Мазмұнға өту
Home

Тіл өнері дертпен тең

Ұзақбай Доспанбетов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тіл өнері дертпен тең

Авторы: Ұзақбай Доспанбетов

Ұзақбай Доспанбетов

ТIЛ ӨНЕРI ДЕРТПЕН ТЕҢ

(Әдеби-көркем сын мақалалары, зерттеулер) Алматы АҒЫНАН ЖАРЫЛЫП СӨЙЛЕСЕК... (Кейбiр қазақ әңгiмелерi мен повестерi төңiрегiндегi ойлар)

Бағзы замандарда кiтап деген сөздi құдай, құран сияқты ұғымдармен байланыстырып, оған киелi дүниедей үрке, әрi қасиетiне табына қараған. Ол кездерде қазiргiдей дүкен сөрелерiнен бiрiнен бiрi аса жалтырап, мұқабасындағы айшықты суреттерiмен көз тарта салтанатпен қатар түзеген кiтаптар жоқ болғанмен құладүзде саңырау адамдай жадау күн кешкен қазақ арасында кiтап деген сөздiң мағынасы о бастан бар. «Осындай-осындай данышпан адамдар болады, олар өздерiнiң кемеңгер ойларын хатқа түсiрiп, кейiнгi ұрпаққа қалдырады екен» тәрiздi аңызға ұқсас шындықтар аспанды кезген бұлт арқылы ма, кең дүниенi шарлаған жел арқылы ма, жоқ, ертегi мен хиссалардың бiлгiр, көреген кейiпкерлерi арқылы ма, әйтеуiр, қазаққа да жетiп жататын. Ал қазiр ше... Бiз бұл жерде өткен мен бүгiндi салыстыруды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Кiтап жөнiнде халқымыздың қанына сiңген қандай мағына барын ескертпекпiз. Сол мағына бүгiн ескiрдi дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Әрине, әр заманда адам мен қоғам неге қат болса соның кейде өресi биiктеп, асқақтап кетiп, аспандағы ай мен күндей дәрiптелетiнi бар. Келе-келе ол зәрулiк жойылғасын сол дәрiптелген дүниенiң сыны мен сымбаты бұрынғыдай емес, ең қарапайым өң мен түске айнала бастайды. Тек кiтап қана көне күндерде халық көкiрегiнде қанша қадiрлi болса, қазiр де сол тұғырынан түскен жоқ. Сенбесеңiз, абайлап қараңызшы, қай дүкенде Пушкин мен Толстойдың, Лермонтов пен Чеховтың, Шолохов пен Әуезовтiң, басқа да солар рухтас отандық, не шетел классиктерi шығармаларының жайбарақат шаң-тозаңға көмiлiп жатқанын көресiз. Иә, еш дүкенде көре алмайсыз. Яғни, шын кiтап, адам өткенде де әсiрелеген, бүгiнде де одан кем көрмейтiн махаббат, әдiлет, ерлiк сияқты қасиеттi ұғымдармен әрқашан аяғын тең басып жасай бермек. Мейлi бүгiнгi индустрия, өнеркәсiп кiтап шығару iсiн қанша жеңiлдетiп, ойыншық етсiн, шынайы кiтап о баста халық көкiрегiнде қалай дәрiптелсе сол қалпында қала беретiнi күмәнсiз. Бiз мұны алғысөз ретiнде айтарымыз болмағасын келтiрiп отырғамыз жоқ. Қазiр кiтап шығару оңай болғанмен, шын кiтап жазуға екiнiң бiрiнiң қолы жетiп жүрген жоқ. Жазушылық жол әркiмге әртүрлi қиындыққа түседi. Ғасырымыздың белбаласы – бүгiнгi оқырман көңiлiнен шығу – ол жазушы үшiн қия тастарда жанын шүберекке түйiп, заңғар биiкке өрмелеген альпинисше табандылық танытуды талап етедi. Альпинист қия тасты алып тау шыңдарына өрмелесе жазушы шеберлiк шыңына өрмелеуi керек. Осы бағдарда қазақ жазушыларының кейбiр әңгiмелерi мен повестерi төңiрегiнде өз тұжырымдарымызды ортаға салсақ деп едiк. Әрине, шеберлiк хақындағы толғам-топшылаулар адамның бiлгiрлiгi асып тұрғандығынан тумайды. Кейбiр шығармалар өзi ой салады, байқаған, барлағаныңды жария етуге итермелейдi. Белгiлi бiр жаңалығымен жарқ еткен әңгiменi, не повестi оқып шыққаныңда ол туралы салақұлаш сын мақала жаза

жөнелмегенiңмен көкейiңдi тескен түйiндерiңдi еңғұрмаса қойын дәптерiңе түртiп қоюға мәжбүр боласың. Кейiн сол жазбалар басы құралып, көлемдi мақалаға айналуға сұранады. Егер белгiлi бiр туынды жөнiндегi бiр кездегi пiкiрiң мен кейiн сол туындыны қайта оқығанда жасаған қорытындың тонның iшкi бауындай бiр-бiрiмен байланысып жатса онда олардың шындыққа бiр табан жақын болғаны, демек бас-аяғы бүтiнделiп жарыққа шығуға қақылы ғой. Тәкен Әлiмқұловтың «Қараой» атты әңгiмесiн осыдан бiраз жыл бұрын ең алғаш жарыққа шыққанда оқып едiм. Сүйсiнгенiм хақында бiрден белгi соғыппын. «Жақсы дүние екен. Арнайы тоқталып сөз етсе, шiркiн» деген жазуды таптым қойын кiтапшамнан. Ендi осы әңгiменi бүгiнде қайта оқып қарасам ол сүйсiну мен бұл сүйсiнудiң арасы жер мен көктей екен. Бұл жолы оның жай ғана жақсы әңгiме емес, қазақ совет әдебиетiнiң осы жанрдағы ең үздiк туындыларының бiрi екенiн таныдым. Неге олай? Әрине, бұл ретте сөз амалсыз шеберлiкке саяды. Бiр кезде жан досы, халық қаһарманы Исатай Тайманұлымен бiрге патшалық езгiге қарсы Кiшi жүз шаруаларының көтерiлiсiн бастаған, осы көтерiлiстiң әрi жалынды жаршысы, ұйытқи соққан борандай дем берушiсi болған, қазақтың алғыр ақыны Махамбет Өтемiсұлының күнi еңкейген шағын, дәлiрек айтсақ ақтық күнiн бейнелейтiн бұл трагедиялық әңгiме коллизиялық жағдайды нысанаға алуымен ұтып тұрған жоқ, барлық сыр, құпиясы жазушы қаламының сиқырында жатыр. «Шымшықтың тұмсығындай» қысқа әңгiмеде арыстан жүректi ақынның әрнәрседен елегiзiп, өткен дәурен, өткен күндердiң көңiл күйзелтер елестерi басынан зуылдап өтiп, тосын бiр жағдайды түсiне алмайтын халге ұшырағанын автор қалай жеткiзген десеңшi. Барлық гәп дәлдiкте деген әдеби сында жиi қайталанатын тағлымды сөз тағы да аузыңа оралады. Мiне, Махамбет қасында әйелi Әуес, баласы Нұрсұлтан Қараой деген жерде жалғыз үй отыр. Көңiл күптi, ұйқы сергек. Әсiресе, Баймағамбет сұлтанның мұның басына мың сом тiккенiн естiгелi берi солай. Келер жолы бiр сенiмдi адамдармен келем деген Ықылас кешiгiп жатыр. Бүгiн де соны күткен қалпы бар. «Қараой» атты қоныс Махамбеттi әртүрлi қиялға шақырады. Кейде Махамбет жаңа туған баладай, осынау төңiректi алғаш көргенге ұқсайды: «Баяғы балдай балалық, сағынышты шақ қалған ойпаң көзiне оттай ыстық та, жаудай жат та. Ынтыға есейген, торыға тоқыраған, дерттен қайта ашынған ақын Қараойды бiрде қайта құтайған құтқа баласа, бiрде елi ауып кеткен сары жұрттың төрiнде төңкерiлiп жатқан қара шаңыраққа ұқсатады. Көзi көмiлiп қалған бұлақ, бастаулар тiлi байланған шежiредей ыммен сыр шертсе, сансыз жылдың дауылына, жауынына шыдаған тамырлы өсiмдiктер көзi тiрi куәдай сыбдырлайды. Алғашқысы, мың бiр түндi жатқа бiлетiн харидi еске түсiрсе, соңғысы тұлымы қырқылған тұл сұлудың қайта шыққан шашын елестетедi. Екеуi де мәңгiлiкпен сырласқан, ұғысқан, баян табысқан жардай, басы жұмыр пенденi бiрде аяп, бiрде табалап, бәдiктей айналдырады.

Әуеде ұшқан қызғыш, «екеумiздiң тағдырымыз бiр» дегендей, қанатымен бәйек болады. – Байғұс-ау, саған не болған? Шайың және суып қалды ғой, – дедi Әуес. Махамбет үй жанында ұзатар қыздай ұзақ тұрып қалғанын ендi ғана байқады. «Ау, шынында да, маған не көрiндi?» дейдi дегбiрсiзденiп, көргенiне қызығады, көргенiнен шошиды. Денесiнде қызу бар ма, қалай? Елiрмесi бар баладай боп тұр. Миының түкпiрi шыңылдап, құлағы жартастай жаңғырыға ма, немене? «Қой, үйге кiрейiн», – дейдi Махамбет. Шәркез сиқыр елестерден құтылғанша асығады. («Сырлы наз», «Жазушы» баспасы, 1977 ж. 7-8 беттер). Ал бұдан ары не болды дейсiз ғой. Күткен Ықыласы келдi. Қасында бiраз кiсiлер бар. Қазақтың қашан да тiлi ұзын, сөзi орамды. Ықылас та, қасындағы Жаңаберген де Махамбеттiң түсiн жылыта, көңiлiн жадырата алдай, арбай келдi. Жылдар бойы қалыптасқан әдетi бойынша мығым отырған батырдың белiн шештiрiп, қара қанжарды өзiнен аулақ керегеге iлдiрдi. Қомағай ауыздарымен ас iшiстi. Иә, ең соңында Махамбеттiң басын кесiп әкеттi. Бiр жайдан ойлайсың, жер қайыстырған қалың қолды бастаған батырдың өлiмi осынша неге тез болды? Авторды жазғырғың да келедi. Бiрақ мәселенiң түбiне бойлап, ойлап қарасаң бұл ешбiр ымыраға, қолмен түзетуге келмейтiн өмiр философиясы екен. Махамбеттiң өлiмi Ықылас бастап келген баскесерлердiң iсi емес, батырдың бүкiл ғұмырлық мiндетiм деп қараған негiзгi қам-қаракетi мен сол кездегi тарихи жағдайдың үндес келмеуiнiң нәтижесi екен. Соншама қысқа әңгiмеде ешбiр артық сөзсiз, артық баяндаусыз, күздiң бiр күнiнде болған оқиғаны қаз-қалпында бейнелей отырып, осыншама үлкен сұраққа жауап беру қас шебердiң ғана қолынан келмек. Әңгiменi оқығанда бiр үтiрi не артық, не кем қойылыпты деп кiнә таға алмайтынымыз жазушының шығармада дәлдiктi сақтаудан жаза баспай қатаң реализмнiң үдесiнен шығуынан десек жаңылыс емес. Мұндай шыншылдық, қатаң реалистiк суреткерлiк, терең астарлылық Тәкен Әлiмқұловтың басқа да әңгiмелерiне тән. Мысалы, «Көк қаршығаны» алайық. Мұнда да әйгiлi ақын-композитор, атақты серi, ел сүйкiмдiсi Ақанның қартайған шағындағы бiр оқиға баяндалады. Мiне, базыналық жасаймын деген төренiң қолынан көк қаршыға мерт болды. Бiр кездегi Көкжендет пен Құлагердiң қайғысындай қайғы басқан жоқ серiнi. Тек «Төреқараға қор болған, қайран елiм-ай» деп көзiне жас алды. Көк қаршығаның өлiмiн өз халқының басындағы ауыр халге балады. Ақан солай деп айтқандықтан емес, әңгiменiң бүкiл динамикасы бiздi осындай қортындыға алып келдi. Әне, Сайын Мұратбековтың соңғы кезде жазған «Бiреу» атты әңгiмесiнiң кейiпкерi өз бастығына бiр жағыну үшiн, ебiл-себiлi шығып жүрiп ақырында мерт болды. Ал Әбiш Кекiлбаевтың «Керек адам» атты әңгiмесiндегi Ержанов та сондай шектен тыс ездiктiң, жағымпаздықтың

құрбаны. Бұл тiкелей ажалға ұшырамаса да өзiне жақын дос Сәрсенов үшiн адамдық қасиеттен бiржола ажыраған адам. Сәрсеновтың оған ешқашан бұрынғыдай жадырап қарай алмасы анық, аңқылдақ ақ көңiлiн ешқашан айқара аша алмасы хақ. Ержановтың ендiгi тiрлiктегi түр-түсi Сәрсеновке үңiрейiп қалған көр аузындай ғана болып көрiнбек. Жалғыз Сәрсенов үшiн емес, оның сыр-сипатын танып, бажайлап үлгерген айналасындағы жөнi түзу, тұнығы таза барша жұртшылық үшiн де Ержанов бiржола өлген адам. Ал оқушының осындай кесiмдi пiкiрге бiрден келе алатыны жоғарыда аталған Т.Әлiмқұлов әңгiмелерiндегiдей бұл шығармалардың да мүлтiксiз динамикалық дамуы осындай қортындыны миыңа шегелеп тұрып қадайды. Ағаштан түйiн түйетiн, қара тасқа жан бiтiретiн хас шебердей кейiпкер психологиясын, оның бiр кезеңдегi нақтылы әрекеттерiн таза аршып алу әрбiр суреткердiң негiзгi нысанасы. «Әлгiнде гүрсiлдеп мылтық атылған кезде дүркiресе үркiп төменге құзға қарай алыстай ұшқандарын көзi шалып қалған. «Түгел ұшып кетiптi-ау. Қап. Бiр-екеуiн түсiрiп алғанда болып едi, тым семiз екен өздерi», – дедi өкiнiп», – Әлiбек Дәстеновичтiң таңдайын бiр қаққызам ба дегенде... Көңiлi құлазып сала бердi. Сонан кейiн ғана өз жәйiн ойлаған. «Әлгiндегi өз мылтығым-ау атылған. Құдай сақтап аман қалғанымды, қарашы» – деп қойды күңкiлдеп. Орнынан жайлап тұра берiп едi сол қолы мен сол жақ саны дуылдап ұйығандай боп бүкiл өне-бойын жайсыз бiр дiрiл билей жөнелдi. Басы айналып, көзi қарауытып бұлдырап кеттi. «Шынымен-ақ өзiмдi-өзiм атып алғам ба?» – деген үрей келгенде есiнен танып қайта құлап қала жаздады («Таңдамалы», «Жазушы» баспасы, 1981 ж., 453-бет) – деп жазады С.Мұратбеков аталмыш әңгiмесiнде. Иә, Әлiбек Дәстенович мұның дастарханының басында отырып, тiл үйiрер тәттi тағамға, жұртқа естiрте бiр тамсанса бұл кейiпкердiң екi арманының бiрi, екi емес-ау, өмiрдегi жалғыз арманының өзi орындалатындай. өз бойындағы қайрат-жiгерге сенбейтiн, не оны басқа бiреудiң аузына жалтақтап жоғалтқан, шындық үшiн тайталасып, оны күреспен жеңiп алудың орнына жел соққан жаққа қаңбақша домалай берiп, өз басын да, өзгесiн де жоғалтқан кейiпкердiң бет-пiшiнiн, адамдық сиқын сол Әлiбек Дәстеновичке жайылатын дастархан қамы үшiн кекiлiк атып жүрген шағын бейнелеу арқылы қапысыз, қатесiз, жеткiзген. Ездiк мейлi қай адамның басына орнасын азын-аулақ ерекшелiктерiмен қабат ортақ нышандары да болмай қоймайды. С.Мұратбеков пен Ә.Кекiлбаевтың үндес, тақырыптас осы әңгiмелерiндегi бас кейiпкерлердiң де кеудесiндегi кейбiр жылтырақ сезiмдер шаңдақ көшеде қатар жатқан қос әйнектiң бетiндегi сәулеге ұқсайды. Бiрақ ол сүйсiндiрмейдi, жиiркендiредi, бетiңдi, көзiңдi көлегейлеп, терiс қарауға мәжбүр етедi. Бұл ұқсастық екi жазушының бiрiн-бiрi қайталауынан емес, екi жолмен барып, өмiр қалтарысында, тереңiнде жатқан шынайы шындықтың дәл төбесiнен түсуiнен.

Осындай ұқсастықтың кейбiр нышандарын Әбiш Кекiлбаевтың «Шеткерi үй» және Мағзом Сүндетовтiң «Шайтан базар» атты повестерiнен де табуға болады. Ол қандай нышандар? Бiр қарағанға ол нышандардың қатарына аталмыш екi шығармада өмiрiнiң қан базары таусылған, дәуренi озып, күнi еңкейген жандардың жан-дүниесiнiң суреттелуiн ғана жатқызуға болатын сияқты. Ал шындығында екi повестi туыстырып тұрған басты ұқсастық Ә.Кекiлбаев пен М.Сүндетов осы шығармаларды жазуда қастерлеп, қадiр тұтқан адамгершiлiк пен тәрiк еткен мағнасыз, серпiлiссiз, құлықсыз тiрлiкте жатыр. Мiне, Әбiш Кекiлбаев повесiнде «қаланың тау жақ шетiндегi қаңылтыр шатырын әлдеқашан тот басып күңгiрттенiп кеткен» бiр қарағай үйде әлдекiмнiң көлеңкесiндей болып, күн өткiзген жанның бүкiл тарихы баяндалады. Мұның бәрi «Зулап өтiп жатқан уақыт-ай», ендi бiрде «Қайран күндер-ай» десеңшi деп, дәмiл-дәмiл күрсiнiп отыратын сол адамның өз еске алуы арқылы берiлген. «Тас көшенi тық-тық шертiп бара жатқан қос өкшенiң дыбысына елтiп келе жатып, алдыңыздағы ақ балтырлардың көзiңiзден қалай бiр-бiр ұшқанын байқамай да қаларсыз» дейдi автор өз кейiпкерлерiнiң сыпаты жөнiнде. Бiрақ бұл оның жиырма-жиырма бес жыл бұрынғы қалпы едi. Ал қазiр ол жоғарыдағы сөздердi айтып күрсiнiп отыратын қария адам. Иә, Зуһра о баста кiм едi? Ол қаладағы ауқатты саудагер Қара Махмұттың қызы. «Қара Махмұт қол ағаштай дөң мұрнының астында мұрт емес, шалғы орақ қыстырып қойғандай, едiрейген өткiр кiсi едi. Алушының сұрағына жығылмай, оны өзiнiң айтқанына көндiрiп үйреткен өктем мiнез саудагер күнi-түнi дүкенiнен шықпаса да, айтқаны орындалып жататын. Сауда-саттық көшесiнiң талай қалтаманы Сiбiрге «Қозы құйрық теруге» кеткенде де, ол тырп етпедi. Қайта қаладағы азын-аулақ дүкендердiң үстiнен қарайтын азынаулақ бастықтардың бiрi болып алды. Оның сырын басқа түгiлi қыздары да бiлмейдi. Әйтеуiр, ас үй, қора-қопсыны жайлайтын қызметшiлерден естiмiстерi: баяғыда оқып жүргенде әкелерi қол ұшын берген бiр қара таяқ бүгiнде үлкен қызметте деседi». («Құсқанаты», «Жазушы» баспасы, 1978 жыл, 179-бет). Мiне, Зуһраның тiршiлiк ерекшелiгiндегi көп белгiлер әкенiң осы сыпатынан бастау алады. Жоқ, Зуһра да сол әке жолын қуып, саудасаттықты диiрмен тасындай айналдырған адам болып шықты деп ойламаңыз. Ол «әйел жолы жiңiшке» деген ескiлiктi мақалға жан-тәнiмен бой ұрды. Өйтуiне, әкесiнiң төңiрегiнде болып жатқан жағдайлар ғана емес, шешесi де себепкер: «Ақар-шақар шыңдардың етегiндегi кiшкене қаланың орысы мен қазағы, ұйғыры мен татары, дүңгенi мен қырғызы бiрдей iш тартатын Қара Махмұттың шүңiрек көз, пiсте мұрын, шанаш бет кiшкене кемпiрi: «қара шалым мен үш қызым аман тұрса, талай жақсының төрiнде талтаңдармынау» – дептi деп ел айтушы едi. Марқұм көрiпкел екен. Айтқаны келдi де қойды. Үлкен қызы Зұбаржат шешесiнiң төркiнi татарларға бұйырды, одан кiшi Зұлхия әкесiнiң нағашысы ұйғырларға келiн болды, ал Қара Махмұт

отырған қара шаңырақтың түй иесiмiз деп кеу-кеулейтiн қайқы төс қазақтардың салымы осы Зуһраға түсiптi». (Сонда, 177-бет.) Бұл жерде жазушы кейiпкер психологиясы мен қам-қарекетiн дәл бейнелеу үшiн ең бiр қажеттi детальдарды қатесiз iрiктеу арқылы мынаны аңғартады. Осындай ортада өскен, осындай адамдардың уағызымен сусындаған Зуһра әйел адам өзi талпынып ұшпаққа жете алмақ емес, бәрi өзiң қосылған қосағыңмен байланысты деген қағиданы өмiрлiк нысана тұтады. Күрес жолы бұл үшiн қара тұман, ол қара тұманнан бiр нәрсенi ажыратсам деген мұнда талпыныс та жоқ. Бақытына қарай, әлде сорына қарай ма, әйтеуiр аса сұлу болып жаратылған Зуһраның осындай еңiс жолмен тез төмен сырғуына бiр жайдан табиғаттың өзi де қосымша жағдай жасағандай. Бiрақ табиғат оған бiрден қатыгездiк еткен жоқ, мұның еншiсiне Жәнiбек атты тамаша жiгiттi де жiбердi. Алайда, алғашқы сынақтың өзi-ақ Зуһра тағдырының күл-паршасын шығарды. Соғыс басталып, Жәнiбек майданда мерт болысымен-ақ Зуһра бойындағы әке-шеше уағызынан қалған нышандар мұны алып жейтiн жемiр құртқа айналды. Бiрте-бiрте құрдымға батырды. Тал қармауға да талпынысы жоқ, үлкен ағынның бетiнде қалқыған ағаш жаңқасындай кете барды. өмiр ағынының құбылмалы, толқымалы келетiнi де бар, Зуһраны кейде жайдақ жағалауларға айдап шығарған, кейде суы тұнық қойнауларға да әкелген де күндер болды. Бiрақ тал бойында мiн қандай жоқ болса, тағдыр тәлкегiне қарсы жұмсар күш-қайрат та сондай жоқ ол осынау сирек келетiн жақсы күндер мен қолайлы жағдайларды өз қажетiне жаратып қалуды ойламады да, ойламады да деу артықтау да шығар бәлкiм, олардың сондай жақсы күндер мен қолайлы жағдай екенiн тануға өресi жетпедi. Мақаламыздың тақырыбы кейбiр әңгiмелер мен повестерде әрбiр штрих характер сипатына қарай қаншалықты дәлдiкпен пайдаланылатыны төңiрегiнде екенiн ескере отырып, бұл жерде жоғарыда келтiрiлген Зуһраның әкесi мен шешесi жөнiндегi үзiндiлерге қайта соғар едiк. Ә.Кекiлбаев Зуһра бойындағы осындай дәрменсiздiктердi көзге шұқып көрсетпейдi, оның қайнар көзi әке мен шеше сипатындағы кейбiр белгiлердiң астарында жатқанын оқушының өзi мөлшерлеуiне саңлау ашып отырады. Жазушы шеберлiгiн де шығарманың осы қырынан танимыз. Әке бiр кезде өзi қол ұшын берген бiр «қара таяқтың» арқасында дүрiлдесе, шеше сол шалы мен үш сұлу қызы аман болса талай жақсылардың төрiнде талтаңдайтынын айтады. Бұл олардың өмiрлiк кредосы. Ал сол жақсылыққа жетудiң өз бетiнше табуға болатын басқа жолы бар деп бұлар бiлмейдi. Бәрi бiреудiң арқасында. Мiне, ана сүтiмен сiңген осы ұғымдар бара-бара Зуһра өмiрiнiң ең бiр трагедиялық жақтарын ашып бередi. Ең ақыры қартайып, дүниеден аттанар шағында да қасында ешкiм болмай, жаны шыққан кеудесi иесiз үйде төрт-бес күн жатып қалады. Ал Мағзом Сүндетовтiң «Шайтан базар» повесiнiң кейiпкерi Дүйсен қарт бүкiл рухани, сезiм дүниесiмен Ә.Кекiлбаев бейнелеген Зуһраға мүлдем қарама-қарсы жан. Бұл керiсiнше барлық ләззәттi өзiнiң күнделiктi қам-

қарекетiнен табады. Аспаннан ырыс жауғанын күтiп отырмайды, әлдебiреу кеп төбесiне бақ орнатып кетер-ау деп те ойламайды. Мұның түсiнiгiнше өмiр өзiнiң барлық заңдылығын сақтап дамып келедi. Бiр кезде завод жұмысшысы болып iстеген Дүйсекең қазiргi демалысқа шыққан шағында кiшкентай бөбектерге арнап, ағаштан ойып, ойыншық жасап, онысын базарға апарып сатуды ғана ермек етедi. Дүйсеннiң бұрынырақ заводта iстеп жүргенде оның қалай еңбек еткенiн автор оқушыға ескертпейдi, бiрақ қарттың бүгiнгi тiрлiгiне қарап отырып, оның қатарынан кейiн қалмағанын, қайта әрдайым озық жүргенiн пайымдайсың. Шалдың бүгiнгi күнiнде қызығарлық ештеме жоқ. Кемпiрi қайтыс болған, жалғыз немересi Майраға қарап қалған жайы бар. Алайда, шалдың ашық аспандай таза көңiлi, дос-жаранға оң пейiлi осы қалыптағы бейнесiн де оқушының көз алдында жоғары көтерiп тастайды. Жасаған ойыншықтарын ол қымбатқа сатпайды. Ретi келген адамға тегiн де бере салады. өмiрдегi жақсылық пен жамандық барлық, жоқтықпен өлшенбейдi, адамның бiр-бiрiне көрсеткен ылтипат нарқымен сипатталады. М.Сүндетов повесiнде осындай ойды бiлдiретiн сөйлемдер жоқ, тек Дүйсен қарттың мүгедек жiгiт, көп баланың әкесi Қатимен, өз замандасы Мұқан қартпен, немересi Майрамен қысқа-қысқа баяндалатын арақатынасымен аңғартып отырады. Бұл жерде деталь iрiктеудегi дәлдiк қосымша анықтама беру сияқты шығарманың нарқын төмендететiн әрекеттерден құтқара алатынын көремiз.

  • * Мақаламызды одан әрi жалғастыра отырып, осы бағыт, осы тұрғыда тағы да бiраз повесть, әңгiмелер хақында өз пiкiрiмiздi ортаға салмақпыз. Әрбiр шығармада белгiлi бiр дәрежедегi шеберлiктiң болуы, оқиғаны қалай құбылтса да барлық штрихтар кейiпкер психологиясы мен оны қоршаған орта ыңғайынан туындап отыруы, яғни суреттеудегi дәлдiктiң қамтамасыз етiлуi қажет екенi баршаға ортақ ереже ғой. Жалпы жазушылар ортасында, сыни, ғылыми еңбектерде «әдебиетке келдi» деген ұғым бар. Оны адамына қарай ма, әлде жазғанына қарай ма, әркiм әркiмнiң әдебиетке келу кезеңiн әрқилы бағалап жатады. Көбiне олар бұл кезеңдi жазушының алғашқы шығармасының жарыққа шығуымен байланыстырады. Дұрысында жазушының әдебиетке келуiн алғашқы еңбегiмен емес, белгiлi бiр дәрежеде көркемдiк шеберлiктi меңгеруiмен белгiлеген дұрыс-ау деймiз. Егер, осы тұрғыдан алсақ белгiлi бiраз кiтаптардың авторы жазушы Бек Тоғысбаевтың әдебиетке келуi оның бұдан отыз жылдай бұрын жазылған «Аққу көлi» атты әңгiмесiмен тұстастырар едiк. (Бұл әңгiме кейбiр басылымдарда «Шал мен көл» деп те аталған). «Шымшықтың тұмсығындай» қысқа әңгiменi осыншама уақыттан кейiн еске алуымыздың өзi де жайдан жай емес шығар. өз басым творчествосымен жақсы таныс Б.Тоғысбаевтың жазу мәнерiндегi негiзгi ерекшелiктер осы әңгiмеден бастау алған деп ойлаймын. Мысал ретiнде

жазушының кейiн дүниеге келтiрген «Намыс», «Үмiт», «Шалғайда» атты повестерiн оқып көрiңiзшi. Оқиғаны беруде ең қажет детальдарды ғана iрiктеп алуға күш салып, артық баяндаудан, өз кейiпкерлерiнiң әрекетiне «комментарий» беруден бойды аулақ ұстау сияқты жазушы талпынысы бұл шығармаларда молырақ нәтиже берген. Әсiресе, «Намыс» атты повестегi колхоз председателi Нұрбайдың төңiрегiндегi оқиғалардан осыны аңғарамыз. Кешiрiңiз, бiз бұл повестердi талқыламақ емеспiз. Әңгiме «Аққу көлi» жайында. Бұл әңгiме жайында аты әлемге әйгiлi Шыңғыс Айтматов бiр кезде былай деп жазыпты: «Жас прозаиктiң кiтабындағы «Аққу көлi» атты әңгiмесi маған ұнады. Автор өтеғали қарттың тағдыры мен табиғатқа деген iңкәр сезiмiн әсерлi баяндапты. Елуiншi жылдардың екiншi жартысында айналамызды қоршаған ортаны қорғау проблемасы қазiргiдей күрделi емес едi, әйткенмен жас жазушы осынау тақырыпты сезiмталдықпен таба бiлген де, өз сөзiн айта алған». Әңгiменiң айтпақ идеясына елiктеп, бiз өз тақырыбымыздан ауытқымақ емеспiз. Әңгiме шеберлiк жайында ғой. Мiне, руль ұстаған аудан басшыларының бiрi малшы ауылына келе жатып, айналасын құрақ басқан көлдi көредi. Қаптаған үйрек. Әрi аққудың әсем әуенiн де естидi. Айдын бетiнде жүзiп жүрген сол аққудың қосақтасқан екеуiн және көредi. Ештемемен жұмысы жоқ бұл неме машинада жатқан мылтығымен үйрек атады. «Суылдаған дыбысты естiп, жоғары қарасам екi аққу көлдi бiр айналып, манағы келген жағына қарай тура тартып барады екен. Аппақ қанаттарының күнге шағылысқаны болмаса манағыдай сұңқылдаған жоқ. Байқасам көл бетiнде қыбыр еткен құс қалмапты. Тұнық су менiң мағнасыз әрекетiмдi жақтырмағандай тұнжырай түсiп, қоңырқай қабақпен шығарып салды». Бұдан әрi қарт өтеғали шыға келiп, бұл кiсiнiң өзi қатты қорып жүрген көлден аққуды үркiткенiне қатты күйiнедi. Байқаса мұның төтенше себебi бар екен. Алматыда консерваторияда оқып жүрген, бишiлiк өнерi бар жалғыз қызы мұны сол астанаға барғанда Чайковскийдiң «Аққу көлi» балетiне апарып көрсетiп, қарттың кәрi жанын мәз-мейрам етедi. Сондағы аққу биiн көргелi мұның да көкейiне бiр мазасыздық енедi. өз қызының сол сахнадағы өнер иелерiндей құрметке бөленуiн ғана емес, он саусағынан күмiс күй төгiлген домбырашы қарт осы аудан басшысының ақыл салуымен сол аққу биiн қос iшектiң үнi арқылы беруге талпынады. Әңгiме осымен аяқталады. Былай қарасаң ұзақ оқиға. Ал осыны жазушы айтып ауыз жарымайтындай үш-төрт бетке ғана сыйғызған. Оның сыры неде? Әрине, жазушының ең қажеттi штрихтердi, детальдарды ғана iрiктеп ала бiлуiңде. Дәл табылған деталь ол көп мағна бередi, үлкен мазмұнға ие болады. Шығарманың ерекше құндылығы да осы тектес қасиеттерiнен құралады.

Жазушы осы әдiстi бұл әңгiмеден отыз жылға жуық уақыттан соң жазылған, әлi сиясы да кеуiп үлгермеген «От пен күл» повесiнде де («От пен күл», «Жазушы» баспасы, 1984 жыл) пайдаланған. Егер сырт қарасаңыз бұл повестiң алған ауқымы тiптен кең жатыр. 1921 жылы Iленiң Балқашқа құятын тұсындағы «Қамау» деген жердi мекен еткен атақты Әкiмбек болыстың үкiмi әлi де болса жүрiп тұр. Ақ бандылардың әрекетi тоқталмаған, оларға қарсы күрестiң де ең бiр қызған шағы... От пен суға түсiп жүрген қым-қиғаш адам тағдырлары. Егер сырт бажайласақ, бұл кем дегенде қалыңдығы екi елiге жуық романға азық боларлық өмiр құбылыстары. Ал Бек Тоғысбаев оның бәрiн пышақ қырындай ғана жұп-жұқа повеске сиғызған. Қалай дейсiз ғой. Әрине, әрбiр өмiр жағдаяттарына мың түрлi қырынан қарауға болады. Б.Тоғысбаев соның қақ жарған ұтымды өзегiн таба бiлген. Мiне, ақ бандылар әр жерде бүлiншiлiк ұйымдастырып, әрi бой жасырып жүр. «Географпыз», «геологпыз» деген желеумен келген Ғұбайдулла, Сергеев, тағы басқа бiр-екi адам ақ бандылар «көсемдерiнiң» бiрi Анахиндi ұстап, қайтып келе жатыр. Жолай қарсы беттен үш атты адам шығып, бұларды көргесiн алдарына өңгерген бiрдемесiн тастай қашады. Ғұбайдулла мен Сергеев келiп қараса олардың тастай қашқаны сол Әкiмбектiң жалшылығында көп жыл жүрген Тұрсын атты кедей жiгiттiң Тұрымтай атты әдемi қарындасы екен. Аузы тығындалған, қолы байлаулы, өзiн кiмдердiң әкеле жатқанын бiлмейдi де. Себебi, олар да бет-ауыздарын таңып алған. Бұл жерде қатты қиналған жас сұлу Тұрымтай Ғұбайдулла мен Сергеевке де сенбейдi. Алайда, бұл екеуi ұстамдылық жасап, мәселенiң түбiне жетедi. Бiр кезде өздерiне көнбей кеткен кедей қызы Тұрымтайды тоқалдыққа ал, не қорла деп iнiсi Көбендi жұмсап отырған Әкiмбек екен. Ғұбайдулла мен Сергеев қастарына серiктерiн ертiп, iз кесiп, алдымен Тұрсындiкiне соғып, сосын Әкiмбектiң үйiне келсе ақ көбiгi шығып тұрған ерттеулi аттарды көредi. Әкiмбек пен Көбен қанша жалтарғанмен осы аттар мойын бұрғызбайтын дәлел болып шығады. Оларды мойындаттырады. Мұның бәрiн актiлеп, Ғұбайдулла мен Сергеев Тұрсындiкiне қайтып келедi. Мiне, осы қауырт оқиғалар үстiнде кейiпкерлер образы бiрте-бiрте ашылып отырады. Тарамыстай ширатылған, берiк сюжет құра алмайтын кейбiреулер осы жағдаяттарды көрсетемiз деп ұзақ сонар суреттеулер мен баяндауларға ұрынып, негiзгi оқиғаны солардың тасасында қалдырар едi. Жазушы шеберлiгi мына тұста әсiресе айқын көрiнедi. Әкiмбек пен Көбен өздерiн актiлеп кеткесiн қарап жатпайды. Ол актi өкiмет орындарына түссе өздерiнiң оңбайтынын бiледi. Тез ұйымдастырудың арқасында уезд орталығы Қапал жаққа аттанған Ғұбайдулла мен Сергеевтiң алдынан Қасқырбай бастаған жырыңды топтың қарсы шығуын қамтамасыз етедi. Қасқырбай Совет өкiметiн өтiрiк жақтаған болып жүрген «комсомол белсендiсi» едi. Бұлар Iленiң бойында «Жиделi»

атты мекендегi «Шағырай» мұз айдынының үстiнде кездеседi. Ғұбайдулла мен Сергеевтiң аттары тағасыз, мұздың үстiмен аттарын жетектеп жаяу келе жатқан. Ал Қасқырбай бастаған топтың астында өңкей тағалы аттар. Бiр кезде Сергеев Қасқырбаймен бiрге қызмет iстеген екен, оған сенгесiн де ме, бұлар сәл қамсыз қалады. Тап күресiнiң ең бiр қызған шағында олар аянсын ба? Қасқырбайлар Сергеевтердi өлтiрiп, өртеп, мұз астына жiберiп, iздерiн сыпырып, өшiрiп кетедi. Одан әрiде повесть оқиғасы тiптен қоюлайды. Қасқырбай адамның жанын алуда өзiнiң ескi әдiсiнен танбайды. Ол сәл кейiнiрек Тұрымтайдың ағасы Тұрсынды да қой сияқтандырып, iстiкке шаншып, отқа үйтiп өлтiредi. Мiне, тап күресiндегi ымырасыздық осындай ауыр трагедиялық жағдайларды тудырады. Б.Тоғысбаев қазақ даласындағы революция жалғасын көрсету үшiн тау-тау кеннен иненiң жасуындай ұсақ алтын түйiршектерiн iздестiрген қажымас жұмыскердей өзiне ең қажет штрихтердi тауып, шығарма композициясын сол арқылы құрған. Сосын да ол ұзақ сонар баяндаулардың, түсiнiктемелердiң қажеттiгiнен құтылған. Сюжеттiк желi әртүрлi болады, бiрi аз сөзбен көп өмiрдiң қыртысын ашуға септiгiн тигiзедi, ендi бiрi көп сөзбен аз нәрсенi ғана аңғартуға мүмкiндiк бередi. Б.Тоғысбаев бұлардың алғашқысын таңдаған. Соңғы кезде бiрер сында Б.Тоғысбаевтiң осы «От пен күл» повесiнде бұрынғы революция тақырыбына жазылған шығармаларды қайталаушылық бар деген кiнә тағылды. Бiз бұл кiнәнi растай алмаймыз, себебi, Б.Тоғысбаев өз повесiнде өзгеше сүрлеу тартып, сол кездiң қым-қуыт құбылыстарына тың қырынан қарағаны көрер көзге ап-айқын. Оны жоғарыда бiз келтiрген деталь, штрихтардан да түйсiнуге болады. Повесте бiз байқаған бiр кемшiлiк автордың ара-тұра натурализмге ұрынатындығы дер едiк. Ал ендi бiр қаламгер, бұл да сан кiтаптың авторы – Қалдарбек Найманбаевтың жазушы ретiндегi өсу жолы түп-түзу, үнемi сәттi бола бердi дей алмаймыз. Бұрындар бiраз кiтаптарын оқырман жұртшылық, жасыратыны жоқ, әрқилы қарсы алды. Баспасөз бетiнде қатал үкiм айтып, шоқпар жұмсаған, айбын көрсеткен сыншылар да болды. Бiз ол сындарды жоққа шығарып, Қалдарбектiң бұрын-соңғы жазғандарын тегiс ақтап алмақ та емеспiз. Тек оның әдебиетке келу жолының Бек Тоғысбаевтың қадамдарына қарағанда әлдеқайда күрделi болғанын еске салмақшымыз. өмiрдегi адамдар әртүрлi. Баспасөз бетiнен бiр ауыз сын естiген кейбiр авторлардың екi көзi қанға толып, iшкенi iрiң, жегенi желiм болып, «қас пен досын» ажыратып, жылдар бойы сандалсоқтап жүргенiне өзiмiз куәмiз. Қалдарбек өйткен жоқ. өзiне айтылған қатаң сынға да, ара-тұра қолпаштау сөздерге де бiрдей салқынқандылықпен қарай бiлдi. Бұл оның сөз жоқ, табиғатында жазушылық қабiлет бар екендiгiнiң белгiсi. Сондықтан да ол жазу өнерiн бiр күндiк iсi ғана емес, бүкiл өмiрiн арнайтын шаруасы деп бiлiп, мақтағанда тасынып, даттағанға қарсы таяқ әзiрлеу сияқты арзан тiрлiк, пендешiлiкке жiгерiн сарп етудi ойламады.

Көлемдi повесть – «Көкем екеумiз» Қалдарбектiң жасындағы жазушылардың соқпай өте алмайтын тақырыбына, соғыстан кейiнгi ауыл өмiрiне, майданнан қайтқан кем-кетiктердiң, жесiр әйелдердiң, кемпiршалдардың сол бiр қиын кезге лайық жанкештi тiрлiгiне арналған. Повесть оқиғасында пәлендей үлкен жаңалық жоқ. Бiрақ солай екен деп кекiрiне қою да лайықсыз. Сабырлы баяндаудың желiсiне түсiп, бiрге аяңдайсың. «Бiз Сырдария деп аталатын үлкен станцияның жанындағы жүдеулеу қыстақта тұрыппыз. Ағайын-туғанның да асып бара жатқан түгi жоқ, қатынқалашқа қарап қалған төрт-бес үй екен. Бiр бiлетiнiм – ауылдағы қарайғанның бәрi мақташы. Иықтарында бiр-бiр кетпен. Таң атпай кетiп, түн қараңғылығында бiр-ақ оралады. Мақта терiм кезiндегi қарбаласты тiптi сұрамаңыз. Үлкен-кiшi түгел күн-түн демейдi. Тәулiк бойы сабылып жүргендерi» деп жазады автор повесiнiң алғашқы беттерiнiң бiрiнде. Сол кезге тән жүдеу тiрлiк көрiнiсi. Тоғыз жасар Нұртас (повесть осы баланың атынан баяндалады) өз шешесiнiң (оны апам деп атайды) тыным таптырмайтын, алқын-жұлқын еңбегiне аянышпен қарайды. Әке соғыс кезiнде өлген. Жесiр шеше бiр баланың жалғыз сүйенерi де, аяры да. Оның қабағына сәл кiрбiң түссе бұл жүрегiне ауыр алады. Жас бала тiптi қатты торығады да. Мiне, қараңыз. Бұл үйге балдағын тарсылдатып бөгде бiреу кiрдi. Жай жүрген бiреу деп, алғашында оған немқұрайды қараған бала бара-бара бiр сұмдықтың шетпұшпағын сезе бастайды. Байқаса бұл Нұртасқа әке орнына әке болмақшы екен. Нұртас оны қалай қабылдасын. Жан-тәнiмен қарсы болады. Мiне осы қарсылықты көрсетуде Қалдарбек бiраз ұтымды штрихтердi iрiктей бiлген. Балдақты Құрманның жат семьяға кiруi, баланың оған бiрте-бiрте бауыр басуы табиғи түрде берiлгендiктен, автордың айтып отырғанына риясыз сенесiң. Бала көңлiн жаулау ол қиын iс. Құрман оған әлдеқалай бiр айлакерлiкпен жеткен жоқ. Оның бар бiлгенi (бiр аяғының жоқтығына қарамастан ол мұраб болып iстейтiн) елiм-телiм боп үнемi колхоз жұмысында жүретiн. Көбiне ол қасына Нұртасты ертетiн. Оның адал еңбекке ғана көңiл-хошы бар, басқа еш қитұрқы әрекетке ары бармайтын адам екенiне бөгде бiреудiң көмегiнсiз, өз түйсiнуiмен жеттi. Мiне, осы процеске повесте көп орын берiлген. «Қазiргi кей қыз жиырма бесiнде «жаспын» деп көстеңдеуден тайынбайды. Бүгiнгi қалыпқа қарағанда о кездер апам тiптен жас екен-ау. Бар-жоғы он тоғыздар шамасында болса керек» деп жазады автор. Бұл Нұртастың әкесiнен қаралы қағаз келген кезде. Иә, он тоғыз жасар жесiр әйел, Нұртасын арқалап өсiрiп келе жатыр. Ал Құрманның бұл үйге кiргенi Нұртастың тоғыз жасында. Сонда шамасы анасы ол кезде жиырма бес пен отыздың арасында болса керек. Ал повесте суреттелiп отырған Жаңылдың (Нұртастың шешесiнiң) қам-қарекетi, психологиясы оны бүгiнгi қырықелулердегi сары қарын әйелдерге қатты ұқсатады. Бұл үшiн де жазушыны кiнәлай алмаймыз. Соғыс зардабы, қабырғаны қайыстырған ауыр еңбек, қайғылы хал – Жаңылды ерте есейткен. Ол баласы Нұртастың да, балдақты

жары Құрманның да қабағына қарайды. Екеуiнiң арасында достық нышаны байқалған сайын арманына жетуге екi-ақ елi қалғандай қуанышқа бөленедi. Кейiн екi қабат болып, босану үстiнде қайғылы қазаға ұшыраған сәтте де Жаңылдың сол бiр сәттерi көз алдымызда қоса көлбеңдеп, оның жарлы өмiрiнiң сан түрлi тарауларын ойша шоласың. Алайда, повестiң басты желiсi Нұртас пен балдақты әке Құрманның арасындағы қатынасқа құрылған. Мұраб Құрман кемтарлығына қарамай колхоз шаруасы үшiн жанын сала еңбек етедi. Қ.Найманбаев суреттеп отырған оңтүстiк аудандар үшiн судың қадiрi ерекше. Бiз оны повестегi суреттеулерден ұғамыз. Мына бiр екi абзацты келтiре кетейiкшi. «Сiзге өтiрiк, маған шын, бiздiң ауылдың аптабына, әсiресе, шiлдеде шыдау қиын. Күн ұясынан көтерiлсе болды, төңiрек түгел өртенiп шыға келедi. Сол өрт күн еңкейгенше бiр басылмайды. Ал, түс әлетiндегiнi тiптi қоя бер. Үйден жалаң аяқ шықсаң, шоқ басқандай боласың (о кезде жаз бойы жалаңақ жүретiнбiз), сәл жүрсең төбеңнен ыстық су құйып жiбергендей, ащы терге малынып шыға келесiң. Ондайда көз ашудың өзi қазабат, ал, айналаға қарасаң, бәрi аппақ, арықтың жағасындағы таздың шашындай селдiреген ағаштар да аппақ. Жоқ, айтып жеткiзу мүмкiн емес». «Бiздiң жақта жер бетiне қылтиып шыққан көк бiткен су болмаса iлезде қурап кетедi. Ал, қоза дегенiмiз әлгi көк бiткеннiң еркетотайы. Шөлдеуiк болғанда қоя берiңiз. Уақтысында қанып алмаса қап-қара боп түтiгiп шыға келедi. Ендi қайтсiн, жаздағы аптап жанын қоярға жер таптырмайды. Амал жоқ, әр мақташы арықтағы суды шелектеп өлшеуге әзiр. Әйтпесе, көктемнен бергi бейнеттiң бәрi босқа кетедi». Иә, су, су. Осындай сусамыр жер жағдайын бүгiнгi күнiмiзге арналған «Керiмсалдан кейiн» атты триптихты оқып отырғанда да түйсiнемiз. Ал, соғыс, не соғыстан кейiнгi кезеңдегi су жағдайы бiз сөз еткен шығармада суреттелгендей тiптi қиын екенi даусыз. Ал Құрман өз жұмысының ел жағдайы үшiн қандай маңызы барын жақсы түсiнедi. Нұртастың өмiр бойы есiнде қалған – Құрманның су ұрлаған Дайрабаймен төбелесi, арықты су жырып кеткенде оны топырақ, шыммен бекiте алмағасын өз кеудесiмен барып бөгесiн жасауы – повестiң ең шұрайлы беттерi арналған оқиғалар. Сол кездегi шаруашылықтар Құрман сияқты адамдардың жалғыз аяғына сүйенiп тұрған екен ғой деген ойға тағы бiр оралып соғасың. Нұртастың шешесi өлдi. Бiрақ Құрманның өзiн Нұртаспен жалғастырып тұрған буын үзiлгенмен оған деген көңiлi сол күйiнде екен. Ол өз туған баласындай етiп, Нұртасты оқыттырады, үйлендiредi. Ақыры Құрманның өзi қаза болғанда Нұртас басындағы азалы халдiң түп-төркiнiн түгел түйсiнген күйде тұрамыз. Құрман бейнесiн жасауда автор адам мен адам арасындағы қатынастың қандай жарқылға ие болатынын, адамдағы риясыздықтың, қалтқысыздықтың қандай биiкке көтерiле алатынын көрсетудi мақсат тұтқан сияқты. Ол мақсат орындалған. Соғыс деген ол бiздiң халқымыздың басына түскен ауыр сын болды. Оны үлкен де, кiшi де бәрi де көтердi. Соның барысында нелер бiр

адам асылдары жарқырап көрiндi. (Ол бiзге тарихтан да, әдебиеттен де белгiлi). Соның бiрi Құрман. Повесте Нұртастың қаладан алған келiншегi Әлима, оның шешесi профессор образдары да бар. Бiрақ олардың бәрi Құрман бейнесiнiң тасасында қалады. Шығарманың негiзгi жүгiн көтерiп тұрған осы Құрман, сушы Құрман, сусамыр жерге су жеткiзу үшiн жанын пида еткен Құрман, Нұртастың адам болып қалыптасуы үшiн бар өмiрiн арнаған Құрман. Ал шығарма кемшiлiксiз болмайды, сол кемшiлiктерi бар ма дегенге бiз iркiлместен бар деп жауап берер едiк. Бiрiншiден, повесть оқиғасы Нұртас өмiрiнiң хронологиясына ұқсатылып берiлген. Мұны ұтымды әдiс дей алмаймыз. Бұл повестiң құрылымын шымыр етуге кедергi жасап баққан. Әр тұсынан байқалатын босандықтар соның кесiрiнен туған. Екiншi бiр байқалған жәйт диалогтардың шамадан тыс көптiгi. Екi кейiпкер жолықса жазушы кей жағдайда солардың арасындағы болған әңгiменi қаз-қалпында түгел беруге тырысатын сияқты. Кейбiреулерiн автор баяндау арқылы жеткiзiп, ең түйiндiлерiн ғана келтiрсе повестiң мазмұндылығы артар едi. Құрманға ұқсас кейiпкердi бiз Қ.Найманбаевтың «Түнгi жол» повесiнен де кездестiремiз. Бұл да бiр аяғынан айрылған, балдақпен жүредi, аты Мейрам. Майданнан қайтқандағы мүгедек халiне қарамастан соғыстың қақап тұрған күндерiнде тылдағы ел өмiрiнiң ең бiр ауырын көтергiсi келедi. Солай iстейдi де. Бiрақ бұл жасаған ерлiк Құрман ерлiгiнен басқашарақ жағдайда өтедi. Ақкентте Октябрь мейрамында жалау етiп iлу үшiн Алматыдан екi тай қызыл сәтен әкелуге тым асығыс аттандырылған Мейрамның ойда жоқта ерлiк жасауына тура келедi. Алматыдан алар сәтенiн алып, қайтуға келгенде ол поезға мiне алмайды. Мерекеге бiр-ақ күн қалған. Уақыт өте тығыз едi. Не iстеу керек? Қолында балдақ. Арқасында екi қап ауыр жүк – сәтен. Ол осы қалпымен-ақ жүк поезының бiр вагонына тәуекелге барып, қарғып мiнедi. Артынша-ақ осы вагонға қайдан шыққаны белгiсiз бiр қарақшы, ұрылар да мiнедi. Ұрылар мен Мейрам арасында ауызша сөзбен шайқас басталады. Ұрылар өз «жемтiгiн» жеуге асықпайды. Ақкенттен ары өтiп, Тастыға барамын деген Мейрамның сөзiне сенiп қалады олар. Бiрақ Ақкентке тоқтай бере Мейрам күтпеген ерлiк жасап, ұрылардың бәрiн патрульдiң қолына түсiредi. Осы оқиға үстiнде, әрi Мейрамның еске түсiрулерi арқылы берiлген Алматыға бара жатқанда кездескен жолаушы шалға көрсеткен адамгершiлiгiнен бас кейiпкердiң абзал жүрегiн танимыз. Ол кез келген сәтте тұншықтыра салуы мүмкiн ұрылармен оңаша жел азынаған суық вагонда отырғанмен батыста қан майданда болып жатқан сұрапыл соғысты ойлайды, арқасындағы екi қапшық сәтендi қайтсем де уақтылы апарсам екен деп армандайды. Ұрыларды суреттеуге келгенде Қ.Найманбаев бiраз шеберлiк танытады. Олар осынау ауыр күндерде қара бастың қамын ойлап, бiреудiң үйiне түсiп, бiреудi өлтiрiп, тағы сондай алаяқтықпен күн көрiп жүргендер. Оларға оқырман соншама жиiркенiшпен қарайды. Ешқайсысының есiмiн бiлмейтiн Мейрамның көз алдында олардың әрқайсысы өз мiнез, өз сөз мәнерiмен даралана түседi.

Жазушының бiр әнтек кеткен жерi Мейрамды осы вагон iшiнде тым ержүрек етiп жiбергендiгi ме деймiз. Кей жағдайда жалғыз Мейрам батыл сөйлеймiн деп, көп қарақшының шабына өзi тиетiн сияқты. Тағы жоғарыда келтiрiлген «Көкем екеумiздегiдей» мұнда да басы артық диалог сөздер кездесiп қалады екен. Бұл Қалдарбек Найманбаевтың бiраз шығармаларына тән кемшiлiк. Мысалы, «Беймезгiл қонақ» повесiнен де осыны аңғардық. Бұл соңғы шығарма бүгiнгi күнiмiзге арналған. «Беймезгiл қонақтағы» замана серiсi Жомарт Жорабековичтiң бейнесi оқушыны елiктiрмей қоймайды. Жып-жып етiп, майға сұққан қасықтай ойнап тұрған ол тап өмiрдiң өзiнен ойып алынған кейiпкерге ұқсайды. Жүрiс-тұрысы, iстеген әрекеттерiнде де бiр жаңсақтық жоқ. Ұсақ-түйек қателiк дегендерiң мұндай адамдардың басында болмайды. Тек бiр үлкен қателiк қана – бүкiл өмiрлiк позициясында жүредi. Содан барып қана бiр тосқауыл табады. Ескiше айтқанда «құласа нардан құлайтынның» өзi. Оқуға түсе алмай, аз ғана уақыт көңiл-күйi бей-жай болып қалған жас қыз Әсияны айлакерлiкпен қолға түсiрген институт мұғалiмi, бүгiнгi күннiң майталманы Жомарт Жорабекович бәрiн дұрыс-ақ iстеген сияқты едi. Ол Әсияны қолына мықтап түсiрiп, тiптi оған үйленiп алғанмен табанының астынан топырақ сусып бара жатқанын сезедi. Есейiңкiреп, алды-артын байқастай бастаған Әсия өз жүрегiне жақын тұрған Нұржанды жолықтырады. Майталман деп отырған Жомарт Жорабековичтiң сондағы түрiн көрсеңiзшi. Бұдан бұрынырақ тауды қопарып жiберетiндей көрiнген оның бейшаралық қалпына жаның қалай да ашиды. Адам уақыт алдында ғана дәрменсiз екен. Жер ортаға кеп қалған Жомарт Жорабековичтiң басындағы трагедияны осыдан көремiз. Бұл повесте редакторлық қысқарту, түзетуден бе, жоқ автордың өз жаңсақтығынан кеткен бе, әйтеуiр оқыс қателiктердi де көрдiк. Мысалы, шығарманың ең бастапқы және ең соңғы абзацтарын түсiне алмай қойдық. Тағы осында аттары аталған, бiрақ повестiң өнебойында кездеспеген Нұртас, Үрия дегендер кiмдер екенi де белгiсiз. Жалпы Қ.Найманбаевтың тiлi жеңiл, оқушысын тартып отырады. Адамды елең еткiзетiн ұтымды табиғат суреттерi де аз емес. «Тау жақтан қанжардай жалаңдаған ызғар соғып тұр. Сонау құзардан төнiп кеп қалған қалың нөпiр де қаһарына мiнген тәрiздi, көз жетер айналаның көп тұсы әлден тасаланып қапты. Әлгiнде ғана аттап бассаң аткөпiр боп жатқан әлсiз жапырақтар ықтасын iздеп жөңкiп жүр. Жол соқты болған көнетоз вагондар қыстан қалған қиқы-жиқы шөмеледен аумайды, кiрпiгiне iлiнiп әзер тұрған сияқты». «Түнгi жол» повесiнен алынған осы үзiндi жазушының тiл шеберлiгiнен бiраз хабар бередi. Ал композициялық құрылым, сюжет, диалог жөнiнде жазушының әлi де бiраз iздене түскенiн қалар едiк. Дулат Исабековтың бiраз шығармалары ара-тұра сыналғанмен негiзiнде жақсы аталып жүр. Алайда жақсы аталу бар да, талқыға алынған шығарманың шын мәнiнде жақсы болуы бар. өнер дүниесiнде кереғар пiкiрлер кездесе бередi дегенмен де әдiл пiкiр бiрде болмаса бiрде үстемдiк

алып, жасыл туын жайнатпай қоймайды. Алайда, Дулат шығармаларына қара қылды қақ жарар әдiл төрелiктi бiз ғана бере аламыз деп, артық абыройға да дәмеленгiмiз жоқ. Кезiнде «Сүйекшi», «Тiршiлiк» повестерiне берiлген бiрқыдыру жақсы пiкiрлер айтушылармен де жағаласпақ ойымыз жоқ. Тек оның бергенiнен берерi көп екенiн ескере отырып, жақсылығы болған күнде де ол өз игiлiгi ғой, ол ешқайда қашпайды деген оймен, мақаламыздың тақырыбы деталь iрiктеуге байланысты кейбiр өзiмiз байқаған Дулатқа тән олқылықтарды айтпақпыз. Бұл олқылықтар әсiресе Дулаттың бұрын «Жалын» альманағында жарияланып, кейiн «Қарашаңырақ» атты көлемдi жинағына енген «Кеш туған жұлдыз» повесiнде көп жинақталған екен. Кәне осы повеске талдау жасап көрелiк. Ерлi-зайыпты жастар Ермекбай мен Кәмшат тату-тәттi өмiр сүрiп жүргенде колхоз бастығы Бектемiрдiң (бұл бойдақ) Кәмшатқа көңiлi ауады. Мұны байқаған Бектемiрдiң бiрнеше байға тиiп шыққан ысқаяқ қарындасы Әсилә Кәмшатты ағасына қосып, Ермекбайды өзiне тартып алу үшiн отасқанына бiраз жыл ғана болған екеуiнiң арасына от тастайды. Бектемiрдiң атынан Кәмшатқа хат жазады. Бiр жайдан Кәмшаттың өзi де Бектемiрге «кет әрi» емес. Ақырында өз көңiлiн саудаға салып, басы мәңгiрген Кәмшат күйеуi Ермекбайға өзiне Бектемiрдiң хат жазғанын айтып салады. Бiрақ мансап аңсаған Ермекбай бастығы Бектемiрге қарсы бара алмай, шектен тыс намыссыздық көрсетедi. Мiне оның осы намыссыздығына өртенген Кәмшат Ермекбайдан кетiп қалады. Кейiн Ермекбайдың Әсилаға үйленгенiн естидi. Оқиға осы, ал оқып отырғанда көңiлге оралатын пiкiрлер мынадай: Ең алдымен оқиғаның негiзгi түйiнi Кәмшат баладай аңқау болып көрiнедi. Иә, өмiрде аңқау адамдар баршылық, бiрақ аңқаулық шегiнен әрi өтiп кетiп, iс-қимылына басқалар тұрмақ өзi есеп бере алмайтын, жаны, жүйкесi, тiптi дұрыс ақыл-есi жоқ сияқты көрiнген кейiпкерлердi қалай түсiнемiз? Жә, оны да қоя тұралық. Кәмшат өз күйеуi Ермекбайды жақсы көре тұрып, Бектемiрге қалайша «кет әрi» бола алмады. Мүмкiн Ермекбай үйренiскен жары болғанымен де шын жүрек қалауына сай келген Бектемiр шығар. Олай болса автордың қаламына жыр шерткiзiп, төгiлтiп жазатыны осы түс едi ғой. Неге одан тартыншақтап, бұл жайын жете ашпай қойғанын түсiне алмаймыз. Ал Ермекбай повестiң үштен екiсiн оқып болғанша еңбек сүйгiш, жақсы жар, адал жiгiт ретiнде көрiнiп келiп, тап өз әйелi Камшаттың Бектемiрге көңiлi ауғаны айқын болған тұстан бастап қана оның бойындағы терiс қылықтар, шектен тыс мансапқорлығы байқала бастайды. Мұны автор Кәмшаттың Бектемiрге көңiлi ауғандығын ақтау үшiн ғана iстеп отыр деп оқушының ойлап қалуы әбден ықтимал. Демек, Ермекбайдың бейнесiн күрт құбылтып жiбермей, түу бастан оның өзiндiк ерекшелiктерiн даралап көрсете беру керек едi. Мұндағы ең солғын шыққан Бектемiр образы. Мұның да басқа әйел жетпегендей қоластындағы Ермекбайдың әйелiне көз тiгуiн ақтай алмайсың. Жарайды ақтамай-ақ қоялық. Мүмкiн оны автордың өзi де ақтағысы келмейтiн шығар. Алайда, ол қалайда адам, оның Кәмшатқа елiккен көңiлiн

оқушының көргiсi келедi. Бiрақ ол жоқ, автор бұл солай деп қана оқушыны хабардар етiп кетедi. Бiр жайдан автор оны әсiрелеп, ұнамды кейiпкер ретiнде көрсетпек болғанға ұқсайды. Басқасын былай қойғанда Кәмшаттың «Кеш туған жұлдызы» осы ғой. Осы қасиетiн айқынырақ көрсетейiн деген оймен бұл тiркестi повеске атау етiптi. Ал Әсилаға келетiн болсақ бұл жөнiнде де автордың тапқан жаңалығы шамалы. Тап осы тақiлеттес кейiпкерлердi талай кiтаптан кездестiремiз. Тағы повесте өмiрде бола қоюы екiталай кейбiр оқыс көрiнiстер де байқалады. өзiн Бектемiрден қызғана қоймаған күйеуi Ермекбайдың намыссыздығына күйiнген Кәмшат үйден жүгiре шығып, Бектемiрдiң үйiне бара бергенде ашық терезеден сол Бектемiрдiң Әсилаға ұрсып тұрғанын естидi: «Ағаңнан ұялсаң еттi. Бiр тумасақ та нағашы ағаңмын ғой. Айтсам оны ұнатқанымды айттым, көндiрiп бер дедiм бе саған? Бекер араласқансың, ұят емес пе бұл. Менде де тiл бар ғой, – деп Бектемiр жиен қарындасына ұрсып тұр». Демек, Бектемiр Әсиланың жалған хат жазып, Кәмшат пен Ермекбайдың арасына от тастағаны үшiн ұрсып тұр. Ал Кәмшаттың ол үйге келгенде дәл осы сөздердi естiп қалуын табиғи деп айту қиын. «Мың бiр түннiң», немесе басқа да бiр ертегiнiң оқиғасына ұқсап кетедi. Әсиланың iшкi арам ойына Кәмшаттың көзiн жеткiзу үшiн басқа бiр сенiмдiрек штрихтар табу керек едi. Д.Исабековтың осы повесiн оқи бастағанда оқиғасынан кейбiр логикалық қайшылықтарды көрiп, автор әлдеқандай ой айтуға тырысып, характерлер әрекетiн солай қарай әдейiлеп, тартқылап тұр ма деп қаласың. Бiрақ аяғына жеткенде бiреудiң екiншiге көзқарасын, жасаған қиянатын құр баяндап шыққаннан басқа ештеме таба алмадық. Бұл жөнiнде бiз Дулатқа тым тайыз қалқымай, үлкен әлеуметтiк оқиғаларға, ойларға қарай талпынғаның жөн дер едiк. Бiздiң прозамызда әлi күнге дейiн қалмай келе жатқан бiр дағды шығарманың өн бойында осындай жалаң баяндаулармен бiрге бiр кейiпкердi сүттен ақ, судан таза етiп, алақанда аялап әлпештеймiз де, екiншi бiр кейiпкердi жата жамандап, оның басына төкпеген қоқсығымыз қалмайды. Әрине, бұл бүгiнгi қазақ әдебиетi үшiн ескiрiп, күнi озған тәсiл. Алайда мұны әлi де жиi көремiз. Мырзабек Дүйсенов талай прозалық шығармаларын жарыққа шығарған танымал автор. Алайда «Ант» атты повестер жинағын оқып шығып, талай кiтапты дүниеге әкелiп, саусақтары сартап болған автордың жазғаны осы ма деп, қатты қиналдық. Жинақ үш повестен тұрады. Мұның iшiндегi көлемдiсi «Ана мен бала» атты повесть. Ең алдымен осыған тоқталайық. Повесть жас ана Сәбираның шектен тыс мейiрбандылығын көрсетуге арналған. Автор бұл ретте пәлендей жаңалық ашудан аулақ, тiптi ондай аттыға талпынысын да көре алмаймыз. Әйтеуiр сылбыр оқиғалар тiзбегiн құрып, Сәбираның жақсы қасиеттерiн тiзбектеп көрсетудiң қамын жасап баққан.

Сәбира өзiнен тумаса да жас бала Бодашқа барлық аналық мейiрiмiн төгедi. Алғашқыда Бодаштың әкесiне қосылып, кейiн одан ажырап кеткесiн де, шын аналық мейiрiмдi сезген бала туған әкесiне бармай Сәбираның қолында қалып қояды. Мiне, осы сюжеттi автор Сәбираның адамшылық бейнесiн ашу үшiн пайдаланған. Алайда, шығарманы оқып отырсаңыз, бұл көркем туындыдан гөрi жалаң мақтау сөзге көбiрек ұқсап кетедi. Бұл әрине сенiмдi детальдардың аздығынан, тiптi өте аздығынан. Адамда қандай жақсы қасиет болуы мүмкiн болса, соның бәрi Сәбираның бiр басына үйiлiптөгiлген. Әрине, өмiрде мұндай адамдар бар да шығар, бiрақ көркем шығарма болғасын кейiпкердiң iшкi жан-дүниесiне тереңiрек үңiлiп, өзiндiк ерекшелiктерiн жан-жақты ашу керек-ақ едi. Ал мына повесте Сәбира ойы, мiнезi, психологиясы бар адам емес, алтынмен апталып, күмiспен күптелген жалтырауық жансыз мүсiн сияқты. Сәбираға қарама-қарсы қойылған кейiпкер Зәлу. Бұл көршi тұратын әйел. Ал мұның бойына керiсiнше, барлық жамандық атаулыны үймелете берген. Сәбираны күндеп, оны сыртынан өсек тарататын да Зәлу, баласын жөндеп тәрбиелемей, бұзақы қылып өсiрген де Зәлу, күйеуiне «сен қашан министр боласың» деп тыныштық бермейтiн де Зәлу, ең ақыры баласын емтиханнан құлатқан институт мұғалiмiне пара ұсынатын да Зәлу. Тағы басқа, Зәлу iстеген терiс қылықтар қаншама десеңiзшi. Мұндай керектi, керексiз штрихтарды санап тауысу мүмкiн емес. Шығарманың өне бойында осылай. Зәлудiң жылт еткен жарқын жүзiн көре алмайсың. Қашан болса да iшi-тысы арамдық пен жамандыққа толы жүредi. Сәбираны соншама сүттен ақ, судан таза етiп, ал Зәлуге қара бояуды соншама баттастырып жағудан автор ешнәрсе ұтпаған. Сондай-ақ, бұлардың балалары да (Беркiн мен Бодаш) жақсы, жаман қасиеттерiмен бiр-бiрiне қарама-қарсы қойылған. Мысалы, Сәбираның баласы Беркiн жақсы болып көрiнедi де, Зәлудiң баласы Бодаш қылмыс жасап, түрмеге түседi. Бұл да автор емеурiнiнен байқалатындай Сәбираның жақсы тәрбие берiп, Зәлудiң тәрбие бере алмауынан екен. Апырау, екi әйелдi осыншама бiр-бiрiне қарама-қарсы қоймаса қайтер едi? Жақсылықтың да бiр олқы жағы, жамандықтың да аракiдiк бiр игi нышаны болатынын автордың сезiнбеуi таңырқарлық жай. Жақсы мен жаманның төңiрегiнде жоғарыда айтқан пiкiрлерiмiздi қайталап жатудың қажетi жоқ, тек аталмыш шығармада бұл хақында табиғилықтың қарасын көре алмағанымызға қынжылғанымызды ғана ортаға салмақпыз. Келесi «Ант», «Қалыңдық» повестерiнде де автор осы шеңбер құрсауын бұзып шыға алмаған, бұлар да өмiрде болуы ықтимал оқиғалардың жеңiл тiзбегiнен тұрады. Бiраз повестер мен әңгiмелердiң авторы Мұхтар Мағауин творчествосы да ешбiр жалтақтаусыз сын тезiне алынуын қажет етедi. Кезiнде «Жалын» альманағында жарық көрген, кейiн «Бiр атаның балалары» атты жинағына енген «Қара қыз» атты повесiнен өзiмiз оқыған М.Мағауин шығармаларына бiр жайдан ортақ деуге болатын кемшiлiктердi көремiз.

«Қара қыз» повесi басы буырыл тартқан ғалымның бүгiнгi өмiрi мен өткен жастық шағын көрсетуге арналады. Оқиға жас келiншектiң алыс қаладағы күйеуiне жазған хатынан басталады. Жарты бет хатты оқып шыққанша неше қабат сүрiнесiң. Бiр жолы екiншi жолына кезмайыс келiп, әрi сөз саптауы жазып отырған жас келiншек емес, басқа бiреу болды ғой дегендей күдiктi ойда қаласың. Одан ары басы бурыл тартқан ғалымның бiр емес, неше еркектi алып жерлiк қауқары бар тайқардай әйелiмен салғыласуы берiлген. Автордың әр адамға тән сөйлеу тәсiлi болатынын ескермеуi, әрi сөйлем құрудағы салдыр-салақтық негiзiнде диалогтан тұратын осы бөлiмдi олақ аудармаға ұқсатады. Жә, оны қоя тұралық. Осы диалогтарды оқығанды адамның жиiркенетiнi қалай? Бұл жер ортаға келген ғылым адамы мен оның әйелi арасындағы әңгiме едi ғой. Мысал келтiрейiк (бiрiншi сөз әйелiнiкi): «– ... жылағың келедi. – Иә. Дәп солай. Бiрақ сенiң не үшiн жылағың келетiнiн бiлем. Сен ләззат әлемiнiң есiгiн алғаш ашқан шағынды, бура сан, арыс кеуде ашына жiгiттерiңдi аңсап жылағың келетiн болар. Ал мен... – Сен әбден бұзылған кiсiсiң. Қайдағы жоқты ойлап табасың да, адамға тыныштық бермейсiң. өзiң де... – Ал, мен болсам... – Сен де менiң қолыма тап-таза күйiңде жеткен жоқсың! Мен бiр күйеуден шықсам, сен бiр әйел тастаған болатынсың. – Апыр-ай, қоя тұршы ендi! – Сенiң әйелiң ауылдың жаман қаратабан қызы едi, ал менiң күйеуiм дөй деген қызметкер болатын. – Сенiң әйелiң жиырмада болса, менiң күйеуiм одан үш есе үлкен – тура алпыста едi деудi ұмытпа. Бұл да артықшылық. – Ну... Мәселе кiсiсiнде ғой. – Кiсi танығыштығында қапы жоқ сенiң. Күйеуiңмен айрылысуыңа себеп болған, әлгi он сегiз жасар Эрик деген бала да тамаша жiгiт едi-ау. Жаңылмасам, сол сабаз кейiн көшеде әлдекiмдердi тонап, түрмеге кеттi ғой деймiн». Мүмкiн бұл жерде ғалым жас кезiнде жiберген қателiктерiнiң зардабын шегiп отырған шығар. Ол қандай қателiктер екен? Бұдан ары профессор Атаханов Бексейiттiң жастық шағын еске түсiрулерi кетедi. Ендiгi оқиға былай: Бексейiт жас кезiнде ауылға демалысқа барғанда айдалада тезек терiп жүрген «он екiде бiр гүлi ашылмаған» жас қызды жолықтырып, табанда зорлайды. Сосын масқарасын шығарған қызды ауыл жаққа жiберiп, өзi артынан келедi. Қыздың аты Айгүл. Айгүл жетiм екен. Оны келген бетiнде дойыр мiнездi жеңгесi жерден алып, жерге салып жатқанда сол жерде Бексейтпен бiрге шофер жiгiт пайда бола кетедi. Ол да майға сұққан қасықтай жылпылдап тұрған бiреу екен. Қызды дереу сол жерде Бексейiтпен бiрге Алматыға аттандырып жiбередi.

Мiне ендi ойлап қараңызшы. Кейiпкер характерiне сиыспайтын деталь деген осындайдан шығады. Жаңа ғана соншама жырыңды көрiнген Бексейiт табан астында семья құрудың қамын ойлай қалыпты. Повестi оқып отырған оқушы мың жерден балталасаң да бұған сене алмайды. Адам бойындағы жырындылықтың табиғаты бөлек, таба бiлген адамға оның өз көрiнiстерi, өз дамуы бар. Егер Бексейiт қандай да бiр сыртқа күштердiң қысымымен, белгiлi бiр жағдаймен Айгүлге қосылуға мәжбүр болса, онда әңгiме басқа. Себебi, қандай да жырынды, айлакер адамдардың тас қабырғаға соғылғанда тез жуаси қалатыны табиғи ғой. Иә, сосын... Жас семья Алматыда бiреудiң пәтерiн жалдап тұрып жатады. Бексейiт аспирант едi. Стипендиясының жартысы пәтер ақыға кетедi. Әбден таршылық көредi. Бiрақ Айгүл оны-мұны жұмыс iстеп, тамақтық қаражат тауып отырады. Ақыры ол босанып қыз туады. Бексейiт болса күнi-түнi диссертациясын жазуда. Ақыры қорғайтын күн жеткенде, ол қорғай алмай қалады. Сосын ол көршiлерден қарыз ақша алып, Москваға кетедi. (Көрiнгеннiң кiрiн жуып, тамақтық ақшаны әрең тауып жүргендерге Москваға баруға жететiндей соншама ақшаны кiм қарызға бере қойды екен?) Онда қыс бойы болады. Оған өзi балалы Айгүл тырнақтап тауып, ақша жiберiп тұрады. Ақыры Бексейiт қайтып келiп, сәттi қорғайды. Айгүлдiң ауылдағы туысқандарынан алдырған ақшасына банкет өткiзедi. Апырау, ол аулында жеңгесiнен тепкi көрiп жүрген жетiм қыз емес пе едi? Тағы кiм оған банкетте көл-көсiр той жасауға ақша жiберiп жүрген? Ондай керек кезде, қысылғанда жәрдем беретiн, қолы ашық жомарт туысқандары болса олар бұрынырақ неге ескертiлмеген? Реалистiк шығармада қатаң өмiр шындығы осындай ұсақ жәйттерден тұратынын ескерсек мұның өзi көзге бадырайып тұрған үлкен мiн. Ойда жоқ жерде «анау сөйттi, мынау сөйттi» дегенге оқушы қауым илана қоя ма? Не жағдайдың да бiр негiзi, әрi оған оқырманды дайындап әкелу деген бар емес пе? Банкеттен қайтар жолда-ақ Бексейiт Айгүлден жери бастайды. «Алақаның ескi тулақтай, қолыңды алып, құттықтаған елден ұялдым» – дейдi. Мiне, детальдың дұрыс еместiгi тағы алдымыздан шықты. Тағы да автор кейiпкер психологиясынан ауытқып кетiп отыр. Жырынды, айлакер Бексейiт өз туысқандарынан қарыз ақша алып, банкеттiк ақша тауып берген, әрi автордың айтуынша талай уақыт бұл Москвада жүргенде жұрттың кiрқоңын жуып қаржы жiберiп тұрған Айгүлге тап жаңағы банкеттен қайтар жолда олай айтуы мүмкiн емес. Әрине, Айгүл Бексейiтке уақытша ғана керек болған шығар. Бiрақ соның өзiнде де Айгүлге уақытша көлгiрсiген бiр ылтипат көрсетуi заңды едi ғой. Бексейiт сынды адамға бұл өте тән. Еңғұрмаса сөйтiп алдаусыратуға тұрмайтындай Айгүл қанша айтқанмен ағаш емес, адам ғой. Осы шығармадағы тағы бiр үлкен мiн – Бексейiт кандидаттық диссертациясын Алматыда неге қорғай алмады, Москвада қалай қорғап келдi,

бұған не себеп, ол жайында автор жұмған аузын ашпайды. Әрi оның ғылми жұмысының нарқы қаншалық, ол жөнiнде де еш хабар жоқ. Ақыры Бексейiт жоғарыда өзi салғыласатын Гүлжиһанмен танысып, жүре бастайды. Мұны Айгүл байқайды. Ақыры қатты түңiлген Айгүл аулына кетiп қалды. Бексейiт сол жезөкше әйел Гүлжиһанға үйленедi. (Оның солай екенiн бiле тұрып, үйленуi қалай? Оның да мәнiсiн автор ашып-айырып жатпайды) Ал Айгүлдiң аулынан Бексейiтке келген бiр хаттан Айгүлдiң «рак матки» ауруынан қайтыс болғанын, ал туған баласының керең болып қалғанын бiлемiз. Мiне, оның қазiргi аю әйелiмен салғыласқаннан кейiн еске алғаны осы. Ендi осыдан не ұқтық? Бексейiт кiм боп көрiнедi бiзге, соған келейiк. Ең алдымен ол айдалада жолыққан қызға қиянат жасайды. Оның артынан ауылға келгенде жаңағы қызды тағы көредi. Сонда: «Бексейiт қызды осы тұрған орнында бас салып, кiсi аяғы әлi таптай қоймаған көк шалғын үстiне ұмар-жұмар аунатқысы келiп кеттi» дейдi автор. Егер Бексейiттiң ол қызға осыдан бiр сағат қана бұрын қиянат жасағанын ескерсек, мына сөйлемдi оқып бұл адам ба, жоқ тiлi салақтаған ит пе деп ойлап қалуға болады. Бексейiт жырынды екен деп, оны соншама құбыжық ете беруден автор ештеңе ұтпаған. Ал диссертация жазып жатқан кезiнде әйелiнiң бары-жоғын ұмытуын, тамақтық ақша табу үшiн мұрнынан шаншылып, жұмыс iстеп жүрген халiне көз қырын да салмауын Бексейiттiң ғылым жұмысына басы бүтiн берiлiп кетуiне байланысты деп түсiнген болайық. Себебi, автордың емеурiнi осылай. Ал Бексейiтте адамдық қасиет жоқтығын оның Айгүлден туған өз баласына деген қатынасынан көремiз. Мысал келтiрейiк: «Аядай шағын бөлменiң үшiншi тұрғыны – қауғабас қызылшақа нәрестенi Бексейiт өзiнiң жұмысына зиян тигiзетiн көп кеселдiң ең бастысы деп қана қабылдады». «Әйелде жазық жоғын, бар пәле мына бақырауық жұдырықтай сұмда екенiн аңдаған соң ашуын тежеп, қайта ұйықтауға тырысады». «Ал үйде заржақ қызылшақа пәлекет бар». «Басы репетейсiз үлкен, мойны қылдырықтай, шибұт, қамытаяқ». «Қоңқақ мұрын, мойыл көз жалпақ сары». «өзi кiмге тартқан» дейтiн Бексейiт еңбектей бастаған мазасыз бала қасына жуып кетсе тыжырынып. Саусағының ұшымен ғана өзiнен ысырып, ары кет деп ымдайтын. Асыра сiлтеудiң көкесiн осы сөйлемдерден де көремiз. Әрине, туған әкесi осылай болғасын табиғат өз дегенiн iстемей тұра ма? Баланың өскенде саңырау болып қалуына ең алдымен Бексейiт кiнәлi десек қателеспеймiз. Ал Бексейiттi адам ету үшiн жас ғұмырын құрбан еткен Айгүлдiң де жаман аурудан қаза табуына сол Бексейiт кiнәлi. Демек М.Мағауиннiң баяндауына қарағанда Бексейiт семьясын тастап, жезөкше әйел Гүлжиһанға үйленгенi үшiн ғана кiнәлi емес. Ол ең алдымен қылмысты адам болып отыр. Басқаша бағалау бұл жерде қиын. Иә, солай. Мүмкiн автор қанша асыра сiлтегенмен Бексейiт арқылы ғылми атақты бүркенiп, тұрмыстан азып жүрген кейбiр алаяқтардың бейнесiн беруге тырысқан шығар. Олай дейiн десек бұған кезмайыс келетiн тағы бiр жағдай

бар. Автор оны түу бастан шашын ақ қырау шалған ғылым адамы етiп көрсетiп, мұның өзiнен де атып кеткен жезөкше әйелi Гүлжиһанның арсыздығына күйiнген, оның алдында адамшылықты, адалдықты бар пейiлiмен қорғап сөйлесуге тырысқанын бейнелейдi. Сөйтiп, өзiнiң аю әйелiнен тауы шағылғасын, жәбiр көргесiн барып қана өзiнiң жұмыс кабинетiнде отырып, сонау жастық шағын, алғашқы уыз махаббатын еске алады. Алайда, оның «уыз махаббаты» мынадай екен. Демек бiз Бексейiттi қалай түсiнемiз? Алғашқы «уыз махаббатын» бағаламай опық жеген адам деуге де келмейдi. Себебi, ол Айгүл мен одан туған бала екеуiнiң де обалына қалған қылмыскер. Мүмкiн сол қылмысы үшiн сазайын тартқаны шығар. Олай да емес, себебi, автордың емеурiнiнен оны ақтамақ пиғылын танимыз, бұдан гөрi Гүлжиһанды қаралап, оның қасында Бексейiттi бiраз көтерiп тастамақ сияқты. Демек, М.Мағауин не жазып отырғаны жайында өзiне-өзi есеп бермейтiн сияқты. Повестiң басында бiр адам туралы баяндап, сол аттас екiншi адамға көшiп кеткен бе дерсiң. Қылмыстылар туралы да шығармалар жазылады, бiрақ олар ақталмайды, әшкереленедi, осы қалыпқа қалай жеттi, соның төркiнi iздестiрiледi. Алайда, бұл оларға қара бояуды үстемелетiп жаға беру деген сөз емес, ондай адамның психологиялық болмысының шеңберiн тым тарылтып та, тым кеңейтiп те жiбермей характер сипатын шынайы детальдар негiзiнде жасау керектiгiн ескертуiмiз ғана. Мысалы, бiз жоғарыда сөз еткен Ә.Кекiлбаев повесiндегi Зуһраны ешкiм де ұнамды, ал М.Сүндетов повесiндегi Дүйсен қартты ешкiм де ұнамсыз кейiпкер деп айта алмайды. Ал сол «ұнамсыз» Зуһраның мiнсiз көркiн, аласыз көңiлiн көрiп қызықтаймыз, ал «ұнамды» Дүйсен қарттың өз тұрғыласы Мұқанның үйiнде арақ iшiп жатып қалуы, базарға кеткен қызын сырттан торуылдауы сияқты терiс қылықтарына iшiмiз ашиды. Бiрақ бұған қарап, ол кейiпкерлер жөнiндегi көзқарасымыз өзгерiп кетпейдi, қайта олардың пендешiлiгiн, адамға тән әралуан кейпiн көрiп, жазушы қаламына сенiмiмiз артады. Ал М.Мағауин кейiпкерiнiң әр қиыр шеттен бiр қылаң беруi оны шынайылықтан жұрдай еткен. Осы повестегi Айгүл жөнiнде айтарымыз ол өте надан, көнбiс болып суреттелген. Мейлi алыстағы ауылда туып өскен қыз-ақ болсын, сонда да одан жылт еткен бiр жастық қасиеттiң, жiгердiң байқалмауы (Бексейiттен бiржола кетiп қалуынан басқа) тiптi жараспайды-ақ. Бүгiнгi бiздiң жастармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, орта ғасырдан келген жандай-ақ өте көк жасық. Ал повестiң жазылуындағы орашолақтық қаншама десеңшi. Ең алдымен тiлiндегi мәдениетсiздiк, логиканың жоқтығы көзге оқшау түседi. Мысал келтiрейiк: «Профессионал спортшының менеджерi сияқты» (Бұл ұғымды қазақтың төл сөзiмен беруге болар едi ғой).

«Ләззат... ләззат... ләззат... Жер үстiндегi ұжмақ. Қызығына адам баласы тiрiде тоя ма. Алайда, әрiптесiнiң (әрiптесi несi?) үнемi спорттық бабында болуын тiлейтiн Гүлжиһанның қатал талабы, соңғы кезде Бексейiттi қажыта бастады». «Келiсiмен-ақ жастық жiгер, жаңа күшпен өзiнiң зайыптық мiндетiн атқаруға кiрiсетiн-дi». Мiне, осы сөйлемдер аңқау оқушыларды матап ұстамақ ниетпен ғана жасалғаны көрiнiп тұр. Кейбiр беттерi олақ аудармаға ұқсайды. М.Мағауиннiң бұл «Қара қыз» атты повесi бүгiнгi проза жанрында етек алып отырған ең бiр жағымсыз көрiнiстердiң бiрiңдей қатты көңiлiмiздi қалдырды. Жұртқа белгiлi аксиоманы қайталасақ, шеберлiк адамға бiрден келмейдi. Шығармада әрбiр детальдың сұрыпталуы кейiпкер сыр-сипатын ең бiр табиғи жолмен аша алу iзденiс көкжиегiне, шабыт шарықтауына байланысты. Бүгiнгi орыс және дүниежүзiлiк әдебиеттiң озық үлгiлерi жазушылық шеберлiктiң шексiздiгiн танытып отыр. Әрi әрбiр ұрпақ өзiнше әдеби тәсiл, форма тауып, бұл жағынан техникалық ғылымдармен бiр жайдан жарысқа да түскендей. Алайда, тәсiл, форма қалай құбылса да оның бәрi өз заманымыздың, егер тарихи шығарма болса кешегi заман адамдарының характерiн, ой-арманын, психологиясын жан-жақты ашып, сомдап шығару, сол адамдар арқылы замана бет-бедерiн танытуға саяды. Әрине, алдына үлкен мақсат қоймайтын жазушы жоқ. Тек сол үлкен мақсат үдесiнен өз еңбегiнiң сапалық қуатымен шығу екiнiң бiрiнiң еншiсiне тие бермейдi. Сондықтан да бүгiнгi қазақ прозасының хал-ахуалы шеберлiк мәселесiнiң әлi де жиi көтерiлiп, нақтылы шығармалар төңiрегiнде әңгiме етiлуiн үстi-үстiне қалайтындай. Академик жазушымыз Ғабит Мүсiрепов проза туралы бiр сөзiнде былай деген екен: «...социалистiк реализм әдебиетiнiң идеялық және көркемдiк талаптарына ендi терең бойлайтын кезеңге шықтық. Ол талаптарды қалай меңгере алғандығымыз тақырып талғаудан бастап шындықтан алынған конфликт жасай алу, созымды сюжет құра бiлу, нанымды образ жасау, түсiнiгi дәл образды тiлдi меңгеру сияқты, қорыта келгенде шеберлiктi меңгеру мәселесiне тiреледi. Шеберлiк – бiздiң алдымызда тұрған бiрiншi мәселе». Иә, бiрiншi мәселе. Бiз де осы мәселенi көтере түсуге өз тарапымыздан бiр мысқалдай болса да үлес қосуға талпындық. 1984 жыл.

ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ ОЙЛАР1

Поэзия бiздiң ата-бабамыздан мирас сан-салалы өнер атаулының ең қастерлi түрi. Оған шаң қоңдырмай, дақ түсiрмей сақтап, бүгiнгi ақын жүректi, ақын жанды талаптыларымыздың қаламынан туған шумақтар тап солайша қастерлеуге лайық дәрежеде болуы қазiргi әдебиет жанкүйерлерi

үшiн ең көкейтестi мәселе. Егер алдыңғы толқын ағалар легiн сөз етер болсақ Қасым Аманжоловтың от-жалынды қуаты, Ғали Ормановтың терең лирикасы, Сырбай Мәуленовтың сырлы сазы талай ақындарымыздың жүрек жалынын лаулатып, поэзия биiгiне жетелеп келедi. Оларды ұстаз тұтқан, бүгiн өздерi де ұлттық поэзиямыздың көркiне айналған тамаша жыр кiтаптарын тудырған Тұманбай Молдағалиев, Әдiлбек Абайдiлданов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Тоқаш Бердияров, Жүсiп Қыдыров, Ғаббас Жұмабаев, Қастек Баянбаев, өтежан Нұрғалиев сынды қабiлеттi ақындарымыздың «қиыннан қиыстырылған» өлеңдерiндегi сонылық, ұтымды ой, ұшқыр сезiм өткелi мол, өресi биiк әдебиетiмiздiң айғағына жарайды. Жалғыз олар емес, жалпы лапылдап өскен кейiнгi жас ақындарымыздың творчествосы да әрi қуантады, сонымен бiрге әрi ойлантады да. Әдебиет өнерiне сын көзiмен қарау оны биiкке көтерудiң, шеберлiктi шыңдаудың басты шарттарының бiрi. КПСС Орталық Комитетiнiң «Әдеби-көркем сын туралы» қаулысы сын жанрының дамуына үлкен қарқын бердi. Бiз осы шағын мақаламызда бiр ғана мәселенi, атап айтқанда шеберлiк мәселесiне нақтылы мысалдар арқылы бiраз шолу жасамақпыз. Дәстүрлi жанрымыз деп поэзияны өзiмiздiң төл баламыздай көрiп, ол туралы асқақ сөйлеп, биiктен қараймыз ба, әйтеуiр бас қойып, iшiне, мәнiне үңiлудiң бiраз сиреп кеткенi айқын. Бiр жайдан сырты жылтыр, сылдырауық өлеңнiң суша сапырылып, кейде кемерiнен асып жатқанына себеп осы шығар. Тайпалған жорғаның жүрiсi қосаяқтаған шабыс емес. Қолына қамшы мен тiзгiн тиген шабаңдоз төрт аяқты жануардың жүрiстегi өнерiн емес, тезiрек жер ұтуын көздеп, басқа-көзге қамшылай берсе, ол жорғасын ғана ұмытпай жүрiстен де жаңылып, тарпаяқтап қалуы мүмкiн. Мұның қаншалықты дәл теңеу екенiн қайдам, тек айтпақ ойымыз, өлеңнiң жол санын көбейту үшiн төпелей беру шын ақынға лайық кәсiп емес. өлең ол ең алдымен өте нәзiк те құдiреттi өнер, инемен құдық қазғандай тереңнен табылатын өнер, темiрдей табандылық, үздiксiз iзденiс қана оның iнжумаржандарын уысқа түсiредi. Бақшада сайраған сандуғаштың үнiне құлақ тосып, оның сазында бiр сызат, жарықшақ байқалса, сонысы құлағымызды тесiп, сырт айналатынымыз бар. Ақын тiлiнен, сезiмiнен оқырман жұртшылық та солайша таза мiнсiздiктi, мөлдiрлiктi талап етедi. Сәл ақауы бiлiнсе тұла бойы тыжырынып, көңлiнiң сұлқ түсетiнi болады. Себебi, адам баласы, сонау ерте заманнан поэзияны мiнсiз күйiнде қабылдап үйренген. Майланбаған арбаның шиқылындай үннен жиренiп, оны ешқашан жүрегiмен қабылдамаған. Бiзде «Жазушы» баспасынан жылына поэзиялық талай кiтаптар шығады. Әрине, бұл партиямыз бен үкiметiмiздiң ең көне халық өнерiн заманымызға сай рухта дамыта беруге жасаған қамқорлығының нәтижесi. 1973 жылы жарық көрген Қ.Мырзалиевтiң «Көш», Т.Молдағалиевтiң «Жүрек ояу қашанда», Қастек Баянбаевтың «Ақ шағала» атты жинақтары поэзиямыздың соңғы табыстарынан саналады. Мысалы, Қастек жинағында

патриоттық сарынмен ұштасып жатқан лирика басым. Мысалы, «Қарауыл келдi» атты өлеңi А.С.Пушкиннiң дуэльге түсуiн суреттеуге арналған. Оқи бастасаңыз орыс халқы тарихының ең бiр қаралы бетi өзiнiң барлық сұмдық қалпымен көз алдыңда ашылғандай болады. ...Қос күймеден түстi-дағы төрт адам, Қарды кешiп кеп тоқтады бер таман. Сәл кеңесiп, Екi топқа бөлiндi, Арқан бойы қашықтық бар ортада. Ақын мұңды, Ақын бiрақ арқалы, Қаршығадай бiтiмi көз тартады. Келiстi екен бұйра шашы, Сақалы, Галстугi, Биiк қара қалпағы Құбылысы көркем құба жүзiнiң Аңғартқандай ауыр ойдың үзiгiн. Оның аппақ көгершiндей қолынан Көрiп қалдым тас қондырған жүзiгiн.

Өлең ортасынан ойып алынған осы екi-үш шумақтағы сурет сол қазаға тап өзiң ұшырағалы тұрғандай тұлабойыңды шымырлатады, әрi «намыс құлы» болып өлген ақынның осы шақтағы тұлғасы әрi аянышты, әрi өз заманының ұлы мұнарасындай биiк көрiнедi. «Батыр өлiмi» атты өлеңiнде Қастек мүлдем бөлек сарын тапқан. Романтикалық әуенмен жазылған жырлар оқушы көкiрегiнде асқақ сезiм тудырып, қияңға шақырса оның көздеген жерден шыққаны. «Батыр өлiмiндегi» бiр қасиет мұнда атой салып биiкке, ғарышқа шақыру жоқ. Жауын жеңiп, жаралы болып қайтқан батырдың ақырғы сапарға аттанар алдындағы халi өте нәзiк сезiмталдықпен берiледi. Ердiң де, ездiң де өлер шақтағы түрiн бiр-бiрiнен кейде ажырата алмайсың ғой. Кейде екеуiн де табиғаттың бiр қалыппен құйып, соңғы жан тыныстары бiр-бiрiнен аумауы мүмкiн. Алайда, осы жәйттi толғай отырып, ақын батыр өлiмiндегi бөлек сыпатты аңғартады. «Шындық пен өтiрiк туралы аңыз», «Ұйқасу» сияқты өлеңдерден Қастектiң азаматтық лирика бағытында мықтап төселгенiн көремiз. Бұрын бiрде балалар поэзиясымен, бiрде басқа салада еңбектенiп жүрген Қ.Баянбаев егер осы бiр жанрды тұрақты ұстаса бүгiнгi өнер жарысында үлесi аз болмайтынына сенiмiмiз мол. Бұрын бiрсыпыра поэзиялық кiтаптарымен жұртшылыққа танылған ақын Тiлеген Шопашевтың «Көңiл көктемi» атты кiтабына (1973 жыл) соңғы

кезде жазған туған ел, өскен жер жайындағы жырлары, көңiл-күй лирикалары енген. Кiтаптан байқалатын бiр ерекшелiк мұнда Тiлегеннiң өткендегi жинақтарынан көңiлiмiзге ұялаған бiр жылылықты аңғарамыз. Әрине, әрбiр жақсы өлең Абай атамыз айтқандай «Жүрекке жылы тиiп, жұп-жұмыр, айналасы тегiс келуге» тиiс. Алайда, Тiлеген өлеңдерiндегi жылылықтың өзiндiк құпиясы, астары бар. Кейде ақын болмашы зат, не құбылыс туралы өлең жолдарын қағазға түсiре отырып, оған жан бiтiредi, сонымен жалғас философиялық толғау төгiлдiредi. Осы кiтаптың беташары «Тас туралы жырды» оқып көрейiк. Ескi фольклорда, бүгiнгi жазба әдебиетте де қара тас қаталдықтың, ымыраға келмейтiн мейiрiмсiздiктiң бейнесi ретiнде алынып келген. Алайда, Тiлеген осы дәстүрдi былай қоя тұрып, табиғаттың жансыз бiр бөлшегi – қара тасқа басқаша көзбен, өткiр сезiмталдықпен қараған. Тiлегеннiң айтуынша, қара тас – ең алдымен табиғатты құрайтын берiк бөлшектердiң бiрi. Егер оны ұстаған қол, иемденген бас адал, ақын ойлы болса, ол адамзаттың керегiне молынан жарайтын зат. Бiле бiлсең, онда да тiрi жанға лайық қасиеттер бар. Кәне, осы ұзақ өлеңнiң алғашқы үш шумағын алып қарайық.

Тастарды ыстық келедi сүйгiм құшақтап, Жатыр ғой, әне, әдемi нарға ұсап қап. Теңеймiз неге мейiрiмсiздердi тасқа бiз Жүретiн ылғи өзгенiң жанын пышақтап. Қомсынар неге қораш деп оны басқалар, өмiрдiң оты тастан-ақ ылғи басталар. Опасыздар да сiлтесең егер басына Ондырмай тиер осы бiр тастан жасқанар Дүниеге о да қарайды сенiң өзiңдей Береке жанын күзетiп тұрған көз iлмей Тұнжырар кейде ол – қасiрет шегiп көңлiңе Қабағың түйiп, қатайып алған кезiңдей.

Ақын сөзiне амалсыз сенесiң. Қақаған қыстан соң, көктем айында күннiң күрт жылынып, жердiң тоңы жiбитiнi сияқты табиғаттың осы бiр қатты қарапайым бөлшегiне әлдебiр ынтаң, мейiрiмiң оянып, елжiрей қарай бастайсың. Әрине, адамның анасы табиғат, енесiнiң баурында ойнаған құлыншақтай адам кейде сол анасының қаперсiздiгiн, ауырлық пен қиянаттың қандайына болсын былқ етпес шексiз қажырлылық пен төзiмдiлiгiн, ең ақырында кешiрiмпаздығын пайдаланып, оған ожар, одағай көңiлмен үн қатып, айбат шегетiнi бар. Табиғаттың бiр бөлшегi қара тасқа да солай. Кетiптi рас жауыздыққа да құрал боп,

Бағасы бiрақ кемiр ме оның мұнан көп. Қараулар неге қару ғып тасты ұстар деп, Ойыма дәйiм орала берер сұрау көп. Бұл жерде ақын өлеңнiң мәнiн тосын жайға салып отыр. Осы шумақтан бiз бүгiнгi бейбiтшiлiк сүйгiш адамзат жүрегiнiң үнiн естiгендей боламыз. Өлеңнiң соңғы шумағында астарлы философиялық ой түйедi. Тастардың күшi толқында талай сыналған, Төмпештеп жатсақ тек қана ұшқын шығарған. Тағдырдың қатал тоқпағы тиген шағыңда Тастай боп қатып қалудың өзi бiр арман...

Жоқ, бұл саруайым емес, адамның бойындағы жасырын қуатты ояту. Кiтаптағы ең алғашқы ұзақ өлеңге осыншама тоқталуымызда мән бар. Бiз осы арқылы ақынның зор мүмкiндiгiн атап көрсеткiмiз келедi. Алайда, «Тас туралы жыр» жинақтағы көзiмiзге жылы ұшыраған бiрден-бiр ғана өлең емес. Онымен барабар, немесе жетеғабыл жырлар баршылық. Айталық «Такси мiнiп үйренгем жоқ жасымнан» атты өлеңде кешегi соғыс жылдарында «Москва мен Волга» арасын жаяу өткен майдангердiң бүгiнгi жiгерi, өмiрге деген құштарлығы сөз болады. өлеңнiң өнебойында Тiлегеннiң өзiне ғана тән толқымалы сезiм бар. Оқып шыққанда әлдене көкiрегiңдi тербеп қалады. Ақынның осындай сәттi өлеңдерiндегi бiр ерекшелiк, олардың тақырыбы көбiне-көп қарапайым болады да, оның есесiне терең астары, образ арқылы жеткiзiлген мағнасы елең еткiзедi. Егер кiтаптағы барлық өлең осылай ауыз тұшындырса бiз пiкiрiмiздi де осы бағытпен жалғастырып, автордың қабiлетi мен iзденiсiне құрмет көрсете тұжырымдар едiк. өкiнiштiсi, жинақта бұрын талай кiтап шығарған автор қаламынан туды деуге лайық емес өлеңдер мол ұшырасады. Ең алдымен ақын өз дағдысы бойынша қарапайым тақырыпты ала отырып, оның астарын ашуға келгенде көңiл-хошы жетпей қалатын сияқты. Сөйтiп, өлең терең ой, мағына, көркемдiк жөнiнде жетiмсiздiкке ұшырайды. Кейде бұрын-соңды ақындар талай айтып, сартап болған тақырыпты сөз етiп, оған өзiндiк өң беруге тырыспайды. Тым жадағай қалдырады. өлеңдегi шешушi қасиет оның тақырыбында емес, оны автор қалай меңгердi, қай тұрғыдан алып, қалай шештi, гәп сонда жатыр ғой. Алайда, Т.Шопашев өз ойын ескi қауыздан арылтып, жаңаша толғауға көп көңiл бере бермейдi. Мысалы, «Бiреулер қолы қалтырап» атты өлеңiнен ұғатынымыз «дүние жинап басыңды қатырма, одан да бiр күнде болса қызық дәурен сүр» деген ескiден ұласқан ұлағатты сөздiң мағнасы ғана. Бұл ұғым қазақтың мақалмәтелдерiнде әлдеқайда тұжырымды, қысқа айтылған. Ал жазба әдебиетi дамыған елдiң ақыны оны өзiнше кергiлеп, созбалап жатқаннан не абырой таппақ?

Жинақтағы «Жан ұшқынын жай қылам», «Желiп өткен су артық», тағы басқа бiраз өлеңдер кейбiр сәттi жолдарына қарамастан ақын шабытын емес, кемесi суға қайырлаған сәттерiнен хабар бередi. Кейде Тiлеген Шопашевтiң логикалық қайшылықтарға ұрынатыны бар. Оған «Қыран мен тор» атты өлеңi дәлел. Аталмыш «Көңiл көктемi» жинағындағы өлеңдердiң денi табиғат жырларынан тұрады. Ақын туған өлкенiң жерiмен, суымен, тау шоқыларымен тiлдесе бiледi, оған жүрек сөзiн арнағанда ақынша тебiрене алады. Алайда, табиғат туралы жыр қай ақынның болмасын iрiлi-ұсақты кiтаптарында жыртылып-айырылады ғой. Тiлегеннiң алдындағы мiндет сол «жыртылып-айрылған» жырдың жетегiнде кетпей өз көкiрегiнiң нәзiк сырын ешбiр «қоспасыз», елiктеусiз саф таза күйiнде жеткiзу. Көк суды сары сумен араластырса екеуiнiң де өз түсiн жоғалтатыны анық қой. Көркемөнердiң ең бiр қасиеттi түрi поэзия да солай. Әр ақын өзiнше толғасын. Мысалы, «Алатау» атты өлеңде оның көркiне қараса болды көкiрегiнен жыр төгiлетiнiн айта келiп, «тұлғаңа ту сыртыңнан қарап тұрып, өлең жаза салдым» дейдi. Ақынның бұл жерде айтпағы «көркiңнiң өзi көкiрегiмде өлең болып қиыса кеттi» деу ғой. Әңгiме, өлеңдi түгел оқып шыққанда көкiректе қалатын әсерi туралы болып отыр. Ақын «Алатауға» өз көзiмен қарай алмаған, осы жәйттi арқау еткен өзге өлең-жырлардың және бiр нашар нұсқасын жасаудан әрiге бара қоймаған. Сондай-ақ, «Сайға күшiн өлшеттi», «Көктем келдi жыр құрап» атты өлеңдерi де бiр қарағанда жатық көрiнгенмен, оқушы көңілiн сергiтiп, оның көзiнен қақас қалып келген тың суреттi бере алмайды. Кейде Тiлеген Шопашев ұйқас қуып, желдiрмеге түсiп, өлең жолдарының бiр-бiрiмен қақтығысып-соқтығысып, өзара байланыстан ажырайтыны бар. Тiптi өзара логикалық қайшылықтарға ұшырап, дұрыс мағына бермейтiнi де кездеседi.

Таусылып қыстың тағаты, Адымдап жорық жасады. Ақ басты қайың қанаты Ақ күмiс тозаң шашады. Шыршаға аяз емiнiп, Кiрпiгi кеткен қыраулап. Жердегi қар да желiгiп, Мiнiптi желге лаулап. «Қыс» атты өлеңнiң алғашқы екi шумағы осы. Бiрiншi шумақтың алғашқы екi жолында айтылған «қыстың тағаты таусылып, адымдап жорық жасауын» бiз қалай түсiнемiз? Ақын бұл жерде қандай сурет, мағына берiп отыр? Өте күңгiрт қой. «Ақ басты қайың қанаты» деуiнде де жаңсақтық жоқ емес. Бұл жерде «ақ басы», «қанаты» деп Шопашев қайыңның қар жамылған бiр ғана бөрiк басын айтып отыр емес пе? Алайда, автор оны екi түрлi атап, екi түрлi ұғым ретiнде жеткiзедi.

Екiншi шумақтан да осылай аңдаусыз айтылған тұстарды табуға болады. «Шыршаға аяз емiнiп» деу де көңiлге қонып тұрған жоқ. Келесi жолды оқығанда «аяздың кiрпiгi ме», жоқ «шыршаның кiрпiгi қыраулап тұр ма» деп аңырап қалуға болады. Автордың емеурiнiне қарасақ «аяздың кiрпiгi» сияқты. Бiрақ ол көкейге қонатын сөз емес. Соңғы екi жолда айтылған «қардың желiгiп, желге лаулап мiнуi де» дұрыс мағналы сөздер тiркесi десек те көңiлде ешқандай поэтикалық сурет қалдырмайды. Осындай өлең жолдарының өзара байланыспай, әрi оларда логикалық қайшылықтардың ұшырасуы кiтаптағы басқа да бiраз туындыларды түсiнiксiз еткен. «Тыңдап-ақ келем өмiр таныс әнiн» атты екi шумақтық өлеңдi толық келтiрейiк.

Тыңдап-ақ келем өмiр таныс әнiн Боз жорға – болдыртқан жоқ намыс әлiн. О да анық адалдыққа бәс тiгiсiп, О да анық – адамдыққа жарысарым. Қайран ар, әлде де көп алысарсың, Баянсыз қонған болсаң, бақ, ұшарсың, Қас адам, кектi айқаста кескiлесiп, Дос адам, кебенекте табысарсың!

Осыны тұтасымен оқып шыққанда оқушыға ешқандай әсерi болмайтыны өз алдына автордың неге мегзеп отырғанын, не айтпақшы екенiн ұстай алмайсың. Оның себебi, жоғарыда талданған өлеңде байқалған кемшiлiктердiң мұнда да шаш етектен екендiгiнде. Кәне тереңiрек қарап көрелiк. «Боз жорға – болдыртқан жоқ намыс әлiн» – дейдi автор. Сондағы «боз жорғасы» не және оның алдыңғы, кейiнгi жолдармен қандай байланысы бар? Алғашқы шумақтың соңғы екi жолы мүлдем басқа өлеңнен қиып әкелiнiп, мұнда жөн-жосықсыз жапсырыла салған сияқты. Ескi киiмнiң сөгiлген жамауындай бөлек жалбырап тұр. «Қайран ар, әлде де көп алысарсың»

Адам арымен қимылдауы мүмкiн, бiрақ автордың айтуындай «арды» күреске, алысуға лайық бөлек ұғым ретiнде алу мүлдем ақылға симайды. Келесi жол туралы да осыны айтамыз. «Баянсыз қонған болсаң, бақ, ұшарсың». Бақтың баянсыз болуы мүмкiн, бiрақ «баянсыз қонған бақ» деген үш сөздi тiркестiруден автор ешнәрсе ұтқан жоқ, қайта ойын тұмандатып тұр. «Қас адам, кектi айқаста кескiлесiп, Дос адам, кебенекте табысарсың!»

Өлеңнiң соңғы екi жолын басқа бөлiгiмен ұштастырып көрелiк. Бiрбiрiн байланыстырып тұрған ортақ жiптi қалай үңiлсек те таба алмаймыз. өлеңнiң тұтас күйiнде ешқандай мағна бермейтiнi де осындай қара-құра жолдардың өзара басы қосылмай дай-дай болып, әр тарапқа тартып тұруынан екенi сөзсiз. Бiз, Т.Шопашев өлеңдерiндегi көз қуантарлық тұстарды да айта отырып, кемiстiк жағын баса көрсеттiк. Ол жинақты жоққа шығару мақсатынан емес, бiр кезде көңiлiмiзге жылы ұялаған поэзиясымен көзге түскен ақынымыздың өз деңгейiнен бұлайша төмендеп кетуiне налығандық. Бәкiр Тәжiбаевтың «Ән-дәурен» атты жинағын («Жазушы» баспасы, 1973 ж.) оқығанда да қатты көңiлiмiз қалды. Болмашы ойды дұрыстап жеткiзе алмау, логикалық қателiктерге ұрыну аяқ басқан сайын кездеседi.

«Өмiрiң – күрес» деген бар... «Өкiнiш – үлес» деген бар. Күншiлдiк – үрдiс пәленiң Көрiп те жүрмiз әлегiн. Тiрлiк пен тажал шалыспай, Кiрлiк пен арың, алыспай, Шындықты шыңдап шығар ма ең?! Күрестi шындап ұғар ма ең?! Бiлер ме ең тұрқын ерлiктiң?! Бұзар ма ең шырқын ездiктiң?! Тiлер ме ең жанған теңдiктi! Сезер ме ең сонда кеңдiктi!.. (60-бет)

Бiздiң айтпақ пiкiрiмiздi, тақпақ кiнәмiздi оқушының айқын елестете алуы үшiн өлеңдi толық келтiрiп отырмыз. Шұқшиып оқып шықсаңыз, өлеңнiң жалпы мағынасын түсiне аласыз. Алайда, жақсылық дәрiптелiп, жамандық айыпталса болғаны оны өлең деп атай салу мүмкiн емес. Оған осы өлең айқын мысал бола алады. Жақсы өмiр деген күрес, өкiнiш деген кiмнiң де болмасын үлесi болмай қоймайды, ал «автордың» айтып тұрған «күншiлдiгi» несi, өз басының ба, жоқ басқаның ба? Тағы «өмiр-күрес» деген ұран сөздi айта отырып, «күншiлдiкке» қайрыла кетуi қалай? Осы арада автордың «өмiр-күрес» дегендi мүлдем тар мағнада, әлдекiмдерден бақталас үстiнде қара бастың қамын жеу сияқты пендешiлiк ұғым ретiнде ұсынып отыр деп ойлап қалмасымызға автор кепiлдiк бере ала ма? Келесi шумақтағы «кiрлiк пен арың алыспай» дегендi сөз нобайына қарап қана түсiнемiз. Қара қылды қақ жарғандай дәлдiк жоқ. «Шындықты шыңдау» деген тiркес бiздiң ұғымымыздан мүлдем шалғай жатыр. Мүмкiн шындық адамды шыңдар, бiрақ адамның шындықты шыңдауы ақылға

сыймайды. Соңғы шумақтағы «ездiктiң шырқын бұзу» деген тiркес те осындай. Ал жалпы осы үш шумақта өлеңге тән қасиеттiң жылт еткен сәулесi де жоқ қой. «Аңғалдығы қашан да» атты өлеңде» (61-бет)

«Құлаш ұрған тереңге, Құрдым қалар бұлақтан. Кердеңдеген төрең де Қара талқан сұратқан» – деген шумақ бар. Мұнда ақын ең алдымен өз ойын ақындық өрнекпен дұрыс бере алмай, қайшылыққа ұшырап отыр. «Тереңге құлаш ұрған, бұлақтан құрдым қалар» дейдi. Автордың ненi меңземек болғанын тағы сол жорамалмен ғана ұғамыз. Бұлақ жақсы нәрсе екен деп, тереңге құлаш ұруды оғаш қылық етiп көрсету жөн бе? Адамның тереңге бойлауы оның өршiл талабынан екенiн автор қалай жоққа шығармақ? Әрi осы шумақтың төрт жолында қандай өзара байланыс бар? Тағы бiр өлеңдi толық келтiрейiкшi: Қарапайым адаммын ой аулаған, Ар сақтауға үйреттi аяулы анам. Атақ-даңқ жорғасын тайпалдырмай, Жақсылықтың жолында жаяулағам.

Құшағына жақсының көп құладым, Қаламайды өзгеден жоқты жаным. Намысыма бiреулер тие қалса, өн бойымды билейдi отты жалын!

Бiр-бiрiмен байланыспай өзара шатысып жатқан жолдар емес пе? Өлеңдi оқып шыққанда оқушының басында тұжырымды ешнәрсенiң қалмауы да сондықтан. Ал жете үңiле қарасақ бiрiншi шумақтағы алғашқы екi жолдың көзге шыққан сүйелдей кемшiлiгi болмағанмен бiрiн-бiрi толықтыра, жалғастыра алмай бөлек дара тұрғаны айқын. Кейiнгi екi жолда автор өзiнше «тапқырлық» жасағанымен айтпақ ойының төбесiнен түсiп тұрған жоқ. Атақ-даңқ үшiн емес, жақсылық үшiн барымды саламын дегендi поэзия үнiмен жеткiзе алмай күңгiрт кетiп тұр. Бұлайша жөнi түзу ойды тiл бұралаңына салып, ойқы-шойқы ету келесi шумақтан да көрiнедi. «Құшағына жақсының көп құладым» деуi де осыған мысал бола алады. Ал «намысыма бiреу тисе, өн бойымды отты жалын билейдi» деген жолдар автордың жан құбылысын дәл жеткiзе алмауы салдарынан адамның жақсы қасиетiн емес, рухани босаңдығына, ақыл-ой тайыздығына меңзегенге ұқсап кеткен. Сөз кестесiн қағазға түсiргенде көңiлдегi ойдың қалтқысыз бейнеленуiне мұқият болмайынша өлең өнерiнен абырой табу мүмкiн емес.

Жоғарыда бiз атап өткен секiлдi олақтықтар Б.Тәжiбаевтың қай өлеңiнен болмасын байқалады десек артық емес. «Қарапайым адаммын, ой аулаған», «Жырым-пырағым», «Әсемдiктi сезiмнен үйрендiм», «Күн дидарлы Қазақстан», «Есiл», «Қарауылкелдi» сияқты тағы басқа көптеген өлеңдер бүгiнгi оқушының талап-талғамынан көп төмен жатыр. Бұрын балаларға арналған жыр кiтаптарымен танымал ақын Мұхтар Құрманалиннiң «Аспан» атты жинағын («Жазушы» баспасы, 1971 ж.) оқығанда терең iзденiс, тiл майын тамызатын шеберлiк iздерiн аңғара алмадық. Көбiне ортаң қолды өлеңдер. Шумақтарында дұрыс мағна бар, тасыр-тұсыр етiп, құлаққа жағымсыз тиетiн сөздерi көп емес қой дегендi ғана желеу етiп, автордың басынан сыйпай салуды әдетке айналдырсақ әдебиетiмiздi өрге бастыра алмаймыз. Бұл пешенеден белгiлi. Асықпын болашаққа мен сiрә да. Күндерiм көп қуаныш келсiн ала Бiлемiн жұдырықтай жүрегiмнiң Ешқашан шықпайтынын пенсияға

Жинақтың беташары – «Жүрегiме жүгiнем» атты өлеңiнен алынған осы шумаққа көз салайықшы. Бiрiншiден, осы төрт жолды тұтастыратын жинақы бiртұтас ой жоқ. Әр жолы кiбiртiктеп, әрi әр жаққа жұлқа тартып тұр. Бiрiншi жолдағы «мен сiрә да» деген тiркес буын санын толтыру, әрi ұйқас үшiн ғана керек болған. Ал үшiншi, төртiншi жол таза поэзиялық қасиеттен жұрдай. Тiптi «жүрегiмнiң пенсияға шықпайтынын бiлемiн» деу ауызекi әңгiмеде де құлаққа түрпiдей тиедi емес пе? Ал «пенсияның» деген сөз керек болған күннiң өзiнде де оның қазақша поэтикалық баламасы табылмайды емес. «Сарыарқа самалы» атты өлең туған жерге деген сүйiспеншiлiкке арналған.

«Кезде де таңдай кеуiп қаталаған «Тамұқ» деп ешкiм сенi атамаған. Көңiлге кеңдiгiңдi медеу етiп, Айналып көше берген ата-бабам». Осы шумақтың екiншi жартысында жарқ еткен ой, сонылық бары айқын. Алайда, «тамұқ» деп ешкiм сенi атамаған» деген жол жақсы ойдың жарымын кемiрiп тастағандай бүлдiрiп-ақ тұр. Сонда ақынның берiле жырлаған туған жерiнiң «тамұқ» деп аталуы ғана қалған екен ғой деп, оқушының ойлап қалмасына кiм кепiлдiк бере алады? Осы өлеңде мынадай шумақ тағы бар. «Тұрғанда күнiм шығып, айым батып, Даламның өзi маған дайын бақыт. Елiрген елiк емес, арғымақтар Өтедi қарсы алдымнан құйындатып.

Бiрiншi жолына назар аударыңызшы. Халықта «айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын соңыңнан» деушi едi. Демек «ай» дегенiмiз халық көкiрегiнде аса қастерлi ұғым болып қалыптасқан. Ал М.Құрманалин айды тудырудың орнына, оны батыруды өзiнше тапқырлық деп ойласа керек. Ең жаманы бұл поэзиядағы жылт етер жаңалық үшiн емес, кәсiпқой ақынды қызыл көрген қарғадай ететiн қу ұйқас үшiн iстелiп отыр. Ал «елiрген елiк емес арғымақтар» деген сөздi автордың қалай аңдаусыз айта салғанына таңымыз бар. Көз алдыңнан құйындатып елiк өтсе, ол туған даланың сәнi бола алмас па? Осы жануардың жаудыраған көзiн көрiп, «адамның мен ұқсаттым баласына» деп, бұрынғы қадiрлi ақындарымыз тегiн тебiренiп пе едi?! Бұл жерде мынадай пiкiр айтқымыз келедi. Поэзия тiлiнде тек мағна ғана емес, үн де болуға тиiс. Қай сөздi де қағазға түсiргенде оған бiр жақты ғана қарап, оның екiншi қасиетiн ескерусiз қалдырсақ көп нәрсенi жоғалтқанымыз. Жоғарыда Мұхтар Құрманалин өлеңдерiнен бiз байқаған кемшiлiктердiң денi, бiрiншiден, автордың жеңiл-желпi өлеңшiлдiкке бой ұрып кетуiнен болса, екiншiден сол сөз қасиетiн неше қырынан алып бағаламау салдарынан деп батыл айта аламыз. М.Құрманалин өлеңдерiндегi тағы бiр басты ақау ой қайталаушылық. өлең өзегi ақын көңлiн жаңбырдан соңғы ашық аспандай жарқ еткiзiп, ашып жiберген соны ойдан жасалмаса оны алтын, күмiс сөздермен қаншама тұмшаласаң да «мұратқа» жеткiзбейдi. Жер бетiнде бiр-бiрiнiң түр-кескiнiн, ой-қиялын, психологиясын қайталамайтын қанша адам бар, келешек ұрпақ өзiмен бiрге тағы қанша түр-кескiн, ой-қиял, психология әкеледi. Демек, адамдағы ең абзал қасиеттiң бiрi поэзия өнерiнiң де түр-түсi соншама шексiз, ешқашан сарқылып таусылмайды. Демек, бүгiнгi жас ақындарымыздың өз бойынан түк таппағандай алдыңғы толқын ағалардың айтып кеткен ойын өз қорасына кiргiзiп, меншiктене қоюы өскелең әдебиет үшiн жақсы нышан емес. Мұны тағы бiр жас ақын өтеген Күмiсбаев жөнiнде де айтсақ қателеспеймiз. «Ақ шолпан» атты жинағына («Жазушы» баспасы, 1971 жыл) енген «Серт», «Шешендер», «Адамдар бар», «Бiреу өмiр сүредi қаспақ қырып», «Көшелер» деген сияқты бiрқатар өлеңдерiнде ақынның өзiнше толғамақ болған жаңа ойын көре алмадық. Әдетте қарапайым оқушы жақсы өлеңге тап болса өз ойын тап басқандай жыр шерткен ақынға риза көңiлмен оның сол жолдарын жаттап та алар. Әрине, ақын да жақсы оқырман бола алады. өз iшiнен дұға оқығандай күбiрлеп айтатын әсем жолдарды мұның да талай кездестiрiп, жаттайтыны табиғи нәрсе. Алайда, оның жаңашылдыққа, тапқырлыққа деген көңiлi осы арқылы бiтелiп қалмауға тиiс. Өлең жазбаққа отырдың екен оның өзегiн бiреудiң дайын макетiн көшiрген конструктор сияқтанып, сайрап жатқан соқпақпен қаламың жорғалай жөнелмесiн, тұнығы бұзылмаған терең айдынның түбiнен жақұт тас көтергендей ақындық ерлiк керек.

Өтегеннiң «Адамдар бар» атты бес шумақтан тұратын өлеңiнде, баяғыда Абай атамыз «жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса құтыла алмайсың, бұлт шалса таба алмайсың» деп, бiр ауыз сөзбен-ақ тамамдай салған ойын сағыздай созып жеткiзуге тырысқан. Өтеген өлеңдерiнде кздесетiн бiрден-бiр ақау ой қайталау ғана емес. Кейде сол ескi ойдың өзiн одан сайын дәмсiз қылып, шашыратып жiберетiнiн қайтерсiң? Өлеңнiң бiрiншi шумағы былай: «Адамдар бар сыртына алтын жалатқан, Сондайлардан сақтай гөршi, жаратқан. Кiрiп алып бүлдiредi iшiңе, Тайып кетiп қара жерге қаратқан».

Байқап қарасаң, сырты алтын адамнан без, оның iшiнде мiндеттi түрде арам пиғыл жатады деген бiржақты пiкiрге мегзеп тұр ма дейсiң. Апырау, сырты алтын, ал iшi құрығанда күмiс бола кетсе қайтесiң дегiң келедi. Ал «кiрiп алып», «тайып кетiп» деп басталатын үшiншi, төртiншi жолдар бiр-бiрiмен мүлдем қабыспай тұр. Ал жалпы шумақтың өзiн алсақ пәлендей көркемдiк құны бар деп айту қиын. Өлеңнiң келесi шумақтарынан да жақсы жолдарды таба алмадық. Сол баяғы «қара жүрек иелерi толдым деп» масайрап өтедi, «ақ жүректер арманда өтедi» деген саруайым, әрi бiржақты жаңсақ пiкiрмен аяқталады. «Ана» атты өлеңiнде де соны ой жоқ, әрi орнын таппаған сөздер құжынап тұр. «Пенде бар ма ажалға мұң шақпаған», дейдi ақын. Адам өзiнiң арқа сүйер досына, туғанына мұңын шағар, «ажал» атты кесепатқа өйтiп бас иiп бара қоймас. «Сан келдiң жанарларға дара тұнып», «Талаптың аймалатып өрге төсiн» деген жолдардан не ұғамыз? Ал «Махамбеттiң монологi» атты өлеңдегi мына шумақ:

«Ұғамын iшiңдегi жарақатты, Жатырсың буырқанып дала қатты, Танырмын жақыныңнан жылуыңды Алысқа жеткiзетiн аманатты», – тура әлгi ересек адамдарға арналған жаңылтпаштан аумайды ғой. Сонау Маңғыстаудағы қарапайым жұмысшы, жас ақын Темiрхан Медетбековтың «Сапар алдында» атты жинағын («Жазушы» баспасы, 1973 ж.) оқысаңыз мол қажыр тiлейтiн қарбаласты өмiрдiң, әрi табиғаты қатаң өлкенiң лебi есiп, шаңы борағандай әсер қалдырады. Құр көңiл-күйдiң жетегiнде кетпей ағыны қатты тiршiлiктiң дүрсiлiн тыңдасам деген талпыныс айқын-ақ байқалады. Мүлдем табыссыз да емес. Сәттi өлеңдер, жекелеген ұтымды шумақтарды жинақтың өнебойынан табуға болады. «Жұмысшыға», «Мұнайшы – барлаушылар», «Жерлес теректерге», «Телеграф сымы үзiлген

жерде» сияқты бiраз өлеңдер кейбiр ұсақ-түйек кем-кетiктерiне қарамастан Темiрхандағы мол мүмкiндiктi танытады. Бәрi де осы мүмкiндiктен басталады ғой. Қашан да қай ақынжазушының шығармасын алсақ та ондағы кейбiр жақсы нышанды тiзбектеп, «Әттеген-ай, барлығында осындай ең жақсы мүмкiндiгiңмен танылмапсың ғой» деп кiнә тағамыз. Бұл табиғаттың өзiңе бергенiн өнер жолында түгел сарық деген сөз. Темiрханға да осы тұрғыдан үн қатпақпыз. Кейде жас ақын ұтымды ойидеяны тауып алады да, бiрақ соны жеткiзу үшiн алған объектiсi үнемдi сәттi бола бермейдi. «Бәйтерек» атты өлеңiнде құла дүз сар даланың көркi болған осы ағашты тебiрене жырлағанмен кейде жаңсақ басады.

«Аспан құлап түссiн мейлi жай кенет, Былқ етпейдi желге қарсы бой демеп». Бұл жерде бiздiң айтпағымыз аспан құламақ түгiл, тура келiп түскен жайдың өзiнен бәйтеректiң шарт сынатыны ескерiлмеген деу ғана емес, бұл жерде басты гәп ақын осы бiр алып та сұлу ағаштың өзiндiк дара қасиетiн тап баса алмауында ғой. өлең ақ мата сияқты кiр шалғыш, сәл қия бассаң-ақ сұлу сезiмнiң сәнi кетедi. «Маңдайды тұтас жасқантып» атты өлеңде мынадай екi шумақ бар: «...Басынғаны жеттi-ай деп, Шайқалтып, сiлкiп аспанын, Ебiл де себiл төктi-ай кеп Шулатып бұлттың шаштарын

Өзiмдi өзiм кiсеңдеп Орандым мұң мен назаға – Жай болып жерге түсер деп Аспанды жыртқан нажағай...».

Екi шумақта да автордың ойы тым күңгiрт қалып отыр. Бiрiншiсiнде кiмдi кiмнiң басынғанын айтып тұр деп қатты дағдарып қаласың. Екiншiсiнде «Нажағай жерге жай болып түсер» деуi аса сәттi шықпаған. Табиғаты бiр болғанымен қазақ ұғымында «жай мен нажағай» екi басқа. «Өзiн-өзi кiсеңдеп, мұң мен назаға орануының» түп-төркiнi қайда жатыр, ол қандай ой-сезiмнiң жалғасы екенiн де оқушы ұға алмайды. Ақындық тапқырлықпен жеткiзiлген суреттiң көрiнбеуi өз алдына. Сәтсiз теңеулер де жоқ емес. «Қарақшы» атты өлеңде қауынның «тырсылдатып, шандып қойған дорбаға», қарбыздың «қара жерге байланған шарға» теңелуi көңiлге қонбайды. Кейде жас ақындар жаңа сөз айтамыз деп, қазақтың ертеден қалыптасқан сөз тiркестерiн жаңартуға әуес. Мұндай дағды Темiрханда да бар екен. Мысалы, «көздiң жауын алдыны» «көздiң жауын арбайды» деп өзгерткеннен ұтыс тапқан жоқ, қайта ұтылып тұр.

Осы «Қарақшы» атты өлеңнiң соңғы шумағы мынадай. «Жiберген соң осылайша сан «жерлеп», Балалықпен қоштастық қой қол сермеп. Әй, сонда да осы күнге дейiн де Қорқынышты-ау қарақшысы бар жерлер».

«Балалықпен қол сермеп қоштастың» деген оғаш айтылған сөздi былай қоя тұрғанда жалпы мән-мағынасы бұлдыр шумақ қой. Бұл пiкiрлер жас таланттың қанаты қатая түссiн деген оймен айтылып отыр. Әйел ақындардың iшiнде өндiртiп жазып жүргендердiң бiрi – Гүлсiм Сейiлжанованың «Ұлар» атты жинағын («Жазушы» баспасы, 1973 ж.) оқып шыққанда да көңiлiмiзге жылылықпен қабат кейбiр дүдәмал жайттар оралды. Ол қалай дейсiз ғой. В.Г.Белинский айтқандай ақын өзiнiң «менi» арқылы бүкiл қоғамдық құбылысты, замана бейнесiн жырлай алады ғой. Бұл сөз әркiм өз атынан сөйлегенмен оның тасасында мол мүмкiндiктiң жататынын аңғарту үшiн айтылған. Алайда, бiздiң қыз-келiншектер жырларындағы «меннiң» тасасында көбiне қоғамдық ой, ұшқыр сезiмнен гөрi көбiне әйелге телiнетiн босандық, тым жабырқау көңiл ерекше басым жатады. Бұл жәйттi қадiрлi ақсақал жазушымыз Ғ.Мүсiрепов Қазақстан жазушыларының соңғы съезiнде сөйлеген кiрiспе сөзiнде қатаң ескертiп едi. Кәне, Гүлсiмнiң бiр өлеңiн толық келтiрейiк:

Мен ешкiмнiң көңiлiне зәредей дық салмаймын, Бiреу жылы сөз айтса, асқар ала таудаймын. Кей күндерi дүниеде жалғыз жүрген жандаймын, Күрсiнумен, Күлумен өзiмдi-өзiм алдаймын. Жаным кейде жаралы, Көңiлдiң көп алаңы. Жоқ нәрсеге егiлiп, күйiп-жанып қалады... Бәрiне де сенемiн, Бәрiне де көнемiн, Өздерiң бер, құрбылар, маған деген бағаны.

Көрiп отырсыңдар, өзiн тағдыр тәлкегiне итере салып, не қылсаңдар да өздерiң бiлiңдер деген дәрменсiз күрсiнiс қой. Бiз ақынның бiраз сәттi өлеңдерiн құптай отырып, бұлайша өзiн күш-қайраттан жұрдай етiп көрсетуiмен келiспеймiз. «Әйел ақынның атынан айтылған сөз ғой» деушiлер табылса, оларға да дау айтамыз. Әйелдi қайраты кем әлсiз жыныстың өкiлi деу мүлдем ақылға сыймайды. Шын қайрат-күш бiлекте емес, жүректе. Әйелде үлкен жүрек бар. Ол тау қопарады, тас жарады. «Не күштi?» деген сан нұсқалы ертегi-

аңыздарда, өлең-жырларда небiр алпауыттардан әйел қайратының басым шыққаны әсем жырланып едi ғой. Кешегi Қарашаш, Қарлыға сияқты аналар рухын да ұмытпағанымыз жөн. Соңғы жылдары шыққан жинақтардан бiр байқағанымыз оларда арнау өлеңдер, не бiр даталы күндерге байланысты жазылған шумақтар аяқ басқан сайын кездеседi. Төл поэзиямызда арнау өлеңдердiң тамаша үлгiлерiн жасаған ақындарымыз бар. Әсiресе, Сырбай Мәуленовтың Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов, тағы басқа да әдебиет, өнер қайраткерлерiне арналған шумақтарында сұлу сағымдай тың өрнек бары баршамызға аян. Алайда, сондай биiкке көтерiлсем деген талпыныс, iзденiс үнемi байқала бермейдi. Әрбiр арнау өлеңдi өзiндiк түрмен құбылтып беру жағы қарастырылмайды. Сол баяғы желе жортып, ұйқасты сөз тiзбегiн төгiлте жөнеледi. Осы сарындас өлеңдердiң бiреуi Отанға, туған жерге арналған. Бұл тұста да ақындар көркемдiк, жаңашылдық дегендi бiраз ұмыта тұрып, оларға деген сүйiспеншiлiктi тым қарадүрсiн айтады. «Менi тауға да, тасқа да сал, қайыспаймын, талмаймын» деген сарын айна-қатесiз қайталанып, бiр жинақтан, екiншi жинаққа көшiп отыратынын қайтерсiң. Ескiлiктiң үлгiсiндей нақыл, жалаң үгiт-насихат өлеңдер де баршылық. Тағы бiр «космосшыл» ақындар да шығып жүр. Кейбiреулер өмiрдегi барлық мұрат, бақыт туралы ойларын сол космосқа апарып саяды. Космос туралы жалаң сөз айтсақ та жарай бередi деп, ойлайтын болса керек. Мысалы, Сағынғали Сейiтовтың «Сенем саған» атты жинағында («Жазушы» баспасы, 1971 ж.).

«Маған керек биiктiк космос теңдес, Басқалары тобықтан сiрә келмес» – деген жолдар бар. Осыдан нендей өлеңдiк қасиет таба аламыз? Тағы бiр айтатын жай, кейбiр қалам иелерi өлең жазу үстiнде өзiнiң ақын екенiн жұрт ұмытып кетпесiн деп, осыны жадында мықты ұстайтын болса керек. Осы С.Сейiтовтың жоғарыда аталған кiтабының өнебойынан «Мен өлеңге уызымда жарығам», «Мен ақын Сағынғали Сейiтовпын», «Ойнап-күлiп өңшең ақын доспенен», «өлеңiмдi өнерiмдi жебейдi, Сәке дейдi Сағынғали демейдi», «Мен сенiң қазақтағы бұлбұлыңмын», «Шақыртты Шымбай менiң шабытымды» деген сияқты жолдарды табамыз. Иә, бүгiнгi поэзиямызға бұлайша қатаң талап қоймай жауырды жаба тоқығаннан ешнәрсе ұтпаймыз. Ең жақсысы, әрқайсысын өз орнына қойып, ашығын айту ғой. «Сөздi қонышынан басып, терiдей өлең илегендер» мен нағыз өнер иелерiнiң ара жiгiн дер кезiнде анықтамаса болмайтыны пешенеден белгiлi. Сондай-ақ тақырыптың тарлығы да қатты қынжылтады. өмiрдiң қатпар-қатпар бел-белестерiн ақындық сезiммен жете барлайтын сәттер аз. Ең бастысы азаматтық әуенмен шырқап көтерiлiп, әлем атына үн қатардай жiгер байқала бермейдi. Көбiне – көп гүлге қонған бал арасының ызыңындай нәзiк сезiм, құмырсқаның белiндей үзiлуге шақ әлсiз ырғақ, ұшып-қонба көбелектей тұрақсыз көңiл-күйлер басым.

Қоғамымыздан оқшау оның өзектi мүдделерiмен қабыспайтын, адамда болатын оқыс көңiл-күйден ары аса алмайтын шығармалар совет әдебиетiн, оның iшiнде қазақ совет поэзиясын байытпақ емес. Шығармадағы жоғарғы көркемдiк, терең идеялылық, совет адамдарының асыл қасиеттерiн жарқын сыйпаттау қаламгерлерiмiздiң басты парызы. Бұл КПСС Орталық Комитетiнiң жоғарыда аталған қаулысында аса дәлдiкпен айтылған. Осы қаулыдан ерекше бiр ұғатынымыз, көркем әдебиет шығармаларын әдеби сыннан бөле қарауға болмайды, бұлар өзара егiз, бiрбiрiнсiз өрге басуы мүмкiн емес. Әдебиетте байқалатын барлық жақсы нышандарды ашып, замана талабына жауап бере алмайтын көркемдiгi әлсiз, тайыз шығармаларға нақтылы талдау жасау негiзiнде қатал пiкiр айту бүгiнгi күннiң өзектi мәселесi. Бiз осы тұрғыдан соңғы жылдары шыққан жинақтарға тоқталып, төл поэзиямыздың өсiп-өркендеуiне өз тарапымыздан үлес қосуды арман еттiк.

  • * Әдебиетiмiздiң қадiрмендi ақсақалы Ғабит Мүсiреповтiң жақында «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған «Асқындырып алмайық, достар» атты мақаласы көбiмiзге ой салып, көкейде жүрген көп сөздi шығаруға түрткi болғандай. Бiрақ ол өзiнен-өзi ағытылып кететiн сөз емес, әңгiме, арғы атабабамыздан берi талай ұрпақтың жүрегiн жалғастырған, оны үндес еткен ақын тiлi, ақын сезiмi туралы болып отыр. Демек, бұл жайында жүрегiмiздi ауырта, тереңiмiздi қопара сөйлегенiмiз жөн. Бiзде авторларға ең алдымен қойылатын талап өз бетiн таныту. Көркем туынды завод цехтарында белгiлi бiр қалып бойынша құйылатын өндiрiстiк өнiм емес. Өнеркәсiп өнiмдерiнiң конструкция бойынша жасалған схемадан ауытқып кетпеуiнiң, ең қысқа деген өлшемнiң оннан бiр, жүзден бiр бөлiгiндей дәлдiкпен құйылуының сол өнiмдердi iс жүзiнде пайдалану үшiн қандай маңызы бар екенiн бiз жақсы бiлемiз. Мұндай дәлдiкпен жасалмаған өнiмдер мемлекеттiң қыруар ақшасын далаға шашыратқандық қана. Ал көркем туынды осындай өнеркәсiп өнiмдерi сияқты штамппен жасалса мұның да қыруар шығыннан басқа ешқандай жақсылығы болмайды. Көркем туындының өнеркәсiп өнiмiнен ерекшелiгi сол – онда қайталанбас өң-көрiк, мазмұн, мағна, әрi әдебиеттiң жоғары сыйпатты халықтық, партиялық принциптерiне сай қасиет болуға тиiс. Соңғы жылдары кiтап сату практикасында көп жатып қалған поэзиялық шығармалардың нарқын төмендетушiлiк байқалып жүр. Бұл әрине, кiтаптары осындай арзанқолдыққа ұшыраған авторлардың арына, намысына тиетiн нәрсе. Бiрақ бұл мойын бұрғызбайтын шындық. Алайда, маркстiк теория бойынша нақтылы жағдайды ескеру, содан барып қана ешқандай иллюзия, қияли тұжырымға байланысы жоқ түбегейлi қорытындыға келу қай iсте де басшылыққа алынатын принцип. Демек, әр автор өз туындысының жоғарыдағыдай халге ұшырауынан тиiстi қорытынды жасап, творчестволық жұмысын бүтiндей жаңа жолға қоюды қолға алғаны жөн. Бұл бiр емес, көп автордың атына айтылатын ескерту. Соның бiр әдiсiн

орыс ақыны Осип Колычев «Литературная газетада» жарияланған «Ақындарға» атты өлеңiнде айқын көрсеткен. Өлеңдi келтiрейiк: В минуты наивысшего прозренья И в поисках великой простоты Поэты жгли свои стихотворенья... Так было все века... А ты? О, рукописей классиков немало – В ночной безмолвной тишине – В миг разочарования пылало В каминном медленном огне... Теперь никто Свой стих Не бросит в пламя. Каминов, что ли, нет? Все вносится в издательские планы, Выходит в свет. У нас поэзия пришла к расцвету, Но есть у каждого грехи... Давайте же отважимся, поэты, Порой сжигать свои стихи.

Әсiресе, поэзияға жанашырлықпен қарайтын адамдар мұны көп түйсiнiп жүр. Кейде мұндай жағдайда ұшырасатын жәйт, ортақ, ешқашан ескiрмейтiн тақырыптың молдығы және сол тақырыпты қалам ұшына iлiктiрген автордың жiгерсiздiкке салынып, көркем сөз өнерiнiң бетiмен ғана сырғып өте шығатыны. Тереңiне сүңгiп, жақұтын көтеру көп жағдайда автордың мақсаты емес сияқты. Айталық туған жерге, өскен ортаға, тiптi туған жер болмай-ақ қойсын, атауы бар белгiлi бiр мекенге арналған өлеңдер қай жинақтан болмасын кездеседi. Қай автордың да өз жанына ыстық көрiнген осы тақырыптан аттап

кете алмайтыны белгiлi. Алайда, соны өзi қалай ыстық сезiнсе оқушыға да тап солай әсер ететiндей етiп жеткiзбеуiне қалай қынжылмассың. Бұған мысалды алыстан iздеудiң қажетi жоқ. Жоғарыда аталған С.Сейiтовтiң, Ө.Күмiсбаевтың, тағы басқалардың жинақтарында өрiп жүр. Сондай-ақ, саяси тақырыпқа, анаға арналған шумақтар, махаббат өлеңдерiнiң де халi осы күйде. Соңғы уақытта жылма-жыл кiтап шығаруға әуестенiп алған жас авторлардың өлеңдерiнде өсу, толысу жағы жетiспейдi. Тiптi кейбiреулерi алғашқы кiтаптарында шеберлiкке, терең сезiмталдыққа деген едәуiр талпыныс байқатса, соңғы жинақтарында творчестводан гөрi малтабарлыққа қарай көбiрек ауытқитын сияқты. Нұркенже Хасеновтың 1969 жылы шыққан «Сырлы толқын» атты жинағында тұнық судай мөлдiр жыр жолдары молшылық едi. «Жарысып желмен шағала», «Тербейдi бесiк кемемiз» деген сияқты бiрсыпыра өлеңдер жас автордың өмiрге бiр табан жақын екендiгiн танытқан. Шынайы сезiм, айнала қоршаған табиғатқа деген құштарлық әрбiр өлеңнен жылы леп болып еседi. Алайда, 1971 жылы шыққан «Туған топырақ» атты жинағын оқығанда осындай сәттi шумақтардан адасып қалғандай болдық. Оның орнына:

Жапырақ жауған күзi әсем Алматының Сары самал соғатын жанға тыным Көп ойланып жатады ғалым маңдай Әлдекiмдi Алматы сағынғандай – деген сияқты ширықпаған, сезiмсiз шумақтар көбiрек ұшырасады. Тақырып талғауында да ешқандай жаңалық жоқ. Сондай-ақ, Рафаэль Ниязбеков «Тұңғыш кiтап» (1969), Г.Сейiлжанова «Тұңғыш кiтап» (1966), К.Шiлдебаева «Тұңғыш кiтап» (1967), Ә.Нiлiбаев «Тұңғыш кiтап» (1968) атты алғашқы жинақтарында бiраз соны талпынысты, жастық жiгердi танытса, осы авторлардың биыл ғана шыққан «Алатау мен Қаратау», «Бiлезiк», «Қыз көңiл», «Жыр-жалау» атты шығармаларында жаңа ғана айқындала бастаған өз бет-бедерiнен айрылып қалғандай. Жалпылама өлең жазуға машықтанып кеткен сияқты. Әубәкiр Нiлiбаев сияқты ақындардың баспасөз бетiнде соңғы уақытта әлденеше рет сыналуы да осыған айғақ болса керек.

  • * Ал Қайрат Жұмағалиев бұрын талай өлең жинағын жарыққа шығарған автор. Бiз талдау жасағалы отырған соңғы екi кiтабы «Сахара» (1970), және «Шапағат» (1971) деп аталады. Ең алдымен алғашқысына тоқталалық. Мұнда туған жер көрiнiстерi, замандастары туралы жазылған өлеңдер бiраз баршылық. Ал кiтаптың негiзгi бөлегi автордың сонау араб елiне барған сапары кезiнде алған әсерлерiн бейнелейтiн шумақтардан тұрады. Жинақта дәл атап айтатындай тақырып тарлығы жоқ сияқты. өзiнше кейбiр тың сезiмдердi тауып жырлауға да талаптанған. Әсiресе, араб елi туралы өлеңдерiнде сәттi жолдарды бiраз табуға да болады. Алайда, сол өзi

суреттеген сахарада жолаушыны шаршатып, шалдықтырып, әрең кездесетiн сирек құдық суындай оңдай бiрен-саран сәттi жолдар бiздi қанағаттандыра алмайды. Сiрә, автордың өзiне қойған талабы аз болса керек. Ентелеп жетiп келдi таң да асыға Еңбектеп күн де шықты тау басына Пысық жел жұтып жатыр көк тұманды Ұйысқан Алатаудың жамбасына.

(18-бет) «Даламда асыр сап жүр бала көктем» атты өлеңнiң алғашқы шумағы осы. Аңдаусыз қараған оқушы мұны сыдыртып оқып шығуы да мүмкiн. Бiрақ көкейiнде ешқандай поэтикалық суреттiң қалмайтыны анық. Автор бұл шумағында табиғатты жанды қозғалысқа келтiрiп көрсетпек болған. Әрине, бұл дұрыс талап. Ал талаптың iске асырылуы көңiлден шықпаған. Ең алдымен «Ентелеп жетiп келдi таң да асыға» деген сөйлем, сазарып, құланиектенiп ататын табиғи таң көрiнiсiнiң суретi бола ала ма? Бояуын баттастырып, оғаш қимылдаған суретшi әрекетiнен туған ақылға сыйымсыз бiрдеме сияқты. «Еңбектеп күн де шықты тау басына» деген екiншi жол да көкейге қона кететiн сурет емес. Бiз күннiң тау басына асылғанын ғана көре аламыз. Ал оған дейiнгi көрiнiс, яғни ол еңбектеп көтерiлдi ме, секiрiп көтерiлдi ме, бiздiң көзiмiзден қақаста болған нәрсе. «Пысық жел түтiп жатыр көк тұманды» деген үшiншi жолда бұдан да асқан орашолақтық бар. Бiрiншiден, тұманды көк деуге болмайды. Ал «тұманды жел түттi» деген сөз табиғи көрiнiске қайшы келетiнi айқын. Егер көк бұлт жөнiнде осылай айтсақ онда әңгiме басқа. «Аяздан күннiң көзi шатынап тұр» атты өлеңде де (19-бет) осындай олақ жолдардан тұратын шумақтар баршылық. Мысал келтiрейiк:

«Ауылы жайраң жаздың жырақ қалып, Кетiптi тәттi ұйқыға бұлақ талып, Еңсесiн көтере алмай күннiң көзi Батады ұясына құлақтанып».

Алғашқы екi жолдан аңғаратынымыз автордың айтуынша жыл мезгiлiне қарай бұлақ суы өзгеретiн сияқты. Бiрақ бұған қалай сенемiз? Жер қойнауынан қайнап шығып жатқан бұлақтың негiзгi қасиетi оның жыл бойы өзгермейтiндiгi ғой. Суының салқындығы да бiрқалыптан аумайды. Қыстың сақылдаған сары аязында да бұлақ көзi қатпайды. Табиғатпен тiлдескiсi келген Қайрат Жұмағалиевтiң осындай ерекшелiктерге көз жұмып, ойсыз жолдар тудырғаннан не ұтқысы келгенi белгiсiз. Ал «бұлақ талып» деген тiркес арзан қолды өлеңшiнiң жалаң ұйқас қуып, тапқан табысы екенi айтпаса да түсiнiктi. Ал үшiншi, төртiншi жолдарда да осындай орашолақтық бар. Көзiнiң қиығымен қараса-ақ жер бетiн шұғылаға толтыратын күндi «еңсесiн көтере алмай батты» деу тап

басып айтылған сөз емес. «Күн құлақтанып батты» деген немене? Күннiң шұғыласын айтқаны ма? Мүмкiн автордың өзi солай көргiсi келген шығар, бiрақ қалың оқушы жұртшылық жер үстiн тiршiлiкке толтырған аспандағы күндi, оның шұғыласын олай көрмейдi. Ал келесi шумақтағы: «Қайтедi, кәрлi қыспен бұлқыса ма?» деген жолдағы соңғы мағынасыз сөздi одан кейiнгi «жыртыса ма», «жылқышы аға» деген сөздермен ұйқас үшiн ғана автордың ойдан шығарғаны ап-айқын. «Құтты өңiр» атты өлеңiнде (14-бет) мынадай шумақ бар. «Еңбекшi ел шаруасын жайлап таңнан Қыс қамын жасыл жазда ойлапты алдан. Үйелеп әр жерде бiр шабындықта Жұнттай-жұнттай маялар шәйлап қалған.

Тұтас алған күйде осы төрт жолдың ауқымында поэтикалық жылт етпе ой жоқ. Ауыз-екi айтыла салатын қара дүрсiн сөздер тiзбегiн әрқайсысы он бiр буыннан тұратын төрт жолмен шектеп, ұйқастыра салған. Егер атап айтатын болсақ Қ.Жұмағалиев жинағындағы ең басты кемшiлiк осындай арзанқолды шумақтардың шамадан тыс көптiгi. Бүгiнгiдей өскелең әдебиетi бар ортада мұндай арзанқолдылық авторға абырой әпермесе керек. Мыңдаған тонна құмды ұшырып, оның iшiнен бiр уыс, жарым уыс қана алтын түйiршiктерiн терiп алу сияқты ауыр сөз азабын, ой азабын кешпей ақын атына ие болу мүмкiн емес. Бiз жоғарыда келтiрiлген шумақты тұтас күйiнде айтып отырмыз. Әр жолына тоқталайық. «Қыс қамын жасыл жазда ойлапты алдан». Мұнда «Жасыл жазда», «таңнан» деген екi ұғым бiрiн-бiрi қайталап тұрғаны анық. Әрине, көркем шығармада бiрiн-бiрi толықтыратын бiр мақсаттағы бiр мағналы сөздер қатар айтыла бередi. Бұл оқушы көкейiне барынша жеткiзе айту қажеттiгiнен туған. Ал мына жерде ондай қажеттiлiк байқалмайды. Авторға негiзгi қажеттiсi «жасыл жазда» деген тiркес те, ал «алдан» деген сөз ұйқас үшiн, әрi буын санын толықтыру үшiн керек болған. «Жұнттай-жұнттай маялар шәйлап қалған» деген соңғы жолдың мағнасын түсiнемiз-ақ, бiрақ поэтикалық, жүрекке жылы тиетiн сурет жоқ. Осыдан кейiнгi шумақта автордың жазғанындай «бiр ай қыс» деген тiркес бiздiң тiлiмiзде жоқ, қазақ «алты ай қыс» деп сөйлейдi. Жинақтың негiзгi бөлегi автордың Египет Араб Республикасына барған сапары кезiнде алған әсерлерi бойынша жазылған өлеңдерден тұратынын айттық. Бiр ғажабы осы өлеңдерде араб елiнiң сырт көрiнiсi, әсiресе, табиғаты көбiне сөз болады. Әрине, оған дауымыз жоқ, мүмкiн авторды алыстағы араб елiнiң сол нақтылы табиғат жағдайлары көбiне толғандырған шығар. Автор өз сапары кезiнде көргендерiн қай жағынан алып жырлаймын десе де өз еркi. Бiрақ оқып отырғанда адамға шаншудай тиетiн шумақтар да кездеседi. Қайрат көбiне олардың табиғат жағдайын жамандаумен болады. Мысалы, «Асуан күзi» деген өлеңiнде мынадай шумақ бар:

«Алау күн жыл он екi ай тынбай қарып, Кетiптi байтақ өлке құмға айналып, Содан берi келедi соры арылмай Халқының жүрегiне мұң байланып.

Сонда автордың айтуынша арабтардың байтақ өлкесi құмға айналғаннан кейiн халқының маңдайы сор мен мұңнан арылмай қойды. Әрине, табиғат жағдайының адам өмiрiне белгiлi бiр ықпалы болатыны ақиқат. Бiрақ оны халықтық қасiретке балауға болмайды. Бұл жерде автор iстiң әлеуметтiк жағын көзден қақас қалдырып отыр. Қай ғасырда болмасын егер халықтың өз еркi өзiнде болып, барлық мүмкiндiгiн пайдалана алса қандай шөлдi болмасын жеңе алады. Автор сонау Африка елiнiң табиғатын қорашсынып, оған көктен қараған сезiмiне шамадан тыс ерiк берiп жiберген. Әйтпесе автор осы өлеңнiң бiр жерiнде:

«Құмдардан қашып шығып құлшынып бiр Нiлге кеп қонақтаған тiршiлiк бұл! Ауа жетпей, Демалып екi иiннен Зәулiм үйлер қалада тұншығып тұр, – демес едi ғой. Мұнда автор табиғаты бөлек жерге барып, көрген аз-мұз азабын бүкiл елге телiп, өз Отанын, өз туған жерiн жанындай сүйген миллиондаған патриоттардың намысына тиiп кететiнiн ойламаса керек. «Сахара» жинағы осындай кемшiлiктермен ақсап тұрса, биыл шыққан «Шапағат» жинағында автордың шеберлiк жағынан өсуi байқалмайды. Қайта керi кеткен сияқты. «Шапағатта» кездесетiн басты кемшiлiктер мынадай: Автор ең алдымен өлеңдi бастырмалатып, төкпелетiп жазамын деп, iшкi жiбiн босатып алады. Оның көркемдiк дәрежесiне көп көңiл қоймайды. Тiптi логикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Әрине, ақындық сезiмдi айнытпай қағазға түсiргенде ондай шалағайлық кездесе беретiн болса бұл өлең үшiн үлкен кесел. Мысал ретiнде «Кәрiлiк» атты өлеңiн (7-бет) алайық. өлеңнiң бас жағында ерте ағарған шаш пен беттегi әжiм «табалап күлгендердiң жеңiсi», «қиын-қыстау күндерде демемеген достардың қылмысы» деген сияқты анықтама бере келедi де мынадай шумақ тастайды:

Куәсi бұл нәмартты көп көргеннiң Қилы күн, қилы сыңды өткергеннiң Көлеңкесiн саялап Аярлықпен Жеме-жемге келгенде сырт бергеннiң Алғашқы екi жолы түсiнiктi. Беттегi әжiм мен ағарған шаш бастан кешкен «қилы күн мен қилы сынның» куәсi деп отыр. Ал келесi жолдарда автор осы ойына қарсы шыға келедi. Бұған салсақ, қиыншылық көргеннен

емес, сол қиыншылықтан жеме-жемге келгенде сырт бергеннен шаш ағарып, бетке мезгiлiнен бұрын әжiм түседi екен. Қайсысына мегзеп отыр деп оқушы дал болады. Мүмкiн автор басқа қиындық түскен сәтте сырт берген достар әрекетiнiң куәсi деп, тап осының алдындағы шумақта айтқанын айна-қатесiз қайталап отырған шығар. Ондай қайталау болса, басы артық нәрсе. Бiрақ оқып шыққанда қайталауға емес, үстiрттiк, немқұрайдылық салдарынан ой тiзгiнiнен айрылып қалғанға ұқсайды. Тағы осы өлеңде автор дос пен қас деп, адам баласын екiге бөлiп, ыңдыны құрып тұратыны несi? Қас дегенi кiм, оны да ашып-айырып жатқан автор жоқ. Тағы «шаттығы ортайған», «достары табалағандардың» ғана емес, ел үшiн, Отан үшiн бар өмiрiн сарп ете еңбектенген абзал адамдардың да шашы ағарып, бетiне әжiм түспеушi ме едi? Мүмкiн шаштың ағы мен беттегi әжiм сол адамның қызу тiрлiгiнiң, ерлiк еңбегiнiң күмiстей жарқыраған бейнесi мен тарам-тарам iздерi шығар. Бiрақ автор оны ажыратпаған, өңкей бiр «жалған достар» мен белгiсiз «қилы күндердiң» шырмауында қалған. Онымен де қоймай:

«Жамандыққа келгенде бәрi мықты. Өшiрiп көңiлдегi бар үмiттi. Iштен шалып, Адамдар бiр-бiрiне Жомарттықпен «сыйлайды» кәрiлiктi, – деп аса дөрекi оймен аяқтайды. Ал өлеңнiң өзiнде поэзияға лайық ой, сезiмталдық жоқ. «Айбасқа» атты өлеңде де осындай кемшiлiктер бар. («Айбас» деп отырғаны өзiнiң ұлы болса керек). Саған бiр мықты адамның есiмiн қоя алмадық деп келедi де: Әрине, қимағаннан емес, жаным, Болғанмен мықты есiмдер алуан мың, – деп өзара логикалық байланысы жоқ жолдарды ойсыз жаза салған. Алты шумақтық ұзақ өлеңнiң соңғысында ғана жылт еткен ой бар (әрине ол да пәлендей жаңа ой емес). Бiрақ соны жұмырлап берудiң орнына ащы iшектей созып, өлеңдiк мән-мағынаның берекесiн кетiрген. «Ана бақыты» атты 9 шумақтық өлеңдегi:

«...Мың шүкiр!» – деп ана тұр ақ тiлеумен: Бiр перзентi Болмақшы екеу бүгiн – деген жолдардың мәнiне өлеңнiң өне-бойына көзiмiздi бiрнеше рет жүгiртiп түсiне алмадық. Бiр перзентi екеу болғанда қалай, баласы үйленгелi тұр ма, жоқ келiнi толғатып жатыр ма, осыны ашып-айыру мүмкiн болмады. Бiр жерiнде: Айналайын заманның тыныштығы-ай «Волгалар» тұр тiзiлiп көлденеңдеп, –

дейдi. Заманның тыныштығын «Волгалардың» тiзiлiп тұруымен бейнелеу ақындық тапқырлықтан, сезiмнен тумаған. Осы сияқты шықпай қалған өлеңдер Қайрат Жұмағалиев жинағында аяқ алып жүргiсiз. Оның бәрiне бiрдей тоқталып, талдап шығу мүмкiн емес. Тағы басқа ескертетiнiмiз автор өлеңдi iшектей созуға құмар. Тiптi бiр болмашы ойды жеткiзу үшiн ең кемi бес-алты шумақ керек. Әрi қажетсiз жерде өлеңнiң жолдарын сындыра бередi. Тағы өлеңнiң бас жағында айта бастаған ойынан оның аяғына жетпей жаңылып қалады екен. («Биiктiк» атты өлеңдi оқып көрiңiз. 19-бет). Жасыл жылдар, Менi көп асықтырма, Пенде емеспiн бiржола тасып тынған. Кiндiк қаным тамғанда-ақ туған жерге Туған топырақ Өзiне ғашық қылған. Шабытқұмар көңiлдiң күнi ашылып, Қауышардай бiздерге жыр асығып, Алағызып, Арманның жетегiнде Бiз келемiз Биiкке құлаш ұрып. Тәйiрi-ай, Жек көрушi ед кiм биiктi?! Санаға Сол биiктiк нұр құйыпты. Биiкке құмар достым, Ұмытпа тек – Биiктiкпен бiр туған Тұңғиықты!

Ал осы өлеңнiң басы мен аяғын жалғастырып көрiңiз. Бiрдi айтып, бiрге кеттi деген осы емес пе. Әрi «Шапағат» атты жинақ тақырып тарлығынан қатты ақсап тұр. Мұндағы өлеңдердiң бәрi туған жер, ана бақыты, әдiлет, бiрге оқыған достармен отыру, өзiнiң ақын екендiгiн үстi-үстiне ескертiп қою, – мiне осы сияқты жауыр болған тақырыптардың төңiрегiнде ғана десек қателеспеймiз. Шын ақындық сезiм өмiрдiң әрбiр болмашы қалтарыстарынан да туындап отырады. Ол үшiн iзденiс, жiгер қажет-ақ. Мына жинақта Қайрат сападан гөрi санға көбiрек назар аударған. Содан болар бұл жинақта нәрсiз, жылт еткен сезiм жоқ шалағай өлеңдердiң көптiгiне оқушы қатты налиды. Әрi «Жазушы» баспасы (автордың өзi сонда iстейтiндiктен бе) авторға жанашырлық қатаңдықпен қарамаған. «Сахара» сияқты мынау соңғы «Шапағат» жинағы да авторға абырой әперетiн еңбек болмаған. Кiтапта сонымен бiрге «Айымжан ару» атты поэма фрагменттерi берiлген екен. Автордың бiтпеген нәрсесiнiң үзiк-үзiк бөлшектерiн кiтапқа енгiзу лайық па?

Бұл да баспаның өз қызметкерiне көрсеткен жомарттығының белгiсi болса керек. Әйтпесе, ондай нәрселер үшiн газет-журналдар, альманах бар емес пе? Бiз сөз еткелi отырған тағы бiр автор Сәбит Баймолдин. Оның «Жазушы» баспасы 1971 жылы шығарған «Қызыл iңiр» атты кiтабы да қатты сын айтуға тұрарлық. Бұл авторға тән бiр ерекшелiк – сөздердi барынша ойнатып беруге құштарлық. Әрине, бiз мұны құптаймыз. Тек көркемдiк шеңберiнен ауытқып кетпесе болғаны. «Сапар» атты ұзақ өлең (6-бет) мынадай шумақпен басталады. «Өлеңмен дүние есiгiн аштық, мiне, Бой салмай бойдағыға жастық неме. Күреңдi таң бас жармай кiсiнетiп, Өзге өмiр жайлауынан қаштық неге?

Осында Абай атамыздан ауысқан бiрiншi жолдан басқа жөнi түзу жол жоқ. «Бой салмай бойдағыға жастық неме» дегенiн қалай түсiнемiз? Ал «Таң бас жармай» деген үшiншi жолдағы тiркес дұрыс емес. Төртiншi жолдағы «өзге өмiр» дегенi қай өмiр? өкiнiшке қарай автор бұл төрт жолға тым артық баға берсе керек, өлеңiн осы бастапқы шумақты қайталап аяқтаған екен.

«Батасың қалай бұлтқа арайламай, Сапарын сәйгүлiктiң әрi ойламай. Жел қайда көкiрек отау желпiлдетер. Ақын бол, азабына қарайламай», – деген жоғарыда аталған өлеңнiң екiншi шумағынан да жiбi түзу бiр жол таба алмадық. Егер ерiнбеген оқушы әр жолға үңiле қараса С.Баймолдинге тән немқұрайдылықтың, «суырыпсалмалықтың» исiн сезер едi. Бұл дүкендегi сатушының ақша ұсынған тұтынушыға басқа қажетсiз бiрдеменi орап бере салғаны сияқты әрекет. Мұндай мысалдарды түгелдей келтiретiн болсақ Сәбит жинағын толық көшiрiп шығуға тура келер едi. Сонда да болса пiкiрiмiздi нақтылы ету үшiн бiраз мысалдар келтiре түсейiк. «Жадыра» атты өлеңнiң (9-бет) бiрiншi шумағы мынадай:

Жадыра, жайқал, найқал, өмiр кербез, Бояусың болмысыма келген бiр кез Салдыртып саулап жетiп келдi бiр шақ Тұр еңсем, көтер бойды, көрiн, бол тез. Алғашқы екi жолында кербез өмiрдi автор өз болмысының бояуына теңеуi, «Тұр еңсем» деуi мүлдем ойсыз айтыла салған. Ал жалпы шумақтың өзiнде iлiп аларлық бiр түйiн, ой жоқ. Мұны жазғанда автор алдына ешқандай мақсат қоймаған сияқты. Тағы бiр «Өлең» атты өлеңiн: «Саумысың, су өлеңiм, асанқайғым, Сен не жазсаң, мен көнбей аса алмаймын, –

деп бастайды. Осында бiз мойындайтын бiр ғана «су өлеңiм» дейтiн тiркес бар. Автор өз шумақтарына бүкпесiз, бұқпантайсыз дұрыс атау берген. Бiрақ өз жазғандарының сылдыр су екенiн ашықтан-ашық мойындай отырып, оны баспаға ұсынуға жүрегiнiң қалай дауалағанын ұға алмадық. Сiрә, өзi жаулағалы келе жатқан елден өз басымдылығын айқын сезiп, алдын-ала хабар берген қаһарман батырдай бұл да «Жазушы» баспасының өзiне деген кеңпейiлдiгiне айқын сенiммен көкейкестi бiр шындықты айтып салғаны сияқты. Ал осы келтiрiлген екi жолдың сол «Су өлеңiмнен» басқа сөздерiн бiз жүрегiмiзбен қабылдай алмаймыз. Мысалы, «Сен не жазсаң, мен көнбей аса алмаймын» деген жолға не айтамыз? өлең өзiн-өзi жазбайды, автор жазады ғой. Ендi осы жәйттi де автор мен кiтап өндiрiсiнiң басында отырғандар ұға алмағаны ма? Бұл жинақ автор, әрi баспа тарапынан жiберiлген үлкен жауапсыздықтың салдары екенi айдан-анық. Тiптi iлiп-алар бiр шумақ таба алмағанымызға өкiндiк-ау. Бiз қашанғы өкiне бермекпiз. Осындай қоқсық кiтапшалардың шығып кетуiне қашан ғана тоқтау салынар екен.

  • * Кәне, уыздай жас ақын Зейнолла Тiлеужановтың «Жазушы» баспасынан биыл ғана шыққан «Лебiз» атты жинағын алып көрейiкшi. Ақ маржандай шаңқан тартып, жарқырап жатқан шумақтарын кездестiргенде бiр түрлi мерейiң тасып қалады екен. «Бұлбұл» атты өлеңiн оқиық.

Жан емен достығыма сый сұраған, Осы жол берер болсаң шын сұранам. Қанатын тар бөлмеңде торға соққан, Бiр құстың бостандығын қишы маған.

Осынау бақсыз дарын иесiне, Түскенде айлы түнде гүл есiне. Жасырын, жанарының жасын төгiп, Сен оның өкситiнiн бiлесiң бе?

Жанса да асау шабыт жүз аптығып, Ақындар сыр сақтайды ұзақ тынып. Кеш бiлдiм көк аспанда құзғын ұшса, Бұлбұлды аулайтынын тұзақ құрып. Ұша ғой, жетер торға қамалғаның, Аялап тапсын қайта ақ арманын. Жарық күнге жақсының жазығы жоқ, Күнәң тек – бұлбұл болып жаралғаның.

Сүрiнбей-қабынбай оқып шығуға болатын осы өлеңнен соң адамның бостандыққа, кең жазира дала төсiне деген құштарлығы оянып, жыр шерткен бұлбұл атты өнер иесiмен мәңгiлiк достық, жарастық тапқысы келедi. Иә, бiз қай өлеңнiң де сондай бiр әсерi болса екен деймiз. Бiрақ, Зейнолла Тiлеужанов өлеңдерiнiң бәрi тап осылай төгiлiп тұр ма? Әрине, жоқ, жас дарын көбiне жанынан сөз суырғанда, кейде оның iшiсыртын бағдарлап қарамай, ұйқасы келсе тарс еткiзiп қағазға қондыра салады екен. «Ана туралы баллада» атты өлеңiнiң бiрiншi шумағының соңғы екi жолы былай: «Кеу-кеулеп қариялар әңгiме айтса Қонышқа қағып қойып насыбайды».

Осындағы насыбай деген сөзге назар аударыңыз. Бұл сөздi айтсаң көз алдымызға кей адамдар бұрынғы кезде астыңғы ерiнге салатын насыбайдың бiр шөкiм ұнтағы келедi. Оны қонышқа қалай ұрады? Иә, бұл жерде автор шақшаны айтып отыр. Бiрақ ол шақшаны бiлмейдi емес, тек оған алдыңғы жолдардағы «осы жайлы», «басы байлы» деген сөздерге ұйқастыру үшiн ғана «насыбайды» деген сөз керек болған. Сөйтiп, мұның қандай ұғым беретiнiн ескере қоймаған. Келесi шумақты алайық: Емiзiп, бiр сиырдың татар ағын, Ұмытып зiлсiз шеше шапалағын Бiздiң шаң бетiмiздей шайылмаған Сырларын көп тыңдаушы ек сахараның.

Бiрiншi жолдағы «татар ағын» деген сөз тiркесi қызық ұғылады. Ол сиырдың тататын ағы ма, жоқ баланың тататын ағы ма? Осы жағын айыра алмайсың. Ал келесi жолдарда сахараны баланың шайылмаған шаң бетiне теңеу мүлдем дұрыс емес, тiптен көкейге қонбайды. Мен тудым жалпақ дала жайраңда шын, Ат шаптыр жұмыр дүние қайран қалсын Ай астына жұлдыз тiк жамбы орнына Көк мылтықты мергендер сайланған соң. (10-бет)

Сыдыртып оқып шыққанмен, үңiлiп қарасаң әр жолында шалағайлық бар екенi аңғарылады. Бiрiншi жолдағы «жайранда шын» деген сөздiң ұйқасты сөз орнын толтырғаннан басқа қандай ұғым беретiнiн, не қызмет атқарып тұрғанын түсiнбедiк. Екiншi жол жөнiнде: ат шаптырып, дүниенi қайран қалдырам деу ол қандай өлермендiк? Дүниенi бұдан әлдеқайда зор ұлы iс атқарып қайран қалдыруға болатын шығар. Тап мынау ақын көңiлiнен туатындай шабытты жол емес. Тағы қазақта «жұмыр дүние» деген тiркес

жоқ, «жұмыр жер» деп айтылады. Ал «дүние» мен «жер» деген екi ұғым арасында үлкен айырмашылық бар. Мұны да автор бiлмейдi емес, тек өлең жолының буын санын толтыру үшiн ғана сылқ еткiзiп, қондыра салғаны апайқын. «Ай астына жұлдыз тiк жамбы орнына» деген үшiншi жол да пәлендей тапқырлықтан тумаған. Автордың ойлағанындай әсем көрiнiс бермейдi, жақсы елес қалдыра алмайды. Төртiншi жолдағы «көк мылтық» деген сөз тiркесi де ойсыз айтыла салынған. Себебi, өлеңдi оқып отырғанда бiз түн мезгiлiн еске түсiрiп отырмыз ғой, демек мылтықтың «көк, қызыл» екенiн ажыратып жату ақылға симайды. Әрине, З.Тiлеужанов қабiлеттi жас. Мұны «Әжеме», «Фонтан», «Көсем анасы» деген өлеңдерi мен осы жинаққа енген «Тұтқын» атты поэмасынан аңғарамыз. Алайда, қағазға сөз түсiргенде өзiнiң ақындық жауапкершiлiгiн естен шығармай, қадала ойланып, шабыт теңiзiнен шашыраған ақ күмiстей әдемiлерiн ғана сүзiп алған жөн. Адамның жүрегiн қозғалысқа келтiретiн ыстық қан оның өзiне қандай қымбат болса, шын ақынға да өзi жазған әрбiр сөз сондай ыстық, қымбат болуы керек. Демек, оны оңды-соңды шашпай, орнымен пайдаланып, өлең көркiн мiнсiз құрастыру үшiн хас зергердiң талғампаздығымен қараған жөн. Кейбiреулер «е бұл жас ақынның алғашқы жинағы ғой, онда анау-мынау болмай тұрсын ба, оны әзiрше айтпай тұрған да жөн емес пе» деп кең пейiлдiлiк көрсетедi. Әрине, кеңпейiлдiлiк бiздiң халқымызға тән. Алайда, халқымыздың осы қасиетiн достарды қарсы алғанда, қонақ күткенде ғана танытсақ жеткiлiктi емес пе? Ал әдебиетiмiздiң жас буын өкiлдерi жайында бұл қиянаттан аумайды десек не айтасыз? Саттар Сейтқазиннiң «Қызыл генерал» атты жинағы («Жазушы» баспасы, 1971 жыл) «өлең көп қой дүниеде өлең көп қой» деген жолмен басталады. Бұл жерде ақынға айтар дауымыз жоқ. Қалай айтайық.

Туғанда дүние есiгiн ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кiрер денең, – деп, Абай атамыз да осыны ескертiп едi. Алайда, өлең молшылығы жөнiнде ұлы ақынның пiкiрiн көлденең тартып, оның сол өлеңге қойған талабын ұмытатын болсақ мүлдем бiр жақты кеткенiмiз. «Өлең сөздiң патшасы сөз сарасы» деп бағалаған ұлағат сөз бәрiмiздiң көкейiмiзде терең ойылып жазылып қалыпты. Мұны айтып отырғанымыз қазiрде көңiлдi жарқ еткiзiп ашатын қасиеттен жұрдай арзанқолды өлеңдерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. С.Сейтқазиннiң жоғарыда бiз атаған жинағы да осындай өлеңдерге сықап тұр. Бұрын талай кiтаптың басына су құйған ақынның мұнысына, әрине, пәлендей кешiрiм бар деп айта алмаймыз.

Тарих таңбасындай қалар табы, Жақсы жыр жаныңды да жаңартады. Сен көрмеген арманға сүйрей-сүйрей Бiр күн өмiр шашыңды ағартады.

Мiне, осы шумақтан бүкiл жинаққа тән сылбырлықты, сөз қасиетiн арзан бағалаушылықты, сөз тiркестерiн құрастырудағы немқұрайдылықты аңғарамыз. Алғашқы екi жол ауыз-екi айтыла беретiн қара өлеңге ұқсап, пәлендей бадырайған кемшiлiгi жоқ сияқтанғанмен үңiле қарасаң қатты ақсап тұрғанын аңғарасың. Мысалы, жақсы жырдың тарих таңбасындай табы қалады деу дәл поэтикалық теңеу ме? Егер жорамалдап үстiрт түсiнсең ғана солай сияқты, бiр оқығанда байқамай сыдыртып өте шығуға да болады. Ал келесi жолдардағы «сен көрмеген арман» дейтiнi ол қандай арман? Атауы жоқ, түр-түсi белгiсiз бiрдеме ме? Әлде оқушы көкейiне қонатындай шағып айтуға ақын тiлiнiң оралымы жетпей ме? Ал «бiр күн өмiр шашыңды ағартады» деген сөйлем мүлдем күтпеген жерден шыға келген сияқты. Себебi ақын жаңа ғана шумақты «жақсы жыр жаныңды да жаңартады» деп көтерiңкi үнмен бастап едi, ендi сол шумақтың аяғына жетпей бұлай деп күрсiне қалуы қалай?

Көз алдымда тұрса да жырлар жүздеп, Мен келемiн өмiрден өлең iздеп Жанымның елегiнен өлмес өлең Шiркiн, туа берсейшi тiзбек-тiзбек.

Бiрiншiден, шумақтың алғашқы екi жолында айқындық жоқ. «Жүздеп тұрған» ол қандай өлең, бұрынғы классиктердiң тау-тау туындыларын айтып тұр ма, жоқ, өз өлеңдерiн өзеуреп алға ұстағаны ма? Екiншiден, шумақтың жалпы құрылысында пәлендей жаңалық жоқ. Бұрын талай айтылып, жауыр болған ой мен сыдыртпа сөздi он бiр буынға сыйғызып құрастыра салған. Космонавт А.Николаевқа арналған «Қырандар» атты өлеңiнiң бiрiншi шумағы мынадай: Өлмейдi халық дәстүрi, Дәстүрге мен де жаршымын, Дәстүр мен қырдың қыраны Қолынан ұшты аңшының. «Дәстүр» деген сөз үш рет қайталанған. «Дәстүрге мен де жаршымын» деген екiншi жол сауатсыз құрылған. Дұрысы, «дәстүрдiң мен де жаршысымын» емес пе? Үшiншi жолда «дәстүр», «қырдың» деген екi сөздiң «мен» шылауы арқылы жалғастырылуы логикалық жағынан қисынсыз. Себебi, дәстүр деген абстрактылық ұғым да, «қыр» нақтылы заттық ұғым. Тағы осы жолда «қыраны» деген сөз алдындағы екi сөзге тiркестiрiп берiлген. Қырдың қыраны болар, ал дәстүрдiң қыраны деу жаңсақ айтылған нәрсе. Ал төртiншi жолда «қолынан ұшты аңшының» деп, космос кораблiн ұшыруды жүзеге асырған Совет ғалымдарын, жұмысшыларын «аңшыға» теңегенде автор не ойлады екен? «Достық туралы» өлеңнен:

«Достардың да досы бар таңдайтұғын Бар, жоғыңда қасыңнан қалмайтұғын

Жаза тартсақ жаныңды жалғыз қалып, Жаныңа жанын әкеп жалғайтұғын. – деген шумақты алып қарайық. Мұнда да ақынның желдiрме сөзге салынып пәлендей жаңалық табуға жанын қинамағаны ап-айқын. «Таңдайтұғын», «қалмайтұғын», «жалғайтұғын» деген сияқты ескiрген ұйқастардың пайдаланылуы, «жан» түбiрлес сөздердiң үш рет қайталанылуы осыған дәлел. Оны айтпағанның өзiнде осы шумақта қандай көркемдiк қасиет бар? Бүгiнгi жазба мәдениетi шарықтап өскен шақта өлең деп қабылдауға тұрмайтын шумақтар С.Сейтқазин жинағында өте көп-ақ: «Мүмкiн сенiң алдыңнан майдан шығар, Мүмкiн бақыт құшағын жайған шығар, Өр көңiл, өршiл көңiл, өскен көңiл Азаппенен өтуге қайдан шыдар».

(«Көңiл» атты өлеңнен) «Тентек желге тербелiп, Шыр айналар безбенiң, Бойыңды ащы тер жеңiп, Сөнер тәуiр кездегiң». (“Тентек жел» атты өлеңнен) «Заман деген жаңарар да өзгерер, Талай жолдас, талай ардақ кез келер, Түлкi құйрық қызық өтер сылаңдап, Дүние деген көз алдыңда дөңгелер» («Махаббат сөнбейдi» атты өлеңнен).

Осындай мысалдарды тiзбектеп келтiре берсек, кiтаптың түгелге жуығын көшiрiп шығуға тура келер едi. Сiрә, арзан сөз, арзан ұйқасқа әуес кейбiр ақындарымыз сияқты С.Сейтқазин да талай айтылып, тепкiсi шыққан ойларды өзiнше жаңғыртқан болып, сәл тонын айналдырып бере салуға әзiр тұрады екен. Тағы жоғарыда бiз келтiрген үш шумақтың алғашқы екеуiнен автордың не айтпақ болғанын қаншама бас қатырып ойлансаң да түсiне алмайсың.

  • * Жас ақын Садықбек Хангелдиннiң «Шапақты шақ» атты жинағына («Жазушы» баспасы, 1973 жыл) көбiне, жастық, махаббат, туған жер төңiрегiне құрылған көңiл күй жырлары енген екен. Кейбiр шумақтардан автордың өрге талпынысы, өз көкiрегiнен тың сезiмдер iздеп, өлең өлкесiнде соны iз салмақ әрекетi айқын-ақ байқалады. Өсу үстiндегi талапкер екенiн құптай отырып, бұл жинақтан да көңілiмiзге олқы соққан бiраз жәйттердi ортаға салмақпыз. «Осылай үйрендiм» атты өлеңiнде сүйген қызының өзiн ынтықтырған тамша көркiн, бiрақ тiл қатпаған ұяң қалпы мен мұңлы қарасын жырына арқау ете келiп, «жадырашы, көзiңдi салшы маған, жанарыңның нұрына

қанайыншы, тiл қатшы» деп өзеурейдi. Сол шақта қыз «күлдi-дағы жауап қатпады, тек өзiң ұғын» дегендей бас изедi» дейдi. Бәрi дұрыс-ақ бiр-ақ осыдан келiп, автор мынадай сөз тастайды. «Күйдiрдi ме соның лаулап аптабы, Тәкаппарлық жанымды жеп күйзедi». «Лаулап күйдiрген аптапты» айтпай-ақ қоялық, жанын жеп күйзелткен такаппарлық қайдан пайда бола кеттi? «Күйзелттi» дегендi ұйқас үшiн «күйзедi» деген қазақта жоқ сөзбен алмастыруы қалай? Қыз алдындағы сезiмi қаншама тасқындап, аққанымен келесi шумақтағы:

«Уа, құдiрет, бiттi менiң төзiмiм; Тым болмаса бiр сөз айтар дем бершi», деп, қыз алдында жан тәсiлiм етердей құдiреттен жәрдем тiлеуiнiң оқушыға автор армандағандай әсерi жоқ. Бос күйгелек сезiмнiң ойсыз айтылған сөздерден одан сайын берекесi кетiп, қиюы қашып тұр. «Дүние сенiң төрiңде» атты өлеңде: «Мен де бiр елге жалын боп, Еркелiк еткiм келедi» дейдi.

Елдiң от-жалынды қуаты болған адам елдiң еркесi емес, көсем тұлғасы, мақтанышы десек дұрысырақ. Бұл жерде «еркесi» деген сөздi мүлдем терiс мағынада түсiнуге де негiз бар. Осындай ойды дұрыс жеткiзе алмаушылық, сөз қолданудағы орашолақтық «Бар болса бойда қуатым», «Оңашада», «Жақсы бiр жырды жан аңсап» атты, тағы басқа да бiрсыпыра өлеңдерде, сондай-ақ «Шапақты шақ» атты толғауда да көп-ақ кездеседi.

  • * Нұтфолла Шәкеновтың «Сақина» атты («Жазушы» баспасы, 1971 жыл) поэма мен өлеңдер жинағын оқығанда ақынның Ильич туралы барынша берiле жырлағанын, ол үшiн көкейiндегi бар жақсы сезiмдерi мен сөздерiн iрiктегенiн айқын аңғарамыз. Бұған «Сақина» атты поэма мен «Шушада, Саян таудың бауырында» атты ұзақ толғау iспеттес өлеңi куә. Әсiресе, екiншi аталған шығармасында көсемге деген ыстық ықлас әдемi жыр жолдары арқылы төгiлiп-төгiлiп кетедi. Сонау Саян тауының бауырында Шушь өзенiнiң жағалауындағы әсем табиғат ақын көкейiнен Ильичтiң сайрап жатқан iздерiн көрсеткендей тебiрентедi.

Ақынға бұл жер бөлек жер Сұлу да әншiл атырап Ырғалып желмен теректер, Сыңсиды жасыл жапырақ. Бiр сыбдыр тақап келгендей Жалт етiп қарай қаламын. Жүрегiм жақын сезгендей Асыққан Ильич қадамын. («Шушада, Саян таудың бауырында», 25-бет).

Асқан шеберлiк танытпағанмен көсем болған жерлердi көргенде тұлабойыңды кернейтiн сезiмдi айна-қатесiз берiп тұрған жұп-жұмыр жолдар емес пе? Осындай сәттi шумақтар баршылық болғанмен бiз атаған екi шығарманың тұтас өне бойында жетпей жатқан жақтары бар сияқты. Әсiресе, «Сақина» поэмасы осы пiкiрiмiздi растай түседi. Мұнда автор сонау Шушенскiде айдауда жүрген Ильичке Надежда Крупскаяның шешесiмен бiрге iздеп келiп, қосылған қуанышын жырлауға, көсем бойына бiткен ұлы махаббат сезiмiн жырлауға талаптанған. Владимир Ильич пен Надежда Константиновна патша әкiмдерiнiң қойған шарты бойынша екеуi сол Шушенскiде дереу неке қиғызудың қамын жасайды. Алайда шiркеу заңында сақинасыз неке қиылмайды. Сонау Сiбiр түкпiрiнде айдауда жүрген Ильич қысылтаяңда сақинаны қайдан таба қойсын? Көздерiнде бақыт нұры ойнаған күйеу мен қалыңдықты бұл абыржушылықтан құтқарған осындағы жұмысшы Оскар болады. Ол Ильич қамын ертерек ойлап, мыстан екi сақина соққан екен. Соны ұсынады. Некелесушi екеудiң қуанышында шек жоқ. Сақина мыс болғанмен оны соққан жолдастың көңiлi алтын ғой, бәрiне де қанағат тұтады. Шiркеуде неке қиғызып қайтқаннан кейiн бұлардың үйдегi тойына осында саяси ссылкада жүргендердiң бәрi шақырылғанмен, олардың бiрi де келе алмаған. Патша жандармдары жiбермейдi. Одан да жаситын Ильич жоқ. Тойды өздерi оңаша өткiзедi. Мiне, осыдан көп жыл өткен соң қатты науқас Ильич қасында Надежда Константиновна екеуi баяғыда Оскар жасап берген сақинаны көрiп, сонау Шушенскiдегi күндерiн еске түсiредi. Ұлы көсемнiң ақырғы демiн алардағы осы ойлары шынында аянышты. Поэманы оқып шыққанда көңiлге жалаң махаббат сезiмдерi ғана ұялап қалады. Әңгiме, ұлы көсем туралы болып отыр ғой. Ал Нұтфолла поэмасында сол ұлы көсемнiң революциялық күрестерi мүлдем көзден қақас қалған. Әрине, бiз авторды өз поэмасына көсемнiң тура сол саяси қызметiн арқау етпедiң деп, кiнәлап отырғамыз жоқ. Оның толғаныс, сезiмдерi арқылы болса да Россия жұмысшы табының қозғалысын елестетiп, ескертiп отыруы керек едi. Себебi, Крупскаяның айтуынша Ильичтiң жүрегiнiң соғысы езiлген еңбекшiлердiң жүргенiнiң соғысы едi ғой. Осы жағынан алғанда поэманың құрылысында опырайып қалғандық байқалады. Ал өлеңдерiнде ақынның сөз қадiрiн бiлетiн қаламгер екенiн танытатын шумақтар кездескенмен кейде оқушысын қынжылтып тастайтын жолдар да аяқтан шалып, ұнжырғасын түсiрiп кетедi.

« – Өмiр деген – сұлу қыз мiнезi көп, Өмiр деген күрес пен талап, бақыт. Бұл өмiр – жақсы өлеңнiң үлесi, – деп, Айтушы едi толастап, жауап бағып. 42-беттегi «Мұхтар туралы монолог» атты өлеңнiң осы алғашқы шумағын оқып шыққанда көкейде ешқандай сезiм қалмайтыны өз алдына, осы төрт жол бiр-бiрiмен үйлеспей, байланыспай тұр ғой. Оның үстiне, ашық айқын мағына бере алмайтындары да бар. Мысалы төртiншi жолды бiр рет оқып шыққанда оқушы түсiне алмайды. Әрi «толастап, жауап бағып» деген үш сөз осында тек буын санын көбейту және ұйқас үшiн ғана керек болған.

Адымдап көрдiм өнбедi, Тағдырдың терең сырлары. Өмiрдiң шырмау өрнегi, Жылымды бүктеп ұрлады.

(«Өз елiм» атты өлеңнен, 57-бет). Алғашқы екi жолын өлеңдiк құрсаудан босатып, жiбiн ширатып көрейiк. «Адымдап көрiп едiм, тағдырдың терең сырлары өнбедi» дегендi қалай түсiнемiз? Келесi екi жолдан автордың айтпақ ойының нобайын жорамалдауға болғанмен жарқырап тұрған өлеңдiк қасиет шалынбайды. Ал «Жылымды бүктеп ұрлады» деген тiркес басқа ұлттың болмаса тап бiздiң қазақтың көкейiне қонбайды. Әрине, автор да, редактор да жинақты баспаға әзiрлеу үстiнде кiтаптың сұрқын кетiруi мүмкiн осындай сұрықсыз жолдардан арылта түсудi мықтап ойламаған. Бiз сөз еткелi отырған тағы бiр жинақ «Туған топырақ» деп аталады. («Жазушы» баспасы, 1971 жыл). Авторы Нұркенже Хасенов. Мұндағы өлеңдердiң көпшiлiгi талай ақындар сан рет жырлап әбден жауыр қылған тақырыптарға құрылған. Ең қинайтыны, сол тақырыптарды автордың өзiнше игермек ниетi көп байқалмайды. Әрине, автор өзiне келген сезiмдi жоғары бағалап, құрмет тұтатын да шығар. Алайда, оны қағазға түсiргенде автордың алдындағы бiрiншi парыз – өзi оқыған кiтаптардағыдай ұзынды-қысқалығы белгiлi өлшеммен кетпей, яғни бұрын бiреу басқан соқпақпен жүру сияқты оңай жолмен жылжымай өз нақышын табуға күш салуы керек. Автордың «Медеуде жауған жаңбыр» атты өлеңiнде (27-бет) сонау 18жасар жiгiт кезiнде Медеуде жауып тұрған жаңбыр астында өзiнiң ең алғашқы махаббатымен қауышып, кейiн одан мезгiлсiз көз жазғандағы күйiнiшiн толғайды. Автордың байқатқан емеурiнiне қарағанда ол қыз басқа бiреудiң етегiнен ұстап кеткен жоқ, қайтыс болған. Бұл өлеңдегi жаңалық осы ғана. Әдетте кейбiр ақындар өз сүйiктiсiнен айрылғандағы шерiн төгу үшiн оны әлдекiмнiң етегiнен ұстатып жiберушi едi. Ал Нұркенженiң өз сүйiктiсiн о дүниеге аттандырып тапқан жаңалығынан не пайда көргенiн қазбалап жатпай-ақ қоялық. Әңгiме, автордың өз махаббатынан

айрылғандағы күрсiнiсi бұрын да талай автордың аузынан жалын атқанда туған өлеңдерiнен бiр аумайды. өлең қаншама бипаздалып жазылғанмен оқығанда толғандыра қоймайтыны сондықтан болса керек. «Тауға шықтық» атты өлеңiнде де (37-бет) сонау тау басында сол тұңғыш махаббатпен қауышуын толғайды. Алайда, осы өлеңде автордың түйген ойы жоқ. өлең ортан белден күрт үзiлiп, жерiне жетпей аяқталған. Оқып шыққанда көкейiңде бiр олқылық орын алады. «Ойламан ендi мен сенi» атты өлеңiнде (38-бет) автор өзiнiң ненi мегзеп отырғанын тым жасырын қалдырған. өлең шағын, сондықтан толық келтiрелiк:

Ойламан ендi мен сенi, Кiрпiкке мөлдiр шық қонып, Көңiлден анық өшкенсiң Арман боп, ақша бұлт болып, Көзiмнен ауып көшкенсiң. Ойламан ендi мен сенi, Несiбем бөлек демеп пе ең, Сенде де тiлек басқаша, Қайтер ек тағдыр кенеттен Бiр жолмен бiздi бастаса.

Сонда қалай болғаны, автор алғашқыда өзiнiң бұрынғы сүйiктiсiне «Көңiлден анық өшкенсiң» дей отырып, өлеңнiң соңғы жағына келгенде ол ойынан кiлт айнып, әлi де болса оған бiр бүйрегiнiң бұра қалғанын аңғартқаны ма? «Қайтер ек тағдыр кенеттен, бiр жолмен бiздi бастаса» деген соңғы екi жолын осылай түсiндiруге болатын сияқты. Ондай жағдайда өлеңнiң логикасында қайшылық бар. Жоқ, әлде автор өз ойын ашып-айырып дұрыстап жеткiзе алмай тұр ма? Қалай болған күнде де өлең мәнiн, автордың түйген ойын түсiне алмаймыз. Осылай түсiнiксiз аяқталатын өлеңдер Нұркенже жинағында бiраз баршылық. Iшiнара ой қайталаушылыққа да автор жол берген. Әсiресе, бұл бейбiт күнге, тыныштыққа арналған өлеңдерiнде көбiрек байқалады. Сондай-ақ: «Күндерiм ақ боз арғымақ Тоқтаусыз желдей есетiн Аспаным әсем шаңырақ, Жан аямай бұлтым көшетiн».

(«Күндерiм ақ боз арғымақ» атты өлеңнен, 17-бет) деген сияқты ойсыз құрылған шумақтар да кездеседi. Әсiресе, осы мысалдың соңғы екi жолын қалай түсiнемiз? Бiз өз пiкiрiмiздi автордың өсе түсуi үшiн қатаңырақ айттық. Ал жалпы жинақты оқып шыққандағы қорытынды пiкiрiмiз, Нұркенжеде сөз жоқ ақындық қабiлет жеткiлiктi. «Майдангер», «Сақина», «Қуыршақ қыздар көп гүлдер», тағы басқа да бiраз таңдаулы өлеңдерi осыған айғақ. 1972-1973 жылдар.

ЖАС ПРОЗАИКТЕР ЖӘНЕ СЫН

Жас прозаиктердiң шығармаларына жазылатын сын әдеби жанрлардың қай-қайсынан болсын өзiне ең үлкен жауапкершiлiк алған жанр деп бiлген жөн. Жас прозаик! Бұл сөздi айтқанда бiз әдебиет әлемiнiң негiзгi қабырғасын құрайтын, автордан мол дарын мен iзденiмпаздықты, қажырқайрат пен шыдамдылықты ең көп қажет ететiн аса күрделi жанрға ден қойып, соған өмiрiн арнауды мақсат еткен жас еңбеккер бейнесiн көремiз. Бұғанасы аса қата қоймаған, алғашқы талпыныс нәтижелерiмен ғана көрiнiп жүрген жас прозаиктердiң о бастан-ақ қатаң да қамқоршы сынның тезiне түсуi, алғашқы шығармаларының егжей-тегжейлi талдауға ұшырауы ол үшiн қаншалықты жақсылық, ырыс көзi екенiн бүгiнгi әдеби қауымға айтып жатудың қажетi бар ма? Мұның бәрi тiптi адамның өз табиғатынан да туындайтыны белгiлi. Творчестволық жолға алғаш түскенде буыны қата қоймаған жас еңбеккер, iштегi эмоциялық иiрiмдерге әлi толық ие болып, оны игi мақсаттың мәртебелi төрiне қарай бейiмдеу тәжiрибесiн толық игерiп үлгермеген шақта биiктен секiрiп өтудiң орнына оның бiр қалтарысы арқылы айналып өтiп кету сияқты әлсiздiктi жiберiп алуы өте ықтимал. Адам жаратылысы хақында философиялық ойлар түйген отандық, шетелдiк классикалық әдебиет үлгiлерiнде осы тектес мысалдардан талай ғибрат аларлық түйiндер түйiлiп, сыр шертiледi. Жә, әрi барып неғылайық. Бұл кейде аксиомалық жәйтке де айналады. Басқаны қойып, балапанын ұшуға баулыған жабайы ана бүркiттiң қамқорлығын, оның әлсiз қанатты балапанының алғашқы қанат қағысын бақылаған адам да бұл жәйтке көз жеткiзе алады. Бүркiт қаталдығынсыз балапан қанатын қатайта ала ма? Мен сөзiмдi мынадай мысалдан бастасам деймiн. Баршаға белгiлi жазушы Амантай Байтанаев көп жылдар бойы «Жұлдыз» журналы мен «Жазушы» баспасында аса жауапты қызметте отырып, қалың-қалың оншақты кiтап берiп үлгердi. Ол осы шығармаларына соншама уақыттың iшiнде бiр дәйектi сын естiп көрмептi. Сөйтiп, жазушы сырт көздiң көмегiнсiз, оқушы қауымның, әдебиет жұртшылығының ойын, пiкiрiн бiле алмастан өз бiлгенiмен шығармаларын туындата берiптi. Тек соңғы кезде ғана, әсiресе, ол жауапты жұмыстардан қол үзгесiн ашық күнгi найзағайдай болып, төбесiне қамшы төгiлiп бердi. Мен бұл жерде А.Байтанаев ағамыздың атына айтылған сынды терiске шығармақ емеспiн. Айтпағым, ол осы сынды сонау алғашқы шығармаларын жазған кезде естiсе қайтер едi? Мұндайда оның, әсiресе, соңғы романдарындағы қарадүрсiндiк, асығыстық iздерi болмас па едi? Ал болары

болып, бояуы сiңген шақта естiген сынның айдалада күркiреген күндей жазушы басына келiп-кетерi шамалы ғой. Сөзiмдi мұндай мысалдан бастаудағы себебiм қазiр баспа жүйесiнiң томырықтығынан, талант иелерiн дер кезiнде танып, iлiп әкетуге жоқ икемсiздiгiнен қағажу жүрген кейбiреулерден басқа өндiрiп жазып, онысын жұртшылыққа молынан ұсынып жүрген жас прозаиктердiң денi баспа, газетжурналдар төңiрегiнде шоғырланған. Бұлардың бәрiнде де әрқилы, әртүрлi дәрежеде қабiлет, үмiт, көкiрек, мiнез, қызмет барын ескерiп, шығармаларына өз тұрғыластары осы бастан қатаң сөзiн айтпаса олар өз творчествосының жiбiн босатып алып, ертеңгi күнi егде тартып, еңкейер шағында кейiнгi ұрпақтың ымырасыз соққысына ұшырап, сағы сынбасына кiм кепiл? Еш бұлталақсыз шындықты мойындайық. Бiз босандық еткенмен өмiр заңы жұмсармайды, ол мейлiнше қатыбас, қатал. Егер әрбiр жас прозаик өз шығармасының құнын, жазылу дәрежесiн дер кезiнде ұғып көкiрегiмен түйсiнбесе, оны солай түйсiндiрерлiктей сын шоқпары барын ет-сүйегiмен сезiнбесе қысқа ғұмырды текке өткiзiп алуы мүмкiн. Тасқа шабылған қылыштай қабiлет-дарынының да ерте мұқалуы ғажап емес. Адамнан үздiксiз еңбек етудi талап ететiн, тиiп-қашуды көтермейтiн көркем проза жанрында, әсiресе солай. Жас прозаиктер шығармаларына жазылатын сын ең жауапты жанр дейтiнiмiз де сондықтан. «Жұлдыз» журналы, «Жалын» альманағы, «Қазақ әдебиетi», «Лениншiл жас» газеттерiнде соңғы уақытта жарияланған сын материалдарды шолып шыққанда ең алдымен байқағанымыз жұртшылыққа белгiлi сыншыларымыздың жас прозаиктер прозасы жөнiнде пiкiр айтуы некен-саяқ екен. Қайта әдебиеттiң төңiрегiнде жүрген, жұртшылыққа есiмдерi белгiсiздеу талапкерлер жас прозаиктердiң жекелеген шығармаларына пiкiр айтуға едәуiр атсалысыпты. «Жұлдыз» журналы сын бөлiмiнiң бұрынғы меңгерушiсi Сағат Әшiмбаев осындай игiлiктi iске тың авторларды тартуға өзiнiң ұйымдастырушылық қабiлетiн барынша жұмсағанын қанағаттанғандық сезiммен айтқан жөн. Әдебиет сынында азкем есiмдерi белгiлi Марал Сқақбаев, Бекен Ыбырайымов, Бақыт Сарбалаев, Асқар Егеубаев, Нұрдәулет Ақышев сияқтыларды былай қоя тұрғанда Тәжiбай Жанаев, Мәди Айымбетов, Баянғали Әлiмжанов, Тұрсын Сыдықов, тағы басқалардың сын пiкiрлерiн оқып, еш бүкпесiз өз ойларын айтуға, шығарманың ақ-қарасын ашып-айырып беруге талпынушылықты көрiп қуанамыз. Мұндай жаңа есiмдердiң молдығы бiздiң жас прозаиктерiмiзбен қатар өсiп келе жатқан, олардың қандай туындыларына болсын дәйектi пiкiр айта алатын сыншылар тобының бар екенiн, оларды әлi де кеңiнен қатыстырып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеу зор жұмыс әрi жауапкершiлiк екенiн ескерткендей. Осылардың рецензиялары демесек, жастар прозасына арналған дәйектi, кең ауқымды мақалалар қайталап айтайық өте аз. Сол аздың iшiнде көзге түсiп, көңiл аударарлықтары ретiнде мен Рымғали Нұрғалиевтiң «Жұлдыз» журналындағы (1976. 5) «Жастар прозасы – 1975» атты баяндама-мақаласын, «Қазақ әдебиетiндегi» Тұрсын Сыдықовтың «Жас жазушы. Кiтап. Оқырман»,

«Жазушы» баспасы шығарған «Уақыт және қаламгер» жинағының үшiншi томына енген Төлеген Тоқбергеновтың «Жаңа буын, жақсы нышандар» атты мақалаларын атар едiм. Бұларда Оралхан Бөкеев, Ахат Жақсыбаев, Төлек Тiлеуханов, Молдахмет Қаназов, Дулат Исабеков, Кеңесхан Зәкенов, Берiк Шаханов шығармалары жөнiнде авторларға нақтылы көмек боларлық сыпайы да батыл бiраз пiкiрлер айтылған. Әсiресе, Тұрсын Сыдықов, жанжағына жалтықтамай, жазып отырған қаламы дiрiлдемей нағыз әдеби сынға лайық пiкiрлерiн қағазға түсiрген. Әттең осындай мақалалар көп болса ше? Әрине, бұл күрсiнiсiмiз ауызды қу шөппен сүрткендiк емес. Барға қанағат деп, етек-жеңiмiздi жиып отырып қалмай өскелең әдебиет талабының деңгейiнен қалыспайық деген тiлектен туып отыр. Барымызды айта түссек, соңғы үш-төрт жылдың әлетiнде әсiресе, мына жас сыншылар бөлек суырылып шықты. Бұлар Бекен Ыбырайымов, Асқар Егеубаев, Бақыт Сарбалаев, Тұрлыбек Мәмесейiтов, Нұрдәулет Ақышев. Осылардың iшiнде ең өнiмдi еңбек етiп жүргендердiң бiрi – Б.Ыбырайымов көп жағдайда бiздiң қазақ сыны ат iзiн сала қоймаған тақырыптардың алқымынан алып, бүгiнгi әдебиетiмiзге сол тұрғыдан қарауға талпыныс жасайды. Мысалы, «Уақыт және қаламгерде» жарияланған «Таным және образ шындығы» атты мақаласында көркем әдебиет туындыларында образдар танымының бейнеленуi және онымен образ шындығының, шынайылығының байланысы туралы ой толғаған. Әрине, тың тақырып жас сыншының бiраз тың ой айтуына да өзiндiк өрiс берген. Ал «Қазақ әдебиетiнде» жарияланған «Көркемдiк шындық туралы» мақаласы автордың осы бағыттағы iзденiсiнiң жалғасы. Мұнда көркемдiк шындық қазiргi прозамызда, оның iшiнде жастар прозасында қалай көрiнiп жүр деген келелi сұрақты өзiне қоя тұрып, оған салдарлы жауап бередi. Әртүрлi туындылардан нақтылы мысалдар келтiре отырып, аталған теориялық мәселеге бiр бүйiрден «қиқулап» тиедi. Бұл, әрине, жас сыншының iзденiс батылдығы. Өзiм мұқият қадағалап жүргендiктен де болар Бекен Ыбырайымовтың басқа да бiраз мақалалары дағдылы сүрлеу, соқпақтардан жалтарып, қазақ әдеби сынында әзiрге мықтап iрге тебе қоймаған мәселелердi көтеруiмен есiмде қалыпты. Мысалы, жазушы интеллектi көркем шығармаға қалай әсер етедi деген мәселе төңiрегiнде құрылған «Интеллект және көркемдiк қабылдау», «Пiкiр таласының сыры неде?», «Образ табиғаты және концепция», тағы басқа әр жерде жарияланған үлкендi-кiшiлi мақалалары талантты сыншының мол мүмкiндiктерi алдағы уақыттың еншiсiне тиетiнiн айтады. Проза, поэзия сынына қабат ат салысып, байсалды, орнықты пiкiрлерiмен көзге түсiп, әрi көп еңбектенiп жүрген Асқар Егеубаевтың мақалалары теориялық-зерттеушiлiк сипатының басымдығымен ерекшеленедi. Оның 1980 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Адамды жырлау – ардақты парыз» мақаласында жетпiсiншi жылдардағы қазақ прозасының жай-күйi, идеялық астарларындағы жаңалық табы бiршама жақсы көрiнедi.

Сондай-ақ, А.Егеубаевтың түрлi баспасөз беттерiнде жарияланған «Шағын жанрдың шалқар көкжиегi» («Жалын»), «Талап, iзденiс, еңбек» («Қазақ әдебиетi») атты мақалаларында бүгiнгi прозамыздың соны сипаттары, дәстүрдi дамыту, даралық-шеберлiк жолындағы орта, жас буын прозаиктер iзденiсi әр қырынан талданған. Бұл мақалалардың басты ерекшелiгi – мұнда төл әдебиетiмiздегi әртүрлi құбылыстар жеке-дара емес, одақ, әлем әдебиетiндегi жанды процестермен салыстырыла, сабақтастырыла қарастырылады. Әрбiр туындыдағы кемшiн жақтарды айтуда да жас сыншы жалтарып, жалтақтамайды. Тек Асқарға айтатын бiр тiлек сынның ғылым емес, әдебиеттiң бiр жанры екенiн ұмытпаса екен деймiз. Мұны ескертуiмiз, Асқар мұны бiлмейдi дегендiк емес, тек жас сыншының кейбiр мақалаларында әдебиет жанрына лайық ақындық саз, шабыт, тiл, публицистикалық серпiн үнемi жетiсе бермейдi, мiне осыны еске салғымыз келiп едi. Тура айтып, туғанына жақпай жүрген жас сыншылардың бiрi Бақыт Сарбалаев. Ол көбiне шеберлiк мәселесiне тоқталып, көптеген орта қол дүниелерiмiздiң сырын ашып бердi. Ол пiкiрлер әр жерде әрқилы кереғар айтыстардың тууына да себеп болғанмен, өзiнiң әдiлдiгiмен, бiлiктiлiгiмен көзге түсетiнiн амалсыз мойындаймыз. Сондай-ақ жас сыншылар – Тұрлыбек Мәмесейiтов пен Нұрдәулет Ақышевта да сыншыға лайық мол қарым барлығы бiраз мақалаларынан көрiндi. Алайда, тиiп-қашпай, қазiргiден белсендiрек еңбектенулерiн қалар едiм. Әдебиетке ес-түссiз (фанатично) берiлген, әдебиетке қызмет етуде жеке басының мүддесiн ұмытып кететiн, егер жағдайы келiп, жолы ашық болса өзiнiң соңғы талшық қуатына дейiн әдебиетке бергiсi келетiн адамдар болады. Сондай анық әдебиет жанкүйерлерiнiң қатарына мен Жұмаш Сомжүрековты жатқызар едiм. Ол бұрынғы бiраз мақалаларында сияқты Шұғай Шалқаровтың «Серiккөл» атты повесiне жазған рецензиясында («Жұлдыз», 1975, 2) бұл шығарманы жiлiктеп, әр сөйлемiне дейiн талдап шыққан. Жас жазушының сәтсiз дүниелiгiндегi барлық кемiстiктердi, мейлi сөйлем құрылысында болсын, мейлi композициялық құрылымында болсын, жiлiктеп, автордың да, көлденең оқушының да көзiн жеткiзе дәлелдеген. Сондай-ақ Алдоңғар Бермаханов та жас жазушы А.Мекебаевтың «Жезтырнақ» жинағына енген екi повесiн талдағанда да осындай принциптiлiк көрсеткен. Бұл авторлардың мақалаларында негiзгi жақсылық сол олардың сынына iлiккен прозаиктерiмiз өз творчествосына басқашарақ, қаталырақ көзбен қарауға сөз жоқ мәжбүр болады ғой деп ойлаймын. Сондай-ақ, жас жазушылар С.Сматаев, Н.Қазыбеков кiтаптарына жазылған рецензияларды тәуiр деп атауға болады. Алайда, әр кiтапқа жеке-жеке пiкiр айтып, осымен iс тынды деп шектелуге болмайды. Бiр шығармаға бiрнеше адамның көзқарасын бiлу авторға да, оқушы жұртшылыққа да керек-ақ. Әсiресе, О.Бөкеевтiң «Мұзтау», Т.Әбдiковтың «Ақиқат», Т.Нұрмағанбетовтың «Қарлығаштың ұясы», С.Сматаевтың «Елiм-ай», К.Ахметбековтың «Ақдала», «Алқакөл», тағы

басқа бiраз авторлардың шығармаларына үзiк-үзiк жеке дара пiкiр айтқаннан гөрi, ақ-қарасын ашып, буын бұрқыратып, кең талқыға салған жөн сияқты. Шынын айтсақ, талай кiтаптың авторлары – жас деуге де, аса жас емес деуге де келетiн Оразбек Сәрсенбаев, Әнес Сараев, Советхан Ғаббасов, Дулат Исабеков, О.Бөкеев, тағы бiраз прозаиктер жөнiнде үлкендi-кiшiлi сыншыларымыз ашық пiкiрiн айтпай келедi. Бұлар көбiне мақталады, тәуiр аталғандардың тiзiмiнде жүредi. Оның iшiнде бұлардың шығармаларын байыптап оқымағандардың аузымен де жақсы аталып кететiнiн талай байқадық. Егер тәжiрибесi мол азулы сыншыларымыз осы авторларға жанашырлықпен қарап, шығармаларының iшiне терең үңiлсе оқиға мен тiл құрылысындағы қара дүрсiндiлiк, асығыстық, өз мүмкiндiгiн толық пайдаланбаушылық сияқты кемшiлiктердi көре алар едi. Мысалы, Әнес Сараевтың көп томды роман жазуға кiрiсуi сол бұрынғы шығармаларына жанашырлық қатаң пiкiр естiмей, ағайыншылық сөздердiң буымен қазiргi өз мүмкiндiгiн, өз даярлығын асыра бағалауынан емес пе? «Мата даңқымен бөз өтедi» дегендей кейбiр авторлардың өз басының жұғымдылығы, айнала досжаранмен қашан да тiл табыса алатындығы мұның жазған шығармаларының да сынаптай сырғып тұруына себеп болатыны құпия емес. Әнестiң «Тосқауыл» романының алғашқы кiтабына да бiраз пiкiрлер айтылды. Бiрақ ол пәлендей қуанышты пiкiрлер емес. Егер жазушының осындай аса көлемдi еңбегi сәтсiздiкке ұшыраса, яғни көп томды романға қойылатын талап деңгейiнен шыға алмаса бұған автордың өз басы ғана емес, оның алғашқы қадамдарына өтiрiк мәз-мейрам болып, көлгiрси қараған сыншылар қауымы да кiнәлi демекпiн. Әрбiр жас автордың шығармасын кеңпейiлдiлiкке салып, көкке көтерiп әкетпей шын талап тұрғысынан қарап, талдаудың басты пайдасы ол өз мүмкiндiгiн сарқа пайдалануға тырысатын болады. Қазiрде алғашқы кiтаптары жарық көрiп, немесе бiрдi-екiлi повестерi баспасөз бетiнде жарияланып, сыншылар пiкiрiн тағатсыздана күтiп жүрген бiраз жастар бар. Бұлардың кейбiр шығармаларына бiрдi-екiлi рецензия арналды да. Әйткенмен, сынға сараң әдеби қауымның назарына мықтап iлiккен жоқ. Бұлардың қатарына мен Әмiртай Бөриев, Баққожа Мұқаев, өлең ауылынан келген Рафаэль Ниязбеков, Смағұл Елубаев, Сайлау Жұбатыров, Бейбiт Қойшыбаев, тағы басқаларды жатқызамын. Бiзде жастар прозасына сын мүлдем аз дегенде олар ауызға аз алынады деген сөз емес, егжей-тегжейлi талдау жағы жетiспейтiнiн айтамын. өмiр тәжiрибесi мол, қабiлет дарыны жеткiлiктi ақсақал, аға сыншыларымыз да, жас сыншыларымыз да жастар прозасын оқуға уақытын қия бермейтiнi қынжылтады. Мұны байқайтынымыз, кейде олар газет, журнал, радио, телевидение тiлшiлерiнiң жастар прозасы туралы сұрағына нақтылы жауап бере алмай, көбiне жалпы қағида, теория жағын ежiктеген болып, жалтарып кететiнiн көрiп жүрмiз. Немесе, өз ойы емес, жеке авторлар жөнiнде баспасөз бетiнде қалыптасқан жалпылама пiкiрлердi қайталай салады. Мысалы, аға сыншыларымыздың бiрi «Қазақ әдебиетi» газетiнiң тiлшiсiмен әңгiмесiнде соңғы кезде жарық көрген бiраз тәуiр туындыларды

атай келiп, оның қатарына өзi аса жас болмағанмен, прозаик ретiнде жас Жұмекен Нәжiмеденовтың өте асығыс жазылған екi романын қоса алмаймын, мұнда автор өңкей кемтар жандардың тағдырын әжуа етуден ары бармаған деп қысқа қайыра салған. Бұл Ж.Нәжiмеденов жөнiнде бiр ауыздан екiншi ауызға көшiп келе жатқан пiкiр. Егер бұл аға сыншының Жұмекен романдарын оқып шыққандағы өз түйген ойы болса және ол шығарманың нашар екенiн айтқысы келсе онда бұлай қысқа қайырмай ол шығармаларды жаңғақша шағып, дәнiн, қабығын айырып беруi керек едi ғой. Бұл қалайда үлкен-кiшi бiлгiр сыншыларымыздың әлi де болса батыл араласуын күтiп тұрған дүниелiктер. Мен өз пiкiрiмдi айтсам, ақындығын, адамгершiлiгiн қадiр тұтатын Жұмекен романдарының басты кемшiлiгi кемтар адамдарды әжуа еткенiнде емес. Шығарманың жалпы құрылымында, тiлiнде, оқиғаны өрбiтуiнде автор даярлығының жетiмсiздiгi байқалады. Түртiп қалсаң опырылып кетердей болып, кереге, уығының сықырлап тұрғанын көресiң. Мiне, сыншыларымыз осы жағын сараптап ашып бергенi жөн ғой. Жастар прозасы жөнiнде баспасөз бетiнде жарияланып жүрген сын мақалалардағы бiз байқаған басты кемшiлiк тiзiм қуушылық. Көрiнiп жүрген бес-алты жас прозаиктердiң басын қосақтап аламыз да, мiне, мұзды жарып, дүниенi алға апара жатқан көшбастарымыз осылар деп қысқа қайыра саламыз. Мұндай тiзiмшiлдiктiң бiздiң сынымызда орын алып, дәстүрге айналғаны соншалық, жастарымыз, тiптi аса жас еместерiмiз де шығармаларымыз сын тезiне түспедi, талданбады демейдi, сыншылардың тiзiмiне iлiнбедiк деп, армандайтынын өз құлағымызбен естiдiк. Әрбiр шығарманың iшiне үңiлiп, ақ-қарасын айырудың орнына тiзiм қуып, iшiндегi кейбiреулерiнiң шығармаларына шолақ-шолақ пiкiр айтып сыдыртып өте шығу сыншыны жауапкершiлiктен аулақтатып әкетедi. Ол өз тiзiмiнiң iшiне кiмдердi кiргiзiп отыр, шығармасын оқып, әдеиет талабының үдесiнен шыққандарды ма, жоқ, қызды-қыздымен әркiмнiң аузымен жасалған тiзiмдi қайта көшiрiп отыр ма, осы арасын айқын ажыратуға мұршасы келе бермейдi-ақ. Тiзiмшiлдiктiң тағы бiр зияны әлдеқандай бiр қолайлы жағдайдың көмегiмен оған бiр iлiгiп, қайтып шығарылмаған жастарымыз екiүш жерден өз фамилиясын оқып, өзiн санатқа қосылғандай көрiп, көкiрек кере бастайтыны болады. Көкiрек кермей қайтсiн, ол тiзiмге кiрмей жүргендер де көп қой. Сындағы тағы бiр кемшiлiк ара-тұра адрессiз сын айтушылық ұшырасады. Мысалы «Жұлдыз» журналының бетiнде жарияланған М.Мағауин, С.Әшiмбаев, Т.Әбдiков үшеуiнiң соңғы жылдар прозасы, оның iшiнде жастар прозасы туралы диалогында М.Мағауин былай дейдi: «Мен жақсы деп, әдебиетiмiздiң табысы деп мадақталып жатқан кейбiр шығармалардың өте әлжуаз дүниелер екенiн көрдiм. Кейбiр шебер деп есептелетiн жазушыларымыздың көркем прозаның қарапайым заңдарының өзiнен бейхабар екенiн көрдiм. Бiрге жүрген дос-жаран жiгiттердiң және көңiлдес болғандықтан күштi жазушы санап жүрген жiгiттерiмнiң шығармалары әлсiздеу екенiн көрдiм».

Өзi қалың жыңғылдың iшiне тығылып жатып, кiмге тисе оған тисiн деп, әдебиет аулына қарай тас лақтырған мұндай пiкiрлерге түсiнiктеме берiп жатудың да қажетi жоқ. М.Мағауин өзiн-өзi соқырға таяқ ұстатқандай етiп, айқын әшкерелеп отыр ғой. «Жұлдыз» журналы бетiн айқара ашып, мархабатпен сөз берiп отырғанда, авторлар мен олардың шығармаларын нақтылап айтудың орнына кiм екенiн айтпаймын деп, көпе-көрнеу жасырынбақ ойнауы әдебиет мүддесiнен гөрi өз мүддесiн, өз жан тыныштығын жоғары қоятынын көрсетедi ғой. Мұндай сыншылдықпен әдебиетiмiздi алысқа апара алмайтынымыз хақ. Сөз ретi келгесiн айта кетейiк, осы диалогтың үстiнде М.Мағауин өзiнiң көкжасық «Көкмұнар» атты романынан бiр кейiпкерiнiң мынадай сөзiн келтiредi. «Он тоғызыншы ғасырда орыс романдарының Европаны басып кеткенi тәрiздi, жиырмасыншы ғасырдың аяқ шенiнде қазақ романдары да бүкiл жер жүзiн жаулап алады». Жарайды бұл кейiпкер сөзi ғой, олардың аузынан не шықпайды дейсiң. Ал Мағауин өз кейiпкерiнiң сөзiн осы диалог үстiнде былай толықтырады: «Қазақ әдебиетiнiң бүкiл әлемдiк беделге ие болатынына мен күмәнданбаймын. Роман көбейiп кеттi деп неге байбалам саламыз... Роман жазу, дилогия, трилогия жазу пәленшекең мен түгеншекеңнiң ғана еншiсi ме?». Мағауиннiң көпе-көрнеу логикалық қайшылыққа ұрынып отырғанын былай қойдық. Мұндай оптимизмдi аяқ астынан қайдан алып отыр. Осының алдында ғана ол дүниежүзiлiк әдебиеттiң ең озық өкiлдерiнiң есiмдерiн судай сапырып, олардың шығармаларын тасқаяқтай қағыстырып, баға берген сияқтанып едi. Мүмкiн оларды жақсы бiлетiн шығар деп ойлап едiк. Алайда, қазақ романдарының тағдырына мұншама оптимизммен қарауынан бiз оның дүниежүзiлiк әдебиеттiң бүгiнде көркемдiк жағынан қаншалықты шырқау шыңға көтерiлгенiн керiсiнше бiлмейтiнiн аңғардық. Әйтпесе, ендi қалған ширек ғасырдан аз уақыттың iшiнде, әлi де өсу, өркендеу үстiндегi қазақ романдары дүние жүзiн жаулап алады деп, әлдеқалай айғайлаған кейiпкер сөзiн желпiне құптамас едi ғой. Мұндай ысқырта айтылған сөздiң әдебиетiмiздi өсiрмесi анық. Сын пiкiрлерiмiзде нақтылы әдебиет мүддесi тұрғысынан сөйлеу жетiспейдi. Рецензияларда дәрiптеудi созып жiберiп, кемшiлiктердi апылғұпыл ұмарлап-жұмарлап бiр абзацтың iшiне ғана сыйғыза салатынымыз бар. Шығарманың жақсы жақтары автордың өз қалтасындағы нәрсе ғой, нашар жақтарын ғана талдап берейiкшi деушiлiк жетiспейдi. Қалай дәрiптесек те, бiздiң қазақ әдебиетi дүниежүзiлiк әдебиет дәрежесi тұрғысынан алғанда өсу үстiндегi әдебиет. Бүгiнде көзi ашық, бiлiмдар, орысшаға сауатты, әлемдiк мәдениет қазынасына қолын емiн-еркiн батыра алатын жас жазушылардың мұны әсiресе қатаң ескергенi абзал. Осыны ескермеуден, не оны қатаң ескертiп отырар қатал бақылаушы сынның аздығынан шығар, әлi де жастарымыз көркемдiк шындыққа ұмтылудан гөрi, бiрiнен-бiрi көрiп, көлем қууға делебесiнiң қозып тұратыны баршамызға аян. Осы жөнiнде шебер жазушымыз Тәкен Әлiмқұлов бiрнеше жерде өте жақсы айтты.

Соңғы кездегi жастар шығармаларына жазылған сын материалдарды қарап шыққанда байқалған тағы бiр жайт, бiз кейбiреулердiң атына мақтау сөз айтқанда барлық шеңберден шығып кетемiз. Егер поэзия сыны араласып кеттi деп, сөкпесеңiздер бұған мынадай мысал келтiрер едiк. Осыдан бiрер жыл бұрын Дүкенбай Досжанов «Лениншiл жас» газетiнде жарияланған Қайрат Жұмағалиев туралы бiр мақаласында шiмiрiкпестен былай деп жазды: «Егер Қайрат болмаса қазақ поэзиясының арнасы суалып қалған болар едi». Орыстың Пушкин, қазақтың Абай жөнiнде айтпас сөзiн, Қайратқа бағыштап айтқанда Дүкенбай осыдан не олжа табам деп ойлады екен? Бұл сөздiң авторы әдебиет төңiрегiнде жүрген әлдекiм емес, кiтаптары одақтық баспалардан шығып, тiптi шетел оқырмандарына жеткен Дүкенбай Досжанов екенiн ескерсек, жұртқа пiкiр айтуда әдебиет мүддесiн әрдайым ойлай бермейтiнiмiз былай тұрсын, тiптi кейде қарапайым мәдениет сақтау дегеннiң не екенiн де ұмытатынымызды көремiз. Мұндай жәйтпен ешқашан ымыраласуға болмайды. Бiзге қатал сын, қатал қамқоршы сын керек. Жас таланттың мiнез-құлқына, сын көтеретiнiне немесе көтере алмайтынына, қызмет орнына, бет-жүзiне қарамастан турасын айтар сын керек. Егер жас әдебиетшi демiне нан пiсiп, құрық тимеген асаудай басы тым кекжиiп кетсе, оның сол кекжиген басын керi қарай бұрып әкеп артыңда қалған айдақ-сайдақ iз мынадай, ойлан, өз творчествоңа қайта қара, тым асып кетпе деп, ащы шындыққа көзiн жеткiзе алатындай сын керек. Онсыз жас талапкер тым арындап, өз мүмкiндiгiн, шеберлiк дәрежесiн аңдамай кете беретiнi анық. Қатал сыннан ешбiр жас жазушы зиян шекпейдi. Олар зиян шегедi ғой, ашуланады ғой, ертеңгi күнi өзiмдi аяқтан шалады ғой дейтiн қауiптiң аулы аулақ болсын. Әдiл сын үшiн қарымта қайтарушылар, не қайтарам деушiлер әдебиеттен тысқары жандар. Қабiлетi шамалы, алғашқы шығармаларымен өзiн сарқып алған, одан әрi сүңгитiн тереңi жоқтар ғана сын естiсе аузынан ақ көбiгi шапшып, ашу шақырумен болады. Ал шын талант иелерiнiң өз атына айтылған сында шындық бар шығар деп, оған ойлана қарауға, одан қорытынды шығаруға қайраты жетедi. Мен сөзiмнiң қорытындысында осындай игiлiктi iске қажеттi сыншыларды тәрбиелеу жөнiнде аса жаңа болмағанмен де бiр ұсыныс айтқым келедi. Сыншыларды тәрбиелеу деген олардың басына үй тiгiп, үстiне жылы киiм әзiрлеп беру деген сөз емес. Бұл iстiң былайша айтқанда кеңiрек мағынасы бар. Атақты жазушымыз Ғабит Мүсiрепов өткендегi бiр сөзiнде былай деген екен: «Бiздiң әдеби сынымызда көп нәрсенiң жетпейтiндiгiнде, ең алдымен, батылдықтың аздығында ешкiмнiң дауы бола қоймаса керек. Мұның өзi – ұзақ жылдардың өнбойында сынға қолайлы жағдай туғызу жөнiнде қамқорлығымыз аз болғандығының нәтижесi. Бiз әлi де болса сын сөзiн тыныш тыңдай алмаймыз, ал шығармаларымыздағы кемшiлiктердi батылырақ айтса, көп жағдайда дау-далабамен тарқаймыз. Бiр кездегi бiлгiр

де iскер сыншыларымыздың ендi «аш құлақтан тыныш құлақты» iздеп, әдебиет тану ғылымының жасыл жағалауына барып қоныс тепкенiн де тек қана осы жағдаймен түсiндiруге болады». Иә, адамның жас кезiнде ет қызуымен өткiр сындар жазып, есейе келе, ақылы кiре келе өлi аруақтардың мұрасын зерттеуге жалт беретiнi жайлы айтылған пiкiр бiр бұл ғана емес. Бұл әр кезеңде әр жиын сайын қайталанып келе жатқан ескi шындық. Бiздiңше ең бiр қабiлеттi сыншыларды әдебиеттiң өткендегi мұз дәуiрiнде емес, бүгiнгi талас тайталасы мол ыстық майданында ұстау үшiн мынадай жағдайды ескеру керек сияқты. Сыншылардың, әсiресе, жас сыншылардың жағдайы қандай? Олар баспасөз бетiнде жекелеген шығармалар жөнiнде бүкпесiз өз ойын айтамын деп, сол шығармалар авторларының өз тiлеулестерiн аяғынан тiк көтерiп ұйымдастырған әрекеттерiнiң құрбандығы болып жүрген жоқ па? Соның салдарынан жас сыншы үшiн бүкiл газет, журнал, баспалар есiгi тас бекiтiлiп қалғандай жағдай туған жоқ па? Дәйектi сын түгiл, бiр ауыз сөзiн жарыққа шығара алмайтын күйге ұшырап жүрген жоқ па? Мiне, осы жағына бiздiң зор мәртебелi, қасиеттi ордамыз Жазушылар одағы мұқият болып, жас сыншыларға дер кезiнде қол ұшын берiп, сөз жүзiнде емес, iс жүзiнде нақтылы көмек көрсетiп отырса екен деймiз. Сыншыларға ашықтан-ашық жасалатын қиянатқа тиым салса екен деймiз. Туғанды бiлмейтiн Тураби атамыздың iзбасарлары – сыншылар қауымын шын пейiлiмiзбен өсiремiз десек, осындай не осыған ұқсас шаралар керек-ақ. 1976, 80 жылдар.

«АСЫРА МАҚТАУҒА БАРМАҢЫЗШЫ...»

Николай Анов – 85 жаста

Қарт жазушы әңгiме үстiнде өз әуенiмен кете бердi. Дайындап апарған сұрақтарымды ұлғайған жасына лайық ауырлау еститiн құлағына қаншама ап-айқын жеткiзсем де, сiрә, осының бәрi сенiң келiп отырған шаруаңмен мүлдем қабыспайтын нәрсе, сен онан да мынаны тыңда дегендей тарамыстай тартылған ұзақ өмiрiнiң әр тұсына бiр сүңгiп кетiп, соның шиырына iлестiрiп әкетедi. Көз еттерi қызарған, сүйегi шығыңқы арық өңiнде еш қозғалыс жоқ, тiптi өзiңе қадалған сұйық көгiлдiрлеу жанарынан да селт еткен бiр сезiм белгiсiн тани алмайсың. Екi ұрты, жоқ, дәлiрек айтсақ екi ұртының терiсi салбырап, бұл да бiр қозғалмас, қатал тәртiптi тiрлiктiң белгiсiне ұқсайды. Жазу столында отырып, өзiне келген адамды қабылдаған түрiнен бұл жүрек қылын шертiп, адамның сезiмiн қытықтаған, ерлiк пен пендешiлiктiң сан алуан қырын жарты ғасырдан астам уақыт бойы тырнақтап қағазға түсiрген жазушы емес, қайта аспан денелерiн, не тұңғиық мұхит түбiнiң ғажайыптарын зерттеп, жер бетiндегi қарапайым тiрлiктiң абыр-сабырынан

аулақ қалған, ал осынау жасы ұлғайған шағында да оған тiптен ықыласы жоқ, бәрiне көкiрегi суық адамға ұқсайды. Тек бiрқалыпты қоңыр дауыспен айтқан әңгiмелерiн қақас жiбермей зейiн қойып тыңдаған адам ғана оның жазушы екенiн, сөздерi өз өскен ортасы, ықпал еткен адамдар, жекелеген шығармаларының жазылу тарихы төңiрегiнде екенiн ұғар едi. Блокнотымдағы жазылған сұрақтарға қарағыштап, көңiлiн бөлуге қанша әрекеттенгенмен әңгiменiң бағыт-бағдарын өз қалауымша өзгерте алмадым. Творчестволық жолыңыздың басталуы туралы не айта аласыз? Табиғи қабiлеттен басқа жазушылыққа итермелеген қандай да бiр бөгде жағдайлар болды ма? Творчестволық өмiр жолыңызда қастерлеп есте сақтарлықтай шұғыл бетбұрыстар болды ма, егер болса олар неге байланысты? Жаңа шығарма жазу кезiнде бөгде кiтаптарды көп оқисыз ба? Қандай авторларға көбiрек ден қоясыз? Оқырман қауымға ең көп тараған, олардың сүйiспеншiлiгiне бөленген шығармаларыңыз – «Ақ мешiт», «Ән қанатында» атты романдарыңыздың өмiрге келуi төңiрегiнде не айтасыз? өзiңiз жақсы бiлетiн М.Әуезов, И.Байзақов және басқа да қазақ қайраткерлерi жөнiнде өз ауызыңыздан естiгiмiз келедi? «Жұлдыз» журналы оқушылары мен авторларына тiлегiңiз. Мiне, 85 жасқа толғалы отырған алматылық орыс жазушысы, қазақ әдебиетi мен өнерiнiң де қамқоршысы Николай Иванович Ановқа (Иванов) әкелген осы сұрақтарымды қанша қайталағанмен әңгiме желiсi өзгермедi. Тек сәлден соң ғана ол кiсiнiң айтқандарын өз ойымда жинақтап, соның әр тұсынан әр сұрағыма жауапты ойып-ойып алуға болатынын түсiндiм. Менiң ең алғаш байқағаным, жазушы өзi жас кезiнен қасиет тұтқан, қымбат санаған нәрсенiң бәрiн дәл жүрегiнiң түбiнде сақтап, оған деген ыстық ықыласына осынау ұзақ өмiрiнде бiр түйiр шаң қондырмаған екен. Қайта оның рухына табынудан қайрат-жiгер алып отыратындай. Әйелiн жұмсап, 1914 жылы М.Горькийдiң ұйымдастыруымен және оның алғысөзiмен шыққан «Пролетар жазушылардың I жинағын» алдырды (Николай Ивановичтiң өзiнiң қозғалысы ауыр. Кәрi басқа «қаңғыбас» аурулардың неше пәлесi келiп жармасуынан, бiр кезде кең байтақ Отанымыздың о қиырынан бұ қиырына шарқ ұрған жазушының қазiрде жүретiн ең ұзақ маршруты кухнядан балконға дейiнгi аралық екен). Сол кездегi қарабайыр полиграфияның айғағындай қалың қара мұқабалы, бiрақ жұқалтаңдау кiтапша Николай Ивановичтiң ақ күрiштей таза жiңiшке саусақтарына тигенде, оны түсiрiп алса қирап қалар әйнектей көрген сақтық, ыждаһатпен менiң алдыма қойды. Мен де кiтапшаны абайлап алып қарай бастадым да орталық музейлерде әйнек астында жататын, адамның қолы тимес көненiң көзi – ыстық мұраны қолыма ұстағанымды сезiп, әлдебiр түйiршiк қан қуаныш хабарды ала қашқандай тұлабойымда әрi-берi жүгiрдi. – Мынауыңыз асыл қазына ғой. Ұрпақтан-ұрпаққа көшiп, сақталатын нәрсе ғой, – деп қалдым. – Иә! – Мiне, ендi ғана Николай Иванович менiң сөзiме селт еттi. Екi қолын жазу столына тiреп, оған бар салмағын салыңқырай еңкейе маған

қарады. Сұйық көгiлдiрлеу жанарына от бермектей айнала қызарған бет терiсiн де қозғалысқа келтiруге күш салғанға ұқсады. – Иә! Тап солай. Жазушының бұл кiлт құбылысы әлдебiр жақсылықтың бастамасындай әсер еттi. Шынында мен қателеспеппiн. Бұл кiсiнiң 85 жылдығына орай үйден әзiрлеп әкелген сұрақтарыма мән бермеген ол ойсыз айтып қалған бiр сөзiме елең етiп, мұншама назар аударуы iшiндегi ең қастерлi ойлардың бiр ұшынан тартып қалуымнан екен. Бұл кiсi көненiң көзiн, жазу-сызуына жел берiп, қайрат бiтiрген кешегi аға әрiптестерiнiң iлiм-ұлағатын дұғадай қайталап жүретiн және олардан не ұқты, не қалды, бәрiн ерекше қасиет тұтатынын кәрi кеудесi қайраттана ең асыл құпиясындай айтады. Николай Иванович алғашқы «Агашаның өлiмi» атты әңгiмесiнiң «Правда» газетiнде жарияланып, кейiн М.Горькийдiң пролетар жазушылардың жинағын құрастырып жатқанын естiп, оған арнайы екiншi әңгiмесiн жазып апарғанда оны ұлы жазушының ұнатпай жинаққа сол алғашқы «Правдадағы» әңгiменiң енгiзiлгенiн өзiнiң «Әдебиет соқпақтарында» атты кiтабында баяндалғандай айтып шықты. М.Горький жөнiндегi әңгiмесi бiразға созылды. Ол әйелi Юзефа Ивановнаға бiр папка алдырып, өзi ақтара отырып, мұндағы сарғайған әрбiр парақтың тарихынан сөйлей бастады. Мiне, бұдан алпыс жылдай бұрын жазылған бiр очерк нұсқасы. Мұнда не гәп бар. Қараңыз, көк қарындашпен очерктi әлдекiм мұқият редакциялап шығыпты. Бұл автордың өз қолы шығар деп, мен алғашқыда мән бермегем. Жоқ, бұл М.Горькийдiң қолы екен. Питер жұмысшысы, есiмi белгiсiз жас талапкер жазушыға пролетариаттың ұлы жазушысы бұлайша назар аударып, қамқорлық жасауға, шығармасын түзеуге қалай уақыт тапты екен. Мен Николай Ивановичке осының сырын ұқпаққа бiр сәт қадағалай қарадым. Бiр сәт оны тiрi Горькийдiң сәлемiн өз аузымен жеткiзiп отырған жұмбақ адамдай көрдiм бiлем. Мен Горькийдiң көк қарындашы салған iздерге, түзетулерге ұзақ үңiлiп, қызықтадым. Оның творчестволық өмiр жолының бастамасы туралы сұрағыма керемет жауап алғанымды iштей түйсiнiп, қуаныштан лобли бастадым. Бұдан кейiн папкадан соң папка кеттi. Бұл үйде тiзiмi бөлек қатты қағазға жазылған 127 папка сақтаулы екен. Мұнда Алексей Толстойдың, Александр Фадеевтiң, Андрей Платоновтың, Борис Пастернактың сиямен жазылған хаттары сақтаулы. Әсiресе, 1929-1932 жылдары сол уақыттағы көрнектi әдеби журнал «Красная новьтiң» жауапты хатшысы кезiнде Николай Иванович жас орыс совет әдебиетiнiң тоғыз жолының торабында тұрған екен. Папкадағы әр хаттан суреттерiн оқулық беттерiнен көрiп өскен, шығармаларының талай тамаша беттерi, жүрегiн отқа ораған кейiпкерлерi көкейiмiзде сақтаулы тамаша жазушылардың тiршiлiктегi даусы естiлгендей. Жай дауыс емес, сол кезде жаңа ғана бой жазып, еңсе көтере бастаған жаңа дәуiрдiң қамы толғантқан шақтағы ащы үндерi де шыққандай. Жаңа әдебиет, жас әдебиет, оның алғашқы бағыт-бағдары жөнiндегi өзара кереғар көзқарастардың мүйiздерiнен от шыға шақ-шұқ айқасқаны жеткендей. Сондай қызу айтыс бүгiнде неге бәсеңдеп кеткенiн де мынау сарғайған қағаздарға қарай отырып қатты қынжыла ойлағың келедi. Тек Николай

Ивановичтiң сөздерiн қақас жiберiп алмайын деп қана ондай ойларға қара үздiрiп кеткiм келедi. Кей хаттардан үлкен жазушыларымыздың өз шығармалары жөнiндегi жауапкершiлiк сезiмiн аңғарамыз. Мiне, Борис Пастернак «Красная новь» журналына қолмен көшiрiлген төрт өлеңiн жiбере отырып, бұлардың өте шабытты көңiлден сәттi туғанын, журналға еш өзгерiссiз, әсiресе, әрiп қатесiнсiз жариялануын өтiнедi. «Әрiп қатесiнсiз». Тамаша талант иесi журнал хатшысынан өлеңдерiм кездейсоқ әрiп қатесiнсiз басылсын деп, неге арнайы өтiнедi? Сол кезде журнал шығару мәдениетiнiң төмен болуынан емес, әлдеқалай әрiп қатесi өлеңдердiң әсерiн азайтып, оқушы қауым риза болмай қала ма деген автор қаупi. Бұл оның әрбiр туындысы үшiн ел-жұрт алдындағы жауапкершiлiгiн қалай түсiнетiндiгiнiң белгiсi. Бұл өтiнiштен оның осы өлеңдерге қаншалықты жан терiн төккенiн де аңғарамыз. Мұндағы хаттардың бiрен-сараны ғана Николай Ивановичтiң естелiктерiнде жарияланған. Ал көбiсi, тiптi iшiндегi ең маңыздылары белгiлi рет бойынша қатар түзеген папкалардың iшiнде сақтаулы. Қайсысын ашсаң да бетiңе ыстық жалын еседi. Өткендегi күндердiң дүрбелеңiн бiзге ашына айтқан ең бiр таңдаулы аға ұрпақ өкiлдерiнiң сөздерi жетедi. Бiр кезде үлкен жазушы Всеволод Иванов Николай Ановқа былай деген екен: «Бiздiң тағдырымыз қызық түрде бөле жарылды: мен Қазақстанның жергiлiктi тұрғыны едiм, ендi москвалықпын, ал сен нағыз Питер жұмысшысы қазақстандыққа айналдың». Иә өмiр өте қызық, шұғыл бетбұрыстарға, астаң-кестең өзгерiстерге толы. Николай Ивановичтiң Питер жұмысшысынан қазақстандыққа айналу жағдайы оның қызық оқиғалы «Жоғалған iнi» романында бейнеленген. Осы романның жазылу тарихынан бұрын да хабардар едiк. Алайда, қазiргi кездесу үстiнде айтқан сөздерiнен бөгде жәйттердi де ұққандай болдым. Оқыс бөлiнiсiп кетiп, бiрiн-бiрi отыз жылдай көрмеген iнiсiмен жолыққанын ұзақ жыр етiп, бiр түйiндi сөз айтты: «Iнiм алғаш жолығысардан бұрын менiмен телефон арқылы сөйлестi. Мен оны даусынан таныдым. Иә тап солай. Көрiспегенiмiзге, хабарласпағанымызға отыз жыл өтсе де мен оны даусынан таныдым. Ал жолыққанымызда мен оны көзiнен таныдым. Иә, адамда өзгермейтiн екi-ақ нәрсе бар ма деймiн. Ол тiл мен көз екен. Басқа жағынан оны өз iнiм деп айтуым мүлдем қиын екен. Тек тiлi мен көзi бiздi табыстырды. Ал мiнез өзгермейдi деген бос сөз. Оның бәрi жағдайға байланысты. Iнiм екеумiз алғашқы отырыста бiр-бiрiмiзге не айтарымызды бiлмедiк. Бiрiмiздiң сөзiмiз екiншiмiздi мүлдем тебiрентпейдi. Екеумiз екi түрлi, бiр-бiрiмiзбен мүлдем жұғыса алмайтын адамдар болып кетiппiз». Бұл сөздi Николай Иванович жәй әңгiме орайымен емес, түпкi ойын дәлiрек ұқтыруға түйiн ретiнде ұсынып отырса керек. Тiл мен көз. Мен жазушыға тағы да бажайлай қарап, бұл күнде шығармаларын барша жұрт қасиет тұтатын М.Горький, А.Фадеев, Б.Пастернак, А.Платонов, В.Иванов, тағы басқалармен осы тiл, осы көз арқылы байланысқан ғой деп, кеудемде ерекше ылтипат пайда болады. Мүмкiн бұл кiсi де олардың үнiн құлағында,

көздерiндегi ғажап құбылыс суреттердi жадында сақтайтын шығар. Әлi күнге дейiн солай-ау. Шынында жазушының қасиет тұтары оңай нәрсе емес екенiн жаңаша сезiнгендей боламын. Осынша жасқа келгенше қолынан қалам түспеген, кабинетiнде жұмыс iстеп, кабинетiнде ұйықтайтын адамның талмас тiрлiгi сол өзi қасиет тұтқан барша асылдың iшiндегi асылына бағышталғанын көремiн. Николай Иванович көзiнiң қарашығындай сақтап келе жатқан хаттарды оқи отырып, олардың үнiн естiп, көзiн көргендей боламын. Көркем әдебиеттiң күл-қоқысқа толы етегiне емес, ақ қар басып, күн шұғыласы түрлендiрген биiк шыңына шақырған жалынды ұраны менiң де жүрегiмдi жандырып, делебемдi қоздырады. Николай Ивановичтiң өз өмiрiнде бiр жұтым шарап iшпей, бiр тал темекi шекпеуi де сол аға ұрпақтың от жүректi дана көкiрек өкiлдерi мирас еткен биiкке асығуынан шығар. Питер пролетары – байырғы қазақстандық. Николай Ивановичтiң үлкен әдебиетке ене бастауынан кейiнгi негiзгi өмiрбаяны Қазақстанда өтуде. Өзiмiздiң төл жазушымыз дейтiнiмiз де сондықтан. Мүмкiн бұған себеп болған жазушының өз айтуындай сол кезде Қазақстан жерiнде орыс журналистерiнiң тапшылығы сезiлiп, әлдеқалай ұсталып қалуы емес. Николай Иванович қазақтың Мұхтар Әуезов сынды ұлы адамымен ерте таныс болған. Ал Иса Байзақов, Әмiре Қашаубаев сияқты өнердiң өрен жүйрiктерi «Ән қанатында» атты тамаша романына кейiпкер боп ендi. Көкiрегiн дарын, кеудесiн қайрат кернеген осындай адамдар, сондай-ақ жазушының Қазақстан жерiндегi алғашқы тұрағы Алтайдың тамаша табиғаты, Октябрь революциясының дүмпуiмен дүрк оянған даланың алғашқы абыр-сабыры сонау Питерден келген жастың өмiрдiң телегей теңiз тың өрiсiндей көзiн қызықтырғаны анық. Мұны, әсiресе «Ән қанатында» романында Қоянды жәрменкесiн, онда ауызша газет шығаруға қатысып, сөйтiп тақыр жерде ұлттық театрдың қабырғасын қалаған өнер саңлақтарының әрекеттерiн сүйсiне жырлауынан көремiз. Мұнда жазушы өзiнiң сонау алыста, Питерде өсiп-өнгенiне орай ұлттық театрдың қалыптасуына байланысты ерекшелiктердi бұрмаламайды, қайта аз уақытта қазақ халқымен терең сiңiсiп кеткен ол «Ән қанатындағы» барлық оқиғаның нақышын өзгертпейдi, бәрiн өз бояуымен бередi. Қоянды жәрмеңкесi, тағы басқа жиын-тойлардың өткiзiлуiне байланысты ел суреттерi, жер суреттерi, айтыс, тартыс, тағы басқалары қазақ даласында кiндiк кесiп көз ашқан байырғы жазушылардың қаламынан туғандай жұртшылық есiнде сақтаулы. Кәне оқып көрейiкшi: «Ертiстiң жағалауы мен Тарбағатайдың таулы аймақтарынан, көзелдей жарқыраған Балқаш пен Мойынқұмның телегей теңiз сары құмынан Қояндыға мал айдаушылар жосылды; байы да, кедейi де, жасы да, кәрiсi де, баласы да, салт-бас сабау қамшылысы да бар. Олар өз қозғалысын ерте көктемде қайдан ағып шыққаны белгiсiз кiшкентай бұлақ суына ұқсап бастады. Жолай осы бұлақ сулары қосыла-қосыла арналы өзенге айналып, Қоянды даласына жеткенде сансыз қой отарлары Талдының кең қойнауын түгел жауып кеттi.

Дала үстiнде алуан түрлi тоғысқан үн үзiлмей тұрды. Жiгiттер айдаған түйелер боздап, енелерiнен айрылған боталар еңiрей қышқырады, қой маңырап, сиыр мөңiреп, отар күзеткен төбеттер қарлыққан дауыспен әупiлдеумен болды. Қойшы мен жылқышы айғайы әр жақтан естiледi. Балалар жылап, шешелер қарғануда. Сан түрлi дауыс бәрi қосылып кеп, аңыраған бiркелкi гуiлге айналып тұрды». Бұл сурет дала қазақтарының тiршiлiгiне көзi үйренiп, абыр-дабыры құлағына сiңген жазушының ғана қолынан келерi анық. Кең дала, оның мұрты ойылмай жатқан игiлiгi, тарихтың ортақ көшiнен жырақта қалғанда пайда болып, ғасырлар бойы тапжылмай үкiмiн жүргiзген салт-сана, қазақы өнер – бәрi Николай Ивановичтiң шабыт шақырар, қалам тербер мол ырзық жағалауына келiп тұрғанын сездiрдi ме екен? Әлде, орыс жазушыларының көбi орталық Россияда туғандықтан орыс әдебиетiнде географиялық шектеулiлiктiң байқалатынын айтқан ұлы ұстазы М.Горькийдiң сөзi ұйтқы болды ма? Қалайда Николай Ивановичтiң қазақ жерiнде қалуына адамның өзiнен де сергек бiр жүрек үнi мен түйсiгiнiң аян бергенi анық. Себебi, мұнда ол үшiн үлкен творчество кеңiстiгi ашылды. Ал қазақ халқының салт-ғұрпымен терең танысуға әлдебiр кiлтипан жағдай үстiнде сол кездегi Ленинград университетiнiң студентi М.Әуезовтің қалай ұйтқы болғанын жазушы «Абай жыршысы» атты естелiгiнде жақсы келтiрген. Ауызша әңгiме үстiнде бұл жайды кеңiрек айтып бердi. «Абай жолы» атты дүниежүзiлiк даңқы бар роман-эпопея авторының мiнезiндегi қызық жәйттер, баладай кiшiпейiлдiлiгi мен кенет тоңторыс бола қалатын қатал мiнезi Николай Ивановичтi талай рет оқыс жәйттерге тап қылған. Әсiресе, эпопеяның төртiншi томының алғашқы төрт тарауын аударған кезде екi жазушы арасында сөз жарыстары жиi болған екен. Мұхаң өз шығармасының аудармасын, оның сапасын жиi қадағалап, көбiне жаратпай тастап, аудармашыларға қатаң талап қойып отырған. Мұндайда автор мен аудармашы арасында стиль жөнiндегi көзқарас кереғарлығы, әсiресе жиi байқалады екен. Соның бiрiн Николай Иванович естелiгiнен оқимыз. «...кездескен сайын «Абай» аудармасының қалай жүрiп жатқанын сұрап, ылғи өтiнетiн: – Құдай үшiн сiз менiң текстiмдi қысқа сөйлемдермен аудармаңызшы. Бұл әсiресе, бiрiншi тарауда байқалды. Тегiнде келте қайырылған сөйлемдердi жаным сүймейдi. – Осы Анатоль Франстың айтқаны бар едi ғой. «Сөйлемнiң ең сұлуы – қысқасы» – деп еске түсiрiп едiм. – Сiзге Анатоль Франс ұнайды, ал маған Бальзак. Сөйлем қосалқылары бар, мол болуға тиiс. Олар автордың стиль сұлулығына жетуiне, көңiл-күйдi дәл бейнелеуiне мүмкiндiк бередi. Мен де соған ұмтылам ғой». Мұны жазғанда Николай Иванович ұлы адаммен өз сұхбаттасуларын жай тiзбектеу үшiн емес, әрбiр үлкен талантта өзiндiк iзденiс жолы, бағытбағдары болмақ парыз екенiн жiңiшкелеп сездiру. Елiктеушiлiк балаң шаққа ғана тән, ал қанат қатайғанда өз биiгiңе шырқап шығып, өз үнiңмен саңқ-сұңқ

етсең ғана өмiр мұратымен иықтасқаның. Көк аспан, кең ғарыш қиял өлшемiне де сыймайды. Осы кеңiстiкте iздеген мен талпынғанға сан тарау жолдар бар. өнер қуған сенi қайсысы мәртебеңе жеткiзедi? Мұны анықтау үшiн сенде қырағы көз, алғыр қайрат, қабiлет болуы қажет. Николай Иванович Иса Байзақов пен Әмiре Қашаубаев жөнiнде де ұзақ айтты. Алайда, соның бәрi «Ән қанатында» романын оқыған адамға сондағы екi кейiпкер – Мұса Базанов (прототипi Иса Байзақов) пен Әмiре Қашаубаев төңiрегiндегi оқиғалардың қалт-құлт еткен көлеңкесiне ұқсас үзiк-үзiк елестер едi. Бұл екi саңлақты бар бiлгенiн сарқа өз кейiпкерi еткен жазушы мынау қартайған шағында ауызша әңгiме үстiнде сол шығармасындағыдан артық бейнелеп беруi мүмкiн емес едi. Тек оларды айтып отырғанында мен Николай Ивановичтiң үнiне, сөйлеу дағдысына және көзiне көбiрек назар аударғым келдi. Жаңа ғана өзi адамда өзгермейтiн екi-ақ нәрсе бар, ол «тiл мен көз» деген едi. Бiз үшiн буалдыр талай тарих белестерiнiң тасасында қалғандай Әмiре, Исамен осы үнi, осы тiлiмен сұхбаттасып, осы көздерiмен көрдi ғой деп, олардан осы тiлi мен көзiнде бiр қасиет қалғандай бажайлап қарай беремiн, баяу қоңыр даусын жадымда мықтап сақтағым келгендей қақас жiбермей тыңдаймын. Жазушы творчествосындағы көркемдiк шың iспеттес «Кашир аңызы» повесi мен «Выборг жағы» романы кезiнде жоғары баға алып, осы шығармалары үшiн Абай атындағы Республикалық Мемлекеттiк сыйлық берiлген едi. Бiрi ГОЭЛРО жоспарының алғаш жүзеге асуына, екiншiсi дүниежүзiлiк тарихи маңызы бар 1917 жылғы Питер оқиғаларына арналған. Кәнiгi суреткер өз заманы алдындағы борышын айқын түсiнетiнiн осы кiтаптарында, басқа да шығармаларында айқын көрсеткен. Сондай-ақ тарихи тақырыптағы «Ақ мешiт» романы да жазушының оқшау табысы. Осыдан оншақты жыл бұрын кездескен, бiрақ көкейдегi бейнесiн уақыт тозаңы басып көмескiлендiрмеген кейiпкерлер әлi жадымызда. В.Белинскийдiң Гогольге жазған әйгiлi хатын қолымен көшiрiп, Москвадан Петербургке жiбергенi үшiн жер аударылған ақын А.Н.Плещеев бейнесi, оның Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийдiң басшылық етуiмен Қоқан хандығының тiрегi Ақ мешiттi алуға жасалған жорыққа қатысуы, сол кездегi уақыт аласапыранымен бiрге көкейiмiзден әлi кеткен жоқ. Ақын Плещеев орыс әдебиетiндегi iрi тұлғалардың бiрi, қарапайым солдат шенiнде жүрiп, адамгершiлiктiң өнегесiн көрсетедi. Патшалық езгiнiң ең бiр қанқұйлы көрiнiстерiн өз көзiмен көрiп, жүрегiн, бүкiл ақыл-ойын қанықтырып, оған деген ымырасыз өшпендiлiгi ақындық қуатына арқау болуға жинақтала бередi. В.А.Перовский, бұл адамның басында алуан түрлi қайшылық бар. Ол ақылды да, бiлiмдi. өз заманының ең озық ойлы қайраткерлерiмен таныс болған адам, олардың мұрасын қастерлей де бiледi. Алайда, ол сонымен бiрге патша саясатын жүзеге асырушы қатал да мейiрiмсiз. Мiне, осындай қарамақайшылық оның бейнесiн бөле-жарып кетпеген. өз басының қарама-

қайшылықтарына қарамастан сол кездегi орыс интеллигенциясының типтiк бейнесiн беретiн толыққанды тұтас образ. Жағымсыз кейiпкердiң iшкi эволюциясын әдiл көрсетудiң орнына оған қара бояуды үйiп-төге салатын кейбiр жас жазушыларымыз Перовский бейнесiнiң жасалуынан көп үлгi ала алады. «Ән қанатындағыдай» осы «Ақ мешiт» романында да қазақтардың салт-санасы, ұлттық өнерi кең көрсетiледi, әрi Қоқан хандығының езгiсiнен құтылудың бiрден-бiр жолы орыс халқының көмегiн пайдалану екенiн түйсiнуi шындық тұрғыдан баяндалады. Николай Иванович «Ақ мешiт» романының жазылуы, әйелi, досы, көмекшiсi Юзефа Ивановна Чернецкая екеуi ол үшiн тарихи деректердi қалай iздестiргенi жөнiнде айтып отырғанында романның есiмде қалған көптеген көрiнiстерi жазушының сарғыш таза өңiнде кино кадрларындай жалт-жұлт етiп, ара-тұра елес берiп, өтiп жатқандай болды. Екi сағатқа созылған әңгiмемiз аяқталып, қоштасатын уақыт жеткенiн шамалағанымда көненiң көзiндей неше алуан асыл мұра, жазушының бай архивi сақталған үйден кеткiм келмеген бiр сезiм пайда болды. өзiм есiмдерiн қадiр тұтқан ұлы адамдар осы үйге арнайы келiп, өз қолдарымен белгi тастап кеткендей көрiп, кiтап, папкалар, қолжазбалар сыңсыған қабырғаларға, шаңыраққа қарай бердiм. 85 жасқа толып, ең биiк мұрат-мәртебесiне жеткен, мүшелдi тойы атап өтiлiп отырған қарт жазушымен дидарласқан осы сәт те көкiрегiме бiр ыстық нұр құйып, қозғалысымды ауырлатып тастағандай. Амал жоқ, бәрiн жеңуге тура келдi. Ақырында әзiрлеп әкелген ең соңғы сұрағымды қойдым? – Сiз «Жұлдыз» журналының редакция алқасына, коллективiне, авторларына, оқырмандарына қандай тiлек айтасыз? О ғажап, бұл сұрағыма да тура жауап бермедi. Жаңағы әңгiмелерiнiң жалғасындай бөгде жәйттердi баяндады. Тек мен қоштасып, шығуға айналғанда ғана бiр сөз тастады: – Мен туралы жазар болсаңыз, сiзден өтiнемiн, тым қарапайым жазыңызшы, асыра мақтауға бармаңызшы. өте қарапайым болсын. Менiң жақсы көретiнiм сол. – Мен бұл сөздерiн ең соңғы сұрағыма жауап деп ұқтым: «Жұлдыз» журналының коллективiне, авторлар, оқырмандар қауымына айтарым, қарапайымдылықты сүйiңiздер. Еңбектi сүйiңiздер. Осы екеуi қатар жүрсе ғана сiздер қасиет тұтқан мәртебеңiзге жетесiздер. Менiң кешегi өзiм iстес болған дана көкiрек жандардан ұққаным осы. Ұзақ өмiрiмде өз тәжiрибемнен де ұққаным осы. Сiздер де осыны ұқсаңыздар екен деймiн. 1976 жыл.

БОЛБЫР ТIЛ, БОРКЕМIК ДҮНИЕЛЕР

Р.Тоқтаров «Терiстiк шұғыласы», «Жазушы», 1971. С.Досанов, «Қыран қалғымайды», «Жазушы», 1971. Қ.Найманбаев, «Қоштасқым келмейдi», «Жазушы», 1969 ж. Т.Әбдiков, «Күзгi жапырақтар», «Жазушы», 1971 ж.

Жақында КПСС Орталық Комитетi қабылдаған «Әдеби-көркем сын туралы» қаулыда ешқандай бүкпесiз, принциптi түрде айтылған сынескертпелердiң үлкен маңызы бар екенi атап айтылды. Осыған орай бiз де «Жазушы» баспасынан соңғы жылдары шыққан бiрдi-екiлi шығарма жөнiнде ой-пiкiрiмiздi ортаға салмақпыз. Үлкендi-кiшiлi бiраз кiтап ұсынған Р.Тоқтаровтың «Терiстiк шұғыласы» атты жаңа повестер мен әңгiмелер жинағы қолымызға тигелi көп болған жоқ. Алғашқы повесть «Дегелең соғысы» деп аталады. Мұнда сонау Октябрь революциясы қарсаңында екi жақты қанауға түскен, әрi жаңа ғана қалыптаса бастаған қазақ жұмысшыларының өмiрi сөз болады. Автор кейiпкер санын соншама борандатып, қат-қабат тiршiлiктi қамтуға әрекет жасаған. Бас кейiпкер қазақ жерiндегi орыс революционерi Степан Царев пен оның үзеңгiлес достарына айналған Ихсан, Жасұлан, Байдалы сияқты жас жiгiттердiң күресiн бейнелемек болған. Сондай-ақ, повесте, сонау Британия аралынан келiп, аузын арандай ашқан ағылшын капиталисi Лесли Уркварттың қазақ жерiнде иесiз жатқан ен байлықты игеремiн деп революция дүмпуiне құлағын тосқаны, бұл жәйттi өзiнше бағалап, топшылау арқылы үлкен проблемалық мәселелердi қамту автордың түпкi ойында болғаны айқын. Алайда, ниет бар да, оны жүзеге асыру бар. Повестiң ең басында «Қазақстанда Совет үкiметiн орнатысқан жалынды большевик» Царев жайында (бұл жерде автордың «үкiмет» және «өкiмет» деген сөздердi шатыстырып отырғаны жайында айтпай-ақ қоялық) жазбақ болған жазушы Екiбастұзға келедi. Сол бетте шахтерлердiң тұрмысы жайында былай дейдi: «Шахтерлердiң тұрмысы сондай. Бәрi тоқ. Бәрi де газет оқиды». Әрине, бұған да тиiспедiк, себебi, тоқтық пен газет оқу жақсы тұрмыстың куәсi емес пе екен деп автордың жағамыздан алмауына жақсы. Жазушы осында тұратын ескi досы Белеш Ихсанұлы дейтiнмен жолығады да, одан әрi екеуiнiң «философиялық» сөз таласулары кетедi. Мұны оқып отырып өзiң түңiлесiң, себебi; «өмiр қымбат», «жазушы шығарманы қалай жазуы керек», «мақсатсыздық пен сараңдылықты байланыстыру» деген сияқты татымсыз ойға құрылған былжыр сөз, қиқы-жиқы топшылаулар кiмдi қызықтырсын. Осындай бөгелең мен бұрылыстардан өтiп, ақыры Белештiң «осында Байдалы атты шал тұрады, содан «Дегелең соғысы» туралы сұрап ал» деген сөзiне әрең-мәрең жеттiк. Одан әрi Байдалы әңгiмесiнiң негiзiнде туған оқиғаларды автор үшiншi жақпен баяндаған. Тым болмаса повестiң нағыз желiсi тап осы арадан өзiнiң дұрыс арнасын тауып жалғасуы керек едi. Әрине, бiрлi-жарым эпизодтар жоқ емес. Мысалы, Әбдiғаппардың қызы Жәмилаға үйленемiн деп, әке-шешесiмен сөйлесiп отырған жас жiгiт Ихсанды Царев келiп, ертiп әкетедi. Ондағы ойы анау Екiбастұз шахтасына апарып, әлеуметтiк үлкен оқиғаларға араластыру едi. Ол сөйтедi. Бiрақ, одан әрi оқиғалардың дамуында тарамыстай берiк

тұтасқан оқиға жоқ. Әр кейiпкердiң басына байланысты жеке-жеке эпизодтар тiзбегiн ғана көремiз. Мысалы, сонау Октябрь революциясы қарсаңында Байдалы баланың Екiбастұз жұмысшыларының өмiрiн қызықтауы, Жәмиланың әкесi Әбдiғаппардың шахтада зақым болуы, Жәмила әкесiнiң сөзiн сөйлеймiн деп барып, бiрте-бiрте Лесли Уркварттың уысына түсуi, уезд начальнигi Каменщиков пен Уркварттың арасындағы сөз байласу заңды түрде жалғасып жатқан жоқ. Ал бұдан кейiнгi оқиғалар бiр-бiрiнен аулақ жатқан, өзара жанаспайтын көрiнiстер. Айталық, Жасұлан қандай қасиетiмен көрiнедi? Мұндай сауал қоймас та едiк. Бiрақ, автор мұны бас кейiпкерлердiң бiрi ретiнде Ихсандармен қатар бiрнеше жерде атайды. Тек оның махаббат жөнiнде Ихсанмен бақталас екенiн, әрi шахтада iстейтiн балуан жiгiт екенiн автор екi-үш жерде қайталап айтады. Сөйтсе де ол аты бар да заты жоқ кейiпкер болып шыққан. Оны да қоя тұрдық, автордың маңдай алды кейiпкер еткiсi келген Степан Царевiнiң бiз қандай әрекеттерiне сүйсiнемiз? Оның Ихсанды апарып шахтаға салғаны ма? Жалпы Царев өзi шығарма бетiнен көрiне ме? Бiздiңше, автор оның жан дүниесiне үңiлмеген. Автор сөзiнен, басқа кейiпкерлер аузынан бiлетiнiмiз сол, әйтеуiр, патша үкiметiнiң адамдары ол туралы қылғына сөйлейдi, құрту керек деп зәрленедi, ал жұмысшылар барынша жақсы көредi. Ал осы Царевтiң орнына Ихсанның қалай ұсталып кеткенiн оқушы неше қайталап оқыса да ұға алмайды. Жалпы, Р.Тоқтаров оқиға барысын астарлап жеткiзуге құштар екен. Талант пен тәжiрибе мүмкiндiгiнен көрiнсе әрине, бұл дұрыс. Бiрақ, Тоқтаровтан ондай мүмкiндiктi көре алмадық. Уркварттың қазақ қызы Жәмилаға деген көңiлi, әлдеқалай ықыласының құлауы да нандырып, сендiрiп тұрған жоқ. Мүмкiн мұндай оқиға кездесе берер, бiрақ оның түп негiзi, адамды ойландырып тастайтын iшкi астары болуға тиiс. Демек, Уркварттың Жәмиланы қалтасына хат салып берiп, Каменщиковке жiберуi, одан осы қызға көмек бер деп өтiнуi құрғақ қиял ғана сияқты, мүлдем сендiрмейдi. Уркварттың осы демеуiмен Жәмиланың ұсталып кеткен Ихсанның соңынан барамын деп, Каменщиков бәйбiшесiнiң күтушiсi бола қалуы да аяқсыз қалған көрiнiс секiлдi. Бұл жерде аяққа оралғы болып жүрген тағы бiр кейiпкер – жас жiгiт Байдалы. Ол аяқ астынан Жәмилаға ғашық бола қалады. Содан басқа Байдалыдан пәлендей қимыл көргемiз жоқ. Бiрақ автордың емеурiнiне қарасақ оқиғаның бүкiп желiсi осының тағдырында жатқан сияқты. Себебi, повесть оқиғасын қартайған шағында айтып берiп отырған осы Байдалы ғой. Ал әңгiменi өз көкiрегiн ақтарғандай етiп айтатындай Байдалы не iстедi, не көрдi, оның бәрiн оқушы көңлiне автор құя алмады. Сол баяғы үзiк-үзiк көрiнiс-эпизодтар ғана. Царевтiң өлiмi де оқушыны толғандырмайды. Иә қалай толғандырсын, беймәлiм бiреу келдi, кеттi, онда оқушының не жұмысы бар? Оқиғаның барып тарқайтын жерi «Дегелең соғысынан» кейiн болады. Бұл ақтар мен қызылдардың шешушi қақтығысы едi. Бұл жерде автор бөгде кейiпкерлердi қатыстырады.

Осы соғыста Ихсанның махаббат жөнiндегi бақталасы Жасұлан мұны қорғаймын деп өзi қаза табады. Ал, Ихсанның бетiне қылыш тиiп, кемтар боп қалады. Сөйтiп, ол Жәмиланың Байдалыға қосылуына тiлектес болады. Ал Ихсан өзi сияқты бiр кемтар адамға қосылып, повестiң кiрiспесiнде айтылатын Белеш осылардан туған бала болып шығады. Жазушыға ар тазалығы керек. Мына повестегi осы соңғы оқиғалар белгiлi жазушымыз Ғабит Мүсiреповтің «Оянған өлке» романын, әсiресе, ондағы Нәзiкеш қыздың төңiрегiндегi оқиғаларды еске түсiредi. Жалпы повестiң нобайы жазушының өз түйсiгiнен тумағаны, дайын дүниенiң әр пұшпағынан үзiп-жұлқып құрастырылғаны көрiнедi. Екiншi повесть «Жұлдыз сәулесi» деп аталады. Салған жерден Жәдiгер деген жас жiгiттiң махаббат ауруына шалдыққанын тәптiштеп жазамын деп, қандай шиырға түскенiн автордың өзi байқамай қалған сияқты. Осы «махаббаттың» кесiрiнен студент Жәдiгер жазғы демалыста аулына бармаймын деп жүрiп, кенет ол райынан қайтып, тартып отырады. Ауылға келгенде мұны жұрт мәре-сәре болып, жиын-той жасап қарсы алады. Осының бәрiн тәптiштеп жазамын деп автор оқушыны мезi қылады. Бұдан кейiнгi оқиға Жәдiгер мен оның соқыр болып қалған туысы, әрi досы Сәлiм арасындағы әңгiмеге, қарым-қатынасқа арналған. Ал повестiң алғашқы беттерiндегi Жәдiгердiң махаббат ауруы сол күйiнде ұмыт боп жайына қала бередi. Ал Сәлiм мен Жәдiгер арасындағы үздiк-создық философиялық әңгiмелер не таусылмайды, не бiр түйiндi мәселеге тiрелмейдi, қияли адамдардың қысыр әңгiмесiндей жалаң, әрi мағынасыз. Сәлiмнiң өзi әрi музыкант, әрi жазушы да екен. Ол екi революцияның аралығындағы уақыт (1917 ж. февраль революциясы және Октябрь революциясы аралығындағы. Ұ.Д.) жөнiнде роман жазады. Осыған байланысты жалпы повесть оқиғасымен байланысы жоқ топшылаулар айтамын деп, онысын ұзаққа созады. Көбiнесе әңгiме Сәлiмнiң қара басы төңiрегiнде болып, кемтарлыққа ұшыраған адамның қоғамдағы орны, жазушыға тән қасиеттер, тарих құбылыстары сияқты шашыраңқы сөздер мен ойлардан аяқ алып жүре алмайсыз. Повестiң ұзын-ырғасы осы. Тұтас бiр желi, не түйiн жоқ. Не оқып, не қойғанын оқушы ұға алмайды. Кiтапта сонымен бiрге жазушының сонау Тундраға барғанда көргендерiн суреттейтiн «Терiстiк шұғыласы» атты ұзақ очеркi орын алған. Мұнда бiраз өмiр шындығы қамтылған. Тағы бiр автор – Сәбит Досановтың «Қыран қалғымайды» атты кiтабы екi повестен тұрады. Алғашқысы бүгiнгi ауыл өмiрiне, астанадан жоғары оқу орнын бiтiрiп қайтқан жас маманның еңбекке араласуына арналған. Жер бетiнде қанша адам болса сонша тағдыр бар. Бiрiн-бiрi айна-қатесiз қайталайтын екi тағдырдың болуы мүмкiн емес. Сондықтан болар, жас адамның өмiр табалдырығын аттағаннан кейiнгi өмiрi, көретiн киыншылықтары, бастан кешетiн тартыс-таластары сарқылмайтын, мәңгiлiк тақырыптардың қатарына жатады. Тек автор әбден қадiрi кетiп айғыздалған ескi сүрлеумен жүрмесе, өзiнше тың жол ашып, оқушыны елең еткiзерлiк

тосын тағдырларды танытуға жетелесе болғаны ғой. Әрине, бұл үшiн көркемдiк шеберлiк тағы керек. Алайда, С.Досанов «Қыран қалғымайды» атты повесiн жазуда мұны ұмытқан. Қалай дейсiз ғой. Алматыдан жоғары оқу орнын бiтiрiп келiп, алты ай бөлiмше зоотехнигi, одан кейiн совхоздың бас зоотехнигi болып орналасқан Нұрбек бiрден-ақ «жағымды кейiпкерлердiң» үлгiсiмен совхоз директоры Елдоспен қақтығысады. Елдос жаңалықты түсiнбейтiн, кешеуiлдеп қалған адам да, Нұрбек бүкiл шаруашылықты дөңгелетiп әкетердей iскер, бiлiмпаз, әрi өз iсiне шексiз берiлген жас. (Алайда, Нұрбектiң осындай екенi әрекет үстiнде берiлмейдi, автордың өз баяндауы бойынша ғана солай). Мұның өзi осыдан 10-15 жылдар бұрын-ақ әбден жауыр болған тақырып деп талай сыналған болатын. Екiншiден, институт табалдырығын бүгiн ғана аттаған, аузында анасының сүтi кеппеген жас баланың бүкiл совхоз басшыларын ықтырып әкетуi, шаруашылықты олардан жақсы бiлетiн болып шығуы қалай? Бұл сендiретiн нәрсе ме? Ең алдымен оқу орнын жаңа бiтiрiп барған жас сол шаруашылықты бүгiнге дейiн қолдарында ұстап келген адамдардан көп нәрсенi үйренуi, тәжiрибе жинақтауы керек. Бүгiнгi колхоздар мен совхоздар осыдан 20-30 жыл бұрынғыдай 50-60 үйден тұратын емес. Бүгiнгi шаруашылықты басқару, немесе, оның маманы болып iстеу, егер тәжiрибесi жоқ болса, жас жiгiттiң қолынан келе қоятын iс емес. Еңбек адамдарымен ұғысу, сөйлесе бiлу, қанатын кең жайған шаруашылық жұмыстарының сан түрлi салаларының қыры мен сырына қану – мiне мұның бәрi аз күннiң iсi емес. Немесе, институтта оқып жүргенде басқа құйып алатын нәрсе деуге де келмейдi. Бұл еңбекке, өмiрге етене араласа жүрiп, тырнақтап жинайтын тәжiрибеден келетiн нәрсе. Мiне, повесте осындай өмiр тәжiрибесiнен өтiп, шаруашылықты жүргiзуден бiр нәрсе үйренейiн деп жүрген Нұрбектi көрмеймiз. Оның ең алғаш кiрiскенi совхоз орталығындағы үйлердi бiр орталықтан жылыту жүйесiн жасауды ұсынады. Автордың мамандығы зоотехник өз кейiпкерiн мұндай бөгде жұмысқа жегуiн, тiптi сол үшiн таласам деп ауданға баруын ешқандай жағдаймен ақтауға болмайды. Нұрбектiң мал шаруашылығы саласында iстеп жүрген ешнәрсесi жоқ. Кейiн директор болып тағайындалады. Бәрi автордың аузымен орындалады. Дәл сол совхозды басқарып кетердей қабiлетi мен жiгерiн оқушы көре алған жоқ. Директор болғаннан кейiн де кандидаттық диссертация қорғағаны болмаса, Нұрбектен тағы ешқандай қимыл-әрекеттi көрмеймiз. Жалпы айтқанда бұл повесте шынайы өмiр көрiнiстерi жоқ. Тiптi адамды селт еткiзбейдi десе де болады. Е, әлгi боранда адасатыны бар екен ғой. Совхоздың озат шопаны Алтай түтеген боранда бiр отар қойымен ығып адасып кетедi. Оны iздеу үшiн анау аудандық партия комитетiнiң секретары Биiкбек ұйтқы болып, совхоз адамдары бас қосады. Бұған аудандық партия комитетiнiң секретарын қатыстырудың қандай қажетi бар едi. Жаңағы бас қосқан адамдар совхоздың

бас мал дәрiгерi Ерназардың (бұл «жағымсыз» кейiпкер) қарсы болғанына қарамастан Алтайды iздеуге шығады. Сол боран алдында үгiтшi ретiнде совхоз бөлiмшесiне барған Нұрбек те қайтар жолда боранға ұрынып, машинасы тоқтап қалады. Машинаға мiнген екi бала бар едi, оны жаяулатып алып шығады да ары жүре алмайтын болған соң, оларды бiр шөмеле шөпке жасырып, өзi айналаны болжаймын деп, қара басы жүрiп адасып кетедi. Мiне, сөйтiп қара басы жүрiп адасқан Нұрбек жайын көп сөз қылғанмен, ана бiр отар қоймен ығып кеткен Алтай жайында жұмған аузын ашпайды. Кейiн Алтай орденмен наградталады. Амал не, оқушы оның қуанышына ортақтаса алмайды, себебi, шығармада Алтайдың аты бар да, заты жоқ. Тағы бiр кейiпкер аудандық партия комитетiнiң секретары Биiкбек. Мұның есiмiн автор әр жерде құрметпен атауға тырысады. Кейiн ол да жоғарылап, облыстық атқару комитетiнiң председателi болып сайланады. Бiрақ бұған да оқушы немқұрайды қарайды. Себебi көркем шығармада кейiпкер тағдырындағы әрбiр өзгерiс пiсуi жеткен, толғағы жеткен нәрсе болуы керек. Сонда ғана оқушы өзi ұнатқан кейiпкердiң қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасады. Ал Биiкбек оқушы көңiлiнде қаларлықтай не iстедi? Оқушы оны не үшiн ұнатпақ? Ауданға барған Нұрбектi үйiнде қонақ қылғаны үшiн бе, iрiлендiрiлген шопандар бригадаларын құру туралы Нұрбек ұсынысын қолдағаны үшiн бе, жоқ әлде ауруханаға түсiп қалған Нұрбектiң халiн сұрай келгенi үшiн бе? Нұрбектiң Алматыда қалған Нәзгүл деген сүйген қызы бар. Автор мұны да жақсы жағынан көрсеткiсi келген. Амал не, ол өзiне зорлық қылған бiреудiң қорлығына көнiп, ақыры соған күйеуге шығады. Сөйтiп, Нұрбекке деген сүйiспеншiлiгi аяққа басылады. Мұндай зорлыққа көне салғаны оқушыға қандай әсер етпек? Ал, жағымсыз кейiпкер Ерназар болса ол да әрекет үстiнде көрiнбейдi. Мұның не iстеп жүргенiн басқалардың ауызекi айтуымен ғана бiлемiз. Алайда, автор бар жамандықты оның бiр басына аямай үйiп-төккен. Қараңызшы, қазақы қой мен мериносты будандастыруға қарсы болатын осы Ерназар (оның неге қарсы болатыны айтылмайды). Елдос пен Нұрбектi шағыстыру үшiн араларына от тастамақ болған да осы Ерназар, iрiлендiрiлген шопандар бригадасын құруға қарсы болатын да сол Ерназар, жұмыстың қауырт кезiнде машинасымен семьясын қыдыртатын да сол Ерназар, ең ақырында бiр отар қоймен боранда адасып кеткен шопан Алтайды көпшiлiктiң iздеп шығуына қарсы болатын да Ерназар. Бiз жоғарыда әрбiр кейiпкерге тоқталдық. Ал жалпы повестiң мазмұнына келсек, ол кұрғақ баяндаудан тұрады. Кейбiр тұстарын оқып отырғанда автордың көркем шығармаға қойылатын талаптың бәрiн аяққа басқанын көресiң. Адамды селт еткiзер бiр түйiн жоқ. Автордың тiлi де өте нашар. Мысал келтiрейiк: «– өткен қыста, – деп бастады Нұрбек сөзiн, – бiздiң маңдай алды шопанымыз Алтай Әлiбаевтың үйiнде кiсi көп болды. Оның да орынды

себебi бар. Ауданымызға келген адам СССР Жоғарғы Советi депутатына соқпай кетпейдi. Әсiресе, облыс, астана орталығынан келген тiлшiлер көбейiп кеттi. Қыстың көзi қырауда тiптi сонау Москвадан әдейi Әлiбаевты iздеп, бүкiл одақтық киностудия кызметкерлерi де келдi. Онда Алтай Шұрықта қыстап отырған. Атақты шопан аласа әм ескi шым үйде тұрушы едi. өзi сырттан бес кiсi келсе адам айнала алмайтын кiшкентай екi-ақ бөлме. Көңiлi кең болғанмен үйiнiң тар екендiгiн сол жолы сезiндi Алтай. Әсiресе, бүкiл облыстық киностудия кiсiлерi бiр апта болып өзiн отарымен киноға түсiргенде қысылды». (43-бет) Мiне, өстiп шұбырта бередi. Егер осы диалогтың бас жағындағы «...деп бастады Нұрбек сөзiн» деген төрт сөздi алып тастаса бұл үзiндi кейiпкер сөзi ме, жоқ, газет мақаласынан қиып алынған нәрсе ме, оны айыра алмайсыз. Мұндай шұбыртпалар повестiң өнебойында кездеседi. Осы 96-беттiк дүниеде түйiн боларлық, адамды селт еткiзерлiк бiр тұсының жоқтығы адамды қатты қынжылтады. «Келтек ағаштан кездiкке сап шығара алмаған» деген сөз осындайда айтылатын болса керек. Ал екiншi повесть «Аруана» өзiнiң жазылуы жағынан бiр саты жоғары тұр. Алайда, бұл да көркем шығарма деңгейiне жете қоймаған. Мұнда сонау ерте заманда қалмақ шабуылы кезiнде қарындасымен бiрге тұтқынға түскен жас қазақ батыры Тауман және осылармен бiрге қалмақтарға қолды болған Аруана жайында баяндалады. Тауман адам, Аруана жануар болғанмен екеуiнiң жат жердегi мiнез-құлықтарынан автор ұқсастық таппақ болған. Аруана мен Тауман төңiрегiндегi оқиғалар қатар дамып отырады. Әдiлiне келсек, мұнда аз-кем жаңашылдық бағыт бар сияқты. Бiрақ автор шығармасына көркемдiк қасиет берiп, осы бағытын ұстай алды ма? Әрине, жоқ. Повесть шындықпен он қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған детальдардан тұрады. Қалмақ ханының өзiнде тұтқында жатқан Тауманға қарындасың Қазынаны (Ол да тұтқында) маған әйелдiкке бер деуi сендiрмейдi. Тағы Қазынаның хан менi әйелдiкке алам десе, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамай қарамды көрмейтiн болсын, ағайым Тауман осы елге сұлтан болсын деп шарт қоюы мүлдем сендiрмейдi. Қалмақ ханының өз тұтқыны алдында соншама дәрменсiз болып шығып, оның қойған шарттарын орындаймын деп алдануы ертегi – аңыздарда да кездесе қоймайтын қияли нәрсе ғой. Тауманның қалмақ қолында жатып туған жерiн аңсаған сезiмiне арналған лирикалық шегiнiстер артық жамаудай болып, повестiң жалпы мазмұнымен бiрiкпей тұр. Бұл, әрине, керек-ақ деталь, бiрақ автор оны шығарма мазмұнын шашыратпайтындай етiп, қиыстырып бере алмаған. Оқиғаның көбi қалмақ жағында өтсе де, олардың салт-санасынан дерек берерлiктей ешқандай суреттер жоқ. Аруана өз аулына жетiп құлағанда, қазақтар тiсiн қайрағанмен қолға түсiп кеткендердiң артынан баруға еш шара қолданбауы, Тауманды құтқарған басқа жақтағы оның нағашылары болып шығуынан повесть мазмұны опырайып қалған. Аруана мен Тауман линиясы бiр-бiрiне тым ұқсас болғандықтан бiрiн-бiрi толықтыра алмайды. Мiне, кiтапқа кiрген екi повестiң екеуi де осындай.

Қалдарбек Найманбаевтың 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қоштасқым келмейдi» атты повесть, әңгiмелер жинағына мынадай анықтама берiлген: «Жас жазушы Қалдарбек Найманбаевтың бұл повестер мен әңгiмелер кiтабында жастық махаббат хақында алуан сыр айтылады. Бүгiнгi замандасымыздың жарқын бейнесi, оның арман-ойы есте қаларлық сыршыл суреттермен, психологиялық иiрiмдермен, образды тiлмен нақышталған». Алайда, кiтап бетiн ақтара келе мүлдем бөлек әуенге, тайыз, сүреңсiз суреттемелерге тап болдық. Алдымен автордың тақырыбы тар. Мысалы, «Ол екеуi және мен» деген әңгiмесiнде Сейiткерiм мен Қарлыға дейтiн ерлi-зайыптылардың арасындағы күйкi тiрлiк сөз болады. Әйелiнiң көрiнгенге көз салатыны, күйеуiнiң ынжықтығы баяндалады, «Ұялшақ махаббаты» тiптi көркем әңгiме емес, балалық күннен екi көрiнiс қана, оның өзiнде де ешбiр мағна, мақсатсыз алына салған. «Қоштасқым келмейдi» повесi бiздiң жастарымызда кездесетiн көлеңке, күңгiрт мiнездердi көрсетуге арналған. Алайда, автор сурет жасаймын деп отырып, бояуын баттастырып алады. Натуралды жайттарды терiп жазған. Тоғанбай деген бұзылған жiгiт ауылда сайран салып жүредi, жас балаларды араққа үйретiп, жас қыздарды зорлайды. Оған ешкiм бөгет бола алмайды. Мiне, мұндай әңгiмеден қандай үлгi, өнеге алуға болады? «Бастау» атты повесi де замандастарымыздың бейнесiн көрсетуге арналған. Бiрақ автор бұл жерде де мүлт кетедi. Яғни Мәлике деген қызды тым жеңiлтек етiп көрсетедi. «Сол бiр түн» повесiнiң оқиға желiсi де онша жарасып тұрған жоқ. Күйеуi әскерге кеткен келiншек Шарбануды да осал жан етiп көрсеткен. Жалпы, жинақта идеялық жағынан жiбi түзу бiрде-бiр әңгiме, не повесть жоқ. Ал тiлiндегi сорақылық өз алдына бiр төбе. Қайталанған сөйлемдердi қайтесiз. Мысал келтiрейiк: «Жай айтпайды, бiр түрлi қиылып айтады» (114 бет). «– Жай айтпайды. Бiртүрлi қиылып айтады» (сол бетте). «Қабыл ыржалақтап күле бередi» (115 бет). «Қабыл ыржалақтап күле бердi» (121 бет). «Бiр мезетте Әмiр кiшкентай кесектi алдағы трактордың кабинасына жiберiп қалды. Комбайн зiрк еттi» (117 бет). «Бiр кезде Әмiр дәу кесекпен трактордың кабинасын перiп жiбердi. Трактор ышқынып барып қалт тұра қалды» (187 бет). «Әмiр аяғының астына былш еткiзiп бiр түкiрдi. Сонсоң екi қолын қалтасына салып, алдында жатқан дәу кесектi бар пәрменiмен теуiп қалды» (178 бет). «Ол табанының астына былш еткiзiп тағы бiр түкiрдi. Сонсын жерден дәу кесектi алды да, сабан жинағыштың доңғалағына жiберiп қалды» (179 бет). өстiп кете бередi. Мүмкiн автор өз туындыларының iске алғысыз екенiн iштей түйсiнген болуы керек. Осы жинақтағы «Бастау» атты повесiн кеңейтiп жазып, жыл аралатпай «Жазушы» баспасынан жеке өзiн қайта шығартып жiберген екен. («Бастау», «Жазушы» баспасы, 1970 жыл). Алғашқы жинақтың 60 мың,

екiншiсiнiң 40 мың тиражбен шыққанын, тағы «Бастау» повесi қайта басылған күйде де көкейден шықпағанын ескеретiн болсақ, автордың да, баспа редакторларының да оқушы жұртшылықтың уақыты мен ынтасын зая кетiрiп, мазақ қылғанын аңғарамыз. Бұл асығыстық қана емес, малтабарлық әрекет. Әрине, баспа «жүзiктiң көзiнен өтетiндердiң» қолындағы құралына айналуға тиiс емес, шаң тимес қасиеттi творчество ошағы болуы керек. Т.Әбдiковтың биыл ғана шыққан «Күзгi жапырақтар» атты үш повестен тұратын жинағы да көңiлiмiздi қалдырды. «Тозақ оттары жымыңдайды» атты алғашқы повесi сонау Америка құрылығында индеецтердiң бiр тайпасынан шыққан жас баланың цивилизация дүниесiне аттап, әйгiлi ғалым болғанына арналған. Повесть журналист Палетеллидiң атақты дәрiгер ғалым Эдуард Бейкердiң қабылдауына келiп, сонау ақ адамдардың тықсыруымен күннен-күнге қырылып бара жатқан индеецтердiң халi жайында сөйлейдi. өзi индеецтердiң арақу тайпасынан шыққан Бейкер қатты ойда қалып, одан әрi өзiнiң балалық шағын еске түсiрулерi кетедi. Осы тұста автор арақу тайпасының өмiрiн көрсетуге бiраз күш салған. Бiр ғажабы, повестi оқығанда қалай дамитынын алдын-ала бiлiп отырасың. Демек бұл оригиналдық шығарма емес, жұрттың көрген фильмдерi мен оқыған кiтаптарының қиындыларына ұқсайды. Адамның өзi көрiп-бiлмеген орта, елжұрт туралы шығарма жазуы кездеседi, бiрақ бұл ретте автор зерттеушiнiң мiндетiн қоса атқаруы керек. Ал, Т.Әбдiков төте жолмен соққан. Сөйтiп, оның басты кейiпкерi Киякудiң (кейiнгi аты Бейкер) бала кезiнде көргендерi, әке-шешесi мен ағасы Сари туралы есте қалғандары, ақ адамдардың бiртебiрте бұлармен достасқан болып, ақырында ата мекенiнен қуып шығуы бәрi де дайын соқпақпен тартылған. Тiптi Киякудiң жеке басы аман қалып, оған қамқоршылар табылуы, кейiн ғалым болып, даңқ тұғырына бiржола орныққан соң әлгi журналистiң сөздерi ой салған оның сонау ата-баба мекенiне барып, өз тайпасының соңғы қалдығымен жолығуы мүлдем толғандырмайды. өзiңе таныс сүреңсiз нәрсенi қайта оқығандай қатты жалығып кетесiң. Повестiң құрылымында келеңсiз жайттар көп. Журналист Палетеллидiң Бейкерге келiп-кетуi жалпы оқиғамен жымдаспай қалған, артық жамау сияқты. Тiлдегi орашолақтық, әсiресе, философияға түсiп кеткендегi оралымдары он оқып шықпай ұға алмайтын түсiнiксiз шұбыртпа деуге болады: «Доктордың тастан қашалған әлпеттей жаздырып, ия түнерiп құбылыс бiлдiрмейтiн бедiрейген көсе жүзi мен қатқыл жанары, пенде баласына оғаштау өктем мiнезi, ақырында ақы адал еңбекпен емес әлдеқалай құпия қарақшылықпен қолға түскен қисапсыз қазынаға ұқсас бiр адам бойына сыйғызуға келмейтiн ғылыми табыстар – өңкей бiр сәттiлiк – осының бәрi ұғымды ауырлатып, әлдебiр ақылдан тыс тылсым күшке, түсiнiксiздiкке әкеп тiрейтiн». (11-бет). Немесе:

«Цивилизация әлемiнiң – Нью-Йорктегi 100 қабат үйлер мен жарқылдаған жасау бұйымдардың, өлшеусiз салтанат пен дабыра қошеметтiң, әлемге әйгiлi болған даңқ пен ғылми табыстардың, талантына бас ұрған сансыз тобырдың аһ ұрған даурықпасының тағы сол сияқты өмiрдiң ойлануға мұрша бермеген әртүрлi алданыштарының астында әлдеқашан ұмыт болып, өлдiге саналған бiр тiршiлiк әлдеқалай жан бiтiп қыбыр еткендей болды» (16-бет). Мiне, осы сөйлемдердi оқып шығып, түсiнудiң машақаты қаншалықты көп болса, олардың құны соншалықты аз екенi айқын. Мұны автордың өзi де мойындап отырған сияқты. Себебi, бiрiншi сөйлемдi «...осының бәрi ұғымды ауырлатып, әлдебiр ақылдан тыс тылсым күшке, түсiнiксiздiкке әкеп тiрейтiн» – деп аяқтауы автордың өзiне-өзi айтқан ащы мысқылы сияқты естiледi. Екiншi «Оралу» атты повесi институт бiтiрген жас жiгiттiң сонау соғыс жылдарында өткен балалық шағын еске түсiрулерi мен балалық махаббатын жалғастырған қызымен бүгiнгi есейген шағында жолығуы негiзiнде құрылған. Алғаш тiлi шыққанда «соғыс», «фашист» деген сөздердi айтып үйренген ұрпақтың балалық шағында өзiндiк қайталанбас тұр, кескiн барлығы айқын. Бұл тақырып бiраз қабiлеттi жазушылардың әңгiмелерi мен повестерiнде әжептәуiр игерiлiп те едi. Алайда, Т.Әбдiков өзiндiк шұбыртпа шиырдан басқа ешнәрсе ұсына алмаған. Бiрiншiден, екi баспа табақтық повесте қара-құрым кiсi аттары жүр, қайсысы қай ерекшелiгiмен көрiнуге тиiс, ол жағын айырып-ашуда автор қиналып жатпаған. Әйтеуiр «повестка» келдi, пәлен майданға аттанды деген сөздер ғана құлаққа естiлiп жатады. Ал оқиғаның iшкi астары, көркемдiк мағнасы ашылмаған. Бас кейiпкер Әбдiкәрiм мен жас қыз Бәтима екеуiнiң балалық достығы да адамды толғандыра қоюдан алыс. Басқарма қамшысының сабымен кеудесiнен нұқып қалғаны үшiн жас бала Әбдiкәрiмнiң ауылдан бiржола кетiп қалуы сияқты нанымсыз жәйттар баршылық. Көркемдiк шешiмi табылмаған нәрсе қашан да артық жамаудай жалбырап, айналасының тегiс ұсқынын кетiрiп тұрады ғой. Ал кейiн Бәтима басқа жаққа тұрмысқа шығып, екi балалы болғасын артынан iздеп барғанда (мұның да екi баласы бар) Бәтиманың көз жасын төгiп, жылап көрiсуi мүлдем сендiрмейдi. Жалпы мұндай жәйт өмiрдегi шындықпен жанаспайды, әрi ол психологиялық жағынан негiзделмеген. Тағы Әбдiкәрiмнiң Бәтиманы мұндай шақта артынан iздеп баруы көкейге қонбайды. Соңғы «Күзгi жапырақтар» атты повесi де пiспеген шикi нәрсе. Бұл жинақ жақсы безендiрiлiп, автордың суретiмен берiлген екен. Алайда, дәмсiз асты сырлы аяқпен ұсынғаннан аспаздың абырой алмасы хақ. Осындай қиюы кеткен, дәмi жоқ, татуы жоқ шығармалар саны сапалы дүниелiктерiмiздiң қасында әлдеқайда мол боп кете ме деген қауiптi айтпай қала алмаймыз. «Жұлдыз», №6, 1972.

«ҚАЙДА СОЛ ҮШҚАРА?»

(Сайын Мұратбековтың творчестволық портретi)

«Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан жарғақ сары тоны қаударлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгiретiн, шiлбиген арық, ақсақ қара бала бiр кетпейдi. Көзiмдi сәл жұмсам-ақ ауылдағы балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретiп, есi қалмай далбақтай жүгiрiп келе жатқан Аянды көргендей боламын. Сондайда оның алқына шыққан әлсiз жiңiшке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгiн кешегiден де қызық ертегi айтамын», – деген жалынышты үнiн естимiн». Осы бiр жолдарды қайталап оқыған сайын, жарғақ сары тоны қаударлаған, тобығы тайған, тағдыры қайғылы жетiм бала Аянға ғана емес, өз басыма деген аяныш кеудемдi осқылап, отырған орнымнан әлдеқайда жұлқа тартады. Астанамыз Алматы тақияма тар келгендей-ақ көптен жоғалтқан, ендi оның өкiнiшi ешқашан толмас бiр асылымның соңына түсiп, жер түбiнен болса да iздеп табар жiгерiм оянады. Адам үшiн ең қат нәрсе жiгер. Ол барда бәрi бар. Ертегiде айтылатындай темiр етiк теңгедей, темiр таяқ тебендей болуы мүмкiн, бiрақ шүберекке түюлi адам жаны жiгердi мiнсе аты, ұшса қанаты етiп сол шаққа дейiн шыдап бағады. Ақыры iздегенiн табады. Иә, айтпақшы ненi жоғалттым, ненi iздедiм? Сайын Мұратбековтың «Жусан исi» атты повесiнiң осы алғашқы сазы, абзацы қай жоғалтқанымды есiме салып, жан дүниемдi дүрлiктiрiп тұр. Алғашқыда бiраз дағдарамын да, осы тынышсыздағымның төркiнiн iздеймiн. Сөйтсем ол аяулы туған жердiң сағынышы екен. Туған жерiм! Ол темiр етiктi теңгедей етiп жұқартқанда ғана жететiн дүниенiң алыс бұрышы емес, бүгiнгiше айтқанда осыдан таяқ тастам ғана қашықтықтағы Талдықорғанның төңiрегi. Әркез ауылға бара жатқанымда Арқарлы мен Сарыөзектiң бұйрат-бұйрат тақыр төбелерiнен ары асып, бiздiң таулардың бергi баурайлары көрiнгенде бөлек табиғат көркi – жасыл шалғын көзiме оттай басылады. Еңбек етiп, тiрлiк қылып жүрген Алматы да жасыл шалғынның ортасында. Бiрақ бұл жасыл мен ол жасылдың арасында үлкен айырма бар. Бiздiң ауылдың жасылында сонда туып, көз ашып, есейген, кейiн ара-тұра сағынғанда келетiн адамның ғана көзiне шалынатын бөлек реңк бар. Бұл өзi алыстан қарағанда айналасын таулар көмкерген алып қазан шұңқырға ұқсайды. Оңтүстiкке таяу орналасқанынан ғана емес, сол таулардың алып қабырғалары Арқаның аптабы мен ызғарынан қалқа жасап, қазақтың кең сахарасымен салыстырғанда ат сауырына сиып кетердей көрiнетiн осынау жер пұшпағы бөлек рахымшылық көргенге ұқсайды. Ойы мен қырында мал мен егiншiлiк қамы қысы-жазы толастамайды. Қызылша қазылып, астық орылып, мал құмдағы қыстауға кеткен, аздап «уһ» деуге мұрша келедi-ақ дейтiн күздiң соңы, қыстың басқы айларында өзге науқандар дүрк көтерiледi. Қар түскенше күздiк егiлiп, зябь жыртылып, таңы айрылған қара жер бусанып жатса, қыс көрпесi бұрқ етiп жауып салғанда

сықырлап, кең табан шаналар жолға шығады. Шаруашылықтардағы сауын сиырлардың қыстық шөбi көбiне таудан шабылатындықтан оны тасуға ең тиiмдi көлiк осы қос ат шеккен, кейде трактор сүйреткен кең табан шаналар. Сондықтан да бұл науқанға қардың бекiген шағы керек. Мұз қатқан қос танаудан буы бұрқырап, ылдиға қарай ағыза, өрге қарай тырмыса тартып, дәу шана шөптi әкеле жатқан қос аттың жүрiсi, шөп үстiнде, бұлардың да бетаузы ақ қыраудан көрiнбейдi, «айт-шүулеген» колхозшылар сұрқы балалық шағымнан жадымда жақсы сақталған көрiнiстердiң бiрi. Әне, тағдырлары беймағұлым әкелерден қалған дақ көкiректерiне мұз боп қатқан Дәнеш пен Қайрақтың («Үскiрiк» әңгiмесiнен) шөпке бара жатқан бетi. Бiрақ бұл қайғылы сапар. Кең дүние тарлық еткен бұл екеуге айнала ақ қар, көк мұз бейбiт еңбек ортасы емес, қан майданның өзiндей қандарын қарайтып, тыныстарын тарылтады. «Түнi бойы ышқына соққан боран қалың түскен жаңа қарды жол үстiнен сыпырып тастапты. Таптанды болған, өңi сарғыш сүрлеу қар тақтайдай. Аттар қос танауы шелектей боп буды бұрқ-бұрқ бүркiп, аршындап келедi. Торысы қайсы, бозы қайсы белгiсiз. Аппақ ақ сүңгi қырауға оранған, тек бүйiрлерi ғана қап-қара боп ойылып солқ-солқ етедi. Шөп тиейтiн қанатты бос шаналар май үстiнде жүзгендей сыпсыңдайды. Ат тұяқтары тақтай қарды қырт-қырт ойып, шана табандары таусылмас бiр сыңсу тартады. Үзiлердей бұралған қобыз сыңсуы. Жол бiрде ырғып қырға шығады, бiрде құлап еңiске түседi. Осынау тұтасып жатқан, мелшиiп жатқан ақ даланың жонында сыпсыңдаған ат-шана жөңкiп аққан жаңқа сияқты. Жол арасынан мүлт шығуға болмайды. Аттар аяғын бетi қатқыл күпсек қарға сұғып алса, күп берiп, оңқа-шоңқа боп түседi. Соны сезетiн әккi боп үйренген аттар да iзден таймайды. Үкiдей ұшып сар желiп келедi. Бүйiрлерiн солқ-солқ соғып құлақтарын қайшылап ырс-ырс етедi. Бос шананы құйын ұшырғандай ұйтқытады. Алда шөп бар. Естi алардай, мас қылардай жұпар аңқыған әлi бүрлерi үгiлмеген көкжауқазын құрғақ шөп бар. Соны сезiп келедi. Безектеп алып ұшатыны да сондықтан». Бұл келтiрiлген сурет әңгiменiң басқы буынында әлi оқиға ширықпай тұрғанда жасалған. Ендi, мiне, Дәнеш пен Қайрақ қайта қайтып келе жатыр. Шанаға шөп дегенiң лықа тиелген. Ендi екi замандастың арасындағы қақтығыс шырқау шыңына жетiп, қайта да бастаған. Дәнеш күш-қайраттан айрылған. Қайрақтың әрекетi салдарынан ол қыс қаһарында мүлдем дәрменсiз қалды. Тайталасып-ақ келедi, Алайда адам тәнi табиғат дүлейiне қарсы құр қолмен ештеме iстей алмақ емес, бес қаруы сайда ғана оған қарсы тұра алады, сонда ғана оны өз еркiне бағындыра алада. Ен тоғайдың iшiнде жолбарыспен бетпе-бет ұшыраса кетсе құр жұдырықпен ұрып алар қаһармандық ертегiнiң еңiреген ерiне ғана тән. Бүгiнгi реалистiк шығармада олай асқақтап кете алмайсың. Адамның ұлылығымен қабат әлсiздiгi жөнiнде аянышты, қамкөңiлдi сыр шертудiң оңтайы осындайда келедi. Абайсыз жерге түсiрiп алған құлақшынын Қайрақ бұлақ көзiне қарай теуiп жiберiп, малмандай су болған онысы киюге жарамай қалған, мiне, Дәнеш, «түу» деген түкiрiк жерге мұз боп түсер сақырлаған сары аязда, әрi қарсы беттен соққан үскiрiк желi тағы бар, шөп үстiнде жалаңбас келедi.

Мұндай шақтағы жан қиналысы қара пышақты дәл көкiректен қадағанмен бiрдей. Шырқыраған даусы шықпағанмен дәл сондай халдi айна-қатесiз бастан кешiрiп келедi. Туған табиғат та бұған сырт бергендей. Қараңызшы: «Күн ұясына қонып барады. Ортан белiнен батыпты. Сөнiп бара жатқан шоқ сияқты. Күрең қошқыл. Сөнiп бара жатса да шоқта жылу болушы едi, ал мынада жылу да жоқ, тек жексұрын сәулесi бар, иә, жексұрын сәулесi. Бiрiншi рет Дәнешке күннiң сәулесi жексұрын көрiндi. Жексұрын емей не, ең болмаса шоқ құрлы жылуы жоқ дәт қылар. Қайрақтың зымиян күлкiсiндей ғана алдамшы, опасыз сәулесiн шашады». Бала болғанымызбен туған жердi бiз де әрқилы жағдайда көрдiк. Кейде әке-шешең де қатыгезденiп қабағына бұлт үйiрiлетiнiндей жұмыр жердiң жалғыз жарығы – қасиеттi Күннiң де Дәнеш көзiне шалынғандай осындай тұрпаты, қатыгез тұрпаты көңiлдегi көп кiрбеңнiң көзiн ашады. Бiзге жаңа ес кiрген таршылық күндердiң келбетiн әкеледi. Жан қысылған шақта табиғаттың сұрқы да өзгеретiнi ол адамдағы iшкi алақұйын сезiм, бiтiмнiң тепкiнi, адам жаратылысындағы ала-құлалықтың басын бiрiктiрер сол iшкi сезiм мен бiтiмнiң құбылыстары. Мұншалықты жексұрын сәулесi бар күннiң батардағы кейпiн жазушы өз қиялынан емес, осы жолдар авторының және оның ғана емес баршаның көкейiнде сақтаулы суреттен ойып алған сияқты. Себебi, ол бiз ана сүтiмен бiрге қаныққан көрiнiс. Бүкiл жер-ана туралы алғашқы түйсiктерiмiздiң бiр бөлшегi. Әр аймақтың өз атар таңы, батар күнi болса да, бұл осылай екенi анық. Мақаланың увертюрасы ретiнде үзiндi алынған «Жусан исi» сияқты «Үскiрiк» әңгiмесiн де талдауды кейiнге қалдыра тұрып, оның жер, табиғат суретi тұрғысындағы ерекшелiктерiн ғана алуым жазушы творчествосына тән ең басты нәрсе не, мiне, соны мүмкiндiгiмше ашпақ әрекетiме негiзi берiк желi тарту мақсатынан едi. Қаратал өзенiнiң өр жағында, екi қапталында «үскiрiкте», тағы басқа әңгiмелерде айтылғандай «ақ киiмдi, ақ сақалды» қыстан кейiн көктемге қарай қар күрт еридi де жер бетi сойылып жатады. Жолмен де, жолсызбен де жүру бiрдей азап, «Көкорай» повесiнде комсомол ұйымының хатшысы Жанайдың ентелей басуына, шындық үшiн жанталасып, аз уақытта көп iс тындыруына бөгесiн болып жүрген де осы ауылдың батпағы. Бұл да қазқалпында алынған, бiрақ астарлы, қанықты дүние, табиғат сыйпаты. Риясыз шындық екенiн өз көкiрегiмiздiң қабылдауына қарап бағалаймыз. Одан әрi жарқыраған жаз. Қайран бiздiң ауылдың жазына не жетсiн?! С.Мұратбековтың әңгiмелерi мен повестерiнде осы туған жердiң түйдек-түйдек көрiнiстерi әр тұста әрқилы шаң берiп, бұған қоса автор шебер қолмен алуан штрихтер арқылы өзiң көрiп-бiлгендей-ақ адамдар тағдырын диiрмен тасындай шыр айналдырып, миыңа қадай есiңе салып, оларды кiтаптан ғана оқымай тағы бiр көрiп қайтшы деген қатал үкiмiн, әдiл тiлегiн жолыңа кесекөлденең тастағандай болады. Туған жерде жоғалтқан көп нәрсең бар, соны iздеп тап деп, бүкпесiз айтқан, онсыз қиын деп көкiрегiңе уайым салған жолдар, оқиға түйiндерi қағазға басылған қара таңбалар емес,

тiл мен жағы, көзi-құлағы бар, өзiмiз қадiр тұтып, бас иер аруақ иесi – ақсақалды абзал адам бейнесiнде көрiнетiнге ұқсайды. Соның бәрi , әсiресе, тамырыңды суырып әкететiндей әсер ететiн жаңағы «Жусан исiнiң» алғашқы жолдарынан басталатын сияқты. Мұнда соғыстың қақаған шағындағы ауыл тұрмысы айтылған. өз басым ол кезде өмiрде бар болсам да, есiмде сақтаған ешнәрсем жоқ. Тек соғыстан кейiнгi алғашқы жылдардан бастап қана әр нәрсе әр қырымен көкiрегiмде сәулелене берiптi. Сағынғанда ең алдымен туған жердi сол өзiмiздiң бала кездегi қалпында көрсем деймiн. Ол кез бен бұл кездiң аралығында ел бедерiнде де, жер бедерiнде де көптеген өзгерiстер өркен жайып, тамырын тереңге әкеткен ғой. Бұрында жасыл шалғынына тығылып, «жасырынбақ» ойнаған төбелерге қазiргi балалар аяғын аттап басуға қорқады. Себебi, онда ине шаншарға орын жоқ, айнала тегiс мұртын күн нұрына бояған бiтiк егiн, көкпеңбек қызылша. Жалы тоқпақтай ақ қасқа, көк қасқа айғырлардың бiрiне мiнiп алып, айғайлайтын бригадирлердiң даусы да естiлмейдi, соғыстан оралмай қалған жар қосақты тап осы бригадир өлтiрiп келгендей шаңқылдайтын жесiр әйелдердiң қарғысы да құлақ жарып, бойды тiтiркентпейдi. Ол бригадирлер қайтқан, жесiр әйелдердiң тiрiсi еңкейiп қартайған. Шаңқылдап қарғыс айтудың орнына, күбiрлеп немерелерiнiң тiлеуiн тiлейдi. Ақ сақалы омырауына түсiп, ұлағатты сөзге керемет, көкiректегi кең дариясы ағытылған сайын арнасынан асатын дана шалдар да жоқ, ащы iшiмдiктi қырлы стаканмен тамағы бүлкiлдей жұтып, көзi жасаурап, тiлi жаңа шыққандай былдырлай бастайтын, ақырында өзiңнен бұрын «қылжиып» қалатын «бала» шалдар ғана бар. Сонау кездегi жалаңаяқ басқан сүрлеулерiңдi iздеп, ауыл сыртына шықсаң адасарың хақ, ию-қию техника гүрiлi айналаңды мүлдем басқа дүниеге ұқсатады. Тек тарғыл тасына ештеменiң тiсi тимеген, жолы қиын алыс қиян, шатқалдардан ғана көз көрген, сағынған асылыңды, ана көкiрегiндей ыстық, алтын босағалы ұшпағыңды ұшыратасың. Туған табиғаттың бiзге ана сүтiмен сiңген қалпы сондай қалтарыстарда ғана, немесе жаңағы «үскiрiк» әңгiмесiнде айтылғандай қысқы тау жолдарының бойында ғана сақталған. «Жырамен төмен құлдилай бастады. Неғұрлым күнгей асқан сайын бетеге сиреп, ендi ғана бүр жарған тобылғы, қараған жиiледi. Состиған жартастар көбейiп, жалғыз аяқ таспа жол солардың арасымен бұралаңдап кеттi. Қорым тас та кезiктi. Аттаған сайын салдыр-гүлдiр етiп, тау арасының тыныштығы бұзылып келедi. Меңiреу тыныштықтан да осы салдыр-гүлдiр ұнады Тұрашқа. Қорым арасында, сасыр өсе бастапты. Көк кесiрткеше тас қуысынан басы қылтиып тұр, тиiп кетсе жасық исi бұрқ ете түседi». («Таңғы шық» әңгiмесiнен). Мүмкiн осындай еш зорлықсыз, өзiнен-өзi төгiлiп, сол состиған жартастар мен басы қылтиған сасырға ұқсап, өзара жымын, жарасымын тауып, қиюлана тiзiлген жолдар шығар жоғарыда «Жусан исi» тулатқан сағынышқа одан әрi май құятын да, өртiне дауыл жiберетiн де.

Өзiммен жерлес жазушының темiр қаламы салған осындай өрнектердi көрiп, көркемдiк нәрiнен көп нәрсенi көңiлге тоқи отырып, туған жерге деген сағынышпен бiрге өнебойымды қызғаныш та жайлайды. «Жерлес», «қызғаныш» деген қасиеттi ұғымдарға астыңдағы жаман шабдар атыңа дейiн жалт берiп үркетiн жексұрын мағына берiлген бүгiнгi заманда бұл сөздердi пайдаланудан қорықпаймын. Сол жерлестiктiң арқасында туған өлкенiң қадiрiн тағы бiр ұқсам, сол қызғаныштың от салуынан бойдағы жiгер тұтанса ол ұғымдар Абай ата айтқандай менiң «жатым болып па?».

  • * «Жусан исi» повесiне қайта-қайта айналып соға беретiнiм ең алғашқыда мұнда менiң өз басыма қатысты ащы сыр сау ете түскендей оқыс әсерiнен едi. Бiрде Сәкеңнен: – Сiздiң бала кезiңiзде аяғыңыз ауырып, өз қатарластарыңыздың арасында ақсаңдап, оларға iлесе алмай жүрген жағдайыңыз болып па едi? Әрi ертегi айтушы ма едiңiз? – деп сұрадым. Сәкең сәл ойланып тұрып: – Қалай десем екен? Дәл Аянның жасында емес, одан ертерек төрттегi кезiмде-ау деймiн, тобығымның бiр рет тайғаны бар едi. Бiрақ ол тез жазылып кеткен. Ал ертегiнi айттық қой, – дедi. Е, бәсе! Жазушының ақсақ баланың халiн осыншалық табиғи қалпында терең сезiнуiне сондай бiр iлiктiң болғаны ақиқат екенiне өз түйсiгiммен де жеткендей едiм. Әйтпесе, жазушы қанша «көрiпкелi» бар дарынды болғанмен кемтар, бiрақ iш дүниесi кең сарай баланың, о баста бiр жетiмсiздiк пен бiр оқшаулық қабат еншiсiне тиген, осындай екi кереғарлықтың тайталасы толқымалы жанына сан тарау әлемiш өрнек салған кiшкене жан иесiнiң кескiн-келбетiн, ой мен дағдыларын әрбiр нүктесiне дейiн қапысыз тауып, анық танып, еркiн жырлап бере алмас едi. «Жусан исiнiң» ең алғаш жарық көргенi осыдан бiраз жыл бұрын. Ол шаққа дейiн де С.Мұратбеков туған жердiң топырағын, ауасы мен аспанын тамылжыған әнге айналдарған бiраз шығармалардың авторы болып үлгерген. Сонда да жазушы осы хикаятымен менiң өзiне деген оқушылық көзқарасымды аяғын аспанға келтiрiп, төңкерiп кеткендей. Төңкерiп кету дегендi әрқилы мағынада айтуға болады, менi қай қырынан келiп отыр дерсiз. Мен ең алдымен жазушыға деген сенiмiмнiң артқанын айтамын. Жоқ, күлмеңiз. Сенiм деген әр түрлi дәрежесi бар ұғым. Кез-келген автордың әрбiр сауатты жазылған сөйлемiне де сенесiң ғой. Бiрақ бұл сенiм ол сенiмнiң шалымына да келмейдi. Шын сенiмнiң тұрпаты бiр қарағанға бұл сөздiң мағыналық шеңберiнен көп аулақ шығып кететiнге ұқсайды. Шын сенiм жазушыны қадiр тұтудың әлдеқайда биiк сатысы. Оның туындыларында байқамай қалған ештемем жоқ па деп, алаңдай, қайталап оқып, қадала қарап, әрбiр нүктесiне дейiн ой елегiнен өткiзiп, мақсатмұратыңа қатысты iзденiске түскендей көп жағдайда жазушы творчествосынан туған толғаныс қыспағында, жетегiнде жүресiң.

Жазушының басқа емес, дәл осы шығармасының шыншылдығына менен гөрi әдiл қазылық жасай алу пешенесiне жазылған адам кемде кем шығар. Сабыр етiңiз. Әңгiме осы жолдар иесiнiң де бала кезiнде бiр аяғын сүйрете басып, өз қатарластарына iлесе алмай жүрiп, оларға жағы талмай ертегi айтуға машықтанған күндерi болғаны жайында екенiн ескертпекпiн. Демек ондай жан иесiнiң психологиясын менен артық кiм бiлер деп ойлаушы едiм. Жоқ, бiлетiн адам бар екен. Ол «Жусан исiнiң» авторы. Мен тек оның бiр жайдан өз басымнан да өткен оқиға ретiнде шыншылдығына көз жеткiзгенiмдi көлденең тартып отырмын. Аян сирек жаратылысты бала. Оның осы бiтiм-пошымын соғыс кезiндегi таршылық жағдай, шеше өлiп, әкенiң соғысқа қайтпас сапарға кетуi одан әрi күрделi еткен. Сергек сезiмталдықтың арқасында оның ерте есеюi мен екiншi жақтан жеңiнен тартқан балалықтың болуы бәрi-бәрi бiр басына үймелеп кеп, мұны түсiнiксiз етедi. Кей ертегiлердi ойынан шығаруы да, сотқар балаларды бiрте-бiрте өзiне баурап алуы да, түн ортасында тұрып, шанамен сырғанақ тебуi де содан. Өрт шыққан қора үстiнен секiрiп түсiп, тобығын шығарып алып жатқан күйде «қан көрiп, қаным бұзылып келдi» деп қатын-қалаштың зәресiн алып жүрген мейрiмсiз Тұржанның аяусыз тепкiсiне түсiп, кемтарлықты бiржола маңдайына жабыстырып, жалғыз әжесi де өлiп, бар үмiтiн арнап, сарғайтқан әкесiнен де қара қағаз келiп, мiне,осындай тақсiреттерден кейiн де рухы түспей, балалық жiгерi майып болмай бас көтере алуы да, небiр сынған көңiл жазылмас-ау деген қиын шақтарда әкесiнiң, жусанның исi сiңген ескi пальтоны құшырлана иiскеп, нәр алуы да сол баланың жүрек тебiрентер ерекшелiктерiнен туындайды. Жаратылысы бөлек адамның өмiрге деген құштарлығы да екi есе. Шыңыраудан алып шығар жiгер сол құштарлықтан от алып, лапылдап жанады. Аян өзi ертегi қып шертетiн жетiм бала хикаясындағы небiр таңғажайыптарға жанымен берiле отырып та, кейде оны өзi ойдан шығарып та, сол өзi ойдан шығарған жәйттерiне бiр жайдан сенуi де мүмкiн, өмiрде таңғажайып нәрселер болмайды деген үлкендiк қағида құлағын мазалап, емiс-емiс жеткенмен де оны былай ысырып, өз тәттi қиялына берiлуi, оны әлпештеуi, өз ойында неше түрлi етiп әсiрелеуi де сол баланың жаратылысында, өзi көрген таршылық пен тақсiреттiң балауса жанына салған таңбасында жатыр. Өмiрде таңғажайып құбылыстар болады деп Аян тұрғыластардың о баста нық сенуi бiздiң күллi өмiрiмiздiң алға басуының, қара жердiң кiндiгiн тауып, оны өз қалауымызша айналдыруымыздың, бүкiл экономикалық дамудағы қарышты қадамдарымыздың бастамасы, кепiлi, негiзi. Повестiң соңғы жолдарын оқығанда әлдене көкiрегiңнен үзiлiп түскендей болады. Жазушы бұған қалай әкелдi, өзiң де байқамай қаласың: «Шынында бұл күнде Аян қайда екен? Тiрi ме екен? Ондай бала тiрi болуы тиiс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетедi. Ал тiрi болса Жусанды төбеге бiр оралмауы қалай? Жусанның исiн сағынбауы мүмкiн емес

қой». Шығарма оқиғасы қанша қасiретке толы болғанмен жоғары оптимистiк рухтағы аяқтау бұл. Бiз де осылай болуын қалар едiк. Сырт қарағанға повесть соғыс кезiндегi тыл өмiрiнiң қиыншылықтарын көрсетуге арналған. Ал шын мәнiнде ол ғана емес, бұл шығарманың түп қазығы, өзектi идеясы адамзаттың әрқилы ауыртпалығы мол жағдайларда iшкi жiгерi қалай оянатынын көрсету. Аян – сол халықтың ендi-ендi бомбаша жарылғалы келе жатқан iшкi жiгерiнiң кесек бейнесi. С.Мұратбеков қалам ұстаған сайын туған жердiң топырақ исiнен, аспаны мен күнiнен тояттап отыратынын жоғарыда ескерттiк. Соның бiр айқын көрiнiсiн ең таңдаулы повестерiнiң қатарындағы «Басында үшқараның...» туындысынан да табамыз. Алдын-ала айталық, осы шығарма бұдан оншақты жыл бұрын жарияланысымен бүкiл әдебиет жұртшылығын елең еткiздi. Бiрақ оны өйттi деп ешкiм бағалаған жоқ, сонда да бұл пiкiрiмiздi дәлелдей алатынымыз осы повесть баспасөзде жарияланысымен «Оқу бiтiрiп ауылға барғанда...», «Каникул кезiнде ауылға барғанда...», «Ауылға жолдасымның үйлену тойына барғанда...» деп басталатын iрiлi-ұсақты дүниелер әдебиетiмiздi iндеттей жайлады. Бәрiнде де ауылға деген сағыныш, ауылдаң қол-аяқтарын баурына бүккен кемпiр-шалдары, мол қонақасысы жайлы егжей-тегжейлi қазбаланып келедi де, мiндеттi түрде бiр ақ жаулықты көлбең еткiзедi. Ақырында баяндаушы кейiпкер сол ақ жаулықты не мәремдейдi, не алып қайтады, не ғашық боп көкiрегiне құса толтырып қайтады. өмiрдiң өзi ұсынған тақырыбы емес, өзiне өзi зорлап таңғасын олардың көбi нәрсiз, жылусыз, ең мықтағанда сентиментальды бiрдеме болады да шығады. Бұл, әрине автордың таланты, тәжiрибесi кемшiндiгiнен ғана емес, өмiр бiлмегендiктен қашып тығылған күркесi, сосын да қызықтырмайды, бағаланбайды. «Басында үшқараның да» өзегi баяндаушы кейiпкердiң туған ауылға, әпкесiнiң ұлы үйленiп, соның тойына барғаны төңiрегiнде тартылған. Бұл хикаятқа сан елiктеушiлер табылғанмен де оның не нарқын төмендетiп, не көлеңке түсiре алған жоқ. Шығармадағы тұтастық, төтенше ой, идея алыстан көз тартқан заңғар биiк, сұлу мүсiндей анау-мынауға иық теңестiрте қоймайды. Мiне, оқыған, өскен, Алматыдағы қызмет иесi Әсет туған аулына келе жатыр. Алғашқыда «Оқу бiтiрiп ауылға барғанда...» деп басталатын көп шығармалардың бiрiне ұқсап та кететiн сияқты. Мұнда да бiр ақ жаулық көлбең етедi. Ол Шынар. Бiрақ әңгiменiң қайталанбас сыры бара-бара ашылады. өнген, өскен ауылдың көп қалтарыстары, тiптi көптеген өкiнiштi жайлары елегiзген көңiлдi әр жаққа жұлқылайды. Алғашқыда құшақтасып тұрып атылып өлген жас перiштелер – Бағлан мен Айнаш туралы хабар жүрегiн селк еткiзген Әсет осынау жеткiлiктi, молшылық тұрмыс тасасында да ойланатын жәйттердiң көп екенiн бағдарлайды. Әне тiкiрейген қыз Сәулетай, оның да сырты жылтырағанмен тағдыр соққысынан кеудесiнде жарасы бар. Оқшау мiнездiң адамы ғой, онысын сездiрмейдi. Сездiрмеуге тырысады. Юморға толы жылылықпен берiлген Әсет пен жас бүлдiршiн қыз Шынар арасындағы оқиға ғана аспанның ашық жиегiн елестеткендей. Жоқ,

жұбайы, баласы бар Әсет бұл қызбен әулекiленбек емес. Әр нәрсенi бiр көрiп, әр хабардан бiр түршiгiп, тоңазыған көңiлiнiң жылт еткен сәулеге ұмтылып, жiбiгенi ғана. Оқиғаның нағыз ширығып, шешiлуi аз көрiнгенмен оқушы жүрегiне сұр жебедей қадалатын Зағипаға байланысты. Бұл да Сәулетай сияқты Әсетпен мектепте бiрге оқыған. Тiптi сол кезде Әсетпен оңаша достығы да болған. Кенет сегiзiншi класта әлдеқалай жоғалып, тұрмыс құрып кеткен қызды он екi жылдан соң қайта көрiп отыр. Әсеттiң есiндегi бiр кездегi «әпәдемi қара торы қыз» едi ғой. «Әпкесiне ерiп бөлмеге бет-аузы қарала-торала болған, басына қызылала гүлдi орамал байлаған, жалақ ерiн кексе бiр әйел кiрдi. «Құдай-ау, Зағипа осы ма?» – деген ой Әсеттi осып өттi». Осы кездесуi повестiң мәнiн күрт өзгертiп жiбередi. Әпке ұлының үйлену тойына келген Әсет той үстiнде неше түрлi адамдар сиқымен кездесiп жүрiп те, тiптi Шынар қызбен езу тарттырар жүгiрiске түсiп жүрiп те осынау ауыл үстiнде бiр қара қошқыл көлеңке тұрғанын ұмытпайды. Былай қарасаң ауыл көп жаңғырған. Жаңа мектеп, аурухана, балалар бақшасы – бәрi жаңадан бой көтерген. Жұрттың үстi-басында да, тұрмысында да баршылық, тоқшылық байқалады. Бiрақ осы баршылық пен тоқшылық қана ма адамның бар мұраты? Зағипаның да, мысалы, алты баласы бар екен, әрi «тұрмысымыз жақсы, табыстымыз» дейдi. Бiрақ Зағипа Әсет көзiне былай көрiнедi. «үстiндегi киiмдерi тым қораш. Рас, қымбат жiбек пен пүлiштен тiгiлген, бiрақ қалай болса солай иық, етектерi олпы-солпы тұр. Жүрiс-тұрысы да бiртүрлi, бүгежектеп басады. Именшектеп барып, орындыққа отырды». Осы көрiнiстен-ақ Зағипа тағдарында шиi шыққан бiрдеме барын аңғарамыз. Сегiзiншi класта жүрiп, үн-түнсiз суға батқандай, күйеуге тиiп жоғалған Зағипа тағдарының қалай болары о баста Әсетке мүлдем беймағлұм едi. Мүмкiн мұны ондай сұрақ мазаламаған да шығар. Тек көлденең көк атты боп жолыға кеткенде ғана әлдебiр ескi жараның аузы ашыла бастағандай едi. Тiксiнген Әсеттiң көзi ендi әрнәрсенi жiтi аңғара бастайды. Бұл байқағаны аз екен. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң». Нағыз қайғылы көрiнiс, той басталып, оның қызған шағында болады. «Буы бұрқыраған ас үй толған әйел екен: дастарқан әзiрлеп, күнi бойы тамақ пiсiрген келiншектер, кексе қатындар, ендi ғана есе тиiп iшуге кiрiсiптi. Солардың орта тұсында басындағы орамалы бiр жағына қисайып кеткен Зағипа көзiн жұмып теңселiп отыр. Әндi аңыратып отырған сол.

Басында үшқараның қос барабан, Сол таудан дария, шалқар су тараған. Сұлу қыз, көркем жiгiт бәрi сонда, Апырмай, неге келдiм сол арадан... Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала, оны бiрдеңе деп иығынан тартқылап жүр. «Апа, жүр, кетемiз», – дейтiн тәрiздi. Әсет ендi байқады. Зағипа жылап отыр екен. Мас боп қалған-ау, шамасы».

Әсеттiң де шыдамының жеткен жерi осы екен. Ол жаңағы ай мен күндей құбылған Шынарды да ұмытып, кетудiң қамына кiрiседi. «Аңсаған шақ, қимас сәттер неге баянсыз болады осы? Неге тез айрылып қаламыз?». Осы сұрақтар Әсеттiң көкiрегiн пышақтай кескiлейдi. Әсеттiң ғана емес, жазушының да. Сол Зағипа айтқан халық әнiндегiдей «үшқара» атты мұрат төрi кiмдi бала жастан қол бұлғап шақырмаған, оған кiм құмартпаған. Ал ендi келдiм, жеттiм дегенде сол «үшқараның» мағынасы бұлдыр ән, зар жолдарына, сағымға айналып кетуi қалай? Бұл адамның тойымсыздығынан, бар нәрсенi жоқ деуiнен, не олқысынуынан да емес. Жер үстiндегi ең күрделi жаратылыс – адамға ең қажеттi не, оны қайдан табуға болады? Жасампаз өмiрдiң заман өткен сайын түлкiнiң жонындай өзгере, тiптi кей қырынан бақылағанда құлпыра беруiн көрсетуiмен ғана емес, осындай сұрақ қоюымен де аталмыш хикаят құнды, құнарлы. Әрине, мектепте жүрiп, әке-шеше ырқымен ойсыз қадам жасаған Зағипалар жөнiндегi ғана арзан қайырым емес, жалпы адам жөнiнде. Тiрлiк табалдырығын әрқилы аттаған баршаның «үшқарасы» хақында. Былай барласаң осы повесте шымыр оқиға жоқ, баяндаушыкейiпкердiң көрген-бiлгенiнiң хронологиясы ғана iспеттес. Тек сол «хронологияның» бүкiл әсерiн бастан кешiрiп барып қана тұғырының ғажап биiктiкте жатқанын түйсiнемiз, бағалаймыз. Осы әдiс «Ескек жел», «Таңғы шық» әңгiмелерiнде де пайдаланылған. Әне, әлдебiр кикiлжiң салдарынан сүйiктi қосағы Төлебiнен айрылып қалып, басы кекшиген, «түнде шашы бұзылмау үшiн, жастықты арқасына сүйеп, орындықта отырып ұйқтайды» деген лақабы бар жас мұғалiм қызға үйленiп алған сол Төлебiнiң қайта оралуын бетке тиген көктем лебiне дегендей сенiмдi үмiтпен күткен, қырманда тұқым тазалаушы боп iстейтiн Рысжан («Ескек жел»), әне жаңсақ бiр әрекетi үшiн үш ай түрмеге жатып шыққан, ендi туған жердiң көктемдегi көркiн көрiп, көкiрегi жаңғырғандай келе жатқан селолық дүкеннiң сатушысы Тұраш («Таңғы шық») кеудеңдегi қыл iшегiңдi қозғап, жамандықтың өшiп, жақсылықтың ту көтеретiнi хақында терең сазды әнге басташы деп, қол бұлғайтынға ұқсайды. Кейде темiр қалам қыл қаламға да айналады. Әсiресе, жоғарыда өзiмiз үзiндi келтiрген «Таңғы шықты» әңгiме деуден гөрi қараған сайын бояуы құбылатын табиғат суретi, пейзаж дер едiм. Оқиғалық құрылысы жағынан көзге тым қарапайым көрiнетiн осы әңгiменiң шын сиқыры неде деп неше мәрте қайта үңiлгенiмiз де содан шығар. Әр жазушы өз кейiпкерлерiн әкеледi, қатарға қосады дейтiн ескiлiктi қағида бар. Осы тұрғыдан бағаласақ С.Мұратбеков кейiпкерлерi көбiне Жетiсудың табиғатындай жұмсақ, көңiл сарайы Жетiсудың аспанындай ашық, iркiлiп жүрер ала бұлты, түйдектелiп келер қара бұлты болмайтын, бар мұратын еңбектен тапқан, алыс-жақын деп бөле-жармай баршамен бауырластықты қалайтын, баладай аңқау, баладай риясыз, ақкөңiл де қарапайым, барынша қайырымды жандар. Мұндай сыйпат жазушының әдебиеттегi «беташары» – «Менiң қарындасым», «Райгүл» әңгiмелерiнен де қылаң берген едi. Кейiнгi бұдан да толыққанды шығармалары – «Кәмен

тоғай» әңгiмесiндегi үбiр-шүбiр балалары бар, әрi солардың символикалық бейнесiндей қалың тоғай өсiрген, сәбидей елгезек Кәмен, «Күсен-күсекедегi» алты айғы еңбекақысын көңiлшектiкпен алыс-жақынға бiрдей шашып қайтатын Күсен, «Алғашқы қардағы» Сұлтан, «Жеңешедегi» Қамар, «Ұлтуғандағы» Ұлтуған, «Ана арманындағы» әже, «Көкорай» повесiндегi ауылдың сөнген отын қайта жандырардай аяғын батпаққа тығып, жанталасып, байыз таппай жүрген комсомол ұйымының хатшысы Жанай, т.б. кейiпкерлер негiзгi темiр өзегi қайырымдылықтан соғылған жандар. Су болса ну болады. Бұл қайырымдылық туған ортамызды iзгiлiкке, адал еңбекке толтырғанмен кейбiр арамшөптердiң де жата-жастана емер тәттi көкiрегiне айналады. «Күсен-күсекедегi» ысқаяқ ферма меңгерушiсi мен соның шылауындағы дүкеншi Бисұлтанды iштей «бұл ма, бұл зәндемi ғой» дей тұрып, олардың сандуғашша құйқылжыған май тiлiнен ерiп кетiп, ақша жеп сотталғалы, машинасынан айрылғалы тұрған осы дүкеншiнiң есебiне жемiт ауыздың жемтiгiне айналған өзi сықылды шопандардан «озыңқырап» барып, жүз жетпiс сомға қол қойып берген Күсен (бұл жерде, ферма меңгерушiсiнiң аузында, әрине Күсекең) осы қалпынан жүз рет балтамен шапсаң да аумайды. Осы Күсен, Кәмендер де жоғарыда бiз бөле-жара сөзiмiзге арқау еткен Аян секiлдi дүниенiң төрт бұрышын ұстап тұрған мықты тiректердiң қатарына жатады. Дүние деген кең ұғым. Бiз оның айдынында шалқимыз да толқимыз. Кейде осы ата-мекен – алтын бесiктiң тұмса сұлулығына өзiмiздiң зиян әкелетiнiмiздi де ұға бермеймiз. «үскiрiк» әңгiмесiндегi Дәнештi де осы Кәмен, Күсен тәрiздес мейiрбанды, жан баласына зиянсыз пенде санаймын. Тек мұның мiнезiнде ғана өзгеше қызулық бар. Мiне, ол әкелерден қалған бiр текетiрестiң «әйт-шүуiмен» Қайрақтың кесiрiнен қаза тапты. Жоғарыда бiз келтiрген үзiндiде батар күннiң сәулесi бекер жексұрын көрiнбеген екен. Қайрақтың саңлаусыз басына сұмдақ сыры ендi ашылды. Ол бетiн басты. Бiр орыс сыншысының дәл байқағанындай Қайрақтың өз iсiнiң залалын түсiнуi үшiн «автор әңгiмесiнiң қайғылы қорытындысында бұл тым зор құрбандақ емес пе деп сұрағандай болады». Иә, заңды сұрақ. Бәрiмiзге қойылған сұрақ. С.Мұратбеков басқа да бiрнеше повестердiң авторы. Мысалы, «Көкорай», «Жабайы алма». «Көкорайдан» да С.Мұратбековтың өзi туыпөскен таза табиғат бейнесiн танимыз. Жанай да, күйреген шаруашылықты ендi осы оңдар деген сенiм тудыратын Сәмбет те, ауылдағы салпы етек, сары қарын әйелдер тағдары мойнына бұлт шудасындай оралғанмен одан сытылып шығудың қамындағы Бақыт тiрлiгi де қызықтырады. С.Мұратбеков қаламынан шықтық деп айғайлап тұрады. Осы повесть басталуының сылбыр, аяқталуының тым қауырт екенiне қарамастан ондағы кейiпкерлер психологиясы мен тағдыры оқырман жанының қыл бұрауына қол салып, үлкен ойлар төңiрегiнде бiраз шайқап, қақпайлайды. Жоғарыда, бiз талдаған «Қысқы кеш», «Қылау» әңгiмелерi сияқты шоқтығы жоғары туындылардың жалғасындай, не солардың толықтырылған нұсқасындай әсер қалдырады. Сiрә, бұл өз алдына бөлек сыншы толғанысын қажетсiнетiн аса сүбелi дүние.

Ал «Жабайы алма» повесi. Жоқ, сәл сабыр... Сайын Мұратбековтың соңғы бiрер жылда Москвадан «Халықтар достығы» кiтапханасы бойынша («Известия» баспасы) «Жусан исi», Алматыда өз ана тiлiмiзде бiрнеше мәрте кiтаптары жарық көрдi. Бұл оның творчестволық жастығының қорытындысы iспеттес. Ата-мекен тауларынан түлеп ұшқан бала бүркiт қырағы көздерiмен алысты шалары хақ. Жазушыға да сондай бiр керемет көрегендiк, басқа бiр қарышты қадам керек. Адам аңсар «үшқара» бiздiң өз тауларымыздың ғана биiгiнен көрiне қояр ма екен? Қанатты кеңге салып, қазақтың сайын дала, сахара жазығына қарай да сапар шексе, «үшқара» туралы ұғым кеңейiп, мүмкiн басқа да үшқаралар тылсым жұмбақтай сан қабат сағым арасынан бой көтерер ме едi? Бұған жазушының мол дайындығы барын «Жабайы алма» повесiнен де көремiз. Бұдан да жазушының туған жерiндегi қобыз-қурайдың сарынын естимiз. Мұнда да баяндаушы кейiпкер – бала. Бiрақ құлақ сарсытар тосаң үн жоқ, қайта жазушының бөлек беталысы, шырқап шыққан бөгде биiктерi бiрден көзге ұрып, жалт қаратады, тың әуенге бастайды. Повесте үлкен бiр арқау, iлiктiң басына ұқсаған Тоқтар мен Нәзира арасындағы сезiмге көп алаңдаймыз. Әрi қазақ әдебиетiндегi кейiпкер туралы дағдылы ұғым шеңберiн шертiп сындырған Ырысбек бейнесi, әрi повесть оқиғасының сыртқы фоны ретiнде алынған Бүбiтай тағдыры елең еткiзiп, жазушының творчестволық жастықпен қоштасқандағы жаңа қанат қомдасынан хабардар етедi. (Әлi де жазылып бiтпеген «Жабайы алма» атты повестер сериясы туралы да кейiнгi күнде бөлек сөз қозғауды өзiмiздiң парызымыз санаймыз). Мүмкiн жазушы қазақтың сайын дала, сахара жазығында қалың сағымға көмiлген «үшқара» атты географиялық орны беймәлiм, тұрпаты жұмбақ бақыт айдынын У.Фолкнердiң Иокнапатофасы сияқты өз туған жерiн мекендеген осынау, тағы басқа шеңберден шыға жұлқынған кейiпкерлерiнiң iзденiсi, талпынысы арқылы да тап басып, тура нұсқар бәлкiм. Ол жазушы лабораториясында тонналап, отқа түсiп, асылы ажыратылып жатқан кен құрамына байланысты. Бiз жөн сiлтеп қайтейiк. 1980 жыл.

АЩЫ ДӘМДI ТIРШIЛIК ХИКАЯЛАРЫ

Сайын Мұратбековтiң «Жабайы алма» повесi жайындағы ойлар Соғыс кезiндегi балалық шақ... Қазақ қана емес, кешегi үлкен Одақ құрамына кiрген халықтардың көз ашып, ес бiлiп, есейген шағы сол бiр сұрапыл жылдармен тұспа-тұс келген жазушыларының барлығы дерлiк осы тақырыпқа соқпай өткен емес. Тiптi соқпай өтуi мүмкiн де емес қой. Себебi, қатал тiршiлiк олар шар етiп дүниеге келген сәттен-ақ босағада қара қамшысын ұстап күтiп тұрғандай бiрден ауыр сынаққа алып, көкiрекке қорғасын ерiтiп құйғандай өшпес дақ, жазылмас жара қалдырды. Ол жай бұлардың қаламына қалай қозғау салмасын. Тiптi кейбiр жазушылар бұл

жылдарға бiр емес, бiрнеше рет оралып, ал кейбiреулер оны өмiрлiк тақырыпқа айналдырды. Мысалы, Сайын Мұратбеков те бiз сөз еткелi отырған «Жабайы алма» повесiнен бұрын да көлемi шағын дегенмен де өзiнiң аса шымыр шығармаларының бiрi «Жусан исiн» жазып, тап осы тақырыпты өзi үшiн бiржола қортындылап тастағандай көрiнiп едi. Байқасақ олай емес екен, отызыншы жылдардың орта шенiнде дүниеге келiп, мектеп қабырғасында таныған «а» мен «б» әрiптерiмен қатар өмiрдiң ең бiр қатыгез қыр-сырларына қоса қанған С.Мұратбеков үшiн соғыс кезеңiнiң жыры таусылмапты. Тiптi ол оның сарқылмас бай көзiн тапқандай. Жазушы өзiнiң осы ең көлемдi туындысын «Жабайы алма» деп атағанына ерекше маңыз беретiнiн оқушыға бiрден ескерткендей әсер етедi. Мiне, повестiң ең басында сонау шығыстағы Жоңғар Алатауының бiр бөктерiндегi кiшкене ауылда бiрiнiң әкесi соғыста, екiншiсiнiң әкесiнен қара қағаз келiп те үлгерген, шешелерi таңның атысы, күннiң батысы колхоздың жұмысында, сосын да бағусыз, күтусiз кiшкентай балалардың күнделiктi аштыққа шыдамай қол-аяқтарын бөргезге жырғызып, таудың жабайы ащы алмасын терiп жеп жүргенi суреттеледi. Жабайы алма бiраз жегесiн тiстi қамап, кейде iштi кептiрiп, балалардың кейбiреулерi жатып та қалады, бiрақ оған да қарап жатқан бұлар жоқ, себебi, аш қарынның әуселесi бәрiнен де қиын, сосын да олар тау өрмелеп, ащы жемiстi одан әрi жинап iшке де, дорбаға да сықай беруден жалықпайды да, шаршамайды да. Повестiң ең басында мынадай бiр оқиға бүкiл ауылды, оның iшiнде жаңағы балаларды да (әрине, бiздердi, оқушыларды да) елең еткiзедi. Таудан берiде, ауылға жақын жерде басындағы жемiсi алабөтен iрi, әрi дәмдi жеке дара аса биiк алма ағашы тұратын. Бiрақ оған балалар жақындай алмайды, себебi оның түбiнде бас иесi Бәсен деген кiсi соғыстан қайтпай, ал әйелi төркiндерiне көшiп кеткесiн қаңғып қалған қаншық ит күшiктеп жатар едi. Жұрт бұл иттiң күшiгiн алуға өте құмар, себебi, жаратылысы бөлек бұдан туған күшiктер өсе келе нағыз желқұйын, құмай тазы болып шығады екен. Ендi мына жолы да Қарақаншықтың кiшкентайларын жұрт бөлiп-бөлiп әкетуге құмартады. Тiптi әрқайсысы әр күшiкке ен салғандай, «бiреуi менiкi», «екiншiсi сенiкi» деп, сырттан меншiктенiп, тек сол күшiктердiң сәл де болса енесiнiң емшегiнен ажырап, қолмен тамақтандыруға жарайтын шағын күтiп жүредi. Кенет, әлгi Қарақаншық қанша айтқанмен иесiз емес пе, алдындағы итаяғына ас құятын ешкiм жоқ, сондағы ауыл балаларының бiрi Сыпатайдың үйiне барып, ашық қалған есiктен кiрiп, қазан толы пiсiп тұрған сүттi iшiп кетедi. Бұған Сыпатайдың шешесi Бүбiтай қатты ашуланып (кейде адамның долылығында шек жоқ қой), барады да әлгi Қарақаншықтың өзi жоқта күрекпен жер қазып, күшiктерiн топыраққа көмiп тастайды. Ал одан кейiн Қарақаншық қайттi, жабайы алма ағашының түбiне келiп, жер тырмалап, күшiктерiн жоқтап ұзақ ұлыды. Ақыры өзi де бұл маңнан жоғалды. Мiне, көп ұзамай, сол алып алма ағашының басындағы жемiс те пiсе бастады. Бұрынғыдай зәреқұттарын ұшыратын Қарақаншық жоқ, ол алмаларға балалар қалай қызықпасын? Сол зәулiм ағаштың ең ұшар басындағы

қызарып жақсы пiскен алмаларды үзбекке жоғары өрмелеген әлгi Сыпатай аяғы тайып, құлап түседi де, тiл тартпай кетедi. Жалғыз баласының өлiмiн көтере алмаған шешесi Бүбiтай жынданады. Мiне, ит қарғысы деген қандай?! Бұдан әрiде повесте суреттелген оқиғалардың әр тұсында баласы Сыпатайды дауыстап шақырып жүрген, немесе «Қара көзiм» деп зарлап әндеткен Бүбiтайды бiрнеше рет көремiз. Жазушының өз шығармасын осындай қаралы оқиғадан бастауында бөлек мән бар. Себебi, Бүбiтай қасiретi сол кездегi қиын да күрделi өмiрдiң адамды тiтiркендiретiн алабажақ көрiнiстерiн оқушыға неғұрлым айқын ашып көрсету үшiн, француз тiлiнен ауысып, халықаралық терминге айналған сөзбен айтқанда оның сыртқы фоны, яғни сыртқы қабаты, ажары ретiнде алынған екен. Одан әрiде ауыл адамдарының бiрiнен соң бiрiне кездесемiз. Авторлық баяндау кiшкентай кейiпкер – Қанат атты баланың атынан жүргiзiледi, барлық оқиғалар, суреттеулер соның көздерi, әсерi, ой-толғамы арқылы көрсетiледi. Қанаттың өзiн де тағдыр аса жетiстiрмедi. Әкесiнен қара қағаз келдi, шешесi Бағила кейiнiрек колхозда бригадир болып жүргенде қырманнан астық ұрлаушы қарақшылардың қолынан мерт болды, сөйтiп, өзiнен де кiшi екi iнiсiмен бiрге қарт әжесi мен әлi балиғыға толмаған әпкесi Нәзираға қарап қалады. Демек, Қанат сол кездегi ащы шындықты өз терiсiмен, жан дүниесiмен барынша сезiнген бала. Аштықтың да, жалаңаштықтың да, суықтың да, терiс мiнездi адамдардың балаларға, балаларға ғана емес-ау, басқаларға да ызғарының қандай екенiн жақсы бiледi. Жақсы бiлмей қайтсiн, көз ашып көргенi сол. Сондықтан бұл баланың әңгiмесi ешқандай қоспасыз, болған жайлардың мөп-мөлдiр тұнығы. Оның солай шығуына автордың қабiлетi, қалыптасқан шеберлiгi, әрине, көптен-көп ықпал еткен. С.Мұратбеков бұрындар оқырман қауымға әңгiменiң, шағын повестiң талассыз шеберi ретiнде танылып келген едi. Мына аса көлемдi шығармасын жазу үстiнде сол бұрынғы тәжiрибесiнiң жетiстiктерiн барынша пайдалануға тырысқанын көремiз. Себебi, «Жабайы алмада» бастан-аяқ бiр ауылдың көрiнiстерi, белгiлi бiр адамдар тобының бет-бейнелерi сипатталып, әрi барлығы бiр адамның атынан баяндалғанына қарамастан бұл туынды новеллалар, немесе шағын-шағын повестер жиынтығына келiңкiрейдi. Бұдан автор ұтылмаған, қайта әр оқиғаға әр қырынан қарап, молырақ қамтуға мүмкiндiк алған. Сол кезде бүкiл iске татыр еркек қаралар тегiс майданға кетiп, өңкей жетiм-жесiр, кемпiр-шал, соғыстан жараланып қайтқан мүгедектер ғана қалған ауыл ортасында да халықтың ояу көзiндей сергек жандар кездесетiнi ақиқат қой. Солардың қатарында бiз өзi қатты сырқат болғанмен колхоз басқарушы Нұғыманды, повесть оқиғасын баяндаушы Қанаттың шешесi, бригадир әйел Бағиланы, Қанаттың әжесiн, әпкесi Нәзираны, осы Нәзираның ғашық жiгiтi Тоқтарды, кейбiр колхозшы әйелдердi көремiз. Бұлар заманның қытымырлығына, бастарындағы әртүрлi қайғы-қасiретке қарамастан адамдық ар-ұяттан аттамаған, жақсылықпен де, жамандықпен де кездескенде өздерiне тән кiршiксiз тазалықты, қасиеттi алға тарта бiлген, әрi соған қайраттары да

жететiн үлкен жүректiң адамдары ретiнде суреттеледi. Алайда, мынадай қиын шақта, өмiрдiң күрделiлiгi одан сайын бетке ұрып, ақылдан адастырған кездерде бұлардың да бәрiне бiрдей дәрменi жете бермейдi ғой. Жақсы адамдардың көбiне жеңiлiске ұшырап, жамандардың үстемдiк ететiн сәттерi де шаш етектен ғой. Повесть оқиғасын баяндаушы бас кейiпкер – кiшкентай жетiмек Қанат осы хикметтерге бастан-аяқ куә. Сонымен қатар бұл жерде Қанаттың өзiне тән ой-түйсiктерi, iс-әрекеттерi бар екенiн және көрмей тұра алмаймыз. Ол үшiн Қанатты кiнәлауға да ауыз бармайды. Көз ашқалы тоя тамақ жемеген, көргенiнiң бәрi жылау-сықтау, жоқшылық, мұның қайдан ой-түйсiктерi, iсәрекеттерi түзу болсын. Повесть бала атынан баяндалғандықтан мұнда сол балалар өмiрiнiң қыр-сырларына көп орын берiлген. Балалар кейде аш қарынды жұбату мақсатында көздерi қарайып, әртүрлi сорақылықтарға бой алдырады. Бiр қыс өтiп, келесi жаз туғанда, таудағы жабайы алмалар әлi пiсе қоймаған шақта Қанат пен оның серiктерiнiң Әжiбек деген өздерiнен жасы үлкендеу аса сотқар да айлакер бала жiгiттiң бастауымен қауын ұрлауға көңiлдерi ауады. Ал қауын кiмдiкi? Ол ауылдан тысқары жерде колхоздың мал қыстайтын қораларын күзетiп, елден жырақта отыратын Шымырбай деген бiр шалдiкi. Былай қарасаң, оның үйiне қауын ұрлауға баруға келiсетiндеей Қанаттың тiптен жөнi жоқ. Себебi, Шымырбай шал осы Қанаттың туған, әрi өте жақсы көретiн әпкесi Нәзираның сүйген жiгiтi Тоқтардың әкесi. Ал Тоқтар мен Нәзира тым жас екендiктерiне қарамай елiмтелiмдерi шығып, колхоздың жұмысын iстей жүрiп, бiр-бiрiне деген ыстық лебiздерiн қалай бiлдiрушi едi десеңiзшi. Оларға ара-тұра кездесiп, сұхбат құруға тек жұмыс емес, басқа да бөгесiндер бар. Мысалы, Нәзираның шешесi Бағила екi жастың өзара көзқарасын байқап қалып, оларды қатты сөгедi, әрi сөге тұра шынын да айтады. Бiрде Бағила Тоқтарды оңашалап былай дейдi. «Қарағым, мен сенi артықсынбасам кемсiнбеймiн. Қызымды сенен артық ханның баласына берер деп пе ең. Тек уақыт болса мынадай, сенiң алдыңда әлi әскери мiндетiң тұр. Соны өтеп, аман-сау қайт. Қайтқан күннiң ертесiне үйге кеп, жетектеп кетсең «тек» демеймiн. Ал оған дейiн басын қатырып, ұятқа қалдырма» (Сайын Мұратбеков, Екi томдық таңдамалы шығармалар, бiрiншi том, «Жазушы» баспасы, 1991 жыл, 63-бет. Ескерту: бұдан кейiнгi сiлтемелердiң бәрi осы басылымнан алынды. Ұ.Д.). Туған қызы үшiн ет жүрегi елжiрейтiн ғазиз ананың бүйтiп ағынан жарылғаны үшiн оны жазғыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Әне, қаншама бесiктен белi жаңа шыққан қыз-келiншек уыздай жас жiгiттерi мен күйеулерiн соғысқа аттандырып, артынан қара қағаз алып, бастарына қара жамылып қалды. Бiрақ Тоқтар мен Нәзира бiр-бiрiне деген сүйiспеншiлiк сезiмдерiн бәрiбiр бiлдiрiп отыратын едi. Ол хикаяттарға тағы да осы Қанат куә. Талай рет сүйiсiп тұрғандарын көрiп қалды, талай рет әлдебiр болмашы сыйлықтарға алданып, бiр-бiрiне жазысқан хаттарын тасыды. Ең ақырында, Қанаттың әкесiнен жаманат хабар келгенде Тоқтар осы қаралы үйдiң ең бiр ет бауыр жақындарының бiрiндей-ақ бiраз жұмыстарын атқарысты.

Көп ұзамай Тоқтар соғысқа аттанды. Ол кездегi жастардың ортақ Отан үшiн жан пида деп қалай жұлқынатынын бiзден бұрынғы жазушы ағаларымыз өз көркем шығармалары мен естелiктерiнде талай тәптiштеп айтып кеттi ғой. Тоқтар да солардың бiрi. Соғысқа тезiрек бару үшiн, жасын екi жылға ұлғайтып жаздырған ол мерзiмiнен бұрын әлi пiсе қоймаған солқылдаған шыбықтай ғана шағында батыстағы майданға жүрiп кеттi. Көзiн сүзiп, iшi мұң мен үрейге толып, Нәзира қала бердi. Мiне, былайша айтқанда, өзiне сол тараптан осындай жақындығы бар Қанат сол Тоқтардың әкесi Шымырбай шалдың бақшасына қауын ұрламақшы топқа қосылады. Бұлар келгенде Шымырбай шалдың да, кемпiрiнiң де көңiлдерi күптi екен. Себебi, соңғы бiрер айда соғыстағы Тоқтардың үшбу хаттары пышақ кескендей үзiлiптi. Мына балаларға оның бұрынғы хаттарын оқытып, көңiл жұбатысады. Ақыры Шымырбай шал балалардың қауын жемек дәмелерiн бiлiп, оның әлi пiспегенiн айтып, тiптi бiрер қауынды жарып та көрсетедi. Иә, әлi жаз ортасы аумаған, ол қалай пiсе қойсын. Бiрақ ашқарақ балалардың одан сабыр суы басылмай, әлгi содыр Әжiбектiң басшылығымен бәрi күнi бойы ауылдарына қайтпай, сол Шымырбай үйiнiң маңында тығылып жатып, кешкiлiк қараңғы түсе бақшаға кiредi. Пiспеген, су татыған қарбыз бен қауындардан көтергендерiнше әкете салу жоқ, жегендерiн жеп, жемегендерiн үзiп-жұлқып, әлем-тапырық етедi. Әлгi аш қасқырлар қой қорасына қалай шабады, тура солай қылады. Повестiң осы беттерiн оқығанда адамның төбе құйқасы шымырлайды. Бүлдiруге деген құмарлық балалардың бойын соншама билеп алғанын автор нақтылы штрихтар арқылы шым-шымдап жеткiзе баяндайды. Осылай жаздай мәпелеп, өсiрiп баққан қауындығының қара топырағы шығып қалғанын көрген Шымырбай мен кемпiрi екеуi неге ұлардай шуламасын? Бұл аздай сол оқиғаның тап ертеңiне баласы Тоқтардан қара қағаз және келедi. Екi кәрiнiң бұдан арғы халiн тiптен атап сұрама. «Бұ балалық дегендi қойсаңшы. Сол бiр оқиға есiме түссе күнi бүгiнге дейiн кiрерге жер таппай қысыламын. Сонымыз не бiздiң? Неге бiз сондай болдық? Жалғыз үй шал-кемпiрге не үшiн қиянат жасадық сонда? Жазығы не едi олардың? Неге?.. Неге?.. Бәлкiм, балғын балалығымызға жара салған соғыс кiнәлi шығар, күтiмсiз өскен жабайы алмадай ащы болуымыз да содан шығар, жабайы алманың тiстi қамап сырқырататыны тәрiздi жанға батар қылықтар iстеуiмiз де содан шығар? Кiм бiлсiн. Бiр нәрсе ғана ақиқат: өзiң ақымақ, әрi қорқақ болсаң жауыз болуың да оп-оңай, тек бастаушың болсын» (85 бет), деп жазады автор. Осы жолдарды оқығанда повестiң «Жабайы алма» аталуында үлкен бейнелiлiк мән барын тiптен терең түйсiнемiз. Ал ендi осы келтiрiлген үзiндiнiң соңғы сөйлемiн қайталап көзiңiзден өткiзiңiзшi. Оқушыдан кешiрiм сұрап, бiз де қайталап келтiрейiк: «Бiр нәрсе ғана ақиқат: өзiң ақымақ, өзiң қорқақ болсаң жауыз болуың да оп-оңай, тек бастаушың болсын». Иә, өткен замандардың талай ойшылдары, жазушылары өз еңбектерiне арқау еткен осы бiр шындықты С.Мұратбеков ойып алып, оған өз тұрғысынан дәлелдер легiн түзедi. Ешкiмдi қайталамайды, тек өзiнiң жазушылық қолтаңбасына лайық бояу-нақышпен өзгеше өмiр суретттерiн

салады. Бұл да оңай емес, мысалы, А.П.Чехов сияқты ұлы жазушылар үлкенкiшi шығармаларында ез, қорқақ, ой-өрiсi тар адамдардың өзiнен күшi басымдардың алдында құрдай жорғалап, ар-намыс атаулыны ұмытып, құлақ кестi құлша қызмет ететiнiн, ал өзiнiң әлi жететiндерге, не өздерiне бағыныштыларға келгенде шамадан тыс қатыгез, азу тiстерi ақсиған қорқау қасқырға айналатынын жерiне жеткiзе суреттеп кеттi емес пе? Дүниежүзiлiк классиканы көп оқыған С.Мұратбеков солардың бiрiне болмаса бiрiне елiктеп кетуi әбден-ақ ықтимал едi ғой. Бiрақ та жазушы ондай ойсыз елiктеушiлiктен бойын аулақ сала бiлген. Мiне, осыдан кейiнгi беттерде сахнаға шығатын Ырысбек, шолақ қол өкiл Әлтаев, атқарушы Тұржан, сондай-ақ оқушы бұған дейiн де аз-кем танысып үлгерген бригадир, соңынан колхоз бастығы Байдалының, колхозшы әйел, кейiн бригадир Зибаштың, содыр да сойқан Әжiбектiң жалт етiп мүлдем басқа қырларымен көрiне кетуi шығармаға мүлдем тосын салмақ қосып жiбередi. Бұлардың бәрi де тек соғыс сияқты аса алапат жылдарда ғана болатын, басқа уақыттарда бас көтеруi мүмкiн емес, яғни сол уақыттың таза өз өкiлi деп аталатындай кейiпкерлер. Айталық, бригадир Байдалы қайдан шықты? Бұл өзi о баста бригадир болып жүргенде егiннiң арам шөбiн жұлуға жiберiлген балалардың түскi асына деп бөлiнген қойдың бiр санын өзi жеп қойып, бастық Нұғыманның кәрiне ұшырайды, сөйтiп бригадирлiктен түседi. Бұдан кейiнгi бригадир Бағила (Қанаттың шешесi) астық ұрлаушы қарақшылардың қолынан опат болғасын, оның орнына кiмдi қою керек деген мәселе көтерiлгенде амал жоқ сол Байдалы қайта суырылып шығады. Кейiнiрек денсаулығы нашар Нұғыман төсек тартып жатқанда Байдалы мүлдем дәуiрлейдi, тiптi бұрынғысынан да асып, колхоз бастығы сайланады. Бригадир кезiнде жетiм-жесiрлерге, кемпiр-шалдарға қатты қоқыраятын Байдалы колхоз тiзгiнiн ұстағасын тiптi «түу» деген түкiрiгi жерге түспейтiн халге жетедi. Ал шолақ қол өкiл Әлтаев ауылға жиi-жиi келiп, әлiптi таяқ деп бiлмейтiн Байдалының әлсiз жақтарын мықтап танығасын оны тiптен иықтап алады. Қарып-қасерлерi мол ауыл үшiн Байдалының өзi бiр күрзi десек, ендi Әлтаевпен бiрiгiп екi күрзiге айналады. Ал Әлтаев жәй өкiл емес, осы ауылға «өшi» бар өкiл, себебi, күйеуi соғыста өлген Зибаш деген жас әйел мұның жiгiттiк, серiлiк ниетiн құп көрмеген едi. Сосын да «таз ашуын тырнадан алады» дегендей ол осы ауылға келген сайын үлкен-кiшiнi тегiс қуырып жеудi әдетiне айналдырады. С.Мұратбековтiң «Жабайы алма» повесiн оқып отырғанда осы тұста ерекше жарқ етiп, көз қарықтыратын тағы бiр кейiпкер бар. Ол жоғарыда аталған Ырысбек. Асырып айтпай, турасынан тартсақ та Ырысбек бейнесi жазушының оқшау табысы екенiн мойындаймыз. Бiрiншiден, бұл кезеңге арналған роман, повестерде осы тектес, осы тағдырлас адамдар кездеседi дегенмен де мынау С.Мұратбеков суреттеген Ырысбек олардың бәрiнен де алабөтен ерекшелiктерiмен дараланған. Тiптi мұны исi қазақ әдебиетiндегi басы бүтiн жаңа тұлға атасақ та «Тура бидiң тура жолына» қайшы келмейдi. Бiр қарағанға Ырысбек көп ешкiмге зияны жоқ, қой аузынан шөп алмас момын адам, бар жазығы соғыстан аздаған контузия алып, елге оралған

мүгедек санатындағы бiреу. Тек үйiне келгесiн де пәлен ай жұмысқа шықпай жатып алды. Бар бiтiретiн шаруасы, ауыл балаларына әскер ойынын ойнатып, қалған уақытын қыз-келiншектерге хат жазуға арнайды. Иә, бар болғаны сол ғана. Сөйте тұра мұның ауылға салған лаңы әлгi шолақ қол өкiл Әлтаев пен осындағы «тiрi құдай» Байдалының лаңынан асып түстi. Бiр қызығы Әлтаев пен Байдалыны үлкен-кiшi сөзбен болса да ғайбаттап, қарғыс айтып қараласа, ал мына Ырысбекке келгенде бәрi бiр-бiрiнiң аузына түкiрiп қойғандай тек аяушылық сезiмiн бiлдiредi. Тiптi оның кейбiр сорақы әрекеттерi тұсында көзiне жас алатын көңiлшектердi қайда қоярсың? Мұның себебi неде? Бақсақ Ырысбек әлгi шолақ қол өкiл мен Байдалы сияқты оспадарсыз, қулығы көген басынан аспаған бiреу емес, алпыс екi айлалы, әрi әрбiр қимыл-әрекетiне сабырлы ақылмен бағыт берiп отыратын, жаңсақтыққа жоқ, көздегенiн мүлт жiбермейтiн қапысыз жан екен. Оның үстiне, табиғат бұған қосымша қасиеттер де берiптi. Ең алдымен, бұл сырт ажары келiскен адам, домбыра тартады, құйқылжыта ән айтады, әрi сурет салудың да хас шеберi. Ал ең басты қасиетi сол Ырысбек өз ауылдастарының әлдi және әлсiз жақтары қайда, соны мүлтiксiз ажырата бiлетiн адам. Мысалы, соғыстағы бiр боздақтан хат келсе, сондағы сүйiспеншiлiкке, сағынышқа байланысты кейбiр сөздердi тыңдағанда бүкiл ауыл болып жылайтын көңiлшектiк Ырысбек үшiн игере бiлсең таусылмас қазына iспеттес ырзық. Мұншалықты қабiлетi бар Ырысбек орайын тауып, одан қарпып асамаса Ырысбек бола ма? Мiне, майданнан оралғанда ауылға жетер-жетпесте-ақ Ырысбек әлгi содыр Әжiбектi жетегiндегi иттей өзiне көмекшi етiп алды. Ауыл iшiне кiрiп, жерлестерiмен алғаш шұрқырасқанда-ақ оның алабөтен мiнездерiн байқаған жұрт басқа да бiр жайға елеңдесiп, гу-гу сөздi бұрқыратады. Себебi, Ырысбек жоқта оның әйелi Дүрия бұдан күдер үзiп, Көлбай керең деген басқа бiреуге тиiп алған едi. Сосын да Ырысбектiң үйi иесiз қаңырап қалған. Бұған Ырысбек қалай қарайды, қандай мiнез танытады, соны көзiмен көруге ынтыққан үлкен-кiшi тегiс мұның соңынан шұбырып, үйiне дейiн келедi. Ал сонда Ырысбек қайттi дейсiз ғой? Ендiгi сөздi автордың өзiне берейiк: «Дәл есiгiнiң алдына барғанда өкшесiн сарт еткiзiп тоқтады да: – Әжiбек! – дедi. Әжiбек жүгiрiп барып оның қарсы алдына қалшиып тұра қалды да, қолын шекесiне апарып нағыз әскерше честь бердi. – Бар, Дүрияны шақырып кел, мына үйдiң есiгiн ашсын! – дедi Ырысбек әр сөзiн шегелеп бұйыра сөйлеп. – Шаңырақтың иесi өлген жоқ, аман-есен келiп тұр де. От жағып, түтiн шығарсын! Бағанадан Ырысбектiң қылығына түсiне алмай дел-сал боп тұрған жұрт бiр ауыздан күрсiнiп, көздерiне жас алды. Ырысбектiң мына сөздерi бәрiнiң де ет жүрегiн езiп жiберген тәрiздi. – Алда, сорлы-ай, ендi қайтсiн!.. – О, опасыз дүние десеңiзшi. – Шiркiн-ай, осы азаматты күтпеген қатынды айтсаңшы!.. – деп кемпiрлер мен әйелдер тағы да күңкiл-күбiр сөзге көштi. Ырысбек болса

ештеңенi естiмегендей бiр қолын мықынына салып, шiренiп тұр. Аспанға қарайды, қайта бастаған күнге қарайды, онан тауға қарайды, шоқыларды санағандай қадала түседi. – Туған жер, жеттiм топырағыңа, ендi өлсем де арманым жоқ, – дедi тебiрене сөйлеп, көзi жасаурағандай болды. Кемпiрлер: «айналайын-ай!..» – десiп мұрындарын мырс-мырс тартып жылап жiбердi. (91-92-беттер.) Кестенiң бiзi салған өрнектей оюы көз тартатын осы үзiндiден-ақ Ырысбектiң бiрден қармақты тереңге тастағанын көремiз. Сыны бұзылмағандай түр-түсiмен, шаңырағы шайқалмағандай ұстамдылығымен, сары алтынның буындай лебiзiмен алғашқы бiр сәттiң өзiнде-ақ тұрғандарды екi-үш мәрте жылатып үлгердi. Ендi бүкiл ауыл осының қолында десе де болғандай. Бiрақ Ырысбек асықпады. Дүрия келгенде де оған жаман мiнез байқатпай, керiсiнше тағы да жан тебiрентер сөздер айтады, бұған шыдамаған сорлы Дүрия кешiрiм сұрап, жылап, Ырысбектiң аяғын құшақтай жығылады. Оған да елп етiп жатқан бұл жоқ, Дүрияны «жаным» деп атап, ақыры бәрi үйге кiрiп жайғасқасын Ырысбек баршаны әнмен де, сөзбен де одан әрi арбай түседi. Ең алдымен Бiржан салдың, Ақан серiнiң, Иманжүсiптiң онсыз да әлсiз кеудеге өкпе тұстан тиетiн ең бiр шерлi әуендерiн сызылта созып, жұрттың қайғықасiреттен тоң боп қатқан iштерiне одан сайын үңгiп жiбiтедi. Ара-арасында «туған жерге жетiп өлсем арманым жоқ деушi едiм» деген сияқты күрсiнiске толы сөздердi ыстық ет-сорпаға қосқан тұздықтай етiп тастап қояды.

Әскер боп тудым, Белiмдi-ай будым. Қайтейiн сұм фашиске Қарсы-ай тудым, – деген әндi де әлсiн-әлсiн қайталайды. Бұл әуен естiген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып, одан сайын жылаңқы етедi. Иә, Ырысбек о баста-ақ сұм фашиске жұлдызы қарсы жаралған жан екен. Ел-жұрт пен туған жерге көз алартқан дұшпанға қарсы тұру ер азаматтың басындағы ең қастерлi қасиет қой. Ырысбек ебiн тауып, сол «қасиетiн» көрген адамның көзiн ағызып түсiретiндей етiп, күнге жарқырата көрсете бiлдi, әрi ол әрекетiн ең бiр ұрымтал тұстарда жүрекке дәл тиетiндей етiп қайталай бердi. Мiне, Ырысбектiң негiзгi қабiлетi қайда жатыр? Алғашқы беттерде Ырысбектiң дәл осы бет-бейнесiнде сөге қоярлық ештеңе де жоқтай. Апырау, соғыста жараланып, ел-жұртын, туған жерiн сағынып келген адам сөйтпегенде қайтушы едi? Бiрақ мәселе сыры бара-бара ашылады. Ырысбек осы қарқынмен Дүриясын Көлбай кереңнен күшпен тартып алады. Көлбай керең бiраз күн азып-тозып, амал жоқ бұл күнде сиыр фермасына сауыншылыққа кеткен бұрынғы әйелi Әпiшiн қайтып алады. Ең қызығы сол, бұл жерде бүкiл ауылдан Ырысбектi кiнәлаған жан баласы шыққан жоқ. Керiсiнше, осындай азаматты күтпей кетiп қалған Дүрияны және Ырысбектiң зорлығына қарсы сапы ала жүгiрiп шайқасып баққан

Көлбай кереңдi жерлеумен болады. Жақсы, ол үшiн Ырысбектi бiз де кiналамай-ақ қояйық. Бiрақ көп ұзамай ол Дұрияны қуып шығып, әлгi күйеуi соғыста өлген жап-жас келiншек Зибашты үйiне кiргiзiп алады. Оны бiраз малданған соң немiс қызы Эмманы қолға түсiредi. Ақыры, ол Эмманы да қуып шығып, мына Қанаттың он екiде бiр гүлi ашылмаған әпкесi Нәзираға суық қолын жүгiрте бастайды. Бiрақ Нәзира оның ойлағанынан әлдеқайда берiк, ақылды екен, Ырысбектiң өзiне қадалған көздерiнен жаманшылық белгiсiн о баста танып сақтанып, бұл жырындыны көрсе алыстан айналып өтетiн болады. Ол ғана емес, ендi үйде жалғыз қалған Ырысбек бiресе хат жазып Зибашты шақыртып алады да, кiр-қоңын жудырады, үй iшiн тазарттырады, тамақ жасатады, бiресе немiс қызы Эмманы шақыртып, оны да осы мақсатқа пайдаланады. Сөйтiп, өсек, ұзынқұлақ дегенiң жоғары дәрежеде жұмыс iстеп тұрған кiшкене ауыл ортасында екеуiн кезек-кезек мазақ қылады. Ол ол ма, қыс айында әлгi өзiнiң «адьютанты» Әжiбек арқылы ауылдың онсыз да жалаң аяқ қар кешкен тесiк өкпе балаларын жұмсап, таудан тобылғы шапқызып әкелдiредi. Мұғалима Әнипа мектеп пешiне сабан жаққызып, оның жылуы жетпегесiн бiраз күн балалардың оқуын тоқтатуға мәжбүрлiкке ұшырағанда Ырысбек өз үйiн отынмен осылай қамтамасыз етедi. Бұған қоса Ырысбектiң ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс колхоз бастығы Байдалының жүрегiн шайлықтырып, қорқытып, бiржола басынып алғанын қайтерсiз. Ырысбектi ырыққа көндiрген бiр ғана адам бар. Ол Қанаттың шешесi, бригадир әйел Бағила едi. Оның да жалғыз қимылдауға жүрегi дауаламай анау-мынау еркектi жұлып жеуге қайраты жететiн ең бiр адуын әйелдердi ертiп барып, айтып та, қорқытып та Ырысбектi жұмысқа шығуға көндiредi. Бiрақ сол барған әйелдердiң өздерi осы пәленiң сөздерiн тыңдаймыз деп, көздерiне жас алғанын көргенде тағы да тығырыққа қамалғандай әсерде қаласың. Жазушы Ырысбекке байланысты осы оқиғаларды лақ еткiзiп, бiрден төгiп тастамайды, бәрi кезек-кезегiмен, табиғи оқиға барысындай етiп тiзбелейдi. Оның әрқайсының тұсында Ырысбек бейнесi кәнiгi зергердiң қолынан шыққан тас мүсiндей бiрте-бiрте ашылады. Көлбай керең мен Байдалы шал, басқа бiр де бiр ересек адамға күш қолданбай, не дауыс көтермей бәрiн ырқына бағындырған бесаспаптың iшкi иiрiмдерiн сол кездегi қараңғы аңқау қазақтар түгiлi, оңы мен солын, жақсы мен жаманды оңай айыратын бүгiнгi оқығаны-тоқығаны бар бiздер де дер кезiнде танымай қалып, одан әрi не болар екен деп повестi жұтына оқи түсемiз. Басқаны қойшы, өң десе өңi, жiгер десе жiгерi бар, жап-жас қос жесiр келiншек Зибаш пен Эмманы осыншама мазаққа ұшыратуға оның шамасы қалай жеттi? Апырау, бұл не сиқыр деп, сол Зибаш пен Эммаға қатысты беттерге қайта көз жүгiртемiз. Сонда бiр оқығанда аңдамай қалған Ырысбектiң кейбiр қасиеттерiн тапқандай боламыз. Ырысбек шындап келгенде әрбiр адамда, әсiресе әйелдерде болатын кейбiр әлсiздiктердi ғана емес, олардың сол бiр қиын заманның ағымына тәуелдiлiгiн де, әрi сол екеуiн әнмен, сөзбен шебер қабыстырып, өз құрбандығын оқ тиген жаралы аңдай мүлдем дәрменсiз күйге түсiредi. Ал одан арғысына көп ақылдың керегi жоқ,

ол жаралы аңның терiсiн сыпырып алып пайдаланасың ба, жоқ етiн қуырып жейсiң бе, ол өз еркiңде. Мысалы, Ырысбек повесть оқиғасын баяндаушы Қанаттың әжесi жөнiнде де осы айласын қолданады. Жап-жас уыздай Нәзираны сөзбен арбап, жемтiгiне жарата алмағасын бұл ендi ұрымтал тұстан бас жарып, көз шығаратын оқшау қимылға оңтайланады. Бұл Ырысбектiң сурет салатын өнерi бар емес пе? Ендi Қанат арқылы оның соғыста өлген әкесi мен бұл шақта қарақшылардың қолынан қаза тапқан шешесi Бағила екеуiнiң бiрге түскен кiшкентай суретiн алдыртып, оны үлкейтiп басқа қағазға түсiредi де, бiр күнi кешкiлiк сол Қанаттың әжесi мен әпкесiне әкеледi. Бұны көрген қарт әжеде не жан қалсын? «Қарғаларым, қос қарашығым... тiрiлiп келгендей боп қатар тұра қалғандарын... О менiң айым мен күнiм...» деп, есi шыға қалбалақ қағады. Немерелерiнiiң соңғы талшығы – қоңыр сиырдан күнiне сауылатын екi кеседей ғана сүттiң бiр кесесiне Қанат күнделiктi ақ тер, көк терi шығып қол диiрменге тартатын қос уыс талқанды түгел шылап, Ырысбек пен Әжiбектiң алдына қояды. Одан әрiде Ырысбектiң гөй-гөйлеткен әндерi кетедi. Әрбiр күнi жылдық тауқыметке парапар мынау соғыс жылдарында бiр жылы лебiз естiмеген, әрi баласы мен келiнiнен қабат айрылған қаралы кемпiр үшiн бұл аз ба? Ырысбектiң әндерiн көз жасын көлдетiп отырып тыңдайды. Әрi қандай әндердi айту керектiгiн Ырысбек те бiледi ғой. Ақыры түннiң бiр уағы болғанда Ырысбек: «Әже от жағылмаған қараңғы үйге барғым келмей отыр» деп, қонуға рұқсат сұрайды. Басқа бiреу сөйтсе аса көрсоқыр емес әже үйiнде бойжеткен қызы барын, әрi мынаның тым суық жүрiстi екенiн ескерiп, «әй, қарағым қарға адым жердегi үйiңе барып қонбай бұл не қылғаның» деп қуып шығар едi ғой. Ал Ырысбектi қуа алмайды, себебi бұл қарт әженi ақыл-есiнен айырып, қолындағы ойыншыққа айналдырып жiбердi емес пе? Сонымен Ырысбек түн iшiнде Нәзираға қол салмақшы. Бiрақ Нәзираның тым сергектiгi бұл жерде де iске жарады. Ол Ырысбек пен Әжiбектiң осында қонбағын бiлiп, әрi бұл күнде көзi жоқ әке мен шешенiң суретiн үлкейтiп әкелген адамды бiрден беттен қағуды орынсыз санап, басқа бiр құрбысының үйiне кетiп қалады. Ол үшiн көресiнi Қанат көредi. «Әпкең кiмнiң үйiне қонуға кеттi» деп сұрағанда, ол ант-су iшiп бiлмейтiнiн айтқанда қатты ашуланған Ырысбек жас баланы көкке көтерiп алып, есiк алдындағы күресiн қарға басымен тiк шаншып кетедi. Бөргезге жыртқызғандай болып баланың бетiнiң дал-далы шығады. Сол үшiн Қанат кiмге шағынсын, әжесiне айтса оның iшiндегi күйiгiн ұлғайтып жiберуi мүмкiн. Ал басқа Ырысбекке не сөзi, не қолы батар кiм бар? Әрине, ешкiм жоқ, тiптi колхоз бастығы Байдалы шалдың өзi Ырысбектiң атын естiсе аза бойы қаза болады. Сөйтiп жас бала Қанат өз күйiгiмен өзi қала бередi. Мiне, мұның бәрi шым-шымдап әсер етiп, повесть оқиғасы оқушының өзiн бiржола тартып әкететiн құрдымға айналғанға ұқсайды. Бiр кезде ауыл Ырысбектен құтылғанын бiлiп, ауыр күрсiндi-ау. Ырысбектi аудандық соғыс комиссариатының өкiлдерi келiп қайта алып кеттi, одан әрi соғысқа жiбердi. Бiрақ бұдан ауыл ортасына ешқандай

жеңiлдiк келген жоқ. «Әлеу-ләй-ләйiм бiтсе, әридай-дай-дайым бар» деп, бабамыз Алдар-Көсе жарықтық айтқандай ендi Ырысбектiң орнын Тұржан деген бiреу басты. Ал Тұржан шынын айтсақ Ырысбекке түр-түс, мiнезқұлық, iс-әрекет жағынан мүлдем қарама-қарсы жаратылған. Ырысбек колхоз бастығы Байдалыны зар илетсе, мынау Тұржан керiсiнше оның алдында жатып жастық, жайылып төсек болудың барлық қамын жасайды. Былайша айтқанда, бұл хас жағымпаздың өзi. Егер ақиқатқа жүгiнсек, бұл жағымпаздық дегенiмiз адам баласы белiн жазып, ес бiлгелi бiрге жасап келе жатқан әлеуметтiк пәле, жауыздық. «Әр перғауынның қасында бiр сұрқылтай» деген мақалдың сонау Мысыр патшаларының заманын нұсқауында да оның осындай жасампаздығын паш ететiн бөлек мағна бар. Жағымпаздықтың салған iзi жусаң кетпейдi, шапсаң балта өтпейдi. Жағымпаздықтың салдары барынша әр алуан. Ол тұтас заманды да бүлдiредi, жекелеген адамдардың тағдыр-талайына да жара салады. Жағымпаздықтың iзiнiң мұншалықты терең болатын себебi, бұл да адамның iшкi иiрiмдерiнiң өзгешелiгiнен, яғни табиғи қабiлетiнен туындайды. Күнi түскенде кейбiр жаны таза адамның да жағымпаздыққа баруға мәжбүр болуы мүмкiн, бiрақ ол хас жағымпаздай соқталы нәтижеге қол жеткiзе алмайды. Себебi, оған қабiлетi жетпейдi, икемдiлiгi келмейдi, әрi оның кейбiр сыр-сипатынан жаны шошынады. С.Мұратбеков жағымпаздық атты әлеуметтiк кесепатты суреттеуге бұрын да барған едi. «Бiреу» атты шын мәнiнде еуропалық классика дәрежесiнде жазылған шағын әңгiмесiнде оны жерiне жеткiзе әшкерелеп берген. Бiрақ ондағы «бiреу» бүгiнгi заманның жағымпазы, бүгiнгi астананың оқыған, тұлабойында кiршiк жоқ, сымбатты түр-түсi бар зиялыларының iшiнен шыққан жағымпаз. Ондайлар өнерде ме, ғылымда ма, жоқ лауазымда ма, әрбiр келесi басқышқа көтерiлу үшiн өзiне керек адамдардың көңiлiн табу мақсатында кейде жанын салып, өлер жерiн аңдамай қимылдайды. Мiне, С.Мұратбеков тiлге тиек еткен «бiреу» өзiнiң бастығы Әлiбек Дәстеновичтiң басқа бiр жағымпаздың (ол осы «бiреудiң» бақталасы) үйiнде дәмдi астың түр-түрлiсiн жей отырып, «шiркiн, кекiлiктiң етi деген дару ғой, ем ғой» деген бiр емеурiнiн естiгесiн-ақ тауда сол кекiлiк аулап жүрiп мерт болады. Осы соңғы аңшылық сапары үстiндегi оның соншалық итжандылығына бiз, оқушылар, жазушы шығармасы арқылы куә бола отырып, тұлабойымыз түршiгелi, әрi оған жанымыз да ашиды. Себебi, жазушы оның қыр-сырын, жансебiлдiгiн, бейшаралығын табиғи қалпында нанымды етiп, асқан шеберлiкпен қағазға түсiрген. Ал мына «Жабайы алма» повесiндегi Тұржан да сондай жансебiл, бiрақ өз заманына орай ол мүлдем басқа көлемде пiшiлген, басқа түрде қиыстырылған. Бiз бұл Тұржанды ең алғаш рет Байдалы колхоз бастығы сайланғаннан кейiн оның ауласында отын бұтап жатқанында көремiз. Оның бұл қылығына о баста Байдалының өзi де таңырқайды: «– Е, жөн екен оның, қонақ боп кеп, отын бұтап жүргенiң қалай ендi?! – Ой, Байаға, сiздiң үйдiң отынын бұтамағанда кiмнiң отынын бұтаймын. өзiмсiнiп жүргенiм ғой, а-а-а-... – деп мәз бола күлдi Тұржан.

Бұл – кiшiрек көзi жылт-жылт еткен, адамға тура қараған кезде қос танауы таңқиып тұратын, ұртының үстiнен жалбырап тұрған сұйық шалғы мұрты бар, ұзын бойлы, қайыстай қатқан қара кiсi едi. Алдыңғы тiстерi жоқ екен, сөйлеген, күлген кездерiнде кiшкентай бет әлпетiнiң қақ жарымын алып тұрған дүрдiк ерiндi жайын аузы ұрадай боп үңiрейiп, көмейiне дейiн қара қошқылданып түгел көрiнедi. – Иә, үй iшi – аман ба? Келiннiң халi жақсы ма? – деген Байдалы шал амандық сұрай тұрып. – Аман ғой, оларды ит жей ме, а-а-а-а... – деп Тұржан ұрадай аузын ашып тағы күлдлi. Жағыну үшiн болу керек, сөзiнiң соңын «а-а-а-... – деп дарақы күлкiмен аяқтайды екен. Әйтеуiр, қалай болған күнде де бiр суқансыз адам екенi бiрден көрiнiп тұрды». (279-бет) Повесть оқиғасын баяндаушы Қанаттың көзiмен оны осылай бiр суреттеп тастайды да алқын-жұлқын бiрден сахнаға шығарып әкетпей сәл iркiлiс жасайды. Алғашқыда кейбiр қадамдарын, сөздерiн ғана келтiрiп, тамтұмдап қана оқырманның алдына көлденеңдете бередi. Байдалы шал әлiптi таяқ деп бiлмейтiн адам, сосын да әсiресе колхоз бастығы сайланған соң өзiнiң есепшiсi Бектайға, мектепте оқитын кiшкентай балаларға бiршама тәуелдiлiкке де ұшырайды. Әр түрлi ресми қағаздарды, әр түрлi айламен қолына түскен өзiнiң үстiнен жазылған шағымдарды соларға оқытып, сол арқылы әртүрлi қарау iстерi ашылып, ел-жұртқа күлкi болатын да жағдайлары көп. Шағым тым ащы жазылса ол үшiн сол шағымды оқып отырған, еш күнәсi жоқ кiшкентай балалардың жаза тартатыны бар. Мiне, «әй дер әже, қой дер қожа жоқтағы» заманның сықпыты. Бiрде сондай шағымдардың бiрiн осы Қанат оқып отырғанда Байдалының кабинетiне Тұржанның келуi былай берiлген: «Ауыз бөлменiң есiгi сықыр етiп ашылып, бiреу тарс-тұрс басып iшкi бөлмеге басын сұққан. Байдалы шал маған тоқтай тұр дегендей қолын сiлтедi де, есiк жаққа ежiрейе қалды. Әлгi адам сол басын сұққан күйде бiзге қызықтағандай қарап есiк көзiнде тұрып алды, екi көзi жылт-жылт ойнақшып, қос танауы таңқиған, жалбыраған қияқ мұртты қайыстай қатқан қара кiсi – кәдiмгi анау кездегi Байдалы шалдың үйiнiң отынын бұтайтын Тұржан. Әлден соң бас жоқ, аяқ жоқ: «А-а-а-а...» деп шақылдай күлген, бүкiл аузы ұрадай боп үңiрейiп, көмейiне дейiн қара қошқылданып түгел көрiндi. – Паһ, паһ, баяғының болысы да бүйтiп отырған жоқ шығар! Паһ, паһ, отырысыңнан айналайын, Байағам! – дедi ернiн сылпылдатып. – Аруақ!.. Аруақ!.. Жарықтық, Шорағұл бабамыздың аруағы қолдаған екен де!.. – Ендi сәл болса жылап жiберердей күйде тұр. – Құлдық еттiм!.. – деп басын еңкейтiп табалдырыққа тигiздi». (301-бет) Осы екi үзiндiден-ақ Тұржан жағымпаздың сыртқы ажары оқырманның көкiрек сүйегiне хас шебердiң қолымен ойылып салынғандай бiржола тұрақтап орнығып қалатынына күмән келтiрушiлер табылар ма екен? Жағымпаз ғана емес, жалпы адам бейнесiн нақыштауда С.Мұратбеков әдебиет пен өнерде натурализм аталатын бiржақтылыққа соқпай сол сыртқы бейнесi арқылы кейiпкердiң iшкi дүниесiн, ақыл-ойын қоса ашып, оның

болашақ әрекеттерiнiң алғышарттарын жасайды. Әдебиетте қойылатын ең негiзгi талаптардың бiрi образдың, оның iс-әрекеттерiнiң табиғи, сенiмдi түрде қалыптасуын қамтамасыз ету. Мiне, сол талаптың үдесiнен шығу үшiн автор Тұржан бейнесiн тап осындай дәрежеде мүлтiксiз орындап шықты. Одан әрiде не болды? Байдалы шалдың сөйтiп басын айналдырып, бiржола сенiмiн иемденген, әрi атқарушылық жұмысқа тағайындалған Тұржан нағыз «шаш ал десе, бас алатынның» өзiне айналады. Бұның қасында ауылдағы үлкен-кiшiнiң бұрынғы көрген қорлық-зорлығы шiркей шаққандай ғана нәрсе екен. Соғыстың соңғы қысының шектен тыс қытымырлығы атқарушы Тұржанның зұлымдық iстерiнiң қасында баланың ойынындай ғана көрiнетiн едi. Тұржанның iстеген iстерiнiң аса толық емес тiзiмiн келтiрсек олар мыналар: ең алдымен Тұржан Байдалы шалдың өзiнiң есепшiсi Бектайдың үстiнен жалақорлыққа толы арыз жаз дегенiне көнбеген Санат деген баланы қамшының астына алады. Байдалы бастықтың үйiндегi жекеменшiк малдарын уақтылы суғара қоймадың деп, немiс баласы Фрицыны көк ала қойдай ғып сабайды. Манар деген баланы жазықсызданжазықсыз көшеде аттың бауырына алып қамшылайды. үйiндегi балалары жұпар ауруына ұшырап, соларға беруге сиыршының үйiнен сүт сұрап әкеле жатқан жесiр әйел Күлғайшаны көрiп қап, «колхоздың сүтiн ұрладың» деген желеумен арғы-бергiсiнен түк қоймай балағаттап, соққыға жығады. Кәрелен деген орыс әйелiне де қамшы тиедi. Осы әйелдерге ара түспекшi, әрi өзi кемтар Қыдырман тойтық деген жас жiгiттi де сабай жаздайды. Бiрақ Қыдырман әл бермей кеткесiн оған қарсы неше түрлi айла-шарғы ұйымдастырады. Ақыры, Байдалының өзiне деген ықыласын пайдаланған Тұржан Қыдырман тойтықтың үйiндегi шөптiң астына екi пұттай бидайды өз қолымен жасырып, милиция шақырып, тiнту жүргiзедi. Ақыры, әлгi екi пұт бидай табылып, Қыдырман «мұны тыққан мен емеспiн, бiзде мұндай қап та жоқ, әрi қардағы iз де менiкi емес, менiң аяғымның кемiсi бар» деп зар илегенiне қарамастан айдалып кетедi. Тұржанның жауыздығы мұнымен де таусылмайды, айта берсең тағы жетерлiк. Бәрiн тiзсек мақала көлемi көтермейдi, сонда да болса мына бiр жауыздығына тоқталмай кету тiптi де мүмкiн емес сияқты. Бұл соңғысы баяндалған бөлiктi автордың өзi де «Жауыздық» деп атапты. С.Мұратбеков бейнелеген ауыл Жоңғар Алатауының баурайында орналасқандықтан ондағы ел жекеменшiк малына арналған шөптi көбiне сол таудың қуыс-қолтықтарынан шауып, әзiрлейтiн едi. Мiне, Қанаттың әпкесi Нәзираның сол тауда өз қолымен шауып, бiр шошақ етiп үйiп қойған шөбiн әлгi Қыдырман тойтық жеткiзiп беремiн деушi едi, оның өз күнi анадай болды, ендi қайтпек керек? Байдалы шал мен Тұржан тұрғанда колхоздан атшана сұрау дегенiң арыстанның аузындағы ауру тiсiне қарай қол жүгiрткенмен бiрдей. Ал шөпсiз тағы күн жоқ. Қанаттың үйiндегi буаз сиыр аштан өлуге шақ, мiне осындай күнде Қанаттың кiшкентай досы Петька оған қол ұшын бередi. Сөйтiп Қанат пен Петька ақ қар, көк мұзда сонау таудан шанамен шөп әкеле жатады. Олардың бұл сапары қаншалықты мехнатпен өткенiн жазушы жан тебiрентерлiктей етiп суреттейдi. Мiне, ең соңында

оларды әлгi атқарушы Тұржан көрiп қалып, балаларды тым-тырақай қуып, сонау таудан ауылға соншалықты азаппен жеткiзiлген шөптi жағып жiбередi. Апырау, оны жақпай-ақ колхоз малына бере салса қайтедi? Жоқ, олай iстеу Тұржанның табиғатына келмейдi. өйтсе өз iсiне өзiнiң айызы қанбай қалуы мүмкiн. Мiне, көкiрегi жауыздық тiлеген Тұржанның жан дүниесi қандай? Бұл жерде М.Әуезовтiң «Абай жолы» романындағы әлгi кедей жатақтың үстi-бастары өрiм-өрiм балалары ендi-ендi пiсуге, орылуға тиiс егiндегi әрбiр шашақ басты бидайға соншама қамқорлықпен, сақтықпен қарап, оның бiр талшығын да үзуге қимай аялай қараса, оның тап ертеңiне Тәкежанның баласы Әзiмбай бастаған озбыр топтың осы кедей жатаққа қыр көрсету мақсатында сол егiнжайдың үстiне жылқыларын әкеп жусатқан жауыздығы еске түседi. Жалпы, С.Мұратбековтiң соғыс кезiндегi тыл өмiрiнiң ұлан-асыр шындығы қамтылған «Жабайы алма» повесiн оқи отырып, өз халқыңның өткенi, бүгiнгiсi, болашағы туралы әр түрлi ойларға да қаласың. Апырау, сол кiшкентай ауылда сол Байдалы шалды, Ырысбектi, Тұржанды, шолақ қол өкiлдi мұншалықты қаныпезер еткен қандай күш? Онсыз да соғыс, жоқшылық тауқыметiн тартқан өз ауылдастарына, жетiм-жесiрлерге сәл де болса аяушылықпен қараса қайтедi? Бiзде соңғы кезде әрбiр заманда қазақ халқы бастан кешкен зұлматтар үшiн көршiлес үлкен ұлттар басшыларын, солардың қысастығын, қоғамдық формациялардың зардаптарын тiлге тиек ету белең алды. Оның да өз жөнi бар. Оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ оның бер жағында қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда сол қазақтардың өздерiнiң бiр-бiрiне деген шектен тыс қатыгездiгi қайдан шығып тұр? Оны да сол көршiлес үлкен ұлттардың басшылары келiп, құлақтарына сыбырлап тұр ма екен? Жоқ, әлде бұл «қазақтың қазақтан өзге жауы жоқ» деген ұлы Абайдың сөзiне тағы бiр дәлел ме? Немiстiң ұлы ақыны Генрих Гейне «кiм де кiм өз халқын сүйсе оны моншаға апарып шомылдыруы керек» деген сөз қалдырыпты. Егер мұны кең мағынада түсiнсек, өз ұлтыңның қамын жесең ең әуелi оның басындағы әр алуан осалдықты жоюдың амалын iсте, тап дегенге мегзейтiн сияқты. Ойланайықшы, осы бағытта бiз ескермей жүрген қыруыр шаруа тұнып жатпасын. Егер орайын келтiрiп, бұл сұрақты бүкiл қазақтың талқысына салсақ оның жауабын құм арасында жылтыраған алтын түйiршiктерiндей сол қазақтың өз iшiндегi ақылды бастардың өздерi-ақ тауып беруi мүмкiн. Иә, бiздiң қазақтың санасын жаңғыртар, кейбiреуiнiң басындағы қара түнекке сәуле шашар, жамандығын жақсылыққа, арамдығын адалдыққа, қатыгездiгiн мейiрбандылыққа айырбастар ұлы шаралар қажет-ақ. Жоғарыда талданғандардан басқа кейiпкерлер легiнде ерекше көзге түсетiнi Зибаш. Бiраз еркектiң мазағына ұшыраған ол ақырында өзiнiң сол тағдырына мойынсұнғандай да, тiптi одан бақ, дәреже тапқандай да болады. Мысалы, шолақ қол өкiлдiң ықпалымен бригадир сайлануындағы тұстар, үстiне өзiне жараспайтын киiм кигендей реңiнен айырылып шыға келуi, сөйтiп тiл ұшына iлiгуi. Бұдан бiз адам басындағы әлсiздiктiң, әрi тағдыр соққысы қоса қабаттаса оның мүлдем өңiн өзгертiп жiберетiнiн, тiптi бiр

қарағанда сенуiң қиын құбылыстарға ұшырататынын, яғни саз балшықтай илеп, ерiнбегеннiң қолында неше түрлi күйге түсiретiнiн көремiз. Зибаштың екi бiрдей лауазым иесiнiң жебеуiмен бригадир сайлануы басқасын былай қоя тұрғанда, оған ешқандай да жеңiлдiк әперген жоқ, қайта маңдайындағы бес елi сорға бiр-екi елiнi тағы қосып бергенiн автор туралап айтпаса да, жанамалап жеткiзедi. Мұның тасасында да үлкен ой бар. Адамға қажеттi бақ пен дәреже екiншi бiреудiң iшкi ниетi мен залым пиғылына орай қолға түссе ол саған ұшпақ әперiп жарытпайды, қайта арыңа қарсы iс iстетiп, биiктен құлатып, сүйек-саяғыңды бiржолата күйретер қатерге айналады. Иә, шығармадағы Зибаш тағдыры әртүрлi ала-құла жағдайларға қарамастан шын мәнiндегi қайғылы, қасiреттi тағдыр. Ал, Әжiбек ше? Балалықтан арылып, ересектер қатарына қосылып үлгермеген бұл бозбала жiгiттiң де көресiсi бiр басына жетерлiк. Байдалының да, Ырысбектiң де қыспағына түсiп, әрi өзiнiң жойдасыз сотқарлығының нәтижесiнде басқа да хикметтерге ұшырағанмен туа бiткен жiгерлiлiгi арқасында ол мойымайды, өзiн жәбiрлеушi жасы үлкендерге қарсы айла-амал қолданып, тiптi күш көрсетiп те бағады. Жәбiр-жапасы үшiн ғана емес, өзiнiң iшкi жүрек сезiмiн де бағалай бiлетiнiн, әрi соның қалауы бойынша да шайқасып, өлiспей берiспеуге әзiр екенiн де бiр емес, бiрнеше жерде байқатады. Мысалы, Әжiбектiң өзiнен жасы үлкен әйел – жаңағы Зибашқа ғашық болуы. Оны анау-мынаулардан қызғанып, әртүрлi әрекеттерге араласуы. Ақыры ағынан жарылып, iшкi мұңын, ынтызарлығын айтқаны үшiн сол Зибаштың өзiнен таяқ жеуi сияқты көрiнiстерге арналған беттердi оқығанда оқырман амал жоқ езу тартып отырады. Мейлi, Әжiбек мың жерден сотқар, ұры болсын, мейлi өзiнен кiшi балаларды мың жерден сондай қарау, жаманшылық iстерге арандатсын, бәрiбiр оқырманның әлденеден оған бүйрегi бұрады. Себебi, Әжiбек ондай терiс қылықтарға неге барады, әрине, iштi жыландай жалаған аштықтан, жалаңаяқ қар кешкiзген жоқшылықтан, кейбiр терiс мiнездi үлкен адамдар беттерi бүлк етпестен бас жарып, көз шығаратын жауыздыққа барып жатқанда оларға қарсы шара ұйымдастырар ел ағаларының жоқтығынан. Әжiбекке қатысты беттердi оқи отырып, әттең бұл тап осы жасында бейбiт заманда, тоқшылық пен баршылықта, әдiлеттiң ақ жолын ешкiм ашықтан-ашық таптауға жүрегi дауаламайтын күнде өмiр сүрсе қайтер едi деген сұраққа тiрелесiң. Ондай шақта, шiркiн, Әжiбек осы қайрат, осы жiгерiмен бұдан әлдеқайда биiк арман мен мақсаттың жалына жармасар едi-ау деп күрсiнесiң. Ал Қанаттың әпкесi Нәзира ше... Бұл жөнiнде жоғарыда айтылғандарға қосарымыз – қазiрде қилы саяси ағымдарға, кешегi қадiр тұтқанның бүгiнде бағасы кетуiне орай әртүрлi артық-кемi мол пiкiрлер қоздағанмен де сол кездегi ортақ Отан үшiн деп соққан жас жүректердiң дүрсiлi осы Нәзира бойынан толық көрiнетiнiн мойындағымыз келедi. Ол бiр жайдан жасы толмай майданға кетiп, қаза тапқан өзiнiң сүйiктiсi жас жiгiт Тоқтар бейнесiнiң жалғасындай, әрi соны толықтырушы бейне. Бүгiнгi тәуелсiз ұлттық Отанымыз үшiн қызмет етемiз деген жастар да осы Нәзираның тұлабойынан, мiнез-құлқы мен психологиясынан көп қасиеттер таба алады.

Солардың iшiндегi бiрегейi Нәзираның ұстамдылығы дер едiк. Оң мен солын жаңа тани бастаған күнде-ақ Нәзира басынан қаншама қасiреттi өткердi, бiрақ сөйте тұра «көппен көрген ұлы той» деген халық даналығын пiр тұта солардың бiрiнде де шектен шыққан жоқ. өзiн өте салиқалы ұстады, әрi басқаларды да күрт кетуден сақтандырды. Тiптi Ырысбектiң арамза ниетiне де сол ұстамдылығы арқылы тойтарыс бердi. Нәзираның соғыстың соңғы жылдарында ауыл орталығынан кетiп, МТС-те жұмыс iстеуi, одан батыстағы жау талқандаған қалаларды қалпына келтiру жолындағы дүрмекке қосылуы бәрi де тарих беттерiнен сызып тастауға болмайтын өмiр шындығының шежiре өрнектерi. Осы арқылы сол заманғы жастардың сын-сипаты қайталанбас, тiптi бүгiнгi қыздар мен жiгiттерге алабөтен түсiнiксiз көрiнетiн ерекшелiктерi өте айшықты, нанымды түрде түзiлген. С.Мұратбековтiң «Жабайы алмасында» бiраз орыс, немiс, шешен ұлты өкiлдерiнiң де өмiрi қамтылған. Әсiресе, соғыстың алғашқы жылдарында бiздiң республикаға жер аударылған шешендердiң басындағы ұлттық мiнезқұлыққа байланысты жақсылық пен қайшылықтар ұтымды штрихтар арқылы алып-қоспасыз дәл жеткiзiлген. Шешендердiң шынайы достыққа берiктiгi, бiрi ұрлық жасаса, екiншiсiнiң оны қатаң жазаға тартуға әзiрлiгi, ақ пен қараның басқаша да алмакезектесуi, олардың бойындағы аласапыран өзгешелiктердiң осылай лек-легiмен көрiнiс табуы жазушы қаламының мүмкiндiгiн тiптi зорайта түседi. Мысалы, онсыз да жетiмдiктiң, жоқшылықтың тақсiретiн тартушы Қанат үйiнiң негiзгi асыраушысы – жалғыз сиырды сол шешендер ұрлап әкетедi де, бұл үйде нағыз қара түнек орнайды. Қанаттың кәрi әжесiмен бiрге оқырман да зар илеген күй кешедi. Мiне, сондай шақта кiшкентай шешен баласы – Бәкке Қанат үйiнiң тақсiретiнен жаны торығып, тәуекелге бел буып, сол қоңыр сиырды өзiнiң қара пиғылды туысқандарынан қайта ұрлап, оларды тотитып кетедi де бұрынғы иелерiне қайтарады. Әрине, бұл оңай iс емес, «қанға қан, жанға жан» деп аласұрған аса кекшiл шешендер Бәккенiң де, оның әкесiнiң де жанын жәһаннамға жiберер едi. Соны бiле тұра осындай жүрек жұтқан адамның iсiн iстеуi Бәккенiң аман-есен өссе нағыз абзал азамат болып қалыптасатынына күмән қалдырмайды. Жалғыз бұл емес, шешендерге шығармада аз орын берiлгенмен, олардың басқа да тiршiлiгi арқылы жалпы өмiр, еңбек, ар-намыс, абырой, достық, сатқындық сияқты ұғымдар төңiрегiндегi толғамдарына қанығамыз. Осы жолдар қағазға түсiрiлiп отырған шақтағы шешендердiң байырғы Отанындағы қантөгiс жүрегiңдi сыздатып, әттең сол өзiндiк бет-бейнелерi айшықты, қайшылықтары да мол, шағын ұлттың жерiнен өзге елдiң әскерлерi тезiрек әкетiлiп, өздерiнiң ұлттық салт-дәстүр, сана-сезiмiне сай қоғам орнатуына мүмкiндiк берiлсе деген арман жетегiнде кетесiң. «Жабайы алмадағы» орыс баласы Петька мен немiс баласы Фрицы да өз iс-әрекеттерiмен оқырманның есiнде қалады. С.Мұратбеков «Жабайы алма» атты бұл шығармасын повесть деп атапты. Шындығында бұл өзiнiң көлемi, әрi өмiрдiң қат-қабат астарларын көтерiп ашуы жағынан новеллалар немесе шағын повестер циклынан

тұратын роман айдарын иемденуге толық хақылы. Шығарманың ең үлкен қасиетi сол – әрқайсысының «Көкiнай», «Тоқтар мен Нәзира», «Зорлық пен қорлық», «Бiр өкiнiш, бiр үмiт» тағы басқа атаулары бар және де әрқайсысының өзiнше басталып, өзiнше аяқталатын бөлiктерден құрылғанына қарамастан ортақ темiр өзектi тұтастығын қатаң сақтаған дүние екенi оқу үстiнде барынша айқындалады. Әрi соғыс кезiндегi тұрмыстың бояу-нақыштарын жазушы еш жаңсақтыққа бармай дәл тауып отырады. Сол кездегi үлкендердiң психологиясы, балалардың ой-түйсiгi, үлкен мен кiшiнiң өзара қарымқатынасы, сөз саптаулары – бәрi-бәрi басқа ешбiр кезеңнiң бояу-нақышымен шатастырылмай тура өзiндiк сын-сипатын айнытпай тапқан. Ең ғажабы сол, осы «Жабайы алманы» оқып отырып, өзiң бала кезiңде көрген, бiлген, естiген, бастан кешкен, бiрақ кейiн ұмытылған жайларды кездестiрiп, олармен жылап көрiскендей боласың. Сондайлық күйге түсiрген беттердi қайта тауып алып, оларға амалсыз қайта шұқшиясың. С.Мұратбеков әрбiр оқиғаны баяндау үстiнде сөздiң дәнi мен топанын араластырып, тоғыта бермейдi, белгiлi бiр штрихқа қатысты бейнелi сөздi көбiне оны басы артық теңеулерсiз-ақ алып, оқырман көңiлiне нақтылы сурет түрiнде қона кететiндей етiп, қалайды. Кейде көз алдыңда әрiптен құрастырылған сөз емес, жанды сурет, әрекет бұрқ еткендей кейiпкер басындағы халдi бiрге кешесiң, бөлiсесiң. Оның қайғысына ортақтасып, қуанышына кенелесiң. Иә, С.Мұратбековтiң «Жабайы алма» атты көлемдi туындысы, оның «Жусан исi», «Басында Ұшқараның...» атты үздiк повестерiмен, таңдамалы әңгiмелерiмен бiрге қазақ әдебиетiнiң төрiнен орын алуға тиiс екенiн мойындаймыз. Кешегi М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин сияқты қазақ әдебиетiнiң көсем тарландарының прозалық мұраларындағы ең игi жетiстiктер мен дәстүрлер С.Мұратбековтiң осы повесiнде өз жалғасын тауып, дами түскен. Шын талантты бағалағысы келген қазақтың ең абзал азаматтарына осы жағын мұқият ескерткiмiз келедi. «Қолда барда алтынның қадiрi жоқ» дейтiн күрсiнiстi кейiнгiнiң еншiсiне қалдыра бермейiк. Сөз соңындағы бiр пiкiрiмiз: С.Мұратбековтiң өз айтуынша да, әрi мына «Жабайы алма» повесiнiң кейiнгi бөлiктерiнiң құрылымы бойынша да бұл шығарманың әлi жалғасы бар, ал автордың оны қалай да аяқтап шығуға мiндеттiлiгi жазушылық парыздан туындайды. Себебi, оқырман қауым жас бала Қанат пен оның кiшкентай достарының, Нәзираның, Байдалы шалдың, Ырысбектiң, Тұржан атқарушының, шолақ қол өкiл Әлтаевтiң, Әжiбектiң, тағы басқалардың соғыс аяқталып, жау оғынан аман қалған ер азаматтар ауылға оралғаннан кейiнгi тiрлiгiн де бiлгiсi келедi ғой. 1996 жыл.

«ЖАБАЙЫ АЛМА» ТУРАЛЫ

Мiне, белгiлi жазушы Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» атты шығармасы қайта қолымызға тидi. Бұл жолы мұны 2002 жылы Алматыдағы

«Атамұра» баспасы «Атамұра кiтапханасы» сериясы бойынша жарыққа шығарыпты. Аталмыш шығарма оқырман қауымға бұрыннан танымал дүние, алайда, мына соңғы ретiнде автор бұған көп толықтырулар, түзетулер енгiзген екен. Сонысы үшiн ғана емес, осы соңғы басылымды қайта көз сүзгiден өткiзе бастағанымызда оқушыны баурап әкететiн қасиетiн байқағанымызды жасыра алмаймыз. Апырау, бұл қалай, бұл шығарманың кiрiспесiндегi Көкiнай оқиғасын. Тоқтар мен Нәзира, Әжiбек пен Байдалы, Ырысбек пен Тұржан, Көлбай керең, тағы басқалардың бастан кешкендерiн бұрыннан бiлетiн едiк қой, ендi неге оларға соншама қайта ынтықтық деген сауал кесекөлденеңдейдi, әрине. Көп ұзамай бұл сауалдың да жауабын тапқанға ұқсадық. «Алуан-алуан жүйрiк бар, әлiне қарай шабады» демекшi бүгiнде шығып жатқан кiтап авторларының әрқайсысының өз деңгейi бар. Сосын да олар тудырған дүниелiктер де әрқилы. Бiр кiтапты оқи бастасаң алғашқы беттерiнен-ақ «соқтықпалы, соқпақсыз жерге» тап болғандай жүрiсiң өнбейдi, сосын да «өзiмдi өзiм қинап неғыламын» дейсiң де кiтапты шетке ысыра саласың. Екiншi кiтап олай емес, бiр бастасаң аяғына жетпей тоқтамайсың. Ал үшiншi бiр кiтаптар болады, оларды бастан-аяқ сүзiп оқитының өз алдына, кейiнiрек сондағы кейiпкерлердi сағынып, олармен қайта қауышуды армандайсың. Сөйтiп, қайта қолыңа аласың, бiрншi рет оқығандай-ақ оған құныға берiлесiң. Егер барша кiтаптарды осылай үш топқа бөлсек өз басым Сайын Мұратбековтың мына «Жабайы алмасын» осы соңғы үшiншi топқа жатқызар едiм. Аталмыш шығарманың осындай тартымдылығының да өзiндiк екi себебi бар. Бiрiншiсi, сөз жоқ, көркемдiк-идеялық дәрежесiнiң биiктiгi. Екiншi себебi, сәл тереңiректе жатыр. Әңгiме, қай заманның келбетiне қай заманның тұрғысынан қараймыз, мiне, сол туралы болмақ. Мысалы, бiр кезде орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолоховтың әйгiлi «Тынық Дон» романэпопеясының бас кейiпкерi Григорий Мелеховтың қайғылы тағдырын бiзге қалай түсiндiрiп едi? Иә, ол өз жолынан адасқан, өзiнiң биiк мұратын әу баста дұрыс бағдарлай алмаған, оның басындағы барлық қасiреттiң түп-төркiнi, мiне, сонда жатыр деп миымызға құйды емес пе? Бұл, әрине, кешегi кеңестiк идеологияның ықпалы екенi де даусыз. Сол «Тынық Донды» мен өз басым, Кеңес Одағы құлап, қазақ елi тәуелсiздiк алған кезеңде, шамамен осыдан бесалты жыл бұрын қайта оқып шықтым. Сонда анық көз жеткiзген ақиқатым сол – Григорий Мелехов ешқандай да өз жолынан адасқан адам емес, керiсiнше өз халқымен бiрге сол жылдардағы революция дүмпулерiнiң, замана өзгерiстерiнiң қақпақылына ұшыраған жан. М.Шолоховтың мақсаты Григорий Мелехов пен оның айналасындағы адамдарды суреттей отырып, сондай замана өзгерiстерi кезiнде халықтың ең бiр қайратты, қабiлеттi, ақылды өкiлдерiнiң қандай күйге ұшырайтынын, қандай психологиялық сiлкiнiстердi бастан кешiретiнiн айқара ашып беру. Қысқарта айтқанда – жалпы халықты құрайтын жекелеген адамдардың табиғатын түсiндiру, оқушы қауымның халық туралы ұғымын, бiлiгiн кеңейту. Григорий

Мелеховтiкi адасқандық емес, замана дауылдары үстiнде адам баласының қатал сынға ұшырауы. Сол арқылы оның өзi де, оның халқы да танылады. Мiне, Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» атты шығармасын қайталап оқуға итермелейтiн де мәселенiң осы жағы. Кешегi кеңестiк дәуiрде бiз оны қалай қабылдадық, ал бүгiн қалай қабылдап отырмыз, екеуiнiң арасында үлкен айырма бар. Мысалы, осындағы бас кейiпкер, алдында бригадир, кейiн ұжымшар бастығы болған Байдалыны алайық. Егер өткен күннiң ұғымы тұрғысынан алсақ ол жағымсыз кейiпкер, яғни жаман адам. Ал бүгiнгi күн биiгiнен пайымдасақ ол Байдалы шал өз заманының адамы. Жалпы өскен ортасы, алған тәрбиесi, көрген-бiлгенi, ақыл-ой дәрежесi, бойдағы күш-қуаты – бәрiн тiзбектеп сарапқа салсақ бұл Байдалының басқа Байдалы болуы мүмкiн де емес. Себебi, ол басқаша болу керек-ау дегеннiң мағнасын түсiнбейдi де, оның барлық көңiл көкжиегi сол өз заманымен, өз төңiрегiндегi жағдайлармен мықтап шектелiп қалған. С.Мұратбеков жазушы ретiнде осы шындықты шеберлiкпен аша бiлген. Осындағы Ырысбек дейтiн ше? Оның не денi сау, не ауру адамдiкiне ұқсамайтын қылықтарын қалай бағалаймыз? Иә, бұл соғыстан оралған, әрi мiнез-құлқы жөнiнде Байдалыға мүлдем ұқсамайды, сосын да оның iсәрекеттерi мүлдем басқаша. Егер Байдалы өз ұғым-түсiнiгi шеңберiнде бүкiл ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келсе Ырысбек сол ауылға басқа қырынан келiп соқтығады. Басқаша әдiспен қырғидай тиедi. Мұның да қылықтарынан көп адам зардап шегедi. Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды. Байдалы да, Ырысбек те жұртқа ықпал етуге сөз жоқ қабiлеттi адамдар. Алайда, олардың осындай қабiлетiнiң пайдасынан зияны көп. Ал егер осы екеуi басқа әлдеқайда өркениеттi қоғамда өсiп, тәрбиеленсе олардың осы жаратылыстары, бiтiм-болмыстары қандай күйде қалыптасар едi? Иә, әлдеқайда өркениеттi қоғам жағдайында олардың осындай бiтiм-болмыстары халық үшiн үлкен ырзық көзiне айналар едi. Мiне, сосын да әр замандағы адамдарға қара күйе жаға бермей, олардың өз өмiрлерiнде жiберген кемшiлiктерiн, қателiктерiн басқаларға қайталатпау үшiн ең алдымен адамды емес, сол адам өмiр сүрген қоғамды, ортаны түзеу керек. Адамзаттың ең ақылдылары сол қоғамды дұрыс бағдарда дамытуға күш салуы керек. Адам деген заман туындысы. Мiне, Сайын Мұратбековтың осы кiтабын мұқияттап, қайталай оқығанда сондай ойларға, пайымдауларға амалсыз соқтығасың. Осындағы Қыдырман Тойтық, атқарушы Тұржан, ұжымшар бастығы, кейiн науқастанып орнынан босаған Нұғыман, соғыстан бiр аяғынан айырылып қайтқан Көбеген Ықсан баласы, бозбала Әжiбек және басқа да кейiпкерлер «ия, бiз осындаймыз, бiздi осылай еткен заманның өзi» десiп, әрқайсысы өз тұрғысынан сайрап тұрғандай әсер етедi. С.Мұратбековтың бұл «Жабайы алмасын» жазу үстiндегi жеткен ең үлкен жетiстiгi сол – соғыс кезiндегi тыл өмiрiнiң суреттерiн қайталанбас өз бояу-нақыштарымен бере бiледi. Айталық, ол кезде де егiн егiлiп, күзде орақ науқаны ұйымдастырылса, қазiр де солай емес пе, бiрақ ол кездегi тұқым себу мен орақ науқанының ажары мүлдем басқаша. Әңгiме, қазiрде

техниканың пайдаланылуында ғана емес, адам психологиясында, оның еңбекке көзқарасы мен сол кездегi ортаның әсерiмен әрекеттесуiнде. Мiне, осы жағын жазушы С.Мұратбеков айқын зерлейдi. Бұл шығарма негiзiнде бас кейiпкер – жас баланың көзiмен берiлген. Сосын да балалардың жағдайы, тұрмысы, оқуы, еңбекке араласуы, ересектермен арақатынасы сияқты мәселелерге көп орын берiлген. Мысалы, күзде балалар орақ науқанына қатысады, орағы бар болса сонысымен бидай орады, ал орағы жоқтар астықты баулайды. Мiне, осындай көрiнiс суреттелген мына бiр кiшкентай цитатаны мұқияттап оқып көрiңiзшi. «Күзгi аспан реңсiз, буалдыр түтiн басқандай мұнартады да тұрады. Таңертеңгi дала сызды, салқын, жақ жүнiңдi үрпитiп, өне бойыңды тiтiрентiп жiбередi. Тек сәске кезiнде ғана құрысың жазылып жылынасың. Дәл желкеңе шығып алған күннiң көзi арқаңды шым-шымдап қыздырып, пысынатып, терлете бастайды. Төңiрек тегiс шаңғытып кетедi. Құлағыңда тек сыр-сыр еткен шалғы мен орақтың сыбыстары. Көз алдыңда тек әбден қурап, сыңғырлаған мысық мұрт егiн, уыстай қармағаныңда сабақтары шыңылдайтын сияқты. Абайлап ормасаң масақтары саудырап сағағынан сынып түсiп жатады. Ештеңеге алаңдауға да, iркiлуге де болмайды. Неше күннен берi егiннiң сабағы сойғылап күптей болған алақаның тұз уыстағандай тызылдайды, басың айналып, көзiң бұлдырайды, бiрақ бәрiбiр сонда да ора беруiң керек. Әйтпесе күндiк нормаңды орындай алмай қаласың». (143-бет). Мiне, құрметтi оқырман, осы бiр кiшкентай суреттемеде қаншама өмiр шындығы жатыр. Бұл әрине, сол кездiң басқа заманда қайталанбас шындығы. Егер бұл сөздерiмiзге сенбесеңiз жоғарыдағы цитатаны қайталап оқыңыз. Мұндай өмiр келбетiн оны көзiмен көрген, басынан кешкен жазушылар ғана мәнерлей, сыпаттай алса керек-тi. Кезiнде Максим Горькийдiң жас жазушыларға өз замандарың туралы көбiрек жазыңдар деп ақыл бергенi осылай замана суреттерi қағазға неғұрлым дәл түссе екен деген арманнан туғаны құпия емес. «Жабайы алмада» барлық оқиға баланың атынан баяндалғанын, әрi ол оқиғалардың бәрiне дерлiк сол балалардың тiкелей қатысатынын жоғарыда айттық. Сосын да соғыс кезiнде аш құрсақ жүрген, көбiсiнiң әкелерi соғыста қаза тауып жетiмдiкке ұшыраған балалардың хал-жағдайы, психологиясы, еңбекке араласуы, ойын ойнауы, өзара дау-дамайы, талап-тiлегi сап-сабымен баяндалып отырады. Кiтапта жоғарыда аталған бозбала Әжiбек деген бар. Ол сондағы балаларға қарағанда сәл ересектеу, бiрақ олармен тонның iшкi бауындай, әрi олардың көсемi. Әжiбек оларды ойнатады да, ұрып-соғады да, жекiредi де, бұған қоса анау-мынаусын тартып әкететiнi және бар. Әрi өзiнiң әртүрлi оғаш қылықтарымен балаларды күлдiретiнiн, қызықтыратынын қайтерсiң. Мысалы, бiрде Байдалы шал атымды суғарып кел деп жұмсағанда Әжiбектң ол атқа мiне шауып, көп балалардың көзiнше: Түбiнде Қособаның жатып алдым, Бiреудi мергендiкпен атып алдым.

Болған соң өзiм мерген кiмдi аяйын, Өлтiрiп Байдалының атын алдым, – деп, атақты «Қыз Жiбек» хиссасындағы Бекежанның өлеңiн сәл бұрмалай аспандатуы, оны Байдалының көрiп қалуы, балалардың шек-сiлесiнiң қатуы осындағы ең бiр ойнақы, әсерлi штрих ретiнде есте қалады. Әрине, қазiргi балаларды ондай көрiнiстер аса елiтпеуi де мүмкiн, ал сол кездегi көңiлдi күлкiге зәру балалардың жүдеу тiрлiгi жағдайында бұл өте қызықты оқиға. Иә, ол жылдардағы балалар кино көрiп жүрген жоқ, профессионал артистер қоятын ойын-сауық дегеннiң не екенiн де бiлмейдi, маңдайларынан сипап еркелете қоюға ересектердiң ешқандай мұршасы жоқ, тiптi, мiне, сондай күйзеу тiрлiкте Әжiбектiң мына қылығы сахнадағы өнер шеберiнiң ойынындай ұйқы-тұйқы етпей қайтсiн. Тiптi сол Әжiбек кейде өздерiн ұрыпсоғып жүрсе де балалардың сол Әжiбексiз күнi жоқтай. Кәне, оқырманнан кешiрiм сұрап, тағы бiр кiшкентай цитата келтiрейiкшi: «Кешке қарай МТС-тан почташы Мақым шал мен Әжiбек те қайтқан. – Әй, көксоққандар! Әжiбектiң келгенiн көрiп қуанғанымыз сонша, шанаға қарай далақтаса жүгiрдiк. Бiр күн көрмегенге сағынып қалғандаймыз. Шынында да Әжiбексiз күнiмiз серкесiнен айрылғанмен бiрдей екен. Ортамызда ол жоқ болған бiр күнiмiздiң өзi ертеден кешке дейiн көшеде опыр-топыр құр сенделiспен өткен едi. Не жөндеп ойын ойнай алмаймыз, не үйдi-үйiмiзге тарап кете алмай, МТС-тан келетiн жолға қарағыштап жiпсiз байланып жүрдiк те қойдық. Сол қашан қайтар екен, не бiтiрiп қайтар екен, темекi алып келер ме екен деп, елегiзумен болдық. Бала деген қызық-ау, үлкендер сол Әжiбекке жоламаңдар, сол оңбағаннан аулақ болыңдар, әйтпесе бiр пәлеге ұрындырады деп құдайдың зарын қылып тыйым салып жатса да, өзiмiз содан қаншама жәбiр-жапа шегiп жүрсек те, айналып келгенде Әжiбексiз таңымыз атпайтындай, күнiмiз батпайтындай боламыз да тұрамыз. Бүгiн, мiне, көзiмiз соған анық жеттi». (191-бет). Иә, бұл жағына осындағы баяндаушы бала, бас кейiпкер Қанаттың ғана емес, оқырман бiздiң де көзiмiз жеттi. Сол соғыс кезiндегi балалар тiрлiгiн, ой-қиялын, көңiл көкжиегiн бұдан артық дәл сыпаттау қиын да ғой. Қайталап айтайық, жазушы қаншама қабiлеттi болғанмен ол жайларды өз басынан өткермесе оларды бүйтiп қайталанбас өз бояу-нақыштарымен қағазға түсiре алмас едi. Сайын Мұратбековтың осы «Жабайы алма» атты повестер циклын оқи отырып, жоғарыда сәл ескерткенiмiздей үлкен iргелi ойларға әлсiн-әлсiн ат басын тiрейсiң. Рас, бiздiң қазақ халқы өз даму жолында қырғын мен жоқшылықты, қуғын-сүргiндi, саяси сiлкiнiстердi көп көргенi анық. Сөйтсе де, қарға адымдап болса да өркениеттi қоғам биiгiне жақындап келемiз. Ол жағын да жоққа шығарсақ үлкен жаңсақтық. Демек, аздап болса да жеткен жетiстiгiмiз жоқ емес, бар. Мiне, сол барды қадiрлеу керек. Сол барды өзiмiздiң игiлiгiмiзге, ең бастысы – келешек ұрпақтың игiлiгiне айналдыру жолында күш жұмылдырсақ ең абзалы сол емей немене? Ал келешек ұрпақ дегенiмiз бүгiнгi балалар, ертеңгi күнi дүниеге келетiн сәбилер. Демек,

солардың дұрыс жағдайда өсiп-жетiлуi үшiн неғұрлым өркениеттi тұрмыс деңгейi керек. Оған қол жеткiзудiң басты амалдарының қатарында өз халқыңды, оның ерекшелiктерiн дұрыс тану, өз халқыңды барынша сүю, әркiмнiң өз мамандығын терең меңгерiп, өз саласында шын мәнiнде нәтижелi еңбек етуi, алуды емес, берудi көбiрек ойлауы, Отанымыздың тәуелсiздiгiн, қазақ тiлiн нығайтуға қажеттi шараларды жүзеге асыруға басымырақ көңiл бөлуi сияқтыларды атаймыз. Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» атты мына кiтабындағы қым-қиғаш тағдырлар қақтығысы сондайлыққа үндейдi, сонысымен оқырманды қызықтырады, әрi өте бағалы туынды ретiнде көз тартады. 2003 жыл.

АУЫЛЫМ МЕНIҢ, АУЫЛЫМ!

(Сайын Мұратбековтiң «Көкорай» атты повесiн қайта оқығанда туған ойлар)

Қазақ әдебиетi ауыл тақырыбына жазылған шығармалар жөнiнде кенделiк көрген емес. Күллi қаламгер атаулы сол ауылда дүниеге келiп, алғашқы көрген қызық-шыжығы сол ортаға байланысты болғасын да ма көбiсi өмiр бойы оны өз шығармаларының алтын арқауына айналдырды. Бiр жайдан бұған кешегi кеңестiк дәуiрдiң iшкi, сыртқы болмысы да ықпал еттi. Ет, сүт, басқа да ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрудi еселеп арттыру қажеттiгi сол тақырыпта жазылған шығармаларға, әсiресе, олардың iшiндегi социалистiк шындықты әшекейлеп көрсететiндерiне жасыл көше ашты. Әрине, олардың арасында үздiк туындылар да, «күрiштiң арқасында күрмек су iшедiнiң» керiмен өтiп кеткендерi де баршылық едi. Егер мойындай сөйлесек, ол кеңестiк дәуiрде әдеби-сын жанрына әжептәуiр көңiл бөлiнгендiктен ол үздiктер мен жасықтардың ара-жiгi ашылған кездердiң де болғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Ендi, мiне, бәрi өзгердi. Кеңшар, ұжымшар атаулылар тегiс жекешеленiп кеттi. Ондағы мал, техника, басқа да игiлiктер баршасына бөлiнiп берiлдi де, ол игiлiктердiң жаңа иелерi оларды уыстарында ұстап тұра алмай саусақ арасынан сусыған құмдай рәсуа етiп алды. Осындай жағдайда ауыл адамдарының тарығуы басталды. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру күрт тоқырап, тiптi құлдыраған кездерi де болды. Шаруа жастар арасын жұмыссыздық жайлады. Көбi кәсiп iздеп жан-жаққа бытырай бастады. Кешегi кеңес дәуiрiнде салынған мекемелер ғимараттары, шеберханалар, қоймалар, мәдениет үйлерi жылдар бойы жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен, қиюы кеткен жарамсыз дүниелiктерге айналды. Мiне, сосын да, 2003 жылдың алғашқы күндерiнен бастап, ауылға қарай бетбұрыс жасайық деген жаңа ұран тасталды. Иә, дұрыс-ақ. Бұлай болмауы да мүмкiн емес қой. Қоғамдық формация қалай өзгергенмен де нан мен сүтке, ет пен күрiшке деген сұраныс сол күйiнде қала бермек. Осыны кешiгiп барып ұғып, амалсыз

«ауылға бетбұрыс жасайық» деген жанайқайымыздың қалай шыққанын өзiмiз де бiлмей қалғандаймыз. Нан мен сүттiң сыртында ауылға байланысты басқа да үлкен саяси мәселе жатыр. Қазiр де қайта жаңғыру сәтiн бастан кешiру үстiндегi қазақ халқының бүкiл негiзi сол ауылда емес пе? Қазақ халқының тiлi, салт-дәстүрi, ой-түсiнiгi, психологиялық ерекшелiктерi қаймағы бұзылмаған күйде сол ауылдық жерлерде сақталуда. Демек, ауылды көтеру тек қарын мәселесiн ғана шешiп қоймай қазақтың ұлт ретiнде жетiлуiне де серпiн берерi сөзсiз. Осы мақсаттарды орындау үшiн қандай нақтылы iс-әрекеттердi бiрiншi кезекке қою керек. Менiңше, ең бiрiншi кезекте тұратын мiндет – ауылды тану. Ал ауылды тану үшiн не iстеу керек? Ол үшiн ең алдымен ол ауылдарға барып, жата-жастана зерттеу керек. Әрi, қазақ жазушыларының сол ауыл тақырыбына арналған ең таңдаулы шығармаларын қайта оқу керек. Бұндай қортындыға жайдан-жай келгемiз жоқ. Бұлай топшылауымызға жақында белгiлi жазушы Сайын Мұратбековтiң сонау алпысыншы жылдары жазылған «Көкорай» атты көлемдi повесiн қайта оқып шыққандығымыз түрткi болғанын жасыра алмаймыз. Шынын айтайық, сонау ертеректе осы повесть алғаш жарияланғанда оқып алған әсерiмiз бен қазiргi қайта оқығандағы алған әсерiмiздiң арасы жер мен көктей. Ол алғаш оқығанда бiз мәселенiң бар мәнiсiне мүлдем басқа қырынан қараған екенбiз ал қайта оқығанда ондағы үлкен-кiшi кейiпкерлер «жоқ, сiз бiздi дұрыс түсiнiңiз, қазiр бiзде мынадай бар, мынадай бар» деп, көзге шұқығандай болады. Апырау, сонда қалай, «Көкорайда» шамамен 1965-66 жылдардағы ауыл өмiрi суреттелген. Оны бiз повесть iшiндегi, «ұжымшарлардың iрiлендiрiлгенiне он бес жылдай уақыт өттi ғой», немесе мұндағы «соғысқа қатысып келгендерiң жас шамасы 40-45» деген сияқты деректерден анық байқаймыз. Есептеп қарасақ, ол кез бен қазiргi жиырма бiрiншi ғасырдың алғашқы жылдары аралығында қырық жылға тарта уақыттың басына су құйылыпты. Сөйте тұра, аталмыш повестi қайталап оқығанда сол кездегi емес, бүгiнгi, яғни, жиырма бiрiншi ғасырдың алғашқы жылдарындағы ауыл суреттерi көз алдымыздан өткендей күйге түстiк. Кейбiреу бұл сөздерiмiзге тосырқай да қарауы мүмкiн. «Ол кезде әр ауылда ұжымшар, кеңшар дегендер болды, қазiр олардың бiрi жоқ бүгiнгi ауылмен ұқсастық табу қиын-ау» деген уәждi көлденең тартуы ықтимал. Дегенмен мұндай тұжырымның да жаны бар, тек тереңдей үңiлсең ғана ол кез бен бұл кездiң арасында ешқандай өзгерiске ұшырамай бәз-баяғы қалпын сақтап қалған көрiнiстер мен құбылыстар шашетектен екенiн байқайсың. Мысалы, С.Мұратбековтың «Көкорай» повесiнiң бас кейiпкерi Жанай деген небәрi жиырма жасар жiгiт комсомол ұйымының хатшысы. «Мәссаған, безгелдек, қазiр комсомол деген атымен жоқ қой» деп шыға келетiндерге айтарымыз: «асықпаңыз, осындағы «комсомол ұйымының хатшысы» деген сөздердi «жастар ұйымының жетекшiсi» деген атаумен алмастырып, оған сол Жанайдың iстеп жүрген тiрлiгiн жапсырса тiгiсi жатық шығар едi». Иә, дәл қазiргi қай ауылға да тап сол Жанай сынды жастар жетекшiсiнiң қызуқанды жұмысы керек-ақ.

Мен өз басым, соңғы бiрер жылда Алматы облысы Ескелдi, Панфилов аудандарының, Жамбыл облысы Шу ауданының бiраз ауылдарын араладым. Сонда, осы С.Мұратбековтiң өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы ауыл өмiрiне арналған повесiндегi көптеген оқиғаларға ұқсас жайларды көрiп қайтқаныма оқырмандарды қалай сендiрсем екен. Менiң байқауымша қаладағы тұрмыс ауылдағыға қарағанда әлдеқайда тез өзгередi. Бұл, әрине, қалаға келiмдi-кетiмдi әртүрлi ғылым, өнер ошақтарының, туристердiң көптiгiнiң, әрi қала тұрғындарының өздерiнiң де алыс-алыс шетелдiк сапарларға ауылдықтарға қарағанда әлдеқайда көп шығуының, сондай-ақ қалада құрылыс iстерiнiң пәрмендi жүргiзiлуiнiң нәтижесi. Ал ауыл жөнiнде олай деп айта аламыз ба? Көп ауылдарда осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы саман үйлер мiз бақпастан сол қалпында тұр. Көшелерi де солай. Көп тұсында сәл жаңбыр жауса нағыз ми батпақтың өзi. Сол үйлер мен сол көшелердегi тұрмыс та, ары-берi қозғалыс та сол бәз-баяғы қалпында. Ұжымшар мен кеңшарлар тараса қайтедi екен? Ауыл тұрмысына, салтдәстүрiне ол жағдай пәлендей үлкен өзгерiстер әкелмептi. Бұл жерде мынадай бiр шегiнiс жасасақ деймiз... Сайын Мұратбековтiң осы «Көкорай» повесi алғаш жарыққа шыққан сәтте «Қазақ әдебиетi» газетiнде бұл шығарма сынға ұшырап, ауыл өмiрiнiң тек көлеңкелi жақтары көрсетiлген деп байбалам салынғаны есiмiзде. Ол ғана емес, жазушының атына сол бағдарда саяси айып тағылып, республикалық комсомолдың Орталық Комитетiне табаны күректей арыз түскенi де шындық. Оның бәрi, әрине, сол заманның алға қойған талабынан, жалпы болмыс-бiтiмiнен, кеңестiк өмiр тек күншуақты тiрлiктен, жақсылықтан ғана тұрады деген ұғым-түсiнiктiң, қағиданың бұлжымастығынан едi. Ендi мiне, арада отыз бес жыл өткен соң заман өзгерiп, қоғам басқаша жүйеге көшкен кезде сол бiр жылдардағы қазақ ауылының көңiлiмiзге кiрбiң келтiретiн бет-бедерiне, жықпыл-жықпылына бүгiнгi күн тұрғысынан қайта барлау жасау мақсатымен повестi қайталап оқығанымызда бұл шығарма жөнiнде мүлдем басқаша көзқарасымыздың қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Мәселен, сол кезеңдегi «кемелденген социализмге» аяқ басқан дәуiр үшiн «Көкорай» сыйымсыз, келiссiз дүние деп танылса, ал бүгiнгi күн биiгiнен қарасақ мұнда сол «тоқырау кезеңi» аталған жылдардағы қазақ ауылының шын мәнiндегi тоқырауға ұшыраған, алға баспаған, бiр қалыпта тұрып қалған кейпi суреттелгенiн көрiп, басымызды әртүрлi ойлар шырмайды. Мiне, бұл повестiң құндылығы да сонда ма деймiз. Ауыл жастарының 8-наурыз қарсаңында мерекеге әзiрленiп, концерт қоюды қолға алуы сырт көз үшiн жайдары, жақсы тұрмыс, жақсы көңiл-күйдi аңғартса, шығарманы зерделеп оқу барысында сол көңiлдi жастардың iшкi жан-дүниелерiнiң керiсiнше тоқырауға ұшырағанына көз жеткiземiз. Тек концертке дайындыққа орай әртүрлi қиындықтар ғана емес, сол бiр кiшкентай науқан үстiнде жалпы ауылға қатысты көптеген өзектi, шешiлуi қиын түйiндi мәселелер қабаттаса бой көтередi. Солардың қатарында, әрине, жаңа бiз айтып өткен ауылдың көзге өте қораш, ажарсыз сырт болмысы да бар.

Мысалы, С.Мұратбеков повесiндегi бас кейiпкер Жанай әттең осы ауылды тұрған орнынан жаңа, жайлы жерге көшiрiп, барша тұрғындарға жақсы үй салып берсе, тақтайдай түзу көшелер тартса деп қиялдайды. Мұндай қиял тап бүгiнгi ауылдағы жастар жетекшiсi үшiн де басы артық дүние емес. Жанайдың одан кейiнгi бiр қиялы, жастардың арасындағы маскүнемдiкке қарсы күрес төңiрегiнде өрбидi. Ал бүгiнде бұл дегенiң қазақ ауылдарында бұрынғыдан әлдеқайда өзектi мәселе. Iшкiлiк дегенiң жылданжылға өршiп, жас ұрпақты алқымнан алып, тұншықтырып бара жатқан алпауыт дертке айналды. Бұл ғана емес, жемқорлық, бiр-бiрiнiң үстiнен арыз ұйымдастыру, рушылдық, айтқанына көнбегендi тұмсықтан ұрып, сабасына түсiру сияқты осы повесте суреттелген жағымсыз көрiнiстер бүгiнгi ауылдарды араласаң да аяқ басқан сайын кезiгедi. Тек осындай жағымсыз қылықтар ғана емес, бiздiң халқымызға тән кейбiр оңды салт-дәстүрлер де ара-тұра жылт етiп, замана көшiнен қалмай бiрге iлесiп келе жатқанын көресiң. «Көкорай» повесiнде Жоңғар Алатауы аталатын таудың етегiндегi шағын бiр ауылдың ерте көктемдегi небәрi үш күндiк тыныс-тiршiлiгi суреттеледi. Сырт көзге тып-тыныш, моп-момақан ауыл көрiнгенмен iшiне дендей енсең неше түрлi тасыр-тұсыр тайталасты танисың. Уақыт қыс қары кетiп болмаған ерте көктемнiң шағы. Көктемгi егiс науқаны иекке тақалып тұр. Жақында ғана бұл ұжымшарға жаңа төраға сайланған. Ол Сәмбет деген жiгiт. Бұл Сәмбет келген бойда ауылдағы үш бригадирдiң бiрi Тоқаны ең сенiмдi серiгi етiп алды. Мiне, осы жаңа төраға, әрi оның Тоқамен тез ауыз жаласуы ел iшiнде жыбыр-жыбыр әңгiме тудырды. Ауыл тұрғындары Сартабан және Жаңбыршы деген екi рудан құралған. Тоқа соның бiрiнен. Демек, екiншi рудың адамдары Тоқаның ақай-тоқайсыз жаңа бастықтың қолтығының астынан табылуын әр саққа жүгiртпей қайтсiн. Бұл жайдың бұдан басқа да бiр себебi бар. өткен жылғы күзде қырманда үш жүз центнер астық түгелiмен талан-таражға түсiп, ал бухалтерияда ол «шiрiп кеттi» деген сылтаумен есептен шығарылған екен. Алайда, оның шiрiмегенiн, әркiмнiң оны сатып, ақшасын қалталарына сүңгiткенiн көзiмен көрген адамдар бар. Солар мына жаңа бастық келер сәтте бұрқ еткiзiп, заң орындарына шағым түсiрдi. Ендi жоғарыдан тексерушiлер келiп, мән-жайды ашуға кiрiстi. Ал жаңа бастық Сәмбет мықтап тұрып, осы жайды ауылдағы өз беделiн нығайту үшiн пайдаланбақшы. Оның қасында бригадир Тоқаның желке жүнiн күдiрейтетiнi де сондықтан. Ал ол астықтың ұрлануына бiр емес, бiрнеше адам қатысқан екен. Мысалы, тракторшы Моторбай деген төбелесқой жiгiт. Бас бухгалтер Хайдар және басқалар ол үш жүз центнердiң екi жүз центнерiн осы Моторбайдың тракторымен тасып сатқан. Әрi оның бiр тоннасының ақшасын Моторбай алған. Алғашында бұның ұрлық екенiн сезбеген ол кейiн мәселенiң байыбына барып, өзiне тиесiлi үлестi қарпып қалған. Сөйтiп, бұл да ұрлыққа қатысушылардың бiрiне айналған. Ал Бақыт атты осы ауылдағы ең көрiктi, әрi әншi қыз сол астық ұрланған кезде қырманда таразышы болып iстептi. өлмелi әке-шешесi бiр өзiне қараған бұл жас қыз да, әрине, ұрлыққа қатысты. Мiне, тексерушi

келген сәтте осы Моторбайдың да, жас қыз Бақыттың да iшкенi iрiң, жегенi желiм бола бастайды. Екеуi де түрлi қылықтарға барады. Мысалы, Моторбай абайсызда ол үш жүз центнердiң шiрiмегенiн айтып қалған Жанайды соққыға жығады. Алайда, ол онымен мәселенi шеше алмайды. Қайта одан сайын ушықтырады. Ал Бақыт қайттi дейсiздер ғой. «Сотталып кетсем үйдегi өлмелi әкешешем не күйге ұшырайды» деп жаман торыққан жас қыз әртүрлi қиялға шомады. Әлгi жаңадан келген бастық Сәметтiң осыдан бiраз бұрын әйелi өлген екен. Шамамен, қырық бестер шамасындағы бұл Сәметтiң кәрi шешесi, екi қызы бар. үлкенi осы Бақытпен жасты, студент, дәл осы қарсаңда ол да әкесiнiң үйiне келе қалған. Кiшi қызы мектеп оқушысы. Мiне, осы Сәмбет өз тiлеулестерi арқылы сол өзiнiң қызымен жасты Бақытқа «маған тұрмысқа шық» деп сөз салыпты. Бақыт өз басының қауiпсiздiгiн сол Сәмбет арқылы шешпекке оңтайланады. Сол тексерушiлер келген күнi кеште Бақыттың басына бiр ой келiп, әке-шешесi, басқалар арқылы «егер Сәмбет менi алғысы келсе бүгiн түннен қалдырмай әкетiп, үйiне түсiрсiн» деп сәлем жолдайды. Сөйтiп, ойда жоқта өзiнен екi мүшелдей үлкен адамға мойынсұнбаққа ниет етедi. Әккi Сәмбет мұндай өз еркiмен уысқа түскелi тұрған перизаттан бас тартатын адам ба? Дереу екi үйде де абыр-сабыр басталады. Бiр үйде қыз ұзату қамы, екiншi үйде келiн түсiру қамы. Мiне, Моторбайдың халi анадай, Бақыттың халi мынадай. Осы оқиғаның екеуiне де Жанай белсене араласады. Осы араластық үстiнде Жанайдың шын адамдық қасиетi ашылады. Әуел баста, повестiң алғашқы беттерiнде Жанай ауылдағы тым қарабайыр жiгiттердiң бiрi болып көрiнедi. «Комсорг», «жастар жетекшiсi» дегенмен ешкiмге сөзiн өткiзе алмайтын, қайта өзi соққы жейтiн, жастарға арақ iшпеңдер деп үгiт айтамын деп жүрiп, өзiнiң солармен бiрге қалай iшкiлiкке салынғанын бiлмей қалатын аңғалдау жас ретiнде танылады. Алайда, ары таза, не iстесе де берiле iстегiсi келедi. Осындай шақтарда ауылға тексеру келiп, мұның алдында Моторбай, Бақыт сияқты жастардың тағдыры кесе көлденеңдейдi. Жанай амал жоқ, ұйқысынан шошып оянған адамша батыл қимылдарға барады. Осы қимылдарды, жалпы Жанайдың жан дүниесiндегi психологиялық серпiлiстердi бейнелеуде Сайын Мұратбеков жазушы ретiнде үлкен шеберлiк көрсеткен. Әрине, Жанай тау қопарып, тасты бұзып кете алмайды. өзiндегi ақыл-ой, қайрат-жiгер шеңберiнде әрекеттенедi. Сөйте тұра өзiнiң бара-бара қосымша күш-қуат, тосын ақыл-айла тапқанын да түсiнедi. Бұл қарқында тек Моторбай мен Бақыттың ғана тағдыры емес, өзге мәселелер де Жанайды аяқтан шалады. Мысалы, сол астықты ұрлауды тiкелей ұйымдастырған төраға орынбасары Әзиев пен бас бухгалтер Хайдар ойда жоқта Жанайдың әке-шешесiнiң үйiне келедi. Жанайдың сельпода iстейтiн әкесi мен шешесiн алдын-ала бiр мәселеде үгiттеп, көндiрiп, ендi өз орталарына Жанайды шақыртады. Сонда не үшiн дейсiз ғой... Сөйтсе бұлар да Сәмбеттiң бiр әлсiз жерiнен мықтап ұстаған екен. Олар Жанайды «сен комсоргсiң, сенiң сөзiң өтiмдi, Сәмбеттiң Бақыт деген қызға маған тимесең соттатамын деп қоқан-лоққы жасағанын, әрi шiрiп кеткен астықты бұлардың

мойнына қоймақ екенiн арыз етiп жаз, тексерушiлерге бүгiн түннен қалдырмай апарып беремiз» дейдi. Әрине, Жанайдың Бақыт үшiн жаны ауырады, ал анау талан-таражға түскен астық жөнiнде өтiрiк арызды жазудан бас тартады. Осы оқиға баяндалған беттердi оқығанда оқырманның бей-жай қалуы мүмкiн емес. Әзиев пен Хайдар Жанайдың өз туыстары, руластары, сартабандар. Қиыла өтiнедi. Тiптi Жанайдың арыз жазуына өз әке-шешесi де қарсы еместей. Қалай қарсы болсын, ұжымшардың екi бiрдей дөкейлерi, өз туыстары өлердегi сөздерiн айтып келiп отыр ғой. Бiрақ Жанай илiкпейдi. Жай илiкпеу емес, осындай сәттер үстiнде мұның санасы одан әрмен ояна түседi, жаңа деңгейге көтерiледi. Ал Әзиев пен Хайдар керiсiнше. Сонда олар қайттi дейсiз ғой. Кәне, повестен кiшкентай цитата келтiрелiк: «Әзиев кәдiмгiдей алаң болған түр көрсеттi. Хайдар демiн жиi-жиi пысылдай алды да, бiр уақытта солқылдап жылап жiбердi. Ыңырсығандай даусын шығарып жылады. – Мен итпiн... Мен итпiн... – дедi өзiн-өзi басқа қойғылап. Онан әрi өкiрiп жылады. – өй, мынаған не болды, сонша бала құсап. Тәйт әрi! – дедi Әзиев қабағын түйiп. Жанай қозғалмастан терезеге қарап бедiрейiп отыра бердi. Тағы бiраз жылап-жылап алған Хайдар басын көтерiп: – Жеңеше... Жеңешетай, айналайын, менi құдай атты, – дедi. Қыпқызыл боп кеткен көзiнен тарам-тарам аққан жас бетiн жуып тұрды. Кейпi мас болғанын аңғартады. – Мен ит боппын. Кешiре гөр ата-бабамның аруағы... Жеңеше, берi келшi... Айналайын жеңеше, кеше гөр менi... – Тәлтiректей тұрып Жанайдың апасының алдына барды, етегiне орала жүресiнен отыра кеттi де, сыбырлаған үнмен: – Кеше гөр.. жеңешетай... айналайын... айыбым, мә-ә... – деп қалтасынан бүгерлеп алған ақшаны тықпалай бердi. – Жарайды тұр. Кешiрiм сұрайтындай ештеңе деген жоқсың ғой маған. Тұр. Қалтаңа сап қой, онысы несi... – деп сасқалақтаған апасы ақшаны Хайдардың өзiне қайта тықпалады. Хайдар қайтып алмады. Жұмарланған екiүш қағаз ақша жерге түстi. Апасы жинап ап бухгалтердiң қалтасына тығып берiп едi, анау оны дереу шығарып тастады... Ақыры умажданған ақша жерде қалды. Хайдар тәлтiректеп кеп орнына отырды. Бұлдыраған көзiмен Жанайға бiр қарап алды да, басын салбыратып жiберiп, былқ-сылқ бола қалды»1. Бiз бұл жерде жазушы шеберлiгiн дұрыс бағалауымыз керек. Әзиев пен Хайдардың пара бермек әрекетi ғана емес, соған байланысты таза қазақы мiнездерi де бұл жерде толық ашылып тұр. Егер Жанайдан басқа бiр жiбi бостау, әрi ар тазалығы жөнiнде де пәлендей мақтанарлығы жоқ жас жiгiт болсыншы, онда ол сөз жоқ екi жымысқының қармағын қабар едi. Сөйтiп, өз қолдарын да былғар едi. Алғашқы пәрменде Жанай да Моторбай мен Бақыт жөнiнде не шара керектiгiн болжай алмайды. Әйтеуiр, Бақыт Сәмбеттiң босағасынан аттайды деген түнi Жанай өзiне бiршама үйiрсек Барақ деген жiгiттi ертiп алып, сол қыздың үйiне тартады. үйге өзi кiрмей Барақты жұмсайды. Иә, рас, шынында әке-шешесi ақай жоқ, тоқай жоқ, осы түн iшiнде қыздарын ұзатқалы жатыр.

Ақыры, Жанай сол Барақ арқылы Бақытты тысқа шақыртып алып, оны сол түн iшiнде жаяу-жалпылатып, ұйтқи соққан қарлы боранға қарамастан, ауыл орталығынан бiраз жердегi қыздар фермасына апарып жасырады. Апырау, Бақыт Жанайдың айтқанына неге бiрден көне кеттi. Бiрiншi себебi, Сәмбетке қосылуға өзi де риза емес. Екiншi себебi, Бақыт Жанайдың қалайда адал жiгiт екенiн бiледi, әрi оның мына келiсiнен өз басының от басқалы тұрғанын тереңiрек түсiнедi. Сосын да ол Жанайға ләм-мим деместен ерiп жүре бердi. Ендi екеуiнiң фермаға дейiнгi аралықтағы жүрiсi, өзара сөз алмасулары, фермадағы қыздар ортасына орналасулары, бұл фермаға бұлармен iлесе келген Моторбайдың килiгуi, табиғат суретi, мiне, осы жағдайлардың асқан шынайылықпен суреттелгенi соншалық жазушы салған өрнектен титтей де кiнәрат таба алмайсың. Себебi, әке-шеше отбасынан осындай сәтте қашып шыққан, ақкөңiл де адал қыз Бақыттың, оны құтқармақшы Жанайдың, бойын үрейге алдырып, басын қайда қоярын бiлмей аласұрған, сөйтiп Жанай мен Бақытқа тракторымен ойсыз iлескен Моторбайдың iшкi сезiм иiрiмдерi өз бойларына шақ, өте табиғи түрде өрiлген. Әсiрелеу де, кемсiту де жоқ, сол кездегi ауыл жастарына тән таным-түйсiк шеңберiнде қиыстырылған. Жай ғана қиыстырылып қоймай осы әрекеттерi үстiнде бұл жастардың адам ретiнде жаңа бiр кезеңге көтерiлгенi де байқалады. Жазушы олай деп ашып айтпайды. Осы оқиғаларға арналған беттердi мұқият оқыған оқырман оған өзi көз жеткiзедi. Бұл повестегi оқиғаларды құрастыру үстiндегi автордың ең үлкен жеңiсi сол – осы оқиғалар барысында жiгiттер мен қыздардың адам ретiнде қалыптаса түсуi, есеюi, көңiл көкжиектерiнiң кеңеюi өте айқындықпен шалынады. Бұл әсiресе, Жанай мен Моторбай арасындағы кикiлжiңнен тiптен көзге ұра танылады. Бақытты сол қыздар фермасында қалдырып, бұл екеуi таңертең трактормен бiрге керi қайтты емес пе? Сонда Жанайға Моторбай әлгi үш жүз центнер астық жөнiнде өз бiлгенiн тiптен сарқа баяндайды. Бiр жайдан Жанайға керегi де осы. Сөйтсе, ол үш жүз центнердiң, екi жүзi ғана сатылыпты да бiр жүзi басқа жерге тығылыпты. Осыны айту үстiнде Моторбайдың әлденеден Жанайға қызғанышы оянады, «бұл таза жүрген жiгiт, мен неге былғанғамын» дегендей. Бұрын да бiр соққыға жыққан Жанайды ендi тракторымен жаншып өлтiрiп кеткiсi келедi. Онысын ашық айтады да. Сонда Жанайдың бойында әлдеқандай ыза оянады да, «егер шынымен өлтiргiң кеп тұрса» дейдi де трактордың алдына кесе көлденең жата кетедi. Моторбай шынында оны басып өтпекке ыңғайланады. Ендiгi көрiнiстi жазушының өз аузынан естiңiздершi: «Трактор артына қарай бiраз шегiншектеп барып тоқтады. Моторбай кабинадан басын шығарып, төңiрекке қарап алды. – Айтпады деме, тұра қашатын болсаң қуып жүрiп басам, – деп ескерттi. Тағы да сақ-сақ күлдi. Әйнектiң сынығындай шегiр көзi Жанайға алыстан-ақ тесiрейiп зәр шашып есiрiктенiп тұрғандай боп көрiндi. Онан соң газды аямай басып, тракторды бар екпiнiмен ағызып кеп тура Жанайға қарай бұрды. Шынжыр табан жер-көктi солқылдатып, қарды бұрқыратып жiбердi.

Жанай Моторбайдың әрбiр қимылына кiрпiк қақпай қарап жатқан. Жерде, көлпек қарға кiрiп жатып қарағанда трактор көк аспанның төрiнен құлап келе жатқандай сұмдық үрейлi, үлкен боп көрiнедi екен. Зiлдей боп жыпырлай жылжыған тiс-тiс шынжыр табан мылжа-мылжа ғып езiп тастауға төнiп келедi. Капот жарылып кетердей боп азан-қазан ащы дүрiл дүниенi тұндырып жiбердi. Төбесiнде қап-қара түтiн. Бес-алты қадамдай қалғанда Жанай кабина iшiнде алға қарай өңмендей түсiп, тiстенiп отырған Моторбайды соңғы рет көрiп қалған. Соның артынша селк-селк еткен радиатор төне бердi басына. Жанай соңғы рет аспанға қарап үлгерген: көкпеңбек боп шыр көбелек айналып құлап келе жатты. Мұнан әрi ол көзiн тарс жұмып, екi қолымен бiрдей ып-ыстық қарды сығымдай бердi. Мiне, басты... мiне... мiне... Есi ауытқып кеткен. Бүкiл денесi тас боп ұйып қатып қалды... Жо, әлi басқан жоқ... Әлi басқан жоқ... Көзiн ашқан: трактордың шынжыр табаны тура басынан төнiп кеп тоқтапты. Тiс-тiстiң арасына жабысқан қар бетiне түсiп тұр. Жанай ұшып тұрды. Жүгiрiп келдi де тракторда боп-боз боп ыржия күлiп отырған Моторбайды жағасынан жұлқи тартып: – Неге баспайсың?! Неге баспайсың?! – деп шаптыға айқайлады да, шапалақпен салып, салып жiбердi. Тағы да ұра ма деп қорғаншақтаған Моторбай: – Өй, өй... – деп сасқалақтап күле бердi. Жанай қарғып орнына отырды да: – Жүр, ауылға, ит! – дедi бұйырып. – Қорқақсың!.. Топассың!.. Есiрiксiң!.. – Қойдым, ағатай, жеңiлдiм, – дедi Моторбай әлден соң». (407-бет). Шынында осыдан кейiн Моторбай күрт сынып түстi. өзiнiң жеңiлгенiн мойындады. Бiр кезде өзiн соққыға жыққан, әрi суыққолдылардың тiлiн аламын деп, ұрлықшылар санатына қосылғанын бiлмей қалған Моторбайды Жанай осылай еңсердi. Бұдан арғы оқиғаларды автор аса тәптiштеп жазбайды. Қысқа-қысқа штрихтар арқылы повесть оқиғасын тәмамдайды. Соның өзiнде де Жанайдың ендiгi жерде сұлу да әншi қыз Бақытқа да, аңқау да дөрекi Моторбайға да басқа қырынан көмек көрсететiнiне оқушы риясыз сенедi. Ашыңқырап айтсақ, Жанай осы қарқында ол екi жасты заң алдында да ақтап шығуға жанын салатыны, әрi дегенiне жететiнi бiлiнiп тұрады. Бұл повестегi Жанай бейнесi жазушының үлкен табысы десем асыра айтқандық емес. Бұл тақiлеттес кейiпкерлер басқа да жазушылардың шығармаларында кездеседi. Ал С.Мұратбеков кейiпкерiнiң ерекшелiгi сонда бұл адамның басына келмейтiн әртүрлi оқыс оқиғалар үстiнде күрт бой көрсетедi, аз уақыттың iшiнде көп әпселеңдi бастан кешiрiп, тез есейедi. өз кейiпкерiнiң басындағы осы эволюциялық дамуды ұтымды штрихтер арқылы там-тұмдап көрсете отырып, ауыл жастарының өзiндiк ерекшелiктерiн қоса ашады. Жанай әу баста кiм едi? Жұмысты неден бастарын бiлмей жүрген комсорг, жастар жетекшiсi. Тiптi қолынан ештеме келмейтiндей де көрiнедi. Моторбайдан таяқ жейдi. Ауыл орталығында тұратын жастардан көркемөнерпаздар үйiрмесiн ұйымдастырып, концерт дайындамақ едi, ол

шаруаға да мұның ыңғайы келе қояр емес. Iшкiлiкке қарсы үгiт-насихат жұмысын өрбiтейiн деп едi, әне Барақтың әйелi Торғынның туған күнiне барамын деп, өзi жұрттан бұрын мас боп қалды. Сондай жағдайда Жанайдың басына сарыуайымның да орнаған сәттерi бар. Кенет мұны үлкен биiкке өмiрдiң өзi жұлқып шығарды. Тек өмiр ғана емес. Өмiр кiмдi жұлқымайды дейсiң? Бұған Жанайдың өз аулына, өз ауылдастарына, баршаға ортақ өндiрiстiк шаруаға деген жанашырлығы септестi. Поэзиялық тiлмен айтқанда туған жерге деген махаббаты септестi, қол ұшын бердi, жiгерiне жiгер қосты, ақылына ақыл, танымына таным қосты. Әттең, шiркiн, бүгiнде өз аулымды көтеремiн, өз құрбы-құрдастарыма серпiн беремiн деген жас жiгiттер мен қыздар, жас әкiм, жас мамандар Сайын Мұратбековтiң осы «Көкорай» повесiн қайта оқып шығып, осындағы бас кейiпкер – Жанай бейнесiне ойлана қарар ма едi? Ондай күнде олар бұдан алуан дүниенi ұғып, кәперге алар едi. Бұл повесте жалпы адамтануда да оқырманды бiраз биiкке көтерiп тастайтын кейiпкерлер көп-ақ. Мысалы, қит етсе болды «ой, жетпiс жетi атаңның, жетпiс жетi бабаңның...» деп сыбайтын басқарманың атқарушысы Қасым, кешегi мұғалiм, бүгiнде колхоз бухгалтериясында жұмыс iстейтiн баяншы Бәзiкен, сол бухгалтериядағы осы Бәзiкеннiң әрiптесi Барақ, жас келiншек, Халима, оның күйеуi Қабылтай, тағы басқа да iрiлi-ұсақты кейiпкерлер әрқайсысы өз ерекшелiктерiмен дараланады. Мысалы, Қасым қанша былапыт ауызды көрiнгенмен iш дүниесiнде жас баланың пәктiгiндей тазалық бары анықталады. Бұл кейiпкерiне жазушы аса көп бет арнамаған. Әр тұста бiр жылт еткен штрихтер арқылы ғана берiп отырады. Соның өзiнде де оның толыққанды бейнесi көз алдымызда кесекөлденеңдей тұрады. Клуб меңгерушiсi – жас келiншек Халима мен оның күйеуi Қабылтай ше? Бұлар да шығармадан аса көп орын алмаған, бәрiбiр оқырманның есiнде жақсы сақталады. Халима өткен күзде мектеп қабырғасында оқып жүрiп, Қабылтайға қашып тиген екен. Сол үшiн мектеп мұғалiмi Бәзiкен жұмыстан қуылыпты. Бұл да ел арасындағы бiраз әңгiмеге арқау болған. Ал Халима мен Қабылтайдың бiр ерекшелiгi – бұлар тұрмыс құрғалы жылдай уақыт өткенмен көп көзiнше бiр-бiрiнiң бетiне қараудан қымсынады. Қабылтай ұяң жiгiт пе? Жоқ, аса олай емес сияқты. Бiрде Халима Жанайға келiп, өзiн күйеуiнiң қатты ұрғанын, ендi онымен тұрғысы келмейтiнiн айтып, «мен сенi жақсы көремiн, жiгiт болсаң менi бiр жаққа алып қаш» деген өтiнiшiн жеткiзедi. Бұл жай Жанайды қатты тұралатады. Бiрақ Халиманың өтiнiшiн орындауға ары жiбермейдi. Осы эпизодтан ауыл жастарының тағы бiр қырыкейде ойсыз iс қылатындықтары көрiнедi. Мысалы, «Халима Қабылтайдың сондай мiнезi барын бiле тұрып, мектеп қабырғасын тәрiк етiп, оған тиюге неге асыққан» деген сауал туындайды. «Бiр рет қол көтердi екен деп, сүйiп қосылған қосағынан неге кеткiсi келедi, өзiнiң де кiнәсi бар болуы мүмкiн екенiн неге ойламайды» деп дағдарамыз. Иә, ауыл жастары, жастары ғана емес-ау, барша адамдары ақыл-ойдан гөрi мiнезге көбiрек ерiк бередi. Мұнда көп нәрсенi мiнез шешедi. Халима мен Қабылтай арасындағы кикiлжiң, көп көзге көрiне бермейтiн дүрдараздық содан туындайды. Повесте басқа да

әрқилы адам мiнездерi шаң бередi. Ауылда жұмыс iстеймiн, ауылды басқарамын, ауылды көтеремiн деген әрбiр талапты жiгерлi жас тап осындай қым-қиғаш мiнездердiң үстiнен түсерi хақ. Автор мұны шығармасының бiр тұсында әдейiлеп ескертедi де. «Әй мiнездер-ай! Қызық-ау адамдардың мiнезi! Көнсең де сол, көнбесең де сол» (377-бет) деп жазады. Бұның сыртында ауыл адамдарының арасындағы бақастық, күндестiк, iштарлық, рушылдық сияқты кесепаттар да өз дәрежесiнде суреттелген. «Көкорай» повесiнiң тағы бiр үлкен ұнамды сыпаты – мұнда ауыл көрiнiсi, ауыл ортасы, ауыл адамдары нағыз фотографиялық дәлдiкпен бейнеленедi. Бұл, әрине, автордың өзi жақсы бiлетiн өмiр суреттерiн көркемдiк әдiспен әдiптеп тiзбектегенiн айғақтайды. Шығарманың ең алғаш беттерiндегi клуб айналасының көрiнiстерi, жастардың жиналуы, олардың өзара iлiп-қақпай әзiлдерi бiз сияқты қала тұрғындарының есiне сонау алыстағы өз туған аулын, сонда өткен балалық, жастық шағын түсiрiп, көңiлiн бей-жай етедi. Одан соң әлгi Барақ деген жiгiттiң әйелi Торғынның туған күнiн атап өтуге олардың үйiне жиналған жастар думаны ше..? Бұдан да тек ауылға тән мiнез-құлықтарды, салт-дәстүрдi көрiп, әлдебiр ғамкөңiлдiлiкке ұшырағандай боламыз. Иә, бұдан да өзiмiз ұмыта бастаған көп жайды қайта тамашалап, жастық шаққа деген сағыныш өзегiмiздi өртейдi. Мысалы, Барақтың үйiндегi қазақы тұрмыс, жайылған дастархан, Барақтың келiншегi Торғынның қонақтарды қарсы алу кезiндегi қимылқозғалыстары, көйлек ауыстырып киюi, сөйлеген сөздерi жазушы Сайын Мұратбековтiң ауыл тұрмысының бiлгiрi екенiн бiрден дәлелдейдi. Мына бiр сөйлемдерге назар аударыңызшы: «– Әй, Торғын, нан қайда? – Алдыңдағы шкафтың iшiнде тұр ғой. Барақ шакфтан бiр бөлке нан алып ортаға қойды. – Әй, Торғын, пышақ қайда? – Барақ шкафтың тартпаларын, үстiн қарап пышақты таба алмады. – Осыны қолмен-ақ турамаймын ба, – деп, қолымен бөлiп-бөлiп тастады. Сәлден соң, ауыз бөлмеде ас пiсiрiп жүрген Торғын кiрдi, бiлегiн сыбанып тастапты. Жүзi нарттай қызарып жайнаң қағады. Өзi соның арасынша, әлгiндегi көк ала көйлегiн шешiп тастап қызыл жiбек көйлек киiп апты. Бұ көйлегiнiң де етегi кең екен. Ақырын ғана бiр жамбастап отыра кеткен кезде бүкiл аяғын көрсетпей, әдеппен жиып алды. Оның бұл қылығы Жанайға ұнады». (314-бет). Мiне, осы жолдардан-ақ жас келiншек Торғынның iшi-сырты толық көрiнiп тұрған жоқ па? Нағыз қазақы мiнез, нағыз қазақы қылық. Бұл суреттен басқа да ауыл жастарының бейнесiн жарық шалып, «бiз мұндаймыз» дегiзгендей әсер етедi. Ал Жанай үлкен бiр қарбалас үстiнде өз үйiне келгендегi мына көрiнiске назар салыңызшы: «Күнi бойы жұмыс iстеп шаршап, бүрсектеп тоңып суықтан келгенiңде, ыстық пештiң жалыны бет шарпып қарсы алса, қандай рақат! Маздап жанған тас көмiрдiң болар-болмас қоңырсық иiсi тұла бойыңды шым еткiзiп, мас

қылатындай етедi. Суық, таза ауадан ширығып кiрген адамды үйдiң тынысқа ауыр, ыстық ауасы әп-сәтте болбыратып, езiп жiбередi. Маужыратып, ұйқыны келтiредi. Тегiнде, Жанайдың апасы отты үстеп, көп жағады. Бiр жаққанда бiр шелек көмiрдi бiр-ақ салады. Сонша көмiр бабымен қып-қызыл боп маздаған кезде, үлкен бөлменiң тұтас бiр қабырғасын алып тұрған кiрпiш пеш ыстықтан күл-парша боп жарылып кетердей дiр-дiр етiп тұрады». (381-бет). Мiне фотографиялық дәлдiк деген осы емес пе? Ауылда өскен, немесе, ауылдық тұрмысты өте жақсы бiлетiн қандай да адам осы суреттен иненiң жасуындай да бiр жалғандық таба алар ма екен? Әй, таба алмас. Мұнда табиғат суретi де өз бояу-нақыштарымен көз тартады. Көктемгi соңғы қар, боран, кәдiмгi құс қанаты кезiндегi дала кескiнi, бояу-нақыштары алма-кезек ауысып отырады. Автор табиғат бейнесiн сол бiр қалыпта ғана ұсынып қоймай, ауыл ортасындағы үш күндiк оқиға барысына сай құбылтып, әртүрлi қырынан ашады. Сөйтiп, адам мен табиғат өзара үндестiк жағдайында бейнеленiп, замана тынысы ұйтқи соққан борандай оқырман зердесiне тереңiрек ұялайды. Бұл да автордың осы шығармасын жазу үстiндегi оқшау бiр табысы. Бұл жерде бiз мынадай жағдайды қоса ескерткiмiз келедi. Бұл жоғарыда бiз атап өткен «фотографиялық дәлдiк» деген тiркестен шығады. Шын жазушы мейлi жекелеген адамдардың басындағы психологиялық иiрiмдердi суреттесiн, мейлi адамдар арасындағы әрқилы қарбаласты, тартысты тiлге тиек етсiн, соның бәрiнде де ол құбылыстардың нақтылы табиғи пiшiнiн бұзбай көрсеткенi абзал. «Әйтеуiр, осылай болуға тиiс-ау» деп, оңды-солды сiлтеп, долбармен сойдақтата беру көркемдiк шеберлiкке жеткiзбейдi, керiсiнше одан алыстатады. Сосын да оқырманның көңiлi ондайлықтан суып қалады. Мысалы, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Анна Каренина» атты романындағы Анна Каренинаның поездың астына құлап өлетiн сәтi бейнеленетiн беттердi қайта оқыңызшы. Жазған әйел өмiрiнiң осы бiр соңғы сәттерiнде асқан байқампаздық танытады. Вагонның әртүрлi бөлiктерiне, шойын жолға, шпалдарға, басқа да ұсақ-түйектерге жiтi назар аударып үлгередi. Бiр қарағанда осының бәрi ол үшiн неге керек дейсiң. Ия, оның бәрi адамның өзiн-өзi өлiмге қиған сәттерiнде басын шырмап алатын психологиялық құбылыстар екен. Лев Толстой оларды «осылай болуға тиiстiау» деген долбармен ойдан құрастыра салмаған, адамның биологиялық ерекшелiктерiн терең зерттеу нәтижесiнде қол жеткiзген. Атақты физиолог ғалым И.П.Павлов Толстой шығармасының осы беттерiн оқи отырып, Анна Каренина өмiрiнiң соңғы минуттерi асқан ғылми дәлдiкпен берiлген деп бағалапты. Иә, Лев Толстойдың ұлылығы жазған кiтаптарының сондай ерекшелiктерiнен құралса керек. Мұндай сөздер орыстың екiншi бiр ұлысы А.П.Чехов жөнiнде де айтылған. Мысалы, оның «Қара киiмдi монах» атты повесiндегi жүйке ауруына ұшыраған жас ғалым Андрей Ковриннiң көзiне әлсiн-әлсiн қара киiмдi монахтың көрiне беруi, «Алтыншы палата» повесiндегi Иван Дмитрич

Громов пен дәрiгер Андрей Ефимыч Рагиннiң сырқатқа шалдыққандағы мiнездерi мен сөздерi, трагедиялық хал-жағдайлары ешбiр боямасыз, ауытқусыз, нағыз ғылми дәлдiкпен берiлгенiн көптеген ғұлама замандастары бiр ауыздан мақұлдаған. Мұның бәрi қайдан шығады, әрине, автор өзi тiлге тиек еткен ортаны, сондағы адамдар тiршiлiгiн, тағдырын, ой өрiсiн түбiне жете зерттеп, әбден танып-бiлiп бейнелегенде ғана осылай болмақ. Орыстың, басқа да шетелдiк классиктердiң туындыларынан мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Бiз де Сайын Мұратбековтiң аталмыш повесiне осы тұрғыдан баға бергiмiз келедi. Мысалы, бухгалтер Әзиев пен Хайдардың Жанай үйiнде оның әке-шешесiне ақша ұсынып, жас жiгiттiң аузын алмақ әрекетi үстiндегi көрiнiстер, Моторбай мен Жанай арасында фермадан керi қайтқанда болған жайлар, әсiресе, Моторбайдың Жанайды трактормен басып өлтiрмек болған ойсыз қылығы, суық күнде Жанай үйiнде мол жағылған оттың әсерiнен туған, жоғарыда бiз арнайы келтiрген үзiндiдегi сурет, табиғат құбылыстары, жалпы ауыл жастарының мiнез-құлқы, iс-әрекеттерi ешқандай қоспасыз, тек өздерiне тән бояу-нақыштармен өрiлген. Сосын да мұндағы ауыл болмысы кең көлемде, әр әртүрлi ұңғыл-шұңғылдарымен қосақабат көз алдымызда керiлiп жатқандай әсер етедi. Иә, қайталап айтайық, Сайын Мұратбековтiң «Көкорай» атты повесiнiң бiр құндылығы әрбiр оқырманды ауылтануда жаңа бiр сатыға көтерiп тастайтындығында. Кейбiреулер бұл сөзге өзiнше күлегештенуi де мүмкiн. Жоқ, ондайлыққа асықпаңыз. Ауылтану iсi тек қала тұрғындары үшiн ғана емес, сол ауыл тұрғындарының өздерi үшiн де қажет. «Өмiр бойы ауылда тұрып келемiз, бiзге ауылтану деген ұғым басы артық дүние» дегендерге де айтар наразылығымыз толып жатыр. Бүгiнде ұжымшар, кеңшар аттылар тарағаннан кейiнгi кезеңде ауылда етек алған әртүрлi қиындықтар сол ауыл табиғатын жан-жақты жете зерттемегендiктен, оның күштi де әлсiз жақтарын барынша ескермегендiктен туындап отыр десек қате емес шығар. Ауылды көтеру ең алдымен сол ауыл адамдарының өздерiне байланысты екенiн де ұмытпаған жөн. «Ал балық, аузыма сал балық» дегеннен еш нәтиже шықпасы белгiлi болған кезеңге жеттiк-ау, шамасы. С.Мұратбековтiң аталмыш повесiндегi Жанай сынды жастар өз аулының ұйтқысы болып, сондағы жер, су, топырақ жағдайына орай үлкен өндiрiстiк мәселелердi шешсе, шiркiн... Әрине, барлық мәселенi шешу ауыл адамдарының қолынан келмес. Мысалы, ауылды сумен, электр қуатымен, көмiрмен, техникамен қамтамасыз ету сияқтыларда мемлекет тарапынан көмек қажет. Алайда, сол көмек алу үшiн де ауыл жастары бiраз күш-қажыр жұмсауы шарт қой. «Жыламаған балаға емшек бермейдi» деген ғой. Ал басқасын сол ауыл тұрғындары, жастары дұрыстап бас бiрiктiре алса өздерi жолға қояр едi. Мысалы, мал басын көбейтiп, құс өсiру, кейбiр ауыл шаруашылығы өнiмдерiн алғашқы өңдеуден өткiзу, сақтау, сату, жекелеген құрылыс iстерiн өркендету, қойма, шеберханалар жұмысын жолға қою, қолда бар ескi техниканы жөндеп пайдалану, тағы сол сияқты iстер.

Иә, ауыл өмiрiне деген жанашырлықты оятатын тек С.Мұратбековтiң бiз талдаған повесi ғана емес, қазақ әдебиетiнде мұндайлық басқа да шығармалар баршылық. Мысалы, Ғабиден Мұстафиннiң «Шығанақ» романы, «Миллионер» повесi, Мұхтар Әуезовтiң, Ғабит Мүсiреповтiң бiраз әңгiмелерi, сондай-ақ олардан кейiнгi толқын – Сәуiрбек Бақбергенов, Тәкен Әлiмқұлов, өтебай Канахин, Iлияс Есенберлин сияқты жазушылардың жекелеген туындылары. Бүгiнгi жас ұрпақ, әсiресе, ауыл жастары соларды жата-жастана оқыса, шiркiн. Осы орайда кiтап шығару жүйесiндегi қызметкерлерге арналған бiр өкпе-наразылығымызды да келтiре кетейiк. Соңғы жылдары жоғарыда аталған үлкен жазушылардың шығармаларын қайта ұсыну керек болса мiндеттi түрде көп томды шығармалар жинағы етiп бастыру әдетке айналып барады. Әттең, ауылды көтеру жөнiнде ұран тасталған осындай жылдарда осы жазушылардың ауыл өмiрiне арналған роман, повесть, әңгiмелерiн, проблемалық очерктерiн жеке-жеке, шағыншағын кiтап етiп бастырып, ауыл адамдарына, ауыл кiтапханаларына арзан бағамен таратса ғой. Осындай шара арқылы ауылды көтеру ең алдымен сондағы тұрғындардың бiрiншi кезектегi мiндетi екенiн, ол үшiн жiгерқайрат, туған ауылға деген жанашырлық қажет екенiн тереңiрек ұқтыруға қол жеткiзер едiк. Бұл жөнiнде өзiмiзбен көршiлес аса үлкен ел – Ресейдiң көптеген жазушылары, солардың өз тiлiмен айтсақ сондағы «деревнялық прозаның шеберлерi» – В.Овечкин, Б.Можаев, В.Тендряков, Ю.Трифонов, В.Шукшин, В.Белов, Ф.Абрамов, тағы басқалар жерiне жеткiзе айтып кеткен екен. Мақаламыздың соңында осы аталғандардың iшiндегi бiрегейi, атақты «Братья и сестры» атты романдар циклының авторы Федор Абрамовтың өз жерлестерiне ашық хат ретiнде жазылған «Чем живем-кормимся» атты мақаласынан кiшкентай бiр цитата келтiргiмiз келедi: «В деревне нет недостатка в работящих, талантливых и совестливых тружениках. И у них болит сердце, когда видят сгноенное сено, погибщих телят, пьяных подростков. «Разбаловались... разболтались», – самокритично говорят они меж собой. Но почему не слышно их требовательного голоса? Почему никто из них не хочет идти в бригадиры, в управляющие? Почему они даже детей своих взрослых отговаривают от участия в управлении хозяйством? Равнодушие, пассивность, нежелание портить отношения с односельчанами... И вечная надежда на строгого и справедливого начальника, который откуда-то приедет и наведет наконец порядок. Почти как у Некрасова: «Вот приедет барин, барин нас рассудит». Но так ожидала бабушка Ненила, неграмотная старуха некрасовских времен. А теперь-то зачем ждать помощи со стороны? Лучше вас никто не знает веркольской земли, хозяйства, людей, местных нравов, – вам и браться за дела, вам и наводить порядок в собственном доме». (Федор Абрамов. «О хлебе насущном и хлебе духовном». Москва, изд-во «Молодая гвардия», 1988 г. С. 9.)

Әттең, кезiнде Ресейдегi деревнялық өмiрдiң тамаша бiлгiрi саналған жазушының осы сөздерiн әрбiр қазақ аулындағы кеңселердiң, мәдениет ошақтарының кенерелерiне орысша-қазақша бадырайта жазып, iлiп қояр ма едi? Сайын Мұратбековтiң «Көкорай» атты повесiне арнайы талдау жасағанда бiз де оқырмандарды өз хал-қадарымызша осындай ойларға жетектеудi мақсат тұтқан едiк. 2003 жыл. ӘР ТУЫНДЫ ӨЗ ЖҮГIН КӨТЕРЕТIН БОЛСЫН (Рамазан Тоқтаровтың «Ертiс мұхитқа құяды» атты екi томдық романы хақында)

«Ертiс мұхитқа құяды». Сiрә, бұл кiтаптың аты жақсы ниетпен, әрi сәттi қойылған болса керек. Толассыз туындайтын арман ағысының бiр адамның бойында, немесе, бiр ортаның өзiнде қалып қоймай, мәңгiлiк шалқып, толқып жатқан өмiрге араласуынан елес бередi. Шынында автор осыны мақсат еткен. Екi кiтаптан тұратын романда сонау отызыншы жылдардың ортасынан шамамен алғанда елуiншi жылдарға дейiнгi уақыт қамтылған. Әрине, бүкiл елiмiз болып, ауыр кезеңдi бастан кешiрiп, әрбiр ерлiгi тарихқа алтын әрiппен жазылып қалып отырған шақтың оқиғасына оралу авторға үлкен мүмкiндiк беретiнi даусыз. Осы мүмкiндiктi қалай пайдаланды, романның көркемдiк дәрежесiн қаншалықты көтерiп жаза алды, оқушы талғамын қаншалықты қанағаттандыра алды, мiне, әңгiме осында. Бiз әдебиеттiң үлкендi-кiшiлi жанрларының ешқайсысының маңызын кемiтпеймiз. Алайда, шығарма көлемi қаншалықты қомақты болса оқушы одан соғұрлым мол нәрсе күтетiнi авторға да үлкен жауапкершiлiк жүктеп, келелi әлеуметтiк мәселелердiң жiгiн тауып, шешiп отыруын талап етедi. Бұл жоққа шығаруға болмайтын шындық. Роман жай шаруа адамы Аянның үйiне құдайы қонақ Нұрымның келуi, Аянның өзiнен көп кiшi әйелi Қалиманың босанып, ұл тапқан үлкен қуанышынан басталады. Аян, Ноян, Арын – үш ағайынды да, Ноян ертеректе қайтыс болған. Оның әйелi Шеридi әмеңгер ретiнде Арын алып, роман оқиғасы осылардың тағдыры төңiрегiнде өрбидi. Аян жасы келiп қалған ақсақал шал болғандықтан осы қартайғанда көрген қызығы-жаңадан туған сәбиi Бекетке ендiгi қалған өмiрiн арнағандай, соған деген қамқорлықтан рахат тауып жүрген адам. Бiр қызығы өзiнiң жасы үлкен бола тұрып, сол өлгенде көрген жалғыз ұлын iнiсi Арынның (оның да баласы жоқ) тәрбиесiне бередi. Қазақ салтына мұның өзi қиыспайтын нәрсе сияқты. Аға мен iнiнiң ортасындағы жалғыз бала мейлi ол қайсысынан тусын үлкенiнiң қолында тәрбиеленуi сенiмдi болып шығар едi. Автор мұның себебiн егер жалғыз баламды Арынның қолына бермесем, ол әйелiн тастайды, сөйтiп iнiмнiң семьясы бұзылады деп Аянның қауiптенуiнен деп түсiндiредi. Жә, мұны қоя тұрайық.

Аян автордың баяндауы бойынша өзiнiң адал еңбегiмен күн көрген, ешкiмге қиянат жасамаған, тағы өз үйiне ғана емес, айналадағы ағайын туысқа бас-көз болып, отырған естияр адам. Жазушы Рамазан Тоқтаров мұны дәл осылай оқушы көзiне елестете алмағанымен, қалайда роман желiсiне қарап отырып, оны солай қабылдағың келедi. Авторда сондай бiр емеурiн барын ұғасың. Әйелi Қалима да автордың көп тәптiштеп, оқушы көзiне көлбеңдете берген жағымды кейiпкерлерiнiң бiрi. Бұл жасында басқа қыздар сияқты бай тұқымынан шыққан, әрi серi, әрi бiлiмдi жiгiт Қоңыратқа қызығады. Алайда, адамның ойлағаны бола бере ме, тағдырдың тәлкек етуiмен барып, шал адам Аянға тұрмысқа шығып, жас тағдырын сонымен байланыстырады. Әрине, автор Қалиманы от пен суға салып, оны талай қиындықтан өткiзедi. Қолынан анау-мынау iс келетiн бiршама өнерлi, пысық әйел болып көрiнедi оқушының көзiне. Кейiн шалы Аян қайтыс болып, қайнысы Арынның ақыл салуымен соның қолына көшiп барғаннан кейiн осы үйге береке кiргiзу үшiн қолдан келгеннiң бәрiн iстейдi. Бiр жерге жұмысқа тұрып, табыс табудың да әрекетiн жасайды. Мұндай әрекеттен ешнәрсе шықпаған соң көршi-қолаңдардың үйiне барып, тiгiншiлiкпен айналысады. Тапқан-таянғанының бәрiн Арын үйiне әкеп, өздерiнiң, балалардың аш-жалаңаш болмауына септiгiн тигiзедi. Алайда, Қалима өмiрiнде де бұралаң жолдар болған. Ол Аянға тигеннен кейiн де қыз кезiнде көңiлi ауған Қоңыраттың уысына түсiп қалып, жемежемге келгенде оның дөрекiлiк әрекетiне жас тәнi қарсылық ете алмай қалады. Анау Аян шалдың өлгенде көрген жалғыз баласы (айтпақшы, оның ертеректе алты баласы болған, бiрақ бәрiнiң де жүруi көп болмаған) Бекет Қоңыраттан туған деген өсек қаулап кетедi. Бұл сырдан жалғыз Аян ғана хабарсыз едi, бiрақ өлiм аузында жатқанда мұның халiн сұрауға келген Серiкбай дегеннiң аузы жеңiл әйелi Қалимамен сөзге келiп қалып, оның Қоңыратқа әлi де «кет әрi» емес екенiн айтып қалады. Осы сөз төргi үйде төсек тартып жатқан Аянның құлағына шалынып қалғанға ұқсап едi. Құлағы шалған күнде де төрiнен көрi жуық қалған, айықпас дерт меңдеп бара жатқан ауру шал ол сөзге желiгер ме? Тек Қалимаға аш болсаң да, жалаңаш болсаң да мынау өзiмнен қалған жалғыз тұяқты оқытып, адам санатына қос деген аманат қалдырады. Қалима бұл аманатты орындайды. Сол аманаттың орындалуын автор романның өнебойына негiзгi желi етiп тартқан. Әрине, бұл екi кiтапты роман үшiн негiзгi желi бола алмаса да керек-ақ жайт. Тек Қалима мен Бекет тағдыры оқушыны толғандыра алса ғой. Романның басынан аяғына дейiн баратын тағы бiр басты кейiпкер Арын. Қайда болсын негiзгi оқиғаның ортасында жүрiп, Аян өлгеннен кейiн оның опырайып қалған орнын толтыратын, осы семьяның ендiгi тұтқасы болатын осы. Сонымен бiрге осы Арын Аянның жартыкеш болып қалған образын жетiлдiруге, оның басынан кешпеген нәрсесiн кешуге, сөйтiп, өз заманының әлеуметтiк оқиғаларына әрдеқайда мол араласатын басты тұлғаға айналуға тиiс едi. Алайда, мұндай үмiт те ақталмайды. Романның басынан аяғына дейiн Арынды от басы, ошақ қасынан ғана көремiз. Алғашқы тарауда Қалима толғатып жатқанда қаладан дәрiгер әкелемiн деп, бiр жойқын мiнезiмен

көрiнiп едi. Сол жойқын мiнезiн ол ақыр аяғына дейiн сақтап қалды. Кейiн бiрiншi кiтаптың аяғында жеңге алған әйелi Шеридi бала таппағаны үшiн тастап, көпке дейiн хабарсыз кеткен Қоңыраттың әйелi Мәликенi алады. Бұдан кейiн де Арын бой жазып, көтерiлмейдi. От басы, ошақ қасында одан сайын байланып, нағыз үй iшiндегi тентекке айналады. Қатын-баламен жағаласып, өзiнiң де, өзгенiң де берекесiн кетiредi. Романда автордың әсiрелеп суреттегiсi келген орыс адамы Көкiрек (Яков Нестерович) кейiн соғыс басталғанда Арынды майданға жөнелтейiн деп жатқан жерiнен алып қалып, соғыс қажетiне жұмыс iстейтiн заводқа жұмысқа қосады. Алайда, бұдан кейiн де Арын көпшiлiк орыннан көрiнiп, бүкiл елiмiз белi қайысып көтерiп жатқан ауырлықты көтеруге қатынасқаны суреттелмейдi. Романның қай жерiнде болмасын автор осындай ұлы дүбiр жайын бiр-екi сөйлеммен тамамдайды да қайтадан үй арасындағы өсек-аяңға басы бүтiн берiлiп, желе жортып ала жөнеледi. Ал, кешегi байдың тұқымы Қоңыратты автор мынау жаңа заманда бiраз тағдыр тәлкегiне салған болады. Бiрақ ол жерде қалатын емес. өзiнiң бiлiмi арқасында әлi де басқалардан шоқтығы биiк тұрғаны байқалады. Тек соғыс кезiнде тұтқынға түсiп, (өзi түсе ме, жоқ амалсыздан түсе ме, ол жағы белгiсiз) анау тайгаға жер аударылады. Сол арқылы сонау табиғаты қатаң өлкенi мекендеген ненецтердiң өмiрiн, салт-тұрмысын суреттеуге бiраз беттердi арнаған. Алайда, бұдан романның мазмұны байып тұрған жоқ. Сосын Қоңыраттан түрлi хабар келiп жатады. (Қоңырат Арынның тастаған әйелi Шериге хат жазады). Кейiн ауылға өзi оралғанда оның әйелi Мәликенi алып алған Арын жынданады. Мәликеден туған қыз Зуратай жынданып, сол аурудан өледi. Арын қатты ауырып жатқанда Қоңырат келiп, Мәликемен ауыз жаласқан болады. Кейiн осы Қоңырат өлгенде Арын ауруынан айығып кетедi. Мұны автордың қандай биологиялық құбылысқа негiздегенi белгiсiз. Екiншi кiтапта осы Арынды көбiнесе ауру халiнде көремiз. Осындай түрлi бақытсыздық арқылы, бiреудiң бiреу әйелiн алып, екiншi бiреудiң кемтарлыққа ұшырауы арқылы, соның төңiрегiнде ғана автор шиеленiс тудырып, оқушыны қызықтырғысы келедi. Мүмкiн Рамазан Тоқтаров осындай жайттар арқылы сол кездегi тұрмыстың қиындығын, соғыс жылдарында қарапайым еңбек адамдарының мойнына ауыр салмақ түсiп, соғыстан бүлiнген халық шаруашылығын қалпына келтiрудiң оңайға соқпағанын көрсеткiсi келген шығар. Жоқ, бұл шиырдан ондай ешнәрсенi көрмеймiз. Тiптi әр жердегi екi-үш сөйлемнен тұратын деректердi алып тастаса, мұндай жәйттердiң қай кезде болып жатқанын, соғыстан бұрынғы ма, соғыстан кейiнгi ме, тiптi Октябрь революциясынан бұрынғы ма, қай кездегi оқиға екенiн ажыратып алу қиын. Әйтеуiр, үйдiң төрт керегесi қоршап, бүркемелеп тұрған, сүреңсiз, бейшаралық өмiр. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң үстiмiздегi жылғы 19-июнь күнгi санында жарияланған осы роман туралы мақаласында жас сыншы Б.Уахатов мұны «тұрмыстық роман» деп атап, оған сол тұрғыдан қарап, ақтауға тырысқан. Жоқ, кешiрерсiз, соншама ұзақ, әрi елiмiздiң өмiрiнде үлкен бетбұрыс болған уақытты қамти отырып,

барлық сыртқы қозғалыстан үйдiң төрт керегесi арқылы жасырынып, тасада қалу романдағы сан-алуан кейiпкерлер үшiн мүмкiн емес нәрсе. Мүмкiн Р.Тоқтаров ол кездегi халық өмiрiн бiлмейтiн шығар, содан барып, ол өз кейiпкерлерiн от басы, ошақ қасында шыр айналдырып қойған шығар. Олай болса әңгiме басқа. Кiтапта ең көп орын алған бас кейiпкер Бекет. Автордың барлық ынтаықыласы осындай жас өнер иесiнiң өсiп, қалыптасуын көрсетуге ауған. Алайда басқалар сияқты осы Бекет те өз тағдырымен сол кездегi әлеуметтiк жағдайға араласпайды. Тiптi Бекеттiң балалық шағы, оқып, бiлiм алуы, өнер иесi болып қалыптасуы жайдан-жай ғана хронологиялық тiзбектi еске түсiредi. Оның тууы бiр суреттеледi. Алғашқы аяғын тәй-тәй басқаны романның бас-аяғымен сiңiсiп, жалғасып жатқан оқиға үстiнде емес, жалпы сюжетке ешқандай қатысы жоқ жеке эпизодтар ретiнде тағы суреттеледi. Одан кейiнгi өмiрi де солай. Кiтапты оқып отырғанда адамның жарқ еткiзiп көңiлiн ашып жiберетiн бiр iсiмен көрiнбейдi. Ретi келгенде айта кетейiк, романның өзi тұтасымен оқушыны жетелей алмайтын, қызықтырмайтын сүреңсiз суреттермен, бiр-бiрiмен көп қабыспайтын эпизодтар тiзбегiмен толтырыла салған, бiрден-бiрге ширығып, дамып отыратын жанды сюжет жоқ. Бекеттiң мүсiн жасауға икемi бар. Автор оның болашақ үлкен өнер иесi екенiн бiрнеше жерде ескертедi. Ең соңында оның архитектуралық жоғарғы оқу орнын бiтiргенiн, әке мүсiнiн жасап шығаруын автор өз кейiпкерiнiң шыққан мұраты ретiнде көрсетiп, романды тамамдаған. Қысқа әңгiме, немесе, шағын повесть болса, бiр жайдан шығарманы бұлай тиянақтаумен келiсер едiк. Алайда, өзi қамтыған уақыт iшiндегi заман өзгерiсiн айқара ашып көрсетiп беруге тиiс аса көлемдi роман ғой, адамның өсу жолын мұншалықты жалаң, өрiсiн тар етiп, iстi тамам ете салуға бола ма? Бұл iшiнде көзге әрең шалынатын бiр түйiр ғана асыл тасы бар үлкен қапшықты қоқсыққа толтырып, белiң қайысып көтеретiн байлық арқалаттым деп жөнелтiп салғанмен бiрдей. Романда Әрiпхан, Меңдеке сияқты колхоз бастықтары көрсетiлген. Әрiпхан жаламен сотталып кетедi де, оның қандай адам екенi жөнiнде ешқандай елес қалмайды, ал Меңдеке тасырлығы басым дөрекi адам болып көрiнедi. Бiрақ бұл да колхоз басшылығында көп табан тiреп тұра алмайды. Автор оны да жерiне жеткiзбей оқушы көзiнен тезiрек таса қылады. Айтпақшы, осы Меңдекенiң қорлығына шыдай алмай Аянның үй iшi қалаға қарай жасырын көшiп кеткенде артынан қуып жеткен Меңдеке тобы Аяндармен соқтығысып қалады. Меңдекелер тобы басым едi. Аяндардың бағына қарай сонау Ресейден жаяу-жалпылап көшiп келе жатқан орыс адамдары болысып, Аянның от басы аман қалады. «Абай жолы» романындағы осыған ұқсас оқиғаны еске түсiредi. Аян от басына қорған болған орыстар адуан топты бастап келген Меңдекенi «басмашы» ма деп сұрайды. Бұл жерде мынандай заңды сұрақ туады. Бiрнеше жылдан берi қалыптасып қалған колхоз бастығын осыншама құбыжық етiп көрсетуден автор не ұтып тұр? Жарайды, Меңдеке ешқандай жақсы iске қолы бармаған,

жағымсыз кейiпкер-ақ болсын, ал сондай қиын уақытта әлi бұғанасы қатып үлгермеген колхоз шаруашылығын алға апарушылар кiмдер? Елiмiздiң батыс жағынан аузын арандай ашып, фашистiк Германия соғысқа жанталаса әзiрленiп жатқан шақта Отанымыздың қорғаныс, экономикалық қуатын нығайтуға үлес қосып жатқан кiмдер. Олар мыналар деп автор оқушының алдына кiмдi ұсынып отыр? өлмелi шал Аян ба, үй iшiнiң тентегiне айналған Арын ба, соғыс бiткенге дейiн басын қайда қоярын бiлмей, сенделумен болған Қалима ма, тұтқынға түскенi үшiн жер аударылған Қоңырат па? Кiмдi iрiктеп ала аламыз? Бекет пен Наурыз (Мәликенiң Қоңыраттан туған баласы, кейiн бұл да шешесiн алған Арынның қолында Бекетпен бiрге тәрбиеленедi) ол кезде сәби балалар. Иә айтпақшы, орыс адамы Көкiректi (Яков Нестерович) соншама биязылап көрсеткен. Алайда бұл кейiпкер өзiнiң жанды тұлғасымен оқушыны көп қызықтырып әкете алмайды. Бұл көбiне бұрынғы қазақ романдарында, повестерiнде бейнеленген жекелеген орыс кейiпкерлерге ұқсас, тағы аса сүреңсiз шыққан. Қатар өсiп келе жатқан Бекет пен Наурыз арасында өзара қызғанышқа себеп болған жас қыз Нәркес өз көзiнiң аздап нашар көретiнiн пайдаланып, ұнатқан жiгiтi Бекеттi баурап алу үшiн оған түк көрмейтiн соқырмын деп мүләйiмсидi. Бұған қалай сенейiн. Ақырында, ол басқа бiреуге тиiп кетедi. Басқа да адамға ой салмайтын, қайта кiтаптың сұрқын кетiретiн түрлi эпизодтар, штрихтер көп-ақ. Тағы бiр мысал келтiрейiн. Қоңырат айдаудан келгеннен кейiн өзiнiң бұрынғы әйелiн алған Арынның ауырып жатқанын пайдаланып, сол Мәликемен бiраз ауыз жаласып жүредi. Мұндай сәттердi суреттегенде адам мiнезiнде сирек кездесетiн қызық құбылыстарды, психологиялық тербелiстердi көрсетiп тастаудың мүмкiндiгi туады. Амал не, Қоңырат пен Мәликенiң осы жүрiсiнен ондай ешнәрсенi көрмеймiз. Жалпы алғанда тiл нашарлығынан ба автор адамның психологиясын дәл беруге өте шорқақ. Әрi бұған салдыр-салақ қарайтын сияқты. Мысалы өсу, iзденiс үстiндегi Бекеттiң бiр толғанысын автор былай бередi: «Тәттi екеш тәттiден де шығады адам, бұл ойын жалықтырайын дедi Бекеттi. Көңiлдегiнi өтiрiк емес, шын көрмей тағат жоқ. Онсыз сарнап жатқан сырқатты iздеп таба алмай қиналған дәрiгердей, кең дүниеге сыймай шарқ ұрады» (II-кiтап, 80-бет). Бұдан оқушы қандай әсер алмақ? Әсер алмақ түгiлi ұғу қиын ғой. Алайда, Р.Тоқтаровтың қолынан нағыз әдеби көркем тiл келмейдi деу әдiлетсiздiк болар. Романды оқып отырғанда кейбiр ұтымды шыққан табиғат суреттерi кездеседi. Мысал келтiрейiк: «Ертiс жағасы тау-тау болып үйiлген дөңбек бөрене мен мүлгiген баржыдан көрiнбейдi. Күннiң қабағы салыңқы. Анда-санда қышқырып қоятын буксир-пароход осы көңiлсiздiкке жекiрген кәрi әжедей, ешкiм қаймықпайтын зәрсiз үнiн сұрғылт бұлттарға сiңiрiп, лезде жоғалтып алады». (128-бет. II-кiтап). Адам көңiлiнде үлкен елес қалдыра алатын суреттеу емес пе? Әттең бәрi осындай болса деген арман айтқың келедi.

Р.Тоқтаров романының тiлiндегi басты кемшiлiк өзара туысып, қалыптаспаған, көкейге қонбайтын, әрi дұрыс ұғым бермейтiн сөз тiркестерi, оқыс жасала салған теңеулер аяқ алып жүргiзбейдi. Осыдан барып, романды оқып отырғанда көңiлдi ашып жiберетiндей айқын елес қалмайды. Бiраз мысалдар келтiрейiк: «Математика есептерiн жылдам шығарады» (44-бет, IIкiтап). Бұл жерде «математика» деген сөз артық. «Есепке жылдам едi» дей салса болмай ма? «Осы бiр қас қаққандай уақытта кеудесiнен жанартау атылғандай көзiнен жап-жасыл от шашырап, ағаны көрсе аңдыздайтын үрей атаулы зым-зия жоғалып кеттi». (62-бет, II-кiтап) Мұндағы «кеудесiнен жанартау атылғандай», «аңдыздайтын үрей» деген тiркестер ешқандай елес қалдырмайды, ұғым бермейдi, тек оқуды қиындатып тұр. «Қоңыраттың ерлiгi басын өлiмге байлап, мазақ пен қорлықтың барлық түрiне көнуге жеткенiмен, өзiнiң бауыр етiнен жаралған қатын мен бала қорлығы, солардың бiр ауыз сөзге келмей шырқ айналулары шыдатпады. (66-бет, II-кiтап) Осы сөйлемде бiрнеше қате бар. Ең алдымен «ерлiгi» деген сөздi автор өзiнiң тура мағынасында алған, бiрақ ол сөйлемнiң ыңғайына қарай «шыдам, төзiм» деген сияқты ұғымдардың орнына пайдаланылып тұр. Тағы «бауыр етiнен жаралған» деген күрделi анықтауышты қатын мен балаға бiрдей қолдануға бола ма? Ал «шырқ айналулары» дегендi қалай түсiнемiз. Ашулану ма, жоқ, сырт айналу ма? Романды тәптiштеп оқып отырғанның өзiнде де осындай екi ұшты түсiнуге болатын сөз тiркестерi аяқтан шалып, алға бастырмайды. «... Жақынымның жаттығынан бауыры суық көр артық деген морт мiнез шешiм тапты» (Сол бетте). Бұл жерде жақынның жатқа айналуын суық көрге теңеу бiздiң қазақша ұғымға сай емес, тым дөрекi, сұрапыл болып естiледi. Оның үстiне мұны автор бұрыннан қалыптасқан тұрақты сөз тiркесiне сәйкестендiрiп алып отырған жоқ, өз жанынан ойсыз суыра салған. Екiншiден осы сөйлемдегi «морт мiнез» деген тiркес «шешiм» деген сөзге анықтауыш болып тұр ма, жоқ «шешiм тапты» деген баяндауышқа бастауыш болып тұр ма? Қалай болғанда да оқушыға жайсыз тиедi. «– Алақаныма мүйiз қатырмай, жүрегiмдегi берiштен арылмаймын... Мәлике, сен тыңдап жатырсың ба, менiң арманым – қадiрсiз тiрлiгiмдi қадiрлi өлiммен жуу. Менi қойып қайтқанда қара жер күңiренбесе, аруағым риза...» (142-бет, II-кiтап) (астын сызған Ұ.Д.) Мұндай тебiренiстен ненi ұғамыз? «Ендiгi азғана таусылшық күндi жүрек түкпiрiнде бұғып қалған азғана қуатқа кiреуке етейiн десе, оған да болдырмайтын түрi бар». (224-бет, IIкiтап). (астын сызған Ұ.Д.) «Жұт жетi ағайынды болса, қуаныш жапырақ жайғанда одан да мәуелi екен» (251-бет, II-кiтап). Осы сөйлемнiң бiрiншi жартысы мен екiншi жартысының арасында ешқандай туыстық жоқ. Әрине, автордың не айтпақ болғанын түсiнемiз, бiрақ жүрек сүйсiнiп қабылдайтындай жатық емес. Қазбалай берсең бұл былай болып шығады; автордың айтуынша жетi ағайынды жұттың жанға рахат таптыратын мәуесi бар екен де, қуаныш одан да мәуелi екен. Оның үстiне «қуаныш жапырақ жайды» деген тiркес көкейге қонбайды. Қандай да сөйлем екi-үш рет қайталап оқығанда емес, бiрден-ақ оқушының көкейiне қона кететiн терең астарлы мағна, айқын сурет беретiн болса ғой, сонда ғана бiз оны нағыз

көркем шығарма дей аламыз. Әрине, ғылми-техникалық оқулық, немесе, зерттеу еңбек болса онда әңгiме басқа. Мұндай мысалдарды аса көп келтiруге болады. Қандай да көркем шығарманы оқығанда оқушы сүйсiнiп, автордың жетегiнде кетiп отыруға тиiс. Бұл бiрiншi қойылатын талап, Оқушы кiтап оқығанда өз басына азап тiлеп алғандай болмауы керек. Кейде автор өз шығармасын қасақана күңгiрттендiрiп, дұрыс айтылатын ұғымды бұрмалап айтып, адамды адастырып, бояуды орынсыз қалыңдатуға тырысатын сияқты. Кейде тiптi шектен шығады. Мысал келтiрейiк: «Бекет, о жүзiқара! Ойнай бiлмеген шешесiн шапқа түртедi...» (130бет). Бұл Р.Тоқтаров қазақтың осыған ұқсас мақалының тонын айналдырып, өзiнше беремiн деп, «шаш ал десе, бас алдының» керiн келтiрiп тұр. Қай халықта болмасын анадай әлпештенген адам жоқ, сондай адам жөнiнде осындай дөрекi сөздi айтқан автор, немене бiздiң ұлттық қадiр-қасиетiмiзге кiр келтiрмек ойда болған ба? Автор жөн-жосықсыз орыс сөздерiн пайдалануға құмар. Мысал келтiрейiк: истерика (56-бет), режиссура (89-бет) бiрiншi кiтаптан, фото (67бет), расход (7-бет), амнистия (III-бет), идеал (238-бет) II кiтаптан, т.б. Қазақша қалай айтамын деп қиналатын емес, өзiмiздiң ұлттық тiлiмiзде де әпәдемi баламалары бар сөздер ғой. Ал Р.Тоқтаровтың «Ертiс мұхитқа құяды» деген екi кiтапты романы туралы жалпы пiкiрiмiз бұл шығарма бүгiнгi таңдағы талап дәрежесiне көтерiле алмаған туынды. Сiрә, бұл романды жазуға автор тиiстi творчестволық дайындықсыз кiрiскен сияқты. Иә, романның анықтамасында автордың бұрын «Ертiс перзентi» деген атпен әңгiме-повестерiнiң жинағы, «Бақыт» атты романының жарық көргенi айтылған. Еске түсiрiп, көрейiкшi, «Бақыт» романы да оқушылардың көкейiнен шықпаған болатын, бiрнеше рет ол әдiл сыналған да. Бiрақ автор сол сыннан қорытынды жасаудың орнына құлашты одан сайын кеңге созған. Әрине, қай көлемде болмасын шығарма жазуға әркiмнiң еркi бар. Ал шығарманың тиiстi көркемдiк дәрежеде болуын талап етуге оқушы ретiнде бiз де ерiктiмiз. Кейбiр авторлар өз шығармасы жайында жұрт қатаң сын айтып жатса, «ә, шын жақсы туындыны алғашқыда тәлкек қылады, бұрын талай ұлы таланттардың өздерi де замандастарымен түсiнiсе алмай, ақыр соңында, тiптi өлгеннен кейiн ғана даңқ тұғырына көтерiлдi» деп, өздерiн-өздерi жұбатқан болады, сөйтiп, әдiл сынды көпе-көрнеу елемейдi. Арыдан да, тiптi М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы жөнiнде де алғашқыда қилы-қилы пiкiрлер болған деп берiден де мысал келтiредi. Алайда, өздерiнiң шығармаларында және ондай кезiнде бiрден танылмаған ұлы таланттардың шығармаларына тағылған кiнәраттардың арасында айырмашылық барын аңғармайды. Рас, М.Әуезовтің атақты туындысына кезiнде түрлiше қатаң сын айтушылар болды, бiрақ олардың бiрде-бiрi, бiз Р.Тоқтаровтың атына айтқандай «мына шығарманың тiлi нашар, адам кiбiртiктеп оқи алмайды, сауатсыз олақ құрылған сөйлемдерден аяқ алып жүргiсiз, кейiпкерлерi өңкей

күйкi тiршiлiкпен күн кешкен бiреулер» деп, шығарманың жалпы көркемдiк қасиетiне күмән келтiрмеген шығар. «Абай жолы» романына кезiнде сын айтушылар ондағы көтерiлген мәселелерге әлеуметтiк тұрғыдан қарап, М.Әуезовтың кең қарымды батыл реалистiгiне бiрден түсiне алмай шошына одырайысты. Қазақтың ұлы жазушысының және бiздiң авторларымыз өзiн жұбату үшiн тiлге тиек ететiн басқа да заманынан озық туған ұлы таланттардың шығармаларына алғашқы сәтте жасалған шабуылдың түп-төркiнi, мiне осында. Иә, адам қанағатсыз. Кейбiр қалам иелерi өздерiн заманынан озық туған адам ретiнде қастерлегiсi келетiн шығар. Ондайлардың бар екенi анық. Бiрақ «Заманынан озық туған» деген сөз қазiргi өмiрге сыйымсыз ба деймiз. Бүгiнгi космос ғасырында өз заманынан озып кетпей-ақ, сол заманның көркiн құрып, оған iлесе алу да сан ұлылықпен барабар болып отыр емес пе? 1970 жыл.

ЖАРҒАҚҚА ЖАЗЫЛҒАН ТАРИХ

Рамазан Тоқтаровтың «Ғасыр наны», «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты романдары жайындағы ойлар

«Жазушы – қоғамның әдеби хатшысы» деген ұғым-тiркес бар. Жазушы қоғамның әдеби хатшысы ғана емес, оның алдыңғы қатарлы идеяларын көркемдiкпен кестелеп жүзеге асырушы iзгi ниеттi қайраткер де. Ол өзiне дейiнгi арғы-бергi өмiр көрiнiстерiн парасаттай келе, негiзiнен, өз қабiлетi, ой-қиялы, бiлiмi, тәжрибесi, еңбеккерлiгi сияқты дүниелiктерiнен туған қазынасын ұсынады. Бiрақ, жазушы ондай мүмкiндiкке бiр күнде жетпейдi. Хас шығармашылық биiгiне көтерiлу үшiн жазушы сан түрлi соқпаққа түсiп, ұзақ қиыншылықтар мен iзденiстердi басынан өткеруiне тура келедi. Осыдан таратып айтуға болар, Рамазан Тоқтаровтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты романы менi оқып шыққаннан кейiн әртүрлi кереғар ойларға жетеледi. Ол және осы туындыға ғана байланысты емес, көз алдымнан бұл жазушының бүкiл шығармашылық өмiрбаяны тiзiлiп өткендей болды. Жай өткен жоқ, оның бүкiл бұлтарыс-бұралаңы, өрi мен ылдиы, шырқау шыңдары мен құлдырау сәттерi, «мiне, бiз мұндай едiк» дегендей әрқайсысы өзiнше белгi берiп, көңiл көкжиегiне сурет салғандай зуылдап өтiп жатты. Бұл бiр жайдан осы қаламгердiң еңбектерiмен жақсы таныстығымнан да шығар. Рамазан Тоқтаров бүгiнге дейiн көлемдi-көлемдi он шақты роман жазып үлгерiптi. Iрiлi-уақты басқа шығармаларын былай қойғанда да осылардың өзi бiр адам үшiн қыруар iс. Бұл жазушының қаламынан шыққан алғашқы туындыларды оқығанда әрқашан екi-ұшты пiкiрде қалып жүрушi едiм. Жазушының қалам сiлтесi де, алған тақырыбының ауқымы да бiртүрлi тосын көрiнетiн. Тiптi оның «Ертiс мұхитқа құяды» атты дилогиясы мен «Терiстiк шұғыласы» атты хикаяттар жинағына сол кезде баспасөз бетiнде рецензиялар да жариялаған едiм. Ол рецензиялар бiршама сынға құрылған-

ды. Әдебиет сүйер қауымнан кейбiреулер оларды әлi де ұмытпаған секiлдi. Жақауратып, жасырынбақ ойнап қайтемiз, қалай да ала-құласыз таза көңiлден туғандықтан болар, мен сондағы сөздерiмнiң бiреуiн де қайтып алмаймын. Өмiрде де, әдебиетте де әрбiр құбылыстың өзiндiк алғышарттары болады. Бiр жағдайдың екiншi жағдайға қосылуы үшiншi жағдайдың қалыптасуына ықпал етедi. Ол кезде Р. Тоқтаровтың бiршама кiтап жазып үлгергенiмен, өзiнiң ең жоғарғы мүмкiндiгiн пайдалану дәрежесiне жете қоймаған уағы. Бiздiң де балаң шағымыз. Жазушының алғашқы дүниелерiне бұлай кереғар пiкiрлердiң айтылуы да сол екеуiнiң қосындысынан болуы әбден ықтимал. Одан берi көп уақыт өттi. Жазушы осы жылдарда асқан байыптылықпен өнiмдi еңбек еттi. «Тұлпардың сыны», «Жердiң үлгiсi», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Жендет» атты романдар бiрiнен соң бiрi дүниеге келдi. «Мен сын кiтабын шығаратын адам емеспiн, сын жазып қайтемiн?» деп кергитiн әлдекiмдер сияқты емес, Рекең дау-дамайы көп, абыройы аз осы жанрға да ат iзiн жиi салып, аға буынның, өз замандастарының тындырған шаруалары жайында ара-тұра баспасөз бетiнде өз ойларын ортаға салып жүрдi. Демек, алпыстың асқарына көтерiлгенше жазушы әдебиет мүддесi үшiн күресте өз шеберлiгiн барлық жағынан шыңдай түстi деуге толық негiз бар. Мен Р.Тоқтаровтың соңғы жылдары жарық көрген «Сусамыр», «Ғасыр наны» атты екi романын оқып шыққанда қаламгер туралы бұрынғы бiлiгiмнiң аяғы аспаннан келгендей болды. Жазушы оқушы қабылдаған әуелгi қалыбында қалып қоймай, үнемi өсу, жаңа шығармашылық сипат табу жолында болған. Оның бұрынғы «Ертiс перзентi», «Бақыт», «Терiстiк шұғыласы» атты кiтаптары мен «Жердiң үлгiсi», «Сусамыр», «Ғасыр наны» романдарының аралығында жазушының қалам сiлтесiнде адам айтқысыз үлкен өзгерiстер баршылық. Әсiресе, «Ғасыр наны» қазақ жерiне үлкен алапат әкелген тың игеру заманының қыр-сырын ашып қана қоймай, қазақ жұртшылығының басында болған психологиялық төңкерiстердi нағыз суреткерлiкпен баяндап бере алды. Романның басты кейiпкерi Серiжанның сүйiп қосылған жары – Лиза есiмдi орыс қызы. Екеуi бiрiн-бiрi ұнатып, қанша жарасып тұрсын, ақыры ортақ тiл табыса алмай, ажырасады. Романның коллизиясы – саясат, одан қалса – ұлт тағдыры, жаңағы екi бейне екi ұлттан әдейi символикалық негiзде алынып отыр. Бiр елдi екi бiрдей ұлт басқарып тұра алмайды, оған қазiргi күндерi анық көз жетiп отырған жоқ па? Кезiнде автордың осы позициясына қатаң айып тағылып, оған қоса «романда тың аз көрiнедi, механизаторлардың өмiрi атүстi жалаң суреттелген» деген сияқты адамның күлкiсiн келтiретiн сыңаржақ пiкiрлер айтылған. Романдағы бiр өлiп қайта тiрiлген Серiжанның дүниеге көзқарасында қазақ әдебиетiнде бұрын-соңды тиiп-қашып қана әңгiмеленiп жүрген өкiмет, саясат, мораль, еңбек туралы қайта түлеп жаңғырыққан, терең мазмұнға ие болған жаңа ойлар жүйелi түрде бас көтередi. Бұрын ауырдың үстi, жеңiлдiң астымен жүрiп, жалғанды жаппағынан басып келген Серiжан ауруханада

жатып өзiнiң осы уақытқа дейiн түк өндiрмей келген нәзiк қолдарына қарап, шошып кетедi. «Бұл қолдар алуды, берудi бiлген, бұл қолдар жауға қарсы оқ та атқан, сұлу әйелдердi де үйiрген, тек ештеңе өндiрмеген. Қандай жаман сөз – «өндiрмеген» деген. Ештеңе өндiрмеу, ештеңе жасамау, тек алақан жаю. Жұдырық жұмсау, немесе алақан жаю. Ол – мырзаның қолы, қайыршының қолы («Ғасыр наны», 382-шi бет)». Бұл жерде мына жағдайды ескерген жөн (әрине, бүгiнгi қазақ әдебиетi жөнiнде пiкiр түйе қалсақ, ескеретiн нәрселерiмiз көп-ақ), Рамазан Тоқтаров осы романын жазып, жарыққа шығарған кезде тың игеру мәселесiнде ешкiм де оның қазақ халқының ұлттық мүддесiне қайшы келетiн жақтары бар екенi туралы тiс жарып, сөз айта алмайтын. Тек қазақ жерiн дүр сiлкiндiрген, жұлқып оятқан аса зор мемлекеттiк мәнi бар игiлiктi iс деп қана бағаланды. Р.Тоқтаров та, бiр қараған адамға, өз романының оқиғасын сол тұрғыда құрғанға ұқсайды. Иә, бұл үстiрт оқыған адам үшiн ғана солай көрiнуi мүмкiн. Ал, байыбына барып, шығарманың бүкiл болмысына, идеялық мазмұнына, кейiпкерлерiнiң эволюциялық өсу, қалыптасу процесiне зер салсақ, Рамазан Тоқтаровтың жазушы ретiнде сол кездегi саяси айқайұранның жетегiнде кетiп қалмағанын көремiз. Иә, тың игеру iсi, шынында, қазақ жерiн дүр сiлкiндiрдi, тiптi «оятты» десе де артық емес. Алайда, адам қауырт келген жақсылықтан да дүр сiлкiнедi, қауырт келген жамандықтан да дүр сiлкiнедi. Ал, мына жолғысы солардың қайсысы? Осының ара-жiгiн мықтап ажыратып алған жөн. Шынтуайтқа келгенде, топырағы торқа болғыр бұрынғы Одақтың сол кездегi басшылары тың игеру iсiн қолға алғанда елiмiздi нанға қарық қылуды ойлаған жоқ, олардың ең алдымен көзiн қызартқан нәрсе талыстай болып жатқан қазақтың жерi едi. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай – қазақтың бағы да, соры да оның осы жерi ғой. Мiне, тың игеру науқанының айқайұранымен баршаның басын тұмшалап, сол жерге өз отандастарын жаппай көшiрiп, қазақ халқын қысқа уақыттың iшiнде орыстандыру мақсатын олар бiрiншi кезекке қойды. Ол мақсатына ұлы қағанат кезiнде толық жеттi деуге де болады. Мiне, осыдан барып, қазақ халқының басында ұлттық күйзелiске ұқсаған нышандар бiлiне бастады. Осы нышанды бейнелеуде (оны артық мадақтау деп ұқпайық) Рамазан Тоқтаров нағыз суреткерлiк деңгейге көтерiлдi. Дәлел ретiнде, осы «Ғасыр наны» романындағы жылқышы Шаһарбек бейнесiн көлденең тарта аламыз. Өз ортасында сиымсыз жан, тiптi түз тағысы деуге де боларлық Шаһарбек сынды кейiпкерлер бiздiң қазақ әдебиетiнде жоққа тән. Тек, Әбдiжәмiл Нүрпейiсовтың «Қан мен терiндегi» Кәлен, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романындағы Кейкi батыр бейнелерiнен осы Шаһарбектiң мiнез-құлқына аздаған ғана ұқсастықтарды шырамытамыз. Иә, тек қана шырамытамыз, әйнек сынықтарындай жалт-жұлт еткен айқын ұқсастықтар бар деп шындықтан және ауытқығымыз келмейдi. Қазақ даласының таңы қақ айырылып, мал өрiсi тарылып, мал ғана емес-ау, жабайы аң мен құстың өзi жердегi адам қарекетiнен үркiп, шошып, бiржола қоныс

аудармаққа басқа қиырға делебесi қозған заманда Шаһарбек сынды адамдардың пайда болуы әбден заңды. Әрине, Шаһарбек жер-дүниенi дүрсiлдете келген тың науқанына қарсы күрес жүргiзуге әлсiз, сөйте тұра уақыт ылаңы ғой деп оған көндiккен де рай бiлдiрмейдi. Мiне, осыдан барып бүкiл болмыс-бiтiмiмен ол шын мәнiндегi трагедиялық тұлғаға айналады. Жазушы қаламы оны өрнектей отырып, шыншылдығына кәмiл сендiредi. Құралайды көзге атқан мерген, иен даланы өзiнiң меншiгiндей көретiн осы адамның ата-баба зиратын трактормен таптап, соқамен қопарып өткен екi механизаторды қол-аяғын байлап, дiрдектетiп аудан орталығына айдап әкелген тұстардағы беттерге ерiксiз сүйсiнесiң. Сiрә, Рамазан Тоқтаровтың жазу мәнерiндегi оқшау көзге түсетiн бiр жағымды құбылыс – автордың образды анықтауда iстi жерiне жеткiзе бiлетiндiгi дер едiк. Мейлi, шығарманың басынан аяғына дейiн қатысатын негiзгi кейiпкер, мейлi эпизодтық кейiпкер болсын, жазушы төккен бояудың қанықтылығы арқасында әрқайсысы өз бейнесiмен оқырман көкiрегiнде жатталып қалады. Жартыкеш образ деген оның өзiмiз оқыған соңғы романдарының ешқайсысында кездеспейдi десек жаңсақ сөйледiң деп шындыққа жақтас, ақ көкiректi адамдардың ешқайсысы сөге қоймас деп ойлаймыз. Мiне, жазушының осы iждаһаттылығына бiз кеңiрек сөз еткелi отырған «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты көлемдi романын оқығанда тағы да көз жеткiзе түстiк. Бiз жоғарыда Рамазан Тоқтаровтың бүгiнгi күнге дейiн онға тарта романды дүниеге келтiргенiн ескерттiк. Ал, мына шығармасы солардың ешқайсысына ұқсамайтын, тiптi қай жағынан қарасаң да олармен бiрге бiр автордың қолынан шыққанына сенгiң де келмейтiн, табиғаты мүлде бөлек туынды екенiн бiрден атап өткiмiз келедi. Бұл роман қала өмiрiне, анығырақ айтсақ, бүгiнгi қала зиялыларының тұрмыс-тiршiлiгiне арналған. Қазақ жазушыларын өмiрдi бiлмейдi, бәрi орталық қала Алматыда топтасқан, қырда, өз кейiпкерлерiнiң ортасында тұрып, солардың тынысымен тыныстауды ойламайды деп жазғырушылар көп-ақ. Шынында, қазақ жазушыларының денi астанада тұрады. Бұл жағдайдың, әрине, бiздегi кiтап баспасы жұмысын ұйымдастырудағы кемшiлiктер мен жетiмсiздiктерге байланысты екенi дау туғызбайды. Сөйте тұра, жазушыларымыз түгелге жуық қала тұрғыны десек те қала өмiрi жайлы ауыз толтырып айтарлық қомақты шығармалар дүниеге келдi ме? Әй, қайдам, келмеген сияқты. Шағын әңгiме, повестер баршылық, бiрақ олардың қазақ әдебиетiнiң табысы дерлiктей көп ешқайсысын бөлiп ала алмаймыз. Кiтаптың алғашқы бетiнен қайнаған қала өмiрiнiң ұңғыл-шұңғылына күмп беремiз. Мiне, Гүлжазира атты әйел өз үйiнен өзi орын таппағандай қатты мазасыздыққа ұшырайды. Бұлардiкiне қарама-қарсы орналасқан екiншi үйдiң жетiншi қабатыңдағы бiр терезеден бiреудiң тұлғасын, қимылқозғалысын байқаған сайын жүрегi алабұртып, өзiн қоярға жер таппайды. Мәселе сыры бара-бара ашылады. Бұл Гүлжазира қаладағы екi көзi бiрдей зағип болып қалған Ұлысбек деген археолог ғалымның әйелi екен.

Ұлысбектiң көзiне ендi-ендi қаланың ең бiр бiлiмдi дәрiгерi операция жасамақшы. Мiне, осы операция қарсаңындағы аз ғана күн өзi ғалым, өзi тым сезiмтал Ұлысбек үшiн өте бiр ауыр жағдайда өтедi. Ендi қайтсiн? Екi көзге бiрдей пышақ тигiзу оңай ма, Ұлысбек жазатайым о дүниелiк болып кетуi де мүмкiн, тағдыр одан сәл жеңiлiне салса, көрсоқырлық мұның маңдайына бiржола байлануы да ғажап емес. Ал ең жақсысы екi көздiң шарадай жанып, бұрынғы қалпына келуi ғой. Бiрақ, тағдыр тауқыметiн көп тартқан Ұлысбек одан көп үмiттенбейдi де. Себебi, Ұлысбектiң өз топшылауынша, айнала дүниенiң бәрi оған қарсы қара мылтығын кезеп тұрғандай. Бұл Ұлысбектiң әсерленгiш, ғылым адамы ретiнде өз қиялынан туған, ауру адамға тән елестер емес. Нақты өмiрдiң өзi ащы дәмiн күнде бiр татқызып, бұның iшкi дүниесiн сондай бiр қараңғылыққа қарай ыңғайлай бередi. Бiрақ, бұған қарап Ұлысбектi орыс және басқа да шетелдiк классикалық әдебиеттерде көп кездесетiн ой азабын шегушi сарыуайымшыл кейiпкерлердiң қатарына жатқыза алмайсың. Ұлысбектiң көңiл көзi ашық, сөзi жарқын, қазiргi халi соншама мүшкiл дегенмен бұл ғарып жанға мүлде ұқсамайды. Мұны өз әйелi Гүлжазирамен базыналасқан әңгiмелерi үстiнде анық байқаймыз. «– Сен ғой, археолог боламын деп адамның ойында жоқты шығарып жүрген. Әйтпесе, бәрi туған жерге жете ме? Керекуге барған сайын бiр жасап қаласың. Ауасы, қандай, шiркiн! Жұтсаң тоймайсың. – Ол күндердi мен де сағындым. Жастығын, өткенiн сағынбайтын кiм бар? – дедi Ұлысбек әйелiнiң басын иығына өзi сүйеп отырып. – Бiрақ өткен қайтып келмейдi. Қайтып келсе шошынып қашар едiм. – Неге? – Өткен келмейдi. өткен келсе, өлген де бiрге тiрiлер едi ғой. Оны ойлағанда – талай өкiнiш, ренiштер, тiзе ауыртқан сүрiнiстер болды. Соның бәрiн қайта бастан кешiру оңай ма екен? – Ұлысбек әйелiнiң көңiрсiген шашынан иiскедi. – Майданда ғана қан төкпейдi адам. өмiрдiң өзi – қантөгiс. Ашу, қайрат, еңбек, махаббат – бәрi де ет жүректен ақтарылған қанның күшiмен жүзеге асады. Бастағы ми, бүкiл тiршiлiк қанмен азықтанады. – «Қаны бұзылған» дейдi. Ол не сөз? – Ә, мiне, жақсы айттың, – дедi Ұлысбек серпiле отырып. – «Iшкенжеген – бұйырған» дегендi мiсе тұтатын адамдар болады. Хәрәм тiрлiк қой ол. Кiсi өлтiретiндер солардан шығады. Сенiң Мүлкiбайыңды... – Гүлжазира иығына сүйеп отырған басын тартып алды. – Кешiр, кешiр! Ол жүгiрмектi аздырған осы, қарын мұңын ғана ойлайтыны («Таңбалы жарғақтың құпиясы», 479-шi бет)». Гүлжазира демекшi, ол Ұлысбек үшiн үлкен жаманаттың, тiптi қасiреттiң қайнар көзiне айналған. Ұлысбек ғылым адамы, бүкiл өмiрiн соған арнамақ ПИҒЫЛЫ О бастан әйгiлi, күнделiктi «дүниеәуи» тiрлiктегi кедергiлердi мұның да жеңуi керек. Жеңе алмаса оның өзi құрдымға кетiп жоқ болады. Мiне, осындай жағдайда Ұлысбектiң сезгiрлiгi, байсалдылығы адамның жағасын ұстатарлықтай. Соған қатысты беттердi оқығанда кiтап мазмұны өзiнiң iшкi қойнауына қарай оқушыны ерiксiз тартып әкетедi-ақ. Ал,

Гүлжазира не қылығымен зағип күйеуiне кезмайыс келiп жүр? Романның алғашқы беттерiнде бұл әйелдiң қарсы үйдiң жетiншi қабатындағы бiр пәтердiң терезесiнен көрген адамы осы Мүлкiбай едi. Иә, Мүлкiбай! Бұл – осынау үлкен шығарманың төрт құбыласының бiрi iспеттес, барынша толымды шыққан бас кейiпкер. Бұл Ұлысбекке де, оның әйелi Гүлжазираға да бала кезiнен таныс Мүлкiбай. Бүгiнде үлкен мекеменiң бастығы, жалғанды жалпағынан басып жүрген замана еркесi, әйел бiткеннiң көзiнiң құрты, көңiлiнiң дертi, iшкi дүниесi де бiршама бай, оқығаны мен тоқығаны көп күрделi жан. Жаңағы Гүлжәзира да осы Мүлкiбайдың шылауында жүрген адам. Жай жүрген жоқ, ең алдымен оның нақсүйерi, сосын анау-мынау тапсырмасын орындаушы. Қарсы үйдiң терезесiнен осы Мүлкiбайдың сұлбасын көргенде жаны шығып кете жаздайды. Ертең ғана өзiнiң жар қосағының көзiне өте ауыр операция жасалатынын бұл ойлап та жүрген жоқ. Жай ғана, ойлап жүрген сыңай бiлдiредi. «Ертең әкеңнiң көзiне пышақ тиедi» деп қызы Құралайға ескерткен болады. Бiрақ Гүлжазираның шын есiл-дертi басқада, атап айтқанда, сол Мүлкiбайда, осы тойымсыз еркектiң кейiнгi жорықтарында. Ең жаманы – әйелiнiң осы жағдайын бар мен жоқтың арасында жүрген соқыр Ұлысбек те бiледi. Онысын Гүлжазира екеуара әңгiме үстiнде ашық айтады да. Бала кезiнде әке-шешесi берген кәмпиттi ышқырына тығып жасырып жеп жүретiн Мүлкiбайдан бүгiнде ештеменi жасырмай-ақ қарпитын үлкен алпауыт шығыпты. Мiне, осы жағын (жоғарыда келтiрiлген шағын үзiндiден де көрiнген шығар) Ұлысбек әйелiне қатты ескертедi. Осы тұста Ұлысбектi оқырман ең бiр мүсәпiр жан екен деп ойлап қалуы мүмкiн. Жоқ, асықпаңыз, жазушы өзiнiң осы кейiпкерiнiң iшкi табиғаты мен мүмкiндiктерiн, адамдық деңгейiн, психологиялық терең иiрiмдерiн бiртебiрте ашады. Ең алдымен Мүлкiбайдың өзiне келейiк. Романда Бернияз атты тағы бiр басты тұлға бар. Алғашқыда оқырман осы Бернияздың да адамдық жаратылысына қарны ашқандай әсерде қалады. Тек оқиға барысында ғана мәселе сыры анықталады. Жалпы, Рамазан Тоқтаровтың бұл шығармасында әдебиет теориясында кейiпкердiң эволюциялық дамуын қамтамасыз ету деп келетiн қатаң талапты мұқият орындап шыққанын мойындамасқа амал жоқ. Мiне, осы Бернияз да қанымен, жанымен, бүкiл тағдырымен жаңағы Мүлкiбайға қатысы бар, сол образды өзiмен бiрге толықтыра түсетiн жан деп айта аламыз. Мысалы, Бернияз да аса зор интеллект иесi, өзi психолог-ғалым, тiптi өз басындағы тақсiреттi де жете бағаламай жүрген адам. Ал, мұны Мүлкiбаймен байланыстыратын нәрсе сол – Мүлкiбай осы Бернияздың да әйелiнiң басын айналдырып, бiржола меншiктенiп алған. Осыларды тiзбектесек, Ұлысбек пен Бернияз барлық жағынан тағдырлас сияқты. Екеуi де ғалым, екеуiнiң де семья жағдайының көз қызығарлығы жоқ, екеуi де әйел затынан зәбiр-жапа шеккендер, әрi екеуi де нақтылы бiр адам – Мүлкiбай атты барынша тойымсыз зинақордың құрбандығына айналғандар. Бұған қарап, көлемдi шығарманың басынан

аяғына дейiн қатынасатын осы кейiпкерлердi оқушы шатастырып алуы да ықтимал-ау дерсiң. Шынында олай емес, ол екеуi қаншама тағдырлас болғанымен ешкiм оларды шатастырмақ түгiл ұқсастыра да алмайды. Мiне, осыдан жазушы шеберлiгi көрiнбейдi деп кiм дауласа алар екен? Соншама тағдырлас адамдардың әрқайсысын соншама даралап көрсету үшiн қаншама қабiлет, қаншама тәжiрибе керек десеңшi. Алайда, Мүлкiбайдың лаңы мұнымен бiтпейдi. Романның оқиғасы ширыққан сайын Мүлкiбайдың iсi де ширығады, оның өз басына қауiп төнген кездер де кесекөлденеңдейдi. Ол қауiптен құтылу үшiн Мүлкiбай денi сау адамның басына келмейтiн әртүрлi айла-шарғыға барады. Мысалы, осы әйелiнен айырылған, бұл күнде жалғыз тұратын Берниязбен бiр подъезде, көршi пәтерде тұратын кемпiр мен шалдың он екiде бiр гүлi ашылмаған Әйкенжан атты жалғыз қызы ел аман, жұрт тынышта сұмдық пәлеге ұшырайды. Ашып айтқанда екiқабат болып қалады. Кiмнен дейсiң ғой? Тағы сол Мүлкiбайдан. «Алдырып таста» деп Мүлкiбай қанша азғырғанмен, уақыты өтiп кеткесiн бе, Әйкенжан көнбейдi. Ақыры, Әйкенжан туатын болады. Ендi не iстеу керек? Әйкенжан iшiн бiлдiрмеймiн деп белiн тартып жүргенмен табиғат заңы оған көне ме? Әйкенжан жұрт көзiне көрiне алмайтын халге жетедi, ақыры босанады. Мне, осы күндерде Мүлкiбай әлгi Ұлысбек пен Гүлжазира үйiне қарсы үйдiң жетiншi қабатындағы бiр пәтердi жалдап, Әйкенжанды нәрестесiмен сонда орналастырады. Романның бастапқы беттерiнде өз үйiне өзi сыймай жүрген Гүлжазира Мүлкiбайдың бiрде өз денесiн, бiрде көлеңкесiн сол үйден көретiн едi. Мүлкiбай мұнымен де тоқталмайды. Ендi оңашада алдап-сулап, арқадан қағып, Гүлжазираны сол көршi үйде босанып жатқан Әйкенжанға күтушi болуға үгiттейдi. Мүлкiбай дегенде бас еркi жоқ адамға ұқсайтын Гүлжазира оған да көнген сыңай бiлдiредi-ау.. Сiрә, адамның әлсiз жерiнен ұстасаң ол айтқаныңа көнiп, айдауына жүре бередi. Ол үшiн адамның әлсiз жерiн тап басып тану керек, әрi сол әлсiз жерге тарамыс қолмен мықтап жармасу керек. Ал оны танып, жармаса алу үшiн Мүлкiбайдай адамның қырағылығы, әккiлiгi, айлакерлiгi, асқан жырындылығы керек. Ал, бұл да өзiнше қабiлет. Мұндай әрекетке жоқ адамдардың бәрiн бiрдей сүттен ақ, судан таза деп дәрiптеудiң қажетi шамалы, себебi олардың бiразы ондай iстерге қабiлетi жоқтықтан ғана өзiнiң қолы жететiн, көп көзiне түсе бермейтiн аулақта ғана өз зұлымдығын жасауы мүмкiн. Мысалы, орыс әдебиетiнiң классигi А.П.Чехов ондай кiшкентай адамдардың кiшкентай ортада жасаған кiшкентай iстерiне терең әлеуметтiк мән берiп, жарқыратып көрсетiп бердi емес пе? Ал, Р.Тоқтаров суреттеген Мүлкiбай үлкен ортаның үлкен «қаһарманы», үлкен мұхиттың түйенi түгiмен жұтатын ақ жайыны, айдаһары десе де артық емес. Мiне, бұдан әрi қарай роман оқиғасы тiптен ширығады. Ендi бiрде Әйкенжан мәселесiмен шыр-пыр болып жүрген, аздап Қожанәсiрлiгi бар, момын да ақкөңiл, «Балалар мен жасөспiрiмдер

театрының» актерi Мақбоз деген жiгiттi көремiз. Бұл Мақбоз осы Әйкенжанмен, яғни оның әке-шешесiмен және әлгi Берниязбен бiр подъезде тұратын тағы бiр көршi азамат. Ендi ол Әйкенжанды баласымен Бернияздың үйiне әкеп жасырып, ал Бернияздың өзiнен масқара болған қыздың әкешешесiмен сөйлесудi өтiнедi. Кемпiр-шалға: «Бала мына Мақбоздан екен» деп айтуын, сөйтiп мiнездерi шадыр кемпiр-шалды тез саябырлатуға көмектесуiн сұрайды. Бiрақ Берниязға баланың Мүлкiбайдан екенiн де айтады. Мiне, Бернияздың одан арғы көңiл-күйi, әрекеттерi суреттелген тұс романның ең жақсы беттерi дер едiм. Бернияздың өз әйелi Фатиманы тартып алған Мүлкiбайға ешқандай кекшiлдiгi жоқ, бiрақ мына Мақбоз айтқан хабардан кейiн оған деген сұрапыл жиiркенiш сезiмi оянады. Жазушы шеберлiгi сонда – Бернияз басындағы осы жиiркенiш сезiмi кекшiлдiк емес екенi ақ пен қара бояулардай бiр-бiрiнен оңай ажырарлықтай етiп берiлген. Әрине, бұл қалам ұстағандардың бәрiнiң бiрдей қолынан келе бермейдi. Қысқасы, Бернияз оқтаулы мылтық алады да Мүлкiбайдың үйiне келедi. Бұрынғы өз әйелi, қазiргi Мүлкiбайдың әйелi – Фатиманың көзiнше Мүлкiбайды атып салады. Бiрақ дәл атпайды, оқты бiр құлағынан тигiзiп, үй iшiнде қанын судай шашады. Фатима ара түспегенде, әрi осы Бернияздың Фатимадан туған, өзi де әке болып үлгерген баласы Аржан келiп қалмағанда Мүлкiбайдың жанын жаһаннамға жiберетiн едi. Мiне, осы оқиғалар үстiнде құлындағы даусы құраққа шығып, шырқыраған Мүлкiбай, Фатима, жас әке, жас дарын иесi Аржан, Бернияз бейнелерi барынша айқындала түседi. Алайда, Мүлкiбайдың аты – Мүлкiбай, әйелi мен өгей баласының көзiнше қаншама бейшаралыққа ұшырағанмен сүңгуiр қайықтай бұл шырғалаңнан да оп-оңай құтылып шығады. Жай құтылып қоймай, осы оқиғаның өзiн өз басын ақтау үшiн де пайдаланып бағады. Арада бiрнеше күн өткенде ол Аржанды кафеге алып барып, балмұздақ алдырып жеп отырғанда: «Сенiң жасыңда мен де дүниенi аппақ, кiр шалмаған күйiнде қабылдадым. Жақсы ғой жас дәурен! Бiрақ тым бiрәдар, тақуа болу да жарамайды. Ақ-қараны танымайтын кей ақымақ дүниенi сол өзi қабылдаған қалпында таза өткередi, одан не опа тапты, кәне? «Бiр-ақ рет өмiр сүремiз», деген шикi тоғышардың сөзiн мен айтпай-ақ қояйын, әркiм өз аспанын өзi тоздырып, өз күнiн өзi еңкейтiп өтуi керек жалғаннан (сонда, 381-шi бет)» деп небiр солақай, бiрақ жастың басын айналдыруға жарайтын қитұрқы пәлсапасын алға тартады. Аржаннан шығарып дамытайық, бұл осындағы негiзгi тұлғалардың бiрi. Жалпы, романда өзара сабақтасып, тоқайласып бiрнеше тағдырлар тартқан жол, желi сарындары қатар жүрiп отырады. Осындағы бет-аузы бiр өңiр түйешi Қабай қарт, оның аңшылық құрып жүрген Берниязбен сайын далада танысу хикаяты (Бернияз оның иесiн шапқан құтырған бурасын атып өлтiредi), Мақбоздың заржақ шешесi Қайынқамал, өзiнен артыққа үйленемiн деп басы қатып жүрген дуана Байболов, шөл даланың аңғал перзентi Қамариден, шың басына жалғыз өзi шығып кеткен жайсаң жанды балаң жiгiт

Ерғазы, немесе таудан құлап өлген жiгiттiң қаралы анасы Ұмсын, осылардың қай-қайсысы болсын дара-дара бейнеленiп, роман бойында жекеленген өз-өз ұясын тауып, тағдырлары жiгi бiлiнбей жымдасып, қым-қуыт араласып кетедi. Бiр оқиға желiсiнен екiншi оқиға желiсi өрiлiп, сала-салаға бөлiнiп әңгiмеленiп, бiрiнен-бiрi ажырамастай тұтас көрiнiс жасайды. Мысалға, Ұлысбекке жасалған операция мейлiнше сәттi өттi делiк. Тамаша ғалым өмiрге, еңбекке қайта оралды. Ол жағын да Мүлкiбай өз пайдасы үшiн мықты ескерген. Ал, манағы Аржан ше? Ол – ертеректе бөлiнiсiп кеткен әкешешесiнiң арасында шөре-шөреде жүрiп, әрi осы күндерде өзiнiң де әке атануымен үйренiсе алмағандай көрiнгенмен, бүгiнгi жастарымызда көп кездесе бермейтiн азаматтық қасиеттi бойына молынан сiңiрген жас. Романның үлкен бiр бөлiгiн альпинистер өмiрi құрайды. Осы Аржанның достары – жас дәрiгер Айысбек, Қайсар, Ерғазы, тағы басқалар астанамыз Алматыны көмкерiп тұрған Iле Алатауының шыңдарын алушы альпинистермен қоян-қолтық араласып жүр. Мұнда өмiрде болған оқиғаның негiзiнде жасалған жас дәрiгер, альпинист Айысбектiң бейнесi ерекше көз тартады. Жалпы, роман көлемiнiң үштен бiр бөлiгi осы альпинистер өмiрiне арналған. Iле Алатауының таңғажайып ақбас шыңдарын суреттегенде сол шыңдардай сұлу да пәк жастардың ерлiкке толы iс-қимылдары көз сүйсiнтедi. Альпинизммен жас уақытында өзi де тiкелей шұғылданған автор олардың тiршiлiгiндегi романтикалық, әрi тым қарапайым күйбең-сүйбеңнен тұратын ерекшелiктердi үлкен iждаһаттылықпен тiрнектей ашып отырады. Аңызға бергiсiз жұмбақ («Қара альпинист» тарауы) оқиғалар да болып жатады. Сiрә, автор төменде газ бен шаң басқан қала iшiндегi Мүлкiбайлардың тұрмысы мен жоғарыда саф таза ауада кербез ақбас шыңдармен тайталасушы ержүрек жастардың тiршiлiгiн қатар өрбiтiп, жасампаздық пен бүлдiрушiлiктiң өзара бәсеке жарысын көрсетудi мақсат еткен. Ол мақсатына сөзсiз қол жеткiзген деп айта аламыз. Жалындаған жас Айысбек шыңға өрмелеу үстiнде өзiнiң екi жолдасын тура келе жатқан ажалдан аман сақтап қалу үшiн өзiн құрбандыққа шалып, таудан құлап өледi. Таудың терең бiр шатқалында оның өлiгiнiң басында отырған Қайсар (Ұлысбектiң баласы) зәренi ұшыратын небiр қорқынышты, ғаламат сәттердi басынан өткередi. Әлгiнде ғана қастарында жүрген қызу қанды жолдасының өздерi үшiн мерт болып, дым сезбей шалқасынан түсiп мына жатысы, қас қарайысымен айнала жыбырлап кеп қона бастаған құзғынқарғалар, тау iшiнде пайда болатын өзге де құбыжық елестер кiмдi болсын шошытып жасытқандай. Оның үстiне көзi iлiнiп кетсе болды, өлi Айысбек қайтадан тiрiлiп кетiп, өзiмен сау кездегiдей жайбарақат әңгiмелесiп отырады. Оның өлiмiне Қайсар кiнәлi емес, әуелде өздерi маршрутты қате таңдаған, сонда да жаны iзгi кiмге болсын өте ауыр, аянышты көрiнiстер. Айысбектi соңғы сапарға жер-жерден жиналып, өңкей жастар шығарып салады. Осы өлiмнен қасiрет те болса әлдеқалай бiр жiгер, өмiршең рух сезiледi. Ал, бұған керiсiнше, тiрi жүрген Мүлкiбай ше? Жоғарыда көзi жазылған археолог ғалым Ұлысбек тағдырына қайта ораламыз деп едiк қой.

Мiне, соның ретi ендi келдi. Ендi осы Ұлысбектi ертiп, оның археолог ғалым екенiн пайдаланып, Мүлкiбай бiраз адаммен Арқа даласының түз еркесi – киiк атуға шығады. Онысын жай ермек үшiн емес, барынша озбырлықпен iстейдi. Ал кездескен қорықшыларға қарсы Ұлысбектiң археолог ғалым екендiгi, оның арнайы тапсырмамен келе жатқандығы туралы құжаттарын оқ өтпес, сөз батпас қалқан етiп пайдаланады. Көрдiңiз бе, әне, Мүлкiбай керек жерiнде шеңгелдi қалай салады? Алайда, бұл жолғы сапар Мүлкiбай ойлағандай болып шықпайды. Бұлар қаптаған киiк жосылған Арқа даласында үлкен табиғат апатына ұшырайды. Ұлысбек адасып әлдеқайда жалғыз қалады. Ал, Мүлкiбай басқа екi адаммен жүрiп, сол екi адамы мерт болып, өзi басы ауған жаққа қаңғып кетедi. Дәл осы тұста Алматыда оның басқа қылмыстары ашылып жатады. Әрi газеттен екi альпинист досын құтқарамын деп Айысбектiң қазаға ұшырағанын оқиды. Сол кездегi Мүлкiбайдың халiн көрсеңiз. Алматыда бiр жас өз жанын құрбан етiп екi адамды аман алып қалса, бұл Мүлкiбай – екi адамның қазасына өзi себепкер болыпты. Дәл осы түста Мүлкiбай өзiнiң жеңiлiсiн, өзiнiң мүсәпiрлiгiн ерiксiз мойындайды. Осы тұсты да оқушы тебiренбей оқи алмайды. Оқушы Мүлкiбайдан жиiркенбейдi, қайта оған деген аяушылық сезiмi басым түсе ме деймiн. Себебi, автор Мүлкiбайды қандай арам iстерге араластырғанмен оған қара бояуды жаға бермеген, қайта жылт етер сәулесi де мол, iшкi иiрiмi терең аса күрделi жан етiп суреттейдi. Бiрiншiден, ол – ағылшын тiлiнiң маманы, «Улисстiң» авторы Джойсты ағылшын тiлiнде еркiн оқи бередi. Екiншiден, барынша ұлтжанды қазақ. Ол өз ұлтының ғасырлар бойы жинаған бай қазынасын Еуропаның қылтың-сылтың мәдениетiне айырбастағысы келмейдi. Ал, Ұлысбек ше? Романның шын мәнiндегi бас қаһарманы – бұл ғалым адам Арқа даласында өлi мен тiрiнiң арасында жатып үлкен олжаға кездеседi. Ол арғы көне замандарда жасалған якорьдi, яғни кемелер жағалауға келгенде жерге тасталатын қармақ басты темiрдi табады. Бұл олжасы археолог ғалымның бұрыннан зерттеп жүрген еңбегiн одан әрi дамытуға мұрындық болады. Иә, айтпақшы, романның тағы бiр үлкен бөлiгiн Ұлысбек өзiне тақырып етiп жүрген Нерон патшаның тұсындағы Рим қағанатының (онысы – өзiмiздiң бұрынғы Кеңес Одағының бiр көрiнiстерiн қатты еске түсiредi) жағдайы құрайды. Жазушы оны жай баяндау арқылы емес, роман iшiндегi роман етiп, бөлек хикая түрiнде өрбiткен. Оны және екi көзi бiрдей көрмей қапаланып жатқанда сол дәуiрмен жақсы таныс Ұлысбек көз алдында елестетiп, сол арқылы бүкiл дүние жүзiн шыр айналып шығады. Мұндай тәсiл әлем әдебиетiнде көптеп кездеседi. Соның бiр мысалын Михаил Булгаковтың әйгiлi «Мастер мен Маргарита» романынан көремiз. Шыңғыс Айтматовтың «Плахасы» да сондай тәсiлмен жазылғаны белгiлi. Өзiнiң туған iнiсiн, шешесiн, ұстазы Анней Сенеканы, елiнiң ең құрметтi азаматы Гай Кальпурный Пизонды өлтiрткен, басқаларға да көп қастандық жасаған айлакер де қанiшер Нерон патшаның төңiрегiн суреттей отырып, жазушы сол заманның жалпақ бет-бейнесiн бередi. Кейiпкерi

Ұлысбекке Еуропа, Азия кұрлықтарын мекендеген көшпелiлердiң арғы түптамыры қайдан екенiн жорамалдатады. Мысалы, Хунну патшасы Аттиланың тоқалы болып, оған тұрмысқа шыққан Гот патшасының қызы Табриза сол Аттиладан оның көп уақыт құпия сақтап келген таңбалы жарғағын (пергаментiн) ұрлайды. Мiне, сол жарғақтағы таңбалар жер шарындағы құрлықтардың қозғалысын, орналасуын, тiптi көшпелiлердiң арғы тегiн де бейнелейдi екен. Оны қойып, бiр кездегi атышулы Христофор Колумбтың Америка құрлығын ашуына да себепкер, жолбасшы анықтама болыпты. Сол таңбалы жарғақ құпиясының бүгiнгi танымпазы – Ұлысбек. Ол Арқа даласында неше күн селдетiп жауған жаңбырдың астында жатып тапқан қармақ басты темiрден үлкен түйiн түйедi. Автордың бұл баяндауына үлкен сенiммен қараған жөн. Себебi, осы қармақ бас темiр жөнiнде қазақ даласында басқа да аңыздар бар. Мысалы, бүгiнгi Оңтүстiк Қазақстан облысының Төлеби ауданының, бұрынғы аты Ленгер, сол маңдағы әлгi Нұқ пайғамбардың кемесi тоқтаған Қазығұрт тауының түбiнен табылған «Iлiнгiр», яғни кеме тоқтағанда жерге тасталатын қармақ бас темiрдiң (якорьдiң) атауынан шығыпты делiнедi. Мiне, осыдан көшпелiлер туралы автор өз кейiпкерi Ұлысбектiң ғылыми еңбегi арқылы тың ойлар түйедi. Тiптi ол туралы ғылым әлемiне де ат iзiн салып, оқшау қорытындылар жасайды. Рамазан Тоқтаров осы сүбелi шығармасында кешегi, бүгiнгi адам характерi, әртүрлi тағдырлар қақтығысы, бүгiнгi қоғамдық өмiрдегi тарих iздерi, оның әр саладағы ой иелерiнiң iзденiстерi арқылы жаңғырығып отыруы жайында көркемдiк әдiспен үлкен-үлкен тұжырымдар жасап, құлашқұлаш суреттер салады. Оның кейiпкерлерi қиял қуатымен Америка құрлығын да шарлап өтедi, ұлы Рим қағанатының патрицийлерiмен де қоянқолтық араласып жүздеседi. Сақ даласында ерсiлi-қарсылы көшiп жөңкiлген жауынгер тайпалардың қатарында жүрiп, олардың ендiгi санадан ғайып болған салтанатты ойын-тойларына да қатынасады. Және мұның бәрi де қарапайым баяндау түрiнде емес, қатаң тартылған желi, нақты сюжет бойынша ширатыла өрiлiп отырады. Романда көтерiлген махаббат, достық пен қастық, мейiрбандық пен жауыздық мәселелерi от басында күнде кездесетiн қарапайым тiрлiк үлгiсiнде, көңiлге қонымды формада көрiнiс табады. Мысалға, психолог ғалым Бернияздың өлiм туралы ойлары да қазылып есте қаларлықтай. «Жаман да, жауыз да өлмеуi керек. Өлiм – жоқтық... Қылмыскер жауызды өлтiргенмен кек қайтып, өштiк жоғалмайды. өлтiргенше – тiрi қой. Тiрiсiнде – алыс! Неге өледi! Қателiгiне көзi жетпей, иттiгiн мойындамай тұрып өлсе, ол сенi жеңгенi емес пе? (93-шi бет)». Романда сан түрлi кейiпте берiлетiн осы секiлдi пәлсапалық сентенцияларды бiр ғана шағын мақалада көрсетiп, талдап шығу мүмкiн емес. Егер бiзде әдеби сын атты жанр бiржола құрдымға батып кетпеген болса, өзге әрiптестерiмiз бұл шығармаға әлi оралар, басқа қырынан келiп пiкiрлерiн ортаға салар деген берiк ойдамыз. Автордың бұл шығармасындағы тағы бiр табысы табиғат суреттерiн берудегi жетiстiктерi дер едiк. Арқа даласының, Iле Алатауының бейнелерi

көз алдыңда бiржола тұрып қалғандай әсер етедi. Мысалы, альпинистер өмiрi көрсетiлген тұстан мына бiр үзiндiнi қайталап оқып көрiңiзшi; «Тау iшi жылдам қараңғыланып кеттi. Бұлтсыз ашық аспан сұрғылт түспен кiреукеленiп, ара-тұра жылт-жылт еткiзiп, көкшiл тозаңын шашыратып тұр. Ұшқындап қар жауа ма, әлде мезгiлсiз сiркелеген жұлдыз сәулесi ме? Төменде алыстан жеткен сарынының өзi құлақ тұндырған Шымбұлақ жағалауы ала-көлеңке ағаш арасымен жүрiп келе жатқандарға қараңғы үй iшiнде аппақ ақ экранға түскен әсем кинопейзаж құсап жарқырап ашылып кеттi. Адам қиялы қаншалық шексiз болсын, көз көргендi ғана елестетедi. Шымбұлақ жағасы, қазiр суы тартылған, бiр кездегi жойқын дарияның арнасы секiлдi. Кемерiнен өсiп шығып тұрған шоқы-құздары беттерiне мәңгiлiк әжiмiн түсiрiп, әрқайсысы әртүрлi кейiптегi жұмбақ Сфинкс құсап бедiрейiседi. Адам мiнезi жұқпаған бiрде-бiр кұбылыс бар ма екен жер бетiнде? Ал, сол адам бәрiнен кеш жаралған ғой. Таулар түзiлiп, ормандар жайқалып, құстар сайрап, әнi мен сәнiн қатар түзеп болғасын. Сонда да күн адамша күркiрейдi, артынша жас бала құсап күлiмдеп ашылады; ай түн баласында мұңлы сәуле төгедi, су сықылықтап күлiп, не ашулы кейiпте бұрқырап ағады; Шымбұлақты қоршаған құз-шоқылар айналасын жер тұтып қамауда қалған алыптар сықылды, ұзақ қадалып қарасаң әлдеқалай тiрлiк белгiсi сезiледi. Кiм бiледi, бәлкiм, жиырма бiрiншi ғасырдың шебер мүсiншiсi осы араға келiп, ойлы пiшiндi жартастарға, шынымен, мазмұндық сипат бiлдiрер (сонда, 223-шi бет)». Бұл тау қойнауының бiр көрiнiсi. Ендi дала суретiнен бiр шағын үзiндi келтiрiп көрейiк: «Машина қас қарайғанша тоқтамай, жер танабын ыңырана қуырып келедi. Қызарып батқан күннiң алауы күңгiрт тартқан жер бетiнен көтерiлiп шөкiмдей бұлт жоқ ашық көк аспанды аршыған жездей ғып жалтыратып тастапты. Бұл – Сарыарқада арқырап құтырған өзеңдер пайда болып, ұшы-қиырсыз далада құс қанатын талдыратын телегей-теңiз су жайылатын шақ қой. Содан май айы бойы қыр арқаның бойын теп-тегiс етiп қырмызы гүл жабады да, қырық күн шiлденiң алғашқы аптабы мен керiмсалына ұрынбай жатып бiрi қалмай солып, жылдағы өртеңнiң орны құсап құлазыған таз қалпына енедi. Бұл анық Сарыарқа да емес-ау! Ұлытауда су болған аяқ киiмiң ұлтарағың кеппей жатып Бетпақтың құмайт шөлiне килiгедi. Ақ шилеуiт селдiр саванна аяқталысымен қолдың басы құсап жарылып-жарылып кеткен күтiрлек қабыршықты айтақыр басталушы едi, нақ сол көрiнiстер ғой мынау (508-шi бет)». Романда есте қаларлықтай айшықты детальдар, ұтқыр теңеулер аяқ алып жүргiсiз. Аржан өзiнiң ренжiсiп жүрген келiншегiмен перзентқананың терезесiнен жүздесiп, араларында терезе шынысы, бiр-бiрiмен ерiндерiн тақасып сүйiскен болады. Сонда ерiндерiнен ыстық леп емес, араларын кiр шыны бөлiп тұрған салқын дәмсiздiк сезiледi. Дүниеге сел қаптатқан шөл далада ес-тұсынан айырылып жатқан Ұлысбек жайылма суға шағылысып ұшып келе жатқан самолеттi су iшiнен атылған ақ жайын – акула екен деп шошып кетiп, содан есiн жиып алады. Бернияздың «мышьяк» деп

ұйықтататын дәрiнi iшiп, қалың ұйқы құшағына енiп бара жатып өз қорылын өзi естiгенде «өлген деген осы екен ғой» деп ойлауы ерiксiз күлкiнi келтiредi. Ал, осы романда кемшiлiк бар ма? Бар. Сипай қамшылап өткендей болмай, оны да ашып айтайық. Романның бiрден-бiр кемшiлiгi – көп сөздiлiгiнде. Автор қысқа қайыратын нарсенi кейде ежiктеп, жерiне жеткiзiп айтам деп сөйлемдерiн тым созып жiбередi екен. Бұл, әсiресе, шығарманың алғашқы тарауларынан көптеп кездеседi. Жалпы, бұл жазушының жазу мәнерiндегi бiз құптай қоймайтын бiр ерекшелiк – шығармаларының бәрi тым ауыр басталады. өткен жылдарда бiраз шығармаларының сынға ұшырауына да сол жағдай себеп болды ма екен деп ойлаймыз. Егерде жазушы өз шығармаларының қайта басылымдарын дайындағанда сол жағын мұқият ескерсе, оқушы қауым тарапынан үлкен ризалық сезiмге бөленер едi. Осындай тiлдiк, басқа да жөндеулердi автордың мықтап жасай алатынына еш күмәнiмiз жоқ. Оған шығармаларының басқа беттерiндегi таспадай тiзiлген сөйлемдер толық дәлел бола алады. Қазақ әдебиетi әлемге Мұхтар Әуезов секiлдi алыпты берген iргелi әдебиет қатарынан саналғанымен, үлкен прозаның қалыптасу тарихы тым берiде жатқанын мойындауымыз керек. Айнымас үлкен үлгi Батыс Еуропа, орыс әдебиетiнен бастау алады. Бiз көзiмiздi тырнап ашпай жатып ұзақ жылдар бойы айқай-ұранды дәрiптейтiн саяси сарындағы прозаны көбiрек айналдырып келдiк. Жағымды, жағымсыз бейнелердiң ара-қатынасын салмақтап бас қатырумен болатынбыз. Цензура атты қадала қарап отыратын жалғыз көздi Циклоптың назарынан сорпаның бетiне шығар тәуiр ештеңе құтыла қоймайтын. Соңдықтан талантты деген қалам иелерiнiң өзi соның дегенiмен жүруге ерiксiз мәжбүр болатын. Бүгiнде оның заманы өттi, бiрақ оның қан-тамырға араласып кеткен зиянды ықпалынан әлi толық түрде арылып кете алғанымыз жоқ. Әдебиет халықтың көкейкестi арманынан шығып отырғанда ғана оның рухани қажет мүлкiне айналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда да Рамазан Тоқтаровтың «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты осы романы оның қалам ұшынан туған қымбат қазынасы, әрi бүкiл шығармашылық еңбегiнiң биiк шоқысы. Бұл – бүгiнгi шындыққа шөлiркеген оқушысын табатын құнды кiтап. Әлгi, «Қарапайым Мария», «Тропиканка» сияқты американдық телесериалдарға телмiрiп отыратын, содан «шексiз ләззат» алатын рухани жүдеу жандар үшiн бұл роман керексiз де болуы мүмкiн. Рамазан Тоқтаровтың бұл романы ой-өрiсi жоғары, талғамы зор, өз халқының өткенiн, бүгiнiн, болашағын болжай алатын, соған тарыдай болса да өз тарапынан үлес қоссам дейтiн абзал жүректiлерге арналған аса қарымды туынды. 1996 жыл.

«ЖОҚТАН» «БАР» ЖАСАҒАНДЫ ҚОЙСАҚ, ШIРКIН

(Ш.Мұртазаевтың жазушылығы жөнiнде)

КIШКЕНТАЙ КIРIСПЕ

Бiрден ашып айтайық, Шерхан Мұртазаевтың (қазiрше Ш.Мұртазаның) «41-шi жылғы келiншек» атты жинағы жайындағы осы рецензия бұдан көп жыл бұрын жазылған едi. Алайда кезiнде белгiлi себептермен мұны баспасөз бетiнде жариялау мүмкiн болмады. Республикамыздағы барлық баспасөз орындарын бiрiнен соң бiрiн басқарып шыққан, тiптi ол аз болғандай радиотелевидение жүйесiнiң де тiзгiнiн ұстап үлгерген Ш.Мұртазаевқа қай басылымның да басшы, қосшы қызметкерлерi үрке қарайтын. «Бүгiн ол туралы өткiр сын мақаланы жариялап, ертең ол өзiмiзге бастық боп шыға келсе көрген күнiмiз не болады» деген үрейлi сұрау жазулы тұрушы едi бәрiнiң жүзiнде. Тiптi кейбiреулерi «ол азуы алты қарыс немемен жаға жыртысып қайтемiз, тыныш жүрейiк те» деп, ағынан да жарылатын. Мiне, осы себептi Шерхан Мұртазаев қанша кiтап шығарғанымен оның бiр де бiреуiне шын мәнiнде дәйектi әдеби сын айтылмады. Көбiне жарамсақ, жағымпаздардың көпiрме мақтау мақаласымақтары ғана жарық көрiп жүрдi. Тiптi кезiнде белгiлi ақын Жарасқан Әбдiрашев «Шерағаңның әдеби сынды дарытпас редакторлық сауыты бар» деген бағдарда арнайы өлең де жазды. Сөйтiп, Ш.Мұртазаевтың қолынан шыққан әңгiме, повесть, романдардың көркемдiк дәрежесi қандай, соны шын мәнiнде ашып айыратын әдеби сын мақалаларға жол ашылмай, керiсiнше орынсыз мақтап, марапаттаулар әбден етек алды. Соның салдарынан шығар Ш.Мұртазаев лауреат атанды, басқа да атақ-абыройларды иемдендi. Бұл ғана емес, оның көп томдық шығармалар жинағы бiрнеше дүркiн жарық көрдi. Әрқайсысы кiрпiштен қалың алты томдығы былтыр да шықты. Мұндай құрмет соңғы кездерi жүз жылдық мерейтойлары атап өтiлген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин сияқты қазақ әдебиетiнiң классиктерiне де көрсетiлмедi. Сонда Ш.Мұртазаев олардың бәрiнен асып түскен бе? Ойпырмай десеңшi! Әрине, мұндайлық құбылыс бiздiң халқымыздың «зиялы қауым» деп аталатын бөлiгiнiң рухани деңгейi аса биiк емес екенiн де айғақтайды. Жарайды, ештен кеш жақсы. Әдебиет науқандық iске жатпайды. Кез келген әдеби шығарма туралы пiкiрдi бүгiн де, ертең де айта беруге болады. Соны ескерiп, Ш.Мұртазаевтың 1972 жылы «Жазушы» баспасы арқылы жарыққа шыққан «41-шi жылғы келiншек» атты повесть, әңгiмелер жинағы туралы кезiнде жариялауға мүмкiн болмаған рецензиямызды оқушыларға қайта ұсынуға әрекет еттiк. Ш.Мұртазаевтың жазушы ретiндегi деңгейi осыдан-ақ танылар деген үмiттемiз. 2003 жыл.

  • * Кешегi соғыс жылдарында бала болып, тылдағы өмiр ауыртпалығын еңкейген кәрiлермен, шешелермен бiрге өткерiп, сол қиын кезеңнiң тынысын тыңдап есейгендердiң бәрi қазiр, мiне, өмiр жүгiн молынан көтеруге толық жараған. Содан да шығар, бүгiнгi әдебиетiмiздiң қай саласын алсақ та сол күндердiң бала көзiмен байқалған көрiнiстерiн беруге талпыныс жетiп-

артылады. Осы тақырыпта бiраз қаламгерлерiмiздiң көптеп еңбектенгенiн де, сосын да ол хақында сан жағынан әжептеуiр әңгiме, повестердiң дүниеге келгенiн де жасыра алмаймыз. Ия, бiраз шығармалар кiтап сөрелерiнен орын алды. Алайда, сан жағынан солай болғанмен сапа жағынан да солай деп, көркемдiгi бүгiнгi өскелең оқырман талабына сай, соғыс кезiндегi тыл өмiрiне арналған мынадай-мынадай тамаша туындылар бар деп, ауыз толтырып айтып бере аламыз ба? Әрине, жоқ! Ол тақырыпта жазып жүргендердiң көптiгiне қарамастан жан тебiрентер татымды әңгiмелер, повестер некен-саяқ қана ұшырасады. Басым көпшiлiгi оқыған жанның көңiлiн су сепкендей басатын арзанқол дүниелер. Мiне, Шерхан Мұртазаевтың соғыс жылдарындағы ауыл өмiрiне арналған «41-шi жылғы келiншек»1 атты жинағы алдымызда жатыр. Мұнда автордың бұрын жеке кiтап ретiнде оқушыларға жеткен «Мылтықсыз майдан» атты повесiнiң қайта өңделген нұсқасы мен бiрнеше әңгiмесi бар. Қайта өңделсiн, өңделмесiн, әйтеуiр бұрын басылған кiтаптың қайта жарық көруi үшiн оның күнделiктi жыпырлап шығып жатқан көп кiтаптардан шоқтығы биiк тұруы шарт қой. Алайда, «Мылтықсыз майдан» повесi туралы ол қайта өңделген күйде де олай деп айта алмаймыз. Ең алдымен бұл повесте өмiрдiң табы, автордың адамдар тiршiлiгiн өзiнше түйсiнуi жоқ, қайдағы бiр натуралды жағдайлардың тартымсыз тiлмен суреттелген ұсақ-түйек көрiнiссымақтары ғана бар. Повестiң ең алғашқы эпизодының өзi-ақ адамды беттен қаққандай әсер етедi. Мамай деген шалдың кемпiрi Арай таңертеңмен жаңа түскен келiнiне «сиыр сау» дейдi. Құтты орнында бiр-ақ түнеп үлгерген жас келiн сиырдың емшегiн ұстап отырғанда iштен күйеуi Орақ шығады. Оған келiншегi «бұзауды ағыт, сиыр иiсiн» дейдi. Бiр түн iшiнде құмары басыла қоймаған күйеу мен келiншек сол сиырдың қасында бiр-бiрiне телмiре қараймыз деп бұзаудың қақтап емiп қойғанын аңғармай да қалады. Оны енесi бiлiп қойып ашуланады. Повестiң шүу дегеннен сағыздай созылып суреттелген осы эпизоды адамды сендiре қоя ма? Бiр-бiрiне қараймыз деп бұзау әбден емiп болғанша естерiнен айрылып қалған екеудiң қылығында дәл табиғи ештеме жоқ. Тағы оның үстiне егжейтегжей етiп суреттеуге тұрарлық нәрсе ме осы? Повестiң келесi эпизоды мынау: Орақ ұста дүкенiндегi жұмысына келедi. Тап осы кезде олардың бiр тауығының балапанын көктен қарақұс iлiп әкетедi. Орақ естiп жалма-жан мылтық ұстап сыртқа атып шығады да қарақұсты басып салады. Бұл автордың көздеуiнше келе жатқан соғыстың символикалық суретi секiлдi. Алайда, жеке адамның болса бiр сәрi, жарты әлемдi жұтып болған фашизм лаңына, миллиондаған халықтардың қайғықасiретiне жерден балапан iлген қарақұс теңеу бола алар ма? Сондай-ақ, колхоздың ұста дүкенiнде дайын тұрған, ол неғылған мылтық? Оны керек кезiнде суырып алу үшiн автордың өзi сонда апарып сақтап қойған сияқты. Келесi эпизодта соғысқа кетiп бара жатқан Орақтың әке-шеше, туғантуысқанымен, жас жұбайымен қоштасып тұрғанын көремiз. Бар болғаны осы. Повестiң өнебойында Орақтың аты көп аталғанмен көрген түстей жоқ болған бейне бұл. Әр образды даярлау, өрнектеу жауапкершiлiгiне автордың қалай

қарайтыны осыдан-ақ аңғарылады. Келесi эпизодта Орақтың әйелi Тотия далада босанып жатады. Бiз бұл повестi әр эпизодқа бөлiп-бөлiп көрсетiп жатуымыздың екi себебi бар. Бiрiншiден, повесте сымдай тартылған оқиға желiсi жоқ, сол жоғарыда айтқанымыздай натуралды өмiрдiң үзiк-үзiк қиындылары ғана бар. Екiншiден, сол эпизодтарда суреттелетiн көрiнiс адамды толғандырмайды, ащы шындықтың куәсiндей болып адамның көзiн ашпайды, қайта оқушының көңiл көзiн бiтеп тастардай әр беттi ашқан сайын адымы ауырлай түседi. Мысалы, осы соңғы айтқан эпизодта нәресте дүниеге келер алдында жауын құрттарын суреттейдi. «Жауын құрттары жаңа туған баладай қызылшақа күйi жаңбырдың астында рахаттанып көсiле түсiп жатыр. Нөсер басылса, қорадан тауықтар шығып шоқып кетедi-ау деп сескенер емес» (16бет). Ал осыдан кейiн тап осы жаңбырдың астында туған баланы былай суреттейдi. «Сөйтiп майданда жүрген Орақтың баласы жауын құртынан үлкенiрек болып, нөсерлеткен жаңбырдың астында, батпақ көлшiктiң үстiне тыраң ете түстi» (15-бет). Бұл суреттеулерде дәлдiктiң жоқтығын, шаранасын жаңа ашқан бала қуаныштан гөрi жиренiш сезiмiн тудыратынын айту керек болса да айтпақ емеспiз. Ең бастысы бұл көрiнiс шығарманың жiбiн ширатуда, оқиғасын дамытуда, ана психологиясын ашуда ешқандай роль атқарып тұрған жоқ. Тек қана натуралдық өмiрдiң жалғасы ғана. Соғысқа кеткен күйеуiнен екi қабат болып қалған әйелдiң қайтсе де босануы шарт қой, сол үшiн ғана керек болған. Мұны арнайы суреттеусiз-ақ бiлдiре кетуге болмас па едi. Осындай мән-мағынасыз суреттеулермен повестiң өне-бойы баттасып тұр. Повесте айқын тартылған желi болмағанмен автордың айтпақ ойына түйiн боларлық оқиға бар шығар-ау деп сауал да қоюларыңыз мүмкiн. Иә, ондай оқиға бар, бiрақ ол қандай оқиға, повеске арқау болатындай ма? Онысы мынау. Орақ соғыста қаза табады. Оның көршiсi Зергүл деген кемпiрдiң баласы Тұтан да Орақтан кейiн iле-шала соғысқа кетiп, бiр аяғы кем болып оралады. Ал Мамай шал келiнiн жат жұртқа жiбертпеу үшiн, әмеңгерлiк салты бойында оны кiшi ұлы Нұрперзентке қоспақ болады, бiрақ Айзада деген өзi қатарлас сүйген қызы бар Нұрперзент оған көне қойсын ба? Баласымен көп ақылдасып жатқан Мамай жоқ, қалпенi ертiп келiп, бiраз адамдарды үйiне шақырып, жесiр қалған келiнi мен кiшi баласы Нұрперзенттiң некесiн қиғызуға кiрiседi. Мамайдың кемпiрi Арай үлкен ұлының қазасынан есеңгiреп, сал ауру боп жатқан. Ол шалының қалпенi неменеге ертiп келгенiн аңғара алмай да отырады. өзiнше сандырақтап қоятыны тағы бар. Шақырылғандардың iшiнде Зергүл кемпiрдiң баласы Тұтан да бар едi. Ол Мамайға өз ойын айтып, кәмелетке тола қоймаған баланы әлi оқыту керек, өзiнен үлкен әйелге қосып бағын байламау керек дегендi айтады. Бiрақ Мамай зар илеп, оның аузын аштырмайды. Тұтанның осы некеге қарсы бола тұрып, көппен бiрге келiп, көп қонақтың бiрiндей жайғасып отыруы да түсiнiксiз.

Ақырында қалпенiң не үшiн келгенiн ұққан ауру кемпiр Арай келiнiне жаны аши бастайды. Жесiр әйелдiң тағдыры туралы тiптi философиялық ойларға кетедi. Есi кiресiлi-шығасылы кемпiр тұрмақ ол кездегi денi сау қарт адамдардың бұлай ойлай қоюы екiталай. Оның үстiне Арайдың осындай бейшара хал үстiнде ескiлiк шырмауынан сытылып шығуы мүлдем ақылға сыймайды. Сондықтан болар, Арай кемпiрдiң қалпе қолындағы неке суы құйылған, күмiс салынған кесенi ақ таяқпен сарт еткiзiп ұрып түсiруiне мүлдем сенбейсiз. Мұны өлмелi кемпiр Арай емес, Тұтан iстесе бiр сәрi едi. Өзi бiреуге масыл ауру кемпiр үй шаруасын iстеп жүрген жалғыз келiнiнен айрылуын керiсiнше үлкен қасiрет деп ұғар едi. Ал Арай, соншама ауыр халiне қарамай керемет озық ойлы, дана адам едi дейiн десек, автордың бұған дейiн суреттеуi олай ойлауға негiз бола алмайды. Қайта жаңа түскен келiннiң сиырды емiзiп алғанына ашуланып жүрген ойы шолақ, күдiкшiл, пейiлi тар адам болып көрiнген. Ал ендi осы әмеңгерлiк төңiрегiндегi болымсыз тартыс бүткiл бiр повестiң арқауы бола ала ма? Әрине, жоқ. Екiншiден мұның өзi сонау отызыншы, қырқыншы жылдарда-ақ әбден шиыр болған тақырып едi ғой. Автордың жазушылық дәрменсiздiгi ғана оның қаламын сондай бiр күйкi тiрлiкке душар еткен. Себебi, повесте басқа негiзгi оқиға, өзек боларлық еш нәрсе жоқ. Ал Тұтан кiм? Ол да аты бар да, заты жоқ кейiпкер. Соғыстан балдақпен қайтқанын бiр көремiз. Сосын өзiнiң үйлену тойында көремiз. үйлену тойы дегенде өзi күйеу болып, той аяқталмай жатып-ақ ұйқтап қалады. Жеңгелерi оны әрең оятып төсегiне жатқызады. Қасына келiншегiн жатқызғанын да ол ұйқылы-ояу әрең бiледi. Мұндай өлiмтiктiгiн автор оның мүгедектiгiмен, тойдың дыр-думанынан шаршағандығымен түсiндiргiсi, ақтағысы келедi. Ақыры одан ештеңе шықпасын бiлген соң жас келiншегi тастап кетiп қалады. Мiне, ескi көзқарасты Мамай шалға автордың қарсы қойып отырған Тұтаны осындай адам. Ол ол ма, неке қиюға келген қалпе: – Мамай, қайтесiң сол құдайдан безген күнәкар пендемен айтысып, құдай онысы үшiн жазалап қойған жан емес пе? Осы күнге дейiн қатынбаласы жоқ емес пе? – дейдi. Тұтан туралы осылай сөйлеп, оның бейшаралығын бетiне басады. Алайда, Ш.Мұртазаевтың кейiпкерлерi кейде сезiмсiз бола қалады. Қалпе соншама жанына бататын сөз айтқанмен Тұтан ағаш адам сияқты бiр қыңқ еткен сезiм белгiсiн танытпайды. Ал Мамайдың кiшi баласы Нұрперзент ше? Повесте оған әдеуiр орын берiлгенмен ешқандай өзiндiк мiнез-құлқы танылмайды. Оның Айзада қызбен махаббаты да оқырманды толғандырмайды. Мысалы, Нұрперзент Айзада екеуi диiрменге үн тартуға барғанда, қызға көк қарғаның қанатын әкелемiн деп диiрмен қасындағы қия жартасқа шығып кетедi. Оның осы биiкке шығуын автор жас баланың шынайы махаббат үшiн күресiңдей көрсетпек болған. Дегенмен, кейiпкер әрекетiнде шынайылық жоқ, оқушы оған сенбейдi де. «Көк қарғаның қанаты» деген немене? Құстың өлi қауырсыны кiмге дәрi? Орыс, батыс әдебиеттерiнiң кейбiр романтикаға толы шығармаларында өз сүйiктiсi үшiн теңiз түбiнен жақұт әперемiз деп жанын пида еткендер кездесушi едi. Ш.Мұртазаев соған елiктеймiн деп бас-

қаға тәбетi шаппай құстың өлi қауырсынын ойлап тапса керек. Сонда құстың қауырсынын шашына тағатын Айзада жабайы адамдардың арасынан шығып пе деi? Немесе ол сонау үлкен сезiмнiң бейнесi боларлық қасиеттi нәрсе де емес қой. Мұнда басқа да сендiрмейтiн көрiнiстер қаншалық десеңшi. Мысалы, Тотия көршiсi Зергүлдiң үйiне от әкелуге барғанда қылаулап қар жауып, баяу жел соғып тұр едi. Ол барған үйiнен тiзе бүгiп қайта шыққанда аласапыран боран соғып кетедi. Тiптi Тотияның үйiне жалғыз жете алмайтын қаупi төнiп, оны Тұтан шығарып салуға мәжбүр болады. Оларды iздеуге шыққан Нұрперзенттiң өзi адасып барып, әрең жол тауып қайтады. Бұл қас қаққандай сәтте пайда бола кеткен (оның сендiрмейтiнi өз алдына) боранның авторға не үшiн қажет болғаны белгiсiз, әйтеуiр оны сағыздай созып суреттейдi. Тағы бұл боран туралы автордың «От ұрлаған Прометейдi азаптаған Зевс құдайдың қаһарынан да қаттырақ мына сұрапыл» (72-бет) деуiн қайда қоярсың? Осындай жалған теңеулер, жалған сезiмдер аяқ алып жүргiзбейдi. Бұл бiр жағынан автордың тiлге орашолақтығын, суреттеуге икемсiздiгiн танытады. Мысалы, Орақтың үйленуiне байланысты жас жұбайлардың құмарлығын көрсету мақсатында айтылған мынадай сөйлем бар: «Таңның атқанын қаламайтын да адамдар болады» (8-бет). Осы сөйлемдi Тұтан үйленгенде тағы қайталайды: «Түннiң ұзара түскенiн тiлеп, таңның атқанын қаламайтын адамдар да болады» (31-бет). Басқа сөз таппағанына таң қаласың. Сол Тұтан үйленген түндi қалай суреттегенiн толық келтiрейiк: «о, сиқырлы түндер! Түннiң ұзара түскенiн тiлеп, таңның атқанын қаламайтын адамдар да болады. Олар өздерiн мәңгi өлмейтiндей, мәңгi өзгермейтiндей сезедi. Бүкiл бiр жарты шарды көлбеп жатқан сайқал түн. Бiр сенiң құшағыңда қанша қуаныш, қанша қасiрет бар. Ләззат толқынындағылар түннiң ұзара түсуiн қанша тiлегенiмен, әйтеуiр таң атады. Таң жарығы түн түнегiн қуып шығады. Бiрақ түн де жарықты жұтып жiберiп жатады ғой...» (31-бет). Жар құшағына енген жас жiгiттiң осы бiр бақытты түнiн қайдағы әлеуметтiк, саяси ұғыммен баттастырып, философиялық шиыр оймен ластамаса қайтер едi? Бұл түннiң нақышы, бояуы ондай алыстан орағытқан доғал пiкiрлердiң түр-түсiмен мүлдем сыйыса алмайтын бөлек нәрсе емес пе? Ал автордың суреткерлiк қабiлетiне, әдеби тiл қорын қаншалықты баппен қолданатынына келетiн болсақ, онда повестiң көркемдiк жағы мүлдем мардымсыз күйреп жатқанын көремiз. Адамның сезiмiн дәл суреттеуден аулақ, әйтеуiр осылай болуы керек-ау деп автордың долбармен кететiнi айқын аңғарылады. Пiкiрiмiзге дәлел үшiн бiрнеше мысал келтiрейiк: «– Аспанның кiрi ашылып, сай-сайда лайсаң су ағып жатты. Шырышқа мөлтiлдеп iлiнiп қалған тамшыдан Нұрперзенттiң шайтантерi шалбарының балағы малмандай су болды. Лал қызыл тастай ана жерден де, мына жерден де жарқ-жұрқ етiп, әлдебiр алаудай лап-лап етiп нөсерден кейiн құлпырған қызғалдақтар қалып барады.

Әлгiнде зiкiр салған зiл қара бұлттар қазiр жынынан айрылған бақсыдай жуасып, Алатаудың басына барып аялдапты». (20-бет астын сызған Ұ.Д.) Мiне, осы үзiндiден қандай сурет есiңiзде қалады? Табиғат көркiн оқушының көңiлiнде ұялататын шеберлiктен автордың мүлдем аулақ екендiгi осыдан-ақ аңғарылмай ма? Бұл аз болса тағы мысалдар келтiрейiк: «... көк есектi қамшымен бастан қақырата тартып-тартып жiбередi». (34-бет) «Күнi тiптi жаздағыдай». (35-бет) «Паровоз түтiнi де ауаға iлiп қойған декорациядай тырп етпейдi. Тек көк есектiң тұяғынан қиыршық тас қана тырсылдайды». (37-бет) «Әлде қыздың күн шалмаған ақ санына көзi түсiп кеткеннен бе, әлде айдың әсерi ме, әйтеуiр Нұрперзенттiң аздап басы айналды». (38-бет) «Ақсайдан соққан аңқылдақ жел асыранды күшiктей еркелеп жолаушылардың төсiне асылып, бет-аузын аймалайды». (52-бет) «Ащы шымшу емес, асыранды күшiктiң еркелеп, аяп тiстегенiндей ғана зiлсiз қол». (59-бет) «Күлi түскiр арсалаңдап қолқасын қапты». (57-бет) «Сыртқы есiктiң саңлауларынан лақылдап қар атқылайды. Диiрменнiң шанағынан ұнның ұлпасы атқылағандай». (74-бет) «Қиядан құлаған қасқа судай болған, Орағым, – дедi Арай». (90-бет) «Қаладағы қызметкердiң анда-санда туған аулына бiр келiп-кететiнi сияқты, адам өлгеннен кейiн бұл дүниеге жүз жыл, мың жылда бiр келiп кетiп тұратын болса». (125-бет) Егер осындай олақ сөйлемдердi тегiс келтiретiн болсақ повестiң үштен бiрiн көшiрiп шығуға тура келер едi. Повесте Кенжекүл деген тәуiп кемпiр бар. Ол үнемi айтып жүретiн:

«Әккей-әй, гәмай-ай Кәгда салдат дамой-ай!» – деген екi жолдық өлеңi повестiң эпиграфы ретiнде алынған. Осы екi жолдық өлеңде сол кезде майданға кеткен ер-азаматтарын сарғая күткен халықтың қайғы-қасiретiнiң ыстық лебi бардай. Аузыңа бiр тисе әндетiп айта бергiң келедi. Бүкiл повеске тұтқа бола алмағанмен, оған көрiк берiп тұрған тап осы екi жол ғана сияқты. Алайда сала құлаш повесть жазған автор бiр-екi жолдық халық өлеңiне өз жанынан жылт еткен бiр сезiм қоса алмауы өкiнiштi-ақ. Кiтапқа енген әңгiмелерге келсек олардан да жылт еткен сезiм таба алмадық. Көбiсi болымсыз, ұсақ-түйек жәйттардың төңiрегiне құрылған, қажеттi, қажетсiз детальдар аяқ алып жүргiзбейдi. Оқиғаларында сенiмсiздiк көп. Мысалы, «Бiр нәзiк сәуле» атты әңгiмесiнде туған ұлының үйiнен қайтып келе жатқан Хадиша деген кемпiр поезда аты орысша қойылған Валя деген қазақ қызын жолықтырады. Таныса келiп, оның детдомда өскенiн бiледi. «Бiздiң ауылда Зуайда деген кемпiр ана жылы қызын жетiмханаға

өткiзiп, қайтып таппай қалып едi. Сен соның қызы боларсың, соған ұқсайсың, жүр ертiп барайын» дегенiне жаңағы қыз ерiп жүре бередi. Алғашында аңырап-боздап қарсы алған Зуайда, сәл ентiгiн басып, қыздың шашын сипалап көрiп, «менiң Шәмшиямның төбесiнiң оймақтай жерi екi жасында отқа күйiп қалып едi-ау» деп Хадиша ертiп келген қыздан бас тартып шыға келедi. Содан Хадиша Валяны өз үйiне қарай әкетедi. Бар болғаны осы. Сонда осы оқиға арқылы автордың айтпақ ойы не? Әрi әңгiменiң «Бiр нәзiк сәуле» деп қалай аталғанын да ұғу қиын. Ш.Мұртазаевтың әңгiме жанрын да игере алмағаны көрiнiп тұр. Осы әңгiмелерiнiң iшiне автор сонау араб елi жөнiнде жазған «Сфинкстiң сыры», «Нiл толқындары», «Қасиеттi қоңыз» атты үш очеркiн де сұғындырып жiберген, өзiнше әңгiме дәрежесiне көтерiп жаздым деп ойлайтын болса керек. Алайда олардың көркемдiгi автор дәмесiнен көп төмен. Жоғарыда бiз талдау жасаған «Мылтықсыз майдан» повесiнiң бұл қайта өңделген нұсқасы екенiн айттық. Алайда сол алғашқы нұсқасының өзiақ орысша шығып кеткен. Көкжасық нәрсенi аудармашының қырнапжонуымен басқа тiлге әдемiлеп берудi әдетке айналдыру ұлт әдебиетiн өсiрудiң қамы емес. Оның зиянды жақтары бар екенiн бетке, көзге тура айтқанымыз абзал. Соңғы кезде белгiлi бiр лауазым иелерiнiң, жүзiктiң көзiнен өтетiндердiң арасынан шала үйтiлген «классиктер» жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақша жыпырлап жатыр. Олардың көбiсi, шығармасын орысшаға аудартып, өздерiнен шеберлiгi әлдеқайда жоғары әдеби аудармашылардың көмегiмен өз жұртшылығының сынынан құтылып кетудiң әрекетiн жасауда. Алайда ондай айламен алысқа бара алмайды. Кезiнде осындай күлдiбадам шығармаларына лайықты сын естiмеген Ш.Мұртазаев өзiнiң соңғы кезде жазған «Қызыл жебе» романында да бiраз дәрменсiздiк танытты. Әсiресе оның екiншi томында көптеген басы артық детальдардың жүруi, бiраз көрiнiстердiң Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романының көшiрмесiне ұқсауы, ал Ақкөз батырдың сол Сәбең шығармасындағы Амантай батырдың көлеңкесiндей ғана әсер етуi бұған мысал бола алады. Мұнда да басы артық көрiнiстер, тәптiштеп суреттеуге тұрмайтын болмашы, тым арзан жәйттер аяқ алып жүргiзбейдi. Мұндай көлемдi шығарма жазуға автордың белгiлi бiр дәрежеде дайындықпен кiрiскенi абзал едi. Ал мынадан бiз ондай дайындықты көре алмадық. Әрi «Қызыл жебенiң» ең басты кемшiлiгi сол – негiзiнде құрғақ, күнделiктi шығып жатқан газет тiлiмен жазылған. Мұндай газет тiлiмен «роман» жазғыштар да көбейiп барады. Оған да тосқауыл қоймаса болмайды. Жарайды, бұл «Қызыл жебе» туралы әңгiме кейiнiрек. Бiздiң бүгiнгi тақырыбымыз жоғарыда аталған «41-шi жылғы келiншек» атты повесть және әңгiмелер жинағы туралы едi ғой. Мақаламыздың соңында Шерхан Мұртазаевтың бұл кiтабын оқығанда көңiлiмiздiң қатты қалғанын, «Жазушы» баспасындағы жауапты адамдардың бұл кiтапты оқырманға ұсынар алдында «мұндай басылым қажет пе, жоқ па» деген сұрау төңiрегiнде жете ойланбағанын қайталап айтқымыз келедi.

1972, 2003 жылдар.

ҚОЙҒА ТИГЕН БӨРIДЕЙ БОЛМАЙЫҚ!

КIШКЕНТАЙ КIРIСПЕ

Әдебиет сүйер қауымға белгiлi, республикадағы ең көлемдi әдеби басылым «Жұлдыз» журналының 1998 жылғы 1, 2, 10, 12 сандарында, сондай-ақ, 1999 жылғы 1, 2 сандарында жазушы Қабдеш Жұмадiловтiң «Таңғажайып дүние» атты көлемдi ғұмырнамалық романы жарияланды. Мұқият оқыған адамға шығарма еш қысқарусыз толық берiлгенге ұқсайды. Тiптi «эпилогына» дейiн жүр. Жарайды, оған тиiспей-ақ қоялық, ол журнал редакциясының iшкi iсi. Ал осы романды оқи отырып, Қ.Жұмадiловтiң өзiнiң «Тағдыр» атты романына байланысты жазған кейбiр беттерiне келгенде көңiлге көптеген күдiктiң ұялағанын жасыра алмаймыз. Мысалы, осы «Тағдыр» романының кезiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығына қалай ұсынылғанын баяндай отырып, ойын былай жалғастырады: «Бұл жағдай, сiрә, менiң қарсыластарымның құлағына да жеткен болар, үстiмнен арыз ұйымдастырыпты. Арызды Кәрiбай Ахметбеков, Ұзақбай Доспанбетов деген қаламгерлер жазыпты. Кәрiбай бетi бүлк етпестен: «Жұмадiловке сыйлық беруге болмайды. Ол баяғыда «Саржайлау» деген повесiн менiң «Ақдала» деген романымнан көшiрiп алған» дептi. «Саржайлау» шыққалы берi он екi жыл болды. Содан берi неге үндемей келгенi белгiсiз. Ұзақбайдың жазғаны да соған ұқсас бiрдеңе... Мұндайда не айтуға болады? Күлесiң бе, жылайсың ба? Сырттай бiлгенiм болмаса, әлгiлердiң жазбаларынан бiр жол оқысам не дейсiң?! Классиктердi оқып тауыса алмай жүргенде, Кәрiбай мен Ұзақбайға уақыт қала ма? Бiрақ арыздың аты –арыз. Орталық Комитеттiң мәдениет бөлiмiне барып, түсiнiк жазуға тура келдi. Мәселенiң басын ашу үшiн Министрлер Кабинетi бiрнеше адамнан комиссия құрған екен. Олар аталған шығармаларды оқып көрiп, арызқойлардың жазғанын жала деп тауыпты. («Жұлдыз» журналы, 1999 жыл, №2, 66-бет). Мiне, құрметтi оқырман, аталмыш шығарманың бүкiл өнебойында жазушының қолынан шықты-ау дегенге адам сенбейтiн кәкiр-шүкiрдiң, оған қоса бетiң бар, жүзiң бар демей тоғытылған өтiрiктердiң қаншалықты екенiн санап шығуға әзiрге мүмкiндiгiмiз жоқ, мүмкiн бұл жайында алдағы күндерде қалам иелерi өз пiкiрлерiн бiлдiре жатар, ал бiздiң айтпағымыз тап осы келтiрiлген бармақтың басындай үзiндiде құйрығы батпандай ұш өтiрiк бар. Бiрiншiсi: «Саржайлау» шыққалы он екi жыл болды. Содан берi неге үндемей келгенi белгiсiз» деп жазады Қ.Жұмадiлов. Апырау, Кәрiбай Ахметбеков үндемей қалып па едi? Сол «Тағдыр» романы жарыққа шыққан жылы-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мәжiлiс залындағы үлкен жиында К.Ахметбеков сөз сөйлеп, өзiнiң «Ақдала» романының оқиғаларына Қ.Жұмадiловтiң «жиендiк» жасағанын дәлелдеп тұрып айтқан болатын. Сонда

Қ.Жұмадiлов орнынан атып тұрып, айғайлап, мiнез көрсеткенiне бәрiмiз куәмiз. Жиналыс басқарушы, сол кездегi Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы марқұм Жұбан Молдағалиев екеуiн тыныштандыруға күш салды. Қ.Жұмадiлов бұл жайды неғып ұмыта қалды екен? Ол ол ма, содан көп ұзамай К.Ахметбеков жаңағы сөйлеген сөзiнiң негiзiнде Қ.Жұмадiловтiң ұрлығын әшкерелеп, арнайы мақала да жазды. Алайда, оны ол кезде жарыққа шығару қиынға соқты. Мұны да Қ.Жұмадiлов бiлмейдi дегенге ешкiм сенбейдi. Екiншiсi: Жоғарыда келтiрiлген үзiндiде «Ұзақбайдың жазғаны да соған ұқсас бiрдеме»... «Классиктердi оқып тауыса алмай жүргенде Кәрiбай мен Ұзақбайға уақыт қала ма?» деген сөйлемдер бар ғой. Автордың осы сөз саптасына қарағанда мен де Қ.Жұмадiловтiң өзiме «жиендiк» жасағанына шағым айтқан болып шығамын ғой. Расында, олай емес едi, мен өзiмнен он есе, жүз есе үлкен суреткердiң шығармасына Қ.Жұмадiловтiң суық қолын жүгiрткенiне наразылық бiлдiргенмiн. Ол жазушы кiм дейсiз ғой. Ол – Мұхтар Әуезов. Оның қай шығармасы аталмыш автордың тонауына ұшырады? Әрине, «Абай жолы» роман-эпопеясы. Қ.Жұмадiлов қасақана бұл шындықты бұрмалап көрсеткен. Үшiншiсi: «Арызды Кәрiбай Ахметбеков, Ұзақбай Доспанбетов деген қаламгерлер жазыпты» дейдi автор. К.Ахметбековтiң не жазғанын бiлмеймiн, ал менiң жазып, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтар жөнiндегi комиссияға тапсырғаным арыз емес, оның осы «Тағдыр» атты романына арналған рецензия едi. Комиссияның жауапты хатшысы, бұл күнде марқұм Мұхтар Құдайқұловтың кейiнiрек ол рецензияның тағы бiр-екi данасын сұратып алғаны есiмде. Талай кiтаптың авторы, бүгiнде жасы алпыстан асқан адамның арыз бен рецензияның арасында қандай айырмашылық барын бiлуi керек-ақ қой. Егер өз шығармасына жазылған әдiл де, бiрақ, өте шыншыл, қатал рецензиялардың бәрiн арыз, аяқтан шалу деп түсiнсе онда әңгiме басқа. Мiне, кiшкентай үзiндiден осындай үш өтiрiк шықты, оларды әлi де анықтаймын деген адамға мүмкiндiк дегенiң жетерлiк. Ал романның бүкiл өнебойында қанша өтiрiк бар, ол жағын саралау, қайталап айтайын, алдағы күннiң еншiсiне тиесiлi. Мұның сыртында мынадай бiр жағдайды да ескерте кеткiм келедi. Қазақ жазушыларының қандай шығармалары Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылуға тиiс деген мәселе сол кезде ең алдымен Жазушылар одағының проза секциясында талқыланған болатын. Ол талқылауды проза секциясының жетекшiсi, аға жазушы Сафуан Шаймерденов жүргiздi, әрi Жазушылар одағының сол кездегi хатшыларының бiрi Әкiм Тарази қатынасып отырды. Қабдеш Жұмадiловтiң өзi де бар болатын. Бiреулер оның «Тағдырын» сыйлыққа ұсынғанда мен қарсы сөз сөйлеп, оның ұрлыққа толы екенiн автордың бетiне шыжғырып тұрып басқан болатынмын. Сол жиында да Қ.Жұмадiлов мiнез көрсетуге тырысты. Бұған қоса айтар тағы бiр шындық мынау: сол секция жиналысында сыйлыққа ұсынылсын деп әркiмдер атаған прозалық кiтаптардың бәрi жабық дауысқа салынған болатын. Сонда ең көп дауыс алған Смағұл Елубаевтың

«Ақбоз үй» атты романы едi. Екiншi орынды кiм алғанын ұмыттым. Ал бiр анық нәрсе Қ.Жұмадiловтiң «Тағдыры» алған дауыс саны жағынан одан кейiнгi орындардың бiрiн ғана иемдендi. Сөйте тұра кейiн сыйлық осы «Тағдырға» ғана берiлдi. Осының өзi-ақ көп ойға жетелейтiнi ақиқат қой. Иә, мұның бәрi солай. Ал менiң жоғарыда аталған рецензиямды жарыққа шығарудың ендi ғана сәтi түсiп отыр. Мұны жариялау қалың оқырман қауымның екiұшты пiкiрде қалмауы үшiн де керек, әрине. Қорытынды пiкiрдi сол оқырман қауымның өзi айтар деп үмiттенемiн. 16 наурыз, 1999 жыл. Алдымызда қалыңдығы тойған қозыдай, қара қоңыр мұқабалы жуан роман. Авторы да әлдекiм дейтiн емес, осыдан жиырма жылдай бұрын-ақ қазақ әдебиетiнiң ең бiр жұмыскер тобындағылардың қатарына енген, онымұны мақтау сөздерден (сыннан емес, әрине) кенделiк көрмей еңсесiн жоғарылау ұстап келе жатқан Қабдеш Жұмадiлов. «Еңсесiн жоғарылау ұстады» деген сөзге Жұмадiлов ренжiмес деп ойлаймын, себебi, ол мiнездiң сипаты, ал мiнез атаулыға атамыз қазақ мiн тағушы ма едi, «сүйекке сiңген нәрсе ғой» деп бәрiн де кешiре салатын. Ал әңгiме роман жайында. Романның аты «Тағдыр» 1 екен. өткен ғасырдың сексенiншi жылдарында патшалық Россия мен көршiлес Цин империясы өзара жаңа шекара белгiлеу мақсатында осынау кең алқапты мекендеп жатқан қазақ жерiн, елiн қақ айырып тастағандығы, әрi сол шекараның Қытай жағында қалған қазақтардың хал-күйi сияқты жағдайларды шығармаға өзек етiп алыпты. Несi бар, мойындау керек, бұл қазақ әдебиетi үшiн әрi тың, әрi зәру тақырып. Романның алғашқы беттерiнде тұлабойынан жастықтың қызу лебi бiлiнетiн, Шәуешек қаласындағы қытай өкiлдiгiнiң қызметкерi – қазақ жiгiтi Демежан мен оның бақытты жас жұбайы Бибiнi көремiз. Көп сөздiлiк аздап сүрiндiре бергенмен, бұл беттер аздап оқылады. Одан кейiн Демежан осы Шәуешек қаласындағы өз кеңсесiне келгесiн мұны Тарбағатай мен Алтай аймағының әмiршiсi, ұлы мәртебелi Ши-амбы шақыртады да бұлардың екеуара сөзiне куә боламыз. Бұл сөз үстiнде Ши-амбы екi ұлы ел арасында шекара сызығының белгiленбек екенi туралы Демежанды ресми түрде хабардар етедi, ал Демежанның халық қамын ойлаған кең қолтық, үлкен жүректi жас екенiн сезiне бастаймыз. Ақырында Ши-амбы Демежанды шекара бөлiсiне өзi басқарған мекеме тарапынан қатынасуды тапсыратынын мәлiмдейдi. Демежан мұндай тарихи оқиғаның куәгерi болатынына қуанышты екенiн бiлдiрiп, ол комиссия келгенге дейiнгi он күн iшiнде әйелiн ертiп, аулына барып қайтуға рұқсат сұрайды. Ши-амбы рұқсат бередi. Ал ары қарай не болды дейсiз ғой. Оны айтуға өзiмiздiң де аузымыз бармай тұрса қайтесiз? Жоғарыда мұны қалыңдығы тойған қозыдай бар роман дедiк қой. Бұл теңеудi тегiн көлденең тартқан жоқ едiк. Егер сөзiмiз бұл романды әлi оқып үлгермеген қауымға ауыр тисе кешiрiм өтiнемiз, бiрақ, бас кеспек болса да тiл кеспек жоқ дейдi, көрiп, бiлiп, сезiнiп отырған нәрсенi iркiп қалғанымыз ол да адамгершiлiк үдесiнен шығатын нәрсе емес қой, сондықтан да ағынан жарылғанға не жетсiн.

Жаңағы Ши-амбы мен Демежанның әңгiмесi алты жүз беттен асып жығылатын кiтаптың отыз бiрiншi бетiнде аяқталады. Бiзге роман оқиғасы да осымен аяқталғандай әсер етсе қайтесiз? Ал одан әрi... иә одан әрi... «Қиналған Жамбыл жерi осы». Аруағыңыздан айналайын, Жәке, кешiрiңiз, өзiмдi сiзбен салыстырып отырғаным жоқ, құдай кешiрсiн, тек сiзден қалған қанатты сөздiң тiлiме орала кеткенi ғой. Одан әрi түсi қап-қара қою батпақтың iшiне кiрiп кеткендей малтыға бастайсыз. Бас-аяғы жоқ суреттеулер, адамдардың кiрген-шыққанын тәптiштеу, киiм киiсi, жүрiс-тұрысы, тап бiр олардан этнографиялық мәлiметтердi түгел тiзiп, сарқып алып отырғандай ештемесiн қалдырмай баяндау оқушыны бiрден-ақ бетке қаққандай әсер етедi. Мiне осындай басаяғы жоқ суреттеулер шығарманың ең соңына дейiн дерлiк барады. Тек халық қамын ойлаған бас кейiпкер Демежан iстi болып, қамауға алынып, Цин өкiметi дарға асқан тұстарда ғана көркем шығармаға лайық серпiлiстер оқырманды ұйқысынан оятқанға ұқсайды. Бiрақ бұл екi ортадан «аман» өту үшiн оқырман тарапынан темiрдей шыдамдылық керек шығар-ау. Мысалы, Демежан жоғарыда аталған Ши-амбыдан рұқсат алып елiне келгенде мұнда әке-шешесiмен, қалың жамағайынмен кездескенi молынан суреттеледi. Әрi автордың өз баяндауынша «күнi кеше, алпысыншы жылдардың ортасында, жергiлiктi Маншың өкiметiне қарсы көтерiлiсте дүңгендерге қосылып, Байжiгiт қолын бастаған Мәмбеттiң атақты биi Отыншының» асы 65-88 беттердегi аралықты түгел алған. Әрине, егер астың оқиғасы роман сюжетiн одан әрi дамытып тұрса бұл әрине көп емес. Бiрақ осы асқа арналған беттердi оқып шыққанда Демежанның әкесi, осындағы тұрғылықты ел – Төртуыл тайпасының көсемi Керiмбайдың қара қасқасының бәйгеден бiрiншi келгенiнен басқа бiр де бiр жағдай оқушының есiнде қалмайды. Қалай қалсын, бастан-аяқ ақ езу, көк езу болысқандардың бетбедерiнен басқа ешнәрсенi көрмеймiз. Осыдан барып, бұл ас автор тарапынан қанша күшенiспен суреттелгенмен басы артық нәрседей әсер қалдырады. Одан кейiн өтетiн той жөнiнде де осындай өкiнiш бiлдiремiз. Бiрақ мұның бәрi жекелеген нәрселер ғой. Романның (егер оны осылай атауға тұрарлық болса) басты кемшiлiктерi қайсы десе, ең алдымен, мынадай жағдайды алға тосар едiк. Иә, айрандай ұйып отырған қазақ елiн екi ұлы ел – Ресей мен Қытай екi бөлiп әкеттi. Бұл, әрине, оңай-оспақ әпселең емес, бұл тiптi Демежан заманынан бiр жарым ғасырдай уақыт бұрын болған жоңғар шапқыншылығын еске түсiре алатындай қара дауыл десек те асыра сiлтегендiк болмас едi. Қоңсылас, көршiлес, қарға тамырлы қазақ көк тәңiрiсiнiң алдаспаны төбелерiнен түскендей қақ бөлiнгенде кiм кiмiнен айрылмады дейсiз, кiм кiмiн жоғалтпады дейсiз.

...Құлазып қайран мекен қалды бiзден, Бөлiндiк туған бауыр елiмiзден. Ел мен жердiң қайғысы еске түссе Ыстық жас сорғалайды көзiмiзден. Қ.Жұмадiлов суреттеп отырған Тарбағатай тұсындағы шекара бөлiсi аяқталғанда туған халық өлеңдерiнiң бiр шумағы осы екен. Бұл өлеңнiң әлгi «Ақтабан-шұбырынды» тұсындағы «Елiм-айдың» мына жолдарынан қандай айырмасы бар? Мынау заман – қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман. Қарындас пен қара орман қалғаннан соң, Көздiң жасын көл қылып ағызамын.

Бұл екi шумақты қатар келтiрудегi мақсат – екi ұлы ел ала қойдың терiсiндей жерiн екiге бөлiп әкеткендегi қарапайым қалың қазақтың осы өзгерiске деген көзқарасы қандай болғандығын көрсету едi. Көзқарасы қалай болсын, оны тап сол «Ақтабан-шұбырынды» заманындағы апаттың өзiндейақ қабылдапты. Ал Қабдеш Жұмадiлов мұндайлық апатты қалай суреттеп отыр? Егер автордың дегенiне көнсек, қақ ортасынан шекара сызығының тартылуы қалың қазаққа мұрты қисайғандай да әсер етпептi. Сол баяғы ас пен тойынан ажырамаған, «қойын құрттап, айранын ұрттап», тек тiл мен жаққа анда-санда күш түсiрiп, маужыраған тiрлiгiн, керенау қалпын бұзбаған да сияқты. Ал шындығында қазақ сондай халық па? Жоғарыда аталған «Ақтабаншұбырынды» заманындағы, не одан бұрынғы қалмақ шабуылдары тұсындағы мiнезiн еске алмай-ақ қоялық. Қазақта ел дауы, жер дауы, жесiр дауы деген үш ұғымның жөнi бөлек болғаны белгiлi. Оны тарих та, ескi аңыз әңгiмелер де, тiптi бiрен-саран тасқа басылған шежiрелер де айқын дәлелдейдi. Егер осы дау түрлерi жоқшылар мен жаушылардың дегенi бойынша шешiлмесе мұның арты үлкен ойранға, барымтаға, жанжал, төбелеске, ұрысқа ұласқан, тiптi кiсi өлiмiне де жеткен. Сөйткен қазақ ескi шүберектей ел мен жерi қақ айрылып жатқанда неге бiр мiнез көрсетпей тынды? Рас, қазақ дегенiмiз, шағын халық, патшалық Ресей мен Цин империясы сияқты аса iрi мемлекеттердiң бiрлескен қиянпұрыс әрекеттерiне қанша күшенгенмен қарсы тұра алмақ емес, оларға әлi келмек емес. Бiрақ соған қарап бұлқынған бiр күш-қайрат көрсете алмады деу ол да шындыққа кереғар келгендiк болып шығады. өзiне тап берген айдаһарға қарсы қанден күшiк те «ауп» деп дауыс шығарып, тiсiн ақситып үлгередi емес пе? Қазақ сол кiшкентай мақұлық құрлы жоқ дегенi ме? Халықтың ұлттық намысына тию деген сөз тiзбегi де осындайдан қоздамай ма? Бұл жерде гәп Қабдеш Жұмадiловтiң өзi суреттеп отырған объектiнi тарихи тұрғыдан жете, тiптi мүлде зерттемеуiнде жатқан сияқты. Тарих демекшi, бұл романда осы шекара бөлiнiсiнен бiр ғасырдан астам уақыт бұрын күнi таусылған жоңғар мемлекетiнiң күйреуiне, дүңгендер көтерiлiсiне, басқа да бағзы заманғы оқиғаларға ұзақ-ұзақ тарихи экскурстар жасалған. Солай бола тұра автордың өзi негiзгi объект етiп алып отырған өткен ғасырдың сексенiншi жылдарындағы осы шекара бөлiнiсi

кезiндегi жағдайлардың тарихи негiзiн ашып көрсетуге шамадан тыс сараңдық еткенiне түсiне алмадық. Жоқ, шынын айтсақ, түсiнбейтiн несi бар, Жұмадiлов өзiне керектi шаң басқан тарих беттерiн iздестiруге, сөйтiп, қадағалап зерттеуге мойны жар бермегенi көрiнiп тұр. Тойған қозыдай бар қалың романды оқырман қауымның алдына дөңгелетiп тастай салуға асыққан сияқты. Ал оқырман қалай қабылдайды, оны ойлап көп бас ауыртпаған шамасы. Бұл романның екiншi үлкен кемшiлiгi. Ал үшiншiсi ше? Жәкеңнiң аруағын осы жерде еске алсақ керек едi... Нағыз қиналған жерiмiз осы үшiншiсiне кiрiсерде болды. Қиналғанмен амал не, шындық дегенiң ауыздан оңайлықпен шыға қоймайды ғой. Жоғарыда аталған Отыншы бидiң асына арналған беттердi оқығанда әлдене көзiмiздi тартқандай бөлек әсер етiп отырды. Алғашында ол ненiң әсерi екенiн аңғара да алмаған сияқты едiк. Ертеден таныс бiр сүрлеусоқпаққа түсiп алып, тартып бара жатқандай айнала дүние өзiнiң тым сырмiнез қалпын көрсеткенге ұқсады. Байқасақ ол жазушы шеберлiгiнiң нәтижесi емес, «жазушымын» деп қалам тартқан адамның iшкi ойпиғылының алдындағы ақ қағаздай таза еместiгiнiң салдары болып шықты. Шығармада Қараменде жағынан келген, осы Төртуыл елiнiң аса сыйлы адамы Сымайыл зәңгi деген бар. Ол өз заманы жайлы толғауын «Кеден кеден болды, кедергi неден болды» – (74-бет) деген мақалдан бастайды. Осы арада ғана мәселе сыры ашылғандай едi. Мұхтар Әуезовтiң бүгiнде хрестоматиялық шығармаға айналған «Еңлiк-Кебек» пьесасындағы бүгiнгi әрбiр өнер сүйер қауым жатқа бiледi деуге де болатындай билер айтысы сарт етiп есiмiзге түссе қайтесiз. Әрине, М.Әуезов қолданған халық мақалын басқалар қолданбасын деген жазулы заң жоқ (жазылмаған заң болуы да мүмкiн), бұл жердегi әңгiме Қ.Жұмадiловтiң өзiнше жаңалық ашуға әуреленiп жатпай таптаурын жолға қарай ат басын бұра салып, содан олжа таппаққа жанталасқаны туралы болып отыр. Тiптi бұл үшiн де авторды пәлендей кiналамас едiк. Тек Еңлiк-Кебектегi билер шешендiгiн еске алатын Сымайыл заңгiнiң осы сөзiнен кейiн оқыған беттерiмiздi қайта аударыстырып, қадағалай қарағанда бiраз, бiраз емес-ақ, одан көбiрек сұмдық салқыны бетiмiзге ұрса тiл-аузымызды байлап, қалай ғана шыдап отыра аламыз? Тiптi осы мақаланың жазылуына да, мiне, осы сұмдық салқыны түрткi болды десек оқушы қауым сенер ме екен? Демежанның Ши-амбыдан рұқсат сұрап, аулына келуi Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» романының ең басындағы он үш жасар Абайдың аулына келуiмен өте ұқсас жағдайда өтедi. Тек мұнда Демежан алдымен әкесiне сәлем бередi. Әкесi «ендi шешеңе бар», дейдi. «Абай жолында» Ұлжан баласына алдымен әкеңе бар деушi едi. Әуезов романында бұл он үш жасар бала туралы болып отыр ғой, оған жөн-жосық айту жарасады, ал Демежан дегенiң үйлi-баранды жiгiт, әрi Шәуешек қаласындағы Қытай өкiлдiгiнiң үлкен сенiм көрсетiлiп отырған бiлдей қызметкерi, бұған әкеңе, не шешеңе бар деп жату орынсыз екенi анық. Ақыл-есi дұрыс болса әке мен

шешенiң бiрiне сәлем берудi ұмытып кетуi ешқандай да логикаға сыймайды. Мұның бар себебi Қ.Жұмадiловтiң көршiнiң бақшасындағы қызарған дайын жемiске қызығып кетiп, ұсталармын-ау деген сияқты логикалық заңдылықты естен шығарып алғанында, әрине. Сосын не болды? Демежан шешесiмен бiрге болған соң, қайта айналып әкесiнiң айналасындағы үлкендер ортасына келедi. «Абай жолын» дұрыстап оқыған адам бұдан да бiр ұқсастықты көрмей тұра алмайды. Ендi үлкендер арасында әңгiме басталады. Мұндағы ең үлкен тұлға Сымайыл зәңгi болып көрiнедi. Сымайыл зәңгiнiң үлкен баласы өлген екен, бәрiнiң көңiлi сол үлкендер арасындағы бiр қара домалақ балаға ауады. Бұл Сымайыл зәңгiнiң кейiнгi баласы. Демежанның әкесi Керiмбай Сымайыл зәңгiнiң көңiлiн көтеру үшiн: «Ендiгi күнде қасыңызға қарайып ерiп жүрген мына бiр қара домалақтың қайырын тiлеңiз» дейдi. Сол-ақ екен, үй-iшiндегi үлкендер әлгi қара домалақ баланы тiл ұшына iлiп, әркiм өз әлiнше қолпаштай жөнеледi. Бұл да таныс сурет. «Абай жолындағы» Құнанбай Қодар «күнәсiна» байланысты жиған үлкендердiң ортасында жаңа ғана шеше қасынан келген Абай көңiлдерi ауа берген жұртқа: «Одан да не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдершi» демеушi ме едi. Мiне осыдан кейiн-ақ Қаратай және басқалардың Абайды қолпаштаған сөздерi судай сапырылмаушы ма едi. Мұндағы бiр айырма Сымайылдың қара домалағы жөнiнде басқа бiреу айтса, Құнанбай өз баласы жөнiнде өзi iлiк тастап отыр. Бiрақ бәрiбiр iз бiреу, сүрлеу ортақ. Егер Қабдеш Жұмадiловтың осы шығармасын жазу үстiнде М.Әуезовтiң ұлы еңбегiнен жырымдап, сәл өңiн өзгертiңкiреп алған жерлерiн тiзер болсақ үлкен бiр диссертациямен көлемдес дүние шығар едi. Бiрақ оның қажетi қанша? Жазушы арының тазалығына оқырман қауымда күмән тудырарлық бiрнеше мысал келтiрумен шектелсек деймiз. Аталмыш романда белгiлi әншi-композитор Әсет Найманбайұлының Демежан аулына келуi суреттеледi. (409-442 беттер). Бұл ұзақ баяндаулардан тұратын, әрi «Абай жолындағы» Абай аулына Бiржанның келуiне қатты ұқсап кеткен беттер. Сол М.Әуезов романындағы осыған байланысты көрiнiстердiң алабажақ көшiрмесi десе де болғандай. Әсет өнер көрсетедi, Демежан бiраз сырын айтады. Сондағы Демежанның Әсетке арнаған бiр сөзi мынау: «Бақыт деп мына сенiң басыңдағы өнер бақытын айт! Құдай берген талант пен еңбектi айт. Ең ғажабы оны сенен ешкiм де тартып ала алмайды ғой. Бай бiр жұттық, батыр бiр оқтық. Ал ақынның өнерi жұтамайды. Тiптi өлгеннен кейiн де ел аузында жатталып, салған әнi, айтқан сөзi қалады. өзiң айта беретiн кемеңгер Абай да осы ақиқатты жақсы ұғынған болар-ау. Байлықты да, мақсатты да тәрiк етiп, өнерге ден қоюы содан шығар, – деп аз бөгелiп, ойын жинақтап алды да. – Сен маған осыны ұқтырдың, Әсет, әнiңмен, өнерiңмен келiп, маңдайға соғып тұрып ұқтырдың. Сен келгелi мен ашқан жаңалық осы. Сол үшiн де саған мың да бiр рахмет! Сен – мәңгi өлмеуге, болашаққа бет алған адамсың ғой.

Сол сапарың ұзақ болсын. Шырқай бер! – деп шын ықылас пейiлiн бiлдiрдi». (442-бет). Осындағы «талант» деген сөздi өткен ғасырда Қытай өкiлдiгiнде қызмет еткен қазақ жiгiтiнiң аузына салуы автордың сауатсыздығынан ба, жоқ жәй ғана ұқыпсыздығынан ба, оны оқырман өзi ажырата жатар. Бұл үзiндiнi ол мәселеге назар аудару үшiн көлденең тартып отырғанымыз жоқ. Бiздiң мақсатымыз басқа. «Абай жолынан» да үзiндi келтiрiп, мақаламыздың көлемiн қампита берудi жөнсiз санадық. Қазақ әдебиетiнiң шырқау биiгiнен орын алған бұл ұлы шығарма әрбiр әдебиет сүйген пенденiң төрiнде тұр деп ойлаймыз. Оның асылдан соққандай сүйегi, желiсi, негiзгi оқиғалары әрбiр оқырманның көкiрегiнде деп есептеймiз. Тiптi болмаса сол төрдегi кiтапты ашып жiберiп, салыстыра салу қиын емес қой. Мына жоғарыдағы үзiндi М.Әуезов романындағы Бiржан мен Абайдың ән мен сөз өнерi жөнiндегi толғаныстарының жарым-жартылай, тiптi сөзбе-сөз дерлiк көшiрмесi екенi тайға таңба басқандай анық емес пе? Әдебиеттегi ар тазалығы деген осы болса ондай тазалықты лағнет атсын! Әсеттiң ауылдан аттанып кеткен жерi де солай. Абай аулынан аттанып бара жатқан Бiржан келбетiн еске түсiредi. Сондай-ақ Әсет аттанғасын көңiлi көтерiңкi жұртқа алыстан шауып келе жатқан бiр атты қараның көрiнуi, әншiнi шығарып салушы елдiң тосыннан тағы бiр лаң туып кеткен жоқ па деп күдiктенуi де сол М.Әуезов романынан ауысқан таныс схема. Осы оқиғадан соң қазақтар мен халдайлар арасында Абдыра тоғаны үшiн төбелес болады. (Бүкiл қазақ елiн, жерiн екi көкжал қақ айырып жатқанда болмаған төбелес осы Абдыра тоғаны үшiн болыпты). Халдайлар деген сөзге автор «Цин империясы шекара күзетi үшiн көшiрiп әкелген сiбесолаң жұртынан шыққан жер иесi алпауыттар» деген анықтама берiптi. Осы төбелес үстiнде де «Абай жолындағы» белгiлi көрiнiстердiң елесi жүгiрiп жүр. « – Я, аруақ! – Қабанбай! Қабанбай! – Баймұрат-Баймұрат! – Ұрып таста! Сiлейте соқ иттiң балаларын! – деген айғай-сүрең құлақ тұндырады» (458-бет). Бұл үзiндi де жоғарыдағы пiкiрiмiздi айғақтай түседi. Сондай-ақ осы төбелестiң дәл Әсет келiп кеткеннен кейiн болуы да Бiржан келiп кеткесiн Тобықты елiнде бұрқ еткен аласапыран оқиғаларды келтiрген М.Әуезов әдiсiне Жұмадiловтiң «жиендiк» жасағанын көрсететiнiн дәлелдеп жатудың қажетi бар ма? Бұл жерде Қ.Жұмадiлов «өмiрде ұқсас ситуациялар бола бередi ғой, мен неге оны сол қалпында ала алмаймын», деп дау айтуы да мүмкiн. Рас, өмiрде ұқсас ситуациялардың болуы ықтимал, бiрақ әрбiр жазушының егер ар тазалығын ойлаған болса, сол ұқсас ситуациялардың өзiне тың қырынан келудi алдына негiзгi мақсат етiп қоюы абзал. Шынайы әдебиетке қойылатын жалпы талап осыған мегзейдi.

Оның үстiне Әсет пен Бiржанды, Демежан мен Абайды қатар қойып жату да үлкен әбестiк, бұлардың өмiрлерi де, тағдырлары да әрқилы, демек олардың кездесулерiнде өзара егiз қозыдай ұқсас жағдайлардың бола қоюы да неғайбыл. Бар гәп, қайталап айтайық, Қ.Жұмадiлов өзi суреттеп отырған объектiнiң тарихи негiзiн түп-тамырына жете зерттемегенiнде болып отыр. Сүйектi оқиғаның жоқтығы, ас пен тойдың көп езбеленуi, адамдардың кiрген-шыққанын суреттеумен-ақ алты жүз беттен асып жығылатын кiтаптың толтырылуы, қазақ әдебиетiнiң, қала бердi дүниежүзiлiк әдебиеттiң классигi М.Әуезовке «жиендiк» жасап, оның шығармасына автордың қол сұғуы – бәрi-бәрi сол жақтан туындап жатқан жағдайлар. Ақиқат үшiн айтайық, кезiнде Қ.Жұмадiлов «Соңғы көш» романында да «Абай жолының» бiраз көрiнiстерiн пайдаланған деген ауызша сөздi құлағымыз шалған едi. Бiрақ оны өтiрiк өсек шығар деп мән бермеген едiк. Кейiнiрек жазушы Кәрiбай Ахметбеков өзiнiң «Ақдала» романының сюжетiн осы Қабдеш Жұмадiловтiң «Саржайлау» повесiнде пайдаланғанын айтып, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасына ресми түрде шағым түсiрiп едi. Алайда, одақтың сол кездегi басшылары К.Ахметбеков шағымының байыбына барып, ақ-қарасын ашуға құлық бiлдiрмедi. Бiз бұл екi шығарманы салыстырып көрдiк, сөйтiп, К.Ахметбеков шағымының негiзсiз емес екенiне көз жеткiздiк. Егер де Қ.Жұмадiлов бұл жөнiнде дау тудыратын болса осы жолдар авторы ол дауға да белсене араласуға дайын. Егер де Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегi басшылары К.Ахметбеков шағымына лайықты дәрежеде көңiл бөлсе, мүмкiн Қ.Жұмадiлов мына «Тағдыр» атты шығармасын жазу үстiнде мұндай «жиендiк» қылықтан өзiн аулағырақ ұстар ма едi, кiм бiлсiн! Бұл жерде мынадай да қауiп тiлге оралады. Егер қалам ұстаған қауымның әрқайсысы М.Әуезовтiң, басқа да жазушылардың өзi ұнатқан шығармаларын жырымдап, қойға тиген бөрiдей талан-таражға салып жатса, онда ол шығармаларда, жалпы қазақ әбебиетiнде не қасиет қалмақ? Мұны ойлаған адам бар ма екен? Қорытынды пiкiрiмiз: Қабдеш Жұмадiловтiң «Тағдыр» атты романы үлкен ой, сүйектi оқиғасы жоқ, оннан-мұннан жырымдап құрастырылған күлдiбадам дүние. 1990 жыл.

ТАЛАН-ТАРАЖҒА ҰШЫРАҒАН ҚАЙРАН ҒҰЛАМАЛАР-АЙ!

Кей-кейде автор мен оқырман арасында алабөтен қатынас орнайтыны бар. Баспасөз бетiнде көркем шығармаң, не әдеби-сын мақалаң, немесе, қандай да бiр қоғамдық-саяси, экономикалық тақырыптардағы толғануларың жариялана қалса танитыны бар, танымайтыны бар оқырмандар үйiңе телефон шалып, қолдаған, не жазғырған пiкiрлерiн ашық бiлдiредi. Сен олармен аздап дау-шарға түсесiң.

Тап мына жолы да солай болды. Республикалық «Ақиқат» журналының 2003 жылғы алғашқы санында «Аурудың алдын алайық» атты мақаламның жарық көруi мұң екен, бiздiң үйдiң телефоны тыным таппады. Торғайдай безектедi де тұрды. – Алло-оу! Сiз пәленбайсыз ба? өте жақсы! Сiз мақалаңызда атақты плагиатты әшкерелепсiз. Тек келтiрген мысалдарыңыз шымшықтың тұмсығымен тасыған суындай тым мардымсыз екен. Плагиатқа өз бүйрегiңiз де бұра ма? Мысалдарды көптеп келтiрiп әшкерелемейсiз бе? Сонда бiздiң де айызымыз қанар едi. «Мақаланың көлемi көтермейдi», «редакция бiр мақалаға аса көп орын бере қоймайды» деген уәждерiме оның да қайтарар жауабы дайын. Сонымен қойшы, мұндай телефон арқылы айтыс көп күн бойы жалғаса бердi. Кейiнiрек, осы плагиаттың басқа шығармасын жазу үстiнде де өзiнен бұрын өткен бiр ғұламаға «жиендiк» жасағанын әшкерелеп, екiншi мақала жазуыма да тура келдi. Ол екiншi мақала «Заманымыздың «ұлы көшiрiмпазы» деген тақырыпта «Азат» газетiнiң 9-шiлдесiндегi санында жарияланды. Ал ендi бұдан кейiнгi қоңырау шалушылар тiптен қисапсыз. Олардың да айтары сол: «Келтiрiлген мысалдарыңыз аз». Жоғарыдағы уәждерiмдi қайталағанмен ешқайсысы құлақ аспады. Бұл жағдайдан мен ауыр ойда қалдым. Ия, оқырмандар бүгiнгi қилы да қиын кезеңде ұрлық-қарлық атаулыны әшкерелеген мақалаларды барынша зейiн қойып оқиды екен. Сосын да олардың өкпесiн тарқату мақсатында аталмыш екi мақаланы кеңiнен қарастырып, қайта жазып, баспасөзге қайта ұсынуды жөн көрдiм.

  • * Егер соңғы жылдарда бiздiң өнерде, әдебиетте және ғылымда пайда болған тосын проблемалар қандай десе мен ойланбастан сол проблемалардың ең бастысы ретiнде бiреулердiң екiншi бiреулерге жасап жүрген «жиендiгiн» атар едiм. Яғни, ұрлықты, халықаралық термин түрiнде алсақ «плагиаттық» деп аталатын құбылысты көлденең тартар едiм. Ия, «құбылыс» деген сөздi текке пайдаланып отырғаным жоқ, бұл шын мәнiнде бiрдi-екiлi ғана кездесетiн факт емес, етек алған үлкен құбылысқа айналды. өткен жылдардың бiрiнде белгiлi тарихшы-ғалым Кеңес Нұрпейiсов газет тiлшiсiнiң «алдағы күн жөнiнде не тiлегiңiз бар» деген сауалына «тiлегiм сол – бiреу­бiреудiң еңбегiн ұрлауды қойса екен» деп жауап бердi. Мұндай сөздердi ауызекi әңгiме үстiнде талай ғалымдар мен әдебиетшiлерден естiп жүрмiз, алайда, ұрлықтың тыйылатын түрi жоқ, керiсiнше, күннен-күнге өршiп бара жатқандай. Мен өз басым да осындай суыққолдылардың талантаражына ұшыраған жандардың бiрiмiн. Осыдан бiраз жыл бұрын Талдықорған өңiрiнде өмiр сүрген композитор, ақын, әншi Пiшән Жәлмендеұлы туралы «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған кiшкентай мақаламды екi бiрдей жерлесiмнiң маған ешқандай сiлтеме жасамастан өз мақалаларының iшiне енгiзiп жiбергенiн әшкерелеп жазған едiм. Бұл «Қазақстан» атты қоғамдық-саяси апталық газетте (№ 32, 29­тамыз 2001 ж.)

жарияланған да едi. Сондай-ақ, осы ұрлық жайында белгiлi журналист Батық Мәжитұлы да өзiнiң «Егемен Қазақстан» газетiнде басылған «Самопал» кiтап сан соқтырады» атты мақаласында (11­шiлде 2001 ж.) жақсылап айтып өттi. Алайда, барлық ұрлық бүйтiп ашылып жатқан жоқ. Көбiсi белгiсiз күйiнде қалып келедi. Сосын да соңғы жылдарда республикалық әдеби «Жұлдыз» журналындағы осы жәйтке арналған бiрер мақалалар бiздi қатты елең еткiздi. Олардың бiрi – Ғалымғали Досалыұлының «Аңқау елге арамза молда» атты («Жұлдыз» журналы, 1-сан, 2002 ж.) мақаласы. Бұл мақала алғашқыда «Алтын Орда» апталығында жарық көрiп, «Жұлдыз« журналы содан көшiрiп басыпты. Мiне, осы мақалада автор Ақселеу Сейдiмбеков деген бiр «бiлгiшiмiздiң» әр жерден бiр жымқырып, көп адамдардың еңбегiн пайдаланып кетiп жүргенiн бетiне шыжғырып-ақ басқан. Алайда, «жиендiк» мұнымен де таусылмапты. «Жұлдыз» журналының 2002 жылғы 6­санында Жезқазған университетiнiң профессоры, Ақпанбек Ғұзыхан өзiнiң «Егер өтiрiктi шындықпен ұрсақ...» деген мақаласында жұртшылықты осы А.Сейдiмбековтiң тағы бiр ұрлығының үстiнен түсiредi. Бiз баспасөзде жарияланған бұл екi мақаланы неге тiлге тиек етiп отырмыз? Ия, ғылымда, өнерде, әдебиетте ұрлық атаулының тым белең алып, оның өзi сол салаларда еңбек ететiн мамандардың үлкен ашу-ызасын тудырып жүргенiн, әрi ол жағдайларды баспасөз бетiнде әшкерелеудiң шектен тыс қиынға соғатынын, тiптi кейде мүмкiн емес iске айналатынын көпшiлiкке тағы бiр ескертiп өту мақсатында келтiрiп отырмыз. Кейбiр «ағайын«, «жолдастардың» әлгiндей сұғанақты ақтап, қолдап шығатыны тағы бар. Бiрақ ақиқатты кiм көлегейлей алады? Оқушы қауымды «Жұлдыз» журналындағы сол бiз атаған екi мақаланы мұқияттап оқып шығуға шақырар едiк, себебi, оларда көптеген жайлар келтiрiлген, жалпы суыққолды адамдардың әрекетiнен туатын келеңсiздiктердiң бiраз тiзбесi жасалған. Оның бәрi кiм-кiмге де үлкен ой салары анық. Алайда, бiз мұның бәрiн осы тұжырымды жеткiзу үшiн ғана жазып отырғамыз жоқ, бiздiң өз тарапымыздан да тапқан бiр «жаңалығымыз» бар. Соңғы жылдары аяқ астынан Қойшығара Салғарин деген бiр тарихшығалымның пайда бола кеткенiн зиялы қауым жақсы бiледi. Көп жылдар бойы қоғамдық-саяси газетте қарапайым журналист ретiнде қызмет етiп жүрiп, бiрақ күнде тонын айналдырып кигендей тарихшы-ғалым болып шыға келдi. Аз уақыттың iшiнде қалың-қалың бес кiтапты жарыққа шығарды. Ал осы тарих ғылымына бүкiл өмiрiн арнаған, жоғарғы оқу орнының тарих факультетiн бiтiрген, оның аспирантура, докторантура сияқты сатыларынан өткен кәнiгi тарихшы-ғалымдардың көбi мұнша көлемдегi еңбектердi өмiр бойы да жазып үлгере алмайды. Ал журналистiк қызметтi тарихшы мамандығына тез ауыстыра қойған Қойшығара Салғарин мұншалықты еңбектi көздi ашыпжұмғанша лақ еткiздi. Алғашқыда Қойшығара Салғариндi жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шыққан бiреу ме деп, оның кiтаптарын қызығып оқитындардың да болғанын мойындаймыз. Неге қызыға оқымасқа, оның кiтаптарында бiздiң өткендегi тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттерi ашылған ғой. Тiптi Қ.Салғаринге үкiмет тарапынан да үлкен сенiм артылып,

оны елiмiздiң беделi тарихшысы ретiнде жауапты тапсырмамен Қытайға да жiберiп алды. Алайда, бұл жөнiнде көп адамдардың көкейлерiнде әр түрлi күдiк жүретiн. Себебi, қандай тарихи еңбектi алып қарасаң оның авторы ең алдымен өзi қозғаған тақырыпта бұрын қандай ғаламдардың қандай еңбектер жазғанын, әрi олардың қысқаша мазмұнын, өзiнiң сол еңбектер жөнiндегi көзқарасын бiлдiрiп, сонан кейiн ғана негiзгi ойларын ортаға салуға кiрiсетiн. Сондай-ақ, қай деректi қандай түпнұсқадан (источниктен) алғанын мiндеттi түрде көрсетiп отыратын, ал еңбегiнiң соңында өзi пайдаланған әдебиеттердiң толық тiзiмiн беретiн. Мұндай еңбектердi оқып отырып, кейде авторлардың ыждаһаттылығына таңқалатынбыз. Себебi, олар кейде бiр абзацты жазу үшiн тұтас бiр кiтапты оқып шығуға, сөйтiп сол абзацта айтатын ойын сүзiп алуға мәжбүр болатынын көретiнбiз. Тiптi кейде бiр абзацты емес, бiр сөйлемдi жазып шығу үшiн де сөйтетiнiн көретiнбiз. Себебi, мұның бәрi барша гуманитарлық ғылымдар саласында қалыптасқан үрдiс. Одан ешкiм аттап келе алмайды. Ал, Қойшығара Салғаринде, оның бiрi де жоқ, ара­гiдiк кейбiр өткен замандағы ғалымдарды атағаны болмаса, барлық тарихи оқиғаларды өз көзiмен көрiп келгендей-ақ, жосылта беретiн. «Бұл қалай, ә?» дескен сауалдар, қайталап айтайық, ауызекi әңгiме үстiнде тiлге iлiккенмен баспасөз бетiнде дұрыстап қойылмай-ақ келедi. Мiне, кенет маған «Бұл қалай, ә?» деген сауалға жауап өзiнен-өзi табыла кеттi. Соңғы жылдары тарихи тақырыпта көркем шығарма жазумен айналысып жүргендiктен ҚР ҰҒА-ның Орталық кiтапханасына барып, жиiжиi жұмыс iстеуiме тура келетiн едi. Бiрде ескi тарихи құжаттарды iздестiрiп отырып, бiр бума қағаздар көзiме түстi. Ашып қарасам ҚР ҰҒА-ның басшыларына жазылған ескi хаттар екен. Соның iшiнде, есiмi өзiме жақсы таныс, бұрынғы тарих пәнiнiң мұғалiмi, бүгiнде зейнеткер Ермек Қонарбаевтың машинкаға басылған, бар болғаны екi беттей ғана «Роман ба, аударма ма, конспектi ме?» деген кiшкендай мақаласы көзiме жылы ұшырай кеттi. Оқып қарасам Қойшығара Салғариннiң өмiр бойы журналистiк қызметте жүрiп, аяқ астынан тарихшы-ғалым болып шыға келгендiгiнiң сырын ашуға арналған мақала екен. Оны оқып отырып, жағамды ұстадым. Сосын, кiтапхана қызметкерлерiнiң рұқсатымен мен ол мақаланың ксерокөшiрмесiн жасатып алдым. Мақаланың соңында автордың мекен-жайы көрсетiлiптi, мен сол бойынша авторды iздеп те бардым, алайда, машинкамен үстiнен түзетiлiп басылғасын онда көрсетiлген үй, пәтер нөмiрiн мен қате ұққамын ба, әйтеуiр таба алмай қайттым. Ермек Қонарбаев сонау бiр жылдары газеттер бетiнде әр түрлi мақалалар жариялап жүретiн, мүмкiн ескi журналистерден бiреу-мiреулер ол кiсiнiң анық мекен-жайын, не телефонын бiлетiн шығар деп, талайына телефон шалдым, алайда, ешқайсысынан ол кiсi туралы дерек ала алмадым. Ақыры, Е.Қонарбаевтан сырттай кешiрiм сұрай отырып, шағын нәрсе ғой, ештеме етпес деп, төменде сол мақаласын толық келтiрiп отырмын: «Халық тарих еңбектерiне құмар. Неге десеңiз, тарихын бiлгiсi келедi. Сондықтан, оқушыға неге шын тарихты оқытпасқа? Неге түпкi нұсқадағы

тарихтың өзiн кiтап етiп шығармасқа? Бұлай болмаса, тарихты әркiм өзiнше шимайлап, түпкi нұсқадағы тарихты бүлдiретiнiн байқап отырмыз. Оның мысалын Қойшығара Салғариннiң «Алтын тамыр», «Көмбе» кiтаптарын оқығанда бұлтыртпай байқадық таңқалып. Бұл жазушы орыс тiлiнде шыққан 20-ға тарта кiтаптардан көшiрiп, тiкелей аударып кiтап жасаған. Құр аударса дұрыс деп айтар едiк. Тек олай болмай шықты. Сол түпкi түзу нұсқадағы тарихқа көп қиянат жасап, өзiнше түсiндiргенде барлық шындық қатты бұрмаланғаны ұят болған. Мен ұзақ жыл орыс кластарына тарихтан сабақ берген адаммын. Ескi еңбектердi бiраз бiлемiн. Ендi мына Қ.Салғариннiң ұрлап бүлдiрген тарихын түзету үшiн басқа кiтап керек, ғалымдардың осы қатенi түзетуге арнап жазған кiтабы керек. Неге бұлай болмай тұрғанда, көрiп алып, тексерiстен өткiзiп алған соң шығармасқа? Бiздiң Ғылым академиядағы тарихшылар не бiтiрiп отыр? Оқушыларға обал деп ойламай ма? Немесе, осы кiтапты шығарғандар бұл кiтап роман ба, аударма ма, конспект пе деп неге ойланбаған? Ендi тарихи бiлiмге көп зиян болып отыр. Көз жеткiзу үшiн академияның тарихшыларына тексертiп неге көрмеске? Осыған көз жеткiзу үшiн екi кiтаптан ғана көшiрген мысалдарды келтiремiн. 1. Н.Я.Бичурин. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. М.Л., 1950. Том.1. 2. Л.Н.Гумилев. Древние тюрки. М., 1967. Бичурин: Искони государи, славные по своим делам, воздавали должное Сыну Неба, чтобы, соответствуя ожиданиям народа, возвысить и свое достояние. Теперь Сухи Лянь и Мувань Цзинь не перестают производить грабительства. Надлежит обнародовать их преступление и усмирит их оружием. Для правительства востановим Ляо-дун, а для себя покорим оба поколения: покажем усердия и справедливость царствующему Дому в Китае династии Цзинь, а своему царству приобретем выгоды (160­бетте). Салғарин: «Даңқты iстерiмен танылған атақты хандардың бәрi де өз халқының үмiтiн ақтап, дәулетiн шалқытып, абыройын асыру үшiн Көктiң Ұлының көңiлiн тауып отырған. өздерiңiз де көрiп отырсыздар, Сухи Лянь мен Мувань Цзинь шекара халқын тонауды күшейтпесе қоятын түрi жоқ. Осы арада олардың қылмысты iстерiн халық алдында әшкерелеп, қарудың күшiмен жөнге салу керек. Сөйтсек, Қытай үкiметi үшiн Ляо-дун өлкесiн қайтарып беремiз, өзiмiз үшiн сәнбидiң екi бiрдей әулетiн қарамағымызға кiргiземiз. Сонда Цзинь әулетiне өзiмiздiң адалдығымыз бен әдiлеттiлiгiмiздi бiр дәлелдесек, екiншiден, өз патшалығымыздың халқын байлыққа шаш етектен батырамыз». («Алтын тамыр», 182­бетте). Бичурин: «Муюн Хой получил от китайского Двора титулы полководца и Великого Шаньюя» (161­бетте). Салғарин: «Қытай императоры оны (Муюн Хойды) сәнбидiң Ұлы шаньюйi деп танып, ұлы қолбасшы деген атақ бердi» («Алтын тамыр», 182­бетте). Бичурин: «Муюн Хой позвал сына своего Муюн Хан из Тху-хе». (161­бетте).

Салғарин: «Тху-хе қаласындағы баласы Муюн Ханға шапқыншы жөнелттi». («Алтын тамыр», 183­бетте). Бичурин: «Там в продолжение трех веков они размножились до 39 аймаков, заключивших в себе 99 больших родов» (167­бетте). Салғарин: «Ен далада еркiн көшiп, малын көбейтiп, ұрпағын өсiрген тобалар бұл кезде 39 аймақты бауырына басқан 99 iрi руға жеткен едi» («Алтын тамыр», 197­бетте). Бичурин: «В 307 году Тоба Лугань скончался. Младший брат Тоба Илу временно принял управление всеми тремя аймаками». (169­бетте). Салғарин: «Алайда Тоба Луган екi iнiсiнiң қызығын көп қызықтай алмады. 307 жылы жарық дүниемен қош айтысты. Уақытша болса да үш аймақтың билiгi ендi Тоба илудiң қолына көштi». («Алтын тамыр», 199­бетте). Бичурин: «Мугулюй, как скоро пришел в возраст, освобожден от неволи и определен в конницу. В царствование государя... за упущение срока приговорен был к отсечению головы; почему он бежал в ущелье Гуанлюци, и, собрав там сто беглецов, пристал к аймаку Шуньтулинь». (184­бетте). Салғарин: «Кейiн Мугулюй құлдықтан босап, ат үйретушiлiктен атты әскер қатарына жiберiледi. Осында жүргенде орныққан тәртiптi бұзғаны үшiн өлiм жазасына кесiледi. Бiрақ үкiм орындалғанша бұл ебiн тауып қашып шығып, шалғайдағы Гуанлюци шатқалына барып тығылады. Мұнда ол өзi сияқты әр жерден қашып келiп, бас сауғалап жүрген жүз шақты жiгiттiң басын бiрiктiрiп, жауынгер отряд құрады. Сөйтiп жүрiп олар Шуньгулин аймағының құрамына енедi». («Көмбе», 66 бетте). ...Осы жетедi деп ойлаймын, Мұндай мысалды соза берсек Қ.Салғариннiң кiтабының барлық бетiн көшiрiп шығуға тура келедi. Мен осы жағдайды бұрын да айтып жазып жiберген едiм. Осы ақиқатты жұртшылықтың бiлуiн дұрыс деп есептеймiн. Ермек Қонарбаев, бұрынғы тарих пәнiнiң мұғалiмi, еңбек ардагерi. Алматы. Ғ.Орманов көш. 32-үй, 18-пәтер». Ал, оқырман ағайын, ендi өзiңiз ойланып көрiңiзшi. Ия, ұялмаған адамға тарихшы болып шыға келу оп­оңай екен. Бiз Ермек Қонарбаевтың бұл мақаласын бiрден келтiре салып отырғамыз жоқ, алдын ала кiтапханаға барып, аталмыш Бичурин, Гумилевтiң кiтаптарын ақтарып, Е.Қонарбаев деректерiнiң рас екенiне көз жеткiздiк. Мiне, сосын ғана бұл Қойшығара Салғарин дегеннiң нағыз тақымы кеппес ұры (плагиат) екенiн атап айтпасқа амалымыз қалмады. Е.Қонарбаев мақаласының кiрiспесiнде айтылғандай бұл Қ.Салғарин орыс ғалымдарының еңбектерiн ұрлап, қазақша аударғанда да дұрыс аударуға шамасы жетпей тарихи деректердiң бұрмалануына жол берiптi. Мiне, оның тарихшы-ғалым ретiндегi профессионалдық деңгейiн бұл жағдай анық көрсетсе керек. Бұл жайды аса көп созбұйдалаудың қажетi қанша? Орыста «Жаман қылық жұқпалы келедi» деген мақал бар. Қойшығара Салғариннiң бұл қылығынан үлгi алып, басқалардың да Қазақстанның, Орта Азияның өткендегi тарихын жасауда қыруар еңбек сiңiрген Левшин, Бартольд,

Аристов, Веляминов-Зернов, Златкин, тағы басқалардың кiтаптарын жаппай көшiруге кiрiспесiне кiм кепiл? Егер ұрлық атаулыға бұдан әрi көзжұмбайлық жасасақ солай болары анық та. Бұл бiздiң қазақ халқының зиялы атаулысына жақсы атақ әпермейдi. Тек ғылымда ғана емес, көркем әдебиет саласында да көптеген «жиендер» мен «жиеншарлар» бой көрсетуде. М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин сияқты iрi қаламгерлер шығармаларындағы жекелеген оқиғалар мен штрихтердi өз жазбаларында пайдаланып, әрi олардың аздап өңiн айналдырғансып, iз жасырып кетуге тырысушылар да көптеп табылады. Ал осыны көрiп-бiлiп жүрген кейбiр жазушылар «маған келiп-кетерi қанша» деп, ауыздарына су толтырғандай үндемейдi-ақ. Бұл жерде аздап кейбiр газет-журналдар редакцияларының басшыларына да айтар өкпе-наразымыз бар. Осындай бiреудiң еңбегiн ұрлап көшiргендер туралы мақала апарсаң «апырай, оның мiнезi жаман едi, пәле шығарады ғой», «апырай, онымен сәлемiмiз түзу едi, қиын болады ғой», «апырай, тап осы жөнiнде шу шығармай-ақ қойсақ қайтедi» деген сияқты уәждердi үйiп-төгiп, азар да безер болады. «Шегiрткеден қорыққан егiн екпейдi» дейдi. Ондай солқылдақтарға «Егер әркiмнен бiр қорқатының болса мынадай жауапты орынға сенi кiм байлап-матап қойды?» дегiмiз келедi. Әрi жеке бас мүддесiнен ұлт мүддесiнiң жоғары тұратынын да ескертер едiк. Ия, мұндай ұрлық бiздiң ұлттық мүддемiзге зор кесiрiн тигiзедi десек мүлдем артықшылығы жоқ. Иә, ауруды асқынбай тұрғанда емдеу керек. Мұндай жамандықпен осы бүгiннен бастап шайқаспасақ ертеңгi күнi оның мүлдем шектен шығып кетерi хақ. Алайда, ғылым мен әдебиеттегi ұрлықты әшкерелеу бiрлi-жарымның қолынан келмейдi. Бұған көп болып жұмылған жөн. Әркiм де өзi байқаған ұрлық, қарақшылық хақында бiрден редакцияларды хабардар етуi шарт, ал баспасөз қызметкерлерiнiң ондай атты хабарламалары, мақалаларды табанын жерде тигiзбей жариялап отыруы абзал iс болмақ. Ең соңында, осы мақала жарияланған күнде ағамыз Ермек Қонарбаев бiздi iздей қалса Қазақстан Жазушылар одағы арқылы табатынын ескерткiмiз келедi.

  • * Мүмкiн тағдыр жазуы солай шығар, соңғы он бес жылдың әлетiнде менiң тарих мәселесiмен шұғылдануыма тура келдi. Он сегiзiншi ғасырдың алғашқы жартысында Жетiсу жерiн қалмақ басқыншыларынан азат етуге қатысқан Ескелдi би Жылгелдiұлы, Балпық батыр Дербiсәлiұлы, Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы сияқты тарихи тұлғалар менi бала кезiмнен қызықтыратын. Ақыры солар туралы тарихи роман жазуға отырдым. Ол үшiн ең әуелде көптеген тарихшы ғалымдармен дидарласып, олардан бағыт-бағдар алуға тырыстым. Олардың қатарында Кеңес Нұрпейiсов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Виль Ғалиев, В.А.Моисеев, К.А.Пищулина, И.В.Ерофеева сияқты ғалымдар бар едi. Бұлардың iшiнде, әсiресе, Ирина Викторовна Ерофеева ол тақырыпта көркем шығарма жазу үшiн қандай

еңбектерге көбiрек назар аудару керектiгiн ескертiп, бiраз кiтаптардың тiзiмiн өз қолымен жазып бердi. Әрi осы ғалым әйелдiң өз қаламынан туған «Хан Абулхайр: полководец, правитель и политик» атты еңбегiн (Алматы, «Санат», 1999) оқи отырып, көп нәрсеге қанықтым. Владимир Анасимович Моисеев те солай, ол маған бiр емес, бiрнеше дүркiн арнайы лекция оқыды десем де болады. Әрi үйiне талай рет телефон шалып, талай нәрсенi қосымша анықтай алдым. Ол Ресейге көшерiнде өзiнiң «Джунгарское ханство и казахи, ХVII-ХVIII вв» атты кiтабын қолтаңбасымен маған сыйға тартты. Ал осы аталған ғалымдардың нұсқауымен, әрi өз бетiмше тауып оқыған кiтаптардың, ғылыми зерттеулердiң, газет қиындыларының, ҰҒА-ның Орталық кiтапханасында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақтаулы қолжазбалардың, құжаттардың толық тiзiмiн келтiрсем ол бiрнеше беттi алып кетер едi. Бұның сыртында өзiмнiң де бұрыннан жиып жүрген көп нәрселерiм бар ғой. Мұның бәрiн неге ежiктеп отырмын? Ия, ең алдымен өзiм оқыған сонау В.В.Бартольд, Н.Я.Бичурин, А.И.Левшин, И.Я. Златкин, Н.Г.Аполлова бастаған орыс ғалымдарының ыждаһаттылығына, еңбеккерлiгiне, адалдығына таңырқағанымды айтқым келiп едi. Бұлардың бастарындағы ең үлкен қасиет не десе, «өздерiнен бұрын өткен ғалымдардың мұраларына деген құрметi» деп бiрден кесiп-пiшiп жауап берер едiм. Себебi, осы аталған және басқа да ғалымдар не жайында жазса да өздерiнен бұрынғылар қалдырған зерттеулерге, деректерге, құжаттарға сүйенедi ғой. Бiрақ ешқайсысы өзiнен бұрынғының тақырыбын қайталамайды, қай мәселеге де тың қырынан келiп, шын мәнiнде зерттеу жүргiзедi. Сол зерттеу үстiнде, әрине, бұрынғылардың пiкiрiне сүйенiп, жаңалықтар ашады. Кейде бiр абзац, тiптi бiр сөйлем жазу үшiн тұтас бiр кiтапты оқып шығу мәжбүрлiгiне ұшырайды екен. Сол абзац, сол сөйлемдi жазу үшiн қай ғалымның қандай еңбегiнiң қандай беттерiндегi деректерге сүйенгенiн нақтылап келтiрiп отырады. Егер бұрынғылардың қателiгi байқалса, ол қателiктiң негiзiнде қандай обьективтi, субьективтi себептер жатыр, мiне сол жағын да инемен құдық қазғандай бейнеткерлiкпен, тиянақтылықпен ашып отырады. Мiне бұрынғылар қалдырған мұраларға құрмет осындайлардан құралса керек (Бұған мысалды алыстан iздемей-ақ Ерофеева мен Моисеевтiң жоғарыда бiз атаған екi кiтабын қарап шығыңыз). Сөйтiп осындай зерттеулердi жата-жастана оқу нәтижесiнде мен де «Қызыл жолбарыс» атты екi томдық тарихи романды дүниеге әкелдiм. Ол 2000 жылы «Ғылым» баспасы арқылы аз данамен болса да жарыққа шықты. Осы жұмыстың барысында мен Қойшығара Салғариннiң «Алтын тамыр», «Көмбе» атты кiтаптарымен де ұшырастым. Мiне осы екi кiтапты оқығанда жүрегiмнiң қатты ауырғанын жасыра алмаймын. Себебi, жоғарыда аталған басқа ұлттың ғалымдары бiздiң қазақтың өткенi туралы ғылыми еңбектер жаза отырып, адамгершiлiктiң, тазалықтың, өздерiнен бұрынғы әрiптестерiне құрметтiң көкесiн көрсетедi, ал бiздiң қазақ мүлдем керiсiнше шығады. Бәлкiм, бiраз оқырманның есiнде де шығар, республикалық «Ақиқат» журналының 2003 жылғы 1-санында «Аурудың алдын алайық» деген менiң

мақалам жарияланды. Мұнда, бұрынғы тарих пәнiнiң мұғалiмi, бүгiнде зейнеткер Ермек Қонарбаевтың соңғы жылдары елiмiздiң белдi тарихшысы ретiнде жалы күдiрейiп жүрген, тiптi барша тарихшылардың атынан Қытайға да барып келген Қойшығара Салғариннiң ұрлығын (плагиаттығын) әшкерелеген хаты қолыма түскесiн, хаттың дұрыс-бұрыстығын тексеруден өткiзiп, сосын да сол хатты толық келтiре отырып, әдебиет пен өнерде мұндай терiс қылықтың тым белең алғандығы туралы мәселе қойып едiм. Алайда, мақала әзiрленiп жатқанда сол «Ақиқат» журналының редакциясында iстейтiн бiреу редакциялық жұмыстың құпиялылығын, әрi этикасын бұзып, сонау Астанадағы Қ.Салғаринге осы мақала жөнiнде астыртын хабар жеткiзiп үлгерiптi. Қ.Салғарин дереу «Ақиқат» журналының сол кездегi бас редакторы, белгiлi журналист, баспагер Нұрмахан Оразбековке шұғыл хат жазады. Редакция ұжымы оның осы хатын менiң мақаламмен қосақтастыра беруге ұйғарыпты. Хош делiк. Менiң мақаламмен танысқан оқырман бiледi, мұнда Қ.Салғарин өзiнiң «Алтын тамыр», «Көмбе» атты кiтаптарында бұрынғының аса көрнектi тарихшылары Н.Я.Бичурин мен Лев Гумилевтiң еңбектерiнен жырымдап аударып, көшiрiп, ұрлық жасағаны нақтылы мысалдар арқылы дәлелденген ғой. Ал Қ.Салғарин өзiнiң хатында менiң атыма ғайбат сөздер айтып, өзiн сүттен ақ, судан таза етiп көрсетедi. Тiптi, онымен қоймай, бүгiнгi тарих ғылымын жаңа арнаға бұрып жүрген мына менмiн деген мағынада бiраз сөздер айтқан. Сенбесеңiз, Қ.Салғариннiң мына сөздерiне назар аударыңыз: «Әлем тарихшыларының, қалды кешегi совет тарихшыларының көшпелiлер тарихына, соның iшiнде түрiк тектес халықтар тарихына жасаған көрiнеу қиянатын нақты деректер арқылы көрсетiп, ұрпақтың тарихи санасы дұрыс қалыптасса екен деген ниетпен архив ақтарып, ақтаңдақтар орнын толтырып, жастың ұлғайғанына, денсаулықтың нашарлағанына қарамастан, тер төгiп жүргенiмдi басқа бiлмесе де Сiз бiлесiз. Қалыптасқан қағиданы бұзу оңай емес. Тарихшыларымыздың ескi сүрлеуден шықпай, отарлаушылар жазған ескi тарихқа бүгiнгi тәуелсiздiк шапанын кигiзiп, оқушысына қайта ұсынумен айналысып келе жатқанын амалсыз айтуға тура келедi». (Ақиқат», 1-сан, 2003 ж. 55-бет). Байқайсыз ба, Қ.Салғарин қалай сiлтейдi, мұның айтуынша өзге тарихшылар ескi сүрлеуден шықпай жүрсе, тек осы ғана «архив ақтарып, ақтаңдақтар орнын толтырып» жүр екен. О, тоба-ай! Әлде шынында солай ма екен? Мұндайда нақты мысалға сүйенгенге не жетсiн. Онсыз әркiм өзiнiң дұрыстығын дәлелдеп, ақ езу, көк езу бола бередi ғой. «Ақиқаттағы» мақалада бiз Қ.Салғариннiң «Алтын тамыр», «Көмбе» атты еңбектерiнде Н.Бичуриннiң «Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» деген үш томдық еңбегiнiң 1-томынан (Издательство Академии наук СССР «Москва-Ленинград», 1950 г.), сондайақ, Лев Гумилевтiң «Древние тюрки» (М.1967 г.) атты кiтабынан ұрлаған тұстарын көрсетiп әшкерелеп едiк қой. Бұған қоса, оқушыға ескертерiмiз – «Алтын тамыр» мен «Көмбе» автордың төл туындылары деуге келмейдi, әрi көркем шығарма да, не таза зерттеу де емес, оннан-мұннан көшiрiлген, кей

тұстары автордың қосымша өз сөздерi арқылы бүркемеленген дүдәмал дүниелер. Жарайды, ол сонымен тұра тұрсын, бiз ендi Қ.Салғариннiң жоғарыда аталған екi кiтабынан кейiн, 1992 жылы «Жалын» баспасы шығарған «Қазақтың қилы тарихы» атты басқа үшiншi кiтабын қарастырайық. Автор бұл кiтабында да өзiнiң ұрлық iзiн жасыруды пәлендей ойламапты да. «Бұған дейiнгi ұрлықтарымды ешкiм байқаған жоқ, бұдан кейiн де солай болар» деп, Бичуриннiң жоғарыда аталған үш томдығының ендi 2-томын ысқырта көшiрiптi. Бiз бұл жерде сәл ғана аялдап, Лев Гумилев пен Н.Я.Бичурин жөнiнде бiр ауыз сөз айтқымыз келедi. Бұл екi ғалымды қазақтың зиялы қауымы әжептәуiр бiледi, мысалы, Лев Гумилевтiң бiрер еңбегi қазақ тiлiне де аударылып басылды. Астанадағы ең биiк дәрежелi жоғары оқу орнына осы кiсiнiң есiмi берiлуiн мен өзiм өте құп көремiн. Себебi, бiздiң арғы тегiмiз, аталарымыз жөнiнде тамаша үздiк еңбектер қалдырған ғалымдарды, олардың қай ұлттан шыққанын қарамастан қастерлеу, құрметтеу бiздiң ұлттық қадiр­қасиетiмiзге сын десек артық айтқандық емес. 1817-1888 жылдары өмiр сүрген Н.Я.Бичурин жөнiнде де солай деймiз. Бұл өзi ұлты чуваш, Қазанның дiни академиясын бiтiрдi, көп жыл бойы орыстың Қытайдағы дiни миссиясын басқарды, дегенмен өз заманының аса iрi тарихшы-ғалымы. Кезiнде А.С.Пушкин сияқты данышпан ақынмен, декабрист Н.А.Бестужев, сондай-ақ, А.А.Краевский, В.Ф.Одоевский, И.А.Крылов, И.И.Панаев сияқты өз заманының озық ойлы адамдарымен етене дос, пiкiрлес болыпты. Қытайда жұмыс iстеген он төрт жылда қытай тiлiн жете меңгерiп, қытай тiлiнен көптеген ғылыми мәнi бар еңбектер мен құжаттарды орысшаға аударып, әрi өз бетiнше де қыруар зерттеулер жазыпты. Оның ол кездегi және кейiнгi жылдардағы еңбеккерлiгiне замандастары керемет таңқырқаған екен. Ол ғана емес, Қытайдан берi Ресейге қайтқанда 15 түйеге артып, 400 пұттай кiтаптар әкелiптi. Оның төл еңбектерi, аудармалары сан жағынан да, сапа жағынан да өзiнiң дәйектiлiгiмен, тереңдiгiмен талайлардың жағасын ұстатқан екен. Сол еңбектерiнiң iшiндегi бiзге қатыстысы, әрине, жоғарыда аталған үш томдық «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» атты еңбегi. Мұны 1950 жылы СССР Ғылым академиясына қарасты Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнография институты басшылық етiп, «Москва-Ленинград» баспасы арқылы жарыққа шығарыпты. Бұл басылымда екi iрi ғалымның алғысөздерi бар. Соның алғашқысы – А.И.Бернштамның «Основные вехи жизни и деятельности Никиты Яковлевича Бичурина» атты мақаласында оған мынадай сыпаттама берiлген: «Нетерпимый к проходимцам в науке и подлецам в политике, неутомимый в работе и остро реагировавший на события внутренней и международной жизни, Бичурин и при жизни, и много лет спустя после своей смерти вызвал самые разноречивые отзывы. Его нелицеприятие и резкость, активная защита своих убеждений, любовь к отечественной науке и

высмеивание пресмыкавшихся перед иностранщиной, фактический атеизм, несмотря на клобук и монашескую рясу, – все это вызывало к нему любовь и уважение, с одной стороны, ненависть и злобоствующие выпады, с другой». Аз сөзге көп мағына сыйғызып, мүлтiксiз құрылған осы сөйлемдерденақ бұл ғалымның ұлы тұлғасы айқын аңғарылмай ма? Жарайды, Бичурин туралы тұжырымды осымен аяқтайық, әңгiме сондай атақ-абыройдан дәмелi Қ.Салғарин туралы едi ғой. Бiз бұл ретте Бичурин еңбегiнiң осы басылымына сүйенгелi отырмыз. Анықтаңқырап айтсақ, Қ.Салғарин осы жолы суық қолын жүгiрткен оның екiншi томын алайық. Оқушылардан кешiрiм сұрай отырып, Қ.Салғариннiң «архив ақтарып, ақтаңдақтардың орнын қалай толтырып жүргенiн» толығырақ дәлелдеу үшiн сәл-пәл ұзақтау үш мысал келтiрейiк: Бiрiншi мысал: Н.Я.Бичурин былай деп жазады: «Правление усуньского Большого Гуньми в городе Чигу, от Чан-ань в 8 900 ли. Народонаселение состоит из 120 000 кибиток, 630 000 душ; строевого войска 188 800 человек. Сян-да-лу, Цзо-да-лу, Ю-да-лу, две Гян, три Хэу, Дагян, Ду-юй – по одному, два Дагянь, один Да-ли, два Ше-чжун Да-ли, одан Ка-гюнь. На восток до местопребывания наместника 1 721, на запад до кангюйской границы 5 000 ли. (Земли ровные и травянистые; страна слишком дождливая и холодная. На горах много хвойного леса. Усуньцы не занимаются ни земледелием, ни садоводством, а со скотом перекочевывают с места на место, смотря по приволью в траве и воде. В обыкновениях сходствуют с хуннами. В их владении много лошадей, и богатые содержат их от 4 000 до 5 000 голов. Народ суров, алчен, вероломен, вообще склонен к хищничеству. Усунь считается одним из сильнейших владетелей. Прежде он был под зависимостью хуннов; впоследствии, усилившись, подчинил себе многие другие владения, и отказался от поездок в орду хуннов. Владения его на востоке смежны с хуннами, на северо-западе с Кангюем, на западе с Даванию, на юге с разными оседлыми владениями. Первоначально сия страна принадлижала народу Сэ-Большой Юечжы на западе разбил и выгнал сэского владетеля. Сэский владетель перешел на юг за Висячий переход; Большой Юечжы удалился на запад и покорил Дахя; усуньский Гуньмо остался на его землях: посему-то между усуньцами находятся отрасли племен сэского и юечжыского. В начале Чжан Кянь представлял, что усуньский владетель в одно время с Большим Юечжы кочевал около Дунхуан; ныне хотя он усилился, но шедрыми подарками можно склонить его опять перейти на восток на прежние земли, выдать за него царевну и вступить с ним в брачное родство, дабы обуздать хуннов. См. Повествование о Чжан Кянь, Ву-ди, по вступлении на престол, отправил в Усунь Чжан Кянь с дорогими подарками, и Гуньмо принял его как шаньюй. Чжан Кянь, приведенный в большой стыд, сказал ему: «Государь! Сын Неба прислал дары тебе; если не желаешь поклониться, то возврати дары», Гуньмо встал, и сделал поклонение; прочее шло по обыкновенному. Гуньмо имел более десяти сыновей. Средний сын Далу по телесной силе мог быть

предводителем. Он имел до 10 000 конницы, и кочевал отдельно. Старший его брат обьявлен был наследником престола, а у него был сын Сэньцзу. Наследник давно умер, и при смерти просил Гуньмо, чтоб непременно обьявить Сэньцзу преемником по нем. Гуньмо по жалости согласился на его просьбу. Далу рассердился: собрал родовичей своих, чтоб отложиться, и умышлял напасть на Сэньцзу. Гуньмо дал Сэньцзу 10 000 конницы, и особо поселил его, а для охранения себя также оставил около 10 000 конницы. Сим образом государство разделено было на три части, под верховною зависимостью от Гуньмо» (стр. 190-191). Ал Қ.Салғарин аталмыш «Қазақтың қилы тарихы» атты кiтабында мұны былай көшiредi: «Ұлы Күнбидiң астанасы Қызылқорған қаласы Чананнан 8900 шақырым шалғай, түтiн саны 120 мың, жан саны 630 мың, әскерi 188800. Уәзiр, мәртебе қазына iстер бегi оң-сол қолбасы қатарлылардан екiден адам, бас бақылаушы екi адам, орда төребегi бiр адам, орда төресi екi адам, атты әскербасы бiр адам. Шығысындағы тұтық қарауыл мекемесi қарауына дейiнгi аралығы 1721 шақырым, батыс жағындағы Қаңлы елiнiң астанасы Бониға баратын жолы 5000 шақырым. Жер ұлан байтақ, кең әрi жазық, жауыншашыны көп. Ауа-райы суық. Тауларында қалың қарағай өседi. Егiншiлiкпен шұғылданбайды. Малмен бiрге жайылым, суат жағдайына қарай көшiп жүредi. Әдет-ғұрпы һондарға ұқсайды. Бұл елде жылқы көп. Байларында 4-5 мыңнан жылқы болады. Халқы қайсар, батыр келедi. Сенiмсiздiк iстегендерге қатты өшiгедi. Ұры­қарысы көп. Ең күштi мемлекет. Бұрын һонға бағынышты болған, кейiн күшейдi де, оның бұғауынан құтылып, оған бағынбайтын болды. Шығыс жағы һондармен, батыс-солтүстiгi Қаңлымен, батыс жағы Ферғанамен, оңтүстiгi қалалық мемлекеттермен шектеседi. Бұл жер асылы сақтар қоныстанған орын едi. Яушылар сақтарды жеңгеннен кейiн, сақ ханы оңтүстiк жағындағы Шуандуды (болар) басып өтiп, көшiп кеттi. Ал яушылар сақтардың жерiне iрге тептi. Кейiн үйсiн Күнбиi яушыларды соққымен жеңдi. Яушылар батысқа көшiп барып, Бақтрияны бағындырды. үйсiн Күнбиi оның жерiн иелендi. Сондықтан үйсiн елiнiң құрамында сақтар мен яушылар да бар деп айтылады. Ең алғаш Жан Чян былай деген болатын: «үйсiн елi асылы яушылармен бiрге Духуаң өңiрiн мекендеген. Қазiр үйсiн күштi елге айналып отырғанымен, мол тарту-таралғы ұсыну арқылы оларды шығыстағы бұрынғы мекенiне көшiрiп әкелуге болады. Егер бiр ханшаны оған әйелдiкке берiп, құда болсақ, олармен бiрге отырып һондарды бағындыруға болады. У-ди патшалық орынға отырғаннан кейiн Жан Чянды алтын ақша алып, үйсiн елiне баруға бұйырды. Күнби Жан Чянды Тәңiрқұтқа жасалатын мәмле бойынша қабылдаған. Жан Чян бұған қынжылған. Ол Күнбиге: «Патша ағзам сiзге мол тарту-таралғы ұсынды. Егер сiз оған құрмет бiлдiрмесеңiз, бұл тарту бұйымдарын қайтарып алып кетем», – деген. Сонда Күнби орнынан тұрып құрмет бiлдiрген. Ал басқа iстер әуелгiдей жалғаса берген. Асылы Күнбидiң он неше ұлы болған. Екiншi ұлы Дару аса қабiлеттi әрi қосынға қолбасшылық етуге шебер едi. Ол он мыңнан астам атты

жасақпен басқа жерде тұратын. Дарудың ағасы хан мұрагерi едi. Оның Санзар атты ұлы болған. Мұрагер ханзада ерте дүние салды. Ол қайтыс болар алдында әкесi Күнбиден: «Санзарды мұрагер ханзада етiңiз», – деп тiлеген. Күнби қайғы-қасiрет iшiнде оған мақұл болған. Дару бұған қатты ашуланып, iнiлерiн ертiп, қосынын бастап, Күнбиден бет бұрды да, Санзарға соққы беруге әзiрлендi. Күнби Санзарға он мыңнан астам атты жасақ берiп, оған басқа жерге барып тұруға бұйырды. Кейiн өзi жанына қорғаныс үшiн он мыңнан астам атты жасақ алып қалды. Сөйтiп, мемлекет үшке бөлiндi. Бас қолбасы Күнбидiң жанында қалды» (175-177-беттер). Бiрден атап айтайық, Қ.Салғарин бүйтiп, аударма жасап, бiреудiң еңбегiн иемдену үстiнде ашықтан-ашық сөйлеп, өз сөйлемдерiне үстi-үстiне сноскалар берiп, мысалы, «Ұлы Күнби» дегендi Бичурин «Гуньмо» деп алған, Чанан қаласын Бичурин «Чигу» деп атаған деген сияқты түсiнiктемелердi қоса қаптатқан. Сөйтiп, жекелеген атаулардың аттарын өзгерткенi болмаса Бичурин сөйлемдерi қазақшаланып, Қ.Салғарин кiтабында қаз-қалпында қаздай тiзiлiп тұр емес пе? Бiз бұларды зерделi оқырман дұрыс салыстырып, оқи алады деп үмiттенемiз. Бiр мысалмен шектелмейiк, өйтсек Қ.Салғариннiң өзiн ақтайтын басқа уәж тауып кетпесiне кiм кепiл? Екiншi мысал: Н.Я.Бичурин былай жазады: «В середине правления Юань-фын, в 107 году до Р.Х., китайский Двор отправил Си-гюнь, дочь князя Гянь, в качестве царевны в супругу ему; пожаловал ей колесницы, одеяние, разные царские вещи, и несколько сот чиновников, евнухов и прислуги, а в напутствие одарил весьма шедро. Усуньский Гуньмо поставил ее младшею супругою. Хуннуский шаньюй также выдал за Гуньмо дочь свою, которую Гуньмо поставил старшею супругою. Царевна по прибытии к его Двору построила для себя дворец. В три месяца единожды имела свидание с Гуньмо, и делала пир для него; при сем случае Гуньмо, вельмож и приближенных его дарила вещами. Гуньмо был стар и не знал китайского языка. Царевна в скуке и тоске сочинила следующую песню:

Выдали меня родственники В дальнюю сторону; Отдали в чужое царство За усуньского царя. Живет в круглой хижине, Обтянутой войлоками; Питается мясом, Пьет молоко. Как вспомню об отчизне, – Сердце занывает. Желала бы диким гусем быть, Чтоб возвратиться на родину.

Сын Неба, услышав о сем, почувствовал жалость и через год отправил к ней посланника с палатками и шелковыми тканями. Гуньмо, будучи стар, хотел выдать царевну за внука своего Сэньцзу. Царевна не послушала его, и представила об этом Двору. Сын Неба в ответ советовал ей сообразоваться с обыкновениями народа, дабы при помощи усуньцев уничтожить хуннов. И так Сэньцзу женился на царевне, и по смерти Гуньмо возведен не престол. Сэньцзу есть название достойнства; имя его Гюньсюйми. Гуньмо есть титул владетеля, а имя его Лйегяоми; после стали писать Гуньми. Сэньцзу, женившись на Гян-ду царевне, родил от нее дочь Шофу. По смерти царевны китайский Двор выдал за Сэньцзу Гяй-ю, внуку князя Мэу, в качестве же царевны. Ними, сын Сэньцзуев от хуннуской супруги, еще был малолетен. Сэньцзу, перед смертию, поручая царство Унгуймию, сыну младшего по отце дяди Далу, сказал: когда Ними подрастет, то возврати ему престол. Унгуйми, по вступлении на престол, принял наименование Фейван, и женясь на царавне Гяй-ю, родил от нее трех сыновей и двух дочерей. Старший сын назывался Юань­гуйми, второй Ваньнянь, бывший владетелем яркянским, и третий Далэ, служивший при Гуньмо в должности Цзо­да-гян. Старшая дочь Дишы выдана была за кучаского владетеля Гянбиня, младшая Согуан за одного из своих князей. В царствование Чжао-ди (86-74 гт. до н.э.), за 80 до Р.Х., царевна донесла, что хунны выслали конницу для облавы в Чешы, и чешысцы, действуя за одно с ними, обше нападают на Усунь: почему просила Сына Неба подать помощь. Китай уже приготовилял войско для нападения на хуннов, но в сие самое время Чжао-ди скончался» (стр. 192193). Ал Қ.Салғарин мұны былайша қазақшалап иемденедi: «Хань хандығы Юанфың жылдарында (бiздiң заманымыздан бұрынғы 105-106 жылдар) Жянду бегiнiң қызы Шижунды ханшалыққа белгiлеп, оны үйсiнге ұзатпақшы болды. Қыздың күймесi-көлiгi, киiм-кешегi, сән-салтанат бұйымдары толық әзiрлендi. Қасына мал-мүлiк басқарушылар, орда мансаптылары және қорғаушы нөкерлер бөлiп, жиыны бiрнеше жүз адам қосылды. Сонымен ол асқан салтанатпен ұзатылып салынды. үйсiн Күнбиi оны оң тiзесiн басар бәйбiшесi еттi. Һондар да бiр қызын Күнбиге әйелдiкке ұзатты, оны сол тiзесiн басар бәйбiшесi еттi. Ханша үйсiн елiне барғаннан кейiн өзi тұратын орда iшiн өзi меңгердi. Әр жылы мереке күндерде Күнбимен бiрге қонақасы өткiзiп, ханның оң-сол қанат мәртебелi адамдарына дiлдә және торғын-торқа тарту етiп тұрды. Күнбидiң жасы ұлғайып кеткендiктен әрi онымен тiл ұғыса алмағандықтан, ханша қатты мұңайды және мынандай өлең шығарып, әнге қосты:

«Менi ұзатты әлемнiң бiр жағына, Алыстағы жат елге – үйсiн ханына. Дөңгелек үй, турлық там орнына, Ет жеп, айран iшедi ас-суына Туған жердi сағынып сарғаямын. Аққу құс боп қайтсам деп ауылыма».

Патша бұдан хабарланған соң, оны аяды. Жыл аралатып елшi жiберiп, оған шымылдық және торғын, торқа, кестелi бұйымдар берiп тұрды. Күнби жасы ұлғайып, қартайып қалғандықтан ханшаны өзiнiң немересi Санзарға қосуды ойлады. Ханша бұған риза болмады және хат жазып, бұл жәйттi жоғарыға мәлiмдедi. Патша оған: «Сол елдiң салтына бағынуың керек. Бұл үйсiндермен бiрiгiп һондарды жоюымызға пайдалы», – деп жауап қайтарды. Сонымен ханша Санзарға атастырылды. Күнби өлгеннен кейiн Санзар хандық орынға отырды. Санзар – «мансап аты, өз аты Жөншi би, Күнби хан атағы, өз аты Елжу би, кейiнгi кiтаптарда Куньми деп жазылған. Санзар Жанду бегiнiң ханшасын (Шижунды) алғаннан кейiн одан Шәпу атты бiр қыз туды. Шижун ханша өлгеннен кейiн Хань хандығы тағы да Чу бегi Удың немере қызы Жиеюды ханша етiп белгiлеп, Санзарға әйелдiкке бердi. Санзардың һоннан алған әйелiнен бiр ұл туған, оның аты Най би болатын. Ол әлi кiшкене бала едi. Санзар қайтыс болудың алдында мемлекет билiгiн өзiнiң үшiншi ағасы Дарудың ұлы Уынгуй биге тапсырды және оған Най би есейген соң, билiктi соның қолына берудi бұйырды. Уынгуй таққа отырғаннан кейiн Семiз хан деп аталды. Ол да Жиею ханшаға қосылды. Одан үш ұл, екi қыз туды. үлкен ұлы Оңғай би, екiншi ұлы, ол кейiн Жаркент елiнiң ханы болған. Кенже ұлы Дале, ол кейiн сол қанат қолбасы болды. үлкен қызы Дишi, кейiн ол Кушар ханы Шяңбиiнiң әйелi, ал кiшi қызы Сучуаң, кейiн ол Роху-жабхұнның зайыбы болды. Жауди патша тұсында Жиею ханша патшаға былай деп хат жазды: «һон атты жасақтарын Чышы өңiрiне аң аулауға жiберiп, Чышы мен һон бiрлестi де, үйсiнге шабуыл жасады. Бұдан бiздi патша өзiңiз ғана құтқара аласыз», Хань хандығы жасақтарын, ат-көлiктерiн әзiрлеп, һонға жорық жасау үшiн ақылдасты. Дәл осы кезде Жауди патша қайтыс болды (178-179беттер). Құрметтi оқырман, сiзден тағы да кешiрiм өтiнемiн! Сәл шыдамдылық жасап, мына соңғы үшiншi мысалға да зер салыңызшы. үшiншi мысал: Н.Я.Бичурин: «Во второе лето правления Юань-кхан, 64, усуньский Гуньмо чрез Чан Хой представил китайскому Двору, что он Юаньгуймия как внука Дома Хань с женской стороны, желает обьявить преемником по себе и еще женить на китайской царевне, чтобы чрез сие сугубое брачное родство совершенно пресечь связь с хуннами, а для сговорных даров посылает лошадей и лошаков по тысяче голов. Указано отдать это представление на рассмотрение чинов. Сановник Сяо Ван-чжи настоял, чтобы отказать, потому что Усунь слишком удален и трудно ручаться за его постоянство. Но государь похваляя Усунь за недавно оказанние великие услуги, и затрудняясь пресечь прежние связи с ним, отправил посланника в Усунь, чтоб предварительно принять сговорные дары. Гуньми, наследник его, Цзо-да-гян, Ю-да-гян и Ду-юй отправили в Китай посольство слишком из 300 человек, для принятия младшей царевны. И так государь младшую сестру усуньской царевны Гай-ю

признал царевною, дал ей штат из ста слишком человек, и поместил во дворце, чтоб училась усуньскому языку. Сын Неба сам прибыл в Пьхин-лэгуань, собрал там хуннуских посланников, владетелей и старейшин иностранных, угостил их при разных зрелищах и отпустил. После сего отправил Чжан-лу-хэу, а сановника Чан Хой, помощником его. Всего четыре человека с бунчуками поехали провожать младшую царевну, и прибыли в Дунь-хуан; но еще до отправления за границу получили известие о кончине усуньского Гуньми Унгуйми. Усуньские старейшины, вследствие первого условия, на престол возвели Ними, сына Сеньцзуева, под наименованием Куан-ван. Чан Хой представил, чтоб младшую царевну пока оставить в Дуньхуан, а ему дозволить наскоре отправиться в Усунь, сделать выговор за обойдение Юаньгуймия, и уже по возвращении взять младшую царевну. Дело сие отдано на рассмотрение чинов. Сяо Ван-чжи опять представил, что Усуньцы держатся двух сторон, и трудно вступить в договор с ними. Прежние царевны находились в Усуни более сорока лет; но не видно было искренней супружеской любви, и границы не могли еще насладиться спокойствием, что самое и служит доказательством. Ныне к счастию для Срединного государства, не нарушая слова пред иноземцами, можно обратно взять младшую царевну под тем предлогом, что Юаньгуйми не возведен на престол. Если же не оставить младшей царевны, то сие обстоятельство может произвести войну». Сын Неба согласился на его мнение, и младшей царевне приказал возвратиться. Куанван опять взял за себя царевну Гяй-ю, и родил от не сына Чжими, но не имел согласия с нею; сверх сего, по своим неистовством лишился народной любви. Китайский Двор отправил военного сановника Вэй Хо-и и князя Жень Чан препроводть принца, служившего при Дворе. Царевна обьявила им, что Куанван притесняет подданных, и легко истребить его; почему согласились сделать пир, на котором один китайский ратник ударил Гуньмо палашем; но удар вскользь последовал и раненый Куанван, сев на лошадь, ускакал. Сын его Сисэньсэу, собрав войско, окружил Вэй Хо-и, Жень Чан и царевну в городе Чигу. Обложение продолжалось несколько месяцев, и прекратилось, когда уже пришли войска из разных владений, посланные наместником Чжен Ги. Китайский Двор отправил нарочного с лекарствами для излечения Куанвана, присовокупив к тому 20 лан золота и несколько кусков шелковых тканей (стр. 194-195). Қ.Салғарин: «Юань Қаңның екiншi жылы (жаңа эрадан бұрынғы 64 жыл) үйсiн Күнбиi Чаң Хұй арқылы Хань хандығына хат жолдап, мынадай ұсыныс қойды; «Хань хандығының жиен немересi, Оңғай бидi ханның мұрагерi еткелi отырмыз. Оған Хань хандығының тағы бiр ханшасын жар етiп берiп, қайта сүйек жаңғыртуыңызды талап етемiн.Сонда һонмен болған қарымқатынас бүкiлдей үзiледi, қалың мал үшiн мың жылқы, мың қашар жiбермекпiз». Патша уәзiрлерiне бұл жайлы кеңесуге бұйырды. Бас мұрасым iстер бегi Шяууанжы: «үйсiн елi өте шалғайда. Оларда оқиға тумайды деп айту қиын. Қыз беруге болмайды», – дедi. Ал патша үйсiннiң жаңа еңбек сiңiргенiн мадақтады және бұрынғы құдалық байланысты оп-оңай бұза

салғысы келмедi. үйсiн елiне елшi жiберiп, олардың бермек болған қалың малын қабылдап алды. Күнби және ханзада оң-сол қолбасы, тұтықбегi жаппай елшi шығарып, жиыны 300-ден астам адамды Хань хандығына барып, ханшаны алып қайтуға аттандырды. Патша үйсiн елiндегi Жиеюдiң сiңлiсi Шаң ұуды ханшалыққа белгiлеп, қасына орда мансаптары және қорғаушы нөкерлерi болып, жиыны жүзден астам адамды қосты. Олар Шаңлинге (қазiргi Шаншы өлкесi, Чаң-ан ауданының батысы) барып, уақытша тоқтап, үйсiн тiлiн үйрендi. Патша шаттық Сарайына келiп, һонның елшiлерiмен және шет ел хандары жiберген серiкшiлермен бiрге салтанатты саз әуенi iшiнде оларды ұзатып салды. Чаңлы сұлтаны, данышпан бек Чаң Хұйды орынбасар елшiлiкке тағайындады. Ол Хань хандығы ордасы берген белгiнi алған төрт елшiмен бiрге ханшаны Дун-хуаңға ұзатып бердi. Олар шекарадан шықпай жатып, үйсiн шонжарлары бұрынғы белгiлеме бойынша Санзардың ұлы Най бидi күнби етiп отырғызып, оны «Айбынды хан» деп атағандығы жөнiндегi хабарды естiдi. Чаң Хұй патшаға хат жазып: «Ханша Дун-хуаңды уақытша қала тұрса, мен үйсiн елiне тез барып, олардың Оңғай бидi нелiктен күнби етiп қоймағандығын айыптайын, одан соң ханшаны елге жеткiзiп салайын», –деп талап қойды. Патша бұл iс жөнiнде уәзiрiмен ақылдасқан кезде Шиау Уаңжы тағы да былай дедi: «үйсiн елi екi жақпен бiрдей байланыс жасап отыр, келiсiм бойынша iстеуi өте қиын. Алдыңғы ханшаның үйсiн елiнде түрғанына 40 жылдан астам уақыт болды. Сүйiспеншiлiгi әлi де тереңдей қойған жоқ. Шекара өңiрi де тыныштала қойған жоқ, iс жүзiндегi жағдай мұны растайды. Қазiр Оңғай бидiң хандық орынға отырмағанына байланысты ханшаны қайырып алғалы отырмыз. Иидилерге шынайы сенiм артқан емеспiз. Бұл Жұнғонның бақыты, ханша бармаса да, алым-салығымыз арта бередi. Оның себебi осы», – дедi. Патша оның бұл сөзiн қабыл алып, ханшаны қайтарып әкелдiрдi. Айбынды хан да Жиею ханшаны әмеңгерлiкке алды. Одан бiр ұл туды. Оның аты Диби болды. Бiрақ Айбынды хан ханшамен отаса алмады, қатал мiнезi салдарынан маңындағылардан қол үздi. Хань хандығының елшiсi, қорғаушы жасақтар басы Уый Хи мен орынбасар бақылаушы Рын Чаң кепiлдiкке қойылған ханзаданы елiне жеткiзiп салған кезде ханша оларға: «Айбынды хан үйсiн елiндегi апат, оны өлтiру оп-оңай», – дедi. Сонымен олар құпия айла-шарғы жасады да, бiр қонақасы өткiзiп, қонақасы аяқтала бергенде алдын ала әзiрлеп қойған әскерлерiне қанжар жұмсатып, күнбидi өлтiрмек болды. Нәтижеде олар қанжарды дәл сала алмады. Айбынды хан жараланды да, атқа мiнiп қашып кеттi. Оның ұлы Шешенсу әскерлерiн жиып, Уый Хы-и мен Рын Чаңды және ханшаны Қызылқорған қаласы iшiне қамап алды. Бiрнеше айдан соң тұтықбек Жың Жи әр елден әскер жиып жүрiп, оларды әрең құтқарды. Хань хандығы орда нөкерлер қолбасы Жаң Зұнды жiбердi. Ол дәрiгер едi, дәрi ала барып, Айбынды ханды емдеттi және оған 20 жың алтын, торғын-торқа ұсынады» (180-182-беттер). Ал ендi, құрметтi оқырман, егер төртiншi мысалды керексiнсеңiз, Бичуриннiң аталмыш еңбегiнiң 190-200­беттерi мен Салғарин кiтабының 175-

187­беттерiн өзiңiз салыстырып шығыңыз. Оларды толық келтiруге бiзге мақаланың көлемi мүмкiндiк бермедi. Тiптi, оларсыз-ақ, мұның не нәрсе екенiне өзiңiз де толық көз жеткiздiңiз, әрине. Бичурин еңбегiнде келтiрiлген жер, су, адам аттарын өзгертiп, шала-пұла аударма жасасам бұл өз дүнием болып шыға келедi деп ойлаған ба бұл? Онда кез келген журналистiң атақты тарихшы атануы опоңай ғой. Кiтапханаларда бұрынғы-соңғы ғалымдардың орыс тiлiндегi еңбектерi сықасып тұр. Кез келгенiн ал да аударып иемдене бер. Рас, Қойшығара Салғариннiң аталмыш «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегiнiң 174-175­беттерiнде мынадай екi-үш абзац бар. Әдiлет үшiн бiз оларды толық келтiрейiк: «Қытай тiлiн жетiк бiлумен бiрге, көне қытайлықтардың ескi заманда өздерiне көршi ел-жұрттың аттарын қалай атап, қалай жазғанын салыстыра зерттеп, ортақ орнықты пiкiр айта алар бiлiктi мамандардың бiлiм бiрлiгi керек бұл iсте. Әйтпесе, табан тiрер тiренiшi жоқ жалаң болса болжам нақты шындыққа жеткiзе қоймас. Осы орайда маған бiр ой келiп тұр. Болса да көне усунь жұрты әңгiме өзегiне айналды ғой. Мынау Қытай Халық Республикасындағы қазақ бауырлар көне қытай жұртының белгiлi тарихшысы Бан-гудың шығармасының «Батыс өңiрi және усунь мемлекетi» деген тармағын қытай тiлiнен тiкелей қазақ тiлiне тәржiмалап жеке кiтап етiп шығарған екен. Аудармашылары Байдәулет деген қазақ жiгiтi мен Гу-уынчин деген қытай азаматы көрiнедi. Осында бiз үшiн бiраз қызық та тосын жайлар бар. Мен соның «Усунь мемелекетi» деген шағын тараушасының аудармасын Н.Я.Бичурин тәржiмасымен салыстыра отырып көшiрiп алып едiм, соны оқып берсем қалай болады. – Мынауыңыз, тiптi тамаша болды ғой. Шамасы, бұл кiтапты Шинжиаң халық баспасы шығарған ғой. Ол кiтап бiздiң қолымызға түсер дейсiз бе?! Тiптi түсе қалған күнде араб харпiмен басылған оны бiз оқи алармыз ба? Оқыңыз, қуана тыңдаймын. – Жарайды, оқып берейiн. Тек бiр ескертетiн жай, мұнда да олар «усуньдi» бiздiң тарихшылар секiлдi үйсiн деп алыпты. Мен де солай қалдырдым». Ал ендi, құрметтi оқырман, осы цитатаға мұқият назар аударып, екi-үш мәрте қайталап оқып, байыбына барыңызшы. Бас жағында «бiлiктi мамандардың бiлiм бiрлiгi керек бұл iсте» деп өте ақылды сөздер айтады. Бiз бұған толық қосыламыз. Алайда, «бiлiм бiрлiгi» деген тiркестi Қ.Салғарин өзi қалай түсiнiп отыр, мәселе сонда ғой. Ендi келесi абзацты қайталап оқыңыз. Мұнда қысқарта айтсақ, Қ.Салғарин қытай жұртының тарихшысы Бан-гу еңбегiнiң «Батыс өңiр және усунь мемлекетi» деген тармағын Байдәулет деген қазақ пен Гу-уынчин деген қытай қазақшалаған екен, мен соның «Усунь мемлекетi» деген бiр тарауын Бичурин аудармасымен салыстыра отырып көшiрiп алдым дейдi. Апырау, Қ.Салғарин ол көшiрменi сол қытайлық аудармашылардың өз атынан неге шығармайды? Егер Қ.Салғарин өзiн тарихшы-ғалыммын деп

есептесе ол аудармаға ғылыми түсiнiктеме берiп, қазақ оқырмандарына жеткiзуге тиiс қой. Ал ендi «Бичурин тәржiмасымен салыстыра отырып көшiрiп алдым» дегенiн қалай түсiнемiз? Бичурин аударса оны орысшаға аударған ғой. Мүмкiн, жер, су аттарын қытайлық аудармашылар қалай атаған, Бичурин қалай атаған, соны көрсетiп отырдым деп сонысын бұлдайтын шығар. Кешiрiңiз, олай да Қ.Салғарин өзiн-өзi ақтап ала алмайды. Жоғарыда бiз келтiрген екi мысалды қайталап оқысаңыз байқайсыз, жер, су, ру аттарының өзгергенi болмаса, Қ.Салғариннiң алып отырғаны Бичурин еңбегiнiң тiкелей аудармасы. Егер Қ.Салғарин атаған жоғарыдағыдай қытайлық аудармашылардың аудармасы өмiрде бар дүние болса, онда бұл Салғарин дегенiңiз Бичуриннiң ғана еңбегiн емес, оны қазақшалағандардың аудармасын қоса­қабат иемденiп отыр ғой. Сөйтiп, аударып әуре болмай-ақ, дайын аударманы бiрден көшiрiп алып отыр ғой. Бұған қоса тағы бiр айтарымыз бар. Мақаламыздың басында баяндағанымыздай Бичурин Қытайда 14 жыл тұрып, қытай тiлiнен қыруар аудармалар жасаған, әрi он бес түйеге артып, салмағы 400 пұттай кiтап, қолжазба, құжат, шежiре, естелiк әкелген. өзi де қыруар еңбек жазған, оның шәкiрттерiнiң iшiнен талай, тамаша ғалымдар шыққан. Жоғарыдағы Бернштамның сөзiнде бейнеленгендей Бичурин өзiнiң еңбеккерлiгiмен, адалдығымен, әдiлдiгiмен, тазалығымен замандастарын таңғалдырған. Мiне, сондай адамға да «Бичуриннiң тәржiмасы» деген тiркес арқылы Қ.Салғарин көлеңке түсiруге тырысқан. Бичуриннiң бұл еңбегi аударма емес, таза зерттеушiлiк мехнат нәтижесiнде дүниеге келген шын мәнiндегi ұлы ғылыми туынды. Ал Қ.Салғариннiң ұлы адам жөнiнде бұлай бұра тартып сөйлеуi барып тұрған көргенсiздiк. Ендi мәселенiң мына жағына келейiк: тарихшы ғалымдар, тарихшы мамандар мынадай жағдайды жақсы бiледi. Көптеген тарихшы ғалымдар өздерiнен бұрын өткен зерттеушiлердiң, саяхатшылардың көне қолжазбалары қолдарына түссе, оған ғылыми алғысөз, түсiнiктемелер жазып, солардың өз аттарынан жарыққа шығарды. Соның бiр жарқын мысалы ретiнде академик Н.И.Васеловский жариялаған «Посольство к зюнгарскому хун-тайджи ЦеванРабтану капитана от артиллерии И.Унковского и путевой журнал его за 17221724 года, СПб, 1887» атты еңбек. Тарих ғылымында мұндай мысалдар өте көп. Ешқайсысы ешкiмнiң еңбегiн өзiне сiңiрiп әкетпеген, қайта солардың өз аттарынан шығаруға қыруар күш-жiгер жұмсаған. Бұған жалғас мынадай да сұрақ туындайды. Бiз мақаламыздың басында айтқандай, «Ақиқат» журналының биылғы, 2003 жылғы бiрiншi санында, «Алтын тамыр», «Көмбе» атты кiтаптарын жазу үстiнде де осы Бичурин мен Лев Гумилев шығармаларынан жырымдап көшiргенiн әшкерелеген едiк. (Сөз ретi келген соң айта кетейiк, Қ.Салғарин осы «Алтын тамыр», «Көмбе» атты кiтаптары үшiн 1996 жылы ҚР Мемлекеттiк сыйлығын алған екен). Ал сол қылығын «Ақиқат» журналының сол кездегi бас редакторының атына жазған хатында мүлдем басқаша түсiндiрiп едi. Қанша адамның еңбегiн көшiрсе, оларға соншама сылтау табатын, нағыз бесаспаптар осылай болады. Баяғыда

ұжымшардың шөбiн ұрлап ұсталған бiреу «мен ұрлық жасаған жоқпын, маяның түбiнен өтiп бара жатқанымда жел ұшырған бiр шөмеледей шөп арбама өзi құлап түстi», деп ақталыпты. Қ.Салғариндiкi де тап сондай өзiн-өзi ақтаудың, iз жасырудың қам-қаракетi. Тағы бiр мынадай сұрақ туындайды. Егер Қ.Салғарин осы «Қазақтың қилы тарихы» атты кiтабының 174-175-беттерiнде көрсетiлгендей қытай тарихшысының «Батыс өңiр және Усунь мемлекетi» деген еңбегi және оның қазақша аудармасы шынында бар дүние болса, ыждаһатты тарихшы ретiнде неге олардың кей беттерiнiң фотосуретiн, не ксерокөшiрмесiн әкелмеген? Бiздiңше, мұнда да бiр кiлтипан бар. Тағы бiр айтарымыз, атын атап, түсiн түстегiмiз келмейдi, көптеген тарихшылар, олардың арасында ғалымдар мен мектеп оқытушыларына дейiн бар, баршасы Қ.Салғарин десе жыландай жиырылады екен. Ол атақты «көшiрiмпаз» ғой, Қытайға барғанда да өзiнiң бұрынғы ұрлықтарын жасыру үшiн, әр түрлi сылтаулар табу үшiн барды дегендi бiрауыздан айтады. Мен өсекке, алып қашпа әңгiмеге сенетiн адам емеспiн. Жоғарыдағыдай ұрлығын көргесiн ғана Қ.Салғаринге көңiлiм қалды. Себебi, қанша тарихи еңбектердi бастан-аяқ оқысам да, әр түрлi сылтаумен бiреудiң еңбегiн екiнщi бiреудiң көшiргенiн көргенiм жоқ. Мұндай жағдаймен Қ.Салғарин кiтаптарын ақтарып отырып, бiрiншi рет ұшырастым. Әйтпесе, сонау алпысыншы жылдардың басында университет жатақханасында бiрге жатқан, өмiрi «шәй» деспеген адамды әшкерелеп нем бар? Қойшығара Салғариннiң жоғарыда аталған редакцияға жазған хатында тағы мынадай жолдар бар: «Егер мен бiреуден бiрдеме ұрласам, олар сол күнi талап жер едi. Бiрақ олар өйте алмай отыр. Олар тарих оқымайтын Ұзақбай емес, «Моюн Хой 333 жылы өлдi» дегеннiң ұрлық емесiн, оны егер осы тақырыпқа жазса, әлемнiң бар тарихшысы тап осылай алатынын, ұзақбайлар «ұрлады деп айтады екен» деп, «Моюн Хой 334 не 533 жылы өлдi» деп жаза алмайтынын, тарихи деректi өзгертуге болмайтынын жақсы бiледi. Дереккөзiнiң (источниктiң) дерегi зерттеушi атаулының бәрiне ортақ». Осы сөйлемдердi дұрыс оқыған зерделi адам мұны «сауатсыздық» деп қана қоймай, тiптi ақылы түзу адамның сөздерiне де ұқсатпас едi. Дереккөзi солай екен деп, онда барша тарихшылар архивтердегi қалың-қалың томдарды сол күйiнде көшiре беруi керек пе? өйтсе олардың сондай жұмыстардан қолдары босамай, тың ғылыми зерттеулер жазатын, жаңалықтар ашатын, ғылымды дамытатын адамдар қалмайды ғой. Аталмыш хатының бас жағында Қ.Салғарин «архив ақтарып, ақтаңдақтар орнын толтырып жүрмiн» деп, кеуде қағып едi. Ақтаңдақтар орнын толтырғаны осы ма? Әрi алғашқы сөзiне мына сөздерi қарама-қайшы келiп тұр емес пе? О, тоба-ай! Мұнда әрi «тарих оқымайтын Ұзақбай» деп жазады. Менiмен бiрге тұрып, бiрге жатып жүргендей-ақ сөйлейдi. Жарайды, мен тарих оқымайды екенмiн, ал Қ.Салғарин тарих оқиды екен, оқымақ түгiл бiреудiң еңбегiн ұрлап иемденiп алады екен, тiптi онысы үшiн ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанады екен.

Ал ендi тағы бiр жәйтке назар аударайық. Қ.Салғарин бiз сөз еткен осы «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегiн «роман-эссе» деп атапты. Мұны көрген бiлiмдар оқырман күлкiден түйiлiп өлетiн шығар. Бичурин өз еңбегiн «роман-эссе» демеген ғой. «Роман-эссе» деген не, таза ғылыми зерттеу деген не? Екеуiнiң арасында жер мен көктей айырмашылық бар емес пе? Ал Қ.Салғарин өз көшiрмесiн неге олай атайды? Сәл-пәл болса да iз жасырайын дегенi-ау, шамасы. Жарайды, бұл мәселенi одан әрi езе бергеннен ештеме шықпас. Тек соңғы айтарымыз – егер бiз ел боламыз, өркениеттi мемлекет орнатамыз десек, мұндай мәселеге немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Бiреу дүкеннен бiр қалаш нан ұрласа түрмеге түседi, ал Қойшығара Салғарин сияқты суыққолдылар құдай мен аруақтардан қорықпастан аттары әлемнiң төрт бұрышына әйгiлi ғұламалардың еңбектерiн ұрлап, алшаң басып жүре бередi. Бедел алады, лауреат атанады. Қ.Салғарин бұл қылығы үшiн, әрi жоғарыда аталған «Ақиқат» журналының бұрынғы бас редакторының атына жазған хатында маған жаман тiл тигiзген оспадарсыздығы үшiн заң алдында жауап бередi деп үмiттенемiн! Иә, құрметтi оқырман, бiз екiншi кезектегi осы сөзiмiздi осымен тиянақтайық. Ендiгiсiн заң орындары ғана емес, бәлкiм сiздер де айтарсыздыр. Себебi, бұл Қ.Салғариннiң сiздер мен бiздер сияқты айыптаушылары ғана емес, жақтаушылары да шаш етектен. Кезiнде оның осы кiтаптары жөнiнде баспасөз беттерiнде марапат сөздерге толы көптеген мақалалар да жарияланды. Оның ҚР Мемлекеттiк сыйлығын алуына солар да ықпал еттi. Онымен қоймай, жақында Алматыдағы «Санат» баспасы Қ.Салғариннiң бiз сөз еткен осы және басқа да кiтаптарының басын құрап, қалың-қалың екi томдық шығармалар жинағы етiп, мемлекет қаржысы есебiнен қайта басып шығарды. Мынадай қиын-қыстау, тапшылық заманындағы осы тақiлеттес фактiлер жөнiндегi сiздердiң пiкiрлерiңiз де өте құнды болмақ! 2002, 2003 жылдар.

БҰЛ ЖҰРТТА ҰЯТ ДЕГЕН ҚАЛМАҒАН БА?

Осы ғасырдың басында Талдықорған өңiрiнде өмiр сүрiп, артына бiраз мұра қалдырған өнер адамдарының бiрi Пiшән Жәлмендеұлы екенi бұл күнде баршаға аян. Алайда, ол кiсiнiң есiмi мен еңбегi көп жылдар бойы баспасөз бетiнде аталмай жалпақ жұртқа белгiсiз болып келдi. Тек оңаша тойтомалақтарда, жоғарыдан келген «ресми қонақтар» жоқ жиын-тойларда әндерi орындалып, өлең-жырлары оқылып жүрдi. Бұл, әрине, көңiлге қаяу түсiрерлiк жәйт едi. Не iстеу керек? Осы сұраққа жауап iздеген мен кезiнде қалайда Пiшән Жәлмендеұлының есiмi мен еңбегiн баспасөз бетiнде көпшiлiкке жария етудiң жолын қарастырдым. Ол үшiн П.Жәлмендеұлының қолда бар бiраз өлеңдерiн қағазға түсiрiп, шағын алғысөз жазып, ең алдымен «Қазақ әдебиетi» газетiне тапсырдым. Бұл шамамен 1989 жылдың аяғы, не

1990 жылдың басы едi. Республикалық әдеби газеттiң ол кездегi бас редакторы Төлен Әбдiков, ал орынбасары марқұм Оралхан Бөкеев едi. Алғашында бұл екеуiнiң де, тағы бiрер қатардағы қызметкерлерiнiң де П.Жәлмендеұлының өлеңдерiн жариялай қоюға құлықтары болмады. Сөйтсем, олардың бәрi де Пiшәннiң әлгi «Баласы Жәлменденiң Пiшән едiм» деп басталып, өзiне-өзi мiн тағатын өлең шумағын жатқа бiледi екен. Ол жылдар бұрынғы Кеңес Одағының iргесi шайқалғанмен бiржола ыдырай қоймаған кезi ғой, «бiр пәле туып кетер» деп қорықса керек. Амал жоқ, бұрынғы заман адамдарының басында әртүрлi қайшылықтардың бола беретiнiн дәлелдеп, олармен бiраз дауласуға тура келдi. Тек «Қазақ әдебиетi» емес, бұл Пiшән өлеңдерiнiң бiр данасын сол кездегi Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетiнiң бас редакторы Тұрсын Әбдуәлиев деген мырзаға да жiберiп едiм, ол тiптен ат-тонын ала қашты. Пiшән өлеңдерiн жарияламақ түгiлi Т.Әбдуәлиев: «Бұл Пiшән дегенiң байманаптарды мақтаған», – деп, оның атына небiр ғайбат сөздердi үйiп-төктi. Бұның бәрiне оның сол кездегi орынбасары, бүгiнгi «Жетiсу» газетiнiң Талдықорғандағы тiлшiсi, ақын Әли Ысқабай куәлiк бере алады. Алайда, менiң бұл шаруадан бетiм қайтқан жоқ, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң қызметкерлерiмен дау-дамайды одан әрi жалғастыра бердiм. Мiне, соның арқасында ғана келесi 1991 жылдың 12 шiлдесiнде Пiшән Жәлмендеұлының бiр топ өлеңi осы республикалық әдеби басылымның бетiнде менiң кiшкентай алғысөзiммен жарық көрдi. Иә, мiндетсiгенiм емес, бұл жарияланым мен үшiн оңайға түскен жоқ. Мiне, осыдан кейiн ғана Пiшән Жәлмендеұлының есiмi баспасөз бетiнде там-тұмдап атала бастады. Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетiнде аздап мақалалар да жарияланды. Пiшән мен оның әкесi Жәлмендеге арналып ас берiлдi. Әрi Талдықорғанда Пiшәннiң өлеңдерi мен ол туралы естерлiктерден құрастырылған «Баласы Жәлменденiң Пiшән едiм» (1994 ж.), «Армысың, қайран бабалар» (1995 ж.) атты екi кiтап та жарық көрдi. Ал ендi мен осының бәрiн неге айтып отырмын? Жоғарыда баяндағанымдай, «Қазақ әдебиетi» газетiнде менiң алғысөзiммен жарияланған өлеңдер сәл толықтырылып, сол алғысөзбен кейiнiрек «Жас алаш» газетiнде де (16 шiлде 1994 ж.) жарияланды. Сөз ретi келгесiн айта кетейiн, Пiшәннiң дәл осы өлеңдерiн 1992 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қапаста жазылған хаттар» атты жинаққа да енгiздiрдiм. Жарайды, оның бәрi басқа мәселе. Менiң айтпағым – жаңағы екi республикалық газетке жарияланған менiң кiшкентай алғысөзiм туралы. Оның толық нұсқасы мынадай: «Пiшән Жәлмендеұлы (1884–1921) Талдықорған облысы, Қаратал ауданының қазiргi «Байшегiр» совхозы орналасқан жерде өмiр сүрген ақын, әрi әншi-композитор. Әкесi Жәлменде Байшығашұлы кедейден көтерiлiп, би, болыс болып, ақындығымен, шешендiгiмен өз заманының белгiлi адамдарының бiрiне айналған. Кезiнде оны ұлы Абайдың әкесi Құнанбай, ысты Бөлтiрiк шешен, наймандағы атақты Маман бай, Тәнеке ұлы Есiмбек, қырғыздағы Шәбден

төре сияқты адамдар ара ағайын ретiнде төрелiкке шақырып, араласқұраластықта болған. Жәлменде қайда жүрсе де, қайда билiк айтса да әдiлдiктi жақтап, қарапайым шаруа, кедей-кепшiктердiң сөзiн сөйлеп, әрдайым олардың есесiн әперiп отырған. Мұны сол өңiрдiң айтулы саңлақ ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының бiраз өлеңдерi және Iле, Қаратал өзендерiнiң бойындағы ел аузында сақталып қалған көптеген аңыз-әңгiмелер толық дәлелдейдi. Пiшәннiң өзi де әкесiне ұқсап, ел билiгiне ерте араласып, алғаш рет он сегiз жасында болыс болған. Тiптi кейiнiрек Жетiсу өңiрiнде совет өкiметi орнағасын да болыстыққа қайта сайланған. Алайда, әрi ақын, әрi әншiкомпозитор, қалың елге сүйкiмдi, серiлiктен де, саяткерлiктен де құраласқан емес, сегiз қырлы бiр сырлы тамаша өнерпаз жiгiттiң бағын қызғанушылар да көп болған. Сол кездегi байлар кейбiр кедей-кепшiктер тобының момынаңқаулығын пайдаланып, оларды Пiшән Жәлмендеұлының үстiнен арыз жазуға көндiрген. Сол арыз бойынша ол ұсталып, 1921 жылы абақтыға жабылады. Абақтыда жатып, сауатты Пiшән өзiнiң жазықсыздығын, жалақорлықтың құрбаны болғанын айтып, сол кездегi заң орындарына арыз жазады. Заң орындары оның арызын тексерiп, күнәсiздiгiн анықтап, бостандыққа жiберiлсiн деген қаулы шығарады. Алайда, Пiшәннiң арызы тексерiлiп, бұл қаулы жергiлiктi жерге жеткенше үш айдан астам уақыт өтедi. Мiне, осы уақыттың iшiнде сол кездегi «шаш ал десе бас алатын» белсендiлер абақтыда жатқан Пiшән Жәлмендеұлын аттырып та үлгередi. Сол оқиғаны көзiмен көргендер Пiшән атылғасын бiр жарым сағаттан соң ғана оған бостандық беру туралы қаулының жеткенiн айтады. Пiшән сол абақтыда көп өлеңдер жазып, өзiмен бiрге жатқан бiр молдаға бередi. Сол молда арқылы бұл өлеңдер халыққа тарайды. Жергiлiктi ел бұл өлеңдердiң көбiсiн әлi күнге дейiн жатқа бiледi. Әрине, бiразы ұмытылған да сияқты. Бiз ел аузынан жазып алынған бiраз шумақтарын оқушыларға ұсынып отырмыз. Пiшән Жәлмендеұлынан «Ғайшаға», «Ей, әлелiм, әлем кетер-ау заманым» сияқты адамның сай-сүйегiн сырқырататын тамаша әндер де қалған. Бұл әндердi нақышына келтiрiп орындайтындар қазiр де табылады. Осы әндердiң ұмытылмай тұрғанында нотаға түсiрiлуiн үлкен өтiнiш ретiнде айтар едiк. Әрi осы тамаша өнерпаз адамнан қалған өлеңдердi әлi де болса жинастыра түсуге қолғабысын тигiзетiндер табылса, бұл да баршаға ортақ игiлiктi iске қосылған үлес болары даусыз. Әрине, Пiшән Жәлмендеұлы өз заманының адамы. Сол заманға орай оның басында әртүрлi қайшылықтар да болғанға ұқсайды. Алайда, мұндай жағдай ол кiсiден қалған өнер туындыларына көлеңкесiн түсiре алмайды деп есептеймiз. Бәрiне түсiнушiлiкпен қараған жөн. («Қазақ әдебиетi», 12 шiлде, 1991 ж.) Жоғарыда Талдықорғанда П.Жәлмендеұлы туралы екi кiтапша шықтық дедiм емес пе? Менiң алғаш қолыма тигенi соның «Армысың, қайран бабалар» аттысы едi. Авторы Сейдахмет Қосжанов деген ақсақал, ал

редакциялық өңдеуден өткiзген талдықорғандық журналист Тәкен Әлiпбаев. Мiне, осы кiтапты оқып отырсам, 19–20-беттерде С.Қосжанов баяндауларының iшiнде менiң осы алғысөзiмнiң екi-үш бөлiгi жүр. Мынау пәленбайдың сөзi дегендей, ешқандай сiлтеме (ссылка) жоқ. Мен Сейдахмет ақсақалды жақсы бiлушi едiм, екi-үш мәрте үйiнде де болғаным бар. Бiреуден сөз ұрлайтындай адам емес сияқты көрiнген. Неге бүйттi? Бұл жәйт iшiме сыймағасын, Талдықорғанға Тәкен Әлiпбаевқа хат жазып едiм, ол өзiнiң ол жағын бiлмейтiнiн, тек кiтапты редакциялауға қатысқанын айтып жауап қайырды. Жарайды, Сейдахмет Қосжанов ақсақал сексеннен асқан адам, мүмкiн, менiң алғысөзiмдi цитата ретiнде келтiрiп, әлдебiр жаймен менiң аты-жөнiмдi келтiрудi ұмытып кеткен шығар деп, өзiмдi өзiм жұбаттым да қойдым. Әрi ақсақалдың беделiне нұқсан келтiруге де батылым бармады. Сөйтiп, бұл жабулы қазан жабулы күйiнде қалды. Кенет менiң қолыма, жоғарыда аталған екi кiтапшаның екiншiсi түстi. Бұл «Баласы Жәлменденiң Пiшән едiм» атты кiтапша. Мұнда Көбес Ақылбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Мұғалiмбай Жылқайдаров, Бек Тоғысбаев, Мият Көпелбаев, тағы басқалардың мақалалары топтастырылыпты. Осындағы соңғы аталған Мият Көпелбаевтың «Жәлменде жайлы және Пiшән әндерi» атты мақаласын оқып отырып, тағы да күтпеген жағдайдың үстiнен түстiм. Қарасам бұл да менiң жоғарыда аталған алғысөзiмдi түгелге жуық көшiрiп, өзiнiң мақаласының iшiне кiргiзiп жiберiптi. Сенбесеңдер, оқып көрiңiздер. «Жәлменде Байшығашұлы кедейден көтерiлiп, би, болыс болып, ақындығымен, шешендiгiмен өз заманының белгiлi адамдарының бiрiне айналған. Кезiнде оны ұлы Абайдың әкесi Құнанбай, ысты Бөлтiрiк шешен, наймандағы атақты Маман бай, Тәнеке ұлы Есiмбек, қырғыздағы Шәбден төре сияқты адамдар ара ағайын ретiнде төрелiкке шақырып, араласқұраластықта болған. Жәлменде қайда жүрсе де, қайда билiк айтса да әдiлдiктi жақтап, қарапайым шаруа, кедей-кепшiктердiң сөзiн сөйлеп, әрдайым олардың есесiн әперiп отырған. Мұны сол өңiрдiң айтулы саңлақ ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының бiраз өлеңдерi және Iле, Қаратал өзендерiнiң бойындағы ел аузында сақталып қалған көптеген аңыз-әңгiмелер толық дәлелдей түседi. Пышанның өзi де әкесiне ұқсап, ел билiгiне ерте араласып, алғаш рет он сегiз жасында болыс болған. Тiптi кейiнiрек Жетiсу өңiрiнде совет өкiметi орнағасын да болыстыққа қайта сайланған. Алайда, әрi ақын, әрi әншiкомпозитор, қалың елге сүйкiмдi, серiлiктен де, саяткерлiктен де құралақан емес, сегiз қырлы, бiр сырлы тамаша өнерпаз жiгiттiң бағын қызғанушылар да көп болған. Сол кездегi байлар кейбiр кедей-кепшiктер тобының момынаңқаулығын пайдаланып, оларды Пышан Жәлмендеұлының үстiнен арыз жазуға көндiрген. Сол арыз бойынша ол ұсталып, 1921 жылы абақтыға жабылды. Абақтыда жатып, сауатты Пышан өзiнiң жазықсыздығын, жалақорлықтың құрбаны болғанын айтып, сол кездегi заң орындарына арыз жазады. Заң орындары оның арызын тексерiп, күнәсiздiгiн анықтап,

бостандыққа жiберiлсiн деген қаулы шығарады. Алайда, Пышанның арызы тексерiлiп, бұл қаулы жергiлiктi жерге жеткенше үш айдан астам уақыт өтедi. Мiне, осы уақыттың iшiнде сол кездегi «шаш ал десе бас алатын» белсендiлер абақтыда жатқан Пышан Жәлдендеұлын аттырып та үлгередi. Сол оқиғаны көзiмен көргендер Пышан атылғасын бiр жарым сағаттан соң ғана бостандық беру туралы қаулының жеткенiн айтады. Пышан сол абақтыда көп өлеңдер жазып, өзiмен бiрге жатқан бiр молдаға бередi. Сол молда арқылы өлеңдерi халыққа тарайды. Жергiлiктi ел бұл өлеңдердiң көбiсiн әлi күнге дейiн жатқа бiледi. Әрине, бiразы ұмытылған да сияқты. Ел аузынан жазып алынған бiраз шумақтары оқырман қауымға ұсынылып отыр». (55–56-беттер.) Бұл жолдарды оқығанда, япыр-ау, бұларды не жын соқты деп, көпке дейiн өзiме өзiм келе алмадым. Бiр емес, екi бiрдей республикалық газетке шыққан кiшкентай мақаламды бiр емес, екi бiрдей адам ұрлап, өз меншiгiнiң iшiне қосып жiберiптi. Бүйтiп, бiрiмiздiң жазғанымызды екiншiмiз ұрлап көшiре берсек мынау дүние не болмақ? Ертеңгi ұрпақ бiз туралы қандай ойда қалмақ? Оның үстiне жоғарыдағы алғысөзiмдi мен келешекте жазатайым өзiмнiң бiр кiтабыма енгiзсем, мәселенiң байыбына бармаған баз бiреулер мына жазушы аты бар Ұзақбай Доспанбетов ұялмай-қызармай жергiлiктi авторлар – С. Қосжанов пен М.Көпелбаевтың жазғандарын көшiрiп алыпты деп, өзiмдi плагиат етiп шығармасына кiм кепiл? «Әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа» қайда? Бұл заманда мұндай мәселемен кiмдер шұғылданады? Бұған қосарым – Талдықорған қаласында кезiнде Пiшән мен Жәлмендеге ас берiлген кезде Пiшәннiң бiраз әндерiнiң қолды болып жүргенiн жұртшылық ашына айтты деп естiп едiм. «Жел соқпаса шөптiң басы қимылдамайды». Ондай сыбыстар бұрындары менiң де құлағыма жеткен. Пiшән әндерiн ұрлаушы сол суыққолдылардың әрекетiн әшкерелей ме деп, үмiт артып жүрген iнiмiз, өнер зерттеушi Мият Көпелбаевтың өзi мұндай терiс қылыққа барса оның сөзiне келешекте кiм сене қояр екен?! О құдайым, өзiң жар бола гөр! 2001 жыл.

«АҚ СИЫРДАН ТУАДЫ ЖИРЕН АЙҒЫР» (Нұрлан Оразалиннiң «Ғасырмен қоштасу» атты жыр жинағы хақында) Мiне, бiздiң қолымызда ақын Нұрлан Оразалиннiң «Ғасырмен қоштасу» атты өлеңдер жинағы. Мұны 2001 жылы Астанадағы «Елорда» атты кiтап баспасы жақсы мұқабамен, әрi жақсы қағазға басып, полиграфиялық безендiрiлуiн жоғары деңгейге көтере жарыққа шығарыпты. Жалпы, Нұрлан Оразалиндi былайғы қарапайым халық жақсы бiледi. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағын басқарып, үлкен алқалы жиындарда жағы талмай сөйлеп жүрген, әрi теледидар арқылы да көп насихатталатын адамды бiлмей қайтсiн. Бұл әрi өлең жазумен ғана емес,

театр iсiне де араласып, бiраз драмалық шығармалар жазғаны да белгiлi. Алайда, солардың ешқайсысына кезiнде дәйектi сын айтылды ма? Бұрын да бiраз мақаламызда дәлелдегенiмiздей қазақ әдебиетiнде шын мәнiндегi әдеби сынның жоғалып кетуi, қабiлеттi сыншы кадрлардың тоз-тозының шығуы қазақ сөз өнерiнде орын алған оқиғаларды өз дәрежесiнде бағалауға мүмкiндiк бермедi. Мiне, осы жағдайды кейбiр ауырдың үстi, жеңiлдiң астымен жүрiп үйренген жылпостар, қабiлетi мардымсыз, бiлiмi таяз жазғыштар бiраз уақыттан берi өте жақсы пайдаланып келедi. Нағыз әдеби сынның орнына әдебиеттiң исi мұрнына бармайтын, жолдан қосылған жолбикелердiң марапатқа толған мақаласымақтары қаптады. Мұны ежiктеп отырғанымыз кезiнде Н.Оразалиннiң де бiраз жыр кiтаптары мен пьесаларына сондай қолпаштаушылардың көтермелеу мен көпiрме сөздерге толы пiкiрлерi баспасөз бетiнде жарияланған едi. Жарайды, оның бәрi бұрынғы. Мiне, ендi қолымызға ол автордың «Ғасырмен қоштасу» атты жаңа жинағы тидi. Мұны арнайы сөз етуге бел буғанымыздың тағы бiр себебi – Н.Оразалин тап осы кiтабы үшiн ҚР-ның Мемлекеттiк сыйлығын иемдендi. Әрi автор бала емес, шаға емес, жас жағынан әбден кемелiне келген адам, ар алдында, қалың оқырман алдында жауапкершiлiк дегеннiң не екенiн әбден-ақ түсiнетiн межеге жеткен. Сосын да бiз автордың аталмыш еңбегi жайында қылдай қиянатқа бармай, өз тарапымыздан да ар мен оқырман алдындағы жауапкершiлiктi басшылыққа ала отырып, пiкiр айтпақпыз. Кiтап «Жанның дауысы», «Арғымақ ойлар», «Санадағы сарын» атты үш бөлiмнен тұрады екен. Неге олай үш бөлiкке бөлiнген, ондағы өлеңдердiң жазылу мерзiмiне орай ма, жоқ, тақырып үндестiгi бойынша ма? Кiтапты қанша аударып-төңкерiп қарағанмен олай деп айтуға негiз таба алмадық. Жарайды, ол үшiн жармаспай-ақ қоялық, өлеңдерiн қалай топтап бередi, негiзiнде ол автордың өз еркiндегi шаруа. Әңгiме сол өлеңдердiң өз болмысбiтiмiнде, iшкi мазмұнында, көркемдiк-идеялық деңейiнде жатыр емес пе? Ия, сосын да Н.Оразалиннiң осы кiтабындағы өлеңдердi мұқияттап оқуға кiрiстiк. Иә, амал не, алғашқы беттен-ақ әлдене бетiмiзден қаққандай әсер еттi. Мағынасы жоқ қызыл сөздер, бүйректен сирақ шығарғандай орынсыз тiркестер, ең бiр қарапайым ұғымдардың дөрекiлiкпен бұрмалануы сияқтылар кездесе бердi. Мiне, жинаққа кiрген алғашқы өлеңдердiң бiрiнiң мына бiр шумағына зер салыңызшы:

Тектi жансың... Таға алмаймын текке мiн... Керегi не өзегi жоқ өкпенiң. Пенделiктен құтылар ма жұмыр бас Құтылмаса... Ойдан азап шеккенiң (14-бет).

Ал ендi, құрметтi оқырман, сiз боп, бiз боп, осы шумақты талдайық. Алғашқы жолдағы «Таға алмаймын текке мiн» деген сөз тiркестерi «тектi тұқымнан шыққансың, оған дауым жоқ» деген мағына беретiн сияқты. Бiрақ автордың ол ұғымды жеткiзуi бiр түрлi. «Тегiңе мiн тақпаймын» деп қазақ айтпайды, ал айта қалса ол нағыз анайылықтың белгiсi. Ешкiм де өз шыққан тегi үшiн жауапты емес. Ал ендi осындағы екiншi жолды қайталап оқыңыз: «Керегi не өзегi жоқ өкпенiң». Апырау, «өзегi жоқ өкпе» дегендi қалай түсiнемiз? Мүмкiн, «орынсыз өкпе» шығар? Бұдан соң жоғарыдағы шумақтың соңғы үш жолына қайтадан көз жүгiртiңiзшi. Бұдан ұғатынымыз автордың байыптауынша «егер адам пендешiлiктен құтылмаса ой азабына тап болады екен». Шындығында солай ма? Керiсiнше, пендешiлiктен құтылған адам ғана ой азабына ұшырауы мүмкiн емес пе? Ой азабы, ақыл азабы дегенiмiз пендешiлiктен жоғары тұрған дүние ғой. Орыстың әйгiлi ақыны А.С.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» атты өлеңмен жазылған драмалық шығармасының бас кейiпкерi Чацкий өз айналасындағы ең бiр қарапайым адамдардың пендешiлiгiнен жоғары тұрғасын ғана ақыл азабына, ой азабына душар болды емес пе? Жер ортаға келген, әрi драматургияға да қатысы бар Н.Оразалин осы шумақтарды қағазға түсiрiп отырып, сол орыс ғұламасының кейiпкерiн неге еске алмаған? Әрi осы шумақтың басқы және аяққы жолдарының арасында қандай байланыс бар. Алғашында «өкпе» туралы айтылса соңында «ой азабы» дегенге көшiп кетедi. Бұл ғана емес, өлеңдi түгел оқып шыққанда да поэзияға тән көңiлдi селт еткiзер ұшқын сезiмдi таба алмадық. Әлдебiр досқа «тiрлiкте сыйласайық. өмiр қысқа ғой» деп, ақыл айтқансиды. Бiрақ ол ойын белгiлi бiр көркемдiк деңгейге көтере алмаған. Ал ендi келесi өлеңдi талдайық:

Iшiңе енсе, тарылтар көшеңдi кең Жазылмас дерт қызғаныш – кесел бiлем. Бәрi ақылды сырт көзге, бәрi ұстамды, Шешен кiлең шетiнен, көсем кiлең.

(16-17 беттер). Құрметтi оқырман, осы шумақтың алғашқы жолына қараңызшы: «Iшiңе енсе кең көшеңдi тарылтады» деген ұғым, сөз тiркестерi қазақта бар ма. Автордың мұндағы айтпағын тек долбарлап қана түсiнерсiз. Ендi екiншi жолды қайталап оқиық: «Жазылмас дерт қызғаныш – кесел бiлем». Апырау қызғаныштың жазылмас дерт екенiн автордың өзi таптап айтып тұрып, одан әрiде «кесел бiлем» деп қосымша жорамал жасауын қалай бағалаймыз? Әрi алғашқы екi жол мен кейiнгi екi жол арасында ешқандай байланыс жоқ, бiр-бiрiнен алшақ ұғымдарды күйттеп, қосақтастырып тұр. Осы өлеңнiң үшiншi шумағын алыңыз:

Жанарлардан сығалап түн сыздана, Ай аспанмен сырғиды үнсiз ғана. Қызғаныштың өртiне оралғандай Жанады кеп мұңсыз тау, мұңсыз дала.

Алғашқы жолдағы «Жанарлардан түн сыздана сығалайды» деген ұғым беретiн тiркестi қалай түсiнемiз? «Жанар» деген адамның көзiнiң iшi, одан «түн сыздана сығалайды» екен. Бұнда қандай бейнелiлiк бар? Әрине, ешқандай бейнелiлiк жоқ. Ал үшiншi, төртiншi жолдарды қара сөз түрiнде қайта құрастырып қарайықшы: «Мұңсыз тау, мұңсыз дала қызғаныштың өртiне оранғандай жанады кеп». Сонда немене, бiздiң қасиеттi тау мен даламыз да iшi тар адамдар сияқты қызғаныштың отына оранған ба? Сонда өзiн ақынмын деп есептейтiн Н.Оразалин бiздiң қасиеттi даламыздың атына да ғайбат сөздер айтып, тас лақтырып тұр ғой. Әйтпесе, бұл жолдарды басқаша қалай жоримыз? өзi «мұңсыз тау», «мұңсыз дала», сөйте тұра қызғаныштың отына өртенедi. Бұл да бiр түрлi қисынсыз қиыстырылған сөздер. Әйтпесе, құдай жаратқан тау мен дала кiмнiң басындағы бақты қызғанып тұр? О сұмдық-ай десеңшi! Осындай шатпақтардан кейiн бұл өлеңдi одан әрi оқудан да жиiркенедi екенсiң. Бұдан кейiнгi «Ұнайды деп кiм айтты салтың бала» (18-бет), «Жүрегiмде жамау-жамау – жыр ағыс» (19-бет) атты өлеңдер де осындай iшiне дендеп енсең мағынасы жағаңды ұстатар өрескел немесе өте бұлдыр жолдар мен шумақтарға сықап тұр. Бұл жерде оқырман «сыншы ақынның кейбiр сәтсiз шумақтарын ғана терiп алып, соларды алға тартып отыр» деп кiнәлауы мүмкiн. Жарайды, онда осы кiтаптағы «Жаңа қазақ» емеспiн, «ескi» де емен...» деген атаумен берiлген келесi өлеңдер топтамасының алғашқысын толық келтiрейiк. Топтаманың басында тұрғасын бұған автордың қайтсе де басымырақ көңiл бөлгенi ақиқат қой. Соның өзiнде қалай шыққан?

«Мен ғаламның шаттығы мен мұңды әнiн кең даламның жүрегiмен тыңдадым... Тыңдап келем, тыңдап өтем, өйткенi, Дала – менiң ұлы кием... Құндағым!.. Аттандырып жырдың түнде кемесiн Ол келедi... Мен келемiн... Келесiң... Бұл далада – қасиеттi тарихым. Тарихымды Жаппар ием жебесiн! Сана, сезiм сүрiнбесiн, тоңбасын, жүрек сөзi жаңылмасын, толғасын. Бұл далада – менiң ұлы айбыным. Айбынымды аруақтарым қолдасын! Тiрлiк – дода... Көкпар алу – ерге сын. Мiнезiмдi ер үстiнде тергесiн. Бұл далада – менiң ұлы айдыным. Айдынымды дәуiр желi тербесiн.

Заман бiзге тартар, тартпас жорғасын, тағдыр бiзге берер бермес төр басын... Бұл далада – менiң терең тамырым. Тамырымды Тәңiр өзi қорғасын! Мен ғаламның шаттығы мен мұңды әнiн кең Даламның жүрегiмен тыңдадым... Тыңдап келем!.. Тыңдап өтем, бiл, балам, Дала – менiң ұлы кием... Құндағым!

(20-бет). Осы өлеңнiң өнебойында сәтсiз теңеулер, мағнасы бұлдыр жолдар қаншалықты десеңшi. Мысалы, алғашқы шумақтағы «ғаламның шаттығы мен әнiн даламның жүрегiмен «тыңдадым» дегенi қарапайым қазақы ұғымға мүлдем кереғар. «Даламның жүрегiмен тыңдадым» дегенiн қалай түсiнемiз? Бәлкiм, «ғаламның шаттығы мен әнi менiң даламның жүрек дүрсiлiмен үндес» деген бағдарда дамытса әлдеқайда дұрыс болар ма едi? Ал автордың ұсынған нұсқасы бас жарып, көз шығаратын қисынсыз бiрдемелер. Осы шумақтың соңғы жолындағы «Дала – менiң ұлы кием... Құндағым!..» деген сөздерге назар аударыңыз. Бiрiншiден, даланы киеге теңеу дұрыс емес. Қазақта «киелi далам» деген тiркес бар. Демек, даланың өз киесi болуға тиiс. Ал осындағы даланы «құндаққа» теңеу мүлдем күлкi шақыратын қателiк. Дала дегенiмiз кеңшiлiк, ал құндақ дегенiмiз керiсiнше адамның қол-аяғын шандып байлап тастайтын таршылық. Кезiнде, аға әрiптестерiмiз А.П.Чеховтың «Человек в футляре» атты хрестоматиялық әңгiмесiн «Құндақтаулы адам» деп аударған. Бұл әңгiмедегi негiзгi идея тар қауыздың iшiнде өмiр сүрiп, кең дүниеде не болып жатқанын түсiнгiсi келмейтiн мешел ойлы, таяз өрiстi адамның мүшкiл халiн ашуға бағытталған. Ал Н.Оразалин оны бiлуге тиiстi едi ғой. Егер бiлмесе онда әдебиет туралы түсiнiгiнiң жоққа тән екенi айдан айқын. Шындығында солай-ау, шамасы, әйтпесе даланы апарып құндаққа теңей ме? Келесi шумақтың алғашқы жолын оқыңыз: «Аттандырып жырдың түнде кемесiн». Бұл да тисе терекке, тимесе бұтаққа деп айтыла салынған, мағынасы бұлдыр жол. Түнде отырып жыр жазғанын бiлдiре ме, әлде басқа ма? Осы шумақтың ең соңында «Тарихымызды Жаппар ием жебесiн!» дегендi қалай түсiнемiз? Тарих деген ол адамзаттың өтiп кеткен жолы, оны «жаппар ием» қалай қолдамақ? Әлде «адамзаттың болашағына дұрыс бағдар бер» деп, тiлегенi ме? Бұлай дейiн десек автордың сөз саптасы мүлдем басқа. Тағы да сол мағынасыздық аулына бұрып салады. Үшiншi шумақтың алғашқы жолы «Сана, сезiм сүрiнбесiн, тоңбасын» деген сөздерден тұрады. Мұны қалай ұғамыз? Мұндағы әсiресе, «тоңбасын» деген сөз не үшiн қажет болған? Сана, сезiм тоңады, тоңбайды сияқты

тiркестi қай қазақ естiдi екен? Әрине, автордың бұл жердегi «тоңбасына» бұдан кейiнгi жолдардағы «толғасын», «қолдасын» дегендерге ұйқас үшiн ғана керек болғаны көрер көзге айқын-ақ шалынып тұр. Жалпы, Н.Оразалиннiң осы «Ғасырмен қоштасу» атты жыр жинағын оқи отырып, осындай өлең мазмұнымен мүлдем сыйыспайтын, айдаладан әкеп жапсыра салынған сөздердi көптеп ұшырастырдық. өлең үшiн ұйқасты бүйтiп iздеу ұлы Абайдың замандасы Қиясбайдың төкпелерiн еске салады. Келесi төртiншi шумақтағы «мiнезiмдi ер үстiнде тергесiн» деген жол да осы пiкiрiмiзге айғаққа жарайды. Автордың мұндағы айтпағы тiрлiк додасында көкпарды қалай тартқанымды ер үстiндегi әрекетiмнен байқа дегенге саятынын долбарлап қана бiлуге болады, бiрақ автордың сол ойды жеткiзуi оқушыға шаң қаптырғандай әсер етедi. Себебi, мұндағы «тергесiн» деген сөз бүйректен сирақ шығарғандай ғой. Бұл да осы шумақтағы «ерге сын», «тербесiн» дегендерге ұйқас үшiн апарып жапсыра салынған, шумақтың мазмұнымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өгей сөз. Мұндайлықты келесi шумақтардан да көремiз. Жарайды, бұл жағын қоя тұралық. Ендi, оқырман, осы өлеңдi бастанаяқ қайталап оқыңызшы. Қандай ләззат алдыңыз? Жүрекке жылы тиетiндей, мынау поэзия дейтiндей еңғұрмаса бiр жол таптыңыз ба? өлеңнiң жалпы құрылысында iшкi динамика, поэзияға тән, теңiз түбiнде жылтыраған жақұттай бiр нәзiк сәуле, мән-мағына бар ма? Әрине, жоқ. Бiр кiшкентай өлеңнiң iшiнде автор бiрдi айтып, бiрге кетiп, оқырман қауымды мең-зең қылады. Басқа дәнеме де емес. өлең аттының қадiрiн кетiру деген осындай-ақ болар. Бұл кiтап туралы пiкiрiмiздiң дәйектiрек шығуы үшiн тағы бiр өлеңдi толық келтiрейiк. Бұл «Пенделердi көргенде көзi мұңсыз» аталатын топтаманың алғашқысы:

«Ауыр не бар өзiңдi-өзiң шектеуден? Бәрi даудың басталады жетпеуден. Жоқшылықтан басталады жабырқау, қайыршылық басталады көктеуден Бақпады ма? Ұл безедi атадан Жақпады ма? Құл безедi батадан. Тақпағыңа алданар ма аш бала?! Көрiспесе – бiр-бiрiне жат адам... Мен дәуiрдiң мiнезiнен қаймығам, қас-қағымда құбылған да айныған. Адамдардан... Надандардан қорқамын, ар мен сөзден, мұңнан жұрдай, қайғыдан. Қолын созар ойдан азап шеккенге, жұбататын жылағанды жоқ пенде... Есiк аттап келiп тұрған қай заман? Қандай маусым? Қыс па? Жаз ба? Көктем бе?!.

Қамшы басты намысыма жыр отты Қозғап ойлар қобалжытты жүректi. Ауыр не бар танымаудан өзiңдi?! Сезiп соны ой мен сана дiр еттi...»

(81-бет). Ал, поэзия сүйер қауым, бұл өлеңдi де ең алдымен өздерiңiздiң сындарыңызға салдық. Дұрыстап, әр жолдың мағынасына бойлап, мұқияттап оқыңыз. Сыншы әдiл сынап отыр ма, жоқ әлде бiр пендешiлiкпен авторға қара күйе жағып отыр ма, сол жағын дәл анықтау үшiн сiздердiң де бұл мәселеге неғұрлым бiлгiрлiкпен, байыптылықпен қарағандарыңыз абзал. Алғашқы шумақтағы алғашқы екi жолдағы «өзiңдi өзiң шектеуден ауыр не нәрсе бар, дау жетпеуден басталады» деген сияқты ұғымдарды беретiн жолдарды түсiнесiз-ау, бiрақ онда сөз өнерiне лайық тапқырлық жоқ, тым қарадүрсiн құрастырылған. Тек соңғы жолдағы «қайыршылық басталады көктеуден» дегенi несi? Қайыршылық неге көктеуден басталуға тиiс? Керiсiнше, көктеу деген жақсы ұғымды бiлдiрмей ме, жер-дүние көктесе молшылықты сол әкелмей ме? Неге көктеу қайыршылыққа ұласуға тиiс? Осыған ой жеткiзiп көрiңiз. Бiрақ бұған ой жеткiзу үшiн көп бас қатырудың қажетi шамалы, жоғарыда айтқанымыздай қиясбайшылап, бұған дейiнгi «шектеуден», «жетпеуден» дейтiндерге ұйқас үшiн ойсыз апарып жапсыра салынған бiрдеме. Оқырманды мазақ ету, алдаусырату осындай-ақ болар. Келесi шумақтағы алғашқы екi жолды кедiр-бұдырлығына қарамай шамамен түсiнуге болар. Ал одан кейiнгi:

«Тақпағыңа алданар ма аш бала?! Көрiспесе – бiр-бiрiне жат адам...» – деген жолдардың мағынасын бiзге кiм ашып берер екен? Сонда автордың тұжырымынша бiр-бiрiне жат адамдар көрiсiп тұрса аш бала сенiң тақпағыңды, уағызыңды тыңдап, жұбана қоя ма екен? О тоба-ай десеңшi! Бұл жерде де Н.Оразалин ұйқас қуып, қай-қайдағы сөздердi бiр шумақтың iшiне әкеп тоғыта салғаны көрiнiп тұр. Ендi осы өлеңдi толықтай қайта оқып, ең соңғы жолдарына назар аударыңызшы: Ауыр не бар танымаудан өзiңдi?! Сезiп соны ой мен сана дiр еттi.

Орыс халқында бiр операның ариясын әндетiп тұрып, екiншi операның ариясына көшiп кеткенiң қалай деп, ауыз-екi әңгiмеде айтылатын қалжың сөз

бар. Сол қалжыңды дәл осы арада айтқанның еш артықшылығы жоқ. Әкемау, өлең жоқшылық, қайыршыық, заман құбылысы, өзгерiсi сияқты мәселелерден басталып едi ғой, ендi «өзiңдi-өзiң танымау» сияқты философиялық ойдың орындығына апарып сылқ еткiзiп отырғыза салуда қандай жарасымдылық бар? Түсiнсек бұйырмасын. Кешiрiнiз, түсiнетiн де ештемесi жоқ, бұл автордың бiрдi айтып бiрге кетуiнiң тағы да бiр жарқын мысалы. Бұған қосарымыз – бұл шумақтар жиынтығында да поэзияға тән жан-жүрегiңдi селт еткiзер ештеме жоқ. Бүйтiп, мұндағы өлеңдердi бастан-аяқ толық келтiрiп талдай берсек мақаламыз тым ұлғайып кетедi. Сөйтiп, қазымыр атануымыз да қиын емес. Алайда, өз пiкiрiңе оқушыны сендiру деген де бар. Әдеби сын сонысымен құнды. Аталмыш жинақтың 160-бетiнде «Жырымды жарым сынды аялайын» атты тағы бiр топтама басталады. Толық келтiрмей-ақ сондағы алғашқы өлеңнiң алғашқы шумақтарын ғана талдайық.

«Аманбысың, жайраған сай, тұлдыр шың, еске алшы бiр бал күнiмдi бүлдiршiн. Қара жолдың қою шаңы армысың, сөйлешi бiр, сағынышым шыңғырсын! Сөгiлшi бiр көкiрегi құса түн, көктi кезiп қалқышы бiр құс-ақын. Ұлы қала үмiтiмдi шаршатты, тауға апаршы көк түтiнi ұшатын...».

Осының алғашқысындағы «тұлдыр шың» деген тiркестi қалай түсiнемiз? «Жалаңаш шың», «жалғыз бой көтерген шың» дегендi айтпақ болғаны ма? Бiрақ бұл жерде «тұлдыр» деген өз орнында тұрған сөз емес. Ал соңғы жолдағы «сағынышым шыңғырсын» дегенi де дұрыс еес. Бұл да сол авторға жоғарыдағы «тұлдыр шың», «бүлдiршiн» дегендерiне ұйқас үшiн керек боған. Бұрын өткен арқалы ақындарымыздың көбiсi кейбiр қабiлетi мардымсыз, әрi iзденiске жоқ авторлардың ұйқас қуып, топан сөздi қаптата беретiнi әдебиетiмiзге үлкен кесiрiн тигiзедi, оқырмандардың поэзияға, жалпы әдебиетке деген ықыласына нұқсан келтiредi деп ескертулер жасағаны белгiлi. Мiне, Н.Оразалиннiң осындай шумақтарын оқи отырып, сол ескертулердiң еске түскенiн ашық баяндағымыз келедi. Осы өлеңнiң үшiншi шумағы мынау:

«Көк өзендей күркiреп бiр тасайын, тасайын да ентiгiмдi басайын. Көкбастаудан қарап тұрып Қыржолға, сұлу сөзден сымбатты жыр қашайын». Осындағы «сұлу сөзден сымбатты жыр қашайын деген де пәлендей сәттi тiркес емес. Себебi, «сөзден жыр қашау» деген дұрыс мағналы сөйлемге жатпайды. Мұның мағнасын сол долбар арқылы ғана ұстаймыз. Әрi автордың арманы жақсы-ақ, тек ол арманына жете алмағанына қынжыламыз. Кiтаптың соңғы жағындағы «Көзiнен айдың жас тамды» атты топтама көбiне жетi-сегiз буынды өлеңдерден тұрады екен. Осындағы әр-әр өлеңнен алған мына шумақтарға көңiл бөлiңiзшi:

«Ойдан азап шектiм бе, Жұтып үнсiз оттегi, айқайлап ем көк түнде, ғарышқа үнiм жетпедi. (218-бет). ..Сығалаттың көзi – мұң суретiндей таулардың сағым сынды сезiмiм сезiмiмдi аулар кiм?» (219-бет). «Қиял-қыран кеттi ұшып, Көлеңкесiн iлгiзбей, Таңмен қоса кептi шық, Бас көтердi күндiзгi ой (220-бет). «Қалған омбылап қыс, қарда көңiл көз iлдi, Қайта тiрiлтер күш бар ма, өлген сезiмдi

(223-бет). Құрметтi оқырман, осы шумақтардан не ұқтыңыз, қандай әсер алдыңыз? Осындай жолдарды ұялмай қағазға түсiрген адам өзiн ақынмын деп санай ала ма? Осы мысалдардың алғашқысындағы «Жұтып үнсiз оттегi», «көк түнде», екiншiсiндегi «Сағыныштың көзi – мұң», үшiншiсiндегi «Көлеңкесiн iлгiзбей» «кептi шық», соңғысындағы «өлген сезiмдi» деген сияқты тiркестердi оқығанда ауылдағы ең бiр қарапайым шаруа қазақтардың өздерi де ұялғаннан беттерiн шымшымай ма? «Кептi шық» дейдi. Шық кеппейдi, жерге құлап түседi, не буланып ұшып кетедi. Кебетiн сол шық қонған жапырақтар, өсiмдiктер. Н.Оразалин соны да бiлмей ме? Бiз бұл мысалдардағы ең бiр сорақы деген тiркестердi ғана атап келтiрiп отырмыз. өлең сөздi тануға қабiлетi жететiн адамдар бұлардан басқа да сәтсiз жолдарды, сәтсiз тiркестердi табар едi. Ал Н.Оразалиннiң осы «Ғасырмен қоштасу» атты кiтабына енген өлеңдердiң мазмұнына, тақырыбына келсек бастан-аяқ бiр тақырыпта жазылған десек асыра сiлтегендiкке жатпас едi. өңкей бiр мән-мағынасыз

елегiзген көңiл, төр, атақ, мансап аңсағандық, жұрттың өзiн түсiнбеуi, өзiнiң адалдығы мен басқалардың арамдығы – мiне, осылай сағыздай созылып кете бередi. Мұнда әсiресе, төрдi иеленсем, төрге қонжисам, төрдегi табаққа қол созсам деген сияқты аңсаулардың күлiмсi исi жиiрек мұрын жарады. Бiрақ ешқайсысы нағыз өлең, нағыз көркем шығарма дәрежесiне көтерiлмеген. Бәрi де жоғарыда дәлелдегенiмiздей өңкей бiр қисынсыз, логикасыз, жасанды сөз тiркестерiнен құралады. Қарағайды талға жалғағандай ұйқас қуған дәрменсiздiк бетке ұрады. Н.Оразалиннiң сондай шумақтарын оқи отырып, ұлы Абайдың замандасы, жоғарыда есiмi аталған Қиясбайдың:

Ақ сиырдан туады жирен айғыр, Қойға қасқыр шабады қоқаң-қоқаң Көктен шауып келедi боталы iнген, Буынғаным белiме сексен арқан, –

деген сияқты төкпесiнiң еске түскенiн жасыра алмаймыз. Қиясбайдың Н.Оразалиннен бiр артықшылығы ол өзiн ақын санамаған, жаңағыдай шумақтарды жай күлкi шақыру үшiн төгiп тастайтын әдетi ғана болған, әрi кедейшiлiк тұрмыстан көз ашпаған соң Абай және оның айналасындағы дәулеттi адамдардан аздап сыйақы алу үшiн де сөйтетiнiн көптеген аңыздар дәлелдейдi. Ал Н.Оразалин өзiн ақын санап, әрi жай ақын емес, ақындардың бiрегейiне жатқызып, жоғарыдағыдай шумақтарын кiтап етiп бастырады, онысы үшiн берместi тартып алып, лауреат атанады. Мен өз басым өсекке сенбеймiн, бiр басы ашық нәрсе Н.Оразалиннiң осы «Ғасырмен қоштасу» атты кiтабы үшiн ҚР Мемлекеттiк сыйлығын қалай иемденгенi туралы әртүрлi алып-қашпа әңгiмелер бар. Қайсысы рас, қайсысы өтiрiк бiлмеймiн. Тек бiр ғана анық шындық сол – Мемлекеттiк сыйлықтар жөнiндегi үкiметтiк комиссия алғашында Н.Оразалиннiң бұл кiтабы республика Мемлекеттiк сыйлығын беруге лайықсыз деп шешiм қабылдаған, тек неге екенi белгiсiз арада көп уақыт өтпей үкiметтiк комиссия қайта отырыс жасап, Н.Оразалинге аталмыш кiтабы үшiн аталмыш сыйлықты беру туралы керiсiнше шешiм шығарды. Бұл оқиға көп жылдан берi әлдекiмдердiң демеуiмен Қазақстан Жазушылар одағын басқарып келе жатқан Н.Оразалиннiң тiкелей араласуымен болмады дегенге ешкiм де сенбейдi. Ия, «ұялмаған бұйырмағанды жейдi» деп, қазақ бекерге айтпаған. Тек бiр өкiнiштiсi – Н.Оразалин Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi үкiметтiк комиссияға қайта отырыс жасатуға жеткен қабiлетiн, күш-жiгерiн осы «Ғасырмен қоштасу» атты кiтабына енген өлеңдердi қайта жазуға, қайта сұрыптауға, өңдеуге неге жұмсамаған? Ең бастысы сыйлық алу емес, қалың оқырман алдындағы парызды абыроймен орындап шығу емес пе? Сөзiмiздiң соңында Қиясбайдың құлағын қайта шулатайық. Бiр жақсысы Абай заманында Жазушылар одағы болмаған. Егер ол заманда Жазушылар одағы құрылып, оны Қиясбай басқарса Абай мен Махамбет, Шөже мен Кемпiрбай, Сүйiнбай мен Бақтыбай сияқты жыр сүлейлерiнiң

көрген күнi не болар едi? Жалпы ол кездегi поэзия не күйге ұшырар едi? Осы сұрауларға жауап табыңыздаршы. 2003 жыл. ӨЗЕК ӨРТЕЙТIН өКIНIШ (Ағамыз Мыңбай Рәшке жауап хат)

Мыңбай аға! Ең алдымен сiзге жауапты уақыт өткiзiп барып берiп отырғаным үшiн кешiрiм өтiнемiн. өмiр аттыда анау-мынау қол байлау болатын жағдайлар кездесе бередi ғой. Мен де сондайлардың кесiрiнен бiрден қолыма қалам ала алмадым. Иә, ештен де кеш жақсы. Сiз «Азат» газетiнiң биылғы 2004 жылғы 7 қаңтардағы санында жарияланған, Нұрлан Оразалиннiң «Ғасырмен қоштасу» атты жыр кiтабы жайында жазылған «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» атты мақалама орай менiң атыма жазған ашық хатыңызды өзiңiздiң мүшел жас үлкендiгiңiздi, талай көйлектi бұрын тоздырғаныңызды, талай кiтапты артық шығарғаныңызды айтудан бастапсыз. Ия, дұрыс-ақ, бұл жөнiнде сiзге айтар еш дауым жоқ. Дау нақтылы өлең талдау мәселесiнен туындағалы тұр. Бiз бұл жерде мына жағдайды қоса ескерелiк. Қазақстан Жазушылар одағын басқарушы Н.Оразалин бұл «Ғасырмен қоштасу» атты кiтабы үшiн Мемлекеттiк сыйлық алды. Демек, бiраз ресми орындар, әрi бiраз газетжурналдар оған жоғары баға бердi деген сөз. Әрине, осыған байланысты қарапайым оқырман қауымның да бұл кiтапқа көбiрек ден қоятыны ақиқат. Сөйткен оқырман қауымның үмiтi ақталар ма екен, жоқ па екен деген сауал әрбiр әдебиетшiнiң, әрбiр қалам ұстағанның көкiрегiнде оянатыны заңды. Себебi, бiз бәрiмiз сол оқырман қауым баққан малдың етiн жеп, сүтiн iшiп, солар өсiрген астықтың нанын жеп отырған адамдармыз. Сосын да сол өз асыраушыларымызды алдап-арбауға баруды қиянаттың ең үлкенi деп қарағанымыз абзал. Н.Оразалиннiң кiтабына қойылатын талап та осы тұрғыдан өрбуге тиiс. Бұл жағын, Мыңбай аға, сiздiң менен де жақсы түсiнетiнiңiзге еш күмәнiм жоқ. Алайда, осы «Азат» газетiнiң биылғы 11-ақпандағы санында жарияланған, «Буынсыз жерге ұрылған пышақ» деген атаумен берiлген, менiң атыма жазылған аталмыш ашық хатыңыздың басында бiраз ақылды сөздердi тоғыта келiп, нақтылы өлең талдауға келгенде аяғыңызға тұсау түскендей болады. Мысалы, мен Н.Оразалиннiң осы кiтабындағы «Iшiңе енсе тарылтар көшеңдi кең» (16-17-беттер), «Мен ғаламның шаттығы мен мұңды әнiн» (20-бет) деп басталатын өлеңдердi талдауға өз мақаламда бiраз орын берiп, сынаған едiм. Ал сiз, Мыңбай аға, менiң өзiме кiнә таққансып, «поэзия тiлiмен тебiрене жеткiзген... шумақтар» ғой деп, Н.Оразалиндi құрғақ сөздермен ақтағансып, өте шығыпсыз. Мықты болсаңыз менiң дәлелдерiмдi терiске шығаратын өз дәлелдерiңiздi неге көлденең тартпағансыз. Сiрә, ондайлыққа жүрегiңiз дауаламаған-ау деймiн. Тек сөз арасында маған мынадай сұрақ қойыпсыз: «... оны сенен гөрi танымы мен тәлiмi биiк тағы бiр оқырманның оқуы мүмкiн-ау, оқи қалса, осы айтқаным өзiме қайыра соғып,

өз бетiмдi аймандай қып жүрмей ме деп неге ойламағансың?» Бұл жерде «танымы мен тәлiмi биiк оқырман» деп ең алдымен өзiңiздi атап отырғаныңыз ешқандай күмән тудырмайды, алайда, алысқа ұзамай тап осы сөйлемнiң iшiнде бұл тұжырымыңызды өзiңiз жоққа шығарыпсыз. «өз бетiңдi аймандай қылмай ма» дейсiз. Мыңбай аға, қатты кетсем кешiрiңiз, бұл деген «танымы мен тәлiмi биiк» адамның баспасөз бетiнде айтатын сөзi емес, керiсiнше көшедегi бұзақылардың айтатын сөзi. Жетпiстен асқан шағыңызда өз аузыңызды өзiңiз бүйтiп былғағаныңыз өкiнiштi-ақ! Одан әрiде:

Ауыр не бар өзiңдi өзiң шектеуден Бәрi даудың басталады жетпеуден Жоқшылықтан басталады жабырқау Қайыршылық басталады көктеуден, – делiнген шумақтың соңғы жолындағы түсiнiксiздiктi айтқан едiм. Сiз менiң ол пiкiрiме былай деп жауап қайтарыпсыз: «Иә, Ұзақбай! Шыным, саған мақала авторы ретiнде жаным ашыды... Жырдың жанын түсiнбейтiнiң өз алдына, жалпы сөз мағынасын, сөздiң жаратылысы мен табиғатын аңғара бермейтiнiң жаныма қатты батты. «Қайыршылық басталады көктеуден» деген жолдағы «көктеу» сөзiнiң сен айтқандай «көгеру, өсуден» гөрi басқа мағынада «құрау, жамау» мағынасында қолданылып отырғанын ұқпағаныңа таңмын?!» Жарайды, Мыңбай аға, мұндағы «көктеуден» деген сөз сiз айтқандай «құрау, жамау» деген мағына берсiн-ақ (Бiрақ автордың ұсынған текстiнде ондай мағына беретiнi бiлiнбейдi). Сонда, шамамен «Қайыршылық басталады құраудан, немесе, жамаудан» болып шығады. Бұдан не ұқтыңыз? Сiз мақалаңыздың басында «әрбiр ақын өз өлеңiн бейнелi етiп (образ) шығаруға ұмтылады» деп жазасыз. Сөйтесiз де менi сөздiң поэтикалық мәнiн түсiнбейсiң дегенге келтiресiз. Жарайды, солай-ақ, шығар, ал сiз ол жағын жақсы түсiнетiн адам ретiнде осы соңғы мысалда, оны сiз айтқандай мағынада қабылдаған күнде де қандай поэтикалық бейнелiлiк барын ашып берiңiзшi. Орыс ақындары бiрiнiң өлеңiн бiрi талдағанда майын шығарады, ал сiз өзiңiз ақтап алмақ болған ақынсымақтың бiр шумағын дұрыстап талдауға мойныңыз жар бермейдi. Одан әрiде:

Қиял-қыран кеттi ұшып, Көлеңкесiн iлгiзбей. Таңмен қоса кептi шық, Бас көтердi күндiзгi ой, – деген шумақтағы «кептi шық» деген тiркестi терiс көрiп едiм, сiз соған байланысты менi былай деп жазғырыпсыз. «...ақынның «кептi шық» (келiптi деген сөз ғой) деген тiркеске жармаса кетiп «шық кеппейдi, жерге құлап түседi, не буланып ұшып кетедi деп «үлкен

жаңалық» ашқансисың. Әу, ақын не дейдi, сен не дейсiң, алдымен сөздiң мағынасын түсiнiп алу керек емес пе!» Демек, сiздiң тұжырымыңыз бойынша мұндағы «кептi» сөзiнiң түбiрi мен түсiнгендей «кеп» емес, «кел» екен ғой, демек Н.Оразалиннiң өлеңiндегi аталмыш жолды «таңмен қоса келiптi шық» деп қабылдау керек екен ғой. Ал солай қабылдағанда бұдан қандай поэтикалық бейнелiлiктi көремiз? Тiптi бұрынғысынан да сорақы болып тұр емес пе? Бұл жағын сағыздай созып, дәлелдеп жатудың қажетi бар ма? Апырай, Мыңбай ағай-ай, осы соңғы екi мысалға байланысты абзацтарды өзiңiз жаздыңыз ба, жоқ әлдебiр есi кiресiлi-шығасылы, маскүнем әрiптестерiңiздiң бiреуi жазып бердi ме? Сiздiң өзiңiз жаздыңыз дейiн десем сiздi мұндайлыққа қимай тұрмын. Себебi, сiздi мұншалықты құлдырайды деп ойламап едiм. Н.Оразалиннiң жыр жинағындағы осы «Қайыршылық басталады көктеуден», «Таңмен қоса кептi шық» деген жолдарға байланысты сiздiң байбаламыңызды өзiңiз танитын бiраз қаламдастарыңызға оқып берiп едiм, олар шек-сiлесi қата күлдi. Жауап хатымды осымен тәмадасам да болар едi, себебi, сiздiң маған арнаған ашық хатыңыздың құны осы мысалдардан-ақ көрiнiп тұр ғой, алайда, сiздiң жасыңызды сыйлап, сәл жалғастыра түсудi жөн санадым. Сiз хатыңызда одан әрiде былай сiлтейсiз: «...Менiңше Ұзақбай, сен қатты адасқансың. Сенiң «нашар» деп отырған шумақтарыңның өзi ұзақ жасайтын туындылар. Кәнi, сен де, қалың оқырман да оқып байқасын, мысал келтiрейiк.

Ел сүйсе ақбоз аттай зулар бағың, Ерiңе сақ бол, iнiм, аудармағын. Жер шетi тiрелмейдi Алатауға, Ұмытпа! Таулардан соң таулар барын. Ел-Ана тең көргенмен балаларын, Ел атын асқақтатар дана, дарын. Жер бетi таусылмайды Сары Арқамен, Ұмытпа! Даладан соң дала барын. Замана төккенiмен көп ызғарын, Ел-Ана санайды ұлдың, егiз бәрiн. Жер шетi шектелмейдi Атыраумен, Ұмытпа! Теңiзден соң теңiз барын. Кеңесiп, келiскенмен тәмәм дарын, Ала алмай келедi ойдың қамалдарын. Соғады сағат тiлi мәңгiлiкке Ұмытпа! Адамнан соң адам барын! (7-бет). Қалай, Ұзақбай, бәлкiм, саған бұл да ұнай қоймас!»

Дұрыс айтасыз, Мыңбай аға, маған бұл да ұнамайды. Себебi, бiрiншiден, бұл өлең бастан-аяқ жалаң дидактикаға құрылған. Жиырмасыншы ғасырдың соңында, жиырма бiрiншi ғасырдың басында өмiр сүрген қалам иелерiне жалаң дидактикаға ұрыну, ақылдымсыну, өсиет айтқансу жараспайды. Қандай да бiр көркем шығарма (оның iшiнде поэзия да бар) жекелеген құбылыстарды түсiнуде, қабылдауда нақтылы ойларға жетелейтiн әдеби концепцияға негiзделуi керек. Н.Оразалиннiң мына шумақтарында ондайлық атымен жоқ. Екiншiден, өлеңнiң жазылуында ақындық дәрменсiздiк дегенiң шаш етектен. Мысалға өлеңнiң ең алғашқы шумағындағы алғашқы екi жолды алайықшы. Бiрiншiсiндегi «заулар бағың» деген тiркес құлаққа қалай тиедi? Қазақта мұндай тiркес жоқ, туралай сөйлесе де, поэтикалық мән берiп сөйлесе де бақ аспандайды, көтерiледi, биiктейдi, шарықтайды деп келтiредi. Ал, «Ерiңе сақ бол, iнiм, аудармағын» деген екiншi жол тiптi адамға амалсыз езу тартқызады. Есi дұрыс адам астындағы ертоқымды өзi аудармайды, оның өзi ауып кетуi мүмкiн. Әлде «аудармағын» деген сөз Н.Оразалинге әлдебiр поэтикалық бейнелiлiк үшiн қажет болды ма екен? Тiптi де олай емес, авторға бұл сөз осы шумақтағы «заулар бағың», «таулар барын» деген сияқтыларға ұйқас үшiн керек болған. Н.Оразалиннiң ұйқас қуып, қайқайдағы сөздердi әкеп жапсыра салатынын сiз шүйлiккен аталмыш «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» атты мақаламызда дәлелдеп жазғанбыз. Мұндай кемшiлiктер сiз марапаттаған осы өлеңнiң басқа шумақтарында да тұнып тұр. Әлдебiр бастықсымақтың, ақынсымақтың сойылын соққанша осы жағын ашып-айырып айту сiз үшiн әлдеқайда жарасымды шығар едi-ау. Жарайды, Н.Оразалин өлеңдерi туралы пiкiрлерiңiздiң қалғанын сүзгiден өткiзбей-ақ қояйын. Тек мақалаңыздың соңындағы мына бiр сөйлемдерiңiздi оқушыға көлденең тартпақпын. «Ұзақбай бауырым, Қиясбайға қанша қиялап соққаныңмен, Н.Оразалиннiң бұл жыр жинағы оқырманға ұялмай ұсынатын еңбек екенi күмәнсiз. Кешiр, «қиясбайшылдықтың» кебiн өзiң киiп алғандай елестедiң көз алдыма...» Мыңбай аға, турасын айтайын, «қиясбайшылдықтың» кебiн кидiң» дегенiңiзге мен арланбаймын. Бұрынғы мақаламда айтқанымдай Қиясбай ақын емес, әрi өзiн ақын санамаған. Алайда, «ақын болу шарт емес, азамат болу мiндетiң» деген бар ғой. Осы тұрғыдан алсақ Қиясбайдың азаматтығы сiз бен бiздiң азаматтығымыздан әлдеқайда жоғары тұрған дүние. Себебi, ол ешкiмнiң сойылын соқпай, керiсiнше өз заманындағы халыққа жайсыз лауазым иелерiнiң, ауқаттылардың масқарасын шығарған. Сонысы үшiн ұлы Абайдың сан мәрте ризашылығына бөленген. Демек, сiз айтқандай мен Қиясбайдың кебiн кисем өте жақсы екен, ал сiздiң сол Қиясбайдың кебiн кие алмағаныңыз үшiн, әлдебiр бастықсымаққа ара түсiп, шыр-пыр болғаныңыз үшiн сiзге жаным ашыды. Жауап хатымның соңында мынадай мәселелерге сiздiң назарыңызды аударғым келедi.

Сiз ашық хатыңыздың басында «...сенiң прозалық шығармаларыңды оқта-текте оқығаным болмаса, әдеби сынға, оның iшiнде поэзия жанрына орай «ой түйгенiңдi» көрiп отырғаным алғаш рет», деп жазасыз. Сонау алпысыншы-жетпiсiншi жылдарда-ақ Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов басқарған «Қазақ әдебиетi», «Жұлдыз» сияқты басылымдарда менiң көптеген кiтаптар (олардың iшiнде поэзиялық кiтаптар да бар) жөнiнде өткiр сын мақалаларым жарияланған едi. Одан кейiнгi кезде де сыннан аса қол үзгем жоқ. Тiптi былтырдың өзiнде осы «Азат» газетiнде Шерхан Мұртазаев, Қабдеш Жұмадiлов, Қойшығара Салғарин туралы да мақалаларым басылды. Солардың бiреуiн көрмей, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннiң жыр жинағы туралы мақаламды неғып көре қалдыңыз? Неден соншама шат-шәлекейiңiз шықты? Жоғарыда аталған авторлар туралы осы «Азат» газетiнде өткiр сыни мақалаларым жарық көргенде Жазушылар одағы тарапынан қыңқ деген дыбыс бiлiнбеп едi, оның төрағасы туралы мақалам жарияланғалы берi неғып бұл мекеме әлдекiм аяғымен басып кеткен құмырсқаның илеуiндей быж-тыж болып жатыр? Осы аралықта «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнде екi дүркiн менiң атыма ғайбат сөздер айтылды. Оның бiреуiн айтқан сiз жақсы танитын Қажытай Iлиясов. Маған бәз бiр тiлеулестер Қ.Iлиясовтi де, оның сөзiн жариялаған «Қазақ әдебиетi» газетiн де сотқа бер деп үгiттедi. Алайда, сонау жас кезiмде-ақ талай дүниелерiмдi оқырманға жеткiзген қасиеттi басылымды сотқа беруге арым бармады. Сiз бұл жөнiнде не дейсiз, маған қандай ақыл қосасыз? Сондай-ақ, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнде (20.02.2004) «Барды жоқ демейiк» деген тақырыппен бiр топ жастарды сөйлетiп, Бекдiлда Алдамжаров екеумiздiң атымызға ғайбат сөздер айтқызыпты. Бұл да Н.Оразалиннiң түртпектеуiмен ұйымдастырылған шара екенi даусыз. Демек, Н.Оразалин жастарды әдебиеттiң өз тiлiнде сөйлетудiң, яғни таза әдеби сын жаздырудың орнына олардың санасын улап, жаман қылыққа итермелеген. Әдебиет мәселесiн саяси науқанға, орынсыз у-шуға ұластырған. Мыңбай аға, бұл жөнiндегi сiздiң ойыңыз қандай? Бекдiлда Алдамжаров демекшi, «Азат» газетiнiң тап осы сiздiң хатыңыз жарияланған санында оның Н.Оразалиннң әлгi бiз талдаған «Ғасырмен қоштасу» атты жыр жинағы туралы «Көркем дүние таба алмай әбден дал болдым» деген көлемдi сыни мақаласы қоса басылды. Ол да Н.Оразалиннiң кiтабын жiлiктей талдап, өлтiре сынаған. Менiң түсiнуiмше Б.Алдамжаровтың бұл мақаласы әрi жоғары профессионалдық деңгейде жазылған. Сенбесеңiз оны қайталап оқып көрiңiз. Оның қасында сiздiң жазғаныңыз жетiм қыздың дүниесiндей жүдеу дүние. Құдайшылығын айтыңызшы, Б.Алдамжаровтың мақаласын оқып барып, өз дүниеңiзге көзiңiз түскенде сiздi ұят қысқан жоқ па? Сiз хатыңыздың соңында Н.Оразалиннiң Жазушылар одағының төрағасы ретiнде сiңiрген еңбегiн атапсыз. Бiрақ мұнда өтiрiк пен шынды араластырып жiберiпсiз. Одақтың ғимаратын арашалап алып қалған жалғыз Оразалин емес, басқалардың да сiңiрген еңбегi зор. Оразалин iскер болса

мына мәселелердi неге шешпейдi? Қаңырап тұрған шығармашылық үй анау. Қазақша сөйлем құрай алмайтын Сәбит Досанов халықаралық Шолохов атындағы сыйлықты иемденедi. Кiтап шығару, шығарылатын кiтаптардың сапасын алдын-ала сараптан өткiзу, бақылауға алу сияқтыларды ұйымдастыру, қаламақы мәселесiн шешу және тағы басқалардың қолға алынатын түрi жоқ. Бiрнеше газет-журналдың бетiнде ұрлығы әшкереленген Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдiмбеков сияқтылар Қазақстан Республикасының Еңбек сiңiрген қайраткерi атанады. Жазушылар одағының мүшелiгiне әдебиетке ешқандай қатысы жоқ бiреулер қораға қой айдап кiргiзгендей топ-тобымен қабылданып, бұл ұйым тым қампитып жiберiлдi. Әдеби сын жоқ деп, жұрт зар қақсайды-ақ, оны жолға қоюдың орнына Жазушылар одағының төрағасы сыналды деп, бұл ұйым өз iшiнен бүлiнiп жатады. Асықпаңыз, Мыңбай аға, мұның бәрiн Н.Оразалин жалғыз өзi шеше алмайтынын бiз де бiлемiз, алайда, шетiнен Н.Оразалиннiң Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы ретiнде бiлек сыбана араласуын күтiп тұрған күрделi шаруалар. Ал Н.Оразалин қайтуде? Тым-тырыс. Онда-мұнда сөз сөйлеп өзiн-өзi насихаттаудан басқа түк өндiрерi жоқ. Тек Мемлекеттiк сыйлық аларда ерекше белсендiлiк танытты. Анау-мынау шараларды ұйымдастырып, үкiметтiк комиссияға қайта отырыс жасатып, оның алғашқы өзi жөнiндегi терiс шешiмiн өзгерттiрiп, бұйырмаған Мемлекеттiк сыйлықты жұрттың көз алдында жұлып әкеттi. Мұның бәрi Н.Оразалиннiң әдебиеттi ойлаудың орнына тек қара басын күйттеп жүрген жан екенiн айқын дәлелдесе керек. Демек, оның анау киелi шаңырақта бұдан әрi қонжиюының еш жөнi жоқ, оны тезiрек босатуы керек! Мыңбай аға! Ащы да болса мен де ашығын айтайын, осы салиқалы жасқа келген шағыңызда әлдебiр бастықсымақтың, ақынсымақтың сойылын соғып, сiз өз басыңызға көлеңке түсiрдiңiз. өз басыңызға ғана емес, ең таңдаулы шығармаларыңыздағы ең тәуiр сомдалған кейiпкерлерiңiзге көлеңке түсiрдiңiз. Қайтейiк, өкiнiштi-ақ! Сәлеммен, iнiңiз. Ұзақбай Доспанбетов. 2004 жыл.

ТОЛҒАҒЫ ЖЕТКЕН СӨЗ

Қазақтағы ең өнiмдi жазушылардың қатарынан саналатын Дүкенбай Досжанов шығармашылығы жайында әр жылдарда өзiмше пiкiр айтқан екенмiн. Екi жиналыста сөз сөйлеппiн, олардың ешқайсысы бұрын баспасөз бетiнде жарияланған емес. «Алыптың азабы» атты бiр кiтабына рецензия жазыппын, алайда, ол кезiнде «Қазақ әдебиетi» газетiнде басылды дегенмен де ол газеттiң сол кездегi қызметкерлерi оны қырқып, қиып, оқырманға құр тамтығын ғана берген едi. Мiне, ендi сол үш пiкiрдi толық күйiнде оқырманға

қайта ұсынып отырмын. Менiң бұл пiкiрлерiм аса көп кiтап жазған Д.Досжанов шығармашылығы жайында басқалардың да өз ойларын ортаға салуына, ақ-қарасын ашып-айыруына қозғау салар деген үмiтiм бар. Қалайда бiрдiң пiкiрiнен гөрi көптiң пiкiрi шындыққа жақынырақ қой. Ал әр жазушының кiтаптарына шынайы әдеби-сын мақалалар арқылы әдiл баға беру абзал iс екенi пешенеден белгiлi. Кәне, зиялы оқырман, қалыс қалмаңыздар. 4 желтоқсан, 2003 жыл.

Баяндама ма, басқа ма? (1984 жылдың 6-наурызында Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қортындысына арналған жиналысында сөйленген сөз) Белгiлi жазушымыз Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет ардың iсi» деген сөзi баршаңызға мәлiм деп есептеймiн. Менiң ұғынуымша бұл сөздiң мәнiсi шынайы көркем өнер туындысын дүниеге әкелу үшiн айқын табиғи қабiлет пен терең iзденiмпаздықты барынша ұштастыру. Ал өйтпеген күнде бұл нағыз арсыздықтың өзi болып шығады. Мен осылай түсiнемiн. Қысқаша айтқанда, халқыңа лайықты дүние беру арлылықтың нәтижесi де, нашар дүние ұсыну арсыздықтың нәтижесi. Ол солай. Ал бiреудiң жазған кiтабына оқымай пiкiр айту қалай болады? Егер Қабдолов ұсынған қағиданың мағнасын ескерсек бұл арсыздықтың көкесi ғой. Бұл кiрiспеме қарап, кеше менiң «Ел есiнде» атты романым1 хақында көзiне қан толып сөйлеген Дүкенбай Досжановпен дауласқалы тұр десеңiздер онда қатты қателескендерiңiз. Мен дауласпаймын. Себебi, бiреу сенiң шығармаңды нашар десе, өзiң жоқ ол жақсы деп, өзеуресең ол әдепсiздiкке жатады. Тек қана баяндамашы менiң романымды оқыды ма, жоқ па деген сұрақтың төңiрегiнде ғана пiкiр таратқым келедi. Бұл сұрақтың жауабы бiреу: Дүкенбай Досжанов ол шығарманы оқымастан бас-көзiң бар демей пiкiр айтты. Мұны аңғару маған қиынға соққан жоқ. Ең алдымен баяндамашы Дүкенбай Досжанов Ұзақбай Доспанбетовтың романында соғыс кезiндегi тыл өмiрi көрсетiлген деп қойып қалады және соған байланысты байбаламдап әртүрлi сөз айтады. Әкем-ау, басқа-басқа тап мұндай сұмдықты мен күткен жоқ едiм. Мұны естiгенде не Дүкенбай ақылынан алжасты, не мен ақылымнан алжастым деп ойладым. Екеумiздiң бiрдей сау болуымыз мүмкiн емес. Себебi мен өз шығармамның тақырыбы соғыс кезiндегi тыл өмiрi емес, соғыстан кейiнгi ауыл өмiрi екенiн бiлушi едiм. Оны сондай-ақ осында отырған бiрлi-жарым оқыған адамдар растайды деп ойлаймын. «Осында Сапар деген бiр жiгiт бар, оның колхоз бастығы, не бригадир екенiн айыра алмадым» дейдi баяндамашы. Бұл жерде Дүкенбай зар шынын айтып тұр. Ия, оқымаған адам оның колхоз бастығы ма, бригадир ме, бухгалтер ме, көше сыпырушы ма, жоқ басқа ма оны қалай айырсын? өткен бiр жылдың iшiнде жарық көрген жиырмадан астам роман жөнiнде баяндама

жасау iсi сенiп тапсырылған Досжанов өз абыройын өзi осынша ашар ма? Еш барып, шығармадағы басты кейiпкерлердiң бiрiнiң қызметi не екенiн айыра алмадым дегенi несi? Басқаға шамамыз келмесе де тап осыны ашып-айырып жазуға шамамыз жететiн шығар! Не бопты?! Оның үстiне Дүкенбай Досжанов оқиға өтетiн колхоздың атын бiресе «Суықтөбе», бiресе «Қаратал» деп атайды. Амал не, екеуi де дұрыс емес. Және, роман мазмұнының жалпы желiсi мынау деп, кiтаптағы оқиғалармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қай-қайдағы бiрдемелердi тағы суыртпақтатты. Және ұға қоймасын дегендей қасақана бұлдырлатып, алыпқаштыға, бұлаң құйрыққа салып әкетедi. Д.Досжановтың оқымай пiкiр айтқанына осы дәлелдер де жеткiлiктi, шамасы. Бұл жерде мына жәйттi ескерген жөн. Досжанов кейбiр авторлар ұялмай-қызармай өз шығармасын сынағандардың соңына түсiп, қуғын көрсетедi деп, өз басының ондай iске қатысы жоқтай өзiн сүттен ақ, судан таза ақ қарға етiп көрсеткiсi келедi. өткен жылдардың бiрiнде кеше романы сыналған Рамазан Тоқтаров тап осындай әдеби жыл қортындысында проза жанры жөнiнде баяндама жасап, Д.Досжановтың «Дария» атты романын күлталқан етiп, ит терiсiн басына қаптаған болатын. Сонда Д.Досжанов әртүрлi анықтама, акты мен фактiлердi бiр папка етiп жинап, осындағы Жазушылар одағының басшыларын түгел адақтап шықты. Бiз ол баяндаманы «Жұлдыз» журналына беретiн болғасын сол кезде журналдың сын бөлiмiнде отырған маған да келiп шағынды. Бiз Р.Тоқтаровтың баяндамасын тексерiп көрдiк. Ақыры баяндаманың өте жоғары профессионалдық дәрежеде жазылғаны анықталып, ол журналға жарияланды. Сол үшiн көпке дейiн менi де көзiмен атып жүрдi. Солқылдақтық жасап, өтiрiк көлгiрсiп қайтемiз, Тоқтаров екеумiздiң шығармаларымыздың нашарлығы Досжановтың жамбасына батып бара жатқан жоқ, кешегi сөздерi сол баяғы және басқа да iрiлi-ұсақты оқиғалардың қарымтасы екенi айдан анық. Бұлай деп кесiп айтатынымыз Д.Досжанов әркiмдер жөнiндегi өзiнiң көптеген қасастық әрекеттерiмен белгiлi адам. Осыдан оншақты жыл бұрын оның үлкендi-кiшiлi бiраз кiтаптарын түгелiмен жоққа шығарған сыншы Хасен Әдiбаевтiң соңынан әртүрi шараларды тiзбектетiп, жалған рецензияларды ұйымдастырып, ақыры сонысы үшiн «Қазақ әдебиетi» газетiндегi жұмысынан қуылғанын осы отырған көбiңiз бiлесiздер. Демек, сыншыларды қуғындайтын нағыз көкжалдардың бiрi осы Дүкенбайдың өзi болып шықпасын. Сосын баяндамшы менiң Мәскеуде «Советский писатель» баспасында жатқан қолжазбама ауыз салады. Бiрiншiден, ол Дүкенбай айтқандай мына «Ел есiнде» романы емес, әңгiмелер мен повестер жинағы. Екiншiден, ол әлi жоспарға ене қойған жоқ. үшiншiден, ол Мәскеуде менiң нағашым отыр дейсiздер ме, осыдан бiраз жыл бұрын «Советский писатель» баспасының сол кездегi басқарма мүшелерiнiң бiрi Iлияс Есенберлиннiң ұсынуымен, Қазақстан Жазушылар одағының секретары Қалаубек Тұрсынқұловтың рұқсатымен әңгiмелер мен повестер жинағының жолма-жол аудармасын жiберген болатынмын. Оны мәскеулiк екi рецензент аса жоғары бағалағасын,

аудармашы тағайындап, ендi ғана қолға ала бастапты. Ал Дүкенбайдың ештеменiң анық-танығын бiлместен бiрi болмаса бiрi тиер деген оймен оқты қарша боратып, байбалам салуы сол баяғы қарымтаны мықтап қайтарсам деген iшкi есебi емей немене? Сөзiмнiң соңында сiздерден кешiрiм сұрап, мынаны ескертсем деймiн. Д.Досжанов өз баяндамасында «Жазушы» баспасы Р.Тоқтаров пен Ұ.Доспанбетовтың романдарын шығармауы керек едi деп жылағандай болып айтады. Орыстың бiр сөзi бар. «Вот где зарыта собака». Қазақша мағнасы «Мiне, оның түпкi ойы қайда жатыр» дегенге саяды. Сонда Д.Досжановтың мақсаты, асыл арманы бiздiң үнiмiздi шығармай құрту ғой. Не деген тәттi қиял десеңшi. Бiрақ «сүзеген сиырға мүйiз бермейдi» деп те тегiн айтылмаған. Д.Досжановтың кешегi бандамасын, ондағы сөз саптауларын дұрыстап сараптай келгенде менiң есiме сонау соғыстың алдында, 1937 жылы бiздiң бiраз ағаларымыздың кеңiрдегiне қол салған кейбiр замандастарының қанқұйлы әрекетi түстi. Мен өзiмдi сол кезде құрбан болған ағаларға теңестiрiп отырғам жоқ, бiрақ қалайда солардың қайғылы тағдырлары ойыма оралғанын ашық айтқым келедi. Себебi, Д.Досжановтың баяндамасы ешқандай әдеби шығармаларды талқылау аттыға жанаспайды да. Бастан-аяқ жала, әлдекiмдермен есеп айырысу, өз дұшпандарының беттерiне баттитып қара күйе жағу, басқа дәнеме де емес. Әттең, Д.Досжанов заманынан кеш туған адам деген «өкiнiшiмiздi» ғана бiлдiремiз. Бұл Д.Досжановты желiктiретiн тағы бiр жағдай бар. Жiлiктеп, таратып айтсақ, әттең көп уақыт кетедi, анау осы жиналыстың президиумында отырған, бүгiнде «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы қызметiн атқарушы Шерхан Мұртазаевтың және онымен сыбайлас басқа да бiрнеше адамның, мiне, он жылдан асты, арттарынан әлеңкедей жаланған тобырларын шұбыртып, менiң соңыма түсiп алғанын да Д.Досжанов өз кәдесiне жаратқысы келедi. Бiрақ мен үшiн оған моюдың қажетi шамалы, кiм кiмнiң соңынан күндiз шам алып түседi, кiм кiмдi қолпаштайды, кiм кiмнiң тасасында тұрып, басқаларға тас атады, ол әркiмнiң өзiнiң шаруасы. Тек мен өз тағдырыма, өзiмнiң жазушылық қабiлетiме сенген адам екенiмдi әдебиет сүйер қауымға бiлдiргiм келедi. Ал өз жазушылық қабiлетiне сенбейтiн, не ондай аттыдан жұрдай адамдардың тiрлiгi, ойы басқаша болатынынан да хабарым бар. 6 наурыз, 1984 жыл.

Дүкенбай Досжановтың сөзiне қалай сенемiз? Қолымызға белгiлi қаламгер Дүкенбай Досжановтың тағы бiр кiтабы тидi. Кiтаптың аты – «Алыптың азабы». Шығарушысы – республикалық «Рауан» баспасы. Шыққан жылы – 1997. Ал осы кiтаптың жарық көруiне демеушi болған кiм, сондай-ақ бұл басылымды әзiрлеуге аталмыш «Рауан» баспасының қандай қызметкерлерi қатысқан, ол жөнiнде ешқандай мәлiмет жоқ. Кiтаптың бiрiншi бетiнде Д.Досжановтың қай жылдары қандай

сыйлықтарды иеленгенi, қазақ тiлiнде қанша кiтабы шыққаны, шығармаларының қанша тiлдерге аударылғаны туралы деректер бар. Бұл көрсеткiштер жөнiнде Д.Досжанов талайды басып озған, оған ешкiмнiң дауы жоқ, бәрi дұрыс-ақ. Әрi кiтап жақсы мұқабамен қапталған, қымбаттық ақ қағазға басылған, полиграфиялық орындалуы да аса жоғары дәрежеде, көлемi де мол, отыз баспа табақтан асады, бiр сөзбен айтқанда қалың, нағыз кiрпiш кiтаптың өзi. Мұнда «Алыптың азабы» атты үлкен туындымен қабат көптеген әңгiмелер қоса берiлiптi. Егер кiтаптағы түсiнiктемеге қарасақ «Алыптың азабы» Мұхтар Әуезовтiң өмiрiне арналғандықтан «Ғажайып ғұмыр адамдары» сериясымен шыққан екен. Хош, Д.Досжанов осы ұлы суреткер жайында бұрын да жазған. Тағы да оралған шығар. Оның еш айыбы жоқ. Бiрақ осы кiтапты оқи отырып, әлдене кеудемiзге қадақтай тигенiн жасыра алмаймыз. Қолға қалам алдырған да сол. Кiтаптың бiр тұсында М.Әуезовтiң орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольмен тағдырлас екенiн айта келiп, екеуiне де әртүрлi әпербақан сыншылардың көп зардап шеккiзгенiн тiлге тиек етедi. Айтатын-ақ нәрсе сияқты. Бiрақ Д.Досжанов жазбасынан алынған мына сөйлемдердi мұқият қайта оқыңызшы: «Гогольге де, Әуезовке де жөнсiз тиiскен, айтысқа түскен сыншылардың жөн-жобасын көзге елестетер болсақ осы әпербақан деген сөз ерiксiз еске оралады. Сол сыншыларға өз уақытысында не керек болды екен деп ойларсыз. Ең әуелi оларға қажет болатын нәрсе – өз атағы, өз мансабы, өзiнiң шыққан биiгi. Жасырып, жауырды жаба тоқып неғыламыз, қай замандағы сыншы әулетi оқыған шығармасын тiлге тиек еткен кезде қалың қауымға кiтап ерекшелiгiн екшеп, елеп бере алсын, бере алмасын, арғы бiр көкейiнде ең әуелi өз бiлiмiн жұртқа таныту мақсаты тұрады. «Бiлгiш екен» деп ойласын дейдi. «Атымды шығарып үлгерсем» деген өзiмшiлдiк төсегiнде жатқызбайды, жер-көкке сыйғызбайды, қарадай жүрiп қалам мен қағазға байланып жүрген iрi тұлға – суреткерге ұрынады. Бальзактiң жаңа кiтабы шыққан сайын сынап қанын сұйылтқан сыншы әрi ортақол жазушы Эжен Сю. Гогольдiң қанын сұйылтқан әйгiлi сыншы Виссарион Белинский» (114бет). Мiне, осы сөйлемдер Д.Досжанов сияқты отызшақты кiтап жазған адамның қолынан шықты дегенге сенесiз бе? Әй, сенбессiз. Себебi, Дүкенбай Досжановтың сөзiне бақсақ Белинский, Добролюбов, Писарев, Чернышевский сияқты орыс әдебиетiндегi ұлы сыншылар, бүкiл дүниежүзiлiк әдебиеттегi басқа да iрiсi бар, ұсағы бар, әдебиет сынының майталмандары – бәрi өз дүниелерiн «бiлгiш екен» деп ойласын», «атымды шығарып үлгерсем» дегендей мақсатпен жазған ғой! Ау, Д.Досжанов замандас! Онда Лев Толстой «Соғыс және бейбiтшiлiк», Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романдарын да жұрт өздерiн «бiлгiш екен», «данышпан екен»

деп ойласын деген мақсатпен жазып шыққан шығар. Бұл қай сөзiң? Осы да жазушының аузынан шығатын тұжырым ба? Жоғарыда келтiрiлген үзiндiден мына сөйлемдi қайта оқыңызшы: «Жасырып, жауырды жаба тоқып неғыламыз, қай замандағы сыншы әулетi оқыған шығармасын тiлге тиек еткен кезде қалың қауымға кiтап ерекшелiгiн екшеп, елеп бере алсын, бере алмасын, арғы көкейiнде ең әуелi өз бiлiмiн жұртқа таныту мақсаты тұрады». Қазақ тiлiнде «көпке топырақ шашу» деген тiркес бар. Бұл жерде Д.Досжанов көпке топырақ шашқаннан он есе, жүз есе жаман қылық көрсетiп тұрғанын сезе ме екен? Апырау, қай замандағы әдебиет сыншылары өзi талдаған кiтаптарға дұрыс баға бере алмап едi? Жоғарыда бiз атаған орыстың ұлылары ма? Жоқ, әлде соңғы бiрнеше ғасырда әдебиеттiң алтын қорын жасаған ағылшын, немiс, француз, испан, тағы басқа халықтардан шыққан сыншылар ма? Олардың әдебиетке пiкiр айтқаны өз алдына, оның үстiне дүниежүзiлiк қоғамдық, философиялық ойдың дамуына баға жетпес зор үлес қосқанын әр елдiң зерттеушiлерi жағы талмай айтып келедi емес пе? Ал осының бәрiн бiр отырыста сызып тастайтын, жоққа шығаратын Дүкенбай Досжанов сондай-ақ кiм едi? Әрине, ел iшi болғасын кейбiр солақай, қабiлетсiз, бiрақ дәмесi зор сыншылар да кездеседi. Бiрақ сөз бiлетiн Д.Досжанов тек соларды ғана меңзеп отырған жоқ. «Қай замандағы» деп бастап, барлық заманның барлық сыншыларын бiр-ақ қарпып отыр ғой. Ал ендi жоғарыда Д.Досжанов кiтабынан алынған үзiндiнiң соңғы сөйлемiн қайта оқыңыз: «Гогольдiң қанын сұйылтқан әйгiлi сыншы Виссарион Белинский». Мiне, осы сөйлемдi Д.Досжанов дәтi шыдап, саусақтары қарысып қалмай қалай ғана қағазға түсiрдi екен? Апырау, Гогольдiң «Арабески», «Миргород» атты кiтаптары алғаш жарық көргенде өмiрге жаңа кемеңгер жазушының келгенiн айтып, жар салған осы Белинский емес пе едi? Оны мына дүниесiнде Д.Досжановтың өзi де айтады. Мұның сыртында Н.В.Гоголь өзiнiң ең негiзгi туындысы «өлi жандарды» Мәскеуде жариялата алмағасын, Петербургке келiп, қолжазбасын В.Г.Белинскийге бергенi, оның осы еңбегiн кiтап етiп бастыруға көмектесуiн өтiнгенi, В.Г.Белинский оның өтiнiшiн жерге тастамай «Отечественные записки» журналындағы аса ықпалды достары арқылы жазушының осы ұлы романын жарыққа шығаруға цензурадан рұқсат алып бергенi екi данышпанның да өмiрбаяндарында тайға таңба басқандай жазылған ғой. Ол ол ма, Белинский орыс халқы тудырған үш ұлы деп, Пушкин, Лермонтов, Гоголь шығармаларын талдауға өзiнiң ең негiзгi еңбектерiн арнағанын мектеп оқушыларына дейiн бiледi ғой. «Пушкин босатқан орынға Гоголь келiп тұрды», деген мағнадағы сөздердi де айтқан Белинский. Мiне, сөйтiп, Гогольдiң барлық шығармаларын дерлiк асқан данышпандықпен талдаған, оларды орыс және әлем халқына танытқан, Пушкин, Лермонтов шығармаларымен қатар қойған, әрi жазушының негiзгi туындысы «өлi жандарының» қолжазбасын арқалап жүрiп, жарыққа шығартқан В.Г.Белинский оның қанын сұйылтқан болып шыға ма?

Рас, Гоголь мен Белинский арасында шиеленiс те болған. Бiрақ ол қандай және неге байланысты шиеленiс едi? Ол орыс халқының тағдыры төңiрегiндегi пiкiр таласына, саяси көзқарасқа байланысты шиеленiс едi. Бұл жерде, әрине, ең алдымен ойға оралатын нәрсе Белинскийдiң әйгiлi «Гогольге хаты». Ұлы сыншының бұл хатты жазған себебi, Гогольдiң кейбiр шығармаларында дiни уағызға бой ұрып бара жатқаны шошындырған болатын. Ал ол Ресей тарихындағы дiни уағызға салынатын заман ба едi? Әрине, жоқ, сосын да Белинский: «Орыс халқының дiни уағыздан құлағы сарсыған, орыс халқын балтаға шақыру керек», – деп жан айқайға басады. Кейбiреулер бүгiнде: «Жоқ, халықты балтаға шақыру кешегi күнi өткен марксшiл-лениншiл революцияшылдардың iсi», деп ерiн шүйiруi мүмкiн. Кешiрерсiз, орыс халқының тарихынан хабардар зиялы қауымға бұл мәселеге тереңiрек, әрi кең ауқымда қарауды ұсынар едiк. Мен жақында ғана Марк Алдановтың «Заговор» және Дмитрий Мережковскийдiң «Александр-I» атты тарихи романдарын оқып шықтым. Бұл жазушылардың екеуi де кешегi Кеңес Одағы заманында бiздiң елiмiзде шығармалары басылмаған, екеуi де шетелге кетiп қалған, социалистiк құрылыс жөнiнде терiс пiкiрде болған, яғни бiр сөзбен айтқанда кешегi диссидент адамдар. Алайда, осы екi жазушының жоғарыда аталған екi романын мұндай диссиденттер емес, нағыз марксшiллениншiл, революцияшыл, коммунист жазушылар жазды десе өз басым сенер едiм. Себебi, бұл екi тарихи дүниеде сол Гоголь, Белинский заманы, оның қарсаңы, атап айқанда, сол кездегi орыс патшалары Бiрiншi Павел мен Бiрiншi Александрдың өмiрлерiнiң егжей-тегжейлерi, декабристер, орыс қауымының ең жоғарғы шендi, лауазымды ақсүйектерi, өнер адамдары суреттелген. Мiне, осы екi кiтапты оқи отырып, осы екi патшаның және олардың Аракчеев сияқты жандайшаптарының орыс халқына iстеген зұлымдықтарын, зорлық-зомбылықтарын бiлгенде төбе шашың тiк тұрады. Мұның қасында әлгi Римнiң қанқұйлы патшасы Неронның жауыздықтары жолда қалатындай. Мiне, мұндай жағдайда Ресей патшасына қарсы дiни уағызбен емес, балтамен бару керек екенiн тек Белинский ғана емес, сол замандағы орыстың ең ақылды бастары түсiнгенiн бұл диссидент жазушылар асқан шеберлiкпен, ыждаһаттылықпен жазады. Екi романдағы Бiрiншi Павелдi өлтiруге қатысқандар және декабристер туралы жазылған беттердi оқығанда көзiңе ерiксiз жас үйiрiледi. Бұл шығармалардың бiрiн – яғни Марк Алдановтың аталмыш романын кезiнде Иван Бунин Нобель сыйлығына ұсындыруға әрекеттенген екен. Мережковскийдiң де романын замандастары тарихи шығармалардың iшiндегi iнжу-маржаны атапты. Мiне, осында баяндалған бас көтерулер, сiлкiнiстер орыс қоғамының өрге басуына ықпал еткенiн, яғни ұлы әдебиет сыншысы В.Г.Белинскийдiң саяси көзқарасының дұрыстығын тарих өзi дәлелдеп бердi. «Алыптың азабы» атты мына кiтабында Д.Досжанов келтiрген Н.В.Гогольдiң Белинскийге қайтарған жауабынан алынған үзiндiнi бiз де қайталай келтiрейiк:

«Вы говорите, что Россия долго и напрасно молилась. Нет, Россия молилась не напрасно. Когда она молилась, то она спасалась. Она помолилась в 1612 и спасалась от поляков: она помолилась в 1812 и спасалась от французов... Кто же, по-вашему, ближе и лучше может истолковать теперь Христа? Неужели нынешние коммунисты и социалисты, объясняющие, что Христос повелел отнимать имущества и грабить тех, которые нажили себе состояние? Опомнитесь!» (117-бет). Егер Гогольдiң сөзiне сенсек, орыс халқы құдайға табыну арқылы екi рет сыртқы жау шабуылына тойтарыс берген екен. Әрине, бұл сөздi де бiз тым жадағай түсiнбейiк. Н.В.Гогольдiң бұл жерде дiннiң халықты сыртқы жауға қарсы жұмылдыруда ұйымдастырушылық қызмет атқарғанын көлденең тартып отырғаны дау тудырмайды. Мұнда да шындық жоқ деуге ауыз бармайды. Мұның сыртында Гогольдiң өзiнiң осы аталмыш хатын қалың оқушы жұртшылыққа ұсынбағанын да ұмытпағанымыз жөн. Заман өзгередi, соған орай адамдар да өзгередi, бiр замандағы ғылми, саяси көзқарастарға екiншi заманда қарама-қарсы пиғылдар да пайда болады, ғасырлар өте келе ол пиғылдардың және басқаша құбылуы да ғажап емес. өмiрде өзгермейтiн бiр ғана нәрсе, ол өнер туындысын жасаудағы қол жеткен шеберлiк дәрежесiне көзқарас. Мiне, осы тұрғыдан алсақ Н.В.Гоголь әлем әдебиетiндегi басын бұлт шалмас асқар шыңдардың бiрi, ал Белинский соны бiрiншi болып танып, өзiнiң сол дәрежелес аса қуатты дарынымен оны қорғай бiлдi, асқан бiлгiрлiкпен талдай бiлдi, әрi қамқорлық жасады. Бұл солай, оған ешкiмнiң дауы жоқ. Ал олардың саяси көзқарастары жөнiнде қазiргi өзгерiп жатқан бiздiң заманымызда да басқаша ойлайтын адамдар табылуы әбден мүмкiн. Бiрақ соның өзiнде де, яғни Белинскийден гөрi Гогольдiң саяси көзқарасы дұрыс деп тапқан күнде де Белинский Гогольдiң қанын сұйылтты деп жар салу шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Егер Белинский болмаса жұмбақ мiнездi, өмiрге бейiмдiлiгi жоққа тән, аурушаң Гогольдiң жағдайы әлдеқандай болар едi? Оны кезiнде орыс халқы түсiнбей әу баста-ақ бөркiн терiс кигiзiп жiбермесiне кiм кепiл? Бiз бұл жерде Белинскийдiң осы Гоголь туралы еңбектерiнен мысал келтiрiп, мақала көлемiн ұлғайтуды артық санадық. Саналы, зиялы қауым ұлы сыншының сөредегi кiтаптарын онсыз да алып оқып көрер деген үмiттемiз. Себебi, өз халқының тағдыр-талайы, болашағы туралы ой бiлдiрсем, сөз айтсам деген талпынысы барларға Белинский шығармаларын бiр емес, бiрнеше мәрте ежiктеп оқығанның шаш етектен пайдасы ғана бар, зияны жоқ. Ал сондай ұлы адамның атына Дүкенбай Досжанов жүрегi селт етпей соншама ғайбат сөздер айтқан. Жоғарыда бiз келтiрген үзiндiде ғана емес, басқа тұстарында да данышпан Виссарион Белинскийдi жаман тәлкек етедi. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн бұған тағы бiр мысал келтiрейiк: «Шынына келсе, Виссарион-екең әлгi шулы хатты жазған кезде сөзбен сурет салатын сиқыр иесi – өнершiге жол-жоба көрсетейiн, ойына ой қосайын, қиялын байытайын деп емес, қайтсе де өзiнiң атын дабырайтуды көздеген едi. Ұлылықтың бетiнен алып, төсiне шапсам – атым шығады,

былайғы жұрт ығысады, бәсiм артады деп нық сендi. Сыншының ойлағаны келдi. Қарапайым оқырман былайғы кезде Виссарион-екеңдi «ең әдiл, от ауыз, орақ тiлдi сыншы» – деп жер-көкке сыйғызбай көтермелеп, көпiртiп әкеттi де, қасиеттi сөздi ермек етiп, көркем шығарма жазған шын суреткердi көрер көзге аяқ асты еттi. (118-119 беттер). Апырау, бұл сонда не, осыншама кiтаптың авторы Д.Досжановтың әдебиет тарихынан хабары жоқ болғаны ма? «Әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ» деп, бәрiн басынғаны ма? Әлемдiк ойға аса зор үлес қосқан данышпан сыншы В.Белинскийдi осыншама қорлауға оған кiм рұхсат бердi? Тiптi басқасын қой, орыс халқының зиялылары, орыстың ғана емес-ау, басқалардың да зиялылары, әдебиет сүйген қауымдары осы сөздерiм үшiн заң орындарына шағым айтуы мүмкiн-ау деп сескенбегенi ме? Бұл бұл ма? Дүкенбай Досжановтың аталмыш «Алыптың азабы» атты кiтабын одан әрi оқысаңыз жоғарыда тiзiлгендер ғана емес, олардан да сорақыларын табасыз. Бәрiн келтiре берсек тым көп орын алар едi. Сонда да болса оқушыдан кешiрiм сұрай отырып, Д.Досжанов дүниесiнен мына бiр мысалды да келтiрейiк: «Шындығында, жолы ауыр, тағдыры қиын жазушы атақ iздеген сыншыға (Белинскийдi айтып отыр – Ұ.Д.) қажет емес едi. Қаламына азық болар, пайдасы шаш етек тақырыпты басқа жақтан iздедi. Сөйтiп жүргенде «өлi жандардың» бiрiншi кiтабы жарық көрдi, жазушының аты аспаннан ала бұлт сөгiлiп жай түскендей дүркiредi. Виссарион қаламгермен қайта жақындасудың жолын iздедi. Жұрт мақтап жатқан «өлi жандарды» мақтаса – көптiң айтқанын қайталаған болып шығады: әдеби ортаға әсер етпейдi. Гончаровтың қыртысты – қалың романын елден бұрын шулыған етiп бәсекелесi Добролюбов көбiрек ұпай жинап бәсiн жоғарылатып кеттi. Қайтпек керек?» (116-бет). Бұл жерде, көрiп отырсыздар, Д.Досжанов Белинскийдi «атақ iздеген сыншы», «азық болар пайдалы тақырып iздеген» деп тағы қорлайды. Апырау, сонда Белинскийдi өз заманындағы ең жаны да, ары да таза адам деп бейнелеген жүздеген ғұламалардың еңбектерiнiң бiр де бiреуiн бұл Д.Досжанов көрмеген бе, естiмеген бе? Бұл не деген сұмдық?! Оның үстiне Д.Досжановтың мына сөздерiне сенсек, Белинский Гоголь шығармаларының асқар шыңы – «өлi жандар» туралы жұмған аузын ашпаған сияқты. «Похождения Чичикова», или «Мертвые души». Поэма Н.Гоголя» деген шын мәнiндегi классикалық көлемдi еңбегiн, басқа да туындыларын қайда қояды екен? Жалпы Д.Досжанов бұл жерде көктен түсе қалған адамға да ұқсайды.Ол ол ма, осы мысалдан көрiнетiнiндей Д.Досжанов Белинскийдi екiншi ұлы сыншы Добролюбовпен күндес етiп, «Добролюбов көбiрек ұпай жинап бәсiн жоғарылатып кеттi. Қайтпек керек?» деп жазады. Егер осыны «Д.Досжанов жазды» деп, бiреу ауызша айтса өз басым сенбес едiм, көзбен көрiп оқып отырған соң амал жоқ сенесiң. Апырау, В.Г.Белинский 1811 жылы туып, 1848 жылы өлген. Ал Н.А.Добролюбов 1836 жылы туып, 1861 жылы өлген. Демек Белинский өлгенде Добролюбов небәрi он екi жастағы

бала екен. Апырау, сонда он екi жасар бала данышпан сыншы Белинскийден қалай ғана Д.Досжановтың тiлiмен айтқанда, «бәсiн жоғарылатып кеттi?» «Тоқсан бес жасайын деген жасым ба едi, быламық жейiн деген асым ба едi» деп баяғыда бiр бабамыз жылапты ғой. Қырық шақты кiтаптың авторы, жақында мемлекеттiк сыйлық алған Дүкенбай Досжановтан осындай нәрсе оқимыз деп ойлап па едiк? Сөредегi кiтаптарды ақтарып жiберiп, өзi сөз еткен адамдардың туған, өлген жылдарын салыстыра салуға да мұршасы болмағаны ма? Әлде оның шамадан тыс көп кiтап жазуының құпиясы осында жатыр ма? Ал, ендi Д.Досжанов заманымыздың ұлы суреткерi Мұхтар Әуезовтiң қилы тағдыры туралы тағы бiр кiтап жазып отыр. Ондағы көп жәйттер архивтерден, ауызша әңгiмелерден алынған. Алайда, жоғарыдағыдай бас жарып, көз шығаратын қателiктерден, бұра тартулардан кейiн Д.Досжанов ұсынған деректердiң растығына қалай сенемiз? Осыны түсiндiрiп беретiн адамдар табылар ма екен? Бiз бұл мақаланы жазғанда орыстың ұлы ғұламасы В.Г.Белинскийге ақтаушы болайық дегенiмiз жоқ. Белинский ондайды қажетсiнбейдi де. Бiздi тек кейбiр қазақ жазушылары мен жазушысымақтарының дүниежүзiлiк әдебиеттiң озық үлгiлерiн жата-жастанып оқып, олардан тағлым, сабақ алудың орнына оларға ерiн шүйiретiн оспадарсыздығы күйзелдiредi. Д.Досжанов бiреудi әпербақан деп қаралап отырып, өзiнiң нағыз әпербақан шыққанына ой жеткiзе алар ма екен? Ащы да болса ашығын айтайық, мұндай әпербақандықпен бiздiң ешқашан көсегемiз көгермейдi. 1997 жыл.

Ашып-айыратын кез келдi (1998 жылдың 13-сәуiрiнде Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қортындысына арналған жиналысында сөйленген сөз)

Құрметтi әрiптестер! Менiң соңғы жылдары ашқан бiр жаңалығым бар. Ол жаңалығымның мәнi сол, бұл қазақ әдебиетiнiң тарихында бұрын-соңды дәл осы Дүкенбай Досжановтың дәрежесiнде өтiрiктi судай сапыратын адам болмаған екен. Осыдан екi-үш жыл бұрын бұл Дүкенбай Досжановқа жазған кiтаптарындағы жоғары көркемдiк жетiстiктерi үшiн деп Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Жоғары лауазымды адамдардан кешiрiм сұрай отырып, бұл қаулының мазмұнында қателiк бар екенiн айтқым келедi, себебi, Дүкенбай Досжановтың жазған кiтаптарында ешқандай көркемдiк жетiстiк жоқ, ал Мемлекеттiк сыйлықты оған осы алдына жан салмас өтiрiкшi екендiгi үшiн беру керек едi. Былтыр ғана шыққан, ұлы суреткер М.Әуезов өмiрiне арналған «Алыптың азабы» атты кiтабында орыстың ұлы ойшылы Виссарион Белинский туралы шылғи өтiрiк фактiлер келтiрiп, әрi бетi бүлк етпей оның атына небiр ғайбат сөздер айтқан. В.Белинский кiтаптарының бетiн ашып көрмеген, ол туралы мектеп оқушысының дәрежесiнде бiлiгi жоқ, тiптi оның Н.Гогольдiң «өлi жандары» туралы арнайы үлкен еңбектерi барын бiлмейдi, сөйте тұра Белинский Гогольдiң қас дұшпаны деп, ұлы сыншының атына

сұмдық қара күйе жағуға дәтi қалай барды екен деп таңырқадым. Бiздiң құдай қосқан ұлы көршiмiз орыс халқының ең ұлы адамының жағасынан алып, оны жалақорлықпен балшыққа батыратындай бұл Д.Досжанов сондайақ кiм едi? Мен осы жөнiнде жақында «Қазақ әдебиетi» газетiне мақала жазып едiм, алайда редакция қызметкерлерi менiң мақаламды қатты қысқартып, көптеген фактiлер оқушылар назарына жетпей қалды. Менде мынадай бiр күмән туындады. В.Белинский жөнiнде осыншама өтiрiктi аямай тоғытқан бұл Д.Досжанов М.Әуезовтi де қайбiр оңдырды дейсiңдер. Осыдан он жылдай бұрын Д.Досжанов «Мұхтар асуы», «Мұхтар жолы» атты романдар жазып, «Жұлдыз» журналына әкелгенде сонда проза бөлiмiн басқаратын мен оларды қолжазба күйiнде оқып, журналда жариялауға қарсылық бiлдiрген едiм. Себебi, бұл екi қолжазбаның екеуiнде де шикiлiк, сөйлемдерiндегi стилистикалық қателiк, үстiрттiк, бiрдi айтып, бiрге кетушiлiк, жазушының қолынан шықты дегенге адам сенбейтiн шалағайлық дегендерiң бiрден бетке ұрып тұратын. Алайда, сол кездегi журнал басшыларының тiзеге басуымен бұл екi романның кейбiр тараулары журналға жарияланды. Ең өкiнiштiсi, сол аталмыш екi романдағы кемшiлiктер мына «Алыптың азабы» атты жаңа романында да қайталанған. Құрметтi қауым, бұл жерде мынаған мұқият назар аударыңыздар! Алғашқы екi романда тәптiштеп баяндалған көптеген жайлар мына соңғы романда тағы қайталанып жазылған. Мысалы, М.Әуезовтiң жаңа шығарма жазу мақсатында оңтүстiк өлкесiне жасаған сапары алғашқы романда да, мына соңғы «Алыптың азабында» да ұзақ сонар баяндалған. Сонда қалай, жазушы бiр жазып кеткен нәрсесiн өңiн айналдырып қайта-қайта жаза беруi керек пе? өзiн-өзi қайталау, өзiнен өзi ұрлық жасау не деген сұмдық? Менi шошындырған бұл ғана емес, менi шошындырған бұдан бөлек басқа нәрсе бар. Мен М.Әуезовтiң өмiрiн арнайы зерттеген адам емеспiн, алайда, соның өзiнде де Д.Досжановтың осы «Алыптың азабы» атты кiтабын оқи отырып, көптеген күмәндi тұстардан денем тiтiркенген едi. Оның үстiне бiраз әрiптестер ауыз-екi әңгiме үстiнде де осы «Алыптың азабы» атты кiтапта М.Әуезов жөнiнде жалған фактiлердiң аяқ алып жүргiсiз екенiн айтты. Мiне, осыған орай мен көпшiлiк қауымға мынадай арыз, өтiнiш айтқым келедi. Араларыңызда М.Әуезовтiң тiрi кезiнде онымен дәм-тұздас болған адамдар бар, әрi ұлы суреткердiң өмiрiн арнайы зерттегендер бар. Мiне, солар Д.Досжановтың осы үш романын мұқият оқып шығып, баспасөз бетiнде өз пiкiрлерiн толық жарияласа екен деймiн. Ал Қазақстан Жазушылар одағы бұл үш роман жөнiнде комиссия құрып, қортынды пiкiр даярлатса нұр үстiне нұр болар едi. Менiңше, мұндай шараның мезгiлi әбден жеттi. Егер Мұхтар Әуезов туралы өтiрiктi көйкитушiлердiң қылықтарын көрiп-бiлiп отырып үндемесек ұлы адамның рухына бiздiң де қасастық жасағанымыз ғой. Ендi осы М.Әуезов туралы кiтаптың атауына назар аударыңыздаршы. «Алыптың азабы» делiнген. Қазақта «жолдың азабы», «жоқшылықтың азабы» деген тiркестер бар. Сонда «Алыптың азабы» дегендi қалай түсiнемiз?

Д.Досжанов өзi бас кейiпкер етiп алған ұлы жазушының әлдекiмдерге шеккiзген азабын, жасаған қиянатын баяндап отыр ма? Әрине, оның айтпағы басқа. Әңгiме, М.Әуезовтiң өз басы шеккен азаптар туралы ғой. Ал iс жүзiнде кiтаптың бұл атауы қандай мағна берiп тұр? Д.Досжанов басқаны былай қойғанда кiтабына атау етiп алған екi сөздiң тiркесi дұрыс мағна бере ме, жоқ па, соған жеткiлiктi назар аудармаған. Жалғыз ол емес, осы шығармадан құлаш-құлаш тараулар мен үзiндiлер жариялаған республикалық газетжурналдар мен оны кiтап етiп шығарған «Рауан» баспасының басшылары, қызметкерлерi де осы жағын байқап, «әй, мынауың қалай» демеген. Ғафу етiңiздер, менiң Дүкенбай Досжанов жөнiнде ашқан тағы бiр жаңалығым бар. Бұл қазақта адамның iшi-бауырына кiрiп кетiп, оның бермесiн сұрап әкететiн қабiлет жөнiнде де дәл Д.Досжановтың алдына түсетiн жан баласы жоқ. Тiптi бiр кезде адам мен шайтанды қосақабат алдаған Алдаркөсе бабамыздың өзi Д.Досжановтың осы қабiлетiне қызғанышпен қарауы ғажап емес. Себебi, газет-журнал ма, кiтап баспасы ма, не басқа мекемелер ме, қайсысының болмасын басшыларының дәл осы Д.Досжанов дегенде тас емшегiнiң жiбiп сала беретiнiн күнделiктi өмiрден көрiп жүрмiз. Оның жазғандарының ақ-қарасын ашып-айырудың орнына сиясын кептiрмей оқушыларға қарай қай-қайсысы да тоғыта бередi. Кейбiреулер Д.Досжанов ең бiр өнiмдi еңбек етiп жүрген жазушы, басқалар оны көре алмайды деп ойлайды. Ағайындар, мына өзiмiз күнделiктi оқитын газеттерде қызмет ететiн журналистер күнiне бiр мақала жазады. Ал әрбiр жылда 360 күн бар. Сонда газетте iстейтiн әрбiр ортаңқол журналистiң бiр жылда жазғанын шөп-шалаңына дейiн қалдырмай кiтап етiп шығарса ол жылына неше кiтаптың авторы болар едi? Алайда, оның бәрi көркем әдебиет дүниесiнiң дәрежесiндегi нәрселер емес қой. Егер Д.Досжанов көп жазумен бiрге оқушысын сүйсiндiретiн көркемдiкке қол жеткiзiп отырса әңгiме басқа, ал көр жердiң бәрiн тiзiп, көркемдiктен жұрдай, боркемiк бiрдемелердi оқушыға тықпалай берсе, оған қоса өтiрiктi шындай, шынды құдай ұрғандай етiп былықтырса не iстеймiз? Мiне, осындай дүниелерiн Д.Досжанов майға сұққан қасықтай жылпостығымен жыл құрғатпай шығарып келедi. Ендi Д.Досжановтың орысша жарияланған кiтаптары жөнiнде бiр ауыз сөз. Себебi, бұл жерде кейбiреулер Д.Досжанов орысша да көп шыққан автор ғой деуi мүмкiн. Ол рас, бiрақ Д.Досжановтың орысша кiтаптары оның төл дүниесiнiң аудармалары емес, қабiлетi күштiрек орыс жазушыларының күшiмен қайта жазылған нәрселер. Егер қазақшасы мен орысшасын салыстырып көрсеңiздер бұған оңай көз жеткiзуге болады. Демек, Д.Досжанов қазақтардың ғана емес, өзiне керектi орыс адамдарының да бастарын шыр көбелек айналдырып, өзiнiң керегiне жаратқаны осы арқылы анықталады Хош, сонымен қортыныды пiкiрiмiз, бұл Д.Досжановтың еңғұрмаса соңғы жазған кiтаптарын оқып, бұл жазушы ма, жоқ па, соны көп болып, ашып-айырып, оны өз орнына қоюымыз керек демекпiн. 1998 жыл.

ҚОЛЖАЗБАҒА ПIКIР (Бексұлтан Нұржекеевтiң «Ерлi-зайыптылар» атты романы туралы)

Көлемi 706-бет бұл романның қолжазбасы төрт тараудан тұрады. Алғашқы «Беу, қыз дәурен» атты бөлiгiнде Гүлбаршын атты қыздың өмiрi суреттеледi. Жұмаш деген жiгiттiң өзiн көп өкпелете бергенiне шыдамай күйiнген ол табан астында Қайдар деген жiгiтке тиедi. Бiрақ бұлар сегiз жыл отасып, екi балалы болғанмен Гүлбаршын бақытты бола алмайды. Оның үстiне Қайдар да зайыбына деген адалдықты сақтамайды. Оны Қайдар тiптi жасырмайды да. өтеген деген досының әйелi өз күйеуi мен Қайдардың жүрiс-тұрысы жайлы айтып келгенде оған көп мән бермегенсiген Гүлбаршын бұл жайында Қайдармен сөйлеседi. Ал Қайдар осы сөз үстiнде өзiнiң таза еместiгiн ашық айтады. (77-бет) Және де кiнәнi Гүлбаршынның өзiне аударады. Мiне, бұл семьялық өмiрге үлкен салқынын тидiредi. Жалпы ұзынырғасы осы. Ал мұнда қаншама басы артық жәйттер бар десеңшi. Нақтылы оқиғаға құрмай Гүлбаршынның кездескен, сөйлескен адамдарының бәрiн бүге-шiгесiне дейiн тiзбектей беруi және не жайында сөйлессе соның бәрiн келтiруi оқушыны керемет жалықтырып жiбередi. Автордың өз айтуынша бұл өзi баспасөзде жарияланған повесть екен. Мұны автордың ақын досы Мұқаның өзi, әйелi және қызы Зерiп оқып шыққан екен. Осыған орай Зерiп тұрмысқа шыққалы жатқанда әкесi мен шешесiне сендер маған жасау орнына өздерiңнiң бастарыңнан кешкен жайды жазып берiңдер дейдi. Зерiп өз басынан кешкендерiн және жазады. Б.Нұржекеев қолжазбасының қалған бөлiгi осы үш адамның күнделiгiнен тұрады. Алғашқысы – Мұқаның әйелi Iлескүлдiң күнделiгiн оқи бастағанда тағы да бас-аяғы жоқ құрғақ баяндауларға күмп бересiң. Iлескүлдiң мұнда айтпайтын нәрсесi жоқ. Жүрген, танысқан жiгiттерi, Мұқаға үйленуi, Қабыш ағасы мен жеңгесi Ақтоқты туралы бiр-бiрiмен өзара байланысы жоқ әңгiмелердiң шет-шегi көрiнбейдi. Шамадан тыс сентиментализм, ақыл үйретушiлiк, ұзақ-сонар диалог қолжазбаны далита түскеннен басқа ешқандай пайда бермеген. Iлескүлдiң өз күйеуiнiң махаббат туралы өлеңдерiн оқып, iшiн қызғаныш кернеуiн, өзiнiң қайдағы бiреумен байланысын тәптiштеуiн мүлдем жарасымсыз, әрi сенiмсiз нәрсе ретiнде ғана қабылдайсың. Ең бастысы, тағы да қайталап айтамыз, бұлардың басын бiрiктiрiп тұрған ортақ оқиға атымен жоқ. Жалпы, Б.Нұржекеев бұл шығармасын жазу үстiнде көркем шығармаға қойылатын талап атаулыны мүлдем ұмытқан сияқты. Қалған екi күнделiк те тап осы тұрғыда жазылған. Мұнда да сол көпсiздiлiк, құрғақ баяндау. Сенiмсiз жәйттер және көп. Мысалы, «Мұқаның сыры» атты бөлiкте Әлима деген жас келiншектiң ұзақ күнделiгi берiлген. Сөйтiп, күнделiктiң iшiндегi күнделiк болып шыққан. Ал осы Әлима өзiнiң заңсыз туған баласын «Сәбилер үйiне» тапсырады. Сөйте тұра баласын ойлап елжiреген түрiн көрсең... «Сәбилер үйiнде» жатқан екi жасар баласына еңiреп отырып, хат жазады ғой тiптi. Мұндай балажан адам өмiрдiң қандай

тауқыметi кесе көлденең тұрса да бауыр етiн «Сәбилер үйiне» тапсыра ма? Логика деген қайда? «Зерiптiң сырында» да осындай сенiмсiз жайлар бар. Мұндағы орталық оқиғалардың бiрi Зерiп пен оның құрбысы Нағима екеуiн түнде көшеде бiреулер ұстап, ұрып-жығып, зорлап кетедi. Бұдан Нағима екiқабат болып қалады. Мiне, бөгде бiреуден осындай жағдайға ұшыраған Нағима армиядағы күйеуi Берiкке мұның қалай әсер ететiнiн бiле алмай шарқ ұрады. Әрi бұл ащы iшекше созылады. Ал Зерiп өз басында болған жайды күйеуi Ақтанға айтады. Ақтан ашуланып, iшкiлiкке салынады. Ақыры, әйелiне кешiрiм жасайды. Нағима бала тауып, кейiн бұл жайды естiгесiн Берiктiң де өз әйелiне көзқарасы қиындайды. Мiне, осындай шат-шәлекей жағдайлар құрғақ баяндау арқылы тiзбектеле бергесiн оқушыны қалай тарта алсын? Қолжазбаның кейбiр беттерiн (623–624) оқығанда адамның жүрегi айниды. Жазушы не жайды, қандай оқиғаны суреттеймiн десе де өз еркi. Алайда, мұның қаламынан шыққан дүние қалың көпшiлiкке ұсынылатын көркем шығарма болғандықтан сол көркем шығармаға қойылатын заңдылықтар мен талаптарға бағынуы тиiс. Бас-аяғына шыққанша оқушының бес-алты тал шашы ағаруы мүмкiн құрғақ баяндаулар, ұзақ-сонар дидактикалық тәптiштеулер, кез-келген адамдардың арасында бiр басталса таусылмайтын диалогтар, өзара байланыссыз ұсақ-түйек кикiлжiңдер кiмге керек? Қортынды пiкiрiмiз: Бексұлтан Нұржекеевтiң «Ерлi-зайыптылар» атты романы «Жұлдыз» журналының оқушыларына ұсынуға жарамайды. 1985 жыл.

ДӘЛЕЛСIЗ СӨЙЛЕУ ДӘРЕЖЕ ӘПЕРМЕЙДI

Республика жұртшылығы арасында ең көп тарайтын басылымдардың бiрi «Парасат» журналының 1990 жылғы 9-санында «Суреттер сөйлеп берсе ғой» деген мақала жарияланды. Мақала өткен ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген Жетiсудiң саңлақ ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының туғанына 155 жыл толуына орай жазылыпты. Авторы талдықорғандық фольклоршыжазушы Ораз Исмаилов. Мақаланың негiзгi түйiнi не дейсiз ғой? Қазақтың белгiлi ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың ғылыммен бiрге сурет өнерiмен де айналысқаны белгiлi. Ғалымның Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы арқылы сексенiншi жылдары шыққан соңғы бес томдық шығармалар жинағының 2-томының 150 және 153-беттерiнде «Қазақтың суретi», «Жас қазақтың суретi» деген екi сурет берiлген. Екеуi де Шоқанның өз қолымен қарындашпен салынған. Ал, осы суреттерде нақтылы кiмдер бейнеленген, ол жөнiнде автор ешқандай дерек қалдырмапты. Ал жоғарыда аталған «Парасат» журналындағы мақаласында О.Исмаилов бұл алғашқы суретте бейнеленген атақты жыр сүлейi Сүйiнбай ақын да, екiншi суреттегi Бақтыбай Жолбарысұлы деп салыпты. Ал ендеше...

Шындығында бұл суреттер Сүйiнбай мен Бақытбайдiкi болуы мүмкiн бе? Жалпы, Шоқан мен Сүйiнбай, Шоқан мен Бақтыбай кездескен бе? Бақытбайдың өмiрi мен ақындық өмiрi әлi түбегейлi зерттелген жоқ, тек бiрен-саран тиiп-қашпа мақалалар ғана жазылды. Ал Сүйiнбай мен Шоқан мұрасы жөнiнде олай дей алмаймыз. Бұл екi ұлы адамның (әсiресе, Шоқанның) өмiрi мен мұрасын зерттеуге Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Iлияс Жансүгiров бастаған ғалымдар мен жазушылардың орыс-қазағы бар бiр емес, бiрнеше ұрпағы қатынасты. Қыруар еңбектер жазылды. Бiрақ солардың бiр де бiрiнде Шоқан мен Сүйiнбай кездесiптi деген дерек келтiрiлмейдi. О.Исмаилов та олардан осындай дерек қалыпты деп айтпайды. Мүмкiн мұндай жаңалықты аталмыш мақаланы жазып отырған сол Исмаиловтың өзi тапқан шығар. Мың адам жүрiп өткен сүрлеуден мың бiрiншi болып өткен адамның кесек алтын табатыны бар. Бұл сирек кездесетiн оқиға десек те ғылым тарихында болған да, болатын да құбылыс. Егер ондай олжаға жолықса О.Исмаиловтың қолын қысып құттықтар едiк қой. Ал, егер, мұныкi олжа кезiктiргендiк емес, өз бетiнше өнер көрсетiп, бүйректен сыйрақ шығарып отырса, қайтпекпiз? Ондайда авторға басу айтып, сабырлылыққа шақырған жөн. Ал осы пiкiрiн «Парасатқа» жарияланған мақала авторы қалай дәлелдейдi дейсiз ғой. Оны Сүйiнбай Аронұлының «Жазушы» баспасы арқылы 1975 жылы жарық көрген «Ақиық» кiтабындағы белгiлi суретшi Әбiлхан Қастеевтiң қыл қаламынан туған ақын портретi мен жоғарыда аталған Шоқан қарындашпен салған «Қазақ суретiнен» ұқсақ белгiлер табу арқылы дәлелдейдi. Тiптi, ұқсас белгiлер деу жай сөз, бұл екi суреттi бiрбiрiне егiз сыңарындай ұқсатады. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн автордың мына сөйлемiн толық келтiрейiк: «Шоқан қырғыз, қазаққа бiрдей мәлiм қыран ақынды алдына отырғызып қойып, айна-қатесiз қағазға түсiрсе, халқымыздың бүгiнгi профиссионал суретшiсi – Әбiлхан оның ақ дидарын айтушылардың сөзi арқылы ұшқыр қиялымен-ақ түпнұсқа тұлғаға жақын барған». Алайда, О.Исмаиловта бар көз басқаларда да болуы мүмкiн дегендей, бiз өз басымыз бұл екi суреттен ешқандай ұқсастықты көре алмадық. Мүмкiн ондай «ұқсастықтарды» көру үшiн маман суретшiлердi қатыстыру керек шығар. Ал О.Исмаилов өйтпеген, тек өз көзiмен «көре салған». Ғылымдағы жауапсыздық деген осындайдан басталады-ау. Мұндай сөздi ащы да болса айтпауға амалымыз қайсы? Ал Жетiсудiң екi ақиық ақынының Шоқанмен кездесу себептерiн аталмыш мақалада автор былай түсiндiредi. 1856 жылы Шоқанның Ыстықкөл сапарынан оралуына Жетiсудағы сол кездегi ең белгiлi адамдардың бiрi, төре тұқымы Тезек қатты дайындалып, оған зор құрмет көрсетуге барын салған екен (Бұл жайында Шоқанның өзi жазып қалдырған да деректер бар). Шоқанмен бiрге оқып, сол Ұлы жүздiң Алатау округiнде қызметте жүрген Е.И.Шебалин дейтiн бiреудiң қолжазбасында аты-жөнi

белгiсiз екi қазақ ақынының өнер жарысы туралы айтылған екен. Осы жағын баяндай келiп, О.Исмаилов «Шоқан 1856 жылы «Ыстықкөл сапарына» аттанғанда Е.И.Шебалин атаған екi ақынды көруге құмартқан деп жорамалдауға әбден қисын бар» деп жазады. Онымен қоймай «...сол кезеңде Ұлы жүз аймағында Сүйiнбай мен Бақтыбайдан асқан ешкiм жоқ. Алатау асып бара жатқан бетiнде Шоқан ойында жүрген осы бүйымтайын Тезек төреге бiлдiргенге ұқсайды. Ал, Тезек болса бұл екi ақынның алапаттығын өз жанымен түйсiнiп, олардың жан баласына алдырмайтындай алғырлықтарын да, алымдылықтарын да бiлетiн сол маңдағы бiрден-бiр адам». Солай жағалатып келедi де Тезек төре Шоқанның өтiнiшiн орындау үшiн оның «Ыстықкөл сапарынан» оралған сәтiне орай әзiрлеген үлкен тойға «Сүйiнбай мен Бақтыбайды алдыртқаны ақиқат» деп төбесiнен қойып қалғандай нық тұжырым жасайды. Осы баяндалғандарды мұқият оқып отырған адам сөз жоқ езу тартар деп ойлаймын. Мәселенiң мына жағына тағы да назар салып қараңызшы: Бiрiншi: Е.И.Шебалиннiң қолжазбасында аттары аталмаған екi ақынның дәл Сүйiнбай мен Бақтыбай екендiгiне де қисын бар. Екiншi: Шоқанның «Ыстықкөл сапарынан» қайтарда, сол екi ақынды көруге құмартуына да қисын бар. үшiншi: Шоқанның осы бұйымтайын Тезек төреге бiлдiруiне де қисын бар. Қолынан қаламы түспеген, әрi Тезек төренiң аулында қалай болғанын жазып кеткен Шоқанның өзiнен де бiр дерек жоқ, не өз бетiнше зерттеу жүргiзген басқа ғұламалардың да тапқан бiр дерегi жоқ, тек О.Исмаиловтың өзi ойлап тапқан қисындары ғана бар. өстiп өз қиялымен тудырған қисындары арқылы Тезектiң Сүйiнбай мен Бақтыбайды алдыртқаны ақиқат деп, бүкпесiз ғылми жаңалық ашқанын жариялайды. Мұндай тұжырымдар «ертеде қазақтың Барақбай мен Ұрықбай деген екi батыры өз ағайындарына өкпелеп, Латин Америкасына кетiп қалыпты, бүгiнгi Парагвай мен Уругвай мемлекеттерi солардың ұрпақтарынан пайда болыпты» деген анекдотты еске салады. Әдiлет үшiн айта кетейiк, О.Исмаилов мақаласында мынадай да сөйлем бар: «Шоқанның олар туралы (Сүйiнбай мен Бақтыбай туралы Ұ.Д.) жазғаны Н.Ф.Костылецкийдiң архивiнен табылуы мүмкiн дегендi айтып кеткен ғұлама ғалым – Ә.Марғұлан». Егер Ә.Марғұланның мұндай пiкiрдi айтып кеткенi рас болса, О.Исмаилов аға ұрпақтың зерттеулерiн одан әрi жалғастырам десе, мiне, iстi сол Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкийдiң архивiн iздеуден бастауы керек едi ғой. Шынында ондай архивтер бiзге көптеген ақтаңдақтардың сырын ашып беруi ғажап емес. Мiне, О.Исмаиловтың, не басқа да осы бағытта зерттеу жүргiзем деушiлердiң ұстайтын тетiгi қайда жатыр? Ондай тетiктiң барын бiле тұрып, арғы-бергiнi қиялмен қисындастыру абырой әпермек емес. Ал ендi Шоқан мен Бақтыбай кездескен бе, Шоқан салған «Жас қазақ суретiнде» Бақтыбай бейнеленген бе және екi ақын Сүйiнбай мен

Бақтыбайдың кездесуi қандай жағдайда өткен деген мәселелер төңiрегiне келейiк. Шоқан мен Бақтыбайдың кездесуi әбден мүмкiн. Бiрақ ол кездесу Тезек төренiң аулында болуы мүмкiн емес сияқты. Себебi, шежiрешiлердiң айтуынша Тезек аулына Бақтыбай бiр келiп кеткеннен кейiн көп ұзамай-ақ Тезектiң өмiрiнде мүлдем басқа кезең басталады. Ол өзiн хандықтан түсiрiп тастаған патшалық әкiмдерге наразылық бiлдiрем деп, олардың қуғынына ұшыраған. Бұл пiкiрдi шежiрешiлер ғана емес, Сүйiнбай, Тезек жайында зерттеулер жазған жас ғалым, ҚазМУ-дiң мұғалiмi Мүбәрак үмбетаев та қуаттайды. Патшалық әкiмдерге ғана емес, Тезектiң бұдан кейiнгi кезде қалың қазаққа да қадiрi болмаса керек. Мысалы, Алтыбасар Байкүшiк деген бiр адам Тезек төре мен Иманқұл төре екеуiн бiр күнде жетi рет көшiрiптi деген әңгiме бар. Әрi Тезек төре айдауда да болып қайтқанға ұқсайды. Аңыз бойынша айдаудан қайтып келе жатып, бұрын өзiнiң хатшысы болған Төлебай дегеннiң үйiне қоныпты. Төлебай көптен көрмеген қонағының көңiлiн табу үшiн бiреудi араққа жұмсапты. Ол көпке дейiн оралмайды. Бұған шаршап, шөлiркеп келген Тезек те, үй иесi де тықыршиды. Сонда Тезек отырып:

Ертеде Корен қалмақ көшiп едi, Ол дағы хан Тезекке несiп едi, – дейдi де, – әй, Төлебай, осы өлеңдi сен жалғастырып жiбершi, – дейдi.

Кей-кейде арақтың да қырсығы бар Келерде iшуiне кешiгедi, – деп Төлебай да мүдiрместен жалғастырып жiбередi. Мұндай тапқырлығына Тезек ризалығын бiлдiрсе керек. Мiне, осындай халге түскен Тезектiң бұрынғы сән-салтанатты күйде Бақтыбайды қайта көруге шамасы болмаса да керек. Оның үстiне мына «Жас қазақтың суретiнде» бейнеленген Бақтыбай болуы мүмкiн бе? Бiздiңше мүмкiн емес. Бақтыбайдан сурет қалмаған, оның есесiне оны көрген-бiлген адамдардың егжей-тегжейлi сипаттамасы қалған. Бақтыбай тым аласа бойлы, таңқы мұрын, басында қылау жоқ, мойнының да бар-жоғы бiлiнбейтiн көрiксiздеу адам болыпты. Мысалы, Бақтыбайдың екiншi қосағы, өзi де ақын Мәйке от басында отырып, Бақтыбаймен қағысқанда оның түр-түсiн әзiлдеп былай бейнелейдi.

Ерiнiн насыбаймен кiр-кiр қылып, Мұрынын тазаламай қыл-қыл қылып Тырбиған алма ағаштың бұтағындай, Құдайдың жаратуы-ай бұлбұл қылып.

Осы тектес Бақтыбайдың сырт пiшiнiнiң сипаттамалары ақынның өз айтқандарының iшiнен де табылады. Егер Ш.Уәлиханов салған суреттердi барлап отырсаң ғалым өзi бейнелеген адамның сырт пiшiнiн ғана емес, мiнез-құлқын да ұстай алатынын байқайсың. Мысалы, маман суретшi П.Кошарев бояумен салған Тезек төренiң суретi мен Тезектiң Шоқан салған суретiн салыстырып көрiңiздер. (Жоғарыда айтылған шығармалар жинағы, I-том, 355-бет, 4-том, 112-бет.) Мұның мысалын басқа да суреттерiнен көруге болады. Байманапты кескiндесе оның демiне нан пiскен өркеуделiлiгiн, жан-жағындағы елге сөзiн өткiзе алатын қаһарлылығын қоса ашып бередi. Ал мына суреттен кiмдi көремiз? Мұнда ақыннан гөрi өз iсiне мығым, екi қолын бiр-бiрiне қусырып, пәлен, не төлен байбатшаның тұқымы дейтiндей басқа бiреу отыр. Оның үстiне Бақтыбайға бiтпеген анадай қошқар тұмсықты, қалпағының астынан желбiреген қалың шашты, ботқа беттi қайда апарып қоясың? Бақтыбайдың өмiрбаянын жақсы бiлетiн адамдар бала кезiнен жетiмдiктiң тауқыметiн тартып, өмiрiнде қырым ет бiтпеген, қарғадай ғана бойы бар, өте ұстамсыз мiнездi ақынды мына суретке ешқандай да ұқсата алмас едi. Осыдан екi жыл бұрын Талдықорған облысында осы Бақтыбай Жолбарысұлының мерейтойына барғанда әлдебiр суретшiнiң (фамилиясы есiмде жоқ) қолымен салынған ақынның суретiн көрiп қатты таңқалып едiм. Онда да осындай, тiптi бұдан да үлкендеу қошқар тұмсықты бiреу бейнеленген. Сiрә, ол суретшi осы О.Исмаиловтың ақыл салуымен, сол Шоқан бейнелеген «Жас қазақ суретiнiң» көшiрмесiн жасаса керек. Мiне, зерттеу жұмысындағы үстiрттiктiң осындай жағымсыз жалғасы болатынына бұл да бiр мысал. Рас, О.Исмаилов Шоқан салған суретте Бақтыбайдың бейнеленгенiн дәлелдеу үшiн мұнымен ғана шектелген жоқ. Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетiнiң өткен жылғы 11-қыркүйектегi санында жарияланған мақаласында сол Шоқан салған сурет пен Бақтыбайдың ұрпақтарының суреттерiн Талдықорған облыстық iшкi iстер басқармасындағы экспертиза комиссиясының бастығына көрсеткенiмде ол «тұқым қуалағандай ұқсастықтарды тәптiштеп тұрып мөрлеп берген» деп жазды. Бұл пiкiрiнiң ешқандай сын көтермейтiнi өзiнен-өзi белгiлi. Себебi бүгiнгi экспертиза өткен ғасырдағы қолмен салынған сурет пен бүгiнгi заман адамдарының суреттерiне қарап отырып, тұқым жалғастығын анықтамақ түгiл екеуiнiң де көзi тiрi – әке мен баланың қанын тексерiп отырып, олардың бiр-бiрiне шын мәнiнде әке мен бала екенiн толық ашып бере алмайды. Тек болуы мүмкiн, немесе болуы мүмкiн емес (орысша исключается или не исключается) деп қана анықтама бере алатынын әрбiр заң орнындағы адамдардан сұрап бiле аласың. Рас, әке мен баланың бiр-бiрiне анық солай екенiн толық анықтап беретiн бұрынғы КСРО-да бiр ғана орталық (центр генной экспертизы) бар екен, оның өзi Мәскеуде көрiнедi. Ал жоғарыда О.Исмаиловтың барып жүрген жерiндегi экспертиза адамдары тек көңiл жықпастықпен ғана ол суреттердi ұқсастыра салғаны дау тудырмаса керек.

Ең сорақысы сол О.Исмаиловты бұл мәселеде ең бiр қарапайым нәрселер ойландырмаған. Шоқан Тезек аулында екi бiрдей жыр сүлейiнiң суретiн қағазға түсiре отырып, еңғұрмаса бiреуiнiң астына не Сүйiнбайдың, не Бақтыбайдың атын неге жазбаған? Ал басқа суреттерiнiң бәрiнде дерлiк нақтылы кiмдi бейнелегенiн Шоқан жазып отырған ғой. Асқан фольклоршы-ғалым Шоқан сол екi ұлы ақынды қазақ пен қырғыздың неше алуан бай-манаптарынан кем көргенi ме? Жоқ, олай болуы мүмкiн емес, Шоқан керiсiнше ақындарды бәрiнен жоғары қойған. Оның үстiне Тезек аулында болғанын жазып кеткен Шоқан сол Сүйiнбай мен Бақтыбайдай ақиықтарға еңғұрмаса бiр сөйлем арнауға ерiнгенi несi? Әрi Сүйiнбай мен Бақтыбайдың сол кездесулерi жайлы не Сүйiнбай мұрасынан, не Бақтыбай мұрасынан бiр жол өлеңнiң табылмауы қалай? Айтқан соң толық айтайық та, О.Исмаилов дәлелсымақтарының тiптi бұдан да өткен сорақы жақтары бар. Мұның қисындастыруынша Шоқанның досы Е.И.Шебалин сүйсiнген, соның алдында өнер жарыстырған екi ақын Сүйiнбай мен Бақтыбай ғой. Бұл жерде де амалсыз езу тартамыз. Себебi, он тоғызыншы ғасырда айтыс өнерi Арқада сәл бәсеңдеп, оның негiзгi орталығы Жетiсуға қарай ауғанын ұлы М.Әуезов те жазып кеткен ғой. Сондай ақындар қаулап өскен ортада әлдебiр орыс шенеунiгi сүйсiнген екi ақынның Сүйiнбай мен Бақтыбайдан басқа ешкiм болуы мүмкiн емес деу тым ұшқары пiкiр екенi көрiнiп тұр. Екiншiден, мына екi сурет 1856 жылы салынған. Яғни, 1842 жылы туған Бақтыбай 14 жаста ғана. Бақтыбайдың туған жылы сол 1842 жыл екенiн «Халық кеңесi» газетiнде (19-қыркүйек 1991 ж.) жарияланған «Таразыға тартқандай дәлдiк керек» атты мақаламызда дәлелдеп айтқанбыз. Бақтыбай барыс жылы (1842 ж.) туып, барыс жылы (1902 ж.) алпыстан алпыс бiрге қарағанда, яғни мүшел жасында қайтыс болды дейтiн сонау әйгiлi халық ақыны Қалқа Жапсарбаев бастаған Жетiсу ақындары мен шежiрешiлерiнiң пiкiрiн О.Исмаилов тәрiк етiп, ақын 1835 жылы туған деп өзiнше дәлелдеп жүр. Жарайды, О.Исмаиловтiкi дұрыс-ақ дейiк. Бақтыбай 1935 жылы тусын-ақ, соның өзiнде де Шоқан сурет салған 1856 жылы ақын 21 жаста ғой. Демек, О.Исмаиловтың дәлелдеуiнше Бақтыбай осы жасындаақ Сүйiнбаймен екi рет кездесiп, екi рет өнер жарыстырып үлгерген ғой. Мiне, оның дәлелдерiнiң жамауы мықтап сөгiлетiн жер тағы келдi. Бұл жерде Бақтыбай ақын туралы зерттеу мақала жазамын деп шатылған О.Исмаиловтың сол ақынның 1987 жылы «Жазушы» баспасы арқылы жарық көрген «Желқобыз» атты жинағын оқымаған ба деп қайран қаласың. Мұнда Бақтыбай мен Сүйiнбайдың шағын ғана айтысуы-сәлемдесуi бар. Осыдан Бақтыбайдың аузынан шыққан мынадай сөздердi келтiрейiк: Аман-есен жүрсiң бе, Атақты ақын Сүйiнбай Дидар ғайып, дәм ғайып Жүрушi едi бұйырмай Сыртыңыздан сұрар ем

Көрiспекке құмар ем Келедi деп Сүйiнбай Жатырмын күтiп жиында-ай... ...Мен едiм өлең iздеген Кезiкпедiм сiзбенен Абақ менен тарақты Кезсем дағы шиырлай Адамзаттың парқы бар Әр нәрсенiң шарты бар Қысқа жiп келмес көрмеуге Барға дүние қиын ба-ай! Көнерiп қалған ақынмын Бара алмаймын қиынға-ай... Ал Сүйiнбайдың жауап сөзiнен мынадай жолдарды келтiрейiк: Уағалайкүмiссалам, Жүрмiсiң есен, Бақтыбай? Тiршiлiктiң кезiнде Мен сияқты өзiң де, Аман-есен көрiспек, Ғанибет-ай, шаттық-ай Естiп ем сенiң даңқыңды Жалайырдан артылды... ...Бiз де келдiк, Бақтыбай, Өмiрдiң биiк төрiне Көрсетуге жүзiңдi Тағдыр шығар, Бақтыбай, Кездестiрген сенi де!

Мiне, ендi осыған да түсiнiктеме берiп жатуымыз керек пе? Айтыста баяндалғанындай Балқаштың жағасындағы Қамау деген жерде Жалайырға қарасты Бәйшегiр елiнде болған жиында Сүйiнбай мен Бақтыбайдың тұңғыш рет бiр-бiрiн көргенi, әрi екеуiнiң де көнерiп қалған шағы екенi тайға таңба басылғандай айтылып тұр емес пе? Ал О.Исмаилов болса Бақтыбайды балауса кезiнде-ақ Сүйiнбаймен екi рет кездестiрiп, екi рет айтыстырып үлгередi. Осымен-ақ тоқталайық. «Парасат» журналында жарияланған аталмыш мақаланың қисынсыз, дерексiз, шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тұжырымдар мен пайымдаулардан тұратыны осы айтқандарымызбен-ақ толық дәлелденген шығар деп ойлаймыз. Зерттеу жазған дұрыс-ау. Бiрақ ол үшiн, әрi аға ұрпақтың зерттеулерiн одан әрi жалғастыру үшiн сол аға ұрпақтың қолы жете қоймаған құжаттар мен деректердi iздестiрiп, iстi содан бастау керек шығар. Онсыз босқа арамтер боламыз, абыройсыздыққа ұшыраймыз. өткендегi аруақтардың түрлi мерейтойларын өткiзуде өздерiне үлкен салмақ артатын жергiлiктi әкiмшiлiк, шаруашылық орындарының басшыларын шатастырамыз, суретшi, мүсiншi

сияқты өнердiң басқа саласында еңбек етушi жолдастарымызды адастырамыз, ең жаманы болашақ зерттеушiлердiң жұмысын қиындатамыз. 1991 жыл.

СЫН БА, СЫНДАҒЫ БҮЛКЕКТIК ПЕ?

«Қазақ әдебиетi» газетiнiң осы жылғы 34-санында (1972, 25 август) сыншы Ғ.Қабышев өзiнiң «Ортақ мүдде, ортақ мiндет» деген мақаласында бүгiнгi әдеби сынға қамқорсыған, оның көлеңкелi жақтарына қабырғасы қайысқан сыңай бiлдiрмек болған. Алайда, қазақ әдеби сынын өрiстетуде белдi рөл атқаруға тиiс «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнде, әрi сол газеттiң әдеби сын бөлiмiнiң меңгерушiсi Ғ.Қабышев осындай мақала жаза алады деген ой он ұйықтасақ та түсiмiзге кiрмес едi. Автор негiзгi нысанаға менiң «Жұлдыздың» 6-санындағы «Болбыр тiл, боркемiк дүниелер», «Қазақ әдебиетiнде» жарияланған «Ақын жолы ауыр жол» атты мақалаларымды алыпты. Жарайды алсын-ақ, бiрақ, маған таққан кiнәлары тап Қабышев жолдастың атынан айтылатындай емес. Кәне ретретiмен талдап көрейiк. Ең алдымен Қабышев жолдас «Жалпы Ұзақбайда осылайша бiрнеше шығармаға бiрден баға берушiлiк дағды бар» деп бiр қояды. Сiрә, мұндай «дағдыны» өзiнiң хош көрмейтiнiн аңғартады. Мұндағы тiлге тиек етiп отырғаны өткен жылы да «Қазақ әдебиетi» газетiнде бiр топ ақынның жаңа өлең жинақтары туралы пiкiр айтқаным бар. Ол мақала Қабышев жолдастың өз қолынан өтiп барып жарық көрген. Сол бiр мақалада бiрнеше автордың қамтылуы менiң таза өз еркiмнен тумағанын Қабышев жолдас жақсы бiледi. Ол кезде жалпы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң ұстаған позициясы қандай екенiн, қайталап айтайын, сол газеттiң сын бөлiмiнiң меңгерушiсi Ғ.Қабышев жолдасқа, әсiресе, айқын болуға тиiс. Әрине, бiр мақалада бiр ғана шығармаға талдау жасалса сыншы еркiн көсiле алады. Алайда, өткен жылы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң сын бөлiмi жеке шығармаға талдау жасалған мақалаларды қабылдауға өте селқос болды. Сол үшiн осы мақаланың авторы Қабышев жолдаспен қажасқанын да ол ұмыта қоймаған шығар. Демек, бұл газет редакциясының ыңғайына көнiп қана қалыптасқан «дағды» едi ғой. Ендеше сыншы жолдастың мұны бүгiн келiп тiлге тиек етуi қалай? Жақсы, негiзгi мәселе бұл емес. Автор осы мақаласында менiң рецензиямда сыналған Р.Тоқтаров, Қ.Жұмағалиев және Т.Әбдiковтың кiтаптарын ақтап алмаққа әрекеттенген. Р.Тоқтаровтың «Терiстiк шұғыласы» атты кiтабына енген повесть, әңгiмелердiң қай-қайсысы болмасын тiптi ашығын айтсақ сын көтерерлiк дәрежеге жетпеген ғой. Қарақұрым кiсi аттары жүрген, күңгiрт оқиғалы повестерiнiң бас-аяғынан автордың айтпақ ойын, ұсынбақ идеясын ажыратып алудың өзi үлкен күшке түстi. Әрине, ондай кiтапқа сын айтудан бұрын оны басынан аяғына дейiн оқып шығудың өзi үлкен қиямет. Егер Ғ.Қабышев ондай «қияметтi» бастан өткерiп, менiң ағат айтылған пiкiрiм шынында

жанына қаяу болып тисе, онда мына пiкiрiң былай деп, тым болмаса бiр тұсына килiгiп, өзiнiң дәлелдi ойын ашық бiлдiруi керек едi ғой. Егерде бiле-бiлсе Р.Тоқтаровтың шығармаларынан бiздiң бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң басындағы көптеген сүреңсiз жайларды анық аңғаруға болады. Әсiресе, оның екi томдық «Ертiс мұхитқа құяды» деген роман-дилогиясында бүгiнгi көлем қуушылық, сөйтiп таза әдебиеттiң өзiнен ауытқып бара жатқан келiсiмсiз, көрiнiссiз жайттар молынан байқалады. Бiздiң әдебиет Мұқтар, Ғабит сияқты тамаша таланттарды тудырғанмен әлi жас әдебиет. Оның мұңмұқтажын жүрегiмен сезiнген адам тап Қабышев жолдасша сөйлемес едi. Қабышев жолдас осы мақаласында С.Ордалиевтiң «Конфликт және характер», Ш.Құмарованың «Сәуiрдiң ақ таңы» атты кiтаптарының алдында сыналып, артынан iле-шала сыланып-сипаланғанын мiнейдi. «Бұл қалай» деп жұртшылыққа сауал қояды. Мына тiрлiктi iстеп отырған Ғ.Қабышевтың өзiне де осы сауалды қойсақ ол не деп жауап берер екен? Тағы, Р.Тоқтаров, Т.Әбдiков, Қ.Жұмағалиев шығармалары оған қандай қасиетiмен ұнады? Бiздiң пiкiрiмiздi жоққа шығарушы адамның өз пiкiрi қалай екенiн де бiздiң сұрауға хақымыз бар ғой. Оның үстiне Т.Әбдiков пен Қ.Жұмағалиевты сынаушы жалғыз мен емес, «Қазақ әдебиетi» мен «Жалында» да бұлар туралы бiраз қатаң сөз айтылды ғой. («Жалын», 3, авторы Бақытжан Майтанов, «Қазақ әдебиетi», авторы Теңiзбай Рахымжанов). «Қазақ әдебиетiндегi» мақала авторының Т.Әбдiковтың соңғы екi повесi жөнiндегi ойы менiң пiкiрiммен үндес шыққан. Ал алғашқы повесiн («Тозақ оттары жымыңдайды») сәл дәрiптеп жiберген. Егер Қабышевша айтсам, оның бұл повеске «берген бағаларымен өз басым келiспеймiн». Ал өзiмше айтсам, үш повестiң екеуi туралы пiкiрiмiз жарасыпты. үшеудiң бiреуi туралы талас туа қалса ол табиғи құбылыс шығар. Әйтеуiр «аққу, шортан, шаянның» тiрлiгiн байқатпаппыз. Ғ.Қабышев жолдас менi тағы қатты кеткен деп кiнәлайды. Егер қатты айту керек болса ше? «Ауруын жасырған өледi» дейдi халық даналығы. Қатты айтпай, маңдайдан сипалауымыз күнi бүгiнге дейiн жеткiлiктi едi ғой. Кейбiр сыншылар өзiнiң жiгерсiздiгiн, тауансыздығын, ең ақыры қабiлетсiздiгiн түйсiнiп, ақын-жазушыларға «жақсыаттанып» күн көрiп жүр. Бiз Қабышев жолдас ондай «жақсыаттанушылықтан» аулақ болса екен деймiз. Сөз болып отырған мақаласында автор «Жұлдыздың» 5-санында «Тiл өнерi дертпен тең» деген тақырыппен алты сұрақ қойып, көпшiлiктi келелi кеңеске шақырғанын келтiредi. Осы алғашқы шақыруда Зейнолла Серiкқалиевтың I.Есенберлиннiң «Алмас қылыш», А.Байтанаевтың «Таңсәрi» атты романдарына пiкiр айтқанын келтiредi. Көрiп отырсыздар, сыншы да, сыналушылар да осал адамдар емес. Алайда, журналдың 6санындағы бiздiң рецензиямызға егжей-тегжейлi тоқталған Ғаббас ана мақала жайында тұспалдап айта отырып, сыншы әдiл ме, жоқ сыналушылар жазықсыз жәбiр көрдi ме, әдiлет жүгi таразының қай жағын басып тұр, сол

жөнiнде өз пiкiрiн ашып айтудан көпе-көрнеу жалтарған. Сындағы бүлкектiк, ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүргендiк емей немене? Бiздiң әдебиетiмiз жас, балғын дедiк. Жылма-жыл қара борандатып шығып жатқан қыруар кiтаптар қаншама лебiз күтедi? Алайда, соларға беттеп бара алмай, пiкiр айтатын кiтап жетпегендей, кей кезде сын туралы сын жазғыштықтың да шамадан тыс белең алып кететiнi осындай бүлкектiктен емес пе екен? 1972 жыл. БIРЕР ҚАЙНАУЫ IШIНДЕ (Т.Сүлейменовтың «Парыз» атты романының қолжазбасы жайында)

Бұл қолжазбаны бастан-аяқ мұқият оқып шыққанда бiзге мынадай үш түрлi ой келдi. Бiрiншiден, авторда сөз жоқ, аз-кем қабiлет бар. Бұл сапарда автордың табыссыз болмасына көзiмiз жеттi және соған тiлектеспiз. Екiншiден, автор өмiрдi бiлетiн адам. Кейбiр тiлi майда желдiрме жазушылардай өзi бiлмейтiн өмiрдiң сыртынан тон пiшiп жорамалдап жазбай, өзi сөз етiп отырған өндiрiс орнының бүге-шiгесiне дейiн ашып сөйлейдi. Әрине, өмiрлiк материалсыз шығарма тумайды десек, бұл жағынан қолжазба кенде емес, тiптi асып-төгiлiп жатыр десек те болады. үшiншiден, тағы ең негiзгi түйген ойымыз автор роман атты айдар тағылған осыншама көлемдi шығарманы жазуға мүлдем дайындықсыз кiрiскен. Бұл қолжазбаның басындағы «қасiрет» мiне, осында жатыр. Төлеш Сүлейменов көп жылдар газетте iстеп, журналистiк жұмыстың бiраз жүгiн көтерген адам. Әрине, көп жазушылар өзiнiң творчестволық жолын журналистiк қызметтен бастағанын еске алатын болсақ, оның болашақ өмiршең әдеби шығармалардың тууына баспалдақ екенiн айқын аңғарамыз. Алайда, газет жанры мен әдеби шығарма жанры арасында үлкен асу жатқанын осы қолжазба туралы пiкiрiмiзде айрықша атап айтқанымыз жөн. Ең алдымен газет тiлi әдебиет тiлi бола алмайды. Бұл газет тiлiн қорлағандық, не кемсiткендiк емес, олардың жанрлық айырмашылығын айтқанымыз. Мiне, газет жұмысына кәнiгi болған автор осы айырмашылықты аңғармай әдебиеттiң қайдағы бiр ең сүбелi, мол тауқыметтi тiлейтiн көлемдi жанрына килiккен. Осы абайсыздық автордың тегiн еңбектенуiне, ашығын айтқанда, бiз сөз етiп отырған 250-беттiк қолжазбаның баспаға ұсынуға жарамсыз болып шығуына апарып соққан. Тiл туралы соңырақ толығырақ айтармыз, ең алдымен шығарманың жалпы құрылымына тоқталайық. Ең алдымен бiз екi көзiнен бiрдей айрылып, ауруханада жатқан жас жiгiт Мұқтарды көремiз. Қос шырағынан айрылған адам қандай болсын, әлсiн-әлсiн күйiнiш, күрсiнiс. Осылай жатып, өзiнiң өткен өмiрiн елестетiп жатады. Бүкiл шығарма сол тас қараңғы соқыр болған

Мұқтардың өткен өмiрiн көз алдынан өткiзуi арқылы құрылған. Бұл пәлендей жаңашылдық болмағанмен, құптауға болатын әдiс. Алайда әңгiме басқада. Ал оның өткен өмiрi қандай екен? Ауылда өскен Мұқтар армия қатарында әскерлiк мiндетiн атқарып бiткеннен кейiн туған жерiне оралмай Қарағандыға көмiр қазуға келедi. Алғашқы беттер сол өзi iстейтiн бригада мүшелерiнiң арасындағы өмiрiне, өндiрiс орнымен танысуына, одан кейiн алғашқы айлығын жуамын деп, жолдастарымен ресторанға баруына арналған. Алайда, бұл эпизодтарда ешқандай көркемдiк бейнелеу жоқ, адамды жалықтырып жiберетiн сұрықсыз өндiрiстiк баяндаулар ғана бар. Оқушының бұдан күтетiнi адамды баурап әкететiн көркемдiк қасиет емес пе? Бiрақ ол жоқ. Кейiн Мұқтар тау-кен институтын бiтiрiп келiп, шахтаның бас инженерi боп орналасады. Осы жұмыста жүрiп, бұрын өзiмен бiр бригадада еңбек еткен жолдастарына басшылық әрекет жасайды. Бұл жөнiнде бiр тiлге тиек етiп, ұзақ суыртпақтап суреттейтiнi Қалихан деген бұрынғы жолдасын жатақханада жатқан Маржан мен Қадиша деген қыздың бөлмелерiне арақ iшiп барып, бұзақылық жасағаны үшiн ұрсады. Оған тиым салған болады. Сөйтсе, Қалихан Маржанды iштей ұнатады екен. Ал өзi ұнатқан қызына iшiп барып тиiсуден не Қалиханның қандай пайда таппақ болғанын, не бұл қылық оның қай мiнезiнен туғанын автор даралап ашып жатпайды. Себебi, қолжазбада қай кейiпкердiң болмасын белгiлi бiр әрекетiн ақтайтын мотивиривка жоқ. Кейiпкер бейнесiн белгiлi бiр iзбен қалыптастыруға автор аздап болса да көңiл бөлмейдi. Тiптi бас кейiпкер Мұқтардың өзi қаншама күйiнiшпен өртенiп жатса да одан ешқандай мiнез ерекшелiгiн аңғара алмаймыз. Ал Қалиханның дөрекiлiгiне шыдамаған жаңағы екi қыз, Маржан мен Қадиша бас инженер Мұқтарға шағым айтып, оның кабинетiне келедi. Сонда Мұқтар олардың шағымын тыңдай отырып, Маржанды өзi де ұнатып қалады. Сөйтiп, Қалиханмен бақ сынасқанда, мұның жолы болып, Маржан Қалиханға емес, Мұқтарға iш тартып шыға келедi. Мiне, Мұқтар алғашқыда Қарағандыда, одан кейiн Алматыда екi көзiнен айрылып, кембағал болып жатқанда күндiз-түнi сарылып ойлайтыны сол Маржан. Алайда, автор сол өз кейiпкерiнiң Маржанға деген сүйiспеншiлiгiн таза күйiнде жеткiзбейдi. Әлдебiр досымен жәмпейлесiп жүрiп, ол командировкаға кеткенде оның әйелiнiң қойнына барады. Түн iшiнде үстерiне басып, ол әйелдiң күйеуi келiп қалады. Ол Мұқтарға пышақ ала жүгiргенде, Мұқтар орындықты сiлтеп қалып, маңдайын жарады. Сөйтiп, ол досы ауруханаға түседi де, Мұқтар жауапқа тартылады. Бiрақ ана әйел ара түсiп, ол ақталып шығады. Тап осы оқиғада көптеген логикалық қателiктер бар. Бiрiншiден, Мұқтар автордың сағыздай созып, шаң қондырмай мәпелеген кейiпкерi. Күнде шүйiркелесiп жүрген досының әйелiне барарлықтай қылық оның мiнезiмен мүлдем сыйыспайды. Яғни оқушы көкейiне қонбайды.

Екiншiден, ол досының әйелi ара түскенмен оның ақтала қалатындай жағдайы жоқ сияқты едi. Бұл жағына да оқушы сенiңкiремейдi. Тек автор өз кейiпкерiне су жұқтырмау үшiн ғана оқиға барысын осылай күшпен бұрмалап әкеткен сияқты. Оның үстiне, Мұқтардың тағы бiр Зейнеп деген қызбен шүйiркелесiп, оның күйеуге шығып кеткенiн өз аузынан естiп жазғырғанын қайда қоясың? Әрине, өмiрде адамның бiр басында мұндай жәйттер бола берер, бiрақ әңгiме сол әрекеттердiң кейiпкер бейнесiне, автор ойына қайшы келмеуiнде ғой. Кейiн Мұқтар бұрын Алматыда бiрге оқыған досының азғыруымен астанаға қайта оралып, ғылми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қарағандыдағы шахта бастығы Сидоркин деген Мұқтардың сыйлы адамы оған шахтерлердiң денсаулығы үшiн қажеттi аспап-шахтаның әрбiр қанатындағы ауа ағымын есептейтiн электрондық машина жасап шығаруды аманат етедi. Мұқтар жоспарда белгiленбеген осы аппаратты жасауға кiрiспек болады. Алайда, лаборатория меңгерушiсi Цхай оған қарсы болады. Екеуiнiң арасындағы дау-дамай ұзаққа созылады. Бұл тартыс кейiпкерлер бейнесiн жасауда ешқандай роль атқара алмайды. Қалай атқарсын, автор әдеби бейнелеу әдiсiн қолданудан аулақ, тек газет мақалаларында кездесетiн шұбыртпа сөздердiң шиырынан шыға алмайды. Тiптi кейбiр оқушының түсiнiгiне жете қоймайтын өндiрiстiк жәйттердi қазбалап кететiнiн қайтерсiң. Сөзiмiздi дәлелдеу үшiн бiр мысал келтiрейiк: «Мұхтар сауалға жауап берiп залға жарқырай қараған шақта кенет атылған динамитше гүр етiп Цхай: – Хамзин жолдас, Жезқазған шахтасының ауа жүретiн нүктесi бес жүзден асады. Соның әрқайсысына реостат бағыштағанда аппаратың екi қатар үйдiң үлкендiгiндей боп шығады. Қып-қызыл шығынға малындырайын деп тұрсың институтты, – дедi. – Электр энергиясын тарату теориясына жүгiнiп қатар жатқан забойларды бiр жүйеге бейiмдеп жалпы эквиваленттi кедергiмен теңдестiрдiм. Бiрiнен кейiн бiрi жалғасқандарының да кедергiсi қосындыға пара-пар, сондықтан реостат саны мына аппараттың iшiндегiмен артпайды, тек кедергi мөлшерi ғана молаяды. – Мұның әлi құрғақ қиял ғой, – дедi Цхай. – Бес жүз забой үш жүйеге бөлiнiп көпбұрыш теңдеулерiмен шешiледi, – дедi Мұхтар сенiмдi үнмен желпiне сөйлеп». (228-бет) Шығармадағы барлық шиеленiс осылай оқушыны жалықтырып, созбұйдаланып кете барады. Мұхтар мен Цхай арасындағы тартыс күшейiп бара жатқанда оған институт директоры араласып, соның қолдауымен Мұқтар өз аппаратын бiр жарым жылдың iшiнде жасап шығарады. Бiр ғажабы, осындай табысқа жеткен Мұқтар диссертация қорғаудан бас тартып, «Мен ғылми атаққа қызықпаймын» деген желеумен Қарағандыға қайтып келедi. Мұнда келгесiн бас инженер болмаймын деп те қиғылық салады. Бұған да оқушы түсiне алмайды. Кейiн осы Қарағандыда өзiнiң сүйген қызы Маржанмен тiлдесiп, оған iшiнде жасырулы бiр сырын айтады.

Сөйтсе, Мұхтар басында сұрапыл қылмыстар жасаған адам екен. Ол армия қатарынан Қарағандыға келiсiмен бiр Гиенея дейтiн қызбен танысып, онымен ерлi-байлы адамша тұрмыс құрады. Осы қалыңдығының қандықол үш танысымен бiрiгiп, бiр дүкендi тонайды. Сол тонау үстiнде Мұқтар дүкен күзетшiсiне өз қолымен пышақ салып, өлтiредi. Одан кейiн тағы бiр дүкендi тонауға аттанады. Бұл жолы төрт қарақшыға Мұқтардың қалыңдығы Гиенея да iлеседi. Бұл дүкеннiң де күзетшiсiн өлтiрiп, (оны өлтiрушi ана үшеудiң бiреуi) Мұқтар есiктiң құлпын бұзып, бiраз дүниелiктi кузовқа артқан кезде милиционер келiп қалып, барлығы машинаға жармасады. Милиционердiң атқан оғы кабинаға отыруға әрең үлгерген Гиенеяға тиедi. Қарақшылар құтылып кетедi де, Гиенея үйiне жете жан тапсырады. Оның денесiн Мұхтар жолдастарымен бiрге үй алдындағы шоқ теректiң түбiнен көр қазып, көме салады. Осы қазаға қарақшы достары көңiл айтқан кезде Мұхтар басына бостандық тiлейдi. Қылмыстарын ешкiмге айтпай, қайта өздерiне қандықол серiк болған «адалдығы» үшiн олар Мұхтардың тiлегiн орындайды. Сөйтiп, ол түзу жолға түседi. Осының бәрiн Маржанға ашып салғанда, ол «зұлым, жауыз» деген сөздердi айтып, қаша жөнеледi. Осыдан кейiн iле-шала-ақ шахтаға түсемiн деп, үлкен апаттың үстiнен шығып, жүздеген адамды өлiмнен құтқару үстiнде өз басы қасiретке ұшырайды, екi көзiнен айрылады. Жоғарыда баяндалған өмiрдiң бәрi осылайша ауруханада жатып елестетуi арқылы берiлген ғой. Кейiн көзi жазылып, Қарағандыға барғанда тиiстi орындарға өзiнiң сол баяғы замандағы қылмысын ашып бередi. Алайда, оның қылмысты екенiн Маржан сол кезде-ақ көрсетiптi, сөйтiп тергеу жүргiзiлiптi. Ал ол тергеуден Мұқтардың өзi мүлдем хабарсыз. Сонда тергеу қалай жүргiзiлген? Ол ол ма, сол тергеу барысында Мұқтар сүттен-ақ, судан таза болып шыққан екен. Оны немен түсiндiрмекшi автор? Мүмкiн заң орындары кейiн ашқан пайдалы жаңалығы үшiн, сондай-ақ жүзшақты адамды аппаттан құтқарғаны үшiн кешiрдi ме екен?! Автордың емеурiнi солай. Бiрақ бұл шиыры шығып жатқан, бiр ауқымға сыймайтын нәрсе, оның бәрiн автордың бұлайша оңай шеше салуы мүлдем жараспай тұр-ақ. Мұндай оқиға болуы мүмкiн де шығар, бiрақ автор оны шыншылдықпен жеткiзе алмаған. Тағы Мұқтардың ондай қылмысы жөнiндегi қат-қабат оқиға 250-беттiк қолжазбаның 236-бетiнен басталады да үш-төрт бетпен тамамдалады. Осы беттердi оқып отырып, аяқ астынан шыға келген бұл оқиғаға оқушының көзi алақандай болады. Романның бүкiл өнебойында суыртпақталған сүреңсiз баяндаулармен, сылбыр оқиғамен сыйыспай бөлек тұрғандығынан болар. Әрине, солай. Тiптi мұндай оқиғаны кiргiзу автордың өз басына да тым кеш келген сияқты. өз туындысындағы сылбырлықты жуып-шайып жiберу үшiн көп ойланбастан жанынан суырып алып қоса салған сияқты. Егер кейiпкердiң басындағы қосалқы қасiрет осы едi дейтiн болса оны апатқа ұшыратып, ауруханаға жатқызудың қажетi жоқ едi. Мүмкiн оқиғаны бiрден сол қылмыстан бастап, iшiн жегiдей жеген сол күндерiнiң күнәсiн

жуып-шайып жүрген адам етiп көрсету керек едi. Оның бүкiл толғаныс, ойсезiмдерiн сол бағытта құрса, онда шығарма өзегiнде бiраз шыншылдық, көркемдiк табы жатар ма едi деп ойлаймыз. Әрине, оның шешiмiн мұндай әдiспен табу үшiн де шеберлiк, әдеби дайындық керек. Қалайда, Мұқтар басындағы екi қасiреттiң (мертiгуi және қылмысқа ұрынуы) бiрi артық. Ал Мұқтардың осы қылмысын заң орындарына көрсеткен Маржан ше? Ол өз сүйген жiгiтiнiң ақталғанын көрiп, оған бүйрегi қайта бұрады. Бiрақ Мұқтар ауруханада болған ұзақ уақыт iшiнде оған бiр келе алмаған себебi, ол да маңдайы жарылып мертiгiп, осыншама уақыт ауруханада жатып қалады. Тап осылай екеуiн де бiр мезгiлде жайратып салудан автор не ұтпақ болды екен? Бұлардың төңiрегiнде бой көрсеткен кейiпкерлердiң бәрi аты бар да, заты жоқ. Жалпы автор адам психологиясын ашуға талпыныс жасамайды да. Роман оқиғасы ширықпаған, көркем шығарма санатына қосылудан аулақ. Әрине, жоғарыда атап көрсеткенiмiздей қолжазбаның ең басты кемшiлiгi тiлiнде. Көркем тiл болмаса жанды оқиғаның өзi быт-шыт болып шашырап кетедi ғой. Ал газет тiлi көркем шығарманың құралы бола алмайды. «Мұқтар тапжылмай бiраз сүйенiп тұрды да, Коля мен Қалиқанның оң жағынан кеп фуфайкасының түймесiн ағытып, көз қиығын комбайн алдына барған Александр Трофимовичке тастады. Қалың киiмiн тiреуге iлiп жатқан Мұқтардың қасына Жолтай мен Қадiрбек кеп жылы жүзбен жұмыс ретiн түсiндiрдi. Осы төртеуiнiң шахтада iстегенiне бiршама уақыт боп қалған. Қалихан комбайн машинасының көмекшiсi де, Жолтай мен Коля тiреушiлер. Қадiрбек күрекшi-комбайн соңынан көмiр жинайды. Мұқтарға оқшия қарап өзiне теңгермей жүрген бригадир-комбайншы. Оның осы шахтада iстегенiне жетi-сегiз жыл. Әу баста тiреушi боп артынан комбайыншыға көмекшiлiкке iлiгiп, техника тiлiн үйрендi де, бригададирлiкке қолы жеттi. Александр өзiнiң еңбек жолын ұмытқан жоқ». (9-бет). Мұның алдында және осы келтiрiлген үзiндiлер газет мақаласынан алынған болса, бiз бұларды жап-жатық жазылған деп бағалар едiк. Ал әдеби шығарма деген айдар тағып алдымызға ұсынса жүрегiмiз айниды. Демек екеуiнiң жөнi екi бөлек. Автордың ең алдымен көркем тiл нормасын ұғып, әдебиеттiң шағын жанрларынан бастап, шарықтағаны жөн. Қорытынды сөзiмiз: Төлеш Сүлейменовтың «Парыз» атты романының қолжазбасы көркем шығарма дәрежесiне көтерiле алмаған, бұл күйiнде баспаға ұсынуға жарамайды. 1972 жыл.

ШЫНДЫҚ ПЕН ТАЛАНТҚА МҰҢДАСТЫҚ

Жарқ етiп жанған шамның кейде сөнуi де тез болатыны сияқты кейбiр қарымды қабiлет иелерi әдебиет, не өнер әлемiне ерте араласады да, баршаның назарын өзiне аударып, жалындап тұрған шағында ойда жоқта,

өзiңе «қош бол» айтып үлгерместен бақи тiрлiкке қарай жалт бұрылып кете барады-ау. Сағат Әшiмбаев та өзiнiң қысқа өмiрiмен осы үрдiстi қайталап, өзегiмiздi өртеп кеткен аяулы азаматтарымыздың бiрi едi. Иә, Сағат Әшiмбаев қысқа өмiр сүрдi, ал оның шығармашылық өмiрi, атап айтқанда бiз сөз еткелi отырған қазақ әдеби сынына арнаған өмiрi одан да қысқа екенi зиялы қауымға жақсы белгiлi. өмiрге деген құштарлығы, күнделiктi iстеген iсiне деген қанағатсыздығы оны неғұрлым көп нәрсенi қамтуға итермеледi. Сосын да С.Әшiмбаев тек әдеби сын, мақалалар жазумен ғана шектелген жоқ (бiле бiлсеңiз бұл оның шығармашылық ғұмырының бiр қыры ғана), әдебиетке, жалпы өнер атаулыға қатысты еңбектiң алуан түрiмен айналысты. Ол қоғамдық жұмыстар да атқарды, әдеби сын жанрын өрге бастыру iсiн ұйымдастыруға да көп күш-жiгер жұмсады, баспасөз, авторлар құқын қорғау, радио және теледидар салаларында қызмет iстедi, ақырында осы соңғы аталған саланың бүкiл республикалық жүйесiн басқарды, үкiмет мүшелiгiне өттi. Әрдайым биiк-биiк мiнбелерден, көгiлдiр экраннан сөздер сөйлеп, әдебиет пен өмiрдегi биiк мақсат-мұраттың, парасаттылықтың, азаматтықтың жалынды жаршысына айналды. Мiне, солардың арасында ол сын мақалалар жазып жүрдi. Республикалық баспасөз беттерiнде қазақ жазушыларының әр жанрдағы кiтаптары, драматургия, театр өнерi жайында көптеген мақалалары, рецензиялары жарияланды. «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық» атты әдеби-сын мақалаларының жинақтары шықты. Бүкпесiз бiр шындықты айтсақ кезiнде С.Әшiмбаев жариялаған бiр де бiр мақала, не ол шығарған бiр де бiр кiтап елеусiз қалған жоқ. Оның әрқайсысы жайында дуалы ауыздар жылы лебiздер айтып жүрдi. Қазақ әдебиетiнiң бiрқатар тарландары оған көп үмiт артты. Бәрi тегiннен тегiн емес едi ғой. Тума таланттың алғашқы қалам сiлтесiнiң өзi-ақ сөйтiп көзi ашық, әдебиет сүйер қауымның назарына iлiккен болатын. Мiне, араға жылдар салып Сағат Әшiмбаевтың жаңа жинағы оқушыларға жетiп отыр. Бұл оның арамыздан кеткеннен кейiнгi алғашқы кiтабы. Аса көлемдi кiтапқа оны құрастырушылар «Шындыққа сүйiспеншiлiк» 1 деген атау берiптi. Бұл басылым жоғарыда сыншының бiз атаған жинақтарындағы мақалалары, сондай-ақ бұрын еш жерде жарық көрмеген бiраз дүниелерi негiзiнде құрастырылыпты. Алғы сөзiн жазған белгiлi әдебиет сыншысы Зейнолла Серiкқалиев мұнда С.Әшiмбаев шығармаларының толық қамтылмағанын ескертедi. Соның өзiнде де аталмыш кiтап оның әдеби мұрасы жөнiнде бiршама пiкiр қозғауға негiз бола алатынын байқаймыз. Осы төңiректе бiз де аз сөзiмiздi арнап көрейiк. Ең алдымен аңғарғанымыз кiтаптың атауы өте сәттi табылған сияқты. Себебi шындыққа деген сүйiспеншiлiк, ақты ақ деу, қараны қара деу, үлкен дарын иелерiн құрметтеп, олардың қолдарынан шыққан сом алтындай дүниелердiң қадiр-қасиетiн көпшiлiкке түсiндiрiп отыру С.Әшiмбаевтың бүкiл шығармашылық өмiрiнiң өзегi ғой. Сыншы өзiнiң көзi тiрiсiнде де өз

кiтаптарына дұрыс атаудың қойылуына қатты мән беретiн. Мысалы, 1982 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Талантқа тағзым» атты кiтабының атауын автордың ұзақ iздестiргенiне, бiраз адаммен ақылдасқанына, ақыры осы атау табылғанда қатты қуанғанына өзiмiз куәмiз. Кейiн кiтап шыққан соң да ол қуанышын жасыра алмай жүрдi. Иә, «Талантқа тағзым». Осы атаудың өзiнде ол жинаққа кiрген барлық сыни материалдардың темiр қазығы, түпкi нысанасы айқындалып тұрғандай едi. Тағзым, демек, бұл сөздiң тура мағынасына салсақ әлдекiмге қалпақ шешiп, бас иiп, iзет көрсету ғой. Жоқ, шынтуайттап келгенде тiптi де олай емес. Творчестволық өмiрдегi тағзым атты әрекеттi автор мүлдем басқаша түсiнедi. Жақсы шығарманың шынайы қасиетi неде, қоғамдық дамудың одан әрi өрге басуына қандай ерекшелiктерiмен ұйтқы бола алады, әрi осы жақсыны күндегi әдебиет науқаны үстiнде ат-көпiр болып жатқан басқа иi қанбаған, не автордағы талант жұтаңдығынан да тайыз шыққан арзанқол дүниелiктерден қалай ажыратамыз, мiне, осыны кәсiби бiлгiрлiкпен ашыпайырып берудi сыншы тағзым деп санайды. Сағат Әшiмбаев әрқашан да прозаик, не ақын атаулының өзi талдаған әр жанрдағы шығармасына мiне, осы тұрғыдан келетiн едi. Және ең бастысы ол талабы жемiссiз де болған жоқ. Жоғарыда атап айтқанымыздай кезiнде баспасөз бетiнде кәнiгi қаламгерлерiмiздiң сыншының еңбектерiн жаппай қуана мақұлдауы мұны айқын растайды. Әдебиетте өзара жалғастық, аға буын мен кейiнгi буын туындыларындағы өзара ұқсастық немесе алшақтық атты ұғымдар да бар. Және ол туралы теориялық сыни еңбектерде өте көп айтылады. Әшiмбаев үлкендi-кiшiлi өз еңбектерiнде, сол жалғастық, ұқсастық, алшақтық атты ұғымдарды өз тұрғысынан түсiндiрiп беруге көп күш салған. Егер осы бiз сөз еткелi отырған «Шындыққа сүйiспеншiлiк» жинағына енген мақалалардың көшбасшысы ретiнде ұсынылған «Биiк мұрат тұрғысынан», «Әдебиет және мораль» атты көлемдi мақалалаларды мұқият оқысаңыз ол кезде өте жас сыншының бұл еңбектi жазуға қаншалықты дайындықпен келiп үлгергенiн көресiз. Бұл ретте ол «апырау, бойыма шақ емес киiм киiп тұрғам жоқ па» деген толқумен қаламы, не оны ұстаған қолы дiрiлдемейдi, қайта бұрынғы ой иелерiнен қалған ұлағатты сөздердiң бүгiнгi әдебиетке деген игi әсерiн мақтанышпен паш етедi, нақтылы мысалдармен қалың жұртшылыққа әйгiлей түседi. Бұрынғы әдеби-философиялық ойлардың дүниежүзiлiк әдебиеттiң қандайлық даму барысында, қандайлық тарихи жағдайлар тоғысқан шақтарда туғанын еске түсiре отырып, оларды бүгiнгi күннiң көкейтестi талап-тiлектерiне әкеп тiрейдi. Қара тастан от шығарғандай әдеби ойдың ұшқынын шашырата, тұңғиығы мен тылсымы мол бұл iсте жаңылыспай, жаза баспай не бiр уыс көбiкке ұқсап айдынның бетiнде қалқымай тереңге бара алғанын көремiз. Бұлар ғана емес, осы кiтаптағы «Сыншыл ой туралы сыр», «өлең сөздiң өрнегi», «Роман арқауы әлеуметтiк шындық», «Азаматтық позиция – айқындаушы күш», «Iзденiс бағдарын барлағанда» сияқты мақалаларында да С.Әшiмбаев өзiнде көптi түйген көкiрек, ысылған қалам барын аңғартады.

Бiр ғажабы, сыншы бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң мәселелерi туралы толғай отырып, оны әсте сол жалаң күйiнде көлденең тартпайды, өмiрде еш нәрсенiң еш себепсiз өз бетiнше пайда бола кетпейтiнiн ескере отырып, сол өзi толғаған жәйттiң өткендегi әдебиет тарихымен туыс, тамырластығын қарастырады. Науқандық у-шудың қажетiнен емес, шынайы өнердiң мүддесiне орай туған әрбiр күрделi еңбектi әкелуде бұл әдiстiң, яғни мұндай тамырластықты жолбасшы етудiң берер ырзығы молырақ екендiгi баршаға аян. Сондықтан да шығар, С.Әшiмбаев мақалаларында дүниежүзiлiк әдебиет тарихының асқар шыңдары – Г.Гете, Т.Манн, Г.Манн, А.С.Пушкин, Л.Толстой, М.Горький ұлағаттары, олардың ғана емес, өнердiң осы түрiне әр заманда өз тұрғысынан қараған философия ғылымының да аса iрi өкiлдерiнiң уағыздары еске алынып отырады. Жай еске алынбайды, олардың өлмесөшпес ұлы туындыларындағы асыл ой-өрнектерi мен өлмес-өшпес классикалық үрдiстерi қазақ сыншысының өз тұжырымдары арқылы сабақтастырылады. Бiр кезде С.Әшiмбаев өз туындыларында өткен-кеткен ұлылардың сөздерiнен үзiндiлердi шамадан тыс көп келтiредi деген кiнә тағылғанын да бiлемiз. Рас әдебиетке зор теориялық даярлықпен келiп, өз тәжiрибесiмен санаспастан сыншының алғашқыда бармақтың басындай ғана шағын мақалаларда көптi қамтимын деп, аз-кем шашырандылыққа, үзiндi келтiруге әуестенушiлiкке ұрынғаны рас та едi. Бiрақ, еңбеккер қабiлет иесi кейiнгi тәжiрибе үстiнде шеберлiк шыңдап үлгергенiн, ондай ауыс-күйiстiктен аз уақытта таза-тақыр арылғанын мына кiтаптан көре отырып, сүйсiнбеске лажымыз жоқ. Кiтапта Ғабит Мүсiрепов, Iлияс Омаров және басқа да бiраз аға буын өкiлдерi жөнiнде арнайы мақалалар бар. Алғашқыда өзiнен жас жағынан алшақтығы өте үлкен, Одақ көлемiнде оқырман қауымға кеңiнен танылған бұл қаламгерлер жөнiнде сыншы тек тамсанудан көз ашпас деп ойлап қаласың. Жоқ, ол мақалаларды оқи келе Ғ.Мүсiрепов, не басқалардың шығармалары халқына несiмен сүйiктi деген сұраққа бұрын өзiмiз байқамаған тұстан келiп жауап бергенiн көргенде сыншы қырағылығын қызықтайсың. Мүсiрепов шығармаларындағы тарих, заман жүгiнен ауысқан салмақ, басқалардың шығармаларындағы суреткерлiк, публицистикалық қарымдылық зерделi сыншыл ой елегiнен өткiзiле сөз болған. Әсiресе, бiрнеше мақалалардың басын құраған «Ғ.Мүсiрепов туралы триптихты» тебiренбей оқу мүмкiн емес. Мұндай әдеби сын, әдеби очерк, публицистика жанрларының бiраз мүмкiндiктерi пайдаланылып, ақсақал жазушының шығармашылық қана емес, қарапайым адамдық портретi де жан-жақты ашылған. Кезiнде жас сыншының болашағына Ғабең үлкен үмiтпен қараған, оның баспасөз бетiнде, не биiк мiнбелерден айтқан сөздерiне мұқият құлақ асып отырған, жас талантпен бетпе-бет кездесуге, ауыз-екi тiлдесуге уақытын аямаған. Мiне, осы жағдай С.Әшiмбаев Мүсiрепов сияқты әдебиетiмiздiң бiртуар тұлғасын терең танып үлгеруiне ықпал еткенi айдан анық.

«Шындыққа сүйiспеншiлiкте» бүгiнгi прозашылар шеберлiгi сөз болған тұстарда ауызға алынбай қалуы мүмкiн емес Сайын Мұратбеков, Әкiм Тарази шығармалары хақында да түйiндi пiкiрлер бар. «Әдебиет мүддесiне адалдық» мақаласында автор көркем сөз өнерiн дамытуға себi тиетiн объективтi жағдайларға тоқталады. Ол жағдайлардың бiрi талантқа деген көзқарас. «Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» деген халық мақалын көлденең тарта отырып, сол даналық сөздi бiржақты түсiнуден сақтандырады. Бұрынғы КСРО құрамына кiрген одақтас республикалардың әдеби өмiрлерiндегi бiраз тағлым аларлық нышандарды насихаттап, әрбiр сәттi, салмақты туындының көркемдiк қуатының қайнар көзi неде екенiн дұрыс аша алудың қаншалық мән-мағынасы барын дәлелдейдi, әрi осы iске өз тарапынан үлес қосуға күш салады. Мысалы, С.Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз» романындағы, С.Шаймерденовтiң «Ит ашуы» повесiндегi, сондай-ақ жоғарыда есiмдерi аталған С.Мұратбеков, Ә.Тарази шығармаларындағы негiзгi қасиет жақсылық пен жамандықтың, парасаттылық пен дүмшелiктiң ара-қатынасын психологиялық дәлдiкпен бейнелеуiнде екенiн көрсеткен. «Парызға лайық парасатты сөз» атты мақаласында С.Мұқановтың ертеректе шыққан «өсу жолдарымыз», I.Омаровтың «Шабыт шалқары», Ғ.Мүсiреповтың «Суреткер парызы», Т.Әлiмқұловтың «Жұмбақ жан» атты сын жинақтарына, зерттеулерiне талдау жасаған. Әрине, әдебиетiмiзге басқа жанрларда орасан зор үлес қосқан (I.Омаровтан басқасы) бұл адамдардың әдебиет туралы ойлары жұртшылықты қатты қызықтыратыны белгiлi. Бұл еңбектерге С.Әшiмбаев тың қырынан келген. Кәнiгi суреткерлердiң сүбелi, iргелi еңбектерiндегi көркемдiк қуат, ой ұшқыны мақалаларында да дәл солай көз тартады екен. Жалғыз ғана ол емес, сыншы осы жазушылардың мақалаларын талдап отырып, жалпы суреткер ретiндегi дәрежесiн де дәл межелейдi. Мысалы, мына үзiндiнi алып көрiңiзшi: «...Т.Әлiмқұловтың қалам сiлтесiнiң сыры да, сипаты да өзгеше. өзгешелiгi сол, автор таныс әуендегi таптаурын талдау мен ой толғаудан бойын аулақ салған. Оқып отырып, етек бастылықты көп көрген ақынның осы уақытқа дейiн бажайлап байқай бермеген, жай байқасаң да басқаша байыптап көрмеген сырларына қапысыз қанығасың. Талант пен алмас ұқсас құбылыстар. Алмастың алпыс алты қырындай оның беймәлiм қырлары көп». (50-бет) Бұл жай тамсану емес, сыншы еңбегiнде Тәкен зерттеуiнiң ерекшелiктерi барлығы дәйектi дәлелденiп отырғанына иланбасқа амалың жоқ. Әдетте сыншы атаулы бiр жанрдың мүддесi үшiн ғана ат салысып қоя алмайды, көп жағдайда көп жанр туындылары хақында сөз айтуға мәжбүр. Мәжбүр деген артық-ауыстау көрiнуi мүмкiн сөзiмiз үшiн кешiрiм өтiнемiз, бұл мәжбүрлiк жалпы әдебиет алдындағы азаматтық парыздың бiр бөлшегi екенiн ескерткiмiз келедi. Иә, С.Әшiмбаев өз кiтабында қазақ өлеңiнiң сонау Абай заманынан бергi қалыптасып, өсiп-өркендеу жолына барлау жасап, бүгiнгi Мұқағали

Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, өтежан Нұрғалиев поэзиясының туу себептерiнiң түп қазығын, түп-төркiнiң iздейдi. «Ақын жанын жабырқатқан жайлар немесе Абай өлеңдерiн жүз жылдан кейiн оқыған соң туған ойлар», «өнер алды – қызыл тiлдiң» қызығы неде?», «өлең сөздiң өрнегi» мақалаларында бүгiнгi қазақ поэзиясына бастау болған Абай поэзиясын түп қазық етiп алады да, халқымыздың бүкiл ақындық өнерiнiң өсу, өркендеу баспалдақтарына шолу жасайды. Жай шолу емес, поэзияның адам өмiрiндегi, оның рухани дүниесiн қалыптастырудағы орнын анықтай түседi. Бұл тұста сыншы өзiнен бұрынғы ой иелерiнiң айтқандарын қайталамайды, өз тұрғысынан келедi. Мысалы, жоғарыда аталған мақалалардың ең алғашқысындағы мына жолдарды қайталап оқып көрiңiзшi: «Адамгершiлiк! Бұл сөздiк қорымыздағы сөлi ерекше, мәнi мәңгiлiк айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетiн анықтайтын бiрден-бiр аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тiршiлiктiң мәнiн, дүниенiң сәнiн төрттағандап ұстап тұрған ең ұлы принцип. шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдiреттiлiгiн танытатын ең ұлы күш! өйткенi, адамгершiлiкке негiзделген жерде не нәрсеге де құдiрет даритындығы мәлiм. Осы ұлы күш – адамгершiлiк қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы. Ал, оның белгiлi бiр адамдар бойындағы аздығынан айналасындағы адамдарға ғана емес, қоғамға да тиетiн кесiрi көл көсiр. Олай дейтiн себебiмiз, бiр кесiрлi адамның көп адамға тиетiн зиянының шексiз болатындығын еске алсақ, адамдық қасиетi тапшы бiр адамнан көп адам зор зардап шегуi мүмкiн. Мәселен, тарихта ойы олақ, сезiмi шолақ оспадар бiр адам соғыс бастап отырған да, ал қарапайым халық бостан босқа қырылып, шығынға ұшырап келген ғой. Халық ешуақытта соғыс бастамаған, тек жекелеген соғысқұмар адамдардың кесiрiнен келеңсiз кесапатқа душар болып отырған. Ондайлар көктен түспеген, олар да анадан туған, тек олардың қанында адамға деген сүйiспеншiлiктiң орнына, керiсiнше, жамандыққа бағытталған қараниеттiлiк сезiм басым келедi екен». (184–185-беттер) Осылай толғап келедi де адамгершiлiктiң, жамандыққа қарсы күрестiң өлең сөз өлкесiнде қандай кеңiстiктерге ие екенiн Абай шығармалары негiзiнде дәлелдеп шығады. Кейiнгi мақалаларында осы ойларын өзiмен замандас ақындар шығармалары негiзiнде жалғастырады. Бұл жерде бiр «әттеген-ай» дегiмiз келедi. Сыншының осы кiтабын құрастырып, шығарушыларға алғысымызды айта отырып, бiз жоғарыда атап өткен автордың көзi тiрiсiнде шыққан кiтаптарының бiрi «Талантқа тағзымдағы» «Балладалар шерткен сыр» атты мақаланың мына жинаққа кiрмей қалғанына өкiнiш бiлдiремiз. Құрастырушылардың бұл автордың бүкiл мұрасын қамтуға мүмкiндiгi де болмаған шығар, бiрақ мына аталған мақаланың оның ең таңдаулы шығармаларының бiрi екенiн ескерткiмiз келедi.

Мұнда сыншы баспасөз бетiнде үзiп-жұлқып сөз болғанмен аса қадiрленбей жүрген Ө.Нұрғалиев шығармалары хақында басқалармен пiкiр таластырады. Оның сюжеттi балладаларына немқұрайды қарайтын кейбiр сыңаржақ, жұтаң қабiлеттi әдебиетшiлерге осы ақын шығармаларын жанжақты талдау арқылы қатаң жауап берген деп ойлаймыз. Сонау соғыс жылдарындағы тыл өмiрiнiң шағын энциклопедиясы деуге лайық ақын туындыларындағы (мысалы, «Соғыстың соңғы жазы» атты үш кiтабындағы) шынайы реалистiк, поэтикалық оқиғаға құрылған шындықты көрмеу бiздiң бүгiнгi әдеби сынымыз үшiн үлкен мiн едi. С.Әшiмбаевтың ол мiнге көзжұмбайлық жасауға кезiнде ары бармаған болатын. Мысалы, ол мақаласында Ө.Нұрғалиев кiтабынан мынадай үзiндi келтiредi: Солдат келедi деген сөздiң тықырын Ести қалсақ, табамыз да ұтырын, Iздеп барып, сүйiншiге ұялмай Сұрап алдық қарындаштың тұқылын.

Тiлiмiздiң ұшыменен бiр жалап, Құрбандыққа шалған малдай құрмалап, Қалап алған ат-түйедей қарындаш Жөнеледi ақ қағазбен жорғалап. Қағаз қайда! Қағаздан да жұтап тым. Қалғандаймыз басын шайнап бұтақтың, Ешкi құсап шөп таппаған, түртемiз Сарғыш бетiн латынша кiтаптың. (240-бет).

Бұл жолдар хақында көп тәптiштеп жатудың жөнi бар ма? Аксиоманы дәлелдеу авторға абырой әпермек емес. Сыншы да осыны ұға отырып, оқушысын даусыз шындықтың түбiне өз зердесiмен жетуге итермелеп, дәл осы тұста пiкiрiн қысқа қайырады. Онысы дұрыс та. С.Әшiмбаевтың «Шындыққа сүйiспеншiлiк» кiтабындағы түйiндi ойлардың ең бастысы ол өткендегi дәстүрлердi қадiрлеуге, бүгiнгi жаңашылдықты сол дәстүр тезiнен өткiзiп барып бағалауға шақырады. Ол ғана емес, өткендегi бұралаң жолдар үшiн бүгiнгi ұрпақ өзiн де кiнәлi санаса бiздiң жазушылық арымызға ең тиiмдiсi сол дегенге үндейдi. Сағат Әшiмбаев сондай-ақ бүгiнгi қазақ әдебиетiнде сын жанрының жағдайы жөнiнде жаны ауыра сөйлейдi. «Проблемалар мен мiндеттер немесе соңғы жылдардағы сынға көзқарас» мақаласы шолу түрiнде жазылғанмен бұл жанрдың бiзде қатты жүдеулiкке ұшырап отырғанын, оның себептерiн, жазушылық мәдениеттiң төмендiгiн, сынға деген көзқарастың әдебиетке деген қамқорлықпен кейде үш қайнаса сорпасы қосылмай кететiнiн, басқа да келеңсiздiктер көрiнiстерiн қамтыған. Кейбiр Жазушылар одағына мүшелер өз шығармасына қандай да бiр әрiптесi баспасөз бетiнде қатты да

жүрекжарды пiкiрiн айта қалса сол әрiптесiнiң соңына түсудi қалған өмiрiнiң басты мақсат-мұратына айналдыратынын ескертiп өтедi. Мұндай жағдайда сын жанры қалай өрге баспақ, ал сын жанры тұралаған жерде өзге жанрлардың ұшпаққа жете алуы екiталай, тiптi бiржола құрдымға кетуi де ғажап емес деген мағнада пiкiр тарата сөйлейдi. Иә, Сағат Әшiмбаевтың «Шындыққа сүйiспеншiлiк» атты кiтабынан бүгiнгi әдебиеттiң жай-күйi туралы ойлардың небiр тұнығына қанасың. Әдебиет жанашырлары мен қаламгерлердiң көкiрегiне қозғау саларлықтай пайымдаулар түзiлген. Әттең сыншы арамыздан ерте кеттi. Егер ол қазiр тiрi болса «Байлар да жылайды», «Қарапайым Мария» сияқты айларға, тiптi жылдарға созылатын, баланың ойыншығындай мағынасы сұйық мексикалық телесериалдарды жалықпай тамашалауды тiрлiктегi басты қызығына балаған, бiздiң республиканың ғана емес, Ресей бастаған бұрынғы барлық одақтас республикалардың да бүкiл жұртшылығын жайлаған рухани қайыршылыққа қарсы бiрiншi болып дауыс көтерер едi. Бұл қайыршылық экономикалық құлдыраудан ғана емес, жалпы терең философиялық, әлеуметтiк мәнi бар, көркемдiгi жоғары әдебиет пен өнер туындыларына деген салғырттықтан, оны ашып айтуға тиiс сын жанрының күйзелiстi күйiнен екенiн айтар едi. Иә, амалымыз не? Солай десек те С.Әшiмбаевтың бiз сөз еткен кiтабында осы бағдарлас айшықты пiкiрлердiң бiраз баршылық екенiн қанағат тұтамыз. Сөзiмiздiң соңында бүгiнгi экономикалық қиындықтар жағдайында кiтап баспалары қаржы, қағаз жөнiнде қатты қыспаққа алынған шақта өлiнiң аруағын құрметтеп, қайтарымы өте аз жанрға жатады делiнетiн осындай сыни кiтапты шығаруға ат салысқандардың баршасына тағы да шын жүректен алғыс айтамыз. 1994 жыл.

ШЫНДЫҚ – ЖЫР ӨЗЕГI

Ақын Қайрат Жұмағалиевтiң бүгiнге дейiнгi ақындық өсу жолының көрсеткiшi деуге лайық «Көңiлiмнiң сарасы» 1 атты көлемдi жинағының бiрiншi бөлiмi «Замана ырғағы» деп аталыпты. Иә, замана ырғағы, замана екпiнi, замана даусы. Қай өнердiң де адамына өз ерекшiлiктерiн көсе-көлденең тартып, соның нақыш-бояуынан тоят алуын қатаң үкiммен тапсырып, онсыз басқаға мойын бұрғызбайтын бөлек құбылыс. Әрбiр адамның өмiрiн жер бетiн неше алуан рет құрсаулап, белдеулеп, кесiп өтетiн ұзақ жолға баласақ, бұл жолда ми қайнатар ыстық та, қан мен жүректi мұз етер сұрапыл аяз да, алып бәйтеректердi тамырымен жұлып, тас қопаратын дауылдар да, құлаққа ұрған танадай тыныштық та кездесетiнi кiмге беймәлiм. Бiрақ сол ыстық пен аязда, дауыл мен тыныштықта жеке тағдырдың ғана нышан-белгiлерi құндақталмайды, замана ырғағының, замана екпiнiнiң, замана даусының өрнектерi ап-айқын-ақ көрiнiп жатады.

Мысалы, осы сөз болып отырған жинақ авторының тұрғыластары – соғыстың аз-ақ алдында дүние келген ұрпақтың балалық шағы мен есею жылдарын сонау революция қарсаңында туғандардың жастық кезеңiмен салғастыруға бола ма? Әрине, жоқ! Ол күн мен бұл күннiң, ол жыр мен бұл жырдың ұзын-ырғысы мен мазмұн, сипатында жер мен көктей айырмашылық бар.

Планетаның жүзiне Адам ұлы қарайлар: Кейбiреуi мұңайса, кейбiр жүзде арай бар. «Ғажап үлкен көрiнген жер-анамыз, Байқасақ, Жұдырықтай екен» деп дәлелдеп жүр талайлар. Мен де мұны ақылдың салып көрдiм тезiне, Салғырт қарап, самарқау қалмасымды сезiнем. Жер жаһанның осынау, кеңдiгi мен тарлығы Ойлап көрсек (шыны сол!) Адамдардың өзiнен!

«Егер ойлап қарасақ» атты өлеңнiң (60-бет) алғашқы осы екi шумағын жинақтағы ең бiр үздiк жолдар ретiнде емес, әрбiр ұрпақтың үнiндегi замана сипатының өзiндiк бояуы болатынын дәлелдеу үшiн келтiрiп отырмыз. Мысалы, 20-30 жылдардағы қазақ поэзиясынан осындай немесе осыған ұқсас жолдарды таба алар ма едiк? Бүкiл планетаға бiр қырынан қарау дәстүрi қазақ өлең-жырына осы 6070-жылдар әлетiнде ғана бастырмалата енiп жүр. Оған орыс поэзиясының да көптен-көп ықпалы болғанын да естен шығармау лазым. Ал әрбiр дәстүрдiң өмiрге келуi тиiстi алғы шарттарға да байланысты. Бұрынғы ескi аңыздарда, хиссаларда жиi кездесетiн «алты айшылық жол», «Темiр етiк теңгедей, темiр таяқ тебендей болғанша» деген сияқты сөз тiркестерi бүгiнгi тұрмысымызда өз орнын жоғалтқандықтан архаизмге айналып барады. Атом, космостық шапшаңдық ғасыры табынымызға тiрек болған қара жер туралы ұғымымызды өзгертiп, ғасырлар бойы ата-бабамызға қорғаныш болған сол қара жер барлық тылсым жұмбақтарынан айрылып, адам баласының алақанындағы қуыршақтай қайта оның өзi қорғаныш тiлейтiн күн туғанын ақын Қайрат Жұмағалиев өзiнше сезiнiп, толғағысы келедi. Жұмыр жердiң тағдыры адамзаттың тағдыры. Сондықтан да оның қай пұшпағынан шаң шықса да ақын көңлi елең ете қалады. Жай елең етпейдi, оған ақындық үнiн қосып, болашақ апаттарды болдырмаудың әрекетiне араласады. Бұл ретте ақынның ең алдымен табан тiрейтiнi, өз Отаны, Коммунистiк партия, оның бейбiтшiлiк сүйгiш сыртқы саясаты.

«Алакөз араз күнмен қоштастырып, (Қайғы, дерт кетпесiн деп босқа асқынып!) Келедi Ұлы Октябрь Әу бастан-ақ Елдердi, Халықтарды достастырып»,

«Октябрь туралы ода» атты ұзақ өлең мазмұнының негiзгi салмағы осы бiр шумаққа түсiп тұр. Бейбiтшiлiктi қорғау, соғысты болдырмау, жаппай қарусыздану сияқты бүкiл дүниежүзiлiк мәнi бар аса күрделi шаралар тек сөзбен ғана iске аспайды, оны iске асыру үшiн осы саясатты қолдайтын күш-қуаты бәрi сай ұлы держава керек, мемлекеттер құрамы керек, топтасқан халықтар бiрлiгi, күресi керек. Бұл жәйттi жақсы сезiнген ақын осы мәселелерге көптеген өлең шумақтарын арнаған. Отан қуатын әлi де нығайта түсу, оның барлық елдер мен мемлекеттер арасындағы тең праволы қатынас орнату жолындағы табанды күресiн жалпақ дүниеге насихаттау өзiнiң жан-жүрегiнен шыққан жалын үнi екенiн сездiре сөйлейдi. Ақын қайда жүрсе де осы дәстүрден танбайды. Мейлi жер жаннаты – Жетiсуды суреттесiн, мейлi кiндiк қаны тамған туған жер туралы толғасын, мейлi ұзақ-ұзақ сапар үстiнде сыр шертсiн, үлкен аға, ұстазға, жасы кiшi iнi мен қарындасқа өлең арнасын бәрiнде де өз Отаны хақындағы iшкi сүйiспеншiлiгi атой берiп тұрады. Тек жалаң сүйiспеншiлiк емес, қазiргi планетада күн мен түндей бiр-бiрiне қарама-қарсы екi күш барын аңғартып отырады. Мысалға «Балтық бойында» циклынан «Екi ағыс» атты өлеңнiң алғашқы шумақтарын оқып көрiңiзшi (171-172-бет):

Жүзгенде бұла Балтыққа Бала боп кетсем артық па? Сүңгiп те көрдiм тереңге, Жағаға шықтым малтып та Алапат дүлей заңғардың Сырына сонда қанғанмын, Бұлыңғыр толқындарында Екi ағыс барын аңғардым. Тұл теңiз, тегi сынағыш Ұзайтын болсаң тым алыс Жетелер: Бiрi тым суық, Бiреуi аса жылы ағыс. Шаттық пен мұңың тәрiздi Ойпат пен шыңың тәрiздi. Әлемдi кезек айналған Күнiң мен түнiң тәрiздi. Егер үстiрттеу қарасаң солтүстiк теңiзiнде байқалатын жай бiр ғана табиғат көрiнiсi сияқты. Ал шындығында Қ.Жұмағалиевтiң оған үлкен әлеуметтiк астар берiп тұрғанын аңғарамыз. Әлеуметтiк өмiр мәселелерiнiң өз қасынан екi елi қалмайтынын ақынның өзi де мойындайды.

Ойлансаң таң-тамаша қаласың да Тiрлiктiң тылсым сыры бар осында Жыр толғар сәтiмде мен Жүрем ылғи Шың менен шыңыраудың арасында, – деп бастайды ақын «Қалау» атты өлеңiн (134-бет). Алғашқыда оқушы шың мен шыңырауы несi деп алаңдай бастайды. Сөз мәнiсiн өлеңдi оқи барып түсiнесiң. өз басының бiр сәтiн ғана бейнелейтiн осы бiр шағын лирикалық өлеңде де ақын таңдайына татыған бейбiтшiлiк күннiң қамын ойлайды. Себебi, ол жас та болса өткендегi бұлыңғыр күндердiң қара жабуын есiнде жақсы сақтапты. Қаларым: қанға жаһан боянбасын, Кетпесiн лайлап пәк ой арнасын. Даналықтың ұясы – Веймарлардың Қасынан Бухенвальдтар оянбасын!

Бұдан артық қалайша ашық сөйлеуге болады. Зұлымдық деген аспаннан қара бұлт боп келетiн нәрсе емес. Керiсiнше жер астынан бiртебiрте оянатын вулкан iспеттес қатерлi күш. Оны құр қолмен жаба салу да мүмкiн емес. Оған қарсы баршаның қуат-қажыры керек. Мiне, Қайраттың азаматтық лирикасындағы негiзгi ойдың лейтмотивi осыған саяды. Қ.Жұмағалиевтiң жинағындағы жырлардың негiзi көңiл-күй лирикаларынан тұрады. Бiз оларды шартты түрде ғана осылай көңiл-күй лирикалары деп атап отырмыз. Ал шындығында жоғарыда талданған «Қалау» атты шағын өлеңiндегiдей олардың бәрi қоғамдық, саяси мәнi бар мәселелерге барып табан тiрейдi. «Өмiр күнде той емес», «Жылтырағанның бәрi алтын емес» дейдi халық даналығы. Егер бiз айналамызды, қоршаған ортаны тек қана дәрiптей берсек көп нәрседен ұтылатынымызды да бiлемiз. Партия мен үкiметiмiз соңғы жылдары парақорлыққа, алыпсатарлыққа, жауапсыздыққа қарсы күрес жолдарын белгiлеген бiрнеше қаулылар қабылдады. Ақын бұл мәселеден қалай шет қалсын. Жаңа жауған ақ қарды әлдебiреулер лас етiгiмен таптаса ақын көңлi тыжырынады. Ақтық, күнәсiздiк атаулыға қорған болуға ұмтылады. Зұлымдықтың көбiне бес қаруы сай келедi. Ал ақтық, күнәсiздiк олай емес, емiн-еркiн көсiлген кең даланың төсiндей көбiне-көп ашық жатады.

Оған қарап, ақтық пен күнәсiздiктi тым дәрменсiз, қорғансыз деп те қарауға болмайды. Олардың мейiрбанды адамзат атты ұлы одақтасы бар. Ақын зұлымдыққа қарсы күресiнде соған арқа сүйейдi. Басқаларды да соған үндейдi. Зұлымдық, тiптi жалпы жамандық атаулының тағы бiр айлакерлiгi, ол өз киiмiмен емес, көбiне өзгенiң киiмiмен келедi. Мiне, мұндайда жаза басып, қараны ақ деп қалу сияқты қателiктен сақтандырады. Өмiрдiң Қуған емен өзге есебiн, Әр таңмен Пәк арыммен кездесемiн. Бiлiп келем – Шындық та бұл ғасырда Кейде Қоспа түрiнде кездесерiн. («Шындық шұғыласы» өлеңiнен 211-бет.)

Қ.Жұмағалиев өлеңдерiндегi бiр қасиет ой айқындығы. Кейбiр жинақ авторлары өлеңдерiмiзде мазмұн тереңдiгiне жетемiз деп, бұлыңғарлыққа, түсiнiксiздiкке соғатыны бар. Қайрат ондайдан аулақ. Қайта негiзгi ойдың жазық далада жалғыз өскен бәйтеректей алыстан мен мұндалап тұруына күш салады. Оған мысалды ұзақ iздеп әуре болмаймыз. Жоғарыда келтiрiлген шумақ бұл ойымызды тап басып дәлелдейдi. Тек жекелеген шумақтар ғана емес, кiтапқа енген «Тыңда түлегендер», «Беймаза бақыт», «Шам шаһарында», «Ақырғы матч» поэмалары мен бiрқатар балладаларын да осындай мазмұн, ой айқындығы үшiн бағалаймыз. Мақаламыздың басында бұл жинақты Қайрат Жұмағалиевтiң ақындық өсу жолына, көрсеткiшiне баладық. Ал осынау салмақты кiтапты оқып отырғанда көңiлге олқы соққан жәйттер бар ма? Бар. Соның ең бастысы Қайратқа ғана емес, бүгiнгi бүкiл қазақ поэзиясына тән тақырып аясының тарлығы дер едiк. Бiр тақырып, кейде екiншi тақырыпқа ұқсап, бұдан барып, ақынның көптеген ойлары, әсiресе, өткен шақ, келешек, үлкен-кiшiге iлтипат төңiрегiне құрылған толғаулары өзара егiз қозыдай жамырасып тұрғанын байқайсың. Орыс және шетел поэзиясының бүгiнгi озық үлгiлерiнде тақырып ауқымының дәстүрлi шеңберден әлдеқашан шығып, алыс қияларға, адамның көзi мен көңiлi сезетiннен де шалғайырақ тартып отырғанын көрiп сүйсiнемiз ғой. Сондай-ақ, аталмыш кiтапта ұйқас қуушылық, кей сөздердiң өз орнында қолданылмауы, мардымсыз арзан ойдың жетегiнде кету сияқты кемшiлiктер де кездеседi. Бұл шындық Қайраттың алдағы күндегi еңбегiне үлкен мектеп болсын деймiз. Бiз мұнда ақынның азаматтық, әлеуметтiк лирикалары төңiрегiнде ғана ой айттық. Ал сөз болып отырған осы жинаққа, мейлi Қайраттың жалпы творчествосына өзге қырларынан қарау басқа мақалалардың мiндетi.

Осынау көлемдi кiтапқа сүйсiне алғысөз жазған аға ақын Қалижан Бекхожиннiң пiкiрлерiне қосыла отырып, Қ.Жұмағалиевтiң бұл шыңдала түскен шағы, ал келешекте өз жырымен бұдан да зор талап деңгейiнен көрiнетiнiне сенiм бiлдiремiз. 1982 жыл.

БАЛА ЖАНЫНЫҢ ПЕРНЕСI

Жапонияның аса көрнектi жазушысы Ясунари Кавабата 1968 жылы Стокгольм қаласында өзiне Нобель сыйлығының тапсырылуына байланысты сөйлеген сөзiн мынадай бiр шумақ өлеңнен бастаған екен: Цветы – весной, Кукушка – летом. И осенью – луна. Холодный чистый снег Зимой.

«Мұндай қарапайым суреттер, қарапайым сөздер әлде бiр оймен емес, қайта әдейiлеп көпе-көрнеу қатар қойылған, бiрақ солардың өздерi жапон жанының ең қастерлi мәнiн жеткiзе алады» – дептi Кавабата. Дүние жүзiне аты мәлiм зергер жазушының осындай ыстық ықыласқа толы сөздерiн арнаған бұл өлең жолдарының авторы 1200–1253 жылдары өмiр сүрген жапон ақыны Догэн екенiн ескерсек, әрi бұл шумақтың құрылысындағы нәзiктiк, қарапайымдылықты пайымдап бақыласақ онда мұның балалар поэзиясына жататынын аңғарамыз. Ал осы өлең жөнiнде Я.Кавабата бiр рет қана жылы лебiз бiлдiрiп қойған жоқ, шет жұрттықтарға тым жеңiл құрылған жыл мезгiлдерiнiң бейнесiн қарапайым жолмен бiрiктiре салған сияқты көрiнуi мүмкiн болса да бұл өлеңдегi терең, жылы сезiм өзiн қатты баурайтынын талай рет айтқан. Бұл өлеңдi Я.Кавабата бала кезiнен жаттап өскен. Ендi есейiп, осы заманғы проза майталмандарының бiрiне айналған күнде де сол ана сүтiмен бiрге енiп, көкейiне қонған шумақты ұмытар емес. Тебiрене есiне алады. Туған елдiң, жердiң ұмытылмас шәрбатынан қайта дәм татқандай сүйсiнедi. Жалғыз қалам иелерi ғана емес, колхозшы, жұмысшы, мейлi қай мамандықтың адамы болмасын бала кезiнде құшырлана оқыған жырын ешқашан ұмытпақ емес, оны туған халқының қадiр-қасиетiндей көрiп, жадында сақтайды. Сондықтан да болар балалар әдебиетi, оның iшiнде балалар поэзиясы партия мен үкiметiмiздiң тұрақты қамқорлығына алынып келедi. «Жазушы» баспасынан шығатын жасөспiрiмдерге арналған кiтаптардың жалпы көлемiнiң артуы қалам иелерiне кең жол ашты. Тек бала жанының қыры мен сырын аңғарып, одан өткiр де өтiмдi поэзиямен ұшқын шығара бiл. Бала жаны да сезiмтал, жақсыдан әсер алғыш. өлең сөздiң жарқ ететiн асылдары оның көзi мен көңлiнен қақас кетпейдi. «Бүгiнгi өлең

оқылмайды, жатталмайды» деген сияқты етек алып кеткен кейбiр ұғымдарды ең алдымен осы балалар поэзиясы арқылы быт-шыт қылуға болады. Ал осы жанрдың бүгiнгi нарқы қандай екен, бiраз кiтаптар арқылы ой қорытып көрейiкшi. Әбдiрахман Асылбеков. «Түрлi-түрлi бала бар». «Жазушы» баспасы. 1974 жыл. Баспахана бояуы кеппеген, жап-жаңа кiтап, мөлдiреп алдымызда жатыр. Адам жанын ашылмаған кiтапқа теңейтiндер бар. Шынында адамның жанындай болғаны ма? Жоқ, адам жанына теңелетiн кiтаптар ол ғасырларды мұхиттың толқынындай еңсерiп, сан ұрпақтың ойы мен санасына жел берiп, сәуле құйған даналардың туындылары шығар. Ал бұларды айтып алып, ондай таулардың қасында мынау кiшкене төбешiктей, тiптi тас кесектей ғана деп, Әбдiрахманның терлеп-тепшiп жазған дүниелiгiн кiшiрейтпек емеспiз. Әңгiме басқада. Адам жанын ашылмаған кiтапқа теңеген сөздi байқап, барлап, тағы бiр қарасақ, мұнда кiтапқа қойылатын талаптың аса жоғары екенi көрiнiп тұр. Егер сол талап биiгiнен қарасақ Әбдiрахманға «Сен әлi өсу үстiндесiң, талпына түс» дегендi батыл айта аламыз. Алайда, «Түрлi-түрлi бала бар» жинағы Әбдiрахманның өз жанрымен қайта табысқанын аңғартады. Бұрын үлкендер үшiн де, балалар үшiн де өлең кiтаптар шығарып, олары үшiн баспасөз бетiнен алуан түрлi, тiптi бiр-бiрiне кереғар пiкiрлердiң талайын естiген жас ақын өзiнiң жүрер жолын ендi жiтi аңғарған сияқты. Иә, Әбдiрахман жанры – балалар поэзиясы. Ендi содан ауытқымай, шетке шықпай бiр бағытта алға басса екен деп тiлек бiлдiремiз. Әңгiменi ендi тiкелей кiтапқа бұрсақ бiз мұнда тақырыптың сан алуандығын ең алдымен айтар едiк. Бүгiнгi өмiрдi, техниканың пайдасын, табиғатты танытуда бiршама тапқырлық жасайды. «үйрену» атты өлеңде адамның инелiкке қарап вертолеттi жасағанын, су астындағы балық қозғалысын бақылап, сүңгуiр қайықты, қақпағы бүлкiлдеп қайнаған аққұманға қарап, паровозды жасағанын, тағы осы сияқты мысалдарды келтiрiп, жып-жылы өлең жолдарын құрастырған. Алфавитке арналған «Қанатты қатар», «Аңдар алфавитi», «Жасыл жапырақтар», сондай-ақ «Санамақтар», «Ұйқасын тап» сияқты ұзақ өлеңдер iшiнара ұшырасып қалатын сәтсiз жолдарына қарамастан жинақ құнын көтерiп тұрған туындылар. «Арамызда бәрi бар», «Арманның өз әнi бар», «Мысалдан да тәлiм ал» деген жалпы тақырыппен берiлген тарауларда балалардың сан түрлi қылықтарын, ойларын қырағылықпен дәл баса бiлген. Айтар тiлегiмiз тек өлең жолдарын қағазға түсiргенде барынша ыждаһатты бол, көркем сөздiң көзiн әрдайым тауып отыр деу. Ескен Елубаев «Баламысың деген». «Жазушы» баспасы. 1973 жыл. Балаларға арналған өлеңдердi бiраздан берi жазып келе жатқан жас ақын ой жинақылығымен, сәттi теңеулерiмен көзге түседi. «өзен» атты өлеңiн алайық:

Тау басынан Құздардан, Тасты соғып Бұза алмай, Тау өзенi Келедi, Ойнақтаған Бұзаудай. Ал, еңiсте ағады Жайбарақат жұлынбай. Маң-маң басқан, Жай басқан Сүттi сауын сиырдай. Жас баланың көзiнде айқын сурет қалары анық. Бұл тақырыпқа жазылған өлеңдер өте көп деуге болады. Ескен болса олардың бiрiне де елiктемей жас оқушыны елең еткiзетiн тың жол тауып кетiп отыр. «Пара» атты өлеңдер шешесiнiң айтуымен көршi үйден бiр қайнатым шай алып келе жатқан Есен атты балаға досы жолығып қайда барасың дегенде ол шешесiнiң қайда жұмсағанын айтады. Ал мына «наның не» деген сұраққа Есен:

Нан бермесең, жүргiзбес жолымдағы, Бұл көршi үйдiң қабаған итi үшiн, – деп жауап бередi. Бұл жерде де жас ақын кiшкентай оқырманның көкiрегiне тоқ етiп тиер жайды айқын жеткiзген. өзiнiң әлсiз сужүректiгiнен итке «пара» беруге душар болған бала қылығы ойландырып тастайтыны анық. Бала мiнезiндегi кекшiлдiк, жиi-жиi болымсыз нәрсе үшiн бiр-бiрiмен «атысып-шабысып» қалатын қырғи-қабақтық «Табыңдар» атты өлеңде дұрыс сыналған. Отырған соң зерiгiп, Бiр ермектi тауыпты. Бiр-бiрiне керiгiп, Ерегесiп қалыпты. Асан айтты: Алманың пiскенi маған, Көгi саған. үсен айтты: Қиярдың пiскенi саған, Көгi маған. Асан айтты: Қарбыздың iшi маған,

Сырты саған. үсен айтты: Дүмбiлдiң iшi саған, Сырты маған.

Асан мен үсен атты екi баланың «айтысы» осы түрмен бiраз жалғасып барады да ең соңында ақын оқырманға «Неге бұлай айтысты, табыңдаршы өздерiң?» деген сұрақ қояды. Әрине, бұған ешкiм турасын айтып жауап бере алмайды. Бiрақ осындай кемшiлiк өз басында бар жасөспiрiм дағдарып, бiр сәт ойланып қалары анық. Е.Елубаевтың бұл жинағында баланың терiс қылығына арналған өлеңдер тым көп екен. Тiптi кiтапшаның денi солардан тұрады деуге болады. Алайда, балалар психологиясынан, педагогикадан хабары бар адамдар олардың үнемi мiнiн бетiне баса беру дұрыс емес екенiн бiледi. Мұндай өлеңмен қатар балалардың оң iстерi туралы, мектеп өмiрi, балалардың оқуына лайықты үлкендер тiрлiгi жайындағы баяндайтын шумақтардың болғаны да жақсы. Әрi балалардың туған жерге, табиғатқа, Отаны, халқына деген сүйiспеншiлiгi ешқашан игерiлiп таусылмайтын кең шалқар дүние, – мол тақырып, емес пе? Ескеннiң тағы өзiнiң «Уәде» атты өлеңiнен кездесетiндей:

Iнiсi егер жылай ма, Жұбатады қалай да. үйдiң әптер-тәптерiн Шығармайды былайда, немесе,

Ел алдында отырып, Сөйледi өзi өтiнiп. Осындай уәде бердi ол, Шаш қою үшiн кекiл қып, – деген сияқты бiр қайнауы iшiнде кеткен сылбыр түсiнiксiз шыққан шумақтардан сақ болғанын қалар едiк. Шаймерген Әлдибеков. «Нөсерден соң». «Жазушы» баспасы. 1974 жыл. Бұл жинақта да көз қуантарлық шумақтар баршылық. Бұл ақын да тек үнемi жоғары мүмкiндiк деңгейiнен көрiне бермейтiн сияқты. Ара-тұра өлеңнiң жiбiн босатып алады екен. Мысалы, «Шыбық-ат» атты өлеңде талды ат қып мiнген баланың есер көңiлiн жап-жақсы баяндай бастайды да тап аяғына келгенде жерiне жетпей болдырып қалғандай шабысы бәсеңдеп, тоқтайды. Жинақтың жартысына жуығын «Мың бiр түннiң» бiр хикаясы негiзiнде жазылған «Жұмбақ жалшы» атты ертегi алып тұр. Оқиғасы былай: Бiр бай кәсiп таппай жүрген кедей жiгiттi алдап-сулап, биiк таудың етегiне алып барады да, оны жаңа сойылған сиырдың терiсiмен орап тастайды. Өзi аулаққа барып тұрады. Алып қара құс шүйiлiп келедi де терiге ораулы жiгiттi биiкке әкетедi. Қарақұс тау төбесiне барып қонып, ендi олжасын жей бастағанда жiгiт iштен терiнi қанжармен жарып шыға келедi. Аяғының астына қараса жыпырлап жатқан асыл тастар екен. Бай төменнен сол тастарды берi жiбере бер, сенi өзiм құтқарып алам дейдi. Ақырында олжаға кенелген бай тау

төбесiндегi жiгiтке назарын да салмай жүре бередi. Бiрақ байдың ойлағаны болмайды, осы кептi кедей байдың өз басына да келтiредi. Бұл ертегiнi кезiнде Абай да өзiнiң «Әзiм әңгiмесiне» арқау еткен. Шаймерген оқиға барысына, оның мағынасына өзiнше өң бере жырлаған. Алайда, осыған қарап, авторды құптай қоюға көңiл-хошымыз жоқ. Әрине, бүгiнгi жазба әдебиет тәжiрибесiнде ертегiнi арқау ету, оған жаңа мазмұн беру бар. Бiрақ бұрын қаламға iлiнген ертегi оқиғасын қайта түйрелеп, илектеп жату жөн бе? Абай өз дастанын аяқсыз қалдырғанмен адалдық пен зұлымдықтың бетiн бiраз ашқан едi ғой. Бұл оқиғаны басқа жанрда, немесе, көркем фильмде игерсе әңгiме басқа болар едi. Бүркiт Ысқақов. «Сенiң өлеңдерiң». «Жазушы» баспасы. 1974 жыл. Бұл жинақтың бiрiншi жартысы ғана балаларға да, екiншi жартысы үлкендерге арналған. Мұның қаншалықты дұрыс екенiн қайдам, жалпы алғанда екiншi бөлiгiнде өлеңдер жаман емес. Алайда, әңгiмемiз балалар поэзиясы туралы болғандықтан бiз бiрiншi бөлiгiне ғана тоқталайық. Екеуi қабаттаса берiлгендiктен бе, жоқ әлде автордың екi жанрға бiрдей бой ұрғандығынан ба мұндағы балаларға арналған өлеңдерге үлкендер поэзиясының «салқыны тиген» сияқты. Жас оқырмандарды елең еткiзетiн тапқырлық жетiсе бермейдi, одан гөрi жадағай ұран, үгiт-насихат басымырақ боп кеткен сияқты

Бiз балалар бағында Тұрамыз өте көңiлдi, Көп болсақ та, достықпен Өткiземiз өмiрдi, – деген сияқты шумақтар осы пiкiрiмiздi растай түседi. Балалар поэзиясы жүрдiм-бардым, iс арасында шұғылдануды көтермейдi. Оған әр талант бар жiгерiн, бүкiл өмiрiн арнап, «жүрегiнiң қанын берiп» айналысқанда ғана биiкке көтерiле алады. Жасөспiрiмдердiң сүйiспеншiлiгiне бөленедi. Бұл ретте «балалар үшiн қалай жазу керек?» деген сұраққа ұлы Горькийдiң «үлкендерге сияқты, тек одан тәуiрiрек жазу керек» деп жауап бергенiн естен шығармау керек. Данышпан қаламгердiң бұл сөзiнде балалар поэзиясына қойылатын талап деңгейi айқын аңғарылады. 1975 жыл.

ЕЛ ТАҒДЫРЫН ТАРАЗЫЛАСАҚ... Д.А.Қонаевтың «Өттi дәурен осылай» атты кiтабын оқығанда туған ойлар Д.А.Қонаевтың «Өттi дәурен осылай» атты кiтабын ойлы көзбен сараптай оқыған адам мынадай бiр жағдайға назар аудармай өте алмайды. Ұлы Отан соғысы басталып, нағыз күшiне енген 1942 жылдың сәуiр айында сонау Риддер (қазiргi Лениногор) металлургиялық комбинатының директоры

болып жүрген Дiнмұхамед Ахметұлы астанамыз Алматыға шақырылып, Қазақ ССР Халық комиссариаты төрағасының орынбасарлығына сайланады. Яғни, сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Скворцовтың сөзiмен айтсақ «Одаққа бағынышты өнеркәсiп орындарының жұмысымен шұғылданатын болады». Ал осы сөздердiң тасасында не жатқанын зерделi оқырман аңғармай қоймас деп ойлаймын. Қайталап ежiктеп көрейiкшi: бұл қай жыл? 1942 жыл. Соғыстың бұрынғы Кеңес Одағының шет-пұшпағынан мықтап тiстеп, ендi бiржола жұтып бара жатқан жылы. Ол кездегi бiрiншi мақсат не едi? Әрине, ел қорғау. Мiне, сондай шақта отыз жасар жiгiт бүкiл Қазақстан Республикасындағы Одақтық бағыныштағы бүкiл өнеркәсiп орындарын, яғни қорғаныс мақсатына қызмет ететiн заводтарға, фабрикаларға, кен орындарына, ашығы бар, жабығы бар, басқа да қыруар өндiрiстерге басшылық жасауға шақырылады. «Iште пiкiр өлгенше» дейдi ғой қазақ. Кiтаптың осы тұсына келгенде амал жоқ мынадай бiр оқиға бiздiң де есiмiзге түстi. 1986 жылы желтоқсанда Д.А.Қонаев орнынан түсiп «қазақ тiлiнiң жанашыры» Колбиннiң айдарынан жел есiп тұрған шақта астана студенттерiмен болған бiр кездесуде: «Сiз Қонаев жолдасты қалай бағалайсыз?» деген сұраққа бәрiмiзге танымал аға жазушыларымыздың бiрi «Қонаев асып бара жатқан қабiлетi жоқ, тек қана бақ көтерiп кеткен адам» деп жауап бердi. Мұндай пiкiрлер Қазақстан Жазушылар одағының үйiнде сол Колбинмен болған кездесулер үстiнде де айтылып, жүрегiмiздi ауыртты. «Бақ көтерiп кеткен адам» деген сөзде шындық жоқ деп бәрiн таза тақыр етiп сипап тастауға да бара қоймаспыз. Әрине, Дiнмұхамед Ахметұлы өте бақытты адам. Ол жағын бiздiң көз алдымызда өткен өмiрi де, мынау өзiнiң мемуарлық кiтабында бейнеленген тұтас өмiр жолы да толығымен дәлелдеп бередi. Ол бақ бұл кiсiге қайдан келдi, кiтаптың бас жағында Дiнмұхамед Ахметұлы өз арғы тегi жайында қысқаша шолу жасай келiп, ұлы атасы Азнабайдың өз ағайындарына өкпелеп, Iле бойынан сонау бүгiнгi Семей облысы жерiндегi Тобықты елiне қоныс аударғанын, баласы Қонайды солардың қызына үйлендiргенiн, кейiн Азнабай дүние салған соң Қонай қайын жұртының иықтағанын көтере алмай Жетiсуға қайта көшпек болғанын баяндайды. Сонда тобықтылар «бақ деген көшпелi, қыз алған күйеуге де кетедi, қыздан туған жиенге де кетедi» деп, Қонайды жiбергiсi келмейдi. Бiрақ Қонай илiкпептi, әйелi мен қызын тастап, ұлы Жұмабайды алып, тайып тұрса керек. Бәлкiм, сол тобықтылардың сөзi расқа шығып, солардан ауып келiп, тұқым қуалап жеткен бақ па екен? Бұл жерде ол бақтың қайдан келгенiн бұдан әрi қазбалап жатпайық. Қайталап айтсақ Қонаев шынында бақтты адам, солай болсын. Тек осыған қарап, бәрiн соған сайып, ол кiсiнiң бойындағы сұрапыл қажыр-қайратты, Алатаудың заңғар төсiндегiдей сабырлылықты, ұстамдылықты, екiнiң бiрiнде бола бермейтiн терең зейiн мен ғұлама ғалымдықты, ең ақыры адам түгiл құдайдың өзi жоққа шығара қоймас тамаша ұйымдастырушылық қабiлеттi көрмесек, не көрмеген адамның iсiн iстесек ол бiздi қай ұшпаққа жеткiзбек?

Қазақта бiр адам қырық жыл патша болмайды деген сөз бар. Бiлсе кәнiгi тарихшылар бiлетiн шығар, өз басым атақты Ақсақ Темiрдiң немересi Ұлықбек, тағы бiрен-саран қырық жылдан астам патша болған адамдарды ғана жазба тарихтан кездестiрген екенмiн. Осыған қарап, қазақтың жаңағы сөзiнiң жаны бар ма деп те қаласың. Сөйте тұра Димекең ел билеу мерзiмiнiң ұзақтығы жөнiнде тарихта сирек кездесетiн ерлiктi қайталаған адам екен. Басқасын былай қойғанда осыншама уақыт басындағы бақты көтерiп жүре алғаны үшiн ғана ол кiсiге арнайы ескерткiш қойса артық емес-ау сiрә. Д.А.Қонаевтың «Өттi дәурен осылай» атты кiтабын мұқият оқып отырсаңыз басындағы бармақтай бақты көтере алмай қисаңдап кетушiлiктiң сан мысалын көресiз. Мысалы, бiр кезде республика үкiметiнiң басшылығына жоғарылатылған Сәлкен Дәуленовтiң тағдыры туралы автор күйiне айта келiп, былай деп жазады: «Жасыратыны жоқ, биiк мансапты жiгiттiң жiгiтi көтередi. Баққа да бап керек, тәубе керек. Сәлкен соны көтере алмады. Лайықсыз мiнездер көрсеткенi үшiн Орталық Комитетiнiң бюросы оны орнынан алды» (232-бет). Аталмыш кiтапқа жүгiнбей-ақ ондай мысалдарды күнделiктi өмiрден де көрiп жүрмiз ғой. Жарты жыл бастық болып, жарым ақылынан айрылып, күйреп түсiп жатқандар қаншама? Қонаевтай биiкке көтерiлмей-ақ тегiс жердегi төбешiкке шығып алып, айға ұмтылып, астамшылық жасаймын деп жiлiгiн сындырғандар қаншама? Тiптi басқа ұсақ-түйектердi былай қойғанда кешегi ұлы Одақтың бас тiзгiнiн қолдарына iлiктiрген «өз заманының ең дана басшылары» Хрущев, Горбачев сияқтылар алғашқы жарты жылда әжептеуiр көрiнiп, одан арғыда бiр айтқанын мың сан қайталап, сөз қадiрiн кетiрген, сұңқылдақ көкекке айналды емес пе? Мiне, осы тұрғыдан келсек Д.А.Қонаевты бақ қана көтермеген екен, ерекше адамдық қасиетi де ол үшiн алтын тұғыр болғаны бiрден көзге ұрады. Оның үстiне мынаны да ескерейiк: Заман тынышта құдыққа құлаған құланның құлағында ойнайтын құрбақаларды бақ көтерiп кетуi мүмкiн, ал 1942 жыл сияқты бүкiл ұлы Одақ өзiнен де күштi екiншi бiр елдiң өңешiнде кетiп бара жатқан шақта ондай құрбақалар «бастан құлақ садақа» деп жым-жылас жоғалады да, оның орнына шын қаһармандардың бой көтеретiнi белгiлi. Мiне, сол кездегi ел басшылары дүние жүзi тарихындағы ең сұрапыл соғыстың бастапқы жылдарында, қылышынан қан тамған Сталиннiң кезiнде бiздiң республикадағы одақтық бағыныштағы, яғни қорғаныс мақсатына қызмет ететiн бүкiл өнеркәсiп орындарын басқаруға ешқандай пендешiлiксiз, шын мәнiндегi бiлiмдар, ерекше ұйымдастырушылық қабiлетi бар адам iздеуге мәжбүр болғаны айдан анық. Олар бұл ретте пендешiлiкке қалай салынсын, ондай пендешiлiк үшiн бiрiнiң емес, бiрнешеуiнiң бастары домалар едi ғой. Сондықтан да мұндай iске адам таңдауда қателесу олар үшiн өмiрмен қоштасумен пара-пар едi. Мiне, осындай күнде олардың көзiне ең қомақты болып көрiнген Д.А.Қонаев екен. Мiне, ол кiсiнi көтерген бақтың төркiнi қайда жатыр? Жалпы, мұндай жағдаяттар тарихта бұрын да болып отырған екен. Оны Димекең аталмыш мемуарында өзi де бiраз ескертiп өтедi.

Өмiр ағынына байланысты кейбiр философиялық, әлеуметтiк ойларын сабақтастыру үшiн өткендегi тарихымызға экскурс жасап, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы кезiнде әншейiнде билiк тiзгiнiн қара халыққа өлсе қимайтын төре тұқымдары шiлдiң боғындай тозып, бытырай қашып, ел қорғау мақсатында тарих сахнасына Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлардың шыққанын келтiредi. Егер мақаламыздың осы кiрiспесiне қарап, үлкен адамды ақтап алу үшiн ғана қалам тербеп отыр деп ойласаңыз онда қатты қателескенiңiз. Қонаев ешқандай адвокаттықты қажет етпейтiн, тiрi кезiнде-ақ халқы өз алақанына салып қайта көтерiп әкеткен адам, уақытша туы жығылған шақта оның атына ғайбат сөздер айтып, жала жабушылар бүгiнде кiрерге жердiң жарығын таппай жүр. Демек, ол кiсiнi ақтаймын деу босқа арам тер болудан басқа дәнеме әпермейдi. Бiздiң мақсатымыз осындай кiрiспе арқылы ол кiсiнiң қолынан туған мемуардың қандай жағдайда да бүгiнгi, әрi болашақ ұрпақ үшiн аса қажеттi екенiне, әрi мұнда «мың өлiп, мың тiрiлген» қазақ халқының тағдыры жайлы ой салатын тұстарға оқырманның назарын аудару. «Хан қателессе халықтың соры» деп бұрынғы аталарымыз тектен-текке айтпаған ғой, өз ортасында жай ғана ел қатарлы тiрлiк кешкен адамның қатесi көп болса, оның отбасына, не өзi еңбек ететiн өндiрiс орнына кесапат әкелер, ал «әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ» сонау елдiң бiрiншi басшылары есiнен ауып қатеселiп жатса, ол деген бүкiл елдiң пәлен жыл бойы зықысын шығаратын зобалаңға айналатынын осы көзi тiрi барша жұрттың өзi де ет-сүйегiмен түйсiнiп үлгердi емес пе? Ол қандай зобалаңдар, қандай қателiктерден туған зобалаңдар екенiн бiз, қарапайым қазақ өз тарапымыздан топшыламай, сол бұрынғы КСРО аталатын ұлы Одақтың басшыларымен үзеңгiлес болып, өзi де Қазақстан атты алып республиканың тiзгiнiн ұстаған адамның ой желiсiне iлесе отырып, көз жiберсек әлдеқайда тереңге баратын сияқтымыз. Әрине, ұзақ ғұмыр сүрген, әрi сан-салалы мемлекеттiк iстердiң басында болған, сонау Сталин заманынан кешегi аяғы аспаннан келген Горбачев заманына дейiн билiк отына оранған Қонаев ақсақалдың кiтабында баяндалған жайлар, түйiнделген қорытындылар, жасалған пайымдаулар сан алуан, әрi ол кешкен саяси өмiрдiң өзi де, iстес болған адамдары да түлкiнiң жонындай құлпырып отырған ғой. Демек бұл кiтапқа әрбiр саналы оқырман өз ыңғайына, бiлiм, түйсiк, тәжiрибе дәрежесiне қарай әр қырынан қарауы әбден ықтимал, сол өзi қараған қырынан тиiстi ой-тұжырымдарын қалыптастыруы заңды да. Олардың қандай ой-тұжырымдар болуы мүмкiн екенiн алдын-ала өлшеп-пiшiп, тiзбектеп, «көрiпкелдiк» жасауды өз мiндетiмiзге алғымыз келмейдi, оны сол оқырмандардың өз еншiсiне қалдырайық. Бiз тек қана, қайталап айтқанымызға кешiрiм өтiнемiз, қазақ халқының тағдырына, оның ұлттық бiрлiгiне, қауiпсiздiгiне қатысты баяндалған жайларды, соған қатысты өз топшылауларымызды ортаға салсақ па деймiз.

Бұл кiтапта Д.А.Қонаев ең алдымен Одақ басшыларының iшiнде Н.С.Хрущевпен қандай қарым-қатынаста болғанына көп орын бередi. Оның үстiне осы қарым-қатынасқа байланысты оқиғаларды асқан ыждаһаттылықпен, рет-ретiмен, бүге-шiгесiне дейiн қалдырмай емес, қайта оқырманға ой саларлық маңызды тұстарын дәл iрiктеп, iшкi астарын аша жазады. Хрущевтiң сөз жоқ үлкен талант иесi екенiн қалың оқырман алдында мойындай отырып, оның сол талант пен қолындағы шектеусiз билiктi қалай, қандай мақсаттарда жұмсағанын жiлiктеп, талдап, оқырман зердесiне аса күш түсiрмейтiндей етiп, там-тұмдап жеткiзiп отырады. Бұл осы кiтаптың жазылуындағы ең бiр ұтымды әдiстердiң бiрi десек артық емес. Мысалы, бiрде Қонаев Хрущевтiң алдына барып, Қостанай облысына қарасты жерлердiң аса кеңдiгiн, елдi мекендерiнiң бiр-бiрiнен тым шалғайлығын ескерте отырып, соның бiрнеше ауданы негiзiнде Торғай облысын құруды ұсынады. Хрущев оның ұсынын бiр минут та талқыға салып жатпастан үзiлдi-кесiлдi қарсы болады. «Солтүстiк Қазақстанның iрi-iрi астықты аудандарын қалай басқаруды ойласармыз» – деп шығарып салыпты. Иә, ол не ой екен? Байқап отырсақ, ондай ой Одақ басшысын көптен берi мазалап жүрсе керек. Қонаевтың ұсынысын ақылға салмай-ақ итерiп тастауы да соның салдарынан екенi тайға таңба басқандай айқын бiлiнедi. Осыдан көп ұзамай-ақ Хрущев тың облыстар жөнiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң Бюросын ұйымдастыру және оны Ақмолада орналастыру жөнiнде өз тарапынан ұсыныс жасайды. Оныкi жай ұсыныс емес, табанда жүзеге асырылуға тиiс бұйрық қой. «Мұның астарында не жатқанын кейiн бiлдiм» деп жазады Қонаев. Осыдан бiраз өткесiн Хрущев тағы да «бүйректен сирақ шығарады», жоқ, кешiрiңiз, бұл сөздi жай ащы мысқыл ретiнде ғана пайдаланып отырмыз, бұл «бүйректен сирақ шығару» емес, алдын-ала ойластырылған өзiнiң iшкi ниетiн табандылықпен жүзеге асырудың айқын көрiнiсi едi. Иә, осыдан бiраз өткесiн Хрущев: «Мен тың облыстары жөнiндегi Бюроны таратып, оның орнына құрамында бес облыс бар Тың өлкесiн құруға шешiм қабылдадым» дейдi. Бұрынғысы ұсыныс едi, ал мынаусының шешiм екенiн Никита Сергеевичтiң өзi де жасырмай бiрден айтып отыр. Әрине, бұған Димекең қарсылық көрсетедi. «Ол өлке екi жақты бағыныштылықта бола ма, жердi неменесiне кесiп-пiшемiз, бұл түбiрiмен қате» деген сияқты сөздердi айтып шырылдайды. «Сiз жете түсiнбеген сияқтысыз» деп Хрущев Димекеңнiң тағы алдын орайды. «Иә, сiз жете түсiнбеген екенсiз» дейдi. Зерделi оқырман Одақтық басшының осы сөзiнен көп нәрсенi аңғарар деп ойлаймыз. Республика мүддесiмен, оңдағы байырғы халықтың мүддесiмен санаспай бiрте-бiрте омырауға алып, күш көрсетiп келе жатқанын ашық бiлдiрiп, ал Республика басшысын менiң көмекейiмдегiнi неге ұқпайсың деп жазғырып отырғанын байқамай қалу қиын да ғой. Хрущевтiң iшкi саясаты әлi де арындай түстi. Ендi ол бiрде Қазақстан Республикасының қызып соғып тұрған жүрегiне баланатын көмiрлi

Қарағандыны Тың өлкесiне қосуды ұсынады. Бұл ендi тiптен шектен шыққандық едi. Бiрақ бұл жолы Хрущевтiң өз маңынан да Қонаевтың бұл ұсынысқа қарсылығын қолдаушылар табылып, Одақ басшысының ойы жүзеге аспай қалды. Бiрақ бұрынғы Одақ құрамындағы шағын халықтардың (әсiресе, қазақтардың) әккi жауының одан бетi қайтып, сабыр суы басыла қойған жоқ. Ол өз ниетiн асықпай-саспай асқан ептiлiкпен жүзеге асыра бердi. Осыдан бiрнеше ай өткен соң Хрущев бiздiң республика басшысымен дидарласа отырып, тың өлкесiнiң өзiн-өзi жақсы ақтап шыққанын созбұйдалап, жалпы өлкелiк басқарудың тиiмдi екенiн айта келiп, «ал, болашақта республикааралық шекара жойылатын болады» деп салады. Мiне, әңгiменiң шарықтау шегi қайда жатыр? Кiтаптың тап осы тұсына келгенде амалсыз жүрегiң сыздап бередi. «Iстiң қалай ауан алып бара жатқанын кейiн түсiндiм. Дәл осы тұста құрамына өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан және Қазақстанның Шымкент облысы басшылары енген Орта Азия бюросы құрылды. Хрущевтiң күллi жымысқы ойы осыдан кейiн тайға таңба басқандай айқын боп едi. Ол болашақта республика арасындағы шекараларды жою жөнiндегi өз идеясын қалайда тезiрек жүзеге асырмақ. Рас, оның найза бойламас арам қулығын кеш те болса түсiндiк» – деп жазады Д.А.Қонаев (235-бет). Бұдан кейiн Маңғышлақ түбегiн Түркiменстанға беру, Оңтүстiк Қазақстан облысының мақта өсiретiн аудандарын өзбекстанға беру сияқты мәселелер қозғайды. Мұның бәрi сол республика деген атауды жойып, әр тұстағы өндiрiс, шаруашылық түрлерiне орай өлкелерге бөлiп жiберу әрекетiнiң заңды жалғасы едi. Бұларға қарсылық бiлдiрушi Қонаев ақыры орнынан алынады. Аталмыш кiтапта айтылған осы бiр жайларды қайталай ежiктегенiмiз үшiн оқырманнан кешiрiм сұрай отырып, әрi тамшыдай судан бүкiл аспан суретiнiң көрiнетiнi сияқты осы бiр аз ғана оқиғалар тiзбегiнен ұлан-асыр үлкен саясаттың бет-ажарының еш боямасыз анық байқалатынын да ескерткiмiз келедi. Республикааралық шекаралардың жойылуы деген не? Бұл ең алдымен қазақ халқының ұлт ретiнде жойылуының бiрден-бiр алғышарты едi. Тың игеру деген желеумен бүкiл солтүстiк облыстарда қазақ мектептерiн күйе жегендей етiп, тып-типыл қылып шыққан Мәскеу саясаты республикааралық шекара жойылған соң Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтары үшiн нағыз аждаһаның өзiне айналмай ма? Ол жай аждаһа емес, алпыс екi айлалы, алдамшы жүздi, кейде қыздың күлкiсiне салып, сықылықтап күлiп, кейде томардай тiстерiн жалаңаштай қорқыта күлiп, бiржола сағыңды сындыратын, қарсылық атаулыны желге шашылған күлдей жоқ ететiн аждаһа болып шығары анық ғой. Ондай жағдайда қол-аяғыңнан бiржола әл кеткесiн ол аждаһаға қарсылық жасаудың да қажетi болмай қалады емес пе? «Жаңаның бәрi ұмытылған ескi нәрсе» дейтiн сол орыс халқының мақалы бар, Қонаев ақсақалдың кiтабындағы осы бiр жайлардан арғы-бергi тарихтың көптеген беттерi көз алдыңда шытырлап қоя беретiндей әсер етедi.

Тарихты зер салып оқып қарасақ, сонау осыдан үш ғасырға жуық уақыт бұрынғы «Ақтабан шұбырынды» заманында жоңғар қалмақтары қазақтарды зеңбiрекпен атқылап қуып бара жатқанда көршiлес ұлы орыс халқының мүлдем қол ұшын бермегенiн байқаймыз. Ал оның алдында аталарымыз олардан сондай қару – зеңбiрек сұрап барғанда да дегенiне жете алмай құр қол қайтқаны архивтегi әртүрлi құжаттардан белгiлi болып отыр. Оның есесiне әртүрлi сылтаумен қазақ iшiне дендеп енуден, ең бiр шұрайлы жерлердi, стратегиялық маңызды тұстарды бiрте-бiрте алақанының астына басып иемденуден ешқашан қаймықпаған. Сәл-пәл қарсылық бiлiнсе қанға бөктiрiп отырған. Мысалы, кейiнгi ұрпаққа беймағлұм болып келген, жақында қайта жарық көрген аса көрнктi тарихшы-ғалымымыз Ермұқан Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты моногграфиясын («Қазақ университетi» баспасы, Алматы қаласы, 1992 жыл) мұқият оқып отырсаңыз егер орыс халқы шын мәнiнде өзiне бодан болған халықтың қамын ойласа сол Кенесары – Наурызбай қозғалысы кезiнде күш қолданбай-ақ тиiстi келiсiм-шарт жасау арқылы сәл де бейбiт ниет танытып, шегiне тұрса ешқандай қанды қырғын болмағандай екен-ау деп ойлайсың (Мысалы, кiтаптың генерал Перовский мен Кенесары арасындағы қатынасқа арналған 247–149 беттерiн қайта оқып қараңыз). Бiрақ ондайлыққа қанқұйлы орыс патшасының ымырасыз саясаты мойын бұрғызбайды. Тек қарудың күшiне сыйынып, басып-жанши беру керек. Осындай жағдайды бiз 1916 жылғы албан көтерiлiсi кезiнде де көремiз. Әскерге өз балаларын бергiсi келмеген қазақтардың арасында үгiт-насихат жұмысын жүргiзудiң орнына қырғын соғыс ұйымдастырған. Осы оқиғаға арналған М.Әуезовтiң «Қилы заман» повесiн оқып отырғанда адамның жаны жылайтыны да сондықтан ғой. Тiптi, ол арғы оқиғаларды қойшы, кешегi 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы тұсында қанды қырғынның керегi бар ма едi? Мұның бәрi ескiден келе жатқан, бәрiн күшпен алып, күшпен тiзе бүктiрмек, ұрдажық сойыл саясаттың қандарына сiңiп кеткен үрдiсi екенi айдан анық. Жалпы, Д.А.Қонаевтың «Өттi дәурен осылай» атты кiтабын саралап оқып отырғанда сөз жоқ, осындай ойлардың жетегiнде кетесiң. Орыс халқы бiздi ешқашан аямаған екен-ау деген тұжырымға байланысты ауыр сезiмдер өзiнен-өзi лықсып келiп, көкiрегiңдi кернейдi. Ашуға булығасың. «Iш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деп, бас-аяғы, жоқ сарыуайымға салынасың. Сонымен бiрге, болар дүние болды, өтер дәурен өттi, қазақ халқы ендiгi күнде қалай өмiр сүруге тиiс, неге тырмысып, не нәрседен сақтануы керек деген сияқты сауалдарға тiрелесiң. Бұл жерде сақтық деген сөздi ерекше атап айтқымыз келедi. Республика халқының жарымынан көбi орыстар, оның үстiне қала, iрi өндiрiс орындары сияқты халық көп шоғырланған жерлердегiнiң көбiсi солар. Мiне, осындай жағдайда қазақтан шыққан шын дана саясаткерлер болса олар өз халқының ұлттық қауiпсiздiгiн, ұлттық тазалығын, ұлттық тiлiнiң өркендеуiн қамтамасыз етуi үшiн қандай ұран тастауы керек?

Қамыстың басы майда, түбi сайда, Жәнiбек Шақшақұлы болат найза Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда Ер жiгiттiң ерлiгi осындайда – деген бабамыз Тәттiқара ақынның аузынан шыққан өлең жолдары осындай жағдайда туса керек. Д.А.Қонаевтың «Өттi дәурен осылай» атты кiтабын оқып отырғанда жалпы бүгiнгi заман ауаны туралы көптеген ой толғамдары лек-легiмен келiп, қыспаққа алғандай әсер етедi. Бүгiнгi заман дегенде Димекең өзiмiз бастан кешiп отырған 1994, не одан кейiнгi жылдар, жалпы болашақ жайында нақтылы тiс жарып ештеңе айтпайды, бiрақ кiтапты оқу үстiнде сол өткен күнде халқымыздың тiлерсегiн қиып кете жаздаған қанды қақпандар жүрер жолымыздан тағы да қызыл қыстырған тiлiн ырситып, бақадай аузын ашып тұрмай ма деген қауiптi оятады. Иә, әр заманның қасiретi мазмұны жағынан бiр-бiрiнен аумайды дегенмен формасы жағынан әртүрлi болады. Олардың арасындағы нақтылы ұқсастықты көре алмай қалатынымыз да сондықтан ғой. Мысалы, аталмыш кiтапта Хрущевтiң жылқы атаулыға салғырттығы, жекеменшiк мал ұстауға тыйым салуы қаншалықты зардап әкелгенi асқан байыптылықпен әңгiмеленген. Ол саясаттың зардабы араға отыз жылдан астам уақыт салып, тоқсаныншы жылдардың басына дейiн жетiп отыр. Қазiр керiсiнше жекеменшiк мал ұстауға кең жол ашылған, сөйте тұра кей жерлерде жұрттың мал ұстауға деген құлқы жоқ. Себебi, осы екi ортада мал ұстаудың, оны өсiрудiң не екенiн бiлмейтiн жаңа ұрпақ қалыптасып үлгердi ғой. Мiне, саясаттағы қателiктiң зобалаңы осылай араға жылдар салып барып көрiнетiн болса керек. Осы жерде мынадай бiр жағдай амалсыз тiлге оралады. Қазiр тепсе темiр үзетiн жiгiттер, аузынан уыз дәмi кетпеген небiр балғын жастар «коммерция» деген желеумен әрқилы күмәндi iстермен, сауда-саттықпен айналасып, топ-тобымен босып жүр. Ал республика бойынша өнеркәсiп өнiмдерiн шығару ресми статистика бойынша жылдан-жылға, айдан-айға құлдырап барады. Бiзге ертеңгi күнi сөз жоқ, қосымша жұмысшы күшi керек болады. Сондай жағдайда адам еңбектен қол үзiп, қара жұмыс, не инженерлiк-техникалық қызмет дегеннiң не екенiн бiлмей буыны қатып кеткен жаңағы «коммерсант» (яғни алыпсатар) жастарымызды өндiрiс аясына қайта оралта аламыз ба? Әй, қайдам? Бұл бiздiңше өткендегi Д.А.Қонаев ақсақал әңгiмелеп отырған заманда жiберiлген кейбiр қателiктердiң түрi өзгертiлген нұсқасы. Аталмыш кiтапта, сондай-ақ ел тағдыры, жер тағдыры туралы көптеген пайымдаулар бар, жай пайымдаулар емес, нақтылы фактiлерге, адамдарға (көбiсi арамызда әлi жүрген адамдарға), солардың өз кездерiнде, айдарынан жел есiп, шалқып тұрған шақтарында iстеген iстерiне негiзделген әңгiмелер. Қазақ халқының басынан кешiрген сан алуан нәубет, қасiреттердiң себебiн үнемi сырттан iздеп, соларға алыстан жұдырық түю бiзде дәстүрге айналып кеттi ғой. Ал өз басымызға неге қарамаймыз? Өз iшiмiзден шыққан елге тұтқа боларлық қайраткерлерiмiздiң өз замандарында iстеген iстерiн

неге ашықтан-ашық жұрт талқысына салмаймыз? Әншейiнде ала қойды бөле қырқып жүрген қазақ мұндайлыққа келгенде тым бейбiт, момақан бола қалады. Бұрын да бiр мақаламызда жазғанымыздай «шовинизм» және «нигилизм» (национальный нигилизм) деген екi ұғымның қатар өмiр сүрiп келе жатқанын бiз жақсы бiлемiз. Мұның бiрiншiсi үлкен ұлттың екiншi бiр шағын ұлтқа жасаған жан-жақты қысастығын бейнелесе, екiншiсi сол шағын ұлттың өз өкiлдерiнiң өз ұлтының тiлi мен мәдениетiн, дәстүрiн жоққа шығаруын бейнелейдi. Тарих беттерiне зер салып қарасаңыз сол екiншi ұғымға жататын құбылыстың бiздiң қазақ халқы үшiн аз тақсiрет болмағанын көресiз. Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман» атты повесiн қайта оқып қараңызшы. Сонау, 1916 жылғы албан көтерiлiсi кезiнде қазақтардың төбесiнде қылыш жарқылдап, оларға оқ атылғанда орыс ұлықтарына майысқақтықпен, түлкi қулықпен қызмет еткен Жебiрбаев, тағы басқа «оқығандарды», тiлмаштарды қалай суреттейдi. Бiр күнi ескi киiмдей үстiңнен сыпырылып түсетiн лауазым үшiн, не бiр аяқ ас үшiн ұлт мүддесiн сатқандардың бет-бедерiн бұдан артық шеберлiкпен бейнелеу мүмкiн емес те шығар-ау. М.Әуезов мұндай ұлттық жараны көркем шығарма арқылы жеткiзе, Д.А.Қонаев бiз сөз етiп отырған кiтабында нақтылы фактiлер арқылы көрсетедi. Кiтаптың 120-133-беттерiнде 1952 жылғы республикамыздың әдеби, ғылыми өмiрiне қатысты бiраз шиеленiстi оқиғалар тiзбектеледi. Кенесары – Наурызбай қозғалысы жөнiнде диссертация жазғаны үшiн жоғарда аты аталған тамаша тарихшы-ғалым Ермұқан Бекмаханов қамауға алынып, қазақтың өз iшiнен шыққан замана «тарландары» ендi М.Әуезовке ауыз салады. Сол кездегi республика басшысы Ж.Шаяхметов Қазақ КСР Ғылым Академиясының президентi Қонаевты шақырып тiзе көрсетедi. «Әуезовтi академиктер құрамынан аластау керек... Орталық Комитеттiң ғылым бөлiмi мен Орталық Комитеттiң хатшысы Сужиков алған беттерiнен қайтпай, шығар да-шығардың астына алып отыр» – дейдi. Әрине, Қонаев қарсылық жасап бағады. Бiрақ ол қарсылық жасайтын кез бе? Кiтаптың 123-124 және 391-беттерiндегi мына сөйлемдердi тебiренбей оқу мүмкiн емес. «Елдiң осындай ес тұтар ақыл-ойын, көш бастар серкелерiн үн-түнсiз мәңгiтiп жiберсе бiрсәрi, аттанға ұран қостырып, күллi баспасөз олардың «ит терiсiн басына қаптап», қайдағы жоқты тантыды. Кеше ғана араларынан қыл өтпес дос-жар кiсiлер жүз көрiспестей, ауыздарына келгендi құсты. Естiген кiсiнiң жүзi шыдамас жала, өсек-аяң өрттей қаулады. Ұлтшыл, жат елдiң жансызы, революцияға дейiнгi Қазақстан тарихын, фольклорды, қазақ әдебиетi тарихын зерттеу мәселелерiнде феодалдық дәуiрдi дәрiптейдi деп айыптап, үш ұйықтасаң түсiңе кiрмес сұмдықтарға барды. Бұл «жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын» қазақтың басындағы ахуалы емес, асауға тұсау салу едi. Еркiндiкке жасалған тосқауыл едi. Тiзгiн ұстаған кiсi қамшысын үйiрiп кәрiн төгiп отырса, тырп етiп көр. Әлдекiм бүйректен сирақ шығарып бұлтақтап, бұлталақтаса оны

құрбандыққа шалып жiберу түк емес. Осылай мыңдарға бұғалық салынады. Сосын қойдан жуас момақан қалыпты қоңыр күй кеше бередi. Бiреудiң айтқанымен жүрiп, айдауына көнуден асқан бейшаралық бар ма. Мiне, қатыгездiктiң ең зоры осы. Халық осы зомбылыққа көндiге бастаған-ды» (123-124-беттер). «Жауапты жұмыстарға тағайындау барысында қателiк болмай қалған жоқ. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдарының басшылары арасында аузы ептi болғанымен, бұтынан борсық өткiзген қулар, қара басының қамын жеп, бүйенiн майлағандар, мансаптың буына пiсiп, елдiң қамын, шаруа жайын ұмытқандар болды. Бiздiң өмiрiмiзде нартәуекелге бел байлап, батыл шешiмдер жасайтын, қажет десеңiз, аса күрделi, әрi жауапты iстерге бас тiгуге баратын тұстар аз кездеспейдi. Сондай кездерде әлгi адамдар аузына құм құйылғандай, шықпа жаным, шықпа деп үнсiз отырып, әлiптiң артын күтедi, ең әрiсi бөгелектеген аттай бас изеп, не айтсаң да «ләппай» деуден тайынбайтын, кеш те болса көз жеттi, ол адамдар жан ауыртып жұмыс iстеуге, бас қатырып ұзақ ойласуға жоқ. Бiтеу жара сияқты. Оларды ұя бөрiктеу жандар едi деп, сыпайылап айтқаннан гөрi, қалбырға салған сынаптай едi деу лайық. Ұстатпайды, тасбақаның аузынан шөп алады. өз пiкiрi жоқ, өзгенiң ойын малданудан тайынбайды. өзiнен жоғарыға бетегеден биiк, жусаннан аласа. Ал төмендегiлердiң табанын тiлiп, тұз құюға бар» (391-бет). Иә, нағыз әдеби тiлмен нақышталған бұл екi үзiндiге алып-қосар сөз табыла қояр ма екен? Қайталап оқыған сайын тың қырынан жарқырап, жұмбақ сырлы дүниедей көңiл көкжиегiн кеңейте түседi, адам туралы түсiнiктерiңе қосымша мән-мағына қосады. Оқушысын арқандаулы аттай өзiне қайыра бұрып, назарын аудара беретiн, терең толғам, дәл бейнелеу сияқты ерекшелiктерiмен сүйсiндiретiн мұндай тұстар кiтаптың өне-бойынан қадам басқан сайын ұшырасады. Д.А.Қонаев осылай толғап келiп, жоғарыда аталған беттерде кезiнде республикамызда әртүрлi жоғары лауазым иелерi атанған М.Сужиков, З.Камалиденов, С.Мұқашев, М.Меңдiбаев сияқты адамдардың аттарын атап, олардың бiраз iстеген iстерiне байланысты iштен шыққан запырандай ащы өкiнiшiн бiлдiредi. Бұлардың соңғылары жөнiнде осыдан бұрынырақ баспасөз беттерiнде бiраз жазылды да, олардың жайын оқырман қауым жақсы бiлер деп ойлаймыз, ал М.Сужиковтың есiмi бiраз адамдарға, әсiресе кейiнгi жас ұрпаққа тың көрiнетiнi даусыз. жылдары М.Сужиков республикада идеология мәселесiн басқарып отырған шақта М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов сияқты аса iрi тұлғаларға «ұлтшыл» деген айып тағып, күрзi алып ұмтылғаны өз алдына, оның кезiнде тiптi, қазақтың өзi тудырып, сол қазақтың өзiмен бiрге жасасып келе жатқан ауыз әдебиетi ендiгi жерде сол қазақтың өзiнiң маңдайына «сор» болып жабысқанын автор күйiне баяндайды. Ұлттық «нигилизмнiң», яғни қазақша айтсақ өз ұлтының өнерi мен жетiстiгiн аяқ асты етудiң бұдан артық сорақы көрiнiсi бола қояр ма екен?

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙