Бабылдағы ең бай адам
Джордж С. Клейсон
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бұл кітапты көп адам байлықтың әліппесі, баюдың алғашқы баспалдағы деп санайды. Өйткені «Бабылдағы ең бай адам» баюды көздейтіндерге арналған. Автор баюдың әдіс-тәсілін айтып қана қоймай, қаржыны сауатты жоспарлап, табысты арттыруды үйретеді. Алғаш 1926 жылы жарық көрген кітаптың күні бүгінге дей...
ДЖОРЖ С. КЛЕЙСОН
Клейсон, Дж.С.
Бұл кітаптың авторы мынаған сенімді: өзіңіздің барлық ниетіңіз бен тілегіңізді орындау үшін, Сіз ең әуелі осы еңбектегі жеке қаржыны меңгеру принциптерін қолдана отырып, ақша мәселесінде табысқа жетуге тиіссіз. Кітапша көпшілікке арналған.
Орысшадан аударған – Серік Әбдірешұлы Ерғали Бұлдыраған болашағыңды алға қарай созылған жол секілді қараңызшы. Осы жол бойында атқарғың келетін талай мұраттар бар... алға жетелейтін талай тілектер жолығады. Алға жетелеген түрткілер мен тілектерді іске асыру үшін сізге табысты болу керек. Ол үшін келесі беттегі қаржы қағидаларын қолға алыңыз. Олар сізге әмиянды қампайтуға мүмкіндік беретіндей, қабысқан әмиянның қаттылығынан гөрі, бағыңызды баянды етуге жол ашқай. Физиканың ауырлық заңы сияқты, олар да әмбебап әрі өзгермейді. Бұл қағидалар сізге де бұлжымастан өз мүмкіндігін дәлелдейді, өйткені бұлар талай адамдардың қажетіне жарағандай, әмиян қампайтуға да, банктегі шотты толтыру мен қаржылай алға басуға қажет нағыз сенімді кілт.
ЕСТЕ БОЛСЫН, АҚША ӘРУАҚТА
ИГІЛІКТІҢ ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕСІН ҰҒАТЫНДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
1.Әмиянды қампита бастаңыз.
2.Шығынды қадағалаңыз.
3.Ақшаңызды еселеуге қамданыңыз.
4.Жинағыңызды жойылудан сақтаңыз.
5.Әр сатықты (покупка) пайдалы салым етіңіз.
6.Келешек табыс көзін қамтыңыз.
7.Пайда табу қабылетіңізді дамыта түсіңіз.
Автор туралы Джордж Самуэл КЛЕЙСОН 1874 жылы 7 қарашада Миссури штатының Луизиана қаласында дүниеге келген. Небраска университетінде оқыған және испан соғысы кезінде Құрама Штаттар армиясында борышын өтеді. Одан америкалық соғыс. Баспа ісіндегі ұзақ мансабын бастап, Денвердің Clason Map компаниясын құрды, Колорадода және Америка Құрама Штаттары мен Канадада алғашқы жол атласын жариялады. 1926 жылы ол әйгілі Бабыл туралы хикаяның әрбір әрпін бейнелейтін ежелгі астарлы әңгімелерді қолдана отырып, үнемділік пен қаржылық жетістік туралы әлемге мәлім кітаптардың бірегейін жария қылды. Бұл хикаялар банктер мен сақтандыру компанияларындағы миллиондаған адамдарға танымал болды, олардың ішіндегі ең әйгілісі «Бабылдағы ең бай адам» аталатын аңыз-шыны аралас астарлы әңгіме еді. «Бабыл туралы астарлы әңгімелер» талай әскерге шабыт беретін классикалық туындыға айналды.
Алғысөз Біздің ұлт ретінде дамуымыз әр азаматтың қаржылай өркендеуіне тікелей байланысты. Бұл кітапша болса, әрқайсымыздың табысты болуымызға қажетті сала болып табылатын жекедара табысқа жету жолын зерделейді. Табыс дегеніміз – жетістік сияқты өз күшіміз бен қабылетіміздің нәтижесі. Дұрыс дайындық – біздің жетістігіміздің кепілі. Біздің әрекетіміз ойымыздан гөрі ақылды бола алмайды. Біздің ойлау қабылетіміз болса, түсінігімізден гөрі ақылды бола алмайды. Бұл кітапша әу баста қабысқан әмиянға дәру ретінде ойластырылған. Мақсат – баюды мұрат еткендерге жәрдем ету мен қаражат мәселесіне қарапайым жолмен үңілу. Кітапша сізге ақша табуға, оны сақтай білуге әрі жинақ қаржыны жаңа ақша тудыруға итермелеуге көмектеседі. Ол үшін біз, бүгінде әлем мойындаған, қолданыстағы негізгі қаржы ұстанымын туындатқан, әлемдік қаражат бесігі болған, ежелгі Бабылға (Вавилон) аттанамыз. Жаңа оқырмандарға автор, мұны бұрынырақ оқып, өз жетістіктерін құлшына жеткізген кісілердей, кітаптың әр парағы әмиян толтыруға әрі күрмеулі қаржы мәселесінің шешілуіне керек ықылас тудыруын шын жүректен тілейді. Сонымен бірге, автор бұл кітапты оқуды достарына, туыстары мен әріптестеріне ұсынған пайдагерлерге шынайы ықыласын алдын ала білдіреді. Өйткені, осы еңбекте айтылған принциптерді қолдана отырып машыққан, соның нәтижесімен айтарлықтай жемісін көрген кісілердің шынайы мадақ уәжі аса құнды. Ақшаның нағыз бағасын білген, берік те сынақтан өткен қаржылық принциптерді қолданып ақша тапқан өзінің тұрғындарының арқасында ғана Бабыл шаһары ежелгі дүниедегі аса байыған қалаға айналған еді. Бабылдықтар бүгінгі біздің әрқайсымыз тілеген мұратқа қол жеткізді, ол: әркімнің өз келешегін тұрақты табыспен қамтуы.
Бабыл. Тарихи сипатсөз Тарих беттерінен Бабылдан басқа әйгілі қаланы табу мүмкін емес. Оның бір ғана атауының өзі адамды байлық пен ұлылық туралы небір ойға жетелейді.Бұл қаланың қазынасы есепсіз байлыққа толы болған.Әрине, осындай бай шаһарды жұрт аса ыңғайлы жерде, ауасы жанға шипалы тропикалық жұмақта орналасқандай, оны айнала қыруар орман-тоғай мен пайдалы қазбаның кеніші болғандай елестетеді. Бірақ мұның бірі де болмаған.Қала шөлейіт ойпаттағы Еуфрат (Евфрат) өзенінің жағасында жайғасқан еді. Айнала орман түгілі тоғай да жоқ, ешбір пайдалы қазба да болмады.Тіпті, құрылысқа жарайтын тас та табылмайтын. Бабыл дәстүрлі сауда жолынан да алшақ болатын.Анда-санда жауатын жауын мөлшері егін егуге жеткіліксіз еді. Бабыл – қолда бар шектеулі мүмкіндік пен жарақты жарата отырып, адамзаттың ұлы мақсаттарға қол жеткізу нәтижесінің жарқын үлгісі.Бұл ірі қаланың тірлігі мен байлығы адамның қолымен жасалған игіліктен ғана құралып еді. Бабылда бар болғаны басты екі ресурс болды – құнарлы топырақ пен өзен суы. Адамзат тарихындағы алапат жасампаздық құрылыстың бірі – бөгет пен қыруар суарғыш арықтар арқылы өзен суын егін алқаптарына шығара білді. Бұл – тарихтан белгілі, осындай ірі ауқымдағы инженерлік жетістіктің біреуі ғана. Әзірге әлем мұндай суару жүйесінің көмегімен алынған ағыл-тегіл қырманды көрген емес. Бақытқа орай, Бабылды ұзақ жылдар бойы билеген патшалар басқындық пен тонауды басты мақсат етпегендер еді. Олардың көптеген соғыстары негізінен жергілікті сипатта немесе қорғаныс қана болды да, Бабылдың бай қазынасына ынтыққан сыртқы басынған жауға қарсы бағытталды. Бұл қаланы билеген көрнекті басшылардың есімдері өздерінің кемеңгерлігі мен іскерлігі және әділдігі арқасында бүгінге жетті. Жалпы, Бабылда әлемді билеуге тыраштанған өркөкірек монархтар болған емес. Бабыл бүгінде қала ретінде ғұмыр кешуден қалған. Оны тұрғызып, мыңдаған жылдар бойы тұрған онда өмірлерін сүрген жанкешті адамдар қаладан кеткесін, көп ұзамай Бабыл шаһар шөлдаланың үйіндісіне айналды. Азиядағы бұл қала Суец суарнасынан шығысқа қарай 950 шақырым, Парсы шығанағынан солтұсқа қарай, америкалық Аризона штатының Юма қаласының ендігінде орналасыпты. Құрғақ та ыстық климат бұл екі қаланың екеуіне де тән жағдай. Бір кездері ауыл шаруашылығы гүлденіп, халық тұтаса қоныстанған Еуфрат ойпаты бүгінде қайтадан жел қыдырған шөлдалаға айналды.Сараң шыққан шөптесін өсімдіктер мен шөлге төзімді бұта біткен құм боранмен күресуде. Ойпаттағы жайқалған алқап та, керілген қалалар да, ауқатты саудагерлердің шұбатылған керуендері де көрінбейді. Біздің дәуірімізден бұрын осы күнге дейін бұл жерді аз санды көшпелі арап малшылары мекен етіпті. Ойпатты бойлап шашыраған төбелер. Ғасырлар бойы бұл маңды аралаған саяхатшылар көзге түсер ештеңені байқамай келді. Бұл төбелерге деген тарихи қазбашылардың назары анда-санда жауатын жауын шайып шығарған кәрлен бұйымдардың сынықтары мен кірпіштердің арқасында қаққан қазыққа айналды. Еуропалық және америкалық мұражайлар қаржыландыратын экспедициялар мұнда қазба жұмысына аттанып, көп ұзамай бұл төбелерде ежелгі қалалардың үйіндісі жатқанын анықтады. Дұрысы, ол төбелер – қалалардың моласы еді. Бабыл солардың бірі болатын. Жиырма ғасырдай уақыт бойы құм боран оны жасырып келген еді. Оның саз кірпіштен қаланған бекінісі езіліп, қайтадан саздауытқа айналыпты. Бір кездегі ең бай Бабыл қаласы бар болғаны үйім-үйім саз болып кеткен. Бірнеше ғасырлық мәлімет жойылған, бірақ оның көшелерінен ғасырлар бойғы шөгінділер сылынған соң, адам көзіне ұлы храмдар мен сарайлар бой көрсетті. Көптеген оқымыстылар, бұл ойпаттағы Бабыл мен басқа қалаларға тән өркениет – адамзат тарихының ең ежелгісі деп есептейді. Ол жөнінде 8000 жыл бұрынғы ескерімдер пайда болған. Бәрінен бұрын оқымыстылардың бұл датаны анықтаған тәсілі қызғылықты. Бабыл үйіндісінен күн тұтылуына байланысты жазбалар табылып отыр. Астрономдар жазбада көрсетілген күнтұтылым уақытын есептеп шығарып, бабылдық және кәзіргі күнтізбенің байланысы анықталды. Осылайша, 8000 жыл бұрынғы шумерлер бекінісі бар Бабылда тұрған. Әйтпесе, бұл қалалардың тұрғыны бізден қанша ғасыр бұрын өмір сүргенін тек қана болжауға болар еді. Ол тұрғындар сол кездің өзінде-ақ бекініске тығылған жабайылар емес еді. Тарихтың айғағына сенсек, олар адамзаттың алғашқы инженерлері мен жұлдызшылары, бастапқы математиктері мен қаржыгерлері, алғашқы жазбаға жүгінген сауаттылары болатын. Шөліркеген ойпатты суармалы жұмаққа айналдырған олардың суару жүйесі туралы әңгімелеп те кеттік. Сол арықтар мен суарналардың жұрнақтары әлі күнге дейін құм басса да айқын байқалады. Кейбір суарналардың шамасына қарап, олардың аңғарына бірнеше аттылар қатар өтердей әсер алуға болады. Ауқымына қарағанда, олар Колорадо мен Юта штаттарындағы ең ірі суарналармен тайталаса алар еді. Ойпатты суарумен бірге, бабылдық инженерлер алыптығы жағынан одан да кем түспейтін ірі жобаларды жүзеге асырған. Құйтырқы құрғату жүйесінің арқасында, олар Еуфрат пен Тигр өзендерінің сағаларын құрғатып, енапат аумақты ауыл шаруашылығына жарамды етіп алғаны тағы бар. Ежелгі грек саяхатшысы әрі тарихшысы Геродот гүлдеп тұрған шағында Бабылға барыпты да, бізге жиханкездің көзімен жалғыз ғана сипаттамасын мұра етіпті. Өз еңбегінде ол бізге бұл қаланың бейнесін сипаттап, тұрғындарының ерекше әдеттері мен салттары туралы жазып қалдырған.Ол жердің құнарын, бидай мен арпа дақылдарының ағыл-тегіл қырманын қайран қала атап өтіпті. Бабылдың даңқы өшті, бірақ оның даналығы бізге жетті. Сонысы үшін оның жазуға құмар тұрғындарына қарыздармыз. Есте жоқ ескі сол заманда қағаз да әлі пайда болмаған еді. Оның орнына Бабыл тұрғындары өз ойларын иленген саздан қалың тақта-парақ жасай отырып, оған бітік-жазбаларды ойып түсірді. Жазба түскен сазпарақтарды күйдіріп, пісірді. Олардың өлшемі
15 Х 20 см және қалыңдығы 2см болатын. Бұл саз парақтар сол кезде кәзіргі біздің хат жазғанымыздай, кеңінен қолданысқа түскен. Оларға аңыз, өлең, тарихи мәліметтер, патша жарлығы,меншікке деген құқық, қарыздық міндеттеме, тіпті, шалғай қалаларға жөнелтілген хаттар да жазылған. Бұл сазпарақтар бүгінде олардың авторларының жеке ғұмырларына көз тігуге бізге мұрсат беріп отыр. Мәселен, саудагердің сазпарағында, бәленше деген сатықшы келіп, сиырын жеті қап бидайға (бартер) айырбастағаны,оның үшеуі сол бойда, қалған төртеуі айтылған кезде берілетіні жазылыпты. Археологтар қала үйіндісінде жақсы сақталған жүздеген,тіпті, мыңдаған сазбітіктерден құралған бүтін бір кітапхана тапты. Бабылдың кереметтерінің бірі оны қоршаған бекінісі болатын. Замандастарымыз оны «дүниенің жеті кереметіне» жататын Мысырдың ұлы пирамидасымен теңестірді. Қаланың бастапқы қалыптасу кезінде Семирамида патшайым бекіністі салуға жарлық бергендігі жөнінде уәж айтылады. Қазба барысында оның бастапқы дуалының ізі табылмады. Сол кездегі айтылған уәжге қарағанда, бекініс биіктігі 15-тен 18 метрге дейін болғандығын қорытуға болады. Бекініс сырты күйдірілген кірпішпен қапталып, оның сыртынан су толтырылған ор айналдыра қоршап тұрған. Кейініректегі дуал қабырғасын тұрғызу шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 600 жыл бұрын билеген Набупаласар патша тұсында басталған сыңайлы. Құрылыстың үлкендігі сондай, ол құрылыстың соңын көрмей дүниеден өтіпті. Бекіністі аяқтау оның ұлы Набуқұданасырға бұйырып, оның есімі Библия хикаяларына енгізілген еді. Дуалдың биіктігі мен ұзындығы қайран қалдырады. Сенімді тарихи дереккөздер оның биіктігі 50 метрге жетеғабыл болып, бүгінгі он бес қат үймен биіктес болған секілді. Бекіністің жалпы ұзындығы 14-18 шақырымды құраған. Дуалдың үстіңгі бөлігінің жалпақтығы сондай, оның үстінен алты ат жегілген арба еркін өткен. Осы бір енапат құрылыстан бүгінде іргетас пен ордың үзіктері ғана қалған. Бекіністің құлауына күш салған табиғат апатынан басқа, өз құрылыстарына кірпішін тасыған араптар да қол тигізді. Бабыл бекінісіне қарсы атышулы соғысы жеткілікті сол кездегі талай басқыншылар кезек пе кезек шабуылдады. Талай патшалар Бабылды тізе бүктіруге тырысқанымен, ол әрекет ылғи да нәтижесіз болды. Оған шабуылдаған әскердің санын шамалауға ғана болар. Тарихшылардың айтуынша, 100 мың атты, 25 мың әскери арбалы, әрқайсысында мың адамы бар 1200 жаяу әскер қарсы шыққан. Әскери жарақ пен шабуыл жолдарына қойма салу жұмыстары үшін соғысқа дайындық көбіне екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімді қамтыған. Бабыл көбінесе, кәзіргі қалаларға ұқсаған. Оның көшелері мен дүкендері болды. Кезбе сатушылар тұрғын алаптарда өз тауарларын ұсынып жүретін.Абыздар болса, өз ғибадаттарын заңғар тәуханаларда атқарды. Қаланың қақ ортасында ішкі дуалмен қоршалған патша сарайы орналасқан. Оның дуалы сыртқы бекіністен де биік болыпты. Бабылдықтар аса шебер суретші әрі қолөнерші болған. Олар мүсін мен көрнек (картина) жасап, мата тоқып, алтын бұйым өндірді, темір қару-жарақ пен шаруашылық құралдарын шығарды. Зергерлер көздің жауын алар әшекей бұйымдар жасады. Ауқатты бабылдықтар моласынан табылған олардың бірқатары бүгінде әлемнің жетекші мұражайларында көрсетілуде. Адамзаттың қалған бөлігі ағашты тас балтамен соққылап жатқанда, аң аулап күн көріп, найза мен жебелеріне шақпақ тас байлап соғысып жүргенде, бабылдықтар темір балта тұтынып, найза мен жебелеріне темір ұшық кигізген еді. Бабылдықтар сауатты қаржыгер әрі саудагер болды. Айырбас құралы ретінде олар ақшаны бірінші болып ойлап шығарып, сондай-ақ, қарыз дәптері мен меншік құқығын бекіткен құжаттың алғашқы нұсқасын дүниеге келтірген.Бабыл өзінің тарихында, біздің дәуірімізге дейінгі 540 жылды қоспағанда, бір де бір басқыншыға тізе бүкпеді. Тіпті, жеңілген күнде де оның бекінісі бұзылмаған күйі қалып отырған. Бабылдың күйреуі де ерекше. Сол кездегі әйгілі басқыншы, парсылық Кир патша қалаға шабуыл бастайды. Бабылдың патшасы Набонид кеңесшілері оған қаладан шығып, бекініске қатер төндірместен, Кирге тойтарыс беруге ақыл береді. Бабыл әскері жеңіліп, қашады. Кир ашық тұрған қақпа арқылы Бабылға емін-еркін басып кіреді. Осы кезден бастап, Бабылдың қуаты мен келбеті құлдырай берді де, бірнеше жүз жылдан соң қала қаңырап қалып, оның құландысы жел мен құмның құзырына берілді. Бабыл осылай күйреді де, одан кейін ешуақытта қайта қалпына келген емес, бірақ ол біздің кәзіргі өркениетімізге көп нәрсе беріп кетті. Аяусыз уақыт заңғар бекініс пен сарайларды шаңға айналдырды, алайда, Бабылдың даналығы ғасырдан ғасырға көше бермек.
Ақша – жер бетіндегі сәттілік өлшенетін құрал.
Ақша ең жақсы нәрседен ләззат алуға мүмкіндік береді.
Қаржы табуды реттейтін қарапайым заңдарды ұғатындар үшін ақша ағыл-тегіл.
Бүгінгі ақша да, ежелгі Бабылдың көшелерін маңғаздана аралаған байлардың кезіндегідей, алты мың жыл бұрынғы заңға бағынады.
Баюды көксеген кісі Бабылдық қос доңғалақты арба жасайтын Бансыр шебердің ұнжырғасы түсіп кеткен. Аласа дуалға отырып алып, айналасын шолып еді, көзіне өзінің тоқал тамы мен қақпасы айқара ашық шағын шеберханасы түсті, одан әлі бітпеген арба көрінеді. Есік саңылауынан күйбеңдеген келіншегі де көрініп қояды, оның анда-санда күйеуіне ұрлана қарап қойғанынан, ет салынған қаптың да босағанын байқауға болады, демек, Бансырға балға мен балтаны алып, арбаның жақтауына былғарысын керіп, оның бұдырын кетіріп,тегістеп, әсемдеп бояп, ауқатты біреуге сату керек деген сөз. Бірақ оның шымыр денесі орнынан қозғалар емес. Басты тұмшалаған ойлар алуан мәселені қопсытып, оның бір де біреуіне жауап табатын түрі жоқ. Оның үстіне, Еуфрат (Евфрат) ойпатына тән ыстық күн де аяйтын емес, әр сәулесі жебедей қадалады. Шебер мойнынан сорғалаған тердің жүндес төсіне барып құйылып жатқанын да сезер емес. Үйінің арт жағында патша сарайын қоршаған сатылы дуал көкке ұмтыла түсетіндей көрінеді. Дуал жанында жайғасқан Ваала храмының алуан жарқын түске боялған мұнарасының ұшы аспан тіреп тұрғандай асқақ. Осы бір құдыретті көріністің қалқасында барынша мыжырайған, қаптаған лашық үйлердің арасында Бансырдыкы да өзінше орын теуіпті. Бабылда барынша асқақтық пен мейлінше бейшаралық көрініс қатар қоныстанып, көзге түрткен байлық пен жанарды жүдеткен жұпынылық ешбір жоспарсыз да жүйесіз былыға жайғасқан. Егер ол айналаға көз салудан жалықпаса, байлардың сыңғырлаған күймелерін, сығылысқан сәнді шапаталы саудагерлер мен жалаңаяқ кедейлерді көрер еді.Арбалы байлардың өзі патшаның аспалы бағын суару үшін меспен су тасыған құлдарға жол беріп, ығысқан болар еді. Бансырда қаланың ығы-жығы тірлігіне назар аударатын хал жоқ, оның басы бірі кіріп, бірі шыққан ойлардан босар емес. Оны тек қана әлдебір ішекті аспаптың дыңғырлаған дыбысы селт еткізді. Ол жалт қараса, алдында ыржиған қалпы, өзінің күйші досы Қобби екен.
– Жаратқан жарылқасын, досым, - деп бастады Қобби өзінің жарқын сәлемін.
– Шамасы шынымен де, солай болған секілді ғой, бос отырған түріңе қарағанда. Сенің бұл жетістігіңе жол болсын, тіпті, оны бөлісуге де әзірмін. Сенің әмияның толы болды ғой, әйтпесе, шеберханада ақ тер, көк тер болып жатар едің. Одан да төрелердің бүгінгі кешкі салтанатына дейін бейшара екі шекелді маған шығара ғой. Сен ол екі шекелдің өзіңе сол күйінде қалай оралғанын да байқамай қаласың.
– Менде екі шекел болса, - деп міңгірледі Бансыр, – оны ешкімге, тіпті, саған да бермес едім, өйткені, менің барым да, нарым да сол болар еді. Ал, бар байлығын кім береді, досым-ау.
– Не естіп тұрмын, осы мен?
– Қобби қайран қала дауыстады.
– Әмияныңда бір де бір шекел болмаса не істеп отырсың, дуалға орнатқан мүсінге ұқсап, ойбай-ау! Анау арбаны неге бітірмейсің? Сен қалайша менің тәп-тәуір тәбетімді қанағаттандырмақсың, а? Мына тұрысың саған ұқсамайды, досым. Сенің арындаған қуатың қайда? Сені қай албасты басты екен?
– Бұл мен үшін Жаратқанның сынағы болар, - деп келісе кетті Бансыр.- Бәрі де менің бір түс көргенімнен басталды. Қайдағы бір оңбаған түс кірді.Түсімде мен шылқыған бай болып кетіппін, белдігімде ақша толы әдемі шилан1. Ондағы ақшаның көптігі сондай, кедейлерге тегін шашсам да бітпеді. Ішінде күміс ақша бар екен, оған не керектің бәрін алдым, тіпті, әйеліме түрлі әшекей де сатып алыппын. Әмиянда толған алтын ақша да бар екен, оны болашаққа деп қойып, күмісін жұмсаудан қорықпадым. Мені қуаныш кернеді. Сол кезде мені көрсең, танымас едің, тіпті, менің жарымды да танудан қалар едің,шіркін! Оның беті тегістеліп, әжім қалмаған, қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, сәуле шашады.Тура баяғы некетойымыздағы бақытты қалыңдық секілді.
– Айтарым жоқ, керемет түс екен, – келісе кетті Қобби.
– Ендеше неге осындай жайлы түстен соң, дуал түбіндегі құлпытас секілді қатып қалдың?
– Неге дейсің бе? Ояна келгенде, қабысқан әмияным есіме түсіп, жүрегім айнып кетті. Онан да түсімді бірге жориық. Екеуміз де бір қайықтағы адамбыз ғой. Есіңде ғой, бала кезде абыздарға барып, бірге оқығанымыз. Бірге ойнадық. Есейе келе достығымыз жалғасты. Екеуміз де сағаттап тапқанымызды, мезеттеп жұмсайтынбыз. Сол кезде біздің табысымыз жақсы еді ғой. Енді міне, байлықты өңде емес, түсте ғана көретін болдық.
Енді айуан болмаған жеріміз қалды ма? Оның үстіне мекеніміз - әлемдегі ең бай қала. Айналамыз толған ырыс, береке, ал бізге содан ештеңе бұйыратын емес. Жарты ғұмырды бейнетпен өткізіп, босаған әмияныңды маған тосып, екі шекел сұрап тұрғаның мынау. Бұған қандай жауап болуы мүмкін, енді? Мен саған: «Мә, ала ғой, әмиянды. Сенімен қашан да бөлісуге даярмын» дедім бе? Жоқ, досым, менің әмияным да сенікіндей қабысып жатыр. Екеумізге не болды? Бізде неге күміс те, алтын да жоқ, неге ішерге ас, киерге киім жоқ?
– Оның үстіне ұлдарымызды ойласақ, тіпті, бас қатады, – жалғастыра түсті Бансыр. – Олар бізді өкшелеп өсіп келеді ғой. Олар да, жанұялары да, олардың түп-тұқияндары да осылайша жұпыны ғұмыр кешпек пе, айналаны алтын басып жатқанда? Олардың да кешкі асы ешкі сүті мен сұлы ботқа болып қалмақ па?
– Бансыр, қанша дос болсақ та, сен мұндай әңгімені бұрын айтпапсың,- Қобби кәдімгідей абыржып қалды.
– Мен бұрын бұлайша ойламаппын. Ертеңнен кешке дейін осы өлкедегі ең жайлы арбаны істеп жүре беріппін. Жаратқанның мені бір күні байлықпен жарылқайтынына сеніп жүре беріппін. Оның болатын түрі жоқ. Ойлап тұрсам, олай болмайды екен. Жүрегім содан да езіліп тұр.
Менің байығым келеді. Менің меншігімде де жер мен малдың болуын қалаймын. Мен де үлбіреген жұқа киім киіп, әмиянда ақша сыңғыры болғанын тілеймін. Енді бойымда күш, басымда мый қалғанша, еңбегімнің еш болмауын қалаймын. Бізге не болды сонша, досым, айтшы? Жұрттың алтынға алып жатқан нәрселері бізге неге бұйырмайды?
– Білсем, айтар едім ғой,- деді Қобби. – Маған да жеңіл дейсің бе? Лирамен күй тартып тапқан ақшам сол бойда жұмсалып құриды. Ылғи да жанұям ашықпасын деп, сандалып жүргенім осы. Мен де өзімше, аңсаған күйлерімнің бәрін тартатындай үлкен лира аспап болғанын ойлаймын да жүремін. Ондай аспапты тартқанымда, патша да күйімді елтіп тыңдар еді.
– Иә, жақсы болар еді. Бабылда бір де бір кісі сен секілді күй тарта алмайды ғой. Сен күйді күмбірлеткенде, патша түгілі, аспандағы періштелер де елтиді емес пе?! Бірақ оған жетер күн қайда, екеуміз де патша құлдарына парапар тақыр кедейміз. Қоңырауды естідің бе? Әне, аналар да келеді.
Ол қазқатар тізіліп, өзеннен сүрлеуді бойлап келе жатқан жартылай жалаңаш бойларын тер жуған су тасушы құлдарды нұсқады. Олар бес қатарға тізіліп, су толы ауыр месті көтеріп бүкшиген күйі тар көшеде қаптап келеді.
– Аналарды айдап келе жатқан кісіге қарашы, – Қобби құлдар легін бастаған қоңыраулы кісіге қолын нұсқады. – Тұлғасы да бар екен!
– Құлдар легінде талай тұлға бар, - олар да біз секілді адамдар. Анау ақсарылары солтұс жақтан. Қоңырқай түстілері – көрші елдерден. Бірақ бәрі де өзен мен бақ арасында күн сайын, жылдап сандалып су тасып ғұмыр өткізуде. Келешектерінде жақсылықтың нышаны жоқ. Төсекке – саман бөстек, асқа – жартылай пісі дақыл. Бейшаралардың халы тіпті аянышты.
– Иә, аянышты-ақ. Былай қарағанда, біздің де осылардан айырмамыз бар ма? Тек қана бостандықтамыз.
– Оның рас, Қобби. Басты тұнжыр ой баса түседі. Жылдарымды құлдық тірлікпен өткізгім келмейді. Ылғи да: жұмыс, жұмыс, жұмыс! Үзіліс болсайшы бір!
– Бәлкім, осы жұртқа алтынның қалайша бұйыратынын білу керек шығар, сосын соларша әрекеттеніп көрсек қой, а? – деп ұсынды Қобби.
– Мүмкін, бір кілтипан бар шығар. Сұрастырып көру керек екен, - деп қостады ойлы жүзбен Бансыр.
– Айтпақшы, мен бүгін ескі досымыз Арқатты көрдім. Алтын арбасында келеді екен. Басқалардай ол теріс қараған жоқ. Керісінше, менімен күлімсірей қолын бұлғап сәлемдескенін жұрттың бәрі де байқады. Өзі сондай кішіпейіл.
– Жұрт оны Бабылдағы ең бай адам деп жүр ғой, – Бансыр толғана сөйледі.
– Оның байығаны сондай, тіпті, қазынасы ортайғанда оған патшаның да жүгінуіне тура келеді.
– Қарай гөр, байлықтың қауқарын. Оны қараңғы жерде кезіктіре қалсам, дереу әмиянын сыйпап қаламын ба деп қорқам.
– Оның – жай сандырақ, - деді Қобби. – Байлық белге қыстырған шиланда болмайды. Қандай қампыйған әмиян да қабысады, егер оны толтырып тұратын алтын жылға болмаса. Арқат қаншама жомарттық көрсетсе де, оның әмиянын қабыстырмайтын табыс көзі бар.
– Иә, табыс дегенің – дүние ғой, - деп онымен келісті Бансыр.
– Дуал түбінде отырғанымда болмаса шетел кезіп кеткенімде, менің әмияныма ақша құятын табыс көзі болса ғой. Мұның жолын Арқат білуі керек. Бәлкім, ол менің топас басыма ұқтырар?
– Меніңше, ол бұл ілімді өзінің ұлы Номасарға оқытқан болар.- Ол Ниневияға барып, сондағы мейманханада тұрып-ақ, әкесінің ақылымен сол қаланың байларының біріне айналыпты.
– Қобби, сен маған жақсы ой тастадың. – Бансырдың жанарында ұшқын жылт етті. – Ескі достан ақыл-кеңесті тегін алуға да болады ғой. Ал, Арқат - біздің ортақ досымыз.Енді әмиянымыздың сұңқар құстың былтырғы ұясындай қаңырағаны басты қатырмауы керек. Байлықтың ортасында отырып, ақшасыз жүруден әбден жалықтым. Байығым келеді. Қанеки, Арқатқа барып, табыс табу жолын сұрайық.
– Мен бірдеңені ұққан секілдімін, Бансыр. Біздің баю тәсілін неге білмей келгенімізді енді түсіндім. Біз оны мүлдем іздемеппіз. Сен Бабылдағы ең жақсы арба жасаумен жүріпсің. Сенің бар қабылетің соған жұмсалыпты. Сондықтан сенің байлыққа қолың жетпеді. Ал, мен лираны ең озат тартушы болсам да, кедейліктен арылмадым.
– Кеттік, дәл кәзір Арқатқа, - деді Бансыр. – Ауыртпалықта жүрген достарымыздың бәрін де шақырайық. Олар да үйренсін.
– Сен менің дос-жаранымның ішіндегі ең сұңғыласысың, Бансыр. Сондықтан да, сенің достарың көп. Айтқаның болсын. Кәзір бәрін жинап барайық, ендеше.
1 Шилан – белге бекітілетін былғары әмиян
Бабылдағы ең бай адам
Ежелгі Бабылда Арқат деген асқан бай кісі болды. Оның байлығы туралы сыбыс барлық жерде аңызға бергісіз әңгімеге айналыпты. Оның үстіне ол жомарттығымен атын әйгілеген. Ол садақа беруде де алдына жан салмапты, жанұясына да, өзіне де шығынданудан аянбаған.Соған қарамастан, оның табысы жыл сайын еселеніп отырыпты.
Бір күні оған бала кезгі достары жиналып келіп, былай дейді:
– Арқат, сен бізден гөрі жолың болған жігітсің. Сен Бабылдағы асқан ауқатты байға айналдың, ал біздің үрерге итіміз, сығарға битіміз жоқ, кедейміз. Сенің қалаған сәнді киімді киюге де, таңдаған ләззәтпен рахаттануға да ықтиярың мол. Ал, біздер жанұямызбен бойымызға табылғанын іліп, асқа бұйырғанын ішіп жүрген жайымыз бар.
Бірақ бір кезде бәріміз де бірдей едік қой. Бәріміз де бір ұстаздан тәлім алдық. Ойнағанымыз да – бір ойын. Сенің оқуда да, ойында да бізден озық болған кезің болмады. Соған қарамастан, сен соңғы жылдары қаладағы аса құрметті тұрғын болуға бізден гөрі бұрын қол жеткіздің. Сенің бізден артық еңбектенген жерің жоқ, жұмысың да біздікінен қиын емес. Ендеше, қанша тілесек те, тырбынсақ та, бізді емес, баянсыз бақтың барлық ырыс пен ләззәтқа бөленетіндей сені ғана таңдағаны қалай?
Бірақ, Арқат оларға мына сөздермен қарсы шығыпты:
– Егер де сендер бәріміздің балғын шағымыздан кейінгі ғұмырларыңда тек қана жұпыны тірлікке сәйкес табыс тапсаңдар, онда – сендер байлық пен бақты қондыратын заңды білмегендерің болмаса оны ұстанбағандарың.
Бақ дегеніміз – аса қатал да, ешкімге де ғұмыр бойы тұрақтамайтын ырыс. Керісінше, ол еңбек сіңірмей алтынмен апталған кез келген адамды күйретеді.Ол қалталылардың талайын керексіз шығынға жолықтырып, көп ұзамай, олардың таусылмайтын сұранысы мен қажетін өтеусіз қалдырады. Ал, кейбіреулері жұққан байлығын соншама тықпалап, шығынға барынша сараң болып, жұмсалғанның орнын толтырумен күнін зая етеді.Мұның үстіне олар өмірлерін тонаушылардан қорқумен өткізіп, қонған бақ пен ырыстың рақатын көруден қалады. Еңбек етпей тапқан алтынды ғұмырының соңына дейін еселеп, бақыт пен рақатқа бөгіп өтетіндер де бар. Бірақ ондайлар мейлінше аз, олар туралы естігенім болмаса, кездестірмедім. Кездейсоқ бай мұраға ие болғандарды еске алыңдар да, менің айтқаным қаншалықты дұрыс екенін ойланып көріңдер. Арқаттың достары мұрадан байыған талай еске алды да, оның айтқандары бұлжымайтын шындық екеніне көздері жетті.Енді олар Арқаттың өзінен осыншама байлықты қалай жыйғанын айтып беруді сұрады.Арқат болса, сөзін әрі жалғады:
– Жас кезімде бақыт пен ырысқа жолықтыратын біршама нәрсе көрдім.Бірақ оларға ие болуға тек қана байлық жәрдемдесетінін ұқтым. Байлық – енапат күш. Оның көмегімен көптеген нәрсені болдыру ықтимал. Үйіңді ең әдемі жиһазбен сәндеуге болады. Теңізде жүзіп, талай жерді аралау да соның арқасында мүмкін. Ондайда қияндағы елдің таңсығынан да рақат табасың.Зергерлерден таңдап жүріп ең керемет әшекей де сатып аласың. Зәулім тәухана (храм) да тұрғызасың. Жаның қалаған, сезімің іңкәр талай нәрсені істеуге әбден болады.
Осының бәрін ұққан соң, мен өмірдің игілігінен өз несібемді алуды шештім. Өзгелердің рақатын қызықтаудан бас тарттым. Алба-жұлба киімді жаратпасам да, өзіме лайық киінуді мақұл көрдім. Кедейдің тағдырына көндіккім келмеді.Мына жайнаған өмірдің тойына қонақ болғым келді. Өздерің білетіндей, мен кедей сатушының ұлы едім, жанұямыз үлкен болды да, мұрадан үміттену орынсыз еді. Өздерің айтқандай, дарынды қабылетіммен ерекшелене алмағасын, ойлағаныма ие болу үшін маған уақыт пен білім керек деп шештім. Уақытты алсақ, ол менде де басқалардағыдай ағыл-тегіл еді.Баю үшін уақыт сендерде де барынша жеткілікті болғаны рас қой. Бірақ та, сендердің бір ғана мадақ тұтатындарың жанұя ғана екенін өздерің де айттыңдар. Білімге келсек, оның екі түрі болатынын біздің дана ұстазымыз айтты емес пе: біреуін біз мектепте аламыз, ал келесісі біздің өмірлік тәжірибемізден қалыптасады. Сондықтан мен байлықты қалай жыюды білгім келді және оны өзіме міндет қылдым. Төбемізде күн сәулесі барда өмірдің рақатын көрудің несі ерсі? Күңгірт дүниеге аттануға тура келерде уайым мен қайғының өзі келеді ғой. Мен жазбалар бөлімінде жазарман болып жұмысқа тұрдым. Сөйтіп, күн сайын сазпарақтың2 бетін шимайлаумен сағаттар бойы бел жазбадым. Солай еңбектенумен апта артынан апта, ай соңынан ай өтсе де, табысым тақұл-тұқыл болып діңкем құрыды. Ас та, киім де, садақа да, басқасы да тапқанымды жұтты да тұрды. Бірақ баюды ешқашан да естен шығармадым. Бір күні қала әмірінің үйіне өсімгер3 Алғамыс келді де маған Оныншы заңды сазпараққа жазып беруді тапсырып, былай деді:
– Маған бұл заң екі күннен кейін керек, егер жұмыс мерзімде орындалса, мен саған екі жез бақыр4 берем.
Мен болсам, барымды салдым, бірақ заң шұбатылған шұлғаудай ұзақ еді. Сөйтіп, Алғамыс екінші рет келгенде заң дайын болмады. Ол бұрқан-тарқан болып, маған сонша ренжіді, егер де оның құлы болғанымда, арқамды қан-жоса етіп сабап тастар еді. Бірақ менің қала әкімін арқа тұтатыным болғандықтан, одан тайсалмастан былай дедім:
– Алғамыс, сен аса бай адамсың. Баю жолын маған да айтып берші, мен түні бойы бел жазбастан, заңды сазпараққа түсіріп берейін.
Ол күлімсіреді де, былай деді:
– Сен нағыз алаяқ екенсің,бірақ мен бұл ұсынысқа келісейін.
Түні бойы мен бүкірейген күйі жұқалтақ саздан құйылған тақтайшаларға заңды жырып жазумен болдым, білтешамның иісінен басым қақырайтындай ауырды, көзім бұлдырап, көрместей хал кештім. Дегенмен, тапсырыс беруші таң ата келгенде, сазға түсірілген заң әзір болды.
– Ал, енді,- дедім – берген уәде бойынша, маған айтарыңды жайып сал.
– Сен мәміле бойынша өз шартыңды орындадың, ұлым, - деді ол жұмсақ дауыспен, – мен де өз уәдемде тұрайын.Мен саған керек жайтты баяндайын, онсыз да қартайдым, қарт адам шешенсуді ұнатады. Ал, ақылдасуға келген жастар бойларына даналықты сіңіреді. Бірақ көбіне жастар даналық жас баса қонатын қасиет деп ұғады да, оған жас кезде мойын бұрмайды. Мынаны еске сақта: сәуле шашып тұрған күн, сенің әкең туғанда да солай болып тұрған, сенің шөбереңнің соңы одүниеге жөнелгенде де, осындай күн болып қалмақ.
«Жастардың ойы, - деді ол, – аспанды тіліп аққан құйрықты жұлдыздың жарығы секілді, ал қарияның даналығы – мәңгі өшпейтін жұлдыздың жарығындай, теңізде жүзгендер оларға қарап бағдарын түзейді. Менің сөздерімді есте сақта, әйтпесе, өзіңнің түнгі жұмысың бекерге атқарылғандай өкінетін боласың». Ол маған жүндес қабағының астынан жанарын тіктеп қарады да, қоңыр дауыспен былай деді:
– Мен байлыққа барар жолға, тапқан ақшамның бір бөлігі өзіме тиесілі болғанда ғана түстім.Ол сенің де қолыңнан келеді. – Ол көкірек тесердей көзқарасын қадай түсті де, одан әрі үндей қоймады.
– Болғаны осы ғана ма? – дедім мен.- Тапқан ақшамның бәрі де, онсыз да менікі емес пе?
– Тіпті де олай емес, айналайын, – қарсыласты Алғамыс. – Тігіншіге төлемейсің бе? Ал етікшіге шапата тіккені үшін ше? Ал ішкен асыңа кім төлейді? Бабылда шығынсыз тіршілік етпейсің ғой. Соңғы айда тапқан ақшаның қаншасын осылайша шығындадың? Ал, жыл бойына? Ақымақсың! Сен өзіңнен басқаның бәріне төлейсің, соны білесің бе? Осылай тапқан ақшаң басқаларға кетіп жатыр ғой. Ендеше, солай жалғастыра бер – құлқынның құлы болып, қожайынның ас пен киімге берген пұлымен шектеліп.Егер де сен тапқан ақшаның оннан бір бөлігін өзіңе қалдырып отырсаң, он жыл ішінде қанша жыйнар едің?
Мені есептен алған сабағым ұялтқан жоқ, жылдам жауап бердім:
– Бір жылда тапқан табысқа тең болар еді.
– Бұл дұрыс жауаптың бір бөлігі ғана, - деп ол қарсылығын тағы білдірді. - Сен жинаған әрбір алтын бақыр, сенің құлың болады да, саған жұмыс істей бастайды. Ол әкелетін әрбір жез бақыр сенің құлыңның ұлы ретінде саған тағы еселей жұмыс істеуге кіріседі. Егер де байып кетіп жатсаң, жинағыңның бәрі саған қосыла жұмыстану арқылы сені ғұмыр бойы тілеген байлыққа кенелтеді.
Сен мені түнгі жұмысың үшін алдадым деп есептейсің бе? Шын мәнінде, мен саған мың есе көп ақы төледім, егер де сен менің ашқан құпиямды ұға алсаң. Сен тапқан ақшаның бір бөлігі ғана саған тиесілі.Бұл бөлік табыс мөлшеріне қарамастан, кемінде оннан бір бөлігін құрауы керек. Әрине, одан да көп бөлігін өзіңе арнауға болады, егер де сенің жағдайың оны көтерсе. Табыс тапқан күні ең алдымен өзіңмен есептескен жөн. Тігіншіге де, етікшіге де өзіңнен қалғанымен ғана есептесуге дағдылан. Соның ішінен, асқа да, садақаға да, қайырымға да қалдыруды ұмытпа. Байлық титтей тұқымнан жайқалатын ағаш секілді. Өзің үшін сақтаған алғашқы жез бақыр, кейін өсіп шығатын байлық ағашының тұқымы болмақ. Неғұрлым сол тұқымды тезірек ексең, соғұрлым тезірек байлық ағашы көгеріп шығады. Ыждағатпен жинақтау арқылы неғұрлым оның топырағын тыңайтып, суарған сайын, оны көлеңкелеп, рақатына соғұрлым тезірек бөленесің.
Осыны айтты да, ол өзінің сазжазбаларын алып ғайып болды. Мен оның айтқандары туралы көп ойлана келіп, шынында да әлдебір мәннің барын байқадым. Сөйтіп, не болса да іске кірістім. Әрбір тапқан ақшамның оныншы бөлігін алып, жинай бердім. Бір қызығы, одан менің жағдайым нашарламады.Мен,тіпті, бұрынғы халымнан айырмасын аңғармадым. Алайда, жинағым өскен сайын оны финикейлер жерінен артынып келген саудагерлер ұсынған әлдебір затты алуға құмарттым да тұрдым. Бірақ ақылға жеңдіріп, әлгі алдамшы құмарлықтан өзімді құтқарып отырдым.
Он екі ай өткен соң Алғамыс бір күні келді де, былай деп сұрады:
– Қане, ұлым, айта ғой, соңғы жыл бойы табыстың оннан бір бөлігін өзіңе төледің бе?
– Иә, ұстаз, - деп маңғаздана жауап бердім.
– Бұл жағымды жайт екен,- деді ол маған тесіле қарап.
– Ол ақшаңды не істедің?
Ол жинақты мен Тир қаласынан бағалы да сирек финекей тастарын сатып әкелуге Азмұр кірпішшіге берген едім. Ол тасты алып келсе, қымбатына сатып, табысты бөлісуге келіскенбіз.
– Ақымақ, саған әлі де ақылды бола түсу керек екен, - күбірледі ол.
– Сен неге қайдағы бір кірпішшінің асыл тас саудалай алатынына сендің? Немене, сен кірпішшіге барып, жұлдыздар жөнінде ақыл сұрар ма едің? Басыңда түйірдей ақыл болса, жұлдызшыға барар едің. Жинағың жоғалды деп есептей бер, шырағым. Сен өзіңнің байлық ағашыңды тамырымен қопарып тастадың. Енді саған басқасын отырғызуға тура келеді. Тағы біреуін егіп көр. Келесіде саған асыл тас жөніндегі кеңес керек болса, зергерге бар. Егер де қой жөнінде білгің келсе, шопанға бар. Кеңестің құны түкке тұрғысыз, бірақ сен кеңесшілерге іске жарамды кеңес үшін барғаның жөн. Оның үстіне, түкке тұрғысыз да біліксіз кеңеске құлақ асқандар барлық қаржысын құрбан етуі ықтимал, - деді де ол кетіп қалды.
Шынында да оның айтқаны айдай келді.Финекейліктер алаяқ болып шықты. Азмұрға асыл тасқа ұқсас пайдасыз шыны сынықтарын беріп алдап соққан. Бірақ мен оған мойымастан, Алғамыстың кеңесіне сәйкес табысымның әрбір оныншы бөлігін қайтадан жинауға кірістім. Оның үстіне, мен оған машығып алдым, енді өзім үшін қор жинау оңай болды.
Бір жылдан соң Алғамыс жазарман бөлмесіне кіріп келді де,маған бұрылып:
– Қане, баянда, соңғы рет көріскелі бері не бітірдің?
– Мен өзіме ұқыпты түрде төлеп келдім,- дедім, – сосын жинағымды қалқан жасаушы Аққар шеберге қола сатып алуға қостым. Ол маған төрт ай сайын үлесімді төлеп келеді.
– Онысы жақсы екен. Ал сен түскен үлесіңді не істеп жатырсың?
– Мен дастарханға бал мен нәзік шарап қойып, бұрышты тандыр шашып үлкен той жасадым.Өзіме сәнді шапан сатып алдым.Енді келесі жолы есек алып мінуді жоспарлап жүрмін.
Алғамыс рақаттана күліп алды да:
– Сен өз жинағыңның балаларын қырып салған екенсің. Енді олар саған қалай жұмыс істейді? Және саған қызмет ететін олардың балалары қалай тумақ? Ең әуелі өзіңе қызмет ететін алтын құлдардан әскер жасақтау қажет, сосын барып, алаңдамастан өзіңе той-думан жаса, – деді де, тағы да кетіп қалды.
Содан кейін оны мен екі жыл бойы көрмедім. Бір күні тағы кезіктірдім, жүзін терең әжім басыпты, жанары жасаурай береді, нағыз қарияға айналыпты, жарықтық.
– Арқатжан, армандаған байлыққа қол жеткіздің бе? – деп сұрады ол.
– Жеткенім әлі де жеткіліксіз, – бірақ та, жинағаным біршама, ол қор маған күн өткен сайын ақшамды еселеуде.
– Ал, сен әлі күнге кірпішшінің кеңесіне тәуелдісің бе?
– Ол маған кірпіш басу жөнінде ғана жақсы кеңес береді, - дедім.
– Арқат, сен өзіңе керек сабақты жақсы меңгеріпсің,- деп жалғады сөзін ол. –
Сен әуелі жалақыңнан аз ақшаға тірлік еттің, сосын кеңесті тек қана біліктіден алуды үйрендің. Ақырында өзіңе тиесілі алтынды өзіңе жұмыс істетуді меңгеріпсің. Сен ақша жинауды, оны сақтауды әрі оны жұмсауды игердің.Енді сен үлкен іске әзірсің. Мен болсам, қартайдым. Ұлдарым болса, дайын ақшаны жұмсауға ғана құмар, молайтуды ойлар емес. Өзімнен кейін не боларын ойласам, шошынамын. Сен Ниппурға бармайсың ба, менің жерімді қадағалауға? Мен саған үлесіңді табыстай да, мұралай да беремін. Сөйтіп, мен Ниппур қаласына барып, бай қарттың алып иелігін меңгеруді қолға алдым. Байлықты еселеудің үш заңын біле жүріп, мен ол иеліктің құнын арттыра білдім. Алғамыстың жаны күңгірт дүниеге аттанар кезде, ол маған куәләрдің көзінше менің үлесіме сай тиесілі мұрасын қалдырып кеткен еді.
Арқат өз әңгімесін бітіргенде, достарының бірі былай деді:
– Сенің жолың болғанда, сені алпауыт Алғамыс өзінің мұрагері етті ғой.
– Менің жолымның болғаны сол – менің онымен кездескенге дейін баюға ұмтылғаным еді. Мен оған төрт жыл бойы өзімнің мұратыма жететінімді дәлелдедім емес пе? Төрт жыл бойы балықтың қабу тәсілін зерделеп, жел бағытының құбылуына қарамастан, ауды тиісті жерге құра алатын адамды қалай жолы болғыш жан деп есептейсің? Сәттілік деген – тәкәппар пері. Ол дайын емес адамға уақытын кетірмейді.
– Сенің ерік-жігерің мықты екен. Бір істі қайтадан бастауға шыдамың жетті ғой.
– Ерік-жігер дейсің бе? Бос сөз. Түйе де көтере алмас жүкті көтеруге болмаса өгіз тарта алмас арбалы жүкті тартуға ерік адамға қуат бере ме? Ерік күші дегеніміз – бар болғаны айдаушы ғана, менің алдыма қойған міндетті орындауға итермелер қамшы. Алдыма түкке тұрғысыз мақсат қойсам да, оған мен қалай да жетем.Әйтпесе, мен мұндай байсалды істерге өзімді салмас едім. Егер мен өзіме «Жүз күн бойы қалаға көпір бойымен кірерде жолдағы тастарды өзенге лақтыру керек» деп уәде етсем де, оған ойланбастан кірісер едім. Егер де жетінші күні тас лақтыруды ұмытып кетсем, өзіме: «Ертең бірден екеуін лақтыруым керек» деудің орнына, кейін бұрылып барып, бәрібір тастар едім. Ал, жиырмасыншы күні өзіме өзім: «Арқат, жетер, пайдасыз іс қой. Күн сайын тасты шыйырғанда, не бітеді? Одан да бірден жинап алып, лақтыр да тынсайшы» демес те едім, олайша тас та лақтырмас едім. Егер мен алдыма міндет қойсам, оны орындамай қоймаймын.Сол себепті де, алдыма күрделі әрі орындалмайтын мақсат қоймаймын.
Екінші досы тұрды да былай деді:
– Сенің айтқаның рас болса және ол сондай жеңіл болса, неге айналаңда кедейлер толып жүр?
– Адамдар еңбегін салса ғана байлық көгере түседі, - деді оған Арқат. – Егер бай өзіне жаңа сарай салса, оған жалатылған алтын жойылып кете ме? Жоқ. Өз үлесін кірпішші де, қалаушы да, суретші де алар еді. Құрылысқа еңбек қосқан әр адамның өз үлесі бар. Ал сарай дайын болғанда, оның құны салынған қаржыдан кем бола ма? Ал, сарай тұрғызылған жер мен оның маңы баға жағынан қымбаттамай ма? Байлық әлдебір сиқырлы жолдармен еселене түседі, ол жолдар ешкімге де мәлім бола бермейді.Финекейліктер өздерінің ірі қалаларын кемелермен тасыған байлықтың арқасында бетпақ далаға салып алған жоқ па?!
– Ал, енді біздің де баюымызға керек кеңесті сен қалай берер едің? – деп сұрады үшінші дос.
– Жылдар болса, жылжып өтуде. Ал біз қартая түспекпіз, күтуге уақыт жоқ.
– Алғамыстың даналығын пайдаланыңдар әрі өздеріңе былай серт берген жөн: «Мен тапқан табыстың бір бөлігі өзіме тиесілі». Сосын табыстарыңның бір бөлігін жинай беріңдер. Ол табыстың кемінде оннан бір бөлігі болғаны мақұл. Бұл үшін барлық шығынды төлеген дұрыс. Бірақ алдымен өз үлестеріңді бөліп алыңдар.Көп ұзамай, оның соншалықты жанға жайлы әрекет екеніне көздерің жетеді – қолдарыңда өз мүдделеріңе ғана жарататын қаржы қорланады. Қаржы молайған сайын сезімдерің семіре түседі. Өмірлеріңнің мәні артады. Сендер барған сайын көбірек қаржы табуға мүдделі боласыңдар, сол кезде өздеріңнің үлестерің де молаяды.
Содан соң қорланған қаржының өздеріңе жұмыс істеуіне әрекет керек. Жинақты өздеріңе құл ете білу қажет. Олар балалайтын болсын, ал ақша-бала да балалауға кірісуі керек, сөйтіп, олардың барлығы жиылып, қожайын игілігіне қызмет етуі тиіс. Өз келешектеріңді қамтыңдар. Қарияларға назар аударып, уақыт келгенде сендер де сондай болатындарыңды ескеріңдер. Сондықтан ақшаны іске абайлап салыңдар, ол құнсызданып не жойылып кететіндей болмасын. Ақшаны қарызға беру – теңіз кешкен аңғал сапаршыны жартасқа соқтыратындай алдамшы жайт. Әрине, одүниеге де алаңсыз түрде артта қалған әулетіңіз кедейлікке ұшырамауын қамти аттанған жөн ғой. Ол үшін ылғи да аздаған соманы жиып отыру керек. Ылғи да білікті сарапшылармен кеңескен жөн. Кеңесті күнделікті ақшамен жұмыс істеп жүрген кісілерден алу керек. Олар сендерді бір кезде кірпішші Азмұрға ақшамды сеніп тапсырған менің басымнан кешкен қатеге ұрынудан сақтасын. Ақшаны тәуекелге тастағаннан гөрі, сенімді адамға шамалы пайызбен аманатқа тапсырған дұрыс. Тірі кезде өмірдің қызығына қуанған абзал. Ақшаны қопыратып көп жинауға ұмтылмаңдар. Табыстың оннан бір бөлігін сақтау жеңіл болса, соған қанағаттанған мақұл. Табысқа сай тірлік кешіп, ақша жұмсаудан тартынбаған абзал.Қызыққа толы кезде өмір сондай жанға жайлы. Арқаттың достары оған алғыстарын жаудырды да тарасты. Кейбіреулері томаға тұйық қалды, өйткені, көп нәрсені түсіне қоймаса керек. Бірқатары сонша бай адамның өз құпиясымен бөлісе қоюына күдік келтіргендіктен сене қоймады. Дегенмен, кейбіреулерінің көздері ұшқын шаша бастады. Олар Алғамыстың әрбір келісі адамның түнектен жарыққа жол табу сәтін бақылағаны екенін жақсы ұқты.Егер ол адам жарыққа жол тапса, онда ол тек қана әзір болғандығынан еді. Арқатқа, әсіресе соңғы топ қана келгіштеді. Ол болса, достарын қуана қарсы алып, оларға бай тәжірибесін бүкпесіз жеткізді. Алған біліктерін достары өз жинақтарын сәтті салым етуге пайдаларына жаратты, олар қорланған ақшаларын босқа жұмсамай, құнсыздандырмай, сенімді табыс көздеріне ие болысты. Бұл адамдардың өміріне сәуле шашқан жарқын күн әуелі Алғамыс Арқатқа, ал Арқат соларға берген даналықты бойларына сіңіруден басталған еді.
СЕН ТАПҚАН ҚАРЖЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ ҒАНА ӨЗІҢЕ ТИЕСІЛІ
2 Сазпарақ – ежелгі Бабыл жазбалары түсірілген жұқа кірпіш
3 Өсімгер – ежелгі Бабылдағы қарызға ақша беретін не ақшаны салымға алып еселеуші
4 Бақыр – метал ақша
Қабысқан әмиянның жеті дауасы
Бабылдың даңқы мәңгі өшпес. Талай ғасырды аралап, бізге қаптаған ежелгі қалалардың ішінен оның өлшеусіз қазынасы туралы дерек жетіп отыр. Бірақ ылғи да бұлай бола бермеген. Бабылдың байлығы оның тұрғындарының қаржылық сауатының нәтижесі еді. Оларға әуелі байлыққа жету жолын меңгеру керегі алдарында тұрды. Бабылдың ұлы патшасы Сарғон Эламмен арадағы соғыстан қайтқанда, ол ауыр жағдайға душар болды. Бас уәзір оған мынаны баяндайды:
– Ұлы патша, көп жыл бойы су арналары мен зәулім тәуханалар (храм) тұрғызған кезде ел гүлдене дамыды. Енді бұл құрылыстардың бәрі біткенде, халық сол ауқатынан ажырап қалды. Жұмыссыздар көбейді. Саудагер үшін сатықшы (покупатель) сиреді. Дихандар болса, астығын сата алмай әуре.Тұрғындарда өздеріне керек азықты сатып алатын ақша жоқ.
– Ау, құрылысқа жұмсаған ағыл-тегіл ақша қайда кетті? – мазасыздана сұрады патша.
– Ақша өз жолын тауып сонымен ағып кетті, - деді уәзір. – Алтын қоры сүзгіден өткен ешкі сүтіндей, халықтың қолынан сусып, ат төбеліндей топтың әмиянына көшті. Одан әрі алтынның ағысы іркілді.
Патша ойланып алды да,былай деді:
– Неге аз ғана топтың қолына алтынның бәрі шоғырланды?
– Өйткені, ол топ солай істеуді білгендерден құралған, - деп жауап берді уәзір.
– Оларды табысқа жету ілімін игергендері үшін жауаптай алмаймыз. Сондай-ақ, олардың байлығын қабылетсіздер мен қаржылық сауаты төмен адамдарға бөліп беру де әділетсіз болар еді.
– Неге олай дейсің,- деді патша, – неге жұрттың бәрі сол сауатты меңгеріп, байи алмайды?
– Ол әбден мүмкін, ұлы мәртебелі. Бірақ кім оларды оқытып шығарады? Абыздар ма? Олар қаржы ісін білмейді ғой!
– Баю жолын қаламызда ең жақсы білетін кім бар? – сұрады патша.
– Бұған жауап өзінен өзі туындайды, ұлы мәртебелі.Бабыл қазынасының ең мол қорын иеленген кім?
– Оның дұрыс. Ол – Арқат қой. Бабылдағы шылқыған бай - сол.Оны ертең менің алдыма келтіргін.
Ертеңіне патша бұйырғандай, Арқат бай патша алдында тұрды. Оның бойы тіп-тік, жетпіс жасына қарамастан,кеудесі шалқақ, рухы асқақ еді.
– Арқат, - деді оған патша,- сенің Бабылдағы ең ірі бай екенің рас па?
– Солай дейді ғой жұрттың бәрі, ұлы мәртебелі.
– Ендеше,сен қалай соншалықты байыдың?
– Мен даңқты қаламыздың кез келген тұрғыны қол жеткізе алатын мүмкіндіктерді ғана пайдаландым.
– Сонда сен, қолыңда ештеңе болмай тұрып бастадың ба?
– Баюға деген үлкен ынта болса болғаны. Басқа ештеңе де керек емес.
– Арқат, – сөзін жалғады патша,- қаламыз ауыр халды бастан кешуде, өйткені, баю жолын аз ғана топтың білгені болмаса, көпшілік қаржы қорландыруды білмей, мұсалдат күйін кешуде. Мен Бабылдың әлемдегі ең бай қалаға айналуын қалаймын. Ол үшін бізде жұрт ауқатты болу керек екен. Демек, тұрғындарға баю жолын үйрету керек. Айтшы, Арқат, осы байлыққа жетудің қандай құпиясы бар? Оны білудің жолдары бар ма?
– Оны білу әбден мүмкін, ұлы патша. Ол ілімді игерген адам басқаларға да үйрете алады.
Патшаның жанары қуаныштан жарқ етті.
– Арқат, сен менің естігім келген сөзді айттың. Осы ұлы істі қолға алсаң қайтеді? Сен бұқараны оқытатын топқа өз білігіңді бересің бе?
Арқат иілді де былай деді:
– Сізге қызмет етуге әзірмін. Өз білігімді отандастарыммен бөлісіп, даңқыңыздың артуына үлес қосамын. Сіздің кеңесшіңіз жүз адам сыярлық маған орынжай әзірлесін. Мен әлгі топқа өз әмиянымды толтыруға септік еткен жеті сабағымды берейін де, Бабылдағы әмиян біткеннің толуына үлес қосайын.
Бір апта өткесін, патшаның жарлығымен іріктелген жүз адам барын киіп, Білім сарайының үлкен бөлмесіне алқа қотан отырды. Арқат бөлмеге хош иіс тарататын тұтатқыштың жанына жайғасыпты.
– Қарай гөр, мына Бабылдың басты шонжарына,- деп қасындағысының бүйірін түртіп жатыр жиналғандардың бірі, – Бізден айырмасы жоқ қой.
– Мен сіздердің алдарыңызда біздің ұлы патшамыздың жарлығы бойынша тұрмын, - деп бастады Арқат,
– Бір кезде мен де мол байлықты аңсаған кедей жігіт едім, сол арманға қол жеткізген ілімді тауып, дегеніме жеттім.
Өз өмірімді жоқшылықпен бастадым, сендерден де, Бабылдың басқа кез келген тұрғындарынан да айырмам болған емес. Менің алғашқы байлығымның қоймасы жұлым-жұлымы шыққан әмияным еді. Оның қабысқан түріне қарап жыным келетін. Мен оны толтыру жөнінде шешім қабылдап, ішінде алтын теңгелердің сылдыры болуын қаладым. Сол себепті, ол үшін барлық сайманды іздеп бақтым. Ақыры оның бір емес жетеуін таптым. Сендерге мен бүгін бос әмиянға арналған жеті дауаның сыйқырын ашып, оны алтынмен апталғысы келетіндерге ұсынамын. Бір апта бойы күн сайын сендерді осы дауалардың біреуімен таныстырамын. Менің айтқандарымды қалт жібермей тыңдаңдар.Айтылғандардың бәрін де бірге талдаймыз. Оны өзара талқылаңдар. Қысқасы, әмияндарыңа байлық тұқымын себетін бұл сабақтарды жақсылап игеріңдер. Сендер ең әуелі игілікті жеке бастарыңа жасауларың керек, содан кейін, өздерің игеріп болған соң ғана бұл ілімге өзгелерді сендіріп, оларға сіңіре аласыңдар. Мен сендерге әмиянды толтырудың қарапайым тәсілдерін үйретемін.Бұл алғашқы саты болмақ. Байлық шыңының бастапқы сатысын баспай тұрып, оның құзар басына бір де бір адам шыға алмайды.
Ал енді алғашқы дауа туралы сөйлесейік.
БІРІНШІ ДАУА. Әмиянды қампита баста
Арқат екінші қатардағы тұнжыраған кісіге қарап:
– Айтшы,қайырымды дос, сенің кәсібің не?- деді.
– Мен жазарманмын. Сазпарақтарға жазба түсірумен шұғылданам.
– Мен де дәл сол кәсіппен алғашқы бақырды тапқан едім.Демек, сенде де игілікке дәл солай жету мүмкіндігі бар.
Енді ол әріректе отырған қызыл шырайлы кісіге қарай сөйледі:
– Сен айтшы, қалай нан тауып жүрсің?
– Мен қасапшымын, - деді ол.
– Шаруалардан ешкі сатып алып, соямын да сатамын, ал терісін етікшілерге сауда қыламын.
– Егер сенің жұмысың тұрақты болып, ақша таба білсең, жетістікке мен секілді жетесің.
Осылайша Арқат жиналғандардан олардың кәсіптерін біліп шықты. Сұрастырып болғасын, ол былай деді:
– Көрдіңдер ғой, шәкірттер, ақша табатындай мамандық та, кәсіп те жетеді. Қаржы табудың әрбір тәсілі – еңбеккердің өз әмиянына бұрып алатындай алтын жылға. Әрқайсыңның әмияның арқылы ақша ағыны жүреді. Оның тасқынды болу-болмауы өздеріңе байланысты.Келісесіңдер ғой бұған?
Бәрі де бастарын изеді.
– Бірақ та, әрқайсың байлыққа ұмтылсаң, онда өздерің бастаған сол байлық көзінен бастаған мақұл емес пе?
Олар тағы да бас изесті.
Енді Арқат, өзін жұмыртқа сатушы ретінде таныстырған ұялшақтау кісіге назар аударды:
– Егер де себетке ертеңгісін он жұмыртқа салып, кешкісін тоғызын ғана алып отырсаң, не болар еді?
– Уақыт өте келе жұмыртқа сыймай кетер еді.
– Неге?
– Өйткені, күн сайын мен алғаннан гөрі салған жұмыртқа бір санға артық қой.
Арқат жиналғандарға күлімсірей қарады:
– Қане, кімнің әмияны бос?
Отырғандар бір біріне мазасыздана қарады да ду күлді, бәрі де әмияндарын алып, оның бос екенін бұлғай көрсетті.
– Жарайды, - сөзін жалғады Арқат. – Ал енді сендерге мен бос әмиянды емдейтін нәрсе туралы айтып берейін. Жұмыртқа сатушыға айтқанымды ауытқымай істеңдер. Әмиянға түсетін әрбір он теңгенің өз қажеттеріңе тоғызын ғана жұмсаңдар. Әмиян барған сайын қампия түседі де, оның толыққаны жаныңды жадыратады. Мұны істеу жай ғана нәрсе деп ойлайсыңдар ма? Ақиқат әуелден-ақ қарапайым.Мен сендерге қалай байығанымды айтуға уәде еттім. Сеніңдер, менің баюға кірісуім де, дәл осылай басталды. Мен де қабысқан әмиянды ұстаған сайын оны қарғап-сілеп жүрдім. Өйткені, онда менің қажетімді өтейтін ештеңе болмайтын еді. Бірақ жұмсалуға тиіс он ақшаның орнына тоғызын ғана шығындағанымда, ол байғұс қампия бастады. Сендердің әмияндарың да соны бастан өткізеді әлі!
Ал енді мен себебі өзіме де беймәлім бір нәрсені баяндайын. Тапқан қаржының оннан тоғызын ғана қажетіме жұмсай бастағанымда, соның өзі де жеткілікті болып шықты. Мен одан бұрынғыдан бетер кедейлене қоймадым. Оның үстіне, маған ақша бұрынғыдан гөрі тезірек келетін болды. Шамасы, кім де кім табысын қорғап, оны рәсуә етпесе, Жаратқанның өзіне мәлім заңы бойынша, оған игілік те оңай келсе керек. Демек, кімнің әмияны қаңырап тұрса, оған алтын жоламайды. Сендерге бәрінен бұрын не керек? Күнделікті қажетке асыл тастар ма, әлде жылтыраған сылдырмақтар ма, болмаса жұтынған әдемі киім-кешек пен жеңсік ас па? Оның бәрі де өткінші, келесі күні оның болғанын ұмытып-ақ кетесіңдер. Әлде сендерге нағыз құнды нәрсе қажет пе: алтын, жер, мал, сауда, табысты салым? Өз әмияндарыңнан шығаратын ақша сендерге алғашқы топтағы нәрсені әкеледі. Ал, әмиянда қалатын теңгелер сендерге екінші топтағыны бұйыртады. Менің өзім үшін ашқан, қабысқан әмиянға арналған бірінші дауа – осы, шәкірттерім. Әмиянға түскен әрбір он теңгеден мен тек қана тоғызын ғана шығындаймын. Енді мұны өзара талдап көріңдер. Егер мұның басқаша екенін дәлелдегендерің болса, оны маған ертеңгі отырыста айтарсыңдар.
ЕКІНШІ ДАУА. Шығынды қадағала
– Кейбіреулерің маған мынадай сауал қойдыңдар: «Табыстың оннан бір бөлігін қалай сақтауға болады, егер де тапқан табыстың өзі де солайымен тірлікке жетпесе?» - деп бастады екінші күні Арқат өз сөзін.- Кеше кімнің әмияны бос болып еді?
– Бәріміздің де, - шу етті шәкірттер.
– Сендер әртүрлі табыс табасыңдар ғой. Біреуі көп, енді бірі аз дегендей. Біреулерің көпбалалы, енді біріңде жанұя үлкен. Соған қарамастан, бәріңде де әмиян бірдей босаған. Енді мен сендерге қарапайым емес ақиқатты ашайын. Ол мынау: егер оған өздерің қарсы тұра алмасаңдар, сендердің бәрің айтатын «күнделікті қажеттілік» табыстарың өскен сайын арта береді.
Күнделікті қажеттілік пен өздеріңнің нәпсілік құмарларыңды шатастырмаңдар. Әрқайсыңда тапқан табысқа сәйкес қажеттіліктен гөрі құмарларың басым. Сондықтан да жиналған ақша әлгі қаптаған құмарды қандыруға шығындалып жатады.Соған қарамастан, қанағаттандырылмаған құмардың шегі бәрібір де болмайды. Шамасына қарамастан адамның бәрінде де құмар көп болады. Мен шылқыған бай болсам да, ойлағанымның бәріне қолым жетеді деп ойлайсыңдар ма? Тіпті де, олай емес. Оның бәріне қол жеткізуге уақытым да жоқ. Күшім де жетпейді. Жүретін жолым да шектеулі. Жегім келген астың бәрін де жей алмаймын. Жаным құмар өмір ләззәтының бәрімен бірдей рақаттанып үлгере алмаймын. Мынаны ескеріңдер: шаруаның қопсытқан алқабында, тамырына жеткілікті жерде қаптайтын арамшөп секілді, егер бәрін қанағаттандыруға мүмкіндік табылып жатса, адамның ниетінде де арамшөп қаптайды. Адамның айналасы қаптаған құмарлық, бірақ оның аз ғана бөлігіне қанағаттануға тура келеді. Өздеріңнің өмірлеріңе қажет әдетке бас қатырыңдар. Адам үшін шығынның басты бөлігін солар құрайды. Оларды салауатты түрде қысқартуға да, тыюға да болады. Сондықтан да өздерің ақша жұмсайтын нәрсенің тізімін алдын ала жасағандарың мақұл. Олардың ішіндегі ең қажеттісін ғана іріктеп, оған табыстың оннан тоғызын ғана жұмсау керек. Қалғанын сызып тастап, оларды орындалмайтын тілектерге жатқызып, оған өкінбеген абзал. Содан соң барлық қажет шығынды ойластырыңдар.Әмиянды толтыруға тиіс оннан бір бөлік табысқа қол тигізбеңдер. Ол сендердің орындалуға тиісті ең басты тілектерің болсын. Ал шығын кестесі әмиян қампайтуға қажетті ең бірінші көмекші болуы керек. Осы кезде алтынмен әдіптелген қызыл шапанды шәкірт орнына тұрып, былай деді:
– Мен ерікті адаммын. Меніңше, өмірдің бар рақатын тұшынған дұрыс. Сондықтан да, маған нені шығындап, нені тұтынуды нұсқайтын есеп-қисаптың құлы болғым келмейді. Ол жағдай менің өмірімді жадыратпайды әрі өзімді жүк артылған есекке айналдырады.
– Ендеше, ол шығындардың бәрін кім айқындайды, шырағым-ау?- сұрады Арқат.
– Өзім, - деді шәкірт.
– Егер жүк артылған есек қанарға салынған нәрселерді талғайтын болса, оның ішіне ап-ауыр асыл тастар мен кілемді, алтын құймасын салар ма еді? Жоқ. Ол өзіне жем-шөп пен шөлден өтуге қажетті су толы мес артқан болар еді ғой.
Шығын кестесі әмияныңды толтыруға көмекші ғана. Ол саған барлық қажетті нәрсе мен атқарылуы мүмкін басқа да тілекті орындайды ғой. Оның жәрдемімен сен өзіңе нағыз керек нәрсені кездейсоқ құмардан ажырата аласың. Ол түнектегі сәуле секілді, қаржының текке жұмсалу жолына жарық түсіреді де, пайдасыз шығынды доғартады. Сонымен, қабысқан әмиянға қажетті екінші дауа мынау: табыстың оннан бір бөлігі шығындалмайтындай, қаржыңды күнделікті қажетке де, сайрандауға да және негізгі құмарды қандыруға да жететіндей жұмса.
ҮШІНШІ ДАУА. Ақшаңды еселеуге қамдан
– Әмияның тола бастады. Ондағы табыстың оннан бір бөлігін қалдыруға өзіңді көндірдің.Жинақты қору үшін өз шығындарыңды қадағалай бастадыңдар. Енді ақшаларыңды сендерге жұмыс істететін әрі көбейтетін сайман керек. Әмиянда жатқан алтын сендердің жандарыңды жадыратып, көңіл тоғайтқанымен, ешбір табыс әкелмейді. Жиналған қаржы – бар болғаны алғашқы қадам ғана.Жинақ табыс әкеле бастағанда ғана есіктен байлық сығалайды, - деп бастады Арқат үшінші күні, шәкірттері алдындағы дәрісін, – Алтынды яғни жинақ қаржыны қалай жұмыс істеткен жөн? Менің алғашқы ақша салымым сәтсіз болып, мен бәрінен жұрдай болдым. Бұның жайын кейінірек айтармын.
Менің алғашқы пайдалы ақша салымым қалқан жасаушы Аққар шеберге қарыздай қосқан қаржым болды. Ол жыл сайын теңіздің арғы бетінен өз кәсібіне жарату үшін көп мөлшерде қола сатып алатын. Ол үшін, саудаға салатын өзінде қаржы болмағандықтан, ол жинағы бар адамдардан қарызға ақша алатын. Ол сенімді жан еді. Алған қарызын қалқандарын сатып біткесін, мұқият түрде үстеме қосып қайтаратын. Мен ылғи да одан берген ақшаны еселеп қайтарып отырдым.Осылайша менің жинағым молайып қойған жоқ, оның өзі де мол пайда келтіре бастады. Қаржының бұлайша әмиянымды қампайта қайтып оралып жатқаны мені рақатқа бөледі. Менің сендерге айтарым, шәкірттерім, адамның байлығы – оның әмиянындағы ақша емес. Ол – адамның өзіне қамтамасыз етіп алған тұрақты табыс, әмиянға ылғи да селдей құйылып, оны қампайта түсетін байлық тасқыны. Бұл – әр адамның арманы. Әрқайсысың тіпті, жұмыссыз отырғанда да, саяхатта жүргенде де, әлгі тасқын тоқтамайтындай іске ұмтылу керек. Мен орасан жетістікке жеттім. Оның молдығы сондай, мені жұрт асқан бай кісі дейді.Менің Аққармен жасаған мәмілем, пайдалы салымның алғашқы байқауы болды.Мен білігім мен тәжірибемді сіңіре отырып, өз салымымды кеңейте түстім. Менің әмияныма қарай басында байлық тасқыны бірнеше бұлақтан, кейінірек көптеген көзден ағылды. Көрдіңдер ме? Мен өзімнің шағын ғана табысымнан, әрқайсысы маған еселеп байлық таситын алтын құлдар әскерін жасақтауды қолға алдым. Олар да, олардың ұрпақтары да, ұрпақтарының ұрпақтары да менің байлығымды ұлғайғанша тыным таппады. Алтынды жұмсай білсең, тез арада байлыққа айналады.Мынаған қараңдар: өсімгерге тұңғышы туған шаруа он күміс ақша беріп, ұлы жиырмаға толғанша сақталуына онымен шарттасты делік. Оған өсімгер келісіп, әрбір төрт жыл сайын берілген соманың ширегіндей бөлікке молаюына екі жақ та мәмілелесті. Бұл соманың барлығы шаруаның ұлына тиесілі болғандықтан, ол өсім соманың өзін де салымға қосуды ұсынды. Ұлы жиырмаға толғанда, шаруа өсімгерге келіп, тапсырған күмісінің жайын сұрады. Өсімгер оған алғашқы он күмістің мәміле негізінде ылғи да өсіп отырып, отыз жарымға жеткенін хабарлады. Шаруа бұған қуана қайран қалды, және де ұлына бұл соманың әлі де қажеті болмағандықтан, жиналған күмісті өсімгерге одан әрі қалдырды. Шаруаның ұлы елуге толғанда, оның әкесі одүниелік болған еді, өсімгер шартқа сәйкес оған жүз алпыс жеті күміс сома төледі.
Осылайша, салым сома елу жылда он жеті есеге дерлік өсті. Қабысқан әмиянға арналған үшінші дауа, міне осы: әрбір теңгені өрістегі қаптаған малдай, өзіндейлерді өндіретіндей етіп, әмиянға байлық ағынын бағыттайтын жұмысқа салыңдар.
ТӨРТІНШІ ДАУА. Жинақты жойылудан сақта Алтынның жарқылы қайғы тартады.Әмияндағы алтынды жоғалудан сақтаған жөн.Сондықтан да, данагөй адам Жаратқанның бұйрығымен ірі салым қолға түскенше, әуелі аз ғана соманы іске салып, соны сақтауды үйренеді, - деп бастады дәрісін Арқат төртінші күні, – Әрбір алтыны бар адам, сенімді көрінген іске үлкен қаржысын салғысы келіп, қыпылдайды да тұрады. Ол көбіне достары мен туыстарының жолын қуып, солай істейді де. Қаржы салудың бірінші әрі басты ұстанымы – негізгі дәулеттің сақталуын қамту. Басты жинағың жойылса, ол істен пайда іздеудің қандай мәні бар? Менің айтатыным – жоқ! Ондай тәуекелдің төлемі барыңнан айырылу болуы мүмкін. Іске салар қорыңмен қоштаспай тұрып, оның қайтып ораларына көз жеткізіп, зерделеген жөн. Тезірек баюды көксеген өзіңнің желбуаз тілегіңді басшылыққа алмағайсың. Жинаған қорыңды біреуге өткізер бұрын, ол кісінің қайтарым қабылеті мен абыройының дұрыстығын тексерген дұрыс, әйтпесе, ебіл-себіл болып жинаған қорыңды оған өз қолыңмен сыйға тартқандай күй кешуің ықтимал. Ақшаңды әлдебір іске салар бұрын, оның ықтимал қаупін ойластырып алған абзал. Менің де алғашқы ақша салымым уайымға душар етті. Бір жыл бойғы жиған-тергенімді Азмұр есімді кірпішшіге бердім де жібердім, ал ол маған Тир қаласындағы финекейліктерден сирек асыл тас сатып әкелуге тиіс болатын. Ол келгесін тастарды сатып, пайданы тең бөлуге келіскенбіз. Оған алаяқ финекейліктер жолығып, тастың орнына түрлі түсті шөлмек беріп жіберіпті.Сөйтіп, менің жинағым құрдымға кетті. Енді бүгінде мен кірпішшіге асыл тас саудасын тапсыру ақымақтық екенін білем. Сондықтан сендерге өз тәжірибемді жеткіземін: алтыныңды тәуекел етіп, өз ақылыңа сенбе. Онан да, алтынмен істеуді меңгерген білікті адамнан кеңес алған дұрыс.Ондай кеңесті тегін алуға болар, бірақ құны сен іске салар алтынның құнымен парапар. Егер сол кеңестің арқасында жинағың жойылмай аман қалса, ол шынында да солай. Қабысқан әмиян үшін төртінші дауа мынау: өз жинақтарыңды пайдамен қайтарып алатындай, сенімді іске салу арқылы сақтаңдар. Ақылгөй, білікті адамнан кеңес алыңдар.Біліктінің кеңесі алтынға парапар.Әрі оның ақылды кеңесі сендердің әмияндарыңа қойған күзет болып табылады.
БЕСІНШІ ДАУА. Жинақты тұрғынжайға сал
– Егер де адам өз табысының тоғызыншы бөлігін жинай берсе және бұның белгілі бір бөлігі зиянсыз пайдалы іске салынып, игілікке айналса, онда соғұрлым байлық тезірек пайда болады, - деп бастады Арқат бесінші күнгі дәрісін шәкірттерге, – Бабылда көптеген адамдар жайсыз жағдайда тірлік етуде. Олар баспана үшін үлкен ақша төлеуде, бірақ ол орынжайларда әйелінің жанын семіртетіндей гүл егетін де бұрыш жоқ, ал балаларға қоқыстың маңынан басқа ойнайтын орын да табылмайды.
Балалары таза жерде еркін ойнайтын, келіншектер гүлмен бірге жанұяға пайдалы көкөніс егетіндей ауласы болмағанша, ешбір жанұя өмірдің рақатын көре алмас. Еркектің көңілі өз ағашынан інжір мен өз бұтағынан жүзім жемей көтеріле қоймас. Жеке тұрғынжай оның жанын семіртіп, келесі бастамаларға қуат берер еді.Сондықтан да, өзін де, отбасын да қорғайтын әр кісіге баспана керек. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар» демекші, кез келген адам сонша тілесе, өз баспанасы болады да қояды. Патшамыз қала дуалын кеңіткені сонша, енді Бабылда қарапайым кісі сатып алардай бос жер бөлігі көбейген жоқ па? Тағы айтарым, шәкірттер, өсімгерлер үй мен жер сатып алуға ниетті адамдарға қуана келіседі. Егер өздеріңде құрылысшыға беретін ақша жеткіліксіз болса, олар оны қарызға беруге даяр. Үйлерің салынып біткенде, өсімгерге тиесілі жарнаны бұрынғы үй жалдаушы қожайынға төлегендей, қиналыссыз беріп тұра аласыз. Осындай әрбір төлем сендердің берешектеріңді кемітеді де, бірнеше жылдан соң қарыздан ештеңе де қалмайды. Сөйтіп, кеуделеріңді қуаныш кернейді, себебі, сендер, отағалар, құнды меншікке ие боласыңдар да, патшаға төлейтін салықтан басқа ештеңе қалмайды. Ал, отана өзенге барып кір жуады да, қайтарда мес толы суды әкеліп, көкөністерін суарады. Жеке баспанасы бар адамның артықшылығы жетеді. Ең бастысы, ол өмірдегі шығынды азайтып, сауық-сайран мен жеке бастың қажетіне молырақ жұмсайтын болады.Қабысқан әмиянның бесінші дауасы дегеніміз осы: жеке баспанаға сал.
АЛТЫНШЫ ДАУА. Келешек табыс көзін қамты
– Әр адамның ғұмырын оның балалық шағынан егде шағына дейін кезең қамтиды. Бәріміздің де өмір жолымыз осы, одан ауытқуға ешкімнің де қауқары жоқ, егер Жаратқан өзіне бұрынырақ қайтармаса. Сондықтан да, қауқары кетпей тұрып, артында қалатын әулеті үшін адам өзіне лайық табыс табуға әзірленуі керек деймін. Бұл сабақ сендерге болашақта ештеңе үйрене алмайтын егде кезде толық әмиян ұстап жүруге үйретеді, - деп бастады Арқат алтыншы дәрісін шәкірттерге.
– Байлықтың өсу заңын біле тұра ақша жинаған адам, ылғи да келешек туралы ойлауы керек. Дер кезінде алдын ала ойластырылған жылдарға жететіндей кейбір салымды жоспарлаған абзал.
Мығым болашақты қамтудың жолдары көп. Лайықты да жасырын жер тауып, оған өз жинағыңды көміп тастауға да болады. Алайда, қаншалықты жасырсаңыз да, ондай қазына ұрылардың табындысына айналуы қиын емес. Сондықтан бұл жолмен жүруге кеңес бермеймін. Артығымен үй мен жер бөліктерін сатып алуға болады.Егер олар дұрыс таңдалып, болашақта өз құнын сақтай алса, онда одан түсетін табыс не сату түсімі аталмыш мақсатқа лайық қызмет етуі әбден мүмкін. Шағын соманы өсімгерге тапсырып, оны тұрақты түрде толықтыра беруге де болады. Үстеме пайызын қосқанда, ол келешекте қомақты өсім бола алады. Мен Аңсан есімді етікшіні білем, ол маған сегіз жыл бойы өсімгерге апта сайын екі күміс теңге тапсырып тұрғанын айтты. Жуырда өсімгер салымды есептесе, айтарлықтай сома болыпты. Әрбір төрт жылдағы ширек сома өсімін қосқанда, оған мың қырық күміс бақыр жинақталыпты. Мен оған енді он екі жыл бойы тағы да апта сайын екі күміс салуды ұсындым да, өсімгер оған төрт мың күміс төлейтіндігін айттым. Ол сома – қартайып өлгенше жететін қор. Егер де ұсақ жарнаның өзі осындай пайда келтірсе, ендеше әр адам өзінің егде күні мен жанұясын қорғауды игілікпен қамтуды, кәзіргі ісі қандай пайдалы болса да қолға алғаны абзал. Бұл айтылғанға тағы бірдеңені қосқан жөн. Бір күні әлдебір дана кісінің адамзат үшін өлімге қарсы қамдану жолын ойлап табатынына іштей сенемін. Ол тәсіл бойынша адамдар өмір бойы ұсақ жарна төлей отырып, артындағы жанұясы үшін ол қомақты соманы қалдыратын болар. Мен осыны сонша тілеймін, бірақ ол кәзір мүмкін емес, өйткені, ондай мәміле өсімгер ғұмырынан да ұзақ мерзімді қамтуы керек. Ондай мәміле патшаның тағындай ұзақ та сенімді болуы керек. Менімше, түбінде ондай жоспар өмірге енеді де, ол да көптеген адамның игілігіне айналады. Өйткені, қандай ұсақ жарнаның өзі, жанұядан біреу қайтыс болса, тиісті игілікті барлық жанұяның бөлісуіне құқық береді. Алайда, біз болашақта емес, өз заманымызда ғұмыр кешкендіктен, бүгін қолда бар саймандар мен жолдарға иек артуымыз керек. Сондықтан да бәріңе егде жасқа толғанда өз әмияндарыңды қай жолмен қамсыздандыруды ойластыруға кеңес берем. Себебі, адам нан таба алмайтын болса немесе жанұя асыраушысынан айырылса, оны үлкен қайғы басары анық. Сонымен қабысқан әмиянға арналған алтыншы дауа: егде кезеңдегі өз қажетің мен жанұяңды қорғауға алдын ала қамдан.
ЖЕТІНШІ ДАУА. Пайда табу қабылетіңді дамыт
– Мен бүгін, шәкірттер, әмиян қампайтудың ең басты саймандарының бірі туралы әңгімелеймін. Бірақ та, мен алтын туралы емес, алдымда алуан түсті киімге жасырынған сендер туралы айтпақпын. Сендердің саналарыңдағы өз жетістіктеріңе кедергі болар жайттар туралы айтамын, - деп аударды шәкірттерінің назарын жетінші күні Арқат,
– Жуырда маған бір жас жігіт келді де, менен қарызға ақша сұрады, – Мен одан қарызды не үшін алатындығын сұрағанымда, ол табысының күнделікті қажетке жетпейтіндігін айтып, шағынды. Оған мұндай жағдайда өсімгер үшін оның нашар клиент екенін, қарызды қайтаруға артық ақшасының жоқтығын айттым.
– Қарағым, - дедім оған, - саған көбірек табыс табу керек. Табысты көбейту үшін не істеудесің?
– Қолдан келгеннің бәрін, - деді ол.
– Қожайыныма екі айда алты рет барып маған жалақымды көбейтуді өтіндім, бірақ нәтиже болмады. Оған одан да жиірек бару мүмкін болмады.
Бұл жастың аңғалдығына күлуге болар, бірақ оның бойында табысты үстеуге деген бір маңызды шарт бар: оның тілегі – барынша молырақ табыс табу. Бұл бағалы да, мақтауға тұрар тілек. Алғышарт ретінде табыс табуға деген адамда аса күшті де айқын тілек болуы қажет. Айқындалмаған тілек – ол бар болғаны арман ғана.Баюға ұмтылатын адам үшін оның пайдасы жоқ. Егер адам бес алтын ақша тапқысы келсе, ондай тілек орындалады. Егер оған ол қол жеткізсе, онда ол дәл солайша ондап та, жиырмалап та, мыңдап та ақша таба алады да, ақырында байып кетеді. Ұсақ тілекті орындау арқылы ол өзін ұлы тілектерге әзірлейді.Байлық осындай жолдармен ғана құралады. Әуелі ол ұсақ-түйектен жиналады да, артынан адамның білік пен тәжірибе жинақтауына орай, бұл сома ұлғая береді, ұлғая береді. Тілек қарапайым да, анық болуы керек. Ол аса көп және күрделі болса, егер де ол бұлдыр әрі адамның өз мүмкіндігінен тыс болса, күшін жояды. Адамның өз кәсібі бойынша кемелденуіне орай, оның табыс табу қабылеті де шыңдала түседі. Мен қарапайым жазарман кезімде күніге тиесілі қос бақыр тиын үшін саз кірпішшеге бүкіреюмен болсам да, өзге жазарманның көбірек жазып, сәйкесінше көп ақша тапқанын байқадым.Сондықтан да мен алдыма жан салмай жазуды үйрендім. Маған әлгілердің жетістіктерін ұғуға көп уақыт кеткен жоқ. Жұмысқа деген молырақ мүдде мен ынта, көбірек қайсарлық – міне, өзгелерді менен де көп сазжазба өндіруге жеткізген себептер осылар еді. Менің бұл тырысуым ақыры марапатталды, сөйтіп, маған қожайынға алты рет жалақы көбейту жөнінде барудың қажеті болмады. Неғұрлым көбірек білсек, соғұрлым көп табысқа кенелеміз.Өз ісі жөнінде көп білуге ұмтылатын адам міндетті түрде марапатталады.Егер ол суретші болса, дарынды өз әріптестерінен әдістер мен тәсілдерді үйренуі керек. Егер ол заңмен шұғылданса немесе дәрігер болса, сол кәсіппен айналысатын біліктілерден кеңес алып, білім бөліскені жөн. Егер ол саудагер болса, онда ылғи да сапалы арзан тауарды іздеп табуы қажет. Табыс үшін кімге тәуелді болсаңыз, соған жақсы қызмет ету жолында тұрақты түрде кемелденіп, білігіңді қолдану керек. Сондықтан да сендерді ылғи да ізденіп, өзгенің артында шаң қауып қалмауды қарастыруға шақырамын. Көптеген нәрсе адам өмірін құнды тәжірибемен байыта түседі. Егер адам өзін өзі құрметтесе, мынаған ұмтылғаны жөн:
– ол қарызын мерзімінде өтеп, шамасы жетпейтін қарыз алмағаны дұрыс;
– отбасындағылар жақсы ойлап, мақтаулы сөз айтуы үшін, ол өз жанұясына қамқор болуы тиіс;
– одүниеге абыроймен кетуі үшін, мүлкі әділетпен бөлінуі үшін ол бәрін өсиетпен қалдырғаны абзал;
– ол сәтсіздікке душар болғанға жаны ашып, қолынан келер жәрдемін тигізгені жөн;
– ол өзіне қымбатты жандарға қол ұшын беруі қажет;
Сонымен, қабысқан әмиянға керек жетінші дауа мынау: даналық пен білікке қол жеткізу үшін ізден,оқы және өзіңді өзің құрметтейтіндей қылықты таңда. Сонда ғана өзіңе деген сенім зорайып, өзің аңсаған тілектерге жете аласың. Өзімнің ұзақ та,жемісті ғұмырымда ашқан қабысқан әмиянға арналған жеті дауа осы еді, бұларды байлықты аңсағандардың бәріне пайдалануға кеңес берем. Бабылдағы алтын сендер ойлағаннан да мол, шәкірттерім. Сендерден 54 есе көп. Өсіп-өркендеу құқығы да бәрімізге бірдей тиесілі.
Барыңдар да, осы айтылған ақиқатты өздеріңнің баюларыңа қолданыңдар. Барыңдар да, осы білімді ұлы патшамыздың қарауындағы әр адамға беріңдер, олар да бата дарыған қаламыздың игілігінен өз үлестерін алсын. Енді қабысқан әмиянның жетің дауасымен таныстыңдар, бұларды мен ұзақ та баянды ғұмыр тәжірибесінде байлыққа ұмтылатын барлық адамға қолдануға кеңес беремін. Бабылда байлық көп, шәкірттерім.
Сәттілік пірімен таныс бол
Жолы болғыштың қалай да жолы - сәтті.
Еуфратқа лақтыршы, ол теңіз түбінен маржан уыстап шығады.
Бабылдық мақал
Қай адам да өзіне сәттілік тілейді. Мұндай тілек кәзіргі адамдардың бойындағыдай төрт мың жыл бұрын ежелгі Бабыл тұрғындарына да тән болатын. Шолжаң сәттілік пірінің бәрімізді де назардан қалдырмауына үміттіміз. Оны өзімізге қаратып қана қоймай, өзінің ағыл-тегіл қайырын тигізуіне қол жеткізе аламыз ба?
Сәттілікке қалай қол жеткізуге болады? Бұл сауалды Бабыл тұрғындары да өздеріне серік етіп, оған талайы өжеттене жауап іздеген. Олар нағыз іс пен терең ойдың адамдары еді. Бабылдың ежелгі дүниедегі ең бай әрі қуатты қала болғандығы соның арқасы болатын. Ол кезде мектеп те, колледж де болған емес. Дегенмен оларда барынша машықтыратын білім ошағы болатын. Бабылдың көкке ұмтылған патша сарайлары, аспалы бақтары мен тәуханаларынан кем түспейтін зәулім ғимараты болды. Бұл жайында тарихи шежірелерде ештеңе де айтылмайды, бірақ ол сол кездегі адамдардың санасына орасан ықпал еткен-ді. Ол – қайырымды ұстаздар шәкірттерге ежелгі дәуір білімдерін тегін дарытқан және жұртты алаң еткен тақырыптар талқыға салынатын Ілім сарайы болатын. Бұл сарайдағы пікірталаста құлдың өзі патша тұқымдарына жататын төремен де айтыса алатын құқығы бар еді. Ілім сарайының тұрақты өкілі Арқат деген данагөй әрі бай кісі болатын.Оны Бабылдың ең ауқатты шонжары дейтін жұрт. Оның өзінде кеш сайын тыңдармандары жиналатын жеке бөлмесі болды, оған қарт та, бала да, келетін, бірақ тыңдаушының көпшілігі орта жастағылар еді. Олар өздері қызықтырған тақырыпты талдап, пікір таластырып жататын. Сол жиындардың біріне біз де бас сұғып, сәттілікті өздеріне қарату тәсілін меңгерді ме екен, соны білейік. Арқат күнделікті мінберіне шыққанда, сәулесі құмды шаң қабатын Күннің алып алтын табағы батуға беттеген еді.Оны жерге төселген кілемге жайғасқан сексенге жуық адам шыдамсыздана күтіп отырған. Адамдар үсті-үстіне келіп жатыр.
– Бүгінгі кеште нені талдаймыз? – деп сұрады Арқат.
Біршама үнсіздіктен соң орнына ұзын бойлы тоқушы тұрды да:
– Мені көптен мазалаған бір мәселе бар, бірақ оны ортаға салмай келгенім, ол, Арқат, саған да, жиналғандарға да күлкілі жайт болуы мүмкін. Бүгін мені сәттілік жағалап, алтын ақшалы әмиян тауып алдым. Сәттіліктің менен ешқашан кетпегенін қалаймын, мына кісілер де соған мүдделі болар деп ойлаймын. Сол себепті, өзіңе бақытты қалай тарту керек, оны қандай жолдармен қаратуға болады, міне, осыны талдасақ.
– Өте қызық тақырып екен, - деді де Арқат үнсіз қалды.
– Ол талқыға тұратын нәрсе. Біреулер үшін сәттілік – ешбір мақсатсыз, себепсіз кезігіп жататын жолдың ашылуы. Кейбіреулер үшін, ол – барын сала құлдық еткені үшін Иштар пірана тарапынан меңгерілетін жағдай. Сонымен, достар, бұл турасында кім не ойлайды? Әрқайсымызға жол ашатындай нәрсе бар ма?
– Жиірек жол ашса, деңіз! – кейбіреулер арқасы қоза дауыстады.
– Талқыны бастау үшін, – сөзін жалғады Арқат, – әуелі тоқушыға кезіккендей сәттілікті бастан кешкендер сөзін тыңдайық. Арамызда қиналмастан, ақша не құнды зат тауып алған тағы кім бар екен?
Тыныштық орнады. Жиналғандар бір біріне қарап, кім түрегелер екен деп күткенімен, ешкім шыға қоймады.
– Немене, ондай адам жоқ па? – сұрады Арқат. – Демек, ондай сәттілік барынша сирек болады екен. Біреуің ізденісімізді қалай жалғастыратынымызды айтсаңдар.
– Мен көрейін, – орнынан жақсы киінген жас жігіт түрегелді. – Сәттілік турасында айтсақ, ойымызды ойын үстеліне бағыттағанымыз дұрыс емес пе? Байлықты бір мезетте ұту үшін көптеген адамдар сол жерде сәттілікке иек артпай ма?
Ол орнына жайғасқанда, жұрт шулап кетті:
– Жалғастыр сөзіңді! Ойын үстелінде жолың болған жайтты өзің ортаға сал. Сәттілік ойынхана қожайыны есебінен әмияныңды қампайту үшін жеребе тасының қызыл жағын саған бұрды ма? Әлде, керісінше, оның көк жағын түсіріп, жинап-тергеніңді бір сәтте қожайынның қанжығасына байлады ма?
Жас жігіт жұртпен бірге ішек-сілесі қата күлді де, өз жауабын берді:
– Меніңше, пірана,тіпті, менің онда барғанымды да білмесе керек. Ал, басқалары туралы жауап бере алмаспын. Сіздер пірананы сондай жерлерден көрдіңдер ме? Ойын тасын сіздердің пайдаларыңа қарай бұрды ма? Ондай болса, айтыңыздар, біз тыңдап, үйренейік.
– Әңгіменің басы жаман емес, –– араласты Арқат. – Біз мұнда әрбір туындаған жайтты талдауға келдік. Егер біз ойын үстелін қарастырмасақ, онда көпшілікке тән, ойынға күміс тиын салып, алтын құйма ұтуға аңсары ауатындардың жайын айналып өтеміз.
– Бұл әңгіме маған кешегі бәйгені есіме салып отыр. – сөзге тағы бір тыңдаушы араласты. –– Егер сәттілік пірі ойынханаға бас сұғатын болса, онда арбасына алтын жалатылған, шапқан аттары көбіктенген атжарысқа да бармауы мүмкін емес қой. Арқат, шынын айтшы, кеше сен Ниневиядан келген сұр аттарға ақша салғанда, ол пір саған не деп сыбырлады? Мен сенің артыңда тұрып, сұр аттарға салғаныңды естіп, өз құлағыма өзім сенбедім. Ассирияның бір де бір шабандозы біздің атқораның жылқыларын шаң қаптыруы мүмкін емесін бәріміз секілді сен де білесің ғой. Мойында, сәттілік пірі саған не айтқанын, өйткені, соңғы бұрылыста қос қара ат біздің шабандозға кедергі жасап, ақырында сұр аттар жеңіске оңай қол жеткізді.
Арқат қуақыланған жымыйыспен пікір иесіне қарады.
– Біреудің қандай атқа ақша салғанында сәттілік пірінің қандай жұмысы бар екен? Меніңше, ол бар болғаны – махаббат пен ұлылық киесі, кім де кім оған мұқтаж болса және еңбегі сіңсе, ол соны марапаттайды. Мен оны алтындарын ұтқызатын ойын үстелі мен атжарыстан емес, барынша пайдалы адам қылығы мен мадаққа лайық орындардан іздеймін.
Жер өңдеп, әділ сауда жасап, қолөнермен айналыса жүріп, пайдаға әруақта кенелуге болады.Бәлкім, мадақ сендерді қадам сайын аңдып жүрмес,өйткені, адам баласы кейде қателесіп, кейде оның еңбегін жаманат зая кетіруі мүмкін ғой. Алайда, ол барынша қайсарлық танытса, онда ақыр соңында ол мадаққа лайық болады, сосын жолы ашылады, себебі, сәттілікке деген мұрсат сондайларға ғана тиесілі. Ал, адам құмар ойындар ойнаса, жағдай мүлдем керісінше болады, өйткені, бар мұрсат оған қарсы болып, ойын үстелінің қожайыны жағына шығады. Ойынхана – соның кәсібі, ол ақшасын ойынға сала отырып, қомақты пайда табуды көздеген жан.Аздаған ойыншылар ғана өздерінің мұрсатының мейлінше аз екенін сезіп, ойын кәсіпкерінің пайдаға кенелетінін біледі. Ойын тасын алайық. Оны лақтырған сайын біз ақша салып, оның үстіңгі бетін болжауға тырысамыз.Егер ол қызыл жағымен түссе, ойынхана қожайыны бізге салған ақшадан төрт есе көп қаржы береді. Ал, қалған бес бетінің бірі түссе, біз салымнан айырыламыз. Бұл дегеніміз – әрбір тастамда біздің бес мәрте ұтылу мұрсатымыз бар деген сөз, бірақ қызыл жағы төрт есе ұта алатындықтан, бізде төрт ұтыс мұрсаты ғана бар. Бір кеште қожайын барлық салынған соманың бестен бірін алуға мүдделі. Егер қожайын міндетті түрде бар ақшаның бестен бірін ұтуды алдын ала ойластырған болса, одан кімнің үміті болмақ?
– Бірақ біреулер үлкен ақша ұтып жүр ғой, - деп қалды тыңдаушының бірі.
– Иә, ондайлар болып тұрады,- жауап берді Арқат. – Бірақ ол сәттілік қаншалықты мығым? Бабылдағы менің таныстарым арасында ауқаттылар жеткілікті, бірақ олардың бір де бірін жетістік жолын құмар ойыннан тапқан ақшамен бастады дей алмаймын.
Бүгін жиналған бәрің де қаламыздың байларын жақсы білесіңдер. Мен олардың ішіндегі қайсысы өздерін байлыққа жеткізген ойын үстелін атар екен.
Біршама үнсіздіктен соң, отырғандардың бірі қолапайсыздау түрде:
– Ойын үстелінің қожайындары болмаса, - деп қалды.
– Егер ойларыңа басқа ешкім түспесе,- деді Арқат.
– Онда сендер туралы сөйлесейік. Араларыңда ойынхананы табыс көзі еткендерің бар ма?
Жауап ретінде арт жақтан біреудің күңкілі шықты да, оған жұрт ду күлді.
– Шамасы біз пірі болар сәттілікті басқа маңнан іздеп отырған секілдіміз,- деп жалғады ол.
– Ендеше басқа жерден іздестірейік. Оны біз жоғалған әмияннан таппадық. Сондай-ақ, ол ойын үстелі маңында да бола қоймады. Атжарысты алсақ, ондағы ойыннан өз басым ұтқан ақшадан ұтылғаным көп.
Онан да өз кәсібімізге оралайық.Қайдағы бір сәттіліктен гөрі, өз еңбегіміздің адал қайтымына иек артатын нағыз табиғи табыс көзі сол ғой. Менің пайымымша, пірананың сыйлығына сыйынып отырудың жөні жоқ. Бәлкім, ол бізге өзінен ешбір қайыр күтпеген тосын сәтте жол ашар. Бұған алып-қосар кімдер бар? Ақшыл киімді егде саудагер орнынан тұрды:
– Құрметті Арқат мырза, сенің рұқсатыңмен мынаны айтқым келеді: егер сен айтқандай біз тек өз күшіміз бен қабылетімізге ғана сенсек, қолымызда болып тұрып, сусып кеткен мүмкіндіктер жөнінде талдасақ. Нағыз сәттілік – өте сирек құбылыс. Ал, қолдан сусыған сәттілік жайын көбіміз де айта аламыз ғой.
– Ақылды пікір,- деді Арқат.
– Араларыңда кім бар, қолынан бағы сусыған?
Көптеген қолдар көтерілді, ішінде әлгі саудагер де бар.
– Өзің бастадың, енді өзің бастап баянда болған жайды.- сөз берді оған Арқат.
– Бір жайтты айтып берейін, ендеше, - деді саудагер, – Ол жайт адамның бағы қалай таяп келетінін және адамның қаншалықты көзсіз қылыққа барып, сәттіліктің шорт бұрылып, өкіндіретінін көрсетеді.
Көп жыл бұрын, жас кезімде болатын. Үйленген бойым, тым жақсы табыс таба бастадым. Әкем келді де, бір іске ақша салуды ұсынды.Оның жақын таныстарының бірінің ұлы қала дуалының сыртындағы бос жатқан жер бөлігіне көзі түсіпті. Ол жер арнасынан жоғарыда болғандықтан су бармайды екен. Әкемнің досының ұлы мынадай жоспарын айтты: сол жерді сатып алып, оған өгіз айналдыратын үлкен үш шығыр орнатып суаратындай мүмкіндік жасап, жерді алқаптарға бөліп, көкөніс өсірушілерге сату керек. Әкемнің досының ұлында аталған жоспарды атқаруға алтыны жеткіліксіз екен.Ол да мен секілді жас әрі табысы көп емес еді. Оның әкесі де менің әкемдей көпжанды жанұясы болғандықтан, оған бөлетін артық қаржысы болмады. Сондықтан ол үлестерін қосатын адам іздепті. Он екі адамнан тұратын топтың әрқайсысы жер сатуға даяр болғанша, табыстарының оннан бір бөлігін салу керек болған. Түсімнен әркім өз салымына сәйкес әділ түрде үлесін алатын болған.
– Ұлым, - деді әкем, – Сен әлі жассың. Мен өмір бойы сенің ауқатты да құрметті азамат болуыңды аңсадым.Мен сенің әкеңнің қатесін қайталамауыңды тілеймін.
– Мен де соны тілеймін, әке,- дедім.
– Ендеше менің кеңесімді тыңда. Табысыңның оннан бір бөлігін ал да пайдалы іске сал. Сол салымның арқасында менің жасыма жетпей-ақ сен ғұмырыңа жетерлік жағдай жасап аласың.
– Сөздеріңнің жөні бар, әке. Менің сонша байығым келеді.Бірақ менің кәзіргі табысым шығыннан ауыспай жатыр. Сондықтан күте тұрам, мен әлі жаспын ғой,үлгерем.
– Сенің жасыңда болғанда мен де солай ойлағам.Енді қарашы: қанша жылдар өтті, ал мен әлі бастаған да жоқпын.
– Әке, уақытымыз әр заманға жатады ғой.Мен сенің қатеңді қайталамауға тырысам.
– Сенің алдыңда мүмкіндіктің өзі есік ашып тұр.Ол саған баюға мұрсат беруде. Бұл істі кейінге қалдырмағаның дұрыс. Ертең досымның ұлына бар да, табысыңның оннан бір бөлігін салуға мәміле жасас. Ол істі күттіруге болмайды.Бүгін сенің мүмкіндігің бар, уыстан шығарып алма, ұлым.
Мен әке кеңесін тыңдай қоймадым. Дәл осы кезде шығыстан келген саудагерлер көздің жауын алар киім-кешек әкелген екен,әйеліміз екеуміз не де болса, алуды ұйғардық. Егер де мен табыстың оннан бір бөлігін салуға келіскенімде,бізге әлгі рақаттан құр қалуға тура келетін еді. Сөйтіп, мен әлгі істің шешімін әбден кеш болғанша кейінге қалдыра бердім. Енді осы күнге дейін опынамын. Ал, әлгі іс ойлағаннан да пайдалы болып шықты. Менің қолдан сусыған бақытым туралы шежіре осы еді.
– Бұл әңгіме сәттілік берілген мүмкіндікке жармасуға дайын адамды аңдитынын білдірді, - деп қорытты бидай өңі шөлдаладан екенін байқатқан кісі, – Өзіңе байлық жинау үшін әруақта алғашқы қадам жасалуы керек. Ол қадам табыстан жиналған бірнеше алтын немесе күміс бақырдан тұруы мүмкін. Менің кәзір бірнеше табын малым бар. Бірақ оның басы бала кезімде жалғыз ғана күміс бақырға сатып алған құнажын сиырдан басталды. Менің байлығым осылай туындады.
Алғашқы қадамды аттау – әркім үшін үлкен сәттілік. Осы қадамды тәуекел еткен әркім, өз жалақысымен күн көретін қарапайым жұмыскерден, өз алтынының есебінен өмір сүретін адамға айналады. Ондай әрекетті әлгі саудагердің әкесі секілділерді айтпағанда, оған кеш баратындардан гөрі байлыққа алғы қадам жасағандар сәйкесінше ерте байюға қол жеткізеді. Егер де біздің саудагер досымыз бұл қадамға сәттілік өзі келіп тұрған жас кезінде барғанда, ол бүгінде бұдүние игілігін әлдеқайда молынан иеленер еді.
– Мен де айтайыншы, – шетелдікке тән дауыс шықты.
– Мен сириялықпын. Сендердің тілдеріңде жақсы сөйлей алмаймын. Саудагер дос секілділерді сіздердің қалай атайтындарыңызды білгім келеді. Сендер онымды әдепсіздік санауларың мүмкін, сонда да сол сөзді білгім келеді. Егер мен оны өз тілімде айтсам, түсінбейсіңдер. Сондықтан өзіне пайдалы іс болса да, тындырғысы келмейтін адамды атасаңдар.
– Жайбасар, - деді біреу.
– Дұрыс, - қостай кетті сириялық, шапалақтарын соғып жіберді. – Ол келіп тұрған мүмкіндікті көрмейді. Ол күтумен жүреді. Ол жұмысының көптігін сылтауратады. Ал мүмкіндік ондай жайбасарларды күтпейді.Мүмкіндікке кімнің байығысы келсе, соның асығатыны жағады. Мүмкіндік сәті түскенде асықпаған адам, біздің саудагер дос сияқты, өзіне өзі жамандық жасайды.
Саудагер орнынан тұрды да, күлімсіреген күйі сириялыққа иіліп ишара етті.
– Сенің шындықты именбей айтқаның үшін, шетелдік дос, саған шексіз ризамын.
– Ал енді мүмкіндіктен айырылған тағы бір хикаяны тыңдайық. Кімнің айтқысы келеді? – деп сұрады Арқат.
– Мен айтайын,- деді қызыл шапанды орта жастағы кісі.
– Мен мал сатам, негізінен түйе мен жылқы. Кейде қой мен ешкіні де сауда қыламын. Мен сендерге бір күні маған келген керемет мүмкіндікке әзір болмағанымды айтайын. Сол себепті де, мен оны бекер жіберіп алған болармын. Талдап көріңдерші.
Бір күні кешқұрым, он күн бойы түйе іздеп, қалаға қайтып келе жатқанымда, өкінішке қарай, қаланың қақпалары жабылғанын бір-ақ білдім. Менің құлдарым түнеуге шатырларын тіккенше, маған егделеу бір малшы келді, ол да қалаға кіріп үлгермепті.
– Аса құрметті мырза, - деді ол маған, – түріңе қарағанда, сен мал саудагері секілдісің.Солай болса, мен саған жаңа ғана айдап әкелген керемет бір отар қой сатайын деп едім. Өкінішке қарай, әйелімнің денесі қызып, жатып қалыпты, соған тезірек жетуім керек. Менің отарымды солайымен сатып ал, мен құлдарыммен түйелерді жолға қамдап жеделдете аттанайын. Түн болғасын мен қойларды қарай алмадым, дегенмен,қарамына қарағанда аса көп екені байқалады. Он күні бойы алуға лайық түйе болмағасын, мен қуана келістім. Ол болса, асығыс болғасын менің ойымдағы бағаны айтты.Мен ертеңгісін құлдарыммен қалаға отарды айдап кірген бойда қымбат бағаға сататынымды білдім.
Онымен алақан айқастырып, мәміле бекіттік те, мен құлдарыма от алдырып, соның жарығымен қойды санап шықтым. Малшының айтуынша, қой саны тоғыз жүз болуы керек. Қараңғы түні әрі-бері қашқан отарды санаудың қияметтігін айтпай-ақ қояйын, достарым. Ол – мүмкін емес іс екен.Сондықтан малшыға таң ата санап, есептесетінімді айттым.
– Аса құрметті мырзам,- деп жалынды шаруа. – Бүгін үштен екісін төлеші, мен жолға шыға берейін. Мен осында ең ақылды да сауатты құлымды қалдырайын, ол саған санауға жәрдемдеседі.Оған сенем, қалған ақшаны соған берсең болады.
Бірақ мен түнде төлемейтінімді айтып, қасарыстым. Таң ата мен ұйқыдан оянып үлгерместен, қақпа ашылған бойдан төрт бірдей саудагер малшыға лап берді де, отардың бәрін сатып әкетті. Олар қойды қымбатқа сатып алды, себебі, қаланы сол кезде дұшпан тарапынан қоршауға алу қаупі төнген еді де, шаруа болса, әр қойға менен сатылатын үш есе құнын алып, аттанып кетті. Сөйтіп, мен өзі келген сәттіліктен құр қалдым.
– Ерекше хикая екен, – аңғарғанын білдірді Арқат. – Ал, бұдан қандай қорытынды шығарамыз?
– Егер мәміленің тиімді екеніне көз жетсе, ақысын бірден төлеу керек болар,- деп қорытты қарт.
– Егер де мәміле шынында да пайдалы болса, онда саған ешкім де, тіпті, өзіңнің кемшілігің де зиян келтіре алмайды. Бәріміз де пендеміз, құбылмалымыз. Кейде дұрыс пікірді бұрысқа балауға бейілміз.Менің алғашқы әсерім ең дұрыс шешім болып шығатыны бар. Өзімді өзімнің осал мінезімнен қорғау үшін, артынан опынбас үшін, мен енді кепілақы қалдыратын боламын.
– Мен тағы да сөйлегім келіп тұр,- сириялық тағы да атып тұрды.- Мына оқиғалар ұқсас екен. Екеуінде де, мүмкіндік бірдей себептен кетіпті. Екеуі де кешұғар екен. Екеуі де: «кәзір нағыз сәтті кез, тезірек шешейін» деудің орнына, ылғи жай ұғып, шешімді кешіктіреді. Сосын олардан не шықсын?
– Сен дәл үстінен түстің, досым, - деді мал саудагер.
– Екі жағдайда да, сәттілік жайбасарлардан теріс айналды. Оған таңданудың қажеті жоқ. Жайбасарлық әр адамға тән. Бәріміз де байлыққа ұмтылғанмен, соған керек мүмкіндік туып, шешім шығаруға келгенде баяулық еңсені басып, кейінге қалдырамыз. Соған еркімізді жеңдіріп, өзімізге өзіміз дұшпандық жасаймыз.
Сириялық досқа ұнаған сөзді өрбітсек, жас кезімде менің жайбасарлық қылған жерім болмады. Басында мен көп нәрсенің байыбына бармай, сәтті мәміледен айырылатын болармын деп ойлағам. Кейін оны өзімнің қырсықтығымнан көрдім. Ақырында оның неден екенін ұқтым. Жағдай тез арада шешім қабылдауды қажетсінсе де, кейінге қалдыра түсетін әдетімнен болып шықты. Мен өзімнің сол мінезімді иттің етінен жек көрем! Мен арбаға жегілген тарпаң жылқыдай жынданатынмын, ақыры өзімнің сол әдетімді жеңіп, жетістікке жеттім.
– Рақмет.Енді мен саудагер мырзадан мынаны сұрайын,- сириялық жігіт әңгімеге тағы араласты,- Сен кедей секілді емессің, байларша киінген екенсің.Сөзің де бай адамға тән. Енді бұдан былай, құлағыңда «асықпа» деген сыбыр тұрса, не істейсің?
– Анау мал саудасымен айналысатын досым сияқты, маған да өз осалдығымды мойындап, жайбасарлықпен күресуге тура келді,- деді саудагер.
– Мен үшін бұл мінезім, ылғи да ниетімді быт-шыт етуге даяр дұшпаным болып шықты. Сендерге айтқан хикая көптеген оқиғаның бірі ғана.Егер дер кезінде байқап қалсаң, ол дұшпанмен күресу қиын емес. Бір де бір адам қоймасы мен қорасын ұрыға шарлатып қоймайды. Сол секілді, ешбір іскер өз клиенттерін біреуге қудырып, қарап отырмайды. Мен де өз дағдым өзіме зиянкес екенін білген сәттен бастап, одан құтылудың жолын қарастырдым.Сол сияқты кез келген адам Бабылдың байлық қорындағы өз үлесін алғысы келсе, ішінде бұғып отырған, өзінің жайбасарлығы мен кешұғарлығынан ажырағаны абзал.
Ал, Арқат, сен бұған не дейсің? Бабылдағы ең бай адам ретінде, сені жұрт жолы болғыш жан деп те есептейді.Адам жетістікке өзінің жайбасарлығынан толық құтылу арқылы ғана жетеді десем, менімен келісер ме едің?
– Сөзіңнің жаны бар, - деді Арқат.
– Ұзақ ғұмырымда мен өмірлік жетістік жолында бір ұрпақ келесісін ауыстырғанына куәмін. Олардың барлығына да мүмкіндіктер жолығып жатты. Кейбіреулер ғана сол мүмкіндіктерге жармасып алып, аңсаған тілектерін орындауға қадам басса, көпшілігі қадамды жай басып, батылсыз әрекетпен соңында қалып жатты.
Арқат енді тоқымашыға бұрылды:
– Сен біздің сәттілік туралы пікірлесуімізді ұсындың.Енді бұл жайында өзің не дейсің?
– Енді мен сәттілікке басқаша қарайтын болдым. Мен оны өзі келетін нәрсе деуші едім, – адамға одан артық не керек? Енді білуімше, сәттіліктің бетін бұру жай шаруа емес екен. Әңгімеден түйгенім – сәттілік – бар болғаны мүмкіндікті дер кезінде пайдалану екен. Сондықтан да бұдан былай мен кез келген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысам.
– Пікірталастағы әңгіменің мәйегін сен жақсы ұғыпсың,- деді Арқат. – Біз қызығатын сәттілік негізінен мүмкіндікпен еріп келеді, ал басқа жолмен аса сирек жолығады. Егер сәттілік пірі жолықтырған мүмкіндікті қолға алғанда, біздің саудагер досымыздың қуанышында шек болмас еді. Егер бір отар қойды арзанға алып, пайдалы саудаға кенелгенде мал сатушы досымыздың да сәттілікке деген қуанышы қойнына сыймас еді.
Біз бұл әңгімені сәттілікті өз жағымызға тартуға жәрдемі тиер сайман іздестіру үшін бастағанбыз. Меніңше, біз дұрыс жол тапқандаймыз. Екі хикая да бізге сәттіліктің мүмкіндікке еретінін көрсетті. Ақиқат та мынада секілді: егер сен мүмкіндікті пайдалансаң, сәттілік саған күлімсіреп, қолын береді. Кім де кім мүмкіндікті пайдаланса, сол адам сәттілік пірінің назарын өзіне аударады.Ол кім өзіне қызмет етсе, соған жәрдемге даяр.Ал, оған бәрінен бұрын іскер адамдар қызмет етеді. Әрекет түбі – берекет.
СӘТТІЛІК ПІРІ ІСТІҢ АДАМЫН ЖАҒАЛАЙДЫ
Байлықтың бес заңы
– Егер алдарыңнан алтын толы қап пен даналық жазылған сазбітік5 шықса, қайсысын таңдар едіңдер?
Аспа шамның сәулесіне құлпыра түскен тыңдаушылардың жүзінен барынша ықылас сезіледі.
– Алтынды, әрине, алтынды таңдар едік,- жиырма жеті адамның даусы жамырай шықты.
Қарт Қалабаб түсінген кейіппен күлімсіреді. Ежелгі Бабылда алтын мен байлық сөздері өзара мәндес еді.
– Қане, мені тыңдаңыздар,- деді ол.- Түн ортасында қасқырдың ұлығанын естігендерің бар ма? Олар аш болғасын ұлиды. Оларға қорек беріңдерші, одан әрі не істер екен.Ертеңгі күнді ойламастан бір бірімен не алысады, не жата қалып ұйықтайды.
Адам баласы да сол секілді. Оларға алтынды болмаса қалауына орай, білімді беріңіздер, не істер екен? Білімнен теріс айналып, алтынға жармасады. Келесі күні ұлып шыға келеді, өйткені, алтыннан ештеңе қалмайды ғой. Алтын болса, ол кім де кім оның заңын біледі,соған ғана жағады.
Қалабаб түнгі салқыннан қорғанып, желбегейіне қымтана түсті.
– Сендер маған ұзақ жолда сенімді серіктерім болдыңдар, түйелеріме жақсы қарадыңдар, ыссы құмды кешіп, қиналыс білдірмедіңдер, тонағысы келген қарақшылармен де батыл шайқастыңдар,енді мен соның өтеуіне сендерге бүгін алтынның бес заңы туралы хикая айтып берейін. Ондай әңгімені бұрынды-соңды естіген емессіңдер.
Қалт жібермей тыңдаңдар, айтқанымды ұқсаңдар, онда келешекте сендер мол алтынға жолығасыңдар. Ол үнсіз қалды. Қаракөк аспанды жұлдыздар жайлаған. Жиналғандардың артын ала найзаға мықтап керілген шатырлардың қаптаған қарасы көрінеді. Шатырлардың артында мұқият текшеленіп таңылған терілер дөңкиіп жатыр. Одан әрі құмға шөккен түйелер анда-санда пысқырынып қойып, тоқтаусыз күйіс қайыруда.
– Бізге талай хикаяны айтып бердің, Қалабаб,- деді керуен жетекші. – Ертеңгі күні сендегі қызметіміз біткенде, жол көрсетердей сенің даналығың бізге зор пайдасын тигізеді.
– Бұған дейін сендерге шалғай да бейтаныс елдерде бастан кешкенімді айтып келдім, енді бұл жолы Арқат байдың ілімін жеткізбекпін.
– Ол туралы көп естігенбіз,- деді керуен жетекші, – Ол Бабылдағы өмір сүрген байлардың ішіндегі ең айтулысы болыпты.
– Иә, ол байлардың байы болатын, өйткені, сол ғана алтынның жолын жақсы білетін. Бүгін түнде оның ұлы Номасардың бұдан бірнеше жыл бұрын Ниневияда маған айтқан даналығын айтып берем.
Ол кезде мен бала едім. Қожайын екеуміз сол күнгі кеште Номасар сарайында ұзақ болдық. Мен қожайынға буылған керемет кілемдерді Номасар өзіне қажеттісін таңдағанша, тасумен болдым. Ол саудаға разы болып, бұрын-соңды мен ішіп көрмеген жұпар иісті, асқазанды қыздыратын сирек шарап ішуге шақырды. Сол жолы ол бізге өз әкесі, данышпан Арқаттың ілімдерін осылайша сендерге айтқанымдай әңгімелеген болатын. Бабылда өздерің білесіңдер, байдың ұлдары әкеден қалатын мұраны күтіп, ата-аналарымен бірге тұра беретін дәстүр бар. Арқат болса, бұл дәстүрді бұзған адам еді. Сондықтан да басқа жерде тұрып, ақыл тоқтатқан Номасарды шабарман жіберіп, өзіне шақыртыпты:
– Ұлым, сен менің мұрама ие бол. Бірақ әуелі сен оны ақылмен жұмсай алатыныңды көрсет. Сондықтан сені жер-жаһанды кезуге жіберемін де, өзіңе алтын таба алатыныңды әрі адамдар арасында сыйлы болу қабілетіңді шыңдайсың.
Оның бәрін бастау үшін, мен саған өзімнің жас кезімдегі іске кіріскенде болмаған екі нәрсені беремін. Біріншіден, бір қап алтын берем. Егер сен ақылмен оны жұмсай алсаң,ол саған болашақта баюыңа қажет негіз болмақ. Екіншіден, алтынның бес заңы ойылған сазбітіктерді берем. Егер де оны қолдана алсаң, олар саған білім мен сенім береді. Бүгіннен бастап, он жылдан кейін маған келіп, есеп бересің. Лайық болсаң, мен сені бар байлығыма мұрагер етемін. Басқа жағдайда барымды абыздарға өткізуге өсиет етіп, одүниелік болғанымда олардан рухыма дұға оқуды өтініш етем. Сөйтіп, Номасар өмірдің жолын игеруге бір қап алтын мен жібек жамылғыға оралған сазбітіктерді, құлдары мен жылқыларын алып аттанып кетті. Он жыл өткен соң Номасар келіскендей үйіне оралды. Әкесі оның құрметіне барлық достары мен туыстарының басын қосып үлкен той жасады.Той біткенде, әкесі мен шешесі үлкен бөлменің бір басына қойылған таққа бергісіз орынтаққа жайғасты да, Номасар әкесіне берген уәде бойынша, есеп беруге кірісті. Кеш болған кез. Бөлмеге май шамның түтіні жайылған. Ақ шапанды құлдар палманың ұзын жапырағын бір қалыпты желпуде.Барлық жағдай маңызды шараға лайықталыпты. Номасардың әйелі мен екі кішкентай ұлы, достары мен туыстары оның артына кілем үстіне жайғасып, есепті мұқият тыңдауға көшкен.
– Әке, - деп құрметпен бастады сөзін Номасар.
– Мен сенің даналығыңа бас иемін. Он жыл бұрын мен кәмелет жастың табалдырығында тұрғанымда, сен мені өзіңнің байлығыңа мөлиген масыл етпей, тұрғыластырым ішінде лайықты азамат болып шығуым үшін дүниені аралауға жібердің. Арқама алтынды аямай артып, білімді қоса арқалаттың. Бірақ берген алтыныңды мен лайық жұмсай алмадым. Ол менің тәжірибесіз қолымнан ұстап алған балалардан қашқан жабайы қоян секілді ғайып болды.
Әкесі түсіністікпен күлімсіреді:
– Айта бер, ұлым. Сенің бастан кешкенің маған барынша нақты деректерімен маңызды.
– Мен болашағы мол Ниневия қаласына барып, сонда тұрақтауды шешкен едім. Мен сонда баратын керуенге ілестім де, жол бойы жаңа достар таптым. Олардың арасында астарына желмен жарысқан сәйгүлік мінген екі кісі болды.
Сапар барысында олар маған аттары бәйгіде алдына жан салмаған, аса жүйрік жылқысы бар Ниневияда бір бай кісі тұратынын жеткізді.Атбегі өзінің аттарын бәйгіде озатын жылқының жоқтығына сенімді еді. Сондықтан ол атжарыста Бабылдың бір де бір атын алдына шығармайтынына сеніп, болжам ойынға қанша ақша салса да даяр болатын. Алайда менің бір досым әлгінің аты өзінің сәйгүліктеріне қарағанда ақсақ есек екенін айтып, бәйгіде өз аттарының алдына жан салмайтынын жеткізді. Ол маған достық құрметіне өз аттарын жақтап, бәс тігуімді өтінді. Бұл ұсыныс менің бойымды билеп қоя берді. Бірақ біздің аттарымыз озбады да, мен біраз ақшамнан айырылдым.
Әкесі мәз бола күлді.
– Кейінірек білдім, басымнан өткен жайт қитұрқы істің салдары екен. Әлгі маған дос болғандар керуенмен бірге ілесіп, мен секілді ашықауыздарды аңдитын болып шықты. Ал, Ниневиядағы атбегі де әлгілермен ауыз жаласқан адам екен, бәспұлды қылдай бөлісіп алыпты. Осындай салқынқанды алаяқтық маған алғашқы ащы сабағын осылай берді. Көп ұзамай, мен тағы бір өзек өртер жайтты бастан кештім. Керуенде мен достасқан тағы бір жігіт болған. Ол да мен секілді бір бай баласы екен, Ниневияға өмірлік орын тебуге шығыпты. Сапар кезінде ол маған Ниневияда бір саудагердің қайтыс болғанын, оның дүкенін тауарымен қоса түкке тұрғысыз ақыға сатып алуға болатынын айтқан. Ол екеуміз бұл істе серіктес болатынымызға уағдаластық, бірақ ол Бабылға барып алтынын алып қайтуы керек болды. Сондықтан ол дүкенді мендегі бар ақшаға ала тұруды ұсынды.
Бірақ ол Бабылға сапарын кейінге қалдыра берді, оның үстіне сауда ісінде білетіні аз болып шықты, қолда барын оңды-солды жұмсай береді екен.Ақырында мен одан бас тартым, бірақ ол кезде шаруам кері кеткен еді. Дүкенде жарамсыз тауар қалды да, сату мүмкін болмады, ал жаңасын алуға менде алтын түгесілді. Әйтеуір, әупіріммен израилдік бір кісіге дүкенді өте арзан бағаға сатып кеттім. Басыма ауыр күндер туды.Жұмыс іздегенмен, ештеңе таппадым, өйткені қолымнан ештеңе келмейтін. Аттарымды саттым. Құлды да саттым. Тамақ пен түнек орынға басы артық киімдерімді өткіздім, бірақ күн артынан күн өтсе де, сәтсіздіктен құтыла қоймадым. Сол ауыр күндерде, әке, сенің маған сенетінің есіме түсті. Сен мені сапарға аттандырғанда, азамат болуымды қаладың ғой, мен соны атқаруым керек болды.
Анасы болса, бетін орамалмен көлегейлеп кемсеңдеді.
– Сол кезде маған берген алтын заңы жазулы сазпарақтар есіме түсті. Оқып шықтым да, әуел баста білімді қолға алғанымда алтыннан ажырамайтынымды ұқтым. Мен заңның бәрін әрпіне дейін жаттап алдым да, егер де мені сәттілік пірі қолдай қалса, ісімді бала тәжірибесіздікке емес, қарт даналыққа басқартам деп шештім.
Енді осында жиналғандарға мен әкемнің сазпарағында жазылған оның маған он жыл бұрын берген даналығын оқып шығайын. Ол мынау еді. 5 Сазбітік – саз тақтайға ойылып, күйдірілген жазба, «бітік» - түркіше жазу.
БАЙЛЫҚТЫҢ БЕС ЗАҢЫ
Табысының кемінде оннан бір бөлігін өзі мен жанұясының болашағына жинайтын адамның қолына ғана байлық қонады әрі молаяды. Өзіне табысты іс тапқан адамның ақшасы ғана тұрақты да қалтқысыз жұмыс істеп, өрістегі малдай көбейеді. Білікті адамдардың кеңесіне құлақ асып, ақылмен іске жаратқан адамның байлығы еселенеді.
Өзіне бейтаныс іске салған адамның ақшасы қолдан сусыйды.
Қолдан келмейтін іске ұрынған болмаса алаяқтар мен қулардың қармағына түскен немесе тәжірибесіздігі мен қиялилығы кесірінен тез баюға ұмтылған адам байлығынан береке қашады. Маған жазып берген әкемнің байлыққа арналған бес заңы осы болатын.Мен бұның құны алтыннан да қымбат екеніне көз жеткіздім, оны келесі хикаяларымда баяндайын.
Ол тағы да әкесіне қарады:
– Мен саған өзімнің тәжірибесіздігімнен ұрынған шарасыздығым мен уайымым жөнінде айттым. Бірақ кез келген жаманат тізбегінің соңы болады екен. Менің қайғым қала дуалын тұрғызып жатқан құлдарға қараушы қызметін тапқанымда сейіле бастады.
Жинақтың бірінші заңына сүйеніп, табыстан түскен бақырларды алғашқы күміс ақша тапқанша жинай бердім, жинай бердім. Бірақ жинағым өте баяу жүрді, өйткені, табысымның көбі күнделікті тірліктен ауыспады.Соған қарамастан, талмай ақша жинай бердім, өйткені, әке, он жыл бұрын сен берген алтынды қайтаруды қатаң түрде мақсат еттім. Құлдардың қожайынымен достасып үлгергем, ол бір күні маған: «Сен тыңғылықты түрде ақша жинап жүрсің. Сенде алтын бар ма?» - деді. «Иә, - дедім, – маған бір кезде әкем берген алтынды жойып алдым, соны қайтару үшін көп жинауым керек». «Мына ықыласың мақтауға тұрарлық. Ал, сен қолда бар алтынның саған жұмыс істейтінін және оның үстеме пайда әкелетінін білуші ме едің?» «Өкінішке орай, менің ауызым күйген тәжірибе бар, соның кесірінен әкем берген алтыннан айырылдым. Енді тағы сондайға ұшыраудан қорқам». «Маған сенсең, мен саған қандай жолмен ақшаны пайдалы салым етуді үйретем, - деді ол – Бір жыл ішінде қаланың дуалы біту керек. Патшаның жауларынан қорғану үшін оған бірнеше қола қақпа орнатылмақ. Ниневияны шарласаң да, қақпа жасайтын темір таба алмайсың. Ал, патша оны тапсыруды ойластырмапты. Менде жоспар бар: бірнеше адам үлестерімізді қосып, алысқа мыс пен қорғасын құймаларын әкелуге керуен жөнелтеміз. Патша қақпа жасауды тапсырғанда, біз әлгі құймаларды сатып, пайдаға кенелеміз. Тіпті, патша бізден алмаған күннің өзінде келген тауар өз құнын жоймайды, одан бәрібір жақсы пайда табамыз» Бұл ұсыныстан мен дана адамдар кеңесі бойынша жинақты салу жазылған үшінші заңының орындалуын аңғардым. Қателеспеппін. Біздің ортақ ісіміз жемісті болды, нәтижесінде менің шағын жинағым айтарлықтай өсіп шықты. Сосын сол адамдармен келесі іске қатыстым. Олар алтынның қадырын жақсы білетін және пайда табудың қыр-сырын меңгерген жандар еді.Олар ақша салудан бұрын кез келген жоспарды жан-жақты талдайтын. Олар негізгі жинақтарын тәуекелге салмайтын әрі пайдасыз мәмілеге аяқ басқан емес. Әлгі атжарыс ойыны болмаса түсімсіз дүкен сатып алу сықылды менің тәжірибесіздігімнен барған істерге, ешқашан бастарын сұқпастан, осал жерін олар бірден аңғаратын. Соларға байланысу арқылы мен алтынды пайдалы кәсіпке салуды меңгердім. Жылдар өткен сайын менің байлығым еселене түсті. Мен жоғалтқанымды қайтарып қана қоймадым, одан да бетер көп табысқа жеттім. Түрлі сәтсіздіктер мен сынақтарға ұрынсам да, жетістікке жетсем де, ешуақта байлықтың бес заңына күдігім болған емес. Кім де кім бұл бес заңды білмесе,алтын оған сирек ұшырасып, тез арада ғайып болады. Бұл заңдарға сүйенген адамнан байлық қашпайды, ол еңбекқор құл секілді иеленушіге қызмет етуден танбайды. Номасар үнсіз қалды да, кең бөлменің алыс жағында тұрған құлына бет бұрып бас изеді. Ол бөлмеге үш үлкен былғары қапшықты кіргізді.Оның біреуін Номасар әкесіне ұсынды.
– Сен маған он жыл бұрын бір қап алтын берген едің.Ол Бабылдық алтын болатын. Мен дәл сол мөлшердегі ниневиялық алтынды қайтарамын. Оның әділ қайтарым екенімен бәріңіз де келісетін боларсыздар.Сонымен бірге маған даналық жазылған сазпарақтар бергенсің. Оның орнына мен екі қапшық алтын беремін.
– Осы сөздерін айтып, ол құлдың қолынан екі қапшықты алып, әкесінің алдына апарып өз қолымен қойды. – Бұныммен, әке, сенің даналығыңды алтыннан да ардақтайтынымды көрсеткім келді. Бірақ алтынмен даналықты өлшеуге бола ма? Ақылсыз алтынның қолда тұрақтауы мүмкін емес. Алайда, адам әуелі даналыққа бет бұрса, оны алтын айналып өтпейтінін мына үш қап көрсетіп тұр ғой. Әке, мен бүгін алдыңда осылай тұрғаныма қуаныштымын, және де айтарым, сенің даналығың арқасында мен бай-қуатты әрі құрметті кісі болдым.
Әкесі Номасардың басын елжірей сипады.
– Сен сабақты жақсы игеріпсің.Енді мен өз байлығымды сеніп қалдыратын сендей ұлым болғанына бақыттымын.
Қалабаб әңгімесін тәмәмдады да, тыңдармандарды жағалай шолып өтті.
– Номасардың бұл тарихы сендерге нені білдірді?- деп сұрады ол. – Әкесіне болмаса қайын атасына осылайша өз әрекеттерің мен табыстарың жайлы есеп беретінің бар ма, араларыңда? Егер де келіп, қарттарға: «Мен біршама жерді аралап саяхат жасадым, біраз нәрсені үйрендім. Көп жұмыс істедім, көп табыс таптым, бірақ менің алтыным аз. Оның бір бөлігін ақымақтықпен шығындадым, ал қалған бөлігін ақылсыз әрекетпен жоғалттым» десеңдер, олар не ойлар еді?
Біреуде көп алтын болып, келесі біреуінде ештеңе болмаса, оны тағдырдың тәлкегі санамай-ақ қойыңдар. Байлыққа ие болғандар - байлықтың бес заңын біліп, соны ұстанғандар. Бұл заңдарды мен жастайымнан меңгергендіктен,оларды ылғи да бұзбай келгендіктен байыдым. Мендегі байлық сиқырдың күшінен жиналған жоқ. Жылдам келген байлық, дәл солай жылдам кетеді. Егер де байлық білім мен тыңғылықты еңбектің арқасында келсе, онда ол иесіне бақыт сыйлап, ұзақ уақытқа сіңеді. Ақылды адам үшін байлық жинау қиын емес. Ол міндетті ұзақ жылдар бойы ұстану – күрделірек.Бірақ та, байлықтың бес заңын ұстану кез келген адамды несібеге кенелтеді. Бұл бес заңның әрқайсысы терең мәнге толы,оны ұғынбасаңдар, хикаяны айтып бітіргенше, мен тағы да қайталаймын. Мен оларды жас кезімнен жатқа білемін, әрі оларды талай істе тексергенім бар.
БАЙЛЫҚТЫҢ БІРІНШІ ЗАҢЫ
Табысының кемінде оннан бір бөлігін
өзі мен жанұясының болашағына жинайтын
адамға ғана байлық дариды әрі қазынасы молаяды.
Табысының оннан бір бөлігін тұрақты түрде жинап, оны іске ақылмен салған адам, өз болашағына жететіндей әрі артында қалған жанұясына жеткілікті тірлік көзін қалдырып, лайықты байлыққа қол жеткізеді. Бұл заң осындай адамның қолына әруақта алтын құймасын бұйыртады. Бұған куә ретінде мен өз өмірімді мысалға келтіре аламын. Маған неғұрлым алтын көп жиналған сайын, соғұрлым ол маған мол көлемде келді. Жиналған алтын, мен ойлағаннан артық табыс әкелді.Ал, жиналған қор еселене түседі екен. Бірінші заңның осындай күші бар.
БАЙЛЫҚТЫҢ ЕКІНШІ ЗАҢЫ
Өзіне табысты іс тапқан адамның байлығы
ғана тұрақты да қалтқысыз жұмыс істеп,
өрістегі малдай көбейеді.
Жинақ – шынында да қалтқысыз еңбекқор. Ол мүмкіндік туғанда құлшыныспен молаяды. Байлық жиған әр кісі осындай табысты мүмкіндікке ие. Жыл өткен сайын ол табыс еселеніп, қайран қалдырар мөлшерге жетеді.
БАЙЛЫҚТЫҢ ҮШІНШІ ЗАҢЫ
Білікті адамдардың кеңесіне құлақ асып,
ақылмен іске жаратқан кісінің байлығы еселенеді.
Жинақ шынында да, есуастан қашқан жандай, қамқор қожайынға сытылып кетеді. Байлықпен ісі болған адамның кеңесіне құлақ асатын жан, өз жинағын тәуекелге салмайды, оған қауыпты жолатпай, молаюына қуана қол жеткізеді.
БАЙЛЫҚТЫҢ ТӨРТІНШІ ЗАҢЫ
Өзіне бейтаныс іске ұрынған адамның байлығы қолдан сусыйды. Жинақ көрмеген адамның қолындағы байлық кез келген мүмкіндікті пайдалы етіп көрсетеді.Алайда, ол мүмкіндіктердің көпшілігі жинаққа қатер төндіреді. Егер де ол мүмкіндіктерді тәжірибелі кісілер сараптайтын болса, олар пайдаға жарайтын мұрсаттың аз екеніне көз жеткізер еді. Сондықтан да өздігімен өзіне бейтаныс іске қол артатын жинақ иесі көбіне тәжірибесіздік салдарынан қолда барын шашып тынады. Істің мәнісін білетіндер кеңесіне жүгініп жинағын жаратқан адам ғана даналыққа жол салады.
БАЙЛЫҚТЫҢ БЕСІНШІ ЗАҢЫ
Қолдан келмейтін іске ұрынған болмаса алаяқтар мен қулардың қармағына түскен немесе тәжірибесіздігі мен қияли қылығы кесірінен тез баюға ұмтылған адамның байлығынан береке қашады. Жинағы бар адамға ылғи да сиқырға толы ертегідей алдамшы ұсыныстар түседі. Оларға қарап, шексіз байлықты сиқырлы күш қана қолға түсіретіндей көрінеді. Бірақ та ондай жоспарға қалай мұқият үңілсең, тез байытатын ол істердің соншалықты тәуекелге толы екеніне көз жеткізуге болар еді. Бұл жағынан ниневиялық байдың ешуақытта қол жетпейтін табысқа басты байлығын тәуекел етпейтінін ұмытпаңдар. Байлықтың бес заңы осы. Хикаяны айта отырып, сендерге өз байлығымның құпиясын да аштым. Шын мәнінде, ол – байлықтың құпиясы емес, күн сайын аштық қысқан қасқырдай болғаннан, күйбең тірліктен суырылып алға шыққысы келетін кез келген адамға тән ақиқат еді. Ертең біз Бабылға жетеміз. Көрдіңдер ме, анау Ваала тәуханасының үстінен самаладай самсаған оттарды. Алтын қала қол бұлғап тұр.Ертең сендерді лайық қызметтерің үшін алатын тиісті жинақтарың күтіп тұр.
Он жыл өткен соң бұл байлықтарың туралы не айта аласыңдар? Араларыңда Номасар секілді, Арқаттың даналығына сай алғашқы қадамды байлыққа барар жолға салатын біреулерің болса, онда он жылдан соң олар Арқаттың ұлы сияқты ауқатты да абыройлы адам болмақ. Біздің дана қылықтарымыз текке кетпей, әр уақытта бізді өмір бойы қуантып, ләззатқа бөлейді. Дәл сол сияқты ақымақ қылықтарымыз бізге өмір бойы мазамызды алып, қауіп төндірумен болады.Өкінішке қарай, оны киім секілді шешіп тастап, ұмытып кете алмайсың. Бірақ та, істей алатыныңды кезінде тындырмай кеткенің, қыр соңыңнан қалмай, өмір бойы өкшелеп жүреді. Бабылдың қазынасы ағыл-тегіл. Оны ешкім де өлшей алмас. Жыл өткен сайын шаһардың байлығы еселеніп, гүлдене түсуде. Бұл байлықтың бәрі де іскер адамдар үшін марапат болып табылады.Әр адамның тілегі мен ойында дүлей әрі сиқырлы күш жасырулы. Байлықтың бес заңын білсеңдер, ол күшті өз пайдаларыңа жарата отырып, Бабылдың байлығынан өз үлестеріңді аласыңдар.
Бабылдық өсімгер Қолында тура елу алтын бақыр! Бабылдық бақыр басушы Родан шебердің әмиянында ешқашан да мұнша ақша болған емес. Көңілі көпсіген ол дүниедегі ең жомарт патшаның сарайынан келе жатты. Ол жүрген сайын беліне бекітілген шиланның* ішіндегі алтын теңге көңілді қыдықтап, сыңғырлаумен келеді. Бұл оның өмірінде тыңдаған ең жағымды әуені болар. Барлығы – елу алтын бақыр! Ол өзіне өзі сенер емес. Сыңғырлаған бұл дөңгелектерде не сиқыр бар еді! Бұған бәрін де – зәулім үй, жер, мал, келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы,тіпті, жайлы арба да сатып алуға болады. Оны қайда жұмсаса екен. Ол өзінің қарындасының үйіне баратын көшеге түскенде, оның кеудесін осы бір ой мысықша тырналады. Бірнеше күн өткен соң, бойын мазасыздық билеген Родан әрі өсімгер, әрі бағалы заттар мен сирек нәрселер сатушы Матонның дүкеніне кірді. Жағалай алуан түсті тауарларға көзін де салмастан, ол үйдің түп жағындағы тұрғынжайға қарай өтті. Мұнда ол кілемге жайғасып, қара өңді құлдың берген асын ішіп отырған Матонға жолықты.
– Мен сенімен ақылдасқым келеді, өйткені не істерімді білмей жүрмін.- Родан былғары кеудеше киген жүндес төсін керіп, нық тұрды.
Қушиған сары жүзді Матон күлімсіреген күйде сәлемдесті.
– Өсімгер керек болғандай, сен не бүлдіріп қойдың? Неліктен сәттілік сатып кетіп, ойын үстелінде ұтылып қалдың? Әлде мамықтай жұмсақ бір сұлу өз торына түсірді ме? Мен сені көп жылдан бері білем де, менен көмек сұраған жерің болған емес.
– Жоқ, оның бірі де болған жоқ. Маған алтын керек емес. Мен сенен кеңес алуға келдім.
– Мәссаған, мынау не деп тұр, ей! Өсімгермен ақылдасатындай не болды екен. Мен не естіп отырмын?
– Сенің құлағың дұрыс естіді.
– Мүмкін емес! Матонға алтын үшін емес, кеңес үшін келетіндей Родан басқадан неліктен ақылдырақ болды екен, а? Көптеген адам келіп маған өздерінің ақымақтығы үшін төлейтін алтын іздеп келеді, бірақ олар ешқашан ақыл сұраған емес. Ал, әркімнің шарасыздығын сейілтетін өсімгер кеңес бермегенде, кім береді?
– Қане, Родан, кел асқа! Сен бүгін менің құрметті қонағымсың! Аңду!- ол құлды шақырды. – Маған кеңесу үшін келген Родан досыма көрпе жай. – Ол бүгін маған қадырлы мейман. Оған астың таңдаулысын молырақ әкел, құмыраны шарапқа толтыр.
Ал, енді мазаңды алған жайтты ортаға сал, мейманым.
– Мазанры алған – патшаның марапаты ғой.
– Патшаның марапаты? Патша берген марапат мазаңды алып жүр ме? Ол не марапат?
Патшаның торғауытына (гвардия) найза ұштарын жасаған едім, ол риза болып, маған елу алтын бақыр берді. Енді мен қиналып жүрмін. Біреу-міреу бөлісуге қинай ма деп басым қатып жүр.
– Оның рас. Жұрт өзінде болмаса да, өзгенің алтынын бөлісуге әрқашан да құмар келеді. Бірақ, сен олардан бас тарта алмайсың ба? Әлде жұдырығыңнан гөрі жігерің осал ма?
– Мен көбінен бас тартармын-ау, бірақ кейде келісе салған ыңғайлы ғой. Мысалы, туған қарындасымнан қалай бас тартамын?
– Әрине,қарындасың болса, сенің марапатыңды бөлісуден бас тартпас.
– Бірақ, қарыз күйеубалам Араманға қажет болуда. Ол мұндай мүмкіндіктің өзінде болмай келгенін айтып, қарызға алғысы келеді. Байығасын қайтаруды мойнына алмақ.
– Досым, – Матон әңгімеге шындап кірісті, – Абзалы, байлық адамға үлкен жауапкерлік жүктейді және жұрттың өзіне деген қатынасын өзгертеді. Алтынға ие болған кісі, оны біреу ұрлай ма, әлде жоғалтам ба деп қорқады. Онымен бірге адамды ол қызық нәрсе істеуге құлшындырады, алайда, қайырымды қай іс те бір нәрсеге ұрындыруы ықтимал.
Сен айуандар тілін білетін ниневиялық шаруа жайындағы хикаяны естіп пе едің? Естімеген боларсың, ондай әңгімелер ұстаның көрігі жанында айтылмас болар. Мен саған ұғу үшін мынаны айтам: қарызға ақша беру – алтынды қолдан қолға бере салу емес. Әлгі, айуандардың өзара тілдесетінін ұғатын шаруа, кешкісін ауласында отырып алып, түрлі жан-жануардың әңгімесін тыңдайды екен.Бір күні өгіздің өз тағдырын айтып, есекке шағынғанын естіпті:
– Мен таңнан ымыртқа дейін соқаны тартумен жұмыс істеймін. Күннің ыссы екенімен де, менің аяғымның ауырғанымен де, иықша мойнымды қажағанымен де ешкім санаспайды.Ал, сенің өмірің рақат қой. Үстіңе алуан түсті жабу жабулы, қожайынды баратын жеріне апарып тастағаннан басқа шаруаң да жоқ. Ол ешқайда бармаса, сен күні бойы көк шөпті күйсеп тұра бересің.
Есек өзінің қиқарлығына қарамастан, қайырымды болатын, ол өгіз байғұсты сонша аяп кетті.
– Шынында да, досым, - деді ол, – сенің тірлігің мүшкіл екен, мен халыңды жеңілдетсем қайтеді. Күні бойы демалудың ретін мен саған айтайын. Ертеңгісін құл сені соқаға жегуге келгенде, сен ыңқылдап, сырқаттың күйін кешесің, ол сені науқас екен деп ойласын.
Өгіз есектің айтқанын қылды да, оның жайын көрген құл қожайынға өгіздің соқа тарта алмайтынын жеткізді.
– Ендеше, - деді шаруа құлға, – соқаны есекке жек.
Досына қайыр тілеген есек күні бойы өгіздің жұмысын істеп діңкесі құрыды. Ымырт түскесін ғана оны соқадан босатты, ал оның жаны күйінгені өз алдына, аяқтары талып, иықша қажаған мойнынан сау-тамтық жоқ екен. Шаруа екі жануардың әңгімесін тыңдауға ауласына шықты. Әңгімені өгіз бастады:
– Сен шынында да нағыз дос екенсің. Сенің құнды ақылың арқасында бүгін күні бойы рахаттанып тынықтым.
– Ал, мен,- деді есек, – досына қайыр тілеп, оның азабын өз мойнына алған ашық ауыз болдым. Енді сен соқаңды өзің тартқаның жөн. Себебі, мен қожайынның құлға сен сауықпасаң, сойып тастауын тапсырғанын естідім.
Осымен әңгіме де, достық та тәмәмдалды. Бұл жайттың мәнісін ұқтың ба, Родан?
– Қызық жайт екен,- деді Родан,- бірақ мәнісін сонша ұқпадым.
– Солай боларын мен де білгем. Бірақ оның мәнісі бар және ол қарапайым ғана.Егер сен досыңа жаның ашыса, оның азабын өзің тартпайтындай қайыр тигіз.
– Бұл жайында мен ойламаппын. Нағыз даналық екен. Мен күйеубаланың азабын тартуға құлшынбаймын. Бірақ айтшы, сен жұртқа ақшаны қарызға таратасың ғой. Оның бәрі де қайтара ма?
Матон жымыйды, оның бұл жымыйысы талайды көріп, көп нәрсені бастан кешкенін білдіргендей сыңай еді.
– Берешек адамның төлеуге жағдайы болмаса, оған қарыз беруге бола ма, айтшы? Қарызды қаншама бере білсең де, ылғи да ол қарыздың саған қаншалықты пайдасы болатынын және ақшаң қайта ма, жоқ па, соны ойлау керек. Әйтпесе, дымсыз қалуға болады. Мен саған қобдидағы кепілзаттарды көрсетейін, олардың өзі-ақ саған талай хикаяны айтар еді.
Ол бөлмеге құшаққа зорға сыятын қобди алып келді,оның сырты шошқа терісімен қапталып, жаншылған қоламен әшекейленіпті. Ол қобдиды еденге қойды да, жанына малдас құра отырып, қос қолын қобди үстіне қойды.
– Қарыз ақша берген әр адамнан мен кепілзат аламын да, оны қарызды қайтарғанша қобдиымда сақтаймын. Қарызды қайтарған адамға оның кепілзатын беремін, болмаса ол менде қалады. Ең дұрысы, қобдиымның ойыма салғаны бойынша, адамдар менен қарызды қанша алғысы келсе, сонша алады. Ол үшін оларда жер, асыл тастар, мал немесе басқа да құнды заттар болуы керек. Олардың кейбіреуі маған қарыз ақшадан да құнды нәрселерін кепілдікке беріп кетеді. Енді біреулері, егер де қарызды қайтара алмаған жағдайда, маған әлдебір мүлкін сату құқығын беруге уағдаласады. Осындай қарыздар барынша қайтымды болады. Мен өзімнің қарызға берген алтынымның үстемеленіп қайтатынына сенемін, өйткені, қарыз мүлікке негізделген.
Табыс таба алатын адамдар, енді басқа санатқа жатады. Олар сен секілді жұмыс істейді немесе қызмет етеді де, оған тиісті ақысын алады.Ондайлардың табыс көзі бар, егер де сәтсіздікке ұшыраса, онда олар да қарызды пайызымен қоса қайыра алатынына сенем. Мұндай қарыз еңбекке негізделген. Мүлкі де, табыс көзі де жоқ адамдар да бар. Өмір – қатал, оған бейімделе алмағандар да табылады. Мұндайларға қайырымды достары кепіл қолын ұсынбаса, ондайларға қарызға бергенмен, бақыр тиынды да қайтарамын деп ойламаймын. Матон қобди тиегін ағытып, қақпағын көтерді. Родан шыдай алай алға ұмтылды. Кепілзаттар бетінде қызыл матаға оралған қола алқа жатты. Матон оны қолына алып, сүйсіне салмақтады.
– Бұл енді менің қолымда қалады, өйткені, иесі одүниеге өткелі қашан. Мен бұл әшекейді иесіне деген естелік үшін сақтаймын, өйткені, ол менің жақсы досым еді. Ол шығыс жақтан өзіне қалыңдық әкелгенше, екеуміз сауданы табысты жүргіздік. Ол келіншек сұлу болатын бірақ басқа әйелдердей емес, шолжаң болды. Жұбайы оның еркелігін көтеріп, қолдағы барын шашты. Алтыны біткенде, ол маған ұнжырғасы түсіп келіп еді. Онымен ұзақ сөйлестім. Мен оған өз ісінің аяққа тұруына көмегімді ұсындым. Ол Зеңгі баба бейнесінің алдында солай етеріне уәде етіп еді, бірақ оған тағдыр жазбапты.Үйдегі кезекті жанжал кезінде оған әйелі жүрегіне пышақ сұғып тынды.
– Әйелге не болды? – құмарта сұрады Родан.
– Міне, мынау – соныкы, – Матон сәнді киімді көтеріп көрсетті.- Өмірден түңілген күйі Еуфрат суына батып өлді. Бұл екеуі қарыздың орнына қалған кепілзат. Родан, бұдан сен сезімге тұтқын болғандардың өсімгерге сенімді серіктес емес екенін ұға бер.
Мында басқа бірдеңе бар екен. – Ол қобдидан өгіз сүйегінен ойылған жүзікті алып шықты. – Бұл бір шаруаныкы болатын. Оның әйелінен мен кілем сатып аламын. Бірде шегіртке қаптап, олар астықсыз қалды. Мен оған жәрдемдестім де, ол маған қарызын жаңа астықтан қайырды. Сосын ол шалғайдағы шетелде бар ұзын да, жұмсақ қылды ешкі турасында білгенін айтты. Одан Бабылда жоқ керемет кілем тоқуға құмартты. Ол бір отар ешкі сатып алғысы келді, бірақ ақшасы болмады. Мен оған қарыз бердім. Ол отар ешкіні алып келді, енді келесі жылы бабылдық алпауыттардың қалаған кілемін алдарына жайып салғалы отырмын. Жуырда бұл жүзікті қайтаруға тура келеді. Шаруа мерзімінде төлеуге уәдесін берді.
– Сонда қарызды көпшілігі қайтара ма? – қызына сұрады Родан.
– Егер олар ақшаны табысты іске алса, қайтарады. Егер де олар өз қатесін төлеуге мәжбүр болса, онда алтыныңды көру мүмкіндігі үлкен емес.
– Мына кепілзат жайлы айтып берші, - өтінді Родан, қолына айнала асыл тастары бар салмақты алтын білезікті алып.
– Менің досыма келіншектер жағатын сияқты,- деп мырс етті Матон.
– Қанша дегенмен, мен саған қарағанда жаспын ғой, - деп Родан есесін жібермеуде.
– Оның дұрыс, бірақ бұл жолы сен ғашықтық мәселесін жоқ жерде іздеп отырсың. Бұл білезіктің иесі – сөзінде мән жоқ, көп сөйлейтін, былшиған, келбетін әжім басқан бір ханым. Бір кезде ол айтарлықтай ауқатты болатын. Оның ұлы бар, соны саудагер еткісі келеді. Сондықтан ол маған келіп, қаладан қалаға барып, айырбас саудасымен айналысатын керуенге ұлына ақша беріп ертіп жіберуді ойлап келген. Бірақ керуен басы алаяқ екен, бозбаланы ұйықтаған күйі ақшасыз, жалғыз өзін бір қалаға қалдырып кетіпті. Бәлкім, ол сергелдең саналы тәжірибеге айналғанда, менің ақшам қайтар. Әзірге еститінім – тек қана уәде. Алайда, мына асыл тастар берген қарыздың құнына тұрады.
– Анау әйел қарыз алардан бұрын сенен кеңес алды ма?
– Түк те. Ол керісінше, ұлы туралы Бабылдағы бай да ықпалды адам ретінде сөйледі.Қарсылық білдірсем, ол жынданар еді. Мен оның ұлының шикі бала екенін білдім, бірақ ол кепілзат ұсынғасын, мен одан бас тарта алмадым.
Ал мынау, - жалғастырды Матон, түйіншектің жіңішке жібін шешіп жатып, – Түйе саудагері Небатырға тиесілі.Ол бір келе6 түйе сатып алуға ақшасы жетпегенде, осылайша түйін түйеді, ал мен оған қанша керек болса, сонша берем.Ол нағыз саудагер. Мен оның сергек ақылына сенем,сондықтан да оған ойланбастан қарыз берем. Бабылдағы көптеген саудагерлер менің сеніміме толық кіріп алған, өйткені, олар істі әділдікпен атқарады. Олардың кепілзаты менің қобдиымда көп жатпайды. Жақсы саудагер – қаламыздың олжасы ғой. Менің оларға көмегім өзіме пайдалы, ал оларға менің ақшамды қолдану тиімді. Матон қобдидан лағыл тастан ойылған қоңыз бейнесін жиіркенішпен еденге лақтырып жіберді.
– Мына қоңыз Египеттен. Қарызды қайтару иесінің ойына да кіріп шықпайды. Мен есіне салсам, ол маған: «Мені кесір жайлап жатса да қайтарамын. Ал сенде онсыз да ақша көп қой». Енді не істейсің? Кепілзат оның абыройлы әкесіне тиесілі, ол баласының ісін қолдау үшін жерін де, малын да салды.Әуелі баласының істе жолы болды, сосын оның сараңдығы мен тәжірибесіздігі түбіне жетті. Ісінің бәрі кері кетті.
Жастық шақта адам тәуекелшіл келеді. Байлыққа да, алдамшы игілікке де жеңіл жол іздейді.Тезірек баю үшін жастар ойланбастан қарызға батып жатады. Өмірді бастамай жатып, олар сенімсіз қарыздың бір түссең шыға алмайтын терең құз екенін сезбейді. Ол – түнек тұңғиық қой. Бірақ, егер де жұрт жарқын мақсатқа ұмтылып жатса, қарыз алмауға азғырмаймын. Өз басым ылғи да қарыз алумен саудагер болдым. Дегенмен, әлгі балаға молайтушы не істеуі керек? Жас болғасын жігері мұқалады, ісі өнбейді.Тіпті, қарызды өтеуге талпынбайды да. Ал мен оның әкесінің жері мен малын тартып алғым келмейді.
– Сен маған біраз жайтты мәлім еттің, – Родан ризалығын жасырмады. – Бірақ өз сауалыма жауапты естімедім ғой. Күйеубалама елу алтын бақырды бергенім жөн бе? Бірақ ол ақша маған сондай қадырлы.
– Қарындасың келісті адам, мен оны сыйлаймын. Оның күйеуі маған келсе, одан қарызды қалай пайдаланарын сұрар едім.
Егер де ол мен секілді асыл тастар мен қымбат жиһаз саудагері болуды ойластырса, тағы сұрар едім: «Сауда жөнінде не білесің? Тауарды ең арзанға алатын жерді білесің бе? Оны қымбатына қалай сатпақсың?» Қалай ойлайсың, ол осы сұрақтарға жауап бере ала ма?
– Жауап бере алмас,- деп келісті Родан. – Ол бар болғаны маған найза жасауға көмектесті ғой.
– Онда оған, ниетті толық ойластырмағанын айтар едім. Саудагер өз ісін толық зерттеуі керек, ал оның ниеті әзірге ештеңеге негізделмеген. Мен оған алтынды бермес едім.
Ол мысалға: «Иә, мен саудагерлерге жәрдемдестім. Смирнуға барып арзан кілем сатып әкелуді білем». – десе, оның ниетіне ден қойып, ісін қолдауға болар еді. Егер де қарызды қайтаруға кепілдік берсе, елу алтын ақшаны бере салар едім. Бірақ ол: «Менде кепілдік жоқ, алайда, қарызды қайыруға таза абыройыммен ант етейін» десе, мен: «Әрбір бақырды қадыр тұтатын адаммын. Смирнуға барар жолда қарақшылар ақшаны тартып алса болмаса қайтар жолда кілемді тонап алса, қарызға алған менің алтыным бірге құриды ғой».
– Көрдіңбе, Родан ақшаны өсіру де - саудагерліктің бір жолы, тек қана ақшамен сауда қылу.Ақшаны қарызға беру қиын емес, бірақ ойсыз бере салған ақшаны кері қайтару – қиынның қиыны. Білікті өсімгер ақшасын босқа тәуекелге тікпейді, оған қайтарым кепілі керек.
– Иә, кедейге қол ұшын берген жөн, тағдырдың соққысына ұшырағанға көмектесу қажет. Бірақ, бөгденің міндетін өзіне артқан есектің ахуалын кешпес үшін, көмекті ақылмен берген мақұл.
– Сенің көздеріңнен тағы бір сұрақты оқып тұрмын, Родан, менің жауабым мынау: анау алтыныңды өзіңе қалдыр. Өз еңбегіңе бұйырған алтын - сенікі, өз қалауың болмаса, оны ешкіммен де бөліспеуге қақың бар.Егер оны молайтуға бағытталған қарызға айналдырғың келсе, оны ақылмен істе. Сен қанша жыл бойы найза жасап келесің?
– Толық үш жыл болды.
– Патша марапатын қоспағанда, осы жылдар ішінде қанша ақша жинадың?
– Алтын үш бақыр.
– Сен өзіңді көп нәрседен тыю арқылы жылына бір бақырдан ғана жинадың ба?
– Дәл солай.
– Демек, сен елу жыл ішінде елу алтын бақыр жинар едің.
– Сонда, өмір бойы сонша ақшаға ғана қол жеткізер екем ғой.
– Неліктен, сенің қарыңдасың өз күйеуін саудагер болып байқауға ғана сенің елу жылғы ақыңды алып тәуекелге салмақ?
– Жоқ, сен секілді түсіндірсем, ол бас тартар.
– Ендеше барып айт: «Үш жыл бойы таңнан кешке дейін еңбек еттім. Өзіме де қимастан жылына бір алтын бақыр жинадым. Сен – менің сүйікті қарындасымсың, күйеубаланың да өзінің сүйікті ісінде жемісті болуын қалаймын. Егер де ол менің Матон досым қолдайтындай нақты жоспарын айтсын, мен бір жылғы жинағымды берейін, ал ол қолынан іс келетінін көрсетсін». Дәл осылай істе. Егер онда кепілзат болса, соған сәйкес қарыз бергін, ал егер жоқ болса, онда қайтара алатын сомасын ғана ұсын.
Мен өз саудамнан артылған алтыным болғасын ғана өсімгер болдым. Алтынымның өзгеге жұмыс істегенін қалаймын, бірақ ол маған пайда келтіруі қажет. Оның үстіне ол таза еңбегімнің ақысы болғасын, бостан босқа жоғалтқым келмейді. Сондықтан да, істің мығым екенін және алтынымның кері қайтатынына көзім жетпесе, кім көрінгенге қарыз бере салмаймын. Мен саған қобдиымдағы кейбір құпияларды ғана айттым, Родан. Солардың ішінде, ақшаны қайтаратындай берік мүмкіндігі болмаса да, қарызға алуға құмар пенделердің көп екеніне көз жеткіздің. Сонымен бірге, егер де адамда жеткілікті қабылет пен тәжірибе болмаса, тезірек әрі ірі табысқа жетерлік үміттің түкке тұрғысыз екенін байқадың. Сенде алтын бар, енді сен оның қолыңнан сусып кетпей, өзіңе жұмыс істеп, табыс әкелуін ойлануың керек. Мен секілді молайтуға жұмсауыңа болады. Өз жинағыңды көздің қарашығындай қорғасаң, ол саған алдын ала бірнеше жылға жетерлік мол табыс сыйлайды. Ал, оны қолдан шығарып алсаң, өмір бойына жетерлік ащы өкініштен арылмайсың. Ал, енді өзіңде қандай жоспар бар?
– Алтынды жоғалтудан сақтауым керек.
– Дұрыс әңгіме, – Матон мақұл сыңай танытты,- Алғашқы тілегің – алтынды сақтау. Ал, күйеубалаңда ол сақталар ма еді?
– Олай болмас деп қорқам. Ол сақтай алмас еді.
– Ендеше жасанды туыстық сезімге беріліп керек емес. Егер де туысыңа жанашырлық жасағың келсе, оны басқа жолмен, қолда бар жинағыңды тәуекелге тікпейтіндей, істе. Алтынның сақтай алмайтын адамның қолынан алды-артына қарамай кететінін ұмытпа. Одан да, өзгенің ақшаңды қалай жоғалтып жатқанын бақылап отырғаннан, оны өзің жұмсағаның жөн ғой. Ақшаңды қатерден сақтаудан басқа тағы не ойлайсың?
– Оның маған ақша еселегенін қалаймын.
– Бұл айтқаның да жөн сөз. Алтынның өсіп, көбейгені дұрыс.Егер де оны ақылмен іске салсаң, қартайғанша, ол еселене алар еді. Егер де оны жоғалтсаң, онда болашаққа табыс әкелетін ақшаны да бірге құртасың.
Сондықтан да, өздері істің ретін білмейтін және сенің ақшаңды тәуекелге тігіп байығысы келіп, бас қатыратындарға мазаң қашпасын. Олардың құрғақ уәдесі сенің жиған-тергеніңді бір сәтте-ақ, жойуы мүмкін. Онан да ісі оңға басқандармен бірге болғаның абзал. Білігі мен тәжірибесінің арқасында олар саған ақшаңды да сақтайды, мол табысқа да кенелтеді. Осы жолмен ғана күтпеген олжаға кенелген көп адамдардың жіберетін қатесіне жоламайсың. Патшаның мына сыйы саған әлі талай сабақ береді.Өзіңе өзің сақ бол, өйткені, алда әлі де талай алдамшы жайттар күтіп тұр. Саған жұрт ірі табысқа жеткізетін талай кеңес те, мүмкіндік те береді. Қобдиымды ақтарып саған айтқан хикаялар сені ойланбай әрекет етуден сақтар әрі басқаға қарызға берген әрбір бақыр саған аман-есен табыспен оралар. Болашақта кеңесім керек болып жатса, мен саған құлшыныспен беремін. Кетпес бұрын, қобдидың төменгі жағына ойып жазған жазбаны оқып шық. Ол жазба қарызды берушіге де, алушыға да қатысты:
ҮЛКЕН ӨКІНІШТЕН, БОЛМАШЫ САҚТЫҚ АРТЫҚ.
6 келе – түйе тобыры
Бабылдық бекініс
Бабылдың ежелгі дуалына апаратын жолды қатал да қарт Банзар батыр күзетіп тұр. Дуалдың үстінде қаланың қайсар әскері жанталаса қорғануда. Мыңдаған тұрғыны бар осы бір ұлы шаһардың одан әрі аман қалуы соларға ғана байланысты болып тұр. Зәулім дуалдың арғы жағында шабуылдаған қолдың мыңдаған сарбаздары улап-шулап, ат тұғының дыбысы толассыз естіледі, ал қола қақпаны атқылаған тас атқыш тарандар да ауық-ауық дүңкілдеуде. Қала көшелерінен жиналған қақпа маңына найзагерлер шоғырланды, олардың таран соққысына шыдамай, ашылған қақпадан лап қоятын жауға төтеп беруге әзірленген беттері болатын. Олар көп емес еді. Бабылдың негізгі қолы патшамен бірге шығысқа, Элам еліне шабуылға аттанған еді. Олар жоқта қалаға жау шабарын ешкім күтпеген, сондықтан да қалада әскер қолы аз болатын. Сол тұстан бай қалаға Ассирияның тегеурінді қолы дүрсе қоя берді. Енді Бабылдың берік бекінісі ғана орасан шабуылға тойтарыс беруіне тура келуде. Банзардың маңына өңдері қашып, үрейлері ұшқан қала тұрғындары шоғырланып қалыпты. Олар шайқас орнынан жаңалықтар күтуде. Ұрыс орнынан әкелінген жаралылар мен өлгендерді тым-тырыс қана бағумен тұр. Шайқастың басты бағыты осы қақпаларға бағытталған. Қала бекінісін үш күн бойы айнала жүріп, дұшпан қолы күтпеген жерден негізгі күштерін қақпаларға қарай жөнелткен еді. Қала қорғаушылар бекініс үстінен жаудың көтергілері мен баспалдақтарына жебені жаудырып, ыссы май шашуда, біреулері дуал үстіне шыға қалса, іске найза қосылуда. Қарап жатқан дұшпан жоқ, бекініс қорғаушыларына да жебені қарша боратуда. Банзар тұрған маңнан шайқас алаңы алақандағыдай екен.Ол шайқас алаңына да жақын жайғасыпты,оған шабуыл жөніндегі ақпар да дер кезінде жетуде.
Оған қарт саудагер қолы дірілдей жанаса кетті.
– Айтшы! Айта гөрші! – жалынды ол. – Аналар бекініске өте алмайды ғой? Менің ұлдарым патшаға еріп кеткен. Кемпірім екеумізді қорғайтын ешкім қалмады.Олар менің мүлкімді, барымды тонайды-ау. Ештеңе қалмайтын болды!Қорғануға да, құл болуға да жарамаймыз – кәріміз ғой. Өлетін болдық. Айтшы, аналар өте алмайды ғой, солай ма?
– Сабыр ет, досым, - деді сардар. – Бабылдың бекінісі берік. Базарға бар да, кемпіріңе айт, қала бекінісі патшаның қазынасын қорығандай, өздеріңді де, мүліктеріңді де қорғайтынын жеткіз. Қабырғаны жағалай жүр, жебе тиіп кетпесін.
Саудагер орнына емізулі бала көтерген әйел тұрды.
– Сардар, айтыңызшы, бекіністе не болып жатыр? Менен жасырмаңызшы, мен бейшара күйеуімді тыныштандырайын. Жараның кесірінен оның ыстығы көтеріліп жатыр, бірақ ауық-ауық қалқан мен найзасын сұрауда.Баласы мен екеумізді қорғауға аттанғысы келеді.Оның пікірінше, бекіністі бұзған жаудың айбыны жаман болады.
– Жүрегіңді бас, айналайын. Бабыл бекінісі мына балаңды да, өзіңді де, болашақ балаларыңды да қорғайды. Дуал аса биік әрі мығым. Шабуылға шыққан жауға ыссы май құйған біздің жауынгерлердің дауысын естіп тұрған жоқпысың?
– Иә, естіп тұрмын. Бірақ қақпаны соққылаған таран дыбысын да естіп тұрмын ғой.
– Күйеуіңе бар.Оған бекініс қақпаларының таранға төтеп беретінін айт.Дуал үстіне шыққандарды зымыраған найзалар қағып түсіретінін жеткіз. Абайлап жүр, үйлердің арасымен қайт.
Банзар ауыр қаруланған қосалқы күшті өткізу үшін қапталға ығысты.Қола қалқандары қаңғырлап, олар өткен кезде, оған қаршадай қыз жабыса кетті:
– Айтшы, сардар, біз аман қаламыз ба? Айналадағы дыбыстан қорқып тұрмын. Қаптаған адамдар қансырауда, маған сонша қорқынышты.Менің апама, кішкентай ініме не болар екен?
Қарт сарбаз көзін сығырайтты да, оның иегін қысып қойды.
– Қорықпа, балақан, - басынан сыйпады, – Бабыл бекінісі сені де, анаңды да, ініңді де қорғайды. Сол үшін жүз жылдан аса уақыт бұрын ұлы Семирамида тұрғызған мұны.Бұған әлі күнге ешкім басып кірген емес. Кері қайт та, апаң мен ініңе айт, бекініс берік, қорқатын түгі де жоқ.
Тың қосалқы күш дуал үстіне шығып шайқасады да, олардың жаралылары мен өлгендерін кейін алып кететінін бірнеше күн бойы қарт Банзар бақылаумен болды. Оны айнала үрейі ұшқан жұрт толастар болмады, бәрінің де қоятыны бір сұрақ: бекініс төтеп бере ме? Оның бәріне де оның ардагерге тән мақтанмен айтатыны: «Бабылдың бекінісі сендерді қорғайды». Үш апта және бес күн бойы қаланы соққылау бір де бір толастамады.Қан сасыған өткілмен қосалқы күш қатары жоғары қарай бірінен соң бірі қанша өтсе, соншама олардың жаралы тобы мен өліктерін шығарғанын бақылаған Банзар ернін барған сайын аямастан тістелеп тұрды. Күн өткен сайын, бекініс түбінде өлген жаудың өліктері де таудай болып үйіле берді. Оларды түнде ғана жолдастары алып кетіп, жерлеп жатты. Төртінші аптаның бесінші түні ғана айқай-шу сап тыйылды.Жаңа туған айдың сәулесі жазыққа түсіп, шегінген қолдың шаңын көрсетті. Бекініс қорғаушылардың әлемет айқайы айналаны тітіркентті.Оның мәніне қателесу мүмкін емес еді. Ол айқайды дуал түбіндегі сарбаздар іліп әкетті де, одан әрі жаңғырық іспетті дауыс көшелерді жаңғыртты. Жұрт үйлерінен шығып жатыр. Көшелер халыққа лық толды.Өткен апта бойы ұйлыққан үрей қуанышқа толы айқайға ұласты. Ваала тәуханасының мұнара басынан жеңіс оты аспанға шапшыды. Көкке көтерілген көгілдір түтін, шаттыққа толы жаңалықты түкпір-түкпірге жеткізуде. Бабыл бекінісі қала қазынасы мен байлығына қол сұғуды аңсап, тұрғындарын құл етуді көксеген алапат дұшпанға осылайша тойтарыс берді. Бабыл ғасыр сайын гүлдене берді, өйткені, ол толық қорғаныста еді. Басқа жайтты ол өзіне керексінбеген қала еді. Бабыл бекінісі қорғанысқа деген адамдық қажеттіліктің көрінісі болатын. Ол ниет әркімге де тән. Бүгінде ол, өткен замандардан гөрі, тіпті, күштірек, бірақ бізде енді сол мақсатқа жарайтын одан да жақсы әрі қуатты саймандар бар. Бүгінде ондай саймандарға қамсыздандыру компаниялары, жинақ шоттары, нысаналық инвестициялар жатады. Олар бізге кез келген есіктен кіріп келетіндей, тосын апаттан қорғануға жарайды.
ЛАЙЫҚТЫ ҚОРҒАНСЫЗ АЛҒА БАСУҒА БОЛМАЙДЫ
Бабылдық түйе сатушы Адам аш болған сайын, оның ойы айқын болып, астың иісі анығырақ шығады. Азмұрдың ұлы Тарқат та солай ойлайды. Біреудің бағында жұлып жеген екі түйір жаңғақты айтпағанда, нәр татпағалы екі күн болды. Әлгі бақтан басқа ештеңе жұлып үлгермеді, қожайынның қабаған иті үйінен жүгіріп шығып, мұны қуа жөнелді, тіпті, көшеге түсіп алып, соңынан біразға дейін қалмады. Оның ащы дауысы бұл базар алаңына кіргенде де құлағынан кетпей қойды. Әттең, құлағындағы әлгі иттің шәңкілі болмағанда, шырыны тамшылаған жемісті себеттен уыстап ала қашар еді. Ол бұрын Бабыл базарының сөресінде иісі аңқыған мұншама алуан дәмді астың боларын ойламапты. Базар алаңынан өтті де, керуен сарайға келіп, есік алдында біраз сенделіп жүрді. Ол әлдебір танысты кездестіріп, одан ең болмаса жез бақыр сұрап алуды ойлады. Томсырайған азғынды сол ғана күлімсіретіп, дәмханадан бір шығуға итермелер еді. Қалтасы бос жігіт өзін мұнда шақырылмаған қонақтай екенін жақсы білді. Осылай ойға кеткен Тарқат, іздегенде кездеспейтін түйе сатушы Табасармен бет пе бет кезіккенін қарашы! Ол Табасарға қарызын беруге әлдеқашан уәде берген.
– Ау, Тарқатпысың? – анау қуанып кетті. – Мен де сені ойлап, бір ай бұрын алған қос жез бақыр мен одан да ертерек қарызға берген күміс бақырды қашан қайтарар екен деп келе жатыр едім. Кездескеніміз жақсы болды. Маған да ақша керегіп тұр еді. Ал, не дейсің?
Тарқаттың өңі түнеріп сала берді. Оның аш қарынға сөзуар Табасармен дауласуға күші де жоқ еді.
– Кешіре гөр, - деп ол күмілжіді, – бүгін менде сенімен есептесуге жез де, күміс те ақша жоқ.
– Ендеше қайдан болса да тап, Табасар да тап берді. – Қиналғанда қол ұшын берген әкеңнің досына саған екі жез бен бір ғана күміс бақыр табу не тұрады.
– Таба алмаспын. Менің қыр соңымнан әлдебір тағдырдың тәлкегі қалмай қойды.
– Сәтсіз тағдыр! Өз қатең үшін Жаратқанды кінәлама. Сәтсіз тағдыр қалай қарызды қайтарам дегенді емес, қалай қарыз алуды ғана ойлайтын адамды қуалайды. Қане, жүр менімен, ас ішкенше күтіп отырасың. Қарным ашты әрі саған бір хикаяны айтып беруім керек.
Табасардың дөрекі турашылдығы теңселтіп кетті Тарқатты, дегенмен, бұл дәмхана табалдырығын аттауға мүмкіндік беретін шақыру еді. Табасар оны түпкі бұрышқа қарай итергіштеді де, екеуі кілемше үстіне жайғасты. Оларға жымыйыспен жақындаған Қауысқор қожайынға, Табасар өзіне тән мәнерде:
– Қане, шөлдаланың семіз кесірткісі, маған жақсы қуырылған қойдың саны және де көбірек нан мен көкөніс әкел, аштық қысып барады. Айтпақшы, менің досымды да ұмытпа.Оған бір құмыра салқын су әкел.Бүгін аспан жерге түскендей ысып кетті.
Тарқаттың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Неліктен Табасар асаған қой санына қарап, су ішумен отырмақ? Бірақ ол ештеңе демеді. Оның басына айтар сөз де келмеген еді. Табасар үнсіздік дегенді,тіпті білмейтін болар. Дәмханаға кірген таныстарына сәлем ретінде күлімсірей қол бұлғады да, сөзін жалғады:
– Орфадан қайтқан саяхатшылардан бір бай туралы естідім, ол өзіне тастан әйнек тілдіруге бұйрық беріпті. Ол үйін жаңбырдан қорғау үшін әлгіні терезесіне салдырыпты. Тас әйнек сарғылт түсті екен, одан далаға қарап көрген олар, басқа түске боялған дүниенің ерекше екенін айтып даурығысады. Бұған не дейсің,Тарқат? Дүниенің басқа түсті болуы мүмкін бе?
– Бәрі де мүмкін, - бозбаланы Табасар алдына қойылған қуырылған қой саны көп алаңдатты.
– Мен оған сенемін, өйткені, өзім де өзге түсті дүниені көрдім.Менің саған айтқалы отырған хикаямда сол менің дүниенің кәдімгі түсін көргенім жайлы болмақ.
– Табасар бір қызық хикая айтқалы отыр, - деп көршілер сыбырласып, төсеніштерін жылжыта бастады. Басқалары да шайнаңдаған ауыздарына тыныштық беріп, доға тәрізді жайғаса қалды. Бәрінің қолдарында да, жартылай мүжілген жілік. Жалғыз Тарқат қана ассыз отырды. Табасар қой санын бөлісер емес, тіпті, ыдыстан еденге түскен бір тілім нанды да ұсына қоймады.
– Мен айтқалы отырған хикая, - деп бастады Табасар, бір кесек етті шайнаңдап, - менің жас кезіме қатысты. Ол менің қалай түйе сатушы болғаным жайлы. Араларыңда менің Сирияда құл болғанымды білетіндерің бар ма?
Бөлме іші араның ұясындай гуілдеп кетті де, ол Табасарға жағымды әсерін бере түсті.
– Мен жас кезімде, – ол қой санынан үлкен бір кесек етті қыршып түсті,- әкемнен ер-тұрман жасауды үйрендім. Әкемнің шеберханасында жұмыс істей жүріп, келіншегімді асырадым. Әрі жас әрі тәжірибесіз болғандықтан, табысым сонша көп болмаса да,қарапайым тіршілікке жететін. Жас болғасын көп нәрсе алғың келіп алаңдайсың, бірақ мен оған бармадым. Алайда, дүкеншілердің менде ақша жоқта маған қарызға қиналмай беретінін байқадым.
Жастығым мен тәжірибесіздігімнен, өз табысынан көп ақша жұмсаған адам, қайдағы бір апат пен сордың боранын тұрғызатын жел тұрғызатынын білмеппін. Мен өз құмарыма еріп, табыспен санаспастан, қымбат киіндім, әйеліме әшекей алуға әуестендім. Әупірімдеп жүріп, қарыздан құтылатынмын. Бірақ табысымның бір уақытта тірлік етуге әрі қарызды қайтаруға жетпейтінін байқадым. Саудагерлер мен қарызға алған қымбат зат үшін соңымнан қуып жүріп ақысын алатын болды. Өмір сүру күрделене түсті. Мен достарымнан қарыз ала бастадым. Бірақ оны төлеуге әлім келе бермеді. Жағдайым барған сайын ауырлай түсті. Келіншек төркініне кетті де, мен Бабылдан кетіп, өмірге қолайлы басқа қала іздеуді шештім. Екі жыл бойы мен керуен жетекшінің ауыр халын бастан кештім.Онда мен шөлдаланы кезіп, қарусыз керуен тонаған қарақшылар тобырымен байланыстым.Мұндай қылықтың абыройлы әкемнің ұлына лайық еместігі белгілі, бірақ мен ол кезде дүниені тобықтан келетін теңіз суындай сезінетінмін, өзімнің қаншалықты құлдырағанымды ұқпадым. Біздің алғашқы керуен тонауымыз сәтті болды. Алтынды қазына мен тай-тай жібекті, басқа да тауарларды қолға түсірдік. Олжаны Гинир қаласына апарып сонда оңды-солды сайрандауға жұмсадық. Келесі тонау жұмысы соншалықты олжалы болмады. Керуенге енді ұмтылғанымызда, саудагерлер өздерін күзетуге келіскен жергілікті тайпа бізге бас салып, шайқаса кетті. Біздің екі басшымыздың бірін өлтіріп, қалғанымызды Шам (Дамаск) қаласына айдап әкелді де, онда барымызды сыпырып алып, өзімізді құлдыққа сатты. Мені екі күміс бақырға шөлдалалық тайпа көсемі сатып алды. Шашымды сыпырып тастады да, бұтыма лыпа болар мата байлады. Сөйтіп, мен кәдімгі құл болдым да шықтым. Қамсыз жас болғасын, мұның бәрі өткінші ғана күлкілі жайттардың бірі болар деп ойладым, бірақ бір күні қожайын мені төрт әйелінің алдына шығарды да, олардың мені әтек7 ретінде алуларына болатынын жеткізді. Өзімнің жағдайымның мүшкілдігін сонда ғана ұқтым.Шөлдаланың бұл тайпасы әрі жабайы, әрі аса жауынгер болатын. Не қаруым жоқ, не қашатын титтей де мұрсатым жоқ мен, енді толығымен солардың билігінде екенмін. Үрейім ұшқан мені төрт әйел,тіпті, байқамағансыды. Ал, мен олар тарапынан маған кішкентай да аяушылық боларына үміттенерімді де білмедім. Сира бәйбіше басқасынан жасы үлкен еді. Ол маған қарады да, келбетінен ештеңе сездірмеді. Одан әлдебір аяушылық күтудің пайдасы жоқтай көрінді.Келесі әйел тәкәппәр келген сұлу екен. Ол маған жиіркенішті құртқа көзі түскендей жиырыла қарады да қойды. Ал, екі жас бике тоқтамастан сықылықтаумен болды. Өзіме деген үкімді күткенше, мен шексіз уақыт өткендей сезіндім. Шамасы, әйелдердің әрқайсысы шешімді өзгеге қабылдатуға бейім танытқандай. Ақырында Сира салқын дауыспен сөйлеп кетті:
– Бізде қортықтар жеткілікті ғой, ал түйе айдаушылар аз, барының өзі пайдаға жарамайды. Мысалы, мен бүгін ауру шешеме баруым керек, ал менде түйені сеніп тапсыратын бір де бір түйеші құл жоқ. Мына құлдан түйеге ыңғай бар ма екен, сұрашы.
– Түйе жөнінде не білесің? – деп сұрады қожайын менен.
– Мен түйені шөгере аламын, қомдаймын, шаршатпай ұзақ жолға айдаймын.Ауыра қалса, түйені емдей аламын.
– Мына құлдың әңгімесі түзу екен, - деп бағалады мені қожайын.
– Егер, Сира, қажет десең, осыны түйе айдаушы етіп ал.
Мен осылайша Сираның қарауына өтіп, сол күні оның шалғайдағы ауру шешесіне түйесін айдап бардым. Сәті түскен жағдайды пайдаланып, оған тағдырыма араша түскені үшін ризалығымды білдірдім де, өзімнің тумысымнан құл емес, Бабылдағы беделді шебердің, яғни, ерікті адамның ұлы екенімді айттым. Мен өзімнің басымнан кешкен жайтты баяндап едім, оның жауабы мені тұйыққа тіреді:
– Егер сенің осалдығың осындай жағдайға әкеп соқса, несіне сен ерікті адам болмақсың? Егер адамда құлдың жаны болса, ол солай болып қала бермек, қалай және кім болып туғанына қатыссыз, ойпаң жерді қуалап ағатын су секілді. Егерде сенің жаның ерікті адамдыкы болса, сен өз қалаңда жүріп-ақ, тағдырдың қандай тәлкегіне қарамастан, құрмет пен абыройға кенелер едің.
Бір жылдан аса мен құл бола жүріп, құлдармен бірге тұрғанмен, олардың біріне айнала алмадым. Бір күні Сира менен сұрады:
– Сен неге жападан жалғыз отырсың, басқа құлдар топ-тобымен жүргенде?
– Мен сенің айтқан сөзіңді әлі ойланып жүрмін,- дедім мен. – Менің жаным құлдыкы емес екен. Олармен бірге отыра алмаймын, сондықтан жалғызсырап отырмын.
– Маған да жалғызсырауға тура келеді, - деді ол.
– Менің жасауым орасан мол болды, қожайын сол себепті маған үйленген. Бірақ ол маған ғашық болған емес. Алайда, әрбір әйел де өзін сүйюді қалайды ғой. Сол себепті де мен бедеу болдым, ұрпақсызбын, ұлым да, қызым да жоқ. Үйде жалғыз отыруға содан да мәжбүрмін.Егер мен еркек болсам, құлдықтан гөрі өзіме өлімді лайық санар едім, бірақ тайпамыздың дәстүрі әйелдерді амалсыз күң болуға итермелейді.
– Бұл жолы мен туралы не ойлайсың? – деп сұрадым.- Мендегі рух кімге лайық – ерікті адамға ма, әлде құлға ма?
– Сен Бабылдағы қарызыңды өтегің келе ме? – деп сұрады әуелі ол.
– Иә, мені сол ой мазалап жүр, бірақ оған мүмкіндік жоқ қой.
– Егер бірнеше жыл өтіп, ал сен оған талпынбасаң, онда сенің жаның құлға тән болғаны. Ер адам өзінің абыройын ойлауы керек, ал қарызды өтемейтін адамда абырой қала ма?
– Менің қолымнан не келеді? Сирияда құлдықта жүрген жоқпын ба?
– Ендеше Сирияда құл болып қала бер, осал неме.
– Мен осал емеспін, - қызбалана ақталдым.
– Онда дәлелде.
– Қалайша?
– Сенің патшаң кез келген жаумен қандай тәсіл болса да, күреспей ме? Ал сенің дұшпаның – ол сенің қарызың. Сені Бабылдан сол қуды емес пе? Демек, оның сенен мықты болғаны. Егер сен ерлерге тән қайсарлықпен онымен күрескеніңде, оны тізе бүктіріп, жерлестерің алдындағы абыройың артқан болар еді.
Содан кейін мен бұл кінәлауды ойымнан шығара алмай басым қатты, ойша оған қарсы дауласып, жанымның құлға тән еместігін айтып өзімді ақтаумен болдым. Бірақ оның бәрін Сираның көзіне тура айтуға дәрменім болмады. Үш күннен соң, оның күтуші қызы мені бәйбішеге шақырып келді.
– Анам тағы сырқаттанып қалды. Келенің ішінен ең жақсы екі түйені тез қомда. Меске толтыра су мен ұзақ жолға азық ал. Қызметші қыз саған бәрін тауып береді.
Мен жалмажан түйелерді қомдадым да, бірақ қызметші қыздың жолазықты сонша мол бергеніне қайран қалдым, өйткені, бәйбішенің анасы бар болғаны бір күндік жерде тұратын. Қызметші артқы түйеге отырды да, мен бәйбіше жайғасқан алдыңғы түйені жетектеп, жаяу жүрдім. Біз бәйбіше шешесінің үйіне келгенімізде, қас қарайған еді. Сира қызметшіні үйге жіберді де, менен мынаны сұрады:
– Табасар, сендегі жан ерікті адамға тән бе, құлға тән бе?
– Ерікті адамға тән,- дедім.
– Ендеше, соны дәлелдейтін сенде мүмкіндік бар. Сенің қожайының шарапқа масайды, ал оның қызметшілері жалқау. Мына түйелерді мін де, жолға түс. Мына қоржында қожайынның киімі бар, соны киерсің. Мен сені «түйелерді мініп қашып кетті» дермін.
– Сенде патшайымның рухы бар екен, - дедім мен оған. – Мен сенің бақытты болуыңды тілеймін.
– Айдаладағы жат елдегі бөгде біреуге қашып барған әйелде қандай бақыт болушы еді? – деді ол.
– Өз жолыңа түс, шөлдаланың пірлері саған жар болсын, өйткені, жол ұзақ, бұл далада қорек те, су да жоқ екенін білесің.
Мені сонша азғырудың керегі шамалы еді. Мен бәйбішеге шын жүректен алғысымды айтып, түн қойнауына сүңгіп кеттім. Ол ел маған сонша жат еді, сондықтан да, Бабылдың қай бағытта екенінен де хабарым болмады.Соған қарамастан, шөлдаланың сайын құмын батыл кешіп, алға жүре бердім.Түйенің бірін жетектеп, біріне мініп алдым. Қожайынның мүлкін ұрлап қашқан құлдың алда күткен тағдыры қандай боларын ойлаумен, түні бойы және келесі күні тоқтамастан жүре бердім. Келесі күні кешке қарай, беймәлім қыратты елсіз жерге тап болдым. Түйелердің табандарын қырлы да қиыршық тас жаралап болды.Менің алға басуым мұң бола бастады. Адамды да, аңды да кезіктіру мүмкін болмады. Мынадай ат байласа, тұрғысыз жарамсыз жерде кім болсын. Мұндай қатерлі қашқын сапарға шығып, ілу де біреу ғана шыдауы мүмкін. Күннен күнге алға ілбумен жүрдім.Азық та, су да таусылды. Күн тас төбеден күйдірумен болды. Тоғызыншы күні мен түйеден сыпырылып түстім де, оған қайта мінуге күшім жоғын білдім, енді шөлдалада ажал күтуден басқа амал жоқ еді. Жерде жатқан күйі ұйықтап кетіппін. Мені таң ата шыққан күн сәулесі оятты. Сүйретіле тұрдым да, жан жағыма көз салдым.Таңғы ауа қоңыр салқын әрі аздап сыз сезіледі. Түйелерім менен ұзамастан шөккен күйлері жайбарақат күйіс қайырып жатыр. Айналаны тас аралас құм басыпты, кей жерлерде тікенді шөп өсіп тұр. Судың иісі де сезілмейді, адамға да, түйеге де жарайтын қорек болсайшы! Осындай бетпақ шөлдалада ғұмырымның біткені ме? Менің есім мұндай айқын ойлы болмаған шығар, ал денем мен үшін маңызсыз секілденді.Жырылған әрі қанаған ерінде, құрғап, ісінген тілде, аш қарында – ешқандай мән қалмады. Алысқа көз салып, өзімнен өзім тағы сұрадым: «Мендегі жан кімге тән – құлға ма, ерікті адамға ма?» Дереу басыма айқын ой келді: «Егер менде құлға тән жан болса, мен осы мүшкілдікке беріліп, мына шөлдалада арам қатуым керек.Ол қашқын құлға лайық ажал болар еді. Ал, егер мен тумысымнан ерікті болсам, Бабылды қалай да тауып, маған қарызын сеніп тапсырған адамға берешегімді қайтарып, сүйікті жарым мен туыстарыма аман-есен қайта оралуым керек.» «Сенің дұшпаның – ол сенің қарызың.Сені Бабылдан сол қуды емес пе?» - деп еді-ау Сира. Сонысы рас екен. Мен неге ер адамға лайық қорғанбадым? Мен неге әйелімнің төркініне кетуіне жол бердім? Осы кезде таң қаларлық жайт болды. Дүниенің түсі өзгеріп кеткендей, мен бұған дейін оған әлдебір түрлі түсті әйнек арқылы қарап келіп, соны көзімнен алып тастағандай, көз алдым айқындалып кетті. Өмірдің нағыз мәніне көзім енді жеткендей. Шөлдалада ажалды қарсы алсам ба? Жоға! Не істеу керегім есіме сап етті. Әуелі Бабылға жетуім керек, қарыздар әр адамға жолығып, оларға ұзақ жылғы қаңғу мен қорлықтан кейін қарызын қайтаратынымды жеткізуім қажет. Сосын бала-шағама үй салуым керек те, ата-анама мақтан болардай қаланың абыройлы тұрғыны болуға ұмтылу керек. Менің қарыздарым маған нағыз дұшпан екен, бірақ маған қарыз берген жандар менің достарым еді,өйткені, олар маған сенді ғой. Мен өлермендікпен түрегелдім. Аштыққа да, шөлге де назар аудармадым. Олар менің Бабылға жету жолымда аяғымнан кері тарта алмады. Менің бойымдағы жанымның ерік-жігері өзіме тән дұшпандарыммен қарсыласа отырып, достарымды қайтаруға шайқасып бақты. Қырылдаған даусымнан ерікті адамға тән қауқарлы дауысты естіген түйелерімнің тұманданған көздерінде жарқыл пайда болды. Шөккен түйелерім бірнеше рет ұмтылыстан соң түрегеліп, бойларын тіктеді де, менің ішкі түйсігімнің бағыттауымен, Бабылдың сол тұста екендігіне сенімді түрде қарыштап қадам басты. Біз суға тап болдық. Келген жеріміз барынша құнарлы да, өсімдік пен жеміске толы маңай екен. Бабылға барар жолды да осы арадан таптық, өйткені, ерікті жан өмірді мәселелердің кезігуі деп ұғып, оны шешумен шұғылданады да, құл рухты жан бар болғаны «Құл болғасын қолымнан не келсін?» деп зарлаумен жүріп, қауқарсыздығын әйгілейді екен. Ал,сен Тарқат, қалай ойлайсың? Аш қарынға ойлану адамға оңай ма? Өзіңді өзің құрметтеуге түсірер жол іздегің келмей ме? Дүниенің нағыз түсін айыра аласың ба? Қарыздарыңмен әділетті түрде есеп айырысуға және Бабылдағы абыройлы адамға айналуға құлқың бар ма?
Бозбаланың жанарына жас үйірілді.
– Сен маған жаңа өмір үлгісін көз алдыма әкелдің. Енді мен өзімді ерікті жанға лайық сезіне бастадым.
– Сонымен, Табасар, Бабылға келгесін не істедің? – деп сұрады тыңдаушылардың бірі.
– Мақсат болса, оған жетер жол да болады екен,- жауап берді ол.- Біріншіден, мен қарыз берушілерімді аралап, қарыз қайтаруға мұрсат боларлық белгілі бір мерзім сұрадым.Көпшілігі мені жайдары қарсы алды. Әрине, мені балағаттағандары да болды, бірақ көбі маған қол ұштарын беруге әзір еді. Олардың бірі мен зәру болған басты нәрсеге көмектесті. Ол – өсімгер Матон еді. Менің Бағдатта түйе айдағанымды естіген ол, сол кездегі шыққан патшаның жарлығына сәйкес әскери жорыққа қажет мықты да сау түйелер әкелуге саудагер қарт Небатырға аттандырды. Менің түйе жөніндегі білігім дер кезінде пайдаға жарады. Көп ұзамай, мен соңғы жез бақырға дейін қалдырмастан, қарызымды өтедім. Осыдан соң ғана мен еңсемді көтеріп, беделді адамдар санатына абыроймен оралдым.
Табасар асқа тағы да бас қойды.
– Қауысқор, оңбаған жылан екенсің, - айқайлап аспазды шақырды, - етің суып қалды. Тура қазаннан тағы да ыстығын алып кел. Менің досымның ұлы Тарқатқа да ет әкел. Ол да аш, менімен тамақтас болсын.
Ежелгі Бабылдың түйе саудагері Табасардың хикаясы осылай тамамдалды.Ол өзіне дейінгі данышпандар білген әрі іске жаратқан бір ғана ақиқатты осылай ұғып, өз жанын жаңғыртқан болатын. Бұл ақиқат талай замандарда қиындық жолағынан құтқарып, сәттілікке ұшыратты.Адамдар ол ақиқаттың сиқырлы күшін ұққанша, солай бола бермек:
МАҚСАТ БОЛСА, ОҒАН ЖЕТЕР ЖОЛ ДА БАР.
7 Әтек – аталық ұрыққабы аласталған құл.
Бабылдық сазбітіктер
Ноттингемдік университет
Ньюарк-на-Тренте
Ноттингем
21 қазан 1934ж.
Британдық ғылыми зерттеу
экспедиция жетекшісіне,
профессор Франклин Колдвеллге.
Хилла, Месопотамия.
Құрметті профессорым.
Сіздің Бабыл қирандысын соңғы қазу кезінде табылған бес сазбітік, хатыңызбен бірге кемемен келіп жетті. Бұл жазбаларды бірнеше сағаттар бойы тәржімелей отырып, шексіз қуаныш ләззәтін сезіндім. Хатыңызды алған бойда жауап жазуым керек еді, бірақ аударманы бітіріп, оны жауапқа қоса жіберуді шештім. Сазбітіктер Сіз қолданған шараның арқасында керемет қаптамамен бүлінбестен жетіпті. Онда жазылған хикаялары біздің зертхана қызметкерлері секілді, Сізді де қайран қалдырары сөзсіз. Көпшілік жұрт сазға түскен тұманды өткен шағымызды «арап түндері» секілді аңғал сезім мен қым-қуыт хикаядан тұрар деп күткені рас. Алайда, оның орнына, Табасар есімді кісінің қарызы турасындағы мәселесін алға жайып салғанда, біз күткеніміздей емес, бұдүниеде соңғы бес мың жыл бойғы жағдай соншалықты өзгеріске ұшырамағанына көзіміз жетті. Таң қаларлығы сол, тәлімгерлер айтатындай, бұл ежелгі жазбалар мені мықтап «баурап алды». Университет профессоры бола жүріп, мен өзімді көптеген салалар бойынша ілімді игерген, бірегей ойшыл ретінде көрсетуім керек еді. Алайда, Бабыл үйіндісінің шаңы басқан әлдекім, мен бұрын естіп көрмеген, қарызды қайтаруды әмиянға сыңғырлаған бақыр толтырумен қатар атқару тәсілін ұсынады. Ежелгі Бабыл кезіндегідей, бүгіндері бұл тәсіл дәл солайша тиімді болар ма екен? Келіншегім екеуміз, өз жағдайымызды біршама түзеп алуға барынша мүдделі болғандықтан, өзімізге тиімді тәсіл етуді жоспарлап отырмыз.
Сіздің бағалы бастамаңызға тілектеспін әрі көмектесуге де әзірмін.
Шын жүректен,
Альфред Шрузбери.
Археология бөлімшесі.
№ 1 Сазбітік Қазір, толған ай кезі, мен, жуырда ғана Бағдаттағы құлдықтан оралған, Табасар, аса көп қарызымды өтеу үшін әрі ауқатты адам болу үшін, Бабыл атты туған қаламда абыройлы ғұмыр кешу жолында, менің іс әрекетіме және мәнді мақсаттарымның орындалуына оңды әсері болу үшін, осы сазпараққа өз ісімнің жайын жазып отырмын. Қайырымды досым, өсімгер Матонның даналық кеңесі бойынша, өзімді орасан көп қарыздан құтылып, ауқатты тірлік деңгейіне шығаратын әрі абыройлы адамдардың құрметіне бөленуге жол ашатын нақты жоспарға сүйенуге бет бұрдым. Бұл жоспар өзім ұстанатын әрі нәтижесіне үміттенетін үш мақсаттан тұрады. Біріншіден, жоспар менің болашақ игілігіме негіз қалайды. Ол үшін әр табысымның оннан бір бөлігін жинаймын әрі оны сақтаймын.Кемеңгер Матон маған былай деген: «Жұмсамастан, әмиянына алтын мен күмісті сақтайтын адам, әулетіне игілік жасақтайды және патшаға адал қызмет етеді. Әмиянында санаулы ғана жез бақыры бар адам, өз әулетіне де, патшаға да енжар қарайды. Әмияны бос адам, зұлым жүрегімен өз әулетіне зиян келтіреді, ал патшаны сатып кетеді. Сондықтан да, бірдеңеге қол жеткізуге ниеті бар адам, әмиянында - сыңғырлаған бақыры, ал жүрегінде – әулетіне деген іңкәрлік пен патшаға деген адалдығы болуы керек». Екіншіден, жоспар маған төркінінен оралған адал жарымды қолдауға да лайықты киіндіруге нұсқау етеді. Әйтпесе, Матонның айтқаны бар: адал әйелге лайық қамқорлық еркектің жүрегінде өзіне деген құрметін туғызып, оған қуат беріп, оның әрекетіне керек мақсатты айқындатады. Сондықтан да, өз табысымның оннан жеті бөлігін жанұямның қажетіне,киім-кешек пен азыққа, сондай-ақ, аз бөлігін өміріміздің ләззәті мен қуанышына жұмсаймын. Бірақ, бұл пайдалы шығындарды табыстың оннан жетіден артпайтынын мұқият қадағалаймын. Жоспардың сәттілігі де сонда болмақ. Мен бөлінген қаржыға ғана тірлік етіп, қаржы жетпейтін ешбір нәрсені сатып алмауым керек.
№ 2 Сазбітік
Үшіншіден, жоспар бойынша, табысымнан қарызды қайтарып отыруым қажет.
Сол себепті, ай толысқанда, табысымның оннан екі бөлігін маған сеніп қарыз бергендерге әділ түрде бөліп отыруым керек. Осылайша, белгілі бір уақыттан соң қарызымның бәрі қайтарылады. Сол үшін, осы сазпараққа қарыз адамдарым мен оларға берешек сомаларымды жазып отырмын.
Фар тоқымашыға – 2 күміс пен 6 жез бақыр,
Санжар ағаш жонушыға - 1 күміс,
Ақпар досыма - 3 күміс пен 1 жез бақыр,
Заңқар досыма - 4 күміс пен 7 жез бақыр,
Асқамыр досыма - 1 күміс пен 3 жез бақыр,
Қарынсар зергерге - 6 күміс пен 2 жез бақыр,
әкемнің досы Диарбекерге - 4 күміс пен 1 жез бақыр,
үй жалдаушы Алқахатқа - 14 күміс,
Матон өсімгерге - 9 күміс,
Біретшік шаруаға - 1 күміс пен 7 жез бақыр.
(Одан әрі сазбітік бүлініп, ажырата оқу мүмкіндігі қалмаған.)
№ 3 Сазбітік
Бұл кісілерге, бәрін қосқанда – жүз он тоғыз күміс, жүз қырық бір жез бақыр қарызбын. Бұларды қайтару мүмкіндігім болмағандықтан, өзімнің аңғырттығымның кесірінен, зайыбымды төркініне жіберіп, ал өзім туған қаламнан безіп, өгей өлкеге жеңіл байлық іздеуге аттандым, бірақ ол сапардан масқараға ұшырап, абыройымды айрандай төккен құлдыққа сатылдым. Матон маған табыстан бөлінген ұсақ үлестермен қарызымды өтеу жолын көрсеткесін ғана, мен өз ақымақтығымнан қашып құтылуға тыраштанған ақылсыздығыма көз жеткіздім. Сондықтан да, мен өзім қарыздар адамдарды аралап шығып, оларға өзімнің қорымның жоқтығын және қарызды бірден өтей алмайтынымды айтып, өз табысымның оннан екі бөлігін әділ түрде бөліп отыратынымды жеткіздім. Осы ғана қолымнан келді.Сондықтан олар да, мен өзімнің міндеттемемді толық орындағанша, шыдамдылықпен күтулеріне тура келеді. Досым санайтын Ақпар мені ауызына келген былапыт сөздермен балағаттап,дымымды қалдырмады, ал мен кірерге тесік таппастан, ұнжырғам түсіп кетті. Біретшік шаруа өзінің аса мүдделі жағдайын айтып, бірінші есептесуімді сұрады. Үй жалдаушы Алқахат менің жоспарыммен келіспейтінін айтып, тез арада қарызды өтемесем, маған қорлық көрсететінін білдіріп, қоқан-лоққы жасады. Қалғандары жоспарыммен қуана келісті. Сондықтан да, мен бұрынғыдан бетер қарызымды қайтаруға мүдделімін, одан бұрынғыдай қашқаннан гөрі. Тіпті, қарызгерлерімнің барлық талабын атқармағанның өзінде, оларға мен әділ түрде берешекті төлеп отырамын.
№ 4 Сазбітік Бүгін түнгі аспанда тағы да толған ай. Мен барымды салып еңбек еттім. Әйелім қарызымнан құтылу жоспарымды барынша қолдады. Сөйтіп, ниет біріккен шешіміміз арқасында, Небатыр үшін дені сау, мықты түйелер сатып әкеліп, соңғы айда он тоғыз күміс бақыр таптым. Оларды жоспар бойынша жіктедім. Оннан бір бөлігін өзіме деп алып қойдым, оннан жеті бөлігін әйелім екеуміз ақылдаса келе тірлік қамына жұмсайтын болдық.Оннан екі бөлікті жез бақырдың жеткенінше қарызгерлерге әділ бөлдім. Ақмарды кездестіре алмадым, бірақ ақшаны әйеліне қалдырып кеттім. Біретшік шаруаның риза болғаны сондай, қолымды сүюге барды. Тек қана қарт Алқахат томсырайған күйі қалған қарызды тезірек қайтаруымды қадап айтты. Оған мен аш болмасам әрі шығын жұмсайтын басқа жайт кезікпесе, тезірек қарыздан құтылатынымды жеткіздім. Қалғандары алғыс білдіріп, ісімнен береке табуымды тілек етті. Жаңа ай туғанша, менің қарызымнан қалғаны төрт күміс бақырға жуықтады, бұған қоса ешкім де сұрауға қақысы жоқ менде екі күміс бақыр бар еді. Менің кеудем көп уақыт бойы басқан салмақтан арылып, еңсем көтеріле бастады. Міне, тағы да ай толды. Мен барымды салып еңбектендім, бірақ табысым соншалықты емес. Мен аз ғана түйе сатып, бар болғаны он бір күміс бақыр таптым. Сонда да әйелім екеуміз өз уәдемізде тұрып, жаңа киім алудан бас тартып, көкөністі де азайттық. Табыстың оннан бір бөлігін бәрібір алып қойып, оннан жетіні күнделікті шығынға жеткіздік. Қарыздың аз бөлігін қайтарсам да, Ақпардың маған риза болған кейпін көріп, қайран қалдым. Біретшік те мәз болды. Алқахат болса, маған дүрсе қоя берді, бірақ мен оған алғысы келмесе, ақшаны кері қайтаруды ұсынғанда, ол тына қойды. Ал, қалғандары – әр кездегідей риза. Бүгін де аспанда толған ай қалқып жүр. Ал мен қуаныштан ұшып жүргендеймін. Маған керемет түйелер келесін сатып алудың сәті түсіп, менің табысым қырық екі күміс бақыр болды. Бұл айда әйелім екеуміз зәру болған шапата мен киімге қол жеткіздік. Сонымен бірге бұл ай қорегімізге мал мен құс етін бұйыртты. Сегізден аса күміс бақыр қарыз төлеуге кетті. Бұл жолы, тіпті, Алқахат та қабағын шытпады. Жоспарымыз сондай берекелі болды, өйткені, ол біздің жанұяны қарыз зынданынан тартып шығаруда әрі қолымызға ақша қорландыруда. Бұл сазпараққа соңғы рет жазғалы үш рет толы ай мерзімі өтті. Әрбір ай сайын мен өзіме табыстың оннан бірін қалдырып отырдым. Әр жолы әйеліміз екеумізге қандай қиын болса да, табыстың оннан жеті бөлігі ғана жұмсалды.Және әрбір жолы мен оннан екі табысты қарызгерлерге тапсырып отырдым. Кәзір әмиянымда жиырма бір күміс бақыр сыңғырлайды және мұның бәрі менің меншігімде. Енді мен еңсемді тіктеп жүріп, жолдастарыммен жарқын жүзбен, мақтан сезіммен кездесетін болдым. Келіншегім болса, үй тұрмысына пысық болып алды әрі сәнді киіне бастады.Оған қарап, өзімді бақытты сезініп жүрмін. Жоспарымыз сөз жетпестей құнды екен. Өйткені, бұрынғы құлды абыройлы жігітке айналдырған сол емес пе?
№ 5 Сазбітік Тағы да түнгі аспанның сәнін толған ай келтірді. Соңғы жазбаны түсіргелі көп уақыт өткенін есіме алдым. Содан бері он екі ай өтіпті.Бірақ бұл жолы мен сазпараққа ештеңе жазбаймын, себебі, бүгін мен барлық қарыздан құтылдым. Бұл күні зайыбым екеуміз үлкен той жасадық, өйткені, көптен күткенімізге жеттік қой. Қарыздар адамдарды соңғы рет аралап шыққалы талай жайттар болды ғой, бәрі жадыңда қалмайды.Ақпар досым өзінің дөрекі қылығы үшін менен кешірім сұрап, мені ең жақын әрі нағыз досы екенімді мойындады. Алқахат қарт болса, сонша жаман кісі емес болып шықты, ол да маған: «Сен бір кезде әркім езгілеп, ойына келген бейне илейтін бір уыс саз болатынсың, енді сен найзаның ұшы да сызат қалдыра алмайтын кесек қолаға айналыпсың. Егер саған күміс не алтын бақыр керек болып қалса, менен кез келген уақытта келіп ала аласың» деді. Мені құрметтейтін ол ғана емес екен. Менімен көптеген адамдар сыйласа әңгімелесетін болды. Әйелім маған қарағанда, жанары оттай жанып кетеді де, ал менің өзіме деген сенімім одан сайын арта түседі. Бірақ мәселе менде емес, маған сәттілік әперген жоспарда ғой. Ол маған барлық қарыздан құтылуға жол ашты, ал әмияныма сыңғырлаған алтын мен күміс толтырды. Бұл жоспарды өмірден өзінің мол сыбағасын алғысы келетін әркімге де ұсынар едім. Ол бұрынғы құлға өз қарызын төлеуге мүмкіндік берсе және байлыққа қол жеткізсе, онда ол кез келгенге де басыбайлы болуға жәрдемдеседі. Алайда, мен бұл жоспарды бітірген жоқпын, өйткені, оның мені бай адамдар санатына қосарына сенем.
Ноттингемдік университет
Ньюарк-на-Тренте
Ноттингем
7 қараша 1936ж.
Британдық ғылыми зерттеу
экспедиция жетекшісіне,
профессор Франклин Колдвеллге.
Хилла, Месопотамия.
Құрметті профессорым. Бабыл үйіндісін одан әрі қазу кезінде Сіз осы қаланың Табасар атты түйе саудагерінің рухымен кездессеңіз, маған бір жайға көмек етіңізші. Бірнеше мың жыл бұрын оның сазпарақтарға жазып қалдырған хаты үшін оған біздің Англиядағы университеттің бірнеше қызметкерлері атынан мәңгілік алғысымызды жеткізерсіз. Менің Сізге бір жыл бұрын жазған хатым есіңізде болар, әйелім екеуміз оның сол жоспарын қолға алып, біршама қарыздан құтылып, еңсемізді түзеуді ойластырудамыз. Мен мұны достарымыздан жасырып келсем де, Сізден жасыра алмаймын әрі өзіңіз біздің қаржылық жағдайымызды білесіз ғой. Жылдар бойы жиналған қарызымыз берекемізді кетіріп, еңсемізді көтертпей келеді.Тіпті, өзіме деген сенімім азайды, сатушылардың бірі дау шығарып, университеттен қуыламын ба деген үрей бойды билей бастады. Біз үнемдеген әр шиллиңді төлесек те, жағдай жақсарар емес.Оған қоса күнделікті тірлікке де қаржы жеткізе алмай, қарызға белшемізден батудамыз. Жағдайымызды құлдыратқан қайдағы бір қарғыс шеңберінен шыға алмай отырмыз. Онымен күрестің мәні болмауда. Арзан үй жалдауға да шамамыз жоқ, өйткені, кәзіргі қожайынға берешегімізден шыға алмаудамыз. Жағдайымызды жақсартатындай үміт отын көре алмай отырғанымыз қынжылтады. Осы арада Сіздің танысыңыз – Бабылдағы ежелгі түйе саудагерінің өз жоспарымен жолыға кеткені. Ол біздің жанымызды қозғап, тыныш таптыратын емес, оның жүйесін қолданып көргелі тәуекел еттік. Қарызымыздың тізімін жасап, барлық қарыз берушілерді аралап шықтым. Бұрынғыдай қарыз төлеудің мүмкін еместігін жеткіздім,олар барлық есеп-қисабымды қарап, амалсыз келісті.Оларға қарыз төлеудің барынша тиімді жолы табысымның жиырма пайызын ғана сәйкес түрде бөліп беру екенін айттым.Бұл жоспар қарыз бергендердің бәрімен де екі жылдан сәл аса уақытта есептесіп болатынымды қамтиды.Бұған қоса, олардан қай затты да несиеге емес, тек қана қол ма қол ақшаға ғана сатып алатын болдық. Сатушылардың бәрі де қайырымды жандар екен. Біздің азық сатушы қартымыз ақылды кісі екен, өз ойын былай білдіргенде, өзгесі бірден ұқты: «Егер сендер бар затты ақшаға алатын болсаңдар әрі қарызды қоса төлеп отырсаңдар, бұл бұрынғы жағдайдан әлдеқайда артық қой.Өйткені, қарыздарың соңғы үш жылда мүлдем кемімеген». Ақырында барлық қарызгерлермен табысымның жиырма пайызын бөліп тұрақты төлеу кезінде, олардың мені мазаламауларына жазбаша келісудің сәті түсті. Сосын табыстың жетпіс пайызына қалай күн көруді ойластырдық.Оның үстіне, он пайызды өзімізге жинауды да қолға алдық. Бұл шынында да, тартымды әрекет екен. Бізге есеп-қисаппен айналысу да ұнады,тіпті, жетпіс пайызбен де күн көруге болады екен. Біз тұрғынжай жалақысын төлеуден бастап едік, қожайын бізге біршама жеңілдік жасады. Сосын жоғарғы шай сұрпынан бас тарттық та, арзан ақшаға да керемет азық алуға болатынына көз жеткіздік. Хатқа жазуға бұл хикая сонша ұзақ, дегенмен, аталмыш жоспарды жүзеге асыру соншалықты күрделі іс емес екен.Біз оны қолға алып, өзімізге өзіміз риза болудамыз. Ісіміздің оңға басып, бізді бұрынғы қарызымыздың қыр соңымыздан қалмай, өкшелеуі де сап басылғандықтан, қандай жеңілдік тапқанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жинаққа айналдырған табысымыздың он пайызы турасында ерекше тоқталған жөн.Иә, жинағымыз біршама уақыт бойы молайды. Бірақ, алдын ала күлмей тұра тұрыңыз. Ақшаны жұмсағаннан гөрі оны жинау ләззәті керемет екен.Оны қайта-қайта санаудың өзі жан семіртер әрекет! Сыңғырлаған ақша дыбысымен жанымызды рақатқа бөлеген соң, біз оған барынша тиімді қолданым таптық. Іздеп-іздеп, бізге ай сайын сол он пайызды тауып беретін салым түріне кезіктік. Бұл жайт біздің жайма шуақ өмірге оралуымыздың сәтті мезеті болып шықты. Салымымыз тұрақты түрде өсетінін білгендіктен, кәзір біз айтып жеткізбес қорғаныс сезімін бастан кешудеміз. Дәріс беру маусымын аяқтағанымда, біздің қолымызда ғұмырға жетерлік дөңгеленген сома құралмақ. Мұның бәрі бұрынғы табыс мөлшерінен құралып отырған қаржы.Бұған сенуге болмас, бірақ шындығымыз – осы.Біздің қарызымыз тұрақты түрде төленуде, ал жинағымыз сонымен бірге жарыса молаюда.Оның үстіне біздің қаржылық ахуалымыз айтарлықтай өзгерді. Ақыры біз тірліктің ағынымен малтығаннан, қаражат жоспарымен өмір сүрудің арасында орасан айырма барын ұқтық. Келесі жылы, бар қарызымыздан құтылған кезде, біздің салымымыз еселене түсіп, тіпті, саяхатқа да артылады. Біз енді бұдан былай күнделікті шығынымызды табыстың жетпіс пайызынан арттырмауды шегелеп тұрып шештік. Бізді «жербетілік тозақтан» жоспары құтқарған ежелгі бабылдық кісіге ерекше алғысымызды білдіру ниетімізді енді түсінген боларсыз. Ол мұның бәрін біліпті. Ол осы жайтты өзі де кешкен болды.Және де өзінің осы бір ащы тәжірибесін өзгелердің де тұтынуын қалаған екен. Сол себепті де ол ұзақ уақытын иленген сазды жазбалы параққа айналдыру машақатына жұмсапты. Оның тағдырлас бауырларына айтары шынында да бар болып шықты,және де ол қалдырған мәліметтің маңызы сол, тіпті, бес мың жыл өткесін де, сазпараққа түскен жазба күндегідей өзекті болып қалуда.
Шын жүректен,
Сіздің - Альфред Шрузбериңіз.
Археология бөлімшесі.
Бабылдағы ең бақытты жан
Керуеннің басында бабылдық саудагерлер қағаны Шарру Нада желіп келеді. Ол жарасымды киінгенді ұнатады, сондықтан да үстіндегісі - көздің жауын алар әдемі де ыңғайлы киім. Ол әсем жылқыны жанындай жақсы көретіндіктен де астындағысы – сүліктей жылтыраған арабы сәйгүлік. Оған қараған адам, оның соншалықты егде тартқан кісі екеніне сенбес еді. Сондай-ақ, оны мазалаған ойды да байқамас. Шамнан (Дамаск) бастау тартқан саяхат шөлдала арқылы сондай ұзақ әрі азапты болар ма. Бірақ оны мазалаған жол емес еді. Араптың жабайы тайпалары керуенге бас салып, тегін байлықты талауы да, оны үрейлендіріп келе жатқан жоқ, оның атты күзеті сондай мығым болатын. Оны мазалаған нәрсе – Шамнан ертіп келе жатқан жанындағы бозбаланың жайы еді. Ол – алдында төленбестей қарыздар бұрынғы серіктесі Арат Құланың немересі Қадан Құла. Шарру Нада серіктесінің немересіне қамқор болуды өзіне міндет санайды, бірақ неғұрлым көп ойлаған сайын, ол міндеті күрделі бола түсті. Өйткені, мәселе бозбаланың өзінде болып тұр. Жас жігіттің жүзігі мен сырғасына қарап ол ішінен былай ойлады: «Ол әшекей жігіттің сәні деп ойлағанымен, келбеті атасының ерікті жүзінен аумайды екен. Бірақ атасы мынадай жарқын киімге әуес емес еді. Иә, мұрадан қалған байлықты пышыратқан әкесінің қиранды өмірінен құтқарып, дербес ғұмырын бастауға бағыттау үшін мұны ертіп алған өзім едім, не болар екен?».
Қадан Құла үнсіздікті бұзып, сөз бастады:
– Сен неге ылғи өзіңді азапқа салып, шөлдаламен керуен тартасың? Неліктен өмірдің рақатын көруге құлқың жоқ?
– Өмірдің рақаты дейсің бе? – Шарру Нада күлімсіреп, қайыра сұрады.- Ал, сен менің орнымда болсаң, өмірден қалай рақаттанар едің?
– Егер мен сен секілді алпауыт болсам, ханзада сияқты ғұмыр кешер едім. Мый қайнатқан шөлдаланы кезуді ойламас едім. Шекел біткен әмияныма қалай тез келсе, солай тез жұмсар едім. Үстіме ең қымбат киім киіп, ең сирек әшекей тағынар едім.Осындай өмірді мен қуана сүрер едім.
Екеуі де мәз болысты.
– Сенің атаң әшекей тағынған жан емес, - деп Шарру Нада турасын айтты да, әзілге көшті. – Ал, сен жұмысқа уақытты қайдан іздемексің?
– Жұмыс деген құлға тән ғой, - деді Хадан Құла. Шарру Нада ернін тістеледі де, ештеңе дей қоймады.
Ол үндеместен төбенің басына шыққанша жүре берді. Төбе басында ол айғырының тізгінін тартып, созылып жатқан ойпатты нұсқады:
– Ана ойпатты қара. Анау, әрігеректе көрінген Бабылдың бекінісі. Ең биік ғимарат – Ваала тәуханасы (храмы). Көзің өткір болса, сен, тіпті, оның шатырындағы мәңгі алауды да көре аласың.
– Бабыл... Әлемдегі ең бай сол қаланы көруді аңсаған едім, – Қадан Құла.
– Бұл менің атама байлық қонған Бабыл ғой. Ол тірі болғанда, біздің әулетімізде осынша сор болмас еді.
– Өлгендер рухына шектеулі уақыттан тыс тірілерді аралауға болмайды. Әкең екеуің онсыз да өз істеріңді жөнге салуға болар еді.
– Өкінішке орай, онда да, менде де ол іске қажет қабылет болмай тұр ғой. Әкем екеуміз қолымызға алтын шекел тартатындай құпияны білмейміз.
Шарру Нада жауап берместен, айғырын тебініп қалды да, төмен қарай желіп кетті.Оның соңынан түйдектеген шаңды көтеріп, керуен ілесті. Біраздан соң керуен суармалы алқап арқылы тізіліп барып, оңтүстікке бұрылатын патша жолына түсті. Шарру Наданың назарын жер жыртқан екі қарт аударды.Олардың жүзі бұған таныс болып көрінді. Таң қаларлық жайт! Қырық жыл өткесін де соларды көру қызық екен. Бұған олардың сол кісілер екенін айнытпай танытатындай әлдебір түйсігі жәрдемдесті. Олардың бірі соқаның тұтқасын жай ғана ұстап тұр. Екіншісі өгіздерді күйбеңдеп таяқтап жүр. Қырық жыл бұрын ол осы адамдарды осылайша көріп еді. Сол кезде олардың орнын басуға әзір болатын. Содан бері қалайша бәрі өзгеріп кетті десеңші! Ол Шам қаласынан алынған қымбат тауар артылған таңдаулы түйелер мен есектерден құралған керуенге мақтанышпен көз салды. Өйткені, мұның бәрі оның байлығының аз ғана бөлшегі болатын.
Ол шаруаларға нұсқады да былай деді:
– Қырық жыл бұрынғы жерді әлі дәл солай жыртып жүр.
– Неге оларды қырық жыл бұрынғы шаруалар деп ойлайсың?
– Мен оларды бұрын да осы жерде көргем.
Оның басына сол кездегі көріністер біртіндеп келе бастады. Бұл неге өткен шақты жерлеп, осы шақпен ғұмыр кеше алмайды? Көз алдына Арат Құланың жымыйған түрі келді. Өзіне ілесіп келе жатқан бозбалаға ойы қайта ойысты. Мына бір жеңіл байлыққа ұмтылған бозбала мен оның бағалы әшекейге қор болған саусақтарына бұл қалай қол ұшын берер екен? Ол еңбекке дайын адамға кез келген жұмыс тауып берер еді, ал еңбектің басқаға ғана арналғанын пайымдайтын пендені қайтпек? Қалай болғанда да, Арат Құланың құрметіне бірдеңе істеуі керек қой. Ол екеуі кез келген істі соңына жеткізуге дағдыланған еді-ау. Кенет оның басына әлдебір жоспар сұлбасы келе қалды. Әрине, оны тиянақты жоспар деуге келмес.Бұл жоспар оның жанұясы мен өзінің абыройын соққыға тігетіндей, әрі қатал, әрі ауыр. Бірақ Шарру Нада әрдайым да шешімді тез қабылдайтын, бұл жолы да солай шешуді ұйғарды.
– Атаңмен екеуміздің пайдалы ісімізді қалай бастағанымыз жайлы тыңдағың келмей ме?
– Алтын шекелді қалай табу жайлы болса, әңгімені содан бастамайсың ба? – деді бозбала.
Бозбаланың ескертпесіне құлақ аспаған күйі Шарру Нада сөзін жалғады:
– Анау шаруалардан бастайын. Ол кезде мен сенен үлкен емес едім. Құлдар тобыры осы маңға жеткенде, маған шынжырланған Мегиддо шаруа, осы жер жыртушыларды кекетіп, былай деді: «Ана жалқауларға қараңдар.Жерді тереңірек жыртудың орнына мыналар тырналап қана жүр.Ал анауысы,тіпті, өгіздерді атызға айдай алмауда.Жер жырта алмаса, бұларда қандай егін болар екен?»
– Сен немене, Мегиддо өзіңе шынжырланған дедің бе? – қайран қала сұрады Қадан Құла.
– Иә, мойнымызда шынжырға байласқан қола қарғы болатын. Оның қатарында қой ұрлаумен айналысатын Забадо келеді. Онымен Харрунда танысқам. Құлдар тізбегінің соңында Қарақшы байланған, ол өз есімін айтпағасын солай атап кеттік. Кеудесінде өрілген қос жыланды көрген біздер оны әуелде теңізші деп ойладық. Құлдардың түзеген сабы осылай бір біріне шынжырланған төрттіктен тұрды.
– Сендерді немене, құлдарша шынжырлады ма? – Қадан Құла сенімсіз сұрады.
– Саған атаң менің бір кезде құл болғанымды айтпады ма?
– Ол сен туралы жиі әңгімелейтін, бірақ бұл жөнінде айтқан емес.
– Оған нағыз құпия сырларымды сеніп ақтаратынмын. Саған да сенуге болатын сықылды. Әлде, мен қателесіп тұрмын ба? – Шарру Нада бозбалаға қадала қарады.
– Сен менің тіс жармайтыныма сенуіңе болады. Менің бірақ мына сырыңнан есім танып тұр. Ал әңгімелеші, қалай құл болдың?
– Құлдықтан әркім де қашып құтылмауы мүмкін, – Шарру Нада иығын қиқаң еткізді. – Мені отқа салған ойынхана мен арпа сыра ғой. Бәрі де менің бауырымнан басталды. Бір төбелесте ол жолдасын өлтіріп алды. Бауырымды сот пен өлім жазасынан құтқару үшін әкем мені өлген кісінің жесіріне кепілге берді. Бірақ ол мені кері қайтару үшін жеткілікті күміс бақыр таба алмады да, жесір әйел мені ерегесіп, құл базарына салып жіберді.
– Қандай абыройсыздық, қандай әділетсіздік еді! – Қадан Құла қынжыла айқай салды. – Сонда құлдықтан қалай босадың?
– Оған асықпа, соңыра айтамын. Онан да саған одан әрі не болғанын әңгімелейін. Біз шаруаларға қатарласа келгенде, олар бізге бақырая қарап қалды. Олардың бірі жұлма-жұлма қалпағын шешті де, басын иіп, айқайлады: «Бабылға қош келдіңдер, патша меймандары. Патша ағзам сендерге кірпіш пен пияз сорпаны әзірлеп, бекіністе күтуде».
Қарақшы оған жындана айқайлап, ақыры балағаттасып кетті.
«Патшаның бекіністе күтуін қалай түсінуге болады?» - деп сұрадым.
«Арқаң сөгілгенше бекініске кірпіш тасуға әкеле жатыр. Оған жеткізбей, ұрғылап өлтіруі де мүмкін. Ал, мені ұруға батылдары жетпес. Мен бәрін де қырып тастаймын әлі». Осы жерде Мегиддо араласты: «Қожайынға өзін тыңдайтын әрі еңбекқор құлды сабап не керек? Еңбекшіл құлдарды қожайындар жаман көрмейді, оларға дұрыс қарайды». «Кім барын салып жұмыс істегісі келеді? - әңгімеге Забадо араласты. – Ана дихандарға қара. Олар арқаларын босқа бүкірейтпес. Не болса да, көріп алдық». «Жалқаулықпен қарын тойдырмайсың, – Мегиддо қарсылығын білдірді.- Егер күніге тиесілі жерді жыртсаң, кез келген қожайын оны бағалар. Ал, оның жартысын жыртсаң, демек, жалқау болғаның. Өз басым ерінбес едім. Еңбекті жақсы көремін, әсіресе, жақсы істелетін жұмысты. Еңбек – ең қайырымды дос. Ол маған бәрін де берді – жерді, сиырды, астықты». «Қайда, енді соның бәрі? – Забадо кекете сұрады. – Дұрысы, қулықпен бәрін де босқа алған жөн. Сен әлі көресің Забадо не істейтінін, бәрімізді бекініске айдағанда. Өзім шелекпен су тасып, жеңілдеу бірдеңе істермін, ал сен еңбекқорсың ғой, арқаңды кірпішке тосасың, онда». – деді де ол қарқылдап күлді. Сол түні менің жаным түршікті. Ұйқым келмеді, жұрт ұйқыға бас қойғанда, мен Годозо айдауылға жақындадым. Ол әмияныңмен бірге өзіңді бауыздап салар қанішер араптардың бірінен еді. «Годозо, айтшы,- деп сыбырладым. – Бабылға жеткенде, бізді бекініс салуға сатпақ па?»
«Мен қайдан білейін?» - деді сабырлы қалыппен. «Неге түсінбейсің? – дедім жалынышты түрмен. – Мен – жаспын. Дұрыс өмір сүргім келеді. Жұмыстан зорығып не тепкінің астында өлгім келмейді. Қайырымды қожайынның қолына түсудің аз да болса мүмкіндігі бар ма?» «Мен саған бірдеңе айтайын,- деді ол сыбырлап.- Сен жақсы жігітсің. Годозоны азапқа салған жоқсың. Шамасы, әуелі біз құл базарға баратын болармыз. Енді тыңдап ал. Алармандар келгенде, сен өзіңнің жақсы жұмыскер екеніңді, қайырымды қожайынға қызмет етуді қалайтыныңды айта бер. Қайткенде де, өзіңді біреудің сатып алуына қам жаса. Егер сатып алмаса, онда келесі күні кірпіш тасуға түсесің.Ол өте ауыр жұмыс». Ол жөніне кеткенде, мен жылы құмға шалқамнан жата кетіп, жұлдыздарға қарадым да, ертеңгі жұмыс туралы ойға баттым. Мегиддоның айтқаны есіме түсті: еңбек – оның ең жақын досы болса, ол маған дос бола алар ма екен. Сол кезде егер мені мына жағдайдан құтқаратын болса, еңбекті жан дос етуге даяр едім. Мегиддо оянған кезде, онымен түнгі хабарды сыбырлап бөлістім де, біз үшін үміт сәулесі жылт еткендей болды. Бабылға қарай жүріп отырып, кешқұрым оның бекінісіне жеттік те, теңселген көпіршелер арқылы дуал үстінде әрлі-берлі, жоғары-төмен өрмелеген құмырсқадай қаптаған жұрт көзге түсті. Жақындай келе, әлгі адамдардың жұмысын көріп, қайран қалдық. Біреулер бекіністі айнала апан қазып саз илеуде, басқалары иленген балшықтан қалыпқа кірпіш құюда. Құлдардың негізгі бөлігі дайын кірпішті ауыр себеттермен бекіністің ең үстіндегі тас қалаушыларға тасуда8. Айдауылдар қолапайсыз құлдарға айқай салып, жұмыс қарқынын бәсеңдеткендердің арқасына өгіз былғарысынан өрілген дойырды шықпыртуда.Ауыр жұмысқа шыдамай, тәлтіректеп барып, зорығып құлағандарды да көріп келеміз. Дойырдың соққысынан тұрмай қалғандарын, қапталға итеріп, өз бетінше өлуге қалдыруда. Өлгендерін төмендегі өлексе толы жол жиегіне апарып лақтырып жатыр. Бұл масқара көріністі көргенде менің бойым дірілдеп сала берді. Құл базарда өтпей қалсам, мені не күтіп тұр екен?! Годозоның айтқаны дұрыс болды. Бізді қала қақпасынан өткізіп, құлдар түрмесіне апарды да, келесі күні біз құл базардың шарбағында тұрдық. Көпшілігі қорыққаннан қалшылдап алға баспады, оларды тек қана айдауыл дойыры ғана саудагерлер көріп, бағалауы үшін амалсыз жүргізді. Мегиддо екеуміз өзімізге жақын келген әрбір аларманмен тіл қатысуға тырыстық. Құл сатушы патша күзетінің сарбаздарын ертіп келді де, оған шынжырлаулы Қарақшыны беріп еді, анау қарсыласып бақты да, есесіне оны сілесін қатыра соқты. Қарақшыны алып кеткенде, оны қатты аядым. Мегиддо көп ұзамай, қоштасатынымызды сезді. Алармандар жоқ кезде ол еңбектен қашпауды айтып, мені азғырып болды: «Бірқатары жұмысты иттің етінен жек көреді. Жұмыс олар үшін дұшпаннан да жаман. Оны, керісінше, дос етіп, жақсы көру керек. Жұмыстың ауыр-жеңілдігі маңызсыз. Өзіңе әдемі үй салғанда, оның белдігінің де ауырлығы қажет емес қой, сылақ үшін балшық әзірлеуге де суды алыстан тасуға тура келеді. Егер өзіңе қайырымды қожайын тап келсе, айналайын, оған барыңды салып қызмет етемін деп маған уәде бер. Оған сенің ісіңнің бәрі жақпауы мүмкін.Есте сақта: жақсы істелген жұмыстан әуелі өзің ләззәт аласың, пайда табасың. Ол сенен адам қалыптастырады» Ол үнсіз қалды, өйткені, осы кезде оған әлдебір шаруа келді де, оны мұқият қарай бастады. Мегиддо оның жері мен егіні жөнінде сұрастырды да, көп ұзамай шаруаны өзіне иліктірді. Құл сатушымен оның бағасы турасында қызу саудаласу жүрді, ақыры шаруа қойнынан қалың әмиянын алды да, Мегиддо тез арада өзінің жаңа қожайынымен көзден таса болды. Түске дейін бірнеше құл саудаланды. Түстен кейін Годозо маған құл сатушының көңілкүйі онша еместігін, екінші күнге қалуы неғайбыл деп хабарлады.Күн бата қалған құлдарды патша алармандарына өткізіп жібермек екен. Мен күдер үзе бастағанымда, шарбаққа семіз жайдары қалалық тұрғын келді де, арамызда наубайшы барлығын сұрастырды. Мен оған таяу барып, былай дедім: «Жақсы наубайшыға басқа наубайшыны іздеп не керек? Онан да жұмысқа талпынған әрі қабылетті жанға өз білігіңді үйреткенің оңай емес пе? Маған қарашы, мен – жаспын, күшім жеткілікті әрі еңбек сүйгішпін. Маған мүмкіндік бер, қолымнан келсе, сенің әмияныңнан алтын мен күміс бақыр табуға барымды аямай қызмет етемін». Менің сөзім оның жүрегін қозғаса керек, ол құл сатушыға мені саудаласуға беттеді. Анау болса, бұған дейін маған көз салмаса да, менің қабылетімді шешен тілмен баяндап, денсаулығымның жақсылығын, тәртібімнің әдептілігін айтып бағамды асыра түсті. Мен өзімді қасапшыға сатылатын өгіздей сезіндім. Ақырында олар, менің бақытыма орай, алақандарын ұрғыласып, сауда келісімін жасады. Мен қожайынымның соңынан Бабылдағы ең бақытты адам ретінде алшаң басып кете бардым. Жаңа мекенім маған ұнады. Қожайыным Нана-наид маған ауладағы тас диірменге арпадан ұн тартуды, ошаққа отты қалай жағуды, бал қатқан тойнанға (пирог) күнжіт дәндерін үгуді үйретті. Маған жатын орынды астық сарайынан бөлді.Үй қызметіндегі Суасты есімді қария күң әйел менің тамағымды аш қылмады, ал мен оның ауыр жұмысына қолғабыс еттім. Сөйтіп қожайыныма жағынып, келешекте бостан болуыма қажет мұрсаттың туғандығын ұқтым. Нана-наидтан қамыр илеу мен нан пісіруді үйретуді өтіндім. Ол менің өтінішімді аяқасты етпестен, наубай кәсібін үйретті әрі менің соншалықты талпынысыма риза болды. Кейінірек, ол үйреткен жайттарды әбден сіңірдім де, сосын бал қатқан тойнан пісіру тәсілін үйрендім. Ақыры, наубайханадағы бар жұмыс менің қолыма көшті.Қожайыным рахаттана демалатын болды, бірақ оның мұнысын Суасты күң жаратпай, басын шайқап жүрді.
«Жұмыссыздық жақсылыққа апармайды», - деумен болды ол. Мен өзіме ерік құқығын сатып алу үшін қаржы табудың сәті түскенін сездім. Бір күні жұмыстың бәрін түске дейін бітірдім де, Нана-наидтан бұдан былай түстен кейінгі уақытта басқа бір табысты жұмысқа рұқсат етуін сұрап, пайданы бөлісетінімізді айттым. Менің ойыма мынадай іс келген еді: неге көбірек тойнан пісіріп, көшеге шығарып сатпасқа? Нана-наидтан сұрадым: «Егер де мен түстен кейін, наубайханадағы жұмысымды бітіргесін,саған қосымша екі бақыр тапсам, сол қосалқы жұмыстан түсетін пайданы бөлісіп, өзім үшін адамға керек-жарақ сатып алатындай болсам, сен үшін әділ бола ма?» «Бұл әділ болады», - деп қостады ол. Мен оған бал қатқан тойнан пісіріп сату жоспарымды айтқанымда, ол мұныма аса риза болды. «Онда былай істейміз, - деді ол. – Сен екі тойнанды бір жез бақырға сатасың.Жартысын маған ұн мен бал және отын алуға бересің де, ал қалған жартысын екеуміз тең бөлісеміз». Мен мұндай жомарттыққа мәз болдым. Өйткені, табыстың бір ширегін мен өзіме қалдыратын мүмкіндікке иемін ғой. Сол түні мен өзіме тойнан салатын ыдыс жасаумен өте кеш жаттым. Нана-наид маған көшеге киюге жарайтын өзінің ескі киімін берді де, Суасты күң оны жамап-жасқап, жуып берді. Келесі күні мен молырақ бал қатып, тойнан пісірдім. Оның алтын түстес құрышы барынша тәбет тартып тұрды. Мен өз тауарымды мадақтаған күйі көше кезумен болдым. Басында тойнанға ешкім де назар салмады, мен, тіпті, мазасыздана бастағам. Алайда, кешке қарай, жұрт ашықса керек, тойнанға бірінен соң бірі жармасты да, ыдысым босап қалды. Нана-найд менің жетістігіме риза болып, үлесімді сол бойда санап берді. Мен сол кезде өзімнің жеке ақшамның пайда болғанына шексіз бақытты едім! Мегиддо «Жақсы жұмыс істеген құлдың еңбегі қожайын көзінен таса болмайды» дегені дұрыс екен. Сол түні менің көңілімнің қозғаны болар, түн ортасына дейін көз ілмедім. Мен бір жылда қанша қаржы табатынымды және құлдықтан құтылуға қанша жыл керегін есептеп, бас қатырдым. Күн сайын тойнан сата жүріп, мен өзіме тұрақты сатып алушы қалыптастырдым. Соның бірі, басқа емес, сенің атаң – Арат Құла болатын. Ол қаланың бір шетінен екінші шетіне қара құлы жетектеген есекке артқан кілемін сатып жүретін. Әдетте, ол тойнанның өзіне екеуін, құлына екеуін алатын да, жеп болғанша, менімен әңгіме бөсетін. Бір күні ол менің есімнен шықпайтын бір нәрсе айтты: «Сенің пісірген тойнаның маған сонша ұнамды, қарағым. Бірақ маған онан да ұнайтыны – оны сата білетінің. Бұл қабылетің сені құлдықтан құтқарады әлі». Ірі қалада құл болып, туысқаны мен достарынан айырылған және өзінің бейшара халынан құтылуға асыққан мен байғұсқа бұл сөздің қалайша рух бергенін білсең ғой! Бірнеше ай бойы мен шиланыма жез бақыр толтырумен болдым. Ол кәдімгідей салмақтанып, сыңғырлақтарға лықа тола бастады. Мегиддо айтқандай, еңбек шынында да менің нағыз досым болды. Мен бақытты едім, бірақ Суастының уайымы тарқамады: «Қожайын ойынханаға сонша көп ақшасын жұмсайтын болды. Мен одан қорқа бастадым». Бір күні Мегиддо досымды кездестіріп, сонша қуандым. Ол үш есекке артылған көкөністі базарға алып келген беті екен. «Менде бәрі керемет, - деді ол. – Менің жұмысым ұнағасын, қожайын мені құлдарға бақылаушы етті. Көрдің ғой, ол тіпті, маған базарға сауда жасауға да сенетін болды.Жуырда менің жанұямды алдыртты. Жұмыс уайымды ұмыттырады, ал бір күні маған ол бостандыққа шығып, өз шаруашылығымды сатып алуға жәрдем етеді, әлі». Уақыт өтіп жатты, бірақ Нана-наид менің келгенімді асыға күтіп отыратын болды. Ол табысты жұлып алып, бақырды жалма-жан санауға кіріседі.Енді ол менен алыс базарға барып, бұрынғыдан да көп тойнан сатуды талап етті. Маған жиірек қаланың қақпасынан шығып, дуал сыртындағы құл қараушыларға тауарымды сатуға тура келді. Мен сол бір масқара көріністі көргім келмесе де, құл қараушылар тойнан алуға құмар болғасын, амалсыз баратын болдым. Бір күні себеттеріне кірпіштің толуын күтіп, иіріліп тұрған құлдар арасынан Забадоны көрдім. Ол қатты арықтапты әрі бүкірейіп кеткен, ал арқасы бишік тигеннен жара мен тыртыққа толы еді. Мен оны аяп кеттім де, оған бір тойнан ұсынып едім, ол ашыққан айуандай, жұлып алды да, асап жіберді.Көзіндегі аңға тән ұшқынды көрдім де, ыдысыма солайымен жармаспай тұрғанда, одан алыс кеттім. «Сен неге сонша тыраштана еңбектенесің?» - деп сұрады бір күні менен Арат Құла. Есіңде ме, Қадан Құла, сол сұрақты сен де бүгін маған қойғансың? Мен оған бір кезде Мегиддодан естігенімді айтып, еңбектің маған нағыз дос екенін жеткіздім.
«Құлдықтан босағанда сен не істемексің?» - деп сұрады ол.
«Саудагер боламын шығар».
Осы сәтте ол маған мен сенбейтіндей сырын ашты: «Сен менің де қожайынмен үлесті бөлісіп жүрген құл екенімді білесің бе?»
– Тоқта! – Қадан Құла ызадан көздері от шашып,оның сөзін бөліп жіберді.- Менің атамның абыройын төгетін өтірікті тыңдағым келмейді. Ол құл болған емес.
– Мен оны тауқыметтен құтылып, Шамның ең қадырлы адамдарының біріне айналғаны үшін құрметтедім, – қабақ шытпастан Шарру Нада сөзін жалғады. – Ал, сен, сол қадырлы кісінің немересі, қай қамырдан жаралғансың?Сен шындықпен бет пе бет келердей мықтысың ба, әлде жалған қиялдың тұтқынында болуды қалайсың ба?
Қадан Құла бойын тіктеді. Оның дауысы дірілдеп шықты.
– Менің атамды бәрі де жақсы көретін. Оның қылған қайырымды істерінде сан жоқ. Ашаршылық болғанда, Мысырда соның ақшасына астық сатып алынып, аш халыққа тарату үшін Шам қаласына соның ақшасына керуен жалдап әкелінбеді ме? Ал, енді сен оны Бабылда бейшара құл болды дейсің бе?
– Егер ол Бабылда құл болғанда, нағыз бейшара болар еді.Бірақ ол өзінің мықтылығы арқасында Шамдағы алдыңғы қатарлы адамдарға қосылып, пірлер оны қолдап, құрмет пен абыройға бөленді ғой, - деп Шарру Нада жауап қайырды да, сөзін жалғады.
– Арат Құла маған өзінің құл екенін айтып, бостандыққа ұмтылып жүргенін жеткізді. Ол үшін өзінде ақша жеткілікті екенін, бірақ одан әрі не істеу керегін білмейтінін мойындады. Өйткені, соңғы уақыттары оның ісі кері кете бастап, енді өз қожайынының қамқорлығынан айырыламын ба деп қорқуда екен.
Мен оның мұндай батылсыздығына қарсы болдым: «Дүние шеті сенің қожайыныңа тіреліп тұрған жоқ. Өзіңді ерікті жандай сезініп, ерікті адамдай әрекет ет. Әуелі өзіңе не керегін анықтап ал, сосын соған қол жеткізуге барыңды сал.» Ол менің шындықты тура айтып, қайрағаныма алғысын білдірді де,өз жөніне кетті.9 Бір күні мен қала сыртына тағы шыққанымда, көзім үймелеген адамдарға түсті. Сұрастырсам, біреуі: «Естімеп пе едің? Қарауылдың бірін өлтірген құлды ұстады. Бүгін оның арқасын өлгенше шықпыртады.Патшаның өзі бақылайды екен.» Қолымдағы тойнан толы ыдысыммен қалың топты жарып көре алмағасын, бітпеген дуалға шығып бақыладым. Ол жерден маған,тіпті, алтын күймелі Набуқұданасыр (Навухдоносор) патшаның өзін көру сәті түсті. Бұған дейін маған соншама ұлылық пен аса салтанатты киімді көру мүмкін болмаған еді. Құл байғұстың шыңғырғанын естісем де, өлім жазасын көре алмадым. Бұған дейін мен адамның соншалықты жапа шегуіне неге жол берілетінін ұқпай келген едім, бірақ патшаның айналасындағылармен емен-жарқын әзілдескенін байқап, оның жүрегі соншалықты қатал екенін және бекіністегі құлдарға деген қаныпезерлікке патшаның өзі жол беріп отырғанына көзім жетті. Құлдың жаны шыққанда, оның мүрдесін аяғынан бағанаға іліп, жұрт назарына қойды.Жұрт ыдырап, сирегесін, мен мүрдеге жақынырақ бардым. Оның жүнді төсінен кеудесіндегі өрілген қос жыланның сұққылап салынған суретін көріп, Қарақшыны таныдым.
Арат Құламен келесіде кездескенімде, ол,тіпті басқа адам болып көрінді. Ол мені көре сала, қуанышты жүзбен жармаса кетті: «Саған таныс ана бір құл өз еркін алыпты. Сенің сөздерің айнымай келді де тұрды. Ал, менің ісім алға басуда.Әйелім мәз болып жүр. Ол күң емес,ерікті ғой, қожайынымның немере қарындасы еді. Зайыбым балаларымыздың тағдырына менің құлдық хикаямның әсері болмайтындай, құл болғанымды білмейтін басқа қалаға барып тұрғанымызды қалайды. Жұмыс менің ең жақын жәрдемшім болды. Ол бойыма күш бітіріп, өзіме деген нық сенім орнатты.» Мен оған деген өз сөзімнің пайдаға жарағанына және сол үшін Арат Құла алғысқа бергісіз ризалық сезім білдіргеніне өзімді бақытты сезіндім. Бір күні кешқұрым Суасты маған көзін жасқа бұлап, жетіп келді: «Қожайының масқараға ұшырады. Қорқам. Бірнеше ай бұрын ол ойынханада көп ақшаға ұтылыпты. Ол шаруаларға астық пен балға ақы төлеуді қойыпты. Өсімгер де қарызын алмағасын, ол қожайынға тісін қайрап жүр». «Оның ақымақтығы үшін біз неге қам жеуіміз керек? - дедім мен ойланбастан. – Біз оған әлдиші емеспіз ғой». «Ақымақ, сен ештеңе ұғатын емессің ғой. Өсімгерге кепілзат ретінде саған деген меншік құқығын беріп жіберді. Заң бойынша ол сені сатып жібере алады. Не істейтінімізді білмеймін енді. Бірақ ол қайырымды қожайын ғой. Бұл масқаралық бізге қайдан тап болды екен?» Суастының қам жеуі тегін болмай шықты.Ертеңіне мен наубайханада нан пісіріп жатқанымда, өсімгер Саси деген біреуді ертіп келе қалды.Анау маған қарады да, менің еріп жүру керегімді айтты. Өсімгер менің қожайынымды күтпестен, Суастыға мені алып кеткендігін ескертті де, мені ертті де кетті. Менің наубайханадағы жұмысымды бітіртпестен, бір жаққа алды да кетті. Өзіммен бірге үстімдегі бар киім мен белдігіме бекітілген шилан ғана. Менің арманым мен үмітімнің құйын тигендей ұйқы-тұйқысы шықты. Мені тағы да ойынхана мен арпаның сырасы сұмдыққа ұшыратты. Саси топас та дөкір біреу болып шықты. Ол мені көше бойлап ерткен бойы оған Нана-наидада қандай жақсы жұмыс істегенімді айтып, оған да өнімді еңбек ететінімді айтсам, оның жауабы мені есеңгіретіп жіберді: «Маған да, менің қожайыныма да ондай жұмыстың қажеті жоқ. Патша өсімгерге қолға түскен құл біткенді үлкен суарна құрылысына салуға бұйырды. Сондықтан қожайын маған көбірек құл сатып алып, сол жұмысты тезірек бітіруді бұйырды. Сондай үлкен шаруаны қалайша тез бітіруді білмей, басым қатып жүр». Шөлдаланы өсіп тұрған бір ағашсыз елестетші.Айнала толы тырбық бұта болса, ал құтыңдағы суды қайнатардай ыссы күн төбеңді күйдірердей. Енді таңнан кешке дейін терең ордан ауыр себетпен құм тасыған адамдар тізбегі ширатылған күйі бір тынбайтын көріністі елестет. Тамақты бізге шошқаға құйғандай ортақ үлкен астаумен берді. Үстімізге күнқағар ретінде аспалы төбе де, астымызға төсер сабан да болмады. Ойда жоқта мен осындай жайтқа тап болдым. Мен әмиянымды жасырын бір жерге көмгеніммен, бірақ оны қайтадан қазып алатын мезет келе ме, жоқ па білмедім. Әуелі мен жұмысқа барымды салдым,бірақ ай артынан ай өте келе, менің жігерім мұқала бастады. Сосын мен жан ұшырған күй кештім.Тәбетім болмай, шөкімдей қой етіне аздаған көкөніс қосып талғажау еттім. Түн болса, ұйқы қашып, беймаза күй кешетін болдым. Мен енді Забадоның қайткенде де, бар күшін жұмыстан жалтаруға салатыны дұрыс па деп ойлай бастадым. Бірақ біздің соңғы кездескеніміз есіме түсіп, ол ойымның дұрыстығына күмән келтірдім. Дұрысы, күресіп, жауыңды өлтірген жөн деп есептейтін Қарақшыны да есіме түсірдім.Алайда, қансырап өлген оның күйі де, ол уәждің дұрыстығын жоққа шығарды. Сосын Мегиддоны еске алдым. Оның қолы ауыр жұмыстан қорбиып кеткен, бірақ оның жүрегі тыныш, ал жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. Шамасы, оның жоспары ең қолайлы болса керек. Бірақ жұмыс неге маған бақ пен шаттық сыйламайды? Неліктен маған өз жоспарым мен мақсаттарымды ұмытып, соңғы демім біткенше жұмыс істеуге тура келеді? Бұл сауалдарға менде жауап болмады. Жаным жай таппай, сергелдеңге түстім. Бірнеше күннен соң, бойымдағы күшім сарқылғандай күй кешкенде де, мазалаған сұрақтарға жауап болмай жүргенде, Саси мені алдыртты.Бұрынғы қожайыным мені Бабылға қайтаруды өтініпті. Мен әмиянымды қазып алдым да, үстіме қалған-құтқан киімімді іле салып, жолға түстім. Жол бойы мені әрі-бері қаңбақша домалатқан құйын туралы ой есімнен кетпеді. Менің өмірім туған қалам Харрунда айтылатын әннің бір шумағын еске түсірді:
Адамға құйын бас салар,
Қаңбақтай адам не байқар?
Оның жолын кім білер,
Мақсатын бізге кім айтар?
Күнәсіз болсам да, күнәһардың жазасын неліктен тартып, тағдыр тәлкегіне түсемін? Алдымда тағы да басқа ауыртпалық пен тауқымет күтіп тұр екен мені? Бұрынғы қожайын үйіне таяп келгенде, мені күтіп тұрған Арат Құланы көргендегі таңданысымды айтып жеткізе алмаспын.Ол маған түйеден түсуіме көмектесіп, бауырын көргендей құшақ жая ұмтылды. Біз екеуміз жолға шықтық. Мен құлға тән әдеппен одан қалыңқырап жүруге икемделіп едім, ол мені құшақтады да: «Мен сені іздеп бар маңайды шарқ ұрдым. Енді үмітімді үзе бергенімде, Суастыны кезіктірдім. Ол өсімгер жөнінде айтқасын соған барып едім, ол мені жаңа қожайыныңа сілтеді. Онымен ұзақ саудаластым, ақыры ол сен үшін маған қымбат ақы төлеттірді, бірақ сен оған тұрасың. Өйткені, сенің ақылың маған сәттілік әперді».
«Бұл ақыл менікі емес, Мегиддоныкы», - деп сөзін бөлдім. «Ақыл екеуіңдікі.Екеуіңе де рақмет.Кәзір Шамға барамыз, мен сенің маған серіктес болып, іске үлес қосуыңды қалаймын.Сен кәзірден бастап еріктісің.» Осылай деді де, ол қойнынан сазбітікті шығарды, онда өзінің мені сатып алғаны туралы жазылған екен. Ол сазжазбаны төбесінен асыра көтерді де,құлаштап тұрып тасқа соғып, быт-шыт етті. Онымен қоймай, аяғымен мыжып, жазбалы кірпішті ұнтап жүр. Мені көзіме алғыстың орнына жас үйірілді. Осы сәтте мен өзімді Бабылдағы ең бақытты адам екенімді ұқтым. Сонда да, мен үшін ең ауыр кезде де еңбек менің ең жақын досым болып қалды. Менің жұмысқа деген құлшынысым бекініс құрылысына сатылған құлға тән тағдырдан құтқарды. Ол сенің атаңа менімен бірге еңбек етуге таңдау жасатты.
– Сонда жұмыс менің атама алтын шекелге барар жолды ашқан құпия кілт болғаны ма?- деп сұрады Қадан Құла.
– Мен оны кездестіргенімде, онда басқа кілт болған емес, - жауап берді Шарру Нада.
– Сенің атаң еңбекқор болатын.
– Мен бір нәрсені ұққандаймын, – ойлана сөйледі Қадан Құла.
– Оның еңбексүйгіштігі оған достарды кезіктіріп, табыс әкелді. Ол еңбегінің арқасында Шамдағы абыройлы адам болған екен. Оған байлық сіңірген еңбек болды. Ал, мен жұмысты тек қана құлдардың сыбағасы деп ойлап келгем.
– Өмірде рақаттың түрі бар, - деді Шарру Нада, – және әр қайсысының өз сәті бар. Мен жұмыстың тек қана құлдардың сыбағасы еместігіне қуанамын. Егер олай болмағанда, мен ең үлкен рақаттан ада болар едім. Өмірде маған ұнайтын нәрсе көп, бірақ бәрінен бұрын жұмыс ұнайды.
Шарру Нада мен Қадан Құла Бабыл дуалының көлеңкесінде келе жатып, оның аса ауыр қола қақпасына қарай беттеді. Олар жақындағанда, күзетшілер орындарынан ұшып түрегелді де, құрметті меймандарға ибалы сәлем берді. Шарру Нада басын қақшита ұстаған күйі шұбатылған ұзын керуенді қалаға өткізіп, көшені бойлай бастап кетті.
– Мен әрқашан да, атама ұқсағым келетін, - деп оған Қадан Құла ішкі сырын мойындады, – бірақ оның қандай болғанын бұрын білмеп едім. Сен менің көзімді аштың. Енді мен оны бұрынғыдан да бетер жақсы көремін. Мен бұрынғыдан да бетер оған ұқсағым келеді. Сәттілікке жеткізетін нағыз кілтті бергенің үшін мен саған ешқашан да оның ақысын төлей алмаспын. Мен енді оны ылғи да пайдаға асыратын болам. Менің ісімнің басы да атам ісіндей елеусіз болар, бірақ мен асыл тас пен сәнді киімді емес, сенен алған жаңа ілімді мақтан етермін.
Осы сөздерін айтып, Қадан Құла құлағындағы асыл тасты сырғасы мен саусағындағы бағалы жүзігін алды. Сосын атын тебініп қалды да,керуен басының соңынан шаба жөнелді. 8 Ежелгі Бабылдың керемет ғимараттары, дуалы, тәуханалары, аспалы бағы мен үлкен су арнасы құл еңбегінің күшімен салынған еді.Құлдыққа көбіне әскери тұтқындар тартылды да, оларды адам ғұрлы көрмеді.Алайда, Бабыл мен оның маңындағы жерлерден қылмысы мен қарызы үшін құлдыққа түскен бабылдықтар да болды.Ерлер арасында өзінің қарызын қайтарғанша, сот шешімі мен басқа да міндеттемелерін орындау үшін әйелдері мен балаларын кепіл ретінде құлдыққа беру кең таралды. Міндеттеме орындалмаған жағдайда кепіл жандар құлдыққа сатылды. 9 Ежелгі Бабыл құлдарына тән әдеттер бізге ерсі және қисынсыз көрінуі мүмкін.Бірақ ол кездегі салт пен әдет заңға қатал бағындырылған еді. Мысалы, құлдың кез келген меншікке ие болуы мүмкін, тіпті, құлды да иеленуі ғажап емес, бірақ ол өз қожайынының меншігіне жатпас еді. Құлдар емін-еркін ерікті әйелдерге үйленіп, одан туған бала ерікті болып саналды. Сол кезде қалалық саудагерлердің көпшілігі құлдар болатын. Олардың көпшілігі өз қожайындарына серіктес бола жүріп, ауқатты адамға айналды.
Автор туралы Джордж Самуэл КЛЕЙСОН 1874 жылы 7 қарашада Миссури штатының Луизиана қаласында дүниеге келген. Небраска университетінде оқыған және испан соғысы кезінде Құрама Штаттар армиясында борышын өтеді. Одан америкалық соғыс. Баспа ісіндегі ұзақ мансабын бастап, Денвердің Clason Map компаниясын құрды, Колорадода және Америка Құрама Штаттары мен Канадада алғашқы жол атласын жариялады. 1926 жылы ол әйгілі Бабыл туралы хикаяның әрбір әрпін бейнелейтін ежелгі астарлы әңгімелерді қолдана отырып, үнемділік пен қаржылық жетістік туралы әлемге мәлім кітаптардың бірегейін жария қылды. Бұл хикаялар банктер мен сақтандыру компанияларындағы миллиондаған адамдарға танымал болды, олардың ішіндегі ең әйгілісі «Бабылдағы ең бай адам» аталатын аңыз-шыны аралас астарлы әңгіме еді. «Бабыл туралы астарлы әңгімелер» талай әскерге шабыт беретін классикалық туындыға айналды. Джордж Самуэл Клейсонның бұл кітабы әлемнің көптеген тілдеріне ондаған жылдар бойы тұрақты түрде аударылып, басылып келеді. Бүкіләлемдік бұл бестселлердің аса танымалдығы сонда, кітапта ежелгі әрі сынақтан өткен байлық ережелерінің жазылғандығы еді. Қаржылық бұл шабыт көзі жоспарлауды, өз табысыңызды сақтауды әрі еселеуді үйретеді.Мұны БАЙЛЫҚ ӘЛІПБЕСІ деуге де болады. Бұған дейін бұл еңбек жүз мыңдаған адамдарға қаржылай еркіндік алуға жәрдемдесті.Сіз де солардың бірі бола аласыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру