Мазмұнға өту
Home

Қаз қанатындағы ғұмыр

Жанат Әскербекқызы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қаз қанатындағы ғұмыр

Авторы: Жанат Әскербекқызы

Жанат Әскербекқызы

ҚАЗ ҚАНАТЫНДАҒЫ ҒҰМЫР

Бірінші бөлім

ӨМІРЗАЯ – ШОЛПАН-АЙ...

КҮЗГІ САРЫН...

Күрсінесің, жүзіңде мұң. Күңгірт тарқан күзім менің! Көріп тұрсың ақ қайыңнан Жапырақтың үзілгенін... Жетім қалған жұртың анау, Сұп-сұр болған бұлтың анау, Құла дүзге күлкім қашып, Құрсауыңда бұлқынам-ау. *** Жан-жүрегімнің шөлдегені шын, Келеді құстар...сен келемісің. Бауыр басамын бейдауа желге Мен жаққа саған кел дегені үшін. Жүрекке салған әлегің қалып, Мұңаяр мөлдір әлемім налып, Сарыарқа-көңіл сергиді, шіркін, Самал жеткенде сәлеміңді алып. Сап-сары уайым шеккізер ғалам, Сабырмен бәрін өткізер далам. Қасқа жол қарар кінәлі болып, Қасыма сені жеткізе алмаған...

*** Жапа-жалғыз тұр қайың, Ұғар оның кім жайын. Бұлт төнеді...дегендей Халіңді мен тыңдайын. Жабырқаумен тұр қайың, Жалғыз...мұңлық бұл қайың. Бұлт төгеді көз жасын – Мұнартады мұңлы Айым. Әлем деген кең мына, Мәңгілік деп сендік... ә... Келемес күндер алдады-ау, ...Жыламаймын... сен жыла!

ЖАР ЖАҒАСЫ... ЖАТАҒАН ҮЙ.

Қайран ауыл, кешір мені... Жатаған үй шағын ғана Естеліктен есімдегі Бұлдырайды сағымдана. Ол үй қайда... орны мынау, Жермен жексен боп кеткен бе? Сені іздедім, бал күнім-ау, Ара-тұра кеп кеткенде. Ауыл, ауыл, айтшы дедім, Балалығым қайда менің?! Келді саған қайтшы дегім, Жүздесейін, айда ма едің?! Жатаған үй... жұрты қалған Айналды да мәңгі елеске, Көкірегіме іркіп алған Сағыныш боп қалды емес пе. Жаз жабырқап, күз жылайды – Ғайып болған бәрі...бәрі... Арғанаты мызғымайды, Тек сағыныш зарығады... Уақытқа тоқтау кәні! ...Жатаған үй... бал балалық – Жар жағасы жоқтауда әлі, Түнге жылап, таңға налып.

  • * Өзіңе жазар хатты бастай алмай... Тыныштықбек Әбдікәкім

Өзіңе жазар хатым бар еді, Хат жазар және хақым бар еді. Айтарын айтпай қаламға жүктеп, Қағазға сөйлер ақындар елі.

Іңір-сияға малынып қалам, Қарайды қағаз аңырып маған. Қиялмен саған тіл қатамын деп,

Жазар сөзімнен жаңылып қалам.

Бар арзуымды төкпелеп болып, Ақшаммен тұрмын бетпе-бет келіп. Білмеймін... тағы білгім келмейді, Бір-бірімізге өкпелеп пе едік?!

Қара түнді ішіп тауысар мұңым – Аппақ сәулеге ауысар бүгін. Алқызыл көйлек шырайын ашып, Қол бұлғар деймін қауышар күнім.

Арамыздағы жол қандай ұзақ! Ара қашықтық – ол қандай ұзақ! Бетіңді бері бұрасың ба енді, Енді жақындар... болғандай ұзап. Күдік парағын санамда бүктеп, Қабағын ашар ғалам да «күт» деп. ...Жүректегі үннің жазбасы ғой бұл – Қағазға төккен, қаламға жүктеп.

АЛЛАҒА МІНӘЖАТ НЕМЕСЕ РАБИҒА АНА РӘУАЯТЫ

Рабиға әулиенің бір қолына су, бір қолына от алып, жүгіріп жүріп айтқаны екен: Бір жарық Көзімді тұр қарып, Біресе нұрланып, Біресе сұрланып... ...Ия, Алла! Иесі – Сен, теріскей, күнгейдің, Бейіштің нұры ма, білмеймін. Өзіңсің жерінтер, сүйдірер, Тамұқтың оты ма ол күйдірер? Пенделер сол жаққа алданар, Ақталар, арбалар, қарғанар. Бір қолымда от – пейішке қарадым, Бір қолымда су – тозаққа ап барамын, көрсетсең... Жұмақты өртейін жоқ болсын – Жұмақты сүйгендер кектенсін. Тамұқтың отына су құйсам – Осылай өзіңе сый қылсам! Жасаған, күнәһар бола алман, Өзіңді сүю – тек сол арман!

Өзіңе бет бұрсам – Бұл жарық Көзімді тұр қарып. Ғаламға сәулесі сыяр ма? Тек саған бас иген біз деген – бір ғаріп, Ия, Алла!!!

МАҢҒЫСТАУҒА САПАР

Үстірттің үсті. Көк тұнық. Көз ашқан кезі көктемнің. Оғланды жаққа бет бұрып, Ия, Бекет ата деп келдім. Шөліркеп жатыр маң дала, Аспанға қарап, қол жая. Кез болып, қарар паңдана Боталап жатқан нар мая. Бошалап жеткен жері бұл – Ботасы тұрды талпына. Өбектеп көктем желі жүр, Асығып жеткен алқына. Қарай да қарай барамыз, Аялдай алмай жолға көп. Біз көрген кептің бәрі – аңыз, Ия, Бекет ата, қолда деп. Мая мен бота – тілекшім, Көңілді тербеп өтті өлең. Тәу етер танып жүрек шын, Ия, Бекет ата, деп келем... Сені іздеп рухым егілер, Санамды Тәңір жалты ұрған. Ботаны көр де мен көр – Өзіңе қарай талпынған...

Шопан ата қорымы... Көне қорым, Алаңдайды көңілім неге менің. Көне қорым толғанса көне тілмен, Көне күннің елесін көрер едім... Маңғыстаудың мұнартып тұр аспаны, Үстірт көшіп көзімнен, қыр асты, әні. Ойға шомған бейіттер селт етпеді Обашықтар тіс жарып, сыр ашпады... Елегізем көрердей көне күнді, Қаусырып ап жатқандай төбе мұңды. Мешітінен мәңгілік жайын тапқан Шопан ата берер ме керегімді. Бағзы заман... шіркін ай, баяғы күн, Баяғының бар сырын жаяды кім. Бастауынан адасқан болмысы бар Біздер үшін баяғы саялы ұғым.

Баяғының киесін кім аңдапты, Бұлтыңы көп бүгінім бұлаң қақты... Қош келдіңдер дегенді көзбен айтып, Қозғалыссыз сары үйек жылан жатты. Шопан ата қорымы... көне қорым... Көнемен бір қауышсам деген едім. Үстірт үсті үнсіз қап, қырат мүлгіп, Тосырқайды тұйықтау төбелерім. *** Нағашы бабам Опанұлы Жүзбайдың рухына «Иә, Асаукөк, Қанжирен! Өзгелердің ырқына Бағынбаған екі жын, Басын бермей жұлқына Арындаған екі жын. Пәрменімен Алланың Бағындыңдар маған кеп, Керек етпей қалғанын, Жүгендедім, амал жоқ.

Иә, Асаукөк, Қанжирен! Екі жыным, кел бері, Аққуды әкел көлдегі, Сұңқарды әкел шөлдегі. Қырда жүрген дуадақ Үйірімен айдап кел, Аң біткенді қуалап, Құс біткенді байлап кел! Алтай тауын асып кел, Қалжыр суын кешіп кел, Марқакөлді қақ жарып, Қара жел боп есіп кел! Мысқал ана1 ұрпағы Бірі қалмай жиылсын, Қожамбеттен2 кім тағы?! Аруаққа сыйынсын!» ...Осылай зікір салған бақсы бабам, Елі одан ем сұраған, бақ сұраған. Күңірентіп, қобыз шалып, күйін төккен, Алқалап, қолқаласа жақсы-жаран. Қалжырдың жағасында қалың ағаш, Тыңдаған сол қобыздың зарын ағаш. Қобызы таңғажайып күй төккенде Таратқан аңыз қылып бәрін алаш.

Қалжырдың жағасында нағашы жұрт. (Беу, уақыт, барасың-ау тағы асығып...) Жүргендей бақсы бабам тау бөктерлеп, Асаукөк, Қанжиренді таң асырып. Өткенді жиі еске алам бұл күндері, Асаукөк, Қанжиренді кім білмеді?! Бірін мініп, біреуін жетекке алып, Сол бабам іздеп келер бір күн мені... 1 Мысқал – Қожамбет ішіндегі бір ел осы ана есімімен аталады. 2 Қожамбет – ру аты

ЕРТЕГІНІҢ СОҢЫ

Ақырзаман ақырды Санадағы жалғандыққа шыдамай. Жер демін ап ақырғы Жұлдыз үркіп, қорқыныштан құлады Ай. Алла отырды мызғымай, Періштелер жөнелді ұшып жан-жаққа. «Бұл мекенде боламыз, - деп, - біз құдай» Алма ағашы қала берді аулақта. Саналарды жаулап алды Ібіліс, Бет бұрды да сосын Алла құртуға. Есін алып, сапырылыс, жүгіріс Бір пенде тұр құдай-қақпа сыртында. Шашын жайып, зарланып, Тыр жалаңаш әйел жетті алқына. Қалармын деп алданып не арбалып, Қарамады ер артына... Дүниенің тозды өңі, Жаңғырар ол... өткен мүлде ұмтылар. ...Алма ағашы күтіп тұрды өзгені Миығында күлкі бар...

ЕТІКШІ ЖЕЗДЕМНІҢ ӨЛЕҢІ

«Етікші етік тігер бізіменен, Тарамыс жорғалайды ізіменен. Құдай берген өнердің арқасында Оршанның3 жақын болдым қызыменен». Осы еді сүйікті әні жездеміздің, «Қармағы қаппай қалған өзге қыздың». Жауапты орайымен тауып айтар Мазалап, қалжыңдаған сөзге біздің. Қош айтып қызығына бұлаң кештің, Фәниден алып кетті мұнар көшкін. 3 Оршан − ел аты Бір қабір пайда болды қырат жақта − Айтпайды содан бері бұл әнді ешкім. Жездей де кетті әпкенің ізіменен, Тарамыс есіз қалды бізіменен. ...Жалғанның жалғандығын ұғына алмай, Барады ала бұлт боп жүзіп өлең...

ӨЛЕҢГЕ АРЗУ

Ғайыптан Аллам берген несібем ең, Сенен қап тірлік кешем несіне мен? Қай жаққа бағыт түзеп, бет алғансың, Барасың асығыстау көшіп өлең. Аялда, өкпелетсем, кешір, өлең, Ала кет, не болса да көшіңе ерем. Түңіліп ақынынан бұ заманның, Аспанға кетпексің бе, есіл өлең?! Тұлғаңның іші қандай, сырты қандай! Тұрғанда сол қалпыңды құртып алмай. Көшсең көш, хас өлеңнің қадіріне Жете алмай ақындықтың жұрты қалғай. Аспанды тұрақ еткен Абай-өлең, Талпынып тұғырыңа талай өлем... Барады саған қарай тағы бір көш Апыр-ай, ермекшімін... қалай ерем... *** ...Теңіз жатты тебіреніп, Елесін ол мені неғып. Жанарымнан жас саулады, Жүректегі сенім өліп.

Неге келдім бұл қалаға? Неге келдім тұл жағаға? Күрсінеді сорлы сезім, Кез боп қалып кіл налаға... Теңіз, неге түнересің? Келдім көңіл жүдегесін. Сүйген жанға қадірі жоқ Сезімімді кім елесін. Жанымнан мұң бір кетпейді, Жағада жел дірдектейді – Сүйіп нең бар, сорлы екенсің, Махаббатта құн жоқ дейді. Сан табалау қинар әлі, Кеудедегі күй қаралы... Жазығы жоқ жазған сезім Жан бере алмай қиналады. Көк жымиды нені көріп Шуағынан өмір өніп. ...Теңіз жатыр тебіреніп, Елесін ол мені неғып... *** Біздің көңіл Сізге ауған Сіздің көңіл күзге ауған. Не күтеді бізді алдан, Не күтеді Сізді алдан?!

Үн жетеді шалғайдан, Самал соған арнайды ән. Сартап етіп сағыныш Күндерім-ай сарғайған. Сары күзге Сіз ғашық, Сізге қылған бізді асық. Сынаптайын сырғумен Күз де кетер түзді асып. Сап-сары өңді күз-ғалам, Тұла бойы мұздаған... Мұздай көңіл түңілтіп, Өл деймісіз Сіз маған?! Көз жазып қап күлкімнен, Көзге тамшы іркілген. Күте-күте жолыңды Күзге айналам бір күн мен. Сізді әлемнен қызғанған Қабағынан сыз жауған Бізді көрер амалсыз Сіздің көңіл... күзге ауған... *** Өмірзая өлді деп өксіме жел, Таңда қайта ол туады Шолпан болып... Светқали Нұржан

Өмірзая өксіді...түн егілді... Қара түннен үзе алмай шідерімді Ұмтыламын таң жаққа, кідіртуге Құбыланы бетке алған бұла өмірді. Өмірзая ғарышқа кетті сіңіп – Жанның жоғын тұрғандай Көк түсініп. Түнді тастап шыға алмай қамаламын – Уысымнан ай-жұлдыз кетті шығып. Тұнып тұрған секілді ғалам мұңға, Сансыраумен бөлінсе санам мыңға Өмірзая қарайды Шолпан болып, Сонау көктен... беймаза таң алдында. Шолпан болып дүния жылады бір, Шолпан деген – түнектің шырағы бұл. ...Қарайламай кетеді-ау мұңлық түнге Құбыланы бетке алған мына ғұмыр.

Түннің жанын текке мен жаралаппын. Көкжиекті жүргенде жағалап күн Белдеуі жоқ белгісіз бір ғайыпқа Түнмен бірге жұтылып бара жаттым... Жалған дүние бәрін де ұмыттырды, Тұнық күнді, тағы да тымық түнді. Өмірзая... көз жұмған кешпен бірге Таң алдында Шолпан боп күліп тұрды... Өмірзая – Шолпан-ай...

ЕРТІС ПЕН ҮЛБІ ХИКАЯСЫ

Жел билейді мың бұрала, Бұлтқа кірген күнді қара... Күллі әлемнің аясында Үндемейді Үлбі ғана. Үнсіз, тілсіз Үлбі ағады – Сырына тек түн қанады. Аспандағы ай арман қылып, Ғашық көзбен мың қарады. Үлбім үнсіз бұйығады, Ертіс үні – ұйығаны. Ерке өзеннің екпінінен Ғаламат бір күй ұғады. Ертіс-жігіт, ерке жігіт, Өне-бойын өртеп үміт. Аласұрып... ән салады, Әуенінен шер төгіліп. Сол үміттің үнін алып, Барады Үлбі тынып ағып. Күн қарайды ерке Ертіске Бұлт қойнына кіріп алып. Ел айтты екен нені біліп – Ескі сөздің жөнін ұғып Сыр қозғасаң, бұл екеуі – Үр қызы мен сері жігіт.

Бір-біріне арман болып, Түннен безіп, таңнан жеріп, Жасағанның әміріне Қос өзен боп, қалған көніп. Асау сезім еліктірген Ертіс жайлы нені ұқтым мен... Үлбі-қызды еркелетер Құшағына келіп кірген… Бастау алып хақ-әлемнен, Қос өзен боп қатар өрген Екі ғашық толқиды кеп, Алтай-баба бата берген...

МАРҚАКӨЛ

Мөлдір суына Күн шомылады күндіз кеп, Сен аманбысың, Біз аман-есен жүрміз деп. Тоңазып бойы Ай шомылады түнде кеп. Саған болмаса Мұңымды шағам кімге деп. Төнеді Алтай Қанып ішердей мөлдірін, Өзің баспасаң Басады дейді шөлді кім. Кер атпен шауып, Көлді айналады бозбала... Ол күннен белгі – Аңыз боп жеткен сөз ғана. Ару қыз қайда? Аққу боп ұшып кеткен бе?! Оралар ма екен Осынау көлге көктемде... Марқакөл, Марқа... Маңырап қалды-ау бір арман. Жүйрікке мінген Жеткізбейді ғой бұ жалған... Мөлдір көл жатыр – Мөлдіреп жатыр Тазалық, Күн мен Ай тұрар Күн сайын келіп тазарып...

МӨЛДІР ӘЛЕМ

Бәрі де Әлі де мөп-мөлдір, Күрсініс естілер көктен бір, Сол көкке аттанып кеткен бе Жұпарын ауаға төккен гүл... Бәрі де Әлі де мөп-мөлдір, Көңілде көлбеңдеп көктем жүр. Мөп-мөлдір осынау әлемнен Мен бір күн түңіліп кеткем-дүр... Аспанға бір сәлем жолдадым, Мөп-мөлдір әлемде тоңғаным... Ызғары қариды бетімді – Қайтейін мөп-мөлдір болғанын... Жерінде – тірлікке таң болам, Көгінде – аманат жан болам. Әлем тұр көңілі суыған – Менің де көңілім қалды одан... Бәрі де Әлі де мөп-мөлдір, Ойнақтап келеді көктен нұр, Мөп-мөлдір аспаннан жалт етті-ау, Жалқы сәт... ғайып боп кеткен бір...

ТАС БАЛБАЛ ҺӘМ ТАҒДЫР

Тас балбалдың тағдырын-ай, Тас боп қатқан тән жылымай. Тұла бойы құрсауланған − Тас құрсауды салды Құдай. Кебенекті күн өлерін Кебін киген түн өлерін Көре-көре жаны суып, Тасқа айналған жүрегі оның. Желік қысып жел келеді, Тілдесе алмай сенделеді. Айтар сөзін бұл айта алмай, Тас-кеудесі шерленеді. Дәуір болып дүбір өтті, Ақыры бар ғұмыр өтті... «Лә иллаһа ил Алла» деп, Балбал мүсін күбір етті.

ҚҰБЫЛЫС

Мендегі үміт Көк пенен жерге егіліп, Түңілгені-ай, кетердей көрге кіріп. Бір қиырын жалғанның жайлап алып, Жүр екенсің ол жақта сен неғылып... Мына жалған Қапа қылып ақша бұлт жылап алған, Көк аспаннан көңілі, сірә, қалған. Бұлт екеуміз үн-түнсіз тілдесеміз – Екеумізде, өйткені, бір-ақ арман. Жылап бұлт, Орамалын жіберер лақтырып, Мен егілем... көңілде бір-ақ күдік. Көкжиекке қонарда сәл кідіріп, Күн қарайды, көзіне сұрақ тұнып. ...Мендегі үміт Еркелейді мендегі шерге күліп, Желкілдейді, желігіп, жел не біліп?! Бара жатты қабарған қара күдік, Бауырына бұлттың өңгеріліп.

Тебіреніп... Аласұра аспанның төріне өріп, Бір ғайыпқа жөнелді шер үдеріп... ...Бұлттан шыққан күндей боп жарқ етті үміт – Бұлт жетелеп әкелген сені көріп... *** Жеті ғаламнан асқан Шерлі бір дауыс боп Жаңғырып құладым. Аспан – Шақырар ол жақтан ауыс деп Менің мәңгілік тұрағым... Төрткүл дүниені басқан Ұлы мұң тұншығып Жылайды кеудемде. Аспан – Түнерер, бозарар... күрсініп, Суық шырайды көргенде. Осылай фәнилік жайым, Кеудемді қақ жарып Жүрегім шырқырар. Айым!!! Қараңғы әлемде жап-жарық Жанымның нұрын іркіп ал!

*** Тәңір түнді жаратыпты сорлы ғып, Құшағына ене беріп, өлді үміт. Жұлдыздарды бауырына басып ап, Ай жөнелді әлдеқайда жөнді ұғып... Түн дегенің... өксіп, өксіп жылаған, Өксігенін естімейді бір адам. Сүріндім кеп мүрдесіне абайсыз Тылсым көктің шырқауынан құлаған. Содан бері ұзай алмай шырмалып, Мендік жүрек шеріне оның жүр налып. Уақыттың шылбырына оралдым – Ол шіркінің тоқтамады бұлданып. Мен де ұзаймын, амалым жоқ, қала алман, Қалдырмайды жат жылдар да жаңарған. Басқа бір жан бір күн келіп сүрінер, Қара түннің қабағына қабарған.

Қараңғыға кеп қонармыз қонаға, Мәңгіліктің мекені сол бола ма?! Қара жолда қараңдаймын... Өлі әлем... Айдың жүзін тұмшалаған өліара... Қаһан Теңізі бастан былғанса Тұндырар ұлы бар-дүр-ді. Терегі түптен жығылса Тұрғызар ұлы бар-дүр-ді. Қаһарлы ажал оны алып, Қаһанды қапы қалдырды... «Күңіренген қобыз не деді? Көмейін тессін қорғасын! Тірліктің бар ма керегі, Түбі оның құрдым болғасын. Тескентау асып кетеміз, Сол жолда Тәңірім қолдасын! Төрт құбылам еді төрт ұлым, Ішінде Жошым – абадан, Сұм қайғы, жанға бер, тыным! Қабағыма әлем қараған! Айықпай сірә, кетермін, Арқаның ақсақ құланы Жүрекке салған жарадан.

Бағым да қалар адыра, Тағым да қалар адыра! Әлемге билік жүргізген Шағым да қалар адыра. Жалғанның бір күн жайы ұрар, Бағымды сөйтіп қайырар, Тәнімді тастап шыққан күн Жанымның дерті айығар! Бес күндік мынау тірлікте Алсаұрғанмын неге осы?! Тірліктің соңы бір нүкте, Түңілдің неге демеші. Осыны саған айтамын, Тақыттың иесі келесі, Не жазса өзі біледі Құдырет-қалам егесі». Теңізі бастан былғанған Терегі түптен жығылған Қаһанның шерін арқалап, Қобыздың үні құбылған. ...Тұрлауы жоқ дүние-ай, Құланға келіп ұрынған!!!

  • * Ақ қанатын жайған жел терістікте, Жұлмалама жанымды, келістік пе? Жүрегімді іздесең, мені тастап, Теңселуде мұң атты кеңістікте.

Жүзі шерлі, жаны мұң, аппақ әлем, Сорлы жүрек – төсінде қап-қара мең. Қап-қара мең ғайыпқа ағып түссе, Сол бағытқа мен бірге аттанар ем...

Жо...жоқ онда бет бұрам құла дүзге, Бірге болу жоқ шығар сірә, бізге... Ақ қанат жел, іздесе бір жолаушы Құба жоннан дерегін сұраңыз де.

Сезімімнен келді де қашық жүргім, Соны іздеген жүректен қашып жүрмін. Басуыңды айтшы, әлем, мына маған, Ашуымды келмейді ашындырғым.

Жұртта қалып жылаған ғаріп Сенім, Шерте берсін жанымның налып шерін. Ағып келіп жүрегім, ей, жолаушы, Жыр-кеудеңе құлары анық сенің.

Ақ қанатын жайған жел терістікте, Қауышармын өзіңмен кеңістікте. Жүрегімді көтерген Жолаушыны Маған қарай бастап кел, келістік пе?!.

  • *

Телегейде нән балық Келе жатыр таңды алып. Үрке қашқан жұлдызға Таң қарайды таң қалып.

Түн сырғыды тереңге, Тоқтамаса өлем бе... Қызыл шапақ киген күн Толықсиды төбемде.

Күллі тірлік дүрлігіп, Жөнеледі күнді іліп.

Телегейдің түбінде Қала берер түн бұғып.

Келген ізбен бұл балық Кері қайтар күнді алып. Қамығады көңілім Қарашықта түн налып.

Ай шағады көкке мұң. ...Көз алдымда тек менің – Таңға ілесіп келгенің, Күнге ілесіп кеткенің. Телегейде – мың қайғы, Қайғысын кім тыңдайды. Тымық түнде теңселер Сырлас қылып мұңлы айды... *** Жапырак кешкен Сары Күз, Кездесіп тұрмыз тағы біз... Өзіңдей жүрек сап-салқын, Сарғайып кеткен жанымыз. Сары күз, жеттің тым жылдам, Өзіңді көріп қынжылғам, Көктемім көлбеп қиялда, Санамды тербер мың жылғы ән. Мамырмен кетті бал сезім, Тамызға бодан бар сөзім, Енді сен кетсең не болар, Серігім болып қалшы өзің… *** Бұйығылау бөлмемнің Мұңайғанын кім көрді. Сен келер деп сенгенмін, Жалғыз өзі... күн келді.

Сенсіз келді, жабығып, Елемедім тіпті оны. Өкпеледі тағы үміт, Бұл емес ед күткені. Құса болып күн қалар, Қиянатқа көнбейтін. Тереземнен түн қарар Мені жақсы көрмейтін. Тәп-тәтті бір түсті ұрлап, Күдік келер қонаға. Сен қарайсың мысқылдап... Айсыз аспан... Өлара... *** Қызыл іңір – Жалғанның үзігі бұл. Қып-қызыл көкжиекте Қырмызы қызығы жүр... Құбыла құбылады Күмілжір ғұмыр әні. Қыжым жел етегіне Шалынып жығылады. Шырайлы бұлт – Қарайды сынай күліп... Күлкінің тамшысына Жанарын шылайды үміт. Қып-қызыл күнді кешіп, Кеудемнен күмбір есіп, Келемін Кеңістікте – Білмеймін, кімге ілесіп...

*** Ақырап та ғұмырын тауысты енді, Қадамына қар бітіп қауыс келді. Дірдектеген жұлдыздар бірауыздан Кезегі деп қауыстың дауыс берді. Сағынышын сарғайтып түзге жайып Сарын айтар болады-ау күз де ғайып. Кірпігіне мұз қатқан қыс-құданың Болар ма екен пейілі бізге лайық. Жерге қарап үн-түнсіз мұңайды Көк, Көңіліндей солғындап тұр Ай жүдеп. Тұнжыраған жанарын шайып түннің Бозғылт сәуле кеудеме құлайды кеп. Бір шері бар ғаламның жан ұқпаған, Қарасынан наласын танып қалам. ...Ақырапқа қош айтқан Аймен бірге Қауыс дейтін әлемге маңып барам. *** Естідің бе ақпан әнін, Қабағында – қап-қара мұң. Мұңаяды мұңлық-жалған, Ақ-қарасы Хаққа мәлім.

Төгілтеді ақпан әнін, Білер бір күн жоқ боларын, Қарашықтан сырғыған жас Қарға айналып тоқталарын. Ақпан, ақпан... жүрегі мұз, Кімге өкпелеп жүр едіңіз. Құлшылық қып тұрса да әлем Жылымады-ау бір өңіңіз... Жауабы жоқ сұрағымның, Жүрегінде сірә, бір мұң, Мен де солай... іштен тынып, Іштен ғана жыладым мың. Қас-қабағын қар шалады – Көктем-қыз ғой аңсағаны. ...Ақбоз атын ойқастатып, Ақпан-жігіт ән салады. *** Ақша бұлт баяу жүзіп келеді Төбемде Тамшы етіп сырын үзіп береді Өлеңге. Ақша бұлт баяу сырғып өтеді Егіліп, Өлеңді сосын мұңлық етеді, Мені – ұмыт. Көз жасын оның іркіп алады Жүрегім. Жаңғырып жерде күлкі қалады, Білемін.

Төменде жүрмін кешіп қаланы, Сенделіп, Ақша бұлт көкте көшіп барады Сен болып. Соңымнан әлі көп күн келеді Мұң есіп, Өзіңмен бірге кеткім келеді Ілесіп. Сытылып менен... сенен қалады Тіршілік... Бұлтпен бірге өлең барады Күрсініп. *** Балалық өтті, білдің бе?! Абай Санамнан сағыныш тамшылап, Іздеймін балалық мекенін. Барсам ба ол жаққа хал сұрап, Бәлкім... мен бала боп кетемін. Алаңсыз күлкінің сыңғыры Ауаға күмістей шашылған. Жайыма қалдырып бір күні Жалт беріп, жоқ болды қасымнан. Жоқ болды осылай бал шағым, Кетті ғой қайрылмай, шың асып. Іздедім қанша жыл, қанша күн, Сағыныш сағымға ұласып.

..Сағымда сәби боп жүгірем... Өмір ғой, өмірге бар ма айып. Уақыт, алдыңа жүгінем, Санамда сағыныш сарғайып. Қауыштыр бір сәтке, бір күнге, Сол шақты жоқ деуге қия алман... Балалық кетті өтіп, білдің бе, Қол бұлғап қояды қиялдан.

ТАРБАҒАТАЙЫМ…

Сағым жөңкілген белім аман ба, Жалпақжұрт – жайлау – төрім аман ба? Аңыз боп жеткен ата қонысым - Қос Арғанаты, желің аман ба? Ынтызар едім желіңе бұла, Демеу жетпей жүр деміме мына. Кеудемді жарған керімсал өлең Тірігесәлем, өлігедұға. Сағынышты әннің сазы бар ма екен, Сазынан шерім жазылар ма екен, Қаңқылдап ұшқан қараша қазы Қамыққан үннен наз ұғар ма екен?! Сарғайып қалған санамда кірбің, Қолыма ұстаған қаламда кіл мұң, Жалғанда жапа шегумен жаным Жалғыздық дейтін аралда жүрмін. Қабағын бағып кердең зәбірдің, Жайсаңдар жайлар төрден қағылдым. Тарбағатайым – тәу етер жерім, Топырағыңнан өнген дәніңмін.

АТА ҚОНЫС

Китіңқараға4 қаталап барып, Сыбанбұлақтан5 сырға қансам деп, Жұмбақ жасырған жотаны ақтарып, Көненің сөзін тыңдап алсам деп Қиялдаймын-ау... 4 Китіңқара – жер атауы 5 Сыбанбұлақ – жер атауы Бұлақ суалып, құрыған дей ме, Баба қонысым, бағың қайтқан ба?! Жылы үмітпенен жылынам кейде Сағынышымды сағымға айтқанда. Арғанатыдан бұлт көшкенде Бауырын осып, жел қамшылайтын Тілін тістеген тымық кештерде Тау маңдайынан тер тамшылайтын. ...Баяғы мөлдір көгім қалыпты, Бұлт орамалын маған бұлғады, Сыбанбұлақтан шөлім қаныпты Тәтті түсімде таң алдындағы.

Көмейден ұшты бір ән жыраққа, Жанымды қайтіп алып қалармын, Китіңқараға – Сыбанбұлаққа Бұлт болып ...кейін маңып барармын...

АЙТҚАНШОҚЫ6

Айтқаншоқы нені айтар, Аңыз қылып ел айтар, Назаланған көңілін Жеңіл ауыз жел айтар. Күн шыққанда қозғалар, Аспан бұған көз қадар. Тау мен тасқа соғылып, Жараланып сөз қалар. Көкті кезген күн ермек, Жоғалмауын тілер көп. Елдің жайын сұрайды Егізбұлақ білер деп. Бауырында – ырыс-құт, Жайлау еді бір ыстық. Жүдетеді еріксіз Еңсені езген тыныштық. 6 Айтқаншоқы – жайлау Сырлы әуенді әнді үздік, Абайсызда сән бұздық. Айтқаншоқы жұртында Күңіренер жалғыздық. Түс көрмек боп сан қилы Тарбағатай қалғиды. Қарт шоқының қабағын Қаңғыған жел аңдиды. Тәнін сүйер таң нұры, Шайылмайды бар мұңы. ...Маңдайыма көшкендей Айтқаншоқы тағдыры...

ТАРБАҒАТАЙ. ҚОЛА ШЫРАҒДАН. “Қола шырағдан” ежелгі Тарбағатай атырабын мекендеген көшпенді тайпалардың б.д.д. 1 мыңжылдықтағы мәдени мұрасы болып есептеледі...” “Егемен Қазақстан” газетінен. Тарбағатай – күміс су, алтын бел-ді, Сусып дәуір, ғұрпы мен салтын көмді. Қола дәуір сарқыты - бұл шырағдан Сол күндерден қалған бір жарқын белгі. Аңсары мен арманын шырақ қылып, Шырағданда шырақ боп бүр атты үміт. Қола ыдысты ұрпаққа тастады кім, Мұра қылып, сыр қылып, сұрақ қылып. Мінсіз ғажап құйды екен шебер қандай, Төрткүл әлем көрінген өнер қандай?! Өрнегіне көз сүзем, амалсыздан Тылсым, терең сырына өрем бармай.

Қола күннен мұқалмай жеткен белгі, Жастанып ап көп азап шеккен жерді, Шырағдан бұл – тәу етіп түп тегіне, Шырағымен жалғаған көк пен жерді.

Қазармыз-ау қазына көмбесін көп, Даңғаза сөз жерге емес, желге сіңбек. Шырағданды бабамыз қалдырған-ау Өзі жаққан алау-от сөнбесін деп.

Көне күндер шертетін шежіре көп, Тыңдар болсақ, түсініп, сөзін елеп. Қола күннің мұрасы тұр-ау күтіп, Қымбат сәтті, шалқитын көзінен от...

Астана.2004. Қараша.

  • *

Арша жылады, Қанша жылады білмедім... Аршаға ауып аңсарым әлі жүр менің... Арғанатыны түсімде көрем сондықтан – Қойнында қалған арманшыл сол бір күндерім...

Арша жыласа – менің көзімнен жас тамды, Айта алмай келем аршалы таудан басқа әнді. Екеуіміз ғана түсінісетінбіз қапысыз, Екеуіміз ғана егілтетінбіз аспанды. Мен кетіп қалдым. Өксігін тежеп қалды арша, Кеудемде кетті өкініш пенен зар қанша!.. Жылайды арша, таудың желіне үн қосып, Ақырзаманның ақырғы күні қалғанша... Арғанатыдан ажырамайды ол бір елі, Арғанатының арша болады жүрегі, Жылай да жылай қайғы-шерінен арылып, Ақырзаманның ақырғы күні ол күледі! Арша жылады, Қанша жылады, Білмедім, Аршаға ауып аңсарым әлі жүр менің... Жұбаныш болмас жабыққан менің жаныма Арғанатысыз, аршасыз сұрғылт күндерім...

КӨККЕМЕР7

Өкпелер Көккемер 7 Көккемер – жер атауы. Сағыныш шылаған, Жек көрер Сәттерін Үн-түнсіз жылаған. Көктем кеп, Көкпеңбек Түрге енген шағында, Өктем боп, Кәр тігер Түрленген сағымға. Көшеді Кешегі Күндердің егесі, Өшеді Тебірентіп... Түндердің елесі. Бүрменің8 Күлгенін Өзінше шам қылып, Гүл демін Сіміріп, Қалады жаңғырып. Күн өтті, Жүдетті Бір сәттер қапа ғып, Түнетті Нала-мұң Шерлі жер атанып... Ел ауды... Жалаулы Жылдардан шошынып, Жылаулы шақтардың Куәсі – осы жұрт... Көккемер Кектенер, Ғайып бір кезеңге, Деп келер 8 Бүрме – Көккемерге жақын мекен “Мұңым шай” Құйғандай9 өзенге.

Тұнжырар Түн жылар, Өксігін жел жұтып, Қынжылар Көктегі ай Шертілер шер күтіп... Күз келіп, Сыз жеңіп Сұрқайлау түрге енер, Ізденіп, Зәрлі ызғар Бір кетер, бір келер... Қыс келіп, Тістеніп, Бүркенер көрпесін, Түс көріп Оянар Мұздай боп ертесін... Көккемер Өкпелер Тұрақсыз жалғанға. Төкпелер бар сырын Оңаша қалғанда...

ЖАЛҒЫЗТАЛ

Әкем Жалғызтал деген бес-алты үйлі шағын ауылда дүниеге келіпті. Бүгінде ауыл біршама үлкен. Талы да жалғыз емес... Жалғызтал, Жапанға бітіп, жабықтың ба екен, Жалғыздық көріп, қамықтың ба екен, Жапырақтарың жамырай жылап, Жалғыз жолаушыны налыттың ба екен... Жалғызтал! Жалғыздық деген зарлы жыр еді, 9 Құйған - өзен аты. Әкем де менің жалғыз ұл еді. Күдігін шайған сенімді үміттің Шырайы қанық алқызыл еді... Жалғызтал! Жалғыздық қазір атыңда ғана, Жалғызбын деуге дәтің бара ма?! Көк терек пенен ақ қайыңдардан Атың да оқшау... затың да дара.

Жалғызтал! Жабығар болсам есіме аламын, Бел асып барад көші наланың. Сезіндім бе екен сенің атауың Жаныма жыр боп көшіп аларын... Жапанда жалғыз тал өседі екен, Тал бойын тербеп ән еседі екен. Жалғыз қалғанын қаламай Тәңір, Жанына ағаш тағы өседі екен. Жалғыз тал көрсең, қимай жүр дейді, Жақынды жаттай сыйлай жүр дейді. Жалғыздық зарын тартпаған жандар Жалғанға мынау сыймай жүр дейді. Жалғызтал, болдың бабама мекен, Сусаған жүрек нәр ала ма екен?!. Кінәмшіл көңіл түңілсе бір күн Жалғыз тал өскен далама кетем…

  • * Марат марқұмға Есетіндей сағыныш ел жақтан кіл, Жиі енеді түсіме сен жатқан қыр. Сені әкеткен ғайыпқа менен бөліп, Атың өшкір сонау бір кер баққан жыл.

Өскіні едік таулы жер, аршалы елдің, Аңсар көңіл ауаға қанса дермін. Қарашыққа тұндырып сағынышты Қабіріңе қамығып қанша келдім.

Қанша келдім басыңа дұға қылып, (Қабағымды баға ма қырағы жұрт). Қаңғалақтай көрісіп жел жетеді,

Ауа да алмай, жауа алмай тынады бұлт…

Тынады бұлт, жусанға жаны ашыған, Қайғы табы сезіліп қарасынан. Самал болып сабылып сағыныш жүр, Сая тауып аспан-жер арасынан.

Сағымға айтып, жеңілдер, шағымын бар, Сарқылмайды - санада тағы мұң бар. …Самал ессе – мен ғой деп жолын күтер Жусан жапқан жұп-жуас қабірің бар…

  • * Нағашы апамТезекбайқызы Рәшидің аруағына

Көңілім болды тағы да қапа, Жылылық еді сүйерің... Көктемің келді, жадырап, апа, Сен жоқсың бірақ киелім.

Біріне бірі туыс-ты атырап, Дәм тартып келдің қиырдан. Марқадан емес, уыс топырақ Тарбағатайдан бұйырған.

Марқаның жерін аңсағаның-ай, Тыңдамадым ба мен елеп, Өкініп таңды қарсы алам ұдай, Бармадық сонда неге деп.

“Көл жағасы ну орман екен” деп Тебіреніп аңыз шертер ең. “Бағзы заманда болған екен” деп, Сөз қозғар едің ертеден.

Тоқсанға келдің, той деді артың, Сонда да жүрек сыздады. Санамнан сарнап сөйледі әр күн Өлімнің суық ызғары.

Көңілім болып тағы да қапа, Аруағыңа бас иемін, Жұмақты жайла, жадырап, апа, Табынар пірім – киелім... 1996 жыл

  • * Сәуір шуақ төсіне тақса күліп, Сағым-сыры қойнынан жатса ағылып, Баяулап кеп үлбіреп қонақтайды Арғанаты-кеудеге ақша бұлт.

Жабырқатып тағдырдың жегі күзі Содан солып қалған-ау тегі, жүзі, Қары кете үйіріліп бұлт боп қонып, Жұбатады беймәлім пері қызы.

Жел аластар асығыс желіп келіп, Арғанаты тұрады ерік беріп, Көкке қарай серпілген жұмбақ ару Жібереді көз жасын төгіп-төгіп.

Әлдеқайда сонан соң жөнеледі, Жаны мүлде шаттықтан бөлек еді. Кермек, мөлдір көз жасын сіміріп қап, Арғанаты сонымен көгереді. Жерді жара, ұмсынып көкке мөлдір, Арыла алмай өксікті өкпеден бір, Тегін іздеп жүдейді телмірумен Пері-қыздың жасынан көктеген гүл. Қара тастың сия алмай ұғымына, Риза болмай тентек жел қылығына, Үні шықпай жылайды бейкүнә гүл, Нала болып бір сәттік ғұмырына. Арғанаты қалады...көп қонағы, Қонақтары мұң тастап аттанады. Ақша бұлт-пері қыз секілденіп, Налалы гүл бір күні жоқ болады. Ұлпа тәні үлбіреп мамық қанат, Бұлт бүркеген дидарын тамұқ қамап, Айналып кеп пері қыз тамшы үзеді, Қарт жотаға күрсіне, налып қарап...

  • * Арғанатыдан ескен жел, Алқымыма келіп оралды. Көккемер жақтан көшкен жел

Орамалымды алып жоғалды.

Жалпақжұрт жақтан жеткен жел Күбірлеп кетті құлаққа. Орамалымды алып кеткен жел, Ән салып жатты жырақта....

Күбірлеп сырын маған бел - Жаныма шуақ құяр сәт. Сыңсиды мұңлы самал жел – Сол әнді жүрем жиі аңсап.

АУЫЛДАН АТТАНҒАНДА

Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп, Ақ сағымда барады ауыл жүзіп. Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып, Тамырымда ойнайды қаным қызып. Аппақ болып алдымнан таң келеді, Таңмен бірге тіршілік сәнденеді. Өлеусіреп аспанда ай қалыпты, Ұмыт қалдырғандай-ақ әлденені. Көмкеріліп сұлбасы сағымменен, Алыстап бара жатыр ауыл менен. Қайта-қайта бұрылып қарай бердім, Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең. Туған жер бауырынан жаң шықтым, Серік қып сағынышты ала шықтым. Ауылымның суреті шыққа тұнған, Ішінде тұрып қалды қарашықтың.

Артта сағым, тағы да алда сағым, Жарысып келе жатыр далбаса мұң. Алдымнан соққан желдің шоқтығына “Аулыма ала кет” деп жармасамын. 1984 жыл

ШЫҢДАҒЫ ШЫНАР

Жер менен көкке тіреудей, Жерден су, көктен нұр ембей. Найза шың тұр шаншылып, Қабағы қайтсін түнермей. Ұшар басында бір шынар, Тәкаппар қарап тұр сыңар, Тілдесіп қана қайтуға Төзімі жетіп кім шығар?! Жазықты жайлы, еп көріп, Жан-тәнімен жек көріп, Шыңдағы жалғыз шынарға Теректер қарар кектеніп. “Кеудесін керген сылқым” деп, Қайыңдар тұрар күңкілдеп, Шыбықтың аузы ашылар “Жетем бе соған бір күн” деп. Тұрмайды неге жерге кеп, Керек пе оған, төр бөлек? Шыршалар кетті жетуге Найзадай шыңға өрмелеп. Шынар тұр бойын тік ұстап, Жапырағымен тыныстап. Күңкілін жұрттың не қылсын, Кімімен қалай ұғыспақ…

Жалғыздық жанын жаралап, Жаралап, және даралап, Шынар тұр, шыңның төсінен Жапырақ жасы домалап. 1984 жыл

  • * Қып-қызыл болып, алаулай жанып, Кететін еді Шығыс жақ. Майданмен түнді алардай жарық Келе жататын ту ұстап.

Ауылды оятып өріске қарай Бара жатады мал өріп. Құлдилап белден еңіске қарай Жететін еді ән еріп.

Өзен де сонда бұлқынар еді, Жағасын жалбыз көмкерген. Жел келіп гүлді жұлқылар еді,

Ойын іздеген ертеңмен.

Ақмаңдай таңға күрсіне қарап, Молалар мүлгіп тұратын. Тұсына келсе, түршіге қарап Малшылар өте шығатын.

… Түсіме кірді ауылдың таңы, Молалар кірді мүлгіген. О дүниеліктерді сағындым тағы, Бір жүрген күнді құрбымен.

Қып-қызыл нұрға малына күліп, Қол бұлғап тұрды құрбы қыз, Ұмыттық па екен… сағына тұрып, Онымен жүрген күнді біз…

“…Көңіліме менің жүр еріп кірбің Сүйе алар жерін кім мендей” Осыны айтып, түнеріп құрбым, Жолыма қарап жүргендей. 1984 жыл

  • * Ауылымның сыртында жалғыз бұлақ, Тұнығына бас қояр жалбыз құлап. Шілде-жазда салқындап күллі тірлік, Қолы жетпей тұратын андыз жылап.

Сыңғырлаған үніне құлақ түріп, Би билейтін гүл біткен... жылап тұрып, Әуенімен келгендей ән салғысы Танытатын еркелеп құрақ қылық.

Терең мұңмен астасып сыңғыр үні, Тұнығына тұншыққан сыр дүбірі. Түн құшағын ашқанда жылайтын ол Нәзік жанын ауыртып гүл-ғұмыры.

Көрінетін бұл өмір сәл мұңдылау, Уысында бұлқынтқан тағдыр мынау. Асығады ол арналы ағындарға, Жалғыздық-ай! Жанына салдың бұрау. ...Қыс келді де, арнасын мұз құрсады, Қара жерден қайыр жоқ сыз құрсағы. Тым-тырыс боп бұлағым тілсіз жатыр, Сөйлер ме екен сынғанда мұздың сағы... 1993 жыл

АДАСҚАН ҚАЗ

Көктем бе, жаз ба, ұмыттым, Қырқаға барғам ой қуып. Шуағын шашып, күліп күн Жатқандай дала той қылып. Көкпеңбек аспан...көк дала, Көк сағым толқып ойнаған. Көңілде, сірә, жоқ нала Жат емес мына той маған. Кеудеңе мәңгі орнығар, Қуаныш-жарты, жарты-мұң. ...Естідім кенет сорлы зар - Адасқан қаздың қаңқылын. Айнала ұшты төбемнен, Тобымды тауып бер дей ме?! Сөйлейді қаз да, сенем мен, Түсіне де алам кей-кейде. Шарқ ұрып жылап бара ма, “Қайда – деп,- тобым,”-сұрап па. ... Өткенмен жылдар арада Қаңқылы қалды құлақта. Жаз өтті... Кетті сән күзден, Барады күнде салқындап. Шарқа ұрып жүрмін жалғыз мен, Адасқан қаздай қаңқылдап. 1985 жыл

  • * Ауылым әні, көрінді-ау, Кеудеге жүрек сыймады. Сағынарыма сенімді-ау Құшағын ашты Құйғаным.

Аңқылдап, самал аймалап, Жаныма рахат құйғаны. Жымия күліп жай ғана

Сіңлілер шықты ибалы.

...Шыбықты аттай мініп ап, Қараумен жүрген жол жаққа. Жарыса түсіп, шуылдап, Тентектер жетті ойнақтап.

Жігіт боп қалған бір інім, Басын бір изеп, күледі... Ұмтылып келіп, сүрініп, Құшақтап анам сүйеді.

Шығарып бір сәт мұңды естен, Жанымды шаттық нұр қылар. Үй жаққа біздің, бірге өскен, Ағылып жатыр құрбылар.

Сағынып келдім бәріңді, Сарғалдақ көңіл желбіреп. Күмбезі күліп ауылдың, Қарайды маған мөлдіреп... 1983 жыл

  • * Тозаңы шыққан ауылда Тозып та біттім, шыным бұл. Қабағы түскен қауымға Келешек мүлдем бұлыңғыр.

Ойыммен оқшау қаламын Ел бөлек ... одан мен бөлек. Сес қылып, өсек-жарағын Сескентер біреу кеуделеп.

Боз таңда көзім бозарып, Бет алды кеттім жындыдай. Қатарым жатыр сөз алып, Баз кешіп кетті кім бұлай?

Қиялмен құзға жол салғам, Шағылды тауым, шаршадым. Кеудемде жатыр қанша арман, Жанымда жатыр қанша мұң.

Өлеңмен кімнің жыртығын Жамаймын жадау мекенде.

Ажал боп келіп бір күнім, Төмпешік болып кетем де.

Үнімді кімге тыңдатам, Жалғызбын. Тау мен тас керең. Бұлаққа бір сәт үн қатам, Көзінен сонда жас көрем.

Жалғызды жалғаз ұғады, Жасымды төгем үнсіз кеп. Бұлақ та көзін бұлады, Кім айтар оны мұңсыз деп. Бірімен-бірі үндесіп, Мұңымыз сәлем жолдады. Жетерміз толқын күн кешіп, Құрдым жұтпаса болғаны. 1993 жыл

КӨКТЕМ ХАБАРЫ

Келіпті көктем хабары, Көгімде қақты күн күлім. Ақ қайың – ару таранып, Көк терек жарды бүршігін.

Лапылдап дала тұрғандай, Жинап ап ерке нұр бүгін. Көктемге наздық қылғандай Ойнақтап өтті бір құлын.

Жүрісі тіптен қылықты, Алдымнан кескен ойқастап. Өзімнен-өзім сыр ұқтым, Кетті ғой құлын ой тастап.

Табуға іңкәр ынтығын, Ілесіп өмір ағынға. Барады беттеп бір құлын. Ақ арман – аппақ сағымға.

Келіпті көктем хабары, Көгімде қақты күн күлім. ... Алыстап қалған балалықОйнақтап өткен бір құлын.

1982ж.

  • * Мың биігі асқақтық бір-бір дара, Туған жері қазақтың бұлдыр дала. Бұлдыр дала төсінен шер айықпас, Бұлт боп торлар көгін де құрғыр нала.

Жүрек – нала, тағы да жанда нала, Шұбатылып ізінен шаң қала ма?! Мың қазағым сарғайып сағыныштан Жасыл өлке айналды сардалаға. Ары көшіп, сенделіп, бері көшіп, Ебіл-себіл ес кетіп, еңіресіп. Қала берген аңырап сар даласы, Бұйырған ба, жат жерден тегі, несіп. Барар жері – Балқан тау, барған жері, Жат жердегі бақты да жалған деді. Туған жерден топырақ бұйырса деп, Алыстағы арысым арманда еді. Бұлдыр дала шерленіп қол бұлғады, Көк сағымда жоғалып жолдың бәрі. Маңдайында алаштың – шер таңбасы, Таңдайына татыды сордың дәмі.

Ел деп, жер деп, ән шалқып, күй өрілер, Мен – елденмін, мекенін сүйе білер. Бұ дүниеде тастамас, о дүниеде, Туған жері қазақтың – Киелі жер.

ҚЫСҚЫ АУЫЛ

Ұйқысын толық аша алмай, маужырап бәрі, Қалғандай бітпес тірліктен қалжырап тағы. Қымтанып алған там үйлер. Үйілген шөпке Он шақты қара-құраның аузы қаптады. Шыңылтыр ауа түтінді сіңіріп алып, Сұлауда белдер көзінің шырымын алып. Тапал тамдарың қажыған көнбіс пендедей, Ойланып кеткен аузында шылымы қалып. Мыстан аяз да көгеріп, тыртысып апты, Кәріне қыстың болбырау жұрт ұшырапты. Қазымыр қарттың шамына тиейін дей ме, Тай мінген топтың шығады күлкісі қатты. Мандымсыз қарға бүрісіп оранар дала, Қызыққа кірді алма бет балалар жаңа. Тірлік қылғанға өзінше риза сынды, Құдыққа қарай жол тартқан шаналар ғана.

Сақылдай төкті ызғарын құлшынып кәрің, Місе тұтпастан ауылдың құлшылық халін. Аспанға қарай жол тартқан түтіннен байқа - Қыстың қойнында ып-ыстық тіршілік барын.

  • * Сиқырлы ұйқы қалғытып кәрі шыңды, Тәкаппарлау жүзінің сағы сынды. Қара аспанды қақ тілген тентек жұлдыз, Құшағына құладай жан ұшырды.

Аққан жұлдыз іркіліп жанарыма, Сау жетті ме..әлде.. сәл жаралы ма?! Мекеніне көктегі телмірді кеп, Арманды ұшқын боп көзден тарады да.

Кеңістікте қалқиды баяу ғана ай, Бұлтты кешіп барады аялдамай. Айды жерге, жұлдызды шыңға ынтық қып, Қас-қабағын аңдыған аяр дала-ай...

Шым батысқан сезімге. Үнсіз бәрі. Жүрегімді жарардай мұң сыздады. Ай, жұлдызсыз түн ғаріп болады екен, Мұңлық қыздың не болар жырсыз жаны? 1993 жыл

  • * Ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп, Аққұба түн тереземнен тұр төніп. Мен отырмын, түннің жұмбақ өңінен, Өлеңіме өзек болар сыр теріп.

Жүрегімді бүлкілдеткен мұң шіркін, Бұлқынады, дегендей-ақ бір сілкін.

Бетін еппен басып тұрып әйнекке, Баяу-баяу сыбырлайды сыршыл түн.

Тәні жаурап, сәл естірте күрсініп, Аймалаған Айға қылып құлшылық. Ойлы түннің өресіне бөленіп, Тыныштыққа балқып кетті тіршілік.

Жанарыма құйып беріп мұң-сырын, Жүрегіме сезім сыйлап бір шырын, Ұйып қалды, уыз боп түн бір сәтке, Тыңдағандай жүрегімнің дүрсілін.

Сезімтал тал құлақ тікті елеңдеп, Ай ұмсынды, маған жақын келем деп. Жан-жүйемді сыздатқан түн бір кезде, Жүрегімнен үзіледі өлең боп.

  • * Тұман көзін аштырмай қар-даланың Тұнжыратты тауларды, бар ма амалым. Талқысы көп тағдырдан бас айналып, Бір сүйесін бар ма деп қарманамын.

Селт етпеді сұр аспан саз беттеніп, Сазбеттенер уақыты аз деп пе едік. Көңіліме қош айтқан жайсаң күндер, Қанжығаға келетін жаз бөктеріп.

Керең тау да сырымды тыңдамады, Тұман киіп, тұншығып шың қарады. Тас жүрегін даланың тербетем деп, Жалаң аяқ қалжырап мұң барады.

Кебін киген қырқалар бүк түседі, Бұлақ көзін мезгілдің тұтты шелі. Қасарысып қара су қата қалды, Керек қылған жоқпын деп тіпті сені.

Жылтсыз дүние жанымды жауратады, Жылжи бердім жыбырлап алға тағы. Дала төсін сағынып, басым қойсам, Сұп-суық боп сұп-сұр боп қар жатады.

Тітіркеніп еріксіз түрегелдім,

Несін, несін жалғанды мінегенмін?! Жанарымды тамшы жас бұлдыратып, Боз тұманға бозарып сіңе бердім... 1992 жыл

  • * 1993жылдың қысында Тарбағатайға Алтайдан елік ауып келді...

Сезім боп сеңсең бұлттан жауған едік, Сұраймыз енді кімнен сауға келіп. Жетіп пе ең мына жақтан жұмақ іздеп, Алтайдан асығыстау ауған елік?! Ол жақтың, дейді биыл қысы қатты, Өзіңді қандай күйге ұшыратты?! Саялап қу жаныңды келгеніңде Соңыңа сұрқия ажал түсіп апты. Бар ма еді адамдардың сенде де өші, Сұлулық озбырлыққа жем бе деші. Қасқырдай қызыл көрген көзі жанып, Жұтынар майланардай енді өңеші. Сұмдықтың торуылдар сан айласы, Өзіңді жыртқыш біткен санайды асы. Астында тұяғыңның қақпан жатыр, Жәудіркөз бейкүнәм-ау, абайлашы!

Әлдилер сардаланың тымық кеші, Көлеңкең – көкте жүзген бұлт көші. Тау-таста ойнақтаған қорғансызым, Сұрмерген назарына ілікпеші! Қамалып мына ауылға қалды денем, Мұңайып, күн мұнартып, тау жүдеген. Жаныңа телінумен жаным кетті, Көзіңе жас боп тұнып жәудіреген. Жүрермін тағдырыңды өлеңге өріп, Қашпасын менен – сезім, сенен көрік. Бетке алған еркіндікті елік-арман, Санамда қала бердің бедерленіп... Тарбағатай.

СЕН ОРАЛМАДЫҢ...

Нағашы атам Тұңғышбайұлы Әділбектің рухына бағыштадым. Өзің жайлы біле алмастан бір дерек, Жұбанғанбыз рухың бізбен бірге деп. Қан майданға аттаныпсың солдат боп, Осы бір ой көңілімді жүр демеп. Жарты ғасыр – бір ұрпақтың ғұмыры, Жүректе әлі қасіреттің дірілі. Қанша қыршын қан майданда шәйіт боп, Қаншама ұрпақ жалғанбастан құрыды. ...Зұлмат келіп күнбатысқа үрейлі, Тыныштықты сұмдық қайғы ірейді. Қара жолмен ерлер кетіп сол жаққа, Ана біткен амандығын тілейді. Менің анам сәби онда, білгені: Ата-ананың еркесі боп жүргені. Еміс-еміс есінде екен, өзін ап, Әкесінің ақ боз атқа мінгені.

Үш жастағы сәби онда не білсін, Боп жатқанын өлім – оңай, өмір – сын, Ел тілеген: аман қайтып боздақтар, Сұмпайы жау ажал құшып, жеңілсін. Сағынышын сеніміне жеңдіріп, Сол сенімді қайратымен тең қылып, Келер күнге күдіктене көз тіккен Көкірегін әлдилеумен шерлі үміт. Кебін киіп кеткен жоқ қой келер деп, Қара жолға көп қараған елеңдеп. Тек хабарсыз кетті деген қағаз бар, Жар көңілі опат болды деген жоқ... Ата, сені мен түгіл, анам түстеп білмейді, Бұлдыр-бұлдыр бір елес көз алдымда жүр дейді. Ақбоз атқа мініпсің, ақ сағымға сіңіпсің, Күн батқанда қызарып, арайы боп тұныпсың.

Күз келіпті Марқаға, сенен хабар болмапты, Қуанта алмай көп жанды жетімсіреп жол қапты. Қыс айналып келіпті, оралмапсың сен бірақ, Арыстары опат боп қайғырыпты ел жылап. Үміт шіркін үзілмей, таңды таңға жалғаған. Қос қызың мен жан жарың күтуден бір талмаған. Сұлу Марқа жеріне жаз келгенде көрікті, Оралар деп өзіңді жақсылыққа сеніпті. Сағыныпты қос қызың, оралмапсың, келмепсің, Жылдар көші тізілді, әлі күнге сен жоқсың. Қос қызғалдақ – қос қызың сағынумен өсіпті, Оралар деп әкеміз күтумен күн кешіпті. Күдік жеңіп, апамды ұлғайғанда қайғысы, Қара жолдың бойымен оралыпты қайнысы.

Бір әулеттен біреуі тірі келді, шүкір деп, Қуаныпты шынымен жарлы көңілін бүтіндеп. Сонда дағы жүрегі үмітін бір үзбеген, Шаң шұбырған сол жолдан өзіңді көп іздеген. Шіркін қиял сені іздеп, жерді, көкті шарлаған, Оралар деп бір күні күтуден еш талмаған. Көкжиекке күн қонса, жанын шарпып бір алау, Құс жолынан көктегі сені іздеген шығар-ау. Естімедің, жан ата, шырқыраған шерлі үнін, Әже мұңын сезініп, егілемін мен бүгін. Көшкен бұлттан сұрадым, ескен желден сұрадым, Бір хабарың шығар деп, түрік жүрді құлағым. Таңнан, түнен сұрадым - үнсіз қалды барлығы, Қарт шыңдардан сұрадым - жауап бермей қалғыды.

Қара жолдан сұрадым – тіл қатпады шаңытып, Кете барды созылып дегендей-ақ «тағы күт». Жұбанарым әйтеуір - жеңіске үлес қосқаның, Білемісің жолыңды қаншама жан тосқанын. Ұрпағыңмын мен сенің, естимісің үнімді, Өміріңнің жалғасы, тынысыңмын бүгінгі. Әлі үнге бір хабар бермей қойды атырап, Тоқсан аса апамды бүркеп алды топырақ. О дүние бар болса қауышқан да шығарсың, Ұрпағыңның жайымен танысқан да шығарсың. ...Хабарың жоқ. Мәңгі аспан, мәңгі дала жоқтасын, Осы жырым - өзіңе қойған менің көк тасым. 1995 жыл

ДАЛА... КӨНЕНІ АҢСАУ.

Сексеуілге «аға» дедім. Ол үнсіз Тіл қатпастан тұра берді көңілсіз. Тобылғыға «көке» дедім, түнерді, Түсінеді мына мені кім енді?! Қарт еменге «баба» дедім жүгініп, Тұла бойы кетті-ау деймін үгіліп. Құба жонның білгім келіп тағдырын Қара жолдан қиғаш кетіп қаңғыдым. Балбал тастар мен міскінге күледі, Өйткені олар көне күнді біледі. Дала мынау... ауыр ойдан қажыған – Шипа іздейді көне күйдің сазынан. Төрткүл дүние төнеді кеп төбемнен Өзегімді өртеп тұрып өлеңмен... ЖҰБАТУ Сіңілім Ләззатқа Пенденің сәттік ғұмырын Бір Аллам білер, сіңілім. Жылатты-ау сені бейуақ Құлыныңды ұрлап ұры күн…

Жалған да жалған, жалған-ай! Құлыныңды ұрлап алғаны-ай! Өртеніп қалар өзек бар – Ажалдың барын аңдамай. Құбылып өмір өтеді, Құпиясына кімдер жетеді. Періштең ұшты ғайыпқа – Пейіштен болар мекені. Фәни мен бақи – екі өмір, Екі әлем, егіз екі өңір. Қамыға бермей қатайып, Қалқам-ау, сабыр ете біл! Кеудеңде жүрер бір арман, Қуаныш сыйлар күн алдан. Бірі кем дүние…барына Амандық берсін Бір Аллам…

КӨНЕ ҒҰН ТАУЫН АҢСАДЫМ, АҒА...

Дидахмет Әшімханұлына Көне Ғұн тауын аңсадым бүгін, Өтүкен сонда дейді ғой. Біледі жұмбақ қанша сырды кім?! Түйсікті түртер кейбір ой. Көнеден жеткен көмескі белгі, Көмбенің шаңын шығарды. Есте жоқ ескі елесті көрді, Естіді Алтай бір әнді. Көнеге барар жолды таппадым, Сұрланып Алтай тіл қатпас. Жол табу емес көрді тапқаным, Қабірде қалғып сыр жатпас. Берелдің қойны – бүгінге де азық, Қол жүгіртеді сұм заман. Білмеймін деумен кіміңде жазық, Басын шайқаумен тұр ғалам. Тәңірқұтының тағы бар ма екен, Тас болып тұр-ау Ғұн тауда. Бүгінгі тентек сағынар ма екен, Ынтығар ма екен бұл тауға...

Ғұн тауың асып күн шығады ғой, Шұғыла төгіп бүгінге. Тас болып ділім тұншығады ғой, Шығатын күннің түбінде. Ғұн тауы еді паналар жері, Бөрілер бүгін құрыған. Тау жүрегі де жарадар ма еді, Бір үн естимін ұлыған. ... Көне Ғұн тауын аңсадым, аға...

ЕРТІСТІҢ БОЙЫ...

Ертістің бойы ертегі ме еді, Жезтырнағы бар жез жүрек. Үрейлі күйді шертеді желі Сұмдық бар жалғыз көзді деп. Толықсып тоғай тербелер баяу Шайылып тәні жаңбырмен, Пиғылында жоқ пенделерді аяу Мыстанға кез боп қалдым мен. Ертістің бойы мекенім еді – Ендігі қоныс қайдан-ды, Толқынын сүйген етегім еді, Тұңғиығында ой қалды. Ізденген жел кеп ілді етегімді, Секемшіл көңіл үркіді. Ізімнен қалмай індете қуды, Мыстан күдіктің күңкілі. Қайтемін тағып жалғанға мінді, Мыстаннан қаштым түнді аттап, Толқынына ұрдым сорлы арманымды Орамалыма құндақтап.

Ертістің бойы ертегі деді, Жезтырнағы бар, дәуі бар. Естір құлаққа шер төгіледі, Иесін іздеп тауып ал...

ӨСКЕМЕН. ҮЛБІ ӨЗЕНІ ЖӘНЕ МЕН.

Жалғыз дауыс дегенім – менің үнім... Есенғали Жырым менің жатырқап бұл қаланы, Өзегіне дарытты кіл наланы. Толқынына өксігім оратылып Үнсіз ғана үлбіреп Үлбі ағады. Арман болып үн қаттым өлеңдегі, Селт етпеді сұр қала ...керең бе еді?! Жағалауда жабырқар жалғыз терек. Ести алмай дауысты тереңдегі. Жалғыз терек Үлбіге үңіледі, Үңілдірген тылсым бір күбір еді. Құлағына жел болып уілдеген Күңкілінен күдіктің түңіледі. Үлбіге емес, қалаға мен өкпелі, (Менің өкпем біреуге керек пе еді?!) Жапыраққа айналған жаным қалсын, Текті мұңға телініп теректегі.

Толқиды өзен тау төсін емізгенде, Сыры терең тебіренсе теңізден де. Құшағына құлармын қуарумен Тепсініп кеп теректен жел үзгенде.

Шуағымен сәуірдің еріді мұң, Шамырқанды кеуденің шері бүгін. Жалғыздығы шалқытып жалғыз сәтке Жағалауды жаңғыртар менің үнім...

  • * Ертіске қарай асығады Үлбі, Әлдебір сырды жасырады Үлбі, Қадым заманнан... бағзы уақыттан

Ертіс-жігітке ғашық әлі Үлбі.

Тентек Ертіске телміреді Үлбі, Толқын-орамал боп желбіреді Үлбі, Ешкім естімес тереңіне тұнған Үлбі жүрегіндегі жел біледі мұңды.

Бұлтқа сыр шертіп, тұнжырады Үлбі, Ынтығы жанын ұқпай қынжылады Үлбі, Асау жігіт арыны алқымына жетпей Күн шыққанда күліп, түн жылады Үлбі. Үнсіздікке шомып, үлбіреген кезін, Бағып тұрар тілсіз шын жүдеген сезім. Ертіс жайлы сырды айтып қайтем текке, Толқып аққан елтіп, Үлбі деген - өзім...

МҰЗТАУ...

Бұлдыр да бұлдыр бұлдыр тау, Бұлдырап тұрған бұл бір тау, Бұлыңғыр тұман тұмшалап, Ұғынбас мұңын мың бір тау... Мұзтаудың демі мұздай-ды, Бұғаулар бойын жүз қайғы, Тағдырын ойлап шыңының Жүрегі көктің сыздайды. Танытар асқақ бір қылықАспанға ғана ұмтылып. Тәкаппар шыңның тамыры – Ақбұлқақ ағар бұлқынып... Өн-бойын тұман жасырып, Кей-кейде шайдай ашылып, Айтады сырын аспанға Жұлдыз бен айға асылып. Есітіп есер күлкіні Жылады Мұзтау бір күні, Күңіреніп сол сәт күллі Алтай Көз жасын аспан іркіді. Арманын айтпай таң бүгіп, Арғы бір тарих қалды ұмыт, Мұз болып қатқан сағыныш Құрсаған бойын мәңгілік.

Бұлдыр да бұлдыр бұлдыр шың, Бұлдырап тұрған бұл бір шың. Ағыл да тегіл сел жуып, Ашылар бір күн, кім білсін...

  • * Үлбі ағады баяу ғана үлбіреп, Жағасында терек біткен тұр жүдеп. Өмір де өтер баяу-баяу осылай – Сезеді ғой, сезеді ғой сұм жүрек...

Көктемі өтіп, жазы кеткен тірлік бұл, Көңілімде күз деген бір сұмдық тұр. Сұп-сұр болған Өскеменнің көшесі, Жүргіншіге адамға тән мұңды ұқтыр!

Көрсет мынау сұрқы кеткен бақшаны, Көрсет анау жапырақты сап-сары. Қандай салқын ызғар ескен іңірі, Қандай сұрқай бұл қаланың ақшамы...

Терек біткен тіл қатады шерлі үнмен, Мен жұбатам – шерді ақылға жеңдірген. Ел сезбеген жұмбақтарды сеземін – Бірақ... бірақ сұмдықты ұқпан ел білген...

Үлбі ағады баяу ғана үлбіреп, Тыным тапты мың жапырақ – мың жүрек. Жаны ашығыш менің үлбір-сезімім, Жарым көңіл шыбықтарды бір-бір өп... ...Жағалауда терек біткен тұр жүдеп....

  • *

Жүзі – қайғы, мұң бітімі, Тас қаланың мұңды түні. Қабағына қырау қатып, Келіспеді-ау бір күтімі...

Санасында сыздайды арман,

Ертіс анау мұзға айналған. Сәмбі талдар – қыршын ғұмыр, Қызығынан қыздай қалған.

Үлбі үнсіз егіледі, Егілген тал не біледі... Кеше – жанды, бүгін – зәрлі Неткен жалған өмір еді...

АЛТАЙ. АЛТЫ ҚЫЗ АҢЫЗЫ.

Алты құсқа айналған Алты қыздың зарын-ай! Қара жерден қайғы алған Жарым көңіл налыды ай... Алтай ойға шомады, Адамдарды түсінбей. Ақша бұлт – қонағы Ұсынған нәр ішілмей. Алты қыздың жайлауы Құлазиды күні-түн, Жоқ па тәңір байлауы, Айтылмай ма бір үкім... Алты құсты іздедім, Алты қызды көрердей. Жаңғырады түздегі үн – Жаңарады, көнермей. Алтай үнсіз тыңдады, Басы – қайғы, шерқойын. Алты құстың мұңлы әні Шымырлатып өн-бойын. Таңдайына тамыз бал, Алтай тұрсын дін аман. Алты қыз жоқ... аңыз бар, Алты құс боп жылаған. Астана. 2001ж.

ӨСКЕМЕНМЕН СЫРЛАСУ

Бұлт болып төбесінен көшкен өлең, Алтайда арман қала – Өскемен ең. Қимайсың жат көздерге қадіріңді, Жимайсың айылыңды ештемеден. Ертіске етегіңді малып тұрып, Өксісең, өткеніңнен зар ұқтырып, Күмбірлеп қобыз-кеудең кетеді-ау бір, Жанымды толқын-мұңға ғарық қылып. Самалы сағыныш боп ескен қалам, Бір әуен жетер көне көштен маған. Басына екі талай күн туғанда Ертісті етігімен кешкен бабам... Су ішкен ауыздықпен сәйгүлігі Дүрбелең жыл-ғұмыры, ай-ғұмыры Қалды артта сұсты ғасыр. Күн-қаламның Сән менен салтанатқа сай бүгіні.

Өскемен – қайсар қалам, кенді қалам, Не сырды келеді айтқың енді маған?! Қолқаңды қорғасын-шер қапса дағы, Кешеден кербезденіп, келдің аман. Қайыңың тербеледі әнмін дейтін, Саласың арманы жоқ жанның кейпін. Өскемен, сен де мұңлық, менде мұңлық, Бір сыр бар екеумізде жан білмейтін... Үлбіге қалам малып мөлдіреген, Жазайын өзің жайлы мен бір өлең. Өн-бойың – өрлік пенен сұлулық-ау, Көзіңнен тұнып тұрған шерді көрем... Сән берген Шығыстағы маң далаға, Дидарын сүйдіретін таңға ғана, Өлеңсің – бірде мұңлы, бірде нұрлы, Алтай боп асқақтаған арда қала!

ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН КҮН...

Шығыстан күлімдеп шыққан күн, Шырайлы жүзіңе сұқтандым. Шыққанда төгілген күлкің мен

Батқанда... Егілген мұңыңды ұққанмын.

Тірліктің ып-ыстық демі едің, Алтайды қолтықтан демедің. Самалын сәлем кып жіберген Сауыр мен Сайқанға* не дедің?

Қалбатау жолыңда көлбеген, Қара Ертіс – толқыған ол да өлең. Сарғаяр Шорғаның жазығы Қобыздың үніне шөлдеген.

Жарылқап аспан-жер арасын, Зайсанға шуақ боп тамасың. Сырласып Толағай-тауменен* Бір сәтке мұнартып қаласың.

Маңырақ маңынан маңасың, Сеңгірді қимастай қарасың. Сағыныш-нұрыңмен тербейсің Марқаның* мөп-мөлдір шарасын.

Төгілтер бозторғай таңғы әнін, Барқытбел* – аршалы ардағым. Білесің, Шыңғыстау бөктерін Мекендеп мәңгі өлең қалғанын.

Шығыстан шыққан Күн арайлап, Нұрыңа шомылар бар аймақ. Тұлпар тау, Сұңқар тау биігін Тұрсың ба қия алмай қарайлап?!

  • Шыңғыстау, Сауыр мен Сайқан, Қалбатау, Тұлпар, Сұңқар, Толағай, Маңырақ – Шығыс Қазақстан облысындағы таулар; * Сеңгір, Шорға, Зайсан, Марқа – жер-су атаулары; ** Барқытбел – Тарбағатай.

Екінші бөлім

БҰЛТТЫҢ ӨКСІГЕНІН ТЫҢДАДЫМ...

САМАЛ ЖЕЛДІҢ САРЫНЫ

Түнекке кірдім... Іші –нұр, Жалғанның нағыз түсі бұл. Іздесең бәрі осында – Таң сәрі, сәске түс, іңір... Түнекке сүңгіп, таң, әні, Тірліктің көзін таңады. Талықсып кеткен аспанның Көзінен жұлдыз тамады. Елең де алаң шақ мұнда, Қақпасын, сірә, қақтым ба?! Қадірін білер бір өзі Қара мен қызыл... ақтың да. Түн жұтып алып күбірін Қып-қысқа етер ғұмырын Түңлікке бойын тасалар Ұялшақ менің іңірім. Жұлдыздар айтар түнгі ән ем, Табатын жанға мұңнан ем. Түнекке кірем толқып кеп, Түнектің іші – түрлі әлем. Тұрағым сонда іздесең, Сыр айтар болсаң, бізге сен! Тағдырдың жүгін арқалап, Көктемнен жетем күзге есен...

ҚАРА ГҮЛ

Ақ гүл де тердім, Қызыл гүл көрдім. Ал, мұны Көргенім осы, қозғалып кетті жан мұңы. Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға Гүлдің де сірә,болады екен-ау тағдыры. Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы, Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады. Жаудырап тұрып қараған сәтте көзіме Елестеп кетті қара көз қыздың жанары. Тұңғиықтанып, түнеріп тұрды қара гүл, Төбенің төсін қақ жарып шыққан нала бұл! Бұрылып кетттім... құйындай ұйтқып көңіліме Беймазаланып, тап бола кетті нала бір... Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма, Сығылар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра! ...Көз орынында көз емес, кейде қарасаң, Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға... Алматы.1983

  • * Әйелден ақын шықпайды Есенғали Күдік боп арбап күндізім, Жанымды жеді түндерім. Қазақтың таны бір қызын – Ғайша Бибідей мұңлы едім.

Түңіліп тұрып түн аса, Түнерген тұсқа үңілгем. Жыландар келіп жыласа Жұбатайын деп жырыммен.

Қараң да қалған қасқа күн Қабаққа келіп қамықты. Бақытын қайтем басқаның Тағдыр қалапты тамұқты.

Көне де көне көкшіл күн Көк мұнар кешіп қол бұлғар. Көкірек ашып өксірмін Көгеріп көзім болдым зар.

Қарашық түн боп тұнады, Көмейді шылар көп өлең. Әйелден ақын шығады, Ақынмын десем, не дер ең?! Өскемен, 1997

  • * Көктем оған шырайлы көрік берген, Сырлы үні де көктеммен еріп келген. Таңдай қаққан найзағай дауысымен

Қорғасын-бұлт төбеден төніп көрген. Аппақ тәні күн көзін сүріндіріп, Бірін ашып, сырының бірін бүгіп, Самал желмен сөйлескен жұмбақ үні Әлденені тұрғандай ұғындырып. Тұнжыр түн де дамылдап кеудесіне, Қызғаныштан ай-жұлдыз төнді өшіге. Соның бәрін арбаған ару қайың Табиғаттан алған-ау мол несібе. Күйіп-жанып, демімен өртеп өңін, Шілде де өтті, қу қызық келте ме едің. Білген шығар, мүмкін ол көп ұзамай, Дәурені өтіп, күйініп дерт емерін. Ана аспанды, жасытып мына белді, Жел үнімен ақ қайың жылады енді. Жұрдай болып бір күні жапырақтан Тырдай болып, дірдектеп шыға келді.

Келер көктем...келеді кезегімен, (Уақыттың сынына төзе білем). Төзер қайың, бәрібір қайғырады ол Күрсінгенде шоқ ұшып өзегінен.

...Қыстың таңын сезінбей атырады, Мұз боп қатып көз жасы, аһ ұрады. Қайта келіп бұтағын тербемейді-ау, Қар астында тұншыққан жапырағы.

Көп ұзамай тіршілік басталады, Табиғаттың жылиды қас-қабағы. Қонақтайды қайыңға мың жапырақ – Былтырғы емес бірақ та, басқа бәрі.

Өмір – жалған, қалайша білмей өтем. Егіле ойлап, ертеңді түндей етем. Өткен күндер – үзілген жапырақтар, Көретұын тағдыры бірдей екен.

  • * Мыстан мен шайтан ымдасып, Мазақ қылғандай түнді бұл.

Аулақта... бұдан тым қашық Аңғардан жетер бір күбір...

Су перісінің қызы ма, Жұлдызға қарап бал ашқан. Бұлқынған бұлақ сызыла Балтырын шайып жанасқан.

Сұңғыла сезім сұқтанып, Жүрегін бәлкім шарлады. Үрейді тылсым күтті анық, Сыпсыңға толды жан-жағы.

Мыстанның зәрлі мысқылы, Ызғар боп шалды ақ тәнін. Шайтанның сұмдық ұсқыны Тәрк етті түннің тәтті әнін.

Күбір де тынды... бәрі үнсіз, Ұйқыға кірді түн мүлгіп. Тентірер самал дамылысыз Самал да, қыз да – бір мұңлық...

  • * ...Бақсының сарыны – аспан астындағы бұл сарын...

Алты қаз ұшты қаңқылдап, Аңыра қарадым. Кетер ем бірге ән тыңдап – Соңыра барамын... Білгенмен мына тірліктің адыра қаларынПенденің сәттік аманат-жанын аларын Мәңгілік деген ұғымға табынып тұрып, Қобыз үніне жанымды жанып аламын. Әуелеп ұшқан алты қаз Төлеген өлгендеҚасірет-мұңды арқалап көнеден келгенде Қобыздың қоңыр дауысын көмейден төгіп, Арқалап алып ұшарсың келер күндерге Рухымды уақыт аластап, денеден бөлгенде... Қобызым менің жоғалған... Қособада ма екен? Байланып күшім қалды ма босағаға бөтен... Аспандап ұшқан алты қаз тағдыр оғынан Талайлы бір сәт туғанда тасалана ма екен? ...Бақсының сарыны – Аспан астындағы бұл сарын...

  • * Жалықтым суық күндерден Жабырқау шағым көп менің. Төсіне жұпар гүлді өрген Тезірек жетші, көктемім!

Сендегі жылы шуаққа Жаураған жүрек шомылсын. Бозарып жатқан қыратқа Деміңнен ұшқын төгілсін.

Мөп-мөлдір сенің көзіңнен Күлкі боп бұлақ бұлқынсын. Жанарың тектес сезімнен Нәр алып түлер сылқым шың.

Өзен боп тулап жар жақта Шаттықтың әнін салғайсың. Елес боп ойнап аулақта Пәс көңілімді аулайсың.

Өзіңе ессіз ғашық ем, Жабырқау жанды түлет бір. Аспанның жаңбыр-жасымен Қара тасқа да гүл ектір!

Ұжмақтан шыққан үр-қызым, Жібіткен тоңын ызғардың. Даланың түрлеп мұң-жүзін Көбесін сөккен мұз-қардың.

Қай жақта мәңгі мекенің, Ілесіп бірге аттансам, Өмірді арбап…от-ерін, Өзіңдей күліп… жоқ болсам…

  • * Озбырлықтан бір өзін ала қашқан, Аласұрар ақ қарда жалаңаш тән. “Адасқан ба есінен” дегендей-ақ Сықпытына шошынып қарады аспан.

Лыпасы жоқ, жабатын абыройын, Талақ қылып тірліктің жауыр ойын. Сая таппай аспан-жер арасынан Жалаңаш тән – жазықсыз пәруайым.

Сумақы жел тінткілеп тұла бойын, Арсыздықпен мазақтап қылады ойын. Ұятты ұқпас тексізден қорғана алмай, Шарасыздан ашады сірә, қойын.

Қайда барып паналар, қайда налып, Тамырынан ыстық қан қайнап ағып, Аласұрған бейшара жансыз қалды, “Бәрі жалған” дейтұғын жайға қанып.

Ана-дала қайтеді, мың таланды, Жамылғы қып кіршіксіз ұлпа қарды, Абыройдан адасқан бел-перзентін Құрсағына қамығып, қымтап алды.

Ниетім бар фәниден бір сыр ұқпақ, Көнекөз тау керегін тұр сұрыптап, Қара қанмен кетпек ем қарды айғыздап, Селк еткізді сұр аспан күрсініп қап…

  • * Тереземнен түн қарайды, Тереземнен күн қарайды, Бозғылт бөлмем көп іздейді, Жүзіне мұң тұнған айды.

Көңіл нені сезіп еді, Күлкі сорлы көзігеді, Ай жүзінен аунаған нұр Төсіме кеп көз іледі.

Терек мүлгір күнәлі боп, Көкке қояр сұрағы жоқ. Қара шашын жел жұлмалап,

Қаракөз түн жылады көп.

Көңіл қарар күнге өшіге , Жоғалғандай кіл несібе. ...Күнә табын тұмшалады, Қиянатын түн кешіре.

Күн мұңайды – күндемедім, Түн жылайды – үндемедім, Тұнжырайды терезем де, Түсінерін білген едім...

  • * Есілден соққан ерке жел, Ерте кел үнін өзеннің, Шежірең болса шерте бер, Сергелдеңіңді сезермін...

Күреңденумен күн бітсе, Сырын айтады ай түнде. Есілге егер тіл бітсе, Сөйлейді екен қай тілде...

  • * Күн өртеніп, күлі қалды, Шарам жоқ. Жел тепсініп тұрып алды Маған кеп. Өксиді үнім Керең түнге тұтқын болып қалам деп...

*** Таңым сұрғылт, Маңым жым-жырт, Аспан үнсіз қарады, Ашылмады қабағы. Тәнім – тулақ, Жанымды улап Тамырдан шер ағады, Жанымнан сөл алады. Күнім – күрең, Түнім – түлен, Түсініңдер демейін, Түсінбеске не дейін... *** Шарап ішіп шалқыған кеш Шығарды естен құдайды. Буын босап балқыған кеш Бүгін ғана шырайлы. Құшағында тұншығады, Көшелердің күлкісі, Тыныштық та қырсығады Сәл өзгеріп түр-түсі. Күреңденіп күлгін өңі Зәр тамады тілінен, У сімірген сұм жүрегі Сәл жаңылып үнінен. Санасында өткен күннің Сандырағы жалғасты, Жайбарақат жеткен түннің Жағасына жармасты.

Қаһарына мінген түлей Сілкіледі тулақтай, Арашаны күннен тілей, Өліп кетті тіл қатпай.

Сор түрткен кеш марқұм болды, Таба алмадым мүрдесін. Сабылдырып салқын желді Таң іздеу сап жүрмесін...

  • *

Түн. Жапырақ түс көрді... ...Айнала – жасыл, жадырап тұр маң, Шуақ пен шаттық шаңырақ құрған. Шақырды мұны ойынға кел деп, Жапырақ біткен... жамырап тұрған.

Билейді бұл да күлкіге бөгіп, Құп-құйттай бойдан мың тілек өріп. Терек те бір сәт сергіп қалғандай Тіп-тік тұлғасын сілкіне керіп.

Жап-жарық әлем шырайлы неткен,

Жапырақ сусын сұрайды көктен. Кенеттен...жүзін уайым бүркеп, Егіліп тұрып, жылайды көктем.

Сұрғылт түске аспан боялып кетті, Ғайып боп сәтте той анық кетті. Мұп-мұздай тамшы тітіркендіріп, Селк етіп жапырақ оянып кетті.

Жайдары, жарқын ұрлап ап күнді, Тұнжырап бұған түн қарап тұрды. Жасыл реңі сарғайып қапты, Мизам боп бір сәт мұң қарап тұрды...

...Жапырақ қалғып кетті...

  • *

Қараша, Несін тебіренесің, Жетпек ем, “Күттім сені” дегесін. Өкпелетті ғой, Сеземін, сені, Мен емеспін. Ол – Менің Елесім...

Сезімді тастап, таңдады кекті, Аралап жерді, шарлады көкті. Жетімсіретіп, Жетегіне еріп, Қайран күнімнің арманы кетті.

Өңімде қуып, түсімде жеттім “Мейлі, табала, Түсінбе” деппін. Мазақ қылғандай сақылдай күлді ол: “Сенің тірлігің үшін керекпін”. Менің Елесім Мен болып күліп, Алдаған сәтте Сен жеріп тұрып, Жек көріп кеттің, білемін, мені, Жек көргеніңді желмен ұқтырып. Қараша, Білем, қамығып қалдың, Жете алмай саған Зарығып, талдым. Жапырағыңды сағынышыма орап, Жалғанға айтар зарын ұққанмын... Аспанға қара – нені көресің, Отыз күн соны көріп... өлесің, Өзімнен безіп, Сезімнен безіп, Кезеді сені Менің Елесім...

  • * Таңым ызғар, тәнім мұздай, Қадалды уақыт заңын бұзбай... Мен емес – ол Қалғыған. Терезем де телміреді, Кіре алмасын жел біледі, Бәрі мені аңдыған.

Әйнегімде қырау күліп, Құр әуре дер мынау қылық. Жел долданды... жұлқынды. Уақыт есін жиып алды, Сосын қабақ түйіп алды – Көз тастады бір түрлі.

Мен “Менмін” деп, көнгенмін деп, Айта алмадым, ырқыңа. Жатырқадым жамылғымды, Сұм сезімім мәнін білді – Бас көтерді бұлқына.

Таң шапағын бүркіп өтті, Суықтықтың сұрқы кетті. Қаңтар жылы жымиды. Терезем де елжіреді, Жібігендей жел жүрегі – Тілек айтар бір игі...

  • *

Түлен түлеген түн, Күлкі жүдеген түн... Менен түңілдің бе?! Түңілме, Маған келіп мұң шағасың түбінде. Арманым бар ұға алмайтын пенделер Күбірлескен жұлдыздардың үнінде.

Үміт қалғыған түн, Күдік аңдыған түн Шыбын жаным тылсымыңа кетті еніп, Ібіліс жүр ізіменен сұлбамның Құлдық ұрмас қылығыма кектеніп.

  • *

АЙ ЕКЕУІМІЗ...

...Тамыз айында тым қашықтағы ауылыма сапар шектім. Поездан түскен соң да жеңіл машинамен талай жол жүру керек. Кештете шыққанбыз... Көп ұзамай қараңғылық түсіп кетті. Әлі көп жүру керек... “Қалың қалай?” деп, жұлдыз біткен жамыраса бастап еді, айдың сабырлы да, салқын әрі өктем үні оларды сап тыйды. Оң қапталымда, биікте, бір қырынан жайғасып алған ай қалмай ілесіп келеді, тоқталмай әңгіме айтып келеді... Бір сәтте мен өзімді ауылыма қарай ай жетелеп әкеле жатқандай сезіндім... Қараңғылық қоюланған сайын ай айқындала түсті. Менімен бірге жүріп келеді... Жүзіп келеді... Айтқан әңгімесі де тым қызықты, тым мұңды, тым әсерлі...

Ай: Жерден аттанғандар Дүниеден жоқ болғандар Маған келеді, Шаршап, шалдықпай аман келеді... Олар зәру ғой сенің дұғаңа Олардың көмегі – Саған керегі Терезеңнен телмірдім, Тілдесер деп... Көз қиығын салмадың, Күнге шөлдеп. Күнді күттің – Сонда мен жылап тұрдым, Бұл қылығың жабысып мың кесел боп. Тәтті ұйқыңды күзеттім Білмедің де, Үнім жүрді булығып түн демінде. Жарық қана тұрады көлегейлеп, Өштігім жоқ әйтпесе Күнге мүлде... Мен: Жарықты сүйемін – Сен де жарықсың. Налып жүр едім – Сен де налыпсың, Айым... Тілдескім келеді Тылсым үндермен Құлағым тұнды Күрсінулерден...

Күнді іздегенім Үміт қуғаным, Өзімше мұңды Ұмыт қылғаным... ... Бәрібір саған Жуық тұр жаным... Сағынған ай, Жұмбақ ай, Налыған ай Саған жеткен ақынның халі қалай? Жерді аңсай ма, Біздерді – елді аңсай ма Біздің жүрек ағаны сағынады-ай!!! Маусым айы Түн еді, ай қиылған. Тап болды екен сұм ажал қай қиырдан... Рухы ұшты құс болып саған қарай, Жас парлатып, көңілге қайғы құйған... Ақын кеткен аттанып... Бізден жырақ, Көз жасына қара жер Жүзген жылап. Сауыр, Сайқан, Алатау түнергенде Мөлт-мөлт мөлдір тамшыны Үзген бұлақ.

Сұңқарбұлақ Осылай аһ ұрғанды, Аспан тұрды Жазып ап атын мәңгі... Айға аттанған ақынның даусын іздеп, Шерлі көңіл өлеңдер Жетім қалды. Маңғаз еді, Жан еді жүрегі кең. Жыр ойнатқан кеуденің түнегінен. Саған барып мәңгілік қоныс тепті, Сені көрсем, соны іздеп бір егілем... Ай: Білесің бе, Мен туралы аңызды?! Сол аңыздың түбі шындық тәрізді. Маған мәңгі Рух болып қонақтап, Ақын біткен әңгіме айтар маңызды... Мен Адамнан айға айналған екенмін, Талай ғасыр тылсым сырды көтердім. Пенде біткен пенделіктен қажыса Түнге ілесіп, жанашыр боп жетермін.

Жалған мынау Жараласа жаныңды, Тіл қатамын тастап шық деп тәніңді. Ай-бесікте әлдилеймін сонан соң. Оны, сені, тағы, тағы бәріңді... Жерде сәттік тіршілік көкте - мәңгі, Көкке шырқап кетті деп сөкпе жанды... Жерде тәні – бас, бауыр, өкпе қалды, Ақын аңсап аттанды көктегі әнді... Ақын жаны санамас айды бөтен, Мен болармын мәңгілік жайлы мекен. Ажал деген – жан үшін бостандық та, Пенделерге тым ауыр... қайғылы екен. Жалғызбыз-ау... Жерде – сен, көктегі мен, Сонан соң да көзіңе көп көрінем... Тау түндерде түс көрсе мен туралы, Сені іздеймін солардың бөктерінен...

Мен – тылсыммын... Тілімді түсінбей Сен күрсіндің... Тымық түндерде Саған ұмсындым. Сездің бе?! Мен - өлеңмін, Көктен қол созып, Қуат берермін. Талай жаңарып, Талай көнердім... Көрдің бе?! Сөзге сенерсің, Бәрін жеңерсің. Алдыңғылар салған жолмен Маған келерсің Бір күні... Ауылға кіре берісте Ай тура алдымда тұрды. “Көрдің бе, сені аман-есен үйіңе жеткіздім. Әзірге!” деп күбірлегендей болды да... үнсіз қалды...

БҰЛТ

Кеуде тосып самалға жүзеді бұлт, Бауырынан тамшыны үзеді бұлт. Батыстан бата алды да жол болсын деп, Бағытын күн шығысқа түзеді бұлт. Кербезсіп, кеңістікте маңады бұлт, Тауларға тәкаппар боп қарады бұлт. Төменнен бір аңсарын көріп қалып, Мөп-мөлдір сағыныш боп тамады бұлт. Кенеттен ... ашу қысып, бұлқынды бұлт, Аспан мен Жер көңілін бір түрлі қып. Көкірегі қарс айрылып күрсінгенде, Найзағай жұбатады үркіп жүріп. Кеудеден ағыл-тегіл мұң ағылып, Бір сәтте өксіп-өксіп жылады бұлт. Дүние егіледі бой-бой болып, Ал, таулар, аң-таң қалып тұр аңырып.

Көз жетер көк төсінде жүзіп жүріп, Салады бір әуенге үзілдіріп, ... Жердегі мына менің көңіл-күйім Ақ бұлт, қара бұлт, қызыл бұлт. Астана, 2003 ж. 21 шілде.

ҚАЗ ҚАНАТЫНДАҒЫ ҒҰМЫР. ҚОРҚЫТ.

Қаз қанатына қолым жетпеді Қорқыттан үркіп қаңқылдап ұшқан. Ойымнан үрей...өлім кетпеді, Құлағым тұнды қарқыл-дауыстан. Қобыздың үні күңіренеді, Қорқыт-арманды шер қылып төгіп. Қаз қанатына ғұмыр ереді, Үміт, күдікті тең қылып керіп. Қаз қанатына шаттық ілесер, Қорқыт-жалғанға қол бұлғап көктен. Тірліктің соған тәтті үні көшер Өзегін өксік...сор былғап кеткен. Қорқыт-жанымды күдік бұғаулап, Ұмсынып көкке бұлқынамын кеп. Сүрініп кетіп, тұрыппын аунап, Құс қанатына ұмтыламын деп. Құс-ғұмыр көкте налып барады, Қобыз үніне сұңқылын қосып, ...Ал, жерде тірлік қалып барады, Беймаза күннің күңкілін кешіп. Астана, 22-қазан 2003.

  • * Үнім өлді ішімде, Тілім өлді тісімде, Ішін жиып ісімнен Түн айналды мүсінге.

Күн жымиды... не білді?! Тістеледім ерінді. Мен жоғалтқан жалқы сәт, Көкжиектен көрінді.

Ай мұңайды... не болды?! Бұлт шалды ма төбемді... Тебіренсем селт етпес Тау құлағы керең-ді.

Оқшау биік тұр жылап, Өткінші ғой бұл бірақ. Қайтесің деп қайғырып, Жыр оқыды бір бұлақ...

***

Қызыл қанатты періште, Қылығым менің теріс пе? Жүрегім тулар кеудемде Күдікпен түсіп керіске.

Әзәзіл күліп ішімнен, Шошынып жүрмін түсімнен, Періштем, қалдың сескеніп, Қылығы тосын кісімнен.

Қызыл қанатың құбылып, Құбылысымды ұғынып, Іңірге сіңіп кеттің бе, Кір шалған күннен түңіліп.

Қызарып Іңір қымсынар, Бойында ызаң тұншығар. ...Жалғанның жалған болмысын қызыл тісіңмен қыршып ал..

  • *

Мен не дейін… бәрі оңды, Бас шұлғимын амалсыз. Күдік алар зәремді, Жүрексіз де… жанарсыз.

Тамыр ұстар тағдырым, Өз қылығын өзі ұқпай. Аларады әр күнім, Қуыстанар сезікті ай.

Түн ұйқымды мың бөлер, Көрпемді ашқан көп күдік. Бұл халімді кім көрер, Қуат берер текті үміт.

Тыным бермей ұзақ түн, Түрткілеген сұм ойлар. Жүректегі сызаттың, Жазылуын кім ойлар?!

Нәпсі тиып аранын, Сорлы сезім жүдеген. Қайғы да бір қарағым, Құшағыма түнеген.

Құрсаулаймын күшпенен, Шерлі жүрек-құрғырды. Жалғасады түспенен, Таңым атып тым мұңлы.

  • *

Тұңғиық көзді тымық түн, Тұңғиығыңа тұныппын. Жұлдыздай жанып көгіңде, Жым-жылас саған сіңіппін.

Үн қатып өзен тілімен, Толқын боп бір сәт жүгірем. Жанымды менің ұғын деп, Жағаға келіп жүгінем.

Ай болып жерге үңілем, Жүзіме сосын мұң ілем. Бебеулеп желдей шыдамсыз, Теректей сосын бүгілем.

Қабарып шыңдар қалғиды, Түс көріп тұр-ау сан қилы. Балбырап бала шыбықтар, Қалт етпей қайың аңдиды.

Баяу да баяу тіршілік, Тұңғиыққа тұр тұншығып. Ұйқысыраған арманым, Оянбақ болар құлшынып.

Қиялға беріп бір ерік, Қиянға қоям жіберіп. Тұндырып тылсым-кеудені, Түн кезіп жүрмін… түнеріп. …Менімен бірге жүр еріп… 23.09.95.

  • *

Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім! Жұматай. Ерек тұлға емес ем елдегі ірі, Желік-күннің ұшыпты желге мұңы. Иттен, құстан көңілі қалып жүрген, Бағы кемдеу ақынның мен де бірі. Осал тұсын жанымның сезеді жұрт, Сүйенгенім – тұл-терек, өзегі құрт. Жауа да алмай, ауа алмай басы айналып, Мұнар шалған көгімді кезеді бұлт. Күңіренген көңіл-ай, көрді қалар, Шыланып жүр түнекке шерлі жанар. Күдік-ажал жол кескен менің халім – Қарабайға кезіккен сорлы марал. Бір тәңірім көрмесе хал сұрар кім, Кезелген оқ кезіне қарсы бардым. Қара-қызыл дақ салып қыр төсіне, Құла түзде қанша күн қансырармын.

  • * Көктемім-ғайып, өтті жаз, Зарлана беріп не етейін. Төбемнен ұшқан топты қаз, Арманымды айтып кетейін.

Көңілді досқа тоң қылдық, Жан дерті, сірә, арылмас. Тобымнан қалған мен мұңлық, Төлегенге едім қарындас.

Дұшпаным көздеп, дос атты – Жүрекке жебе қадалды. Қаным мен жасым қоса ақты – Таңатын кім бар жарамды.

Ақтық сөзімді арнадым – Қонсайшы мені жағалап. Алданып қалған арманым, Қанаттарыңа аманат.

Қауырсын үзіп қанаттан, Қайғымды қанмен бедерлеп. Қалдырып кетем, әр ақ таң, Қамығып тыңдар өлең деп.

Төбемнен ұшқан топты қаз, Төменнен қалдым қол бұлғап. Қапыда қандап кетті жаз, Жолымды ащы сор былғап.

Үміт пен арман, сенімдер, Қансырар, жерде шалқалап. Аспандап ұша беріңдер, Аманатымды арқалап.

  • * Көктен құлаған Жұлдыз дін аман. Аспан күрсінді Сауға сұраған.

Таулар шошынып, Қалды тосылып. Жұлдыз қонған жон Жатты көсіліп.

Жұлдыз...дірілдеп, Сөйлер күбірлеп, Көкке телмірер Қорқып...күлімдеп.

Сосын жылады, Өзі кінәлі. Жасы... шөп басын Шық боп шылады.

Жалған –шын жалған, Мәңгі кім қалған?! ...Жұлдыз сынығын Таптым құмдардан.

*** Кіммен тілдесем?! Түнмен...

Қарашығы үнсіз күлген.

Көктен құлаған жарық Ақты жүректі жарып, Түлен түрленген мезетАқылым болды ғаріп.

Бүгін налыды Түнім, Жаным – тілім де тілім.

Сайтан күледі Сайдан, Еске ашады майдан. Жарық жақындар сәтте Бір үн жеткендей Айдан.

Ғұмыр, Демейін түңіл. Санаңда жүрер сыбыр...

  • * Күн безектеп, ай жылыстап, Ойнағандай жай қуыспақ. Жұртта қалып құлазимын Жүрегіме қайғы қыстап.

Кездер қайда көк бел гүлдер, Өкпек жел кеп өкпемді үрлер. Тым ұзақтан қол бұлғайды Күлкімді ұрлап кеткен күндер.

Арманды артып айлар өтті, Ғайыптығын айғақ етті, Тұла бойын мұң меңдеген, Сол бір айым қайда кетті…

Қайда кетті қылықты күн, Қағатын – ды үміт күлім. Жаурап қалған жүрегімді Сағынышпен жылытты мұң.

Күндер, күндер, күндерім-ай, Түске кірді бір керім Ай. Үмітімді үздіктірдің

Қадірлі едің кімге бұлай!

Елес болып ең керегі, Есіл қиял сенделеді. Сары сағымға көз суарып, Сағынышым шерленеді.

  • *

Жүрек… Жанып кетті, Күлі қалды…

Көңіл Кетпес кірбің Іліп алды…

Күдік Табалады Құнын алды…

Сенім әлдеқашан құрыған-ды…

  • *

Жүріп келемін... Көлеңкем күліп келеді, Күлкіге арбалып, Ұры ойлар үміттенеді, Көңілім көзін көк жаққа аударды бір сәт, Тәкаппар Ғарыш тым маңғаз... біліп пе мені.

Жүріп келемін... Ізіме шаң үңіледі, Көлеңкемменен жарысып бәрі күледі. Жалғанда жалғыз адасып бара жатқасын Айғайлап едім... Жаңғырық таныды мені.

Жүріп келемін... Жаңғырық демеп келеді, Жымимадың деп, жыларман жел өкпеледі. Кергіген таулар кеудесін жолыма тосты –

Ертегідегі Таусоғардың бір керек көмегі.

Жүріп келемін... Тоқтаусыз жүре беремін, Жабырқап өмір, Алдымнан түнерер өлім. Күлкі меңдеген көлеңкем мазақ қылады – Дәрмен жоқ шіркін...еркіне жіберер едім, ...Жүре беремін...

  • * Бұлттың өксігенін тыңдадым, Жел, кетші дедім, қыңбадың. Әлем жалғастырды мұңлы әнін.

Бұлтқа қолым жетпесін білдім, Көңіл әуенімен көкке сүңгірмін, Бір күн – жадында қалар мың күннің.

Бұлттың бұлқынғанын көргенмін, Аспан Күрсінгенде шерлендім, Жер, таңырқай көрме, саған Көктің көз жасы болып келгенмін.

Бұлттың естігенмін солқылын, Мұңын деміммен келді желпігім, ...Жерден бу болып ұшсам бір күн Күліп Қарсы алар ма екен төркінім... Шілде, 2002ж.

  • * Өкінішімнің көз жасын Кім құрғатады, Жүк арқалағандай өз басым Мың жылға тағы. Түннің төзімі тозғасын Күнім Күміс дауысын сыңғырлатады.

Өткен күнімнің қылығын Кешіре алмаймын, Жүректің салған бүлігін Есіме алмаймын, Ылайланғандай тұнығым, Сені Несіне алдаймын... Шілде, 2002 ж.

КӨҢІЛ...

Қараңғыда Адасып жүрмісің, Әлде...түнмен Жарасып жүрмісің, Түннен де Күннен көңілің қалып, Жеті қат көктен әрі асып жүрмісің...

Жалғанды Жалғыз кезіп жүрмісің, Түңіліп, менен безіп жүрмісің, Жеті қат жердің салмағы жаншып, Бәріне амалсыз төзіп жүрмісің...

Ұнатпай Сұрқын сұрақтардың да, Жәбірлендің бе, жылап қалдың ба? Үркітті ме үні Күннен Түнге асып, Күліп, жылаған бұлақтардың да...

Көңілім, Тұрмын халіңді сұрап, Жасаураған мұң жанымды шылап, Қанат байлайын қауырсын текті, Көрейін сосын бағыңды сынап... Шілде,2002ж.

  • * Қоңыраулы көктің күмбірлегеніБәрін де көріп тұрмын дегені. Батқан күнменен шендесіп демі Есілді кешіп бір мұң келеді.

Шәйі орамалын жел іліп кетті, Томсарған толқын желігіп кетті. Мұң көзіндегі іркілген тамшы Абайсыз суға төгіліп кетті. Жағада тұрмын... жабығып тұрмын, Келе ме мені сағынып бұл мұң. Орамалы ойнап желдің қолында Толқып келеді... қамығып құрбым. Толқындар тулап, кеудеден қақты, Жағалау жолға көлденең жатты. Іздеумен жүр ме ғаламды кезіп, Көзімен өзі көрмеген бақты. Шарқ ұрып кетті шағала-жаным, Жағаны жүрді аралап әнім. Күтіп тұрғанда алабұртумен Қайтейін маған қарамағанын. Тұсымнан өтті – күліп барады, Күлгені – мені ұмытпағаны. Қарсы алып алдан құшағын ашқан Түннің қойнына сіңіп барады.

Мұң дағы менен безінді дермін, Құрсаған бойды төзімді үгермін. ...Қараңғылыққа көзім тіккенде Мұң-сұлба болған өзімді көрдім.

...Қоңыраулы көктің күмбірлегені Бәрін де біліп тұрмын дегені. Қараңғы түнді қақ жарып...күліп, Есілді кешіп, бір мұң келеді... Қараша, 2003 ж.,Астана.

  • * Шолпан туды, Шолпып жаттым мұңға бір, Қараңғылық, қара бассын, құмға кір . Әлдеқайда асықтыңдар жұлдыздар, Аялдаңдар. Тәкаппар ай, тыңда жыр.

Шолпан туды,

Таң атады ұзамай, Таң атады, көзі мөлдір, жүзі арай. Қараңғымен қайымдасқан күдігім, Қара түнмен қабағымнан ұзағай.

Шолпан туды, Күннен қалған көңілі Түннен қалған. Бар еді оның не міні, Түнді таңға жалғап тұрар әрдайым, Құрмет те осы, міндет те осы ең ұлы...

Шолпан туа көкке қарай ұмсынам, Шақырады соған мені тылсым ән. ...Қасыңа алшы, кірбің қабақ серігім, Мезі етті ғой күту менен кіл шыдам.

Күллі жерден ажырайын, кетейін, Алқаң болып, алқымыңа жетейін. Тұншықтырған түнге өкпелеп не етейін, Күңсіп тұрған күнге өкпелеп не етейін...

Шолпан туды, Сан қиялға шолпыдым, Күнге жатпын, ал, түн үшін олқымын. Сәттік тірлік сарықтырмас санамды, Бейсауат жел, қиялыма бер тыным! 7 қазан,1995. Өскемен.

  • *

Айды етекпен жаба алмайсың, сұмдық бұл, Ай жүзінде айдай болып шындық тұр. Жалтақтасаң жазығы көп жалғанға, Амалың жоқ, арыңды әкеп түңлік қыл. Кенде емес қой түн дегенің түңлікке, Ал, ай үшін Темірқазық – бір нүкте. Қағып түсер қарақшысы тағы бар, Аспандағы жұлдыз біткен дүрлікпе. Көктің сырын сол қалпында көл тыңдар, Айды аялар арман емес сор-құмдар. Тұңғиықтың тылсымына тұншығып, Бұлтқа бетін басып тұрып солқылдар. Торлағандай нұр-кеудесін мұң-құса, Түршігемін бұлтқа қарай сырғыса. Шымырлайды шер шылаған жүрегім Ай көзінен жұлдыз-тамшы сырғыса...

...Сен –күнаһар, салып кеткен айға дақ, Жүрмедің бе, жүгінбей-ақ жай қарап. Терезеңнен телміргенде мойын бұр, Сосын оқшау отыра бер ой қамап.

Айды етекпен жаба алмайсың, жаппағын, Жасырмайды ол жараланған ақ тәнін. Қара түнге қапылыста жұтылсаңАқ нұрына бөлеп алар аппағың...

  • * Жалаңаяқ жұлдыз кештім, жұбым – Ай, Маңдайымнан ғарыш желі өбеді. Ту сыртымда тұрған көздің сұғын-ай, Қабырғамды қақыратып сөгеді...

Бұлт көрпе боп жабам дей ме тәнімді, Жасыра алмас теңбіл-теңбіл дақтарды. Қара толқын қабағымнан ағылды, Сосын тылсым тұңғиыққа аттанды.

Қарақшылар қадамыма үңіліп, Дағдарады білмей қару сілтерін. Темірқазық балтырыма ілініп, Үркіп кетті әлдеқайда Үркерім.

Жарты ай жатыр ойға шомып бір ауыр, Кеудесінде жарым көңіл жаным бар. Тазарайын, тірліктегі күнә ауыр, Шолпан туар, ар жағында, таңым бар.

Көңіліммен көкке кеттім түбі жоқ, Мені іздеумен қара жорғам кісінер. Аққан жұлдыз, табанымды тіліп өт, Жұлым-жұлым жүрегімді құшып өл...

  • * Шолпанның өңі бозарып, Жұлдыздар жұмды жанарын.

Шығыстан шуақ сөз алып, Шырқады құстар таң әнін.

Шырқады құстар таң әнін, Сергектеу самал жүгірді. Шырайлы тұсқа қарадым – Қарсы алайын деп Күнімді.

Қарсы алайын да Күнімді, Қабақтан шуақ жаудырып... Тіршілік қайта тірілді, Қозғалды сосын тау күліп.

Тарбағатайдың таңы бұл, Есіме қалған енші боп… Оралар ма екен тағы бір, Балалық шаққа келші деп… 2004 жыл. Астана

  • * Жоғалды жыл, жоғалды ай, жоғалды күн, Жоғалтқаным үшін де обалдымын. Нұрлан Мәукенұлы. Нұрлан-өлең түнді жарып, Үнсіз ғана барады ағып. Мен аядым күнді ғаріп, Қала берген налаланып.

Мұңым күлген қараңғылық Қалғып кетті, көзін жұмып. Қара таппай қалам ба ұмыт, Жел жете ме сөзімді ұғып.

Қараңғыда ...ай батқанда Өксіді өлең тым алыстан, Жете алмадым. Сай жақтан ба Жел жөнелді құрақ ұшқан.

Жоғалған күн жоқтау жырын Естімейді, қанша амал бар. Жанға қылып тоқтау бүгін Қауышпайды аңсаған жар.

Түн кезеді мәңгі өлең боп, Елес қуып ел жүреді, Күн мылқау боп, таң керең боп, Дегеніне көндіреді.

...Нұрлан-өлең түнді жарып, Құс жолымен самғағаны... Мен аяймын күнді ғаріп, Бір келер деп алданады... Қараша. 2004ж. Астана.

  • * Ес-ағамның құстарын-ай, Құс боп неге ұшпадым-ай!

Тырау, тырау тырна ұшады, Көл жаққа емес, қырға ұшады. Бақ-бақ еткен байғұс бақа Неменеге тырмысады?!

Қараторғай қанат қақты, Жерде тауық қарап қапты. Секектеген сорлы көкек Нені іздеумен далақ қақты...

Сұңқар қайда торға қонар, Қыран қайда қолға қонар. Айдын көлге бір барайын – Аққу құсым сонда болар.

Құмыр-құсты қайдан көрем, Құр естімес сайранменен. Құс-ғұмырдың қанатында Қауырсынға байланды өлең.

Сарыала қаз, жем берейін, Сені өзіммен тең көрейін. Құмайды ертіп ұзай берші, Қон демейін, кел демейін.

Бәріңді іздеп бүгін ғалам, Ақтарғандай сырын маған. Байғұс жаным, құсқа тәнті Бозторғай боп шырылдаған.

Ес-ағамның құстарын-ай, Құс боп неге ұшпадым-ай... Қараша. 2004ж. Астана.

  • *

Барады мынау қараша жарытпай қарға, Жаутаңдай бермей балаша қалып қалмай ма.

Жаңбыр ма қар ма , білмеймін себелеп тұрған, Елес боп бір күн жүр деймін көбелек қуған.

Суық па әлде жылы ма қараша демі, Мені ортақ қылса сырына Жарасар еді...

Қараша ғана ұғады Жанымды менің, Қабағым бағып тұрады Бәрін білемін... Қараша,2004ж.

  • * Қараша келді дайындал, Қамығып жүрген ойым бар. Ұялуға да дәрменсіз Лыпасыз қалған қайыңдар.

Қараша келді мұңдылау, Аспанның жүзі бұлдыр-ау. Қарайып кеткен көңілге Үмітті үкі қылдым-ау.

Тал, терек тоңған шақта бір, Бақыты тайған баққа кір. Шашылып қалған жапырақ – Сен-дағы солай ақтарыл.

Қараша келді жүрекке, Әзірге мұңын түнетпе. Ызғары шалар, жаныңа Жазықсыз, нәзік гүл екпе!.. * Өлсем орным қара жер, сыз бомай ма... Абай “Өлсем орным қара жер”, Қайда қашып құтылам.

Тас қойныңа ала бер, Түбі саған жұтылам.

Өмір – жалған, өлім – хақ, Барар жерім белгілі. Безер тағдыр сенімді ап, Безеріп тұр ендігі.

Жаза бастым – жазғырды, Шер дарытты – шерлендім. Көпсінеді аз күнді, Сергелдең боп сенделдім.

Шыңда –Шынар, жерде –мен, Жалғыздыққа мысалмыз. Сырласып жел-жеңгемен Желік-күнді құшармыз.

Жерде - Өзім, аспанда – ай, Күрсіндірген көк түнді. Көзімізде жас қалмай, Жоқтап тұрмыз жоқ күнді.

Қорқыт кірген көрді ашып, Жыладым ба, күлдім бе. Біразырақ жер басып, Өлу үшін жүрмін де... Қараша, 1995ж.

  • * Если не трагичен, значит не поэт... А.С.Пушкин Сыңғыр-сыңғыр бұлақ үнін, Тыңдап, жанды шылады мұң. Сыңсып ұшқан шерлі аққудың Сырласатын сыңарымын.

Жетім көлдей көңілім бар, Толастамас солығым бар. Жебе ұшында тағдырым тұр – Өлеңді алма, өмірімді ал.

Ғарыш билер ғұмырымды, Бұлдамайын бүгінімді. Жүрегіме шырақ етем, Құралайым, құлынымды...

  • * Диуана көңіл, тіршіліктен безген, Асасын алып, Кеңістікті кезген, Қазулы көрі – кеудеге оралар Кебін оранып бөзден...

Қабірінде жатып, Бебеулейді ұзақ, Сол бебеуден түсер Тас қамауға сызат. Көроғлы келер, дүниеге сөйтіп, Ойнамайды ол бірақ, қабірінен ұзап...

Тіршілік бар көрде – Көроғлы тірі, Бар болған жан жолар жүрегінің түгі. Көрден шығар бір күн құрсанып, Талықсытар сәтке Жарық күннің сұғы.

Көрден шыққан өмір – көкірегі шерлі, Қадам басар алға қақыратып жерді. Сайқал тірлікті шашынан сүйреп, Қайта оралар сағынып, өзі туған көрді...

  • *

Көңіл түбіне күн бұғып Көлегейлейді мың күдік. Қара түлейге көз салсам – Көлденеңдеді құр күлік.

Қап-қара түске құмармын, Түннің перзенті шығармын. Қара жер басар баурына Қанаты сынық сыңармын.

Қапыға қадам басқанда, Соғылам зілдей тастарға, Аңыра қарап қаламын Ай аунап кеткен аспанға.

Тірліктің кешіп бүлкілін Ала алмас жаным бір тыным, Көңіл түбіне бұққан күн, Көтере алмай кірпігін.

  • * Өксіді аспан... өксідім мен, Тағдыр жалтақ, көп сүрінген. Кесапаттар кер кеуделі Күңкілдейді кекшіл үнмен.

Қыз дәуреннің қылығы ұмыт, Тұла бойым тұр үгіліп. Көкіректі тырнаған шер Көз жұмады ұлып-ұлып.

Кебін киген киелі арман, Кебенекке ие жалған. Итінеді ит тіршілік Иеге иек сүйеп алған.

Қаңтардағы қайың көңіл, Қалтарыс тұр жайың, небір, Өліп кетсем, өлігім жүк, Жабдығымды дайында, өмір!

Қыл көпірде қырық түрлі ой, Құбылады үмітті үрлей. ...Қайда бастап бара жатыр Жұмағында құлып тұр ғой...

  • * Күңгірт тартып күлгін күн, Жігерімді құм қылдың... Сезім болды күл-парша, Қай түні еді мың бірдің?!

Басылмады солығым, Жан-жүрегім толы мұң. Күні қайсы, түн қайсы... Мені кімге жорыдың?!

Күн шындық та, түн сұмдық, Сол шындыққа құлшындық.

Түн қойнында тартынбай, Күн шыққанда қымсындық.

Жұлдыз біткен жымыңдап, Әлденені тұр ымдап. Сылқ-сылқ күлер егде өзен, Құлағыма сыбырлап.

Түн қойнында – бұламын, Күнге де аздап ұнадым. Түн мен күннің арасы – Менің сәттік тұрағым.

Таңырқама сен бүгін, Бұлдық жетіп кергідім. Мың бір түнім таусылды, Жатырқай ма енді күн?!

Сезімімді тұл қылдың, Сағымды мың сындырдың. Шындық деп ем... неліктен Күңгірттендің... күлгін Күн?!

  • * Жарлауға біткен жалғыз тал, Жабықпағы ызғардан. Жадырауы нұрдан-ды, Тітіркенуі бойынан – Тамырында сыз қалған. Бақ болар нұры бұлданды.

Көктеуге ынтық бұтағы Бұғынған бүрін аша алмай, Тіршілік лебін шаша алмай, Ап-ауыр ойдан бас алмай, Теңселді... сосын тұлданды.

Төбеде – аспан күңіреніп, Төменде өзен тебіреніп, Тамырымен тал ырғалды, Түңіліп сайқал жалғаннан, Күдерін үзіп таңдардан, Ажал алдына мың барды, Ажалдан қапы мың қалды...

...Жарлауға өскен жалғыз тал, Қайтейін, мен де жалғызбын. Жабығып жүрмін жатырқап Шалабын жұтып сары күздің.

Бал жұтып едім тәтті деп, Дәру боп жанға батты деп, Таңдайға у боп татыды, Дертті етіп кетті ақыры, Тәңіріне мұңын шағып жүр, Жалғанның шерлі ақыны...

Шыңырауда тұнған ой-тұмам, Лайлар екен қай күнәм?! ...Сүйеуге сені жоқ шамам, Жарлауға біткен бейкүнәм!!! 25.06.96. Өскемен.

  • *

Мен түнге айналамын – Айдан алқа тағамын, Жұлдыздан сырға саламын. Қара шашымды жаямын Қара көзіме ызғарды іркіп, Шайқап ішемін Тағдырдың берген шалабын.

Шыңның басын шырмаймын, Таудың сырын тыңдаймын. Ләззат шырынын ұрлаймын, Қап-қара жорғаны мініп, Тұңғиыққа аттанамын – Артыма мойын бұрмаймын.

Ағытылып алқам қалады, Шашылып сырғам қалады, Қара шашымды қырау шалады, Мені іздеп шыққан бозала таңым Шашылған мүлкімді Жоқтауын айтып жинап алады.

  • * Әл үстінде жатыр сорлы үмітім, Күзетеді күдік келіп күні-түн, Терезені сындыра алмай тепсініп

Ашулы жел шығарғандай бір үкім.

Айтып отыр ауыш арман бір әзіл, Үзілсе дем – жоқтар сезім тұр әзір. Босағадан күреңіткен қайғы аттап, Қыл көпірге әзірленіп күнә жүр.

Жылай-жылай көзі кеткен соқыр мұң, Зарлағанда түңілдім де өкіндім. Құлағына құлып салып сананың, Жүрегіме ақыл қосып отырдым.

Көз жұмды үміт... қара кебін қымтанды, Тағдыр қимай талықсыған бір таңды. Қабірге кеп күңіренген күдіктің Жанарынан жас тамбады... у тамды.

  • * Қызыл іңірдің қызыл нұрына сүрініп кеттім. Жүрегім ыршып, жүзім құбыла, Қайда барсам тірелерім – тығырық деппін.

Өз ұятына өртенген аспан тілін тістеді. Жексұрын түнек желкемнен асқан Пәктікке зорлық көрсетер зұлым күш пе еді?!

Жазықсыз мынау жаратылыстың қан-жоса жаны. Түрткілер тәнін нала – тіміскі үн, Қуалап бәрін қиырға таң жасанады.

...Оянар өмір құлықсыз ғана – өлімге бодан. Солығын баспас сұрықсыз дала, Төсінде – тірлік – арбаға жегілген адам.

  • * Көзімнен жосыған жас Көріме тамар, Көр түбінде көзге айналып, Қарашығын қайтадан көгіне қадар.

Қабірімді жарып қара гүл өсер –

жасымнан өнген, Азалап жоқтар қаралы нөсер Арманды жанды жасынан өлген.

...Ей жүргінші, назарыңды аудар,, Нәр сұрап мынау налыған гүлге. Түп-тамырының азабын аңғар – Өрең жетпесе маңына жүрме...

Өзіңе қарай келердей қашып, Үміт-ауаны қарманар. Осы қабірде... Өлеңге ғана өлердей ғашық Өзегі дертті жан қалар.

Өмірің деген – қабірің ғана, Кеңістігі жоқ тас қамау. Қара қауызға тағы бір қара – Тама алмай қалған жас бар-ау...

  • * Қособаның түбінде... күн батқан шақ, Зулай ұшты сұр жебе зұлматты аңсап. Ту сыртыңа, боздақ-ай, бұрылмадың, Өкінбес пе ек, соңғы сөз тыңдап қалсақ.

Қособаның түбінде... қас қарайды, Тәңір салды тұспалсыз басқа қайғы. Аңсар сезім, айтып қал айтарыңды, Арманыңды алты қаз тастамайды.

Қособаның түбінде... “қош” дедің бе, Дұшпаны бары түспеді-ау еске мүлде. Шырақ болып үмітке жүрген арман Қарақшының демінен өшкенің бе...

Сенімі – от, үміті – нұрдан болған, Тұлғасына асқақтың шыңнан қонған. Махаббаттың денесін арулайын, Қособаның түбінде құрбан болған.

Күрсініске құлақ сап кіл бұрынғы, Тарқатады тұнжырап түн бұрымды. Тыңдар жан жоқ, айналған алты қыздың Мойынына ораймын мұңлы үнімді...

Жат тақымда боз жорға желеді аңдап, Бір үмітті мың күдік келеді арбап. Қособаның түбінде... арман қалған Аңдаусызда... аңдыған жебе қандап...

  • * Шарасыздыққа ет өліп, Шамырқанамын мұндайда. Бөрілі байрақ көтеріп, Бөрідей жортқан күн қайда?!

Табанда қалып пенделік, Ерлікке ғана елітті ой. Бөрілі байрақ дем беріп, Бөгеліп көрмеп едік қой.

Тәңірінің көкшіл нұрынан Жаралған жалды көк бөрі. Сескенер көздің сұғынан, Жазмышқа мынау өкпелі.

Шығар ма еді шіркін атыла, Бүгінде билік, күш өрде. Болат тегеурін қапыда Белінен теуіп түсер ме...

Тәніне жара түсіріп, Көп қасқырлардың ылығы, Киелі қаны ұшынып, Аспанға қарап ұлыды...

Ұли да ұли көз жұмды, - Бөрілі байрақ жығылды. Аңыз деп алаш сөз қылды, Қыранын баптап бүгінгі.

Көк бөрі рухты түркі елім, Азуын айға білеген. Тірілмес бөрі Күлтегін, Жазайын жоқтап бір өлең...

  • *

Қаракөз бұлақ, қамықпа, жаным,

Қасыңда мәңгі қалып барамын. Жалғанның шерлі қарашығынан Ап-ащы жас боп тамып барамын.

Қаракөз бұлақ, киелім менің, Құрақтан көйлек киемін дедім. Өзіңдей мөлдір өзге біреуді Өзегім жанып, сүйе білгемін.

Сұрқия тірлік сұғын қадады, Жұбым жығылып, жүгім қалады. Сұмдықтың оты жайратар бір күн – Уақыт бірақ құнымды алады.

Қаракөз бұлақ, қайғырма көкем! Ілесіп саған айдынға кетем... Айкезбе қылмай ақымақ қызды Тәңірім неге ай қылмады екен...

Тағдырым оқшау, табамын кімді, Шалады келіп шанағым мұңды. Қаракөз бұлақ – күрсінген өлең, Қаракөз бұлақ – жанарым мұңлы.

  • * Қарашаның түлей түні... Алқынады жел, Белгісіз не тілейтіні Шарқ ұрады жел... Аласұрған жанына сая іздей ме екен, Тылсым ғалам қойнына Талпынады жел...

Желге ілесіп алқынар Жетім жүрегім, Ызғар-тағдыр шымшылар Бетімді менің. Өксимін келіп, білмей қап жалғанда мына Опа бермес пенденің өкіндірерін.

Жанымның жалғыздығына Түршігеді жел, Түңіліп тұрсам тұншығып, Күрсінеді жел, Аялай сипап сорлылау

Жазымыш-маңдайдан Аймалай құшып, “еркелеп, күлші”, - деді жел... ...Күле алмадым.

  • * Сарғалдақ – көңіл желпілдеп, Сана түбінде сарыққан. Сағыныш шіркін мөлтілдеп, Қарашығымда қамыққан.

Ақ кебін қарға тұншығып, Тамыры суып қыр жатыр. Қаңтарға қылып құлшылық, Қабаған боран қырда тұр.

Көктемді күткен көп терек, Көздерін ашпай мүлгиді. Қазымыр қысқа өкпелеп, Көңілсіз күндер сырғиды.

Қаңтарда болдың қапалы, Сарғалдақ түстес сағыныш. Уайымың жанға батады Сүлесоқ сезім... сабылыс...

Терезем бұлтты, мұңлы аспан, Сағынышымның жанары Ол! Сақтаушы ием сырды ашқан, Ақпаннан аман қала гөр!

Қайтеміз қысқа қасарып, Қабағын ашпас қарлы әлем. Қаңтарда көзге жас алып, Жылу іздеген арман ем.

Қар кетер еріп, өшер мұң, Сезімге несін еліттік. Сарғалдақ гүлге көшермін, Сағынышымды серік қып.

  • * Кірпігіне мұз тұрған, Кінәмшіл көңіл сілкін бір.

Қабағына қар қатқан Қаңтарға құл боп күлкім жүр.

Жазықсыз үміт жаутаңдап, Қапалы түннен сығалар. Жан тұңғиығына үңілсең – Тұншығып қалған тұма бар.

  • * Қараман итті қан қылар Қарлыға қыздың кегін бер! Қобыландыны естен тандырар Қас асылдығын көріңдер!

Сағыныш еді құштарым, Санама кімдер салды ойран. Алдаспан – ашу ұстарым Тұрысар жерім – қан майдан...

Қабағым - қаңтар қаһарлы, Қылышым күнге шағылар. Танытпай тұрып атаңды Кәлләмді, кәні, қағып ал!

...Аңғалдық шалған аяғын Батырға қайтем өкпелеп. Сауға сұрағыш нояным, Шықсайшы бері жекпе-жек.

Ар үшін мінсем намысқа, Қолдайды, тағы толғайды ел. Адымды аштым алысқа Домалақ Анам, қолдай гөр!

  • * Күллі әлем – күл, тіршілік – гүл Түпсіз аспан күрсініп тұр. ... Қауыз ашқан қаралым-ай, Құдайыңа құлшылық қыл...

Жүрек бөтен, жан да бөтен, Жарық деген жалған екен,

Күлге өскен гүл қасіретін Енші қылып алған екем.

Тікен тілі – зәрі тамған, Бойына зәр дарыта алған. Желегін жел зәрезәп қып, Үмітінің қары талған.

Бекер... бекер... егіледі, Күл астына көміледі. Ерегісіп ендігі жыл Неге қайта көрінеді.

Жерге тамған мұңлы ғаріп, Қылтияды күлді жарып. Түйір тамшы тұна қалар Қарашықтан сырғып ағып...

Күллі әлем – күл, Тіршілік – гүл, Құлпыруға құлшынып тұр. ...Қауызыңа кірбің алып, Қара тасқа мың сыр ұқтыр...

  • * Сортаңға өскен сорлы гүл, Желіге көрме жөнді біл. Тамырыңменен қопарар Теңселер болсаң енді бір.

Шеріңді кімге бұлдайсың, Жайыңа неге тұрмайсың. Алданбай аяр шуаққа, Ажалға бетің бұрғайсың.

Оң шырай беріп оңыңа, Сол шырай беріп солыңа. Өзектес қылма өзгені Маңдайға біткен сорыңа.

Өзіңше оқшау өмірсің, Қайғыдан қауыз сөгілсін. Сабағың зарға тұншығып,

Өксігің жерге көмілсін.

Сыпсықай желге сыр берме, Табалай жүрер бір жерде. Жағыңның ашпа кірісін Жалпуыштанған күндерге.

Сортаңға біттің, сорлы гүл, Жүдей түс, жүде... жөнді біл. Бір қайтқан бағың оралмас, Сыйламас Тәңір оң ғұмыр, ...Сортаңға біткен сорлы гүл...

  • * Сенделіп, сенімім налып, Жалғаннан көңілім қалып, Бойға шақ кебінімді алып, Кетемін, Көлеңкеме еріп.

Күніме мұңымды шағып, Түніме – түгімді салып, Сыбызғы-сырымды шалып, Жетемін, Қабіріме келіп.

Күліп те, жылап та тұрып, Ұнамай, ұнап та тұрып, Өмірім сұраққа тұнып, Өліммен көрісем ұзақ.

Амалсыз әмірге көніп, Жанымды Тәңірге беріп, Тәнімді қабірге көміп, Көлеңкем сілейіп қалар.

Көңілдің кірбіңі қалып, Күйкілеу тірлігі қалып, Шаттығы, сұмдығы қалып, Кетеді елеске айналып.

Көлеңкем – елесім менің, Налысаң, демесін дедім...

  • *

Пендеге айтпа өкпені, Перінің қызы Бекторы. Қайтесің мыстан-пиғылды Тәңіріңе сиын көктегі.

Сынықси күлмей сыр бүгіп, Көрсеттің несін сұм қылық. Шаңына көміп кетті ме, Шалқұйрық мінген бір жігіт.

Сорқұдық кімге сор мекен, Сорлы жер, сірә, шерге тең. Төстіктей ерді қай күні Шыққыр да көзің көрді екен?! Пешенеңнің де соры бар, Кездеспес пенде оны ұғар. Кенжекейдейін арудың Кердеңдейтұғын жөні бар. Қайрылмас ару құшқан ер, Демемес тағы дұшпан ел. Бошалап кеткен құба інген Боталап қалған тұсқа кел. Көңіліңді сөйтіп жұбат бір, Ақылды кекке шырақ қыл. ...Жарты лашыққа аялдап, Жолаушы сусын сұрап тұр. Толықсып шықшы алдынан, Төгілтіп тұрып сал бір ән. ...Тағдырын шеш деп өзіңнің Төрелігіңе қалдырам...

  • * Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді, Кісінеуі кімді еске түсіреді. Иесінің жоқтығы - өңім еді, Ер-тоқымсыз келгені түсім еді. ...Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді...

Сор тіледі, қайсысы бақ тіледі,

Өзегімді ащы өксік қақ тіледі. Еңіреген Ертісті артқа тастап, Жағасынан Есілдің тапты мені.

Түнеремін, жүзімді желге беріп, Жел табалар, жанымды шерге көміп. Толқып жатқан Есілді ес тұтқандай, Келді жорға... мұң шаққам мен де келіп.

Қарашықта қалқытып нала-мұңды, Шомылдырдым кірбіңге қабағымды. Шылбырына жорғаның оралып ем, Аңдып жүрген дұшпан-жел таба қылды.

Көкірегімде бір үміт көзін ілді, Жұлқылады озбыр жел төзімімді. ... Көкшіл сағым ішіне жұтылайын, Жетекке алып Көк жорға-сезімімді.

  • * Санам шырмалды сайтанның сандырағына, Сансырап қалдым, сыбырлап таң құлағыма. Алланың абзал ақ қанат періштелері, Адасып бір сәт амалсыз қаңғырады да.

Оралғандаймын бақидың тозағы жақтан, Төзімді сілкіп, азаптың тозаңы қапқан. Күнәлі болған көзімнен ыршыған жасты, Боз таңға бодан қылармын бозарып атқан.

Сонан соң... тылсым ғарышқа көзімді қадап, Өзегі өксік жалғызға өзімді балап. Өзгеге артып, қажыған жүректің жүгін, Сенделіп кетем, жоғалған сезімді қарап.

Күдігім-күңкіл, жазмышта азабым-ғұмыр, Құдірет қалам, Лаухқа жазарыңды біл. Жүрекке кірер жол таппай қинайды жанды, Бір түйір қан боп жүгірген әзәзіл-күбір.

Жанымның шерін бебеулеп шертеді де өлең, Дәруіш боп барам мәңгілік өртеңіңе мен. Сұлбамды тастап, алдамшы аяр жалғанға, Жүректе жанған отыма өртеніп өлем...

  • * Бір кебісімді түн алып қалды, Шолпанға ұқсап кеттім мен. Пенделер қылар күнәні ұққан-ды, Періште ай, сырын көкке ілген.

Сыңар кебіспен сытылып шықтым, Жете алмай қалдым аспанға. Ұтамын деп ем, ұтылып шықтым – Жығылып түстім тастарға...

Қалдырдым, сірә, түннің көңілін, Жасымды төгіп қойнына. Жамылып шығып мұңның кебінін, Асылдым таңның мойнына...

Тән менен Жанның келісімі үшін, Өзімше болжап, жөн ұғам. Қолында қалған кебісім үшін, Қайтадан түнге жолығам.

  • * Ішкі дүнием – Ай тұтылған түн-әлем, Қараңғылық, қадамыма құмар ең, Пенделерге қимасам да мұңымды, Періштелер ұғымында күнәлі ем...

Көлеңкемді төсегіме көмермін, Ай ыңырсып, соңғы әніндей төгер мұң, Қараңғыда қарауытар амалсыз - Өмір деген - көлеңкесі өлеңнің.

Мыстан-күдік нені аңсады ...күрсінді, Тау түнерді паналатып бір сырды, Жабырқайды жарқабаққа мұң шағып, Жаным менің - Ай тұтылған түн-сынды...

Керегі жоқ түнге келіп түнеудің, Айдан өзге ол сорлыға тіреу кім?! Ай туғанда бата қылса өзгелер, Айға жоқтау айтатұғын біреумін!

  • * Жалғыз жұлдыз көгімнен Жымиды да кетті ағып.

Тағдырыма телінген Өкініш пен кекті алып.

Ағып түсті ... жоғалды Біле алмадым дерегін. Көзім жасты боп алды, Ізін қуып келемін.

Қаралы түн қамығып, Жұбата алмай налыды. Қала берді зарығып, Көмескі айдың жарығы.

Сыбыр етті қап-қара үн, “Бұдан әрі бар ма” деп, Таба алмаспын ...таппадым, Талықсыдым таңға кеп.

  • * Көтеріп ап мұң-көзені, Сұлбам менің түн кезеді. Ғайып болар әлдеқайда Келген кезде күн кезегі.

Тәнін бүркеп боз жамылғы, Талақ қылып тозған үнді. Түнде ғана бой көрсетіп, Кешіп кетер өзге ағынды.

Қараңғылыққабағында, Түнерген ой – жанарында. Жүрегіне ай қонақтап, Жұлдыз жатар табанында.

Таңға жат боп тылсым өңі, Тал бойына түн сіңеді. Өң мен түстің арасында Болар-болмас күрсінеді.

Көтеріп ап мұң-көзені, Сұлбам менің түн кезеді. Жолығар ма жоқшысына Келер ме екен бір кезегі...

  • * ...Бәрі де баяғының садағасы... Оралхан Бөкей Анығырақ көрмек едім ай меңін, Қырау шалды тереземнің әйнегін. Жат денеге көз қадаған немді алған, Теңбіл міннен сау болып тұр қай жерім?!

Байқап қалып көңілімінің жыртығын, Мазақ қылып жылтыңдатты түн тілін. Көк түбіне кек лақтырған кесектеп, Қарашақты қамалады кірпігім. Шашын жұлып жел долданды, жер үнсіз, Қарауытып тау қарайды көңілсіз. Кеңістіктің кетігінде мен тұрмын, Төсек салқын, бөлме суық, көгім – сыз. Түн ыңылдар еске оралып, өз әні, Ай шаршаулы, жұмылған жоқ көз әлі. Соған жақын мазасы жоқ әнеу бір, Жұлдыз күліп, қолын маған созады. Желге мініп, желіп кетті бір жұлдыз, Аспан төсін шимайлайды кіл мұңды із. ... Бәрі қалар баяғыға бодан боп – Бейопа түн, беймаза жел, бұлдыр күз.

  • * Сары ала қаз-ау, Сағыныш па едің?! Алып ұш менің жанымды, Жаныққан желді жарып ұш дедім, Қаңқылдай айтып әніңді.

Қанатың нені, Ауырсынулы... Қауырсыныңды қалам қып, Сағымға жаздым тәуір сырымды Сөйлеуге қылып сараңдық.

Арғанатыны Аңсап барасың, Шаршап қаласың, жайлап ұш... Бар пейіліңмен жар сап қаласың,

Сезімтал сендей қайда құс?!

Сары ала қазым – Тағы құсым-ау, Сағынышым-ау сары ала, Сары шуақ сепкен сары мүсін-ау, Сарығып қалған санама.

Кеудемді жарып, Егіліп ұшқан, Сор іліп ұшқан өлеңсің, Сергелдең күнде сеніп, ұғысқан Өзіме қайтып келерсің.

Сары ала қазым – Киелі құсым, Сүйерімісің ділімнің?! Көгіңе қарап күйеді де ішім, Қанатыңа келер ілінгім...

  • *

Жұмақ бар да, тозақ бар, Білгің келсе сөз ақтар. Жұмағында ғажап бар, Тозағында азаптар.

Дейді, дейді, дейді екен, Жоқ-ау бізде ой бөтен. Естір едім аузынан Қайдан тауып сөйлетем.

Түпсіз көкте Тәңірім, Баса алмайсың тамырын. Киіп жүрміз қамыт қып, Ібілістің зәбірін.

Дейміз тағы – Тәңір хақ, Дал боламыз таңырқап. Көктен бізге көз тігер Сол иеміз жабырқап.

  • *

Бойым тарттым бүгіннен, Бетіме көп үңілген. Мен күтпеген сөз шықты, Ыңыранған іңірден.

“Сен кімсің” деп, сызданды, Көңілде сыз – із қалды. Аспандағы Ай иіліп, Айтпақ болды ізгі әнді.

Есітпе деп сұмдықты, Іңір үнін түн жұтты. Тайталасты жұлдыздар – Қайсысы әлсіз, кім мықты?!

Амалсыздан жүдеген, Ай оқыды бір өлең. Шолпан көзін ашпады – Түн бойына түнеген.

Түн құрсағы бүлкілдеп, Есін жиды біртіндеп. Ай қарады мұңданып, Мен қарадым күлкім кеп.

Жұлдыз араз бізбенен, Ірілікті іздеген. Жерде қалып көңілім, Көктен күдер үзген ем.

Төбеде отыр ірісі, Біз – ақынның тірісі. Жалбарынып қайтейін, Жыр жазайын дұрысы.

  • * Ар арбасты жаламен, Қара албасты соңымда. Маңдайымда - қара мең, Таңбаланған сорым да...

Жыламаймын шыршаға, Естімейді, себебі. Мөлдірлігін кір шала, Жаным өксіп келеді.

Жыламаймын қайыңға, Түсінбейді, білемін. Аязды ақпан айында Ақ мұнарға сіңемін.

Улы тілді сұм жала, Шашын жұлып, долданар. Күреңденген күн ғана Қобалжумен жол қарар.

Ақ мұнардың ішінен Асқақ шыңға тіл қатам, Жұбатқанын түсінем, Азабымды тыңдатам.

Шың дегенің - кісілік, Жанымдағы шерді алар. Өз айыбын түсініп, Жер шұқумен жел қалар.

  • * Қазымыр қаңтар. Көктайғақ. Көліктер жолдан өтті ойнап. Жалаңаяқ жүгірдің Табаныңа шоқ байлап.

Қаңтар ғой, қаңтар. Қаңтар бұл. Аяздың зілін артар кіл. Ақ түтек боран ішінде Алтайдан ауған арқар жүр.

Тау қайда қалды. Тас қайда?! Жан аман болса – бас пайда. Кеудесін қаққан боранды Ай мүйіз іліп тастай ма?!

Шыңда ойнап өскен тағы еді. Биіктік неткен әдемі! Таусылмай ма екен, әттең-ай, Тірліктің салған әлегі.

Қайтеді таудан Шет қалып. Мұзарттың зары өтті анық. Ай мүйіз арқар маңырар Ағарған айды бетке алып.

  • * Тереземнен күн қарайды, Тереземнен түн қарайды. Бозғылт бөлмем көп іздейді, Жүзіне мұң тұнған айды.

Көңіл нені сезіп еді, Күлкі сорлы көзігеді. Ай жүзінен аунған нұр Төсіме кеп көз іледі.

Терек мүлгір күнәлі боп, Көкке қояр сұрағы жоқ. Қара шашын жел жұлмалап, Қаракөз түн жылады көп.

Көңіл қара күнге өшіге, Жоғалғандай кіл несібе. ...Күнә табын тұмшалады Қиянатын түн кешіре.

Күн мұңайды – күндемедім, Түн жылайды – үндемедім. Тұнжырайды терезем де – Түсінерін білген едім...

  • * Иманы – күмән, кілең жат, Мүрит боламыз кімге енді. Түркістандағы түмен бап Түрегелетін кез келді.

Қаласа төрткүл дүние, Дән қауызыга сыя алған. Ғаламға болса ұлы ие – Ол кәміл өзің, ия, Аллам.

Қайраты артып жүректің, Шайтанды иман жеңген-ді.

Иассыға әкеп пір еттің, Құл Қожа Ахмет пендеңді.

Көңілім аумас жолға аса, Жұрдай да болған сенімнен. Иссауи хикмет толғаса, Мүриті болам дедім мен.

Данадан жеткен дәмді сөз, Дән болып сіңсе ақылға. Ғұлама айтқан мәнді сөз Топырақ қауып жатыр ма... Түркістан жаққа бет бұрсам, Ескендей болар майда леп. Бүгінге қайтер шек қылсам, Әулие біткен қайда деп. Мұхаммед Хақтан сыйға алған, Шапағат болып шашыл нұр! Адасқан адам иманнан Пайғамбары жоқ ғасыр бұл... Көкірек көзін нұр шайып, Диуаннан лұғат сіңірсек. Арылар ма еді мұнша айып, Хақиқатқа кеп жүгінсек. Шариғат жолын ұстанып, Тарихат жайлы сөз ұғып, Күнәға жүрсек сұстанып, Марифат мәнін сезініп. Қари біткеннен сұраңыз, Кәмілмен келмес таласқым. Құл Қожа Ахмет жазған уағыз – Кәләм Шәрібі Алаштың.

Төзімін үккен қажап күн, Шөл кезген қаңсып көп көші, Киіз турлықты қазақтың Түркістан еді Меккесі....

  • * Күн тілінен нәр тамды,

Түн тілінен бал тамды. Бірақ... тағдыр – мыстанның Сұм тілінен зәр тамды.

Күннің нәрі сұйылды, Түннің балы сұйылды. Таңдайыма тылсымнан Жырдың дәмі бұйырды.

Нәрді татқым келгені, Балды татқым келгені. Ақын ішкен аңдаусыз Зәрді татқым келмеді.

Күннен безгім келмеді, Түннен безгім келмеді. Түсініксіз өзіме Кімнен безгім келгені.

Дән ұсынды тәңірім, Дәм ұсынды тәңірім. Қалғымашы пендем деп, Жан ұшырды тәңірім.

Зәр тамыпты дәміме, Сәл тамыпты дәніме. Таңдайынан тәңірдің Нәр тамыпты бәріне.

Күн тілінен нәр жұттым, Түн тілінен бал жұттым. Тәңіріме құлақ сап, Іркіліп ем, қалғыппын.

Мәз қалпында – кім екен?! Жазған тұлға – ұлы екен. ... Көзімді ашсам, дүние Қаз қалпында тұр екен.

  • * Түпсіз-түпсіз құрдымға, Шошынғандай түсінен Шың құлады өкіріп. Ал, жалғаншы дүние Сақ-сақ күліп ішінен,

Алақайлап көмейі, Шыңғырады өтірік. Көзінен жас сорғалап, Кім жылады өкініп?! Аспан шығар, сірә бұл, Ғалам шері, бір ағыл!

Жоқтау айтқан аспанға, Тоқтау айтар жоқ ешкім, Көрісуге кім бар-ды?! Шын құлаған құрдымнан Талып жеткен көмескі үн, Қаралының қайғысын Бөлісуге бұлданды. Марқұм шыңнан аманатЖел ішінде үн қалды. Желдің жолын тостым көп, Өз үнімді қосқым кеп.

  • * Мың жапырақмың үміт, Жатыр жерге жығылып. Жалғыз... жаяу келеді, Жапыраққа сүрініп.

Күн реңі бір түрлі – Күңгірт бояу іркілді. Жағаласып желменен, Жапырақтар бұлқынды.

Қайыңның пәс қабағы, Қарт теректер қаралы. Бала шыбық бүрісіп, Балапандай тоңады.

Мұңлы-мұңлы құс әні, Мұңлық желмен ұшады. Бет түзейді қай жаққа Керуені құсалы.

Сары, сары, сары күз, Сары дала, сарын үз... Жалғыз адам барады Жерге тастап жарым із...

Емен қылар ірілік, Неткен жаны сірілік... Жалғыз ... жаяу... қалмашы, Жапыраққа жығылып...

  • * Сен сыңсытқан күйге егілем, Неткен нәзік, күйреуік ең, Үлбірейсің үнсіз ғана Ақындардың сүйгені ме ең... гүл...

Жүрегі ақын ер егілген, Сезіміне сенемін мен. Көзі қиып, сүйе алмаған Айналайын желегіңнен, гүл...

Сен де нәзік, мен де нәзік, Емеспіз ғой жерге қазық, Дірілдейміз ғұмыр-баба шертіп тұрған шерге қажып гүл...

Көктем келсе... тірілеміз, Көктем өте үгілеміз. Қара жерден... пенделерден, Мейір сұрап бүгілеміз... гүл...

Құлпырғанда құмар бәрі, Құмарлықтан жыр арнады. Құйын-тағдыр үйіргенде Бірі қорғап тұра алмады.

Пәк желекте нала қалып, Жазықсыздан жараланып, Тұрған шақта кеудесіне Кетсе біреу қадап алып. Риза едік... гүл...

Қызыл болып, сары болып, Пәк сезімнің нәрі болып Нала-тірлік налытқанда Жүректерді қарып... өліп

кетеміз-ау, гүл.

Сен сыңсытқан күйге егілем, Егілмеуге үйреніп ем. Үзе алмаған, құша алмаған Ақындардың сүйгені ме ең... гүл... гүл... гүл...

  • * Ей жүргінші... тоқташы... сәл құлақ түр Жолыңдағы жалғыз қайың жылап тұр.

...Мына тірлік қалай еді, жазған-ай, Зәрлі мизам қашан жеткен жазды орай, Қабағыңды аш, айналайын, ақ қайың, Қай-қайдағы өткенімді қозғамай. Жылар едім... өзгермейді ештеңем, Жымдасамын жылуы жоқ кешпенен, Сен-далада, мен бөлмеде... теңселем, Тереземнен телміреді Өскемен. Бұлт бүркеді жылу алар күніңді, Ызғар жайлар ойланатын түніңді. Аппақ денең айға айғақ бола алмай, Қалай ғана қап-қара боп тілінді. Шуақ шашар менде бір күн болған-ды, Адастым мен, алыс жақта ол қалды, Тіл қататын тірі пенде бола алсаң, Бір кетер ем, бетке алып орманды.

Сен күніңді сыңсу-үнмен күте біл, Мен-күнімді күрсінумен күтемін. Білер ме екен бұлыңғыр бұлт көктегі Жүрегімді өзіндей қып түтерін.

Ей жүргінші... тоқташы... сәл құлақ түр, Күнін іздеп жалғыз қайың жылап тұр.

  • * Күн мүлгіп тұрып алды, Күл – тірлік ыңыранды, Қадалып кеудесіне Сұмдықтың сұғы қалды.

Өмірдің жүрегі – шер, Жарыққа түнегі – шел, Кересін керең дүние Кесапат тілеп ішер.

Қу құлқын қол алып тұр, Қанағат жол алып тұр. Ақылдың жанарынан Ап-ащы сор ағып тұр...

Өзгеге өкпем бар ма... Өкпем жоқ өктем жанға. Төменде қыран бұғып, Қарқылдар көктен қарға...

  • * Қар үстіне гүл өстіҚарып түсті үскірік. Қатігездік тіресті, Нәзіктіке күш қылып.

Қырау шалды желегін, Қызыл түсін оңдырып. Тиесілі - өр өлім Тағдырында сорлылық.

Қарлы қыста қақ жарған Қара жердің құрсағын. Қаламаған ақ жолдан Көктеменің нұр шағын.

Ызғар буып тамырын, Ызаланар – дәрмен жоқ. Қарға шашар бар үнін Тұла-бойын зар меңдеп.

Мың күдік пен жүз үміт, Қауызында алмасып, Кірпігіне мұз іліп

Қаңтарға тұр жармасып.

Сезімнің шоқ-тәніндей Қаңтардағы қызыл гүл Соның қысқы әніндей Құлағымда ызың жүр...

  • * Ақиқатты құндақтаған, Жалғанға бір тіл қатпаған, Үнсіздікпен үстем болып, Күнді жеңіп, түнді аттаған Тылсым...

Жұлдыз болып жымыңдаған, Ұстатпаған сырын маған, Түйсігімнен түкпірінен Тыным таппай шырылдаған Тылсым...

Сұсы өктем боп сұмдықтардан, Үмітімді мың құтқарған, Көк пен Жердің арасында Мөп-мөлдір боп мүлгіп қалған Тылсым...

Құрсағыңда бұлқынамын, Кермектеу ғып күлкі дәмін. Тәй-тәйлаған үніңе елтіп, Бір жығылып, бір тұрамын Тылсым...

Үнсіздігің... тым үрейлі, Жаның мәңгі тірі дейді, Сені сүйем... бұл жалғанның Қызықтырсын күні мейлі Тылсым...

Шындықты кім тұмшаласын, Шүпілдетіп күн шарасын Жүрегімнен – Тіршілікке Өлең болып мұң шағасың, Тылсым...

  • *

Анау жұлдыз... Мазақтады, Тірлік қандай о жақтағы. Тәнімді түн еркелетіп, Ал, жанымды азаптады.

Анау ай да Міз бақпады, Жүрегімді сыздатқаны, Сыртым – шілде, Ішім – ақпан, Сезіміме мұз қатқаны.

Анау аспан Түнереді, Өстіп-өстіп түн өледі, Ғұмырымдай елес берер, Толған айдың жүдегені.

Мынау таңға Айтарым көп, Сауалыма қайтарым жоқ, Ғарыш жаққа қадам басам, Біраз жүріп қайтамын деп.

  • *

Құдірет деген құс бар деп Айтатын апам бір аңыз. Құс болса көкке ұшқан деп, Ұғынған едік мына біз.

Жаралған қанат сыңар боп, “Құдырет-ау” деп тек зарлайды. Құдайдан медет сұрар көп – Күні-түн жағы талмайды.

Айтатын апам сабырмен Азапқа батқан құс халін. Азапқа бір күн табылды ем – Қуанғам естіп ұшқанын.

“Бірігіп қос құс – қос қанат Қалықтап көкке шығыпты. ...Жанарды бұл күн жас қамап

Жарым көңілім сыр ұқты.

Жүрекке түнер түн-індет, Жанымды жатыр мұң іреп. Күп-күлгін кеште күбірлеп, “Құдіретдеймін – құдірет...”

  • * Суылдаған сұр жебе – Нысанада тұр дене. Қақ жүректен қадалса Қайғы емес пе кімге де.

Суылдаған сұр жебе – Мерт болады құр дене. Ажал деген немене Аңдып жүрген бірдеме.

Ғұмыры оның мәңгілік, Көкжиекті шаң қылып, Шарқ ұрады неліктен Түнді апарып таңға ұрып.

Кімнен алар ақысын, Кім тергейді жат ісін. Бір сұр мерген аңдуда Әр адамның қапысын.

Қадамыңды санайды ол, Ту сыртыңа абай бол. Аңдыған жау алады – Қалай босаң солай бол.

Тірлік қайда тұщынар, Құр қиялдың күші – нар. Жүрегімді сыздатқан Сұр жебенің ұшы бар...

  • * Алдамшы өмір, құрғыр ма ең, Құрығыр дүние, бұлдыр ма ен?! Нәлет айттым мың күнге Көңілім қалып бір күннен.

Түн керексіп тәнімді, Тұмшалады таңымды. Тойымсыз сұм кекірер, Сорып, сорып нәрімді.

Өмір – жалған, алдамшы, Ер опасыз, жалғаншы. Сең кешкендей сезімім, Сеніміме алданшы!

Көзімді алдап көлгірлік, Көсемсимін мен мұңлық. Арсыздықты айтақтап, Абыройды жер қылдық.

Дүние шіркін кезек-ті, Алтын өзін жез етті. Ішкен суым сор татып, Тіліп кетті өзекті.

Күн көзінде тамшымын, Тұз боп кеуіп қаңсыдым. Көмейіме құйылсай Ханым ішер бал-шырын.

Жасық болса жақсы да ез, Тәнін бүркер тапшы бөз! Тыржалаңаш өмірді Тіміскілер нәпсі-көз.

Түннен қарар сөгіп Ай, Жазғырады ол мені ұдай. Өксіп-өксіп алдым да, Күрсіндім кеп. . . Өмір-ай!

  • * Қап-қара түнге қадалып, Қап-қара көзге мұң тұнар. Қапалы үміт жоғалып, Қаралы көңіл бұлқынар.

Жабығып жатқан қырқаға Жабырқай қарап тұр аспан. Жағасын боран жырта ма,

Жұлқына ойнап, қыр асқан.

…Ақ кебін киген қыратқа Бауырын төсеп қара түн, Жеткізер жайып қыратқа Қарақұс сынды қанатын.

Ағаштар басын тұр иіп, Еңсесі түсіп, бүрісіп. Кеудеге бір мұң құйылып, Бір суыр жүрек, бір ысып.

Қаһарлы қаңтар қабарып, Долданар бардай ақысы. Қиықша ай туды жаңарып, Өзіне жайлы жатысы…

  • * Жошыны жұтқан Шыңғыстай Өлтіріп алдым өлеңді. Ақыретке дейін мұң құспай Жүре алмаспын-ау мен енді.

Көз жасымменен тізген ем, Мөлтілдетіп-ақ әр жолын. Сәтімде бүгін іздеген Қаңқасы ғана қалды оның.

Күйбең тірлікке құрбандық Болып кетті ме шынымен… Қалғанда үнсіз шың қалғып, Үгіліп шығам түнімен.

Өлтіріп алдым өзімді – Естіртер жанға жазам бар. Бейшара сезім көз ілді, Шабытым қайда азандар?!

Өкініш өртеп өзекті, Шыңғыстай аласұрдым мен. Дүние шіркін кезек-ті, Түбі қайтеді, кім білген…

  • *

Тәнін бүркеген жапырақ еді, Пәршалап кетті қараша. Қараша неткен ақымақ еді, Сұрайды қайың араша.

Лыпалық біреу тастамады да, Қалғандай болып көз құны. Мөлтілдеп шырын-жас тамады ма, Аз емес еді өз мұңы.

Кеберсіп қалған шөл-таңдайыма Қайыңның жасын татырдым. Шипа боп тиер сөл қандайыңа, Татырып алып, аһ ұрдым.

Жұп-жұмыр дене ұмсына жаурап, Көргеннің есін алып тұр. Қызбалау бұлт тұншығады аунап, Есінен мүлде танып бір.

Желігін басып, мүлгиді қайың, Бойсұнып үнсіз тағдырға. Бұлт көзінен сырғиды уайым Жуасып қайың алдында…

  • * Тымық түнде күбірлейді не деп қыр, Қытықтайды қойнындағы бөбек-гүл. Боз сәулесін пейілімен ақтара Толған айды зәулім терек демеп тұр.

Балғын қайың сыбырлайды тәтті үнмен, Сылдыр қағып, бұлақ сөйлер шат тілмен. Түн құшағы – түпсіз, түпсіз тұңғиық, Тұңғиыққа қиялыммен баттым мен.

Мұңлы аққудың талып жетті сұңқылы, Қос жүректің жиілейді бүлкілі. Жапырақтар бәйіт оқып сыбырлар Бұл – ғажайып мың бір түннің бір түні.

Шаһ-теректің бойын алған дерт еді, Сонда дағы ай-аруға елтеді. Шырын лебіз аппақ нұрдай төгіліп, Шаһризада ертегісін шертеді. Жанды баурап әфсанасы не түрлі, “Айтшы-айтшы”-лап жұлдызкөз түн өтінді. “Үзілмесе екен үні” деп тілер, Балғын қайың – Дүниязада секілді. Ұйқысырап, күбірлейді не деп қыр, Құшағында маужырайды бөбек-гүл. Басын шайқай тамсанады падиша Бекзат сұлу ойға бастап ерек бір. Бар қаһары сезіміне тұншығып, Жан дертінен кеуде жара күрсініп, Ұмсынып ед, бауырына басқалы Бұлт етті ару, болар-болмас қымсынып.

Қалды терек, есін толық жия алмай, Таң білінді, жанына нұр құярдай. “Келер күнде қауышармыз” дегенді, Ұқтырады ай, балдай сәтті қия алмай…

  • * Бұлтқа қарай аяқ бастым, Жалғыздық Құтқармады бәрібір. Шөлдегенде үмітімді жалбыз қып, Аспан жаққа егіп кеттім сары гүл.

Ғарыш мені тылсымына сіңірді - Көкшіл түс боп дарыдым. Сары гүлім аспаннан да түңілді, Желегіне артып алып тағы мұң.

Кеңістіктің кемтарлығы... Не сұмдық?! Енді қайдан жанға сая іздеймін?! Пенделердің пенделігін кешірдік... Не қылармын... Тіршіліктен көңілі қалған күздеймін.

Бұлт көзінен мөлдір тамшы сырғыды, Қалды менің не жаным?! Бәрін-бәрін талақ қылып бір күні Соңғы өлеңді жазамын.

Өксігімді ғарыш тыңдар... түйсінер Жер басуға келмейтінін халімнің. Біреу бар ма болмысыма сүйсінер Сардаланы кезіп жүрген сағыммын...

Күнге – қонақ, Айға мұңдас болармын, ...Өрең жетсе сен де жерден алыста, Аппақ нұрмен мойыныңды орармын, Көзіңді ашшы ғарышқа...

  • * Жауқазын шақ жалт етті, Қызғалдақ күн қылт етті. Мұнарланған көгімді Күңгірлетіп бұлт өтті.

Жанарымда түн қалды, Жүрегімде мұң қалды, Несіне Аллам сыйлаған Жалған да жалған мұңдарды.

Мың жұмбағы шешілмей, Өкінішті өшірмей. Өте шықты бір күндер, Қыз Жібектің көшіндей.

Тәтті елеске тұнып қыр, Көз ұшында күліп тұр. Сұрғылт күнін сүлік қып, Сұрқай тірлік сұлқ тұр.

Жанымды мұң жайлап ап, Санамды ауыр ой қамап. Күрсінемін.. бір күнде, Жүріппін-ау ай қарап.

Өзім – жалғыз.. жаралы, Жүрек шерлі, қаралы. У жайлаған кеудемді Өксік өртеп барады ...Елік шағым қалады.

  • *

Өртеңге өскен гүл едім, Өксумен семіп, жүдедім. Тірліктің уын татумен, Қуарып кетті реңім.

Түнерген мұңлы түн едім, Түнере жүріп, түледім. Жұлдызға жанып сезімді, Төзімді айға біледім.

Асқақ шың болса ұлы едім, Шыңға өскен шынар бірі едім. Жасын боп ойнап көгінде, Шарт сынып жерге сіңемін.

Несібем –ғайып, білемін, Несіне жалған күлемін. Дерттенген жанның бірі едім – Дертімнің табар кім емін?!

Өртеңге өскен гүл едім, Өксумен семіп, жүдедім. Жабырқау өмір өтінде, Жабырқай солып тұр өңім.

  • * Тұңғиық көзді тымық түн, Тұңғиығыңа тұныппын. Жұлдыздай жанып көгіңде Жым-жылас саған сіңіппін.

Үн қатып өзен тілімен, Толқын боп бір сәт жүгірем. Жанымды менің ұғын деп, Жағаға келіп жүгінем.

Ай болып жерге үңілем, Жүзіме сосын мұң ілем, Бебеулеп желдей шыдамсыз, Теректей сосын бүгілем.

Қабарып шыңдар қалғиды, Түс көріп тұр-ау сан қилы. Балбырап бала-шыбықтар, Қалт етпей қайың аңдиды.

Баяу да баяу тіршілік, Тұңғиыққа тұр тұншығып. Ұйқысыраған арманым Оянбақ болар құлшынып.

Қиялға беріп бір ерік, Қиянға қоям жіберіп Тұндырып тылсым-кеудені, Түн кезіп жүрмін... түнеріп, ... Менімен бірге жүр еріп...

1995 жыл, Өскемен

  • *

Қабағыма ілінеді ауыр мұң, Қағып қалсам

кірпігімнен құлайды. Әзірге ме ...

тек әзірге тәуірмін, Жабығумен өткізермін бұл айды.

Сүмбіледе қиялға сан сүңгідім, Қырық құрау көңілімді жұбатып. Күрсіністен құтқарады кімді кім, О, жарықтық! Сезімім тұр гүл атып.

Ақыраптың ызғары бар тоңдырар Өлер жерін білмейді ме ... Сорлым-ай! Наурыз туа төпелесе соңғы қар Соңғы жырын айтып берер Ол жылай...

  • * Тұнжырар түннің түйіліп қабағы, Қиық ай көктен қиылып қарады. Тұңғиық әлем қобыз шалғанда, Қаралы қайың күй іліп қалады.

Бұлғайды терек қара бұтағын, Шақырып тұр ма налалы таңын. Түннің қойнына сәтке болса да, Жасырар өмір жаралы тәнін.

Бойымды былғап күйелі күнге, Табынам үнсіз киелі түнге. Бір зұлмат сұмдық бұғынып отыр – Қаһары тағы тиеді кімге...

Тұншыққан дүние түңіле күлді, Төсін сүйеу қып мұңым егілді. Тазы-тағдырға шалдырмай келіп, Түлкі-тірлік те ініне кірді.

Жанымды ұғар жанашырым ба, Шүпілдер көктің шарасы мұңға. Тірі жан сезбес сыр тұнып тұр-ау, Қаракөз түннің қарашығында.

Қиық ай көктен қиылып қарады, Қысқа ғұмырға күйініп қалады. Түннің қойнынан сытылған өмір, Қырық шілтенге сыйынып барады....

  • * Жалғандағы жалғыз – мен, Айдалада андыз ба ем. Қарақшыдай бір күдік Тамырынан таңды үзген.

Күн де жалғыз, ай жалғыз, Қарық дейсің қай жалғыз. Тұңғиықтан шыға алмай, Күйкілікті ойлармыз.

Боз шапанды үмітім Бозараңдар күні-түн, Жымысқы мұң арбайды Қас-қабағы жылы тым.

Қынабынан шықты алмас, Тасқа тисе – түк қалмас. Қыр соңымда – қызыл ит Қайда барсам құтқармас.

Жарықты айттық күндіз деп, Жүрмін налып, кімді іздеп. Аспанда да тіршілік,

Ай-жалғыз да, жұлдыз көп.

Ай көңілі қаяулыҚаламайды аяуды. Жаға беріп қайтейін, Әлем-жәлем бояуды.

Жазмышымда – жалғыздық. Жалқылықтан шаңды үздік. Жүрегімді жүк қып Ай, Тұңғиықта сан жүздік. ... Жалғыздық-ай... жалғыздық...

  • * Қылтиып қарайды талдан бүр, Жарығын сыйлар ма жалған бұл. Шуақ боп ериді ауада Аспанның жүзінен тамған нұр.

Сарғалдақ сыңсыған қырлардан, Сарғая қол бұлғап тұрды арман. Жарыққа талпынар шуақты Бір үміт, жүректе бүр жарған.

Үлбіреп желегі гүл-сезім, Дегендей жымиып, күлші өзің. Күтіп тұр құлақ сап тіршілік, Аспаннан оқылар жыр сөзін.

Көктемім, көктемім, көктемім, Шағайын шегі жоқ көкке мұң. Өлеңім тежейді, тоқталам, Өзегін шер шалған өкпелім...

  • * Ашынған терек аңырап, Жапырағына ұмтылды. Сенімді соған жанып ап, Көңілім болды бір түрлі.

Ызғырық желдің өтінде, Жалаңаш қалды-ау қалтырап, Айналдырды күз жетімге Жапырақ-жанын тартып ап.

«Кәр төгіп қатал қыс келер, Соңында бірақ көктем бар. Көктемің саған күш берер, Тоқташы, терек, төккен зар!»

Айта алмай мұңын іркіліп, Солқ ете қалды сол терек. Жер құшып жатты бұлқынып, Бүріскен жапырақ еркелеп.

  • * Пендеге ғашық пешенем Перінің қызы екенмін. Көгеріп мұңмен көсегем, Көңілімді жүдеу етермін.

Тұрағым аспан секілді, Адасып жүрмін жер басып. Болғанда шама екінді Кетемін қоңыр белді асып. Көк мұнар тауға шығып ап, Созамын көкке қолымды. Құпия аспан шын ұнап, Іздеймін содан жолымды. Жұлдыз боп түнгі шырақтар Тұрғандай маған жол сілтеп, Екенмін қайда тұрақтар, Арманым аман болсын тек. Қылығым ерсі пендеге, Сыр ұғып жатқан қайсы бар, Қасірет көп-ау менде де, Қайсысы біліп жай сұрар. Жалғыздық қажап жанымды, Жапанда жүріп боздаймын. Қалдырып жерге тәнімді Қаңғырып кете жаздаймын. Пері емей енді немене, Пенде ішіндегі саяқпын. Өзгелеу ой сап өреме Несіне, Аллам, жараттың?!

  • * Өзге әлемнің тұрғыны едім, Хақ суытып бір күні өңін Жат мекенге жіберді.

Бір құрдымға құлдиладым, Шақырады ылдидан үн, Ал, өр жағым түнерді.

Келдім мұнда... қайғы анық көп - Таң атқанда ай ғайып боп, Кеш батқанда, күн өлді.

Қараңғы мен жарық екен Тіршілікке ел қарық екен Шерге толды жүрегім.

Қимас жанның көзін көрдім, Сосын күйрек сезімге ердім, Сол табар деп бір емін...

Бебеулеген беу, көңілім, Иеленді кеудені мұң, Жалған бермей шын өңін.

Көз жасымды жұлдыз жұтып, Айтарымды жүр күз күтіп - Кімге бодан болармын...

Есіңді жи, пендем дейді, Жүрегі оның өлген дейді Көк тілімен жоғарғы үн.

Есім жидым, селт еттім де, Теріс қарап ертек-күнге, Тастап соған күнәні ұмыт, Жоқ жүрекке дұға қылып, Меншікті боп жатқа күлкім Жүгіндім де Хаққа бір күн Мекеніме оралдым...

МЕН...

Түнгі дала сарынымын, Түнгі аспанның лағылымын. Тәтті сезім шырынымын, Түңлікті ойдың тамұғымын. Сиқырлы өзен сылқылымын, Сылқым тұма бүлкілімін. Тымық түнге бауыр басқан Ұлпас езім үлпілімін. Түн тамыры жаралғаным, Боз сәуледен нәр алғамын. Сүттей нұрға сіңіп кетіп, Қасыңда мен қала алмадым. Жұлдыз қарар күліп маған, Мен жайында ол ұмытпаған. ...Сенің ойлы көздеріңде Түн боп ұйып тұрып қалам.

ПЕРІ ҚЫЗЫ

Тына қалған ғарышты сыңғырлы етіп, Көз жасымен көк белде мұң гүлдетіп, Пері қызы шыққандай серуенге Қоңыраулы күймесін күмбірлетіп. Ол күрсінсе көк жүзі жаңғырады, Ашуымен жаһанды таң қылады. Алтын қамшы арқасын осқан кезде Арқырайды ақ жалды арғымағы. Серуенмен сезімнің мұңын үзбек, Құлағына жетпейді-ау үніміз көп. Шарасына аспанның сыя алмайды Жалғыз жүрек бұлқынып, жұбын іздеп. Жүрек шері жас болып сығылады, Нөсер қылып төгеді мұңын әлі. Ал, әзірге солқ етіп, көзін сүртер, Орамалын ширатып шұғылалы. Көңіліні іркілген күдік көп-ті. Асқақ Шырақ шуақты үміт төкті Мұңлық пері (өзім боп), ғайып болып, Түрсіз,түпсіз аспанға сіңіп кетті...

  • * Керең шыңға қараумен жан жүдетем, Белін буып төбелер алды бекем. Ғасыр шері айналып қара тасқа Кеудесінде таулардың қалды ма екен...

Биігінде жаңғырып тұрар күлкім, Аспаным – бұлт, байқасам тұман жұртым. Тас болған шер алып тау күрсінгенде Жер-әлемді сілкінтіп құлар бір күн.

Жаны жасып, мұңайып, тәні күлген Шерлі таудан өзімді таныдым мен. Талай ғасыр дертінен айыға алмай, Кеткен екен бұл күнде сәні мүлдем...

Тамырында бұлқынып, бұлақ тулап, Тас жүрегін жібітіп, гүл аттырмақ, Сыпсың желге елітіп, елпілдеген Сөз-тірлікті мына тау құлаққа ұрмақ.

Ауыр ойдан келбеті мұнарланып, Табандағы тірлікке тұрар налып, Ащы өксігі иегін кемсеңдеткен Бір күндері кеудесін шығар жарып.

Қауышқанда көктеммен егілер бір, Сыз-бауырын қытықтап, желігер гүл. Мұң құрсанған жарықтық бір бусанар – Сонда менің жанымнан төгілер жыр.

  • * Көктемі өтіп, гүл-қырқам түрленбеді, Жұтылды ма сағымға сыр мендегі. Ғайып болған он сегіз сағынышы Тұман-мұңмен тұмшалап жүрген мені.

Көктем-шағым жоқ болды елең етіп, Кетті күндер, құлағын керең етіп, Арман-қала бауырында жас терекке Жүрегіммен тұрушы ем өлең оқып.

Сыршыл терек сырымды ұғатұғын, Мың жапырақ айтатын мың ақылын.

Сіңіретін бойына ақ қайыңдар, Сығып алып, жанымның сұрапылын. Албырағам, өлеңмен сезім кешіп, Керуенмен кетті сол кезім көшіп, Жанарымнан үнсіз жас сырғытамын, Арман-күннің елесі көзімде өшіп. Жүрмін сайқал жалғанда налып, күліп... Сары уайым санамды сарықтырып. Сағыныш боп елік кез бұлдырайды, Егілтеді есімді алып тұрып. Шыңға құмар қиялым тік құлардай, Сергелдең жел сенделтіп, нық тұра алмай, Оқшау өскен ағашпын орманынан, Тірі жанға тілімді ұқтыра алмай... Ортақ болып мұңыма мың түн кеткен, Ырғағынан адасты-ау, күлкім көптен. Бал күндердің балқимын елесіне, Үлбіреген сезімді үлпілдеткен....

  • * Көмейінен көмескі үн шығарып, Көңіліме қалды ғой мұң шыланып. Мыстан-тірлік мазактап сақ-сақ күлді, Жүрегімді аяусыз қыршып алып.

Сойып түсті сояу тіс, қансырадым, Үрей келіп үрледі жан-шырағын. Қанталаған қып-қызыл күн көзінен Түйір-түйір қан болып тамшыладым.

Түйір тамшы түйір гүл боп іркілді, Дарытпады бойына жебір түнді. Үлбіреген қызғылтым желегінде Діріл қағып, бейшара өмір тұрды.

Ожар өлім арбайды, өр-өмірді, Өр-өмірің паналар желегімді. Сұмдық көп қой. Сұмдықтан көк күрсініп, Қасіреттен қарайып, жер егілді....

  • *

Сүріндім жүрер жолдан сан жаңылып, Сағым боп мұнартады алдан үміт. Сенделдім сеніміме ілесе алмай Абайсыз кете ме деп жарға жығып. Тірлік сұм, ажал неткен кекшіл еді, Бәрібір жеңемін деп тепсінеді. Жол тосқан Батыраштың сойылынан Құлагер, аман алып өтші мені. Кетуде он екі айды жыл бөктеріп, Желігіп көрдім мен де дүрмекке еріп. Несіне алабұртып асыққанбыз, Ертеңнің егде екенін білмеп пе едік?! Зәрлі ызғар көңілімнің үзді гүлін, Мойындай алармын ба күзді бүгін. Бұлдырап көз ұшында жоғалады, Қылт еткен қызғалдақтай қыз ғұмырым.

Алдамшы жалған сұмға сенем келіп, Кетеді-ау, неғылайын, менен де ерік. Санамды сарықтырды бір сағыныш, Өксимін сол мұңымды өлеңге өріп.

  • * Естіртіп ем жүрегімнің зар-үнін, Қарқылдап кеп күлді дерсің Тәңірім. Үркек үміт үркіп кетіп күлкіден, Көңіл көгін торлап алды тағы мұң.

Күштілерге күлкі қылған тағдыр-ай, Қапалы күн күзетуде қалғымай. Жүрегі - тас, сезімі - тас, жаны - тас, Тұғырында тас боп қатқан бар Құдай.

Көзді жанды көрем бе деп көшеден, Көшелерге із тастадым неше мен. Қалтарыстан қабақ шытып қарайды, Сұрғылт өңді менің сорлы пешенем.

Көптің бірі болғаным да жөн екен, Сезім - құнсыз, бейшараға тең екем. Жетесіздің жетесіне жетпеген, Бұл жалғаннан жаным өксіп мен өтем.

Мендік бақыт меңіреуге байланған, Мезі болдым ми қажаған ойлардан. Мұнарлы мұң құшағында сезімім, Сәт бар ма екен туғызатын айды алдан...

  • * Сенімге ынтық сезімім, сыр бердің бе, Қарашықтан қап-қара түн көрдің бе?! Түйткілі көп түртінген тіршіліктен Көңілім қалып барады күннен күнге.

Кердең күндер кердеңдеп, мезі қылды, Танымастай танамын өз үнімді. Өмір жайлы толғайды бір көмескі үн, Елеңдетер ол үннің сөзі кімді.

Айқайладым – қайталап тау жаңғырды, Сілкіледім есінен ауған қырды. Жадымда ұстап күрсінем, көзім жасы Қарға айналып, қаңтарда жауған күнді.

Ақпандағы ақ гүлдей дірдектедім, Қимағаны-ай, көктемім гүл бөктерін. Жөргегімде жабысқан өлең дерті Ғұмыр бойы қинарын білмеп пе едім...

Соңдарынан сандалып кіл елестің, Ай егестім, сорыммен жыл егестім. Айықпай-ақ кетейін сол дертімнен Айығуды сірә да тілемеспін...

  • * Шындықты да көре алмадық көз көрім, Жоқ деймісің пенделерде өзге мін. Жүрегімнен аунап кеткен тамшы зар Табанында тапталады өзгенің.

Қанжар күлкі қасап қылар кеудемді, Қан жылаумен қалжырармын мен де енді. Қырық шоқпыт көңілім де мүжіліп, Қайыр сұрап, ел кезуді жөн көрді. Тас қаланы тарлау көрді бір басым, Тереземнен төгіп тұрар түн жасын. Жылай түссін... жасы айналып зәһарға Қарашығы қара шөл боп құрғасын. Тырнағынан қан саулаған кәззап түн Құлқынына жұтылуға аз қаппын. Бота-сенім ойнап жүріп, от басып, Боз күнімді боз інгендей боздаттым. Ой – далада, қиял – қырда, ес – көкте, Жауыз тірлік тілімді енді кеспек пе. Жанарыма жарық еткен жыр-шырақ Жел өтінде жетімсіреп өшпек пе?!

Шыңыраудан шырқырайды ақылым, Жайсаңдарға жабайыдай жат үнім. Уақыт-баба у жұтқандай теңселер Таңдайына кермек жас боп татыдым. ... Ес жинашы, ақыным...

  • * Өз сырымды өзім біліп, Көңіл жылап, көзім күліп, Көкке қарап тіл қатып ем – Күңіренді сөзімді ұғып...

Күрсінеді қара ала бұлт, Қабағыма қарап алып... Алқынған жел үмітімді Әлдеқайда барады алып.

Келмес мұңға күннің әлі, Керең болар түн құлағы. Қайтер дейсің... өксігімді Өзегіне тұндырады.

Сары адырлы далаға тән – Сарғаяды сарала таң. Сағынышқа өкпемді орап, Әлдеқайда бара жатам...

  • * Ай туыпты тігінен – Айналайын деп тұрдым. Айға қарап түнімен Ақ қағазға төктім мұң.

Ай туыпты ағарып, Айтылады-ау бір арман. Жандағы мұң жаңарып, Қолын бұлғап тұр алдан.

Ай жылады, білдің бе? Айнығаның бұл сенің Селт етпеді түн мүлде – Сенделеді тұл сенім...

  • * Қара ағаш қамыққан, Ақ қайың жабыққан. Желтоқсан айы бұл – Долданып, жаныққан.

Көңілім – құла дүз, Жағдайын сұраңыз. Сезімнің халінен Айта алар бір аңыз.

Қара ағаш сезеді – Шерленер өзегі. Желтоқсан жанымды Жел болып кезеді.

Ақ қайың сыр сұрар – Айту бір мұң шығар. Ақ ұлпа ойларым Ақ қарға тұншығар.

Қорғансыз гүл-үміт, Ызғарға ұрынып, Солады-ау, қайтейін, Жалғаннан түңіліп.

Қара ағаш қамығып, Ақ қайың жабығып, Күтеді бір жанды Мен болып зарығып.

...Желтоқсан айы бұл...

  • *

Екі дүние – бірі онда, бірі мұнда - Байлаулы әлем осынау бір ұғымға. Ондағысын білмеймін, мұндағысы Пенделіктің бұлқынар құрығында.

Орындалсын мақсат пен арман мейлі, Есті сана егіліп «жалған» дейді. Уысымда ұстармын дегендерің Уысында үгіліп қалған дейді.

Бұ дүние – болғаны кештік ғұмыр, Үрей жүрер тылсымнан естіп күбір. Қуаныш пен қасірет – бәрі сәттік, Түңіле алсаң жалғаннан өстіп түңіл!

Жұлдыз көрдім әп-сәтте ағып өткен, Айды көрдім қабағын қағып өткен. Аспан жаққа қарадым...о, дүние! Бұ дүниеден баз кешіп бәрі кеткен.

Екі дүние арасы қас-қағымдық, Екі дүние – тек біздік, басқа кімдік... Төбесінен күркіреп күндер ауған Тау да мұңлық, дариға-ай, тас та мұңлық.

...Назымды айтып болғам жоқ жалғанға әлі - Алдамшы боп, адыра қалған бағы. Пенде жүрер ұзақ жол, анығында - Қас пен көздің арасы... бар болғаны...

  • * Ертегі түбі шын дейді, Бақсының түбі жын дейді, Ескіден жеткен бір сөз ғой, Кім айтқан екен... білмейді.

Ғаламның ғажап сыры көп, Тұңғиықтың да түбі жоқ. Жеті қат көкті жаратқан Жұмбағы қалың құдірет.

Аспан мен жердің арасы Алты күншілік, шамасы, Аспанда - өңкей періште,

Ал, жерде — адам баласы.

Періште біткен мүбәрәк, Пенденің бәрі күнәлі-ақ, Сайтанды қалай қуамыз, Санаға кірген сыналап.

Күнәні тәнге қалдырып, Иманмен қайта жаңғырып, Ғарышқа қадам басармыз, Сапарды жалғап мәңгілік...

  • * Алтын, күміс тас екен... Халық нақылы

Тәңірдің нұрын дарытпаған тас, Жансыз жатудан жалықпаған тас, Айрықша құнды нәсілдестеріне Бір жылы қабақ танытпаған тас.

Бабаларыма құрал болған тас, Төзімін жаттың сынар болған тас, Сеніңде қатты тас бауырынды Жарып өсетін шынар болған, тас.

Құлағым сенен сезбеді тыныс, Тыныстың аулақ безгені тыныш Қаптап жүр жерде жанды кеуделер, Жүрегі - алтын, көздері - күміс.

Арпа мен бидай ас екен дейді, Алтын мен күміс тас екен дейді. Жердің кеудесін жаншыған тастар, Тас болып қатқан жас екен дейді.

Қамшысын іліп қашады күлкім, Көзіме құмды шашады жұртым. Тасқа байланам амалсыз келіп, Кеудемді ол менің басады бір күн.

  • * Тас кеудесін жарып шыққан гүл-өмір, Ғұмыр қысқа, түйсіне біл, күле біл. Қауызында ізгіліктен нәр тұнып, Қабағыңа қарап тұрсын мына өңір.

Тастарды артып ғасыр - мая көшеді, Аңыздарға құлақ түрсем кешегі, Тағдырына қапа болған келіншек Тасқа айналып кеткен екен деседі.

Тас - мізбақпас, таға алмайсың басқа мін, Қызынады... суынады... қас-қағым, Жүрек қаны, көздің жасы, тәйірі-ай, Жуындырар ауық-ауық тас тәнін.

Ризығын таспен тауып жеп бабам, Тас-дәуірден хас дәуірге жетті адам. Тасты жарып көктеген гүл баяғы Бір мүңлықтың жүрегі ме деп қалам.

  • * Періштесі пенде болған, Табынары теңге болған заман... Айттырар жар - арсыздық болып, Өсек - кайқы ауыз жеңге болған заман...

Мен - сол заманның бел баласымын, Есі ауып кеткен ел - жанашырым, Бақ арымаған бейкүнәліктің Мұң боп торлаймын шер-қарашығын.

Аспаннан аунап, тасқа құладым, Тірліктің түйткіл бастадым әнін. Жабырқау күндер жабысты келіп, Жаралы жүрек - жасқа құмарым.

Ессіздік шалқып, тойынған заман, Естіліп қалар бойыңнан зар-ән. Ізгілік ізін құлқын кеміріп, Ақыл да қалмас сойылданбаған.

Иманның жүзін кім керек қылар, Тәңірінің өзін кірлемек бұлар... ...Үнсіз үмітке тұлға болардай Тылсымын бүгіп Шың бөлек тұрар.

  • * Көк бөріге сыйынып, көкке қарап қол жайдым, Көкірегімде күй үлып, заман зарын толгаймын...

Көктүркінің ұланы неге болмадым, Бөрілі туды көтеріп, Бөрідей жауға тиетін шығыршығы торғай көз сауыт киетін.

Көк бөрі болып ұраным, Көк көлді көктей өтер ем Асау көк болып пырағым, Балқан-тауға да жетер ем, Төсегінен түңілген Адам жүрер жерлерге Көк байрақ тігіп кетер ем... Көктүркінің аруы болып тумадым, Ұмай-анаға сыйынып, Ерлерге сәлем қылар ем Басымды жерге жеткізе иіліп, Қажет те болса Қолыма садақ алмас па ем, Жауатын бұлттай түйіліп. Көк байрақ қылып көтерер едім арымды, "Көк бөрі тегім, қолда" деп, Қамалмас едім Қайраттан ада сорға көп, ... Көк түсті дәуір сағым боп кеткен, қайтейін, Күңіреніп тұрмын Көк бөрілердің қаңқасы қалған орға кеп.

Күңіреніп атар Шығыстан, Көкбөрідейін таң ұлып, Киесі болып ұғысқан Адамнан көрді-ау қатігездікпен тағылық... Көңілім қалды... Көне ғасырға аттанам, Көгілдір шәйі жамылып...

  • * Сезіледі бейіттердің тынысы, Аруақтар күбірлесті... Түн іші.

Көрден тұрды саудыраған көп сұлба, Қаңқаларға жан біткендей, дұрысы.

Түн мазасын алып кетті-ау көп күбір, Күбір-күбір... күбірлерде жоқ дүбір. Ұйқыдағы тіршіліктің түсінен Аруақтар елес болып өтті бір.

  • * Дерт уынан әлдеқашан өлген ем, Жай таппадым өліп те... Көзімді ашсам, қап-қараңғы көр көрем, Көр де маған жарап қалар серікке.

Ессіз сенім есерлікке егіз боп, Кебініме қол салды. Келіп едім, жат қаладан нені іздеп, Мазақ қылып, қарсы алды.

Көрем деп пе ем, әлі мұндай сұмдықты, Тағдырымның жоқ екен-ау теңдесі. Көзден аққан қасіретті су жұтты Табалады тобасы жоқ пендесі.

Жақын жаным мыстан болып елестеп, Жүрегімді қыршыды азу тісімен "Бағың қайтса, мен кінәлі емес" - деп, Сақ-сақ күлді, ызғар шашып түсінен.

Дұшпанға емес, досқа таба болған - мен, Кегі кеткен кім барсың?! Көп ұзамай көкке сінем сорлы әнмен, Өксігімді соған келіп тыңдарсың...

  • * Олай қаштым - болмады, Бұлай қаштым - болмады. Сор құтқармай қамалап, Оң қадамым оңбады.

Жаным шерлі күй шалар, Жалған сұмдық сый салар. Көкке ұшып кетер ем Ол жағында Иса бар. Ақыл жолдан жаңылар Ар күйігі тағы бар. Жерге сіңіп кетер ем, Жер астында - Мәді бар. Ой-санамды арбайтын, Жүрегімді қандайтын, Жер үстінде біреу бар, Қасірет боп қалмайтын. Кімге сенем, кімге ерем? Қарыз едім кімге мен?! Қадам бассам-кедергі Қайда барып күн көрем?! Нелері бар мінімде, Тәубә деп ем бүгінге, Жылатқысы келді ме, Жалғыз... жарым күнімде. Тіл тигізер арыма Сұмдығы көп тағы да. Сорға батқан жалғанда Сор жолықты-ау бағыма. Демеді ешкім хал қалай, Демер жан жоқ, жалған-ай. Теңселумен жүргенде Тынышымды алғаны-ай, Көңілімнің қалғаны-ай!!!

Не қылармын, не етермін, Бақ дегенге бөтенмін. Өтірікші жалғаннан Өксіп-өксіп өтермін...

  • * Бөтен қала... көзге суық, Бойым мұздар, сөзге суып. Еңіредім екен несін ерлігі кем езге сынып.

Көзден ұшып көрікті арман, Ой-шырағым сөніп қалған. Тірілді екен сенім несін

Әлдеқашан өліп қалған...

  • * Ай жатыр. Жылжымайды, Тұншығып кім жылайды... Етегін қымтай түсіп, Түн-әйел тұнжырайды.

Ай үнсіз. Тіл қатпайды, Жұлдыздар сырғақтайды. Түн жалғыз. Бейсауат жел Әйнегін бір қақпайды.

Желегін бөз қылады, Шуылдап өз құлағы, Тыныштық құшағында талықсып, көз жұмады.

Мүлгітіп айналаны, Бозарып ай қалады, түн-әйел ұйқысырап, қыр кезіп, сай барады.

Желегі жыртылады, Етегі қырқылады. Бұрымы тарқатылып, Болымсыз бұлқынады.

Таңырқап ай қарайды, Тосырқап сай қарайды. Бағынып балақты жел, Балтырын аймалайды.

Ұяңдау кезі қашып, Ентелер сезім-асық... Сонан соң ес жияды, Қап-қара көзін ашып.

Көрсетпей күнә табын, Бұлт бүркер бұла тәнін. Қасына жылжып жетіп, Қамығып... жұбатамын...

  • *

Ішкі дүнием - Ай тұтылған түн-әлем, Қараңғылық, қадамыма құмар ең. Пенделерге қимасам да мұңымды, Періштелер ұғымында күнәлі ем...

Көлеңкемді төсегіме көмермін, Ай ыңырсып, соңғы әніндей төгер мұң. Қараңғыда қарауытар амалсыз - Өмір деген - көлеңкесі өлеңнің.

Мыстан-күдік нені аңсады... күрсінді, Тау түнерді паналатып бір сырды. Жабырқайды, жарқабаққа мұң шағып, Жаным менің - Ай тұтылған түн-сынды.

Керегі жоқ түнге келіп түнеудің, Одан өзге ол сорлыға тіреу кім?! Ай туғанда бата қылса өзгелер, Айға жоқтау айтатұғын Біреумін!

  • *

Қызыл іңір қылығына сүрініп, Әлі бітіп, ақшам шыға жығылып, Елік-сезім құлап жатты ес-түссіз, Бөрі-түннің азуына ілігіп.

Арлан шіркін көп аңдыған адымын, Терең ұқпай, тағымыз-ау тағы мін. Айға қарап үлыды да... қалды үнсіз, Тыңдағандай таяп қалған таң үнін.

Қалдырмастан олжасының өлігін, Баяулатып, аласұрған солығын. Бүлкек кақты. Сезім шіркін тіріліп, Құрсағында бара жатты бөрінің.

  • * Ойнақ салар ақ боран ағып келіп, Ызғар демер ызасын жанып беріп. Ашулы аяз көшеде сенделеді Тіршіліктің дидарын қарып көріп.

Қаңтар менен ақпан тұр бетпе-бет кеп,

Желпінеді ақ боран «жекпе-жек» деп. Ауызынан ақ бу боп атылған дем Бара жатар алқынып көкке беттеп.

Бірі кетіп, әйтеуір бірі қалар, Қалған ақпан жоныңды тіліп алар. Ат адымдай ұзаған күн жарығы Ызғарланып, ызамен күліп алар.

Ақырарын, білмейді егілерін, Елжірер ед – ол дағы тегіне мін. Аспан асты, жер үстін боратқанмен Біледі ақпан наурыздан жеңілерін...

Жуасиды, қайтеді көнеді де, Қасарысып, қарысып керегі не. ...Қыс кетеді – іші мұң, сырты – суық, Қарап қалам соңынан мен егіле...

  • * Сыңсиды аққу айдында сынық қанат, Мұңлы әуенге құлақ сап тыныпты алап. Аққуға атқан мылтығын жерге тіреп, Мерген тұрды жағада күліп қарап.

Зарлайды аққу, кім мұның зарын ұқты, Әлсіз - өзі, басқаның бәрі мықты. Тек қанына боялып құбыла жақ, Бір пұшпағы бұлттың малыныпты.

Көкке қарай қалықтап ынтық әні, Көл бетінде бейшара-ай, бұлқынады. Дәрмені жоқ, көзінен қан тамшылап, Құшағына таулардың күн құлады. Қып-қызыл көл қайғыдан тұнды білем, Сыбырласты қамыстар бір-бірімен. Сұлулықты жылатып мерген кетті, Шошынбастан қанішер тірлігінен. Күліп кетті-ау, қалғыр-ай күле білмей, (Қасіретке талайлар жүр егілмей). Қызыл айдын – жаным да, қаным дағы, Жаралы аққу – жаралы жүрегімдей. Мен егілдім, ұқпайын қалай мұңды, Өлең болды азабым талай күнгі. Сол аққудай жүрегім аласұрар Қанатымен сабалап жан-айдынды.

...Тамырымда өміршең арман ағып, Айдынға ақ нұр төгілген таңда барып, Қасіретін жазамын аққу құстың Қауырсынын киелі қанға малып..

  • * Ессіз елтіп, егіз болдым өлеңге, Емдер босаң емші уақыт, мені емде. Төлегеннің ту сыртынан қадалған Сұр жебенің ұшы қалған денемде.

Ием – тәңір, бар деймісің менде ерік, Сансызбайға мұңын айтып жеңгелік Қайын жұртқа қайғы арқалап аттанған Қыз Жібектің зарын айттым шерленіп.

Сиқыр жалған сылап жазар дертімді, Шыңмын деп ем, тү-үу биігім кертілді. Қазақы күйт Қособада бұқпалап, Беймәлім қол бейкүнәға серпілді.

Бұлдыр дала жігерімді құм қылды, Көзді арбайтын көрігі жоқ, тұлдыр-ды. Жер үстінде жалғыз өзі қалғандай Шыдамым да бебеулетті бір мұңды.

Теңселді әлем, тілім-тілім денесі, Өлшеміне келмей адам өресі. Ессіз желмен ерегестім есердей, Жынды болып кеткенмін бе мен осы?!

Сезімім – тұл, төзімім де таусылды, Меңіреу тау жұта берді даусымды. Шуақ-жалған кері итеріп кеудемнен, Түнек-дүние тылсымына қаусырды... ...Күллі дүние мені аңдыған жау сынды...

  • * Көңілім артты күдікті көптен, Сезімге неге жолдаспын.

Білге қағанды білікті еткен Тоныкөк дана болмаспын.

Жалғай алмаспын ғарышты жермен, Ерсілеу болар ендігім. Қайталамаспын шарышты жеңген Әбілмансұрдың ерлігін.

Қолын сұқса да еркіме дара Заманым мені елемес. Жанына – шипа, дертіне – дауа, Ұлықпан хакім мен емес.

Түнерген жерге бос ағылмайды, Бейкүнә жұлдыз көк толған. Пендеге бола басы ауырмайды, Бар болып қайта жоқ болған.

  • * Боз сәулеге шолпытып сезімімді, Сүйесін ғып жаныма төзімімді, Бояуына мұң-түннің қандырып ем, Тұңғиыққа тартылып, көз ілінді.

Жаңғыртумен санамда шат күнімді, Таңдайыма татырдым тәтті мұңды. Аласұрды жүрегім сезім шарпып, Түн ақыры тежеді аптығымды.

Сүттей нұрға төніп тұр сабырлы түн, Баяу соқты жүрегім...жарым...бүтін, Бозғылт нұрға айналып кетсем бе екен, Ұғар дейсің жаралы жанымжы кім...

Қонақтайын нұр болып, шыңға барып, Тылсымы көп кеудесін мұңға малып. Бір түнейін сыр тұнған тұлғасына, Айығайын, айтарын тыңдап алып.

  • * Тағдыр жеңді, мойынсұндым, жеңілдім, Ай көзінен жұлдыз-жас боп төгілдім. Қарашығым – қара түннен жаралған, Мұңы көп деп пайымдайды өмірдің.

Қиялымнан жұрдай болып қаусадым, Қайтер еді тас төбемнен ауса мұң... Жылу сұрап сықырлаған қаңтардан Жайды қайың білеу-білеу саусағын.

Қайың сиқы қалтыратты, жауратты, Қарасұр шың басынан мұз аунатты. Қара түннің тылсымына ой шомып, Қарашықтың аясына тау батты.

Жылу сұрап мыстан-қыстан тұрдық біз, Баяу ғана бара жатты сырғып түз. Қаңтар-өмір қан қақсатқан сезімін, Қайыңменен екеуіміз - мұңлықпыз.

  • * Сұм тіршілік... Балы - тұз да, тұзы – бал, Жайымды ұқса, жаз ұқпайды, күз ұғар. Көктем келді...ағыл-тегіл аспан-жер, Жүрегімнің мәңгі ерімес мұзы бар.

Түн дөңбекшір, тәтті ұйқысы бұзылған, Ұлпа бұлтқа сіңіп барып үзілді ән. Айғыздады қара жердің алқымын, Көкірегімнен тамшылаған қызыл қан.

Жалғанға жат – жалғыз өзім, жан жарлы, Бей-жай әлем таңдай қағып, таң қалды. Ойым өксіп, тілдеспек ед өзгемен – Парық білмес патша-кеуде паңданды.

Тұмау дүние тұманға тұр тұншығып, Тырбыңдайды түйіні жоқ тіршілік. Қайтсем екен жүрегімді мұз қатқан – Қайыңға да келе жатыр бүр шығып.

Тәңір-уақыт талқанымды түгесер, Тәнімді аңдып, тамақтанар түн-есер. Көкірегімнен тамшылаған қызыл қан, Жерге сіңер... сіңген жерге гүл өсер...

  • * Қарға күдік қарқ етті – құлдық ұрдым, Аярландым, алдандым, мың құбылдым. Сілкіледі тағдырым, тозаң болып,

Қабағында қамықтым тұл-ғұмырдың.

Ізденіп кеп басады ізімді лаң, Көктемғайып, жаз – сәттік, күзім – бұлаң. Аяғыма оралар аттап қалсам – Сумаңдаған қызыл тіл – қызыл жылан.

Жанарында мезгілдің жасты ойнаттым, Бағытымды бағады бас байлап күн. Нұр боп тамып Тәңірінің мейірінен Жүрегіне жалғанның тастай баттым.

Шеккі көрді шаттықты шерлі өткелім, Теңіз кешіп, тау асып, шөл кеткемін. Таңдайыма текті өлең татыранда Маңдайыма мың өлім бер деп пе едім...

  • * Келермен аулап көңілді Өткеннен жұрдай тоналған. Жүрегі шерлі өмірді Жұбатам не деп, о, жалған!

Келер де келер, келер күн, Өткеннен озар түгің жоқ. Келер күн, саған не дермін, Кетерсің сен де шығын боп.

Келер де келер келер күн, Желпіне басып жетерсің. Өзегі дертті өлеңнің Шумағы болып кетерсің.

Мәңгілік тұрақ табардай Керіле басып келерсің. Шүкірлік еттім, Хақ Алла-ай, Дейсің-ау, басқа не дерсің...

Айтайын арзу мен де бір – Алғаусыз ойды кір шалар. Өзегі дертті шерлі өмір, Келерге не деп мұң шағар?!

  • * Аманат-жанды арқалап,

Жер басып жүрген мен Кіммін? Жап-жасыл шөпте шалқалап, Көкпеңбек көкке телмірдім.

Жанымды жұмбақ көк алар, Тылсымға сөйтіп сіңермін. Болмысым бір күн жоғалар – Ғайыпта өмір сүрермін.

Сүтпенен сіңген сенім бұл, Сүйекпен кетер, ол анық. Шуағыңды Аспан, төгілдір, Жүрейік соған оранып...

  • * Суынып кеттім, жел, сенен, Кеудесі шерлі келші, өлең! Жалғанда жарым тек өзің - Сезіммен бәрін өлшеген.

Ізіңнен қалмай келемін, Келсе де сенің не дегің. Сыздаған жүрек дертінен Айықтыра алар сен едің.

Жер басып жүрсің жұмбақ боп, Жат жанға ғана қымбат боп. Жыламақ болып тынасың, Сына алмайсың-ау, сынбақ боп.

Оңаша кетіп, шер төгіп, Жүрек отына өртеніп, Жүресің сосын күлген боп, Күлкіден тағы дерт еміп.

Кетсе де қызық күнге есем, Құлаққа бірін ілмес ем. Өзіңе деген махаббат Өзегімді өртеп, күн кешем...

  • * Көмейлеріне ән орай, Қанаттарына іліп көктемді, Көгілдір көлді жағалай

Сары ала қаздар кеп қонды.

Жадырай күліп күллі әлем, Жамырар қырдың тірлігі. Жүгіріп сансыз жылғамен, Жаңғырар судың сыңғыры. Бүр жарған шыбық көңілді - Жарыққа қарар іңкәр боп, У-шуға бөлеп өңірді Құстар да тынбай шырқар көп. Жып-жылы шуақ төгіліп, Жұп-жұмсақ самал еседі. Ағыл да тегіл егіліп, Ағады көк мұз кешегі... Төртінші бөлім

ТЕРЕЗЕМДІ ЖЕЛ ҚАҒАДЫ...

  • *

Мен – Қара күлікті мінгенмін. Сен – Харекетімді мін көрдің...

Мен – Қолыма қамшы ілгенмін, Желе жортумен түнге ендім, Тас түйін болған алтын бас Талықсып кетіп, сыр бердім.

Түн – Шошынып көрді түрімді, Қарашығыма үңілді, Тұяғы тиіп үрейге Күлігім кенет сүрінді.

Тым – Қараңғылыққа үйренбей, Маңдайға соққы тигендей Қалт тұра қалдым бір сәтке Кеудемді күдік-күй керней.

Сен – Үнін естімей наламның, Түнекке сіңіп жоғалдың. Қап-қара түлей ғаламның Қай қуысынан табармын.

Рух-әлемім мың сырлы Түрткілей берді тылсымды. Қара күлігім кісінеп, Үмітім ауыр күрсінді.

Мен –

Қара күлікті қамшылап, Маңдайдан сорым тамшылап, Кезермін мәңгі түнекті Аққан жұлдыздан хал сұрап.

Сен – Өксірсің таңнан мені іздеп, Өкініш-жасың теңіз боп...

  • * Мен бармын мына жалғанда, Құл болған ғұмырлы мұңға. Отырмын бір аралдарда Ақ сағым шымылдығымда.

Жандағы жараның емін Табам деп сені іздеді үміт. Барады аралым менің Телегей теңізде жүзіп.

Жар болып шымылдығыма Бәрібір кіре алмайсың сен. Мен болған ғұмырды мына Есіңнен шығарғайсың сен.

Сезімнен өртенем де мен, Сағымнан күлемін де мен, Шешілмес сәукелемменен Қаламын жүрегімде мен.

Сандалып мұң-аралдарда, Сарғайып сағым қуатын Мен бармын мына жалғанда Сағынатын да сағындыратын.

  • * Табалай бер, сен мені табалағын, Мейлі, мейлі, асқақтап қарамағын. Мәңгілікке жоғалтпай бұлғап тұрам, Өзіңе ынтық сезімнің орамалын.

Орамалда атың бар кестеленген, Жүрегімнен сен үшін шешкен ем мен. Желбірейді соңыңнан бұл орамал Өмір атты екпінді, еспе желмен.

Кімді сүйсең оны сүй, жұмысым не, Кімді арман қып құшарсың түн ішінде. Бәлкім, туған шығармын махаббаттың Азасы үшін туатын жыр үшін де.

Табалай бер, сен мені табалағын, Сзіміме аяп та қарамағын. Биігіңнен аппақ қып бұлғап тұрам, Өзіңе ынтық сезімнің орамалын... Алматы, 1983.

  • * Мамырдың күні құбылды, Аспанның жүзін мұң шалып. Айтайын деп ем сырымды Алыста ма едің мұншалық?!

Мамырдың бұлты мамырлап, Маңдайымнан кеп өпкендей. Барады балдай шағым қап, Жақсы да көрмей, жек көрмей.

Қарайды көктен мамыр-күн, Көзіне тамшы іркіліп. …Жалынан ұстап сағымның Мен жүрмін саған ұмтылып.

  • *

Сізді іздеумен сағынышым сабылып, Түнді кезді тынымсыз. Мендік үнмен ән салатын қамығып, Сеземісіз самал желдің мұңын Сіз?!

Сізге деген сағыныштан шарасыз, Түннің өңі сарғайды. Қайрылмастан қайда кетіп барасыз, Соңыңыздан қол бұлғауда бар қайғы...

Мен қаламын тұңғиыққа жұтылып, Сол қайғылар – сырласым. Сіз кетесіз қараңғыдан сытылып, ...Қара көзден моншақтатар түн жасын.

Таң оянып, қарар маған таңдана,

Түн-пердені ысырып. Басын шайқап, жымияды сәл ғана, Аласұрған көңілімді түсініп.

Табатұғын мұңлық жанның бір емін, Көрінбейсіз, Сіз, неге? Күте-күте Сіздің жолды... жүдедім Жапырақтай сарғаятын күз келе... Наурыз, 2005. *

Мына қала – Сұп-суық, сұрғылт қала, Сен кезіктің бір кеште... жым-жырт дала. Бұлт боп маңып келдің де алабұртып, Бұлт боп қайта жөнелдің сырғып қана.

Мына қала – Мұз қала, сезімі жоқ, Сезімі жоқ болса да, сезігі көп. Қала берді өлең-қыз жолға салып, Жаны жылап, жүрегі, өзі жүдеп.

Мына қала - Сұп-суық дәл өзіңдей, Ызғарлы жел, суық түн – бәрі өзіңдей. Аз-ақ сәтке армансыз алдап алып, Жайраң қағып тұратын жаны езілмей.

Мына қала – Сұм қала, аяр қала. Мен қалайын, сен кетші, аялдама. Мұздай болып мүсінге айналғанда Алатұғын жылытып саяң ғана...

  • * Түнді кешіп белуардан Аспан жаққа жүріп кеттім. Менсінбесе мені жалған Мен табалап күліп кеттім.

Жұлдыз болды жол серігім, Қолың бұлғап қайда қалдың?! Пенделігің өлсе, күнім, Хабарымды айдан алғын.

Айдың арғы бетіндемін, Ғарыш желі жүзімді өпті. Сен іздейтін секілді едің – Мендегі үміт үзілмепті.

Жер томсарар – тәнім қалған, Ай бетінде жүзіп келем. Талақ қылар бәрін жалған – Мен де күдер үзіп келем.

Ай сырымды шертті келіп, Маза бермес енді Елесім. Бір күндері дертті болып, Құс жолымен Сен келесің. ...Күтіп жүрмін... 1996 жыл. Өскемен.

  • * Жүрек сыңар, өйткені өзім сыңар, Мені ұстаған бұғаулап төзім сынар. Жақсы көрем дегенсің, жай әншейін Желеу қылып айтқан бір сөзің шығар...

Кеуде-қапас босатпай кешікті өлең, Сол өлеңге соншалық өшіккен ем. Селге тосып жас жуған дидарымды Сезім атты топанды кешіп келем.

Сен де сыңар жалғанда мен де сыңар, Сыңар болып күн кешу жөн де шығар. Сыңар жүріп сағынған сәттерімді Мен жиі еске алармын, сен де есіңе ал.

  • * Аялайсың-ау үш тал гүліңді, Елемей менің құштарлығымды өлеңге. Дертім – сол өлең, ұқсаң мұнымды Сезінсең мұңды құшқан күнімді өлең боп туған сен емде!

Өлеңге ғашық өлермен едім, Өлең дидарын сенен көремін, Шыным бұл! Сезімім бодан өлеңге менің - Соны іздеп, шерге көгенделемін

Түн –түлей, күнім бұлыңғыр...

Түн жылатады мың сыр ұқтырып, Түн жұбатады күрсініп тұрып амалсыз. Терек тұрады тұншығып күліп, Ыза-кегіме құлшылық қылып, Қасына бір күн барарсыз...

НАЗ

Сені бар дейді, Сені нар дейді... Барлығыңды қайтейін, Сұрамаған халімді. Нарлығыңды қайтейін Демемеген бір келіп тұралаған жанымды. Мендей жақын бар ма еді, Сені іздейтін күні-түн. Кеудең мүлде тар ма еді Сыймай қалды сені жаман дегізбейтін үмітім. Барлығыңды қайтейін, Барлығымды ұмытқан. Бар күнімді қайтейін Сені күтіп елеңдеп, әр күнімді жылытқан. Өксік болсын өңдегім – Түсіме де кірмейсің. Біле білсең сен менің Жалғыздығын жанымның түсіне де білмейсің. Барлығыңды қайтейін, Әрі жақын, әрі жат. Нарлығыңды қайтейін Жұбатпаған жанымды... жабығатын, қаңырап... 7 тамыз. 2005. Астана.

  • * Тереземнен қарайды қайың жүдеп, Жапырағымнан бұл мезгіл айырды деп. Білмейсің-ау, телміріп терезеге Қайыңдай боп жүдеген жайымды кеп...

Сергелдең күй кешуде сезім налып, Көздеріңнен қашушы ем көзімді алып. Өртенеді жүрегім, өрт ішінде Өзегінің дерті бар өзің қалып.

  • * Жатсынып жылтсыз жапанды мына Жалаңаш қалған жаным-ай! Тағдырдың тым-тым қаталдығына Алыста тұрар налып Ай.

Қара ағаш үнсіз тұр еді жылап, Қараңғы түнге тығылып. Қайғысын ұқпай күледі бұлақ Жанына келіп ұрынып.

Желіктірмек боп желпіне басып, Желігіп жетті жел ойнап. Тірліктен мынау серпіле қашып, Тұр екен аспан нені ойлап?!

Қара ағаш–жаным жалғанда жалғыз Қамығып, түнге жылайды ... Тылсымды көп-көп армандаған қыз Тым жақын санар мына Айды...

  • * Түн... Жұбатар бір жан іздеп келемін, Қабағы салқын күзге өкпеледім. Қараңғылықты қарашыққа іркіп, Қарауытқанды сіз деп көремін.

Түн... Адастырады, алдайды мені, Көздерін менен алмайды көгі. Құмығып қалған үнімді сізге Мұңайған желдің жалғайды демі.

  • * Сары ала қаз да қайтып барады, Сағынышты әнін айтып барады.

...Қаңқылдап қайда барасың, қазым, Мазамды несін аласың, қазым.

Жүзесің сұрғылт көктің жүзінде, Жанымның қозғап, жарасын, қазым!

Дауысың неткен мұңлы еді, қазым, Қайда екен жарқын күндегі назың?! Мен көріп қалған қымбат бір дидар, Өтірік пе еді, шын ба еді, қазым?! Қаңқылдап ұштың төбемнен, қазым, Қайрылып келсең сөгер ме ем, қазым?! Қатайып тұрып, қамығып кетер Жаралғансың-ау, өлеңнен, қазым! Сары ала мұңым – сары ала қазым, Жанымды тағы жарала, қазым! ...Жабығу үшін жаралған жан ем, Қаз болып қайтып бара ма жазым... ...Сары ала қаз да қайтып барады, Айтарын тағы айтып барады...

ТҮСІМДЕ...

Свершилось: мы умерли оба, Лежим с успокоенным взглядом... Н.С.Гумилев Дүние-ай, дидар ғайып Жалғанға сыймай налып. Кетпек боп... іркіліппіз Жер үстін қимай қалып... Кеудемді кезеді мұң, (Бұл мұңды сезеді кім...) Тыңдайсыз жылап тұрып Өксіген өзен үнін... Бітердей бізге қанат, Мен тұрмын сізге қарап, Күп-күңгірт жүзіңізді Күп-күрең күзге балап. Нем қалды өртенбеген, Сырымды шертем деп ем... Үніңіз жаңғырады «Жүрейік, еркем» деген... Осы деп іздегенім Қуанып, сізге еремін Дүние сағымданар Жасырып бізден өңін. Артып ап шер-наланы Төменде жер қалады, Аспанға жеткізбекке Жол бастап жел барады...

Дүние-ай, дидар-ғайып, Шараңа сыймай налып, Аттандық құс жолымен, Ізіміз шимайланып.... 4 тамыз,2005 жыл. Астана.

  • * Тебіренсем періштелер тілінде Тас қаланың тас жүрегі жібір ме? Көшелерден өксіп өтті өлеңім, Керең дүние естімеді бірін де...

Есіміңді сыбырладым терекке, (Паң терекке менің сырым керек пе...) Баяу басып самал келді қасыма, Бәрі өткінші, күрсінбеші демекке.

Жапырақтар күбірлесті мен жайлы, Жүдеу көңіл жүдеп тұрған көрді айды, Айды көріп... айта алмайтын ештеме, Жалбарынып, жабырқау жер қол жайды.

Ай бозарды, мен мұңайдым, түн үнсіз, Жел далақтап жүгіреді тынымсыз. Өлең тұрды тамшы іркіліп көзіне – Көрмейсіз-ау осылардың бірін сіз... 5 тамыз 2005. Астана.

  • * Аудармайын өткенге есімді көп, Қыз-ғұмырым тым келте кесілді деп... Сырын жүрер әйтеуір өлеңге өріп, Жетім көңіл жар болған жесір жүрек...

Өткен – өтті. Өтті ғой, өтті бәрі, Маңай шулар, көп аузы, көп құлағы. Қай-қайдағы өткенді салады еске, Көктемеде күркіреп көктің әні.

Тентек бұлақ, сен маған неге күлдің, Ұқпай жүрмін өкпесін мен өмірдің. Қарашада қаңқылдап ұшқан қаздың Қанатына тулатып өлең ілдім.

Өлең деген немене, кете барар, Жүрек тағы жабығып жеке қалар. Керуені күмбірлеп, қоңыраулатып, Дәл тұсымнан өтер күн, өтер амал...

Қас-қағымға қамығып, есім жүдеп, Көкірегімнен бір өксік жосылды кеп. Тұла бойын сағыныш, мұң кернеген Бұлқынады дәрменсіз жесір-жүрек... 5 тамыз. 2005. Астана.

  • * Күндіз күнге егілдім, Түнде мұң боп төгілдім. Тырнақ салдым бетіне Көлгірсіген өмірдің.

Бұл ісімді жөн көріп, Ашуға ақыл берді ерік. Өзегіне тірліктің Тамып кеттім шер болып.

Тыраштанған тән мұңы – Тәуелді ету жанды ұлы. Түлейтүннің бойынан Өніп шығар таң нұры...

  • * Мамырға ілесіп, қырқаға келгем. Құстардың әні шырқала берген, Гүлдің өңінен ұяты кетпей, Күннің жүзінен нұр тама берген.

Жігіт-мамырдың пейілі қандай, Қарайды көзім мейірі қанбай...

Егде қыркүйек иіні түсіп, Көкжиек жақтан кейіді қандай...

Көңілдің күйі көкке еніп кетті – Қоңырқай мұңды бөктеріп кетті. ...Жалғыз қалдырып, күтпеген жерден Мамырым менің жоқ болып кетті.

Балауса гүлге, шалғынға құлмын, Көз жазып менен қалдың ба, құрбым! ...Қыркүйек дейтін қыртиған жанның Айыпты болып, алдында тұрмын... 5 тамыз. 2005. Астана.

  • * Маратқа Көкірегімде бұлқынған қайнар мұңға, Жанды ауыртқан шерімді сыр ғып төктім. Сен мәңгілік елеске айналдың да, Санамды арбар сағымға сүңгіп кеттің.

Қарадың ба, ертеңге үміттеніп, Жүруші едің, жүзіңнен күлкі кетпей. Пешенеңді, құрбым-ай, біліп пе едік, Кеттің білем кеудеңе мұң түнетпей.

Әлде, азапты ой жаныңды тыншытпастан, Қыл бұрауын салды ма жүрегіңе? Сен – көз жасым, жанардан ыршып қашқан, Азаттықты ожданың тіледі ме...

Тіршілікте көңіліңе дақ салдым ба, Түсінбеген құрбыңның бірі – мен ем. Тұңғиығы үрейлі батса мұңға “Кеше гөр”, - деп, кеш налып күңіренем.

  • * Бұл түн – Сенен де, Менен де қалады, Бар болғаны – нәп-нәзік өлеңде қалады.

Бұл түн – Сезіммен құндақталады, Бойында шешілмеген жұмбақ қалады.

Бұл түн – Мөлдіреп тұнып тұрады, Бауырына басып бұлқынған тұнық тұманы.

Бұл түн – Менімен бірге жүреді, Сені іздеуменен жабырқап, күнде егіледі.

(Тымық түнім тұп-тұнық сезімі бар, Сағыныш бар, сыры бар өзің ұғар. Бұлдыр-бұлдыр сәттерге бодан қылмай, Бұлықсыған кезінде кезігіп ал...) 1-шілде,2004, Астана.

  • * Қарашығын құпиямен астарлап, Тына қалды демін алып тымық түн. Жүрегімді қобалжытып, жас парлап, Өзіңді де, сөзіңді де ұмыттым.

Күбіріңді естімеді құлағым, Өткен күннің өкініші тұмшалап. Құлардай-ақ құшағына күнәнің Үркек көңіл уақытты тұр санап.

Селт ете қап, сені іздеген даусымнан, Түн жылжыды, бар ғұмыры қас қағым. Төсеніш қып жана-жана таусылған, Жүрегімнің күлін шашып тастадым.

Алқымымды өлең шарпып демімен, Ақылымды аяладың сезіммен. Кері оралып салқындықтың шегінен, Өзің болып көкірегіңде көз ілгем.

Егілемін жүрегіңнен шерлі үн кеп, Ұғынам ғой... дерт суарған шер тілін. Өн бойыңа шуақ болып енгім кеп, Өзім ұғар болмысыңа елтідім.

  • * Қырғауылдың қанатындай Құбылады қызыл іңір, Құшағында қалатындай Құба күннің қызығы жүр.

Бұлттың жүзі шырайланып Бұла күнді бұғаулайды. Тентек толқын былай қалып Су бетінен нұр аунайды.

Қызыл нұрды кешіп келем Іздегенім жолығардай... Сәлемімді есітпеген Елес-арман жөн ұғардай...

Іздеймін кеп іңір кешіп, Жанға демеу бар екенің. Құрақ біткен күбірлесіп, Айтатындай бәрі өтерін... Мамыр,2004. Астана

  • * Шілдедегі сезім жайлы Танымайтын өзің жайлы Не деймін?!

Айтылмайтын бір сыр еді, Сені ойлап жел күрсінеді Демеймін.

Сені ойлап күн тұнжырады, Ай дидары бұлдырады – Кім едің?

Сезімі жоқ өлеңді арнап, Сағынышсыз сәлем жолдап, Жүр едім.

Үнсіздігің мазамды алдыОйымды түн тез аңғардыКүрсінді.

Таңда Шолпан таң қалғандайАлыс тұрып аңғарғандай Бір сырды...

  • * Үндемедің – Үйдей пәледен құтылдың Құрбы, Айтпаймын енді

Жанымды ауыртқан сырды, Мейлі, қарашығымнан қайғы боп Сырғы.

Үндемедің – Үніңді тылсым мәңгілік Жұтты, Өкпе Жолыңа тігілген ақ отауды жықты, Жүрек Болмасты болдыра алмасын Ұқты.

Жалғыз бейшара үміт Жолыңды күтті, Ал, Мен Ойыма алмаймын тіпті...

  • * Тәнім – суық, жүрек – мұз, Дәтің жетсе, дір еткіз... Қараңғы мен жарықты Қақ айырып, түлеппіз.

Жарық деген қас-қағым, Таға алмаспыз басқа мін. Таң шапағы біліне Балқитындай тас-тәнім.

Түнді кездім… кімді іздеп, Сусып кеттің Күндіз боп. Сәлем айтсаң нең кетер, Аман-есен жүрміз деп.

Жолықпақ ем, күндіз кеп, Түнге сіңдің Жұлдыз боп, Налимыз ба Тәңірге, Қабыспайтын Мұңбыз деп…

Жарықтың да шері бар, Қараңғылық нені ұғар. Тоғысар бір түбінде, Тоғысудың жолы бар…

Жарық – сен бе ең дерексіз, Қараңғы – Мен… керексіз. …Тәңір-ием, үкімді Шығарасыз не деп Сіз?!

  • * Қараңғы түнге қамалып, Кімді іздеп жүрсіз... мені ме? Көмескі Ай көкте ағарып, Қарайды-ау Сізге егіле.

Қайрылмай түнгі даусыма Күтумен жүрсіз кімді Сіз, Қараңғылықты қаусыра Жарыққа зар боп жүрмісіз?

Түн кезіп кетіп барасыз, Жап-жарық жүрген ізіңіз. Шарасыз дағы наласыз Сіз бізден күдер үзіңіз...

Қапыда қалған кезім көп Болсаңыз мені іздеген. ...Дауысым бар да, өзім жоқ, Қауыша алмаймын Сізбенен.

  • * Ай сұп-суық. Үнсіз. Суықтықта сенделіп жүрсіз. Суық леппен шарпып, Жүрегімді мұздатқан Кімсіз?

Тереземнің алдында тұрсыз. Сізді білмеймін, Аспан мұңсыз. Үңіліп едім – жоқсыз, Ай қарап тұрды... Нұрсыз.

  • * Тереземді кім қақты? Жұқа перде дір қақты. Түн көйлекті сұлбамыз Бір тұрды да бір жатты.

Сіз бе десем, жел екен, Жел маған не дер екен. Сіздің жолды күтетін Сезімге ергіш мен екем.

Қамкөңілді пендеге Қалжыңдайды жел неге? ...Түн көңілсіз, жүзі – пәс, Қуанышқа кенде ме?

Сізді – тұнжыр түн дедім, Түнмен кө-өп, көп біргемін. Қаламадым бірақ та Бар сырымды білгенін.

Тұмшалап сыр-құндақты, Ұйқыға бой шым батты. ...Тәтті түстің тұсында Тереземді түн қақты.

  • * Жақындай алмай дымым құрыды. Беймәлім күй... Қаншалық екен мұның ғұмыры.

Қарай алмадым көзімді тіктеп. Ғалам тым-тырыс, Ай ғана менің сөзімді күтпек.

Жанары неткен тұп-тұнық еді, Бір сырды Үнсіз тұрып-ақ ұқтырып еді.

... Осының бәрі шын болатын, Батпай тұрғаным – Сіз кейпіндегі түн болатын...

  • *

Ұмсынушы едім үздіге, Күдерін сезім үзді ме. Жоғалған күні үмітім Жоғалтып алдым Сізді де.

Желегі ұшып жетті күз, Күз болып келіп өптіңіз. Тұнжырап әлем тұрғанда Тұманға сіңіп кеттіңіз.

Тоқтатпақ едім...болмады, Қайтқан құс сәлем жолдады. Бір шөкім ғана сұр бұлт Кеудеме келіп қонғаны.

Аспан, жер ұйып сәл мұңға, Түнеріп бір сәт қалдым ба. Не десем екен, білмеймін, Сізді іздеп жүрген жаңбырға.

Сап-сары сағым, жүзді елес, Ауады соған біздегі ес. Сыздайды жүрек, іздейді, Сізді емес, бірақ, Сізді емес.

Жоқ шығар бізге өкпеңіз, Сіз үшін жасты төккеміз, Ұмтылып жүріп бақытқа, Ұмытып кетсем...сөкпеңіз. Астана. 2000.

  • *

Беймәлімсің, Бейтаныс ғұмыр кештік, Өткізерміз әйтеуір бүгінді өстіп, Күбірі деп жанымның иланамын Ара-тұра ғайыптан үніңді естіп.

Арамыз-ай...арамыз мүлде шалғай, Шалғай жүріп шалдықтым тілдесе алмай. Күміс қанат күймеге қиял мініп, Саған емес, кетті ғой күнге самғай.

Қара жолда мен қалдым қара жаяу, Сезімімді әйгілеп ала бояу.

Жат жанды да қапысыз өзімсінер Ақындардың сенімі баладай-ау... Шілде, 2002ж.

  • * Іркілуші ем...айтылмай, Айтатұғын бір сөзім. Аңсар әнін ай тыңдай, Жүрегімде жүр сезім.

Сартап сезім күзге оңып, Жетіп тұрған бел осы. Көрінеді Сіз болып, Қимас күннің елесі.

Жарқын күлкі, мөлдір шақ Қалдырыпты бізді ұмыт. Оралмайды-ау сол бір сәт – Мен балғын да, Сіз жігіт...

Есейіппіз, жинап ес, Өмір осы көнсеңіз - Жоқ боп кеткен жиырма бес, Оралмайды он сегіз... Желтоқсан, 2004. Астана.

  • * Беу, жалған, мені сынағаның ба, Бір сынағыңа шыдамадым ба?! Қағидам қалды қақырап. Күн аманында, Түн аманында Адасқан мен бір ақымақ.

Ақымақ қыздың аңысын аңдып, Адымын бақтың, не керек. Отқа жүгірген бар ісі зарлық Мен болдым жынды көбелек.

Жылу іздеген, жарық іздеген Көбелек-көңіл желігі-ай! Араздасқандай, әні, бізбенен, Барады баяу сөніп ай.

Сабырың қайда жоғалды сенің, Ұстамың қайда ед, қаңтарым?! Қаршыға болып оралды сері-үн –

Шеңгелде кетті жан-тәнім.

Аяқталуы бөлек ертектің Тұлғасы болу немді алды, Өзегі дертті өлең-еркектің Қойнына кіріп нем бар-ды...

Құрдымға тастап, күрсініп қалды, Тұңғиық менің аспаным. Күрсіністі үннен мың сыр ұққан-ды, Сұп-суық, сұрғылт тас-тәнім... ...Беу, жалған, мені сынағаның ба... Қаңтар, 2005

  • * Құп-қу болып, құлазиды құла дүз, Құла дүздей құлазимыз мына біз. Құба шаңды жалғастырып сағыммен Тудырайық таңғажайып бір аңыз.

Сізді арбаған жастық менен жылыстап, Көз ұшында құбылады гүл ұстап. Қасқа жолмен қатарласа ұмтылсақ, Мың белеске бір-ақ рет тыныстап. Шаршамаңыз, шалдықпаңыз, шыдаңыз, Сылқым жардай сылқ-сылқ күлер тұмаңыз. Жастық шақтан біраз мәулет сұраңыз, Сағым жұтып ғайып болар бұла қыз. Құла дүзде құлазумен күн кешіп, Мына біздер теңселеміз мұң десіп. Күбірлейміз шалық шалған жандай-ақ Қиялдағы қимас жанмен тілдесіп. Сезімімді сағынышпен шылаңыз, Жөнімді – Күн, сырымды Айдан сұраңыз. Мұнартады қос қиырда қос қара Құлазиды... құлазиды құла дүз.

  • * Көмейінде тұншығып сылқым әні, Періштемнің көзіне мұң тұнады. Ал, сен болсаң армандап тұрдың ба екен Мәрмәр мүсін аруды ұйқыдағы...

Ол ару да төсекте бұлқынады, Қолаң, қою шашы да қырқылады. Мүсінімен қимылсыз тұрса дағы Қиялымен өзіңе ұмтылады.

Сан мың жұлдыз гауһардай құлпырады, Әне, кетті жарық бір нұр құлады. Абайламай қалдық-ау, айтшы жаным, Арман атты биіктен кім құлады?!

  • * Тілін тістеп, ыңыранып шындығы Күнәлі түн кірпігімнен сырғыды. Қарашыққа тұна қалды шық болып, Қапаланған көңілімнің кірбіңі.

Бас шайқады, бозарған таң не десін, Тереземнен алып жатты жел өшін. Жұмбақ түннің етегіне жармасып, Босағамнан ғайып болды елесің. Қуқылданып, қашып кетті көк сұры, Төсегімде марқұм болды көп сыры. Таңдайында тәтті өкініш тамсанып, Түннен қалған түйір ұят өксіді. Үрейленер, үркіп нәпсі күнге өгей, Сұрғылт бөлмем дымын құртты үндемей. ...Неге таңның талқысына тастадың, Елесіме ес боп бірге жүр демей.

Көзсіз ындын көмілген-ді көрге мың, Көр ішінде ышқынғанын көргемін. ...Бір күнәсін кешірерсің, ұғарсың, Періштедей сезімі бар пенденің... 1998ж. * Мына ғалам Сіз бенен бізді ұға ма, Көңіліме көшкендей күзгі нала. Жалғандықтан жерінген біздің жүрек Жамандыққа қимайды Сізді ғана.

Үміт үркіп, түңіліп, үзді қара, Желкен жайып, жанымда жүзді нала. Ақыл, сезім арбасқан бір шақтарда Еске аламын егіліп Сізді ғана.

Мендік сезім осындай... сезбеймісіз, Сезім емес, селкеулі сөз деймісіз. Ғұмырыңа жетерлік азап болам, Төз деймісіз, әйтпесе без деймісіз.

Түнге баттым тұншығып, білмедіңіз, Тірі болып, есен боп жүр дедіңіз. Түсіңізге түрленіп кірген мұңлық Сізге асыққан мен емей кім дедіңіз?!

Кеуде деген қапаста бұлқынар үн, Аңдаңыз тек үнімде сыр тұрарын. Білесіз-ау, сезесіз бір сезімнің Өзіңізге өлең боп ұмтыларын.

  • * Кісі жары кісіге жар болмайды... Халық әні Кісі жары, кімім едің, Бағы кемдеу тағдырымның Мазасы жоқ түні ме едің, Қайғысы көп күні ме едің?!

Пешенемді сорға шылап, Сезе тұрып, сүрінемін. Қадамыма қақпан құрар Сұғанақ көз сұғы ма едің?!

Кісі жары, кімім едің?! Сен кезіксең сүрінемін. Өзегіме у сіңіріп, Шерленіп кеп тынып едім.

Тәнім мұздап, жаным жылап, Көз жасыма таңым құлап, Тәңіріме жалбарындым – Жарқ етпеді бағым бірақ.

Кісі жары, кімім едің, Кей сөзіңнен түңілемін. Делқұлының бірі ме едің... Жүрегіме күдік іркіп, Кірпігіме мұң ілемін. ...Кісі жары, кімім едің?!

  • * Сен және Мен, Арамызда сұр тұман, Сұр тұманның бұғауында бұлқынам. Сені менен, Мені сенен суытар Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм.

Сен және Мен, Арамызда қараша, Жүрек сұрар қарашадан араша. Біздің жайды ұғар еді-ау өзгелер Жылап жатқан жапыраққа қараса.

Сен және Мен, Қос қиырда... тіріміз, Жете алмадық бірімізге біріміз. Көкірегі сағыныштан шерленіп, Арамызда елші болар мұңымыз.

Сен және Мен, Жөн болмады-ау мұнымыз, Кете алмадық бірімізден біріміз. Өліп қалған сор-сезімді жерлемей, Кеудемізді табыт қылған түріміз. Сен және Мен, Бұл жазуды не етерміз, Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз. Кінәласып, сағынысып, өшігіп, Екеуміз де ана әлемге өтерміз.

ІЗДЕМЕ МЕНІ...

Іздеме мені, сен үшін енді жоқпын мен, Нәп-нәзік жанды бөлісіп кеттім шоқ гүлмен. Ақша бұлт болып, төбеңде сәл-пәл аялдап, Мөп-мөлдір тамшы жасымды төгіп өттім мен. Көктем-ді онда, жап-жасыл беткей нұр тұнған, Шабыттан гүлдер ұшуға көкке ұмтылған. Қызыл қырқадан сен жаққа мен де көз тіктім, Көктем желімен ырғала тұрып гүл-тұлғам. Қоңырқай дала, көңілімді мұңлы ән қажап, Жайымен ғана сыздатып жатыр жанды азап. Мұңлы ән төгіп, құс кеткен жаққа қараймын, Солармен бірге аттанғандай-ақ бар ғажап.

Іздеме мені, бұл күнде қалған құр сүлдем, Мен дегін мейлі, қамкөңіл күзді күрсінген. Көктемдей көңіл тұнжыр қалыпқа ауысып, Астасып кеткен аяулы сезім тылсыммен...

1987 жыл, Тарбағатай.

  • * Шексіздікке жол тартқан жалғас-ғұмыр, Өмір атты үзіліп қалмас дүбір. Бәрі-бәрі алмасар, заңдылық қой, Ал, сен келіп, менімен алмасшы бір.

Жаныма да ие бол, жүрекке де, Мен боп жалған дүниеге бір өкпеле. Мен боп кейде егіліп болмашыға Мен боп кейде сұмдыққа дір етпе де!

Мен боп тербел Шабыттың айдынында, Мен боп ынтық сыры мол Ай-ғұмырға. Мен боп кейде шошынып тайыздықтан, Қарсы қара қарысып қайғы-мұңға.

Мен боп шаттан бақытқа кіші-гірім, Мен боп жырдың мұңлылау түсін үнін. Мен болып кеп өзіңе қарашы бір, ...Мүмкін сонда жанымды түсінуің. 1987 жыл, Тарбағатай

БИ КЕШІНДЕ

Айтайын деп батпаған сөзің бардай, Қарадың-ау, мен жаққа көзіңді алмай. Сен тұрғанда жаныңмен арпалысып, Кете барам сендегі сезімді арбай. Төгілді әуен. Үні сәл баяулаған Тұрдың үнсіз. Көз тігіп таяу маған. Мен бөтенмен ортада тербелгенде Сен бөтенмен тербелдің, аяулы адам. Әзіл айтты ол, сезімді сөзбен жанып, Адамдай-ақ бәріне төзген налып. Сен де жүрсің, сездім мен, көз айырмай Сені біреу тағы жүр көзбен бағып. Түрлі сезім толқыған мұңлы әуенмен, Сол келісім таба алмай тұрды-ау елмен. ...Тіріміз ғой, тіріміз, әттең, бірақ, Ашыла алмай булығып сырлар өлген. 1988 жыл, Тарбағатай

  • * Арманым ең, шыңынан құлап кеттің, Менен мүлде қара үзіп жырақ кеттің. Жыламап ем өзіңе жетпегенде, Бұл жолы жылап кеттім, жылап кеттім.

Жылап кеттім, сездің бе, сезбедің бе, Жылап кеттім, өзіңнен безгенім бе? Өзің серік болушы ең елесіңмен, Арман бағын бақытпен кезгенімде.

Қарғыс айттым сәттерге сені ойлаған, Хабарыңа, хатыңа қарайлаған. Түнек келіп тұтасып басып кетті, Ақ таңымды жанымда арайлаған.

Ұмытам деп, қош айттым мәңгі саған, Сені ойласам оллаһи, қарғыс алам, Деген едім, бәрібір дәрменсізбін, Ұмытуға жете алмай қалды шамам.

1986 жыл, Алматы

ЕЛІК СЕЗІМ

Күрсінесің қымбаттым неліктен сен, Өмір осы, бақытқа сеніп келсең. Сен мені кінәлама, мен деп ойла, Жапан түзден жаралы елік көрсең.

Елік-сезім елеңдеп еркелеген, Жарақат ап қалыпты-ау ертеменен. Жасты көзбен әлемге қарап тұрды, ... От кеудемді барады өртеп өлең.

Тентек елік оятып сезіміңді, Үйретіпті сезімді сезінуді. Әттең, не керек, от басыпты, От басыпты, серік қып өзі мұңды.

Сезім болып ойнаған жаралы елік, Жарасымен сағымға барады еніп. Аянышты-ау тағдыры жаралының, Қай белесте қансырап, қалады өліп.

1984 жыл, Алматы

  • * Көгілдір сағым – көйлегім, Көкжиек жақтан сөйледім. Самал боп сен ең толқытқан, Сағыныш-сары жейделім.

Күйбеңге құрбан болғанбыз, Маңдайға тағдыр салған ба із?! Көңілден өшкен келбеті, Жалған-ай, мен бе ем, арман-қыз... Ұшырып желге жейдесін, Жоғалтқан жұмбақ бейнесін. Дариға-ай, сен бе ең сол жігіт, Болғанмын ғашық мен несін... Көгілдір сағым көлбеген, Сағынышымды тербеген. Адасып арман-бейнеңнен Сырласып кеттім желменен. Менімен желдің мұңы бір, Даланы кезіп сыры жүр. Сағыныш жанын сыздатса, Долданады кеп, құрығыр. Айтады сөзін кеуделеп, Жел үшін бар ғой жөн бөлек. Самалға тосам бетімді, Сенделіп жүрген сен бе деп. Ұғына алмас мені ешкім, Бұл күні жоқпен теңестім. Сен дағы маған елессің, Мен дағы саған елеспін.

Қосылып арна бірге ақты, Толқындар бірақ мұң қапты. Көкірегімді ашытып, Көзімде тамшы дір қақты.

Аярлық қылып, мың күлген, Сайқал ма сезім, кім білген... Адастым қиял тұлғаңнан, Тек соны іздеп жүрмін мен.

Астасқан түспен өңдей-дүр, Қасыма таяп келмей бір, Мұнарды кешіп, мұңданып Махаббат шіркін, өлмей жүр.

1990 жыл, Тарбағатай

  • * Шатыр да шұтыр төбемнен, Айғайлап бұлттар көшкенде. Жан кетіп әлсіз денемнен, Қалмайтын еді ес менде.

“Сескенбе, балам, сескенбе Сағынған осы көктемің Кең дала мезгіл көшкенде Үн-түнсіз қалар деп пе едің”

Дейтін-ді, анам дем беріп, Балғындау сол бір кезімде. Ал, енді бүгін мен келіп, Бой ұрып жүрмін сезімге.

Жанымның келдің көгіне, Көктемде көшкен бұлттай. Тартады адам тегіне – Қалмадым мен де сыр ұқпай.

Табиғат едің өзің де Табына сүйген даласын, Қайтейін, қимас кезімде, Көктемнен ауып барасың.

...Шатыр да шұтыр төбемнен,

Айғайды салып көшті бұлт. Жаныма тамшы себер ме ең, Жаңбыр боп келіп кешкілік.

1986 жыл, Алматы

  • * Тозаң тұрды желегіне Гүл семуге шақ қалды. Үрлей бердім мен егіле, Есіме алып ақпанды.

Гүлдей нәзік жүрегім-ау, Тозаңыңды кім үрлер?! Үнсіз ғана тіле мынау Толастасын күбірлер...

Күбір-күбір жел тұрады, Күрсінемін амалсыз. Елу дейді ел құлағы, Енді білген боларсыз.

Ел не дейді, жел не дейді, Желіккенім не еткенім. Қырау-көңіл сенбегей-ді, Келмесіне көктемім.

Ел толастар, жел толастар, Сынық көңіл-қалпында. Армандарым жанталасты, ал, Ақылды алып алқымға.

  • * Бір терегім бар еді, мендік еді, Құшақтаймын түнде кеп, жел күледі. «Келдім» - деймін басымды сүйеп тұрып, «Айтасың – деп сұрайды ол – енді нені?»

Терегіме сенемін, ұғар бәрін, Мұңайтады оны да сыңар халім. Көкіректі қақ жарып, ұшып шығып, Бұтағына қонақтап тұрар жаным.

Жалғыз терек... көк терек... терек, терек, Кей күндері кетемін мен өкпелеп. Жүгірер ед соңымнан, дәрмені жоқ, Қанша мықты болса да көмек керек.

Жапырағы жамырап, түрлі өлең боп, Қала берер, «қалқам-ау, күнде кел» деп. ...Түнде келдім... терегім тым қайғылы, Сұраған жоқ ештеме, үндеген жоқ.

...Бір терегім бар менің, мұңы қалың, Ол мені ұғар, мен де оны ұғынамын. Кей кездері өкпелеп кетіп қалып, Қайта айналып, бауырына тығыламын.

...Бір терегім бар менің. Мендік әлі. Әкете алмай мені одан жел жылады. Өкпелесем өзіме өкпелейін Өкпелетпен дәл оны ендігәрі. 6 тамыз. 2005. Астана.

  • * Сенің ғана демеріңе сенгім кеп, Қабіріңе мұңым шағып келдім көп. Кескініңе айқайлайды ішкі үнім Мына тұрған сен емессің, менмін деп.

Қара түсті құлпытасың тым мұңды, Сенімімді еркімнен тыс құл қылды. Көтереді ол жүрек дертін мың күнгі, Көтереді ол еркелікті бір күнгі. Наз айта алмай өксіп қалғам саған көп, Жалғыз-ау деп жүрем әлі алаң боп. Ғайып жолға жалт бердің бе әдейі, Жақын жүрсем өкпелетіп алам деп. Жан жарама бергендейсің бөз таңып... Жансыз тастан кетердей-ақ сөз тамып, Қара жолмен ілбіп бара жатамын, Қабіріңе қарай-қарай көз талып...

СЕН БАРСЫҢ ҒОЙ...

Басыма бақыт жауса да қардай барыңа сенің жетер ме... Гүлнар Салықбай

Сен барсың ғой, бұл жалған сосын мәнді, Сен жүрген жақ, еріксіз есімді алды.

Сені күтіп, сенделіп жүргенімде, Керуенім қамалып, көшім қалды.

Қара жолға қадалды қарашығым, Қарашығым – сені іздер шарасы мұң... Жайымды ұғып, қасыма келсең нетті, Жанға жақын, емес пе ең жанашырым.

Алдандырып жалғанда бар болғаның, Жұбанады мұңайып қалған жаным. ...Тыңдар болсаң, сайраған құс тілімен Айтар едім сезімнің арманды әнін.

  • * Аспан – анау, Жер – мынау, Мен - дін аман, Алмағайып халге сап көрді ғалам. Айта алмаймын ештеме... Жан сілкініп, Жүрегімнен толассыз сел құлаған.

Аспанның да түбі бар... құрдым екен, Оның жайын бір пенде білді ме екен?! Қызықпайды тұңғиық тұрысына Жер болмысы...қабірлі... гүлді мекен... Қарайтынмын көк жаққа төр шығар деп, Мәңгілікке баратын жол шығар деп. Сіз бен Бізді амалсыз біріктірер Тәңір жазған бір орын сол шығар деп... Қарай-қарай бөлінді санам санға, Сірә, дәтім жетпейді-ау бара алсам да. Ғайып болар сезімді бодан қылып, Байлайын да ғажайып ғаламшарға. Сосын ол да сіңеді аспанға бұл, Шығарады судан от, тастан да гүл. Күрсінеді сол сәтте амалсыздан Мүрделерді бауырына басқан қабір.

Өң мен түсі алмасқан тірлік осы, Таңы – ғажап, түні ойлы, мұңлы кеші. Жаңғырады ауада жалғыз даусым –

Жалған сұмға жүргізген бір күресі.

...Сағынышты жүрекке түнетерсіз, Даусымды естіп, білемін, дір етерсіз. ...Сізді көрдім түсімде...сынық қанат Жете алмастан мен жаққа жүр екенсіз...

  • * Қып-қызыл боп батты күн... Басылғандай аптығым. Қызыл күннің көзінде Қызыл шоқ боп жатты мұң.

Ұясына қонды күн – Шоқтай болған сөнді мұң... Елпілдейді екінді – Есіркейді енді кім...

Ұясына кірді күн – Айтпай сырдың мың бірін. Бірі ғана белгілі – Алдап кетті кімді кім...

...Тыншымаспын түн келмей, Сынықсимын сыр бермей... Қып-қызыл күн тауға емес Жанарыма сіңгендей...

  • * Сезіміме сүйенішім ендігі – Сірә, жадтан шығара алман мен мұны, «Қарғам, сені ұмыта алман» дегенді Өзің емес, көзің айтты сол күні.

Келмеп еді көздеріңмен жолыққым, Жолықпауға...тағы...тағы қорықтым. Ұмытамын деген сайын ұмтылып, Іздейді екем аласұрып, соны ұқтым.

Өзің емес, көзің айтқан сырды ұғып, Жүрегімде үнсіз өмір сүрді үміт. Мұң толқыны арнасына сия алмай Басылады оқтын-оқтын дүрлігіп.

Мәжнүн талдай жабырқаған сезімді

Жұбатуға шақырам кеп төзімді. Сен келетін қасқа жолға қадалам Көру үшін ...өзіңді емес, көзіңді...

  • * Тәңір, сірә, Сізді аяды. Біз баяғы... керексіз. Жаңа туған айға қарап, Ақталасыз не деп, Сіз?!

Түн кебіні Көлбендейді, Шер меңдейді өн бойын. Сізді даттап жел ызындар Қалай ғана сенбейін...

Біздің көңіл Сізден қалған... Күзден қалған қоп-қоңыр, Өкпелетіп өзектіні Өзгеден де өтті өмір.

Құс жолымен Бұлт өреді, Үркер еді үн қатқан. "Мені күт" деп, қарлы шыңнан Қолын бұлғап күлді ақпан.

Жұлдыз сырғып Арқасынан Шалқасынан құлады Ай. Төзіміңіз шырылдады, Үнсіздікке шыдамай.

Түнге шомдым, Сізді ұмытып, Бізді күтіп түр ғалам. Сұлбаңыздан қарауытқан Алыстадым бір қадам...

  • * Сіз - ғұмырлық шер болдыңыз, Күлкі, мұңға тел болдыңыз. Көз жасымнан көл жасағам - Қайық болып тербелдіңіз.

Біз бірігіп егілмедік, Арман кетті шөлімде өліп. Қапым тауып қадалдыңыз, Пешенеме шөгір болып.

Мысқылдайды жайнаған көк, Кімдер серттен таймаған деп. Сізге тым-тым жақын келем Мәңгі жатқа айналам деп.

Сынық қанат кептер едім. Бұйырмады көктен өлім. Сіз едіңіз жаралаған, Сондықтан да жек көремін.

  • *

Не қыл дейсің... не дейсің, Жасып қалсам-жебейсің Жер жастансам-жақынға дұғай сәлем дегейсің.

Жыламайын... жұбатпа, жалғыз қылма бірақ та, Алтын басым-асқақтау ұнамайын... ұнатпа!!!

Мың тірілдім... мың өлдім, Сан тұйыкқа тірелдім. аямашы, өтінем, онсыз да өмір сүрермін.

  • * Тереземді жел қағады, Сыр айтады сыбырлап маған, Күрсініп мен де мұңымды ақтарам, Боз жорға мініп, бозамық, түнде Бозжігіт болып ұрынбақ маған,

Қарт қаңтар мынау, ызғарлы демі, Қабағын түйіп, қызғанды мені, Сыңсыған қайың сыбызғы шалып, Санамда мәңгі сыз қалды деді.

Тереземді жел қағады,

Өзің боп келіп өбемін дей ме, Жаныңа нұр боп енемін дей ме, Басын шайқаса бурыл теректер Шашыңды сенің көремін кейде.

Әлсіз шырақтай өлеусіредім, Демімді аңдыр демеушілерім, Алып кетсеңші ақ бозыңменен, Жел болып жеткен жебеушім едің...

Төсінде ойнап бозамық белдің, Бозжігіт болып бозарып келдің, Сұп-суық тірлік суындырғанда Өмірден бірге озалық дермін...

Тереземді жел қағады... Үн қатпас бөлмем наласы көшкен, Соңымызда ел қалады... Адасып естен...

  • *

Мен сені көрмесем деймін, Жүрегім ауырмайтұғын. Сезімге шөлдесем деймін, Ой құшып дамылдайтұғын.

Ем таппай аласұрамын Жанымды қарыған мұңға. Көруге тағы асығамын, Көзіңді сағынамын да...

  • * Желтоқсанның желді күні Желегімді жұлқылайды. Сезімімнің сендік үні Шыңыраудан шырқырайды.

Жүрегімнен тамған қанға Қап-қара боп гүл өсіпті. Шығысымнан таң жанғанда Шырын түнім түгесіпті.

Шымылдығын сырып түннің Саған қарай қадам бастым.

Үкілі ойды үміт қылдым, Арманыммен амандастым.

Мәңгі іздеген бағым менің, Мәңгі арылмас сорым дедім. Тұмарым боп тағыл дедім – Көз жасым боп төгіл дедім.

Бейуақта бетпе-бет кеп, Іздегенім – осы дедім. Өкінбеші... өкпелеп тек, Жазмышымнан шошып едім.

Ғарыш нұрын қалқан еткен Жаның бүтін – бүлінбейсің. Опа таппан шалқалап мен, Жебеп жүрген пірімдейсің.

  • * Ақ маралым – аңғалым, Аңдыған жау – жан-жағың. Қапылыста қақпанға Тұтқын болып қалмағын.

Кісікиік тағдырым, Аңдымайды аңды кім. Таста ойнарсың тағы боп, Талғажу қып таң нұрын.

Сезігі мол сезімім, Өзектінің өзімін. ...Қорқау ниет ұлиды-ау, Айдалада созып үн...

  • * Қалғып тұрған қайыңның Қабағынан жел өпті - Қызғандырып теректі.

Желп етті де жапырақ, Аңтарылды атырап. Неменеге елітті, Ақымақ-ай, ақымақ! Таңдайы сор татымақ...

Берекесіз, бетсіз жел, Есер мінез, тексіз жел... Ес аудырып уайымға Неге ұрынды қайыңға?!

Қалың сорға малшынып, Қайың қалды, жел кетті. Басын шайқап бар шыбық, Балаң үнін шерлі етті.

Мақтан болды-ау айтарға ел, Асылғандай айға бір, Сан сабалап сайқал жел Сақ-сақ күліп сайда жүр...

Өксіп қалған қайыңның Өзегіне мұң сіңді, Терек ауыр күрсінді...

ҚАҢТАР

Мен емес, қаңтар жылады - Сен емес, қаңтар кінәлі. Түсініп болмас бұл айды, Кімдерге артар кінәні. Қаңтардың жаны нәзік-ті, Болды ма тағы жазықты. Мың қайта маңдай соққы алып, Бір қайтқан бағы қажытты. Көз жасы содан қар болды, Қасіреті – боран-зар болды. Жүрегі суып, мұз болды, Бұл жалған оған тар болды. Кім естір мұңлық күбірін, Түсінсін сұмдық сыр үнін... Өксікке шылап өткені-ай Отыз бір күндік ғұмырын. Мен емес, қаңтар жылады – Сен емес, қаңтар кінәлі. Қайтесің, халін сұрама, Жаныңа артар мұң әлі...

  • * Сезімтал менің сенімім, Сүрініп неге кетпейсің? Кінәмшіл менің көңілім Түңіліп неге кетпейсің? Үркектеу едің, үмітім, Үгіліп неге кетпейсің? Солып та қалған сезімім, Қайтадан несін көктейсің?!
  • * Түнге жылап, Күнге күліп Жүрмін. Жыртыңына жүйкем құрып Жынның. Көкке қарап күліп едімКіл мұң. Жерге жүзім бұрып едім – Құрдым... Халім осы, жайым осы, Құрбым!

ЖОҒАЛТУ

Өзіңді сағынар сол бір Кезімді жоғалтып алдым. Дүниенің көзіндей мөлдір Сезімді жоғалтып алдым, Сорыма бастайтын жол бұл – Төзімді жоғалтып алдым. Өзегелер білмесін, сен біл – Өзімді жоғалтып алдым.

Сырымды көзімнен ұғар Көзіңді жоғалтып алдым, Жанымды нұр болып шылар Сөзіңді жоғалтып алдым, Қылығым қалтықсыз ұғар Кезіңді жоғалтып алдым. Бұл да бір қасіретім шығар – Өзіңді жоғалтып алдым...

  • * Қаңтарда қарға адым ұзадың менен, Ақпанда ат адым ұзадың менен. Кеудемде қалды өкпем мен мұңым Алысып төзім-тұзағымменен...

Қаңтарда қаңтарылдың ба? Ақпанда аңтарылдың ба?

Қаңтарда қарға адым ұзадым сенен, Ақпанда ат адым ұзадым сенен. Ұзадым сенен... сенбеймін бірақ, Ұзатпайтұғын тұзағым – сен ең... Қаңтарда қамығып едім, Ақпанда арылып едім ... бәрінен...

КӨКТҮРКТЕР ӘУЕНІ

БҰРЫНҒЫ ӘУЕН

Тарих қашаған көктастардың түркі тіліндегі күбірін бүгінгі күнге жеткізген Дәуір желі бір қалыпты екпінмен Ғұмыр ағашты тербейді. Білге қағанның бақұлдасуы Бастыны жүгіндірдік, Тізеліні бүктірдік.... Күлтегін (Үлкен жазу) Бастыны жүгіндірдік, Тізеліні шөктірдік. Тоңғанды жылындырдық, Өштіні – жоқ қылдық. О, түрік-сір жұрты! Басымнан бақ тайды ма, ...Өртенеді өзек, Жақыным жаттай мына, Ажал тұр оғын желкеме кезеп. Күңіреніп, назаланды ма, Төбемде Көк Тәңірі, Құтқара азадан мына Құдіреттің жоқ па әмірі... Деген ем қақырамайтын Қағанат құрам, Байтақ жұртымды намысы барға Аманат қылам... Төбеңе тұтқан

Білгең едім ғой, Қағанатыммен Іргелі едім ғой, Қолыңды бастап, Жолыңды бастап Жүрген едім ғой Жұртым! Алтай асуын Асқанмын талай, Ертіс кешуін Кешкенмін талай, Ажалдан мынау Жасқандым қалай, Өмірден мынау Сескендім қалай... Күлдір де күлдір Күлік мінгенмін, Көк Тәңірінен Ұлықпын дер кім?! Қоштасар шақта Жалғанмен мына Елесі тұрды Ұмыт күндердің. Сыйлығы – құнды, Сөздері – дәмді, Табғаш пиғылы Өзгеріп алды, Секемденетін Сәл селкеуліктен Сұм жүрегімнің Сезгені зәрді... У берген қолға Амал жоқ қылар, Запыран ішкен Заман бп тұрар. Жат табанына Тағым қор болса, Шамырқанумен Далам кек қылар. Аруақ дедім,

Тәңірі дедім, Тағыма сес боп Таңылып едім, Еркіндігім деп Ерегестім көп, Әйтпесе жауға Нағылып едім...

Көк түркілердің Дәуірі қандай, Даңқын, айбарын, Тау ұғынардай. Кетеуі кетіп, Мүжілер ме екен, Мен ішкен удан, Сауығып алмай.

Көктүркілердің Арыны қандай, Үнінде құдірет Сарыны бардай, Есінен танып, Егілер ме екен, Сұрқия дұшпан Ұсынған зәрдің Сарқыншағынан Арылып алмай.

Барады қанша Арманым өліп, Елтеріс* ерден Қалған ұл едік, Қағанат құрдық, Қаһарман болдық, Бодандық халге Арланып едік.

Адасып жүрер Аспанда бір әнім, Келер-ау тарғыл Тастарға жылағым, Көк түрк елі, Тыншығам, Тұрса,

  • Түркі қағаны, Білге мен Күлтегіннің әкесі

Жайылып даңқың, Аспандап ұраның. Бодандық деген – Қорлық дегенмін, Қорлық дегенге Көндікпегенмін, Көз жасын сүртем Деп талпынғанмын, Әрбір таңынан Шер күткен елдің. Түркінің алар Үлесі бар-ды, Аңдыған дұшпан Бір өшін алды... Білге өлгенмен Бірге өлмес елім, Жалғаса берер Азаттық үшін Көктүркілердің Күресі мәңгі...

КҮЛТЕГІННІҢ ҚАҺАРЫ

Он жаста, Ұмай текті шешемнің бағына Інім Күлтегін ер атанды... Күлтегін (Үлкен жазу)

Алып шалшы* ақ ат міндім, Көк сүңгіні жарақ қылдым. Он жасымда толғаныспен, Ұлы ерлікке талап қылдым.

Бір жорықта боз ат* міндім, Жауға жерді тозақ қылдым. Қас дұшпанның қанын төгіп, Түркі жұртын азат қылдым.

Азман аққа* ер салғанмын, Алдаспанға қол салғанмын, Өткел бермес өзен кешіп,

  • Орхон жазбаларындағы Күлтегін мінген аттар

Қалың қолға жол салғанмын.

Аз қарагер* мінген едім, Тұншыққан-ды күндеген үн, Түн қатумен түсім қашып, Таудың төсін тілген едім.

Ақ айғырға* мініп шаптым, Жау етегін түріп шаптым. “Көкбөрілеп” ұран тастап, Көкбөрідей ұлып шаптым. Бек ұлдарды құл қылмадым, Пәк қыздарды күң қылмадым, Бодандықты басқа тептім, Азаттықтың білдім мәнін. Ілгеріде – Шаңтұң еді, Ерлік – менің салтым еді, “Аруақ” деп атқа қонсам, Дем беретін халқым еді. Жігерімді жаншымақ кім, Ащы терім тамшылаттым, Қас дұшпаным қаһар қылса Қағанатын қансыраттым. Көтердік-ау көпке еңсені Ерлік болып кекке өлшемі, Өзім едім жауға сермер Көктүркінің көк семсері. Өтүкенді ел тұттырдым, Кек жібермес серт ұқтырдым, Қылыш қыннан суырылса, Қаһарыммен серпіп тұрдым.

Түргештерге қырғын салдым, Оғыздарға сүргін салдым, Түркілерге қалқан болсам, Дұшпаныма – қыл-құрсаумын. Кек қылышын қанға малып, Өттім талай таңнан ағып, Қалды даңқым шежіре боп, Мәңгі тасқа таңбаланып. Жүзін жырмен жусын далам, Түркі ұстаған ту сынбаған. Күллі түркі қаһарманы Қаһарыма сусындаған.

ТОНЫКӨКТІҢ ТОЛҒАУЫ

Түрк-сір жұрты үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым... Тоныкөк жазуы Кердең де кердең басқан күн, Кеудеміз жаудан асқан күн, Қағаным таққа мінгенде Қай дұшпанымнан жасқандым?! Қызыл да тілді жебелеп, Алқалы топтан асқанмын. Қылыштай сөзбен қын тіліп, Тауды да бұзып тас жардым.

Ақыл иесі – мен болдым, Түркіге – бақ болғанда, Дұшпандарына қазулы көр болдым. Күндіз отырмадым, Түн ұйықтамадым, Елімнің елдігі үшін Есіктегі құлына тең болдым. Бас жарылса – бөрік ішінде, Қол сынса – жең ішінде, Жан жараланса – тән ішінде, Қылыш сынса – қын ішінде, Аңдыған жаудың аңысын аңдап, Қапысын таптым түн ішінде. Түстікте – табғаш Шығыста – құтан Терістікте – оғыз Бірігіп шаппақ болғанда, Түрк-сір халқының жерін Жау баспасын деп,

Халқымның құты қашпасын деп, Қағаныма ақыл бердім, Жұқаны – бектеу оңай, Жіңішкені – үзу оңай деп Аталы нақыл бердім... Төбемде – Тәңірі Төменде қасиетті жер-су Жеңіс берді, Дұшпандардың пиғылын Теріс көрді, Әскердің қаһарын Қағанның алыптығын, Ақылгөйінің білгірлігін Бар қағанат тегіс көрді. Қара терімді ағызып, Қызыл қанымды төгіп, Елімнің елдігі үшін Күлкі көрмедім, Табғашқа басын имесін Құдіретті түркілер дедім... Қағаным ақыл сұраса Болмады іркілер жерім. Таққа Білге мінгенде, Күлтегін сауыт кигенде Қас жауын сілкілер дедім.

Өтүкен – тұрағымыз еді, Азаттық – ұранымыз еді, Көк сүңгі – қаруымыз еді, Күлік – пырағымыз еді, Ерлік – шырағымыз еді, Біздің дәуір өткен соң Жерімізге тыныштық, Елімізге – ырыс-құт Тұрақтап қала ма деген Тәңіріге қояр сұрағымыз еді...

ИОЛЛЫҒ-ТЕГІННІҢ АМАНАТЫ

Мәңгі тас қалаттым, жаздырдым. Бұл жазуыд жаздырғанның аты – Иоллығ-тегін Күлтегін (кіші жазу) ... Даламның сыры мәлім, Таулардың мұңы қалың. Түркінің тіліндегі Тұманың тұнық әнін Самалмен, саф ауамен Сіңірдім жүрегіме. Көне Ғұн аңыздарын, Мөденің бар ызғарын, Ілкіде бабаларға Түркінің қарыздарын, Иланам ділімменен, Бүгіннің білеріне. Сағымға көзім қанып, Сағыныш төзімді алып, Өртенген өзегімді Өзгеше сезім жарып, Орадым өлеңімді Ғұмырдың білегіне. Түркінің тілі едім мен, Шағында шын егілген, Жасындай жырларыммен Түнегін түре білгем. Сенімді ем тас бойына Сырымның сіңеріне.

Қапы ғып қашаған күн, Өлмес қам жасағанмын. Өзекті жарған жырды Көк тасқа қашағанмын, ...Ғұн-баба әуенінің Үңілдім сілеміне... Тастар күбірледі Дастар тіліндегі Шертіп шежірені, Елтіп, көз іледі, Күн. Өзен күңіренеді, Кезең... Ғұмыр өледі, Күнге балқыған тәнін Желпіп...сезінеді Кім?! Арман адыра қалып, Жалған таңына налып, Ажал жадылап алып, Тұраққа жеткенше Өкініш... әрі жұбаныш Кезігеді мың... Төбемде – Тәңірім, Төменде – қабірім, Тірлік – бес күндік. Дұшпанның зәбірін Көрмесін жұртым деп, Семсермен сес қылдық. Ұлан далаға үніміз сіңіп, Ерліктің ұраны болып естілдік... Бабаларым – Елтеріс, Білге қаған, Ағам – Күлтегін ер,

Есімдерін еске алсам, Кеудемді бұзып шығардай Жыр тебіренер. Қаруым – қалам болды, Түркінің қанында Батырлық пен ақындық еді Ақындық киесі маған қонды. Қаған бабамның Қаһарман ағамның Түркі елі үшін күресін Ұрпақ жадына жазуға Көңілім алаң болды. Тұлпар жалында ойнап, Алапат кек қанында қайнап, Атой салған қаһармандары, Ой толғағанда кемеңгерлері. Адырна аңырағанда, Аламан жамырағанда, Өн-бойымды өлең кернеді. Тағдыры тәңірі жасар, Рухымыз көкке ұшып, Тәніміз жер жастанған-ды, Батыр өлсе - өзі аңыз, Ақын өлсе – сөзі аңыз, Бабаларымнан - даңқ, Ал, менен дастан қалды. Ерлікті толғадым, Елдікті қолдадым, Өлеңмен өрнектедім,

Ұрпағым қабыл ал, Қапысыз танып ал, У дарып, Жүректе шер кеткенін. Мәңгіліктің Қағанаты – жыр, Шықпасын деумен Жаманаты бір, Шежіре шерттім Тас кеудесіне, ...Иолығ-тегіннің Аманаты бұл....

КЕШЕГІ ӘУЕН

Даладан сыр тыңдағым келеді. Дала сөйлейтіндей. Дала... қан майданда шәйіт болған хандар мен қаһармандар рухын мәңгі сақтап қалған сияқты....

  • *

Хақназар хан

Шәйіт болды, Бұл фәниден ғайып болды. Қалың қазақ қайғы жұтып, Көкке қолын жайып көрді.

Болат қылыш белден сынды, Күллі қайрат өлген сынды, Сенім, үміт, Күш-жігерді Дұшпан жерге көмген сынды.

Далаға айтты, Наласын таң, Өтейді тек бағасын – қан, Мызғымайтын қамал құлап, Масайрады Баба Сұлтан*

Түркістанды түгел қылған Болып кетті ұлы ер құрбан, Кек қайырмау – ездік деп ел, Кек алуға жігшер қылған...

Алты Алаштың Айбары еді Асылғандай айға демі, Түп Отанын Түркілердің Қаһарымен жайлап еді.

Қасым ханның бел баласы, Бел будырған ел наласы, Азат болсын деп қан кешті Қазағының кең даласы...

Жәнібек хан немересі, Ерлік тұтқан ел егесі, Жанын берді алашының Туырлығы тілінбесін, Керілсін деп керегесі...

  • Баба сұлтан – ХҮІ ғасырдағы ташкент билеушісі

Бойына іліп бар жарақты, Қаһарынан қар боратты, Хандығына көз алартқан Сарт қылығы жанға батты...

Тектілікпен Таққа мінді, Ептілікпен Атқа мінді, Қайқы қылыш қынға түспей, Қастың қаны ақтарылды...

Қан майданның көрігі еді, Жауға ажал боп көрінеді. Шыдамаған айбынына Қалмақ, сарттың небір ері.

Жорық десе Елегізіп, Жүрді қанша көбе бұзып, Ханның серті – халық үшін Шыбын жанын береді үзіп...

Аңдысқан жау Алып тынды. Қазығұрт-тау зар ұқтырды, Ұлытаудай ұлы мекен Жоқтау айтып, Налып тұрды.

Сырдың суы Жылап ақты, Шер шылады ұлы алапты, Қайыспайтын қаһарманды Хан қазасы тұралатты.

Түркістан да Теңселген-ді, “Ханым-ай!” деп, жел сенделді,

Кек қуатын жан барына Бар ділімен ел сенген-ді...

  • *

Алты Алаштың ұлынан Жау алмақ боп қырқысқан, Жат көздердің сұғынан Жараланды Түркістан...

Тебінгіге тер қатып, Қанжығаға қан қатып, Кетті алдаман.. шер батып, Қара жолды шаңдатып.

Күннің көзін бұлт алды,- Ұран салды хан Шығай Басылмастай бұрқанды Жау кеудесін жаншымай. Қан аңсаған жандардың Жерге қаны сіңер деп, Жерге көзін салғанның Көрге басы кірер деп. Ұрандады аламан – Дұшпан демі тарылды. Жан сыздатқан жарадан Қанмен емдеп арылды. Қанкешті ұрыс дұшпанның Қабырғасын сөккен-ді. Сарттың бағы ұшқан күн – Қазақ қолы өктем-ді. Күні менен түн бойы Жусан қанға боялды. Ұйқысынан Сыр бойы Үрейленіп оянды. Кескілескен қан майдан, Жанын беріп, жан алған. Қазақ қолы салды ойран Қайсарлықтан жаралған. Қол бастады таң ісін, Жанкешті айқас қырқысын, Хақ-Назардай хан үшін, Алты Алаштай жұрт үшін.

Алаш кеуде керген күн, Елдігіне сенген күн. Садағасы болды жұрт Елім деген ерлердің. Жадтан, сірә, өшер ме, Жау жігерін көмген күн. Тәуекелдің* қолынан Баба Сұлтан өлген күн !!! СҰЛТАН-МАХМҰТПЕН СҰХБАТ Поэма Бірінші желі Бұл сөзім Тарбағатай биігіне Тазының заман түлкі күйі, міне. Сәніңіз көзден кетіп, сөзде қалар Жалқаулық енді орансаң киіміне… (Сұлтанмахмұттың Құрбан қажыға арналған өлеңінен )

Қотанащы, Тарбағатай жайлауында Қырық күн шілде биенің байлауында. Бәйжігіт Құрбан қажы ауылында едім, Келіп түсіп тұрмыстың айдауында. Қазақша – бай һәм жуан ауыл еді, Бес болыс бәйжігіттің сауыры еді. Тегінде қазақшылық қылып көбірек, Жері шет, кеш қараған қауым еді. Әйтсе де, жаңа заман қалпын ұққан, Бұл ауыл бірсыпыраның тәуірі еді.

Сөз жинау қазақшылық тұнығынан Жаңа заман жастарының ғұрыбынан. Ескі сөз көп білет деп Құрбан қажы Тегінде еститінмін бұрын мұнан. Жаза бердім ескі сөзді сонан тауып, Ел аузындағы әдебиатқа көңілім ауып. Отызында қараған Руссияға, Бұған батыр атанған қалмақ шауып. Соғысында болған қытай, дүңгеннің, Дос болып Бор деген дүңгенмен. Оқ тиген сол соғыста, найза тиген, Бұл күнде...

  • Тәуекел – қазақ ханы

Бәйжігіттің ақсақал тиянағы Көргенім жетпіс беске келген шағы. Уақытымен батыр, уақытымен билік айтып, Бұл күнде қарастырған ақырет жағы.

Көз көріп қариялардың жоғалғанын, Ескісін жиған жұрттың оңалғанын, Қарияға ғұмырым кез келген соң, Әлгі айтқан уағыдамдай бола алмадым. Болған соң ескі сөзді жазып алмақ. Жұмысына бір күнді қойдым арнап. Бұрынғының кетіпті сөзі өзімен, Жалқаусысам сол ғой деп қапы қалмақ. Құрбан қажы естіген ескі билік Қазақша дейтін сөздер жорға-жүйрік. Cұлтан-Махмұт Торайғыров

...Милаттың майданында аз тұра тұр, Әсеттің бір тілеулес ағатайы... Жарыққа қараңғыдан шапшып едің, Бұл емес еліктіріп мақтағаным, Қайнаған қара тастан аққан көздей Көп еді сөйлесем деп сақтағаным, Алсаң да қаһарыңа айтар едім, Халқыңа болса егер де жақпағаның, Шам алма шал дегенге бәт дұға қып, Найманда жалғыз кәрі жақтағаным... (Әсет Найманбайұлының Құрбан қажыға жолдаған өлеңхатынан) - Қоңыз батыр атанып, Жауға шапқан күні бар. Көңілін жүрер қапа қып, Батпан-батпан міні бар. Сыр тартайын өткеннен Ұмытпастай ұғып ал...

Тұрпатыңа қарасам – Болайын деген баласың. Ақылың мен білімің Бойыңнан тапқан жарасым. Кешегіден сөз айтам – Керегіңе жарасын...

ІІІ

Тарбағатайдың зары бар, Зарының терең мәні бар, Өткеннен желі ой тартсам, Кектенер жайым тағы бар... Тағы да тағы... қыршынның Жазықсыз тамған қаны бар Құйма құлақ баласың - Сырына қарттың қанып ал... Лақабым онда Қоңыз-ды, Ерлік-ті ісім ең ізгі. Екпіні қатты жігіт ек, Сапыратындай теңізді Қабекемнің нәсіліӘлібек “ер-ай” дегізді. Аймағын жүрген таң қылып, Атағы жатқан жаңғырып Бұр баһарүр-ді серігім – Дүнгеннен шыққан нар жігіт. Шабардай болдық дұшпанды Қаланың аузын қан қылып, Қақпаның аузын шаң қылып...

Сарыаяқтарға кектеніп, Діні жат ісін жек көріп, Арыстан айға шапқандай, Арманға біздер жетпедік, Батырлық деген арманда Бұр баһадүрмен кетті өліп.

ҮІІ

Күн екен күнім бұрынғы, Мұнан соң заман бүлінді, Жаратқан ием налыр-ақ, Кінәлайын деп кіміңді. Қайраулы қара қанжар ем Кесе алмай қалдым қынымды. Шекара деген шер болып, Қонысым екі бөлінді – Жүрегім қоса тілінді...

ҮІІІ

Айта да берсем арман көп, Арманым кетті жалған боп. Жабыға бүгін айналды Бабалар мінген тарланкөк. Заман тұр, түйіп қабағын Сыбағаң кетер, қарман деп... Сеземін, балам, сезінем Біздерге орын қалған жоқ... Арғанатыны жайладым, Абыздай күтер аймағым, Жеткіншек едік кешеде Жел сүйіп жүрген айдарын, Есті де ұлды көргенде Есіме түсті қайдағым. Кемеңгер көрдім Абайдай – Ақылдың таттым қайнарын, Өскінді көрдім өзіңдей - Мақтан қып ұстар байрағым... Екінші желі І Әлқисса, бұдан кейін Құрбан қажы Сұлтанмахмұтқа Көкжал Барақтың қайғылы өлімін, Жалаңаш бабадан бата сұрап, Абылайдың кек қайырған жайын баяндайды.

- Тәңірім қуат берген текті батыр, Жоны-жал, жүрегі-түк, кекті батыр. Күндердің бір күнінде... қапы қалып, Бақиға ақ сапарын шекті батыр. Көкжарлы Көкжал Барақ қапы кетті, Бұйыртпай мейрам суы, ақыретті “Бір күнде... жалды Барақ қашқанда” деп, Дұшпаны мазақ қылып, нақыл етті. Жөн істі кімдер жөнсіз кінәласын, Ісіне күймей қалай тұра аласың, Қан жауғыр дұшпан жағы сұмдық іс қып, Тұрғызды бір бас, бір қыш мұнарасын. Қамығып, қалың қазақ қан жылады, Дұшпанның кектендірді сандырағы. Мойнына кісе салып, хан Абылай, Шалынды құрбандыққа арғымағы.

Абылай “а,құдай” деп атқа мінді, Қалың қол ыза-кек боп ақтарылды. - Жалаңаш баба қайда, бізбен жүрсін, Сынайтын қасиетін сәт табылды... - Уа, баба, батыр кегін қуып барам, Жүректі қанды жаспен жуып барам... Барақтай ердің кегін қайтармасам, Тағымнан тас зынданың жуық маған. Қалың қол хан қасында анталаған, Бабадан бата сұрап, алқалаған. Қараса кілең батыр кескініне, Көздері ыза-кектен қанталаған... - Абылай болып қапты бір іс деймін, Кек алу батыр үшін дұрыс деймін. Сапарың оң болсын деп қала берем, Бұл жолғы жорығыңа кіріспеймін.

- Ей, баба, қазақ үшін Барақ қандай, Барақты аллам бөлек жаратқандай, Күн туса ел басына, ерге қонып, Ең алды боп аттанған қарап қалмай. Туысы оқшау болған жалды Барақ, Ер еді жаужүректі, қандыбалақ. Қазаққа көз алартқан жау қалмақтың, Үрейін ұшырмап па ед, сан қуалап... Сол Барақ жау қолынан шәйіт кетті, Батырдың бағы бастан тайып кетті. Бүлікті қаншама қош көрмесем де, Ақылды ашу-ыза шайып кетті. Барамын “аруақ” деп қолды бастап, Жүресің қалың қолмен жолды бастап. Барақтай батыр кегін қайтармасам, Қазақтың ертеңі де сорға ұласпақ.

- Қашырар жаудың құтын қанды із едің, Татыған таңдайыма жалбыз едің, Апыр-ай, мұсылманды қалай атам, Бар еді кәпірге атар жалғыз оғым... - Ай, баба, бәтуаға келмейсің бе, Тұншығып өз кегіңе өл дейсің бе?! Мұсылман мұсылманның басын кесіп, Мұнара тұрғызғанын жөн дейсің бе?! Солай деп, хан Абылай көндіреді, Көнері Жалаңаштың белгілі еді. Абылай есін жиып, еңселенді Деп, “жол білсем, бұл баба жөн біледі”. Қылышы кекке малынып, Найзасы шоққа қарылып, Қабағы қату қалың қол, Жау іздеп шықты сабылып... Келеді әскер із кесіп, Бұйырар түзден тұз-несіп. Аламан бір сәт аһ ұрды, Келдімұнарамен жүздесіп...

Жүректе қайғы зіл жатты, Қан іздеп, қылыш дір қақты, Келдімұнараны айналып, Абылай сонда тіл қатты: - Келдемұнара, Келдемұнара! Қан-қасап болар Енді бұл ара... Батырым қайда – Барағым қайда?! Жауға жұмсайтын Жарағым қайда?! Келдімұнара, Ерімді құртып, Кергіп тұрсың-ау, Кегімді түртіп... Батырым, мұнда Неғылып келдің?! Қан тартып, бәлкім, Желігіп келдің... Кегіңді қуып, Тебініп келдім. Өзіңді жоқтап, Егіліп келдім... Қапыда кеткен Қандыбалағым. Туысы ерек Жалды Барағым, Аллам қолдаса, Жауыз дұшпанды Дәл қазір бар-ау Қан қылар әлім...

ІІІ

Келдемұнара Сұлық тұр, Тірінің зарын ұғып тұр, Денеден бөлек Бастардың Тілінде – Ажалқұлып тұр. Сәске ауар шаққа құл болып, Басталар қанды бүлік бір... Алынар тағы қанша бас... Келдімұнара... Сұлық тұр... Ішінен, бәлкім, Тынып тұр... Жалаңаш баба Күбірлеп, “Жөн болар ма екен мұным”, - деп, Жаратқан Күшке сыйынар, Жаңыла көрме, Тілім деп, Санасын жаулап алғандай Аруақ біткен дүбірлеп Аспанға қарап, Қол жайды Қос алақаны... Дірілдеп... Абылай тұрды Сұрланып, Кім шәйіт кетер, Кім қалып, Жау іздеп келген Кекті қол Амалы құрып, Тұр налып...

Жасанып келген қазақ жасағына қарап, Келдемұнараға қышпен қаланған Барақ батыр басы мұң шағып тұрғандай болады: - Адамның басы – Алланың добы. Доп болып ұшты кәлләнің көбі... Ақымақ ашу, ақылды өлтіріп, Арбадың мені, алдадың мені... Ертістен өттім – Ерленіп өттім, Жалғаннан өттім – шерленіп өттім. Тірімде Көкжал Барақ едім ғой, Өкінішімді өңгеріп өттім... Күршімді кештім – Күрсініп кештім, Шалқақтап кештім, Қырсығып кештім. Фәниде демім дауылдай еді, Бақиға... мәңгі тұншығып көштім. Сауырдан астым, Қалбадан астым, Жау қуған шаңды жолдан адастым, Шыққан үшпағым – осы болғаны, Күйігі өртеп тұрғандай қазір – Соңымда налып қалған алаштың...

Келдемұнара – Кегіме тұнып, Келе жатқандай керіле тұрып, Ызалы қолдың ашуы дарып – Кесілген басын іздеген денем Кетердей қазір тебіне тұрып... Самалын жұтқам Сағым даланың, Үйреніп өскем Шағылдар әнін. “Көкжарлы Көкжал Барақты алдым” деп, Мақтағандары-ай, кеудесі ісіп, Нәдір бала мен Сәдір баланың... Ауыл жайлаған Бөктерім қайда, Долданып кетер көк перім қайда? Қалмақты қырып, үрейін алған Мақтанға бөккен өткенім қайда?! Қанды қырғынға қағынып кірдім, Қаһарлы жаудың кәрін ықтырдым. Кеудемнен ұшқан ызғарлы кегім Қалың ғаскердің тамырын буып, Қырғын ұрысты сағынып тұрмын... ІҮ

Таң біліп келеді, - Қанды бүлік келеді... Әтекенің ғаскері Сәл құбылып келеді. Таңнан нәсіп – керегі, Жалмаңдасып келеді Нәдір бала қосыны Маң-маң басып келеді. Сеніп, күліп, келеді, Еліктіріп келеді – Сәдір бала әскерін, Бөріктіріп келеді. Жау жасағы қаһарлы – Келе бұзды қатарды. Күркірейді күндей боп, Танытардай атаңды... ...Жалаңаш баба келді хан қасына, - Пенденің түскені жөн тәубасына, Көрінді жау қарасы, есіңді жи, Шақырып батырларды ал қасыңа. Қайғыңды ханым, сеземін, Өртеніп тұр-ау өзегің. Сәске ауғанша амалда, Келеді сосын кезегің.

Сәскеге дейін жау басым, Сәске ауған шақта – жауға сын. Тілімді алсаң, тапжылма, Көресің сәске ауғасын. Оғанға дейін біреуің Дұшпанға қарай бармасын, Қолына қару алмасын... Жарақтанып қол келді – Қабатталып сор келді. Жаудың бетін Абылай – Қарап, бағып көрген-ді. - Ей, Ер Жауғаш, Ер Жауғаш, Сөзің сынап көр, Жауғаш Ақкөзденген дұшпаннан Бітім сұрап кел, Жауғаш! Түс ауғанша тұралық, Күш ауғанша шыдалық. Қарап тұрып қырылмай Амал-айла қылалық... Деп, Абылай қозғалды – Ойы топтан озған-ды. Қоралас ұлы ер Жауғаш “Ләббай” деумен сөзді алды... Жау тұсына келген-ді, Бітім сұрап көрді енді. Нәдір бала мастанып, Өз буына тербелді.

- Мен – Көкжарды Көкжал Барақты алдым, Жалғыз көзді қарақты алдым. Намысы қатты қазақсың. Сонда қайда қарап қалдың?! Қалың қазақ қолын қырдым, Қызыл қанға шомылдырдым. Ажалыңа тап келіпсің – Сорлы қазақ – сорың бұл күн!!! Бітім қылу арман болар, Елдестірмек жалған болар. Сүйегіңе бата жасап, Құзғын менен қарғаң қонар... ... Нәдір бала мақтанады, Сәдір бала баптанады. Тек Әтеке, күдік ойлап, Алдын ала сақтанады. “Бұл – немене еріккені, Не деді екен көріпкелі. Сарыарқадан Шу бойына Бітім үшін келіп пе еді?!” -Сөзім тыңда, Нәдір бала, Асқақтама, сабыр, бала! Абылаймен тайталасып, Сынар деймін, сағың бала!

Ол Абылай – қалмақты алған, Қасиетімен салмақтанған. Бұл дағы бір сұм айласы, Болар істі барлап та алған. Қуып келді Барақ кегін, Сапқа тізіп санатты ерін... Айла-амалы артқан ханды, Бір қорқаққа балап па едің?! Мен көргенде – пірі мықты, Бір сенімге жүгініпті. Абылайдың мың айласын Кім байыптап, кім ұғыпты?! Тоқтау қылам, тоқта бала, Түсесің-ау, отқа бала! Дарақылық опа бермес, Сәл ақылың жоқ па бала!!! - Әтеке, неден шошыдың, Үркектеп қалды қосының, Ұрандап шабар тұсымда Ұнамай тұр-ау осының... Әтеке, неден үріктің? Қызығын көргін бүліктің, Қызынып келген қазақтың Қызуын келер қырыққым.

Белуардан қанын кешкенмін, Барақтың басын кескенмін. Әулие деп ең біздерден Әтеке, неге сескендің?! Жауымның құтын қашырып, Бағымды тұрмын асырып, Келдемұнараға келіпті Ажалдарына асығып... Қаһарым демін тұсады, Қорыққанға ұсады Барақтың кегін алам деп, Барақтың жолын құшады... ... Қосыны жаудың сөгіліп, Әтеке кетті бөлініп. Айтқанын ұқпай басқаның, Мақтанды Нәдір не біліп... Көнбедің бала, текке деп, Әтеке кетті өкпелеп. ...Сәске де ауып, бір кезде Қалың қол келді бетпе-бет. Қамданып қазақ жасағы, Адымын алға ашады, Жалаңаш жерден топырақ ап, Жауына қарай шашады.

... Құлан адасқан шаң болды, Аттың бауыры қан болды. Жан аяспаған қырғынға, Шу атырабы таң болды. Қу адасқан тұман-ды, Қазақтар салды ұранды Шулаған Шудың толқыны Қып-қызыл қанмен шыланды. Осы ұрыста Нәдір бала, Сәдір бала бастатқан сегіз ұлымен бірге жүрген , жасы 88-ге келген қырғыз Жайылхан қарттың Абылай қолына түскендегі сөзі: - Қазақтай елдің ханысың, Тарапқа кеткен дабысың. Қапыда кетіп күңірендің, Көкжал Барақтай арысың. Әкелген атақ әр ісің, Алаштың сен бір бағысың, Қалың қолымды қаусаттың Барақтай ердің қаны үшін... Абылай деген даңқың бар, Соңында – қазақ халқың бар. Шалқақтағанға еңкеймес Ерлік пен өрлік салтың бар...

Жайылхан деген қартыңмын, Кәрілік жетіп алқындым. Сексен де сегіз жасымда Ызаңа сенің шарпылдым. Сегіз ұл атқа мінгесін Желігіп топқа кіргесін Бірге де жүрсем деп ердім, Білекке қару ілгесін . Мұсылман едің дінің бір, Қаза да берсем түбің бір Сегіз баламның кенжесі – Сегіз жастағы ұлым жүр. “Қанға - қан” деген сертің бар, Кеудеңді шалған өртің бар, Тұқым құртпассың, Абылай, Не қылам десең еркің бар... ...Осылай Абылайға сөз арнады, Қалың қол Абылайдан көз алмады. Кәрінің кемсеңдеген бұл сөзіне Қаһарлы хан Абылай төзе алмады...

- Сәтті боп, оңғарылған сапарым бар, Жауыма айбын болар атағым бар, Кенжесін сегіздегі аман-есен Еліне Жайылханның апарыңдар... ҮІ Дала... Дала... Өңі қашып. Жел безеді жонын асып, Шу өзені өксіп жатты, Арнасынан толып, асып... Аңғарына мұң іркіліп, Ағынында – ғұмыр тынып, Жағалауды ажал жайлап, Ойлайды Шу бүгін күдік... Сынған найза, Қанды жебе, Қажетсіз боп қалды деме, Келер күндер не боларын Түн біле ме, таң біле ме?! Қанды қасап – қырғын өтті, Дала жүзін күлгін етті. Аспан терең күрсінді бір, Тау тұлғасы дір-дір етті. Құлазыды құла дала, Қайғы қалды бұл арада. Кеудесіне қан ұйытқан Пендесінен құн ала ма?!

Күн-керуен көшті егіле, Зиярат қып естегіге. Күңгірт көзін көкке қадап, Уақыт-абыз “кеш” деді ме... Бұлт көз жасын іркіді,әні, “Кім кінәлі, кім кінәлі?” Осы сауал шулы Шудың Толқынында бұлқынады... БАБА ЖҰРТЫНА ОРАЛУ Ақ ала ордам қонған жұрт... Қазтуған жырау Шалкиіз жырау шалған жұрт, Қазтуғаннан қалған жұрт, Доспамбеттей қыршын ер, Соңғы демін алған жұрт. Ақтамберді толғанып, Махамбет атой салған жұрт, Дауға түскен ептінің, Жауға түскен тектінің, Таңдайынна түйірлеп, Сөз асылы тамған жұрт.

Тыңдағым келді жыр бар деп, Сол жұртта қалған кім бар деп, Тамырға біткен тарпаңдық, Қанымда менің тулар көп, Бұқардай даңғыл көкірек Қалдырып кеткен сыр бар ма ед... Бата боп жеткен пұлды сөз Шырмауықтайын шырмар кеп, Тастарға қарап тіл қаттым, Аспанға қарап тіл қаттым, Таскерең болып қалса да Бір арзуымды тыңдар деп. Аманатындай бар шалдың Тобылғы сапты қамшы алдым, Кісінеп жетті күрең жел, Күмбір үніне тамсандым. Келмеске кеткен ғайып боп, Кетбұға – күнді қарсы алдым, Жалына желдің жармасып, Жалғанға келді жар салғым, Кезеңге жеттім ойқастап, Өзенге жеттім байқастап, Қобызын шалып жыр толғар, Сазы да бөлек сал-шалғын...

Аймағы құтқа шомған жұрт, Ақ ала ордам қонған жұрт, Кесек те кесек кекті үндер Дұшпанның ізін шолған жұрт. Тасты да жарған, бас жарған Тіліме берік қорған жұрт, Ойы мен қыры тең жатқан, Ойға бір батқан орман жұрт, Көшімді бұрып келейін, Қосымды тігіп көрейін, Кеудемнен кері итермес, Бабама қоныс болған жұрт....

ТАСТАҒЫ ТАҢБА

Көк тастың тәніне қашалған, Көне сыр жұмбағын аша алман. Құлпытас, тіліңді тістейсің, Күрсінер шежіре тасыңнан, Уақыт өзіңе сүйеніп, Кеңістік көзіне жас алған. Көктүрк құйғытып күлікпен, Көрінсе, күллі жау үріккен, Көк сүңгі жол ашар қару боп, Күдікті түйреген үмітпен, Осынау даңқыңнан, бабалар, Тек таңба қаларын біліп пе ең?! Ұлықтап ер туған ұлыңды Таңбалап қалдырдың діліңді. Көзімді суарам көктасқа Көрердей дәуірді бұрынғы. Тас бауыр рухым сая қып, Құпия киеңе жылынды. Күн сүйіп, жел келіп құшқанда, Көз тастап тұрдың ба құстарға, Селт етпей қарапсың, көгіңнен Ғасырлар қиқулап ұшқанда. Құпия қалпымен қалғыды Кеудеңе тұрақтап сұс–таңба.

Найзағай күшіне дес бермей, Дауылдың сесінен сескенбей, Уақыт талқысын елемей, Қошамет легін қош көрмей, Қасқайып кеп тұрсың бұл күнге, Күллі рух өзіңе көшкендей. Сақтадың сартап қып дастанды, Табынтып жер менен аспанды, Кешегі құдіретті Түркіден Біздерге мұра боп тас қалды. ...Тастың да кеудесі шерленіп, Көзінен жұмбақтау жас тамды.

БІЛГЕ ҚАҒАННЫҢ КҮЛТЕГІНДІ ЖОҚТАУЫ

- Ұмай-ана, өзіңсің сыйынарым, Мен өмірден өзгеше күй ұғамын. Дана ақылшы тұрғанда Тоныкөктей, Халқымның білем сүттей ұйығанын. Қағанаттың асырдық талай даңқын, Тағыма да қызығып қарайды әркім. Бір ошақтың үш бұты емес пе едік,. Айрылғаның бірінен қалай халқым?! Қырық жеті – батырдың қыршын жасы, Ерлік жайын кеңесер шын сырласы. Күлтегінді жоқтаған түркілердің, Көмейінде тұншығып тұрсын жасы. Қайратына сенімді артқан інім, Сары далада бөрідей жортқан інім. Өзің барда қаған ем құдіретті, Құр сүлдерім қалғанда тақта бүгін.

Болған еді бір күнде түрік текті, Қазығымды сұм ажал жұлып кетті. Көңіліме көп күдік ұялатып, Ошағымның бір бұты сынып кетті. Көрер көзім көрместей қан жыладым, Білгір білік білместей абдырадым. Білге қаған атанған қыран едім, Бір қанатым қайырылып, талды қарым. Не болады тағдыры түркілердің, Амандығын жерінің мың тілермін. Өліп кетсем қайран жоқ.. тірі тұрсам, Жағадан ап дұшпанын сілкілермін. Жұбатады. Тоныкөк – дана бабам, Жат ыдыстың таза асы маған арам. Қорқынышты бір күдік жайлап алды, Жүрегімді... ажалың жаралаған. Еркіндігін еліңнің сақтаған ең, Дұшпаныңнан жеңіліс таппаған ең.

Сен кеткелі сенімім тас-талқан боп, Сүйретіліп шығамын таққа да әрең. Сұрасаңдар бүгінде осы халім, Ертеңді ойлап егілем, шошынамын. Күлтегінің мезгілсіз ажал тапты, Келеріңнен, елім-ай, шошынамын...

АДАЙ СҮЙІНҚАРА БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Қайғысын жұтып қазақтың - Қарайды шерден жүрегім. Алашқа сұрап азат күн Алысқан ердің бірі едім. Он екі ата Байұлы – Серкесі – Адай – біз едік. Асқақтық қана айыбы – Еркесі – Адай – біз едік. Хиуа жақтан қиқулап, Аллақұл алды мазамды. Қоқаңдап, Қоқан ұйқымды ап, Жұртыма салды назарды. Жұмысым қанша ед бүлікпен, Азаттық еді керегі. Айтақпен шауып түрікмен, Ауылымды шуға бөледі. Төрт тарап түгел дұшпан боп, Орыс та маған өшікті. Шапағат осы тұстан деп, Тіледім көктен нәсіпті. Бұғалық кимей бұлқындым, Оғына тосып кеудемді. Жұртымды бермей жұлқындым, Намыс боп жебеп ерлерді.

Адайдың туын көтеріп, Ұранын салдым Алаштың. Көкіректен намыс-от өріп, Түн қата жүріп, таң астым. Бодандыққа бермей жұртымды Ерегескенмен егестім, Жағам да талай жыртылды - Жасыған оған емеспін. Дүние-ғапыл, өттің-ау, Арпалыспенен, дүбірмен. Кіреуке-қабақ көп мынау - Ертеңгі күннен түңілген. Түңілте көрме, Тағалам, Бодан боп жұртым қалмасын! Алмасын дұшпан жағадан Етектен бөрі шалмасын! Бақиға бұрдым жүзімді – Жалғаннан мынау азатпын! Оғландар бассын ізімді Намысын сұрар қазақтың!!!

МАҢҒЫСТАУ ДЕГЕН ӨЛКЕ БҰЛ...

Анық-ау ғажап екені, Ей, шабыт, мені ерте жүр! Әулиелердің мекені – Маңғыстау деген өлке бұл! Жыраудың керіп көмейін, Толықсып шыққан ерке жыр Толықсып мен де келейін – Маңғыстау деген өлке бұл! Қаракөк Каспий – шежірем, Өзіңмен келді сырласқым. Жағаңды оймен кезіп ем, Адырды басып, қырды астым. Жеті жұрт қонған маң далам, Көне дәуірдің куәсі. Сырың бар ұрпақ аңдаған – Киең бар тылсым, расы... Теңіздің демі тербетіп, Тебіреніп тұрған аймағым. Даңқыңды көкке өрлетіп, Жаңғырып, жасап, жайнағын. Жыраудан қалған мұра бар, Төгейін мен де ерке жыр. Ақынның сөзін құп алар Маңғыстау деген өлке бұл!

ЕСІЛ

Есіл мынау – сылаң қаққан, Толқынында нұр аунатқан. Еркелеген самал желге Елжіреумен сыр аулатқан. Есіл мынау – тұнып аққан, Ерек көркін Күн ұнатқан, Оятады сазды әуенмен, Шығыс жақтан күліп ақ таң. Сары даламен сарын келген, Есіл деген – бәрін көрген, Жас қаланың бағын көрген, Астананың сәнін көрген. Есіл, Есіл...есіл өзен, Еркеле де көсіл, өзен. Бүгінге де ертеңге де Шежіре боп шешіл, өзен!

ҚАЗАҚТЫҚ ПЕН АЗАТТЫҚ

Көне дәуірдің күмбірі, Қоңыр шанақтың мұңлы үні, Қара қобыздың сарыны, Қаһармандардың арыны, Күлік біткеннің дүбірі, Әруақтардың күбірі – Тәуелсіздікке тәу ете келіп, тәж берді, Қастарына ертіп ақсақал-тау мен әз-белді. Қауырсын қалам қаз қанатынан үзіліп, Азат Алаштың асқақ тұлғасын жазды енді. Сағыныш көлбеп, сағымы көшкен сары бел, Төсінде ойнаған тарпаң мінезді тағы жел – Кескекті ердің сойлары шалған мекен бұл, Жадына тұтып шежіре қылған бәрін ел. Ер бабам еді еркіндік әнін шырқаған, Бұла-ғасырды белінен кешіп бұрқаған. Көк байрақ тіккен көк бөрі текті өр халық Өткенін іздеп, ертеңге басар бір қадам.

Сананы жайлап, көне дәуірдің күмбірі, Сайын далама азат рухтың тұнды үні. Азапты тарих – азаттық алған қазақтың Өзімен бірге мәңгі алып жүрер бір мұңы.

Қоңыраулы намыс қаруы болған еркін ел тынысыменен жерұйық болып жер түлер. Бабалар жолы қазына болған даламда Қазақтық қана Азаттық сәнін келтірер!

  • *

– Алтайдың асуын асқан кім? Ертістің кешуін кешкен кім? Балқан тау шалғынын басқан кім? Құрлықты айналып көшкен кім?

– Тақымын ер қажап, Дидарын жел қажап, Жүрегін шер қажап Еркіндік іздеген ер – қазақ!

Көк тулы қазағым енді азат, Шежіре боп қалды шерлі азап. Сарыарқа төсінен төгілген Бір күйді тыңдашы сен ғажап!!!

Аптапта өзегін талдырып, Көш бойы қайғысын қалдырып, Егемен елдіктің төріне Қиырдан жетті әрең шалдығып. Алаштың ерлігін ән қылып, Сары дала төсінде сән құрып, Азаттық, иншалла, тұрақтар, Қазаққа бақ болып мәңгілік.

ЖЕЛТОҚСАН...

Азаттық деген оңай ма, Оңай боп келмес орайға. Бүлк ете қалған бұл жүрек – Желтоқсан деген сол айда... Жедінің айы – желді ай-ды, Желіне тұнған шер-қайғы. Айтады сарын сан рет Ел жайлы, сосын мен жайлы. Жабырқап қалдық... солай ма?! Үмітті күдік тонай ма... Армандамасақ азаттық Ауылға біздің жолай ма. Азаттық еді – бір ғаріп, Азапты зарын тыңдадық, Бұлықсып тұрған кеудеден Бір күні шықты бүр жарып. Бұлқынып шығып тұманнан, Бағым боп қонды бұла арман. Бусанып қалды маң дала, Мұң-шерін бойдан шығарған. Бұлқынар бойда бұла күш, Тілегін қосқан мың арыс. Үміттің бағы жарқ етті – Күдігім қашты тым алыс...

Жедінің айы – желді айым, Жыр толғар болсаң – мен дайын. Айтайық енді аңыз ғып, Тәуелсіз болған ел жайын... Азаттық деген оңай ма, Құт болып келді қолайға. Тәу етем азаттығым деп, Желтоқсан деген сол айға...

ҚАРҚАРАЛЫ. ҚАСЫМ-ӨЛЕҢ. ҚАСҚА ЖОЛ.

Қара өлеңді түнеткен Қарқаралы – Қара бұлтты жүк қылып арқалады. Қара бұлттан Қасым боп өлең селдеп, Мәди салған сазды бір ән тамады. Қасым-өлең кезеді аспан елін, Шөліркетіп Арқаның қасқа белін. «Қара өлеңнің сезбесең құдыретін, Ей, жат пенде, жерімді баспа менің» - Деп тұрғандай өрт-кеуде дауыл-ақын, Поэзия демінен сауығатын, «Өртенген үй орнына өскен» гүлдің Тағдырына жүрегі ауыратын. Асқақ жыры – ақ алмас ақын Қасым, Айта алмаса айтарын – ақынға сын! «Сертке ұстаған семсер-жыр» жалт ойнатып, Нөсерлетіп, көк аспан шатырласын!

«Өртке тиген дауылдай» өр екпінді Ерен жырды қалың жұрт керек қылды. Қарқаралы – қара өлең ордасы боп, Қасым рухы піріндей демеп тұрды. Көрген жанды ойға сап, қайран қылып, Қарқаралы биігін айналды бұлт. «Дариға-қыз» қол бұлғар арасынан Мәңгі өмірдің сағымын сайран қылып. Қара өлеңнің ордасы – Қарқаралы, Абат мекен, кең жайлау Арқадағы. Қасым салған қасқа жол үстіндегі Қара өлеңнің тілінен бал тамады...

МАЗМҰНЫ

Бірінші бөлім ӨМІРЗАЯ - ШОЛПАН-АЙ...

Күзгі сарын... ........................................................................................................................ «Жан-жүрегімнің шөлдегені шын»............................................................................................. «Жапа-жалғыз тұр қайың»..................................................................................................... Жар жағасы... Жатаған үй.................................................................................................... «Өзіңе жазар хатым бар еді»..................................................................................................... Аллаға мінәжат немесе Рабиға ана рәуаяты............................................................. Маңғыстауға сапар............................................................................................... «Иә, Асаукөк, Қанжирен!» ............................................................................................... Ертегінің соңы............................................................................................... Етікші жездемнің өлеңі............................................................................................... Өлеңге арзу............................................................................................... «Теңіз жатты тебіреніп»............................................................................................... «Біздің көңіл сізге ауған»............................................................................................... «Өмірзая өксіді...түн егілді»... ............................................................................................... Ертіс пен Үлбі хикаясы............................................................................................... Марқакөл............................................................................................... Мөлдір әлем............................................................................................... Тас балбал һәм тағдыр............................................................................................... Құбылыс............................................................................................... «Жеті ғаламнан асқан»............................................................................................... «Тәңір түнді жаратыпты сорлы ғып».................................................................................. Қаһан............................................................................................... «Ақ қанатын жайған жел терістікте».................................................................................... Телегейде нән балық…………………………………………. Жапырак кешкен Сары Күз………………………….. Бұйығылау бөлмемнің……………………………………………….. Қызыл іңір……………………………………………. Ақырап та ғұмырын тауысты енді…………………………………. Естідің бе ақпан әнін………………………………………………………. Ақша бұлт баяу жүзіп келеді……………………………………………… Санамнан сағыныш тамшылап……………………………………………………… Тарбағатайым...........................................................................................................................

Ата қоныс..................................................................................................................................4 Айтқаншоқы.............................................................................................................................5 Тарбағатай. Қола шырағдан....................................................................................................6 «Арша жылады...»....................................................................................................................7 Көккемер...................................................................................................................................7 Жалғызтал.................................................................................................................................9 «Есетіндей сағыныш...»..........................................................................................................10 «Көңілім болды тағы да қапа...»............................................................................................11 «Сәуір шуақ төсіне тақса күліп...».........................................................................................11 «Арғанатыдан ескен жел...»...................................................................................................12 Ауылдан аттанғанда................................................................................................................13 Шыңдағы шынар......................................................................................................................13 «Қып-қызыл болып, алаулай жанып...».................................................................................14 «Ауылымның сыртында жалғыз бұлақ...».............................................................................15 Адасқан қаз...............................................................................................................................15 «Ауылым, әні, көрінді-ау...»...................................................................................................16 «Тозаңы шыққан ауылда...»....................................................................................................17 Көктем хабары..........................................................................................................................18 «Мың биігі асқақтық бір-бір дара...»......................................................................................18 Қысқы ауыл...............................................................................................................................19 «Сиқырлы ұйқы қалғытып кәрі шыңды...»............................................................................20 «Ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп...»................................................................................20 «Тұман көзін аштырмай қар-даланың...»...............................................................................21 «Сезім боп, сеңсең бұлттан жауған едік...»...........................................................................21 Сен оралмадың.........................................................................................................................22 Дала...көнені аңсау...................................................................................................................25 Жұбату.......................................................................................................................................25 Көне Ғұн тауын аңсадым, аға..................................................................................................28 Ертістің бойы............................................................................................................................28 Өскемен. Үлбі өзені және мен.................................................................................................29 «Ертіске қарай асығады Үлбі...».............................................................................................30 Мұзтау.......................................................................................................................................30 «Үлбі ағады баяу ғана үлбіреп...»...........................................................................................31 «Жүзі - қайғы, мұң бітімі...»...................................................................................................32 Алтай. Алты қыз аңызы...........................................................................................................32 Өскеменмен сырласу……………………………. Шығыстан шыққан күн......................................................................

Екінші бөлім

БҰЛТТЫҢ ӨКСІГЕНІН ТЫҢДАДЫМ

Самал желдің сарыны……………………………………………………………… Қара гүл...................................................................................................................................35 «Күдік боп арбап күндізім...»................................................................................................35 «Көктем оған шырайлы көрік берген...»...............................................................................36 «Мыстан мен шайтан ымдасып...»........................................................................................37 «Бақсының сарыны...»............................................................................................................37 «Жалықтым суық күндерден...»............................................................................................38 «Озбырлықтан бір өзін ала қашқан...»..................................................................................39 «Тереземнен түн қарайды...».................................................................................................39 «Есілден соққан ерке жел...».................................................................................................40 «Күн өртеніп, күлі қалды...»..................................................................................................40 «Таңым сұрғылт...».................................................................................................................40 «Шарап ішіп шалқыған кеш...»..............................................................................................41 «Түн. Жапырақ түс көрді...»..................................................................................................41 «Қараша, несін тебіренесің...»...............................................................................................42

«Таңым ызғар, тәнім мұздай...»............................................................................................43 «Түлен түлеген түн...»...........................................................................................................44 Ай екеуміз...............................................................................................................................44 Бұлт..........................................................................................................................................48 Қаз қанатындағы ғұмыр. Қорқыт..........................................................................................49 «Үнім өлді ішімде...»..............................................................................................................49 «Қызыл қанатты періште...»..................................................................................................50 «Мен не дейін...»....................................................................................................................50 «Тұңғиық көзді тымық түн...»...............................................................................................51 «Ерек тұлға емес ем...»...........................................................................................................52 «Көктемім – ғайып, өтті жаз...».............................................................................................52 «Көктен құлаған...».................................................................................................................53 «Кіммен тілдесем...»...............................................................................................................54 «Күн безектеп, ай жылыстап...»............................................................................................54 «Жүрек...»................................................................................................................................55 «Жүріп келемін...»..................................................................................................................55 «Бұлттың өксігенін тыңдадым...».........................................................................................56 «Өкінішімнің көз жасын....»..................................................................................................56 Көңіл........................................................................................................................................57 «Қоңыраулы көктің күмбірлегені...»....................................................................................58 «Шолпан туды...»...................................................................................................................59 «Айды етекпен жаба алмайсың...».......................................................................................59 «Жалаңаяқ жұлдыз кештім, жұбым – Ай...».......................................................................60 «Шолпанның өңі бозарып...»................................................................................................61 «Нұрлан-өлең түнді жарып...»..............................................................................................61 «Ес-ағамның құстарын-ай...»................................................................................................62 «Барады мынау қараша...».....................................................................................................63 «Қараша келді, дайындал...».................................................................................................63 «Өлсем орным қара жер»......................................................................................................64 «Сыңғыр-сыңғыр бұлақ үнін...»............................................................................................64 «Диуана көңіл...».....................................................................................................................65 «Көңіл түбіне күн бұғып...»...................................................................................................65 «Өксіді аспан... өксідім мен...»..............................................................................................66 «Күңгірт тартып күлгін күн...»..............................................................................................66 «Жарлауға біткен жалғыз тал...»............................................................................................67 «Мен түнге айналамын...»......................................................................................................68 «Әл үстінде жатыр сорлы үмітім...»......................................................................................69 «Қызыл іңірдің қызыл нұрына...».........................................................................................69 «Көзімнен жосыған жас...»....................................................................................................69 «Қособаның түбінде...»..........................................................................................................70 «Шарасыздыққа ет өліп...»....................................................................................................71 «Қаракөз бұлақ, қамықпа жаным...»....................................................................................72 «Қарашаның түлей түні...»....................................................................................................72 «Сарғалдақ көңіл желпілдеп...»............................................................................................73 «Кірпігіне мұз тұрған...».......................................................................................................74 «Қараман итті қан қылар...»..................................................................................................74 «Күллі әлем – күл, тіршілік – гүл...»....................................................................................74 «Сортаңға өскен сорлы гүл....».............................................................................................75 «Сенделіп, сенімім налып...»................................................................................................76 «Пендеге айтпа өкпені...»......................................................................................................77 «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді...»..................................................................................77 «Санам шырмалды шайтанның сандырағына...».............................. .................................78 «Бір кебісімді түн алып қалды...».........................................................................................79 «Ішкі дүнием – Ай тұтылған түн әлем...»............................................................................79 «Жалғыз жұлдыз көгімнен...»...............................................................................................80 «Көтеріп ап мұң-көзені...».....................................................................................................80 «Анығырақ көрмек едім ай меңін...»....................................................................................81 «Сары ала қаз-ау...»................................................................................................................81

«Жұмақ бар да, тозақ бар...»..................................................................................................82 «Бойым тарттым бүгіннен...».................................................................................................83 «Ар арбасты жаламен...».........................................................................................................83 «Қазымыр қаңтар...»................................................................................................................84 «Тереземнен күн қарайды...»...................................................................................................85 «Иманы – күмән кілең жат..»..................................................................................................85 «Күн тілінен нәр тамды...»......................................................................................................87 «Түпсіз-түпсіз құрдымға...»....................................................................................................87 «Мың жапырақ, мың үміт...»..................................................................................................88 «Сен сыңсытқан күйге егілем...»............................................................................................89 «Ей жүргінші, тоқташы...»......................................................................................................90 «Күн мүлгіп тұрып алды...»....................................................................................................91 «Қар үстіне гүл өсті...»............................................................................................................91 «Ақиқатты құндақтаған...»......................................................................................................92 «Анау жұлдыз...»......................................................................................................................93 «Құдірет деген құс бар деп...».................................................................................................93 «Суылдаған сұр жебе...»..........................................................................................................94 «Алдамшы өмір, құрғыр ма ең...»...........................................................................................94 «Қап-қара түнге қадалып...»....................................................................................................95 «Жошыны жұтқан Шыңғыстай...»..........................................................................................96 «Тәнін бүркеген жапырақ еді...».............................................................................................97 «Тымық түнде күбірлейді не деп қыр...»................................................................................97 «Бұлтқа қарай аяқ бастым...»...................................................................................................98 «Жауқазын шақ жалт етті...»....................................................................................................99 «Өртеңге өскен гүл едім...»....................................................................................................100 «Тұңғиық көзді тымық түн...»................................................................................................100 «Қабағыма ілінеді ауыр мұң...»..............................................................................................101 «Тұнжырар түннің түйіліп қабағы...»....................................................................................101 «Жалғандағы жалғыз мен...»..................................................................................................102 «Қылтиып қарайды талдан бүр...».........................................................................................103 «Ашынған терек аңырап...»....................................................................................................103 «Пендеге ғашық пешенем...»..................................................................................................104 «Өзге әлемнің тұрғыны едім...»..............................................................................................105 Мен............................................................................................................................................106 Пері қызы..................................................................................................................................106 «Керең шыңға қараумен жан жүдетем...».............................................................................107 «Көктемі өтіп...»......................................................................................................................107 «Көмейінен көмескі үн шығарып...».....................................................................................108 «Сүріндім жүрер жолдан...»...................................................................................................109 «Естіртіп ем жүрегімнің зар үнін...».....................................................................................109 «Сенімге ынтық сезімім...»....................................................................................................110 «Шындықты да көре алмадық...»..........................................................................................110 «Өз сырымды өзім біліп...»....................................................................................................111 «Ай туыпты тігінен...»............................................................................................................111 «Қара ағаш қамыққан...»........................................................................................................112 «Екі дүние, бірі – онда...».....................................................................................................113 «Ертегі түбі шын дейді...».......................................................................................................113 «Тәңірдің нұрын дарытпаған тас...».....................................................................................114 «Тас кеудесін жарып шыққан гүл-өмір...»...........................................................................114 «Періштесі пенде болған...»...................................................................................................115 «Көк түркінің ұланы болып...»..............................................................................................116 «Сезіледі бейіттердің тынысы...»..........................................................................................116 «Дерт уынан әлдеқашан өлген ем...»....................................................................................117 «Олай қаштым – болмады...».................................................................................................117 «Бөтен қала...көзге суық...»....................................................................................................118 «Ай жатыр. Жылжымайды...»................................................................................................119 «Ішкі дүнием...».......................................................................................................................120 «Қызыл іңір қылығына...»......................................................................................................120

«Ойнақ салар ақ боран...».......................................................................................................120 «Сыңсиды аққу...»...................................................................................................................121 «Ессіз елтіп...».........................................................................................................................122 «Көңілім артты күдікті көптен...»..........................................................................................122 «Боз сәулеге шолпытып сезімімді...».....................................................................................123 «Тағдыр жеңді...».....................................................................................................................123 «Сұм тіршілік...»......................................................................................................................124 «Қарға-күдік...»........................................................................................................................124 «Келермен аулап көңілді...»...................................................................................................125 «Аманат-жанды арқалап...»....................................................................................................125 «Суынып кеттім жел, сенен...»...............................................................................................126 «Көмейлеріне ән орай...».........................................................................................................126

Үшінші бөлім ТЕРЕЗЕМДІ ЖЕЛ ҚАҒАДЫ...

«Мен – қара күлікті мінгенмін...»..........................................................................................129 «Мен бармын...»......................................................................................................................130 «Табалай бер...».......................................................................................................................130 «Мамырдың күні құбылды...»................................................................................................131 «Сізді іздеумен сағынышым сабылып...».............................................................................131 «Мына қала – сұп-суық, сұрғылт қала...».............................................................................132 «Түнді кешіп белуардан...»....................................................................................................132 «Жүрек сыңар, өйткені өзім сыңар...»..................................................................................133 «Аялайсың-ау үш тал гүліңді...»............................................................................................133 Наз.............................................................................................................................................134 «Жатсынып жылтсыз жапанды мына...»..............................................................................134 «Түн...»......................................................................................................................................135 «Сары ала қаз да қайтып барады...»......................................................................................135 Түсімде......................................................................................................................................136 «Тебіренсем періштелер тілінде...»........................................................................................137 «Аудармайын өткенге есімді көп...»......................................................................................137 «Күндіз күнге егілдім...».........................................................................................................138 «Мамырға ілесіп, қырқаға келгем...».....................................................................................138 «Көкірегімде бұлқынған қайнар мұңға...».............................................................................139 «Бұл түн – сенен де...».............................................................................................................139 «Қарашығын құпиямен астарлап...»......................................................................................140 «Қырғауылдың қанатындай...»...............................................................................................140 «Шілдедегі сезім жайлы...».....................................................................................................141 «Үндемедің – үйдей пәледен құтылдың...»...........................................................................141 «Тәнім – суық, жүрек – мұз...»...............................................................................................142 «Қараңғы түнге қамалып...»...................................................................................................143 «Ай сұп-суық...».......................................................................................................................143 «Тереземді кім қақты?..».........................................................................................................143 «Жақындай алмай...»...............................................................................................................144 «Ұмсынушы едім үздіге...».....................................................................................................144 «Беймәлімсің...».......................................................................................................................145 «Іркілуші ем... айтылмай...»....................................................................................................145 «Беу, жалған, мені сынағаның ба?..».....................................................................................146 «Құп-қу болып, құлазиды құла дүз...»...................................................................................147 «Көмейінде тұншығып сылқым әні...»..................................................................................147 «Тілін тістеп, ыңыранып шындығы...».................................................................................148 «Мына ғалам сіз бенен бізді ұға ма...»..................................................................................148 «Кісі жары, кімім едің...»........................................................................................................149 «Сен және мен...».....................................................................................................................149 Іздеме мені................................................................................................................................150 «Шексіздікке жол тартқан жалғас-ғұмыр...»........................................................................151 Би кешінде...............................................................................................................................151

«Арманым ең, шыңыңнан құлап кеттің...»............................................................................152 Елік сезім..................................................................................................................................152 «Көгілдір сағым – көйлегім..»................................................................................................153 «Шатыр да шұтыр төбемнен...»..............................................................................................154 «Тозаң тұрды желегіне...».......................................................................................................154 «Бір терегім бар еді, мендік еді...».........................................................................................155 «Сенің ғана демеріңе сенгім кеп...».......................................................................................156 Сен барсың ғой........................................................................................................................156 «Аспан – анау...»......................................................................................................................157 «Қып-қызыл боп батты күн...»...............................................................................................157 «Сезіміме сүйенішім ендігі...»...............................................................................................158 «Тәңір, сірә...»..........................................................................................................................159 «Сіз – ғұмырлық шер болдыңыз...».......................................................................................159 «Не қыл дейсің...»....................................................................................................................160 «Тереземді жел қағады...».......................................................................................................161 «Мен сені көрмесем деймін...»...............................................................................................161 «Желтоқсанның желді күні...»................................................................................................161 «Ақ маралым – аңғалым...»....................................................................................................162 «Қалғып тұрған қайыңның...»................................................................................................162 Қаңтар.......................................................................................................................................163 «Сезімтал менің сенімім...»....................................................................................................163 «Түнге жылап...»......................................................................................................................164 Жоғалту.....................................................................................................................................164 «Қаңтарда қарға адым...»........................................................................................................164

КӨКТҮРКТЕР ӘУЕНІ Бұрынғы әуен........................................................................................................................166 Кешегі әуен............................................................................................................................175 Сұлтан-Махмұтпен сұхбат (поэма).....................................................................................179 Баба жұртына оралу..............................................................................................................193 Тастағы таңба.........................................................................................................................194 Білге қағанның Күлтегінді жоқтауы....................................................................................195 Адай Сүйінқара батырдың соңғы сөзі.................................................................................197 Маңғыстау деген өлке бұл....................................................................................................198 Есіл...........................................................................................................................................199 Қазақтық пен Азаттық………………………………………. Алтайдың асуын асқан кім?................................................... Желтоқсан..................................... Қарқаралы. Қасым-өлең. Қасқа жол…………………………………………… АУДАРМАЛАР

М.Ю.Лермонтов Аспан мен жұлдыздар............................................................................................................200 Романс......................................................................................................................................200 Альбомға (Байроннан)............................................................................................................201 Н.С.Гумилев Түс.............................................................................................................................................201 Түсімде менің...........................................................................................................................202 Күн-ару (поэма)........................................................................................................................202 Ақылды әзәзіл..........................................................................................................................206 Ханша........................................................................................................................................206 Әзәзілге ғашық қыз..................................................................................................................207 Заратустра жыры......................................................................................................................208 «Қайғының ауыр дауысы...»...................................................................................................208 «Алқызыл іңірдің бояуы...»....................................................................................................209 Оралу........................................................................................................................................209 Мен және сіз.............................................................................................................................211 Ажал..........................................................................................................................................211

Түс.............................................................................................................................................212 «Қаладан орманға қаштым...»................................................................................................213 Дұғалау.....................................................................................................................................213 Леонард.....................................................................................................................................214 Махаббат...................................................................................................................................215 Телефон.....................................................................................................................................216 Сен туралы................................................................................................................................216

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙