Мазмұнға өту
Home

Қорқыт ата - қазақ халқының аңызы

Әлкей Марғұлан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қорқыт ата - қазақ халқының аңызы

Әлкей Марғұлан — «Қорқыт ата - қазақ халқының аңызы». I. ҚОРҚЫТ ТУРАЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРИЯ СӨЗДЕРІ

/uploads/7ce5dfe2-ead4-56e2-9d0b-876ba4623d61/cover.png

I. ҚОРҚЫТ ТУРАЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРИЯ СӨЗДЕРІ

Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен, оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлейтін сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Орта Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-әңгімелер, ән-күйлер қазақ пен түрікмендерде көбірек жолығады. Мұның бір ғажайып жері, Қорқыт атымен байланысты легендалардың көбі өзінің тарихи негізін осы соңғы заманға дейін жоймаған, тек кейбіреулері ғана Қорқыттан бері көп заман өткендігін білдіріп, ертегіге, мифке айнала бастаған.

Қорқыт туралы қазақ халқы айтатын қария сөздер Еуропа әдебиетіне өткен ғасырдың ортасынан бері қарай белгілі бола бастады. Олардың кейбір ұшқындарын ең алғаш жарыққа шығаруға ой бөлген ғалымдар - Ш.Уәлиханов, В.В.Вельяминов-Зернов, И.И.Лерх, Л.Герн, Л.Мейер, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, таты басқалар.

Кейінірек олардың алғаш ашқан ойларына өзге ғалымдардың зерттеулері қосылып, бүтінде Қорқыт туралы байтақ әдебиет кеніші жасалды. Қазақ халқы айтатын Қорқыт әңгімелерін, легенда - аңыздарын жазып алуда, оны зерттеп білуде белгілі үлес қосқан ғалымдар - В.В.Бартольд, Ә.А.Диваев, И.В.Аничков, И.Жетпісбаев, В.А.Каллаур, И.Кастанье, П.И.Спиридонов, тағы басқалар. Қорқыттың қазақтар айтатын аңыздарын әсіресе орысша әдемі жазып алған ғалымдар В.В.Радлов, П.И.Спиридонов, И.В.Бартольд. Қорқыттың Сыр бойында жасаған заманын, ол кезден сақталып келе жатқан тарихи әфсаналарды, Сырдария қалаларын суреттейтін қазақтың қария сөздерін де ғажайып түрде жазып алушылар аз болған жоқ. Олардың ішінде таң қалатын нәрсе, балаға қазақтағы ұлы жыраудың кім екенін айтатын өсиеті - ескі Қорқыттың нақыл сөзінен алынған аялғы сөз (ізгілік - болашақтың тірегі), Қорқыт заманымен байланысты қазақтың ескі жазулары (Қазақтың сарыны) Ақмешіт маңайында айтатын ескі сарындар. Қорқыт жасаған ескі Жанкент қаласының қазақша тарихи әфсаналары, Қорқытпен байланысты тарихи легендаларды көп келтірген ғалымдар И.И.Крафт, Ю.Новицкий, И.Гейер, Л.Берг, Г.Грум-Гржимайло, Х.Кустенаев.

Қорқыт бейнесін тереңірек зерттеп, ол туралы айтылатын аңыз-әңгімелерді жарыққа шығаруға қажымай енбек еткен ғалымдар - В.В.Бартольд, пен Ә.А.Диваев, Самойлович, М.Әуезов, A.В.Затаевич, А.Жұбанов, тағы басқалар. Қорқыт туралы аңыздар тобын, оның ішінде қазақ, қарақалпақ, түрікмендер айтатын түрлерін кеңінен қарастырып, ғылыми тұрғыдан терең зерттеген ғалым - В.М.Жирмунский.

Қорқыт туралы кейбір ғалымдардың жарияланбаған пікірлері хатпен жазылған мәлімет түрінде Ғылым академиясының архивінде сақтаулы тұр. Ол В.В.Бартольдтің 1891 жылы Берлиннен B.Р.Розенге жазған хаттары. Бұл хаттардың мазмұнынан академик В.В.Бартольдтің Қорқыт мәселесіне сол жылдардан бастап қызыға түскені байқалады. Розенге жазған бір хатында: «Мен Перчтың каталогын жақсылап қарап шықтым. Онда көрсетілген қолжазбалардың бірі - «Деде Куркуд» әңгімесі, оғыздарың ескі сөзі. Онымен Дрезден қаласында таныстым (№86), тегіс көшіріп алу мақсатым бар. Бұл қолжазба сізге таныс па? Оның мазмұны, поэзия тілі өте көркем. Петерборға қайтқан соң, оны «Оғыз наме» шығармасымен салыстырмақ ойым бар. Бар уақытымды осы Қорқытқа жұмсаймын. Оны маған уақытша Ресейге бермейді ғой, сондықтан тегіс жазып алу керек. Оны маған 20 мартқа дейін берді, оған дейін үлгеріп болармын. Қорқыт әңгімесінің негізгі сюжеті оғыздардың Кавказға барғанда жасалған түрі» дейді.

А.Н.Самойловичтің архивінде сақталған қолжазба бойынша, Қорқыт - арабтардың Аббас халифасы заманында шыққан кісі. Оның әкесі Қара-Қожа - Әңкеш ханның бірі. Қорқыт 95 жыл жасаған, үш ханның уәзірі болған. Солар Қағанның замандасы, оның халық ортасындағы беделі, ықпалы орасан күшті болған.

Осыған ұқсас Қорқыт туралы ой-саналар түрікмен тілінде де көп кездеседі, соның бірі -«Салур-баба Құл-Али оғлы» тарихы.

730 беттік ұлы шығарма XVI ғасырда жазылған. Бұл қолжазбада Қорқыт VII ғасырда жасаған Инал Сырмауханның (Сыр Иал Хан) тұстасы, 95 жыл өмір сүрген Қорқыт Қара-Қожа ұғлы. Түрікмен жазушыларының айтуынша, Салур бабаның жазуында «Қорқыт хикаясы» «Деде Коркут» дастанының бір түрі, «Оғыз намемен» үндес келіп отырады. Қараман той жасағанда тоғыз жүз қой, тоғыз жүз қысырақ сойғызады. Жиналған қадірлі кісілер Инал Сыр Иады хан (Сырдариядағы Қазалы йауы), Еркін хан, Қорқыт ата Қараманға ат қояды. Ең тамаша қария сөздің бірі - Дана Ихсан ата Абулқайым айтқан «Оғуз наме».

Түрікмендер айтатын Қорқыт әңгімесін 1942-1943 жылдары әдемілеп жазып алған түрікмен әдебиетін зерттеуші Ата Рахманов, Ол кісі солтүстік түрікмен өлкесін тегіс аралап, Чаудар (Шәуілдер) тайпасының ортасынан Қорқыт туралы аңыздың сегіз түрлі нұсқасын жазып алады, енді бір-екі жазуды Теке тайпасының арасынан жазады, бірақ олар әлі жарыққа шықпаған. Бұның бір ғажайып жері, бұл екі ескі тайпа ескі дәуірде Қазақстан жерінде жасап, өздерінің тайпа аттарын Қазақстан жерінде, оның елінде қалдырған, мәселен, Сыр бойындағы Шәуілдер, Торғай өзені бойындағы «Текенің дыңы» мұны ашық сипаттайды.

«Салыр бабаның әсері» түрікмендер Қорқыт атаның бір тарауы екенін, Қорқыт атаның Аббас халифасы заманында жасағанын түрікмен әдебиетшілері тегісімен жақтайды, олардың ішінде ең жарқын айтушылары С.Ахалли, Ахундов - Гургенли, М.Қосаев, Б.Каррыев, В.Н.Басиловтың зерттеуінше, түрікмендер айтатын қария сөздегі «Бүркіт Баба» мен Қорқыт екеуі - бір бейне, бір кісі, екеуі де атақты «пір», жаңбыр жаудырып, сұрапыл туғызып керемет жасайтын ғажайып адамдар, өлімге қарсы тұрып, бір фәлсафалық мән шығарған ойшылдар. Түрікмендердің бұл хикаясы да қазақтар айтатын «Қорқыт сарынға» дәл келеді.

Қазақ пен түрікмендер айтатын Қорқыттың ескі аңыздары Кавказда кездесе қоймайды. Дербенттегі Олсарий айтқан Қорқыттың моласына мән беруге болмайды, ұлы Қорқыт ол жерде болмаған. Бір ғана Сырдың бойында оғыздар ортасында өткен кісі. Дербенттің Қорқыты Қыпшақтардан қалған басқа Қорқыт, ондай Қорқыттар бергі кезде көп болған. Әзірбайжанда не Кіші Азияда айтылатын Қорқыттың әңгімесі ол жерде ХІ-ХІІ ғасырларда Ақ-Қайыңлы оғыздар апарып таратқан жаңа түрі, онда Қазақстанның, Орта Азияның, Түрікменнің жер аттары көп кездеспейді, тек легендаға айналған «Үйсін - қожа», «Қаңлы қожа» сияқты ескі қазақ тайпаларының аты кездеседі. Оның бір тамаша жері Әзірбайжан ортасынан Қорқыттың осы жаңа айтылған хикаясының үшінші бір хикаясы жаңадан табылған. Бұл «Китаб Деде Коркут - жырының әрбір тараулары. Оларды Әзірбайжанда зерттеген ғалымдар Ш.А Джамшидов, Г.А.Байрамов, Р.Меликова, М.Сеидон, Р.П.Курылев, Х.Г.Короглы, А.М.Демиргизаде, З.А.Султанлы, тағы басқалар.

«Деде Қорқыт» дастанын терең зерттеп, ол туралы дүние әдебиетіне көп үлес қосқан түрік ғалымдары. Олардың ішінде көп жаңа пікір айтқан. Қорқыттың шыққан заманын айрықша ашқан атақты ғалым Фуад Копрюлу. Ол кісі «Деде Коркут кітабын» әдебиет, этнография көзімен қарап, онда айтылатын «Алтын күпілі оғыз билеріне», атақты ұзандарға (ақын), бақсыларға ерекше көңіл бөледі, Қорқыт заманында жасаған «Оксіз Деде» атты халық ақынына тоқтайды. Газневилер дәуіріндегі әдемі жыр айтқан жырауларды келтіреді. Қожа Ахмет Йассауидің өмірін, шығарма жазуларын әдемілеп суреттейді. Бұлар туралы тарихи қайнақтарды Копрюлу бір ғана араб, фарсы, ескі түрік тілінен алған. Сондықтан оның жазғандары өте қымбат болып саналады.

Дрезденде сақталған «Китабы Деде Коркут» жырын түрік тіліне бірінші рет басқан мұғалім Рифат, одан кейін қазақтар мен түрікмендерде айтылатын көп қария сөздерді толығынан кіргізіп, жаңадан басып шығарған Стамбул университетінің профессоры Орхан-Шайқ Гокяй. Ватикан мен Дрезден нұсқаларын бірдей қамтып, бірінде жоғын бірінен алып жаңадан бастырған Мухарем Ергин. Олармен қатар өз үлесін әдебиетші ғалымдар Илхан Башгөз бен П.Н.Баратау қосады.

Орхан Шайыхтың әдемі көрсетуінше, «Қорқыт кітабындағы» ұлы бейне Байборы ұғлы Бамсы Берік. Бұл ат қазақ, қарақалпақ, өзбек жыршылары айтатын «Алпамыс» атымен тығыз байланысты. Демек, оның ертедегі толық аты - Алып-Бамсы, қысқартып айтылғаны, Алпамыс болу керек. Тарихи дәуірлерде ол Сыр бойын мекендеген тайпаларының үздіксіз айтып жүрген «Қорқыт» жырының бір тарауы болған, кейін өз алдына жеке бір ұлы эпосқа айналған.

«Қорқыт кітабына» ең жақын келетін, әсіресе Жүсіпбек жырлаған «Алпамыс» жыры. Мұнда да батырдың әкесі Байбөрі деп аталады, «Қорқыт кітабындағы» Байбөріден ешбір өзгешелігі жоқ. «Алпамыс» жырындағы екінші бейне жырлайтын Бадамша қатын, ол «Қорқыт кітабындағы» кекеш қатын Қысыршамен бірдей, екеуінің мінезі де, сөйлеуі де біріне-бірі бүтіндей жақын.

«Алпамыс» жырында үздіксіз айтылатын тайпаның бірі - Қоңырат, ол «Қорқыт кітабында» да кездеседі. Бүгінгі ғалымдар бұл қоңыратты кейін өзбек пен қазақ еліне қосылған бір ескі тайпа деп санайды. Қоңыраттың «Қорқыт кітабында» «Қоңғұр-ат»болып аталғаны оның ұлы тайпа екенін дәлелдейді. Олардың бүгінге дейін тұратын жері Сырдария бойы, Арыс өзені, Қаратау. Өзбек жеріндегі қоңыраттардың тарихи мекендері -Жиделі Байсын өлкесінде, Қашғария, Сурхандария бойларында тұрады. Сыр бойындағы қазақ қоңыраттары жыл сайын өзбектегі бауырларына барып, өздерінің шежіресін айтып, ата-бабалары бір екенін анықтап берген. Өзбек қоңыраттарының қария сөзі бойынша, XV ғасырға дейін олар жазда Сарыарқаны жайлап, қысқа қарсы Жиделі Байсынды қыстап жүрген. Демек, ескі Қорқыт аңызынан туған бұл Алпамыс» жыры тарихи заманнан көп елге тараған, оның Алпамыс, Алпамыш, Алпамса аты қазақта, қарақалпақта, өзбектерде, башқұрт елінде осы күнге дейін сақталып келеді.

«Деде Коркут» жырындағы Бамсы Берік көп ғалымдардың анықтауынша, өзінің жыр құрылысымен, жазылған мотивтерімен, әртүрлі мегзеуі, бүтін алып, ерлік қасиетімен бүгінге дейін айтылатын атақты «Алпамыш» жырымен бірдей. Қорқыт жырындағы Алып-Бамсының әйелі - Бану-Шешек қазақ, қарақалпақ, өзбек, башқұрт айтатын Алпамыш алыптың әйелі Гүлбаршын яки Баршын сұлу. Абылғазының көрсетуінше, Баршын сұлу - . қыздарға билік айтқан атақты жеті қыздың бірі. Қармыш байдың қызы, алып Мамыштың (Алпамыстың) әйелі Баршын сұлудың аты осы күнге дейін Сырдария бойында көп жерде сақталған. Біріншіден, ол ерте кезде жасап, кейін қирап қалған бір қаланың аты әдебиетте, тарихта «Баршынкент» деп аталады, Қызылорда қаласына қарсы, судың сол жағында орналасқан. Ескі қазақтар Баршын сұлуды Баян сұлу сияқты аса қадірлі етіп санағандықтан, Баршынкентті «Қызқала» деп те атаған.

Баршын сұлудың көркем кешені сол қаладан алыс емес, Сығанақ қаласынан төменірек, Сырдарияның оң жақ бетінде, биік белеңнің үстіне салынған. Абылғазының түрікмен шежіресі бойынша, бұл кешенді оғыз-қыпшақ заманында (Х-ХІ) Баршын сұлуға арнап салған, олардың аузында - «Баршынның көк кешені», қазақша – «Көккесене».

Қорқыт әңгімесін жақсы зерттеген Орхан Шайық араб, парсы, түркі тілдерінен жаңа мәліметтер тапқан. Сол мәліметтер бойынша Қорқыт әфсанасын өте ерте заманда Сыр бойын қоныстанып отырған оғыз бен қыпшақтар шығарған. Олардың аңыздарында сол кезде айтылған ескі мотивтер өте көп. Мысалы, Сыр бойын қоныстаған тайпалар (үйсін, қаңлы), атақты алып ерлер (Бамсы - Алпамыс, Қазанбек, Басат, Екрек, Секрек).

Қорқыт мотивінен жақсы сақталған бейненің бірі - Жиренше шешен, Алдар көсе, Қорқыт жырындағы Екрек, Секрек сияқты оғыз бен қыпшақ дәуірінде (VIII-IX ғ.) шыққан, ойы кең, мазмұны қызықты, ескірмеген бейнелер. Орхан Шайықтың анықтауынша, Қорқыт ата - халықтың шайыры, музыкада сарын тартатын қобызшы, қазақтарға музыка үйретудің ұстазы, олардың рухани санасында ұлы сәуегей, қазақ бақсыларының пірі әрі ұстазы, табынатын тұлғасы. Бақсылар әрдайым бабам деп Қорқытқа сыйынып отырады.

Қорқыт әфсанасы мен «Оғыз наме» хикаясын зерттеген француз ғалымдары Паул Пеллио, Е.Блоше, П.Ру. Герман ғалымдары М.Хутсма, И.Хейн, Ф.Бабингер, С.Броккелман, Италия ғалымы Э.Росси. Бұл ғалымдар Қорқыт пен Оғыздың шыққан заманын, ол кезде Сыр бойын қоныстаған оғыз бен қыпшақтардың географиясын, тарихын, халық легендасын, қария сөздерін, өнерін, нақыл мен мәтел сөздерін, ел басқаратын адамдарын (төре, тегін, жабғу), олардың халыққа көмек көрсеткен алыптарын әңгіме етіп, Қорқыт туралы ғылымға бірталай жаналық қосты. Бұлардың ішінде кезге ерекше түсетіні, әсіресе Италия ғалымы Этторе Россидің Қорқыт туралы зерттеулері. Ғалым «Деде Коркут» кітабында айтылатын қария сөздердің асыл түбін, оның легендаға айналған мотивтерін Орхан Шайық сияқты, әсіресе, қазақ халқының және қырғыздардың халық поэзиясынан тауып отырған.

Ғалымның пікірінше, Қорқыт хикаясының әр жерінде айтылатын толғаулары, Күлтегіннің басына орнатқан құлпытастағы жазудың сюжеті тегісімен қазақтың халық эпосында жырланатын ойлармен бірдей. Күлтегіннің жазуында айтылатын «Көрер көзім керместей болды» деген жолды қазақ жырларымен салыстырады, оның мысалдарын В.В.Радловтан, А.С.Орловтан, Винерден келтіреді.

Көптеген ғалымдардың бергі кезде анықтаған ойларын ерекше, дұрыс бағалап, «Деде Коркут» жырында әдемі жырланатын ұлы алып Бамсының жыры қазақтарда Жүсіпбек ақын жырлаған «Алпамыш» түрінде мирас болып келген, ол ескі Бамсы жырының кейінгі заманда үздіксіз айтылып келген түрі. Ол қарақалпақ, қазақ, башқұрт айтатын Алпамыш (Алпамса, Алпамсы, Алып Бамсы) осы ескі Қорқыт жырынан алынған.

«Деде Коркут» жырындағы тамаша бейне - алып Домрул мен оның жолдасы Дуа кожа. Бұл екеуі де турасынан тура Әзірейілмен алысады. Қорқыт жырының ішінде Әзірейіл ешбір сөзге келмей, турасынан келіп Домрулдың жанын алмақшы болады. Домрул анасы мен бабасына келіп, Әзірейілге жанымды бермеймін деп қапаланады. Осы кезде тәңіріден бұйрық болады, «Оған тиме, мың жыл жасасын», - дейді.

Бұл ғажайып әңгіменің бір таңғаларлық суреті - ол исламның Сыр бойына жаңадан келген заманын көрсетсе, оның ізі қазақ халқының ойында XIX ғ. дейін сақталып келген. Бұл Қорқыт жырында шалқыта айтатын Домрулды қазақтар сол әдемі күйінде Домбул атымен сақтап келген. Оның қасындағы жолдасы Дуа қожаны Ұлытау, Сарысу қазақтары Дуа соқыр деп атаған. Қазақтар айтатын Домбауылдың (Домрул) бір вариантын өткен ғасырдың соңында Г.Н.Потанин Сырымбетте болғанында Махмуд Уалихановтан жазып алады. Аңыздың суреттеуінше, ерте кезде бір ханның сұлу қызы болған. Хан қызын ешкімге көрсетпеу үшін Түн теңізінің (Мұз теңізі) жағасынан бір сарай салып, қасына ерген қырық қызы мен қызын сонда апарып орналастырады. Қызға күн, ай сәулесі түспес үшін, оны қараңғы сарайдың ішінде ұстаған. Күндерде бір күн қыз қасындағы серіктерінен сұрайды: - «Үйдің сыртында не көрдіңдер?», - деп. Қыздар: - «Бір ғана жарқыраған сәуле көрдік», - дейді. Түн болған кез еді, қыздар терезені ашып, айдың жарқыраған сәулесін қыздың бетіне түсіреді. Оның қияпаты сол екен, қыз тезінен жүкті болады. Хан мұны естіп, тезінен қақпасы бар алтын қайық жасатып, қызын қасындағы қыздарымен бірге өзен суына ағызып жібереді. Ол өзеннің аяқ жағында елінен қуылған Домбауыл мерген дейтін бір тегін мен Дуа соқыр (Махмұдтың айтуынша, Шаба соқыр) деген бір ер тұратын. Дуа соқыр қырық шақырым жердегі қараны жақсы айырады екен. Ағып келе жатқан алтын қайықты көріп, Домбауылға жеткізеді. Сол арада екеуі келіседі, қасымызға келгенде сыртын Дуа соқыр алып, ішін Домбауылға тисін дейді. Қайық жақындап келгенде Домбауыл Дуа соқырдан сұрайды: «Қалай атсам дәл болады? «Қия атайын ба, болмаса кесе атайын ба?» Дуа соқыр: Қия ат!» - деді. Домбауыл мерген «қия» атты. Содан бері олардың тегі «қият», «қиян», «қайы» деп аталады.

Мұның тағы бір тамсанатын белгісі «Домбауылдың дыңы» деп аталатын бірыңғай қалақ тастан өрілген тарихи күмбезі (VII- VIII ғ.) осы күнге дейін Кеңгір өзенінің бойында, Жошы хан күмбезінен үш шақырымдай қашықтықта тұрады. Ол жер тарихи заманнан келе жатқан бір атақты пантеон. Торғай өзені мен.

Кеңгір, Сарысу өзені бойында Қорқыт дәуірінен қалған ондай атақты дыңдар өте көп, соның бірі - Торғай өзені бойында тұрған «Текенің дыңы». Теке - түрікмендерде сақталған оғыздардың бір ұлы тайпасы.

«Деде Коркут» жырында Қарашық Шопан атымен айтылатын мынадай жыр бар:

Қарсы жатқан Қара тау,

Қарайып тұр от бітпес.

Қызыл - қызыл түйелер

Қарайып тұр күш бермес.

Қазанбектің анасы

Қарайып тұр ұл тумас.

Этторе Росси осы сарынға дәл келетін теңеуді тек қана қазақ жырынан көреді.

«Қорқыт» жырында әдемілеп айтылған Қорқыттың мынадай нақыл сөзі бар:

Ат аяғы күлік,

Ұзан тілі сүйік .

Бұл ғажайып ойды да зерттеуші қазақ поэзиясынан тауып шешеді.

Күлік - қазақ пен қырғыздарда аяғы болаттай жеке шыққан тұлпар шаршамай жүгіретін, өзінің ерекшелігімен халықты таң-тамаша қалдыратын, көп аттан бөлініп жеке келетін асқан жүйрік. Қазақ халқы Күлікті жан-тәнімен сүйіп, оған бас иіп ардактаған, «Күліктің көркі шаңында» деп атақ берген. Ол ғұн заманында Қытай тарихында жазылған, күнінде жүздеген шақырым жүгіретін қанатты тұлпар. Осы атақты Күлікті Қорқыт өзінің нақыл сөздерінде есіне түсіріп отырады.

Зерттеуші қазақ мотивтерін «Деде Коркут» жырын зерттеуде оның көп жерінде пайдаланады. Соның бірі әсіресе бақсы туралы. Зерттеушінің байқауынша, қазақтар оны жақсылап суреттеген. Бақсылардың кейбірі асқан алып әрі ілгергіні болжайтын бақсы -жырау. Сондай ұлы бақсының бірі - атақты алып Қара-көне. Оны қазақ жырындағы Шарабас бақсымен салыстырады. Мәселен:

Тоқсан қойдың терісі,

Тон шықпаған Шарабас.

Сексен қойдың терісі

Бөрік шықпаған Шарабас .

Қорқыт жырында «ант ішу», «Қара басым қартаң болсын» қазақтар, башқұрттар айтатын бас айналдыру мотивтері екені көрінеді. Рашидеддин жазуында, «Бабырнаме» кітабында да келтіреді. Мұны әдемілеп жазған талымның бірі Шоқан Уалиханов - (Жертва круговая) - айналмақ. Құсты ұстап алып, басынан үш рет айналдырып қоя береді. «Мендегі жамандықты, пәлені, ауруды ала кет», - дейді. Аналар балаларын сүйгені үшін айналайын дейді.

Қарғыс, алғыс айту ой-санасының ашық бір сипаты, әсіресе ақсақалдың алғыс айтуы ұлы орында кездеседі.

Баланы асырап алуы хикаясы қазақтардікімен бірдей. Демек, ұлан байтақ қазынаның жиналуы мен Кеңес дәуірінде Қорқыт туралы қазақ қариялары айтып келген көптеген тарихи аңыздар, қария сөздер топталды. Оларға негізделген қаншама зерттеулер, жыр -поэмалар дүниеге келді.

II. ҚАЗАҚТАҒЫ ҚОРҚЫТ АҢЫЗЫН ДӘСТҮР ЕТУШІЛЕР

«Деде Коркут» кітабын терең зерттеген, оның көп ғасырлар ішіндегі үздіксіз айтылып келе жатқан «Қария сөздерін» қазақ пен түрікмендер ортасынан айқындап тапқан аяулы ғалымдар жоғарыда көрсеткен. Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Бартольд, В.М.Жирмунский, Фуат Копрюлю, О.Ш.Көкжай, Этторе Росси. Осылармен қатар А.Н.Самойлов, М.О.Әуезов, В.А.Гордлевский сияқты көп ғасырлардың көңіл қоя зерттеулері бойынша соңғы жүз жылдың ішінде тарихи заманның ұлы бейнесі - Қорқыт тұлғасы бірталай жарық дүние көрді, оны зерттеу Кеңес дәуірінде аса биік сатыға көтерілді, ол туралы көп байтақ мәліметтер топталды, қазақша екі әдемі поэма, көп легендалар табылады.

Егер кейінірек шыққан «Деде Коркут кітабын» былай қоя тұрсақ ескі дәуірдегі (VII-VIII ғғ.) Қорқыт туралы айтылатын қария сөздерді, ғажайып әфсаналарды әдемілеп суреттейтін бір ғана қазақ пен түрікмендер екен. Академик В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық өнегесі бар» деуі мұны ашық сипаттайды.

Бартольдтің толғауынша, Қорқыт туралы қария сөз қазақ даласында жиі жолығады, олай болуы бұл жерді оғыздардың Кавказға бармай тұрып ерте кезде қоныстағандығына байланысты, Сондықтан бұл қария сөздер осы күнге дейін сол даланы мекен еткен қазақтардың аузында әлі күнге айтылып отырады. Қазақтар айтатын әфсаналардың кейбіреулерін басқа еңбектерімде де жазғанмын. Бір еске түспей қалған ой 1865 жылы қайтыс болған, күншығыс халықтарын зерттеуші, Сібір қазақтарынан шыққан Шоқан Уәлихановтың Қорқыт туралы айтқандары. Шоқан Қорқытты «Бірінші бақсы, қазақтарды қобыз тартуға, сарын айтуға үйретті», - деп жазды.

«Деде Коркут» кітабы туралы бұрын жазған ойларымда, - дейді Бартольд, - аңызда, поэмада жырланатын Қорқытты қазақтың қария сөзінде айтылатын әулие Қорқытпен бір кісі деп білдім. Демек, Қорқыттың бейіті Сырдарияның жағасында оғыздардың бұрынғы астанасының қасында әлі күнге дейін сақталып келген. Қорқыт Сыр бойындағы тым атақты, әрі сәуегей, әрі жырау, әрі кемеңгер қарт». Осы сияқты әфсана түрікмен даласында да кездеседі. Демек, қазақ пен түрікмендер айтатын Қорқыт әфсанасы бір негізден шығуы күмәнсіз.

Ғалымдардың зерттеуінше, Қорқыт жырында әсем түрде суреттелетін атақты алыптар -Қазанбек, Бамсы, Домрул хикаялары - Сырдария жағасында ерте заманнан айтылатын әфсаналар. Олардың аттары қазақ эпосында да кездесіп отырады. Кейінірек оларды оғыздар Сыр бойынан батысқа апарып таратады. В.В.Бартольд мұны ерте заманнан алып қарамақшы болады. «Түркі тайпаларының ерте замандағы отаны Ыстықкөлдің алабы болатын. Оғыздар онан әрі күншығысқа барған емес. «Сырдария жағасынан оғыздар күнбатысқа бір әфсана апарып таратты. Ол халық аузында естен кетпейтін асқан жырау, кемеңгер ойшыл, халықтың нақыл сөздерін қорғаушы Қорқыт ата болатын».

Тегінде қазақ ортасында Қорқыт туралы қария сөз, аңыздар орасан көп және ол аңыздарда Қорқыттың тарихи бейнесі өте жарқын, әр алуан түрде айтылады. Қазақта көп жасаған дана Қорқытпен қатар, жас Қорқытты сипаттайтын аңыздар бар.

Қазақ аңыздарындағы дана Қорқыт - халықтың кемеңгер ұстазы, ақылшы батагөй, кеңес беретін данасы. Мұны қазақтар «Қорқыт ата», «Қорқыт әулие» деп кеткен.

Баласыз ата, панасыз жас, шөгіп қалған бейбақ, бәрі оның аталық панасына келіп, тыныс алып, оның ақылымен, кеңесімен қуат алады. Дана Қорқыт мезгіл-мезгіл сәуегейлік болжау айтып, ілгеріде не болатындығынан хабар береді. Толғау жырларымен, өсиет сөздерімен халықты ойға түсіріп, нақыл сөздерімен оларды адасудан сақтанып, дүниеге сын көзімен қарауға тәрбиелейді.

Қазақ сахарасында ежелгі заманның асқан данасы Қорқыттың толғау айту дәстүрін, оның эпикалық жырын, күйін, сарынын, нақыл - сөздерін мұра етіп, оны біздің заманымызға жеткізген жыраулар, ойшы адамдар аз болмаған. Қорқыттың мұрасына ие болған саңлақ кісілер қазақта төрт топқа бөлінеді: 1) ежелгі бақсы - жыраулар (Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз); 2) Қобызбен күй шерткен пакты күйшілер әл - Фараби, Кетбұқа, Ер Шегедей; Досжан, Өтеболат, Қанқожа Уәлиханов, Құрманғазы, Ықылас, т.б. 3) Болжал айтумен халықты ойға түсірген ойшы жыраулар, шешендер (Сыпыра жырау, Асан ата, Қазтуған, Шалкиіз, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Құлназар, Майлықожа); 4) Қорқыт дәстүрі бойынша қобызбен жыр тасқынын ағылтқан құйылма ақындар (Жанақ, Сабырбай, Найман бала, Жұмағұл, Базар жырау, Ерімбет жырау, Абыл жырау, тағы басқалар). Бұлардан басқа Қорқыттың әңгімесін хикая түрінде айтып,ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған шежіре кісілер де аз болмаған. Олар әсіресе Сырдария жағасында, Жанкент, Қазалы, Қармақшы, Қызылорда, Сығанақ, Шәуілдір, Түркістан қалаларының төңірегінде көбірек жолығады.

Қорқыттың аңыздарын, оның нақыл сөздерін аса жүйрік білетін қазақтың қария даналарының ең атақтысы - Базар жырау (1842-1911) Бұқара облысына қарайтын Тамдыда жерленген, шежірені жүйрік білген атақты қария өзі қазалылық, Майман Мантайұлы (1846-1927), қадірлі шежіре қарт Мұса Өтешұлы (1866-1960), ақын Ерімбет Көлденбекұлы (1844-1919), жырау Тұрымбет Салқымбайұлы (1873-1934), жалағаштық атақты жырау, Қорқыт аңызын жүйрік білген Сарыбай Кұлназарұлы (1858-1919), тамдылық қария Ахмет Назарұлы (1882- 1966), қырғыздық қария Жақсылық (1883-1961), қармақшылық Әлқуат Қайнарбайұлының Қорқыт туралы екі қолжазбасы біздің қарамағымызға түсті... Қорқыт аңызын жақсы білген жүйрік қарияның бірі - Ташкент түбінде, Сіргелі қаласында тұратын Жақып ата (өзі Сіргеліден). Ол кісі Қорқыт атаны әдемілеп айтатын көп кісіні білген. Солардың бірі - Қорқыт сарынын шалқыта тартатын, Сырдария бойында Қызылордаға жақын тұратын Соқыр абыз деген кісі. Ол әрбір базар күні қалаға келіп, өзінің ескі қобызымен «Қорқыттың сарынын» тартып отыратын еді. Ол бақсының тартқан «Қорқыт күйін» бүгінде ешбір күйші тарта білмейді. Ол аузынан сілекейі шұбырып тартқанда, қаптаған жұрт ерекше құмартып, қобыздың күңірене шыққан толқынды дауысына орасан таң қалып тұратын еді.

Қорқытты бергі заманға дейін әдемі айтып жеткізген XVII ғасырдағы бақсы жырау Нұрғали және оның XVIII-XIX ғасырларда жасаған ұрпақтары. Олар ескі заманнан келе жатқан ұлы бақсылардың тұқымы, өздерін Қорқыт атанын ұрпақтарымыз деген шежірелері болған. Солардың бабасы Қошқар ата Шымкентті ежелден мекен етіп, Қорқыттың аңызын елге таратқан. Нұрғалидың есімі оның ұрпақ жыраулары кейін бақсылар қатарында айтылады. Олар Әбубәкір Диваевтың достары.

Осы айтылған даналардан, одан бұрынғы кемеңгер ойшылардан сақталып келген Қорқыт аңызы қазақ халқының ойында мәңгі ұмытылмаған, ол ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы тарап, көпшіліктің қызық көретін әфсанасы болып отырған.

Қазақ қариялары мен асқан күйшілерінің толқытып айтатыны Қорқыттың туғаны, оның қобызы, оның сарыны, оның бірінші таратқан «Тәңірі күйі», оның желмаясы «Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын кезуі» «Қырық қыз бен Қорқыт» әфсанасы, «Жан алғыш пен Қорқыт» легендасы, оның Сыр суының бетінде қобыз тартып отырғаны, оның күй даусы күңіреніп тұратын киелі күмбезі - осылардың барлығын ғажайып түрде айтып келген қазақтың қария жыраулары.

Кейбір ғалымдардың бақылауынша, қазақтың ақындары, билері өте шешен, білгіш, жарқын ойлы кемеңгер келеді. Олар әрқашан халықтың тілегіне сай келетін ашық, жарқын ойларды есіне түсіреді (Алектров, Құрманбай ақын). Көп замандағы қазақ ойшыларының Қорқыт туралы қолжазбалары осы күнге дейін сақталып келген. Олардың ішінде көзге ерекше түсетін Базар жыраудың, Сарыбай Құлназардың, Әлқуат Қайнарбайұлының жазулары. Олардың көбі Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы тұр. Дана Қорқытты қадірлеу әсіресе халық жырында, халық музыкасында, халықтың тақпақ сөзінде үзілмей айтылып отырады.

«Қорқыт кітабында» («Аталар сөзі») «Қорқыт айтты» дейтін сәуегейлік сөздер қазақ аңыздарында да ұшырасады. Мәселен, «ілгеріде қилы-қилы заман болады» деген тақпақ -мәтелдер қазақ халқының ойында ғасырлар бойы сақталып келеді. Қорқыттан жеті ғасыр кейін шыққан атақты Асан ата XV ғасырда қазақ ұлысын біріктіру мәселесін қолына алған даланың ойшы данасы Шоқан Уәлиханов). Ол Әз-Жәнібек, Керей үшеуі Әбілқайырға разы болмай, қазақты жеке бір ұлысқа бөлмекші болады. Әбілқайырмен бірге Сыр бойында Арқада отыра алмай, Асан ата орда болар жер іздейді. Әбілқайырдың ықпалына кірмеген екі өлке бар еді. Біреуі Жетісу - үйсін, дулаттар, біреуі - Маңғыстау. Осы араның жерін, елін көруге Асан ата Қорқыт сияқты желмаяға отырып, елге қоныс болатын өзі байтақ, орманды, көкорай шалғынды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ұйық жер іздейді. Түркістан мен Сауранды көргенде жаны күйіп, елін сағынады. Маңғыстауды үш рет барып көреді, «мал бағуға жері жақсы, бірақ көп ел сыйып отыра алмайды», - дейді. Жетісуды көргенде Асанның ойы шарықтап:

«Жетісу шалқып тұрған бір байлық, ағашының жемісі қандай тәтті, шаруаға жақсы қоныс осы ара екен» депті. Одан кейін Арқаның күншығыс өлкесін, Қарқаралы, Баянауыл, Ертіс, Алтай, Тарбағатай жерлерін көріп қызығыпты. Ең соңында Жетісуға келіп, Хан тауында ордасын құрады. Олардың ордасының ізі осы күнге дейін сол арада сақталып келеді.

Әз-Жәнібек сол ордада отырып, Асан атаға бірнеше сұрақ берген деседі:

– Ау, Асан ата, атасы өлген қалай екен?

– Асқар тауы құлады десеңші.

– Шешесі өлген қандай екен?

– Ағар бұлағы суалды десеңші.

– Ағасы өлген қалай екен?

– Оң қанаты қайырылды десеңші.

Асан атаның осы тапқыр жауаптары ерте кезде Қорқыт айтып кеткен дейтін қария сөздерді еске түсіреді:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені қараң болар.

Халық шежіресі бойынша Асан ата Майқы бидің алтыншы әулеті еді деседі. Ол өзі Қорқыт сияқты жұрт қамын жеп өткен дана, батагөй, кемеңгер кісі. Өзінің ұзақ жасында бір күлмей, халыктың қамын ойлап, уайым жеп өткендіктен, «Асан Қайғы» атанған. Асан Қайғының Қорқыт сияқты елге үлгі ретінде айтқан нақыл сөздері өте көп, ол фәлсафалық ойлар Қорқыттың нақыл сөздері сияқты елге күш-қуат берген. Шоқанның зерттеуінше, Асан ата өмірінің кейінгі кезеңін бір ғана Жетісуда өткізіп, өлген соң сүйегі Ыстықкөлдің жағасына қойылған.

Асан - Қорқыттан кейінгі ұлы жырау, асқан ойшының бірі. Ал оның алдында өзінің кемеңгер ойымен Дешті Қыпшаққа әсер еткен атақты Сыпыра жырау (XVI ғ.) еді. Асанның замандастары - Қазтуған, Шалкиіз, одан кейін Ақтамберді, Бұқар жырау.

Тегінде жырау - ақын емес, ол толғау айтатын ақылшы, қиыншылық үстінде халық ортасына шығып толқынды, қамқор сөздер айтатын данышпан ойшыл адам. Ол ерте кезде ұлыс ордасында отырып, ақыл-кеңес беретін әрі тәрбиеші, әрі ұстаз, әрі сәуегей, ұлы ойдың иесі.

Жыраулар әр заман халықты сарқылмас ойға, адамшылық қасиетке, игі істерге, жаратылысты білуге шақырады. Осыған орай олардың шығармаларында халыққа арнап айтатын тәрбиелік ойлар, терең ақылдар өзінің келісті сұлу түрінде үсті-үстіне жол салып, сай суындай ағылып, тасқындап отырады. Олардың түбегейлі ойы - халыққа үлгі беретін нақыл сөздер, әдемі ойлар.

Жыраулардың келістіре айтатыны - ел басқарған кемеңгер адамдардың ерекше жаралған сипаты, ел қорғаған алып ерлердің жұрттан асқан ерекшелігі, олардың өзіне хас жойқын суреттері; халыктың саяси, мәдени, шаруашылық тіршілігі, елді бейбітшілікте бірлікке, ерлікке баулу; көрші елмен достық қарым-қатынасты ардақтау; ел басқарған адамдарға кеңес беріп, татулықты мұра ету. Бұл толғау әсіресе Сыпыра жыраудың Тоқтамысқа айтқан нақыл сөздерінен, Бұқар жыраудың Абылайға айтқан өсиет сөздерінен анық көрінеді. Осындай фәлсафалық терең ойлар айтқан қазақ жыраулары халықтың шын досы, олардың мәдениетіне, рухани тіршілігіне жойқын негіз қосқан, оларды жақсы дүниеге, игі ойға, білуге шақырған, сұлу тәрбие берген ұлы ұстаздар. Көп зерттеушілердің бақылауынша, сахараны ежелден қоныс еткен, мал өсіріп, егін орып тіршілік жасаған тайпалар өзінің өмір сүрген жерінде дүниежүзілік мәдениетке белгілі үлес қосқан, көп мәдениет белгілерін қалдырған (Уәлиханов, Радлов, Готовицкий).

Бұларды жасауға ұлы тірек болған халық ұстазы, кемеңгер ойшылары жыраулар болып есептеледі.

Ұлы жыраулардың ең ескі дәуірдегі ұлы ұстазы - Қорқыт (VII- v III ғғ.). Одан кейін XIII ғасырда жасаған Аталық жырау,ибн Әл-Асирдің айтуынша, «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан атақты жырау, шын аты - Кетбұқа (кейбір жерде Кербұқа). Бұл оқиғаны әдемі суреттеп кеткен сол араб ғалымы ибн әл-Асир (XIII ғ. 30-жылдары), одан кейін Ұлықбек («Түрік шежіресі»).

Сұрғалтайұлы Сыпыра жырау XIV ғасырдың атақты ойшысы, Орманбет (Орыс хан) пен Тоқтамыстың заманында жасап, жүзден асып өледі. Жасырақ кезінде Ақ орданың ханы Баянға кеңес береді. Қартайған шағында Маңғыстау жерінде жүрген. Тоқтамыс пен Едіге айтысып жүргенде, жүзге келген Сыпыра жырауды Тоқтамыс күймелі арбамен Маңғыстаудан сарайға алдырып, оның кеңесін тыңдайды.

Сыпыра жырау өзінің өмірбаянын, ерте заманда қандай ханға кеңес бергенін «Едіге» жырында сипаттаған.

Сыпыра жыраудың жасырақ кезінде оны 1334 жылы Сарайшықта тұрғанын ибн Баттута да көрген сияқты, «осы қалада түріктердің атақты жырауы тұрады» дейді ол бір жазуында.

Халыққа кеңес берген ұлы жыраудың бірі - Қазтуған. Оның алып ерлерді ардақтап суреттеуі ескі Қорқыттың алып ер Қазанбекке айтқанымен ұқсас келеді. Мәселен:

Ей сұлтаным, сұлтаным,
Сұлтандардың ішінде
Артық туған сұңқарым,
Теңіздей терең ақылдым,

Тебіренбес ауыр мінездім.

Осыған ұқсас келетін атақты жырау Шалкез, ноғайлы - қазақ заманында халыққа нақыл айтқан шешен, ел басқарушыға кеңес беретін ойшы. Ел басқаратын Темірдің халық мүддесіне ерекше көңіл қойғанына разы болып, Қорқыттың Қазанбекті қадірлегені сияқты сөздерді бұл да айтады:

Көк теңіздің үстінде
Көтеріп желмен аштырдың
Тегеурінді болат темірдің

Тегеуріні сен өзіңсің.

Абылай ескі заманнан келе жатқан болжал: «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деген не сөз, соның шешуін айтып бер», - деп Бұқар жыраудан сұрайды. Сонда жыраудың айтқаны:

«Қарағай - судан қашып шыққан шөлге біткен бір дарақ, шортан суға шыдамсыз бір қарақ, ойлама шортан ұшпас деп, қарағайға шықпас деп».

Бұқар жырау ескі Қорқыт сияқты ұлыс ордасында отырып, халыққа ақыл-кеңес, толғау айтқан кісінің бірі. Осындай ежелгі заманнан тізбектеліп келе жатқан фолсафалық ойларға қарағанда, қазақ ойшыларының көбі Қорқыт дәстүрінен жарқын өрнек алып, оның тарихи негізін әдемі сақтаған, олар да Қорқыт сияқты алып ойлардың иелері екенін көрсетеді. Оның жарқын үлгісін әсіресе Асан Қайғы, Әнет баба, Нысан абыз өмірінен, олардың тақпақ сөздерінен байқауға болады. Бірақ олардың алтын ойлары басылып шықпаған, халыққа онша таныс емес.

Қазақ пен түрікмендер айтатын «Қорқыт» туралы әфсаналардан ғалымдардың аса көп көңіл аударғаны «Қорқыттың кәрі» деген ұғымға қатысты. Мұны Ерсары түрікмендерден бірінші рет жазып алған А.Г.Туманский. Халықтың ой-санасында Қорқыт бір жағынан асқан алып ер, ешнәрседен сескенбейді, қорқуды білмейді. Сондықтан оған «Көр қазудың еш қажеті жоқ» деп түсінген.

Мұны қазақтар тағы былай деп айтқан:

Өлі десем өлі емес,
Тірі десем тірі емес,
Сол атаның атасы

Ертеде өткен Қорқыт ата.

Қазақ халқында Қорқыт туралы айтылатын қария сөздердің аса жарқын түрде сақталғаны исламнан бұрынғы қазақтың (тюрк-монғолдардың) ескі діні (тәңірі), оның елшісі деп саналған бақсылар атымен байланысты. Бұл тарихи заманнан келе жатқан ой-сананың бір түрі, жаратылысты танудың діни нанымға көзқарастың, дүниетанудың бір торабы. Оның негізі Қорқыттың «керемет жасау» үлгісінен туған, жоғарғы биік дүниені, жаратылысты жүйрік тану, ол үшін оның әдісін, тәсілін таңғаларлық түрде айыра білу. Сондықтан қазақ аңыздарында Қорқыттың ұрпағы болып саналатын бақсылардың қасиеті өзгелерден ерекше болып сипатталады. Олар жаратылыстан тысқары алып күштің иесі, оның сәуегейлік тұлғасы, ешкімде болмайтын керемет иесі түрінде суреттеледі.

Қазақ аңыздарындағы ескі дін сарыны - бақсылық, оларға мір болған Қорқыт ата оның ерекшелігі, оларға күш беретін иесі ұлы тәңірісі болуы, оларды бабасының аруағы жебеуі, сыйынатын пірлері болуы, оларға дайым болысып, алып дәулердің қолдап жүруі. Бұларды өткен ғасырда әдемілеп жазған Шоқан Уәлиханов пен В.В.Радлов, Ә.А.Диваев. Шоқанның суреттеуінше, қазақтар ерте кезден бері бақсылықты қадірледі, көп заман исламды қабыл етпей, тәңіріге бас иіп жүрді. Бақсы болашақтан хабар беретін, болжал айтатын, ата-бабасының елесі атынан пікір білдіріп отыратын бір ой түрі. Бақсыға бас ию, оның жаратылыстан і ыс күші бар екеніне сену, оны тәңірідей көру қазақтарда осы күнге дейін сақталған.Олардың арасында пірлері мен аруақтарының күшіне қарай, ұлы - кіші бақсылар кездеседі. Ұлы бақсылар барлық ауруды жазады (бағаналы Қойлыбай бақсы). Оның кереметтері де бар. Өз қарнын өзі жарып, бітеу қалады. Бала табарда қиналған әйелдерді аман сақтап қалады, оның соңынан түскен албастыны қуып шытады, қобыздың үнімен аруағын шақырып болжал айтады. Бақсылардың кереметі қобызын тартып отырып, қылышты аузынан тығып ішіне кіргізеді, қызып тұрған ыстық темірді жалайды, оның үстінен жалаң аяқ жүгіреді. Тап осы сияқты «кереметті» өткен ғасырдың ішінде қазақ бақсылары Орынбор қаласында көрсеткен. Ондай бақсылар Жайсаң өлкесінде аз болмаған. И.А.Чеканинскийдің бақылауынша, бақсылар алып күштің иесі, орасан мықты болған, ағашты, темірді бармағымен сындырып отырған, жұдырықпен ұрып, тасты қақ бөлген. Жалаңаш аяғымен қызып тұрған темірдің үстімен жүрген, оны тілімен жалаған. Үй ішінде өзінің кітабын оқып отырып, киіз үйді орнынан жоғары әуеге көтерген.

Бұларды істегенде бақсылар Қорқыт әулие жасаған қобыздарына үн қосып, сарын айтады. Қобыз тарту, онымен пірін шақыру бақсылардың ғасырлар бойы келе жатқан бір дәстүрі. Ойнаған кезде бақсының рухы көтеріліп, ойын сезім басып, түсі сұрланып гу-гу тартып, талғақ болған кісідей төмен қарай құлайды, біраз талып жатып, ұшып тұра келеді, пірлерінің не айтқанын сөйлейді. «Бұл, - дейді Шоқан, - алдан болжал айтудың нағыз өзі ғой».

Шоқан Уәлихановтың суреттеуінше, бақсы тілсім дарыған білгіш, оның ой-санасы басқалардан ерекше тұрады, өзі ақын, өзі музыкант, өзі болашақты болжайды әрі дәрігер болады. Бұл қасиеттердің барлығы Қорқытта болған. Қазақтар бұл атақты ескі жырауларды бақсы дейді, моңғолша - үйретуші, ұйғырша - бітікші, түрікмендер - бақшы деп өздерінің ақын - жыршыларын айтады. Қазақ арасында әрбір кісі бақсы бола бермейді, сол сияқты біздегі әрбір адам ақын бола алмайды.

Тәңірі - тарихи дәуірдегі түркі - моңғол елдерінің ескі діні. Бері келе феодал дәуірі басталған кезде будда және ислам тәңіріге біраз жаңалықтар қосты. Бірақ қазақтардың тәңіріге табынуы бергі кезге дейін келді. Тәңірі — исламнан бұрынғы қазақ және өзге түркі тайпаларының негізгі діні. Олар ата-бабасының аруағына сыйынды, тазартатын күш «от» деп таныды, аспанға, күнге, айға табынды.

Ертеде халық өздерінің тұрмысында ата-бабаның елесін қадірлеп, тастан, кейде ағаштан, киізден мүсін жасаған. Оларға бас игенде айтатын сөздері: «Аруақ разы болсын», «аруақ сақтасын», «аруақ қолдай көр», «қолтығымнан жебей көр», деп ата-бабасының аруағына арнап, «ай мүйізді, аша тұяқты» мал әкеліп сояды, жылқыдан «боз қасқа», қойдан «ақсарбас» әкеліп шалып, ас берген. Олардың күмбезіне күн сайын кешке қарай шырақ жағып қоятын болған. Шырақты қырық күнге дейін өлген кісінің үйіне де тізілтіп жағатын. Кеш түсіп, шырақ жағар алдында есіктің алдына ақ киіз төсеп, оған үй-іші тегіс жиналады, тостағанға қымыз құйып әкеліп, «аруаққа тие берсін» деп ішеді, содан кейін шырақ жағады.

Қазақтарда ата елесін қадірлеу ой-сананың бір күшті түрі. Қиын болған заманда олар бабасының аруағына сыйынып бас иеді, бұл мұсылмандардың әулиеге табынғанымен бірдей. Ата-баба елесін қадірлеу үшін оларға ас береді, олардың басына там орнатады, күмбез жасайды, оны ұрпақтары өзінің ұлы міндеті етеді. Олардың тамына барып бас ию, бата қылу қазақтарда бір сәуегейлік іс. Оның ерте заманда болған дәстүрлерін біз ғұн тұрмысынан, Алтайдағы Күдергі обасын жасаған түріктердің, қыпшақтардың мыңдаған белгілерінен көреміз.

Ерте дәуірдегі тәңіріге табыну не аспанда ие бар деп сену ол жаратылысқа бас июдің елесі, оның ішінде күнді, айды, жер - суды, аспанмен тілдескен асқар тауды, толқын акқан өзендерді, ну орманды, ғажайып қия тасты, тағы басқа түрлі жаратылыс сұлулығын тамаша ету - халықтың ерте күннен салт қылған ұлы жосығы. Бұл легенданың шаруашылық бағыты мал бағу негізімен байланысты болған. Қазақтар аспандағы айды адамға қуаныш беретін бір ғажайып дүние деп білген. Жаңа ай туғанда қуанып, қолын көкке көтеріп дұға оқыған:

Ай көрдік, аман көрдік,
Жаңа айда жарылқа,
Ескі айда есірке, -

деп айды ұлы ие деп, одан өмірдің қуанышын, малдың өсіп-өнуін жарылқа деп тілек еткен.

Күн - адамға игілік пен қуаныш беретін ұлы тәңірінің бірі, күндіз күнге қарап отырмайды, қазақтар баласын «күнім» дейді. - Көк» аспан, көрініп тұрған алып бейне, ол бір жағынан көк, тәңірі аспан болса, бір жағынан жаратылыстың ұлы жасаушысы, зор күн тәңірісі, ұлы күштің иесі, құдайы. Ол бір жағынан жарылқап, бір жағынан жазалап отырады. Оның ұлылығы халық ойында ашық сақталған. Қазақтардың әрдайым айтатын тілегі «Тәңірі жарылқасын» дейді. Оның қорқынышы да күшті: «Көк соққыр», «Көк соққан», «Көкке тапсырдым». Демек, көк, күн, ай, жұлдыз ескі дәуірдегі дәстүрін қазақтарда кейінгі заманға дейін сақтап, ұлы сенім түрін берік ұстап келген.

Тарихи дәуірден келе жатқан тәңірінің бір торабы - от, отты қасиеттеу. Қазақтар отты керемет иесі, «әулие» деп санаған: «От - ана», «Май - ана» деп отқа табынған. От үй-ішінің қараушысы, оның аман-есен болуын жақтаушы. Келін түскенде ең алдымен атасының үйіне кіріп тізесін бүгіп, отқа табынады, отқа май құйып «от - ана, май - ана» деп тілек етеді.

Ерте заманнан бері қарай от тазалықтың иесі, зұлымдыққа, кесір іске қарсы тұратын ұлы қорғаныш. Көктегі ұлы тәңіріден күш алатын әйдік бір алып ие болып саналған. Ерте кездегі түріктер (VI ғ.) Рум елшісі Земархты, кейін монгол үкіметі кезінде сахараға келген Еуропа елшілерін екі оттың арасынан өткізіп, тазартып отырған. Қазақтар қыстаудан жайлауға көшерде, қыстауда жиналатын кесірлікті (жын, шайтан) жою үшін қыстаудан шығатын жолдың басына екі от жағып, керуенді «тазарту» үшін сол екі оттың арасынан өткізеді. Отты заулатып жағып тұрған екі кемпір көп керуенді екі оттың арасынан өтерде дуа қылып:

Алас – алас

Әр пәледен халас, –

деп жалбарыну, арбау сөзін айтып тұрады. Отты аттап жүрмейді, біреуді жек көргенде «от соқсын» деп қарғайды. Отқа табынатын күні ерте кезде әдейі оқ жасап, оны «ұйқы оқ» деп атаған.

Демек, от, көк (күн) сияқты ұлы күштің бірі. Мал бағып, сахараны қоныстаған тайпалар көк, жер-су, күн, ай, от, тағы басқа сұлу дүниелерді ерекше қадірлеп, оларды әдемі әфсанасы етіп, қызық жырға айналдырып отырған. Шоқанның айтуынша, бұларды терең зерттеп, игілікті іс шығару келешектегі ғалымдардың міндеті.

Қорқыт әфсанасының қазақ ортасында көп тарағанын айта келіп, оны жазып алған аяулы ғалымдар В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.А.Диваев, И.А.Чеканинскийлерді құрмет тұтамыз.

В.В.Радловтың суреттеуінше, қазақтар Қорқытты сондай қадірлеп, ардақтаған, барлық әдемі ойды соның атына теліген. «Қорқыт жаққан шырақтай» деу соның қазақ елінің ойында сақталған бір жарқын түрі. «Ер Тарғын» жырында да осы теңеу бар:

Екі көзіңе болайын

Қорқыт жаққан шырақтай.

Қорқыт жырындағы ұлы ақын Қазанбек. Оның әйелінің көрген түсін былай баяндайды.

Қарға түсті қара шашым ұзарып,

Бас көзімді жапқанын көрдім.

Білегімнен он бармағым саудырап,

Қанға боялғанын көрдім.

В.В.Радлов «Ер Сайын» жырындағы Аюбикенің түсінен сол мотивке жақын жолдарды табады.

Мен бүгін бір түс көрдім,

Шаштарым омырауыма созылып жайылған,

Ақ саусағым тырнақтары қанға боялған.

Қорқыт қазақтың ұлы жырауы, әрі музыкаға үйретушісі екенін Г.Н. Потанин Сырымбетте отырып жазып алады, тағы басқа қазақтардан естіп біледі.

Қорқыт туралы айтылатын қазақ аңыздарын, қария сөздерін, ғажайып әфсаналарын көп жинаған Ә.А.Диваев, оның жазуларында Қорқыт – қазақ жырларының атасы, атақты күйші, қазақ қобызшыларының бірі. Ең тамаша беттері Қорқыттың аңызға айналған туысы, оның өскен ортасы, Қорқыттың сәуегейлік істері, нақыл сөздері, болжал айтуы, Қорқыт пен ажал, оның елімге дауа іздеуі, Әзірейілмен таласуы, өлімнен қашып жүріп, дүниенің төрт бұрышын кезуі, бұл кезде оған ұлы күш болған оның «Желмаясы», ол туралы айтылатын жеке аңыздар.

Бұл материалдардың барлығын Ә.А.Диваев 1920-1921 жылдары Жетісу мен Сырдария өлкесін аралаған атақты экспедицияларында жинап қайтты.

Бұл екі аймақтан Ә.А.Диваев екі жүз қырық дәптер, яғни 8 мың беттік мағлұмат жинады. Олардың көбі тарихи хикаялар, шежірелер, аңыз - легендалар, ертегілер, дастандар. Бұл байтақ мағлұматтың ішінде 8 дәптер бір ғана Қорқыттың ескі сюжетіне арналған, ол -Қорқыттың өлімнен қашуы, Қорқыттың (бақсының) сарыны. Қорқыттың Әзірейілмен алысуы.

Шоқан Уәлихановтың Ұлытаудан жазып алған «Қария сөзі» бойынша, «Қорқыттың сарынын» әдемі тартқан ерте кездегі күйшінің бірі - Қият тайпасынан шыққан атақты ер Домбауыл ілгеріде атап өтілді, ол атақты мергендігімен қатар, асқан күйші, қобызды мөлдірете тартатын қобызшы болған. Ұлытаудың батыс төңірегінде «Сарын шоқысы» деген жер бар, ол Домбауылдың сарын шығаратын жері, қобыздың күңіренетін, күй тартқан орны дейді халық әңгімесі. Демек, Домбауыл - Қорқыттың замандасы, Қорқыт сияқты асқан күйші, халыққа қуаныш пен жұбаныш берген кісі.

Ұлытаудағы «сарын шоқысы» сияқты Қорқыт атамен байланысты жер аттары Қазақстанның көп жерінде сақталып келген. Әсіресе, Сырдария бойында, Торғай өлкесінде, Есіл өзеніне жақын таулар ішінде сақталған. Торғай өлкесінде Аят өзеніне таяу бір көлді «Қорқыт қол» деп атайды, «Қорқыт су», «Ақ қарға», «Ақсақал Барбий» көлі де халық аңызы бойынша бір кездегі Қорқыттың мекені еді делінеді. Ақмоладан 110 шақырым солтүстіктегі Домбыралы - Моншақты таулары ерте кезде Қорқыттың моншақ теріп, қобызын өрнектеген жері, ол жерде оның домбырасы қалып қойып, олардың аты «Домбыралы - моншақты» деп аталыпты - мыс.

Орал тауын қоныстайтын башқұрттар арасында «Ескі қырғыз» деген ауыл бар. Олар өздерін осы күнге дейін Қорқыттың ұрпағымыз деп санайды. Олардың ескі заманнан жазылып келе жатқан «Шежіре кітабы» бойынша Қорқыт жасаған заманнан XVIII ғасырдың ортасына дейін 18 ата өткен. Олардың Қорқыттан кейінгі бабалары X ғасырдан бері қарай шежіреге кіріп, халық ортасында белгілі бола бастаған. Осы туралы жазылған «Ескі шежіре» деген мақалада Қорқыттың бір ұрпағы өздерін былай деп суреттейді: «Бабаларымыз тарапынан жазылып қалған шежіреге қарағанда, біздің «Тасты» аталған ауылда тұратын башқұрттардың асыл түбі қырғыз-қазақ жұртында, Бұқар жолының үстінде, (Сыр теңізі) Арал теңізі бойындағы Қорқыт ата ұрпақтары болады. Қорқыттың бергі ұрпақтарынан ең жүйрігі Қосық би. Ақ Еділ бойындағы Татыс суы қасында: «Ескі қырғыз» деген ауылды қоныс етіп, өзі Ақ биге бас ұрған, оны ұлы көріп, шешендігіне бас иіп, «менің ақылшы, кеңес басшым, ұстазым, кемеңгер данам» деп ұйыған. Башқұрт -қазақтар арасындағы Қорқыттың Сырдариядан Оралға ауып барған ұрпақтары тегісімен ата қуалаған би болған. Өздерінің қазақ ортасынан шыққанын айтып, «қазақпыз» деп, не «шала башқұрт» санап, бұрынғы бабаларының қонысын Арал теңізіне жақын, Сырдария жағасында тұрған Қорқыттың тамы, сол жердегі қалалар деп есінде қалдырған. Бұл атаулардың шығуына себеп болған тарихи негіз ерте замандағы оғыз тайпаларының Сырдария мен Орал тауының арасында көшіп жүруінен болған.

Бұл мәліметке қарағанда, Сырдың жағасында бергі кезге дейін сақталып келген Қорқыттың тамы қандай тарихи анық болса, ол туралы жазылып қалған шежіре де соншалық таңсық нәрсе болу керек. Мұны осы күнге дейін сақталып келген, көп заман Қорқыт ата жасаған атақты Жанкент қаласының орны да дәлелдейді. Ол туралы Рашидеддин мен Абылғазы жазып алған қария сөздерде дерек береді.

Сырдарияның аяғында тұрған Қорқыт атаның тарихи мекенін казактар «Су аяғы Қорқыт» (кейде су аяғы құрдым) деп атап кеткен. Қырғыз жырында да солай айтылады. Бақсының жырында да былай келеді:

Су аяғы Қорқыт,

Пәлекетті сен Қорқыт.

Бақсы пірі емес пең?

Бақсы баба сен қолда!

Н.В.Радловтың соңын ала шыққан Баянауылдың қарт жазушысы, ақыны, шежірешісі Жүсіп Көпейұлы шалқып жатқан Ертіс өзенінің бойын аралап, ол жердегі қазақтардың қария сөздерін, ғажайып әфсаналарын жинайды, Қорқыт пен оғыз хан туралы әдемі аңыздар жазып алады. Солардың ішіндегі ең таңғаларлық бір жыры мына түрде естіледі:

Шежіреге басын сүйеген,
Күнге шашын тараған
Ата қадірін білмеген,

Ананың сүтін ембеген.

Болмаса:

Қошқар таудың басында Қошқар ата,

Өгіз таудың басында Өгіз ата.

Өлі десем өлі емес
Тірі десем тірі емес,
Сол атаның атасы

Ертеде өткен Қорқыт ата.

Қорқыт туралы ел ортасында үздіксіз айтылатын, ерте кезден келе жатқан қария сөзді, ғажайып әфсаналарды жүйрік білген Сырдарияның атақты қариясы Әлқуат Қайнарбайұлы (Қармақшыдан). Қорқыт туралы менде ол кісінің екі қолжазбасы бар, екеуі де араб қарпінде жазылған. Ол кісінің тобымен тізбектелген қолжазбалары қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында, қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұр.

Әлқуаттың жазуынша, Қорқыт ата ел арасында атағы кең жайылып тараған, данышпан ойшыл, өнерпаз, керемет ұлы атаның бірі. Әсіресе, Сыр бойындағы елдердің ес білерлік, қарт - жастары түгелдей Қорқыттың атағын жүйрік біледі. Оны бергі кезге дейін әулие, пір деп қадірлеп, күмбезінің басына шырақшы тұрып, кешке жақын адам түнеп жүретін.

Ел арасында, халық аузында Қорқыт туралы айтылатын ғажайып сөздер кең тараған. Олардың ішінде аса таңғаларлық ойлар «Қорқыттың қобызын тарту», «Қорқыт тартқан Тәңірі күй» (Шоқанда: Аллах Всевышний), «Жан алғышпен алысу», «Қорқыттың көрін қазды» деу, «Қара аспанды суға алдырды» деу, «Жел маясын желдірді» деу, онымен байланысты көптеген аңыздардың кездесуі, Қорқыттың «Өлімнен қырық жыл бұрын қашқаны туралы» ескі аңыздарда Сыр бойында айтылады. Сол аңыздар бойынша Қорқыт қыпшақ қызынан туған, ертедегі Асан Қайғы елінің арғы тегі, жері жоғарыда көрсетілген Аят өзенінің бойы, Қорқыт көлінің маңы. Ес біліп, ержете бастағанда Қорқыт нағашы жұртына барып, шаршамай жүгіретін бір түйенің ботасын сыйға алып қайтады, оны өзі өсіріп, тамаша қылып үйретеді. Ол Қорқыттан өзгенің мінгеніне жүрмейді, жетегіне ермейді, бір керемет күлік болып шығады. Аңыздың көрсетуінше, Қорқыттың желмаясы өзі мінгенде ой мен қырды, өзен - суды, шөл даланы кесіп етіп, жер жүзін тегісімен аралайтын, алты ай мінсе арымайтын, Қорқыттың жан жолдасы, құдіретті көлігі болады.

Ислам діні Сыр бойына жаңадан кіре бастағанда оған Қорқыт ата қатты қарсылық көрсетпекші болады, бірақ оны ауызбен айтып жеткізуге ылажы болмай, тек қана қобыздың үнімен, жан тербейтін күйлермен, мұңды сарындармен сездіреді, киелі қобызшының керемет сазы өнерімен халық ортасына кеңінен жайылады. Оның ерекше істері де халық көзіне таңсық болып көрінеді. Ол отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, оны қылышпенен кесе алмайтын бір «ғажайып» адам болады.

Сырдария бойында ескі жыраулардан әрдайым Қорқытты еске түсіріп, әфсана сөздер, тілек бата сөйлейтін ұлы ойшылардың ұлы тұлғасы балқы Базар жырау (1842-1911) Қармақшыдан Баспан шайыр («Қара темір»), Қаңлы Жүсіп, Базар жыраудың үлгісімен жырлайтын Кете Жүсіп, Оңғар жырау, Шораяқтың Омары, Кете Ұбсұлтан (Жосалы), тағы басқалар. Бұлардың барлығы Қорқыттың өмірін, оның қария сөзін, ол туралы айтылатын тарихи әфсаналарды жүйрік білген кемеңгер ойшылдар.

Ұлытауда Қорқытты өзінің пірім, ақылшым, ұстазым, сыйынатын қорғаушым деп айтушы Бағаналы Қойлыбай бақсы, Бағаналы Балақай баксы, Көкшетауда Атығай, Қарауыл ішінде Шүмен бақсы.

Базар жырау Қорқытты есіне түсіргенде былай дейді:

Жалғаншы бір қорқыттың, бір толқыттың

Кемге менен келген жанның бәрін құрттың.

Дос көріп дүние сені қусам - дағы,

Керімі келген шығар ер Қорқыттың .

Демек, менің де Қорқыт сияқты өлмей қалатын түрім жоқ деп суреттейді.

Сарыбай Құлназар жырау Қорқыттың елімнен қашқанын суреттей келіп, мынадай бір толғау келтіреді:

Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,

Қазылған көрді көріп қатты сасқан.

Тағдырдың тақымына тәнті болмай,

Ажалмен арпалысып жан таласқан.

Өлімнен Қорқыт қашқан қырық жыл бұрын

Арбасқан би опаның болжап сырын.

Ажалға амал тауып құтылсам деп,

Тағдырға тәнті болмай келген қырын.

Қорқыттың ажалмен алысуы, оған бас имей қарсы болуы бұл өлеңде анық айтылған.

Баспан шайыр (Қара темір) Төребай би өлгенде оны еске түсіріп, жоқтау сөзін толғайды:

Халықтың мейірін қандырған,
Тап салмаған теңізім
Тентекті тезсіз түзеттің

Тартқандай «Қорқыт» қобызын.

Демек, Қорқыт қобызының үні жалғыз музыкаға емес, ол ақын, жырау, билердің нақыл сезіне де зор әсер еткен.

Ауылдағы атақты қариялар жұртқа тілек айтқан да сөзінің көбін Қорқыт атымен байланыстырып отырған:

Желмаясын желдірген,

Қорқыт атам қолдасын.

Бұл мысалдардың барлығы Әлқуат Қайнарбаевтың жазуында келтірілген.

Қорқыттың күйін (Тәңірі күйі), оның сарынын қазақ сахарасында бергі кезге дейін тартып келген атақты қобызшы - бақсылар. Олардың ішінде халық арасында көп жайылған ең әйдіктері Бағаналы Қойлыбай бақсы, Бағаналы Балақай бақсы, олардың аттары Ұлытау төңірегінде Жыланшық өзеніне құятын, Ұлытаудан бастау алатын өзендерге қойылған. Сыр бойындағы бақсылардың ең ұлысы - XVIII ғасырда жасаған Нұрғали бақсы, ол бақсылардың түу тіккен жері - Шымкент қаласына таяу тұрған Қошқар ата қыстағын мекендеген. Олар өздерін Қорқыт атаның ұрпағымыз деп санайды. Нұрғалидың баласы Қарамырза (XVIII г.), оның баласы Меңкіш бақсы Қорқыттың аңызын, оның қобызын, оның сарынын XIX ғасырдың басына дейін келістіре айтқан кісінің бірі, оның баласы Бексейіт - Әбубәкір Диваевтың замандасы. Қорқыт туралы ата-бабасынан келе жатқан, сирек жолығатын аңыздарды Әбубәкір Диваев осы кісіден жазып алады.

Сыр бойында Қорқыт күйін, оның сарынын әдемі тартатын ұлы бақсылардан халық ортасына көп тарағаны - атақты қобызшы Дәулет бақсы (XVIII), Қазалы төңірегінен Табынбай бақсы (XIX), Мешітбай қобызшы (ХІХ-ХХ) Ырғыздан, Соқыр абыз (ХІХ-ХХ) -Қызылордадан.

Сырымбетте Қорқыт күйін тартқан - Қантожа Уәлиханов, Шүмен бақсы. Шыңғыстауда Берікбай (XIX) мен оның баласы Сыламбек. Мұндай бақсылар Жайықта, Торғайда, Ақмолада, Қарқаралыда, Аягөзде, Жайсанда да көп болған.

Ерте заманда жасаған жырау - бақсыларды келістіре суреттеген В.А.Гордлевский мен И.А.Чеканинский. Соңғы зерттеушінің толғауында бақсы - адам баласы жасаған мәдениет сатысының жоғарғы тізбегіндегі қызғылықты бейне. Бірақ кейін келе олардың тек сыртқы көрінісі сақталып, ішкі мазмұны ғасырлар бойында ұмытылып қалған. Қорқыт бақсының қандай жүйрік әдістері, таңғаларлық кереметтері болғанын Рашидеддин жарқын түрде суреттейді». Қазақтардың қария сөзі бойынша, Қорқыт бақсылардың ұлы пірі, тарихи замандағы бірінші бақсы, бақсыларға қобыз тартуды, сарын айтуды үйретуші, - деп Шоқан сипаттаған болатын. Қазақ тілінде «Қорқыт» сөзі қорқыныш, қорқу, шошыну, сескенуді көрсетеді.

Зерттеуші И.А.Чеканинский атақты Берікбай бақсы мен оның баласы Сыламбекті мысалға келтіріп, қобыз тартып отырғанда оны суретке түсіреді. Бұлар Шыңғыс тауында туып -өскен, екеуі де Семейге келіп, География қоғамында қобыз тартып, өнер көрсеткен. Берікбай бақсыны алғаш рет География коғамына апарып көрсеткен Абай екені байқалады. Зерттеуші Берікбайдың «керемет» істерін География қоғамынан, ел аузынан естіп біледі. Музейде Берікбай қобызға үнін қосып, сарын айтып, кереметтер көрсетеді. Қобыздың даусы соншалық ашық болмаса да, оның сазы келісті, құлаққа жағымды болып естілген. Зерттеуші баксының кереметіне, оның ұлы күшіне сену сахарада әлі күнге дейін ұмытылмаған деп түйеді. Мұндай сенімнің түбірі Қорқыт аңызына барып қосылады. Халыктың көзқарасы бойынша, бақсыда жаратылысынан тысқары күш бар. Олардың күш алып сыйынатын пірі, қанатты тәңірісі, қолдаушы дәу алыптары бар.

Қазақ аңыздарында ондай сәуегей әулиенің, пірлердің, ер Шойлан сияқты алыптардың ерте кезде тұратын жерлері - »Дәу үңгірлер», «Әулие тастар» (Тарбағатай тауында), «Әулие үңгірлер» (Баянауылда), «Қоңыр әулие үңгір» (Шыңғыстауда), «Қазығұрт үңгірі» (Шымкенттің қасында) Бұқтырма үңгірі», тағы басқалар қазақ даласында көп.

Көп ғалымдардың байқауынша, Баян тауы мен Қарқаралыдағы «Әулие үңгірлер» көңіл қоятын бір ерекше нәрсе. Олар дөңгелек не сопақ үйге ұқсаған, кірер аузы, көбесінде терезе сияқты тесігі бар, іші адам қолымен өңделген, адам тұрған орындар. Өзге үңгірлер де осы тәрізді болып отырады.

Шыңғыстаудағы «Қоңыр әулие» қазақ аңызы бойынша ерте кезде сәуегейлер, әулиелер тұрған «Ұйық үңгір». Оның кіретін аузында әйелдің суретінен қиып түсірген мүсін тас болған, маңайы толған пантеон. Абай оны әдейі іздеп барып көріп, үңгірдің аузына атын жазып кеткен. Қазақтар бұл мүсін тасқа келіп, бас иіп жүреді. Ақын Низамидің жазуынша, қыпшақтар да сондай мүсін тасқа табынып жүрген.

Үңгірдің ішінде бұрын шойын қазан, қоладан құйып жасаған кісі бейнелері тұрған. «Қоңыр әулие» деп ат қоюдың өзі оның кәделі орын болғанын көрсетеді.

Қазақ халқының ой-санасында, діни көзқарасында Қорқыт заманынан келе жатқан аңыз -сарындар көп ғалымның еңбегінде кездесіп отырады. Оны Н.Плотниковтың, Шестиковтің, М.А.Мировниевтің, Ф .Поярковтың, Л .Исаковтың, П.Комаровтың, тағы басқалардың пікірлерінен көруге болады.

III. ҚОРҚЫТ АТА БҰРЫНҒЫ ҒАЛЫМДАР МЕН АҚЫНДАРДЫҢ ЕСІНДЕ

Қорқытты бірінші рет таңғаларлық әдемі сөзбен ғылым жүзіне келтірген арабтың географы Истахри (Х ғ.). Ол кісі Хорезмді, Сырдың бойын аралап жүріп, түріктер арасынан бұрын өткен екі данышпан ойшыл туралы әфсаналарды естиді. Оның екеуі де жұрттан асқан білгіш, ел ортасына атағы жайылған, озық адамдар. Оның біріншісі - Барзу деген данышпан дәрігер, ондай дәрігер Иранда да болмаған, екіншісі - атақты музыкант, өзінің жырымен, тартқан күйімен елді аузына қаратқан кемеңгер ойшы. Истахридің жазғандарын көшірушілер бұл сөзді қате жазып жіберген.

Ескі әдебиетте Қорқыт жырының үлгісі, оның сарын мотивтері белгілі жыршы Қожа Ахмет Йассауи «Жүсіп-Зулейханың», «Қыссаси Рабғузидің» шығармаларында өте жиі кездесіп отырады.

Бүгінде тарихи заманның биік айшысы Қорқыт жырау туралы түрлі тілде байтақ мәліметтер жиналды, оның көбі ескі түркі, парсы, араб жазуларынан алынған. Солардың ішіндегі көзге ерекше түсетін ең ғажайыбы атақты тарихшы Рашидеддиннің Қорқыт, Оғыз, олардың ұрпақтары туралы жазып кеткен жолдары. Олардың әлі күнге басылмаған кейбір тараулары бүгінде Стамбулдың Топқапы сарайында (III) сақтаулы тұр. Ол -«Жами-ат-тауарих» шығармасының II бөлімі. Мұнда барлық әңгіме бір ғана Оғыз ханның хикаясын айтуға арналған, онымен қатар кемеңгер Қорқыттың әфсаналары жиі еске түсіп отырады, кейде Қорқытты әдемілеп суреттейді.

Сондай қызықты нұсқаның бірін атақты зерттеуші Рашидеддин жазған «Жами-ат-тауарих» оны жақсылап пайдаланып, көркейте жазған Хафиз Абройдың «Мужмала-ат-тауарих» онды Инал Сыр Ябғу заманында айтылған Қорқыт ата туралы бір әфсана бар, ол әлі жарыққа шықпаған Топқапы сарайында сақтаулы тұр. Оғыз бен Қорқыт мәселесі мұнда көп, кең айтылған, аса қадірлі ойлар онымен қатар мұнда миниатура үлгісімен түсірілген көп суреттер жарқын түрде берілген. Олардың ішінде Оғыздың таққа отырған кезі, оның билері, Күн ханның патшалығы, Оғыз ханның балаларымен Шам (Сирия) өлкесінде болуы, қаңлы мен ұйғырлардың Оғызға бас июі, Оғыз ортасынан шыққан хандары - Тұман, Көл-Еркі, Қаңлы-Яаулы, оларға кеңесші болған Қорқыт ата.

«Жами-ат-тауарихтың» бір тарауы - «Бағдат Кошку» нұсқасы да Топқапы сарайында сақтаулы тұр. Оны жазған Хафиз Аброй. Онда Қорқыт туралы көптеген әңгімелер, әфсаналар, қызықты хикаялар бар.

Бұл әфсаналар өзінің тарихи негізін ешуақытта жоғалтпай, қазақ сахарасында өзінің әдемі түрін кейінгі заманға дейін сақтап келген түрлеріне ұқсап отырады.

Рашидеддиннің ойлауынша, жыр - сахарада осы күнге дейін Қорқыт туралы хикаялар, ғажайып әфсаналар өте көп, әсіресе Сыр бойында мол айтылады. Оларды өзінің тарихи қалпында өзгерусіз айтушылар - сол кездегі қазақтың қариялары, асқан жыраулары, шешен билері, жүйрік ақындары.

Рашидедцин қасына әрбір өлкеден білгіш адамдарды ертіп, Қорқыт пен Оғыз туралы қызықты әфсаналар жинап алады. Ескі қариялардың айтуынша, Қорқыт 295 жыл «жасаған» ұлы қарт. Ол туралы хикаялар, қария сөздер орасан көп.

Қорқыт асқан дана, керемет иесі, әдемі сөз бен нақыл, толғау айтатын, сәуегей кісі болған. Ол сипаттың барлығын атақты зерттеуші ел аузында сақталған Қорқыттың даналық сөзінен, онымен байланысты айтылатын «Оғыз наме» әңгімесінен алып отырған. Оның үстіне, Рашидеддин Қорқытқа берген сипаттауында «ілгергіні болжайтын сәуегей, керемет иесі» деуі де, қазақтың бақсы - жыраулары мирас еткен ойларға дәл келтіріп айтылған.

Рашидеддин жазып алған әфсана бойынша, Қорқыт үш ханның уәзірі болған. Олар Инал Сыр Ябғу хан, Дойлы, Көл - Еркі. Инал хан елді көркейтті, бейбітшілік орнатты, жеті жыл патша болды. Қайы Инал хан Мұхаммед пайғамбармен тұстас еді. Ол Баят тайпасынан Керенжүк атаны пайғамбарға жіберіп, мұсылман дінін қабылдатты. Бұл Баят тайпасынан Қорқыт Қарақожа ұлы еді. Ол өтe ақылды, білгіш, керемет ақыл иесі. Инал хан Сыр Ябғудың кезінде шықты. Қорқыт Көл - Еркі ханға да кеңес беруші еді. Инал ханның баласы Туман ержеткенде хандықты Көл - Еркіден тартып алуды ойлайды. Сонда Қорқыт Туманға: «Сенің жас кезінде ел басқаруды Көл - Еркіге берген едік. Ол қартайды, енді бірнеше жыл өмірі қалды, бірақ сен тақты одан тартып алсаң, халық наразы болады, бұл саған жараспайды», - дейді.

Рашидеддин «Оғыз дастанында» тағы былай деп суреттейді: «Сахарада бір өлейет жасады, атын Жәмік (Ямік)» деп атаушы еді. Өзі күшті, қуатты елдерден саналып, бір адамы он адамға қарсы тұрарлықтай еді. Бұлар оғыз бен қыпшақтар сияқты сахара мен Сыр бойын ерте заманнан қоныстаған байтақ ұлыс. Ертіс бойындағы Жәміктер ортасында Құрыш Жабғу таққа отырады. Биі Алас ұғлы үйсін еді. Оғыздарды билеген Инал Сыр Жабғу хан еді, жеті жыл патшалық істеп, өлкесін түзетті, қалалар салдырды. Бұл кез Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген кезі еді. Бұл әкімге Баят тайпасынан дәде Кереншік уәзір болып, оның қызметін басқарып, мұсылман болды. Бұл асқан ақылды, данышпан, керемет иесі Қорқыт ата Қарақожа ұлы еді. Өзі нақыл, сәуегейлік сөз айтқан, 295 жыл жасаған қария кісі еді. Оның маңында өзінің бабасы дайындаған ел билеуші, көмек берушілер көбейді. Осы кезде әлеумет ортасынан Инал хан Сар Ябғу шықты. Оның ешбір ұлы жоқ еді, өлердің алдында бір ұлды болды. Қорқыт ата келіп, бұл баланың атын Тұман болсын деді. Мәжілісте отырған билердің біреуі: «Тұман - қараңғылық деген сөз, бұл ат хан баласына ұнаспайды. Бұған басқа бір ат қою керек», - деді. Қорқыт сөйледі: -«Тұман түскен кезде ауа қоюланады, ешнәрсені көрсетпейді, бірақ өсімдік үшін пайдасы орасан зор, жерде дымқылдықты күшейтеді. Демек, бұл баланың әкесі қайтыс болғанда халықтың көңілі де қапалықпен басыңқы еді, ортасында тұман қаптап, қараңғылық басып еді. Бірақ үміт етіп түсіне біліңіздер, бұл өткінші нәрсе, күн көзі шығып, жер жүзін жасыл шөп көркейткенде, әркім игілікке бөленеді, бұл баланың үміті осында, сондықтан осы атты қойдық».

Жабғу ханның жерінде дала хайуаны өте көп еді. Хан олардың әрбір түрін өлтіріп, тілін кесіп, жинатып отырады. «Бір ұл көретін болсам, хайуандардың тілін үйрену үшін соған берерсіз, - деп өсиет етті. Тұман өсе бастаған кезде әкесі жинап қалдырған дала хайуандарының тілін оған берді. Бала бақсылардың арбаушылық әдісін қолданып, бүтін хайуандардың тілін біле бастады. Халықтың үлкені де, кішісі де топталып келіп, Тұманның арбаушылық ісін қарап таң калды. Ел басқаруға оның өзі отырғанын тіледі. Тұман әлі жас болса да ел басқаруды жүйрік білді. Қорқыт айтты: «Патшалық осы баланың өзінде болсын», - деді. Жұрт жиналып, тоғыз жүз қой, тоғыз жүз жылқы сойып, ұлы той жасады. Тұманға арнап сөз сөйленді. Қарияның біреуі айтты: «Дәулеттің тірегі сенсің, толғаулы сөздеріңді сөйле, кереметтеріңді көрсет, жарқын жүзің Тұман ханда екенін сеземіз, тақ, мемлекет оныкі. Адамшылық қасиетінен игі ойлар айтарсың, біз де естіп қызық дәурен көрейік».

Той үстінде қыпшақтар қатарынан тізіліп отырған еді. Әлден уақытта ұлыған бөрінің даусы естілді. Тұман хан барлық хайуанның тілін білетін болғандықтан, бөрінің неге ұлып тұрғанын аңлады. Кәрі бөрі «Не жазығым бар еді, мұнша артық жасағаныма? Аң аулап жей алмаймын, аңға жетсем ұстай алмаймын, ұстасам жей алмаймын», - дейді. Оған үш жасар бөрі былай деп жауап берді: -.

«Егер сенін, күшің жетпесе, біздің құдіретіміз күшті, көмек береміз». Тұман ойлады: егер олар көмек бермесе, оның халі не болар еді?».

Қорқыт туралы Рашидеддин әдемі пайдаланған бұл әфсаналарды Абылғазы да келістіре жазып қалдырған.

Қорқытты есінде мықты ұстаған ұлы данышпанның бірі - өзбектің атақты шайыры Мир Әлішер Науаи. Ол туралы ақын былай деді: «Бетіне нұр жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, данышпандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен соңғыны, келешекті айтып беруі. Оның таңғаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар».

Әлішердің толғауынша, Қорқыт ата - түркі тайпаларының арасындағы ұлы сәуегей, ғайыптан болжау айтатын данышпан ақылшы, атақты жырау. Ол өзінің заманынан бұрынғы ой жүйесін жақсы біліп, нақыл сөзден дәстүр қалдырған кісі.

Халық ортасында айтылатын Қорқыт пен «Оғыз наме» әфсаналарын жарқын түрде жазып кеткен ойшының бірі - қыпшақ елінің жазушысы Әбубәкір ибн Абдулла ибн Айбек Дудари. Ол кісі Қорқыт әфсанасында аса қорқынышпен айтылатын жалғыз көзді дәу не «Төбе көз» туралы әңгімелерге көбірек ой бөлген. Ол аңыз ескі грек әдебиетінде де кездеседі, гректер оны циклоп не жалғыз көзді дәу деп атаған. Бұл әфсана түркі - моңғол тайпалары арасында, әсіресе қазақтарда соңғы заманға дейін сақталып келді. Ол туралы өте бай әдебиет шығармалары бар. Қазақтарда оны «Жалғыз көзді дәу» не «Төбе көз» деп атаған. «Оғыз дастаны» бойынша ерте кезде қазақ сахарасында «Дәу қиясы» деген белгілі жер болған.

Қорқыт ата жырындағы ең ғажайып оқиға осы «Дәу қиясы», онда тұрған адам жейтін жалмауыз Төбе көз, онымен жойқын түрде алысқан алып батыр Бисат. Бисат иығына сыймаған таутекенің мүйізінен істелген оқты Төбе көздің үстінен жаудырады, оны атып өлтіреді. Бір тамаша нәрсе, Төбе көз бұрын оқ атса өтпейтін, отқа салса күймейтін бір жалмыт еді. Ол Бисаттың құдіретті оғынан өледі. Жаны күйген халық орасан зор қуанышқа бөленеді. Демек, Төбе көзге қаһары жеткен алып еріңіз Бисат болды. Бисат дәу тұратын «қаба ағашты» өзгертті, халық оны «Арыстан Бисат» деп атады.

Міне, осы «Төбе көзді» қыпшақ арасында өте көркем түрде суреттеп шыққан ойшы Әбубәкір ад - Дудари. Ол өзінің әдемі шығармасын сол кездегі Мамлук қыпшақтарын билеген ел ағасы Насыр Қалауиға сыйға тартады.

«Мен сіздерге бір оқиға айтып көрейін, - дейді жазушы, - бұл қауым (оғыз, қыпшақ) ерте заманда басынан кешірген тағдырды, қиын жағдайларды аңыз етіп айтып отыратын еді. Біз оны олардың сәуегейлік ісі деп түсінеміз. Бұл әфсана олардың «Ұлы хан ата бітікші» деген кітабынан алынған аңыздар болады». Мұндағы «Ұлы хан ата бітікші» деген Қорқыттың өзі болу керек. Ол айтқан ескі аңызды біріктіріп, оған мән беруші «Ұлы шаһ баба» кітабы деп айтылады. Бұл кітап түріктер, қыпшақтар, моңғолдар туралы сөз ететін шығарма, халық оны сүйіп оқитын, бірақ қолға түспейтін аса қадірлейтін кітап еді.

Оғыз түріктерінен мирас болып қалған олардың арасында «Оғыз наме» деген бір кітап елден - елге ауысып көшіп жүрді. Оғыздардың тұрмыс халі, олардың ілгеріде ұлыс құрылысы тегісімен осы кітапта сөйленетін... Бұл кітапта адам жегіш Төбе көз атанған бір дәудің қанішерлік ісін әңгіме етеді. Жауыздықпен елдің рухын түңілткен бұл Төбе көз ілгергі заманда түріктердің дәулетін бүтіндей құртпақшы болған. Олардың ұлы адамдарын тегісімен қырып, күн сайын жұта берген жалмауыз еді. Оғыз бен қыпшақтардың әфсаналарында бұл жалмыт адам жиіркенетін бір жыртқыш. Оның төбесінде бір ғана көзі бар. Оның анасы түн теңізінің перілерінен емес. Оны не қылыш, не қанжар кеспейді. Бабасының дәу киімі басынан төмен қарай жауып тұрады. Ол он үш қойдың терісінен істелген. Оғыздарда бұл Төбе көз туралы көптеген миф, аңыз, мәтелдер бар. Бұл аңыздар осы күнге дейін айтылып келеді. Оны олардың ішіндегі кемеңгер қарттары, білгіш адамдары жатқа айтып, қобызшылары сарын түрінде музыкада тартады. Ең соңында бұл Төбе көзді түрік ортасынан шыкқан бір атақты құдіретті, жүрегі тәңірідей жаралған алып ер Ораз ұлы Бисат өлтіреді. Бұған себеп болған оқиға мынау еді. Оғыздар ішінде болашағы зор, өзі сұлу бір қыз бар еді. Оны Төбе көз өлтірмекші болғанда қыз бар даусымен айғайлап, Бисатты шақырады. Оны қорғауға Бисаттың бабасы да жанын салады. Бисат Төбе көзбен алысуға шыққанда бабасы: - Төбе көзді өлтірсең, қандай ұлы қуаныш болар еді, - дейді.

Бисат Төбе көзге өте қаһарлы түрде қарсы барды, оны оқпен атты, айналдыра шапты, кескілеп өлтірді. Бисат пен Төбе көздің қалай алысқанын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Бұлар түркі тайпаларының есінде сақталған бір ғажайып әфсаналар еді. Мен бұл аңызды тек кіріспеде жазуды қызық көрдім. Кітабымды оқығандар түркі тайпаларының өмірін есімде жақсы қалдырғанымды аңлап білер, - деді Қыпшақ Әбубәкір ибн Абдулла ибн Айбек Аддудари.

Бұл әдемі жазудан көрінетін бір жарқын ой - «Оғыз наме» жыры мен Қорқыт әфсанасын ең жақсы білген жұрттың бірі қыпшақ елі болғандығы. Жазушы қыпшақ Әбубәкірдің пікірі – соның бір айқын үлгісі. Қорқыт хикаясының бір ұлы тарауы болған «Төбе көз» әфсанасын орта ғасырдағы жазушылар арасында Әбубәкірдей суреттеген ешкім жоқ. Әбубәкірдің кіріспеде жазған жарқын ойлары әдебиеттен зор орын алатын ой қазынасының бірден-бір ашық үлгісі болып саналады.

Қорқыт хикаясында (Дрезден, 86) айтылатын «Төбе көз» әфсанасын өткен ғасырда бірінші зерттеуші герман ғалымы Диц болған. Төбе көзді ол Гомердің Одиссейінде айтылған Полифеймен салыстырып, бұл әфсананы гректер күншығыс елінен алған деп дәлелдейді.

Бұған ашық дәлел болатын Енесей бойынан табылған жалғыз көзді дәудің мүсін тасқа түсірген суреті. Зерттеушінің анықтауынша, «Образ циклопа исконно бытует среди тюрко - монгольских племен».

Қорқыт хикаясында таңғаларлық етіп айтылатын «Төбе көздің» әфсанасы қазақ пен қырғыздардың ескі дәуірден келе жатқан қария сөздерінде, ертегілерінде өте көп кездеседі. Қазақтар оны «Жалғыз көзді дәу», «Маңдайында жалғыз көзі бар дәу» деп атайды.

Ежелгі заманның асқан алып ері Бисаттың Төбе көзге айткан сөздері қазақтың эпос жырларында кездесіп отырады. Ұлы бақсылар «Менің тұрағым Көк тәңірі, күн мен ай, анам ағаш, жер мен су», - дейді. Төбе көз жеп қоятын Бисаттың ағасы Қиян қазақ әфсаналарында көп айтылады, сол аңыз бойынша барлық қиян (қият) елі осыдан тарайды. Қиянның әкесі атақты Домбауылдың досы, Қорқыттың замандасы (VI-VIII ғғ.).

Төбе көздің сюжеті қазақ аңыздарында, әсіресе «Аушар хан» ертегісінде әдемі сақталған. Мұның варианттарында Төбе көз кейде дәу, кейде айдаһар, кейде тажал түрінде айтылады. Айдаһар Аушар ханның еліне салық салып, олардан жұма сайын жеп тұруға көптеген адам, топтаған қой әкеліп тұруға міндетті қылады. Етер бұл міндетті өтеп тұрмасаң, еліңді тегісімен жұтамын деп үрейін ұшырады. Бұл міндеттен қалай құтылудың есебін таба алмаған Аушар ханның елі қатты күйзеледі. Жылаған адам мен шулаған малдың даусы жер дүниені жаңғыртып, даңғаза көтереді. Осы кезде Төбе көзді жеңген Ер Бисаттың орнына қазақ аңызында Аушар ханның ұлы «Жанды батыр» шығады. Ол айдаһар дәумен жекпе-жек шығып, ұзақ уақыт аяусыз алысады, ақырында қырық құлаш семсермен оны кескілеп өлтіріп, елін зор қуанышқа кенелтеді.

Қорқыт жырында айтылатын «Жалғыз көзді дәудің» екінші бір суретін біз «Жайық пен Еділ» деген әфсанадан көреміз. Бұлардың екеуі де аңшы, даланы, тау-тасты кезіп жүретін ерекше адамдар. Бір күні екеуі бөлініп кетеді. Жайық үш күн бойы табылмайды, оған інісі Еділ қапаланады. Бір күні Еділ қасына бір жігітті ертіп алып, таудың қия тасын кезіп жүргенде, оның алдынан маңдайында жалғыз көзі бар бір алып дәу кездеседі. Ол айтады: «Жайықты мен алып жедім, енді сендердің де біріңді сойып, біріңді асамын», - дейді. Бұлар түні бойы алысып, бірін-бірі ала алмайды. Таң ата Еділ дәуді атып өлтіреді. Оның бар қойын айдап еліне келеді. Еділ: «Жайықты жеген Жалмауыздың үйін барып көрейік, оның қалған дүниесін алайық» деді. Ел қорқып, барғысы келмеді. Ақырында жалмауыздың өлгеніне ел қуанып, халық тыныштық тауып, мал құралып ел болды.

«Жалғыз көзді дәу» әңгімесінің екінші сюжеті мына түрде айтылады: «Жеке батыр тау ішінде аң аулап жүріп бір үңгірге келеді. Ішіне кіріп қараса, төбесінде жалғыз көзі бар бір жойқын дәу отыр. Дәу: «Сені маған өзі алып келді, бері кел», - дейді. Маңайында аяқ-қолы байлаулы екі кісі жатыр, өлтіріп жеуге дайындаған екен, біреуін темір қазанға салып қуырмақшы. Үңгірдің түкпірлері толған қой. Бұлар бірімен-бірі аңдысып, әлден уақытта дәуді ұйқы басты. Жеке батыр ұйықтап жатқан дәудің жалғыз көзін отпен күйдірді, өзін қылышпен кескілеп өлтірді. Дәудің басын кесіп алып, қойын айдап еліне келді.

Бұл әфсаналарда суреттеліп отырған алып ерлер - Еділ мен Жеке батырдың екеуі де Қорқыт жырында айтылатын алып ер Бисаттың варианттары. Үшеуі де адам жейтін жалғыз көзді дәуді не Төбе көзді өлтіріп, еліне қуаныш, тыныштық келтіреді.

«Оғыз» дастаны бойынша, қыр - сахарада кеп айтылатын жер «Дәу қиясы» деп аталады. Ол байтақ даланың жиегінде тұратын тау ішіндегі жойқын үңгір. Онда адамның игі ісіне жақсылық бермейтін адам жұтқыш дәу не айдаһар мекендейді. Бір кезде Бура хан олардың қиянат ісін естіп, елде сақтану ісін жүргізуге әмір етеді. Сарыарқада тұратын Бура ханның бір атақты биі бар еді. Ең алдымен соны сақтауға кірісті. Алатаудан керуен жіберіп, ол сусыз шөлмен көп күн жүріп, биге беттеді. Айдаһармен алысуға шыққан Бура ханның атақты баласы алып ер Қозы - Тегин, әскер басы Антлық - Сарқылмас еді.

Олар ұзақ шөлдің теріскейіне жеткенде алыстан көгеріп, тау қиясы көрінеді. Оған таянып барғанда алдарынан жайқалып тұрған үш орман ағашты көреді. Қозы - Тегин жұлып алғандай: «Мен ортасында тұрған қаба орманға тарайын, сендер өзгесіне барыңдар», -дейді. Сарқылмас арғы орманға кетеді. Қозыке қолына ұзын семсерін алып, жортып орманның ішіне келгенде, алдынан ысқырып екі айдаһар шығады, біреуі ауру таратады екен. Сол жерде Қозыке аттан құлап, талып қалады. Оны көрген Сарқылмас жүгіріп Қозыкеге келсе, айдаһар арбап жұтқалы тұр екен. Сарқылмас оған жойқын дауыспен ақырып: «Тиме, бұл аяулы адам, тисең пара - параңды шығарамын», - деді. Айдаһар оны түсінгендей, екі көзін Қозыкенің жанарына түсіргенде, Қозыке есін жия бастады. Сол арада екеуі қылышпен екі айдаһарды кескілеп өлтірді. Елге бүлік салып жүрген жыртқышты жойып, жұртын, Бура ханды зор қуанышқа бөлейді. «Оғыз намедегі» «Дәу қиясы» - қазақ ауыз әдебиетінде көп тараған мифтің бірі. Түбі «Қорқыт кітабында» аңыз болған «Төбе көз» әфсанасына барып тіреледі. «Дәу қиясы» тарихта екі түрлі дәуірді суреттейді. Оның ең ескісі өте ерте дәуірлерде жойқын дәулер тұратын үңгірлер (дәу қиясы). Оны кейінірек феодал дәуірінде шыққан әулиелер иемденіп, мекен ете бастайды. Халықтың ойында бұл ғажайып үңгірлер үлкен әсер етіп, дін сарынына түсе бастайды. Ол тілек, бата істеудің, құрбандық шалудың, әфсаналар шығарудың орны болады.

Қытай тарихында табынатын, құрбан шалатын үңгірлерді сәуегей орындары деп атаған. Ондай «сәуегей орындардың» кейінгі заманға дейін география атымен сақталып келгендері - «Қоңыр әулие» (Шыңғыстауда), «Әулие үңгірі» (Баянауылда), «Тас әулие» (Тарбағатайда), «Қазығұрт үңгірі» (Шымкент маңында), «Ақмешіт үңгірі» (Ұлытаудың басында), «Керейдің үңгірі» (Ойыл өзені бойында), тағы басқа өлкелерде. Сондай атақты үңгірдің бірі - Атасу өзені бойында тұрған «Айдаһарлы үңгірі», Көң өзені бойындағы «Айдаһарлы көңі». Олар туралы да «Оғыз намеде», «Қорқыт дастанында» айтылатын «Төбе көз» сияқты хикаялар қазақтарда көп болған.

Қазақстан жеріндегі мұндай «сәуегей үңгірлерді» ерекше қастерлеген тайпалар: оғыздар, қыпшақтар, қаңлылар, қарлықтар, наймандар, керейлер, шектілер, тағы басқалар. Ондай «сәуегей үңгірлерді» ерте кезде жазып кеткен ғалымдар - Бируни, Жанкент қаласында тұратын фәлсафашы әрі бақсы Шахриастани (1071-1153). Қыпшақтың Сыр бойындағы қалаларында тұрған өзінің ұлы шығармасы «Хұсрау - Шырын» жырын ол Сығанақта жазған. Және ол шығарманы Дешті Қыпшақтың ханы, қыпшақ ұлысының данасы.

Тыныбекке, оның әйелі Мәлике бикеге арнап, тарту еткен. «Хұсрау - Ширин» эпопеясында Қазақстанның тау ішіндегі үңгірлері туралы мынадай бір сурет келтіріледі:

Кім ұшбу тау етегінде үңгір бар,

Қара тастан сурет бар атқа ұқсар.

Әр жылда келер бір қысырақ онда,

Сағынатын жаны тас еді тәндә.

Үйілер ол бір үйір құландай.

Жытып кірер ол інге бір жыландай,

Көріп ол мүсін тасын шахбат етер,

Өзін барлық сезіммен ол тасқа сүртер.

Ине үкімімен жүкті болып ол

Тәңірі құдіретінен берер оған төл (құлын).

Осындай дала мифтеріне қызыққан Күтб өзін-өзі тежеп: Күтб, сен бұл хикаялармен қалма. Сөзін, баста, бұл жерде қалмасын кеш, Естімес те бұл сөзіңді білгілер еш. Осы сияқты үңгір Қытай тарихында да айтылған. «Түркістанның Солтүстік өлкесінде ғажайып үңгірлі тау бар. Ол үңгірдің он бетінде адам таңғаларлық тұлпар аттың суреті бар. Ол жердің адамдары биелерін сол тауға әкеп бағады. Биелердің сол тұлпармен шатылысуынан аттар туғызады», - дейді Қытай тарихы. Атты суреттейтін тастаты бейнелер Қазақстанның көп жерінде кездеседі, ол әсіресе Күтбтің туған жері Сырдарияға жақын тұрған Қаратауда орасан көп. Ондай тасқа түсірген бейнесін қазақтар «Тұлпар тас» деп атаған. Жырдың бір тарауында Күтб тағы былай дейді:

Ашып түндік бір ер кірді әуеден,

Өзі дәудей жүзі һәм қара түн.

Тамағынан отын шашып ол малғұн,

Үй ішінен мал іздейді ұрыларша үңіліп.

Қорқыт әфсанасымен байланысты бұл ескі жазулардың Қазақстанның өткендегі жер-суын білуде мәні ерекше.

Қыпшақ елінің атақты ақыны «Хұсрау-Ширин» поэмасында өзінің өмірбаянын былай деп жазады: Берке бін Буракөз, бін Қайду, бін Едіге, әл-Жыныс әл-кыпчаки.

«Хұсрау-Шириннен» бұрын ол көптеген қыссалар жазған, бірақ олар бізге дейін сақталып жетпеген. Ақынның айтуынша:

Ұзын көп қыссалар жазған тілім,

Олардың қасында мұны жауһар санаймын.

Өзінің қыпшақ елінен шыққанын былай деп келтіреді: «Мен өзім мұсылманмын, асылым қыпшақ. Алтын Бұқа атты бір бекке қызмет істеймін», - деп Алтын Бұқаға арнап әдемі жыр айтқан.

Алтын - Бұқа еді көптен таныс атты,

Өзі ғалым, өзі ізгу, тілі тәтті.

Оның атына жаздым ұшбу кітапты.

Күтбтің Алтын Бұқасының әдемі мінезі, ісі, ғалым кісі екені тегісімен Тыныбекке келеді. Тыныбек - Сығанақ саласында отырып, XIV ғ. 40-жылдары Ақ Орданы билеген Өзбек ханның паласы. Ел билеумен қатар, ол жүйрік жазушы, ғылымның жолына түскен кісі. Бірақ жазуға атын қоймағандықтан, қай кітап оныкі екені белгісіз.

Бір көңіл толмайтын нәрсе, Сырдария жағасында ескі дәуірлерде тіршілік еткен қалаларды, олардың ой-санада әсер қалдырған адамдарды елемеу. Онда туып-өскен ғалымдар, ақындар туралы В.В.Бартольдтен кейін ешбір кісі аузына алғысы келмейді. Ол қалалардың ғылыми, әдебиеттік мәні бар-ау деп ойламайды. Осыған орай Сыр бойында, оғыз бен қыпшақтар, қаңлылар заманында шыққан «Оғыз намені», «Хұсрау - Ширинді», «Махаббатнамені» екі жаққа бөліп беріп не «Ескі Өзбек» әдебиетінің, не Волга мен Орал халықтарының туындысы деп анықтайтын болды. Бұл еңбектердің шыққан ортасы Сырдария бойындағы ескі қалалар, оларды қоныстаған оғыздар, қыпшақтар, қаңлылар туралы не олардан тарап шыққан өзбекпен бірдей аталас өскен қазақтар туралы бір ауыз сөз айтқысы келмейді. Бұл, әрине, тарихи әділ тұжырым емес. Оның орнына кейбір ғалымдар «Қыпшақ әдебиеті» деген ұғымды қолданады, ал қыпшақ - қазақтың бүгінгі бір руы.

Бұл мәселені өте жарқын түрде ашып кеткен әсіресе В.В.Бартольд пен А.Ю.Якубовский. Ол кісілердің анықтауынша, «Сырдарияның төменгі жағы мен Хорезм өлкесінде қыпшақ пен оғыздардың өзіне тиісті әдебиет тілі болды». Мұны XIII ғ. саяхатшылары П.Карпини мен Рубрукте айтады. Олардың сөздерін тілмаштары бір ғана қыпшақ тіліне аударып отырған.

Қорқыт туралы сирек жолығатын қария сөздерді есінде жақсы ұстаған білгіш кісінің бірі -Алтын Орда тарихын зерттеуші кемеңгер ғалым Өтеміш қажы. Ол өзі Астрахань қаласынан ескі ноғайлы - қыпшақтардан шыққан шежіре жазушы, ұрпағы Кіші жүз қазақтарына қосылғаны байқалады.

Оның айтуынша, тарихи дәуірдегі Қорқыт ата ислам дініне бас имеген, тәңірге пейіл қойып бақсы болып өткен. Алтын Орда хандарының кейбіреуі исламға бағынбай, тек отқа табынып жүргенді ұнатқан. Қорқыт ата тәңірге табынушылардың сәуегейі, бақсылардың пірі, олардың пайғамбары еді.

Өзбек хан ислам дінін қабылдаған соң, бақсыларға ала көзбен қараған, оларды тәңірге табынушылардың абызы деп санаған. Хан бір күні үкім шығарып, Қорқыттың жолына түспеңіздер, бақсылардың болжал айтуына сенбеңіздер деп жарлық айтқан. Оған бір әскери қарт қарсы шығып, Қорқыттың сәуегейлік ісін жақтап сөйлеген. Қорқытты жиылыс үстінде әңгіме етіп отырғанда өзге кісілер басын қойнына тығып отырған. Өзбек ханның бақсыларға қарсы айтқан ойлары тасқа жазылған. Сырдария жағасында, Қорқыт тамына жақын жерге апарылып орнатылған.

Алайда бақсылардың Дешті Қыпшақ ішіндегі халыққа беделі өте зор, ықпалы жойқын күшті еді, олар Өзбек ханның исламды қабыл еткеніне бағынбады. Өзбек хан үкім шығарып, оларды өлтіруге бұйырды.

Мамлюк қыпшақтарының бір жазушысы ан-Бувейридің хабарлауынша, Өзбек мемлекетінде исламға қарсы болған бұзақылар (бақсылар) көп болды. Олар исламды қабыл етпей, көтеріліс шығарып, соғысқа шықты. Өзбек хан оларды аяусыз қуып, тегісімен қырды.

Бұдан айқын көрінетін мысал, Қорқыттың жолын қуған бақсылардың халінің ислам діні күшейген кезде нашарлай бастағаны көрінеді. Ислам оларды өлім жазасына дейін апарды. Кейін келе бақсылар бүтіндей азып-тозып, ерте кезде қолданған, моншақпен өрнектеген қобыздарын да сақтай алмай қалды.

Қорқыттың өмірбаянын, ол туралы ескі әфсаналарды келістіре, толығымен жазған ойшылдардың бірі - атақты жазушы, тарихшы Абылғазы. Бұл талымның толғауынша, Қорқыт бүкіл оғыз-қыпшақтардың ұлы атасы, отыз ұлысынан шыққан асқан ойшы, сәуегей, ақылшы, кеңесші. Ол Отыз хан заманынан қалған тарихи үлгі айтып, билік құрған, дана болған кісі. Оғыз елінің жұрттары - күн туыста Ыстықкөл, Алмалық, Талас, ортасы Сайрам, Қазығұрт, Қарашақ тауы (Қаратау), Темір - қазық тағы - Ұлытау, Кіші тау, Мыстың кені (Жезқазған), күн батысы Сыр суының аяғы (қазақ жырында - су аяғы Қорқыт), Жанкент, Қарақұм. Осы айтылған жерлерде Отыздың аталары бес мың жылдай қоныс етіп отырды.

Қайсы ру мықты болса, содан хан сайланатын. Оғыз дәуіріндегі ең күшті ру Қайы мен Баят еді, кейін оларға тағы алты ру қосылды.

Оғыздарға жақын отырған елдер - қаңлылар, қыпшақтар, найман - жағмауыттар (Бура найман), қарлықтар еді. Оғыздар Жетісуды, Ыстықкөлді, Алмалықты, Сайрамды оларға қалдырып, өздері Сыр суының аяғын қоныстап, Жанкент қаласында патшалық құрды. Өздері қыстың күні Сыр суының екі жағын қыстап, жаз айларында Ұлытау, Кішітау, Торғай өзеніне дейін жайлауға барып жүрді. Оғыз тайпаларының қалдығы Торғай, Тобыл, Ой өзенінің аяғында осы күнге дейін сақталған. Оған ашық мысал - «Текенің дыңы», «Баршын - көл».

XI ғасырдың 20-жылдары Сыр бойындағы оғыздардың көпшілігі Амударияны жағалай қоныстап отырған қалың оғыз ортасына барып қосылды. Оларды билейтін Махмұд Газневи, оның атасы Сүбіктің тегі оғыз Қайы елінен еді. Тәжіктер оғызды түрік деп атайтын.

Бейханидің бақылауынша, оғыз бен қыпшақтардың бір-бірімен ынтымағы сондай күшті еді. Нұратада отырған оғыздар жыл сайын Хорезмге жақын отырған қыпшақтарға көшіп келіп отыруды өздеріне міндет санайтын. Әсіресе, Тугров пен Дауыттың кезінде оғыздар өзінің көп елімен, топтаған жылқысымен, сансыз түйесімен, қойларымен қыпшақтың тайпалары - көжетпен, шағрақпен (шаграй) бірігіп отыратын еді.

Қорқыт әфсанасында айтылатын ұлы уақиғаның бірі - Пешене мен Сыр бойында отырған Салар Қазанның көп жауласуы (қазақ жырларында «Қазанбек»). Пешене елінің ел ағасы, яғни билеушісі Тоймадық көп қосынмен келіп, оғыздарды шауып, Қазан алыптың анасы Шашақтыны алып кетеді, бірақ кейін қайтарады. Қорқыт әфсанасы бойынша, бұл соғыс туралы елге хабар беруші - Қорқыттың қобызы. Қорқыт хикаясында әдемі айтылатын салтанатты кезең - Оғыз ханның дәуірі. Сырдария жағасын қоныстаған оғыз-қыпшақ арасында екі күшті тайпа жасаған, оның біреуін Үш оқ, біреуін Боз оқ деп атаған. Қазақтар өзінің арғы туысын Үш оқтанбыз деп санайды. Қазақтың «Үш жүзге» бөлінуі де осыдан шыққан.

Академик В.А.Гордлевскийдің көрсетуінше, оғыз дәуірінде кең өріс алған халық дәстүрлерінің көбі бергі кезге дейін қазақ халқының рухани тіршілігінде сақталып келген. Ол дәстүрлердің ішіндегі көзге ерекше түсетіндері әлеуметтік - шаруашылық жоралар. Қазақтардың жерді кейінгі заманға дейін жазғы жайлау мен қысқы қыстауға бөлуі - ежелгі қаңлы, ғұн, үйсін, оғыз, қыпшақ тайпаларынан қалған дәстүр. Қазақтарға таныс болған жатақ, арық, тоған, тарнау деген шаруашылық ұғымдарын осы тайпалар қолданған, оны Махмұд Қашғари да айтып кеткен.

Қазақ тіршілігінде жарқын сақталған әлеуметтік жоралардың бастылары - төре, заң, билік айту, құдалық, әмеңгерлік, құн төлеу жоралары. Халықтың бас қосқан жиылысында (құрылтай), мереке - той үстінде бектердің он қол, сол қолға бөлініп, алқақотан отыру тәртібі, оларға қонақасы беру, мүше тарту тәртібі, ардақты адам өлгенде аза тұту, қара жамылу, жылы өткенде ас беру тәртібі, феодалдық - бектердің алдында тізе бүгу, қадірлі адамның ауылының сыртынан желіп өтпеу, қария кісіге сәлем бере келгенде алыстан жаяу түсіп келу, қуаныш, мереке үстінде шашу шашу, барлығы - қазақ халқының тіршілігінен кең орын алған оғыз бен қыпшақ заманының дәстүрлері. Сондай дәстүрлердің бірі -«шүлен тарту». Шүлен тарту - ұлыстың ұлы мерекесі, ғұн, Түрік қағанаты заманынан келе жатқан халықтың жорасы, дайым жаздыгүні, малдың семірген кезінде өткізеді. Шүленге топтаған қой, бірнеше жылқы сояды. Оны көбінесе жұрт көзіне көрініп, жомарт атын алу үшін істейді. Егер шүленді сараң бай беретін болса, қазақ ақындары оны кекетіп:

Күнде шүлен тартқан,

Жомарт ұлы емессің, –

деп сықақ қылатын. Қазақ ұғымында шүлен барлықты, қолы кеңдікті, жомарттықты сипаттайды. Бірде беріп, бірде бермейтін сараң байларды «Неменеге шүленгерсіп жүрсің» деп мазақ ететін. «Оғыз наме» бойынша, шүлен беру тарихи ас берумен бірдей, оның әлеуметтік мәні кейде одан да кеңірек. Бұл да ат шаптырып, ойын-сауық құратын халықтың ұлы мерекесі. Сауық - салтанатпен қатар, шүленнің негізгі мазмұны - келген тайпалар уәкілдеріне құрмет көрсету, оларға қонақасы беріп, мүше тарту. Мүшені тайпа басшыларының әлеуметтік орнына, әскери күшінің көп - азына қарай тарататын болған. Қай тайпаның әскері күшті, елі мықты болса, сыйлы орын, сыйлы мүше соған тиетін болған. Ежелгі тайпалардың қонақ дәстүрі бойынша ең сыйлы мүше бас тарту, жая (омаша) тарту, топса, одан әрі жамбас, асық жілік, оған таяу ортан жілік, сүбе, жауырын, кәрі жілік, тоқпақ жілік. «Қорқыт» дастаны мен «Оғыз намеде» суреттелген бұл мүше тарту дәстүрі қазақ халқының рухани тіршілігінде осы соңғы дәуірге дейін аса көрнекті орын алған.

Абылғазының баяндауынша, Оғыз хан бір жылы Арқадағы жайлауында той жасап, шүлен тартады. Шүленге аттан айғыр, түйеден бура, сиырдан бұқа, қойдан қошқар сойғызып, ұлы мереке жасайды. Қорқыт ата оларға үлгі сөз айтып, тайпа - тайпаға таңба бөліп береді. Бұл шүленде Оғыз алтын үйді тіктіреді, оң жақта шалқыған алты ақ орда, сол жақта сәулетті алты ақ орда тіктіреді. Оң жақта басына алтын тауық орнатқан қырық құлаш бағананы, сол жаққа басына күміс тауық орнатқан қырық құлаш бағананы қалатады. Оғыздың бұйрығы бойынша, Боз оқ ұғландары алтын басты қабақты, Үш оқ ұғландары күміс басты қабақты атпен шауып жүріп атып түсірсін деді. Алтын қабақты атып түсірген мергендерге айтулы сый тартады. Бұл «Алтын қабақ» ату дәстүрі де қазақтарда XIX ғасырға дейін сақталып келді.

Сыр бойындағы қалалардың шүлен тарту салтанаты Рабғузидің әңгімесінде әдемі айтылған. «Әр күнде жеті жүз түйеге жүктеген арпа, үн келетін, мың қой, жүз егіз шүлен асына қаржы әкеп тұратын» (қисса-и Рабғузи). Шүлен тарту әсіресе оғыз бен қыпшақтардың ұлы мерекесі болып, кейін ол қазақ дәуіріне дейін сақталып келген.

Рашеддин мен Абылғазының баяндауынша, Оғыз ханның алты ұлы болған. Олар - Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз. Олар жаз жайлауда аңға шығып жүріп, даладан үш алтын оқ және алтын садақ тауып алады. Оны әкесіне алып келіп, «Қалай бөліп алу керек?» - деп сұрайды. Әкесі алтын садақты үлкен үш ұлына береді, үш алтын оқты кіші балаларына береді. Және «Алтын садақ алған ұлдарының ұрпағы Боз оқ болсын, оң қол соларға қарасын, үш оқ алған ұлдарымның ұрпағы Үш оқ аталсын», - дейді.

Боз оққа кірген аталар - Күн, Ай, Жұлдыз және олардан тараған Қайы, Баят, Алқа үйлі, Қара үйлі (Қара шаңырақ). Тай үстінде орданың ортасында отырған Күн ханға әдемілеп үйіткен қойдың басын әкеп тартады, оған қоса, қойдың құйрығын, белдемшесін, құйрықтың үстіне бауыр салып әкеледі. Оң қолдағы бірінші ордада отырған Қайыға, екінші ордада отырған Баятқа бұқаның жаясын тартады, Үшінші ордада отырған Алқа үйліге оң жамбасын тартады, төртінші ордада отырған Тудырға сол жамбасын тартты, Бесінші және Алтыншы ордада Жұлдызханның балалары - Аусар мен Бекделіге оң жақ сүбесін, оң жақ жауырынын тартты. Сол қолдағы бірінші ордада отырған Көк ханның үлкен ұлы Баяндарға сол жақ сүбесін тартты. Бешене ет турағанда екінші ордада отырған Шәуілдерге сол жақ жамбасын тартты, Жебеней ет тураған, үшінші ордада отырған Тау ханның ұлы Саларға сол жақ асық жілікті ұсынады. Жымыр ет турап, төртінші ордада отырған Ала аттыға жаяның сол жағын береді. Үркер ет турағанда, бесінші ордада отырған Теңіз жанның ұлы Егдерге сол жақ кәрі жілік тиеді, Бүкдүз турап отырғанда Қарлық аттарын бағып жүреді, алтыншы ордада отырған ауаға сол жақ жауырын қалады, Қынық турағанда Қыпшақ аттарын бағып тұрды.

Әфсананың суреттеуінше, мұндай ұлы жиылыста қыпшақпен қарлықтардың әлеуметтік міндеті еске алынбаған, оларды тек оғыздарға бағынышты деп көрсеткен.

Отыз ханның алты ұлынан тараған ұрпақтары көп еді, Күн хан оларды 24 тайпаға бөлді. Олардан екі-екіден бір ордаға бағындырып, 12 аймақ ел жасады. Бұл 12-ден тараған тайпаларды «Жүздік» деп атады. Қазақтың «Үш жүзі» осы кезде шыға бастады. 12 ата Байұлы мен Жалайырдың шығуы да осы жүйемен байланысты.

Рашидеддиннің келтірген Қорқыт әфсанасы бойынша, Жұлдызханның ең кемеңгер баласы - Бекделі (Бүгежелі), ол сөзге жүйрік, шешен болатын, аузынан сөз желдей есілетін. Ас -тойда мүше таратқанда оның үшінші орында отырғанына қарамастан, төгіліп тұрған сөйлегіш деп бұқараның жауырынын тартатын болған. Қазақтардың қария сөзі бойынша, Бекделі Қаратауды, Арыс бойын қоныстаған тайпа, Бекделіні қазақ пен түрікмендер Бүгежелі деп атаған. Ондай жер аттары Қаратауда, Арыс бойында кездеседі. Тарихи заманда айтылған Оғыз тайпаларының көпшілігінің аттары қазақ жерінде география атауларында сақталып келеді. Олардың ішінде көп жолығатыны, әсіресе Оғыз, Өгіз, Салар-Қазан, Шәуілдір, Қарнақ, Жамшы, Жебеней (Кеменей), тағы басқалар.

Оғыздардың ас - тойына, шүлен тартуына әр уақыт қатынасып жүретін туысқан тайпалар -қаңлы, қыпшақ, қарлық, қалаш. Олармен қатар найман - жағмауттар (яғни), керейлер, шектілер қосылып жүреді.

Оғыздың білгіш адамдары көбінесе Баяттан, Салар елінен, Жазырдан шықты. Қорқыттың өзі Баят елінен еді. Олардың астанасы Сыр суының аяғында Жанкент қаласы болды. Бұл өңірден көптеген ақындар, жыраулар, ғалымдар шықты. Солардың ішіндегі ең алыбы -Әбу Насыр әл-Фараби, жанкенттік ғалым Шахристани. Якуттың баяндауынша, Жанкент қаласында «Шахристани» деген фәлсафалық кітап жазған атақты бір ғалым болған (XI г.) Жергілікті тарихшылардың айтуынша, ол ислам дінін жақтамаған, тек тамаша ғалымдығымен аты шыққан. Ол шариғаттан бас тартып, фәлсафаның соңына түскен. Онымен талай мәжілістес болғандар ғалым сөйлегенде «құдай», «пайғамбар», «шариғатты» аузына алмайтын еді. Оның дүниеге көзқарасы қандай екенін Алланың өзі артық біледі деген. Бұдан Шахристанидың ислам дінінің ықпалына бағынбай, өзін еркін ұстап, Қорқыт сияқты елге нақыл сөздер таратып, фәлсафалық негізбен олардың ой-санасын ашпақшы болған кісі екені көрінеді.

«Қорқыт» хикаясында Қорқыт әр уақыт мегзеу сөздер сөйлейді, оғыз қауымының мүшкіл халін баяндайды. Қандай іс болса да оның кеңесінсіз жүзеге аспайтын, кім болса да оның айтқанын орындайтын.

Бір күні Қорқыт ата жиылысқа келіп, Оғыз бектерінің ортасында сөз сөйлейді, насихат айтады.

Қорқыт былай дейді: «Көрінгенге көз, естігенге құлақ болу үшін істейтін көп шаралар бар. Ханды Оғыз нәсілінен, Боз оқ ұғландарынан қойып, соған бағыну керек, екі кісіні көтермеу керек. Ел ағасы біреу болса, ел түзеледі, екеу болса, бұзылады». Бұрынғы білгірлер айтқан той: «Бір қынға екі қылыш сыймас, бір жұртқа екі төре сыймас».

Қазақтар бұл мақалды өзгертіңкіреп, «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп айтады.

Абылғазының баяндауынша, Қорқыт отыз елінің басшысы, асқан қариясы, Қара Қожаұлы, Қайы елінен (Қорқыт жырында Рашидеддин Баят елінен) деп көрсеткен. Инал ханның уәзірі, 295 жыл жасаған. Қорқыттың замандастары Еңкіш қожа, Ауаспан қожа мен Инал хан да Қайылардан. Отыз елі Инал Жабғуды патша көтереді, Қорқытты уәзір етіп сайлайды. Инал Жабғу Қорқыт атаның сөзінен шықпайтын еді. Қорқыт үш хан - Инал Жабғу тұсында уәзір болған, Иналдың баласы Дойлы Қайы, Иналдың інісі Көл – Еркінің тұсында. Бұл уақыт Аббас әулетінің ұрпақтары Бағдатта патшалық қылып тұрған кезі еді.

Инал Жабғудың екі ұлы бар еді, үлкенінің аты - Әли, кішісінің аты - Дойлы Қайы. Инал қайтыс болғанда оның орнына Дойлы отырды. Бұл да Қорқыттың сөзінен шықпайтын еді. Көп жыл ел басқарып, ұзақ өмір сүрді.

Дойлы Қайының Ерке атты бір інісі бар еді, әкімшілікке қатынаспай, тек үй қожасы болып отыратын.

Қорқыт бастаған Отыз елі жиналып одан сұрады:

– Ханның ұрпағы бар ма? - деп. Бір күтуші:

– Ханның бір жұбайы жүкті, жуық арада босанар деген үміттеміз, - деді.

Бірнеше күн өткен соң, ханға ас беріп отырғанда, «Ханның ұлы болды» деп сүйінші сұрап келгенде, Қорқыт бастаған барлық бектер сүйінші берді.

Ерке халыққа сауын айтып, төрт жүз жылқы, төрт мың қой сойып, ұлы той жасады. Былғарыдан үш хаузе (саба) тіктірді, біріне қымыз, біріне шарап, біріне қатық толтырды, бір ай бойы той жасап, қуанышқа батты. Қарттар жасын ұмытты, жарлылар малсыздығын ұмытты, байлар өлімін ұмытты. Тойды Қорқыт ата басқарды. Барлық Оғыз елі жиналып, Қорқытқа, бұл ұланға бір жақсы ат қойыңыз, - деді. Қорқыт ата: «Мұның аты Тұман болсын», - деді. Халық: «Бұдан гөрі жақсырақ ат қойыңыз», - деді. Қорқыт ата оған көнбеді, «Мұның жақсы ат болмас, есіңізде болса, ол күні Дойлы Қайы өліп, біздің жұрттың үстін тұман қоршап, қараңғылық басқан еді. Бұл ұлымыз тұманды күні туды. Соның үшін «Тұман» атын қойдым. Тұман атын қоюдағы көңіліндегі бір жақсы ниетін ырысқа мегзейді. Демек, тұман ұзақ тұрмас, тез серпіліп ашылар, оның соңынан ашық күндер келер. Аз уақыт тұрған тұманды бұл бөбектің туған күніне мегзеп, соңғы ашық күндерді оның жігіт болып, атасының тағына отыруына, дәулетті, ұзақ өмір сүруіне арнаймын», - деді. Отырған халық Қорқытқа разылық білдіріп, Тұманға алғыстар айтты.

Қорқыт бастаған барлық халық Еркені де ұмытпады, «бір шалқыған той жасадың, асың сарқылмады, хауземен берген қымыздарың, шараптардың молдығы көл-көсір ағып жатты, сойған малыңның санына жетіп болмайды. Енді бүгіннен соң сені Көл - Еркі хан делік», -деді.

Қорқыт: «Тұман өз ұлың, оған Дойлы ханның орнында отырып хандық қыл. Тұман ержеткенде оған не береріңді өзің біле жатарсың», - деді.

Тұман ержетті. Көл - Еркі шүлен жасап, Қорқытты ордасының төріне отырғызды, өзі жүгіне отырып, қымыз құйған тостағанды Қорқыт атаға ұсынды. Қымыз ішіп, ас жеп болған соң Көл - Еркі айтты:

– Ей, халайық, патшалық Тұманға тиісті екенін барлығыңыз білесіздер. Бүгінге дейін Тұман жас болғандықтан, оның орнына мен басқарып келдім. Тұман қазір ұлы жігіт болды, атасының тағын өзіне тапсырамын, - деді.

– Ханның барлық Оғыз елінің ыхтияры сенің қолында, нені лайық көрсең, соны істе, - деді жиналған халық.

Бұл сөзді естіген соң Қорқыт Тұманды шақырып алып, үйдің ортасына отырғызып: «Атаң өлді, сен жас қалдың, Көл - Еркі о да сенің атаң және ағаң. Сен дүниеге келгеннен бүгінге дейін саған көп көмек көрсетіп, жақсылап тәрбиелеп тұр. Тәж, тақ, ел, бар жұрт сенікі. Саған айтарым, аз уақыт сабыр қыла тұр, бұл ағаңның өмірі де ұзақ бола қоймас», - деді. Аз уақыттың ішінде Қорқыт бастаған оғыз елі Тұманды хан көтерді.

Тұманнан бір ұл туып, оның атын Қаңлы - Яулы деп қойды. Ұл туғанына қуанған Қорқыт Тұманға құтты болсын айтып, оны ел басқаруға көтерді.

Қорқыт жырында айтылатын Қаңлы қожа осы Қанды Яулының бір аты. Ол асқан жойқын батыр, атақты мерген, алып ер. Ержеткен соң төрт тараптағы елдің бәрі оған бағынды. Ел қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай тыныш болды, бәрі қойға тимеді, барыс киікке шаппады, ел ғажайып қуанышта өмір сүрді, Қаңлы Яулы тоқсан жыл басқарып өтті.

Абылғазының суреттеуінше, Қаңлы Яулының екі ұлы бар еді. Ұлығының аты - Мор Яуи (Жабғу), кішісінің аты - Қара алып Арслан. Олар ел басқару ісіне кіріскенде бұрынғы бірігіп отырған жұртты екіге бөліп ұстады. Түркістан мен Жанкент қаласының арасында отырған елді Мор Яуи басқарған, Талас пен Сайрам арасындағы тайпаларды қара алып Арслан билеген. Жетісу, Талас, Сайрамды басқарушы бір ғана Қарлықтардан, Жағмауыт (Яғма) - наймандардан, көбінесе Бура наймандардан, кейін Қарахан үкіметін жасаған тайпалардан болған. Олардың ең күштісі Бура - Найман Жетісу мен Ертіс өзенінің арасын қоныстаған ұлы тайпа. Олардың қалдығы осы күнге дейін Бура найман атынан Ертіс бойын қоныстайды. Олар өздерінің «Бура» деген киелі атын Қарахан дәулетінің кезінде ерекше қадірлеген. Абылғазының оғыз түрікмендері Қарлық пен Наймандарға жақын отырған еді деп айтуы осыған негізделген.

Абылғазының суреттеуінше, Бұғра хан Жетісудан Арқа тарапын көруге бара жатып, жаздыгүні ұннан жасалған ас таба алмайды. «Көңіліміз бидай ұнынан істелген тамақты тілейді» деген.

Бергі кезде (VIII ғ.) Қорқыт әбден қартайып, ел басқару ісіне қатынаспайды, ел азып, әркім бет-бетімен кетеді. Қорқыт өткен күнін есіне түсіріп, сарын айтып, қобызбен көңілін көтереді, Қазанбектің ерлік ісін есінен шығармай, оған арнап күй тартады. Абылғазының толғауынша, Қазанбек - Қорқыт атаның тұстасы. Бір күні ол Қазанбекті ардақтап, мынадай бір сарын айтады:

Қазығұрт тауындағы сәуегей үңгірді сылатты,

Салар - Қазан онда барып бабасына ас берді.

Ит Бешене оны көріп есі кетті,

Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін ?

Бір қазанға қырық бір аттың етін салды,
Ол қазанды сол қолымен көтерді,
Оң қолымен елге жүріп үлестірді,

Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін?

Өзінің елегізген мүсіркеу, түңілу ойларын есіне түсіріп, сарынның аяғында және былай дейді:

Саяқ Қорқыт өлер болдың

Ұлы Қазанның дәулетіне дуа қылғын.

Керуен кетті, көп кеш қалдың,

Алыптар, билер, көремісің Қазанның кім екенін ?

Қорқыттан көп заман кейін оғыздардың көпшілігі Амудария, Хорасанға кетті. Қорқыт ұрпағынан, Баят тайпасынан Өгіршек деген атақты кісі шығып, Қорқыттан үш жүз жыл кейін Сыр суын мекендеп, Қаңлы хандығына бағынып отырды. Қаңлылар ол кезде Жетісу, Іледен бастап, Арал теңізіне дейін, солтүстікте Көнек, Қара - құрымға дейін қоныстап отыратын. Қаңлылардың хандарының аты ол кезде Көк тонды деп аталатын. Қорқыттың ұрпағы Өгіршек соның қасына келіп, бірнеше жыл бірге отырды, ақырында екеуі сыйыспай, Өгіршек Маңғыстауға кешіп кетті. Көк тонды оның соңына түсіп қуа берген соң, Өгіршектің айтқан толғау сөзі:

Дүрмек қашып Қаңлы ханнан қыбла сүрдім,

Қырылдасып келген елдің оңынан шықтым.

Қыршыларға, жершілерге жол бастаттым,
Қайлы, Қарлы екі ортада қол қуысаттым,
Қара түйе жолынан асып түстім,
Қабақтыда алты жерге жұрт жұрттаттым,

Күрілдесіп артымнан жауы жетті,
Шапса кесер құрып болатқа ту байлаттым,
Қылышымды суаруға қудық қаздым,
Ауа қыстап, қыр жайлап, Балқан астым

Кесе жатқан Қаратауға барып кірдім,
Алтын көзді тауысқанды келтірді деп

Қаз аяғы үш айыры тамға бардым.

Қаңлылармен бірге тұрған, Сыр бойын, Қара құрымды, Маңғыстауды қоныстаған, Баят тайпасын соңғы рет басқарған Өгіршек - Қорқыттың ең соңғы ұрпағының бірі (XI ғ.). Бұларды, әсіресе, Рашидеддин мен Абылғазы «Оғыз наме» хикаясында, Қорқыт әфсаналарында әдемілеп жазған. Олардың Қорқыт туралы жазғандары әдебиеттен биік орын алатын, ең сирек жолығатын ғажайып ойлардан саналады.

IV. «ҚОРҚЫТ КІТАБЫНЫҢ» ҚАЗАҚ АҢЫЗДАРЫНДАҒЫ ЕЛЕСІ

Қорқыт әфсанасының ең таңғаларлық ғажайып нұсқасы XIV ғасырда ақ қойынлы оғыздары жырлаған, қағазға түсірілген жазба түрі. Ол қазір Еуропаның екі үлкен кітапханасында сақталып келеді. Бір нұсқасы Германияда Дрезден кітапханасында (N 86) сақтаулы тұр. Оның аты «Кітабы даде Коркуд ғали лисан таифа огузиан» немесе «Қорқыт кітабы». Мұны асқан ғалым В.В. Бартольд орыс тіліне аударған. Екінші нұсқасы - «Хикаят Оғуз-наме Казанбек уа гайри» Италияда, Ватиканда Аростолика кітапханасында сақталып келеді. Оның араб тілінде жазылған мәтінін Италия түркологі Этторе Росси ұзақ түсініктемемен бастырып шығарған. Түрік ғалымы Мухаррам Ергін екі нұсқаны біріктіріп шығарған.

В.В.Бартольд пен В.И.Жирмунскийдің анықтауынша, ерте кезде Сыр бойында жырлаған «Қорқыт» эпосын оғыздар Сыр бойынан кеткенде өзімен бірге күнбатысқа ала кетіп, оған жаңа сюжеттер қосқан. Жазылған әфсанада Кавказ тауы, армян, грузин жері, олардың адамдары суреттеледі. Сырдария аңыздарында олар мүлде кездеспейді.

Қорқыт кітабының кіріспе сөзінде жарқын түрде айтылған: ислам заманынан жақын кезде Баят тайпасынан Қорқыт ата шықты. Барлық қауымның білгіші болды, не десе де айтар еді. Ғайыптан хабар сөздер сөйлер еді. Хақ тағала оның көңіліне сөз дарытып шабыттана айтар еді.

Бұл кез арабтардың Сыр бойын жаулап ала бастаған кезі еді (VII - VIII). Сыр бойын мекендеген оғыздар ішінде ең мықты тайпаның бірі Қорқыт ата шыққан Баят ұлысы болатын. Оғыздардың ерте кезден астанасы Сыр суының аяғында тұратын Жанкент қаласы еді. Қазақ мақалында «Су аяғы Қорқыт» деуі осыдан шыққан. Демек, Қорқыттың туып-өскен, жүз жыл бойы жасаған жері осы ара. Ол барлық нақыл сөздерін, жырларын, атақты күйлерін осы арада отырып шығарады. Оның басына қойған кешені Жанкент қаласына өте жақын. Қармақшы қыстағының қасында тұратын ескі қорым, қазақтар оны «Қорқыт ата күмбезі» деп бас иіп жүреді.

Еуропа кітапханаларында сақталған бұл екі нұсқаның екеуінде де отыз тілімен қатар, қыпшақ тілінің де ықпалы айрықша көрінеді, кейбір жерлері қазақшаға жақын. Бұл екі жазбаның тамаша жері, ескі Қорқыт әфсанасында сақталған Қазақстан жер аттары осы екі нұсқаның екеуінде де кездеседі.

Көп жолығатын жер аттары - Арқу (Арқа) белі, Ала-тағ, Алты аташ, Қазылық тауы. Қазылық тауын Этторе Росси «Түркістандағы бір таудың аты», - дейді. Күдері Қожаның жырында ашық айтылған:

Қарқаралы, Қазылық,

Жататұғын жазылып

(Күдері қожа).

Қарқаралының күншығысындағы, Семейдің күнбатысындағы биік тауларды (Кент, Мыржық, Абыралы, Дегелең) ерте заманда қарлықтар қоныстанып отырғанын қытай тарихы ашық жазған. Кейбір ғалымдардың Қарлықты - Қазылық деп атауы да осыдан шыққан. Қазылық «Манас» жырында да жолығып отырады. «Қазылық тауы» Қазақстан жерінде екенін В.В.Радлов ашық мысалмен келтірген.

Әфсанадағы ең қызық сөздер «Төбе көз» тұратын Салахана қиясы, Қара куде, Қабааташ, Көкше теңіз (Балхаш көлі). Көкше тау. Қарачик, Арқық қыр (Арқа қыры), Ортақ қыры (Ортау қырық), Белен ана (Сары судың бойындағы жер).

Қыпшақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің ұқсастықтары, әсіресе, мал аттарын көрсетуде ерекше байқалады. Отан көптеген мысалдар келтіруге болады; айғыр, бозайғыр, бөрі, бөрілер, (отыз оны «күрт» деп атаған), бгура (бура), қасқа, құлан, құлын, құлыншақ, теңіз құлыны, күлік (тұлпар, жүйрік ат), құзғын, қыран (саят құсы, қыран құс), қысырақ, қысыр қысырақ (жылқының үйірі), маңрамақ (қой маңырайды), саумақ, сауылмақ, саңғымақ (құстың саңғуы), ылқышы (жылқышы жылқы бататын кісі), шопан (қой бағатын шопан), тағы басқалар.

Қорқыт кітабында жиі айтылатын көшу - қону, үй тұрмысы, жасау, жинау сөздері де қазақ тіліндегімен бірдей. Айталық, яйлақ (жайлақ), қышлақ (қыстақ), тұрақ, орда, юрт (жұрт), орын, үлес, қора, үй (ев), юк (жүк), қойма, қоңсы, қоңсы хақы, үй іші, ата-ана иенге (жеңге), қалындық, кәде, кәдесі, қыналы бармақ, бөбек, қымыз, айран, сүр ет, ошақ.

Қазақтар айтатын бірсыпыра сөздер өте жақсы сақталған: қобыз, қаша қобыз (Дерсе ханның қобызы), сарын, Қорқыт сарыны, дауылпаз (Ораз дауылпаз ұрды), көрік (сұлулық), көріклі, көріклік сайрамақ, шүлен (тарту), жасау, ұйық (жер), сәуегей орын, тізе шекмек (тізе бүгу).

«Қорқыт» кітабындағы әскери сөздер (ел қорғау сөздері) де түсінікті болып келеді. Олар: ұран (ұран шақыру), алып, ер (Қазанбек алыптардың басы еді), ярақ (жарақ), қошун (қосун), қалқан, яуламақ (жауламақ), шалымды (шал), Өрен (биіктігі), қанат, жасыл тонды.

Қазақ тілінде кездесетін сөздер де үлкен шоғырды құрайды. Отан мына сөздерді келтіруге болады: нысаналы (сезгіш, ойшыл), таңсық, ташқын (тасқын), тек (шыққан тек, тегің кім), теріс қиғаш, топ (көпшілік), тұтан (бір тұтам), тепмек (теппек), япа-ялғыз (жапа - жалғыз), тәңірі, тәңірі бұйрығы, тәңірі көлеңкесі, еш (ес, ес болмақ) серік, дос болып өту, іші күйінмек, аман (сау), есен-аман, еркек (ер кісі), алаң (алаң жер), алдамақ, апармақ, азғын, азғын тілді, қарғыс, алғыс, ақсақалды қария алғыс айтпақ, ант ішпек, баяғы, қашанғы, қатар-қатар, ырғап, ырғап, китабан (мықты түйенің табаны), құнт (құнтты, жинақы, тәртібі мықты), күпір сөз (тіл тигізетін сөз), ескірмек, қайырмақ, қақимақ, (кеудесін көтермек, қарысып қалмақ), сынамақ, сықақ, сүйіндірмек, сүйкенмек, қарымақ (отпен қарымақ), сом алтын, тағы басқалар.

Дрезден мен Ватикан кітапханасында тұрған «Қорқыт» кітабының екі нұсқасының негізгі желісі, күрделі сюжеті – Оғыз - қыпшақ ел басқарған кемеңгер ойшылдарды қадірлеу, соның бірі Қорқыт - ғажайып ерлігімен халыққа қорғаныш болған, халық сүйіспеншілігіне бөленген адам. Алыптың ішінде ерекше көзге түсетін Ер Қазанбек - барлық алыптардың атасы, Түркістанның тірегі. Қорқыт Қазанбекке арналған жырында былай деген:

Көк аспаннан еніп келді ұлы жылан,

Әр адамды жұтар еді көрген заман.

Салар Қазан басын кесті бермей аман.

Соның соңын ала және айтқан:

Ол бір өнер көтерді жойқын ұлы,

Барша адамға орын берлі оңды-солды.

Ірге болды барлық елдің орны «дыңды»,

Қорқыт жырында кездесетін Үйсін қожа, Қаңлы қожа, Қазылық қожа, Қазан алып, оның атасы Ұлан (Абылғазы айтуынша, Энкеш) бәрі бір заманның кісілері. Қазан алыптың жетінші атасы Оғыз ханға барып қосылады. Демек, хан пайғамбар заманынан көп жыл бұрын өткен. «Қорқыт» хикаясы бойынша, Қорқыт заманында өзінің алып ерлігімен аты шыққан, халық ерекше ардақтаған жойқын алыптар көп болған, сол сияқты шешен билер, ақылды данышпан сұлтандар да аз болмаған. Ерте дәуірде нақыл сөздер айтқан шешен бидің бейнесін қазақтар Жиренше шешен, данышпан Аяз бидің әфсаналарын да айтып келген.

«Қорқыт» жырындағы жойқын алыптардың ұлы ағасы Қазанбек, Қазан алып - «Қорқыт» хикаясы мен «Оғыз наме» дастанының жарқын бейнесі, оның қасына ерген алып достары - Байбөрінің ұлы Бамсы. Бұйрық (Берік), өз інісі Қара - Көне, оның баласы Қара- Бодау, баласы Ораз алып, Әзірейілмен алысатын жойқын алып Домрул (Домбауыл), Төбе көзді өлтіретін асқан ер Бисат, Қазылық қожа ұлы - ер Жүгнек, Қаңлы Қожаұлы Туралы (Тураналы), Үйсін - Қожа балалары Екрек, Секрек, Куртқа үлгі беріп, нақыл сөз айтқан атақты жырау Қорқыт ата, ұйытқы болған кемеңгер ойшылар - Баяндір хан, оның ер ұлы Бұқаш.

«Қорқыт» дастанына негізгі кейіпкер болған тарихи адамдар осылар. Олар туралы мәліметтер Сыр бойында, Арал теңізінің жағасында, Ұлытауда осы күнге дейін сақталып келген. Әлі жарыққа шықпаған. Ә.А.Диваев, Әлқуат Қайнарбайұлы, тағы басқалар жинап алған қазақша жазулар бар. Олардың ішінде көзге ерекше түсетіні - «Салар Қазан» -Қазанбек жыры, кейде «Қарабек жыры», «Қара мерген», «Қара хан», «Қара ханның билігі», «Ораз», «Қоңыр мерген» (Қорқыт кітабында Қоңыр қожа). «Алпамыш» (Қорқыт жырында алып Бамсы), тағы басқалар.

Арал теңізінің бойында айтылатын алып ер Салар Қазан - қыпшақ ері Ақ Көбектің досы. Мал бағатын әрі кен қазатын ұлы алып бейнесі қазақ жырында былайша сипатталады:

Жетпіс жеті болатын қандырып,

Су болатын қандырып.

Кеш емес ұста сен болсаң

Сол болаттан қылыш соқтырып...

Ақ Көбек қыстың үскірік аязында жалаңаш жүгіріп, мұз аршып, мал бағып жүргенде, қасына ер Салар Қазан келеді. Демек, Қорқыт кітабында айтылатын Салар Қазанды қазақ елі ескі заманнан бері есінде мәңгі ұстаған.

«Оғыз наменің» суреттеуінше, Қазан алып - Қорқыт атаның замандасы, оған ақыл беруші. Салар Қазан мен білікті Қорқыт ата екеуі де ерекше адамдар. Қазан алып ішкі оғыздардан шыққан. Ол Сырдария мен Қазығұрт тауларын қоныстаған оғыз-қыпшақтардың ұлы қорғанышы Баяндыр ханның күйеу баласы, таулы құстың ұрпағы, Түркістанның тірегі, Қарашық таудың қабланы, Қоңыраттың иесі, хан Ораздың атасы...

Абылғазының толғауынша, Қазанбектің сыйынатын, ас - садақа беретін, ордасының көп заман тұрған жері Қазықұрт тауы болған, ол ондағы сәуегей үңгірді ерекше қадірлеген. Қорқыт ата Қазығұрт тауында Қазанбекті мақтап, бір нақыл айтқан:

Қазығұрт тауындағы үңгір тасты

Салар Қазан барып көркейтті.

Онда ата-бабасына садақа тартты.

Ит бешене оны көріп есі кетті.

Бір қазанға қырық аттың етін салды,
Ол қазанды сол қолымен көтереді,
Оң қолымен елге жүріп үлестірді

Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін.

Қазығұртты қадірлеп жырлайтын әфсана қазақ тілінде де кездеседі. Ол ескі Қорқыт жырынан сақталып келген көп аңыздардың бір тарауы. Қазақ әфсанасы бойынша, Қазығұрт тауының басы ұлан байтақ жазық дала, жаздыгүні салқын жайлау. Ескі аңыздар бойынша оның басы - топан су болғанда кеме тоқтаған жер деп суреттеледі. Оның қасында ерте кезде ұлы адамдар тұрған сәуегей үңгір бар, үстінде ағаш қалаған орындар бар. Ол «Алтын қабақ» атысатын нысананың орны. Бұл жерде қазақ ақындары домбыра, қобыз тартып, ерте кезде «Нұх пайғамбардың кемесі қалған орын» деп әдемі жыр шығарады.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Жетім бота үстінде жатып қалып,

Ойсылқара жануар содан қалған.

Мұнда Қазығұрт тауы мал өсірудің бір байтақ өлкесі болып суреттелсе, екінші жағынан, жоғарыда айтылған Қазанбектім Қазығұрт тауын қандай жақсы көргенін нақыл сөзбен сипаттаған Қорқыт ойына дәл келеді.

«Оғыз наме» жазуында (Топқалы сарайы) Қазанбектің жақсы көрген жерінің бірі -Қарашық, Қаратау (қарсы жатқан Қаратау). «Мен Қарашық тауынан тас атсам, қаба оғлығын ешкімге бермейтін Қазанмын». Қаратау Фирдоусидің «Шахнаме» поэмасында да кездесіп отырады, Иран тілінде куһ хара - Қара тау деген матына береді.

Қазанбектің алып ерлігі «Оғыз наме» жазуында тамаша айтылған: «Қоңыр атын ойнатқан, жауын көрсе жайратқан, Түркістанның тірегі». Бұл сөз «Қорқыт кітабында», «Оғыз намеде» осылай қалыптасқан түрінде айтылып отырады. Қазанбектің құдіретті күшін суреттегенде «қара тасты қармап алса құл еткен, тау басынан тұман түсіріп, қара жерді кертіп бесік жасаған, қара бура терісінен жөргек тіктірген» делінеді.

Ескі әфсаналарда Қорқыт айтқан сөздерде Қазанбекті көбінесе қазақ жерінің алыбы етіп көрсетеді.

Мәселен, Қара таудың қабланы, Қара сұңқар баласы, сары саздың арысланы, Түркістанның тірегі.

Жалаңаш келсе тон жапқан

Аш келсе тойдырған,

Иығын басып,тізесін шөгерген.

Бұл сөз Орхон жазуында айтылатын Білге - Қағанның ойына өте жақын. («Шығай елін бай қылдым, аз елін көбейттім»).

Қазанбектің бейнесі Қорқыт жырындағы асқан алып Бамсы Бұйрықтың сөзінде де ашық айтылған. Бір үлкен құда түсу тойында Бамсы бектерге келіп: - «Рұхсат берсеңіздер, сіздерді қадірлеу үшін қабақ атып көрейін», - деді. Нысанаға алғаны күйеудің жүзігі. Бамсы мүлтіксіз тигізіп, жүзікті бөліп түсіреді.

Қазанбектің қуанышы қойнына сыймай, Бамсыны шақырып алып: «Менің асқан ақыным, кел бері» деп басын иеді, қолын қысып, алғыс айтады.

Ал Бамсы оны «сен биік ақ орданы таудың бөктеріне тіктірдің, көк шатырды атласпен жаптырдың, жүйрік атты жылқы ішінде өсірдің, әділетті жол үстінде орнаттың, сен барлық алыптардың тірегі, барлық елдің үміті, Баяндыр ханның күйеуі, тау кұсының ұрпағы, Түркістанның тірегі, Ахмет суының арсланы, Қарашықтың қабланы, Қоңыраттың иесі, Хан Ораздың әкесі», - деп мадақтайды.

Қазанбектің үйін жау шапқанын суреттеу бейнесі оның басталуы, көркем жыры нақ осы түрінде айтылады: «Бір күні, - дейді әфсанада, - Қазанбек Ұлан ұғлы, Таулы құстың ұрпағы, біз міскіннің үміті, Ахмет суының арсланы, Қарашықтың қабланы, Хан Ораздың әкесі, Баяндыр ханның күйеуі, Қоңыр аттың иесі, қалың оғыздың бақыты, барлық жігіттің арқасы Салар Қазан орнынан тұрды да, тоқсан басты алтын үйін Қара жерге тіктірді.Тоқсан жерге толы кілем төсетті, сексен жерге алтын кесе, тостағандар қойдырды».

Ескі әфсаналарда жиі айтылатын аялығының бір түрі - алыптардың ұйқысы. «Қорқыт» дастанының суреттеуінше, аңыздың алыптары жеті күнге дейін өлім ұйқысында жатады. Ұзақ ұйқыдағы алыптар қазақ, қырғыз, алтай елінің жырларында да көп кездеседі. Қазанбек те қалын ұйқыда жатқанда жау қолына түсіп, көп мүшкілдік тартады.

Қазанбектің әйелі Бөрте қатын да ерлік иесі. Ол қазақ эпосында айтылатын Құртқаға, Ақжүніске, Гүлбаршынға ұқсайды.

Олардың ордасын пешенектер келіп басқанда, Бөрте сұлу жауға қатты қарсылық көрсетіп, елін аман алып қалуға тырысады. Абылғазының жазуынша, Салар елінде Еңкеш есімді бір атақты кісі бар еді, қатынының аты Шашақты, ұлының аты Қазан алып. Ол кезде пешене елінің Таймадық деген патшасы Арал теңізі бойындағы оғыздармен алты жыл бойы жауласады. Қазанбектің анасы Шашақтыны алып кетеді. Шашақты үйіне қайтып келген соң, бір ұл табады. Қазан алып анасына «бұл ұлды қайдан алдың» деп қатты зекиді. Шашақты дұшпанның зорлығына еріксіз көнгенін айтады... Мұндай оқиғаларда түрлі елдердің эпикалық аңыздарында көптеп кездеседі.

Қазанбектің өзі де жау қолына түседі. Жау оны арбамен еліне әкеліп, зынданға салып қояды. Ол зынданда отырып, жауға қарсы сөздер айтады, қобыз тартып, он шырқайды. Ақырында қобыздың күйінен босанып шығады. Мұндай күй тартып, өзінің ғажайып өнерімен жаудың жан күйін босатып, ауырлықтан босанып шыққан алып ерлер қазақ эпосында жиі кездеседі, соның бірі атақты Алпамыш.

Қазанбектің жан аямас ұлы батыры, оның туған інісі Қара Көне, оның баласы ер Қара Бодау. Бұлар Қара Көне, Қара Бодау атымен қазақ ертегілерінде де кездеседі, мүмкін, тарихи заманда Сырдария бойында жасаған атақты алыптар болуы керек. «Қорқыт» жырында Қара Кене жойқын алып, өзі кемеңгер бақсы, керемет иесі, алып бақсы түрінде сипатталады. Оның көкке ұшатын тұлпары Көк бедеу. Қара Көненің бақсы екені «Қорқыт» кітабында («Оғыз намеде») былай суреттелген:

Тоқсан теріден істеген алып тон,

Тобығына жетпеген.

Тоғыз теріден істеген жең

Иығына жетпеген.

Тоқсан қойдың терісі тон болмаған,

Он қойдың терісі бөрік болмаған.

Бір таңғаларлақ жері - Қорқыт жырына кірген ғажайып әфсана қазақтардың бақсы -жырауларының айтуында бүтін қалпында сақталып келген.

Қара Кене алып қазақтың бақсы жырларында Шарабас деп айтылады, мәнісі - ұлы бақсы. Ол басына кене теріден жасалған, адамды өзіне еріксіз тартатын тылсым берік киіп жүреді. Қорқыт кітабында айтылатын бұл ескі аңызды өткен ғасырдың соңғы кезінде қазақ жырауларының аузынан Әбубәкір Диваев жазып алған.

Тоқсан қойдың терісі,
Тон шықпаған Шарабас
Сексен қойдың терісі

Бөрік шықпаған Шарабас.

Бұдан байқайтынымыз, Қорқыт туралы айтылатын ескі аңыздардың барлығы қазақ ортасында толығынан сақталып келген.

«Қорқыт» кітабында әдемі суреттелетін ұлы алыптың бірі - «От көзді Ораз». Ол жойқын алып Қазанбек пен Бөрте сұлудан туған, әрі алып, әрі ақын, әрі қобызшы, Оның тоғызыншы ұрпағы Өгіршік XI ғасырда Қаңлы елімен бірлесіп, Сырдың бойында отырған Ораз, Оразбек - қазақтың ертегісінде, оның халық эпосында жиі кездесетін, аңызға айналған эпикалық аттың бірі.

«Қорқыт» кітабының ең қызық жері - онда исламнан көп заман бұрын қазақ сахарасын ғасырлар бойы мекен еткен тайпалар, олардың қоныстап отырған жер - суларының аттары кездесетіндігі. Оған кірген ескі қазақ тайпалары Усун қожа (үйсін), Қаңлы қожа (қаңлы), Қазалық қожа Қарлық, Рашидеддиннің баяндауынша, Усун қожа мен Қаңлы қожа – Көл -Еркі, Тұман, Қайы хан заманында Қорқытпен қатар жасаған билер. Екеуі де Қорқыт -хикаясында сипатталатын кемеңгер кісілер. Бұл жырдың көп таулаулары - «Хан Тураналы мен Қаңлы қожа жыры», «Секрек пен Усун қожа жыры» деп аталады.

«Қорқыт» кітабында Қаңлы қожаның ұлы Тұралы (қазақтарда Тұраналы) атақты қобызшы әрі асқан алып болып көрінеді. Ол қыз іздеп оңтүстікке барады, бір сұлу қызды тауып, онымен «бәрі ойнақ» жасайды, атпен қуады, садақ атып, қобыз тартады. «Оғыз наме» жазуы бойынша, Қаңлы қожа ұлы хан Тұралы (Тураналы) - асқан ойшы, атақты оғыздарға ат қоюшы, сары тонды Салжан қатынның күйеуі.

Усун қожа туралы айтылған жырлар тегісімен ескі Қазақстан жеріндегі усун (үйсін) елінің өмірін баяндайды, олардың мекен еткен жері - Арқаның белі, Алатау, Көкше теңіз (Балқаш көлінің ескі аты). Бұл хикая да Қорқыт әфсанасының үйсін - қаңлы заманында (V-VI ғғ.) шыққан ең ескі түрінің бірі, халық аузында әдемі аңызға айналған ғажайып әңгіме.

«Қорқыт» кітабында былай делінген: «Оғуз заманында Усун қожа дейтін кісі бар еді. Оның екі ұлы бар еді, үлкенінің аты - Екрек, кішісінің аты - Секрек. Олардың отырған өлкесі - Көкше теңіз (Балқаш). Ағасы Екрек жау қолына түскенде, оны құтқаруды мақсат етіп інісі барған еді. Оны көрген адамдар айтатын:

Қас-Құбаның жерінде тұрған жігіт,

Келісі Қара Қазылық атын мінген жігіт.

Арқа белі Алатаудан төнген жігіт.

Жас ұлан зынданда қапа болып отырған ағасының үстінен келіп, қобызбен Қорқыт күйін тартады. Оны ағасы естіп:

Аузың үшін өлейін, құлыным,

Тілің үшін өлейін, құлыным, –

дейді. Екрек зынданнан шығып, Қазылықтың жүйрік атын тауып мінеді, жауларын қырып, інісімен аман-есен еліне келеді. Келіп «Бабам қайда?» - деп сұрайды. Үйден шыққан Усун қожа балаларын көріп, зор қуанышқа бөленді. Ол күні күмбір-күмбір дауылдар естілді, алтын түсті бөрілер ұлыды, ақ боз отаулар тігілді. Аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойылып, үлкен той жасалды».

«Қорқыт» кітабында суреттеліп отырған Үсүн қожа Қазақстанның ең ескі тайпаларының бірінің аты, Ұлы жүзге негіз болған үйсіндер. Олар біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын Жетісуды мекендеген ең атақты елдің бірі, өзінің ықпалын олар мың жыл бойы биікке ұстап, оны Түрік қағанатына дейін сақтап келді. Үсүн туралы Қорқыт хикаясының мазмұны осы дәуірлерді еске түсіреді.

Қорқыт әфсанасындағы қазақ жерімен байланысты ең қызық жыр «Қазылық қожа ұлы Ер Жүгнек» туралы айтылады. Оғыз елінің басшысы Дерсе хан мен Қазылық қожаның мекен еткен жері Қазылықтауы, Алатау, Қаратау - бәрі бір кезде Сырдария бойына бағынған өлкелер.

Қазылық қожаның ұлы «Қорқыт» кітабындағы жойқын алыптың бірі - ер Жүгнек. «Жауға тау қыранындай қарсы шабатын», «Мінгені жел жетпейтін тұлпар - торы айтыр». Жүгнек әрі ақын, әрі қобызшы, әрі алып ер, оны халық ерекше сүйетін. Күндерде бір күні Жүгнектің әкесі жау қолына түсіп, қолды болады. Жүгнек шыдамы кетіп, Баяндыр ханға келіп: «Маған әскер беріңіз, әкемді босатып алайын», - дейді. Хан ұлы алыптар бастаған көп әскер береді, оның ішінде жеті қаланың кілтіне ие болған Елек қожа ұлы Түлек, Өрен болады. Будар Сыр, Арал теңізі бойында қоныстаған өрен - қыпшақтар еді. Осы кезде Жүгнек түс көрді, түсінде қасына ерген ылғи ақбоз атты алыптар екен дейді. Қасына ақсақалды Қорқыт келіп кеңес береді. Жолшыбай сырт оғыздың басшылары кездесіп, олар да көп әскер қосады. Осы түс кейін іс жүзіне асады. Жүгнек оғыз елінің жауларын тегісімен қырады, әкесі Қазылықты қамаудан босатып алады. Әкесі ұлын бауырына басып сүйеді, қатты қысып құшақтайды. Ең соңында еліне қайтып, халқын қуанышқа бөлейді.

Сол кездегі ұлы жиылысқа Қорқыт ата: «Қара тауларың жығылмасын, жапырағы қалың қаба аташтың басы кесілмесін. Ақсақалды бабаңның жері ұжмақ болсын, ақ бүркеншік анаңның жері бейіш болсын!» - деп бата берген екен.

В.В.Радловтың зерттеуінше, Қорқыт әфсанасында айтылатын «Қазылық ұлы Жүгнектің жыры» қазақ эпосында сақталған «Хан Шентай» жырына өте ұқсас. Демек, ескі заманда қалыптасқан бұл жырды да қазақ эпосы жақсы сақтай білген.

«Қорқыт» кітабына негіз болған көне жырдың бірі - «Қамбарұлы Бамсы Берік», оны Байбөрі деп те атайды. Жыр былай басталады: «Уа, ханым, Қам-Ған ұлы Хан Баяндыр... қара жердің үстіне ақ ордасын тіктірді, көк жүзіне шалқыған биік шатырларын көтерді, жерге мың жібек, қалы кілемдер төсетті, ішкі отыз бен сырт оғыздың бектері Баяндыр ханның тойына жиналды. Ол тойға Байбөрі де келді. Баяндыр ханның қарсысында жайға (садақ) сүйеніп Қара көне ұлы Қара Бодау тұрды, оң жағында Қазанұлы Ораз тұрды, сол жағында Қазылық қожа ұлы Жүгнек тұрды. Байбөрі оларды көріп «аһ!» деді, есінен жаңылып, орамалын қолына алып, боздап жылады. Бұны естіп, қалың оғыз алқасы, Баяндыр ханның күйеуі Салар Қазан тізесінен жүгіне отырды да, Байбөрінің жүзіне қарады, тағы сұрады: «Байбөрі бек, неге боздап жылайсың?» - деді.

Байбөрі айтты: «Хан Қазан, қалай жыламайын, неге боздамайын, менің ұлым да, туғаным да, күшім де жоқ. Бұл не деген қорлық. Алла мені қарғаған. Билерім мен тек тәжім үшін, тақытым үшін боздаймын. ...Егер менің ұлым болса, ол хан Баяндырдың қарсысында тұрмас па еді, ол менің сүйенішім, қуанышым, мақтанышым болмас па еді». Мұны айтқан кезде билер жүзін көкке қаратып, қолдарын жоғары көтеріп тілек тіледі: «Алла саған бір ұл берсін», - деді. Бұл тілек жүзеге асады. Байбөрінің «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып, бала сұраған боздауы орындалады. Одан ұл туды, атын Бамсы Берік қойды. Осы кезде Оғыз Бижаннан бір қыз туады, оны Бану-Шешек деп атады. Екеуін бесікте жатқанда атастырып қояды, екеуі де ер жетеді. Бамсы Берік бір күні аң аулап жүріп, бұлақ басында тігулі тұрған қызыл шатырға кездеседі. Ол Бану Шешектің шатыры екен. Осы арада «Қыз бөрі» ойыны басталады. Қыз қашып, жігіт қуады, Бамсы қызға жетіп, екеуі танысады, бір-біріне жүзік беріседі.

Соңынан Байбөрі қызды баласына алып берейін десе, қыздың адуын ағасы Қарашар барғандардың басын кесіп, өлтіре береді. Байбөрі Қорқыт атаны жібереді. Қарашар Қорқытты қылышпен шаппақшы болғанда, оның қолы қарысып қалады. Артынан қалың мал сұрайды:

Келеге түспеген мың үлек,

Биеге түспеген мың айғыр.

Саулық көрмеген мың қошқар

Құйрығы мен мойны жоқ мың ит,

Мың бүрге...

Қорқыт оның бәріне көнеді, ит пен бүргені өзі кереметпен таппақшы болады. Құда түсіп, қуаныш етеді. Әлдебір кезде Сыр бойындағы елге жау шауып, Бамсыны тұтқындап, зынданға апарып жауып қояды. Ел толқуда болғанда оған билік айтқан кісі Яртушақ, «Алпамыс» жырындағы Ұлтан сияқты, Бамсымен айтысқа түсетін бейпіл ауыз Қысырша жеңге «Алпамыс» жырындағы Бадамшаға ұқсайды. Жалпы айтқанда, «Бамсы Берік» жырының бүкіл сюжет і, оқиғасы, эпикалық кейіпкерлері «Алпамыс» жырымен бірдей. Oл ұқсастықты кеңес ғалымдары, басқа елдің зерттеушілері көптен бері көрсетіп келеді. «Алпамыс» жырымен сюжеті ұқсастығы, әсіресе, адамдардың типінен көрініп тұрады. Қорқыт жырындағы Яртушақ, Алпамыс жырындағы Ұлтан екеуі де өгей ұл, халық оларға жирене қарайды. Қысырша мен Бадамша екеуі де сақауланып сөйлейді. Бадамша -Ұлтанның әйелі. Сюжеттегі ең жақын ұқсастық, әсіресе Бамсының да, Алпамыстың да зынданда отырып, күй тартып, ғажайып өнерімен жау қолынан босанып шығуы. Бамсы жау жерінен шығып, өз елінің шетіне келгенде ең алдымен қойшыларға жолығады. Олар жолға тас үйіп, Яртушақ өткендей болса таспен атып, одан кек аламыз, - деп отыр екен. Олар Бамсыға: «Елде үлкен той болғалы жатыр. Баян Шешек күйеуге шықпақшы», - деп хабарлайды.

Бамсы бұлақтың басына келіп, Банудың сіңлісіне жолығып, келгенін айтты. Соңынан дуана түріне түсіп, тойға келеді. Алтын қабақ атып жүрген Ораз бен Жүгнекті көріп, қатты қуанады, өзі бірге атысады. Бір атқанда күйеудің жүзігін атып түсірді, оған Қазан алып ерекше қуанады. Ақырында Бану Шешек Бамсыға тиеді. Бамсының жауларын қиратып жеңіп, жау қолынан қайтып келгенін Алып Қазан Байбөріге жеткізеді. Баласы кеткелі көзінен айырылып, сорлы болған Байбөрі оған нанбайды.

Балам кеткелі

Көрер көзім көр болды, –

деп түңіледі. Ең соңында нанып, көрмес көзім енді өз баламның қанынан жазылады деп қуанады. Бамсы бармағынан қан шығарып, әкесінің көзін сүртеді, көзі мөлдіреп шыға келді.

...Алпамыс жау қолына түсіп, зынданда отырғанда, оның үстіне бір қотан қой жайылып жүреді. Әлден уақытта хан қызының секіріп ойнап жүрген лағы зынданға түсіп кетеді. Қойшы зынданда отырған Алпамысты біледі, «Лағымды қайырып бер, хан қызының лағы еді. Ол жоқ болса мені өлтіреді», - дейді. Алпамыс:

– Күніне бір қой әкеліп тұрсаң, лағыңды қайырамын, - деді. Екеуі келісіп, Алпамыс бірнеше күй тартып, қобызын қойшыға береді. Ол хан қызының алдына барып, Алпамыс тартқан күйді тартып береді.

– Бұл кімнің қобызы? - деп сұрайды қыз.

– Зынданда отырған Алпамыстың қобызы, - дейді қойшы.

Қыз хан қолынан Байшұбарды алып, қойшы екеуі зынданға келеді. Байшұбармен Алпамыс жер үстіне шығады. Жарық дүниені көрген соң Алпамыстың жан күйі ойнап, көптеген күйлер тартып береді, ақырында қобыздың үнімен жау қолынан босанып, еліне қайтып келеді.

Абылғазының анықтауынша, Мамаш - (Бамыш, Бамыс, Бамсы, Алып Мамыш, Алпамыс) оғыздардың бір бегі, оның әйелі Баршын сұлу (Алпамыс жырындағы Гүлбаршын) -оғыздарға аты шыққан мықты жеті қыздың бірі. Оның күмбезі Сыр суының жағасында тұрады, халыққа мәшһүр болған «Баршынның көк кешені» деп аталады, өте сұлу, сәулетті етіп жасалған.

Демек, «Бамсы Берік» жыры - ең ескі дәуірде шыққан «Қорқыт кітабындағы» эпикалы жырдың ескі бір түрі. «Алпамыс» жыры - соның бергі кезге дейін сақталып келген бір нұсқасы. Бұл жырда Алпамыс пен Баршынды бесікте жатқанда атастырып қояды. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының сюжеті де осыған ұқсас.

Алпамыс жау қолынан босанып, еліне келгенде Гүлбаршынды басқа елдің патшасы алмақшы болып жатады. Алпамыс оны ел шегіне келгенде, Бамсы сияқты қойшыдан естіп біледі. Алпамыс Құлтай қойшының жаман киімін киініп, тойға келеді. Тойды басқарып отырған Ұлтан Алпамыстың ата-анасын мүлдем жүдеткен. Бамсы сияқты Алпамыс та той үстінде «алтын қабақ» атысады. Бадамша сақаумен айтысқа түседі, оны зәрлі сөзбен кемітеді. Көзін Гүлбаршын сұлудан айырмай, оған әдемі, толқынды күйлер тартады. Ең соңында да барлық зұлымдыққа қарсы тұрып, жігіттерін жинап, Ұлтанды өлтіреді. Гүлбаршынды олардан босатып алады, соңынан ұлы той жасап, қызық көреді.

Сонымен, «Алпамыс» жыры - көп тайпаға мирас болған ескі жыр, «Бамсы» жырының бір түрі. Ол Алтай тауынан бастап, Орта Азия, Кавказ жеріне дейін таралған әфсана. Оғыз-қыпшақ тайпалары оны мыңдаған жыл есіне берік ұстап, аңызға айналдырған. Бұл жырдың ескі дәуірдегі аты «Бамсы», «Бамыс», «Мамыш», «Алып Мамыш», кейін «Алпамыш», «Алпамыс», «Алпамса», «Алпамша».

Бұл жырды ескі қалпында осы күнге дейін айтып келген қазақ, қарақалпақ, өзбек ақын-жыраулары. Бұларда (әсіресе қазақ пен қарақалпақта) «Алпамыс» жырының ескі сюжеті мен құрылысын берік сақтаған эпосты айтып қалыптастыруға, біріне-бірі ұқсап тұрады. Оған ұйытқы болған оғыз елінен шыққан қоңыраттар. Олар екі жерді қоныс етіп қалған. Бірі - оғыздардың ескі жұрты Сырдарияның өңірі, екіншісі - Жиделі Байсын -Амударияның бойы, сыртқы оғыздың мекені. Ерте дәуірдегі оғыздар, олардан кейін шыққан қоңыраттар жаз бойы Сарыарқаны, Торғай, Тобыл, Жайық. бойын жайлап, қысқа қарай жылы жаққа, Сыр, Амудария алқабына барып қыстайтын болған. Шайбани заманынан бері қарай қоңыраттар екіге бөлінді. Бір бөлігі Сыр бойында (ең көбі) Қаратауда, екінші бөлігі XVI ғ. бері қарай солтүстікке көше алмай, Амудария бойын қоныстап қалды. Ол жердегі қоңыраттардың кейбір қарттары бабаларының Арқаға дейін көшіп барып жүргенін осы ғасырдың 30-жылдарынадейін айтып отыратын еді. Бірақ осы екі жердегі қоңыраттар (біреуі өзбек, біреуі қазақ арасында) кейінгі кездерге дейін өзара жиі қатынасып, тегі, туысы, шежіресі, шығарған аңыз-жырлары бір екенін білген. Жиделі Байсындағы қоңыраттар Сарыарқаға дейін жайлап жүрген. Тек соңғы ғасырларда ғана қоныс шалғайлықтан байланысын үзіп алған. Бұл «Алпамыс» жырының сюжеті екі елде өзгерусіз сақталуынан да көрінеді. «Бамсы Берік» жырындағы жаңа туған қыз (Бану Шешек) бен ұлды (Бамсы) бесікте жатқан кезінен атастырып қою қазақ елінің тарихи заманнан келе жатқан бір ерекше салты. Ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Алпамыс» жырында да жарқын түрде суреттелген. Екінші қызды алыс жерге ұзату сол кездегі саясат бойынша дос болумен, бірімен-бірі күш алумен байланысты бір тарихи ережеге айналған. Мұны да көп қолданған елдер - оғыз бен қыпшақтар. Дешті Қыпшақ заманында қыпшақтың басшы адамдары қыздарын Сырдариядан, Жайық бойынан Қырымға, Ресейге, Мысырға дейін ұзатып отырған. Және қыз ұзатқанда оның қасына қырық қыз нөкер ертіп, күйеудің еліне апару үлкен қауымдық рәсім болған.

Осындай ұзақ жермен қарым - қатынас болғанның елесі халық санасында әдемі сақталған. Қазақтың екі адамы жанжалдасса, бірін-бірі сөгіп: «Ұлың Румға кетсін, қызың Қырымға кетсін» дейді. Бұл ер балалардың жауынгер болып, Румға (Византия) дейін барғанын, қыз балалардың Қырым, Мысырға ұзатылғанын көрсетеді. «Қыз Жібек» жыры сондай аялғыдан туған сюжет. Жібек - Жайықтың қызы, күйеуі Төлеген - қонысы шалғай Жағалбайлы жігіті.

«Қорқыт» жырының енді бір тарауы - «Тоқа-Қожа ұғлы ер Домрул». Қазақ әфсаналарында Тоқа ұлы Домбауыл қият тайпасынан. Қорқыт әңгімесінде оғыздардың ортасында Тоқа қожа ұғлы ер Домрул деген алып болады. Ол әр уақыт көпір салып, өзеннің жағасында туған (қазақ әфсанасында аң аулап, өзеннің жағасында жүретін). Күндерде бір күн сол көпірдің қасына бір ауыл келіп қонады, олардың ішіндегі бір сұлу жігіт қапылыста қайтыс болады. Ел боздап жылады, үстіне қара салынды. Ер Домрул ашынып келіп: - Оны өлтірген кім? - деп сұрайды. Ел айтады: - Ел Тәңірінің бұйрығымен болды, оның жанын алған қызыл қанаты бap Әзірейіл», - дейді. Домрул қатты қаһарланып, кісінің жанын алатын Әзірейілмен аяусыз соғысып, жігіттің жанын қайтарып бергізуге бекінеді.

Домрул қырық жігітімен тамақ ішіп отырғанда, үстіне Әзірейіл жетіп келді. Оның қалай келгенін далада тұрған күзетші не қақпа аузында тұрған сақшы білмеген. Домрулдың жарқын жүзі түнере бастайды, дүниені қараңғылық басып кетеді. Сонды Домрул Әзірейілге: «Ажал іздеп жүретін не қылған шалсың?» - деп ақырады. Оған Әзірейіл: «Ұлы бұйрық бойынша жаныңды алуға келдім», - дейді. Домрул қара селебесін қынынан шығарып, Әзірейілді ұрмақ болады, Әзірейіл көгершін елесіне түсіп, терезеден ұшып кетеді.

Бұл тылсымға айналған ескі аңыз ислам дінінің Сыр бойына жаңадан келе бастаған кезінде (VII) халық аузынан ерекше орын алған ұлы әфсананың бірі. Қорқыттың ажалмен күресудегі ұлы мотивтерінің бір түрі.

Домрулдың әфсанасы исламға бүтіндей қарсы. Оның ескі дәуірде айтылған мотиві сюжетінен, ондағы сөздерден ашық көрінеді. Кейбір жолдары Орхон жазуындағы Білгі ханның сөзіне дәл келеді:

Домрулда:

– Менің көрер көзім көрместей болды,

Тұтар қолым тұтпастай болды.

Орхон жазуында:

Інім Күл - тегін керек болды,
Өзім сақынтым,
Көрер көзім көрместей болды,

Өзім сақынтым.

«Қорқыт» әфсанасындағы Ер Домрул сияқты алыптың бірі қазақ пен қырғыздар айтатын ең ескі дәуірдің аңызы - «Ер Төстік» хикаясында. Қазақ қарияларының айтуы бойынша, Домбауыл мен Шаба соқыр Қорқыттың замандасы, досы, VI-VIII ғасырларда тұрғызған Домбауылдың күмбезі осы кезге дейін Сарысудың бір саласы Кеңгір өзенінің жағасында тұр.

«Қорқыт» жырында суреттелген Төбе көз сияқты жалғыз көзді дәу қазақ ауыз әдебиетінде орасан көп, оның мысалына «Дәу баба», «Аю дәу» аңыздарын келтіруге болады. Шоқан Уәлиханов: «Жалғыз көзді дәу - қазақ сахарасына кеңінен тараған ескі мифтің бір түрі» деп санаған. Ол гректердің циклопы сияқты кісі жейтін алып дәу. Одиссей тәрізді дәумен аяусыз алысатын қазақ ері «Батырхан» деп аталады.

Демек, бұл Жалғыз көзді дәу әңгімесінде (Төбе көз), «Қорқыт» жырына негіз болуы, жырдың асыл түбі ескі дәуірде, Қазақстан жерінде туғанын сипаттайды.

«Қорқыт» кітабында қазақ эпосымен үндес айтылатын басқа да сарындар бар. Солардың ішіндегі ғажайып сюжеттің бірі - баласы жоқ атаның мүсіркеусіз халі.

Патриархал - ру қауымының салт-санасы бойынша ер бала ру қауымының жалғасы, ер баласыз ру жалғасы да болмайды. Сондықтан халықтың ұлы мерекесінде ер баласы бар аталар ең сыйлы орынға отырып, көпшілік құрметіне бөленген. «Қорқыт» жырында ұлы барды ақ отауға кіргізіп, қызы барды қызыл отауға отырғызады. Ұлы-қызы жоқ әкені қараша үйге кіргізеді. Жырда былай делінген: «Баяндыр хан жерінен тұрды, қара жерге он ақ орда тіктірді, бір жерге құрымды отау тіктірді. Ұлы барды ақ отауға, қызы барды қызыл отауға, ұлы-қызы жоқты қара отауға кіргізді. Ұлы-қызы жоқ кісіні тәңірінің өзі қарғаған, біз де солай етеміз» деуі.

Дерсе ханның не ұлы, не қызы жоқ еді, ол бұл қорлыққа көне алмады, көзінен жасын боздатып, қаңғып, бала тілеп, дала кезіп кетті. Кейін Бұқаш атты бір ұлды болды.

Бұл мотив - қазақ эпосының негізгі аялғысы. Қазақтың алып бұталары осындай тілекпен жарық дүниеге келеді. Қазақ эпосында жұртшылық алдында осылай зәбір көрген ата-аналар «бұл қорлыққа шыдағанша қаңғып өлейік» деп дала кезіп кететін болған. «Әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып», ата-бабаларының күмбезіне түнеп, бала тілейді. Жапан түзде шаршап жүрген ата-ананың түсіне Баба түкті Шашты әзіз кіріп, олардың баласы туралы аян береді. Қазақ эпосындағы барлық атақты ерлердің туысы осы дәстүрде құрылған және бұл бүкіл Орта Азия эпосына ортақ нәрсе. Ол әсіресе ескі дәуірден келе жатқан «Қорқыт хикаясы» мен «Оғыз намеде» жарқын түрде сипатталады.

Тарихи дәуірден халықтың есінен кетпейтін бір жора - «жылқыдан айғыр, түйеден бура, сиырдан бұқа, қойдан қошқар» сойып тілек ету. «Шораның» жырында әйелінің күйеуіне кеңес беріп, «түйеден бура, жылқыдан айғыр, сиырдан бұқа, қойдан қошқар сойып, тілек етіп, бала іздеуге шығайық» деуі. Қазақ эпосынан берік орын алған дәстүрдің көрінісі.

Сондай жарқын жораның бірі - бесікте жатқан нәрестелерді сәби күнінен атастырып қою. Оның эпостағы суретін біз «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырынан, «Қорқыт» дастанындағы Бамсы Мен Бану Шешек бейнесінен көреміз.

«Қорқыт» жырындағы тарихи дәстүрдің бірі - жау шабуылынан елді аман алып қалу жатын іздеу. Қазанбектің үйін қалың жау шапқанда кісі өлтірмеу мақсатымен қарсылық көрсетпеген. Бұл жора тарихи дәуірден келе жатқан, соғыспаудың, бейбітшілік өмірді сүюдің бір ишарасы. Бұл қытаймен соғысқан ғұндарда, үйсіндерде, керейлерде қалыптасқан тәсіл. Қазақ керейлері елін жау шапқанда елін аман алып қалу үшін үйін, ауылын жаудың талауында иесіз қалдырып, адамын, мал-мүлкін басқа жерге алып кететін болған. Міне, мұның бәрі «Қорқыт» дастаны мен «Оғыз намеде» айтылатын тарихи уақиғалардың дала тарихымен тығыз байланысты екенін көрсетеді.

Сөйтіп, оғыз дәуірінде Сыр жағасында туған эпикалық әңгімелердің қазақ халқының ауыз әдебиетінде көбірек сақталғаны осы Ер Төстік, Қорқыт, Жиренше шешен, Алдар Көсе, Алпамыс (Алып Мамыш), Көрұлы атына байланысты. Қазақта Қорқытпен қатар, саңлақ дана кісі бейнесінде суреттелетін білгіш кісі Жиренше шешен, Оғыз шежіресінде -Игренше. Екеуінің де әлеуметтік орны, халыққа қадірі бірдей, екеуі де ханның уәзірі. Ханымы өлген кәрі ханға сұлу қыздарын беріп, оның ең жақсы кісілерінен саналған. Абылғазының «Оғыз шежіресі» бойынша «Аушар елінде Иргенше дегеннің көрікші қызы бар ерди, оны ханға алып берген ерди».

Қорқытпен байланысты ұлы мұраның бірі - «Қорқыт айтты» дейтін оның нақыл сөздері, елді мүсіркеп айтқан үлгілі саңлақ ойлары, жарқын мереймен, адамға ой түсіретін терең толғаулары, ауыз тұшынатын, көңілді шабытқа бөлейтін өсиеті, сарын, ақылгөй сөздері. Ол көп нақыл сөздер, толғаулар, тақпақ сөздер айтып қалдырған. Оның әдемі нақылдарын, толғау жырларын кейінгі ақындар (ұзан) жатқа айтып, елден елге таратып келді. «Қорқыт - сый алатын ақын (ұзан) емес, ол халықтың данышпан ұстазы, оларға ақыл, кеңес беретін кемеңгері. Халыққа қиындық түскенде, олар дайым Қорқытқа барып, ақыл сұрайтын болған. Соғысқа бара жатқан алыптар оның алдына барып бас иетін, Қорқыт оларға сәуегейлік тілек білдіріп, қылышына киелі сөздер айтатын».

Қорқыттың бұл нақыл сөздері бүгінде Берлин кітапханасында сақталып келеді. Олардың кейбіреулерін герман ғалымдары жарыққа шығарды. Тақпақ сөздің жалпы саны төрт жүзге таяу. Оның алдыңғы беттері 75 нақыл сөзден құралған. Қорқыт атымен жазылған. Мұнда Қорқыт дәуірінде жасаған 366 алып, 24 данышпан билер, 32 білгіш ел басқарушылар туралы нақыл сөздер орын алған. Нақыл сарындарында алыптардың ерлік қасиеті ардақталып, оларға үлгі ғибрат айтылады. Бір сөзінде Қорқыт былай деген:

Сайрап жүрген қазылық атына мінгейсің,

Бірақ білмей тұрып қылышыңды михнатта жүрген кісіге салушы болма.

Бір нақыл алып Бамсыға, енді бірі Қазанбектің асқан мергені Қоян (Қозан) садақшыны суреттеуге арналған.

Ең ғажайып толғаулар - қазақта бергі кезге дейін сақталып келген, сәуегейлік болжаулар. Мысалы:

Ата-ана баласын аялайды,
Бала болса ата-анасын сыйламайды,
Қилы-қилы заман болады

Біз оны көрмессіз де.

Бұл XV г. Асан ата айтты дейтін толғаудың ең ескі дәуірдегі түрі секілді.

«Қорқыт айтты» дейтін тақпақ сөздер қазақ халқының мақал-мәтелдерінде осы күнге дейін көп кездеседі. «Қорқыт» дастанында мынадай тақпақтар бар: «Өшкен келмейді, өлген тірілмейді», «Қадір тәңірі бермесе, ер байымас», «Ежелгі жау ел болмас, ескі макта жіп болмас», «Жаяудың жұлдызы болмас, қалың құлан жауғасыз болмас», «Қаратаудың басындай мал жиса да, кісі оған тоймас», «Қарыннан асырып ас ішпейді», «Кекіртті тәңірі сүймес, көкірегін көтергенге бақ қонбас», «Қыз анадан көрмейінше, үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше, үгіт алмас», «Ұлың - екі көзіңнің бірі», «Өзіңнен тумай, ұл болмас», «Найза бойы қар жауса, жазға дейін қалмайды», «Жасыл шөп күз болғанда сол түрінде тұрмайды», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі», «Құлан құдыққа түссе, құрбақа құлағында ойнайды», «Көп қорқытады, терең батырады», «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді», «Жас өседі, жарлы байиды», бөрі жүзі мүбаракдүр. Бұл нақыл сөздер артық өзгеріске түспей, қазақ тілінде осы күнге дейін сақталған. Түу баста Қорқыт айтқан бұл даналық сөздерді қазақ елі ғасырлар бойы есінде берік ұстап келген, ой атасы Қорқыттан сарқылмайтын бұлақ көзін мирас еткен, Қорқыт дәстүрінің қазақ сахарасында кең өріс алып, одан жарқын із қалғанын сипаттайтын айқын дәлелдің бірі осы. Оғыз заманынан келе жатқан эпикалық аңыздың көбі де қазақ халқының ерлік жырларында көркем, сәулетті түрде айтылып келеді. Олардың ашық дәлелі ретінде «Көрұғлы», «Алпамыс», «Бозұғлан», «Бозжігіт», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» тәрізді толып жатқан хикая, аңыздарды келтіруге болады. Бұл жырларды оқығанда көзге ерекше түсетін мәселелер - олардың сюжет құрылысы, эпикалы бейнелері, «Қорқыт» дастаны мен «Оғыз намеде» айтылатын эпикалық сарындармен өте ұқсас болып отыратындығы. Мәселен, оғыз-қыпшақ дәуірінен дәстүр болған әлеуметтік көрініс – ақын - ұзандардың той үстінде қобыз бен домбыраның үніне қосылып, ерлік жырын айтып, өткен дәуірді еске түсіруі. Академик В.А.Гордлевский бұл дәстүрдің қазақ пен қырғыз халқының тіршілігінде кейінгі заманға дейін жақсы сақталғанын мысалға келтіреді.

Бұдан шығаратын тұжырым біреу: ежелгі тайпалардың көбімен қатар, қазақ халқының рухани тіршілігіне, әлеуметтік құрылысына оғыздардың қосқан үлесі аз емес. Өзге тайпалармен бірге Сыр бойын монғол дәуіріне дейін қоныстаған кейбір оғыз тайпалары қазақ қауымын құрысуға қатынасып, соның белгілі компонентінің бірі болады. (Кете оғызы, Адай, Шекті, Арғын кердері). Академик В.В.Бартольд те осы пікірді айтады. Ол кісінің зерттеуінше, XVI ғасырда қағаз бетіне түскен «Қорқыт» дастанының негізі о баста Орта Азияда, Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша көп заман ауызша айтылып келген. «Қорқыт» туралы қария сөз қазақ сахарасында да кездеседі», - дейді академик Бартольд. Өйткені Кавказ тауына келмес бұрын оғыздардың түбегейлі мекені сахара болған. Сондықтан Қорқыт туралы аңыз ол сахарада қоныстайтын қазақтарда осы күнге дейін сақталған».

«Оғыз наменің» тілі, оның мазмұны өзгеден гөрі қазақ халқының тіршілігіне өте жақын болғандықтан, В.В.Бартольд пен П.Пельо «Бұл дастан қазақ сахарасында шыққан болу керек» деп дұрыс пікір айтқан.

V. ҚАЗАҚ АҢЫЗДАРЫНДАҒЫ ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ БОЛМЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮРГЕН ЖЕРЛЕРІ.

Қазақ аңыздарында ерекше көзге түсетін таңсық уақиғаның бірі - Қорқыттың дүниеге келуі. Қария сөз бойынша Қорқыттың анасы қыпшақ қызы екен. Ол Қорқытқа жүкті кезінде құланның жаясына жерік болып, жерігі бір жылда әрең басылыпты. Анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп, жылына бір рет толғақ қысып отырыпты. Ең соңында босанатын жылы тоғыз күн толғатып, жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қалың қара жаңбыр, сұрапыл қара дауыл соғып, біреуді - біреу көре алмай, ел-жұрты қатты қорқынышқа батады. Ол туып жатқан кезде Сыр бойы мен Қаратауды қараңғылық басып, ол тауды «Қараспан» деп атаған. Сол қараңғылық қорқынышта туғандықтан, атын «Қорқыт» қойыпты. Аңыз бойынша, Қорқыт анасының құрсағынан туарда қиналып, көр-қаптан туғандай қиындықпен туыпты. Туысымен сөйлей туыпты. Махмұд Қашғаридың анықтауынша, «қап» ананың жатыны. Егер бала сол жатынмен бірге туса, ол құтты ырым деп саналады екен. Оны «қаблығ-қап жамылған», қаппен қоршалған ұл деп атайды. Қорқыт туарда Қаратауды қараңғылық басып, оны қараспан (Қаратаудың бір мегзеуі) атайды.

«Қорқыттың» әфсаналарында, «Оғыз намеде» сәуегей Қорқыттың тууы ғажайып өзгеше болып айтылады. Оның анасы Құба диюдің қызы еді, ерекше туған делінеді. Қазақ аңызында Қорқыт көрқаптан шыққан, перінің қызынан, кейде дәуден не аққудан туған дейді. Бұның барлығы Қорқытты керемет иесі, киелі, сәуегей, қадірлі етіп көрсетуден шыққан. «Оғыз наме» бойынша ол алдағыны болжай білетін, игілік пен зұлымдықты жарқын шешетін әділ кісі болған.

Ананың құрсағынан шығысымен Қорқыт тілі шығып, «сөйлеп» туыпты. Қорқыт Сыр суына жақын Қаратаудың бір қойнауында туған екен. Ол тауға «Қарашық», «Қараспан» деп ат қойыпты. Ол туралы ел аузында мынадай бір жыр бар:

Қорқыт туар кезінде

Қараспанды су алған.

Қара жерді құм алған.

Ол туарда ел қорқып,

Туған соң әбден қуанған.

Бұл сөз өткен дәуірлерде атақты қобызшылар мен бақсы жыраулардың қобызға қосып айтатын сарындарының бастамасы болған.

Демек, «Қараспан тауының атауы Қорқыт туарда ол жерді қараңғылық басып, ел қатты қорқынышта болғандықтан туған еді» дейді халық аңызында. Халық аңыздары дәріптейтін Қорқыттың бұл туысы халық эпосында жолығатын алыптардың не жауынгер ерлердің (Манас, Едіге, Ерсайын) туысына өте ұқсас, олармен үндес түрде айтылатыны байқалады. Халық мифінде жеңілмейтін жалғыз көзді дәуді (Төбе көз) жер астындағы үңгірде туғызып, көрқаптан шығарса, Қорқытты да көрде туғызып, көрқаптан шығарады. Кей аңызда қу терісін жамылған перінің қызынан не аққудың өзінен туғызады. Қорқытты Құба диюдің қызынан туғызу түрік, әзірбайжан нұсқаларында да айтылады. Алыптарды керде, көрқапта туғызу исламнан бұрынғы салт-сананы аңғартады. (ондай - ақ қазақтардың «Киелі құс» деуі де исламға дейінгі табиғатта, тәңірге табыну кезеңінен қалған ұғым. Бұл наным қазақтарда XIX ғасырдың соңына дейін сақталып келген.

Аққуды «киелі» санау ескі бақсылардың үнемі аққу терісін киіп жүруінен де көрінетін. Аққу терісін киген бақсының біреуін өткен ғасыр ішінде Шоқан көріп,енді біреуін П.Кошаров суретке түсірген.

Жойқын алыптарды үңгірде, көрде туғызу салт-сананың ен ескі түрі. Өйткені үңгір адам баласының ежелгі тұрағы. Өсіп-өніп, алғаш із қалдырған жері. Ондай ежелгі орындар заман еткен соң, кейінгі ұрпаққа ата-бабаның ежелгі қонысы, ұйық жері болып саналған. Үңгірді қастерлеу, үңгірдегі ата-бабалардың сүлдесіне бас июі ежелгі түркі тайпаларының ісі болған. Бергі заманда жаратылыстағы ғажайып көріністерді қадірлеу, асқар тау, қия тас, жер - суды қасиеттеу оғыз бен қыпшақтарда ерекше орын алады. Салт-сананың бұл түрін қазақтар сол ежелгі қалпында сақтап келді.

Исламнан бұрынғы осы тәрізді нанымдар бойынша үңгірде, көрде туған алыптар жаратылыстан тыс жойқын күштің иесі, жеңілуді, қорқуды білмейтін алып ер деп танылған. Сондықтан оларға Көртегін, Көрұглы, Көрқап деп ат беретін болған. Қазақтардың Қорқытты көрқаптан туғызуы да осы нанымға тіреледі. Бұл нанымның қазақ даласында күштілігі сонша, XVIII ғасырдағы қазақ ханы Абылай өзінің батырларын қорықпайтын, ержүрек қып үйрету үшін оларды жапан түздегі ескі молада жалғыз қалдырып түнетіп отырған. Және молаға жіберетін жас жауынгердің жүректілігін сынау үшін атақты батырлардың біреуіне кебін кидіріп, күні бұрын көрдің ішіне жатқызып қояды екен. Жас батыр жапан түзде қараңғы молаға келгенде, көрде кебін киіп жатқан кісі ақырып, оның алдынан шыға келеді. Сондай жағдайда қорықпағандар ғана батыр деп танылған. Ерлікті осылайша сынау салты халық жырында жиі кездесетін аялғының бірі. Оның мысалын түрікмен мен қазақтар жырлайтын «Көрұғлы» жырынан көруге болады.

Кейбір ғалымдардың «Керұғлының» көрде тууы бергі кезде туған жаңа сюжет деуіне қосылуға болмайды. Өйткені алып ерлерді көрде туғызу исламнан көп бұрын болған салт-сананың түрі. Көртегін, Керұғлы, Көрқап деп атау - Орхон жазулары кезінде, кейде одан бұрынырақта шыға бастаған ұғым. Қорқытты көрден, көрқаптан туғызу - сол ежелгі нанымның аңыздық бейнесі.

Қазақ халқының Қорқытты ерекше қадірлеу себебін ашуға өткен ғасырда Шоқан Уәлиханов пен В.В.Бартольд аса көңіл аударған еді. В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунский «қазақтар Қорқыт аңызын қыпшақтар арқылы оғыздардан мұра етті», - деп түсіндіреді. Бұл дұрыс пікір. Бірақ аяулы ғалымдар көбінесе қазақтың қыпшақтан тарағанына ғана ерекше мән беріп, олардың құрамында оғыз тайпаларының да сілемі бар екенін еске алмаған. Олардың ойлауынша, ХІ-ХІІ ғасырларда оғыздар Сыр бойынан бүтіндей босып кетіп, ескі мекенінде өздерінен ешбір ұрпақ қалмаған болып шығады.

Бірақ тарихи деректерге жүгінсек, мәселе одан гөрі басқарақ. Оғыздар Сыр бойынан тегіс жөңкіліп көшпеген. Олардың егіншілері, жатақтары, кейбір тайпалары (Жамал Қаршидың жазуынша) моңғол дәуірінің өзінде Сыр бойын қоныстап отырған. Олар ғасырлар бойы осы араны мекендеп, бері келе кейбір тайпалары кете, кердері, адай, абдал қазақ қауымын құруға катысады. Бұған Қорқыт, Керұғлы, Жиренше шешен, Алдар Көсе сияқты оғыз-қыпшақ заманында шығып, Сыр бойына кең тараған аңыздардың қазақ халқының ортасында ғасырлар бойы әдемі, терең сақталып келуі дәлел.

Оғыз бен қыпшақтардың қазақ халқының мәдени, рухани тірлігіне негіз болған мұралары да орасан көп және ол мұраны сипаттайтын белгілер қазақ жерінде осы күнге дейін кездеседі. Ежелгі оғыз, қыпшақ тайпаларының аттары, бұлардың атымен байланысты географиялық топонимдер, сол заманнан келе жатқан тарихи дәстүрлер, аңыз, хикая мол.

Оғыз дәуірінен қалған белгілердің аса күрделі бір түрі Сырдария бойындағы ескі қалалар, күмбездер, мұнаралар, кешендер немесе олардың қирап жатқан орындары. Ондай жәдігерлер Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Сарысу бойларында да баршылық. Өйткені оғыздар бір заманда (VIII-X ғасырларда) Сырдария мен Торғай өлкесінің арасында көшіп жүрген ел болғандықтан, олардан қалған жәдігерлер бұл өңірде жиі кездесіп отырады.

Оғыздардың Сырдария жағасындағы ең атақты қалалары - Янги Кент (Жанкент), Жент, Узкент (Өгізкент), Баршын кент (Қыз қала), Сүткент, Отырар, Сауран, тағы басқалар. Сонымен қатар Сырдария бойында қыпшақ тайпаларының байтақ астанасы болған Сығанақ, Сауран, Түркістан қалалары, олардың көп қыстақтары тұрған. Бұл туралы Истар сияқты тарихшылар да ашық пікір білдірген.

Тарихтың көрсетуі бойынша, ең көркем қаланың бірі - Баршынкент, оны XIX ғасырдың ортасына дейін қазақтар «Кыз қала» деп келген. Баршын сұлудың қаласы деген сөз. Бұл қаланың атақты болуы екі кісінің атымен байланысты. Біреуі - Алпамыш батырдың жұбайы Баршын сұлу (Гүлбаршын), екіншісі - XIII ғасырдың орта кезінде осы қалада жасаған атақты ғалым әрі ақын Құсамеддин Баршынлықы. Ол өзінің тамаша шығармаларын үш тілде (түрік, араб, парсы) жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Ол - Қорқытпен әбу Насыр әл - Фарабиден кейін Сыр бойынан шыққан даналардың бірі. Бір жағынан ол Алмалықтан шыққан атақты ғалым Жамал Қаршидың досы. 1270 жылы Жамал Қарши Жетісудан Сыр бойына Баршын кентке келіп, көп уақыт Құсамеддиннің үйінде қонақ болып жатады. Сол кездің өзінде Сыр бойын мекендейтін оғыз ауылдарын көріп, олардың қоныстап отырған жері Баршын кент пен Жент қаласының арасы екенін анықтайды. Оғыз тайпасына тән қалалардың әлеуметтік, тарихи, мәдени маңызына тоқталып, оларды Баласағұн, Алмалық, Қашғар, Самарканд, Ташкент қалаларымен салыстырады. Оғыз-қыпшақ дәуірінен келе жатқан түбегейлі мұраның бірі, жоғарыда айтқандай, сәулетті күмбездер, кешендер, мұнаралар, супылар. Бұл қалыптас мұралар Сырдарияның жағасында не оған құятын өзге өзендер бойында орасан көп. Оны Қаңқа баба, Сарман ата, Қорқыт ата, Қармақшы ата, Қайып ата, Арыслан ата, тағы солар сияқты толып жатқан көп күмбездерден көруге болады. Егер атақты ойшы, ғалым, ақын, музыкашы әбу Насыр әл - Фарабидің қабірі өзінің туып-өскен жері Сырдарияның қасында қойылған болса, оның күмбезі де солармен қатар орнатылып, ол туралы ғасырлар бойы талай қызықты хикаялар, аңыздар, әфсаналар туған болар еді. Бұл күмбездердің көпшілігі Қорқыт заманымен тұстас, ислам дінінің Орта Азия өлкесіне тарай бастаған кезінде жасалған жәдігерлер. Ол күмбездерде жатқан кісілердің әрбірі не оғыз, не қыпшақ, не қаңлы тайпаларынан шыққан адамдар. Сондықтан олар туралы айтылатын хикаялар, аңыздар қазақ халқының ортасында осы күнге дейін сақталған. Олардың кейбірі (Қорасан ата, Арыслан баба) ежелгі тайпаларды ислам дініне үгіттеумен шұғылданған феодалдық жаңа салт-сананың өкілдері. Бұл туралы Қожа Ахмет Йассауи:

Сайрамда бар сансыз бап
Түркістанда тұман бап
Бабалар бабы Арыслан бап,

– деп бекер айтпаған. «Бап» (баба), «ата», «әулие» деп ол кезде бұрынғы тәңірі дінін тастап немесе онымен қатар ислам дінін жақтаған абыздарды айтқан. ІХ-Х ғасырларда ондай баптар, аталар көбінесе қыпшақтардан, қаңлылардан, Қарахан тұқымынан, қарлықтардан, не оғыз - селжүктерден көбірек шыққан. Арқаны, Сыр бойын қоныстаған қыпшақтар XII ғасырға дейін исламға онша мән бермеген, екі жүз жыл бойы оған қатты қарсылық көрсетіп келген.

Қорқыт заманында тұрғызылған күмбездерде ислам дінінің әсері байқалмайды. Олардың сыртқы түрі тұтасымен жазғы киіз үйге ұқсайды. Қазақтар оларды осы күнге дейін «діңгек», «дың», «үй тас» деп атайды. «Діңгек» деп аталатын сәулет құрылысы түрікмен жерінде де бар. Бұлардың барлығы оғыз-қыпшақ дәуіріндегі атақты әскербасылардың кешені немесе сұлу әйелдердің мұнарасы екені байқалады. Әдемі қалақ тастан жасаған сәулетті жәдігердің бірі - Кеңгір өзенінің бойында тұратын Домбауыл, біреуі - Торғай өзенінің жағасында тұратын Текенің дыңы, Бақсы мола, үшіншісі - Тобыл өзені жағасындағы «Көк ұйық», тағы басқалар. Қорқыт заманын әдемі көрсететін белгілердің бір тобы сол кездегі атақты әйелдерге арнап салған кешендер, күмбездер, мұнаралар. Ондай кешендердің ең сәулетті көркемі Сырдария жағасындағы Көк кесене, Бикем мұнара, Сарысу бойындағы Белен ана, Болған ана, Жұбан ана, тағы басқалар. Абылғазының айтуы бойынша, оғыз заманында даңқты болған адамның бірі - Қармыш байдың қызы, Маныш бектің жұбайы Баршын сұлу. Оғыз елін басқарған атақты жеті қыздың бірі - Қабірі Сыр суының жағасында, оны халық «Баршынның көк кешені» дейді. Демек, Баршын сұлудың аты әрі қала атында (Баршынкент), әрі сәулетті кешен түрінде сақталған. Кешен, кешене, кесене қазақ ортасында қолданылған сәулет өнерінің бір түрі. Ерте заманда биік жерге (су жағасында) жеке салынған күмбездердің барлығы кешене деп аталған. Бұл сөз XVI ғасырдағы орыс әдебиетіне де белгілі болады. «Большой чертеж» кітабында кездесетін «кешен» сөзіне Г.И.Спасский былай деп түсінік береді: «Кешен -түрік сөзі, өлген адамның қабірінің басына орнатылатын мұнара». Оны не тастан, не кірпіштен, не ағаштан ерекше етіп жасайды. Бұл бейіт, горстан емес. Алыстан көз тартатын, сәулетті етіп салынған күмбездің бір түрі.

Қорқытты асқан ойшы, сәуегей кісі деп бас ию оғыз-қыпшақ заманынан басталды. Қорқыттың күмбезін халық ғасырлар бойы қадірлеп, атақты жыраудың, асқан күйшінің, ақылгөй данышпан кісінің тұрағы деп басына мыңдаған жыл шырақ жағып келді.

Оның күмбезін қазақтар дайым «Қорқыттың күй тартатын жері, оның қобызы туған жері» деп басына күзетші, шырақ қоюшы еді. Қорқыттың күмбезі тұрған жер ерте заманнан келе жатқан үлкен қорым қиық жер, халық аузында әулие бабалардың қорымы деп аталады.Бұл қорым қазіргі теміржол бойындағы Қорқыт станциясынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде. Сыр суының оң жағасында. Жалпы айтқанда, Қорқыт пен оның замандастарының қабірі түу баста күмбездің жарға таяу жағында орналасқан, кейінгі заманда жасалған қорым солтүстік беттегі белеске қарай жалғасқан. Қорқыттың күмбезі дың салу үлгісімен асты төрт бұрышты, үсті күйдірген кірпіштен қаланған. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыттың күмбезімен қатар, оның су жақ іргесінде Қорқыттың қарындасының күмбезі болған. Сырдарияның тасқын суы ең алдымен осы күмбезді бұзады. Су күмбездің қабырғасын бұзғанда, қазақтар Қорқыттың қарындасының қабірін жырақ жерге апарып қояды. Қорқыттың өз күмбезін Сырдарияның тасқын суы XIX ғасырдың соңынан бастап бұза бастайды. Бірақ күмбездің қабырғасы өте қалың, өзі күйдірген кірпіштен өрілген берік болғандықтан, ол жарты тасыр бойы тасқын судан құламай тұрған. Күмбездің су жағы 1925 жылдан опырыла бастайды. 1952 жылы су жақ қабырғасы тұтасымен қопарылып суға кетеді. Содан күмбез бірте-бірте шайылып бітуге айналады. Бүгінде оның тек арқа жақ қабырғасы тана қалған. Қорқыттың тарихи күмбезінің түрін, оның кірпіштерінің формасын бүтінге дейін сақтап тұрған тек осы қабырғасы. Күмбезді су шая бастаған соң қазақ қарттары қауіптеніп, Қорқыттың қабірінің қалдығын алып, оны судан алысырақ жерге апарып қояды (Қалпан Қоңыратбаев). Жергілікті адамдар сол арадан Қорқытқа жаңадан белгі орнатуды көздейді.

Сыр қазақтарының айтуы бойынша Қорқыт күмбезінің ішіндегі сағана тамы (қабірі) өзгеден бір метрдей ұзын болған. Осыған сүйеніп, олар Қорқыт бойшаң, ұзын кісі болған деп ұйғарады.

Қорқыт күмбезі ең алғаш 1862 жылы суретке түсірілген еді. Бұл сурет бүгінде тек «Түркістан альбомында» ғана сақталып тұр. Қорқыттың күмбезі Торғай бойындағы Бақсы мола, Кеңгір бойындағы Домбауыл сияқты исламнан бұрынғы сәулет өнерінің үлгісімен салынған (VI-VIII ғғ.). Қабырғасы мейлінше қалың - екі метрге жуық, төрт не сегіз қырлы үйдің пішіні киіз үйге ұқсайды. Мұндай сәулет үлгілері Қазақстан жерінде жиі кездеседі. Олар жоғарыда айтқан дың, діңгек, үй тастан немесе Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Домбауыл, Бақсы мола, Торғайдағы Текенің дыңы. Көк ұйық тәрізді жәдігерлерден көруге болады. Бәрінің негізі «дың», «үйтас» үлгісінен құралған. Бұл ескерткіштерді күмбездеу үлгісі Орта Азияда, Иранда, араб жерінде қолданылған әдістерден бүтіндей басқаша. Күмбез қалау әдісі мұнда «жалған еңсе» (ложный свод) тәсілімен орындалған. Осындай жалған еңсе тәсілімен тұрғызылған құрылыстың бірі жоғарыда көрсетілген Бақсы мола. Сыртқы жағы күйдірген кірпіштен соғылған. Оны Қорқыт күмбезінің бір түрі деуге болады. Оның да қабырғасының қалыңдығы бір жарым метрдей. Қабырғаны қалың жасау - «жалған еңсе» тәсілімен жасалған құрылыстың күмбез шығару үшін қолайлы болғанын көрсетеді.

Бақсы моланы қазғанда, одан ерте заманда тігінен тұрғызып ағаштан жасалған мүсін -бейне табылған. Бірақ мүсіннің жер үстінде тұрған басы өрттен жанып кетіп, оның тек жерге қалаған бөлігі ғана сақталған. Мүсін ағаштан жұмырланып жасалған төрт қырлы кеспелтек тақта. Оның биіктігі әуелде бір жарым, екі метрге таяу болуы керек, жерге қадаған бөлегі жарты метр шамасында. Онда жазу болды ма, жоқ па, айту қиын. Жазу болған күнде де ол тақтамен бірге ерте кезде жанып кетуі мүмкін. Ибн - Фадланның айтуынша, өлген адамның басына ағаш мүсін қалау оғыз тайпаларына тән болған жора. Оғыздардың нанымы бойынша, ағаш бадыз өлген адамның рухының мәңгілік қорғаушысы деп саналған.

Қорқыттың Сыр бойында тұрған күмбезін өткен ғасырдың екінші жартысында бірнеше ғалым барып көрген. Оны алғаш көрген А.Грен, оның аңызын жазып алған В.В.Вельяминов-Зернов, Л.Мейер,П.И.Лерх,олардың соңын ала әдейі іздеп барып көрген ғалымдар Ә.Диваев, И.В.Аничков, И. А.Кастанье, П.С.Спиридонов, тағы басқалар. Бұл ғалымдар Қорқыттың күмбезімен қатар, оның халық аузында айтылатын аңыздарына, оның кім болғанына көбірек көңіл бөлген. Қорқыттың күмбезі туралы толығырақ жазған Ә.Диваев. Бұл кісі Қорқыт күмбезін зерттеуге екі рет(1896- 1898) барып, ол туралы бірталай мәлімет жинап үлгереді. Қорқыт туралы аңыздарды сол кездегі атақты қария Оспан Қасымовтан жазып алады. Ол кісінің айтуынша, қазақтар Қорқыттың күмбезін ерекше қадірлейді. Оның ішінде күн сайын шырақ жанып тұрады. Ә.Диваев барып жүрген кезде Қорқыт күмбезінің іргесі бүтін болған. Сырдария бойындағы атақты күмбездерде шырақшы тұру дәстүрі ерте заманнан келе жатқан мәдени тіршіліктің бір түрі. Бұл дәстүр біздің заманымыздың 30-жылдарына дейін берік сақталып, кейінірек ұмытыла бастады.

Дегенмен Қорқыт туралы, оның заманында Сырдария бойында жасалған қалалар, күмбездер, кешендер туралы айтылатын қария сөз, аңыздар қазақ халқы арасында осы күнге дейін орасан көп. Ондай аңыздардың кейбірі өткен ғасырдың соңғы кездерінде сол кездегі орыс газеттері мен журналдарында жарық көріп отырады. Оны Жаңғыз қала, Қыз қала, Жанкент, Сунақ ата, Қорасан ата тәрізді аңыздардан анық көруге болады. Ондай тарихи әңгімелердің аса бағалы түрін әсіресе Ә.Диваев тобымен жинаған. Аңыздарды соңғы кезге дейін ұмытпай, әдемі жеткізген қариялар Жақып ата, Әлқуат Қайнарбаев, Кете Үбісұлтан, Сақы Құрманаев, Орынбай Дастанов, тағы басқалар. Барлығы да Сыр бойында туып-өскен, сондықтан оның шежіресін, хикаяларын бала күнінен білетін кәріқұлақ адамдар.

Қорқытпен қосақталып айтылатын тарихи хикаяның ең бағалысы Жанкент қаласы туралы аңыздар. Сол аңыз бойынша, бұл қаланы көп заман билеген кісі елге үгіт-насихат айтушы, өзі жүзден асқан, ойшы қарт болады. Абылғазының түрікмен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласында жиналып, қайы халқынан Инал Яуиды хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір ететіні айтылады.

Абылғазының айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген Сыр суының аяғында тұратын ұлы мұра Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан мекендеп, патшалары астанада, Жанкент қаласында отырған. ІХ-Х ғасырларда араб географы ибн-Русте Жанкент (арабша Шахристан) оғыздардың ел басқарушылары тұратын қала деп сипаттайды.

Жанкент жайында айтылатын қазақ аңыздарында бұл қаланы мекендеген елдің жойылуын, күйреп бітуін қалаға ордалы жылан қаптап кетуінен деп қауесет етеді. Қаланың даңқты адамдары Қорқыт ата, Сарман құса, Санжар сұлтан, оның жұбайы Бикем, олардың ата-аналары тегісімен жыланның шағуынан өледі. Жанкент патшалығын сақтау үшін Сыр бойына қара дауыл соқтырып, Қорқыттың күшті рухы түрінде қара бура келеді.

Сырдың төменгі жағындағы қазақтардың айтуынша, 1867 жылы саяхатшы орыс суретшісі В.Верещагин былай деп жазған: «Казахи рассказывали предание о существовании здесь когда-то большого города и в преданиях говорили, что здесь были постройки, разрушенные, уничтоженные змеями. Здесь жили государи окрестных земель, один из них женился на дочери соседного царя (печенегов) но за неверность лишил ее жизни. Тесть был колдун (баксы), не будучи в состоянии отомстить за дочь насодил на город змей, пожравших царя и всех его подданных». Бұл қазақ арасында аңыз болып сақталған. «Қорқыт кітабы» мен «Оғыз намеде» айтылатын Қазанбектің ордасын бешенелер қиратқан оқиғаны еске салатын қызық хикая.

Жанкент қаласының орнын бірінші рет қазып, зерттеген ғалым И.И.Лерх (1867). Ол кісі көрген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатқан. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалмен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей, ең жақсы сақталғаны оңтүстік қабырғасы, онда қатар-қатар тізбектелген бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесік көздер сақталған. Ең биік мұнара оңтүстік батысында болған. Қаланың ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарайдың орны бар, онда бұрын ел басқарушылар тұрған.

Үйлердің орнын, қабырғасын ашып көргенде, одан көптеген сәулет үлгісі, қабырғаға түсірген суреттер, күйдірген кірпіштер, көк қызғылт шынымен жапқан көзе тақталар, терракоталар, жанышпен жасалған өрнектер, көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген сауыттар, тағы сол сияқты өнер өрнектері табылған. Үйлердің қабырғасын бірнеше рет әдемілеп сылаған, кейбіреулерін жылтыр кірпіштермен жапқан, кейбірін терракотамен, ғанышпен әшекейлеген, кейбір үйдің күмбезінің еңсесін жоғары көтеріп салған.

Қазғанда табылған өзгеше нәрсенің бірі сол ескі дәуірлерде әдемі дүние жасайтын шеберхананың орны. Оны қазғанда ішінен кірпіш, көзе сауыт күйдіретін әдемі глазурь шынылары, шеберхана орындары табылған. Олардың барлығында сол кезде істеген жұмыстардың қалдығы көп табылған. Соның бірі - араб қарпімен жазылған кірпіш.

Шеберханадан табылған қызық нәрсенің бірі - глазурь қорытатын пештің қалдығы, оның үстінде шойын қазан сақталған. Қазанның ішінде қатып қалған глазурьдің ізі бар. Түс жағынан глазурьді сондай бай, әдемі жасаған, көк, жасыл, қызғылт, сарғылт, ақ түстісі көбірек кездеседі. Олардың бірталайы XIII-XIV ғасырлардағы Алтын орда (Дешті Қыпшақ) заманында Жанкентте мыстан, күмістен жасаған XIII-XIV ғасыр теңгелері мәдениетінен хабар береді. Бірақ өкінішті жері, бұл қаланы Темірхан бүтіндей құртқан.

Кеңес дәуірінде Жанкентті толық зерттеп, одан осы сияқты көп нәрселер тапқан ғалым С.П.Толстов.

«Қорқыт кітабында» және «Оғыз намеде» көп айтылатын Қаратаудағы ескі орданың бірі -Қарашық (Қараспан). Ол Қаратаудың оңтүстік беткейінде, Қарнақ қаласына жақын жерде болған. Қазақ халқының эпостық жырларында оны «Қырық қақпалы Қарашық» деп, өте қадірлеп, Қаратаудың атымен ұйқастырып жырлаған.

Махмут Қашғари Қарашық қаласын Отырардың (Фарабтың) бір аты деп көрсетеді. Екеуінің арасында байланыс көп болған соң айтқан болуы керек. Бірақ Қарашық Қаратаудың қадірлеп айтатын бір аты (Қарашық, Қараспан, Қаратау). Алып Қазанбекті Қорқыт кітабында, «Отыз намеде» «Қарашықтың қабланы, Түркістанның тірегі» деп жырлайды. «Қарашық шопан» да осы Қарашықтан. Қарашық Қазығұрт сияқты аса қадірлейтін, ішкі оғыздардың қызықтаған жұрты. Абылғазы «Оғыздардың күншығысы -Ыстықкөл, Алмалық, Шу, Талас өзендері. Орталығы - Сайрам, Қазығұрт, Қарашық тауы, Темір қазығы, солтүстігі Ұлытау, Кішітау, Мыстың кені (Жезқазған), күнбатысы Сыр суының аяты Жанкент, Қарақұм. Сонымен қатар Қазығұртты қадірлеп айтқан тұста: -Қазығұрт тауындағы Үңгіртасты әдемілеп көтерген Салар Қазан еді» - дейді.

Атақты Қарашық қаласының орны Түркістан қаласынан сәл төменірек, Қарнақ қаласына таяу жерде, Қарашық тауының (Қаратаудың) оңтүстігінде тұрады. Қазіргі археологиялық картада ол ұлы Қорымды Қарашық I, Қарашық 2 деп атайды.

Қорқыт күмбезінің маңайында, одан жоғары Сыр бойында тамаша қалалар болған. Олардың ішінде тарихта аты мәлім үлкен байтақ қалалар Жент, Баршынкент, Сығанақ, Ордакент, Түркістан, Отырар, Сүткент, Қарнақ, Сайрам, Талас, Шу, тағы басқалар.

Оғыз-қыпшақтармен, Қорқыт ойшымен көп байланысты болған ірі қаланын, бірі - Жент. X ғасырдағы араб географтарының жазуы бойынша, Жент - оғыз-қыпшақ елін басқарушылар тұратын үлкен астана қала. Оның базары сондай үлкен, әр жердің саудагерлері толып жүреді. Якуттың жазуынша, Жент - Түркістанда тұратын түркі тайпаларының ең үлкен қаласының бірі.

Сырдарияның төменгі жағында болған Жент қаласының орны бүгінде Сырдарияның сол жақ бетінде, Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында, Жаңадария өзенінің бойында тұрады. Ол туралы қазақ халқы айтатын қария сөздер орасан көп.

Оғыз елінің атақты бір қаласы - Баршынкент. Оны XIII ғасырда Жамал Қаршин жақсылап суреттеп, ғалымдарын, ақын-жырауларын кемеңгер айтып қалдырған.

Бұл қаланың бір ой тартатын қасиеті, мұнда үш тілде әдемі сөйлеп, оның артықша ерлігін айыра білген қыпшақтардың бір асқан жырауы болған. Оның аты - Хисамеддин, Хамид, Есім, Барчынлығы. 1273 жылы оның үйіне қонақ болып, Жетісуда туып-өскен (Баласағұн, Алмалық) ғалым Жамал Қарши келіп, көп уақыт онымен мәжіліс құрып, әдебиет, тарих, Сыр бойындағы қалалар туралы сырласып жатады. Есім Барчынлығының Жамалға әдемілеп айтқаны - өзінін әдебиетпен көп заманнан бері шұғылданып жүргенін әңгіме етіп, шығармаларын үш тілде жазатынын қызық көріп айтқаны. Оның суреттеуінше, араб тілінде жазу көркемдікті білдіреді (Фасиха), иран тілінде жазсаң, ойға батасың (Малиха), түрік тілінде жазсаң, шындыққа мүлгисің (сахиха). Мұндай жарқын ойлар айткан әрі ғалым, әрі ақын, әрі ойшы Барчынлығы Жамалға үлкен әсер етеді. Екеуі Дешті Қыпшақтың (Алтын - Орда) мәдениетін, әдемі қалаларын, әдебиетін еске түсіріп, Жамал Қаршы бар Жент қаласын әдемілеп жазып шығады. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қала оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі Баршын сұлуға арнап салынған. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді, демек, қызға арнап салды дегенді мегзейді. Баршынкенттің (Қыз қала) орны Сырдарияның сол жақ бетінде, Қызылорда қаласына жақын маңда.

Ғасырлар бойы қыпшақ ұлысының мәдениет орталығы болған, саудасы, базары үлкен кең байтақ қаланың бірі - Сығанақ. Бұл қаланы бірінші рет тарихқа белгілі еткен X ғасырда араб географы Ал-Макдиси. Ол ғалым Жетісу мен Сыр бойының қалаларын атап келіп, өзінің атақты кітабында «Тараз, Сұғнақ» (Сығанақ) деп жазады. XI ғасырда Сығанақты еске түсірген Махмұт Қашғари. Сол заманнан бері қарай XX ғасырға дейін Сығанақ қыпшақ ұлысының астанасы болып келді. XII ғасырдан бастап ислам дінін қабыл етті. Араб жазушыларының айтуы бойынша, Сығанақ қаласында қыпшақтар мен қаңлылар мекендеген.

XIX ғасырда Сығанақ қаласында Дешті Қыпшақ (Алтын орда) ұлысының ақша монеттері басылып тұрды.

Орта ғасырдағы Сығанақ қаласының саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан байтақ базарын, қала құрылысын, сәнді үйлерін толығырақ жазған ғалымдар - Шарафуддин Иазди, Фазулулла ибн Рузбехан. Бұлардың баяндауынша, Сығанақ - қыр даланың іргесінде салынған шаһар. Ескі дәуірлерде ол гүлденіп тұрған, үлкен қала болған. Бұл өлке жерінің байлығы, елінің сыпайы, әдепті, мәдениеттілігімен ерекше көзге түскен. Сәулетті салынған халқы да көп болған. Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған пұл -товар сатылып отырған. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Бұл қалаға Арқадан (Дешті Қыпшақ), Хажы-Тархан (Астрахань) жағынан қаншама бай дүние келетін. Олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, қымбат ішіктер, тондар, қару-жарақ, қайыңның безінен жасалған жебелер, жібек маталар болатын. Сығанақ әрі сәулетті, әрі бай жер болғандықтан, оған Еділден, Каспий теңізінен, Қашғардан, Хотаннан, Мауренахрдан саудагерлер келіп, сахараның халқына өз бұйымдарын сататын.

Өлеңмен Сығанақты суреттеген жерінде Рузбехан тағы былай деген. «Сығанақ әдемі», жақсы қала, Дешті Қыпшақтың іргесі, оған Дешті Қыпшақтың байлығы үсті-үстіне келіп тұрады. Бұл көп ғалымдардың тұратын жері. «Нихайа» деген кітап та осында жазылып шыққан. Оны Хисамеддин әл-Сығнақи жазған. Ол 1407 жылы қайтыс болған. Ол кітап Бурханеддин Маргинанидің заң атты кітабына «Кашф Зунунге» жазған талдау.

Сығанақ қаласының бүгінге дейін келіп жеткен қорымы Сыр бойындағы Төменарық станциясынан солтүстікке қарай 19 шақырым жерде тұрады. Оны Кеңес дәуірінде ғалымдар А.Ю.Якубовский мен С.П.Толстов зерттеген.

Сығанақтан жоғары, Сырдың оң жағында тұратын оғыз-қыпшақтардың бір қаласы Ордакент X ғасырдағы араб жазушыларының айтуынша, Макдисиді аударушы Ордакенттің қайда екенін білмей, оны Шу өзені бойындағы «Орда» деп түсінген. Бірақ бұл пікірдің дұрыс еместігін Сырдария бойындағы қалалардың археологиялық картасы ашық айырып береді.

Қорқыт заманымен терең байланысты қаланың бірі - Сырдарияның оң жағасында тұратын атақты Сауран қаласы. X ғасырдағы, араб географтарының суреттеуінше, Сауран - ескі заманнан оғыз бен қыпшақтардың ұлы ордасы болған әйдік қала. Саясаттың, мәдениеттің, сауданың бай ұйытқысы болған жер. Оның маңайы толып тұрған қыпшақтардың қыстауы. Макдисидін жазуынша, бұл қаланы мұнаралы жеті қатар биік қамалдармен қатар-қатар қоршап бекіткен. Дешті Қыпшақпен байланысты қала өте бай, оғыз-қыпшақтардың бас қосатын орталығы. Саудагердің көп жиналатын жері. XV-XVI ғасырлардағы Сауран -қазақ хандығының астанасы. Мұнда олардың сарайлары, мешіттері, мектебі болған. Өндіріс істерінің, шеберханалардың орны сақталған. Сығанақ, Сауран, Жент, Жанкент әдемі кілем шығарудың, түскиіз жасаудың, ат сайысының, садақ - жебе жасаудың, көзе -сауыт шығарудың орталығы болған. XVIII ғасырдың 20-жылдары жоңғарлар жұтап жатқан қазақты қиратып, елді «ақтабан шұбырындыға» айналдырды. Сауранды қимаған қазақтар жаудың оғына көніп, «Сауранды екі рет айналып жүрді», «Сауранды екі айналған» деу қазақтың мақалына кірген.

Сауран қаласының қалған құрылысын, оның архитектурасын, мұнараларын, бірінші рет Шоқанның досы И.П.Лерх зерттеген. Сырдарияның басқа бұзылған қалалары туралы сирек мәліметтер осы кісінің зерттеуінен табылады. Саурандағы екі ұлы мұнара Лерхтың кезінде бүтін тұрған. Зерттеуші оның жазуларын тегісімен суретке түсіреді.

Қорқыт заманын жарқын түрде сипаттайтын, Сыр суынын бойында, Арыс өзені құятын оның оң жақ бетінде тұратын ұлы Отырар. П.И.Лерхтың ойынша, Отырардың тарихта атағы шығуы Темірдің осы қалада қайтыс болуына байланысты (1405 ж). Бұл өте ескі заманнан келе жатқан, әрбір тайпаға астана болған тарихи қала. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан зерттеулер бойынша, моңғол дәуіріне дейінгі Отырар орнының қалыңдығы бірнеше қаттауға бөлінеді. Оның ескі замандағы астыңғы қаттауы ғұн, үйсін, қаңқа (Қангюй) заманын суреттейді. Оның ішіндегі ескі қаңқа біздің заманымыздағы бұрынғы ІІІ-І ғ. аралығын, соңғы қаңқа IIV ғ. дейінгі кезенді, одан жоғарғысы бешенелер дәуірін (V-VIII ғғ.), оғыз, қыпшақ, қарлық заманын (VIII-XII ғғ.) суреттейді. Оғыз дәуірін жарқын түрде суреттейтін Отырардың бөліктері: «Алтын төбе», «Көк - мардан».

IX ғасырда оғыз елі мекендеген Отырар қаласы туралы деректерді бірінші рет жазып қалдырған араб географы ибн Хордадбек - атақты саяхатшы, арабтардың Орта Азияны, оңтүстік Қазақстанды жаулап алған кезінде Сырдариядан Жетісуға дейін аралап өткен зерттеуші ғалым. Ол кісінің есіне алғаны Отырардың әскери күші, онда мұсылман (оғыз) әскері мен қарлық әскері тұрған.

Араб жазушыларының айтуынша, оғыздардың мекені Хазар мен қыпшақтардың арасы. Қарлықтың жер шетінен бастап, Отырар арқылы Үргеншіге дейін барған. Парсы географтары да осылай айтады.

Сол жазушылардың суреттеуінше, Отырар - әрбір елдің саудагерлері көп жиылатын ең бай қала. Түркістанның, Мауренахрдың, Хазиралардың саудаға әкелген мүліктері топ-тобымен жиналатын ұлы қойма. Бұл қаладан сыртқа шығатын нәрселерден ерекше көзге түсетіні аттың жабуы. Сыртын тіккен көрпелер, әдемі маталар, аппақ қардай ақ киіздер. Олардың жері де бай. Сайран мен Отырардың арасы ұлан байтақ, мал бағудың өрісі. Мұнда ислам дініне кірген түркі тайпаларының мыңдаған киіз үйлері тұрған.

Махмұт Қашғаридың анықтауынша, Фараб оғыз қалаларының жиынтық аты секілді. Қарашық деп те атайды. Бұл оның Қаратауға жақын тұрғанын көрсетеді.

Отырардан жоғары Сырдың сол жақ жағасында тұратын үлкен қала Сүткент - балықтың кең тараған жері. Онда бірыңғай жұмысбасты, момын түріктер тұрған. Сайран, Талас (Тараз) қалалары туралы да ескі жазулардың қалдырған мағлұматы кездеседі.

Қорқыт хикаясын толықтыра түсетін отыз дәуірінен мирас болған Қазақстандағы тарихи жер аттары. Оның жарқын түрін біз бүгінге дейін сақталып келген мынадай жер аттарынан көреміз. Мәселен, «Қорқыт көл» (Тортайда), «Өгізтау» (Атасу бойында), «Өгіз су», «Өгіз жылғасы», «Өгіз сай», «Тас өгіз» немесе (Сыртқы өгіз) Сыр бойында Баршын көл (Тортайда, Атбасарда), Арқа (Арқу), Түн қыры (Сары арқа), Ұлытау, Кішітау, Ортау (Ортаг), Кертау, Құтты қия (Ортаудың биік шыңы), Борсықтың құмы, Қара құм, Сыр суы, Арал, Каспий теңізі, Қаратау (Қарашық тауы, Қараспан тауы), Қазығұрт тауы (Құтты қия), Талас, Шу өзендері, күнбатыста Маңғыстау, Жайықтың суы. Міне, Абылғазының көрсетуі бойынша, оғыз бен қыпшақ, қаңлылардың бірлесіп мекен еткен ортасы осы өлкелер.

Қазақстанның жер аттары «Қорқыт кітабында» да аз кездеспейді. Онда жиі айтылатын Арқу (Арқа) белі жырда «Арқа белі Ала тағдан асыңыз», «Ала тағлы оғыз», «Көкчетау», Ортау-қыры (Ортау қыры), Көкче-теңіз (Балқаш көлінің ескі аты, Арал теңізі), Сыр суы, Яик (Жайық), тағы басқалар.

Бір ғажайып жері Қазақстан даласының көп жерінде ескі Қорқыт дәуіріндегі оғыз тайпаларының аттары бүгінге дейін сақталып келген. Солардың бірі тарихи заманнан айтылатын Бұзақ тайпасы - Сырдарияның сол жақ бетінде. Артық ата қаласына таяу тұрған ескі қаланың аты: екінші төбе Бұзақ қаласының төбесі, Бөген өзенінің бойында тағы бір қорым Сыр суының төменгі жағында, Жеті асар қаласының орнына таяу жерде.

Үш оқ оғыздардың сахарада тұрған екінші ұлы тайпасы - қазақтар. Үш оқ тайпасын «біздің ескі дәуірдегі бабамыз» деп анықтайды. Қазақтардың үш жүзге бөлінуінің түпкі негізі осыдан шыққан.

Ескі оғыз елінен Сыр бойында сақталған бір орданың аты - Ұлус-еже. Әл-Фараби туып-өскен бұл қаланы Бартольд Васидж деп жазған. Отырарға қарсы Сырдың сол жағасында Түркістанға таяу, Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Шәуілдір (Чаулдер) - Отырар алабында тұратын ескі қала оғыздардың бір ұлы тайпасының аты. Кебеней (Кеменей) де оғыздардың тайпасы, бүгінде Зайсан төңірегіндегі жердің аты. Жамшы — Үш оқ елінен тараған бір тайпаның аты. Оның есімі Балқаш көліне Арқа жағынан құятын бір өзеннің аты. Ол жерде қазір «Жамшы» ауылы бар. Бөкежелі (Бекеделі) - оғыз тайпасының аты. Созақ қаласының түбіндегі бір қыстауда сақталған. Бұған дүркін, қарқын, қаңлы, қоңырат, қыпшақ, найман, яғмауыт (иагма), қарлық сияқты тайпалар қосылып отырған. Көрсетілген оғыз тайпаларын Махмұт Қашғари, Рашидеддин, әсіресе Абылғазы жақсы суреттеген.

Онымен қатар ежелгі оғыз тайпаларының аттары осы күнге дейін қазақ халқының құрамында сақталып келеді дедік. Мәселен, аққойлы, қарақойлы, көктен, (көкден), ошақты (ошақ елі), адай (алақ елі), кете, кердері, абдай, абдал, тағы басқалар. Кердері мен абдал түу баста Амударияның аяқ жағын қоныстаған ғұндардың бір тайпасы, кейін оғыз ұлысына қосылып, кейін қазақтардың Кіші жүз ұлысына кіріп, сол Амударияның аяқ жағын, Арал теңізінің бойын қоныстанған.

Якуттың жазуынша, Кердері - атақты Афрасиабтың (тоң алып) Хорезм өлкесіндегі арқа сүйеген бір мықты өлейеті. Бұл жөнінде Якут былай дейді: «Мен түріктің падишасы Афрасиабтың өзінің қымбат нәрселерін, алтын, күмістерін Харезм өлейетіндегі Кердеріден жоғары бір жерге көмгендігі туралы көне деректі парсы тілінен оқып білдім. Бірақ Хұсрау екіншіге дейін оны ешкім білмеген. Бұл қойманы бірінші рет ашқан осы кісі. Ол кенішті Хұсрау 12 жыл керуенмен тасып, еліне жеткізді. Ай сайын оның сарайына жүк тартқан он қашырлы керуен келіп тұрды. Оның көбі алтыннан жасалған қымбат дүниелер еді».

Қазақтар өзінің шежіресі бойынша, арғы тегін ууз (оғуз) елінен, үш оқ тайпасынан шығарып, осы себептен үш жүз атандық дейді. Сол шежіре бойынша олар өзін түу баста түрікменмен туыс болғанбыз деп есептейді. «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікмен, екіншісінен Жайылхан, одан қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан. «Түрікмендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді.

Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақтың қосылған дәуірін «Көндігер - Құбан жұрты» дейді. Құбан - Еуропа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты (Құбан, Құман).

Құбан орысша «Половцы» сөзіне дәл келеді (сұрғылт, құба). Қазақта (Құба құл) деген атақты алып болған. Орталық Қазақстанда Ерейментаудың солтүстік белесін «Құман тау» деп атаған. Ерте кезде құмандардың көп тұрған жері болу керек.

Қазақ шежіресі бойынша «Көндігер» - Сырдариядан күнбатысқа ие оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілген ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір тана отызды не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін. Бұл туралы қазақтың белгілі ғалымы әрі ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай деп жазды: «Сейілханның балалары Көндігер (оғыз) жұртынан шытып, халифаның қол астына қарады. Халифа оларды Көндігердің ауыр қолы» деп атады. Түрікмендер сол Көндігер (Селжұқтар) ауып кеткенде ұрпақтары мұнда қалған. Жүсіп Көпейұлының бұл сөздерін қазақтың асқан ақыны әрі ғалымы Нұржан Наушабаев та осылай келтіреді. Ихсан Шаиык Дана ата «Оғыз наме» атты шығармасында «Сейілханды» түрікмен елінің аты болып кеткен сөз дейді. «Оғыз намені» жазғанда оны барлық Сейілханға (түрікмен еліне) «бізден ядгар болсын» деп тарту етеді.

Ихсан Шаиықтың байқауынша, Оғыз хан Орта Азия мен Қазақстандағы барлық тайпаларды біріктірген алып кісі болса, Сейілхан - тек түрікмен елінің аты.

Оғыз ханнан айырылып,

Күллі Сейілхан елетіміз .

Осы сияқты байтақ білім қорына қарағанда, қазақ халкы Қорқыт әңгімесін ежелгі қыпшақтармен қатар, оғыздардың өзінен мұра еткені көрінеді. Өйткені қазақ халқының құрамында жоғарыда көрсеткендей, оғыз тайпаларының қалдығы да аз болмаған. Мұны дәлелдейтін тарихи, археологиялық, географиялық мағлұмат Қазақстан өлкесінде орасан көп. Соның бірі - тасқа, кірпішке, күмбез қабырғаларына түсірген ежелгі оғыз тайпаларының таңбалары. Мұның бір тамаша жері, қазақ сахарасында тасқа қажап түсірілген таңбалар XI ғасырда Махмұт Қашғари қағаз бетіне түсірген таңбаларға тұп-тура келеді. Оғыз таңбалары әсіресе Сарысу өзенінің төменгі алабында тұратын «Таңбалы тас» дейтін жерде жиі кездеседі. Одан кейін Маңғыстау, Қызылқұм бойындағы күмбездер. Ондай таңбалардың шоғырланған жері - тағы сол Сары су алабында тұратын Алаша хан, Болған ана, Талмас ата, Белен ана күмбездері. Бұл айтылған орындарда көбірек кездесетін таңбалар:

1) Баят тайпасының таңбасы - Махмұд Қашғариде, Абылғазыда, Рашидеддинде солай жазылып, Алаша хан күмбезінде сақталған;.

2) Аймур таңбасы. Алаша хан күмбезінде, Махмуд Қашғариде, Абылғазыда, Рашидеддинде;.

3) Шәуілдер таңбасы (көз таңба), таңбалы таста (сарысу), Абылғазыда;.

4) Қара үйлі таңбасы (үй таңба), Таңбалы таста Алаша хан күмбезінде, Махмұд Қашғариде кездеседі.

5) Егдір таңбасы - (жай таңба). Махмуд Қашғариде, Алаша хан күмбезінде. Рашидеддин мұны «бегделі таңбасы» деп көрсеткен. Абылғазы.

6) Бегделі таңба - (құйысқан таңба), Жошы хан күмбезінде, Абылғазыда.

7) Аушар таңбасы - Махмұд Қашғариде, Жошы хан күмбезінде;

8) Жебеней (жеменей) таңбасы (барлық мағлұматта сақталған).

9) Салар таңбасы (Махмұд Қашғариде, Алаша хан күмбезінде, Маңғыстау жазуларында, Абылғазының түрікмен шежіресінде, адайларда сақталған). Міне, осы сияқты таңбалар қазақ даласында өте көп. Бұл жерде олардың бәрін келтіру қажет емес. Бұл таңбалар сақталған өлке ежелгі заманда ғұз даласы, яғни «Мафазат Алғуз» деп аталса, кейін қыпшақ даласы (Дешті Қыпшақ), ең соңында «қазақ сахарасы» деп аталды. Тілі, рухани тіршілігі, тұрмысы біртектес елдер болған. Тек саяси ықпалы күшейген кезде олардың ішінен ең күшті тайпалар әлеуметтік, географиялық жағдайда өзінің аттарын ерекше көрсетіп отырған. Оғыздармен тектес, туыстас болудың нәтижесі осы таңбалардан ашық көрінеді. Өйткені ол таңбалардың кейбірі ғасырлар бойы қазақ тайпаларының таңбасы болып сақталған. Мәселен, ежелгі аушар тайпасы қолданған таңбаға шекті ие болады, егдер таңбасына кете, шәуілдер таңбасына арғын, қайы таңбасына алшын, салар мен жеменей таңбасына найман елі ие болып қалады. Демек, бұл айтылған тайпалар өзінің тарихи туысымен, тарихи таңбаларымен ежелгі оғыздардан тараған ұрпақ екенін білдіреді.

«Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мыңжылдық тарихы бар», - дейді В.В.Бартольд. Кемеңгер ойшыны қадірлеуге негіз болған Қорқыттың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан тарихи күмбезі, халық ойындағы Қорқыттың қобызы, әдемі сарындары, Қорқыттың аңызға айналған желмаясы, айтқан қария сөздері.

Қорқыт ата күмбезінің қасынан өткен адам тебіреніп, толғанбай кете алмайтын. Демек, ол барлық адам баласына мәңгі ізгілік дүние іздеген ойшы, асқан жырау, күй толқынын мөлдіретіп тартатын қобызшы. Қорқыттың бұл қасиетті істерін Кеңес жұртшылығы да есінен шығарған емес. Оның атына арнап, күмбезі тұрған жердегі теміржол стансасын «Қорқыт» деп атаған. Су шайып кеткен Қорқыттың күмбезі елдің есінен кетпеді. Оны жаңадан көтеру ісі қолға алынды. Республикада басқару орындарының қолдауымен Қорқытқа жаңадан ескерткіш тұрғызылды. П.С.Спиридонов қазақтардан жазып алған аңыз бойынша, Қорқыттың күмбезінен ертелі-кеш әдемі күйлердің толқынды үні естіліп тұрады делінеді. Архитектор осы аңызды ескеріп, Қорқыттың жаңа ескерткішін төрт қобызды біріктіру ретімен өзгеше, әдемі түрде жасап шыққан. Бұл қобыздар Қорқыт күйлерін ұрпақтардың есінде мәңгі сақтайтын болады.

Бұл ескерткішті ашу тойын зор қуаныш еткен адамдар Сырдарияның әрбір түкпірінен ағылып келіп жатты, оны басқаруға облыс, аудан басшылары, теміржолдың, ауылдың жұмысшылары, Алматының көптеген адамдары қатысты. Мұнын барлығы Кеңес халқының кемеңгер жырауды, атақты күйші әрі фәлсәфашы Қорқытты қадірлеуінің айрықша бір нышаны болды.

VI. ҚОРҚЫТТЫҢ ӨЛІММЕН КҮРЕСІ

(Қазақ аңызы)

Қазақ аңыздарында терең философиялық терең маңызы бар сюжеттің бірі - Қорқыттың өліммен күресуі, отан көп заман жалықпай дауа іздеуі. Сол аңыздар бойынша Қорқыт тіршіліктің тұрақсыз, өзгергіштігіне күйзелген. Өлу, жоғалу, тозу оның көзіне тоймайтын бір обыр дүние, азынаған көр болып көрінген, Қорқыттың бұл ойы «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген аңызда ашығырақ айтылады. Бұл аңыз жоғарыда келтірілген Қорқыт күйіне араласып отырады.

Халық аузында жиі айтылатын «Қорқыттың көрін қазба», «Қорқыт көрін неге қазасың?», «Қорқыт өлімнен қырық жыл бұрын қашты», «Қобызын алып Қорқыт ажалдан қашты», «Қорқыт туған Қараспанды суға алдырды», «Өлмеген кісі болмаған, қобызын алып Қорқыт та көрге өзі барған» дейтін көп ұғымдар бар. Мұның барлығы Қорқытты қадірлеуден, оны естен шығармаудан туған. «Қорқыт пен ажал» туралы ерте кезде Әбубәкір Диваев жинап алған қазақша бірнеше қолжазбалар болды. Олардың кейбіреуі: «Ажал мен жанның айтысы», «Ор қазсаң, саяз қаз», «Ажалдан басқа нәрсеге дауа жоқ». Бұлардың барлығы Қорқыттың ажалға ем іздеуінен туған ғажайып суреттер.

Жас Қорқыттың фәлсафалық ойы - бір ғана ажалға ем іздеу, оған бас имей, құтылуды үміт ету. Ол асқан ойшы, адамға өлмейтін өмір іздейді, бақытты тұрмысты, адам өмірінің ұзақ болуын тілейді. Бұл туралы қазақ аңызында былай деген:

«Қорқыт еңгезердей биік кісі екен, бойы екі құлаш, бір сүйем, өлгенде аяғы қабірінен шығып жатыпты. Тірі кезінде Қорқыт өлімге мойын сұнбаған, дүниенің төрт бұрышын кезген екен, бірақ еш жерден тыныштық таба алмапты, қайда барса да алдынан қазулы тұрған көр шыға беріпті».

Қорқыттың өмір бойы арман еткені - өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру. Қорқыттың бұл фәлсафасы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі болып суреттеледі. Мұны тек Прометей не Харта туралы айтылатын дүниежүзілік әдебиет мұрасына теңеуге болады. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт бар өмірін тағдырмен, дүниені жасаушымен алысу үстінде өткізеді. Өлмейтін өмірді көксеп, тағдырға, өлімге қарсы тұрады. Жас Қорқыттың іздегені - адам баласының өлмей, уайымсыз, еркін жасауы. Қорқыт фәлсафасы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді. Онымен күресуді Қорқыт өзіне бірінші міндет етіп қояды.

Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт халықтың қорғаушысы, халық бұқарасына жан-тәнімен болысатын, оған дем беруді өзіне мұра еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі.

Өліммен күресу сюжеті әсіресе қазақ пен Алтай елінің аңызында өте жарқын сарынмен айтылады. Бұл сюжет Шумер елінің эпосы «Гильгамеш» жырында да келісті түрде суреттелген. Қазақ халқының өлімге қарсы алғысы бір ғана Қорқыт аңызымен байланысты.

Қорқыттың өлімге қарсы болған идеясы қазақтың бірнеше жазуларында суреттеліп отырады. Ол әсіресе «Қорқыт пен ажал» деген халық аңызын суреттейтін поэмада толық айтылған. Мұнда тізбектеліп айтылатын аңыз сөзі былай басталады:

Қорқыт қашып ажалдан,
Аңыратты қобызын,
Қобызында көп арман

Тоқсан толғау, әдемі үн.

Желмаясын желдіртіп,

Ілгері басып келеді.

Күй сарыны сел – тасқын

Күңірентіп келеді.

Тасы құлап жартастың
Жаңғыртты даланы
Құйын боп та ұйтқыды,
Ну орманды шулатып,

Дауыл боп та жүйткиді,
Көл - өзенді тулатып,
Қас қаққанша кенеттен
Баурап беріп биледі,

Боздағандай беубеулеп,

Жас төгеді күй легі.

Қорқыттың өлімнен қашқанын Сарыбай, Құлназар жырау былай деп суреттеген:

Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,

Қазылған көрді көріп қатты сасқан.

Тағдырдың тақымына тәнті болмай,

Ажалмен арпалысып жан таласқан.

Өлімнен Қорқыт қашқан қырық жыл бұрын,
Арбасқан бір ажалдың болжап сырын,
Ажалға амал тауып құтылсам деп

Тағдырға басын имей келген қырын.

Әлқуат Қайнарбаев, «Қорқыт»

Қорқыт осы күй толқынымен үйінде отыра алмай, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бұл кезде оның жан серігі болған желмаясы халықтың эпос жырында ұлы бейнеге айналған. Қазақ пен түрікмендердің халық тұрмысына да желмаяның маңызы орасан зор болған, оның халық тіршілігіне пайда келтіруі XIX ғасырдың соңына дейін де, одан кейін де ұмытылмаған. Жапан түзде жүргенде желмаяға (кейін нар маяға) жететін жойқын көлік болмаған. Қазақтар желмаяны көп ұстаған жерлер - Арал теңізі мен Каспий теңізінің бойы, ол жерде отыратын кердері, адай, кете, табын, жаппас. Бетпақдаланы әрі-бері кесіп өтетін, алысқа көшетін бағаналы, тама, алшын, үйсін мен наймандар шөлді жерде барымташыларды қуып жету үшін әрдайым желмаясын мінетін болған, сонымен малдарын қайырып алып отырған.

Қорқыттың желмаясы туралы қазақ аңызы былай дейді: Қорқыт бала күнінде қыпшақ нағашыларына барғанда, оған «тай таулақ», тұқымынан бір ботаны сыйға тартқан екен. Ботаны Қорқыт өзі үйретіп, өсіреді. Бота Қорқыттан өзгенің мінгеніне жүрмейтін, жетегіне ермейтін бір керемет көлік болады. Қорқыт мінгенде ол канатты құсқа жеткізбейді, ой мен қырды еркін басып, айдын судан ұшып өтетін болады. Сусыз шөлде шаршауды, ауруды білмейді. Қорқыт жер жүзін кезіп аралағанда, оның сенімді жолдасы, канатты көлігі, атақты желмаясы болады.

Қария сөз бойынша, Қорқыт жиырма жасқа жеткенде түс көріп, түсінде ақ киген біреу «қырық жастан артық жүрмейсің» деп аян береді. Қорқыт одан сескеніп, өлмейтін жер, өшпейтін дүние іздеудің соңына түседі. Желмаясына отырып, дала кезіп кетеді. Көп уақыт жүріп келе жатып, жер қазып жатқан бір топ кісіге жолығады. «Мұны неге қазып жатырсыңдар?» дегенде, әлгілер «Қорқыт әулиеге» деп жауап береді. Оны естіген соң зәресі ұшып, елімнен құтылу үшін дүниенің екінші шетіне жөнеледі. Онда барғанда, бұрынғы түсін тағы көреді. Таң бозынан аттанып, тағы да дала кезіп кетеді. Түсінен шошынып, дүниенің төрт бұрышын тегіс кезіп шығады. Бірақ қайда барса да көретіні қазып жатқан көр болады. Жан сақтауға жер таба алмай, әбден тарыққан соң, Қорқыт жер ортасына келеді. Ол - өзінің туған жері Сыр суының жағасы еді, бұл жерде отырып, Желмаясын сойып, оның терісінен қобызын қаптайды. Ол қазіргі Қорқыт тамының тұрған жері еді. Бұрынғы түсін тағы көреді. Суда көр қазушы болмас, оған ажал да келе қоймас деп өлімге қарсы амал ойлайды. Сусыз жерде жан сақтауға болмаса, енді судың ортасында турайын деп Сырдың бетіне кілемін жайып, жүз жылдай сонда өмір сүреді. Күндіз-түні толқынды күйлер шығарады. Барлық нақыл сөздерін осы аралда отырып айтады. Сыр суының ағыны қандай тоқтаусыз болса, Қорқыттың қобызы да тоқтаусыз сарнайды, өмір жырын шертеді, қызық көруге шақырады. Өлім қанша жақындап келсе де, қобыздың күйі, судың ағыны оны көп заман жолатпайды. Қорқыт күндіз-түні тоқтаусыз күйін тарта береді...

Бұл аңыздың екінші түрі былай айтылады: Қорқыт ақылшы, сәуегей кісі екен. Ауылы Сырдарияның жағасында болыпты. Асқан күйші, қобызшы Қорқыт бір жерде отырмай, ел-елді кезіп, қобызынан күй тартып жүреді екен. Өзі мейірімді, жайдары екен. Бір күні түсінде аян көріп, Қорқытқа айтыпты: «Сен өлімді аузыңа өзің алмасаң, саған ешуақытта өлім жоқ», - депті. Содан кейін бірталай заман өтеді. Қорқыт өлімді ешуақыт аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүре беріпті. Күндерде бір күн қадірлі бір ауылда қобыз тартып отырса, сыртта байлаулы тұрған өгізі далаға қашып барады екен. Ол ешкімге ұстатпайды. Өгізін қуа - қуа Қорқыттың өзі де шаршайды. «Сені өлсем де ұстамай қоймаспын», дейді. Кейін бұл сөздің аузынан шығып кеткеніне қатты өкінеді, мұңаяды, түс көргеннен бері өлімді аузына алмаған еді. Енді не істеу керек деп күңіренеді, өлімнен құтылудың амалын іздейді. Желмаяға отырып, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Барған жерінің бәрінде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Қорқыт: «Мұны кімге қазып жатырсыңдар?», - деп сұрағанда, «Қорқыт әулиеге» деген жауап естиді. Қайда барса да алдынан қазулы тұрған Қорқыттың көрі шығады. Дүниені қанша кезсе де, елімнен құтыла алмайтын болған соң, Қорқыт ойға түсіп, бұлай әуре болмайын, одан да еліме қайтайын деп өзінің туған жері, сүйікті мекені Сыр бойына қайтып келеді. Еліне келген соң, құрғақ жерде тұрсам, соңыман ажал қалмас деп, масаты кілемді Сырдарияның суына төсеп, қобызын тартып тұра беріпті. Тәңірінің жарылқауымен Қорқыттың кілемі не суға ағып кетпей, не шіріп - тозбай, көп заман су үстінде кеме болып қалқып, Қорқытқа ажал келтірмейтін арал болып тұрыпты. Қорқыт Сырдарияның үзілмей агатын суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге келтірмеспін деп, қобызын толқытып күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын қойып, самал жел есуін қойып тыңдапты. Ажалдың өзі де Қорқыттың күйіне балқып, буған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз-түні ұйқы көрмей, қобыз тартып, өліммен алысыпты. Көп заман ұйқы көрмей, қатты ұйқыға батқан кезде оны өлім іздеп тауып, кілемде ұйықтап жатқан Қорқытты кішкене қайрақ жылан келіп, шағып өлтіріпті. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты.

Қорқыттың моласы Сырдарияның жағасында, Қармақшыдан он сегіз шақырым жерде белестің үстінде тұр. Қорқыттың қобызын сол молаға бірге қойған екен, тәңірінің шеберлігі, қобыз өзінен - өзі мұңды күй шертіп, Қорқыттың өзі тартқандай сарнап тұратын болыпты. Ертелі-кеш Қорқыт күмбезінің қасынан өткенде қобыздың сарнаған дауысынан «Қорқыт - Қорқыт» деген мұңды үн үзілмей шығып тұратын болған. Ал «Қорқыт пен өгіз» деген аңыз тегінде ишара түрінде айтылған тарихи шындықтың сілемі болуға тиіс. Өгіздің қашуы, Қорқыттың оны қууы, оғыз аңызын еске түсіріп, Оғыз ханның атасынан безіп кеткен жағдайларының елесін көрсеткендей болады.

Көк өгіздің бір нұсқасы - «Тарғыл тана». Қорқыт елсіз далада жалғыз өзі желмаясын желдіртіп келе жатқанда алдынан бір «тарғыл тана» дейтін аң қашыпты. Оны ұстаймын деп қызығып қуған Қорқыт ұзақ күн жете алмайды, арасы есік пен төрдей болады да отырады. Әуреленіп сонша қуып жете алмағанына ызаланған Қорқыт «осы тарғыл тананы жетіп ұстамасаң, жер үстінде тірі жан болып жүрмегенім» деп серт айтады. Сол сәтте тарғыл тана бір тас шоқы болады да қалады. Сол «тарғыл тас шоқы» қазір «Тарғылдың тауы» дейді. Қорқыт тамынан солтүстікке қарай жүз шақырымдай жерде тұрады. Бұл Қорқытпен байланысты соның заманында болған Қазақстанның бір белгілі жері (Әлқуат Қайнарбаев).

Қорқыт туралы айтылатын қазақ аңыздары өте көп. Оның бірі - «Қорқыт пен қырық қыз». Ол былай баяндалады: Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойын сұнбаған. Өлімнен құтылудың емін іздейді, ылғи дүние кезіп жүрген. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсейді, қарындасын қасына алып, кілемнің үстінде отырып, өмірге, еліне, жеріне арнап мұңды күйлер тартты. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының даусын естігенде, өзен бойындағы елдер үйінде шыдап отыра алмайды. Олар тобымен өзеннің екі жағалауына жиналып, Қорқыттың күйін емірене тыңдайды. Қобыздың даусы кешкі құрым Сырдариядан алыс жатқан «Арқадағы елдерге де жетеді». Қобыз даусымен елегіген Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға құмартып, үйінен жүгіре шығады. Әуелде қобыздың даусы жақыннан шыққандай сезіледі, бірақ қыздар күндіз-түні жүріп жете алмайды. Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-жөнекей ел таба алмай, 39 қыз өкпесі өшіп өледі. Тек қырқыншы қыз аяғынан айырылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі. Ол «ақсақ қыздың күмбезі» Қорқыт ата күмбезінің солтүстік тарапында (арқа жағында) бір шақырымдай жерде биік белестің үстінде тұр. Оны бүгінде «Ақсақ қыздың мұнарасы» дейді. Кейбір қазақ қариялары (Қалжан Қоңыратбаев) ақсақ қызды «Қорқыт атаның зайыбы еді» деп көрсетеді.

Қорқыттың қобызын тыңдауға халыктың жан күйінің толқуы сонша, енді бір топ қырық қыз Сыр бойының қалаларынан келеді. Оны бастап келген сол кезде ел басқарған ханның қызы. Ол қыздар Куандария бойындағы кенттерде сайрандап жүрген еді. Әлден уақытта Сырдария үстінде кілем жайып отырып, күн батарда Қорқыт тартқан «Елмен қоштасу» күйінің сәулетті дауысын естиді. Қыздар оған қатты құмартып, көреміз деп жүгіре -жүгіре Сыр суына беттейді, бірақ жете алмай, бәрі де өкпелері өшіп, жолда қалады. Оларға жолдан қосылған бір ақсақ қыз ақырын жүріп, қобыз тартып отырған Қорқытты көріп өледі. Қорқыт дарияның үстінде қоштасу күйін тартып отырғанда қарындасы қасында еді. Кілем үстінде ұйықтап көзі ілінгенде, көсілген Қорқыттың аяғы қарындасына тиіп кетіпті. Ұйқысынан шошып оянған Қорқыт аяғына ренжіп, «Тірімде жерге сыймаған аяғым, өлсем көрге сыймайсың»депті. Қорқыт өлген соң аяғы көріне сыймай созылып, жоталанып жататын болыпты (Әлқуат Қайнарбаев).

Қазақ аңыздарындағы жойқын суреттің бірі - Қорқыт дүние кезіп, өлімге дауа іздеп жүргенде, барлық жанды-жансыз жаратылыс оның алдынан елестеп, өлім туралы өздерінің мұңын шағады. Қуарып тұрған өсімдік, сарғайып тұрған жапырақ, құлап жатқан қара орман, майырылып тұрған қия тас, мүжіліп жатқан асқар тау - бәрі өлімді еске түсіреді. Оларды көріп, Қорқыт ойға батады: үлбіреген жас гүл қуарып солады, уыздай жас жігіт сақал-мұрты ағарып жоқ болады, толықсыған айдын көл қурап суалады, кеудесімен аспан тіреген зәулім бәйтерек түбінен шіріп құлайды. Неге олай? Бүгін бар, ертең жоқ, бұл не өзі? деп күні-түні ойланады, өлімге дауа іздейді. Бірақ қайда барса да өлімнің елесі қазылып жатқан кер болып көрінеді. Кеше жүгіріп жүрген аңның бүгін далада құлап жатқан өлексесі, аспанда ұшып жүрген құстың бүгінгі жемтігі, құлап жатқан аташ, қурап тұрған шөп - бәрі өлімді еске түсіреді.

Біз де шалқыған өмірде, қызық тіршілікте болған едік, енді мынадай болдық. Ерте ме, кеш пе, бұл бәріне де келеді. Сен де сондай боласың, бітесің, жоғаласың деп Қорқытты үлкен ойға батырады. Қорқыт өлімге мойын сұнбай, ажалдан құтылмақшы болып, дүниенің жүзін кезсе де, елім алдынан қазылып жатқан көр болып шыға береді. «Қайда барса да Қорқыттың көрі» деп осыны айтады.

Бұл аңыздың екінші түрі тағы былай айтылады: Қорқыт жұрттан асқан дана, болашақты болжайтын сәуегей, керемет иесі адам екен. Ол бір жерде отырмай, дүние кезіп, тіршілікте не жақсы, не жаман, соның бәрін көзімен көріп, сынап жүріпті. Біреу кәрі, біреу жас, біреу мұңлы, біреу аш, неге олай? Біреу қыршын жас күйінде дүниеден кетеді, біреу сақал-мұрты ағарған кезде дүниеден жоқ болады. Жас туып, дүниеге келеді, қарт өліп, дүниемен қоштасады. Неге олай? деп күндіз-түні ойға батады. Бірақ ойдың түбіне жете алмайды. Қорқыт дала кезіп жүргенде, оның алдынан көк майса жасыл шөп бүгіліп «ертең қуарып бітеміз» дейді. Үлбіреген даланың жауқазын гүлдері «ертең солып бітеміз» деп мұңаяды, орманда сұлап жатқан самырсын ағаш өлімге бас иіп «иә, досым, бұл ертең саған да келеді» дейді. Даладағы қуарып тұрған қаудан шөп мөлиіп жерге қарап: «А, досым, бәріміздің тағдырымыз осы», - дейді. Кеудесімен аспан тірейтін асқар таудың өзі де: «Тозбайтын дүние, өшпейтін нәрсе жоқ», деп күңіренеді. «Оның алдынан көкте ұшқан құс жылайды, көп жасаған қарт жылайды, аспандағы ай жылайды, алты жасар бала жылайды» (Радлов).

Бұларды көрген соң Қорқыт қалың ойға батып, «Бұл неге олай?» деп қатты толғанады. Толғанып тапқаны - қобыздың үні болды, бар ойын, толғауын қобызымен шығаруға бекінді. Қорқыттан бұрын қобыз күйін еш пенде білмейтін еді. Адам баласына ән-күйді ашқан Қорқыт болды. Қорқытты «күй атасы» дейтініміз осыдан. Қорқыт күйін тартқанда, оның қобызының даусы дүниенің бұрышына тарады. Халық бұл неғылған үн, қандай күй деп тебіренеді, балқиды. Қорқыт күйін тартқанда, жел үруін қояды, тау керіліп мекіренеді. Кұс ұшуын қойып, жер бауырлап жатты. Жүгірген аң тобымен жиналып, жүресінен жататын болды.

Қорқыттың қобызын естігенде:

Аң біткеннің бәрі де
Өре тұрып жүгірді
Күй ұқсады тәңіріге

Алдына келіп жүгінді.

Құстар қақпай қанатын
Шығармай үнін қиқулап
Күй барады сарындап
Шалқиды өрт боп дауылдап

Қара таста балқиды
Күрең тартып бітісі,
Күй осылай тебіренді

Ажалға басын тигізбей.

Қорқыт күйін тыңдауға қырдан қырық қыз, ойдан отыз мың кісі келді. Қорқыттың күйін олар ел - елге таратып әкетті. Содан бері Қорқыттың аты да, тартқан күйі де, жасаған қобызы да елдің есінде мәңгі орнап қалды.

«Қорқыт пен қырық қыз» аңызының сарыны бақсы жырында да елестеп отырады.

Шайтанменен Әзірейіл

Бендеңізге қас екен!

Басқаша айтқанда, бұл ислам дінінің қағидаларына бүтіндей қарсы. Әзірейіл келіп қысқанда, Қорқыт қасындағы қыздарға мынадай кеңес береді:

Енді сөйле, елші қыз,

Елге хабар берші, қыз.

Ақ боз атқа мінші, қыз,

Бармағың бал өңшең қыз.

Бұл мотивте әлі де болса ажалға қарсы үміт ұшқыны бар екені сезіледі.

Аңыз және былай дейді: жан алғыш Әзірейіл көп заман Қорқыттың жанын ала алмай, бос қайта беріпті. Ақырында Қорқыттың жанын қалай да алармын деп алтын сандық жасатып әкеледі. Әзірейілдің бұл ойын Қорқыт үйінде отырып білген екен. Әлі де болса оның қармағына түспеу әдісін іздейді. Жан алғыш суық түспен Қорқытқа келіп: - Кір мына сандыққа! - деп бұйырады. Қорқыт: - Мына бойыммен қалай кіремін? Әуелі өзің кіріп көрсет, содан кейін мен кірейін, - дейді. Әзірейіл сандыққа кіріп көрсетпекші болғанда, Қорқыт оны тарс жауып, сандықтың аузын мықтап бекітіп, бір үлкен дарияға ағызып жібереді. Бұл кезде халық еркін жасап, көп уақыт өлім болмай, жанның бәрі масайрап, қызықты дәуреннің үстінде болады. Бір күні алтын сандық балықшының ауына түсіп қалады, оның аузын ашқанда ішінен Әзірейіл шыға келеді. Әзірейілдің зілденіп ашуланғаны сонша, ол алдымен өзін босатқан балықшының, содан кейін Қорқыттың жанын алады.

Қасақы ажал шамданып

Қайтсең де жаныңды алам деп,

Қолданды аяусыз, қатал әдісін.

Әзірейіл келмес бұрын ел Сырдарияның жағасына Қорқытқа арнап там салып қойған еді, ардақты дананы сонда апарып жатқызып, ел көп заман күңіренеді. Халық аңызы бойынша, Қорқыттың қасында отырған қырық қыз оны жақтап Қорқыт күйін тартты. Өздері де Қорқыттың соңын ала дүниеден көшті. Қырық қыздың күмбезі де Қорқыт күмбезімен бірге бір жерде еді. Олардың қасында Қорқыттың туған қарындасы да бар еді. Моланың қасынан өткенде ертелі-кеш қырық қыздың Қорқытты жоқтаған сарыны қобыздың дауысымен әлсін-әлсін естіліп тұратын еді.

Сөйтіп, қазақтың ғажайып, еш жерде жоқ аңыздары бойынша, Қорқыт бар өмірін ажалмен, жан алғышпен аяусыз күресумен өткізеді. Бұл өлімге қарсы тұру мотиві түркі тайпаларының әфсаналарында ерте заманнан келе жатқан тарихи аңыздардың бір ұлы саласы. Ол исламда жоқ, тек ескі тәңіріге табынатын елдердің қария сөзінде кездеседі.

Оны X ғасырдағы араб саяхатшысы ибн-Фадлан да әдемі жазған. Оның айтуынша, түркі тайпалары исламның не екенін білмейді. Олардың өздерінше табынатын тәңірісі бар. Отыз бен қыпшақ елдерінің түсінуінше, жаратылыстағы әрбір ғажайып нәрселердің иесі бар. Мәселен, адам иесі, жер иесі, су иесі (жер-су), күн иесі, түн иесі, қыс иесі, жаз иесі, жел иесі, жаңбыр иесі, ағаш - орман иесі, жылқы иесі Қамбар ата, түйе иесі Ойсылқара, сиыр иесі Зеңгі баба, қой иесі Шопан ата. Демек, бұлардың барлығы исламнан бұрынғы аспанға, жер - суға, от пен жайға, орманға бас иетін түркі тайпаларының діни салтын суреттейді.

Мұны XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов та жазған. Шоқанның «Тірі адам мен өлі адамның дос болуы» деген мифтік әңгімесінің қолжазбасы осы күнге дейін сақталып келеді.

Қорқыт қобызын алып, ажалға қарсы тұрса, өлімге қарсы тұру эпикалы сарын қазақтың көптеген халық жырында кездеседі. Әсіресе, ең ескі дәуірден келе жатқан әдемі аңыз жер астының алыбы «Ер Төстік» жырында да өте терең ғажайып суреттелген. «Ер Төстік» жер үстіндегі жан алғышты құртып, өлімді туғызатын жауыздар жер астында жатыр деп, өзінің жез қанат тұлпарымен жер астын кезеді, ондағы зұлымдықты тегіс жойып, зор қуанышпен жер үстіне шығып қызық көреді.

Өліммен күресу - Алтай түріктерінің тарихи заманнан келе жатқан ғажайып легендасы. Ол атақты «Ерлік» хан, оның туысы «Яра шешен», жер жасаушы «Өлген» жырларында да әдемі, таңғаларлық түрде айтылып отырады.

Өлімге қарсы тұру, өлмеу туралы әдемі ойлар ескі Шумер мифінде де жарқын түрде айтылған. Бұл, әсіресе, Гильгамеш жырында өте толқынды түрде суреттеледі. Гильгамеш -Қорқыт сияқты ажалды құртудың соңына түскен алыптың бірі. Өліммен алысып, еліне аман қайтып, көлдің жағасында отырғанда, улы жылан келіп, оны өлімге бермейтін сақтаушысын тартып алады. Содан кейін оны шағып өлтіреді.

Сырдарияның жағасында отырған Қорқыттың өлімі де тап осындай, оны да жылан ұрланып келіп шағып өлтіреді.

Қорқыт туралы айтылатын қазақ халқының қария сөздерінде исламнан бұрынғы осы тәрізді нанымдар толығырақ сақталған. Ондай хикаялардың көбінде ислам дінінің ықпалы бүтіндей жоқ. Мәселен, Алламен қатар тәңірі, Әзірейілмен қатар Сөрелі не Жалғыз көзді дәу және бұл соңғылары көбінесе басымырақ отырады. Қорқыттың өлімге қарсы тұруы ислам дінінің ұғымына бүтіндей қайшы. Ислам діні «Өлімді Алланың жазуынан болатын тағдыр» деп анықтаған. Оған қарсы болу - Құдайға күпір болу, жаһидлік деп түсіндірген. Қорқыттың өлмеу туралы фәлсафасы біздің осы күнгі заманда мұрат еткен көп жасау керек деген ойларымызға өте жақын.

Шоқан айтқандай, Қорқыттың ажалға қарсы тұруының негізінде ежелгі Орта Азия тайпаларының дүниеге көзқарасының ұшқындары да аз емес. Ежелгі тайпалар адам өлген соң да өмір сүреді, өлім тіршіліктің жалғасы деп түсінген. Сондықтан оның қабіріне тіршілікте керек болған нәрселердің барлығын (жейтін тамақ, киетін киім, ат-сайман, қару-жарақ) бірге қойып отырған. Бұл нанымның сілемі қазақтарда соңғы заманға дейін сақталған. Соның бірі - Қорқыттың «Өлі десем өлі емес, тірі десем тірі емес» деп түсінуі.

Қорқыт атаның мазары.

1898 ж. Ә.А.Диваевтің түсірген суреті.

(Осы суретті Марғұланға берген Сәкен Ермекұлы Жәкеев)
Қошқар таудың басында Қошқар ата
Өгіз таудың басында Өгіз ата
Өлі десем өлі емес,

Тірі десем тірі емес,
Сол атаның атасы

Ертеде өткен Қорқыт ата.

Қорқыт - ислам дінінің Орта Азияға ең алғаш тарай бастаған кезінде (VII-VIII ғғ.) жасаған кісі. Бұрынғы ата салтымен тәрбие алып, оның дәстүрін, салт-санасын берік ұстанған, оның мәдениет іргесін құруға зор үлес қосқан ақылшы дана, тайпалардың ардақты адамы. Сондықтан Қорқытқа ислам діні ешбір әсер етпеген. Қайта ислам діні оның жан алғыш Әзірейілмен, Әзәзілмен Қорқытқа қазулы көр сияқты көрінген, оны қатты тітіркенткен. Шоқанның анықтауынша, Қорқыт аңыздарындағы Әзірейіл ислам дінінде айтылатын періште емес. Ол - шаман дініндегі Ерлік хан сияқты жан алушының бірі. Әзірейілмен күресуді - бұрынғы өліммен күресу заманының өзгеруімен байланысты айтылған деп түсіну керек, - дейді. Жоғарыда келтірілген аңыздардың жалпы сарыны бойынша, Қорқыт тек ойшы адам, өнер иесі болып суреттеледі. Оны ислам дінінде айтылатын әулие, машайықтар қатарына қоспайды. Атаның орнына кейде «әулие» деп атағанымен, онда ислам дініндегі машайық, сопылардың сипаты бүтіндей жоқ. Қорқытқа қатысты қолданылатын «әулие» сөзі тек даналықты, адамшылық қасиетті көрсететін ұғым. Өйткені өткен ғасырларда қазақтың дана, білгіш адамдары «әулие» деп аталған. Мәселен, «Атамыз әулие өткен Ер Қазыбек» деген тәрізді. Дегенмен кейінгі заманда Қорқыт туралы аңыз да ислам дінінің сарынымен бояла бастайды. Домрулдың Әзірейілден жеңілгені тәрізді қазақ аңыздарындағы Қорқыт та Әзірейілден жеңіліп, өлімге мойын ұсынады. Ислам дінінің әсерімен Қорқытты өлімге мойын ұсындыру Абылғазының «Түрікмен шежіресінде» де орын алған, Қорқыттың өліммен қоштасып айтқан жырында былай делінген:

Саяқ Қорқыт өлер болдың енді

Ол Қазанның дәулетіне дуға қылғын

Керуен кетті, көп кеч қалдың.

Жаман - Сарт баксының айтқаны да осыған орайлас.

Айғыр айтып, aт айтып,
Ағайыны аңыраса,
Сонда да тәңірін қоймады

Алуына ұнаса.

Кейінірек шыққан қазақ аңыздарында ислам ықпалы күшейе бастайды. Сол әсер бойынша, «Өлімге дауа жоқ», «Өлмейтін нәрсе жоқ», «Дүниенің түбі - өлім» деп, Қорқыт туралы айтылатын аңыздарға жаңаша сарын қосады.

Бұдан көрінетін шындық - қазақ халқы Қорқытты ғасырлар бойы құрмет етіп, ол туралы көптеген тарихи аңыздарды есінде сақтап келгендігі. Тарихи замандағы Қорқыт дананы зерттеп білу үшін бұл аңыздардың ғылыми маңызы тіпті орасан.

VII. ҚАЗАҚТЫҢ ХАЛЫҚ МУЗЫКАСЫНДАҒЫ ҚОРҚЫТ АТАНЫҢ ДӘСТҮРІ

Әдебиет пен музыкада, тарихта белгілі із қалдырып, өзінің даналық ойларымен халықтың жүрегінде ғасырлар бойы саңлақ ой қалдырған данышпан Қорқыт - әл-Фарабидің жерлес атасы, оның тарихи замандағы ұстазы.

Қазақ аңыздарында Қорқыт қазақтың күй атасы, қазаққа ән, күй, музыка үйретуші деп айтылады. Қорқыт тұрған Сырдың бойы, Қаратау, Арқа, Жайық бойы күй тартудың ұлы ордасы. Халық музыкасында Қорқыттан қалған мұраның ең тамашасы «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңірі биі». Бұлар толығынан музыка мен философияға ұласатын шығармалар. «Қорқыт сарынында» күйші өзінің ата-бабасын еске түсіреді, еткен замандағы ерлік дәуірді асқақтата толғай, келешекке, ізгілікке үндейді. Бірнеше ғасыр ішінде Қорқыттың сазы әдемі аңызға айналып, қазақтың халық ән-күйіне, оның жырына негіз болған, кейбіреулері өзінің тарихи формасын жоғалтпай, өз қалпында сақталып келген.

Қорқыт музыкасын Қазақстан өлкесінде ғасырлар бойы бақсы - жыраулар сақтап келген. Қазақ бақсыларының істеген кәсібі, әдеті, дағдысы - музыканы жан күйімен сүю, қобызды, домбыраны ардақтау. Олар Сібір халқының шамандарынан басқашарақ идеяның өкілдері. Өзбек ханның ислам дінін қабылдауына қарсы шығып, зор қауымдық бағытқа ие болған адамдар. Бұлар ең алдымен Қорқыттың қобызына сарын қосып айтатын ақын-жыраулар, қобызбен боздатып, күй тартатын күйшілер. Сондықтан ерте замандағы қазақ бақсылары көбінесе түрікмендердегі бақсы - жырауларға ұқсас. Бақсы - жыраулар тұрмысын терең зерттеген қазақ ғалымы Шоқанның айтуынша, «Қазақтың бұрынғы бақсылары өзінің білімімен керемет ой иесі атанған, ол жай адамнан анағұрлым биік тұрған. Олар әрі ақын, әрі музыкант, әрі сәуегей, оның үстіне емші».

Шоқанның пікірі Рашидеддиннің Қорқыт туралы айтқандарымен өте үндес. Ғалымның бұл ойларын қазақ музыкасын зерттеуші өнерпаздардың көбі жақтаған. Музыканы зерттеуші Р. А.Пфеннигтің бақылауынша, қобыз - ежелгі заманның музыка аспабы болса, бақсы - сол заманның асқан ақыны, музыканты. Қазақ музыкасын зерттеушілердің ойынша да, кейбір бақсылар шын мағынасында «дарынды музыкант, әрі ақын, әрі актерлық рөлін атқарған». Қазақ бақсыларын кезімен көрген белгілі ғалымдар Г.Н.Потанин мен П.П.Семенов -Тяньшанский де оларды «әрі ақын, әрі домбырашы, әрі қобызшы» деп анықтайды. Халық аңыздары бойынша, қазақтың ежелгі бақсыларының тіршілігінде тарихи замандағы Қорқыт дананың дәстүрлері аса жарқын түрде сақталып келген. Тарихи дәуірдегі Қорқыт дана тәрізді қазақ бақсылары да халықтың ақылшы батагөйі, ақыны, музыканты, көмескіні болмайтын сәуегей қариясы, керемет ой иесі саналған. Бақсылардың бұл сипаты «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт күйі» сияқты аңыз-жырларда ашық суреттелген. Атақты жырау - бақсылардың халық жырында белгілі орын алған даңқтылары - Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Жаман - сарт, Шүмен бақсы.

Бақсы жырында сақталған бір мотивте былай делінген:

Бақсының әр алуан болады ісі,
Біледі жолдас болып көрген кісі,
Қолына қобыз алып боздатқанда,

Сарғаяр жапырақтай оның түсі.

Бақсылар әрқашан өзінің ата-бабасының елесіне сыйынып, жалбарынады. Солардың атынан насихат, нақыл сөздер айтады, қобызбен күй тартады.

...Көруші бақсы сөзін алады ұғып,

Отырар айтқанына құлақ тігіп.

Сарынмен қобыз тартып болғаннан соң,

Көрсетер ойын - өнер төрге шығып.

Немесе:

Өнері бақсылардың болмас ада,

Күткені Қорқыт еді асыл дана.

Ілгері өткен қадым заманында,

Дәулерге болып өтті патшазада.

Қойлыбай бақсылардың үлкен пірі,

Олардың таусылмайды айтса жыры.

Халайық үлкен-кіші көзі көрген

Көп еді ерлердің айтса сыры.

Ежелгі бақсы - жыраулардың бір тобы «абыз» деп аталған (Нысан абыз, Құрманбай абыз, Сабырбай абыз, тағы басқалар). Бұлардың ерекшелігі - ескі заманның хаттарын, жазылған сөздерін тани білген, ерте заманның тасқа, ағашқа, теріге түсірген жазуларын оқи білген. Далада тасқа түсірген жазулар кездессе, ол жердің қазақтары оны пәлен абызға көрсет деп отыратын болған.

Қазақта «киіз кітап» дейтін ұғым бар (435), бұл ұғым толығымен абыз аттарымен байланысты жүреді. Халық аңызы бойынша тас, ағаш, сүйек, теріден басқа жазуды бұрынғы заманда жұқа киіздерге жазып отырған. Орта ғасырлардағы абыздардың көпшілігі қазақ хандарының хатшылық қызметінде болып, олардың кеңесшісі, ақыл берушісі, халық алдында үгіт айтып, оларға өзінің насихатымен кеңес берген. Бұл деректерге қарағанда, қазақтың абыздары ескі замандағы оқымысты бақсылардың дәстүрін соңғы заманға дейін сақтап келген, олардың қалдығы деуге болады. Абыздар бір жерде отырмайды, ылғи тау-тасты аралап, тасқа жазу түсіріп, ескі жазуларды оқып жүреді, «жирен атқа мініп», ел қыдырып, қобыз тартып, сарын айтып, сәуегейлік құрып жүретін болған (Сарыбай, Нысан абыз). Бұл дәстүр әсіресе Алтайда, Ертіс бойында, Тарбағатайда көбірек сақталған. Алтайда жирен атқа мініп, қобызбен күй тартып, сарын айтып жүретін қарияларды «Жиренше» не «Сары абыз» деп атаған. Г.Н.Потаниннің бақылауынша «Жиренше - қазақтарда кемеңгер, ақылшы, дана кісі» бейнесінде суреттеледі, екінші жағынан, бақсы, жыршы ретінде айтылады. Абыздардың сыртқы түрі бақсы жырында былай суреттеледі: «Алтайдан келген алтауым, шабдар атты кемеңгер» болмаса «Сары ала қамқа тон киген, сары арғымақ ат мінген» болып айтылады.

Қазақ абыздарының бір ерекшелігі - олар әр заманда үстем болған салт-сананы біріктіріп (тәңірі, будда діні, мани), олардың аралас (синкретті) түрін қолданған. Олар бір жағынан сарын айтып, сәуегейлік құрса, кейде оны буддизм пантеонының сарындарымен бояп отырған.

Жырау - бақсылар жұртшылықпен кездескенде ең алдымен қобызға қосылып, боздап сарын айтады. Сарнаған кезінде олар шабыттанып, өкіленеді. Одан соң сөзбен сәуегейлік, болжау айтуға ауысады. Ең соңында қобызбен «Қорқыт күйін» тартады. Бақсы - жыраулар жаугершілік кезде колбасының қасында болып, қобызға қосылып, азынатып жауынгерлік дәстүрді жырлайтын болған. Соғыс үстінде жай (жада) таспен (метеорит) күн жайлатып, ашық күнде қар жаудырып, боран соқтыратын болған. Бақсының кереметі деп осыларды айтады. Бұл туралы қытай, араб, иран әдебиетінде айтылатын ғажайып әңгімелер орасан көп. Арабтар Орта Азияны жаулап алуға келгенде оғыздардың атақты бақсылары майданға шығып, жай таспен араб әскеріне қарсы «Күн жайлатып, боран соқтырып, қар жаудырып, олардың үрейін ұшырады» (Ибн ал-Факих). Шыңғыс хан Орта Азияға аттанарда оның қасында атақты екі ұлы бақсы болады, біреуі - Мұңлық-Ежеке асқан ойшы, кемеңгер қарт, енді бірі - оның баласы Көкше, халық оны «Төбе тәңірі» деп кеткен. Екеуі де Керей тайпасынан. Он ханға жақын адамдар. Екеуі де Шыңғыс әскерінің күшеюіне көмектесіп отырған». XIV-XIX ғасырлар арасында, әсіресе Өзбек хан заманында ислам діні бақсылыққа аяусыз соққы берді. Қазақ бақсыларының сәуегейлік, сарын айту дәстүрін жаһилдік - дінсіздік деп табады, оларды халық бұқарасына құбыжық қылып көрсетіп, барлық жамандықты оларға жабады. Содан бері бақсылар азғындап, кішірейіп, өзінің бейнесін өзгертіп, енді қобыздың күйімен сарын айтып, кісі емдеумен айналысады. Бірақ мұнда да қазақ бақсылары ауруға бар жанын салып, өліммен алысады. Аурудың алдында «Қорқыт күйін» тартып, өлімге дауа іздейді. Бұл сипаттың өзі де Қорқыттың өлімге дауа іздеген дәстүрінен туған көрініс екені байқалады.

Сонымен, Қорқыт дәстүрін берік ұстап, оны ерекше қадірлеген, әсіресе қобызбен күй, сарын тартатын бақсы - жыраулар не Қорқыт жолын қуған атақты күйшілер. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт қазақ жырауларының атасы, олардың пірі болып айтылады:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған тамам бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі турады екен,

Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Осы қалыптас өзге әфсана бойынша, Қорқыт ең алғаш қобыз шығарған атақты күйші, барлық ән-күйдің атасы, қазақ күйшілерін бірінші рет қобызға үйреткен ұстаз. Аңыз бойынша қазақ музыкасының түбі осы Қорқыттан басталады. Бұл әңгімені бірінші рет қағаз бетіне түсірген Шоқан Уәлиханов.

«Бақсы жыры» деп Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш мирас еткен кісі Қойлыбай бақсының жырын айтамыз. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады. Мәселен:

Әуелі бақсы пірі Қорқыт ата
Тілеймін медет бар деп кетсе қата
Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң,

Мойнына көп жамағат салған бата.

Қойлыбай Қорқыттан соң дәурен сүрген

Әр жерде ақ сарайдай үйге кірген.

Еліне қылған екен көп қызмет

Шайтанды ұстап алып жалғыз жүрген.

Бұл аңыз бойынша адам баласының бірінші данасы - Сүлеймен, одан кейін көптің батагөйі болған Қорқыт, одан соң Қойлыбай. Жыр бойынша, Қойлыбай хан сарайларында жырлаған, өз заманының атақты жырауы болып айтылады. Торғай даласында Жыланшық өзеніне құятын бір саланы «Қойлыбай өзені» дейді. Тегінде Қойлыбай Торғай мен Сыр суының арасында ерте кезде көшіп жүрген, Бағаналы ортасынан шыққан бір саңлақ кісі екені байқалады.

«Бақсы жырында» Қойлыбайды айтқан жерде оның ұстазы ретінде Қорқыт бірге айтылады. Қорқытпен байланысты тамаша әфсананың бірі - ұзақ дастан «Қойлыбайдың қобызы». Оның мазмұны Қорқыт пен оның шәкірті Қойлыбай туралы, солардың өнерін, қобызын, даналық істерін суреттеуге арналған. Қорқытты ата тұту қазақ аңыздарында көп кездеседі. Соның бірі мынадай:

Су аяғы Қорқыт

Пәлекетті сен Қорқыт

Бақсы пір емес пе ең ?

Бақсы баба сен қолда.

Бұл жерде Қорқытқа үш түрлі ат берілген: баба, пір, ер. Қорқыт мұрасынан қазақ халқының есінде жақсы сақталғаны әсіресе «Қорқыт күйі», сонымен байланысты Қорқыттың қобызы туралы аңыздар. Қобыз тарту қазақ арасында соңғы кезге дейін күшті болды, ол туралы белгілі жырда бар («Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым»), Қобызды ерекше қадірлеудің себебі, қобыз - Қорқыттың сүйген құралы. Ол өліммен алысқанда мұңын қобыз арқылы шығарады. Кейінгі заманда бақсы - жыраулардың ауруды жырмен, күймен емдеуінің өзі осыған тіреледі. Қобыздың қасиеті «Қорқыт ата» дастанында қандай әдемі суреттелсе, қазақ жырларында да сондай жарқын бейнеленген («Қойлыбайдың қобызы»).

Қазақ эпосында жау қолына түскен не зынданда жатқан қазақ батырлары ерте замандағы оғыз батырлары тәрізді жау қолынан, өлімнен қобыз тартып құтылып отырады. Батырлар жауға аттанарда дайым қобыз тартып шығатын болған. Қобыз сарыны - қазақ халқындағы музыканың ең ескі түрі.

«Қорқыт сарын» - боздаған, күңіреніп, тебіренумен ой туғызатын, терең сыры бар музыкалық шығарма. Ол әрдайым өмірді есіркеумен, әлдилеумен, ізгілікпен, қызық көрумен мегзеп отырады. «Қорқыт күй», «Қорқыт сарын» қазақ халқының мәдени мұрасында қадірлі орын алатын, өмірді көркем суреттейтін фәлсафалық мәні бар бір таңсық қазына. Ол сарынды қазақтың көп ақындары тартып келеді. Бұл бай қазынаға Н.Ф.Финдейзен, А.В.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Г.Ерзаковичтер бірталай көңіл бөлді. Бірақ әлі де болса терең зерттеу керек екені байқалады.

Қорқыттың өмірінде қызық көріп ұстағаны, оның жүрегіне жақын санағаны, кейін аңызға айналған атақты қобызы. Қорқыт қобызы қазақ аңыздарында, «Оғыз намеде», «Қорқыт дастанында» киелі мұра ретінде суреттеліп отырады.

Қорқыт жырында айтылғандай:

Қолына алып қобызын
Елден елге, бектен бекке
Келер ақын
Ерлердің кімі жақсы, кімі жаман,

Білер ақын.

Қолына қобызын ұстаған, елден елге, бектен бекке келіп жүрген қазақтың бір топ ақыны XIX ғасырдың ортасына дейін жасап келді, олардың ішінде аста, тойда ерекше жүлде алғандары - Жанақ ақын, Нысанбай, Найман бала.

Қобыз - өте ескі дәуірден келе жатқан музыка аспабы. П.Пельоның айтуынша, қобызды қытайлар түріктерден үйренген.

Қобыздың ең ескі түрі Ұлытаудың теріскей баурайында бір ғажайып мүсін таста сақталған. Екінші түрі Қарқаралы аймағында, Дегелең тауының алабында, VI-VIII ғасырларда мүсін тасқа қиып түсірілген. Қобызды қандай ағаштан жасауды қазақ пен Алтай елінің аңыздары өте жарқын түрде суреттейді, оны үйеңкі ағаш деп атайды. Ол қазақтың өлең сөздерінде әдемі айтылған:

Үйеңкінің түбінен,

Үйіріп алған қобызым.

Қазақ аңыздары бойынша, үйеңкі - су жағасында өсетін, көп жыл жасайтын эпикалы ағаш, ол әрқашан су жағасының сәулетті көркі, өзінің тұлғасы да көлемді, сабағы жуан, әдемі, жапырағы орасан көп. Ол дымқыл, сулы жерді де, құрғақ жерді де жақсы көреді. Бұл туралы халық айтатын аңызды өткен ғасырда Г.Н.Потанин жазып алып, аяулы талым А.Н.Веселовский өзінің еңбегінде пайдаланған.

Қазақтың ескі дәуірдегі қобызының формасы аққудың бейнесіне ұқсайды, мойны ұзын, құйрығы сопақ, ұзынша келген, аққудың құйрығы сияқтанып тұрады. Сырт жағынан қарағанда аққудан ешбір өзгешелігі жоқ. Сол сияқты бір-екі қобызды Болат Сарыбаев Алтай қазақтарының ішінен тапқан.

Қобызды аққуға ұқсатып жасаудың зор тарихи мәні бар. Біріншіден, халықтың сұлулықты сүйетін ой-санасы бойынша, қудың даусы - жаратылыстағы құлаққа әдемі естілетін ең сұлу үн. Екіншіден, аққу - қазақтардың ерекше қадірлейтін киелі құсы, оны ешуақытта атып өлтірмейді (табу), су бетінде жүзіп жүрген аққуды көрсе, қуанып, сүйсіне қарайды. Мүмкін, тарихи заманда аққу түркі тайпаларының бір тотемі болуға тиіс.

Орта ғасырларда қазақтарда «Аққу» деген тамаша күй болған, онда аққудың сұлу бейнесі мен әдемі үні көркем суреттелген.

Музыка зерттеушілердің суреттеуінше, Арқаның әдемі таулары, сансыз өзендері, шалқыған көлдері, қалың ормандары жаз бойы құс шуымен толып, оның жаңғырығы әдемі жыр шығаруға, қобыз бен домбыраға толқынды үн қосуға, толқыған ән, ырғақты күй шығаруға әсерлендірген. Каспий мен Жайық бойының суреті де осыған келеді (Затаевич, XV). «Аққу» күйін 1906 жылы Жайық бойының ақыны Қазақбай Орынбор архивінде ғалымдарға көрсетеді.

Ақын, жыршы, қобыз, домбыра - тойдың, халық мерекесінің қызығы. Қорқытпен тұстас оның қасындағы алып ерлер де қобызды ерекше қадірлеген, оларда әр уақыт қобыз бен әдемі күйлер тартып отырған, кейде қобыздың үнімен жау қолынан тұтқыннан босанып жүрген (Қазанбек, Бамсы, Алпамыс) Қазанбек жау қолында тұтқын болып отырғанда, «қобызымды беріңізші, бір күй тартып берейін» деп сұрайды. Қорқыт өзі жасаған бір қобызды қадірлі досы Үйсін қожа ұлы Секрекке сыйға тартады («Қорқыт кітабы»), В.В.Вильяминов-Зернов жазып алған қазақ әфсанасында Қорқыт домбырада да ойнай білген.

Қазақ әфсанасы бойынша Қорқыт қобызды өзі жасап, оны түйенің терісімен әдемілеп қаптайтын болған. Қорқыт өз заманында қобыз өнерін өте биік сатыға жеткізіп, оны кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Оның қобызының толқынды сарыны, әдемі үні, сыртқы сұлулығы адамды толғандырып отырады. Қорқыттың қобызын, оның сарынын жақсы білген қазақ жыраулары, ақындар қобызды қолына алып, ел ішінде эпикалық сарын, толғау тартып жүрді. Солардың ішінде эпикалық жырды, тарихи дәуірдің аңыздарын сәулетті етіп айтушылар атақты Жанақ ақын, Нысанбай, Каспий, Жайық бойында Марабай, Мұхит ақын.

Қорқытпен байланысты қазақтың күй аңыздары - мәдениет мұрасының ең күрделі түрі. Бірақ олардың терең сырларының көбі әлі ашылмаған. Ұлы мазмұнды, кең толғаулы, музыка өнерінің тарихынан айтулы орын алатын, даусы күңіреніп шығатын фәлсафалық күйлер орасан көп. Олардың ішінде кейінгі заманға дейін сақталып келгендері - «Тәңірі күй» (Қорқыттың күйі), «Саймақтың сары өзені», «Қорқыт күй», «Ақсақ құлан Жошы хан», «Азамат қожа», «Бозайғыр», «Жеті қыз», «Суға кетті ер Қотан», «Көк бұға» (Ертіс), «Боз інген».

Күйдің бір тобын қобызшылардың тартуымен Қанқожа Уәлиханов, Досжан, Жанақ ақын, Өтеболат, XIX ғасырдың ортасында Шоқан жазып алды. Олардың ішінде көзге ерекше түсетін Уақ Баян батырдың «Сыбызғыдан тартқаны», Бағаналы Балақай бақсының «Қорқыт күйі», «Суға кетті ер Қотан», «Ала байрақ» (Досжанның тартуымен), «Қызыл қайың» (Өтеболат), «Тарғыл бұқа» (Досжандікі), «Қапыда өткен қарбалас», «Тайлақбайдың сыбызғыда тартқаны», «Тәңірі күйі» - Қорқыт күйі, тартушы Қанқожа Уәлиханов (Шоқанда «Аллах всевышний»), «Ер Шедегей еткейсің» деген қобызбен тартатын фәлсафалық күй (XIII г.).

Бұл шығармаларды қазақ күйшілері үш түрлі аспаппен: әдемі толқынды үн шығаратын сыбызғы, қобыз, шалқыта тартатын үш ішекті домбырамен тартқан. Сыбызғымен адам жанын тербеткен атақты күйшілер - Саймақ, Баян батыр, Тайлақбай, қобыздан күй тамызған Тәтіқара, Өтеболат, домбыраға тіл бітірген Алшағыр, Тәттімбет, Қанғожа, Дәулеткерей, Абыл, Құрманғазы, тағы басқалар. Қазақ әфсанасы бойынша, осылардың бәрінің ұстазы, пір атасы Қорқыт болып айтылады. Ескі күйшілердің көбі «Қорқыт күйін» тартқан бақсылардың есінде көп заман сақталып келгені - «Қорқыт сарыны». «Қорқыт сарынын» айтқанда бақсы - жыраулар ең алдымен Қорқытты еске түсіреді, оның ғажайып істерін айтады. Өткен өмірді, келешек заманды толғай жырлайды.

«Қорқыт сарыны» ерте заманнан бері қобызда орындалады. Оның арнаулы музыкасы бар. Ол музыканың әуені суық сарынды, күңірену, толғану, боздаумен келеді. Қорқыттың өлімі, оны күймен жоқтау, Қорқыттың өлімге ем таба алмай түңілуі - осының бәрі зор фәлсафалық мәні бар сарын туғызады. «Қорқыт күйін» ерте кезде шалқыта тартқан Қойлыбай, Бағаналы Балақай бақсы, Досжан, Шемен деген кісілер.

Қорқыттың қобызын өзіне көп заман мирас етіп, оның күйін аңырата, боздата тартқан күйшілердің бір тобы, оның ішінде қазақ халқының XVIII-XIX ғасырлардағы атақты ақындары - Жанақ, Сабырбай, Найман бала, Қанқожа Уәлиханов, Жұмағұл, Құлыншақ, Базар жыраулар. Бұлардың кейбірін Шоқан Уәлиханов қобыз тартушылардың соңы деп анықтаған.

Оның байқауынша, қобыз өзінің тарихи музыкалық қасиетін XIX ғасырдың ортасына дейін сақтап келді. Бірақ жырдың сюжеті, қобызды шалқыта тарту үлгісі атақты құйылма ақын Жанақ өлген соң ұмытыла бастады. Қобызбен ең соңғы рет тартқан Жанақ ақын. Кейін қобызға көп заман исламнан соққы көріп, жүдеп біткен бақсылар ие болған.

Жанақ қобыздың керікті үніне «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын қосып, күңіренте тартып бергенде Құнанбай оған үлкен сый тартады. Жанақтың туған жері - Қарқаралы аймағы, Кент тауының іші.

Бұл таудың алабында «Жанақ жұрты» деген қыстаудың орны бар. Мұнда Жанақтың бабалары, өзі, ұрпақтары мекен еткен. Кент тауында «Жанақ асуы» деген белгілі асу бар. Ол Жанақтың дайым қобызын артып асатын асуы екен. Бірақ қобыз тарту өнері Шоқан айтқандай, XIX ғасырдың ортасында мүлдем сөніп қалмайды, ол өзінің тарихи дәстүрі бойынша біздің заманымызға дейін жетіп, Кеңес дәуірінде жаңадан өркендей бастады.

«Қорқыт күйін» сарната тартқан қаратаулық атақты күйші Ықылас, оның Сүгір, Молда Мұса, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев секілді дәстүрін жалғастырушылар болды. Күйші Ықылас - өзінің барлық тұрмысымен, қобыз тарту әдісімен ерте заманның сәуегей музыканты Қорқытты, оның шәкірті Қойлыбайды еске түсіретін тұлға. Бұлардың үшеуіне тән ерекшелік - адамның ойын еріксіз өзіне тартып алады. Олардың үшеуі де қобызды су жағасында елегізген шабытпен тартатын болған. Аңыз бойынша, Қорқыт атақты күйлерін Сыр суының бетіне төсеген кілемнің үстінде отырып шығарған. Әфсананың кейінгі заманға жеткен бұл ұшқындары Қойлыбай, Балақай, Жұмағұл сияқты күйші - жырауларға шын мағынасында дәстүр болып қалады. Әлішер Науаи ғұлама ақындар туралы жазған «Жақсылардың мәжілісі» атты шығармасында «Бақсы - жыраулар кей уақытта адамнан безіп, даланы, тау-тасты аралап жүретін еді» дейді.

Қойлыбай қобызын әрқашан Жыланшық өзенінің жағасында отырып тартатын болғандықтан, ол өзеннің бір саласы «Қойлыбай өзені» деп аталған. Жұмағұл ақын шабыты кернегенде дала кезіп кетіп, қобызымен Ырғыз өзенінің жағасын күңірентетін болған. Бұл дәстүр кейін ірі күйші Ықыласқа ауысады. Ықылас та ойын музыка күйі кернегенде ауылдан кетіп, күй толқынын Шу өзенінің жағасына барып шығарған деседі. Оның қобыз даусымен елді күйге бөлеген жерлері - Қаратау, Шу өзені, Бетпакдала, Сарысу өзенінің бойы. 1946 жылы Көктас өзені бойында отырған «Тасты» совхозында болғанымда кенеттен Ықыластың үйіне кездестім. Онда басшы болып отырған кішіпейіл қартаң әйел - Ықыластың келіні. Үйдің жоғарғы уығында Ықыластың қобызы ілулі тұрды, әйел оны ешкімге ұстатпайды екен. «Біз Алматыға апарып, халыққа таныс етейік» деген сөзге көнбеді. Ол кісінің айтуынша, Ықылас жапан түзді жақсы көрген әрі ақын, әрі күйші, әрі аңқұмар кісі болған. Ойға, толғанысқа түскен кезде Ықылас үйінде отыра алмай, қобызын алып су басына, не ағаштың түбіне барып күй тартатын еді, - дейді. Оның бір тартқаны Қорқыттың «Жел маясы», Қорқыт өлімге ем таба алмай торығып, жапан түзде отырып жан қозғайтын күй боздатуы адамға еріксіз әсер еткендей болған.

Мұның бәрі ерте замандағы Қорқыттан қалған дәстүр. Қорқыттың атымен байланысты өзен, су аттары Қазақстан жерінде осы күнге дейін кездеседі. Мәселен, Сырдарияның төменгі жағы «Су аяғы Қорқыт» деп аталады. «Қорқыт қол», «Қорқыт су» деген атаулар Торғай даласында бірнеше жерде бар. Бұл атаулардың шығуының тарихи негізі ерте замандағы оғыз тайпаларының Сырдария мен Торғай даласының арасында көшіп жүруі жағдайынан болу керек. Екінші себеп - судың сылдыры мен музыканың толқыны үндес шығып, тыңдаушыға өмірдің үзілмес ағынындай естілуі. Күйді, музыканы, жырды ең алдымен судың ағынынан, желдің үнінен, боранның өксіп соғуынан үйрену керек деген ұғым осыдан шыққан.

«Ақын» деген сөздің өзі сол ағыннан шыққан. Атақты қазақ күйшілерінің аттарының өзен суымен байланысты болуының басты себебі осы. Осы дәстүрді өзіне мирас еткен ақын-күйшілер бұрын дала кезіп, қобызды далада, өзен - сулардың жағасында, күмбездер қасында тартатын болған. Мәселен, өткен ғасырдың орта кезінде жасаған атақты Жұмағұл ақынның дала кезіп, өмірін өзен суының жағасында өткізуі аңыздағы Қорқытты еске салады. Жұмағұл таң рауанынан далаға шығып, күнге қарап қобыз тартып, жыр толғайтын болған. Оның қобызының үнін ұшқан құс, жүгірген аң, жер-су, тау-тас бәрі тыңдайды. Бұл сарынды Қорқыт әңгімесімен салыстырып көрсек, екеуінің үндестігі ашықтан-ашық көрініп тұрады.

Қобызды Қорқыттың қалай шығарғанын, оны қандай әдіспен ойнағанын қазақ аңыздары өз алдына бір хикая етіп сөйлейді. Қорқыттың қобызы күйші ақындар үшін бір сұлу әлем.

Бұл туралы қазақ аңызы былай дейді: Қорқыт бала күнінде дала кезіп, желмаясын мініп, елсізде қараңғы түнде келе жатса, алдынан сарнап шыққан бір әдемі үн естіледі. Үн шыққан жерге келсе, айдалада өзінен-өзі тартылып жатқан қобызды көреді. Қорқыт желмаядан түсіп, көп уақыт тартылған қобыздың сарынын тыңдап отырады. Қобыздың сарыны басылған кезде Қорқыт қобызды бауырына басып, «бұл енді менікі» деп қатты қуанады. Желмаяға отырып, үйіне алып келеді. Ел-елді аралап, ғажайып сұлу күйлер тартып жүреді. Қорқыт бұл қобызбен алғаш «Тәңірі күйін», ең соңғы рет «Елмен қоштасу» күйін тартқан (Әлқуат Қайнарбаев). Оның сөзін Абылғазы да келтірген:

Сая Қорқыт өлер болдың енді,

Ол Қазанның дәулетіне дуға қылғын .

Қорқыт қобызының сарнап шыққан даусы алыстағы жерге естіледі. Осы қобызды жұрт «Қорқыттың қобызы» деп атап кетеді. Аңыз бойынша Қорқыт бұл қобызымен «Тәңірі күйі» деген күй тартқан. Ол күйді кейде «Зор тәңірі» деп те атайды. Шоқан оны «Аллах судья всевышный» деп аударған. «Тәңірі күй», «Қорқыт күй» сарындарын орта тасырларда әдемі тартқан қобызшылар - Кет-Бұқа (XIII т.), Қойлыбай (Ұлытау), Нұрғали бақсы (Қошқар ата), оның ұрпақтары Қара мырза, Бексейіт (XIX т.) атақты қобызшы Дәулет бақсы (Қазалыдан, XIX т.), Табынбай қобызшы (Сыр бойынан), Мешітбай қобызшы (Ырғыздан), Соқыр абыз (Қызылордадан), Берікбай баксы (Шыңғыстаудан).

Мұндай атақты қобызшы әрі ақын бақсылар ҮІ-ХІІІ ғасырларда жасаған оғыз-қыпшақ, қарлық, шектілер, найман - жағмауыттар (иағма), керейлер арасында көп болған. «Ірік -бітік» сияқты Орхон жазуларының кейбірінде тартып отырған қобыздың суреті кездеседі; олар түр жағынан XI г. Гардизидің жазғанындағы қыпшақтар қобызына ұқсайды. Бақсылардың ең ескі дәуірдегі аталары да тасқа, ағашқа, сүйекке жазу түсіре білген, оларды ескі қазақтар, басқа түркі тайпалары абыз, бітікші, тасқа бітік жазатын (абыздар) деп атаған. Ондай бітікші бақсылар қарлықтарда, керейлерде, наймандарда, уақ -үңгіттерде көп болған. Олардың ішінде Сары бақсы, Сары абыз, Қара - сұр бақсы, Сыншы бақсы, тағы басқалар, Шашты қара бақсы, Алеуке бақсы, Қызыл бақсы. Абудлла бин Ахмед ал-Макдиси (XIII ғ.). шығармасында «Қарлықтардың тамаша жазатын бітікшісі Али Шақақ» дейді (VIII ғ.). Ондай бітікші бақсылар Жетісудың Шегілдер (шектілер) арасында да көп болды.

Рашидеддиннің айтуынша, Найман жеріндегі жаза білетін бақсылар тамғашы болып жүрді, жазу түсірілген тамғадан басқа ресми жазуларды да басқарады. Ол кезде қолданатын жазу ұйғыр қарпі, онымен заң ережелерін, шежірені, эпика жырын жаза бастаған. В.В.Радловтың анықтауынша, ол кездегі бақсылар өз елінің эпикалы жырын айтушы Қорқыт сияқты жыраулар. Қазақтардың қария сөздері, легендасы, діни ой-санасы бір ғана бақсы жырында сақталған. Оларды қазақтарға мирас етіп қалдырған қыпшақтар, қаңлылар, оғыздар, жағмауыттар, (яғма - найман), қарлықтар, шектілер.

Бақсы жыршы, күй тартушы, керемет иесі болып қана қоймай, ұлыстың ұлы кеңесшісі, қария сөз айтушысы, тарихи оқиғаларды жырлап беретін жыраулары болып жүрді. Тәңірімен, аталар рухымен «тілдесе» білетіні, адамның жан күйін өзіне бағындырып, шешен толғайтыны ел басқарушылар алдында қадірлі орын алып жүрген. Сондай ұлы бақсының бірі - керейлердің атақты жырауы Төбе тәңірі (шын аты Көкше тәңірі) Шыңғыс ханға кеңес беруші болған. Атақты бақсы алдағыны болжап сөйлейтін, керемет иесі саналған. Ол Шыңғыс ханның ордасында отырып, «Сен дүниежүзін билейсің» деп сәуегейлік жасаған делінеді. Қыстың суық айларында Төбе тәңірі Керөлең өзенінің мұзына жалаңаш жатқанда, оның денесінің жылуынан мұз еріп, буы аспанға көтерілген, -дейді. Аңыз Төбе тәңірінің құдіретін тым күшті көрсетіп, оны Шыңғыстың өзіне де қарсылық білдірген деп айтады. Бір соғыста жай тасын ханның өз әскеріне түсіргендіктен, хан оны өлімге бұйырады.

Төбе тәңірімен қатар шыққан ұлы бақсының бірі - Есей-Бұқа, Оқтай заманына дейін жасады. Бұл ұлысқа тәрбие беруші, өзі ғалым, өзі ұстаз, жырау. XIII ғасырдың 30-жылдары ол әбден қартайып, әр жерге күймеге отырып барып жүрді. Оның туып-өскен жері - осы күнгі Алакөлдің төңірегі.

Ұлы бақсы - жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы әсіресе қыпшақтар арасы (XIII-XIV ғғ.). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Румға, Мысырға елші болып барған Көсе бақсы, Беренде баксы, Жарық (Яруқ) бақсы. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барғанда, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған (Эйхгорн).

Қыпшақтың атақты бақсыларының бірі - Барақ баба, Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалы жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді. Тоқтағұл хан кезінде Газан ханға (Иран) елші болып барды.

Дешті-Қыпшақтан шыққан бақсылардың ең құдіреттісі - Сары Салтық. Бұл халық ішіндегі сәуегейдің аса қадірлісі. Тоқтағұл хан өлген соң ол Өзбек ханға бағынбай, мұсылмандыққа қарсы шықты. Ел ортасында қадірлі бақсы болып жүрді, дауылпаз тартты, не түрлі Дешті Қыпшақта «Барак факих» деген қыстақ соның атынан қалды. Табризде, Кавказда жасаған атақты ақын, бақсы - Жалаледдин Дербентте тұрған қыпшақтар арасынан шыққан. Оның басына кигені бақсылардың бөркі, маңдайында «сәуегей» деген жазуы болған, ел арасында қобызын арқасына артып жүрген. Оның жазулары көбінесе қыпшақ тілінде.

Бақсылардың ой-санасын әдемі жазған - ұлы ақын Әлішер Науаи. Ол кісі жалайырдан, керейден, найманнан, қоңыраттан шыққан бақсыларға көбірек тоқтаған. Солардың ішінен ең дарынды жыраудың бірі - Саки Жапар бақсы, өзі ақын, өзі шебер, түрікше, парсыша жақсы жаза біледі. Әскерде асқан ердің бірі. Кейде кедейлікке түсіп, адамнан безіп, дала кезіп жүреді. Жырында оны өзі айтқан:

Мойныма жаға қылып қарғы тақтым,

Түсіп қалып жүрмейтін әдіс таптым.

Ол өзі жақсы көретін жүйрік тұлпар атты әдемі суреттейді:

Атымның сұлулығы сұрша құстай

Екі Жақ қанатымен ұшатындай.

(Әлішер Науаи. Шығармалары.

Т.ІХ, бесінші мәжіліс)

Сондай атақты бақсының бірі - Сайлы ақын, жырды әдемі жазады, бірақ адамға жуымай, сай кезіп жүреді (екінші мәжіліс, 91). Тағы бір бақсы - Баба-Саудани, ол Жауари деген атпен жазып жүрді. Табиғаттың танылмайтын сырларын ой-сананың күшімен ашпақшы болды. Кейде ешкімді көрмей, адамнан безіп кетті. Тау-тасты, даланы кезіп, есі кеткенше сарнау айтып жүрді.

«Тәңірі күйге», «Қорқыт күйге» қосып айтатын арнаулы сөздер болғанын түсіндіретін аңыздар бар. Бұл күйге Қорқыттың өзі қосып айтты дейтін сөз мынадай:

Жалғаншыға келмей бақ,

Келсең бірақ өлмей бақ.

Келесің тағы дегенге

Ант берсе де сенбай бақ.

«Қорқыт күйіне» қосып айтатын бұл сарынды бергі заманға жеткізуші - атақты жырау -бақсылар. Бұл сарын өзінің терең мазмұны бойынша ислам дінінің ережелеріне бүтіндей қарсы.

Қорқыт қобызының аңызға айналған елесі қазақ халқының ойында ғасырлар бойы сақталып келеді. «Қорқыт күмбезінің қасынан өткенде оның ішінен қобыздың әдемі үні әр уақыт естіліп тұратын еді» дейді қазақ аңызы.

Салар Қазанның үйін жау шапқанда оның ауылында қой баққан қойшыдан басқа ешкім қалмай, ағашта байлаулы тұрған қобыз ғана өзінен-өзі күңіреніп үн шығарады. Бұл кезде аспанда бұлт жауып, сұрапыл дауыл тұрады. Қобыз ағашты түбінен қопарып, жау соңынан қуады, елді жау шапқанын білдіреді. Міне, осы тамаша сурет қазақ әфсаналарында «Қойлыбайдың қобызы» деген дастан түрінде жырланады. Оны бергі кезде «Бағаналы Балақай баксының қобызы» деп те айтатын болған. Қазақ хикаяларында қобыздың жауға қарсы күңіреніп борандатуы айтылады. «Қойлыбайдың қобызы» ат бәйгесінде болатын таластың суретіне айналған.

Қойлыбай қобызын ат бәйгесіне қосуды тілек етеді. Барлығы 300 сәйгүлік, ылғи атақты жүйрік, асқан тұлпар қосылады. Бірақ ат сайыскерлері Қойлыбайдың қобызын жақсы көрмей, оған ала көзбен қарайды. Олар қобызды ұстап алып, бір жуан терекке арқанмен байлап қояды. Аттар жүріп кетеді, қобыз ағашта байлаулы қалады. Сол кезде жырау өзінен-өзі елегізіп тынышы кетеді.

Қойлыбай сонда тұрып зарланады,

Жас ағып екі көзден парланады .

Қойлыбай өзінің қобызы туралы аспанды дулатқан құдіретті сарындар айтады. Сол кезде сұрапыл боран соғып, қобыз ағашты түбірімен жұлып ала жөнеледі, аттардың соңынан қуып жетеді, қайтарында бәйгенің алдынан келеді.

Жөнелді қобыз екен жұлып ала,
Оған да берген екен алып дала,
Аттардың шауып кеткен қарасы жоқ,

Жөнелді барлық аттан кейін қала.

Өнері бұл қобыздың асты бастан,

Не жүйрік басып озды тұлпар аттан.

Өзі де қандай ауыр болса дағы,

Сонда да озып шықты барлық аттан

Қобызға жау болған кісілердің ойы жырда былай сипаттайды:

Қобызды бір ағашқа байлап едік,

Орынды бекем қылып сайлап едік.

Біз бұдан бір күн бұрын кеткен едік,

Қобызды байлаулы боп қалды ғой деп

Қазақ аңыздары бойынша, Қойлыбайға күш беретін оның атақты қобызы, достары (Қорқыт), өткен дәуірдегі алып ерлердің елесі, өзінің туған ұлдары.

Төрт ұлы Қойлыбайдың туған батыр,

Әрқайсысы алыптықта мыңға татыр.

Есікке қызыл фанар жағады екен,

Қорқаптан алып келген қызыл шатыр.

Бір аңызда Қойлыбайға күш беретін әрі қобызшы, әрі ұлы алып Ертіс (Ер Төстік) бастаған бес мың батыр (Қорқыт жырында 336 батыр).

Бас болған Ертіс батыр бес мың ерге,

Дүниеде мұқтаж емес алтын, зерге.

Соғыста өзі балуан өнері асқан,

Қоймайды кірген жанды қара жерге.

Бір уақыт Ертіс келді желдей есіп,

Құдайым пендесіне берген несіп.

Шайтанды қашып жүрген ұстап алып,

Қырады торқа үйдің аузын ашып

«Қойлыбайдың қобызында» айтылатын бұл жыр тұтасымен эпос жырына ұқсас. Бұл сюжет Рашидеддиннің «Жамиғ-ат-тауарих» кітабында да айтылған, Найман елінің өзгешелігін суреттейді.

Шоқанның айтуынша, бақсы - жыраулардың ішіндегі ең даңқтысы - Бағаналы Қойлыбай, барлық бақсылардың басы тағы Бағаналы Балақай бақсы, Көкшетау даласында Шүмен бақсы. Бұлардың қозғаушысы Көкаман, Ер Шойлан, ең ұлысы Назар - Шолақ.

Қойлыбайдың қобызы ат жарысына түскенін Шоқан да жазып алған.

Қойлыбайдың жаратылыста болатын зұлымдыққа қарсы күресі бір ұлы оқиға, бақсы оны жеңіп, халық алдында өте даңқты болады. Оған көмек көрсетуші пірі - Надыр-Шолақ, Ертіс. Көкаман, Ер Шойлан. Сондай пірлердің көмегімен Қойлыбай алты қанат ақ орданы жерден көтерген, жұрт оған қайран қалған.

Қарқаралы ауданы, Темірші болысында жасаған Оспан қарттың айтуынша, қобызды бәйгеге қосуды бұл елде де бір атақты бақсы істеген. Ерте кезде бір бақсының қобызы әуемен ұшып, ен жүйрік аттардан озып, алдынан келген. Күндерде бір күн тойда ат жарыс болатын күні атақты бақсы келіп, «осы бәйгеге мен де қобызымды қосып жіберсем» деген, бірақ оны көре алмайтын күншіл адамдар мазақтап күліседі. Қобызды ат жарысқа жібермеу үшін күншілдер қобызды бір ағашқа арқанмен мықтап байлап қояды. Аттар шабатын жаққа жөнелгенде, қобыз ағаштан босанып, оларды қуып жетеді, қайтарда жүйріктермен бірге жүгіреді, ең соңында олардан көп жер озып, бірінші бәйгені алады.

Ескі Қарқаралы ауданында ұсталар қобызды XX ғасырдың 30 - жылдарына дейін жасап келді. Қобыз казіргі Жезқазған облысына қарайтын Ақтоғай ауданында көбірек кездесетін. Бұл өңірде ерекше дарынды әнші, қобызшы, домбырашылар мейлінше көп болды. Ақтоғай ауданында қобызды әдемі тартып келгендердің бірі - Адамбай Ермекұлы, оның баласы Шәмші Адамбайұлы. Қобызды өз қолымен істеп жасайтын Әшірбек Тілешұлы (1880 жылы туған) - еткен дәуірдің әдемі күйлерін тартатын саңлақ кісі, сондай-ақ қобызбен сәулетті күй тартқан кісінің бірі - Хамит Стамқұлұлы. Бұлардың бәрі күй тартуды ерекше сүйген, жан күйі сұлулыққа, қобыз бен домбыраның үнімен әдемі бейне жасауды қуаныш еткен адамдар. Олардың қобыздары зерттелді ме, әдемі күйлері нотаға түсірілді ме, оны музыка тарихының соңына түсушілер біледі. Бұлар Жанақ өмір кешкен жерде туып-өскен, Жанақтан үлгі алған, қобыз өнерін қадірлей білгендер. Олардың айтуынша, Жанақ Кент тауының ішінде өмір сүрген. Ол таудан күншығысқа шығатын асуды «Жанақ асуы» деп атайды. Жанақ қобызын қолына алып, дайым осы асудан асып жүрген, Өскенбайдың асына барарда қасына ерген көп сері жігітпен осы асудан өткен.

Өскенбай - ХҮІІІ ғасырдан XIX ғасырдың 30-жылдарына дейін жасаған Абай мен Халиолланың кемеңгер бабасы. Ac беруші - Құнанбай мен Тобықты Қаракесек елі. Өскенбайдың асында барлық тобықты елі бүгесінен отырып, ботадай боздап жылай берген. Сонда асқа келген Байжігіт Танабай деген кісі Жанаққа: «Мыналардың көңілін басу сенің ғана қолыңнан келеді, құдіретің», - депті. Жанақ қобызын сарнатып күй тартады, қобызға қосқан сөзін Құнанбайға арнайды:

Ей, Құнанбай, Құнанбай,

Қазақта сенен де артық –

Ұл туар ма мынандай?

Ас бердің әкеңе,
Үш жүздің қосып баласын
Биледің ғой Орта жүздің
Төресімен қарасын,

Құнанбайдай ұл туып,
Әкеме мен де ас берсем,

Тобықтының баласы - ау!

Жылай да беріп қайтесің?

Топырағы торқа бола берсін де

(айтушы: Тұрағұл)

Қобыздың ғасырлар бойы адам рухын көтеретін музыкалық құдіретін Жанақ бұл аста керемет әдемі көрсеткен.

Өскенбайдың асында халыққа көрсетілген бір таңсық нәрсе - ғұн дәуірінде ойнайтын «тайлақ тарту» сахнасы. Ескі дәуірдегі салт бойынша үстіне көркем кілем - асмалдық жапқан екі өркеші баладай әдемі, қоңыр інгенді топ ортасына әкеліп, кермеге байлап қояды. Дәстүр бойынша, оны құлпыра шыққан жас келіншек не қыз жалаңаш шығып, тісімен байлауды шешіп, інгенді жұрт алдында ойнатып шығады. Ереже бойынша тайлақ інген сол әйелге тартылады.

«Тайлақ тарту» ойыны «Манас» жырында да айтылады. Ұлыстың ұлы тойында інгенді тісімен шешіп алуға сұлу әйел шықпай, егде әйел шығады. Оған ойынды қызықтап отырған Манас қатты наразы болады.

Шоқан жазып алған «Манас» жырында айтылған: «Боқмұрын (хан) майданға жез бұйдалы, қалы кілем жапқан екі өркеші баладай қаймалы, қараша түу інгенді шығарып, кермеге байлатты. Жап-жалаңаш әйел майданға шығып, осыны тісімен шешіп алсын», -деді. Майданға екі қолын төбесіне қойып, екі емшегін торсықтай етіп, тырдай жалаңаш болып Ораңқа қатын шықты. Түйені тісімен шешіп алып, жалаңаш қалпында оны жетелеп топты аралап шықты. Ораңқаның шыққаны Манасқа жақпады, оған жұрт та мазақ етіп күлді. Өткен дәуірде сұлулықты жанындай жақсы көретін серілер, атақты алып ерлер тек бұралған сұлу қыздың, әдемі келіншектің шыққанын күтетін, кейде оған үйленетін. Өскенбайдың асында майданға шыққан сұлу қыз Жанақ ақынды қатты қызықтырады, ақын оған арнап, күй шығарады (Тұрағұл). Өскенбайдың асында майданға шыққан сұлу әйел мен «Манас» жырындағы Ораңқаның бір қалыпта айтылуында зор тарихи мән бар. Тобықтының бір атасы өздерін «Манас» ұрпағынанбыз деп атайды. Олардың ортасында «Манас» аңызының ізі сақталып қалған. Ол - Манас ердің «Аққұла» аты туралы. Әфсана бойынша, Аққұла аттың күндіз жайылатын жері - Бағазы тауының бөктері, түнге қарай ат таудың басына шығып, тас ақырдан шөп жеп тұрады-мыс. Қазақтардың айтуынша, Аққұла шөп жеген, тас ақыр тау басында әлі күнге сақтаулы - мыс. Сол жерде тұлпар аттың тұяғының ізі бар, қазақтар оны Аққұланың тұяғының таңбасы деп санайды.

Ескі дәуірден сақталып келген қобызды тартып отырған күйшіні бірінші рет Маңғыстауда суретке түсірген Бронислав Залеский, одан кейін Ертіс өзені бойында көрген В.В.Радлов. Сондай қобыздың бірнешеуін жарыққа шығарған Капд, одан алып жаңадан еңбегіне кіргізген Ф.Шварц. Ондай қобыздарды кейін әдемілеп суретке бастырған И.А.Чеканинский, Болат Сарыбаев, тағы басқалар.

Қобыз XIII ғасырда қыпшақтар арқылы Мысырға дейін тараған. Сондай әдемі қобыз Мысырда суретке түсірілген. Қобыздың қазақ пен қарақалпақ, өзбек арасында эпикалы жыр айтуға құдіретті болғаны соңғы заманға дейін сақталып келді.

ӘДЕБИЕТТЕР

Вельяминов-Зернов В.В. Памятник с арабско-татарской надписью в Башкирии. ТВО РАО. T.IV. СПб, 1859.

Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. Т.І, Алма-Ата, 1958.

Мейер JI. Киргизская степь Оренбургского ведомства. Спб, 1865.

Лepx П.И. Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 г. Спб, 1870.

Лерх П.И. О развалинах Джанкента. Сын Отечества. 1868, 6.

Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен. Т. III. СПб., 1870.

Бартольд В.В. Китаби Коркуд. Борьба богатыря с ангелом смерти. ЗВО. Т. VIII. СПб., 1894.

Бартольд В.В. Коркуд. ЗВО. Т.ІХ. СПб., 1896.

Бартольд В.В.Еще известие о Коркуте. ЗВО. Т. XIX. СПб., 1910.

Бартольд В.В. Турецкий эпос и Кавказ.//Сб. «Язык и литература». Т. V, Л., 1930.

Бартольд В.В. Собр.соч. Т. V. М., 1968.

Самойлович А.Н. Легенда о Коркуте и Кор-оглы. ЗВО. Т.ХІХ, 1909.

Иностранцев К. А. Коркуд в истории и легенде. ЗВО. Т.ХХ. СПб., 1912.

Бертельс Е.Э. К вопросу о традициях в героическом эпосе тюркких народов. СВ. М.-Л., 1947, IV.

Машһүр-Жүсіп Көпеев. Бақсы жыры. Редкий фонд ЦНБ. I кітап.

Кайнарбаев А. Коркыт ата (кол язма).

Диваев А. А. Несколько слов о могиле святого Хорхут-ата. ЗВО. 1895, X. С.193-194.

Диваев А. А. Еще о могиле святого Хорхут-ата. ЗВО. Т.ХІП. 1900. Опись материалов, собранных в Сыр-Дарьинской области в 1920 году. //В сб. «Год работы Казахского высшего педагогического института». 1928. ЦГА КазССР. Ф.929, оп.З,д.326,д.323.

Каллаур В.А. Древние города в Перовском уезде. ПТКЛА, V. Ташкент, 1900.

Каллаур В.А. Древние города по р.Сыр-Дарье. ПТКЛА, VI,Ташкент, 1901.

Аничков И.В. О некоторых местностях Казалинского уезда, интересных в археологическом отношении. ПТКЛА, III. Ташкент, 1897- 1898; ТВ. 1898, январь; ПТКЛА. X. 1905.

Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. ТОАК. Вып. 22. Оренбург, 1910.

Спиридонов П.С. Один из вариантов о Хорхуте. Записано в 1899 году со слов Тулеша Айтуакова. ПТКЛА. (1908-1909), VIII. Толстов С.П. Города тузов. СЭ, 1947, №3.

Ауэзов М.О. Қорқыт туралы аңыздар. Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.І, Алматы, 1948.

Затаевич А.В. 1000 песен казахского народа. М., 1963.

Жубанов А.К. Струны столетий. Алма-Ата, 1958.

Жирмунский В.М. «Китаби-Коркут» и огузская эпическая традиция. СВ. 1958, №4.

Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше и богатырские сказки. М„ 1960.

Жирмунский В.М. Следы огузов в низовьях Сыр-Дарьи. ТС. T.I. М.-Л., 1952.

Жирмунский В.М. Исторические источники сказания о разграблении дома Салор-Казана. Древний мир. //Сб. в честь акад. В.В.Струве. М, 1962.

Жирмунский В.М. Огузский героический эпос и «Книга Коркута». //Сб. «Книга моего деда Коркута». Огузский героический эпос. Пер. акад. В.В.Бартольда. M.-J1, 1962.

Мукушев Кабыкен. Қорқыт пен ажал. Қазақ әдебиеті. 1963, № 35.

Плано Карпини. История монголов. Перевод. А.И.Малеина. Спб, 1911.

Гордлевский В. А. Государство Сельджукидов Малой Азии. M-JI, 1941.

Стремеухов Н.П. Киргиз-певец (казахская легенда). Детское чтение. СПб, 1884, № 1.

Спиридонов П.С. Один из вариантов легенды о Хорхуте. ПТКЛА. 1908-1909, VIII.

Каррыев Б. А.Эпические сказания о Кор-оглы. М, 1968

Маргулан А.Х. Қорқыт күйші. С.83. Известия Казфилиала АН СССР. Серия языка и литературы. Вып.1. Алма-Ата, 1944; Его же: Қазақ ертегілері.Т.І. Алма-ата, 1957.

Джетбысбаев Д.Н. Хорхут-аулие. ТВ. 1899, № 92; ОЛ 1899, № 52.

Архив востоковедов ИНА АН СССР. А-8954.

Архив ЦНБ, ф. 5. Рукописи Ч.Ч.Валиханова.

Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. А. 1961. Т.І.

Рашидедцин. Оғыз дастаны. Тәржіма. 1972.55-57 б.

Абу Рейхан Бируни. Памятники минувших поколений. Избранные произведения. Т.І. Ташкент, 1957.

Бейхаки Абу-эл-Фазл. Тарихи. М.Т.1.304-306 б.

Гордлевский В. А. Государство Сельджукидов Малой Азии. М, 1941.

Radloff W. Proben... Ill, 31.

Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. 1, кн. 1; Т. III.

Esin Е. The Turkish baksi. Acta atintalia. XXXII, 1970

Бартольд В.В. Соч. Т. V. М, 1968

Orhan Saik. Dede Korkut. Istanbul. 1938.

Zeki Velidi Togan. Oguz destani. Istanbul. 1972.

Dede Korkut oguz nameleri. I kitap. Istanbul. 1952.

Abdulkadir Inan. Dede Korkut kitabindaki bazi motiflere ve kelimelere ait notlar. Ulku halkevleri dergisi Ankara, 1937.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙