Жуандық (Төлеу-Мұхаммед Орашбаев)
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Жуандық (Төлеу-Мұхаммед Орашбаев)» шығармасы.
ЖУАНДЫҚ
ҚОС ӘҢГІМЕ
ЫМЫРТТА
Тірлікке мәз, кешіп жүрген шат күнің
Ер жігіттің, білем десен мәрттігін,
Біраз күнге ауыл-елдің арт жүгін,
Қайтер екен алағайым ішінде.
Мақтымғұлы
Көзіне қан тола өшіккен Сейфұлла Айтөре нақ осы рет Елеусінді торға түсірдім деп ішінен күлді: істік мұрнының ұшына бірнеше мөлдір тамшы жиналды да, жылт-жылт боз топыраққа шашырай сорғалап ұшып түсіп тұрды. Қолын ысқылап, саусақтарын сытырлатты. Оң қолымен сол жақ қолтық қалтасындағы хатты сыртынан басып-басып қойды: қағаздың сытыр-сытыр еткені Елеусіннің қабырғалары пытырлап сынып жатқандай сезілді, екі езуі кем-кемнен жайылып, құлағына қарай шегініп бара жатты. Сығырайған мысық көзі кішірейіп, жасыл сәуле шашты: жасырынған алмас тырнақтары бастауыш сынып мұғалімі Елеусіннің қыл кеңірдегіне гірш етіп қадалуға шақ қалып тұр. Сейфұлла боз баланың өңешін суырып алуға талай-талай оқталып еді, сәт түспеді. Келіні Аққызды жаны шыға қызғанады: олар бірге оқыған, тату; кездессе, сыр шертісіп, айналаны ұмытып кетеді. Көк желкелерінен қадалып тұрған мысық көздің жасыл оғын да еске алмайды. Елеусіннің мойнын таулап тастап, тына қойғысы келіп Сейфұлла талай рет Ақойда оның жолын да тосты: бірде жүрегі дауа етпеді, бірде батыл әрекетке қолы бармады. Жалғыз үйлі жігіттің көрер жарығы бар екен, тұзақтан құтылып кетіп жүрді. Елеусіннің газет беттерінде жарияланған мақалалары да Сейфулланың өшіге түсуіне түрткі болды: сол арада ұжымшардың төрағасы Қоныс Қаденге де Елеусін мақаласын оқып беріп, доғал мінезді сауатсыз бастықтың тамырын басып-басып көрді – оқтаулы мылтық екен, щуріппесін басса, қақ жүректен жұлып түсеретін түрі бар. Қайрауы жетсе, қағып түсері сөзсіз. Сұр мергеннің шүріппе басарына құланның қасынуы дәл келді: ауылдағы байланыс бөлімінің бастығы Қарабала «40 атты» болып, мақтаның арам шөбін жұлысуға келгенде, Сейфұлла жолықты, қолқа салды.
– Елеусіннің редакцияға жолдаған хатын ұстап бер, – Сейфұлла жасыл көзін қадап тұрып тілек етті. – Бір тоқтыны үйіне апарып тастаймын, қонағыңа жарайды.
Қарабала өткір қара көзін ойнатып:
– Ол қолдағы шаруа, – деді. – Шаймалап кетіп, нанымыздан айрылып қалып жүрмейік.
– Тоқты қазығыңда болады.
Сейфұлла уәдесін орындады. Арадан бір шама уақыт өткен соң, Қарабала Сейфұлланың қолына семіз пакетті ұстатты. Мақала. Қуанғаннан Сейфұлла Айтөренің көз алды қарайып, миы солқылдап кетті. Бесінде Қоныс Каден кеңсеге келетұғын. Сейфұлла соны күтті: тас төбеден түсіп, дәл басты. Есіктен мойнын созып, көзін күлдірді. Қоныс тіке қарады. Сейфұлла төсін сипалап, хатты суырды.
– Және жазған екен. Ұстадым.
Сейфұлла кабинетте іркіліп қалды.
Күн бата ымыртта төрт салт атты Елеусіннің үйін шөкелеп келе жаты: жапырайған кесек үй шаңырағына төнген қауіпті де елеместен мелшие мәңкиіп тұр еді... Елеусін кітап-қағаздарын енді жинай бергенде, кішкене қарындасы Ақкенже бөлмеге жүгіріп кірді: ентігіп, екі иығынан дем алады, кішкене көзі алақандай болып, шошынып кеткен.Тілі әзер икемге келді.
– Ми-милиса ...милиса келді. Көп...
Суық сөз миға тез шабады: Елеусін тіксініп қалды, алас-қапас ұшып тұрды. Ошақтың қуысына таман меншікті орнына жайғасып алған анасы Айдан да шошып кетті: көзі боталап Елеусінге қарады. Елеусін қағаздарын айнаның алдына қойды. Кереуеттің басында тұрған жеңіл кәстөмін киді: есікке көз тастап, жылап жіберуге шақ тұрған кішкене Ақкенженің басынан сипады да:
– Қорықпа, милицияның не шаруасы бар, келсе, көрерміз... – деп жұбата бастады. Бұл сәтте Елеусіннің сөзін есіткен Айданның орнынан қимылдарлық хәлі жоқ-ты: тас мүсінге айналып, қатты да қалды; найзағай жылдамдығында 1937 жылғы Ызмұхширда күнбе-күн көз алында өте шыққан қанды ылаң санасына сап ете түсті. Төлеміс Сарықұлов бастаған ел сенімін арқалап атқа мінген азаматтар тәңірдің талтүсінде айдалып кетіп, қайта оралмағаны күні кеше еді – сол күн бұл қара шаңыраққа да туды-ау деген күдік көз алдына көлденеңдей берді. Милиция, түрме десе, Айданның жүрегі суырылып, аяғының басына түседі: үлкен ұлы Әжібайды да түн ортасында сұлу келіншегі Зағипаның қойнынан жұлып алып, айдап кетіп, жыл кесіп жіберген-ді. Бүкіл денесінен әл кетіп, көзі жасаурап Елесінге қарап сілейіп отыра берді: құлағы да есітуден мақұрым, қос қолы алдына симай дір-дір етеді.
Елеусін сыртқа шығып үлгерген жоқ: Қоныс Каден бастаған қып-қызыл жағалы милиционерлер аласа есіктен еңкейе кіріп келді. Ере кірген Сейфұлла мұрнын тартып қойып, есік көзінде қалды. Келгіншілер амандасқан жоқ: Қоныс Каден төрге өтіп, кереуетке құйрығын басты, төрде сілейіп тұрған Елеусінге милиционер жақындасты. Келгендерге жалтақ-жалтақ қарап қойып, сілейіп отырған Айдан милиционерден жанарын тайдырмады – қалтасын қарманып жатқанында, дем алмастан тек көзге айналды; ол кішкене қызыл кітапшаны суырып алғанда барып, жүрегі сәл саябыр тауып, бір қалыпты соға түсті.
– Елеусін сен бе? Сигнал түсті – үйіңді тексереміз. Міне Қоныс Каден бар, Сейфұлла Айтөре бар, бір жігіт сыртта тұр. Органнан. Қане бастаймыз, – деді қызыл кітапшасын Елеусіннің көзіне тақап алды да, төс қалтасына қайтадан сұғып жіберды. Қарындастары Әзима, Бақтылы екі көздеріне ие бола алмай еңіреп тұр, Ақкенже әркімге жалтақ-жалтақ бір қарап тұрды да, шешесінің артына барып жасырынды. Аласа есіктен күңгірт бөлмеге сығалап қараушылар көп еді. Милиционер жетілік шамның жарығын көтерді: айнала самсап тұрған адамдардың көленкелері әупірімдене көлем алып, топан сыбаулы қабырғаға үлкейе түсіп, қарауытып көрінеді. Қорқынышты сәттер отбасын кем-кемнен жаншып бара жатты. Есін жинаған Елеусін:
– Не іздейсіңдер? – деп сұрау тастады.
– Үйінде иірілген ақ мақта бар. Өзің мұғалімсің. Әрі газетке сөз жазасың. Ещо... колхоз жоспарын орындамады. Сіздер оны иіріп жатырсыздар, солай ма, бастық?! – деп милицианың кіші лейтенанты Қоныс Қаденге қарады. Төмен бұғып отырған Қоныс мойнын сипалады.
– Бригадір қайда, Сейфұлла, бері кел, – деп кіші лейтенант Айтөрені шақырды. Жалмаң етіп, оның алдына шыға келген Сейфұлла Айтөре танауын қолқ еткізіп бір тартты, мұрнының ұшындағы бір тамшы ылақшынға ұшып түсті. Сыбау үстіне сұр таңба пайда болды.
– Жүкті аударыңыз, – деді кіші лейтенант. Сейфұлла жинаулы тұрған бес-он көрпе мен жастықты, құстөсекті аударып тастады. Көне сандықты ашты: ішіне милиционер де, Сейфұлла да көз жүгіртті, ескі-кұскы киімдерді суырып алып, шашып жіберді. Адамның қөңірсіген тер иісі бөлмені қаптап кетті. Кереуеттің астына да көз жіберді. Екеуі де кұстөсекке тесіліп қарап тұрды да, басып-басып көрді.
– Жұмсақ қой, – деді милицияның кіші лейтенанты.
– Құстың жүні, – деді бригадір.
Сол аралықта Айдан тіл қатты.
– Шал екеуіміздің төсегіміз. Анамнан қалған көз ғой, – деді. Сейфұлла еңкейіп, кұстөсектің бұрышына бармағын сұқты: cәл тартып, саңылау ашты; бұлдырықтың ұсақ жүні бұрқ ете қалды. Кіші лейтенант иіс тартты да, бетін көтеріп алды: құс мамығы көне нәрсе екені ап-айқын сезіліп тұр. Милиционер жан-жағына қарады: қабырғадағы ұсақ-түйек салатын өрнекті алашадан тігілген кермеге көзі түсті, ішіне қолын сұғып, ары-бері сойқақтатты; сәл шошқаша тың тыңдап, ойланды да, қос қолдап оны тартып қалды. Бауы үзіліп, керме қолына келді: ішіне үңіліп қарады да жерге аудара салды. Ол-пұл нәрселер алашаның үстіне шашыла төгілді. Аяғымен аударыстырып, көне шүберек, киім-кешектің арасынан жас нәрестенің жұдырығындай күзуге бас салды: саусағының ұшымен қысып ұстап, шыраның жарығына жақындата тосты – кір-кір домалақ алыстан қап-қара болып көрінсе де, жақыннан жіті қарағанда, ақ мақта жіп екені сезіліп тұрған-ды. Уысына сығымдай ұстап:
– Басқа бөлмең барма? – деп кіші лейтенант Елеусінге тепсінді. Қоныс та, Сейфұлла да тіл қатқан жоқ: кірпіктерімен жер сызды.
– Ауызғы дәліз бен осы бөлме ғой. Ар жағындағы ағамның үйі, олар бөлек тұрады, – деді Елеусін. Кіші лейтенанттың жанына тақалып келді. – Енді қай жерімізге үңілесің?!
Милиционер жалт қарады: көзі шатынап шыға келді, екі шық-шыты томпайып, тістерін қышырлатты. Тартысты сәтті тез ұққан қуаяқ Қоныс орнынан тұрды, милиционердің шынтағынан ұстады.
– Әлі үйді тінтуге прокурор берген санкциясын көрсетпедің-ау, осы до-с-с-тым! – деді Елеусін қызуын баса алмай тұрған милиционерге. Кіші лейтенант селк ете қалды: қарашықтар тоғыса кетті, кірпік қағыспаған бірнеше сәт өтті. Сейфұлла ізді-ізінен мұрнын тартты: үшкір тұмсығып сығып алып, жамбасына сүртті. Милционер адамдарды қағамаға сыртқа атылып шықты.
– Төбеге шық! – деп есік көзіндегі кіші қызметкерге бұйыра сөйледі. Сол сәтте қүрғақ пагонды милиционер төбеге көтерілді. Айналадағы отын-шөп арасы да, екі бөлмелі мал қора да тексеруден өтті.
Бәрі үйге қайта кірді. Айдан пештің қуысында үн-түнсіз әлі отыр еді: қызыл жағаны және көргенде беті ағарып, қуқыл тартып кетті; олар іздеп жүрген домалақтар алыста емес-ті, аруақтарға сыйынған ана мінажаты, Айдабол, Жарбол рұхтарының күші ымыртта келген қара көкіректілердің ақылынан басым түсті – көздеріне ақ перде ұстады. Кіші лейтенант үш дана тінту піртөкөлін жазды: күзу «50 грамм мақта жіп» деп көрсетілді. Милиционер Қонысқа қадала қарап, сәл іркіліп, ойланып тұрды да, қол қойылған піртөкөлдің бір данасын Елеусінге ұсынды. Тіл қатпастан есікке беттеді. Қоныс ең соңынан түрегелді, қасындағы Айдан тоқыған өрнекті алашаны қолтығына қыса шықты. Бақтылы оқталса да, қолын соза алмады – егіл-тегіл жылап жіберді.
Әңкі-тәнкісі шыққан қара шаңырақ мәңгіріп қала берді.
Қәтеп ауылы
1998 сиыр жылы, наурыз
Қарғыс
Бақытты – Елге бақыт тілегендер,
Өледі – тілегендер біреуге өлім.
Тұрсынзада ЕСІМЖАНОВ
Елеусінді жалғыздық мұңы басты: тас мүсіне айналып отыр, еңіреп жылап, қарындас жүр; көзін сығып қойып, ана да мұңайып қалды. Аядай бөлмедегі үнсіздік жанын жеп жіберді: бозғылт тартқан жүзі жетілік шамның куатсыз жарығымен көгіс тартып, тас бейнеге айналып, кем-кемнен қарауытып бара жатқаны сезілді. Айдан кірпігін көтеріп, ұлына көзін қадады: Елеусін қақ төрде киіздің үстінде ошақтағы шоққа қадалып қалған: қой көзі жасаурап, терең ойға шүмген, қабыр етпейді. Еңсе басқан үнсіздікті Айдан бұзды.
– Ықыласым ұрсын, Қоныс, шаңырағымды теңселтіп, астан-кестенін шығарғандай не жазығымыз бар еді.
– Апа, қиналма, несіне жас төгесің. Кінә өзімізде – Алланың бергеніне қуан: іздеген айғақты нәрсесі қолдарына түскенде, Елеусінің мақаласын тордың арғы жағында отырып жазатын еді. – Елеусін көз қиығын әкесіне тастады. Селдір ұзын ақ сақалы салбырап, көзінің аласымен қарап отыр екен. – Шамасы, туған жердің маған оң қабақ көрсететін түрі жоқ.
Айдан сөзге қосылды.
– Жер қатты болса, өгіз өгізден көредінің бір түрі-дағы: соғыс, тұрмыс тауқыметі жүйкені жұқартып жіберді. Уысына дерек тигендер көкірек көтеріп алды ғой: ер-азамат сиреп қалды, ел қамқоры бір әріп танымайтын Қоныс пен мұрынына ие бола алмай жүрген Сейфұлла болғасын не жорық! Беттеріне тіке қарасаң да, жазықтысың.
Елеусін қағаздарын аударыстырды. Сол сәтте Ақан килікті.
– Арттарын шұқып нең бар. Жұмысы істелмесе, тұра берсін. Көрсең де көрмегендей болып жүре бер.
Елеусін әкесіне қой көзін қадап, ойланып қалды. Аузына телміре қарап отырған туыстарына көз тастады да:
– Тәрбиемде солай болған да – шындықты айтқым келе береді. Жала жапқан жерім жоқ, адалын, барын-жоғын айтып ем, – деді.
Таусыла сөйлеген баласын Айдан аяп кетті. Есін жинаған ана сөз сабасына түсіп, тиянақты ойлай бастады.
– Туған жерде кінә жоқ: қасиетті топырақ Қожанияз бен сені жақсы көреді, Ызмұхшир – береке дарыған қасиетті жұрт, маңдайдан тамшылаған ащы терді сүйеді. Кіндік қаның тамған жерге өкпе артпа – мақтаныш ет, шамаң келсе, атын төбеңе көтер. – Айдан іркіліп қалды. Үйдегілердің сілтідей тынып, құлақ тосып отырғанына іштей қуанды. – Бұл жерде жалғыз үйміз. Көп көптігін істейді: тізе басады, зорлық жасайды Қорқытады. Ертең төбесі шошайып щыққан мына қыздарды да тартып алады. Үлкен ағаңды да өздерімен өресі тең болғасын соттатып жіберді. Оған әкеңнің ойы жетпейді: алдаса нанып, марапат берсе, далақтап шаба береді. Қолыңнан келсе, туыстарынды іздеп елге жақындас.
Ақан Айданға көзін алартып қарады.
– Маған несіне ала көзіңмен қарайсың, айналаңа қара. Қарақұмның аңы мен осы елде сойылған малдың басы таусылмайды – ақсақал десе, құстөсегіңді теспес еді. – Айдан таусыла сөйледі. Елеусінге қарап ойын түйді. – Еш нәрсе болмас: жаман түс көрген жоқпын. Жұмысыңмен бол...
Айдан пештің қуысына қарай бұрылып отырды: ошақтағы қара қазанға қарады – май басқан қақпақтың жігінен түйдек-түйдек бу шығып, биік кесек пешті бойлап көтеріліп, жұтылып жатыр. Ішін ен жайлап, тұншығып басыр болып қалған дерт кем-кемнен бас көтеріп, сыртқа тебе бастағанын Айдан сезбей де қалды. Шұбатылған буға тесіле қарап, сол бір қаралы да қасіретті сәттерді еске алды... Алтын Заң қабылданған соң, ел жаппай сайлау науқанына жұмылды. Ауыл Кенес Ызмұхширды алақанында ойната бастады: ерсілі-қарсылы шапқылап жүрген белсенділер, атқа мінерлер құтырынып алды; жалпылдақтар үстіңе ат айдап, таптап кетуден де тайынар емес. Көздері қып-қызыл. Түнгі 12 сағатта дауыс санау басталмақшы-ды: комиссия құрамын алдын ала тексергенде, Зағипа Сәтпайқызы жоқ болып шықты. Уақыт тақалып қалды. Жәшікті ортаға алып, бәрі иіріліп отыр – Зағипа жоқ. Уақыт жылжып барады. Төрехан Сырлыбай күткен сәттің туғанын сезді – Жүсіп Жанбайдың шабына түртіп жіберді.
– Әжібай сұлу қатынын 7 километр жерге жеті түнде оңаша жіберіп жынды ма? Ол әйел келмейді. Жәшікті ашып, дауысты санау керек, – деді, Жүсіп Жанбайдан көзін алмастан қадалып қарап тұрып. Төрехан қапы қалған-ды: ішін өшпенділік оты өртеп бара жаты. «Азулы арыстан жалын көтерсе, осы іліп түседі» деп ішінен ойлады.
Сол сәтте ауылдық милиционерлер жолға түсті. Әжібай да, Зағипа да оятылды. Әжібай:
– Әне, әйел. Ал да кете бер, – деді. Зағипа шарадай дөңгеленген қара көзі мөлдіреп, күйеуіне қарады. – Мүше болса, әйел мүше, мен емес.
Милиционер:
– Дауыс санаймыз. Қол қоятын жерің бар – бармасаң болмайды, – деп дікеңдей бастады. Әжібай да қия тартты. – Басымды қатырма. Керегін Зағипа болса, айдап кет, – деп сөз тыңдамастан отырып алды.
– Үлкен бала-ау, Зағипаны апарсайшы. Сау басыңа сақина тілеп не қыласың. Ілінісе бермеші... Тұтас ел ғой, – деп жалынды. Әжібай Айданға оқшырайып қарады. – Қой, айналайын, бара ғой... Тырнағы ілетін жер тапса, бұлар сені аямайды. Аңдып жүр. Әйтпесе, күндіз неге қол қойдырмады. Сайлау дегеніне барып, күні бойы болып, жаңа келді ғой.
Әжібайға Айдан кірпік қақпастан қарады: «Зағипаға таласып, Төреханмен қан бола жаздап еді, ендігісі не? Тырнағы ілсе, өшіккен жандар аямайды: «Әйелін жібермеді» деп жала жабады-ау – Айдан жаны шыға қиналды. Бір беткей серке жігіт бағытынан қайтпады.
Милиционер құр қайтты.
Соғыс басталды да, істі болған Әжібай Калинин қаласында жау бомбасынан қаза тауып, орыс топырағында мәңгілік қалып қойды. Қызыл жағалыны көрсе, Айданның жүрегі тас төбесіне шығады. Сонда Айданның басына жалғыздық түсіп еді, Ақан оны сезген жоқ: жағасы жайылып, егін егіп, аң аулап, бас мүжіп жүре берді. Күйетіні де сол... Елеусін мектепке ерте келді. Оқу басталар алдында директор Баймұрза Хамит «Мұғалімханаға» кірді.
– Жұмыс орындарыңызда болыңыздар, еш жаққа кетіп қалмаңыз. «Ауданнан тексеруге шықты» деген сөз бар, – деп қадап айтып, ескерту жасады. «Маған айтып тұр. Қоныс жолыққан: ауданға барып, бір жерлерге жолығама дегені. Барғанда кім маңдайымнан сипайды. Қоныс әлдеқашан ауыздарын бітеп тастады. Құдірет қой: қолы қисық болса да, ісі оң, айтқаны болады, атқаны – тиеді, – деп ойлады Елеусін. – Тұтқа ұстаған білегі жуандармен айтысып, теңдік алу жоқ. Зорлық – оларға тән: шынашақтай ауыл мұғалімін жұта салады. Қақалмайды, тамақтарына іркілер қылқаным да жоқ. Әжібайдан артық емеспін. Жуандық жасады, зәбір берді, Құдайдан тапсын тек. Оқу жылы аяқталса, бой жазып көру керек.» Ой басқан Елеусін солбырайып 1- сыныпқа кірді.
Айдан түскі шайын да ішпеді: есікті кілттеместен, Шығысқа «Жақұп қожа» қойымшылығына тартып кетті – төмпешік болып жатқан 7 перзентінінің бастарына бірме-бір барып, іштегі шерін ағытып жіберді. Құран оқып, бойы жеңілденіп, ширақ адымдап үйіне жетті. Елеусін мектептен әлі оралмаған екен, үйдің сыртына шығып, Арқашқа көз салды. Ішке кіргісі келмеді. Мөлдіреп ұлының жолына қарап отырды да қойды. Іске қолы бармады. Жердің тоңы жібуден-ақ Ызмұхширдың топырағы құлпырып шыға келді: есікке иек артып тұрған Қарақұм алдымен көгереді, малға жайлы құшағын жаяды; боз топырақ қызара бөртіп, тұқымның диқан алақанынан шашырай түсуін күте бастайды. Қызу егіс басталып кеткен кез еді. Мөлдек жерлерді есек, өгіз қоспен айдайды. Екі рет суріп шықса, соқа тиген алтын топырақ мақпалдай жұп-жұмсақ болады. Ертелеп Қоныстың есігі сықырлап ашылды да, Сейфұлланың жіңішке істік мұрны көрінді – ұшында бір тамшы жылт-жылт етіп, ондық шамның сәулесімен шағылысты. Қырықтан өтсе де, өңді Қоңырша тобылғы торы бетін бұрып, бригадірге көз салды. Сәлемін алды. Қоныс шай ішіп отырған-ды. Есікке таман орналасқан Қоңырша Сейфұллаға бір қарап алды да:
– Мына жер, – деді иегін көтеріп, үйдің батысын нұсқады. – Тапқа келді. Сүріп таста.
Қоныс үн қатқан жоқ. Бригадір шегініп шығып кетті.
Қос өгізбен келген Тоғай аспай-саспай мөлдектің шетінен түсіп, тобарсып жатқан төгінді топырақты жырта бастады. Күнде сағақтана жерге кіріп, топырақты қарс айыра түсті. Күн қызғанша, едәуір көлемді қопарып тастады. Тоғай күнденің сағағынан басып, енді бұрыла бергенде, Қоңырша дауыстады:
– Аға, ағарған ішіңіз. Шөлдеген шығарсыз.
Тоғай нар кесені орталай бергенде, сарт ете қалған дауыс шықты. Өгіздің арт жағында жерге терең қадалған күнденің қасында Қоныстың 8 жастар шамасындағы баласы Боқан шалқасынан жатыр еді. Тоғайдың қолынан кесе түсіп кетті – тақыр жерге шашырай төгілген айран жылжып ағып, ақ топыраққа сіңе бастады. Қоңырша да, Тоғай да балаға қабаттаса жетті. Беті көгістеніп қатып қалған бала дем алмастан жатыр екен: қолындағы ұзын шыбығын тас қып қысып алған. Көкірек аузында ақ көйлектің өңірінде өгіз тұяғының ізі сайрап тұр. Қоңырша баланың үстіне қанатын жая құлады. Адамдар жиналып қалды. Намазға Елеусін қатысқан жоқ.
«Қәтеп» – Ызмұхшир
1998 сиыр жылы, наурыз
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру