TELEGEI

Home

Ағайынның арасы...

Жанұзақ Аязбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ағайынның арасы...

Жанұзақ Аязбеков — «Ағайынның арасы...».

«Қостанай таңының» кітапханасы

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ

Ағайынның
арасы...

Әдеби-публицистикалық байып

Қостанай – 2015

Аязбеков Ж.
Ағайынның арасы...

«Центриум» ЖШС
Қостанай, 2015

«Қостанай таңы» кітапханасы» сериясымен жарық көріп отырған бұл кітап аты аталған басылымның Директоры – Бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбековтың газеттің «Бас редактор әлемі» легі бойынша жазған әдебипублицистикалық туындыларының толықтырылған екінші жинағы . Жинақта автордың бүгінгі қоғам өмірі, замандастарының руханияты хақындағы сентенциялық ой-байып, көзқарастары арқау болған.

Ағайынның арасы...

Дүние өзгеруде, дәуір құбылуда. Кешегі алысты жақын, жақынды бауыр тұтқан, туыстық тамырының бүлкілі де, күнкүлі де ортақ, қойы қоралас, өзен-бұлағы жағалас, үлкенінің айтары – береке-бірлік, кішісінің сөзі – тырмысқан тірлік дейтін ел-жұрт едік, қазір қандаймыз өзі?.. Сұраса келгенде, бір-бірімен жекжат-жұрағат немесе қарынбөле боп шыға келетін ағайынның ағайындық қасиетінен не қалды? Мұндай көңілдегі алаң сауалды бүгін біз бірінші қойып отырған жоқпыз. Қазақ қазақ болғалы ғасырлар бойы айтумен келеді. Мысалы, осыдан 250 жылдай бұрын, Қазықұрттағы ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқан Төле би, Есен би бастаған бір топ игі жақсылар жолда Досай би ауылына аялдайды. Аталас, ағайын, би-болыстар бірер күн қона жатып, ел жағдайынан біраз әңгіменің басын қайырады. Ел арасындағы кикілжің, жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін естігенде Төле би: "Арғымақ баптап не керек? Жабы қуып жеткен соң. Ағайын, туған не керек? Аңдысып күні өткен соң. Бес күн жалған өтеді, ажал қуып жеткен соң. Бір төбенің басына, тыға салып кеткен соң. "Сөйле, Төке!" – дейсіңдер, жастар бар ма тыңдайтын? Бұрынғыдай жұрт қайда? Айтатын оны біз қайда?" – деп, ашына сөйлепті. Құдайшылығын айтсақ, осы сөздердің бүгін де желке жалы күдірейіп тұр. Бұрынғыдай жұрт та, айтатын сіз де, біз де бармыз-ау, бірақ сәл басқалаумыз, басқамыз... Шүкір, ұлтымыз өсті, өнді, өркениетке ерді. Әлемдегі отыз озықтың қатарына ұмтылудамыз. Осындайда жан сүйсінтер жақсыдан гөрі, жамандығы құрғыр етегіңе оралып, мазаңды алып бітеді. Айдың күні аманда теледидарды қосып қалсаң, қылмыстық хроника: «Ағайын арасындағы жанжалдың ақыры атысып, кісі өлімімен аяқталды. Ұрыс-керіс бұрыннан қыз беріп, қыз алысқан құдалар арасынан шыққан. Қатар жатқан екі ауылдың адамдары мылтық, пышақ, шоқпар алып төбелескен. Немере ағайындылар да бір-бірін аямаған. Жаға жыртысқан жекжаттардың арасында үшеуі әйел екен. Жанжалдың салдарынан 2 адам опат болды", – деп қалың қазақ ауылындағы оқиғаны баяндап сұңқылдатып тұр. Ол ол ма, ағайынды айтасыз, әкесі мен баласы, анасы мен қызы дүние-тезекке таласып, төбелесіп, бірін-бірі ұрып өлтірген дегенге енді таңғалмайтын бір сұмдық болды. Біз сонда қашан бұзылдық? "Қазақтың психологиясы, мінез-құлқы Абайдың тұсында бұзылды. Болыстық жүйе қазақты қазаққа айдап салды. Ауылдар өзімен-өзі ит болып таласты да кетті. Партия-партия, ауыл-ауыл болып таласты. Ал, патшаның адамдары ортада параны алып отыра берді. Абай осыны көрді, Абай осыған өкінді. Халқының қай жаққа қарай кетіп бара жатқанына қатты уайымдады. Қазақ содан бері оңалмай келеді. Руға бөлінушілік, парақорлық, мінездің түзелмеуі осы күнге дейін қалар емес. Өткеннің осындай салқыны барлық жерде сақталған", – дейді ғалым-жазушы Мекемтас Мырзахметов. Ғалым сөзінің жаны бар. Несін жасырамыз, оны ішіміз біледі. Бірақ, қанша жерден

бұзылдық десек те, ағайынның арда емген асыл қасиеттері алқынды болып бойымызда қалып қойды. Қайсысын айтайық, әлі есімде аталас бір ағамыз кіндігінен перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына берді де, отбасымен нағашыларына көшіп кетті. Сол ағамыз ұлын қатарынан кем қылмай бағып-қағып өсірді. Баласы да ел сүйген азамат болып өсті. Ағамызға немере-шөбере сүйгізді. Ағамыз фәниден риза болып өтті. Інісі де дүниеден озған. Ағамыздың сол оғыланы өзі немере сүйіп, бүгін де әулет басы. Бірақ ағамыз да, оның інісі де өле-өлгенше балаға керексіз шындықты айтпай кетті. Екі жақ та сүйекке біткен сертке берік еді. Қазір бала беру немесе ағайыннан асырап алу – жоқтың қасы. Асырап алғысы келгендер енді заңға жүгінеді. Ағалы-інілер, немере ағайындар бір-бірінің қас-қабағына қарап өскен еді. Енді қазір бір-бірінің табағына, тамағына қарайды. Қала мен ауылда ағайындардың өзі шақырусыз бірінің есігін бірі ашуды қойды. Наурызда, айт күндері де бас сұғып, "құтты болсын!" айту ілу де біреу ғана. Туыс-туғандар қиналғанда бір-біріне қол ұшын береді, торқалы той, топырақты өлімді бірге көтеріседі. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» деген. Бұл жағынан "Туысы бірдің – уысы бір", әл-әзір безбүйректене қойған жоқпыз. Бірақ шыны керек, ағайыннан гөрі көрші-көлем, дос, жолдас-жоралар артық. Ағайынның арасы алыстап барады. Сирек барамыз. Той-томалақ, өлімжітімге де сылтау айту, апта – айға, ай – жылға жалғасып, аяғы сиырқұйымшақтанып, қуаныштың ерте-кеші жоқ, әйтпесе, "көңіл көрген жерде" деп өзімізді өзіміз жұбатып жүре береміз. Ағайын арасы "Бақ қонса, сыйлар алаш ағайында, Келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні Құл-құтан басынады малайың да", – деген ұлы Ахаң: "Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп қапқаны"... Сірә, бұдан кейін айтудың өзі артық десек те, халқымызда: "Ағайын бір өліде, бір тіріде керек", "Ағайынды жамандап туғанды қайдан табасың? Арғымақты жамандап тұлпарды қайдан табасың?" – деген нақыл сөздерден кейін ойланбай көріңіз...

Атаңа не істесең...

«Әке – асқар тау» деп басталатын бір айрықша ұғым бар еді. Еді дейтініміз – енді бәрі аласарып, жермен-жексен болмаса екен деген уайым. «Әке» десе көңілге тиетін, мазасыз күйге түсіретін үйір-үйір ойлар. Сана түкпірінен сонау бір есте бар ескі заманғы кесек мінез, атпан тұлға қариялар, әкелеріміздің сұлбасы қылаң береді. Әкенің қас-қабағы, ықылас пейілі деген бір бөлек дүние-мінез еді. Сағынасыз. Қайтесіз, енді бәрінің де қайтып оралмайтынын білесіз де, іштей тынасыз, тұнасыз. Бірде жұмыс бабымен Рудный қаласының «Қарттар үйіне» аялдадым. Еңселі үйдің ауласынан жеңіл көлікке мінген ер мен әйелді шығарып салып тұрған бір қазақ әжейді көрдім. Түрі өрт сөндіргендей, қапалы еді. Сәлден кейін барып еппен сөзге тарттым. Әжей: «Келгендер – балам мен қызым. Тұқымың өскірлердің бүйтіп келгені құрысын. Келіп алып, екеуі екі жерден отбасының кикілжіңін, жетпей жатқан қу дүниесін айтып сұңқылдайды. Әбден мазамды алып бітті. Осы жолы, – аман болыңдар, бар болыңдар, маған жандарың ашыса енді гәрі қараларыңды көрсетпей, келмей-ақ қойыңдаршы, жандарым. Мен сендерден, жаратқан Иемнен соны жылап тұрып сұраймын, – деп жалынып, жинаған зейнетақымды екеуіне қақ бөліп зорға құтылдым. Әйтпесе кететін түрі жоқ», – деді, кейуана сабырлы қалыппен. Қартайған ата-ананы «Қарттар үйіне» беру – алаш баласына арға сын, бетке салық. Бірақ осындайды көргенде шынымен-ақ күдер үземіз-ау... Бір статистикада: мектеп оқушыларының арасында 70% жуық бала – әкесіз. Олардың көпшілігі әкесінің емес, шешесінің тегіне жазылған. Сондай-ақ, балалары өз бетінше өмір сүріп жүргендер бар, себебі дүние қуған, қызмет буған әке – бір қиырда, шеше – бір қиянда дейді. Ал енді, егер сенсеңіз, бұл да жақында болған. Қостанайдағы бір сыйлы азамат құда-жекжатындағы бір үйлену тойына жиналып жүрген-ді. Аяқ астынан бармайтын болды. Себебін сұрағанымда, тойды тойлатпаған әулеттің атасы көрінеді. Тура баяғы «Қалқаман-Мамыр» аңыз-жырындағыдай. Екі жастың ата-тегін тергей келсе, әлі жеті атаға жетпеген екен. Әулеттің атасы құдалықты тоқтатып, тойдан бас тартады. Жан-жақтағы Алматы, Астана, басқа облыстардағы барша туған-туыс, құдажекжат, дос-жаранға хабарланып, шақыру билеті таратылып қойған еді. Шетелде тұратын баласының бос уақыты шектеулі, қызмет бабы көтермейтін жағдайына да, ұл-қыздарының, құдай қосқан кемпірінің жалыныпжалпайғанына да қарамады. Тас-түйін қатты да қалды. Сірә, ата әмірінен айнымайтынын түсінген той иелері ақыры қарияның ұстанымына мойын ұсынды. Бұл міне ХХІ ғасырдың он төртінші жылындағы оқиға. Бүгінде отбасында әке қабағын, әке беделін білмей өсіп жатқан балалар, әсіресе, қаракөздеріміздің қарасы көбейе бастады. Етіміз үйреніп, оны да өмір салты дейтін болдық. Бала кезде оқыған, кинодан көрген батыс өмірінің бәрін шіріген қоғамның сиқы деп түсінуші едік. Мысалы, Бальзактың «Горио әкесі» – екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп,

ақыры аяғы ит өліммен өлген 69 жастағы сорлы шалды еске түсіріңіздерші. Горио әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны – Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп, еркелетіп өсіреді. Бар арманы – сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы-мұңсыз бойжеткізіп, үлде-бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Өз басы ашжалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай-ақ қыздарының үлкені – графқа, кішісі – баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керісінше аямай шашты. Ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Дәрежелі күй біткен қыз-күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеубалалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр. Күйеубаласы әккі барон, бай, бірақ сараң. Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайырымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. «Керек десеңіз, құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін», – дейтін француз шалының осыдан ғасыр бұрынғы тағдырынан қазіргі біздікінің не айырмашылығы бар?! Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ». Қазіргі балаларға «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығатынын» айтсақ, қаперіне алар ма екен?

Заманға жаман күйлемек

...Тек айтыңыз, бүгін жаназа күні екі бие сойдырып жатырмын. Қырқына тағы бір бие сойдырам. Бола ма? – деп қырықтың қырқасына шыққан, доптай домаланған тып-тығыз жігіт ағасы шегір көзін қадап ауыл имамының алдына тапжылмай тұрып алды. Қырық шақты адам отырған зал іші сілтідей тынды. Имам ақырын ғана бұл шектен шыққан ысырап, әруақ аста-төк аспен риза болмайтынын айта бастағаны сол еді, әлгі мейманасы тасыған пысықай ашулана, қолын бір сілтеп, теріс бұрылып жүре берді. Жұрт әлгінің әдепсіздігіне ұялып төмен қарады-ау деп ұрлана көз тастасам... Тіпті басқа. Әркім әр жерден күңкіл-сүңкілмен имамды айыптап, кінәлап жатыр: "Кісінің дүниесін несіне қызғандыңыз, сойса өзінікін сояды екен, сіздің неңіз кетеді?", "Оларды бәрібір тоқтата алмайсыз, білгенін істейді, құраныңыз бен дұғаңызды оқып, тыныш отыра бермейсіз бе?" т.с.с. Ауылүйдің ақсақал, естияр деген ер-азаматтарының сөзінің түрі осындай. Танысым қояр да қоймағасын бірде оған еріп бір бай деген сыйласының үйіне қонаққа бара қалдым. Көз тартар зәулім коттедждің көк қақпасынан зіңгіттей келбетті жігіт қарсы алды. Байқаймын қағылез, елгезек. Өзін Абзал деп таныстырды. Жол көрсетіп, қолға су құйып, дастарқан жайып, осы үйдің бар шаруасына жанын сала кірісіп жүр. Бір ғана кемістігі: аяғын сылтып басады екен. Сондай-ақ, даусы жұмсақ, бірақ дыбыстағанда бір қырыл естіледі. Еппен сұрай келе ол осы үй отағасының інісінің баласы екенін білдік. Көзі ойлы да нұрлы. Бірақ, бір мұң бар ма қалай... Сол күні мені ерткен танысым үй иесімен байлық туралы айтыса-тартыса өзара оқшау қалды. Мен ретін тауып қашқалақтап жүрген Абзалды сөзге тарттым. "Мен әке-шешемнің жалғыз баласымын. Біз күйлі-қуатты тұрдық. Мен онға келгенде, олар ұшақ апатынан қаза тапты да жетім қалдым", – деп ұрланамұңая сөйледі, – содан бері осы көкемнің есігіндемін. Әке-шешемнің бар дүние-мүлкін басып қалып, мені мектеп бітіргеннен соң оқытпай, үй жұмысына жекті. Ерке өскен басым, алғашқыда көнбей, қиғалық салдым. Көкем сабамақ болып тұра қуды, мен қаша жөнелдім, сол сәтте балтаны жіберіп қалып, сирағымды сындырды. Ол ол ма, менің даусым саңқылдап шығатын еді. Сол неге екенін білмеймін, туғалы көкеме менің үнім жақпады. Мен сөйлесем, жүйкесі тозғандай болады. Бір күні удай мас болып келіп, аяққолымды байлап қойып, көмейіме қайнаған су құйғанда есімнен танып қалдым. Сенерсіз, сенбессіз, шыным. Туған інісінің баласы болсам да..." – деп, жанары жасаурай, орнынан тұрып кетті. Марк Орэл деген оқымыстының: "Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам, – бүгін мен адам бейнесіндегі жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аманесен оралуым керек", – дегені бар. Мен де сондай күйді кештім. Абзалдың көкесінің босағасынан тезірек кетіп, ойлап келемін, – бұл кім сонда? Қатыгез, болмашы байлыққа күйлеген жаман ба? Жаман-ау, сірә, жақсы болса туған бауырына қол көтеріп, қорлық көрсетер ме еді?..

Жарайды, фәниде адам пендесінің басынан не өтіп, не келмейді? Қатарыңнан қалмай, өмір сүру керек. Жөн-ақ. Рас, заман өзгерді. Жаңа құндылықтар пайда бола бастады, жаңа мәдениеттер қалыптасатын түрі бар. Адамзаттық өркениеттер алмасуға айналды. Ендігі жерде адамзат баласы бірбіріне бауыр, дос-жолдас, мейірман болар деген үміт кемеліне келіп, ізгілік пен қайырым мен мейірім үстем болуы тиіс еді. Ал, біз айдың күні аманында қаны бір бауырымызға қысастық жасаймыз. Қайтсек жақсы боламыз? Түсте теледидарды қоссам "КТК" каналынан жаңалықтар беріп жатыр. Дардай бір мекеменің дырдай бір елудегі бастығы тапа-тал түсте, шынашақтай жиырмадағы хатшы қызына ашуланып, бас салып тепкілеп, көкала қойдай ғып сабап тастапты. Тағы да сол жүгінсек қария сөзге жүгінеміз. Ақыл сұрағанда абыз: "Қарау болма. Ар-ұятыңды төкпей жүр. Тасымай жүр, тасыған төгілер. Ақылмен жүрсең, рулы елді жайларсың", – деп батасын беретін еді... "Бақ біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады, тауып қонғаны есейтеді, ауып қонғаны есіртеді" дейді халық. Сіздерді қайдам, біз бүгінде осы ауып қонған бақ көбейіп бара ма деп қауіптенем. "Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек", – деп, Абай атамыз заманға кінә тақпа! – дейді.

Жақсы – жаман

... Осы қара томардай кеспелтек шалды қырық жылдан бері білем. Бір айрықша қасиеті – өмірде адам пендесінің бір сөзіне, бір қылығына көңілі толған емес. Жасы сексенге жетті, әлі солай. Жұрттың басы қосыла қалған жерде біреу біреуді, біреу бір нәрсені жақсы десе болды, оның бәрін аяқ астында көк есекке теріс мінгізіп, бәтқордалап "жайратып" тастайды. «Осы күнде жақсы мен жаманның ара-жігі жоқ. Қыздар алпыс батпан зілтемір көтеруде, бокс деп жұдырықтасып, футбол деп өкпесі өшкенше жүгіріп ойнайды. Осыны жақсы дейміз. Ал, сондай әйелден қандай бала туады? Жақсы әйел қайдан шығады?» – деді шал. Отырғанның бірі шалдың сөзіне май құя түсті: "Танабек парамен бес жылға сотталғанда ауыл-аймақ, туған-туыс арасында одан жаман, жексұрын адам жоқ еді. Енді қазір қандай?! Ақша табудың көзін түрме үйретті ме, кім білсін, екі жыл болмай-ақ босап келген соң, байып шыға келді. Хан сарайындай үйі, қос-қостан қымбат көлігі, бірнеше дүкені, қалада жалға берген үйлері бар. Өзі аудан әкімімен құда. Танитындар "Тәке", "Тәке Таңқыбайыч" деп, алды-артында құрдай жорғалайды. Осының бәрі – бір-екі жылда. Бақ қонса, жаманың – жақсы, бақ кетсе, жақсың – бақсы болады" деді. Қазір бай болсаң, жақсысың. Байға тай мінсе де жарасады. Бірде танымал пысықай байшыкеш бір томпиған құрттай жорғалаған "Оканы" мініп келіп еді, жұрт жата кеп жатаған көлігін мақтай жөнелді. Жесір әйел Мейрамгүл Меккеге бір рет қажылыққа барып, енді қазір әкесіндей кісілерге, қожа-молдаларға ақыл айтып отыр. Одан жақсы кісі жоқ. Ал өмір бойы ақ, адал еңбегі мен өзінің ішкі имани әдетғадетімен күн кешіп жүрген ардаемген ағай бірдеңе айтқысы келіп, ыңғайлана бергенде, бір жеңгесі: "Өй, түгі жоқ, жаман неме, сен тыныш отыршы", – деп тыйып тастады. Отырғандардың әңгіме ауаны осы сарында жалғаса берді. Сол бас қосудың насихатын пайымдасақ бай-дәулетті болсаң – жақсысың, жақсылықтың небір түрін жасау қолыңнан келеді. Кедей болсаң – жамансың, кісіге пайда тигізуге дәрменің жоқ, шерменде пендесің. Қазір ар мен ұят, иман жақсы да емес, жаман да емес. Бұрынғылар не деп еді? Бұхар жырау: "Жаманмен жолдас болсаңыз, көрінгенге күлкі етер. Жақсымен жолдас болсаңыз, айырылмасқа серт етер. Жақсыға ерсең жетерсің мұратқа, жаманға ерсең қаларсың ұятқа", – десе, Сүйінбай ақын: "Жақсы жігіт елінің ағасындай, жақсының сөзін әркім пайдаланар, миуалы алма өріктің ағашындай. Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр, жүрер жолдан тал түсте адасып-ай", – деген. "Сендердің жақсы көргендеріңнің ішінде жамандық бар, ал жек көргендеріңнің ішінде жақсылық бар", – депті Құранда жаратқан Иеміз. Ал біз болсақ, жақсыны көргенде қуанып, жаманды көргенде ұялып, жұртты көргенде жұбанып дегендей күн кешсек-ті...

Қазақтың баласы

"Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба, сен мені? Мен қазақтың баласы!" (Қасым Аманжолов) деген осы бір ауыз сөздің қазақы бойыңызды қуалай кететін бір құдіретін тілмен жеткізу қиын. Қазақтың небір арда емген жақсы-жайсаңдардың осы сөз жан тұмары, рухани кредосына айналғаны аян. Дүние әлі де тәкаппар, дүние әлі де қатыгез, әлі де қатал. Адамзат өзін де, өзгені де өзгертті. Қазақ баласы да өзгерді. Бірақ, ұлттың осы саф қасиеті жоғалған жоқ. Осыдан отыз бес жыл бұрын Мәскеудегі Олимпиадада Жақсылық Үшкемпіров боз кілемге ойқастап шыққанда ұстазы Қабден Байдосов ақтық сәтте: "Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны!" – деп, айқай салғанда, Жақсылық болгар Павел Христовты алып ұрып, жауырынын жерге тигізген! Сонда Қабден ағасы жүгіріп келіп, кілемнің үстінен қапсыра құшақтаған күйі тұра жөнеледі. Жылап келеді. Қазақтан тұңғыш олимпиада чемпионы шықты! Соңынан қоса қуа жүгірген тілшілерге таңдайы кеуіп, қаталаған чемпион: "Қымыз беріңдерші, қымыз ішкім келеді", – дей беріпті. Міне, қазақы жан, қазақы қасиет! Шүкір, содан бері әлемдегі небір байрақты бәйгеден озған оғылан мен саңлақ алаш баласы бар. Ал кешегі желтоқсан көтерілісінде (1986) небәрі жиырма бір жастағы "қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жанын" садақа етіп: "Қазақ деген затым бар, еркек тоқты құрбандық. Атам десең атыңдар!" – деп сот үкімін қасқая қарсы алған Қайрат Рысқұлбеков нағыз қазақтың баласына, Халық қаһарманына тән рух көрсеткен еді! Көршіміз Көкшетаулық 12сынып оқушысы Әйгерім Әйтім көлікті күн сәулесімен жүргізуге болатынын дәлелдеп, ойыншық машина жасап шығарды. Әйгерімнің тағы бір жобасы – күн қуаты арқылы үйде электр энергиясын өндіріп, пайдалануды көрсетті. Осы білім ұясының тағы бір оқушысы Мадияр Шарипов көмірдің күлінен құрылысқа қажетті бетон жасап шығарған. Міне, осындай жаңалықтарды естіген сайын қаршадай қазақ балаларының есімдерін естіп, теледидардан дидарын көргенде жаның жадырып, әлдебір мақтаныш сезімі жүрек басын жылытып қоя береді. Ұлттық арнамыздағы "Шетелдегі қазақ балалары" арнайы жоба авторы Жанар Байсемізова сонау Америкадан қазақ балаларын іздеп қайтты. Сұхбатында: "Америка Құрама Штаттары мен Канаданы қосқанда бір айдың ішінде отыз шақты баламен кездестік. Сан түрлі тағдырлар. Кезінде туған анасы қоқысқа тастап кеткен қыз бен бір кезде Алматы қаласындағы көшелердің бірінде шырқырап жылап жатқан сәбидің де тағдырларының қалай қалыптасқанын көрдік. Қазақстан олар үшін енді жат ел саналады. Тілді білмейді, ағайын-туысы жоқ, олар не істемек?... Бәрібір қазақ баласы жаратылған жерінің тілімен жеткізе алмайтын құдіретті күші барын жұдырықтай ет жүрегі сезеді. АҚШ-тың Род Айленд деген штатында Сара атты қазақ қызын асырап алған американдық әйел Сюзен Саксон қазақ ауылын құрыпты. Жыл сайын сол ауылда "Жайлау" деп

аталатын жазғы лагерь ұйымдастырады екен. Бұл жерге Американың барлық штатындағы қазақстандық балалар жиналады. "Жайлауда" олар қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән-жырын үйренеді", – дейді. Америкалықтар нағыз адам болу үшін бала түбірінен ажырамау керектігін біледі. Алаш азаматына ұлттық намыс – рухани құндылық. Сәбетқазы Ақатаев марқұм: "Қазағым халқым! Ана тіліңді құдірет тұт. Ұлттың ұлы болып, мерейіңді үстемдет. Қазақ ұлығы! Әлемге қазақ ұлтының бар екендігімен санастыру жолын тап. Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол – сенің алтын қазығың! Әділет жолын іздестіруден танба!" – деген өсиет сөздері құлағымызда. Қазақ радиосынан ән төгілуде. "Ананың сүтін арда емген, атадан бала кем болмас. Қазақтың қара баласы, біріне-бірі қас болмас..."

"...Бауырым деп"

Осы күнгі зиялыларымыздың бірқатары батыс десе тітіркеніп, сол батысты мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па деп күйіне кететіні бар. Аты-жөні жоқ бас шұлғи беруді қою керек дейді. Неге бұлай дейтіні түсінікті. Көп себептің бір себебі – батыстың "еуроцентристік" асқақ, менмен идеясының салқыны. Бір сәт сол халімізді қоя тұрып, шынайы әділет тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ игілігінен, руханият қазынасынан өзімізді танып-білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес. Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың әлемді "біздер" және "бөгделер" деп қарастыратын жазушылар өмірге окоптан көз салады. Ал окоптан, амбразурадан адамдарды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман болуы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс" ("Егемен Қазақстан", 12.03.10) дегені осы жерде қисынды-ақ. Сондайақ, Шәкәрім бабамыз: "Адамның бәрі – өз халқың" десе, Мұстафа Шоқай: "Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей", – дейді. Рас, біз әлі жаhандық құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз. Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім-білім қазынасының басым көпшілігіне тек орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда. Бұл – шындық. Қазір, XXІ ғасыр – тану-жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен-кеткенді ақыл-ой елегінен жаңаша өткізуге, болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды. Қазақтар арасында күншығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілін жақсы меңгергендер көбейіп келеді. Түпнұсқадан тікелей тәржімалайтын шебер аудармашылар қатары да молая түсті. Астанамызда өтетін "EXPO – 2017" көрмеге келетін 5 миллион адам қазақ жұртына таңдана, тамсана кетуі ләзім. Ол үшін маңдай терлеткен іс, қуатты күш, сұңғыла парасат, асқақ рух керек. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу – аясы тар көзқарас. Бұл айналып келгенде, өркениетті жатсыну синдромы деген сөз. (Жатсыну синдромына кейін бірде арнайы тоқталатын боламыз) Керісінше, қазақтың жасампаз болмысын, ұлттық көркем санасын төрткүл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек. Себебі, бәсекелестікке төтеп беретін әлемдегі отыз елдің қатарына қосылу мақсаты қойылды. Біле білген, тереңіне үңіле білген кісіге бұл саясаттан гөрі, бұл – өмірлік қажеттілік. Әрбір алаш азаматы мұны жанжүрегімен қабылдап, алымды ой-сана, белсенді іс-қимыл таныту керек.

Тарихтың дөңгелегі енді қайтып кері айналмайды. Қазіргі зымыран заман көшіне ілесе алмау – халықтың соры. Ілесу – ол бірлесу, білек сыбану, күресу. Бүгінде жаныңды сүйсінтетіні – қыз-жігіттерімізде ата-бабадан мирас болған байсалдылық, еңбекқорлық, қағылездік, біліктілік, жаңашылдық сияқты көптеген қасиеттер жарқырап көрінуде. Батыс, Шығыс демей жер шарының бейқұт тірлігінің үлгі-өнегесін, құндылықтар атаулыға ұмтылып, меңгеруге күш салуда. Осының бәрі де ұлы даламыздан дарыған кеңпейіл, арда емген, бейбітшіл, татулықты ту еткен тектілігіміздің белгісі. Қандастарымыз кейде өзара әлдебір іске налығанда ерме, елікпе, желікпе, оңғақ, бедерсіз халықпыз деп, жанын жұлып жегендей күйініп жатады. Батырып айтсам, намысы оянар дейтіннен болуы керек. Қалай десек те, абыз атамыздың "Адамзатты бәрін сүй «бауырым» деп" айтқанынан артық айтқан ешкім жоқ .

Аузы дуалы, сөзі уәлі...

Кей кезде таныс, бейтаныс кісілермен кездесіп қаласыз да, қазақы ізетпен әңгімесін тыңдауға мәжбүр боласыз. Мәжбүр боласыз дейтінім, ол кісі сіздің әңгімеге құлқыңыз бар ма, жоқ па, онымен санасып жатпайды. Көбіне дәмі жоқ, татуы жоқ әңгімемен есіл уақытыңыз босқа рәсуа кететіні бар. Ұят та болса ашығын айтайық ата сақалы аузына түскен білімдар, өмір көрген, қызметте болған қарттар, ел ағасы болған кісілер. Мұндайда кейде сонау құлдыраған балалық шақ еске түседі. Бала кезде үйге ақсақалқарасақал, ақ жаулықты әжелер қонаққа келсе, бір ғанибет еді. Олар небір әңгімелер айтқанда, бала болсақ та босағадан, іргеден елітіп, ұйып тыңдайтынбыз. Әсіресе, кіріп-шығып жүрген балалар болсын, келін-қыздар болсын, соларға қаратып оймақтай етіп сөз ертіп жіберетін. Онысы жарасымды, қонымды, ұғымды. Кезі келгенде төрдегі қариялардың батасын алуға ұмтылып, қолына су құюға таласатынбыз. Ата-анамыз: "Аталардың аузы дуалы, сөзі уәлі. Батасы қабыл болады", – деп отырушы еді. Ел аузында жүрген мынандай бір тәмсілді айтайық. Ілгерірек заманда бір жолаушы танымайтын бір ауылға келіп қонады. Таңертең тұрса, атының ер-тоқымын біреу ұрлап кетіпті. Пұшайман болған қонақ жағалай сұрастыра жүріп, ауылдың қадірменді қариясына жолығып, басынан өткенін айтып шағынады. Мән-жайды білген ақсақал ауылдың бір алаяқ жігітіне, – алған ер-тоқымын әкеліп берсін, әйтпесе ендігәрі сәлемін доғарсын, – деп кісі жібереді. Хабар жетісімен әлгі: "Әгәрәки ақсақал сәлемімді алмаса, елге қарайтын бетім қалмайды, өйтіп тірі жүре алмаймын", – деп ұрлаған затын дереу әкеліп беріпті. Аузы дуалы қарияның бір ауыз уәлі сөзі ұрыны да тәубесіне келтірген. Ұлттың уызы ұйыған ауылды, сондай қазына-қарияны, енді қайтып көрер ме екенбіз?!. Таяуда Қостанайға жақын іргелі ауылда бір жас жігіт нақақтан нақақ жалалы болып, сотталып кетіпті. Азаматтың ақ, адал екенін ауыл үйдің еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін айтып отырды. Тек үй ішінде ғана. Жұрт көзіне таудай көрінетін арлы, намысты, ел қамын ойлайтындай, ешкімге есесін жібермей, еңсесін түсірмей жүрген ер-азаматтар ауылда баршылық екен. Бір таң қаларлығы, солардың арасынан бірде-біреуі аудандық сот, ауылға келген комиссия алдында жігітке араша түсуге, әділдігін, құдайшылығын айтуға жарамаған екен. Сонда бір кісі тұрып: "Біздің елде сөз емес, сөзді сөз қылғаннан өзге пәтуәлі іс қалған жоқ", – деп таусыла сөйледі. Бәлкім, күйінгеннен шығар?.. Десек те, бір сұп-суық селқостық ауылдас тұрмақ, ағайын, туған-туысқандар арасын дендегені анық. Бір хан түс көріпті. Аузында бір тісінен басқа тістерінің бәрі түсіп қалыпты. Қатты шошып оянған хан екі уәзірін шақыртып, түсін жорытыпты. Хан: – Түсімді көңіліме қарамай әділ жорыңдар, ұнаса сый-сияпат аласыңдар, ұнамаса бастарыңды кесемін, – депті. Содан бірінші уәзір:

– Түсіңіздің мәні былай, хан ием, сіздің бар туғандарыңыз қырылып, жалғыз өзіңіз қаласыз, – депті. Сонда хан ашуланып: – Бар туған-туысым қырылып қалса, қалған өмір бос емес пе, не деп отырсың? – деп басын шаптырып тастапты. Мұны көріп отырған екінші уәзір қорыққанынан дірілдеп, дұрыс жорыған уәзірдің басын шауып тастаған ханға, түсін қалай жорырын білмей: – Хан ием, сіздің өмір-жасыңыз қалған туыс-туғандарыңыздың бәрінен де ұзақ болады екен, – деп жорыпты. Сонда жаңа ғана қылышынан қан сорғалатып отырған ханның жүзіне күлкі үйіріліп: – Сен дұрыс жорыдың, сөз құдіреті деген – осы! – деп сый-сияпат жасапты дейді. Байқасақ, екі жору да бір, бірақ екіншісінің аузы дуалы, сөзі уәлі болып отыр. Біздің халық ертеңінен жақсылық күткен, күдерін үзбеген. Аузымен құс тістеген ділмар да, шаршы топта таңдай қаққызған шешен де, тілін ақылына билетіп, әсерлі, уәлі сөз айтқан көсем де ел арасынан шыққан еді. Үлкендерге сәлем беру, құран оқыту, садақа тарату, бата жасау, қонақ күту дәстүрінде небір жарқын сөздер айтылып жатады. Замандастарымыздың көбісінің жанары жарық, көкірегі ояу, дүниеқоңыз, ақшаға құл емес, досжаранды, қайырымды да мейірімді. Қасында жүрсең, жаның семіреді. Неге екені белгісіз, осындай кісілердің біразының аузы дуалы, сөзі уәлі емес. "Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ" деген осы ма?

Аңдамай сөйлеген...

"Адам жасаған он күнәсінің
тоғызын тілден табады»
(П.ғ.с.хадистерінен)

Автобусқа қасында бір ересек баласын ерткен алпысты алқымдаған егде кісі мінеді. Олардың қатарына келіп жігіт пен қыз отырады. Шалдың қасындағы бозбала терезеге таяу орналасқан екен. Көлік қозғалғаннан кейін, ол терезеге қарап отырған күйі: – Әке, көремісің, барлық талдар біздің артымызда қалып барады, – деп таңырқап айқай салады. Әкесі жауап ретінде езу тартып күлімсірейді. Ал көршілестері мына ересек баланың сәбилерше таңырқаған қылығын ұнатпай, тітіркене қарайды. Біраз жүрген соң кенет әлгі бозбала: – Әке, көрші әне, көл жағасында мал жайылып жүр. Аспандағы бұлттар да бізбен бірге келеді! – деп таң-тамаша болып тағы айқайлап жіберді. Ерлі-зайыпты жастар тағы да мына бозбаланың қылығын ерсі көріп, есі дұрыс па, мұнысы несі дегендей, жігіттің әкесіне қарайды, ол сол жайбарақат сабырлы күйі отыра береді. Бір уақытта жаңбыр жауып, ашық терезеден тамшылар баланың қолына тигенде, ол қатты қуанып, көзін жұмып: – Әке, жауын жауып тұр. Тамшылар менің қолыма тамып жатыр. Көрдің бе, әке? – деп тағы да айқайлады. Қатар отырған екеудің төзімі әбден таусылса керек, бозбаланың әкесіне: – Сіз мына баланы дәрігерге апарып көрсетіп алмайсыз ба? – дейді. Сонда әлгі егде кісі: – Біз сол дәрігерден келеміз. Он сегіз жылдан кейін суқараңғы баламның көзі жазылып, мына жарық дүниені өмірінде тұңғыш рет көріп келе жатқан беті, – дейді. Бұл белгілі әфсана, тағлым-әңгіме делік. Әйтсе де "аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі" дейтін ежелден бері келе жатқан мақалдың әлі жаны бар, сірә. Еліміздің батыс өңіріндегі ел аузынан. Елкей хан бір жиынға барса, көпшілік үндемей бір биді күтіп үнсіз қалады. – Бізде алдымен Абан би сөйлейтін, сол бастайтын, – депті бірі. Ол Абан биі кешігіп келіпті. Аласа бойлы, ажарсыз қара кісі екен. Бидің тұрқына көңілі толмай, хан көрген бетте былай дейді: – Әлгі күн ұзаққа елдің "Абан, Абан" деп дәріптегені осы ма еді? Азған жаушымшық торғайдай шылпиған, үйрек бас немені өлгенше мақтағаны несі? – дейді . Елкей де басы қалқиған, аяғы талтиған адам. Сонда Абан би ханға қарап былай депті: – Уа, тақсыр! «Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піскегі» деген емес пе? Қарны қабақтай, шекесі тоқпақтай өткендерді, өлген билерді қайдан іздейміз? Әркім азса, қатарымен азатын көрінеді ғой, оны өзімізден

көрмесек, кімнен көреміз? Бұл қазық бастан – хан, үйрек бастан – би шыққан заман ғой! – дегенде, Елкей тосылып, жауап таба алмай жерге қарапты дейді. Бірақ осы неге екені белгісіз ғасырлар өтсе де, әліптің артын бағып, әр нәрсенің аңысын аңдып, сабырдың ақырына салып барып сөйлеуді әдетке айналдыру неге қиын? Бұл қанға сіңген дүние ме өзі?.. Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу реформаға түседі деген жаңсақ ақпараты туралы Үкімет отырысында Алматы қаласы әкімінің сөзін бөле отырып, Елбасы: "Халықты дүрліктірмей, дұрыстап түсіндіру керек. Біреу бірдеңе айта салды, біздікілер отырған жерінде қойып қалады, тіліне ие болмай, кейін бәріне жауап беруге тура келеді", – деген еді, үкімет мүшелеріне қарата сөйлеп. Осы күні теледидардан, баспасөз бетінен де олай құлқыжытып, былай құлқыжытып сөйлеп, сала құлаш материал жазып, сау басыңды мың-дың ететін сөзшеңдер көбейді. Аңдамай айтып, ел ішін ала тайдай бүлдіретіндер көбейіп кетті. Олардың бір жаман жері – өмірі өз кінәсін, шалыс басқанын мойнына қойып берсең де, түзелмейді. Осы біз қалай сөйлеп жүрміз?

Бес жапон немесе Бауыржан

Сонау он тоғызыншы ғасырдың алпыс үшінші жылы. Жапон елінде төрткүл дүниеден оқшауланып, сырттан кіргізбейтін, елден шығармайтын, егер кеткендерді біліп қойса өлім жазасына кесетін бір қатыгез заман орнапты. Бірақ күндердің күні арман қуған, тепсе темір үзетін жапонның бес жігіті мынандай нартәуекелге бел байлайды. Ағылшынның сауда фирмасы кемесінің олармен келісіп, жағалауға келгенін пайдаланып, ағылшын теңізшілерінің киімін киіп, жасырынып шетелге аттанады. Содан 135 күн бойы, алдымен Шанхайға, Шанхайдан Лондонға кемемен жүзіп, ақыры есен-сау жетеді. Ұлыбританияның Виктория ханзадасы билеген тұста ағылшындар күншығыс елінен келген бесеуді жылы қабылдап, бірден университет колледжіне оқуға қабылдайды. Арада бес жыл өтіп, оқуды бітіріп, маман болып шыққан бес жапон ештеңеге қарайламай туған еліне қайтады. Жапонияға келгенде заман өзгерген екен. Бес жігітке өздерінің қабілет-қарымын көрсетуге даңғыл жол ашылады. Олар білек сыбана талантымен тәнті етіп жапон Үкіметінің құрамын жасақтауға белсене кіріседі. Бесеудің бірі – Ито Хиробуми 4 рет Жапонияның премьер-министрі, 2 рет ішкі істер министрі, бір-бірден әділет және сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Ең бастысы – Жапон Конституциясының авторы және Гэно императорының ең жақын кеңесшілерінің бірі болады. Ал Иноуэ Каоруда Үкімет құрамында қоғамдық жұмыс, сыртқы істер және егіншілік министрі қызметтерінде болады. Ал Эно Кинсукэ ұлттық валюта енгізуге қатысып және Осакодағы монета жасайтын сарай соқтырған. Иноуэ Масару жапония "темір жолының әкесі" атанады. Бесеудің соңғысы Ямао Едзо кеме жасайтын кәсіпорынды басқарып, одан соң инженерлік колледждер, сондайақ, зағиптар мектебін ашады. Бұларды көріп Жапониядан тағы 15 адам Лондонға аттанады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жапондық көптеген жастар Кембридж және Оксфорд университеттерінің оқып, елге оралып жатты. Сол жастардың қажыр-қайратымен реформаторлық ізденісәрекеттерінің арқасында қараңғы артта қалған Жапония әлемдегі ең озық технологиялық державаға айналды. ...Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы аса сұңғылалық танытты. Бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру үшін аса маңызды шаралардың бірі – халықаралық "Болашақ" стипендиясын тағайындауға Жарлық шығарды. (1993 ж.) Ел экономикасына реформаларды тиянақты жүргізу мақсатында достастық елдердің тарихында тұңғыш рет қазақ елі талантты жастарды шетелге білім алуға жіберді. Әл-әзір нәтижесі: Алғашқы он жылда (1994-2004 ж.ж) 785 студент шетелде оқыса, бағдарлама іске асырылған жиырма жылда 10 025 шәкіртақы тағайындалды. Оның ішінде 6 015 экономиканың нақты секторларында жұмыс істеуде.

Ал билікке қолы жеткендердің ішіндегі көрнектісі – 1994-1998
жылдарда
Федеративті
Германия

республикасында
"Болашақ"
бағдарламасының стипендиаты болған Бауыржан Байбек – "Нұр Отан"
партиясының бірінші орынбасары.

Жылтыр, жылтыр...

Қараңызшы, мына дүние қандай? Бәрі жылтыр! Көк тіреген зәулім шыны үйлер – жып-жылтыр, лыпылдаған, зуылдаған көлік атаулы – жыпжылтыр. Табан асты асфальт та, киген киіміңіз де, ішкен асыңыз да жыпжылтыр. Сәніміз де, әніміз де жып-жылтыр! Өтірігіміз де, жағымпаздығымыз да, өзіміз де, сөзіміз де – жып-жылтыр. Кедір-бұдыр некен-саяқ. Жасасын, жылтыр дүние! Жасасын, жалтыр, жарқыл! Сұмдықай, дүниенің де жаны жылтыр... (Бірақ расында жаны бар ма өзі?) Абайдың үлкен атасы Өскенбай елді күшпен, зорлықпен меңгерген морт мінезді болса керек. Мысалы, – деп жазады абайтанушылар, – бір күні ауылына жүгініске Мәмбетай деген кісі келіп, өзі де сөзі де жып-жылтыр, зузу етіп, дес бермей кетеді. Сонда "Тоқта, жылтыр, сені ме!" – деп қатты ашуланған Өскенбай Мәмбетайды бас салып, мұрнын кесіп алыпты. Бұдан кейін Өскенбай жүрген жерде жұрт аузын абайлап ашатын болыпты. Абыз-қаламгер Әбіш Кекілбаев жаны маза бермегенде жыр жазады екен. Бір өлеңінде: "...Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе, жарамсаққа жалтыратып сөз бердің. Уа, табиғат! Өкпелімін өзіңе – қызғаншаққа жарқыратып көз бердің", – дейді. Таяуда Шымкенттің 5 жасар айдың күні аманында аяғын сындырып алды. "2 наурыз күні кешкісін үйде ересектер жағы тамақтанып отырған болатынбыз, – дейді баланың анасы Балғын Жоланова, – ал балалар көрші бөлмеде компьютерде ойнап отырған. Кенет ұлымның шыңғырған дауысы шықты. Бөлмеге барсам, балам шырқырап жерде жатыр. Тез арада ауруханаға апардық. Дәрігерлер баламның қолын рентгенге түсіріп, бір шыбығының сынып, екіншісінің жарылғанын айтты. Кейін баламнан не болғанын сұрадық. Сөйтсек, компьютердегі ойыннан жалығып, орнынан тұра бергенде тайып құлапты. Кесір – Қытайдың сырты жып-жылтыр шұлығынан келген. ("Замана") Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай болыпты. Басқадан бір ерекшелігі – жылтыраған дүниенің бәрін: киім-кешек, дүниемүлік, мал-жан дегендей жақсы көріп, жинай берген. Сол Жылтыр байлығына масаттанып, бір дәруіштен: "Мен қашан өлемін?" – деп сұрапты. Сонда дәруіш: "Тақсыр, сіз аштан өлесіз", – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, жалт-жұлт еткен дүниенің ортасында малынып, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Сонда дәруіш тұрып: "Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз", – деген екен. Өткен көктем-жаз маусымдарында жылтыраған металл түсті бірегей жылтыр көйлектер, белдемшелер мен жейделер, көздің жауын алатын сөмкелер мен аксессуарлар салтанат құрды. Металл түстес аяқ киім небір мейманалы кештерді жайнатып жіберді. "Jenny Packham", "Lanvіn", "Dіor"

фирмалары мен ательелер ұсынған көйлектер, сырт киімдер және аяқ киімдерге сұраныс артты. Киімді, дүниені айтамыз-ау, бұл не тәйірі, қазір кәрі-жасымыз бетәлпетті, Алла жаратқан денемізді пластикалық операциямен "үтіктеп", жылтыратуға ұмтылып жатырмыз. Көңілдің жастығы әдіра қалды. Сыртқы сын-сымбатың жылтырап, жалтырап тұрсын деңіз. Ақын К.Ахметов: "Жылтыр, жылтыр, бүгінде жылтыр – бәрі. Жылтыр үміт – бәрінің ұмтылғаны, жылтыраққа жүгініп жатса жұртың, жүрегіңнің не керек бұлқынғаны?!." – депті. Иә, жүрегіңнің бұлқынғаны не керек, ол да жылтыр...

Кие түс көшіп барады

Қазір сан алуан түс жайнап-жарқырап, кемерінен асып-төгіліп, сиқырлана көздің жауын, жүректің дегбірін алып жатыр. Кәдімгі көз алдыңыздағы түрлі түстің салтанаты дәуірлеп дес бермей барады. Байқайсыз ба, адамзат баласы Жаратқан ием берген алуан түсті үйлесімді күйі, болмысбітісін бұзып, шектен тыс бояулатып, жарқыл-жұрқылға көміп жіберді. Кімнің қандай түсте киесі барын шатастырып алдық. Соның салдарынан адамның жан дүниесі де татым-тұшымы жоқ жаңа бір түйсік-түзілімге айналып бара жатқандай. Ішкі үніміз де салдыр-күлдір, шаңқ-шұңқ. Ал Аллатағаланың қазақ баласының еншісіне берген тек өзіне тән, төрт құбыласы тең, құдіретті киелі түсі қайда? Яғни – Қоңырымыз қайда? Қоңыр десе... Ой-хой, қоңыр жүзді, қоңыр мінезді, қоңыр дауысты алаш баласы; Байқоңыр, Жетіқоңыр, Үшқоңыр, қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр дала, қоңыр бел алаш жері; қоңыр тай, қоңыр қой, сиыр, қоңыр түйе түлігі көзге елестейді. Ал "Назқоңыр", "Телқоңыр", "Әсемқоңыр", "Қоңырқаз", "Ақсаққоңыр", "Мырза қоңыр", "Алпыс екі қоңыр", "Қорқыттың қоңыры", ән-күйлер алпыс екі тамырыңызды балқытып, ғажайып бір рахатқа бөлейді! "Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып" ("Алпамыс батыр") ; Бес қаз ұшып келеді. Сансызбай қазды көреді, жалғыз ағам Төлеген, көре алдың ба қоңыр қаз? ("Қыз Жібек"); "Көлде жүрген қоңыр қаз, қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, су қадірін не білсін?" (Асан қайғы); "Кешегі бес болыстың жиынында жайқалтып Ыбырай салған "Жаймақоңыр" (Үкілі Ыбырай); "Жағалап қара Ертісті Естай ақын, деп салған "Жай қоңыр" деп әннің аты" (Естай); "Көлбетіп қоңыр бұрымды, өреді қайта тарқатып, айнаға қайта бұрылды: көкірек – биік, арқа – тік" (Жұмекен), – деп, қуанышқайғы, шаттық-думан, мұң-нала – бәрі-бәрі қазақтың жан-жүйесі тек қоңырлайды, қоңыр бебеулейді, қоңырлай асқақтайды. Осының бәрі келіп кеудені кемерлеп кернегенде, жүрек асқақтағанда Аллаға қазақ болып жаратқаны үшін шексіз алғыс айтқан ата-бабаларымыз. Қобызға бесті айғырдың ту құйрығын тағып, оны қыл байланған ысқымен ысу арқылы қоңыр дыбысын аңыратып, боздатады. Қобыздың шанағын нар түйенің қоп-қоңыр терісімен қаптағандықтан "Нарқобыз" атанған. Ұзатылған қыз төркініне сағыныш-сәлемін өзі тіккен орамалының түр-түсімен аңғартса, оның жиегін тек қоңыр жіппен өре кестелеген. Аңшы қазақ «қоңыр аңның киесі атады» деп мылтық кеземеген. Ананың ақ сүті мен әлдиін, домбыра күйдің күмбірін, қоңыр жусан мен самал иістің лебін бойына дарытқан, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртында, шыққан тегін қастерлеп, жеті атасы жадында, жақынды бауыр, алысты жақын тұтқан, ағайынмен ұйысқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, бір шаңырақ, көк тудың астындағы бір қазақ – қоңыр қазақ! Шіркін, осының бәрі түсім болмағай! Қазір қазақ жанталаста...

Беттегі әжімді жазып, қоңыр жүзін ақ түске жаңғыртуда, қоңыр мінезі тоңқылдақ, күлкісі – шәңкілдек, қоңыр дауысы күшеншек шаңқыл. Мына сұмдықты естідім де сенбедім. Бірінші рет жасанды түсік жасатқан қазақ қызының қоңыр даусы лезде бұзылып, үнінде қайрауықтың күйіндей ащы дыбыс пайда болады екен. Ал жылқыда "үстінен су төгілмес майда қоңырлардың" орнына дүңкілдек "дончоктар" көбейген. Иллюминатордан қарап отырып қазақтың ұлан-ғайыр қоңыр белін ақбоз сортаң түс басқанын көрдім. Қоңыр түстің киесі қайда көшіп барады?..

Номад немесе Кейкі...

Егер әлемдік көркемөнер аренасына барлай қарасаңыз, Еуропа мен Америка елдердің тарихи-аңызға айналған ғажайып батырлар ерлігін баяндайтын туындылары тарих қойнауында қалды. Ф.Купер, М.Рид романдары бойынша түсірілген кино картиналар да аға ұрпақтың жадында. Гойко Митич сомдаған өжет, айлакер үндістер, Сильвестр Сталлоне, Дольф Лундгреннің ковбойлары, мексикалық аңыз-батыры Зорро қайтпас та елжанды ерлердің бейнесін елестетеді. Өткен ғасырдың 1960 жылдары Италия Спагетти-вестерн көркем фильмдерін ойлап тауып, он жыл ішінде 600-ден астамын шығарған екен. Бірақ олардың да дәурені өтті десек те, зымыран уақыт экшн-туындылардың әлі де өміршеңдігін аңғартып отыр. Жыл сайын әлемде 500-ге тарта осындай кинотуындылар прокатқа жіберіледі екен. Батыстық өнер сайыпқырандары өнерге өзек боларлық материалдар өз елдерінде таусылғанын мойындаса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Енді тың дүниені Орталық Азиядан іздей бастаған сыңайлы. Әсіресе, көшпелілер, мына біздердің кешегіміз, тарихтағы номадтар ғұмыры қызықтырады. (Қазақтың "Көшпенділер" картинасына түскен шетелдік кино жұлдыздарының бір мақсаты осында жатыр). Бұл тегін емес. Бізде шынымен-ақ, төрткүл дүниені таңдай қақтыратын тың материалдар көзі бар. Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған – қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыс-салттық жырлары, аңыз-әңгімелері. Әсіресе, ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған баһадүр-батырларымыздың ғұмыр-қарекеті. Айталық, дала рыцарлары – біздің Кейкі, Нарындағы Құныскерей, Жетісудағы Жақыпберді сияқты оғыландар. Осы сияқты айрықша тұлғалар туралы көркем, драмалық шығармалар, ғұмырнамалық-құжатты әңгімелер жазылған, әлі де жазылуда. Мысалы, құралайды көзге атқан мерген "Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген" деген артында сөз қалған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының (1871-1923) көркем тұлғасы кезінде Ғ.Мүсіреповтің "Аманкелді" пьесасында, М.Жұмағұловтың "Қыран қазасы қияда" кітабында, А.Нұрмановтың "Құланның ажалы" романында, Серік Тұрғынбекұлының "Кейкі батыр" тарихи дастанында азды-көпті көрініс тапты. Ал Кейкі хақында Әубәкір Қылышбайұлы көп құнды дүниелер жазды. Жорналшықаламгерлер Сабыржан Шүкірұлы, Ахметжан Байжан, Хамитбек Мұсабаев, Мақсұтбек Сүлейменов және басқалары. Бірақ бәріне де тән ортақ кемшілік, тіпті тұтастай қазақ әдебиетінің бір осал жері – нақты әрекеттің шынайы көрінісі, суреті жоқ. Рухани, әлеуметтік астарын баяндау, сырттай сипаттау. Кестелеген көркем тіл табиғат, ел көріністерін бергенмен, бірақ мергендік өнер жоқ. Төтесінен айтсақ, Кейкінің мергендік технологиясының, яғни, мергендік әдіс-тәсілінің, айла-амалының бүге-шігесіне дейін жазылған материалды таба алмайсыз. Кейкі көтерілісшілердің мергендер жасағын қалай, қайтіп басқарған, жиі-жиі барлауға қалай шыққан? Күйік қопасындағы

соғысты, Торғай қаласын қоршау кезінде және Доғал шайқасындағы ерекше ерен ерлігінің жасалуын, тактикалық көрінісін сөзбен бейнелегенін таба алмадық. Дәл осындай басты геройларға қатысты штрих, детальдардың, айшықты фигуралардың жетіспейтіндігінен қазақ әдебиетіндегі небір туындылар киноға, сериалдарға тартылмай, жарамай жатыр. Кейіпкерлердің даралық қасиеттері нақтыланбаған жерде бейнесі көмескі, күңгірт тартады. Бәлкім, Хамитбектер (Мұсабаев) осы орайда назар аударар. Елге етене ғой, әлі де талай кеудеде тұнып, талай мұрағаттарда көмулі жатқан шығар...

Кие

Анабір жылы марқұм, академик Манаш Қозыбаев мерейтойымен Қостанайға, туған жерге келген. Қасындағы үзеңгілес достарын қаладағы салтанаттан соң кіндік кескен ауылына алып шыққан-ды. Кенет елге қарай зауылдап келе жатқан көліктер тоқтай қалып, достары Манаш ағамызды көтере-мөтере көкорай майсаға әкеп, домалата аунатты да жіберді. Жерден аунап тұра бере, парасат тұнған жанары ұшқын атып, биязы қалпымен: "Құдіретіңнен айналайын, жер-кием!" дегенде, дидары лағылданып кетті. Сол жолы тарих тарланы өзінің өмірде жеткен, шыққан биігі, абырой-беделі – туған жерінің киесінен екенін айтты. Сірә, бұл тегін емес. Осыдан төрт ғасыр бұрын Бальтасар Гарсиан: "Аққан су астындағы топырағына қарай тазарып, лайланады. Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің табиғатынан алады", – деп жазған екен. Сол жер-ананың киелік қасиетін қалай сақтап қалдық? Жердің жаны – топырақ, су, өсімдік, аң-құс, жәндік өзінің о бастағы табиғи күйінен не қалды? "Әуеде ұшқан алты қаз" дейтін көк күмбезімізде құстарымыз қайда кетті? Тың кезінде ауылдың іргесіне дейін жыртып, иен далаға химиялық тыңайтқыш септік. Адуынды өркениеттің арынына төтеп бере алмадық. Ындын үшін бәрін де жапырып барамыз. Жердің кие-қасиетіне қиянат жасадық-ау, дейміз де, бірақ жерге дауа боларлық татымды тірлік адыра қалғандай... Арғы түп негізіміз далалық болғаннан соң, кие ұғымын айрықша қадірқасиет деп түсінеміз. Ой түйсігімізде жаратылыстың бар тірлік-тынысынан пір тұтып сыйынатын, атадан – балаға, ананың сүтімен, әкенің құтымен берілетін кие-қасиеттер қылаң беретіні бар. Қазаққа жер-суы, көкбөрісі, жылқысы, салт-дәстүрі, ананың ақ сүті, отбасы, қазақтың қара өлеңі т.с.с киелі. Бүгінде зиялыларымыз көкбөріні аңсай бастады. Ақынжазушыларымыз өндіртіп жазып, ұлттың жадындағы көкбөрі рухының оятар, кодының кілтін табуға әрекеттер жасауда. Ал ақиқат өмірде көкбөрі – түз тағысы. Ұлан-ғайыр торғай даласында бұрнағы бір жылы қатты қыста үйдіүйді аңдып қорада қонып шыққан кездері бар. Адаммен, қазақпен өш. «Киеміз» деп сырттай қызықтағанмен, көрсек мылтық ала жүгіреміз, өйткені жыртқыш, тағы ғой! Қасқырлар кейде қазақ даласынан резервация сұрағандай елестейді. Әлі есімде жеңгем келін болып жаңа түскенде, төрге шықпайтын. "Еншілес, ананы әперіп жіберші, мынаны қоя салшы", – деп төрге жетпей өтініп тұрушы еді. Кейін жыл өткен соң барып, төрге рұқсат алып шығатын. Енді төр қасиетінен не қалды? Ата-әкесінен, жасы үлкен аға-көкелерімізден бұрын төрге озып, ұялмай отырып алатын жасқа қалай жол беріп алдық?.. Ақ дастарқанның киесі ше? "Біз отбасымызбен дастарханға түгелімен отыруға тырысамыз. Ешқашан тамақ ішіп болған соң, үлкеніміз рұқсат етпей ешқайсымыз орнымыздан тұрып кетпейміз. Ас қайырып барып, тұрамыз. Мен үшін дастарқан басы киелі орын! " – деген академик Ғарифолла Есім бір сұхбатында.

Қиянат жасап жүрген киенің бірі – жылқы. Әлі күнге дейін тұлпар мініп, ту ұстаған алаш баласы бәйге, көкпар тартып қызықтағанмен, қазақтың қазанат тарихын, болмыс-бітімін зерттейтін мемлекетімізде бірдебір институт жоқ. Қостанайдағы бір "Қазақ тұлпары", бір Нәбидолла Кикебаев бүкіл қазаққа қалай жетеді? Елдегі жылқы шаруашылығы стихиялы түрде дамып жатқан сияқты. Киелі жануармен емес, отпен ойнап жүрген жоқпыз ба өзі? Асанәлі Әшімовтің өзі бір естелігінде: "Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімі кезінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы түсіру алаңында шаршаған, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: "Аға, тоқтат!" – деп, қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң, атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі аттың жанары есімнен кетпейді", – деп өкінген. Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді". Тіріге өріс, өліге қоныс беріп келе жатқан ұлы даламызда қазақ сөзі жасай берсін, ағайын!

Шал мен Жолдас

Бір кемпір шалына құдайы көршісін үнемі, – жүріс-тұрысы сұйық, ұры, – деп жамандап жүреді. Күндердің бір күні шал үйіндегі отын жаратын балтасын іздесе, орнында жоқ. Әрі-бері іздеп, таппаған соң, көшеге атып шықса, көршісі келе жатыр екен. Көршісі мұның балтасын ұрлап алып, содан өзінен-өзі қуыстанып келе жатқандай көрінді. Тіпті, амандасқаны да бір түрлі, ұрлық істеген кісідей. "Бұл өзі не деген сорлы адам еді, менің көршім?" – деп ойлайды шал. Көршісінің кейпін көріп аяп, шал үйіне қайтады. Қораға кірсе, бір бұрышында жоғалтқан балтасы жатыр екен. Сірә, балалардың бірі ойнап алып, орнына қоймай тастай салған-ау?! Қуанған шал сыртқа шықса, тағы да көршісі өтіп барады екен. Ол енді балта ұрлаған кісіге ұқсамайды, мұның көзіне тура қарап, бейкүнә кісідей күлімсіреген кейіп танытты. "Менің көршім қандай адал адам еді?!" – депті, шал іштей қызарақтап. Бұл бар болғаны өткен ғасырлардан қалған әфсана. Ал енді бүгінгі өмірде ше?.. Бірде сыралғы бір жолдас жігіт ойда жоқта кездесе кетті. (Тіпті атын атағым да келмейді). Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі өзінің бел құдасы – Жалғасты жатып кеп жамандай жөнелді. "Апырай! Екеуің баяғыдан көңіл сыйлас едіңдер, араларыңа кім түсті?" – дедім сыр тартып. «Мәселе сонда, ешкім де түскен жоқ, – деді ол әңгімесін сабақтап, – Жалғасты білмейді екенбіз, оңбаған екен. Біздің үйдегі Мәрияш өз құлағымен естіпті, туған інімді біле тұра нақақтан-нақақ жұмыстан шығартып жіберіпті» . Жолдастың көңілін аулап: "Е, егер олай болса, әттеген-ай екен!" – дедім де, екеуміз жөнжөнімізге кеттік. Арада бар болғаны екі-ақ күн өткен. Тағы сол көшеде әлгі танысым кездесе кетті. Салған жерден құдасы Жалғасты мақтап, жер көкке сыйғызбай барады. Мен болсам, – кешегісі анау, бүгінгісі мынау, мынаның есі дұрыс па, өзі?! – деп аң-таңмын. Зорға тоқтатып, өткендегісінің мәнісін сұрадым. – Е, осы біздің үйдегі Мәрияш та асығыс қой, інімді өздеріндегі цехтағы жұмыстан босатып, басқа зауытқа бастық етіп қойыпты. Әй, өзі бір мәрт жігіт қой, кеше оны көрдім, ананы-мынаны айттық, бірақ ініңді қызметке қойдым деп маған тіс жарып ештеңе деген жоқ, во, құда! – деп бармағын көрсетті. Ойлап тұрсам, шал жолдас жігітімнен әлдеқайда артық-ау?.. Ол қалай ойласа да, ішінен, өзімен-өзі кеңесіп, өзі түсінді. Ал, мына пәтшағар құдасы туралы енді екі күннен кейін тағы не дер екен?..

Ұят

Қазір "өлімнен ұят күшті" емес. Ұят деген кейде жай бір сөзге тиек, тақырып, пәлсәпалық қағидат ғана деп қаласың. Пайғамбардан адамға жеткен сөздердің бірі: "Ұятың болмаса, білгеніңді істе". Қазіргі заманның сипаты осылай емес деп айта аласыз ба? Соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде шынымен ұялып, екі беті ұяттан өртеніп, жердің тесігі болса кіріп кетердей халдегі адамды көрген жоқпын. Бірақ бұл ұятсыздық жоғалды деген емес. Керісінше, ұялмақ тұрмақ, түңіліп кетердей масқара істі бастан кешіп тұрса да, түк болмағандай безірейген міз бақпайтындар шықты. Бүгінде баланың ұяты – әкеге, қыз ұяты – шешеге дарымайтын болды. Сонда ұят құндылығы неден құнсыз болды? Сан түрлі себеп-салдарын жазып та, айтып та жүр. Біз де барлап көрейік. Басқаны қайдам, меніңше, ұяттың түбіне жеткен кесапаттың бірі – алдымен, таңғалмаңыз латын америкалық телесериалдардан келді. Аға ұрпақтың есінде, сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары кеңес елі Бразилияның 100 сериядан тұратын "Күң Изаура" (A Escrava Іsaura) телесериалының көрсетілуінен бастап, "Байлар да жылайды", "Жай ғана Мария", "Жабайы Роза", "Сенен басқа ешкім емес" т.с.с сондай-ақ, еуропалық "Спрут", "Эдемге оралу", "Санта-Барбара", "Даллас" және басқаларынан "телесериал синдромы" дертіне шалдықты. Әсіресе, қандастарымыз өз балаларына Изаура, Марианна есімдерін қойғанын, өрістен келген малды сериалды көріп барып, түгендеп қораға қамағанды кезінде естігенбіз, есімізде. Тоқырау заманында тұрмыстан титықтап, аш құрсақ біздің жұрттың сана-сезіміне жаман-жақсы, өтірік-шын, жасанды-табиғиы мипаланған сюжеттері капиталистік сананың "нұрын шашқандай" болды. Әрине, сериалдардың ішінде жүрек-сезімге әсер ететін сәттері де аз емес еді. Бірақ кеңес адамдарының ой-санасына, мінез-құлқына көзге көрінбей, білінбей, психологиялық "радиациялық сәулелер" тараған еді. Айталық, бірден жаныңды баурап алған сүйкімді де сүйікті болған жағымды кейіпкерің сериал бойында бірте-бірте пәтуасыз, алаяқ, залым болып шығады. Ал жағымсыз, жексұрын деген кейіпкерлер ақыры жағымды, сенімді түлғаға айналады. Сериалдарда адамның ұялу сезімін, табиғи таза мінезін ақырындап үгітіп жойды. Тұлғаның ішкі "меніне", даралық қасиеттеріне іріткі салды. Сериалдар кейіпкерлердің қолымен, еркімен жасаған қиянат пен кесепат, кінә мен күнә атаулыны ақтап шығады. Сөйтіп, мөлдір ең бір аяулы сезімдер лайланып, ластанып, жүрек айнытып жібереді. Ұлттық бітіс ұстанымдарға, қағидаттарға соққы берді. Бәрін кешіруге болады. Бәрін өшіруге болады. Бұл дүниеде тұрақты, пәтуәлі ешнәрсе жоқ, тіпті адамның адамгершілік асыл қасиеттері, ең бастысы – ар-ұят құнтсыз, құнсыз деген пәлсапа жегі құрттай жүйке-жұлыныңызға дейін жалмап-жайлап алған еді.

Ресейлік социологиялық орталықтардың кезінде "АиФ" газетінде жазғандай сол кезеңнен бастап, ажырасқан отбасылар, некесіз туған балалар, дүниеге құныққандар, жас-кәріні, кәрі-жасты бәтқорлаған жүгенсіздік күрт өсе бастаған. Кеңес адамдарына жасалған осы психологиялық "басқыншылық" вирусы діттеген жерден дөп тиді. Енді ешкім ешнәрседен ұялмайтын күйге жете бастады. Бір жерде оң жақта отырған бойжеткен атаанасының көзінше босанып жатса, енді бір жерде келін қайын енесін үйінен қуып шығып жатты. Әрине, осыған қоса кеңестік жүйенің ыдырауы, экономикалық-әлеуметтік күйзеліс бұрынғы қалыптасқан моральдық ахуалды, қалыпты бұзды. Соның салдарынан да бетсіздік белең алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа ұмтылдыратын да жамандықтан қорғайтын бірден-бір негіз – ұят деген. Ұят – адамның иманы мен әдеп мөлшерінің көрсеткіші. Ұят тұрмаған жерде иман да қалмайды. Шүкір, ұлтымыз бар да, ұят та бар. Әйтсе де...

Сіз не дейсіз?

Ойда жоқ жерде облысқа танымал З. деген қадірлі ақсақал жолығуға келіпті. Таң қалдым. Өмірі ешкімге бас шұлғып, иіле қоймайтын, ақадал қызметімен абыройлы да беделді, алпыс батпан жүк артсаң да қайыспай көтеретін қатепті қара нардай кісі. Зейнетке шықса да, – кәрі емендей мықты, тартымды болмысынан айнымай, қарттықтың қадірін кетірмей жүрген санаулы ақсақалдың бірегейі. Таң қалғаным – кәдімгідей ақыл-кеңес сұрағандай сыңай танытты. Екеуара болған соң баппен ғана шешіле сөйлей бастады: – Өзің білесің, балаларымның баласы, тіпті олардың немерелері де бар. Қыздарым да сондай күйлі-қуатты, тату-тәтті, тиісті несібесін теріп жүріп жатыр. Кемпір дүниеден озғалы бес жыл. Балаларыма да, қыздарыма да, барлық немере, шөберелеріме дейін ризамын. Күндіз-түні қасымда жалғызсыратпайды. Еш нәрседен таршылық көріп отырған жоқпын. Астыүстіме түсіп, аузыма қарап, бағып-қағып отыр, – деді де, менің жүзіме сәл жымия қарады. "Енді не керек, бұл шалға?" – деп отырсың ғой. Мәселе осы! "не керектен" шығып отыр. Менің осы азын-аулақ ғұмырымда ел үшін сіңірген еңбегімнің куәсіндей едәуір орден-медальдарым барын білесің. (Солардың қатарында Тәуелсіздігіміздің он жылдығына берілген медаль да бар). Кезінде тарихта аты қалған талай марқасқалар Қостанайға келгенде түскен фотосуреттерім де жеткілікті. Газет-жорналдарға шыққан мен туралы мақалалар да екі папка. Соңғы он жылдағы бейнематериалдар да таспа-таспа, дискілерде жатыр. Марқұм кемпірім шалымның еңбегі ғой деп жинай беріпті. Енді, міне, "қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман..." Пендешілікпен мақтангершілік жасап, өзімді-өзім әспеттейін дегеннен аулақпын. Бірақ жаны жоқ заттар болса да, естелік сияқты жаныңның бір бөлшегіндей ыстық көрінеді екен. Бір күні балаларымның үлкені мен кенжесін шақырып алып, "Осы дүниелердің сендерге керегі бар ма? Ертең мен өлсем, мұны не істейсіңдер?" – дедім төтесінен. Екеуінің де қипақтап отырып айтқаны: "Әке, қайдағыны айтпаңыз. Әл-әзір ол өзіңізге естелік ретінде керек қой. Кейінгісін кейін көрерміз", – деп, осы да уайымдайтын нәрсе ме дегендей сыңай танытты. Мен сонда да болмай: "Әй, бұлар сендерден нан сұрамайды ғой. Екеуің бөліп алып, үйлеріңде сақтасаңдар қайтеді. Немерелеріме, шөбелеріме аталарыңнан қалған ескерткіш демейсіңдер ме?" – дедім қабақ шытып. Сонда кенжемнің тұрып айтқаны: "Әке, сіз туралы дүниелердің бәрін компьютерге түсіріп қойдық. Киноролик жасаймыз. Сіздің немере, шөберелеріңіз содан бәрін білетін болады. Ал мына дүниелерді мұражай, мұрағаттарға өткізген дұрыс шығар?" – деді. Менің жақтырмағанымды сезіп екеуі де үнсіз кетіп қалды. Ойланып келер, кейін өздері бірдеңе айтар деп күттім. Күнде көріп жағдайымды сұрап тұрады. Бірақ, бұл тақырыпқа мүлдем жоламай қойды. Балаларыма ренжісем де, бірте-бірте олардың айтқанының да бір қисыны бар сияқты, ол реніш басылды. Содан мұражайға да, мұрағатқа

да қоңыраулатып, мән-жайды айтып түсіндіріп бердім. Ондағылар бірден: "Бізге керек. Аламыз. Тек әл-әзір қол босамай тұр. Кейін хабарласайық", – деп, мекенжайымды жазып алды. Арада жыл өтті. Зым-зия. Мені білесің, екінші қайтара өтінбейтін адаммын. Тек қинайтыны, ертең олай-пұлай болып кетсем, бәрі қоқыс жәшігінде шашылып жата ма кім білсін? Әлде, өзім құнды деп жүрген құнсыз әдіреқалғырды аяқасты етіп, иесіз қалдырғаннан гөрі, былғанбай тұрғанда өртеп жіберсем бе екен, ә? Сен не дейсің?" – деп, сөзін аяқтады. Мен қапелімде не дейін?..

Мінез

Адамның мінезі – ұлттық мінез, өмір сүріп отырған қоғамның мінезі. Әл-Фараби ғұлама: "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлқына байланысты", – десе, Абай абыз: "Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім", – дейді. Ал Жүсіп Баласағұн: "Құрсақта біткен мінез – қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді – өлгенше өзгерте алмайсың", – десе, Жүсіпбек Аймауытов: "Жағдайдың өзгеруі мінезді де өзгертеді", – дейді. Ал Шортанбай Қанайұлы: "Сүтпен біткен мінез – сүйекпен кетеді" – деп түйіп тастаған. Ертедегі Рим мемлекетінің түбіне мінезсіздік жеткен деген де сөз бар. Енді бір сәт ойлана қарасақ, біздің осы заманғы, осы күнгі мінезіміз қандай? Ұлтымыздың, полиэтносты қоғамымызға тән мінез бітістері бар ма? (Этнопсихология, этнография, лингвистика, философия, тарих, зерттеулері бөлек әңгіме). Соңғы кезде сонау ғасырлар қойнауынан аян ұлтымыздың ардаемген мінезін аңсау, сағыну, іздеу – аға ұрпақ, орта буын ортасында жиілеп бара жатқандай көрінеді. (Бұл өзі өткен ғасырлардан басталған көзі ашық ұлт зиялыларыдан туған алаңдаушылық). Сонау ықылым замандарда қазақтың атамекенінде, тұрған жеріндегі ел азаматтары отжүрек жауынгер, қайтпасқайсар, қырағы оғылан болғаны мәлім. Соның арқасында қазақ ұлан-ғайыр жерге ие. Үлкендер қазіргі жастардан осы жерді қорғайтын осындай бір кесек мінезді көргісі келеді. Ол мінез жойылған жоқ, осыдан небәрі жиырма сегіз жыл бұрынғы желтоқсан (1986) көтерілісі осыған дәлел. Сондықтан мұқым дүние компьютерлі-технологиялық болмысқа бейімделген сайын, ұлт жанашырлары аға ұрпақ қазақтың айнымас төл қасиетін, ұлттық салтдәстүрді қадірін түсірмей, жас ұрпаққа беріп кету керек деп алаңдаулы. Өйткені, отаршылдық зардабынан әлі арылған жоқпыз. Болмысымызға жат салт-сана, түсінік те сіңді. Айналамыз, замана әлі аумалы-төкпелі. Міне, алаңдаушылықтың бір себебі осыдан. Ұлттық менталитет өзгерді, бұл – шындық. Бірақ, Құранда "Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім" деген аят жолдары бар. Жаратқанның айтқаны ұлттық ерекшелік, мінез-қасиеттерің жойылмайды деген аксиома. Ендігі жерде ұлтқа тән мәрттік, жомарттық, конақжайлық секілді мінездерді ұрпақтан-ұрпаққа сіңіре беретін жарнама, менеджмент керек-ақ. "Өзіңді танытпай жатып, өзгені танимын деген күлкі тудырады", – депті Сократ. Жаһандану үдерісі ештеңеге қарар емес. Қарамайды да. Ендеше біз өзіміздің негізі бар заманауи ұлттық сана-сезімімізді, салт-дәстүрімізді табандылықпен қалыптастыруға ұмтылса дүр. Әсіресе, зиялыларымыз белсенділік танытқаны абзал. Адам пенде дүниелік құмарлықтың соңына түскен сайын қайғы-дерті, азап-тауқыметке бата береді. Сондықтан да оған қарсы тұру үшін Пайғамбарымыз: "Жақсы мінезді толықтыру, орнату үшін келдім. Көркем

мінез – иманның жемісі", – деген хадистерінде. Мұндай ұғым, мұндай өсиетмінез басқа діндегі ұлт пен ұлыстарға да тән. Адамның иманы, адамгершілігі, әділдігі, мейірім-шапағаты – барша қоғамның діңгекті мінезі. Ділі мен дініне қарамай-ақ, жұмыр жердегі замандастарымыздың бойындағы ұстанымы. Әлихан Бөкейханов былай депті: "Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден". Ол мінез: шыншыл, мейірман, жайдарман елгезек, сыпайы, сөзге сараң, амалға жомарт, кісіге зиянсыз, үлкенге құрмет, кішіге ізетті, шүкіршіл, сенімді т.с.с. Ал, керісінше, өктем, әдепсіз, кесірлі-кесапат, күндес, көнбіс т.с.с жетіп артылады. "Жалтақтық пен жалпақшешейлікті суқаным сүймейді", – дейді Н.Назарбаев. Тереңінен толғасақ, "Мәңгілік ел", "Қазақ елі" деген ойлары Елбасының ұлттық мінезінен туған-ау?!

Тәуба

Жап-жас жігітті бір машина қағып, тіл тартпай кетті. Жігіт біреудің жалғыз баласы екен. Қаққан кісі аудандағы бірінші басшы әрі байдың бірі болса керек. Ол жедел жәрдемді күтпей, оқиға болған жерден кетіп қалады. Полиция үйіне іздеп барса, түк болмағандай қаннен-қаперсіз жайбарақат демалып жатыр дейді. Кешірім сұрап, өкінудің орнына: "Подумаешь, алдымнан шығып несі бар, беталды жүрген өзі кінәлі", – деп тәкаппарланыпты. Жігіттің ата-анасы сабырлы, көрегенді кісілер екен: "Жазмыштан озмыш жоқ, өлер бала өлді, оның орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Қайтейік енді?" – деп, берген ақшаны да, көмекті де алмай, – тек көзіме көрінбеңізші, – деп өтініпті. Байды кешірген, ол қазір қызметі өсіп, облысқа ауысыпты деп естідік. Бәлкім білерсіз, бәлкім есіңізге түсер, мынандай бір әфсаналық ертегі: Ертеде бір патша болыпты. Бір күні ескіше кітабын ашып отырған кезінде "адам баласы қандай жүйрік болса да, кемшілік келейін десе, оңай екен" деген сөзді тауып алады. Сонда патша: "Мен өзім бірсыпыра елді биледім әлі де билеп тұрмын, білім-парасатым жұрттан артық, менде не кемшілік бар?" деген ой келеді. Сөйтіп отырғанда, көшеден айқай шығады. Бір уәзір келеді де: "Бір нәрсе көрдім не екенін білмеймін, соны, патшам, сізге көрсетуге келе жатырмын", – дейді. Патша далаға шығып қараса, дөңгелене заулап жанып бара жатқан бір отты көреді. Уәзірге: "Менің дүлдүлімді әкел!" – дейді. Уәзір дүлдүлді әкеледі. Оған мінеді де тұра қуады. Қуады да шаһардан екі шақырым шыққаннан кейін жетеді. Жетіп келіп қараса, жүні сусылдаған алтын киік. Әлгі жарқыраған от сол киік болып шыққан. Киік бір батпаққа қабырғасымен батып қалған екен. Патша: "Енді бұған барсам, ат жығылады, киімім былғанады", – деп, барша киімін сыпырып тастап, жаяу, жалаңаш киікті ұстауға қасына келеді. Патша қасына келгенде, санынан батпаққа батады. Киік сілкініп-сілкініп қойып еді, айдары беліне түскен ақ жігіт болды. Содан соң ханның киімін киіп, дүлдүлін мініп: "Қош, хан ием!" деп, жүріп кетеді. Хан бір мезгілде батпақтан шыққан күйі шаһарға келеді. Бірақ балалар жалаңаш жүрген жынды кісі деп тас лақтырып қуып, шаһарға жуытпайды. Жәбірленген хан "бүйтіп тірі жүргенше суға ағып өлейін", – деп өзен шетіне келсе, судың жағасында бір кемпір-шал отыр екен. Хан келісімен, – суға түсіп өлем, – дейді. Шал: "Өлме!" – дейді. "Өлмей қайтем? Киімім жоқ, тамақ жоқ", – деп жауап қайырады. Содан кемпір мен шал бір ескі көйлегі мен кішкене нан береді. Шал: "Сен бүйтіп жүрме, қалаға барып қайыр тіле", – дейді. Патша шалдың айтқанын тыңдап, мойнына бір дорба салып алады да шаһарға келеді. Садақа сұрап төрт-бес күндік тамақ тауып алады. Патша бір мезгілде "Үйіме барып көрейін, бар ма екен, қатынбалаларымды, уәзірлерді көрейін, мені таныр ма екен?" деп келеді. Келе үйде отырған ханға "Ассалаумағалейкүм!" деп, "қайыр-садақа" деп, уәзірлерді қағып тастап, тура ентелеп ханның алдына барады. "Сен кімсің, қай жердің кісісісің?"– дейді хан. Сонда: "Осы шаһардікімін", – дейді. Шаһардікі болсаң

елің кім, атың-жөніңді, бәрін шапшаң айт!" – деп сұрайды. Патша көргенбілгенін тегіс баян етеді. Сонда бір уәзірін шақырады да: "Мынаны жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып алып кел", – дейді. Жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып, ханның алдына әкеледі. Хан мүсәпірдің қолынан ұстайды. "Кітаптың бетін ашқаның рас па?" – деді. Ол: "Рас", – дейді. "Бұдан былай көңіліңе астамшылық ойлама! Тәуба де!" – дейді де, – міне тағың, міне жұртың, міне уәзірің, міне елің, мен Жәбірейіл періштемін, – деп тағын өзіне беріп жоқ болады. Халықтан сөз қалған ба? "Тасыған – төгілер", "Байыдым деме, кедейлік сіңіріңе жетер. Жетістім деме, қара жер түбіңе жетер" т.с.с Тәуба бойда жүрсін, ізгілік болсын!

Бәсеке

Мына заман бетерден бетер... Қалауыңызға қарап, ауаныңызға төңкеріліп жатқан жоқ. Тірліктің тініне назар салсаңыз, болымыңызды, бәсекеге қабілеттігіңізді құдайдың құтты күні тезге салуда. Нәсіліңізге, ұлтыңызға, жынысыңызға, тіпті жыныңызға да шаруасы жоқ, айнала-төңірек құмырсқаның илеуіндей. Соның ішінде, жылқы мінезді қазекеңде не өзгеріс, не жаңғыру бар? Қазақтың ардаемген қадір-қасиетінің қайсысы заман нөпіріне төтеп беруде? Осы ойлар көкейде жүргенде, бір басқосуда аяқ астынан өзінен-өзі алдымнан шықты: – Төзімділік! – деді бекзат мінезді Қабекең деген ақсақал, – мына дүниенің аласапыранына ұлтымыз төтеп беріп, төзімділік танытып отыр. Әйтпесе кешегі қайта құрудың дүрбелеңі, желтоқсанның қасіреті, тәуелсіздік алмағайыбына барлық халық шыдас берген жоқ. Он бес республика, социалистік елдеріңізге қараңыз, өзара қырқысып-жанжалдасты, қан төгілді, аударылып-төңкерілді. Ажырасты, бөлінді. Біз де күйзелдік, қиналдық. Бірақ, кемеміз алапат дауылда қанша шайқалғанмен де аударылмады. Бағытбағдардан айырылмады, адасқан жоқпыз, – деді. – Сол төзімділіктің екінші жағы бар. Ол – есе жіберу. Қазақ жан-жақтан жамыраған құбылыстардың бәріне бірдей төзіп отыра берсе, тозып кетуі де ықтимал, – деп Айбат есімді жігіт бүйірден әңгімеге қосыла кетті. – Тіпті рухани банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз! "Не жесең, соған тартасың", – депті қытай Лао-Цзы. Адам пендесі қай малдың етін көбірек жесе, мінезі соған ұқсайтынын ғалымдар дәлелдепті. Қайсыбір ұлт өкілдерінің бетпошымына бір сәт зер сала қарасаңыз болғаны – кімнің доңыз етін, кімнің балық етін жейтіндерін байқауға болады дегенді де оқыдық. Ал енді басқаны қайтеміз, өзімізге келсек, соғым кезінде жылқы, қалған уақытта бәрін де талғап, талғамай жей беретін қандастарымыз аз емес. Тәуелсіздіктен бергі жаңа заманның жас алашы жылдан-жылға есейіп, сақайып келеді. Оларда қазақтың ұлттық қандай мінез-құлқы, рухани дидары бар? Олар бәсекеге лайық па? – Бәсекенің де түрі көп. Экономиканың-өндірістік бәсекенің соңына түскен үкімет білек сыбанып, алға ұмытылып отыр. Инвестициялық тартымды жобалар іске асса, бәсекені қамшылай түсері сөзсіз! – деді экономист Нұрзат. Нұрзат кәсіпкерлікке жетекшілік ететін мемлекеттік органда істейтін жігіт. – Сенің сол жобаларыңды жусататын адамдар қазақша сөйлей ме, ас қайыра ала ма, бата біле ме? Тіпті қазақша кітап оқи ма, сұрап көрші, қазіргі қазақ ақын-жазушыларынан кімді біледі екен? – деді Айбар айбарланып. Нұрзат мұндай сауалдарды күтпесе керек, абдырап қалды. Сәлден соң барып: – Сіздің айтқандарыңыз, олардың тікелей қызметіне қатысы жоқ. Білебілсеңіз, жаңа ғылыми жетістіктерді қолданып, озық технологияны меңгеріп, менменсіген бірқатар елдердегі байқауларда асып түскен талай тамаша

мамандарымыз бар. Заманауи талапқа төтеп беретін техник, технолог болу үшін де айрықша талант, дарын керек. Бата, өлең-жырды, ақын-жазушыны білмейді деп олардың зор қабілет-дарынын кемсітуге болмайды. Керісінше, өнер адамдары өнеркәсіп пен өндірістік технологиядағы, аграрлық секторлардағы осы заманғы жампоз қазақ мамандарын атын атап, түсін түстеп бере ала ма? – деді ол Айбарға айбарлана қарап. – Сен, бауырым, мәселені олай аударма, маман болу бір басқа, адам болу бір басқа! – деді Айбар сәл жуасып. – Бәсекеге адам капиталы кешенді түрде түседі. Әл-Фараби бабамыз адамгершілік тәрбие көрмеген дарынды маман қоғамға аса қауіпті екенін айтқан. Бізде тәрбие бәсекесі, руханият бәсекесі банкротқа жақын қалды. Ақырзаман боларда адамдар өзімшіл, ақшақұмар, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, ешкімді сүймейтін, ұстамсыз, қатыгез, құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады дейді. – Бәрін айт та, бірін айт, қазақтың адамгершілігі, кісілігі, намысынан артық еш нәрсе жоқ. Дәл осылардан басқалармен бәсекеге түсіп, озық тұрсақ, – деді күндікке әңгіменің ауанын аңдып отырған Қабекең ақсақал. «Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» елге айналарымыз анық.

"Ертеде бір бай болыпты..."

Қазақ ертегілері осылай басталатын еді ғой. Соған қарағанда есте жоқ сонау бір ықылым заманда бай да, бағлан да болғаны рас-ау?.. Ондағы байлық көзі – кәдімгі қазақтың төрт түлігі. Тек кешегі кеңес заманы айналдырған жетпіс жылдың ішінде бай-бағлан атаулыны адамзаттың қас дұшпаны деп, сана-сезім, жүйке-жұлынға сіңіріп жіберді. Сіңіргені сондай, әлі күнге дейін кейінгі ұрпаққа ақ-адал еңбегімен байыған, дәулетті қазақтың жағымды имиджін қалыптастыра алмай келеміз. Біздің байларымыздың баюдағы төккен тері, амал-айласы, өмір сүру салты қарапайым халыққа жақпай-ақ қойды. Әйтеуір оларға тыжырына, күншілдікпен қарайтын көзқарас басым. Ал енді төрткүл дүниені дөңгеленткен Американың алпауыт байларының қазақтан несі артық? Қысқаша шолып көрейікші. Айталық, Джон Рокфеллер. Қыруар дерек-дәйектер легіне үңіліп, бір байқағанымыз, Джон Рокфеллердің тірлігі қазаққа ұқсамайды. Ұқсамайтыны – есі кіргенненақ отбасында «өз күніңді өзің көр!» деген қағидат тәрбие діңгегі болған. Қаршадай баланың математикаға қабілеті зор болыпты. Содан жасы он алтыға келгенде, Джон алты күн, алты апта бойы бухгалтерлік жұмыс іздейді. Аптап ыстықта қара қалың костюмі мен қара галстукті бозбала бір кеңседен екінші кеңсеге жанкештілікпен барып, табанынан таусылады. Ақыры күндердің күні "Хьюитт энд Таттл" фирмасына бухгалтердің көмекшісі болып ілігеді. Рокфеллер бұл күнді өмір бақи өзінің екінші туған күні ретінде атап өтіпті. Әлемдегі капиталдың аждаһа атасы атанған миллиардердің қалай байығанынан гөрі, қандай қасиеттері болғаны қызықтырақ. Бітісінде Рокфеллер өте сабырлы екен. Ешқашан дауысын көтермеген, күйіп-піспеген, оны ешкім ызаландыра алмаған. Бірде оған адуынды мердігер баса көктеп кіріп, жарты сағат бойы тоқтамастан айқайлайды. Ал Рокфеллер болса, мәу демеген маңғаз қалпы, мердігер ызаға булығып, қып-қызыл болып әбден діңкесі құриды. Сонда Джон еңсе көтеріп, ақырын ғана былай деп сұрапты: "Кешіріңіз, мен сіздің не айтқаныңызды түсінбедім. Қайталай алмайсыз ба?.." Рокфеллер қайырымды да мейірімді қожайын болған екен. Жұмысшыларына жақсы жалақы, науқастарға ақы төлеп тұрды, қызметкерлеріне тәуір зейнетақы тағайындады. Бірақ өзіне қарсы келгендерге аса қатал еді. Өзінің бағыныштыларға жүрек жылытар жылы сөзі әрқашан дайын болатын. Сонда да олар Джоннан қорқатын. Джон Рокфеллер өзінің қызы Лаураны бас директор етіп тағайындады. Балаларына егжей-тегжейлі бухгалтерлік кітапты жүргізуге баулыды. Әр бала бір өлген шыбын үшін – екі цент, бір қарындаш ұштағаны үшін – он цент және әнмен айналысқан бір сағат үшін – бес цент алды. Кәмпит жемеген бір күн екі цент тұрса, әрбір келесі күн он центке бағаланды. Балалардың әрқайсысында өзінің бақшасы болды. Ондағы он жұлынған арамшөп бір

пенни тұратын. Рокфеллер – кішісі ағаш жарған бір сағат үшін он бес цент табатын, ал қыздарының бірі түнде үй ішін аралап, шамды сөндіргені үшін ақша табатын еді. Таңғы асқа кешіккен кішкентай Рокфеллерлерге бір цент айыппұл салынатын, олар күніне бір түйір ірімшік алатын, ал жексенбі күні оларға Інжілді ғана оқуға рұқсат берілген. Миллиардер өз дарыны мен қарымына сеніп, империясын жалғыз басқаруға ұмтылған жоқ. Рокфеллер Standart Oіl Company-ді комитеттер көмегімен басқарды. Джон Д.Рокфеллер-үлкені орасан зор капиталдарды адамға қызмет еткізгені аңыз болып тарады. Тіпті, жасөспірім кезінде ол ақшасын баптист шіркеуіне қайырымдылыққа беретін. Орасан байлыққа ие Джон ақшаны қалай жылдамдықпен тапса, сондай ұшқырлықпен сол ақшаны таратып та беретін. Рокфеллер мен қорлары 530 миллион долларды қайырымдылық мақсаттарына қаражат жұмсаған. Рокфеллердің санитарлық комиссиясы ондаған мың жұп аяқ киімді жай ғана тарату арқылы АҚШ-тың оңтүстігінде бір тарихшымен "жалқаулық микробы" деп аталған анкилостомидозды жойды. Ол оның қаражатына ашылған Медициналық зерттеулер институты – тек медициналық зерттеулерге арналған әлемдегі ең бірінші институт (бүгінде Рокфеллер университеті) одан да күрделі аурулармен күресуге көмектесті. Қартайған Рокфеллер қайда болмасын жүрген жерінде қалтасынан бес және он центтік монеталарды алып айналасындағыларға уыстап үлестіріпті. Ол үнемі өзімен бірге қорын алып жүреді екен. Джон Д.Рокфеллер үшін алу да, беру де медальдың екі бетіндей еді. Әрине, айта түссек байлардың сыры да, жыры да таусылмайды. Бір анығы, Америка мен батыс байларының бітіс-болмысы, менталитеті бөлек. Десек те, айналып келгенде, бәрі де кәдімгі адам баласы, пенде.

«Кәкімжаным он бірге келсе...»

«Ең болмағанда Кәкімжаным он бірге келсе, қатарға қосылып еңбек етсе, жетіліп кетер едік-ау!» – депті, ері қаза болғанда көкірегі қарс айырыла аңыраған қосағы Жәмила. Сонда «Кәкімжаным» деп отырғаны – бүгінгі күні жасы жетпіс бестен асқан, дала гладиаторы, жон жолбарысы, «көлқамыстық» Кәкімжан Кәрбозов жеті жаста ғана екен. Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ діңгек көріп, пана тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық уыз қасиетті танимыз. Жәмила ананың осы бір ауыз сөзінен атам қазақтың сонау ықылым заманнан бері атадан – балаға мирас, бесіктен белі шықпай жатып-ақ, ұл боп туған баласына отбасының тіреуіш, ер азамат, әулетін, елін, жерін қорғаушы деп таныған қанға сіңген міндет-парызы ақиқат өмірдің өзінен алынғанын тағы бір дәлелдеп отыр. «Ұл туғанда, күн туған» деген сөз тегін емес! «Ұл бала еркі мықты, ержүрек әйелден туады», – депті былайғы жұрт қазақтарды меңзеп. Десек те, адамзат баласында еркек кіндікті айрықша пір тұтатын жалғыз қазақ емес. Түріктің сұлтаны, жапон самурайы, еуропа рыцары сияқты сонау ежелгі және бергі орта ғасырларда әр елдің өзіндік дәстүрлі жауынгерлік мектептері қалыптасқанына тарих куә. Қазақта ұлды отбасын асырауға, мал бағу, отын шабу, пана тұрғызуға дайындау өмірлік қажеттіліктен туған еді. Ұлтымыз батырлық пен бекзаттыққа тым ертеден дайындаған. Бес жастан-ақ атқа отырғызып, мәрт, жомарт, намысқой және ержүректікке баулыған. Хан Кене құмға пышақ қадап қойып бес жасар баласы Сыздықтың жүрек жұтқандығын сынапты. Ал Шоқанды әкесі үш жасынан хат тануға, бес жасынан оқып-білуге үйреткен. Ал Абайды 13 жасынан әкесі Құнанбай ел басқаруға баулығанын еске түсіріңіз. Есімі тарихта қайта жаңғырған ұлы батыр бабаларымыз: Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, хан Абылай он бір-он екіге қадам басқанда жеке дара шыққан. Шешендік өнерде Төле би жетіге толғанда ерек шығып, талай жасы үлкен атақты абыз билердің батасын алғаны, он екі жасар Сырым жесір дауын шешкені, Абылай ханның алдында «Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз, бұлтпен туысқанымыз жоқ», – деп, шешендік сөзін бастайтын он екідегі Байдалы би, он бестегі оғылан Қаз дауысты Қазыбектің Қоңтəжі ханға айтқан: «Біз – қазақ деген елміз!» – деп бастайтын алтын кесек сөздері ұлтымыздың жадында мәңгі қалған жоқ па?! Ендеше Жәмила ананың аузына «Кәкімжаным он бірге келсе» деуінің негізі тереңнің тереңінде. Қазақ «Балаңды 5 жасқа дейін хандай көтер, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, 15-тен асқан соң досыңдай сырлас, сыйлас» деген. Қазақтың айтпағаны жеті қат аспанның арғы жағында, немесе, жеті қат жердің астында. Бірақ өз айтқанын өзі істеуге келгенде, мойны әлі жар бермейді. Әйтпесе төрткүл дүниені таңғажайып технологиясымен таңғалдырған жапонның түрін қарасаңыз біз сияқты. (Жапондар түп атамыз Сақ дейтін көрінеді). Бірақ, бізге ұқсамайтыны – тірлігі! Шығыстанушы Шарафат Жылқыбаева

былай деп жазады: «Ер бала беске, қыз бала жетіге толғанда, ата-анасы оған арнайы кимоно кигізіп, храмға апарып, баланың амандық-саулығы үшін рәсімдер жасайды. Осы шараға арнайы ұлттық тағамдар пісіріледі. Бала ержетіп, жиырма бірге келгенде де осылай істейді. Бұл, ең алдымен, атабаба дінін бала жүрегіне ұялатып, бойына сіңіру. Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалған. Ойын арқылы жапон баласы ер бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынады. Мысалы, «Карута тори» деген ойынды кішкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды. «Карута ториді» ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменді ми қабілеті осылай дамиды». Бұл тәртіпке – құл, бұл болмысы – жанкешті елдің дәстүрі. Кәкімжан ағамыз Қостанайдан шақырым қиырда жатқан «Көлқамысында» жұмақ орнатып қойды. Пендеге керектің бәрі бар. Ауылдағылардың денінің кіндік қаны сол жерде тамған. Олар көкелерінің туғаннан жанкештілігін, он бірге келгенде, әке үйінің түтінін тура түтеткенін біліп, көріп, өсіп келеді. ...Астана төрінде, Президенттің концерт залында ауылдан келген жеті жасар қаршадай Жамбыл Дүйсенұлының «Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый» атты жыр кеші болды. Еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін сонда, бұрын-соңды болмаған аншлаг. Бала ақынның саңқылдаған даусымен ақ нөсердей сабылта төпелеген өлеңдері сарайдың кемерінен асып төгіліп жатты! «Болар бала...»

Эгоизм

Эгоизм... менмендік, қара бастың қамы... Ал енді ойланып көріңізші, о баста Алла-тағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұмар сезімдерінің ұябасар жері – отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың тұңғыш тірлігі – ана емшегін құшырлана емуден басталады. Тілі шықпай-ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте-бірте "өзім" ұғым-ұрығы пайда болады. Ана – баласын, бала – анасын "өзімдікі" дейді. Бұл инстинкт дами келе сана-түйсікті оятып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі, т.с.с. арасындағы басқалардан бөлек өзімшіл қарымқатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегіндегі бастапқы өзімшілдік – табиғи, бейкүнә сезім. Демек, эгоизм – адамның табиғи қасиеті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші-қуаты. Гәп, әрине, адамның осы өзімшілдік диалектикасында. Шәкәрім жазған мынадай бір тәмсіл бар: "Бір байдың қызына шешек шығып бетін тыртық қылғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін естіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: "Сондай дәрігер келіпті, күйеуің балаңыздың көзін неге қаратпайсыз?" – десе, бай айтыпты: "Күйеу баламның көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан қайтып келгенінен гөрі, күйеуі соқыр қалпында қалғаны артық", – депті. Сонда досы: "Туған күйеу баласының көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық", – депті. Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандар өтті. Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді. Бірақ адам-пендеңіз ізгілік, мейірім, махаббатымен қатар, сол баяғы дүниеқоңыз, көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар, құмар да құмар! Құштар да құштар! "Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат!" (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез-келген тосқауылды тас-талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін, ең алдымен, өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да, тасқа да ұрады, қорлық-сұмдыққа да барады, қорлық-сұмдыққа да төзеді. Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау-төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй-орманымен, тезекқабымен қоса бауырына басып алды. «Өзім» дегенде "өгіз қара күшін" көрсетіп жатыр. Аяулы ұлы махаббат, ізгілік, адамгершілік атаулының да түптеп келгенде, бір жібек тіні – иманды өзімшілдікте жатыр. Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай. Тіпті кеше Қазақ мемлекеті ежелгі даласындай аңқылдақ ақжарма ниетімен Астана

Саммитінде еуроодақ елдерін татулық пен ынтымақ үшін басын қосып, бәтуаға шақырғанда, күштілерінің арты диірмен тартып кергіді, кедейлері кербезденіп кежегесі кейін тартты, ортақ адамзаттық татулық, төрткүл дүниедегі бейбіт тірлік, тастүйін бірлік дейтін баға жетпес келісім үшін бәрін ұмытып, президенттер бір-біріне риясыз жүрекпен құшақ жая алмады. Әрқайсысы да өз елінің мүддесінен, мемлекеттік өзімшілдігінен асып кете алмады. Әр кәллада өз қиялы. Ал тарихта жаһанды дүр сілкіндіріп, қоғам дамуына бетбұрыс жасаған XVІІІ ғасырдың соңынан бастап XІX ғасырды шарпыған Франциядағы ұлы төңкерістердің көзін де ашқан, көрін де қазған – эгоизм! Ал сол эгоизмнің бүлк-бүлк соққан күретамыры – сан жүзді құштарлық! Құмарлық! Ынтықтық! Осы тіні бір, сабағы бір тұмса қасиеттің адамның түрлі ниеттерімен түрленіп, мың құбылысқа ұшырайтынын қайтерсіз?! Мұны пәлсапашылар, психологтар, социологтар тағы сол сияқты түрлі саланың мамандары талдап, жіліктеп, адамзат қоғамындағы алуан-алуан көрінісін, сипатын ғылыми айналысқа енгізгелі талай-талай ғасырлар өтті, алда да солай бола бермек. Ендеше, жұмыр басты адам пендеңіздің кеудесінде шыбын жаны бар да осынау бес күн жалған дүниедегі құштарлығында шек болмайды екен...

«Лұқпан хакім мың жасапты»

Лұқпан хакім: "Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Адам сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар: – Төрт уақытта төрт нәрсені: намазда – көңілді, халық арасында – тілді, жеп-ішуде – тамақты, біреудің үйіне барғанда – көзді қорға; – Екі нәрсені: Алланың ұлылығы мен өлетініңді ұмытпа; – Екі нәрсені: біреуге істеген жақсылығыңды, басқаның өзіңе істеген жамандығын ұмыт. Сонау бір ықылым замандардан жеткен абзал абыздың осы өсиеттері әлі сол күйі мәнді, сол күйі өміршең. Барып көрсеңіз, мешіттерде, жұма немесе айт күндері намазға жығылған жастардың арасынан көңіл хошын келтіріп, күллі ағзаларын мамыражай күйге бөлеп, жүрегімен бір Аллаға байланған жігіт-қыздарды көргенде сүйсініп қаласыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрак хадис шәріпінде: "Намаз – көзімнің нұры", – депті. Намаз оқыған кісі қажылықты өтеген адаммен бірдей көрінеді. Халық арасындағы тіл құдай сала көрмесін, біздің қазақта абайламаса – сөз сүйектен өтеді, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді, айтылған сөз – атылған оқ еді. Ал енді бүгін тіл киесін елеп жатпайтын болдық. Сондықтан ба, бүгінгі ел аузындағы, жұрт арасындағы сөздің пәтуасы да, дуасы да жоқтай көрінеді. Ғасырлар қойнауындағы Бұхар жырау, кешегі Махамбеттердің динамиттей, детонатордай құдіреті бар қазақтың тілі, бүгінде көбіне халық арасында мысықтың мияуындай, қалыптан шыққан, сүргіленген жылтыр да жалтыл... Ішіп-жеуден кенде емеспіз. Қостанайдың әр тұрғын үй орамында самсаған азық-түлік дүкені. Химиялық өңделген өнімдерінен, қоспа толған тамақтың, жеңсік астың түр-түрінен көз сүрінеді. Тамаққа сақтығымыз шамалы-ау... Деніміз сау дейін десек... Қостанайдың әр орамында әр жүз метр сайын түрлі-түсті дәріхана саңырауқұлақтай қаптап кетті. Емханалар да көбейіп барады. Басыңыз ауырып, балтырың сыздаса, қаланың қалаған жердегі емханасына барыңыз да, тіркеліп, қарала беріңіз. Тәбетімізге тосқауыл боларлық әр жүз метр сайын не бар? Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Апырай, десеңізші?! Тағдырдың кәрі ме, сол бейбақ жеңгеміз ойда жоқ жерде сүрініп кетіп, қос жанарына ағаштың жаңқасы кіріп, зағип болып қалды. Осы күні қонақ пен тойға барса, нәзік жандылардың көз алмай қызықтайтыны – жұрттың тойға киіп келген қызылы, дастарханның мәзірі. Алланың ұлылығын, алдымен, әлемдегі асқан дана, кемеңгерлер мойындаған. Түркі дүниесінде Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Әл-

Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев өздерінің жүрекжарды туындыларын бисмиллаһир-рахмани-рахимы мен "Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын" деп жазумен бастаған. Өлім дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : "Муту қаблә ән тәмуту, яғни өлмей тұрып өліңдер" деп бұйырған. Мұны ислам ғалымдары: "Дүниеде сеніп, иман келтірген нәрселердің бәрі өлгеннен кейін көрінеді. Адам өліп, ақиқаттарды көргенінде қандай жағдайда болатын болса, тірі кезінде қандай амалдар жасаған болып өтуін қалайтын болса, қазірден бастап соларды жасауы, өлмей тұрып өлуі дегенді білдіреді", – деп жазған. Дүниенің дүниелік қызығы желіктіргенде, сабыр әдіре қалып, ақылдың көзі тұманданады. Асфальт жолдағы заулаған көліктің тізгінін ұстаған пәтшағарлар өлім тұрмақ, өмірді де ұмытып кетеді... Ал адамның адамдық қасиеті – кісіге істеген жақсылығын ұмытуы. Біреуге қайырымдық көрсетсеңіз – бұлдамаңыз, көзін шұқып айтып міндетсімеңіз, есіне түсірмеңіз. Жақсылық жасау – ардың ісі. Ардың ісіне есеп-қисап жүрмейді, ол – жүрек қалауы! – дейді өмір даналығы. Егер біреуден көрген жамандықты ұмытпасаң, кеудеңде кек, өш алсам деген сезімдер бірте-бірте кеулеп, кернейді. Мұндайда ізгілік, қайырымдылық имани қасиеттер ығып, хайуани қасиеттер бой көтере бастайды екен. Ел арасында "Лұқпан хакім мың жасапты" деген аңыз бар. Осының мәнісін сұрағанда Лұқпан хакім: "Жақсы жандармен дидарласып, сұхбаттасқан сайын жасыма жас қосылады", – депті. Біздің Қостанай өңірінде де жақсы жандар шүкір, баршылық. Бірақ сол "шылық" пен біліктің кемдігінен дидарласудың, шынайы сыйласудың ретін таппай жүретін өзіміз кінәлі.

Өзіңді өзің ізде

Бір шипая бозөкпе имене кіріп: "Сізге мыналарды көрсетіп алайын деп едім", – деп бірнеше бет қағазды қолыма берді. Ашып көз жүгіртсем, өлеңдер екен. Оқи бастадым. Үйіріп әкетіп барады. Жып-жылы, ұйқастары да келісті. – Жақсы екен, – дедім бас көтерместен. Ол кенет: – Мен әлі өзімді таппай жүрмін, ағасы. Ізденіп, іздеп жүрмін. Әл-әзір таппақ тұрмақ, қарам да көрінбейді, – деді маған емес, жалюзидің арасынан сыздықтай ағылған терезе жарығына қырын қараған бойы. Менің жауабымды күтпестен: – Отыз елдің қатарына жетуін жетеміз-ау. Бірақ солардың ішінен бізді, "Міне, қазақ!" деп қай түрімізге, қай қасиетімізге қарап таниды? – деп, сірә, бүкіл қазақтың тағдырына жауапты адам мен секілді маған безірейе қарап қалыпты. Сол екі арада телефон шыр ете қалды. Жанашыр газетіміздің ардагері екен. – Ертеңгі мейрамда ұлттық киіммен келіп, ұлттық дастархан жасаймыз, соны суретке түсіріп, бірінші бетке берсеңіздер, қатып кетер еді!" – дейді. – Жақсы, – дедім әңгімені ұзатқым келмей. Ал мына аяқ астынан пайда болған мына тықақ кім? "Қазақтың ішісыртына күмәндануыңа жол болсын! Өзіңді таппай жүріп, бүкіл қазақта нең бар? Ел тағдыры сен сияқты бозбастың босаң сенім-нанымына қарап қалмаған шығар. Ал, тіпті, сеніңше елдің болмыс-бітімі қандай болу керек?"– деген дүр еткен сапалақ ойлармен дүрсе қоя берсем бе екен деп.. алдымда орындық бос тұр! Бозбас жым-жылас. Есіктен хатшы қыз кіріп, қолыма бір флешка ұстатты. Дереу компьютерге қоса қойдым. Жаңағы бозөкпе: "Көке, мен өзімнің тұрғыластарыма айтарым бар. Дүние-мүлкің, киімің тозар, тәніңнен де жан кетер. Дүниеде қатып қалған еш нәрсе жоқ, өзгерер, құбылар, жаңғырар. Бірақ әр ұлттың айнымас, бұлжымас ұлттық рухы, құндылығы, серті болса керек-ті. Жаратқан Ие: "Алланың жасаған нәрсесінде кемшілік болмайды. Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім..." деген аятта. Ендеше жүз жерден өркениеттің алдыңғы сапында алшаң басып кетсек те, қазақ қазақ болып қалуы анық. Бірақ мәселе – қандай қазақ болып қалады? Жауап айқын: қазақ рухани мінез-құлқы бар, ұлттық парасат-пайымы сұңғыла, заманауи технологияны меңгерген, сымбатты да сырбаз болуы шарт. Бірақ менің осыған күмәнім бар. Себебі, замандастарым ізденгісі келмейді, дайынға құмар, – деп бір түйіп тастады да, одан әрі осы талапқа сай болудың жолдарын білмей басы қатып жүргенін айтып, – қандай кеңес бересіз? – деп келіп ем, байқадым кабинетте бұл әңгіме жараспайтын сияқты, – деп нүкте қоя салды. Сөздері түйеден түскендей. Еріккеннің ермегі емес. Ал енді балаңмен жасты бозбасқа қапелімде не кеңес беріп жарытамын? Күні кеше ҚМУ-дың журналистика факультетінің үш студенті бізде практикада, өзара пікірталас ұйымдастырып қырықпышақ болғаны бар. Қазір жеке меншіктің заманы. Капитал билеген дүниеде жеке меншік ғасырлар бойы қалыптасып, нығайған. Бірақ оларда ұлттық иммунитет

жойылған. Біз олардың қазіргі нұсқаларын, кейпін өзімізге көшіруге жанталасудамыз. Адамзаттың алпауыт топтарының ентігіне елітіп, оларға қызыға, етегін ала ілесе жөнелдік. Олар не істесе, біз де соны істеп жатырмыз. Олар не ішсе, не кисе, не көрсе, соны қайталаймыз. Тіпті алпауыт деген орыс та мемлекеттік ресми төл атауларының орнына "Президент", "Премьер-министр", "Мэр", "Департамент" деген сияқты еуропа стандартына алмастырып, байырғы атауларын қолданыстан шығарып жіберді. Әр ұлттың ұлттық ерекшелігі, болмысы (менталитеті) құндылық болудан қалып барады. Біз ұлттық қасиет-құндылықтардың бәрін, мереке салтанаттардағы сахнада, көшеде декорацияға, жасанды дүниеге өзімізді-өзіміз алдаңғыртатын арзан әуеске айналдырып жібердік. Біз ұлттық киімді, ұлттық тағамның түр-түрін тек наурызда ғана жасаймыз. Семинар кеңестерде ұлттық құндылықтарды сөз етеміз. Бірақ күнделікті тұрмыста, тірліктіршілігімізде әдетіміз бен ғадетімізге сіңгені шамалы. Кедей «бай болсам» дейді, бай «құдай болсам» дейді. Бірақ соның бірі де нағыз қазақ болғысы келмейді. Елімізде неге отбасыны тәрбиелейтін институт жоқ? Жылқы шаруашылығымен айналысатын мемлекеттік институт қашан ашылады? Қазақы қасиеттің бәрі осы шаруашылықта жатқан секілді. "Біреуге малай болып, еңбек іздеп жүрген дүниеде ешбір қазақ жоқ", – деді Елбасы Тәуелсіздік мерейтойында. Әр қазақтың бойында ұлттық гендік код бар. Оны тек ізденген, үздіксіз өзін-өзі іздеп тапқан адам ғана аша алады. Ашқан адам – нағыз қазақ! Осыны студенттер қалың жастар ортасына алып шығамыз деп пәтуаласқан. Мен шипая бозөкпеге осы төңіректе айтқым келді. Бірақ ол менсіз де білетін, сезетін сияқты. Өйткені ол өзін-өзі іздеп жүр!

Кім қалай ойнап жүр?

Есік сарт ашылып, ақын інім түрі өрт сөндіргендей диванға сылқ отыра кетті. Сөйлеуге асығар емес, тұтығып қалды ма, түрі сұрланып, өзінөзі әзер жұбатып отырғандай көрінді. – Не болды? – дедім, ақырын сыр тартып. Менің сұрағым оған жетпей ауада ілініп қалғандай, ол сол күйі үнсіз. Сабасына түсер деп назарымды өз шаруама аудардым да отыра бердім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, кенет ақын інім ұйқыдан оянып кеткендей: – "Қыз Жібектің ақтығы, наурыздың ақша қарындай, ақ бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары, жазғы түскен сағымдай, білегінің шырайы, айбалтаның сабындай!" Иә, дәл сондай! Ал, көке, күле көрмеңіз, шынымды айтайын, ақын атымыз бар, мен қиссаға бұрын онша сене бермейтінмін. Өйткені ол көркем туынды, тыңдаушыны қызықтыру үшін әсірелеп жырланған. Тіпті олай емес екен! Сыртқы сұлулығы айна қатесіз! – деп ақын інім әңгімесін есе жөнелді, – өткен жетіде "Астықжанға" барып, оны-мұны алып, енді шығар есікке бұрыла бергенімде, екінші қабаттағы баспалдақтан бір сұлу бойжеткен түсіп келе жатты. Енді сұлулығы жаңа айтқан Қыз Жібектей-ау! Қамбар батырдағы "Қыз Назым шықты, бұраңдап" дегеннің нақ өзі, жүрісін айтсаңшы! Жымиғанын айтсаңшы! Ерекше. Артынан қалай салпаңдап еріп жүре бергенімді өзім де аңғармаппын. Автобусқа отырып, жаңа шағын аудандағы бір бес қабатты үйдің қасынан түсті. Мен де түсіп еріп келемін. Бірінші есікке жақындағанда кілт бұрылып маған тағы бір әдейі жымиғандай болып, зып беріп кірді де кетті. Мен тоқ ұрған адамдай, жүрегім кеудеден шығып кетердей атқақтап тұрып қалдым. Бәрі таза. Риясыз. Шынайы. Апырай, бұл Қостанайда жиырма жыл тұрып, мұндай хор қызын бірінші көруім! Содан несін айтасыз күнде сол жерден өтіп аңдитын болдым. Бір апта өтті, кездестіре алмай қор болдым. Жүректе – шоқ. Көруге зармын, жандырып, күйдіріп барады. Ақыры... бүгін көрдім. Әдеттегімше талдың тасасынан "хор қызы" кірген есікті аңдып тұрғам. Кенет есік сарт етіп ашылып, сыртқа бір орта жастағы ірі денелі әйелді жетелеп, аңсаған арманым – аруым шыға келгені. Ай маңдайы жарқырап, жетелеген кексе әйелді тура аялдамаға қарай сүйрей жөнелгендей болды. Кенет айдай ару: "Әй, соқыр-ай, сен-ақ сорлатып біттің, тез жүрсеңші енді!" – деп дүр ете қалғанда, біреу мені шапалақпен тартып жібергендей болды. Сол екі арада автобус та келіп, жетектегі мосқал әйел денесін ауырсынып баспалдаққа аяғын қоя алмай мықшыңдап жатқанда, әлгі қыз: "Бол енді, не өлмедің, не қоймадың, сука!" – деп, жұлқи тартып түйіп жіберді. Тағы басқа да лас сөздерді шаңқылдап айтып жатты. Айдалада тұрып, жердің тесігі болса кіріп кете жаздадым. Сенейін бе, сенбейін бе?! Апырау, мынандай түрден, мұндай тіл шығады деп кім ойлапты?! Тіл емес – у, у емес – құсық! Көрген жоқсыз, сенбейсіз, көке! – деп айқайлап жіберді. – Мен түс көргендеймін. Жиырма бірінші ғасырдың он төртінші жылында. Қазақ қызы! Құдайақы, қасындағы шешесі! – деді інім көзін алайтып.

– Сен оған тым қапалана берме. Сенің көргенің – мыңнан біреуі дейікші, – дедім. Сәлден соң ініме кеңесейік деген ағалық ниетпен: "Біздің барлық өміріміз – ойын, ал ондағы адамдар – актерлар" деген (Шекспир) сөзді терең түсінсек, жарық дүниеге келген әр адам бұл фәниде өз ойынын ойнайтыны аян. Мәселе, кім қалай ойнайды, әркімнің ойнау қабілеті әр түрлі ғой. Адамның бақыт-бағы оның сыртқы-ішкі дүниесінің үйлесімінде. Осы бар ғой, сенің таңғала, жаның ауырғанына қуанып отырмын. Әйтпесе қазір жұрт бір нәрсеге таңғалмайтын болғалы қашан. Небір сұмдыққа етіміз әбден үйренген. Замандастарымыздың ішкі мәдени иммунитеті тозған. Бәрін бір көргеннен кесіп-піше салу оңай. Сен асықпай бағала. Өмірде бәріміз де ойыншымыз. Бірақ әр кісі өзінің шамасы келгенше, ой-өрісінің жеткенінше ойнайды. Әсілі, шынайы әйел сұлулығының өзі де ойын. Тек сол сұлулықты, шырайына келтіріп, табиғи үйлесімді ойнай білсе. Бақытын тапты, бағы жанды дейтін сөз сонда айтылса керек.

Қарапайым болу кімге лайық?

Рудныйдағы "Горняк" спорт кешені. Бойы сырықтай, желке шашы желпілдеген, бақырайған қос жанары көзілдірігінен тесіп жіберердей елгезек кісі сахнадағыларға дамыл берген жоқ. Екі қатарға тізілген топты бірден үйіріп әкетті. Ән айтушылардың дауыс ырғағын, әннің әр тармағының дыбысталуын, сөздің мәнерін мұқият қадағалап, қаперінен қалт жібермеді. Сахнаға күні бойы сан мәрте жүгіріп шығып, өзі бас болып, ән шырқап әбден терледі. Ақыры сын сағаты да келіп жетті. Елбасы рудныйлық кеншілерді торқалы тойымен құттықтады. Содан соң іле жұрт алдына шыққан ол музыка легімен әнді бастай жөнелгенде, дыбысы стадион ішін бірден кеулей кернеп әкетті. Үлкен-кіші бәрі сол сәтте ән дүбіріне елітіп, жетегінде кеткенін байқамай да қалды. Әнұранды мәнерімен құйқылжыта аяқтағанда, алаңда отырған қалың көпшілік дүр етті. Шынайы қошемет! Төккен тері зая кеткен жоқ екен. Ол енді әр қадамын әнтек басып, жүзі нұрлана жеңіл ғана Елбасы отырған шатырға беттеді. Бұл Рудный қаласы стадионында өзі әнші, өзі дирижер, өзі режиссер болған қазақстандық миллиардер, олигарх, аллюминий алпауыты – Александр Машкевич еді. Болса ше? Оны, қадірлі оқырман, несіне миллиардерді тамсана жазып отырсыз деуіңіз хақ. Айтып көрейік. Бізді, шынтуайтында, әйгілі алпауыттың байлығы мен шайлығы емес, ықыласымыздың ауғаны – оның пенделік қылығы. Дәлірек айтсақ, қарапайымдылығы. Өндірісте қызмет істейтін әрі комбинат басшылығына жақын кісілердің айтуына қарағанда, Машкевич мырза шектен шыққан қарапайым адам көрінеді. Комбинатқа келсе болды, кісі талғамай көңілі ауған адаммен ежелден таныс адамдай жайдарлана үйіріле түседі екен. Тіпті миллиард қаржының иесінің мысы ма, буы ма, әйтеуір бір артық мінезқұлқы, қасиеті ме, бірдеңесі сезілуі керек қой. Бірақ мұнда түк те сезілмейтін көрінеді. Кәдімгі көшеде күнде көріп жүрген серейген күйі, қарапайым пендеден еш айырмасы жоқ. Бірақ миллиардер. Ал ССӨБ-нің 60 жылдық мерейтойында жанкештілікпен әнұран жазып-жаттап, өзі орындады, ал онда тұрған не бар? Біздің заманымызда таң қалатын құбылыс қалды ма екен? Кімнің не ойласа да еркі. Сан-саққа жүгіртуге хақылы. Алдымен қайтсем Елбасына жағынам, қайтсем оның көңіл-күйін табам деп зыр жүгірді дер. Бірақ бұған иланғың келмейді. Неге? Себебі ұзақ жылдан бері Елбасының сенімді инвесторлар қатарында саналатын, оң қабағына ілінген басқа емес, аса бай Машкевич бұл. Сондықтан мұндай жағымпаздық Александр үшін тым ұсақ-түйек секілді. Төрткүл дүниедегі байлығын еселей түсемін деп тыным көрмейтін Александр көп кәсіпорынның біріндегі мерейтойда әнұран шырқап, жалынды сөз сөйлеп, Елбасынан тағы бір ұпай алып қалайын деді десең, баланың сөзі сияқты. Қазақы түсінікпен қарағанда. Немене әнұран айтудан басқа амалтәсіл қалмап па, сірә? Көзге түсіп, қызметімді көтеруге септігі тие ме

дейтіндей биліктегі қызметкер емес. Дүние-мүккәмалы аста-төк олигарх Машкевич. (Әлде еврей үшін ұсақ-түйек деген, бәлкім, болмайтын шығар?..) Жалпы бұрын-соңды еврейлердің қазаққа істеген жақсылығы бар ма? Бар. Қазақтың 1000 әнін жинап-теріп, нотасымен кітап шығарған, "Қыз Жібек", "Ер Тарғын", "Жалбыр" операларын жазған, "Қалқаман-Мамыр" балетін қойған А.Затаевич, Брусиловский, Ерзакович, Шаргородский, Шабельский, Круглыхин, Орлов секілді қазақстандық еврейлер, бірі қазақтың ән-күйлерін жинаса, бірі өңдесе, опера жазса, бірі қазақ музыкасы туралы оқулықтар шығарды, лекция оқыды, ұлттық кадрлар дайындады. Бұл енді мәселенің бір жағы. Біздің айтпағымыз Машкевичті, еврейлерді жақтау немесе жағыну емес, басқа. Турасына көшейік. Машкевичтің орнында бір қазақты қойып көріңізші. Миллиардтаған доллары бар, әлемдегі ең бай адамдардың бірі болған қазақ қарапайым адамдармен қатар жүре қояр ма еді? Өзі комбинатқа әнұран жазып, жаттап айтып "азапқа" түсіп, күнге күйіп, зыр жүгірер ме еді? Тіпті, керек десеңіз, миллиардер қазаққа (бөрі текті) қарапайым болу жараса ма?.. Бір анығы, қарапайымдылық – қабілет, қасиет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір амалында өте қарапайым болған. Өзгелерге де қарапайым болуды әмір етті. "Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді" – делінген хадисте.

Сұмдық

Би-ағаның осы бір әңгімесін («Айт күндері») оқыған сайын әр сөйлемінің тасасынан бір ызғар қарып өтетіндей сезінем. Бірақ әуел бастағы: «Айт құтты болсын!», «Айтсын, жақсылығы бірге болсын!», «Жыл он екі айда бір келген жарықтық «айт» қой, бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар?..» деген үш сөйлемде қазақтың әдеттегі айт күндері амандасып жататын ежелгі ақ тілеуі, пейіл-ықыласынан алабөтен ештеңе жоқ тәрізді. Тіпті әңгіменің бірінші бөлігінен бастап , сол айт күні ауылда «жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр... Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңкеде отыр. Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр. Бір-біріне қайырлы болсын айтқан жұрт. Ақ отаудан бұралып бір келіншек шықты. Басында шетін кестелеген шашақты көгілдір жаулығы, неше түрлі асыл тұмаршалар қадаған көк пүліш қамзолдың төсі неше түрлі асыл ілгек, алқым баулармен безелген», – деп суреттейді. Осылайша сөз зергері ауыл-үй адамдарының өзара әзіл-қағытпа әңгімесімен қоңыртөбел, мамыржай халі, көңіл-күйін көз алдыңызға әкеледі. Енді қараңыз, оқушысын осылай жаймашуақ тоқкөңіл күйге бөлеп алып, Би-ағаң бұдан әрі сөзді былай өрнектейді: «Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызыңдаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ». Себебі, мұнда – аштық! Бірінен соң бірі өліп жатқан адамдар. Би-ағаң үш үйдің сұмдық трагедиясын суреттей келе былай дейді: «Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бас салды. Таласты. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар, мынау текенің ені... Мынау жүректің құлағы... мұны да итке лақтырған жерінен алдым... Жұрттан қайыр кеткен ғой... құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» деп... не бергенін қайдан білейін?» – деп, бір қайырады да, Би-ағаң оқырманды қайтып айт мейрамдап жатқан жерге әкеледі: «Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу-гу... Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үйде аштықтан қырылып қалғандарды естіп, бастарын шайқасып отыр: «Қатыны мен Бәкен кайтыпты. Алда, бейшара-ай! Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді. Дүние деген осы, жігіттер, – деді ортада отырған бір ақсақалды кісі. – Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттерінді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой... Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тындаған жан жоқ. Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі

«тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты» болды. Бейімбет осылайша салқынқанды, сырбаз баяндап әңгімеге нүкте қояды. Енді пайымдап қараңыздаршы, «Айтты» мейрамдап, жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатқанда, іргелес үш үйде адамдар аштықтан өлуде. Бұлар бөгде-жат немесе ата жауы, қас дұшпан да емес. Бәрі де бір-бір елдің, қазақ ауылының адамдары. Бірақ ауылдастарын танып-біліп, аста-төк мейрамдап отырып, бірде-біреуі барып аузына су тамызуға жарамайды. Қайырым-мейірім, адам адамға дос-жолдас, бауыр деген адыра қалған. Біз кейде осы ұлтымызға келгенде аты-жөні жоқ бұрынғылар жетімін жылатпаған, бір-біріне қарайласқан, иманды, арлы болған деп бет қаратпаймыз. Ешбір зұлымдық, қатыгездік, немқұрайдылық болмағандай сипай жазатынымыз бар. Ашаршылықта адамдардың бір-біріне деген нақақ қысастығынан, жемежемге келгенде хайуани құлқынның құлы болғанынан да қырылғанымызды несіне жасырамыз? Адам баласының бойындағы безбүйректік, рақымсыздық, жатбауырлық қасиеттердің қасіретін ашып айтудың орнына, бәрін бірдей билеуші биліктің озбырлығына тели салу да әділдік емес. Бейімбет – аштықты көзі көрген, жүрегі сезген, ақылмен түйген адам. Бұл сұмдықты Ахмет Байтұрсынов 1922 жылғы «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында: «...Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазған. Алаш жұртының осылайша сағы сынды, жігері жасыды. Сірә, қазақтың «бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейтіні осыдан болса керек. Содан бері 92 жыл өтті. Бәрінің беті аулақ, өзімен кетті, қарасы өшті. Ел тоқ. Заман басқа. Әйтсе де, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпегендердің» аманаты бар. Ұмытуға хақымыз жоқ!

Құмырсқаның қанағаты

Дүние төңкеріліп жатса да мәу демейтін тұйық, мінезі ауыр Ертұяқ деген кісі бар. Өзінің дене бітіміне мінез-құлқы да сай жарасымды үйлескен тұлға. Менің бір білетінім дүкенге бармайтын, киім-кешек, азық-түліктің бәрі үйдегі жеңгей мен балалардың мойнында. Ал Ерекеңнің жөні басқа. Сол Ерекеңді ойда-жоқта Қостанайдың сегізінші шағын ауданындағы "Технодомынан" көріп қалдым. Ол да анадайдан мені танып, сәл кібіртіктеп, бұрылып кетіп қалуға ыңғайсызданғанын сездім. – Оу, Ереке, қайдан жүрсіз? – дедім мен жақындай келе. Ерекең амансаулықтан соң, былай жүр дегендей оңашалау шығарып ап: – Жәке, осы сен айтшы, шынында менің мына жүрісім не жүріс, а? – деп, көзін оқтай қадап, қолымды езіп барады. – Ана тұқымың өскір, боқмұрын жаман неме, жетінші сыныпта оқитын немерем үш күн, үш түн маза бермей шықты. Не болды десем, ұялы телефон керек екен. Бір емес, екі рет телефон әкеп беріпті әжесі. Біреуін де жаратпай, лақтырып жібереді де, қайдағыны шығарып өксіп-өксіп жылайтын көрінеді. Сондағы сұрайтыны ішінде "скайп", "ватсап" дейтіні бар Айфон әпер дейді. Ол бір удай қымбат, бала тұрмақ үлкендердің қолы жетпей жүр дейді. Жағынан тартып жіберіп, май құйрықтан теуіп сабап алайын деп талай рет оқталғанымды қайтейін, қол көтере алмадым. Әке-шешесі шетелде. Олардан не қайыр? Үлкенімнен немерелеріме емірене қоймап ем, мына кенжемнің кенжесінің бір құдіреті бар, тілім – тасқа, тфу, не деп оттап кеттім? – деді де, қоя қойды. Мен бірдеңе дегенімше: – Әй, бәрібір, құмырсқаның қанағатындай қанағат жоқ, бүгінгіде. Тойғанның қадірін кім білсін, жақсы! – деді де, менің жауабымды күтпестен бұрылып жүре берді. Ой-хой, кімсің, Ерекеңмін! Кім болушы еді – Ерағаң! Тыңдамаса Ерекең тыңдатады, бермесе Ерекең бергізеді дейтін ел ағасы болған, атқа мінген, сұсы мен мысы басым көкеміз еді. Неге "еді"? Мына көргенім мүлдем басқа кісі, басқа мінез, басқа рух... айфоны құрғыр қалай өзгертіп жіберген, ә?! "Құмырсқаның қанағаты"... Қазақ ертегісін кім білмейді. Сонда да, шамалы қысқаша қайырсақ.. Баяғыда бір данышпан құмырсқаның бойы мен дене тұрқын тергеп ақыл-ойына көзі жетіп, енді сынап көрмек болады. Данышпан құмырсқаны сауытқа салып, қасына құмырсқаның өзі айтқан бидайдың бір ғана дәнін қояды. Бір жыл өткен соң сауытты алып қараса, құмырсқа бүк түсіп, қимылсыз жатыр екен. Қасында бидай дәнінің жартысы қалыпты. Әріберіден кейін бірте-бірте мұртын, аяғын қимылдатады да, құмырсқа орнынан тұрады. – Бір дән маған бір жылға жетеді, – деп едің. Жыл өтті, ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай? – деп сұрайды данышпан. – Иә ... ол дәнді бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен бір жылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең,

онда мен бостан-босқа аштан өлетінім анық. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, – деп жауап береді құмырсқа. – Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің? – Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, – депті құмырсқа. Бұл есте жоқ ескі заманда, кейінгі аш-жалаңаш, арып-ашыған, адам баласының дүниеге тойынбаған кезінен шыққан мысал шығар?.. Сонау көнені неге бүгінгіге тықпалайсыз осы? Бүгінде шүкір, дүние баршылық, шашсын, төксін. Қанағат деп бардың қызығын көрсе, оралының барында шалқып-тасып, ойнап-күлсе, несі айып?" – дейді кеудемнің бір жағы. Біздің қазақта шілдехана, тұсау кесер, қалжа, бала бір жасқа толғаны бар, содан бастап тойлар шеруі – бәрі де аста-төк шарықтап, көкке жетті. Көкке жетпегенде несі қалды, жас жұбайларды той салтанатына тікұшақпен топ еткізсе, төбеден ақша жаудырса... Екі қазақтың бірі той жасайды. Қазіргі ақыл: қарыздан-қауғалан жаса. Жасамаса ұят, алдымен "ата жауың" – ағайынтуыстан, жекжат-жұрағаттан ұят. Бұдан жаман кезде де тойға барғанбыз. «Қанағат дегеніңіз бұл жалқаулық емес пе, өзі?» – деді енді бір жағым. Бәрінің ынта-ықыласы – ғаламторға ауған. Жаһанды алақанға сиғызып сиқырлап тұр. Ол бірақ "Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыз – жалғыз атын сойғызар" демейді. Компьютер балаларға «ат, шап, қырып таста, бауыздап таста». Ержеткендер мен бойжеткендерге «көріп қал, сайран сал, іш-же, тарылма-тартынба» тағысын тағылар, он сегіз мың ғаламның қызығын, сайқал-сұлуын да, сұмдығын да ұсынудан, арбаудан жалықпайды, пәтшағар! Мына жалған дүниеде кемтар, аш құрсақ, ауру-сырқау, мұңдызарлы, таршылық-зоршылық көріп отырған пенде жоқтай... Қанағат – арабтың сөзі, "барына разы болу". Дінде – Алладан өзгеден дәметпеу. Пайғамбар сахабалары айтқан өсиет аз емес. Сағид ибн Әбу Уаққас баласына: "Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық". Бірақ, қайтесіз, адамзатта хайуани қанағатсыздық сезім бар. Лев Толстойдың Пахом дейтін бір кейіпкері ("Адамға көп жер керек пе?") ындыны тоймай қайтсем жерді көп қарпып қаламын деп жанын жалдап, арпалысып, етегіне сүрініп жүріп ақыры зорығып өледі. Сондағы оған бар бұйырғаны – екі метр жер ғана... "Құмырсқаның қанағаты" осы мектеп оқулықтарында бар ма екен?

Сағыныш немесе қалта телефоны

Купеге кіргеннен-ақ қалта телефоным үсті-үстіне қоңыраулатып, дамыл бермеді. Мен сөйлесіп болғанда пойыз қозғалды. Манадан бері жас шамасы алпыс бестен асқан, сопақ бет, жар қабақты, ақ маңдайының әжімі жіңішке, бірақ өзіне жарасымды апай ләм-мим деместен терезеге қараған күйі өзімен-өзі отырған. Кенет: – Осы телефонсыз қалай өмір сүріп келгенсіңдер? Мұнда кісі бар-ау, амандасып алайыншы демейсіңдер, амансың ба, інім? – дегенде, мен сасып, аяқ астынан не дерімді білмей тұрып қалсам да, кешірім сұраған кейіп таныттым. Шынымды айтсам, танымайтын-білмейтін кісіні сөге сөйлеген мына бейтаныс апайға ашулансам керек-ті. Бірақ дауысы тарғылдан шығып, әр сөзді айтқан сайын әр жағынан бір зіл, қасірет сезілердей күйдегі апайдың соңғы "інім" деп өзімсіне жылы ұшырай айтқаны жуып-шайып жіберді. Мен де ашыла жөн-жобамды айттым. Байқаймын, арамызда бір әңгіме айтуға ортақ бір көңіл-күй пайда болғандай секілді. – Қостанайларыңда бір-ақ түнеп кетіп бара жатырмын, мен бейбақ. Е, е! Несіне айтасың, інім-ау, ауылға барамын, ауылға, оңтүстікке. Шымкенттен ары екі жүз шақырым, – деп терезе жаққа бір қарап алды да, – осы отырғанда көкірегім қарс айырылып келеді, шырағым, – деді. Бір уақытта апамыз әлгі зілді даусы дірілдей, – жалғызым Жалғасым мен немерем Серікті екі жылдан асты көрген жоқпын. Өлердей сағындым. Үш мыңдай шақырым жерден сарғайып келгенде, сағынышымды баса алмай барамын. Бес жасар немерем де тосырқап, тіпті жолайтын түрі жоқ. Балам да бір түрлі тұйықталып кеткен бе, мен сұрамасам өздігінен сөйлемейтін болыпты. Сағынған шығар, елдің, ауыл-үйдің аман-саулығын сұрай ма деп емексіп ем, тіс жармады. Шыдай алмай: "Жарығым-ау, ауылдағы бірге оқыған, "Шеңгелдінің" шаңын бұрқыратқан сирақтастарың қалай демейсің ғой, сағынбайсың ба?" – десем, балам кекесін күлкімен: "Апа, кім кімге керек? Қазір мен мұнда, олар онда, әркім өз шаруасымен жүр. Менің сұрағанымнан, олардың сәлемінен не пайда? Керек болып жатса, телефонмен тауып аламыз. Несіне сағынам, бала емеспін ғой", – де-еп тұр. Ол – ол ма, сол сәтте осы әңгімемізді тыңдап отырған келінім не деді дейсің ғой: "Апа-ау, туу! Ит арқасы қияннан жаныңызды қинап, бекер-ақ келгенсіз. Амандықты айтып, Жалғасик телефон соға салады, біліп отыр емеспіз бе?.. Зря, зря.. пенсияңызды құртып. Онан да Серик ботақаныңызға салып жіберсеңіз, тәттілеріне, единицасына төлер еді", – деді еркелей, қалжыңдап айтты ма десем, жоқ, шыны беті бүлк етпейді. Осы аз болғандай, балам: "Апа, біз "Сосновый борға" жолдама сатып алып қойып едік. Ертең баруымыз керек. Сізге үйде жалғыз қалдыруға нельзя. Мүмкін ауылға қайтарсыз ", – дегенде, өзімді-өзім әрең ұстап, қаным басыма тепсе де, сыр бермеуге тырыстым. Өзегімді жарып шыққан тұла бойы тұңғышым, қабағанға қаптырмай, тебегенге тептірмей өсірген бауыр етімнің көңіліне тимедім. Тосын сый болсын деп, сонау ит өлген жерден айтпай келіп, кеудемді кемерлеген сағынышымды, мауқымды басам ба деген ойым

әдіре қалды. Сағынышымды бір ащы өксік пе, әйтеуір бірдеңе басып, жүрегім сыздап келеді. Інім-ау, осы барғанда, ауылдағы үйге бірден бармай, қыр басындағы шалымның моласына барамын. Жалғасыма, немереме деген алапат сағынышымды қара шалыма айтып ағыл-тегіл ақтармасам, кеудемді көтеріп тірі жүре алмаспын. Мен бейбақ, сорлының сағыныш мұңын шағар басқа кімім бар енді?! – деді. Не дейін... Қартайып, шау тарта бастамаса, қимасынан айырлып, қайғысы қабырғасына батпаса, сағыныш дегеннен бүгінгі пендеңіз, жас-жасамыс мақұрым ба деп қалдым. Бір атадан, бір әкеден тарағандардың балалары бірін-бірі танымайтын болды. Танымайтыны, қарым-қатынастан ада, бармайды, келмейді, көрмейді. Көрмеген соң, бауыр баспаған соң, қайтіп сағынсын. (Бауыр дейтін бауыр да қалмай барады) Бұрынғылар сағынғанда хат жазушы еді. Қазір хат – архетип. Қазір – смс. Бұрындары арнайы қыдырып келіп, сағыныш мауқын басушы еді. Қазір ісің түспесе, бірге туғандарымыздың өзі бір-біріміздің есігімізді ашпайтын болдық. Өйткені қалта телефоны бар. Қалта телефоны демекші, таяуда бір тойда мәз-мейрамда дуылдап отырған бір танысымның қалта телефоны шырылдап, әлдекім тура салған жерден әкесінің өлгенін естіртті. Қан қысымы басына шапты. Сол қаралы хабарды жеткізген телефонмен әйелі жедел жәрдем шақырып, жанын алып қалды. Анабір жылы әкемнің інісі қайтыс болғанда, дер кезінде бара алмағанда, кейін сол үйдегі жеңгем (бүгінде марқұм) "тым болмаса телефонмен көңіл айтсаң, қайтеді?" – деп өкпесін айтып еді. Енді қазір өкпелейтін кісілер де қалмай барады...

Тектілікті тестен сұраңыз

Ертеде бір бай ен далада жаяу мал бағып жүрген бір қойшыдан: "Аллатағаланың қайырымы түсіп, сені хан етсе не істер едің?" – дегенде, қойшы: "Егер мен хан болсам, қойымды атқа мініп бағар едім", – депті. "Кез келген аспаз әйел мемлекет басқара алады" деген Лениннің "Билік берсең, қара табан кедейлер де ел билейді", – дегені ғасырға жуық қойшыны депутат етті, әсем сарайлардың төріне отырғызды, төсіне орден-медаль тақты. Бәрібір қанша жерден жасанды құрмет-қошеметтің дәмін татса да, айналып келгенде баққан бағыланының құйрық майын жеп, мал қорадағы көңнің иісін иіскеп барып қана қойшының жаны жай табатын еді. Осы күнгі қара халықтың нарықты, жаңа технологияны әлі дөңгелентіп, ұршықтай иіріп кете алмауына тек, текті құртқан кешегі заман зардабы ма дерсіз... Кешегі дегенде, нақтылай айтсақ, кеңес заманын орнатқан – шолақ белсенділер. Коммунистік ғасырда тектілердің тұқымын тұздай құртып, тексіз құл-құтанның ел басқарғаны тарихи шындық. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда болған қасіретті нәубетке жандайшаптар ұйытқы болды. Мұны Бейімбет Майлин туындыларында асқан шеберлікпен кестелеп берді. Топас белсенділері ештеңенің жөнжосығын түсінбесе де, мансапқа қызығып, көп нәрсені бүлдірді. "Шаш ал десе, бас алуға әзір", айқайға, зорлыққа үйіріліп түсті. Жазушының "Арыстанбайдың Мұқышы": "Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар. Қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалап соның маңынан шықпайды." Әкесі Арыстанбай да күні кешеге дейін "осы ауылды бір шыбықпен айдап келген" атқамінер, қу, ел жегіш парақор болатын; Мұқыштың бүгінгі тіршілігі де сол "баққаны – өсек, айтқаны – ғайбат; көксегені – ұрыс-керіс, жанжал; жұрт арасына іріткі салып, біреуді біреуге атыстырып-шабыстырып жүрген, жалақор, пәлеқор". "Талтаңбайдың тәртібінде" екі сөздің басын жөндеп кұрай алмайтын, жазған мәнін өзі де жөнді түсінбейтін және тілі де келе бермейтін орыс сөздерін араластырып, ата-бабасында көріп, білмеген, естімеген колхоз дегеннен шошып, үркіп тұрған елдің зәресін ұшырады, онымен де қоймай: "құқ", "түрмеге тық!" – деп бейкүнә, момын жұрттың басына әңгір таяқ ойнатады", – деп жазған ұлы Биағаң. Осылайша іргесі қаланған, өскен кеңес қоғамы гүлденді, кемеліне келген жылдары... "Таза қазақы ауданда аудандық партия комитетіне орыс таба алмай, көшеде мас болып шаңда аунап жатқан пеш салатын жирен шаштыны жуындырып, киіндіріп, екінші хатшы ғып сайлағанды да көргенбіз", – дейтін әкелеріміз, – аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен сол сабаздар ұрттап алған кезде аттыға жол, ауыздыға сөз бермей-ақ аудан, ауылда кәдімгідей зіркілдеп, қамшы үйіріп басқарды. Бірінші хатшы, бірінші деген аты болмаса, әлгі жирен шаштың ауанынан шыға алмайтын. Жарайды делік, ол кез өтті-кетті, енді тарих...

Тәуелсіздік жылында туғандар тәуелді заманнан мақұрым. Санасы таза, танымы, талғамы өзгеше. Біздің гөй-гөйімізді тарихтан біледі, ата-әжелерінің әңгімелерінен естіген. Өзіндік пайым-түсінігі бар. Қазақта бұрын "Он үште – отау иесі, он алтыда – орда иесі" деген. Елде тектілерден он алты жастан-ақ қабілет-дарынымен көзге түскендерден хан, би сайлағанын білеміз. Қазақтың үш биінің үшеуінің де ата-бабасы текті болған. Қаз дауысты Қазыбек 16 жасынан бастап қазақ елі басынан кешірген тағдыр талайына араласқан, орта жүздің төбе биі. Ал әрі батыр, әрі шешен Жәнібек Қошқарұлы Төле биден, Сырым Датұлы Малайсары биден бата алып, жол ашқан. Ғасырлар бойы ел басқарған, ел қорғаған небір ой мен қол батырлары үшін даналардан ақыл-кеңес сұрау, бата алу – тектілік емтиханы болған. Бұл заманда тектіліктің барометрі, білім мен білігіңді сынап, тергеп, мансаптың майлы жілігін ұстатын – тест. Күні кеше сол тест "А" тобындағы небір аймүйізділерді астындағы атынан аударып тастады. Компьютер тектілігіңе қарамады, ептілігіңе қарады. Қайтесіз, заман солай, биді, яки абызды да тезге салатын технология. Тектілікті тестен сұраңыз...

Абай болайық...

Бәріңізге аян, еліміздегі ең ірі қала – миллионнан артық тұрғыны бар Алматыдағы екі көшенің қиылысындағы қызтекелерді (гей-клуб) жарнамалау үшін Құрманғазы мен Пушкиннің сүйіскен суретін салып (постер) әлеуметтік желілер арқылы таратып жіберген. Екі ұлттың екі өнер алыбы аяқ астынан гей-клуб «жаршылары» болып шыға келді! Масқара! Бірақ эмоцияны сәл қоя тұралық. Бұл әрекетті кім, қалай түсінді? Алдымен, «бұл бүкіл қазақтардың намысына тиді. Олардың маған жауап бергені орысша: «Ол – ханжество», – деді, сіз түсінбейсіз. Бұл – креатив. Ешқандай, қазақтардың намысына тиетін нәрсе жоқ деп. «Намысыма тиді», – деді бір қазақ – Құрманғазының шөбересі Нүркен Халықберген. Ең сұмдығы – Havas Worldwіde жарнама агенттігінің директоры, тағы бір қазақ – Дария Хамитжанова: «Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ. Бұл – шығармашылық. Біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта да бірнеше үлкен жарнамалар жасайтын боламыз. Аты белгісіз әншілерден бастап, ұсақ қоғамдық ұйымдарға дейін барлығы осы суреттің арқасында атын шығарғысы келеді», – депті шімірікпестен. Суретті салғандар мұны ұлттың намысына тидік демейді. Олар мұны «шығармашылық жетістік» деп отыр. Олардың түсінігінде бұл пәниде айрықша әспеттейтін құндылық жоқ, бұл фәниде ақшаға сатып алып, көретін тән рахаты, атақ, даңқ қана бар. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 34 адамнан құралған ұстаздары мен студенттер тобы сурет салғандарды сотқа берді. Сот істі қарап, агенттікке айыбы үшін 34 миллион теңге төлесін деп шешті. Жарнама агенттігінің мал-мүлкі тәркіленеді. Бірақ көкейде көп сауал көлденең тұрып қалғандай. Алматы сияқты елдің абырой-беделін асқақтататын алаш азаматтары шыққан, бүгін де интеллектуалдар ордасы, ең көркем де сұлу қазақ қаласында гей-клуб неге ашылған? Жүз жерден демократия, заманауи жаһандық үдеріс десе де, бұл бізге жат, болмысымызға зиян, азғындық қылық! Бір қазақ намысыма тиді дейді, енді бір қазақ бұл жарнама деп бет бақтырмайды. Құрманғазы алаштың арындай маңдайымызға біткен ұлы тұлғаның әруағын саудаламағанда несі қалды енді?! Рас, Мәдениет министрі айыптады. Бірақ бұл аз. Қалың ұлттың ар-ұяты дейтін маңдайалды, намысқой тұлғалар, зиялылар елге қарата сөз айтпады. Тоқсан тоғызы жиналып, тоғыз ауыз сөз түйіп, билікке дат демеді. Құрманғазының төл ұрпағы болмаса, қайтер еді? Ұлттың ішкі тұтастығы қайда? Қазақтық намысын кім қорғауы тиіс? Дүбәра демократия қазақтың ғасырлар бойы келе жатқан өміршең дәстүрлері мен өмір салтын аяққа таптап кете бере ме? Ғаламторда қостанайлық гейлер жасырын пәтерлерде, түн ауғанда кафе-клубтарда бас қосайық деп хат жазысып жатыр. Күндердің күні құдай атып, Қостанайдан бұдан да сорақысы алдымыздан шығып жүрмесін...

Әй, бірақ, бүгінгі адамның еті бәріне үйреніп кетті. Нағыз итжанды енді болдық. Бәріне көне береміз. Ар-намыс ше? Бұл бойдағы бір ет пен терінің арасындағы желіктей ғана болғаны ма?... Ұлттық намысы күшті. Ұлт азғындыққа төзбейді. Іштей іруге хақымыз жоқ. Ұлттық мінез керек. Абай болайық, ағайын!

Қазір тұлға керек пе?

– Керек. – Жоқ. – Білмеймін... Бұл осы күнгі замандастарымыздың жауабы. "Керек" деген кісінің айтқандарының бір парасы мынаған саяды: біздің заманымызда тұлғаға лайық замандастарымыз бар. Бірақ біз оны менсінбейміз. Жақсы атқа, мадаққа, марапатқа қимаймыз. Қызғанамыз. Күндейміз. Көзінше күле қарап, бас изеп, риясыз кейіп танытамыз. Әйтеуір мойындамаймыз. Сонымен тұлғасызбыз... Ал ешқандай кесек мінез, сұңғыла ақылы жоқ, пысықсыған пысықайларды асыра орынсыз, лайықсыз мақтаймыз. Көбік, өтірік мадақ. Біліп тұрып, сезіп тұрып жалған айтамыз. Сөйтіп қолдан тұлға жасауға тырысамыз. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегенді теріс айналдырып түсінеміз. Біле білсек, жақсы кісі істеген жақсылығын айтпайды, керісінше біреу жақсылығын көзінше айтса, қысылады. Адамдық, азаматтық этикет осындай. Сыпайылық – имани әдеп. Мәдениетті айтуды үйреніңіз. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ" деген рас. Күнде көріп, етжақын араласқан соң, асыл азаматтың абзал қасиеттеріне бой үйреніп, әбден қадірін елемей, аяқасты етіп жібереміз. Ел мойындаған, қадір тұтып, сыйлап құрметтейтін азамат. Мансабын емес, мамандығын емес, адамдығын, адалдығын сыйлаудың жөнін білмейміз. Ал енді осы жерде мысалға жиі алынып жүрген ұлы Мұхтар Әуезовтің Құнанбайдың Абайға айтқанын тағы бір еске түсіріп көрейікші. Құнанбай Абайға: "Ең әуелі, жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың", – дегенде Абай: "Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге – біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білім бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын", – депті. Абайдың өз жауабы өзінікі. Ал енді сәл-пәл ойланып, Құнанбайдың айтқанын осы біздің заманымыздағы қоғаммен, адаммен салыстырып, көзге елестетіп көрейікші. Барлап кеп жіберсеңіз, Құнанбайдікі түгелімен дұрыс, шындық сияқты. Айналаға қараңызшы: "жұрттың бәріне күліп сөйлеп, жайдақ су сияқты, ит те, құс та жалап, кісіге қадірі болмай жүргендер аз ба?! Шынымен

де көрінгенмен жақын болып, кісі талғамай желбегей жүрген кісіге ел үйірілмейді. Арзан мен қымбаттың парқын айырмайтын, өзіңдегі барын арзан ұстайтын, бұлдай білмейтін, көп күлкі, болымсыз ермекке асылын шашқандар ше? Амал жоқ абыз ақынның осыдан жүз елу жыл бұрын айтқан: "Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті. ...Елді пысық билегені несі? Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?" – деп (Қара сөздерінен) қайталай бергің келеді. Ал екінші "жоқ" дегеннің тоқетері: осы заманға тұлғаның керегі жоқ. Әр адам өзін-өзі тұлға сезінетін болды. Өзі сұңғыла, парасатты, бәрін біледі. Үйренем десе, меңгерем десе, жүрем-тұрам десе ғаламтор бар, ақпарат тасыған дәуір. Керегін, қалауын, талабын, талғамын бәрін-бәрін көзді ашыпжұмғанша тауып алады. Жақсы әнші-сазгер, ақын-жазушы болса, өнерін тамашалауға бар. Еруге, еліктеуге бар. Бірақ оны тұлға деп мойындамайды. Оны тұтыну көзі ретінде сезінеді. Пайдасын көргенше ғана. Жастардың әншіәртістердің жұлдыздары десе "қырылып" қалатыны сондықтан. Сонда да көріп, естіп алғанша. Сәл бірдеңесі ұнамай қалса, сол тұлғаны балағаттап, тіпті сабап кетуден тайынбайды. Ондайлар топ емес, тобыр. "Тобырда ақыл болмайды", ал ол жұлдыздарда тұлғалық қасиет жоқ. Үшіншісі... білмесе білмейді де. Нанын тауып жесе болды, оған тұлғаның не керегі бар?!..

Ардың ісі...
Ұлылар неге жылады?

Француздың әйгілі әкелі-балалы Дюмалары. Әке – Дюма хақында бала Дюма: "Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен. Жүгіріп қасына бардым: – Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың? Ол: – Мен мүсәпір де қайырымды Портосты аяймын! ( Портос – "Үш ноян" романының кейіпкері. – Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады, соған ол шыдас беруі тиіс. Құдай-ай, бұл қандай ауыр?!"- депті. (А.И.Куприн) Ал Гёте өзінен-өзі көзіне жас толып, бір күні хатшысынан: "Мен о дүниеге аттанғанда, немістер не дер еді?" – деп сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. "Тіпті олай емес, – депті Гёте. Олар: "Уф!" – деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады. "(Р.Роллан) ...Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады. Сізге не болған? – дейді достары үрейленіп. – Немене, сіздер ештеңе білмейсіздер ме? – дейді Бальзак. – Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы

– Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой, – депті Бальзак. (Б.Горбачевский. "Ариаднаның арқауы", 96 бет, "Жалын" 1977 ж.) "Горио әкей" романының соңғы нүктесін қойғаннан соң 35 жастағы Оноре де Бальзак осылайша еңіреп-есеңгіреп, делқұлы, беяапар күйге түсіпті. Абай туралы баласы Тұрағұл: "Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де", – деп жазған. М.Әуезовтің "Абай жолын" жазғанда да, жазғаннан кейін де бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе, Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. Содан жанталаса еңбектеніп, жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. (Т.Әкімов) Соған қарамастан, жаны еңіреп жүріп, кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра – "Абай жолы" дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты. Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, "қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған" заманында өткен "Адамзаттың Айтматовы" "Ақ кемені" жазғанда, – мен жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, – деді ол. Біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз –

оқырман үшін бәрін жүректен өткізіп, жан кешу деген. (Д.Быков.) Міне, күрмеуі тор - бау, күрделі зор - лау талап! Уақыт талабы! Сан қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеппішуге де жойдасыз. Осы ретте уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті хақында санаң сан-саққа жүгіреді... Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды, біз сала алмадық, неге? Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? – дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де) жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме? Бальзак "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заманда өмір сүрді дейсіз бе? Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдеараздар дендеген, дүмпулер мен күңкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Франция республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Наполеон Бонопарт Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) "Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды" деген император төрткүл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді. Бірақ арманына жете алмады. Небір ұлтымыздың жазармандары сырты жұтынып тұрған сұлусымбатты томпиған тоққарын, том-том бордақы кітаптарын шығарып жатыр. Шығара берсін дерсіз-ау. Бірақ ол ол ма, көбісі "Кітап жазу қиын емес. Бір ай, бір жылда талай дастан, талай роман жазып тастау түкке де тұрмайды", – деп ескенді де көрдік. Билік, беделділердің қолымен жиын ұйымдастырып, оқымай-ақ таныстырады, мақтатады, таратқызады. Ізінше айрықша құрмет, қошемет, сый-сияпат жасатады. Оқушы қауым өз еркімен оқып, тұшынып, мойындау керек-ау?.. деген ойына кіріп те шықпайды. Себебі бәрі де жан қинамай жазылған жазбалар. Ақ қағазға (мониторға) көз жасы тамбағандар. Көркем әдебиетті еріккеннің ермегі, қызыққанның көрмегіне айналдырғандар. Ашпай тұрып-ақ жәдігөй көңілге алданып, өз өтірігіне, өз жалғанына өзін сендіргендер. Жүрекке жетпей тұрса да, жылтыр, жалған сөзге жанарымыз шынымен-ақ жасаурай ма, өзі?..

Әлі де ізбасармыз...

Бір күні қарт абызға бір жас жігіт келіп: "Мен сізден үлгі-өнеге үйренейін, шәкірт етіп алыңызшы", – деп өтінеді. Сонда абыз: – Сенің менен үйренуіңе қарсы емеспін. Тіпті басқа шәкірттерім сияқты менімен бірге жүріп, бірге тұруыңа да болады. Сен бірақ менің ізбасарым боламын деп ойлама. – Онда мен кімнен үйреніп, кімге еремін? – Ешкімге де емес. Егер біреудің соңынан ерсең, онда шынайы жолдан адасасың. – Ал Сіздің шәкірттеріңіз ше? – Олар менің қасымда, бірақ әркім өз жолын іздеп жүр. Ал тапқан күні олар мені тастап кетеді, – депті абыз. Сонау бір кеңес дәуірінде өмірде де, әдебиетте де әркім ешкімге ұқсамайтын өз жолын іздесін деген пәлсәпа, қағидат жиі айтылушы еді. Сол кеңес заманында жаппай лениншілдер, еңбек ерлері, өнер шеберлерінің ізбасарлары тәрбиеленді, үйретілді, өсті, қалыптасты. Небір ұстаздар, ардагерлер жүздеген, мыңдаған шәкірттер оқыттық, тәрбиеледік деп мақтан етті. Ал шәкірттері болса ұстаздарын пір тұтты. Қазақтың ортасынан марқасқалар мен оғыландар шықты. Олар ұстаздарынан үйрене жүріп, өмірден өз жолдарын, өз даралығын тапқан тұлға еді. Халық шынайы талантты таныды, дарынды екшеп алды. Халық өздігінен оларды айрықша құрметтеді, қадірлеп-қастерледі. Ал енді қазір жүйе де, құндылық та алмасты. Бүгінгі дәуірімізде замандастарымызға не істеймін, кімнен үйренемін, қайда оқимын десе де, еркі өзінде, қалауы біледі, жол ашық. Алды шетел асып төрткіл дүниені шарлап кетті. Әркім қолынан келсін-келмесін бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған. Айналаға қарасаңыз қазақтың айналыспайтын тірлігі қалмаған секілді. Қуанасың. Бірақ бәрі біркелкі, қоңторғай. Үлкен-кіші, ұстаз-шәкірті де бірдей. Жеке, дара кісі көрінбейді. Тіпті бай-бағыландарыңыз да бірбірінен аумайды. Табар табысы да, ішіп-жемі де, сөйлеген сөзіне дейін бірбірінен айнымайды. Бір қарағанда көпшілігі өмірден өзін-өзі іздеп тапқан жандарға ұқсайды. Себебі, елдің көз алдында , теледидарда, газет беттерінде "мен-менмін", "мен мұндаймын, ол сондай", "көріңіздер, мен осындаймын" дегендей жалт-жұлт, төр менікі дегендер бір-бірінен асып түсіп жатыр. Бірақ оларға халықтың шынайы құрмет-ықыласы аз. Аз-маз көңіл көтеруге болмаса, риясыз ләззат алған кісі көрінбейді. Оның себебі... Неге екенін білмеймін, бұрын халық өзі таңдап, өзі сыйлап, өзі қастерлеп, алақанға салатын тұлға жеке адам (индивид) сирек болса да бар еді. 1947 жылы кеңестік делегацияның құрамында Қаныш Сәтбаев Лондонға барған екен. Сапар барысында Ұлыбританияның әйгілі мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль зор денелі, сымбаты келіскен Қаныш ағаға тесірейе қарап: "Қазақтардың бәрі сіздей алып па?" – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: "О! Не

дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын", – деп жауап берген екен. Тумысынан дара, ісі, ойы, жүрістұрысы, сыр-сымбатына, тіпті қалжың сөзіне дейін ешкімге ұқсамайтын Қаныш Сәтбаевтай халқына асқан беделді де қадірменді көзі тірі тұлғадан қазір кімді атар едіңіз? "Жұртым" деп жұмылып, "елім" деп езіліп қызмет ет немесе "Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық" деген Баукеңді, Момышұлын осы бүгін неге іздейміз, неге қажетсініп жүрміз осы? Шынымен-ақ, өмірден өзін тапқан дана да, дара да біздің замандастарымыз кімдер, қайда жүр? Небір басылымдардың, сахналардың төрінен көрініп жатқан "дарабоздар", "жұлдыздар" мен "жампоздар" т.с.с. Әсілі, осындай сауалдар бірінші рет қойылып отырған жоқ. Ал толық та тұщымды жауап табылғанша... әлі де бар болғаны ізбасармыз...

Өзім де, өзге де...

Ең алдымен қара басыңды ойла, қара қазан, сары баланың қамын же. Адамға жан тәтті, амандығың ардан да қымбат. Өмір сүрсең, алдымен өзің үшін өмір сүр, содан кейін өзге үшін, ел үшін... Жанымызды сыздатса да, бүгінгі күннің қатаң да қатыгез бір пәлсафасы осы. Қасиетті кітапта: "Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қол ұшын бер". Айта берсең, адамның оңы мен солы іспетті керағар, қайшылас тіршілік. Былтыр Қазақ-Қытай шекарасындағы "Терісайрық" заставасында 11 жауынгер тапа-тал түсте туған елінің шекарасын тастап, қашып кетті. Отананасының шекарасын көздің қарашығындай қорғау дейтін қасиетті борыштан гөрі, қара басының қамы басым түсті... Аулада ойнап жүрген бүлдіршіндер бірінен-бірі ойыншығын ұстап көрмек түгілі, өзгенің қолы тиіп кетсе шар ете қалады. Күнде көріп жүрген соң, үйреншікті көрініс, жайбарақатпыз. Апырай, шынымен-ақ, дүниеқоңыздық құрты құрсаққа түскені-ау?! Әйтпесе бесіктен белі шықпай жатып, өзім дегенде өзегі кететіндей шырылдайтыны несі?! Қайырыммейірім, өзің үшін ғана емес, өзге үшін, ел-жұрт үшін, алаш үшін дейтін арда қасиеттер тұншығып кетіп жүрмесін! Жо-жоқ, тұншықса да, – қайта серпіліп шығады. Неге десеңіз, сонау тегімізден келе жатқан бір көзге көрінбейтін, бойға біткен бір алтын арқау қасиет бар. ...Үкімет "Қазақ" газетіндегі өткір мақаласына бола Ахмет Байтұрсыновты тергеп, – не екі ай түрмеге қамаласыз, не қомақты айыппұл төлейсіз, – деп алқымдайды. Сонда Ахаң: "Газетімнің аз ғана ақшасын айыппұлға төлегенше, сол түрмеңе барып жата тұрайын, газетім шыға берсін", – деп қазақ сөзін тұншықтырмау үшін түрмені қалаған. Өткен ғасырда патша әскерлері алаш көсемі Әлихан Бөкейхановты бір сапарында жолда ұстап, тұтқындайды. Мұны естісімен ел азаматтары жиналып, аз ғана патша солдатынан құтқарып қалайық деп Әлиханға хабар береді. Сонда Әлихан айтса керек: «Сабыр етіңіздер, үш-төрт ай қамап, қоя берер, өлтіре қоймас. Ал сендер солдаттарды өлтірсеңдер, бүлікші деп, қарулы әскермен жібереді, босқа қырыласыңдар», – деп ер-азаматтардың амандығын ойлаған. Айбатынан ат үркетін, ірі сөйлеп, кесек турайтын, аузы дуалы оғландарымыз елім-жерім дегенде жан беруге даяр еді. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев депутаттық сауалында осыдан 42 жыл бұрынғы оқиғаны айтады. 1972 жылдың 18 желтоқсаны күні Алматы облысының Балқаш ауданындағы Іле өзенінен мектеп-интернат оқушылары қайықпен өтпек болған. Өзеннің ортасына жете бере қайық аударылып, балалар суға бата бастаған. Екі жағада да көріп тұрған жұрт, араларында суға

кетіп бара жатқан балалардың жақын ағайын-туыстары да амалы құрып, ештеңе істей алмай қалады. Сол кезде жағадағы Бейсетай Дәуренбеков деген азамат ойланбастан суға қойып кетіп, 12 баланы судан аман алып шыққан. Сол судан аман қалған төрт ұлттың өкілі 12 азамат бүгіндері аманесен. Жыл сайын 18 желтоқсанында екінші әкелеріне артына ерген ұрпақтарымен келіп сәлем беріп тұратын көрінеді. Депутат Бейсетай Дәуренбековтің ерлігін дәріптеу керек деп түйеді. Алаштың арда ұлдары ғалым-жазушы Сәбетқазы Ақатай мен этнографғалым Жағда Бабалықұлы Алматыдағы «желтоқсан көтерілісінің» қаһарлы күндері жеке бастарының қауіп-қатеріне қарамай, жастармен бірге алаңға барып, кейін желтоқсан туралы шындықты егжей-тегжейлі зерттеп, көтеріліс туралы мәліметтерді фото-пленкаға кішірейтіп түсіріп, оны арнайы сатып алған балтаның темір бастарына егеп кіргізіп, тесікті қайтадан балқытып жауып, Қытайдағы, Араб елдеріндегі, Батыстағы, АҚШ-тағы таныстарына "сәлем-сауқат" ретінде жөнелткен. Желтоқсан шындығы төрткүл дүниеге осылай тараса керек... Сол кезде бұл аса қауіпті де қатерлі іс болатын. Елі үшін қара басын бәйгеге тіккен екі ардағымыз да бүгін арамызда жоқ. Күні кеше өзіміздің Қостанайдың Меңдіқаралық оғыланы Серік Сұлтанғабиев Ресейде солдаттың қолынан сусып түскен гранатаны ойланбастан кеудесімен жауып құлап, басқаны аман алып қалды. Оған "Ресей Батыры" атағын берді.

Тіленшілік

Қараша басталғалы күн бірте-бірте суытып келеді. Қаңғыбастар қаладағы бейімдеу орталығын айналшықтап жүр. Базар, вокзалдарда ертелі-кеш қайыр садақа сұрап, алақан жайып өткен-кеткендердің шалғайына жармаса кететіндердің де қарасы жиі байқалады. Ал бұл мешіттердің айналасындағы ежелден келе жатқан дәстүрлі көрініс. Бірде сол қала орталығындағы мешіттің қасынан отыз бен қырықтар шамасындағы бір қазақты көрдім. Мен назар салғаным сол еді, қолын жайып, ақша сұрады. Алақанына дөңгеленіп екі жүздік тиындар түскенде, көзі жалт етіп: "Рахмет, ағасы, рахмет!" – деп, үсті-үстіне жалпылдап қалды. Түртұлғасына қарасаң аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетіндей-ақ. Бейімдеу орталығына баратындар да, базар-вокзалдағылардың да дені – он екі мүшесі сау пәтшағарлар. Олардың мәртебесі: еш жерде тіркелмеген, жәрдемақы, зейнетақыдан жұрдай, кәсібі – сұрау. Мұның Алматыда, Алтын орда сияқты сауда орталықтарында кәдімгі жабайы бизнеске айналғалы ондаған жылдар болғаны аян. Ал көшеде, автобустарда, пойыздарда түр-түрі шыққанын қарапайым жұрт көріп жүр. Енді өзге елге қарасақ, Түркияда көше мен қоғамдық орындарда қайыр сұрау заңмен тыйым салыныпты. Мұндай тәртіп Литваның Вильнюсында бар екен. Қайыр сұрап немесе садақа беріп жүрсеңіз, айыппұл салынып, жауапкершілікке тартыласыз. Бұл іс қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Қайыр сұрау мен садақа беру тек шіркеулер мен діни мерекеде ғана рұқсат. Жергілікті билік мұны ұлт имиджіне нұқсан келтіру деп түсіндіреді. Мейіріміңіз тасып бара жатса, арнайы орындарға келіп, үйсіз-күйсіз жандарға арналған қорға өткізуіңе болады. Ресейде балаларды пайдаланып, қайыр тілеген бизнес тым белең алғандықтан, ересектерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Біздің елде де осы мәселе күн тәртібінде тұр. Оны айтасыз, тағы бір сұмдығы, Алматыдағы қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығына бизнесмендердің 136-сы "паналапты". Яғни, тіркеуде бар да, бірақ онда тұрмайтыны айдан анық. Кәдімгі жекеменшік кәсіпорынның қожайыны, банктен қомақты несие алуға жағдайы бар азаматтар қаңғыбастар мекемесіне заңсыз тіркеліп алған. Мұның астарын өзіңіз түсіне беріңіз. Осы біз қазақтың менталитетін мансұқтап, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз дейміз. Осыған бүгінгі көзбен қарап көретін кез келді. Қаңғыбас, қайыршы, жетім, жесір деп жүргендерге жаппай қазақы пейілмен жанашырлық танытудың жөні жоқ секілді. Өйткені... ...Атымтай жомарт қаладағы кәріптерге киім, тамақ беріп болған соң, енді даладағы кедейлерді іздеп шығады. Келе жатса, үстінде тоз-тоз киімі бар бір адам кездеседі. Атымтай: "Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?" – дегенде, әлгі жарлы айтыпты: "Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем

қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын-баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын алып жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек, теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын", – депті. (Шәкәрім Құдайбердіұлы) ХІХ ғасырда атақты Медеу бай Пұсырманұлы Алматыдағы Медеу мұз айдынының орнындағы ен жайлауды мекендеген. Осы Медеу бай жағдайын айтып алдына келген адамды ауылдың іргесіндегі мыңғырған малдың ортасына апарып: "Көзіңе түскенін ал да, өз ісіңді баста", – дейтін көрінеді. Егер мал алған адам алған малын сойып жеп қойып, тағы сұрап келсе: "Сен масыл екенсің, енді қайтып маңайымнан жүрме!" – деп ұрсып, қуып жібереді екен. Ал егер алған малдың басын құрап, көбейтіп жүрсе, "Несібең арта берсін!" – деп, тағы бір ірі қараны ақысыз-пұлсыз жетектетіп жіберетін болған дейді. Айналып келгенде, табан ақы, маңдай термен болған тіленшіліктің арғы жағында ізгілік бар!

Адамдардан шаршаған...

Биылғы күз қабағын ашпай, желке жалы күдірейіп, сұрланған күйімен өтетін шығар. Құдайдың құтты күні күннің райы табан астынан мың құбылып, көк аспан мен қара жердің арасында мәңгі бітіспес бір майдан басталғандай. Маусымда тынысы тарылып, дүниенің апшысын қуырып жібере жаздаса, шілдеде бұрын-соңды болмаған көк аспанның "көз жасы" күні бүгінге дейін тиылмай-ақ адамдарды әбден діңкелетіп шаршатты. Бірақ, түсіне білсек, кімді кім шаршатты?! Егер тіл бітсе, осынау жарық дүние, жерана асты-үстін опырып, отап, жайпап бара жатқан, құдайдың жаратқанына қарсы шыққан адам баласынан "шаршағанын" айтып, зар илер ме еді, қайтер еді?! Ал адамдардың өзі ше, алаш жұрты ше, оның ішінде, руханият сардарларының "миымен тас көтергендей шаршағанын" кім елеп, бағалап жүр осы? Биылғы күз ойда жоқ жерде ұлттың ардаемген интеллектуалы Таласбек Әсемқұловты қар жер қойнына бергізді. "Таласбек соңғы жылдары өмір сүруден, аурудан, адамдардан шаршағанын, тек отбасы үшін ғана өмір сүріп жүргенін айта беретін", – деп еске алады жұбайы Зира Наурызбаева. "Біздің қоғамдағы парадоксқа қараңыз, екі ағамыз да (Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек) ұшан-теңіз біліммен соңғы жылдары үйде отырды. Жұмыссыз. Қазақтың кез-келген баласы солармен деңгейлес болса ғой, әңгіме басқа еді. Бұл – қоғамға соғылған шапалақ, рухтың ескертпесі. Біз жеңіліп жатырмыз", – деп жазды талантты тілші Әсия Бағдаулетқызы, – бұл қоғам жақсы адамның, терең адамның, ілім жиған адамның қадірін білмейді," – деп ашынады. Ал сонда қадірін білгізуі үшін не істеу керек? Бұл заманда гуманистке қайтіп өмір сүрген дұрыс? Оған да марқұм Таласбек "Аңыз адамда" шығармасында: "Бір жолы Асекең (Асқар Сүлейменов), – ешқашан ешкіммен жауласпа, басыңнан сөз асыра сал. Өйткені сен бойыңдағы қабілетіңді қазаққа тұтастай беруің керек. Жазатайым біреу саған бірдеңе істесе, мақсатыңа жете алмай қаласың. Махамбеттің "Азамат, сені сақтадым, қазанат, сені сақтадым" дегені бар ғой, сол секілді сен өзіңді сақтауың керек. Мына дүниеде талантты болу деген өте қатерлі, елдің бәрі талантқа жау. Егер сен білімді, жақсы жазбаларыңмен ұрпақтың, жастардың санасын тазалап, жақсы азамат етіп қалыптастырсаң, саяси күрестің не керегі бар? Сен мақсатыңа жеттің, – деп керемет айтқаны бар. «Менің күресім – жастардың сауатын ашу. Менің партиям – жалғыз өзім. Негізінен жастардан досым көп. Өйткені замандастарымның талайымен кетісіп қалдық, есейгеннен кейін алысқан қол, беріскен серттің бәрі жайына қалды. Әркімнің өз мүддесі пайда болды. Сондықтан өз замандастарымнан достарым көп емес», – деп ағынан жарылған екен. Сөйткен күйші, жазушы, көсемсөзші Таласбек Әсемқұлов соңғы жылдары сатқындық пен бітпейтін аяқтан

шалудан шаршап кеткен еді. «Мына өмірдегі жақындарынан гөрі жақынырақ адамдардың жанына, өз еліне кетті», – дейді жан жары. Редакциямызға апта сайын танымал, сырлас, жүзтаныс ағаларымыз келіп, әңгіме дүкендетеді. Сол жайсаңдарымның арасында кейбірі қыздықыздымен, қылығы-былығымен көп адамдар шаршатып жүргенін айтып таусылады, бірақ өзі де басқаларды шаршататынын аңғармайтынына таңғаламын. Ал жастар ше... жастардың аты – жас, олар өзі де шаршамайды, шаршағандары ойына кіріп те шықпайтын секілді.

Айсана
(Шығыс сарынындағы қазіргі әфсана)

Үлкен даңғылда "Ленд Крузерді" ұршықтай үйіріп келе жатқан Сүйрік өзіне қатарласа берген дәл өзінікідей "қаракөкті", оның руліндегі сұлу қызды көріп жүрегі дір еткендей болды. "Хор қызындай сұлуын қарашы-ей! Тоқта, бәлем!" Бұл ойлап үлгергенше қыз оқ бойы алға озып кетті. Сүйрік жылдамдықты барынша арттырып, бір шақырымға жетер-жетпес те қуып жетті. Терезесін ашып жіберіп: – Оу, аймаңдайлы қарындас! Сәл аялдаңызшы, айтар сөзім бар! – деді дауыстап. Сол сәтте қыз мұның сөзін қағып алса керек: – Қоңырау таққан құба нардай болған, ағасы-ау, сонша не боп қалды? Даусында наз, саф сыңғыр бар екен. Қозы көш жер ұзап барып тоқтады. Сүйрік келіп жеткенде, қыз да кабинаның терезесін түріп тастаған. Сүйрік есімін айтып танысты. Қыздың аты – Айсана екен. – Айсана! Құй сен, құй сенбе, сені көргеннен-ақ жүрегім аузыма тығылды. Бірі – шекер, бірі – бал, бірі – қайың, бірі – тал талай қарындастарды көріп жүрміз ғой. Бірақ бірде-бірі дәл сендей жүрегімді өртеген емес. Құлың болып өтейін, өлсек, бір шұңқырда, шықсақ бір төбеде болармыз. Имандай шыным, қолыңды бер! – деп жалына жабысты. – Қанадылдай шырылдап, жүрегің езілмей тұра тұрсын, – деді Айсана күлімдеген қалпы, – анау артыңа қарашы, көз ұшында құлдырап келе жатқан "Хаммердің" ішінде менің сіңілім – Күнсана бар. Өзі перінің қызындай менен өткен сұлудың сұлуы. Ажарына ақылы сай перизат. Соны көрші, мәжнүн, сұлтаным! – деп сыңғырлай күлді, көлігі орнынан лып етіп қозғала берді. Сүйрік қапелімде абдырап қалды. "Мына сайтан қыз шын айта ма?! Кім біледі, көрсем көрейін", – деп ойлады. Көп күттірмей-ақ, сұрғылт түсті жалтжұлт еткен "Хаммер " жақындай түскенде, Сүйрік жанұшыра, – тоқта! – деп белгі берді. Сымбатында сын жоқ жұтынған көлік мамырлай кеп тоқтады. Рөлінде басында дағарадай жеңіл қалпақ киген, мойын еті қатпар-қатпар, екі бетінде үш тарау сояу-сояу әжімі бар, жуан білектерін қоңырқай жүн басқан, алпысты алқымдаса да, ерніне қызыл бояу жүгірткен "жасамыс" әжей отыр. Көрген сәтте Сүйрік тұрған орнынан теңселіп құлап қала жаздады да, жалмажан: "Кешіріңіз, сізді біреумен шатастырып алдым, жүре беріңіз", – деді даусы зорға шығып. Сылаң қағып "Хаммер" жүйтки жөнелді. Сүйріктің қаны басына тепті. Түтіккені сонша, тікендей қара қастары тікірейіп, тістерін қышырлата шайнап, өзіне-өзі айбат шеге кабинасына секіріп мініп, Айсана кеткен жақты тұспалдап заулады-ай кеп! Мейманалы дәуренінде мұндай күйді кешпеген оған екі қырды асқаннан-ақ, қылыштың қырындай жол сорабынан бұлдырап Айсананың "қаракөгі" көзіне шалынды. Айсананың көлігі бұған қарайлағандай қаннан-қаперсіз баяу ғана жорғалап бара жатқандай. Ал Сүйріктің жақындаған сайын ашу кернеген күйі сәл бәсеңси түскен.

– Сен неге мені алдадың, Айсана ханым! Менің ақ ниетімді неге таптап кеттің? – деді қуып жеткеннен соң ентігін баса алмай. – Ниеті тәуір жігіттің, Жүрісінде мін болмас. Айтқанында зіл болмас, Көңілінде кір болмас, – деген, мырза. Сабыр ет. Ал тыңда: мен сенің жүрегіңді шын өртеген болсам, сен менің құлым боп өтуге дайын болсаң, онда басқа сұлуға қарамас едің. Сен ойланбастан-ақ артыңа тұра жүгірдің, ендеше айтқаныңның бәрі жалған! "Сымбатыңда сын жоқ, ішкі сарайыңда дым жоқ" пендесің. Хош! – деді де жүріп кетті.

Бақжарыс

Ой-хой! Бұл бір кездері бөрі ойнақтаған, жалын желге таратып, жирен айғыр айдақтаған қиыр дала болатын. Сол жазықта қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап, мамыражай өмір сүрген қоңырқай ауыл еді. Жазмыш кеңес дәуренін бастан бұл-бұл ұшырды. Қазынаның бүкіл дүние-мүккамалы таланды. Азу-тозу, көшу-безудің ақыр аяғында мыңға жуық үй, мыңғырған ауылда үйден қалғаны – жетпіс шақты түтін, малдан – жетпіс шақты тұяқ. Көштен қалғандар күйі, күші жоқ, тілерсегі дірілдеп, буыны былқылдап, діңкесі қатқандар. Шөккен түйеге міне алмайтын ынжық, жуас. Тәңір де тарылып, жылдан-жылға жерге дым тамбай, даланың таңдайы кеуіп, қурап семіп, қу тақыр дендеді. Көл тартылып, кұс қашты. Құдықтар суалып, суалмағаны тұзданып кетті. Ең сұмдығы, ауызсуды көктемгі іркілген қар суы, иістенген қақ сулардан таситын болды. Ауылда ішек, сүзек аурулар көбейіп, сәбилері айдың күні аманында шетінеп кететінді шығарды. Зар илегенмен құрсағында бала тұрақтамай, жас келіншектер өздерін арақпен жұбатуды әдетке айналдырды. Достың наласы, дұшпанның жаласы, ағайынның аласынан көресіні көрді. Осылайша, маңдайымызды тайқы жараттың деп Аллаға арыз айтып жүре берер ме еді, қайтер еді?.. Күндердің бір күні ойда жоқта ауылға қаракөк «Ланд Крузердің» бір емес екеуі шаңдатып келіп тоқтады. Ауылда Қоңырбай деген шал болған. Өмір бойы қоңырқай дәулетімен-ақ таршылық көрмей, елде сыйлы болып өткен. Қала жақта жарықтықтың немересінен қалған аузын үріп, табанын қырып өсірген бір қызы бар дейтін. «Әуеден ұшқан бұлдырық, құбыладан соққан ызғырық. Жаратқанмен қыз қылып, жатқа кетпей-ақ, байға тимей-ақ болымды болыпты. Оң жақтан кетсе де, қыз еркелеп ұл болыпты. Фирмалары, дүкендері, мейрамханалары әр облыста, әр қалада. Таяуда Астанадағы хайуанаттар паркіне үндістерден пілдің баласын сатып әкеліп беріпті, – дейді ел езуі. Келген сол Қоңырбай шалдың немересінен туған Айзада ханым екен. Ауылдың қырындағы зиратқа барып, атасы мен әруақтарға құран оқытқан соң, ауылдың тайлы-таяғын жинап ас беріпті. Ас біткен соң, ел алдына шығып былай депті: «Ауыл қарияларының есінде шығар, «Ораздының ойын берсін, Қоңырбайдың қойын берсін!» дейтін әулеттің кенжесімін. Маған бала кезімде шөлімді басып, жаныма қуат берген осы ауылдың, Қоңырбай атамның есігінің алдындағы құдығы, оның зәмзәм суы. Мен оны өлсем де ұмытпаймын. Қазір атамның үйі де, құдығы да жоқ. Аты да өшкен. Мен сіздерге жердің астын қазып, терең көлінен су тартып шығаратын құбыр салып, станса орнатып беремін. Ауылдағы үйді-үйге сол стансадан су ағатын құбырлар төсеп, әр үйде шүмектен су ағып тұрады. Көк тиын да алмаймын. Судың да, жердің де иесі сіздер боласыздар. Тек сол су стансасын «Қоңырбайқұдық» десеңіздер жетіп жатыр, – депті. Халық аяқ астынан табылған жаңалыққа сенерін-сенбесін білмей алғашқыда есеңгіреп қалыпты. Әбден жігері құм болып жаутаңдап қалған жаутаң жұртқа Айзада

ханымның төлеңгіттері екі бағлан сойып, құдайы тамақ таратып бергенде ғана есін жиса керек. Кетерінде қоғадай жапырылып, «айтқаныңа құлдық» деп шығарып салады. Айзада ханымның кеткенінен келгені жылдам болды. Арада он шақты күннен соң, Айзада өзі бас болып жасақ-қосағымен сау ете қалды. Барлығын да ойластырып келіпті. Рұқсат құжаттары реттелген. Ала жаздай тыным көрмей, құдық қазылды, құбырлар жүргізілді. Жабдықтары орнатылды. Қоңыр күзде ауылда ақ түйенің қарны жарылып, ауыз суға қарық болып, риза болған халық қуанғаннан жылапты. Қара басымыз қара жерге жеткенше жадымыздан кетпейді деп ант су ішіпті. Арада небәрі жарты жыл өтеді. Күндердің бір күні ауылға ақсұр «Хаммер» қаңтарыла көрінеді. Одан ұзын бойлы ақсұр жігіт түседі. Түсе салысымен ол да зират басына барып, ата-баба, туған-туысқандар әруағына зиярат етеді. Содан ол да іле шала ауылдың тайлы-таяғын жинап былай дейді: – Менің арғы ата-бабам – Паң-Тұрсын әулетінен. Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар батыр болған. «Аттандағанда!» Паңтұры қалмайды, Жантұрысы қосыла кетсе, бәрінің де тамтығы қалмайды, – деген сөз википедияға жазылған. Ел аузында тағы «Паң-Тұрсын айтса – баптап айтады, қыршаңқыларды таптап айтады» деген сөз қалыпты. Мен кіндік қаным осы топырақта тамған. Ал әлгі Қоңырбай әулеті... Арғы аталары болса болған шығар... Айзада ханымның әкесі қотыр тайын кісіге қимайтын сараң еді. Құдайдың құдіретіне амал который. Короче, қандай мұқтаждық бар? – деді Нұрбай есімді ақсұр жігіт нығыздай сөйлеп. Мұны ести сала ауылдағы бас көтерерлер онша қинала қойған жоқ. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы әне, қазына қаржысына су жаңа мектеп пен дәрігерлік фельдшерлік пункті бар. Ал, жоғы.. қазір қызталақ бозбас-бұйрабас қыз-жігіттерге обал. Қас қарайса, өздерін қайда сыйғызарын білмей көрінген бұрышта гөй-гөй, айқай, мазаны алып бітті. Мәдениет үйі керек! – Базар жоқ, Евростиль, бәрі болады! Рас болып шықты. Он бес күннен соң ауыл көшесінде ерсілі-қарсылы жүк тиелген «КАМАЗдар» қаптап кетті. Қирағалы тұрған клубсымақты сырды да тастады. Айтып-айтпай не керек, ауыл ортасында әппақ жұмыртқадай әдемі Мәдениет үйі алыстан көз тартатын болды. Ауылдың қызталақ жастарының қуанышы қойыны тұрмақ, бойынан асып кетіп, үйге түнемеуге бар. Нұрбай ақ бата, көп бата алғыстың астында қалды, мұрнынан есек құрт түсіп отырған азамат екен. Ауылдан бір ту бие сойдырып, әруақтарға құран оқытып, ас беріп кетті. Кетерінде «завклубқа» айлық төлеп тұрамын дегенде, Күләнгүл қыз естен танып қала жаздады. Күн артынан күн, жыл артынан жыл өте бергенде, ауылға үш түрлі жалт-жұлт маркасы белгісіз көліктермен бір топ адам сау ете қалды. Ішінен ерекшеленіп бір домаланған қызыл шырайлы жігіт шықты. Өзі ыңқиып тойып апты. Сабазың жан-жағына шырт-шырт түкіреді. Кеудесі жанартаулапылдап тұр: «Қоңырбайдың Айзадасы, байтал шауып бәйге алмас. Сасық

құдығының дәмі әлі аузынан кетпей жүр екен, ә?! Сағанақтай болған шәлтік! Ал Нұрбайдың арғы аталары болса, болған кісілер шығар. Біз қалаға кеткенде, үйіңде шымылдырығы жаңа желбіреген бозбас еді. Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді... бізге партнер, что ли? Бұлардан дәулетім де, әуелетім де кем емес. Менің ата-бабаларым да осы ауылдың қорымында жатыр. «Білсең – Болғанбаймын, білмесең – зордан баймын» деген атамыздың бір бұтағымын. Күні ертең шаруаның бәрін тындырғанда, Болғанбайдың кім екенін әлі көресіңдер! Айтыңыздар, елге не керек? – дейді ғой баяғы. Ауылдың қоң бітіп, еркетотайлана бастаған төрбасарлары екі сөзге келмей: «Бізге монша, тұрмыстық шеберхана керек», – деп шалқая сөйлейді. Бірақ Болғанбайдың тұқымы айтса айтқандай болып шықты. Болғанбай зордан бай болып шықты! Ауылда еркек пен әйелге арналған дербес екі бу бөлмелі, бассейні, демалатын бөлмелері бар қаладағыдан да керемет монша; көйлек-көншек, құрақ көрпе, терезе перде тігетін тігінхана; қамыр илейтін, салма тартатын, нан-тоқаш пірісетін шағын наубайханасы бар тұрмыс үйі салынып бітті. Түгелімен, бәрін өзі көтерді. Елден, қазынадан көк тиын ақша сұраған да, жинаған да жоқ. Ауылдағы бос жүрген ер-азаматтар, қыз-келіншектер жұмыс табылып жүрегі жарылардай қуанды. Сөйтіп, тарағалы, қирағалы отырған ауыл гүлденіп шыға келді. Тәуелсіздік мерекесіне орай, сол үш оғыланды ауыл қонаққа шақырды. Үшеуі үш бөлек, бірақ бір уақытта келді. Үшеуін де қоғадай жапырылып, күтіп алды. Үшеуін де бір дастархан басына қатар отырғызды. Үш күн, үш түн ауылдықтар барын салып, думандатты-тойлатты. Үш «олигарх» кетерінде тұңғыш рет құшақ айқастыра, төс қағыстыра бірге аттанды.

Сындарлы сыр көп...

Жер дүниедегі тіршілік атаулының тілін білген Сүлеймен патша төрт нәрсенің: жыланның жартастағы жолын, теңіздегі кеменің, аспандағы қыранның, еркектің әйелге махаббатының сырын білмей арманда кеткен екен. Бүгінгі адамзатқа бір қарағанда мұның бәрі де құпия болудан қалған секілді. Құпия дейсіз-ау, мың-мыңдаған түрі бар жыланның "көкесі" анаконданы адам жүрген ізі тұрмақ, бар қолмен сылап-сипап, циркте мың бұралтады. Пісіріп оның етін де жейтін көрінеді. Терісін сыпырып, тұздап, кептіріп саудаға салады. Мұхит, теңіз атаулыдағы жүзген кеменің әрбір қозғалысын қалт жібермей монитордан бақылап отыратын стансалар әлемнің су жағалаған мемлекеттерінің барлығында бар. Биыл Каспий теңізінде "Бекет Ата" құрғақ жүк кемесі қазақтың көк туымен рейске шықты. Алматыда көк жүзінде, құз басында әуелеп ұшқан қызыл балақ қырандарыңызды да жер серігі арқылы бақылап, қалай ұя басып отырғанын қадағалағанды да көрдік. Ал енді еркектің әйелге деген махаббат сыры десеңіз болғаны әйел заты мазақтап күлуге дайын тұратын секілді. Олардың логикасында қазіргі еркекте әйел білмейтін еш құпия жоқ. Бірақ... ...Албанда Бәйіт деген бай кісі бір перзентке зар болып жүріп, бір күні ырымдап мойнына бұршақ салып, әйеліне отын арқалатып, ақсарбас қой жетелеп, Қангелді батырдың үйінің алдынан бас иіп өтіп бара жатады. Мұны көрген батыр байдан жөнін сұрайды. Мән-жайға қанған Қангелді батыр қырғыздан алған некелі әйелі Ботагөз сұлуды талақ деп қалдырып, көшіп кетеді. Жұртына әдейі Бәйіт байды қондырады. Сол Бәйіттен Ботагөз ұл табады, содан кейін-ақ Бәйіттің бұрын пұшпағы қанамаған төрт әйелі бірінен кейін бірі туып, бай тұқымы өркендеп көбейеді. Осылайша еркектің ұйғарымымен текті нәсілден небір ақылман, қайраткер ұрпақ бүгінде Алматы облысында өсіп-өнген, тату-тәтті өмір сүруде. Еркек хақында осы күнгі әйелдер арасында: "Бопайды сүйме – әйелі өлген, сен де ұзаққа бармайсың. Ажырасқанды – сүйме, әйелімен ажырасқан, сенімен де ажырасады. Бойдақты – сүйме, ешкімді сүймеген, сені де сүймейді. Әйелі бар еркекті – сүй, әйелін сүйеді, сені де сүйетін болады" – дегенді мансұқтайтындар да бар. Қазіргі еркектерде сүю иммунитеті жойылып, құмарлық қасиеті ғана физикалық күшке айналған дейтіндерді де естіп қаламыз.. Әйтсе де.. Бір сұлу қыз құрбыларымен ауылға қонаққа барып, қайтарында көліктен қалып қойып, жаяу адасады. Қас қарайғанда бір үйге келсе, үй бір бөлмелі, үйде бір жас жігіт қана бар екен. Жігіт өз төсегін қызға беріп өзі жерге жатады. Оңаша екеу қалғанда "екеудің үшіншісі шайтан болады" деген, түнде шайтан азғырады, сол азғыру қатты күшейгенде тозақтың отын есіме алайын деп жігіт саусақтарын жанып тұрған шамның отына күйдіріп, нәпсісін тежейді. Саусақтарының күйгенінен гөрі қыз туралы ойлау қатты

ауыр тиіп, жігіт зор төзіммен таң атырады. Ертеңіне қызды үйіне апарып салғанда қыздың әкесі жігіттің ер мінезіне тәнті болады. Кейін қызын сол жігітке беріп, екеуін қосылуын тілепті дейді жұрт. Оскар Уайльд: "Нағыз еркек әйелмен құдайындай сөйлеседі, сәбидей еркелетеді" дегені шындық. Ендеше еркектің әйелге деген махаббатының сындарлы сыры көп.

C-GLOBAL – Жаһан, Қазақ елі

...Абылай хан жас кезінен-ақ көзге түскен Қаз дауысты Қазыбекті қалмақтың ханы Қоңтажыға елшілікке жібереді. "Қоңтажы қол бастайтын батырмын, жол бастайтын көсеммін, сөз бастайтын шешенмін" деп, асып туған, тасып жүрген хан. Қол бастау да, батыр болу да, көсем болу да қымбат, бірақ бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат" деп баталы сөздерін айтып шығарып салады. Содан Қоңтажының ордасына барғанда: «Қазақ халқы бізге тайға мінгізіп бір баланы да жіберіпті. Абылайдың бізді келеке қылғаны ғой! Кісілерін қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді?» – депті уәзірдің бірі. Барлық қалмақ қостап шуылдайды. Сонда қалмақ ханымы тұрып: – Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы қалың ел ғой. Жат елдің елшісі келгенде, хандық қасиетіңді сақтап, сөзін тыңдау керек. Сен жүз кісіні өлтіріп жайлана алмассың, жүз атты жылқыға қосып бай бола алмассың. Тай деген тұлпар болып жүрмесін, бала дегенің сұңқар болып жүрмесін, байқау керек,– деген екен. Хан ойланып, өзінің бір данышпан сыншы қариясын қазақ елшілеріне жібереді. Келіп қазақтардың әрқайсысымен сөйлесіп, олардан ерекше ештеңе таба алмайды. Сыншы "алыстан келді ғой, ат-тоны қандай, сайлы ма екен?" – деп аттың ішіне барса, Қазыбек аттың ішінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Іле-шала сыншы қарт атып шығып, көрген-білгенін ханға барып асыға баяндайды. Ханға не айтты дейсіз бе? Осы жерде әңгімені сәл үзе аялдалық. ...Бүгінде он сегіз мың ғаламда дүбір мен дүрбелең. Адамзаттың ынтасы мен ындыны алапат. Әсіресе, алпауыт елдердің күші басым, күші басым болған соң мысы басым. Жұмыр жердің бар байлық-мүккамалын кенедей сорып, жалмап, жайпап барады. Осының салдарынан қазір әлемде экономикалық және гуманитарлық дағдарыс. Енді, одан шығу стратегиясы қызу талқылануда. Алайда мықтылар еңсе тіктеп, бой көтере бастаған жұртты елегісі келмейді. Жүре тыңдайды. Санасқысы жоқ... Бірақ осылай бола берсе, жұмыр жердің тағдыры тәлкеке ұшырары анық. Бұл дегеніңіз – жаһандық катастрофа. Не қылмақ керек? Ұсынар да, ұстанар да ұтымды қисын, ұтқыр жосық кімде бар? Мұқым дүниедегілерді үндестіріп айтарын айтқызып, талқыға салып сараптап-талдап беретін алаң, жеткізерін жеткізіп беруге ұйтқы ел бар екен. Ол – Қазақстан. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев! Президент G-GLOBAL жобасын, идеясын төрткүл дүниеге паш етті. Елбасын сонау бір ғасырлардағы бабалар рухы жебеді ме, басы алпауыттар АҚШ, Қытай, Ресейден бастап, барша әлем жұртшылығына тең дәрежеде мәлімдеді. Сонымен G-GLOBAL жүйесі – бұл Елбасының 2011 жылғы ғаламдық теңгерімді кеңейту бастамасы. Қандай да бір халықаралық мәселені талқылағанда, барлық мемлекеттердің ұстанымы ескерілуі қажеттілігі. Жаһандық экономикадағы борыштық қарым-қатынастарды теңдестіру.

Ал 2012 жылы өткен V Астана экономикалық форумында Президент GGLOBAL-дың мынадай бес ұстанымын ұсынды: эволюциялық даму жолы; әділеттілік, теңдік және мәміле; жаһандық төзімділік пен сенім; жаһандық ашықтық; конструктивті көп полярлылық. Халықаралық саясаткерлер мен жетекші сарапшы-мамандар тіркелген G-GLOBAL-дың қазір коммуникациялық алаң есебінде жемісті жұмыс істеп тұрғанын айту ләзім. ...Сонымен Қонтайшыға сыншысы былай депті: "Жылқының ішінде бір бала жатыр, екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта, құлаш ұрып жатыр. Аузынан жалыны атқылап тұр екен. "Аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін, төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлесуге жараймын, халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін", – деп тұр екен, – дейді. Енді сіз G-GLOBAL идеясына зер салып, салыстырып көріңізші... Жас тәуелсіз мемлекетіміз бүгінгі әлеуетті елдер алдында еңсе таластыратындай сол жас балаға ұқсайтын секілді!

Аға тұрып іні сөйлегеннен..

Зәулім мейрамхананың дәлізінде лық толған адам. - Апырай ә, екі сағатқа жуықтады , жұртта маза кетті, тойды бастай берсек қайтеді?- деді, буырыл шашты ағасы, қасындағы пошымы боулинг кеглиінен аумайтын інісіне жаутаңдай қарап. - Жоқ, бастамайсыз, Бәкеңді күтесіз. Сіз де бір өлетін жеріңізді білмейді екенсің. Осының бәрі соның арқасы емес пе? - деп мейманасы тасыған інісі ағасына ала көзімен бажбаң етті. Бәріміз де бүртүрлі оқыс көрініске үрпиісіп қалдық. Мына неме туған ағасына елдің көзінше зіркілдеуін қарашы-ей деп күбірлегендер де болды. Күні бойы жиналғандарды жарасымды әзілі, сыпайы сөзімен тәнті еткен бурыл шаш ағамыз іні сөзін елемегенсіп , жұрттың сөзін естісе де естімегендей.. Бірақ қайтсе де ол үшін емес, әлгі сөз сол жердегі көзі көріп, құлағы естігендердің көңілін қоңылтақсытып жіберді. «Ағабордан, іні зордан..» Бірде жаздық та, осы Қостанайда бір байшыкеш даңғарадай коттеджінде туған інісін құлша жұмсап, үйінің күтуші –жалшысы етіп қойған. Бір жерде ағайындылар бір-бірінің жағасынан алып, енді бір жерде бірін-бірі атып кеткен сұмдықтар.. Несін айтайық, мұндай жағдай бүгінде қазақы ортада таңсық емес. Басқаны былай қойғанда, ағайын, туған-туысқандар арасындағы қатігездік, әдепсіздіктің әдет боп кеткені алаш баласының ең бір қасиеттісін тәрк еткендей...Іштей қынжыласыз, бірақ одан не қайран? Сол замандастарымыздың көбінің қайрансыздығы жаныңды ауыртады. Осындайда тағы сол кешегі өткенге жүгінесің... Пайғамбардың сахабаларының бірі әл-Бара Ибн Мәліктің туған бауыры соғыста жаудың қолына түсіп қалады. Мұны көрген бойда әл-Бара қорғанның қабырғасына жолбарысша атылып, бауыры ілінген шынжырға жабысады. Ол бірден балқыған ілмекті ұстап, одан інісін босатуға тырысады. Әл-Бараның қолы қуырылып, түтіндей бастайды, әйтсе де ол інісін құтқарып алғанша балқыған темірден қолын босатпайды. Ақыры інісін алып жерге түскенде, ағасының бұлшық еттері күйіп, қолы жалаңаш сүйекке айналған екен... Бауыржан Момышұлы мен Мұқағали Мақатаев қазақы дәстүрмен аға-іні болып сыйласып өтіпті. Бірақ әділеттікке келгенде екеуі де қара қылды қақ жарған оғыландар. Бірде Қазақстан Жазушылар одағында Мұқағалидың тәртібін қарап, оны одақ мүшелінен шығарады. Мәжілістен ренжіп шыққан бетте Мұхаң Баукеңмен бетпе-бет кездесіп қалса керек: - Аға-ай, Мәскеуді немістен қорғап қалғанда, жалғыз ініңізді жазушылардан қорғап қала алмадыңыз-ау!-депті. Інісінің назын ағасы көңіліне дық алмай көтеріпті. «Қыз Жібектің» фильмдегі әкесі Сырлыбай ролін сомдаған тарлан талант Кененбай Қожабековты екі сериялы кино түсіріліп біткенше белгілі ғалым Өмірзақ Айтбайұлы арқасына салып арқалап жүріпті. (актер екі аяғы сал, дімкәс) Асанәлі Әшімов бір сұхбатында бұл « інінің ағаға деген ілтипаты рольді сәтті ойнап шығуда үлкен моральдық демеу болды» дейді. Мына бір әфсана еске түседі: Ағайынды екеу бір нәрсеге ренжісіп қалады. Содан ағасы « Жасы кіші, інім келіп кешірім сұрар» деп күтіп жүреді. Бірақ інісі келе қоймайды. Ақыры шыдамы таусылып бір күні інісіне келеді. Інісі ағасын көре салып, бас салып құшақтап жылап жібереді. Ағасы тұрып: - Сен кіші болып, неге бірінші келіп кешірім сұрамадың?-дейді. - Ағатайым, қымбаттым, кім бірінші болып кешірім сұраса, сол мол сауап алады дейтін. Сол сауапты өзіме қимай Сіз алсыншы деп күткен едім,-депті інісі ағасына елжірей қарап.

Атадан алтау тусаң да..

Ауруханадағы екі адамдық палатада түс қайта отыздардағы жігіт келіп орналасты. Сидиған, шүңірек көз, шашы қап-қара,жылы жүзді екен. Өзі оқығаны көп, сөзден сөз шығып, ақтарыла сөйлеп кетті: - Сонау ит арқасы қиянда орталықтан жеті жүз шақырым «Құмдала» деген жерде тұрамын. Қалаға ат ізін салмағаныма үш жылдан асып кеткен.. Өзіме де обал жоқ, егер жаным көзіме көрінбесе, дәрігер десе ат-тонын ала қашатын қазақтың бірімін. Биыл белім қозғалтпай, аяқ-қолым сырқырап, түн баласы кірпік ілмей, әбден діңкем құрығасын қалаға қаралуға келгем. Бір жағынан осында тұратын бірге туған аға-апа, ініқарындастарымды көре кетейін дедім. Алдымен үлкен ағамның үйіне бардым. Астанаға ісапарға жиналып жатыр екен. Есен-саулық сұрасқан болдық. «Не шаруа бар? » деді, асығыс, жүргелі тұрғанын сездіртіп. Еш шаруа жоқтығын, амандықтарыңды білу, өздеріңді көру дегенімді айтқанымда, бала кезде мені арқалап еркелететін қайран ағам, «Жақсы ендеше» деп, бұрылып көлігіне мініп кете барды. Қалай десем де қызметтегі кісі , жолынан қалдырмайын дедім әрі ағам да, жеңгем де қона кет демегесін, қаланың екінші шағын ауданындағы апамның пәтерінің қоңырауын бастым. Есікті апам ашты. Бас салып құшақтап айналып-толғанып жатыр. Ел – жұрттың амандығын сұрап үйіріп әкетті. Бұрын ондай емес сияқты еді. Кәдімгідей көңілім толып кетті. Ас бөлмеде шай ішіп отырдық. Жездем жұмыста, балалары интератта, ал өздері бүгін кешкісін тойға бармақ екен. Сен «Жанмұраттікіне бар, үйінде. Олар қайда барып жатыр» деді, бір уақытта апам маған сұраулы жүзбен. Мен не дейін. Ойбай, шақырғаннан қалма, маған алаңдама деп үйінен тез шықтым. Содан салып ұрып інім Жанмұраттікіне барайын. Иір-иір жербауыр жатаған үйлердің қатарындағы жертөледе екен. Үйде келінім емізулі баласымен отыр. Менім ойда жоқта сап ете қалғаныма онша қуана қоймағаны бірден сезілді. Жанмұрат тиіп-қашып, әр жұмыстың басын бір шалып жүрсе керек. Келін қашан келетінін де, келмейтінін де білмейді екен. Несіне күтейін. Одан да неде болса ендігі қалғаны кенжеміз - қарындасым Гүлімдікіне тартып отырдым. Таяуда оқу бітірген. Қызметке орналасқан. Бір бөлмелі пәтер алғанын да білетінмін. Сәтін салды деген осы да, үйінде екен. «О, ағатайым келді» деуін деді. Құшақ жайып көрістік-те. Бірақ, байқаймын, бала қылығынан ештеңе қалмаған, есейген секілді ме, ашық-жарқыннан ада, байсалды бола қалыпты. Оның үстіне жарылып өздігінен ештеңе айтпады, ауылдың жай-күйін, туған-туыстары сұрамады. Тіпті ондай әңгімеге құлқы жоқ сияқты. Бір уақытта «Аға, кешкілік Серікпен кездесуге келісіп қойып едік. Ол менің жігітім. Ну,сами понимайте..»деп тұр. Кешегі үйдегі ұяң Гүлім емес, қаланың тікбақай қызы. Мен түсінбейтін кеще емеспін, үйден шығып кеттім. Бір құрсақтан шыққан қарындасым лә-мимсіз қала берді.. Содан Қостанайдың орталығындағы «Турист» қонақ үйінде бір түн қонып шығып, бүгін осында келген бетім.. -деп үнсіз қалды. Мен де үнсіз. Сәлден соң барып: - Аға, «атадан алтау тусаң да бір жалғыздық бары» рас екен. Осы бірге туған төрт бауырымның біріне қонып, мауқымды басам ғой деп ойлағанмын. Бүртүрлі айдалада жападан-жалғыз қалғандай, көңілім құлазып сала берді. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, бір мүсәпір болдым да қалдым,-деді үні жарықшақтанып. Мен болсам: «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары алтын менен бу болар. Атадан жалғыз туғанның, жүрегінің

Әке

.. Әкем сексен алтыдан сексен жетіге қараған жасында, ауырмай-ақ, қоңыр күзге таман өзінің «Қызылжарындағы» қара шаңырағында дүниеден озды. Жаратқан ием төсек тартқызбай, келінге күнімді қаратпай, ешкімге салмақ салмай-ақ кетсем деген тілеуі бергендей. Қайтарынан бір апта бұрын қалада тұратын құрдасы Ысқақты шақыртты. Немересінің сүйеуімен құрдасы да жетті. Бірақ Ысқақ көкем ширақтау көрінді. Сонау құлдыраған бала кезімізді осы кісі бізді көргенде: «Өй әкеңнің!» деп тұра қуатын. Енді міне, шау тартқан, баяғы әдетіне басқысы келсе де, менің есейіп кеткен шашы буырыл тартқан пошымыма енді олай деп айтуға ыңғайсызданды ма сыпайы сөйледі. Оның үстіне көрмегелі де көп жылдар.. «Жарылмаған қауындай кезі қандай» деп жастық шақтың бір сәтін еске түсіп кетті ме екеуі де әлденеге күліп алды. Таң атқанша күбір-күбір әңгіме айтып шықты... Менің әкем де, Ысқақ көкеміз де қылшылдаған жаста майданға аттанып, фашистермен соғысқан. Әкем Аязбек Айтбаев небір жантүршігерлік шайқасты көрсе керек. Ондай айқас әсіресе Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы Кавказ жотасының бөктеріндегі Туапсе қаласы аумағында болды. Себебі осы өңірді алу үшін Гитлер «Эдельвейс» жоспарын жасап, орасан күш жұмсаған. Кеңестің әр қадам жеріне бола жан беруге әр жауынгер дайын еді.. Небір атан жілік атпал азаматтар жер жастанды, қыршынынан қиылды. От пен оқтың арасынан тірі қалғандардың қатарында әкем де бар. Оқ әкемнің оң көзінен тиіп, оң иығы мен қолтығын талқандап тесіп өткен.. Менің білетінім осы ғана. Әкем қабақты, қасы қалың, қыр мұрынды, ақбуырыл сақалы мен мұрты да сояудайсояудай. Мұртының ұзын екі ұшын шиыра сипап қоятыны да бар. Біз Ұлы Отан соғысын көп оқып, кинодан көріп, естіп өскен ұрпақпыз. Бірақ, сол соғысты өз көзімен көрген, жан-тәнімен сезген адам қасымда болса да жарытып әңгімесін тыңдаған жоқпын. Өйткені.. әкем соғыс туралы айтқысы келмейтін. «Оны қайтесің, құдай сендерге көрсетпей-ақ қойсын» дейтін де қоятын. Әкемнің ағасы Адырбек Айтбаев соғыстан оралмады, белгісіз кетті. Артында қалған жалғыз тұяқ – Мейірбек. Бүгінде атамыздан тараған әулеттің ақылшы-абызы, парасат иесі. Әкемнің тағы бір інісі Сейдан Айтбаев та соғыста болған, жараланып оралды. Келісімен мұғалім, кейін демалысқа шыққанға дейін мектеп директоры болып ұзақ жыл қызмет істеді. Өңірге сөзге жүйрік шешендігі, озық парасат-пайымы, кісілік қадірқасиетімен ел есінде қалды. Әйтсе де, осы ағайындылардың соғыс хақында сөз болса, сол сәтте түнере қалып, жүзінен бір суық үнсіздікті сезетінмін. Одан әрі әкеме бірдеңе деуге батылым бармайтын. Бір сұраса олардың өкшелес інісі, ағалары еркелетіп өсірген, әрі паң әрі мырза марқұм Кенжәділ жәкем ғана сұрайтын. Оның өзінде де әңгімені тым ұзатпай басқаға аударып жіберетін. Себебі.. себебі түсінікті .. Соғыс әкемнің жалындаған жастық шағын ойран етті. Екі айналып келмейтін адамның қысқа өмірінің ең бір шырын шағында азап көрді. Көз алдында жаңа ғана арқа-жарқа жүрген қанды көйлек дос-жолдастарының бірінің басы ұшып түсіп, бірінің қол-аяғын жұлып түсіп , қызыл-жоса қан, қасіретті ойран, баудай қырылған адамдар.. Мұндай қасіреттің жүректі ұшырғаны, жаныңды қан жылатқаны аян. Тұла бойыңды, жұлынжүйкені қуалай мелдеткен қайғы-нала. Мұндайда айтуға ерін де илікпейді. Айтуға оңай емес. Не деп айтады? Аузын ашса, жүрек айниды. Қасіретті қалай үлгі етеді?! Қайтпаған қайсарлық, жүрек жұтқан батырлық болды. Бірақ ол айтуға оңай емес. Батыр болайыншы, ержүрек атанайыншы деп отқа түскен жоқ. Атым шықсын, даңқым артсын деп кеудесін оққа тосқан жоқ. «Ажалға тура ұмтылғанда көз алдыңа өз туған шаңырағың елестейді» деген сөзді майдангерлерден талай естідім. Ал енді, оны айтамыз, адам қартая бастағанда туған жерін жиі есіне алып, өлсем туған топыраққа қойса дейтін инстингте не құдірет бар?

Боранда

К. деген жас қазақ Жапониядағы «Kyoto Unіversіty» университетін бітіріп келіп, бірден Астанада қызметке қабылданды. Оқып жүргенде университеттегі үш жүз шетел студенттерінің ең үздігі атаныпты. Төрт тілді (қазақ, ағылшын,жапон және орыс) емінеркін білетін әлгі жас пері осы биылғы қыста ауылдағы атаәжесіне қыдырып келеді. Ауылда үш-төрт күн болып, мауқын басқан соң, қалаға қайтуға жолға шығады. Қасында ауылдас екі досымен жеңіл көлікпен ауылдан үш шақырымдағы үлкен күре жолға жетуге асығады. Бірақ аяқ астынан тұрған қарлы боран қарға адам бастырмайды. Не алға, не артқа қозғалуға мұрша жоқ. Ауылдағыларға ұялы телефонмен хабарласқанда, небәрі жиырма бес үйде жалғыз жарымжан ескі «Беларусь» қана, оның соляркасы таусылған. қалыпты. Жұрт қамсыз, қайрансыз. Ал қалаға дейін екі жүз шақырым. Қаладағы таныстарға қоңыраулатқанмен ешкім мардымды жауап бермеді. Еш жерден ешқандай көмек жоқ, тым-тырыс. Үйіріп соққан бораннан бензині таусылып, салоны азынап қоя берген көліктегі үш жігіттің дәрмені кете бастайды. Боран басылғандай болып еді, аяз қыса бастады. Жапонияда оқыған жігіт жанталаса қалтасындағы «Айфонын» алып, шұқшия әлденені теріп отырып, бір уақытта қолынан телефоны сусып түсіп кетті.. Үш жігіттің үшеуі де қорқуға да шамасы келмей, көкпеңбек болып бозарып-сазарып денесін аяз меңдеп,естен тана бастайды.. ..Таңға жақын ғана Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары көлікті қардан аршып, есігін кесіп ашқанда, үшеуінің бойында болар-болмас тіршілік белгісі болған. Ит арқасы қияндағы иен далада қалған үшеуге құтқарушылар қалай тап болған? Сөйтсе, үшеудің бірі «жапон» қазақ «Айфонын» халықаралық спутниктік «Инмарсат» жүйесіне қосып, құтқару дабылын Жапониядағы станцияға жолдап үлгерген екен. Жапондықтар өз тілінде келген дабылға таңдана отырып, дереу естісімен Астанаға, астанадан –облысқа хабарлап үлгерген. Сөйтіп тапқыр жігіт табандылығының арқасында өзін де, достарын да бір ажалдан құтқарып қалды. Ал енді жапон демекші, жапоншы қарындасымыз Шарафат Жылқыбайқызының жазғанына сенейік, өздері бүгінде 130 миллион екен.. Аз емес. Бірақ, бір қызығы (егер қызық болса), олардың ең қауіп қылатыны - озық технология, инновация. «Бір-бір компьютерге "байланған" жапондар сыртқы ортадан бейхабар. Бір-бірімен араласуы сирек. Соның салдарынан бала саны күрт кеміді, егдерлер көбейді, жалғызбастылар артты. Ең сұмдығы –туғандар бір-біріне суық, селсоқ. Материалдық игіліктің шырқау шегіне жеткенде, адамзат баласы рухани күйреп, өзінөзі роботқа айналдырады деп үрей туғызған жапон ойшылы Накано. Төрткіл дүниеде діндәстүріне мықты, ойлап таппайтыны жоқ, өмір сүру жағдайы (орта жасы80) жақсы дейтін жапондарыңыз да уайым-қайғысы көлдей екен.. Құдай сақтасын, қазақ баласы жаңару, жаңғыру үстінде...

Дауыс

..Колледждің дәлісізінде келе жатып, есігі сәл ашық бөлмеден шыққан дауысқа бірден елең ете қалдым. Тыңдаған сайын елітіп, жанымды баурап, жүрегімнің басын жылытып барады. Ести бергім келеді. Ол кітаптан әлдекімнің жырларын оқып тұр екен. Он екі-он үштердегі қыз бала, түріне қарасаң әлі де ана сүті аузынан кеппеген сәбидей уылжып тұр. Ал даусы: отыздардағы жігерлі, орныққан, байсалды кісінікі. Өзі –бала, сөзідана, осы заманның төлі. Дауыс демекші.. Ғаламтордағы «ulas.kz» сайтынан дүниеден озған алаштың біртуарларының тірі дауысына тап болдым. Мұхтар Әуезов сөйлегенде бастапқыда, әр сөзіне екпін беріп, сөйлемдерінің арасына сәл кідіріс жасап, мәнерлеп айтқанда ашаң үні саңқылдай шықты. Бірте –бірте сөздері сүрлеу жолда маң-маң басқан аруанадай, бипаздап, көсіліп қоя береді екен. Әуезов: «Алты жасар шағымда, үлкен әкемнің киіз үйінде бір күні қағазға жазылған өлең көрдім. Үлкендер әндетіп, бала атаулы өзіміз шырқатып жүрген ән сөзі қағаз жүзінде үнсіз, жым-жырт болып жатыр дегенге таң болдым.» Әсіресе «таң болдым» дегенді айрықша екпінмен қадай айтты. Әуезовтің әуезді үнін тыңдаған сайын бауырына жылынған кісідей кіре бересің. Ал Бауыржан Момышұлы сөзді ақырындап бабпен бастап бірте-бірте нығыздай келе, аяқ астынан гүр ете қалады да, сәлден соң кілт қалпына түсіп созып, мәнерлете сөйлеп кетеді екен. «Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің соғыста өліп кеткенін көзіммен көрдім»- дегенде «Менен артық, менен батыр, менен ақылды » деген сөздерді гүр-гүр еткізіп , созылта ызбайлана айтқанда селк ете қаласың. Содан соң әлгі сөздерден кейін іле баяулап: «Олардың имандары жолдас болсын. Олардың әруағының алдында тізе бүгіп, басымды иемін» деп сабырлы аяқтайды. Хас батыр сұсы да мысы да даусынан сезіліп тұрды. Қазақ киносының классигі Шәкен Айманов «Транссібір экспресі» фильмінің кадр сыртынан домбыраны шерте отырып майда жұмсақ биязы дауысымен «Жиырма бесті» сыздықта жібектей есе жөнелді: «Өмірге-ай, аңсап туып-ай, асыға өткен, дүниеге адам қонақ ескен желдей» Бұл ешкімге ұқсамайтын, тек Аймановқа тән қоңыр дауыс. Ал Мұқағали Мақатаев, көз көрді, құдай берген түр-тұлғасы ірі, кең пішілген сыбатты кісі болды. Бірақ.. даусы.. дауысы жеңіл, әлі түбітмұртты ұяң бозбаланың даусындай әсер етті. Өз өлеңдерін әлдекімнен жасқана, қысыла оқитындай тәрізді. Мұхаң оқып отыр: «Пай пай өмір өтесің-ау бір күні. Тиясың-ау, қуанышты, күлкіні. Өмір деген бір жарқ еткен найзағай, өмір деген көк аспанның күркүрі. Болмағандай, жүрмегендей сенде біз, кетеміз-ау, біз кетеміз-пендеміз. Ұрпақтарға береміз де кезекті, біз кетеміз, кету үшін келгенбіз» деген жыр жолдарын өзге біреудікіндей еріне, менсінбей тым жайбарақат оқи салған сияқты.. Марқұм әнші әрі жазушы Жәнібек Кәрменовпен университетте бірге оқыдық. Сайтта « Айттым сәлем қаламқасты» қойған екен. Жәкеңнің түр тұлғасы да кең пішілген,

«...Жалаңаш келген » Көрші облыста тұратын жолдас жігітке таяуда ойда жоқ жерде жолығып қалдық. Екеуара отырмыз, әңгімеден – әңгіме. - Жиенім он мың гектар жері, облыс орталығында үш сауда кешені бар дәулетті, жылдан-жылға байып келе жатқан азамат. Елуге толған мерейтойынан соң мейрамханадан шығып мені үйіне ертіп келді. Тап соның үйінде бір сұмдықтың үстінен шықтым. Қонақ бөлмесінің бір бұрышында тұғыры кісі бойындай өзінің бюстін көрсетті. «Таза алтыннан құйдырдым» дейді жиенім, менің таңырқағанымды күткендей-ақ. Бірақ даусынан бір мақтангершілікті сезбедім.-деді ол сөзін сабақтай түсіп, - Осынау бес күн жалғанда, кім бар, кім жоқ. Ұл-қыздарым дүниенің қадірін білмейді. Күндердің күні алай - пұлай болып кетсем басыма қояр көк тас осы болсын деп олардың құлағына құйып қойып отырмын. Олар да алғашқыда шошынғандай болып еді, енді бүгінде үн-түнсіз, түсінген сыңайлы деді жиенім. Ал мен түк те түсінбей алтынның буы бар қонақ бөлмеден шала ұйқылы аттандым.-деді жолдас жігіт. Былтыр Мысыр еліне барғанымызда сонау Ежелгі Египетте б.з.д. мыңжылдықта өмір сүрген перғауындар бюст өз алына, тұтастай тұлғасын қашап салғанын, ал Тутмос, Аменхотеп, Рамзес есімді атақты перғауындар заманында ел билеген бай адамдарды жерлеу үшін жартастарды қашап салған бірнеше бөлмелі мазарларды көрдік. Өлгендердің денесін «мәңгі өмір сүрі үшін» бальзамдап, мумияға айналдырып, оны соның ішіне қойыпты. Соның айналасында аса бағалы алтын-күмістен жасалған дүние мүлкі де болған деседі. Менің ғаламтордан бір оқығаным есімде. Сонау кеңес заманы жаңа орнап жатқан кезде, 1921 жылы Талдықорған өңірінде қызыл комиссарлар Шайқорған деген жерде ауыл-ауылдан өкілдер жинап, алқақотан отырғызады. Ортаға атақты бай әрі діндар Қожахметті байлап әкеледі. Сонда бай ел-жұртына ақтық рет: “Уа, халайық, соңғы сапарға аттанып барамын. Пендеміз ғой. Біреуге ісім батып, біреуге тісім батқан шығар. Қиянат-қателіктерім үшін бәріңізден ғафу өтінемін. Қарызым болса өтейін. Мә, мынаны алып, қажеттеріңе жаратыңдар. Қалғанын молдаға беріп, құран оқытыңдар маған”, – деп жұртқа бір дорба алтын-күміс теңге лақтырыпты. Байды сол жерде атып өлтірген екен.. Осы жақында 62 жастағы бразилиялық миллиардер Каунт Чикиньо Скарпа жиған байлығын о дүниеге алып кетуге ұмтылуда деп жазды әлемдік ақпарат көздері. Миллиардер фәниден бақиға жеке көлігін тасудан бастапты. Ол өзінің жарты миллион доллар тұратын «Bentley Contіnental Flyіng Spur» автомобилін үйінің артынан көр қазып, сонда жерлепті. Бұл не сонда, ақылдың азғаны ма, тозғаны ма десек, жауабын осыдан 5 ғасыр бұрын Бұқар жырау бабамыз айтып қойыпты :«Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де - қызыққа тоймас адамзат. Жақындап ажал тұрса да, жанына қылыш ұрса да, қалжырап, көңілі қарайып, қарауытып көзі тұрса да -үмітін қоймас адамзат». ...Ауылда бай - дәулетті адам дүние салады. - Бұ кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді, міне, енді бақиға бір кебінмен кетіп барады, -дейді көп ішінен біреу. - Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ, -дейді, сонда Бөлтірік шешен, - Бұ кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын. Адамзат баласының ақыл-ойы кемеліне де, кемеріне де келіп, ізгілік-парасаттың ең бір шырқау шегіне жетті деген бүгінгі заманда, пендеңіз осы пәниге жалаңаш келгенін бәрібір есіне ала бермейді-ау ..

Жан - дүние

Жетпіс үш жастағы Естайға «жас жаным қарт тәнімді қимай жатыр» деп айтқызған қандай құдірет?! Қарап тұрсаңыз, Мона Лиза, яғни әйгілі Джоконданың мұқым адамзат баласының жүрегін жаулап алатынай сиқырлы сыры неде?! Ғасырлар бойы бұл жымиыстың жұмбағы әлі шешілген жоқ. Бір анығы - күлімсіреген бет-жүзі ішкі жан - сарайындағы әлдебір тылсым сырды, бейкүнә тазалықты паш еткендей.. Соғыс психологиясын жіліктей келе ұлы Баукең (Момышұлы) «адамның жан дүниесі - ұрыста ең қауіпті, көзге көрінбейтін қару» деген. Анабір жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы бейнеқордан С. Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» хабарын қайталап көрсетіп,онда Д. Исабеков, Ф. Оңғарсынова, Б. Момышұлы т.б пікір алысып жатты. Сонда марқұм Бақытжан ағамыз бір сөзінде «Адамның жаны құдірет» деп қалды.. Заманауи көзқарастағы түрік ғалымы Фетхуллах Гүленнің пікіріне сүйенсек, адамзат түпкі жаратылысынан ұзап кетті. Адамның жаны ластанды. Адам қадірқасиетін тоздырып барады. Шайтаннан бетер арсыздықтарға бой алдыруда. Махаббат пен сүйіспеншіліктің қадірін жоғалтты. Адамның жаны материаланды. Оқи берсең осылайша қара аспанды төндіріп, кейде мына дүниеден бездіріп жібергісі бар. Абай –абыздың пайым көзімен бүгінгіге қарасақ, “адам” азайып, “толық адам” «дефицитке» айналып, дүниені шайқап - төгіп жүрген - “пенделер” дәуірлеген заман. Күндерде бір күн Р.Акутагаваның «Тозақ азабы» кітабын оқып, оның бір әңгімесін қазақшаға аударып отырып, осынау жұмыр жерде жан әлемі қиын - қыртыс, тұрпаты бөлек халық – жапондар екен ғой деп таңырқап

едім. Жапондардың жан дүниесіне, ішкі бұлымына найза бойламайтын сияқты көрінді. Өзгеден ерек рухани танымы терең, ойы ұшқыр, елгезек, қағылез – ау, сабаздарың. Әйтпесе, озық электорника, адамның орнына құлтемір, ғажайып технологиясымен жер дүниені жайлап алар ма еді? Бірақ бұлардың да ойшылдары жапонның жан дүниесі лайланып барады деп мұңаяды. Ал ел билеуде, халықты меңгеруде тақ пен тізгінді ұстағандардың жан дүниесі қандай болу керек-ті. Унистон Черчиль Шекспирден шешендікті үйреніп, оның туындыларындағы барлық корольдердің сөзін жатқа біліпті. Сол арқылы өзін де, ұлтын да қанаттандырып отырған. Осылайша ізгілік акумляторынан қуат алған Черчильдің талантына ағылшындар тәнті болғаннан басқа, артынан жаман сөз айтпапты. Күні кешеге дейін жүрегіміз – егіздей, тілегіміз – теңіздей ұлтымыздың ішкі болмысы ерек болса керек. Жан дүниесі буырқана тасыған қазақ «оң тізесінің астында тұрған қайың сапты ақ қамшыны суырып алып, ысылдататын. Соңында бұрық еткізіп, қара жердің қыртысын бір тартады. Іштегі шерді, бойдағы кекті осылай басатын» (Б.Қайратұлы).Бұл да болса тәрбиелі әдеп пен ғадеттің нышаны.

Көздің сұғы

Жүріс-тұрысы сыпайы, қағылез де елгезек, сымбаты келіскен Гүлім аяқ астынан көз жұмды. Астанадағы елдік көрмеден оралған күні кешкілік бала-шағасымен дидарласып, ас ішіп болған соң залдағы диванда теледидар көріп отырған күйі жүріп кетіпті. Дәрігерлер ешқандай сырқаттың да, сырт күштің де әсерін таппаған. Білетіндер түкке түсінбей аң-таң. Тек бірге жүрген сырлас құрбысы ғана Астанада сол күні қатарынан жеті рет топ алдына шығып сөз сөйлеп, жұрт назарын өзіне аударғанын, әсіресе қою қалың түкті қастарының арасы қосылып кеткен, көз қарашығы қүңгірт қою бір әйел үнемі алдыңғы қатарда отырғанын айтты. Соның көзі тиді-ау, «маған көз қарасы ұнамап еді»,- дейді. Аулымызда жылқышы Тілемістің «Керқасқа» деген күшті де айлакер көкпар аты бар еді. Қай көкпарға барса да керқасқа топ жарып олжасыз қайтпайтын. Бірде көкпардан келген күннің ертеңіне орнынан тұра алмай жатып қалды. Мал дәрігері ем-дом жасады, бірақ тұрмады. Көрші ауылдағы атақты Кершабақ тәуіпті шақыртып қаратты. Ол кісі көрген жерден: «көз тиген, арам өлмей тұрғанда сойып алыңдар», - дейді. Айтқандай-ақ, көкпар атын сойғанда бауырынан тайға салғандай көз таңбасын көрген жұрт өз көздеріне өздері сенбей қатты таңғалыпты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Көз тию – хақ» деген. Себебі, сол заманда бір қарағанда кетіп бара жатқан атан түйені сұлатып салған баланың көз тигізетін құдіретін көріп, оны дұшпандары пайғамбарымызды өлтіруге жұмсаған. Бірақ жаратқан иеміз бұл қатерден аман алып қалса керек. «Тілдінің тілінен сақта, көздінің көзінен сақта» деген тегін айтылмағанына дәлел көп. Ежелгі египеттіктер көз тию мен тіл-сұқтың кесірлі магиясынан өте қатты сеніп, одан қорғанудың амал-айларын ойлап тапқан. Алуан-түрлі көз бояулар, опа - далаптар жасап, кеңінен қолданған, әлі де солай. Опа-далап мысырлықтарда сұлулық-сән де, қатеркесапаттан сақтану да. . «Наурызбай-Қаншайым» жыр-дастанында: «Кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда өтті зәрі» деген жолдар бар. Хан Кененің көз алмасы жарқ еткенде, өткір қылышпен кесіп түскендей әсер қалдырады екен. Кенесарының маңайындағы арам пиғылды адамдар ханның көз сұғына душар болса, аман қалмай, өліп қалатын болған. Бұдан бөлек тіпті көркем сұлу, түр-тұлғалылар ханның көзіне түспеуге тырысса, ханның өзі де ондай жандарға қадала қараудан , тіпті өзінен-өзі сескенеді екен дейді аңыз әңгімелерде. Қазақ « Тіл-сұқ тас жарып шығады» дейді. Алдымен кісі үстіндегі бөзі мен сөйлеген сөзіне қарағаны жөн-ау. Бүгінде әйелдердің дені омырауын ашып жүреді. Ғалымдар әйелдердегі омырау обырының бір себебі, кеуденің шектен тыс ашық-шашық болуынан, сыртқы әсерден қорғанбауынан деп те түсіндіріп жүр. Бұрын әжелеріміз қыздың омырауын қымтап, жас анаға кимешек кигізеті - әдеп-иба әрі қорғаныш болатын. Құранда да әйел омырауының жабық болғанын ескертеді. Ал сәбилерді елге көрсетер кезінде маңдайына күйе жағатыны, жаңа түскен келіннің, жаңа туған сәбидің киіміне көз тимесін деген ырыммен көз моншақтар тағып қоятын болған. Ғалымдар шынайы көз моншақтардың қорғау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Олар мұхит-теңіздің,

Көше сыпырушы

Бір күні таңертеңгі сағат сегіз жарымда жұмысқа қарай үлкен даңғыл жолда келе жаттық. Кейде сол жол бойында үстінде сары күртесі бар сыпырушылар жол жиегінде ары-бері тазалап жүретін. Бір мезетте шағын көлік кептелісінен кідіріп қалдық. Жол жиегіндегі құм аралас жапырақты бір жас қазақ жігіті сыпырыпсиырып жүр екен. «Қара жорғаның» әуенімен ыңылдап қояды. Өз тірлігіне өзі мәз. Қасындағы қоңыртөбел, қарабайыр орыс-қазақ еркек-әйелдер де басқамен шаруасы шамалы, тірлік жетегінде. Әйтсе де әлгі жігіттің осы бір әуенді кейіпі көңіліме жылы ұялағандай болды. Бір қызығы, енді көшеден сары киімділерді көрсем, әлгі жігіт еске түседі. Анда-санда алыстан болса да көріп те қаламын. Күндердің күні кешкілік жұмыстан қайтып келе жатып үлкен даңғылдың бойында көше сыпырушыларды алыстан көзім шалды. Байқаймын, жұмыстары аяқталып қалғанға ұқсайды, ішінде әлгі жігіт те бар, жан-жаққа тарап жатыр. Мен әуестігім ұстап, көлігімді алыстан тоқтатып, қарап отырдым. Бейтаныс жігіт сәлден кейін бөлініп шығып, жолдың қарсы бетіне өтті. Адымын алшаңдай басып , бір уақытта жол бұрылысына таман алаңқайдағы қап-қара жұтынып тұрған «Ланд Крузерге» жақындап келіп, қалтасынан кілтімен кабинасын ашып, секіріп мінді. Иә, көше сыпырушы жігіт «джипті » дүр еткізді де, жүріп кетті! Өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Күннің көзінде, желдің өтінде, көрінгенге көзтүрткі емес пе, мынандай көлігі бар жігіттің мына жүрісі не жүріс? Ақыры мені бір белгісіз білсем деген ынта-ықылас дамыл бермей, аңдып жүріп, бір күні онымен танысудың сәті түсті. Мынаны қараңыз, тығыншықтай қараторы жігіт ашық мінезді, сөйлегенде сөздің түбін түсіретін сабаз екен. - Мен жеті атасынан қаракөк үзілмеген тұқымнанмын.-деді ол, куақылана – Арғысын айтпағанда, атам аттан түспеген, аудан басқарды, кеңшар директоры болып жүріп дүниеден озды. Әкем көз жұмғанша банкир, ғұмыры ақша санаумен өткен. Әкеден жалғызбын. Шешем марқұм менің қас-қабағымды бағып дүниеден озды. Үріп ішіп, шайқап төгіп өстім. Ержеттік, ел қатарлы үйлендім. Ұлым екі жасар еді. Сол екі жасында тілі тез шықты, оқи білді, санауды үйренді. Сірә, біздің тұқымның соңғы тектісі сол екен. Әйелім, байқұс жақсы адам еді. Жүргіушісі мас камаз көлігі тапа-тал түсте қағып, екеуі де тіл тартпай кетті. Бір жарым жылдан кейін тағы үйлендім. Бұл әйелім ішкілікке әуес, қыдырымпаз болып шықты. Бірақ ақылы бар екен, бет жыртыспай ажырастық. Енді қазір үйлену дегенді шорт кестім -қойдым. Ал керек болғанда бел босатау – бүгінде мендейге шаруа емес. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» дегенді де талай естідім. Дұрыс емес, бұл! Жөнсіз айыптау, кемсіту. Біз пақырды қойшы, өз кіндігінен тұяқ қалмай Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Дінмұхаммед Қонаевтар да өтті. Бірақ олар өкінді деген сөз шыққан жоқ секілді.. Тіпті бұл тағдыр, пешенедегі жазу дегендікке сайып, оған мән де бермеген. Кім біледі, олар өзінен артылар енді текті тұқым болмайтын сезеді ме екен?!. Ендеше жай бір жетесіз ұрпақты өсірем деп бір-ақ рет сүретін өмірін неге босқа сарп етуі керек? Одан да бұдан анағұрлым алашқа пайдалы да құнды іспен айналысқан бұл кісілердікі шынында да данышпандық! Ал мен.. жақсыдан жаман туған немемін. Жаңа айттым, менен туған тектіні ажал жапырып жіберді. Өмірдегі адамға қызметті енді қалауыма қарай істеймін. - Сен қандай оқуды бітіргенсің? - .. Алматыда КазМУға түскем, тастап кеттім. Бірақ әкем әперген диплом бар - «жоғары білімдімін». Ата-анамнан қалған үй-жай, дүниемүкаммал жетіп артылады. Осынау салулы құлпы, соғулы қорғаны бар зәулім коттеджге өзім қожа. Екі жаңа көлік, кассада ақша дегендей, жағдайым жақсы. Шашып-шалқи да аламын. Арақ-шарап ішіп, қыз-қырқынмен у да-ду. Бәлкім, естіген шығарсыз, бір кеште бірер сағатта бір миллион теңгені шашып жіберген сабазың, мына мен, көкесі. Бірақ сөйтім жүріп, өзім өлетін

Кіндік шеше

Туған жердің тумасы, еті тірі, екі тілге бірдей, сымбат-көркі келіскен Ақжанат деген келіншек екінші қайтара селолық округқа әкім болды. Үлкен-кішінің тілін де, істің көзін де тауып, тірлігін дөңгелетіп әкетті. Ауыл риза. Ақжанатты білетіндер әке-шешесінен гөрі кіндік шешесі Құлшанға тартыпты дейді. Құлшанжас кезінде бригадир, төрайым болған, ел билеп, атқа мінген, тоқсанға келіп көз жұмған ана. Көнекөздердің айтуынша Құлшан апамыз өткен ғасырдың соғыстан кейінгі қиын жылдарында ауылүйде, дала - түзде талай келіншекті қолдан босандырыпты. Құрсақтағы шарана көлденең түскенде қойдың таза ұлтабарын қолына киіп жіберіп, нәрестені оңтайына түзетіп, босатып алатын болған. Содан ел ішінде «Аққолды Құлшан» деген аты қалған. Ауылдың небір атан жілік, атпал азаматтары, ардақты ана, аяулы жарлар баласына, баланың баласына «Құлшан апаның баласымыз» деп мақтан етіп айтады екен. Бір қызығы - Ақжанаттың да мамандығы дәрігер-гинеколог. Мұның да оқыс жағдайда ешбір саспастан босандырып алған сәттері бар екен. Шындығында күні кешеге дейін қалың қазақы ауылда туған баланың кіндігін ырымдап жақсы-жайсаңдарға таңдап кестіретін.. Тіпті алдын-ала қалаған кісіге кіндік шеше боласың деп ескертіп қоятын болған. Дәрігерлер жарық дүниеге шыр етіп келген бала тәнін қолымен ұстап, кіндігін кескенде сол адамның бойындағы биоөріс пен қасиеттерінің бір парасы нәрестеге даритынын жоққа шығармайды. Сондықтан қазақта бала кіндік шешесіне тартады дейтін ұғым бар. Қазақтың біртуар оғыландары Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұқтар Әуезовтердің бойында бар қасиеттерінің бір парасы кіндік шешелерінікі дегенді естелікәңгімелерден оқыдық. Қазір енді заман басқа. Қалың қазақ арасында болса болар, бірақ қалада бұл қалған. Қазір перзентханада баланың кіндігін кім болса сол кеседі. Баласының кіндігін кескен бейтаныс кісіге сый-сияпат жасалып та жүр. Бірақ сол ата-ана баласын айналып-толғанып өсіре келе, баласының «өзгеше» өздеріне тартпаған «бөтен» мінездерін көріп аң-таң, кейде жаман болса бір-бірінің арғы тегіне жауып, керілдесіп қалатындарды да көріп қалдық.. Басқа тәрбие жетісіп, енді қалғаны осы ма еді. Ұсақ-түйекті де сөз ететін болдыңыз ба дерсіз. Биыл осы немеремізді шығарып алайық деп перзентханаға барғанымызда, мынадай жайды көзімнің қиғы шалды. Бір жас әке қасындағы достарына айфонынан перзентханадағы әйелінің толғағына қасында болып, бәрін бейнекамераға түсіріп алыпты. Соны дос-жарандарына көрсетіп, қарқ-қарық күліп, мәз-мәйрам. Ал енді кіндік шеше деген сол тұрғанда көбіміздің ойымызға кіріп те шықпады-ау..

Қадір кетсе..

Зарыққан қалаға таңертеңгі пойыздан түсті. "Dala Hall" мейрамханасына таксимен келіп жетті. Әлі ерте екен. Бұл мейрамханаға қатарлас шағын кафеден барып оразасын ашты. Күзгі суықтан қара шәй бойын кәдімгідей жылытты. Бүгін құдай қаласа бәрін көреді. Алды қырық жыл дәурендес, соңы он жыл қызметтес болғандар Арыстанның жылына келері анық. Сағат он екіге жақындағанда кафеден шығып мейрамханаға келді. Бірлі - жарым жинала бастапты. Жападан-жалғыз сопайып тұрғанға ыңғайсызданып шеткеректеу тұрған бейтаныс бір-екі адамды айналсоқтап, қалта телефонын қолға алды. Әлдекіммен сөйлескен кісіше құлағына тосып біраз тұрды. Бірақ екі көзі есікте. Талай жылдар дәм-тұздас, қызмет бабында аралас - құралас болғандар, ең бастысы өзі қырық жыл істеген, оның соңғы он жылын басқарған мекемесіндегі адамдардың жөні бөлек. Көруге құштар. Осы ойы жүрегін дір еткізгендей.. Сол сәтте өзінің он жыл орынбасарлары болған Мәкен мен Сәкен ұзынды-қысқалы, іркесе-тіркесе кіріп, мұны көріп состиысып қалды. Зарыққан зарыққан еді, құшағын жая жақындай берген.. Бірақ әлгі екеуі бас изегендей ишарат жасап, жалт бұрылды да өтіп кетті. Сөйткенше болған жоқ, сыртқы есік қайта ашылып Зергүл мен Роза, қастарында тағы екі әйел бар кірді. Олар да қарсы жолыққан Зарыққанды көргенде әзірейліні көргендей түстері бұзылып, боларболмас амандасқандай сыңай танытып залға жүре берді. Зарыққанды бір суық жанын қарып барады. Есіктен шұбап кіріп жатқандардың ішінде он жыл айдап өргізіп, иіріп жусатқандардың дені мұны танымайтын кісідей қасынан көздерін бадырайта-бадырайта өте шықты. «Апырай, мыналарға не болған?» - Зарыққан ойланып қалды: « Мен не жазып едім? Қолда билік бар кезде шайқадық-төктік.. Дүние-тезектің рахатын көріп, тоқтығымыз шайқалмағасын, мына тіршілікте пендешілік жасаған шығармыз. Бетіңнен қағар кісі жоқ, кей күнде мастық билеп, білгеніңді істеп күнәға батасың. Өзің шалқыптасып жүргенде жағымпаз - жантықтар одан сайын ісіп-кептірті. Өзімнен төменге жеңіммен сәлем бердім. Мейманаң тасығанда , обал – сауаптың көзі соқыр, таскерең. Өзі жылатқан бейбақтардың көз жасы ше.. Зергүл мен Розаның кезекшіліктен босатпай, аязды күні екеуінің екі баласы далада қалып, үсіп өлген. Олар мұның кабинетіне келіп қарғана аңырай жылағанда, боқтап-боқтап айдап шыққан. Ал енді өзіне қарсы келгендерге жала жауып, жұмыстан қуып жіберді. Беделі өскенді белден басты. Өздеріндегі уыздай жас келіншектің күйеуін соттатып жіберіп, өзін қуыршағына айналдырды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін тағы бір жыл істеп, ақыры бір күні атынан аударылып қалды. Содан кейінгі шаруасы өзін адам қылған мекемесінің үстінен арыз жазу. Содан тапқан абыройы осы ма? » - Масадай ызыңдап өз ойлары өзін талап барады. – « Болары болды, бояуы сіңді. Бәрі де өтті-кетті ғой. Енді бұлардікі не жорық? Бірде - біреуі бұрылып келіп, амандық -саулық сұрамады –ау! Бірдебірі мұны адам ғұрлы көрмеді-ау! Шынымен-ақ, барша таныс-жүздестеріме кешегі Зарыққан атым өшіпті, өліпті. Мені мына жұрт елемей тірідей жерлеп тұр.- «Тіріден өлген жақсы қадір кетсе», -қай-қайдағы бір өлең жолы есіне қайдан түсе қалғанын ойлап, өзіненөзі шошып кетті. Зарыққан бір қараса, бәрі залға жайғасып, бұл есік алдында состиып жаңғыз қалыпты. Ас дастарханына баруға дәті шыдамады. Теріс бұрылып, сыртқы киімін ала-мала атып шықты. Атып шыққанда да сол екпінмен заулап жатқан көлік жолына қалай жеткенін өзі де аңғармады. Көзді ашып

Қан туысқандығы,
жан туысқандығы..

Ағайынды екі кісі әлі күнге дейін көршілес ауылда тұрады. Екеуінің де әкесі бір - қаны бір, екеуі де анасы бір - бір емшек емген. Бірақ, сізге өтірік, маған шын отыз жыл бірі-бірінің есігін ашқан емес. Отыз жыл бір-бірінің қызық-қуанышын бөліспеген. Отыз жыл бетпе-бет келсе де тіл қатпақ тұрмақ, тым болмаса бас изеп ишаратын да жасамапты. Әке-шешелері дүниеден озғанда, топырақ салғанымен, бір – біріне көңіл де айтпаған. Бала-шағасы да сондай. «Аллам сақтасын, ата жауың да мұндай болмас. Аталарымыздың тұқымың құрсын дейтіні осындайларды көріп айтады екен-ау, өздерімен кетсінші бәтшағарлар », - дейді ауылдағы бір жеңгеміз, шошына сөйлеп. Неге бұлай? Қандай себеп болған? Білетіндер айтады: бала кезде ойнап жүріп оқыстан інісі кесекпен атып, ағасының көзін шығарып жібереді, кектенген ағасы інісінің аяғын ұрып сындырады. Бүгінде ел ішінде сырт көз ағайынды екеуін «соқыр – шойнақ» деп мысқылдайды. «Ағайын-туған не керек – аңдысып күні өткен соң, бес күн дәурен өтеді – ажал қуып жеткен соң» - деген Төле би бабамыз тегін айтпаған-ау.. Талай үлкен лауазымды қызметтерді істеген, қазір зейнеткер көкем : «Мен туғантуысқандардан гөрі дос-жолдастарым қай жағынан болса да жақын. Қызық-қуаныш та, қайғы-қиындықта да алдымен соларды көремін. Ал туған-туыстарымның жанашырлығынан бұрын, жағдай айтып, салмақ салып, қинайтыны таусылмайды. Кейде солардың шаруасы деп жүйкең жұқарып кетеді. Шыным, достарым туғаннан артық» деген. Сөзінде шындық бар. Оны ағайыннан-туғаннан безгендік деп жазғырмай-ақ қоялық, мәселе ағайынның азарында жатса керек. Ағайынның азары демекші, бұл өзі шеті шығып тұрған бөлек әңгіме.. Өзіміз ұзақ жыл қалада тұрамыз. Кезіне түрлі себеппен танысып, аралас-құралас жүріп етбауыр дос-жарандымыз. Олардың туған-туысқандардан айырмашылығы – сенің ішкі шаруаңа (отбасы, туған-туысқан) араласпайды, жанды жеріңді сезсе де орынсыз мазаламайды. Әрқайссы бір-бірінің шама-шарқын, ой-көзқарасын, түсінік-пайымын білген соң, ретсіз кіріспейді. Белгілі бір шекте бір-бірін сыйлайды, құрметтейді. «Сыйлық қымбат емес, дос көңілі қымбат» - деген бар. «Жауымның дәлдеп салған найзасынан, досымның саусағымен шерткені ауыр» (М.Көпеев), «Жаман туғаның болғанша, жақсы жолдасың болсын» деген сияқты мәтелдер еске түседі.. Іштей бір жазылмаған заңға бағынасың. Ал туған-туыс, ағайындар арасындағы қарым-қатынаста туысқандық түйсік басым, ағайындық сезім басым. Қазақы бауырмалдық.. Туысқандар сенің қоғамдағы орныңмен, өз ортаңдағы абырой-беделіңмен санаса бермейді. Піл көтермегенді тіл көтереді. Буынсыз жерге пышақ ұрады. Күндейді, жүндейді. Бірақ , айналып келгенде, бірі болмаса екіншісі келеді, әйтеуір мінәйі себеп табылады, бәрібір кетісе алмайсыз. Ілияс Омаров дүниеден озғалы жатқанда айтқаны: «Туысқандықты туысқандарымның арасынан ғана іздеген жан емес едім. Ұлы, жаңа дүнемізге кім үндес болса, соны дос көруші едім. Ондай туысқанды өзім іздеп тауып алатын әдетім де болушы еді. Сондай туысқандарым аз да бола бермес. Бәріне де езіліп, елжіреп, шыжылып күйіп жатқан жүректен сәлем айт!... Ілияс сондай зәбір етіп еді деп ешкім айта алмас. Бәріне де көп-көп сәлем» - депті. Бәрін айт та бірін айт: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» (Бұхар жырау).

Қасиетін кетіріп алдық

Әріптес тележорналшы, абзал ардагер Қажы Қорғановпен кездесе қалсақ, журналистика төңірегіне бір соғып өтетініміз дағдыға айналған. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға жаны қас, ойындағысын оймақтай етіп ойып бере салатыны бар көкеміздің осыдан он жылдай бұрын баспасөз бетінде «Ұлы» деген сөзді қымсынбайтын болдық деген қалың зиялыға қаратып айтқаны есімізге түсіп, қазіргі жағдай қалай дегендей сөзге тарттым. - Несін айтайық,бауырым, одан сайын өршіп барады! Мен бұрын, есіңде болар, «ұлы» сөзін адамға телу бұл сөз халқымыздың дінсіздену қанына сіңген Кеңестік заманның «жатырынан» жаралған дегенмін. Себебі, мінбеге көтерілген партия, совет қызметкерлері бастап, қалғанымыз қоштап, баяндамамыздың бісмілләсі «Ұлы совет халқы», «Ұлы орыс халқының арқасында» деп бастайтын едік. 70 жыл бойы сан мың мәрте қайталанып, санамызға сіңгені сонша, бүгінде сол сөз тіркестері Кеңес заманының тәбәрігіндей сөздік қорымызда қалып, енді міне сиырдың бүйрегіндей бытырап, көрінген жерден алдымыздан шығатын болды. Бұрынғы көкірегі ояу зиялылар «Ұлы» деген сөз Жаратушының теңеуі екенін, оны жер басып жүрген жұмыр басты пендеге телу – күпіршілік болатынын білген. Білген соң алаштың ардақтыларына атақты басқа теңеу тапты. Ахмет Байтұрсынов Абайды «халқымыздың бас ақыны» десе, Мағжан Жұмабаевты «хакім ақын» деп бағалады. Христиан дініндегілерге «ұлы» сөзінің сөкеттігі жоқ. Өйткені, олардың құдайлары – Иса (Иисус) с.ғ. пайғамбар кәдімгі жер басып жүрген пенде - Мәриямнан туды . Яғни, Иса (с.ғ.) пайғамбар да - пенде. Сондықтан орыстардың «Ұлы Петр», «Ұлы Толстой» деп айтуы орынды секілді. Әйтсе де Иса (с.ғ.с.) пайғамбар мақтау-марапатты жақтырмаған. Әсіресе, өзін Құдайға теңеп жалбарынғандарға жиіркенішпен қарап тұрып, көктегі Әкеге («Отец более меня») табыну керектігін ескертіпті. Ал біз бүгінде кілең «ұлылар» мекендеген елде жүрміз.-деді Қажекең. Менің есіме ол кісінің сол мақаласындағы: «Көз көргенді айтайын. 90-жылдың орта шенінде Қазақ политехникалық институтының ректоры болған профессор Әшім Омаров ағаның үйіне бардым. Сәлем беріп, төрге бөлмеге кірсем Әшкең Асқар Қонаев екеуі әңгімелесіп отыр екен.. Асқар інісі бірде ел аралап келген Димекеңе сәлем беріп, амандық-саулық сұрауға барады. Аз-кем әңгімеден кейін Димаш аға: «Асқар, елдің адамдары мені «сіз ұлысыз, сіз ұлы адамсыз» дей береді, сонысы қалай өзі?»– деп біртүрлі ыңғайсыздана ойға шомады. Аяқ астынан айтылған бұл сөзге інісі де кесімді пікір айта алмай: «Енді халық солай деп жатса, ұлы болғансыз да...»,– деп жауап береді. Осы бір өткен әңгімені еске алған екі аға біраз үнсіз отырып қалды.»- дегені есімде. Редакцияға күнделікті поштадан әр түрлі тақырыптағы хат-хабарлар Бас редактордың алдына келгесін қараймын. Жазарманның бір парасы - аға ұрпақ, кешегі заманның «шекпенінен» шыққан, екі жүйені көріп келе жатқан біздің замандастарымыз. Әсіресе ақын – жазушыларымыз қаламы да, құлағы да, аузы да әбден қалыптасқаны соншалықты осы «ұлы» сөзін оңды - солды сілтей беретін болды. Бір кісіге әбден ырза болса «Сөз жоқ ұлы адам», бір нәрсеге риза болса «Бұл бір ұлы дүние», «Ұлы дала», «Ұлы денесі» әйтеуір не керек, бір айрықша ауқымды, таңғаларлық құбылыстардың бәріне осы сөзді жегіп алдық, енді оны кейінгі жастар да іліп әкетті..

Қоңыраудағы әңгіме

Бәрі күні кеше сияқты, бірақ жаңа қызметке де жылдан асып кетті. Тілеуқор, жанашыр, ниеттес ағайындар аз емес. Бірі шын қуанышын, риза көңілін, бірі өмірдегі қынжылысын, билікке өкпесін айтып келіп-кетіп те, қоңырау шалып та жатады. Бұл ретте алдымен Арқалықтағы әріптес Жақсылық көкем көкейде тұрады. Айтатыны: журналистика, әріптестердің шығармашылығы. Қашанда ағынан жарыла сөйлеп, арғы жағынан елжіреген көңілі сезіліп тұрады. Астанадан Қайсар ағамыз газеттің сәтті нөмірін көргенде, қоңыраулатып балаша қуанады. Алматыдағы жерлестеріміз газеттің ғаламторлық нұсқасынан ел жаңалықтарын біліп отырамыз деп көңіл аулайды. Бірақ, газетті қолына ұстап, қателерді тізіп, ағат кеткен сөйлемдерді астын сызып оқитын Аманкелді, Жанкелді өңіріндегі аға-апаларыма, ҚМУдың студеттеріне ризалығым бір төбе. Күндерде бір күн хатшы қыз Қарабалықтан қоңырау шалынып, әңгімелесуге уақыты болса қосуын өтініп жатқан кісі барын айтты. Қосты. Елубай Аманжолов! Ауыл шаруашылығының ақтаңгері, ғалым-агроном ағамыз. Журналистік қызметте талай жылдар бойы кездестік, жүздестік. Бірақ сұхбат алудан арыға бармаған екенбіз. Білетіндердің сөзіне қарағанда Елекеңбұлталақтатпай тура айтатын, жағынуға жаны қас, бірқалыпты мінезді кісі.. - Осы оқырманмен ағынан жарылып айтатын нәрсе, ойлам жүрсем, едәуір, -деді әдеттегі сабырлы қалпымен, - Бір кездескенде, кең отырып сөйлессек. Мысалы, қазір сол Қостанайдан бастап, қала-аудандарда тойханалар көбейді. Алды 200-300 адам, тіпті одан да көптерге арнап салынғандар бар. Сол тойхананың орнына жастарға кәсіп боларлық өндіріс ошақтары неге ашылмайды? Тойхананы көбейткенмен, жастардың бақыты артпайды ғой. - Рас, Елеке, бірақ неге саласың, неге былай істемейсің дейтін ақылдастар кеңесі жоқ заман. Қазақ нарығының бүгінгі сұранысы ұлттың әдет-ғадетінен туады да. Ал сол тойдың да тойы бар. Ал үйлену тойы үстінде ұятсыз қалжыңдар, тұрпайы ойындар дендеп кетті. «Гәршөкке таласу» деген бейнебаяннан шошисыз. Жалаңаш шешінген қазақ қыздарын көргенде жердің тесігін іздейсіз, -дедім мен де Елекеңді қуаттап, - бірақ, той әдебін түзететін ағайындар жоқтың қасы. - Бұл өзі тұнып тұрған әңгіме, айтылудай айтылып жүр,бірақ ескеріп жүрген бірі жоқ.. Бәрі оңай олжаға әуес. Бұл жаңғыз қазаққа тән емес, -деді Елекең, бір әңгіменің шетін шығарып, - Анбір жылы марқұм Валентин Двуреченский шетелге барып, бір алтын медаль алып келді. Құтты болсын десек, ол кісі ренжіп, өкініп отыр: - Бәрі көзалдау, алаяқтық екен. Парижге бардық, жылдың ең үздік кәсіпкері деген атақты да, медалін де алдық. Бірақ бәрін де.. өз ақшамызға сатып алдық. Барған-келген шығындарымызда айналып келгенде өзіміз өтедік. Шақырған ресми ұйым, сараптау комиссиясы деген жалған болып шықты. Оның бірде-бірі ресми халықаралық ұйымдарда тіркелмеген, еш жерде мойындалмаған. Алаяқтар өз қолдарынан жалған сертификат, медаль жасап, оны біз сияқтыларға удай қымбатқа сатып пайда табады екен. Кеш білдік,- деді. Менің есіме сол кезде жоғары оқу орындарының басшылары жаппай шетелге «шақырылып» небір оқу орындардың «мүшесі», академик», «ең үздік ректор» деген сияқты мадақтармен оралып жатса, бірқатар облыс, қала-аудан әкімдері де «академик», «профессор» атанып жатты. Мұның салқыны біздің елде де бар. Қазір залдар мен кабиеттерден шынының арғы жағынан қаптаған марапат дүниелерін көрсем, бір күдіктене қараймын.. Меніңше, Елекеңде көптен бері мынау дулы дүниенің қатпар-қатпар қыртыстарына үңіліп, тоқыған, жанына маза бермейтін жағдаяттар аз емес-ау. Елекең жер еміп өскен азамат. Ғұмыр бойы табанымен қара жер басты. Егін шығатын кең даланың да, елдің аузы

«Қоңырдың» әні Иә, «Алтын бесік» аңқылдай бергеннен-ақ , әннің әр сөзі әуенімен жібектей есіліп, санаңның сонау бір түкпіріндегі ең бір аяулы , ең бір нәзік пернелерін баса, маң - маң жүріске салып, жүрегіңді лүпілдете, жаныңды сөгілтіп, сыздатып қоя берді. « Шөбі майса, жұрты жайсаң, туып, кіндік кескен жер. Жаңбыр жауса лай - батпағын жалаңаяқ кешкен жер. Алқам - салқам қой қайырып, тай құлынмен ілескен жер. Қарның тойса, құрбыңды аңдып қайғы көрмей өскен жер.» Кеудем тербеліп, көзім де мөлдірей мөлтілдеп, шүпілдеп барады. Бұл ән тура менің туған ауылымның «Кеңесімнің», Жығылдыойылы «Қызылжар» - «Қызыларығымның» борпылдаған ақ топырағын, қызыл жантағы, боз шеңгелі, тобылғы-жыңғылы, жоңыршқа қораларын, алаботасы ұйысқан, өзегі мен оман арығы сылдыраған, ойхой несін айтасыз, кіндік қаны тамған « мысыр шаһарымды» көз алдыма келтірді. Ішкі түйсігімнің зынданында жатқан иненің көзіндей ғана шоқты көсеп - көсеп жібергендей. Тұла бойымды қыздырып әкетіп барады. Сонау құдыраған балалық шақ.. Қоңыраулы шеңгел. Жел тұрса құмалақтай-құмалақтай қауашағындағы дәндер сылдырап барып, сыбырлап қоя береді. Жел үдей түссе әндетіп кетеді. Шеңгел әні! Топ шеңгелдің қалыңның арасынан атты кісі көрінбейді. Ішіне кірдің бе, өрім-өрімің шығады. Шеңгелдің тікені жұқа көйлек, жұқа шалбарда босаң инесін сұққылап, удай ашытып, көзіңнен бырт-бырт моншақ үзіледі. Екі саның балтырыңнан шып-шып қан шығып, ат бас бермей жорта жөнелгенде көресіні көресің. Кершабақ баз, Астырт, Жыңғылдой, Қызыл кесік, Көкдала, Зәмиддин баз.. Қосарықтың сағасы, Ақкесене, Көккесене, Атбайлар жақтағы баялыш-жусанның түбін ашып қарасам ғой, біздің жалаңаяқ бала табанымыздың ізі көзіме оттай басылар-ау.. ..Апамның қағаберісе түйген науатын, өреден қауыншегінен алып, ескі тамның көлеңкесіне ләңгі тебуге асығатын кез. Ойынның қызығына беріліп, үй шаруасын ұмытып кетіп, қас қарайған шақта артымыздан шыр-пыры шығып іздеп жүретін ата-апамыздың: «Қауынның мәлегіндей болған тұқымың өскірлер», «Қызталақ бар бол!», « Әй, дуайтпаттар, жүгермектер-ау, сендерді ме! Садағаң кетейіндер, қайтыңдар түге!» дегендерді де енді қайтып естімейтініміз анық. - «Қайран, қамсыз бала күнің, қайрылмасын кім білген?!» - Жаны бар ән, көзі бар ән! Әннің жүрегіне, жанына тимеу керек. Киесі ұрады. Жалпы «Қоңырдікінің» бәрі сондай! Қоңыр болғанда да ашық тұнық таза, тұнықтығы сондай, тыңдап отырып сіміріп жібергеніңді байқамай қаласың да, көкірек көзің шайдай ашылып кетеді. Туған жер не себепті құдіретті? Балалық кездегі тұрғылыстарымыз мен құрбыластарымыз неге қымбат ? Неге бәрі еске түскен сайын жүректі елжіретіп қоя береді? Сірә, оның жауабы да қарапайым болса керекті: ол - біздің о бастағы мөлдір бастауымыз , біздің таза шағымыз, ол со саф күйі санамызда шегеленіп қалған. Ал адам егде тартқан сайын бейкүнә шағын, таза да аңғал кезін сағынады. Адамзаттың бәрі де сағынатын шығар. Бірақ қазақтыкі бөлек: қазақ сағынып туады, қазақ сағынып өледі. Ендеше Жәудір Артықбаеваның сағыныштан өзегін жарып шыққан «Алтын бесігі» бір ұрпақтың кеудесін тербеткен күйі тербеткен. Тарихта бір әнмен қалу деген осы шығар.

Құл

Құдалық ауылда өтетін болды. Құдалар Астанадан, жоғары жақта үлкен қызметте істейтін көрінеді, әрине күйлі - қуатты екені де аян. Мұндайды жаным қаламай тұрса да, қимас достың көңілін қайтіп қалдырарсың. Баруға тура келді. Бірақ бәрі де мен ойлағаннан ада, керісінше тартымды болды. Екі «Land Cruіser Pradoмен» келген құдалар паң да маңғаз, әдепті, биязы да зиялы екен. Отырыс та, алыс-беріс те жарасымын тауып жатты. Бір оңаша қалып, үлкен қызметтегі бас құдамен әңгімелесіп қалдық. Сөзден-сөз шығып отырып, әңгімені иненің көзінен лып еткізіп сабақтай қоятындай епті жігіт ағасы «бәріміз де, жүрген құлмыз ғой» деп қалды да: - так называемая бюджетная интеллигенция» -деп орысшалап жіберді. Әңгіме қазіргі ортаңғол элита, елдің көзінде жүрген атқамінер, зиялылар турасын көшкенде: - Мысалы, мен құлмын. Жоғарыдағы бастығымның айтқанын бұлжытпай орындаймын. Өздігімнен ой-пікір, ұсыныс айтуға, бірнәрсені өзгертіп, істеп тастауға хақым жоқ. Тек айтқанды ғана істеймін. Таза киініп, қымбат көлік мінген, инабатты құлмын,-деді ол байсалды кейіппен. Менің таңданысымды елеген жоқ. Сірә, бұл түсінікті нәрсе, оған таңданатын несі бар деген сыңайлы. Ал енді.. Осы күнделікті тірлікте оқыған –тоқығандар қит етсе, құлдық мінез, құлдық психология, құлдық дерт деу әдетке айналды. Бір-біріміздің болым-бітісіміздегі барлық осалдықты содан көреміз.. Бір есептен мұның қисыны да, тарихи дәйек-деректі, себепсалдары да бар. Десек те..сол құл, құлдық адамзат қоғамының даму-дағдарысына қалай ықпал еткен? Бұл өзі қазып, тарқатып көрсең, бір тұнып тұрған ілім-ғылым тақырып. Жәй бір шолып көрейіші. Гегельдің түсіндіруінше шынайы мәдениетті тудырған - құлдар. Сол мәдениеттен барып құл құлдық бұғаудан құтылған. Өркениет құндылықтарын құлдар жасаған. Қожайын құлын ит пен мысықтан да төмен ұстаған. Бірақ сөйте тұра қожайын өзі де құлының құлына айналғанын сезбей қалған. Құл күн көрісі үшін қожайынның жан дүниесін әбден түсініп, білді. Психология ғылымы да осылай пайда болды. Құл енді әміршіге айналды. Бірақ ол өзінің ар-ұятының барын ұмытты. Төңкерісті де құлдар жасаған. Сөйтіп құлдар қоғамның қозғаушы күшіне айналды. Бірақ, құл құлдығын істейді.. …Сақ сарбаздары жаугершілікпен жүріп, жаулаған қиыр елдерде көп уақыт тұрып қалады. Күндерде - күндер, жылдарда - жылдар өтіп, сарбаздар туған жер, өскен елін сағынады. Содан елге қайтып келе жақанда бұларға мұздай қаруланған беймәлім әскер қарсы кездеседі. Мәмілеге келмей екі жақ бетпе-бет соғыса кетеді. Бірақ небір қас жаудан қайтпаған сақ жауынгерлері мына белгісіз сарбаздарды жеңе алмайды. Қылыш, садақ, найзаға да алдырмай, әлгі жауынгерлер бет қаратпайды. Бір уақытта ойы сан-саққа кеткен сақ сардары өз сарбаздарына жауды қамшымен сабауға бұйрық береді. Сол-ақ екен, жау әскері сартылдаған қамшыдан тым-тырақай қаша жөнеледі. Көп ұзамай-ақ мұның сыры ашылды. Кезінде алыс жорыққа кеткен сақ сарбаздардың әйелдері есікте жүрген құлқұтандармен көңіл қосады. Құлдан туған ұрпақпен есейген соң ел әскерін жасақтайды, биліктің де тұтқасын ұстайды. Құл қасиетін таныған сардар осылайша, құлдың құл екенін есіне түсіріпті. (Геродот) Қазақтың “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырында – Қодар құл, “Алпамыс батырында ” – Ұлтан құл бар. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында Алтынай сұлуға «тоқсан нарға жүк артып безеп, жасап, әкесі Шұнақ деген жігітті,Тезек деген қызды құл мен күң»

«Мен ештеңеден ұялмаймын »

Инстаграмдағы парақшасында Баян Есентаева қазақ екенін, жүрегі де, жаны да қазақ екенін, не істесе де қазақ тілін, мәдениетін және шығармашылығын дамыту үшін жасалатынын айта келе «Мен ештеңеден ұялмаймын.» депті. Мұны газеттер іліп алып,сансаққа жүгіртіпті.Бірақ Баяндікі -имантаразы. Ал ана сүті аузынан кеппеген жас рэпер Сәнім Әлбосынова ғаламторда атасындай Заттыбек пен Тұрсынбекті «құшағында тұншықтырғысы келетінін, фигурасы аттікіндей өте сұлу» екенін, «ернін армандап, қатты жылап оянатынын», «Заттыбек пен Тұрсынбек мен үшін шал болса да, мен қазақтың аруы нағыз ерді аңсаған» деп, екеуін атын жеке-жеке атап, «Сәнім тек сізді сүйеді» деп клип түсіріп ғаламторда таратып жіберді. Оқушы, көрермен деді, дегенде не деді?! «Айқын» , «Абай kz» басқа да ақпарат құралдары талдап, талғап көрді, айыптады. Қара пиар қазақ қызын қарабет қылудан тайсалар емес. Бірақ қаршадай қыз да, клип жасаған да қыңбайды. Олар: бұл қазіргі жастардың әзілқалжыңы, «мен ескішіл адам емеспін, қыздың ата-анасы қаланың адамдары. Ескі көзқарасты ұстанбайды»-дейді, бейнебаян түсіруші Шыңғыс Әлкеев.(«Айқын») Осы күнгі біраз замандастарымыз әгараки аузыңыздан «бұрын», «әдепсіздік», «имансыздық» деген сөздер шыға қалып, сол заматта сізді «ескі адамсыз», «көштен қалғансыз» деп біраз жерге апарып тастаса таңданбаңыз да, ренжімей-ақ қойыңыз. Қазіргі радикалдар қазақ қоғамындағы бүгінгі заманауи құбылыстарға ұлттық тұрғыдан баға беруді, ұлттық реңк беруді суқаны сүймейді. Кешегі десеңіз, қытығына тиесіз. Мұндайда, кешегіні айтқығыңыз келсе келістіріп айтыңыз, ұтымды да жұтымды етіп айтыңыз. Әйтпесе, бәрі бос шығын. Жалпы, жаңалыққа, жаңғыруға ұмтылғандардікі жөн. Жаңа дәстүр, жаңа рух болып жатса жатсынбайық! Үлгі етер жаңа рухани, әдепғұрып, ұстанымды айтсын. Бірақ, бәріде қазақтың болмыс-бітісіне үйлесіп жатса.. Ұлтымыздың тегіне тән қасиеттері жатсынбаса, жарасып тұрса, нұр үстіне нұр! Ал егер, жаһандық үдеріс ұлттың уызын шайқап-төгіп кетсе, сақтану керек. Жойылып жатқан ұлттардың трагедиясы осы бір елене қоймайтын ұсақ құбылыстардан басталған. Яғни ермелік, еліктеушіліктің түбі дүбәрәлікке, мутандыққа әкеп соқпасына кім кепіл? Айтпақшы, мутант демекші аға газетіміз («Егемен Қазақстан») Семейдің Абыралы өңірінде тұрпаты бөлек қара қасқырдың пайда болған туралы мақала жариялап, сараптай отырып тілші: « Сыртынан үңілгендер Семей полигонының зардабынан, яки радиациядан пайда болған мутантқасқыр дейді» -деп бір сұмдық ойдың ұшығын жылт еткізді. Айтайын дегенім..сөзімнің басында айтқан «Мен ештеңеден ұялмаймын.» дегенінен шығады. (Контекстен жұлып алып жалаулатты демесін) Ұялмаймыз деп ұяңдықтың емес, ұяттың түбірін жұлып алмасақ болғаны..

Мысы басым

Әбдіжәміл Нұрпейісов Ілияс Омаровты үлкен қызметтен түсіп қалып, бір елеусіз қызметте жүргенде іздеп барыпты. «Күркентайдың ұясындай құрттай қораш кабинетте, онан көрі құрттай, онан көрі қораш столда қағаз ақтарып отырғанын» көріп, Әбдіжәміл өзінен -өзі қысылады ғой. Жазушының мына жұмыс қалай екен деген сұрағы «кәперіне де кіріп шығатын емес, өзінің әншейіндегі әзіл-қалжыңы, әшейіндегі қысқа қайыратын күлкісі бәз-баяғыдай, қазқалпында қарап тұр. ..Ол кісі, апырай, кішкентай жұмыста да кішіреймейтін. Қайта кішкентай жұмыс ол барғанда кәдігідей үлкейіп, жұмыс та көбейіп шыға келетін.» Баукеңді (Бауыржан Момышұлы) сонау көз ұшынан шырамытқаннан-ақ, Ғабең (Ғабит Мүсірепов) бастаған жақсылар мен жайсаңдар тұрған жерінде қозғалақтап, үлкен алыптың мысы мен сұсынан дегбірсізденіп әлдебір күйге түсе бастайды екен. «Ал алып тұлға, байсалды» Дінмұхаммед Қонаев Кремльдегі Саяси Бюро мәжілісіне кіріп келгенде, мәжіліске келгендер бір көргеннен орнынан атып тұрып ізет көрсеткенін байқамай да қалатын көрінеді. Ұлыбританияның даңқты мемлекет қайраткері Уинстон Черчилль делегаттардың ішінен арнайы Қаныш Сәтпаевқа бұрылып келіп таңырқай қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда ғалым: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын», – деп жауап берген екен. Бүгінде, құдайға шүкір, жер-жерде сыртқы сымбатына, құдай берген тұрқына бір қарағаннан-ақ көзің сүйсінетін қандастарымыз аз емес. Айталық Тоқтар Әубәкіровтің бір өзі бәріне дәлел. Бірақ...шыны керек, сыртында мін жоқ, атақ - дәрежесі көл-көсір, қызметі де именшектейтіндей замандастарымызды кездестіріп қалып жүрміз. Сәтін салып сөйлесе келе, сыр ала келе, оның ішкі дүниесі сыртының бел ортасынан да келмейтін, не мысы, не сұсы, кішірмейтін ірілігі жоқ, бос кеуде екенін сезесің. Сезгесін арғы жағы түсінікті. Көңілің құлазып сала береді. Тағы сол Момышұлы хақында: «Батыр атандың, жазушы атандың, тарихқа мәңгі өшпестей аяулы атыңды жаздың. Өзінің көзі тірісінде мұндай әйгілі болу тарихта кездесе бермейді» -деп жазыпты, Ілияс Омаров Баукеңе. Бәлкім, тарих әл-әзір ондай адамдарды туғыза қойған жоқ шығар. Әйтсе де, кім біледі, туған шығар, бар да болар, қадірін білмей жүрміз бе? Бәлкім, бұл да құндылықтан шығып қалды ма? Қырықтың бірі қыдыр деген, кездесіп қалар, үміттімін...

Небәрі үш жыл..

Дарынды ақын досым Ұлықбектің (Есдәулетов) «Атаңа нәлет көнбістік» деген жырының шыққанына көп болған жоқ. Сонда «Атаңа нәлет көнбістік! Қолында өлер адамға, құшақ жайып, қол қыстық; таспен атқан тажалға, табақ тартып, төр бердік; аса жұртқа теңгердік, қонақжайлығымыз қыр асып, дара қылығымыз – дарақылыққа ұласып, кішіпейілдігіміз гүл ашып, төменшік тартсақ – оң көрдік» деп, ұлттық қасиетіміздің әлсіз тұстарын ашына айтатыны бар. Несін айтасыз, аңғал да ақжарма, аңқылдақ халқымыздың ардаемген қасиеттері мына заманда қадірсіз, тиімсіз. Ал оның үстіне құнтсыздыздық пен көнбістікті қосыңыз.. Сондықтан ба осы алаш баласының төлтума дүниесіне былайғы жұрт құмар да құмар. Жылқы, қымыз, шұбат, қазы-қарта, майқұртымызға дейін патенттеп алсақ деп жалаңдап жатқан атасы бөлек өзге ел. Сонау Американың қыршын желбір жекендері біздің «Балбырауын» мен «Сарыарқа» күйлеріне үйріле билейтініне бұрынырақ естісек, көрші қызғыз ағайындарымыз бен бірқатар басқа ел енді «Қаражорғамызды» өз тіліне аударып алып, айтып билеп, түбі біздікі деуге емеурін танытатын сыңайлы. Осыдан 5 жыл бұрын қазақтың аса көрнекті этнограф ғалымы Жағда Бабалық Алматыдағы алқалы бір басқосуда: «Қазақ отбасында дүниеге келген әр сәбидің 2 жасқа дейін жамбасында көк таңба болады. Табиғи, биологиялық бұл таңбаны ұлттық ерекшелік ретінде заңдастыратын кез келді. Мұндай таңба қазақ халқында 100 пайыз кездеседі. Сондай-ақ белгілі бір деңгейде қырғыз бен моңғолда бар. Өзбек, ұйғыр, татар сияқты өзге халықтарда жоқ. Осы биологиялық таңбаны біз ғылыми түрде дәлелдеп, қазақтың биологиялық таңбасы дейтін сөзге ие болуымыз керек»,-деп жұртты елең еткізіп еді. Ал ел аузында жүрген аңызда оны «періштенің алақаны», бала құрсақтан шықпай, «қиқарлық»танытқанда періште ұрады екен, көкпеңбек із содан қалыпты-мыс. Бірақ осының мән-жайын анықтап, зерттеу жүргізілді ме, жоқ па, ғалымдарымызда үн жоқ. Жоңғарлармен соғыста Бөгенбай батырдың алдына қалмақтың тұтқыннан қашып шығып келе жатқан екі қазақты алып келіпті. Біріншісі – еңгезердей төртбақ жігіт те, екіншісі –отты көзді шынашақтай ғана екен. Бөгенбай батыр әлгі кішкентайынан : «Тұтқында қанша уақыт болдың?» -деп сұрапты. Ол : «Екі ай тұтқында болдым» -депті. Сонда батыр : «Мына сарбазға қылыш беріп, таңдаулы жауынгерлер қосына жіберіңдер!»- депті. Ал енді алпамсадай төртбақ жігіттен сұрағанда ол «: «Үш жыл тұтқын болдым » депті. Сонда қас қолбасшы: « Мынаған құрық беріп, жылқы бағуға жіберіңдер!»- депті. Осыны көзбен көріп куәгер болып отырғандар Бөгенбай батырдан мұндай оқыс шешімнің мәнісін сұрайды. Сонда Бөкең: «Анау бәкенедей жігіт тұтқында екі-ақ ай болыпты, әлі рухы сынбаған екен. Қалмақтан көрген қорлығы бетіне шыққан, қаны қайнап тұрған нағыз оғылан. Сондықтан таңдаулы қосынға жібердім. Көзіне қалмақ көрінсе қасқырдай шабайын деп тұр. Ал, мына еңгезердей сабаз 3 жыл тұтқында болған. Қалмақтың тепкісін әбден көрген, жігері құм, құлдық сүйегінен өткен. Көзіне қалмақ көрінсе жата кетейін деп тұр. Оған жылқы баққаннан басқа не берейін» -депті. Апырау, батыр бабамыз оғыланның қасиетін қор етуге небәрі үш жыл жетеді деген екен. Ал біздің халқымыз бодандықта қанша жыл, ғасыр болған?. .

Оңай олжа

Жүрсең көре бересің, көрсең біле бересің. Қай жағынан атып шыққанын аңдамадық, қаламыздағы Әл-Фараби даңғылымен «Land Cruіser» джипі жүйткігеннен жүйткіп Алтынсарин көшесінің бұрылысында бағдаршамға тоқтап тұрған жолаушылар автобусын келіп соқты. Байқасақ, автобустың артқы «белі» болар-болмас майысқаны болмаса, айтарлықтай бүлінгені шамалы. Ал джиптің алдыңғы тұмсығы «бұзылып», бір жақ үлкен «көзі» ағып түскен. Джиптің ішінен шыққан өндірдей жап -жас қазақ қызы көлігінің жүзін көріп: - Ех, көкеме проблема болады енді, -деп, қалта телефонын алып, әлдекімге қоңыраулата бастады. Бірақ, тым жайбарақат қалпы : - айттым, сәл үйрене тұрайын деп едім, болмадыңдар. «Мін-мін»-міндім, «саспа» дедіңдер, саспай тұрмын енді. Короче, вот, вам сюрприз!-деді телефонға лақ еткізген еркетотай қарқыл күлкісімен . Бірінші рет өзінің апатқа ұшыраған үр жаңа көлігіне риза болған адамды көрдім. Ешнәрсеге белі ауырып тұрған жоқ. Әкесі жуырда ғана мұның 18 жасқа келіп, туған күніне сыйлаған «Land Cruіser» екен. Қыз естідіңдер ме дегендей айылын жимастан аңқылдап айтып тұр. Ал автобустың жүргізушісі де бір жас жылпос болып шықты. Мұны қызымыз оңаша шығарып сөйлескен еді, сәлден соң ойбай жолаушылар күтіп қалды деп томпаңдап, МАИды шақыртпастан түк те болмағандай ыржаң қағып кетіп отырды. Сірә, ақшамен дымын шығармады дейді, куәгеркөргендер. Ана сүті аузынан кеппегендердің тұрпатынан жан шошиды. Университет ғимараттарының алдындағы көліктен көз сүрінеді. Көбі студенттердікі. Оны айтасыз, оқытушылар мен студенттер көлік қоятын орынға таласып жағаласып жатқанын да көрдік . Ал сол түбітмұрт, шөпжелке жастарымыз керек реферат, баяндама, т.с.с тапсырмаларды ғаламтордан дайын күйінде көшіріп алады. Көбіне курс жұмыстарын сатып алып, курстан-курсқа өтіп жүр. Қазір оқу орындарында қызып тұрған оқу емес - баға саудасы жасырын болудан қалды.. Бірақ, көңіл қалатыны - қай жерге барсаңыз да көбіне - жан қинамай табыс табу, оңай олжаға кенелу. Оңай олжаның да түр-түрі көбейген.. Тіпті «КТК» телеарнасы «Оңай олжа» деген хабар ашып, жұртты қарық қылды. Қатысушы, әнші Нұрлан Еспанов: «Оңай олжа» десе, оңай олжа екен. Тек қана зыр жүгіріп жүріп, 1 сағаттың ішінде керекті затты алып үлгеру керек екен». Ол үшін студияда 5 сұраққа жауап берсең іс бітті. 1400 доллардың дүниесі сіздікі. Бәрі де су жаңа. Небәрі 8 күннің ішінде 16 отбасы «Оңай олжа» шоуынан пайда тапқан. Көбі аса қымбат ұялы телефон, тұрмыстық техника мен атақты дизайнерлердің киімдері. Несін айтасыз, дөңгеленген дүниені оңай көріп тұратындардың заман ма..осындай да еске түседі: Баяғыда бір бай баласына жұмыс істеп 100 теңге тауып кел деп жұмсайды. Еркетотай бала әкесінің көзін ала бере шешесінен ақша сұрап алып, әкесіне апарып береді. Әкесі мұны біліп қояды да, әкелген ақшаны жанып жатқан отқа тастай салады. «Бар тағы тауып кел»- деп қайта жұмсайды. Бірақ бала әдетіне салып, анасынан барып тағы ақша алып әкесіне береді. Әкесі тағы да ойланбастан кешегісін қайталайды. Не керек, бала үшінші рет анасына емес, бір шаруаға барып жалданып жұмыс істейді. Бірнеше күн өткесін еңбек ақысын алып әкесіне 100 теңге әкеледі. Бірақ әкесі тағы да ойланбастан отқа лақтырып жібергенде , бала жанұшыра жанып жатқан оттан жалаңаш қолымен ақшасын алып шығады. Сонда әкесі тұрып баласына: «Көрдің бе, балам, өз еңбегіңмен тапқан ақшаның қадірі осындай болады» деген екен. Қазір жалаңаш қолымен лапылдаған оттан ақша суырып шығатын кісіні көрдіңіз бе? Көрген шығарсыз. Солар туралы айтайық та!

Өмірдің құны

Ақкербез Тұяққа қатты ашуланды. Уәдеде тұрмады. Қарызға алған ақшасын айтқан күні, бір ай өтті, әкелмеді. Өзі де жоғалып кетті. Ұялы телефоны - мылқау. Бесінші аптада Тұяққа тағы қоңыраулатты. Телефоны «тірілді». Ақтайдың даусы қырылдап, баяу естілді. Ақша таба алмай, ауылға барғанын, қалаға ертең келетінін, бәрін де түсіндіретінін, мұны бар жан-жүрегімен сүйетінін жеткізгенде Ақкербездің талағы тарс айырылды. «Маған оның түсіндіргені емес, ақша керек!» Сазарып безеріп телефонын өшіре салды. «Бұл өзі кім деп жүр өзін? Мені кім деп ойлайды? Мені көнетікті біреу, көрдім, тастадым дейтін шығар, көрсетемін мен саған!» Бір жыл бойы жігітіне деген жүрегіндегі ең бір нәркес аяулы сезімі енді аяқ астынан кекке, өшпенділікке айналды. Ақкербез дереу ұялы телефонын алып сыныптасы Жоланның нөмірін тере бастады. - Ака, не болы? - Жол, кездесу керек.Сонда айтам. Ақкебез Жоланмен кездесті. Айтты, түсіндірді, ол түсінді. «Короче, өзің біл. Отвечаю» - Ақкербездің соңғы сөзі. Ертең Ақкербез бен Тұяқ паркте шаңқай түсте кездесетін болды. ... Сол күні Тұяққа ызалы Ақкербез түнгі клубта түн ауғанша болып, үйіне кеш келген. .. Ақкербез оянса, уәделі мерзімге он бес –ақ минут қалыпты. Жалма-жан атып тұра киініп, көшеден таксиге отырды. Бес минут қалғанда жетті. Жолдың арғы бетіуәделі жер.. Алыстан Тұяқ сұлбасы көрінді. Ақкербез жалма-жан жолды кесіп жүре берді. Арғы бетке жете бергені сол, оң жақтан зу еткен джип, сигналдың айкәпір даусы, Аккербездің көз алдында жуан джип доңғалағы.. дүние шыр көбелек айналып бара жатты. Сол сәтте Тұяқ оқтай атылып Ақкербезді доңғалақ табанына тигізбей жұлып алған еді. Бірер минуттан кейін Ақкербез Тұяқтың құшағында көзін ашып алды, дін аман екен. Тұяқ сүйіктісіне елжірей қарап тұр. Ақкербездің көзінен мөлдіреген екі тамшы төмен қарай сырғи жөнелген.. Кенет бір тыз-тыз етіп жұлдыздай аққан оқ Тұяққа қақ маңдайына тиді де, бетжүзінде от лап ете қалды. Тұяқ тәлтіректеп барып , бетімен топыраққа құлады. Қалтасынан домаланған ақша орамы сусып түсті. Ақкербез де есі шығып, жалма-жан айналасына қараған. Алыстан бір сәт Жолан қарасы жылт етіп көрінді де жоқ болды.. Тұяқ ауруханаға жеткенше көз жұмды. Апырай, несін айтайық, Тұяқ жеті атасынан қаракөк дейтін текті әулеттің соңғы тұяғы екен. Әулеттің шаңырағы ортасына түсті. Бұл болған оқиға.. ..Кеше ғаламторда жүр, Батыс Қазақстан облысында бір қыз ұялы телефонынан ғашық жігітінің асылып өлген суретін көреді. Қыз мұндай тосын жайға шыдай алмай, енді маған өмірдің мәні жоқ деп өзіне қол жұмсайды. Ал шынында бұл жігіттің достарымен қызға жасаған тосын әзіл-қалжың «сыйы» екен. Алақандай суреттен ажал құшқан қызының хабарын естіген жігіт ғашығының бұл үшін өмірін қиғанын естіп, бұл да барып асылып өледі. Сөйтіп айдың күні аманда, қараптан-қарап жүріп, дарақы әзілдің кесірінен екі жас жуадай солды. Бұл не сонда: адам өмірінің түк құны болмағаны ма? Адам қалай болса солай ойнай салатын, жалығып бара жатса, күресінге итере салатын қоқысқа айналғаны ма? (Айтпақшы, дүниеге шыр етіп келген сәбиді қоқысқа тастай салатын сұмдыққа бір зауал болмай тұр). Ал енді сонда: жастарымыз бір-бірін «сүйдім-күйдім, сен үшін жан берем» деп жағы тынбайтын ән-жырының мәнісін натуралды күйде ұғынып жүр ме? Бұл жарық дүниеде Адамды сүю, адам өмірінен артық құндылық, ардақ,аялау жоқ екенін сезінбей ме? Онсыз да бес күн жалғанды несіне бәтқордарлаймыз, ә...

Өтем

« Ербақытты өлтіріп кетіпті. Апырай, кісіге зәредей де қиянаты жоқ, жүрегі жылы, иманды кісіге қол көтеруге қай қаскүнемнің дәті барды екен, ә!», «Ойхой, несін айтасыз, асыл қазына, алтын сөзді абыздан айырылдық! » - Сумаңдаған суық хабар желдей есіп, өрттей лап етті. Аяқ астынан қала жұрты дүрлікті де қалды. Елдің де, ердің де қамын ойлайтын бір кісі болса, осы Ербақыттай-ақ болсын деп танитын да білетін жұрт ақ ниетпейілін айтып жатты. Бірақ мұндай қатігездіктің кімнен келгенін білмей, дал болды. Ал енді, марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген адамдардан жер қайысты. Ержетіп қалған ұл мен қызы, әйелі қайғыдан көкірегі қарс айырылған. Митигіде шығып сөйлегендер талай көзді жасауратты, талай жүректі шымылдатты.. Айтпақшы, Ербақыттың артынан ерген жалғыз інісі бар екен. Аты - Ерқанат. Астанада. Кейпі сұрғылт, тұздық ішкен теке көз, кемиек, бәкене бойлы, тәштиген біреу. Былайғы жұрт оның бар-жоғынан бейхабар. Жақындарының кейбіреулері танып кеп көрісіп, көңіл айтып жатты. Жылп етіп жыл өтті. Ербақыттың қанын жүктеген қаскүнем қолға түспеді. Бұл төңіректегі әңгіме де бұрынғыдай емес, айтыла –айтыла аяғы сұйылып, бірте-бірте саябырлап тынған-ды. Жылына асқа келгендердің өзара абың-күбіңі: қым-қуыт қымбатшылық, мансабы өскенге қошамет-қолпаш, байлардың жаңадан алғандары мен салғандары, ақыр аяғы еуропаға ағылған мигранттардан аспады. Осыдан бір жыл бұрын қара жер қойнына берерде еңіреп, ардақтап, арлаған ағылда-тегіл ел көңілі сол жолы біратола түгесілген екен. Ас үстінде әдеттегідей марқұм хақында бірер адам сөз сөйлеп, көңіл бөліспеді. Молданың астың басы мен соңында оқыған дұғасымен тарқасты. ..Астың шәйін ішіп, сыртқа ең соңынан шыққан марқұмның ет-жақындары көліккөлігіне жақындай берген еді. Қайдан шыға келгені белгісіз, бір сапсары кекілі желкілдеген он жасар бала мынаны сіздерге бер деді деп, сыртында еш жазуы жоқ, аузы ашық жұқа конвертті тұрғандардың бірінің қолына ұстата салды. Тұрған үшеу қапелімде ешәрсені түсінбей аң-таң болғанша бала да зым-зия. Бірі конверттің ішіндегі қағазды алып, көз жүгірте бастады: « Сіздер ештеңені де білмей, білгілеріңіз келмей селсоқ тарадыңыздар. Айтайық енді: Марқұмның інісі Ерқанат - тигенге тиіп, тимегенге сідігін шашып жүрген зәнталақ. Құтпан төбеттей әупілдеген бетпақ. Талай адамды қан қақсатқан қаныпезер. Кісі де, дүкен де тонаған. Айтсаң тілің күйеді. Біреудің қаршадай баласын нақақтан-нақақ аяғын сындырып, мүгедек қылды. Ол ол ма, бір жігіт ағасының он екіде бір гүлі ашылмаған, жан дегенде жалғыз қызын зорлап, тепкілеп өлтірген.. Бұдан басқа да қиянат-қорлығы шаш етектен. Осының бәрінен тергеу-түрмеден, оттансоттан амалын тауып, аман алып шыққан ағасы – Ербақыт еді. Былайғы жұртқа дабыра қылмай, үн-түнсіз шешуге әккі болатын. Ербақыттың бұл тірлігін ет жақындары мен дос-жарандары, сіздер сездіңіздер, естігенсіздер де. Бірақ ешкім де тіс жарып ешнәрсе сұрамады: «Аш құлақтан - тыныш құлақ», «Бәленің беті аулақ». Ербақытты қанша жерден жұрт жақсы адам десе де, ол әділет алдында дәрменсіздік танытты. Көпе – көрнеу, кісіге талай қиянат жасаған бауырына тосқауыл қойып, тоқтата алмады. Інісін тәубәсіне келтіруге ұмтылмады. Тіпті қой деудің орнына қорғаштады. Бәріне жеткен сұңғыла қабілеті зұлымдыққа қарсы күреске жетпеді. Астанаға талай сабылып, ерше барып, итше қайтып жүрді..

Өткелде ат ауыстырмайды

Қайыр қартты қазақтық қасиетін сақтаған әулет басы деп ел-жұрт айрықша сыйлайды екен. Күндердің күні қатты науқастанып, төсек жартып жатып қалады. Сонда бір күні жаналғыш Ғазірейіл дүниеден озғалы жатқан шалға келіп, қадір-қасиетін сынап көрейінші деп қартты қыспаққа алады. «Қазақтығым – үн қатпай жасы үлкенді сыйлап, кісіні тыңдап, тыңдай білуге үйренген, сөз байласса сөзге сай, іс байласса іске сай, малжанның, жан-ардың садағасы деп ала жіптен аттамай, бойын түзеп жігіт болған немерелерім», - дей бергенде, Ғазірейіл тоқтатып: «Әйелі күйеуінің бетінен алса, онда не болды?» - депті. Сонда қария: «Қатыны ерінің бетінен алды дегенің, бір отбасының қазақтығы өлді дегенің. Қазақтығы өлді дегенше, бір шаңырақтың ортасына түскені десейші! Әйел десек – «шашы ұзын, ақылы қысқа» болады деп, атын «Ана» қойып, «бақа басты еркекті зор ететін» қасиеті мен отбасының бірлігін, тыныштығы мен ұйытқысын қолына беріп едік қой. Жоқ, кет пәлекет! Қазақ әйелі отағасының бетінен алмас болар!» - дей бергенде, Ғазірейіл қарияны тағы тоқтатып: «Көрмей ештеңеге сенбеймін. Шақыр ана келініңді!» - депті. Келіні келгенше Ғазірейіл екінші түрге еніпті. «Ата, шөлдедіңіз бе?» - деп сусын ала келген келіні: «Нағашым келіп қалыпты ғой», - деп нағашысының кейпіне еніп отырған Ғазірейілмен амандасыпты. «Көрпе салайын, жастық алыңыз, шай қояйын» - деп құрақ ұшыпты. Сонда Ғазірейіл шалға:. «Енді ұлыңды шақырт!» - депті. «Қиналдың-ау, әке қайтейін! Жеңіл болар ма екен, жарты ауруын маған берсеңші деп Алладан жатсам да сұраймын, тұрсам да сұраймын!» - деп күңірене кірген баласы, нағашысын көргенде: «Ә, құдайым, бере көр: әкем жазылар, нағашым келіпті. Өрістегі жалғыз атты әкеліңдер, сойыңдар!» - деп жығыла жабысыпты. Сонда Ғазірейіл: «Әкесі мен анасы осындай болса, балалары одан әрмен қазақ болмаса, бермен болмас. Ақсақал, ошақ басын мықтап барады екенсің. Дегенмен, сен ой тастадың. Менің ісім – бір-бірлеп емес, адамдардың жанын мыңдап алу. Жақсы айттың, ой тастап барасың», - деп қазақ қариясының «ол қандай ой, қазағыма кесірім тие көрмесін» деп жалынғанына жауап бермей, жанын алған екен» дейді, аңызда. Алаштың алаш болғалы, қазақтың қазақ болғалы есте жоқ ескі ғасырларда. Ғазірейіл талай рет талай айласымен қазақтың жанын мың-мыңдап ұрлап, тұншықтырып, жойып жібергісі келген... Ашаршылық кезінде жапан даладағы тасбақа қазақ көрсе өзінен-өзі шыңғырып жіберетін болған. Алла - тағала мақұлықтың түйсігіне адамның аза бойын қаза қылатын кесепат үрейін сездірсе керек. Құдай адамнан бастап саналы мақұлықтың аранын аштыра көрмесін. Талай дұшпан қазақтың жанын көріп түңілген. Тас түйін берік, көрген, түйген, шыдампаз халықтың қасиетіне бас иген.. БҰҰ қасындағы ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметтеріне қарағанда, биыл жұмыр жерде 930 млн адам аштық, яғни азық-түлікке зар болып отыр. Қазір де дүбірлі әлем үрейден үрпиіп бір қауызға сиып кеткелі тұр. Ендеше қазақ тағы бір сынақ үстінде. Үлкен бір өткел үстінде.

«Пешенеме жазылмаған...»

Пойыз Қостанайдан Астанаға бір-ақ түн жүреді. Түнгі сағат он бірде отырдым. Купеде менен басқа шашы әппақ, маңдайы мен екі бетінде сояу-сояу әжім бар, қызыл шырайлы бір кісі бар екен. Жайғасып, есенсаулықтан кейін шәй алдырып, ағасы әңгіме айта отырыңыз деп сөзге тарттым: - Ағасы дейсіз, мен әлі кіші болып шықпайын, көп болса, менен екі-үш-ақ жас үлкендігіңіз бар шығар, -деп, жылдам екен, қалтасынан куәлігін алып маған көрсетті. Дәл түсіпті. Үш жас кіші болып шықты. - Ағасы, сізге айтуға болады, сіздер дұрыс түсінесіздер ғой,-деп жүзіме күлімсірей бір қарап алды да, сөзін сабақтай жөнелді. - Менің мыж-мыжымды шығарып, жыртып тастай жаздады, мына ақымақ шақшадай басым.(басын нұқып-нұқып қойды) Сенсеңіз, нақақтан - нақақ он жылға түрмеге отырып шықтым. Мен біле тұра тұзаққа өзім барып түстім. Банкте беделді бөлімді басқардым. Басшылар 100 миллион теңге кредитті менің атыма алғызып, бір миллионын маған берді де, өтеуін өздері өтейтін болған. Бір күні жоғары жақтан тексеру келіп, дөкей көкелерімнің алаяқтығы әшкерленді. Менің атыма алынған кредит те заңсыз реттеліпті, мен «алаяқтықпен» банкты «алдап соққан» болып шықтым. Ал сеніп жүрген «крышаларым» жаны қысылғанда, айнып шыға келді. Сөйтіп, айдың күні аманында галстук тағып шіреніп жүрген мына Бәкең темір тордың ар жағына бір-ақ түсті. Артымда әйелім мен бес жасар ұлым қалды. Тағдырдың тәлкегі деген рас екен. Түрмеде жанымды аямай балам мен әйелім тарықпасыншы деп жұмыс істедім. Тапқан-таянғанымды салып тұрдым. Қайтесіз, он жыл артта қалып, биыл шықтым. Шыққаным құрысын, шықпай-ақ түрмеде шірігенім дұрыс еді!. Түрмеден босанарға үш ай қалғанда ойда жоқ жерде он беске келген балам көлік апатына ұшырап, көз жұмды. Бұл хикметті қараңыз, ішінде менің балам бар өз бетінше кетіп бара жатқан көлікті бір «джип» көлденең келіп қатты соққан. Джиптің рульінде өле мас отырған кім дейсіз бе? Мені соттатқан банк басшысының баласы болып шықты! Балам тіл тартпай кетті, ал әлгі сұмырай аман. Бұрыннан аурушаң, енді жалғыз баласынан айырылған әйелім қайғыдан құса болды. Мен түрмеден шығатын күні түнде өзіөзіне қол жұмсапты. Мен соры ашылмаған бейбақ оны үйге келгенде бір-ақ білдім.-деді ол. Екеуміз де үнсіз қалдық. - Қостанайда кімге келіп едіңіз?- дедім сәлден соң. - Түрмеде жүріп суықтап, белден айырылдым. Соқа басым. Құдай жалғыз, мен жалғыз. Осы жалғаннан белгісіз боп өткенім бе деген небір ойлар мазалап бітті. Адамнан жасырғаныңды алладан жасыра алмайсың. Осыдан жиырма бес жыл бұрын қайын жұртыма барғанмын. Әйелімнің туған сңілісі бар-ды. Өзі бір жалт-жұлт етіп тұрған бір пәле. Бір жеті жүргенде өзі кетәрі болмағасын аздап «ойнап-күлдік». Бірақ ол күлкі болмай шықты. Біздер алыс қалаға көшіп қатынасымыз үзілген. Сіңлім күйеуге тиіп босанып алыпты дегенді әйелімнен естігенмін.. Жиырма бес жылдан кейін, ұятты беліме түйіп іздеп келдім. Әйелімнің сіңлісі шынын айтты, бала менікі екен. Көрдім. Маңдайынан иіскедім, маған ұқсайтын жерлері де бар. Сездім, бағып-қағып, өсіріп отырған әкесі де инабатты азамат. Мен болсам.. мен қумаңлай, бала менен деуге ауызым бармады. Уыздай ұйып отырған отбасына кесірім тимесін, қарамды батырайын деп бір күн қонбастан үйіме қайтып бара жатқан бетім..-деп, терезеден дөңгелене қалып бара жатқан далаға қарап сұлқ

Сәл күміс қосып еді..

Жыл он екі айда біздің ағайынға тән әдеттің бірі – қонаққа бару немесе қонаққа шақыру. Әйтеуір бір бармасыңа, келмесіңе қоймайтын себеп-сылтау бар. Енді осы бір жазылмаған заңның соңғы кезде сүйкімі кете бастаған секілді. Өйткені, барған –келген жерде тыныш отыра алмайтын әдет пайда болды. «Апырай мына үйді қалай жөндеп алғаней, хан сарайындай, ә», «Дастарханда құстың сүтіне дейін бар, қайдан,алып жүр, ә», «Е , мұның істейтін жерінде алмасыңа қоймайды», «Әй, молодец, екі үй алыпты, баласы екуінде де су жаңа «джип» т.с.с деген пыш-пыш, сыбыр-жыбыр әңгіме. Осы күнгі басқосуда жақ ашқандардың сөзі: дүниеқоңыздық, байлық, пысықтарды мақтаныш ету. Еркек басымен жаулықтыдан жаман. Бірде дап-дардай кісі «Ланда Крузер» су жаңа машинасының кабинасына он үштегі жалғыз ұлы абайсызда сызып сызат түріп қойыпты. Қатты ашуланған отағасы ұлын бір ұрып, жағын опырып жібере жаздапты. Баласы бір жеті ауруханада жатып шығыпты. Бірақ әкесі халін сұрамапты.. Ауылға бардық.. Арасынан қыл өтпейтін татулығына сүйсініп жүретін біз танитын екі бөле бар еді. Отыз жылғы шырайлы көңілдерінің шырқы кетіпті. Бірінің баласы әкім, қызы Астанада банкир болған екен, содан-ақ ол мейманасы тасып, бөлесін елемейтінді шығарыпты. Себебі, бұл бөлесінің балалары қарапайым шаруа адамдар. Ал мына тәмсілді қазақылап айтсақ, базардан қайтқан бір кісі жолай досының үйіне кіріпті: - Осы сенің білмейтінің жоқ, айтшы енді, кедейге барсаң – қабағы ашық, ақ пейлімен қарсы алып қолынан келген көмегін көрсетуге бейім тұрады. Ал байға барсаң - ол пендеңді көзге ілгісі де, ешкімді көргісі де келмейді.Сонда осының бәрі тек ақша ,байлық үшін бе? - Сен терезеге қарашы. Не көріп тұрсың? - Ерсілі-қарсылы жүрген жұрт, базарға асыққан адамдар. - Оның рас. Ал енді айнаға қарашы. Одан не көріп тұрсың? - Мұнан не көруші ем? Тек өзімді көрем де. - Міне енді: терезе де, айна да , әйнектен жасалған . Сол әйнекке сәл күміс қосып еді, тек өзіңді ғана көретін болдың. ...Көзіміз нені көріп жүр, не сөйлеп жүрміз, тыныш жүре аламыз ба осы?

Туған жер

Неге екенін білмеймін, басқалардан гөрі, қазақтың өзегін өртейтін - сағыныш. Сағыныш болғанда да туған жерге деген сағыныштың жөні алабөтен, орасан. «..Түркістан маңы менің ата-бабаларымның туған жері ғой. Бірақ мән бермеппін. Поезбен ары-бері өтіп жүріп, Қаратауды құр сылдырама тас шығар десем, қойны толы қазына, етегі толы мал екен. Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ бап, Қарабура, Домалақ ана... Біз білмейтіндер қаншама. Кейінгі кезде аурудың әсері ме, мені осы жаққа қарай бір тылсым күш тартады да тұрады. Ынтығым құрып, ата-бабамның кіндік қаны тамған жерге есім ауа береді.» - Бұл Мұхтар Әуезовтің сөзі. («Теріскейге түскен жол» Е. Жақсымбетұлы) «Туған жердің топырағына табаным тигенде алпыс екі тамырым иіп қоя береді. Сірә, сол топырақтың, сол ауаның бір тілмен айтуға келмейтін бір құдіреті бар ғой». -деп жазыпты, Шыңғыс Айтматов. Қазақ үйден қырық қадам аттап шықса мүсәпір. Дүниенің қай бұрышында жүрсе де саналы алаш баласы өлсем сүйегім туған топырақта көмілсе деп аманат етеді, армандайды. Данагөйлер : «Аққан су астындағы топырағына қарай лайланып тазарады, адам барлық асыл қасиетін туған жердің топырағынан алады». Әйтсе де, ол қандай қасиет , қандай құдірет, дәмі бар ма, түсі бар ма? Ғалымдар адам бойындағы осы бір туған жер феноменінің сырын әлі ашқан жоқ. Ол бір жүрегі сезгенмен, тілмен жеткізе алмайтын тылсым бір киелі жұмбақ.. Қазақ -Қытай шекарасынан отан алдындағы әскери борышын өтеп келген бір жолдасымыздың баласы мынандай бір сыр ашқаны бар: «Демблден» соң үйге келе жатып Алматы облысынан әскерлес досым, қонақ болып аттануды өтінген соң, ауылына бардық. Ауылы керемет сұлу тау бөктерінде екен. Әскерде жүргенде досым бізге ертегідей ғып тамсантып, қызықтырып, сағына сыр шертетін тау жотасын көрсетпек болып, тау қойнауына жақындай берген бізді қарулы екі жігіт тоқтатты. «Ары аттап баспайсыз, рұқсат керек, себебі бұл қойнау жеке меншікте. «Қожайын бүгін Талдықорғанға кетті. Ренжімеңдер, тәртіп солай» де-п тұр. Досымыз шыр-пыр болып, осынау кербез тау бөктерінде ата-баба қорымы, небір қалыс –қалтарысында, жықпыл-жықпылында, жалаң аяқ сүрлеу жолдарында табан тоздырғанын айтып, күзетші жігіттерді имани ниетке бұрғанмен, олар міз бақпады. «Қайтесің, қазір қазір заман сондай» деп досымды жұбатып қайтқанымен, оның көзінен мөлдіреп үйірілген жас менің де жүрегімді қарып түскендей, құлазып қалдым.. Сонда, туған жерге, кіндік қаны тамған жерге қадам баса алмасақ, біз кімнің жерін қорғадық? Шекараның өтінде, жаман айтпай жақсы жоқ, кейде жаныңды шүберекке түйіп күзетесің. Сонда өзім табан тигізе алмайтын, ата-баба қорымына тәу ете аталмайтын жерді не үшін күзеттік?»- деп ышқынып кетті. Мен жалындап тұрған жігітке басу айтып, сабырға шақырдым. - «Мұндай бірен-саран жағдайға бола, бүткіл отаныңнан, еліңнен күдер үзе алмайсың бауырым. Меншік иесі де жөнге келер. Жердің иесі жаратқан иеміз. Жұрт не десе, о десін. Бір нәрсе ақиқат. Қазақ туған жерге кіндігінен байланған. Бәрібір қорғайсың, қорғаймыз..» -дедім. Жігіт бұл жауабыма иланғандай кейіп танытқанмен, көңілі толыңқырамай қалған сыңайлы..

Ұлық ұлт

Ақбас Алатаудың қырғызбен шекарасында бір құз бар. Соның ұшар басында қыран ұя салады. Қаңтар - ақпандағы үскірік аязда сол құздың жалтыр тасында қыранның ұябасары жұмыртқалайды. Бірақ қыран жұмыртқасын баспай, тек қасына қонып отырады. Кей жұмыртқасы аязда шытынап, жарылып та қалады. Жарылмай қалған жұмыртқасын қыран - ана көктемде күн жылынған соң ғана бауырына басады. Асыл текті қызыл балақ қыранның осылай шығады, -деген көнекөз құсбегілердің әңгімесін өз құлағымен сілтідей тына тыңдаған Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің мұзбалағы атанды. Қазақтың қасиетінде қызыл балақ қыранның тектілігі бар. Біздің ауылда Сәттер деген жылқышы болды. Жаратылысы бөлек: бойы сұңғақ, жауырыны қақпақтай, екі иығы тоқпақтай. Аттың құлағында ойнайтын, қарулы да епті, сойы бөлек еді. Жеті жасар баланы асаудың жалына жармастырып , жайдақ күйі бос қоя беретін. «Жығылмай келсе - ер жігіт, жығылса - жер көтереді» деп міз бақпайтын. Бірақ кырағы көзінің қиығымен ат пен баланың қимылын қалт жібермей, іс насырға шапса, оқтай атылып, қас пен көздің арасында асаудың иіріп алады. Оның сынынан, елегінен өткен талай бала бәйгенің алдын берген жоқ. Арғымақтың жалында қары қарысқан бозбалалар кейін атан жілік, атпал азамат болды. Бірақ, көп емес, санаулы еді.. Жұмыртқаның сары уызындай, әр халық өзі бір тұқым десек, соның да уызы болады. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды, оны тірі пендеге білдірмейді, оны құдай ғана біледі. Олар ру, туыс, ауыл дегенді білмейді, тек ұлтты ғана біледі. Бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғарғы түріне жатады, олардың түптілікті тізімі, не есімі болмайды. Бірі өлсе, бірі туып алмасып жатады, дей келе Ғабит Мүсірепов Ілияс Омаровты осындай уыз адам қатарына жатқызып, тіпті оған өзін де қоспайтындығын айтқан (Ғ. Қайырбеков) . Қазақ тектілік қасиеттерінің бірі - жеті атаға дейін қыз алыспайтын қаны таза ұлт. Иса пайғамбар халқымен қырық жыл шөл далада тентіреді, одан мұның мәнісін сұрағанда: «осы азаптан сұрыпталып аман қалғандар халқымның негізін құрайды әрі құлдық санадан арылатын болады» - депті. Ал бірақ адамды көркем мінезге тәрбиелеуде пайғамбарымыз Мұхаммедтен асқан ешкім жоқ. Өзге діндерді жатсынбаған бұл пайғамбар – Аллаға ең жақыны. Қазақ дінге адал, сенімі зор, иманды ұлт. Қостанайдағы «Самал» сауықтыру бассейнінде тоқсаннан асқан Қасекеңді, Қасымхан Алдабергенов ағамызды көрген сайын, осы бір емендей мықты, жайдары жайсаң қалпына қайран қаламын. Ол құлаш сермеп, жүзе жөнелгенде он сегіздегі түбітмұртты аяйсың. Сұрапыл майданның от-жалынын кешкен, ыстық оқ алақанын қарыған, қар жастанып, мұз төсенген кісі екеніне білмейтіндер сене қоймас. Қиссаларды жатқа айтатын жырау ағамыз қорамсаққа қол салған, аттың белін талдырған батырлар жырындағы жүрек жұтқан нар тұлға оғыландардың алқындысы ма дер едіңіз.. Қазақ төзімді, дархан пейіл ұлт. Қазақ қыран текті. Қыран еркін де мәрт. Оның өрісі күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік. Қазақ - мәңгілік ел !

ҰЯБАСАР

(Қаз-қалпында)

Сағат кешкі жетіде үйге кірген Сәрсеннің қалың қастары бір-бірімен түйісіп, қабағы түксиіп кеткен екен. Инара күйеуін бірден түсіне қойды. Еш өзгеріс жоқ. Қаражат таппаған. Екі жарым жасар ұлы Тұңғыш та әкесінің мойнына асыла кетуге құлқы соқпайтындай. Инара күйеуімен оңаша қалғанда сөз бастады: - Жасым 23 те. Түсік тастаған немесе аборт жасатпағанымды білесің. Бойым 160, салмағым 60. Қаным тобы 4 (+). Денсаулығым жақсы, ақыл-есім түзу. Мен бүгін суррогат ана ретінде бала туып беруге келісіп келдім, -деді, сенімді үнмен, күйеуінің көзіне қадала қарап. Сәрсен әйелінің бұл тосын шешіміне таңғалмады. Осылай болу керек сияқты қалыпты, байсалды қабылдады. Пәтері - ипотека. Ай сайынғы балабақшаға төлейтіні бар. Екеуінің тапқан-таянғаны ас-суынан артылмайды, киім-кешегіне жетпейді. Әбден жүйкесі жұқарған еді. Еш көмектің реті жоқ, бәрін тастап, бәрінен безіп, ауылға кетсем бе деп те ойлап қойған. - Қаншаға ? - 25 мың доллар. Менің түрәлпетім бағасына сай болып шықты. Босанғанға дейін мен жұмыс істемейтіндіктен, ай сайын 100 мың теңгеден беретін болды. Аяқ асынан төтенше жағдай туса, ауруханаға түсіп қалсам да, ақысын төлеуге келісті. Ал Тұңғышжаныма серікті одан кейін тауып беремін, - деді, қас-көзі қиыла күлімсіреп. Сәрсен ризалығының белгісі ретінде келіншегін бауырына басты.. ...Инара құрсағы баланы тура тоғыз ай, тоғыз күнге дейін жақсы көтерді. Құдай сәтін салып, Инара торсық шеке ұл тапты. Тапсырыс берген перзент иелерінің қуанышында шек жоқ. Баланың зары өтсе керек, 25 мың доллардың үстіне көлік гаражын қоса сыйлады. Олар сәбиін құшақтап Қостанайдан біржолата белгісіз бір жаққа көшіп кетті. Ең бастысы, кетерінде енді бірін –бірі көрмеске, білмеске ант берісті. Сәрсен мен Инара болса ипотекадан құтылғанына қатты қуанды. Бір ауыр жүк түсіп иықтан түсті. Тіпті Инараның үнемшілдігінің арқасында базардан арзандау шетелдік жатаған көлік те сатып алды. ..Бір сенбіде Сәрсен мен Инара отбасы қуанышын ата-анасымен бөлісуге ауылға жиналды. Түс кезінде Тұңғышын алып үлкен жолға шықты. Рульде Инара, жүздері балбұл жайнап келе жатқан. Кенет, қыр астынан қарсы шыққан бір «джип» қас пен көздің арасында туар бетпен –бет келіп бұларды соқты да кетті. Көліктегі Сәрсен мен Инараның көрер жарығы бар екен — тірі қалды. Бірақ екеуі де қол арбаға таңылды. Ал жалғызы.. Тұңғышы.. балғын денеге қатты соққы тиген. Үш күн бойы жансақтауда есін жимастан дүниеден озды.. Дәрігерлер Инараның апат зақымынан енді қайтып бала көтере алмайтынын әләзір айтқан жоқ..

«Әріптестер, үйде отырған жоқсыздар»

«Әріптестер, үйде отырған жоқсыздар. Парламенттің мінберіндесіздер. Сондықтан әдеппен сөйлейік!» - «Жас қазақ газеті (№ 40,2014) екінші бетінде Мәжіліс депутаты Г.Б. ханымның сөзін осылай оймақтай ойып беріпті. Япырай, ә.. үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік дегені жанға батып кетті.. Үй деген - отбасы, қасиетті мекен еді ғой.. Рас, кеңес заманында үйде отырған жоқсың, беталды сөйлей бер ме деген тиымды естіп өстік. Сонда осы сөзбен, осындай ұғыммен үйіміз, яғни қара шаңырағымызды тәрк етіп жатқанымыз туралы ойланбаппыз. Қара шаңырақ деп қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыржай тірлікте ғана сөзбұйда, жел сөз ғана болған екен. Оның үстіне ол кезде арды адақтайтын, иманды ұйытатын үй емес, ұжым дедік. Отбасының бар міндет - жүгін ұжымға арта салдық. (Мысалы, «Менің атым Қожадағы» Қожаны класс жиналысына, педсоветке салып талқылайтынын, «тәрбие» беретінін еске түсіріңіз) Баланы үйдегі ыстық құшақ пен мейірімнен айырып, интернат деген тобыр-тәрбиешінің сызды қабағына бердік. Содан барып, безбүйрек бала қайдан шығады деп таңғалдық. Ұжым кісінің тағдырын шешеді, ұжым тәрбиесі ұшпаққа жеткізеді, адам тағдырын ұжым шешеді деп әбден санаға сіңіріп, әдет-ғұрыпқа айналдырдық. Ақырғы жеткен жеріміз, нәтижесі белгілі – «үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік». Әдепсіздіктің бәрі үйде қалсын: үй ішінде не болса, соны айта бер, ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шықсын , бәрібір.. Адамзат қоғамы отбасының қадір-қасиетін, мән-маңызын жоғалтып алды. Иманы мен ибасынан айрыла бастады. Ірі елдер бұл дағдарысқа бұрнағы ғасырларда алдымен ұшырады. Несін айтасыз, талай отбасы драмалары том-том сага - романдарға арқау болды. Өткен өткенімен, адамзаттың кемеліне келіп, ізгіліктің шыңына шыққан, өркениеттің жоғары дамыған сатысында тұрған осы заманымызда төрткіл дүниенің түкпір-түкпірінен отбасындағы небір айуандық, сұмдық оқиғаларды естіп жүрміз. Мысалды тіпті, алыстан іздеудің керегі болмай қалды. Біздің облыста бұрнағы жылдары бір отағасы өз үйіндегі шиеттей бала-шағасын қырып салғаны әлі ұмтыла қойған жоқ. Тепсе темір үзетін ер азаматтың ет-жақындарын, бір дастарханнан ас ішіп өскен жандарды өлтіруге қолы қалай барды? Заң да, заман да дер кезінде бұл сауалға ақиқат жауабын берген жоқ! Бір ғажабы қоғам отбасының азғындауының, құлдырауының себеп-салдарын білгенімен , оның ойран-топандарын болдырмауға, тосқауыл қоюға дәрменсіз.Адам баласы дүниеқоңызды, материалдық игілікті өңдеуде қарышты қадам басты да, рухани жағынан мешеу қалды. Отбасы институтының тағдырталайына арналған дәрежелі басқосулар,шаралардың түр-түрі өтті. Бірақ нақты нәтиже жоқтың қасы. Тіпті болмағасын, 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мамыр айының 15 күнін халықаралық Отбасы күні деп жариялаған. Өкініштісі, ондай күндердің декларациялық сипаты басым. Біздің еліміз де бұрнағы жылы қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күнін мерекелеуді бастады. Бірақ әл-әзір шынайы отбасы бақытын үлгі ететін мысалдар некен-саяқ. Отбасын қоқыс салатын жәшікке ұқсатып жібердік пе деп те қорқасың. «Үйде отырған жоқсыздар, әдеппен сөйлейік» дегенде ең алдымен санаға сарт еткен ой осы. Шыныда үйде не болмайды? Қайсысын айтып тауысарсың? Ең қорқыныштысы, үйде бала туу жылдан-жылға азайып барады. Немерені ата-әже емес, бала бақша тәрбиелейді. Ал алдағы жылдан бастап перзентханаларда тастанды балаға арналған жәшік, яғни бэби-бокс орнатуды ұсынуда. Бұл перзентханада дүниеге келген бала шаранасы үйден бездіріп, түзге тастауға ықпал етпесіне кім кепіл ?

Шырмауық

..Есіктің қоңырауы шырылдап үй иесіне әлдекімдер келіп, ол басқа бөлмеге шығып кетті. Отырған екі-үш дос әңгімесі одан әрі қайта сабақталған. Әйтсе дағы үй иесі біраз уақыттан соң бір-ақ оралды. Манағыдай емес, жүзі сынықтау, көңіл-күйі бөлек. Оны қонақтарына сездіргісі келмеді. Ортақ әңгіме қайта жалғасты. - Осы біздің қаракөз жігіттерімізге не болып барады өзі ,ә?-деді, Сәрсен бізді көзімен шола қарап.- Шашы - шөтке, құлағында – сырға, бұтында – жыртық джинси, онысы мықынына зорға ілініп, шибұтына жабысып қалған. Тыртиған көйлектері мен жейделеріне түйреуіш түйреп жүретіндер шығыпты. Ертең осылар әскерде автомат ұстай алар ма екен,ә? - Сырға дейсіз бе, көне заманда римдіктерде сырғаны - құлдар, гректерде - жезөкше еркектер тағыпты. Айтсаң мысалдар толып жатыр. Әйтеуір сәннің де, салтанаттың да жөні осы екен деп тарта береді, еріккендердің ермегі көбейді. - Біздің үйде де бір «сұлтан» бар, айналдырғаны теледидар мен ғаламтор. Компьютерде ойын мен әлеуметтік желілерге жегіледі де отырады. Таңертеңнен кешке дейін келін, я біз жұмсай қалсақ, тұяғын әрең қимылдатады-ау, сабазың. Оның өзінде де қабағын тыржыңдатумен, істі аяғына дейін тындырғанша өзінің де, өзгенің де мазасын алып бітеді. - Осы күні қара басын алып жүре алмайтын жігіттерге өкпем қара қазандай. Шетінен бірді екі, екіні үш ете алмайтын боскеуделер көбейді. Білім десе білімі, білек десе білегі, түр десе түрі бар. Сөзден де есе жібермейді. Айыбы - өз бетінше тірлік істеп, табыс табуға ерінеді. Дайынға еті үйренген. Ізденбейді, ұмтылмайды. Біреудің көмегіне, жәрдеміне мұқтаж. Осы кезде әңгімеге құлақ түре үнсіз отырған үй иесі: - Жаңа маған туған ағам келіп кетті. Ортаншы баласы былтыр университет бітірген. Қызметке де орналасқан. Бірақ, табысы мардымсыз. Айлығы шайлығына жетпейді. Соны әлгі мықты танысыңа айтып, майлы жерге орналастыр деп қолқа сала келіпті . Қолқа дегенім, жұмсартқаным ғой, мырзалар-ау, шындығы ақыреттік сөзін айтып кетті.. Өйткені, бауырым жас қой, ысылып қызмет істей тұрсын дегендей болып едім, ағам шарт ете түсті. Менің мақұл демеске амалым қалмады. Қайтейін, «Жаман да болса ағамыз, жақсыны қайдан табамыз!»-деп, үй иесі бас бармағын қайта-қайта уқалай отырып қалды.. Сол күнгі әңгіме-дүкен біразға дейін көңілден кетпей жүрді.. Кеше қызметте отырғанымда, сол үйде болған, сол әңгімеге қатысқан замандас телефон шалды: -Ауылдағы артымнан ерген жалғыз бауырым хабарласты. Жалғыз баласы істі болып қамалыпты. «Адам тауып, қайтсең де құтқарып ал. Осы жасыма дейін сенен бір нәрсе де сұраған емеспін. Енді осы жалғыз тілегімде орында, ағатай » -дейді. Соған басым қатып отыр. Сен не дейсің,ә?-деп күмілжиді. Білемін: бұл кісі ғұмыр бойы табан ақы, маңдай терімен ұл-қызын өсірді-өнгізді. Ал балаларының қай-қайссы да өздігінен өмірден орнын тапқан. Отағасы ешқашан кісі алдына барып жалынып қызмет сұрамаған, кіріптар болмаған. Енді міне, туған бауыры қияндағы қиынға салып отыр.. Таяуда белгілі ғалым әрі ұстаз Рахман Алшанов бір сұхбатында қазақ жігіттері хақында :«.. Оқу оқыса да, қызметке тұрар болса да ағасына арқа сүйейді. Шырмауық сияқты. Шырмауық шырмап алған өсімдіктің жайқалып өскенін кім көрген? Сондықтан

Іштен тоқып туады

...Мен бұл кісіні көптен көрген жоқ едім, әжептеуір қартайыпты. Әйтсе де онысы өзіне жарасымды кейіп беріп тұр. Ақселеу шашы толқындалып, маңдай мен самалға әдемі құйыла төгілген. Жайдарлана, ашыла есен-саулық сұрасып-сырласып қалдық. Сәтіне орай мен де көңілдегі күпті ойымды айтып салдым. - Апа, сізді жұрт немересін бағудан бас тартқан қатігез кемпір дейді. Апырай, жан дегенде жалғыз балаңыздың..-деп келе жатыр едім - болды, енді жетер! -деді қабағына бұлт үйіріліп. - Немеремді айналып-толғанбады, иіскеп еміренбеді, күлкісіне көмілмеді деп кім айтты саған?! - деп үнсіз қалды. Мен де әлгі сөзінен кейін батылым бармай тосылдым. - Жұрттың айтқаны шындық. Ұлым мен келінді шақырып алып, баласын қолдарына жетектетіп жібердім. Үш ай бақтым, енді өздері бақсын. Шаршадым. Немерем азғандай миымды су ғып жіберді. Қазіргі бала бала емес, жүрген бір пәле. Сұрамайтын, таппайтын пәлесі жоқ. Шыдауым керек еді, шыдамадым. Жүйке жұқарыпты, төзім таусылыпты. Маған да жан керек. Қазіргі балаларды бағуға менің шамам да, ақылым да жетпейді екен. Соны мойындадым. Бүгінгі бала бәрін іштен тоқып туады, қарағым.- деді де хош айтысып, келіп тоқтаған автобусқа мінді де, кетті . Аялдамада өзіммен -өзім мен қалдым, бірақ әлгі кісінің айтқаны баста дың-дың. «Бүгінгі бала бәрін іштен тоқып туады». Осы күні ғаламтордың жазбайтыны жоқ, теледидардан көрмейтінің, радиодан естімейтінің кемдекем. ..Ана құрсағындағы шарана он алты аптадан-ақ тамырлардағы қан айналымын естісе, жиырма төрт аптада оның құлақтары толығымен жетіледі екен. Бұдан соң анасының жүрек соғысына үйреніп, сырттағы дыбыстарды анық естиді -міс. Тіпті ол анасының сөйлеу мәнеріне қарай қимылдайды екен. Шешесінің көңіл - күйі шаранаға тікелей дарыса керек. Расөтірігін кім білсін, Израильде сынақ ретінде бір күнде, бір уақытта туған еврей, араб, орыс баласын кіндігі кескен соң бір бөлмеге оңаша жатқызыпты. Алдымен дауыстап еврей тілінде: « жарық дүниеге хош келдіңдер, өмірлерің ұзақ болсын» - деп, жылы да жағымды лебіздер айтқан екен. Сол сәтте араб пен орыс баласы қыбырсыз қалып, еврей сәби қозғалып, уіл шығарыпты. Ал осы сөздерді арабша айтқанда, жаңағы еврей мен орыс нәрестелер тырп етпей, араб шарана қимылдап, әлдебір үн қатқандай болыпты. Орысша айтқанда да орыс нәресте дәл солай белгі беріпті-міс. Шариғатта азан шақырып қойған есімді құндақтағы баланың жүрегіне періште жеткізеді. Сонда оны сезген баланың қуанышы мен күлкісі ұйқыда жатса да бет – жүзінен байқалады дейді. ...Баяғыда иен далада екіқабат келіншектер ат үстінде шарықтата ән салып, күлдіркүлдір кісінетіп жылқы қайырып, желіге құлын байлап, күрпілдетіп бие сауып жүріп-ақ толғата береді екен. Ат құлағында ойнаған ержүрек дарабоздарды, жалпы қазақты жылқы мінезді дейтіні енді түсінікті болды, осыған иланғың келеді. ... Кеше көршімнің келіні ауылдан «аудимен» келе жатқанда толғағы келіп, әйтеуір перзентханаға жетіп босаныпты. Шарананың іштен не тоқып туғанын алла біледі. Бауы берік болсын!

М А З М Ұ Н Ы

Ағайынның арасы............................................................................................ Атаңа не істесең............................................................................................... Заманға жаман күйлемек................................................................................ Жақсы – жаман................................................................................................ Қазақтың баласы.............................................................................................. «...Бауырым деп»............................................................................................. Аузы дуалы, сөзі уәлі...................................................................................... Аңдамай сөйлеген........................................................................................... Осы біз қалай сөйлеп жүрміз?........................................................................ Бес жапон немесе Бауыржан.......................................................................... Жылтыр, жылтыр............................................................................................ Кие түс көшіп барады..................................................................................... Номад немесе Кейкі........................................................................................ Кие.................................................................................................................... Шал мен Жолдас.............................................................................................. Ұят..................................................................................................................... Сіз не дейсіз?.................................................................................................... Мінез................................................................................................................. Тәуба................................................................................................................. Бәсеке................................................................................................................ «Ертеде бір бай болыпты...»........................................................................... Кәкімжаным он бірге келсе............................................................................ Эгоизм.............................................................................................................. «Лұқпан хакім мың жасапты»........................................................................ Өзіңді өзің ізде................................................................................................. Кім қалай ойнап жүр?..................................................................................... Қарапайым болу кімге лайық?....................................................................... Сұмдық............................................................................................................. Құмырсқаның қанағаты.................................................................................. Сағыныш немесе қалта телефоны................................................................. Тектілікті тестен сұраңыз............................................................................... Абай болыңыз.................................................................................................. Қазір тұлға керек пе?....................................................................................... Ардың ісі... Ұлылар неге жылады?................................................................ Әлі де ізбасармыз............................................................................................ Өзім де, өзге де................................................................................................ Тіленшілік........................................................................................................ Адамдардан шаршаған.................................................................................... Айсана............................................................................................................... Бақжарыс.......................................................................................................... Сындарлы сыр көп.......................................................................................... C-GLOBAL – Жаһан, Қазақ елі......................................................................

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙