыз. Ол күбірлеп бара жатады. Ертегі! Ерте, ерте, ертеде біздің ауылда дәл осылай болған. Жылдар уақыт доңғалағын талай айналдырды. Екеуміз ауылдан кеттік. Ол қалды. Қалды демекші, соңғы рет автобусқа шығып бара жатқанымда ол артымнан жүгіре жетіп: – Аға, сәл аялдаңызшы, – деді. Автобус қозғалуға шақ тұр. – Көлік көп қой, ертең кетсеңіз болмас па? – Қандай бұйымтай? – Ондай бұйымтай жоқ, әншейін, сізбен сырласайын деп едім, – аздап ішіп алғаны білінеді. Пендешілік ой: «Қайтесің, ішіп алыпты, ертең жұмысқа шығуың керек, жолыңнан қалма» дейді. Сосын пендешілікке бейім адамдар әдетімен: – Інім-ау, жолдасыңды жолынан қалдырма деген, ертең қызмет бар, тағы көрісерміз, – дедім. Автобус қозғалып кетті. Ол ләм-мим деместен әншейіндегі қызылсары өңі тезек қоламтасындай бозарып оң қолын көтерген күйі қала берді. "Не айтпақ екен деші?". Біз үшеу едік. Ол қалды. Мәңгілікке қалды. Баяғы жыр оқитын Көктөбені күзетіп пәни жырын бақиға жалғады. Түс көрдім: Астына ақбоз ат мінген ол, біздің үйдің есік алдында тұр екен. Бірдеңе айтпақ болып тосаңсып айта алмайды. Сосын арқасына асқан домбырасын қолына алып "Қара торғайды" бебеулетеді. Құлағыма: "...Астына қанатының маржан тағып" деген жолдар ап-айқын естілгендей болады. Атынан түсіп маған әлденені айтпаққа оқталады. Бірақ осқырынған ақбоз ат үркіп ала қашты. Боз мұнарға оранған құм төбелердің арасына сіңіп жоқ болды. – Ол не айтпақ екен деші? Нұрлан, адам тағдыры деген сол шығар. Ол ауылда Көктөбеде, сен Алтайда, мен Алатауда. Дәм айдап Көкшетауда да болдым. Ақан туралы аңыз қозғаған ауылдас қариясы бірде "Қараторғай"ды шырқады. Баяғы түсім есіме түсіп: "Астына қанатының маржан тағып" деген жолдардың мәнісін сұрадым. Күрсінген қарт: – Е, заман-ай, алмақшы болған қалыңдығын ала алмаған мұңлық, оның жүкті кеткенін айтқаны ғой, – деді. О, тәубе, осындай да ұқсастық бола ма? Оның қалыңдығының жүкті қалғанын, кейін бір ұлды болғанын естіген едім, рас па екен деші... Ертегі! Ертегі ғұмыр осылай бола ма?! Біз үшеу едік, Нұрлан
білесің бе, біз әлі үшеуміз. Отыз, жиырма тоғыз...
Біз қашан жыр оқимыз, баяғы төбе орнында ма екен
деші?.. Әне, Алатау аспанында бір жұлдыз ағып барады.
– Жұлдыздар неге ағады, ә?
ӘКЕМНІҢ ДӘРІГЕРІ
Аласа бойлы, қасқаланған қазан басты, ұзын қара қасты, орта жастардағы кісі есіктен сәлем бере кіргенде, әкем мен шешем қатарынан құрақ ұшатын. Аман-сәлем арасында әлгі кісі өз санын өзі шапалақтап, әзіл айтып қарқылдап тұрып күлетін. Біздің қараша үйімізді қуаныш күлкісі кернейтін. Әншейінде "белім-белім" деп жүретін шешемнің өзі төр алдына жеңіл шығып, сырмақ салып, қутыңдап қалады. Оған әлгі кісі: – "Кемпірім", жағдайың қалай? – деп бір соқтығып өтеді. Шешем де қарымтасын жібергісі келмей: – Сенің шүйкебасыңа қарағанда атқа мінгендеймін, – деп жатады. Алдарына дастархан келісімен әңгіме тиегі ағытылып, әзіл-қалжың әрі қарай шалқиды. – Баяғыда сенің мына шалыңның жас кезі, содан көрші ауылдың біріне тарттық қой. Маған ат ұстатып қойып, өзі жоғалып кетті. Ал келсеші. Мен аттың көрпелігін алып етпеттеп жатып көзім ілініп кеткен екен, бір заманда ит шулатып... Әңгіме осылай ойысқанда әкем орта жолдан шешеме ым қағады, әкемнің ымын қабағынан түсінген шешем бес құдықтық кірпіш мештің іргесінен бір құмыра суырып әкеледі де, шай тақтайдың астына қояды. Ауызы сөзде болғанымен, көзі "түлкіні" шалған қонағымыз ұшатын қыранша қомдана қутыңдайды, ендігі әңгімені шешем үзеді: – Жә, Қабылашым, басқаны қоя тұр, ес-ақылың дұрыс кезіңде тамырымызды ұстап бер. Қонақтың аты Қабылашым еді. Ол бар ыждағатпен қысқа, доғал саусақтарымен әкем мен шешемнің білезік тамырын кезек-кезек ұстайды. Тамыр ұстағанда манағы әзілді бейнесінен мүлдем өзгеріп, көзін жауып тұратын ұзын қастарын бір түсіріп, бір көтеріп, тереңде жатқан жанарынан белгісіз ұшқындар шашырайды. Сосын кенет жадырап: – Түк етпейді, – деп қарқылдай күледі де, қоржынбас қып былғарыдан тігілген дәрігерлік сумкасына қол салады. Насыбай шақшадай қоңыр құмыралардан алып шыққан түймештей-түймештей дәрілерін кітап беттерін жыртып орайды. "Былай да былай іш" деп түсіндіреді. Ендігі жерде дастарханға ойысқан олар әңгімені үркер ауғанша жалғайды. Ұрттаған сайын жадырап, әңгімесі қыза түсетін Қабаң бір күлгенде санын шапалақтап тұрып, басында қарқылдап, аяғында ысылдап-шиқылдап ұзақ күледі. Бірақ ешқандай масаңдық білдірмей, кетерінде келгендегісінен де сергек аттанар еді. Ертесінде әлгі "киелі дәріні" ішкен әкем де, шешем де ауруынан ада айығып, сауығып кетеді. – Ой, шіркін-ай, Қабаңның дәрісін ішіп жазылып қалғанымызды қарашы, – деп отырады. Қабаңның төбесі ай шамасы көрінбесе, олар елеңдей бастайды. Мойындарын
жол жаққа созады. "Қабылашымның дәрісі таусылып қалып еді", – деп күбірлесіп жүреді. Ал мүбәда оның төбесі көрініп қалса, Қыдыр келгендей қызыл ала шапқын қайта басталады. Маңдайлары құрысып, әредік ұсақ ұрыстары жиілей бастаған әкем мен шешем енді баяғы көктем күндерін қайта тауып алады. Мен ойлаймын: "Қабылашымның дәрісі қандай дәрі екен?" – деп. Арада көп жыл өтті. Мен оқу, қызмет қуып сырт жерлерде болдым. Үйге келген бір жолы жиі ауырғыштап жүрген әкемнен әзіл-шыны аралас. – Өзіңіздің дәрігеріңіз қайда? – деп сұрадым. Әкем жанары жасаурай мұңайып: – Ол мәңгілікке кеткен, – деп күрсінді. Әкем ауру меңдетіп әл үстінде жатқанда, жоғары дәрежелі емхананың дәрігерлерін жақатпай, көңіл сұрай келушілерге: – Баяғыда Қабылашым кір қожалақ қағаздарына ораған үш-төрт тал дәрі берсе болды жазылып кетуші едім, – дегенді үнемі айтып, өз дәрігерін армандап жатты. Көз жұмарында сандырақтаған әкем оның атын атап қалып та жүрді. Екі санын шапалақтап, ұзақ күлетін, ұзын қастары көзін жауып тұратын дәрігері ақыры әкемді өз қасына шақырып әкетті. Бұрын "Қабылашымның дәрісі қандай дәрі екен?" – дегенді көп ойлаушы едім. Енді менің дәрігерім қайдан табылар екен? – дегенді ойлай бастадым.
ЖАППАС Біздің жақтың тайқазан аталатын қауымдастығы тұсында ауылдың жетідегі баласынан жетпістегі шалына дейінгі еркек кіндіктісі пішенге аттанатынбыз. Оқудағы біздің жазғы демалысымызда соған тураланып шананың құлағына мінеміз. "Бүгін жайлаудан өгіз түседі" дегенде бізде ұйқы болмайды. Жерге жарық түсе-ақ ауылдың сыртындағы ескі қырманға жүгіреміз. Сөйтіп, пысықтарымыз әрі жүйрік, әрі күшті деген мықты өгіздерге алдымен қол жеткізетінбіз. Өгізге қол жеткізген соң ағашшы ағайға жүгіреміз. Онда жасалған көп сүйреткі шана жатады. Соның әдемісін алдымен иеленгеніміз тағы ұтамыз. Үшінші қадамда арқан, мойынағаш, белдік, ыңыршақ, бесбақандарымыз түгелденеді. Осылайша "бес қаруымыз" сай болған соң айбынмен шанашылар легіне қосыламыз. Ертіс бойының өзіміздің ауылдарға қарасты шаппалығын толық түгендеп шығамыз. Онда жұмыс жағдайына қарай үнемі далада көшпелі қоспен жүретінбіз. Біздің арамызда Жаппас, Қаппас атты ағайынды жігіттер болды. Неге екенін білмеймін барлық бала Жаппасқа үйірміз. Ақ жаңбыр сіркіреп тұрып алса біздің бағымыз жанады. Жұмысты доғарып қосқа жиналып алып әңгіме шертісеміз, карта ойнаймыз. Ондайда біз Жаппастың айналасынан табыламыз. Сөйлегенде екі езуі көпіршіп, дөңгелене қызарған көздерінен от шашып, қою қара қасты, қызыл шырайлы өңін өңменіңе қадап, айғайлай сөйлеуші еді.
– Сендердей кезімізде шалдарды аңдитын едік, кемпірі ерте өліп қалған Балпаң деген ешкі-лақ бағатын шал болды. Бір күні әлгі шалдың ешкілерін қораға қамап алып өзі де ішіне кіргенін көрдік. Қораның іші қараңғы еді. Тек шалдың әлденеге арсыл-гүрсіл болып пысылдап жатқанын естідік... Масқара-ай! Серкенің бірі есікті құлатып жіберді. Біз тұра қаштық. Шал боқтықты бұрқыратып жатыр. Ешкілер түгел далаға шығып кетті. Бүкшең қаққан шалды алыстан андып біз жүрміз. Бірдемесін іздеп қораға қайта кірді. Біз қораның артқы тесігінен сығаладық. Бұрышқа бүкшеңдеген шал: – Ақ ешкінің жатқан жері мынау, тізенің батқан жері мынау, сонда шақшам қайда қалды? – деп күбірлеп жүр екен. Әңгіме осы араға келгенде арамыздағы ересек балалардың бірі: – Ой Жапыке, сонда сол ешкінің етін біз жеймізбе ? – деп қалды. Жапыкең бет-аузы бүлк етпестен кірпігін қақпай, көзін бажырайта қадап түрып: – Жоқ, оны шал қытайлар мен сарттарға сатып жібереді,– деді. Біз қыран күлкі боламыз. – Жапыке, өз басыңыздан өткен оқиғаларды айтыңызшы, – дейтін қушыкеш түйнектердің бірі түлен түрткендей қутыңдап. – Өз басымнан өткені ме, көп қой, қайсы бірін айтам. Осында Лаучүй деген қытайды білесіңдер, – деп бастайтын ол қытайлар тұратын қыстақты иегімен
нұсқап, – Өзі кәрі болғанымен уылжыған жап-жас ақ сазандай қатыны бар. Оған құрт-май апарып беріп тұрдым, бір күні... Қойшы әйтеуір, Жапыкеңнің ендігі әңгімелері өзінің "ерліктеріне" көп ойысады. Біздің майрағай да тайрағай болған топан күлкімізге ересектер де жинала бастайтын. Енді бірде он жыл отасса да әлі күнге пұшпағы қанамаған әйелі туралы өзі құралыптастар әдейі сөз бастайтын: – Ой, Жапеке, әйеліңе Озаттың барғаны распа? – дейді. Ал, Жапыкең еш іркілместен: – Рас, рас болғанда қандай сол Озаттікі сиырдың оқырасындай ғана бірдеме екен, барғанда онысы ішектей болбырап іске жарамай қалғанын төсектің астында жатып көріп тұрдым емес пе – дейді. Ду күлкі көтерілетін. Сөйлеген сайын екі езуі жараған бурадай көбіктенген Жапыкеңді енді ешкім тоқтата алмас еді. Пішен жұмысының небір ауыр кезеңдерінде жұрт рухын көтеріп жүретін жалғыз Жапыкең. Біз әр жылы пішен аяғы жиыла бере-ақ оқуымызға кетеміз. Оқудан келген аралық демалыстарда Жаппастың әйелінің ажырасып, басқа күйеуге шығып кеткенін естіген едім. Келесі жылғы пішен кезінде үйге келгенімде шешем мен көрші әйел Сәлима екеуі әлдекімді әңгіме қылып отыр екен. – . . . Он жыл бойы ту қатын болып жүріпті-ау.
– Бара салып саңғытыпты ғой, мәселе биеден емес айғырдан болғаны да. – Бетім-ау, сонда ана Жаппас... Әңгіме сол баяғы Жапыкеңнің үстінде екен. Неге екенін кім білсін содан бастап Жаппас бізден қашқақтайтын болды. Басқалар да оған бұрынғыша мазасыз сұрақтар қоймайтын еді. Ол мүлдем өзгеріп басқа біреуге айналды. Біз баяғы Жаппасты сағынатын едік, есесіне мына Жаппас тез қартайып бара жатты. – Е, қайран, Жаппас-ай!
ЕСКЕКСІЗ ҚАЙЫҚ Ертіс сабасынан асып-төгіліп жатыр. Таңертең ерте өгіз мініп бері өткенде өткелден өтіп едік. Мүмкін кеше Алтайдың жон тауларына жауын жауған болар, не болмаса, күн қатты ысыған да шығар. Сонан жон-жоталардың қары еріп, етекке сарқылып, Ертіс таситын дағдысы бар. Күн кешкіріп барады. – Өткел қай жақта қалды, мына су терең бе екен, ә? – дедім әкеме. Әкем мырс етіп күлді де: – Е, өткелдің қайда екенін бір құдайым білер. Тек үйректердің қабырғасынан ғана келіп ары-бері өтіп жүр ғой, – деді. Сәл аңырған мен әзіл екенін артынан түсініп езу тарттым. Әкем екеуіміз өзенді жағалап едік, талдың тамағында қайық тұр екен. Ескексіз қайық, жергілікті ауыл адамдарының қайықты албаты адамдардың айдап кетпеуі үшін ескегін тығып тастайтын әдеті. Құмға көміп су ағызып кеткен де болуы мүмкін. Әкем ары-бері қарап еді, ескекті таба алмады. – Әке, қалай өтеміз? – Балам, ескекті енді таба алмаймыз, Алланың басқа салғанын көреміз, қорықпа. Тәуекел түбі – қайық, өтесің де кетесің деген. Сөйткен әкем әлгінде өгізге өңгеріп әкелген есіктің екі босағалығын суырып алды, сонан соң қоңыр өгіздің бұйдасын басына түріп суға салып жіберді. Басы су бетінде қалқақтаған Зеңгі бабаның ұрқы өршелене жүзеді. Пыс-пыс етіп қайқая жүзіп қарсы жағалауға тартып барады. Іле-шала әкем есіктің босағалығын ескек етіп қайықты арқаннан босатты. Дәу толқындар бізді шаптыға ұрып шалқасынан құлайды, ізінше тура сондай одан да дәу бір толқын тағы ұрады. Ал әкем екі босағалықты жанталаса есіп, су иесі Сүлейменге сиынып, Ертістің ортасына қарай тартты. Мен басымды төмен салып бұғып отырмын. Шарылдаған су, ысылдаған толқындар анда-мұнда қайық ішіне меруерттерін лақтырады. Артқы жағалау бұлдырап қалып барады. Ағаш бастарында қызыл сәулелер ойнайды. Біз ақыры өттік. Жануар зеңгі бабаның ұрқы сілкініп-сілкініп қойып, жағада жайылып, бізді күтіп тұр. Араға ширек ғасыр салып тағдыр бізді Арқа төсіндегі Есілдің жағасына әкелді. Алас ұрып ағатын Өр Алтайдағы тентек Ертістей емес, Есіл баяу шымырлап, кілкіп ағатын өзен екен. Жағада ескексіз қайық тұр. Балам сұрады: – Әке, қалай өтеміз? – деп. – Қалай өтсек екен, ә?! – Мен айналама қарадым.
ТОРҒАЙ ҰШЫП БАРАДЫ
Тау ішін оқ дәрісінің күлімсі исі кернеп тұр. Үйірінен адасқан орыс жауынгерінің ту сыртынан чечень жігітінің мылтығы кезелді. – Тоқта, қозғалма, қаруыңды таста! Ағаш арасынан шыққан Рахман ата жауының жауырын тұсына қаруын кезеп тұрып, өн бойын тінтіп шықты. Қарусызданған жауынгердің үкінің балапанындай үрпиген желке шашына жауыға қарап тұрған ол осы бір сап-сары, бірақ, тотыға күреңіткен жұмыр желкені қанжарымен жалғыз-ақ осып жібергісі келді. «Жоқ, жоқ, мұндай иттің баласына арзан өлім жараспайды, аз-аздан кескілеп, мейілінше азаптап өлтіру керек. Алдымен құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитып, сосын тілін кесіп, жанын қинап өлтіргенде ғана мұның қасықтай қаны Чеченнің шөміштеп төгілген қаны үшін аз да болса шерімді тарқатады». Артына екі адым шегінген Рахман жауына: – Бері қара! – деп зірк етті. Анау болса екі қолын төбесіне қойған күйінше қорбаңдай артына бұрылды. Қан-сөлсіз сұрланған орыс жігітінің үрей ұялаған шегір көздерінде сұп-суық ажал көлеңкесі ұйып тұр. Бірақ, бұл Рахман бір жерден көрген жанар. «Әкә-ау, бұл қалай, иә, иә, дәл өзі, дәл өзі», ол кезде екеуі де Кеңес армиясы құрамында Ауған соғысында болған. Бақыр дәмін бірге татып, қанды шылбырды бірге өрген үзеңгілес досы, ажал аузында ортақ күрескен жауынгер серігі. Рахман бір сәт не болғанын сезбей аңырып қалды да, ізінше: – Александр! – деп қалды. Бұл қарсыдағыға тарс еткен мылтық үнінен қатты тисе керек, селк ете түсті. Оның алдында қапсағай денелі, қаба сақалды, қою қара мұрты қап-қара чечень жігіті осылай деп шақырып тұр еді.
– Александр. Ажал елесіне шырмалған өлі жанарда үміт ұшқыны жылтырады. Қадала қарап тұрған мойылдай қап-қара отты жанар тереңіне батырып барады. Зорға таныды.
– Рахман! Қолын түсіріп, өзіне құшақ жаймақшы болған орыс жауынгерінің үнінен кейін Рахман селт ете түсті де, әлгінде ғана түсірген қаруын қайта оқтады.
– Достым, тау айланбайды, тас айланады деген осы шығар, біз қай жерде кезігіп тұрмыз?
– Чечень жерінде, Кавказ тауларында.
– Мұнда неге келдің?
– Бүлікті тыныштаңдыру үшін.
– Бүлік! Ха, ха, ха. Чечень жігітінің қап-қара мұрттары түріле көтеріліп, тұтас денесі селкілдеп кетті. Тау-жоталар үнін қайталап жатты. «Бүлік, ха, ха, ха!» – Достым, маржан тістердің арасынан ызбарлы үн шықты. – Мен өз жерімді,
өз топырағымды басып тұрмын. Ал сен шапқыншы, отарлаушы елдің айтағында жүрсің. Өз елі үшін, өз жері үшін өз елінің намысы үшін жүргізілген соғыс қашанда әділетті соғыс! – Мен қолында әмірі жоқ солдатпын ғой! – Бұл дүниеде әлділер әлсіздерді, үлкендер кішілерді қақпақылша қағып ойнап, зорлық, үстемдік шойын табанымен жаһаңды жалпағынан жаншиды. ІПырқырап жылағандардың көз жасын ешкім де көрмейді. Әкем мен шешем, аға-бауыр, қарындастарым түгелімен сендердің оқтарыңнан өлді. Бәрі де қып-қызыл қанға шыланып бақиға аттанды. Сенің әке-шешең болса ақ сарайында бізді телевизордан қызықтайды. Ал солдат деген өзгенің мылтығының өңешіндегі оқ, кімге оқталса соны жұтады. Бірақ, олар өздерінің қан жұтып жатқанын, бейуаз халықтың қанын судай шашып күнәға белшеден батып жүргендерін білмейді. Білсе оған өзін-өзі өлтіру абзал болар еді. Саған керегі сол! Кешір мені, өлімді өзің таңда! Өзегіне қан кептелгендей булыға барып тоқтаған Рахман, жүрек түкпіріндегі аяушылықты әзер тежеп тұрды. – Қазір жау болсақ та бір кездері дос едік қой. Сол достық үшін болсада жанымды қия көр! – Жан! Жан деген не? Мен жанды әлдеқашан ұмытқанмын. Қасықтай қаным қалғанша ұлтарақтай жерім үшін күресемін. Менің жаным туған даламның құсының аузында, шөбінің нілінде, тас қайнарының тамшысында... Шаңқ еткен мылтық үнімен бірге чечень жауынгері кеудесін қолымен басып құлап бара жатты. Адасқан орыс жауынгердің саптастарынан атылған құмалақтай қорғасын оның төсін түйреп өткен еді. Рахманның сөніп бара жатқан тұңғиық жанарында Кавказ таулары ұршықша иіріліп, жарық күннің қызыл сәулесі қарауытып бара жатты. Даласын құшақтай жығылып, көк шымды ақырғы рет иіскеп қыбырсыз қалды. Тау шатқалының ит тұмсығы өтпейтін қалың бұтасының түкпіріндегі тас үңгірден шыққан жеті жасар ұлының «әкелеген» үнін ести алмаған күйінде көз жұмды. Жылыстай сырғыған қан қап-қара май топыраққа баяу сіңіп, ұйи дірілдейді. Чечень даласының тұманды аспанында әлсіз қанаттарын тынымсыз сабалап, шыр-шыр еткен дала торғайы ұшып бара жатты. Әлгінде ғана оқ үзген ағаш бұтағы оның ұясын талқандап кеткен еді.
ЕКІ ДҮНИЕ
Құдам Қиятанның рухына
– Рак! Осы бір аты жаман кесел алқымына жабысқан Қадыр ажалдың алыс еместігін сезгенде жүрегі мұздап сала беретін. Кезек-кезек көңіл сұраған көп адамның ішіне қаншама көз салса да, өзінің аяулы қызы Жанар жоқ. Иә, Жанар... Қыз бала қызыл ала көбелек сияқгы. Көз алдында жүрсе сүйкімді – көктеміңнің сәні. Әне, ол "әкелеп" жүгіріп келеді, жүгіріп келеді... Әттеген-ай, сүрініп кетті. "Әке!". "Балам!" әкесі тұра жүгірмек еді, дәрмені жетпеді. – Қадыр, Қадыр.. Саған не болды? Ол өзіне қадалған жарының мазасыз, үрейлі, жүдеу кескінін көрді, көзі сәтке ілініп кеткен екен. Қадыр сәби қыздың елесін ұмыта алмай, қинала күрсінді. – Кісілер келе жатыр. – А-а, кім, кім дедіңдер, Жанар ма? Қадыр тағы да басын көтеріп, еті солыңқы тартқан, отсыз жанарын есікке қадады, ауыл адамдары екен. Жанар бойжетіп, құдалар жағы саржайлауда сөз сала келгенде, Қадыр қызының мұншама тез есейгеніне сенгісі келмеген. Әуелде "Ойбай-ау, ол әлі бала ғой" деп салған. Шай құйып тізерлесе отырған кемпірі санын шымшып алған соң ғана әзер есіне келіп, бармағының басын санауға кіріскен "бір... он... он... бес... он сегіз!" Иә, ол он сегізге толыпты, өзі де біреудің қызын он жетісінде жетелеп кеткен. Беу дүние-ай деші. Бұл бұл ма, әкеге ауыр тигені қызының ұзатылған күні болды. Қимадым, ана, қимадым, Көзімніц жасын тимадым. Ішіңе сыйган балаң ем, Сыртыңа қалай сыймадым.
Қош енді, әке, қош енді, Көңілім неткен бос еді. Қыз емес ұлың мен едім, Мендей боп кімің өседі?! Бұл анамен, әкемен қоштасу емес, олардың бір-бір қабырғасын суырып әкетіп бара жатқанмен бірдей болды. Өзін қаншама қайратты ұстайын десе де, бүгіліп кетті, егіліп кетгі. Баяғыда Жәнібек батырдың қызы ұзатылғанда қолына қару-жарағын алып, соңынан қуған аңызына енді бүтіндей сенді. Сол жолы күйеу бала шиге шапанын жауып кетпегенде не болар еді. Шиді найзалаған нар батыр: "Үһ, қыз әкеткенжау шапқаннан жаман екен ғой" деп тізесін құшып, егіліп отырып қалған еді-ау.
– Жанарым менің... Қыз шешесі – Айғаным Қадырды тағы да жұбата бастады. Әкенің, ауру мен сағыныш қатарынан мендеткен әкенің өзгеден жасырған көз жасын сақалға
жеткізбей орамалмен жеңіл сүртіп алды. Ұзатылған қыз анда-санда төркіндеп келсе, баяғы қабырғаңның жыртығы жамалғандай, жаз күндерің жадырай қалады екен. Көп күннің олқысын аз күндік алданышпен толтырып жүргенде, Қадырға тағы да бір сары уайым жабысты. Елге "Қазақстан" деген ауру тиді. – Ойбай, Өр Алтайдың жартысы Қазақстанға көшіп кетіпті. – Әкімбайдікі төлқұжат жасатып жатыр екен. – Жиенқұлдың үш бірдей баласы Алматыға оқуға кетіпті. – Әй, қатын, Қазақстан, Қазақстан деп отырғанда бұзауың еміп қойды. Жүгір әне... – Масқара, Жансәулемнің күйеуі мас болған сайын оны ұрып-соғып, "сені тастап Қазақстанға барып жас қатын аламын" дейтін көрінеді. Енді не бетімді айттым?! – Еркіннің әйелі Қазақстаны құрысын деп отырушы еді, екінші баласы да қыз болған соң, жоспарлы туыттан қашып енді Қазақстанға барамын, сонда барып ұл тауып беремін дей қалыпты. Ха-ха-ха, қиқ-қиқ! – Кім біледі, ондағылар орысша сөйлейді дейді, доңыздың етін жейді дейді. Балаларымыз кәпір болып кетпесе болды ғой. – Не болса ол болсын шаңырақ Қазақтікі, табаны тисе болды. Қытайдың қыспағына қарағанда жері кең ғой. "Қазақстан, Қазақстан!" Қазақ елі еркіндік алғалы шеттегі қазақтың әңгімесі осылай басталатын. Күйеу мен қыз да бұл "аурумен" ауырғалы біраз болды. "Жанар енді алысқа – құлақ естіп, көз көрмейтін басқа елге, жат жерге кететін болды". Бұл жолы Қадырдың қабырғасы былай тұрсын, бүкіл қолқа жүрегімен суырылып барады. Ертегілерде мыстан кемпір, не жалмауыз біреудің жалғызын тартып алады немесе самұрық құс баланы іліп алып, алты қабат аспанның ар жағына алып ұшады, әкесі адасып қалады. – Жанар, Жанар, Жанарым менің... Сандырақтаған әке самұрықтың артынан қол созады. – Қадыр, саған тағы не болды? Бұл Айғанымның үні. Жаны жарының үстіндегі ана өзегін мысық тырмалап, бөрі жұлқылап жатса да, білдірмеуге тырысады. Жаулығының ұшын қайырған болып көз жасын оп-оңай сүртіп алады. "Ботам қай жерде жүр екен деші!"
– Әке, біз Қазақстанға көшетін болдық. Қызы осы сөзді неге айтты екен? Жанар рас айтыпты, көшіп кетті! Әкесімен, қартайған, қажыған, қызыл өңеш жарасын жан баласына сездіргісі келмеген қам көңіл әкесімен тағы да қоштасты. "Әке, алаңдамаңыз, өзіміз барып орнығып алған соң, сіздерді де көшіріп аламыз" – бұл қызының соңғы сөзі. "Кім біледі?!" көмейіне кептелген сөз, көз шарасына тығылған жас толқын атып тұр. Асау толқындар кеудені, кемерді бар күшімен ұрады. Оқталды, айтпады. Толқыды, төгілмеді – кім біледі? Алыс, бәрі де алыс...
– Жанар, тоқташы, тоқтай тұршы... Әкесі қызының маңдайынан иіскеді. Бала күнгі күңсіген тер иісін, ана сүтінің арылып болмаған уыз иісін іздеп, мейірі қанбай, құшағынан шығарғысы келмей
ұзақ тұрды. – Жанар, Жанар. Неге кетесің сен?! – Бұл айтпауға тиісті сөз еді, бәрібір айтуға дәрмені жетпеді. – Сен қайта айналып келгенше... кім біледі... жаман әкең .. әлде қайда... алыс, алыс... тым алыс, білмеймін, соқыр тұман, қалың орман, көзім бұлдырап тұр... Жанар, Жанарым менің, кетпеші! – Жанар... – Қадыр, Қадыр... – А-ау Айғанымсың ба, көзім тағы ілініп барады екен ғой, ылғи жаман түс көрем. – Кемпір, шыныңды айтшы, Жанар келе ала ма? Әй, қайдам, жер түбі ғой, жердің түбі...
– Келеді, келеді әлі! "Шіркін-ау, қараторғайым ұшып келе қалса, қандай жақсы болар еді" Айғаным соңғы сөзді ішінен күбірледі. – Айғаным, ау, Айғаным, барсың ба? Сен көз шырымын алып, ұйықтап алшы, сенің де мазаңды алып біттім-ау. Таңертең ерте жұлдыз сөнбей мені сыртқа шығарыңдаршы. Қара жердің бетіне қонақтаған айлы түннің астында, Қыран өзенінің болмашы сыңғырына мүлгіп, сирек өскен ақ теректердің арасында жұпыны ғана малшы үйі тұр. Малшы үйінің күңгірт шырағының сарғыш сәулесінің астыңда талықсып, қатты ұйқыда ана жатыр. Тамағынан ас өтпегелі апта болған, өң мен түстің арасында ауру меңдеткен әкенің әлсіз жанары терезеден жарық сәулені аңсап бір жұмылып, бір ашылады. Аурудың төркінін жаманға жорып дәрігерге барғанда ойындағысы шын болды. Ал, емдеу құнына жүз тұяқ қойдың ақшасы да жетпейтін еді. "Емделгенмен жазылып кетсем жақсы, рактің емі жоқ, бір жараны сылып тастағанмен, екіншісі және көктесе бәрібір жазылмаймын" – бұл оның ақырғы жұбанышы. Бірақ анау терезеден үңілген қап-қара тамұқ дүниенің сұсы неткен суық. Мынау шырақ болмағанда... Шырағым сөнбесе екен. Шіркін, жарық дүние!.. – Шал-ау, шал, ояусың ба, шолпан туыпты. – А-а, шолпан... Иә, шолпан шоқтай қызарған шақта "іңә-іңә" деген балғын үн өзін әке болу қуанышына бөлеген. Жарық дүниенің жанары оянған шақ, жүрегімнің жұлдызы, көзімнің нұры – Жанар, Жанар, Жанар! Сәбиінің есімін Жанар қойған. Қыран бойын қуалай соғатын самал, өзінің туып өскен даласының төсінен жүгіріп өткен жұпар леп Қадырдың көкірегін толтырып сергітіп жіберді. Дәрет алып, жүзін құбылаға беріп, Айғанымның сүйемелімен тізерлей отырды. Етсіз арық қос қолын жоғары көтеріп, алақанын жайып Алладан тілек тіледі: – Ей, Алла, біліп және білмей істеген күнәларымды кеше көр. Мынау жарық дүниемен қоштасар сәтімде жалғыз қызым – Жанарымды көруге қуат бере көр. Жанарымды тезірек жеткізе көр, Алла! Қызымды көріп, маңдайынан бір иіскеп, шыбын жаным ұшып кетсе арманым болмас еді. Жаратқан-ау, тілегімді бере көр! Жапырақтардың болмашы сыбдырына қосылып, жарқышақтана шыққан әлсіз күбір күнмен түннің өларасындағы булана ширатылған дымқыл қараңғылыққа жұтылып жатты. Сыз, сыз емес-ау жып-жылы жер төсіне алпыс жыл күнге күйіп
күреңіте тотыққан маңдайын қойған әкенің мінәжаты ұзаққа созылды. Қадыр осы күні жақсы ұйықтады. "Қызым келеді, әне, келе жатыр" деп көңілді күбірлеумен болды, әрі солай сенді. – Жанар келеді. Келтекейге еңкейетін қыраттың жолын жасап қойыңдар. Тоғанның суы жаман болушы еді, көпірі құлап қалмасын. Кемпір, құрт-майыңды дайындай бер. Айтпақшы, қызың тарыны жақсы көруші еді ғой... Бауырсақ пісіріп қойыңдар. "Жанарым, Жанарым менің . . . " Келесі таңда ... Келесі Шолпан туғанда Айғаным Қадырды оятуға батпады. Оның салқын, мейірге толы, сәл жымиысты бет-әлпетінен қызын түсінде көріп жатқанын білді. Бірақ ол күйеуінің езуіндегі ең соңғы күбірінің "Жанар" екенін аңғара алған жоқ. * * * – Әке, әкем менің, менің әкем ауыр хал үстінде жатыр екен. Маған Қытайға барып келетін виза беріңізші? – Бұл Алматыдағы Жанардың өтініші. Майлы жүзі жылтыраған семіз сары бауырсақ мұрнына қойған мөлдір көзілдірігінің үстінен сүзе қарады: – Мен сізге қазақша айтып отырмын ғой, біріншіден көші-қон билетің жоқ, екіншіден азаматтыққа құжат тапсырған жоқсың, бір айттым бітті. Саған виза жоқ! – деп қалам қыстырған домбал саусағымен үстелді тықылдатты. – Әкем, әкем менің... – Жанар қыстыға жылады. Оның бозара дірілдеген жұқа еріндеріне, жұтына бүлкілдеген тоқ тамағына көз айырмай қарап отырған бастық жібіді: – Онда әкең ауру деген телеграмма алдыр. Шығу визасын ғана ашамыз. – Телеграмма кем дегенде үш күнде келеді ғой. Шығу визасын ғана ашқанмен, мұнда бала-шағам бар, қайта айналып кіре алмай қаламын ғой. Бастық алақанын жайып, иығын қиқаң еткізді. Қастары мұрынның төбесіне еңкейе түйіліп, көзілдіріктің астынан көзінің ағы молырақ көрінді. – Маған не қыл дейсің?! Ол менің шаруам емес. – Аға, бәріміз қазақпыз ғой, жаныңыз ашымай ма? – Қазақ, қазақ! Осылар қызық, ылғи қазақ, қазақ дейді. Қазақ-қазақ, заң-заң! Келесі кім, кәне, кір бері, тағы да қазақ па... тебен мұрттары езуіне қарай жайыла қалған бастық мысқылмен күлді, Жанар жылады. Кірпігінен тамшылар ыршып кетті. – Әке, айналайын, әкем-ау, сені тірі көре алам ба, жоқ па? Басыңыздан сүйеп, қолымнан бір шыны жылы су бере аламын ба, жоқ па?! * * * Ауылына алты күн дегенде әзер жеткен Жанар үй сыртындағы қалың адамның табыт көтеріп, зиратқа беттеп бара жатқанын көрді. – Әке, ә-ке-е.. Қайран әкем... Қыран бойында қалықтаған торғайдың шырылындай зарлы үнге қаралы топ тоқтаған жоқ. Оны тоқтату ешкімнің қолынан келмес еді. Өйткені, пенделер өлімді тоқтата алмасын, уақытты тоқгата алмасын біледі. Бірақ өздерінің қай күн, қай сағатта сол жолмен аяқсыз аттанып бара жатарын білмейді. Адамдардың
ақырғы жан айқайы – сағынышты зар қана. Әне, әне... Екі дүниенің арасында торғын желді дірілдеткен әлсіз ғана үн: – Әке, ә-ке-ее!
ТАСБАУЫР
Рахим Ағзамұлының рухына
– Сен неткен тасбауыр едің, оны неге тастап қеттің? – Аға, сіз өзіңіз айтушы едіңіз ғой «Дүниеде нағыз махаббат, теңдік, әділдік деген нәрсе жоқ, ол адамдардың алғы күнге үмітпен қарауы үшін жалғаннан жасалған қиял биігі» деп. Мен жауап қайтара алмаймын. Қолымдағы кесеге қараймын. Кесе болғанда мөлдіреген шарап толы кесе. Жетісулықтар құятын шайдан да көбірек. Дірілдеген қолдарым кесе бетінде ұсақ толқындар тудырып, түймедей-түймедей тоғыс жасап жатады. Сол толқындар кенеттен көтеріліп қып-қызыл өңешке, жоқ, қызыл өңеш емес, қап-қара тамұқ үңгіріне – түпсіз аранға жұтылып кетеді. Тағы толқып, ұсақ қан арналары арқылы шапқылай жөнеледі. – Аға, білесіз бе, өмірде жауапсыз сұрақтар көп болады. Тағы сол баяғы ұсақ мөлдір толқындар тынымсыз толқиды. Енлігісі қошқар мүйізденіп жағалаудың жартастарын теңселте сүзгілейді.
– Сен де бір стакан алып қой. Бұл жолы жанарымның алдында көлденеңдеп шөккен нардай көгілдір тұман ештеңені көрсетпеді. Бірақ, оның ұйқыдағы сәбидей болмашы тыныс алғаны ап-анық естіліп тұрды. – Өзіңіз іпше деп үйреткенсіз. – Ішпесең өзім-ақ ішейін, үһ, мен сенің тастап кеткен қалыңдығыңды көрдім. – Аға, шын айтасыз ба, ол не дейді?
– Не деуші еді, сені тасбауыр екен дейді.
– Шынын айтыңызшы, ол мен туралы бірдеңе айтты ма?
– Иә.
– Не дейді?
– Не деуші еді. Жаңа айттым ғой.
Оның үздіккен дауысы жалынышқа жақын шықты:
– Аға?..
– Есіңде ме, бір жолы сен оның суретін көрсеткенсің. Толықша денелі, екі беті алмадай, томпиған ғана қыз еді ғой. Ал, мен соңғы рет көргенде сүзектен тұрғандай құр сүлдері ғана қалыпты. Мені көріп жылады. Оның ботанікіндей жәудіреген жанарынан мен «Аға, ініңіз мені тастап кетті» деген сөздерді оқыдым. Бірақ соңғы жағы тағы да буалдырланып кетті. Оның тұп-тұнық жанарынан мөп-мөлдір тамшылар қайнап шықты. Кірпіктерінің ұшынан үзілген ұсақ мұз текті маржандар қорғасындай салмақпен қара жерге домалап жатты. Ол енді жанарын оқыта алмасын біліп, өксігі езуіне тартқан жұқа еріндерін өз әміріне әрең көндіріп, мыналарды айтты: «Ініңізбен таныстық, табыстық, сөз байластық. Бір күні ол маған келіп: «Мен қарыздармын, қарызымды өтеу үшін біраз орай бер. Аз уақыт сені көре алмайтын шығармын» – деді де, ыстық демі бетімді шарпып, сүюге де
дәрмені жетпеді, кері бұрылды. Ол кеткенде көгілдір көктем болатын, онан ары жадырап жаз келді. Мен шешек атқан дала гүлдерінің арасынан іздедім, ол келмеді. Күреңіткен күз келді. Аспанда ұшқан алты қазға сәлем айттым, ол келмеді. Қылышын сүйретіп қытымыр қыс келді. Қыраулы терезеден елесін іздедім, таппадым. Міне, тағы да көктем келді, құс екеш құстар да оралып жатыр, ол неге келмейді, мені неге алдайды, тым құрыса жөнін айтып кетсе оң болар еді ғой?!» – оның айтқаны осы. Ал, кім тасбауыр екен. – Аға, онда мен шынында қарыз өтеуге кеткен болатынмын. – Қарыз? – Иә, қарыз, мен ананың ақ сүтіне, әкенің аяулы алақанына қарыздар болатынмын. – Інім-ау, қарыз қашан өтелуші еді, біз өмірдің өзіне де қарыздармыз ғой. – Аға, мен басқа қарызды қуып шаршап жүргенде қара жердің қарызы бәрінен ауыр екенін білмеппін.
– Неге?
– Адам атамыз қара жердің топырағынан жаралған. Демек, біз қара жердің бір кесек балшығын алып, онымен өз тәнімізді жамағанбыз. Ендеше, өзіміз ойып алған сол бостықты мәңгі толтыра аламыз ба, жоқ! Толтыра алмаймыз. Дегенмен кейде жер жыртығын жамауға керекпіз. – Сен тым жассың ғой. – Көп жасап жер бетін күнәға толтырғанша, опасыз жалғаннан ерте кеткен де бақыт сияқты. – Ата-анаңды қан жылатып кеттің ғой. – Мүмкін мен тірі жүрсем, оларды одан да көп жылататын шығармын. Адам ғұмыры арманмен басталып, арманмен аяқталып кетсе, жер үстіндегілерге де, жер астындағыларға да қадірлі боласың. Ал, жер бетін былғап жүзге келсең де, лағынеттен басқа аларың жоқ! Жылауға келсек, ол тағдырдың ісі! – Жоқ, жоқ! Олай емес!!! Мен Алматының тұманды көшесіне жүгіріп шығып, бар даусыммен осылай деп айқайладым. – Мүлде . . . мүлде олай емес, е-мес! Алып жартастай Алматының сұп-сұры қабат үйлері түк білмегендей тымсырайып, сыздана қарайды. Ал, байқұс талдар сақалынан су аға селкілдейді. Жапырақтар жаназаға жығылғандай үнсіз бас шұлғиды.
Ол кең иықты, ерттеген арғымақтай сындарлы тұлғасын тіп-тік ұстаған қалпында көше бойымен ары қарай асыға адымдап кетіп барады. – Рахим, Рахим, тоқташы... Асыққан пенделер қашан тоқтаушы еді. Бірбеткей, оралмайтын уақыт тіліндей ол да артына қайырылған жоқ. Алматының суық тұманына жұтылып кетті. Мен тасбауыр тағдырды қарғап, ерте ме, кеш пе адамдарға берген қарызын аямай қайтарып алатын тасбауыр қара жерге отыра кеттім. Біз жердің бүйірін тепкілеп, қаншама жауыз атансақ та, жүрегіміз тас
емес, еттен жаралғанын мойындаймыз. Ал, қара жердің бауыры қаннан емес, тастан жаралғандықтан ол бізді ықылым заманнан бері жұтып келе жатса да, тойған жоқ. Жанарымнан домалаған жып-жылы тамшылар тағы да сол қара жерге, тасбауыр қара жерге тама бастады. Жер болса моп-момақан қалпында жаңбыр суына қосылған менің жылымышы көз жасымды үнсіз жұтып жатты.
ҚАЗ ҚАНАТЫНА ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАР
Қара көзден мөлдіреп жас келеді
Қарындасым, бүгін сенің үйлену тойың, амал не бара алмадым. Сен Алтайдасың, мен Алатаудамын. Қарындасым, сен білмейсің. Сен өмірге келуден бұрын маған іні, саған аға Назарбек деген бөбек бар еді. «Бай малшының ұрпағы, халық жауының баласы» деп сойыл үйірген қара құйын күндерде әкем мен шешем Алтайдың "ит жеккеніне" айдалып кетті. Мен көрінгеннің босағасында қалдым. Шиеттей Назарбекті әкемнің жеңгесі асырап алды. Ауыр күндердің ажал қармағы алдымен осы сәбиге ілінді. Мен інісіз қалдым. Басқа балалардың артынан томпаңдап жүгірген інілерін көргенде өзегіме өрт ілінді. Мен үшін алғашқы өлім. Өзім аузыма салып шайнауға үйір керіш топырақты қара жер балғын жүрегіме сұп-суық мұзын басты. Томпайған топырақты көрсем тұла бойым түршігіп кететін болды. Қара жерді жек көрдім. Балалар қолымен топырақ үйіп ойнаса, мен оны шашып жіберіп тұра қашатын едім, жылайтын едім. Көз жасына қосылған ана сүті, әкенің батпан күрсінісі көкірегіме шер шеменін байлады. Қарындасым, сен білмейсің. Сен көктемде туылдың. Бүкіл дала жусан иісін бүркіп, торғайлар ән сала бастаған. Алғаш ашылған тау гүлі – шұғынықты әкем жақсы көретін. Сенің атыңды Таугүл қойды. Менің қуанышымда шек жоқ. Айнала жүгірдім, көршілерден сүйінші сұрадым: – Менің бауырым бар, менің қарындасым бар! – Ме-нің қа-рын-да-сым бар. Тау-жоталар бірге сүйінші сұрады. – Бар... бар... бар... Әкем айтатын ертегілердегі сияқты әлдебір алыстан келген самұрық сені іліп ала қашатындай жан атаулыдан қызғандым. Айналып, үйіріліп бесігіңнің қасынан кетпейтінмін. Бесіктен шешілгенде алты жастағы шамама қарамай тәлтіректей көтеріп "бермеймін, бермеймін!" деп құшақтай қашушы едім. Мұны білген ауылдағылар қызық шығармаққа мені әдейі іздеп келетін болыпты. – Қарындасыңды бізге берші... Өтініштің аяғы соғысқа созылып, мен оларды сойыл ала қуамын. Сені көтеріп ала қашамын. Олар қуған болады, жете алмаған болады. – Апыр-ай, мына батырдың қарындасын бермей қойғанын қарашы, – деп лажсыздық танытқан болады. Кейде Дәуен ағай өктемдік көрсетіп сом қолдарын созып, саған тегеуірін сала бастайды. Мен шырылдап қоя беремін. Шешемнен араша сұраймын. – Тәйт әрі, – дейді шешем, – бір бауырын берген, енді Таугүлді ешкімге бермейді, тиісіп көріңдерші қане!? Мен көз жасымды құрғатып, ерлене қаламын. Қарындасым, олар ақыры айтқанына жетті. Араға ширек ғасыр салып, мен
жоқ орайды пайдаланып сені алып кетті-ау. Қарындасым, көтеріп алып құшағынан шығармай қоятын ағаң жоқ. Жетімсіредің-ау, көріс айтып босағамен қоштасатын біздің ауылдың салтын қалай өткердің екен. Алдыңда көрісетін әкең жоқ, ол анау, мен жек көрген қара жердің қойнына жатып алып, сенің зарыңды тыңдай алды ма екен деші... Қарындасым, көрісіп айырылатын ағаң алыста, аңырадың-ау, еңіредің-ау, қарғам, қайтейін?! Төр алдында шошайған анаң сенімен қоштасып, қалай егілді деші... Ол: "Тәйт әрі, ағасы тұрғанда Таугүлді ешкімге бермейді" деуші еді ғой. Ағасы қайда... Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді – деген әнді Алатау бөктерінде отырып айтқан менің де көзімнен мөлдіреп жас келеді. Қош, қош, қарғам, қош енді, бақытты бол!
Анасы бар адамдар қартаймайды
– Аяулы шеше, сары ұлыңызды сағындыңыз ба? Сіз айтатын едіңіз: – Саған жүкті болып жүргенде комунаның ауыр еңбегіне түстім. Еңбектен қиналып, белім удай ашып, отыра қалсам болды, отряд бастығы Хасеннің әйелі Ағибал тас лақтырып түрғызушы еді, – деп. Шеше, сіз айтатын едіңіз: – Сен туғанда еркек тоқты түгіл қоянның қалжасы да бұйырмады, сорпаланып күтінгенім былай тұрсын, жұмысқа қуылдым. Сен туылып жатқанда біздің әулетті "халық жауы" санап, "жоғалтайық, жоғалтайық!" деп ұрандап жатқан еді. Сен бәрін елемей өз үніңмен ғана іңгәләй бердің, – деп. Сіз айтатын едіңіз: – Біз ауыр еңбекпен айдалып жүргенде, сен балалар бақшасына алындың. Талай бала өлді. Сенің су ішерлігің бар екен, балпанақтай болып, маңқиып отыра беретін едің. Жұрт сені бірде "аю" десе, бірде "балуан" дейтін, – деп. Шеше, сіз айтатын едіңіз: – Балам, құстың жұмыртқасы мен балапанына үйірсің, ылғида құстың балапанын бағып әуре боласың, балапанды сыңарынан, анасынан айырсаң қарғысы тиеді, – деп. Шеше, соның бәрі менің кейінгі өмірімнің мысалы болып қалғанын сіз әлі білмейсіз. Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр. Сіз қалжаға тоймадыңыз – мен бақытқа жарымадым. Бірақ, әлі де өз үніммен жар салып жүрмін. Балалар бақшасы – жатақтық ғұмыр болып жалғасты. Бірақ,
маңқиып бәрін де көтерудемін. Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санайды. Шеше, мен енесінен айырылған балапанмын. Сіз балапанынан айырылған ана құссыз. Егіз балапанды екі бөліп көп асыраушы едім. Кейінгі кезде келініңіз екеуіміз ажырасып тындық, немерелеріңізді бөліп бағатын болдық. Шеше, үш жылдың алдында қазан айының жиырмасында немерелеріңізді ертіп барып, сізбен қоштастық. Жанарыңыздың көлі шайқалып кетті. Көзіңізді жаулығыңыздың ұшымен сүртіп: – Сендерді енді көргенше өліп қаламын ба, кім біледі, – деп кемсеңдедіңіз. Шеше, сіз өлмейсіз. Немерелеріңіз өңі түгіл түсінде "Апа, апа..." деп оянады. Сізді сағынып жүр. Ұшарға қанаты жоқ. Сіз хатыңызда: – Сендерді сағынған кездерімде немерелерім Сайын, Мерей, Мейіргүлдердің жазған хатын қайта-қайта оқи беремін. Қағаз екеш қағаз да көз жасымен сарғайып кетеді екен. Сайынның жазған хатын ауық-ауық иіскелеп жастығымның астына басып ұйықтаймын – депсіз. Ал, Сайын болса сіздің жазған хатыңызды тұмар салатын былғары қалтаға тігіп, жүрегінің тұсына іліп жүреді. Шеше, сіз қартаймаңыз. Сіз қартайсаңыз біз де қартайып кетеміз. Менің бір ғана алданышым бар, ол: "Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды" дейтін ән арқауы. Мен ешқашан "әкем жоқ" деген сөзге тағы бір "жоқ"-тың қосылуын көтере алмаймын. Шеше, ендігі хаттарыңыздан дөңгелене оймақтанып түскен көз жасының ізін көрмесем екен. Бұрынғы аналар ұлын алыс жорыққа аттандырғанда: "Оқ алдыңнан тисін" деп бата береді дейді. Сіз де ез емес ер туған ардақты анасыз. Әлі-ақ шекара дейтін қызыл сызықтың қазықтарын көген шешіп үйренген киелі қолыңызбен жұлып-жұлып лақтыратын боласыз. Шеше, сандығыңыздың түбіндегі ірімшік, құрт, майыңызды жинай беріңіз. Немерелі, шөберелі болып біз барғанда жетпей қалып жүрмесін. Шеше, сізді сағындық. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.
Біз тіріміз Әке, сіз өлгенсіз, біз тіріміз. Сіз туған жердің торқадай топырағын жамылып тып-тыныш ұйықтап жатырсыз, біз тірілер қара жердің қақпыш болған қара тулағын шаңдата қағып жүрміз. Әке, осыдан он екі жылдың алдында мен сізге: – Келініңізбен жараспай жүрмін, екі бөлініп тынатын сияқтымыз,- деп едім. Сіз жанарыңызға іркілген жасты тежеп: – Балам, қазақ: Жаман қатын, жас баланың көз жасы мен мұрын боғына қалма – дейді, егіз қозыдай өскен екі немеремнің екі жерде жаутаңдап жүргенін көргеннен көрге кірген оңай емес пе?! - дедіңіз. Қанша қайраттансаңыз да шешем екеуіңіздің жанарларыңыз шарасын жуып алды.
Мен сіздің алдыңызда екінші рет ауыз ашқан емеспін. Әке, ажал айтып келмейді. Бір күнде-ақ сізді қағып түсті. Алтайдың бөктерінде дөң басында қалқиған мазарлық тұрды. Ауылдан қалаға келіп оқуға кірген Сайын келініңізбен (өз шешесі болса да) отаса алмады. Мен ата жұртты аңсап қазақ даласына тартқанда, ол бір-ақ күнде ауылға қашыпты. Қалада оқитын кластасынан жолдық ақша алып, Қызылтас ауылына жетіпті де, бөктер тауды жаяу өрлеп жайлауға бет алыпты. Жол бойында сіздің мазарыңызға қарап ұзақ жылапты, жанына барайын десе, арада жатқан өзеншеден өте алмапты. Сіз жүрген жердің жусанын жұлып зар еңірепті. Көз жасын құрғатқан ол көктеулікке келсе, ел әлдеқашан орта жайлауға көшіп кетіпті. Жер қорушының үйінен жөн сұрап, шай ішіп алған сегіз жасар ол енді орта жайлауға тартыпты. Әке, аруақ деген нәрсе шын шығар. Мүмкін "аузыңыздан" түскен ұлыңыздың қашып бара жатқанын сездіңіз -ау. Шыбын жаныңыз шырқырап бірге ұшып жүрген шығар. Сіздің аян беруіңіздің арқасы болар, ағасы Жайнатбек орта жайлаудан бөктер тауға ащы алуға келе жатады ғой, жол бойы алдынан өзіне қарсы келе жатқан Сайынды кездестіреді. Әке, біз туған жер құшағынан айырылар сәтте немерелеріңізді ертіп мазарыңызбен қоштастық. Боз жусан жапқан жал топырақты сипап көз жасымызды көлдетіп алыстай бердік. Әкеден өлідей, шеше мен қасиетті даламыздан тірідей айырылдық. Артымызда алтын Алтай мен әке қабірі қалды, алдымызда аңыз болған ата-жұрт пен белгісіз тағдыр тұрды. Немерелеріңіз кейде Алатауға шығып: – Әке, Алтай көріне ме? – деп алысқа, көгілдір сағымдар арасына, аспан жиегіне сүзіле қарайды. Енді бірде : – Әке, аруақ бола ма, атам түсіме кіріпті, – дейді Мерей, құран жаттап, сізге бағыштап аят оқып жүреді. Әке, опасыз ұлыңыз сіздің сөзіңізге қиянат жасады. Сіз ен салған екі егіз қозы, екі жерде маңырап жүр. Оны мына қанпезер ұлыңыз өз қолымен айырды. "Екеуінің екі жерде жаутаңдап жүргенін қалай көріп жүремін" деген сөзіңіз қайтадан жаңғырып, ұзақ жыладым. Әке, сіз бізге әкелік парызыңызды толық ада етіп орындадыңыз. Ал мен ші . . . орындай алмадым. Егер менің үнім жер астындағы мүрдеңізге иә аспандағы рухыңызға жетер болса, сізден: – Кешіріңіз, әке, кешіріңіз . . . деп жүз қайтара өтінер едім. Әке, біздер осылайша тіріміз, тірілер жер бетін шаңдатып жүрміз. Өлілер . . .
Сен қайдасың
Сен қайдасың? Ертістің ақ бораны ұрғылаған даладасың-ау. Бақ заманғы ит тұмсығы өтпейтін ну орманның қадау-қадау қалған аз ағашының арасына суық тұмсығын сұққан қаншық аяз сенің қасыңнан қыңсылай жүгіріп, қоға бастарын қозғап, қамыс үкісін сылдыратып, мұздарды сықырлатып өткенде сен түршігіп кететін шығарсың. Бала күніңде – сәби сәтіңде кірпікшешеннен қорқатын сен қоянның көжегінен де қашушы едің ғой. Алғашқы ақша қарда жентектелген ақ қарды әлімізше атқылаушы едік. Сен қардан қала жасайтынсың. Мәрмәр тастан қойылған сәулетті құрылыстар қатарласа бой көтеретін. Кенет әлдекімдер жағынан тасталған ауыр бомба шағын қалашықты талқандап кететін. Сен жылайтынсың. Мен қашатынмын. Сен атқылаған оқтардың көбі дарымайтын. Сол ақ қар жамылған дала бүгінде сені жатырқамай күміс нүктелерімен қызықтырып, күллі жан-жануардың ең әдемі ізін өзінің ақша бетіне мөр қып басып, әсемдіктің алтын бесігінде тербететін шығар. Сен қайдасың? Шилі түбектегі отауланған құм төбелердің арасында өрімдей қызыл шіліктің ортасында көгілжім түтіні аспанға бұйдаланған ескі қыстау саған алыс емес шығар. Қора түкпірінде ыңыранған қой, шөп шарбақта күрт-күрт жоңышқа шайнаған жылқы, мұрны пыс-пыс етіп анда-санда ернін сылп еткізіп басын сілкіп қоятын ойсыл қараның тұқымы – бәрі де таныс еді-ау. Қыстың қысқа күнінде орманға иегін ерте сүйейтін сарғыш күн көлеңкесін көбейтіп ымырт тез үйірілетін. Оқудан қайтқанда қараңғылық пердесі тартыла бастаушы еді. Жағаларымыз ақ қырауға оранып, қараған, түзгендер жиі өскен құм төбелердің бауырында қасат қардың үстімен жүгіретін едік. Қасаттың жұқа беті ойылып түсіп сен жығылатынсың. Сумкаң бір жақта, мойын шәрпің бір жаққа ұшып кетіп жылайтын едің. Мен жүгіріп келіп қолтығыңнан демеп киіміңнің қарын қағып жұбатушы едім. Сен көз жасыңды лезде құрғатып тағы да жүгіретін едің. Тек алдымыздан сендердің үйлеріңнің ала мойнағы үріп шыққанда ғана мен кейін қайтушы едім. Сен сол қарлы далада әлі жүрсің бе? Сен қайдасың? Ауыл алыстады. Арамыз алыстады. Орта мектепте екеуіміз кластас ретінде сыйласып жүрдік. Сеңдер қыздар класы, біз ұлдар класы едік. Өзіміз қатарлы ұл-қыздар хат алысып, хат берісіп жүрді. Сені қанша жақсы көрсем де, айтуға аузым бармады. Хат жазуға қолым дірілдеді. Тек сыртыңнан қарап жүру бақыт сияқты еді. Сен тұлымы желбіреген қыз емес, бойжеткен едің. Ақыры орта мектепті бітіріп айырылысар минуттар келіп жетті. Мен алысқа оқуға аттанғалы автобус баспалдағына көтерілдім. Сен қыз достарыңмен мені ұзата шықтың. Ақтық рет, ақтық рет емес-ау, алғашқы рет мен сенің
қолыңа бүктелген хат ұстата бердім. Сен шеті шілтерленген қызыл қол орамал сыйладың. Ортасына жүрек суреті түсірілгенін кейін көрдім. Сен ауылда қалдың. Сен менің хатымды оқи алдың ба? Бекер жазған шығармын. Сенің жүрегіңді жаралап алған жоқпын ба? Мүмкін сен сол хатты оқымай-ақ пәре-пәресін шығарып лақтырып тастаған болсаң қандай жақсы болар еді. Мен оқудан үлкен қалаға жүмысқа орналастым. Одан шет елге кеттім. Сен туған ауылда қалдың. Өзіңнің аяулы анаң, аяулы әкең қасынан ұзатқысы келмеді білем. Ауыл сенің мәңгілік мақтанышың, мәңгілік әнің болып, бүгінде ауылдың әсем әніне құлақ құрышыңды қандыратын шығарсың. Ертістің көкжал толқындары сені тәтті күйімен тербететін болар. Сен бүкіл бақыттың тек туған ауылда ғана екенін қайдан білдің?! Ауылдан басталған ән ауылдан ғана ақырласатын сақара заңын сен ғана жаттай білдің. Ауылдан алыстаған біздер бақыттан да алыстай бердік пе білмеймін. Керісінше қайшылығы мен қақтығысы көп қиын тағдырлар бізді жиі күтетін болды. Сен бәрінен де адасың. Бәрінен де құлан таза күйіңде ауылдың ақ жарқын құшағында қалдың. Сен қайдасың? Алыста, тым алыста. Мен түс көрдім. Баяғы бала күнгі елестер. Ертістің жағасы. Сен үстіңе қара көйлек киіп мұз үстінде сырғанақ теуіп жүрсің. Сені ұстайын десем қолым жетпейді. Аяғыңдағы коньки тез сырғанайды. Кенет мұздар ойылып өзен беті ойдым-ойдым сеңдерге толды. Үйдің орнындай кесек мұз үстінде сен алыстап барасың. Алыстай бердің. Қош дегендей қара шәрпіңді бұлғап қалдың. – Сен қай-да кет-тің? Шошып оянған менің көз алдыма қабіріңнің үстіне құлап бара жатқан жалғыз жапырақ елестеді. – Сен қай-да-сың?
Жалғыз жапырақ
Жалғыз жапырақ мен сені жаз бойы қалай байқамағанмын. Бәлкім, байқаған да шығармын. Онда сен жалғыз емес, мың сан жасыл жапырақтардың арасында жай ғана сығалап тұрған боларсың, Әлде, сен тереземнен үңіліп мені көрген шығарсың. Әсіресе, жаздың айлы кештерінде, мүлгіген тыныштықтың бауырында сыртқа, сонау көгілдір аспанның көркем төріне – бозамық айға, жыпырлаған жұлдыздарға телмірген шағымды сан мәрте байқаған боларсың. Онда айдың сүт сәулесіне қаншама шомылсам да бәрібір сені көре алмайтын едім ғой. Ал енді сен жалғыз қалғалы аспан алқаларымен бірге көккжиекке құлаған жанарым жасындай ағып келіп саған қонақтайды. Сенің мұңлы, жүдеу кескінің, сарғыш емес, күреңіткен бейнең болмашы дірілмен қалтырап, бұтаққа асылған жарқанаттай қарауытады. Жаздың қызығына тойып болып, қоңыр күздің аяғындағы бақтарды кезген
сумақы жел сенің жаныңа әлдеқандай үрей әкеле ме қалай? Жөн-ау, тал басындағы бұтақшалардың тұмсығы бүршіктей буазданған сәтте маужыраған күннің жылуы тірлікке асықтырғаны сонша жап-жасыл үшкіл тұмсығың алдымен көрініп, жарық дүниені жадырай сүйгенсің. Сенімен бірге күшіктеген сан бүршік бүкіл аспанды бүркеп, жасыл әлем жасаған едіңдер-ау. Соның бәрі сағағынан жалғыз-ақ күнде үзіліп төңкеріле құлап, қара жердің мұздай тәнін құшқанын қалай шыдап көрдің екен. Мүмкін, анау, жүзіңнен сырғып үзілуге шақ тұрған жалғыз тамшы, сол қасіретіңнен қалған дақ шығар. Жетім тамшының айдың нұрына шағылған әлсіз сәулесін керең тірлік жалмауыз шүңетіне оп-оңай жұтып қойса да, бәрібір саған қуат беретін шығар. Ол үзіліп кетсе қайтер едің?! Мен сені аялы алақанымның шуағымен жылытқым келсе де батылым жетпейді. Абайсызда саусақтарым тиер тиместе-ақ, жан арқауындай ілініп тұрған жалғыз тамшы құлап кетсе... Ол бар пәрменімен адамдар қолымен жасалған қатыгез қара тасқа түсіп, быт-шыт болса қайтеміз?! Оған сіңген айдың алтын сәулелері бірге сынып, тірліктің ақырғы әні тойымсыз топыраққа жұтылып кетпей ме?! Қоңыр күздің қарашаға ұласқан қатқыл түні болмағанда сол бір тамшы әлдеқайда еріп, тағдырын тауысар еді ғой. Сен ертеңгі шығар күннен қорықпайсың ба. Оның өткір сәулелері түк таппағандай тоғайдың ішін тіміскілеп жалғыз тамшыға сұғын қадамасына кім кепіл?! Қара жерден қайыр күте алмаған бейбақ тамшы буға айналып адамдардың қолы жетпейтін көк зеңгірге, әжімсіз аспанға ұша жөнелсе не шара?! Ондайда сенің жүзіңдегі жұбаныш нұры бірге ұшып кетпей ме!? Саған шуақты күннен қатыгез қыс жақсы болар, мүбәдә, көктем келе қалсашы, сол көктемі құрғыры келмей тұра тұрсыншы... Жалғыз жапырақ, сен бәрін үнсіз тыңдайсың. Бірақ, терезеден телмірген менің жүзімде не барын айтпайсың. Егер айта қалсаң мен қорқамын. Сол үшін де сен өзің ғана жылайсың, өзің жылап тұрып сора-сора жастан жүзіңе қатқан сүйкімді тамшыңның кеппеуін тілейсің. Өйткені сенің жаның дарқан даланың мөп-мөлдір аспанынан аппақ шуақ еміп, самалдың саумалымен марқайған. Жалғыз жапырақ, сен үзіле көрмеші. Сен үзілсең, жұрт сені менің кеудемнің қуысынан іздейді. Олар жапырақтың мүрдесі жатқан жерді көргісі келеді. Бірақ кеш болар еді. Жалғыз жапырақ, жұрт қызық қой, сен мені аяшы...
ПЕРІШТЕЛЕР (хикаят) Алматы қаласының батысындағы Райымбек ауылының солтүстік шетінде шағын аулалы жатаған үй тұр. Беті шығысқа қараған төрт бұрышты үйдің алдыңғы іргесіне үстіне көрпе салынған ағаш орындық қойылған. Осында күншуақтап, болаты қайтпаған шүңғыл отты жанарын Алатаудың қарлы шыңдарынан алмай ұзақ оймен отыратын Сейітхан бүгін жоқ. Енді-енді шеті сөгіле еріп жатқан жұқалтым қардың сарқыншақ суынан есік алдына ойдым-ойдым орнаған мұз қабыршықтары болмашы жалтырайды. Үйдің төбесінен шұбала көтерілген шүйкедей көгілжім түтін аязды аспанға үнсіз сіңіп жатыр. Көрші үйлерден әтештің шақырғаны, бұзаудың мөңірегені естіледі. Ауызғы бөлмеден кіріп төргі үйге ауысар босағада қарттың қайықтай калошы жатыр. Сыртына қапсырма шегеленген ағаш есік сықырлай ашылып, үйдің ішінен жылымық ауа қарсы алады. Ортаңғы бөлменің оң жақ төріне тірей қойылған үстелге шынтақтаған қарт үйме-жүйме қалың қағаздан басын алмай, түсі сұрланып, қабақтары жауар күндей түнеріп, түйіле жазу жазып отыр. «Әттең, үлгере алам ба. Бәрін-бәрін жазып кетсем деп едім. «Бір уыс қан», «Оспан батыр» романдарын аяқтай алмадым. Енді өзімнің ғұмырнамам - осы жазуымды аяқтап барып қисайсам...» Бүкіл қолқасын көтеріп, булыға келген жөтелден көгере күреңітіп, мойын тамырлары баланың саусағындай білеуленіп, ұрты томпайып, жұдырығын аузына тақап қинала күркілдейді. Жаны күйзеліп ауырғалы да айдан асқан. Ауыл, аудан дәрігерлері қанша дауалағанымен ажалдың алыс еместігін жасыра алмады. Жаны шалының үстінде құрақ ұшып жүрген кемпірін қасына шақырып алып: «Құдайдың басқа салғаны осы болса, одан қашпақ қайда бар. Өзің де укол сала білесің ғой, емхананы қойып, ақырғы аз ғана күнімді Гүлден екеуіңнің қасында – қалған жазуымды жазып өткізейін» деген. Басында көнгісі келмесе де шалының албаты айтпайтынын, айтса қайтпайтынын білетін кемпірі көзіне келген жасты жаулығының ұшымен көлегейлей сүртіп, үнсіз күйзеліспен бас изеді. Бір үйдегі үш жан шал мен кемпірдің аз ғана зейнет ақысын талшық қылып, көгілдір отын түтетіп отыр. Осы үйдегі қаймақ-май бар дәмді шалының аузына тосады. Бірақ соны жейтін ауыз күн сайын кішірейіп, ас батпайтын болып, сырқат арпалысы шалының нардай тұлғасын сүліктей сорып, шөгеріп барады. Сонда да өмірі таяққа сүйенбеген қарт иілмеген қалпында бөрі кеудесін тік ұстап, қаламын тістене сығымдап, ақ қағаздың бетіне жорғалатып із салудан бір танбайды. Із... Сол із ең әуелі өзінің туып-өскен мекені, кіндік кесіп, кірін жуып өскен алтын бесігі Сауырдан басталып, жер бетіне қым-қуыт шимай іздер салады. «Шөбі шүйгін, суы бал, топырағы май, қасиетті жер екенсің. Бірақ, аттың
сауырындай ғанасың, әттең!» деп Асан қайғы жел маясын шалдырған бұл мекенде осыдан жетпіс төрт жыл бұрын Ақбай хажының ұлы Әбілқасым шаңырағында іңгәлаған үн Сауыр самалымен сүйінші сұрап, Меркіт иісі ғана емес, Сауырдағы Төре-қараның да қуанышын қоздырғаны бар. Бақыр басты балпанақтай ұлға Сауыр бойын шақырып, шілдехана өткізген ата-анасы оның кейінгі тауқыметті тағдырынан еш хабарсыз еді. Аяғын майлы ішекпен тұсап, оны кескенде де Сауыр топырағында алғаш қаз-қаз басқан ұлының Сауыр, Сайқанды кезіп, Алтай атырабына ат шиырын салып, Қобда асып, Қалқа жеріне қадам басатынын, айналып Алатауға баратынын тіпті де ойлап қойған жоқ. Ірімшіктен жасалғандай уыз табанының қиыршық тастарды басып, кезеңсіз тауларды асатындығы, темір етігінен теңгедей қалғанша қара жерді мыжғылап, сіріленіп, етігімен су кешерін, ұлтанын қанға шылап, табанын тас тілерін естеріне алмақ түгіл, елестетпейтін де еді.
Шыңғыс әулетінен тараған Абылайхан сынды көкжалдың тұқымы болып келетін Көгедай ұлы Ажының ат байлаған қазығы, кереге жайған көк төсі, қасиетті күлтөгері осы жер болатын. Ары асса алты Алаштың, қалса Керей, Найман, Арғынның емшегіне таласқан ене жерінің, желегіне таласқан жесірінің, барымташыл батырларының да дау ұшығының бір көгені де қара көктің босағасына келіп, бұршақтап жататын. Одан қала берді, ұзын шапандарын, я болмаса қасқыр, бұлғын, түлкі ішіктерін сүйреткен, ақ жейдесінің жағасы тұтас жауырынын жауып жататын, белдерін күміс кісемен байлаған Керейдің сартабан билері мен бетінен қаны тамған шонжар байларының да қамшы сүйрете кіріп, қасыныса сөйлесетін, насыбайларын шырт түкіріп, шірене шалқаятын алтын орда шаңырағының түтіні де осында түтеп жататын. Сол киелі жерге түскен балғын із алты қанат ақ ордадан жығыла-сүріне аттап шығып, күн сәулесін сүйіп, табиғаттың жауыны шайған қара қоңыр топырағының бетіне мөрін аямай баса берді, баса берді. Із бірде ауыл молдасының әліпбиінен басталатын арабша оқытатын медресенің алдынан көрінсе, бірде Жәке шешен, Лақ би ауылдарының атқа мінерлерінің шойын табандарының қасынан табылып жүрді. Із кейде тілінен бал тамған құс ұясы бұлақтар бойында жатса, бірде бар әлемді құшағыма қысайыншы деп бұлқынған ару көлдердің таңдай құмдарынан табылатын еді. Осылайша Сауыр алқабының әр тал шөбі мен түйір тасын, тал ағашын санаған із енді бірде ақ тұлпардың аяңымен үзеңгіні шіреніп, кезінде Сарсүмбе атанған Алтай қаласына тартып бара жатты. Арманға жүкті асау жүректі арқалаған қос аяқтың көсілген таңбасы тау қаласына айшықты кестелер жасады. Тынымсыз иесінің бұйрығына көндіккен сірі табанның ізі өрмекшінікіндей өрмек салды. Мұғалімдер жетістіру орталығында, әдебиет көркемөнер бірлестігінде, газет үйінде, сахнада, малшы отарында, егіс даласында, кенші шахтасында жиі ұшырайтын болды. Із кейде ұшақ баспалдағынан көрініп, аспанда ұшып бара жатты. Аспанда да құс жолындай із жатты. Ізбен бірге күмістей жылтыраған моншақ тер жатты.
Енді бірде даланы асты-үстіне төңкерген қара дауыл тұрып, іздерді өшіре бастады. Із бірде көрініп, бірде көрінбейтін болды. Кейде тас бетіне тамған қанмен қатар көрінді. Кейде мұз бетінде жалаңаш табанның мөрі жатты. Кейде балшықтан, кейде ақ борбас сордан көрінді із. Із ширыққан белгілер қалдырып, темір тордың ішіне қамалды. Темір тордың ішінде із түспеген жер жоқ. Бір ғана із емес, мыңдаған із. Кейбірі өкше қағыстырған, кейбірі башпай түйістірген із. Енді бірде адымы ашылған аяқтың шалғай құлаштаған ізі темір тордан ұшып шығып, Өр Алтайдың асқар басындағы қарлы асуда жатты. Із қарлы асудан, ала таяқтардың арасынан, өзінің туған даласынан, ел іші алтын тұғырынан бір жолата, мәңгіге алыстап шалғайға, жат елге көсіле тартып бара жатты. Оны қуған төрт аяқты да, екі аяқты да іздер, тау даланы шиырлап, ала таяққа келіп, тұмсығы тасқа тиіп, майырыла қайтып еді. Бірақ қайтқан із тегін қайтпай, қашқын іздің шыққан жерін тауып, ініне су құйып, ізіне өрт қойды. Артына қайырыла-қайырыла алыстаған із Алтайдың арғы бетіне асып, Шыңғысханның үрім-бұтағы мекендеген ұлан-ғайыр моңғол даласына ұласты. Із онда да сақшы мен соттың босағасында, күзетші есігінде, жат туыстың төрінде көрінді. Тағы бір шаңырақтың астындағы іздермен тоғысып, тағы да...тағы да... Өзен, көл, тау, газет-журнал, жазу үйінде жатты. Із босағадан төрге көп шыға бастады. Қобда, Бай-өлке секілді көшпенділер жерінде жиырма жыл шимайланған із тағы да ұшақ баспалдағына шығып, құс жолын бойлап Алатау топырағына, Алматы жеріне, қазақтың, қасиетті қазақтың қоңыр даласына ып-ыстық болып басылды. Іздер тоғысты. Жер шарының түкпір-түкпірінен шұбырған іздер қазақ даласында, өзінің байырғы атамекенінде, ата-бабаларының табаны басылған киелі қара жерде тоғысты. Іздермен бірге жылымшы жастың ойдым-ойдым ұсақ нүктелері де түйіртпектеліп жатты. Сол із, баяғы сол Сауырдан басталып, жердің бір бүйірін жамаған із енді міне, осынау қараша үйге, қараша үйдің оң жақ төріне келіп, ақырғы мөрін басып отыр. Бар салмағын қара жерге салып, батпан сүйектер қара жартастай ауырлығымен жаншып, ешкім өшіре алмайтындай, ең ақырғы рет мәңгіліктің ізін салып отыр. Із...із...із... Сонау батыс жиекке аунаған қызыл күннің соңғы сарғыш сәулелері аптаған биік төбеге, көлеңкесін бері шалқытқан молалар жаққа қарай кетіп бара жатқан із. Із...із...із... Секеңнің тұла бойы түршігіп кетті. Адамдар мақтайтын күллі тірліктің
анасы, мап-майда қара қоңыр топырақ, кеудесі бүлк-бүлк соғып жатқан ұлпа жер, жап-жасыл тіршілік үшін ене көкірек болған сарқылмас уыз, қанаты талғандардың темір тегеурініне биялай жонын төсеген бұйра мамықты төбелер – енді бәрі де, бәрі-бәрі де мүлдемге суық, сыз, жат. Кеудесіне мұзды көбік қатқан қара бура, мәңгіліктің тас табыты, қойнынан қарлы боран ұлыған қаралы жер, өлім бесігі... «Ажал, сұм ажал, жез тырнағыңнан бір рет қашып құтылып едім, ақыры араға отыз жыл салып, қыл тұзағыңды, қанды шалмаңды, құтылдырмас құрығыңды оңдырмай лақтырдың-ау. Енді қашып құтылмасымды білемін. Егер осыдан отыз жыл бұрын болғанда, отыз жылдың алдында...» Иә, отыз жылдың алдында. Алтай аспаны шаңыттанып тұр. Мырза қамаққа алынған, Шығыс Түркістан ұйымының мүшелері деп қаралған қалың топтың бел ортасында қылыштай қырқындағы ат жақты, сом денелі, арғымақтай азамат отыр. Оның жанына отты жанарлы, жұқалтаң қызыл сары жігіт келіп сыбырлай сөйледі: – Аға, темекі бар ма? Тұтас денесімен жалт қараған Сейітхан қап-қара көздері мұңдылау күлімдеп тұрған Қызырбекті көрді. Оның темекі тартпайтынын біледі. Махорка сұранып, бір тілім қағазды саусақтарының арасынан науалай ұсынды. Қалтасынан қара барқыттан тігілген темекі дорбасын алып шыққан Сейітхан оралған бауын ағытып, құс тұмсықтана үш саусағымен махорканы сығымдап алып шықты. Өзіне қарай ұсынылған темекілік қағаздағы «Дәретханада сөйлесейікші» деген жазудың үстіне махорка «сыр» етіп құйылды. Кешкі алакеуім көлеңкеде дәретке сұранып шыққан олар, дәретхана ішінде күбірлесіп тұр. Қызырбек:
– Аға, мыналардың түрі жаман, бізді жақында сотқа тапсырып, онан соң атады екен, тезірек қашып кетейік! Будақтаған көк түтіннің арасынан жіпселенген жанарын өз ойының үстінен түскен Қызырбекке ұзақ қадаған Сейітхан: «Мұнысы шын ба, әлде мені тұзаққа тартып тұр ма, жоқ, адал жанды ақынның жанары жүрегін оқытып тұрған жоқ па, айналайын-ай, енді қайтсын, мен немді жасырайын» дегендерді ойлап: – Ұсталып қалсақ қайтеміз? – деді күмәнділеу күбірлеп. – Қашпасақ та өлім, қашсақ та өлім. Қой екеш қой да өлер алдында аяғын бір серпіп қалады ғой. Жігіттің өткір ойы шешімін создырғысы келмеді. – Тәуекел! – Аға, ертең кешке дейін қашып үлгерейік. Уағдалы жеріміз Мөңкенің ақ тамының тау жағындағы қара төбе болсын. Қайсымыз бұрын барсақ, кейінгімізге тасты үш рет соғып шықылдатамыз. Қарсы жақта солай жауап қайтарады.
– Келістік, – бұдан ары толғанудың артық екенін сезген ағасы осылай деді. Албырт жанды ақын жігіт секіріп кетті. – Аға, Алла жар болсын! Алтайдың қысқа күні ұзақ болып аунады. Күн бесінге таяғанда Сейітхан дәретханаға шықты. Ондағы дәретхананың есігі іште болғанмен тазалау қолайлығы үшін дәрет шығаратын тесігі ауланың сыртында болатын. Сырт киімін дәретхана есігіне ілген Сейітхан аяғының былғанғанына қарамастан дәрет ұрасы арқылы далаға секіріп шықты. Жер бетінің жарығы сөніп, сам жамырай бастағанда уағдалы төбенің бауырына ілінген Сейітхан төбе басынан тастың үш рет шықылдағанын естіді. Әуелі соңғы шықылдан от ұшқынын көргендей болды. Жүрегі атша тулап ол да тасты үш рет шықылдатты. Төбе басына аяңдаған оның алдынан елбеңдеген қара көлеңке көрінді. Ізінше шағылды тасырлата жүгіріп келе жатқанның Қызырбек екенін жазбай таныды. – Аға, аға, еркіндік! Жете бере мұның мойнына асыла кетті. Құшақтарын айқастырып, беттерін түйістіріп бірін бірі босатпай біраз тұрды. Сейітхан бетіне тиген жылымшы судан Қызырбектің жылап тұрғанын білді. Өзінің де өзегін өртеген запыран жанарынан ащы тамшылар ыршытып жіберді. Құшақтарын босатып, бір қауым үнсіздікпен жотаға шықты. Самал, туған даланың қоңыр, майда самалы желпи еседі. Даланың, мәңгі қартаймайтын ана даланың төсінен уыз иісі аңқып тұр. Қызырбек жусанды төбеге балаша аунай кетті. Жерді, айналайын қоп-қоңыр балғын жерді, балғын жердің балаусасы жусанды құшырлана құшақтап, емірене иіскеді. Одан шалқасынан аунап түсті. – Аға, қарашы, қарашы анау жұлдыздарды. Бұшпағы жоқ кең аспанның жұлдыздары ешкімге тәуелсіз, жаһұттай жарқырап тұр. Сандықша тасқа құйрығын қойып отырған Сейітхан темекі орады. «Шіркін жастық неткен өрт едің, сендей кезімде менде сондай шығармын. Сөйлей бер, сөйлей берші, жалының өшпесін!» Оралған газеттің үшкіл тұмсығын тісімен қырт етіп үзген Сейітхан осылай ойлады. Қызырбек әлі сөйлеп жатыр: – Әне, темірқазық, онда ақбозат пен көкбозат арқандаулы тұр. Жеті қарақшы торуылдап жүр. Олар қанша торуылдаса да, бәрібір ақбозат пен көкбозатты мәңгі-мәңгі ала алмайды. Күллі аспанның моншағы біржолата үзіліп түсіп, дүние тамұққа айналса, бүкіл әлем қара үңгірге жұтылып кетсе сонда ғана, сонда ғана қарақшыларға ұстатпаған қалпында шырағын мәңгіге өшіреді. Әнеу жұлдыз... Әттеген-ай... Сөзі кенет үзіліп қалған Қызырбектің көтерген қолы сылқ ете түсті.
Сейітхан аспанға қарады. Аққан жұлдыздың жолақты ізі ақырын-ақырын өшіп жатты. – Жә, жігітім, темір тордан қашып шықтық енді қайтеміз? – бұл сұрақты Сейітхан айтты. Мығым, қоңыр үнде лажсыздықтан гөрі жеңістік алған марқаю бар. Жерге малдасын құрып оңала отырған Қызырбектің жеңіл күрсінгені білінді. – Бастау сізден, іздеу бізден болсын. – Қазақ жеріне қашып өтсек деп ойлаушы едім, бірақ, арада үш жүз шақырым жер жатыр. Екі аудан халқы бар. Қашқын десе айыр бақанын ала ұшатын ала құйын заманда ол тозақтың отынан ұшып өткенмен бірдей. Алдымен Моңғол жеріне өтсек, содан қазақ жеріне өту қиын болмас. – Сонда отбасы шаңырағымыз, балаларымыз ше? – Қызырбектің көз алдына бес жасар қызы Салтанат пен аяғын енді-енді басып жүрген Розасы елестеп кетті. Сейітхан ауыр күрсінді. Оның да екі ұл, екі қызы бар еді. Әсіресе, «әкелеп» тілі шыға бастаған Ержаны көз алдына келе берді. – Бізді осы күйге түсірген кім, сен жассың. Мен білетін өмірің «Алтай газетінде» тілші болып өтті. Аузыңа құс тістеген ақын болайын деп тұр едің, жетпей жатып жетеңе сойыл ұрды ғой. Мен осы Алтайды азат қылу кезінде Оспан сарбаздарының төменгі Алтай жасағында хатшы болдым. Жанымызды шүберекке түйіп елімізді, жерімізді жат табанынан қорғау үшін толарсақтан қан кешкен күрестердің куәсі болдым. Азат еткен Алтайымызды ақыры компартияның қолына тапсырып бердік. Құдайдан кейінгі патшаның айтқаны уәжіп деп оған да көндік. Сол партия деп, сол партияның үгіт жұмысы деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып қызмет істедік. Бірақ сенген партиямыз бізге жат көзбен қарап, 1958 жылы ұлтшыл, оңшылдарға қарсы күрестің қарауылына да алдымен қазақтар ілікті. Соны сылтауратып, атқа мінеді-ау дейтіндерді қидай сыпырды. Түрмеледі, жаза лагеріне айдады. Үмітсіз шайтан деп оған да көндік. Енді міне, 1966 жылдан бастап тап талдау, мәдени төңкеріс дегендері қара боранын соқтырды. Ақыры осы қара боранға қарсы «елді азат ету» ұйымын құруға мәжбүр болдық. Біздің мақсатымыз тағы да теңдік, бостандық, еркіндік алу еді. Қытай, ұйғыр, моңғол, қазақ ұлттарынан құрам тапқан мүшелеріміз бүкіл Қытайдың жер жерінде бар болды, ұйымға сен де кірдің. Ақыры барлығымыз жалғыз-ақ күнде торға түстік. Компартияның көзімен қарағанда «кешірілмес күнә» өткіздік. Енді біздің алдымызда ажал ғана күтіп тұр. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей өлсек те қазақ жеріне жетіп өлсек. – Аға, қазақ жері демекші, Қазақстандағы «Лениншіл жас» газетінде өлеңдерімнің жарияланғанын білесіз. Сонда істейтін Шерхан Мұртазаұлы деген азаматпен хат алысып едім, әттең, аяғымыз Алматыға бір жетсе сыртқа теппес еді-ау.
– Тірі болсақ бір жететін шығармыз. Алладан соны тілейік. – Аға, Моңғолға қалай асамыз? – Мен малшыларды аралап, тілшілік жұмысыммен жүргенде, Алтайдың жайлауларының бәрін көргенмін. Қыран өзенін өрлей берсек Моңғол мен Алтай шекарасында Өрмегейті асуы деген бар. Сол асудан ассақ, иек астындағы елге ілінеміз. Өзіміздің Алтайдан ауған қазақтар. – Азық-түлігіміз жоқ, оны қайтеміз? – Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген, енді біз ылғи түнде жортамыз да, күндіз тығыламыз, аман болсақ бір жұма ішінде өтіп кетеміз. Аялдайтын ештеңе жоқ, құдайға тәуекел, жүрейік. Осыны айтқан Сейітхан орнынан тұрды. Қызырбек оның таудан көктеп шыққандай қарауытқан зор тұлғасына мейірлене қарап, өзіне қуат тапқандай жұбанды. Түннің жұлдыздарын жамылған екі көлеңке қиыршық тастарды сықырлата басып, солтүстікке қарай жылжып барады. Алтай қаласынын батысындағы қара жонды қиып өтсе, жіңішке Қыран аталатын өзен бойына қиыстай құлайды. Екі пенде іштей сөйлесіп келеді: Сейітхан: «Бауырым-ау, сен мені аға көресің, пана көресің, соңымнан ерген сені жасытпағаным жөн шығар, менің өзегім өртенбейді деймісің. Мені туған дала, менен туған бала аңырап арт жағымда қалып бара жатқан жоқ па, сонда да көз жасымды көрсеткім келмейді. Жұта берейін, жиналса жүрегіме жиналсын, тек сен жасымашы...» Қызырбек: «Рухың мықты екен, аға, сол рух мені де, сені де тар қапастан ұшырып шығарған жоқ па!? Бірақ, қалай езілмейсің, қалай елжіремейсің, жүрегіміз тас емес, еттен жаралған ғой. Екеумізді зар желіске салып, туған даламыздан, ұшқан ұямыздан алыстатып бара жатқан қанды шеңгел заман ғой, тағдырдың тауқыметі ғой, қайран ағам-ай қайысқан қабырғаңа сүйеу болсам жарар еді-ау...» Тау жонына ілінген сайын жусан иісін бүріккен қоңыр самал сарайларын ашып, қадамдарын тездете түсті. Анда-санда аяқтарының астынан түн құстары пыр-пыр ұшады. Шығыс етекте Қыран өзенін жағалай орналасқан Алтай қаласының түнгі шырақтары жылтырайды. Бірде кілт тоқтаған Қызырбек: – Аға, қарашы, дүние қандай көркем, – деді. – Жерде қалың жұлдыз, аспанда қалың жұлдыз, біз аралықта ұшып бара жатқан жыл құстары сияқтымыз. Сонау батыста – Буыршынның Дулайтысында менің туған жерім қалып барады. Аға, мына самал сол жақтан есіп тұрған сияқты. Осы бір суретті жүрегімізге жазып алайықшы. Енді мәңгі-мәңгі көре алмауымыз да мүмкін ғой. Олар тасқа құйрық қойып отырысты. Қызырбек сөзін үзген жоқ. – Мына қалада, Қаратаудың иегінің астында менің аяулы жарым, сүйікті балаларым қалып барады. Анау батыста балалығым қалып барады. Артымызда туған даламыз қалып барады.
Сейітхан көңілі босап, егілуге шақ тұрған жігіт досын аяп кетті. Сәл толқыса болды, өзінің бордай егілгелі тұрғанын білді. Жұмсақ жөткірініп, жылылық ұялай бастаған көкірегіне даланың салқын ауасын толтырып ауыр дем алды. – Кейде адам баласы бәрі-бәрін қиюға тура келеді, - ол мұны тамағына бірдеме тұрып қалғандай қинала жұтынып, әзер айтты. - Бәрін қиюға тура келеді. Біз шыбын жанымызды ғана алып бара жатқан жоқпыз, еркіндік аңсаған асау жүректі аман сақтап қалуымыз үшін шегініс жасап бара жатырмыз. Жер бетінің қай нүктесінде жүрсек те, әлсізді алқымдаған жауыздарға, біреудің жерін табанымен мыжғылаған шапқыншыларға, еркіндік, бостандық атаулыны құрсаулаған темір торларға қарсы күресіп өлеміз. Бұл - біздің қасам ішкен қазығымыз, маңдай алды бағдарымыз. Ал, отбасы кімге жаман, кімге жат. Алла тірі сақтаса болды. Шиеттей шикі өкпелерге жазмыштың рызығы бар шығар. 1938 жылы әкемді жазықсыз түрмелегенде қаршадай мен тірі жетім қалғанмын. Енді менің де балаларым менен айрылып тірідей жетім қалды. Егілсең ер болмайсың, жауыздық жасау үшін ең әуелі жаныңнан құрбандық беруің қажет. Сонда ғана қанды кешулерден аман өтіп, жеңістің шұғыласын көре аласың. – Рас, аға. Қызырбектің жаны да манағыдай емес, ширап, салқындай қалды, үні қоңыр шықты. - Анау өлім көгеніне маталап жатқандармен салыстырғанда бұған да тәубе. Жетім болсада сол құлындарымыз аман болсыншы... Кәне, жүре берейік. Ақын болған соң кейде жүрегің езіліп кетеді. Сейітхан жылағысы келді. Бірақ еш сездірмей дымданған көз жиегін жеңінің сыртымен сүртіп, түннің қойнына адымдай сүңгіді. Қос көлеңке еңіске қарай сырғи жөнелді. Алдан Қыран өзенінің болмашы сыңғыры естіле бастады. Сейітхан мен Қызырбек қашқанның сол кешінде Алтай қаласының астаң-кестеңі шықты. Қуғыншылар олардың үйін тінтіп, бала-шағасын үркердей қылды. Сұрақтармен қорқытып, ұлардай шулатты. Сол түні-ақ жер-жерге халық жасағы атанған қарулы қосынның адамдары бастаған қытайдың қызыл жасағы аттанды. Қашқын қашқандығы туралы бүкіл елге хабар айтылды. Бөгде біреудің төбесі көрінсе болды, «қашқын ба» деп үрпиісе қалатын ел де етек-жеңін қымтай бастады. Түнде жортып, күндіз жасырынған екеу елдің қыбыр-жыбырынан-ақ сойқанның басталғанын сезді. Тіпті қару асынып, шауып жүрген атты адамдарды да жиі көретін болды. Олардың ақ кебінін көтерген ажал көз алдарында ойнақ салып жүретінді шығарды. Ел орта жайлауда отырғандықтан, таудың бүкіл қойыны-қонышы малшы үйлері. Мал жайған, жоқ іздеген адамдардың аяғы үзілмейді. Кештің өзінде ауыл иттерінен сақтанбасаң, ол да оңай емес. Осылайша аттанғанына үшінші күн болғанда, таңға жақын Сейітханның іші бүрістіре бұрап, қатты түйіліп, домалай
жығылды. – Сабыр етіңіз, аға, сабыр қылыңыз. Шайнама жемегенімізге үш күн болды, аштық азабы ғой! – деп сүйей берді Қызырбек. Әуелде бүкіл ішек-қарыны аузынан атып шығып кетердей қиналған Сейітхан есінен адасып қала жаздап, әзер басын көтерді. Кіндік тұсын сипалап отырған жігіт досын шошытып алғанына іштей қиналып, суланған жанарын Қызырбектің жүдеңкі кескініне қадап: – Ішімді бір-ақ уыс қылып бүріп жіберді, ештеңе етпес, – деп зорға күбірледі. – Аға, аштық азабы осылай болады деп үлкендерден естігенім бар еді, қорықпаңыз түк етпейсіз. Бірақ біраздан кейін тағы ұстауы мүмкін, шыдаңыз, – деді. Айтып-айтпай сүт пісірімнен кейін Сейітхан тағы бүктетіліп қалды. Түрі жан шошырлық сұрланып, ішін басып, дөңбекши ыңыранды. Қызырбек тағы да төс шеміршек пен кіндігінің арасына қолын жүгіртіп уқалай берді. – Аға, жазылып кетесіз, қорықпаңыз, шыдаңыз. Өзімен өзі арпалысқан Сейітхан шекесінен суық тер бұршақтап барып зорға оңалды. – УҺ, жаным-ай. Інім, бүйте берсек аштан өлеміз. Менің құдамдікі жақын қалды, тәуекел, басқа салғанын көрерміз. Сонда барып азық сұрайық. – Оныңыз да жөн, аға. Мына далада жыртылып айрылған малдан бірерін жықсақ жығып аламыз-ау, бірақ ұры, қарақшы деген атты алсақ, қандай жаман. Ішіне тартылған ұрт еттері бүлкілдеп, қабағы түйіліп кеткен Қызырбек: – Аға, менің де ішек-бауырым бүрістіретін түрі бар. Жығылсам, қорықпаңыз, – деп еңкейе берді. Қызырбектің айтқаны келді. Шай қайнатымнан кейін құлында-құлыны шығып, домалап түсті. Толғатқан анадай бебеу қағып, үш жығылып, үш тұрды. Аршаның астында бұл күнді әзер батырған олар іңір қараңғысы үйіріле бере межелі үйге жетті. Қызырбек алыстан қарап тұрды да, Сейітхан иттен ұрланып үйге жақындады. Бірақ босағада жатқан сақ төбет іргеден жағалай есікке шылбыр бойы қалғанда «арс» етіп атылды. Өзіне қарсы атылған төбеттен жалт беріп отыра қалған ол төбет қайта айналғанша, зып етіп үйге кіріп кетті.Үй ішіндегілер үдірейе қарап, ошақтың алакеуім жарығында тани алмады: – Кім, кім бұл? – деп дауыстады. – Ассалаумағалейкүм, мен Сейітханмын. Орнынан ұшып түрегелген шал селк етіп, состиып тұрып қалды. Кемпіріне қарады. Кемпірі көзі алақандай болып шалға қарады. Көрпеден басын көтерген балалары торғайдың балапанындай үрпиісе қалды.
– Кел, кел төрлет! Шалдың аузына түскен сөз осы болды. Амандаспаққа қолын ала жүгірді. – Тоқтаңыз! – Шал орнында тұрып қалды. – Тоқтаңыз, құда, жақындамаңыз. Үй-ішінен өзіне деген үрей сезген ол осылай деуге мәжбүр болды. – Қорықпаңыздар, мен ешкімге тиіспеймін, бірақ азық керек. Азық берсеңіздер болды. Кемпір ернін сылп еткізіп шалына қарады. – Бер, бер, – деді шал. – Нені, не беремін? Көзі кереге басында ілулі тұрған ала қапқа түскен Сейітхан малшылардың құрт салатын ыдысын танып: – Құрт, – деді. Белін басып, созыла тұрған кемпір қапты алып Сейітханға ұсынбақ болды. – Жақындамаңыз, – деді ол. – Лақтыра салыңыз, өзім аламын. Құда-құдағи, айыпқа бұйырмаңыздар, алғаным қарыз болсын. Тірі болсам, қайтарамын. Мынаны балаларыңызға шақай алып беріңіздер. Жұмарланған он юань ақшаны оң жақтағы кебеженің үстіне тастай салған Сейітхан лып етіп далаға шықты. Қара ала төбет аңдып жатыпты, арсылдай үріп ұзатып салды. Ауыздарына малтаны басқан екеуі тоғай арасымен үнсіз алыстай берді. Тіпті біріне-бірі не дерін де білмейді. Өртене ұялған ішкі жан азабы жүректерінде қорлану сезімдерін тудырып жасып келеді. Үзеңгі бауы сегіз қабат болып жүргенде, ханның сәлемін алмайтын сарбаздарың жалғыз жандары үшін, жалғыз жанының арқауы үшін көздері қарауытып, шырғаға тартылған бала құстай болған халдеріне егіліп келеді. – Қайтесің, адам болған соң бәрін де көресің, бәріне де көнесің, – деді Сейітхан күйзеле сыбырлап. Жүрегінен қан тамып келе жатқан Қызырбектің сөйлеуге дәрмені жетпеді. Сол түні-ақ қашқындар туралы хабарлаған құдасы бүкіл жасақты тауға бастады. Түнімен таудың іші азан-қазан айқай-шуға ұласты. Әр жерде атты адам, ағаш бұтақтарының сынған дауысы. Қыран өзенінің жағасында биік жалды жалдап қарағай арасымен тынымсыз қашқан олар шығыстан шоқтай жайнаған шолпанды көргенде барып кідірді. – Аға, – деді Қызырбек, – Мыналардың сұрқы жаман. Енді соңымыздан қалатын түрі жоқ. Бұлар ендігі жерде ылғи да сулы жерлерді аңдиды. Суға түседі деп біледі. Тауып алған жыртық торсығымызды жамап, соған су толтырып алайық та, суы бар жерге жоламайық. – Бүгінше суды қоя тұрайық. Бұлар ұясын аю бұзған арадай уыттанып тұр. – Аға, жерге жарық түскенше әлі біраз бар, үлгереміз. Бала күнімде
Буыршын өзені бойында талдардың арасында ақсүйек пен жасырынбақты көп ойнағам, көзге шалынбай өзенге барып келейін. – Тоқта, – деді Сейітхан ылдиға жүгіргелі тұрған оның етегінен тартып. Не айтса да ағынан ақтарыла сөйлейтін жолдасының бүкпесіз жарқын дидарын көлеңкеден көріп тұрды. Сол көлеңкенің арасында қос шырақ жарқ етіп өзіне тесіліп тұр. – Аға, аялдайтын уақыт жоқ, барып келейінші. – Осыны айтқан ол қалбаң қағып, төменге жүгірді. – Байқа, сақ бол! – деп сыбырға жақын бұйырған ол бұтаның арасымен еліктей секіріп бара жатқан Қызырбекке қимастықпен күбірлеп: «Әй, албырт жастық-ай» деді. Арада сүт пісірім уақыт өтпей жатып, етектен атылған мылтықтың үні шығып, домалаған темір торсықтың салдыры естілді. «Әттеген-ай» деп бармағын тістей алған Сейітханның жүрегі тас төбесіне келді. Соның арасынша: – Әне, әне, тау жақтан түсті, – деген айқай естілді. Бір топ адамның өзенді құлдай шапқылағаны білінді. Енді бір топ адам бұталарды сатырлатып, өзі отырған жалға қайқайып келе жатқандай болды. Таң ағарып, жер бетіне жарық түсе бастаған. Секі тастан иегін артып төменге қараған Сейітхан жақындап қалған қалың жасақты көрді. «Қайту керек?» Тоғайға қашып кіріп кетсе, бәрібір ұстап алады. Ағаш басына шықса көріп қояды. Осы қас-қағым аралықта оның көзіне анадай алаңқыда тұрған бір топ қызыл тікен көрінді. Көрді де, жалма-жан солай ұмтылды. Бітік өскен қызыл тікеннің үстін жыртқанына қарамай, арасына сүңгіп кетті. Беті-қолы қан жоса болды. Қолына бәкісін алып «Мүбәдә ұстай қалса, жастығымды ала жатайын» деп ойлады. Топты адам бұлар отырған жерге сау етіп шыға келді. – Ә, мына жерге отырыпты. Таптасын шөптен ізді байқаған бір ізші қызыл тікеннің жанына келді. – Бері, бері кел, – деп оны біреу шақырып алды. – Ол мынадай жерде тұрмайды. Ағаштың басына қараңдар, сонда отырмасын. Дабырласқан қуғыншы тоғайды сүзіп алыстай берді. Жүрегі аузына тығылған Сейітхан «УҺ» деп өзінің аман қалғанын аңғарды. Тұтас денесін суық тер басып кетіпті. Бұл күнді қызыл тікеннің арасында өткізген ол енді жалғыз қашты. «Әттең, айналайын Қызырбегім-ай, оққа ұшып кеттің -ау» деп ботасынан айрылған боз інгендей зарлап, Алтайдың жон тауларына қарай жорта берді. Қалай қашса да жайылған тор шырмауынан шығарар емес, қарасын көрген қуғыншылар мұның бағытын да аңғарған түрі бар. Қашатын жолдарын да межелейтін сияқты. Ылғи да қыр соңынан қалмайды. Жүрек қалғыса, ажал аңду салады дегендей, сәл ғана жаза басса, шыңырауға бір-ақ құлайды. Таң ата
бере қуғыншылардың жақындап қалған сытырын сезіп, биік жартастың түбіндегі ұйыса біткен қалың тобылғының арасына кіріп кетті. Ағаш басын, тастың қуысын ақтарып келе жатқан қуғыншы топтың көзіне елеусіз көрінсін деп әдейі осылай жасырынған еді. Аттың аяқ дыбысы мен екі адамның сөйлеген күбірі жақындап келеді, жақындап келеді. Ол қолына тағы да бәкісін алды. Топ тобылғының желкесіндегі жартастың үстіне келіп, ат тізгінін іріккен екеудің бараны да шалынды. Күбір-күбір етіп ұзақ бірдеңелерді айтты. Сөйтті де бірі қолындағы ұзын құрықпен бұл жатқан тобылғыны салып кетті. Тобылғының ұсақ бүрлері мойнына құйылған Сейітхан «оныңа атып шығатын қоян емеспін-ау» деп ойлады. Бірақ жүрегі дүрс-дүрс етіп бүкіл әлем бірге солқылдап тұрғандай күй кешті. Жартас үстінде бір қыдыру тұрған екеу келген іздерімен кері қайтты. Сейітхан ажалдың өзінен алыстап бара жатқанын білгенде, тағы бір ауыр күрсінді. Осылайша ажал құрығы оның басына неше келіп, неше қайтты. Сонда да тақымдап қуғанын қоймады. Бұл жанын аузына тістеп қашқанын қоймады. Дәл осылай қаша берсе, бүгін бе, ертең бе аңдыған жау алмай қоймайтындай түрі бар. «Сол үшін бұларды көз жаздыру үшін шегініс жасау керек. Қашқан ізімді қайталай басып, шегінуім керек. Олар өліп бара жатса да, кері қашады деп ойламайды» деп түйді. Сөйтіп, ажалды алдауға көшкен ол Қыран өзенін құлдай Алтай қаласына қарай қашты. Бұл табылған ақыл болды да, ізшіл иттер тау-таста тентіреп қала берді. Алтай қаласына ұрланып кірген ол жасақтардың атын ұрлап мініп, мүлде басқа бір жолмен қосар атпен жалғыз-ақ түнде тартып кетті. Артына бұрылмай мәңгілік қашты. Адасқан ажал алас ұра жүгіріп, талайдың тақымына қанды бұрау салып жатты. Сол отыз жыл қуған ажал енді бұның қартайған, қажыған шағында қаша алмасын біліп, желкесіне қыдиып отыр. Түсі суық ажал оған мейірімсіз, сұп-сұры мұзды өңін қадап: – Мен сені қуғаныма ұзақ болды. Сенің періштелерің көп екен. Көбінде солар кедергі болды. Әйтпегенде баяғыда-ақ мойныңды шылша бұрап, шыбын жаныңды шырқыратып әкетер едім. Ал, енді мені де шаршата бермей, ризалығыңмен берілгенің жөн, - деді. Сейітхан: – Жөн-ақ, бірақ менің сенен өтінер екі тілегім бар еді. Бірінші, алғаш сенен қашып құтылғанда екі жасар ұлым қалып еді, соны көріп, маңдайынан бір иіскеп кетуге орай берсең. Екінші, бітпей жатқан шығармам бар еді, соны аяқтауға уақыт керек. Ажал: – Адамдарға уақыт берсең, бір тілегінен соң бір тілегі, бір арманынан соң бір арманы туа береді. Ал, оларға жеткілікті өмір берсең де, сол өмірін қалай өткізіп алғандарын білмейді де, жаны үзілгелі тұрғанда арманшыл, мұратшыл,
еңбекшіл бола қалады. Саған да барлық орай берілген еді, жер бетінде жүрген жетпіс бес жылың бар арманыңды орындауға жетер еді. Сейітхан: – Оныңды да жөн дейік. Маған жетпіс бес жас та жетер дедік, онда досым Қызырбекті неге отыз екі жасында қыршынынан қиып кетесің?! Ажал: – Оның маңдайына жазылған жазу солай. Бірақ нағыз ақын адамдар арасындағы міндетін орындау үшін жіберілген елші ғой. Ол борышын өтеді, өмірі аз болғанымен, артына өлмейтін ақындық мұра қалдырды. Жерінің, елінің бас бостандығы үшін мырышқа түйреліп, өмірімен, төгілген қызыл қанымен жауап берді, тарих бетіне жазып кетті. Ал, саған берілген міндет басқаша. Сен де сол міндетіңді орындап болып, мәңгілік тұрағыңа кететін уақытың жетті. Баламды көрсем дейсің, ол тілегің орындалады. Мен жаңа айттым ғой сенің періштелерің көп екен деп, балаңды сол періштелер жетелеп келе жатыр. Өлер алдында маңдайынан бір иіскейсің. Ал, шығармаңды аяқтасам дейсің, саған уақыт берілген еді, аяқтай алмадың. Өз обалың өзіңе. Сейітхан: – Жазушының туған баласынан қалса, тіпті кейде одан да ыстық жүрек қанының сарқыны-жазған еңбегі. Сен жаңа ғана маған міндетіңді өтеп болдың дейсің, мен сол міндетімді өтеуге үлгере алмай жатқан жоқпын ба?! Ажал: – Ей, адам-ай, сол үшін де адамдар бір-біріңді боқ домалатқан қоңызға балайсыңдар. Өмірде бәрі-бәрі де аяқтап бітетін нәрсе болмайды. Бәрі де аяқтамайды, оны басқа біреу жалғайды. Тіпті болмаса сенің жаның күндердің күнінде шыбын болып тағы біреудің бойына қонады. Ол нәрселер сен жазуға бұйырмаған. Сен өлген соң оның иелері өздері іздеп тауып алады. Сенің шығармаңның жалғасын да солар жазады. Олардың міндеттері де сол. Бұл әлмисақтан келе жатқан өмір мен өлімнің бұлжымас заңы. – Иә, өз білгеніңді істе! – деп тістенді Сейітхан. Ол қаламына жармасқан ажалдың улы шеңгелін қасарыса итеріп, жазуға қайта кірісті. Жаза берді, жаза берді. Қаламын жұлып алуға ажалдың дәрмені жетпей, қатты қиналды. Бір кездері Қорқыт күллі дүниені қобыздың тіліне кіргізіп, өзінен қашқанда оның жанын алуды ұзақ аңдыған еді. Ақыры қалғып кеткен орайында қайрақ жыланға айналып шағып еді. Бұл жолы да соның қалғуын тіледі. Бірақ жылан болып шағу емес, қол салуға періштелерінен жасқанды. Аурудың азабы мен қаламның жазуы қатар қалжыратқан қарт ұйықтап кетті. Ол түсінде Қызырбекті көрді. «Сен қайда кеттің?» деді баяғы айрылып қалған кезі есіне түсіп. Отты жанары күлім қаққан Қызырбек сол баяғыдай уылжығын жап-жас қалпы екен.
Қызырбек: Мен су алғалы етекке түсіп, суды іліп алып қайқайып келе жатқанда, қуғыншылар көріп қойып оқ атты. Бұларды шырғалап басқа жаққа қашсам, сіз аман қалады ғой деп өзенді құлдай қаштым. Ақыры жеткізбей құтылып кеттім. Енді тауға қашудың мүмкін емес екенін білдім, әрі сізбен қосылу қиын болды. Сөйтіп, бөктердегі әпеке-жездем есіме түсіп, түн жастанып соларды таптым. Олар қалың қамыстың арасына жасырып қойып, тамақ жеткізіп беріп тұрды. Бірақ бұзау жайған балалар көріп қалып, үйлеріне айтып барыпты. Әпеке-жездемді аңдыған көршілер құралды жасақ бастап келіп ұстап алды, ұрып-соқты. Көрсетпеген қорлық көрсетіп, түрмеге қамады. Онда өзіміздің Мәннән, Еменақын, Оспанжан қатарлы ерлер жатыр екен. Темір құрсаумен ұстаған қалың әскер қаланың оңтүстігіндегі Құдая деген жерге апарып, бәрімізді атып тастады. Сейітхан: Сен өлмепсің ғой? Қызырбек: Мен өлмедім, періштелер маған жақсы адамдар өлмейді дейді. Қашып ойға түскеннен кейін де сондай періштелер қанатының астына жасырып, біраз күн жарық дүниеде жүруіме орай берді. Арада отыз жыл өтті. Сізді сағындым. Енді барлығымыз бірлікте болайықшы. Бұдан кейін айырылмайықшы. Сейітхан: Мен ұлымды күтіп жүрмін, ұлымды білесің ғой, екеуміз қашқанда екі жаста қалған Ержаным. Қызырбек: Менің екі қызым қалған. Мені атуға әкетіп бара жатқанда «Әке, әке!» деп жүгірген Розамның шырылдаған үнін естідім. Мойныма салған қылтұзақ қарауға да, айғайлауға да келтірмеді. Екі қозым қай жерде маңырап жүр екен деп ойлағанда, жұмақтың төрінен атып шығып, Алтай даласына ұшып барғым келеді. «Шығыс Түркістаншыл болып атылған халық жауының қыздары» деп сәби жүректеріне басылған қарғыс таңьбасын жұлып тастағым келеді. Атылғаныма өкінбеймін. Бірақ, артымда қалған жырларымның жиналмағанына, сүйегімнің егістікке айналған топырақ астында іздеусіз қалғанына қабырғам қайысады. Тірілер мен өлгендердің арасына тұтастыратын көпір болса... Сейітхан: Мені ажал күн сайын алқымдап жатыр. Өздеріңе қашан жетерімді білмеймін. Алтайдан ұлым келсе, арттағылардың хабарын сонан білеміз ғой... Қызырбек: – Тезірек келіңізші, аға. Мұнда ұлт-азаттық қозғалысының бастығы Оспан батыр сізді күтіп отыр. Мәннән, Оспанжан, Еменақын сияқты шейіттердің барлығы да осында. Сейітхан қарт қатты ашылған есік тықырынан, дабырласа сөйлеген адамдардың үнінен оянып кетті. – Сүйінші, сүйінші, ата! – деген дауыстарды құлағы шалып көзін тырмалады. Үйге көршілер кіріп жатыр.
Қарт қайратын бойына жиып, орнынан тұрды. – Сүйінші, ата, ұлыңыз Ержан келді! Қарттың есікке тігілген суалыңқы жанарынан белгісіз оттар жылтырап, тура өзіндей боп ержеткен ат жақты, қара торы азаматтың табалдырықтан бері аттап кіріп келе жатқанын көрді. Айқара ашылған әкелік құшақ пен өмірде әкесінің барын тұңғыш рет өз көзімен көрген мейірімге шөлдеп өскен ұлдың мешкей құшағы бірін-бірі қапсыра құшты. Әкенің құшағына кіріп, кеудесін иіскеп, ботадай боздап ұлы тұр. Құшағына ұлын толтырып, бетінен, маңдайынан құшырлана сүйіп, бозінгендей боздап әке тұр. Ажырататын ешкім жоқ. Көршілердің көздері де сора-сора. Жанарлар жиегінен домалаған жылымшы жастар езуге одан төмен омырауларға сырғанай тамып жатты. –Ұ-лым!
– Ә-ке! – Менің ұлым... – Әкем менің... Бір-біріне қарап алып қайта жылайды, қайта құшақтасады, қайта жылайды. Әке-бала мауқын басқан шақта, қарт төсегіне қайта қисайған еді. – Ажал, ажал, енді алсаң арманым жоқ, - деп күбірледі. Ержан егіліп отыр, Ержан күліп отыр, Ержан сөйлеп отыр: – Сіз кеткен соң біздің үйдің астан-кестеңін шығарыпты, шешемді тергепті. Халық жауының қатыны деп ауыр еңбектерге айдап, біз тентіреп далада қалыппыз. Мен кішкене болғандығымнан, қорлықтың көбін ағам мен әпекем көрсе керек. Бір әпекем көрінгеннің босағасында жүріп, ақыры жынданып кетті, ағам жарымжан болып қалды. Ақыр аяғында шешеміз бізді төркініне алып кетіп тыныш болды. Мен ес білгелі балалар менімен ойнамай қашатын еді. Кейін оқу-қызмет жағдайында да қашқынның баласы деген ат қалмай жүрді. Басында сіздің өлі-тіріңізді білмей жүріп, кейін әзер білдік. Заман қанша жаман болғанмен, жақсы адамдар ешқашан жоғалмайды екен. Бізге медет берген, көмек қолын созған, сізден хабар алғызған, бүгін де мені осында жеткізген сол ақ періштелердің арқасы. – Періште? – Сіздің де ажалдан аман құтылып кетуіңізге себепші болған сондай періштелер. Әкесі ұлының бетіне сұраулы әлпетпен таңдана қарады. – Әке, қызыл тікеннің арасына жасырынып қалғаныңыз, тобылғының арасында жатқанда құрықпен салып кеткен кездер есіңізде ме? – Оны сен қайдан білесің? – Әкесі орнынан тұрып кетпекші болып басын көтеріп еді, қуаты жетпеді. Ұлы басын сүйей отырып: – Періштелер айтқан, – деп күлді. – Періштелер айтады: сіз қызыл тікеннің арасынан ұсталып қалатын болғанда, мен ізші жасаққа «Ол жерді қарамай-ақ қой» деп шақырып алдым деп, тағы сол періштелер айтады: «Шықты шөптің
шалғынын жапырған ізін қуып барсақ, тастың астында тобылғының арасында қоянның көжегіндей томпиып жатыр екен, біз көрдік, тиіспедік деген ишаратпен құрықпен бір салып қалдық та, кейін қайттық» деп. Торғайдай тозған Қызырбектің отбасындағылар да сондай періштелердің арқасында аман қалды. Үлкен қызы Салтанат дәрігер, кіші қызы Роза мұғалім, әйелі Дәмежан зейнетте. Сейітхан ажалдың «Сенің періштелерің көп екен» дегенін енді ғана есіне алды. Ажалдың ағат айтпағанын білгенде тұла бойы түршігіп кетті. Сөйтті де, төсегінің алдына қойылған үстелден алған қомақты қағаз буманы қолдары дірілдеп ұлына ұсынып: – Менің саған қалдырар мұрам осы. Бірақ өзіңнің аяулы періштелеріңді ешқашан ұмытпай жүр, – деді демі сығылып. Десе де, сол аяулы періштелерді көзімен көргісі келіп, айналасына қарады. Алдында тұрған көршілеріне жағалата көз жіберді. Бірақ оның көзіне періште емес, көршілерінің артында мойыны сорайып тұрған суық ажал көрінді. Енді оның ажалға айтар уәжі де қалмаған еді. Осы кезде «Жүр, аға, кетейікші» деп Қызырбек келді қасына. Тірлік мейілінше шаршатқан қарт сарбаз талай асаудың жалына жабысып, бүгін де қаламнан жауыр болған сіңірлі сірі қолдарын ақын інісіне ұсына берді. Гүл-гүл жайнаған балаң өңі баяғыдай кірсіз, жылы, тереңдік ұялатқан мейірлі жанардың өтінішінен аттап өте алмасын білді. Алып бәйтеректі құлатып алмайын деп епсіз қаймыққан, жанарының шөлін қандырып болмаған ұлы әкесінің қолынан ұстап отырып, одан айырылып қалды. Бұрын «тірі жетім» аталса, енді нағыз жетім болғанын сезінді. Өкіре бас салды әкесін. – Әке, әке, енді ғана көргенде, әке деген жалғыз ауыз сөзді жаңа ғана айтып отырғанда, мені тастап кеткенің бе! Әке.. .әке... Ержанның зарына егілмеген жан қалмады. Сейітхан атаның жаны отыз жылдың алдында айырылып қалған досына ілесіп, бейішке ұшып бара жатты. Адамдар қатыгез қара жерге қашан болмасын бір бас ұратынын тағы бір мәрте ұқты. Алматы қаласының іргесіндегі Райымбек ауылының батысындағы биік төбеде қалың зираттық тұр. Сол зираттыққа қойылған ескерткіштердің біріне: «1925 жылы Сауырда туылып, қырық неше жылдық өмірін Қытайда, жиырма неше жылдық өмірін Моңғолияда, соңгы сегіз жылдық өмірін қазақ жерінде өткізген Сейітхан Әбілқасымұлы Ақбаев 1999 жылы қаңтардың он сегізінші күні бұл дүниемен біржолата қоштасты» деген жазу батар күннің соңғы шұғыласында ап-анық көрініп тұрды.
ШЫНДЫҚ ҚЫЛЫШЫНЫҢ ЖҮЗІНДЕГІ ДАРЫН
“Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.” (Ғабит Мүсірепов) Шығармашылыққа қойылатын осы бір қатаң талапты жеріне жете терең түсінудің өзі, оқырманның көңілінен шығудан да қиын. Сондықтан да біз бұл күндері үйқасқа ұйып, өлең, оқиғаға ілесіп қара сөз жазып жүрген “ақын” мен “жазушыдан” аяқ алып жүре алмай келеміз. Осыдан барып біздің көркем әдебиеттің беделі түскіндеп, қарымды қалам иелерінің журналис тілшіге айналып немесе күлкіге қалып жүргендігі жасырын емес. Алайда оқыған сайын ойға ой қосып, сезімге серік бола алатын серпінді шығармалар да баршылық. Әне сондай шығармалар деп, Жәди Шәкеннің соңғы кезде әдеби басылымдарда жарық көрген бір топ әңгімелерін айта аламыз. Оның “Үн” журналының 2006 жылғы 2 санында жарияланған “Қаз қанатына жазылған хаттары” Әйгілі жазушы Әзілқан Нұршайықовтың “Халимаға жазылған хаттары” сияқты өте жеңіл әрі әсерлі оқылады. Ондағы бейнелеу тәсілі де өзгеше деуге болады. Бір түрлі сезімдік серпінмен жазылған “Қара көзден мөлдіреп жас келеді”, “Анасы бар адамдар қартаймайды”, “Біз тіріміз”, “Сен қайдасың” қатарлы туындылары қара сөзбен жазылған өлеңге ұқсайды. Сондықтан да оған әңгіме немесе өлең деген анықтаманы бірден бере алмаймыз. Ал оны шетел әдебиетімен байланыстыра қарасақ, шалқыма жаныры деп баға бергіміз келеді. Біздің бұл арада шалқыма деп отырғанымыз қытай әдебиетінде ежелден бері поэзия, проза және драмалық шығармалармен ыиықтасып келе жатқан сануын (шалқыма) жаныры. “Сануын бізге ханзу (қытай) әдебиетінен жуырдағы жылдарда кірген жанр. Ханзудың ертедегі әдебиетінде өлеңнен басқа, әдебиет түрлері түгелдей сануын деп аталған. Дәуірдің, жанрдың дамуына ілесе кейін келе сануын поэзиямен, драммамен, прозамен терезесі тең әдебиеттің дербес жанры болып қалыптасқан. Біздің әдебиетімізге келіп сіңген сануын кейінгі сануын, яғни әдебиетіміздің дербес бір жанры.” (Әуелқан Қалиұлы) Сондықтан сануынның бейнелеу түрінің еркін, тақырып көлемінің саналуан, сезімдік бояуының лепті болуы оның өзіндік ерекшелігін қалыптастыра алады деп айтуға болады. Алайда біз бұл арада баяндамалы сануын мен пайымдамалы сануынның лирикалық сануынге қарағанда көркем әдебиеттен біраз алшақ жататындығын ескеруіміз керек. Ал лирикалық сануын сезімдік толғауды өзіне бейнелеу тәсілі ететіндіктен, оның көркем әдебиетке бейім екендігі байқалып тұрады. Сол себепті де Жәди Шәкеннің жоғарыда аталған шығармалары өлең мен әңгіменің қасиетін қатарынан сіңіріп, мен мұндалап көзге түседі. Мысалы: “Шеше, сіз айтатын едіңіз: – Балам, құстың жұмыртқасы мен балапанына үйірсің, ылғида құстың балапанын бағып әуре боласың, балапанды сыңарынан, анасынан айырсаң қарғысы тиеді, – деп.
Шеше, соның бәрі кейінгі өмірімнің мысалы болып қалғанын сіз әлі білмейсіз. Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр. Сіз қалжаға тоймадыңыз – мен бақытқа жарымадым. Бірақ, әлі де өз үніммен жар салып жүрмін. Балалар бақшасы – жатақтық ғұмыр болып жалғасты. Бірақ, маңқиып бәрін де көтерудемін. Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санайды. Шеше, мен енесінен айрылған балапанмын. Сіз балапанынан айрылған ана құссыз.” Бұл “Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды” атты шалқымадан алынған мысал. Бұнда “Шеше, сіз айтушы едіңіз” деген сөйлем бір неше рет қайталаумен шығарма иесі бір ғұмыр кешірмесін өзінің сезімдік толғанысы арқылы түгендеп шығады. Осы барыста бұл шалқымадағы лирикалық “Мен” мен сезімдік “Сен” ортасында сезімдік желі өзінің шынайылығымен әрі нанымдылығымен бойды шымырлатып, көңіл-күйді көлдей толқытады. “Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр” деу арқылы адамзат тіршілігінің ғұмыр бойы қуғын мен қашқын ортасында үрей мен қуаныштың құрығы астында өмір сүретіндігін нанымды бейнелеп көрсетіп отыр. Ешқандай бір жүйелі оқиғасыз сезімдік деталдар арқылы оқырманның ойынан шығудың қиынның қиыны екендігін ескерер болсақ, онда шығарма иесінің “Қаз қанатына жазылған хаттары” да ерекше бір еркін серпіліспен жазылған таңдаулы шалқымалар қатарынан орын алады. Тіпті оның жанырлық жағынан ауыз ашпаған күннің өзінде адам жүрегін шымырлатар ащы шындық сізді бірден-ақ сезім шүңетіне тоғытады. Ал шетелде тарыдай шашылып, қарашаңырақ Қазақстаным деп, атажұртты аңсап, елге оралған және енді оралғысы келіп жүрген қазақтардың көңіл-күйін және олар тап болып отырған қиындықтар туралы ой толғаған “Екі дүние” атты әңгіменің де ( «Жастолқын» жастардың прозалық жинағы. Жалын баспасы, 2007 ж) көтеріп отырған жүгі ауыр екендігі, оны еш екіленбей оқып шыққан адамға өте айқын сезіледі. Ата жұрт туралы хабар-ошарларды қалт жібермей қадағалап отырған, өз атамекеніне оралғысы келген шетелдегі қазақтардың мына бір екеуара әңгімесінің астында қаншама терең сыр жатқандығы ешкімге де жасырын емес. “– Кім біледі, ондағылар орысша сөйлейді дейді, доңыздың етін жейді дейді, балаларымыз кәпір болып кетпесе болды ғой. – Не болса ол болсын, шаңырақ қазақтікі, табан тисе болды. Қытайдың қыспағына қарағанда жері кең ғой.” Тілінен, дінінен, тіпті, ділінен де айрыла бастаған атажұрттағы қазақтың тең жартысына жуығын иелейтін мәңгүрт қазақтар туралы шетелдегі ағайындардың түсінігі осы. Бірақ тәуекелшілік оның бәрін жеңіп отыр. Алайда атажұртқа алғаш атбасын тіреген “Оралмандардың” көзін ашып жолығатыны да әне сондай шен-шекпенді шенін өз құлқыны үшін жеке пайдаланатын жемеңгер қазақтар: “Майлы жүзі жылтыраған семіз сары бауырсақ мұрнына қойған мөлдір көзілдірігінің үстінен сүзе қарады:
– Мен сізге қазақша айтып отырмын ғой, біріншіден, көші-қон билетің жоқ, екіншіден, азаматтыққа құжат тапсырған жоқсың, бір айттым бітті. Саған виза жоқ! – деп қалам қыстырған домбал саусағымен үстелді тықылдатты.” Бұл шындыққа еріксіз бас имеске амал жоқ. Арғы бетте әкесі қал үстінде жатқан Жанарға бұл шындық әлі елес сияқты сезіліп тұр. Өйткені Жанардың: “Аға, бәріміз қазақпыз ғой, жаныңыз ашымый ма!” деген аға қарындастық өтінішіне семіз сарының: “Қазақ, қазақ! Осылар қызық, ылғи қазақ, қазақ дейді. Қазақ, қазақ, заң-заң! Келесі кім, кәне, кір бері, тағы да қазақ па...” – деген жауабынан оның Қазақ ұлтын да, ата заңды да менсінбей отырғандығы бірден аңғарылып отыр. Оның “Тағы да қазақ па...” деуінің өзінде терең мән жатқанын Жанар мүлде түсінген жоқ. Қалтасы қалың қытай немесе ұйғыр болса баяғыда-ақ семіз сары құшақ жая қарсы алып, оның жұмысын дереу бітіріп, жолға салар ма еді, қайтер еді?! Ол Жанарға қарап, қалам қыстырған домбал саусағымен үстелді бекер тықылдатып отырған жоқ. Міне өстіп бірнеше күннен кейін барып, семіз сарының емеуірінін зорға түсінген Оралман қыз – “Ауылына алты күн дегенде әзер жеткен Жанар үй сыртындағы қалың адамның табыт көтеріп, зиратқа беттеп бара жатқанын көрді.” Бұл әңгіменің осындай өкінішпен аяқталуы өте аянышты-ақ! Алайда бұндағы орны толмас өкініш әңгімедегі жеке адамның басындағы өкініш сияқты болып көрінгенімен, бірақ “екі дүние” арасында сергелдеңге түскен қазақ ұлтының қасіретті тағдырының бір көрінісі екендігі бұл күндері тіліміздің, дініміздің, діліміздің, жеріміздің және жалпы қазақ тағдырының таласқа түсіп отырғандығының айқын дәлелі. Әрине, әңгіме тереңінде бүгінгі күннің өзек жарды мәселелері өксік атып жатыр. Бұл арада Жәди Шәкеннің “Ескексіз қайық” («Әдебиет айдыны» 2005ж) атты әңгімісі еріксіз еске оралады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен әңгіме “Ескексіз қайық” атты әңгіменің көркем бейнедегі жауабы сияқты болып сезіледі. Өйткені бір кездері әкесімен бірге Ертіс өзенінен ескексіз қайықпен өткен бала, енді Есіл өзені бойында тұрған ескексіз қайыққа өз баласымен бірге тап болады. “Араға ширек ғасыр салып тағдыр бізді Есілдің жағасына әкелді. Алас ұрып ағатын өр Алтайдағы тентек Ертістей емес, Есіл баяу шымырлап, кілкіп ағатын өзен екен. Жағада ескексіз қайық түр. Балам сұрады: – Әке қалай өтеміз? – деп – Қалай өтсек екен, ә?! – деп, мен айналама қарадым.” Міне тағдыр деген осы. Қайда барсаң қазанның құлағы төрт. Алайда өз билігін өз қолына алған атажұртқа сағынып, сарғайып әзер жеткенде, алдымыздан тағыда тасбақадай тарбиып неге ескексіз қайық шығады? Міне бұл әңгіменің ең негізгі түйіні. Міне бұл сырлы жұмбақ. Тұңғиық әлем... Алақандай әңгіме Алатаудай ауырлықты қалай көтеріп тұр...таңданбасқа амалың жоқ. Тіл құдіреті, көркемдіктің биігі, прозаның
кемелдікке бет бұруы бұл! Сол сияқты жас қаламгердің “Біз үшеу едік” атты әңгімесі де («Қазақ әдебиеті» 2003 ж) адам ойын түпсіз тереңге сезім бүйдасы арқылы жетелейтін туынды. “Дәм айдап Көкшетауда да болдым. Ақан туралы аңыз қозғаған ауылдас қариясы бірде “Қараторғайды” шырқады. Баяғы түсім есіме түсіп: “Астына қанатының маржан тағып” – деген жолдардың мәнісін сұрадым. Күрсінген қарт: – Е, заман-ай, алмақшы болған қалыңдығын ала алмаған мұңлық оның жүкті кеткенін айтқаны ғой, – деді.” Біз сонда барып осы әңгімеде тұлғаланған әлгі жігіттің әңгіме авторының түсіне кіргенде “Қараторғайды” не үшін шырқағандығының мәнісін түсіндік. Міне мұның өзі де адам ойын терең тұңғиыққа жетелейтін ең таңдаулы детал ретінде көзге түседі. Ол көзге түсіп қана қалмай, көңіл көгінде көп уақытқа дейін ұшқын шашып, адамды алуан түрлі ойларға жетелейді. Тіпті жаныңды қайта-қайта мазасыз, ойлы, мұңлы күйге түсіреді. Адам тағдырының ауыр сын-сағаттары, тағы да тағдыры тәлкекке түскен қандастар...онан ары – туған жер, атамекен шежіресі, ұрпақтар жалғастығы бәрі бәрі де ашық және көмескі екі өрім арқылы шығарма арқауын шып-шымыр есіп отырады. Ол ол ма? Жәди Шәкеннің “Жасыл жаңбыр” атты әңгімесін («Жұлдыз» 2007 ж) оқығанда, оның әңгіме жазу шеберлігінің тіпті де шыңдала, ысыла түскендігіне куә боламыз. “Табиғаттың тана моншақтарындай жасыл жүректерден жасыл қан ағып тұрған” бір сәтте, “жүзін жасыл тамшылар айғыздаған әдемі аққұбаша қыз алма ағашының астынан еппен шығып келеді” де, өз дәуірінің шалқыған байларының бірі болған әкесінің: “Мен неге қазақ боп тудым екен, өмірдегі ең үлкен өкінішім де осы!” дейтін, “қандастарын өлердей жек көретін” пиғылынан табиғат дүниесіне анасының аяулы құшағындай бауыр басып кеткен Айман бізге таныс бір бейнедей көзімізге елестейді де тұрады. Амал қанша, ол жасыл жаңбыр тоқтаған соң: “Мені жасыл жаңбыр жауғанда күтіңіз” – деп, көзден ғайып болады. Осы бір романтикалық елес пен писхологиялық егес ортасында көк көйлегі желбіреп, жүрегі табиғат деп елжіреп тұрған Айманның адам баласына деген ынтасы мүлде өшкіндеген. Тіпті атам заманнан бері табиғат дүниесімен егіз қозыдай екі елі айрылмаған атам қазақ баласының мінез-құлқы өзгеріп, небір сұмдықты көз көріп тұрған мынау жаһандануға, ұлтсыздануға, тамырсыздануға бет алған заманға деген өкпесі қара қазандай екендігін ол өз емеуірінінен байқатады. Өйткені ол ауыл құшағында әжесінің әлдиімен әлденіп, бесік жырымен тербеліп есейіп, ержеткен болашақ ана. Әңгімеде басқа емес, болашақ ана, әрбір шаңырақтың сәні саналатын аруларымыздың күрделі писхологиялық қайшылыққа тап болуы оқырманды қатты ойландырады. Бұл қазіргі жер шарындағы бүкіл адамзат баласы тап болып отырған күрделі мәселе. Табиғат ананы бес күндік жарық дүние үшін құрбандыққа шалу керек пе,
жоқ, адамзат баласының ұзақ болашағын ойлау керек па деген мәселенің құлағы қылтиып тұрғандықтан, бұл әңгімені оқып болған соң, бір ауық үнсіз отыруға тура келеді. Бұл үнсіздік байлық үшін өзімізде бар рухани құндылықтарымызды өз қолымызбен қиратып жатқан “жауыздығымызды” еске алу болыуы да мүмкін немесе әлде қашан із-тозсыз жоғалған табиғат ана секілді жомарттығымызға аза тұту болыуы да мүмкін. Не болса ол болсын, әйтеуірі Жәди Шәкеннің “Жасыл жаңбыр” атты осы бір әңгімесі өзінің көтерген тақырыбы жақта өте бір өткірлігімен көзге түссе, ал оны бейнелеу тәсілі де өзгеше бір шындық пен қиялды қызықты әрі нанымды сәйкестіру арқылы басқа әңгімелерінен оқ бойы озық тұрғандығы айдан анық. Жинақтап келгенде әңгіме жазуды оқиғалар тізбегін тізбектей беру деп түсінетін, “ертекшіл” қаламгерлермен салыстырғанда Жәди Шәкеннің шалқымалары мен әңгімелері өзінің көтерген тақырыбымен емес, қайта орамды ой-сезімді қалай бейнелеп, оқырман көңілінен орын ала білгендігімен ерекшеленеді. Онда класиктердің сарынын бүгінгі әлем әдебиетінің озық өркендерімен үндестіріп жататын сыршыл тереңдік пен авторға ғана тән толыса бастаған кемелділік бар. Сол себепті де біз көркем сөздің көкжалы Ғабит Мүсіреповтың: “проза – қара сөз емес, ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар, негізгі ойыңды теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дөп тигізетін көркем сөз” деген аталы тұжырымын әне сондай прозалық шығармаларға қаратып айтқан деп түсінуге қақылымыз. Өйткені шығармашылық дегеніміз шындық қылышының жүзінде мың бұрала билей алу деген сөз.
Бекқожа Жылқыбекұлы
ф.ғ.к. Л.Н.Гумилев
атындағы Евразия
университетінің оқытушысы
МАЗМҰНЫ
Даңғылыңнан жаңылыспа.............................. Тұрсынбек Кәкішұлы Ертіс қызы............................................................................................ Жасыл жаңбыр......................................................................................... Бір уыс сәуле............................................................................................ Сағым дүние............................................................................................. Баланың ойыншығы................................................................................. Алтын жүзік............................................................................................ Қалам................................................................................................. Қабір басында........................................................................................... Күміс кісе.................................................................................................. Сурет сөйлейді.......................................................................................... Біз үшеу едік............................................................................................ Әкемнің дәрігері................................................................................... Жаппас................................................................................................. Ескексіз қайық......................................................................................... Торғай ұшып барады................................................................................ Екі дүние................................................................................................. Тасбауыр................................................................................................ Қаз қанатына жазылған хаттар.............................................................. Қара көзден мөлдіреп жас келеді Анасы бар адамдар қартаймайды. Біз тіріміз Сен қайдасың Жалғыз жапырақ Періштелер (хикаят)............................................................................................... Шындық қылышының жүзіндегі дарын................................Бекқожа Жылқыбек
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру