Шұжық істігінен пісірілген сорпа
Ханс Кристиан Андерсен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ханс Кристиан Андерсен есімі балалар мен ересектерге арналған ертегілерімен танымал. Әлеуметтік-психологиялық астар шығармаларының барлығына дерлік тән. Жомарттық пен адалдықты, әділдікті негізгі принцип ретінде ұстанған. Ертегілері балаларға ғана емес, жалпы оқырманға арналған. Себебі, тұлға бол...
(ертегі)
Аударған Ж. Нұсқабаев
І. Шұжық істігінен пісірілген сорпа
О, той деп кешегі сарайда өткен бас қосуды айт! – деді бір жасамыс тышқан сарай жанында болған бұл ұлпатқа қатыса алмаған екінші тышқанға. Мен тойда біздің қарт тышқандар патшасынан төменірек жиырма бірінші болып отырдым. Ал бұл соншалықты жаман да орын емес! Дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі болды. Көгерген нан дейсің бе, ысталған сан еттің шелі, шошқаның майы, шұжық бәрі-бәрі тұнып тұрды. Сосын осыларды екінші қайтара әкелді дерсің. Сонда бізді екі рет тамақтанды десе де болады. Баршаның көңіл-күйі ғажап көтеріңкі, қысылмай-қымтырылмай қалай еркін әңгімелестік, сен көрсең ғой! Тап үйдегідей отырдық. Әлгі шұжық түйрейтін, істіктен өзгесінің тамтығын қалдырмай түгел мүжідік. Сосын нақ сол істік жайлы әңгіме басталды да кетті. Сонда отырған біреу ойда жоқта шұжық істігінен пісірілген сорпа жайын сөз еткені. Сөйтсе, мұндай сорпа барын жұрттың бәрі де естіген екен, ал дәмін көрген немесе оны пісірген тірі жан табылмады. Сол сәтте шұжық істігінен сорпа пісіру қолынан келетін тышқан үшін тамаша тост көтерілді. Яғни, кедейлер паналайтын үйдің бастығы бола алатын тышқан үшін іштік. Айтшы өзің де, тапқырлық емес пе?! Ал тышқандардың қарт патшасы тағынан тұрды да, жұрттың бәріне естіртіп шұжық түйрейтін істіктен ең дәмді сорпа пісіріп беретін өрімдей жас тышқан падиша болатынын жариялады. Оған дайындық үшін бір жыл, бір ай жеткілікті деп белгіледі.
– Иә, бұл аз уақыт емес, – деді екінші тышқан. Бірақ бұл сорпаны қалай пісіреді екен?
Иә, қалай пісіреді? Жасының да кәрісінің де, барлық тышқан атаулының сұрағы осы болды. Падиша болуды кім жек көрсін! Тек мұндай сорпаны қалай пісіретінін сұрап білу үшін ел кезіп кетуге ешкімнің құлқы болмады. Ал онсыз және болмайды. Үйде отырып оны қалай пісіруді бұл жалғанда біле алмайсың. Бірақ тышқан үшін өз үй-жайын, мекенін тастап жүре беру оңай ма? Оның үстіне жат елде өмір сүру де жеңіл емес. Сырдың қабығын, ысталған еттің шелін қайдан иіскеп таба қоймақсың. Сосын кейде ашығуға да тура келер, тіпті мысықтың тырнағына ілініп кетуің де ғажап емес. Ал мұның несі қызық? Падиша болудан дәмелі талай тышқан осының бәрін ойлап үрейленді де, үйде қалғанын жөн көрді. Тек солардың ішінен жас, өздері пысық, бірақ тақыр кедей төрт тышқан жол қамына кірісті. Сөйтіп төртеуі төрт жаққа қарай кетпекші болды. Кім біледі, сәті түсіп, бәлкім, жолы болар. Ұзақ сапарға өздерінің не мақсатпен шыққанын ұмытып қалмау үшін әрқайсысы шұжық түйрейтін істікті қолына ұстап алды. Бұл әрі таяқ болар еді. Олар май айының басында жолға шықты да, келер жылы майда қайтып келді. Тек үшеуі ғана аман оралды. Ал төртіншісі хабар-ошарсыз құрыды. Сорпа пісіретін күн де жақындап қалды. − Әр кеспек балдан бір қасық қара май шығады, – деді тышқандар патшасы, сөйтсе де барлық өлкеден де тышқандарды шақыртты. Олар патшаның ақ үйіне жиналуы тиіс еді. Саяхатшы үш тышқан өзгелерден оқшау, бөлек тұрды. Ал хабарсыз кеткен тышқанның орнына сарай қызметшілері шұжық таяғын шаншып, оны қара матамен жауып қойды. Саяхатқа барып кайтқан тышқандар түгел білгендерін айтып, тышқандар патшасы жарлығын жариялағанша жиналғандардың үндемей тұруы қажет еді.
Ендеше, біз де тыңдап көрейік.
ІІ. ӨЗ САЯХАТЫ КЕЗІНДЕ БІРІНШІ ТЫШҚАН НЕ КӨРДІ ЖӘНЕ НЕ ҮЙРЕНІП ҚАЙТТЫ?
− Жер әлемді шарлауға аттанған кезімде, – деп бастады әңгімесін бұл тышқан, – көптеген құрдастарым сияқты мен де жер бетіндегі бар құпияны әлдеқашан-ақ білетіндей көрінетінмін. Бірақ өмір менің соншалық қатты қателескенімді көрсетті. Ал ақиқатқа көз жеткізуім үшін аттай бір жыл, бір күн сарп еттім. Мен солтүстікке қарай жол шектім де, әуелі үлкен кемемен жүздім. Маған айтушылар кеме аспазы тышқанға түк татырмаудың бар амалын біліп алған деп еді. Бірақ аспаздың бізбен шаруасы да болған жоқ. Кеменің ас үйі толы төс ет, тұздалған ет, не ғажап көгерген үн. Қойшы әйтеуір, тамаша өмір сүрдім. Бірақ өздеріңіз де ойлап көріңіздер менің сол жерде шұжық таяқшасынан сорпа пісіруді үйренерліктей мүмкіндігім бар ма еді? Талай күн, талай түн жүзумен болдық. Толқын шайқап, кемеге су да толтырып жібереді. Бірақ ақыры түу алыстағы солтүстік портына жеттік те, мен жағалауға шығып кеттім. Аяқ астынан туған жеріңнен кетіп, көп ұзамай туған үйіңдей болып кеткен кемеге мініп, отаныңнан жүздеген миль жырақта жатқан мүлде бейтаныс елден бір-ақ шығу, былай ойлап тұрсаң бір түрлі ғой өзі. Шырша мен қайың өскен мүлгіген орманға кезіктім. Өй, иісі қандай жағымсыз өздерінің! Төзуге болмайды. Ал жабайы шөптерінің бір түрлі иісі бар, мен тек түшкірумен жүрдім. Ойлайтыным шұжық. Орман арасындағы көлдер қандай үлкен! Суға жақын барсаң ол хрустальдай мөлдіреп көрінеді. Ал шегініңкіреп кетіп қарасаң сиядай қап-қара! Көлде аққулар жүзіп жүреді. Әуелде мен оны ағаштың томары шығар деп ойладым. Өйткені олар суда мүлде қозғалмай тұрады. Кейіннен ұшқанын және жүргенін көрген соң оның құс екенін білдім. Олардың қаз тұқымынан екені жүрісінен-ақ байқалып тұр. Тегіңнен безе алмайсың ғой! Енді мен де өз тұқымдастарымды орман мен даланы мекен ететін тышқандарды тапқанша асықтым. Бірақ шынын айтсақ кәделі тамақ жайынан олардың мағлұматы да аз екен. Ал мен бейшара бұл жат өлкеге сол үшін ғана келгенім жоқ па? Ал шұжық таяқшасынан сорпа пісіруге болатынын естіген кезде бұл ақылға сыйымсыз нәрсе көрінді де, бүкіл орманға тез-ақ тарады. Ал түнде шұжық таяқшасынан сорпа жасау сырына тап сол күні қанатынымды қайдан білейін. Жаздың жайсаң кезі. Ормандар жұпар аңқып, шөптің хош иісі мұрын жарып тұрғаны, аққулар жүзген айна көлдің соншалық мөлдір де тұнжыр көрінетіні сол жаздың әсері деп түсіндірді маған. Орманның бір шетіндегі үш-төрт үйдің аралығына кеме мачтасының биіктігіндей сырғауыл орнатылды. Бұ май айының құрметіне қадалған сырық еді, оның ұшар басына гүл шоқтары мен ленталар ілініпті. Оны айнала қоршап тұрып алған қыз-жігіттер қаңғыбас музыканттың сүйемелдеуімен дамылсыз билеп, ән шырқады. Күн батқаннан кейін бұл ойын-сауық ай жарығында жалғасты. Бірақ мен оған қатысқаным жоқ. Орманда өтіп жатқан балда тышқанның не шаруасы бар! Мен жұп-жұмсақ мүкке жайғасып алдым да, шұжық істігін қысып ұстаған күйі отыра бердім. Ай жарығы шалшық суда өсіп тұрған ағашқа да түсті. Ал шалшықтың бетін мамықтай жұмсақ мүк басқан. Қалай десем екен, тәуекел етіп теңеп көрейін, тышқан патшасының терісіндей үлбіреп тұр, тек түсі көзге жағымдылау жасыл. Бір кезде қайдан шыға келгенін қайдам, менің тіземнен ғана келетін құп-құртақандай, өздері сондай сүйкімді тіршілік иелері пайда болды. Олар адамдардан аумайды, бірақ олардан әлдеқайда әдемі. Гүл жапырақшасынан тігіп, шіркей мен масаның қанатымен безендірген сәнді көйлек киіп алған кішкентай адамдар өздерін эльфтерміз дейді екен. Олардың үстіндегі бұл киімі өте сүйкімді көрінетін. Олардың бірдеме іздеп жүргенін мен бірден-ақ аңғардым. Бірақ не іздеп жүргенін біле алмадым. Сосын бірнеше эльф келді де, ең бетке ұстар біреуі менің қолымдағы шұжық таяқшасын шұқып көрсетіп:
«Біздің іздеп жүргеніміз тап осы. Өзі сондай үшкір екен», дегені.
Ол менің таяғыма қараған сайын таңдайын қағып, бұрынғыдан да таңдана түсті.
«Мен мұны сендерге біржола емес, уақытша бере тұруыма болады», – дедім мен.
«Әрине, әрине! Біржола емес, уақытша ғана!» – деп шулады бәрі. Сөйтті де менің қолымдағы шұжық таяқшасын ала салып билей жөнелді де, мамық жасыл мүк өскен жерге жетті де, таяқшаны сол жерге қадады. Сірә, эльфтерге де май айында қадайтын мерекелік сырғауыл керек болса керек. Ал менің қолымдағы шұжық түйрейтін істік сол үшін арнайы жасатқандай еді. Олар енді қолма-қол сырғауылды безендіруге кірісіп, әп-әдемі-ақ етіп қойды. Шынымды айтайын, бұл қарасан көз тояттайтын керемет әдемі болды! Құртақандай өрмекшілер сырғауылды алтын жіппен көмкеріп, желбіреген жалаумен, жалт-жұлт еткен матамен әшекейледі. Бұл мата өте жұқа еді және ай жарығына шағылысып көз қаратпай жалтылдағаны сонша, тіпті менің көзім бұлдырап кетті. Содан кейін эльфтер көбелектердің қанатынан түрлі-түсті тозаң теріп әкелді де, ақ матаға сеуіп қойды. Сол сол-ақ екен, мата да гүлдей құлпырып, алмаздай жарқырап сала берді. Шұжық түйрейтін істігімді өзім танымай қалдым. Сірә, тап сондай корнем май сырғауыл бүкіл әлемде болмаған шығар! Кенет жерден шыққаны немесе көктен түскені беймәлім сансыз эльф қаптады да кетті. Олар тырдай жалаңаш еді. Бірақ маған бұл қалпында ең сәнді киінген эльфіңіздің өзінен де сымбатты көрінді. Бұл тамашаны көруге мені де шақырды. Тек мен соншалық денелі болғандықтан алыстан ғана қызықтадым. Сосын музыка ойнады, музыка деп шіркін, соны айтса болар! Бейне аспанды мыңдаған хрусталь қоңыраудың әуезді үні кернеп кеткендей. Әуелі мен мұны аққудың әні емес пе екен деп те қалдым. Бірақ сосын құлағыма көкектің даусы, барылдақ торғайдың шықылықтағаны келгендей болды, ақырында бүкіл орман ән салғандай әсер етті! Балалардың үні, қоңыраудың күмбірлеген күйі, ғажап әуен құлаққа келеді. Міне, осы кісіні қайран қалдырарлық әуез эльфтердің майға арналған сырғауылынан қалықтай ұшты. Ал осыншама кереметтер жасап жатқан сиқырлы аспап бар болғаны менің шұжық шаншитын істігім. Шұжық түйрейтін істіктен мұндай дыбыс шығар деп кім ойлаған. Сөйтсем, бәрі де кімнің қолына түсуіне байланысты екен ғой. Мен қатты тебіреніп кеттім де, сезіміме ие бола алмай жылап жібердім. Жылағанда кәдімгі кішкентай тышқандар қалай жылайды, тап солай жыладым. Түні тым қысқа екен. Бұл кезде теріскей жақтың түні бұдан ұзақ болмайды да. Таң алагеуімде жел тұрып, орман арасындағы айна көл беті қаймақтана қалды. Жалтырауық мата да, жалаулар да бет-бетімен ұшты. Өрмекшінің торынан жасалған тербелмелі гүл тізбегі мен аспалы көпір, сәндік бағаналар немесе тағы да не деуші еді, бір жапырақтан екінші жапыраққа дейін тартылған кермелер әп-сәтте тып-типыл ғайып болды. Менің шұжық шаншитын таяқшамды алып келген алты эльф менен біз орындай алатындай бір өтінішің жоқ па деп сұрады. Мен олардың шұжық таяқшасынан қалай сорпа пісіруге болатынын айтып беруін өтіндім. «Кәдімгідей, біз жаңа ғана жасағанымыздай етіп істеу керек», – деді ең кәнігі эльф күлімдеп. Бәрін өзің де көріп тұрдың ғой, бірақ өз таяқшаңды өзің танымай қалған шығарсын». «Е, мыналар әлгі көргендерімді айтып тұр екен ғой» – деп ойладым да, өзімнің бар шынымды жайып салдым. Неге ел кезіп жүргенімді де, барған соң отанымда не күтіп тұрғанын да жасырмадым. «Ендеше, – дедім мен сөзімнің соңында, тышқандар патшасы мен біздің бүкіл ұлы мемлекетімізге әлгі мен көрген кереметтерден келіп-кетер не бар? Өйткені мен оларға «Мынау істігің, ал мынау сорпаң!» – деп шұжық істігінен ештеме шығарып бере алмаймын ғой. Ол тамашаға көз тойғанымен қарын тоймайды емес пе!» Сол кезде эльф өзінің құрттай саусақтарымен көгілдір гүлжапырақшасын бір сипап өтті де, сосын шұжық істігіне қолын тигізіп: «Қара! Мен мынаған қол тигіздім. Ал сен тышқан патшасының сарайына қайтып барғанында қолыңа ұстаған таяғыңды патшаның жып-жылы кеудесіне тигіз, сонда сыртта қақаған аяз болса да таяғыңа көгілдір гүл өсіп шыға келеді. Демек, сен құр қол қайтпайсың. Мә, мына бірдемелерді де ал», – деді. Бірақ тышқан «бірдемелерін» көрсетпей тұрып, қолындағы таяқшасын тышқан патшасының кеудесіне тигізіп еді, сол замат таяқшаны көгілдір шоқ гүл көмкере қалды. Бұл гүлдердің хош иісіне шыдай алмаған тышқан патшасы ошаққа жақындау тұрған бірнеше тышқанның үйітілген жүнінен бөлмеде темекі шегу үшін оларға құйрықтарыңды отқа малыңдар деп бұйырды. Себебі тышқандар әулеті иіске өте сезімтал болғандықтан гүлдің өткір иісін жақтырмайтын.
− Ал саған эльф тағы не берді? – деп сұрап қалды тышқан патша.
− О, – деп жауап берді кішкентай тышқан, ол маған бір амал үйретті.
Ол сол сәтте шұжық таяқшасын бура қойып еді, көзді ашып-жұмғанша әлгі гүлден жұрнақ та қалмады. Сосын тышқан қолына сиқыры жоқ жай таяқша ұстап тұрды да, онысын тап дирижерлер тәрізді басынан асыра көтеріп: − Көгілдір гүлдер біздің көз қуанышымыз болып, иісі айызыңды қандырады, сезімді тербейді. − Бірақ біздің дәм сезу және есту қабілетіміз де бар емес пе? – деді маған эльф. Тышқан дирижерлер сықылды қолын оңды-солды сілтей бастауы мұң екен, музыка төгіле жөнелді. Бірақ бұл әуен орманда эльфтер мерекесінде естілген әуеннен мүлде басқаша нақышты еді. Бұл музыка кәдуілгі ас үйден шығатын дыбысты еске түсірді. Міне, концерт деп осыны айтса болар! Ол өзі аяқ астынан басталды. Барлық түтін шығатын мұржалар от тартқандай гүрілдей жөнелді де, барлық қазан атаулы мен түбекшелерде су қайнап, асып төгілгендей болды. Ал темір көсеу мыс қазанды тықырлатып жатқандай дыбыс естілді. Сосын ойламаған жерде тыныштық орнай қалды. Тек шайнектің баяу дызылдағаны естіледі. Бірақ оның қайнап болған немесе отқа жаңа қойылған шайнек екені белгісіз. Екі құмыраның екеуінде де үлкенінде де, кішкентайында да су сарқылдап тұр. Бейне есірік болғандай екеуі де екілене түседі. Ал тышқан қолындағы таяқшасын бұрынғысынан да жедел сермей берді, сермей берді. Қазандағы су сарқ-сұрқ қайнап, пысылдап асып-тасты, жел ұлып, құбыр гуілдеді. У-у-у! Тышқанның қорыққаны соншалық, қолындағы таяғы да түсіп кетті.
− Міне, нағыз сорпа! – деді тышқан патша. Екіншіге не жейміз?
− Барым осы, – деді де тышқан сылқ отыра кетті.
«Аз да емес» – деп ойлады тышқан патша. Енді екінші тышқан не айтар екен, соған құлақ түрейік.
ІІІ. ЕКІНШІ ТЫШҚАН АЙТҚАН ХИКАЯ
Мен сарай кітапханасында туып-өстім, – деп бастады әңгімесін екінші тышқан. – Мен де және біздің әулеттегі бірде-бір тышқан ұра-қойманы былай қойғанда, тіпті асханадан дәм ауыз татпаған екенбіз. Ал ас үйді де мен тұңғыш рет осы жолғы саяхатым кезінде ғана көрдім, ол тап қазір де көз алдымда. Шынына келгенде, кітапханада. біз жиі-жиі ашығып қалатынбыз, бірақ обалы не керек, мұның есесіне мол білім алдық. Шұжық істігінен пісірілетін сорпаға патша ағзам бәйге тігіпті деген хабар құлағымызға тиген күні менің қарт әжем бір қолжазбаны іздеп тапты. Өзі бұл қолжазбаны оқымаған екен, бірақ өзгелердің оқығанын естігенде: «Егер сен ақын болсаң тіпті шұжық түйрейтін істіктен де сорпа пісіре аласың», деген сөздерді жадында сақтап қалған екен. Әжем менен ақындық талантың жоқ па еді – деп сұрады. Мен өз бойымнан ондай қасиет байқай қойғаным жоқ-тын. Бірақ әжем сен қайтсең де ақын боласың демесі бар ма? Сонда мен бұл үшін не қажет екенін сұрадым. Өйткені мен үшін ақын болу шұжық істігінен сорпа даярлаудан оңай емес-тін. Әжем өз ғұмырында талай кітаптың мазмұнын тыңдаған жан. Сондықтан да ол ақын болу үшін үш нәрсе: ақыл-парасат, қиял мен сезім керек – деп тоқ етерін бір-ақ айтты. «Міне, әуелі осыларды қолыңа түсір. Сонда ақын да боласың. Ал ақын болсаң тіпті түйрейтін істіктен сорпа істеу де қиындық келтірмес», – деп аяқтады сөзін ол.
Сөйтіп мен батысқа қарай бет түзеп, ақын болу үшін жер әлемді шарладым. Қай істе де ең маңыздысы ақыл-парасат екенін, ал қиял мен сезімнің тек қосалқы міндет атқаратынын мен де білетінмін. Ендеше, ең алдымен ақыл-парасатқа ие болайын деп ойладым. Бірақ оны қайдан іздемекпін? «Даналықты құмырсқадан үйрен», – деді иуданың ұлы патшасы. Бұл жайында кітапханада жүргенімде-ақ естіп едім. Бірақ үлкен илеуге жеткенше бір тоқтамай жүре бердім, жүре бердім. Сосын жасырынып тұрдым да, даналық үйрене бастадым. Бұл құмырсқа деген қандай асыл халық, қандай дана десеңіздерші! Олар ұсақ-түйегіне дейін түгел есептеп қояды екен. «Жұмыс істеп, жұмыртқа туу, дейді екен олар, қазірдің өзінде болашақтың қамын ойлап өмір сүру». Өздері тап солай жасайды да. Барша құмырсқа атаулы игі жақсылар және жұмысшылар болып екіге бөлінеді екен. Әр құмырсқаның қоғамдағы орны санмен белгіленеді. Айталық, құмырсқалар падишасы бірінші номерлі болады. Оның айтқан пікірімен санаспайтын жан жоқ. Себебі ол жер бетіндегі бар ақылды әлдеқашан-ақ бойына жинақтаған. Мен үшін мұны біліп алудың маңызы зор еді. Падиша өте көп және өте мәнді сөйлейтін. Оның аузынан шыққан сөздер падишаның шектен тыс дана, ерен ақылдылығын танытатын. Мысалы ол дүниеде біздің илеуімізден биік ештеме жоқ дейтін. Ал илеудің нақ жанында зәулім ағаш тұрса да оған ешкім мынауың теріс дей алмайтын. Сондықтан да ешкім оған қарсы ләм-мим демейтін. Бір күні кешке құмырсқалардың біреуі адасқаннан адасып, әлгі ағашпен тым жоғары өрлеп кетеді. Рас, ол ағаштың ұшар басына шыққан жоқ, бірақ бұрын-соңды басқа құмырсқалар жетпеген биікке дейін өрмелейді. Ал үйіне қайтып келгеннен соң әлемде біздің илеуден де биік нәрселер бар екен дегендей әңгіме айтып қалады. Мұның бұл сөзін өзге құмырсқалар бүкіл құмырсқалар тұқымын қорлау, қаралау деп есептеп, озбыр құмырсқаға тұмылдырық кигізіп, жападан-жалғыз өзін ұзақ уақыт қамап тастайды. Көп ұзамай-ақ әлгі ағашқа басқа бір құмырсқа шығады. Ол да тап жаңағыдай саяхат жасап, көрген-білгенін жаңалық қып айтып келеді. Бірақ бұл сақтаныңқырап, екі ұштылау етіп айтады. Ол өзі қадірменді, әрі игі жақсылардан шыққан құмырсқа еді. Сондықтан да оның айтқанына ешкім шәк келтірмей сенді және ол өлгеннен кейін ғылымға құштарлығын құрметтеп жұмыртқа қабығынан ескерткіш орнатты. Мен, – деді тышқан, құмырсқалардың жұмыртқасын арқалап жүргенін талай көрдім. Бір жолы құмырсқаның біреуі арқасындағы жұмыртқасын түсіріп алды да, қанша әлектенсе де қайтып арқалай алмай-ақ қойды. Екі құмырсқа жәрдемге келіп, оған көмектесуге кірісті. Бірақ олар көмектесеміз деп жүріп өз жұмыртқаларын түсіріп ала жаздады да, ойланып қалды. Сосын қиын жағдайда жатқан жолдасын тастап, тайып отырды. Себебі кім-кімге де өзгенің байлығынан гөрі өз байлығы жақын. Мұны көрген құмырсқалар падишасы құмырсқалардың жүрегі жайсаң ғана емес, ақыл-парасаты да мол-ay деген ойға қалды. «Бұл екі қасиет құмырсқаларды барша саналы тіршілік иесінен артық көрсетеді, – деді ол. Былайша айтқанда, ақыл-парасат бірінші орында тұр, менің еншіме ол жұрттың бәрінен де мол тиген». Осы сөздерді айтты да, падиша артқы екі аяғымен тұрып, кеудесін асқақ көтерді. Сол сәтте мен оны жұтып жібердім. Ол өзге құмырсқалардан бөлекше еді, оны басқаларымен шатастыру мүмкін емес-тін. «Даналықты құмырсқадан үйрен!» – деп еді, мен сол даналықты құмырсқа падишасымен қоса жұтып қойдым. Содан кейін илеудің жанында өсіп тұрған үлкен ағашқа жақынырақ бардым. Бұл қанатын кең жайған биік емен ағашы еді. Сірә, өте кәрі ағаш болуы керек. Онда Дриада дейтін әйел тұратынын білетінмін. Ол ағашпен бірге туып, сонымен бірге өледі. Мұны да мен кітапханада естігем. Енді орман қызын өз көзіммен көрдім. Дриада мені көрген кезде қатты айқайлап жіберді. Бүкіл әйел атаулы тәрізді ол да бізден, тышқандардан қатты қорқады екен. Бірақ өзгелердей емес оның қорықса қорқатындай да жөні бар еді: өйткені мен оның өмірі тікелей тәуелді болып тұрған ағаштың тамырын қиып тастауым мүмкін емес пе? Мен онымен сыпайы, іш тартып сөйлестім. Сосын ол мені нәп-нәзік қолына мінгізді. Менің не себепті жиһанкез болып жүргенімді білгеннен кейін, енді қалған екі қазынаның бірін тап сол кеште-ақ табуым ықтимал екенін айтты. Қиялдың рухы Дриаданың жақсы танысы болып шықты. Оның айтуына қарағанда, ол махаббат тәңірісі тәрізді сондай ғажап екен. Ол жасыл жапырақтардың көлеңкесінде жатып ұзақ демалады дейді. Бұл кезде бұтақтар да әдеттегіден көбірек сыбдырлайды деседі. Ол Дриаданы сүйіктім деп атаса, оның еменін сүйкімді ағашым дейтін. Осы бір иір боп өскен алып та тамаша еменді оның жаны сүйетін. Ол тамырын тереңге жайған еді, ал діңгегі мен ұшар басы аспанмен таласатын; оған қар бораған суық та, жойқын күшті жел де, жер апшысын қуырған ыстық та түк емес-тін. «Иә, – деп жалғай түсті әңгімесін Дриада, еменнің сонау ұшар басында отырған құстар ән салып, теңіздің арғы бетіндегі елдер жайлы сыр шертетін. Бұл еменнің қураған жалғыз бұтағы ғана бар болатын. Сол бұтағына құтан ұя салыпты. Бұл өте әдемі нәрсе. Мұның үстіне құтанның пирамидалар елі жайлы әңгімесін де тыңдауға болады. Осының бәрі де қиял рухына дөп келеді. Ал кейде оған ормандағы өмір жайлы, өзімнің кіп-кішкентай кезім туралы, ол уақытта менің ағашымның да жерден жаңа бас көтеріп келе жатқанын, қойшы, әйтеуір, сол күннен бастап емен есейіп, еңсесін көтерген бүгінге дейін бәрін де айтып беремін. Енді менің сөзіме құлақ сал: бұтаның астына тығыл да менен көзіңді айырма. Қиял рухы келсе-ақ болғаны, ретін тапсам қанатынан бір қауырсынын жұлып аламын. Сол қауырсыннан айрылма! Ондай тамаша қауырсын бірде бір ақында жоқ! Саған одан өзге түк те керек емес». Қиял рухы да келді, қауырсыны да жұлынды, ол менің қолыма тиді, – деді тышқан. Сосын оны қашан жібігенше суға батырып қойдым. Содан кейін қорытылуы қиындау болса да мүжіп жеп алдым. Иә, бұл күнде ақын болу да оңай емес. Ол үшін талай нәрсені қорытып алуың керек. Енді менің ақыл-парасатым ғана емес, сондай-ақ қиялым да бар. Ал бұл екеуі тұрғанда сезім дейтініңді біздің кітапханадан тауып алу да түк емес. Мен ол жерден бір ұлы кісінің: бар міндеті адамдарды керексіз көз жасынан құтқару ғана болып табылатын романдар да бар деген сөзін естігенмін. Бұл бейне сезім атаулыны түп-түгел жұтып қоятын сорғыш десе болар. Мен осындай бірнеше кітапты есіме түсірдім. Бұл кітаптарды мен ылғи да қомағайлана кеміретінмін. Өйткені бұл кітаптар оқыла-оқыла әбден май сіңіп кеткен еді. Сірә, сезім теңізіне де армансыз малшынған болар. Отаныма қайтып оралғаннан кейін мен үйге, кітапханаға келдім де, бірден дөкей романға киліктім. Дәлірек айтсам, бар жарары қоң етіне тіс салдым. Ал қабығына, яғни мұқабасына тиіспедім. Осы романды, сосын тағы біреуін қылғытқан соң байқасам, қарнымда бірдеме қыбырлағандай болды. Сосын үшінші романнан тағы бір жапырағын жедім де, ақын болып шыға келдім. Мен жұрттың бәріне тап осылай дедім. Сосын ішім түйнеп, басым ауыратынды шығарды, қойшы, ауырмайтын жерім қалмады! Содан кейін мен шұжық істігі туралы не айтып берсем екен деп ойлана бастадым. Сол-ақ екен, ойыма не қилы таяқшалар орала берді, орала берді. Иә, құмырсқа падишасының ақылы, шіркін ақылақ еді-ау! Әуелі мен аузына сиқырлы таяқ тістесе-ақ көзден ғайып болатын адам туралы ойладым, сосын құтқарғыш таяқты есіме алдым, сосын «бақыт қолға ұстай қоятын таяқ еместігін» ойладым, Содан соң «таяқ біткеннің екі ұшы болатыны» есіме келді. Ең ақырында өзімнің «таяқтан қорыққан иттей» үрейленетінімді ойыма алдым, тіпті «хайуанға тәртіп үйреткен таяқ» дегенді де ойландым. Сөйтіп, менің бар ойым неше түрлі таяқтар мен таяқшалар жайын ойлауға ауды. Егер шын ақын болсаң қарапайым таяқтың өзін жырға қоса біл! Ал мен енді ақынмын, ақын болғанда ешкімнен кем емеспін. Бұдан былай мен сіздерге, әйтеуір, бір таяқ жөнінде әңгіме айтып бере аламын, менің сорпам осы!
− Үшіншісін тыңдап көрейік, – деді тышқандар патшасы. − Пи-и, пи-и! – деген дауыс естілді кенет есіктің сыртынан. Сол замат ас бөлмеге кіп-кішкентай тышқан оқтай атылып кірді. Бұл жұрттың бәрі өлдіге жорып қойған төртінші тышқан еді. Абдырап жүріп ол қара матамен тысталған шұжық істігін де жығып кетті. Ол куш-туш жүгіріп, жүк поезымен темір жол арқылы да жүрді. Оның өзіне кешігіп қала жаздап әзер ілікті. Жолда ол шұжық түйрейтін істігін жоғалтып алды. Бірақ тілі мен жағы бабында екен. Әне, енді тікірейіп алға шығып алып бейне бүкіл жұрт бір өзін ғана күтіп, тек осыны ғана тыңдағысы келіп ындыны құрып отырғандай, бейне бүкіл әлемнің тұтқасы соның қолында тұрғандай әңгімесін бастай жөнелді. Ол әңгімесін дем алмай соқты, өзі де абайсызда шыға келгендіктен ешкім сөзін бөгеп тоқтатып үлгере алмады да, қу тышқан әңгімесін түгел айтуға мүмкіндік алды. Ендеше, оның сөзін біз де тыңдап көрейік.
ІV. ЕКІНШІ ТЫШҚАННАН КЕЙІН КЕЗЕК АЛҒАН ТӨРТІНШІ ТЫШҚАН НЕ АЙТТЫ
– Мен шыққан бойда үлкен қалаға қарай тарттым. Оның қалай аталатыны жадымда жоқ. Ұмытшақпын. Әсіресе атаулар есімде тұрмайды. Мен конфискеленген заттармен бірге вокзалдан қалалық ратушадан бір-ақ шықтым. Ал ол жерден абақты иесіне қашып бардым. Ол тұтқындар жайлы, әсіресе аңдамай айтып қалған бір ауыз сөзі үшін абақтыға түскен біреуі жөнінде көп айтатын. Дүрліктіріп іс қозғапты, бірақ ол түкке тұрмайтын нәрсе екен. «Бұл хикая шұжық істігінен пісірілген сорпа сияқты жай, – деді абақтышы, бірақ бұл бейшара сол жоқ сорпа үшін басынан айрылатын болды». Мен тұтқынның жайына зер салдым. Іле-шала оның камерасына да ендім. Өйткені дүниеде тышқан кіретіндей саңылауы жоқ есік бола ма? Тұтқын көзі от шашқан дөңгелек көзді, жүзі қуқыл тартқан ұзын сақалды адам екен. Шамнан будақ-будақ ыс шығады, бірақ қабырғалар әбден қарайып бұған көндігіп алыпты. Бұдан артық қалай қарайсың. Тұтқын қара түсті қабырғаға ақ үйкеп сурет салып, өлең жазыпты. Бірақ мен оны оқи алмадым. Сірә, оның іші пысып отырса керек. Мені көптен күткен қонағындай қуана қарсы алды. Сондықтан да ол маған нанның қиқымын беріп, ысқырып, еркелетер сөздер айтты. Ол мені көргенде қатты қуанды-ау деймін. Мен де оның көңілінен шыққанымды сездім. Сөйтіп, біз тез-ақ достасып алдық. Наны мен суын бөліп берді, сыры мен шұжығынан да берді. Бір сөзбен айтқанда, мен ол жерде тамаша өмір сүрдім. Бірақ бәрінен де оның мені өте жақсы көргенін айтсаңдаршы! Қолына шығып жүгірсем де, тіпті жеңіне кіріп сақалына өрмелесем де тәйт демеді. Ол мені кішкентай досым деп атады. Мен де оны өлердей жақсы көрдім. Себебі шын сүйіспеншілік екі жақтан бірдей болуы тиіс. Не үшін жиһан кезіп шыққанымды да, қолымдағы шұжық таяқшасын да ұмыттым. Сірә, ол бір саңылауда тап қазір де жатқан болар. Сөйтіп мен жаңа досымнан айрылмауға бекіндім. Ал мен кетіп қалсам жер бетінде ол бейшараның ешкімі қалмас еді. Ал ол мұндай жалғыздыққа шыдай алмайды. Қысқасы, қалуын мен қалдым-ау, бірақ ол қалмады. Екеуіміз соңғы рет көріскен кезімізде ол сондай уайымда сияқты еді. Нанды да, сырдың қабығын да әдеттегіден екі есе көп беріп, кетерінде бетіңнен сүйдім деген ишарат жасады. Сол кеткеннен оралмады. Мен де ол жөнінде ешқандай хабар ести алмадым. Сонда абақтышының: «Жоқ барды дардай қылып, бәле жауып отыр», – деген сөздерін есіме алдым. Мені алғашында ол да икемдеп, сосын дөңгелек сияқты айналып тұратын торға салып қойды. Одан өткен сорақылық жоқ шығар! Қанша жүгірсең де бір орныңнан қозғалмайсың. Ал жұрттың бәрі сені келемеж етіп қарық болады.
Бірақ абақтышының бұп-бұйра алтын шашты, көздері жалт-жұлт етіп, өзі үнемі күлімдеп жүретін кішкентай ғана сүп-сүйкімді немересі бар еді. Өй, құртақандай болған байғұс тышқаным, – деді бір күні ол менің жексұрын торыма қарап. Сосын темір торлы ысырмасын жылжытып, маған жол ашты. Мен дереу терезе жақтауына секіріп шықтым, одан суағар науаға қарғыдым. «Еркіндік, бостандық, тағы да еркіндікке шықтым!» дей беріппін шаттанып. Қуанғанымнан мұнда не үшін жүгіріп келгенімді де ұмытып кетіппін. Бірақ кеш батып, түн келе жатты. Сосын мен күзетші мен жапалақ қана мекен ететін ескі мұнараға түнемекке жаттым. Әуелі мен олардан ептеп қауіптендім де, әсіресе жапалақтан қорықтым. Ол өзі мысыққа қатты ұқсайды екен. Мұның үстіне үлкен бір кемшілігі мысық сияқты ол да тышқан жейтін бәле екен. Өмірде қателеспей жүре аласын ба! Осы жолы мен де мүлт кеттім. Жапалақ аса бір зиялы білімдар жан екен. Ұзақ өмірінде көрмегені қалмаған, тіпті күзетшіден де көп біледі-ау өзі, шамамен білімі менімен деңгейлес болуы керек. Оның балапандары не болса соны елегіш, секемшіл екен. «Шұжық таяқшасынан сорпа пісірмей тек отырыңдаршы, не болса соған улап-шулап не болды,» – деп ұрсып тастайды екен қарт жапалақ. Бірақ қайтып оларға ұрыспайды. Ол, сірә, аса мейірбан ана болар. Менің оған сенгенім соншалық, тіпті өзім жасырынып отырған тесіктен шиқ етіп те қойдым. Оған бұл да ұнады ғой деймін, мені қамқорлығына алып қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқыттырмайтын болды. Жейтін болсам қысқа қарай жем азайған кезде өзім жеймін дейді. Жапалақ өте ақылды еді. Мәселен ол күзетшінің белбеуіндегі мүйіз сырнайы болмаса оның дабыл бере алмайтынын дәлелдеп берді. Ал ол жапалақтан мен де кем емеспін дегендей әлдеқандай болып кісімсіп жүр. Өзі бір әңгүдік. Суды төрмен тасиды. Шұжық таяқшасынан сорпа пісіреді... Мен тап сол жерде мұндай сорпаны қалай пісіруге болатынын сұрап жабыса кеттім. Сөйтсем «Шұжық түйрейтін істіктен сорпа пісіреді» деген жай мәтел екен. Мұны әркім өзінше түсінеді екен де, бәрі де тек менікі дұрыс – деп есептейтін көрінеді. Ал егер шынына келсек ешқандай да «Шұжық істігінің сорпасы деген жоқ». «Жоғы қалай?» – деп таң болдым мен. Міне, жаңалық керек болса! Иә, шындық ылғи да жағымды бола бермейді, бірақ одан қымбат нәрсе жоқ. Қарт жапалақ та осылай – деді. Мен содан әрі ойлап, бері ойлап әлемдегі ең қымбат нәрсені, яғни шындықты алып барсам қайдағы бір жоқ сорпадан сол қымбат шығар деген тұжырымға тоқтадым. Сөйттім де дүниедегі ең асыл, ең қымбат нәрсе шындықты жеткізуге асықтым. Тышқандар көргенді де білімді жандар, ал тышқандар патшасы қол астында бүкіл тышқан атаулыдан да зерделі. Ендеше ол ақиқат үшін мені падиша етіп қоюы да мүмкін. − Сенің шындық деп шырылдап тұрғаның жалған! – деп айқай салды әлі кезек тимеген тышқан. Мұндай сорпаны мен керек десең тап қазір-ақ пісіріп беремін! Пісіргенде қандай!
V. СОРПА ҚАЛАЙ ПІСІРІЛДІ
− Мен ешқайда барғаным жоқ, – деді үшінші тышқан. − Мен отанымнан кетпедім, ең дұрысы осы ғой деймін. Бәрін де өз үйіңде отырып істеуге болатын кезде жиһан кезіп кетудің қанша қажеті бар? Сөйтіп, мен тырп етпей үйде болдым. Сорпа пісіруді үйренемін деп қайдағы-жайдағы бәлекеттерге ұрынғаным жоқ, құмырсқа жұтып, жапалаққа жалпақтағаным жоқ. Иә, бәрін де өз ақылыммен өзім істедім, өзім. Пешке қазан көтеріңіздер. Иә, солай! Сосын молырақ етіп су құйыңдар. Жақсы! Енді от жағыңдар, қатты қызатын болсын. Өте жақсы! Енді суы қайнап, бұлақша бұрқылдасын! Қазанға шұжық таяқшасын салыңдар... Енді ұлы мәртебелім, қайнаған суға құйрығыңызды малып, сорпаны жайымен араластырып отырсаңыз жақсы болар еді! Сіз неғұрлым ұзақ араластырсаңыз сорпа да солғұрлым дәмді болады. Бұл қиын емес қой. Және астың дәмін кіргіземіз деп анау-мынау қосып жатудың қажеті жоқ. Жайғасып отырып алып құйрығыңызбен сорпаны араластыра беріңіз, араластыра беріңіз. Иә, солай! − Ал бұл жұмысты басқа біреуге тапсыруға болмас па екен? – деп сұрады тышқандар патшасы. − Жо-жоқ! – деді тышқан. Олай етуге мүлде болмайды. Бар гәп патшаның құйрығында ғой! Су да қайнады. Тышқандар патшасы қазанға тақау отырып, құйрығын соза түсті. Тышқандар сүттің қаймағын солай сыпырып алатын. Бірақ патшаның құйрығына ыстық бу тигені сол еді, патша сол замат еденге секіріп түсті. − Жарайды, сен падиша боласың! – деді ол. Ал сорпа пісіруді екеуіміздің алтын тойымызға дейін қалдыpa тұрайық. Біздің патшалықтағы бүкіл халайық сол бір күнді күтумен қуанышты өмір сүрсін. Олар да бір көбірек шаттансыншы!
Той да жасалды. Тек үйіне қайтып келе жатқанда талай тышқан:
– Сонда қалай болғаны? Ол пісірілген күнде де шұжық таяқшасынан жасалған сорпа емес, тышқанның құйрығынан пісірілген сорпа болып шықпай ма?! – деп күңкілдеумен болды.
Үш тышқан айтқан әңгімелердің кейбір егжей-тегжейі жалпы алғанда дұрыс жеткізілді; бірақ бәрін де мүлде басқаша баяндау керек еді, десті олар. Біз болсақ олай емес, басқаша айтып беретін едік.
Былайша айтқанда бұл сын ғой. «Біткен іске сыншы көп» демей ме халық? Бұл хикая бүкіл әлемге аян болды да, жұрт екі ұдай пікір айтты. Бірақ соның қай-қайсысының да әсері шамалы болды. Оның бір өтірігі жоқ, түгел шындық. Тіпті шұжық таяқшасы да жалған емес. Ал ертегі үшін алғыс есітемін деп ойлама, оның жөні бола қоймас.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру