Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 30 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сержан Шакрат
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
СЕРЖАН ШАКРАТ
ҚЫДЫРБАЙ ТҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға жазушылар Сержан Шакрат пен Қыдырбай Түрмағанбетұлының шығармалары енгізілді.
СЕРЖАН ШАКРАТ
Шакрат Сержан Ысқақұлы – республикадағы маңдайалды үздік домбырашылардың бірі, ел арасынан шыққан тума талант, «төкпе» күй өкілі. Ол домбыра тартудың халықтық ежелгі үлгісін бойына дарытқан. Маңғыстау күй дәстүрінің қазіргі ту ұстаушысы. Атақты Алым Жаңбыршин, Шамғұл Ыбраимов, Мұрат Өскінбаев сынды домбырашылардың лайықты шәкірті. Маңғыстаудың күй орындау шеберлігін шыңдап, оны бүкіл елге және шет жерлерге танытып, таратқан майталман. Ол 1939 жылы Маңғыстауда туған, білімі жоғары. Қазақстан Мемлекеттік университетін 1961 жылы бітірген, журналист. Маңғыстауға тән аңыз, айтыс күйлерді тарихи қызғылықты әңгімелермен орындауы өте әсерлі. Мәселен, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген», «Үш ананың айтысы», «Құлшардың кемпірмен, қызбен тартысы», «Есірдің Хиуа сапары» атты топтама күйлерді тарихын айта шебер тартуы ел арасында кеңінен белгілі. Ол Маңғыстаудың ескілікті халық күйлерімен қатар атақты халық сазгерлері Абыл, Есір, Есбай, Өскінбай, Құлшар, Қартбай, Мұрат, Алым шығармаларын мәнерлі орындаушы, өзіндік ерекшелігі мол. Маңғыстау күйшілерінің бүгінгі ең көрнекті өкілі деп танылады.
Сонымен қатар ұлы сазгерлер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап шығармаларының да бір қатарын жоғары деңгейде өзінше жетік меңгерген. Ол сондай-ақ Маңғыстаудың ежелгі жыр-терме саздарын иеленген бірден бір өнерпаз. Шынайы адай әуендерінің 20 шақты нұсқасын домбырада мәнерлі орындайды. Шакрат Сержан Ысқақұлы – бұрынғы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының бірнеше дүркін және «Жолдас ән» («Товарищ песня») телефестивалінің лауреаты. 1985 жылы Ленинград этнографиялық институтының шақыруымен осы институтта, Черкасов атындағы театр, кино, музыка институтында лекция – концерттер берді. 1987 жылы Самарқанда өткен халықаралық музыка симпозиумына қатысты. Сол симпозиумның қорытындысымен шыққан «Концерты в Регистане» деген күйтабаққа орындаған шығармасы енді. «Дала саздары» сияқты халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдарына тұрақты шақырылып жүрген ең белді аспапшылардың бірі. 1989 жылы «Азия даусы» фестивалінің ең алғаш ашылуына қатысты. Тағы да сол жылдың желтоқсан айында Қазақстан халық шығармашылығының Мәскеудегі есепті концертінде ойнады. 1990 жылы маусым айында Киевте өткен 2-халықаралық фольклор фестивалінің лауреаты болды. Ол екі рет «Күй керуен» фестиваліне қатысып, «Алтын домбыра», «Алтын қобыз» сыйлықтарын алды. Және екі рет «Мәңгілік сарын» күй мерекесіне қатысып, соңғысында (2008) «Дәулескер» атағын иеленді. «Шакрат Сержан Ысқақұлы күй тартады» атты телефильм түсірілді және ол «Прикосновение» деген деректі киноның бір кейіпкері. 2008 жылы «Ел» продюсерлік орталығы осы төкпе күй шебері туралы «Телағыс» киносын түсірді. 1985 жылы оның орындауында «Маңғыстау күйлері» атты үлкен күйтабақ, 2001 жылы осы аттас аудиокасета, ал 2002 жылы «Ақжарма», 2007 жылы «Мұра – Домбыра» және 2009 жылы «Дәулескерлік дәстүр» атты дискілері (CD, DVD) шықты. Оның әсерлі де өрнекті оң қол қимылдарымен орындайтын «Кербез керік», «Бөгелек», «Көроғлы», «Терісқақпай», «Жаңылтпаш» т.б. күйлері домбырашылар құмар болып үйренетін ерекше шығармаларға айналды. Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» атты фольклорлық этнографиялық ансамблінің домбырашысы, осы ансамбльмен Түркияға, Францияға барған. Одан басқа 1989-2002 ж.ж Францияда (3 рет), Италияда, Швейцарияда, Бельгияда, Испанияда, Америкада әдейі шақырумен фестивальдарда өнер көрсетті. Өзінде қорланған Маңғыстаудың күй мұрасын келесі ұрпаққа беруге, жас таланттарды тәрбиелеуге зор көңіл бөледі. 1993 жылы ашылған Маңғыстау өнер колледжінде ол үшін әдейі енгізілген «Маңғыстау саздары» класын жүргізеді, бұған дейін 1991-1993 ж.ж. Ақтаудағы №2 қазақ өнер мектебінде сабақ берген еді. Астана музыка Академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында және Атырауда, Ақтөбеде мастер кластар өткізді.
Қазақ өнері, оның ішінде Маңғыстау өнері, фольклоры жайында облыстық телеарнада «Маңғыстау мақамдары», «Ауыл айтқыштары» атты қызғылықты хабарлар ұйымдастырды. Күй үйреткен телесабақтар жүргізді. С.Шакраттың аты сықақшы қаламгер ретінде де белгілі. Оның жазған көптеген әзіл – сықақ әңгімелері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланып, «Тамашаларда» ойналды. 2001 жылы «Күте тұрыңыз», 2007 жылы «Маңғыстау күлкісі», 2011 жылы «Маңғыстау күлкісі 2» атты күлдіргі әңгімелер жинақтары жарық көрді. Домбырашы Маңғыстау күйлерін жинақтап, реттеп бір жүйеге келтіру бағытында да үлкен еңбек етуде. Оған 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атағы берілді. «Құрмет» орденімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл», мерекелік медальдімен марапатталды. Үш рет Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан музыка қоғамының Грамотасымен дәріптелген. Ол – Ақтау қаласының Құрметті азаматы және Маңғыстау облысының Құрметті азаматы (2012 ж.).
Езуде күлкі ойнасын (әзілді әм мәзірлі әңгімелер)
НҰРДАН ЖАРАЛҒАН Көп ел жиналған үлкен бір жәрмеңкеде игі жақсылар бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Орталарында Адайдың от ауызды, орақ тілді биі Мәтжан бар екен. Бір кезде үстеріне Таз руының әрі биі, әрі ақыны Қашқынбай кіріп келіпті. Сәлемдескеннен кейін «уһ!» деп өксік шығарып, Мәтжанның қасына отыра кетеді. Мәтжан сұрайды: - Уа, Қашқынбай, алла қуат берсін, неге мұнша шаршап жүрсің? - Шаршамай қайтейін, қайда жүрсем де жұрт «емшектесің Адайдың әкесі кім?» деп мазамды алып болды. Әкелеріңді тапсаңдаршы... Уһ, - деп Қашқынбай қуланады. Мәтжан оның бұл сұрақты әдейі құйтұрқылықпен қойып, уһілеп отырғанын түсінеді. - Асықпа, Қашқынбай, сұрағыңа жауап болады, - дейді де Мәтжан жолдастарын ертіп шығып кетеді. Шыққан бойда бұйрық етеді: «Тез Қашағанды табыңдар, осы маңда жүрген шығар. Қашқынбайдың жаңағы сұрағына тек сол ғана жырмен уытты жауап бере алады. Қашағанды қалай да тауып, осында алып келіңдер!». Қашаған да көп алыста емес екен, оны ертіп келіп, мән-жайды түсіндіріп, әлгі жиынға кіргізеді. Ол Қашқынбайдың тізесін баса, қасына отырады да жырлап қоя береді: - Уа, Қашқынбай, нетесің? Сұрағың сенің кекесін. Шаршап жүрсең, тыңдашы, Айтайын сөздің көкесін. Әлі білмей жүр ме едің, Емшектесің ағайын Адайыңның әкесін?! – деп ақтарыла жөнеледі. Қашағанның әйгілі «Адай тегі» дастаны суырыпсалма ақынның аузынан табан астында дүниеге осылай келген. Бұл шағын әңгімеде ол дастанды түгел келтіріп жатпаймыз. Жалпы мазмұнын қысқаша баяндайық: Байдың (Қыдыр) Қанбибі деген қызы бір күні құрбыларымен серуенге шығады. Тамылжыған табиғат аясында, үлкен бәйтеректің саясында тыныс алады. Сол арада Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, тұла бойын шымырлатқан керемет бір сезімнен оянып кетеді. Көзін ашып қараса, көктен бір ғажайып нұр құйылып, жаны мен тәнін елжіретіп тұр екен дейді. Осы жайды Қашаған былай бейнеленген: Ұйықтап көзі ілінсе, Шымырлаған бір нәрсе Тұла бойға білінді. Төмен қарай жүгірді. Қанбибі шошып оянды-ай. - Не болды? – деп – ой, Алла-ай!
Жан-жағына қарады. Қарап тұрса, нәрсе жоқ,, Көңілін қасірет қамады. Сол нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, мерзімі жеткенде елден жасырын ұл туады. Әкесіз нәрестені ұят көріп, оны құндақтап, баяғы бәйтеректің түбіне апарып тастайды. Ертесіне бай бой жазып, сейілге шыққанда әлгі балаға тап болады. Оны үйіне алып келіп, атақты Әспенбет биді шақыртады. Би баланы көргеннен кейін: «Абырой-атағыңды асыратын арысың осы болар» - деп, «Адай» деп ат қойып, батасын берген екен. Қашаған осы дастанды төгілдіріп айтып шыққанда, Қашқынбай риза болып күліп, қисая кеткен екен дейді. - Әй, жарайсың, Қашаған! Әңгіменің керемет аңызын айтсаң да, келістіріп маңызын айттың-ау! – депті.
ТАҢБА Кіші жүздегі он екі ата Байұлының құрамындағы ең қабырғалы ру саналатыны – Адай. «Ол – көптігі және байлығы жөнінен өз алдына бір төбе» деп айтылады. Бұл рудың ұраны – Бекет, таңбасы – садақ, жебе. Бір қызығы, басқа Байұлылар, тіпті жалпы Кіші жүздің көптеген өзге рулары, неге екені белгісіз, Адай десе, мүйіздері қышып, келемеш әңгіме айтатындары баршаға мәлім. Сондай бір әңгімені келтірелік: Байдың (Қыдыр) бәйбішесі балаларына таңба үлестіріп жатыр екен дейді. Бұл да әңгіменің қисынсыздығы, себебі дардай ақсақал Қыдырдың өзі отырғанда, әйелге таңба бөлгізу жөн бе? Және де әлі елі жоқ, ру болып қалыптаспаған жас сәбилердің жеке бастарына таңба беріледі деген тіпті ақылға сыймайды. Тентек адуын бала Адай кештеу жүгіріп келіп: «Шеше, менің таңбамды көрсетші», - дегенде, бәйбіше үш саусағымен бұтының арасын сүйкеп жіберіп: «Міне, сенің таңбаң!» деген екен. Сонда байқап отырсыз ба, қулар садақ таңбаның ортасындағы жебені басқаға ұқсатып, күлкіге айналдырып отыр. Адайды әдейі мұқатқандары. Дегенмен бұл әңгімеге де жауап табылған. Бәйбішенің әлгі қимылын көзі шалып қалған бай: «Әй, бәйбіше, барлық ырыс-құтың Адайға кетті-ау», - депті. Қалай болғанда да, біршама кезеңнен кейін-ақ Адай жан басы дүреп құлпырған, мал басы өсіп, мыңғырған, жерінің асты да бай, үсті де бай, нағыз ырыс-құт дарыған әулиелі ел болды. Басқалардың қиқым сөздеріне пысқырмайды да.
ВАГОНДАР 1973 жылы Маңғыстау өз алдына облыс болып, елдің қуанышында шек жоқ. Бірақ кейін жұрт аузында мынадай әңгімелер шыққан: Бірінші хатшы болып келеген Тұтқабай Әшімбайұлына адай шалдары жиылып келіпті.
- Құрметті Тұтқабай Әшімбайұлы, көптен бергі арманымыз орындалып, облысымыз ашылды. Бірақ мұнда қашаннан бері жергілікті мамандар басшы орындарға алынбайтын жаман саясат қалыптасқан. Сіз зиялы азамат екенсіз, осы үрдісті бұзып, адай халқының ұл-қыздарына жақсы қызметтер беруіңізді сұраймыз, - депті қариялар. Сонда Т.Әшімбаев айтты дейді: - Әй, шалдар-ай, қазір облысқа он вагон орыс, бес вагон беріш келе жатыр. Солардан қалғаны болса, көрерміз... Содан облыс басшылары ауыса-ауыса бір күні кезекті жаңа әкім келіпті. Қариялар тағы топталып, «Әй, осының өзі беті жылтыраған, әдеміше жігіт екен. «Түсті игіден түңілме» деген, осыған да барып көрейікші» деп келіп, ертеде Т.Әшімбаевқа қойған сұрақты бұған да айтқан. - Өй-буй, ақсақалдар-ай, - депті ол, - баяғы ма, енді орыс, беріш дегендер далада қалды. Қазір бізге Арқадан алты вагон, оңтүстіктен он бес вагон келе жатыр. Үміттеріңізді үзе беріңіздер...
ҚҰДАЙ Ертеде адайдың қайсы бір жігіттерінен «Кімсің? Қай рудансың?» - деп сұраса, олар әзіл-тентектігі аралас былай деп жауап береді екен: - Танысаң – адаймын, танымасаң – Құдаймын! Тентектер тек адай емес, басқа елдерде де бар ғой, солардың бірі: - Өй, атаңа нәлет, әкемді алған Құдай сен екенсің ғой, көрсетейін мен саған! – деп көтеріле беріпті. Сонда адай жігіт: - Ойпыр-ай, ажалы жетіп өлген әкесі үшін Құдайды жазғыратын да ақымақ болады екен-ау! Аллаға қарсы ібіліс, шайтан болады деуші еді, сен сол екенсің ғой! Іздеп жүргенім сен едің, келе ғой! – деп жылан бауыр қамшысын суырып алғанда, әлгі даукес: - Батыр-еке, сап,сап! Менікі әзіл ғой, - деп отыра кетіпті. - Ә - ә, солай ма екен... Онда менікі де әзіл, - деп әупірім адай қарққарқ күліпті.
ЗЕРГЕРГЕ КӨЗІН ЖИЕКТЕТ Атақты Абыл ақын айтысқандардың бәрін жеңіп жүрсе де, бір Балдай деген қыз алдыртпайды. Бұл қызды қалай сүріндіремін деп жүргенде, Балдай күйеуге шығады, күйеуінің оң көзі тыртық екен. Соны білгеннен кейін Абыл «сөйлес» деп Балдайдың үйінің тұсына жетіп барады. Балдай да «үйге түсіңіз» деп қарсы алады. Абыл ағытып қоя беріпті: Ақ Балдай, отырмысың ісіңді істеп, Кісіге «сөйлес» деген «үйге түс» деп. Қолыңа қонған құсың құтты болсын, Болыпты көзі тыртық түлкі тістеп. Құсыңыз қыран ба екен, әлде жек пе?
Жарасар салсаң тоқым қара көкке. Құсыңның оң көзінің жиегі жоқ, Алмасаң жиектетіп Сегізекке. Сегізек сол маңдағы атақты зергер екен. Балдай күйеуінің мінінен қорынып, Абылға ештеңе дей алмапты.
НҰРЫМ МЕН ТАНА АҚЫНДАРЫ Нұрым ақын бірде жолшыбай Тана руының бір үйіне келеді. Сол үйде тананың Жиенбет тақтасынан төрт ақын отыр екен. Кездесуге құмар болып жүрген олар Нұрым түсіп жатыр дегенде қуанып кетеді. Қонақ есіктен кіре бергенде-ақ олар кезектесіп, бір жолдан өлең төгіп қоя береді: Сұрасаң руымызды, біз Танамыз, Жиенбет тана ішінде аталамыз. Қыдырып ел ішінде көп жүрмейміз, Ақыннан бізге келген бата аламыз. Сонда Нұрым да есіктің алдында тұрып, жалма-жан жауап береді: Руға қайдан қалдым Таналаған. Көп қарға бір сұңқарды қамалаған. Ортаңа мен бір келген көкжол бөрі, Төрт төбет айналамда абалаған. Нұрымның сөзшең тапқырлығынан шошып, әзіліне риза болған ақындар оны қонақ етіп, жақсы сыйлапты, батасын алыпты.
ҚЫСЫП ЖАЙ ОТЫР Қашаған базардан мәсі сатып алып киеді де, бір байдың үйіне келеді. Сонда жалданып жүрген етікші Мұстақ өзі керемет шебер болғансып, Қашағанның мәсін сынай беріпті. «Қонышы қысқа, басы тар» екен деп қоймайды. Сонда Қашаған: Мәсімнің басы тарлау, қонышы қысқа. Саудалап алып едім асығыста. Болғанмен басы тарлау, қонышы қысқа, Сипалап ұлтаны мен басын ұста. Мұстақ-ау, өзің ақшаң түгел болса, Былшылдамай, жай отыр, көтің қыс та..
ТҮЙЕҚАРЫН Бала күнінде Қашаған байдың қойын баққан. Бірде шаршап, шалдығып, қой соңында келе жатса, жел айдаған бір түйеқарын қойды үркітіп, дүрліктіреді. Ызаланған Қашаған: - Ассалаумағалейкүм, түйеқарын, Адасқан ақылынан сен бір жарым. Келдің де қия шеттен, қойды үркіттің. Алдыңда білмейсің бе, ненің барын? дейді де, өзі түйеқарын болып жауап береді: - Уағалайкүміссалам! Мен түйеқарын. Адасқан ақылыңнан, - дейсің,-жарым. Жер кезіп, алыс жолдан келе жатсаң, Алдыңда білер ме едің ненің барын?!
КҮЗЕН ИІСТІ, ҚИСЫҚ КӨЗ Қашаған Түзел деген байдың үйінде болып, жырлағаннан кейін оған бай бір қозы атапты. Ертесіне сол қозыны ала кетейін деп келсе, бермеген. Тіпті қозы бермек түгілі, балалары ақынның қамшысын ұрлап қалыпты. Сонда ел аузында мынадай шумақ тараған: Орынбайдың бай Түзел Бір қозы ал деп арнады. Алайын деп келгенде, Бермей кетіп алдады. Күзен иісті, қисық көз Сотанақ екен балдары. Ұрлап алып қамшымды, Сол қорлық естен қалмады.
ӘКЕСІНІҢ ӘКЕСІН ДЕ БІЛЕДІ Бірде Қашаған таз руында Әбіш деген кісінің үйіне түсіпті. Бұл шіріген бай екен де, бірақ өте сараң адам көрінеді. Қашаған оны мақтап: жұрт сараң деп бекер айтады, Әбіш берейін десе, қолы ашық деп келтіреді. Және оған қоса біраз ескілікті жыраулықты жырлап береді. Әбіш көңілі толып, қанша сараң болғанмен бір түйе атайды. Кетерде сыртқа шығып, әлгі түйені қараса, өте кәрі көтерем түйе екен. Сонда Қашаған қасындағы Әбіштің көзінше былай депті: - Әй, сен осы түйемісің? Айдасам, жөнге жүремісің? Көтіңнен кері сиемісің? Сен осы Әбіштің әкесін білемісің? Іле өзі түйе болып, жауап айтады: - Ия, мен түйемін ғой. Айдасаң, жөнге жүремін ғой. Көтімнен кері сиемін ғой. Мен Әбіштің әкесі түгілі, Әкесінің әкесін де білемін ғой! Әбіш ыңғайсызданып күліп жіберіпті де, көтерем кәрі түйенің орнына Қашағанға жақсы нар мая жетелетіп, жолға салған екен.
КӘРІ ҚЫЗ Қашағанның бір танысының кәрі қызы бар екен. Сол Қашағанмен айтысам деп қоймапты. Ауылдастары «шырағым ұятқа қаларсың, жайыңа жүр, ол керемет ақын» десе, болмайтын көрінеді. Қашағанның одан хабары жоқ, бір күні сол үйге түседі. Әкесі үйде жоқ екен, ол келгенше мал сойылып, қазан асылады. Сол қазанның арғы жағында отырған әлгі кәрі қыз кенеттен: - Қашаған деген осы ма? Әкеміздің досы ма? Мылтық емес оқтаулы, Бұл дыбыстан шошыма! – деп өрескел жел шығарады.Қашаған бұл сөлекет әдепсіздікке күліп: - Әй, оңбаған, кәрі қыз! Ішің толы жарылды Нәжіс пенен дәріңіз. Ортада қазан тұрмаса, Қырылып едік бәріміз! Енді етіңді өзің же, Харам дәмді нәріңіз. Ас болсын лас зәріңіз. Әкеңе менен сәлем айт, Жын отырған бұл үйде Келіспес біздің сәніміз, - деп асқа қарамай, шығып кетіпті. Сол сәтте әкесі келіп, Қашағаннан кешірім сұрап, екінші үйге түсіріп, сыйлаған екен.
ҚАШАҒАН ӘЗІЛІ Қашаған бірде Жаныштай дегеннің аулына келіпті. Ақын «асығыспын, келесі бір ауылға жетуім керек» десе, түскен үйі бәпек болғансып, бопсалайды. «Үйбәй-ау, Қашеке, қонып кетіңіз» деп. Қашекең «жарайды, не асығыстық бар, ол ауылға ертең барармын» деп отыра кетеді. Сөйтсе, әлгі үй Қашағанға көбе де (қозы) соймай, қара ұннан нан пісіріп, жалаң шәй беріпті. Осыны естіген біреулер Қашағанға: «Соған арнап өлең шығармайсың ба?» деп қоймаған. Сонда Қашаған: «Әй, неғылайын сәл нәрсеге өлең шығарып, бірақ ойыма мынадай бірдеңе келіп еді», - деп күлімсіреп, төгіп жіберіпті: Алпыс үйлі Жаныштай Қонаққа қон деп жабысты-ай. Қонаққа қимай көбені, Отқа нанды көмеді. Қалыңдығы төрт елі, Шет жақтарын өртеді. Мен жемедім, қыз жеді, Қыздардың іші бөртеді.
Түн ортасы болғанда Көрпені қыздар серпеді. Қара нан қандай қайратты, Қыздардың ішін пайратты. Қайратын оның сұрасаң, Зеңбірек доптан айбатты. Түнімен атты сығалап, Жан сақтадым бұғалап. Оқ-дәрісі көп екен, Таусылмады сірәдә-ақ!
АРЫШЛАН Қашағанмен ағайындас Оразалы деген бай болған. Байлығынан түк қайыр көрмей, азып-тозып күн кешеді екен. Қанша малы болса да, тоғышар топастық байды бейшара күйге келтірген. Сол туралы Қашаған былай депті: Оразалы байым бар, Тозған тоқпақ бастанған, Қазанқабын жастанған. Шарыққа бауды тағуын, Қой шетіне төсеніп, Түйенің шоқпыт жабуын. Қойды қорғап қасқырдан, Қолына таяқ алуын. Қырық күн шілде ішінде Қара ұннан көже ашытып, «Балқара» деп қануын. Қарашы, біздің шіркін бай, Шаруаның құлқын табуын. Құдықтың аузын күзетіп, Ор, дересін түзетіп, Бет терісін түлетіп, Төбесінен күн өтіп, Шыбын жанын пида етіп, Шаруаға жайын жүдетіп, Жүргенде кетпесе игі еді, Біздің арышланға тіл өтіп.
МӘТЖАННЫҢ ӘЗІЛІ Мәтжан би басқа Байұлы руларымен аралас-құралас, нағашыжиенді, әзіл ойыны жарасқан кісі екен. Өзі революциядан кейін де, зауал шағында Кеңес үкіметінің бастамасын көріп кетіпті. Алақаудан РСФСР құрылып жатқан кез Мәтекең белсенділерден сұрайды: - Әй, балалар, сендер «ырпысыр, ырпысыр» (РСФСР) дейсіңдер, ол не? - Мәтеке, орыстар ел-елді біріктіріп, жаңа одақ құрып жатыр, - дейді олар. Сонда Мәтжан күліп былай депті: - Әй, балалар, байқаңдаршы, сол «ырпысырға» беріш пен шеркеш кіріп кеткен жоқ па екен?
БІЗ – «БАЛШАЙБЕК» Тағы бірде жастардан сұрапты: - Балалар-ау, сендер «балшайбек» дейсіңдер, «меншейбек» дейсіңдер, ол не? Олар жауап беріпті: - Мәтеке, «балшайбек» деген көпшілік, «меншейбек» деген азшылық. Сонда Мәтжан: - Өй, тәйір-ай, «балшайбек» деген біз екенбіз де, «меншейбек» деген басқа Байұлылар екен ғой, - деп күлдіріпті. Мұнда Мәтжан адайлардың басқа ағайындарға қарағанда көптігін әзілге келтірген.
АҚЫНДЫҚТЫ СЫНАУ Мәтекеңнің бір ағайын жігіті оған өзінше сыр ашып: - Маған ақындық қасиет қонып жүр. Кеудем толып барады, соны шығармасам, болатын емес, - дейді. - Рас па? - Рас, Мәтеке, көкірегімді кернеп тұр. - Ойпыр, ә? Онда, шырағым, әуелі өзіміз көріп алайық. Сен бір малыңды сойып, дайындал. Мен үш-төрт шал ертіп келіп, сені тыңдармыз, сосын бата берерміз, - депті Мәтжан. Келіп жиналғаннан кейін Мәтекең: мына інімізге ақындық қонып жүр екен, соны тыңдайық, ал баста! – дейді. Ол домбырасын алып, біраз отырып, тым-тырыс күтіп отырғандарға: «Уа, тым-тырыстан тым-тырыс. Бұл не деген тымтырыс! Жым-жырттан жым-жырт. Бұл не деген жым-жырт! Өйдәй, өйдәй-ау, өйдәй, өйдәй-ау!» - депті. Жұрт шулап, күліп жіберген. Сонда әлгі тағы жалғастырып: «Уа, улаған да шулаған, бұл не деген шулаған! Өйдәй, өйдәй-ау!» - деген. Мәтжан: - Шырағым, маған бере тұршы, - деп домбырасын сұрап алған да, онымен қақ басына бір ұрыпты. – бар, жоқ бол! Біз осы үйден кеткенше көрінуші болма! – деп қуып жіберіпті. Пай, шіркін, осы күнгі кейбір ақындарға да сондай Мәтжан керекау!
МӘТЖАН КӨНЕҮРГЕНІШТЕ Мәтжан би бір жылы біраз жолдастарын ертіп, Хиуа ханымен жолығу үшін Көнеүргенішке барыпты. Хиуа ханының бір кездесу ордасы (қазірше айтқанда – резиденциясы) осы Көнеүргеніш екен. Сол ханмен елдің тыныштығы, қонысы жөнінде келіспек болған. Барған соң Көнеүргеніштің дуанбасылары хан мен Мәтжан биге арнап той-думан жасаған. Ат бәйге, палуан күрес ұйымдастырады. Мәтжан өзінің інісі Есет палуанды ертіп барған екен. Сол аналардың Бағаналы, Тағаналы деген тумалыс екі палуанын бірінен соң бірін тоңқалаң асырады. Бәйгеге адайдың белгілі көкмойнақ тұқымынан бір тұлпарды әдейі жаратып келіпті, сол алдына жан салмайды. Біраздан кейін қонақтарға ас тартылады. Ол – табаққа үйілген күріш палау, үстінде аз ғана еті бар. - Мәтжан би, бұл «жеті әулие» деген тағам, - деп түсіндіреді олар, - сіздер, қазақтар, тек суға ет қайнатып қана жеуді білесіздер ғой, ал мынау жеті дәмнен тұрады, сондықтан да «жеті әулие» деп аталады, - деп және қағытады. Сонда Мәтекең: - Иә, бұл «жеті әулие», әуелі үстіндегі ет әулие. Сол етті мен алып қойсам, қалғаны несі әулие? Қалған «алты әулие» сендерді-ақ жарылқасын, - деп палаудың үстіндегі бар етті би алып жепті. Сөйтіп отырғанда сөзден сөз шығып, «ас-мас», «жігіт-мігіт», «атмат» деген қосақ сөздердің мәнісі сұралады. Маңғыстаудың шежіреші тақ-тақ шалдарының айтуы бойынша Мәтжанның бұл сұраққа берген жауабын біреулер басқа өңірдің адамдарына бұра таңып жіберген. Сонда Мәтжан оны былай түсіндірген: - Бізде қонақтарға құнан қойдың еті түгел асылады және оған қазықарта, жал-жая қосылады. Мұны біз «ас» дейміз, ал сіздің үстінде бір-екі шөкім еті бар палауыңыз «мас» делінеді. Палуан күресте біздің жігітіміз сіздің палуандарды жықты, міне, біздің жігітіміз «жігіт», ал тоңқалаң асқан сіздің палуандар – «мігіт». Ат бәйгеде біздің көкмойнақ озды, оны «ат» дейміз, ал қалып қойған сіздің жылқы – «мат». Содан кейін жұлқынып біреу шығыпты: - Мәтжан би, атағыңызға қанық едік, қара сөзде алдыртпайды екнсіз. Сізден менің бір өтінішім бар, боқтасып көрсек қайтеді? - Шырағым, бұл бізге жараспайтын іс, - деп Мәтжан келіспесе, әлгі жалынып-жалпайып болмайды. - Бұл да бір ойын ғой, сынасып қарайық. Қоймаған соң Мәтжан көніпті: - Бұл менде болмаған жат қылық, дегенмен, қоймадың ғой, бастап қара... Әлгі сыпырта жөнеліпті. Үрім-бұтақ, тума-туыс, бала-шаға, қатынқалаш, жақын-жекжат, ауыл-аймақ, бота-тайлақ, айран-қаймақ, түк қалдырмай сыбап шығыпты.
- Болдың ба? – депті Мәтжан би. - Болдым. - Ал мен басқаны білмеймін, мен айтсам: Ала шапан, телпегіңді тігісінен, Мәсіңді кебісімен, Базар, жайыңды тегісінен, Асыңды палауымен, Әулиеңді жалауыңмен, - деген. Хиуалық шошып кетіпті: - Ойбай, Мәтеке, әулиеге тіл тигізуге болмайды ғой. Астапыралла, ол енді сізді қағады. - Түк те жасамайды, - депті Мәтжан, - біздің Пір Бекет сенің әулиеңнің аузын ұрып береді. Хан осы кездесуде Мәтжанға риза болып, оның кейбір мәселелеріне оң шешім берген. Тіпті, Мәтекеңнің сұрағы бойынша Әмудің бойынан адайларға жер бөліпті. Ол кезінде «Мәтжан жап» аталған.
АПАСЫНЫҢ АТЫ Мәтжан бірде алыс жолда жүргенде, бір бейтаныс ауылға кезігеді. Кез келген үйге түспейін деп, «осы ауылда адай бар ма?» деп сұрастырады. - Адайдың үйі жоқ, бірақ бір үйдің әйелі адайдың қызы, -деп көрсетеді. Мәтжан жолдастарымен сол үйге түсіп, әйелге кәдімгі жақын адамша «апа» деп көріседі. - Мен Мәтжан ініңмін ғой, ұмытып қалған жоқсың ба? – деп қояды. Әйел де ақылды адам болса керек: - Бүкіл елге белгілі Мәтжанымды неге ұмытайын, - деп бәпек болады. Бұрыннан асылып, пісіп қалған ет бар екен, соны жейді. Ал әлгі әйелдің күйеуінде сенбестік күмән бар. Сол: - Апаңыздың аты кім еді? – деп жымияды. Сонда Мәтжан: - Әй, оңбаған жезде! Біз өзімізден үлкен аға, апаның атын айтпай өскен елміз! Бұрыннан қайнап жатқан бір жілігіңді бұлдап, маған апамның атын айтқызайын деп отырсың ба? Осы жілікпен қақ басыңа бір қояйын ба?! – деп сүйекті қолына алғанда, «жездесі»: - Ойбай, қойдым! – деп екі қолын көтеріп, шалқасынан жата кетіпті. Апасы да көмектесіп: - Бұл Мәтжан өмірінде мені Шолпан деп атаған емес, - деп айтып салады. - Апа-ау, мына жездеке он рет сұраса да, сенің атың Шолпан екенін мен айтпаймын ғой, - деп Мәтекең қарқ-қарқ күледі. Содан кейін жездесі әдейі мал сойып, Мәтжандарға дұрыс сыйсияпат көрсетіпті.
ҚОШҚАРДЫҢ НАҒАШЫСЫ Мәтжан би өмірінде сөзден тосылмаған деп айтады. Дегенмен «Мәтеке, сіз сөзден ұтылған кезіңіз болды ма?» деп сұрағандарға: - Әй, қарақтарым-ай, мен сөздің парқын білмейтіндерден күніге ұтылам ғой, - дейді екен. Бірақ ол бір жас келінінің өзіне айтқан уытты әзіліне риза болғанын айтып жүріпті. Бір баласын үйлендіргеннен кейін ол ауырып жүдеп кетіпті. Оны уақытша нағашыларының аулына жіберген, таза ауада дәмді тамақ ішіп, әлденіп қайтсын дегені. Содан кейін осы үйдің бір қошқары да кеселге ұшырап, малға ілесе алмай қалған. Әлгі жаңа түскен жас келініне атасы: - Келін, мына қошқарды бөлектеп жемдеші, жақсы болып кетер, - депті. Сонда келіні миығынан күліп: - Ата, осы қошқардың нағашы жұрты болса, мұны да соған жіберсек қайтеді? – деген екен. Келінінің осы әзіліне Мәтжан шек-сілесі қата күліп, риза болған. Көп ұзамай тәуір болған баласын да қайта алдырыпты.
ӘКЕМІЗ ҚОРАДА Қай заманда да әкенің балаға көңілі бітпеген ғой. Мәтжан биге де балалары ұнамай, ұрсып жүреді екен. «Өзіме ұқсаған, еті тірі, сөз айтатын біреуі жоқ» деп. Сонда бір баласы былай депті: - Дұрыс айтасың, әке. Біз сізге қайдан ұқсайық. Сіз елге сыйлы адамсыз, көбіне далада дау-жанжалдың арасында жүресіз. Үйіңізге көп қонбайсыз. Сондықтан да сіздің балаларыңыз далада шығар да, ал біздің әкеміз қорада шығар. Жұрт ду күлген. Мәтжан да риза болып: - Өй, мына бала жарады. Бұл иттер де сөйлей алады екен ғой, - депті.
ЖАУ Мәтжан бірде көп жолдастарымен жол жүріп келе жатады. Қасында өзінше мықтысынып, күмпиіп жүретін (біршама қайратты да) жақын інісі бар екен. Сол қайта-қайта: - Әй, бір жау кездесер ме еді, өй, бір жау тап болса ғой, - деп қоймайтын көрінеді. Мәтжан білдірмей атының шылбырын тұзақтап, әлгіге жақындап келеді де, тұзақты мойнына салып жіберіп, тарта жөнеледі. «Батыр» гүрс етіп жерге құлап, тұншыға қырылдап, сүйретіліп кете барады. Бейшара өлуге айналғанда Мәтжан атын тоқтатыпты. - Ал саған жау керек болса! Мысалы, мына мен жау! Не жауды менен осал болады деп ойлайсың ба? Ел тыныш, жұрт аманда жау тілеп
нең бар еді, оңбаған! Қане, жау керек болса, тағы сүйретейін, - деп Мәтжан және атын тебінгенде қасындағылар жалынып-жалпайып қойдыртыпты. Сөйтіп сабаздың іздеген «жауы» қасынан табылып, біраз күлкіге қалған.
ЕШКІНІҢ ҚҰЙРЫҒЫ Мәтжан бірде біраз ермелерімен бір үйге қонаққа түседі. Үй иесі оның құлағына сыбырлап: - Мәтеке, бойдақ та союға болар еді, бірақ бір семіз серке бар, соны қонақасы қылсам қайтеді, - дейді. Сонда Мәтжан күліп: - Әй, шырағым-ай, тірісінде өз абыройын өзі жаппай жүретін бейшара өлгенде сенің абыройыңды жаба ма, онан да бойдағыңды-ақ сойсайшы, - депті. Ешкі малының әдетте құйрығы шошайып, артын жаппайтынын әзілге келтіргені.
ӘБІШТІҢ ӘЗІЛІ Әдебиет адамдары бас қосып, ішінде Әбіш Кекілбайұлы бар, әр түрлі тақырыптарды сөз қылып отырады. Сонда бір сөзуар аты шығып жүрген бір ақынды жер-көкке тигізбей мақтай жөнеліпті. - Бұл осы заманның Омар Хаямы, қазіргі Омар Хаям, - деп қоймайтын көрінеді. Сіз қалай қарайсыз дегендей, Әбішке бұрылған. Әбіш те әңгіме болып отырған ақынды жақсы біледі, сыйласады. Сонда да бір әзілді айтып тастаған: - Бірінші Омар дегенін білмедім, ал екіншісі болса болар, - деп жұрттың бәрін күлдірген екен.
МЫРЗАТАЙДЫҢ ӘУЛИЕСІ Ел қадірлісі Әбіш Кекілбайұлы Маңғыстауға келген бір сапарында Ақтауда бір үйде қонақта әңгімелесіп отырғанда мынадай сөздер айтты: - Ана жылы осы Маңғыстауға көп делегация келді. Ішінде Мырзатайдың әулиесі де бар, - деп жымиып қойды. Қапелімде бұл сөзді түсінбей аңырып, бұл кім деп ойланып қалдық та, соның арасында мәнісін біліп, мәз болдық. Қазақстандағы белгілі азаматтардың бірі Мырзатай Жолдасбеков бір үлкен жиында мынадай пікір айтқан: - Маңғыстауда 362 әулие бар екен, ал 363 - әулие Әбіш деп тану керек, - деп еді. Міне, Әбіштің «Мырзатайдың әулиесі» деп әзілдеп отырғаны өзі екен. Тағы бірде самолетпен Астанадан ұшып Ақтауға келе жатқан. Ақтауға жақындағанда қалың тұман түсіп, дым көрінбей кетеді. Жолаушылар үрейленіп, қорқа бастайды.
Сонда Әбіш: - Жолдастар, қорықпаңдар. Біз әулиелі жерде ұшып келеміз және араларыңда Мырзатайдың да әулиесі бар, - деп күлген. Соның арасында аспан ашылып, самолет аман-есен қонады. - Әнеки, айттым ғой, - деп Әбекең жұртты тағы күлдірген.
АДАЙЫРАҚ Бірде Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Маңғыстауға кезекті сапарымен ат ізін салды. Бекет-Атаға барып, ізет еткеннен кейін «Тамшалыға» тікұшақпен ұшып келді. «Тамшалы» - түбектің ең әдемі жерлерінің бірі. Мұнда дөңгеленген ақ боз үйлер тігілген, ішінде екі киіз үй қосарланған, сонда Елбасына қонақасы берілді. Президентпен бірге халық жазушысы, жерлесіміз, сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбіш Кекілбайұлы келген еді. Облыс басшысы Ләззат Қиынов екеуіне ел атынан екі сәйгүлік сыйлады. Әлден уақытта қонақтар бой жазу үшін тысқа шықты. Сонда Президент: - Кәне, менің айғырым қайда? – деп сұрады. Ол ерттеулі дайын тұр еді, Нұрекеңнің алдына көлденең тартыла берді. Елбасы бәрімізді таңдандырып, атқа тез мінді де, шаба жөнелді. Біз Әбішке жақындап: - Сіз неге Президент сияқты өз тұлпарыңызға мініп, шаппайсыз? – дедік. Сонда Әбіш езу тартып, күлді де: - Нұрсұлтан менен гөрі адайырақ қой, - дегені. Бәріміз күліп жатырмыз. Керемет сөз шебері Әбіш бала күнінен тек кітап оқу, жазумен ғана шұғылданып, спортқа көп мән бермеген, өзінен Нұрсұлтанның ширақ екенін «адайырақ» деп түсіндіргеніне мәз болдық.
ҚАЗАН ЖАЛАУ Маңғыстау тарихында мәдени кешендер (театр, колледж, филармония, т.б.) басқа облыстарға қарағанда кеш ашылып жүрсе де, әкім болған іскер, өнерсүйгіш азамат Қырымбек Көшербаев келісімен бұл үрдіс өзгеріп сала берді. Соның бір мысалы – республикада алдыңғы қатарда біздің симфониялық оркестрдің дүниеге келуі. Осы симфониялық оркестрдің ашылуына жерлесіміз, халық жазушысы, елдің Әбекесі - Әбіш Кекілбайұлы келіп қатысты. Құттықтау сөз сөйлеп, небір інжу-маржан тұжырымдарды төкті. Сөзінің арасында мынадай әзіл айтты: - Бұл оркестрдің бірінші қадамы, бірінші концерті ғана. Оны күнтүн демей жетілдіре беру керек. Сөйтіп оркестрді сараң кемпірдің қазан жалағаныңдай жалтыратып қойыңдар! Зал ду күлді.
Бұл әзіл кейін де жалғасып кетті. Оркестрге бас дирежер болған талантты өнерпаз Рахат Мәдреевке кейбір әзілшіл жолдастары: - Қалай, маэстро, қазаныңды жалап жатырсың ба? – дейтін болды.
МАЛ ТАЛАП ЕТУ Әбіштің арғы бабаларының бірі Қожаназар аты аңызға айналған асқан бай болған. Оның шұбатылған жылқы көшінің арты Манатадан Үстіртке көтеріліп келе жатқанда алды Жемнен сі ішіп жатады екен деген сөз бар. Бірде Әбіш елге келіп, жұртшылықпен кездескенде оған бір сұрақ қойылады. КСРО тарқап, жаңадан егемендік алған кез. Сол тұста кейбір асыра айтылған ойлар пайда болды. Кеңес өкіметі баяғыда халықтан талай мал-мүлікті тәркіледі. Соны ұрпақтарына қайтару жөнінде әңгіме қозғалады, әлгі сұрақ содан туған. Сонда Әбіш күліп, жиналғандарға былай депті: - Қалай, сонда енді мен Қожаназардың малын талап етуім керек пе?
ТІПТІ ШАЙТАН ЖӨНІНДЕ Әбіштің асқан ғұламалылығы баршаға мәлім. Оның кез келген тақырыпта адамдардың таңдайын қаққызып, кәусар білімдарлық, терең ойшылдық, теңдесі жоқ шешендікпен сөйлейтіні аңызға айналған. Бірде ол Еуразия университетінде жаһандану туралы лекция оқыпты. Аумақты зал толы жастар, оқытушы, профессор, ғалымдар шыбынның ызыңы естілгендей тынып қалыпты. Лекция біткен кезде залды кернеген қолшапалақ, ризашылықпен қошемет көрсету болған. Соңында тіл білімінің профессоры Мырзатай Серғалиев Әбіштің лекциясына өте жоғары баға беріп, тарихтағы нелер дуалы ауыз шешендерді еске алып: - Ал біздің Әбекең, қажет болса, тіпті шайтан жөнінде де бір-екі сағаттық лекция оқитын шығар! – деп залдағыларды ду күлдіріп, мәзмайрам қылған екен.
ҚАНДЕНДЕР Фельетон Бұрынырақ Әбіш Маңғыстауға келіп, парламент депутаттығына түскенде екі жас інісі үміткер болып, бақ сынасқан. Сонда Шерхан Мұртаза оған: «Әбіш-ау, сен еліңе барып, екі күшік ертіп алыпсың ғой» депті. Үйбәй-ау, ол күшіктер құдайдың бұйрығы жөнімен, заңымен жүрген дұрыс күшіктер екен, ал Әбішке үріп, шәңкілдеген нағыз иткүшіктер қазір шығыпты.
Өткенде «Жас алаш» газетінде Аманқос Ұзақбаев, Назарбек Қанапияұлы дегендер, жақында «Жұмадағы жүздесу» атты газетте қарақиялық Есен Мұратов, тағы тағылар шуылдасып, Әбішке дауыс көтеріп жатыр. Бұлар неге шала бүлініп, ұлы жазушыда не алмағы бар десеңіз, ол Президенттің қолын сүйіп қойыпты! Ал сүйді! Елбасы оған ең жоғарғы марапат сыйлағанда, Әбіш өзіне тән мейірбандығымен оған жауап-ілтипатын көрсетті. Онда тұрған не бар? Қайта жерлесіміз мәртебесінің аспандағанына мақтанып, қуанудың орнына бұл шіркіндер шәуілдеп шыға келді. Олар шын мәніндегі күшіктер екенін танытты, себебі ит атаулы сүюді білмейді, тіпті түсінбейді ғой. Осыдан біраз бұрын Бектұр Төлеуғалиев деген азамат, Президент оған орден бермесе де, тіпті қолынан емес, бетінен сүйіп алған. Патшаны сүюге жанкешті аллергияларың болса, сонда неге асылып қалмадыңдар?! Әбіш халықтың ардақтысы, асылы, маңдайына біткен жарық жұлдызы, соған дақ түсіргісі келіп, даттап жүрген сіздердің беттеріңе ел түкіреді. Сіздерге берілетін баға сол. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, сіздердікі осындай қиқым жазумен ат шығару. Ойпыр-ай, Әбішке Аманқос былай депті, Есен былай депті дегенге мәз, оның артында көргенсіздік, ұятсыздық тұрғанын «күшіктер» қақпайды. Тіпті Есен дегеніңіз лағып, Әбіштің зиялылығына шек келтіргендей болады. Ойбай-ау, Әбіш кім, сен кім? Жан-жағыңа қарасайшы. Қолына су құюға жарамайтын, тастаған таяғын әкеле алмайтын неме, дүние жүзіндегі жүз таңдаулы тұлғаның бірі – Әбіш зиялы болмағанда, сен зиялы боласың ба? Әбішке сөйлеуге ешқандай моральдық жөніңіз жоқ, шама шарықтарың нөл ғой. Сендерді сандырақтатып сөйлетіп отырған газеттердің мақсатыкөре алмаушылық. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей «демократия, демократия» деп, ауыздарына келгенін ақтарып, дұрыс демократ бола алмай, бәлекрат болып жүргендер бар, бұлар сол санаттан. Айта кетейік, А.Ұзақбаевтың «Жас алаштағы» мақаласының аты – «Зобалаң». Ойпыр-ай, «зобалаң» деген беті әрмен тіпті жаман сөз емес пе? Мен мұны әп деп оқығанда шошып кеттім. Баяғы Филипп Голощекин келіп, елімізге тағы зобалаң салып жатқандай көрінді. Немесе біздің жерімізге қалмақтар, не түрікмендер қайта шауып, қиямет болып жатқандай. Әйтпесе, ойда жоқта атом бомбасы түсіп, Хиросимадай болып қалған жоқпыз ба? Шіркін-ай, бұл жазғыштың аузына мұндай құрыған сөз қалай түсті? Ертеде мұндай жаман ырым бастап, тіліне ие болмағандарға қариялар: «Аузыңа қара қан толсын! Тіфә-тіфә, бәлекет, өз қара басыңа көрінсін!» - дейді екен. Әрине, құдай сақтасын, біз Аманқос Ұзақбаевқа мұндай теріс бата бағыштаудан аулақпыз. Айта көрмеңіз, ол сау болсын да, жүре берсін. Бірақ дұрыс жүріп, дұрыс сөйлеу керек қой. Ал енді дүниені соншама қараң қалдырып, аспан мен жерді қабыстырғандай ештеңе жоқ. Облысымыз бірқалыпты дамып, қазір республикадағы ең алдыңғы қатарлы өлкелердің бірінен саналатынын бүкіл ел біледі. Сонда Аманқостың зобалаңы не? Құр байбалам!
Және де А.Ұзақбаев «түкке керегі жоқ, мағынасыз тойлар жасалынады», - деп даурығады. Мен өз қара басым, бізде болған керегі жоқ, мағынасыз шара көргенім жоқ. Өткен өрендердің мерейлік жылдары аталды. Ел өз тойын өзі жасап жатыр, демеушілер көмектеседі. Ал «байдың малын байғұс қызғанады» деп Аманқостың қаралай шала өкпе болатыны несі? «Халық тойдан тозып болды» дейді. Бұл да ажалы жеткен артық сөз. Халық қайта «құдай тойдан жазбасын» демей ме? «Той тойға ұлассын» демей ме? Сонымен бұл сабаздар шімірікпестен Әбішке тіл тигізді. Міне, осы жерде маған керемет бір көрініс елестейді. Орыс мысалшысы И.А.Крыловтың «Піл мен қанден» деген мысалын білесіз бе? Маң-маң басып, таудай піл келе жатыр. Шүйкедей ғана Моська күшік оған шәліріп үріп жүр. Ал пілдің онымен ісі жоқ, көзіне ілмейді де, себебі ол зер салуына тұрмайды. Құмырсқадай тапап, езіп кетуіне болар еді, бірақ оған бармайды. Ал Моська өзінше іс бітірдім деп, дымы қалмай шабалаңдайды. «Қоршаған жұрт мені көрсін, кімге үргенімді білсін» деп, ит әлегі шығып жүр. Ал халық оның бишаралығына күледі. Қадірменді оқушы, түсіндіңіз бе? Піл кім, қандендер кім?
ДӨНЕН ОРЫС Белгілі ақын, біраз жылдарын Маңғыстауда өткеріп, игілікті қызмет еткен Темірхан Медетбеков Алматыға оралғанда бір баласы орыс қызға үйленді. Жастардың келісім махаббаты ғой. Темірхан өзінің көңілдес, сыйлас ағасы Әбішке хабарын айтып, телефон шалады: - Әбеке, мен дөнен орыстан келін алдым, - дейді. Әбіш айтыпты: - Әй, Темірхан, сен Маңғыстаудан кеткеніңе көп болған жоқ, ұмытып калдың ба? Адайда «құнан орыс» деген ру бар, «дөнен орыс» деген жоқ. - Жо-жоқ, Әбеке! Менің келінім дөнен орыс, дөнен орыс! – деп айта беріпті Темірхан. - Ә-ә, онда түсіндім, Темірхан. Құтты болсын, құтты болсын! Сенің балаң құнан болсын, дөнен болсын, жақсы болар, мен сенемін, - деген ағасы. Айтқанындай-ақ, Темірханның Оксана келіні қазаққа бергісіз жақсы келін болды.
ЕКІ АҚЫН МЕН КЕЛІН Елге белгілі ақындар Түмен Балтабасұлы мен Сәттіғұл Жанғабылұлы екеуі кездескенде бірлесіп, бой жазып қыдырғанды ұнатады екен.
Осындайда бір күні сыйласатын інілері Бәшен Есенжановтың үйіне баратын болған. Бәшен ауылда жоқ және жақында соғымға семіз қара ат сойып алғанын естіген. Сәтекең айтыпты: «Қазір барғанда томсырайып отырмайық, ақын деген атымыз бар. Мен Кенже келінге екі жол айтармын, іле сен екі жол қосарсың, солайша жалғастыра берерміз». Түмен басын изепті. Бәшеннің әйелі Кенже сымбатты және қолы ашық ақжарқын адам. Кіріп жайғасқаннан кейін Сәттіғұл: Шырағым, аманбысың, Кенже келін, Өзіңді санамаймыз кемге, келін, - депті. Түмен іліп әкеткен: Осы сөз айтылып ед кеңде, келін, Білмейді шалдар жайын өңге келін. Сәттіғұл: Бәшенжан бозбалалық жасайыд дейді, Егер де сыртқа кетсе, сенбе, келін. Түмен: Айтқаны Сәтекемнің рас болса, Жайыңа қарап жүрме, сен де келін. Сәттіғұл: Шалдардың басы ауырып, шөлдеп келді, \ Шайыңды жылдамырақ демде, келін. Түмен: Шалдардың басы шайға жазылмаса, Қара аттың қазысымен емде, келін. – деп бітірген. Кенже елдің сыйлы екі ақсақалы келіп, осындай жайдары әзіл айтқандарына риза болып, оларды жақсылап сыйлаған – деседі.
КӨГЕНДЕ ҚОЗЫ БІР ТАЛАЙ Сәттіғұл бірде екі-үш жолдасымен Нұрқабай деген қайын жұртының аулына келген. Нұрқабай әулетті кісі, сол заманда кәсіпкерлікпен шұғылданған өте ақылды адам екен. Бірақ сол тұста малда топалаң деген ауру болып, күйеуге мал соя қоймайды. - Шырағым, малда ауру бар. Қой сойғанда оның қанын ішесің бе? Осы үйде тәтті сүр ет, қазы-қарта көп. Қайта сол тиімді болар, - депті ол. Сөйтіп жақсы сыйланған. Бірақ ертесіне ауылдан шығып келе жатқанда қасындағы жолдастары мұны үгіттейді. «Қайнағаң мал сойып бермеді, соған өлең шығармайсың ба?» - деп. Сәтекең: - Әй, қойың! Ұят болады, - десе, әлгілер болмайды. «Шығара қойсаң, не дер едің?» деп түп етектейді, себебі ақын бірдеңе айта қойса, соны қызық көреді. Ақырында бұлардың азғырғанына шабыты қозған Сәттіғұл: - Шығара қойсам, былай дер едім: Қайнағамыз Нұрқабай, Таңертең тұрып қарасам,
Көгенде қозы бір талай. Қонағы құрысын, мал сойма, Қозының бәрін құртады-ай! \Жабағы жүні және бар, Болады мата бір талай. Қонаққа мал соймаған кісіге Жұмақ деген орынның Салынад дейді сыртынан Өз алдына бір сарай. Отырғам жоқ жамандап, Мал соймай бақ табандап. Тыпырлатып мал сойған О дүниеде жаман зат! – деп тастапты. Қасындағыларға «сендер ешкімге айтпаңдар, Нұрекеңнен ұят болар» депті. Бірақ ол қулар тыңдасын ба, таратып жіберген.
ӨСКІНБАЙ, ТОҚАЛ СЕНІКІ! Атақты домбырашы, өзі «Жеті қайқының» бірі, белгілі әнші және ақын Өскінбай бірде ел аралап жүріп, Балқасым деген бидің аулына келеді. Балқасым өзі теңдес кілең бай, болыс-билердің ортасында отыр екен. - Уа, Өскінбай жақсы келдің. Көңілімізді ашып, өнеріңді төкші, - деседі олар. Өскінбай біраз өлең-жыр, күйлерді желдіртеді. Бір кезде Балқасым би айтыпты: - Әй, Өскінбай, сенің ақын, жыршы екеніңді білейін, мына Қаратүйе-Манатадан бастап, жағалай Маңғыстаудың түгел жер-суын атап, жырлашы. - Болады, - депті Өскінбай, - бірақ өнер тегін болмас, не бересіз? - Сұрағаныңды берейін, - дейді Балқасым. Өскінбай оның көп қалың мал беріп, тоқалдыққа жас қыз алғанын білетін еді. - Жас тоқалыңызды бересіз бе? – деп күледі жыршы. Би «Маңғыстаудың барлық жер-су аттарын түгелдей өлеңдетіп ұйқастыру осының қолынан келер дейсің бе?» деп ойлайды да: - Жақсы, келістік! – дейді. Өскінбай домбырасының бұрауын түсіріп, шалып-шалып жіберіп, өлеңдете жөнеледі. Қаратүйе, Маната, Керті менен Сындыны Бөрібас пен Бағданы Біз айталы, жан ата, Одан былай сұрасаң, Оғландыда Ер Бекет Әруақты пір еді, Қысылғанда болған сеп, -
деп бастап, барлық мекен, тау, қырат, ой, сай-сала, су, құдық, қорым тағы басқа жер аттарын тізбелеп, әдемі әуенмен айтып шығады. Тыңдаушылар ұйып тыңдап, үнсіз қалған. Тек Балқасым би: - Өскінбай келіскен уәдеден шықпады, - деп тастайды. Қасындағылар: - Қалайша? – деп елең ете түседі. - Мына Қараған, Босағадан былай қарай айтылмай қалды. - Иә, - дейді Өскінбай, - мен жылқыға, не уақ малға жайы нашар болған соң кей жерлерді әзірше айтпай отыр едім. Ал енді тыңдаңыз, - деп домбырасын безеп, жырды тағы төгілдіре жөнеледі. Ақыры түк қалдырмай, бәрін баяндап, «енді не айтасыз?» дегендей Балқасымға қарайды. Балқасым би өңі бозарып, өнерден жеңілгенін мойындап: - Өскінбай, тоқал сенікі! – деп қисая кетіпті. Ошақ басында отырған әдемі жас тоқал көзі күлімдеп, жанары жайнаңдап, «Құдай-ай, бағым ашыла ма?» дегендей, жалындап отырған жүйрік өнерпазға қарап, қадалып отыр екен деседі. Бірақ бидің ыңғайсыз жағдайда қалғанын сезген үлкендер: - Әй, Өскінбай, жел сөзге бола ағаңның қойнына қол салғаның дұрыс болмас, райдан қайт, - депті. Қайқы жайраңдап келіп күлген. - Сендер айтпасаңдар да, ағаның арына нұқсан келтіретін ойым жоқ. Тек жырдың құдіретін түсініп, бағалай білсеңдер болды, - депті. Өскінбай сол үйде сыйланып, Балқасымның өзіне арнаған жоралғы сияпатын алып, аттаныпты. «Жүрерде басқа ешкімге сездірмей, өзінің жеңіп алған «бәйгесіне» - жәудіреп тұрған жас тоқалға көзін қысып кетіпті» деген де бар.
ТЕРІ ИЛЕУШІ АҚЫН Бір жылы атақты ақын Ақтанның әуелден де аз малы жұтқа ұшыраған соң бала-шағаның қамы үшін Ойылдағы бір көпеске жалданып, тері илеуші болады. Оншақты мырза адайдың Ақтаны осында жүр дегенді естіп, оны көрмекке іздеп келеді. Көпеске кездесіп, Ақтанды сұрайды. Ол терілерге қоймалжың жағып, керіп жатқан кісіні көрсетеді. - Іздеген Ақтандарың осы, - деп миығынан күледі. Әлгі мырзалар: - Ой, тәйір-ай, адайдың Ақтаны деген осы ма? Шуаш-шуаш болып, тері илеп жүрген. Жұрт та айта береді-ау, бұдан ақын болмас! – деп аттарының басын бұрып, кете бастапты. Сонда Ақтан: «Әй, мырзалар, тоқтаңдар! – деп дауыстап, өлең сөзді ағытып қоя берген. Айдынға аққу, қаз керек, Сұлуға құшақ наз керек, Жырға әуез саз керек, Теріге пұшпақ баз керек.
Тері жаймай Ақтан не етсін, Заманға қарай уәж керек. Мен адайдың Ақтаны, Шежіре шешен тақтағы. Алқалы топта аршынды Тұлпары едім баптағы. Тап болдым жұтқа өткен қыс, Жаныма соның батқаны. Іздеп амал тірлікке, Осы болды тапқаным. Осы күйде, мырзалар, Әрине, сізге жақпадым! – дегенде бәрі жалма-жан аттарынан түсіп, қол қусырып сәлем беріп, кешірім сұрапты. Он мырза оған он аттың пұлын берген. Терішісінің құр адам еместігіне көпес те таң қалып, ол да бір аттың бағасын сыйлаған және бәріне қонағасы беріп, Ақтанды жырлатыпты.
АРТЫҚ ҚАТЫН - БАЛА Өткен ғасырдың 20-жылдарында Ақкетікте ревком съезі өткен. Ойылдан ревком төрағасы Тобанияз Әлниязов келіп, баяндама жасайды. Төңкеріс берген құқықтар және кезеңдегі жағдай жөнінде тартымды етіп сөйлеген. Оны заманындағы ауызды, шешен тұлғалардың бірі деседі. Баяндамадан кейін, сірә, сұрақтар қойылады. Бәріне Тобекең тыңғылықты жауап беріп жатыр. Бір уақытта Жөке деген кісі қолын көтеріп, орнынан тұрып, сұрақ қояды: - Уа, Тобанияз! Әйелдер теңдігі дейсің, бірақ өзіңнің үш қатының бар. Ревком жолдас, өзің бас болып, әйелдер теңдігін аяққа басып отырсың ғой. Бұған не дейсің? Жұрт жабырлап күліп жатыр. Әсіресе, Тобаниязға қарсылар мәз юолуда. - Иә, дұрыс айтасың, Жөке, - депті Тобанияз, - «Әкемнің өлетінін білсем, өзбекке сатпас па едім» дегендей, мен революция болатынын білсем, артық қатын алар ма едім. Бәрі төңкеріске дейін болған. Енді бұл революция жалғыз қатын алдырады деп, артық қатын, бала-шағаларымды қаңғыртып жіберейін бе? Сол дұрыс бола ма, Жөке? Қазір жетімжесірлерге қамқорлық жасау керек дейміз, ал енді, керісінше, өзім оларды қолдан жетім-жесір етіп, қоя берейін бе? Сонда олардың күні не болмақ? Жөке, мысалы, сен менің артық қатын, балама иелік етіп, асырайсың ба? Айтшы, Жөке, алсаң, берейін! – дегенге жұрт ду күліп, Жөке үнсіз отырып қалыпты.
МҰЗДАТҚЫШ ЖАСАМАЙДЫ Нұрғиса Тілендиев оркестрімен Маңғыстауда өнер көрсетіп жүрді. Әуелі Ақтаудан Шетпеге барған. Қонақ үйге орналасыпты. Нұрағаң ондағы мұздатқышты ашып қарапты да:
- Мына холодильник жасамайды екен ғой, - деген. Қарсы алушылар қапылып, жөндейтін адам шақыртады. Ол келіпті де қарап: - Істеп тұр, - дейді. Бірақ ұлы сазгер оны құлағына да ілмейді, үлкен бастығын шақыртады. - Мына холодильник жасамайды, - дейді тағы да. Келген бастық та сасып: - Нұреке, кешіріңіз, жаңа электрик келіп қараған екен, жақсы жасап тұрған көрінеді, - дейді. Сонда Нұрағаң күліпті: - Әй, түсінбейсіңдер, адайлар. Бұл холодильник жасап тұрса, ол неге бос тұрады? Шетпеліктер сандарын бір соғып, күліп-күліп, мұздатқышты керекжараққа толтырған екен.
НҰР ҚҰЙҒАН Көрнекті сазгер, домбырашы, дирижер Нұрғиса Тілендиев өзі басқаратын «Отырар сазы» оркестрімен Маңғыстауда өнер көрсетіп жүреді. Оңды аулына келіп, концерттен кейін артистер үй-үйге бөлініп қонақ болады. Нұрекең бір топ өнерпаздарымен шаруашылық басшысы Нұрбергенов Меңдібайдың үйінде болады. Елдің еркесі Нұрғиса дастарқан басында шалқып сөйлеп отырады. Бір кезде айтыпты: - Сіздер менің атымның Нұрғиса деп қалай қойылғанын білмейсіздер ғой, соны айтайын, - депті ол өзіне тән әңгімешілдігімен, - дүниеге келгенімде мені қыз ба, ұл ма, көрейін деп, әкем аспанға көтеріпті. Сонда кішкентай шопатайымнан әкемнің бет-аузына шаптырып жіберіппін. О, нұр құйды, нұр құйды! – деп, содан менің атымды Нұрғиса қойған екен. Жұрт күліп жатыр. Дастарқанды басқарып отырған үй иесі Нұрберген сәл жымиып, сөйлепті: - О, қымбатты Нұреке, сіз нәресте кезіңізде кішкентайыңыздан әкеңізге нұр құйсаңыз, қазір ұлы сазгер болып елге өнердің нұрын құйып жүрсіз. Өстіңіз, ұлағатты тұлға болдыңыз, әлгі кішкентайыңыз да өскен шығар. Сол үшін, Нұреке, осы тостыны алып жіберсек қайтеді! Дастарқан басындағылар қыран-топан. Нұрекең де мәз болып: - Әй, атаңа нәлет, адайлар-ай, сендер де әзіл сөзді қатырасыңдар-ау! Кел, алсақ, алайық! – деген екен.
МЫЛТЫҚ-ШАМПАН Менің Розаға үйленуім қызық болды. Қызы бой жеткенде әкесі оны қызғыштай қорып қызғанады. Пайпай, әп-әдемі аппақ қыз көздің жауын алған соң қырындамаймын ба?! Соны сезіп, әуелі мені жақтырмады. Бір күні кешқұрым үйдің сыртын
торып жүрсем, қайдан шыққанын байқамадым, қарсы алдымнан шыға келді, Ой, жалт бұрылып, зытқанымдай! Роза киноға барғанда қасына Тынымбай деген құда баласын ертіп, «Ешкімді жолатпа» деп тапсырып жібереді. Былай шыққаннан кейін Тынекеңе «Сау бол!» деп, екеуміз қол ұстасып, қыдырып кететінбіз. Содан қалыңдықты Форт-Шевченкодағы Кінәз апаның үйіне апарып түсіруге тура келді. Ол кезде машина таба алмайсың. Сау болғыр, Шора деген жиен ағам келіп, соның салдырлаған самосвалымен салып келеміз. Бір уақытта артымызға қарасақ, құйындатқан шаң көрінеді. Баяғы қиссадағы Ақжүністі алып қашқан Ер Тарғынды қуған Қартқожақтай бір қара өңмеңдеп қояр емес. «Өзі балажан судья соңымыздан бір милиция жіберді ме екен?! Деген күдік келді. Жамалдатқыр ескі самосвал жүріп болмайды. Ақыры тырқ-тырқ етіп тұрып қалды. Әлгі мащина қасымызға келіп тоқтады. Біз бұғып отырмыз. Қараңғы түсе бастаған кез. Машинамыздың ашық терезесінен мылтықтың ұңғысы сияқты сорайған бірдеңе көрінді де, «гүмп!» ете қалды. Ба-а! Бірдеңе шықшытыма сарт етті. Басымды тесіп, екінші жағынан шықты ма, білмеймін, әлгі «оқ» кабинаның о жер, бұ жеріне тықылдап соғып, аяқ жағымызға түсті. Бір сұйық сау етіп үстіме құйылды. Қан ба, әлде миым ба? «Ә, қасқа Сержан, қызық көрмей жатып, қыршын кеттің-ау» деген ой келді. Апыр-ай, адам өліп болмайды екен ғой, әлі бірдеңелер ойлап жатырмын, есім дұрыс. Бұл қалай? Әлгі сұйық қанға да, миға да ұқсамайды, одан таныс, тәтті бір иіс шығады. Шампан сияқты! Мәссаған, нағыз «Советское шампанское!!!» Сөйтсек, бұл – қуғыншы емес, бізді естіп, шашбауымызды көтеріп, құттықтауға келген жолдастарымыз екен ғой. Машинаның терезесінен шампан атып, бізді қорқытқан – солар. Мұндай қорқытқаннан айналмайсың ба?! Қуанғанымыз-ай! Жылап отырған Розамның да жүзі жарқырап шыға келді. Ата мен күйеу бала болғаннан кейін қызғанышын қойып, маған көзқарасын 180 градусқа өзгертті, өте жақсы көрді.
ҚАЗАҚҚА ҚИМАЙДЫ Республикаға белгілі Маңғыстаудың жезтаңдай әншісі Күріш Тасболатов жұмыс бабында Мәскеуге барып жүреді. Бірде сол Мәскеудің «Славянский базар» деп аталатын ресторанында жолдастарымен жайланып отырады. Эстрадада біреулер ән салып жатыр. Қасындағылар қояр да қоймай, Күрішті де шығарып, ән салдырады. Бір естігеннен кейін жұрт ду қол шапалақтап, қайта-қайта ән сұрайды. Содан Күріштің арқасы қозып, орыс, украин әндерін төгеді. Сергей Есениннің өлеңіне жазылған «Отговорила роща золотая», тағы да «Ах, ты, душечка», «Гори, гори, моя звезда», «Ридня, мати моя», «Ревет и стонет
Днепр широкий», «Ой, дивчина шумит гай» әндері қалықтағанда ресторанда отырған әртүрлі халық өкілдері таңданып, дүрлігіп кетеді. Бірінен бірі сұрап жатыр: - Кто он по национальности? - Белый, глаза синие, руский или хохол? Шынында да шетте жүргенде Күрішті қазақ деп айту қиын. Көзі көк, өңі сарғыш және де орыс, украин әндерін қатырып салады. Қасындағы жерлестері. - Он – казах! – деп айқайлайды. Оларға ешкім сенбейді: - Не может быть! Енді қайтерсіз, басқа жаққа барғанда Күрішімізден айрылып қала жаздаймыз. Оны қазаққа қимайды.
ШАҢҒА БАТҚАН МИНИСТРЛЕР 1965 жылдың мамыр айында Маңғыстауға КСРО Мұнай министрі Н.К.Байбаков және Мұнай-газ құрылыс министрі А.К.Кортунов бастап, елу шамалы өндіріс басшылары, мамандар келді. Бұл осында мұнай көздері ашылып, соны игеруге қарбалас басталған кез еді. Оларды жергілікті жағдайлармен таныстыруға Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы (сәл кейін «Қазақстаннефть» бірлестігінің бастығы) Сафи Өтебайұлы Өтебаев шықты. Жетібай, Өзен кен орындарын аралатып, көрсетуі керек. Н.К.Байбаков «самолетпен барсақ» дегендей ыңғай білдіріп еді, Сафи Өтебайұлы оны естімегендей елемеді де, бәрін машиналарға мінгізіп, керуенді бастап кетті. Борпылдақ май топырақ (ол кезде, сірә, асфальт жоқ) және жел арт жақтарынан, әйда, не сұрайсың, бұрқыраған шаңның ортасында шоқалақтатып келе жатыр. Бір кезде Қарақия ойпатының қырқасына көтеріліп тоқтады. Бәрінің бет –аузы, үсті-бастары шаң-шаң. Қағынып-сілкініп, үһілеп-аһілеп, қақырынып-түкірініп түсіп жатыр. - Сафи Утебаевич, сіз бізге қиянат жасадыңыз, самолетпен ұшуымыз керек еді, - деді Н.К.Байбаков. - Кешіріңіз, Николай Константинович, жағдайды аспаннан дұрыс көре алмайсыз, өз көзіңізбен жерден көрсін дегенім еді. Біздің еңбеккерлердің күнде көріп жүрген қиянаты осындай. Сондықтан да Маңғыстау мұнайының әлеуметтік мәселелерін тез шешу керек, - деп жауап берді Сафи Өтебайұлы. - Дұрыс көрсеттіңіз, дәлелдедіңіз. Бірақ әдісіңіз тым қатаң екен, осынша шаңға көмбей-ақ түсіндіруге болатын еді ғой, - деп күлді министр. - Айып ете көрмеңіз, Николай Константинович, біздің өмір осындай, енді оны түрлендіруге шешімдер керек, - деді өзінің әдеттегі ақжарқын күлкісімен Сафекең.
- Біз түсіндік, түсіндік. Бәрі де шешіледі, енді осы жерден кейін қайта қоялық, - деп жорта қуланады қонақтар. - Жо – жоқ, мына киелі Қарақия мәселелерді түпкілікті шешпейінше, енді кері өткізбейді, - деп әзілдеді Сафи. Бәрі де күліп жатыр. Керуен қайта қозғалып, Жетібай, Өзенге қарай жылжып кетті. Ол Маңғыстаудың шаңын бұрқыратып, сәулетті келешекті мегзеп, соған бағдарлы бағыт алып бара жатқандай еді.
СНХ, ХНС ХХ ғасырдың 50-жылдары Кеңес Одағының басшылығына Хрущев Никита Сергеевич деген кісі келді. Бұл қайраткердің әупірімдік істері жұртшылыққа тиімді болмады. Елдің тұрмысы нашарлады. Ол, әсіресе, Қазақстанға дұрыс көзқараста болмады. Республика басшысы, халықтың сүйікті перзенті Д.А.Қонаевты орнынан түсірді. Тіпті адайлардың ежелден қан төгіп, иемденген тарихи жері Маңғыстауды Түрікменияға беріп жібере жаздады. Сондықтан да елде ол жөнінде ащы әжуа анекдоттар шықты. Хрущев шығарған пайдасыз құрылым Совнархоз-СНХ, теріс оқығанда ХНС – осылардың дұрыс және кері айтылғандағы тәржімаларын халық әжуагерлері былай айтатын: СНХ - Стране нужен хозяйн. ХНС - Хозяйн нашелся сам. СНХ – Самый настоящий хам. ХНС – Хрущев Никита Сергеевич СНХ – Сергеевич Никита Хрущев Осы Хрущевтің алдында елді аз ғана уақыт Маленьков деген кісі басқарды. Оның тұсында шаруалардың мал алуына жеңілдік жасалынып, жұрт сәл де болса көтеріле бастап еді. Бірақ Хрущев келгеннен кейін жағдай қайта орнына түсті. Сонда ел аузында мынадай сөз тарады: Маленьков берген байталды Хрущев келіп, қайта алды. Қалай қойды Кремль Осындай сайтан сайқалды?!
БАЛКОНДАҒЫ СЫБЫЗҒЫШЫ Мүйімсат Оңғаров ақсақал Маңғыстаудан шыққан сыбызғының шебері еді. Ол бізбен бірге 1980 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына қатысқанда сыбызғысын сызылтып жүлде алды. «Боз інген», «Қара мая», «Қызыл қаз», «Жүндібай сазы», «Тепен көк» сынды т.б. күйлерін әдемі орындап, құрметке бөленді. Бір күні Мүйекең «ұрланып» кетті. Ұщты-күйлі жоқ. Театр, қонақ үйлерді аралап, іздеп жүрміз. Сөйтсек, оны өнер жинаушы, өзі де өнерпаз жас жігіт Әбдіхамит Райымбергенов «ұрлап», үйіне ертіп кеткен. Сыбызғы күйлерін таспаға жазып алып, шалды да шәйға қандырған.
Сонда мынадай қызық оқиға болыпты. Мүйімсат сыбызғысын тартарда дыбысы жақсы шығу үшін түтікке су жүгіртіп алады екен. Әбдіхамиттен бір стакан су сұрап алып, балконға шыққан. Ол кезде Әбдіхамиттің үйі орталық көшеде, екінші қабатта. Содан аузына суды толтырып алып, сыбызғысына құйып, төмен қарай үпіріп келіп жібереді. Ол көшеде өтіп бара жатқандарға шашырамай ма. Орыстың әйелдері аспанға қарап, бажылдап шыға келген: - Что за безобразие! Что за безобразие! Бірақ оған қысылып тұрған Мүйекең жоқ, оларға: - Нишауа, нишауа! Шистай бада! Шистай бада! – деп жіберіп, сыбызғысын ызыңдата жөнелгенде көшедегілердің ауыздары аңқиып қалыпты.
АЛҒАН ДА ЖАЗҒАН ДА МҰҚАНОВ Қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі-Сәбит Мұқанов. Ол жазған «Ботагөз» романы бәрімізге белгілі. Осы Сәбеңнің дауысының жарқашағы бар, тамағын кенеп, қырылдап сөйлейтін әдеті болған. Бұл жазушымен фамилиялас Маңғыстауда бір Мұқанов бар, Нұрнияз – өлкенің мәдениеті мен өнеріне үлкен үлес қосқан азамат. Мұның дауысы да қырылдақ. Тым жақсы әнші еді, бірақ тамағының желбезегі зақымданып, қырылдап қалған. Оның зайыбының аты да – Ботагөз. Белгілі сыншы, әдебиет және театр танушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшірбек Сығай 2008 жылы Нұрнияздың 50 жас мерейтойына келді. Кезегі келгенде жақсы сөз айтты, арасында былай деді: - Бұл Мұқанов дегендер қырылдақ келеді. Ұлы Сәбең - Сәбит Мұқанов та қырылдақ, Маңыстау театрының басшысы мына Нұрнияз Мұқанов да қырылдақ. Және олар Ботагөз деген есімге тым жақын. Ботагөзді алған да Мұқанов, жазған да Мұқанов!
ШПИОН Бір кісілер машинамен Үштағаннан Шетпеге қарай жүріп, жолда «Қамысбай» қорымының тұсынан өтіп бара жатса, оны аралап жүрген бір адамды көреді. Жергілікті елдей емес, біртүрлі киінген. Қара көзілдірігі бар, басында шетелдік телпек-панамка. Қолында бір аппарат, сірә, сөйлесетін құрал сияқты, анда-санда оны аузына жақындатып, сөйлеп жүрген сияқты (негізінде онысы фотоаппарат екен). - Әй, мынау шпион! – дейді біреуі. Сол кезде ел арасында сыбыс бар-ды. «бір шпион аспаннан парашютпен түсіп, білдірмей ел аралап, Америкаға хабар беріп жүр екен» деген лақап тараған. Соған мынау дөп келгендей. Әлгі жүргіншілер дереу Шетпенің милициясына келіп, байбалам салады. - «Қамысбайда» шпион жүр!
Шұғыл түрде патруль ұйымдастырылып, «Қамысбайды» аралап жүрген кісіні ұстап, қолын байлап, алып келеді. Жауап алына бастайды. Құжаты жоқ, Шевченкода «қалып қойған». - Неғып жүрсіз? - Памятник көреміс, захоронения аралаймыс! Өзі «з»-ны «с» деп айтады. - Көрдің бе, «міс», «мыс» деген шетелдік акцентпен сөйлейді. Нағыз шпион! – деседі. - Аты-жөніңізді айтыңыз? Берген жауабы бұларға «Макс Нуркабайофф» болып естілді. «Тамаша! Тіпті айтатыны жоқ! Керемет лазутчиктің жолы кесілді!» деп облыстық КГБ-ға хабар дайындалады. Соның арасында аудандық парткомның үгіт-насихат қызметкері Шүкірбай Асанов келіп кірді. Шпионның хабары оған да жеткен болуы керек. Ол ұсталғанды көрді де: - Әй, жиен, қайдан жүрсің? – дейді. Екеуі құшақтасып көріседі. Жұрттың бәрі аң-таң. Шүкірбай милиция қызметкерлеріне күле сөйледі: - Сендер тапқан екенсіңдер «шпионды»! Бұл - біздің апамыздан туған жиеніміз. Үйі әзірше Гурьевте. Өзі молаларды аралағанды ұнатады. Сонымен сол күні шетпеліктердің «қармағына» түскен «шпион» - белгілі археолог, тастан түйін түйетін сәулеткер, құрылысшы, кейін Қашағанның, Құрманғазының т.б. тамаша мовзолей-күмбездерді дүниеге келтірген, көптеген ескерткіштерді реставрация жасаған, атақты шебер Мақсот Нұрқабаев еді.
ТРАМВАЙ ЖЕГЕН Ертеде бір шопан қарияны делегация құрамында Мәскеуге алып барған. Өзі аңқаулау, аңқылдақ шал, сөйлегенде артықтау кететін әдеті бар. Мәскеуден келген соң ауылдастарына әңгімені бөстіртіп айтып отыр. - Апыр-ай, Мәскеуде тамақтың не түрін жедік. Аттарын айтсам, сендер күлесіңдер. Мәселен, «Антрекот», «Лаңкот», «Котлет». Әуелі маған жаман нәрседен жасалғандай көрінді. Бірақ қасымдағылар түсіндіріп, мақтаған соң, жеп қарап едім, тәтті екен. Содан аттарына қарамай асай бердім. Жұрт күліп жатыр. Соның арасында бір құрдасы сұрақ қойды: - Осы трамвай деген болады дейді, Мәскеуде соны көрдің бе? Сонда әлгі шопан ойланбастан: - Әй, сол траңбайыңды да жегенбіз, - деп салғаны.
МАЛ НЕГЕ ТҮНЕТІЛМЕЙДІ?
Ералы ауданының бірінші хатшысы Тергеу Айдарханов бірде ауыл шаруашылығының белді маманы Жомарт Нұрлаевты шақырып, оған «Аман Жүнібеков басқаратын шаруашылықты тексеріп кел» деп тапсырады. Бұл үшеуі – жұмыс бабындағы тәртіп-этиканы бұлжытпай сақтағанмен, ара-тұра әзілдесіп қоятын замандастар. Жомарт Аманның шаруашылығын тексеріп келіп, хатшыға мәлімдеме жасайды: - Жүнібековтың шаруашылығы жаман емес, бірақ шопандары мал түнетпейді екен, - дейді. Келесі бюродағы бір мәселе осы А.Жүнібековтің шаруашылығы туралы болады да, Тергеу оны алдын-ала шақыртып, сөйлеседі, Жомарт та қатысып отыр. Тергеу Аманға сұрақ қояды: - Сенің шопандарың мал түнетпейді дейді, неге? Сонда Аман күліп былай деген: - Жолдас хатшы, біздің шопандар малды түнетпейді емес, түнетеді. Бірақ не бәлесінің барын білмеймін, тексеруге осы Жомарт келгенде, шопандар түнде үйлерінен, әйелдерінің қасынан шықпай қояды. Бұл әзілден кейін үшеуі біраз күлісіп, соңынан бюро да жаман өтпеген секілді.
САҚЫПТЫҢ АҒАСЫ МЕН ЖЕЗДЕСІ Бір кісі адайдың «жары» руынан және өзі осы «жарының» басқа тақтасының қызына үйленген. Сақып Керелбаев та «жарының» тағы бір бөлімінен. Үшеуі де бір-біріне ағайын саналады. Сақып әлгі ағасын әзілдейді: - Ағеке-ау, бүкіл сегіз арыс адайдан басқа қыз таппадыңыз ба, тіпті киіз туырлықты жалпы қазақтан да алуыңызға болатын еді ғой. Керемет махаббат болып, жабысып қалдыңыз ба? Енді мен сізді не деймін, «аға» дейін десем, апамды алып отырсыз, «жезде» дейін десем, ағасыз. Қалай ат қойсам екен? – деп күледі. Содан кейін Сақып қуланып тағы былай деді: - Ағеке, сіз қарсы болмасаңыз, мен бір шешімін тауып отырмын. Мен сіздің кіндігіңізден жоғары кеудеңізді «аға» дейін де, кіндігіңізден төменгі жағыңызды «жезде» дейін!
КӨК ТАС ҚАСҚЫР Шайырда Бүркіт деген кісі өтті. Өзі ақкөңіл, аңқылдақ, асыра сөйлейтін кісі еді. - Бір күні аң аулап жүр едім, бір қақпаныма екі қоян қатарынан түсіпті, - дейді ол көкірегін көтеріп. - Ойпыр-ай, ә, екеуі қол ұстасып подружке келе жатқан ғой,- дейміз біз күліп. Ол біздің күлкімізге мән бермейді.
- Иә, - деп қояды – парымен келіп қалған ғой, Содан бір үлкен көк тастың үстіне отырып, екеуін сойып жатыр едім, астымдағы көк тас қозғалып кетті де, шалқамнан түстім. - Не болды-ай?! - Қарасам, бір көкжал қасқыр қашып барады. Әлгі мініп отырған көк тас дегенім қасқыр екен ғой. - Әй, Бүке, қояндарды сойғанша, қасқырды неге соймадың? - Түу! Мен оның қасқыр екенін білмей қалдым ғой, көк тастан айнымайды. Өзінің ұйқысы-ақ қатты болады екен! Беті бүлк етпейді, ал біз мәз болып жатырмыз.
ШАЙТАННЫҢ ИНКУБАТОРЫ
Қажыға барып келген бір кісімен Қошан әңгімелесіп отыр. - Шайтанға тас лақтырдың ба? – деп сұрайды Қошан. - Лақтырдым ғой, бірақ бір негр арабтың тасы менің шекеме тиіп, жарып жібере жаздады. - Сенің шайтандығың болған ғой, шамасы, - деп тырқ-тырқ күледі Қошан. - Әй-әй, олай деме, дұрыс лақтырмаған, - деп кейістік білдіреді қажы. - Апырай, - дейді Қошан, - барған сан мыңдаған, миллиондаған адамдар шайтандарға тас лақтырып жатыр, соған қарағанда сол өзі шайтан қаптаған жер-ау! - Астағпыралла, күнәкар! Олай сөйлеме! - Енді өзіңіз қараңызшы. Бағы заманнан бері сонда қажылар шайтандарды таспен ұрып, қырып келеді, ал олар қайта шыға береді, шыға береді, тіпті таусылатын емес. Жылда жаңа шайтандар тұратын көрінеді. Соған қарағанда сол жерде шайтанның ұялы ұймасы бар , не оларды инкубаторда өсіріп, әдейі шығарып жатыр. (күледі). - Не дейді?!! Әй, Қошан, жап аузыңды! Қошан кекештеніп күле береді.
ҮЙЛЕНУ ҚИЫН Менің Төлеп деген інім бірде мынадай әңгіме айтты: Алтынбай деген нағашым шақырды. - Әй, Төлепжан, мен қартайдым және ауырып жүрмін. Ал мына жалғыз бала Бауырхан тіпті үйленетін емес. Мен келін, немере көрмей кетем бе? Сен көмектеспесең болмайды. Баланың жасы отызға келді, қызға тіпті қыры жоқ, өздігінен үйлене алмайды. Сен көмектес, бір амалын жасап, осыны үйлендір, - деді. Нағашымның сөзін қайтаруға болмайды. Мен әрі ойлап, бері ойлап, күйеуге шықпай, отырып қалған таныс Оңайкүл деген қыз бар еді, соған сөз салдым. - Оңайкүл-ау, айып етпе, сені өте жақсы көріп жүрген бір жігіт бар, сол саған үйленгісі келеді, - дедім.
- Өзі неге келмейді? – деді ол. Содан Бауырханды үйретіп, осы қызға бар, ұялма, «сені жақсы көрем, сүйемін» деп айт, - деп үгіттеп, алып келдім. Екеуін оңаша қалдырып, сырттарынан бақылап тұрдым. Жігітте үн жоқ, аузын буған өгіздей мөлиіп тұр. Алыстан ымдаймын, жоқ, тіпті аузын ашпайды. Қыз қашанғы тұрсын, кетіп қалды. Мен жүгіріп, оның артынан бардым. - Оңайкүл-ау, бұл сондай сөзге жоқ жігіт. Сенен ұялып тұр. Алдында маған «жақсы көремін, сүйемін» дегенді айтқан, - деп бәпек болып жатырмын. - Әй, Төлеп, жақсы көретінін саған айтса, сен өзің соған тиіп ал, - деп қалжыңдайды қырсық қыз. Тағы да қояр да қоймай, жігітті мұрнынан сүйрегендей қызға алып келдім. «Жақсы көремін, үйленемін» деп айт – деп сыбырлап, итермелеп тұрмын. Қызға жақындағанда есінен айрылғандай, сүмірейді де қалды. «Бол! Бол! Айт! «Жақсы көремін» де – деп бастырмалатып жатырмын. Бір уақытта бақаша аузын ашып: - Ж-ж-а-ақ, -деді. - Енді «сы» де. - С-с-ы, - деді міңгірлеп. - «Көремін» деп айт. - Кө-ө-р... – деді де, әрі қарай дыбыс шығармай мелшиіп қалды. Мен Оңайкүлге жампаңдаймын келіп: - Айтты, айтты! Жақсы көреді, - деймін. Ол шек-сілесі қатып күледі: - Әй, мынадан нан шықпас! – дейді. - Жо-жоқ, олай деме! Бұл тек сөйлеуге жоқ, басқасын қатырады. Осыған күйеуге шықшы, керемет қылады! – деп мен де қуландырып жатырмын. Ақыры қызды әзер дегенде көндіріп, оны түнде алып қашатын болдық. Үндемейтіні болмаса, жігіт те қызға ұнаған сияқты. Өзі де күйеу таба алмай жүрген байғұс осы бір мүмкіндіктен айрылғысы келмеді-ау деймін. Келісіп, түн ортасында ел ұйықтаған кезде буынып-түйініп, шығатын болды. Сол уақытта қыздың киіз үйінің сыртынан келіп, тың тыңдап тұрмыз. Оңайкүл шешесімен екеуі пысылдап ұйықтап қалыпты. Әкесі бір жаққа кеткен екен. Қызды оятуымыз керек. Мен есік жаққа барып, оның алдына жаппа құрылған екен, соған кірдім. Сыртқы босағада бір қаптың үстінде шелек тұр. Сықырлауықты ашып, ішке кіре беріп едім, шешесі оянып кетті. Мен зып етіп қайта шықтым. Кемпір енді далаға шығуға ыңғайланып, кебісін кие бастады. Ол енді босағада тұрған мені көреді, енді не істеуім керек? Қашсам, жүгірген дыбысым білініп қалады, ең болмаса бетімді көрсетпейін деп әлгі шелекті басыма төңкеріп, кие салдым. Ол құрғырдың түбінде қалдық су бар екен, шылп етіп үстіме төгілді. Соның арасында кемпір шыға келді. Су сорғалап, шелек киіп тұрған мені көрген шығар,
ышқынып: «О, тоба!», - деді де, қылжиып құлап түсті. Шелекті шалдырлатып лақтырдым да, қашып үйдің сыртында тұрған Бауырханға келдім. Ол да қоянша зытайын деп тұр екен, тырп еткізбей ұстап қалдым. Үнсіз тұрмыз. Шелектің шалдырынан оянған Оңайкүл тұрып, серейіп жатқан шешесінің қасына барды. - Ойбай, мама, не болды?! Шешесі ыңырсып, есі кіре бастады. - Шелек киген бір бәле тұр, - деп босағаны нұсқайды. - Қой, онда ештеңе көрінбейді, байқамай шелекті өзің қағып түсірген шығарсың, - деп қыз да шешесін алдарқатып жатыр, бізден келген бәле екенін сезді. - Әй, жоқ, басы шелектей шайтан! – деп шешесі күбірлеп, келемесін қайырып, аһлап-үһлеп барып, қайта орнына жатты. Қорыққан болуы керек, сыртқа шықпады. Сау болғыр, көп ұзамай ұйықтап кетті. Содан кейін Оңайкүліміз де шықты-ау. Қыз балаға үйден кету де қиын ғой, артына қарай-қарай, көзіне жас алды. - Әй, бар құшақта, жұбат, - деп Бауырханды нұсқалаймын, ол сүмелек менің тасамнан шықпайды. «Ой, шіркін, қандай бай болар екен, мына қыздың обалына қалмасам болар еді» деп ойлап қоямын. Содан ауылға алып бардық. Ой, не сұрайсың, нағашымның қуанышында шек жоқ. Мені айналып-толғанып, алғыстарын жаудырып жатыр. Ертесіне Оңайкүлдің әке-шешесінің, тумаластарының алдынан өтіп, үлкен той жасады. Бір қызығы, Бауырхан да қолына қыз тиген соң жанданып, тіріліп кетті. Үйленудің дәмін сезіп, домалантып бала туғыза бастады. Оңайкүл де мәз, ауылдың бір керемет келіні болды. Біздің қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Бірақ кейде осы керісінше келеді. Әуелі үйлену қиынның қиыны болады екен. Көрдіңіз ғой...
САРҒАЙЫП КЕТТІ Шабаз Иманәлиев - өзі ақын, өзі орысша, қазақшаға бірдей сауатты жігіт. Жоғарғы партия мектебін бітіріп, келгеннен кейін облыстық партия комитетінде нұсқаушы болады. Сонда үш-төрт жыл отырып қалған, себебі обкомда жазуға сауаттыларды жібермей ұстайды да, тек жазуға шорқақ ауызша «сауаттыларды» көтеріп жіберетін үрдіс бар. Әдеттегіше обкомның хатшылары Шабазбен кездескенде: «Шабазжан, хал қалай?»- деп сұрап қояды екен. Соны білгеннен кейін Шабаз бір сары қағазға басылған маманның жеке бетшесін (личный листок по учету кадров) толтырып қояды. Әдейі сары қағаз тапқан. Содан тағы бірде обком хатшысы: «Шабазжан, хал қалай?» - деп сұрағанда ол: - Аға, халдың несін сұрайсыз? Партия мектебін бітіріп келгеннен кейін басшылар мені көп ұстамас деп, мына бетшені алдын-ала толтырып қойып едім, осы қағаз сарғайып кетті, - деген.
Хатшы күліп жіберіпті. Көп ұзамай Шабаз Форт-Шевченко қаласына екінші хатшы болып тағайындалған екен.
ЖЫРШЫ-СИЫРШЫ Нарық заманы басталған кезде қиыншылық болғаны белгілі. Әсіресе, өнер адамдары не істерін білмей алаңдап қалды. Олардың саудаға қыры жоқ, сонда да соған ұмтылғандары бар. Мәселен, елдің тойдуманының қызығы боп жүрген Амандық Көмеков, Жеткізген Сеитов сынды өнерпаздар Ақтөбе жақтан сиыр әкелеміз деп әуреленеді. Жұрт оларды тойға шақырайын десе, таптырмайды. «Қайда?» «Ақтөбеге, сиырға кетті». Бір кісі Амандық пен Жеткізгенді таба алмаған соң Светқалиға келіпті. - Светқали-ау, жыршыларды таба алмай жүрмін, - дейді. Сонда Светқали былай деген: Ақшаның түп атасы тиын шығар, Нарықта өмір сүру қиын шығар. Жыршы жоқ осы күні Маңғыстауда, Қаңғыған Ақтөбеге сиыршы бар!
ТАЯҚ ЖЕГЕН РЕЖИССЕР Бір жылы Ақтауда «Бойтұмар» деген телефильм түсірілді. Жергілікті режиссер Сарсенғалиев Ізтілеу ешқандай қаржы, аппаратурасы да жоқ. Ақтау телеканалынан уақытша телекамера алып, жоқтан-бардан бірдеңе шығарған. Сценарийді өзі құрастырған. Рөлдерді ойнауға таныстарын шақырып, тіпті кейде көшеде жүрген бейтаныс кісілерді де жалынып-жалпайып келтірген. Содан сценарий бойынша бір кісі өліп, соның иманын үйіріп, мұсылманшылық рәсімін жасау керек. Сол үшін Ізтілеу көшеге шығып шал іздейді. Іздегенге сұраған, асфальт жолда таяғын тықытып, Төлешев Бүркіт деген Шайыр ауылының шалы келе жатады. Ізтілеу оған сүлікше жабыса кетеді, бұл өзі үгіттеуге шебер, жылмаңдаған жігіт. - Ата, біз кино түсіріп жатыр едік, сонда бір кісі өліп еді, соның мұсылмандық дін шаруасын жасау керек, тіпті адам таба алмай жүрмін. Сіз соған жарайсыз және киноға түсесіз, жүріңіз дағы, - деп асты-үстіне түседі. - Қарағым-ай, өлген адамға қызмет ету, қолдан келсе, әр мұсылманның міндеті, барсам барайын, - деп келісіпті. Келсе, бір адам серейіп жатыр, қасында жылап-сықтап отырғандар бар. Біреу зырылдатып, камераға түсіріп жүр. Бүкең оның не екенін білмейді. Ол кәлима қайырып, өліктің қол-аяғын түзеп, сосын жақсылап әйет оқиды. Осыны түсіріп болған кезде әлгі «өлік» басын көтеріп, тұрып отырады (өлген болып жатқан тірі адам ғой).
Бүркіт көзі атыздай болып, шалқасынан түсе жаздайды. Алдында жылап отырғандар енді жабырласып күліп жатыр. Бүркіт сасып: - Әй, мынау өлмеген адам ғой! – деп айқалап жіберіпті. Сосын режиссерге дүрсе қоя берген: - Атаңа нәлет! Мені алдаған екенсің, өліммен осылай ойнауға бола ма? Көрсетейін мен саған!- деп қақ шекесіне таяғымен бір қойған. Ізтілеу ойбайлап қаша жөнеліпті.
ШАЛДЫҢ ТАЯҚ ЖЕУІ ЖӘНЕ СҮЙІЛУІ Бұл әйел шіркіндер оңашада бір-бірімен сырласқыш, құпия ашқыш келеді ғой. Айлан мен Сираш та сондай. Екеуі көптен таныс, кездесе кетсе болғаны, әңгімені ағытады. Айланның күйеуі жоқ, жасы біразға келгенмен бұйырмысы болмай жүр. Ал Сираштың Қабен деген тым жақсы жұбайы, екі баласы бар. Міне, бүгін де екеуі ұшырасып, мәре-сәре болды да қалды. Біраз әңгіменің басын қайырғаннан кейін Айлан бір тосын хабарды дүңк еткізді. - Сираш-ау, сенің Қабенің маған сөз айтып жүр. - Не дейді?! - Көңілдес болып, оңаша кездесіп тұрайық, - дейді. Қой, жайыңа қарап жүр десем, болмайды. Дос-ау, үйде оның сазайын бер, күйеуіңе ие бол! – деп тұқыртты Айлан. Сираш іштей бұлқаң-талқаң болып, шынымен-ақ күйеуінің сазайын тарттырғысы келді. Сөйтіп зығыры қайнап тұрғанда, оған бір керемет қулық ой орала қойды. - Айлан, мен таптым оны жазалаудың тәсілін! – деді Сираш, - сен онымен келіскен болып, үйіңе шақыр. Бірақ онда сенің орнында мен болам! Айлан түсіне қойды мұның ойлаған айласын. Екеуі жымдасып, жоспар құрды да, іске кірісті. Сонымен ертесіне Айлан Қабенге: «Тіпті қоймадың ғой, кешке сағат жетіде кел үйге, өзім оңаша боламын», - деді. Жігіт мәз болып, кездесуге дайындала бастады. Кешке сағат жетіден бұрын Сираш Айланның үйіне барып, терезелерін қара көлеңкеледі де, өзі диванға теріс қарап жатып алды. Соның арасында есік ашылып, біреудің кірген дыбысы естілді. Ол диванға жақындап келді де «Айлан!» деп мұның үстіне үңілді. Сираш қаһарына мініп, ашудан көзі қарауытып жатыр еді, қасына келгенді шапалақпен тартып жіберді де, өңменінен алып қылғындыра бастады. Сөйтсе қолына... жүн білінді. Жүн болғанда кәдімгі сақал! Мәссаған, бұл не қылған сақал деп, көзін ашып қараса... түйперлеп жатқаны Қабен емес, шал, Айланның әкесі екен. Ол қалаға жақын жердегі ауылда тұратын, бүгін хабар алайын деп келгені де. Мұндайды күтпеген шал қапелімде сасқанынан үні шықпай, енді қырылдап ойбайлап жатыр:
- Қызым-ау, есің дұрыс па? Мені неге ұрасың? Әй, сен тіпті Айлан емес, Сирашпысың? Бұл үйде неғып жүрсің? Ойбай-ау, менің жазығым не? Сираш ұялғаннан үйден ата жөнелді. «Кешір, ата. Сізді басқа адам деп ойлап едім» дегенге ғана тілі келді. Тыңдаңыз, әлі қызығы бар. Шал ауылдан шаршап келген, оның үстіне таяқ жеді, тіпті болдырып диванға қисая кетті. Сол сәтте көзі ілініп, ұйқыға басты. Міне, дәл осы кезде сағат енді жеті болып, уәде бойынша осылай қарай сүмеңдеп Қабең салып келе жатыр еді. Мысық табандап үйге кірді де, диванға жақындады. Көптен көнбей жүргені қолға түскеніне қуанып, диванда жатқанның үстіне құшағын жая құлады. Айналып, толғанып, не бір сұлу сөздерді айтып, енді сүйейін деп, ерінге ауызды салып қалғанда... қыл-қыбыр, жүнге тап болды. Шошып кетті. Сақал-мұрты несі деп, дұрыстап қараса... шал, Айланның әкесі. Қарт та оянып, түкке түсінбей, дал болды. Өзін құшақтап сүйген жігітті таныды. - Қабенбісің, әй? Қатының екеуіңді бүгін жын қаққан шығар. Сираш мені сабап еді, сен сүйесің. Не болды сендерге! Қабен не деп жауап берсін, үйден зыта жөнелді. Ол осылайша жазасын тартты-ау. Үйде әйелі де әлі ит сілікпесін шығарар. Бірақ буралардың арасында қалған шыбындай, бұлардың ортасына шалдың түсіп кеткенін айтыңыз дағы. Осындай да болады екен.
СУПЕРЖЕЛІМ Ауылдағы серіктестіктің мал дәрігерлік пункітіне аудан орталығынан көп зат әкелінді. Нобайы дәрі-дәрмек, ішінде іске арналғанмен көбісі «ішке кететін» бір дүние – спирт. Және бұрын кездеспеген, бірінші келіп тұрған «супержелім» деген нәрсе бар. Спирт келсе, ветеринарлар әкелері базардан қайтқандай қуанады. Бірден оны сынақтан өткізіп, тұсаукесерін жасайды. Қоймашы Бадық, тағы екі-үш қызметкер жиналып, дәмін татысты. Дәм татқанда бұлар аздап ұрттап көреді демеңіз, оның жөні бөлек. Таза күйінде қырлаубайдың ортасынан жоғарылау құяды да, ауыздарын жоғары аңырайта ашып, төңкере салады. Хуһ! Бір қызығы, олар «әп» дегенде дәмін сезбейді. «Байқамай қалдық» деп күлісіп, тағы қайталайды. Содан кейін ғана көздері бұлдырап, сөздері былдырлап шыға келеді. Мінеки, спирттің сапасының керемет болғаны. Даңғаза әңгіме басталып, ананы-мынаны шатып, даурығады келіп. - Әй, мына супержелім дегені не? – деді біреуі. - Бұл тастай жабыстыратын бәле шығар, - деді екіншісі. - Осының суперлігін байқап көрейік, - деді Бадық. Сосын бәрі желімді алып далаға шықты. Сыртта, пункттің алдында бір тайлақ шөгіп жатқан еді. Иесі осының қоясы қатып қалған, ішін жібітіп беріңдерші деп әкелген екен. Оған ішті жүргізетін дәрі жұтқызып, енді ішек-қарны шұрқырап-бырқырап, бір үлкен шаруаны күтіп жатқан-ды.
Бадық супержелімнің тығынын ашып, екі алақанын толтырып майлады да, жан-жағына қарады. Көзіне әлгі тайлақтан басқа ештеңе түспеді ме, әлде шайтан түртті ме, сол тайлақтың шонданына алақандарын баса қойды. - Қанеки, бұл супер қандай екен? - деп қоқиланды. - Иә, не оңған дүние дейсің, олар жаза береді «су пері» деп! – Бадықтың қасындағылар да осылай десіп, оның қолдарының үстінен нығарлай басып, жаныштан жатыр. Желімдегенде осылайша бастыратыны белгілі. Сөйтіп бір-екі минөт тұрысты. Тайлақ байғұс мына адамдардың менің арт жағымда не шаруалары бар дегендей бұрылып қарап қояды. Содан үрікті ме, әлде желімнің химиялық уаты жалаңаш терісіне сезілді ме, бақырып орнынан үшып тұрды. Шөккен түйе тұрғанда әуелі ошаң етіп бөксесі көтеріледі ғой, сол бөксемен бірге Бадықтың да екі қолы жоғары шошайып шыға келді. Себебі, екі алақаны да тайлақтың жондарына сықиып жабысып қалған. Қылшығы бар тықыр теріге қатты бастырғасын супер желім дегенін істеген. Бадық түйеге жеккен арбадай екі қолы тайлақтың артына ілініп қалғанын сезініп, тартыншақтап еді, ажырайтын емес, қатып тұр. Тайлақ ілгері ұмтылып жүре жөнелді, Бадық та амалсыз сүмеңдеп ере берді. Қайтсін, қолдары осы тайлақтың қанжығасына байланып қалғандай. Ол ол ма, манағы ішті өткізетін дәрінің әсері жетіп, тайлақ тышқақтай бастасын. Кішкентай қатпа тайлаққа үлкен адамды сүйреу оңай ма, күшенген болуы керек. Сол-ақ екен артынан қоймалжың фонтан (пух!) ытқып шықты. Бадықтың үстібасын жауып кетті. - Ойбай! – деп аузы ашылғанда, «әлгінде спирт ішкенде закускең аз болды-ау, мә, саған!» дегендей аузына қойыртпақты толтырып құйып жіберді. - А–а–а... Ых-пых! Тайлақ ауланы айналып желіп кетті. Бадық та осы тайлақтың артында алмағы бардай қалар емес, жалпылдап жетегінде жүр. Тайлақ Бадықтың қойыртпақ құйылған бет-аузын сүртейін дегендей құйрығымен сипалап, олай-бұлай шыпытып ұрып қояды. Қоймашының көркі жер астынан шыққан шахтердей еді, тек бұл қара қожалақ емес, көкала күрең қожалақ. Киімдері сылпандай. Пункттің адамдары жиналып, тайлақты тоқтатты. Бір еріткіш әкеліп, желімді жібітіп, Бадықты босатып алды. Ол енді тазалануға үйіне қарай жүрді. «Бұл нендей мақұлық» дегендей бүкіл ауылдың бала шағасы, иттері шуласып, шәуілдесіп оған еріп келеді.
ШАЙТАН БАЛА Сәденнің ауылы Бозашыдағы құмдауыт бір жайлауда еді. Он жасар баласы Ордан орталықтағы оқуынан үйіне каникулға келген. Біраздан кейін іші пысып, нағашысының ауылына барғысы келді, ол осыдан
жиырма шақты шақырым жерде. Әкесіне апар деп қыңқылдап еді, оның қолы тимеді, қапылыс ісі көп. Сөйтіп жүргенде ауылға Божбан деген шал келе қалды, астында мінген сары атаны бар. Шамасы, жолшыбай соққан,әрі қарай кете бермек. Осы үйден терлеп-тепшіп шәй ішті, аз ғана мызғып дем алды. Енді жүруге айналғанда әке-шешесі одан Орданды алып кетуді сұрады. Сірә, жүретін жолы нағашы ауылының тұсынан өтетін болса керек. Шалы түскір қатыгез, көңілі тар, нашарлау жан екен, өтінішті қабыл алмады. - Ол ауылға соқпаймын және атаным әлсіз, - деп сылтауратты. Үлкен кісі болған соң, бұлар көп зеурттеп жатпады. «Әй, тағы бір реті болар немесе папаң қолы тисе, өзі апарып келер», - деді шешесі. Бір кезде Божбан жүруге дайындалды. Күздің күні ғой, жылы киініп шыққан екен.Үлкен қара тон, ұзын желкелігі бар тымақ, оның салбыраған екі құлақтығын иектің астынан тас қылып байлайды. Тонның сыртынан сулық шекпен, оның бүркеншігін де тымаққа кигізіп, бауын тартып байлағанда тек екі көзі мен мұрны көрінетін тұлып сияқты болды. Бір қызығы, енді ол арт жағында жау шауып келе жатса да, сезбейтін еді. Міне, осыны көргенде балаға бір қулық ой келді. Тез киінді де есіктің қайырылысына жасырына қойды. Мұның ойы – шалға білдірмей артына мінгесіп, нағашысының ауылының тұсынан түсіп қалу. Божбан шал үйден шығып, талтаңдап шөгіп жатқан түйесінің қасына барды. Айналшақтап қомын жөндеді. Енді атанға қонжиып мініп, «шу» деп тұрғызам дегенше, Ордан арт жағынан жүгіріп барып, түйенің көтшемайына отырып алды. Шал, сірә, сырт жағында не болып жатқанын көрмейді және естімейді де. Оған қолын, басқа еш жерін тигізбей, қомға жабысып, нық ұстап, жарбиып қалды. Ал атанға бәрібір, бір әлжуаз баланы қауырсындай көрсін бе, тұрып тарта берді. Әке-шешесі Орданның осылай істеп, мінгесіп кеткенін көрмей қалды. Содан жүріп келеді, жүріп келеді. Шалдың Орданнан хабары жоқ, жалғыз өзіммін деп ойлайды. Кейде күбірлейді, арасында ыңылдап ән салған болады, онысы астындағы атанының ауық-ауық ыңқ еткенңнен ұнамды емес. Бозашыны көрсеңіз, ойдым-ойдым құм болар да, арасында ойықойық сор болар. Бұл да қазақ жазирасының бір жарасымы, ол дала пендесі үшін басқа жұрттың ну орманынан артық. Ашық аспанның астындағы көз жеткісіз көкжиек, шөлейттің шөбі, кекіліңді сипаттайтын саумал самал, құмның жықпылындағы алуан түрлі аң, жәндік. Бұл көрініске опа жағып әрлендірейін дегендей жаратылыс әр жерге ақ таңдақ сор жасап қойған тәрізді. Осының да өзіндік сәні бар, Маңғыстау елі үшін бұл біреулердің мақтаулы гүл-бақшасынан кем емес. Мұндағы жолдар құм ішіндегі тепсеңді қуалап, сорларды жағалай жүреді. Сордың беті ақ жамылғы тұз болғанмен, асты шылқыған қара балшық. Ел арасында сорда жын-шайтан болады деген әңгімелер бар. Біздің қазақ «қорыққанға қос көрініп», бір күтпеген жағдай кездесе, соны әр саққа жориды. Әлгі әңгімелер сондайдан туындайды.
Бала жасырын мінгескен жолаушы атанымен бір балшық сорды ернеулеп келе жатыр еді. Түйенің біркелкі итіңінен ұйқысы келіп мүлгіді ме, әлде көзі көрмей, бұл сорды құрғақ деп ойлады ма, Бождан кенеттен түйенің бұйдасын сорға қарай сілкіп жібергенін өзі байқамай қалды. Бас білетін жануар бұрылып сорға кіре берді. Бірақ аз ғана жүргенде-ақ толарсақтап сорға батып, тайғанақтап секеңдей бастады. Бір тайғанында ошарылып қала жаздап, бөксесі шойтаң еткенде, Ордан ұшып кетті. Күш салып, көп тырмысып отырғаннан қолдары талып қалса керек, ұстағанынан айрылды да, шырқ айналып барып, сорға шылқ ете түсті. Тас төбесінен құлап, бөркі тамағының астынан байлаулы еді, сол бөркімен сорға кеудесіне шейін кіріп кетті. Үсті-басы түгелдей балшық болды. Жалма-жан ұшып тұрып, ойбайлап Божбанның соңынан жүгіре жөнелді. Қорыққаннан бақырып жылап келе жатыр. Бөркі, басы сабалақ-сабалақ, қап-қара, киімдері сылпаңдай, балшық сорғалап жүр. Сиқы шайтаннан аумайды, бөркіне ұйысқан тұқыл мүйіз сияқты, ал беліне байлаған жіп артынан салбырап, құйрықшық іспетті. - Ата! Тоқтаңыз! Божеке! – деп аңырап айқалай келеді. Ол естімейді. Тек тепсеңге шыққан жануар ирек мойнын бұрып бұған алая қарады. Бірдеңе сезгендей Божбан да қорбиған денесін зорға бұрып, Ордан жаққа көз қиығын салды. Сол-ақ екен шошып кетті! Әуелі тілі байланып, үні шықпай қалғандай. Тыпыршып тебініп, түйені қамшылай береді. Біраздан кейін ғана тұттығып, былдырлай бастады. - Ашадан-ашадан! Тіпә-тіпә! Кет-кет! Лә илә! Лә илә! Бала өкіріп, екі етек болып келеді. - Тоқтаңызшы, атажан! Тастамаңыз мені! Бірақ оған қарайтын Бождан жоқ, бұл оған шайтанның сықылығы болып естіледі. Анда-санда артына көз қиығын салады да, зәре құты қалмай ілгері ұмтыла түседі. - Тіпә-тіпә!!! Лә илә илалла, Мухамбет рә сулалла! Кәлимасын зулатып қайта-қайта қайырып келеді. Кәлима қайырса, шайтан жоқ болып кетеді деген бар. Соны күбірлеп айтып-айтып, бұрылып артына қарайды. Ал бұл калима түгілі, дәл қазір Құранды түгел оқып шықса да, жоқ болатын емес. Соңынан жүгіріп келе жатқан үсті-басы алба-жұлба құбыжық пәледен үрікті ме, әлде Божбанның қамшысы өтіп кетті ме, атан бір кезде тапырақтай жөнелді. Божбан түйеге көп мінген әккі адам ғой, құламады. Жалп-жалп етіп кете барды. Оның түйеден түсіп қалмағаны жақсы болды. Бейшара «шайтан қуып» келе жатқанда, онымен бетпе-бет далада қалса, не жүрегі жарылып өлер еді, не жынданып кетер еді. Божбан түйесі тапырақтап, ұзап кетті. Енді Орданда шынымен зәре жоқ, себебі тіпті жалғыз қалды. Шайтанға шайтан үйір дейтін еді, мына түрімен оны өз ағайынымыз деп, сордың шайтандары жинала ма деп, жүрегі ұшады. Бебеу қағып жандәрмен күн бір қырат құмға шыға келіп, қуанып кетті. Нағашысының ауылы анадайдан көрініп тұр. Божбан да сол ауылға
барып қалыпты. «Шайтанмен» кездескеннен кейін бағытын өзгертіп, осы ауылды паналап, жүрегін басайын дегені. Ауылға түйесі тапырақтап, суыт келген адамды көріп, мұндағылар таң қалысады. - Әй, мынаның есі дұрыс па? - Мынадай әулекіні кім көрген?! – деседі. Божбан түйеден домалай түсіп, аяғына тұра алмай, тыпырлап тоңқандап келеді. - Ойбай, құтқара көріңдер! Мені шайтан қуып келеді! - Не дейді?! - Қайдағы шайтан?! - Әне, әне! – Бождан қолын шошайтып, келген жағын көрсетеді. Шынында да, даладан қап-қара болған бірдеңе осылай қарай салып келеді. Енді ауыл саса бастады. Айқай-шу, қарбалас басталды да кетті. Әйел байғұстар, әншейінде қорқақ нәзік қасқалар, аптығып кетті. Сүрініпқабынып, еркектеріне жаутаңдайды. Ал еркектері бұлардың етектеріне кіріп кетуге дайын сияқты. Алдында ғана шіреніп, әлде кімсіп жүрген немелер енді не істерін білмей, жалтаңдайды. Әйелдердің, бала-шағаның шуылынан құлақ тұнады. Құдай сақтағанда, осы кезде ауылда екі қабат әйел жоқ екен, әйтпесе талай түсік болары хақ. Ал «шайтан» ауылға жақындап қалды. Оның ұсқыны айқын көріне бастағанда ауыл одан сайын әбігерге түсті. Киім малшынған батпақ енді сорығып, ұйысқан жүн секілді сылдырмақтанып, үрпиіп жалбырайды. Жылағаннан бет-аузы айғызайғыз, адам қорқатын. Екі көзі қызарып, өңменнен өтіп барады. Жұрт енді жапа-тармағай қашып, тығылатын жер іздейді. Тұскиіздің, кілемнің сырты, кебеженің, теңнің артына жасырынып жатыр. Тіпті, ауылдың иттері де әншейінде бейтаныс біреу келсе, шабалаңдап алдынан шығатын көпектер бұл жолы «шайтанға» қарай баспай, құйрықтарын бұтының арасына тығып қыңсылайды. Кемпірлер Божбанды қарғап жатыр. - Шайтанды ертіп келген албасты, осының өзі шайтан! – деп кіжінеді. Ал ол бейшара дірілдеп-қалтырап өлуге айналған. - Ойбай, құтқарыңдар! Келді ғой мені қуған шайтан! – деп қақсайды. Біреулер қапылып молда іздеп жүр. - Осы ауылдың молдасы қайда? Мына шайтанға қарсы неге оқымайды? Сөйтсе, молда жайнамазын басына бүркеп, бір үйдің іргесіне тығылып жатыр екен. Сирағынан сүйреп тұрғызып еді, мүләйім сақалы шошаңдап кемсеңдеп қоя берді: - Манадан бері оқып жатырмын, мынаған түк өтпейді! – дейді. Ордан нағашы атасының үйіне кіріп келгенде бәрі тым-тырыс, адамдар тапқан қуыстарына тығылып қалған. Ал жасырынбағандар «басымнан артым садақа» дегендей бастарын бірдеңемен бүркеп алған да,
бөкселері ашық тоңқайып жатыр. Бастарын құмға тығатын Австралияның түйеқұстары сияқты. Ордан «Нағашы ата!» деп өксіп айқай салды. Тым-тырыс, ешкімнің сөйлеуге дәрмені жоқ. Тек тұншыға булығып, біреулер сыбырлайды: - Баланың даусын салады, зымиян. - Өтірік жылайды-ай... - Шайтанда да нағашы болады екен-ау. - Осының нағашысы Божбан емес пе? Соны қуып, іздеп келді ғой... Ордан тағы айқай салды: - Нағашы ата! – еңіреп жылап тұр. Орданның нағашы атасы Бекен қария басын көтерді: - Әй, осы Орданның даусы ғой... Орданжан! - Иә, мен ғой, ата! Божбанға мінгесіп едім, сорға түсіп кеттім! – булығып кеп өкіреді. Бекен қарт енді жүрексінбей-ақ, «шайтанның» қасына барып, оған үңіле қарады. - Халайық, бұл Ордан жиен! Ешқандай да шайтан емес! – деп жар салды. Жұрт жыбырлап орындарынан тұра бастады. Індерінен шыққан саршұнақтарға ұқсап, жиналып келіп жатыр. Соның арасында Бекен жиенінің балшық болған бөркін, сыртқы киімін шешіп, беті-қолын жуғызып еді, әлгі шайтанның орнына тым сайлы Ордан деген бала шыға келді. Айда күле! Бүкіл ауыл айран-асыр күліп жатыр. Тек Божбан ғана таңданып, бұған көзін сүзе қарап: - Өй, шайтан бала, - деді. Сонда Ордан оған мынадай сөз айтты: - Божеке, сіз іштарлық етпей, мені түйеге дұрыс мінгестіріп алғанда бұлай болмас еді... – деді де, қысқаша не болғанын түсіндірді. Енді сөзге нағашы атасы араласты. - Божбан әуелден өзі сондай шайтан адам. Дегенмен сазайын беріп, қорқытқан екенсің! Ал нағашың аулына да жиендігінді жасадың, жарайсың! Ха-ха-ха! Ауыл енді көңілденіп, гулеп кетті.
НЕМІСТЕР ЖАҚТАН АТҚАН Адайдың шоңай руы тілге шебер келеді. «Шоңайым тегіс би болған» деген сөз бар. Осы рудан шыққан атақты Алшын шежірешінің баласы Ырзабек те сөзге шебер, Отан соғысына қатысып, жағына оқ тиіп оралған. Тек ол емес, тағы да шоңайдан Орынбасар, Баспай деген кісілер де жақтарынан жарақат алған. Осыған байланысты әлгі Ырзабек былай депті: - Гитлер де білген ғой шоңайлардың би екенін. Ол: «Мәскеуді алсам, диктор Левитанмен өзім сөйлесемін. Ал одан басқа шоңай деген қауіпті ел бар көрінеді, тілге шешен. Соларды сөйлемейтін етіп, жақтарынан атыңдар», - депті.
Міне, содан немістер біздерді жағымыздан көздеп ата берген. Біразымыз өліппіз де, тірі қалған үшеуіміздің жағымыз тыртық, - деп күлдіреді екен.
АДАЙДЫҢ ӘКЕСІ Жомарт Мұсабаев бірде Жаңаөзен қаласындағы тойға қатысыпты. Содан қайтарды бір жастармен бірге жүруге тура келген. Бұлар Атырау жағының жігіттері болса керек, өздері тойдан көңілді шыққан. Атырау адамдарының адайларға әзіл айтып, тиісетін әдеттері бар. Әсіресе, адайдың әкесі жөнінде «ол қыздың баласы екен, әкесі белгісіз» деген жаттанды келемеш сөздер бар. Әлгілер де Жөкеңе осы сөздерді айтып, тиісе бастайды. - О, аға, осы адайдың әкесі кім? Сіз білетін шығарсыз, - деп қағытады. Жомарт әуелі қызғын жастармен сөйлесуге хошы болмай, оларға мән бермеген екен, әлгілер болмапты. - Аға, адайдың әкесі жөнінде айтыңызшы, - деп мазалай берген. Ақырында Жөкең былай депті: - Әй, қарақтарым-ай, түу атам заманда сүйегі қурап қалған шалдың әкесі сендерге неге керек? Онан да өз үйлеріңдегі балалардың әкесін түгендеп алсаңдаршы. Сұрақшылар ауыздарына құм құйылып, қалаға жеткенше үнсіз отырыпты.
ГАЛСТУК ТАҚҚАН ТҮЙЕ Маңғыстаудың Таушық мекенінде Өтелген Жайлиев деген қуақы кісі өтті. Бірде соның бір түйесі жоғалып кетіп, іздеуге шығады. Жол бойымен келе жатса, бір орыс шофер айдап келе жатқан машина кездеседі. Соны тоқтатып, түйесін сұрайды. (Бұл да оның қулығы, әйтпесе былай адам орыстан түйе сұрар ма?) - Вы мой верблюд видели? Орыс күліп: - Вот ты интересный человек, откуда я твой верблюд знаю? – дейді. - Но мой верблюд такой известный, - деп қояды Өтекең. - Чем он известный? – деп орыс қарқ-қарқ күледі. Ал түйенің мойнында қарғысы және үстінде жабуы бар көрінеді. Соны Өтелген былай түсіндіреді: - Мой верблюд с галстуком и при зимной форме одежды! Орыс күлгеннен машинасынан құлап қала жаздайды. Ойпыр-ай, өмірінде өзі галстук тақпаған мына қазақ түйесіне галстук байлаған ба? Киімнің қысқы формасы дейді. Не, түйенің басына құлақшын, аяқтарына байпақ кигізіп қойды ма екен? Ха-ха-ха! Орыс Өтелгенді ұнатып, кабинасына отырғызып алады. Екеуі жүріп келе жатыр. Бір кезде жолдың жақтауында жабуында баттиған «Өтелген» деген жазуы бар түйе кездеседі.
- Вот мой верблюд! – деп Өтелген қуанып кетеді. Шофер түйенің үстіндегі жазуды оқып: - Что, его Өтелген зовут? – деп сұрайды. - Не-е! Өтелген – это я. А для верблюда – это фамилия. Он мой верблюд, я папа! – деп Өтелген кеудесін соғатын көрінеді. Не керек, сол жерде екеуінің әңгімесі, күлкісі жарасып, табылған түйені жуып, бір жартылық ішкен дейді.
СУДЫҢ 40 ГРАДУСЫ Аманиязов Қалабай деген тілді айтқыш адам болды. Түрлі жағдайлармен мектепті ересектеу сырттай оқып бітірген. Сонда емтихан тапсырғандағы әңгімелері қызық. Одан сұрайтын көрінеді: - Аманиязов, айтшы: су неше градуста қайнайды? Әрине, бұл сұрақты білмейтін адам жоқ, сонда да Қалабай дұрысын айтпай, қуландырады: - Аға, судың дәл неше градуста қайнайтынын ұмытып тұрмын. Менің точно білетінім – су қырық градуста араққа айналады, - депті.
БІР КӨЗІ БАР Шәкірат шалдың жас кезінде суық қарығаннан бір көзі ағып түскен, соқыр. Әжеміз Қанжанның төркін жұрты адайдың жары – мұрат руынан. Сонда Тұрсын Қожықұлы, Бәймембет, Әлмәмбет Әмірхановтар, Кейкіш, Құлекеш Қалымовтар, Сірән Шоланов, тағы-тағы балдыздары оны қатты сыйлап, әзілдесіп ойнайтын. Бір күні солардың ортасында ата былай дейді: - Кәне, қараңдаршы, менің көздерім қалай? Олар айтады: - Шәке, сіздің бір көзіңіз жоқ. - Жоқ, бір көзім бар. - Түу, Шәке. Қызық екенсіз, бір көзіңіз жоқ. - Әй, кещелер, дұрыстап қараңдар, бір көзім бар. Бір көз! Ақырында жезделерінің сөзді қуландырып отырғанын түсініп, бәрі күліп жатыр.
ТЕАТРДА Маңғыстауда Шақарбаев деген өтірікші адам болды. Оның айтқан бөспе әңгімелеріне ел қарқ болып күлетін. - Бір жылы Мәскеуге бардым. – деп бастайды ол бір әңгімесін. – Үлкен жиналыс болған, соған қатыстым. - Ол не жиналыс? Партия съезі шығар ... – деп сұрақ қояды қулар жымыңдап. - Иә, қай шияз екенін ұмытып қалыппын... - Әй, Шақарбаев, сені съезге делегат болды деп естіген жоқпыз ғой... - Өй, маған телигаттық неге керек? Стәлін жолдас өзі шақырды ғой мені.
«Жолдас Шақарбаев телигат болмасаң да кел, сен керексің» деді ғой. - Апырай, ә? - Сонда кешке жиналыстан қол босаған соң театрға бардым. Бір жақсы ойын жүріп жатыр. Сәлден кейін арт жағымнан жылаған дауыс естілді, біреу қорс-қорс етеді. Бұрылып қарасам – Крупская, тие берсін, марқұм Ленин көсемнің бәйбішесі. Тіпті ағыл-тегіл, дауыс ете бастады. - Шақарбаев қайным-ау, ағаңның қайтыс болғанына бір жылдан асып кетті, әлі бата тигізген жоқсыз... ө-ө-өһ... Мен сасып, қапелімде не айтарымды білмей, бәпек болдым. - Надя жеңеше, кешіре гөр, Маңғыстаудың алыс жер екенін білесіз ғой, тіпті реті келмей-ақ қойды. Ағамыздың арты қайырлы болғай, - деп мен де жылап жібердім, - ө-ө-өһ... Екеуміз қосылып, боздап кеттік. Бір уақытта: "Тоқтатыңдар!" деген қатты дауыс шықты. Шошып кетіп, жалт қарасам, айқалап тұрған Стәлін жолдас екен. - Жоқ, бұл сендерге емес, жылай беріңдер. Мен спектакльді тоқтатып тұрмын, сендер мауқыларың басып, дұрыстап жыласын деп, - деді Стекең. Біз ол кісіге рахмет айтып, тағы біраз көз суладық. Біз жылап болғанша Стәліннің бұйрығымен сахнадағы артистер мелшиіп үнсіз тұрды.
ЖҰМЫРТҚА Руы көрпе Жаңаберген қуақы кісі екен. Ол кейде түрікмен жағына да барып, өмір сүрген. Жаңаберген бір түрікменнің үйінде отырғанда кішкентай сәбидің іші өтіп, әйелі баланы құйрығын жууға сыртқа алып кетіпті. Алашаға іш өткеннің қоймалжың сары дәреті тамған. Сол сәтте үйге түрікменнің өзі кіріп келіп жайғасады. Алашадағы сары сұйықты көріп: - Бұ нәмі? – деп сұрайды. - Жұмыртқа ғой, - депті Жаңаберген беті бүлк етпестен, - жаңа сіздің әйеліңіз жарып алды. - Қап, обал-ай, бұл қасиетті нәрсе ғой, - деп түрікмен сұйықты қолымен сипап алып, жалап жіберіпті. Жалапты да, кіржиіп: - Түу, мынаның дәмі, исі жаман ғой, - дейді. Сонда Жаңаберген: - Шіріген жұмыртқа шығар, - деп күліп жіберіпті.
БАС ТА ЕМЕС ТАС ТА ЕМЕС Жыңғылды аулында Шәңкен деген кісі жас кезінде ойыншыл, қуақы болған көрінеді. Бірде ол досы екеуі жол жүріп келе жатып, кездескен бір ауылда қызық күлдіргі ұйымдастырып, көңіл көтергілері келеді.
Базарлап келе жатқан болса керек, досы әйеліне арнап сатып алған киімді қоржынынан шығарып киеді. Өзі қарны шыққан толықтау жігіт екен, босануға ай-күні жақындаған екі қабат әйелден айнымай қалған. Кең етек батшайы көйлек пен термелі орамал мұның еркек екенін білдірмейді. Ал Шәңкен мұның «күйеуі» бола қояды. Ауылға жақындағанда-ақ «әйел» атының үстінде шайқалақтап, екі бүйірін таянып, ыңырсып келеді, дейді. - Үһ-аһ! Ойпыр-ай, үйіме жетпей туатын болдым-ау. А-а-а... Шәңкен мұны аттан сүйемелдеп түсіріп, ұрысып жатыр: - Қал, үйде отыр десем, тыңдамайсың. Жоқ, әлі мезгілім бар деп, болмайсың. Қайта мына ауылға тап келгеніміз жақсы болды. Әй, халайық, көмектесіңдер... Ауыл адамдары да даладан бебеулеп «толғатып» келген әйелді көрген соң бір үйге кіргізіп, бақан тіреп, жүген керіп, мұны босандыруға кіріскен. «Әйел» жүгеннің ауыздығына қос қолдап асылып, ыңырануға басқан. - А-а-а... о-о-о... ың... Ауылдың әйелдері қаумалап, «ей, бейшара жолда аман босансаң жарар еді» деп мүсіркеп, барлық жағдайды жасап жатыр, дейді. «Күшен, күшен!» дейді барлығы жамырасып. Ал Шәңкен оның құлағына: қасқа, көп күшенбе, артыңның бос екенін білесің ғой, - деп сыбырлайтын көрінеді. - Жоқ, мұндайда оның айыбы болмайды, - деп ол қайта барынша барқырата күшенеді. - Түу, мына бейбақ түйе секілді желдетеді екен, - деп күліседі ауылдың әйелдері. Содан «ішін көрелік» деп бір кейуана ұстап қарап: - Әй, мынаның іші тырсиып, әлі жоғары тұр. Бала жоғары біткен, оны төмен түсірмесе болмайды, тарту керек, -деп бәрі жабылып, мұны кергілеуге кіріседі. Шәңкен жайына қарап тұрмай қуланып: - Ойбай, баламды өлтіресіңдер, көп тартпаңдар! – деп бәпек болғансиды. - Әй, шырағым, мынау нешінші балаң? – деп те сұрамай ма, ауыл әйелдері. - Мен ұмытып қалдым, мына әкесінен сұраңдаршы, - деп ыржаңдайды толғатушы. - Бар ғой, Құдайға шүкір, ырым етіп дәл санын айтпаймыз, - деп бұлданады «күйеуі». Бір әйел рет бойынша «буаздың» етегін көтеріп, астына қол жүгіртеді де, шошып ыршып түседі: - Ойпыр-ай, мынау мен көрген бас та емес, тас та емес! – деп безілдейді. Сол бойда толғатушы:
- Уһ, толғағым қайтқан сияқты, енді демалып алайын, - деп жайғасып отыра кетіпті. Қазақтың салты бойынша әйел толғатқанда сол үйде «жарыс қазан» пісіріледі. Екеуі содан алдарына келген жылы жұмсақты сылқытып соғып алған. Үйдің иелері жағаларын ұстап: - Астапыралла, өзі босанарда тамаққа тоймайтын мынадай ашқарақ бейбақты кім көрген, - деседі. Қарындарын тойдырып алғаннан кейін, екеуі: - Қой, енді ауылымызға жетіп туайық, соған дейін шыдармыз, - деп жинала бастапты. Енді бір қараса, әлгі әйел киімдерін ауыстырып, еркек болып шыға келіпті. Аттарына мініп шаба жөнелген. Ауыл адамдары аң-таң. - Қап, қулар-ай, қатырып кетті-ау, - деп күлкіге батыпты.
ЖЕТІБАЙ-НАСЫБАЙ-ӨЗЕН Ақтаудың автостансасында бір жеңіл машинамен екі-үш жігіт Өзенге жүрейін деп тұр. Қастарына бір қарт келіп, «мені де ала кетіңдер?» деп сұраған. Жастар шалды отырғызып алыпты. - Жетібайға жеткенде, мені оятарсыңдар, - деп үлкен кісі машинаға отырған бойда ұйықтап кеткен. Жастар жолда әңгімелесіп отырып, шалды оятуды ұмытып, Өзенге қарай өтіп кеткен. Ол Жетібайдың ар жағында жетпіс шақырымдай, соған жақындап қалған. Сол жерде естеріне түсіп: «Қап, ұят болды-ау, қой, қайтайық, шалды Жетібайға апарып тастайық», - деп машинаны кері бұрады. Жетібайға қайтып келіп, шалды оятады. Қария найқалып тұрып, қалтасынан шақшасын алып, аузына насыбайын салыпты. Содан кейін: - Насыбайды мана Ақтауда салам ба дедім де, қой, Жетібайға жеткесін салайын деп, оятуды сұрағанмын. Тіпә! Ал енді тартыңдар Өзенге! – деп тағы қисая кетіпті.
«КЕПТІРІНГЕН» ҚҰДАЛАР Ақтауда бір үйде алыстан құдалар шақырылыпты, көңілді жиын болып жатыр. Кісі көп, үлкен дастарқан басында асаба жұрттың бәріне тост берем деп, уақытты созып жіберген. Құдалар шыдамы таусылып, үзіліс жасауға ұсыныс айтыпты. Бірақ асаба: - Құрметті құдалар, енді сәл шыдаңыз, Жетібайдан келген бір апай бар еді, соған сөз бермесек, болмайды, - деген. Білмейтіндер үшін айта кетейік, Маңғыстауда Жетібай деген елді мекен бар. Сонда құдалардың бірі айтыпты. - Шырағым, апаң жеті байдан келмек түгілі он байдан келсе де, біз шыдай алатын емеспіз. Біз шығайық, ал сен байдан келген апаларыңа тостыңды бере бер, - деп әзілдепті. Асаба да тіпті мылжың екен, қонақтарды тағы үш-төрт тостыға ұстаған. Сосын: ал енді шыға беруге ұлықсат десе, әлгі қуақы құда:
- Жолдас асаба, біз енді асықпаймыз, тостыңды жалғастыра бер. Болар іс болды, енді кептірініп отырмыз, - деп күлдірген.
ПОППЕН АЙТЫС
Ертеде Маңғыстауға орыс саяхатшыларымен бірге бір поп келіпті. Христиан дінін таратқысы келді ме екен, Құдай білсін. Сол: «Қазақтың молдасымен сөйлесейін деп едім, бір молда маған келсін», - депті. Ол кезде ешкім тіл білмейді, болғанынша ыммен түсінісетін заман. Адайдың молдалары: «Жынды адамға ұқсап, кәпірмен ымдасып отырмаймыз» - деп, ешқайсысы бармай қойыпты. Сонда Пәрмен деген кісі молда болмаса да, мен барайын деп шығыпты. Содан басына сәлде орап, шапан кигізіп, поп отырған үйге кіргізіп жіберген. Кіріп барған бойда поп бір саусағын шошайтыпты, Пәрмен дереу екі саусағын шошайтқан. Поп басын шайқап, разы болып жатыр дейді. Содан кейін поп бес саусағын тарбитыпты. Оған Пәрмен Жұдырығын көрсеткен. Поп қасындағыларға: - Апырмай, мынау терең адам екен,- депті, - әуелі мен оған құдай біреу ғой деп, бір саусағымды шошайтып едім, ол: «Жоқ екеу – біздің Алламыз бар ғой», - деп екі саусағын көрсетті. Сосын мен: «Мұсылманның бес мезгіл намазы бар ғой, соның мәнін түсіндір», - деп, бес саусағымды көрсетіп едім, ол: «Намаздың мәнісі – бесеуі жиылып бір Аллаға құлшылық ету», - деп бес саусағын жұмып, жұдырығын көрсетті. Пай, бұл керемет молда екен, - деп жер-көкке тигізбей мақтаған. Ал ауылдастары Пәрменді ортаға алып, не болды деп сұрамай ма. - Өй, атаңа нәлет, мына кәпір көлиган екен! – дейтін көрінеді ол, - кіріп барып едім, көзіңді оям деп бір саусағын шошайтты, онда мен сенің енеңді ұрып, екі көзіңді оям деп, екі саусағымды шошайттым. Содан кейін бетіңді тырнаймын деп, бес саусағын тарбитты. Өй, сапсиған сақалыңды ұрайын, мына жұдырық тұрғанда саған тырнатпаспын! – дедім. - Әй, ол поп сені мақтапты ғой. - А?! Мені мақтап па? Енді қорыққан соң қайтсін! – деп Пәрмен кеудесін көтеріп, мәз болыпты.
ӨЗІМ ДЕ БЕРЕТІН ЕДІМ Есболай Шетпедегі мал соятын орынның бастығы, ал Ералы оның көмекшісі – көңілді, қуақы жігіт екен. Және мұнда бірнеше әйел жұмыс жасайды. Олар күнде үйге қайтарда қалталарына қазандық ет салып алады. Ералы осы ұрлықты қойдыру керек деп Есболайға құлақ қағыс қылып жүреді. Бір күні көп қошқар сойылады. Олардың ендерін бір бұрышқа үйіп қойған. Ал әйелдердің ет салған қалталары да бір бөлмеде тығулы. Ералы
әйелдер жоқта қалталарындағы етті төгіп тастап, оларға қошқарлардың ендерін салып қойыпты. Сөйтіпті де Есболайға барып: - Әйелдер үйлеріне алып кетейін деп қалталарына ет салып қойды, басеке! – деп шағым еткен. Ералы әлгі бөлмеге барып, әйелдерді жинап, ұрсады. - Төгіңдер қалталарыңдағы етті! – деп айқай салады. Әйелдер төге салғанда, қошқар ендері домалап сау ете қалған. Әйелдер ұялғаннан беттерін басыпты. Сонда Есболай да ыңғайсызданып: - Шырақтарым-ау, мынаны сұрасаңлар, өзім де беретін едім ғой, депті.
АҚЫМАҒЫМ АҢҒА КЕТТІ Бір жігіт аң аулауды ұнатады екен де, ара-тұра үйінен бір-жар күнге кетіп қалатын көрінеді. Сол әдетімен бір күні әйеліне «аңға кеттім», - деп шығып кетеді. Бірақ жаңбыр жауып, ол ұзаққа созылатын болған соң үйіне қайтып келіпті. Күн күнгірт, үйдің іші қара көлеңке. Кіріп шешініп жатса, әйелі дауыстапты: - Келдің бе, жаным? - Иә, келдім.Ой, жаңбыр қатты жауып кетті. Сонда әйелі айтады дейді: - Ал осы жаңбырда менің ақымағым аңға кетті! Әңгіменің әрі қарай жалғасқанын кім білсін...
ШАПАҢДЫ ТҮНДЕ ЖАМЫЛ Шал мен кемпір тойға баруға дайындалып жатыр. Шал кемпіріне айтатын көрінеді: - Әй, менің әне бір жақсы шапаным бар ғой, соны алып берші. Кемпірі оған ұрсады: - И-и, саған кім қарайды, жүре бермейсің бе, осылай. - Әй, алып бер енді! Мен ол шапанды кигенде өзімді жиырма бес жастағыдай сезінемін... Сонда кемпірі күліп: - Әй, сенің ондайың болса, сол шапанды түнде неге жамылып жатпайсың-әй! – депті.
ТӨКЕҢ БІЗДІҢ МЕРГЕН ҒОЙ Бірде Маңғыстау аупарткомының бірінші хатшысы Төлеген Қағазов біраз қызметкерлермен жұмыс бабында ауылдарға шығып, соның арасында жол-жөнекей аң аулауды да қызықтаған. Сенек ауылының маңында бір қасқыр тап болып, соны Төкең атып алыпты. Қасқырдың арт жағынан оқ тиіп құлапты. Қызметкерлердің ішінде Ғизат Әбілтаев деген ақын бар екен. Соған хатшы айтыпты:
- Ғизат, көрдің ғой менің қасқырды қалай атқанымды, соған бір ауыз өлең шығармайсың ба? – деген. Ғизат сәл ғана ойланып, бір шумақ өлеңді ақтара салған: - Шыға келдік Сенектен, Қасқыр қашты кенеттен. Төкең біздің мерген ғой, Атып салды... нектен. Жұрт қыран-топан күліп жатыр. Төкең ақынға ескерту жасаған. - Шырағым, мұны енді ешкім естімесін. Ғизат айтыпты: - Мына естіп тұрғандардың аузына қалай қақпақ боламыз? Айтқандай-ақ, мұндай сөз тұра ма, елге тарап кеткен. Содан біраз уақыттан кейін Төкеңнің үлкен мерейтойы болған. Жиында мадақ сөздер айтылып, соның арасында Оразаухан Ізбасаров деген тілші қаламгер де сөйлеп, сөзінің соңында былай депті: - Бұл Төкеңнің мергендігі де бар. Ғизат деген ақын оған мынадай өлең шығарған: Шыға келдік Сенектен, Қасқыр шықты кенеттен. Төкең біздің мерген ғой, Атып салды... деп сәл тоқтапты да (жұрт мына Оразаухан бүлдірді-ау деп тынып қалған), ... жүректен! – деп аяқтаған. Өлеңнің мән-жайын білетін халық сол жерде Оразауханның өзгертпесіне мәз болып ду күліпті.
ЕВРЕЙ МЕН ҚОЖА ТАТУ Михаил Шухмахер деген ветеринар маман жергілікті қазақ жігіттерімен достасып, сыйласып, сіңісіп кеткен кісі еді. Өзі еврей ұлтының өкілі. Бірде жігіттер оған сұрақ қойыпты: - Израиль мен арабтар соғысып жатыр, сіз оған қалай қарайсыз? Сол жерде Михаилдың досы, белгілі маман Жомарт Нұрлаев та отыр екен. Мұның руы қожа, ал қожа дін таратушы арабтар деген бар ғой. Сонда Шухмахер былай деп жауап беріпті: - Қайтеміз енді, қасқалар соғыса берсін. Әйтеуір Жомарт екеуіміз татумыз, - деп қазақ достарын ду күлдіріпті.
ӨЙ ПҰШЫҚ! Маңғыстаудың әу бастан Жыңғылды деп аталатын ауылы Куйбышев болып келді, қазір бұрынғы аты қайтарылды. Бұл күнде көнекөз қарттар баяғы есімі берілген кезді еске алып, күліп отырады. - Сөзіміз ауыр болмасын, біз Куйбышевті шет көрмейміз. Бірақ орынсыз ат қою, оны халықтың түсінбеуі тіпті күлкілі болды, - дейді олар. Әңгіменің мән-жайына қаныға келе, мен де оған қатысты тарихты естіп, шексілемнің қатқаны бар.
Отызыншы жылдардың ішінде, дәл қай жылы екенін шалдар естеріне түсіре алмайды, кенеттен Жыңғылдының аты өзгеретін болыпты деген хабар шығады. Сондағы бұл ауылда өрбіген сөздер былай болғанға ұқсайды: - Естідіңдер ме, біздің Жыңғылдының атын өзгертеді дейді! - Мәссаған, о кімнің к...не кіріпті? - Үндеме, қасқа, ұсталып кетерсің! - Иә, қандай ат қоятын болыпты? - «Өй, пұшық», - дейді. - Немене, немене? - Өй, пұ-шық! Түсіндің бе? - Кім пұшық? - Кім емес, Жыңғылды пұшық. - Құдай-ай, мынау қорлық екен, басқа ат құрығандай, пұшығы несі-ей? - Сонда жоғарыдағылар біздің бәрімізді пұшық – деп ойлағаны ма? - Иә, Жыңғылды түгелдей пұшықтар ауылы-дегені ғой, келіп көрмей ме екен, тіпті Стәліннің өзінің тұмсығынан да салбыр дүниелерді көрсетер едік! О, несі-ай! - Ойбай, сормаңдай, жап аузынды, ұсталып кетерсің! - Әй, «Өй, пұшық» емес, «Қой пұшық» дейді ғой. - Тағы не дейді! Қойдың да пұшығы бола ма? Шығарар-ау бұлар. - Енді өзіміз емес, қойымыз да пұшық дей ме? - Жо-жоқ, тұра тұрыңдар. «Өй» де, «қой» да емес, «Көй пұшық» дейді. - Астағыпыралла! Мынау тіпті сорақы екен! - Ха-ха-ха! Көрсетер ме еді оларға пұшық көйді! - Жіберсін салыстыратын адамын, мен-ақ шығайын көрініске! - Тәйт-әй! Ұсталып кетесің, айтпа ондай сөзді. Аузыңа ие бол! - Қасқалар-ау, байқасаңдаршы, бұлар шырқыратып айдап жатыр ғой! - Әй «пұшық» емес, «пішіп». «Көй пішіп!» - Біздің сүндетімізді айтқаны ма? - Өйт деген-ай! Піштірілген жалғыз біз бе екен! - Жо-жоқ! Пұшық! Көйпұшық! Мен біліп келдім. Бұл «Көй пұшық» деген Мәскеудегі үлкен бір бастық көрінеді, Стәліннің қасындағы. - Не, мұрны пұшық па екен? - Жоқ, пәмиләсі солай... Көй-пұ-шық. Айтылуы осыған жақын, тек біздің тіліміз келмей тұр ғой... Содан кешке үлкен жиналыс болыпты. Ауыл тұрғындарының бәрі келген. Уәкіл Жыңғылды атының Куйбышев болып өзгергенін және мұны үлкен дәреже деп, сол болмаса дүние қараң қалатындай-ақ, ақиланып тұрып құттықтады. Сосын шаруашылық мәселесіне ауысып,
біріншіден, жұмысшы-шаруа кадрды көбейту керек, екіншіден, мал басын өсіру керек – деп біраз баяндама жасады. - Ал, сұрақтарың бар ма? Жұрт қорқа соғып, мұның қай жағынан шығып кетеміз, - деп, сұрақ та қоймады. Тек біраздан кейін бір кісі қол көтерді. Бұл сіңірі шыққан кедей, өте момын Қали деген шаруа еді. Өзі аңқау, тек реті келгенде ақкөңілдікпен бір-екі ауыз сөз айтуды жақсы көреді. Байғұс сол аңқау, ақкөңілдігі өзінің түбіне жететінін білмеді ғой. - Уа, мына біздің Жыңғылды ауылы... – деп бастап еді, әлгі уәкіл сөзін бөліп жіберді. - «Куйбышев» деңіз! Бұл жердің аты енді «Куйбышев». - Ә-ә-ә... – Қали қапелімде абдырап қалды, - Иә, енді қайтеміз, Көйпұшық болса Көйпұшық болсын, - деп еді, көпшілік ду күлді. Әсіресе, жеңілтек бала-шаға жағы несіне қарасын, «Көйпұшық, Көйпұшық» деп жырқылдап қоймады. Уәкіл желкесі күдірейіп, орнынан атып тұрды. - Сен осы сөзің үшін жауап бересің! Ал айтатын сөзіңді тез айт! Қали аузы аңқайып, сасып қалды. Дегенмен көкейіне келген сөзді айтпай қоймайтын аңқылдақтығымен былай деді: - Уа, кәдрді, жұмыс жасайтын адамды көбейту керек дейсіңдер, бірақ екі қатын алдырмайсыңдар. Бұл қалай? Жұрт тағы күлді. Уәкіл апыл-ғұпыл жиналысты тез бітірді де, блокнотына қасындағылардан сұрап Қалидың аты-жөнін жазып алды. Ертесіне едірейген екі конвой жетіп келді. Сөйтіп тігерге тұяғы жоқ қу кедей, көңілінде еш кіршік жоқ жан «халық жауы» болып кете барды. Қайтып оралмады. Қандай зар, азап көріп, бейкүнә бейшараның нендей ғаріптікпен дүние кешкені бір алланың өзіне аян. Ол ГПУ-дің қыл бұрауына түскен сан мыңдаған момақан қазақтардың бірі еді. Қалидың артында қалған жалғыз перзенті жетімдіктің тауқыметін тартса да, өз тірлігімен өсіп, ортан қолдай азамат болған. Ол ағамыз қазір бала-шағасымен Алматыда сау-саламат тұрып жатыр. «Орнында бар оңайлар» деген осы.
МҰНАЙДЫҢ ИСІ Екі қарт әңгімелесіп отыр. - Әй, бұрын біздің балаларымыз мұнайшы боламыз деп, мұнайдың оқуын оқып келетін еді. Енді сол оқудың түкке керегі жоқ-ау деймін. - Неге? - Жақында осы қалаға үлкен мұнай мекемесіне бір сарыауыз балапан бала бастық болып келіпті. Мұнайдың не екенін білмейді, арақ, секер сатқан саудагер көрінеді. - Астағыпыралла, рас па? - Рас. Келген бойда мұнай құбырын көрсетіндер депті. Құбыр жатқан далаға алып шыққан екен, жан-жағына қарапқарап, «құбыр қайда?» - деп сұрапты. Жердің астында көміліп жатыр
деп түсіндірсе, бұлқан-талқан болып кейиді дейді. «Жұрт мұнайды жердің астынан шығара алмай жүрсе, сендер неге көмесіңдер» - деп бөсіп тұр дейді. - Ойпыр-ай, оны жіберіп жүрген кім екен? - Жоғарыда біреу диірмен тартып отыр ғой. - Бұл шіркін сонда тіпті мұнайдың исін де білмейтін болды-ау... - Әй, біледі, біледі! Себебі мұнайдан доллардың исі шығады ғой...
О ДҮНИЕДЕ «Ноқталы басқа бір өлім» деген рас екен. Шай ішіп отырып шиқ етіп кете бардым. Дем бітті. Шыбын жан мұрнымнан «ызың!» етіп ұша жөнелді. Жамағатым байғұстың: Араққа сатып жиғанынды-ай, Ойламап едің, иманыңды-ай. Маскүнем де болсаң ерім едің, Маңдайыма симадың-ай! – деп аһ ұрып сұңқылдаған даусы келеді құлағыма. «Бейбақ, менен құтылғанша асық боп жүретін едің, мұның әншейін сөз болар» - деп ойладым ішімнен. Сонша болған жоқ, ақ киімді екі бірдей ұзын адам жетіп келді. Беттерін көлегейлеп көрсетпейді. Әзірейіл мен Жебірейіл екенін сездім. Тіршілікте тас көшеде сүйрелгенім аздай-ақ, бұлар да мені дырылдатып тарта жөнелді. Айта кетейін, жан шығардан жарты сағат бұрын ғана біразырақ жұтып алған ем... Енді міне, басым қаңғырып, таңдайым кеуіп барады. Сасқанымнан Әзекенді түртіп қалып: - Сауап үшін бас жазуға бір жүз грамм табылар ма екен? – деп қиылдым. - Тірі күніңде ішкеніңнің сауабы тисе де аз болмас! – деді де, ол сүйрей берді. Құдайға алып келді. Ол маған тұнжырай қарап: - Күнәң көп. Арақ ішкенсің. Әлен-ақ, пәлен-ақ... – деп жержебіріме жете бастады. Әттең не керек, бірер қырлы стаканды тастап алған шақ болса, сүйкеп-сүйкеп алатын реті келіп-ақ тұр. Бірақ ондай дәрмен қайда. Құдайдың аты құдай ғой! Дегенмен, қайтымы тез екен өзінің, сәлден соң: - Жасың да келіп қалған екен. Мүмкін түзелерсің? – деді. - Әлбатта! – дедім ар жағым құп алмағанымен. Сонан соң ол жеке карточкамның бір шекесіне «уақытша жұмаққа жіберіле тұрсын» - деген бұрыштама соқты. Қуанышым қойныма симай: «тәңір жарылқасын» - деппін. Жұмаққа келдім. Келсем, ылғи саудыраған шалдар: бір-бір киіз кітапты құшақтап алған, сақалдары салбырап, сендей соғылысып жүр. Шеткерілеу тұрған екі шалға келдім де сәлем бердім. Жөн сұрасқаннан кейін, әдеттегіше, мәселені тікесінен қойдым:
- Келіңіздер, қарттар, үшеу болып бірігейік – дедім. Біреуі от басқандай секіріп кетті: - Астағыфиралла! Күнә! Екіншісі онша кет әрі емес сияқты, желкесін қасып: - Әйтсе де, болар еді, бірақ сезіп қойса... – деп қипақтады. - Түк те етпейді, артынан сарымсақ шайнап жібереміз! – деп шалды көшеге қарай жетелей жөнелдім. Бірақ жұмақ деген шын құрыған жер екен. Бір ұрттам арақ табылсайшы! Күн ұзаққа төңіректі шарлап-шарлап, ақыры жатақ үйге құрауыз қайттық. Бөлме іші жайнап тұр! Алтынмен апталған, күміспен күптелген... неше түрлі дүние мүлік. Ай десе аузы, күн десе көзі бар тал шыбықтай бұралған бір қыз жетіп келді. О дүниеде жүргенім есімнен шығып кетіп, үйдегі әдетімше: - - Әй, қатын, арақ бар ма? – деп ақырып жіберіппін. Хор қызы «қатынның» не екенін қайдан білсін, ешқандай ашушамсыз: - Бізде ондай нәрсе болмайды, - деді сызылып. – Ол ана дозақ жақта көп деседі. Бірақ мұндағылардың ішуіне жол жоқ. Осыны есіткен соң-ақ бұзыла бастадым. Ендігі менің есі-дертім дозақ болды. Арағы жоқ жерде қызық бар ма, отыра қалдым да, құдайға арыз жаздым: «Мені қазірден бастап, дозаққа ауыстыруыңызды өтінем. Маған арақ керек. Арақ!..» Не керек, осылай деп бастаған арызымды жазып үлгерместен, әйелімнің шаңқ еткен даусын есіттім, жақыннан: - Сен енді ұйықтап жатып та, арақ сұрағанды шығардың ба, оңбаған! Бұл әйел дегенді қойсаңшы! Менен о дүниенің де арағын қызғанғаны-ау енді. Амал бар ма? Өлмегеніме өкініп, жата бердім.
АСПАНМЕН МАХАББАТ Бұл заманда «әулие» әйелдер көбейіп кетті. Сондай кейуаналардың бірімен Ержан деген әзілкеш қу жігіт бірде былайша әңгімелесіпті. - Уа, құрбым, сіздің қасиетіңіз неде? – деп сұрайды Ержан. - Менің аспанмен, космоспен байланысым бар, - дейді келіншек. - Ойпыр-ай, қолыңыз тым ұзын екен, біз мына он шақырым Ондымен байланыса алмай жүрміз. Соған көмектесіп жібермейсіз бе? - Жо-жоқ. Жер бетінде байланысым жоқ. Мен көкпен, аспанмен тілдесіп тұрамын. Пайғамбар, машайықтар аян береді. - Ә-ә, солай ма? Дұрыс қой, Ондыда пайғамбар жоқ, сондықтан байланыса алмайсың ғой. Ал енді байланыс жасағанда аспандағылар сізге келіп-кетіп те жүретін шығар? - Иә, көзіме көрінбегенмен маған келіп тұратын сияқты. - Кешіріңіз, құрдас, сонда сіздің бойыңызда шымырлаған бір сезім бола ма? - Бұл не сөз?!
- Ертегі әңгімелерде аспандағы әмбие-пайғамбарлар мен жер бетіндегі өзіңіз секілді бикештер арасындағы махаббат жөнінде айтылады. Ерте дүниедегі Зевс, Аполлон деген құдайлар талай сұлуларды құшыпты. - Қойыңыз, ондай ғайбат сөз айтпаңыз. - Жо-жоқ, ғайбат емес. Мұндай деректер біздің мұсылман жағымызда да баршылық. Мәселен, белгілі Қашаған ақын өзінің «Адай тегі» дастанында Қанбибі шешеміз ұйықтап жатқанда Қызыр пайғамбардың келгенін былай суреттейді: Шымырлаған бір нәрсе Тұла бойға білінді. Төмен қарай жүгірді Құрсағына кідірді. Сіздің де аспанмен байланысыңыз болған соң әлгіндей шымырлаулар сезіле ме дегенім ғой... «Әулие» келіншек тырқылдап кеп күлді. - Жоқ, әзірше ондай сезілген жоқ Енді сықылықтап Ержан күлді. - Аспандағыларда да ақыл жоқ екен. Аян беріп жүргенде сендей келіншекке неге қызықпайды екен? Бірақ әлі басың жас сезіледі-дағы. Соған дейін біз секілді жай қарапайым пендемен шымырлауға қалай қарайсың? - Кет, көктемегір! – десе де келіншек жымыңдай қылымсып күле береді. Сірә, аспанмен байланыстан гөрі оған Ержанның сөзі ұнап тұрғандай.
БАНКІДЕГІ КҮЛКІ Жүрген жері қырғын күлкі адамдар көп-ақ. Ешқандай қулықсұмдығы жоқ, сөзуар әзілқой да емес, бірақ қопыраған қимыл, одағай сөздерімен-ақ, шек-сілеңді қатырып болады. Сондай қожанасырлардың бірі – біздің Бозай ағамыз. Жақында оның бір ісіне қыран-топан болдық та қалдық, оғаш, ыңғайсыз нәрседен күлкі шығатыны белгілі. Сондықтан әңгімеміз әбестеу көрінуі де мүмкін. Бірақ онда тұрған не бар, өмірде кездесетін жәй. Ұйқы арсыз, күлкі арсыз деген... Бозай ойда жоқта жұмыс жасап жүрген мекемесінен жиырма бес мың теңге сыйлық алды. Жеңгей екеуі аспаннан түскендей бұл ақшаны қоятын жер таппады. Анда тықты, мында тықты, бірақ тек ұры қағып кететіндей көрінді де тұрды. Ұрының көбейген заманы емес пе? Күнде біреудің үйіне ұры түсіпті деген хабар қаулап жатыр. «Қойы жоққа қой бітсе, қуалап жүріп өлтіреді» - демекші, екеуі сол ақшаны ешқайда сыйғыза алмады. Ақыры банкке салайық деп шешті. - Банкіге салған ақша сенімді және ондағы ақша өсіп тұратын көрінеді, сонда апар, - деді әйелі. Сонымен Бозай банкіге баруға дайындалды. Ақшаны қойнына тығып еді, қомпайып кетті, ақша екені білініп тұрған сияқты. Ұсақ
теңгелерден текшеленген купюрлер қомақты болды. Сөмкеге салып алайын деп еді, бірақ көшедегі тентектер сезіп қалып, жармасып тартып алар – деп тағы қорықты. Сөйтіп тұрғанда ертеде болған бір жағдай есіне түсе кеткені. Алматыға оқуға түсуге жүрерде шешесі марқұм азын-аулық қаржысын ышқырына тығып беріп еді. - Алматыда жүлік көп көрінеді, шырағым, бірақ ышқырыңнан белбеуіңнің астындағына ешкім ала алмас, - деген. Шешесінің айтқаны дөп келді, оқуға түсе алмаса да, алдырмай-жұлдырмай, ауылға аманесен қайтып оралды. Енді, міне тағы солай еткісі келді. Ақшаны ұзындау қылып орап, көйлегінің астынан шалбарының ышқырына тіктеп тықты да, үстінен белбеуімен тартып тастады. Өзі іші қабысқан арық кісі кіндігінің төменгі тұсында біраз дөңестік пайда болды. Әңгүдік байғұс мұны ыңғайсыздау көрініс деп те ойламады. Сол күйінде сүндеттелген балаға ұқсап, алды томпайып, банкіге келді. Касса ашық екен, соның алдына барды. Кассир таныс Бәлия деген келіншек, жас шамалары құрдас және күйеуінен айырылысып кеткен бойдақ. Әлбетте адам келген шаруасын дұрыс түсіндіріп айтар болар еді, бірақ Бозай өйтпесе Бозай бола ма, аузына түскен сөзді түйеден түскендей дүңк еткізіп, қойып қалды: - Бәлия, мен саған салайын деп келдім! Кассир басын көтеріп, Бозайға таңдана қарады. Себебі, ол бұрын банкіге келмеген адам, ешқандай есеп-шоты жоқ, неге келіп тұр деп ойлады. - Неге келдің? Деп сұрады. - Саған салайын деп... Бозекең не екенін ашып айтудың орнына басын төмен қарай изеп, көзімен ымдап қойды. Ақша деген сөз аузына түспей күмілжиді. - Әй, құрдас, сен не айтып тұрсың? – деп Бәлия орнынан тұрып, кассаның терезесінен Бозай ымдаған төмен жаққа үңіліп қарады да, селк етіп шалқасынан түсе жаздады. Көздері маңдайына шығып кетті. - Мынауың не?! Бозай аузын терезеге тақап, сыбырлады: - Жиырма бес... - Ойбай, жоқ бол, көктемегір! - Әй, бір салайыншы деп... - Мынау жынданған шығар! Ұятсыз, тайдай тал түсте... - Не, күндіз салуға болмай ма? - Кет, кет! Өз әйеліңе бер! - И-и... Өз әйеліме де берем ғой. Оған бермегенде кімге берейін.. Бірақ анда тықты, мында тықты, тіпті сыйғыза алмады. Сосын ол саған жіберді. - Не дейді?! Сол албастының жаман байын мен сұраппын ба? - Жо-жоқ, мен ғой сұрап тұрған, салайын мынаны. - Кет дедім ғой мен саған! Жоғал!
- Осы жұрттың бәрі саған салып жүр ғой, не маған болмай ма? - Қап, мынаның қорлығын-ай! Мені күйеуі жоқ деп басынады-ау – Бәлия қызараңдап қатты ашуланды. Ал ол Бозекеңнің миығына да кіріп тұрған жоқ. - Мен салайын дегенге неге шала бүлінесің? Жұрт саларда үндемей келісе бересің. Бәлия не дерін білмей, шыңғырып жіберді. Бұл айқай-шуды естіп, банкінің басқа қызметкер әйелдері жиналып қалды. - Бұл не шу? - Мына Бозай маған тиісіп тұр! – дейді кассир. - Немене? Сені қорқытып, ақша талап ете ме? Қару көрсеткен жоқ па? - Көрсеткенде қандай? Қаруы тіпті керемет екен! – деп Бәлия кейіп отырса да, енді жымиып күліп жіберді. - Қане қаруы? - Көрініп тұрған жоқ па... мылтығы? – деп Бәлия ойнақы түрмен ымдап сыбырлайды - әне, жиырма бес дейді... Қару дегенге әйелдер әуелі үрпиісіп қорқып кетсе де, Бозайдың белбеуіне көздері түсіп, бұлар да мырсылдап күлісе бастады. Еріндерін тістеп, беттерін шымшылайды. - Мында келгені несі, есі дұрыс па? - Ойпыр-ай, сұмдық екен!
- Сірә, Бәлияда көңілі болған ғой... - Өй, түрі құрсын... - Түрін қайтесің. Хи-хи-хи... Былай... жақсы ғой. - Шіркін, осындай да болады екен-ау! Ал Бозай ештеңеге түсінбей сүмірейіп тұр. Оның бұл тұрысына күлмеген адамның аузы қисайып кетер еді. - Түу! Мен бір салайын деп келгенде неменеге жырқылдайсыңдар? Соның арасында осы әңгіме банкінің басқарушысына да жетіп, Бозайды сол кісі шақырып жатыр деген хабар келді. Енді талтаңдап сонда барды. Банкінің бастығы да Алғали деген таныс қатар жігіті. Ол күле қарсы алды. - Оу, Бозеке, бұл не жүріс? - Бәлияға салайын деп едім, салдырмайды. - Ойпыр-ай, мынауыңыз масқара ғой. Бұл көпшілік жер, ұялмайсың ба? - Оның несі ұят? Бәлияға сен де салып жүрген жоқсың ба? Банкінің бастығы аузын аша аңқиып, демі шықпай қалды. Сәлден кейін тұншыға тұтығып былай деді: - С-сен не дейсің-әй? Д-доғар ондай өсекті! О-осы жұрт Бәлия екеуімізді солай деп ойлайды. - Жұрт дұрыс ойлайды, - деді Бозай, - Бәлия өз кассирің оған салмағанда, кімге салайын деп едің?...
- Жап аузыңды!!! Ж-жетер енді! Уһ! Өзің оңбаған екенсің ғой!... – Алғали жүрегін ұстап, ыңқылдап қалды. Ал Бозай ештеңеге түсінбей, маңқиып тұр. - Әй, Алғали, менің сұрап тұрғаным тек бір салу, ал өзің жүз рет салған шығарсың, - деп қойып қалды Бозекең бір кезде. Банкінің бастығы көзі аларып, талуға айналды. Әйтеуір жөпелдемеде графиннен су құйып ішіп, жаны қалғандай болды. Ал Бозайдың онда шаруасы жоқ. - Түкке түсінсем бұйырмасын, неменеге қиналады?–деп иығын қиқаңдатып қалды, - менде бар болғаны жиырма бес... - Түріне қарамай, супер... Көтеремге көтере дүние береді деген. Үйіп-төгіп осы оңбағанға беруін қарашы... дүниені. - Ойбай-ау, жиырма бестің несі дүние? Бұл деген қазір кез келген саудагер баланың қалтасында жүрген жоқ па? - Оттама! Ондай ілуде бір адамда кездеседі. Сен құсаған есекке тап болады! Тура есексің сен! - Не десең, о де! Әйтеуір, тек жиырма бес. Бірақ салғаннан кейін өседі дейді ғой. Қандай өседі? Алғали, сен білесің, неше процент өседі? - Кет көзіме көрінбей! Соны мен өлшеп жүр дейсің бе? - Өлшемесең де салудың жәйін білесің ғой. - Жоқ бол, аузыңа келгенді соқпай! Сірә, сені жындыханаға жөнелту керек шығар... Бірақ жиырма бес өспесе де көп нәрсе! - Түу! Сол да сөз болып па? Жиырма бестің несі көп? Қазіргі бизнесмендердікін айтсайшы! Па, па!!! Мысалы, сен банкирсің ғой, сенде миллион, тіпті миллиард шығар?! - Не дейсің-әй?!! Мынау мені инфарктіге ұшырататын шығар, уһ! - Жо-жоқ! Сен ештеңеге де ұшырамайсың. Сен, мықтысың, байсың ғой. Ал мен байғұста бар болғаны жиырма бес, көрсетейін бе? - Ойбай, не дейді?! - Иә, көрсетейін, - деп Бозай белбеуін шеше бастады. - Тоқта, ұятсыз!!! Енді абыройыңды ашасың ба?! - Осыдан абырой болатын ба еді? Бар болғаны жиырма бес... Қазір көресің, - деді де Бозай ышқырына қолын сүңгітіп жіберді. - Әй, қарабет! Мынау кабинет қой, ұялсаңшы!!! Бозай оған мыңқ етпей, ышқырындағы түйіншекті шығарып алды да, Алғалидың алдына сылқ еткізді. Бастық көзі атыздай болып, состиды да қалды. - Бұл не?! - Ақша. Жиырма бес мың... Алғали қапелімде есеңгіреп тұрды да, бір уақытта күлкіден бомбаша жарылды. Шек сілесі қатып, көзінен жас сорғалап, өлердей қиқылдады. - Ойбай-ау, әлгі ақша екен ғой! Көк соққыр, оны алдыңа неге тықтың?!
- Иә, ақша. Ал сендер не деп ойлап едіңдер? – деп Бозай бұл да ыржиып күлді. Сөйтіп тұрғанда бір қағазға қол қойдырмақшы болып, манағы кассир кіріп келді. Бастығының ағыл-тегіл күлкісін көріп, таң болды. - Әй, Бәлия, - деді оған Алғали, - сендердің де ойламайтындарың жоқ екен ғой, жиырма бес мың теңге! Ха-ха-ха!!! Бәлия бетін басып, кабинеттен ата жөнелді. Сықылықтап күліп барады. Бозай оның соңынан жалма-жан айқалап жатыр: - Бәлия! Салдырасың ба, салдырмайсың ба? А?!! Сол күні Алғалидың банкі ақшаның емес, күлкінің банкісіне айналды. Мінеи, ағайын, осындай адамдар болады... Айып етпеңіз.
ҚЫС Алтыншы ма, әлде жетінші ме класта (иә, біздің кезімізде «класс» дейтін) бір күні қазақ әдебиеті пәнінен Абайдың «Қыс» деген өлеңін жаттап келуге тапсырма болды. Шынын айтсам, досым Байтен де, мен де өлең жаттауға шорқақпыз.Әсіресе, Байтен, миғұла, екі сөздің басын қосып жатқа айта алмайды. Тапсырма орындамайды, тіпті кейде кітаптың бетін де ашпайды. - Өлеңнің аты "Қыз" ба? – деп сұрайды. - Жоқ! "Қыс". Қыс-с! - Нені қыс? Көз қысу ма, әлде к... қысу ма? – деп ыржаңдайды. - Оқы сонда білесің! – деп ұрсып тастадым. Есіңізде шығар, оқушы, Абайдың былай деп басталатын белгілі өлеңі: Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды. Дем алысы үскірік, аяз бен қар, Кәрі құда қыс келіп, әлек салды. Міне, осы өлеңді жаттап келу керек. Байтен келесіде өзінің сұралатынын сезгендей, маған жалына бастады: егер менен сұрай қалса, сыбырлап айтып отырарсың, - деп. Қасқаны аяп, келісім бердім. Айтқандай-ақ, келесі сабақта апай Байтенді тақтаға шақырды. Ол байғұс "Қысты" ең болмаса бір оқып та шықпаған, жалтақтап маған қарай береді, сенгені мен. Мен оқытушы апайға білдірмеуге тырысып, кітапты ашып жіберіп, сыбырлай бастадым: - Ақ киімді, денелі... - Аяқ киім... Дәмелі... – дейді Байтен міңгірлеп. Бір жақсысы апай журналға бірдеңе жазып, шұқынып, ештеңе байқамай отыр. Мырс етіп күліп жібердім де, тағы сыбырладым. - ақ сақалды... Байтен бет-аузы бүлк етпей:
- Ақсап қалды... – деді. Мен олай емес деп белгі бердім де: ақ сақалды, ақ сақалды, - деп қайталасам Байтен маған аңырайып қарап тұрып: - Қақсап қалды, - деді... - Ойбай, са-қал-ды! – деп иегімді, кеңірдегімді көрсетсем, ол өзінше түсініп: - Ойбай, са-қал-ды! – деді. Класс күліп жіберді Апай бір сәт басын көтеріп: - Тыныш отырыңдар! Иә, Байтен, айта бер, - деді. Мен әрі қарай сыбырлауға кірістім. - Соқыр мылқау... - Шопыр Қылқау... – Байтен сенбеген түрмен: - Өй, Қылқау шопырды Абай қайдан біледі? – деді маған ол да сыбырлап. Шынында да, біздің ауылда Қылқау атанып кеткен тұттығып сөйлейтін шофер жігіт бар еді. - Ойбай, олай емес! Соқыр, мылқау, соқыр, мылқау... деп қолымнан келгенше ымдап жатырмын. Осы кезде апай бірдеңе сезіп қалып, маған жалт қарады. - Әй, сен не жыбырлап отырсың! Мешайт етпей тыныш отыр!... – Иә, Байтен, жалғастыра бер, - деп журналына қайта үңілді. Байтен мөлиіп маған қарайды. Қайтейін, бұғып тағы сыпсыңдай бастадым. - танымас тірі жынды, - дедім. Құлағы кер болғыр Байтен дұрыс түсінбей: тағы... мас, түрі жынды, - деді. Класс ду күлді. Апай енді Байтенге одырая қарады: - Әй, шырағым, сенің "масың" не? Кім мас? Байтен желкесін қасып, қипалақтап тұрды да: - Әлгі шал, - деді. - Кім шал? - Дед мороз... Аяз-Ата! Бәріміз шулап күліп жатырмыз. Дегенмен күтпеген жерден әлгі жауап апайға ұнап қалғаны. - Мәләдес, қыстың образын дұрыс түсінгенсің, бірақ ол мас емес... - Жоқ апай, мас. Байтеннің әдеті біреу мақтаса болды, лепіріп кететін әдетімен сөйлей жөнелді: - Бұл Дед Мороз дегендер ішпей дүрмейді, шетінен мас және жынды болады. Абайдың кезінде де арақ, самогон болған. Тіпті Аяз атамен бірге Әбекең де мас... - Әбекесі кім? – - Абай дағы... Біз күлкімізді баса алмай, тырқылдап жатырмыз. - Аузыңа келгенді көкіме! – деп апай ұрсып тастады. Әрі қарай жалғастыр... Байтен қайыр садақа сұрағандай телміріп маған қарайды. - Үсті – басы ақ қырау, түсі суық, - деп тағы оқып жатырмын.
Ал Бәйтен бұрынғысынша дұрыс естімей лағып кетті: - Істің басы... Атырау... сұлық... - Атаңның басы... Олай емес, - деппін мен ызалана күліп. - Тфәк, істің басы емес, атаңның басы! – деп түзеткен болады бишара. Қырылып күліп жатырмыз. Апай әлі өзімен өзі ойланып, Байтеннің сөздерін дұрыс тыңдамай отыр. Мен көмегімді жалғастыра берейін деп, тағы сыбырлап жатырмын: - Басқан жері сықырлап... - Сасқан жері... – дейді ол. Тек осы жерде апай басын көтеріп: - Ей, "сасқан" жері дейсің бе? міне, Байтеннің сасқан жері осы болды, - деп күліп жіберді. Соның арасында мен: - Демалысы үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды, - деп жатырмын. Ал ол айтқанымның бірін естіп, бірін естімей: - Ысқырып... ысқырып... кәрі қыз... әлек салды, - деді. Осы жерде апай Байтенге жалт қарады да, қабағын түйіп: - Бар, отыр! – деді. Бір қызығы апайымыз да жасы біразға келген, әлі тұрмыс құрмаған кәрі қыз еді. - Екі! – деді оқытушы қатаң түрде, - ана подсказ берген Сәкен екеуіңе бір-бірден! Өзіме де сол керек. Байтен "к... қысу ма? " деп айтқандай жайыма отырып, неге... қыспадым екен!
ТОЙДАН КЕЙІН Барбол мен Гүлтура үйленді. Екеуі де бұрын өмір көрген, біраз жасқа келген адамдар еді. Дәм-тұздары жарасып, қалған ғұмырларын бірге өткізуге ұйғарысқан. Той өте көңілді болды. Арақ-шарап дегендерің көлгөсір. Ағайын тума, дос-жарандар құттықтап, сыйлықтарын беріп жатты. Көбісі конвертке салынған ақша әкелген. Әуелден де шақырылғандар керегін өздері алар, ақша берейік деп келіскен-ді. Бәрі де өздерінше әдемі сөйлеп, жұбайларға конверттерін тапсырысты. Түн ортасы ауа апақ-сапақ той бітіп, жұрт тарқасып кетті. Барбол мен Гүлтура қол ұстасып, ұйықтайтын бөлмеге кірді. Кірді де екеуі жалма-жан есікті бекітіп, алған конверттерін ашып, ақша санай бастады. Кәдімгіше дыбыстап, рет сандарын айтып, есептеп жатыр. - Бір, екі, үш, төрт, бес... Дастархандағы ыдыс-аяқты жинауға қалған екі-үш әйел бар еді. Соның біреуі бұлардың есігінің тұсынан өтіп бара жатып, дауысты құлағы шалып қалды: - Жиырма, жиырма бір, жиырма екі... Езу тартып күліп жіберді: - И-и, санамай-ақ жата бермей ме, қызық екен! – деп қойды да, қасындағыларға жеткізіп, мәз болды.
- Әй, аналар санап жатыр, хе-хе-хе! - Не санап жатыр? - Енді қазір бірінші неке түні емес па?! - Е, оның несін санайды? - Қызық, жүр тыңдаңызшы... Бәрі аяқтарының ұшымен басып келіп, есікке құлақтарын тосады. Күлкіден іштері жарылып кете жаздап, ауыздарын басып, пырсылдайды. - Мә, бұлар көпке кеткен екен, - десіп қояды. - Бір кезде таң атты, бәрі ұйқыдан оянды. Жұбайлар да, басқалар да таңертеңгі шәйға жиналып, сәлемдесіп жатыр. - Иә, жақсы ұйықтадыңыздар ма? - Жақсы, жақсы... Үйленгендердің бір әзілкеш құрбысы күле сөйлеп: - Осы сендер бірдеңе санадыңдар ма түнде? – деп сұрайды. - Санадық, қанша болар екен деп... Құрбылары қырыла жарылып күліп жатыр. - Не, соны әбизәтлні санау керек пе? - Енді санамай қайтеміз, қанша болғанын қайдан білеміз? Неге күлесіңдер? - Ха-ха-ха! Сонымен қанша болды?! - Жиырма мың. - Ойпыр-ай, соншама... Барбол молодец! Тіпті көп екен... - Несі көп! Ең болмаса дұрыс бір телевизорға да жетпейді. - Немене?! - Алған сыйлық ақшамыз... жиырма мың ғана. - Өй, санап жүргендерің ақша екен ғой! Ха-ха-ха! Енді не деп едіңдер! - Ха-ха-ха! Әлгілер күлкіден қыран-топан болды. Жаңа жұбайлар түкке түсінбей аң-таң.
НЕТІП... Бұл ел аузынан естіліп жүрген шындық оқиғаның негізінен алынған. Бір ақ көңіл, әңгүдік, қожанасырлау қызметкер аудандық партия комитетіне хатшылық қызметке жаңадан келген әйелді үйіне қонаққа шақырғысы келеді. Бірақ өзінің тілі үйреніп кеткен, қайталай беретін бір сөзі бар. Сонда оның қонаққа шақырып отырған хатшымен әңгімесі былай болыпты. /Қ-қызметкер, Х-хатшы/ Қ: Сәлематсыз ба? Ұлықсат етсеңіз... нетіп... Х: Келіңіз, келіңіз. Сәлематсыз... Қ: Рахмет, хатшы жолдас, нетіп, неткеніңізге... рахмет. Х: О не дегеніңіз. Неменеге рахмет?
Қ: Былай... неткеніңіз үшін. Х: Қойыңызшы... Неттім сондай-ақ? Қ: Сіз нетіп, нетіп... кішіпейіл қабылдайсыз. Х: Ойпыр-ай, сіз "нетіп" деген сөзді айта береді екенсіз. Қ: Иә, енді сондайым бар, кешірерсіз... Нетіп, былай... Ал енді аман-саусыз? Денсаулығыңыз нетіп... жақсы ма? Үй-ішіңіз аман? Х: Аман,аман. Жақсымыз шүкір. Келген шаруаңызды айтыңыз. Неге келдіңіз? Қ: Мен бір нетіп... нетейін деп келіп едім. Х: /күледі/ Сіз қызық сөйлейді екенсіз. Қ: Ой, кешіріңіз. Тілі құрғырым үйреніп кеткен... Сізді нетіп... сыйлаймыз. Жақсы көретін қарындасымыз, әрі басшысыз.Сол сізді сыйлағандықтан ата-бабаның салты бойынша... нетіп жіберейін деп едім... Х: /күледі/ Ха-ха-ха! Сіз не айтып отырғаныңызды байқамайсызау! Түсінікті сөйлеңіз. Қ: Ойбай, кешіріңіз, не айтып қойдым? Әй, енді сондайым бар. Бала күнімнен тіліме жабысып қалған сөз. Тіпті айтпайын десем де, шығып кетеді... Х: Жә, жарайды. Ештеңе етпес. Қ: Сонымен сізді үйге шақырып, неткім келіп отыр. Х: /күледі/ Ойпыр-ай, ә? Қ: Тіпті осы көптен бері сізді неткім келіп, неткім келіп... жүр едім. Талай рет нете алмай кетіп едім. Х: /күледі/ Мынауыңыз қызық екен! Қ: Тіфу! Тағы бүлдіріп қойдым ба? Осы тілден қорлық көріп жүрмін. Сіз тек дұрыс түсініңіз. Х: Иә, иә, түсінген сияқтымын. Ха-ха-ха! Қ: Түсінсеңіз, мына сіздей сыйлы, лауазымды кісіні неткім келіп тұр. Х: Өй, азамат! Лауазымды болмаса, нетпейсіз ғой! Ха-ха-ха! Қ: Жоқ, жоқ! Әңгіме лауазымда емес. Бәрін бірдей нетуге болады. Мына сізді лауазымыңыз болмаса да, нетер едім... Х: Сізге бәрі бір, ә? Қалай да нетесіз? Ха-ха-ха! Міне, қызық! Сіздің қыстырма сөзіңіз маған да жұға бастады! Қ: Қап! Тілім тағы жаңылды ма? Осы бір "неткен" деген сөзден құтыла алмай-ақ қойдым. Тіпті бәле! Х: Ештеңе етпес, ниетіңіз дұрыс, айта беріңіз. Қ: Айтсам хатшы жолдас, сізді нетуге лұқсат етіңіз. Х: А-а? /күледі/ Лұқсат етейін бе, етпейін бе? Қ: Еткеніңіз дұрыс, еткеніңіз дұрыс. Осы жолы сізді әбизәтілни нетуім керек. Х: /күледі/ Ойпыр-ай, ә? Әбизәтілни! Қ: Иә,иә! Уақыт өте береді. Менен басқалар сізді уже нетіп қойыпты. Маған-ақ реті келмейді... нетуге. Х: Кімдерді айтасыз?
Қ: Өткенде мен нетейін деп келсем, мына Асқарбай сізді нетіп жатыр екен. Біреудің үстіне қалай нетерсің?! Х: Иә,иә... /күлкі/ Қ: Ертесіне қалай да нетем деп келсем, сізді Сәрсенбай нетіп қойыпты. Сөйтіп, мен нете алмай қалдым. Х: Иә,иә... /күлкі/ Қ: Одан кейін де енді сәті түсетін шығар десем, Бисенбай нетіп кетіпті... Х: Иә, сол үйлерде қонақта болдым. Сіз ертерек келіп сұрағанда... сіз де нетуге болатын еді. /Күледі/ Түу! Менің де тілім жаңыла бастады. Қ: Мен-ақ үлгере алмай қалам. Кеше келсем, сіздің приемныйда Аманбай тұр. Дайындалып қойып едім, мен нетейін дейді. Әй, шырағым, мен дайындалғалы қашан, мен нетуім керек десем, жатып жалынып, жалбарынды. Ертең демалысқа кететін едім, бүгін нетіп кетейін, - деп болмайды. Қайтейін көндім, сіздің алдыңызда төбелесуге болмайды. Содан ол менің көзімді бақырайтып тұрып сізді нетіп кетті. Х: Енді қайтерсіз... Шақырғанның жолы қиын, бару керек. Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың деген... Қ: Иә,иә! Егер неткізбесеңіз неткенге зар боласыз. Біздің қазақ дұрыс айтады. Х: /күледі/ Сіз енді дұрыстап ашып айтпайсыз ба? Қ: Иә, дұрыстап, ашып... нетейінші... Х: Түу, сізге сөз жоқ. Ха-ха-ха! Қ: Бай-бай! Кешіре көріңіз... Тағы ұят болды-ау. Түсініңізші, мен қонаққа... нетіп... шақырып отырмын... Х: Осы сіз мені келеке, күлкі қылып отырған жоқсыз ба?! /Жорта қатуланады/ Қ: Ойбай, айта көрсеңіз! Құдай сақтасын! Мен сізді шынымен нетейін деп отырмын... Олла-білле! Х: Тоқтаңыз! Қайдағы бір сөздерді тауып аласыз?! "Нетіп", "олла-білле". Қ: /Сасады, қалбаңдайды, қалтырайды/. К-к-кешіріңіз...мына т-ттіл! ө-ө-өлтірді! Сізді н-н-нетуден басқа бөтен ойым жоқ! Х: Одан басқа не істейін деп едіңіз?! Қ: Тек сол! Болғаны бір... нету... Х: /күледі/ Түу, сізге ем жоқ екен... Ал сіздің тілмен айтқанда мен де сізді... неткім келіп отыр. Қ: /аң-таң/ А? Не дейсіз? Х: Нетемін сізді! Хатшыға келіп, жаман сөздер айтқаныңыз үшін жауапқа тартамын! Бюроға саламын! Қ: Ойбай, кешіріңіз, Онда нетпей-ақ қояйын, нетпей-ақ қояйын... Жайыма жүргенім дұрыс болар! Уһ! Аһ! Сізді нетпеймін... Уһ... Кетейін... /Көзі аларып, қылжиып, құлауға айналады/.
Х: И-и! Қойыңыз, тұра тұрыңыз. Мен жорта, жорта айтып едім. Өзіңіздің сөзіңізге қарай... нетіп. /қызметкерді ұстап басын сүйейді/ Жақсы, жақсы... Барамын сіздің үйге... Нетіңіз... неге қойыңыз. Қ: /есі жиып/ А-а? Нетейін бе? Неткізесіз бе? Х: Иә, иә, нете қойыңыз... Лұқсат. Қ: Өй, сау болыңыз, рахмет. Уһ, әйтеуір нететін болдым-ау! Х: Иә, иә, нетесіз, нетесіз... Ойпыр-ай, осындай да сөйлесу болады екен ғой... /Күлкі, екеуі шығып кетеді/
ТЕКСЕРУ Сол заманда тексеру, комиссия деген көп-ақ еді. Қазір де аз емес шығар, бірақ бүгінгі тексеріс ол кездегіге ұқсамайды. Қазіргілер көбіне бизнес, фирма,дүңгіршектерді жағалап, бірдеңе дәметіп, құлқындарын апандай ашып жүретіндер. Ал ол кезде бәрін де қарайтын, бақылайтын. Әсіресе, комплексті тексеру деген болады, па-а-ай, шіркін, нөпір комиссия құрылады, кілең ығай мен сығай уәкілдер ОМОН-ның десантындай сау етіп түсе қалады. Енді басыңызды ауыртып не қылайын, бір күні сондай комиссия Маңғыстау ауданына келді. Шалғай аудан, бәрін тексеріңдер, әсіресе ескіліктің қалдықтарын, дінге сенушілікті қатаң қараңдар деген нұсқау болған. Бұл адаайлар жеріміз әулиелі деп, діншілдікті қоятын емес, намаз оқиды, бала піштіреді, келіндеріне сәлем еткізеді т.с.с. ескіліктің қалдықтарына белшелерінен батып отырған көрінеді. Бұл жөнінде дабыл-арыздар да баршылық. Соны жіті бажайлап, жан-жақты жазып келіңдер, - депті, жоғарыдағы дөкейлер. Олар айтса болды, шабармандардың омпалай шабатына белгілі, жөңкіліп жетті бәрі де. Сөйтіп тексеріс басталды да кетті. Сумаңдаған сұрақтар, жампаңжампаң жауаптар. Бірдеңелерді қазымырланып қазу, сосын шиқылдаған жазу. Аудан қызметкерлері – біздер де барынша қимылдап жатырмыз. Кейбір нәрселерді жаба тоқып, жауып қалғың келеді. Қанға сіңген әдет-ғұрып, құдайына сенген діншілдік бар екені рас, бірақ соны мүмкіндігінше білдірмеуге, әлгілердің қаламына ілдірмеуге тырысамыз. Мен де ол кезде ауданның әлім-берім шенеунігі едім. Әлгілерді қарсы алып, еріп жүретіндердің бірімін. Басшыларымыз тапсырма беріп жатыр: Сақ болыңдар, анаумынау жағымсыз жайларды комиссия мүшелері көріп қалмасын, қолдан келгенше жұмсақ іспірәвкі жазатындай жағдай ұйымдастырыңдар дейді. Бірақ комиссия оған көне ме, кейде олайбылай дәлел айтып алдарқатсаң, кекесін атып, кердең қағады да, өз ойын жазады.
Сонымен жоғарыдан келген комиссия топ-топ болып бөлінді де, менің жетегіме екі адам берілді, бірі қазақ, екіншісі орыс. Қазақтар өздерін таныстықпен дұрыс қарамас, арасында жат көз болсын десе керек, уәкілдердің ішінде орыстар да бар. Бірақ менің орысым Алексей Петрович көп ештеңе түсінбейді және де қазақтар айдап салсаң, менсіз де бір-бірін жақсы талайды дейтін қу ма, көп үндемейді. Ал қазағым Мәукен деген жігіт – бір көрмеге жақсы адам, тәлім-тәрбиесі де тымтәуір, бірақ ұрты толған параграф пен пункт, нағыз заңқой. Пәлен ереженің түген тармағына сәйкес мынау былай болуы керек, неге олай емес деп қатып қалатын шырақ. Сонымен осы екеуін ертіп, бір мекемені тексеруге баратын болдым. Көшеде келе жатырмыз, бағытымыз әлгі мекеме. Бір уақытта сонадайдан көзім шалып қалды, бір келін келе жатыр. Шошып кеттім, себебі ол қазір мына комиссияның көзінше сәлем ететін пысықай. Айтқандай-ақ томпалаңдап маған қарай салып келеді. Бетімді бұрып, жолдың екінші жағына шығатындай ыңғаймен келін жөніне жүре берер десем, жоқ болмады. Ол да менің бағытыма бұрылды. Қап, ұятқа қалдыратын болды-ау, қайтадан кері қайырылып едім, келін де қайнағасының магниті тартқандай-ақ, маған қарай жалт бұрылды. Ойпыр-ай, тап мына комиссияның көзінше сәлем етіп, масқара қылатын болды, енді қайттім? Қасымдағылар да менің оңға, солға бұлтақтап жүргенімді түсінбей аң-таң. Соның арасында келін емпеңдеп жетіп келді де, кәдімгіше бір тізесін бүгіп, шоқаң ете қалды. Мен ыңғайсызданып сасып қалдым да, бірақ бір тәсіл есіме келе қалды. - Әй, шырағым, байқа, сүрініп кеттің ғой! – дедім ештеңе сезбегенсіп. - Жоқ, қайнаға, сүрінген жоғым, мен сізге... – деп пысық келін өзінің сәлем етіп тұрғанын білдіргісі келді, мен оның сөзін бөліп жібердім. - Қарағым, мына жоғарыдан келген үлкен қонақтардың алдын кес-кестеу ыңғайсыз. Және біздің көшелеріміз де тегіс емес, әлгіндей сүрініп кетіп, құлап қалсаң, ұят болады, - деп едім, келінім аузына құм құйылып, состиып қалды. Біз өтіп жүре бердік. Мәукен, сау болғыр, бұған мән бермеді, шынында да келіншек сүрініп кетті деп түсінген шығар. Ал Алексей Петрович сұрайды: - Что вы сказали? - Она перед нами споткнулась, я ей говорю "осторожно", - деймін. - А-а... Келесі күні қасымдағы комиссия қояр да қоймай, кез-келген бір үйге кіріп шығайық деп қолқалады. Алдын ала сұраудың қажеті жоқ, тек бір үйге бас сұғып, үй тұрмысымен танысайық дегенді айтты. Жарайды деп, өзімше бір үйді таңдап, соған кіргізейін... Ұлықсат сұрап, табалдырықтан аттасақ, мәссаған... бір қарт намаз оқып отыр. Мына комиссияға тап болуын қарашы... Және намазды бітіріп жатқан
кезі екен. Әлгі екі иығына кезек-кезек қарап, "Ассалаумағалейкүм..., Ассалаумағалейкүм" дейтін тұсы. Алексей Петрович әдеттегіше: - Что он говорит? – деп сұрайды. Мен сасып қалсам да, қапелімде қулық ойлап: - Не слышете ли? "Ассалаумағалейкүм" говорит. Старик здоровается,-деймін. - Ах, да! Здраствуйте, ақсақал, здравствуйте! – деп ол қалбалақтап жатыр. Ал Мәукен шалдың намаз оқып отырғанын түсініп қалды да, оған сұрақ қоя бастады. - Ата, намаз ба? – дейді. Шалдың құлағы тосаң. Мынау не деп тұр дегендей аңырайып маған қарайды. Мен түсіндірген болып, білдірмей бір әріпті жаңылыс айтамын. Мәукеннің қазақшасы шоқырақтау, менің бұл қулығымды байқамайды. Мен қарттың құлағына айқайлап: - Мынау тұрмысты байқап жүрген комиссия. Нан аз ба деп сұрайды! – деймін. «Намаз» дегенді «нан аз» деп. - Жоқ! Нан аз емес! Балалардың арқасында тоқпыз. Нан аз емес! – деп сау болғыр шал менің ойымнан шыға келді. - Көрдіңіз бе? – деймін тексерушіге, қария айтып отыр ғой, бұл намаз емес, тек жәй отырыс. Мәукен сенерін де, сенбесін де білмей, ақыры көнді-ау. Ертесіне Мәукен бір қызық істі бастады. - Маңғыстауда бала сүндеттеу көп көрінеді. Бұл жөнінде арыздар бар. Және де балаларды докторлар пішеді дейді. Сонда қалай, бұл ақ халатты адамдар енді молда болуға айналды ма? – деп сұрақты төтесінен қояды. Бұл енді белгілі нәрсе, елдің бала піштіретіні рас, және де молданы қойып, жеңілдігі, тазалығына қарай медицинаға көшкен. Ол кезде жұртты осылай қамтуға лұқсат жоқ, ішінара жасырын жасалынады, арыздардың жазылуы содан. Бірақ, докторлардың мұрттарын балта шаппайды, себебі пішкен балаларына "кіші дәрет жүрмейтін фимоз" деп диагноз қойған да, шеки берген. - Ойпыр-ай, бұл Маңғыстаудың балаларына жаппай фимоз деген індет келген бе?! Бірен-саран болса, бір сәрі, мынау түгелдей дерлік! - Айтпаңыз! Және бәрі тамыз айында мектепке барарда ауыратынын қараңызшы! – деп тексерушіні қоштап қойдым. - Жүріңіз, мектепке баралық! – деп шыға келді Мәукен, - балаларды қарайық. - Үйбай, оның несін қарайсыз? – деп мен шошып кеттім. - Көрейік, бір класты, қалай екен? – деді уәкіл. Қайтерсің, соның айтқаны заң. Мектепке келдік. Бірінші класқа кірдік. Оқытушы әйел екен, соған және барлық қыз оқушыларға шыға тұрыңдар деген ишарат берілді. Әйел кіндіктің бәрі шығып кетті. Мәукен бір балаға жақындап келді де: - Кәне, балақай, шалбарыңды шеш, - деді. Торсық шеке түкке түсінбей көзі бақырайып кетті. - Бол, бол! Шеш бәрін!
Баланың ата-анасы, ағайын-туғандары мұны еркелетіп бір сұрақтар қоятыны бар еді, мына кісі де соны сұрап тұр ма деп ойлап, ол: - Не, насыбай берейін бе? - деді. Мен күлкіден жарылып кете жаздадым. Мәукен түсінбей менен сұрайды: - Насыбайы несі? Ал Алексей Петрович тіпті шалқасынан түсе жаздады. - Откуда у него насыбай?! Мен езуімді жия алмай қиналсам да, түсіндіріп жатырмын. Маңғыстауда ер баланың піштіретін дүниесін қуақы тілмен "насыбай" дейді. Сосын баланы еркелетіп, "көрсет", "иіскет, әптүш!" деп ойнайтын әдет бар деймін. Соның арасынша тексергіш Мәукен тағы екі баланы шешіндіріп қарады. Енді балалар мына ағалар тек үшеуін ғана көріп кете ме, бізді де көрсін дегендей бәрі шешіне бастады. Және сүндет байғазысын алып үйреніп қалған еркелер мына кісілер де бірдеңе бере ме деп дәметсе керек. Бәрі домаланып, қонжаңдап, шүбірлесіп, әлгі бірдеңелері шошаңдап, бізді қоршап алды. - Аға, аға, менікін гөр! - Тұра тұршы, әуелі мені қарасын. - Аға, міне, міне... - Мынанікі дұрыс кесілмеген... - Ө-өшің дүйыш емеш! - Аға, байғазы бер! - Маған, маған... Алексей Петрович аң-таң: - Че они лезут, шо спрашивают? - Что тут непонятное? Посмотрел – плати! – деп күлемін. Бұл әзілді орыс қайдан түсінсін. - Маукен же затеял, пусть он платит, - деп азар-безер болды. Ой, қызық-ай, жабырласқан кілең жалаңбұт бөбектердің ортасында тұрмыз. Әзілкеш фотограф болса, "У первокласников сексуальный урок" деп шырт еткізсе, қатып кетер еді. Сонымен балалардың барлығы да піштірілген болып шықты. Алексей Петрович қуланып, миығынан күледі: - Похоже, здесь кроме меня все секир башка! Ақырында оқушыларға киініңдер дедік те, кластан шығып кеттік. Құлағым шалып қалды, бір бала сыпыртып жатыр, сірә, қақпай өсірген нағыз қайсар болса керек: - Өй, әкеңнің... Түк бермеді, онда неге келеді. Мұны білгенде мынаны көрсететін едім! – деп жұмулы томпиған қолынан бас бармағын шығарып жатыр. Маған елді бөріктіріп жүрген мына комиссияның нағыз сыбағасын әлгі нәресте беріп тұрғандай көрінді. Бірақ сыбағаның көкесі алда екен. Шыққаннан кейін Мәукен енді бір сүндеттелген баланың ата-анасымен сөйлесу керек, - деді. Мен ойланбастан –ақ жақын тұстағы бір үйді ыңғайладым. Едәуір
қызметкер Терек деген кісінің үйі. Ол кісі үйде жоқ екен, Сән деген жеңгеміз төсек салып, отырыңдар, қазір ағаларың келеді деп, ілтипат көрсетіп жатыр. Бұл жөн-жосықты білетін, сөзге тауып жауап бере алатын тілді әйел. Мәукен мәселеге тікесінен көшті. - Жеңгей, отыруға уақыт жоқ. Жаңа біз мектепке бардық, балалар түгелдей сүндеттелген, соның ішінде сіздің де кішкентайыңыз. Соның неге керегі бар? - Қарағым-ау, бір жапырақ терінің бізге керегі болды дейсің бе? Соның керегі болмағасын ғой, алдыртып тастағанымыз, - деп жеңгей ақсия күлді. – Қайным, ол айтуға тұрмайтын нәрсе.Онан да отырыңдар. Жеңгелерің қолынан жайланып шәй ішіңдер! - Как айтуға тұрмайтын нәрсе?! – деді де Мәукен белгілі мыжу әңгімені езе бастады. Дін деген апиын, жарқын болашақ коммунизмге жастар керемет болып баруы керек... Жеңгей сықылықтап күліп: - Апыр-ай, енді соған біздің балалардың кішкентайы машаит болып тұр ма?! – дейді. Бірақ оған дес беретін Мәукен жоқ, үйреншікті кеңселік сөздерін көсіп жатыр. Сән жеңге әрі-бері тыңдап тұрды да, жайнаңдаған жарқын күлкісімен былай деді: - Уәкіл қайным, сен бір ақылды жігіт екенсің. Сенде бұйымым бар. - Айтыңыз. - Айтсам, айып етпейсің. Артық кетсем, алдын ала кешірім өтінемін. - Жо-жоқ, ештеңе етпес, айтыңыз... - Баланың алдында ата-ананың міндеті көп. Соның бірі – мұсылманшылық сүндет парызы. Сенің ата-анаң да сол парызын өтеп, сені сүндетке отырғызған шығар... - ? Мәукеннің көзі жыпылықтап кетті. - Ал олай емес десең, кәне, көрсет! Жаңа біздің балаларды да шешіндіріпсің ғой. Жеңгелік хақында мен де сені қараймын. Ха-ха-ха! Көрейік, давай, шешін, қайным!! Уәкіл далаға қалай атып шыққанын өзі де байқамай қалды-ау деймін. Мұрнының астынан бірдеңе міңгірлеп келеді: - Өй, бұл әйел мені қайдан біледі?.. Сән жеңгей аңқылдап күліп, біздің соңымыздан қол бұлғап: - Дөкейлеріңе сәлем айтыңдар! Мәселе қарағанда мені шақыртсын, солардың өздерін де шешіндіру керек! Ха-ха-ха! – деп айқайлайды. Мен күлкіден қылғынып қалдым. Алексей Петрович ештеңе түсінбей, аузы аңырайып келеді. - В чем дело? Мен оны оңашалап, құлағына сыбырлаймын: - Тетушка его хотела посмотреть. Как в школе. - Что ты говоришь?! И байгазы предлагала...
- Да, он не берет. Важному персоне не удобно, - деп ушықтырып жатырмын. - Конечно, конечно, - дейді Петрович, сосын басын шайқап: - Интересно... интересно, - дейді. Интересно болғанда, бұдан артық не қызық болсын! Қасымда Мәукен сүмпеңдеп сүмірейіп келеді. - Мәке, осы бір оқиғаларды блокнотқа түртіп қояйық, ертең информацияға кірістіреміз ғой, - деймін сыр тартып. Ол үндемейді. Ал менің ішіме күлкіден динамит түскендей. Әй, сонда бір рахаттанып күлгенім-ай! Осы жоғарыдан келгендер өздері де елдің сынына түсетінін біле ме екен?
ҰҚСАСТЫҚ ӘЛЕГІ Адам адамға ұқсай береді. Ішінара бір кіндіктен шыққандардың, әсіресе егіздердің сойып қаптап қойғандай ұқсас болатыны белгілі. Ағайын, тумаластардың өңдес келуі табиғат заңы ғой, ал үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтендердің бір-бірінен айна-қатесіз айнымауы таң қалдырады. Басқа жұртты не қылайын, осындай ұқсастықтан өз қарабасымда айтарлықтай оқиғалар болды. Құдай-ау, мен біреулерге ұқсайды деген үш ұйықтасам, түсіме кіріп пе? Бірде көшеде келе жатыр едім, алдымнан бір егделеу кісі қарсы соқты. Анадайдан-ақ екі көзі менде, қарай береді, қарай береді. Мұнысы несі деп, танымайтын болған соң, үндемей өте беріп едім, ол тұра қалды. - Өй, күйеу бала, неге сәлем бермейсің?! – деді. Шошып кеттім, себебі әлі үйленбеген кезім еді. Бір-жар қыз-қырқынмен кино-синоға барып, қыдырып жүргенім болмаса, үйлену деген әзір ойымда да жоқ болатын. - Немене, алар қызыңды алғасын бізді менсінбейтін болдың ба? – деп, әлгі кісі мені бастырмалатып барады. - Кешіріңіз, мен... – деп міңгірлей бастап едім, ол болар емес. - "Кешіріңіз" – деп, қарындасымызды аларда бір тізерлеп шошайып, сызылып-ақ отыр едің, енді көшеде сәлем бермей, кердеңкердең етесің. Осындай жаманға шығып жүрген біздің қарындасымызда шайнам ақыл жоқ! Бұл отағасы мені ауылының бір күйеу баласымен шатастырып тұрғаны белгілі болды. Енді мен қулық ойға көштім. Әзір ешкімнің күйеуі емес екенім өзіме аян, несіне қысылайын. - Қарындасыңызда шайнам ақыл жоқ екенін мен де сезіп жүрмін, қайнаға. Бұлдап отырғаныңыз сол болса, қайтып алыңыз! – деп қойып қалдым. Әлгі кісі мұндайды күтпесе керек, состиып аузын ашты да қалды.
- Сәлем бергенше шыдамай, жаныңыз шығып бара ма? Әлде сіздің қарындасыңыз болмаса, мені бұл дүниеден әйелсіз өтеді дейсіз бе? Кешке апарып, әке-шешесінің қолына ұстатамын! – деп, қиғылықты салдым-ай келіп. "Қайнаға" не істерін білмей пүшәйман. - Қап, мынаның қорлығын-ай! – деп саса бастады. - Қайнаға болсаңыз, жөнімен болыңыз! Пайғамбар да күйеуін сыйлаған. Көшеде тиісіп адамға, о несі-ай! Керегіңіз сәлем болса, ішіңізді кептіруге болады. Тіпті басыңызға жағыңыз! Мә, алыңыз сәлемді! – деп, "Ассалаумағалейкумді" сыпыртып оншақты рет қайталап едім, алды-артына қарамай, кілт бұрылып жүре берді. Маған ұқсаса шын күйеуге обал жасадым-ау деп ойладым. Байғұс шіркіннің көрген күні енді не болмақ, қайын-жұрты оны шиге шаншитын шығар... Тағы бірде курортта демалыста жүргенім. Бір жігіт мені көргеннен-ақ іші бауырыма кіріп, бәйек болды. Жабысып, құшырлана құшақтап, бетімнен сүйіп келіп алды. Мен қапелімде сасып қалдым, бірақ біреу сені екі туып, бір қалғанындай құшақтап, сүйіп жатса, қарап тұруға бола ма? Шөп еткізіп мен де сүйіп алдым. Япыр-ау, бұл кім еді?! Жоқ, өңім түгілі түсімде де көрмеген адамым. Бірдеңе айтып, сөйлеп жатыр, мен түсінбеймін. Мәссаған, тіпті басқа ұлт болып шықты! Өз тілінде сұңқылдап жатыр, бірақ мен қақпай тұрғанымды қалай білдірейін. Ұят-тағы. Біреу жік-жапар болып, жалбаңдап тұрғанда, түсінбеймін деп не бетіңмен айтарсың? Дәу де болса осы аман-түгел сұрап жатқан шығар деп, басымды шұлғи бердім және араарасында ыржыңдап күліп қоям. Ақыры ол менің қақпай тұрғанымды сезіп қалды ма, орысша сөйлеп, былай деді: - Тгрикхей-ау, ана тіліңді ұмытып қалғансың ба? - Иә, ұмытып қалдым, - дедім бетім бүлк етпестен. Шынында да, білмейтін тілімді ұмытқан жоқпын десем, көмілдім ғой. - Е-е, елден кеткеніңе көп болды ғой, ондай-ондай болады, - деп мені алдарқатып жатыр. Мен Қазақстаннан аттап баспаған адаммын, ал мұның тілі сірә, Сібір, Қиыр Шығыс тұрғындарының бірінікі-ау деп жобаладым. Қай ұлттансың деп сұрай жаздап, аузымды жиып алдым. Ол өмешесі өшіп, өзімсініп тұрғанда, мұндай сұрақ қоюым нағыз көкбеттік болар еді... "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" дегендей, мен бұл ұқсастықтың кереметін кейін көрдім. Енді бұл-үйленген шағым. Үйкүй, бала-шаға бар деген сияқты. Бір кеште құдай қосқан қосағымды қолтықтап, паркте сейілдеп жүр едім. Алдымыздан кес-кестеп бір әйел шыға келді де, маған дүрсе қоя берді. - Қолыма түстің бе, алдамшы! Мені сүйемін-күйемін дейсің де, өзің мына қатынмен қыдырасың, опасыз ит! – деді де шапалақпен бетіме беріп кеп жібергені. Жағымның оты жарқ ете қалды. - Сіз жынданған шығарсыз, - дедім сасқалақтап.
- Оттапсың! "Сіз" дейді-ау ұялмай бұл шошқа! Бес жыл бойы "сен" болып, енді бүгін "сіз" бола қалдым ба саған! Өй, пері, мұншама залым болармысың?! Келіншегімнің не күйге түскенін өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз. Ызаға булығып, әлгі әйелге: - Сіз дұрыстап түсіндіріңіз, не болды? – деп еді, ол енді бұған шаптығып шыға келді. - Не болғанын мен сенен сұрауым керек, дүзіқара! Шашыңды жұлып қолыңа берейін бе, осы! Сенің мына құшақтап келе жатқаның – менің байым! Әйелім көзінің жасын сығып жіберді. - Өзімнің де күдігім бар еді. Еркекке сенбе деген рас екен. Ал, рұқсат, бара ғой, ана әйеліңе! – деді де шапалақпен екінші жағыма шарт еткізді. Бір есептен, екі бетім бірдей дулап жақсы болды. Бірақ ол тұста бетті ойлау қайда, шырқырап, еш күнәсіз екенімді түсіндіргім келді, амал қайсы, түсіндіре алмадым. Өз әйелім үйге тайып тұрды, ал әлгі шатақ әйел мені қолымнан шап беріп ұстап, сүйрей жөнелді. - Қайда? – деп сұраймын мен бейбақ. - Үйге дағы, албасты! Тұра тұр, саған көресіні үйде көрсетермін! Қайтейін, не болса да, көнуге тура келді, жігіт басыммен әйелмен төбелесу тағы масқарашылық. Сөйтіп, жетекке ерген желмаядай, әлгі әйелге еріп желіп келем. Үйіне келсек, бір еркек отыр. Әйел шошып кетті. - Астапыралла! Сен үйде ме едің? – деді. Есі ауысқандай жалтақтап, анаған да, маған да қарай берді. Үйіндегі ер адам, сірә, күйеуі болса керек, әңгірлеп шыға келді. - Иә, үйдемін! Немене, үйде болмасам, мына жігітпен жатар ма едің, малғұн! Мен жоқта сенің күндегі істеп жүргенің осы шығар?! – деп, әйелді қойып келіп қалып еді, ол домалап, үйдің түкпірінен бір-ақ шықты. Қап, өзіне сол керек деп, айызым қанып, өшім алынғандай болып тұрғанда, әлгі жігіт маған бас салды. Мен де тайсалмадым. Екі әйелден жеген шапалақ және маған тағылған орынсыз күнәлар зығырданымды қайнатып тұр еді. Келсең кел деп, мен де ұмтылдым. Үйдің ат-көпірін шығарып, біраз төбелестік. Бір уақытта манағы әйел есін жиып тұрды да, ойбайды салып, араға түсті. - Айнаға қараңдаршы! Екеуің бір-біріңнен айнымайсыңдар. Тіпті киімдерің де бірдей. Бар кінә менде, екеуіңді шатастырып... – дейді. Шынында да жаңа жағаласып жүргенде ойлап қойған едім, тіпті жүзі таныс, күнде көріп жүрген кісі сияқты. Ол да танитын сияқтымын деп, мені қайта-қайта қостап қойған. Содан әлгі әйел қояр да қоймай екеумізді айнаның алдына апарсын. Ой, сұмдық-ай! Екеуміз егіз қозыдаймыз. Шіркін, ширпотребтің арқасында киімдеріміз де суыртпағына дейін ұқсап тұр. - Мына жігіт келіншегімен келе жатыр екен ғой, мен сен екен деп ұрыс шығарып, үйге алып келдім, ұят-ай, - деді әйелі кәдімгідей қысылып.
- Сенің қызғаншақтығың бір күні бәлеге соқтырады дегенім қайда? Міне, болды да қойды, - деп күйеуі қабағын түйіп, - мына жігітке обал болған екен, енді бұл үйіне қалай барады? - Жалғыз өзім барсам, сенбейді. Сендер бірге барып түсіндірулерің керек, - дедім мен. Соған келісіп, біздің үйге келдік, «Әуелі сендер кіріңдер», - деп оларды алдымен өткіздім. Пай, менің келіншегім де қаһарына мініп отыр екен. Ана екеуін көре сала: - А, - а, сен мына жезбикені үйге ертіп келдің бе? Шығыңдар, ұятсыздар! – деп, жігітті жаққа шапалақпен тартып келіп жіберді. Құдай сақтап, өзімнің бірінші кірмегенім қандай жақсы болған. Соның арқасында есіктен мен көріне бастап едім, әйелім аң-таң болды да, көзі аларып, құлай кетті. Жандәрмен су бүркіп, дәрі иіскетіп, менің сәулешім өзіне келді-ау, садағаң кетейін. - Менің, сірә, есім ауып, көзім қылиланып кеткен шығар. Мына сұрқия екеу болып көрінеді, - деді ол мені нұсқап. - Жоқ, замандас, сенің өзің де, көзің де сау. Бұлар шынында да екеу және өте ұқсас. Мен де шатастырып, сіздерге қиянат жасап алдым. Құдай үшін кешіре көріңіздер, - деді паркте мені жетелеп кететін әйел. Уһ! Ақыры түсіністік-ау, әйтеуір. Сөйтіп мен беті әрмен ұқсастықтан осылай әлекке түскенім бар.
С-Н-О-Қ-А! Бәти жеңгей жұмыста отыр еді. Біреулер хабарласып, жас келінге құтты болсын айтамыз, үйіңізге барамыз – деді. Өздері асығыс. Жұмыстан ерте кетуге болмайды. Звондап қазанға тамақ салдыра берейін деп ойлады Бәти. Үйде жаңа түскен жас келін – Қамар жалғыз. - Әлө, Қамаржан. Үйге екі-үш қонақ келетін болды. Саған құтты болсын айтамыз, - дейді. Асығыс жолаушылар. Мен қазір жұмыстан шыға алмаймын. Сондықтан сен қазанға тамақ сала бер, мен жайрақ келемін. - Мамочка, үйде тамақ көп, нан, колбаса, сыр, винегрет, борщтың қалғаны, - бәрін қазанға салайын ба? - Жо-жоқ, қаршағым, тамақ дегенім ет қой, ет асу керек. - Холодильникте ет бар ғой... - Иә, сол етті шығар, не салатыңынды мен айтайын. - Жақсы, мамочка... - Екі омыртқа, омыртқаны білесің ғой... - Білем мамочка. Только не омыртқа, а по моему жо-о-мыртқа... яйчко! Жо-о-мыртқа салайын ба, қазанға... - Үйбәй, айналайын, жұмыртқа емес, омыртқа! Малдың арқасында болады ғой... - Ну, даешь мамочка! Малдың арқасында жүн болады ғой... - Не дейді! Қарағым-ау жүнің не? Омыртқа еті бар сүйек,екі жағында қанаты бар... - А-а,қанаты...Крылья курочка что ли? Қазанға құс салайынба?
- Ух! Құс емес, шұнақ құдай! Екі жағында қанат сияқты шығып тұрған сүйегі бар...былай...самолет сияқты. - Да-да! Мынау екен ғой, таптым.Сосын не алайын? - Қабыртқа,төрт тал. - Ой интересно, то омыртқа,то қабыртқа...Мама, аттары ұқсас екен.Анау самолет сияқты болса,мынау вертолет... - Жоқ ,ойбай! Бұл күржиген қисық сүйек. - Ой,мама, мында прямой сүйек жоқ қой, бәрі қисық... - Қап енді не десем екен? Е-е... Хоккей ойнайтын ағаш бар ғой... - Клюшка? - Я-я,клюшка,қабыртқа сол сияқты . - Таптым,таптым... - Содан төрт тал. - Мама,сіз «төрт тал» дейсіз,как-то я слышала что тал –это ағаш... - Патшам-ау,бұл жерде «тал» - түйір деген мағынада:Штөк... - Что-то? Ну,мамочка,разве можно так...Ой,ұялам... Штөк деген ұят қой! - Тьфу! Не айтып қойдым! Жаным-ау,сен түсінбей тұрсың,олай емес.Төрт дана екен... - А-а,слава богу значит четыре штуки...Мама,тағы не? - Енді жілік сал... - Жилы? Мама,ол жоқ, тогда еще бәрін кесіп,холодец жасадық қой. - Ту, қарағым-ай,сен сіңірді айтып тұрсың ба? Сіңір емес,үлкен жұмыр сүйек,еті бар. - Ой, мама, не знаю! - Ортан жілік дегенді білесіңбе? - Ортан деген средний деген бе? Ну,мама, откуда я знаю – какой средний, какой крайний? -О, жасаған-ай, бұған не айтуға болады? Кәрі жілікті де танымайсың ба? - Чего? Разве старый сүйек, молодой сүйек деп те отличаются? Ну, мама, бір баранда неужели бір кость жас, бір кость кәрі? - Ту, шіркін, саған сөз жоқ екен! Әй,шырағым,не де болса,қолыңа түскен екі сүйекті салшы. Сосын бір білем құйрық сал! - Что? Құйрық – это хвост что ли? Где тут хвост? - Ойбай-ойбай!!! Шырағым, қоя ғой, өзім келейін! Вот саған с-н-о-қ-а!
ЖЫБЫРЛАҚ Дәрігер.Медбике. Бір әйел кіреді. Әйел: Кіруге бола ма? Дәрігер: Келіңіз, отырыңыз. Шаруаңызды айта беріңіз.
Әйел: Көмектес көріңіз /жылайды/. Сізден бір ем болмаса, тіпті қиын болып тұр. Дәрігер: Сіз ауырасыз ба? Әйел: Жо-жоқ. Біздің үйдегі... Дәрігер: Жолдасыңыз ба? Әйел: Иә, күйеуім... Дәрігер: Қай жері ауырады? Давление ме? Әйел: Жо-жоқ. Иттің давлениесі нормально. Дәрігер: Жүрегі ме? Әйел: Құрғырдың жүрегі де сау. Бүйтіп жүргенше инфаркт соқса дұрыс болар еді... Дәрігер: Басы ауыра ма? Нерві? Әйел: Иттің тіпті ештеңесі де ауырмайды. Дәрігер: Енді не сонда? Неге келдіңіз? Әйел: Айтуға ұят енді... Бірақ айтайын... Ол жыбырлақ. Дәрігер: Не? Құйрығында құрты бар ма? Әйел: Жоқ, оның құрты басқа жерде. Дәрігер: Апыр-ай... Жыбырлақ... жыбырлақ дейсіз ә? Бізде мұндай ауру жоқ. Мүмкін тырысқақ шығар. Бірақ ол тіпті жаман ауру. Әйел: Өй-бай...Мынау да жаман, түрі құрсын. Дәрігер: Қалай сонда? Айтсаңызшы... Әйел: Ол әйел көрсе жыбырлайды. Қырындай бастайды. Дәрігер: Өй, жігіт екен ғой. Әйел: Әдірем қалсын соның жігіттігі. Қарқ болатын түгі де жоқ. Тек арсыздықпен кездескен әйелге жабыса кетеді. Дәрігер: Қызық екен... Әйел: Несі қызық, ұят тағы. Етек көрсе, есінен адасып, ыржаңдай бастайды. Осыны емдей көріңіз! Дәрігер: Мұны емдеуге болады. Әйел: Тәңір жарылқағыр, көмектесіңіз. Сіз белгілі эстрасенс дәрігерсіз ғой. Барлық гипноз, дұғаңызды аямаңыз. Мен дн ақшаны аямаймын. Дәрігер: Міне-міне... Қазір қатырамыз. Дүниеде енді еш әйелдің бетіне қарамайтын қылам... Әйел: Үйбай-ай, өзінің жеке меншік әйелі мен бармын ғой, мені ұмытып кетіп жүрмесін... Дәрігер: Иә, солай екен ғой. Енді тек жалғыз сенің үстінде болады... Ах, кешіріңіз, тек саған қарайды дегенім ғой... Қайда өзі? Әйел: Сыртта, коридорда. Дәрігер: /медбикеге/ Сестра, шақыр. Кірсін. Медбике: / сахнаның сыртына/ Кіріңіз. Жігіт: /кіре медбикеге жылмаңдай бастайды/ Қарындас, қандай тамашасыз! Сіздей сұлуды көргеніме қуаныштымын. Кешке кездесуге қалай қарайсыз? Әйел: /дәрігерге/ Міне, көрдіңіз бе? Өй, найсап, түк ұяты жоқ. Дәрігер: қам жемеңіз, қазір емдейміз.
Жігіт: /енді өз әйелін сыртынан танымай/: Ах, мына бір періште отыр ғой. Қандай керемет! /Танып қалып/ Тіфу, менің өз қатыным ғой. Ей, сен неғып отырсың? Әйел: /күліп, бетін шымшып/ Үй-бәй! Мына албастыға не айтуға болады. Дәрігер /жігітке/: Отырыңыз. Қазір емдейміз. Жігіт: О, неғылған ем? Мен ауру емеспін. Дәрігер: Сен аурусың... /экстрасенс, гипноздың қимылдарын жасайды/. Сен еркек адамның жаман ауруына ұшырағансың... Және ол асқынып кеткен...Көзіңді жұм, денеңді бос ұста. Сүф! Енді ұйықта, ұйықта! /әйелге/ Бұл арбауға түсті. Енді установка беремін. /Экстрасенстік қимылдар жасайды. Жігіт мұның колдарының ыңғайына қарай қисаңдайды/ Сен енді кез келген әйелге қырындауыңды қоясың. Өзі көбіне қандай әйелдерге әуес? Аққұбаларды жақсы көретін шығар, ә? Әйел: Иә, сондайлардың соңынан қалмайды. Дәрігер: Сен бүгіннен бастап аққұба қыз-келіншектерден аулақ жүретін бол! Әйел: Дәрігер мырза, мен дұрыс айтпаппын. Бұл оңбаған қара, күреңдерге де тыным бермейді. Дәрігер: Енді қара торы, тіпті сары, қызыл, көк барлық түсті ұрғашыларға жолаушы болма! Өзі әсіресе жастарды жақсы көретін шығар, ә! /Әйел басын изейді/ Бүгіннен бастап жас қыз-келіншектердің маңынан жүруші болма! Әйел: Үйбәй, тек қана жас емес, бұған кәрі-құртаң бәрі бір! Дәрігер: В общем, бүкіл әйел затына кемпір-сампырға шейін біреуіне тиісуші болма! Әйел: Үйбәй-ау, дәрігер жолдас, мен бармын ғой. Тек мені,мені... Дәрігер: Ах, солай екен ғой. Иә! Иә! Тек өз қатыныңмен болатын бол! Сүф! Сүф! Ал бітті, миына программа салдық. Енді оятамыз! Оян! Оян! Ұйқыңды аш! Қазір тексереміз. Көзіңді ашып, жан-жағыңызға қараңыз. Мына сестра қыз қалай? Кешке қыдырғысы келеді. /Жігіт басын шайқап, қолын сілтейді/ О, ем қонған! Көрдіңіз бе? /Әйел қуанады/ Ал мына сұлуға қалай қарайсыз? /Әйелін көрсетеді/ Қандай тамаша! Өз махаббатың... /Жігіт тыжырынып, қолын сілтейді/ Әйел: Ойбай, мынау қайтеді-ай! И, ең болмаса маған... Жігіт: /дәрігерге қолын созып, ұмтылады/ Қандай сұлу адамсыз! Жаным менің!!! Сен тұрғанда,тіпті ұрғашы құрысын! Сүйем сені! Жүріңіз, қыдырайық! Дәрігер: ойбай, қойыңыз. Мен еркекпін ғой. Ойпыр-ай, өз емім өзіме ауып кетті-ау. /Жігіт бұған жетіп, сүйем деп ұмтыла береді, дәрігер столды айналып қашады. Бірін-бірі қуалап, сестра үшеуі шығып кетеді.
Әйел: Халқым-ау, енді қайтем? Бірақ бір есептен дұрыс болды. Әйелдердің мазасын алғаннан, жүрсін еркектер осылай өздері! /Шығып кетеді/.
СЕНСАЦИЯ Гинеколог дәрігердің кабинеті. Екі кісі кіреді. Біреуі – іші алапат үлкен екіқабат әйел, екіншісі – күйеуі. Әйел теңселіп зорға қозғалады, ері демеп келеді. Ері: Уф! Зорға жеттік-ау. Сәлемәтсіз ба? Кірейік пе? Дәрігер: Сіз қайда барасыз? Әйеліңізге қосылып, бірге туайын деп жүрген жоқсыз ба? Ері: Мынадай қорлыққа көнгенше өзім-ақ тусам болар еді.Тіпті мына байғұс өлетін болды. Дәрігер: Әйеліңізге жаныңыз ашитын болса, жайыңызға қарап жүрмейсіз бе? Әйел: Иә, соны айтшы. Бұл антұрған адамға тыным бермейді. Ері: Әй, оттама! Әйелім болғаннан кейін сенің етегіңе намаз оқиын ба? Бірақ, дәрігер жолдас, енді болары болды, әңгіме онда емес. Мынау шықпайды. Дәрігер: Не шықпайды? Ері: /әйелінің ішін нұсқап/ мына бала... Дәрігер: Сіз "шықпайды" деп қалай сөйлейсіз? Не, ол сарайдың ішінде отыр ма? Тумайды демейсіз бе? Ері: Иә, тумайды, тумай кеткір! Дәрігер: Е-е, ондай болады. Мүмкін сүріп жүрген шығар... Түйенің етіне жерік болған жоқ па? Ері: Ойбай, түйе дегенің түк емес, осының пілден ойы болды-ау деймін, тіпті ұзап кетті. Әйел: Өй, әдірем қал! Түйе, піл дейді-ау, осы аштықта бір жапырақ тышқанның етіне зар қылып отырып... Дәрігер: /әйелді айналып қарап/ Ойпыр-ай, мынау сұмдық қой! Өмірімде қанша әйел туғыздым, мынадай үлкен ішті көрген емеспін! /басын шайқап, таңдайын қағады/ Туатын уақытыңыздан қанша асты? Әйел: Бес жыл... Дәрігер: А?! Не дейсің? Ері: Естімей тұрсың ба, бұл сорлының туа алмай жүргеніне бес жыл! Дәрігер: Мүмкін емес! Бес апта шығар... Тіпті ол да көп! Ері: Әй, шырағым-ай, жер шалғай, түу бір түкпірдегі ауылданбыз. Және де әне туады, міне туады деп жүре беріппіз... Дәрігер: Түһ, құдай сақтасын! Мынау сенсация, бұрын соңды болмаған жәй! Бұл бала әлдеқашан өліп қалған шығар, кәне тыңдайыншы... /құлағын әйелдің ішіне тосады. Іші бүлк ете қалады да, оның басын қағып жібереді/
Дәрігер: /шалқалақтап, басын ұстап/ Астағыпыралла, мынадайды кім көрген! Іштен тебеді-ай, атаңа нәлет! Іштен: Өшің әтен нәлет! Дәрігер: /көзі аларып, құлап қала жаздайды, ері сүйеп ұстап қалады/ Уһ! Мынау масқара ғой! Құрсақта жатып тілі шыққан ба? Ері: Үйбай, мұның тілі баяғыда шықты. Сөйлегенде әңгіменің түбін түсіреді. Іштен: Инді кәйтеміш, бәшкә ермек шөк. Шөшін шөйлейміш... Ері: Әй, оттама! Мына доктордан ұялсайшы, көп бөспе! Іштен: Төктір бөлшә, өшіне төктір. Мәгән кәшеті шөк. /Бала осылай шүлдірлеп шүлжің сөйлейді/. Дәрігер: Қап, мынаның қорлығын-ай! Әй, мұны УЗИ-мен қарайық, қалай екен, көрейік. /Әйелдің ішіне УЗИ-дің шылбырына жалғанған таяқшаны тақайды. Іш бүлк етіп, таяқшаны теуіп жібереді/. Туһ, мына оңбаған қайтеді-ай! Іштен: Өшің уңбаған! Ері: Тоқташы-ей, қу тентек! Тыныштал, мына гинеколог көрсін... Іштен: И-и, ушы гинекөлік деген де қышық, үңгіл-шүңгіл тешікке шігәләйді дә шатады. Дәрігер: Енді жұмысымыз солай болған соң қайтеміз. Әйел: Қойшы, айналайын, құлдығым. Бұл жолы тесік емес, сені телевизорге түсірейін деп жатыр. Іштен: А? Рәш пә? Урә! Әләкәй! Мені телевизөрге түшірәді... Дәвәй, дәвәй... Дәрігер: /әйелдің ішіне тақшаны тигізгенде жылт етіп экран жанады да, бүк жатқан бала көрінеді/ Па! Сабазыңның жатысын! Әй, шырағым, бұл не жатыс? Шықпайсың ба, бері қарай? Іштен: Не бәрі ө шақта? Улмешінің күнін көру үчін бәрәм бә? Әлде туә сәлә өлу учін бәрәм бә? Әйел: Жарығым-ау, жаман сөз айтпа. Ел қатарлы боламыз да... Іштен: Титіктәгән елде не кәтәр бәр... Мәмә, әуелде билдірдім шиндерге, Мені жашамай-ақ көйіңдер, өмір қиін деп... Тіпті тыңдәмәйшіңдер, Пәпәм екеуің күн шәйін мәхәббәт бөләшіңдәр дә шатасыңдар... Ері: Әй, жүгермек, енді махаббатты да сенен сұраймыз ба? Іштен: Пәпә, кешір, сенде әкіл шөқ. Әуелі жәгдәйді, отәуді жәйлап алу керек дегенді білмейшің! Ері: Тарт тіліңді оңбаған! Көрсетем мен саған! /Ұмтылады/ Шапалақпен ұрайын ба, осы құйрығыңа! Әйелі: Әй, көктемегір, өзім зорға тұрғанда, сен байқа! Ері: Жоқ, ештеңе етпес, әкелші құйрығыңның тұсын, осып жіберейін /ұмтылады, дәрігер жібермейді/. Іштен: /ішті селкілдетіп, түрткілеп жатыр/ Келшең кил! Көрікпәймін шенен! Дәләдә кездешшең тәлкәніңді шыгәрәр едім!
Дәрігер: Ойбай, араша! Іш пен сырт төбелесіп, масқара болармыз! Сап-сап... мынадайды кім көрген... /Ортаға түсіп, бәйек болады/ Іштен: Бәлә әтә-әнәні тәңдәмәйді. Сіңірі шыккән бәйгүш кедейлерге тап бөлгәнімді кәрәшәйші. Пәй-пәй, әнә шалқып өтіргән бизнешменнің беліне де бітпеген екенмін!.. Шөнда тіпті жеті айда-ақ атып шығар едім! Ері: Әй, атаңа нәлет, сен бізді оскарбить етуіңді қоясың ба, қоймайсың ба? Хватит! Іштен: Жә,ләдні, кешіріңіз, тек бір мечтать етіп кеткенім ғой... Әйел: Айналайын, жаным, құлдығым, заман жаман деп жата бересің бе? Қайтерсің, құдайдың басқа салғаны ғой! Іштен: Күдәй емес бәшкә сәлгән, башкәлар. Әнә мен бәлаға, кәзір ішкәндәй кәмкөрлік шөк. Баяғы көмек, льгот, жеңілдік дегендерді күртті. Тіпті саган декрет демәлішін дұрыс бермейді. Пәпә жұміс шәшәмәйді, үйде табыс жөк, аштық. Сенде мені емізетін сүт те шөк. Сөндә кәләй күн көреміз... /Бала бақырып жылайды/. Әйел: /Ішін теңселтіп, баланы жұбатады/ Қоя ғой, жаным. Жылама, құлыным! Мейлі, құрсағымда жата бер, Сені туып өлтіріп алғаннан, ішімде тірі болғаның дұрыс. Ері: Ойбай-ау, қашанғы жата береді?! Әй, сүмелек, өзің жалпы қашан туатын ойың бар? Іштен: Күдәй кәләсә, екі мин отызинші шылы. Сонда керемет болады дейді ғой. Шұмаққа күмп ете түшем! /тырқ-тырқ күледі/. Әйел: Қалқам-ау оған дейін кім бар, кім жоқ... Дәрігер: Жоқ, бұған келіспейміз! Сақал шыққанша жата бере ме?! Шешесін өлтіреді, өзі де өледі. Мен қазір кесерово сечение жасаймын! Іштен: Пәпрөбуй төлкі! Игер шен кешір сечение шашашаң, мин шекир бәшкә шашаймын! Туа көйсәм, рекет, бандә болам дә, сені күртәм! Кәррәм-баа! Дәрігер: Ойбай, бәлеге қалдық. Не дейді-ай! Енді қайттік? Қой, құрысын, беті аулақ. Ері: Жолдас дәрігер, УЗИ-ді сөндір /сөнеді/ Тс-с-с, екеуміз бір амалын табайық. /дәрігерді былайырақ алып кетіп, сыбырлап сөйлейді/. Мұны алдап шығару керек. Үкімет барлық жағдайды жасайтын болды, өмір жақсарады дейік... Дәрігер: И-и, бұл бәле сенбейді ғой, бәрін біліп жатыр... Ері: Қанша дегенмен бала ғой, сендіру керек. Және шешесіне жаны ашыр.. Дәрігер: Апырай-ә? Дегенмен байқап көрелік... /Әйелдің қасына келіп, ішін қағады. Түк-түк-түк.../ - Әй, бала!.. Іштен: Кіруге лұқсат жоқ! /Тырқылдап күледі/ Сендерге не керек?
Дәрігер: Әй, қарағым! /Тағы қағады. Түк-түк-түк/ Сен тыңдашы, дұрыстап тыңда! Заман өзгеретін болды. Мына жоғарыдағы ағаларың, үкімет, кілең Министрлер бәрін жайнатып жатыр... Іштен: Қойшы-ей... Жанағының әрасында ма? Автомат екен ғой өшдері... /тырқылдап тағы күледі/ Мүмкін емес. Ері: Енді бәрі өз қолдарында ғой, тез жасауға мүмкіндіктері бар. Міне, бәрін қатырып жатыр. Дәрігер: Сен туралы да үкімет біліп отыр. Телеграмма келді. Бесжылбайға сәлем депті. Көрдің бе, құрсақта бес жыл жатқан соң, саған Бесжылбай деп ат қойыпты. Мамасын аясын, шықсың сыртқа, барлық жағдайды жасаймыз депті. Іштен: Кәне, көршет телеграмды. Дәрігер: /Қағазды әйелдің етегінен тосып/ Қалай көрсетеміз? Сен ол үшін шығуың керек қой... Іштен: Иә, шолай екен гөй... Ал өмір шынымен жақсара ма? Екеуі: /дабырласып, өтірікті зулатып жатыр/ - Иә, барлық льгот, пособие берілетін болды. Пенсия, жалақы дегендер төгіліп жатыр. Нарық бізді қарық қылды... Табыс көбейіп жатыр. Баға арзан, теңге құнды... Жұмыссыздық жоғалды. Іштен: Рас па? Неушели? Екеуі: Рас, рас! Олла, білле! Әйел: Балам-ау, мыналар өт... Ері: /әйелінің аузын алақанымен жаба қояды/ Жап аузыңды! Іштен: Мәмә, шен не дедің? Мыналар өт... дегенің не? Дәрігер: Мыналар өте дұрыс айтады дейді. Ауырып, дұрыс сөйлей алмай тұр. Бес жыл бала көтеру оңай ма? Сенің де шешеңе жаның ашымайды екен. Бес жыл оны кепілдікке заложник етуге ұялмайсың ба? Іштен: Иә, мәмәмді шүйемін. Шәнім ашиды. Ері: Өй, айналып кетейін, онда шыға ғой... Іштен:Әй, тегі кәйтәләшы... Өмірдің шақшарып жатқаны рәс па? Екеуі: Рас,рас. Кел, кел, көре ғой... Іштен: Онда туайын. Мәмәмә деп шәнім әшиді... Туайын... /Дәрігер және күйеуі әйелді сүймелдеп сахнаның сыртына алып кетеді. Уһлеген, аһлаған дыбыстар шығады. Бала әкесі мен дәрігерді сахнаға қуып шығып, сахнаны айналдыра тырқыратып жүреді/. Бала: Қайда әлгі шақсарған өмірі? Тілгірәм кәйсі? Ойбай, мыналар мені алдапты. Үкіметтің өмірді түзететіні қайда?! Қашан! Қәшән! Ө-ө-ө! /Жылап шығып кетеді.
КЕМПІР НЕ ДЕЙДІ,КЕЛІМСЕК НЕ ДЕЙДІ? Үстел басында бастық отыр. Орыс жігіті. Бөлмеге қазақ кемпірі келеді. Кемпір: Кіруге бола ма, бастық. Мөжні? Бастық: /немқұрайлы/: Подождите немножко!
Кемпір: "Е, мнөжкі" дегені – мөжні дегені ғой. Сәлематсыз ба? Аман...? /Жақындайды/. Бастық: Извините, я не понимаю. Ай как, теперь? Кемпір: Ә-ә, айта бер, дейді ғой. Менің келгенім... Бастық: Я не понимаю ваш язык. И секретарша ушла. Не сидит на месте, как бабочка. Кемпір: Шырағым, менің бәбушкә, екенім рас. Бірақ сен маған қазақша сөйлесейші. Мен – қазақ бәбушкә. Бастық: Ну, я не знаю! Не понимаю! /Басын шайқап,қолын сілтеп, түсінбейтінін білдірді/. Кемпір: Мә-ә, шұнақ құдай-ау, мынау қазақша қақпайды екен ғой. Халық келетін орында отырып алып, мұнысы несі-ай?! Бастық: Ну, не знаю. Может, я как-нибудь помочь сумею, может, сумею... Кемпір: Иә, дұрыс айтасың! Су ми болсаң, су ми шығарсың. Осы жерге келгелі он-он бес жыл өтті, әлі қазақша түк білмейсің... Сумимын деп мойындауың жөн. Бастық: Да-да, может и сумею. Ну еще нет секретарши, ай, как теперь? Кемпір: Әне, айта бер дейді, бірақ өзі қазақша түк түсінбейді. Әлгі екі тілді білу керек дегені қайды? Сендер, білулерің керек қой қос тілді. Қос тіл! Бастық: Костыль? Что костыль? Зачем костыль? Что у вас индвалид есть? Кемпір: Өй-бө-өй! Бұл қалай болды?. Бұл не? Қалай? Бастық: Правильно. Я – Николай. Николай Петрович. Кемпір: Уһ! Қой, кетейін. Сенен ештеңе шықпас. Мәкәләй Петроуш... Бастық: Ну, нет пока секретарши, ай как теперь? Кемпір: тағы айта бер дейді. Дегенмен, алыстан келдім ғой, осыған түсіндіріп көрейін... Жолдас бастық, бізге балабақша керек еді, бақша... Бастық: Ақша? Ақша говорите? Ақша нет! Кемпір: Ө, қасқаның басқаны түсінбесе де, ақшаны түсінуін қарашы! Құлқынын ақша тескен келімсек. Бұлар сол үшін жүргендер ғой! Әй, ақша емес, бақша... Балаға, немереме... Ө-ө-ө, мынадай... /қолымен бала құшақтаған болып көрсетеді/. Бастық: А-а-а... У вас дети... Дети у всех есть. У вас маленький. А у меня большой. В Москве... В Москве! Кемпір: Мәсківәсі несі-ай! Не, Мәсквіға жаз дейсің бе? Ой, олар да шешпейді деп естідік. Иә, солай деп естідік. Бастық: Дефицит, говорите? Правильно, сейчас все дефицит, кругом дефицит. Ну, секретарша скоро придет, наверно. Пока продолжаем.
Кемпір: Жайың дейсің бе? /Не жайымды сұрайсың? Біз он жанбыз. Он! Он шалабақ/. Өзіміз жертөледе тұрамыз. Жертөле... Жертөле... Бастық: Вертолет? Причем тут вертолет?! Кемпір: Иә, жертөле... Сол жертөле енді құлайды. Упал болады. Упал...упал... Бастық: Вертөлет упал? Где это было? Что-то я не слыхал... Кемпір: Хал құрсын, несін сұрайсың?! Он жанбыз дедім ғой. Он жанбыз. Балаларым, немерелерім. Қызым, дочка, дочка... Ал үй қуықтай. Міне, мынадай /Қолымен сипалап, кіндік жағын көрсетеді/. Бастық: Что дочка беременная? Ну что же? Кемпір: Не дейсің? Беремін, дейсің бе? Бастық: Ну, если беременная, что же? Кемпір: Ойпыр-ай, мынау беремін дейді! Бастық: Дочка – это хорошо, ей-ей, хорошо! Кемпір: Айналып қана кетейін, мынау тошно беремін дейді. Үй хороший дейді-ай! Бастық: Что-что? Ну, дочь беременна, не понимаю, что из этого? Просто поздравляем... Кемпір: Әне, тіпті әлгі боздравләю деді. Беремін дейді, аузыңнан айналайын. Қой енді үйіме барайын, қуантайын. Үйге барам! Сүйінші сұраймын. Барам! Бастық: Что-что! Кто баран! Почему обзываете? Гражданка, зачем так?.. /Бастық есікке беттеген кемпірдің соңынан шығады/.
"КҮТЕ ТҰРЫҢЫЗ " /скетч/ Шал мен кемпір Кемпір: Шал-ау, астанаға ызбандасайшы, баламызбен сөйлесейік, хабарласайық. Шал: Өй, мен збандай алмаймын ғой, көршіні шақырсай... Кемпір: Әй, қашанғы көрші-көрші деп мазаларын ала береміз, ұят қой тіпті... өзің байқап қара. Межгөрөдтің тілипәнін білесің, баланың нөмірін білесің... Шал: Ойпыр-ай, шығар ма екен, байқасам байқап қарайыншы... / Қойын қалтасынан бір қағаз алып, көзілдірігін киіп қарап, сығыраңдап телефонды айналдырады, трубканы үргілейді /Әлә, әлә! Фу-фу! Телефон: /әуелі дың-дың етіп азғана тұрады да, сырт етіп қосылады/ Күте тұрыңыз! Шал: Әп-бәрекелде! Кемпір-әй! Сөйлесетін болдық.Тек күте тұр дейді! Кемпір: Е, күтеміз ғой... Телефон: Подождите пожалуйста. Шал: Кәнешні-кәнешні...
Телефон: Күте тұрыңыз... Шал: Е, осылай қазақша сөйлесең болады, мен қазақ шалмын... Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: Жақсы, жақсы... Пәдәжди болайын... Телефон: Күте тұрыңыз... Шал: Күтіп тұрмын ғой енді... Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: Дә, кәнешні... Телефон: Күте тұрыңыз. Шал: Неге қайталай бересің, күтеміз ғой... Телефон: Подаждите пожалуйста. Шал: Әй, шө пәптәрәіш? Телефон: Күте тұрыңыз... Шал: /трубканы алақанымен жаба қойып/ кемпір-әй, мынау "күте тұр, пәдәжди" деп қақылдап тұр! Кемпір: Күт десе күт! Сүтің тасып бара жатқан жоқ, балаң жылап жатқан жоқ. Күт енді! Шал: Күткенде, міне, қарашы... /алақанын трубкадан алады/ Телефон: Күте тұрыңыз... Подождите пожалуйста... Күте тұрыңыз... Подождите пожалуйста... / Шал трубканы алақанымен қайта жаба қояды/. Кемпір: Ойбай, шал-еке, мынау тегін емес, сені тікелей үлкен бастықтардың біреуіне қосып жіберген... Шал: Не дейді? Қалайша?! Кемпір: мына телебизір, рәдие тыңдағанда байқайсың ба, астанадағы дөкейлер, басы Нұрсұлтанның өзі болып, "күте тұрыңыз", "терпите" деп жатады ғой... Шал: Иә-иә! Дұрыс айтасың, неше жыл болды, өмір жақсарады, күте тұрыңыз деп аларқатып келеді. Мынау солардың бірі ме екен? Кемпір: Тап солай. Бұл кім екен, сұрасайшы. Презент пен Премердің біреуі ме? Шал: Астағыпыралла, олармен қалай сөйлесем!/Абдырайды/ Өмірімде олар түгілі жәй бастықтармен сөйлесуден де қашатын едім... Кемпір: Әй, сүмелек шал! Сен-ақ қалтырайсың да жүресің, бетіңнің бес моншағың төгіліп! Астанада приемына барып тұрған жоқсың, үйіңдесің. Неден қысыласың, бол сөйлес дұрыстап! Шал: /трубкадан алақанын алып, қалбалақтап құлағына апарады/. Әлә-әлә... Фу-фу! Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: Ви кто будешь, а? Телефон: Күте тұрыңыз... Шал: Күтіп жүрміз ғой енді. Сіз кім боласыз? Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: /трубканы алақанымен басып/ Кемпір-ау, мынау кім екенін айтпайды. "Күтіңіз" деп қақсаумен тұр.
Кемпір: Әй, айтпаса Айтбайдың тоқалы болсын! Мейлі. Сен енді ақтар ойыңдағыны! Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Шал: /трубканы құлағына апарып/ Әй, шырағым... Біз күткелі қашан. Телефон: Күте тұрыңыз. Шал: Күте-күте сарғайдық, қашанғы күтеміз. Сіздердің уәделеріңізді әлі күтіп жүрміз, күтіп жүрміз... Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: Пәдәжди, пәдәжди, мнөгі пәдәжди... Телефон: Күте тұрыңыз... Шал: Әй бәтшағар, сен не? Біресе орысша, біресе қазақша. Кемпір: И-и, олар сүйтеді. Қазақша айтса, бір жағында жарбаңдап орысшасы қалмайды. Телефон: Күте тұрыңыз. Шал: Жыл сайын күтіп келеміз. Қашан жағдай жақсарады? Телефон: Подождите, пожалуйста. Шал: Әй, дәрәгөй, хуатит пәдәжди. Скөлкі мөжні, ә? Жизнь пләхөй.. Телефон: /сырт ете қалады да, әйел адамның дауысы сыңғырлап шығады/. Слушаю вас, тыңдап тұрмын сізді. Шал: Бұл кім? Телефон: Телефонистка. Сізге қандай нөмір керек? Шал: Мен сөйлесіп жатыр едім, неге машайт еттіңіз? Телефон: Сіз кіммен сөйлестіңіз? Шал: Президент пе, әлде... Телефон: Что-что? Шал: Сіз бөлмеңіз, мен барлық көңілімді айтайын ол кісіге, қайта қосыңыз. Телефон: Кімге? Шал: Президент пе, әлде... Телефон: Какой Президент?! Шал: Осы қазір "күте тұрыңыз, пәдәжди" деп тұрған... Телефон: /әйел даусы сықылықтап күледі/ Қайдағы Президент, ол автоответчик қой? /Телефон дыңылдап бөлініп кетті/. Шал: А? Кім дейсің? Әпті Ахметше дейсің бе?... / Трубканы қояды/. Кемпір-ау әлгі кісі Әпті Ахметше деген көрінеді. Ол кім еді, қандай бастық? Кемпір: Мен қайдан білейін? Бастық дегенің астанада иттің қу боғынан да көп! Шорт білсін, оның қандай бастық екенін... Шал: Дегенмен, өзіне біраз айттым-ау кемпір, а? Кемпір: Сен қақбас, түк те айтқан жоқсың! Ал бастықты қайтадан, енді өзім сөйлесемін. Шал:/қаутаңдап телефонды айналдырады, тағы да автоответчик шығады/ Әлә... Мә, кемпір, әлгі Әпті Ахметше. Кемпір: /трубканы алады/ Әле Әлө! Әпті Ахметше жолдас! Телефон: Күте тұрыңыз.
Кемпір: Шырағым, күте-күте қошқардың ені үзіліп түсетін болды! Телефон: Подождите, пожалуйста... Кемпір: Әй, бала, біресе қазақша, біресе орысша сөйлеп түрленбей-ақ қой. Онан да заман қашан түзеледі, соны айт! Телефон: Күте тұрыңыз. Кемпір: Күткенмен біздің төрімізден көріміз жақын, ең болмаса бір нышанын көріп кетер ме екенбіз? Телефон: Подождите, пожалуйста. Кемпір: Тіпті біз ештеңе көрмей-ақ қоялық.Ішерімізді іштік, жерімізді жедік. Мына жастардың жайы не болмақ? Телефон: Күте тұрыңыз. Кемпір: Пенсия деген – құрдым, және уақытында ала алмаймыз, шай-нанға да жетпейді. Инфляция деген ұрып тұр, баға өсіп барады. Халықтың айлығын айлап бермейсіңдер. Ілкөт, жеңілдіктің бәрін құрттыңдар. Телефон: Подождите, пожалуйста. Кемпір: Әй, пәдәжди болмай біз сорлы Үскен тау асып кетеді дейсің бе?! Телефон: Күте тұрыңыз. Кемпір: Ал, күттік, аспаннан бауырсақ жаудырсаң? Телефон: Подождите, пожалуйста. Кемпір: Ринек болса, қарық боласыңдар дедіңдер, атаңның басы қарық қылдыңдар. Теңге өшіп, дөләр деген бәле өсіп барады. Телефон: /сырт ете қалды да, әйел даусы шыға келді/ Слушаю Вас. Тыңдаймын Сізді... Кемпір: Бісміллә, мынау кім-ай? Телефон: Телефонистка. Кемпір: Шырағым, біз бір үлкен бастықпен сөйлесіп жатыр едік, неге бөлесің? Телефон: Қайдағы бастық? Кемпір: Әлгі Әпті Ахметше... Телефон: Иә, автоответчик. Ол бастық емес. Кемпір: Немене? Бастық емес дейсің бе?! Әй, онда неге басты ауыртады ол? Телефон: Апай, сізбен көп сөйлесуге уақытым жоқ. Басқа абоненттер тұр /Дыңылдап бөлініп кетеді/. Кемпір: О, ғаламат! Әй, шал! Ьұл жоғарының бастығы да, бастық емесі де "күте тұр" дей береді екен-ай! Шал: Олар сүйтеді... Бәрі сүйтеді! Күтеміз-дағы енді, қайтеміз.. Кемпір: Әрине, күтесің! Күтпегенде не істейсің? Өлгенше күтесің... Шал: Әй, кемпір, қойшы бәрін де, шәй ішейікші. Шәйің қайнады ма? Кемпір: Әй, күте тұр, кішкене! Не жаның шығып бара ма?
Шал: Әй, кемпушка, сен де астананың бастығынан кем емессің. Күт дейсің, ә? Күтемін ғой енді... /Екеуі даурығысып, керілдесумен шығып кетеді/.
ҚҰРТОЛҒАҚ /Сахна сыртынан/ Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, сай-даланы кезген құйын екен, желбау, құр дегенің бұйым екен, Шықбермес Шығайбайдың үйінен дәм тату тіптен қиын екен. Дегенмен екі қу жігіт бір есебін таппақ болыпты, қалай да сол үйден дәм-тұз татпақ болыпты. /Сахнаға екі жігіт шығады. Біреуі ұзынтұра, арық екіншісі домалақ, қарны қампиған, толық/. Толық: Бұл Шықбермес шіркіннің аузын аңқайтып қалай алдар екенбіз? Арық: Мен білдім, білдім /күледі/. Сен менің қатыным болуың керек! Толық: Не оттап тұрсың-әй! Өй, әкеңнің.../ұмтылады/ Арық: Қатын болғанда да, ай-күні жетіп отырған буаз қатын боласың! Ха-ха-ха! Толық: Қап, мынаның қорлығын-ай. Мә, саған! Арық: Әй, маубас, сап-сап. Сен түкке түсінбей тұрсың. Мына қарныңа қарашы... Толық: Е, несі бар? Құмай тазыға ұқсап іші қабысып тұрған сенен сақтасын... Арық: Иә,әбден келісіп тұрсың... Ал сенің осы қарның арқылы Шығайбайды алдаймыз. Толық: Қалайша? Арық: Айттым ғой, буаз қатын боласың деп. Ана үйге толғатып барасың... Толық: А-а.. Өй, бәле, енді түсіндім. Ха-ха-ха.. Арық: Түсінсең, бол, тез, әйелше киін. /Екеуі күлісіп, жүгіріп шығып кетеді/
/Сахнаға шал мен кемпір шығады/ Кемпір: Шал-ау, біздің үйге қарай екі адам келе жатыр, жолына жуа біткірлер... Шал: Кәне... Осы жұрт қаңғырып жүре берді-ай. Кемпір: Жолатпа, кіргізбе үйге қарасы батқырларды. Кетсін аулақ! Шал: Қам жеме, кемпір, табандарын жалтыратамын қазір.. /Екі жігіт шығады, толығы әйелше киінген, қарнын қос қолымен ұстап, біресе бүйірін таянып, қасындағыға сүйенеді, ыңырсып, ыңқылдайды/. Арық: Ассалаумаға-ла-ай-ку-ум!
Шал: Әй, бос сандала-ай-сы-ың-күм! Жөндеріңе жүре беріңдер! Бұл үйде шаруаларың жоқ. Кемпір: Қайдағы қаңғығандар үшін тұрған үй емес бұл. Тайыңдар, кәні! Шал: Кет дегесін! Кетіңдер! Бұл үйден қара су да тата алмайсыңдар. Арық: Әй, қайырымды кәриялар, әйелімнің аяғы ауыр. Әзірге туа қоятын жөні жоқ еді, бірақ сіздің үйдің қарасы көрінгеннен толғағы ұстады. Толық: /үһлеп-аһлап бебеулей бастайды. Ол жалпы жиі-жиі толғақ қысқан әйелдің қимылдары мен дыбыстарын салып қулана береді/. Уһ-Аһ? Жаным-ай! Кең алла, кеңшілігіңді бере гөр. Ойбай, белім үзіліп барады! Кемпір: Дүзіқара, туатыныңды білесің, отырмайсың ба, үйіңде омалып. Бір қарбаша келіп туады деп күтіп отыр дедің бе, сені біз?! Кетіңдер әрмен! Арық: И-и-и... шеше-ай, алланың бұйрығы ғой, тіке осы үйге тартқан. Нәрестенің көретін бірінші жарығы сіздің шаңыраққа түсіп тұр ғой. Шал: Оттапсың! Сүйреңдеуін қарашы! Сол алланың бұйрығымен нәрестеңнің бірінші жарығын қайда түсірсең, онда түсір, тек біздің үйден аулақ. Арық: Құдайдан қорықпайсыңдар ма? Осыдан мына әйел далада туып, бала өлсе, не бұл сорлы бала үстінде кетсе, обалдары сендерге! Шал: Не, шәрмеңдеп, ел қыдыр деген біз бе? Обалдарың өздеріңе! Толық: Ойбай, белім-ай! О, жасаған, жар бола гөр! Үйге жете алмай кетер ме екенмін! Қайран ата, енем-ай! Көре алмай кететін болдым-ау! А-а-аһ /жылайды/. Аман-сау босаңсаң, ештеңе аямаспыз деп еді-ау! А-а-аһ... Кіндік кескенге құлынды бие береміз деп еді-ау! А-а... Арық: Оның несін айтасың! Өкіл әкеге және боталы түйе депеді-ау! А-а... /Бұл да босаған болып, кемсеңдейді/. Енді бәрі қараң қалатын болды! А-а-а... Кемпір: Мыналар не дейді-ай шал? /Екеуі әлгі сөздерді естігеннен кейін өзгеріп сала береді/. Шал: Апыр-ай, рас па екен? Өздерің қай ауылдансыңдар? Арық: Біз Мыңғырбай деген байдың бала-келініміз. Осы жерден алыс емес. Мал дегенің жетеді. Құлынды бие, боталы түйе дегенің біз үшін түк емес. Соның бәрі кәдеге жарамайтын болды ғой, ойбай! А-а... Кемпір: И-и-и, қарақтарым-ай, келіп қалған екенсіңдер... Кіндік те кесерміз, өкіл әке де болармыз. Солай ма, шал-ай! Шал: Иә, түйе дей ме, бие дей ме... Әйтпесе... қуар едім тырқыратып! Әй, бақан қайда, жүрген қайда, жүген қайда?! Туғызып құтылайық мына қаншықтан! /Бақан, жүген секілді бірдеңелер
әкелінеді. Бақанға жүген байланып. Толық оның езулігінен қос қолдап ұстап шіреніп, бебеулейді/. Толық: Ой, жаным! Шешежан-ау, белімді ұстасайшы... ішімді қарашы... Кемпір: /белін ұстайды» Ойпыр-ай, шырағым, тоғыз ай буаз болсаң да, күйіңді бермеген екенсің. Туһ, мықыныңды май басып кетіпті... Толық: Ойбай, шеше, ол ісік қой! Арық: Бұл сорлы басынан аяғына дейін ісік! Кемпір: Ішің былқылдаған бірдеңе, мұндайды кім көрген?! Төмен қарай салбырап тұр! Арық: Астағыпыралла, не салбырап тұр? Кемпір: Құрсағы дағы, шұнақ құдай! Толық: Шешежан, басқа салбырап тұрған ештеңе жоқ па? Арық: Құрсағы салбырап кетсе, бала жүгініп кетеді екен ғой, ойбай! Кемпір: Жоқ, олай емес сияқты. Бірақ іші тым үлкен, қампайып тұр. Арық: Құдай қасқайтып, осы егіз емес пе? Шал: А? Егіз дейсіңдер ме? Айтып қояйын, егер егіз болса, түйені де, биені де екі-екіден бересіңдер. Арық: Әрине! /күледі/ Тіпті осы қатын үшен тапса, үш-үштен береміз! Әңгіме жоқ! Толық: /өз ішін сипап түртіп қояды/ Әй, бұл егіз де, үш ен дн нмнс, жалқы ұл бала. Айналайын, шүметегі шолтиып жатыр ғой, міне... Шал: Әй, шолтия ма, шолтимай ма, көрерміз енді. Болыңдар тез! Қимылдаңдар! Кемпір: /құлшынып, ішті қос қолдап тарта бастайды/. Арық: Байқа, байқа, кейуана! Баланы тұншықтырып, сығып өлтірерсің! /Толық қозғалақтап жүргенде басындағы орамалы түсіп кетеді де, тоқырайған шашы жоқ басы көрінеді/. Кемпір: Астағпыралла, астағыралла! Мына бейбақта шаш жоқ. Құдай сақтай гөр! Осы әйел емес, шайтан шығар... Шал: Шашы жоқ дей ме? Әй, бұл тоқырбас албастына қалай қатын қылып жүрсің ей?! Арық: Жо-жоқ! Оның себебі бар. Былтыр безгекпен ауырып, шашы түгел түсіп қалған. Кемпір: И-и-и... бишара, солай ма? Қарағым-ау, ауырғаннан кейін бала көтермей тұра тұрсаң қайтеді? Толық: /Арықты нұсқап/ Шыдататын ба еді, мына азбан! Бір күн тыныштық бермейді ғой. Кемпір: Иә, бұлар сүйтеді. Мына қақбас та... Шал: Ә-әй! Жап аузыңды! Сен буаз болған жоқсын! Тудырсайшы енді мына бейбақты! Бол!
Кемпір: Апыр-ай, мен құдайдан күштімін бе? Уақыты болмаса, қайтейін... Кәнеки, етегіңді көтеріп, қарайыншы... Толық: /ыршып түседі/ Шеше, кідіре тұршы. Әлі толғағым піспеген құртолғақ сияқты. Енді бір шын толғаққа дейін дем алайын... Көзім қарауытып, жүрегім үзіліп барады. Арық: Бұл бишара аш. Ауылдан шыққалы не заман... Босану үшін де әл керек-ау. Тамақ ішесің бе, жаным? Толық: Ішер едім, жылы-жұмсақ болса... талықсып тұрмын. Кемпір: Мәссаған, енді не бетімді айтайын... Бұрын-соңды туайын деп тұрып, тамақ ішемін деген қатын көрсем көзім шықсын! Арық: Бұл сондай. Толғақ-толғақтың арасында араны ашылып кетеді. Шал: Қатын емес, қас жалмауыз десейші... Арық: Енді атам қазақтың ырымын жасап, жарысқазан дегендей. Немесе дайын тұрған жылытпа болса да... Шал: Жүгермек-ау, әуелі мына қарбаша тұсын дағы! Арық: Әлденірейік... Түйелі, биелі болайын деп тұрып, қалжаға бір дәм татқызуға жарамайсыңдар ма? Толық: Ойбай, басым айналып барады... Уһ-аһ... Талып барамын... Та-а-м-м-а-қ... Шал: Әй, кемпір. Тық мынаның құлқынына бірдеңе... Жылдамырақ бітіріп, барып алатынымызды алайық! /Кемпір күйбеңдеп, бір жабулы тамақ әкеледі. Екі жігіт бассалып жармасады. Таласып, тармасып жеп жатыр, сықылықтап күліп те қояды/. Толық: Туатын мен ғой, мен жеймін! Арық: Менің де еңбегім бар, өзің буаз болдың ба? Мен де жеймін! Шал: әй, өзегі үзіліп тұрған қатының жесін дағы, жылдам туар ме екен... Кемпір: Ойпыр-ай, мынадайды кім көрген? /Екі жігіт табақты тарқылап, біріне бірі қол сілтеп, төбелескендей болады. Шал, кемпір арашаламақ болып, жақындап еді, біреуі бос табақты басынан алып, әлгі жігітті ұрамын дегенде, ол бұғып қалады да, табақ кемпірдің басына тиіп, ол ойбайлап құлап түседі. Тартысқаннан Толықтың үстіндегі әйел киімі түсіп қалады./ Шал: Суханалла-суханалла! Ойпыр-ай мынау әйел емес, еркек қой! Қатырған екен бұлар! Қап! Жоқ болыңдар! Кемпір: Ойбай-ай, қулар екен ғой. Әй, бәсе, іші бір түрлі еді-ау. Алдаған екен бұл сұмырайлар! Арық: Ха-ха-ха! /Толыққа/ Мына сараңдарды малдандыру үшін бір ту десем, тумайсың! Толық: Бұлардың ниеттеріне қарай туайын деп қанша күшенсем де болмайды. Ха-ха-ха! Құртолғақ! Жүр кеттік, ауылға барып туармыз, Ха-ха-ха! Жүр кеттік, ауылға барып туармыз. Ха-ха-ха! /Ұрыс керіс, қарғап-сілеу, қуу, айқай шу. Ақыры екі жігіт шығып кетеді, шал-кемпір далбаңдап арттарынан қуып барады/.
ТАБЫТТАҒЫ ҰЙҚЫ /Өлімде де күлкі бар/ Иван қайтыс болды да, табыт жасауға тапсырма берілген. Табыт жасайтын шеберхана Иванның үйінен он шақырымдай. Марқұмның жұмыс жасаған мекемесі оны жерлеу дайындығын ұйымдастырып жатыр. Бастық жақтаулы жүк машинасының шофері Салиды және оған көмекке Хамитті шақырды да: - Шеберханадан табытты алып келіңдер, - деп бұйрық етті. Шофер Сали мен Хамит екеуі өздерінің жақсы көретін жолдасы Иванның өліміне қайғырып машинасының кабинасында кірбиісіп келеді. Иванның жататын жері мамық болсын деп, қойындарына тыға шыққан бір бөтелке арақты бөлісіп, жұтып та алған. Біраздан кейін шеберханаға жетті де, дайын болған табытты машинаның бортына салып алды. Сосын кері қайтты. Құмдақтау қара жолмен салып келеді. Шофердің қасында отырған Хамит елгезек байғұс қайғыға берілді ме, көңілі бұзылып, әлгі арықтан жүрегі лоблыды. Машинаны тоқтатып, таза ауамен демалайын деп, кузовқа шықты. Онда табыт жатыр. Машина далалық жайдақ жолмен жылжып келеді. Сол күні аспан қарамық, бұлтты еді. Бір кезде жаңбыр төгіп қоя бергені. Кәдімгі сатырлаған нөсер жауын. Мұны кабинаға қайта отырғызайын деп, Сали да машинаны тоқтатпады. Сергісін, басы жазылып, жүрегі басылсын, жазғы жауын ғой, ештеңе етпес деген болу керек. Ал Хамит болса, табыттың қақпағын ашты да, ішіне кіріп кетті. Жауын басылғанша, қақпақтың астында жата тұрайын деді. Кейде осындай Қожанасырлығы да бар. Бұрқыраған жауынның астында машина шайқалақтап жүріп келеді. Бір уақытта машинаның алдынан екі адам кездесіп, қол көтерді. Жұмыстас жолдастары, бұлар да Иванның жерлеуіне барып, соңғы сапарға аттандыруға қатысқысы келгендер. Сали машинаны тұрғызып, оларды мінгізіп алды, екеуі де кузовқа шықты. Онда, сірә, табыт жатыр, ішінде Хамит. Әлгі жігіттер мұның Иван табыты екенін біліп күрсініседі. Бірақ қазір ішінде Хамит жатқанын білмейді. Сонымен машина жүріп келеді. Бір кезде табыттың ішінде жатқан Хамит жаңбырдың басылған, басылманын білгісі келдеі ғой. Қақпағын сәл көтеріп жіберіп, қолын сыртқа шығарады. Жауынды білгісі келгені. Қолын олай-бұлай ашып-жұмып қимылдатса, әлгі машинаға мінген екеудің біреуінің сирағына тиіп кеткен. Ол жалт бұрылып, бұл не деп қараса, табыттан тірі қол шығып бұлаңдап жатыр. Зәресі ұшып, ыршып түсті. Өзі де қорқақтау байғұс болса керек, құлын да құлыны шығып, машинадан қарғи жөнелді. Екіншісі бұған не болды деп қарағанда табыттан шығып жыбырлап тұрған қолды бұл да көрді. Мәссаған, ойбайға басып бұл да секірді. Құдай сақтағанда, жер құмдақ,
жаңбыр жауған жұмсақ және машинаның жүрісі жай, әлгәлердің ештеңесі жоқ. Бірақ екеуі де американдық сұмдық кино көргендей үрпиісіп қала берді. Жаңбыр әлі басылмаған еді. Сондықтан Хамит қолын табыттың ішіне қайта алып, тыныш жата берді. Соның арасынша баяғы ішкен арақтың буы ма, әлде табыттың қараңғылығынан ба, Хамит ұйықтап кетті. Өзі әуелден ұйықтағанда тырп етпей үнсіз жататын сорлы еді. Тап солай сүмірейді де қалды. Ұйқысы да қатты. Сали машинасын Иванның үйіне тіреп, тоқтатып, шығып қараса, машинаның үстінде ешкім жоқ. Хамит та, кейінгі екі кісі де жоқ. Бұл ештеңеге түсінбей аң-таң. Қасқалар машина бір жайлағанда түсіп қалып, жіліктеп арақ ішіп жүр-ау деп ойлады. Табытты түсіру керек. Екі-үш адамды көмекке шақырды. Табыт ап-ауыр. Бір жағына ауып кетпесін деп Сали қақпақтың бір-екі шегесін сәл бекітіп қойды. Бұлар ыңқылдап-гүрсілдеп, зорға түсіріп, үйге апарды. Ойпыр-ай, мынау неткен ауыр ағаш еді деседі жүкшілер. Сірә, ылғал, қалың тақтайдан жасалған табыт екен деп күбірлеседі. Бір бөлменің ортасына қойып, енді Иванның мүрдесін салып, киіндіру керек. Шегелерін босатып, қақпақты ашып қалса, о құдірет, ішінде біреу жатыр. Тура өлік. Айнала тұрғандар состиып қалды. Көптің ішінен бір әйел көзі алайып талып түсті. Сөйтсе ол Хамиттің әйелі екен. Қайтсін, бейшара, табытта сұлқ түсіп, өзінің күйеуі жатыр. Бір сәттен кейін есін жиып, айқай салып дауыс етпесін бе: Ойбай да ойбай, Хамитім! Өлтірген мұны қай итің?! Иван өлді дейсіңдер, Жоқ па еді, мұны танитын? Қайран да қайран Хамитім, Мына құрыған заманда Бес баланы енді қайттім? А-а-а! А-а-а! Қапелімде ештеңеге түсінбей қалған Иванның үйі-іші, басқа орыс жолдастар бұл әйел Иванға көңіл білдіріп жылап жатыр екен деп "Спасибо, спасибо" деп риза болып жатыр. Әйелінің дауысын естіп Хамит оянды. Түкке түсінбей есінеп, бір керіліп алды да, табытта жатқанын сосын білді. Ыржиып ыңғайсызданып түрегеліп отырды. Біреуге ойын керек, біреуге өлім керек дегендей, осы шаруада жүрген жігіттер күлейін десе күле алмай, іштері бүлкілдейді. Тек орыс жігіті: - Ей, Хамит, давай слезай. Уступи место Ивану, Ты еще успеешь, - деді. Басқалар мырс-мырс етті. Хамит табыттан түсіп, солбырайып әйелінің қасына барды. Күйеуінің тірі екенін біліп, көңілі көншіген қатыны енді ұрсып тұр. "Көтемегір, сен-ақ осы бөтен төсекке әуессің!," – дейді.
- Жауын болғасын жата қойып едім, ұйықтап қалыппын, - деп ақталады Хамит. Бір уақытта манағы машинадан секіріп түсіп қалған екеу келді. Үсті-басы сылпандай су, балшық-балшық. - Осы өлген кім?- деп сұрайды екеуі. - Иван. - Ал біз машинаның үстінде табыттан шығып, бұлаңдап тұрған қол көрдік. Ол не? - Ол мына қол ғой, - деп Хамит сол баяғы табыттан шығарғандай қолын былқ-сылқ еткізіп еді, әлгі екеуінің көзі атыздай болды. Күлкі арсыз дегендей, Иванның қаралы күні болса да, жігіттер шыдай алмай сонда сақылдап бір күлсін-ай.
АЯТ Аят білетіндер азайып келеді. Құранның небір сүрелерін мақамдап боздататын шалдар қазір жоқтың қасы. Ал жастардың жайы өзіңізге белгілі, бісмілләға ауыздары жуыспайды. Негізінде аят үйрену онша қиын шаруа емес. Бірақ, астағыпыралла, оны молдадан үйренеді екен деп ойлай көрмеңіздер. Ол жарықтықтар қазір өздері де ештеңе біліп жарымайды. Бәлду-бәлду бәрі өтірік, бірдеңелерді соғады да отырады. Аят үйренудің және айтудың ел арасында белгілі тамаша үлгілері бар. Солардың бір-екеуін айтып берсек дейміз. Ертеде Біржан деген жігіт аят үйренгісі келеді. Арабша сауатты, пысықтай көршісі бар екен. Соған аят үйрет деп жалынады. - Жарайды, үйретейін, - дейді көршісі қуланып, - бірақ ескертіп қояйын, аяттың сөзі – Құранның сөзі. Сен оны ешқандай күмәнсіз жаттап алуың керек. Біржан оған бас шұлғып, бәйек болады. Сонда әлгінің үйреткен аятының түрі мынау: Биржан тәуир тупти, туси қара Қас анқауа уксауан юзи қара Ярги атан сурасан, Коси, Косидан туган Биржан оси, Парсы аятка тюсинбеитин Биржаннин яман боси. Көріп отырсыздар, қу жігіт тілді бұрмалап, Біржанның өзін келемеж етіп отыр. Ал Біржан болса бұған кәдімгідей сеніп, оны жаттап отырған көрінеді. Дегенмен ара-арасында көңіліне күдік алып: - Япыр-ай, мына аятта менің атым көп айтылған екен, - дейді. Сонда оған көршісі ұрсып: - Өзің ештеңе білмеген соң аятқа шек келтірме! Әйтпесе аятқа жолама! Мұсылман атының көбісі Құраннан алынып қойылатынын білмейсің бе? Мысалы, Алқам, Ағзам, Рахман т.б.дегендей. Сол сияқты сенің атың да Құраннан қойылған шығар, - дейді.
Осыған иланып, аңқау байғұс әлгіні жаттап алып, үйіне келеді.Шешесіне мақтанып, үйренген аятын айтып беріпті. Сол турада шешесі быламық көже пісіріп отыр екен, қолындағы ожаумен баласын басқа бір қойып, үйден қуып шығыпты. "Аюға намаз үйреткен таяқ" дегендей, содан кейін сол жігіт тымтәуір молда болған екен деген бар. Аят қайырудың екінші бір нұсқасын айтайық. Бұл жөнінде халық ауызындай мынадай әңгіме бар. Тәшен деген кісі көп жолдасымен бата оқуға бір үйге келеді. Кіріп отырғаннан кейін-ақ Тәшен зулатып оқи бастайды. Оқып отыр, оқып отыр, тіпті бітер емес. Біраздан кейін шыдамы таусылған бір жолдасы жақындап, құлағын тосса, әлгінің айтып отырғаны "Қобыланды батыр" қиссасы көрінеді. Қобыланды сонда шу! – деді Құбылып бурыл гуледі. Табаны жерге тимеді Көлденең жатқан көк тасты Тіктеп тиген тұяғы Саз балшықтай иледі, - деп сыпыртып отыр дейді. - О, Тәшеке, мұның не? – дейді әлгі жолдасы оны түртіп. - Марқұм кеше түсіме кірді. Жұрттың бәрі мен өлгелі түк түсініксіз ағузмағуз бірдеңелерді айтып, басымды дан қылды. Тәшенжан сен келіп, бір қисса оқып берші деп еді. Сондықтан "Қобыландыдан" үзінді оқып бердім. Разы болған шығар, байғұс, аллау-акбар, - деп бетін сипапты. Мінеки, байқап отырған шығарсыздар, аяттың орнына басқа дүниелер де жүре алады. Молдалардың өздері айтатын, әйтеуір ниет түзу болса болды. Өлең оқылып, уытты анекдот айтылса, не ыңылдап ән салынса, тамаша болар еді. Әрине, молдекендер байбалам салуы мүмкін. Аят араб тілінде болуы керек деп. Солардың көңілі үшін әңгіме, ән, өлеңге аз-мұз арабша қыстырып отыру ләзім. Мәселен, Бісіміллә, бермен келші құдаша, Аят айтам, көңіліңе ұнаса. О, Сүбікан, ұрса ма деп зәрем жоқ, Алқам дилә, келіп кетші оңаша. Немесе: Агузы биләхи, жар-жар, Аллау акбар, ақ сұңқар. Қош есен бол, құрбым-ай, Құл-қуалла, жүрдім жай. Аят, бата дегеннің түрі бар: шәйдің батасы, айранның батасы, қуырдақтың батасы, т.б. Сол сияқты батаны әрбір адам сиапатына қарап та шығара беруге болады. Мысалы, маскүнемнің құлқуалласы былай болса керек-ті: Құл қуалла ахат, Құлқыным арақ. Алла-хо уссәмат, Мен құтырған ақымақ.
Ал жалбақай жағымпаздар бастықтарының алдына былай деп азынап тұру лайхат: Біссіміллә рахман рахым, О, құлшылық етем, пақырмын! Бастықтарым жолында Жаным пида, жатырмын. Қалай болғанда да аят, бата айтудың еш қиыншылығы жоқ. Құрметті оқушы, сіздің де жақсы-жақсы аяттар тауып айтып, олардың алла тағаланың құлағына шалынуына бек тілектестікпен лә әумин дейміз.
ҰЙҚЫЛЫ-ОЯУ Қалғып-мүлгіп жүріп жұмыс жасағанның қалай болатынын білесіз бе? Есіңіз кіресілі-шығасылы, түс көріп жүргендей болады екенсіз... Әрине, сіз маған жұмысқа ұйқылы-ояу, шаршап-шалдығып барып, не басыңызға күн туып жүр дейсіз ғой. Қайтейін. Уһ, түнімен ұйқы көрмей, той тойлап, карта ойнап, көрер таңды көзден атырып жүретін кездеріміз жиі болып тұрады. Мен өзім дәрігермін, институтты да ертеректе оншақты жыл мыжып, итшілеп, зорға бітіргенмін. Несін жасырайын, жұрт та біліп жүрген шығар, тек бір дәрігер деген атым болмаса, затым шамалы, құр кеудемен көлеңдеп жүрген жанмын. Оның үстіне әлгіндей ырду-дырдумен зорығып жүргенде жұмыста түрлі оқиғаға тап болады екенсің. Мына мен бейбақтың басынан талай күлдіргі-бүлдіргілер өтті ғой. Адам кейде өзіне-өзі күліп, бір жасап қалады, сізге де көңіл көтеруге септігі болар, бастан кешкен кейбір келеңсіз оқиғаларымды баяндайын. Бір күні ауруханаға алабұртып сүлесоқ келгенмін. Бір ауруды қарадым. Кереуетте жатыр екен, тамырын байқайын деп білегін ұстадым. Сөйтсем, қолы қара мұздай, жаны жоқ. - Мына сорлы өліп қалыпты ғой, - дедім. "Жоқ, тірі" деген дауыстар келді құлағыма. - Какой тірі? Тіпті денесі суып кетіпті. Моргке жөнелту керек! – дедім. - Айта көрмеңіз, мен тірімін! – деген шыңырған дауыс естілді. Селк етіп оянып, көзімді ашсам, әлгі байғұстың қолын емес, темір кереуеттің мұздай жақтауын ұстап отыр екенмін. Түнімен тойда болып едім, қалғып кетіппін. - Ой, тірі екенсің ғой! – дедім сасып, аузыма келгенді сөйлеп – әзірге тірі болғаның дұрыс, өлуге әлі-ақ үлгересің. - Әрине, үлгеремін, - дейді о бишара да, қапелімде менің сөзіме мән бермей, бейне бір тойға асығып жатқан адамдай. Тағы бірде өлуге қол тимей, кілгіріп келгенмін. Бір аурудың кеудесін тыңдап отырсам, о, ғаламат, әлгінің жүрегі шұрқырайды. - Интересні, жүрегіңіз шұрқырайды, - дедім мүлгіп отырып, - сірә, скоро инфаркт болатын шығарсың! - Жоқ, жолдас дәрігер, шұрқырап тұрған ішегім шығар, сіз менің ішімді тыңдап отырсыз ғой, - деді ауру. Шынында да мызғып кетіп, тыңдайтыным
кеудесінен төмен ішіне қарай ығысып, кіндік тұсын тыңдап отыр екенмін. Ұялған тек тұрмас дегендей, зекіп тастадым... - Ненің шұрқырайтынын біз білеміз, тыныш отырыңыз! - Ауырып, нәр татпағаныма екі күн болды, сосын ғой, қарнымның ұлып тұрғаны. Менің жүрегім шұрқырамайды, - деді ол тағы да. - Шыдай тұрыңыз, шұрқырағанға да жетерсіз! – дедім. Пай, өзім де айтқышпын-ау. Бір жолы маған қаралуға шашы жалбыраған бір жас адам келді. Дауысы биязы, томпайған қарны бар, толықша, домаланып тұр. Киімі де олпы-солпы түсініксіздеу. Шаршап, мазам кетіп отыр еді, байыпты қарамай-ақ, сірә, екіқабат шығар деп ойлап: - Неше айлық? – деп сұрадым. - Екі жүз, - деді ол. Қиқар жауап берді деп ойлап, ұрса бастадым. - Как, екі жүз? Екі жүз айда бала паспорт алатынын білесің бе? - Білемін. - Білсең неге ішіндегіні екі жүз айлық деп көкисің? – деп едім, әлгі ыршып түсті. - Сіз мені оскарбить етпеңіз, менің ішімде бір күндік те ештеңе жоқ. Айлық табысымды сұрады ғой деп түсініп едім. Көзіңізді ашып қараңыз, мен еркекпін! - Көзі ашып қараса да, жұмып қараса да, шырағым, неғайбілсің, - дедім қарап қалмайын деп. – Бірақ, ну ладно, еркек бола ғой, - деппін тағы да соның жынысының еркі менің қолымда тұрғандай. Бір күні тамағы ауырып бір кісі келді. Аузын ашып, қарай бастаған сияқты едім, соның арқасында қалғып кеткенімді сезбей қалдым-ау деймін. Бір кезде байқасам, әлгінің жұтқыншағы қылшық-қылшық. - Тамағыңыз қалай ауырады? – деп сұрадым. - Қышиды, дуылдап қышиды, - деді. - Ә-ә, түсінікті болды. Әрине, қышиды, тамағыңыздың іші толып тұрған қылшық, - дедім. Келген кісі ашуланып қалды. - Сіз не сөйлеп тұрсыз? Немене, мені жүн жеп, жабағы тастап жүр дейсіз бе? Қойыңыз ондай сөзді! – деп өңмеңдеп алып барады. Сөйткенше, селк етіп оянып кетсем, әлгі кісінің аңқайып тұрған аузын емес, таңқайған танауын сығалап отыр екенмін. Өзі де кеңсірігінің іші жүн-жүн болған неме екен. "Кешіріңіз, қателесіппін" – деп құтылдым. Жақында ауруханада бір қатаңдау сырқос менен: - Жолдас дәрігер, маған үміт бар ма? – деп сұрады. - Үміт бар, - дедім мен. Үміт деген медсестра қыз бар еді, соны шақырып келдім. Әлгі езу тартып күлді: - Шырағым-ау, мен сенен өмірімнің үмітін сұрадым ғой, - деді де әлгі қолын бір сілтеді. – Әй, сен секілді дәрігерсымақтардан не үміт, не қайыр! Осы сөз менің есімнен кетпейді. Тіпті де кетпейді. Қашанғы сүлесоқ, сүрініп, сүмірейіп жүре берер екенмін?!
ИІС
Иіс күйіске байланысты. Жұтқыншақтан не өтсе, іштен соның сесі білінер. Бұл бесенеден белгілі жәй. Ал кейбір ағайын арақ-шарап жұтып алады да, иісін білдірмейміз деп әлек. "Ұрының арты қуыс" дегендей, қыпылдай бастайды. Қыпылдамай қайтсін, тәуекел деп, құлқынға құйып алу – қыл көпірге шыққанмен бірдей. "Тәуекел тас жарады, тас жармаса, бас жарады" демекші, бұл тәуекел сау басты сақиналы қылады. Жұмыс орныңыз, тәртіп мекемелері маңдайыңыздан сүйіп алмайды. Сайып келгенде, ішімдік исі – дүниедегі ең жағымсыз иіс. Небір өмірдегі жат иістерге /өлексе, түтін, канализация т.б./ мұрын басып шыдағанмен, сіздің арақ исіңізге ешкім көнбейді. Шидің басында шаншулы тұрасыз. Сақалдатқанда, осыны біле тұра ішіп қоясыз ғой, себебі, бұл маскүнемдік деген де – көзсіз ерлік. Ішіп қойғасын-ақ жұмыста иіс сездірмеудің амалын жасағыңыз келеді. Мұның алуан түрлі әдісі бар көрінеді, бұл жөнінде үлкен бай тәжірибе жинақталған. Біз сізге жанашыр дос ретінде иіс білдірмеудің кейбір әдістерін ұсынбақпыз. Құлақ қойып тыңдауыңызды және оны бірден-бір пайдалы кеңес ретінде қолдануыңызды сұраймыз. Сонымен... 1.Арақтың исін одекалон, әтірмен бастыру. Бет-ауыз, үсті-басыңызға осы суларды шылқытып шашу керек. Сонда сіз дүниеге келгелі өмір бақи су көрмей, тек одекалон, әтірге ғана шомылып жүргендейсіз. Үйіңізде ваннадағы екі кранның бірінен одекалон, екіншісінен әтір ағып тұрғандай. Бірақ сіз жақындағанда жұрт бәрібір тыжырына бастайды, сірә, арақтың исінен емес, одекалон исінен, мүмкін, екеуінің аралас мүңсуінен болар. 2.Әр түрлі шөп жеу. Алдын-ала айтып қоялық, овощ, жеміс-жидек дегендеріңіз жарамайды. Олар жақсы закуска бола алады да, бірақ иіс басуға септігі жоқ. Сондықтан да жабайы дала шөптері пайдалырақ па деген пікір бар. Мәселен, жусан, бұйрығын, жантақ, изен, ебелек, еркек сияқты шөптерден винегрет жасап, жеп көріңіз. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, әлгі айтылған шөптерді жеп жүрген қой, ешкі, жылқы, сиыр, түйе сияқты жануарлардан ешқашан да жаман иіс шығып көрген емес. Бірақ бұл мәселенің бір кілтипаны бар. Себебі, республикамызда мал азығын дайындауға шөп тапшы, оның үстіне "маскүнем азығын" дайындау деген шықса, не болады? Сірә бұл турада жоғарғы және жергілікті ауыл шаруашылық басшыларымен кеңесіп көрген жөн болар. 3. Тағысын тағы: тасбақаның талағын жеу керек, құрбақаның құлағын жеу керек, немесе май керек, шәй керек деген сияқты мың-сан ішіпжемелерді айта беруге болар еді.Бірақ дәрігер жолдастар арақтың исі өкпе арқылы деммен шығады деп түсіндіргенде, соның бәрі бос әурешілік екені белгілі болады. Сөйтіп енді иісті білдірмеу бағытында жуынып-шайыну, ішіп-жеу шараларын қоя тұрып дем, өкпе мәселесімен шұғылдануымыз керек. Сіз араққа сылқия тойып отырғанда да жас нәрестедей мұңсыз, күнәсіз пәк періште болып көрінуіңіз қажет. 4. Бұл ретте теңдесі жоқ амал – противогаз кию деп ойлаймыз. Мысалы, бір жартылықты жұтып аласыз да, противогазды басыңызға қаптап, жұмысқа
барасыз. Әдетте противогаз сырттағы жаман иісті сіздің мұрыныңызға жібермесе, енді керісінше, сіздің деміңіздің жаман исін сыртқа жібермейді. Міне, тамаша! Бастығыңыз келіп, он жерден иіскесін, ештеңе сезбейді. Ал егер "противогазың не?" деп ұрысса, "азаматтық қорғаныстың жаттығуы" – дей сал. Сонда бастығыңыз тіпті риза болады. Бұл противогазды да көп кие алмайсыз. Өнемейін бақа бастанып, пілге ұсап шлангымен демалып жүру де оңай емес. Оның үстіне ел тыныш, күн аманда соқа басыңыз противогаз тастамай жүргеніңіз дүзіқарашылық болар еді. Мүмкін, сіз ойларсыз, қалай дүзіқара болғанымның бәрібір емес пе деп. Әрине, бәрібір. Бірақ сонда да противогазды қойып, дем алыстың басқа бір тәсілін табайық. Мұрынмен, ауызбен дем алуды қою керек дейсіз. Сонда немен дем алам? – дейсіз ғой. Табылады, сәл сабыр етіңіз. "Халық айтса, қалт айтпайд", "Сасқан үйрек артымен сүңгиді, сасқан адам да солай дем алады" деген сөз бар. Тура сізге арналған. Жұмыс кезінде, не рульде отырып арақ ішкеннен кейін автоинспекторлардың алдында сасатыныңыз рас қой? Рас. Олай болса, әлгі халық айтқандай артпен дем алыңыз. Бұдан басқа амал жоқ, тек етек, жең, балағыңызға сақ болыңыз. Оларды дем шықпайтындай етіп байлап тастаңыз. Сонда иісіңізді ешкім де сезбейді. Сонымен біз азды-көпті ұсынысымызды айттық. Тек сөз соңында бір нәрсеге көңіл аударғымыз келеді: Түлкіден сұраған екен дейді, аңшыдан құтылатын қанша тәсілің бар? – деп. Түлкі айтыпты: біраз тәсілім бар, бірақ соның ең жақсысы – көрінбеген! Сол айтқандай, сіз де ішілгеннің исін білдірмеймін деп, түлкідей түрлі тәсілге саларсыз. Бірақ соның ең жақсысы – ішпеген!
КЕЛІН Баласы ержетсе, ата-ананың жатса-тұрса аңсаған арманы келін болады. Көзі тірілерінде бір шүйке бас табалдырықтан аттап, еміреніп немере сүюді тілегенде олар құдайдың құлақ құрышын қандырар еді. Біз әңгіме еткелі отырған Әлмен мен Балқия деген шал-кемпір де сондай күйде. Жалғыз ұлы Шодан ойы өспесе де, бойы өсіп, сұқиған бозбала болғалы байғұстарда тыныш жоқ. Кірсе, шықса да екеуінің күңкіл-сүңкілі әйтеуір бір келін. Баланың да құлағын аздырып болды. Бірақ оған қиналып жүрген Шодан жоқ. Ерке өскен, дударбас сабалақ бала мода деген әлемжәлемін киініп, өзінше жігітсіп жүрсе де, қыз дегенде жұмған аузын ашпайды. Әлмен мен Балқия заржақ болып, құдайдың құтты күні қақсап отырғанда бұл шіркін мыңқ етпейді. Бірақ қуаныштың ерте-кеші бар ма? Бір күні ойда жоқта шал-кемпірдің көктен тілегені тас төбелеріне жай түскендей дүрс ете қалды. Бұрын ондайы жоқ. Шодан үйге кіре өзіне бір ғаламаттың өте ұнағанын, онсыз өмір сүре алмайтынынайтып, жыларман болды. Қалай да аламын деп безек қақты. Қуанғаннан шал-кемпірдің де естері шықты. Құдай көз жасымызды көрді деп, Балқия жеті нан садақа-шелпек пісірді. Әлмен домбырасын шікітіп, ыңқылдап бір-екі ауыз жыр айтып жіберді. Сосын екеуі айнала-толғана,
Шоданды ортаға алып, толық түсінік хабар сұрауға кірісті. Әрине, енді бәрін біліп алу керек: қандай бала, кімнің қызы, қашан құда түсуге болады деген жәйларды тәптіштеп алмаса болмайды. Қандай?, - деген сұраққа Шодан: - Мынауски! Өте әдемі. Просто блестит! – деп жауап берді. Мұның өзі осылайша қосып-шатып сөйлейтін шәлдүріш еді. - Блеститі несі? – деп кемпір түсінбеп еді, орысшаны бір сыдырғы білетін шалы: келін жылтыраған сұлу көрінеді деп түсіндірді. - Үйбәй-ау, бізге жылтырағаны не керек. Көрініске қоямыз ба оны? Қонақ үрікпес болса, жарайды. Тек мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қалай, соны айт тағы? - Жүрісі тамаша, - деді Шодан – скоростной, зулап кетеді. - Зулағаны қалай? Спортсменка ма? – деп сұрады әкесі таңданып. - Не-е, папа. Обороты көп. Және өзінде ешқандай дыбыс жоқ, тіпті не заметно. - Көп дыбысы болмаса, жуас мінезді бала болды-ау, - деп Балқия қуанып қалды. – Бірақ жуастан жуан шығып жүрмесе... - Туһ, мама, жуан емес. Жуан болса, мен оған қызығам ба? Әлмен қарт баласының бір сөзін анықтағысы келіп, былай деді: - Қарағым, сен жаңа обороты көп дедің. Ол не оборот? Әлде госбанк, сберкасса сияқты жерде жұмыс жасай ма? - Ну, папа, причем здесь госбанк и сберкасса? Менің айтқаным – моторы, двигателі жақсы. Әрине, шал бұған да түсініп жарымады. Тек мотор деп адамның кеудесін, өкпе-жүрегін айтушы еді. Дұрыс білмейтін мына жүгірмек болашақ келіннің денсаулығын айтып тұр-ау деп топшылады. - Ие, жақсы болса, болды ғой, - деп басын изей салды. Ал енді жасыратыны жоқ, қариялар келіннің өз ұлтынан болуын қалайтын еді. Дегенмен, әдет-ғұрып, жол-жоралғы дегендей, құдай оңдап, өзімізден болып жатса деп аңсайтын олар. - Бәрі бір ғой, бірақ сонда да қай түс? – деп сұрады олар. - Черный? Я черный цвет люблю! – деген жауап естігенде екеуінің жүрегі жарылып кете жаздады. Кемпір "қарағымның ақылы бар екен ғой", - деп, тіпті көзіне жас алды. Шал да баласына риза болып, қалбаңдап жатыр. Шодан әке-шешесінің "черный цвет" дегенде осыншама қуанғанын көріп, одан сайын масайрай сөйледі. - Онда бірнеше цветі бар. И белый, и желтый, и синий. А мен черныйды выбрал. Шал мен кемпірдің төбелері көкке жетті. Бұл неме үндемей жүрсе де, қыз таңдап жүр екен ғой деп мәз болысты. - Садағаң кетейін,қараны таңдағаның жақсы болған. Бізге лайығы сол өзіміздің қара торы, - дейді екеуі. Ал ендігі білетін басты мәселе қалыңдықтың төркін жұрты, ауыл аймағы екені белгілі. "Қайдан?" деген сұраққа Шодан Россиядағы бір үлкен қаланы атап, сондағы заводтан деді. - Ә-ә, жолдамамен келген екен ғой. Енді сол қалаға барып, үлкендердің алдынан өту керек шығар, - деді Әлмен. Әрине, оның ойы-құда түсу.
- Зачем онда барып! – деп Шодан селк ете қалды, - біз осыннан аламыз. - Сонда қалай? Үйге кіргізіп ала қоямыз ба? - Да, конечно. Онда готова. Шал-кемпір ыңғайсыздау көрсе де, келуге дайын деген соң, одан сайын қуанды. - Айналайын, келісімдерің солай болса, алып келе ғой. Құдалармен соңынан келісе жатармыз. - Папа, бүгін алып келемін! Давай тоғыз мың ақша, - деді бала ыржалаңдап. Шал-кемпір ештеңеге түсінбей, меңірейіп қалды. Бұл не, қалың сұрағаны ма? Төркіні алыста, жалғыз жүрген қыз үшін мұншама ақша неге керек? - Шырағым, ертеде "төрт тоғыз" деген болады дейтін еді. Сенің мына тоғызың да сондай әбес нәрсе екен. Жоқ, біз ақша бере алмаймыз, - десті шал-кемпір. Мұны естігеннен кейін әлгі бәтшағар өкіріп жыласын-ай келіп. "Ол маған өте керек... Онсыз өмір сүре алмаймын... Басқа ештеңенің қажеті жоқ... Пәлен де түген..." – деп бір күн, бір түн өңкілдеп, шал-кемпірдің соңынан қалмады. Ақыры әке-шешесі ақылдасып, мынадай шешімге келді: Тым орынсыздау болса да, баланың сұраған ақшасын берейік. Жалғызымыздың жеті насырын жерге түсіріп болмас. Ертең өле қалсақ, бұл дүние бәрі соған қалады – десті де, Шоданға тоғыз мыңды қолына ұстатты. Ол жүгіріп шығып кетті. Әлмен мен Балқия баламыз келін әкеледі деп, күбініп тойға дайындала бастады. Біраздан кейін екі құлағы езуінде жайраңдап Шодан келді. - Алып келдім! Ура! Есіктің алдында тұр! – деп әңгіленді. Балқия шашуын алып, сүрініп-қабынып, Әлмен де тәлтіректеп, екеуі қосарланып, сыртқа шыға беріп еді... Есіктің алдында жалтыраған су жаңа қара "Жигули" тұр екен.
ОРАМАЛ Бұрын орамалдың негізі міндеті бетіміздің шошайған шоқысын сипалап сүртіп, екі үңгірін тазаланғаннан басқа тағы бір өте маңызды рәсімдік қызметі бар. Қай халықта да /әйтеуір біразында/ не заманнан бер қарай осы кішкене ғана төрткүл мата-махаббатың жалауындай желбіреп келеді. Көрісуге көз жетпей, не сөйлесуге сөз жетпей тұрғанда үміттің елшісіндей осы орамал жеткен жерде, бәрі де түсінікті бола қалады. Екі жастың жарасуы, екі жүректің жалғасуы мұрын орамалдан басталады. Кестелі ақ жібек орамал Алыстан жолдаған сүйген жар... немесе: Сағынғанда жарыңа Жіберіпсің орамал... – деген әндерді өзіңіз де талай зыңғыратып айтқан шығарсыз-ау. Ал енді мына біз де жас болғанбыз, қызымызбен орамал алмасқанбыз. Үйленер алдында болашақ жан жолдасыма бір керемет орамал
сыйлап едім. Айрықша бір әдемі, танымал орамал. Бірақ біраздан кейін адам ұмытады ғой, сол есімнен шығып кетіпті. Және келіншегімнің қолынан соңғы кезде көрінбейді, оны сұрап тексеру деген ойыма да келген жоқ. Сөйтіп жүргенде әлгі орамал бір күні көзіме оттай басылды. Қайдан дейсіз ғой? Бір Томпан деген маскүнем көршім бар еді, соның қолынан! Менің көзімше, мақтанған адамдай, әлгі орамалды жан қалтасынан шығарып, бырқыратып мұрнын сіңбіріп, кір қожалақ қолдарымен умаждап тұр. Өзі әдетінше мас, былаң-сылаң. Көзім қарауытып, басм айналып кеткендей болды. Сәл байырқап тұрдым да, Томпанның мастығын пайдаланып, одан сыр тартқым келді. - Орамалың әдемі екен... – дедім. - Бір қ-қ-қатынның бергені ғой... Е-е-е-е.... деп, ыржиып күлмесі бар ма? Мәссаған безгелдек! Тұла бойым дір ете қалды. - Өй, өзің мықтысың ғой! Ойнайтын қатындарын көп, ә? - дедім мен де оның сөзін қайталап. Және күлген болып, езуімді қинала жиырдым-ау деймін. - Б-б-бар ғой, - деді ол тағы ырсалаңдап, - к-к-кімнің бергені есімде жоқ. М-м-мынаумен ж-жүргенде ұмытып қалыппын, - деп кеңірдегін шертіп, көзін қысып қойды. Маған әдейі қыр қылып, келемеждеп тұрғандай көрінде. Жүрегім жұлқынып, көмейге тығылды. Дүние астаң-кестең аласапыран болып кеткендей. Томпаңды жұдырықпен тұмсықтан айдап жібергім келіп, өзімді әрең ұстадым. Екі етек болып жүгіріп, үйге келдім. Есікті дүрсілдетіп, сүрініпқабынып, кіре әйелімді жағадан алдым ғой. Оның есі шығып кетті. Әңкітаңқы айқайға бастым. - Қайда, қайда, орамал?!! Бір кезде әйелімнің тілі шығып: - Өткенде...кездесіп.... – деп міңгірледі. - Кіммен? - Мына... Томпанмен. - Тапқан екенсің кездесетін адамды! Менен артық тапқаның сол маскүнем бе?! Шапалақпен шарт еткізіп жақтан тартып жібердім. Ол қыпқызыл болып жалынып, жалбарына бастады. - Кешіре гөр... Жатқанда... беріп едім... - Жатқанда?! - Иә... түсінші, жаным... - Қайда жатқанда?! - Сайда... – дейді. Мен жағамды ұстап таңқалдым. Менің сүйген жалғызым қалай сондайға барды? - Қайдағы сай?! - Ана шеткі көшедегі ... – дейді. Мен жындануға айналдым. Шапалақпен екінші жағын осып жібердім. Қайтейін, енді... - Өй, оңбаған! Сайда бердің, ә?! - Иә, қайтейін енді... - Неге?! Неге?!- мен ызаланып жылап жібердім. Әйелім де өкіріп жылап жатыр және былай дейді: - Сүртті ғой...
- А?! – енді ашуланғаннан көзім қанталап, не істегенімді білмей, әйелімді тұншықтыра бастадым. Ол көзі аларып, қырылдап өліп барады. Мейлі, өлсе жатсын, обалы жоқ! Қаншық, мұндай әйелдің болғанынан болмағаны жақсы! Бұлардың ішінде зымияны болады деуші еді, рас екен ғой. Сөйтіп, әйелім тыпыршып, жан тапсырайын деп жатқанда, біреу есік қаққандай болды. Селк етіп, қолымды босатып жібердім. Әйелім қақалып, шашалып ышқына демалып, есін жинап былай деді: - Уһ!... Қайтейін, оған орамал бермей... Сайда құлап, беті қан-қан болып жатыр екен... Бекер берген екенмін, ойбай! – деп зар жылады. Менің ашуым дереу сап болды. Абдырап, аңқайдым да қалдым. - А?! Не дейсің?... Қайта айтшы... Үйбәй-ай, жаным, кешіре гөр! Дұрыс осылай түсіндіріп айтпайсың ба? – деп, ұялғаннан енді мен кірерге жер таба алмай қалдым. Ойпыр-ай, бұл қызғаншақтық деген көзсіз екен ғой... Әй, жігіттер,ашуға сақ болыңдар!
ОЙ СҮТІҢДІ... Бірде Маңғыстауға атақты домбырашы Қаршыға Ахмедияров келді. Елге өнер көрсетіп, бірге жүрдік. Кезегі келгенде Кетікке бардық, жігіттер жақсы қарсы алды. Түбектің әдемі жерлерінің бірі - "Тамшалыда" болып, демалдық. Қайтып келе жатқанымызда жолдағы бір балықшы шалдың үйіне соқтық. Қонақ болыңдар деп жатыр, бірақ біз отырмаймыз, шөлдеп қалдық, тек сусын ішеміз, - дедік. Сусын орнына көпірген шұбат іштік. Ұмытпасам, әлгі қария руы Бектеміс Мыңтұрған деген кісі-ау деймін. Шұбат ішіп болған соң қартқа сыйлық ретінде Қаршыға екеуміз домбыра тарттық. Кезектесіп төпеп жатырмыз. Шал біресе Қаршығаға, біресе маған қарап жалтақтап отырды да бір кезде былай деді: - Ой сүтіңді... бәлен етейін, мына екеуі бірінен-бірі өтеді ғой! Қыран-топан күлкі. Әлгі сөз, сірә, шалдың үйреншікті мәнсіз қыстырмасы болса керек. Шығып келе жатқанымызда адайға әрі жиен, әрі күйеу Қаршыға күліп былай деді: - Бұл адайлардың адамды жақсы көріп, мақтағаны да қызық. Дымыңды қалдырмай боқтайды екен! Бәріміз күліп келеміз.
ӘКЕСІ БАЛАСЫН ТАНЫМАҒАНЫ Наурыз мерекесінде үлкен театрландырылған қойылым болды да, маған Құрманғазының ролі тапсырылды. Құрманғазы Динамен кездесіп, оған бата береді және "Төремұрат" күйін орындайды. Сау болғыр, Ақтау қаласының Абай атындағы мәдениет сарайынан үлкен қаба сақал, қаулаған мұрт табылып, соны тағып, желімдеп алғанмын. Әншейінде тұрақты киіп жүретін көзілдірігімді алып қойдым. Жарықтық, Құрекеңнің дәл қандай болғанын кім білсін, дегенмен соған ұқсас "жалды" шал болған сияқтымын. Шапан, қалпақ киіп, концерт өтетін алаңға келдім. Көріністің басталатын уақытын күтіп тұрмын.
Бір кезде қасыма әкем келді. Маңғыстау елі білетін сол кезде сексен жеті жастағы Ысқақ Шәкіртұлы деген кісі. Құдайға шүкір, тіфә-тіфә әлі тың. Наурыз мерекесін көрейін деп жаяулатып өзі келіп тұр. Менің ойымда ештеңе жоқ, әдеттегіше сәлем бердім. - Ассалаумағалейкум! - Уағаләйкуміссәләм... Кімсің? – деді. Менің кім болғанымды сұрап тұр-ау деп түсіндім. Танымай тұр деген ойыма да келген жоқ. - Құрманғазымын,- дедім. - Ә-ә... дұрыс. Құрманғазының күйін тартасың ғой? - Иә, осы жолы Құрекеңің күйін тартамын. Содан папам бет аузыма біраз қарап тұрды да: - Өзің кімсің? – деді. Мен күлкіден жарылып кете жаздадым. Мәссаған, бұл кісі өз баласын танымай тұр екен! - Шынымен танымай тұрсыз ба? - Иә, шынымен... бір жерде көрген кісім сияқтысың. Бірақ, анық есіме түспей тұр... Мені күлкі қысып барады. Аузымды ашып, аңқылдап күлейін десем, еріндерім айналасыңдағы желім бұзылып, сақал-мұрт түсіп қалуы мүмкін, соларды қолмен басып тұрып, мен де қуланып: - Әуелі өзіңіз кім боласыз? –дедім. - Мен Шәкіратұлы Ысқақ деген шалмын, - дегені. Ой, қызық-ай, мен сонда күлкімді баса алмай былай дедім: - Ал мен Шәкірат немересі Ысқақұлы Сержан деген шалмын! Қыран-топан күлкі. Сол жерде әкелі-балалы екі шал рахаттанып біраз күлдік. Мені де жас демеңіз, сонда алпыстан асып кеткенмін.
ОҚУДЫҢ НЕ КЕРЕГІ БАР? Мен мектепті кеш бітірдім. Жас күнімде жағдай болмады да, отыздан асқан соң кешкі мектепке бірде барып, бірде бармай, мыжып оқыдым. Әйтеуір атағы "оқу" демесең құр жүріс, миға қонып жатқан ештеңе жоқ, мақсат – аттестат алу. Кластан класқа көше алмай бас-аяғы неше жыл оқығанымды да ұмытып қалдым. Ақыры итшілеп бітірдім-ау. Сол оқып жүргенімде бастан өткен күлдіргі жайларым, мұғалімдермен болған қызық әңгімелерім әлі есімде. Солардың біразын айтып берейін. Мен үшін сабақтардың бәрі қиын соның ішінде математикадан тіпті қақпаймын. Бірде мұғалім тақтаға "икс" пен "игректі" /бұлардың осылай аталатынын кейін білдім/ жазды да: - Оқы бұл не? – деп сұрады. Мына оқытушы мені осы екі әріпті оқи алмайтын саппас көріп тұр-ау деп ойладым да: - Е несі бар мұны оқымай бұл "қу" – дедім. Оқытушының көзі аларып кетті. -Кім қу? -Мына екі әріп "ху"...
- Өзің қу оңбаған! – деп оқытушы бұлқан-талқан кейіді. Оқушылар жырқылдап мәз болды. Менімен ойнайтын бір құрдас ушықтырып жатыр: - Дұрыс айтасыз, мұғалім. Бұл барып тұрған қу, жақында жұмыртқалайды, - деп ыржаңдайды. Мен мұғалімге: - Сіз неге кейисіз маған, мені қанша миғұла десеңіз де, әріп танимын ғой. Мынау – хы, мынау – ұу, - дедім.Енді мұғалім күліп жіберді. Класс та ушу, күлкі. Жалпы мен тақтаға шыққанда күлкісіз болмайды. - Әй, шырағым, бұлар "икс" пен "игрек", - деп түсіндірді оқытушы. - Ә-ә, болса болар, - дедім қарап тұрмай – бұлардың шынында да қисық және ирек екені көрініп тұр ғой. Мына біріншісі қисық, екіншісі ирек шығар! Не бүлдіргенімді қайдан білейін, клас қыран-топан күліп жатыр. Мен тақтаға шықсам болды, бұлар мұрамға батады да жатады. Екінші күні ах-вх=сх дегенді оқуыма тура келді. Тәуекел деп: - Ахқа быхты қосқанда сых болады, - деп қойып қалдым. Класс қырылып жатыр. Мұғалім де көзінен жас аққанша күлді. - Ой, сабаз-ай! Аққа боқ қосқанда дедің бе ей?! – деп қарқылдайды. Сол кезде мына х-ның "қисық" екені /иксті мен осылай түсіндім ғой/ есіме түсті. - Кешіріңіз, "ақисыққа" «бықисық» қосқанда "сықисық" болады екен, - дедім. Оқытушы күліп-күліп: - Әй, қарағым, нағыз түзелмейтін қисық өзің ғой, - деді. Енді бір күні қазақ тілі сабағында мынадай қызық болды. Оқытушы мені тақтаға шақырды да: "Құстар ұшып бара жатыр" деген сөйлемді жаз деді. Жаздым. - Ал, осы қай шақ? – деп сұрады. Ойланып тұрдым да: - Оқытушы, сіз әуелі маған құстардың қайда ұшып бара жатқанын айтыңыз, - дедім, оңтүстікке ме, әлде солтүстікке ме? - Онда тұрған не бар? - Ә-ә, онда үлкен мән бар, - дедім білгішсініп, - егер құстар оңтүстікке ұшып бара жатса, онда шақ күз болғаны, ал солтүстікке ұшып бара жатса, шақ – жазғытұры болғаны. Оқытушы не күлерін, не ашуланарын білмей, булығып қалды. - Әй, шырағым, мен сенен табиғаттың шағын сұрап тұрған жоқпын, мына сөйлем осы шақ па, келер шақ па, әлде өткен шақ па? Мен сенен соны сұрап тұрмын ғой, - деді. - Е-е, білдім, бұл өткен шақ! – деп бөсіп қалдым. - Қалайша? - Құстар ұшқанда бір орнында тұра ма? Олар өтіп кетті ғой. Сондықтан бұл өткен шақ. Класс азан-қазан. Оқытушы қабағынан қар жауып: - Ал сен үшін бұл "кеткен" шақ болды. Шық кластан! – деп есікті нұсқады. Қайтейін, шығып жүре бердім. Бір күні химия сабағы жүріп жатқан. "Химия деген қиын ғой, екілік сенің сыйың ғой" деген сөздер маған арналған. Сабақтың тақырыбы-домна пеші. Оқытушы мені тақтаға шақырды да, домна кескінін сал деді. Қиналып азғана тұрдым да, қолыма борды алып жіберіп, сыза жөнелдім. Домаланған,
иілген, бүгілген бір нәрселерді домбайлатып салып жатырмын, салып жатырмын. Ақыры суретім тақтаға сыймай қалды. Оған тоқтап қалған мен жоқ. Тақтадан шығып, жарды сызып, шимайлап әрі қарай жүре бердім. Тіпті есікке тақап қалдым. Мұғалім әуелі байқамай отыр еді, бір уақытта сезіп қалып: - Әй, мынауың не?! Жарды неге сызасың?! – әңгірлей жөнелді. - Жолдас оқытушы, кешіріңіз. Домна деген алапат дәу нәрсе ғой, суреті мына тақтаға сыймай, жарға шығып кетті, - дедім. Класс ызы-қиқы. Оқытушы зығыры қайнап, маған бір "екілікті" қонжитты. Сол кезде бізде неміс тілі де жүрді. Тек бесінші кластың ғана бағдарламасын өттік. Оқытушымыз – орыс келіншек бір күні немісше өлең жаттауды тапсырды. Әлі есімде "Ди Ур" деген. Аудармасы "Сағат" шығар, сірә. - Ди Ур ес хат гешлаген, Су шпет цу ун сусаген, - деп келеді. Немісше түгілі қазақша өлеңді жаттауға шорқақпын. Дегенмен менің сұратылатын кезім келіп тұр. Қалай да жаттауым керек. Неміс сөздерін қазақ атауларына ұқсастырып, есіме сақтауға тырыстым. "Ди Ур" дегенге Дияр деген досым бар. "Ес хат" дегенге Есқуат деген інім бар. "Шпаген" деген қазақтың "шырағым" деген сөзіне ұқсас. "Су шпет" дегенді "су ішпейт" деп келтіруге болар деп қиыстырып қойдым. Айтқандай-ақ мені тақтаға шақырды. Әлгі сөздер ғана есімде, басқасын ұмытып қалдым. Не де болса көзді жұмып, қоя бердім: Дияр, Есқуат, шырағым, Су ішпейтін, ашыған көже ішеді, Нан жейді. Класс күліп, шуылдап кетті. Ал әлгі оқытушы орыс келіншек: - У тебя акцент страшный. Но что-то похожее есть. Ладно, "тройка", - дегені сау болғыр. Тағы бірде физика сабағында не болғанын айтайын. Мұғалім кәдімгі төбеде жанып тұрған ләмпішкіні көрсетті де: - Мұны жасаған кім? – деді. - Түу, жолдас мұғалім, осыны да білмейді деп ойлайсыз ба? Осы "Ильичтің шамы, Ильичтің шамы" деп күнде айтып жүрген жоқпыз ба? Мұны жасаған Владимир Ильич Ленин. Әй, бір қатырдым-ау деп мәз болып тұрсам, оқытушының қарсы шыға келгені. - Әй, шырағым, сен байқап сөйле, ләмпішкені жасаған Ленин емес. - Жоқ сіз қателесесіз, Ұлы көсем керемет революция жасағанда, қылдырықтай бір ләмпішке жасай алмайды деп ойлайсыз ба? Әйтпесе, неге оны "Ильичтің шамы" деп атайды. Ұлы көсемнің іскерлігіне күмәніңіз бар болса, жүріңіз, райкомнан сұрайық, - дедім қоттиып. Класс деген тағы да қыран-топан. Мұғалім де жымиып күлді: - Әй, бәтшағар, саған сөз жоқ! Ал енді сізге бір сыр айтайын. Айлап-жылдап осылайша қор болып жүргенде бекер оқыппын. Адыра қалсын, аттестаттың да, дипломның да қажеті болмай қалды. Себебі, қазір мен саулаған саудагер, безілдеген
бизнесменмін. Ақша жетеді, яғни айтқандай "жаңа" қазақпын. Осы күні мен анау профессор, академиктеріңе де пысқырмаймын. Соншама оқығандағы табыстарына күлкім келеді. Пішту! Бірақ біреулер мен жөнінде интеллекті мәдениеті нөл дегенді айтады. О не дегендері? Бірде радиодан "половина одиннадцатого" деп хабарлады да /мен осылай түсіндім/, бір музыка ойнай жөнелді. Сағатыма қарасам, әлі он болмапты. - Мына радио да оттай береді екен-ау! - "Половина одиннадцатого" дейді, әлі он болған жоқ, - дедім. Сонда он жасар балам айтты /орысша сөйлейтін сүмелек/: - Ты что папа, тупой что ли? Это не "половина одиннадцатого", а "Полонез Огинского", - дегені. Мен оны қайдан білейін... Бір жолдасым мені сынайын деп сұрақ қояды: Мұқан Төлебаевты білесің бе?" –Білгенде қандай! – дедім. Ол атақты палуан. Қажыға барған соң оны Қажымұқан деп атаған, осылай деп еміс-еміс естігенім бар-ды. - Атаңның басы! – деді жолдасым, Мұқан Төлебаев – қазақтың классик сазгері, "Біржан-Сара" операсының авторы. - Е-е,солай болса, солай шығар, маған оның не керегі бар? Өткенде көркем сурет жөнінде әңгіме болды. Мен түсінбейтін ананымынаны айтып жатыр. Бір уақытта дүниедегі құнды, атақты суреттердің бірін аташы, - деді. Мен айттым: "Дүниедегі ең құнды, шедевр сурет – доллар!" Шынында да, солай емес пе?! Не десеңіз де, әдірем қалсын, осы оқу не керек?! Онсыз да байып жүрміз ғой...
ҚАТҚАН КҮЙЕУ Порфирий Иванов ақсақалдың ағзаны мұздай сумен шынықтыру әдісі маған қатты ұнады. Қысы-жазы күн қалдырмай таңертең үстіме екі-үш шелек мұздай су құямын. Тіпті рахат. Осыған бойым үйреніп, күнделікті бұлжымас әдетке айналды. Дегенмен бір күні күтпеген жерден қызық оқиғаға тап болдым. Бірде шаруаның ретімен Ақтөбеге бардым. Қыстың күні суық. Мен өз жерімде қыстыгүні де далаға шығып жалаңаш денеме су құя беремін, себебі біздің Маңғыстаудың қысы көбіне жылы келеді. Ал Ақтөбеде сол күні қырық бес градус аяз екенін білмедім және ешкімнен де сұрамаппын. Әй, қанша суық болса да, тез құйып, сүртінермін деп ойладым. Түскен үйім қайын жұртым. Қайнағам, қайын жеңгем, балдыздарым. Бірінші қонған күні-ақ таңертең ерте тұрып, краннан екі шелек мұздай су құйып алдым да, аулаға шықтым. Жылы үйден шыққасын ба, қапелімде күннің ұшынып тұрғанын сезбедім. Бір оңашалау жерді таңдадым да, тыр жалаңаш шешіндім. Аяздың күшті екенін енді аңғардым, тұла бойымды қарып барады. Бірақ, ештеңе етпес, тез құйып, киініп алам ғой деп ойладым. Екі шелек суды бірінен соң бірін төбемнен сорғалатып құйдым келіп. Күнделікті ауылда істеп жүрген қылығым. Бір-жар минөт тұрып қалдым ба, білмеймін, ой, сұмдық-ай, табандарым жерге жабысып қатып қала қойыпты!
Су сол заматта қырық бес градус аязбен мүйіздей сықиып, серейіп қалған. Аяқтарымды қозғайын десем, мызғымайды. Жаңа ғана тәй-тәй тұрған баладай талтайдым да қалдым. Сондағы тұрған түрімді көрсеңіз. Әлгі парктерде спортшыларға қойылатын ескерткіштер болатын еді ғой, құдды сондай. Тек мен гипстен емес, граниттен сүргендей қызыл шақа жып-жылтырмын.Үсті-басым сүмелек. Әсіресе денемнің су сорғалайтын шығыңқы салалы жерінен су ағам дегенше үлгермей қатып қалып, найзадай шошайып төмен қарай шаншылып тұр. Шашым-батыстың жыртақай стилаяқ әншілерінің шашындай бетімді жауып, жалбырайып қатып қалған. Бақшадағы құс үркітетін қарақшы да сияқтымын, бірақ ол шіркін де менен жақсы – үстінде алба-жұлба болса да, лыпасы бар. Ал мен сорлы енеден тумай тыр жалаңаш. Бірақ менің одан артықшылығым - менен құс емес, адамдар үркіп жатыр. Тұрған жерім көшеге таяу тұс екенін аңғармаппын ғой. Таңертең жұрт әрлі-берлі жүре бастаған. Біреу мені байқап қалып, жындыханадан қашып шыққан нақұрыс деп ойласа керек, зыта жөнелді. Ал бір байғұстың жүрегі нашарлау ма, маған көзі түсіп кетіп еді, қылжиып жалп ете қалды. Бір әйел мені әдейі таңертең шешініп шыққан адам зорлайтын бәле деп ойласа керек, шыңғырып, ойбайлай бастады. Менің олармен шаруам жоқ, байтал түгіл бас қайғы. Аяз құрсаудай денемді құрыстырып барады. Безгек қаққандай қалшылдап кеттім. Жандәрмен аяқтарым босар ма екен деп мықшыңдаймын, міз бақпайды. Қайтейін ұяттан жан тәтті, айғайлай бастадым. Онда да еріндерім қалтырапдірілдеп, тілім күрметіліп, даусым әлем-тапырақ. - К-к-к-көмекте-сіңдер! П-п-помогите! – Бұл дауысым қасқардың ұлығанындай шықты. Әлгі қыстыгүні түлкінің алдауымен балық аулаймын деп, құйрығын өзенге малып, қатып қалатын қасқыр бар ғой, дәл соның өзіндеймін. Ол бишара сасқанынан құйрығын үзіп құтылатын еді, мен де одан кем сасып тұрған жоқпын, бірақ аяғым қақпанға түскендей, шықпайдыау, шықпайды! - У-у-у! П-п-поиогите! Мұным "Ну, заяц, погоди!" деген сияқты "Ну, Порфирий, погоди!" деп тұрғандай. Содан бұл айқайым терезеден қонған үйімнің ішіне жетпей ме? Жаңадан ғана ұйқыдан тұрып жатқан қайнағам мен жеңгем "бұл не айқай?" деп терезеге үңілді. Сөйтсе терезенің алдында шайтанға ұқсап тыр жалаңаш біреу тұр. Шашы жалбырап, бетін жауып кеткен. Екі жағында екі шелек. Олар мені танымайды. Қайдан танысын, менің үстімде "күйеу" деген жазу жоқ. Және оларға денеме су құятынымды айтқан жоқпын. Қайын жеңгем шошып кетті: "Астағыпыпалла, мынау не пәле?!" Қайнағам ойлайды, бір байғұсты таң атпай қарақшылар шешіндіріп, тонап кеткен екен деп. "Қаныпезерлер ең болмаса, түрсиін де тастамапты-ау деп басын шайқайды. Жаны ашып, адам баласы ғой, үйге кіргізіп, жылындырайын, андай-мұндай жаман-жәутік киімдерімді береиін деп далаға шығады.
Қайнағам шыға келген соң, өлімнен ұят күшті, шелектің біреуін алып /оған қолым жабысып, қарылып барады/ андай-мұндай жерлерімді көлегейлеп жатырмын. Қайнағам күледі: - Әй, сорлы, мына түріңмен саған ұят не керек? - Жақындап келгеннен кейін мені танып қалды. - Ей, сен күйеусің бе?! Мынау не тұрыс? Мен аузым аузыма жуыспаса да, былдырлап жайымды айттым. Аяқтарым қатып қалып, қозғала алмай тұрғанымды білдірдім. Қайнағам мырс етіп күлді де, үйге кіріп кетті. Қайын жеңгемді, балдыздарды ертіп қайта шықты. Қолдарында көрпе және қатқан тоңды оятын шот, балта, сүймен сияқты құралдар. Үстіме көрпе жауып еді, ол зырғанап тұрмады. Балдыздарым шек-сілесі қатып, тырқылдап күліп жүр. Содан кейін Дзержинскийдің ескерткішін құлатқандағыдай аяқтарымның жан-жағын тықытып ұрып, шапқылай бастады. Уһ, ақыры аяқтарым босадыау. Баяғы ерте дүниедегі Грецияның бір жалаңаш құдайындай серейтіп көтеріп, қаумалап үйге кіргізді. Қанша ұят қысса да, ештеңе жасыра алмадым. Айдың, күннің аманында мас емес, есім дұрыс, қайын жұртым алдында абыройым айрандай төгілді. Балдыздарымның ішінде маған тиіскіш, қатты ойнайтын біреуі бар еді. Сол мазаны алып барады. - Пай-пай! Біздің жезденің шошайған сүмелегін-ай! – деп қоймайды жүгермек. Үйге кіргеннен кейін денемді спиртпен ысқылап, ыссы шәй ішіп, жаным қалды-ау әйтеуір. Ойпыр-ай, адам осындайға да тап болады екен...
ҚҰЛШАРДЫҢ КҮЙ ТАРТЫСЫ Бұл айтыс күйлер қызғылықты әңгімесімен тартылып отырады. Құлшар өз атынан сөйлеп, күйлерді өзі тартып көрсетеді екен. Біздің қариялардан естуімізше, Құлшардың әңгіме, күйлерінің желісі былай болып келеді: "Бірде ауылда түк ермек жоқ, ерігіп кеттім де, ел аралауға аңсарым ауды, - деп бастайды бір әңгімесін Құлшар, - Жер көрейін, өзімді де көрсетейін дегендей, жақсы бір атымды ерттеп мініп, буынып-түйініп жолға шықтым. Жаздың мезгілі, шілде, күн ыссы. Тамылжыған таң самалында шыққанмен көп ұзамай-ақ аңызақ аптап лаулай бастады. Біраздан кейін шөл қысып, "шәй-су ішіп дамылдап алу керек-ау" – деп ойланғанымша, бір төбенің астынан қаздай тізілген оншақты үйді ауыл шыға келді. Қуанып кеттім де, ортасынан бір ақбоз үйді таңдап аттың басын тіреп, түсе қалдым. "Ассалауағалейкум" деп кіріп келсем, іште бір кемпір мен қыз отыр екен. Әуелі көзім қызға түседі ғой, пай, шіркін, көрерге көз керек бір перизат, ақ беті үлбіреп, бота көзі мөлдіреп, іс тігіп отыр екен. Бүрмелі қос етек шәйі көйлек, оюы зерлі пүліш бешпет, қос бұрымында күміс шынжырлы түймелі шашбау. Әдемі оймыш құлақтан төмен салбыраған шылбыр шолпы алма мойынды сипалап зыңғыр қағады. Мен кіріп келгенде жүрегімді зірк еткізіп жалт етіп бір қарады да, ісін жалғастырып отыра берді.
Кемпір де сыры кетсе де сыны кетпеген сындарлы адам екен. Жеңілдеп тартқан жаулық, батсайы көйлек, түрме белбеу, салалы саусақтарында сақина, жүзіктер самсап тұр. Өзі ұршық иіріп отыр. Сәлемдескеннен кейін мен жайымды айтым. "Жолаушы едім, шөлдеп келемін, бір шәйнек су қайнатып берсеңіздер", - деп едім, қыз көзін төңкеріп, тәкаббарлана тағы бір қарады да, былай деді: - Жолаушы жігіт, мен шәйді қайната-қайната жалығып отырмын. Сен сияқты ындыны кепкен жүргіншілер мазаны алып болды. Келісіп қойғандай бірінен соң бірі біздің үйге келеді. Шәй қоямын деп-ақ шаршадым. Жігітім, шөлден өле кеткендей түрің жоқ қой, жөніңді тапқаның дұрыс болар. Мен қыздың осындай тосын шайпау сөзінен әуелі абдырап қалдым да, бірақ өзім Құлшар боламын да, кірген үйімнен қалайша шәйсіз шығамын деген ой келді. - Бойжеткен, жолаушының да жолаушысы бар. Кез келген әмейі жоғалған мал іздегендерге берген шәйіңді мен секілді замандасыңа қимайсың ба? – дедім. Қыз сықылықтап күліп жіберді. - Үйбәй-ау, мына шіркін өзін жоғары санайды ғой! Кәне, менің қолымнан шәй ішкендей қандай өнерің бар? – деді. Айнала қарасам, керегенің басында бір қозықұйрық қара домбыра ілулі тұр. "Ә-ә, сен қыз енді шәйді маған шынашағыңды шошайтып отырып құярсың" деп ойладым да: - Айналайын қарағым, өнерге беретін шәйің болса, ол мен үшін арзан шәй болды. Ана домбыраңды алып бер де, шәйнегіңді мосыға іле бер, - дедім. Қыз қиылған қасын қарлығаштың қанатындай керіп жіберіп, маған сынай қарады да күлімсіреп: - Мосы қайда кетер дейсің, әуелі өнеріңізді көріп алайық, - деді. Содан кейін тал шыбықтай бойын түзеп тұрды да, назданған ерке ерінген жүріспен жайқалып барып домбыраны алып берді. Сүліктей бұралаңдап қыз қасыма келгенде жүрек шіркін тыпыршып, аузымнан шығып кете жаздады. Көңіл толқуын сәл бастым да, домбыраның бұрауын түсіріп, былай дедім: - Қарындасым, өз аулымызда бізді домбырашы дейді. Мына бір күйді тартқанымда кілең қыздар, келіншектер мені қамап отыратын еді. Сондықтан да бұл күй "Қыз қамаған" аталып кеткен. Ал, бұл жерде домбырашыны қамайтындай ешкім жоқ, өзіңнен басқа. Тыңдашы сол "Қыз қамаған" күйін... Күйді тартып болып, бәлем енді шәйіңді баптайтын шығарсың деп отырсам, қыз орнынан қозғалар емес, миығынан күліп, жымың қағады. Енді бір қарасам, әлгі ұршық иіріп отырған кемпір ұршығын, қолындағы шүйкесін былай ысырып, бір түрлі ыңғайланып жатыр. Мен ойладым, мына ерке қыз бұлданып отырған соң, шәйді кемпір қоятын болды-ау деп. Жоқ, олай болмады, кемпір көйлегінің оң жеңін жоғары түріп, сыбанып жіберді де өктем дауыспен: - Әй, бала, домбыраны маған бер, - деді. Мен таңданғаннан аузымның аңқайып кеткенін сезбеппін. - Әкел бері домбыраны! Өзің домбыраны біршама жақсы тартатын бала екенсің де, бірақ толық меңгермепсің. Астын ойнасаң да, үстін көп баспайды екенсің.
Мен сасқанымнан бәпек болып домбыраны бере қойдым. Кемпір домбыраны алып жіберіп, былай деді: - Шырағым, бұл уақыт шіркінге амал жоқ қой, мен қазір қартайып кемпір болғанмен, бір кезде жас едім. Өздеріңдей құрдас-құрбыларым болды, солардың ішінде сұлу да сүйкімді, кербез кермиық бір жолдасым болып еді. Соған арнап "Кербез керік" деген күй шығарғанмын. Тыңдашы сол күйді... Ойпыр-ай, кемпірдің саусақтары астын-үстіне дөңгелентіп, термелете басқанда көз іліспейді. Ал оң қолы домбыраның үстінде әткеншек ойнағандай бұлаңдап, ғажайып қимылмен тербеліп кетеді. Кемпір күйді тартып болған кезде шолпысы шылдырлап, шайқала басып шешесінің қасына қыз келді де: - Домбыраны маған берші, мына қаңғып жүрген неменің сазайын енді мен берейін, - деді. Және де шешесіне еркелеп айтты ма, әлде менің алдымда мақтанғысы келді ме, тағы былай деді: - Әй, шеше-ай, сенің қолдарың қартайып кеткен бе, кібіртіктейді ғой... Кемпір қызына жалт қарады, қабағын түйіп тіксініп қалды. - Қап! Мына қыздың бәлденуін-ай! Бәлем, тұра тұр! – деп күбір етті де, домбыраны қызына берді. - Қыз домбыраны алып сымдай тартылған сүйрік саусақтарымен шалыпшалып жіберді. Сосын маған бадана көздері мөлдірей қарап, былай деді. - Жолаушы жігіт, алдында да айттым ғой, осы біздің үйге келушілер көбейіп кетті. Жақында бір жігіт келіп, мені көргеннен кейін осы ауылдан шықпай қойды. Өзінің жігіт сияқты түрі болса екен-ау, сүмірейген бір сүмелек, китің-китің еткен жортақ жадау жаман аты бар. Сол жігітті келемештеп, өзінің сүңкін, атының сиқын әжуалап бір күй шығарып едім. Содан осы ауылға күлкі болып, тайып тұрып еді. Сол "Атжортақ" деген күйді тыңдашы, сен де қазір кететін шығарсың! Сүйдеді де, қыз төкпелетіп домбыраны тарта жөнелді. Жортақ аттың үстінде отырғандай селкілдейді, домбыра да соған сәйкес ыңқ-ыңқ етеді. Құдды бір жападай жапырайған жаман жігіт шабан қойторының үстінде жалпылдап келе жатқандай. Домбыра қопаңдаған жортақ жүрісті дәл бейнелеп, таңқылдаған дүрсілмен басын ырғап-ырғап қояды. Қыз күлімдеп, наз мысқылмен езу тартып қояды. Қыз күйін тартып бола бергенде әзер шыдап отырған кемпір: - Әй, шырағым, домбыраны қайтар маған! – деді. - Қолдарың қартайып кеткен деп не бетіңмен айтып отырсың?! Мен қартайсам да, сендердей қыз бен жігіттің әлі талайын ұрып беремін. Әкел бері домбыраны! Сендер жас болып, домбыраны менен артық тартамын деп отырған шығарсыңдар-ау. Түт, шіркін! Көрсетейін мен сендерге бұл кемпірдің домбыраны қалай тартатынын!... Қыз шешесіне сөз тигізіп алғанын енді сезіп, ыңғайсызданып қалды да, домбыраны қайтып берді. - Мен дәл қазір табан астында бір күй шығарамын. Екеуіңе қыр қылып тартқан бұл күйімнің аты - "Түт, шіркін!" болсын. Көрсетейін сендерге! – деп кемпір құлшынып, бір күйді бастап кетті. Жорға саусақтар домбыраның сабында ойнақшып, он қолы қос ішекті саумалап, көзді баурайды. Өзі
тербеле теңселіп, қыз бен маған кезек-кезек жанары жалт етіп, қарап қояды. Әжімді жүздерінде кермиық күлкі ойнайды. Бір кезде оң қолын біресе маған, біресе қызға қарай сілтеп, бір ишарат нұсқағандай болды. Бұл не десем, о, сұмдық-ай, бізге қолын шығарып отыр! Кәдімгі үш саусақтың бүгіліп, ортасынан бас бармақтың шошайған түрі. Күйдің ырғағы бұзылмай, әлгі бәле бізге қарай жылт-жылт етеді. Әдейі екеумізге қыр қылып, біресе қызға, біресе маған "сендердің сазайларың осы" – деп отырғандай. Мен кемпірдің осындай қол шеберлігіне таңданып және оғаш қимылын қорсынып, ұялғаннан не істерімді білмей, қалдым. Әуелдегі ернім тобарсып отырған шөлім жайына қалды. "Байтал түгіл бас қайғы" дегендей, бүйтіп ішкен шәйі бар болсын, енді кетуге асықтым. Сылтау тауып, міңгірлеп былай дедім: - Атым тықыршып тұрған сияқты, барып қарап келейінші. Шықтым да, атыма міне сала, шу деп кете бардым. Қыз артымнан жүгіре шығып айқалап жатыр. - Әй, жігітім! Шәй ішіп кет! Қайырылып қарасам, ақ білегі күнге шағылысып, қолын бұлғап тұр екен, қоңыраудай күлкісі естіледі. Тағы келемештеп тұр ма, әлде көңіл түкпірінде мен үшін жылт еткен сезім сәулесі бар ма, кім білсін. Көкірек дәмесі тоқта десе де, ұят түйсігі ілгері жетелеп, шаба жөнелдім. Үйіме келіп, аттан түссем , екі аяғым тең емес, біреуі мүкілеу сияқты. Не болды деп қарасам, міне, қызық, бір кебісім жоқ. Әлгі үйден кетуге асығып, аптығып жүргенімде бір кебісімді кимей-ақ жөнеліппін ғой. Есім шығып кеткені сондай, кебісімнің қалғанын байқамаппын. Өз үйімде шөлімді басып, тыныққаннан кейін домбырамды қолға алдым. Бүгінгі оқиғаға осы жан жолдасым да жымиып, миығынан күлгендей көрінді. "Кебісің қайда?" деп менің қытығыма тиіп, әзілдегендей болады. Әй, жарқыным, кебіс қыздың үйінде қалды ғой деп, қос шекті қозғай бердім. Сөйтіп "Кебіс қалған" деген күй шыққан еді... Маңғыстаудың дүлдүл қарияларының бізге айтқан әңгімелерінде осы күйлердің барлығы да Құлшардың өзінікі дейтін. Қуақы, әзілқой, әңгімешіл сазгер кемпірмен, қызбен кездестім деп келістіре әңгіме айтып, құлпырта айтыс күйлерін тартқан Құлшардың ерек өнері ел есінде сақталып келеді.
ҚОСАЙ ТОЙЫНАН КЕЙІНГІ ОЙ Ер Қосай атаның 500 жылдық мерейтойы өте жақсы өтті. Ел азаматтары, атаның ұрпақтары ұйымшылдықтың үлкен үлгісін көрсетіп, халықтың ризалық мадағына ие болды. Тойдың қарсаңында, тіпті одан бұрын да Қосай туралы көптеген шежіре, әңгіме, басқа да шығармалар жазылып, жарық көрді. Біздің ойымызша, осылардың біразында жаңсақтық, үйлесімсіздік бар. Бұл жөнінде тойдың тұсында айтқымыз келмеді. Себебі, ол тойдың сән-салтанатына нұқсан келтіргендей көрінуі мүмкін еді. Енді, міне, той өтіп, қызығы басылғаннан кейін, шежіре жазушылар да көңілдері көншіп, іс бітіргендей күйге келгеннен кейін қолымызға қалам алдық.
Ер Қосайдың тұлғасы, бойы жайында. Түрікменстандық Т.Серікбаев өзінің «Ер Қосай мен Ерсары» деген шежіре-мақаласында былай деп жазады: «Қосайдың ірілігіне таңдаған Ерсары бірде Қосай сыртқа шығып, қыдырып кеткенде Қосайдың ізін қарыстап өлшейді. Сонда Қосайдың ізінің ұзындығы он сегіз қарыс болған екен дейді. Ерсары өзінің ізін басып көріп өлшесе, он алты қарыс болыпты..» Егер «қарыс орташа адамның өлшемімен беріліп отыр» десек, ол жиырма сантиметрдің шамасы болады да, Қосайдың із-табанының ұзындығы 3 метр 60 сантиметр, ал Ерсарынікі – 3 метр 20 сантиметр болады. Ал адамның бойы табанының тұрқынан 10еседей үлкен болатынын ескерсек, Қосайдың бойының биіктігі 36 метр, яғни 15 қатар үйдей зәулім болғаны! Ал саған керек болса! Бұл бұл ма, осы жерде шежіреші логикалық дұрыс ой-түсінікпен байыптамай қалған тағы бір жәйт бар. Жоғарыда жазылғандай, Ерсары ізді өз қарысымен өлшеп отыр ғой, ал оның қарысы – 3 метр 20 сантиметр екенін айттық. Сонда Қосайдың табан ізі Ерсарының қарысымен он сегіз рет болғанда - 57 метр 60 сантиметр, ал бойы осыдан шамамен он есе көп, яғни 576 метр болғаны! Па, шіркін, бұл тіпті Отпан таудан да асып кетті ғой! Ойпыр-ай, «Қосайдың бойы осындай екен» дегенде суайт Судыр Ахмет пен барон Мюнхгаузеннің ауыздарына құм құйылып, жақтары қарысып қалатын шығар. Мұз ойылып, суға батып кеткен көш кімдікі? Бұл әңгімені естімегендер үшін қысқаша түсіндіре кетейік. Соңғы айтушылардың нұсқасы – Қосай бүкіл әулетімен көшіп келе жатады. Бір дариядан өтерде қатқан мұз ойылып, барлық көш суға батады. Тек Қосайдың өзі ғана жағаға шығып үлгеріп, тірі қалған, «ол сол кезде жетпістер шамасындағы қарт екен» деседі. «Мұндай бақытсыздыққа ұшырау себебі – інісі Тәзікенің барымтамен бір-екі үйір жылқы алып келіп, Қосай бұл барымтаны көргенін қуғыншылар алдында мойындамай, қаралық антқа тұрғанынан» деп келтіреді. Ал Маңғыстаудың атақты шежірешісі Алшын Меңдалыұлы көш Қосайдікі емес, Құдайкенікі екенін жазып кеткен. Бұл кісінің бір дана көшірме шежіресі бізде сақтаулы. Алшекең былай деп жазады: «Адайдың баласы Құдайкенің аулы жазғытұрым әлі мұз түспей тұрғанда көшеді. Дариядан (қай дария екені белгісіз, Алатаудағы өзеннің бірі болуы керек) өтіп, қонатын болып келе жатқанда көш те, мал да мұздың үстімен дарияның орта тұсына жеткен кезде мұз ойылып кетіп, Құдайкенің түгелдей үй-іші, малы суға кетеді. Құдайке ажал жетпей тірі қалады, інісі Келімбердінің үйінде жатып қалады. Бұл кезде Құдайке жасы жеткен үлкен адам болуы керек». Міне, осы адайдың танымал тақтағы, естігенін еске сақтау зердесі бүкіл елді таңдандырған абыз Алшынға сенеміз бе, әлде бүйректен сирақ шығарып жүрген өзгертімпаз, «жаңа реставраторларға» сенеміз бе? Және Алшекең шежіресінде өзінің алдындағы даналарға - медет Еңсеп Тәтімбетұлына, шоңай Нұрнияз Шәуметкенұлына сүйенеді, ал «олар ертеректегі таз Есенбақ пен шеркеш Мақаш правительден естіген» деп айтады.
Ал жақсы, «суға батқан көш Қосайдікі-ақ болсын» делік. Онда біздің мынадай сұрақтарымыз бар: Біріншіден, Қосай аса әруақты, жолы болғыш, өнемейін сәттілікпен жүретін адам болған. Сондықтан да «Қосай атаның жолын берсін!» деген сөз қалған. Ал осындай «жолды, жолы сәтті» адамның көші суға батып кетсе, оның жолының сәтті болғаны қайсы?! Сондай трагедияға душар болған адамға «жолды Қосай» деген ат тағыла ма? Енді біреуге «Қосайдың жолын берсін!» дегенде «Бүкіл үрім-бұтақ, мал-дәулетіңмен қырылып қал!» дегендей болмай ма?! Логикалық санамен осыны неге ойламаймыз? Біреулер «Ол әруақты болғанмен Құдайдан күшті емес. Сондықтан осындай жағдайға тап болуы – Алланың ісі» деп келтіреді. Әрине, ешкім де Құдайдан күшті емес, бірақ Алла кез-келген адамды жолы болғыш етіп жаратпаған. Жаратса, қиянатқа қаратпаған, кесапатқа жолатпаған. Бұл жерде Құдайды тілге тиек ету – тек дәлелге келтірген белгілі әдіс қана. Әуелден Құдайы жарылқап, ақ жолмен жүрген адамның салтанатын өзгертіп, жалған қиындыққа салуды «оның әруағын қорлау» деп білеміз. Баяғыда біреу айтқан екен: «Бүйтіп көтергенің құрысын!» деп. Бұл да - сондайдың кебі. Қосайды бүйтіп мақтағаныңыз бар болсын! Екіншіден, «барымтамен келген жылқыларды іздеген қуғыншыларға Қосай дұрыс жауап бере алмай, міңгір-сіңгір сөйлеп, ақыры амалсыз антқа отырған» дегендей айтылады. Ал ұлы Қосайды осындай пұшайман күйде көрсету - өзі ғаламат батыр, дуалы ауыз би, асқан әруақты адамның атағына лайық па? Қуғыншыларға сардитып жауап беруге, не барымта жасаған жүгермектерге «Қайтар!» деп бұйыруға Қосайдың батылдығы жетпей ме, әлде әруақты батырлығы жетпей ме?! Міне,осындай жәйттерді дұрыс пайымдамау белең алған. Түрікмен әйелге үйленген кім? Т.Серікбаев әлгі айтылған «Ер Қосай мен Ерсары» деген мақаласында (және басқа авторлар да) «Қосай Ерсарының қызы Оғылмеңдіге үйленген» деп айтады. Жоғарыда Қосай өлшемдеріндегі «астрономиялық» сандарды көргеннен кейін енді бұл шежірені жылы жауып қойсақ та болар еді. Бірақ тағы бір «ертегіні» әңгіме еткіміз келді. Сонымен Қосай барынан айрылып, бүк түсіп жатып қалғаннан кейін оны іні-келіні «үйлен» деп үгіттейді. Қосай көніп, қасындағы қалың қазақты елемей, түу Түрікменстандағы «досы» Ерсарыға сәлемдемемен адам жібереді. Өзіне тап болған жағдайды білдіреді, бірақ «Қызыңды бер» деп бұйым етпейді. Иә, тағы да қайталаймыз – қызын сұрамаған. Ерсары да «мырза» екен, 40 түйе, 400 қой (!) айдатып және он тоғыз жасар Оғылмеңдісін ертіп қоя береді. Сөйтіп, бүкіл қазақ-түрікмен тарихында болмайтын жағдай: жалаң сәлемдемеге сұраусыз, ешқандай қалың-қадесіз, тіпті қалың мал алудың орнына қыздың әкесінің өзі (қызынан құтыла алмай жүргендей-ақ) сан-сапат мал берген. Қанша дос болып, Қосайды мүсіркесе де, дәл осылай болуы мүмкін бе? Осы замандағы салт-дәстүр қандай, ал ол бес ғасыр бұрын тіпті қатаң болғаны сөзсіз. Оны ойша оңайлатып, қиял-ғажайып «май шелпек» қылып көрсету дұрыстыққа жата ма?
Оның үстіне, айта кететін бір жай: бұл түрікмен халқы шетке қыз бермеген. Қиянда жатқан соқыр шал түгілі, көрші өз «біліштерін» жолатпаған. Ағайын-тума өз қыздарын өздері алысып, бөтенге шашау шығармайтын болған. Ал біздің шежірешілер Оғылмеңдіні сұраусыз, дымсыз мыңғырған малымен Маңғыстауға жөнелтеді...Құдай-ау, бұдан артық қандай ертегі болсын! Және де бұл шежірешілердің «түрікменшіл» болып кеткендігі сондай, енді біреулері Ерсарыны қоя қойып, Қосайды Исандұрды деген түрікменнің қызына үйлендіреді. Бұл қыздың аты да – Оғылмеңді. (Б.Төлеуғалиұлы «Адай тарихы сыр шертеді», 170-б., Қартбаев Андрейге сілтеме жасайды). Бұл оқиғаның баяндалуы да алдыңғы Ерсарыдағыдай. Исан-дұрдыға ел асып, жер асып Тәзіке келеді. Қосай айнала өз жұртын, Байұлы ағайындарды «менсінбей», дуалап қойғандай қияндағы түрікмен қызынан дәмеленеді. Өзі көзі соқыр, жетпіс жас шамасындағы ауру шал. Тағы да қызға құда түсу жөнінде еш әңгіме жоқ, тек «Ішің білсін, қыздар-ай» дегендей жағдай білдіру. Исан-дұрды да жағдайды тез «түсініп», үйіп-төгіп мал,дүние береді. Неткен мырзалық десеңізші! «Боз айғыр мен боз биеден іріктелген, енді құлындайын деп тұрған төрт айғырдың үйірін, боталайтын уақыты жақын қалған он айыр іңгенді малшы-бақташыларымен және он түйеге Оғылмеңдінің алты қанат отауын тиеп... қосақтарына қос аттан жетектеп, Тәзікемен бірге Оғылмеңдіні алып, өзі де жүрді». (Б.Төлеуғалиұлы «Адай шежіресі сыр шертеді», 168-б.). Көрдіңіз бе, тіпті қызды әкесі өзі алып келеді, мұндайды кім көрген?! Сол тұста адай-түрікмен арасында қиян-кескі жаугершілік, қырғын соғыс, дүрдараз басталған кез. Ойпыр-ай, соның арасында «бейбітшілік коридорын» ашып, құдаласып, құшақтасып, судай тасып, той жасасқан осы кісілерді (егер рас болса!) Гиннес кітабына жазғандай. Бірақ бұл рас емес, ойдан шығарылған өтірікке саяды. Осы жерде тағы да Алшекеңе жүгінейік: «Келімберді ағасына әйел іздейді. Сонда бір төреде жаудан келген... бір әйел бар екен. Келімбердінің әйелі былай дейді: «Жасы үлкен адамға жұрт қызын бермес, сондықтан осы әйелді алып бер» деп кеңес береді. Сол бойынша Келімберді ағасы Құдайкеге осы әйелді алып береді. Ол әйел түрікмен қызы екен. Құдайке осы әйелден екі ер балалы болады: Тәзіке, Қосай». Міне, қарапайым тұрмыстық, шындық әңгіме осындай болса керек-ті. «Жасы үлкен адамға жұрт қызын бермес» дегені нағыз нанымды сөз емес пе?! Және алыс Түрікменияны ауызға алмай, ауылда жаудан келген бір түрікмен әйелге үйлендіру – қартайған қарияға лайығы сол ғой. Алшекең шежіресінде осылайша бәрі үйлесіп тұр. Суға кеткен көш – Құдайкенікі. Түрікмен әйелге үйленген де – осы Құдайке. Енді бұған қарсы «жаңа» шежірешілердің пікірлерін бажайлап қарайық. 1. Б.Төлеуғалиұлы «Адай тарихы сыр шертеді» кітабында Қартбаев Андрей дегенге сілтеме жасап, былай дейді: «Бір әке, бір шешеден туған Тәзікеге «түрікменадай» лақабы таңылмай, тек Қосай ұрпақтарына таңылуы да Қосай көшінің суға кетуін айғақтайды» деп білеміз» (17–б).
Қосайдан тараған рулардың «түрікменадай» аталуын Алшын абыз былайша сабақтайды: «Бұл туралы екі аңыз бар. Бірінші – арғы шешесі түрікмен болғандықтан «түрікменадаймын» дейді. Екіншісі – аңыз бойынша олай емес, Қосайдың ұрпақтарының көбі ер,батыр болған. Тәңірберген, Есек, Тоқтамыс, Тоқмамбет т.т.батырлар... осы күнгі қонысқа келгенде түрікмендермен жауласып,олардың малын, мүлкін, киім-кешегін пайдаланып кеткендіктен, Кіші жүздің басқа рулары Қосай балаларын «түрікменадай» деп атап кеткен. Еңсеп қарт соңғы аңызды жақтайтын көрінеді». Көрдіңіз бе, «түрікменадай» аталуы шешеге байланысты емес, батырлықпен түрікмендердің мал-мүлкін, киім-кешегін иеленіп қалғандығында болып тұр. Егер атақ алу шешеге байланысты болса, біздің бабаларымыз қай елдің қыздарына үйленген жоқ?! Мәселен, Келімберді қарақалпақ қызына үйленген, оның ұрпақтары неге «қарақалпақ адай» аталмаған? Жеменейде әуелі Жомарт, ол қайтыс болғаннан кейін Шылым қалмақ қызы Ақсұқсырға үйленеді, ал олардың ұрпақтарында «қалмақ адай» лауазымы жоқ. Тағы-тағы сондай көп-ақ, бірақ бірде-біріне шешенің ұлт есімі берілмеген Шеше арқылы Қосай ұрпақтары «түрікменадай»аталған дегенді мүлде қою керек. Ал Тәзіке ұрпақтары әуелден жоғарыда қоныстанып, Маңғыстаудағы оқиғаларға көп араласпаған. Олардың орналасуы қазір де солай. «Тәзікелердің «түрікменадай» аталмауының және бір себебі осы» деп білеміз. 2.Соңғы шежірешілердің айтуынша, Қосай жетпіске жақындағанда үйленеді, содан кейін алты ер балалы болады: Айтай, Бегей, Байбол, Тіней, Бәли, Сүйіндік. Әдетте қыз байғұстар шежіре есебіне кірмей қалады, біздіңше, Қосайдың екі-үш қызы да болғанын ешкім теріске шығармас. Сонда қарияның жетпістен кейін оншақты балалы болуы мүмкін бе? Бектұр екеуміз де қазір жетпісті алқымдадық,оның қандай екенін білмеймін, мүмкін мықты шығар, дегенмен «Енді оншақты балалы боламыз» деп айта алмаспыз. Кешірім өтінемін, бұл – жолдастық әзіл ғой, тек адамның физиологиялық мүмкіндігін айтқаным-дағы. Оның үстіне түрікмен шешеміз өзі кексе, кәрі қыз кезінде келген. «Исан-дұрдының тұрмысқа шықпай кідіріп қалған қызы...» деп жазылған кітапта (168-б). Яғни оның да көп құрсақ көтеруі мүмкін емес. Сонда көл оқиғасынан кейін Қосай емес, Құдайке үйленіп, бар болғаны екі бала (Қосай, Тәзіке) сүйгені айдан анық болып тұрған жоқ па? Дұрыстығы осы екені даусыз. 3. Тағы бір қателік. Бектұрдың романында: «Құдайке аулы суға кеткен жағдайда Тәзіке де, Қосай да Келімбердінің балаларынан анағұрлым кейін туған болар еді, тіпті Келімбердінің немерелерінен де кіші шөберелерімен тұстас болар еді» деп жазылған (170-б). Адай атамыз (Бектұрдың кітабы бойынша, 138-б) 1550 жылы 115 жасында қайтыс болған. Яғни оның туған жылы -1435. «Ол үйленіп, 20 жас шамасында бірінші балалы болды» десек, Құдайкенің туған жылы 1455 болады. Ал осы Құдайкенің көші суға кетіп, «70 жас шамасында қайта түрікмен әйелден бірінші ұлы Қосайды дүниеге келтіреді» дегенде, бұл Қосайдың туған жылы 1525 болады. Біз тойлағандай
1507 емес! Біз мұнда үйлену мен туудың ең оптимальды қысқа мерзімдерін алып отырмыз, ал оларды ұзартсақ, онда Қосайдың туған жылы тіпті 1525тен де кеш болары сөзсіз. Ал Келімберді (сонда, 123-б) 1479 жылы туған. Ол Қосай туғанда (біздің есепте – 1525 жылы) 46 жаста. Яғни алты баласының біразын көріп, бір-екеуі әлі тумаған кез. Көріп отырсыз ба, Қосай Келімберді балаларымен қатарлас, тіпті Тобыш пен Мұңалдан аздап үлкен де болуы ықтимал. Сонла Қосай, Тәзіке «Келімбердінің немере-шөберелерімен тұстас болар еді» деген лағу пікірді қалай айтасыз? Бұл қателіктер, сайып келгенде, «Суға кеткен – Қосайдың көші» деген жалған лақаптан туып отыр. Және де өздері жазып отырған дүниелерінің есеп-қисабын, үйлесімділігін дұрыс зерделемейді. Сонымен Қосайдың 500 жылдығын ерте тойлап алған сияқтымыз. Әйтеуір құтты болсын, тарихта ондай-ондай кездеседі. Мәселен, әрідегі Қосай түгілі, берідегі күй атасы Құрманғазының туған жылын екі-үш рет өзгерткенбіз. Ештеңе етпес, құтты болсын! Ертеде баласы қайта-қайта үйлене берген бір кісі: «Біздің бәленше аман болса, әлі талай «құтты болсын» боларау» деген екен. Сол айтқан, әлгіндей шежірешілер тұрғанда, бізде де әлі талай «құтты болсын» болатыны сөзсіз. Сонымен, қадірменді оқушы, біз Қосай шежіресі жөнінде өз ойларымызды ортаға салдық. Мұнда не Американы ашып,не велосипедті ойлап тауып, жаналық айтқанымыз жоқ. Тек алдыңғы өткен қариялардың мұра қылып кеткен сөздерінің дұрыстығын қорғап отырмыз. Оларды «ревизиялап», шатып-бұтып жүргендердің қияли, ешқандай логикалық ойсанаға үйлеспейтін «жаналықтарын» көрсетіп бердік. Енді оның дұрысбұрыстығын өзіңіз шешіңіз. Тағы да айтамыз, тұқ етері – суға кеткен көш Құдайкенікі, Қосай мен Тәзікені туған түрікмен әйел де сол кісінікі. Шынтуайтқа келгенде, шежіре іспетті мақала, арнау, тарихи аңыздар жазғанда көбіне көпірік өрекпе пафос, мақтаншақ, аспандаған әсіре эмоцияға беріліп кету бар. Содан шектен шығып, нанымсыз дүниелер туады. Олардың шындығын қарастырып, ой елегіне салу керек-ақ. Сабағы түсіп, салуалы пікірлерді нықтауды ойластырған жөн, ағайын. Әйтпесе,маңызы шамалымардымсыз дүниелер көбейіп барады. Ал олар ұрпаққа дұрыс мағлұмат бермей, адастыратыны сөзсіз. Енді Қосайдың әруақ мәртебесі, атағы жөнінде. Бұл кісінің әруақты ер, жолды батыр екеніне ешқандай дау жоқ. Қосай атаны мен керемет сыйлаймын, қадір тұтамын. Себебі, мен – оның жиен ұрпағымын, соны мақтан етемін. Ал осы атаның 500 жылдық мерейтойында «ол – Ұран» деген сөз болып па еді? Тіпті де болған емес. Бірақ тойдың кезінде, қарсаңында «Ұран» деп шулағандар көбейіп кетті. Оу, халайық, біздің Маңғыстауда ұран біреу, ол – Пір Бекет емес пе? Енді соған шек келтіреміз бе? Ертең сегіз арыс адайдың қалған жеті арысының да тойы бола қалса, соның бәрін Ұран қылып шығарамыз ба?
Көптеген мақала, арнау өлеңдер, әндер жызылды, соның біразында «Қосай ата –ұрпаққа Ұран», «Ол – Ұран», «бізге Ұран» деген пікірлер атойлап кетті. Ратбай Дауытбаев, Мұханбет Мұратбайұлы, т.т. өз жазбаларында Қосай атаны ұрандатып жатты. Тіпті көпті көрген, бір сыйлы қаламгер ағамыз да «Ұрпағыңа ұрансың, ата» деп жазған. Біздің ойымызша, қанша әулиелер, қанша әруақты батырлар өткен, бірақ елде ұран біреу ғана. Рудың аты сияқты, ол да жалғыз. Бізде ол – бүкіл халық таңдаған, өзі қалаған Пір Бекет. Оны өзгертіп, қосымша ұран шығарып жатқанымыз ұят. Сондай қателікке ұрынғандар, Бекеттің киесінен сескенбейсіздер ме? Осы тұста нағашыларға бір әзілдің реті келіп тұр. Рушылдықпен өз аталарына бұрып, Бекетті ұмытып кеткендер тәубеге келмесе, болмас. Егер де енді ақылдары кіріп, Ұлы Атадан кешірім сұрап, садақа беріп жатсаңдар (жолы сол), мына бізді де шақыруды ұмытпаңдар...
Не үшін рақмет? Маңғыстауда "домалақ" арыз жазатындар болады. Біреуді жамандайын дегенде, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп, аузына келгенді соғып қоя береді. Өзінің атақ-жөнін жазбайды, сонда да жоғарғы орындар соны тексереміз деп қансорпа болады. Бірде аупарткомға Тұщықұдықтан бір арыз түскен. Кеншардағы белсенділердің біреуін жамандаған. "Түк жұмыс жасамайды. Кәсібі – тек ауылда жоқ басқа белсенділердің әйелдерінің көңілін аулайды", - деп келтірген. Бұл сөзімізге кешірім өтінеміз, ал арызгөй бұдан да сорақы қылып жазған. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып, бәр-бәрінің атжөндерін тізіп, келтіріпті. Ауданнан тексеруші келген. "Зардап шегушілерді" де, "күнәкарды" да – бәрін кеңсеге жинап, алдарында арызды оқып берген. Бәрі үнсіз, тым-тырыс отырып қалған. Тіпті ыңғайсыз жағдай, шынында да, ауданнан дардай ресми адам келіп, үйдегі жан-жарыңызды "осындай" деген арыз оқып берсе, қайтер едіңіз? - Бұған не айтасыздар? – деп сөз тастайды тексеруші. - Мен сөйлейін, - депті мектеп директоры Қойлыбай Қаражанов. - Сөйлеңіз. - Мен айтсам, мақтанып тұрғаным жоқ, мына Нұрекеңе "олжа" болған әйелдердің ішіндегі ең көріктісі – менің әйелім, оны жұрттың бәрі біледі. Сондықтан да осылардың ішіндегі көп күйіктісі мен шығармын! – деп күлдіріпті. Ауылда көп тұрмайтыным рас. Мына мектепке жетіспейтін нәрсе көп, отын-суы, құрал-жабдығы, жөнделуі, қысқа дайындық, аудан шақырады, облыс шақырады, шапқылаймын да жүремін, тіпті үйде болып жарымаймын. Сонда мені жоқтатпай, келінінің көңілін тауып жүрген Нұрекеңе мың да бір рақмет! Ризамын! Жұрт қыран-топан ду күлген. - Бәріміз де рақмет айтамыз! – деп шулап жатыр. Сонда "Нұреке" деп отырған азамат та күліп:
- Әй, жолдастар, сол рақметтеріңе тұрарлықтай шын қызметім болса, оған не жетсін, - деп ол да әзіл айтқан, - Ол арызшының фантазиясы ғой. Рақметтеріңді соған айтыңдар, - деп ақталыпты. Негізінде домалақшының көздеген мақсаты – ауыл белсенділерінің арасына іріткі алауыздық түсірейін дегені. Бірақ Қойлекеңнің тапқыр сөзінің арқасында ол көңілді шуға айналып, керісінше, татулық нығая түскен тәрізді.
1-Май «пәдәркісі» Сіз, құрметті оқушы, Ұлы Отан Соғысы кезінде немістің шығыс жаққа ең алыс тастаған бомбасы қайда түскен деп ойлайсыз? Әрине, Каспийдің солтүстігі, Еділдің о жақ, бұ жағы дейтін шығарсыз. Қателесесіз... Біздің Маңғыстауға, Таушық поселкесіне түскен! Иә, иә, мұны сол соғыс тарихындағы үздік оқиғалардың бірі деп, рекорд кітабына тіркеуге де болады. Мен осы бомбылау болғанда төрт жаста едім, терезенің зірк-зірк еткені есімде. Есейе келе үлкендерден естігендерімді жазып отырмын. 1943 жылдың 1-мамыры, мерекелі күн. Соғыстан қажыған елдің көңілі көтерілсін деп Таушықтың "бәйгі төбесінде" ат шабыс ұйымдастырылды. Оған поселкенің барлық дерлік тұрғындары жиналып қызықтаған. Ойпырай, бомбашы самолет сәл ерте келгенде осы көпшіліктің үстінен шығып, қырып салар ма еді? Майдандағы боздақтарды уәйімдеп жүргенде, артта қалған ата-ана, бала-шаға өздері шейт бола жаздады-ау! Ел тарап, үйлеріне кіріп үлгергенде бір самолет көрінеді. Таушықтың терістік жағындағы кірпіш зауытының тұсына екі бомбаны бірінен соң бірін лақтырған. Ой, Құдай-ай, дүние жаралғалы Таушықта мұндай дауыс естілмеген шығар. Күмп! Күмп! Мәссаған, жұрт дүрлігіп бомбалар түскен жерге қарай әйда ағылсын. Қорғаныс күзетінің қызметшілері ойбайлап, оларға "бармаңдар" деп жалынады. - Самолет қайтып оралып, тағы бомба тастауы мүмкін, қырыласыңдар! – деп зар қағады. Бірақ оны тыңдайтын ел жоқ. Бәрі аспаннан бомба емес, бауырсақ жауғандай-ақ шауып барады. Абырой болғанда самолет қайтып оралған жоқ. Бұл кезінде қауіпті оқиға болғанмен кейін жұрт оны күліп еске түсіретін. Бомбалар түскен жерде үңірейген екі қазан шұңқыр, жан-жағында темір сынықтар (осколкілер). Соғыста жауынгерлерімізді жайпап өлтіріп жатқан осы бәлелер. Бірақ онымен жұрттың ісі жоқ, сынықтарды неміс "папасының" шашып кеткен "кәмпитіндей" жинап мәз. Анадай жерде екі адам теңкейіп жатыр. "Қасқалар өлген екен" деп жүгіріп барса, әйтеуір тірі екен, жарақаттары да жоқ. Бірі шал, бірі кемпір екеуі талып қалған. Оянғанда естерін жия алмай, аң-таң, жынданудың аз-ақ алдында, меңірейіп отыр. Осылардың мінген түйесі ме, бір атан далаға шығынып кеткен, бұйдасын шұбатып әлі тапырақтап қояды.
Жұрт бұларды ортаға алып, "Кәне, не болды? Айтыңдар, не көрдіңдер?" – деп қолқалайды. Шал есін жиып, ентігін басып, әңгімесін ағытты. Өзі тілінің мүкісі бар, шәлдүріш сөйлейтін кісі екен. Оған қиналмайды, бүкіл ел қоршап, мұның аузына қарағанға маңғазданып шүлдірлейді. - Біз мына кемпиіміз екеуміз Қапыдан шығып Доллапаға қайай байатый едік. Осы кипіш ("кірпіш" дегені) зауытқа жақындағанда би шәмәлет көйінді. Бұйынғы көйген шәмөлетіміз сияқты емес, үлкендеу шәмәлет. Шыбын сияқты кішкентай әндібә ("Ан-2" дегені) емес, тіпті басқа. Кемпиіміз екеуіміз атанның үстінде аузымыз аңқайып, аспанға қайап келе жатый едік, би кезде шәмөлеттен би нәйсе бөлініп шықты. Мына кемпиім айқалап жібейді: "Пәдәйкі! Пәдәйкі!" Кемпірі сөзін бөліп: - Әй, шал-ау, "Пәдәркі" деп айқалаған өзің ғой... - А-а? Мен бе? Иә, мен екенмін-ау. Шынында да ойлап едім, үкімет биінші Май мейекесіне Таушыққа шәмөлетпен пәдәйкі жібейген екен, ашжалаңаш біздейді аяған шығай деп. Мына кемпиім айтты: "пәдәйкі түскен соң, тез жинап алып, басқа адамдай келмей тұйғанда тайып тұйалық" деді, иә, алдың шонтайды, еһ-еһ-еһе,-деп кеңкілдеп күледі шал. - И-и, өзің ғой, қақбас, қарқ боламыз деген,- деп кемпірі күңкілдейді. - Ойбой! Көзді ашып-жұмғанда "пәдәйкі" жейге түсті де, ақый заман келгендей болды. Жейдің астынан жым шығып, қопайып тастаған сияқты. Атан үйкіп тапыйақтағанда, кемпій екеуіміз екі жаққа ұшып кеттік те, есімізден танып қалдық. Оянғанда о дүниеде жатый екенмін деп едім. Осы кезде кемпір шыңғырып жылап қоя берді: - О, тоба, бөмбі деген осы ма?! Сұмдық қой, мынау! Құдай-ау, соғыста менің жалғызым күнде осындайдың астында жүр ме, ойбай? Бұдан қалай тірі келеді? А-аһ-аһ-а-а! Бұған барлық әйелдер қосылып аңырай жөнелді. Қайтсін, бәрінің де майданда жандары бар ғой. Соның арасында бір шал айқай салды: - Әй, бірінші бомбалағаннан кейін жаяу әскер мен тәнкі шабуылға шығатын көрінеді. Қашайық, тез кетейік! Жасырынайық! - Ойбай, не дейді?! Енді бәрі жалт бұрылып, үрейленіп солтүстік беттегі (самолет көрінген) Қапыға қарайды. Шал-кемпірлер көздері жетпей, сығырайып: - Бісміллә, ана пүшкі сияқты сорайған мойны бар тәнкі емес пе? Жастар күледі: - Жоқ, ол түйе ғой! Енді бәрі асып-сасып, үйлеріне қарай жөңкілуде, арттарына алақтап қарап қояды. Бір кемпір келіп буынып-түйініп алған, кішкентай сәбиін ертіп, тауға кетемін деп қапылып жатыр. - Ұлым соғыста, мынау содан қалған жалғыз тұяқ, енді осына аман сақтауым керек! – деп зарлайды. Жұрт "артын бағып кідіре тұр" деп, зорға көндірді.
Бірақ, Құдайға шүкір, бұл уақытта немістер Маңғыстауға келмек түгілі, өз жандарымен қайғы, кері қарай ығысып бара жатқан кез еді. Ал самолет қалай келді, неге бомбылады? – бұл әлі жұмбақ. Таушық жер асып, әдейі келіп бомбалайтындай маңызды жер емес, тіпті түсініксіз... Арада Астрахань, Гурьев, Каспий – осының бәрінен өтіп, Маңғыстауда не өші қалған? Бір қулар мынадай әзіл де шығарған: Әуелі әлгі неміс самолеті Гурьевке (Атырау) келген екен дейді. Ондағы гурьевтік ағайындардың адайларды әжуа қылып, ойнайтындары бар. Солар есебін тауып, неміс ұшқышпен байланыс жасап, былай депті: - Бізге тиме, ана жақта адай деген бір тентек ел бар. Олар баяғыдан жауға қасқайып қарсы тұрып келе жатқандар, соларды бомбалаңдар! – деп сілтеп қоя беріпті. Әлгі самолеттің қаңғып келгені содан екен, - деп күліседі. Әрине, бұл тек ойнақы әзіл ғана. Кезінде бұл үрейлі болғанмен өткеннен кейін пенде оны күліп еске алады. Әй, бұл дүниенің мұңы мен күлкісі алма-кезек аралас –ау!
ҚЫДЫРБАЙ ТҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ
ӨМІРБАЯН ДЕРЕКТЕРІ
Қыдырбай Тұрмағанбетұлы 1954 жылы 8 наурызда Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында туған. Жамбыл мәдени ағарту училищесінің театр бөлімін 1990 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдаған. Маңғыстау аудандық мәдени бөлімінде автоклуб, клуб меңгерушісі, көркемдік жетекші, халық театрының режиссері болып қызметтер атқарды. 1983-91 жылдары аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып қызмет жасады. 1992 жылдың қыркүйек айына дейін облыстық «Маңғыстау» газетінде меншікті тілші болып еңбек етті. Қыдырбайдың алғашқы өлеңі 1968 жылы 7 класс оқып жүргенде аудандық газетте жарияланған. Оның сатиралық өлеңдері, шымшымалары мен пародия, эпиграммалары аудандық газеттерде Жамбыл облыстық «Еңбек туы», Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» (Атырау), «Коммунистік жол» (Маңғыстау), Орал облыстық «Орал өңірі», республикалық «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Халық кеңесі» газеттерінен «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын» журналдарында, қазақ календарында жиі жарық көріп тұрды. Қыдырбай 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысты. 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Қалжыңдасуға қалайсыз?» атты тұңғыш сатиралық кітабы және «Өмірі өнерінің жалғасындай» әндер жинағы, 2009 жылы «Үш қиян» баспасынан «Көңіліңде жүрсем көбірек» атты толық шығармашылық жинағы жарық көрді. Қазіргі қазақ сатирасындағы қарымды жас сарбаздардың санатына Қ.Тұрмағанбетұлының қосылғандығы жөнінде ақындар Т.Медетбек, Өтеген Оралбай, сыншы Е.Жаппасұлы, жазушы М.Қаназов, Қ.Найманбаев, Б.Бабақов, М.Асылғазин, «Жалын» баспасының редакторы Т.Әлпейісов, «Өрнек» баспасының редакторы С.Әбдірайымовтармен бірге сатира сарбаздары К.Әмірбек, марқұм О.Әубәкіровтер жылы лебіздер білдірді. Қ.Тұрмағанбетұлы прозалық сатира жанрына да қалам тербеді. Оның прозалық бірнеше әңгімелері мен бірге «Тоғысқан тағдырлар» повесі бар.Отыз шақты әннің авторы. Қыдырбай қайта жаңғырған суырып салма ақындар айтысының алғашқы қарлығаштарының бірі. 1990 жылы Гурьев облыстық ақындар айтысының жеңімпазы атағын иеленген Қ.Тұрмағанбетұлының қазылар алқасының шешімімен тұңғыш рет облыс ақыны атағын алған екеудің бірі. Қыдырбай бірнеше рет облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысты.
«ЖҮРІП КЕТКЕЛІ» ОТЫР (сықақ) Шай үсті. Дастархан үсті самсап тұр: Қанты бар, конфет, балы бар. Мәмпәси, сары май, наны бар... Ал, енді біздің айтпағымыз – Сол нанның Мынадай мүшкіл халы бар. Сырты күйген – көмірдей, Іші шикі – желімдей. Жайрап жатыр жарықтық Бір үзімі желінбей. Осы жерде сіздерден: -Мұны кім көмген «ерінбей?» - Деген заңды сұрақ туады, Әлгі нанның обалына Жүрегіңіз жылап тұрады. Мұны көмген, «ерінбеген» - Шай құйып отырған кісі Келін деген. ... Иә, сөйтіп, семья мүшелері, Самсаған наннан жей алмай отыр. Бәрі іштен тынып келінге «Мұның қалай?» - дей алмай отыр. Жей алмайтын себебі – Нан әлгіндей – «не то» ,,, піскен. Дей алмайтын себебі – Келін кеше түскен. Ол байғұс та қайтсін Ұялудың рәсімін істеп, Қыз күнінде үйренбегені үшін Бармағын тістеп, Жердің тесігі болса Кіріп кеткелі отыр. Ата-енесі рұқсат етсе «Пекарныйдың оқуына» Қазір-ақ «жүріп кеткелі» отыр.
БАЛА ҰЙЫҚТАТУ «ӘДІСІ» (сықақ) Қонысбай Құйрықтан қағып баласын, Ұйықтатудың Істеп отыр шарасын. Аузында – «ертегі», «Авторы» - өзі, Қып-қызыл ғып шертеді: -Баяғыда бір дәу Айдаһар өмір сүріпті. Ол қалың орманда Емін-еркін жүріпті. Айдаһардың бір емес, екі емес... Жеті бірдей басы бопты. Және адам деген асы бопты. Адамның да Кәрісі қатты деп, Жастауы тәтті деп, Сен сияқты баланы Іздеп жепті жаңағы... Ал, енді ұйықтамасаң – Сені де жеп алады! Қой, деймін, Улы тілін сұғ-ғып алады! Әй, Айдаһар! Келмей-ақ қой Менің балам «ұқы» болады. Әне!.. Естідің бе... Есіктің сыртынан Ыс-с-с етіп кетті... *** Баласы ұйықтаған жоқ, Қорыққаннан Іші өтіп кетіпті.
ӨНЕР МЕН ӨСЕК (сықақ)
Есік алдында екі жеңгей Ананы айтып, мынаны айтып, Тіпті... «Философияға» барып қайтіп, Әңгімені қыздырып отыр. Өсек деген тай қазанға Әр тақырыптан турап салып Шыжғырып отыр: -Бағана маған Әсем жолықты. Сол айтты: Кеше клубта ойын болыпты. -Иә... -Сол ойында Садырбектің сары қызы Әйел болып ойнапты, Куйеу болған жігітті Сүйгенде бет-аузынан Сау-тамтық жер қоймапты... -Ту! Пәлекет – Әке-шешесін сыйламаған сорлы екен! Әй, келін, сонда ол қыз Қалай әйел болды екен? -Кәдімгіше, жеңеше, Ақ орамал тартып, Күйеу болған жігітке Қос қолын артып, Еркелеп асылғанда, Немесе долданып басылғанда – Сұмдық! Әйелден аумайды екен. -Е, онда анау атастырған жігіті «Пішту» деп алмайды екен. -Жеңеше, концерт болса Сол қыз-ақ қалмайды екен: Өткен бір концертте Хабарлаушы Түймебек Еріккендер қол соққанға Сахнаға әлгі қызды Дырылдатып сүйрелеп... Содан ол: «Сіздердің сүрауләрің бөйіншә» деп Қайта-қайта билеп ед. -Ей, бәрі-қайнағадан, Жасынан бір жуастау неме еді. -Шешесін көк соққан ба, Сондай жын ойнаққа Неге рұқсат береді?! Былтыр кетті қалаға Оқуын оқып қобыздың... -Айтқандай, келін-ау, Күйеуін кім ойнайды о қыздың? Әсемнің айтысы – Сәпураның кіші қайнысы.
-Сонда әнебір нефтібаздағы Жылтыр қара емес пе? -Дәл өзі? -Көтек! Оның,,, Әйелі бар емес пе? -Әйелі болса да сол жылтыр Қоятын емес дейді. Аймалап жалағанда Тоятын емес дейді -Апырай, мына қыз қор қылды-ау Тым жақсы жігітті. -Жеңеше бұл сұмдықты «жылтырдың» Әйелі де естіп, біліпті. «Таң атса басқа жаққа Көшірем», - депті, - клубты. -Ендеше, естиміз екен ғой Тағы талай бүлікті... Пай! Пай! Осы жеңгейлердің еріндері Киіз болса – Бүріп тігіп тастар ем, Ал, ағаш болса – Сүргіменен сүріп тастар ем.
ЖҰМЫСЫМДЫ «БІТІРДІМ» (сықақ) Аудандық АТП-да шопырмын, Бүгін міне, күліп қойып қулана Директордың қабылдауыгда отырмын: -Кәке, бізге су жаңа Үш машина келіп жатыр, Жағдайына қарай Жігіттерге бөліп жатыр, - Деген сыбысты Біреуден естіп біліп едім. Соның бірін сұрайыншы деп Сізге әдейі кіріп едім. Машинам ескі, запчасть сұрап Жүргенім сол қолды жайып. -Фамилияң кім, шырақ? -Жолдыбаев. -Ым... Жолдыбаев сен бе едің, Былай жаман емес еңбегің... Бірақ бұл жолы... Бере алмай отырмын. Жауапты жолдастардың Түсірген тізімінен тағы Фаилияңды көре алмай отырмын. Ілдалап, істеп бағып Қолдан келген амалыңды, Жүргізе тұр бұрынғы жаманыңды. Кейінде де жаңасы Келетін болар, шамасы. Сонда ақылдасып көрерміз, Біреуін саған берерміз... Осы кезде стол устіндегі Ақ телефон шыр етті. Кідірмей арғы жақтан Бір жуан дауыс гүр етті. -Ал-лау! -Әло. -Кәкімбісің? -Ә... Жәке, бұл сіз... -Ия, біз. Дауысынан тани кеттім – Жарасын,
Кәдімгі ауаткомда істейтін Жалғыз түйір нағашым. -Кәкім-ай, сенен өтініш: Былай кіші ғой жасың да... Айтпақшы, ешкім жоқ па қасында? -Жоқ, а.. бар, біреу отыр... Жолдыбаев деген шопыр. -Ойбай-ау. Нұраған ба? -Иә, сол, Жәке, сіз Елп етпеуші едіңіз құр адамға, Бұл жігіт сонда... Айып етпеңіз сұрағанға... -Айыбы жоқ, жиенім еді. Кәкім, бір күні Қажетіңе жарар бұл ағаң да, Со баланың... -Ә, енді өзім де жобаладым. -Жобаласаң – сол, Өзің қамқор бол. -Қамқорлығым емес пе – бүгін, Кешегі үш жаңа машинаның бірін Осы жиеніңізге беріп отырмын. -Рахмет, Кәкім, Жігіт екенсің, көріп отырмын!.. *** Қой мен енді Жұмысымды «бітірдім», қайтайын, Жаңа «тұлпарымның» Тартымы қалай екен, байқайын.
ЕГІНБАЙДЫҢ «ЕМІ» (сықақ) Әй, осы Егінбай да қызық – Бір тойда Тым жақсы отырысты бұзып, Азғантай ақылын жырымдады. «Махаббатым ед, - деп, бұрындағы» Біреудің бөбектей келіншегіне қырындады. «Күйеуі бар-ау» деп елеген жоқ, Оңашасын тауып билеген боп, Білегінен ұстап, Бауырына қысты. Көзімен нұсқап, Көрсетті тысты. Осылайша төрт-бес рет билеп шықты. Ақыры, ұятты «жинап қойып», Келіншекті далаға сүйреп шықты. Дала қараңғы еді, Мұнысы бір есептен Егінбай үшін жарамды еді. Бірақ та... -Кәне, қай жақта?! – деген Үн естілді де құлаққа, Бір жұдырық кеп сарт етті. «Ер жігіт» - Егінбайдың Көзінің оты жарқ етті. Одан арғысын білмейді... Тұлғалы болғанмен нар текті, Көзі қарауыт-е-п барып, Көк асфальтқа жалп етті...
«ЭФИРГЕ» - 100 ПРОЦЕНТ
(сықақ) Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Біздің бір жеңгеміз Күні бойы жортып Жүріп тұратын кісі. Жүргенде жәй жүрмейді, Құлағын локатор есебінде Түріп тұратын кісі. Мәселен: Кімдердің кімдермен ішетінін, Қай бастықтың Қай күні түсетінін, Оның босаған орнына Қай тәйтіктің келетінін, Келу үшін нендей пара беретінін, Қай әйелді күйеуі сабағанын, Айықтырғышқа кімдерді қамағанын Тағы басқа сол сияқты Кімнің қандай «індеті» бар... Міне, осының бәрін жеңгейдің Біліп алу деген «міндеті» бар. Себебі, мұндай шағын «Информациялар» жағын Жеңгеміз өте-мөте ұнатады. Оны құлпыртып таратқанда Небір тасбауырларды жылатады. Айтпақшы ол кісі Мұндай хабарлардың 50 процентін естісе жетіп жатады, «Эфирге» - 100 процент боп кетіп жатады. Таңданасыз ба? Жеңгейдің өзі-ақ «Елуін» ойдан қосып алады. *** Біздіңше Өсек деген осы болады.
КЕЛІН МЕН КОСМЕТИКА (сықақ) Біздің бір келін бет-аузын Күндіз де бояйды, түнде де бояйды. Ал енді тірлігіне қарай қалсаң Адам тіпті аяйды. Бәтір-ау беті сонымен Жүргендей ғана «тыныстап» Немесе, денсаулығы бұзыла ма Пайдаланбаса дұрыстап Бірде опаны уыстап. Екі шықшытына Кезекпенен ұрып жатады Бірде өмірден түңілген жандай Кірпіктерін жұлып жатады. Ол аз болса тағы бірде Қас-қабағын қырып жатады. Қысқасы азанда көрсен Косметикасын құшақтап Төсегінен тұрып жатады. Ал, енді массаж деген «масқараны» Көргің келсе, ол кешке басталады. Екі бетті уқалайды, Шапалақтайды, ысқылайды, Қос қолдап қысқылайды. Тіпті кейде қасиды... *** Мен келіннің өзін емес Бақытсыз болған сорлы анау
Бетіне жаным ашиды.
Қарызқияметқайым (сықақ) Бесіннің шамасында, Сағат үш пен төрттің арасында Ақылбек бастаған алты жігіт Алдыңғылары ұялғансып, Арты күліп, Сарбастікіне сау етіп кіріп келді. Әрине, олар біліп келді... Бірі: «Салем, Сарбас!» - деді, Бірі: «Хал қалай,құрдас!» - деді. Бірі: «Мереке құтты болсын» -деді, Бірі: «Арақты әкел, Амандасу осымен бітті!» - деді. Ал , енді әлқисса, Сарбастың жайын айттырса: Әйелі де, өзі де, Студент деген халық еді. Соңғы стипендияларына, Бір жазу столын алып еді. Қалта тайыз болғанмен халқымыздың Қонақ күту парызы бар. «Әкем келді», - деп бір алған, «Тәтем келді»,- деп бір алған, Жалпы осы подъездегі көршілердің Бәрінен қарыз сұралған. Демек, басқа подъезден сұрау керек. Қонақтар болса күтіп отыр. Ендеше тұрмау керек. Сонымен Сарбас Әйелімен екеуі Жолығып қарыз деген қатыгезге Ана подъезден мына подъезге Қарыз сұрап сабылды. Ақыры 2-3 үйден жинағанда Біраз ақша табылды... Сарбастың қонақтары Таңға жақын тарады. Көшеде әне, шырқатып «Той жырын» айтып барады. *** Мереке ғой, құрдастікіне Бару да керек, тойлау да керек. Дегенмен... жас семьяның жағдайын, Ойлау да керек.
СҮР БОЙДАҚТЫҢ СЫРЫ (сықақ) Мен есептеп қарасам - Он сегізден бастап қызды ойлаппын, Бірақ, әлі үйленген жоқпын, Жасым отыз бесте –сүр бойдақпын. Неге дейсіз бе? Оның өзіндік сыры бар. Үйленбеген жігіттер Сабақ болар ұғып ал: Үлкен ағамның әйелі – Біл «білікті» көретін жеңгем –ді, Мен әуел бастан үйлену туралы Сол кісіге сенгем-ді.
Мәселен,жыл сайын бір қызбен Тіл табысып, жақындасып отырдым, Қай қызға сөз айтсам да, Әлгі жеңгеммен ақылдасып отырдым, Алдымен, Ауанкүлді алам дегенде: -Қайным –ау, миыңды құрт жеген бе? Ол деген – шаштаку,шашын қиған,-дедіБойы ұзын,сыры кеткен сидам,-деді. Амалсыз көндімАуанкүлге рұқсат бердім. Сосын Табанкүл деген қызбен жақындастым. Тағы да шауып келіп, Әлгі жеңгеммен ақылдастым. -Бұдан артық қызға қол жетпес,- Деп едім, жеңешем шалқасынан түсті: -Ойбай, келін боп көктетпес, Салпы етек салақ,-деді, - Және бір міні –қомағай, Ойлайтыны тамақ,-деді Тамақсау болса да Табанкүлім тәуір еді. Бүгінде соны ойласам, Елжірейді бауыр етім. Амал нешік,ол қызбен достастым. «Ақылгөй» ақ жеңгеме Бұл пәтшағар да ұнамады. Жасыратыны жоқ, бұл қалыңдыққа Өз көңілім де онша құламады. Сосынғы сүйгенім Сәуегүл еді, Мұны да жеңгем маңдытпады. Анау деді, мынау деді, Әйтеуір алдыртпады. Одан кейін ОрынкүлдіОпалағанда,аямайды бетін,-деді. Жәнегүлді – жалғыз шешесінен басқа Ешкімі жоқ,жетім,-деді. Әміркүлді –әртіс неме, Өлең айтып секектеп кетеді. Жаз болса гастрольКемпір –шалдан бөліп, Сені де жетектеп кетеді, Деп шығарғаны. Ал Теміргүлді -Ағасы сотталған, Арақ бермесең, ақиланып Бәріңдң өтектеп кетеді,- деп нығырлады. Міне,осылай «Ақылгөй» ақ жеңгемді тыңдаймын деп, Соның айтқанын екі қылмаймын деп, Жүргенімде, о, тоба?- Отыз беске келіппін. Тұқымы да қалған жоқ Баяғы жастық желіктің. ... Бұл күнде Сол кездерімді ойлап «шырылдап» жүрмін, Жас қызға әзіл айта алмай Ауызымды буып, тығындап жүрмін. Көрші ауылда күйеуі өлген... Бір жас келіншекке қырындап жүрмін.
«ИТ ЖОҚ ЖЕРДЕ ШОШҚА ҮРЕДІ....» (сықақ) «Облыс мектептерінің бірқатарында әлі күнге дейін ән сабағы пәнінен арнаулы мамандығы жоқ адамдар сабақ беруде...» /Облыстық оқу бөлімі басқармасындағы мәжілістен/
Достілек Мойынбаев Түйсігінде дәнеңе жоқ, Жүр еді қырда қойын жайып. Дәм көтерейін деді ме пақырды, Орталықтан бір күні Нағашысы шақырды. Сол –ақ екен Достілек Шаңын қағып шөткелеп Көнетоздау костюмін Үстіне жапсырды да, Қойды «құдайға» тапсырды да Орталыққа жөнелді. /Нағашысы орта мектептің директоры еді беделді/ -Ал,Достілекжан Менде болсын құлағың. Бұйыртса сені биыл Білдей мұғалім қыламын. -Мұғалім?! -Иә, мұғалім. -Ойбай,айта көрм... -Стоп! Әңгіменің артына шыдағын. -Апырай,нағашы – ай, Білімі құрғыр да шала... -Әй бала, Физикадан бермейсің Химиядан бермейсің Какой-то ән сабағы үшін Неменеге терлейсің?! -?.. -Әй...й...й Мойныңнан су кетіп Бес жасар баласың ба? Әй,анда – санда болса да Қолыңа домбыра аласыңба? -Ептеп. Малдан келгенде күйініп -«Тау ішіндені» шертем -Бітті! Дұрыстап киініп Мектепке кел ертең!..
«Ит жоқ жерде шошқа үреді»- Демекші бұл күнде Мойынбайдың Достілегі Әннен беретін мұғалім. Бір ставканың «құлағын» Ел қатарлы «бұрап» жүр Нағашысынан қыңқылдап Жарты ставка тағы сұрап жүр. Директор мен дене тәрбиесі мұғалімінің диалогы (сықақ) Дүйсенбі -Смайыл, сенде қазір Шамасы, дене сабағы? -Иә. -Өзің көрдің қыңқылдап Келіп кетті «жаңағы». Бере сал деп бес балаңды, Зияны тимес ол кісінің Меңгеріп тұр ғой ресторанды... Сейсенбі -Смайыл,сенде дене ме? -Иә. -Апырай... Болмайды десем сене ме? Әлгі завгары «құрғыр» Төрт бала сұрап кетті. Құрдасым ғой, Құлағымды «бұрап» кетті...
Сәрсенбі -Смайыл, сенде дене ме еді? -Иә. -Қайнардың қорасын жөндеуге Үш ер бала керек еді... ... Аяқталды қысқалау, Көп еді бұл диалог. Себебі, кейбір директор Бұдан әрі бәрібір Оқымайды ұялып.
«Идея» (сықақ) «Әйелге көмектесіп Үй жұмысын Бөлісу керек»,-десіп Жазылып та жүр, Айтылып та жүр. Ал, енді осы пікірде Дұрыстықпен бірге «Қайшылық» та жүр. Өйткені, әйел деген халық Біздің мойынға қамыт салып» Соңғы кезде жоқтан өзгеге Жұмсайтын болып алды. Қысқасы, билік біткенді Түп –түгел қолына алды. Сондықтан, еркектер қауымына Яғни, бөрік кигендерге, «Шыбық тиіп» сауырына Әйелге басын игендерге, Қол балалық қорлық боп Жүйкесіне тигендерге Мына менің тамаша «Идеям» бар айтатұғын: Әлгі басынған бәйбішеңмен Ерегесіп байқа бүгін. Ерегесунәрсе емес, Іздейтіндей ел кезіп. Мәселен, жұмыстан келгесін Кухняға жолама. /Бұл түсінікті ғой/ Көкейіңе қона ма? Аштан өлсең де ауыр міндет Тағам дегеннен татып алма. Те-е-к газетіңді «оқи бер» Диванға жтып ал да. Бір кезде әйелің сені Бұрынғыша иектеп,
Жұмсамақ бір ниетпен Кухняда отырып шақырад, Сен әрине,бармайсың, Болмағасын айқайлап, ақырад, Мейлі, сенде жалғыз міндет – Бүгін тілін алмайсың, Енді ол сені бақылап, «Ұйықтп қалды ма, деп ақымақ?» Жаныңа келіп бақырад. Сен «газет оқып» жата бер Құдды мылқау жандайсың... *** Ал , оқушым, кейін жазам, «Идеямның» жалғасын. Себебі, ана бөлмеден: -Өлең жазып болғасын -Нан әкеліп қой,тез,-деп Айқайлап жатыр жолдасым.
Таба алмай қалды (сықақ) І -Мәдени ескерткіштерді Көп болып қорғау керек. -Жан-жағын қоршап, Аулалап,торлау керек. -Бұған ат салыспайтын Бірде-бір адам болмау керек!- Деп бір селолық Совет мәжілісінде Депуттаттар талап қойды. Председатель: «Дұрыс»-деп Бухгалтеріне қарап қойды. Ал бухгалтердің басы төмен құлап: -Ондай қаржы бізде бірақ Қаралмаған еді, Райфинотдел жыл басында Бұл жөнінде шара алмаған,-деді Депутаттар сенді. -Финотделден сұрау керек енді,- деген шешімге келді. Әйтеуір жақсы үмітпен Тарасып кеткен еді... /Бұл көгілдір көктем еді/.
... Жаз өтті. Сары күз. Тағы өтіп жатыр мәжіліс. -Жолдастар! Уақыт озып бара жатыр, Ал,мәдени ескерткіштер болса Көз алдымызда тозып бара жатыр. -Қолға алу керек. -Жөндеу керек. -Кейбір сыры кеткенін бояп, Әшекейлеп өңдеу керек!.. Бұл өзімізге таныс Депутаттар талабы. Председатель көктемдегеніше Бухгалтеріне қарады. Бухгалтер орнынан тұрып: -Біз финотделге кіріп Бұл жөнінде сұрадық, Бірақ биылғы қаржы құрып... Кеткен екен. Бұл-анық. Енді, тегі... Келер жылы көрерміз,-деді Азын-аулақ Қаржы бөлерміз,-деді. ... Қыс.Әлдебір «себептермен» Қаржы тағы қаралмай қалды.
... Жаз. Қаржы қаралғанмен... Мәдени ескерткіштердің орнын Ешкім таба алмай қалды. «Жүріп кеткелі» отыр (сықақ) Шай үсті. Дастархан үсті самсап тұр: Қанты бар, конфет, балы бар. Мәмпәси, сары май, наны бар... Ал, енді біздің айтпағымызСол нанның Мынадай мүшкіл халі бар. Сырты күйген – көмірдей Іші шикі –желімдей. Жайрап жатыр жарықтық Бір үзімі желінбей. Осы жерде сіздерден: -Мұны кім көмген «ерінбей?»- Деген заңды сұрақ туады, Әлгі нанның обалына Жүрегіңіз жылап тұрады. Мұны көмген, «ерінбеген»- Шай құйып отырған кісі Келін деген.
... Иә, сөйтіп, семья мүшелері, Самсаған наннан жей алмай отыр. Бәрі іштен тынып келінге «Мұның қалай?»- дей алмай отыр Жей алмайтын себебіНан әлгіндей – «не то»... піскен. Дей алмайтын себебіКелін кеше түскен. Ол байғұс та қайтсін Ұялудың рәсімін істеп, Қыз күнінде үйренбегені үшін Бармағын тістеп, Жердің тесігі болса Кіріп кеткелі отыр. Ата –енесі рұқсат етсе «Пекарныйдың оқуына» Қазір –ақ «жүріп кеткелі» отыр. Егінбайдың «емі» (сықақ) Әй, осы Егінбай да қызықБір тойда Тым жақсы отырысты бұзып,
Азғантай ақылын жырымдады. «Махаббатым ед,-деп, бұрынғыдағы» Біреудің бөбектей келіншегіне қырындады. «Күйеуі бар-ау» деп елеген жоқ, Оңашасын тауып билеген боп, Білегінен ұстап, Бауырына қысты. Көзімен нұсқап, Көрсетті тысты. Осылайша төрт-бес рет билеп шықты. Ақыры, ұятты «жинап қойып», Келіншекті далаға сүйреп шықты. Дала қараңғы еді, Мұнысы бір есептен Егінбай үшін жарамды еді. Бірақ та... -Кәне, қай жақта?!-деген Үн естілді де құлаққа, Бір жұдырық кеп сарт етті. «Ер жігіт»- Егінбайдың Көзінің оты жарқ етті. Одан арғысын білмейді... Тұлғалы болғанмен нар текті, Көзі қарауыт-е-п барып, Көк асфальтқа жалп етті...
*** Сол бір жұдырық Егінбайға ем болды. Қазір қыз –келіншекті Жақынан көрмейтін Көзі сәл-пәл «кем» болды. Ағаның анты (сықақ) -Мен енді арақ ішсем Бала шағамның қызығын көрмейін! Жалпы мен уәде бермейім, Берсем – орындаймын. Кешке жұмыстан шығысымен Үйге кеп ұйықтап, қорылдаймын. Бас ауырмақ түгіл сынып кетсе де Енді арақты жоқтамаймын. Ешкіммен жанжалдасып, төбелеспеймін, Ешкімді боқтамаймын. Бәрі сол итҚу арақтың қырсығы! Сені де ренжітпеймін, Шай құйшы, бір шыны... Бұл бағана ертеңгісін Жеңгейге берген ағамыздың анты. *** Кешке көрсек тағы да... Көзікөкпеңбек, мұрны – манты...
Арықтан табылды (сықақ) Көрші үйдегі семіз жеңгей Мені көріп, тілге келмей
Жағамнан алды: -Айт, кәне, қайда қалды? -Жеңгесі –ау,ол немене?.. -Үйге бүгін келе ме? -Түсінбедім. -Біздің үйдің еркегін... -Жо-жоға, көрмедім. -Көзің шықсын, білдің бе!.. Апырау, сен сонда Жұмыстан үйге қарай Жалғыз өзің жүрдің бе? -Жоқ,алғашында -Ағай екеуміз,бірге шықтық. -Иә, қашан? -Дәл түсте – бірде шықтық: -Иә,сосын. -Сосын, ағай кафеге кетті. -Эх,онда Катяға кетті. Әй,ол ит кафеден не таба кетті? -Енді былай... Өзіңізге мәлім, Түсінесіз бәрінАғай ішімдікке жақын. -Жоқ! Буыменен қырықтың О жәмман шіріктің Іздейтіні –қатын! Сонымен кафеде істейтін, Кім бар тағы түспейтін?.. Қалима,Салима, Бағила,Нағима... Оңбағанның жүрісін! Сыпырармын бас теріңді!- Қабақ түйіліп,қас керілді. Мен осы жайды Бастан кешкен күніЖеңгей де біраз нүктені Астан-кестен қылды. Алдымен кафедегі келіндерін «Обискілеп» тергеп келді, Қайсыбірін Балағаттап жерлеп келді. Әйтеуір сол жеңгей Кешкісін үйге терлеп келді. Қысқасы, біраз «еңбектенді».
*** Жеңгейдің «жоғы» Ертесіне жарықта табылды. Дәлірек айтсақБөтелкесін құшақтап, Арықтан табылды. Курорт пен қу дерт (сықақ) Соңғы кезде сиқым Ақылына түсіп қиқым Желігіп жүр, Олай дейтініміз, Құдай қосқан қосағыҚара кемпірінен жерініп жүр. «Папалаған» бес баласының да Маңдайынан иіскеуге ерініп жүр.
Турасын айтып, Толық түсіндірсек жайтты: Сиқым жақында Курортта болып қайтты. Барысымен ол жаққа, Ұмыт болып әйелі Түсіріпті қармаққа Бір «періштені» әдемі. «Бай тұрады,күйі бар»,- дейді, Қаланың ортасында Бес бөлмелі үйі бар,-дейді. Әкесі де қызметкер,мықты екен, Тек айыбы... Әлдебіреуден жүкті екен... Әйтсе де жас емес пе, Сиқымның көкейін тесіп жүр. *** Әттең,кейбір жігіттер Осылайша оп-оңай Тағдырларын шешіп жүр.
«ЫМ...М...М...» (сықақ) Клубқа ауданнан Бір уәкіл келіп отыр. Мәдени жұмыстар жөнінен Завклуб балаға Түрлі сұрқ беріп отыр. -Әр тақырыпта лекция Оқыла ма клубыңда? -Әрине,мәселен... Лекция туралы Диспут өтед бүгін мында!.. -Тұра, тұр бала-әй, «Лекция туралы диспутың» қалай? -Ағай-ай, Бір емес қатарынан Үш лекция оқылса, Оған барып Сельсоветтің баяндамасы қосылса Диспут емей немене? -Ым...м...м... Ал,ол, «диспутыңа» Халық көп келе ме? -Келгенде сыймай кетеді. Даже, совхоз басшылары Шөп пен қырқымға Адамды осынан жинай кетеді. Ым...м...м... Үйірмелердің графигі Неге мұнда көрінбейді? -Графигі жоқ болғанмен Бұл жердің жастары Үйірмеге қатысға ерінбейді... -Ым...м...м... Мәдениет бөлімінің Методикалық хаты қайда? Ол туралы ұйымдастырылған Бұрыш-папка,заты қайда? -Маған ешбір хат келген жоқ, Хат салмай жүр, Жан досым Бақыбай да... - Ым...м...м... ендеше көрсетші
Жоспарыңды жасаған Тек осы айға –июльге? -Бар еді... -Қане ? -Үйімде. Апыр –ай, жұмысқа кім алды екен Түйсігі тайыздау күйінде?
«КӘМӘНДІРӨБКЕ» (сықақ) -Әпке –жездем көрінбейді Жайлауға кеткен жоқ па? -Құлынымау, кеп-кешеэ Прәзднік өткен жоқ па? -Иә, өтті. Ал оған Қандай қатысы бар жездемнің ? -Әй ол дінен безгеннің Трагедиясы Осы семьяға жететін. Мереке сайын әдеті емес пе, «Кәмәндірөбкеге» кететін. -Қызық екен?! Мерекеде жұмыс істеген Жездеміз пысық екен? Сонда командировкасы Ұзақ мерзім бе? -Ойбай, жұмыс бабымен болса Құдай берекет берсін де! Тек жазмышқа болмаса Кімге артайық өкпені. Сен түсінбей отырсың Мен айтқан «кәмәндірөбкені»- Ол пәтшағар қарнына «Қылғытам» деп «Водкені» Тағы арқалап кетті ғой Әлгі ... он бес сөткені...
БӘРІ ӨЗІҢНЕН (мысал) Қоян жүгіріп Ресторанға жылап кірді. Табалдырыққа сүрініп Алдымен бір құлап тұрды. Мұны көрген қасқыр, Қасекең: (Ептеп мас екен) -Өзіне жегізіп құмалағын, Кім де болса Жанын шығарамын! – Деп бұлқына Орнынан тұрды да, Қоянды қасына ертіп алды. -Ынжық неме! – деп Байғұстың шекесінен шертіп алды. -Мынау ма? – деп түлкіні Ұстап алып жұлқыды, - Бұл иттің сен тұрмақ, Маған істегені көп, тегі! Қоян міңгірлеп: -Жоқ, - деді. -Мынау ма, - деді тағы да Қарсақты енді көрсетіп.
-Жоқ, - деді қоян шағына, - Бұл кісімен көрші едік... Осылайша «Мынау ма?» - деп Жазығы жоқ керікке барды. Арқарға да, киікке... Құс біткенге айқай салды Қонақтап отқан биікте... ... Қысқасы, «еңбектері» көп болды, Бірақ, бәрінде де қояннан жалғыз-ақ жауап: «Жоқ» - болды. Ақыры, болдырған қасқыр Зорға басып ентігін: -Әй, қара басқыр, Айтсаңшы, енді кім?! – Деп, қояншығы ұстай қалды. Сонда барып қоян шынға көшті – Арыстанды нұсқай салды. Сол-ақ екен, Қасқыр ашу шақырып: -Оу, мақұлық, Ол – Арекең ғой, Арекең... Сені жаныма ертіп жүрген Әсілі, менің түйсігім тар екен. Бар кінә өзіңнен, Мен оны ерте сезгенмін Анау жыпылықтаған көзіңнен. Енді саған жол қысқа!.. – Деп, қоянды онсыз да Салып тұрған дірдекті, Желкесінен ұстап, Құйрығынан бір тепті.
«МЕН ТҰРҒАНДА» (мысал) Олай-бұлай ойқастап, Жүретұғын қой бастап Қисық мүйіз көк теке: «Жол табамын, - деп, -төте Шығаратын қотаннан» Көз көрсетпес тұманда Адасып қалды отардан. Жалғыз емес, әрине, Артында алты қой бар, Алтауында алатаудай Амандық туралы ой бар. Көк текенің соңынан Кең даланы кезіп келеді, «Бастарынан бақ тайып» Берекетсіз безіп келеді. ... Бір кезде бұлар Қазылған терең орға жетті, Болдырып, шаршап зорға жетті. Осы жерде алты қой Көк текеге қарады: -Рұқсат болса, қарағым, Бір ұсыныс айтайық, Адастық қой, сондықтан Кейін қарай қайтайық. Жүре берсек біз бұлай Қасқырлы сорға жетеміз... Естігенде бұл сөзді Шалқасынан түсті текеміз: -Ой, сендерді Тұрма осы қара басып
Нелерің бар білмеске араласып? Мен тұрғанда қорықпаңдар! Қала берсін осы жерде Жүре алмай зорыққандар... ... Бір кезде бұлар шынында Ат шаптырым сорға жетті, Болдырып әрең, зорға жетті. Сорды көрген қойлардың Атыздай боп көздері Былай шықты сөздері: -Енді... енді құримыз... Қасқырларға жем болып Ос-сы сорда шіриміз... -Тоқтат! –Теке бақылдап Айқай салды осылай Алты қойға жақындап, - Уайым жұтар, қайғы жеп Бұлар неткен байғұс ед? Түк мәністі білмейтін, Айтқан жаққа жүрмейтін! Абыржымаң, қашпаңдар, Мен тұрғанда саспаңдар!.. «Мен тұрғанда...» дейтіндей Енді ештеңе қалмапты: Осы сордың шетінде Жіті шолып жан-жақты Екі-үш қасқыр күтіп тұр. «Бір тоятын болдық» - деп Сілекейін жұтып тұр... ...Иә, сонымен көк теке Еш ақылға көнер емес... *** Біздің айтпағымыз: «Мен тұрғанда!..» - өнер емес.
ҚАРА ТОҚТЫНЫҢ ХИКАЯСЫ (мысал) Дауа бар ма сезімге? Қара тоқты кезінде Жастықпен байқамапты, Сүйтіп жүріп, Ішінде «Бірдеңкесін» шайқап апты. Он тұрып, он жатып, Жүр енді бүгін толғатып. Сездіруге басқаға Ыңғайсыздау, ұяттау. Кәмелетке толмаған Тоқты да... бала сияқты-ау. Алайда, жағдайы қиындады, «Іш ауруы» тиылмады, Аһылады, үһіледі, Тіпті, бір рет бақырып берді. Ақыры, болмаған соң Шешесі – қоңыр саулықты шақырып келді. Қоңыр саулық саспады, Тоқтысының қате қадамын қиын сәтте бетіне де баспады. -Е-е, шырағым, Мұның аты толғақ болады. Ана ішіңдегі... жерге түскенше Осылайша қорлап болады, - деп жұбатып жатты. Мұны қара тоқты естігенжоқ –
Толғақтың тауын «құлатып жатты». ... Әңгімені қысқартып айтқанда, Кешкілік Отар өрістен қайтқанда Қара тоқтының құрсағы Екі-үш рет бүлк етті. Кешікпей қощақан жерге сылқ етті. Болғасын «іш бүрмесі» тарап, Қоңыр саулық тоқтыға қарап, Тіл қатты: - Қарағым, Алдымен қозыңды жалағын. Қара тоқты мелшиіп тұра берді Жалаудың істемей талабын. Оу, саған не болды? Тұр ма басын айналып? Нет, мама, Я так решила ойланып: Оси бир кишкентай бала ушин Не хочу сидеть байланып. Не деп тұрсың, оңбаған! Бастай көрме сұмдыққа Бұрын-соңды болмаған. Жоқ, мамочка, извините... Немереңіз қалады сіздің үйде. Әй, тоқта! Тоқта деймін, сен тегі!.. ... Қара тоқты естігісі келмеді, Отардың ішіне кіріп кетті. Бұл жағдай қарт саулықтың көкірегін тіліп кетті.
КЕТТІМ МЫНАУ ФӘНИДЕН... (Ақырғы сөз) Мен кеттім мынау фәниден келмес жыраққа, Айналсам деп ем мәңгілік сөнбес шыраққа. Халқыма айтқан қалжыңым қырық жыл бойы, Өлеңім, жырым, айтысым өлмес бірақ та... Тірліктен өттім, жұртым-ау, сырымды айта алмай, Жырым да кетті қайрылмай қыңыр байталдай! Бала болып келіп өмірге, бала боп барам, Ойлаған жоқ ем өтер деп ғұмыр байқалмай... Ақындар өтер шындықты аңсап бір жаны, Болмадым, әсте байлық пен мансап құрбаны. Бұл екеуінен қашықтау журген себебім – «Қайран жұртым» деп жүрегім ән сап тұрғаны... Құр емеспін деп айта алман кемшіліктерден, Кемшіліктерді ақынға енші ғып берген!.. «Жаспын» деп қайтем жыланып, жатамын-дағы, Кілең бір қыршын Жұматай, Кеңшіліктермен! Отбасым қалды сұраусыз құйын соққалы, Қалдырған дұрыс оларға үйім жоқ тағы... Байлық пен мансап қумаған ақын байғұстың Осылай болып кетеді қиын соқпағы. Мен кеттім мынау фәниден – анам жылайды, Жылайды жарым, баурайды баламды қайғы. Жүректің жырын жеткізер жанашыр жұртқа – Сиясауыттан сырғып бір қалам құлайды... Құласа мейлі қаламым, өлмесін жырым, Жүректерінде жұртымның сөнбесін нұрым! Мен егер болсам құпия қоңырау – әлем, Келешек ұрпақ тыңдайды көмбе сыңғырын... Қош болғын, сәби – халқым-ау, қош болғайсындар! Әрқайсың маған енді бір бозторғайсындар... Біріңді-бірің «түрткілеп», «ойнап» келдіңдер,
Ендігі жерде айнымас дос болғайсындар!.. Қош болғайсындар!..
МАЗМҰНЫ
СЕРЖАН ШАКРАТ Өмірбаян Езуде күлкі ойнасын (әзілді әм мәзірлі әңгімелер) Нұрдан жаралған Таңба Вагондар Құдай Зергерге көзін жиектет Нұрым мен тана ақындары Қысып жай отыр Түйеқарын Күзен иісті,қисық көз Әкесінің әкесін де біледі Кәрі қыз Қашаған әзілі Арышлан Мәтжанның әзілі Біз – «балшайбек» Ақындықты сынау Мәтжан көнеүргеніште Апасының аты Қошқардың нағашысы Әкеміз қорада Жау Ешкінің құйрығы Әбіштің әзілі Мырзатайдың әулиесі Адайырақ Қазан жалау Мал талап ету Тіпті шайтан жөнінде Қандендер (фельетон) Дөнен орыс Екі ақын мен келін Көгенде қозы бір талай Өскінбай, тоқал сенікі! Тері илеуші ақын Артық қатың - бала Мұздатқыш жасамайды Нұр құйған Мылтық-шампан
Қазаққа қимайды
Шаңға батқан министрлер Снх, хнс Балкондағы сыбызғышы Алған да жазған да мұқанов Шпион Трамвай жеген Мал неге түнетілмейді? Сақыптың ағасы мен жездесі Көк тас қасқыр Шайтанның инкубаторы Үйлену қиын Сарғайып кетті Жыршы-сиыршы Таяқ жеген режиссер Шалдың таяқ жеуі және сүйілуі Супержелім Шайтан бала Немістер жақтан атқан Адайдың әкесі Галстук таққан түйе Судың 40 градусы Бір көзі бар Театрда Жұмыртқа Бас та емес тас та емес Жетібай-насыбай-өзен «кептірінген» құдалар Поппен айтыс Өзім де беретін едім Ақымағым аңға кетті Шапаңды түнде жамыл Төкең біздің мерген ғой Еврей мен қожа тату Өй пұшық! Мұнайдың исі О дүниеде Аспанмен махаббат Банкідегі күлкі Қыс Тойдан кейін Нетіп... Тексеру Ұқсастық әлегі С-н-о-қ-а! Жыбырлақ Сенсация
Кемпір не дейді,келімсек не дейді? "күте тұрыңыз " /скетч/ шал мен кемпір Құртолғақ Табыттағы ұйқы /өлімде де күлкі бар/ Аят Ұйқылы-ояу Келін Орамал Ой сүтіңді... Әкесі баласын танымағаны Оқудың не керегі бар? Қатқан күйеу Құлшардың күй тартысы Қосай тойынан кейінгі ой Не үшін рақмет? 1-май «пәдәркісі»
ҚЫДЫРБАЙ ТҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ Өмірбаян деректері (сықақ) «Жүріп кеткелі» отыр (сықақ) Бала ұйықтату «әдісі» (сықақ) Өнер мен өсек (сықақ) Жұмысымды «бітірдім» (сықақ) Егінбайдың «емі» (сықақ) «Эфирге» - 100 процент (сықақ) Келін мен косметика (сықақ) Қарызқияметқайым(сықақ) Сүр бойдақтың сыры (сықақ) «Ит жоқ жерде шошқа үреді....» Директор мен дене тәрбиесі мұғалімінің диалогы(сықақ) «Идея»(сықақ) Таба алмай қалды(сықақ) «Жүріп кеткелі» отыр(сықақ) Егінбайдың «емі»(сықақ) Ағаның анты(сықақ) Арықтан табылды(сықақ) Курорт пен қу дерт(сықақ) «Ым...м...м...»(сықақ) «Кәмәндірөбке»(сықақ) Бәрі өзіңнен(мысал) «Мен тұрғанда»(мысал) Қара тоқтының хикаясы(мысал) Кеттім мынау фәниден...(ақырғы сөз)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру