TELEGEI

Home

Адамның бір қызығы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Адамның бір қызығы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Адамның бір қызығы» шығармасы.

Үш әңгіме

1. АҚТОТЫ

Мойындағым келмейді егделікті,
Жақсы көрем қыздарды ең көрікті.
Жақсы көрем жанарды күлімдеген,
Сол жанарлар көңіліме дем беріпті.

Тұманбай

Ізгілік дағдысынша ерте оянды. Әзелден сергек жан жасы ұлғайған сайын әбден құс ұйқылы болып алған-ды: көзін ашудан-ақ өзін сергек сезінді. Айналасына жіті көз салып шықты. Қар бойы қасында Сән жатыр. Төсекті қалың салыпты. Әдеті сол: екі адамдық құс төсектің астына да, үстіне де жеңіл көрпешелерді қабаттап төсей береді. Құс жастығы да биік: үшеуін қосарлап жастанған. Басы қақ ортасында - ақ мамыққа шүміп кеткен. Беті ғана көрінеді: пыс-пыс етіп, жеңіл дем алады; әжімсіз жүзінің қос алмалығы алаулап нұр шашып тұр. Алаңсыз терең ұйқы құшағында өмірсерігі Ізгілік көзіне аса ажарлы көрінді: аңсары ауып, елігіп, жұтына көз салды. Ізгіліктің ойына бір дуалы ауыздың "Әйел құшағы - өлім сәтінде, тар төсекте ыстық" дегені оралды. Дана ойлар. "Осының үстіне "Шомылып жатқандағы, ұйқы құшағындағы әйел де сұлу" десе болады-ау" деп ойлады Ізгілік. Ізгілік баяу қимылдап, аяғының ұшымен басып, жар төсегінен алыстай түсті: санасын қаумалап, тұм-тұстан анталап каптап алған ойлар оны оңашалыққа шақыра берді, өзінің шабытты шағында екенін, басыр болып жатқан көп ойларының бас көтеріп алғанын сезді. Әманда солай: арқасы құрыстап, дене ыстығы өршіп, басы мең-зең қара зіл тартып, Аруақ қысқанда алас ұрып бірнеше күн теңселіп кетеді - сирек тап болатын сондай сәттерде қасы-қабағын қалт жібермей көз астынан бағып отыратын Сән Ізгіліктің әсем ойларын ұшырып алмастан құр-құрлап, өзіне тарта бастайды; қылықты әрекеттері арқылы өз бойындағы жылы сезімдерді оған бағыттайды, алаулап балқып тұрған жұмсақ, сүйкімді денесімен қайта-қайта жанап өтеді; моншасын қыздырып, емеуірінімен ылықтырып, асау сезімдеріне құрық тастайды - балбырап уылжып тұрған сүйкімді әйелдің жұпар құшағы қып-қызыл әсем өзгеше дүниенің есігін айқара ашып тастайды. Өмір көшінің бал татыған ең бақытты осы бір минөттері кеше қас қағым сәтте ағыл-тегіл рақатқа бөлеп өте шықты: Ізгіліктің тұйықталып, тоғанның қара суындай терең құрдымға айналып тұрған ойлары саға тауып, шыт жаңа тыңға жол салып, лек-лек көшкінге айнала бастады. Ізгілік өз денесінің сонау тұңғиық түкпірінен буырқанып шыққан алапат сезімнің буына балқып, кем-кемнен шабыт шылбырын босата түсті. Жараған бурадай екпін алған шабытқа бөлме іші тарлық жасады: жұмырығын түйіп, шықшыт еті тосырая тістеніп алған Ізгілік жолкілемнің үстінде ерсілі-қарсылы ойқастап, кабинеттің мамыражай тұнық ауасын шортанша тілгілей берді; қуат шақырып, кем-кемнен қызғыш тартып бара жатқан көздері ұшқын төгетін қалге жетті - жебедей атылып сыртқа шықты. Ерте көктемнің таңғы өткір ызғары Ізгілік жүзіне соғылды: қала тегіс оянбаған - тып-тыныш, көгіс тарта бастаған табиғат мүлгіп тұр, саф ауа жүйе-жүйесін қуалап, тұла бойын тез-ақ тінтіп шықты. Тітіркенді. Өрге шауып тұрған асқақ сезім кем-кемнен сабасына түсті: жүрек соғысы да қалыпты дағдысына басып, бүлік-бүлік жорта бастады. Ізгіліктің жұмыс кабинеті қарапайым: орталық көше жақтағы үлкен айнаның алдында жазу үстелі тұр, жұмсақ көпшікті орындық қойылған; Ізгілік ішке кіргенде жазу құралдары сайма-сай екен: ақ қағаз да, қалам да жайнап тұр, өзі қызығып кетті. Жанарынан от шашқан қара көздің ұзын кірпіктері ақ қағаздың бетіне найзаша қадалды: кем-кемнен көз алдындағы буалдыр бара-бара ысырылып, айқындала берді. Сырғып қалам оң жаққа жылжыған сайын сол елестегі бейне айқындала түсті... Аққу мамығындай үлбіреп, табаны жерге тиместен сағым арасында маңдайы жарқырап, жылжи қалқып келе жатқан қара торы қыз Ізгілікке жақындаса берді. Ақтоты ғой... Сол... Оған жолыққанына да аттай 38 жыл толды: Ізгілік жиырмада еді, қолтықтағы ауылға сиыр сәскеде келді. Тым-тырыс: құлаққа ұрған танадай мүлгіп тұрған шағын ауыл. Маңқ етіп үрген ит те жоқ - тоғай аралап аң қағып кеткен. Ізгілікке де керегі осы: оқып, пысықтайтын сабақтары көп, сіңбіруге қолы тимей жүр, емтихандар таялып барады. Ізгіліктің маңдай тіреп келген жандары орнынан табылды: аңшы ағасы Нысанбай нан турап, айран ішіп отыр екен де, қара кер бәйбіше Күнсары күбіден алынған сары майға тұз сеуіп жатыр. Шұрқырасып қалды: ұзақ ішілген шай үстінде аман-түгелдік, шаруашылық жай-жапсарлары жаңғақша шағылды. Құс ұйқылы Ізгілік таңмен таласа тұруды дағдыға айналдырып алды: өзен жағасын жайлаған құстардың сазды үніне елтіген ол айналадағы тіршілікті ұмытып, қағазға кенедей жабысады; ара-арасында ыңылдап әндете отырып, қысқа-қысқа жаттығулар жасап, өршелене тағы кітапқа бас салады. Өзен жағасының ауасына да бейімдесті: салқын саумал жел сипай соғып, төбеден төніп тұрған тораңғылдың үшкіл жапырақтарын жылт-жылт ойнатады. Ізгілік талған көзін өзеннің арғы кенересіне тігіп, бір сәт тыныстап еді, салқын ызғарлы ауаның арасынан жат иіс мұрнына ілді: уыздың ба, сүттің бе, нанның ба -жанға жағымды жұмсақ леп жүйе-жүйесін бойлап, балқытып бара жатты. Жанарын алыстан тартып алды да, үй орынындай құмдақты алаңның тұм-тұсына жүгіртті: өзінен екі-үш қадамдай ғана қасында тіп-тік болып, тайсалмастан қос жанарын қадап тұрған қызға көзі түсті. Ізгіліктің жүрегі зірк ете қалды: тостағандай мөлдір қара көздер аса нұрлы екен - ішінен өтіп барады, тікірейген қайқы кірпіктер жебедей шаншылып алған, сирек қағылғанда жанарынан мөлдір тұнық тамшылар шашырап кететіндей сезілді. Әнтек ашылып қалған аузын жиып, көзін қарсы алдындағы сұлулықтан амалсыз тайдырып, сезімнің түкпірінен бас көтерген естіліктің әмірімен өзінің жарым жалаңаш отырғанын ұғып, айналасынан көйлегін іздей бастады. Қыз да жалаңаяқ екен: құм жұққан оң аяғымен тоқ балтырын бір-ер сипап қасып жібергенін Ізгілік көз қиығымен аңдап қалды. Көйлегін ұстап, бойын тіктегенде өзінің тосын қонағынан бойшаң екенін аңғарды: тізеге шейін түрілген жұқа қара трико денесіне жабысып тұрғандықтан Ізгілік те сыптығыр, бұлшық еттері ширатылып, аңына атылатын арыстандай лыпып тұрған-ды; аяғының ұшынан басып, сусылдаған құмды жаныша езіп, тоғай аруына жақындаса түсті. Қыз да тайсалатын түр көрсетпеді: кілем шетіндегі шаңырақ иесі балуанша сенімді тұр - қолын артына ұстаған, әлде нені жасырып, жанарың тайса, сермеп жіберетін халде-ді; ақ дөңгелек шымшық көз ұсақ гүлді шыт көйлегі тізесіне соғады, тік кеудедегі үшкір қос биіктік дем алған сайын әнтек қимылдап, еркін дір-дір етеді. Сұңғыла жігіт көзі әп сәтте-ақ ауыл еркесін бірден таныды: жасандылық жоқ - сәбилік, аңқау да адалдық, табиғи ынтызарлық балбұл жанған нұрлы жүзінен ап-анық көрінеді. Үлбіреген қып-қызыл еріндерінен уыз балы тамып тұр. Қыз үріккен жоқ: ауыл ортасындағы Нысанбай аңшының үйінен осы жігіттің кіріп-шығып жүргенін бір-ер рет сыртынан көргені бар - жан-жағына жанарынан от шаша елеңдеп жүрген қыз алғаш елеусіздеу көз салса да, кейінгі көзіне шалынғандарында жанары байланып қалды - тұлғалы жігітке емірене қара көзін қадап, жанары боталап кетті. Сонда қолтықтағы ауылдың аруы Ізгіліктің туу сыртынан назарға алып, ішінен ықылық ата тамсанған-ды: қыр мұрынды қара торы бұйра бас сом денелі жігіт орасан келісті екен, қысқа жең көйлек те, денесіне жабысып тұрған жаңа спорт шалбары да құйып қойғандай, сәнді жарасым тауыпты. Оны ойсыздық иелеп алды: ақ тамағы бүлкілдеп, жұмыр иегі сәл көтеріліп, кірпік қақпастан көкжиекке қарап тұра берді. Қыз жаны алас ұрды: миының түкпірінен бас көтерген бір сезім жанын жеп, тамыр-тамырын бойлап, жүрегінің тасырлысы артып, қаны таси түсті - елеңдеп шоқ тораңғылға қарай берді; ішкі ынтызар сезім қызды жетектей түсті, қонақты дәрия бойынан тосқанды жөн көрді де, тықырсыз сілеусін жүріспен тоғайға еніп еді. ... Ақтоты көзін жалт-жұлт ойнатып, бір шекелеп Ізгілікке қарады: жігіт қысқа жең көйлегін жүре киді де, қызға жақындаса қарсы алдында тоқтады; тостағандай қара көздері мөлдіреп, жігіт жанарымен сәл арбасып қалған көзін тайдырып, оның төсіне қадады -астаудай екен: дөңгелене шиыршық атқан көк еттің үстінде көсе сақал сирек қара қылшықтар қадау-қадау шаншыла шыққан; иығына жиналып қалған көйлекті төмен сырғытыуға қарын көтеріп еді, Ізгіліктің түйе өркештене ширатылған бұлшық еттеріне назары түскенде қыз аузын ашты - нәркес көзбен қызыға қарады. Ақтоты артына жасырып тұрған бір тал мысыққұйрықты мұрнына тақап, иісін тартты - көк шөп танауын қытықтай алмады, оны былғаңдатып, әткеншек тепкен маймылша ойната бастады. Қыздың түпкі ниеті басқа-ды - жабысқақ шөппен ойын бастап, жігіт жанын барлау еді - өткір жанар, сымбатты тұлға қыз санасын бірден-ақ баурап алды.

Ізгілік көйлегін түймелеместен-ақ:

— Гүл алып шықты ма десем, тікен ұстап келгенің қалай, қара көз? - деді де таяла беріп, қолын созды. Ақтоты мысыққұйрықты ұстата салды.

— Қарамын ба?!

Қыз қолында сәл діріл пайда болды, бетіне қызғыш нұр ойнап шыға келді. Ізгілік қыздың "қөз" бен "қыз" сөзін алмастырып есіткенін сезді де, ауыл аруына көпшік тастауды ойлады.

— "Көзің қара, өзің дара" дедім ғой.

Ақтоты миық тартып, үнсіз күлді: жарасымды-ақ, тістері қаладай екен - аппақ, ірі, қарулы; бетінің алмалығына үйіріліп кішкентай оймақ ойық пайда болды. Мысыққұйрықты бармақ ұштарында былғаңдатып ойнап тұрған Ізгілік қыз жүрегіне саңылау ашылғанын сезді.

— Мына шөп шашыңа жабысса, ажырату киын: қалың шаш ширатылып қалады.

— Сенің шашыңдай бұйра бола ма?

— Жо-жоқ, ойран болады. Бүлдіреді. Қалың қатты шаш икемге көне бермейді - тек өз ыңғайына бейімделеді.

Ізгілік енді сабақ оқып қарны қалқымайтынын сезді: мысыққұйрықты кітаптың ашулы бетіне салды да, дәптерлерін жинастыра бастады. Оның қимылын бақылап, Ақтоты көзін алмастан тұра берді. Ізгілік қызға шаншыла қарады. Ақтоты да батыл екен - тайсалмастан ұзақ арбасып тұрып алды: нұрлы қара көзін қадап, үнсіз ойланып тұрды да, кенет жалт бұрылып, қалың ағаштың арасына зып етіп, сіңіп кетті; құм үстінде аяқ ізі, саф ауада жағымды иісі ғана қалды: таңғы елестей өте шыққан сүйкімді, ерке жан көз алдынан кетпеді, кітап бетін ашуға да құлқы соқпады; соның арасында ауыл тегіс өріп, азан-қазан ертеңгі қарбалас басталып кетті. Сол таңғы ғайыптан тап бола кеткен періште Ізгіліктің көз алдынан ұдайы кетпейтін елеске айналып алды: аңшылардан қашып, ата жөнелуге дайын тұрған еліктің жәудір көзіндей мөлт-мөлт жасаураған қос жанар, шыт көйлекті еркін көтеріп, аршын төстегі дір-дір еткен биіктік пен мрамордан қашап жонылғандай сымбатты дене, көйлектің етегін қағып тұрған жұп-жұмыр тізе, бұлшық еттері бұлт-бұлт шиыршық атқан балтыры, алтын шай қасықтай қыз аяғы анық көзіне ұрылады да тұрады; сәл ашылып, лебізін жұтып алуға дайын қызғыш еріндері жаңа таңғы шақта саусақ жая бастаған қызыл раушан гүлдің бір талына ұқсайды. ... Ізгіліктің миына шоғырланып қалған ой суыртпақтары кем-кемнен шешіле түсті, бойы жеңіл тартып, бара-бара аруақтанды; оқиғалар тізбегін індете түсті - 50 жылдарда жас жүрегіне өшпес із салған қимас жандарын бірме-бір саралай бастады... Соңғы күндері Ақтоты Ізгілікке әбден бауыр басып алды: жылт етіп, қасына жетіп келеді, тартынбастан дүниенің қыруар сұрауларын береді; үйреніп қалған әдеті бойынша жан-жағына шығып, алыса кетуге, жұлыса түсуге оқталып-оқталып та қояды; қыз қанына сіңген ибалық ерке сезімді ірке береді. Сабақтың да берекеті шындап қожырады: Ақтоты аяғына оратылып, үйге де бара береді, жағаға шықса да тауып алады; аулағаны Ізгілік -соқтығыса кетеді. Қағазға ұзақ үңіліп, денесінің құрыстап қалғанын соң ұққан Ізгілік лып көтерілді де, тораңғылдың көлденеңдеп тұрған бұтағына ырғып мінді; Ақтотының көзі дөңгеленді -жоғары көтеріле берген қыз қолының саусақтарына бармағы тиер-тиместен-ақ сып етіп, Ізгілік жерге дік ете қалды, аяғы жұмсақ топыраққа кіріп кетті. Қыз аң-таң: құйған сақадай қорғасын дене лыпып тұр - жеңіл, шапшаң, көз іліеспес найзағайша жарқ-жұрқ етеді: иірімдегі бір шоғыр ауылды бетке алып, ертелі-кеш айналсоқтап жүретін жігіттерді көрген-ді; олар қыз көзінің шоғына қарылып, аяқ-қолдарынан әл кетіп, сасып-салбырап, әбігерге түсіп қала беретін. Ақтоты сол құдіретінен айырылып қалғанын сезді: есі кетіп, көзі боталап, таңдана жігіттің жарасымды қозғалысына аңсары ауып, сілейіп тұрып қалған екен - шоқтай ып-ыстық дене қарына сүйкеліп өткенде барып өзін қолға алды. Тентек қыз жігітке тесіле қарады: ескі әдеті кем-кемнен бас көтере бастады - жақындасқанды иығымен қағып өту, өтіп бара жатқанды тобықтан қағып, томп еткізе салу бойына біткен дағдысы-ды; арқасы ұстап, қан қызуы көтеріліп, Ізгілікті нысанаға ала түсті. Қыз ойының бұзылып тұрғанын Ізгілік те сезді - сақтанып, етек-жеңін жиып, көз қиығын одан айырмады; жанасып кеткен иығын батырыңқырап, сәл итере қатарласа бой теңестіріп тұрды; от шашқан жанарлар ұштаса кетті. Ізгілік жүрегі шым етіп, қатты-қатты соға бастады, денесінде елеусіз діріл пайда болды. Қыздың да көкірегі көріктей көтеріліп, басылып тұрғаны айдан анық-ты: дөңгеленген төсі жұқа көйлектің ішінен ап-айқын көзге ұрылып, дөңестеніп алған, жанарды еріксіз тартады. Ізгіліктің ниеті өзгере бастады: ұрлана жан-жағына жіті көз салды; талтүс - қыбыр еткен жан жоқ, мүлгіген тыныштық; жасыл тоғайдың бұл пұшпағы тіпті елеусіз де екен, арнайы іздеген тас төбеден түспесе, көзге ілінерлік саңылау жоқ. Ол қызға тығыла түсті: Ізгіліктің мұрнына қыздың жағымды иісі соғылды, тұла бойы жыбырлап, қан тасқыны басқа шаба түсті; қыз қолын еріксіз ұстап алды. Шолтаң еткізіп тартып алмады - қыз қолы ып-ыстық екен; Ізгілік қарулы алақанына салып, салалы сүйріктей саусақтарды әсте қысып қойды. Қыз қолының жылуы тамыр бойлап миға қарай ағыла түсті: қос шекесі солқылдап, жүрегі атқи соғып, дегбірі қашты. Бір нәрсе айтуы керек екенін ішкі сезімі анық ұқты. Қас қағым сәтте аузына сөз де түспеді. Беталды:

— Құстар да көп екен, - деп айта салды.

Ақтоты көзінен от шаша аларып қарады.

— Құстар ұрсын, құс ұрғыр! - деді де әдемі қаз мойнын созып, қыңырая бұрылып, бұлтия өкпелеп алысқа көз тікті; саусақтарын жинап алмақшы болып, әсте тартты. Ізгілік қыз көңіліне түсінбей қалғанын соң сезді: албырай түсті де қалбалақтан, ыңғайсызданды; тез есін жинап, ыстық саусақтарды босатпастан икемдей өзіне тартып, зып ете алдына шықты. Найза кірпіктер шаншылып, жанарына қадалды: Ізгілік те жәудіреп тұрған мөлдір қара көздерден жанарын тайдыра алмады - кірпік қақпастан кем-кемнен таяла түсті. Қыз шегінбеді: он жетінің күшін алып, ұрын келген күйеуі Қосшығұлды екі рет пысы басып, мерейленіп жүрген кезі-ді: құда түсіп, патияласқан соң, қалың мал өтірілді де, арадағы байланысшы келіншектер күйеудің келетінін сездірді; сәуірдің аппақ түнінде ұзынтұра арық сары жігіт аяқ жағында сопайып отырғанын бір-ақ аңдады; өрмелеп, кем-кемнен қасына жақындасты, жігіттің тер аралас жеңіл қолаңса иісі мұрнына ұрды; дір-дір етіп қалшылдаған жігіт қыздың оң қапталынан таялып келіп қол созды - тершіген алақан тәніне тигенде қыз дір ете қалды. Келесі жолыққанда Қосшығұл батылдық көрсетті: қыз тосқауылына кезікпеген ол өңмендеп үстіне төніп келді, жандылау жеріне ыстық дене қадала бергенде Ақтоты ыршып кетті; тайып, жылжып кеткен денеден ып-ыссы сұйықтық бұрқ етіп төгіле жөнелді - Қосшығұл қалш-қалш етіп қасына қисая кеткен-ді...

Бұлшық еттері шиыршық атқан Ізгілік сол қолымен қыз белінен қаусыра құшақтап, өзіне тартты: әдетте қарулымын деп ойлайтын Ақтоты тегеуірінді жойқын күшке қауқар көрсете алмады - жапырақтай діріл қағып, жігіт құшағына ене берді; жігіт жүзі бетіне тақалып келгенде ыссы леппен аралас мұрын қытықтайтын қышқыл тер иісі танауына соғылды, жүрегі алқына жұлқынып басын жоғары көтеріп, шалқая бергенінде Ізгілік көзінен, екі беттің алмалығынан құныға сорып-сорып сүйе бастады. Жігіт тұмсығы күн шалмаған ақ тамағына қадалғанда қытығы келіп кетті - аузын әнтек ашып, қармана бергенінде жігіт қадала түсті: еріксіз көтерілген қыз тілін таңдайына басты. Ақтоты албырады: өкпе артып, бұртия бергені де сол еді, қас қағым сәтте отты құшаққа түсті де кетті; қолаң қара шашын қобырата аралап, сипап жүрген жігіт қолы ып-ыстық екен: от шашып тұрған алақан жылуы жанына жағып бара жатқандай сезілді, балбырап есінен де, еркінен де айырыла түсті. Ізгілік те қып-қызыл ләззат дүниесіне еніп кетіп еді: қыз иісіне балқып алған ол алас ұра қимылдады - сұлу мүсінді емірене сипалап, мейірлене төсіне басып-басып қойды, күш-қуаты тасып, тастай бекіп кетті; құшырлана иіскеп тұрған нұрлы жүзден сәл назарын тайдырып, көз қиығын қыздың мүсіндей ап-ақ келісті бөксесіне аударды - аймаласып, қабыр-құбыр ұстаса кеткенде қыз ұстіндегі жұқа жалаң көйлек түріліп те кеткен екен, тұтас ару дененің орта тұсында қысқа киім тұрған-ды, жігіт қолы төмен сипалай жылжып, оны ысырып еді, қозғалмады - ышқырбау екен, ұшынан тартып қалды. Осы сәтте Ақтоты да селк етті: жігіт мойнына оратылып тұрған қолын жедел ағытып, түсіп бара жатқан киімін ұстап қалмақшы болып қол соза беріп еді, үлгере алмады: қарулы қол жеп-жеңіл көтеріп алды да, ып-ыстық құшағына басып, әсте-әсте иіліп, жауырнын жұмсақ ыстық құмға тигізді. Қыз ненің не екенін аңдамай да қалды: жігіттің салмақты денесі тұла бойын жаншып бара жатқанын сезіп еді, соның арасынша алапат ыстық дене ішкі мүшелерін кернеп, жоғары алқымға қарай ысырып ала жөнелді... ыстық бір ағым тамыр-тамырын қуалап, өрге шапты - дыз-дыз төсі де, миы да шаншып кеткендей болды. Дүние қып-қызыл түске еніп, дөңгелене жөнелді... Қыз талықсып кетті: шілденің аптап ыстығы мен дарабоз жігіттің от құшағы қызу қанды жас жүрекке салмақ салды, балқаймақ еріндері түріліп, оймақтай дөңгеленген аузы сәл ашылды да, өзен жағасының алуан жұпар иісті ауасын сіміріп- сіміріп жұта бастады. Сондағы алаулап нұр шашып тұрған Ақтотының әсем жүзі Ізгіліктің көз алдында мәңгі сақталып қалды: елес-елес бұлдырап, толқындана сағымданып, көлеңдеп тұра береді... Ертеңіне Ізгілік сандалып кетті: Ақтоты көзге түспеді, сабақ та миға қонбады - дүрс-дүрс етіп жүрегі жиі соға түсті. Сұлу қыздың тып-тығыз, жұп-жұмыр ыстық денесі көз алдына елестеп, жанға жағымды иісі мұрнына соғылғандай болды да тұла бойы иіп бара жатты: өзен жағасына барғанын сезбей де қалды. Ләззат орны сайрап жатыр: дәрия қайырынан жиналған жұмсақ құмның үстінде аяқтарының орып кеткен жерлері ойық-ойық із жасапты - тісінің суын тартты; жүрегі шымырлап, жаны езіле сол Ақтотыны аңсады. "Обал болды-ау. Жол ашып, есімді алған Ақбаян, сен кіналысың. Сол есалаң шақта не істегенімді аңдамай қалыппын. Тасбауырмыз. Қарашықтарымызға қадалып тұрып та қаталдық жасай береміз. Жауыздық болды - осал екенсің, Ізгілік. Бір құрбыңның назын көтере алмадың: жылаған шығар, өмір бойы жыласа қайтесің. Мойныңда қарыз кетті - нәресте көңіл жол көргеніңді аңдамай қалды..." Мың сан ой торлаған Ізгілік елеңдеп, төңірегіне көз жүгірткенде қарашығына мөлдірей қарап тұрған тұңғиық терең қос жанар сап ете қалғандай болдыҮ мінсіз ап-ақ тістері ақсия күлімдеп, жәудіреп қасында Ақбаян тұр... Ызмұхширдың боз топырағына 1953 жылдары "жұт" деп аталған кенеп кендірі егілді: өскелең егін бойшаң екен - жаз ортасында-ақ жер бетін тұтас жауып алды; шелінен аттаған адам шөмелеге түскен тебендей зым-ғайым - атты іздеп таба алмайды. Ізгілік ертелі-кеш кендір арасынан шөп оратын-ды: ұсақ жандықтары мен таңдайына тартып отырған сауыны ұзақ күнге қолға қарап тұр; кенеттен осы Ақбаян сап ете қалды. Суотыдан ешек жүгін бітіріп, енді қайтарман болып тұрғанында қалың кендірдің арасынан күлім қағып, уыздай аппақ келіншек көгілдір көзі мөлдірей нұр төгіп, жанаса берді. Ізгіліктің тұла бойын найзағай тездігіндегі бір ыстық леп шарпып өтті: жүрегі де дір ете қалды, қылмыс үстінде қолға түскен жанша бір сәт есалаң күйде жан ұшырды -тыпыршып, жанарын жерге тікті, аяғымен боз топырақты көсіп-көсіп те жіберді. Ақбаянның күткені де осы сәт еді, жігітке дер кезінде бұғалақ тастады: таялып келіп, сүйкене тұрды, нық сеніммен бетіне шаншыла түсті - от шашқан мөлдір қара көз бен боталаған көгілідр көздер ұстаса кеткенде тұла бойларынан жастық лебі есіп тұрған екі жас жалғаншы дүниені де ұмытқан еді. Ақ келіншек дәмді де қылықты екен: мінсіз аппақ тістерінің арасынан жылт-жылт еткен қызыл тілі Ізгіліктің бетін тінткілеп, сумаң қақты. Мойнына оратылған Ақбаянның қолы кем-кемнен босап, Ізгіліктің тұла бойын сипалады: төсін, арқасын адақтап, бір шама кідірді, ыстық алақаны жанына жақты - қан ағымы тасқындап, күші толысты; ақ келіншектің қолы жылжып төмен түсті.

— Ы-һә, -деп жиырыла түсіп серпілген ақ келіншек созылып барып тынышталды. Олар көпке шейін қара терге малшынса да бір дене болып, оратылып алды. Ақбаян алдымен есін жинады: алтын қасықтай аяғын бауырына тартып алып, тесіле қарады. Ізгілік ақ келіншектің әр қимылын қадағалап, үн-түнсіз отыра берді: мең-зең, алас-қапаста не істеп қойғаны енді санасына оралып, бетіне қызғыш нұр ойнап шыға келді. Кірпігін көтеріп, Ақбаянға қарады: тұңғиық терең көгілдір көзбен жанары ұстасты. Жанарлар көпке шейін арбасып тұрып алды: кірпік те қақпады, мөп-мөлдір көздер нұр шашып, бірін-бірі жанарларымен суарып, ләззатқа бөленді. Ақбаянның қызғыш ерні жыбырлап, тіл қатты.

— Бауыр басып қалып едік... саған жеңгелік жасап, еркелеп ем, жол көрдің...

Ізгілік Ақбаяннан көзін айырмастан үнсіз миық тартты - жанарынан сансыз ұшқындар таралып жатқандай болды. Бір партада отырып, бастауыш мектепті бірге бітірген өзінен естиярлау Ақбаян оқуды жалғастырмады: үй шаруасынан мойны бір босамастан-ақ бой жетті. Ізгілік оқуға кетті де, Ақбаян тұрмыс құрды. Ізгілік демалысқа келсе, Ақбаян да көгілідр көзі мөлдіреп аяққа орала кететін: әйел ойлағанынан қайтпайды - таралып толысқан Ізгілік көкейінен бір елі де шықпайтын, күткен сәті дәл келді... Ізгілік тәтті ойынан арылып, айналасына көз салғанында жалғыз тұрғанын бір-ақ сезді: жанарына әрдайым Ақбаян елестейтін-ді, оның қапталына жәудіреген қара көз де тұра қалатын әдет шығарды. ... Ізгілік жазу үстелінен көтеріліп, жұмсақ түкті кілемнің үстімен аяғын санап басып, бөлме кезіп кетті: санасын жан-жағынан тұмшалап алған толғақты ойлар будақ-будақ төгіле берді. "Шабыттың көзі - әйелде. Сен жебеп отырмасаң, мен құр тулақпын. Көп әйелдер жасын сылтаулап, жолдасын ұмытады - ол өлімге ысырмалағаны ғой. - Ізгілік Сәнге төне қарады. Ойын ұштастыра түсті. - Сәби шақтан денеге сіңген әйел жылылығы өмірлік азық - Күн нұрымен тең: бір сәт осы саға тоқыраса, еркектен аруақ ұшады - қаңқа болып қалады. Шабыт тиектерім"... Үлкен айнадан астананың қақ ортасын тең бөліп өтөтін Аллаяр Досназаров көшесі көзге түседі: ерсілі-қарсылы жүргіншілерге, ығы-жығы көліктерге тола бастапты, Күн астындағы университетті бетке алып, ағылып келе жатқан жастардың есеп-санағы жоқ -аяқ соқпақта да, даңғыл жолдың шетінде де жебелей басып барады, сабақтарына асығады - маңдайы жарқырап, иығына бос тастай салған қолаң қара шашы төгіліп, Ақтоты келе жатыр... Ақтоты... Жүрегі тыз ете қалды. Ізгілік айнаға өңменін тастай, ентелей-ентелей көз тікті, шаншыла қарады. Шынында да мынау Ақтоты ғой... Сол жап-жас күйінде. Табаны жер иіскеместен қалқып келе жатыр. Тақалып-ақ қалды... Жүрегі дүрс-дүрс соға түсті...

Қәтеп ауылы
1995 доңыз жылы, ақпан

2. АҚБАЯН

Ізгілік есік көзіне тақалып тоқтады. Дыбыс берген жоқ. Мәшине кідіруден-ақ үлкен қақпа үнсіз қақ айырылып, екі қапталға жылжып, сіңіп кетті. Сәннің ізін ала шағын денелі орта жасар әйел әсте құйрығымен жылжып, мәшинеден түсуге ыңғайланды. Сән қолтығынан сүйеді. Әйел аяғын басуға ауырсынып, қолымен тізесін тіреп, бойын тіктемекші болды: иіліп қалған бел жазыла қоймады, ауырсынып қабағын шытты. Кібіртіктеп, бір-екі адам атты да Ізгілікке қарады: маңдайына түйіршік-түйіршік тер моншақтары тарыдай домаланып қатар тізіліп шыға келді. Ізгілік Ақбаянды қолтықтап алып, сүйеді. Есікті үй қызметкері Наржан ашты. Ақбаянды диван-керуетке отырғызды. Есіктен ішке енген Наржан тіл қатпастан, жанарын төмен салып кідірді. Ізгілік көзін көтерместен:

— Қонақасы дайындаң - қозыны сойың. Моншаңды жақсылап қыздыр, - деді. Наржан шығып кетті. Ақбаян отырған жерінен айналасына көз салды: бөлме жасауға тұнып түр -еден де, қабырғалар да түкті кілемге оранған, қабаттап төсеп тастапты; ілулі, шиыршықтаулы тұрғандары да жеткілікті. Әдемілігінен көз сүрінеді. Аумақты бөлменің ортасында қысқа аяқты ұзын үстел тұр: бүкіл бойына тұтас әсем гүлді дастарқан жабылған, қадау-қадау тең аралықта қылаяқты вазалар жемістен толы; уылжып піскен алма, жүзім, апельсин, қарелі, алмұрт жағымды иістерін бөлмеге сақилықпен таратып тұр. Көңілге қанат байлайды.

Сән келді - үй киімінде, тықырсыз қалқи басып, Ақбаянның қасына отырды. Қонағына көз жүгіртті: Ақбаянның киімдері жұпыны екен, кіршіксіз таза, ұқыпты, өзіне шап-шақ, жарасымды. Әйел өзіне сенімді көрінді: сәл қабақ шытқаны болмаса, не таңдану, не еліге қызығушылық сезім білдірмейді. Айналасындағы көз сүрінерлік жасау да, сілекей шұбыртатын тағамдарға сіресіп тұрған дастарқан молшылығы да сезіме әсер жасаған жоқ. Сулесоқ, жай ғана көз қырын тастап отыра берді: жанары әлі отты, қаруы қайтпаған, жігерлі екен. Қол шайып, дастархан айналасына жиналысты. Сән шай құйды. Ізгілік шаруа жағдайын ойласты: тамыршы көреді, сол емдейді. Жеңіл тамақтанып алған соң Сән қонағын моншаға алып барды, киіндіріп шығарды. Шақан айтқан уақытында келді: ұзын бойлы сары жігіт екен, зиялы емші адамға тіке де қарамайды, көз қырымен-ақ айналасындағы қимыл-қозғалысты қапысыз сезіп отыр. Сән кілемнің үстіне көрпеше төседі: Ақбаянның жеңсізін шешіп алды да, сүйемелдеп, төсек үстіне отырғызды. Ойға беріле күбірлеп, жұқа еріні жыбыр қағып, өзімен-өзі сөйлесіп отырған тамыршы қабағын көтерді: екі бүктеліп, өкпелеген кірпідей жиырылып алған жұмырықтай шағын денелі әйелге сипай шола көз салды. Аятын оқып болған соң науқасқа тіке қарады: шегір көзі от шаша қаһар төгіп тұр екен - Ақбаян жанарын төмен түсірді. Тамыршы таялып келді де Ақбаянның қолын ұстады: күре тамырды тауып алған салалы саусақ кенедей жабысты, жүректің соғысын санап, қанның ағысын болжай бастады. Шақан қолындағы білектің әлі қарулы екеніне сенді: тамыр желісі орнықты, сеанстың сілкілеуіне шыдайды. Білекті босатты да:

— Кәне, аурудың басталған нүктесін бері соз, - деді. Ақбаян алтын қасықтай кіп-кішкене аяғын қымсына ұсынды. - Ем үстінде қысылма, тек жақсы тілекте бол, - деп сөзін жалғастырды. Тамыршы Ақбаянның екі аяғын қаз-қатар қойып, өкшесінен ұстап, аяқ бастарын жұптастыра теңестірді. Саусақтар өкшеге қадалды: сипалап, тоғысып, түйін болып тұрған қуатты сіңірдің бойын әсте қуалай түсті. Тоқ балтыр тығыз екен: көк еттері әлі босамаған, саусақтың ұшына соғысады.

Шақан көзі қызғыш тартты: жасылданып, от шаша түсті, денесіне алапат күш құйылып, саусақтарының ұшы жалынға айналғандай болды. Ақбаян етбетінен ұзынына түсіп жатып алған-ды: тұла бойын бүріп, құрыстырып тұрған тамыр бойында бүлкек қаққан тамыршының от жалынды қарулы саусақтары алғаш құмырысқа қимылындай жыбырлады да, бара-бара көк етке сіңіп, удай ашып ауыратын нүктелер үстінде ойнақтай түсті; жылы ағым сіңірге ене ысыта берді, зу-зу толқын жан-жағына тарап жатқандай сезілді. Тамыршының қолы жон арқасына қадалған Ақбаянның көзінен от шашырады: шыңғырып айқайлап жіберуге шақ қалды, тістеніп, көзін де тас жұмып, жігерін жинап, дыбыс шығармауға күш салды. Саусақтар көк етін түйрей өтіп, тілгілеп жатқандай сезінді. Маңдайынан тер моншақтары көрінді: қақ жауырынға, көк желкеге ойнақ салған саусақтардың күшін еміс-еміс сезіп жатты. Тұла бойы бусанып, кем-кемнен ыдырап, езіліп бара жатқанын сезінді: ол тамыршының алақанында жас сәбише иленіп қалғанын бір-ақ ұқты. Шақан қақ жауырны тұсына өтіп, қос қолының ұшынан ұстап, ептеп тартып-тартып жібергенде сүйектерінің күтірлеген дауыстарын анық есітті. Тамыршы қолындағы домалана бүктелген ақ келіншекті еппен жатқызды да аяғын тартып, созып-созып алды; кем-кемнен науқастың аяғын көтеріп, құлағына қарай соза түсті, ширатылған сіңір қарулы күш пен епті саусақтардың ыңғайына қарай икемделе берді. Иіліп, қатып қалған аяқ ыңғайына көне түсті: Шақан ұстаған жерінен бір сәт те айырылмастан ширатылған тарамыс сіңір мен қан тамырларына қозғалу жаттығуын үсті-үстіне ентелетіп жалғастырды. Денедегі артық жел қашып, тығыларға саңылау іздеді: дыбыс шығып кеткенде Ақбаян ыңайсызданып қалды. Шақан:

— Оқасы жоқ. Тамыр бойындағы жел қозғалады. Орын ауыстырады. Табаннан шығып кетеді, - деді.

Шақан көк желкеден бастап, бас терісінің құйқаларын да теріше иледі: құлақтың сыртын сипалап, қалқандарынан әсте тартып-тартып қойды. Ақбаян есін жиды: тұла бойы шымырлап, буын-буынының ысып тұрғанын сезді. Айтқанына көне бермейтін аяқтарын сипады, созып және жинап алды. Жеңіл. Мұңайып, ал-сал болып отырған Ақбаян басын көтеріп, тамыршыға қадала қарады: сирек, ұзынша ақ сақалға алдымен назары түсті, ат жақты сары жігітағасы тасбиық санағандай жұқа еріндері жыбырлап, ішінен сөйлеп отыр екен. Өзіне келіншектің көз нұры түскенін сезді, бетіне қарады. Науқастан зәрезап болған ана көзінен мұң табын көрген Шақан:

— Тынбай қимылда, кеште табаныңа шым-шым бататын ыссылықтағы кірпішті бас, - деді де "Кәне, жүр!" деген ым жасады. Ақбаян жүрексініп сәл кідірді: көгілдір көзі жасаурап, жан-жағына қарады, самайына төгілген ұсақ шаштарын саусақтарының ұшымен жинақтап, жұп-жұқа, ар жағынан Күн көрініп тұрған кішкентай құлағының артына топтай салды. Оң қолын жерге таянды да, бойындағы қайратын жиып, көкірегін көтере көзінің отын алып, зар қақсап ауырып жүрген аяқтарына, иілмей қырсығатын тізесіне салмақ сала түргеле бастады: балтырындағы бұлшық еттер салмаққа шиыршық атты, жұп-жұмыр кішкентай тізе жазыла түсті де икемге келді. Қалт-құлт түкті кілемнің үстінен қысқа-қысқа адым ата бастады. Барлық қимылын бағып отырған Шақан:

— Батылдау бол, жан аярлық жасама, - деп қадамына іштей қуана қолдау жасады. Есікке таялып қалған Ақбаян мойын бұрып тамаршыға қарады: мөлдіреп тұрған көгілдір көзі өзіне туу сыртынан шаншыла қадалған жасыл көзбен шағылыса кетті — жүрегі уылжып, енді ыңғайлана бергенде ашық есіктен Ізгілік кірді: келіншектің қалбиып тұрғанына таңырқай қарады да Шақанға көз тастады. Тамыршы орнынан бір қозғалып алды да:

— Ауру сіңісті болып алған, тамыр қуалаған ызғар өзге мүшелерге де шауыпты, көздің де салқыны бар. Күтіну керек, - деп жай-жапсарды зерделей түсті, - күніне бір реттен артық емді қабылдай алмайды - дене әлсіз. Шаршау екен.

— Есітуден Баянға хабарласқаным - жедел алып қайттық. Ауылды жер - көлік тапшы. Баласының қолы да жұқа: егін-тегін, мал-қара деп аттап шыға алмайды, қазір дәрі-дәрмек ұшынып тұр. Қызы кездесіп қалды да... - деп Ізгілік сөйлеуімен Шақанның қарсы алдына көрпенің үстіне тізе бүкті. Наржан жасаулы үстелдің үстін ішіп-жеммен толықтай түсті: қаймақты сүт қатқан хош иісті үнділік қара шай жағалата қүйылды. Ақбаян да төрден Шақанға қатарласа орын алды. Ізгілік қонақтарына көз тастай отырып, сол бір өткен сәттерді есіне алды...

Ізгілік мәшинесіне жақындаса түскенде "Аға!" деген жіңішке дауыс құлағына шалынғандай болды. Ол елемеді де және қадам ата бергенінде дауыс қайталанды. Ізгілік кідірді де жан-жағына қарады: қар бойы қасында жарасықты киінген, өңді жас қыздың өзіне қадала қарап тұрғанын бір-ақ көрді. Көзге көз түсті. Ізгілік ес тоқтатып, бір сәт көзтаныстары ішінен мына баланы іздей бастады. Сол сәтті толғанысты минеттерді ретті пайдаланған қыз тіл қатты.

— Ақбаянның қызымын. Сыртыңыздан көріп, күттім. Апам ауырып, жатып қалды. Аяғынан мешел. Қолым қысқа, көмегім жоқ: қызыл шақа балаларыма нан тауып бере алмай жүрміз. Жолдасымда жұмыс жоқ: үйде бала бағады; күні бойы ұсақ сауда жасап, кешке нан апарамын. Апам аузынан тастамай айтып отыратын: сізді ұдайы көрсем де бата алмадым. Амалсыздан күткен едім, - деп жылап жіберді келіншек. Ізгілік абыржыды: Ақбаян көз алдына елестеді, қызға еңсеріле көз тікті; арадағы ұзақ жылдар баланы есейтіп те жіберіпті. Қауқалақтап, қолын жанқалтасына салды, мәшиненің кілтін алып шықты, оны сол сәтте қалтасына қайта тастап жіберді. Жан-жағына көз салды - таныс жан көзге ілінбеді, Наржанға жақындаса келіп, жас келіншектің бүкіл тұрқына тінте көз салып шықты. Келбетті де екен.

— Қызым, еш абыржыма. Ертең азанда кездесейік. Осы жерде. Ойласамыз, - деді Ізгілік. Наржан Ізгілікке тіке қарады: ұзын қайқы кірпіктерінің ұшында бір-ер мөлдір шық ілініп тұр, кірпік қаққанда жерге сырғып түсіп те жатыр. Көп кідірмей Ізгілік жүріп кетті.

Ізгілік Сәнге мән-жайды түсіндірді: есті әйел қарсы шықпады, Наржанмен ойласып көруді жөн көрді. Ертесіне мәшине көзіне түсуден-ақ Наржан жайып қойған ол-пұл заттарын жинастырып, сөмкесіне салды да, ұсақ саудагерлер арасынан суырылып шықты. Ізгілік алдыңғы есікті ашты. Наржан сөмкесін аяғының астына тастай салды. Көпке шейін екеуі де тіл қатқан жоқ: әркім өз ойымен арпалысып отырды. Шабаттың үлкен көпірінен өткен соң, көп ұзамай-ақ жолдың шетіне Ақбазардың қасына тоқтады. Наржанның ойын бөлмей Ізгілік көз қырымен бақылап отыра берді. Наржан кірпігін көтергенде көзі Ізгіліктің жанарымен ұштаса кетті. Қас қақпастан бір шама іркілііп қалды. Ізгілік келіншектің жүзіне қадала қарап отырып, қайсарлық пен қайраттың, жігерліліктің ұшқынын оқығандай болды. Тазайын. Желке тұсында қара шашы бұйраланып, шиыршықталып тұр. Орамалдан сыртта қалған маңдай тұсындағы бірнеше тал шаштар да ширатыла есіліп алған: мойылдай мөлдір қара талшықтардың ұштары айыр шақа-шақа болып кеткен. Төгіліп тұр. Маңдайы жазық, қара қалың қастың үстінде көсіліп жатыр. Қыр мұрыны да жарасықты.

— Жұмыс тауып берсем істейсің бе?!

Ізгілік көзін алмастан келіншекті бақылады: әжімсіз уылжып тұрған бетіне қызғыш нұр ойнап шыға келді. Көзін көтерместен саусақтарын уқалай берді. Толқып кетті - тіліне де сөз оралмады. Абдырады. Көзі боталап, Ізгілікке қарады.

— Үйде жұмыс істейсің. Айма-ай келіскен жалақыңды төлеймін. Асқа шеберлігің қалай?! - Наржан таңдана қарады. Ізгілік ойын жалғастырды. - Көпшілікпіз. Келім-кетім де соған сай: қол күші керек - жиі мал сойылады, әр алуан ас дайындалады. Кір-қоң және бар. Адам өзі үшін дастархан жаяды: қызметің жақса, шөмішің майлы; мал иіскессе, адам сөйлессе -жүрекке жол табады, уақыт адамгершіліктің тәрезісі. Қызметтегі табысың мен ұсақ саудадан түсетін олжаңды салыстырып көрерсің.

Наржан төмен қарап және ойға шомды: ернін қымып, тістеледі. Тілінің ұшымен еріндерін сипай жалап өтті: оң қолының саусақтарымен езуін ерсілі-қарсылы қысып-қысып ысқылады да:

— Қашан қабылдайсың?! - деді.

— Ойлан. Ертең Ақбазарға соғамын, - деді де Ізгілік мәшинесінің пұлсалғышына қарай ұмсынды; Наржан да сөмкесіне қол соза берген екен - маңдайы Ізгіліктің бетіне таялып келіп тірелді. Келіншектің жұқа орамалы кейін ысырылылды да бұйра шаштан жағымды әйел иісі көтеріліп, Ізгіліктің танауына соқты: тұла бойын ыстық леп түйреп өте шықты. Жүрегі тез-тез соғып кетті. Сақа жігіт өзін ұстай білді: бір уыс ақшаны алды да санамастан Наржанның алақанына салды, сәл ойға берілді.

— Базарға шығарсың...

Мәшине жылжып, ағылған көпшілікке араласып кетті: Наржан уысындағы ірі ақшаларға бір қарады да сөмкесін көтеріп, Ақбазардың қақпасынан ішке енді... Ызмұхширға Ақбаянға Ізгілік Сәнді ала кетіп еді: екеуі де кіндік қандары тамған қасиетті топыраққа жеткенше іштей асығулы-ды, даңғыл жол үстіндегі жайлы көлік су жорғасынан бір жаңылмастан тез-ақ жеткізді; қапталынан жылжып қалып бара жатқан жер бедерлері көңілдерге қозғау салады - бал татыған балалық кезді айғақтап тұр, жүрекке жылы сезім орнатады. Туған жерге асықпайтын жан жоқ: көзкөргендер анаң мен әкеңнің есімдерін тілге алып, кешегі адал еңбектерін жыр ете бастайды, ол адал сезімнің сыртқа тебуі -Ізгілік те, Сән де ауыл десе ішкен асын жерге қояды, бір сәт жасарып та кетеді. Оларды Ақбаян төсекте жатқан жерінде қарсы алды: жүдеу екен, жастықтан басын сәл көтеріп, ауырсынып қабақ шыта отырып, жай-жағдайын айтты; көзіне жас алды. Ізгілік Ақбаянға шаншыла қарады: тұңғиық көгілдір көз әлі де жігерлі екен, жас тамшыларының арасынан жылт-жылт еткен ұшқын жанарына іліккендей болды. Қолын ұстап отырып:

— Балалардың берекетін ала берме - жазылып кетесің: менің тамыршы достым бар, ары-бері сипап жіберсе және кетпен алып, атызға шыға бересің. Жұмыс істемесе, мұрны қанайтын нағыздың өзісің ғой, мен білемін сені. Наржаннан есіттік, - деді. Ақбаян шынтақтай отырып:

— Бірге оқыдық. Ұмытпаған екенсің-ау: қазір кей перзенттер ата-анасын да ұмытып жүр. Есалаң кезге тап болдық қой - тәртіп жоқ, жұмысқа ықылас кеміді. Емізікке үйреніп кеттік-ау, - деп мұңын шақты. Ізгілік ойланып қалды...

Шақан селт етпестен Ізгіліктің әңгімесін тыңдады: ойға шомып біршама отырды, қабағын көтеріп, айналасына көз жүгіртті.

— Алла сәтін салса, аттай болып кетесің, ауылдас, маусым ғой, сонда да өзіңді жылы сақта. Қимылдаған жақсы, - деді Шақан. Қонақасыдан соң Шақан іркілмеді: ол өзін күтіп отырған адамдарға асықты. Ақбаян тұла бойының дуылдап аши ауырғанын соң сезді: қабақ шытынды, аяқ үстіне көтеріліп, қаз жүріспен бөлмені кезе берді. Жүргеніне іштей масайрап таң атырды. Ақбаян ауылға қайтарынан бір күн бұрын қалаға шықты: үлкен базарды ұзақ аралады, қымсынбастан сауда жасады. Мәшинеден түскен Ақбаянды немерелері үйге кіргізбестен-ақ ортаға алды: апақ-шапақ болысып қалды, сағынған екен -қойны-қонышына кіріп кетті. Ізгілік миығынан күлді: "Халқымыздың "Ұрпағыңмен мың жасайсың" дегені осы екен ғой. Бір жасап қалды. "Адам адамға себепші" - Шақанның қолы алтын-ау: бір сеанста-ақ аяққа тұрғызып, бір аптада құр атқа мінгендей етті. Ер ғой асыл Шақан" деп ойлады. Ақбаянның ізінен тесіле қарап тұрды да мәшинесіне қарай бұрылды...

Қәтеп ауылы
1998 сиыр жыл, қаңтар

3. АҚСӘН

1.

Ызмұхшир аспаны тамызда да қайнап тұр. Қарбалас шаруашылық етек жайған. Егін-тегін жаппай піскен. Жиын-терім от алып, лаулап тұр. Пісікшілік. Молшылық, тоқшылық ағыл-тегіл, кемерінен асып төгіліп жатқан кез. Жер емшегін емген диқандар еңсе көтермейді: бозала таңнан қас қарайғанша құйрықтары жер иіскеместен еңбек қазанында бүлкіл қағып жүргендері. Жантақ бастары толыса піскен. Дәндері топ-толық - иіліп тұр. Қызыл сөк көз тартады. Елге жеткен соң айналасын жіті бақылап бара жатқан Ізгілік Маякеткен көлінің жағасында жантақ шауып жүрген жалғыз қараны көрді. Сілтеген шамаға жақындасса да үйді анық білмеген соң жөн сұрағанды мақұл тапты: мәшине таялып тоқтаса да сезбестен кетпен сілтеп тұрған қыз екен. Күн жеп, өңі түскен шыт көйлектің ішінде құлын дене шортандай толқиды, сұлап түскен жантақты керзі етікпен топтап, кетпенге сыға бір аяқпен көтеріп, үсті-үстіне жинай басып таптап-таптап, үп-үлкен пәтте жасап жатыр. Жантақтан басқа білері жоқ: айналасына көз қырын да салмайды. Күн нұрынан қуат алып, кем-кемнен өршіп бара жатқандай өршелене кетпен сілтейді. Жол жағасына тоқтаған мәшинені сезбеді. Сұйық шаң да басылды. Қыз қасында мәшинеде отыра бергенді ыңғайсыз көрді де Ізгілік сыртқа шықты: тықырсыз таянып барды. Жеңіл жөткерінді. Қыз қалт тоқтады. Бота көзі жарқ ете қалды: бетіне қызғыш нұр ойнап шыға келді.

— Армаңыз! - деп Ізгілік сыпайы тіл қатты. Қыз біресе үш-төрт адымдай жердегі көлікке, біресе өзіне тесіле қарап тұрған жігітке тез көз жүгіртіп шықты. Таңдана ашылып қалған еріндері жыбырлап:

— Бар болыңыз! - деді. Жұмысын тоқтатып Ізгілікке қарады.

— Жұманның үйіне келе жатыр едім. Дәл болжай алмай тұрғаным, - деп Ізгілік жөнін айтты. Қыз жүзі кенет құбылып, нұрлана түсті. Көзі жарқ-жұрқ етіп, алау шашты. миық тарта үнсіз күлді.

— Біздің үй ғой. Жездем "Жақсы адамға тап болдым. Танымаса да Ызмұхширдың атын естуден мені бауырына тартты. Сауда жасадым" деп отырған. Көп күтті. "Келеді" деген, -деп сөйлей жөнелді қыз.

Ізгілік қызға көз тоқтата қарады: күнқақты денесі мінсіз мүсінге ұқсайды, толысқан, қуаты сыртқа теуіп тұр. Сол жақ иығының үстінен көйлегі төрт елідей жыртылып, қыздың жалаңаш еті көрініп тұр екен: Ізгілік жұтынды да көзін тартып алды. Назарын жүгіртіп, қатарласа теңкиіп-теңкиіп жатқан пәттелерді тінте қарап кетті. Арадағы аз үнсіздікті қыз бұзды.

— Үйге қайтпақшы боп тұрғам, Күн жанып кетті.

— Терлемепсің ғой, Күнге өкпелейсің ыссы деп.

— Жұмыста піскенмін. Жетімдік қамыты мойынға ерте ілінді. Апа-жезденің қасы-қабағына қарап, өзімді ойлаған жан емеспін.

— Оқасы жоқ. Қыз қырық шырақты: бақыттың ерте-кеші болмайды.

— Қайдам...

Мұңайып төмен қарады. Ізгілік аяп кетті. Тіл қатуды артық санады да мәшинеге қарай жүрді. Қыз кетпенін ала кейінгі орындыққа отырды. Жұма үйде жоқ екен: жайлауға шығыпты. Қызылгүл абыржып қалды. От басқандай жанталасты; Ізгілікке тіктеп қарай да алмады, ішке бір кіріп, бір шыға берді. Сол аралықта жұмыс киімін алмастырып үлгерген қыз сәкінің үстіне көрпеше төседі.

— Сән, шайың қайнап тұр...

Апасы сөзін жұтып қойды. Ізгіліктің іші қылп ете қалды: "Қазан көтеруге тілі оралмады". Ізгілік іле тіл қатты.

— Хабарласа келгем. Жұмекеңмен ойда жоқта кездесіп қалдық. Кейін-ақ соғармын...

— Қойларың қорада. Айтып отырған: "Керегін алсын" деп. - Қызылгүл Сәнге қарады. Шайды енді жүргізе бастаған қыз сөзге араласты. - Жездем жолға қарап жүрген. Бүгін қолайсыз болды-ау...

Сән шынымен қиналыс білдірді. Айналасына көз жүгіртті: көрші үйге бара жатқан апасының сыртынан шаншыла қарап аз ойланып отырды да, Ізгілікке жалт ете көзін қадады.

— Күнкөріс қиындап кетті: жалақы жоқ, үйге табыс кірмейді. Ірілі-ұсақты мал-қарасын жонып жеп, талқажау жасап отыр. Нан жейтін ауыз баршылық. Білекке жұмыс жоқ. Үй іргесіндегі жерге қараймыз - көк өнім жеткілікті. Ызмұхширдың топырағын қалталы адамдар сатып алды - үстінен құс ұшырмайды.

Сән шайды шебер құяды екен: қызылы да, қаймақты сүті де, қыздың құлаққа жағымды даусы да жарасымды-ақ. Ләззатты, жан сезімін әлдилеген бір ырғақ дастарқан үстінде қалқып тұрды: өз бау-бақшасының жемістерінен памидор, алмұрт, кәрелі көз жауын алады, қол бидай ұнынан жабылған наннан басқа көзге түсерлік қант, кәмпит, өрік-мейіз, шырын тұнбалары болмаса да тоқ мейіл көңілділік басым сезілді; Ізгілік кішкентай қарала кесені тез босатып, ұсынуға ынтыға түсті - кесе ұсынғанда Сән саусақтарына қол ұшының жанасқанын жаны қалайды. Ізгілік өз ордасында көсіле шынтақтаса да, өзге жерде қимылдамастан сағаттап тіп-тік отырады: қасындағы қос көпшікті қолтық тұсына икемдей тартты да денесін тигізген жоқ, шаншыла отырып, қыз әңгімесін беріле тыңдап, шай іше берді. Маңдайынан ұсақ тер моншақтары көрінді. Кіршіксіз түкті қолорамалды пайдаланды: иісінен аса жаңа екенін сезді. Сән өзіне құйып алған шайын тамшы-тамшыдан жұтқандай дыбыссыз ұрттап қойып, кесенің ернектерін сипалап, ойланып қалды. Көз қиығы Ізгілікте - қыбырды сақ құлағы лезде іле түсуге дайын тұр. Ізгіліктің жаны осы оңашалықты қаласа да сана түбіндегі бір нүкте алас-қапас бас көтеріп, асықтыра түскендей болды: кесесін саусақтарымен үстінен көлегейлей баса ұстап отырды да Сәнге шаншыла қарады. Қара көзі жасаурай мөлдіреп тұр екен - жүрегі дір ете қалды.

— Ақсән, тұрайын. Бір қолқам бар: жаңағы киіп келген көйлегіңді маған бер. Анам ұдайы осындай көйлек киетін-ді. Құнын нақ төлеймін.

Ішкі калтасынан бір бума ақшаны суырып алды да Сәнге ұсынды. Қыз мөлие қарап, қыбырламады.

— Ал. Алмасаң, өкпелеймін. Шын қолқам, көйлекті бермесең... Қызылгүл қайда? Жұмекеңе айтарсың: жұма күні келемін.

Сән қолын созды. Ізгілік түрегелді. 2.

Жұма үш оттың ортасында алас ұрды: кеңсеге үмітпен қашан барса да саусағын сорып қайта береді - "Ұжымшардың есебінде соқыр тиын жоқ" деп кіл сақал сипап отырғандары. Қарызға да жоқ - сөзі өтетіндері өзінен де төмен: нандарын әзер тауып отыр. Асылғандары қораларындағы азды-көп малы - сатып, жонып жейді. Әйел де, балдыз да, балалар да бетіне қарайды: Жұма базарға екі қой шығарды. Ол барғанда сауданың қызып жатқан уақыты екен: әп-сәтте бір қойы сатылды; есін жинап, айналасына қараса, ұтылғаны белгілі болды. Жұма ернін тістеді: қолындағы қойына үмітпен көз жүгіртті, төс қалтасындағы ақшаның сыртынан басып-басып қойды. Сол аралықта өзі қатарлы қара торы жігіт қойдың жан-жағына көз жүгірте қарады, дөңгеленіп тұрған құйрығын ұстап көрді. Жұма бағасын айтты. Ізгілік:

— Беретін жеріңді айт, - деді. Жұма:

— Қажетке бола сатып тұрмын, - деді.

Ізгілік сөз балалатпады: су жаңа ақшадан санап берді. Жұма ақшаны ұстап тұрып ойланып қалды. Ізгілік те одан көзін алмады. Көзге көз түсті. Ізгілік:

— Басқа қойың жоқ па?! - деді. Жұма:

— Оны кім айтты саған. Бар. Ауылда - Ызмұхширда... - деді де ақсия күліп жіберді. Ізгілік те күліп, қолын ұсынды.

— Ауылдас екенбіз. Мен - Ізгілікпін. Қалай танымадым?

— Бес-он жылдықта көшіп келдім. Сен ауылдан ертеректе кеткенсің.

— Рас. Оқыдық. Жұмыс басты болып, елге бара алмадым.

Олар бір қойды ортаға алып, мәшиненің қасына келді. Ізгілік Жұмаға және екі қойдың құнын төледі де, оны мәшинесіне мінгізіп, қымбат тауарлар сататын базардың аузында түсіріп кетті.

3.

Ізгілік құйрық басып отыра алмады: жарқ-жұрқ еткен кетпеннің жүзі, мөлт етіп жалт қараған қарақат көз, сымға тартқандай мүсінді құлын дене, бұлт-бұлт ойнаған балтырдағы бұлшық еттер көз алдына елес-елес келді де тұрды; бір сәт жұмыс бөлмесіне барып, үстелге отырады, жүрегі қанасына сыймай алас ұрып бара жатқандай болып, ұшып тұрады, ортадағы кең бөлмені және ерсілі-қарсылы кезіп кетеді. Тордағы аюша теңселеді. Асқа да аса тәбеті соқпады: таңдайынан сол Сән қолынан ішкен шайдың дәмі кетпей тұрып алды. Жан адаммен тілдескен де жоқ: өзі шақырмаса жанұяда оның ойын бөліп, үстіне баса көктей кіретін кісі де жоқ; телефон да үнсіз - мелшиіп тұр. Ізгілік таныс дәрігеріне барып, қан басымын өлшетті: қорқатын құбылыс жоқ, қуанғанынан үйге жаяулатып қайтты. Ізгілік ұлы сәскеде келді. Алдынан Жұма күліп шықты: ауылдас жігіттер ескі таныстарша құшақ жая қауышты. Күліп, қызықтай қарап тұрған Қызылгүл де, Сән де амандасып жатыр: құрақ ұшып, жарқ-жұрқ күле жүріп қызмет жасады. Жұма:

— Жайлауда болдым. Сені өкшелей келген едім, айтып отыр. Содан кәне тынши алсам: жолға қараймын. Ішке кіремін, сыртқа шығамын. Мына Сәндердің де тынышын алдым ба деп абыржыдым... - деп мән жайын аңқылдап ағынан жарылып айтып жатыр. Жұма - кем сөзді жігіт екен, оғаш мінезі де жоқ, қою қысқа мұртын ара арасында сыйпап қойып, аласы көп қара көзі жарқ-жұрқ ете шаншыла қарап алып, көбінесе төмен қарап отырады; көпшікке жантаяды. Ізгілік шаншыла тік отыр: Жұманың сараң да мәнді әңгімесі, Сәннің шайы төбесін көкке екі елі ғана жеткізбей тұр. Олар әңгіменің қызығымен уақыттың кешігіп кеткенін де сезбепті - Жұма "Алдың кеш, жолға шықпа" деп қолқа салды. Ізгіліктің де осы жүзім сабағының астындағы сәкіден бір елі де алыстағысы жоқ еді -Сәннің кіріп-шығып, аяқ басқанынан-ақ жаны рақат тауып отырған-ды. Дос қолқасы жүрегінің тас төбесінен орын алды: мәшинені есіктің қыр көзіне жылжытып қойды.

Ізгілік іңірдің елең-алаңында Жұманың үйінен шығып, көз ұшында мұнартып тұрған Құламалы ханның ескі сарайына қарай аяңдады. Ескі қала Дәуденнің шығысында, айналасындағы қорғаны, оқ ататын мұнарасы әлі мінсіз сақталған. Түстігінде айнадай жарқырап Маякеткен көлі жатыр. Бәрі таныс: аң аулаған жері, Құмай тазысын аңға қосқан алаңдары, құм төбешіктері кешкі көлеңкеде қарауытып көрінеді. Қалаға да Ізгілік талай барған: ханның жесірі Ақкенже жасайтын-ды, немересі 1 сыныпта оқыды - мұғалімі еді; әңгімелесіп отыратын, батырға жолдас болған әйел тұлғалы, ажарлы-ды; осы қорғанды қорғап, Шаммы таздың жасақтарымен атысқан, қорғанға дарытпаған. Туған жердің ауасын сіміре жұтып, Ізгілік сыртта ұзақ қыдырыстап жүрді. 4. Ізгілікті Сәннің өзі іздеп келді. Қарапайым киінген сымбатты ауыл қызы улкен қақпадан еркін кірді: айналасын жіті бақылап, өзіне таныс жанды іздеді: амандасып жатқан жеткіншекке тіке қарады да, жөнін айтты. Кулімдеп қарсы келе жатқан Ізгілікті көргенде Сәннің бойына тосаттан өзі кутпеген батылдық қимыл сап ете қалды: өз өзінен құшағы жазылып кетті, құлашын жая ұмтылды: қыз ықыласын сезген сақа жігіт те бауырын аша берді. Іштей аңсап, асыға куткен қос таныс апақ-шапақ төс соғыстыра амандасып жатты: қыз құлағының тубінен танауына соққан жағымды иіс жуйе-жуйесін қуалап, тұла бойын иітіп жіберді. Қыздың маңдайынан мейірлене суйді де Ізгілік Сәннің қолынан ұстап, төрге оздырды. Сән айналасына атусті көз жугіртті де Ізгілікке қадала қарады.

— Хабарласпадың. Әлде өкпелеттік пе деп жездем оттан көйлек киді. Егін-тегін жинадық-жақсымыз. Мені босатты. Қайта бердім ...

Кең бөлмедегі жұмсақ креслоға көміле отырып алған Сән бәсең дауыспен сөйлеп келе жатты да кенет мудіріп қалды. Есіне кейінгі кештегі басқосулары түсті ... Сән Қызылгүлдің аса қымбат құбылмалы асыл көйлегін киіп, туылған күнге кетті. Еңселерін еңбек езіп, жүйкелеп жүрген құрдастары таңға шейін тарамады: ауылдас болса да жаудай науқанның кезінде дидарласа алмайды, көбісі жанұяларының таукіметтерінен бір сәт босап, ішкі шерлерін тарқатқысы келді. Кеш тарасты. Есікті тықырсыз ашып, өз бөлмесіне өте бергенде апасының күңк еткен дыбысын есітіп, аялдады. "...Қар қайтпа, әлі жоқ. Абырой алып бермейді. Көзін жой деп сонша айттым..." Жұма бұрқ етіп жекіді де үн қатпады. Сәннің одан әрі шыдауға төзімі жеткен жоқ - қалқыңқы көңіл сап басылды да, егіліп жүре берді. Көйлекті қабыр-құбыр шешті де еденге есік көзіне ылақтырып тастап, құлай кетті: көпшікті сығымдап, тас қылып құшақтап алып, қос жанардан ыстық жасты заулата төге берді. Біршама бойы жеңілдеген соң кенет өзін қолға алды: басын көтерді, көзі алаулап жан-жағына қарады, көйлек көзіне ілмеді. Молдасын құрып, тікейіп отырды: қарашаның әсем таңы атқан екен - үлкен айнадан мол шуақ төгіле бастапты. "Ақкенже қаптаған жауға қарсы тұрғанда мен қарабасымды қорғай алмаймын ба?! Қай жерім кем. Ақкенженің жан-жағынан балқыған қорғасын зуылдап қадалып жатқанда жүрегі селт етпестен қоршаған жауын қадап атып, нешеуін сұлатты. Күші қайдан құйылған. Құламалы ханнан ба!? Менің Құламалы ханым қайда?.." Ұшып түргелді де таңғы тіршілікті бастап жіберді: дастарқанды сәнді жасады, шайды ерекше шеберлікпен құйды. Жұма борша-борша болып, пұшпағына шейін терледі. Қызылгүл бетіне қарай алмады, сараң шай ішіп отырды. Жұма шыныаяғын төткерген соң Сән:

— Қалалық шаруам шықты, Жұмеке. Абыржыма. Хабар өзімнен, — деді. Қызылгүл үн қатқан жоқ. Жұма төмен қарап, аз ойланып отырды да көзін көтеріп, Сәнге ұзақ тігіле қарады. Көзі жалт етіп, Қызылгүлге бір қарады да:

— Бақтың болсын, айналайын, оқымаған адаммын ғой, анау-мынау оғаш кеткен жеріміз болса, кешіре гөр, қуатым! — деді. Құйылып, көз шарасына толып кеткен жасты көрсетпей тұқшыңдап, теріс бұрылып отырды. Сән көз ілеспес шапшаңдықта дастарқанды жинап, бөлмелерді де тап-тұйнақтай етіп, жиыстырып шықты.

Ізгілік жұмсақ тұғырдың қанатын қысып ұстап отырған Сәннің білегіне саусағын тигізді: қыз қабағын көтерді, жанарлар ұштасты.

— Жұмыс басты болып, тұяқ серпе алмадым. Нағыз құтты қонақсың, бүгін кітабымның сүйінші данасын алып едім. Той жасаймын...

Сән алғаш аң-таң болды: "той" сөзі оның санасына қонса да басқа еш затқа түсінген жоқ. Іле:

— Оң болсын. "Жақсы қонақ келсе, қорадағы қой егіз қоздайды" дегенді есітіп едім, солай болғай да, — деп төмен қарады. Ізгілік қуаныштан жарылып кете жаздады. Сенделіп кетті: жанұя адамдарына "Досымның қарындасы келді" деп жариялады. Сән саналы адамдардың арасына түскенін бірден-ақ сезді: жатырқау жоқ, аңқылдап, жүректерін жайып тастап жүрген кісілер екен. Білекті сыбанып тастап, үй шаруашылығына араласты да кетті: шау тартып қалған үй бәйбішесі жан тыныштығын көйттеп, маң-маң басып, өз бөлмесінен қия баспайды. Тазайын адам, аққудық көгілдіріндей аппақ ана тұм-тұсына жақсылық нұрын шашып отырғаны: ақылын айтады, тапсырма береді; бүкіл тұтқа саусақтарының ұшында үйіріледі. Айға жетпей-ақ Сән сіңісіп алды: жетімдік қамыты мойынына ерте ілініп, адамдардың қасы-қабағына қарап-ақ ішкі қордасын оқып үйренген арда бойжеткен мінсіз қимылдады - ұйқыны да, демалуды да аяқ үстінде өтірді. Түн ортасына таяла кең бөлмедегі диван-керуетке жамбасы тисе, тас болып ұйқы соғады; түс көрместен ұйықтайды, қысы-жазы дағдысына сіңген әдетімен таң құланиектене сағат алтыда көзі шайдай ашылады - сілеусін жүріспен үй шаруашылығын дөңгелентіп тастайды.

Жаңа жыл қарсаңында Жадыра Ізгіліктің кабинетіне келді: тұңғиық ойға шомып, сөз саралап отырған өмір жолдасы оны сезбеді - ысылдатып жазумен бола берді. Жеңіл тамағын кенеді. Ізгілік жалт қарады да қаламын тастап жіберіп, ұшып тұрды.

— Жәке, келдің бе?!

Жадыраны құшағына алып, ақ тамағына тұмсығын тығып жіберіп, құмыға иіскеді; өрмелеп, құлағының артынан еселеп-еселеп иіс тартты. Ыңғайына бейімдесіп, бәйбішесінің албырап босап бара жатқанын сезген Ізгілік жеңіл халатын шешті: сәл ашылған аузынан алтын тістері шам сәулесіне шағылыса жарқырап жалт-жұлт етеді. Жадыра күйеуіне тесіле ұзақ қарап қойып жата берді, маңдайынан сыйпап еркелеткен Ізгіліктің қолының үстіне жұмсақ алақанын басты да қара көзін жанарына қадады.

— Едәуір жерге шабыстық. Балалар да есейіп кетті... Мына бір бала қолдан шығармайтын жан екен... аяғы түсті. Келгелі құтым артты...

— Балалар үйленіп болды ғой, - деді Ізгілік, - Әрі есік көрген естияр адам.

— Кішілікке жарайды...

Ізгілік есеңгіреп қалды: жастыққа, жақсылыққа, сұлу сымбатқа ынтасы ауса да қу нәпсіге шылбыр тастап жүрген-ді. Үн қата алмай мелшиді де қалды. 5. Үлкен жанұядағы мамыржай өмір Сәнді есеңгіретіп жіберді: құлағы тыныш, бетіне тіке қарайтын жан жоқ; кең дастарқанда бәрі бас қосып, ойласып, кеңесіп іске аттанып жатады; табыс та, шығыс та ақ бәйбіше Жадыраның алақанында - бүкпесіз көрініп тұр; Сән өмірі күрт бұрылып кетті: қалт-құлт етіп сын қанжарының жүзінде келе жатқан күндері кең өріске ұласты, жаратқанға мың қайтара мінажат жасап, әр таңды қуанышпен күтіп ала берді. Қарап отырған газеттерін тапал үстелдің үстіне қойды да Ізгілік жанарын көтерді. Бір топ шыны-аяқты енді көтере берген Сән қалт кідірді: сергек, сезімтал жан ыңғайға түсінгіш-ақ, жанарынан бір шоқ ұшқын жалт етті де үшкіл иегін көтере көз тастады.

— Құжаттарың қайда?

Күміс ыдыссалғышты жатаған асүстелдің шетіне қойды да адалбақанда тұрған кәстөмнің қойын қалтасына қолын салды. Сән Ізгілікке таялып келіп, тақала тұрды. Кілем үстіндегі кішкентай аяқ пен тоқ балтырдан көзін енді ала бергенде ақ білек жарқ етіп, алдына қос кітапшаны ұсына берді.

— Төлқұжат, аттестат...

Ізгілік қолын соза беріп:

— Басқа... - деді.

— Өзім... - Сән саусақтарын тарақтап алды. Жауапқа шыққан мектеп оқушысындай тіп-тік сіресіп тұрды. Ізгілікке кірпік қақпастан қарады. Бір жұтынып алды да сөзін жалғады. -Оқу бұйырмады. Апа-жездеге қарап күн кештім. Бір сөзге өкпелеп, үйден шығып кеттім...

Сөзін аяқтай алмай теріс айналды: мұрнын тартты, көзін сұқ саусағымен жанап өткенде үш-төрт тамшының кілем үстіне тамғанын Ізгілік көріп қалды. Тез тоқтамды сөз айтуға асықты.

— Дем ала бер. Бұл да өз үйің. Жұмекең жақсы адам. Әлі ойласамыз.

Сән жалт қарады. Қарулы қайқы кірпіктерінің ұшында көз жасының бірнеше тамшылары ілініп тұр екен. Ізгілік құжаттарды қолына ұстап, өзінің жұмыс бөлмесіне қарай жүрді. Сол аралықта Ізгілік ұшы-қиыры жоқ мол жазуға кірісіп кетті: ұйқыдан безіп беріле жазды. Оның күтімі бір жолата Сәннің мойнына шөкті: көз қырынан айырған жоқ -көлеңкесіндей ерді де отырды, тықырсыз сілеусін жүріспен шай жеткізеді, жұмсақ даусымен құр-құрлай тербеп, асқа шақырады. Жазу - азап екен: толғатып отырғанын көргенде аяп кетеді, көмекке бара алмағанына қиналады. Бір рет Ізгілік тоқырап қалды: қаламы жылжымады, басын тасқа ұрып, тұңғиық ойға малтыса да қағаз бетіне жазу түскен жоқ. Сән де алас ұрды: есіктен қарап, тұрып-тұрып, бас шайқап, жан азабын қосыла тартты. ...Ізгілік жұмыс орынынан шыққанда ауызғы үлкен бөлмеде көгілдір шам жанып тұр екен - қонақ болмаса, жанбайтұғын; таңырқап, төрге көз жүгіртті: ақ төсекке көзі түсті. Ізгілік енді кері бұрыла бергенде ақ сейсеп серпіліп ашылды да, аппақ уыздай дене жарқ ете қалды: Сәннің жалт-жұлт етіп жайнаған қос жанары алаулап от шашып тұр екен. Ізгіліктің жүрегі сілкініп кетті: еңкейе үңіліп, тізерлей берді. Сән көйлегінің ілгегін ағыта бастады. Көгілдір түс жымың қағып, кем-кемнен қызғыш тарта түсті. Сәннің ауырсына:

— А-һа, а-ға! - деген даусы Ізгіліктің құлағына еміс-еміс есітілді. Бұл кезде ол іркіле алатын халде емес-ті: көзіне қан толып, қыранша шүйліккен-ді.

Жандары саябыр тауып, ес жинағаннан кейін Ізгілік Сәнге қарады.

— Мынау не? "Есік көрген" деп еді ғой.

Сән қадала қарады: көзінен жылт еткен сәуле ұшқындады.

— Рас. Шыққан едім. Бір жыл болдым. Біздің шаруа бітпеді. Екеуіміз де азаптандық. Жыл бойы ұйқысыз түндер көп болды. Бармақтай нәрсе сірә бас көтермеді... Он жетіде едім. Он жылдан соң сен тап болдың. - Үнсіз қалды. Екеуі де ойға шомып, тіл қатпады. Сән Ізгіліктің шашын саусақтарымен тарақтап сипады, бір шоғыр бұйра шашты сұқ саусағына орап ширатты. Сыбырлап тіл қатты. - Жол сұрағаныңда талып қала жаздадым. Жездем айтып отырғанда көкірегімде арман болған бір жігітті көз алдыма елестеттім - дәл ойлаппын. Қуанып кеттім. Мойныңа асыла жаздадым. Тосын күш сақтады. "Қырықтан қанша өтті екен" деп ойлай бердім.

— Көйлектің ізінен келетініңді сезіп ем.

— Қалай сездің? Көріпкелмісің.

— Аталарым қазанында қара су ұйыған текті жандар-ды. Айтушылар нағашымды ерекше атайды - аруағыңнан айналайын Айдабол ерекше құдіретті болған, әрдайым Аруақтарды шақырып, іске кірісемін: қолтығымнан демеп отырады. Сені де сол Құдірет бастап келген, Ақсән.

Ақсән еркелей тығыла түсті: Ізгілік бауырына тартып, тас қып қыса құшақтады. "Жиырма жетінің ләззаты" деп Ізгілік ойлады. "Қырық жетінің қуаты" - Ақсәннің көзі жайнады. Екеуі де мамырдың ақ таңына дән разы-ды. Ізгілік шабыты жаңа өріске қадам басты: күнді түнге, түнді күнге ұштастырып, топ-топ шоғырласқан көзтаныс кейіпкерлерін орны-орындарына тасбиық тасынша көзінен тізіп жайғастыра берді. Тілегін тілеп Ақсәннің сыртынан қадағалап жүргенін жаны сезеді, шабыт тиегі ағытылып, еркін сілтей түсті.

Қәтеп ауылы
1998 сиыр жылы, қаңтар

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙