Айтыстары
Кенен Әзірбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Айтыстары
КЕНЕННІҢ ШӘЛИПАМЕН АЙТЫСЫ
К е н е н:
Мінгенім астымдағы қызыл шолақ,
Қыз байғұс әкесіне аз күн қонақ.
Әй, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт,
Тұсыңа келіп қалдым «құдашалап».
Ш ә л и п а:
Бағып жүрген ешкімнің бәрі жағал,
Әріптесім сен болсаң, әдіре қал.
Әдіре қал дегенге арсаңдамай,
Жел жағымды мүңсітпей әрі жоғал.
К е н е н:
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы,
Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі.
Ш ә л и п а:
Көкала үйрек ұшады көл дегенде,
Ешкі емеді қойшылар шөлдегенде.
Сүт сауам деп кеудеңнің бәрі сірне,
Қойың бақпай, ой, сорлы - ау, нең бар менде!
К е н е н:
Қызы едің сен бір байдың өтпей жүрген,
Жиырма беске келгенше кетпей жүрген.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Мен қойшы сендей қызды ептей жүрген.
Ш ә л и п а:
Рас, бізге бозбала болады ашық,
Ашық жайын біле ме қойшы пасық.
Сары майдан дәметкен кеудең құрсын,
Жел жағымда жүрмеші теке сасып.
Кенен:
Сендей адам емес пе қойшы деген,
Жол үстінде жолықтым тойшыменен.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Жолың болмас сырласпай қойшыменен.
Ш ә л и п а:
Сенің атаң, ей Кенен, жалаң аяқ,
Құртқан екен құдайым аямай-ақ.
Әкең байғұс ұстап жүр қазан-аяқ,
Қойды жөндеп бақсаңшы сандалмай-ақ.
К е н е н:
Сенің атаң, Шәлипа, Байбалақ-ты.
Жиырма беске келгенше бақты - қақты.
Төсіңдегі томпиған екі емшекті
Мендей қойшы мыжғылап аймалапты.
Ш ә л и п а:
Өйт - бүйтпесем, ей байғұс, өйт - бүйтпесем,
Қу шекпенді құржитып отқа үйтпесем.
Жапалақша жарбаңдап қалмай қойдың,
Итаяққа ас құйып «көйіт, көйіт»,— десем.
К е н е н:
Шәлипа, сеп олай деп кесірленбе,
Жүйрік аттай замғаймын көсілгенде.
Адамды итке теңеп шақыратын,
Шешең ит қып өзіңді өсірген бе?...
КЕНЕННІҢ НҮРИЛА МЕН ҮМБЕТАЛЫҒА АЙТҚАНЫ
К е н е н:
Бір сөзге тиянақты болмай палуан,
Имендің бе ізденген өнерпаздан.
Неге састың сөзіңнен, неге адастың,
Қажығандай қайқаңдап Нұриладан?
Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр,
Бұйрық айтып біреуге арнап отыр.
Жұлындырып ежелден отыратын,
Мұның өзі қыршаңқы түйе - қотыр.
Атағымды жоймаймын атым барда,
Жұртқа Кенен қадірлі нарқым барда.
Әнші басқа, әр түрлі ақын басқа,
Менің мұндай жарысқа мәнім бар ма?
Аты шулы ақын ғой жөні басқа,
Қайран салса өтетін қара тасқа.
Шапырашты дегенге шыдай алмай,
Дайындалып өзі отыр бір шайқасқа.
Безеп қапсың қолыңа домбыраңды,
Болмағанды болымды болдырады.
Қима сөздің қисынын табушы едің,
Қамданбасаң бола ма, Үмбеталы!
КЕНЕННІҢ ЛӘТИПАМЕН АЙТЫСЫ
К е н е н:
Мен едім Кенен аңын Қордайдағы,
Төгейін өлеңімді таңдайдағы.
Ләтипа, дабысыңды естіп келдім,
Жатсаң да Төмен Балқаш шалғайдағы.
Өзіңдей өнерпазды көргенімде,
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы.
Топардың тоғайында сен бір бұлбұл,
Әніңді құбылжытып салғай-дағы,
Ақиық Алатаудың қыранымын,
Қондырып бұтағыңа алғай-дағы.
Л ә т и п а:
Сен бе едің Қордайдағы Кенен деген,
Құлағым келеді деп елеңдеген.
Сыртыңнан естуші едім атағыңды,
Ойда жоқ түлеп түртіп келер деген.
Ашадан Сауытбек пен Жидебай кеп,
Айтысып менен көңлі төмендеген.
Қайрақбай, Әлдибай мен Көшкімбай кеп,
Бәйсімбекпен алты ақын шөмендеген.
Болғанда сен іздеген, мен сұраған,
Іздеген сұрағанға деген келген.
Ап етпей, қап етпестен, Кенен құрбым,
Азырақ сынасалық өлеңменен.
К е н е н:
Мен едім Дулаттағы Кенен ақын,
Жол жүріп жеті бекет келген ақын.
Тайымда атқа қосып елім мені,
Бәйге алған оза шауып арғымақпын.
Жеңдім деп өңшең шалды мақтанасың,
Олар қайда болып ед менен ақын?!
Тіліңді тарта сөйле асқақтамай,
Шаңыма ілеспейді сендей қатын.
Л ә т и п а:
Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын,
Жасыңнан жарымаған кедей ақын.
Мақтанба көрмегендей, білмегендей,
Қураған көк шолақпен сірі тақым.
Сен болсаң кім сескенер, Кенен болыс,
Қолына таяқ алған кедей болыс,.
Мақтайсың өзіңді өзің көтермелеп,
Келсең де үш жүз түйе сұрап помощь.
Бүкіл мынау қазақтай серік таппай,
Қасыңа қосып апсың «сары орыс».
К е н е н:
Ләтипа, келтірмеші шайтанымды,
Біліп ем осы сөзді айтарыңды.
Орыс пенен қазақты бөлетұғын,
Көңлің неге орыстан тойтарылды?
Үш жүз түйе аламын әскер үшін,
Қом - шомымен айдатып қайтарымда.
Талассаң тар кезеңге мен шығармын,
Тыртаңдап шауып көрші байталыңды.
Л ә т и п а:
Ей, Кенен, жүйрік емес, жүріскерсің,
Өлеңге, әуенменен мініскерсің.
Желпінін жеңемін деп, аптықпағын,
Шындасам сөз таба алмай тіміскерсің.
Арының қайтпай жүрген ақын болсаң,
Қысылып жүрген жолың жіңішкерсің.
Көкбайтал күнде озып бәйгі алып жүр,
К... бәйгі алса иіскерсің.
К е н е н:
Ләтипа, бір көруге ашың едім,
Ауылың Хантаудағы қашық еді.
Көкбайтал күнде озып жүргенменен,
Оны да жабы сәуірік басын еді.
Тұғырдан туған құлын шабан болып,
Кешке де ілеспейтін жасық еді.
Қазанның күйесіндей қара байың,
Күйеуің таңдап тиген осы ма еді?
Кетпеннің ұңғысындай кеңірдегі,
Көргенде қалдым түрін шошып енді.
Қашар мен арғымақты матағандай,
Жатасың қайтып қана қасына енді?
Жүрсеңші Алматыға бізбен бірге,
Қояйын сүйгеніңе қосып сені.
Тіл алсаң бізден қалма,
Ләтипажан, Әйелге теңдік жолы ашылды енді.
Л ә т и п а:
Ей, Кенен, қоқан, сестен қорықпаймын,
Дүлдүлмін, неше таңға зорықпаймын.
Өлеңнің таңдайымда ұясы бар,
Ешкімнен үйренбеймін, тарықпаймын.
Болса да байым момын, елім жақсы,
Үстінде үш болыс ел қалықтаймын.
Елімнің еркелеткен арқасында,
Дарияда жүзіп жүрген балықтаймын.
К е н е н:
Ләтипа, асыл нарқын білген қандай,
Жас шақта күліп, ойнап жүрген қандай!
Бұл күні әйелдерге ерік тиді,
Қалайша жүрсің шыдап жаман байға - ай?!
Жанымда жау-жарақты жолдастар бар,
Жүрсеңші тілімді алсаң бізден қалмай.
Жоқ болса жанашырың, сүйенерің,
Өкімет пана болып қорғағандай.
Л ә т и п а:
0, Кенен, бұл сөзіңе нана алмаймын,
Шын айтсаң, мен соңыңнан қала алмаймын.
Байымды подводқа жұмсап жібер,
Сонан соң жөнін тауып амалдайын.
Ақ бата, қызыл қанды бұзбаймыз деп,
Ұзатты байлап, матап ел - ағайын.
Өзіңдей әзілдессем құрбыменен,
Еркексіп ұра беред жаман байым.
КЕНЕННІҢ БӨДЕНЕ ЖӘНЕ ШӘЙНЕК ДЕГЕН ЖЕҢГЕЛЕРІМЕН ӘЗІЛ ҚАҒЫСЫ
К е н е н:
Жеңгелер, жүрмісіңдер күйлі-жайлы,
Ішкелі аңсап келдім күрең шайды.
Ауылға көшіргелі келіп тұрмын,
Жатақ қып жатасың ба осы Ақсайды.
Көп боп еді, жеңгелер, көрмегенге,
Сала келдім бір қолқа жеңгелерге.
Ақсайда ағаш бағып отырғанша,
Көшсеңші Қордайдағы туған елге.
Бөдене — Шәйнек:
Орныңыз құтты болсын, болыс қайным,
Кигенің шенел, шәпкі, орыс қайным.
Кедейден өкімет боп шыққаныңда,
Жақсы екен нашарларға болысқаның.
Қош десең тоқсан түйе жиғызып кел,
Құрмет пен парасатты білгізіп кел,
Жүз жорға, ертоқымы ылғи күміс,
Жүз қамшы ер басына ілгізіп кел!
К е н е н:
Жеңгелер, көшем десең көшіремін,
Еркелеп төсегіңде көсілемін.
Байлардың жорғаларын алып келіп,
Мінгізіп көңіліңді өсіремін.
Иірсу, Берікқара малдың жері,
Көкорай, көк майсалы ылди, өрі.
Қосылған ағайынға көшіп барып,
Әркімнің өзіне ыстық туған елі.
Бөдене — Шәйнек:
Өкімет бізге де жер берді кесіп,
Кедейге ерінбеген болды несіп.
Астығы ағыл-тегіл жерді тастап,
Неміз бар сол Қордайға қайта көшіп.
Қайным - ау, малдан қымбат тал мен терек,
Алма, өрік, ақша болар, мал не керек?!
Ақ бидай, қызыл тары бәрі бізде,
Картошка, қауын, дарбыз жөні бөлек.
К е н е н:
Жеңгелер, ермедіңдер қайныңызға,
Қарадық олай болса жайыңызға.
Жүрерміз келіп-кетіп, есен-сау бол,
Ал енді аттаналық аулымызға.
КЕНЖЕҚОЖА МЕН КЕНЕН AЙТЫСЫ
К е н ж е қ о ж а:
Арғы атам Мәделі мен Майлы қожа,
Ғылым мен өнерге асқан сайлы қожа.
Қазыны, қарта менен сары қымызды,
Қонаққа соятұғын тайды қожа.
Сүйеніп құс жастыққа, мамық төсек,
Ішпейтін қаймақ қатпай шайды қожа.
Патша менен бай-манап заманында,
Санаған жұлдыздама айды қожа.
Дін ислам күшті болып тұрған шақта,
Халыққа әділ болған жайлы қожа.
Сен болсаң кедейлерді жиып алып,
Бермедің бай, болысқа ешбір маза.
Бай-манапқа тілектес қожалар деп,
Біздей асыл тұқымға бердің жаза,
Бай-құлақ, қожа менен болыс, билер,
Көбісі қорлықпенен болды қаза.
Кенендей жарымаған жарлыларды,
Москваға шақырды неңе бола?
Петроград, патшаның ордасына
Жамбылды анарды ма салуға аза.
Есек мініп жүретін, ел жағалап,
Тоқсандағы тобырға беріп баға.
Сапырылған көжедей араласып,
Кедей, жалшы бой бермес арашаға,
Тұғыр озып, тұлпардан баға кетіп,
Төрт аяғы тірелді «тамашаға».
Ал, Кенен, ақын болсаң, бердім кезек,
Мен жоқ жерде ақынсың оңашада.
Мен қожа, сен қарасың, арадағы
Тұлпарға көк шолағың жанаса ма?
К е н е н:
Ау, Қожа, кедейлерге тіл тигізбе!
Келтірді ие жақсылық дінің бізге?
Жарығы күллі әлемге бірдей түскен,
Теңеймін Ильич шамын ай мен күнге.
Халықтың ғасыр бойы қанын сорған,
Патша, бай, қожа, молда болдың бірге.
Оқытпай түрлі ғылым, өнер жолын,
Қамаған ер, әйелді қара түнге.
Күрескен Жетісуда байға қарсы,
Ұялмай сын тағасың адал ерге.
«Қара сүйек», «ақ сүйек» ауылы деп,
Кесірің талай тиген еңбекші елге.
Адамды арбап - алдап айналдырған
Сиқыршы молда, қожа жаңын келме.
«Көпке жазған көмусіз қалар» деген,
Шындық жол мен әділет орнап бізге.
Еліме бақыт берген Ленин жолы,
Кедей тапты шығарды асқар белге.
Есек мінсе, Жамбылды кім керіп ед?
Бүкіл халық шығарды сыйлап төрге.
Абай менен Жамбылды кім білмейді,
Құрманғазы күйлері күмбірлейді.
Балуан Шолақ, Шөже мен Сүйінбайдың,
Ақан, Біржан, Сарыбас, Орынбайдың
Ән-жырына құлағын кім түрмейді?!
Көкшолағы Кененнің дүлдүл болды,
Өзі совет халқына бұлбұл болды.
Патша менен байларға жолдас болған,
Қожа, молда сүйкімсіз құзғын болды.
Талай байлар халықты қан қақсатқан,
Қойға тиген қасқырдай қуғын көрді.
Бай, манапқа тіс қайрап жүрген жалшы
Өшін алын, еліме тұлға болды.
Большевиктік адалдық, әділ жолы,
Езілген еңбекші елге нұрлы болды.
Жер жүзі кедей тақтың мұңын жоқтан,
Партия салған жолы үлгі болды.
Қараңғы елге күн шығып, тұман кетіп,
Кәрі, жас, әйел, еркек сыйлы болды.
Жер, суға жеті атасы жарымаған
Құнарлы құтты жерге кедей қонды.
Колхоз, совхоз ұйым боп, дала гүлдеп,
Бас пен малы өркендеп көңілі толды.
Ішің күйсе түз жала, Кенжеқожа,
Армансыз айтшы тағы, бердім жолды.
К е н ж е қ о ж а:
Елшісі пайғамбардың қожа, молда,
Бастайтын мұсылманды ұжмақ жолға.
Патшалар, бай-манаптар мешіт салып,
Талайды әжі қылған Меке жолда.
Жамбыл менен мақтансың Абайыңды,
Ата тілін алмаған жабайыңды.
Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы
Дәріптейсің арғын мен адайыңды.
Балуан Шолақ, Орымбай, Сүйімбайлар,
Шөже, Түбек, Сарыбас талайыңды.
Ишан, төре, қожамен салыстырма,
Алтын емес, жеңілтек қалайыңды.
Мәделі, Майлықожа сегіз қырлы,
Ән, күйге қақтырайын таңдайыңды.
Дәулеткерей бал тамған бармағынан,
Ақ пен қара болмайды ағайынды.
Айт десең, Кенен ақын, тағы айтайын,
Білемін, өңкей кедей жақындарың,
Еркекпен қатар жүріп қатындарың,
Арақ пенен шошқаны арамсынбай,
Адал, арам аралас сапырғаның.
Ақтық жолдап адасып, жүрсің байғұс,
Жеті тозақ отына жақындадың.
Өмірі жарымаған, Кенен ақын,
Сілеңді осы емес пе қатырғаным!
Тауықтай тал - тал жүнің жұлынады,
Мезгілсіз таң атты,— деп шақырғаның.
К е н е н:
Кезекті бердің маған, Кенжеқожа,
Кесір айтпа, сен - дағы пенде қожа.
Сәлдеңді орап, аллалап, «таң атқанда
Азан айтып» әлек боп мойып соза.
Қара құстай үймелеп қан сонарда,
Олжа алам деп бір адам болса қаза.
Ештеме алмай жүрмейді ишандарың,
Қанағатшыл ақ ниет болса таза.
Өлім шықса молдалар қуанады
Қаралы үйге бермейсің ешбір маза.
Түрлі салық өлгенге саласыңдар,
Бермесе боласыңдар тағы нарза.
Төлемеген тозаққа күйеді деп,
Жалғыз атын кедейдің ап жаназа.
Қатім құран шығарып пидия алдың,
Жұрт алдында тарттырам саған саза.
«Жылдығын», «жетілігін»
«қырқын» бер деп
Қаралыға ас бер деп салдың аза.
Бейсенбі, жұма сайын бір тоясың,
Бұл қылығың бөріден кем бе, қожа?
Құраныңды жерге ұрып, кісі өлмесе,
Қасқырдай боп шабасың елге, қожа.
Патша, байға тілектес боламын деп,
Ағын кеткен ақ сәлдең селге, қожа.
Халық сүйген ақынға соқтығам деп,
Қақпанға түстің келіп
демде, қожа.
Сөзіме, Кенжеқожа, құлақ салшы,
Сен өлең үйреткендей мақтанасың,
Шеті атамнан кетпеген ақын - жыршы.
Ерегіссең екеуміз жарысалы,
Екіленін санаңа ұршы қамшы.
Қалың қазаң халқының бұлбұлымын,
Таудан аққан мен бұлақ, сен бір тамшы.
К е н ж е қ о ж а:
Ау, Кенен, атың дарқан кен екенсің,
Ән-жырға, әңгімеге тең екенсің.
Әншейін сырттан өсек айтын жүрген,
Ақындар күндеп жүрген, ер екенсің.
Өнерге жан - жасыңнан талаптанған,
Қордайдың саулап тұрған желі екенсің...
KEНEH МЕН ӘБДІҒАЛИ АЙТЫСЫ
Кенен:
Ел анасы — жер болар.
Ел ағасы — ер болар.
Кіндік кесіп, кір жуған
Жер балаңмен тең болар.
Ұшқан құс қонбай қоя ма?
Еңбексіз қарның тоя ма?
Ел мен жерден сыр алмай,
Аң қуған жолы бола ма?
Ат мойнында тұмарсың,
Ат аунаса сынарсың,
Ал, қызыл тіл, сайрашы,
Ажал жетсе тынарсың.
Сұлуға, көзім, қарашы,
Топырақ басса жұмарсың.
Асылды, інім, киін қал,
Арғымақ, жорға мініп қал,
Кеп алдында сөйлеп қал,
Жиналған халық тыңдасын.
Жүйрік аттай кесіліп,
Жібек жіптей есіліп.
Осы жерден ертеде,
Жеті ғалам ел өткен,
Әркім қорғап Отанын,
Атақты талай ер өткен.
Жері байдың — елі бай.
Ата-анаң жер деп өткен.
Бас пен малы өркендеп,
Көсегеңді көгерткен.
Ерлер туып, жау шауып,
Елдің қамын жеп өткен.
Тәттіні, тісім, шайнап қал,
Жер астында қирарсың,
Осы жерім — ата жұрт,
Ұлы жүз ескен — қоныс құт.
Екі жүз болыс ел болған,
Төрт ата Дулат көп ұлт.
Албан, Суан үшеуі,
Жарықшақтан тарайды.
Бәйбішеден Сарыүйсін,
Абақ, Тарақ бәрі Үйсін.
Шапырашты, Ошақты,
Парлап мінген қос атты.
Сыландыдан ЬІсты боп,
Ұштамғалы атапты.
Бақтиярдың тұқымы —
Арғы атасы Төбейді.
Төбейден бері көбейді.
Абақ, Тарақ баласы,
Алатауды жебейді.
Әркім шабар ұранға,
Бәйдібек пен Домалақ,
Бейіті Бөген - Шаянда —
Ата-анамды айтпай қоян ба?!
Ә б д і ғ а л и:
Көпшілік, бәріңізге сәлем бердім,
Бауырлар, жүрсіз бе аман, қаладағы.
Көсілтіп топқа салып көріңіздер,
Адамның ақын деген жорғалары.
Сөйле деп Кенен ақын кезек берді,
Әркімнің өзіне алтын қолда бары.
Баптаған жүйрігіңнің мен де бірі,
Сырланған алтынменен арналары.
Қырымға шыңнан өрлеп арындамай,
Неліктен Әбдіғали қорғанады.
Өлеңнен түйме түйіп, бауын қадап,
Сол болсын көпке салған олжалары.
Көпшілік ортасында ән шырқайын,
Даусын көкке шалқып, аспанға өрлеп.
Қанішер немістердің сұмырайына,
Наркескен алмас болат қылыш сермеп.
Қаһарман қайратыма мініп алып,
Терейін сөз асылын соттай тергеп.
Намысын отанымның ойлағанға,
Айнадай алғыр сөзім болсын өрнек.
Кене аға, аман-есен жүрмісіңіз,
Кішіге о да міндет сәлем бермек.
Тереңге сөзді еркімен шомылдырмай,
Көрерсіз аспандатып әнге сермеп.
Шекердей шыққан сөзім бал тілімнен,
Дәмі жоқ сөйлемеймін сөзді кермек.
Жүйріктің шапса шаңы ілеспеген,
Құздардың арындаған шаңы өрлеп.
Алматы облысы туған елім,
Алатау айналамды жатқан көлбеп.
Суреттеп бұл жерімді көрсетейін,
Айтарлық қай жерің бар бұған теңдеп?
Тірелген Алатаудың басы көкке,
Хантәңірі, Тянь-Шань арғы шетте.
Ақ найзадай төбесі қаһарланып,
Алып шапқан батырдай жауып бетке.
Жемісі жеткілікті түр-түрімен,
Шынарлы миуалы ағаш шыққан бетте.
Алабы Алматының қалың орман,
Отанның әскеріндей жатқан шетте.
Тастары жаңғырады сөйлегенде,
Қазына қойны толғап түрлі кенге.
К е н е н:
Біздің елдің атақты
Ерлерімен таныссаң,
Айтуға сірә жалықпан.
Төле би шыққан Үйсіннен,
Өзі әзіз, езі әділ,
Атағы зор қалыстан,
Қаз дауысты Қазыбек
Алшыннан шыққан Әйтеке,
Табыннан шыққан ер Серке,
Керейден шыққан қос қасқа,
Тұрсынбай мен ер Жабай,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қарагерей Қабанбай
Қатар туған арыстан.
Алатауда Ұлы жүз,
Сарыарқада Орта жүз,
Орал тауда Кіші жүз
Кең өріс тапқан алыстан.
Қысқаша жоба көрсеттім,
Айта берсек тауыспан.
Енді бері келейін,
Ақ бөкендей желейін.
Жақсыбай мен Қазаңқап,
Екеуіңе айтып берейін.
Жетісудың ел, жерін,
Атақтысын терейін.
Қасқараудан Өтеген,
Үйде тұрмас кетеген,
Қырық жыл өріс қараған,
Безіп қатын - баладан.
Жамбыл да айтты бағалап,
Ертеде - ақ елге тараған.
Мүйізі бар басында,
Ораздан шыққан Жолбарыс
Тарихта бар, ел таныс.
Ноғайбай мен Кебекбай —
Тілге шешен, сөзге бай.
Ауданымыз атақты
Сұлутөр мен ел Қордай.
Түп нағашым Қабанды - ай,
Жұртқа мәлім болғандай.
Өз ұстазым Сарыбас,
Өлеңі жұққан айрандай.
Сарыбас деген кең ақын,
Жамбылменен тең ақын.
Тірі жүрсе бұл кезде,
Талайыңды жеңетін.
Қалмырзамен айтысып,
Қырғыздан бәйге алатын.
Өз нағашым Қаңтарбай
Сүйінбаймен бір парды - ай,
Түп атам жүйрік тұлпардай,
Ақиық қыран сұңқардай,
Байқап сөйле, ақыным,
Тоқталып қалма айталмай!
Тобыңды қиып, мен кетсем,
Жапалақтай далақтап,
Топ түсерсің ортаға - ай!
Жақсы ақынның өлеңі,
Шебер тіккен киімдей.
Балдан тәтті ұғылар,
Жас баланың тіліндей.
Елжіретер көңіліңді,
Құрманғазы күйіндей.
Жақсы сөз жұпар аңқиды,
Жазғы шөптің гүліндей.
Құлағыңнан кетпейді
Бұлбұлдардың үніндей.
Халқым келді қамалап,
Сайра, тілім, мүдірмей.
Ақын болсаң Сариев,
Жауап берші кідірмей,
Сауалым бар, Сариев.
Тауып берші бөгелмей,
«Жүк аумайды бұраумен»,
«Сөз ашылар сұраумен».
«Қар өседі қылаумен»,
«Бала өседі сылаумен».
Ер Тарғын мен Қобыланды,
Исатай мен Махамбет,
Құрманғазы, Тәттімбет
Қайдан шықты, жауап ет!
Жетісуды атап бер,
Малдай санап, матап бер.
Аяғы қайда құяды,
Басы қайдан шығады,
Атағы зор Алатау,
Астана тұрған бақша-бау?
Хантәңірім биік қай жақта?
Атап, айтшы, қылмай дау!
Байқара, Жамбыл деген жер,
Жәкең туған кемеңгер.
Дәл қай жақта болады?
Ә б д і ғ а л и:
Ақын өлең бастайды,
Тас түлек құстай қомданып.
Жауап сөзден қашпайды,
Ақ домбыра қолға алып,
Біраз ғана сөйлейін,
Өткендерден қозғалып.
Ер Қарасай ұраным,
Атағы шыққан жауды алып.
Батырлығын сұрасаң,
Асыра қуған таулардан,
Қалың қара қалмақты,
Енді бері келейін,
Ақ бөкендей желейін.
Жақсыбай мен Қазаңқап,
Екеуіңе айтып берейін.
Жетісудың ел, жерін,
Атақтысын терейін.
Қасқараудан Өтеген,
Үйде тұрмас кетеген,
Қырық жыл өріс қараған,
Безіп қатын-баладан.
Жамбыл да айтты бағалап,
Ертеде - ақ елге тараған.
Мүйізі бар басында,
Ораздан шыққан Жолбарыс
Тарихта бар, ел таныс.
Ноғайбай мен Кебекбай —
Тілге шешен, сөзге бай.
Ауданымыз атақты
Сұлутөр мен ел Қордай.
Түп нағашым Қабанды - ай,
Жұртқа мәлім болғандай.
Өз ұстазым Сарыбас,
Өлеңі жұққан айрандай.
Сарыбас деген кең ақын,
Жамбылменен тең ақын.
Тірі жүрсе бұл кезде,
Талайыңды жеңетін.
Қалмырзамен айтысып,
Қырғыздан бәйге алатын.
Өз нағашым Қаңтарбай
Сүйінбаймен бір парды - ай,
Түп атам жүйрік тұлпардай,
Ақиық қыран сұңқардай,
Байқап сөйле, ақыным,
Тоқталып қалма айталмай!
Тобыңды қиып, мен кетсем,
Жапалақтай далақтап,
Топ түсерсің ортаға - ай!
Жақсы ақынның өлеңі,
Шебер тіккен киімдей.
Балдан тәтті ұғылар,
Жас баланың тіліндей.
Елжіретер көңіліңді,
Құрманғазы күйіндей.
Жақсы сөз жұпар аңқиды,
Жазғы шөптің гүліндей.
Құлағыңнан кетпейді
Бұлбұлдардың үніндей.
Халқым келді қамалап,
Сайра, тілім, мүдірмей.
Ақын болсаң, Сариев,
Жауап берші кідірмей,
Сауалым бар, Сариев.
Тауып берші бөгелмей,
«Жүк аумайды бұраумен»,
«Сөз ашылар сұраумен».
«Қар өседі қылаумен»,
«Бала өседі сылаумен».
Ер Тарғын мен Қобыланды,
Исатай мен Махамбет,
Құрманғазы, Тәттімбет
Қайдан шықты, жауап ет!
Жетісуды атап бер,
Малдай санап, матап бер.
Аяғы қайда құяды,
Басы қайдан шығады,
Атағы зор Алатау,
Астана тұрған бақша-бау?
Хантәңірім биік қай жақта?
Атап, айтшы, қылмай дау!
Байқара, Жамбыл деген жер,
Жәкең туған кемеңгер.
Дәл қай жақта болады?
Ә б д і ғ а л и:
Ақын өлең бастайды,
Тас түлек құстай қомданып.
Жауап сөзден қашпайды,
Ақ домбыра қолға алып,
Біраз ғана сөйлейін,
Өткендерден қозғалып.
Ер Қарасай ұраным,
Атағы шыққан жауды алып.
Батырлығын сұрасаң,
Асыра қуған таулардан,
Қалың қара қалмақты,
Алатаудан жол салып,
Шапыраштының баласы,
Сауыт киген найза алып.
Сарыбай мен Сұраншы,
Молжігіт қонақ серігі.
Қазақты шауып алам деп,
Қоқанның ханы келгенде,
Сарыкемерден қашырып,
Шоқпардан ары асырып,
Төбе боп қалған өлігі.
Тозған елді құраған,
Алатаудың баурына
Мекендеткен елімді.
Тұқымы соның біздерміз,
Қылышынан зәр тамған,
Жапыра жауды талқандап,
Найзасынан қан тамған.
Ақын десең осы елде,
Қызыл тілден бал тамған.
Сүйінбайдың ұрпағы —
Әбдіғали ән салған.
Сарыбасыңды айтасың
Шорға еді деп шайқалған.
Оған теңдес Бақтыбай
Хан Тезектей төренің
Зәрлі жүзін қайтарған.
Балғамен ұрған шегедей
Төбесінен тойтарған.
Қолқа қойдың, Кенеке,
Сұрауды тауып қай - қайдан.
Қаз дауысты Қазыбек
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Қазақтың асқан ері еді.
Қанжығалы Бөгенбай
Арғыннан шыққан аға еді.
Қарагерей Қабанбай
Найманның ұран - жары еді.
Бұл айтылған адамдар,
Ел аузында бар еді.
Құнанбайұлы Абайдың
Ақылы дария жан еді.
Әдебиет жазбасы
Сол кісіден қап еді.
Одан бері келейін,
Үш орден алды Жамбылым,
Жырдың күйін шырқатып,
Заманның қақты дабылын.
Мұңын мұңдап ән салды,
Еңбекші кедей табының.
Елестетіп көзіңе
Өткен күннің сағымын.
Асауын жырмен үйретті
Қырдағы өскен тағының.
Жер жүзі тегіс естіді
Күй мен жырдың сарынын.
Жамбылдан үлгі сұранып,
Басқа елдің де ақыны
Жіберіп тұрар жазуын.
Ұлы майдан үстінде,
Жүректен шаншып немісті,
Аянбай жұмсап қаруын,
Ленинград еліне
Қоршауда қалған кезінде,
Жұбатып туған бауырын,
Сәлемін жазып жолдады,
Бассын деп қайғы - жалынып.
Отан әмірін қолданып,
Дұшпандарға долданып,
Тарихтың антты анығын.
Нарынқол қатар жатыр Кегенменен,
Айтайын жер көлемін өлеңменен,
Соңыма ер, танытайын соның бәрін,
Кенеке, ойың болса көрем деген.
Тянь-Шань Қырғыз жері, Шудың басы,
Айқасып біздің жерге кемерлеген.
Ертеде қырғыз, қазаң жорығында
Жер екен ата-бабам көп өрлеген.
Екейде атам Талтаң, Тағай батыр,
Ақша Қосай, Қараштай берендермен,
Біздің ел жау жағыңның панасы еді,
Қаймықпай жолың тосқан кезеңдерден.
Жамбыл тауы Шуменен айқас жатқан,
Басында Жамбыл содан туып келген.
Жамбыл туып, әкесі той қылыпты,
Атанған Жамбыл аты соныменен.
Атап-атап кетесің батырым деп,
Көрсетпей ер жорығын терең жерден.
Айтайын Жетісудың арнасынан,
Бұлағы шыққан таудың жар басынан.
Ақсу барып Жоңғардың жонын тіліп,
Іле қиып ағады жанбасынан.
Қаратал, Көксуменен қатар түсіп,
Жарысып бір-біріне жалғасынан.
Балқашқа мың тораптан құйылады,
Қаратал кен шығарды қамбасынан.
Лепсі Саржазықты жарып аққан,
Канал бар кең қазылған ортасынан.
Еңбектің қайраткері қалың колхоз
Тасқынды тарс бекіткен ортасынан.
Егін сап екі жағын тоған тартқан,
Жайқалып көк егісі Нілге батқан.
Жамбылдың айта қойшы іс, өнерін,
Кәнікей, жер байлығың бізден артқан?!
Еншіңе Шуды бердік Жетісудан,
Көтеріп жүктей тасты бұрқылдатқан.
Пайдаға қандай қылып асырғаның,
Көрсетші табысыңды будан тапқан.
К е н е н:
Өршіл мінез шалқасқа
Қамшы ұрғызбас жамбасқа.
Ақын болсаң, Сариев,
Осылай деп сөз баста.
Жүйріктігің көрінді
Көп алдында ұйқасқа.
Сүрінбейді шын тұлпар
Төрт аяғын дәл басса.
Түсіп қалма қақпанға,
Алды, артыңды байқаста,
Айға қолың жетер ме,
Аламын деп жармаспа!
Жамбыл, Абай көпке ортақ,
Менікі деп адаспа!
Отан үшін жырлайық,
Жау орнынан тұрмасқа.
Дұшпан жылдам құрысын,
Тілектес боп, көп жасқа.
Тань-Шаньның тауынан,
Тасып, тулап аққан су.
Қапшағайға қайта ұрып,
Күнбатысқа тартқан су.
Қарағай, қайың ну орман,
Жемістен түйме таққан су.
Арқар, марал, киіктер
Жүзіп дәмін татқан су.
Бас пен малы теңесіп,
Ел қызыққа батқан су.
Қазақ, қырғыз даласын
Қақ жарып ағып жатқан су.
Ғасыр бойы кәрі қар,
Балқып бойы тасқан су.
Нұрлы судан күй күліп,
Ел жүйесін тапқан су.
Іргелі қала салынып,
Ильич шамын жаққан су.
Колхоз, совхоз тең бөліп,
Шаттық әнін айтқан су.
Тасөткел деген қаналым,
Түзеліп тұр заманым.
Осы айтқан табысты
Көп алдына саламын.
Бидай дәні бармақтай,
Тары дәні жаңғақтай.
Арпа дәні асықтай,
Сұлы дәні қасықтай,
Күнбағыс бар табақтай.
Қауын, дарбыз ылақтай.
Қызылша түбі келідей,
Жүзімі тартқан желідей.
Жүгері дәні жұмыртқа,
Жүгірер бала ымыртта.
Әбдіғали әріптес,
Сол сөзімді ұмытпа!
Туып өскен жерімде
Күн құлағы шығып тұр.
Тана қашып, тай тоқтап,
Саулық егіз туып тұр.
Жүз саулықтан жүз елу
Қозы өсіріп беріп тұр.
Шопандар мен жылқышым
«Құтты құрық» болып тұр.
Қартабаев Сатылған,
Еңбектері арғылған.
Жүз биеден жүз құлын,
Аман-есен қосылған.
Жылқышылар ысқырып,
Қарына құрық қыстырып,
Арғымақтар астында,
Жер тарпиды пысқырып.
Насыбайын бір атып,
Тау жаңғырта түшкіріп.
Айғырлары арқырап,
Таулар суы сарқырап,
Таң атарда туады
Шолпан жұлдыз жарқырап.
Жамбылдағы қой саны
Сегіз жүз жетпіс мың болар.
Малды жырға қоспаса,
Ақындарға мін болар.
Қаптап өрген сиыр мал,
Табын-табын жылқы бар,
Жылқы совхоз тағы бар,
Бәрі тұлпар жануар.
Құлақтары қамыстай,
Тұяқтары болаттай,
Құйрықтары қылыштай.
Әскер үшін жаралған,
Бар денесі құрыштай.
Бірінші бәйге алғамыз
Орта Азиялық жарыста - ай!
Енді тоқтар кезің бар,
Құры - бекер жарыспай.
Әдепсіздік көрсетіп,
Ағаңменен алыспай,
Шындықпенен айталық,
Құр кеудеге салыспай.
«Жығылған тоймас күреске»,
Меніменен тіреспе.
Алматыға жақынсып,
Астанаға ақынсып,
Айтысқалы тұрсың - ау.
Мен жеңдім деп мақтанып,
Қайтысқалы тұрсың - ау.
Ақындық сөз кезегін
Ағаң саған бұрсын - ау.
Ә б д і ғ а л и:
Сөйлейін мал байлығын табыс артқан,
Жоспарын орындаған қойған шарттан.
Колхозды совхозбенен атап-атап,
Түсейін «Дегересте» арғымақтан.
Асылдан ақалтеке айғыр салып,
Биені мың-мыңдаған құлындатқан.
Найзадай сұлулығы салған тезге.
Майданға әскер мінер аттанарда
Соларға баптап қойған осы кезде.
Қанатты, қалбағайлы, бөкен санды,
Қаз мойын, қамыс құлақ, құлан жалды.
Алмалы, Аңырақай, Үшшоқыда
Көресің қаптан жатқан жылқы малды.
Белінен енесінің қарғып ойнап,
Туғанда таң қаларсың құлындарды.
Жайлауы «Суықтөбе» бұлтпен теңдес,
Құлпырып шыққан шөбі кілемге өңдес.
Балажан арғы шеті қырғызға орап,
Осы жер жаз жайлауға тиген дербес.
Тау Шелек Ілеменен қатар ағып,
Көксуы күнге күліп шағылысқан.
Талғардың тал шоқысы Түргенменен,
Құмбел мен Алаяқтан басы айқасқан,
Алма, өрік, қарағай мен қайың, жиде,
Жер беті көрінбейді ну ағаштан.
Майтөбе, Қарақия, Құлансазда
Мекендей әр түрлі аңдар тұқым шашқан.
Құндыздар су бойында «қыз ұзатып»,
Аққу, қаз, қоңыр үйрек маймаң басқан.
Кенеке, сізге айтатын сөзім осы,
Кейбіреу дәм етеді ішпес астан.
Жерімнің міне осындай сайранында,
Айтайын еңбек ерін күші тасыған.
Қоғалы ауданында Салихадан,
Атағы кіміңіз бар, будан асқан?
Ағызып сүттен бұлақ көл-дария
Ісімен өзгелерге үлгі шашқан.
Қызылшаны таудай үйіп Нұрипа да,
Мұнымен ел ерлері үнін қосқан.
Жөнім жоқ бұларды мен айтпасыма,
Сайлаған депутатқа Қазақстан.
Жылқыдан Әбдібай да орден алған,
Табысы біріменен бірі ұласқан.
Жеткізді жылқы басып мыңға тарта,
Биеден сексен ғана ұйымдасқан.
Асырып табыстарын асқар таудан,
Қой қоздатып, бұлақтай бие сауған.
Ел еркесі біздерде толып жатыр,
«Қорықпайды шешен — даудан, батыр —
жаудан».
Жүргізсем еңбек ерін дамылменен,
Таң қалып ауызыңа кірер таубаң.
Кенеке, кедей едің мал жағынан,
Аларсың бізден сұрап болса сауғаң.
КЕНЕН МЕН ШАШУБАЙДЫҢ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУІ
К е н е н:
Шашеке, амансыз ба, күйлі-жайлы?
Өнерге өрен аға сегіз сайлы.
О, шіркін, кәрілік те кеп қалыпты,
Аяғы бұл өмірдің түйе - тайлы.
Алабын Алатаудың әнмен жайқап,
Көрген ең қырғыз, қазақ көп жамайды
Айтысып Сарыбас, Жамбыл, Қуандықпен,
Ән, күймен құйқылжытып сән сырнайды.
Асында Ноғайбайдың алғашқы рет
Көргенім мініп барып жайдақ тайды.
«Аққайың», «Сырлықайың» әндеріңді
Үйреніп мендей інің елге жайды.
Ақында сізден үлкен енді кім бар,
Жамбыл мен үлгі етеміз ұлы Абайды.
Шашеке, сәлем бердім өлеңменен,
Көргендей жаңа туған күн мен айды.
Шашеке, кепті жасың сексен беске,
Аяққа тұсау түсіп шешілмеске.
Алты күн айлық жолды басқан тұлпар,
Қалыпсыз ілесе алмай қозыкөшке.
Кең байтақ Сарыарқада шапқан дүлдүл,
Түлкіні төстен қашқан қаққан дүлдүл.
Сұлу қыз, жора-жолдас, төрт түлік мал,
Бір кезде Жетісудан тапқан, бұлбұл.
Аралап қазақ, қырғыз, абақ, тарақ,
Дәм-тұзын Алатаудың татқан бұлбұл.
Мінеки Москваға келіп тұрсыз,
Қызығын саяхаттап көріп тұрсыз,
Кіргенде Мавзолейге дана жатқан,
Бас иіп сары майдай еріп тұрсыз.
Нұрланған астананы араладың,
Қызығын көрдің ұрпақ балалардың,
Бастаған партияның арқасында,
Бәйге алған боз тарландай бағаландың.
Ш а ш у б а й:
Аман ба елі-жұртың, ақын Кенен,
Жасыңнан ниетіміз жақын, Кенен,
«Бозторғай», «Көкшолақтай» әнге шырқап,
Жайылған Жетісуға атың, Кенен.
Атыңды әкең қайдан қойған тауып,
Әншісі Алатаудың думан-сауық.
Біржан сал, Ақан, Әсет, Балуан Шолақ,
Солардың шолын қудың әнін салып.
Інісі ең аты шулы Сарыбастың,
Кененжан, жаны бірдей кәрі-жастың.
Кәрілік жеңіп алды құлдилатып,
Жас кезде таудан асқан болдым тасқын.
Көзіме ел мен жерді елестетіп,
Түсіріп көңіліме амандастың.
Жас кезде аралаған Жетісуым,
Ән шырқап, сайрандаған асқар туым,
Халқыма қазақ, қырғыз менен сәлем,
Орнатқан өкіметтің жеңіс туын.
Аралап ел-жұртымды қайтар едім,
Шіркін-ай, қалтырап тұр мына буын!
Бақытты заманымда Мәскеуге кеп,
Мың жасап, жасаңғырап, қайта тудым.
КЕНЕН МЕН ӘСІМХАННЫҢ КЕЗДЕСУІ
1949 жылы замандастарының шақыруымен Кенен Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Киров колхозына келеді. Ақын түскен үйге ел көп жиналады. Топ ішінен жас ақын Әсімхан Қосбасаров Кенекеңе өлеңдетіп сәлем береді.
Ә с і м х а н:
Ассалаумағалайкум, Кенен аға,
Қордайдан ат арылтып келген аға.
Біз сізді көрмегелі көп жыл өтті,
Өлмеген көріседі деген, аға.
Мөлшерлеп ән-жырыңды есепке алсам,
Мұхиттың дариясындай терең аға.
Жамбылдың бірге жүрген шәкірті едің,
Аламыз үлгі-өнеге сенен, аға.
Түсті деп осы ауылға естіген соң,
Өзіңмен кездесуге кеп ем, аға.
Жиналып өңшең ақын текке отырмай,
Халыққа өлең айтып берелі, аға.
Әндерің тізген меруерт сияқтанып,
Жәкеңмен Москваға бір аттанып,
Ағаның денсаулығы жақсы ма?— деп,
Жүремін сыртыңыздан сұрап қалып.
Тыңдауға бал сөзіңді халқың құмар,
Үй толып,
ел жиналды құлақтанып.
К е н е н:
Кенендей ел сыйлайды қариясын,
Бір кезде қарияңды сағынарсың.
Алмабай, Сартжан, Көшер, шақырып ең,
Бұрылып келмей кетсем тарынарсың.
Үйіне Бейсембайдың келіп түстім,
Ауылдан мен шыққалы болды үш күн.
Кешегі Байбуырлы Сарыбас ақын,
Жамбылдың оң қолынан сарқыт іштім.
Солардан көп әңгіме естігемін,
Жігітке пайдасы жоқ асығыстың.
Әсімхан,
талабы бар жігіт едің,
Аға деп сәлем беріп қолды қыстың.
«Нұр жауар таланты ерге» деген сөз бар,
Сен - дағы ордасы бол мәжілістің.
Бәйге аты шабар жұқа терлікпенен,
Өткіздім алпыс бесті ерлікпенен,
Бірге өстім біте қайнап еңбекші елмен,
Санастым үлкен-кіші, ел-жұртпенен.
Өнердің Кенен болдым арқасында,
Айтылмай көңіл шері тарқасын ба,
Сендерге ән шырқамай Кенен атаң,
Өлеңін сап кете ме қалтасына.
КЕНЕН МЕН ХАЛИМАНЫҢ ҚАҒЫСУЫ
К е н е н:
Ақ серке ай мүйізді қой бастаған,
Анық батыр жорықта жол бастаған.
Атамыз қазақ халқы өлмес - өшпес,
Торқалы міне осындай той бастаған.
Батырмыз Компартия жол бастаған,
Бұлжытпай нұсқауларын ел қостаған.
Ақ отау жұртым тіккен орда мынау,
Отанның ақынымын ойқастаған.
Айталық партияға сансыз алғыс,
Кедейді ең алдымен алға ұстаған.
Халима, әріптесім, бері отыршы,
Шал едім келінге көп жамбастаған.
Келінжан, шайқасуға бар ма шамаң,
Көпшілік сөз бастауды берді маған.
Әуелі есендесу елдің салты,
Халима, бала-шағаң есен-аман?
Атыңды жүруші едім сырттан біліп,
Естуші ем өлеңіңді оқып-біліп,
Шал екен деп, Халимаш, күдер үзбе,
Көп ішінде бетімнен қойшы сүйіп.
Сырымды мына жұртым білген қайдан,
Адамның дос болмағы осындайдан.
Тоғыз келін, қырық балдыз қоршап отыр,
Барлығы той баста деп қолын жайған.
Мен өзім кешке дейін жалықпаймын,
Айтыс десе, сұңқардай шарықтаймын.
Ләтипа, Мөртай және Бәтимамен,
Айтысын талай елді анықтадым.
Халима, атыңды естіп құмар едім,
Кәрі деп енді мені налытпағын,
Х а л и м а:
Шіркін-ай, ауыр екен өлім деген,
Бұл ажал еш пендеге көрінбеген.
Кешегі Асқар таудай Мұхтар қайда,
Адам жоқ естігенде егілмеген.
Бұл пәни дүниеден мен де кетем,
Өлгенше көргенімді жырлап өтем.
Балауса жас өмірім етті - кетті,
Кенеке, сол күнімді арман етем.
Көпшілік қаумалап тұр іштен - сырттан,
Бағалап сынай білер сөзді ұққан.
Қызымын Исатай мен Махамбеттің,
Ерлікпен, ақындықпен аты шыққан.
Кенеке, сәлем бердім өлеңменен,
Құрбымсыз заманың бір дегенменен,
Бас қосқан ақын - әнші осындайда,
Қағыспай қалуымыз бола ма жөн.
Сен бе едің Қордайдағы ақын Кенен,
Құлағым «Кенен» десе елеңдеген.
Түсімде үш ұйықтасам бар ма менің,
Кенеке, қатарыңа келем деген.
Сен бе едің ақын Кенен Қордайдағы,
Шалдардың жуан мойын, сер бойдағы.
Кешегі теңдіксіз күн еске түссе,
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы!
Кенеке, енді жүрші маңайымнан,
Қарт қыздың шошынарсың ыңғайынан.
Жүйрікпін жетпісіңе желін жеткен,
Теріңді шұбыртайын самайыңнан.
Қолымда праволы документім,
Жазылды қамшы тиген жаралы етім.
Келгенде кемпір жасқа қайрат беріп,
Көтерді қолтығымнан өкіметім.
Әуеде бір жұлдыз бар, жұптамадым,
Кененжан, уәдеңді мықтамадым.
Аузыңнан «жаным» деген бір сөз естіп,
Төңбекшіп өткен түні ұйықтамадым.
Әуеде бір жұлдыз бар ай көзіндей,
Шоқ шашпау, алтын айдар мен де өзіңдей.
Кенен сал, аяғыңды ширақтау бас,
Сүйретпей байдың жалқау кербезіндей.
Жарасқан құндыз бөркің, басың қандай,
Күмістей жылтылдаған шашың қандай?
Біздермен тағдыр қосып дәмдес болсаң,
Кененім, болар көңлің тасығандай.
Ішінен осынша жұрт мені қалап,
Отырмын мен де сізді ерге балап.
Әркімнің өз қатары өзіне алтын,
Мен үшін жас жігітсің жаңа талап.
К е н е н:
Өлеңің, Халимажан, қандай тәтті,
Қартайған жүрегімнің шамын жақты.
Басымнан жел секілді желіп өткен
Есіме салдың - ау бір қызық шақты.
ЖАМБЫЛ МЕН КЕНЕН
К е н е н:
Ақынның асқан алыбы,
Халықтың болған тарихы,
Сәлем бердік о, Жәке,
Москва барып қайтқанда,
Кеудеңе орден таққанда,
Шаршап келіп тынығып,
Өз үйіңде жатқанда,
Келіп тұрмын о, Жәке,
Орденіңді құттықтап,
Қуанғаннан кеп едім.
Тәуірмісің о, Жәке,
Көрісейін деп едім!
Отан қамын тіледің,
Халық үшін жүрегің,
Көсемге теңеу таптың ба,
Ақылы дана зерегім?
Ж а м б ы л :
Сәлем беріп келіпсің,
Рахымет, Кененім.
Осы аурудан жазылып,
Ел көрем бе деп едім.
Тәуір болдым, шүкірлік,
Көңілімді демедің.
«Жаңа заңға» шырқашы,
Сағындым ғой, Кененім!
КЕНЕН МЕН БОПИНА
К е н е н:
Бопина, келіп қалдым тойыңызға,
Қуаныш сыймай келді қойнымызға.
Бір қолқа салдым міне қабылдасаң,
Қолымды артайын деп мойныңызға.
Б о п и н а:
Көркемжан ер жетті ме, Кенекем - ай,
Тамаша жүрген жерің, мерекем - ай!
Бақытжаның туыпты құтты болсын,
Тойымды қызық қылған берекем - ай.
К е н е н:
Кеп отыр жауды жеңіп Жарылғабың
Он жылдай дерексіз бон табылғаның.
Шақырып үш аудан ел, той жасадың,
Үйіңде дауласқаның пе қылғаның!
Б о п и н а:
Жас келін боп, Кенеке - ау, жүруші едім,
Айтарыңды жүректен білуші едім.
Шұбар атпен төбеңді көргенімде,
Жолың тосып көпірде тұрушы едім.
К е н е н:
Көрінер ақ үй сұлу үзігімен,
Көрінер келін сұлу жүзігімен.
Бопина, оның рас, жөніңе кел,
Шықпайсың тоғыз келін тізімінен.
Б о п и н а:
Кенен - ау, ат мінерсіз қара шұбар,
Үстінде ақсақалың жарасылар.
Сөзімді әзіл - қалжың айтсам - дағы,
Өзіңде тоғыз келін таласы бар.
К е н е н:
Бопина, әзіліңді білмеймін бе?
Келінмен сіздей ойнап, күлмеймін бе?
Көлдегі сен — аққу қаз, мен — лашын,
Қайырып қанатыңды ілмеймін бе?
Б о п и н а:
Кенеке - ау, ат мінерсіз қара көктен,
Жарасар келбетіңе нар жұп шекпен.
Қоялық екеуміз де бұл әзілді,
Хат бар ма Шолпанқұл мен Қыдырбектен?
К е н е н:
Бопина, қандай жақсы сұрағаның,
Құлаққа бұл өлеңің ұнағанын.
Хат та жоқ, хабар да жоқ екеуінен,
Жүргенін не тұрмыста біле алмадым.
Б о п и н а:
Кенеке - ау, екі бауырың келсін аман,
Жауды жеңіп, той болса бар ма арман!
Осы отырған халқыңның тілегі бар,
«Тоғыз келінді айтса» деп шуылдаған.
К е н е н:
Айтайын, айт десеңдер тоғыз келін.
Тоғызға толтырам деп көп іздедім.
Өзімдікі деп жүрсем кей келінді,
Бұзып кетіп, бозбала зар иледім.
Талай-талай шарт қойдым келіндерге,
Келін «кел» деп шақырса ерінем бе!
Табаны таймай тұрар келін болса,
Келіп-кетіп тұруға әзір мен де.
Жеңге менен балдыздан келін қызық.
Келін күрең шай құйса көзін сүзіп.
Бұл өмірде бар ма екен ондай ләззәт,
Қасында отыра алман денем қызып.
Қара торы, қайнар көз, ақшыл келін,
Айтпай білер тіліңді жақсы келін.
Құрт ішкендей құмардан шығар едім,
Бір күн қасып арқамды жатса келін.
Кененнен шал деп күдер үзбе, келіп,
Табылар деді ме екен іздегенім?
Шабады кері тарлан шаршы топта,
Қайтесіз құнан, дөнен іздегеннен?
Келіп келсе май палау, қаймақпенен,
Бура ойнайды қаңтарда тайлақпенен.
Жанға жайлы, жайдары болса келін,
Жақсы әйел еркекке қайрақ деген.
Келінжан «кен» деген сөз — Кенен деген,
Ағаштың ең мықтысы емен деген.
Жетпіске сыр бергем жоқ, сыр сұрасаң,
Сексенде де болмайды жүзім төмен.
КЕНЕН МЕН ЕСДӘУЛЕТ АЙТЫСЫ
К е н е н:
Көсем адам сөз бастар,
Көпті көрген жол бастар.
Батыр адам қол бастар,
Көсем серке қой бастар,
Ақын адам той бастар,
Ал, тыңдаңдар, жолдастар!
Қордайдағы қос ақын
Қозғамаса болар ма!
Домбырасы — жан жолдас,
Қолға алмаса болар ма.
Ұл-қыздарға үлгі айтып,
Жол салмаса болар ма.
Халық ақыны бұл көпке
Сөз салмаса болар ма.
Ел алдында сол үшін
Айтысқалы отырмыз.
Жетістік пен кемшілік
Салысқалы отырмыз.
Көп алдына кесіліп,
Жарысқалы отырмыз.
Сексен жасқа келгенде
Тірескелі отырмыз.
Қоғам үшін қос ақын
Күрескелі отырмыз.
Жетістікті жырла деп,
Кемістікті сына деп,
Домбыраңды бұра деп,
Тапсырған соң келгенім.
Халқыма сәлем бергенім,
Ардақты елім «Ақтерек»
Ел-жұрты маған көп керек.
Қатар жатқан ауылмыз,
Туысқан аға - бауырмыз.
Колхоз, совхоз тілектес,
Еңбекте бірге білектес.
Ауылымыз аралас,
Қойларымыз қоралас,
Даласы мен тауымыз,
Өсірген елім мәпелеп.
Қызықты көрдім еркелеп,
Асып ішіп, ат мініп,
Түйелерді жетелеп.
Тұзыңды ақтап айтпасам,
Қаларсыздар өкпелеп.
Жан жолдасым, Есдәулет,
Шық майданға, жекпе-жек!
Әліңді білмей алыссаң,
Мыжылайын желкелеп.
Қара бұқа секілді,
Жер тарпына күжілдеп,
Күзгі желдей уілдеп,
Атты алысқа айдаса,
Ал жарыстық төтелеп,
Қара байыр сен едің,
Қазанаты мен едім.
Қашан маған тең едің?!
Тұрып қалма күрсілдеп,
Жастан бірге жүрсек те,
Айтысқамыз жоқ еді.
Қалжың-әзіл болмаса,
Қағысқамыз жоқ еді.
Келді міне бір кезек.
Е с д ә у л е т:
Келсең кел, енді батыр, қоян-қолтық,
Шын жорға қамшыласа кетеді орғып.
Осы жұрт рұқсат берді екеумізге,
Тұрам ба шешінген соң сенен қорқып.
Енді біз қызбалықты жырды айталық,
Қазыналы ұлан-байтақ жерді айталық.
Мыңғырып кең далада сыймай жатқан,
Бес түлік асыл тұқым малды айталық.
Сол шаруаға еңбек қып атаң алған,
Үлгілі озат шыққан жанды айталық.
Енді мен сөз бастайын тұрғын тыңдап,
Халқымыз қарап отыр бізді сынап.
Қасыма кәрі дауыл келді білем,
«Мені айтқын», «мені айтқын» деп бәрі
шулап,
Құлағын домбыраның алғын бұрап,
Жайлаудың басы бізде Қасқабұлақ.
Жүз метр бір - аң қарғып жатыр құлап.
«Ақтерек», «Ырғайты» мен «Жамантыдан»
Күмістей жарқыраған су сорқырап.
Жайлаған сол жайлауға асыл дойлар,
Аңша бұлт секілденіп будақ-будақ.
Сол өрісте бес түлік мал өседі,
Қозы мен қой бірдей боп тең өседі.
Жүйріктің шапқан сайын қозар желі,
Аянбай алысудың келді кезі.
Темірдей қақтыққандай қызып тұрған,
Өзіне сенген батыр келсін бері.
Бастадық, міне ақыным, жарысуды,
Байқағын жібермеуге намысыңды.
Көп алдында әйгілеп айтып берші,
Бес түлік малдан алған табысыңды.
Егістен қандай өнім алдыңыздар,
Көрейін, Кенен батыр, шабысыңды?!
К е н е н:
Киров атты колхозым,
Жетпіс мың гектар жері бар.
Егінге бай,
малға жай,
Тау мен дала белі бар.
Төрт колхоздан құрылған,
Бес жүз үйлі елі бар.
Қоңыр салқын Қордайдың
Дертке шипа желі бар.
Қордай батыр тарихта
Атағы асқан ері бар.
Бұл өңірдің қалыпты,
Баға жетпес кені бар.
Сағасында салынған,
Шалқып жатқан көлі бар,
Аққу қазы саңқылдап,
Балықтары бұлтылдап,
Дыз - бозбала ән шырқап,
Жолаушылар шомылып,
Ары-бері тоғылып,
Жаны рақат лебі бар.
Алма - өрігі жайқалған,
Бұлбұлдары сайраған,
Барған халық сауықтар,
Жұмыртқасы жұдырықтай,
Ақ қайыңдай тауықтар.
Осындай көркем жайыңды,
Ақындықпен тауып қал!
Е с д ә у л е т:
Ойнадым енді саған танысуды,
Мен айтайын көрсетіп табысымды.
Көрген соң совхозымның мол табысын,
Қоярсың мойныңа алып жарысуды.
Көрсетем шопандардың табыстарын,
Ардақты еңбек адам данышпанын.
Сыйлыққа үш мың үш жүз ақша алды,
Еңбек еткен әйгілі Арыстаным.
Көрсетем қой өсірген саңлақтардан,
Кімің бар Шәдікбектей ардақталған?
Алтынмен жазған кітап алып отыр,
Осындай шопан бар ма ел мақтаған?
Тайыптың таң қаласың өрнегіне,
Совхозға қандай табыс бергеніне.
Отыз екі қозы алды қосымша ақы,
Көрнекті үздік шыққан еңбегіне.
Байжүніс пен Қапар да озат шопан,
Қолайлы шаруаға қандай маман.
Жиырма екі қозы алды ол да үстеме,
Бір бас шығын болмаған малы да аман.
Ей, Кенен, бойыңды өлшеп өзіңді біл,
Долданса құлаш болар бұл қызыл тіл.
Дабысын совхозымның білмеп пе едің,
Бетінде Құрмет тақта жазулы тұр.
Көрерсің тағы менен қызықтарды,
Есекеңнің табаны қызып қалды.
Одаққа ерке болдың жемісін жеп,
Колхоздың жағдайымен танысқың жоқ,
Ауылдың жағдайларын шын білмейсің,
Үйде бес күн тұрмайсың, өрісің көп.
К е н е н:
Бар шығар ел болған соң балшық монша,
Жатпайды мәдениетке мұның онша.
Топырлап үйге сыймай отырады,
Бас қосып бес-он кісі қатар барса.
Асыл сөз ақтарылар сермеген соң,
Бұл Кенен сөзін қояр терлеген соң,
Халықтың бізге көңілі шат бола ма,
Еңбегін елестетіп бермеген соң...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру