Мазмұнға өту
Home

Құдағи құшақтай береді..

Мұхтар Шерім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Құдағи құшақтай береді..

Авторы: Мұхтар Шерім

ТАҢДАЙЫМДЫ КӨТЕРІҢДЕРШІ...

«Мылжың» газетінің бас редакторы Айқайгүл Түкбілмесованың кабинетіне кірсем, апай аузын арандай ашып, торт жеп отыр екен. Соған қарағанда, тәттіні сұмдық жақсы көретін болса керек. Кабинеті де сұмдық, ұзын зал, «Т» әрпіне ұқсас жылтыраған стол, сол «Т-ның» басында шоқиып, кешіріңіз, шіреніп өзі отыр. Бұрышта еліміздің көк байрағы. Алдында бірнеше телефон, сувенирлер... --Кіруге рұхсат па?—дедім мен. --Можына... Ойбай, апай бастық болғалы орысша сөйлеп қалыпты. Бұрындары танитынмын, амандасып жүргенімде қазақшалап: «Амансың ба, інім?» деп қоятын еді. Мынаусы енді... --Сізге келіп едім. --Құлағым жұмыс істеп тұр... «Ойбай, апай керемет көркем сөйлеуді үйреніпті...»-- дедім ішімнен. --Қызмет сұрап... Тілші болайын деп едім. --Тілің қандай? Мен тілімді шығарып көрсеттім. --Жоқ, жазу тілің қандай деп сұрап тұрмын? --Ой, кешіріңіз апай... Тілім жақсы, майда, қоңыр... --Бізге майдақоңырдың керегі жоқ. Бізге сойып салатын, батыр, үшкір, сумаңдаған тіл керек. Жынымызға жақпағандардың жындарын қағып алуымыз керек. --Жындарын қағып аламын. --Қалай? --Бұрын ағам рэкет болған. Қазір де «авторитет»... --Маған ондай «разборчиктердің» қажеті жоқ. Журналистиканы бітіргенсің бе? --Жоқ... Банк саласын бітірдім... --Осындайлар қайдан келеді өзі? Кім көрінген тілші. Кім көрінген редактор. Банкке бармайсың ба? --Кешіріңіз, банк жабық тұр. --Жабығы несі? --Білмеймін, барсам, есігі жабық тұр. «Қазір «обед», бес жылдан кейін ашылады» деп жазып қойыпты... --Қызықсың, мамандағын банкир. Мұнда неге келдің? --Бір досым сіздерде тілші, мамандығы ит дәрігері болған соң... --Ә-ә, Ырылбай Ауфбаевті айтасың ба? Ол иттер туралы керемет мақала жазады. Иттерді сойып салады. Өткір жазады. Қаңғып жүрген иттерді аямай сынайды. «Иттер! Ит екенсіңдер!» деп жазады. Аса талантты болған соң алдым. «Ойба-ай, мына апай не деп кетті?—деп ойладым ішімнен,--Ырылбай аса талантты ма? Өзінің алты әріпті фәміләсінен сегіз қате жібереді ғой!»

--Мен де аса таланттымын... Ақша туралы аямай жазамын... Арам ақшалар, адал ақшалар, мыртық ақшалар, жыртық ақшалар... банкке барған ақшалар, банкке жетпейтін жалған ақшалар... --Сен осы «Ырыл» газетінде жұмыс істедің емес пе? --Ия... Ырылдай беріп, аузым ауырып кетті тегі... --Сен осы сол газеттен келген шпион емессің бе? Өткенде газеттеріңе біздің газетті сынап жазыпсыңдар? --Құдай сақтасын! Ондай штат жоқ... --Әр адам өзі қалаған мамандықпен жұмыс істеуі керек. Мұғалімсің бе? Мұғалім бол. Молдасың ба? Молда бол. Көр қазушысың ба? Көр қазушы бол. Солай емес пе, інім? Жұрналистиканың қадірі кетті... Мен осыдан қорқамын, інім! Кеше бір ұры келді маған. «Атақты ұры едім, қартайдым, енді тілші болайын деп едім» дейді. Ұрылар өмірінен хикаялар жазамын дейді ме... Сауаты жоқ, білімі саяз, тек мансап үшін, тек біреуді қаралау үшін газет ашып алатындар көбейді. Мен осылардан қорқамын, інім... Мен көп нәрседен қорөқамын. Мен сенен де қорқамын... Қарашы, дірілдеп отырмын. «Апа-а-ай!» деп дауыстасаң, «Мама-а!» деп қашып кеткелі отырмын... Бара ғой, банкіңе, бара ғой... Ойеба-ай, апайым осылай «тегін ақыл» айтып тастады. Өзі қатырып жүргендей, естіп жатырмыз, мамандығы акушер екен. Редактор болып неге отыр? Мен де осындай «сөздері сұлу, жазғандары жексұрын, қате-қате...» апайлардан қорқамын... Ей, кім бар, таңдайымды көтеріңдерші...

МАХАББАТ ВИРУСЫ

Махаббат деген бар ма өзі? Ұстап, уыстап көруге бола ма өзі? Базарда сатылады ма? Махаббат... Орыстар «Лөблю» дейді... Ағылшындар «ай...ай... айлабю...» дейді, өзбектер «сені севамын» дейді. Қазақтар «өлә, сені сүйемін!» дейді. Қызда-ар, Махаббат вирусын жұқтырсаңыз, бітті, тамақ ішпейсіз, ерніңізді тістейсіз, жүрек қызуыңыз көтеріліп, жүрегіңіз сағатына 160 километр соғып, айналаңыздағы жігіттердің бәрі жаман, маймыл, шимпанзе, орангутан болып елестеп, сізге Махаббат вирусын жұқтырған жігіт қана алтындай жарқырап, сол ғана маймылдардың ішіндегі «ең сұлуы» болып көрініп, түнімен сандырақтап, ағылшынша сөйлеп, қытайша шүлдірлеп, кереуетіңізден құлап кетіп, жастықты умаждап, ерніңізді қайта қайта жалап, оның суретіне мөлие қарап, тіпті махаббат «мүгедегі» болып кетуіңіз ықтимал. Махаббат вирусы сізге жігіттің қадала қарасынан, қолыңызды ұстағанынан, ерекше ілтипатынан жұғады... Махаббат вирусынан айығу үшін, жігітіңізге СМС хат жіберіңіз... Жүректің «смайлігін» жіберіңіз... «Ғашықтар» емханасына барып, Жүрек есімді дәрігерге көрініңіз! Жігіттер, егер Махаббат вирусын жұқтырып алсаңыз, тазалыққа үйрене бастайсыз. Бұрын лай болып жүретін төплиіңзді қара маймен жалтырата майлап, жақсы көріну үшін жақсы киімдер сатып алып, кепкаңызды қисайта киіп, түнімен агентте отырып, махаббат хаттарын жазып, тамаққа тәбетіңіз

тиылып, тек жүрек кәмпитті жалай бересің... Махаббат вирусы екіге бөлінеді. Бірінші-- тип, екінші-- тип. Бірінші тип-- емделмейтін, асқынған, ауыр түрі. Махаббатыңызды шап беріп, тірідей ұстап алып, тірідей үйленіп барып, денсаулығыңызды жақсартасыз. Жағдайыңыз жақсара түсуі үшін Махаббат диетасын сақтайсыз: құшақтайсыз, сүйесіз, адал боласыз... Майлы махаббат жемейсіз. Ащы махаббат ішпейсіз... Түнде сүйіктіңіздің ыстық алақанын жүрегіңізге басып, «компресс» жасап жатыңыз... «Сезім» сорпасына «Маха» жапырағын турап, «ббат» шырынын қосып ішіңіз. Ал, Махаббат вирусының екінші типі—жеңіл түрі. Мұны кейде «Тауық махаббат», немесе «Қораз махаббат» деп те атайды. Көрсеқызарлықпен ғашық болып, уақытша ауырасыз да, қызыңыз: «Құрып кетші әрі, албасты десе!» деп қалса, бірден солып қаласыз. Артынша жадырап шыға келесіз. Немесе жігітіңіз тастап кетсе, «да, ну, жігіттер жетеді!» деп бөксеңізді билетіп, кете қаласыз... Махабат вирусы... Шынайы махаббат вирусы жасасын! Абайламаңыз, жұқтырып алыңызшы...

СОҢҒЫ РЕТ СҮЙІСЕЙІКШІ...

Бір күні Ресей президенті Владимир Путин өзінің құдай қоса салған қосағы Людмиламен ажырасатынын, бұдан былай бірге отырып кофе ішпейтінін айқайлап айта салды. Жұрттың көзінше... Людмила да ажырасатындарын қуанышпен жеткізді... Осыны естіген соң, еңсемді есек тепкендей, миып тал түсте күнге кепкендей, мәңгіріп тұрдым да, әйелімнен: --Президент ажырасып жатқанда, біз содан кембіз бе? Давай, ажырасайық?— деп сұрадым. Әйелімнің көздері жерге домалап түспесе де, аузы ашылып, «ерлі-зайыпты» екі шыбын кіріп шықты. --Тыныштық па? --Ресейге еліктемейміз бе? --Не үшін? --Ойбай-ау, Ресей президенті Путин мен әйелі Людмила ажырасатындарын қуынышпен мәлімдеді ғой? --Сен президент емессің ғой... --Неге? «Көлеңкелі бизнес» ЖШС-нің президентімін! --Ажырассақ, ажырасайық, соны мен де саған айта алмай жүр едім, жаным! --Күнім менің! Қимасым менің! Жартым менің! Мен де айта алмай, аузыма жара шығып жүр еді ғой... --Қалай ажырасамыз? --Как қалай? Жариялы түрде... --Айқайлап ажырасамыз ба сонда? --Әрине! Жұрт білсін, біздің Путиннен кем емес екенімізді! Орыс не істесе, қазекемнің соны қайталайтынын білсін! Осылай дедім де, әйелімді жетелеп, өмірімізде бармаған театрға келдік. «Мен ішпеген у қалмады...» ма, «Мен у ішейін деп едім, қалдырмағансыңдар ма?..» дейді ме, әйтеуір сондай бір «пьесаға» кірдік... Шымылдық ашылғаннан, әйелім екеуміз сахнаға жүгіріп шығып:

--Уа, халайық! Біз ажырасайық деп жатырмыз! Біз бақыттымыз! Біз Қуаныштымыз! Біз Путинмен біргеміз!—деп салдым. Әйелім де міңгірлеп: --Құдай қаласа, ажырасамыз...—деді. Көрермендер ысқырып, айқайлап кетті. --Ресейде басың, немесе, қатының қалсын! --Мемлекет отбасынан басталады, Путиніңді шайнап, басыңа жаға сал! --Мынау облыстық мәслихаттың депутаты Шіренген Қақиғанов емес пе? Бізді театр директоры жетелеп алып кетті. --Сізге ұят болады. Сіз анау мынау адам емессіз, атақты кәсіпкерсіз, депутатсыз... --Не, мен адам емеспін бе? Ажырассақ, аяғымыз өріліп қалады ма?—дедім мен. --Қуанышымызды көре алмайсыздар! Ажырасамыз!—деді әйелімнің бақыттан басы айналып. Содан әйелім екеуміз облыстық «телевизорға» тарттық. «Жарқын болашағымыз үшін ажырасатын болдық! Жаңа жартымды тапқанымша, қазіргі әйелім «Әйел міндетін уақытша атқарушы» болып қала береді!» деп сылқылдата сұхбат бердім. «Тесік моншақ асфальтта жатпайды, машина мыжып кетеді... Мен де жартымды табамын!» деді әйелімнің көздері жайнап кетіп. «Телевизордан» шыққан соң әйелім: --Жаным, соңғы рет енеммен қоштасып шығайыншы,--деді. Көңілін қимай, шешемнің үйіне келдік. Ұрсып беретін шығар деп ойлап келген едім, шешем келінінің маңдайынан сүйіп: --Тіфә, тіфә, тіл аузым тасқа, өткен жылғыдай қайтып келіп жүрме! Алды артыңа топырақ!—деп жылап қалды. --Соңғы рет ұрысайықшы...—дедім мен үздігіп. Көшеде келе жатып, ал айқайласайық. «Менің бүкіл қылмысымды, облыс әкімімен ауыз жаласқанымды, наша сатумен айналысатынымды» жайып салды. Мен де қарап қалған жоқпын, пистолетімді суырып алып, әйелімнің көлеңкесін атып салдым. Үйге келген соң соңғы рет бір-бірімізге мөлдірей, үзіле, үздіге қарадық. Ойпырмай, ақша, доллар деп жүріп, қалай байқамағанмын, әйелім әжептеуір сұлу екен ғой. Ол да таң қалып жатыр, жаңа танысып жатқандай, атымды сұрады. Ұмытып кетіпті... «Бәке, бәке...» дей берген соң... Бір кезде әйелім жыламсырап: --Хош, менің он екі гүлімнің бәрін ашып, қуратып жіберген күйеуім менің! Соңғы рет сүйісейікші...—деді. Бес тонна бақыттың астында мыжылып қалғандай, басым айналып, соңғы рет сүйістік... Күндіз... Кенет әйелім басын жұлып алып: --Жоқ, ажыраспаймыз!—деді. --Неге?—деппін... --Ұйықтап жатқан махаббатым оянып кетті... --Ойбай оятпа, ұйықтай берсін де... Әйелім мені жерден көтеріп алып, дөңгеленіп билей жөнелді... Бақыттан басым айналып барады... Құрысыншы, Путин-ақ ажыраса берсінші...

КЕМПІР «КЕЛІН»

Біздің ауылда жалғыз басты шал тұратын. Өмірінде үйленіп көрген емес. Жасы жетпістен сырғанап бара жатқан сол ақсақал бір күні маған қисаңдап келді. --Әй балам, машинаң жүріп тұр ма? --Жүріп тұр... --Итің үріп тұр ма? --Үріп тұр. --Қалаға барып, қыз-кемпірге жолығып қайтсам ба деп едім... --Қыз кемпіріңізді түсінсем, тіліме теріскен шықсын ақсақал... --Е, шырағым, «сібідәниеге» апарып келсең деймін. Ақшаңды берем, бензиніңді құям... Шалдың шашынан сипалап, бетінен иіскедім де: --Ата, көкнәр ішіп алған жоқсыз ба?—деп сұрадым. --Ойбай атама! --Енді... «сібідәние» деген сөзіңіз жерде жалпайып жата ма? --Былай ғой. «Қызкемпір» деп жатқаным, баяғыда-а-а ғашық болған бір қызды ұмыта алмай жүр едім... Қазір жасы жетпіс екіде. Әлі қыз. Былай ғой, неменеге күлесің-ей, өмірінде күйеудің құшағын көрмей, кәрі қыз еді, енді кәрі кемпір болды. Сол «қыз-кемпірді» алып қашсақ... --Ата, ниетіңіз бұзық екен, дегенмен, қызық екен. Қазіргі жастар бір көргеннен «ұната» салады да, махаббатын қызға қарай «құлата» салады да, дереу алып қашады. Қыздың бас бостандығына, адами құқығына түкірмейді де. Ал сіз болсаңыз, жастарға ақыл айтудың орнына... Шал шамдана ма десем, кәдімгідей қамданып отыр. Жымың-жымың етеді. --Баяғыда-а-а-а, жас кезімде ол қызды бір көргеннен ғашық болдым. Бірақ оның жүрегі быламық па білмеймін, маған келгенде былжыра-ап кетеді. Ұнатпайды. Күрек тістерің қисық дейді, көздерің қысық дейді, бұтың талтақ, басың қалтақ, мінезің түйедей, бетің қап-қара күйедей дейді ме, жолатпады әйтеуір. Ол кезде қазіргідей қалта телефон жоқ, шарбағының қасына барып ысқырдым. Ол ышқынып шыға келді. «Не? Не? Не?» дейді. «Бірдеңе айтам...» деп мен де қоймаймын, қойшы не керек, досым екеуміз, ұмытпасам, 1960 жылдың жазы еді ғой деймін, телешкелі трактормен алып қашқанмын. --Ия, сосын не болды? --Не болушы еді? Кеңес дәуірі еді, «кеңкелеске тимеймін, әке-шешесіне келін болып, басымды имеймін!» деген соң, сотталып кете бардым. Бес жылға! --Одан кейін үйленбедіңіз бе? --Түрмеден келген соң, үйден бір кесе айран сіміріп салдым да, қызды ысқырып шақырып алдым. «Не? Не? Не?» деп жетіп келді ол. «Бірдеңе айтамын...» дедім де, қызды есек арбамен алып қаштым... --Көнді ме? --Көнсе, өлгені ғой деймін, тағы төрт жылға сотталып кеттім... Түрмедегілерге танымал болып қалдым, құдасы келгендей құшақтап қарсы алады...

--«Одналюбь» екенсіз де... --Білмеймін, сол қыздан басқа жер бетіндегі қыздардың бәрі «қойға» айналып кеткендей, махаббаттың майын жалап, жүріп жаттым. --Аты кім еді, сұлуыңыздың? --Ұстатпасбике. --Ерекше ат екен. --Шырағым, түрмеден келген соң... --Айран сіміріп алдыңыз да... --Жоқ, боза ішіп алдым да, ұмытпасам 1969 жылдың күзі еді, егін жиналып жатқан, ысқырдым да, алып қаштым. --Сіз ысқырсаңыз, қыз атып шыға береді екен де. --Білмеймін, ысқырсам болды «Не? Не? Не?» деп жетіп келетіні бар. Көнбей қойды. Тағы бес жылға сотталып кеттім. --Сізге жүдә обал болған екен. --Ия, сұмдық ғашық болдым ғой! Мен оның шұлығын ұрлап алып, түнімен иіскеп жататынмын. --Маньяк емессіз бе, ата? --Ол кезде коньяк ішкен емеспін. Сол қызды ешкім алмады ақыры... Қазіргі жастарға қайран қаламын, «жедел жәрдем» махаббат болады да, арты «пожарный» махаббатқа ұласып жатады. Сендер есеппен үйленесіңдер. Қазіргі қыздарда қасиет қалмады... Сауналарда сайрандап жүріп алады да, түк болмағандай, бір мықты жігіттің басын айналдырып, тиіп алады. --Ата, қазіргі жастарды қойыңызшы, сонымен маған не демекшісіз?—деп сұрадым мен. Шал шашын тарап, сақалын өріп қойды. --Сол Ұстатпасбике қалада бір өзі тұрады екен.Ұстатпай жүрген махаббатым менің! Кеше түсіме кірді. «Не? Не? Не?» деуші еді ғой, «Кел, кел, кел!» деп қол бұлғайды ма... --Алып қашқыңыз келеді ғой? --Ия шырағым... Жалғыздық жыртыңдап жанымнан қалмайды... Енді көнетін шығар?.. --Базар жоқ...—дедім мен. --Базарға бармаймыз, тіке тартамыз! --Бопты. «Мерседесіме» көрші ақсақалды отырғызып алып, қалаға тартып кеттім... Құдайым-ау, кездесулері жүдә қызық болды. «Қыз кемпір» өтірік мүләйімсіп: «Қайтыс болып кеткен шешем жібермей жатыр» дейді ме, «Қиял әлеміне» барып, қыдырайық дейді ме... Әрең шықты. Шыға салып: «Не? Не? Не?» деді. Атамыз: «Бірдеңе айтайын ...» деп қипақтады. Содан кемпірді алып қаштық... «Біздің ауылдағы гәпке барамыз...» деп алдады ақсақал. Үйге келсек, ақсақалдың ағайындары, тірі кластас ақсақалдар отыр екен, «Кәрі құсың құтты болсын!» десіп жатты. Бір жеңгесі кемпір келінге ақ жаулық жапты. Абысындары: «Отырған кемпір орнын табар» деген, екі жарты бір бүтін болыңдар! Өлсеңдер, бірге көмеміз...» деп ақыл айтты. Кенет кемпір келіннің көздері жайнап кетіп: «Өлә-ә, ақыры көніп қалдым-ей... Жас күніңде ойна да күл деген... Енді шәй құйып беруге жарасам болды да...» деп бетін

шымшыды... Ал, атамыздың қуанышында шек жоқ! Қайта қайта насыбай ата береді. Бүгін біздің ауылда беташар! Келіңіздер, белін бүгіп есік алдын сыпырып жүрген кемпір «келінді» көріңіздер!

ҚЫЗДАРҒА «БЛАТНОЙ» БАТА

Ақша табудың мың сан жолы бар екен. Есінеп, ерігіп отыра берсең, ешкім саған көк тиын әкеліп бермейді. «Есектің артын жу да ақша тап» дейді қазекем. Ой, айтады екен де! Жүреді екенмін де, есек біткеннің артын парошокпен жуып... Жарайды, мен сіздерге бір қызық айтайын, базарға барып, қыз-келіншектерге ақылы бата беретін болдымей. Кеше секен сегіз теңге таптым, 20 теңгесіне әжетханаға бардым, елу теңгеге су іштім, 18 теңге автобусқа жетпей қалды да, жаяу қайттым. Мейлі, күн көріс керек, енді қыздарға арналған батамды жарнамалап жіберейінші: Мен жақтырмайтын қыздарға қыздарға бата: ... Я Алла, жүрген жерің асфальт болса да, шөп шықсын, кездесуге барсаң, жігіттерің көп шықсын, махаббатың көп сериялы болсын, етегің ақшаға толсын! Үнемі сағыз шайнап жүр, ыржалақтап, жайнап жүр, біреу тиіссе, самауырдай қайнап жүр! Фигураң банандай болмасын, құрбың жігітіңді тартып алса, екі дүниеде оңбасын! Аспаның үнемі ашық болсын, хатшы қыз болсаң, шеф өзіңе өлердей ғашық болсын! Туфлиіңнің шпилкасы биік болсын, өсегің желмен жарысқан киік болсын, Төс тартарың қысып тұрсын, алаяқ болсаң, бағың жанып, тұла бойың ысып тұрсын, бетіңде ұят жоқ болса да, оқтатекте қышып тұрсын, тамақты тойып іш, сыраны басыңа қойып іш... Шашың түссе, басыңда парик болсын, миың жоқ болса, 99 шарик болсын! Мен жақтыратын қыздарға бата: Я алла, өмірің гүлдей жайнасын, шәй қойсаң, тезірек қайнасын, тезірек бақытыңды тауып ал, кешке көшеге шықпа, есігіңді жауып ал! Өзіңе жаманшылық жетпесін, қасыңнан періштелер кетпесін! Аспаның ашық болсын, өзіңді көрген жігіт «сыразым» ғашық болсын! «Модный» көйлектерің жүз болсын, тұрмысқа шығар мезгілің күз болсын! Шашың өсіп, келесі үйге жетсін, пәле-жала өзімен кетсін... Жүрегің ақ болсын, кофтаң өзіңе шақ болсын! Бағың жанып, жұлдызың жарқырасын, көре алмайтын құрбыларың сібірде жүргендей қалтырасын! Қателеспе, қадамыңды анық бас, жігітіңе айтарым: ертең кешке осы қызды алып қаш! Әумин!

«СЕН ШЫҚ, ЖОҚ, ӨЗІҢ ШЫҚ!»

Тақырбас деген сөзді бәріңіз білесіздер. Тақыр кедей деген де болады. Есігінің алдында тырақайлап қашып жүретін тышқаны да жоқ Терекбайдың әйелі перзентханада жатқанына жеті күні болды, босанар емес. Акушерлер пышақтарын қайрап, дәрілерін сайлап, сақадай сай тұрғанымен, «кесерова» деген пәлемен қарнын жарып алмақ болып жақындағаннан, ана жатыры жақтан: --Түк білмес топастар!

--Анамыздың қарнын тілмеңдер! --Өзіміз шығамыз ғой! --Бір-екі күн күте тұрсаңдар өлесіңдер ме? «Разборка» жасап жатырмыз ғой! --«Кесеровада» бастарың қалсын!--деген дауыстар жамырай шыққанда, шайтанның өзі шалқасынан түсіп, талып қалатындай еді.Сонымен, жас ана жатырына жайғасқан қызыл шақалақтар бесеу еді. Бесеуінің де ұнжырғалары түсіп кеткен. --Ары жатшы,--деді бірі қысылыңқырап. --Өзің аяғыңды ары тартшы... --Осылай жата-а-а береміз бе? --Өмірге шыққанда не көреміз дейсің? Әке-шешеміздің үйі тап-тар. Бір бөлмелі үй. Оның өзін жалдап отыр. Өзбектің тауық қорасы екен... --Министрлердің Астанада жасырын пәтерлері көп дейді ғой...—деп қалды бір көзін сығырайта ашқан бесінші шақалақ. --Бауырлар, Түркияда ереуіл болып жатыр дейді!—деген екінші шақалақтың басынша үшінші шақалақ қолымен сарт еткізіп ұрып жіберіп:. --Саясатта басың қалсын!—деді. --Жәй, кейін Түркияға елші болып барсам дегенім ғой...—деп бұртиды анау,-- бәрін бүлдіріп, елге іріткі салып отырған Америка саясаты! --Ө-өй, саясатты қойыңдаршы, одан да, ішкі саясатымызды оңдырып алайық та!—деген төртінші қыз шақалақ кіндік ішегін домбыра сияқты тарта бастады,--діңгіл, діңгіл... --Анамыз шошқа етін жеп жатыр. --Шұжық қой. Өтіріктен сыртына «халал» деп жазып, халықты алдап жүрген көңбас кәсіпкерлердің шұжығын жеп жатыр! --Осыдан жарық дүниеге шығайыншы... --Ия? --Патриот болып өсемін! Қазағым үшін күресемін! Ана тілім үшін күресемін! --Шіркін, бір –бір кішігірім көк байлағымызды ұстап шықсақ, мына жалған жарық дүниеге! --Ойбай, жарық дүниеде жалған патриоттар жыртылып айырылады! --Жалған патриот болғым келмейді! --Әшейін, ойнап айтамын... --Біз көретін жарық дүние онша қызық емес дейді... Қараңдаршы, Қазақстанда қытайлар қаптап жүр. Әпкелеріміз қара қытайларға тиіп... --Тсс... --Немене? --Сырттан естіп тұрмын. Дәрігерлер біздің әрқайсымызды үш мың доллардан сатпақшы... Анамыз көнбей жатыр. Қызыл шақалар тым-тырыс бола қалды. Қорыққандарынан бірін-бірі құшақтап, көздерін жұмды. --Үлкендердің ішінде арамдары көп екен...—деп сыбырлады бірінші шақалақ. --Сосын ғой, кейбір ағалардың: «Сәби болғым келеді, сәби болғым!» деп әндететіні,—деп әндете сөйледі екіншісі.

--Ақырын,--деді үшіншісі,--не, сен Қайрат Нұртассың ба? Сахнада емес, жатырда жатырсың ғо... --Ішім пысып кетті, далаға шығайық та... --Мәз болармыз! Анамыз аш, емшек еміп те жарытпаспыз... --Ержеткен соң, үйлене де алмайтын шығармыз,—деп қалды мұңайған бесінші шақалақ. --Неге? --Аш-жалаңашпыз. Баспанамыз да жоқ. --Осы бай миллиардерлерде неге патриоттық сезім жоқ? Үйлене алмай жүрген ағаларымызға демеуші болып, « қалың малын» төлеп, «өкіл әке», «өкіл аға» болып жатса ғой... Олар тым-тырыс. --Неге үндемейсің?—деді бірінші шақалақ екінші шақалақтан. --Шіркін, менің кіндігімді әкім кессе. Бершей Ырысыжоқов ағам... --Жындысың ба? Ол кісі ішіп-жеп, тырсиып, ырсиып алып, шетелге қашып кеткен дейді,--деп қалды екінші. --Айтпақшы, сенің руың кім?—деп сұрады үшіншісі. --Әне қазақ осы, бір жатырда жатып, жүзге, руға бөлінеді... Біз «Қазақия» руынанбыз! --Ойбай-иии... --Не? --Толғақтың дәрісін берді-ау деймін, анамызға... --Қумашы... --Шын айтамын, жарық дүниеге шыққым келіп барады. --Онда баста... --Өзің басташы... --Шықсай? --Өзің шық... Олар жарық дүниеде жапа-тармағай жылап жатты...

ӨЛӘ, ОҚУҒА ТҮСЕТІН БОЛДЫМ!

ҰБТ десгенде дірілдеп, шыбын жандарын шүберекке түйіп, шүберекті қайта ашып, шыбын жандарын «ұшырып» жіберетіндердің бар екені рас қой? Ал, мен үшін ҰБТ ұйықтататын дәрі. Жұрт сияқты кірпік «құшақтастырмай», түнімен кітап оқып, миым атала, өзім «сатана» болып жүргенім жоқ. Ұйқыны қандырдым. Мұғалімдерімнің айтқандарын еске түсіріп қана қойып, тамаққа тықиып тойып алып, көше кезіп кеткен едім. Түнгі клуб дейсіз бе, биллиард дейсіз бе.... Шынымды айтсам, миым кеуіп қалған ба, оқуға онша құлқым жоқ. Жұрттың бәрі шетінен прокурор, шетінен сот, шетінен жүрналист, шетінен аудармашы болғысы келгенде, мен қалада қалып, етікші болмаймын ғой, «миым кеуіп» қалмасын деп басымды шелектегі суға бес минөттей батырып алып, ҰБТ-ға ұялмайқызармай қатыстым. «Ұялмай» деп жатқаным, мектептегі бағаларым «ұятсыздау» еді....

ҰБТ деген рахат қой! Баяғы әке-шешем институтқа түсердегідей билет алып, партаға отырып, жарты сағат ойланып, сосын көсіле сөйлеп жатпайсың. Сықсиып, сұрақтар келеді, дұрыс, дұрыс емес жауаптарды таңдап, түймені баса салсаң болды! Баса қатырып жатпадым! Мәссаған! Грантқа іліктім! 125 бал жинаппын! Сасқанымнан, өзімді өзім құшақтай беріппін! Өзімнің бетімді өзім сүйе алмай әлек болдым! Ернімді қисайтамын келіп, бәрібір быттиған бетіме жетпейді... Сыныптастарым да таң қалып, «сөзбен пышақтап» жатты... Мектеп директоры шақырып алып: --Ұят болды ғой...--деді. --Ағай, қуанбайсыз ба? Неге ұят екен?-деп сұрадым мен. --Алтын медальға бітірген баламыз 80 бал да жинай алмады... Ал сен... --Құдай бере салды... --Неге ала салдың? Ұялмайсың ба? Бізді жерген қараттың ғой? Оқу сенің не теңің? Шпана болдың, бұзық болдың! Өз фәміләңнен қате жібердің! Енді келіп 125 бал жинап отырсың! Директор апайды құшақтап, бетінен қорықпай сүйіп, кабинетінен секіріпсекіріп шықтым! Әсіресе, мені дүниеге бірлесіп әкелген әке-шешемнің қуаныштары қырық «Камазға» жүк болардай еді! Бір қой, екі ешкі, бес қоян сойып, туыстарымызды, дос-жарандарын қонаққа шақырды. Әкемнің бір «данышпансымақ» жолдасы мені сынамақ болып: --Айта қойшы, егемендікті қай жылы алдық?—деп сұрады. Сынап жатыр өзінше. -- Егемендікті егемендік алған жылы алдық қой,--дедім мен. --Қазір Сирияда не болып жатыр? --Концерт болып жатыр... --Ммм.. --Египетте халық неге көтерілді? --Астыларынан су шыққан соң... «Данышпан» ағай басымды қатырып жіберді. «Ауылда не болып жатыр? Нағашы ауылыңа барғың келе ме? Жүретін қызың сұлу ма?»-- деп сұраса қайтеді-ей? Менің оқуға түскім келмейтінін білмейді ғой! Бәрінің бастық болғысы келеді, сонда бастықтың шопыры кім болмақ? Дәнекерлеуші болғым келіп еді... Жарайды, жоғары бал жинап алып, жоғалып кеткенім ұят болар. Қалаған университетке оқуға түсе салайын, ә? Өлә, мен шынымен оқуға түстім!

МЕН ҚАТЫН ЕМЕСПІН!

Бұл өзі қызық болды, біздің көше қатындарының, кешіріңіздер, әйелдерінің жүз шақтысы бұзық болды... Тал түсте талтайып, аузыма шыбын кірсе де, аңқайып, үйде теледидар көріп отырғанмын. Бөлмеге он шақты әйел тұтқиылдан шабуылдап, баса көктеп кіріп келді де, қоршап алды. Көздерім көбелек болып ұшып кеткендей, санам су, миым бу, қолтығым қышып кеткендей, қарғып тұрдым.

--Мыжбан ағай, бізбен бірге жүріңіз!—дейді көшенің басында, құлап қалған аялдаманың қасында тұратын арық, тыриған әйел. --Қайда? Не үшін?—деппін мен. --Біздің көшенің қатындары үкіметке, әкімге, жер қатынастары бөліміне наразылық шерумен шығып, трассаны жауып тастамақпыз! --Мен... Мен қатын емеспін ғой... --Болмасаңыз, боласыз! --Қалай? --Бетіңізді, ерніңізді бояймыз, шашыңызды бұйралаймыз, бұтыңызға гамаж кигіземіз, басыңызға орамал тартып, трассаға шығасыз! --Неге мен? --Себебі, сіз қудаланып жүрген, «Қазақстан қытайстанға айналып барады!» дегеніңіз үшін қызметтен қуылған адамсыз! Жұмыссыз, үйіңізде айлар бойы отырып қалып, қатынға айналған еркексіз... Әрі заңнан хабарыңыз бар! «Ойбай-ау, мен бәрібір қатын емеспін!» деген қарсылық «нотама» қарамастан, тіпті, шашылып жатқан шөп сияқты шашымды да тарамастан, басыма орамал байлап, бір әйел бұтындағы гамажын шешіп беріп дегендей... дырылдатып сүйреп шықты. Масқара! Көшеде жүз шақты әйелдер сағыз шайнап, қандары қайнап тұр екен. Әкімдер де қызық –ей, өздері шешім шығарып береді де, мұнай-газ саласындағылар: «Ойбай, бұл көшенің үйлері астынада мұнай құбырлары жатыр! Үйлер бұзылады!» дегендеріне көне салады! Жер қатынастары бөліміндегілер айға барып, айран ішіп келді ме екен? Осы мәселе әйелдердің ашуына пияз турап жіберсе керек, бәріміз күре жол—трассаға шықтық. Трассада ағылған машиналар... --Бастаңыз!—деді маған сары әйел. --Еркексіз ғой, қорықпаңыз, біз қоштаймыз!—деді қара қатын. --Мен еркек емеспін... емес едім ғой...—дедім мен міңігірлеп. Екі әйел ту сыртымнан итеріп жібергенде, қаңылтыр ұстаған қаңғыбастай қаңғалақтап барып, көшенің ортасына шығып кеттім! Мәссаған, бір «Джип» қағып кете жаздап, жанымнан өте, жалп еткізді. Орнымнан тұра бергенде, «Камаз» келе жатыр екен, қайта жата кеттім, үстімнен зуылдап өте шықты, тағы бір «Ауди» туфлиуімнің бауын басып кетті... Ыңыранып жатқанымда, әйелдер трассаның ортасына жиналып қалды. Жүз шақты әйелді кім басып өте шықсын? Көліктер тоқтап қалды. «Пробка!» Әйелдер қарап қалған жоқ, трассаның дәл ортасына дастархандарын жайып жіберіп, қаз-қатар отырыса қалып, шәй іше бастады. Көше жиегінде сары самауырлар бұрқ-сарқ қайнап жатыр, темір ошақтарда ет асылып... Бір кезде кэнбэщниктер, полиция бастықтары, полиция инспекторлары қаптап кетті. --Құрметсіз аналар, бұларыңыз не?—деп сұрады полиция бастығы. --Үйіміз бұзылмасын! --Жолмен жүрсек, ішіміз өтеді... Жолымыз жөнделсін! --Жолға бөлінген қаржы қайда? Атауыңды жегірлер жеп кетті ме? --Су жоқ! Таңертең бетіміздің жартысын ғана жуамыз! --Свет жоқ! Түнде күйеуімізді шатастырып, көршіге кіріп кете береміз!

--Халық аш, жалаңаш! Сонда да несие алып, той жасап жатырмыз! --Баға қымбаттап барады! --Әкімдер келсін! Әйелдер осылай шулады. Әкімдер шетелге қыдырып кеткен екен. --Онда, әкімнің орынбасарлары келсін! Орынбасарлар құдалыққа кетіп қалыпты. --Онда әкімнің әйелі келсін! Әкімнің әйелі келді. «Бізге әкім, сізге бай, байыңызға түнде жатарда айтсаңызшы! Халықтың жағдайын ойласын да!» деп әйелдер оны ортаға алып, ет жегізді. Сорпа ішілді. Кешікпей жер қатынастары бөлімінің бастығы да келді ұялмай. Көше астында мұнай жатқанын білсе де, халықтан ақша жинап алғанын ұмытып кетті ме, жілік мүжіп отыр. Қысқасы, трассада ет желініп, әйелдер ән шырқап, шенеуніктер сорпа ішіп жатты... Май инспекторының қолында бір кесе шәй, бір ұрттап қойып, көліктерге ала таяғымен айналма жолды нұсқап жатты... Біз осындай қазақпыз, көп мәселені осылай айналып өтеміз... Айналып өте береміз, айналып келіңізші...

ҚЫЗДАРҒА «ҚАТҚАНСКИИ» КЕҢЕС --Жігітіңнің сараңдығын байқау үшін: «Жаным, маған аспандағы айды әперші!»--дегін. Егер: «Қойшы, ай қымбат қой, одан да майда-майда жұлдыздардан бір кілә әпере салайын» десе, нағыз сараңның өзі, оған жолама! --Сөйлегенде түкірігі шашырап сөйлесе, «пожарныйда» жұмыс істейтіндігін жасырып жүр. --Көшеде келе жатқандарыңда, аяғыңды басып кетсе, аяғына бір теп. Ашуланбаса, «нағыз жігіт»... --Жігітің ойнаған болып, басыңа бір ұрса, иығыңды тістеп алса, кейін сені ұрып соқпайды. Себебі, «басы қатты болса, аяғы торт...» --Жігітің туған күніңе бір бума жантақ әкелсе, сен оның туған күніне бір бума тікенек апар... --Жігітің телефон шалмай қойса, күні бұрын өзің телефон шалма... «Қашан хабарласасың?»--деп хабарлас та, телефоныңды өшіріп қой... --Жігітіңмен келе жатқанда, өтірік құлай сал. «Қояншығың» ұстап. Жігітің тұра қашып кетсе, артынан қуып бар да: «Адам емес екенсіңдер ғой, адамдар үстімнен аттап өтіп, көйлегімді кірлетті ғой...» дегейсің... --Жігітіңе қарызға ақша берме. Кейін үйленген соң, бермей кетеді... --Жігітің сені сүйе ме? Ол үшін көз алдында пойыздың астына түсе кет. Егер ұстап қалмай, итеріп жіберсе, сені сүймейтіндігі... --Жігітің саған кездесуге келер алдында ішімдік ішіп келсе, жаман сөз айтпа... Тек: «Атауыңды ішкір, албасты...» дегін де, бұрылып кетіп қал. Қайтып оған жолама, бірге арақ ішіп пәле боласыңдар... --Құрбы қыздарыңа «жігітім сұлу, жігітім мықты» деп мақтана берме, тартып алатындары болады. Жігітіңді тартып алмас үшін, жігітіңмен ұрыс та, кетіп қал. Өмір бойы жолама!

--Жігітіңе: «Үйленген соң үйде кім мәңгілік президент?» деп сұра. «Сайлау арқылы өтеміз» деп жауап берсе, күйеуің ноқалайдың өзі. Еркек үйде қашанда президент, сен премьерсің... --Жігітің уахабист болып шықпас үшін, түнде ұйықтап жатқанда, сақалын ұстарамен қырып алып таста! --Жігітің жолда тоңқаңдап бара жатқан осырақ қоңызды аяғымен әдейі мыжып кетсе, «Ауырмайды жүрек, ауырмайды...» деген әнсымақты көп тыңдағаны... --Жігітіңнің алдында бостан-- босқа ыржалақтап күле берме, тәлпіш екен деп қалады. Оның орнына, өтірік жөтеле бер. Жаны ашып, кір-кір бет орамалын берсе, саған жаны ашитындығы. «Не, көксау ешкісің бе?»-- деп одырайса, махаббаттарыңа «крест» қой... Айта берсем, ауыз ауырады... Қызда--ар, жұмысқа шыққаннан гөрі, тұрмысқа шыққан жақсы... Пәкә-ә...

ЖІГІТТЕРГЕ «ЖЫНДЫ» КЕҢЕС

--Қызыңды кешке шығарып саларда, қалтаңда көк тиының жоқ болса, табан астында ішіңді ұстап, бүгіліп отырып қал. «Соқыр ішек болдым-ау деймін... Ішегімнің көзі көрмейтін еді...» дей бер. Жедел жәрдем шақырады, өзі жаяу кетеді... --Мықтылардың қолына су құюды үйрен. Кейін «карьераң» өседі. Көшеден министр көрсең, қуалап жүріп, қолына су құй... --Кедейдің баласы болсаң да, шенеуніктің қызына көз сал, сосын сөз сал, сосын көзбен атысып қал, қысқасы, жабысып қал. --Қыздардың алдында қақырынып, түкірініп, мұрныңды шұқылай берме... Мұрыныңның ішінде мұнай жоқ шығар! --Пара беруді үйрен. Ауылдың жігіті болсаң, қызыңның үйіндегі итке қазы – қарта, колбаса беруді үйрен. Кейін қызметіңде мықты парақор боласың... --Ауылдың жігіті болсаң, жүретін қызыңды ұялы телефоныңмен шақырма.- Ұялы телефоныңды қос та, ысқыра бер. «Единицаң» аз кетеді. --Әкең парамен сотталса, түрме бастығының қызына үйлен... --Қыздарды таңдай біл. Бір аптада алты қызды кездесуге шақыр. Бірінебірін таныстырма. Жексенбі күні бәрін кездесуге шақыр да, өзің бармай ғой. Өкпелемегені—сенікі. --Шылым шекпе. Өкпең тесіледі. Одан да темекі тарт. Арақ ішпе. сімір. Насыбай атпа. Ерніңе сал. --Сақал қойма. Жүретін қызың ерніңді таппай иегіңнен сүйе береді... --Қызды арбап түсіру үшін, екі қолыңды қоянның алдыңғы аяқтары сияқты бүгіп, кобра сияқты саусақтарыңды жинастыр. Көзіңді сүзіп қара. Үздігіп қара. «Өлә, жынды ма мынау?» деп тұра қашпаса, қыз сенікі...

--Қураған таяқтарды кеміріп жей бер. Жас болған соң, кейде таяқ та жейсің... --Креслоның үстіне шығып ал да, еденге гүрс етіп құлауды үйрен. Кейін сені жазықсыз қызметтен алып тастаса, қызметтен құлап, инфарк болудан аман боласың. --Он сегіз жасыңнан сенатор, депутат болуды арманда. Әке-шешең қыдыруға берген ақшаны жаратпай, жинай бер. Сенатор боласың. --Сүйіктің үйіне қонаққа шақырса, екі шұлықты қабаттап киіп ал. Барғанша бірі кір болса, шеше саласың, анауың жаңа болып тұрады. --Сүйіктің сені «лақтырып» кетсе, сен де оны ұстап ал да, көтеріп алып, жол жиегіне лақтыра сал. --«Қуғынбай» болма, «Қашқынбай» бол. Жаман әдеттерден қашып жүр. --Қыздарды «сындыру» оңай, үйлену оңай, пәтер алу қиын... --Жүретін қызың сені таспен ұрса, сен аспен, қамырмен, етпен ұр... --Қызыңмен сүйіскенде, ол көзін жұмады. Соны пайдаланып, сөмкесін ақтар да, ақшасы болса, жымқырып қал... --Түнгі клубтың ішіне кір де, шықпа, жылдар бойы жатып ал. Қартайғанда шығасың. --Мектеп бітірерде арманда: «шіркін мектепте оқу он екі жылдық болмақшы екен. Одан да жиырма жылдық болса ғой. Балаң бесінші сыныпқа, өзің жиырмасыншы сыныпқа барасың...» --Жан досың сенің қызыңа ғашық болса: «Жан досым, үстем болсын мерейің... Тойыңа, сүмірейіп келейін...» деп әндет... Ұяты болса, қояды... Міне, жігіттер, «қыл-қыбыры, жын-жыбыры» көп демесеңіз, кеңесімнің керегін кертіп алыңыз, қысқасы, болашақ жарыңызың маңдайына «тоқ-тоқ» шертіп алыңыз...

ҚОРЫҚПА, ҚАРЫНДАС, ҚАСЫҢДАМЫН!

Саябақтың іші. Кеш. Бойжеткен сәкіде біреуді күтіп отыр. Бір кезде жас жігіт ирелеңдеп жүріп бара жатып, қызды көреді де, кілт тоқтай қалды. Сосын ирелеңдей жүріп, қыздың қасына отырды. --Қарындас, екі кештің арасында шошайып отырыпсыз? --Немене, жалпайып, жайыла отыруым керек пе еді? --Ашуыңыз айда, көңіліңіз сайда... --«Ваще» жақпай отырсыз! --Қарындас, кімді күтіп отырсыз? --Шайтанды... --Мен бір қызық әңгіме айтайын ба?—дейді жігіт үрейлі дауыспен,-- Бір күні бір миллионер келіншек түнделетіп үйіне келеді. Төсегіне құлай кетіп, темекі шегіп жатса, свет өшіп қалады! Бір кезде диванның астынан сорайған бір қол шығып, балтырын сипалай бастайды, «мама-а!» деген жесір келіншек атып тұрса, свет жанып қалады, қараса, алдында басы жоқ, бірақ басын қолына ұстап алған адам тұр дейді. «А-а-а-а!» деп айқайлап жіберіпті! Жігіт «А-а-а!» деген сөзді бар даусымен айқайлай айтқанда, қорыққан қыз құшағына құлай кетті.

--Мамочка!—деді қыз. --Қорықпа, қарындас, қасыңдамын,--деп қойды жігіт жымиып. --Ой, ағай, мені құшақтап алыпсыз ғо-о... --Өзіңіз ғо-о, түк көрмегендей, құшағыма құлай кеткен... --Мамамды күтіп отырмын. Енді қорқынышты әңгіме айтпаңызшы. Бүгінде өмір сүрудің өзі қорқынышты...—деген қыз бұрынғы орнына жылжып отырды. --Тары жегендей тым-тырыс отырғанша, танысып қоялық. Атым – Айранбек. --Қаймаққыз. --Сүт өнімдері болдық қой.Тағы бір қызық әңгіме айтайын. Бір күні бір бойжеткен үйінде жалғыз қалыпты. Бір кезде свет өшіп қалады. Бөлме іші «чөп-чөрни». Бір кезде бұрыш жақтан біреу: «Жанна, бері келші, жаны-ым!» деп сыбырлайды. Қыздың зәресі қалмайды. Терезені біреу шертіп: «Жанна, оған барма, маған келші...» деп сақылдай күледі. Төбе жақтан да: «әкешешесін тыңдамай, көше жүргіші болған қыз, маған кел!» деп күледі. Бір кезде сібет жанып қалады. Қыз жалт қараса, жалт қараса, жалт қараса, алдында бір шелек адамның кесілген ауыздары жатыр дейді. «Ойба-ай!» деп бақырып жіберіпті! Жігіт «ойба-ай!» сөзін айқайлай айтқанда, қыз қорыққанынан жігіттің құшағынга құлай кетті. --Мама! --Қорықпа қарындас, қасыңдамын...--деген жігіт қызды құшағына қысты. --Ужас... Я боюсь... --Ужасыңнан айналдым, боюсыңнан айналдым... --Өлә-ә, ағай дейім... --Не болды қарындас? --Сіз мені тағы құшақтап алыпсыз ғой?—деген қыз ары жылжып отырды. --Енді... Өзіңіз ғой, құшағыма қойып кете бересіз. Бауыр басып қалыпсыз... --Туу, мамам неге кешігіп жатыр екен? --Бір күні... Қорыққан қыз жігіттің құшағына құлай кетті. --Кешіріңіз, менің құшағымда неғып отырсыз? --Сіз де кешіріңіз, енді қорықпаймын...—деген қыз ары жылжыды. Бір кезде шешесі көрінді. --Әй, Қаймаққыз, бөтен жігіттің құшағында неғып отырсың? --Қорқынышты әңгіме айта береді екен. --Әй жігіт, қызымды қорқыта бермей, ары отыр! --Кешіріңіз, апай...—деді жігіт ары жылжып. --Мә, мынаны ұстай тұр,--деген шешесі омырауынан сосискалар шығарып, қызына ұстатты, жан-жағына жалтақтай қарап алып, беліне орап алған орамал ішінен шұжықтарды шығарды. Басындағы орамалын шешіп, шашының арасынан да жіңішке шұжықтарды шығарып жатты. Сөйтті де: --Әй, жігіт, қараңды батыр! Мен қазір келемін...—деп кетіп қалды. --Шешеңіз қайда жұмыс істейді?—деп сұрады жігіт.

--Шұжық цехында істейді. --Бәсе, көрініп тұр. Бір қызық әңгіме айтайын. Бір күні бір депутат пәтерінде демалып жатса, свет өшіп қалады. Бір кезде бұрыштан қып-қызыл шоқ қөрінеді. Ұялы телефоны жарқ ете қалады. Қараса: «Мен саған бекер дауыс беріппін! Мәжілісте ұйықтап отырасың!» деген СМС хат келіпті дейді. Содан үй іші қызыл шоқтарға толып кетеді. Бір кезде сібет жанып қалады. Жалт қараса.... Жалт қараса... алдында шалғы орақ ұстап, әруақ тұр дейді, «а-а-а!» деп айқайлап жіберіпті... Жігіт айқайлай дауыстағанда, қыз қорыққанынан құшағына тығылды. --Ойба-а-ай... --Қорықпа, қарындас, қасыңдамын... Кенет қыздың шешесі көрінді. --Әй! Жапалақ құсап жарбиып, қызымның қасында әлі отырмысың? --Кешіріңіз апай... --Сен қыз, неменеге танымайтын жігіттің құшағына құлай бересің?—деген шешесі омырауынан сосискалар шығарып, қызының қолындағы сөмкеге салып жатты. --Өзі ғой, қорқынышты әңгіме айта береді...—деді қызы. --Ол қандай әңгіме? Біз де тыңдап қалайық... --Қап-қараңғы түн.Тағы да свет өшіп қалған,--деді жігіт үрейлі дауыспен,-- әр тұстан байғұздар шақырады. Бір кісі түнделетіп, есекпен келе жатады. Молалы беткейдің тұсынан өте бергенде есегі тоңқып, тоңқып жүрмей қояды. Қорыққан жігіт артына қараса, артына қараса... Шашы жайылған бір шайтан артына мінгесіп алыпты... Қорыққан жігіт «А-а-а!» деп айқайлап жібереді. Қыз қорыққанынан жігіттің құшағына тығылды. Шіреніп тұрған шешесі де Айранбектің екінші жағынан келіп, құшағына құлады... --Қорықпа енем, күйеу балаң қасыңда!—деді ол жымиып,--жүріңіздер, мен сіздерді үйлеріңізге дейін шығарып салайын. А то, өзім де қорқып тұрмын...

БІРАЗ ҚҰШАҚТАСА ТҰРАЙЫҚШЫ... Жаңа жыл қарсаңында жынды боламын, жынды болғанда супер жынды боламын деген ой санамда, миымның арасында, көңiлiмнiң төрiнде жоқ едi... Адам жынданамын десе “айн момент” екен. Әйелiм екеумiз Жаңа жылды қарсы алмайтын болып шештiк те, шешiнiп, ерте жатып қалдық. Құдай қас қылғандай, Жаңа жылға он минут қалғанда, сiбеттi де бiреу мас қылғандай, есiк алдындағы ләмпешкемiз қызары-ып барып, өшiп қалды. Терiс қарап, тұлыптай теңкиiп жатқан әйелiме қарасам, ұйқының ұйығына батып қалыпты. Жер үй болған соң, дәретханамыз автобуспен баратындай бiр аялдамалық жерде, орнымнан тұрып, үстiме әйелiмнiң қалыңдау халатын жамыла салып, далаға шықтым. Үй сыртын айнала салайын деп... Қаңғалақтап, қайтып келсем, есiгiм ашылмайды. Оппа-а... Есiктiң сырт етiп, iштен кiлттенiп қалатын “емшiлiк” қасиетi бар едi. Есiктi еңiрете ұрдым. Әйелiмдi бiреу атып кеткендей. Тептiм. Тым-тырыс. Қабырғаларым

қақырап түсiп қалғандай, сирақтарым сидиып, аяз арқамды “сипалап”, мұрыным қызарып, құлағым ұзарып барады. Тентек адамдай секiрiп-секiрiп қойып, терезе тұсына келдiм де, саусағыммен шерттiм. “Перденi ашатын шығар?” деп бiраз тұрдым. Айналып, есiкке келдiм. – Бұл кiм? — деп сұрады әйелiм. – Мен ғой. – Менiң кiм? – Байыңмын деймiн! – Өтiрiк соқпаңыз, күйеуiм Күтiрлек ұйықтап жатыр. – Жаңа жылыңмен! — деп жалына бастадым. – Жаңа жыл 22 наурыз ғой... – Аш деймiн есiктi! – Түн iшiнде забордан секiрiп келген кеңкелеске есiк ашпаймыз! – Ойбай, Қатипаш, бұл менмiн деймiн! Күтiрлекпiн! – Күйеуiмнiң атын жамылма! Жаңа жылда жүздетiп алып, күйеуiмнiң көңiлiн көтермекке келген қай көршiсiң? Ернi жырық Есенбай? – Iкке. – Тұрқы тырық Тұрғанбай? – Iкке. – Сықпыты сырық Сорайбай? – Аш деймiн, жаурап өлiп барамын! – Немене, бiздiң үй жылынатын монша деп пе едiң? Құрып кет әрi! – Жаным, – деп жылайын деп қалдым, – айналайын, Құдай үшiн есiктi аша қойшы. Томпиған қозыдай қасыңа жата кетейiн. – Ұятсыз! Екi еркектiң ортасында өкпем қысылып жатайын сол! – Даусымнан да танымай тұрмысың? – Менiң күйеуiмнiң даусына ұқсайды екен. – Ұқсаса, ұйқыбас, аш есiктi! – Күйеуiмнен ұят... – Мен сенi сүйемiн... — деп жыларман болдым. – Ақырын, ойбай, күйеуiм естiп қояды... – Мен сенi жанымдай жақсы көремiн... Күндiз-түнi сенi ойлаумен жүрiп қартаятын болдым... Әйтеуiр, әйелiм ыңырсып қалды , жалынды сөздерiм жүрегiн жiбiтсе керек... – Ақырын, ойбай, естiп қояды... Одан да ұялы телефонымның нөмiрiн есiңе сақтап ал: 87012223334! Оңай ғой жаттауға... Жаңа жылдан кейiн ызбанда. Аха? — О, жексұрын! Мен саған ызбандағанды көрсетемiн! Аш есiктi! — Жаным деп алып, жексұрын дейтiнiң жаман екен. Жақсы, мен жатамын. Күйеуiм оянса, бөтен еркекпен түн iшiнде сөйлесiп тұрғанымды кешiрмейдi. Пока. Әйелiм тәпiшкесiн тырп-тырп басып, жатын бөлмемiзге қарай кетiп барады. Күлейiн бе? Күлейiн десем, аузым аязға қатып қалды, икемге келмейдi. Жүрейiн бе? Жүрейiн десем, сирақтарым қыраулы бұтақтардай қақиып,

қозғалмайды. Бiр кезде бiрдеңе сақ-сақ еттi. Далада тышқан жүргендей. Қой, қысты күнi қандай тышқан? Сөйтсем, өзiмнiң тiсiм екен, сақылдап тұрған. Әйелiмнiң халатын қымтай жамылып, көшеге шықтым. Тура түнгi он екiнiң кезi болса керек, көршiлер қытайдың ойыншық атылғыштарын атып, аспан асты жарқ-жұрқ болып жатыр. Жаурап кеткендiктен, амал жоқ: “Сәлеметсiң бе, 2012 жыл?” деп қалдым. Бүрсең-бүрсең етемiн. “Қаншама қазақ дәл мен сияқты баспанасыз бүрсеңдеп жүр екен?” деген ой да санамды сызғылады. Қаншама қазақ несиесiн төлей алмай, үйлерiнен қуылып жатыр? Есiме әйелiм түстi. Осыдан үйге кiрейiн. Ойы арам екен. Телефон нөмiрiн берiп жатыр! Аяғымда гәлөш, үстiмде халат. Мәйкi-трусишең сидиып тұрғанымда көршiнiң әйелi әндете шықты. Қуанғанымнан: “Жаңа жылыңмен, Жәмилаш!” деп құшақтай алыппын. Жаурағаным соншалық, пальтосының түймелерiн ағытып, қойнына қалай кiрiп кеткенiмдi бiлмеймiн. Бiр қарасам, жерде шалқамнан жатырмын. Iшiп алған күйеуi дырылдата сүйреп, үйiне кiргiздi. — Тал түсте... Ой, тал түнде әйелiмнiң қойнында неге жүрсiң? — деп ежiрейдi көршiм. — Қыдырып... — деппiн. — Ұятсыз! – деп қалды әйелi. — Жаңа жылдарыңмен, көршiлер! —дедiм қуанғанымнан. Қанша дегенмен, жылына бастадым ғой, мұрныма қатқан мұз ерiп, тамшылары тiземе түстi... Көршiм Кеңiрдектi құшақтай алып, кемсеңдей бастадым: — Да-далада қалдым, көршi! Бiраз құшақтаса тұрайықшы, жаурап өлiп барамын...

ЕРІН ЖЫБЫРЛАТУДЫ ҮЙРЕНДІМ!

Бірде аса құрметті, аса лауазымды, аса атақты адамның тойына шықырылдым. Қуанышым қойныма сыймай, құлағыма «қыдырып» барған езуімді жимай, тойға тойған қозыдай томпиып бардық. Әйелім мені қолтықтап, өзім бір түрлі «ыстықтап», тойхананың ат шаптырым залына кірдік. Бір танысым жанымнан көздерін жыпылықтатып өтті. Амандасқан жоқ. Амандаспайды. Өйткені, жақында ғана тендер ұтып алған болатын. Бір сыйласымды көрдім. Сәлем беретін шығар дап тұрғанымда, жаныма келді де, тамағын қасылап тұрып-тұрып, өз орнына кетіп қалды. Амандаспайды. Өйткені, ол жақында тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына медаль алды. Әйелім екеуміз шеткі үстелге барып отырдық. Жан –жағыма қарадым. Өңшең ығайлар мен сығайлар. Аспанды тіреп, ақшаны күреп тұрғандар... Ана біреу... Кім еді аты? Облыста беделі белінде ғана еді, қазір басына жеткен... Жағымпаздар жанына жиналып, бірі бетін жалап, екіншісі шашын тарап, үшіншісі үшкіріп, төртіншісі түшкіріп... Сол жағымда Күшенбай отыр екен. Бұрылып: «Күшеке, ассалаумағалейкум!» деп едім, ол ернін жыбырлатты да қойды... Е-е, енді есіме түсті, жақында «Ит неге үре береді?» деген өте нашар өлеңі үшін халықаралық Алаш сыйлығын алған екен ғой... Ана-ау отырған... Мықтыбек қой. Басымды изедім. Қарап отыр, үндемейді. Ернімді

жыбырлаттым. Міз бақпайды. Сосын орнымнан тұрдым да, жанына барып, бетіне тіке қарап отырып, көздерімді жыпылықтаттым. Қақиып қалған. Селт етпейді. Е, енді есіме түсті, ағасы депутат болған екен ғой. Өзі миллиардер... Кешірім сұрап, орныма келдім. Жаным жабырқап, «зиянды зиялылар» мен миллиардерлерге таңырқап отырғанымда, бір бейтаныс жігіт мені құшақтай алды! Жалпылдап амандасып жатыр... Қолымды сілкілеп болар емес. Жылағым келіп, кемсеңдеп қалдым. Қой, жылағаны несі, тойда жылауға болмайды... --Жағдайыңыз қалай?—деп сұрайды анау. --Өзің білетіндей,--деймін мен. --Қызметіңіз құтты болсын! --Қандай қызмет? --Сіз кімсіз өзі? --Өзіңіз кімсіз? -- Сіз жақында ғана Астанадағы қаржы полициясының бастығы болған Дамкрат Көтерілгенұлы ағай емессіз бе? --Жоқ. --Қатты ұқсайды екенсіз. Сәлемімді қайтып алдым,--деген ол кетіп қалды. Жаным кіріп қалып еді, қайта шығып кеткендей болды. Бір танысым қолының ұшын ғана беріп амандасты. Оған да шүкір. Анау ше? Ол ернін жыбырлатты да қойды. Мен де ернімді жыбырлаттым. Әйелім болса, «той басталмай жатып не жеп отырсың? Ұят емес пе?»-- деп қояды. Жан-жағымда мырзалар мен ханымдар...

Қолдарынан келсе, ай топырағына жерленетіндер... Өкпем қысылған соң, тойдың ортасына келгенде сытылып шыға бердік. Бізге ешкім «отырсаңыздаршы...» деп айтпады. Шығарып та салған жоқ... Үйге жетіп, төсегімізге жатқан соң әйеліме: --Менімен амандасшы,--деп өтіндім. --Қойшы, қойнындағы күйеуімен құшақтасып жатып амандаса ма екен? --Көптен көріспегендей сәлемдесші... --Не болды саған, жаным? --Амандаса салшы енді... --Ал, амандасайын. Сәлеметсің бе? Мен үндеген жоқпын. Ернімді жыбырлата салдым. Ернімді жыбырлатып жатып ұйықтап кетіппін...

ӘЙЕЛIММЕН КЕЛIСIМ-ШАРТҚА ТҰРДЫМ...

Шын мәнiнде солай. Әйелiм қайдағы жоқты шығарып, Шыбын жанымды шырылдатып тұрып, келiсiм - шартқа қолымды қойғызды. Ерлi - зайыптылар арасындағы келiсiм - шартты көрсем, көзiм iрiңдеп, тiзелерiм дiрiлдеп, арқам асфальттай. басым бетондай, мұрыным мұздай, көздерiм тұздай болып кетедi! Сонымен, келiсiм-шарт былай жазылды. КЕЛIСIМ - ШАРТ 19 тамыз, 2003 жыл, түс қайтқан мезгiл. Бiздер осы келiсiм - шартты шимайлап үрiшкемен, асықпай жазушылар

Мыжбан Мәндiрбаев бұдан былай “Шiрiк“ аталынып, Катя-Қатира бұдан былай “Ханым“ аталынып, төмендегi келiсiм-шартқа шарт-бұрып қол қояды. КҮЙЕУIНI МIНДЕТI. 1. Кiр жуады, шыбын-шiркейдi қуады, Қышыған арқасын байына қасытады, қамыр илеп, нан ашытады. 2. Көрпе көктейдi, кешеден қалған көженi төкпейдi. Темекi шекпейдi, бiлегiне ине екпейдi. Күнiге бiр рет қана тамақ iшедi, тұздалған банкiнi әкелу үшiн падвалға түседi. 3. Базарға барып, семiшке сатады, менiмен аптасына бiр рет қана жатады. 4. “Тұр“ десем тұрады, ұр десем, ұрады... 5. Бала тумайды, женскимен ауырмайды. Боянбайды, түнгi төртте оянбайды. 6. Халат кимейдi, әйелiне бекерден-бекер тимейдi, еркек басын есiрткiге имейдi. 7. Жерiк болмайды, көзiне шөп салса, өмiр бақи оңбайды. 8. Сүндетке 2-3 мәрте отырмайды, көше кезiп, алқаштарға қосылмайды. 9. Қыста жөтелмейдi, тiлiмен ауыр нәрсе көтермейдi. Өз бетiнше тырбаңдайды, әйелiн қызғанбайды. 10. Насыбай атпайды, не iстесем, өз еркiм, қолымды қақпайды... ӘЙЕЛIМНI МIНДЕТI. 1. Өмiр-күрес, осыны ұғып алады, айтқанын iстемесе, күйеуiнiң көздерiн шұқып алады. 2. Ай сайын қытай асып, тауар алады, керек десең, сол жақта жылдап жатып алады. 3.“Деловой“ еркектермен кафеде отырып вискиден iшедi, жей бередi, жейдi, бiрдеңе дейдi, керiледi, ерiнедi, есiнейдi, ашу шақырып, қалтырайды, сырғасы, тiстерi алтыннан жалтырайды. 4. Күйеуiне әйелi болғаны үшiн, өмiр бойы қасына қонғаны үшiн 15 пайыз салық алады. 5. Күйеуiне “сыпайы“ сөздер арнайды. “ЖСШ“ яғни қысқарып алғаны-жексұрын, сұмырай, шошқа! “ТОО! “яғни-топас, оңбағағанның оңбағаны! “Әй, КНБ!“, яғни-кеңкелес, нақұрыс, бетсiз! дегенi. 6. Күйеуiмен қалаған уақытында осы келiсiм-шартты бұзып, көңiлi қалаған еркекпен бiр айлық немесе жылдық келiсiм-шартқа тұруға құқылы. Осы келiсiм шартты растап қол қойған: әйелi Қатира Мәндiрбаева, күйеуiәйелiнiң фамилясына өз еркiмен көшкен Мыжбан Мәндiрбаев!

МЕНІ ҰМЫТПАҢЫЗДАР!

Мен жақында дербес зейнеткерлiкке шықтым. Мына менi ұмытпаңыздар! Мен сiздерге керекпiн, әлi! Мыжбан Мәндiрбаев. Облыстың “Қазақ тiлi“ қоғамының штаттан тыс мүшесi. Қазақстан журналистер одағының ендi кiретiн мүшесi. Бұрынғы КСРО мемлекеттiк

стандарттау мекемесiнiң штаттан тыс ревизоры, Қазақстан жазушылар Одағының құрметтi қонағы мемлекеттiк ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде iстеп кеткен досы Тыжбан Таңқалмасұлының жан досы, Облыстық мәдениет басқармасының ақылдастар алқасының тұрақты мүшесi, бұрынғы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттығын армандап өткен ардагер, өзi тұрған “қисық“ көшесiнiң құрметтi азаматы, инвестициялар, қаржыландыру және ұйымдастыру - құқықтық басқармасының ендi штаттан тыс өкiлi болмақ ардагерi мемлекеттiк инспекциялау және бiлiм берудi ақпараттандыру департаментiнде қызмет iстемей кеткен үмiткер, “Қазақ әдебиетi“ газетiнiң 1965 жылғы лауреаты бола жаздаушы бұрынғы октябрят, честный пионер, адал комсомол бiрбеткей партия қызметкерi, бiрiнде “Ақжол“ немесе “Отан“ партияларының қайсысына барарын бiлмей, басы қата жаздаған жиын да ақсақал, Қазақстан композиторлар одағының мүшесi емес, Қазақстан суретшiлер одағының жанашыры, музей танушы, көше қайраткерi, облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң құрметтi қараушы, облыстық өрт сөндiру басқармасының өртенбей кеткен мүшесi, сауда - саттық және дистрибуция жөнiндегi директордың қолынан кофе iшушi, “Темiржолжөндеумаш“ Ашық акционерлiк қоғамының грамотасын алмай кетушi, Қазақстан Республикасы iшкi iстер министрлiгiне қарайтын учаскелiк инспектордың туған бажасы, ҚР Кедендiк бақылау агенттiгiндегi қызметтi тек түсiнде көрушi тарихшы (1965 жылдары тарих пәнiнен бiр апта сабақ берген) Шыңғысханның қанша әйелi, қанша тiсi, қанша шашы, қанша кiрпiгi болғанын зерттеушi ғалым, штаттан тыс профессор, әлi ашылмаған ғылымның кандидаты, Қ.Р. Ақпарат министрлiгiнiң газеттерiн үзбей оқушы, сазгер ендi өлең, поэма жазатын ақын, мемуар жазбақ жазушы облыс әкiмнiң степендиясына iлiктеушi молда - қажытану ғылымын дамытушы, жан тапсыра алмай, қиналғандарды оңай өлтiре салатын емшi, әлi талай мекемелер мен департаменттердiң болашақ штаттан тыс мүшесi. Құдайдың штаттан тыс адамы. Р.S.Мыжбан Мәндiрбаевтың лауазымдары мен атақтары параққа сыймағандықтан, жалғасы бар...

ГУЛЯ БАР МА?

Мыжбанның да адам баласы екенiн ұмытпайық. Оның да жүрегi бар. “Дүкi - дүкi“ деп соғады. Сол Мыжекең қолына бiр шоқ гүлiн алып, қыздар жатақханасының алдына келдi. Жерден майда тас алып, екiншi қабаттағы терезенi ұрды. Бiр қыз терезеден басын шығарды. - Кешiрiңiз, Гуляны шақырып жiберiңiзшi, - деп сұрады ол. - Қандай Гуля? Күйеуге тиiп кеткенi ме, тимегенi ме, тиейiн деп жатқаны ма? - Маған көйлегiнiң қысқа жеңi бар, бетiнде бүргедей меңi бар, тырқылдап күле беретiн Гуля керек. - Шашы қандай? - Шөп - шалам сияқты. - Басы қандай?

- Кубик сияқты. - Көзi қандай? - Тупик сияқты. - Өзi қандай? - Домаланған доптай, - Сөзi қандай? - Бықсып жанған оттай. - Ерiнi қандай? - Жалғыз сызық. - Мiнезi қандай? - Жүдә, қызық. - Бетi қандай? - Туу, қойыңызшы, қарындас, шақырып жiберiңiзшi? - Аяғы қандай? - Арбадай. - Төсi қандай? - Солып қалған алмадай? - Мойыны? - Туу, қарындас... - Мойыны? - Қисық. - Күлкiсi. - Шиқ - шиқ. - Бөксесi? - Былқ - былқ - Өкшесi? - Сылқ - сылқ - Қасы? - Ой, қарындас шақырып жiберiңiзшi?! Осы кезде, екiншi бiр жiгiт келiп, жерден тас алды. Әлгi қыз қайта шықты. - Сiзге кiм керек? - Гуля. - Қай Гуля? Өлiп қалғаны, өлмей қалғаны өлейiн деп жатқаны ма? - Өлейiн деп жатқаны. - Шашы қандай? - Бұйра - бұйра - Желкесi қандай? - Құйқа - құйқа - Көзi. - Лампочка! - Өзi? - Ласточка! - Белi? - Квадрат

- Сөзi? - Бәрiне дайын тұрад - Ерiнi? - Қарындас мен ерiгiп келiп тұрған жоқпын, - деп өкпеледi екiншi жiгiт, - мен оны кеше “сындырған“ едiм, Маевкада бiр мәселенi тындырған едiм, “менi аласың“ - дейдi. Ал, менiң әйелiм, балам бар. - Бiздiң жатақханада жетi жүз Гуля бар. - Ерiнi қандай? - Ирелең деген жыландай. - Тiсi қандай? - Қытайша жазылған ұрандай... - Кiрпiгi... - Ой, қарындас, айтыңызшы, шақырыңызшы.. Тыжбан темекiсiн тұтатты. Әлгi қыз жоқ болған ерi, үшiншi бiр жiгiт келiп, жерден тас алып, терезенi “тық“ еткiздi. Әлгi қыз қайта шықты. - Сiз кiмсiз? - Ромео! -О, Ромео! Кiмге келдiңiз? - Гуля бар ма? - Қандай Гуля? Көшеде тәнiн саудалап жүретiн, сәл бiрдеңе айтсақ шалқалап жатып күлетiн Гуля ма? Әлде, әркiмнен қарыз алып, қашып жүрген Гуля ма? Әлде, алтыншы рет аборт жасатқан Гуля ма? Әлде әпкесi депутат Гуля ма? Әлде, әкiмнiң екiншi әйелi болып алған Гуля ма? - Менiң сүйiктi Гулям! - Басы қандай? - Қауындай - Шашы қандай? - Жаңа жауған жауындай - Иегi қандай? - Ой, қарындас, айтыңызшы керек десеңiз, оған деген сезiмiмдi жеткiзейiн: О, Джулетта - Гуля! Сенi бiр сәт көрмесем, көзiм касой болады, жүрегiм шым - шым етiп, “вот такой“ болады. Өзiңдi құшағыма қысып, аққудай ұшқым келедi, басқаны көрсем, жүрегiм айнып, құсқым келедi... Осы кезде Мыжбан оның кеудесiнен түртiп қалды. - Әй, Ромео? Сен қай Гуляға келдiң? - Сен кiмсiң? Ары тұр, қарындас, а қарындас Гуляны шақырып жiберiңiзшi. - Шақырмасам ше? - Шақырыңызшы, есiктен вахтер апай кiргiзiп жатыр, төмен түссiншi! Шықпаса, бетiн көрмеймiн. - Оның бетi жоқ. - Неге? - Сол. Бетi күйiп қалған. - Қалай?

- Түнде вечерден келген соң, сигареттi бұрқыратып жатқан едi. Ұйықтап кетiп, пожар болыпты, оны көрген подругасы Ажар болыпты. - Ей, Ромео! - дедi Гуляға келiп тұрсың? - Ал, сен ше? Мыжбан да қарап тұрмады, екiншi қабатта сағыз шайнап, көздерi жайнап тұрған қызға қарады. - Қарындас, мен бүгiн Гулямен кездеспесем, асылып өлемiн! - дедi ол. Анау екеуi әлi керiлдесiп тұр. - Ағай, Гуляңыз қандай көйлек киетiн едi? - Қысқа - Шашы қандай едi? - Нұсқа - Қабырғалары қанша? - Санамаппын. - Башпайлары қанша? - Қарамаппын. - Асқазаны ауыратын ба? - Жоқ, - Көңiлi қандай? - Тоқ. - Бұрын СПИД-пен ауырған ба? - Ата ма! - Темекi шегедi ме? - Жаман сөз жата ма? - Ине егедi ме? - Құрып кетсiн. - Насыбай атады ма? - Құдай ұрып кетсiн! - Шынтағы қандай? - Кiр, қара. - Ұйқысы қандай? - Шала. - Не жейдi? - Шөп. - Немене? - Корейскии салат, малат дегенiм. - Не iшедi? - Су - Сосын - У?!.. - Неге у iшедi? - Махаббат уын iшкендегi теңселiп жүредi дегенiм... Қарындас тергей бердiңiз, мен терлей бердiм, Гуля бар ма, жоқ па, өзi? Ағай деймiн, шынымды айтайын ба? Менiң де атым Гуля ғой. Бiрақ маған ешкiм келмейдi. Сосын, iшiм пысып, сiздерге көзiмдi қысып оу жiгiттер

айып етпеңдер, мен... мен қазiр жүгiрiп, шығамын, қашып кетпеңдер! - деген қыз жоқ болды. Оның бұл сөзiн естiген анау екеуi зытып кеп бердi. Мыжбан да ендi екi аяғын ерiк берiп, зыта жөнелгей тұрған едi, Гуля жүгiрiп шықты. - Ағай дейiм, ағай тоқтаңызшы! Бiрдеңе айтам. Мыжбан жүгiре жөнелген бойы: - Тоқтамаймын! - дедi. - Ағай деймiн, бiрдеңе айтамын. - Айтпай-ақ, қойыңыз! Қыз кiлт тоқтап қалды. - Ой, сүмелек! - дедi сосын ернiн шығарып, - мың бiр жабысып қалатындай қашқаны несi? Мен...мен әшейiн бiр штук темекi сұрайын деп шығып едiм. Пшту!

АРЫ ЖАТЫҢЫЗШЫ...

Қалалық мәйітхананың іші тастай қараңғы. Мәйіттердің көптігі соншалық, еденде де қалай болса, солай жатыр... Бір кезде, башпайына «белгісіз әйел» деп жазылған мәйіт «мәйіттер тілінде» сөйлей бастады: --Ары жатыңызшы... --Сен кімсің? --Қатипашпын. --Қашан өлдің?—деп сұрады мұртты мәйіт сыбырлап. --Бағана. --Жәйша өлдің бе? --Адам жәйша өлуші ме еді? Бір «крутойдың» баласы «Джипімен» мыжып кетті... --Обал болған екен... --Маған ба? --Жоға, сені қаққан жігітті айтамын. --Е, байдың балалары сотталушы ма еді? Ақшасы көп те...--деген әйел ыңыранды,--ары жатыңызшы. --Мен бе? --Ия, сіз... аяғыңызды менің аяғымның үстіне қойып алыпсыз... --Енді морг дәрігерлері отын тастағандай осылай лақтыра салса қайтемін? --Обшым, олар өлік сыйламайды... Өздері өлмейтіндей... --Өлген адам аяғын қалай көтереді? Кешірім сұраймын сізден... --Амал жоқ... Өзіңіз кімсіз? --Өлікпін. --Оны білемін. Атыңыз? --Мыжбан. --Жақында өлдіңіз бе?—деп сұрады мәйіт келіншек. --Жоға! Екі ай болды осында жатқаныма... --Немене? Туыстарыңыз жоқ па?

--Бар ғой. Бірақ оларға «құжаттарыңыз дұрыс емес» деп бермей жүр... --Сұмдық-ай... --Мұнда түскен «свежи» мәйіттерді туыстары сойдырмауға тырысып, тезірек алып кеткісі келеді. Бірақ оңбаған дәрігерлер ақша сұрайды... Бес мың теңгеден он мың теңгеге дейін. --Қойшы, өлә-ә... --Солай, қарындас... тірілер өліктерді де саудалай бастады... --Ақырын, ағай... Дәрігерлер келе жатқан сияқты... Артынша есік сықырлай ашылды да, келесі бір мәйітті әйелдің үстіне тастай салды. Мұрты тебіндеп өсіп келе жатқан бозбалаға ұқсайды... --Өлә-ә, өкпем қысылып кетті тегі...--деп қалды келіншек. --Әй, сен кімсің?—деп сұрады мұртты кісі. --«В масле» өлікпін... --Сенің түбіңе кім жетті? Жас екенсің! Бозбала қипақтап қалды... --Ары жатшы!—деді мәйіт келіншек. --Апай, қалай жатамын? Өлікпін ғой...—деді бозбала. --Ия, сені де машина қағып кетті ме?—деп сұрады мұртты. --Жоқ. Мен мектепте оқимын. Колледждегі балалармен «разборка» болып, бір оқ басыма тиіп кетіп... --Сауап болыпты!—деді мәйіт келіншек,--бүгінде мектептердегі оқушылар қағынған! Мектепте момақан, былай шыға бандиттерсіңдер! --Өмірді, жарық дүниені бағалай алмайсыңдар!—деп ұрсып берді мұртты. --Білім министрлігі қайда қарап отыр?—деп қалды бір шалдың мәйіті. --Енді бізге бәрібір...—деді бір өлген кемпір. --Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар...—деді мұртты күрсініп,--беу, дүние, жарық өмір қандай рахат еді! Ішке бір мәйіт әкелінді. Орта жасар кісі көрінеді. Оны да мәйіт келіншектің оң жағына тастай салды. --Ища-ай, мұнда суық қой...—деп қалды «жаңа қонақ». --Ары жатыңызшы,--деді мәйіт келіншек, --немене пәле, өлгендерді менің үстіме, жан-жағыма тастай береді... --Сөйлеп қалған екенсің!—деді бір қартаңдау өлік. --Енді ше? Қанша дегенмен әйел затынанбыз. Ұялып барамын. --Тірілер ұялмайды...—деді мұртты. Сосын «жаңа қонаққа» тіл қатты: --Қайдан келдің? --Жарық дүниеден... --Неге келдің? --Арақ ішіп-ішіп, далада ұйықтап қалыппын. Аяз дегендей... --Қысқасы, арам қатып қалдың ғой? --Ия. --Қазақтың түбіне орыстан келген осы арақ жетеді! Орыстан озып кеттік!— деді өлік кемпір,--арақ шығарудан да алдымызға жан салмаймыз... «Жаңа қонақ» бір кезде жылай бастады... Қозғалайын десе, қозғала алмайды. Тұрайын десе, тұра алмайды. Нәйеті мойнын да бұра алмайды.

--Өлген деген осы екен ғой...—деп қамықты ол. Кенет күрсініп салып: --Басым сынып барады... Жүз грамм болса ғой...—деді. --Алқаш...—деп жақтырмады өлген кемпір. Бұрышта маньяк мәйіт қана үнсіз жатыр... Машина қағып кетпесе, әлі қаншама балақайларды... Құрып кетсінші... Мәйітханадағы мәйіттер бір кезде үнсіз қалды... Олар жарық дүниені сағынып жатыр еді...

ҚЫЗЫМ, ҚЫРЫҚҚА КЕЛДІҢ!

Шәй ішіп отырған шешесі қызына қарап: --Қызым, неге қашып келдің?—деп сұрады. --Нет, мен қашып келген жоқпын. Мен кетіп қалдым. --Қашып келмесең, бес күн болды үйде жатқаныңа, үйіңе қайт. --Мам, не хочу... --Ойбай, қырыққа келдің, қызым... Сүрленіп, сарғайып, қартайып барып әрең тауып бердім осы күйеуіңді. Құрбымды араға салып жүріп., Бір апта өтпей жатып, қайтып келгені несі? --Мам, өзі бір түрлі... --Екі түрліні қайтейін деп едің? --Тамакка тоймады екен... Противно... --Еркек деген тойымсыз келеді. Жей берсін. Жапырып жесін. --Енем де жапырып жейді екен... --Жесін! Адам тамақ жемегенде, иіскеп-иіскеп қоя сала ма екен? --Ауыздарын салпылдатып жегенде, миым ашып кетеді, культура жоқ воовще... --Әй, шүлдірлеген шала қазақ қызым-ай, қалай жесе де, өз үйлері ғой! Ашуланып жейді ме, ыржиып жейді ме, жоқ әлде қылжиып жейді ме, ауыздарына қарап нең бар, қызым! Қызы бұртиып отыр. --Мам, сен айтқан сөзді енеме айтып едім, ужас, басымды қос қолдап қасып берді... Ол кісі интересно, ашуланса адамның басын қаси беретін дурная привычкасы бар екен... Тырнағы басымды ауыртып жіберді... --Не деп едің? --Тамақ дайындадым. Енемнің бір подрушкасы да отырған. Алдарына супты әкеліп, жымиып: «Атауларыңызды ішіңіздер, ұялмаңыздар...» деп едім... --Ойбай-ай, ойбай, мына сөзден кейін басыңды қасымақтүгілі, қағып тастау керек қой! --Өзіңіз ғой, папама: «Мә, атауыңды іш!» дейсіз... --Қызым-ау, әкең сылқиып ішіп келгенде ашуланғанда айтатын сөзім ғой бұл! Атау—деген жаман сөз, адамның өлер алдында ішетін асы... --Откуда я знаю... Кеше үйге қонақтар келді. Оларға да «атауларыңызды ішіңіздер» деп айттым... --Мәз қылыпсың! Қырық түгіл елуіңде де ес кірмейтін шығар саған! Қызымау, қырыққа келдің ғой, қырыққа! Әлі қазақша жарытып сөйлей алмайсың!

--Мам, мен банкте істеймін, бізде бәрі орысша, ағылшынша, қытайша сөйлейді. --Қатипаш, сен жинал да, үйіңе қайт. --Не хочу. --Бай керек пе саған қызым? --Иногда керек. --«Иногдаң» не сенің, ойбай? --Ну, ішім пысқанда бірге курит еткенге... --Сен әлі темекі шегіп жүрсің бе? --Да. А чо? --Келін деген темекі шекпейді. --Онда тұрған не бар? Енем насыбай атады. Атам сағыз шайнайды... --Сен сол үйдің келінісің... --Енем айтады, «біздің үйге келген түтін» дейді. Күйеу балаңыз екеуміз темекі шегіп жатып, пожар болдық қой, көрпеміз өртеніп кетіпті, таңертең тұрсақ... --Өздеріңнің өртеніп кетпегендеріңе шүкір де! --Мам, атам қызық адам, рядом туалет, а он үйді айналып, как вам сказать... не удобно қарап тұруға... --Ойбай, сен атаңды аңдып жүресің бе, не? Артынан қарап тұрасың ба не? --Да. Онда тұрған не бар? Аташка как ребенок! Жасы тоқсан сегізде. Как робот журеді, енем айтқан, атамды қарап жүрмесең, бір жерде құлап қалады деп... --Құдалыққа шақыратын ойлары бар ма өзі? --Аташка өлген соң шақырмақ. --Өлгені несі? Аман жүре берсін. --Соның жетісі, қырқы, жылымен бірге құдалықты да шақырып, құтыла саламыз дейді... Шешесі ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады. --Астапыралла, не дейді? Шақырмаса, шақырмай-ақ қойсын! Өлікпен бірге құдалық өкізген қай қазақты көрдік? --Олар қазақ емес. --Е? --Енем еврейка, атам қазақ. Ну, оның папасының мамасы тоже еврейка болған. Мам деймін, атам жас кезінде сұлу болған екен. Қазір ғой, бетіне топырақ тастай салған сияқты, енешка оның екінші әйелі екен. --Бірінші құдағи қайда тұрады екен? --Давно өліп қалыпты. Осы енешканы атамнан қызғанамын деп, бір шелек клей жұтыпты да, аузы ашылмай, туалетке бара алмай, ішектері жабысып, мұрнынан клей ағып, өліп қалыпты... Ужас... --Обалдағы –ай... Артынан бензин ішіп жібергенде ғой, жұтқан желімі іріп кетер ме еді... --Интересно, аташка до сих пор енешкамен бірге жатады! --Енді бірге жатпағанда ше, кемпірі ғой...

--Да ну... Аташка совсем старик. Зачем бірге жату? Мен иногда ана дуракпен ұрысып қалсам, подрушкамның үйіне барып жатамын. --Қызым, қырыққа келдің, қырыққа! --Ну что, қырыққа келсем? Ия, жігіттер таңдап жүріп қалдым, елуге келсем де нормально жігіт тауып алар едім ғой, как Алла Пугачева сияқты... ақырында қатын тастаған біреуге таныстырып... --Сол мыстан кемпіріңді айтпашы, «нербім» ойна-ап кетеді. Сен не, атаенеңді аңдып жүрмісің? -- Қызық болды, бір түні для интерес аяғымды ақырын басып, екеуі жататын бөлменің есігінен сығаладым. Ужас! --Немене ойбай? --Енем атамның үстіне отырып алып, арқасына массаж жасап жатыр! --Енді уқалайды да... Нең бар оларды аңдып? Ұят-ай, ұят ай! --Сөйтсем, енем атамның екі жағына күйген кірпіштер қойып, оның үстіне доска тастап, соған отырып алып, массаж жасайды екен... А то, атам апамның салмағын көтере алмайды... --Ойбай-ай, ойбай! Көріп қоймаса еді... --Енем «пыш-әй, пыш!» деді де, есік жаққа қарай кебісімен жіберіп қалды. Мен кері шегінемін деп, су толы шелекке аяғымды тығып алдым. --Ұят қызым, ұят! --Ертеңіне тұрсам, шелектегі сумен шәй қайнатып қойыпты енем. Ішпей отырып алдым... --Ерте тұрып, шәй қоймайсың ба не? --Ененің қызығын көрмейміз бе? --Енең сенің, келінінің қызығын көру керек! Ерте тұрып үй сыпыр, шәй қой, атаңа сорпа пісір. --Қамыр жайдым бір күні. Шұрық тесік болды. Сосын ие-жіппен тігіп пісіріп едім, апам әбден ұрысты. --Қамыр да жая алмайсың! Зуалаға бір жұмыртқа араластырып илесең, езілмей түсер еді... --Атам қамырды жібімен қосып жеп қойыпты. Көздері нашар көреді ғой, жіпті қойдың ішегі деп ойлапты... -- Атаңды ажалынан бұрын өлтіріп тынарсың, мына түріңмен! Мен сияқты пысық болуың керек қой,--деген шешесі қасын кере сөйледі,--баяғыда-а, келіншек кезімізде атаң марқұм жүдә ұмытшақ еді ғой. Алжып қалып еді бейшара... --Қызықтар болған шығар, мам? --Бір күні үйге кіріп келе жатсам, мені тоқтатып: «Әй шырағым, өзіңді бір жерден көрген сияқтымын...» дейді. «Ата, келініңізбін ғой, балаңыздың әйелімін» десем: «а-а, о қызталақ қашан үйленіп жүр?» деп қояды. Тағы бірде көстюмін теріс қаратып киіп алып: «Келін шырақ, мынанынң түймелері түгел түсіп қалыпты ғой...» деп тұр. Қызық адам еді, жарықтық... --Менің атам да қызық адам... --«Менің атам, менің атам» деп қақсай бермей үйіңе қайт! Болмаса, үйге тұрған әр күніңе «квартплат» төле...

--Немене? Туған қызыңыздан ақша? Совесть есть мама? –деген қызы асығыс жинала бастады,--Кетемін! Сол жақтан воовще келмеймін! --Келме! --Байыммен бірге өлемін! --Бірге қартайыңдар... --Сізден енем жақсы, басымды қасып тұратын... --Келме, тастай батып, судай сіңіп кет! --Кетемін! Енді воовще қашып келмеймін! Өкпеледім мама!—деген қызы жындана жұлқынып, үйден шығып кетті. --У-ух,--деді шешесі терең демін алып,--осылай демесем, әлі бір ай жатпақ түрі бар... Қырыққа келген қызымның бір шайнам миы жоқ... Миы болса, енесінің шайы орамалы мен кебісінн ұрлап маған әкеп бере ме? Ойбуу, сол орамалы мен кебісі қалып кетіпті ғой! Әй, Қатипаш, тоқта деймін!

АГЕНТТЕГІ СҰЛУҒА СМС ХАТ

Жаным, менің агентім, менің файлым! Өзіңмен сөйлескен сайын, троян вирусын жұқтырып алғандай, миым-мигобайтым ата жұртта қалғандай, бір түрлі күй кешемін... Білем, сен де интернет сияқты орысша ойлайсың, СМС-пен хат жазсам, мазақтауыңды қоймайсың... «Мой компьютерім» менің! «Корзинам» менің... Суретіңе қарасам, фигураң жоқ, корзина сияқты екенсің, жаным... Сонда да, өзіңді файл сияқты жүрегіме «сохранить» етіп қойдым... Қашан кездесеміз? Қашан «Панель управлениедегі» «установка» боламыз? Әлде мені «өшіріп» тастадың ба? «Удалить» етпеші мені... Сен «С» болсаң, мен «Д» локальный дискпін... Жынымды келтірсең, өзіңді «форматировать» етіп жіберемін... Жаным, файлым менің! «Менің әлемімдегі» суреттеріңе қарасам, талай жігіттерді «создать» етіп алыпсың... Бір жігітпен сүйісіп түсіпсің... Әлем интернетке сондай сурет салғаның қалай? Не, «Сетовое окружениесің бе?» Бұл әлде «вся программаң» ба? Қыз деген «Пуск» бола бермеу керек, жаным... Өткенде көрінбей кеттің? «Пойск» арқылы іздедім. «Mail.ru Agentте» жоқсың. Қайдасың? Кездесейікші? Сені «Антивирус Касперскогомен» тексергім келеді... «Базаң» ескірсе, «овнавить» етейін деп едім... Жаным! Менің атым Мыжбан... Мені жүрегіңе «копировать» етіп, сосын «вставить» етші... «Свойствоң»--бет әлпетің қалай өзі? Суретің өзіңдікі ме, әлде сұлу құрбыңның... Қос алмаң--«Видеоадаптерің» ұрып тұр... Сонша жалаңаштап жіберіпсің... Ұялып кеттім! Клавиатура-- қолдарың ұнайды маған. Суретіңдегі... Жүрегің-- Процессорың мен деп соқса деймін... Көздерің –мониторларың жанып тұр ғой... DVD CD-ROM дисководыңа қарасам, аузың үлкен сияқты. Тамаққа тоймайтын жалмауыз емессің бе? Кейде микро блогыңа сандырақтап өлең жазған боласың... Қуып кетесің де... Өзіңді, сөзіңді «дефрагментация диска» жасап алу керек сияқты... Неге маған жауап жазбайсың? Тым болмаса, ұялы телефоныңмен СМС хат жазшы, жаным! Агентпен сөйлеспесең, өзіңді «удалить» ете саламын... Солай, менің сүйікті файлым, агентім менің!

ЖЕКСҰРЫН ЖАҢАЛЫҚТАР

Ыңғорс қорс, ыңғорс қорс... Тон-то, тун, то-то-оон... Кешіріңіздер бұл біздің теле арнаның жаңалық басталар алдындағы әуені ғой... Құрметті көрермендер, жексенбі күнгі жексұрын жаңалықтарымызға қаңылтырдай құлақтарыңызды батырып-батырып алыңыздар. Бірінші жаңалық: Шымкенттен Алматыға қатынайтын «Шымкент – Алматы» пойызына билеттер сатылып кеткенімен, пойыз жүрмейді. Өйткені, пойыздың бас вагоны Алматыдан басталып, соңғы вагон Шымкентке дейін жеткен. «Жолаушылар «билет жоқ» деп жынданбасыншы» деген нақұрыс ниетпен, темір жол басшылары вагондарды тіркей берсе керек, тіркей берсе керек... Алматыға баратын бір топ жолаушылар автобуспен бірінші Алматы вокзалына жетіп, бас вагонға кіріп, арғы бетіне шығып, жынды адамдарша бетауыздарын жыбырлатып, вокзалға кірген. Екінші жаңалық: Қос қарлығаш Шымкент қаласындағы бір «блатной» миллионердің қос қабатты коттеджінің қабырғасына ұя салыпты. Миллионер Мыртықбайұлы қарлығаштың ұясына қарап тұрып: «Не деген отсталый қарлығаштар еді! Әлі күнге дейін саз балшықтан ұя салады! Евро ұя салу дегенді білмейді! Мына балшық ұясы коттеджімнің сиқын бұзып тұр!» дегені сол екен, қарлығаштар: «Кешіріңіз мырза, қабырғаңызды уақытша жалға ала тұрсақ қайтеді?» деп сөйлеп кетіпті. Қазір қарлығаштар қожайынға ай сайын мың доллардан тістеп әкеліп береді екен... Үшінші жаңалық: Кеше күн шықпай қалды... Өйткені, мен күнімен ұйықтап жаттым... Төртінші жаңалық: Жылай беретін әкім «Көңілі бос» қаласында өмір сүріп жатыр. Ол алдына арыз айтып келген кісілерді құшақтап, жылай беретін көрінеді. Мәселен: «үйім де, күйім де жоқ, ал сіз таныстарыңыз бен пара берегендерге қисая кететін көрінесіз» деп жылап барсаңыз, әкім сізден бетер еңіреп жылап, ботадай боздап, ет жүрегіңіздің елжіретіп, көз жасын көлдетіп шығарып салады екен... Сосын сіз әкімді жұбатып әлек боласыз... Ымбаппа. Ымбаппа... Кешіріңіздер, жарнамамыздың әуені ғой. Жарнама басталды: Мысық сөйлеп кетті: «Қызда-ар, келіншекте-ер! «Олвейсті» қараңыздаршы! Қандай керемет! Бұл сіздерге арналған!» Бесінші жаңалық: Ақтөбелік бикеш Қатипаш Қатырғанова «Алақан» деген жаңа салат түрін ойлап тауып, өзінің кафесінде тамақтанушыларға ұсынды. Салаты мынадай: Помидорға помидор қосып, помидорды мыжып, суын сығып, алақаныңызға майонез жағады. Ал сіз помидорды шанышқымен алып, алақаныңыздағы майонезге батырып жейсіз... Алтыншы жаңалық: Шымкентте бір көк долы, көршілері «стерва» деп атап кеткен әйел кенені шағып алды. Қырым безгегін таратқыш кененің өзі оқиға орнында қайтыс болып кеткен... Жетінші жаңалық: Үкіметте комедия, шекарада трагедия... Сегізінші жаңалық: Қызылорда облысында күйеуі ұрып өлтірген әйелді жерлегенде, ұялы телефонын қоса көмген екен. Арада бір күн өтпей жатып,

марқұм әйел көңілдесіне: «жаны-ым, единица салып жіберші...!» деп өтінгенде, анау байғұс тал түсте талып қалыпты... Тоғызыншы жаңалық: Биылғы ұлттық бірыңғай тестте мынадай сұмырай сұрақтар бар екен дейді: --Әнші Роза Рымбаеваның іш көйлегінің түсі қандай? --Білім министрі быламық ішеді ме? --Депутаттар жылай ма? --Абылайханның «мерседес» авто көлігі болған ба? --Әл-Фарабидің әйелі қандай көйлек киген? --Шыңғысхан арақ ішіп, темекі тартқан ба? Оныншы жаңалық: кешіріңіздер, осы жаңалықтарды жалықпай айтып отырғанымның өзі жаңалық. Кеше түнімен түнгі клубта болып едім, ұйқым келіп тұр. Келесі жаңалықтарда кездескенше, ой, көріскенше, жоқ, жүздескенше сау болыңыздар! Бай, қуатты, миллионер, миллиардер, шіріген бай болайық!

БIРДЕҢЕ ТОЙ...

Шынымды айтсам, шатымды шаң басып шапқылап жүрген жоқпын. Көзiм аларып, аш жүрмеймiн, балалардың арқасында, құдайға шүкiр, тоқпын. Тұңғышым - сыбайлас жемқорлармен күресе кететiн, күресе жүрiп, күреп ақша табатын департаменттiң бастығы. Екiншi ұлым - облыс прокуроры, үшiншiм - салық комитетiнiң төрағасы. Былтыр - немеремiздiң үйлену тойын дүрiлдетiп жасадық. Биыл алпыс жасқа толған мерей тойымды балаларым бал жалатып, елдi ауыздарына қаратып, керемет өткiздi. Былтыр үйленген немерем келiнмен ажырасып, ажырасу тойын да өткiзiп бердiк. Ай сайын той жасамасақ “жадный” болып қалатындай қағынып, той шiркiндi сағынып жүремiз. Көршiмiз жүдә нашар кiсi едi. Жүдә арызқой. Сол кiсi көктемде көкжөтел болып о дүниеге аттанды да, оған да дүркiретiп той жасадық. Әкемнiң әкесiнiң әкесiнiң әкесi ХVII ғасырда той жасай алмаған ғой, сол бабамның сүндетке отыруын еске алып, сырттай той жасағанымыз да есiмде. Бұл қазақ той өткiзбесе өртенiп өлiп кете жаздайды емес пе?! Екi ай болды той көрмегенiмiзге. Атай қоятын ештеңе де қалмады. Сосын кемпiрiме: — Қатипаш, той қамына кiрiсейiк,-дедiм. — Қандай той өткiземiз?-деп сұрады ол. — Әйтеуiр, бiрдеңе той!-дедiм мен. — Ол не сонда? — Бiрдеңе той деп аталады. — Бiрдеңесi несi? Қайдағыны шығарып! — Балаларға хабарлас! Осы сенбiде бiрдеңе той өткiземiз! Аумағы ат шаптырым Салтанат сарайын жалдап, мың кiсi шақырып, “Бiрдеңе тойын” өткiзiп жатырмыз. Төрге “Бiрдеңе тойына хош келiпсiздер!” деп жазып қойдық. Тойға келгендер: “Мыжеке, бiрдеңеңiз құтты болсын!” десiп жатыр.

Той басталды. Асаба микрофонды бiр жалап алып: Өмiрдiң өзi бiр демде, Өтедi де кетедi. Тойдың аты - “Бiрдеңе!” Елден-елге жетедi!-деп өлеңдетiп барып, әнге кезек бердi. Әннiң аты “Бiрдеңе” екен. Қонақтар әйтеуiр бiрдеңелер жеп, бiрдеңелер iшiп отыр. Той сөз сөйлеуден басталатынын бiлесiздер. Бiздiң қазақ тап бiр Парламент мәжiлiсiнде отырғандай, сөзден сүйек, тiлектен тиек шығарғандай ұзағынан, ұйқысы келгенше, кеңiрдегi кепкенше сөйлейдi емес пе? Сенатор досымның сөйлеген сықпыты былай болды: — Мыжбан бауырым, бiрдеңе құтты болсын, бiрдеңең бiрдеңеге ұлассын! Бiрдеңең бақытты болсын! Бiрдеңелерiң үбiрлi-шүбiрлi болып, бiртүрлi тойларда кездесе берейiк! Өз басым үйлену тойларын да көрдiм, мерейтойларын да, сүндет тойларын да көрдiм. Ал, бiртүрлi бiрдеңе тойын көрiп отырғаным осы. Құдай осындай, әйтеуiр бiрдеңе тойларға жеткiзсiн. Бiрдеңемiз кем болмасын, бiрдеңеден бiрдеңеге қол жеткiзе берейiк! Осылай шалқып жүргенiмiз Президенттiң, Үкiметтiң арқасы. Өткенде Президент елдi жайлаған сыбайлас жемқорларды ауыздықтау жөнiнде бiрдеңе деп едi. Премьер-министр де бiрдеңе деп жатыр. Сенатор ретiнде менiң де бiрдеңе дегiм келiп тұр, оппозиция бiрдеңе дей бередi, демократия жоқ елде бiрдеңелер жоқ, адам құқығы жоқ, саяси оппозиция қуғын көредi, тәуелсiз басылымдарға қысым жасалады, әдiлеттi сайлау өткiзбейдi, демократиялық институттар жұмыс iстемейдi деп бiрдеңе айтқысы келедi. Оппозияция елдiң жағымды жаңалықтарын айтқысы келмейдi... Асаба Сенатор мырзаға бiрдеңе деп едi: — Асаба iнiшек, бiрдеңе дедiң бе?-деп пауза жасады досым. — Тыжбан аға, саясаттың сорпасын iшiп болдық. Ендi тойға байланысты бiрдеңе десеңiзшi. — Әй, бала, сен өзiң бiрдеңе екенсiң! Мен не сөйлеймiн, қалай сөйлеймiн, өзiм бiлемiн. Вот, шикi бала, өзiңнiң басыңда бiрдеңең бар ма өзi? Сенатор сөйлеп тұр! Сенатор! Сенатор досым өкпеледi ғой деймiн, микрофонды жерге тастай салды да, шығар есiкке қарай беттедi. Алдынан жүгiрiп шықтым. — Тыжеке ашуыңызды басыңыз. Бiрдеңе тойда бiрдеңе деп бола ма?! Ол бiрдеңе дедi. Естiмей қалып: — Тыжеке, не дедiңiз?-деп сұрадым. — Бiрдеңе!-дедi ол қара сүлiктей “Джипiне” отыра берiп. Мен бiрдеңе дей алмай қалдым. Не боп кеттi өзi...

ӘЙЕЛДІК ҚЫЗМЕТТЕН АЛЫП ТАСТАЙМЫН!

Сауаты - су, бiлiмi - бу, кәсiпкерлiктiң арқасында, танысымның тамырын дөп басқан Мыжбан екеумiз әскерде бiрге болғалы құдай жапалақты да жарылқаймын десе, демде ғой, күндердiң күнiнде күндей күркiреп, мiнезi жаңбырдай сiркiреп, аудан әкiмi болып шыға келгенде, шапалақ ұрғандар аз

болды. Ендi жаласа, жалп ете қалатындай қоржын тамда қашанғы отыра берейiн, “однопалчанымнан” участкелiк жер, несие сұрайын деп, бiр күнi аудан әкiмiне келдiм. Мыжбан бiр қапшық цемент жұтқандай қақиып отыр екен, иiлмейдi, бiреу аузына шланга тығып, үрiп тастағандай, столын тiреп тұр. Саусақтары быртиған, маған “отыра бер” дегендей ишара еттi де, шыр еткен телефон тұтқасын көтерiп, ә дегеннен ұрыса жөнелдi. — Не деген адамсыз! Мен сiзге үш күнде бiтiрiңiз деп едiм ғой! Үш күн босқа кеттi ме? Ауырып қалдым? Одан да өлiп қалмайсыз ба? Жылап еңiреп баратын едiк қой! Сiзде ар-ұят жоқ екен. Жыламаңыз деймiн, көңiлiм босап кетедi! Ертең облыс әкiмiне айтамын! Айналайын-ау, аудан шекарасына “Хош келiңiздер!” деп жазуды цементпен құйып, бiр шелек әкпен әктей салуға да бiр ай керек пе? Кеше көрдiм, “Келе берiңiздер, кете берiңiздер!” деп жаздырыпсыз! “Немедленно” бұздырып тастаңыз! Ұят! Позор! Мен сiздi қызметiңiзден алып тастаймын. Мыжекең телефон тұтқасын қойып, маған бұрыла берген, тағы да безiлдей жөнелдi. — Иә, тыңдап тұрмын? Не деген адамсыз? Мен сiзге үш күнде бiтiрiңiз деп едiм ғой! Үш күн босқа кеттi ме? Әкемнiң төртiншi әйелi қайтыс болып едi дейсiз бе? Неге бiрiншiсi емес, төртiншiсi өлген? Сiзде ар-ұят жоқ екен! Жыламаңыз деймiн, немене бұл ауданға жылауықтар жиналған ба? Қазiр ғана Қиқымбаевпен сөйлестiм, ол да жылайды. Ертең облыс әкiмiне не айтамын? Айналайын-ау, Төле би, Қазыбек би ескерткiшiн мектептiң алаңына дұрыс орнатыпсыздар, ал Әйтеке би қайда? Немене? Тойға кеткен? Слушай, Әйтеке би тұғырының үстi бос, астына “Әйтекең тойға кетiп едi” деп алтындата жазып қойыпсыздар. Бұл не деген масқара? Не? Жаһандану жаңалығы деймiсiз? Жаңалығыңызбен жалп еткiзiп ұрып жығу керек сiздi! Әй, слушай, сосын Төле би мен Қазыбек би ескерткiштерiне қара көзiлдiрiк тағып қойғансыз ба? Бабаларымыз жаңа заманға жаңа көзқараспен қарап тұр деген ойыңызды есекке айтыңыз! Көзiлдiрiктерiн алып тастасын, мүсiншi Миғұлабаевқа хабарласыңыз! Осы сiздер-ақ шаршатып бiттiңiздер! Ұят, позор! мен сiздi қызметiңiзден алып тастаймын. Аудан әкiмi келесi телефонды көтердi. — Не деген адамсыз? Мен сiзге үш күнде бiтiрiңiз деп едiм ғой. Үш күн босқа кеттi ме? Немене? Iшiм өтiп жүр? Iшiңiз неғып iрiп түсiп қалмайды?! (Мыжекең сөйлесiп жатып, бiр парақ қағазға бiрдеңелердi сүйкей жазды да, маған ысырды. Оқып қарасам: “Сiз әлi отыр екенсiз ғой, кешiрiңiз танымадым?”-деп жазыпты. Мен параққа: “Тыжбан деген “однопалчаныңызбын”. Сәлеметсiз бе?” деп жазып, өзiне қарай ысырдым). Әй, слушай, сiзде ар-ұят жоқ екен. Жыламаңыз деймiн. Жылайтын уақытты тапқан екенсiз. Ертең облыс әкiмiне не айтамын? (Мыжекең әлгi параққа: “Однопалчанымбысың?” Тыжбанбысың? Жағдай қалай?”-деп жазып қойды. “Ойылған асфальт жолға сиырлардың тезегiн төгiп, сылап тастағанды кiмнен көрдiңiз? Немен? Тезекке алебастр араластырдық? Албасты-ау, менiң алдымдағы әкiм жолды жөндеуге

берiлген қаржыны жеп кетсе, мен ендi несiн жейiн? Сенiң алебастрыңды жеймiн бе? Ұят, позор! Мен сiздi қызметiңiзден алып тастаймын! Ол артынша шырылдаған телефон тұтқасын көтергенде, сағатына қараса, түскi үзiлiс болыпты.Үнемi өзiммен алып жүретiн қоржынымның iшiнен термосқа құйылған шәйдi пиялайыма құйып, стол үстiне бiр таба нан, конфет тастап, ендi жүрек жалғайын деп жатқанымда “iскер” әкiм сөйлесiп жатып, әкiмнiң бiр парақ қағазға “Маған да шәй құйып жiбершi”,-деп жазылған сәлемiн оқыдым. “Атауыңды iш!”-деп жаза жаздап, екiншi пиялаға шәй құйып бердiм. Ол шәйдi бiр ұрттап қойып, әлi сөйлесiп отыр. — Әлеу, слушай, не деген адамсыз?! Мен сiзге үш күннiң iшiнде шақырыңыз деп едiм ғой! Үш күн босқа кеттi ме? Ауырып қалдым? Ертең ауыра тұрсаңыз болмас па едi? Жыламаңыз деймiн, жаман ырым бастамай! Ертең облыс әкiмiне не деп айтамын ендi? Әкiм болып келгенiме бiр ай өттi, әлi үйiңiзге шақырған жоқсыз! Сiзде ар-ұят жоқ екен! Айналайын-ау, бiр қой сойып, дастарханды жайнатып, қалтама конверт салу да қиын болып па? Мен сiздi қызметiңiзден алып тастауға мәжбүр болып отырмын! Ол телефон тұтқасын қоя берiп, маған бұрылды да: “Сiз әлi отырсыз ба?” деп сұрады. Әскерде бiрге болған досымның “сiз” деп сызыла қалғаны бiртүрлi екен. Келген шаруамды айтқым келген, ұмытып қалдым. Осы мен әкiмге не үшiн келдiм екен? Осы сәтте телефон тағы да безiлдей түстi. — Бетсiздер!-дедi аудан әкiмi қалшылдап. — Арамтамақтар. Сендер iшiпжегеннен басқа не бiлесiңдер өзi?! (Ендi ол тұтқаны қоя салып, орнынан тұрып кеттi де, қолын сермей ұрса жөнелдi). — Не деген масқара! Мен сендерге де үш күн бердiм ғой! Үш күн босқа кеткенi ме? Облыс әкiмiне не айтамын?! Позор! Сендерде ар-ұятан кәшек те қалмапты! Бәрiңдi қызметтерiңнен алып тастаймын. Сөйтiп өз командамды шақырамын! Мыжекең сол сөйлеген қалпында, кабинетiнен шығып кеттi. Шәй iшiп оытрмын. Бiр кезде хатшы қыз кiрдi де: — Сiз әлi отырсыз ба?-деп сұрады, — Әкiм түскi үзiлiске кеттi. — Бiлемiн. — Таңертеңнен түске дейiн ол кiсi ешкiммен сөйлескен жоқ. — Қалай? — Өзi айтқан: “Бұрын әкiм болып көрген жоқпын, сендерге қалай ұрсуды да бiлмеймiн, тәжiрибеден өтейiн”,-деп. Бiрiншi орынбасарына тапсырма берген, ол кiсi телефон соғып отырады, әкiм “ұрысқан” болады. Түсiнген шығарсыз? Не шаруамен келген едiңiз? — Жай, әншейiн...-дедiм мен ыдыстарымды қоржыныма салып жатып. — Ұрыс естиiн деп келген едiм. Кешiңiрiңз, үйiме телефон соғып алсам?! — Мейлiңiз. Мен әкiмнiң кабинетiнде әйелiме ұрыса жөнелдiм. — Әй, қатын! Не деген адамсың?! Мен саған үш күннiң iшiнде бiтiр дедiм ғой! Үш күн босқа кеттi ме?! Ауырып қалдым? Жер алғаннан кейiн ауырсаң болмас па едi?! Үйдiң бiр қабырғасы құлап түскенiн бiлесiң. Соны үш күннiң iшiнде сылап, кiрпiшпен қалап шығуға болады ғой. Позор! Ұятсыз! Мен сенi әйелдiк қызметтен алып тастаймын!

ҚОЛЫҢЫЗДАН СҮЙЕЙІНШІ…

Құдай қос қолдап тұрып, ішімнен ыңқ еткізе ұрып, “Құдайын ұмытпасын!” деді ғой деймін, әжептеуір ауданның әжептеуір әкімі едім,қызметім құдыққа құлағандай, айлығым жас бала бірдеңе сұрағандай, монополияға қарсы дейді ме, сондай бір департаменттің бастығы,қысқасы, облыс әкімінің “жастығы” болып шыға келдім. Бір түні түсімде ақ сақалы бұйраланған, кіркір шашы ұйпаланған, аяғы талтақ, өзі қалтақ, бойы талпақ, бір шал бетіме сиырдың кеппеген тезегін жағып, мұрнымның ішіне қос саусағын тығып тұрып былай деді: “О, о, жексұрыным менің! Қызметім, карьерам өссін, дұшпандарым өшсін десең, премьер министрдің, сосын президенттің қолынан сүй! Бірақ олар жағымпаздарды жақтыра қояр ма екен, ол жағын білмедім!” Ойбайлап жатып, оянып кеттім. Әйелім: “Шетел сериалдарында күйеулері әйелдерінің қолдарынан сүйіп жатады, сен де сүйші, мен оң аяғымды сәл-пәл көтеріп тұрайын!”-дейді. “Аяғыңды аспанға асып қойсаң да сүймеймін!”-- дедім жыным келіп. Содан ал келіп ойланайын. Бір жазушылар жарамсақтанып, патшаның қолынан сүйіп, енді бірі оны пайғамбарға теңеп өлең арнап жатыр. Бірақ президент елең етпейді, Не істесем екен? Астанаға тартып кеттім. Премьер министр құрылыс нысандарын аралап жүр екен,қуанғанымнан ернімді жалап-жалап алдым, жалтақтап, жан-жағыма қарап алдым. Аштан өлетін адам сияқтымын. Премьер тобына жақындай беріп едім, оққағарлары лақтырып тастады. Орнымнан оңбай тұрып, құрылыстың екінші жағын айналып өтіп, екінші қабаттағы бір құрылысшының басына тақтаймен салып қалып, талдырып құлаттым да, кешірім сұрай жүріп, киімдерін киіп алдым. Сөйтіп, өзге құрылысшылармен бірге жүргенімде, премьер министр нөкерлерімен жетті. --Жағдайларыңыз қалай?--деп сұрады министр. --Майға піскен нандай!-дедім мен. Қала әкімі ыржиып қалды. --Еңбекақыларың өсті ме? --Өшті. Қытайлықтардан кем аламыз, Қиын жұмыстарды біз істеп, аз ғана демаламыз...--дедім мен. Әкімнің бетінде тайфун дауылы тұрғандай. Мені құдай тағы да ұрғандай... Содан жүгіріп барып, премьер министрдің қолын алып, енді сүйе бергенімде, екі күзетші жігіт көтеріп алып, дырылдата сүйреп, полицияның машинасына тоғытты. Содан дәрігерлер келіп, ернімнің терісін ойбайлата сыпырып алып, “у жағып алған жоқ па?” деген күдікпен лабароторияда тексерді. Дәрігерлердің бір шариктері кем-ей, ерніме у жағып алсам, алдымен өзім өліп кетпеймін бе? Содан тергеуші:” Неге қолынан сүйгіңіз келді? Кім жұмсады? Оппо-зиционерсіз бе?” деп миымды жалапжұқтап қойды. Тергеушінің де қолынан сүйгім келіп, ұмтылдым. “Еркек еркектің қолынан сүюші ме еді?” деп жолатпады. “Жазушылар сүйе береді...” деп мен де қалыспаймын. Әрең құтылдым. “Екі жыл еркектің қолынан сүю құқынан айырылды” деген сот шешімі де шықты. Демократия қайда? Кімнің қолынан, тіпті

аяғынан сүйемін, өз еркім емес пе? Жүр ғой бір ақын жер басып, патшаны “Жер бетінде жаралған тұңғыш қазақ” деп мадақтап. Тіпті бірі Мұхаммед пайғамбарымызға теңеп... Жоқ, мен олардан кем емеспін! Қалайда, президенттің қолынан сүюім керек! Түсіме қайыршы шал бекер кірген жоқ! Мені көзіне бекер ілген жоқ... Әуелі жаттығудан бастадым. Көшеде келе жатып, бір еркек көрсем: --Сәлеметсіз бе? Рұхсат па?--деймін. --Немене, рұхсат па? --Қолыңызды жуып па едіңіз? --Ал, жуғанмын. --Сабындап? --Сізге не керек өзі? --Қолыңыздан сүйейін деп едім...—деп тұра ұмтылып едім, ол тұра қашты. Қуалап жүріп, қолынан сүйгенім бар болсын, “Маньяк!” деп тұмсығыма періп кеп жібергені... Енді өзім тұра қаштым. Содан, шенеуніктердің қолдарынан сүйсем, олардың жаны кіріп барады. “Ілтипатыңызға рахмет! Тәубеңізге енді түсіпсіз... Тағы сүйіңізші...” деп қиылып тұрып алатындары, “бұрынғы әкім жынданып кетіпті , көрінген еркектің қолынан сүйе береді!” деп сыртымнан ұрып алатындары да болды. Патшаның маңына жолай алмайтын шығармын? Бір рет Алматы облысын аралауға келгенде, мен де тұра жүгіргенмін, бірақ полицейлер мені көргеннен:”Қол сүйгіш көкеміз келе жатыр!” деп мазақтап күліп, бәрі қолдарын ұсынды. “Менің қолымды сүйіңізші, менің қолымды!” деп таласа кетті. “Халықтан қырнап жеген, керек болса, тырнап жеген қолдарыңнан сүймеймін!” дедім де, табанымды жалтыраттым. Мазақ етеді адамды. Бұл қазақ бір-бірін мазақтаудың хас шебері ғой! Патшаның қолына қолым жете қоймасын сездім де, көшеде қолын созып тұрған үлке-ен плакат суреттің қасына келдім. Патшаның суреті. Балалардың ортасында тұр. Суретке қарап тұрып, ернімді қалай жалап алғанымды сезбей де қалдым. Миыма бір ой келді. Оң иығымдағы періштем:”Қызметбай Қуғанбаев! Бұл тірлігіңді қой!” деді. Сол иығымдағы періштем:”Өмірде іш, же,тыш,сосын өлгенше той!” деді. Не керек, патшаның биікте тұрған суретіне өрмеледім, өрмелеп келемін, енді жетіп, қолынан енді сүйе бергенімде, біреу балағымнан тартып қалды. Әкімдіктен босағалы, қарным да босап қалып еді, шалбарым шешіле кетті, масқара,төменде ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тұр. Трусиімді бір тартып қойып, төмен түстім. Бірінің қолынан енді сүйгім келген, қолыма кісен салды. Е, мырзалар, сөйтіп, “патшаның қолынан сүйсем!” деген арманым адыра қалды...

КӨРШІЛЕРДЕН ҰЯТ БОЛДЫ...

Өзімді -өзім қытықтайын деп емес, құттықтайын деген оймен ойым он саққа жүгіріп, қиялым қиярдай туралып, жүрегім қарбыздай жарыла жаздап, компьютер орталығына бардым да, өзіме арнап құттықтау сөздер жазғызып алдым. Орталық пошта арқылы өз мекен-жайыма салып жіберіп, ал күтейін. Қазіргі жастарға рахат, ұялы телефонымен СМС дегендей, бір-біріне боратып жазып жатады. Баяғыда қыздарға хат жазып, жарты ай күтіп үйренген байғұс басым, үш күннен кейін дарбазамның сыртындағы пошта жәшігімді қарасам, хат келіп тұр! Ойпырмай, маған да хат келеді екен-ау! Қуанғанымнан қолтығымды қаси бердім, қуанғанда сөйтетін әдетім бар. Әйелім мен бала-шағамның көзінше оқи бастадым: « Битін сыққан, сіңірі шыққан, аса кедей тұратын қадірлі қазақ Жартыбай Жарымағанұлы! Сізді, және сіздің жан-ұяңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтамаймын! Өйткені, сіздердің Жаңа жылдарыңыз әлі алда, 22 Наурыз! Соны ұмыттыңыз ба, қауақбас! Сәлеммен, Америка президенті Барак ОБАМА.» Әйелім маған, мен әйеліме қарадым. Америка президентінің атынан өзімеөзім хат жолдасам да, шынымен қуанып, бір жағынан ойланып қалдым! Жарайсың, Обама! Бірақ, Қауақбас деп кекеткенің ұнамайды енді... Әйелім хатқа сенбейін десе, конвертпен келіп тұр, сыртына маркалар жабыстырылған... Мені Обама қайдан таниды? Өзім де аң-таңмын. Әйелім көршілерімнің көзінше оқып бергенде, төбем көкке екі сантиметр, жо-жоқ, бір милиметр жетпей қалды... Содан дәнігіп алған мен пақырың, өзіме боратып хат жаза бастадым. Пошта жақтан кешігіп келе берген соң, жұртқа білдірмей, түнделетіп дегендей, пошта жәшігімнің тесігіне лып еткізе сала қоямын! Жаңа жылға бір апта қалғанда, Құдайым-ау, кімнен дейсіз бе, премьер министрден! Көршілердің көзінше оқи бастадым: « Аса қадірлі Жартыбай Жарымағанұлы! Сізді, және сіздің әйеліңізді, көршілеріңізді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізді желтоқсан айында өтіп кеткен саммитке қатысуға шақырайын деп едік, әдіресіңізді білмедік. Кешіріңіз... С приветом, Коля.» Қуанғаным-ай! Үкімет халықпен қашанда бірге деген осы! Көршілерім де құттықтап жатыр! Премьерминистрдің ниетінен айналайын, шақырған күнде бара алмаймын ғой, дәл саммит өткен күні құдамыздың алпыс жылдық мерей тойына бардық емеспіз бе? Ертеңіне де еңіреп тағы бір хат келді! Көршілерім күнде үйімізде. Хат келмеген күндері: «Жартеке, қашан хат келеді?» деп сұрайтын болды, тап бір пенсия алатындай... «Сәлеметсіз бе, Жартыбай аға! Сізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Сіз елімізде өршіп тұрған туберкулезбен, гайморитпен, гастритпен, қан қысымымен, қант диабетімен, тағысын тағылармен еш уақытта ауырмаңыз! Келер жылы кене шақпасын! Әрдайым, көңіліңізді ән көтерсін! Сәлеммен, Роза РЫМБАЕВА.» Қуанғанымнан қолтығымды қаси бастадым. Мұндай әдет көршілеріме де жұққан ба, олар да қолтықтарын қасып жатыр. Қуанышыма

ортақтасқандары ғой. Содан не керек, тағы бір күні хат алдым: «Барлық елдердің қайыршы-кедейлері, бірігіңдер!» Сәлеммен, Қытай коммунистік партиясы атынан Владимир Ильич Ленин.» Әлдеқашан сүйегі қурап кеткен Ленин мені қайдан таниды? Осы жолы жастар тілімен айтсам, «қуып» кетіппін, дегенмен, Лениннен хат алғаныма қуанып, төрт күн бойы «жуып» кетіппін... Негізі қате өзімнен, В.И. Ленин атынан Қытай коммунистік партиясы деп жазғым келген.Содан көршілерім келмей қойды... Сенбей қалды ма, әйелім де маған күдікпен, бетіме тесіле қарайтынды шығарды. Өзім де, өзіме күдікпен, айнадағы бетіме тесіле қараймын... Өзбекстан президенті Ислам Каримов хатын былай жазыпты: «Жартыбай братишка! Жаңа жылыңмен табриклаймын! Қазақстанда өткен саммитке қатыса алмадым, кешір. Қойдың кезегі шығып қалды...» Дәл жаңа жыл күні тағы кезекті хатымды алдым. «Әй, Жартыбай! Ит, шошқа, ноқаты кем десе!Адам өзіне-өзі хат жаза ма екен? Одан да посылка салмайсың ба? Сәлеммен, Амантай қажы...» Көршілерім «Жартыбай жаңа жыл қарсаңында жынданып кетті!» деп сыбырласты... Әйелім мені қоярда қоймай тәуіпке апарып «оқытты». Не істесем екен? Өзімеөзім хат жазуымды тоқтата алар емеспін... Енді облыс әкімінен хат күтіп жүрмін... Бір күні пошта жәшігінен әйелім жазған хат алдым. «Оңбаған Жартыбай! Қаншама конверт, марка құрттың! Оған кеткен ақшаға тұз, вермишель алатын едік қой! Бала-шағаңды хатпен асырайын деп пе едің? Сүмелек десе! Ел-жұртқа масқара болдық! Мен төркініме кеттім! Жаңа жылды сол жақта өткіземін! Қарның ашса, өзіңді асырайтын ба-ай қатын ал! Сәлеммен, экс-қатының Қатипаш.» Аптығым басылып, аузым ашылып, кешеден қалған көжені ұрттап отырмын, миым ашып, шынымды айтсам, «құрттап» отырмын...

КЕЛІНШЕКТЕРГЕ КЕҢЕС

Келін болып түскен соң, кеңкелестер сияқты кеңкілдеп күле беруге де, күн өткізу үшін «әшейін» өмір сүре беруге де болмайды. Қыз күніңдегі еркеліктеріңді есекке артып, ауылыңа жібер де, мына менің, сегіз жыл «стажировкасы» бар жеңешелеріңнің жеті кеңесін жата қалып, жаттап алыңдар! БІРІНШІ КЕҢЕС: Келін болып түскен күні «командир» келін атанып, атаң мен енеңді сапқа тұрғызып қой, «направо, налево!» деп мойындарын оңға, солға бұрғызып қой. Аяғыңмен қара мысықтың құйрығын басып тұр, қара шлангімен есік алдына суды олай да, былай да шашып тұр. Енең етпетінен түсе жаздап, есік алдын сыпырып тастасын, атаңа айт, кеше мүжіген сүйегін байлаулы ит алдына тастасын! Айтпақшы, капщеный балықтай қақиып қал, қақиған күйі темекі тартып, сөйтіп, «рахатқа батып», қақиған күйі жата қал. ЕКІНШІ КЕҢЕС: Енең сөз айтса, қауып ал, интернеттен «мой-мирді» тауып ал. Сосын ұйқы шіркінмен қоштасып, күйеуің жоқта «мой агентпен» достасып, бұрынғы жігіттеріңе СМС хат жолдайсың, «неизвестноймен»

жібер, а то, күйеуің біліп қойса, оңбайсың! Таңертең енең өзіңе иіліп сәлем беретін болсын, «сенің анаң алтын», үйіңе апта сайын келетін болсын. Қуыс үйден құр қол шықпасын, сөмкесіне сүр еттен сала сал, жігіттер көзін қысса, көңілін қалдырмай, бара сал... «Баланы жастан, еркекті бастан» деген мақал бар, атаңда аппақ сақал бар, күйеуіңді күтірлетіп жемесең де, жыландай ысылдап, шағып ал, «алтын әпермесең, асылып өлем!» деп, мойныңа гамажыңды тағып ал! ҮШІНШІ КЕҢЕС: Түрің түйеден, сөздерің самолеттен түскендей болсын! Күйеуіңе арналған сөздер: О, банан бас, шірік, ірік, батерейкасы өлген сотка бет! Піспеген балық, ши бұт, арық! Мен «актив» сен «единицасы» таусылған «билайн» десе! Неге кешігіп келдің кеше? Арам десе! Енеңе арналған сөздер: Мыстан кемпірдің «подругасы», маймақ, жейтінің ылғи қаймақ! «Қартайған» тауық, үтіктелмеген бет, бұл үйден кетсең кет! Атаңа арналған сөздер: Тірліктері олақ, бір қолы жоқ шолақ, өзі ақбас, қысқасы қақпас... «келін шәй қойшы...» деп сұрай беретін «тема», бір өзі проблема! ТӨРТІНШІ КЕҢЕС: Қайынағаларыңды былай атайсың: семіз болса, «месқарын» қайнаға, арық болса, «скелет» қайнаға, мұрны пұшық болса, «Короткии замыкание» қайнаға... көзі көк болса , «светофор» қайнаға. Қайын сіңлілеріңді: Торт қыз, сорылған кәмпит қыз, мармалад бикеш, вапли, перәшкі... БЕСІНШІ КЕҢЕС: Осы кеңестерімді миыңа көшіре бер, ия, ия, тырнағыңды өсіре бер, кейін күйеуіңнің көзін шұқып аласың. Билік өзіңде, бәрі саған қарап тұрсын, ох, ұмытып барады екенмін, күйеуің күн сайын магнит жалап тұрсын! Сонда ол саған магниттей жабысып қалады... Айтпақшы, кейде ала көзіңмен атып қал, күні бұрын теріс қарап, төсегіңде жатып қал! Тамақ дайындағанда, сорпа болса, гүл салатын вазаға құя сал, палау болса, дастархан шетіне төге сал... Ызасын келтіріп... АЛТЫНШЫ КЕҢЕС: Түрік сериалдарын түн жарымына дейін көріп, көзің ашып кетсін, «құдая, мұндай қатыны құрысын!» деп күйеуің төркініне қашып кетсін! ЖЕТІНШІ КЕҢЕС: Сампылдай сөйлеп, өзіңше «қума», мүсінің бұзылады, екі баладан кейін тума...

КЕРЕҢДЕР

Екі таныс кемпір аялдамада жолығысып қалды. --Автобус күтіп отырсың ба? --Жоқ. Автобус күтіп отырмын. --Е, мен сені автобус күтіп отыр екен десем... Аяғын ақсаңдай басқан кемпір оның қасына отырды. --Аяғыңа не болған? --Шалым ба? Былтыр насыбай атып жатып қайтыс болып кеткен. --Е-е. Былтырдан бері аяғым «қайтыс» болып кеткен деймісің? Аяқ та өз алдына қайтыс болады екен-ау... --Қайда бара жатырсың?

--Жоқ, автобус күтіп отырмын деймін. Мен сияқты сен де құлақтан айырылған екенсің-ау! --Қаттырақ сөйле. А? --Құлақтан айырылыпсың ғой деймін... --Ия. Құрақ көрпе тігіп жүрмін. --Пенсияң қанша? --Перизат деген немерем ғой...--деген ол жанында сағыз шайнап тұрған немересіне қарап қойды. --Келінің бе? --Кеңкелес емес. Кеңкелес дегені несі? Тоба. Әңгімеге немересі араласты. --Апа, мен апамның қызының қызымын. --Арпаның қызылының қызылымыны несі? Биыл бидай біткен қурап кетті ғой. --Қызының қызымын деймін. --Қырғыздарда да бидай жой деймісің? Биыл нан қымбаттайды дейді... --Тууу, менің апам сияқты керең екенсіз... --Ия, шырағым, көше біткенді терең етіп қазып тастайды. Не бітпейді, не жөндемейді... Немересі өкпелеп, теріс қарап тұр. Әңгімеге әжесі араласты. --Мектеп оқушылары қағынды ғой. Кеше көршіміздің баласын сыныптасы пышақтап кетіпті. --Кім кімді құшақтамай жатыр дейсің? Құдамыз келсе, құшақтаймыз, депутат келсе, құшақтаймыз, Халыққа пайдасы тимейтіндерді де халық болып, құшақтап жүрміз ғой... --Айтпақшы, газ қымбаттады дейді, есіттің бе? --Есіттім, күзден кейін қыс келеді дейді. --Немене дейді? --Күзден кейін қыс , қыстан жаурамай шықсақ, көктем келеді екен... --Көкем келеді деймісің? Көкең сенің әлі тірі ме? --Ия, құдаларым аман-есен. Шетінен ірі. --Құрбақаларым деймісің? Әңгімеге немересі араласты. --Әже, ішім пысып кетті... --Тісім қышып кетті деймісің? Ет жемегелі қашан... Қымбаттап кетті ғой. --Әже, қумаңызшы. Тұрыңыз, автобус келе жатыр! Таныс кемпір де орнынан тұрды. --Қолың тигенде мына келініңді ертіп, үйге кел, шәй ішеміз. --Шәйі көйлек кигіземін дейсің бе, рахмет, Қатипаш, рахмет! --Ә-ә, шалың Ахмет әлі тірі ме еді? --Рахмет деймін, жүр, автобус келіп қалды... --Ахмет қайтыс болып, Шаяхметке тигенмін жас кезімде. Ойбуй, автобус келіп қалған екен ғой.—деген ол танысының қолтығынан алды. Үшеуі де автобусқа жүгірді. Кешікпей, әжей қайта түсті ақсаңдап... Аялдамаға келді де, ұмытып кеткен түйіншегін бас салды.

--Қарашы, ұмытып кеткенімді... Әй, шопыр бала, тоқта ойбай, тоқта!

ҚЫЗДАР «КӨТЕРІЛІСІ»

Махаббаттың да оппозициясы болады екен, махаббат та гүл сияқты, су бермесең, кәдімгідей солады екен... Еліміздің кәрі қыздары қолдарына: «Кәрі қыздарға үкімет тарапынан қамқорлық болсын!», «Махаббат жәрдемақысы көтерілсін!», «Шетел махаббатына жол жоқ!», «Валентина күні жойылсын!» сияқты плакаттар мен ұрандар көтеріп, суық пәтерде күйбең күн кешіп жатқандары күрк-күрк жөтеліп, Астанадағы кең көшелерде шеру өткізіп, үкімет үйінің алдына жиналды. Премьерминистр бұрын-соңды көрмеген махаббат «көтерілісін» көріп, (өзі іштей осылай бағалады) мұрты жыбырлап, бір түрлі қиналды... --Махаббат жасасын! --Астанада супер маркетте шешініп, көпшілік алдында жалаңаштанған қыздарға қырық дүре, жігіттерге жүз дүре салынсын! --Валентина күні мектептерде атап өтілмесін! Осындай айқай –шудан кейін, полицейлер қаптап келді де, кәрі қыздардың қолдарын қайырып, машиналарға тоғыта бастады. Біздің елдің құқық қорғаушылары осындай, қол қайырады, айқайласаң, аузыңды айырады... Бір кезде шеруге шыққан кәрі қыздар полицейлерге еріндерін дүрдите ұмтылып, бір-бірден ұстап алды да, сүйісе кетісті... Полицейлерге қарсылығы еді бұл... Полицей жігіттер бастарын ала қашқанымен, кәрі қыздар қойсын ба, аш кенеше жабыса кетті... Бір полицей басын алып қашып: --Әпше, менің әйелім қызғаншақ! Ертең «Жас Алаштан» сізбен сүйісіп тұрған суретімді көрсе, мына ернімді кесіп алып, мысыққа тастай салады...— деп еді, анау ет жеңді қыз екен, еңсеріп әкетіп барады. Бізде бейбітшілік сипаттағы наразылық шеруі дегенде, «Кэнбэщниктер» көктен түсе қалады емес пе? Соның бірі шеттеу жерде қара плащының жағасын көтеріп, қара көзілдірік киіп тұрған, кәрі қыздың бірі тұра ұмтылғанда, ол қаша жөнелді. Бірақ қуып жеткен қыз қойсын ба, ерніне сүліктей жабысты... Бір кезде махаббат шеруінің лидері болса керек, өзін Сіңіргүл Байалмағанова дер таныстырған қыз автобус үстіне шығып алып, дауыс күшейткішпен айқай салды. --Қазақстан қыздары! Ұжымдық сүйісті тоқтатыңыздар! Қазақ қыздары! Сендерге не болған? Әдеп, ар, иман қайда? Біз бұлай келіскен жоқ едік қой? Біз үкіметтен күйеу сұрап келдік емеспіз бе? Жоғары оқу орындарын бітірген қазақ жігіттері қайда? Неге ауылдарға келмейді? Неге біздерге келмейді? Не, біз адам емеспіз бе? Депутаттардың бәрінде болмаса да,біразында тоқалдары, тоқалдары қолында шарап толы бокалдары бар! Қазақ махаббатының қадірі қашып барады, жас қыздар шетелдіктерге тиіп алып,

ата-анасының милары ашып барады! Қазақ қыздарының махаббаты «Келін» деген кеңкелес фильмдегі сорақы көріністер ме? Қазақ махаббаты-- порноға түскен алматылық қыздардың хайуандық әрекеттері ме? Үкімет осыларға неге тиым салмайды? --Дұрыс айтады!—деп қалды қалың қыздардың арасынан сырға таққан бір жігіт. --Қазақстанда көгілдірлерге жол жоқ! Сен жайыңа тұр!—деді әлгі қыз сұстанып. Мен де қыздардың арасында аузым ашылып тұрған едім, қалай байқамағанмын, бір қыз белімнен құшақтап алыпты. Екінші бір қыз мойнымнан иіскеп тұр екен. Мойнымды жумағалы қашан? Моншаға баратын ақшам да жоқ... --Мен Каримовке ғашықпын... –деген дауысқа жалт қарасам, өзбектің бір кәрі қызы майысып тұр екен. Жыным келді... « Оны несіне жақсы көресің? Мұсылман бола тұра, қазаққа қитығып жүргені... Қазақтан шыққан тұңғыш генарал Сабыр Рахимовтың Ташкенттегі алып ескерткішін алып тастады. Осы ма, мұсылмандығы? Метродағы Сабыр атын өшірді, осы ма, Қазақстанды құрметтейтіні?!» -дедім. Ішімнен. Айқайлап айтуға болмайды, халықтар достығы жүрегіне «құрт» түседі... Полицейлер кәрі қыздарды күштеп таратып жатты. Елу шақтысын қамаққа алды. Солардың ішінде мен де жүрмін. Тергеуші көздерін ежірейтіп: --Сен кімсің?—деп сұрады. --Ашбек Жалаңашұлымын. --Қыздардың арасында неге жүрсің деймін? --Түрің кемпірге ұқсайды екен...деп бір полицей қолымды қайырып... Мен байғұс бала –шағамды асырай алмай, кемпірге ұқсап кеткен екенмін де...Тым болмаса атама ұқсамай... --Қыздар шеруіне еркек басыңмен қатысқаның үшін бес айлық еңбек күнімен айып пұл салынады! -Менде жұмыс жоқ, диплом бар... --Жоғал! Осы сөзді ести салысымен, «жоғалып» кеттім. Жүгіріп келе жатсам, президент Каримовке ғашық өзбек қызы пісте шағып тұр екен. Қолымнан ұстай алып: --Бойдақсыз ба?—деп сұрады. --И-ия...—дедім мен міңгірлеп. --Мені алсаңыз, тандыр нан жауып, бірге сатамыз. Сөйтіп, байлыққа белшемізден батамыз!—деді ол. Тұра қаштым. Бір жағы еркек болып туылғаныма қуанып келемін...

МЕНІҢ МАХАББАТЫМ

Терлеп-тепшіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен» жаяулатып келе жатқанмын... Алдымнан Сәбит Мұхановтың «Ботагөзі» кездесіп қалды. Бұтында джинси, аузында темекі... Кіндігі көрініп тұр... Біртүрлі жақтырмадым, жанынан жым-жырт өте бердім де , Әзілхан Нұршайықовтың

«Махаббат қызық мол жылдарын» бастағым келіп кетті... Әлде, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» болайын ба? Темекісін тастаса, жақсы қыз болар деген оймен: --Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасымы», қайдан келесіз?—деп сұрадым. --Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетінен»,--деді қыз темекісін лақтырып жіберіп. --Қазақтың қаракөзі темекі шексе, қазаққа Тахауи Ахтановтың «ҚаҺарлы күндері» келген екен де... --Жақтырмасаңыз, Әдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндей» болып неғып тұрсыз, кете беріңіз. Қыз бұрылып кете беріп еді, Мұқағали Мақатаевша: «Отыздан асып барамын...»--дедім. Ол маған Бейімбет Майлиннің «Сексен сомын» беретіндей жымың етіп, Чеховтың «Шие бағында» жүргендей, жайраң қақты... Маған да Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқыны» тиіп, ол «Жалынға» айналып, жүрегім алып –ұшып, Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» қалғандай күй кештім... Өзі Жаяу Мұсаның «Сұрша қызындай» сұлу екен... Илияс Жансүгіровтің «Құлагеріндей» осқырынып алып, қыздың қолынан ұстадым. Ол кет әрі емес. Сосын Мархабат Байғұттың « Машаттағы махаббатын» бастап кеттік...

ӘЙЕЛІМНІҢ АТЫ КІМ?

Бiз кейде қазақ елi емес, өзге елдерге мазақ ел сияқтанып тұратындаймыз. Өте, ұмытшақ елмiз. «Бар жақсылық балаларға!ң деймiз сосын ұмытып кетемiз. «Бар жақсылық аналарғаң деймiз, сөйтiп, қаулыдан қуардақ жеймiз, артынан ұмытып кетемiз. Ұмытшақтар мемлекетiнен сияқтымыз. Үкiмет үтiр, нүктеге уәде бередi, соңынан сұрау белгiсi қалып, ұмытып кетедi. Анау да мынау да ұмытшақ. Құдайын ұмытқандар ұрықтанып көбейiп келедi. Балаларымыз ана тiлiн тiлгiлеп, ағылшынға ауысты, кейiн ағылшын тiлiнде намаз оқитын шығар! казит-журнал дегендi көрмегелi қай заман! Бiздiң шалғайдағы ауылды айтамын. Әйелiмнiң күндiз-түнi көретiн өз теледидары бар. Ол – сұрық қара сиырымызды енi бұты. Төрт каналы да сүт көрсетедi. Соған да шүкiр! Кiтапхана жоқ кiтап орнына немерелерiмiзге «моральң оқимыз. Бiз үшiн бәрi бiр. Бiзге құдайдың да үнi жетпейтiндей. Президент кiм? Оның жарлықтары қандай? Бiлмеймiз. Бiр күнi «сiңiрi шыққан кедейлердiң тiзiмiн аламыз, кедейлiктiң тамыры қайда, соны iздеп табамыз!ң деген ұранмен аудан әкiмi келдi. Жанында ауыл әкiмi, Ұмытшақ Ұмытқанұлы бар, «кедейсiң бең? – деп сұрады аудан әкiмi. – Иә. – Сiңiрi шыққан кедейсiң бе? – Иә, сiңiрiм шодырайып кеткен. – Үйiңде не бар? – Төрт қабырға.

– Қораңда? – Сиыр болған. – Қазiр қайда? – Қасқырларға сойып бердiк. Жеп кеттi. – Қасқырлар қайда? – Бiз жеп қойдық. Аштан өлетiн болған соң. – Қасқыр етiнен мәнтi жасапты, – дедi ауыл әкiмi кеңкiлдей күлiп. – Апау, Абайдан ескерткiшiн қайдан әкелдiңдер? – деп аудан әкiмi ыңыранып. – Қайсы? Ол менiң әкем ғой жасы жүз екiге келдi. – Әкем, дейдi? Ассалаумағалейкум, ақсақал! – Әликiм ассалам, қай баласың? – деп сұрады әкем. Құлағы жақсы естидi. – Аудан әкiмi Бетiжоқ Бизнесменұлымын ата. – Е-е, мен сенi өгiз екен деп қалсам. Көзiм нашар көредi. Қолыңдағы кiм? Тана ма? Бұзау ма? – Ата, ауыл әкiмi ұмытшақ көкем ғой – дедiм мен. – Жасыңыз қаншаға келдi? деп сұрады аудан әкiмi. Темекiсiн тұтата бастады. – Көп көктем көрдiм, шырағым, – Соғысқа қатысқан боларсыз? – Қандай соғыс? – Ұлы Отан соғысын, айтамын. – Ол қашан болып едi? Естiген, жоқпын, шырағым. Неге айтпады бiзге? Әлде менi Отанын қорғай алмайды дедi ме екен? Әкiм болып қала жаздады. – Ата, сiздi сол кезде ауырып, бесжыл қатарынан ұйықтап, 1945 жылы 9 мамырда оянған дейдi ғой, – дедiм мен. – Немене дейдi? Сонда Сталин өлiп қалған ба? Алда бейшара-ай, – деген атам еңкiлдеп жылады. Аудан әкiмi маған бұрылды. – Сiз ХХI ғасыр адамысыз. Ал, атаңыз алжып қалған. Ауыл жылын да бiлмейтiн шығарсыңдар? – Ауылдың да жылы бола ма? Естiмедiк – дедiм мен күмiлжiп. – Ипотеканы бiлесiң бе? – деп сұрады Ұмытшақ көкем. – Ол кiм? Тәуiп пе? – Сен өзi ипотеканы бiлмейтiн қандай қазақсың! – деп дүрс қоя бердi аудан әкiмi, – ипотека дегенiмiз, ипоте-ка-а! Аудан банкiсiнен ипотекалық несие беремiз, атаңызға үй сатып әперемiз. – Үй бар ғой. Осы үй ше? – Бұл сенiң үйiң. Сенiң үйiңдi атаң сатып алады. Ипотекамен! Бiз ауыл жылына көңiл бөлiп жүрмiз, сендер адам болсыншы де, өлiп жүрмiз! Өзiңнiң атың кiм? – Менiң бе? – Иә, сiздiң! – Менiң атым кiм едi? Ұмытып қалыппын.

– Немене, өз атыңызды бiлмейсiз бе? – деп таңданды – ауыл әкiмi. – Құдайым-ау, мен керек десеңiз, президенттiң де аты-жөнiн ұмытып қалдым. Әйелiнiң аты Райса ма едi? – Кешiрiңiз, – дедi ауыл әкiмi сөзге араласып, – Мыжеке, ол Кеңес Үкiметiнiң президентi Горбачев қой! Кеңес Үкiметiнiң құлағаны қашан! Егемендi ел болғанымызға қанша жыл өттi! – Қашан құлады? – деп сұрадым мен шынымды айтайын, бiз жаңалықтан мақұрымбыз. Бәсе, бiздiң ауыл неге жабайыланып барады деп ойласам… – Әйелiңiздiң аты кiм? – деп сұрады аудан әкiмi. – Әйелiмнiң аты кiм ед? – деп мiңгiрледiм мен. – Е, мен қайдан бiлейiн? – дедi Ұмытшақ көкесiнiң көздерi айқышұйқыштанып, – бұл ауылға жақында көшiп келдiм ғой! – Жындысыз ба? Туған әйелiнiң атын ұмытып қалған деген не сұмдық! – дедi Бетiжоқ, – сонда әйелiңiздi қалай шақырасыз? – «Әй, қатын!ң немесе «Қатеке!ң деймiн. – Сосын? – Қит-қит-қит! – деймiн. – Сiздiң есiңiз дұрыс па? – Дұрыс әйелiмнiң атын түгiлi, атамның зейнетақы алатынын да ұмытып қалды. Бiздiң ауыл Африкада сияқты. – Ертең келемiз. Шеңешем қыдырып кеткен екен. Аты-жөнiн бiлiп қойыңыз. Бiзге данныйлары керек! – дедi Ұмытшақ көкемiз. – Не бересiздер? – деп сұрадым мен. – Ипотека беремiз. – Сосын? – Көмек көрсетемiз! – Жақсы болды ғой. Көмiр керек, ұнымызда таусылып… – Беремiз! – дедi аудан әкiмi, – бiр қапшық кебек беремiз. Бiр табақ көмiр аласыз. – Е – б-әсе, жер-жерге кедей-кепшiктерге көмек берiп жатыр деп едi, кебектерiңе көп рахмет! – дедiм! мен. Олар кетiсiмен кемпiрiм келдi. – Қайда жүрсiң? – деп дүрсе қоя бердiм мен, – осы сенiң атың кiм? Атыңды терезенiң жақтауына ойып жазып қойсаң қайтедi? – Өлә, атымды ұмытып қалыппын, – деп бетiн шымшыды ол. – Бәлә, шешең кiм деп шақырушы едi! – «Әй, Қара қыз!ң дейтiн. – Сонан соң? – «Қара пұшық!ң – Мектепте ше? – Шақырмайтын. – Немене, он жыл бойы тақтаға бiр де бiр рет шықпадың ба? – Жоқ. Ендi шыға бергенiмде, қоңырау шылдырлап қоя бередi. – Бiз өзi қалай танысып жүрмiз? – деп сұрадым мен. Әйелiмнiң аты тiлiмнiң ұшында тұр.

– Тоғайда кездестiк қой, – дедi ол. – Бiр-бiрiмiздi қалай шақыратын едiк? – Ымдап. – Сөйлесетiн бе едiк? – Жоға кездескен сәтте құшақтап, қатып қалатынсың. Бiр жолы соқыр iшегiм жарылып кеткен. – О, тоба! Осы уақытқа дейiн атыңды айтпағансың ә? Ұят қайда? Төркiнiңе зыт, енемнен атыңды сұрап кел! Әйелiм жүгiре жөнелдi. Өйткенi, төркiнi төрт үйден кейiн болатын. – Әй, – дедiм мен, – айтпақшы күйеу баласының аты кiм екен, сұрай салшы! Әне, бiз бәрiн ұмыттық! Өкiмет ауылды бiз өкiметтi ұмыттық «Ауыл жылың деп жариялапты ғой, оны да ұмытады әлi! Әйелiмнiң аты кiм едi..? Туу, тiлiмнiң ұшында тұрғаны…

НҮКТЕ

Баяғыда-а, «Қазақ альфавитi» деген алып мемлекеттiң тыныс белгiлерi жиналып «нүктенi құрту керек, Нүктенiң бiзге керегi жоқ! Онсыз да өмiр сүре аламыз, онсыз да ойнап-күле аламыз!»дептi. Сөйтiп, отырып алып, бәрi дә-әу торт жептi. - Мен Сұрау белгiсiмiн! Мен қадiрлi, құрметтiмiн. Мен мемлекеттен балаларға қамқорлық сұраймын! Мен балаларға кәпмит сұраймын! Балалар ауырып қалса, дәрi-дәрмек те сұраймын! Жазушылар, ақындар менсiз ештеңе жаза алмайды! Адамдар менсiз бiр-бiрiнен ештеңе сұрай алмайды!-дейдi Сұрау белгiсi. Леп белгiсi орнынан тұрады: - Имиген түрiңнен болайын! Сұраншақ десе! Не болса соны сұрай бересiң! Бiр бала доп ойнап жүрсе, «добыңды бершi!»-деп сұрайсың. Анаңнан айран сұрайсың! Әкеңнен «ат болшы, үстiңе отырғызшы!» деп сұрай бересiң! Осы сенiң сұрамайтын күнiң болады ма? Ал, мен Леп белгiсiм! Мен айттым, бiттi! Бұйырып сөйлеймiн! Көтерiңкi көңiлмен сөйлеймiн!» Үтiр орнынан тұрады. - Неге шулайсыңдар? Үтiрсiз, менсiз, шаршап қаласыңдар ғой! Мен болмасам, судырап сөйлеп, езулерiң көбiктенiп кетедi емес пе? Сұрау, Леп белгiлерiнсiз де қазақ альфавитi құлап қалмас! Сұрау белгiсi күледi: - Әне, сөзiңнiң өзiн «Неге шулайсыңдар?»-деп сұрау белгiсiмен бастадың! Тере мырс еттi. - Тересiз көрген күндерiң құрысын! Мен сөз-сөйлемдердiң көпiрiмiн. - Ойбай «көпiр» үнiңдi өшiр!-дедi Тырнақша айқайлап, - Немене, менi, Тырнақшаны көздерiңе iлмейсiңдер ме? Өмiрдiң өзi Тырнақша! Менi елемесеңдер, беттерiңдi тырнап аламын! Нүкте сөз алады:

- Мен домалақпын!-дедi ол, - жер бетiндегi бейбiтшiлiктiң жаршысымын. Зұлымдыққа, қатыгездiкке, соғысқа нүкте қоямын! Жер домалақ, маған ұқсас! Адамдардың басы домалақ, күн алма, пияз домалақ! Нүктелер жасасын! Сөйттi де, Нүкте осы ертегiнiң соңына... көп нүкте қойып, кетiп қалды!

ҚҰДАЛАР «ҚҰЛАП» ҚАЛДЫ...

Құдалықта қылқиып отырғанмын... Бір кезде білегіне жыланның қабығын орап алған, бетінде бидай өсіп, онысы қурап қалғандай, тыртық-тыртық, басына сынап төксең, тұрмайтындай жып-жылтыр, мойны жуан, кеудесі керілген, жауырыны «жынды» туысқан ағамыз кіріп келді. Беліне гранаттар қыстырып алыпты. Бес алты пышақ балағының жапсырма қалтасынан қылтияды, екі қолында екі тапанша. Мұны көрген құдалар ашық тұрған терезеден секіріп, құдағидың бірі дастарханды басына жамылып отыра кетті... Тығылған түрі. Әкем де, шешем де тымырайып алған. Туыстарым тары жеп түйіліп қалғандай. Мен ғана, қанша дегенмен, бауырым емес пе, орнымнан тұрып: --Ассалаумағалейкум, зек ағам!—дедім қолымды ұсынып. --Құдалыққа келіпсіңдер. Мені неге ертіп алмадыңдар? Не, мен адам емеспін бе? --Патронбай аға, сіз... Сіз сотталып кетіп едіңіз ғой? --Сотталғандар сорлы деп кім айтты? --Жоға... Отырыңыз, менің зек ағам... --Мен бар жоғы жеті адам өлтірдім, 15 қыз зорладым, екі кемпір қылғындырдым, ал, педофилдер де «ақысыз демалыс алып», шет елде демалып жүр! --Сен шіріген жұмыртқа болдың!—деді әкем. --Қуырылған жұмыртқасың...—деді шешем. Сәлден кейін қашып кеткен құдалар қайтып келді. --Ойбай-ау, өзіміздің құда бала екен ғой! --Түрмеңіз құтты болсын! --Колонияңызда ұзақ жасаңыз! --Кімнің құдасы сотталмай жатыр дейсің, қайта бұл бізге абырой...—деп жамырай жалпақтап жатыр. --Аға, түрмеден қашып келдіңіз бе?—деп сұрадым мен. --Как қашып келген? --Енді... Әлі он жылыңыз бар... --Сұранып келдім. --Жібере салады екен де... --Құдалыққа баратындарыңды естіп, бес күнге сұрандым. Ақша не істетпейді? --Ақшаны қайдан аласыз? --Өй, пацан десе... Ағаң түрмеде «авторитет!»

«Зек» ағама сөз берілді. --Құрметті құдалар!—деді ағамыз асықпай, тапаншасын дастархандағы жүзімнің үстіне қойып жатып,--қылмыстық кодекстің «Бандитизм» бабымен 18 жылға кесіліп, «ЗЕКТЕР-2013» колониясында жазасын өтеп жатқан құдаларыңның атынан, қылмыс әлеміндегі зектер атынан, ақшаға сатылғыш колония басшылары атынан сіздерге бір жәшік партон, 12 штук гранат, бес автомат, бір қапшық геройн сыйға тартамын! Құдалықтарың мың бір жылдық болсын! --Ойбай, оның бәрін қайтеміз? Ұстап әкетеді ғой!—деп қалды бас құда. --Несі бар, сатып, байып кетеміз,--деді жас құда... Әкем теріс айналды. Шешем күрсінді. --Түрмеден тезірек шығып келіңіз!—деді құдағи ыржалақтап. Бірақ көзінде үрей. --Ақша берсем, мерзімнен бұрын шығып кетуге болады. Бірақ зачем? Бес күннен кейін Дубайға ұшамын. Демалып келмесем... --Түрме рахат екен ғой...—дедім мен. Әкем басыма салып қалды. Жым болдым. Есік алдына шығып, құдалармен билей бастадық. Ағамыз кәйіп, құдашаны биге шақырды. Құйрығына ине сұғылып жатқандай, секіріп, секіріп билейді дейсің... Бір кезде бәрі тым-тырақай қашты дейсіз! Безіп барады. Ағамның өзі анадай жерге барып, құдашаның үстіне жата кетті... Состиып мен тұрмын. --Құда бала, жатыңыз, жатыңыз!—деп айқайлайды құдағи. --Жер шаң... Неге жатамыз? --Зек құдамыздың беліндегі гранаттың біреуі түсіп кетті... Қазір жарылады... Жындыға да жан керек, билей жүріп қаштым. Сәлден кейін гранат гүрс етіп жарылды. Есік алдынан өтіп бара жатқан бір есек ауыр жараланып, ақыра қашты. Байлаулы ит қыңсылап, ініне кіріп кетті. --Ойе-бай, үстіме жатып алыпсыз ғой?...—деді құдаша қозғалақтап. --Сізді гранат жарықшақтарынан қорғап жатырмын,--деді «зек» ағам. --А-а, онда кешке дейін жата беріңіз... Сол күні полицейлер келді. «Зек» ағамды құрметтеп, «честь» беріп, колониясына дейін шығарып салды... Құдалар болса, мұндай «құрметті» бұрын көрмеген бе, шеттерінен «құлап» қалды... Әне, «Ақшаң болса қалтаңда, түрмеде де талтаңда!»

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙