Мазмұнға өту
Home

Сағынып өмір сүргенмін

Бодаухан Тоқанұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сағынып өмір сүргенмін

Авторы: Бодаухан Тоқанұлы

Бодаухан Тоқанұлы Сағынып өмір сүргенмін (Повесть) “Бәлекең, Бітімші мен жүйрік Тырқай, Қылған жоқ, соларға да дүние опа.” Ақыт Үлімжіұлы Бітпей жатқан аса бір қауырт шаруасы болмаса да Төлеш қызметке бүгін ерте келді. Күнде жұмыс сағаты басталмай жатып, дәл бір қызметінен кешігетіндей аттылы -жаяу, ойдан-қырдан, ауыл арасынан келіп, кеңсе сыртындағы аласа шарбақ қашаның алдында ананы-мынаны айтып, қарқылдай күлісіп әңгіме соғып тұратын еріккен жігіттердің де қарасы көрінбейді.

Бүгін арыз-арман айта келетіндердің саны аз болатын шығар деп ойлады Төлеш. Ауыл арасындағы шаңы шығып жаттатын борпылдақ жол кеше ғана майлаған жып-жылтыр қара бәтеңкесін еміне тұтыпты. Есік алдындағы аласа ағаш тұғырға ілінген суыр аулаушылардың бұлғауышы тәрізді бүлдіргелі, ескі ақ сәлдебоздан жасалған шашақты етік қақышпен үлпілдеген шаңнын басын жарып алмайын дегендей еппен үркітті де ішке кірді. Сұмындық (Моңғолияның әкімшілік бірлігі – ауыл) партия комитеті бюро мүшелерінің қысқы мал азығын әзірлеу науқанын бастау жөніндегі кешегі өткен жиналысының қаттамасының қолжазба белгілеуін машинист келіншек машинкаға басып, алдына қойып кетіпті. Оқып, қатесін түзетейін деп бір оқталды да зауқы соқпай, қаттаулы папкалардың үстіне тастай салды. Неге екені белгісіз алағызғандай сезініп, орнынан қайта тұрды. Кешегі қалпы пердесі жабылмаған терезе алдына барды. Шығысқа қарап тұрған терезеден сонау алыста көлбеп жатқан көк мұнарлы Көксерке тауының сұлбасы көрінеді. Етегін бергі жақтағы қадау-қадау көк төбелер көлегейлегенімен, кезінде көңіліне дық қалдырған қимас өлкенің келбеті ішкі сезіммен сәулеленіп, көз алдында айқындала берді. Борашауқардан бастап Тиекті , Жаматы сынды бір-біріне иық сүйеген қалбағай жоталар мен қасқа таулардың бөктерлері тілкім-тілкім сары доңғылдарға ұласып барып жасыл шалғынды Қарасу жызығына жеткенде жарқабақтана тоқтайтын көсіліп жатқан керімсал күңгей. Төлештің бала кезінде сұмын орталығы дәл осы көк теңіздей көгілжім жазықтың қақ ортасында болатын. Ұзынынан ұзаққа созылып жатқан кең жазық шығысында шоқалақта жарбиып отырған ақбас күшігенді елестететін Бүркіт тауыан барып тіреледі. Өзеннің бергі бетіндегі ен далаға көктен түскендей қыз емшек егіз көк төбенің айналасы күзде малға толы. Тезек тере барып , сол көк төбеге шыққандарында жан-жағы

асқар таулармен көмкерілген кең жазира жазда көк теңізге, сары күзде өздері оқулықтардан суретін ғана көрген бидай жайқалған дән дариясына ұқсайтын. Сол алтын алқаптың ортасындағы қазір “Ескі сұмынның орны” деп аталатын сұмынның бұрынғы орталығы алыстан қара шобырланып қана көрінетін. Тек жаңа оқу жылы басталарда аздыкөпті жөндеуден өтіп, сырты әктелген он терезелі мектеп үйі айдында жүзген ақ кемедей дараланып айрықша көзге түсетін. Өздері 1-сыныпта жаттаған “Мектеп – кеме, білім – теңіз, барар жерге тез жетеміз” деп басталатын өлең жолындағы мұғалімдері бейнелеп айтатын кеме осы сияқты шығар деп ойлап, бала жүрегі сол кемемен алыс сапарға ертең-ақ аттанардай алып ұшып тұратын еді-ау.

Алтай тауының сай-саласындағы оттысулы жайлауларды сағалап сонау алыстарға кететін қазақ ауылдарының балалары үшін күзде мектепке жиналғанда сұмын орталығы думанға толы құжынаған хан базардай сезілетін. Сондағысы бар жоғы өзен жағалай көбісі шымнан, ілуде біреуі шикі саманнан салынған 50-60 түтіннің тоқал тамдары. Ауылдан жоғарырақ оқшау орналасқан сұмын әкімшілігінің кеңсесі, мектеп, жатақхана, сауда дайындық бөлімшесі, ауырухана, клуб дегендей жаздайғы жауын қабырғасына саталақ айғыз салған бір қабатты, тырбиған шатырлы там үйлер балаларға еңсесі көк тіреген ғажайып бір сәнді сарайлардай көрінетн.

Осы шоғырдан аулақырақ өзеннің арғы бетінде тағы бір үркердей ғана топ ауыл бар. Кілең жермен жексен қара борша киіз үйлер. Айналасы толы бауыр жүндері жер сызған жалбыр шудалы, ай мүйізді сарлық сиырлар. Сұмын тұрғындары бұл ауылды “Ұранқай ауылы” деп атайды.

Төлештің есіне осы бір өзінше думанды, өзінше сән-салтанатты ортаны сағынып, күзгі сабақ басталар күнді жаз бойы асыға күтетін балалық шағы оралды. Өзге балалар көп мән бере бермесе де Төлештің көзіне “Ұранхай ауылы” оттай басылатын. Солай қарай аңсары ауып тұратын. Неге?! Ол сыр Төлештің өзіне ғана мәлім. Сол кезде әлдекімнің нұр дидарынан ұшқын болып ұшып, жүрегіне махаббат атты нажағай отын тұтатқан, жігіт шағында жазылмас дертке айналған бітеу жарының аузын тырнағысы келмеген Төлеш терезеден мұнартқан Көксеркеден көзін тайдыра беруі сол еді, есік сықырлай ашылды да әлдекімнің: - Дарғы (бастық деген сөз), кіруге бола ма?- деген үні естілді. Есіктен сығалаған адамның жүзін айқын аңғармаса да қазақ сөзін сәл-пәл бұратана мақаммен айтқан азаматтың “Ұранқай ауылынан” екенін сезе қойды. Қазақ « кімді айтсаң сол келеді» деуші еді, кімді ойласаң да сол келеді екен ғой деп ойлады Төлеш іштей.

Келгендер үшеу еді. Бірі– өзімен бірге оқыған Батнасын, екіншісі – “Ұранхай ауылының сыйлы ақсақалы Самдан, үшіншісі – тағы да сол ауылдың атқамінер беделді азаматтарының бірі Олзбай еді. Бәрі де қазақ тіліне судай, қазақтардың өзін жаңылдыратын ділмар азаматтар екенін Төлеш жақсы біледі.

- Саламатсыздар ма, ауылаймақтарыңыз аман ба? Жаздарыңыз жайлы ма? Неге ертелетіп, топтарыңызбен келдіңіздер? - деді, Төлеш олардың тегін келмегенін іштей сезіп. Сөзді Самдан ақсақал бастады: - Шүкір, Төлеш қарағым. Биыл жаз жайлы болып тұр ғой. Десе де “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” деп өздерің айтқандай, жағдайымыз сондай жақсы болса келмес едік. Жағдайға байланысты аздаған бұйымтайымыз да бар. Сол үшін келдік, - деді, жайлап қана. Қасындағылар да бастарын изеп, қозғалақтап қойды. Төлеш епсізеніп қалды. - Ол не дегеніңіз, ақсақал? Жағдайларыңыз келмей жүр ме? - Жоқ, қарағым, өзің де көріп жүрсің, партия мен үкметтің арқасында тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк, ішкеніміз артымызда, ішпегеніміз алдымызда, бірақ… Ақсақал нәумез кейіпте күмілжи сөйледі. Сөзді Батнасан іліп әкетті. - Төке, бірге оқыдық, біте қайнадық, өзіңді сырлас, сыйлас дос санап, хатшыдан бұрын өзіңмен ақылдасқалы келдік. Сұмындағы аз ұранқай ауыл қоныс аудармақ ойда. Төлештің төбесінен жай түскендей болды. Көз алдына баяғыдан бір шоғыр болып, өз қотырларын өздері қасып, жеке дара күн кешіп жатқан “ескі сұмынның” төменгі жағындағы “Ұранқай ауылы” елестеді. Артынша ауыл бейнесі күңгірт тарты да, көз алдына айдай сұлу Сүнже көлбең ете қалды. - Ол не дегендеріңіз, сіздерді хатшыға қазір-ақ ертіп кірер едім, бірақ әуелі өзіміз түсінісіп алайық. Алдымен маған келгендеріңіз дұрыс болды,- деді Төлеш аптыға сөйлеп. Сөзді мен қостағаным дұрыс болар дегендей орнынан қозғалақтай барып, Олзбай әңгімеге араласты. - Төлеш дарғы, мәселе былай, тұрмыс-жағдайымыз өзіңізге мәлім, Самдан гуай айтқандай аспа-төк болмасақ та, бірлестіктің (кеңшар сияқты мемлекетік емес ұйым) 500 саулығының арқасында, біреуден ілгері, біреуден кейін күн көріп жатырмыз. Қазақ ағайындардан көрген жамандығымыз жоқ, сыйласпыз. Ешкіммен шай десіп, бет жыртысқан емеспіз. Бізді қинайтыны – басқа жағдай. Өзіңіз жақсы білесіз, соңғы он жылда біраз үй Қобда аймағының Дуут сұмынына қоныс аударды. Бар жоғы жиырмаға жетпейтін үй қалдық. Бәріміз де жақын туыстармыз. Жастардың үйлену мәселесі алаңдатады. Ешкімге де жасырын емес, бәріміз білеміз,ұлтымыздың басқалығынан жастар зардап шегіп отыр. Қазір сұмын көлемінде қазақтарға тұрмысқа шыққан біздің бірде-бір қызымыз жоқ, қазақтан әйел алған бірдебір жігітіміз жоқ. Ол үшін біреуге өкпе айтудан аулақпыз. Мал соңындағы біздің сонау, асқар бел, арынды өзендердің арғы бетіндегі моңғол ағайындармен күнделікті араласуға мүмкіндігіміз жоқ. Әсіресе он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен қыздарымыз бен бозбала жігіттеріміз.

Ұрының арты қуыс деген. Олзбайдың бұл сөзі Төлешке тура өзіне бағышталып айтылғандай сезілді. Енді төбесінен жай түсіп қана қоймай, бір

алапат күш қолқа-жүрегін қоса суырып бара жатқандай еді. Өйткені жүрегінің түбінде Сүнжээ жатыр ғой. Сүнжээ екеуінің арасындағы бала махаббатың шетпұшпағын жұрттың бәрі де біледі. Әсіресе сыныптасы мына отырған Батнасан. Ол да «болмағанда сен неге Сүнжээге үйленбедің» деп кінәлап отырғандай. Иә, шындығы да сол, түтін саны мыңнан, жан басы бес мыңнан асып жығылатын, Абақ керейдің он екі атасының тең жартысының ұрпақтары мекендеп жатқан осыбір түңкелі сұмында ұранқайлардан әйел алған кім бар. Жоқ, көріп берейін десең де жоқ! - Қай ұлт болмасын ұрпақ қамын ойламаса, құрып кететіні сөзсіз ғой, Төлеш қарағым,- деп қостады Самдан қария. Арыз мынау, жиырма үйдің шаңырақ иелері қол қойды. Хатшыға таныстырарсыз. Ол кісі де қарсы болмайды деп ойлаймын. Төлеш қолы сәл-пәл дірілдей барып екі қос бетке маржандай етіп көк сиямен жазылып, шала сауаты қиқы-шойқы жазуларымен 20 адамның қолы қойылған арызды алды. Арыздың мәтінін хатқа түсірген Сүнжээ екенін Төлеш жазбай таныды. Көзіне оттай басылған ғашығының қолымен айшықталған көк сиялы жазу кешегі бала Сүнжээнің талай рет хатқа сызылған көкірегіндегі сырлары бүгін қазбауыр бұлтай түйдектеліп, шер арқалап, ұшып жеткендей еді.

...Сол күні Төлеш жұмыстан үйіне көңілсіз оралды. Алдынан жүгіре шыққан жалғыз қызын көтеріп алды да шашынан сипап: - Шешеңе бара ғой, құлыным,- деді. Ал әйелі Кербездің бетіне де қараған жоқ. «Атының сыры иесіне мәлім». Көңілсіз келмек түгіл көл-көсір жылап келсең де жайыңды сұрап, асты –үстіңе түсе қоюы екі талай. Керісінше бастауыш сыныптың мұғалімі болып істейтін өзі күні бойы мектепті иығымен көтеріп тұрғандай қашан да есіктен бұрқырай кіреді. «Төрт сағат бойы отыз баламен алысып, миым божып кетті. Сен ғой, жаның тыныш, кеңседе сыланып-сипанып жалғыз отырғаның. Жұмыстан бір күн болса да ертерек қайтсаң нең кетеді. Айналаңдағы күлегеш қыз келіншектерді қимай айналсоқтап жүретін шығарсың» деп, тілін безейді. Обалы қанеки, бүгін де томсарыңқы болса да Төлешке жақ ашқан жоқ. Сонысына да шүкір.

Неге екені белгісіз, бес жыл отасқан жарының өмірде назданып көрмеген қыз қылығынан адалығы, сезімінің бірөңкей қырқарлықтан, қиқарлықтан тұратыны таң қалдыратын. Түктің қарары болмаса да аралары суына бастағалы қашан! Махаббаттары жанбай жатып өшуге айналғаны қалай? Мүмкін, мен махаббатты сұлулықпен шатастырып алған шығармын деп те ойлайтын Төлеш. Өйткені Кербездің тал бойынан тарыдай мін таппайды. Кербез десе кербез. Бірақ, бірдеме десе қабаған иттей арс етіп беттен ала кетеді. Көңілге жалғыз медеу келіншегінің суық жүрісі жайлы сумаңдаған өсек естіген емес. Неге бұлаймыз?

Төлешке туа біткен қасиет – кемістікті әуелі өзінен іздейтін. Менің жүрек жылуым жетпей жүрген шығар деп ойлайды. Өйткені Кербезге деген мейір, құштарлық оты лап ете қалған сәтте көңілінде Сүнжээ қосамжарлана қалатын. Бірақ, ол сезімді парасатпен жеңіп, Кербезге сездірмеуге тырысатын. Өйтсе, ойдың екінші ұшы Кербезге келіп тіреледі. Иә солай, Кербез де кінәлі. Өкініштісі – оны айтып түсіндіріп, түзете салатын кінә, жүре біткен жай ғана кемістік емес, адамға сүтпен дарып, сүйекпен кететін туа біткен қасиет.

Шынында Кербездің жаратылысы бөтен еді. Шайпаулықты қойшы. От құшақты жас жұбайлар үшін қандай шайпаулық, қатыгездіктің де құштарлықтың ырқына құлап, сары майдай балқитын, үздігетін кезі болмаушы ма еді. Әсіресе Абай атамыз айтқандай тар төсекте. Кербездің жүрегінде дәл осындай қасиет кемшін, сезімінің жаратылысы бөлек болса керек. Жастықтың жалыны лаулаған денесі соншалық ыстық болғанмен, жүрегінде құштарлықтың, өліп-өшіп үздігудің ұшқыны түгіл көрбілте сәулесі де жоқ-ау деп ойлайды. Құштарлық сезімі бәяғының бәй заманындаақ тағдырындағы қапас жылдарда тұншыққан қаралы кемпір сияқты. Әсіресе іңкәр жүректің қалауын аялы алақанмен, бал ерінмен жеткізбек болған ынтық сәттерде ”мазамды алмашы, шаршап жатырмын” деп серпіп тастайтынын қайтерсің! Сол сәтте әлгі алып ұшқан ынтызарлық сезімнің күл паршасы шығып көкке ұшатын.

Сосын Төлеш тағы да басқа қисын іздейтін. Жоқ мен қателесетін шығармын оның жүрегінде менің Сүнжээге деген сезімімнен де қармаулы басқаға біруге деген іңкәрлік, құштарлық, аңсау бар шығар. Мені де құдай қосқан қосағы тұрғысында аялайын десе, сол күш кес-кестеп, кесе көлделең тұра қалатын болар.

Төлештің бұл ойына да санадағы сәуле қарсылық танытып, уәж айта бастайды. Ол уәж: онда сені Кербез басқа әйелдерден неге өлердей қызғанады? Онда сен неге Кербез жайлы бір ауыз суық сөз, сыпсың өсек естімейсің? Бұл – үйленгендеріне біраз жыл болып, өмірден бала сүйсе де түйіні тарқамаған, шешуі табылмаған әлемнің тылсым құпиядары сияқты сезімнің түпсіз тұңғиығы еді. Өлердей қызғанады дегеннен шығады; Кербездің ептеп ән салатыны бар. Сұмындық өнерпаздардың концетіне үнемі болмаса да қатысып жүреді. Өткен жылы Октиябрь мерекесіне арналған сұмындық өнерпаздар концертін көркемдік кеңестен тексеру кезіндегі бір оқиға ойына оралды.

Сұмындық дүкенде сатушы істейтін Інжу атты жас келіншек “Махаббат вальсі”, “Сағындым сені” әндерін ерекше нақышпен, тебіреніспен орындады. Өзі де аздап ән салатын, әсіресе Садық Кәрімбаевтың, Әбілахат Есбаевтың, Бекен Жамақаевтың әндерін жанындай жақсы көретін Төлештің жүрегін Інжудің әні ерекше бауырап, бар жан-тәнімен беріле тыңдады. “Са-аа-ғындым сені а-а-аяулы-ы-ым, келсеңші маған ән бо-о-ол-ы-ы-ып” деп аспанға қалықтап барып, сонау алыс көкжиекке біртіндеп сіңіп бара

жатқандай әсер қалдыратын қайырмасын Төлеш зрительде отырып, іштей қосыла айтқан. Көңілін бір хошуақ сезім билеген. Концерттің соңындағы қортынды жиналыста өнерпаздарды алқа-қотан отырғызып қойып, басшылық топтан, өнерден аздыкөпті хабары бар деп саналатын адамдардан құралған кеңес мүшелері орындалған әр номерді сарапқа салды. Әркім өзінше білгір, ән мен музыкадан “әліпті таяқ деп білмейтін” кейбір ұйым мекеме басшыларының өзі орынсыз сынап-мінеп, кереметтей көпіріп сөйлейді-ау. Төлештің негізгі міндеті – концерт бағдарламасының саяси маңызы. Отан, партия, Совет пен Моңғолдың достығы тақырыбы қаншалықты қамтылды, қызылшекелеспесе де, қырын қарасып отырған елдің қоластындағы қытай қазақтарының әні кіріп кеткен жоқ па, міне, осыларды қадағалау. Әйтсе де қазақтың өнері, әсіресе, әнкүйлері десе ішкен асын жерге қоятын Төлеш әр номерге, орындаушыға байланысты салиқалы пікір айта келіп, Інжудің әніне тоқталғанда рия сезім үстінде “Інжу, сенің қызғалдақтай қырмызы келбетіңе, сақаранының саф ауасындай тұнық та, назды дауысыңа тәнті болдық. “Ән салсаң ей, бозбала дәл осындай” деген сияқты ән айтқан адам осылай айту керек” деп келіншектің көркін де қоса мақтап жібергенін өзі де байқамай қалған-ды. Осы сәт Төлештің пікірін өнерпаздардың бірі әділ баға деп қостағандай, бірінің кеудесінде қызғаныштың қыжылы қайнағандай, зал іші күбір-сыбыр бола қалған. Ал өзінің жары Кербездің жүрегін қызғаныштың қара мысығы тырнағаны сондай, жиналыс соңында Төлешті тоспай үйге қарай аяғын некей басып, жалғыз тайған. Соңынан келген Төлешті табалдырықтан аттамай жатып, заһар тіл, зәрлі сөзбен төпештеп берген. - Сол сайқалдың бұралқы қаншылықтың қыңсылағанындай дауысы, жүрегіңді қытықтап жіберген екен ғой. Бар да қосылып ал! Қыңсылатып, бірге қыңсылап жатасың! Бірақ, саған ондай батылдық, батырлық қайда, Асан сенің жас қатын көрсең қаңсып тұратын мұрыныңды қан жалатып, басыңды кесіп, итаяққа тастар! Ынжық неме! Тағы не деп еді, құдай-ау небір зәнталақ сөздерді зымқытып еді-ау.

Бірақ, Төлеш бүгін келіншегінің семсер тілін де, семіп қалған сезімін де саралайтын халде емес еді. Оның ойын мазалаған – өзге тылсым. Аламдар неге ұлтқа, дінге бөлінеді? Адамдар неге дін мен ұлттық құндылықтарды махаббаттан да биікке қояды. Әлгі бізге партия мектебінде жаттатқан марксизм-ленизм қағидасы жалған болғаны ма? Қазір құдай жолында жүрген кім бар? Құдайға жасырын ғана құлшылық істейтін бірен-саран қарттарымыз болмаса, Алласы аузында демесең бес уақ намазға жығылмайтын, құранның жалғыз аятын білмейтін орта жастағыларымыз ұлының басқа ұлттан қатын алуына, қызының басқа ұлтқа тұрмысқа шығуына неге қарсы? Анау ұранқайлардың еліктің лағындай сұлу қыздарына ғашық бола тұрып, ата-аналарымыздың айтқанынан шыға алмай жүрген жастар біздің күніміз құрысын! Енді міне, басқаны қойғанда Сүнжээге қосыла алмаған, тіпті бір жолата көз жазып қалғалы отырған менің түрім мынау.

Төлеш жатқан соң да ұйықтай алмады. Ой толқындары бірінбірі қуалап, жарыса берді, жарыса берді. Бірін-бірі өкшелеген бұл толқынның бастауы – теңіздегі дауыл емес, көңілдегі қаяудан өрбіген. Күндізгі оқиға – Ұранқай ауылының тағдыры. Жоқ, “Ұранқай ауылының” тағдыры емес, сол қара барқын ауылдың сәні болған, бір кездері өзінің де өмірінің мәні сияқты сезілген сүйріктей сұлу Сүнжээнің алыстаған бойы алыстап, енді ақ дидарын айында, жылында бір көруге зар болдырудың табалдырығында тұрған, уақыт сыйлаған өкініш еді.

Ой тереңдерге, сонау, сонау ықылым заманнан бергі тарих тұңғиығына жетектеді. Осы бір ат төбеліндей аз қазақты жел айдаған қаңбақтай Алтайдың арғы бетінен айдап келіп, моңғолдармен табыстырған қандай тағдыр екен. Жоқ, ат төбеліндей аз біз емес, осы өлкені ата мекені санайтын ұранқайлар ғой. Бүгін олар неге аз, біз неге көп? Олар қайда кеткен? Әрине, “Партия мектебі” атты білдей оқу орнын тамамдаған, орысқа бодан елдің азаматы болғандықтан ата жұрттағы қандастарының қарасын көрмесе де біраз жайдан хабардар. Өйткені орт а мектепте Қазақстанның оқулығымен сауатын ашты. Ол заманда кітап сөресі дегенді білмейтін малшы ауылдардың әр үйінің керегесінің басында, уығының қарында қыстырулы тұратын “Жұлдыздан” бастап, “Балдырғанға” дейінгі Қазақстанның газет журналдарын,төрінде шашылып жататын Сәкеннің, Бейімбеттің , Ілиястың, Сәбиттердің томтом кітаптарын оқып, “Родина-52” радиоқабылдағышын жастанып жатып, күндіз-түні «Қазақ радиосы» мен “Шалқарды” тыңдап өсті. Қазақтар жоңғарларды жер жастандырған соң Жәнібек бабамыз бастап келгеннен бергі жеті атасының басы күллі түркінің бағзы мекені Алтайдың күңгейі мен теріскейінде, онан арғы бабаларының сүйегі Қазақстан жерінде жатқанын жасында әжесі айтып берген. Сондықтан қазақтың бар тарихы Төлештің көкірегінде сайрап жатпаса да, бір шама дүниеден хабардар еді. Әсіресе өздерін осында бастап келген Тілеуді бабасының мықтылығы әжесінің әңгімесінен бала Төлештің көкейіне берік ұялаған. Бабасын ертегілердегі, жыр-дастандардағы батырлардай сезінетін.

…Төлештің бесінші атасы Тілеуді Жалғызағаш, Төңірек өлкесіне шамамен1800 жылдырдың екінші жартысынан бастап, бір ғасырдан астам уақыт мекендеп келе жатқан Керей ішіндегі азғана Қарақас руының үкірдайы, айлалы да ақылды, айбарлы да ардақты адам болған. Жарықтық иманды болғыр бабасының мәңгілік орны болған батпаққа жылқының жал құйрығын күзеп қостырып соққан кірпіш қорғаны Жалғызағаштың Қарашымында. «Осы бір құтты өлкеге сендерді мен бастап келіп қоныстандырғамын. Асанқайғы таппаса да, мен тапқан жерұйық, сондықтан жердің астында да көсіліп жатуға құқылымын» дегендей жүз жылда алмасқан жүз жаңбырлы жаздың аптабына, жүз қыстың қарлы бұрқасынына төтеп беріп, бір кірпіші де бүлінбей маңғаз тұр. Бәлекең деп аталып кеткен

Тілеуді бабамыздың «Жетелі» ұранқайдың бір табы дүңкірлердің мықтыларымен алысқан да, табысқан да жері – осы Көксеркенің бөктері. Бәлекең діні де, тілі де бөлек дүңкірлермен басында сан рет шәлкем-шәліс келсе де соңынан қыздарын келін қып түсіріп, төскейде малы, төсекте басы қосылған екен. Бесінші сыныпта жүріп, Сүнжээге ғашық болғанда да бала кезінде көне көздерден естіген осы тарих құйма құлақ Төлештің ойына оралған-ды. Мен неге бабаларыма ұқсап ұранқайдың хас сұлуын құшпасқа деп ойлаған. Бірақ, артынан бажайлап қараса, бұл үрдіс баяғыда үзіліпті. Ой ұшығы осы тұсқа келгенде Төлештің көз алдына тағы да Сүнжээнің зипа бейнесі елестеді. Қиялындағы Сүнжээні аймалап, сүмбіл шашынан сипап, бал ернінен сүйгісі келген Төлеш ауыр күрсінді де бір қырына аунап түсті.

Қаражон қыр өңірі жасыл желекке бөленеп, ағаш гүлдеп, құтқұмырысқа тіріліп, ұшқан құс, жүгірген аң масайрайтын, кәрі демей, жас демей мәз-майрам болып, әсіресе жастар махаббатың бал айындай сезінетін көктем деген маусымды кітаптан оқығандары болмаса, бұл өлкедегілер жанымен сезінген емес. Теріскей Алтай (Қобда беті) өңірінде мамырдың басында ғана жер көгеріштеп, тал терек бүршік жарып, жаздың жылмығы мамырдың ортасында әупірімдеп жетеді. Мал қамымен қырау мұрт қыста қабағын түйген қарт Алтайдың сұсынан сескеніп, ұлы таудың бергі сілеміндегі ойпаттар мен күнес күңгейлелдедің сағасын қыстаған малшы ауылдары дәл осы кезде ақбас шыңдардың тіреме басына дейінгі асқар таулы, арқыраған өзенді, жасыл шалғын баларқалы ұжымақ жайлауға үдере көшеді. Әттең, Қытай мен Моңғолдың арасындағы о дүние мен бұ дүниенің шеніндегі ысырат көпіріндей шекра болмаса, Өр Алтайға асып кетуге де бейіл. Әсіресе кәрілер. Мықтыбай асуынан асып, Аршалы тұмсыққа жетсең болды, Сәлкемнің сай-саласы салбырай барып асау Түргіннің сағасына жететін, ат тұяғын бүдіргені бояған, қарағайы мен самырсынының саясы сарайыңды ашып, тынысыңды кеңітер қайран Алтай деп, аңсарлары ауып, ауыздарының суы құрып, әңгіме шертетін. Дегенмен бір кем дүние дегендей, сол Өр Алтайдың да бір кемшілігі бар. Малды шағындап ұстасаң, күрмеуге келмейтін қысқа жіптей тірлігіңнің айналымына жетпейді, мол ұстауға қысқы жайлым мүмкіндік бермейді. Қар қалың түскен жылдары қысқа жеткілікті жем-шөп дайындап ала алмағандар ақ сүйек болып жұтап, ерін арқалап, жүгенін ұстап қалады. Ал Қобда беті Өр Алтайдай баларқалы болмаса да тазығыр шөбінің өзі малдың таңдайына татиды. Ең бастысы қыста қар аз түседі, түссе де қүн құрғатпай аңырайтын Қобданың қара желі қарды қуып, жон таулардың өзін қағылдап кететіндіктен, мал қыс бойы өз аяғымен өріске шығып, қосымша жем шөп тілемейді. Ойылған жұт деген атымен жоқ. Сондықтан малшылар жаз жайлаулары Өр Алтаймен астасқан биік жондардан жылыстай көшіп, бергі аласа тау сілемдерінің күнгей

беттеріндегі өздері салған малға ықтасын ғана, төбесі ашық тас қораларда алаңсыз қыстайды. Қыр қыстамайтын малы аз жарлыжақыбай отбасылары күз бастала бес-он тоқты, серкешін осы малшы ағайндарға қосып, сұмын орталығын (өздері “өзен”, ”өзенге түсу” деп атайды) сағалап, балалрын мектепке береді. Малшы ағайындарының жатақханаға сыймаған балаларын үйлеріне тұрғызып, “баланың азығы” деп берген бір-екі кәрі саулықтытың шандары мен қап түбіндегі шағылдақ құртты талғажау етеді. Сол жарлыжақыбайлар даа «көгенкөздер айран-шалап ішсін» деп ауқаттылардан қалмай келер жылы тағы да маусым туа әлгі салқар жайлауға асығады.

Солардың бірі – Төлештің үйі. Сұмыннан шыққан күні Үшқұйғанға итарқа тігіп ерулеп, осы өлкеге алғаш жерленген Бүркітбай батырдың әкесі Тұяқ бабаларның дөңгелек қорғаны бас болып, айналасы 70-80 жылдың жүзінде “үнсіз қалаға” айналған аруақтар зиратына аят оқып, ертеңінде шығыстан шолпан сызылғанда түйелерін қомдап, қайта жолға шығады. Діттеген жері – Жалғызағаштың бір ашасы Барұн саланың аузына қатын бесінде ғана жетіп, қыс бойы көрмеген ағайндармен қауышып, мәре-сәре болады.

Бұл көш Төлеш үшін нағыз серуен. Әжесінше үнемі кеңеске қарық қыла бермейтін әкесі баласна көш бойы жер-судың аты-жөнінен бастап, өзінің осы өлкеде өткен жастық өмірінен суыртпақтап қана әңгіме қозғайтыны бар-ды. Әсіресе осы Қобда бетінің өзінің бала кезіндегі тұнып тұрған тұмса табиғаты жайлы айтатын әңгімелері Төлешке ерекше таңданыс туғызушы еді. - Біздің бала кезімізде мына Сарқобының аңғарында жирен (жайран) дейтін қарақұйрық тектес аң отар-отар болып өріп жүретін. Қазақтар біздер атып, қырып тауыспасақ та маза бермедік, ақыры ауып кетті. Енді әр үйдің талысынан жиреннің мүйізінен жасалған сүмсуірді ғана көресің, ал мына Төңірек сайының аузындағы Боғаңның қыстауында ұлардың көп болғаны соншалық малға жайылым бермегендіктен етекке айдап түсіп, қырған кез болыпты,- дейтін. Төлеш ұлар деген еті мыңда бір аруға дәрі қасиетті құсты білетін. Бірақ, оның жазыққа түскенде ұша алмайтынын сол кезде әкесінен естіген. Ал Жалғызағаштың сай саласындағы әр қуыста арқар, құлжаның ай мүйіздері үйіліп жаттатын өзі де талай көрген. Әкесінің әңгімесіне таң қалса да, «неге солай» дегенге балалық албырт шақта мән бермепті. Енді ойласа айналасы 60-70 жылда табиғат қаншалықты өзгерген, қаншалықты тозған!

...Төлеш 7сыныпты түгескен жазда аймақ орталығына барып 8сыныпқа кірер жаңа оқу жылын осы Жалғызағаш өлкесінде Барұн салада асыға күтті. Асыға ғана емес, уайыммен, бір түрлі алаң сезіммен күтті. Өйткені аймақ орталығындағы 10 жылдық мектепке сыныптас достарының бәрі бірдей бармайды. Тең жартысы осында қалады. Қыс бойы мұз үстінде

бірге асыр салатын сол достарын қимайтыны, сағынары анық. Әсіресе Сүнжээні!!! Оның Дэлүүн мектебіне ауысатын жылы да көңілі осылай бір түрлі болып, алғызғаны бар. Ол 4-сыныпқа дейін жездесінің үйінде көршілес Тұлба сұмынындағы бастауыш мектептен оқып, бесінші сыныпқа кіретін күзде ғана туған жері Дэлүүндегі жеті жылдық мектеке ауысып келгегендіктен Дэлүүннің қысы балалар үшін нағыз қызыққа толы думанды орта екенін бұрын біле бермеген. Мұнда қыстыкүндері балалар сабақтан соң үйде омалып отырмайды. Көк шегір мұз құрсанған Шегіртай өзенінің кең арнасы ойын балаларына қажымай арқасын төсейді. Бірінші сыныптың «боқмұрындарынан» бастап бар бала күні бойы, тіпті ай жарық болса, түн ортасына дейін мұз айдынында. Айғай-шу. Дүркіретіп жылқы қуғандай дүбірге толы. Аяқтарында коньки, қолдарында бір-бір имек таяқ ағаш, ана жер-мына жерде топ-топ болып, «шекара» дейтін ойынның соңында. Олар ол заманда әлем халықтары үздіге тамашалайтын «хоккей», «футбол» деген ойын түрлері барын көрмек түгіл естіген емес. Сөйтсе, ескі шүбректі (мақта да жоқ) нығыздап тұрып жүн жіппен домалақтап тіккен кішкентай допты ара қашықтығы екі метр екі мұз үйіндісінен тұрғызылған қарсыластарының қақпасынан өткізіп «күпәй» салып ойнайтын өздерінің ойнының әлемдік аты «шекара» емес «хоккей» екенін кейін білген.

Бұл ауылда аяғына коньки байламайтын ұл бала атымен жоқ. Тіпті ішінара қыздар да коньки тебетін. Аяғына пимасының тұрқынан алды арты бір қарыс артылып тұратын «норвег» коньки байлаған бала ілуде біреу ғана. Олар құдды «Лимузин» машинасын мінгендей, айдынның сәні. Аяқтарын орағыта шайқап, жайқақтай заулағанада басқа балалар қызыға қарайын. Мұндай бағасы 40 теңгелік қымбат «Норвег» конькиге бірер ауқаттылардың немесе бастықтың балаларының ғана қолы жетеді. Тіреме «Какс» конькилілердің өзі қас жүйрікке мінген сияқты өзгелерден еңсесі биік. Балалардың көбінің аяғында – қайқыбас қар конькиі. Ал әлгі «боқмұрандардың» аяғында қойдың жауырын сүйегі. Демалыс күндері мықты конькишілер Шегіртай өзенінің арнасын тарсынып, ауыл сыртындағы Борты бастауынан жайылған аңғары көз жеткісіз нағыз үлкен айдынға, тіпті, 15-20 шақырым алыстағы Бүркіт тауының шатаңынан бергі қызылсу жайылған жойқын айдынға кетеді. Қыстың 40 градус аязына шыдамай, әр жерден шарт айырылған мұздан жайылған жылымнан көкке бу көтеріліп, мұнар шөгіп жатады. Күн қанша аяз болса да ойынға қызған балалардың жүздері балбұл жанып, тіпті бар алапты жылымыққа бөлегендей сезілетін. Сыныптастарын, Сүнжээсін, ғажайып мұз айдынындағы қызықты күндерін қимаған Төлеш өзі келер күзде барып оқитын аймақ орталығында өзен бар ма екен деп ойлайды. Моңғолияның батысындағы ең ірі Қобда өзенінің Өлгий қалашығының іргесінен ағатынын ол кезде қайдан білсін.

...Төлештің 5-сыныпқа Дэлүүн мектебіне алғаш келген күні әлі көз алдында. Тіпті өмір бойы есінен шығарған емес. Оның айрықша себебі де бар. Алғашқы күні жат ортада қойға келген қотыр ешкідей состиып қалған болатын. - Балалар, біздің ортамыз тағы бір озат оқушымен толықты. Танысып қойыңдар, аты – Төлеш, Осы сұмын халқы Қаби ақсақалдың баласы. Төреш десеңдер де болады, күнделігі кілең бес. Бастауыш мектепті Тұлбадан бітіріп келді. Қане, Төлешке кім қасынан орын береді?-деді мұғалім ағай. Бәрі үнсіз қалғанда артқы партада отырған бір қара домалақ: - Сүнжээнің қасына отырсын,- деп саңқ ете қалмасы бар ма. Балалр ду күлді. Сүнжээ деген есімді өмірінде естіп көрмеген Төлеш байбына бара алмай абыржып қалған еді. (Тұлба сұмынында бірде-бір моңғол болмағандықтан бұл ат құлағына тосын естілсе керек). - Бәрекелді, «жындының бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» деген Қуанбай дұрыс айтады, несі бар, Төлеш Сүнжээнің қасына отырады, ол өз ана тілі болмағандықтан қазақ тілі мен әдебиет пәнінен кей нәрсені ұқпай қалуы мүмкін. Сондықтан білмегендеріне Төлеш көмектесін ,- деді мұғалім. Төлешті жетелеп апарып, үстіне қолтығына дейін қаусырма етекті, моңғол шапан киіп, мойнына алқызыл галстук таққан талдырмаш қара торы қыздың қасына отырғызды. Осы сәт мұғалім мен Қуанбайдың сөзінен ұялған қыздың екі бетіне қан теуіп, әлендік алаудай алабұрта қалған еді. Сәл қырындай түсіп, тұқырая берген Сүнжээнің арқалықты ағаш орындықта екі бүктеліп жатқан ұзын қап-қара шашы Төлештің көзіне оттай басылды. Басында Төлеш те ыңғайсызданымен қыздың тал мүсіні, нұр ойнаған хұсни жүзі, қолаң шашы Төлештің бала жүрегіне шуақ шашқандай әсер еткен еді.

Содан бастап екеуі үш жыл бойы бір партада қатар отырып, бір-бірінің сабағына көмектесіп, жұбын жазған емес.

Бесінші сынып жылы олардың сыныбында жеті бірдей ұранқай бала оқитын. Олзоо, Сурхаа, Энэбиш, осы Батнасан тағысын тағылар. Қыздан Сүнжээ жалғыз еді. Ал жетіншіні бітіргенде ұранқай оқушы атаулыдан Сүнжээ ғана қалды. Батнасан 6-сыныпты бітірген жылы мектеппен қош айтысты. Өзгелері бесіншіні бітірген жылы шығып кеткен. Неге екенін Төлеш түгіл үлкендер де білмейді. Қазақ тіліне шетінен судай ұранқай балаларында жақсы оқитындары да жоқ емес еді. Енді ойласа, сол кезде қазақтың да ұранқайдың да үлкендері балаларын оқытуға тым құштар болмаған. Партияның тақауыры заңнан кем емес, балаларға бастауыш білім игету – бұлжымас міндет. Ал орта мектепті оқыту оқытпау әр ата-ананың өз еркінде. Сондықтан ата-аналар әсіресе қыз балаларын бастауыштан соң оқытуға құлықсыз болған.Тіпті хат таныса болды деп есептейтін. Оның үстіне білімге деген сол салғырттықтың салдарынан балалрының жасын жасырып, сұранып, тіленіп дегендей сегіз жаста емес, тоғыз, он жасында 1сыныпқа құдайдың, құдайдың емес, партияның зорлығымен бертін.Тіпті, мектеп табалдырығын 11 жаста атайтындар да біршама. Есейіп кеткен олар

ары қарай оқудан гөрі қыздар тұрмысқа шығуға, ұлдар қатын алуға асығатын. Қазақтар да солай. Бірақ олар көп болғандықтан бұл кемістік көзге ұрып тұрмайды, көптің арасынан кімнің қашан мектептен шығып кеткені көбінің көңілінде қала бермейді.

Сүнжээ мен Төлештің бір-біріне жақын болуының тағы бір себебі бар. Бір күні Сүнжээ: - Төлеш, мен сенің ауаңды танимын,- деді. - Ауа деген кім? Сүнжээ сықылықтай күлді. - Әкеңді. Сүнжээ тағы да күлді. - Қайдан танисың? - Айтпаймын, ауаңнан сұра. Төлеш моңғолдалың әкесін «ауа» (аав) дейтінін алғаш естіген еді. Сүнжээнің ырқына көне беретін Төлеш қазбалаған жоқ. Тек кешкісін әкесінен сұрады. - Әке, біздің класта оқитын ұранқай қыз сізді қайдан таниды? Әкесі аң-таң қалып, баласының бетіне қарады. - Тәйт әрі, қайдағы ұранқай қыз? Анасы да бір нәрседен күдіктенгендей күйеуінің бетіне қарап бажырайды. - А, а менің әлгі Намчин тамырымның қызы болар. Ана жолы үйіне барғанымда «менің мына қызым бесінші класта оқып жүр» дегені бар. Өзі бір ешкінің асығындай сүп-сүйкімді қыз болатын,- деді. Әкесі тым мейірбандық сезіммен сөйлеп. Төлештің анасы да елең ете қалды. - Бұрынғылар кәпірге ақыл емес, нұр берген демеуші ме еді. Ұранқайдың қаздарының бәрі келбетті ғой,- деді. - Онда ол қыздың әкесі ана жолы біздің үйге қыдырып келіп, түстеніп қайтқан шал екен ғой. Сізді “тамыр, тамыр” деп қайтақайта айтып отырып еді ғой. Бірақ қыздың әкесінің атын білмеймін, өз аты Сүнжээ. Екеуіміз бір партада отырамыз. Жақсы қыз, сізді танимын деп өзі айтты,-деді ағынан жарылып. - Ә, онда келін болғалы жүрмесін,- деді әкесі қалжыңдай сөйлеп. - Қайдағыны айтпашы, қазақтың қызы құрып қалған жоқ, менің қарғам қазақтың қыздарынан таңдап тұрып, ең сұлуын алады,- деді шешесі. Солай деп айтуын айтса да өзінің сөзі мен сезімі қауышпағандай бір епсіздене қалған.

Қорлан жазғытұры тамырлары Намчинның отбасынмен “Шаған” мерекелерімен құттықтап «золғуға» (моңғолдардың шаған мерекесіндегі амандасу салты) барғандағы сүп-сүкімді қара торы қызды көз тоқтатып, барлай қарағаны есіне түсті. Сол жолы Сүнжээнің көркі, жүріс-тұрысындағы сыпайылығы жүрегіне бір жылылық ұялатқан болатын. Белі сәмбі талдай бұралған қара торы қыз үлбіреген ұзын көгілдір қадақты екі алақанына салған бойда қолын Қорланның екі шынтағының астына төсеп, өздеріннің тілінде бірдемелерді тақпақтай айтып, бетіне бетін төсегенде, тізесі қазақтың

ибалы келіндердей бүгіле берген. Екі шекесінен тұлымдай өрген шашының ұшындағы әсем шашбауын сыңғырлата келіп шай ұсынғандағы үр қызындай келбеті дәл бүгін көргендей көз алдына келе қалды. Ұранқайдың қыздарының мойны қысқа тығыршық келуші еді, мына қаздың мойны ерекше сұңғақ екен деп ойлаған. Бірақ, қазақылықты, мұсылмандықты санасына сіңірген Қорланның, “келін қылып алсам” деген ой кәперіне кіріп те шықпаған. Күйеуінің сөзін жақамағыны да сондықтан.

Бұл жолы тұйық мінезді Төлеш іштей әкемнің әзілі шындыққа айналса ғой, шіркін, деп ойлағынымен жауап қайтара алмай төмен қарады. Осыдан кейін Төлеш пен Сүнжээ бір-бірін тіпті жақын тартып кетті. Жұптары жазылмайды, бірін-бірі көрмесе сағынып тұратын болды. Тамыр әкелер де жиі болмаса да бір-бірімен ара-кідік араласып тұратын. Намчин үйлеріне келсе, Төлеш төмен қарап үнсіз отырады, Қаби үйіне барса, Сүнжээ ақырын жылыстап шығып кетеді. Әрине, жек көріп емес, қыз балалық ұяңдықтың сыртында жүрегін дір еткізер бір нәзік сезім әсер ететін сияқты. Нақтысын өзі де білмейді.

…Намчин – жасы баршындап қалғанына қарамай аса сергек, мойнынан мылтығы түспеген аңкөкс, қазақ, ұранқай демей адамдармен тіл табыса кететін бауырмал, сөзге шешен, қалжыңбас, ойлы, орамды азамат. Төлештің әкесі екеуінің тамырлығы да нағыз жігіт шақтарында осы Көксеркеден бірігіп аң қуудан басталған. Дүниедегі жалғыз кемшілігі кіндігінен ұл жоқ. Жоқ емес, болған сұм ажал ерте алып кеткен. Ендігі көзінің ағы мен қарасы – жалғыз қызы Сүнжээ. Басынан құс ұшырмайды. Ішер ас, киер киімнен тарықтырған емес. Осы өлкедегі қазақ, ұранқайдың қолы жетпейтін дүние Намчинның үйінен табылады. Ойына бірдеме түссе, бір нәрседен тарықса, атына ер салады да Бүркіттің шатаңын құлдап, “Қайдасың Қобданың базары” деп тайып отырады.

Төлеш пен Сүнжээнің мектеп өмірі, мұғалімдердің мінез-құлқы, достарының әзіл-қалжыңы төңрегіндегі күнделікті әңгіметеріне екі отбасының араластығы, әкелерінің тамыр «андалығы» жайлы тағы бір тақырып қосылды. Жоғарғы сынып оқушылары түстен кейін “жаттауға” келетін. Жаттау деген аты, көбі алысып-жұлысып, сынып ішін бастарына көтере шаңдатып-шаңдатып, бітіріп тастағандай мәз-майрам болып үйлеріне қайтатын.

Ұранқай ауылы өзеннің арғы бетінде, қазақ ауылдарынан үркесоқ жырақтау отыратындықтан олардың балалры жаттауға сын таяғанда болмаса, көп келе бермейді. Ал Сүнжээ болса, “жаттаудан” қалмайтын. Сабаққа онша құлықты болмаса да Төлешпен бірге болғысы келетін. Төлештің де тілегі сол, кешкісін өзеннен өткізіп, үйіне таятып салады. Өзеннен өтіп, ауылдан алыстаған соң Төлеш Сүнжээні қолтықтап алатын. Осы қолтықтасудан-ақ екеуінің жүректерін ерекше жып-жылы, тәп-тәті сезім бауырайтын. Қызға

мұнан ары жақындауға ұяң Төлештің батылы жетпейтін.Тек кеш бойы, тіпті, төсекке кірген соң көзі ұйқыға барғанша Сүнжээні ойлаумен болады. Соншалықты сағынады да тұрады. Ертеңгі сабақ басталар сәтті асыға күтеді. Мен сені сүйемін деп айтқысы келеді. Батылдық танытып, ертең «мен сені сүйемін» немесе «бетіңнен сүйгізші» деймін деп өзін-өзі қайрайды. Ертеңінде жеме-жемге келгенде тағы да....

Мұндай батылдыққа Төлеш тек алтыншы сынып жылы кезекті бір «жаттаудан» қайтқан жолда барды. Сүнжээні қолтықтап ауылға таяған кезде кілт тоқтады да «Сүнжээ, мен енді қайтайын. Бірақ саған айтатын бір сөзім бар,-деп оқыс кідірді де, үні дірілдей тіл қатып: «Сүнжээ, бетіңнен сүйгізші!» деді. Төлешті жанындай жақсы көретін, өзінің де осы сөзді талай рет айтқысы келсе де қыз балалық ізеттен аса алмай, ынтызары құрып жүрген қыз сықылықтап бір күлді де , көзі күлімдеп, мойнын бір жағына қисайта бетін тосты. Қараңғы үйірілген екінді-ақшам арасында қыздың жүзінде қандай өзгеріс болғанын Төлеш аңғара алмады. Бірақ, уақыт тапа-тал түс болса да аңғара алмас еді-ау. Өйткені Сүнжээні бетінен сүйген кезде бойын әлде бір ерекше сезім билеген Төлеш есалаң кейіпте еді. Тек жанына балап аялаған сүйіктісінің ыстық демі мен өзінің ернінің табы қалған сүп-сүйкімді жұп-жұмсақ албыраған ажары оны масаң күйге бөлеген. Сол бір бұрын ешқашан, ешқайдан сезінбеген бір ғажайып сұлуға ғана тән еңлік иіс пен ыстық леп тұла бойын балқытып, буындарын дірілдетіп бара жатты.

Осы сәт қыз да жаңағы сықылытап күлу әдірә қалып, ерекше бір толқыныс үстінде, барынша ұяң үнмен: - Төлеш, мен кетейін, мен де...-деді де, Төлештің бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Төлештің жүрегі тағы да аттай тулады, тұла бойы балқып бара жатты да есін жиып, жол бойы жаттап келеген екінші сөзін айтып қалуға асықты. - Сүнжэ-э,... мен.... сені сүйемін! - Мен де…

...Төлеш пен Сүнжээнің жұбын жазбайтын жақын жүріс-тұрысы, бірбіріне тіке қараса жәудірей қалатын жанарларынан танылатын ғашықтық ыстық сезімдері сырт көзден қалай таса болсын. Сыныптастары екеуін әзілдеп, «Қыз Жібек пен Төлеген» деуге келмейді, өйткені бірі қазақ, бірі ұранқай, сондықтан “икс, игірік” (Х+У) болсын деп, солай атап кеткен. Мұны да шығарған жаңа мектепке алғаш келген күні екеуінің бір партаға отыруына себепкер болған баяғы «жынды» Қуанбай болатын. Сыныптың ішкі тәртібі бойынша сол күнгі кезекші оқушы бірі су, екіншісі құрғақ екі “тірәпкі” әзірлеп, қара тақтаны айнадай қылып сүртіп, ”Кезекші пәлен” деп атын бормен жазып қояды да, мұғалім кіріп келгенде алға шығып, “келуге тиісті оушы пәлен, бүгін келгені пәлен, ауырғаны пәлен, рұқсат алғаны пәлен, себепсіз сабақ үзгені пәлен“ деп “рапорт”

береді. Күндегі әдетпен сол күнгі кезекші Төлеш тақтаға өз атын жазып қойған-ды. Мұғалім кіріп келгенде оқушылар орындарынан ұшып тұрды. Баяғы жынды Қуанбай ғана жүгіріп тақтаға шығып, тұқыжыңдап бірдеме жазып жатқан. Сөйтсе “Кезекші Төлеш дегеннің орнына “ Бүгінгі кезекші – Х, ертеңгі – У. (Х+У)” деп жаза қойыпты. “Рапорт” беріп болған Төлешке орныңа отыр деді де тақтаға бұрылған мұғалім: - Ә, сенің атың Х екен ғой, У-ті сұрамай-ақ қояйын,- деп жымиып күлді. Оқушылар да ду ете қалды. “Сүнжээ! Сүнжээ! деп, айқайласып жатыр.Сол бір сәтті Төлеш ешқашан ұмытқан емес.

Сыныпта Сүнжээні жақсы көретін жалғыз Төлеш емес еді. Әсіресе «сері» атанып кеткен Қаман да, әзілімен қыздарды қағытып, сөз тастаудың шебері “Қу жақ” атанып кеткен Боранбай да бірде қиыла қарап, бірде қайтер екен дегендей қағып-соғып өтіп, қырындап жүретін. Өздерінен түр-тұлғасы асып тұрмаса да Сүнжээні бауырап алған, қасынан бір елі қалмайтын Төлешті суқандары сүймейтіні де белгілі. Бірақ, сол Төлештер орталау мектепті бітіретін 60-жылдардың ортасында жасөспірімдер арасында нағыз демократия, болған сияқты. Бір-бірімен қыз үшін қырылысып жатқан ешкім болмайтын еді-ау. Бір қызды жақсы көре қалса «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп бастан, өздерінің сөзге шебнолігін танытқысы келгендей әлгі қызды Ләйліге, Баянға теңеп, «Шың, Машыннан іздесе де» таппайтынын айтып, өзінше жан жүрегімен егіліп тұрып хат жазатын. Өзі ондай сұлу сөзбен хат жаза алмайтындарға әдебиетке құмар, ақынжанды достары көмектесіп, сөз маржанын төгіп, құбылтып тұрып жазып беретін. Ол хатты да сүйген қызына «мә» деп ұстата салуға батылдары жетпей, қыздың іні, сіңлілерін, достарын жеңгетайлыққа «жалдайтын» немесе хатты сумкасына, кітабының арасына салып кетеді де сарғая жауап күтетін.

Қыздар да қылықты, «ер азаматтардың» алтын басын қорламай сүйсе, сүйетінін, сүймесе, сүймейтінін, тіпті «жігіті» барын ашық айтып, жауап қайтаратын. Хаттың жауабы суық хабар ма, сүйінші ме дегенді ұлдар ашып оқымай тұрып-ақ төрт бүктелген қағаздың топанынан біледі. Сүйемін деген жауап жеткізген хат «Себелеп жаңбыр жауады, хатыңыздың жауабы» деп басталады да өзінің де жақсы көретінін, ынтызарлығын ақындардың өлеңжырларынан көшірген небір асыл жырлардың үзіндісімен әрлеп, кемінде бір бет қағазға жазады. Ондай хат қалыңдау, қомақтылау көрінсе, өзгеше жауап жеткізген хат екі сөйлемен қысқа ғана қайырған қаймыжықтай жұп-жұқа болып келеді.Сүнжээ алтыншы сынып жылы Қаман мен Боранбайдың екеуінен де ұшпу хат алған. Қаймыжықтай жұқа жауап қайтарған. Бірақ, Төлешке ол туралы тіс жарған жоқ.

Сол замандаТөлеш Сүнжээге деген махаббат атты ұлы сезімін сұлу сөзбен сырланған табақтай ұшпу хат арқылы емес, толғау тоқсан қызыл тілден шыққан “Мен сені сүйемін!” деген үш ауыз сөзбен жеткізгені де, хат жауабын Сүнжээнің де тілдей қағазбен емес, тілінің ұшында ұйып тұрған тым қасқа, тым тәтті “Мен де” деген жүрек жарды жалғыз сөзбен жеткізуі олардың бір-біріне деген махаббатының, ынтықтығының айрықша екендігін аңғартқандай еді. Керісінше «сағыныш сәлем хат, сағынған соң жаздым хат»деп басталатын аңсауға, арманға толы хаттарды Өлгийде оқып жүрген кездерінде жазысты екеуі.

Қобда аймғына көше-көше үркердей ғана болып қалған «ұранқай ауылы” бүгіндері бұрынғыдан да қораш, тым жұпыны көрінеді. Мұның себебі ауқатты, пысық-тықақ отбасылар ерте қамданып, қоныс аударып, жайбасарлары, шабан-шалағайлары ғана қалған сияқты. Қара борша киіз үйлері – Қырықобадағы өздері "қырғыз бейт” деп атайтын үйілген малта тастары сиқырлы уақыт қолымен белшесіне дейін топыраққа көміліп, аласарып қалған тас обалрдай тапалтақ, сұрықсыз. Үй үстіндегі қараған адамның қарнын ашыратындай қобдишақ текшеге жайған азғана шүйірмек құртірімшктері, әр үйлің іргесінде мойынға аса салып, тезек теретін талдан тоқылып, таспамен шырмаған көне шарбақтары, үйдн сәл аулақтағы бұл күндері көлікке жегілмей, жаздың ыстығында тілі салақтаған ауыл иттерінің басқалқасына ғана жарап қалған ағаш доңғалықты бақырауық “хасаг” арбалары бәрі –бәрі бір ғасыр бойы қозғалмай сол баяғы орнында тұрғандай әсер қалдырады. Ұранқай ауылының қотанынын тек шудасы желкілдеп, кешке таман маң-маң басып келе жататын дені сарлық сиырдан құралған қарашобыр малы мен ауыл сыртына үйілген жал-жал жапа тезегі толтырып тұрғандай. Осы жұпыны ауылда көзге оттай басылып, көңілге көрік берер ерекше екі көрініс бар. Біріншісі – қалбыр, тебінгісі таңдай оюлы көк сауырмен көмкеріленген, шаңырақ табан күміс үзеңгілі, қысқа қаптал шошақ ерінің сүйекпен көмкерген биік қасына сабы жарты құлаш ырғай қамшымен қоса тізгінінен кекжите қаңтарылып, мама ағашта шұлғып тұратын ұранқайлардың дүрбіт, жарау аттары. Екіншісі – әлгі қараша үйден кең шапанының етегін табанының қалыңдығы төрт елі қайқы бас етігінің қоншынан шығара көтеріп, он орам сары дұрдым белбеуді мықынынан буынып, басына дулыға пішінді шошақ бөркін оқшырайта киген, еңсегей бойлы ұранқай азаматының қараша үйдің аласа есігінен екі бүктеле шығып жаңағы қаңтарулы аттың шылбырын қолына алуы. Екі көріністің екеуі де тіптен жарасымды, тіптен әсерлі, әрі үйлесім тапқан. Басқаның бәрі бекер күйкі көрініс. Өзеннің бергі бетіндегі ескі сұмынның орны да баяғыдағы сәнсалтанатын ұры уақытқа тонатқандай мүлгіп тұр. Бұзылған тамдардың қаңыраған қабырғалары жау шауып кеткендей. Бір кездері жаздай оты мен суы мол Бортының жасаңының шүйгінінде жүзіп, малы жардай болып семірген соң, күзде қарсы алдарындағы Шегіртай өзенінің бойына жұрт жаңғыртып, алты қанат ақ ордаларын тігетін, малдарын тусыған аңғарға тебіндететін қазақтардан да бұл күндері әр жерде қадау-қадау азғана түтін қалған. Олардың да шалқып отырғандары шамалы. Сұмын орталығы түп

қотарылып «Ақидың Көктөбесі» мен Тұрсынның қыстауының арасындағы бұрынғыдай қос өзен ортасындағы жасыл жайлау түгіл ағын суы жоқ татырға көшкенде, қолдарындағы бес-он малының жайына қарап қалған, шымнан қаланған, саманнан соғылған , қысқы сақылдаған сары аязда бойларын жауыратпайтын тоқал тамдарын қимаған біраз жарлы-жақыбайлар еді. …Ауыл сыртынан тезек тере шыққан Сүнжээ бүгінгі сұрқай көріністі осы екі ауылдың арасынан баяғы бақыт құшағындағы балалық шағының елесін іздеп, мектеп үйінің арса-арса қиранды қабырғасына көз тастайды. Төлеш екеуі қызыл галстуктері желбіреп, қолдарындағы аналыры қолмен тігіп, үшкіл қақпақшасына қызыл шүберектен бесбұрыш бастырып берген көк дәйлімбі сумкаларымен сабаласып келе жататын қайран күндері көз алдына елестегенде көңілі құлазып, жүрегі сыздады.

Балалықтың бал дәурені-ай деген! Сол кездегі алып ұшып тұратын жүректерінің ыстық қаны, шат-шадыман көңілдерінің арайы мойындарындағы қызыл галстуктей жалқын еді ғой. Қызыл галстук дегеннен шығады бірінші сыныптың екінші тоқсанында алғаш пионер мүшесіне ілескен күн Сүнжээнің бүгін де көз алдында. Мектептің қызылбұрышында өткен салтанатта “Сендер – бүгіннен бастап пионер мүшесісіңдер, жастар мүшесі мына 6-7 кластағы аға әпкелеріңнің ізбасарларысыңдар. Сондықтан сабақтарыңды үздік оқып, үлгілі-өнегелі, пионерлік анттарың берік болу арқылы партияның сенімін ақтауларың керек” деген мектеп директорының сөзіне төбелері көкке жеткендей масаттанған. Балалардың бәрі де әлгі жастар мүшесі аға-әпкелерінің қолымен мойындарына тағылған қызыл галстук пен кеуделеріндегі “значокқа” қайта-қайта қарап, ата-аналарына мақтану үшір әрқайсысы үйлеріне жетуге асыққан еді ғой. Бар армандары – “жастар мүшесі” болатын кезге, аға сынып оқушысы болуға тезірек жету. Ол күнге де жеткен, жастар мүшесі болудан да асқақ арман әлде біреуге деген ынтызарлық сезімдері де лаулаған. Басқаларын қайдам, Сүнжээнің өз басы сол аңсаған күннен не марқадам тапты. Соны ойлағанда көңілі тіптен ел көшкен сары жұрттай жұтаң тартқан.

Ауылдың үлкендері жиналып, кеңес құрып, өзіне арыз мәтінін жазғызып алған сол күннен бері көңілі тіптен алаң, уайымшыл болып кеткендей. Туған жерден, бірге тұрып, үнемі қасында болмаса да анда-санда төбесін көріп жүретін жүрегіне медет жалғыз жаннан көз жазып, сарғая сағынатын күн алыс еместігін көңілі құрғыр сезеді. Сезеді де қауашақтай жатаған үйге, тіпті бейсауат жүргінші де көзге шалына бермейтін мына жапан түздің өзіне сыймай, көңілі құлазиды. Мұңлы бір ән айтқысы келді ме, өксіп тұрып жылағысы келді ме, өзі де білмейді. Көңілі қай-қайсысына да қонақтай алмай, жан дүниесі дегбір таппады. Өткен өмірі, өкінішті күндері көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Жетінші сыныпты бітірген соң Төлешпен бірге Өлгий қаласындағы он жылдық мектепке неге кетіп қалмадым деп өкінеді.

“Біздің аз ұранқайда соңғы жылдары қыздардан сенен өзге жетінші сынып бітірген ешкім жоқ. Тура техникумға түсуге үлгерімің жетпеді. Енді қаңғып үш жыл бойы ит арқасы қияндағы Өлгийден қалай оқисың? Сабағың сонымен бітіп, тура жұмыс істейтін болсаң бір сәрі, ары қарай тағы оқуың керек. Жетіншіден техникумға ілінбегенде, оныншы кластан жоғарғы оқу орнына да түсе алмассың, қаңғыма. Алды артыңда ата-анаңа қарайтын аға, інің тұрған жоқ, мұнда бізге де қолғанат керек” деп жібермей қойған әкешешесін кінәлайды бір уақ. Иә, бұл сөздің астарында кәмілетке толып қалдың, бізді асырайтын күйеу бала тауып бер деген емеруін жатқанын жасы он алтыға толып, Төлештен махаббат деген ес-ақылыңнан айырар ынтызарлықтың дәмін татып жүрген бойжеткен қыз аңғармай қалған жоқ. (Моңғолдардың салты бойынша жігіт қыздың әке-шешесінің оң жағына кіріп, күшік күйеу болады.) Әйтседе, екі жыл бойы сөз салған ауылдың бірлі жарымды бозбалаларын жанына жолатпаған еді. Тек Төлешті ғана санасына сақтады, жазғы демалыста анда-санда болса да кездесіп те жүрді. Төлеш “Мен 10-класты бітірген соң жоғарға мектепке кетпеймін. Үлгерімім жақсы болғанымен іш-сырттың университет, институттарынан келетін аз бөліс (жолдама дегені) үш кластағы 100 оқушының қайсысына жетпек. Тіпті бастықтардың балаларынан аспайды. Олар нашар оқыса да жоғарғы мектептен бөліс алады. Әрі сенен айырылып қалғым келмейді. Сұмынға келіп, бастауыштың мұғалімін істеймін. Мүмкін басқа жұмыс табылар” дейтін. Төлештің айтқанына ол да иланғандай еді. Бірақ, не түлен түрткенін қайдам, “сүйдім, күйдім” деп көкбауырдай жабысқан Баканың құшағына қалай құлағанын өзі де білмей қалды. Білмеді деу де артық шығар,Төлештің әке-шешесінің ұранқайдан қыз алуына қарсы болатынын, біртоға момын Төлештің ақылдан шыға алмайтынын қыз іштей сезетін, сезетін де өз ойына сенетін. Сенбеске не шара, осы өлкедегі көп ұранқайда өзінен бұрын қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан бірде-бір қыз жоқ болса. Өз ұлты ұранқай азаматының етегінен ұстауға да тәуекел еткізген сол ішкі сезім шығар. Сонда да алғаш рет жар қойнына жылап тұрып кірген. Жанарындағы жас, “Ертең Төлештің көзіне не бетіммен көрінемін, не айтамын” деген сезім селі еді.Тек ата-анасы күйеу балалы болғандарына дән риза еді.

Енді, міне, бәрі де өтті, кетті. Әлгі сүйдім-күйдім деп талақ болып жабысқан Бакадан да бақыт таппай келеді. Көңіл күйде жаздың аптап ыстығында да ерімейтін Алтайдың ақбас шыңдарының басындағы мәңгі қардай салқындық сейілген емес. Болмаса үйленгелі алты жыл өтсе де араларына дәнекер болар бір шарана да жоқ. Енді әке-шешесімен еріп, Қобда аймағының Дуут сұмынына көшкелі отыр. Әкең бізбен бірге көшпесе, мен мұнда қала алмаймын дегенді ашық айтқан. Бұған өзі сүймеген, Төлештің бейнесін құйтақандай жүрегінен өшіре алмаған ол онша өкіне қоймайтын сияқты. Сүнжээ әубаста өзі сүймесе де «жаным» деп жабысып тұрған азаматпен жарасып кетерміз деп, бастысы әке-шешесінің жайын ойлап қосылған. Алайда өзінөзі қанша алдарқатса да, ата-анасы қанша “төйгелеп”

телісе де сүймеген адаммен есекке қосатқталғандай күн кешуден жалыққан еді. Бірақ, Төлешке қыз күнінде жетпеген қолы, байдан қайтқан қатын кезінде жетпейтінін, әрине, біледі.

Обалы қанеки, Баканың әкешешесі де, өзі де Намчин құдасына бірге көшейік деп көп қолқа салған. - Дэлүүн аз ұранқайға енді қоныс болмайды. Қоныс болатын болса, бірдебірі қалмай көшіп кеткен арғы Тұлба сұмындағы ұранқайларды айтпағанда кешегі осы Көксеркенің басы Бітеуқапшал, Тиектіден бастап, Обаты, екі Ақұнты , Өвілзіңге дейін сыймай анау Бүркіттің көр шатаңындағы Хұстыға дейін иін тіресіп отыратын дүңкір ауылдары қайда? Үркердей болып отырғанымыз мынау. Бәріміз де ұрпақсыз емеспіз, бірінің артынан бірі өсіп келеді, ұлымыз отау құра алмайтын, қызымыз тұрмысқа шыға алмайтын жағдайға келдік. Балалардың келешегін ойлайық ,- деген. Бірақ, бұған өз ақылымен ғана болатын бірбеткей Намчин қария қиқайып, көнбей қойған. - Ата қонысты тастап, өөлдтердің, загчиндардың іргесін сағалағанда онда маған кім доғалатпа дайындап жатыр дейсің, алдыңғы барғандардың да мұрты майланып жатқанын естігеміз жоқ. Былтыр келіп қайтқан Норжоо қария «Көксеркемді сағындым, өздеріңді сағындым» деп, жыласып көріспеп пе еді. Мынау қасиетті мұнар тау – ата-бабаларымыздың өзі болмас да көзі. Сүйектерін Көксеркенің құзарындағы жықпыл жартастардың арсына қалдырды, жандары «Бурхан теңгірге» кетсе де рухтары сол таудың топырағына сіңді, сондықтан сол рухты тастап кете алмаймын , – деген. – Бабалардың рухы біздерді жебегісі келсе қайдан да табар. Бәрі де Бұрхан теңгірдің жаратқан жері. Керісінше жалғыз үй қалғанша сүйегіңізді ұлы тауға жеткізер ағайын-туыс ортасында болғаныңыз дұрыс емес пе? – деген құдасына: – Қой, бәрі де құрысын, өлсем сүйегімді ұранқай табылмаса да, қазақтар-ақ Жаматының бір жықпылын апарып тастар. Өлікті жерлеуге келгенде біздің моңғолдардың салт-дәстүрі де жеңіл, қазақтар сияқты қабір қазып, жуыпшайып, шүберекке орап, әуіре болмайды. Бір түйенің беліне салып, бір қырқаны асырып апарады да тастай салады. Біздің дінімізде “мұрныңның ұшынан шыққан жаның басқа бір тіршілік иесіне қонады. Келесі жолы өмірге қой кесіртке болып келуің де мүмкін” демей ме. Қой кесіртке болсам, осы Көксеркенің құмында кезіп жүрейін, – деді.

Бірақ тумысынан парасатты Намчин гуай көшуге байланысты райынан қайтпағаны болмаса, “ұлтымыздың дәстүрін сыйласаңдар күйеу баламды қалдырып кетіңдер немесе сендер де көшпеңдер” деп буынсыз жерден пышақ ұрып, құдаларын ренжіткен жоқ. – Сіздердің ойларыңыз да дұрыс. Көшемін десеңіздер жолдарыңызға бөгет болмаймын. Бака да өз мәселесін өзі шешсін. Бірақ, Сүнжээ өлмелі кәрі әкешешесін жұртқа тастап кете алмайды. Қалай да арамызда өкпе-реніш болмасын, түсіністікпен қарайық, – деген. Құдасы да айтарлары таусылып, екі оттың ортасында қалып, дағдарып аттанған. Бірбеткей қария ана жолы сұмындық Партия комитетіне арыз апаруға бастықтарға сөзі өтетін беделді

қарттардың бірі ретінде көпшілік өзін жұмсағанда бас тартқан болатын. Сол жолы да баяғыдан іштей осы ойға бекігендіктен сырт көзге көлгірсігісі келмесе керек. Айдалада жалғыз өзі тезек теріп жүрген Сүнжээ осының бәрін тағы бір мәрте есіне алып, жайлап қана күрсінді. Алдағы өміріден бақыт табарына күмәнді, туған жерден балалық шатағы бал күндерінің ізін көріп, көңіліне соны ғана медет тұтатын, тәңір қоспаса да Төлештің төбесін көріп жүрудің өзін бақыт болмаса да бақыттың ұшқыны санайтын Сүнжээ «әкемнің ойы да орынды шығар» деп ойлады. …Таң ата сұмын орталығына кеткен үш салт атты қайта оралып келе жатыр. Сұмыннан әкеле жатқан “жағымды” жаңалықтарын әуелі қолы тәбәрік болғыр «хатшы» қыздарымен бөлісейік дегендей үшеуі жолдан бұрылып, тезек теріп жүрген Сүнжээге қарай жүрді. – Қызым, өзің майын тамыза отырып, майпоздап жазған арызыңды Төлеш дарғының қолына табыс еттік. Өзі бір кішіпейіл, жақсы азамат қой, біздің көшеміз дегенімізге абыржып, тіпті, мұңайып қалғандай болды, дегенмен бетімізді қайтарған жоқ, хатшыға таныстырамын, бұл мәселе бір шешімін табатынына сеніңіздер, – деп, құрақ ұшты. Басқа қандай шешім болмақ, құдай бұйырса көшетін болармыз, – деді Самдан қария Сүнжээге ілтипатпен қарап. Сүнжээ: – А, сөйтті ме, – деді де, пәс көңілмен төмен қарады. Ол өзінің жазған арызының шешімін табатынына қуана қойған жоқ. Тек арыздың мазмұнын түсінген сәтте Төлеш қандай сезімде болды екен деген ой көкейіне орала берді. «Абыржып, мұңайып қалды» деді емес пе Самдан гуай. Оны мұңайтқан мен ғой, әйтпесе аз үй ұранқай көшкеннен қазақтардың мұрты қисайып, жүректеріне сары су ұялайды деп көңілі кетілмеген болар. Біздің біржола қоштасар күніміз алыс болмағаны ғой деп ойлады.

Аттылар ұзай бере арқасындағы шарбақты тезегін төгіп-шаша лақтыра салды да қолындағы савырына* таянып отыра кетіп, өксіп тұрып жылады. Иә, Самдын гуай айтқандай көшуге рұқсат бергеннен өзге қандай шешім болушы еді… Біраз өксіп, жүрегі орта түскен соң орнына тұрды, көзін Көксеркенің қыраттарына қадады. Жасқа шыланып, буалдыр тартқан нәркес көзіне қашаннан мұнарлы тау бүгін көк бояуын онан сайын қоюлата жаққандай, сен мені, мен сені сағынатын күн алыс емес деп, мұнарға емес мұңға батып тұрғандай еді. Қара қарғадай қалбалақтап ұшқан жалбыр бұлттар Сүнжээнің арманын Төлештен алыстатуға асыққандай Борашауқардың төбесімен асып, ҚолбаңСалбаңға қарай жөңкіліп бара жатты.

*Савар – жерден тезекті іліп алуға арналған шөп жинайтын айыр сияқты құрал.

Ертеңінде ұранқай ауылдарының Қобда аймағына қоныс аудару жөніндегі арызан сұмындық партия комитетінің хатшысына таныстырған Төлеш өз пікірін де суыртпақтап қосты. – Хатшы, осы бір жаппай қоныс аудару біздің басымызға да таяқ болып тие ме деп ойлаймын,-деді. Хатшы бұл ойдың байыбына бара алмағандай Төлешке таңданып та емес, шамданып та емес, бір тосын кейіппен көзін сығырайта қарап: – Әрине, ойланып-толғанып барып шешуіміз керек.Сондықтан ойыңды толықырақ жеткіз, әуелі екеуіміз бір пікірде, бір түсінікте болуымыз керек қой, – деді. Төлештің өзіндік пікірі өткен түнгі Сүнжээні ойлап, көрер таңды көзімен атырған ой сарсаңындағы ширығу кезінде пайда болған еді. Қалай да азғана ұранқайды көшірмейтін жол табу керек деп ойлаған. Теңіз түбінен маржан іздегендей, тұңғұйық қара түннің сусыма пердесін ойымен қармаған. Қою қараңғылықтан жылт етер сәуле іздеген. Сөйтіп, ой ойға жетелеп, ұранқайларды көшірмеудің жолын лауазымына, орын тағына сәйкес париялық саясаттан, идеологиядан тапқандай болып еді.

Сондағы ойына оралғаны; партияның лениндік ұлт саясаты, пролетарлық интерноцианализм принципі еді. Моңғол үкметі екі миллион халықтың небәрі 5 пайызын ғана құрайтын аз қазаққа қанша қамқорлық жасап отыр. Кеңес одағының отары ретінде (әуелі ойына “отары” деген сөз оралса да саясат тұрғысында ол ойынан өзі секем алып, “одақтасы” деп іштей түзетіп те қойған) Сталиннің сойылын соғып, байлар мен ламаларды жаппай қырғынға, қуғын-сүргінге ұшыратқан Чойбалсанның өзі сонау 1940 жыл “Қазақ-ұранқай ұлттық аймағын” құрып берді емес пе. Содан бергі қырықтан астам жылдың жүзінде қазақтардың ұлттық ерекшеліктерін сақтауға арналған талай шара қолданды. Баян-Өлгий аймағынның барлық сұмындарында қазақ орта мекте ашып, Қазақстаннан маманды мұғалімдер шақыртып, қазақ оқулықтар алдырып, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына жағдай жасады. Ұлттық театрымыз, газетіміз, журналымыз бар. Қазақ тілінде хабар тарататын радио хабар станциясы мен редакциясын құрып берді. Тіпті, ел көлеміндегі 13 министрліктің үшеуінің министрі қазақ. Құрмет ағамызды 20 жыл бойы еліміздің Партиялық кадр дайындайтын ел көлемінде ең беделді жалғыз жоғарғы оқу орнының ректоры ретінде Орталық Комитеттің саяси бюросының мүшелеріне дейін “ұстаз” деп сыйлайды. Бұл аз қазаққа жасалған қамқорлық емей, не? Сонда сұмын көлеміндегі бір мыңнан аса қазақ түтінінің қолтығында отырған 20 үй ұранқай ауылына қамқорлық жасай алмасақ, әлгі партияның лениндік ұлт саясаты, пролетарлық интерноцианализм принципі қайда қалмақ! Бұған бірден бір жауапты ұйым идеология тізгінін ұстап отырған сұмындық партия комитеті екенінде дау жоқ. Өйтсе, осы көш партия саясатына қайшы келсе, “өткелдің аузында түйенің үлкені таяқ жейді” дегендей хатшы мен оның орынбасары мен кінәлі болып шығамын. Ой ұшығы осыған жеткенде Төлеш

Сүнжээден айырылмаудың жолын тапқандай іштей өз пәтуасына өзі разы болып, төсегінде бір аунап түскен-ді. Өз ойы түн түнегін жарған көмескі болса да көңілге медет сәуле іспетті еді. Енді осы пікірін хашыға жеткізді. – Дұрыс айтасың, Төлеш. Біз кінәлі боламыз. Бірақ бұл мәселені қалай шешеміз? Материалдық мәселе болса бір сәрі, бұл – ұлт мәселесі, рухани мәселе ғой. Салт-дәстүр, дін дегендей, қай қазақтың жігітіне ұранқайдан қатын ал деп көндіреміз. Қазақтың кәрілері не дейді? Ұранқайларлың шашбауын көтереміз деп жүріп, өз ұлтымызды қарсы қойып алмаймыз ба? Хатшы торығыңқы сөйледі.Төлеш те мәселені көтеруін көтерсе де, шешу жолын ұсынуға дайын емес еді. Ойланып қалды. Кеңсе ішінде аз уақыт өлі тыныштық орнады. – Жоқ, Төлеш, бұл мәселені біз шеше алмаймыз. Арызды Аймақтық Партия Комитетіне жалғастырайық. Солар шешсін. Шешімі табылмаса да, «айтып қойған соңғылыққа жақсы», қателік біздің мойнымызға мінбейді. Бұған Төлеш те келісті. Алайда оның көкейінде Партия саясатында адам құқы дейтін бір бәле тағы бар ғой, олар ұранқайлардың көшуіне қарсы бол алмаймыз десе қайтпекпіз? Сүнжээден шынымен айырылып қалмақпын ба деген күдік тұрды.

…Төлеш жұмыстан қайтқан жолда да “Ұранқай ауылын”, ұранқай ауылы емес, Сүнжээні ойлаумен болды. Аймақтық партия комитеті олардың көшуіне ұрықсат бере қалса не істемек. Қазақтарша боқ дүние жинауды білмейтін ұранқайлардың әр түтіні қауашқтай ғана қара борша үйлерін бар болса бір атанған, жоқ болса өгіз арбаларына тиейді де, сарлықтарын алдына салып айдап, анау Бүркіт тауының кейкетіндегі Норт жайлауымен асып, Көкбелшер қайдасың деп тартып отырады. Сонда жүрегіндегі дауасыз жараның асқынары анық.

Жетіншіні бітірген соң оқу, оқу деп өмешегін үзбей ақ Сүнжээні алып қашып келіп, отау тігіп, мал малданып, жан жанданып кете беруі керек еді. Әнтек жас болды. Бірақ Сүнжээні сүйетінін әкесінен жасырып қалған жоқ. Ол заманда қазақта бала мен әкенің арасында сырласу деген ұғым жоқ сияқты. Әкелер дүңк етіп қана “Балам, енді қатын алуың керек, шешең екеуімізге қызық көрсет,” немесе “пәленнің қызына құда түссек қайтеді?” деп өз пікірлерін ғана тықпалып, түйеден түскендей ұсыныс жасайтын. Осындай бір сәтте Төлеш әкесіне үйлене қояйын демесе де Сүнжээні жақсы көретінін айтып, емеуірін танытқан. Өкініштісі әкесі ерін бауырына ала мөңкіп, аттонын ала қашқан. “Айналайын-ау ұранқайдан қатын алған осы сұмыннан бір азаматтың атын аташы, онда садағаң кетейін. Қой, сүйекке таңба салма, атаанаңды ел бетіне қарағысыз етпе . Мен қазағы бар, ұранқай бар мына бір сұмынның халқынан Намчиннан артық сыйлас адам тапқан жоқпын. Мықты адам, парасатты адам. Қызының да қара басын қорламаймын, тіпті кемсітпеймін. Бірақ, дініміз қайда, салтымыз қайда? ...Болмайды деген соң,

болмайды” деп қарысқан да қалған. Оларға да сын жоқ. Намыс деген бір бәле сұр жыландай сумаңдап алдарынан шығады. Осы қазақ деген халықтың түкке тұрмайтын жалған намысы кімге керек? Дін дейді, салт дейді! Ата бабаларымыздың арғысы ата жаулары қалмақтың сұлуларын олжалап, сұқсыр алған, бергісі жасында көне көздерден естігеніндей осы ұранқайлармен бірде қату, бірде тату жүріп, айдай сұлуларын жар еткенін көрмек түгіл естімеген, тарихтан хабары жоқ, бірлестіктің салпаң құлақ қойының артынан ере-ере өздерінің де құлақтары салпиып қалған малма тымақ маубастардың жастардың махаббат-сақабатында шаруалыр қанша! Тіпті, сөздік қорларында «махаббат» деген сөз жоқ сияқты. Өңшең саппастар деп ойлаған Төлеш. Не қазақы салт-дәстүрді толық білмейді, не пария саясатын түсінбейді. Асып тұрған байлықтары болмаса да жалған намыс жетегінде бірімен-бірі бәсеке таласудан өзге білерлері жоқ. Біреу өзінше діндарсып «кәпірдің қолынан харам ас ішіп күнәға батпаймыз» деп ұлына ұранқайдан қыз алдырмаған екен, қалғандары да солай істейді. Дін әдіра қалғалы қашан! Тіпті дін жолын берік ұстанған, шарттарын жақсы білетін кешегі өткен аталарымыз «кәпірден әйел алып, мұсылман дініне кіргізсең, сәуәбі зор» демеуші ме еді. Өздері солай істеген. Қазір шежіре қуыса кеткенде бәзбіреулер қалыптасқан атаумен аталарымыздың моңғол әйелдерінен тараған ұрпақтарын ауыл-аймағымен «олар – «көк тымақтар» деп әзілдеп жатады. Өздерінің әлгі аруағына бас иетін аталары Бәлекеңнің ұлы әкелерімен бірге туысқан Алдаберді, Құдайберді деген аталары қалмақтың Ечге деген қызынан туған дегенді әжесі айтып отыратын. Осының бәрін ойласа әкесінің Сүнжээге үйленуге қарсы болуы тұп-тура адамға, адамгершілікке, адал жүрекке жасалған қиянат. Бірақ қолынан не келмек?!

Азды-көпті оқығаны, тоқығаны бар Төлеш өткен-кеткеннің бәрін де өзінің қал-қадірінше дұрыс пайымдайды. Бала кезінде қарақас руының ұлы кәрілері той-томалақта , қыдарып түстік жеген кездерінде сары қымызды сіміре отырып немесе жал-жая, қазы-қартаны қиялай жапырақтай отырып, әңгіме соғатын. Сонда олардың әңгімесі ылғи да “біздің ауылдар Бәлекең бабамыз бастап Жалғызағаш асуы арқылы Қобда бетіне асып келгелі де бері айтқанда жүз жылдан асқан екен” деп басталып, ата-бабалырының ақыл-парасаттылығын, ерлік істерін жыр қылып айтатын.

Сол кезде біздің қазақтар Теріскей Алтайды өздерінің ата қонысы Өр Алтаймен шатастырмау үшін “Қобда беті” деп атап кеткен. Теріскей Алтайды Өр Алтайдан керейлердің үш сай шошақ бөріктеріндей басы көкке шаншылған жалама жартасты қарлы шыңдардың тізбегі бөліп тұр. Сонау Мұзтаудан басталған қарлы таулар тізбегі біріне-бірі иық сүйеп, шығысында Үшқызға дейін ұзынынан ұзақ шұбалып кете береді. Осы тізбек таулардың ақ бас шыңдарының бұлттарға шаншылған найза ұшынан бастап, онан

төменгі дара-дарасының түйе қорымды қотыр жондары, одан төменгі буаз қатынның қарнындай дөңкиген жасыл белдері мен қойнау-қолаттары, тіпті, әр сайдан күңірене дауыс салып, көбік шаша шаптыққан долы өзендеріне дейін батыстан шығысқа жеткенше айна-қатесіз қайталана береді, қайталана береді. Бейне қаз-қатар матаулы жатқан ақ басты, тік өркеш қарт буралар сияқты. Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі екі елді бірбіріне араластырмау үшін кезінде пері ме, періште ме бір құдырет иесі заңғар шыңдарды Алла тағалаға тапсырыспен жасатып, дала төсіне қаз-қатар шаншып тастағандай әсер қалдырады. Бұл өлке дүние жаралғаннан бергі неше ықылым заманда қазақтар мен ұранхайлардан бұрын кімдерге қоныс болғанын бүгін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Төлештің де анық білетіні, пария мектебінде жүргенде «Моңғолдың құпия шежіресінен» «Алтын шежіреден» басқа да тарихи кітаптардан оқығаны – ғұн заманынан бері осы бір қасиетті Алтай тауының байырғы иесі түркі текті Қыпшақ, Қаңлы, Қарлұқ бабаларымыз екені. Ал ұранқайлардың Шыңғысхан дәуіріне дейінгі мекені моңғол текті барлық жұрт тәңір тұтып, төбесіне көтерген Моңғолияның сонау шығысындағы қасиетті Бұрхан Халдун тауы екенін жақсы біледі. Әсіресе ұранхай қызы Сүнжээге ғашық болғандықтан «Моңғолдың құпия шежіресінен» ұранхайлардың тарихына қатысты жерлерін астын сызып, шұқшиып тұрып оқып, есіне сақтаған. Хор Буриадттың* нояны Хорилардай мерген ағайындарымен араздасып, Бурхан Халдун тауына бұрхан орнатқан Шинч дейтін бай ұранхаймен қоңсы болу үшін осында көшіп келгенін, оның қызы Алун гуаны Шыңғыс ханның он бірінші атасы Добу мерген алғанын, Алун гуадан Добу мерген өлгеннен кейін туған Шыңғыс ханның оныншы атасы темен Бұдыншардың Аданхан ұранқай текті екі қабат әйелді тоқалдыққа алғанын, одан туған Жажирадай ұрпақтары моңғолдардың моңғолдың Жадыран тайпасы екенін, сөйтіп, ұранхайлар Бұрхан Халдун тауына, Шыңғысханның ата-бабаларымен ежелден бірге мекендеген, нағыз «төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайын-туыс, құда-жегжаттар екенін жақсы біледі.

Өйтсе, бүгінгі қазақтар мен ұранқайлардың Алтайға деген таласына Шыңғысхан «жарықтық», оның Құбылай, Айраг-Бөх, Хайду сияқты ұрықжұрағаттары кінәлі болып шығады. Бар әлемге билік жүргізбек болған Шығысхан деген пәле шықпаса, бұл күндері ұранхайлардың бір жартысы Байкөлде (Байкал), бір жартысы Қытайдың шығысындағы Ақ қорғанын маңында, батысындағы Еренқабырғада, моңғол жеріндегілерінің өзі Көпсулы көлде (Хөвсгөл), Алтайда дегендей шілдің боғындай бытырап кетпес еді ғой. Баба қонысы, қасиетті мекені Кентау өңірі – Бұрхан Халдун тауында отырар еді.Тіпті, керейлердің ұрпағы біз де Тоғырыл бабамыз орда тіккен қазіргі ел астанасы Ұлан-Батыр қаласы бой көтерген Толы өзеннің сағасында жүрмес пе едік деген ой келеді Төлешке. Ал Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі тарихтан бейхабар бүгінгі қарапайым халық (мейлі қазақ, мейлі ұранқай) қай ұлттың қашаннан бері осы қасиетті тауды мекендеп келе жатқанында

шаруалары жоқ, өз құмалақтарын төрттен қойып, өздерін осы таудың жер жаралғаннан бергі қожасы сезінеді. Қарапайым қазақтардың бар білері қытай мен орыстың арасында сынадай қыстырылып, екі алпауыт ары тартып, бері тартып қақпақылдап, тыныштық бермеген соң ата-бабаларының Өр Алтайдан баба жұрты теріскей Алтайға қайта төңкерілген заманы. Сөйтіп, тағдыр оларды қытайдан қашып, Бор таласын, Еренқабырғасын тастап, әуелі Өр Алтайға, жоңғар күйреген соң Теріскей Алтайға қоныс тепкен осы аз ұлт “Жет елі ұранқайлармен”* қауыштырған ғой. Мұның өзін Төлештің әжесі сияқты зерделілері болмаса екінің бірі жүйелеп айтып бере алмайды.

...Әжесінің айтуынша қытайдан ығыстап, бір белдің астындағы Теріскей Алтай жылжыған Тілеуді бастаған қарақастардың дені Жалғызағаш пен Төңірекке арқа тіреген. Ол заманда Шегіртай, Арасан өлкесінен бергі “Бес сала” деп аталатын Төңірек, Жалғызағаш, Китінсала, Үйірт, Үсіген тауларының сай-саласы ұранқайдың мекені саналғанымен, ұлан қайыр дала мал аяғы жетпей тусып жатақан. Сай-саланың бәрі малдың емес, арқар, құлжаның, анау Бұғы сайының бөктері кер бұғы, тоқал сөгелердің, Жалғыз ағаш өзенінің арғы бетіндегі Сарықобы жазығы жыртылып -айырылған жирен (жайран) мен қарақұйрықтың мекені болған.

Бәлекең тапқан жерұйқ Жалғызағаштың асау өзені Бұғы, Ақұнты тауларының алдын орағыта шауып, Көксеркенің баурайынадағы дүңкірлердің жиі қоныстанып, бұрқанына табынып, күре салып, кид** тұрғызған кіндігіне жеткенде ғана аптығын басады. Ұранқайлардың қитығына, қытығына тиер тұсы да осы. Өйткені Жалғаз ағаштың сулы да нулы салқын самалды сай-саласы жаз айларында мал мен адамға таптырмайтын жәннат өлке болғанымен басы биік жон таудың табиғаты қыста тым қатал, қар қалың түседі, өзен бойын қуалаған сырмақтай жіңішке жасаңдардан өзге түңкелі шабындық алаңы жоқтың қасы. Сондықтан соңғы жылдары қыс қыстауға жайлы, шабындығы мол, қара отты Ақұнтының қойнау-қолаттары мен Көксеркеге дейінгі ащылы, шилі, сулы-нулы өңірге қарақас ауылдары да біртіндеп келе бастаған. Қазақтардың бұлай «есіктен кіріп төр менікі, еңістен келіп өр менікі» дегендей жақындай түсуін ұранқайлар қайдан жақата қойсын. Мұны өздрінің кең шапандарының етегіне жармасу емес, қойындарына қол салу деп көріп, көз алартып, іштерін жия бастаған. Шашау шыққан малдарын қуып, еркеуде біреулрі жігіттерін сойылға жығып, екі халықтың арасындағы әуелгі іштей арбасу, ашық айқасқа ұласа бастағандай еді. Қарақас ауылының бар сенімі – алдарына

*Хор буриад – моңғолдардың бір тайпасы. ұстар қалқаны, кімді де болса ақылымен, айбынымен ықтыра алатын Тілеуді үкірдайда.

Тілеуді – әкесі атақты Кене бидің мұрагері ретінде жастайынан билікке араласқан, әділдікке жақ адамгершілік қасиетімен беделге ие болған адам. Біреулер әлде кімнен зәбір көріп, әділдік сұрай алдына келсе, әуелі датын мұқият тыңдап алып: «Пәлі, Пәлі, бұл бір пәле екен! Көрейік пәлелігін!» деп кіжініп ұшып түрегеліп, айыпты адамды алдырып, мәселені бет қаратпай шешеді екен. Астамсығандарды уәжді оймен, уәлі сөзімен, сұсты тұлғасымен, сұқты көзімен иліктірген. Сүйтіп, «пәлелі» сөзімен, бәтуәлі ақылымен ел аузында «Пәлекең» тіл ыңғайына қарай “ Бәлекең” атанып кеткен. Сондықтан қарамағындағы аз қарақас өздері әмірін тұтып отырған Мәнжі үкметінің тағайындаған басшысы тұрғысында ғана емес, кенен ақыл иесі тұрғысында да Бәлекең бір ақылын табар деп сол кісіге жалтақтайды. Тентектігінен тектілігі басым Бәлекең болса ат төбеліндей аз үйлі қарақастың қаптаған қара ұранқайды күшпен ала алмайтынын іштей сезіп, ақылмен, айламен шешуді ойлап, ағайындарға «өте бір шымбайларыңа батып кетпесе, шыдай тұрыңдар, бір ақыл болар» деп басу айтумен болған. Ағайынға басу айтып қана қойған жоқ, ұранқайдың төресіне, пұтхананың бас ламасына ел ішіндегі залың, зәңгі шені бар адамдарды, әлденеше рет жіберіп, ынтымақ-берекеге шақырып та көрді. Бірақ дүңкірлер илаға көніп, келе ғой деп қойнын ашпақ түгіл, оң қабақ танытпады.

Бір нәрсеге тарыққанда орнынан тұрмай ноқана болған жылқыдай дөңбекши беретін, тіл ауызы байланғандай ешкіммен тіл қатып сөйлеспей қоятын Бәлекең сол күні дүңкірлермен ымыраға келудің амалын таппай, тапа-талтүсте өзімен өзі арпалысып төсекте жатқан. Дэлүүннің оң бүйіріндегі Елеш аулдары Бұлғын өлкесін, қарақастармен қанаттас Жуанған қажы бастаған молқылар Шегіртай мен Арасанды, одан арғы Қызылқиядан бергі кең алапты Мұрындықтың елі жәнтекейлердің ақырын-ақырын иемденіп, ұранқайларды жан-жағынан ығыстырып келе жатқанын Тілеуді жақсы біледі. Сөйтіп, өздерін жер иесі санайтын ұранқайларды керейдің осы іргелі рулары жуасытқанша дүңкірлерді айламен ғана алдарқата тұру керек деген ойға Бәлекеңнің табан тіреп үлгіргені сол еді: – Жау! Жау! Жау шапты! Ұранқайлар! Ұранқайлар! – деген андыз-андыз айқай мен ат дүбірі төсектен жұлып алды. Жаңағы айла ойлаған ақылын ашу жеңіп, шоқпарын сүйрете белдеудегі жарау атына қонғанда, айғайға басып көрші ауылдан бері шаңдатып келе жатқан оншақты жігіт те таяп қалған еді.

*Жет елі – ұранхайлардың бір табы. **Кид (Хийд) – пұтхана – Өңшең қатындар, менен сүйінші сұрап келесіңдер ме, қайда жау, көрсет маған, –деп атының тізгінін қоя берді. Абадандарына арқаланған ауыл азаматтары да кері бұрылып, жау шапқан ауылға қарай Бәлекеңнің артынан

жарбақтады. «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген, Бәлекең жеткенде немере ағайыны Есенбайдың ауылының бірнеше үйінің шаңырақтары ортасына түсіп, қатын-қалаш, бала-шағасы ұлардай шулап далада қалыпты. Тәңір тұтқан ағалары келгенде келін-кепшіктердің «Ағаекелеген» жоқтауы мен балалардың шырылдай жылаған дауысынан ауыл күңіреніп кетті. Дүңкірдің жасанған жігіттері ауыл шетіндегі екі айғырдың үйірін қиқулай қуып, қарасын батырған. Абүйір болғанда адам аман. Адам аман болмағанда қайтсін, ер деп жүрген жігіттерінің бәрі ездік танытып, қатын баланы тастай қашса. Ашуға булыққан Бәлекең : – Еріңдер соңымнан,– деді де, атқа қамшы басты. Олар Ергенектінің қабағына жеткенде жау шаңдары шұбалып, Бөлек төбеден өтіп барады екен. Өкшелей қуған Бәлекең бастаған топ дүңкірлермен Бортының шиіне жеткенде құйрық тістесті. Өзге қазақты көзге ілмесе де, Бәлекеңнің «бәлелігін» талай естіп, сырттай қыңып жүретін дүңкірлер, есік пен төрдей қаракөк аттың үстінде шоқпарын ойнатып, топ алдында орғытып келе жатқан, алпамсадай ердің Тілеуді үкірдай екенін тымағының төбесіндегі шоғы мен көк тасынан танып, жылқыны тастай қашты. Тебінгілері терге малшынып, еттері қызған жарау атты Есенбай ауылының жігіттерінің жінтіктісі Тұяқ атының тізгінін тежеген Бәлекеңнің алдына түсті де барымташылардың соңғысын қуып жетіп, шоқпармен қағып түсірді. – Жетер! Тоқтаңдар!–деп айғайлады Бәлекең.

Оған дәл бүгінгі жағдайда ертең дүңкір төресінеің алдына апарар айғақ қана керек болатын. Он жігітті соққыға жыққаннан ошарлы дүңкірдің көңілін оңаза болдыра алмайды. Кекті етек-жеңін жиған соң қайтармақ. Жатқан жыланның құйрығын басқанның қандай екенін сонда көрсетпек. Әйтсе де ашуын ақылға жеңдіре алмай тұр. Мұрны қусырылып, бетінің түгі сыртын тепкен керіайыл кейпінен өзгере аламай: « Пәлі, Пәлі, бұл бір пәле екен! Көрейік пәлелігін»! дей берді.

Бәлекеңнің ашуы ауылға жеткенде де басылған жоқ еді. Қанаттас екі ауылдың жігіттерін қатын-балаларымен түгел жинаған соң: – Жығылған үйлерді тікпеңдер, ертең дүңкірдің төре, лама сымақтарының көзіне көрсетіп, соларға тіктіремін. Олай етпесе, қолға түскен ана доңсойыл ұранқайдың басын кесіп, сүйегін күресінге тастаймын, – деп, ентігін басқандай болды да, –Пәлі, Пәлі, бұл бір пәле екен! Көрейік ертең пәлелігін! – деді әдетінен жаңылмай. Жиылғандарда үн жоқ. Енді не айтар екен дегендей, Бәлекеңе қарап, ауыздары аңқиып, иіндері түсіп тұр. Бәлекең әуелі өз ұлдарын нұсқап: – Тырқай, Ожыр, Саркелең, Жымбы, Қоңыр, – одан соң Есенбай ауылының азаматтарын нұсқап: -Тұяқ, Қияқ, Дүзембет, Алпыс, Жақып, бәрің дәл қазір атқа қоныңдар. Түнімен Төңірек, Жалғызағаштағы, Сарқобы мен Бұғыдағы ауылдарға сауын айтыңдар, ертең таңмен атқа мінетін сегіз жасар балаларынан бастап, аяғы ауыр, емшекте баласы барларынан басқа келінкепшек, қыз-қырқынға дейін еркекше киініп, жігіттері бар болса мылтығын

асынып, жоқ болса шоқпар сойылын көтеріп, әйелдер мен балалар қолдарына бақан, күрек, тесе болса да ұстап атқа қонсын! Сәске түстен қалмай осында жетсін! Құдайға шүкір, бәрінің де азын аулақ жылқысы бар, ат жетіспеді деген сылтау айтылмасын, қорада қотыр тай қалмасы! Олай істемегендер жазасын дүңкірден емес, менен алады, –деді.

…Бәлекеінің жарлығы – Алланың әмірі. Күн найза бойы көтерілмей жатып, Бұғы мен Сарқобыдағы байқұлдар мен Ташының аулының, Шиқорадағы Аюдың аулының жігіттері жетті. Сәске түске жетпей-ақ жиналғандардың қарсы екі жүзден асты. Ең алыс деген Өркештаудың Асу ашасынан әлі еңкейе қоймаған Тоққұл, Бекқұл ауылдырының азаматтары, азаматтары ғана емес атқа мінуге жарайтын қатынқалаш, бала-шағалары да сиыр түсте Ақұнтының аузындағы үкірдай ауылына жетіп үлгерді. Қаружарақтары да Бәлекең айтқандай.

Шалқар түсте «қаптаған қол» Шаңбастаудағы ұранқай күресіне лап қойды. – Қаптағай! Қаптағай! – Аруақ! Аруақ! Жаныққан дауыстар алқапты жаңғыртып жіберді. Ат төбеліндей аз қарақастан айылын жимайтын қара құрым дүңкірлер, мұндай сұмдықты күтпеген еді, абдырап қалды. Атқа мінер еркектері кешегі Есенбай ауылынының жігіттерінің таз кебін киіп, Көксеркенің жықпылжықпылына қарай қашты. Ұлардай шулаған қатынқалаш пен жас балалар шоқпармен бір салғанды көтере алмай опырылған қарағай уықтардың сойылына жағылып қара лашықтарының құрымының астында қалып жатыр. Аюдай ақырған Бәлекең қаракөктің ауыздығын тартып кешегісінше: – Жетер! Тоқтаңдар! –деп айғайлады. Әзірше анау шеттегі ұранқайдың Тогмид төресінің үйі мен кидте бурхандарына сыйынып, тоңқалақтап жатқан ламалар мен жалаңбұт бәнділерге* ешкім тиісе қойған жоқ еді. Тапсырма солай. Оларды бөйтектету керек дегенді Бәлекең алдын ала ойластырған. – Төре, лама мырзалар, жаным қалсын десеңдер шығып келіңдер,– деп айқайлады,– әйтпесе пәлекеттің үлкенін көресіңдер. Бәлекеңнің екі жағындағы күллі қарақастағы бар-жоғы төрт шитнің екеуін кезеп тұрған Тырқай мен Тұяқ та мыстарын асырып, мылтықтарын қоқаңдатып қояды. Қызыл тасты шошақ тымағының шоғы ырғылған Тогмид төре бірнеше

*Бәнді (банди) – будда дінін үйренуші шәкірт. нөкерлерімен, желінқап сияқты жаба салма сары тымақ, етегі көлбіреген сары шапанды Чойжин лама өзінің кішірейтілген порымындай сары шапанды жалаңбұт бәнділерін артынан шұбыртып, қалың “сарбаздың” маңдайында атын ойқастатып тұрған Бәлекеңнің алдына келді. Топпен ілесіп, тауға

қашуға дәрмені болмай, қирап жатқан үйлерінен әрең шығып, бұзау желісінен ұзап кете алмаған, көбі таяққа сүйенген ұранқайдың ақсақ-тоқсақ шалдары да табанына әлденеше қабат киіз сырыған қайқыбас сірі етіктерін әрең көтеріп, ыңыршағы шыққан көтерем сиырдай бұралаңдап келіп, топқа қосылды. Бәрінің де нәсілдері түсіп кеткен. Чойжин лама екі алақанын бірбіріне қапсырған қолын қақ маңдайына апара беріп, тізесін бүге барынша жампырыш, жәреуке үнмен: – Жаа, Бәлекең гуайн амрыг аялтгая,– дей беріп еді, Бәлекең сөзін бөліп, айғайға басты. - Басқаны білмейміз, анау кешегі шаңырағын ортасын түсірген үйлеріңді өз қолдарың мен қайта тігіп, байлаудағы азаматтарыңды алып қайтыңдар. Жер сендердікі емес құдайдікі. Анау Алтайдың арғы бетінде де толықсып жатқан ұранхай, торғауыттар мен арала-құралас, емелдес аға бауыр, ағайын болып келгеміз. Шай деспеген “андамыз”, керек десеңдер қыз алысып, қыз беріскен, төсекте басы, төскейде малы қосылған құда-құдандалмыз. Керейдің басқа руларын айтпағанда менің немере ағаларым Алдаберді мен Құдайберді ұранхай қызы, сендердің апайларың Ечге шешемізден туады. Олардың тамырындағы қанының қақ жартысы – ұранхайлардікі. Ал аға інілерімнің аты – Қаракөбен, Асыр, балаларымның аты – Саргелен, Жымбы, Чіміт, Замбы. Бәрі ұранхай тамырларымның құрметіне қойылған есімдер. Біз Өр Алтайдан ұранхай, торғауыттардан қысым көріп көшкеміз жоқ, қуаяқ қара қытайлардан қаштық. Бұрын келдік демесеңдер сендерде солай. Сендердің мекендерің Еренқабырға, Бортала болатын. Біз сендер қыстап-жайлап отырған Бітеуқапшал, Тиекті, Жаматы, Дұндығолға, Көксеркенің күңгей бөктріне , арғы Ақұнты мен Бүркіттің шатаңындағы ұранқайлардың өрісқонысына жармасқамыз жоқ, иен жатқан Жалғызағашты жайладық. Мал жайымен күзде ғана бергі Ақұнтыдағы аз үй дүңкірлермен қоңсы болдық. Шұрайлы жерлеріңе әлі де таласпаймыз, тек өзеннің арғы бетін бізге қалдырыңдар. Оған келіспесеңдер ұрысатын, тұрысатын жерлеріңді айтыңдар. Біз дайынбыз. Жауабын ана ожарларыңды алуға келгенде беріңдер. Артындағылар да шу ете қалды. Чойжин лама бастаған аз топ тағы да алақандарын маңдайларына қойып, “Жаа, жаа” десіп, бұрылып кете алмай шегіншектей барып тараған.

Сөзге жығылған, қару-сайманды екі жүз адамның сұсынан тайқыған дүңкірлердің игі жақсыларының бір тобы кешкісін Ақұнтыдағы Тілеуді үкірдайдан кешірім сұрай келіп, айтлған ұсынысқа келісіп, тентектерін алып қайтқан. Өз ісіне разы болған Бәлекең «әйтеуір жеңген соң дүңкірлерден атшапан айыппұл неге сұрамадыңыз» деген сөзі өтетін ағайындардың базынасына: – Жоқ, айыппұлды біз төлейміз,– деп, жауапты қысқа қайырған.

Сырқаттың тамыр соғысын тыңдап машықтанға балгердей қоғамның бар тынысын бақылап, әр істі байыппен шешуді басты мақсат тұтатын Аймақтық Партия комитеті ұрақайлардың арызына да өздерінше мұқият қарады. Хатшы қыз тіркеуге алып, бетіне өздері “карт” деп атайтын айдау қағазды тістепілермен тістетті де халық «үшінші хатшы» деп ат қойып алған идеология мәселесіне жауапты бастыққтың үстеліне апарып қойды. Арызды шұқшия отырып, мұқият оқыған бастық та ойға қалды. Көңілін аяушылық па, таңырқау ма бір қызық түйткілді сезім елегізітті. Әлгі Лениннің “Солшылдық балалық ауыруы” дегені сияқты солшылдық болмаса да бағыты айқындалмаған қоғамдық дерт болмасын. Бүгінге дейін неге ескермегенбіз. Шынында біздің қазақтар ұранқайдың қыздарына неге үйленбейді. Мұсылманшылық па десек, дінді апин деп насихаттағанымызға қырық жылдан асты. Ел ішінде көріп берейін десең де молда, қожа жоқ. Оның сыртында саусақпен санарлық болса да іштен сырттан оқыған зиялы азаматтарымыз моңғолдан, тіпті орыстан келіншек әкеліп те жүр. Олардың әке-шешесі неге қарсы болмайды? Ұранқайлардың қыздары жаман ба? Жоқ! Анау Бұлғын сұмынындағы қазақша да, моңғолша да сызылтып тұрып ән шырқайтын өнерпаз моншақ қызының көркі кімнен кем. Қазақтың қыздарын екі орйды. (Баяғыда өзін де құмарлық сезімі билегені ойына түсті) Басқа сұмындарда да… Өзі білетін моңғолдың қиғаш қасты, сүмбіл шашты, қыр мұрындарынды қара көздерін қиялымен шолып шықты. Мұндай кемістік ұранқайлар азайып бара жатқан басқа сұмындарда да бар шығар. Ертең олардың проблемасы да партия комитетіне, тіпті, Орталыққа де жетер. Сол кезде дерттің дауасын асқынбай тұрып таппаған біз кінәлі болып шығамыз.

Тетік басып, бөлім меңгерушісін шақырды. – Досан, сен мына мәселені нұсқаушыларыңа тапсырмайсың, тіке өзің айналыс. Ертең Дэлүүнге аттанасың, ұранқай ауылдарын аралап көр. Пікірлерін тыңда, мәселені қалай шешудің жолын қарастыр. Ұсыныс әзірле! Досан бұл не қылған мәселе деп сұрап жатпады. Онсыз да арыз мәтінінен түсіне жатармын деп ойлаған шығар хатшы ұсынған қағаздарды шиыршықтай ұстады да шығып кетті. Ертеңінде жол сапармен Дэлүүнге аттанды. *** *** ***

…Күн арқан бойы көтерілгенде сұмынна шыққан екі салт атты жүрдек аяңмен ғана әңгімелесіп келеді. Бұлар – Досан мен Төлеш еді. Төлештің мойнында – ел арасында “Бақтың дарғысының сөңкесі” атанып келкен офицер сумка. Досанның Өлгийден ұстап келген “дипломаты” атқа алып жүруге қолайсыз болғандықтан іс қағаздырын Төлештің сөңкесіне салып қойған. Әредік сау желсе, салпаң-салпақ қағып санын шапалақтап мазаны алады. Сол үшін де аяңмен келеді. Cұмынға Досан кеше түстен кейін келген. Әуелі досы Төлештің кеңсесіне бас сұғып, сәлем берді. Екеуі шаруа жайын таныстыруға хатшыға

кірген. Досан таңертең “Ұранқай ауылына” бартынын айтқан. Жолда еменжарқын әңгіме шертісіп, зерікпеу үшін Досанды ерткісі келгенімен, қағазға жазылмаса да қалыптасқан үрдіс бойынша, әрі жасының үлкендігін сыйлаған Досан сұмындық партия комитетінің хатшысына: – Маған ертең өзіңіз жолбасшы болатын шығарсыз, – деген. Хатшы: – Мен басқа сұмынның азаматымын ғой, ұранқайлардың қыр-сырын Төлештен артық білмеймін, ол ауылда Төлештің кластастары да бар. Сондықтан сізге Төлеш ерсін, менің машинаммен барыңдар», – деген болатын. Төлеш қуанып қалды. Неге екені айтпаса да түсінікті.

...Сол күні түнде ертең соңғы бір жыл бойында кезікпеген Сүнжээмен кезігетініне елегізіп, сезіміндегі сары тап сағыныш бас көтерді де, көпке дейін ұйықтай алмады. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізді. Төлеш он жылдықты бітірген жылы үлгерімі жағынан бір мектептегі қатар үш сыныптағы 100-дей оқушының алғашқы ондығында тұрса да іш пен сырттың жоғарғы оқу орындарынан келген 20 жолдаманың біріне қол жеткізе алмады. Өзінің өткен жылы Сүнжээге айтқанындай жоғарғы мектеп жолдамаларының дені бастықтың балаларына бұйырды. Қалғаны жең ұшымен жалғасқан бастықтың тамыр-таныстарының балаларынан аспай қалды. (Оларға оқу үлгірімі әсер етпейді). Дегенмен қарапайым халық оны кемшілік, әділетсіздік деп танып, бұл күндегідей ешкім де шу көтеріп жатпайды. Халық имандай сенген «әділетті» қоғамның, «әділетті партияның» әділетсіздігі қағаберіс қала беретін. Кейін сондағы өзіне істелген әділетсіздік есіне түскенде Төлештің «бір жылға ерте туған екенмін» деп өкінетіні бар. Өйткені келесі оқу жылынан бастап, 10-сынып бітіргендер жоғарғы оқу орындарына конкурс арқылы емтиқан тапсыратын болған еді. Конкурсқа түссе шылбыр ұстататынына сенімді еді. Бірақ конкурстық сынақта да адамдар құрық бойламас қулық, небір құйтырқылықпен жуанды сүйрік, шабанды жүрік болдыратынын, әділет деген қиялдағы құр әңгіме екенін мұнда ғана ұқты.

Сөйтіп, жолдаманы сарапқа салатын аймақтық комиссияның бастығы Партия комитетінің идеология ісіне жауапты хатшысы Төлештің «жақсы оқығанын, тек жолдама жетпегенін ескеріп»: – Өз сұмыныңның жастар комитетінің нұсқаушысы болып қызмет істе. Жассың, оқу қашпайлы, жұмыстан табыс шығарып, партияға мүшелікке өтсең, бірнеше жылда “кадр” мектебіне (Партия мектебін айтады). жолдама береміз, – деді. Төлеш келісті. Келіспей не істесін? Қолдан келер қайран жоқ әрі арманындағы Сүнжээ көз алдына көлеңдей берген.

Сөйткен Сүнжээсі орнын сипатып, тақырға отырғызып кеткенін ауылға келгенде ғана естіді. Естіді де есінен танып, есеңгіреп қалды. Көпке дейін өзөзіне келе алмай, ой сарсаңында талай күндерді өткезді. Талай түндерде көрер таңды көзімен атырып, сезімімен арпалысты. Не істеу керек? Сүнжээге кезігіп, «неге бұлай істедің деп сұрағысы бір келетін, сұрағаннан не пайда, ендігі баспағаным «Ұранқай аулы», көрмегенім Сүнжээ болсын деп бір ойлайтын. Қа-а-йда, қарғыс атқыр қыли сезім ырқына көнді ме! Қиғаштап солай тартуын қоймады. Ақыры алдына салып, айдап апарып кезіктірді-ау Сүнжээге.

Төлеш Сүнжээмен кезігуге сөз байласқанда болмаса бір ауыз өкпемді айтып, сағынышымды баспасам да, шерімді тарқатайын деген ойға бекінген еді.

...Уағда бойынша қас қарая ауыл сыртына шыққан Сүнжээ анадайдан жүгіріп келіп, ес-түссіз адамдай состиып тұрған Төлештің құшағына құлаған еді. Сол бойда , еңіреп тұрып жалаған. Кеудесіне басын төсеп, уанбай жылаған. Төлеш өкпесі қара қазандай болса да елжіреген ет жүрегінің шылауына жығылып, құшағындағы Сүнжээні онан сайын бауырына басып, шашынан сипап, бірге жылап тұрды. Масқара! Сүнжээ бір шай қайнатымға созылған өксіктен соң ғана: – Төлеш, кеше алсаң мені кеш, кешпесең де, саған ренжи алмаймын, кінә менен, сенің алдыңа не бетіммен келіп тұрмын десеңші! Мен осы жолы саған өлгенше жүрегімнің түбінде екеніңді ғана айтқалы келдім. Бізді екі ұлт қып жаратқан тәңір наламызды, мұң-зарымызды қалай естісін! Баканы жақсы көріп барған жоқпын, әке-шешемнен аса алмадым. Ендігі өмірімнің тек өкінішпен ғана өтетінінен өзге ештеңе де білмеймін. Қош бол, Төлеш, маған ендігі ары кезікпесең өзің білерсің, тек ұмытпашы жаным, жалынамын ұмытпа! –деп, солқылдап жылап тұрып, үсті-үстіне бастырмалата мұң шаққан қыз Төлештің ернінен сүйіп-сүйіп алған еді. Өкпе айтпаққа, енді кезікпейік деп, кеудесінен итеруге келген Төлеш олай етпек түгіл бір ауыз жауап сұрай алмай, әрі-сәрі күйге түсіп, меңіреудің кебін киді. Айтар ештеме қалмаған да еді. Сүнжээ айтқандай мынау мешеу ортада екеуімізді екі ұлт етіп жаратқан тағдырға өкпелеуім қажет шығар деп те ойлаған.

Төлеш бала ғашығына мұнан кейін де бірер рет кезіккенімен аралары алыстай бастады. Сүнжээ кезікке сайын тек егіліп жылай беретін. Оны өмір бойы уата алмайтынын түсінгендей еді. Әйел адамның көңілі бос, көзі жасты келетінін, әрине, біледі. Бірақ, өз еркімен тұрмысқа шыққан адам осынша жылайды, осынша өкінішпен өзегі өртенеді деп ойламаған. Екеуінің қосылмауына Сүнжээ емес, әке сөзінен аса алмаған өзінің де кінәлі екенін мойындағандай еді. Өмір бойы Сүнжээ деп соққан өзінің сорлы жүрегін де, Сүнжээні де аяп кететін. Алайда, ендігі аңсаудың, сағынудың, кездесудің мәні жоғын ұққандай еді. Оның сыртында Төлештің екі адамның ортасына түскісі келмеді. Енді әке-шешесінің айтқанын орындап, қазақ қыздарынан біреуге үйленетін шығармын деп ойлады. Осы күнге дейін Сүнжээден өзгеге көз сүзіп көрмеген Төлеш өз ойындағы «кімге» деген сұраққа өзі жауап бере алмай қиналған кездері де болды. Әрине, сұмындық жастар комттетінің қызметкері деген тәп-тәуір лауазымы бар, оқыған-тоқыған сүмбілдей жас жігітке қыз табылмай қалмайтыны анық. Тіпті тотилана көз тастап, өзіне жан тарқысы келетіндерді де көріп, сезіп жүр. Бірақ солардың бірін ойлайын десе болды көз алдында кес-кестеп Сүнжээнің бейнесі тұра қалады. Он жылдықта

оқып жүргенде де солай болған. Сондықтан сол кезде де еш қызбен етене жақын жүрмепті.

Алғаш 8сыныпқа барғанында шеткі партада отырған екі қыз сыбыркүбір сөйлесіп, өзіне қарай бергені бар. Әйтеуір өзі жайлы бірдемелер айтып жатқанын түсінген, бірақ шаруасы қанша! Мән берген жоқ.Үзілісте әлгі екі қыздың біреуі жанына келіп: – Сен осы Көбештің бауыры емессің бе? –деп сұрағаны бар. – Оны қайдан білдің? – Түрің ұқсайды. Төлеш аң-таң қалып, бетіне қарады да: – Иә, Көбешті қайдан танисың? – деп сұраған. Көбеш Төлештің туған ағасы еді. Әкесінің інісі ұл баласы болмағандықтан асырап алған. Бірақ, туған ағасы ретінде болмаса да, бір ауылда қозыны бірге жайып тетелес, сырлас өскендіктен немере ағасы ретінде жақсы көретін. Өткен оқу жылында 10сынып бітіріп, мұғалімдер иниститутына түскен болатын. Әлгі қыз: – Бәсе! – деді де, басқа ештеме айтпай, сұрағына да жауап қайтармай досына қарай тұра жүгірген. Төлеш аң-таң. Батылдығына таңданды. Соңынан білді, қыздың аты Әлжан екен.

Екі қыз сырларын Төлешке бірнеше күн өткен соң айтты. Сөзді Әлжан бастап: – Көбеш біздің досымыз. Мынау сенің жеңгең болады деп, талшыбықтай бұралған, алтынның буына ұстағандай ақсары өңді, сүмбіл шашты қызды таныстырды. Қыз: – Қайтеді, өзі…!– деп, Әлжанды бір нұқып қалды да, болмашы ұялғандай жүзін төмен салып: – Атым – Жиде, – деп, қолын ұсынды. Хас сұлу екен деп ойлады Төлеш. Келбеті Сүнжээге келеді, орта бойлы, тек Сүнжээден айырмашылығы қараторы емес, дегенмен ашаң жүзі өзіне жарасып тұр. Шашы Сүнжээнің шашынан аздап қысқа. Кеудедегі енді ғана тебіндеп келе жатқан қос алмасы да көзді қызықтыра қоймаса да жүрекке ұшқын тастады. Ағасының қалыңдығы болғандықтан ба әлде албырт сезім бе, әйтеуір бір түрлі жақсы көріп қалғандай еді. Артынан үшеуі дос болып кетті. Жиденің екі сөзінің бірі «сен ағаңа қатты ұқсайсың» дейтін. Әке-шешесі ата дәстүрді, ағайын сыйластығын жасынан құлағына құйғандықтан Төлеш «ол – менің туған ағам» деп Жидеге ешқашан айтқан емес. «Ағайымды жақсы көргендіктен көзіңе жылышырап тұрған шығармын. Әйтпесе біз немере ағайнбыз. Түрімізде бөлек» дейтін жорта. Бірде Жиде: – Төлеш, осы сен Әлжанға хат бермейсің бе, сені жақсы көреді, – дегені бар. – Жеңгем болып шықтың ғой, әйтпесе... Жиде: – Құтырған шешек, – деп, күле тіл қатып, Төлешті нұқып қалды.

Онсыз да Сүнжээден басқаны ойлауға дәрмені жетпейтін Төлеш күлген де қойған. Бірақ Сүнжээ туралы айтайын десе, «қайдағы ұранқайға қайдан ғашық болып жүрсің» дейме деп, ұялатын. Оның үстіне қалалы жердегі оқып жүрген қыздар ауылдың қыздарын менсінбейтін әдеттері бар. Сүнжээден айырылған соң «Әлжан да әдемі қыз еді ғой. Сүнжээ сияқты қараторы. Сонда неге сөз салмады екенмін»! деп, кейде ойлайтыны да бар-ды. Бірақ өкінген емес. Керісінше Жидені жиі еске ала беретін. Он жылдықта жүргенде Көбештің Жидеге жазған хаттарын жігіттер пошта жеріне ұстап ала берген соң, соңында Төлешке жазғазған хатының ішіне салып жіберетін. Көбештің хатын апарып берген сайын Жиде хатты жүрегіне басып тұрып, бір секіретін де, сосын Төлештің бетінен шөп еткізіп сүйіп алатын. Жүрегі дір етіп, бойына ыстық леп тараған Төлеш те «Менің емес, ағайымның ерні» деп әзілдей күліп, бетінен сүйетін.

Сөйткен Жиде де ағасы универсттет қабырғасында жүріп қайтыс болған соң жылай-жылай өзге біреуге кеткенін елден естіген. …Арада жылдар өтті, шын сүйгеніне қосыла алмай тауы шағылған Төлеш тағдырдың жазымышына мойын ұсынып, өзінің емес, әке-шешесінің қалауымен Кербезге үйленді. Қызметінде табыс шығарып, партия мектебіне кеттті. Сүнжээні біржола ұмытуға тырысты. Қанша кезіккісі келсе де сезімін тежеп, ойын басқа жаққа бұрумен болды.

Уақыт қанаты талған ба, сермеген сайын айлар мен жылдар сол жылдамдыққа ілесе алмай шаң жұтып артта қалып жатыр. Екеуінің аралары алыстағалы он бес жылға аяқ басыпты-ау,! Сүнжээнің “жалғанда жаны сүйген ғашығынан” гөрі “қанша тартып бауырыңа басқанменен” өз жүрегі де, өзгелер де мойындаған “кісі жары” атанғанына да онбес жыл деген сөз. Иә, “Кісі жары кісіге жар болмайды, қанша тартып, бауырыңа басқанменен” деген өзі жақсы көретін ән сөзінің екі жолын іштей қайталады. Досанға ертең не деймін? Бар сырымды ақтарсам ба екен? Тіпті, анау Сүнжээ, оның шешсі Сүрэн ижий үшеуінен өзге екі аяқты, бір басты бірде-бір бәнеде білмейтін құпияларына дейін! Жоқ, оған әлі ерте, басқасын айтса да ОНЫ айтудың қажеті жоқ шығар. Осындай ой орманын аралап, титықтаған ол түн ортасында орнынан тұрып, тысқа шықты. «Ұранқай ауылының» іргесінен көтеріліп, бері қарай биікке ұмтылған аспандағы он беске толған сылқым Ай шарбы бұттардың арасымен ақырын ғана жүзіп келеді екен. Оның көзіне Ай өлі дүние емес, жүрегі Төлеш деп соққан Сүнжээге ұқсап кетті.

...Олардың жолға атпен шығуы – Досанның таңдауы. «Жақын жер ғой, ат үстінде таза ауада серуендеп қайтайық» деген. Досан екеуі Партия мектебін Ұлан-Батырдан қарайлас оқыған. Бірақ екі жылдық курске түскен Төлеш бір жыл бұрын бітірді. Өйткені он жылдықты ойдағыдай бітірсе де жоғарғы оқу орнына жолдама ала алмаған Төлеш өз сұмынына келіп, жастар комитетінің нұсқаушысы болып істеді.

Жоспарлы барлық жұмысты артығымен орындап, жыл сайынғы «бүкіл халықтық социалистік жарыста» олжа салып жүрген озат сұмынның итінің де құйрығы қайқы еді ол заманда. Аймақтық Партия комитеті алдында беделі зор. Сол табысқа Төлештің де үлесі бар. Сөйтіп, үш жылдан соң партия мектебінің екі жылдық курсына тілек білдіргенде Аймақтық Партия комитетіні бюросы өтінішін бір ауыздан қабылданған.

Өзге университет пен институттардың студенттері қызыға қарайтын Партия мектебінің жайлы жатақханасында осы Досанмен танысты. Қанаттас бөлмеде тұрды, біріккен лекцияларды да қатар тыңдап, ғылыми конференциларға бірге дайындалып жүретін сырлас жігіттердің бірі. Досан партия мектебін “қызыл дипломмен” түгеспесе де аймақтық Партия комитетінің екініші хатшысының күйеу баласы болды да қызметте тез өсті.

Екеуі Шегіртай өзенінен өткен соң аттан түсіп, суға беті-қолдарын жуды. Өзен онша ағынды болмағанымен қыз шолпысының сыңғырын елестетіп, сылдырап ағып жатыр. Айнадай тұп-тұнық судың бетін әредік қана жаймен ескен самал лебі діріл қақтырып, мап-майда толқындатады да , енді түбіне үңіліп сұлулыққа тәнті болыңдар дегендей тына қалағанда су бетіндегі көк торғын шымылдық ысырылып, өзен табанындағы сұлу көрініс көзіңді қызықтырады.

Екеуі бір-бір кесе мөлдір суды қолдарына алып, түкті кілемдей жасыл жарқабақ үстінде жүрелеп отыр еді, алдарынан құйрығын бір бұлғаң еткізіп, шапшаң қимылмен өте шыққан ақ шабақты көздері шалды. – Бәрекелді, балық бар екен ғой. Қармақ неге ала шықпадық,– деді Досан таңдана өзенге үңіліп. – Балықтың көкесі біз баратын «ұранқай ауылдарынан» әрі өтіп, Бүркіт тауының шатқалына таяғанда, – деді Төлеш. – Ә, кеше хатшы ағамыз аузының суы құрып мақтап отырған ұранқайдың қыздары жаңағы қармаққа ілінбейтін ақ шабақтарға ұқсаған екен ғой. – Ол да мүмкін, –деді Төлеш. Бірақ әзілге әзілмен емес, ерекше толқыныспен жауап берді. Жүзінен мұң байқалды. Досанның ойына хатшының «Мен басқа сұмынның азаматымын ғой, ұранқайлардың қыр-сырын Төлештен артық білмеймін, Төлештің кластастары да бар» деген сөзі оралды. – Төлеш, ол ауылда сенімен бірге оқыған қыздар да бар ма? Төлеш Досанның сұрағына жауап берудің орнына жүзі кіреукеленіп, ұзынынан ұзақ көлбеп жатқан көк мұнарлы Көксеркеге қарады. Мұнар арасынан Сүнжээнің айдай жүзі бір жалт етіп, лезде бетін жасыра қойғандай елес жүгіріп өтті көз алдынан. Сосын ғана ептеп күрсінді де: – Ой..бой, Досай! Несіне сұрайсың, менімен бірге ұранқайдың қызы емес, жұлдызы оқыған. Тым биікте еді, қолым жетпеді. Енді анау Көксеркенің биігінен ғана қол бұлғап жүр. Жалғанның қорлығы көрініп тұрып қол жетпеу, жаныңда жүрген жанды сағынып өмір сүру екен. Досанды да бір оқыс сезім биледі. Досының жаны жаралы екенін түсіне қойды. Дегенмен толқ пайымына бармай жатып, бірден қазбалап сұраудың да

ретін таппай, тағыда айта түссін деген ойын баяғы қалжыңбастығымен көлегейлеп: - Бәрекелді Төлеш, онда біздің келе жатқан жұмысымыздың түп қазығы сенде жатыр екен ғой. Сені сол ғашығыңа қосамыз да, мәселені мен емес, Төлеш шешті деп, Партия комитетіне есеп беремін, – деп әзілдеді. – Жақсы түс екен, мұндай түсті түн сайын көретін мен-ақ оянайын, сен оянып кетпе, – деді. Бұл жолы қалжыңдап-ақ айтты, бірақ, қанша тырысқанымен дауыс ырғағынан қалжыңның шырайы сезілмеді.

Олар қайтадан атқа қонды. Төлеш Сүнжээ екеуінің арасындағы мектеп қабырғасында басталған ғашықтық жайлы, қолының жетпеуіне бөгет болған жағдай мен бүгінгі өздері шешімін іздеп келе жатқан мәселе екеуінің түп төркіні бір, сабақтастығы жайлы өз пайымын ортаға салды. Жол бойы ұзақ әңгімелесті. Ауыл шетіне іліне екеуі ақылдасып, әуелі арыздың бас жауапкері Самдан қарияның үйіне түсті. Ары қарай шағын ауылдың тең жартысына кіріп шықты. Соңғы үйден шыққан соң Досан: – Барлығының айтатын сөзі біреу-ақ, екі ұлт арасында иненің жасуындайда да өкпе, араздық жоқ, тек наз, базыналық бар. Ұранқайлардың бәрі де өсіп келе жатқан бозбала ұлдары мен бойжеткен қыздарының болашақ тағдырына алаңдайды. Ал оны шешетін көшуден өзге жолдың ұшығын көріп отырғандары тағы жоқ. Бірқанша үйге кірдік, пікірлерін тыңдадық, зерттеу қанағатты, ендігісін өзіміз ойластыру керек. Қайтайық. Бірақ, Сүнжээ өзіңе ренжіп қалар Намчин қарияның үйіне кіріп шағайық, – деді. Жақсыны көрмекке дегендей, өзі де Төлеш ғашық болған «күн астындағы Күнікей қызды» көргісі келген. Ол ойын жасырып қалды. – Жарайды, мен де соны айтайын деп тұр едім, Сүнжээні сен де көр, бірақ, өз көзіңмен емес, менің көзіммен көр. Әкесі, бағана айттым, әкемнің тамыры, қызымды алмадың деп, қырын қарамайды. Өйткені Сүнжээ мен үйленгенен бұрын тұрмысқа шықты ғой. Саған «нэрмэл»* ішкіземін. Мен де Сүнжээмен тілдесіп қалайын,– деді.

Намчин гуай үйде жоқ еді. Олар есіктен кіргенде анасының қасында шынтақтай отырған Сүнжээ ұшып тұрып, жүзін қазан жаққа бұра берді. – Сүрэн ижий, мына жігіт аймақтан келген өкіл, әрі менің досым.

«Шимийн юм»* ішейік деп келдік, – деді, аман-сәлемнен соң. – Ий, көөркіс, сөйтпегенде, Сүнжээ, қонақтарды өзің күт, мен сиыр саууға кеттім деп, ернеуін ақ қалайымен қырсаулап көмкерген сырты сауыс-сауыс ағаш шелегін бір жамбасына сүйрете ақсаңдай басып, шығып кетті. Қарт ананың қызын әдейі оңаша қалдырғанын жігіттер де айтпай түсінген еді. Сүнжээ жіті қимылдап, қазан жақтан домбы көтеріп келіп, күміс аяққа арақ құйды да, сыйлы қонақ Досанға ұсынды. Моңғол салтымен күміс аяқты қос

*Нэрмэл – Моңғолдардың айран, сүттен қолдан тартқан арағы. қолдай алған Досан оң қолының шылдыршүмегін шарапқа еппен тигізіп, үш қайта тәңірге шашып барып, ауыз тиді де Сүнжээге қайта ұсынды. Сүнжээ

де дәстүр бойынша қасиетті асқа ернін тигізіп, домбыдағы арақтан үстемелеп, ендігі кезекте Төлешке ұсынды. Төлеш қолын соза беріп: – Сүнжээ, мен сенің ернің тиген жерден ғана ішейін, аяқтың ернеуін бері айландырып ұсын, – деді әзілдей сөйлеп. Бетіне ылп еіп, қан ойнай қалған келіншек кесені айналдыра беріп, моңғол аруына тән ибалықпен Досаннан ұялғандай төмен қарады. – Сүнжээ, менен қысылма, жаңа айтты ғой, мен Төлештің Партия мектебінде бірге оқыған досымын, – деді. Үнінде ерекше бір рия сезім бар. Досанның сөзіне арқаланған Төлеш орнынан тұрып, Сүнжээнің қасына барды. Қысылып қалған келіншек орнынан тұра берренде Төлеш жалаң шапанын қынай буынған аш беліне құшақтап, бетіне бетін төседі, шашынан сипай тұрып: – Сүнжээ, сен ұзап кетпейсің, мен де сенің қасыңдамын, жаным,–деді. Досан Төлештің де, Сүнжээнің де көзінен мөлдірей қалған, жерге тамып үлгірмеген жас тамшысын байқады. Екеуі атқа қонып, ауылдан алыстаған сәтте Досанның есіне “Абай жолы” романдағы алғаш рет Әйгерімге жолыққан Абай мен Ербол есіне түсіп: – Әй, керім!! Жоқ Әйгерім емес, Нацагдоржның “Құс қарасұрындағы” Сүнжидмаа ғой, – деді.

Көксеркенің мұнарлы тауы көлең-көлең шегініп, көк перде жамылыған қол жетпес сұлудай артта қалды.

Дүңкірлер кешірім сұрап кеткеннен бір жұма өткеннен кейін Бәлекең өзі өлсе орнын басады деп сенетін өжет ұлы Тырқайды шақырып алды. – Балам, Көксерке бойындағы ұранқай ауылдардың төре, ламаларынан бастап кедей-кепшіктеріне дейін сауын айтып, тойға шақырып кел! Той күнін сәттің басы келесі сәрсенбіге белгіледік де. Сауынды әуелі дүңкірдің төресі мен хамба ламасынан* баста, оларға қолың құр барма, жылқыдан екі жақсы ат жетелей барып, белдеулеріне байла. Үкірдай: «Бізден де қателік кетті, кешірім өтінемін, ағайын тату болса ас көп деген, ана жолы ашу қысып тұрғанда да айтқанмын, біз Алтайдың тоғауыттарымен де төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған тату ағайын болғанбыз, моңғол мен қазақта діннен өзге айырма жоқ, салт-санамыз сабақтас, түбіміз бір туысқан киіз турлықты елміз, сондықтан тату болайық, әуелі дәміміз араласын, жүйрік аттарын, палуандарын, мергендерін ала келсін» деді – деп сәлем айт. Сөзді менен сұрамайсың, сырлап, қырлап жеткіз! Бар! – деп, иегімен есікті нұсқады.

*Шимийн юм – моңғолдар өздері қолдан тартқан арақты солай атайды

Сөзді мәймөңкелеп емес, түйеден түскендей шорт, шорт болғанда да басынан емес, ортасына бастап, аяғына да жеткізбей үзіп, түйіп тастайтын тік мінез әкесінің айтқанын екі етіп көрмеген, қарсы сөз айтып әдеттенбеген Тырқай шығып кетейін деп бір ойлады да, бұл жолғы тапсырма тіптен тосын болған соң ренжіген емес, таңқалған кейіппен: – Әке, бұл қалай болғаны? Тойыңыз той болсын, ат-шапан айып апаруымызға жол болсын, түсінбей тұрмын, ойлағаныңызды ашып айтпайсыз ба? – деді. Тағы да айтқанынан қайтпайтын қыңырлығына басқан Бәлекең: – Оның мәнісін кейінірек, тіпті мен өлген соң түсінесің, әзірше сен сұрама, мен айтпайын. Бара бер! – деді.

... Бәлекең бұл шешімге іштей бір апта бойы он ойланып, жүз толғанып барып келген болатын. Бірақ, ешкімге тіс жарып айтқан жоқ еді. Кімге айтпақ, кіммен ақылдаспақ?

Әлдебір нәрсе жанын жегедей жесе, күнтүндемей дөңбекшитін бағзы әдетімен қайқыбас төсекті шықырлатып аунақшумен болған. Санасын сансыратқан жалғыз сұрақ: дүңкірлермен тіл табысу керек пе, аш бөрідей тірсегінен тістеп, арпалысу керек пе? Тіл табысу…, тіл табысу, бұл да оңай болмас, ләғанат кәпір алдағаныңа көне кетер күлшеге қызығатын жас бала емес. Тірсегінен тістуге келсе, аш бөрінің азуындай азу керек. Кеше қаперсіз жатқан елді бір састырдық деп, дәнігу де қисынсыз. Дүңкірлер – Көксеркеге иығын сүйеп тұрған ұлтанды ел. Біз болсақ үйірінен бөлінген ақ бөкендей жосып келген шағын ауылмыз. «Күштінің арты тиірмен тартады» деп қазағым бекер айтты дейсің бе?! Арғы бергінің қайсысын ойласақ та бұл ойраттар осал жау емес. Кім біледі, көзімізбен көрмесек те, көнекөз қариялардан естуімізше біздің қазақтар қалмақтармен жүздеген жылдар бойы, ит жығыс түсіп, арпалысып келе жатқан сияқты ғой. Осал жау болса ата-бабаларымыз баяғыда-ақ жүндей түтіп тастамас па еді. Ғасырлар бойы қыспақ көрсеткен қысық көз дұшпанын аяды дейсің бе!? Біз түгіл қарақұрттай қайнаған қытайлар да, ұрдажық, сойқаншыл ұйғырлар да Бортала, Тарбағатай,

Алтай бойындағы

Ұранқай, Торғауыт, Көкмоншақтарды басынан сипамаса да, бауырға біткен беріштей сылып тастай алмай отыр. Бар тарихта көк бауырдай жабысып, түп етегімізден қалмаған сияқты. Анау батырлар жырларындағы сонау бағзы заманда да Қараман, Тайшық, Көбікті , Қорен болып жолымызды кескестеп, дөң айбат шеккен. Бірақ бәрінде соңғы жеңіс қазақтарда. Жарайды, жырдың аты жыр, қазақтың да, қалмақтың да батырлары қиялдан туған, біз өз құмалағымызды төрттен қойып, жіліктің майлы басын өзімізге тарта жырлаған шығармыз деп ойлайық. Ал бергі атадарымыз айтатын тарихи шындық қандай. Онда да ойрат жұрты оңай болмаған. Қалмақтардың қазақтардың төбесіне нағыз шай қайнатқан кезі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы болса

*Хамба лама – пұтхананың бас діндары. керек. Сол қияметте алдымен таяқ жеп, Сырға дейін тықсырылған да біздің керейлер болған. «Қара таудың басынан көш келеді» деп, шемен шерлерін

мұңлы әнмен тарқатып, «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай» деп аңыраған да осы аз керей болған ғой. Сол атақоныс Алтай – қазақ жерінің шетінде, жаудың өтінде жатпаса, шоқпардың ұшы алдымен керейлерге тиімес те едау. Сонау ит арқасы қиян оңтүстіктегі Сыр бойына боспаған болар еді. Иә, күллі қазақ жұдырықтай жұмылғанның арқасында қалмақтың өлігін қан сасытып, жеңіске жеткені де шындық. Азуын айға да, жауға да білеген батырлардың ортасында Жәнібек, Шақантай, Шақабай, Қотырақ, Жабай, Тайлақ, Машан, Бұқарбай, Байтайлақ сияқты керейдің шаһбоздары, тіпті, өзіміздің төртінші атаммыз Түгелбайдың кенжесі Қаптағай батыр да болғаны зерделі ұрпақтың санасынан бүгін де өшкен жоқ. Иә, біз жеңдік, бірақ аз қырғын көргеміз жоқ. Шетіміз селдіреп, ортамыз ойсырап қалды. Жесір ананың, жетім баланың зары талай жылғы әңгімеге арқау болды емеспе!

Япыр-ау, керейлер сол жеңістен соң неге Сырда қалып қоймаған?! Жер көксеген арғымаққа ұқсап, бастарын жерге салмай неге қайта жөңкілген? Сөз жоқ жер жәннаты «Ағажай Алтайын» аңсаған ғой. Әйтпегенде «Халықтың береке-бірлігінің арқасында қалмақтардың бетін қайтарғанымыз кеше ғана. Керей ағайындар өкпелеп кеткен жоқ па екен,басы енді-енді қосылған үш жүз қоңыр аңдай тау-тауды сағалап, шілдің боғындай бытырап кетсе, тағы қандай жаудың жемі боламыз» деп ел бірлігін ойлаған кемеңгер Бұқар жырау көш артынан қуа келіп: “Керей, қайда барасың, Сырдың бойын көбелеп?” деп тізгіндеріне оралғанда Алтайын аңсамаса, керейлер көшінің басын бұрмай шығысқа тартып кетпес еді ғой. Сол бабалырымызға ұқсап, ұранқайларды қуып шыға алмасақ та, Алтайдың бір пұшпағынан айырылмау – бізге сын. Сол үшін әбжыланмен арбасып отырмыз. Торғай болып аузына топ етеміз бе, мысық болып көзін тырнаймыз ба, ол біздің ақыл-айламызға байланысты.

Осылай ой теңізін сапырған Бәлекең, Алтайдың теріскейіне табан тіреп тұрудың жолы ұранқайларды ынтымақ берекеге шақыру деп шешкен. Ағайындар Бәлекеңнің түсінен шошығандай шұғыл шешімге келіп, той жасағалы жатқанының байыбына бара алмағандарымен, мән-жайын қазбалап сұрамаған. Өйткені үкірдайдың аса бір пейілі түскенде ғана болмаса, сыр ашып, аңқылдап, ақтарыла қоймайтынын, керісінше “Бәлі, білгің кеп өмешегің үзіліп тұр екен ғой. Осы сендерге не жоқ!” деп зекіп тастайтынын білетіндіктен «бадырақ көз сен тимесең, мен тименнің» кебімен әркім той дайындығында өзіне жүктелген міндетке үнсіз кіріскен. Әйтеуір мал семірген, бірен-саран ауқытты ағайындардың биесі ағытылып, «сірге жияр» рәсімі жасала қоймаған нағыз күзгі сары қымыздың уақыты болғандықтан тойдың дастарқаны аспа-төк болатынына сенген. «Бір тойғаны шала байығаны» есепті жарлы-жақыбайларлардан бастап, Қобда бетіне асқалы аттың жалы, түйенің қомында жүріп, той-томалақ дегеннің не екенін естен шығарып алған қара халық, әсіресе қатын-қалаш, бала-шаға барынша қуанып қалған.

Той уағдалы күні басталды. Бәлекең ауылының қойшы-қолаңдарының қара лашық үйлері шеткері тігіліп, ішіндегі бүгін мұражай қызметкерлері таппай жүрген қиқиған қара кебежелері мен жүкаяқтары тысқа шығарылып, киім-кешек, төсек-орын, көрпе-жастықтары үстіне жиналған. Лашықтардың ішіне айнала шыпта шилер төселіп, ет жасайтын орын сайланған. Сыртта қатар-қатар қазылған үшкіл жерошақтарға асылған қара қазандардың бірі жараған бурадай аузынан көбік шаса, бірі құрбақалы көлшіктей бүлк-бүлк етіп, шұрқылдап қайнап жатыр.

Ал Бәлекеңнің ақ ордасын екі қапталына өзнің отаулары мен ағасы Қаракөбеннің, балалры Бәшір, Мәлік, Шімет, Замбы, Тақырдың, басқа да туысқандардың отаулырынан құралған жиырма шақты ақ үйлер тігілген. Бәлекең той қызықтарының бәрін де ерте ойластырып, сайыпқыран жігіттерге жеке-жеке тапсырмалар берген. Жамбы ататын, қызқуар шабатын , палуандар күресетін, теңге ілетін, мүше алып қашатын дегендей, ойын сауықтың әр түрінің бәрінің де орны күн ілгері белгіленген. Тек бәйгенің қайдан шабатыны ғана айтылған жоқ. Ат баптаған азаматтардың «Жуан ат жарысы қайда өтеді?» деп сұрағандарына: «Кезінде көре жатамыз, әзірге қара жарысты Қара тұмсықтан жіберіп, Үшқұйғаннан тосыңдар!» деген. Бәлекең қандай сайысқа кімді салса, ұранқайлардан ұпайы жоғары боларын да күнілгері ойластырған-ды.

Алла қаласа, бәйгеде дүңкірлердің мәстегінен өзінің Кертөбелінен асқан қылқұйрық шыға қалмас деп топшылаған. Кертөбел Өр Алтай өңірінде де сан тойда олжа салған желғабыз жануар. «Бақ шаба ма, бақ шаба» дейді қазақ. Бағымызды Алла білер, бабы қалыпты. Бәлекең соған сенді. Ал балуан жағы онша сенімді емес. Суырдың шала піскен етіне шылқия тойып, бетінен майы шыққан, қысы-жазы есіктей кеудесін ашып тастып, өздерінің шошақ ерлеріне бөкселері сыймағандай атқа бір бүйірілей қырын отырып, әкесі өліп, хабарға бара жатқандай құныперен жүретін бұжбан қара ұранқайлар көп-ақ. Дене бітімі жүріс-тұрысына көзің сүйсінеді. Солардың біріне есе жіберіп алмайық деген оймен түйе палуанға кімді шығару керектігін көп ойлаған. Айналасындағы қақпақ жауырынды, бура санды, байсасы күдір, әнжімді азаматтардың бәрін де ой елегінен өткізгенімен ешқайсысына көңілі толмады. Осының қайқайсысы да денесінің сомдығы, күш-қайратының молдығы жағынан анау өзінің жылқысын бағып жүрген жиені ботақара Сасанның ұлы Делдалдан артылмас деп ойлаған. Делдалдың қару қайраты тасып-ақ тұр. Бітімі де құрыштан құйғандай. Бірақ бұрын арысқа түспегендіктен әдіс-айласына сене алмады. Қалайда ұранқайлардың палуанын қапсыз жығатын адам іздеді. Оның үстіне Делдалды басқа қырынан танытпақ. Думан тойдың көрігін қыздыратын сыбызғышы, домбырашылардың ішінде Делдалдың орны бөлек. Ол сыбызғыны аңыратқанда тамам ауыл тым-тырыс тыныштыққа бөленетін. Ұранқайлардың да сауықшыл жұрт екенін, ат басты қобыздарына, товчуурларына қосып айтатын «туылдары»* қандай, таңды таңға ұрып жырлағанда бір таусылмайды.

Ал әндері қазақ әндеріндей шарықтап, тура көкке өрлемей, баяу қалықтап, алысқа, сонау қиян алысқа кеткенде, жүректі шымырлатып,

көңілді толқытатынын жастық шағын Өр Алтайда торғауыт, көкмоншақтармен, олардың сегіз қырлы бір сырлы ғалисан жігіттерімен бірге өткізген Бәлекең жақсы біледі. Сондықтан қазақтың мынау сыбызғы атты сазды аспабынан төгілген сұлу сарын ұранқайлардың да ет жүрегін елжіретіп, құлақ құрышын қандырсын. Сөйтіп, қазақты тағы бір қырынан танысын деп ойлаған. Бәлекең ақыры балуанда арға беттен алдырған жөн деп тапқан. Халыққа сауын айтқан күннің ертеңінде-ақ, арғы беттен жылқы қуғыш атақты ұры Дайрабайды түнқатырып Дүргіннің бойындағы ағайндардың ішіндегі он екі ата Абақ керей мен торғауыттардан ешкім жауырынын жерге тигізе алмаған Назар ішінде Жамантай Сәдірдің Қалдыбайына жіберген. Өз ағайыны Қалдыбай да Бәлекеңнің сөзін сыйлап, әрі арқасы қозып, осыдан үш күннің алдында келіп жеткен еді.

Жамбы ату сайысына келгенде Бәлекең ойланып қалған. Жоңғарлармен жан алысып, жан беріскен заманда екі жақтың да қарсыласымен бетпе-бет келмей алыстан жайратар бас қаруы садақ болғанмен, бұл күндері садақ асынған азаматты қазақ ауылдарынан көрмейсіз. Ата қаруды әлдеқашан ұмытқан сынды. Ал ұранқайлар жерге таласып, өздеріне құқай көрсеткенде садақ асынып шаппаса да, жылына неше рет, тіпті қыстың ақ қар, көк мұзында да тізеден жауған омбы қады күреп тастап, сегіздегі баласынан сексендегі қарияларына дейін ауыл шетіне жиналып, қаз-қатар тігілген домалақтанған қайысты бұрқырата атысып, азанқазан шуылдасып жатады. Әсіресе былтыр дүңкірдің төресін жаңа жыл – “Шаған” тойларымен құттықтап барғанында осы көрініске қайран қалған. Сондықтан жамбы атудан олардың алдына түсе алмайтындарына көзі жетеді. Әрі тойдың көздеген мақсаты да ұранқайлармен тіл табысу, ынтымақберекеге келу болғандықтан барлық сайыста өзіміз түшкіріп, өзіміз «ах тү..ш, бер, тәңір» дей бермей, жамбы атудан бәйгені ұранқайлаға берген жөн, одан біздің тауымыз шағылып, тауанымыз қайтпас, басқа сайстардан жеңіске жетсек те, кәпірлердің мысын басып, сағын сындыруға жетеді деп ойлады.

...Тойға дүңкірлердің игіжақсылары құр қалғандай болып, басталмай жатып далақтап шауып, арсалақтап жетпейік дескен болса керек, Тогмид төре, бас лама Чойжин бастаған бірінші топ шалқар түсте келді. Оларды қарсы алып, аттарын байлауды Бәлекең өзінен кейінгі екінші адам Тырқай бастаған жігіттерге тапсырған. Жетектерінде көбі көк, көкала, қарасұр болып келген оншақты бәйге аты. Қазақтың бәйге аттарынан ерекшелігі құйрық, жалына үкі тақпаған,

*Туыл (тууль) – моңғолдардың батырлық жырлары, хисса. жалдарын төрт елі ғана қалдырып, теп-тегіс текше етіп күзеп тастаған. Қасы тіп-тік балаларға арналған моңғол ертоқым ерттелген. Денесі тапалтақ демесеңіз бәрі де аузымен құс тістейтін сәйгүлік екені, ат танитын адамға құлынмүшесінен анық көрініп тұр.

Құрметті қонақтар төрге жайғасқан соң төреден бастап тік жағасына, иығына, қолтығына, шалғайына төрт қатардан домалақ күміс түйме қадаған қаусырма шапанының ішіне құс жастық тықса да сыйып кетерлік салқар қойнынан асыл тастан жасалған сәнді «Маны» шақшаларын шығарып, бірінен соң-бірі қос қолдап Бәлекеңе ұсынды. Жасынан торғауыттармен аралас-құралас өскен Бәлекең де моңғол салтын қалт жібемей, қоншынан күміс оюмен қырсауланған мүйіз шақшасын суырып, әуелі Тогмид төреге ұсынды. Екеуі алақандарын алақандарымен тарамдай жып еткізіп, бірбірінің шақшасын ауыстырып алды да мұрындарына апарды. (Моңғол салты бойынша әуелі шақшаны иіскейді) Мұнан соң алдарына қымыз келді. Ендігі жоралғы Бәлекеңнен. Қазақ салты бойынша әуелгі шара аяқ үй иесі үкірдайға, іле екінші шара ұранхай төресі Тогмидқа ұсынылған кезде Бәлекең “Бұйырыңыз, төре!” деп қолындағы шара аяқтың ернеуін Тогмидтің ыдысының ернеуіне тигізді. Толық түсінбесе де құптау керектігін сезіп, басын изенген ұранқай төресі «бұлар да біздің арақты соғыстырғанмыз сияқты қымызды соғыстырып ішеді екен ғой» деп іштей таң қалды. Қазақтың шалдарындай өзара қауқылдасып кетпесе де торғауыт тілін жақсы білетін үкірдай ел-жұрттың жай-күйін сұрап, ұранқайларды бұйдалы түйедей жетектеп, үндемеу еркіне қоймады. Ана жолы сауын атқанда Тырқай арқылы жеткізген сәлемін қайталап, кешірім өтінуді де ұмытқан жоқ.

Даудың басы Дайрабайдың қасқа сиыры дегендей ауылды ойрандауды өздері бастаған қонақтардың басшысы қозғалақтай барып: – Біз де кешірім өтінеміз! Тойларыңызға шақырғандарыңызға рақмет айтамыз! Мына қуанышты дастарқан басында еңдігі әңгіме ағайндық, ынтымақ-береке, сыйластық тұрғысында ғана болсын Үкірдай гуай, – деді төре. Өздерінің “шим арағындай” болмаса да, әдейі ашуын жеткізген бесті қымыздан екі-екі шара аяқтан сімірген соң ұранқайлардың да терілері кеңіп, лепелері өскендей еді. Қонақтар қайқыбас етіктерінің қоншынан сабының тең жартысына лағыл тас отырғызған екі қарыс ұзын найларын шығарып, сірөкшелеріне бір-екі тықылдатып барып, зерлеп тіккен най қалталарына тоғытты. Арасында домбыра, сыбызғы ұстаған жігіттер келіп, ән салып, күй тартып, той көрігін қыздыра түсті.

Бәлекең дұрыс ойлаған екен. Делдал сыбызғыда “Ертістің толқынын” еңіреткенде ұранқайлар да егіліп тыңдады. Алтайдың қарлы шыңдарынан екпіндей ентелеп келіп, етекке түскенде байсал тапқандай сумаң қағып сырғи ағатын Ертістің сұлу суретін сыбызғының ышқына басталып, ирім-ирім бұлаңдаған үні айнытпай қайталады. Әсіресе сыбызғының ноқаттарынан сызылып емес, сыбызғышының кең тынысынан оқтын-оқтын тұншыға шыққан қою қоңыр үн моңғолдардың «көмей» әуеніне ұқсайтын еді. Демін ішіне тартқан үй толы жан тек күй аяқталғанда ғана “Ой, бәрекелді!” десіп, құдыретті сыбызғыны, тұтам қурайдан сарын саулатқан Делдалды мақтасып, дүбірлесіп қалды. Ендігі кезекте бұлаң-бұлаң жүрісті «Балжынгер» күйі кетті. Күйді бір қайырымынан жорта тоқтатқан Бәлекең:

– Делдал, әуелі күйдің атын, тарихын қонақтарға әңгімелеп бер, – деді.

«Ерте заманда жер жәннаты Марқакөлдің жағасында ұранқайдың бір байы мекен еткен екен. Сол байдың асқан сұлу, әрі оң қолынан өнер тамған ісімер Сүнжидмаа деген қызына Балжин деген астындағы жалғыз кері атынан басқа малы жоқ кедей жігіт ғашық болады. Бай кедейсініп қызын бермесін білген Балжин қыз әкесіне атының асқан жүйрік екенін танытып қызықтыру үшін «Сүнжидмаа бір шапанды тігіп болғанша мен кері атпен Марқакөлді бір айланып келсем,атымды алап, қызыңызды берер ме едіңіз?» депті. Сүнжидмаа бір шапанды бір түсте бітіреді екен. Ал айдын шалқар Марқа көлді бір айланып шығу – жүйріктің жүйрігіне күншілік жер. Сондықтан жігіттің сөзін әумәсірлік деп ұққан бай қызық көру үшін, әрі кері аттың бір түсте Марқакөлді айналып келетініне күмәнданғанмен кері аттың жүйріктігін мүшесінен таныған қызығушылық пиғылмен: «Келісуге болады. Бірақ, менің де қояр шартым бар, көлді межелі уақытта айналып шыға алмасаң кері ат менікі болады» депті. Жігіт келісіпті.

Сүнжидмаа таңертең ертемен қолына ине жіп алғанда, Балжин атқа қонады. Балжиннің керісі нағыз тұлпар болса керек, шаңқай түсте көлді айналып ауылға жеткенде Сүнжидмаа да шапанды тігіп біткенімен, соңғы түймесін қадап үлгірмепті. Бәстен жығылған әрі кері аттың жүйріктігіне қызыққан бай қызын Балжинға қосады. Осы бір аңызға айналған кері аттың жүрісін біздің қазақтың атақты сыбызғышыларының бірі күйге айналдырған екен» деп, Делдал әңгімесін аяқтап, сыбызғысын тағы бір суарып алды да бебеулете жөнелді.

Тек күй аяқталған сәтте ғана Бәлекең әдетіне басып: – О, Пәлі! Міне, қазақ пен ұранқай бәяғының бәй заманнан ауылы аралас, қойы қоралас болған ғой. Сонда сіздің ата-бабалырыңыз қазақтың жері Марқакөлде қайдан жүр, Тогмид төре? –деп күле сөйлеп, төрені арқасынан қақты. Үй іші қыран күлкі. Шамасы орталарындағы шежіре, абызы болса керек сөзді дүңкірлер жағынан төренің етегін баса жайғасқан бір қария бастады: – Үкірдай гуай, оныңыз шын. Біз өте ертеден бері көрші халықпыз. Ежелден ұранқайлар төрт ойраттың бірі Цорос деп аталған. Осы төрт ойрадттың басын қосқан, алғашқы ханы біздің Махмут деген арғы атабабамыз деп естиміз. Махмуттың баласы Тоған тайшы, оның баласы Есен тайшы, оның баласы Қарақұл хан болған дейтін қариялар. Одан бері қанша жыл өткенін ешкім білмейді. Тек біздің білетініміз ата бабаларымыздың негізгі мекендері ӨрАлайдан арғы Бортала, Іле, Тарбағатай, Еренқабырға таулары, Еміл өзнінің сағасы болған. Осы жерлерді мәнжі-қытайлар басып алғаннан кейін біздің ата-бабаларымыз Алтайға жөңкіліп, «Алтай ұранқайлары» деп аталып кеткен екен.

Бұл сөз Бәлекеңнің құлағына майдай жақты. Сұрақ қойғандағы өз ауыздарымен айтқызайын деген түкпі ойы да осы болатын. Егер дүңкірлер жауап бере алмаса немесе басқаша жауап берсе, осы сөзді өзі айтпақшы еді. – Пәлі, мына кісі түпсіз терең теңіз ғой. Біздің шалдар – аузын буған өгіз. Жаңа сіз айтқандай ата-бабаларыңыздың аттары да біздің қазақтың аттары. Туыс болмасақ, ол не? Ата-бабаларымыз бірін-бірі қуалап, Алтайды шыр айналып көше берген ғой, – деп, бір тоқтады.

Шынында, Бәлекеңнің өзінің де нақты білетіні осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы жоңғардың зорлығы, керейлер ата қонысы Алтайдан айырылып, «Елім-айлап» зарлаған, заман. Анау қытайдың Тарбағатай өңінірдегі Бортала, Еренқабырға ұранхайлардың байырғы мекені екендігі. Екі халықтың ықылым заманнан бері ит жығыс түсіп, Алтайды кезек-кезек иемдені арпалысып өмір кешкені. Одар әріге барар шежірелігі жоқ еді. Бұл тұрғыда әлгі ұранхай қария шежірелігін байқатып, өзін екі орап кетті. Сондықтан ары қарай қазбалағысы, әсіресе қазақтар қалмақтардан адам айтса нанғысыз зорлық-зомбылық көрген «Ақ табан шұбырынды» атанған ескі жараның аузын тырнағысы келмей әңгіме тақырыбын бүгінгі тойға бұрды.

Әр нәрсенің оңтайлы сәтін қалт жібермейтін Бәлекең енді бәйге шабатын жер жөніндегі ешкімге тіс жармаған ойын іске асыратын кез келгенін ақылмен парлап: – Тогмид төре, сізге бір ұсыныс бар еді,– деді. – Иә, айтыңыз, айтыңыз! – деп төреде жалпаңдай қалды. – Айтсам былай, бүгінгі тойда балуан күреседі, жамбы атылады, қызқуар, көкпар дегендей бәрінің де орнын дайындап қойдық. Бәйгеге келгенде, өзіңіз білесіз, біздің жақта еңіреу жүрік емін-еркін көсіліп шабатын жаттық жердің жайы болмай тұр. Сіздер ұрықсаттасаңыздар аттарды Бүркіттің шатаңынан жіберіп, Шаң бастаудан тоссақ. Көксеркенің бөктері жері жаттық, сыпырмайым жазық. Ат айдаушылар барар жолда балаларға бірнеше сайдың оғындағы орылған жыралардан байқап өтуді ескертсе болды, – деді. Риза көңіл, ақ дастарқан үстінде отырып, Бәлекеңнңнің ішінде ит өліп жатқанын аңғармаған төре мен бас лама бастарын изей жарыса тіл қатты: – Үкірдай гуай, ойыңыз дұрыс, мына Жіңішке судың тастағы бәйгеге келмес, атқа обал, жығылып-сүрінсе, балалар жазым болуы да мүмкін, – бөктерден шабуға қарсылығымыз жоқ, – десті. Бәлекең жымың ете қалды. Тогмид Бәлекеңнің ұсынысын құптауы құптаса да, артынша бірдемеден секем алғандай ойланып қалған. Алайда ішкі күдікті ойын, ішкі бақай есеп жайландырды. Көксеркенің бөктері өз аттарының талай шапқан сыралғы жері, жаза баспай тура шаппақ. Ал қазақтың жүйріктері бірінші рет шыққалы отыр. Көрмеген жердің ойлы-шұқыры көп, сыралғы аттай тура шаппай сәл де болса еңіске тартса, ұлы таудан құлдилаған сұлама беттен қайта өрлеген аттың күш алуы қиынға соғады. Мұның ұпаймыздың түгел болуына септігі тиері анық деп ойлады. Қымызды біраз сымқытқан соң Бәлекең өзі бас болып, қонақтар іш босатуға тысқа шықты. Осы сәтті пайдаланып, сый қонақтарына анадайдан жастардың алты бақан ойнын тамашалатты. Мән-жайын түсіндірді. Қонақтар Бәлекеңнің он екі қанат ақдегерінің алдына таяғанда Бәлекең:

– Бәрекелді, даяшылар біздің жүрегімізді ащы қымыз қыжылдатқанын біліп, табақ тартуға асыққан екен, үйге кірейік деді, – иегімен жерошақ жақты нұсқап. Өйткені өңшең тайпалған жорға мініп, қолдарына беті орамалмен жабылған ағаш табақтарды тізгінге сүйей ұстаған бес жігіт таяй берген еді. Мұның бәрі ас қамына тігілген қара лашықтар мен тойшыларға арналған ақшаңқан үйлердің арасы онша қашық болмаса да, ұранқайлардың көңлін көл-көсір болдыру үшін, қазақтардың сән-салтанатына тәнті ету үшін Бәлекеңнің тапсыруымен әдейі алдын ала ұйымдастырылған шара еді.

Той салтанапен өтті. Барлық сайыс Бәлекеңнің ойлғанындай болды. Сұңғыла Бәлекең бір апта бойы көз алдана елестеткен дүңкірлердің бұқа мойын, күдір тұлғалы, шойын жұдырықты қара палуанынан дене бітімі зор болмағанмен, құрыштан құйғандай сом денелі, төртбақ Қалдыбек айласын асырды.Осы сәт ұранқайлардың жүні жығылғандай болып еді, жамбы таудан ат үстінде шауып келе жатып, бірінші көздегеннен күміс жамбыны жалп еткізген ұранқай жігітіне қазақтардан ешкім тең келмегенде қарсы жақтың көңілдері серпіліп қалды. Ат жарысын тамашалауға жол мойнының ұзақтығына байланысты екі жақтың ер азаматтары мен тайға мінген қара домалақтар ғана барды. Әйтсе де тойшы топтың қарасы аз емес еді. Көксеркенің 30-40 шақырымдық көз тоқтатар бұдыр төбешігі жоқ сыпырмайым бөктеріне кесе-көлделеңдеген аласа тау сілемінің алқымындағы көмбе үшін қолдан тұрғызылғанадай оқшау, қыз емшегіндей сүйір көк төбенің бауыры қазақ, ұранқайға лық толды. Бәлекең ойлаған «айрықша» есептің сыртында шынында хас жүйріктің шалымын сынайтын бәйгеге атап соққан жер екен. Көзге білінербілінбес бірөңкей қайқайыс. Тойшылардың көзіне әуелі шұбалған шаңы көрініп, бәйге аттарының сұлбасы көмбеге таяған сайын теледидар экранынан көрсеткендей біртін-біртін айқындала беретін қағаберіссіз сыпырмайым бөктер. Аяқ жібермейтін егілме құмнан ада, жүйріктердің тұяғы шекілетін қадау-қадау тас та емес. Анда-санда ат сауыры мен үстіндегі баланың басындағы байлаған шытына торс-торс тиетін сәйгүліктердің болат тұяғынан ұшқан қиыршық пен топырақтан ғана тұратын табаны қатты, көделі боз дала.

Бәлекең болжағанындай Кертөбел жеке дара сурылып алға шыға алмады. Керісінше дүңкірлрдің ішкі есебі дөп келіп, Жаматының суағарынан өткеннен кейін алдында баран тартар ат болмағандыңтан жер сырын білмей ылдилап кеткен Кертөбелдің басына үстіндегі бала біраз уақыт ие бола алмай, қиыстап кетті. Бұл кезде дүңкір төресінің Көкаласы арқан бойы артта келе жатыр еді. Үстіндегі жер сырын білетін әккі, желтақым бала тура тартып, Көкала алға түсті. Қайтадан қайқайысқа шауып, тебіні қайқан Кертөбел бағытын тапқанда Көкаламен құйрық тістескенімен сурылып оза алмады. Қалған қас қағым уақыт ағысында тұнық айдында қатар жүзген қос шабақтай ауыздық тістескен бойда көмбеге таяды. Төбе бауыры айғай шуға ұласты. Көп айқайдың ішінде «Аруақ! Аруақ!

Қаптағай! Қаптағай»-лаған ұран ғана анық естіледі. Осы сәт жануар Кертөбел де дәл бір тіл білетіндей екіленіп алға сурыла берді.

Бәлекеңнің аруағы асты. Мақасатына жетіп масаттанған үкірдай бірінші бәйге қалы кілем жабылған қара атан мен тайтұяқ күмісті бірінші келген Кертөбелге емес, Көкалаға бергізді. Ат баптауға қазақтардан да сұңғыла, шын жүйрікті құлынмүшесінен, бауырын жазып көсіле шабатын алқам-салқам кейпінен танитын әрі дау-дамайға құлықсыз, қалжыбұлжысы жоқ, мәрт көңілді моңғол ағайындар Көкаланың бірінші келмегеніне көңілдері пәс тартақанымен керік мүсін Кертөбелге іштей сүйінді. Өз дәстүрлерінде жоқ көкпар сайысының соңын күтпеген дүңкірлер разы қош сезіммен үкірдайға рақыметтерін айтысып, ауылдарына қайтты.

«Алтайдың теріскейін құтты қонысқа айналдыруды дүңкірлер иығын сүйеген Көксеркенің бауырайын қазақтың қазан атының тұяғынан ұшқан шаңмен көмуден бастасам» деген алапасын асырар «арам» ойы орындалған Бәлкең сол түні көптен бергі көңіліндегі күдік сейіліп, басы жастыққа тие ұйықтап кетті. Бірақ бәйге тосқан көктөбенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып «Бәлекеңнің бәйге төбесі” атанарын білген жоқ.

Төлешті хатшы кеңсесіне шақырды. – Дұрыс істегенбіз, товчооның мүшелері де* ойланып қалыпты, –деді хатшы көңілді кейіппен. Аймқтық Партия комитетінің өткен жолғы ұранхайлар ортасына жүргізген сауалнама, зерттеу қортындысы негізінде қабылданған қаулысын Төлешке ұсынып. Істі бастаған, басы қасында болған өзіңсің, ағайындарға, өзің таныстырып кел, қаулы көрсеткіштері бойынша ұйымдастыратын жұмыстың жоспарын жаса, – деді. Төлеш өз кеңсесіне келген соң қаулыны бүге-шігесіне дейін оқып шықты. Қағаз бетіне түсірмесе де жоспардың нобайын да ой елегінен өткізді. Бірлестік тарапынан атқарылатын қаржыға қатысты шаралар көп екен деп ойлады.

Қаулыда “ Мұндағы аз үй ұранхайларды көшірмеу үшін ерекше шаралар ұйымдастыру, жағдай жасау,

Қобда аймағына көшкен ағайындардың бір жартысын қайта оралту үшін Дуут сұмынына барып, үгіт насихат жүргізу, келем деушілерді бірлестік көлігімен көшіріп алу, қайта келген ағайындарға материалдық ынталандыру жасау, көмек, жеңілдік көрсету, қыстау, жайлау, өріс-қоныс бөлу дегендей қолданылатын шараның бәрі де а айқын көрсетілген. Қаулының орындалуы жөніндегі есепті екі жылдан соң таныстыруды сұмындық партия комитетіне тапсырған. “Екі жыл! “ деді Төлеш біреу естіп қоймасын дегендей сыбырлай сөйлеп. Онысы қалай да Сүнжээ екі жыл менің қасымнан ұзап кетпейтін болды, арғысын тағы көрерміз деген ой еді. Артынша бұл ойына бір елі балықты жұтатын екі елі балықтай құйрығы жылпың екінші ой тап берді. Бұл баянсыз тірлік қой, қосыла алмаған соң сыртынан көріп, мекіренуден не пайда!

Жалғанның қорлығы – жаныңдағы сағыныш, өз желкеңнңнің шұқырын өзің көрмеу немесе екі жауырыныңның ортасын қасуға қолың жетпей айызың қанбағаны сияқты мауқың бір басылмайды. Қазақ “көзге күйік болу” дегенді осындайдан айтатын шығар. Іле әлгі екі елі балықтай сумаңдаған ойдан Төлеш қашып құтылды. “Құдай-ау! Сенің нұр жүзіңді көріп жүру әбілхаяттың суын ішумен бірдей ғой. Әйтпегенде өлшеулі өмірім әлдеқашан таусылған болар ма еді.

Ертеңінде Төлеш «ұранқай ауылына» аттанды. Әуелі «жағымды жаңалығын» Сүнжээге естіртейін деген Төлеш әкесінің тамыры Намчиннің үйіне түсті. Ауылдың үлкендері Самдан қарияның үйінде жиналсын деп сәлем бере келген досы Батнасынды жұмсады. Жиналған жұртқа қаулыны таныстыра келе: – Партия бәрін де шешеді, бізге берген тапсырмаларды орындайтын боламыз. Туған жердің орны бөлек қой. Көксеркенің көгілдір тауларын, Шегіртайдың шәрбәт суын Ханғайға* көшсеңіздер де таппайтындарыңыз анық, – деді Төлеш, арғы жағы күңгірт, дүмбілез мәселе екені өзіне белгілі болса да, ағайындардың көңілін аулап, әрі бастық тұрғысында байсалдылық танытып. – Кеткендер қайта келгісі келмес, не істейсіңдер, қарағым, партия ешкімге зорлық жасамайды ғой,- деді Самдан қария. Мұндай күмәнді ой айтқандар аз болған жоқ. Тек Намчин гуай ғана: – Маған бәрі бір, мен кетейін десем де Көксерке жібермейтін шығар, – деді, ел орынан қозғала бастағанда. Жүзінде әлдебір жадаулық бар еді. Төлеш сол жадаулықты өзін аттандырып салған Сүнжээнің қабағынан да көрді. – Жаным! Сен қасымдасың, арғысын көре жатармыз, – деді Төлеш. – Уақыт бізді ұзағынан сүйіндірмесе де мынау алдарқатқан аз күннің өзі – маған алтындай қымбат. Хабарласып тұр, – деді Сүнжээ де көзінің жасы мөлдіреп.

Сол жылы Төлеш келіп, Аймақтық Партия комитетінің қаулысын таныстырып қайтқаннан кейін де ауылдың кәріжасының әңгімесі осы төңіректе болды. Бірі көшіп кеткен ағайындардың қайта оралатынына күмән келтірсе, екіншісі құдайдан кейінгі күшті партияның шешімінің орындаларына сенетіндіктерін айтады. Енді бірі екі жылға дейін кім бар, кім жоқ. Тумаған ту сиырдың уызы, көп болса Қобда аймағы тізімге алмай қояр. Онда барып бастық болғалы жатқамыз жоқ. Қойшыға бәрі бір. Балаларды мектептің жоспарын

*Товчооның мүшелері – Аймақтық Партия комитетінің бюро жиналысы мүшелері. орындау үшін өздері-ақ іздеп келеді. Өзге неге қысыламыз десіп, әлден көліктерін қамдар жүр. Солардың бірі Баканың әке-шешесі. Биыл болмаса да келесі көктемде көшуге анық бел буған. Ал қалған біраз үй бір пәтуаға тоқтағандай. Ол пәтуа « екі жыл дегенің не, сусып ертең-ақ өте шығады. Әліптің артын бағайық. Әзірге астымыздан су шыққан жоқ, қазақтар да қуалап жатқан жоқ. Екі жыл ішінде ағайындардың біразы болса да қайта оралмаса, мәселе басқаша. Партияның да уәжі таусылар, көшуге рұқсат берер» дегенге келген.

Төлеш әжесін жастайынан бауырында өсіп, қызықты, қызықты емес-ау, ел тағдырына байланысты қайғықасіретке толы әңгімесін көп тыңдағандақтан ба жанындай жақсы көретін. Орта мектепте оқып жүргенде қазақ аналарының ақыл парасаты жайлы жыр дастандардан, оқулықтардан көп оқыды. 4-сыныптан бастап жазғы каникульде түннің бір уағына дейін май шамның жарығында етпеттеп жатып, ауыл адамдарына әндетіп тұрып, сарынмен оқып беретін “Қобланды батыр” жырындағы Құртқаның , “Тарғын батырдағы” Ақжүністің, анау орта мектете әдебиет пәнінен оқыған Ғабит Мүсіреповтың шығармаларындағы ана бейнелері, “Абай жолындағы” Абайдың анасы Ұлжанның, әжесі Зеренің ақыл-парасаты, мейірім-шапағыты жүргенде күні бүгін жаттаулы. Өзінің әжесін Абайдың әжесіне ұқсататын. Оның да себебі жоқ емес. Өйткені сол заманда осы ауылда не көп, ақ жаулықты әже көп болғанымен өз әжесіндей тарихты көп білетін, әңгіме айтатындары некенсаяқ еді. Ал әжесі осы бір шағын рудың басынан кешкен қилы замандағы небір қиямет-қайым қиыншылықтарды рет-ретімен қаттап, әр жолы үтір, нүктесіне дейін жаттап айтатын. Сонда “Япырым-ау! Осы өмір ауыл-аймақтағы барлық әжелердің басынан өтті ғой. Басқалары неге осылай әңгімелемейді екен” деп жарықтықтың зеректігіне, зерделілігіне қайран қалатын. Тіпті қарақастың сол кісімен жасы қарайлас шалдарының өзі білмегендерін Төлештің әжесінен сұрайтын. Тоқсанға таяған шағында да ел жайлауға Жалғазағашқа беттегенде жетектегі ат үстінде келе жатып: “Бәлекең қорғанына жақындап қалдық, аттарыңнан түсіп жаяулап барыңдар. Әуелі барлық аруаққа, онан соң Бәлекеңе, сосын басқа аталарыңа бағыштап аят оқыңдар!- дейтін еді-ау жарықтық! Бәлекеңнен бастап, Тырқай, Бітімші үкірдай, бергісі Халел тәйжі туралы, сол замандағы осы аз ауылдың басынан кешкен оқиғаларды баяндай келіп: - Е-е, біздің басымыздан не өтпеді, бірақ, ұранқайларға кеткен пәлендей есеміз, өкпеміз жоқ. Олар да өзіміз сияқты жағасы жайлау, етегі қыстау, мол пішілген қамқа тондай халық қой. Әсіресе, өсек-аяңмен ісі жоқ, тек қитығына тисең ғана басасауланып шыға келетін доңсойыл, дөкір мінездері

*Ханғай – Хангай тауы. Моңғолияның орталығындағы орман тоғайлы, шұрайлы өлке. бар. Әйтеуір осы біраз жылда жауласқанымыздан сыйласқан кездеріміз көп болды. Қайта бертін келе Дэлүүн өлкесіне шұбар аттың жүніндей шұбар керей лық толған заманда қазақтар өз ара қырғи қабақ болып, жерге, жесірге

таласып мүйіздесіп жаттатын. Көрші рудағы ағайынды екі ата жігіттерінің жесірге таласып, өз ара қақтығысқандарын да көрдік. Ол жүзқаралықты айтудың өзі ұят. Жер дауы көршілес, ағайынды екі аулдың бірінде болатын үйреншікті жай еді сол заманда . Өзіміздің қазақтарымыздың ішіндегі көре алмағандар үкіметтің бір темір сүйменін сұраусыз пайдаланғаны үшін ұры атандырып, біздің «баранқастың» (қарақатың) бес жігітін соттатып жібере жаздаған. Сонда тәңір сұрауыңды бергір (Тілеуді бабамыздың аты кетеді деп “тілеуіңді” деген сөзді «сұрауыңды» деп тергеп сөйлейтін) Қайса дейтін ителінің шешені: «Кешірімді де парасатты Партия мен үкіметті, отанын сатқандарды да кешірген, сонда не, біз бір сүймен ұрлағандары үшін бес азаматты қойша қосақтап, соттамақпыз ба? Үкіметтің сүймені қымбат па, әлде баранқастың жігіті арзан ба?» деп уәж атып, кешірім бергізген күндерде болған» дейтін.

Осы сияқты бір оқиғаны Төлештің орыста да болғанын бір кітаптан бертінде оқығаны бар. «Базардан елу тиынның шелегін ұрлаған бишара кемпірге сот жаза кескенде орыстың атақты шешені, адвокат Плевако: «Біздің елді патшалар мен помощиктер аяусыз тонаған. Алып та мейрімді Ресей империясы оларды да кешірді. Порт-Артуырда жапондармен болған шайқаста әңгүдік қолбасылардың кесірінен тас-талқан болып жеңілдік. Алып та мейрімді Ресей империясы оларды да кешірді. Ал қайыршы кемпір елу тиынның шелегін ұрлап алып еді, оны кешіре алмайды. Оған жүрек жылуы, азаматтығы жетпейді», деп сөз бастауы мұң екен, сот мүшелерінің өздерінің ағаттық ісіне пұшайман болғаны сондай, ұялғанынан жерге кіріп кете жаздап, дереу кемпірді ақтап жіберген екен» деген жолдардың ұзын ырғасы есінде қалыпты.

Біздің бабаларымыздың шешендігі, парасаты кімнен кем, шіркін! Қандай мықты халықпыз деп ойлаған. *** *** *** Төлештің әжесінің ұзын сонар әңгімелерінің ішінде өте бір аяныштысы “Жалама” айдаған заман туралы хикая Төлештің ойынан өмір бойы бір кеткен емес. Әсіресе тірідей сойылған бабасы Ақымбектің ай бойы ызғырық өтінде уілдеген «ту тұлыбы» мен айдаладағы асу үстінде аштан өлген он үш сәбидің өксік үндері дәл көзімен көргендей, өз құлағымен естігендей оңша қалса болды ойына орала беретін.

Қарт әже әңгімесін тағы да сол ұранқайларға шаң жуытпай: – Біздер көресіні жеріне сұраусыз енген ұранқайлардан емес, қаңғыған жалғыз түйелі Жаламадан көрдік қой, – деп бастайтын, өрмекші торының дәл ортасында баяғыда жантәсілім болған көк сонадай нұры тайған көздерін босаға қадаған қалпы, кимешегін бір түзеп, самайындағы ақ шаштарын жаулығының астына қарай үш саусағымен ысыра отырып. – Қайран Ақымбек, екі иығына екі кісі мінгендей азаматтың арысы еді ғой!!! Қайран Құлашкер, құлашкер десе құлашкер алпамса еді!!! Ғали Арыстанмен күрескен кәпірдің қызы Дариға сондай-ақ болған шығар!!! Текті ұрпақ

сарбас руының атақты Буратай тәйжісінің ауылының қызы еді ғой. Шын аты Бәтима болатын. Қайындары ойнап, алыса кеткенде соқталдай-соқталдай бес жігітті бір өзі байлап-матап тастаушы еді. Содан ауыл-аймақ Құлашкер деп атап кеткен.

… «1912жылдың тамыз айының ортасы. Жалама деген ақ түйелі салт лама шығыпты. Бойында қасиеті, көз байлаушысы бар ерекше адам дейді. Үкіметпен келісіп, Қобдадан шерік алып, батыстағы қазақ, ұранқайды ішкері қарай көшірмек болған. Әсіресе жалғыз түнде Алтайға асып кетеді деп қазақтардан қауіптенетін көрінеді. Дайын, Сырғалы, Аққолдағы шерушілердің үкірдайы Қылаң Жаламаның айтқанына көніп, елін ішекрі беттетіпті, бірер күнде Жаламаның шеріктері Дэлүүнге де келеді екен» деген өсек ел ішінде желдей есті. Халықта зәре-құт қалған жоқ. Әсіресе Жалғызағаш пен Төңірек сайындағы қарақастың Сары атасынан тарайтын ауылдар ерекше әбіржулі еді. Жалғышағаштың Ақсайында отырған Сүйіндік залыңның немересі елуге енді ғана шыққан жігіт ағасы қырсық мінезді Бұлғынбай ауыл азаматтарын жинады да: – Ертең таң сарғая көшеміз, ат-көліктеріңді қамдаңдар. Жерге жарық түскен кезде көш, барлық малмен арғы бетке «Жарық асудан» асу керек, – деді. Ешкімге ақыл салмайтын

Бұлғынбайдың сырын білетін ауыл азаматтарының барлығы да басын изеді. Әйтсе де ұранқайлардан атабабалары алысып жүріп алып берген қасиетті мекен, онда жатқан аруақтар жалғыз түйелі Жалама сұмырайдан осы құрлы қорыққан ұрпақтарының қылығын қош көрмеген шығар, жолдары болмады. Жарық асу деген Алтайдың екі бетін бөліп тұрған қарлы шыңдардың Китін сала мен Ақсай басының түйіскен жеріндегі жалғызаяқ жам жол болатын. Қашан екені белгісіз ерте-ерте заманда жер сілкіністен жолдың ортасы айрылып кеткен. Пайда болған жарық онша енді болмаса да төменге кетіп жатқан түпсіз шыңырау әңгек жолағанды жұтып қоятын аждаһадай сұсты көрінетін.

Межелі уақытта асуға жетіп, ұсақ малды жарыққа киіз төсеп өткізгенімен күнайжайылғанға дейін қанша иіріп тықпаласа да екі айғыр үйірі жылқы, мен жүз шақты сиырдың бірде-біреуі осы жарықтан өтпей қойған. Күн найза бойы көтерілді, енді кешіксе, арттарынан қуып, Жалама әскері жетері даусыз. Тарыққан ауыл көштің басын кері бұрды. Қарашым жазығына келіп, үйлерін тігіп болғанша шалқар түс те ауып бара жатқан. Мойындарында мылтық, астарындағы аттары қара терге малшынған Жаламаның үш атты әскері осы сәтте ауылға келіп жетті. Қабақтары қатулы. Аман-сәлем орныны әкіреңдей сөйлеген басшы сымағы әлденені сұрап шүлдірлеп тұр. – Жайлаудан көшіп келеміз, – деді әлгінің сұрағына жауап берген ауыл адамдарынан тіл білетін Ыбырай деген жалшы жігіт. – Үйлеріңді қайта жығып, түйелеріңді қомдаңдар! Бүгіннен қалмай етекке түсіп, басқа сай-саладан көшкен ауылдарға қосылыңдар. Сендерді Бортының жағасынан “Да ламаның” өзі тосып алады. Ал сен бізге еріп жүріп, Төңіректегі ауылдарға бастап барасың, – деді, Ыбырайға бұйрық беріп.

Сосын ауылдың көш аттарынан ойнақтап тұрған үш жақсы атты ауыстырып мінді де Ыбырайды алдарына салып шаба жөнелді.

… Әскерлер Төңіректің басында отырған Тоққұл қажының ауылына жеткенде күн қып-қызыл жалқын атып, Өркештаудың иығына қонған еді. Үркердей болып отырған шағын ауыл өрт өшіргендей жым-жырт, қойшықолаңдар малды айдап, арғы жаққа әлдеқашан өтіп кеткен. Ауылдың иесі аптал азаматтар ағайынды Ақымбек, Рақмет, Рақым үшеуі күтпеген қонақтарды ” күтіп алуға” қатын, бала-шағаларымен ғана қалған. Басты мақсат – қоралы мал, қойшы-қолаңдар арғы бетке өткенше қуа келген жау болса жағасынан алып тоқтату. Үш әскер жайбарақат аттан түскенде, жігіттер де жағымсыған сыңай танытып, қоларын ұсына жақындады. Жолай кезіккендердің бәрінің мысын сұсдарымен басып, жаутаңдатқан әскерлер бұл ауылдан да сұмдық күтпеген еді. Алдарынан қарсы шыққан үш жігіттіке амандаспақ болып, қолдарын ұсына бергені сол еді, мойындандағы мылтықтарын да алып үлгермеді, әккі жігіттердің асаужамбастарында төңкеріліп бара жатты. Көз ілеспес жылдамдықпен қоныштан суырылған алмас кездіктер тамақтарына қадалды. Тек өңкиген жуан қалмақ Рақыметпен ит жығыс түсіп, арпалыса бастады. Осы кезде есіктің жапсарынан сығалап тұрған қатынбаларлардың ортасынан жүгіріп шыққан еңгезердей денелі келіншек Рақымның қолынан сытылып шыққан жуан қараны алқымынан ала кетті де, қаңбақ құрлы көрмей алып ұрып, астына басты. Бұл кезде атқосшы Ыбырай көз ұшында тырымтырақай қашып бара жатқан еді. … Сол күні түстен кейін Дөңгелекшиге жетіп, түйе қолмын шешкен Бұлғынбай аулы түн ортасында бақырып-шақырып жеткен Ыбырайдың дауысынан оянды. – Қажының ауылының жігіттері әскерлердің үшеуін де бауыздап тастады. –-Біттік! – деді қызыл көз, – олар біздің қажының ауылымен ең жақын ағайын екенімізді елден ертең-ақ естиді. Бізге кешірім жоқ, таз өшін тырнадан алады. Байтал түгіл бас қайғы, мал – мүлік қалсын. Атқа қоныңдар, кеткен ағайнмен арғы беттен табысайық.

… Бұл кезде батыс Моңғол түгіл Астрахан мен Бейжің арасын жол қылып, моңғолдарды «мен осыдан 150 жылдың алдында орыс жерінде сүйегі қурап қалған Жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың қайта тірілген рухынан жаралдым» деп алдап-арбап, айласын асырып жүрген сұмырай қалмақ Жалама ( Дамбижанцан) елді айдауды арғы бетке түнделетіп жасақ өткізіп, қоршап алудан бастағанын қараңғы қазақтар білген жоқ еді.

Екі күннен кейін өздері үш әскердің қанымен жуып асып кеткен Төңірек асуынан азаматтарының қолы байлаулы жүздері сынық , қатынқалаш,бала-шағалар зар жылап, улап-шулап жаяу асып келе жатты. Ағайын, туыстас бірнеше ауылдың адам саны жүз қаралы еді. Қалмақтардың оқ бората айдындап қуған тегеуірініне төтеп беріп ілесе алмаған кәрілері жығылған жерінде оққа ұшып жатты. Бала-шағалардың кішілері шешелерінің арқасында, одан ересектері жетектерінде. «Аяқтарыңды жылдам басыңдар»! деп дікектейді әскерлер. Жүк артқан атан түйелер мен шар өгіздер шеріктердің жетегінде. Басқа малды әлдеқашан топалаң тигендей қуып кеткен.

Бірінші құрбан ауыл басы кейуана Тоққұлдың бәйбішесі Оймыштың сүйегі Өр Алтай бетінде сонау арғы етекте қалды. Кіші әйелі Қалампыр апа қайратқа сүйеніп, топтан қалмай сүретіліп, ағын әзер басып, алға жылжуда. Жаппар құдайдан «Алла алдымен мені алсын, тек Ақымбегім тірі қалса екен»! деген жалғыз тілек тілеп, зар еңіреп келеді. Екінші болып оққа ұшқан Ақымбектің әйелі Жамал болды. Оқ екі тізесін қатар қырқып кеткен. «Жалғыз ұлым Құсайынымды жаратқан Аллаға тапсырдым»! болды жарықтықтың соңғы сөзі. Көзінен аққан қанды жасты тыя алмай, өлі мен тірінің арасында жапан түзде қалды.

Шеріктер асуға шыққан соң көш пен айдалғандарды тоқтатып, аз-кем дамылдатты. Әйелдердің бәрі де қалжыраған, көбі бала арқалап жүретін қалде емес еді. Топтаса отырып әңгімелесетін де дәрмендері жоқ. Тоқтаған жерге жығыла кетіп, ыңырсып жатыр. “Алтайдан самал еседі-ай, Жөңкіліп бұлттар көшеді-ай, Жауға бір түскен елімнің, Маңдайда соры бес елі-ай. Мінгенде атым көк еді-ау, Көзінің жасын төгеді-ау, Кәпірмен өткен алысып, Керейдің соры көп еді-ау.”

Жоқтау айтқан әйелдердің дауысымен Алтайдың ақбас шыңдары қоса күңіренді. «Маңдайда сорым көп еді……. көп еді….еді». – Құдайдың жазғаны сол болса, амал қанша, жас балалрды кигізге орап тастап кетіңдер! – деді, қолы байлаулы, аяғы кісендеулі Ақымбек. Сосын тепектеп тұрған әскерлерге қарап: – Кәпір болсаңдар да адамсыңдар ғой, балалардың жазығы жоқ, аштан өлсе де бойы жылы өлсін , жүктен үзік, туырлық беріп кетіңдер, – деді. Әскерлер түйе қомынан екі үзік алуға ұрықсат берді.

Алды жетіде, арты бесікте он үш баланы үзікке орап, бір-бір білем құйрық майды ересектерінің қолына ұстатып, бесіктегілерінің аузына тықты да, көш ілгері жылжи берді. Дәл осы кезде күңіренген зарлы үндердің арасынан бұлтты жарған найзағайдай бір өктем дуыс саңқ етті. – Әй, Алпа! Мені арқамдағы Күлімжанды (Күлімжан туған қызы) апарып, туырлыққа ора да, Әжікейді бері алып кел, Құдашымнан көрген жалғаз немерем еді. Ұрпағы үзілмесін! Бұл Тоққұл қажымен бірге туысқан Бекқұлдың бәйбішеснің дауысы еді. Бала арқалауға дәрменсіз жарымжан келіні Алпа енесіннің арқасындағы

жеті жасар Күлімжанды түсірді де, туырлықт арасындағы өзінің туған қызы кішкентай Әжікейді көтеріп әкеліп, енесінің арқасына салды. – Алпыш, жеңешем-ай, апамның аяғы нашар ғой, бір жерге жығылып қалмасын, бір қолыңызбен жетелей жүріңізші! – деп шырылдады кішкентай Күлімжан көзінің жасын төгіп тұрып. Жапан жүзде қалып бара жатқан жеті жасар қыздың зар еңіреген жалынышына қабырғасы қайысқан тұтқын ауылдың адамдары түгелдей еңкілдеді. Айдаудағы көш ілби аяңдап, асуды асып бара жатты. Әйелдердің зарлы дауысы саябыр тапқан сәттерде, асудың үстінде шулап қалған он үш сәбидің шұрқырай жылаған үндері талып жетеді. Алтай тағы да азалы үнмен күңіренді. “Керейдің соры көп еді……. көп еді….едіау-у-у!

Төлеш Сүнжээге ең соңғысы Баканың ауылы Қобда аймағының Дуут сұмынына көшкеннен бір ай өткенде кезіккен. Бұл да бір кездейсоқтық, тағдырдың сыйы сияқты. Сыйы..., иә, тағдырдың өмірлеріне өшпес із қалдырар өзгеше сыйы еді.

Төлеш Нортдағы* қайынына қыдыра барған болатын. Бастары қосыла қалса, әңгімені «келді, кеттіден» бастайтын ауыл адамдары кеше Намчин қарияның осыдан бір ай бұрын көшіп кеткен құдалаына хабарласуға кетіп бара жатқанын айтқан. – Намчин гуай, ақылды , түспесі де бар мықты адам ғой. “Бірге көшейік” деген құдасының сөзін жерге тастап, көңілін қалтырғанына кешірім сұрап, «Құдама хабарласып қайтамын, қоныстарыңыз жайлы болсын айтамын» деп кетіп бара жатыр екен. Қазаққуарлығы қандай! Жөн білмейтін кейбір өзіміздің ағайындардан бес артық. «Бұл үй – керейлер ортасындағы найманның бір қасиетті шаңырағы ғой, аттап кетуге дәтім бармады» деп, біздің үлкен үйден шай ішіп кетті. Сүнжээні ажыратып алып қалуын да түсінуге болады, жан дегенде жалғыз қызын қолынан қалай шығарсын. Тіпті ұранхайлардың салтында жоқ. Бакаға қайда болуыңды өзің шеш депті. Бірақ, біз білетін Бака болса қайтып келуі екі талай.” , – деді осы ауылға қыдыра келген ел арасында «найман Сапар» атанған әңгімешіл сұңғыла шал. – Бәрекелді, онда керейдің ноқтаағасы Ителінің қара шаңырағы біздің үйге алдымен келмей ме деп, Төлештің атасы да әзіл қосты. – Жоқ, сендер қанша «қашқын найман» деп кемсітсеңдер де біздің жолымыз үлкен, – деп Сапар ақсақал әзілге әзілмен жауап қайтарды.

*Норт (Нуурт – көлді) – моңғолша жер аты. Намчин қарияның сапарлай кеткені жайлы әңгіме Төлештің санасындағы ескі жарасының аузын тырнағандай, жүрегін сыздатып, көңілін қылп еткізген. Әкесі үйде жоқта Сүнжээмен еркін сырласқысы келген. Олардың қашан көшкенін Төлеш біліп отырса да мекершілеп:

– Бакалар қашан көшіп еді? – деп, түк білмегендей ауыл адамдарына сұрақ қойған. – Ә, көшкелі де айдан асты-ау. Олардың көшінің алдынан да әйелдер айран алып шыққан болатын. Үлкендер бәріміз барып, «көш байсалды болсын» айттық. Қанша жақын жер дегенмен туған жер, өскен елденден қоныс аудару оңай емес қой, әсіресе әйелдері «Дэлүүннің халқан сағынатын боламыз ғой, ат үстіндегі еркектерді қойшы, келіп-кетіп жүрер, ал біз қайтып келе алмаспыз» деп ақтарынан жарылып жатты байғұстар, – десті ауыл адамдары.

Қайын жұртынан ертеңінде түстен кейін қайтқан ол Обатыдан өткен соң тоғай арасымен табиғатты тамашалап ұзақ жүрді. Өткен-кеткенді еске алды. Атын отқа қойып, жаяулап өзен жағалады. “Ұранқа ауылына” қас қария баратын уақытты межеледі. Түнделетіп келген Төлешті Сүнжээ ғана емес, қызының қайғы-мұңын, тағдыр талайын жүрегімен түсінетін Сүрэн ижий де ілтипатпен қарсы алған. Екеуінің еркін сырласуына мүмкіндік жасаған. Сол жолы Төлештің «осы қазақтың қыздары жеңгесімен болмаса, аналарымен осылай неге еменжарқын сыр бөліспейді екен!» деп ойлағаны бар.

Сүнжээ әуелде тағы да көп жылаған. Төлеш құшағына алған сайын көзінің жасы тоқтамайт егіле берген. Иә, иә, сол түнгі ғашықтық ләззатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мынау азғана ғұмырындағы, соның ішінде жүрегіне «ғашықтық» атты құрғыр сезімнің оты ұшқындаған балалық балғын шақтан күні бүгінге дейінгі аралықтағы ең бір ләззатты мақпал түн еді-ау! Иә екеуі үй сыртындағы «қазақ» арбаның арғы жағындағы көкжасаң үстіне төсек салып, айлы аспан астына ұйықтаған. Ұйықтаған деген аты еді. Көңілдері тоят іздеп арпалысып, таң қылаң бергенше көз ілмеген. Сол түн өзге түнлерден ерекше, әлгі ақындар теңейтін нағыз «жұлдыз жауған» түн еді. Қазақтар да, ұранқайлар да ата қонысымыз деп қастер тұтқан Көксерке тауы ай жарығы астында сүтке шомылғандай бозамық тартып, құшағындағы ынтық жандардың мазалағысы келмегендей мүлгіп тұрған. Мүмкін мұңлықтардың өз бауырайындағы ләзатты сәттерінің енді дәл осылай қайталанбайтынын сезіп, ол да мұңға батып, аяп тұрған шығар. Ал, сонау Борашауқардың ұшар басынан сәл қиыста тұрған жеті қарақшы шөміші темірқазыққа тұмсығынан ілінгендей шыр айнала қозғалып, қос ғашықтың сырына, мұңына құлақ түргендей үстеріне төне түскен. Андасанда ғана үп етіп есетін түнгі самал көрпелеріне сумаң етіп кіріп, құлы мүшелерін сипап өтеді. Лапылдаған от денелеріне саумал ләззат сыйлайды.

Солбір айлы түндегі бір-бірімен өліп-өшіп аймаласқан сәттер, алабұртқан іңкәр сезім, ләпсі ләзаты тәп-тәті күйінде көңілінде мәңгілік қалды. Иә, иә көңіліне ғана емес, ӨМІРІНЕ де өшпес із қалдырғанын Төлеш артынан білді.

Туған ай – тураған ет. Ұранқайларға партияның берген екі жылдық уәделері де артта қалды. Аялдамай, қарайламай алға жылжыған уақыт жағасынан сүйреп үшінші жылды да босағадан аттатты. Әйткенмен өзгере қойған ештеме жоқ. Бәз-баяғы қоңыр тірлік. Ұранқай ауылының саны партияның уағдасын күтпей көшіп кеткен бірнеше үймен азайғаны болмаса, сырттан көшіп келген ешкім жоқ. Көшіп кеткендерден, қайта көшіп келгендерге жағдай жасау жөніндегі партияның үндеуіне, ынталандыру айла-шарғысына» шырғадағы қызылға қызыққан аш тірнекке ұқсап, мойын бұрған ешкім болмады. Қалған ағайын екі жылдың алдындағы келісімдері бойынша тағы да Аймақтық Партия комитетіне «сіздердің уағдаларыңыздан ештеме шықпады. Енді «есіміз барда елімізді табайық», бізге ақ баталарыңызды, рұқсаттатарыңызды беріңіздер» деген мағынадағы хат жолдаған болатын. Кеткен ұранхайларды келтіре алмай, шарасы таусылған партия сол арызды қабылдап, «Қобда аймағына қоныс аударамын деген ұранқай отбастарына рұқсат берілсін» деген шешім келгелі шағын ауыл абыр-сабыр.

…Өзгелер көшсе де мен көшпеймін деп осыдан екі жылдың алдында өз ойын кешіп-пішіп тастаған Намчин гуай да соңғы кезде мазасыз жүр. Бұрынғыдай сары далада сандалып, аң қуатын жастан кеткелі тауға да сирек шығатын болған. Оның үстіне қазір Көксерке үкіметтік қорық. Аң атсаң басың кетеді. Бірақ қарияның сол жалғыз атты қорықшыдан қорқып жүргені шамалы. Бас-аяғы қырық шақырымға созылып жатқан жыра –жықпыл, қысаң - шатқалдарға толы ұлы таудың қай қуысына қарақшы болмақ. Ал анау серектердің арасындағы кейкеттер арқылы заңғар басына шығып кесең, үсті домбылдомбыл сары дала. Жапан түзде мылтық дауысын да ешкім естімейді.

Шал түс әлетінде үйінен шығып, арқанда тұрған қаракөгіне ер салды да тауға беттеді. Мойнында бұрынғыдай бес атар мылтығын да асынған жоқ. Мақсаты аң аулау емес, алағызған көңілге дауа іздегісі, ескі дәуренді еске түсіргісі келетін сияқты. Аттанғаны жатқанда сыртқа шыққан кемпірі: – Қайда кеттің? Екі-үш күндей төсекке сыймай дөңгеленіп едің, бой жасап барасың ба?– деген. Намчин тіл қатпады. Ат басын тауға бұрып ауылдан алыстауы сол екен қарияның жүрегін неше күннен бері күпті қылған ой тағы да иектеді. Қаракөктің тізгінін бос ұстап, тауға қарай ілбіп бара жатқанда да ойына алдымен сол өз қағидасы оралды. Баяғыдағы ойын тағы пысықтады. «Партия – өзіне партия, бірінің артынан бірі шұбап Дуутыға көшіп кеткен дүңкірлердің партияға түкіргені бар, пышту да демейді. «Қайта келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» демей ме қазақтар. Кеше үйірімізге қосыламыз деп, алды-артына қарамай көшіп кеткендер бүгін не бетімен оралмақ! Қазақтарға таба болмай ма. «Арсылдадың қаппадың, қазақтан артық таппадың» демей ме. Сондықтан кеткендер келмейді, қалғандар екі

жылдан соң үдере көшеді деп пайымдаған еді. Айтқаны айнымай келді. Енді міне, түп қопарыла көшкелі жатыр». Ал мен болсам…Намчин гуай өз сұрағына өзі жауап таппай аз кем мүдіріп қалды. Жарайды, несіне бас қатырамын, баяғыда айтқанмын, мен кетемін десем де ата – бабамның басы қалған «Көксерке хайрхын»* жібермес.

«Ата-бабамның басы қалған» деген ойдан тағыбір ой ұшқындады. Баяғы жас күнінде суыр аулап жүріп, Қаби тамырына кезіккені бар. Жастық жалын, албырт сезім алып ұшып тұратын ол заманда екеуі кезіге қалса, аман-сәлемнен де бұрын ауыздарын қышытып тұрған әзіл қалжыңға басатын. Бірақ, қай-қайсысы да шамына тиетін шаншу сөзге де шамданып көрген емес. Ол жолы пәлені бастаған өзі. Айдалада елегізіп жалғыз жүргенде серік болар тамырының кезіккеніне іштей қуанып қалса да, баяғы қалжыңбастығына басып: – Қайдан келесің, қаңғыған қазақ!? – деді күле сөйлеп. Қаби атын тебініп жіберіп, Намчинға жанасалай берді де, кең шапанының қолқылдап тұрған қойнынан бір қолымен жұмарлай ұстап: – Әй, Намчин! Қаңғыған қазақ па, ұранқай ма? – деді қарқ-қарқ күліп. – Әрине, қазақ. Мен ата-бабам Дүңкірдің жерінде жүрмін. Сен болсаң, кеше ғана арыпашып, Алтайдың арғы бетінен ауып келдің емес пе. Өздерің айтатын «Алтайдың аш қазағысың. – Сен де айтасың, кімнің жері екенін дәлелдйтін айғақ керек қой. Намчин жөпелдемеде сөз таппай мүдіріп қалды. Осы сәтті пайдаланған Қаби: – Тыңда, қара ұранқай, менің ата-бабам Бітімшінің басы мына Ақұнтыда, оның әкесі Тілеудінің басы Жалғызағашта өз-өзінің зиратында жатыр. Дәлел керек болса, қабірді ашамын да, сүйегін суырып беремін. Ал сен атабабаңның бас сүйегін қай иттің аузынан табасың, – деді. (Қаби ұранқайлардың қайтыс болған адамның табытын жерлемей, тауға апарып, ашық тастайтын салттарын меңзеп айтқан еді).

Сол сөз есіне түскенде, көптен бері езу тартпаған Намчин қария ат үстінде жымиып қойды. Сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы. Ақыры Қабидың айтқаны шындық болды. Мына қарынға жабысқан көкбауырдай тырбиған көк төбенің өзін қазақтар «Бәлекеңнің бәйге төбесі» деп атап кетті. Бүркіттің аузы, Обаты, Ақұнты, Аязбай тұмсығы бәрінде қарашобыр қазақтың қорғандары. Біздің салтымыз, дініміз де қызық осы, екі метр жер қазып көміп, басына бес тас үюден еріне ме екен! Жанымыз «Бурхан теңгірге» тез барсын, сасық денені

*Хайырхын (Көне қазақ тілінле «Қайырхан») – пір, әулие. Моңғолдар ұлы тауларды пір тұтып, «хайахан» деп тәу етеді. аң мен құстың мықтысы жесе, ұжымаққа барамыз деп ашық тастаймыз. Қазақтардың жаны жер астында тұншығып қалып па? Мәйітін аң-құс жемегендіктен ұжымақтың есігінен сығалай алмай жүр ме екен. Енді міне, Дуут мен Көкбелшірде ранот көктеп тұрғандай жерімізді тастап, үдере

көшіп, таусылуға айналдық. Қазақтар басымызды жарып, көзімізді шығарып, қуып жатса, бір сәрі. Үкімет теңдік берген заманда өз басымызға өзіміз қара аспан төндіріп,тексіздік танытып отырмыз. Шал басын шайқап қойды. Қазақтың бізден артықшылығы да кемшілігіде бірді екеу етсем деп тұратын тойымсыз нәпсі, дүниеқорлығында шығар деп ойлады. Сол жолы Қабиды қазақтардың дүниеқорлығын әзілмен қағыта «қатырып» есесін қайырғаны есіне түсті.

Түс қайта Намчин суыр етінен «бодық»* пісірген. Қаби қарны ашып тұрса да қазақтығына, мұсылмандығына бағып, татпай қойған. Сонда бағанағы кеткен есесін қайырып: – Әй, дүниеқор қазақтар-ай, сендердің суырдың етін жемейтіндерің қандай жақсы! Әйтпегенде ендігі мына бөктердегі барлық інді «мынау –Қабидікі, мынау – Құсмандік, мынау – пәленшенік» деп бөліп алатын едіңдер де ұранқайлар аш қалатын еді, – деп сөзбен шымшып алған да, алдындағы суыр етін қасақана аузын толтыра асаған. Сөз қонағына тоқтайтын ақылды, еркөңіл Қаби: – Жеңдің, қара ұраңқай, әкел андағыңнан, сол үшін қияметтің қыл көпірінен өтпей қалсам да жейін, – деп табаққа ұмтылған. Қайран күндер-ай, енді ол дәурен қайдан қайтып келсін, екеуіміз де шал болдық!

Намчин гуай оң мен солға кезек бұрылып, шимай салып, бұралаңдаған жам жолмен қаракөктің белін талдырып, мықшыңдай қайқайып келеді. Сол жағындағы шағылда кертеш-кертеш жалама тастарға тұяқтарын қадап, бір топ тәуешкі кетіп барады. Қияға өрмелеген сайын аяқтарының астынан сылдырап жаңқа тас құлайды. Сылдыр-сылдыр етекке төгіледі. Ал өздері болса жебедей атылып, шыңнан-шыңға биіктей береді. Басында «күзетші» текенің «шұғыл хабарымен» жапа-тармағай бір дүрліккен ешкілер мылтықсыз салт аттыны көрген соң алыс болғандықтан ба әлде шалдың қауқайған бойын қорашсынып «бұл не істейді» деді ме, селтиіпселтіп, құлақтарын едірейтіп тұрып қалды. «Қасиетті жарықтықтар-ай»! деді шал күбірлеп.

Шал Көксеркенің сеңгіріне шыққанда аспан төріне қарай жарыса өрмелеген теңге күн де шырқау биікке жетіп, бұйым жоқ, тайым жоқ өзін де, астындағы атын да шаршатқан міскінге күле қарап тұрғандай еді. Дэлүүн жазығы аяғының астында айпарадай көрінді. Батысы мен шығысы Арасан, Шегіртайдың маңғаз жоталарынан Бүркіттің мұз түндікті ақ бас шыңына дейін кең көсіліп жатыр. Бір бүйірін Ташының қаратұмсығы, екінші бүйірін Көксерке тауы қысқан, ені тар сары жазықтың пішіні де, өңі

Бодық (Боодог) – моңғолдардың суырды бітеу сойып (іші-қарынын ғана алып тастап), қыздарған малта тас тығып түзде пісіретін тамағы. де ұранқайлардың «ұлтарақ бауырсағына» ұқсайды. Борты жағасындағы жайлауға көшпейтін мықашы қазақтардың қоңыр үйлері мен Қарасу бойындағы ұранқайлардың қара борша баспаналарының қай қайсысында да жазыққа сән берер ажар жоқ. Әлі ел етекке түсе қоймаған кез. Күзде төменгі

Көктөбенің алды-артына топтоп болып қона қалғанда ерке қыздың омыруындағы көз таналардай жазыққа сән беріп тұратын малшы қазақтардың ақдегер үйлері мен шашуға шашылған күрең бауырсақтай отар-отар малдың да қарасы жоқ болғандықтан дала біртүрлі құлазып тұр. Мүмкін, дала емес, Намчиннің өз көңілі құлазыған шығар. Осыдан небәрі 60-70 жылдың алды өзінің бала кезінде осы өлке толған дүңкірлер еді-ау. Уақыт қалай тез өтеді, заман қалай тез өзгереді деп ойлады қария. Кезек дүние!!! Қысық көзін алысқа қадап, шоқша сақалын сипап қойды. Арғы бет Қобда аймағы, оның да бергі сай-саласы Қолбаң, Салбаңнан бастап, Өргншілік, Сарбұлақ бойы толған қазақ. Тіпті, Қобда өзені бойындағы егістік алқабы Таранға дейін. Қулығына құрық бойламайтын, сауда дегенде әлекедей жаланып тұратын сартттардың өзі “Қазақ сығаламайды, сығаласа кіріп кетеді” деп бастарын шайқайды екен. Қария өз ойын өзі құптап, басын шайқады.

Енді Дэлүүн аңғарының жан жағынан ирелеңдей ағып келіп, төменгі шатқалға құлаған өзендерге көз тоқтатты. Сол көр шатқа жұтылып жатқан өзен мен бетін күндіз күн сүймейтін, түнде ай аймаламайтын Бүркіт тауының аспанмен таласқан тіп-тік құзар шыңдарды көз алдына елестетті. Дэлүүн өзені Алтайдың қарлы шыңдарынан бас алған әр тарабы жүздеген шақырым алқаптың тамшы суын қалдырмай өзіне қосып алып, арна түзеп, осы шатқал бойымен арсы-күрсі күңіреніп ағады. Бейне екі бүйірінен қысқан қасқа шың мен тар жарқабақтың бұғауынан жаны шырқырағандай. Тек шатқал таусылып, Баянғол аңғарына жеткен соң ғана өзен солықтап, әптігін басады да әріқарай “Дэлүүн өзені” деген атын өзгертіп, “Буянт гол” атты салқар дария сылаңдай ағып, Қобданың сұлу шаһарына жетеді. «Құдайдың өзінен берері жоқ, бірудікін біреуге жырып береді» деген осы шығар. Мына өзен болмаса, ана қызыл серектердің арасынан еңсе тіктеген Қобда қаласы да болмас еді ғой. Бір сөзбен айтқанда Қобда қаласын ананың ақ сүтіндей гәусар суымен Дэлүүн өзені асырап отыр деген сөз.

Шіркін жастық шақ! Жазда Тиектімен, күзде су тартылған кезде осы шатпен желе жортып, Қобда базарына талай барып еді-ау! Өзеннің бір бетімен ғана жағалай беру мүмкін емес. Әр тұстан жарға ентелеген тас тұмсықтар алдыңды кес-кестеп кесе көлделең шығады. Амалсыздан атыңның басын бұрып, тал терегі сыңсыған тоғайдың арасымен өзеннің жайлақ тұсын тауып , ары да, бері де өтесің. Әлі есінде, бір жолы әдейілеп тұрып санағаны бар. “Тұнба өткелден” Баянголға дейін өзеннен тура он тоғыз рет өтіпті. *Ұлтарақ бауырсақ – моңғолдардың бетіне өрнек салып тасқа қарыған ұлтарақ пішінді таба наны. Өздері солай атайды.

Осылай туған жердің сай-саласын, өзен бұлағын бір-бірлеп санап, көз алдынан өткізген Намчин гуай енді екі жағындағы адырларға қарады. Іздеп, аңсап келгені де сол ғой. Осы таудың әр жырасындағы қорым тастардың арасында арғысын білмесе де өзінің көз алдында жалғанның баянсыздығын көрген ұлы әкесі, өз әкесі, шешесінен бастап, қанша ағайынның ақсөңке сүйектері саудырап жатыр. Соларға бас иіп қайту еді ғой шыққан мақсаты. “Уммани-бәдми-қум” деді күбірлеп, екі алақанын бір-біріне жапсыра маңдайына қойды.

Ойға батып, біраз отырған соң орнынан тұрды. Төңіректі тағы бір шолып шықты. Көзі жасауырады. Қарт денесі дірілдеп, буыны босағандай болды. Бұл қарияның өзі туып-өсіп, тірлігін тоздырған құт мекен Дэлүүн алқабының сай-саласын тұтастай соңғы рет шолуы еді. Атын жетектеп, әлгі қарсы беттегі тауешкілер өрмелеп келткен сайға түсті. Өз қолдарымен қыр асырған аруақтардың сүйегі кездесе ме дегені еді. Көзіне ештеме шалынбады. “Жарықтықтар «Бурхан теңгірге», ұжымаққа кеткен болар» деп ойлады ішінен. Етектегі құмайт доңғылдарға жеткенде де қара жерден көз айырмады. Қой кесіртке кездесеме дегені еді. Жоқ, жоқ!

*** *** *** …Намчин қария сол күні түнде ауырып-сырқамай, майдан қылшық суырғандай жан тәсілім етті. Қара жамылған шағын ауылдың ер азаматтары ертеңінде елең-алаңда марқұмның мәйітін Жаматы сайының басындағы жартасты құзға апарып, қыр асырды да, өз діндері, салт-жоралғылары бойынша дұға оқып болған соң із жасырып екінші саймен ауылға қарай беттеді. Бірнеше күн бойы ауыл адамдарының әйелі де, еркегі де, кәрісі де жасы да марқұмның жақсы қасиеттерін еске алысып, әңгіме арқауына айналдырды. Әсірес марқұмды қыр асырып қатқаннан кейінгі құдайы аста “қайғы қайтару” (азадан айығу) салты бойынша шім араққа аузы қызғандар бірбіріне есе-теңдік бермей елжірей, өзеуірей сөйледі. “Бұрхан теңгірден” осыны тілеп еді, жарықтық, сүйегі туған жерінде, ата мекенінде қалды” деді бірі. “Ақыл-парсатты адам еді” деді екіншісі. “Қасиетті Көксеркеде сүйегін қалдырған соңғы арысымыз осы кісі болар” деді тағы бірі. “Қуаяқ қазақтар болмаса, бәрің де сүйектеріңді осы қасиетті Көксеркеде қалдыратын едіңдер, ертең ата мекенді де, өлгендеріңнің аруақтарын да тастап үдере көшкелі отырғандарың мынау” деп, қазақтарға тиісе сөйлегендері де болды. Дегенмен қарияның жақсы қасиеттері, игі істері аңшылық, қайрымдылық жақтары

әңгімеге көбірек арқау болды. Азаматтар азаларын «ақмағамбетпен» басса, әйелдер жағы көздерін жаспен шылады. Сүрэн ижий байыпты адам еді. Ежіл-қожыл еңіреп елдің есін шығарған жоқ. Бар болғаны алдындағы шиттей немересінің басынан иіскеп қойып, терең ойға батып, ауыр күрсіне берді. Сүнжээ ғана қайта-қайта көз жасына ерік берумен болды. Дастарқан соңында көз жасын төгіп тұрып, «қайран әкем, «мен кетейін десем де Көксерке хайырқын» жібермес» деп отырушы еді. «Бұрхан теңгір» тілегін орындады. Ауылдың басы деп қадір тұтып, қыр асырып қайтқан сіздерге рақымет» деп ризашылығын білдіріп, сіріңке, темекі, металл ақша, иіс сабын дегендей отырғандаға бірін де қалдырмай кәде ұсынды.

Ғасырлар қойнауында Шыңғысханның ата-бабалырымен бірге қасиетті Бурхан халдун тауында Моңғолдың Жажирадай атасынан тарап, Жамух сынды баһадүрі Шыңғысханмен жауласқан, Зэлмээ, Сүбэдэй сынды батырлары Шыңғысханмен достасып, жарты әлемді бірге бағындырған Ұранқай әулетінің бір ұрпағы Намчин қария кіндік қаны тамған Көксерке қайырғанында сүйгін қалтырып, рухы “Бурхан еліне” аттанды.

Сүнжээ екеуінің арасындағы қатынастың қуанышты хабарын алғаш рет Төлешке алты айдан соң досы Батнасан жеткізген еді. Қуанышында шек болмаған Төлеш Сүнжээнің денсаулығын сұрап, бәйек болып, досына рахметін айта келе: «Бакалар көшкелі көп уақыт өткен жоқ қой. Елдің бұл баланы Баканыкі деп түсінетіні анық. Өйткені мен Бакалар көшкеннен кейі бір ай өткенде Сүнжээмен кездескенімді итке үргізіп, кісіге білгізген жоқпын. Ал Сүнжээ сырын Хандаа екеулеріңе айтқан екен нағыз дос болсаң ,тісіңнен шығарма. Мен кешікпей хабарласамын. Сүнжээге сәлем айт» деп, емен-жарқын сырласып, шын ілтипатымен шығарып салған-ды. Онан кейін Төлеш Сүнжээге бір рет хабарласып қайтқан. Бірде Төлеш: – Баламның атын ұл туса Батыр деп, қыз туса Дарима деп қой, – деді күле сөйлеп. – Неге? – Онда гәп бар, Батыр деген есім моңғол мен қазаққа ортақ. Ал қыз туса, екеуміз қосылған соң Дариманы Дариға болдыра саламыз, – деген еді. Енді, міне, бүгін тағы да сол Батнасан досы Сүнжээнің аман-есен босанғанын, Батыр есімді ұлды болғанын, Намчин гуайдың дүниеден өткенін хабарлап келіп отыр.

Намчин қарттың қайтыс болғанын Батнасан мен Төлештен естіген сұмындық Партия комттетінің хатшысы, бірлестік бастығы бастаған басшылар тобы Сүрэн кемпірге амандасуға бір аптадан кейін келді. Онсызда сүреңі қашқан қараша ауылдың ажары тым солғын. Мал өрісте, алдарынан үре шыққан бірнеше қайқы құйрық иттерден өзге тіршілік нышанын сездірер қозғалыс жоқ. Машина келіп тоқтағанда тысқа ит қоруға көнетоз, жұпыны моңғол шапан киіп, басына шәйі шыт тартқан Сүнжээ шығып, ит қорыды. Келгендердің барлығы да еңсесін тіктемей жерге қараған қызға қолдарын беріп амандасып, жасы үлкен хатшы мен шаруашылық бастығы Шәкер маңдайынан иіскеді. Қазақ салтымен “Өткен адамның иманы жолдас болсын!” дейтін емес, бәрі де не дерін білмей өздерінен-өздері епсізденді. Сүнжээ есік ашып, келгендерге: – Ішке кіріңздер, – деді. Төлеш шегіншектей беріп соңына ығысты. Өзгелер кіріп болғанда есікті жапты да Сүнжээні құшақтады. Төлештің кеудесіне басын қойған келіншек ішін тартып, ақырын ғана өксіді. Жігіт аяулысын аялай тұрып тек: – Батырдың жағдайы қалай? – деп сыбырлап қана сұрады.

– Жақсы, – деді Сүнжээ күбірлей сөйлеп. Екеуі де өзге ләм-им деп тіл қатысқан жоқ. Жандарын айтпай түсініп тұрды.

Есігінен еңкейіп кіріп, екі аттап төріне жететін қауашақ киіз үйдің іші тұп-тұйнақтай. Жергілікті қазақтардың салтымен екі басын ызған бауға өткізген кестелі кергішпен керіп қойған екі темір төсектің бірінде құндақталып, бетін шыпен көлегейлеп қойған нәресте алаңсыз ұйқыда жатыр. Төрде ұзын сырлы кебеже, оң жақтағы арқан жіп, марқұм Намчиннің ат әбзелі мен садағынан өзге басы артық дүние жоқ. Кебеже үстіндегі, сонау бір ескі өмірден сыр шертетін жұлма-жұлма қара суреттерге толы, бетінің әйнегі әр жерінен шытынаған үш жақты , бүктемелі сурет рамкасының бір жағында атбасты қобыз тұр. Сурет рамасының алдында иығына қадақ жапқан кішкентай бурхан мен шырақ жағылған сары мыс тостаған жаратушының хабаршысындай әсер қалдырады.

Бұл – ұранқай ауылындағы әр үйде айна-қатесіз қайталанатын (фотосурет рамкасынан басқасы) ежелден келе жатқан салт-дәстүр, мәдениетінің, бірөңкей қоңыр тірлігінің келбеті.

Қазақтардай құшақтасып көріс айтпаса да қазан жақта шошайып отырған жалғаз кемпір көп жылады. Сүнжээ ғана қайта-қайта кіріп-шығып, от жағып, шай қамдап жүр. Амандық-саулықтан соң: – Бізге неге хабар айтпадыңыздар? Ести сала әдейі көңіл айтайық, жағдайларыңызды білейік деп келдік. Көмек қажет болса жасырмай айтыңыздар , – деді хатшы. Кемпір ештеме деген жоқ. – Әлгі қайтыс болған адам үшін үкіметтен берілетін бір реткі жәрдемақыларын алу керек қой, – деді Шәкер аға. Ауылдың қашан көшкелі жатқанын сұрады. – Бәрі де дайындалып жатыр, – деді Сүрэн кемпір. Келгендерге Сүнжээ бір-бір шыны шай құйды. Әңгіме сиырқұймышақтай барып, барлығы орындарынан тұрды. – Біз Самдан гуайға сәлем беріп шығайық, Төлеш, сен мына кісілердің атынан жәрдемақы сұраған арыз жазып, қол қойғызып ал, – деді хатшы. Бастықтар шыққан соң манадан бері төсектегі кішкентай сәбиге қайта-қайта көз қиығын тастап отырған Төлеш бетіндегі орамалды көтеріп, аса бір сақтықпен маңдайынан иіскеді. Сүрэн шешей де оңашада мұңын еркін шағып, Төлешті құшақтап жылады. – Шал әулие екен, айтқанына жетті. Қасиетті Көксеркесінде қалды! Қаңғып біз отырмыз, – деді. – Жыламаңыз! Тәңірдің жазғанын көрерсіздер, Батырыңыз да ертең-ақ ержетеді. Сүнжээ екеулеріңізге серік болады. Елден қалмай көшіңіздер, бірақ Дуутға емес, Қобда қаласына барыңыздар. Менің партия мектебін бірге оқыған достарым бар. Хат жазып тапсырамын. Солар қол ұштарын бере ді ,– деді. Төлеш Сүнжээнің жүп-жұмсақ алақанын сипап, жанарынан құлағын бір тамшы жасты сұқ саусағымен сүртті. – Мен Батырыма жиі келіп тұрамын, уайымдама, бәрі дұрыс болады, – деп, бетінен сүйді.

Соңғы кезде Төлеш тым қиялшыл болып кеткендей еді. Күн сайын болмаса да “Ақпан-Тоқпаннан” басталып, жаз ортасы “Сарыатан-Заузаға” дейін бірінен соң бірі келіп әлек салатын мезгіл амалдарындай Кербездің қабағынан қар жауатын күндер үнмі болмаса да кезегімен қайталанып, жанын жаралай береді. Сондай күндері өзінің мына бір айықпас дертінің себеп-салдарын Өр Алтайды тастап Қобда асқан, ұранқайлармен қоңсы болдырып, ұрпағын діні басқа, ұлты басқа халықтың қыздарына қызықтырып, жүрегін жаралаған ата-бабаларының ісінен іздейді. Өйткені Кербезбен арадаға араздықтың бір ұшы өзінің Сүнжээге деген ғашықтық сезіміне келіп тірелмек. Жарықтықтар не біліп ауа көшті екен!!! Жоқ! Бұл істерің бекер болған деп, аруақтарды жазғырудан аулақ. Әншейін миына маза бермеген, қым-қуыт ой, құрдым қиял ғой. Бұрынғы-соңғыда осы дерттің жеге құртын жұқтырған талай қазақ жігіттерінің болғаны кәміл. Соңғысы мен шығармын. Өйтсе, ол – маңдайыма жазылған өз пешенем, кімді күстәналақпын. Әжем айтатын еді ғой «осы бір құт мекенді ұрпақтарының еншісіне қалдыру үшін жарықтық Бәлекең ғана емес, ел басқарған онан кейінгі аталарың да дүңкірлермен бірде тату, бірде қату дегендей тайталасып өткен» деп. Күллі керейдің кемеңгер ақыны Ақыт қажының (Керейден ғана емес күллі қазақтан Қазан қаласында алғаш кітап бастырған атақты ақын екенін ол кезде Төлеш те білмейтін) “Жер-су” атты жырын бала кезінде талай тойтомалақта ауылдағы «өлеңші шал» атанған Қали қарияның аузынан сан мәрте естіп, ойында жатталып қалған. Сол жырдағы: “Жалғазағаш бұлағы – Бітімшіге қараған Біразырақ елдің тұрағы, Қыстап тұрған Ақұнты, Одан да кет деп қуалап, Ұранқай зорлық қылады,– деген жолдардан-ақ аталарының бастан кешірген тірлігін Төлеш ерте ұққан. Бабалар аруағына сын таға алмайтыны сондықтан. Оның үстіне Өр Алтайда қалған ағайындарының бастан кешкен зобалаңдарынан да азды-көпті хабардар. Қазақ үшін ол заманда «қайда барса да Қорқыттың көрі» болғанын, баяғыдай шалқып тасымақ түгіл қытайлағылардың да, Қазақстандағы қазақтардың да бірқаншасы аштықтан қырылғанын біледі. Бабаларымыз «Алтайдың аш мұсылманы болғанша, Қобданың тоқ кәпірі болайық» деп тегін айтпаған екен, бастарынан талай қиындық өтсе де Қобда бетінде аштан өлген адамның бейіті болмаған ғой. Әжесінің айтуынша Бітімші – Бәлекең бабасының екінші ұлы. Бәлекең өмірден өткен соң үкірдайлық шенді баласы Тырқай Қобдадағы Хэв Амбыдан* алып, қарақастарға билік жүргізген. Мұрагерлік жолмен ғана емес, Хэв Амбының сынынан өтіп, оның сыртында талабын орындап барып.

Хэв Амбы Тырқайдан: «Билік құратындай Қарақасыңның басы қанша, жер сұрайтындай малы қанша?» деп сұрапты. Сонда Тырқай: «Жанымды айтсам, Жалғызағаштың тауы да қарақас, тасыда қарақас. Малымды айтсам жылқымның аласы мен құласын айтпағанда торысы мен қарасы Төңіректің (жер аты) төріне сыймайды» депті. Мұны «атамыз жорта айтқан, әйтпегенде ондай орасан байлық жоқ еді ол заманда» дейтін әжесі. Сонда Хэв Амбы: «Олай болса маған сыйға бірінен-бірі айыра танығысыз жиырма бес қара қасқа құнан әкеліп бер, өзіңе билік, еліңе теңдік, сол мыңғырған жылқың сыятын қоныс беремін» депті. Тырқай елге келген соң өз ауылдарынан он қарақасқа құнан тапқан, қалған он бесін осы өлкедегі жалғыз ауыл найман Қалдеке деген атақты байдан бір қарақасқа құнанды басқа өңді екі құнанға айырбастап алып, Хэв Амбға сыйға тартып, өзі үірдайдың көк тасын тағып, Түпшін көл, Керген оба, Жалғызағаш, Төңірек, Китін сала, Үйірті, Үсіген сайларын Ақұнтыдан Көксеркеге дейінгі өзен бойын қыстаужайлау етіп алған екен. Бірақ, атамыз ұзақ билік құра алмапты, бір жарым жылдан соң қайтыс болып, билік інісі Бітекеңе көшіпті. Тырқай бабамызды Жалғызағаштағы әкесінің қорғанына жерлеген. Олай-бұлай өткенде ол кісіге де атын атап, құран бағыштай жүріңдер дейтін. Жарықтық әжесі аталарының атын былшылдатып айта салмай, ТілеудініСұраулы,Тырқайды-Шалқай, Аюды-Жалпылдақ, Азынаны-Арқыра, ТашыныҚайыршақ Сарыны -Шикіл дегендей бәріне балама сөз тауып алатын еді-ау! – Әже, сол Бітімші атамыз неге Тырқай атамызға ұқсап әкесінің қасына жатпаған, Ақұнтыға қалай жерленген – деп сұрайды бала Төлеш. – Е, қарағым, атаң Ақұнтыға жерленбесе, сен Ақұнтыда туар ма едің, жоқ па, оны бір құдай біледі, – деп бастап, тағыда ұзақ сонар әңгіме қоздататын.

Бітекең науқасқа шалдығып, бұ дүниеден татар дәмінің таусылуға таяғаны сезген соң ұлдары Нұрғали, Нұртаза, Ораш үшеуін қатар отырғызып қойып, бақұлдасқан екен. – Менің сүйегімді Жалғазағаштағы әкем мен ағамның жанына қоямыз деп әуіре болмаңдар! Олар ұрпақ қамы үшін ұранқайлармен жаға жыртысып жүріп алып берген жерінің басында, мен аяғында жатсам бұл өлкеге ешкім таласа алмас. Басынан сел түспейтін, етегінен өзен жайылмайтын мына доңғылға жерлеңдер деп, осы күнгі қорғаны тұрған Ақұнтының аузындағы дөң қабақты таңдапты. Жарықтық, неткен сұңғыла осы бір зият мекенді ұрпақтарына сойырқал етіп қалдыруды күн ілгері ойлаған екен ғой.

*Хэв Амбы – Манж үкметінің Қобда қаласындағы әкімшілік бастығы. Осының бәрі ой елегінен өткізген сәттерде Төлештің сезімін әжесінің “Жарықтық қысы қатал болса да жазы жайсаң, бүлдіргені ат тұяғын бояған Өр Алтай жұмыр жердің жәннаты еді ғой деп отыратын сағынышы ойына оралтын. Бала кезінен-ақ, осы әңгімеге елітіп, Төлештің Алтайды бір көргісі келіп құмартып, сағынатын да тұратын. Ал азамат болған шағында бұл

аңсау, бұл сағыныш – Моңғолиядағы ат төбеліндей топтың бірі ретінде Атажұртын, қара орман қалың қазағын, ұлтын сағынуына ұласты. Әрине, Оспан батыр Чойбалсанның да қызылдардың құйыршығы екенін түсініп, Моңғолиядағы ағайындармен ат құйрығын кесіскеннен бері де қырық жыл болғанын, орыс пен қытай екі алпауыттың алакөздесіп, саясат деп аталатын қарағайдай мүйіздерімен күн сайын сүзісіп жатқанын саяси сауатты партия қызметкері Төлеш жақсы біледі. Алайда, шекараны тарс жауып, темір перде құрған елдің ішкі жағдайы, Шыңжан өлкесіндегі қазақтарға деген қытай үкметінің көзқарасы, олардың тұрмыс жағдайы Төлешке беймәлім. Кеңес үкіметі келістіріп-ақ жамандайды, Шыңжан радиосы жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Көзбен көрмеген соң сырттай тон пішу орынсыз. Дегенмен соңғы оншақты жылда Алтайдың арғы бетінен қашып-пысып, салт басты, сабау қамшы кемінде он қазақ асып келгенін де біледі. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар». Ел ішінде “Қашқын”, “Алтайшы” атанып кеткен Қасен, Молдахан, Кераман, Шәріпхан тағысын тағы азаматтарды бүкіл Моңғолия қазақтары таниды. Әй қазағымай, біріңді-бірің кемсітпесеңдер жүре алмайсыңдар. Ол сорлылар қай жетіскендерінен қашып келді дейсің! Неге ағайын демей «Алтайшы» дейді екен?!

Бірақ, сол “Алтайшылардың” қайсысымен тілдессеңіз де қытайды мақтап та, жамандап та жарытып іштеме айтпайды. Керісінше ”Ойбай, олар қытайдың тыңшысы екен, пәленше жасырын аппаратпен сөйлесіп жатып, ұсталыпты” деген сияқты өсек ел ішінде өріп жүреді. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Қалай да олар да қазақ, өзің ғой, өзің болмаса да өкпе-бауырың ғой.

Баяғыда Төлештің бала кезі (1957 жылы болар) елдің уақытша “крен” ашылды деп, Жалғазағаш асуы арқылы түйелісі түйемен, түйесі жоғы өгізбен бір ай бойы Алтайдың арғы бетінен ағаш тасығаны бар. Сарықабырғаның бөктерімен түйенің қомына оншақты кескен бөрене теңдеп, артына екі ұзын самырсын сырғауыл сүйретіп, шағыл тауды жаңғырыққа көміп шұбаған кірешілердің ілегі ілбіп келе жататын. Ол кезде ойына ештеме кіріп шыққан емес. Енді ойлайды: “Шіркі-ай, сол кезде жігіт болсам, әжем айтатын ару Алтайды мен де көріп келетін едім ғой. Онда қалған ағайындардың ұрпағымен кезігерме едім» деп. Жоқ, сол кірен ашылған кезде, кіре тартқандардың бірде-бірі, ағаш алатын жерді нұсқайтын қытай сақшыларынан өзге ешкімге жолықпадық, күз мезгілі ғой, ел етекке түсіп кетіпті деп отыратын. Қазақ пен қазақты жақындатырғысы келмейтін қытайлардың елді әдейі тайлы-тұяғын қалтырмай көшіріп әкеткенін қырдың момын қазақтары қайдан білсін.

Иә,иә, Төлештің ойына енді оралды, содан кейігі жылдары болар сұмындағы «төлелікші»* Базархан деген азамат Оспан батыр мен Чойбалсан ауыз жаласып тұрған кезде көмекке барған партизандардың қатарында болған, жер жағдайын жақсы білетін нағыз «сен тұра тұр мен атайын»дейтін пысық аптал ағалары Жүніс, Мардан деген қарияларды ертіп, Жалғазағаш

асуы арқылы арғы беттегі ауылдарға түн жамылып хабарласып қайтыпты деп пыш-пыш әңгіме айтатын. Айғайлап айтуға партиядан да, “төлелікшіден” де қорқатын. Қайран азамат-ай, өзі “төлелікші” бола тұра, қорықпай қалай барды екен бұл қадамға! Жамандық жатпайды, үкмет құлағына жетіп, ойы бұзық, отанын сатқалы жүр, шекара бұзыпты деп

“есіргу” заманындағыдай** атып тастамаса да соттап жібереді деп қорықпады ма екен. Бір жайсыздыққа тап болғандарды, қиыншылықтан құтқарып, кімге болмасын қол ұшын беріп жүретін ақкөңіл абзал ағамызды халқы да жақсы көретін. Бәрі сыйлайтын. «Ол бір құдай мінезін кең пішкен, зады асыл, жайсаң азамат қой!» деп кәрілердің мақтап отыратынын талай естіген. Мүмкін, халқының өзіне деген сол ниетіне сенген шығар. Қалай да нағыз ерлік. Ол да ата-баба мекенін бір көруге ынтызар, қазағым дегенде ет бауыры елжіреп тұратын азамат болған шығар. Осы ойынан кейін Алтайдың арғы бетін бір көріп қайтуға Төлештің аңсары ауды да тұрды. Қалай бару керек?

Төлеш сол жылғы кезекті еңбек демалысында Жалғазағаштың төр жайлауларындағы ағайындарына келді. Ауыл-ауылды аралап, қымыз ішіп, бағлан сойғызып жеп, жаздың жайма шуақ күндерін барынша көңілді өткізді. Салқын жайлаудағы іргесінен самал аңқыддаған қазақтардың киізүйі қандай келісті! Халықтың тіршілігі біртегіс құдйға шүкір. Меншік малдарының саны шектеулі болса да бірлестік малын баққаны үшін алатын жалақылары қатын баланы асырауға жетеді. Бірлестік алғаш құрылып, малды ортаққа өткізген Төлештің бала кезінде аулдардың тұрмысы ілуде біреу болмаса тым жұпыны, көбі қиқайған-қиқайған, түнде үзігінен жұлдыз самсаған жыртық-тесік құрым үйлі тірлік кешетін.

Жайлау төріне қой ауылы, қозы ауыл болып бес-алты үйден қанаттас қонған қазіргі ошарлы ауылдың салтанаты айрықша. Замнының модасы ма екен, жоқ, жүн атаулыны жоспар орындау үшін үкіметке өткізіп, киіз қат болғандықтан ба, бәрі де үйлерінің іші-сыртын ақ сәлдебозбен қаптап тастаған. Іші бұрынғыдай қара борша құрым киіз бе, басқа матреиалмен

*Төлелікші – Ішкі істер министрлігінің өкілі **Есіргу заманы – Моңғолиядағы нәубет жылдары (1937-1938 ж) алмастырған ба, оны бір құдай білсін. Әйтеуір сыртынан бұрынғыдай жұпынылық байқалмайды. Жамырай тігілген ақ шаңқан үйлер жасыл жайлаумен жарасым тауып, тау қойнауындағы өзен бойларын сәнге бөлеген. Ішкі жиһаздары да бұрынғыдан өзгеше. Қай үйге кірсең де жүк аяқтағы оюлы кебежелердің үстіне бірінен-бірі сәл кіші кемінде бес, тіпті он чемодан жиналған. Нақ мода осы еді. Байлықтары чемоданның санымен өлшенетін сияқты.

Ақ болскей төсектердің, әсіресе жас келіндердің төсегінің үстіндегі бірін қызыл, бірін қара борлатпен қиюланған қабат-қабат төсексырмақтардың көмкеруі мен мен сары шашағы судырай төглген, балдағына жарқырақ тастар мен меруерт түйреуіштер қадаған өрттей қызыл, шымылдықтар ерекше сәнді. Баяғының қайқыбас ағаш төсегіндей емес, басы тік темір төсектер қораш көрінгенімен әлгі жиһаздар, біртін-біртін өзгеріп бара жатқан ата салтымыздан қалған жұрнақтай көзге жылыұшырайды.

Есігіне дейін болмаса да, әр үйдің төрінен басталған қызыл-жасыл оюлы сырмақтардан қалған қазан жақ пен оң жақтағы бос кеңстік кілемшелермен толтырылған. Баяғыдағы байлардың үйлеріндей керегенің шаршысынан алау шашқандай әсерлі көрінетін шым ши көзге түсе бермейді. Әредік үйде болса да, босағаның екі қанатында ғана. Сол кемістігін жасыру үшін бәрі де керегеге ою-өрнекке толы помази перде ұстап тастаған. Алайда, 60жылдардағыдан өзгермеген бір-ақ нәрсе бар. Ол әр үйде оң жақ керегесінің басында ілулі тұрған бор , сабын, тіс щеткаларының әр қайсын сұға салатын салпыншақ қалталы, шүберектен оюлап тіккен тазалық бұрышы. Бастары үрпиген тіс щеткалары жаумен шайқасып қажыған сарбаздардай сап түзеп тұр. Тіпті, ескертіп тұрмасыа, беті-қол жуып, тіс тазалау естерінен шығып кететіндей қалтаның жоғарғы жағына бір қатарға “Денсаулық – зор байлық”, екінші қатарға “Тазалық бұрышы” деп, кестелеп, айпарадай етіп біз кестемен жазып та қойған. Кейбір үйдің сол “тазалық бұрышының” өзі тазалықтан жұрдай салтақ-салтақ. Күлкің келеді.

Ауыл той-томалақ, қызық думаннан да ексе емес. Қыз ұзатқан, келін түсірген, баласы әскерден келген дегендей әр апта құр өтпейді, ана үй, мына үйде ырду-дырду, жоқ дегенде тулақ шашу. Тойдың салтанаты да бұрынғыдан біршама өзгерген. Қымыздың орнын арақ баса бастаған. Қымыз жоқ емес, ит басына төгілмесе де жетеді. Бірақ, кәрілер жағы болмаса, жастар менсіне бейрмейтін сыңайда. Өңешінің жыбырлағанын өрт сөндіргендей тұншықтырып, керісінше көңіліне лап еткен лепе сыйлайтын сайқал сусынның дәурені жүре бастаған. Қаладағыдай бас жарып, көз шығаратындар болмаса да ән саламын деп тілін шайнағандар, көкпар мен қызқуарда ат бауырына түсіп, бұлғақтап жүргендер жетеді.

Төлештің тағы бір байқағаны өзінің бала кезіндегідей “А-Ау, бұрынғы өткен заманда” деп бастап, қисса, дастан айтып, күн батқанша, таң атқанша жұртты аузына қарататын жыршылық дәстүр көзден бұлбұл ұшқан. Кәрілер ондай жырларды күй табақтан ғана тыңдайтын болған. Әйтсе де домбыраны серік еткен қыз, бозбалалардың қарасының көптігі қуантады. Осындай ескі мен жаңа тайталасқан өмір салтына, басқа байлық болмаса да тамақтарының тоқтығына, көйлектерінің көктігіне мәз болып, бір-бірімен бәсеке таласқан ауыл адамдарының қазақы мінезқұлқын бұрын қызмет бабымен анда-санда бір келгенде аңғара бермепті. Төлеш әр өзгерісті өзінше пайымдап, кейбірінің себебін түсіне алмай дал болады. Ең бастысы – ағайындардың өзіне деген арқа-жарқа ақ ниеттері. Сый құрметтеріне дән ырза. Дегенмен көңілінде түйткіл, алаңдаушылық сезім де жоқ емес. Оның

біріншісі өзі көзімен көргеніндей кейбір ұмытылып, өзгеріп бара жатқан ұлттық салтсана болса, екіншісі көптен бері сезіміне тыныштық бермей жүрген «Алтайдың арғы бетін көрсем» деген қызығушылық. Аю етіне жерік болған әйелдей көкейін қытықтаған, жайлауға дедектетіп сүйреп келген де осыбір көңіл қалауы еді. Үлкендермен қымыз ішісіп, әңгіме-дүкен қызған бір жолы ептеп қана: – Арғы беттегі ағайндардан не хабарларыңыз бар? Бұрынғыдай “Алтайшылар” да келгенді қойған ба? - деп, суыртпақтап сыр тартты. Әрине, әлдекімдер асып келсе қызмет бабында алғашқылардың бірі болып еститіндердің бірі өзі екенін ұмытқандықтан емес, әлгі Алтайдың арғы бетін көргісі, бір хабар білгісі келетін, болмаса асуға шыққасам деген құштарлық, аңсар сезім жетегінде сұрады. – Мына “аражіптің” (радио дегені) айтуына қарағанда қытайың қиындап кеткен сияқты ғой. Қашқын-пысқынның да жолы кесілген түрі бар. Алтайдың аз қазағы ат тұяғында тозған шығар. – Біздің қойшықолаңдар асуға шығып жүр ме? – Бұрынғыдай емес, «жастаптың» (застава) шеріктері кілді* үнемі торуылдап жүреді. Бір пәлесіне жолықпайық деп біз де әуес болмаймыз. Әсіресе басы жайлақ Мықтыбай асуына мал таяттырмайды, – деді қариялардың бірі. – Сол шеріктеріңіз, өзі, сіздерді қорғап жүрме, сіздер соларды қорғап жүрсіздер ме? Застава шекарадан күншілік алыс ішкергі жақта, ал сіздер болсаңыздар шекара түбіндегі баяғыдағы хан жайлауларыңызда әлі отырсыздар, не білген ойларыңыз бар? Бір түнде Алтай асып кетіп жүрмеңіздер, – деп ауыл ақсақалдарын әзілдеп қойды. – Ойбай-ау,баяғыда аталармыз айтты деген “Алтайдың аш мұсылманы болғанша, Қобданың тоқ кәпірі болайық» деп, өзіміз сияқты малдан басқада шаруасы жоқ, момақан мұңғылым артық қой, құдай қытай кәпірдің бетін әрі қылсын! – Дұрыс айтасыздар, застава ішкері болса, сіздерге сеніп отыр. Оның сыртында қытайлар мынау асқар шыңдардан асып келмейтіні белгілі ғой, келсе анау бұдыры жоқ Говидің шөлімен келер, – деді Төлеш, шалдардың көңілі орнына түссін дегендей.

… Демалысының тағы бір жайлы күнінде Төлеш ауылдан бір жарамды ат мініп, «Бала күнімде қой жайған жерлерімді көріп келейін, жастық шағымды есе түсірейін» деп асуға қарай жалғыз тартты. «Байқа, аю жеп *Кіл (хил) – моңғол тілінде шекара деген сөз. кетпесін, қытай ұстап әкетпесін. Қытайға тіл алу үшін біз сияқты малма тымақ, маубас қойшы емес, сен сияқты оқыған-тоқыған партия адамы керек қой» деп әзілдеді ауылдағы құрбыластары. Бала күнінде Жалғызағаштың бұйрасынан шыға келгенде кең аңғардың сонау алыс алқымындағы перғауын памидаларына ұқсайтын үшкіл тау ең алдымен мен мұндалайтын. Осы өлкенің атауына айналған оқшау бөгенайы

– таудың төскейіндегі жалғыз алып қарағай да қанша алыс болса да көзге алыстан шаланатын.

Бүгін де көзіне сол жалғаз дарақ көзіне оттай басылды. Бұрын кім байқаған, анықтап қараса, үшкіл тау прамидаға емес, өздерінің қыздарға жазған ғашықтық хаттарынның сыртына сызып қоятын жүрекке ұқсайды екен-ау деп ойлады Төлеш. Сол жүректің қақ ортасындағы жалғаз қарағай қадалып қалған садақ оғын елестетеді. Жайбір садақ оғы емес, Төлегеннің жүрегіне қадалған жалғыз сұр жебе тәрізді. Неге жалғыз екен деп ойлады Төлеш. Мүмкін, бұл да арғы беттегі әжесі айтатын сыңсыған қара орманнан үркіп келген шығар. Мына аз керей заманында қаптаған қара қытайдан үрікті. Ал жалғыз қарағай қаптаған қара орманна неге үрікті екен?!

Кімнен, нендей зәбір көрді екен! Қаптаған қазақтың «қарагөзайымдарына» қарамай Сүнжээні сүйген мен сияқты бұлда бір мұңлық бәтшағар бәтерек шығар. Жел айдап келген жоқ, шер айдап келген шығар. Ол осындай ой жетегінде өзеннен өтті де Сарықабырғаны бөктерлей асуға қарай беттеді. Теріскей Алтайдың құздан құлап, етекке салбыраған тауларының қай саласының жүйрік басы да оңайлықпен жеткізе қоймайды, тау өзенін қуалап бөктерді сағалаған ирек жол бұралаң қағып өрлей береді, өрлей береді. Көңілі алып ұшқан Төлешке бұрынғыдан да алыстап кеткендей.

Ойда әуе айналып жерге түсіп тұрса да Алтайдың салқын жонында жайлап майда қоңыр самал лебі еседі. Аспанда алқандай бұлт жоқ. Екі қапталдағы кереге таулардың ортасынмен шырқау биікке көтерілген күн көк аспан төрінен күміс нұрын мейірлене құйып тұр. Төлеш өзі талай қой қайтарған жердің сырын жақсы біледі. Бірақ ол кезде асуға шыққан, арғы бетке үңілген емес. Міне, сылдырама құздың етегіне де таяды. Алдынан көрінген бала кезден етене таныс бірнеше кішкентай жасыл көл көзіне оттай басылды. Бәзбаяғы қалпы, тостағанға құйғандай шүпілдеп жатыр. Бұл бір табиғаттың нағыз тылсым көрінісі. Әдетте су, көл дегеніңіз алыстан қарағанда көгілдір, қасына барсаң айнадай мөп-мөлдір болушы еді. Мына көлдер, алыстан қарасаң да, жағасына үңілсең да жап-жасыл. Жай жасыл емес, нағыз запыран жасыл. Мөлдірлігін, тұнықтығын тек алақаныңмен көсіп алғанда ғана сезінесің. Құдыреттің ісіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Кішкентай көлдердің кейбірі сылдырама құздың ортасына орналасқан. Етектегі енді бірінің жағасы жасыл құрақ бетіндегі тоңғақ сары, қырмызы-қызыл, сия көк гүлдер самалмен ойнап, өздерімен бірге сенің де жаныңды тербетеді. Баяғыда осы жерге қой жая келіп, әңгімелесіп отырғанда екі қойшының бірі иманды болғыр бір атамыз «Япыр-ау, мұндай жерге қалай дәрет сындырамыз» деп қиналған екен деуші еді қариялар.

Төлеш бірен-саран қойшылар ғана жүрген жасыл майсаң арасындағы ізбінмен бала күнде жағасына қой үйездетіп, бетін жуған қыз айнасындай дөңгелек көлдердің ең бергісіне келіп, ат шалдырды. Әрі қарай сол жағындағы тау жүлгесін өрлесең Жалғазағаш асуы. Жалғазағаш асуы өзге асулардай құзқиямен биікке өрмелемейді. Екі таудың ортасындағы арқар жон біртін-біртін биіктеп барып, кілт етеді де Мықтыбай тұмсығынан кейкетке шыға келеді. Жаратушы осыбір заңғар таулардың қырқасымен күннің күнінде шекара өтетінін сұрқия заман боларын ескеріп, екі жақта сағынышпен сарғайған ағайын бір-бірінің есен-саулығын білісіп тұрсын деп, әдейі аласартып тастағандай.

Төлеш те асуға алқынбай жетті. Арғы бет – бала кезінен бір көрсем деп құмартақан, соңғы кездері ғашығындай күндіз есінен, түнде түсіне шықпаған Өр Алтай, ата жұрт. Сонша биікке шықпаған сияқты еді, бірақ, кең дүниенің төбесінен қарап тұрғандай. Бергі жақтағы тау сілемдері со-ону алыс көз көрімге құлдилап, сұлап жатыр. Одан әрі кес-кестей көлделеңдеген тағы да тау қыраттары. Студент жүргенде Моңғолдың ішкергі өлкелерінен – Ханғайдан ғана көрген қара орман. Алтайдың теріскейі де орманнан құралақан емес, Сырғалының сыңсыған қарғайын да, Бұлғының бойының бұрымды тауларын да, өзі туып өскен Дэлүүннің өлкесіндегі өзен бойларын өрлей сылаңдап, желегін жел тербеген жасыл талдарын да көрген. Мынау көрініс мұның бәрінен ерекше. Бала күнінде орман жасыл ғой, неге “қара орман” деп атайды екен деп таң қалатын. Кейін Ханғайға барғанда да онша ойланбапты, шет-шексіз тұңғиық орман алыстан қап-қара болып, қарауытып көрінеді екен ғой! Қап-қара мақпал! Қандай ғажап! Мүмкін, ару Алтай сезімін селдегендіктен, аңсары ауып, аңқасы кеуіп, сарайы шөлдегендіктен шығыр, жанын тербеп, жанарын арбап тұр.Бергі етегінде ирелеңдеп өзен ағып жатыр. Бала күнінде Өр Алтайды көзімен көрмесе де әжесінің әңгімесіне елте отырып, осыбір жерұйық өлкені азамат болғанда көрермін деген көңіл сенімін мият тұтатын.

Ә,ә, әжем айтатын Дүргін өзені осы шығар! Онда Сәлкем жотасы қайсысы? «Аршалытұмсықтан өткен соң» деп бастушы еді ғой, жарықтық әңгімесін. Мына сол жақтағы жасыл белдегі сына жартасты шоқалақтың аты, дәу де болса, Аршалытұмсық шығар. Әне, жап-жасыл арша! Дүниені бәрі жасыл болса да, арша жарықтықтың реңі өзгеше ғой. Қара жасыл барқыт іспетті. Төлеш айналасындағы жер, судың аттарын білмесе де, ой жорамалмен дәл тапқандай. Бұл таудың не өзеннің аты пәлен шығар дегеннің “шығарын” санасынан шығарып тастады. Шәк келтірмейді. Солай, мына шоқы – Аршалытұмсық, анау – Сәлкем, анау – Дүргін, арғы жағы – Қара Ертіс. Солай да солай, мына жағы – Көктоғай, Тұрғын. Құтты сол жерлерде туып өсіп, кіндік қаны тамғандай бәрін оймен болжап, сырттай тон пішіп тұр. Сонан кейін ғана есіне түсті, дүргімен көру керек екен ғой. Асуға шыққаннан-ақ көзін арбаған сұлулық пен сан жыл аңсаған сағыныш, іңкәрлік сабыр таптырмаған, өзге дүниенің бәрін де ұмытқан. Кенет есін жиғандай, мойнына салған қос көз бинокльге қолын созды. Дүргінің сонау зеңгір көктен жерде жорғалаған тышқанды көретін бүркіттің көзіндей қос ұңғысы әлгі қара орманды дүркіретіп әкеліп, жанарына жапсырды. Дүргінің арқыраған арынды өзнінің қой тастарды сүйгендегі

езуінен аққан көбігі де көзге анық көрінгендей. Ал дауысын қиялымен естіп тұр.

Анау қарағайлы қойнаудың алаңқайындағы қазақтың жалғыз киіз үйі көзге шалынады. Көлемі тым кіші емес, айналайын, кім деген қазақтың қара шаңырағы екен? Барып, дәм татар ма еді! Іргеде иір бұлақ ағып жатыр. Айқара ашулы тұрған есіктен бала жетектеген қыз ба, келіншек пе, біреу шықты. Дене тұрқы Сүнжээге ұқсайды екен деп ойлады. Екеуі қайта кіріп еді, енді ақ жаулығының ұшы тізесіне дейін шұбалған, бір қолында таяғы, бір қолында әбдесте ме бірдеме ұстаған кемпір шықты. Дәрет алғалы шықан шығар! Шұлауышының ұзындығына қарап, керей екен деп тұспалдады. Мейлі керей, мейілі найман болсын, қазақ қой, қазақ. Ата салтынан ажырамаған екен байғұстар. (Бұрын өзі жақата бемейтін қытайларға да разы болғандай.) Бірақ, неге жалғыз үй деген сұрақ тұрды көкейінде. Біздің ауылдарға ұқсап, бір ауыл болып, бестен-алтыдан неге отырмайды екен? Әлгі Шыңжан радиосында айтылатындай көк қасқа тай сойып, дүркіретіп той жасап, айтыс ұйымдастырып жататын алқа-қотан ауылдар қайда? Төңіректі дүрбімен тұтас тіміскілеп шықты. Жоқ, жапандағы жалғыз үйден басқа, көзіне ештеме шалынбады. Сонда да дүргінің ұңғысын бір қалыпты баяу жылжытып,кино оператордай тойымсыздықпен қарай берлі, қарай берді.

Қанша отырғанын өзі де білмейді. Төлеш орнынан тұрғанда күн тауларға қарай салбыраған. Аспанға неше алуан бейнелі қошқыл бұлттар ілініпті. Ана бір қошқыл қара бұлт аузын арандай ашқан жайын балыққа ұқсайды. Жел айдаған ақшыл шүйке бұлттар тасбақалардың бейнесінде. Тырбыңдай қозғалып, жайын бұлтқа жақындап келеді. Жауын жаумаса да күшті жел тұратын сыңайлы. Төлеш алдындағы өзі сан жыл бойы қиялымен елестеткен сұлу табиғаттан көзін қимай-қимай тайқытып, бетін шығысқа бұрды. …Ол қайтар жолда мойындарына автомат асынған екі әскерге жолықты. Құжат сұрады. Тау кезіп жүрген салт аты жігітте ненің құжаты. – Өзіңіз де жақсы білесіз, бұл кіруге тыйым салынған шекаралық жабық зона ғой. Біз сізді танып тұрмыз, бара беріңіз, – деді бірі моңғолшылап. Сосын аттарын борбайлап шекараға қарай шаба жөнелді. Төлеш қобалжып қалды. «Арғы бетте кезікпегендеріне шүкір» деді іштей.

Аяғын кең көсіліп сұлап жатқан Көксерке мен Бүркіт тауының ақиық қыранның топшысындай сүйір кейкетінің ұштасқан тұсынан сығалаған алтын күн “Ұранқай ауылына” шапағын алдымен төкті. Он неше үйден ғана құралған қараша ауылдың тірлігі бүгін әдеттегіден өзгешелеу. Әр үйдің төбесінен таңғы тымық ауада көкке тік көтерілген тезектің ақшулан түтіні биші қыздардың беліндей бұратыла жоғарлап көтеріліп барып, жайымен тарқап жатыр. Күнде ертемен үй үстіне жайылатын қорап тақтайшадығы

шүйірмек құрт пен ақ ірімшік көрінбейді, бүгін қап түбінен шықпаған сияқты. Күн шықпай сауылып бітіп, өріске айдалатын салпылдақ жүн, күдір желке сарлықтар да, Қарасу бойын қаптай өретін ұсақ мал табыны да қора маңында. Бірер тай мінген бала шаға керісінше алыстап бара жатқандарын өріске жібермей күргейлей ауылға қарай қайырып жүр. Әр үйдің қиюы қашқан қиқылдақ есігінен де маза қашқан, бүкшең бел кемпір кіріп, кербез келіншек шығып, ерсілі-қарсылы сабылысып, шәт-шәлекей тіршілік қамында. Ауыл азаматтары жалын кілемнің күлтесіндей бір тегіс етіп жасаған, күпшек сан дүрбіт тұрықты мініс аттарына ер салып, сылап-сипап, алысқа аттанар жол қамытшылығына кіріскен сыңайда. Тек ауылдың сыртындағы тасын бірлестіктің көмекші өндірсі жұмысшыра тырқылдақ тракторлармен тасып әкетуден қалған кішкентай төбешік обаның басына жайғасып, найын будақтатып отырған Самдын гуайда ғана атқаратын шаруа жоқ сияқты. Бірақ қарияның көңілі алаңдаулы. Икемге келе бермейтін қисық-қыңыр кәрі саусақтарын әрең қосып, жанарын көлегейлеп, сонау алысқа көз тігеді. «Жарықтық, бүгін бір жайлы күн болатын сыңайлы, әлгі сұмыннан келетіндер ертерек келе қалса, Норт жайлауына жетіп жығылармыз. Ары қарай Дуутға дейінгі ертеңгі жол да онша алыс емес» деп ойлады.

«Ұранқай ауылының» бүгінгі ала бөтен тірлігі осы көші-қонға байланысты еді. Қобдаға қоныс аударуға байланысты арыздарын Аймақтық Партия комитеті құптап, жауап келтіргеннен бері әр отбасы өз қалқадірлерінше дайындыққа кіріскен. Қазақ ағайындар ортасындағы тамыр, андалары арасындағы алыс-берістерін бір жақты етіп, артта қалатын шаруаларын тапсырып бітіп, тұйнақтай болып отыр. Ана жолы шешімді таныстыруға келген сұмынның жауаптылары «Хатшы сіздерге сәлем айтты, жым-жырт елеусіз көшіп кетпесін, нақты жолға шығатын күндерін алдан-ала хабарласын. Таңертең ерте келіп, әдейілеп шығарып саламыз, сәт сапар тілейміз» деді деген болатын. Міне бүгін – сол уәделі күн. Бастықтарға алдын-ала хабарланған. Олар да жолдарынан қалтырмай ерте келмек болған. Ауылдағы қым-қуыт тірлік бір жағы жолға шығу әзірлігі болса, бір жағы бастықтарды қабылдап алу. Үйлерін сонан соң ғана жықпақ.

Күн арқан бойы көтерілгенде басшылар да келіп жетті. Бірінің артынан бірі шаң шұбалтып жеткен екі машинаның біріншісі бастықтар отырған «Уазик», екіншісі сұмындық өнерпаздар, басқа да жастарға толы шағын автобус. Барлығы көліктен түсірмей қаумалап алған ауыл адамдарымен қауқылдаса амандасып, қораға беттегенде арттарынан ақ шаңды шүйкедей есіп тағы бір көлік “Газ-53” автомашинасы да жетті. – Жолдастар, – деп бастады хатшы сөзін ресми салтпен, – «досыңды бөгеме жолдан қалады» деген, жиналысты бастайық, біз халықтың атынан сіздер сәт сапар тілейік деп келдік. Өз тілектеріңіз бойынша Қобда аймағына көшкелі көліктеріңізді сайлап, түйелеріңізді қомдап отырсыздар. Мынау адамға еркіндік , теңдік сыйлаған социалистік қоғамда партия мен үкімет ешкімнің еркін шектемейді. Кім, қайда өмір сүремін десе де өз қалауы. Оның айқын

дәлелі – бүгінгі сіздердің көштеріңіз. Мына ауылдың басы Самдын қариядан бастап, сіздердің барлықтарыңыз да бар күш-жігерлеріңізді отанымыздың өркендеуіне, соның ішінде сұмынымыздың, “Октябрь-39” бірлестігінің дамысына арнаған еңбек адамдарысыздар. Сондықтан халықтың атынан риза сезімімізді білдіріп, шығарып салғалы келдік. Ол жерде де еңбектеріңіз табысты болсын! – дей келе, өткен-кеткен тарихтан, қазақ пен ұранқайдың ұзақ жылғы сыйластығынан біраз әңгіме шертті. Келесі кезекте сөз алған “Октябрь-39” бірлестігінің бастығы, жастар комитетінің хатшысы, халық атына сөз алған әнші жігіт Марат барлығы да өз лебіздерін қысқа білдірді. Дегенмен ауылдың азаматтарының әрқайсысының жақсы қасиеттерін, әзіл қалжыңдарын еске алысып, ертең сол қасиеттерін сағынатындарын айтып жатты. Сөз алғандардың бірі сұмындық сауда ұйымының бастығы Сағыш бітімі бөлек Намчин марқұмды да еске алды. «Ол кісінің рухы Көксерке бойында бізбен бірге жасайды» деді. Қайталап сөз алған хатшы: – Жолдастар! «Орамал тон болмайды, жол болады» деген, әр отбасына аздаған сыйлық, орамал шаршымыз бар, соны ұсынуға рұқсат етіңздер, – деді. Хатшы сұмындық сауда ұйымының бастығына арнайы тапсырма беріп, дүкенге шығармай, әдейі осындай шараға жұмсау үшін сары майдай сақтайтын қордан үй басына үш метр дөңгелек бедерлі қызыл, көк торғын, бір-бір қытай термос, халық “45-тің етігі” деп атап кеткен бір-бір қысқа қоныш әйел етік, моңғол салтымен көк дұрдыннан шетін шашақтап жасаған бір метірлік ұзын қадақ және бір-бір шөлмек «Архи» арағын дайындаған болатын. Хатшы қолындағы тізім бойынша шаңырақ иелерінің атын шақыра бастады. Ауыл шетіндегі жасаңға алқа-қотан жайғасқан топтан аты аталғандар кезекпен тұрып келіп, хатшы екі ұшын екі алақанына салып құлашын кере ұсынған қасиетті көк қадақты үстіндегі буылған басқа сыйлықтармен қоса, қос қолдай алып , беттерін хатшының бетіне төсеп, сосын сыйлықты маңдайларына тигізіп, ізет көрсетіп жатыр. Мұнан соң өнерпаздар бірнеше ән орындады. Өнепаз Кәдіржанның баянның сүйемелдеуінде шырқаған “Энхрий Монгол нутаг минь”, “Тунгалаг Буянт гол” әндерін ауыл адамдары орындарынан тұрып, ұшын қолының қарына салып, әлгі сыйлдық заттың астына ұстайтын торғын, оқа сияқта асыл матадан жасалған ұзын орамалшаршы. қосыла шарқады. Кешеден бері көшеміз деп көңілдері қуанышпен алып ұшқан ұранқай ағайындардың бүгінгі сезімдері ерекше бір тебіреніске, толғансқа ауысқандай. Қайғымұң болмаса да қамкөңілдіктің ізі байқалады. Өткен өмірлерінің елесіне ілескен егделерінің көбі еріксіз күрсініп, көздерінде жас мөлдіреді. Жастардың да көңілдеріндегі қуаныштың, майда мұңның қайсысы екені белгісіз әйтеуір алабұртқан сезім толқыны әрі-сәрі күйге бөлеген. Тіпті шығарып салуға келген топтың көңілі де мүсіркеу ме, қимастық па өздеріне де беймәлім бір сырбаз сезім құшағында.

Хатшының қасында тұрған Төлештің көңілі толқынысы мүлдем бөлек, екі топқа да ұқсамайды. Әрі-сәрі емес, мұң мұқитының түбіне шөгіп бара жатқандай, бірөңкей қара түсті. Жиналыс басталғанан бері көзін басқа жаққа тайдырған емес. Сүнжээге, қасындағы кішкентай Батырды алдына алып отырған Сүрэн ижийге кезек-кезек қарай берген. Енді міне, бәрі орнына тұрып, өнерпаздармен қосыла ән әуеніне берілген кезде Сүнжээге қарап еді, көзіннен мөлт етіп үзілген жасты анық көрді. Бұл жас – енді бірер сәттен соң-ақ басталатын , тіпті, баяғадан , сонау балалық шақтан жалғасқан сары тап

Ауыл адамдарымен жеке-жеке қоштасып, қайтуға ыңғйланған топтың алдына таяғына сүйене шыққан Самдын қария: – Қарақтарым, сендерге мың рақмет! Қазақ пен ұранқайдың дәстүрі, мына отырған әр түтінге бас сұғып, дәм татыңдар, үйлерімізді жықпай отырғанымыз да сол, –деді. Келгендер салт бойынша қариялары бар үйлерге бас сұғып, дәм таты. Ақсақалдар “шим” арақтарын шапандарының қайырма жеңдерін түсіріп тұрып, қос қолдап ұсынып, ілтипаттарын танытты.

Басшылар марқұм Намчин гуайдың шаңырағына келгенде Сүрэн ижий де құрақ ұшып қарсы алды. Бірақ, Төлеш Сүнжээні көре алмады. Төрдегі жатаған үстелдің басына жайғасқан хатшы тебіреніп сөйледі. – Жаңа Сақаң айтқандай, жарықтық Намчин гуайдың орны бөлек еді. Мына Көксерке тауы сол кісінің рухын еске салады. Сүрэн ижий, сіздің өтінішіңіз бойынша арнайы арқалы машина әкелдік. Амандық болса, Қобда қаласына жеткізіп салады. Жол мойны алыс болса да басқалардан баратын жерге бұрын жетесіздер. «Жібектің мойнағынан» асқан соң Қобда, – деді. Сүрэн ижий де көзінің жасын сүрте отырып, рақметін жаудырды. Осы кезде сырттан кірген Батнасын төрдегілерге қарап: – Мен мына Төлеш кластасыма айтар-тапсырарым бар еді. Сіздер әңгімелесе беріңіздер, біз шығып сөйлесейік, – деді. Батнасын сыртқа шыққан соң Төлешті тура өз үйіне бастады. Сүнжээ сонда екен.

Дұрдын – берлі шыншу (торғын тектес бұл) Қадақ (хадаг) – Моңғолдардың құрметті адамға сый ұсынғанда бір сағынышың сілтісі сіңген, салмағы сезіміңді езетін, көзден емес жаралы жүректен тамған жас екенін сезіп тұр. – Төлеш, – деді “шим” емес, “архи” құйылған екі күміс аятың бірін өзі алып, бірін досына ұсынған Батнасан: – Бірге оқыдық. Сүнжээ екеуің көп сыр ашпасаңдар да мына Хандаа екеуіміз барлығын жақсы білеміз. Әрі тілектеспіз. Сүрэн ижийдің тілегінің орындалуы да сенің арқаң. Сені шақыртқан мен емес, Сүнжээ, екеуің қымсынбай қоштасып қалыңдар. Бірақ сенің ат суытпай Қобдаға барып тұратыныңа да сенемін. Өйткені Сүнжээ жалғыз емес қой… Бізді де ұмытпа, – деп қолындағы аяқтың ернеуін Төлештің қолындағы аяққа түйістірді.

Көзінің жасы мөлтілдеген Сүнжээ Төлештің қасына келіп отырды. Жүзінен соншабір жадаулық байқалады. Сөйтпей де қайтсін, қызыққа толы жастық шағы өткен Көксереде кеше ғана дүниеден өткен әкесінің аруағы, өмірдегі жанына балаған қимас жаны қалып бара жатса. – Сен уайымдама, мен барып тұрамын, – деді Төлеш қоштасарда бетінен сүйіп. Сүнжээ үнсіз ғана бас изеді. Келген топ көліктеріне отырғанда шағын ауыл жаппай үйлерін жығып, жүк тиеуге кіріскен еді. Көңілі алай-дүлей құйын құшағындағы Төлеш машинаға соңынан отырды. Жаңағы үзік -туырлықтары сыпырылып, қос бағанға бекітілген шаңырақтары қаңқиып тұрған ұранқай ауылын көз алдынан кетпей қойды. «Енді Көксерке бауырайына ұранқай ауылдарының шаңырағынан ұшқан көкшулан түтін көлеңдемейтін болады. Олар алысқа кетпесе де ата-бабалары шаңырақ көтерген мекенінен кіндіктерін үзді. Орнын біздер, қазақтар бастық. Бәлекең бабамыздың, Бітімші атамыздың арманы мәңгілікке орындалғандай. Көксеркенің ендігі иесі біз сияқтымыз. Оны да жаратқан білер. Әйтеуір бауырайында бал дәурені өткен көзіне соншалықты ыстық Көксерке бүгін Төлешпен бірге Сүнжээні жоқтағандай құлазып тұрды. Шын мәнінде жарықтық жер анаға суын кім ішсе де, ауасын кім жұтса да бәрі бір шығар. Құлазыған Көксерке емес, Төлештің көңілі болатын. Со-о-нау, көз көрмес, құлақ естімес алысқа кеткісі келді. Қайда бармақ.???

Осындай ой сарсаңында айналасындағыларды ұмытқан Төлешті қасындағылардың әзілқалжыңы селт еткізді. - Біздің Төлеш Сүнжээні ойлап кеткен сияқты, – деді қатар отырған жастар комитетінің хатшысы. Бәрінің де көкейлеріндегі ой сияқты. Ду күлісті. Әркім өзінше қалжың айтып жатыр.Төлеш қысылып қалды, ештеме демеді.

Төлештің інісі Нұрбат үйленіп той өткен соң Қаби қария бәйбішесі екеуі екі ұлы мен екі келінін қатар отырғызып қойып дастарқан басында әңгіме қозғаған . – Мына отырған аналарың екеуіміз ата-баба салтымен түтінімізді сөндірмесін деп ұлдарым сендерге үміт арттық. Сол үшін бұрынғының батырларындай алқаракіске бөлемесек те, мәпелеп өсірдік. Сендер де сол сенімді ақтадыңдар. Ел таныған азамат болып ержеттіңдер. Біздің абырой атағымызға кір келтірген жоқсыңдар. Аллаға шүкіршілік, енді кемпір екеуіміздің бүгін өлсек те арманымыз жоқ, пайғамбар жасынан астық. Сендердің қызықтарыңды, қызметтеріңді көріп, келеміз. Әсіресе Төлеш пен Кербезге. Екеуі қосылғанна бері бізді бағып-қағып, асырап-сақтады. Бағып-қағатындай жасымыз жетіп, орнымыздан тұра алмай қалмасақ та, мына апаларың қазаношақтан босады, мен қатын, бала-шағаны қалай асыраймын деп қам жеген жоқпын. Отбасының қаржылық тауқыметін осылар арқалады. Не ішеміз, не жейміз деген жоқпыз. Отымыз жағулы, шайымыз қайнаулы, ішкеніміз

артымызда, ішпегеніміз алдымызда болды. Бізге онан артық не керек. Соңғы жалдары Нұрбаттың бас құрағанын асыға күткен едік. Енді міне сол арманымыз да орындалды. Енді атам қазақ салтымен отау көтеріп, біреулеріңді оңаша шығаруымыз қажет . Әрине, жол Төлеш пен Кербездікі. Шаңыраққа Нұрбат пен Алтын ие болады. Қолдағы аз мал-дәулеттен Төлештің еншісін бөліп беремін. Отаулары дайын тұр. Тек ағайынтуғандардың басын қосып, кішігірім той-тілеу өткізсек болды.

Әке сөзінен шықпайтын, қазақы салт-сананы берік ұстанған ортада өскен балалар бас изесіп, дастарқан басынан тұрған. Сөйтіп, әке-шешенің ұйғарымымен қазақ салты бойынша кіші ұл әкешешесінің қолында қалды да Төлеш пен Кербезге отау көтеріп берген. Соңғы кездері аралары тіптен суи бастаған Төлеш пен Кербез бұған пәлендей қуанған да, ренжіген де жоқ. Бәрібір бытпылдақ өмір болатын. Онсыз да атаанасының қолында болса да бөлек бөлмелі екеуі сырласар, төсек ләзатын бөлісер мүмкіндіктен кенде емес еді. Тек ондай сырластық, сыйластық болса.

Ана жолы басшылар «Ұранқай ауылының» көшін шығарып салып келгеннен бері Төлештің көңілі тіптен қаяу. Оның үстіне соңғы кезде Төлешке қатысты өсек аяң да көбейген сыңайда. «Намчин гуайдың отбасы Дуутға емес, ағайындарынан бөлініп, Қобда қаласына көшіпті. Оған сұмыннан арнайы машина шығарылыпты. Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген Төлеш екен. Сүнжээ екеуі бала кезінен бірін-бірі жақсы көргенімен кезінде Төлештің әке-шешесі қарсы болғандықтан, ел жұрттан ұялғандықтан қосыла алмаған ғой. Тіпті анау Сүнжээнің жалғыз ұлы Бакадан емес, Төлештің баласы екен» деген сияқты пыш-пыш өсек аяң көбейіп кеткен. Ұзын құлақ, сумаң тілді өсекшіл қатындардың аузынан шыққан қауесеттің кейбірі сыбыр-күбір ғана болып, жел тербеген жасыл желектің сыбдырындай сусылдай келіп, Кербездің құлағына да жеткен.

Соның ең соңғысын Кербезге Төлештердің отауын майлау рәсімі соңында да жамағайын абысыны Кәрімнің келіншегі Әймен жеткізген. – Бұл өсек айтпаса, іші кебетіндердің ойдан шығарғаны болуы да мүмкін ғой, Кербезжан, істің анық-қанығына жетпей жатып, әпербақандық істеме. Мен тек сақ жүрсін дер айтып отырғаным. Жанашыр жақынның ішінде де тонның ішкі бауындай сыйлас, сырлас мен айтпағанда кім айтады. Десе де, әліптің артын бағайық, – деп “жағымды жаңалығының” тігісін жатқызып та қойған. Бірақ, Кербез Әймен үйреткендей сабырлы болып шықпады. Сол кеште-ақ үндемей қабатын иттей ыр етіп, Төлештің таңына тісін батырғаны бар. Төсекте екі қолын басына жастап, шаңыраққа телміріп ойланып жатқан Төлешке: – Ұранқай қатыныңды, есіңе алып жатырсың ба. Бәрін де естідік, қайын жұртыңның көшін салтанатпен шығарып салыпсың. Енді артынан өзіңде кететін шығарсың. Сүрэн кемпірдің күшік күйеуі болып, жырғайтын шығарсың! – деп, шап ете қалған. Мұндай сөздің талайын естіп, құлағы үйренген Төлеш жауап қатқан жоқ. Бір жағы итпен ит болып ырылдасып, опа таппайтынын ойласа, бір жағы әйелінің айтқанының шындық екенін

мойындағандай еді. Тек мынау бір ақ отаудағы алғашқы түн ақ махаббаттың куәсі болмай, араларының алыстай түскені, жағдайдың шиленісе бастағаны неге апарып соғар екен деген ой мазалаған. Жалғыз қызының тағдырына алаңдаған.

Төлеш жағдайдың неге апарып соғарын бұрын да ойлаған. Күннің күнінде аралары Сүнжээсізақ бір жолата суып, тағдыр жолының екіге айыратынын іші сезетін. Сондай бола қалған күнде, жүрегінде Сүнжээден басқаға орын жоқ екенін де біледі. Намчин гуайдың үйін Қобда қаласына көшіруге мұрындық болуы біріншіден «суын ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақ мақалын пайымдау болса, екінші жағы жаман айтпай жақсы жоқ, Кебез екеуіміздің жолмыз екі айырыла қалса, жақсы ит өлімтігін көрсетпейді дегендей, досқа күлкі дұшпанға таба болмай Қобдаға кетермін. Болмаса бір кез мұңымды шағып, сырымды бөлісетін, қол жетпеген бақытты бірге жоқтайтын Сүнжээге жуық жүрейін деген ішкі байламның жемісі еді.

Осындай ой сарсаңында жүргенде бір күні кеңсесіне сұмындық милиция өкілі Қамбар келді. Бір сұмында бірге қызмет істеп жүргенімен екеуінің арасында пәлендей жақындық жоқ, тек сыйлас азаматтар ғана болатын. Сондықтан көңіліне бір күдік ұялай қалған. Аман-сәлемнен соң қабылдау үстелі басындағы Төлеш нұсқаған орындыққа отырған Қамбар жайлап қана сөз бастады. – Төке, екеуіміз оңаша ғана сөйлесуіміз керек. Мен өз кеңсеме шақырып алуға тиіс едім, оған осы «тергеліп жүрген жоқ па» деген елдің күдігін туғызбайын деп әдейі өзім келдім. Сондықтан есігіңді бекітіп қой, – деді. Төлештің секемі шындыққа айналды. Адам қиялы қандай жүйрік. Сезім шақпағынан ұшқан ұшқын көрбілте ойлардың бірінен соң бірін оталдырып, ми қабатында кіші-гірім қопарылыс та жасап үлгірді. Өмірінде біреудің ала жібін аттап көрмегендіктен ұрлық-қарлыққа қатысты емес, аздап арақ ішетіні болмаса, біреудің басын жарып, көзін шығарған емес. Онда не болмақ?!Ұшқыр ой Кербезге келіп тірелді. Сол бірдеме деп шағым айтқан шығар. Төлеш есікті кілттеді де өз орнына емес, қабылдау үстелінің екінші жағындағы Қамбарға қарама-қарсы орындыққа келіп отырды.

Төлеш жайғасқан соң Қамбар болған оқиғаны жайлап қана баяндап берді. «Жазғы демалысыңда қандай мақсатпен екенің белгісіз Қытай мен Моңғолдың шекарасындағы жабық зонаға еніп кеткенсің. Мұны заставаның шолғыншы әскерлері көріп қалған. Сөйтіп, аймақтық қауіпсіздік бөліміне хабарланған. Менің келіп отырған шаруам жоғарғы жақтың тапсырмасымен осы жайды тексеру».

Бұрылатын жол жоқ, Төлеш болған оқиғаны баяндап берді. Бірақ дәл кезеңге шыққанын жасырып қалды. – Ары қарай жоғарғы жаққа тігісін жатқыза, ешбір саяси мақсатсыз, серуен құрып, қарақат тере барған жолда жабық зона екенін байқамай кіріп кеткен деп хабарларсың. Бірақ, қылмыс деп тапса, мойныммен көтеремін, – деді. – Әрине, ұзында өшіміз, қысқада қасымыз жоқ, сыйлас азаматпыз. Артық пәле жабудан аулақпын. Менің міндетім – болған жағдайды жасырып қалмай

шындығымен жеткізу. Қалай да бұл істе қылмыстық құрам жоқ. Мүмкін, жауапкершілік тұрғысында әкімшілік шара қолданатын шығар, – деді Қамбар. …Кешікпей аймақтық қоғамдық қауіпсідік бөлімінен аймақтық Партия комитетіне Төлештің ісіне байланысты хат та келіп түскен. Хатта “ Шекара және ішкі әскер іс басқару орнының Жалғазағаш заставасы Дэлүүн сұмыны партия комитетінің орынбасары Қабиұлы Төлеш МоңғолҚытай шекарасындағы жабық зонаға ұрықсатсыз еніп, тәртіп бұзғаны анықтады. Бұл істі тексеру барысында қылмыстық сыпат болмағандықтан әкімшілік шара қолдануды сұрап, Аймақтық Партия комитетіне хабарлап отырмыз. Ресми хаттың көшірмесі Дэлүүн сұмындық партия комитетіне жіберілді” делінген.

Төлеш қызметімен қоштасатынын анық сезді. Жай адам емес білдей бір сұмынның партия қызметкері. Қоғамдағы иненің жасуындай кемістікті қалт жібермей, шаш ал десе, бас алатын әпербақан партияның бұл істі аяқсыз қалдырып, Төлештің басынан сыйпамайтыны белгілі еді.

Онсыз да Сүнжээнің сарсаңы, Кербездің қылықтарымен нәумез күй кешіп жүрген азаматқа оңай болған жоқ. Аймақтық Партия комитетіне шақырылар күнді ойлап, жартыкеш көңілде жүрді. Жатса, тұрса ел, жер туралы бала күннен санасына сіңген өмірлік қағидасына айналған ойлар миын шыр көбелек айналдырады. Кеше ғана аңсар сезіммен шекра бұзуға дейін барған Өр Алтай, ондағы ағайындар ойынан шықпайды. Солармен қауышатын күн болса деп армандайды. Бір сәт өзі өсіп өнген Қобда бетіндегі қазақтардың басына келген әлденеше реткі зобалаңға байланысты әжесінің әңгімелерін ой елегінен өткізеді. Бұл өлкедегі қазақтардың әр жылдарғы қиын-қыстау шақтарына жергілікті ұранқайлардың қатысы болмаған. Сонда екі ұлттың арасы неге алыстап кеткен?! Сүнжээ екеуіміз неге қосыла алмадық!?

Төлешті ой жетегі тағы да талақ заман, тарих сүрлеуіне ойыстырды. ...Жаламаның сүргініне түсіп, азаматтары атылып, балалары қарға-құзғынға жем болып, асуда қалған қарақастар басқа рулармен бірге айдалып, Моңғолияның батыс солтүстігіндегі Өрікті көл деген жерге жеткенде қазақтар елді айдаған қырық шерікті қырып салып, бір түнде Орыстың Қош ағаш өлкесі, Шүй өзені бойына асып кеткен. Бір тәуірі арып-ашып, шекара асып барған бейбақтарды орыстар моңғолдарға да, Жаламаға да ұстап

бермей қолтығына паналатқан ғой. Ақыры Жалама ұсталып, заман тынышталған соң осы Дэлүүн өлкесі Жалғыз ағашқа қайта келген. – Әже, Жаламаның әскерін қалай қырдыңыздар? – деп сұрайтын Төлеш. – Құдай алқұлым деген шығар, біздің ауылдың азаматтары Әпек атылып, (Ақымбекті айтып отыр) бала-шаға кезеңде ит-құсқа жем болған соң, жүректері шайлығып қалды ғой. Бас көтерген жоқ. Қайта, Ботекеңнің жігіттерінің арқасында құтылдық. Дэлүүннен бірге айдалған Ботақара ауылдарының көші Өрікті көлге дейін жиырма неше күн әскелердің шырқ иіруінде бізбен қатар жүріп отырды. Сол Ботақараның жігіттері шеріктерді қырып тастауға ақылдасқан ғой. Бізге де хабар беріп, жаудан алып шыққан да солар. Түн ортасында қырғын-топалаң, айғай шу болды да кетті. Біз де хабар күтіп, көз ілмей жатқанбыз. Уағда бойынша біздің ауылдың жылқы айдаған жігіттері де жылқыны үстімізге әкеліп төкті. Жүген қайда, арқан, шылбыр, құр мен ноқталанған аттарға жайлақ мініп қараңғы түнде жігіттер нұсқаған жаққа жөңкілдік. Әйтеуір, бір жақсысы айналдырған қырық әскерді бірін де қалдырмай қойша бауыздағандықтан артымыздан қуғыншы келмеді. Артынан, ес жиған соң естісек, есірген шеріктер ермек таппай жылап-еңіреп келе жатқан қыз Ботақара ауылының келіншектеріне таң атқанша күшпен ән айтқызады екен. Әлгі қыз-келіншектер келісім бойынша шеріктердің көбі ұйықтағанын әнге қосып хабарлаған. Сол ботақаралармен артынан құдақұдандал болып кеттік , әлгі шеріктердің көбінің ұйқтап қалғанын әнге қосып жеткізген Ботақара ішінде сәріктің келіндері Нұрбала мен Нұрбатша құдағилар екен. Екеуі де Зуқа батырдың ауылы Әубәкір деген кісінің қызы, екеуі де жақ жоқ, көмекейлрі көсілген айтыс ақыны, әнші болатын. Қазір бұл дүниеде жоқ. Имандары жолдас болсын!

Ботекеңдердің жылқысын айдап келе жатқан атамыз аттас (Бітімші) пен Бейсен деген жігіттер екен. Ауыл азаматтары жол-жөнекей ақылдасып, жылқышылар жылқыларды жақындатып, мінуге жарамды жуастарын ноқталап, дайындап тұратын болып келісіпті. Сөйтіп, шеріктердің көбі ұйықтағаны туралы келіншектер әнге қосып хабарлаған кезде жігіттер шатырдың іргесін көтеріп кіріп, жапа-тармағай бір-бір әскермен алыса кеткен. Ішіндегі ең қармаулысы жуан қар дөрбетке бойы екі метір, Шәку байдың немересі атақты балуан Айынтының баласы Шөкенбайдың әлі келмеген ғой. Осы кезде сол ауылдың Шонжай деген азаматы бір шерікті бауыздап үлгірген де Шөкенбайдың қолынан сытылып шыға берген «жуан дөрбетті» бір қолымын мойнынан орай қапсыра қылқындырып тұрып, екінші қолындағы кездікті бүйіріне салып алыпты. Бертін келгенде Шөкенбай жарықтықты да, Шонжекеңді де көрдік. Екеуі де еңгезердей азаматтар еді. Тағы да сол аулдан, айдау кезінде 17 жаста едім деп отыратын Тәшкөй деге құдамыз бар. Өзі аңқау кісі еді. «Мен Шонжай пышақтап өлтірген дөрбетті көзіммен көрдім. Бұрын кім көрген, кәпірдің қаны қап-қара болады екен» деп шын ниетімен таң қалатын. Біз әлгі кісінің сөзіне жатып кеп күлетінбіз. «Қалмақтың қаны қап-қара болады» деген сөз тәмсілге айналып кеткен.

Сөйтіп, ботекеңдер шеріктің бәрін қырып тастап, “қарақастар, сендер де қалмаңдар” деп айқайлап, Шүйге қарай тартып отырған, – дейтін әжесі.

Осылайша Бәлекең бабалыры бастап келген Жалғызағашпен қош айтысып, Шүйге, одан тағы да Өр Алтайға асқан аз ауыл ел тынышталған соң Қобдаға, үйренген Дэтүүндеріне қайта келген. – Сонда Өр Алайдағы ағайындардың ортасында неге қала бермегенсіздер? – деп сұраса әжесі: - Ойбой, қазақ «дәм айдаса, қалмайсың» дейді, дәм жазған шығар, ондағы керейлер де жырғап отырған жоқ еді, баяғы шұбар аттың жүніндей көп ру өзара береке жоқ, мәнжу қабырғадан қысқан, оның сыртында қазақ «атаңның басы қалды ма»? дейді, жарықтық Қобдада бетінде атабабамыздың басы қалды ғой. Жай бір қалған жоқ, бабаларымыз «Қытай сияқты құйтырқы емес, моңғол деген қақ-соғы, қал-палы жоқ момақан көршің бар Қобда беті асқар тауы, ағынды сулы, шөбі құнарлы қыста қар аз түсетін, мал мен басқа бірдей жайлы құт мекен ғой. Осы құтты мекеннен іргелеріңді үзбеңдер. Біздің зиратымызға бірауыз білген аяттарыңды оқи жүріңдер» деп аманат етіп кетті емес пе, – дейтін ғой.

Бала Төлештің бәрін пайымдауға өресі жетпесе де әжесінің айтқанына қарағанда одан өзге жол болмаған екен ғой деп ойлап, басын изейтін. Одан кейін де бұл ауылдың, бұл ауылдың ғана емес, Қобда керейлерінің басынан небір қиындықтар өткенін Төлеш жақсы біледі. Сталиннің бұйрығымен Совет Одағы не істесе, соны Чойбалсан бастаған Моңғол елі айна-қатесіз қайталады. Студент жүрген кезінде орыстарда «тауықты құс деме, Моңғолияны шекарадан тыс деме» деген қалжың бар екен дегенді де естігені бар-тын. Сол Сталиннің айтағымен Моңғолияда да өткен “есіргу” заманы да азғана қарақас ауылын ойрандап, талай шаңырақтың отын өшірген. Оған да кінәлі дінің, ділің басқа деп, немесе өріске, қонысқа таласып қыспақ көрсеткен моңғолддың қарапайым халқы емес, осы өзі қызмет істеп жүрген партияның саясаты екенін ашық айта алм аса да Төлеш баяғыдан-ақ білетін. Аядай өз ауылныңың отбасын да “бай екен” “молда екен”, “Жапонның тыңшысы екен” деген жаламен ұсталмаған ер азамат кемде-кем. Көбі қайта оралмаған.

Әсіресе, анау өрімдей үш ананың өлімі!!! Бұл жайлы әңгімені бүкіл көнекөздер жыр қылып айтатын. “Қайран Алтын, қайран Күлпаран, қайран Нұрила, үшеуі де отызға жетпеген жас келіншектер еді. Бәрі де балалышағалы еді. Көгенкөздерін қайтіп қиды екен! Әйелдік ар-намысын, дінін сол балаларынан артық санап, жас жандарын пида еткен ғой” дейтін ауылдың қариялары. Төлештің туа біткен қасиеті өткен тарихқа, болашаққа қатысты қашанда көп нәрсеге бас қатырап, ой сарсаңында жүреді. Әсіресе кезеңде аштан өлген он үш баланың, өздерін пида еткен әлгі аналарының өлімі ойына түскен сайын есеңгіреп қалатын. Бірақ ой қамалын бұзып, ақиқаттың жолын тапқан емес.

Бауыздалған үш анаға байданысты оқиға былай болған еді. Халық жауы ретінде елдің аптал азаматтарын бірінен соң - бірін ұстап әкетіп жақан 1937-1938 жылдар «“есіргу заманы», «кісі ұстаған жыл» деген атпен тарихта қалған. Осы нәубетке де Төлештің аталары алдымен ұшыраған. Әуелі, осы азғана елдің ғұлама молдасы Әдедепбай, онан кейін оның балалары ұсталған. Қариялардың айтуынша жарықтық Әдепбай Алла аян беретін көріпкел, қасиетті адам болса керек. Ұсталатын күні таңертең ерте тұрып намазын өтеген соң: «Бүгiн менi Ғабиден (Ішкі істер бөлімінің өкілі) келiп ұстайды. Оған дейін мен ағайындармен қоштасып, аруақтарға бағыштап, аят оқып келейін. Ғабиден келсе, күте тұрсын деңдер» деп маңайындағы ағайын ауылдарды аралап аруақтарға аят оқып қайтыпты. Айтқанындай Әдекең үйіне оралғанда Ғабиден бірнеше әскермен келiп, тосып отырған. Әулие жарықтық еш қарсылық жасамай айдалып кете барған. Жолда айдап бара жатқан әскердiң бірінің аты арықтап қалғанда Әдекең өз атын түсiп берiп, «өлімде болса тезі игі» барар жерім қара үйге тез жеткізіңдер» деп арықтаған атқа ауысып мiнген. Әлгi ат Әдекең мiнген соң күш жинап, аяғын сейдін басып, жортақтай жөнелген екен . Қобданың түрмесінде жатқан кезінде Әдекеңнің қолындағы кісен сыпырылып қала бететін болған. Бірақ, «Алланың ісі – парыз, патшаның ісі – уәжіп» деп, қашуға әрекет етпеген. Ақыры ату жазасына бұйырлып, өмірмен қоштасқан деп, кезінде көзімен көрген қариялар аңыз қып айтатын.

Бірақ адамның бәрі Әдекең емес қой, қайтсек жанымыз қалады деп алдыартын кәпір қамалаған, барар жер, басар тауы жоқ тар ортада тағы да Өр Алтайды, ондағы ағайындарды пана тұтып, қашқандар да аз болмаған. Солардың ортасында баяғы Жаламамен жағаласқа Тоққұл қажы мен оның інісі Бекқұлдың немерелері – Ақымбектің баласы Құсайын, Рақымның баласы Қазанбай, Бекқұлдың баласы Құдаш, басқа да жақын ағайындары Тоқай, Ақылхан қатарлы Төлештің аталары да бар еді. Бiрақ, үкмет ісі, саясат дегендер санасына кірмеген қыр қазақтары Қытай мен Моңғол үкiметi арасында қашқандарды қайтарып беруге екi жақтық келiсiм жасалғанын қайдан білсін, тарыққанда Алтайдағы ағайындары, Халел тәйжiнi паналасақ жанымыз қала ма деп ойлаған еді-ау. Тек Қытай үкiметi Халел тәйжіге жеткізбей қойша қосақтап, моңғолға қайта қайтарып бергенде ғана бармақтарын тістеген. Ерлерiн тұтас байлап-матап, Қобда қаласына әкетiп, бірге қашқан Құсайынның, Құдаштың, Ақылқанның әйелдері Алтын, Күлпәран, Нұрилаларды етектеріне оралған үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баламен Құрымты асу арқылы Тұлба сұмынына әкелiп, сұмын орталығынан он шақырым жырақтағы сай аузына тігілген кигіз үйде күзет қойып, қамауда ұстаған. Құдайдың құлағын ұстаған “төлелікші” атты шолақ белсенділер «күйеулерiң атылады, ал сендер моңғол iшiне айдаласыңдар. Сонда моңғолға тиiп, кәпiр боласыңдар, балалрың осында қалады» деп, құқай көрсеткен. Иә, дініне берік, жарына адал қазақ әйелі үшін бұл өлімнен де ауыр жаза еді. Бүйтiп ерiмiзден, бала-шағамыздан,

ел жұртымыздан, дiнiмiзден айырылғанша өлген дұрыс деп шешкен қолдан келербасқа қайласы жоқ

бейбақтар. Естияр балаларын тезек теріп келіңдер деп жұмсап, олар ұзай бере өз-өздерiне қол жұсаған. «Пышақ екеу ғана екен дейтін әжесі әңгіменің сол тұсына келгенде жаулығының ұшымен көзіндегі іркілген жасты бір сүртіп тастап, –Күлпаран мен Нұрила өз-өз пышақтарымен алқымдарын орып жіберген сәтте Алтын қатар отырған Нұриланың қолындағы кездікті жұлып алып, өз тамағына салыпты». «Неткен қайсарлық десеңізші– дейтін істің мән-жайын соңынан сырттағы күзетте тұрған адамнан естігендер, – бірде-бірі айғайлап үн шығырмастан тістенген күйлері жан тәсілім еткен. Тек жанталаса ышқынған, қорқыраған дыбыстан соң іргеден сарқырай аққан қып-қызыл қанды көргенде ғана күзетші есікке жүгірген. Бірақ, бәрі кеш еді. Арттарында ұлардай шулап қалған тоғыз баланы түйеге теңдеп, Дэлүүндегі қалған туыстарына жеткізген. Марқұмдардың қалай өлгенін басқаға сездірмеу үшін жендеттер беттерін әлгі жалғыз күзетшіге жасыртқан».

Міне, ақыл таппаған қайран арулар жарық дүниемен осылай қоштасты. Бұраты тауының бөктеріндегі Жыраты деген жыраның егілме құмында әлгі күзетші пақырдың күрекпен шығарған тар шұқырында кебіні жоқ, көрі жоқ, қан қатқан киімдерімен жер ананың қойнына енді. Жігіттері де қайта оралған жоқ. Біреулер ұсталғандардың бәрін Қобданың “Батыр Хайырқын” деген күні бүгін арыстарды жоқтағандай мүлгіп тұрған айдаладағы жалғыз төбенің баурайнда қазылған ордың жиегіне қаз-қатар тізіп қойып, атып тастапты. Өлмей жаралы қалғандары көмілген топырақтың астында ыңыранып, күңіреніп жатыпты дейді. Енді біреулері тұтқындардың біразы қашып шығыпты. Ұстала қалғанымыз, өзгелері жайлы өмір бойы ешкімге тіс жармамаймыз деп ант берісіп, бір тобы орысқа, бірі тобы моңғолдың ішкергі өлкелеріне қаңғып кетіпті деседі. Әйтеуір Қобда беті қазақтарынан ұсталған ұзын саны 700-дей қазақтан тірі оралғандары саусақпен санарлық қана. Сол ант ішісіпті деген рас болса керек, тірі оралған аз адамның ешқайсы қалғандары жайлы ешкімге тіс жармастан дүниеден өтті. Неткен қатыгез тағдыр десеңізші!

Төлеш ойланды, құдай-ау , сонда ата - бабаларымыздың қоныстандырған құт мекеннен ұрпақтарының көрген сыйы осы ма?! Онанша “көппен көрген ұлы той” сол Өр Алтайдағы ағайындармен неге бірге болмады екен! Неге Қазақстанға қарай қашпады екен. Бұл да Төлештің тарыққандағы ойы. Әйтпесе, ол заманда өзге жолдың болмағанын , Қазақстандағы қазақтардың бір жартысы аштан қырылып, көмусіз қалғанын, Өр Алтайдағы ағайындардың алды Үндістан, Пәкстанды басып, 18 мың адамның 1800-і (жүз адамнан бір адам ғана) Түркияға аман жеткенін жақсы біледі. Өйтсе, ата-бабаларына қалай кінә артпақ Қазір ғой, бәрі басқаша. Зауал заман артта қалып, жас ұрпақ кешегі қасіретті ұмытқан. Ұмытпаса да көзбен көріп, көкіректерінде шер-шемен болып қатпағандықтан жүректерін сыздатпайды. Жан жарасын дүниеден өткен аға ұрпақ көрге өздерімен бірге ала кетті. Бүгінгі тірі жүргендер былайда-былай шалқып отырмаса да

тамақтары тоқ, көйлектері көк, отандары тыныш. Енді ешқашан қоғамда мұндай сұмдық болмайтын сияқты. Ойлап тұрса, әрбір бейбіт уақыт даналардың айтуынша дауыл алдындағы тыныштық сияқты. Сол тыныштықтың қаншаға созыларын ешкім білмейді.

Жалама қырғынын кейін ширек ғасыр өтіп, сұмдықты көзімен көріп, жаны жаралғандар сиреген соң кейінгі ұрпақ ұмыта бастаған. Сосын не болды. Тағы да азғана жыл тыныштық, мамыражай тірлік. Сосын ел тағы бүлінген. Тағы қырғын. Жалама айдағанда балалар қырылса, «есіргу» тұсында аналарымыздың көргені анау. Бізді қойшы, ат төбеліндей аз ғана қазақпыз, ешкім өзекке теппесе де бұратана халықпыз. Өз елі, өз жұртында отырған бүкіл моңғол жұрты не көрді. 1921жылы тәуелсіздікке қол жеткіздік деп бөріктерін аспанға атқан моңғолдар небәрі 15 жылдан кейін Сталин мен Чойбалсанның ұйымдастырған қанды қасабына ұшыраймыз деп ойлап па еді. Олардың да өмірден күткен жақсылығы сол ма еді. Шыңғыс бабам құрған қасиетті “көк Моңғолым” деп ұлтын жанындай сүйген ел басқарған азаматтардың бәрін Чойбалсан қынадай қырды. Қосақ арасында босқа кетіп, қойдай бауыздалған қара халық қаншама!! Моңғолдардан қазақтардың қай жері артық. «Көппен көрген ұлы той» деген осы шығар . Бәрі – тағдырдың ісі. Өйтсе ертең не болары, келер ұрпақты не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян.

Төлеш ой сарсаңына түскен сайын Ақыт жырлырын еске алады. «Алшаңдап азғана жыл кеңдік көрген, байытқан береклі қайран Қобда» деп жырлап еді-ау! Бабалары бастан кешкен екі реткі нәубеттен кейін де бірнеше ұрпақ сол Қобдада тағы да «алшаңдап кеңдік көрді». Қан жұтқан заманның қайғы-қасыретін бақилық болғандар қара жер қойнына, қараңғы көрге өздерімен бірге ала кетті. Енді не болмақ!? Мүмкін, мұнан да жарқын күндер шуағын шашар. Қазір ата жұрттағы қандастармен күнделікті барысып келіспесек те, кіндігіміз үзілген жоқ, құдайға шүкір рухани қатынасымыз бар. Ал мынау бір қырдың астындағы ағайындарымызды, ата мекеніміз Өр Алтайды бір көруге зармыз. Сол туыстармен емен-еркін араласатын заман тумасына кім кепіл.

Төлештің өз ойына өзінің күлкісі келді. Шекара топырағын бір рет аттап басқаны үшін айыпты болып отырған заманда, шынында, бұл қиял ғана болатын. Бірақ небәрі үш жылдан соң “коммунизмнің” тас бұғауының күлпаршасы шығып, қулығына құрық бойламайтын тағы да бір құйтырқы қоғамның есік ашарын Төлеш мүлдем білген жоқ еді. Аймақтық Партия комитетінің бюро жиналысына шыққан Төлештің жүзі өрт сөндіргендей еді. – Бәрі бітті, – деді сыртқа шыққан соң іштей ғана. Ағайын-туыстардың үйіне барғысы келмеді. Қайда барамын? Мұңымды кімге шағамын? Есіне

әуелі Жиде түсті. Оны көрмегелі де қай заман! Ағасы Көбеш университет бітіретін жылы кенет қайтыс болған соң аралары алыстап кеткен. Анда-санда болмаса кезіге бермейді. Осыдан екі-үш жылдың алдында бір кезіккен. Сол жолы Көбешті, тіпті өзін де әлі күнге дейін естен шығармайтынын, сағынатынын, күйеуінің тым қазғаншақ екенін, ұрып-соғатынын айтып, ағаң өлген соң мені ұмытып кеттің деп, жылап-еңіреп, мұңын шаққан. Күйеуін мүлдем танымаса, оның үстіне қызғаншақ болса, онда барудың реті жоқ. Текке арларын одан сайын аша түсуге себепші болармын деп ойлады. Ойына он жылдықты бірге бітірген, өзі сияқты жақсы оқыса да, қолдаушысы жоқтықтан Дорнот аймағындағы ТМС-тің* жүргізушілер курсын бітірген досы Зүлпай оралды. Ең дұрысы сол деп ойлады. Түпкі ойы Қобда аймағына барып қайту еді. Сол үшін де Зүлпай досының үйіне барғысы келді. Өйткені Зүлпай автобазада бензин таситын машина ұстайды. Негізгі жұмысы Ақкөл жалғастыру базасына орыстан келетін бензинді Қобда, Увс аймақтарына тасымалдау болатын. Қобда шәһарына кемінде аптасында бір рет барып қайтады. “Бұқаны малым бар деме, шоферді байым бар деме” деген мақал түсті ойына. Үйде жоқ болса қайтемін. Кештетіп еркегі жоқ үйге келген ерсі болар. Маңайындағы туыстары, көрші қолаңдары не ойлайды. Біраз ойланды да тәуекел деп солай тартты. Мен үшін бүгін ойлаған барлық нәрседен жолыма жуа бітіп тұрған жоқ шығар, мүмкін Зүлпай бүгін түнімен Қобдаға қарай жолға шыққалы отырған болар.

Саман кірпіштен соғылған ат шаптырым қашаның қақпасына келгенде аулада тұрған көк қасқа “ЗиЛ-130” машинасын көргенде қуанып қалды. Жолым болады екен деп ойлады. Қолындағы сумкасын әрең көтергендей иіні түскен бойда табалдырықтан аттаған Төлешті көргенде Зүлпай мен әйелі Майра таңданып қалғандай еді. Алыс сұмында тұрғандықтан ба, бұрын көп келе бермейтін. Оның үстіне жүзіндегі солғындық үйдегілерге де анық сезілді. Он жылдықта анау “он бөлме” атанатын жатақхананы үш жыл бойы басына көтере шуласып, алысып-жұлысып өскен ескі досын Зүлпай құшақ жая қарсы алды. Өздерінен бір жыл ғана кейін оқыған Майра да оқушылық өмірдегі қызық-шыжықтарға қанық болғандықтан ешкім тосылған жоқ, әңгіме әзіл-қалжыңнан басталды. – Бәрекелді, біздің үйге бастық та келеді екен-ау! Қайдан жүрсің, түсіңнен шошыдың ба? – болды Зүлпайдың бірінші сөзі. Шынында да бастық болғалы алыстаңқырап кеткен Төлеш сәл қысылып қалса да сөз тауып кетті. – Қалалықтар сендер қырдың мойтыбастарын көзге ілесіңдер ме? Қашан үйлеріңе шақырып, мен келмей қойыппын. Мына сұлу келіншегіңді қызғанатын шығарсың. Майра күле жауап қатты: – Ойбай-ау, нағыз «құралай көз, қиғаш қас» сенің келіншегің деп еді ғой. Осылай басталған әңгіме үстел басында да толастаған жоқ. Төлеште бағанағыдай емес, еңсесін басқан реніштен уақытша болса да сейілгендей еркін әңгімеге көшті. Бірге оқыған қыз-жігіттер жайлы, балалық шақтың қызықтары жайлы ауыз жаппай әңгімелесті.

– Оныншы “ә”-нің, “б”-ның осындағылары мереке сайын бала-шағаларымен бас қосып, шұрқырасыып жатады. Дуа тимеген біздің класс қана, – деді Зүлпай. – Бідің кластан осында азбыз ғой? – Аналардан қарағанда азы аз. Бірақ үшеу-төртеу болсақта бас қосуға болады ғой. Анау сенен қалмайтын Әлжан мен Жиде, «жынды» Құрмаш, тағы кім бар еді? Аз емеспіз. – Онда мен Әлжанға телефон соға қояиын, аяғыаяғына тимей жетіп келсін, – деп әзілдеді Майра. Төлеш жымиды да қойды. Әлжанды емес, Жидені ойлады. “Қайран жеңешем-ай, ағайымның ғұмыры қысқа болмағанда нағыз «су сұрасам, бал беретін» қимас, сырлас жеңге болатын еді ғой. Көбешті жанындай сүйген еді. Амал жоқ, тағдыр қоспады. Үш достың әңгіме желісі Жидеге ауысты. Онсыз да көңілі қаяу Төлеш Жиде туралы бір қимастық сезіммен әңгіме қозғады. Ағасы өмірден өткеннен кейінде бірнеше рет кезіккенін, кезіккен сайын жылап-еңіреп, Көбешті еске алатынын, өзін «ағаң екеуің сойып қаптағандай ұқсассыңдар, көрген сайын көзіме оттай басыласың, Көбеш күні бүгін түнде түсімнен, ояуда ойымнан бір кетпейді» деп, жан жүрегімен егілетінін, кетерде бетінен иіскеп, қимай-қимай шығарып салатынын бәр-бәрін екі досынан жасырған жоқ. – Ғашықтық сезімді мың да бір жүрегі жайсаң адам ғана қастерлей алатын шығар, – деді. Зүлпай. – Оның сыртында мына күйеуі нашар жігіт. Қызғаншақ, пасық. Тіпті ұрыпсоғатын көрінеді. Әйтпегенде Жиде Көбешті бір жола ұмытып кетпесе де, бір уақыт жайраңдап жүрер еді ғой, – деді Майра. Төлеш қызғаншақтық туралы айтқанда Кербезді еске алып, үндемей қалды. Әр қиырдан әңгіме қозғалса да, достары Төлештің қызмет бабы, отбасы жайлы сұрауға асығар емес. Сөзді өзі бастады. – Зүлпіш, Майра, мен бүгіннен бастап, бастық емеспін. Седерге соны «жуғызайын» деп келген едім. Екеуі де аңырып қалды. – Жарайды. Неге екенін айта жатарсың, Майра, арақ алып кел, Төлештің келесі қызметіне ақ жол тілейік.

*ТМС – кәсіптік техникалық мектеп (СПТУ) Үшеуі бір жартыны ала отырып, көп кеңесті. Төлеш өзінің өткен жаздағы демалысында Қытай мен Моңғолдың шекарасын заңсыз бұзғанын, қайтар жолда застава әскерлерінің көріп қалғанын, заства Аймақтық қауіпсіздік бөліміне хабарлағанын, іс насырға шауып, бүгін Партия комитетінің бюро жиналысына шара қолдантып, партия қатарынан шығарылғанын, жұмыстап босағанын бірін қалдырмай айтып берді.

– Қайта бағың бар екен, арғы беттен ұсталсаң не болдың! Сотталып кететін едің, – деді Зүлпай. – Енді не істемексің? – деді Майра. – Екі қолға бір жұмыс қайдан да табылады ғой. Бірақ «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген, енді Дэлүүнде тұрмаймын. Қобда аймағына кетемін. Сонда партия мектебін бірге оқыған моңғол достарым беделді жігіттер бар. Солар бір жұмыс тауып берер. Бірден сеніп келген досынан ештеме де жасырғысы келмеді. Сүнжээ жайлы да бар сырын жайып салды. Біраз қызып, көңілі бұзылған Төлеш Кербездің қылықтарын да да айтып, мұңын шақты. – Ол менің жұмыстан қуылғанымды естіген соң өзі де теріс айланады. Әкешешесі де сондай адамдар. Шыққалы тұрған көзге себеп табылды. Бірақ оған еш өкінбеймін. Маған Сүнжээсіз өмірдің мәні жоқ, – деді.

…Қоңыр күздің қоңыр кештерінің бірі еді. Төлеш «Ха туу хөтөл» мойнағына шығып Қобда қаласы көрінген кезде «тоқта, аз кем бой жазып алайық» деген Зүлпайға. – Ғашығыңа таяғанда жүрегің алып ұшып, тезірек жүр дей ме десем.., – деп, Зүлпай бір әзілдеп алды да тоқтай қалды. Дала тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Күре жолдың бойы болса да сабылысып жатқана көлік жоқ. Қаланың арғы жағындағы сонау алыс «Модон овоодан» бергі еңкейістен бірнеше машинаның шаңы алыстан үзік-үзік болып буалдырлана шұбалып, өздері жорғалап бара жатқан қоңыздай ғана болып көзге шалынады. Қаладан бергі қайқайыстан барынша бақырып шыққан бір жүк машинасы табаны жаттыққа тиген соң, үһ дегендей тіркемесін салдыр-күлдір еткізіп, қастарынан зу етіп өте шықты да дыбысы барған сайын күңгірттеніп, айналадағы қызыл тауларға сіңіп кетті. Бірнеше арна тартып, тарамдана аққан Буянт өзенінің өн бойында Қобда шаһары бітімі кішкентай болса да бойын жазып, «Батыр Хайырқыннан» «Улаан богчқа» дейін кең көсіліп жатыр. Қаланың ортасындағы көп қабатты ғимараттар онша биік болмағандықтан көк тіреген теректі орман ішінен әр жерден ғана жотасы қылтиып көрінеді. Өзен бойындағы көк майсаңды қуалай жаз жайлауға шыққан ауыл үйлер көңіліңді қоңылтақсытар қоңыр күз келсе де орындарынан қозғала қоймаған. Қаланың тұрқын ұзартып, көзіңе нұр сыйлап тұрған да иірген асықтай шашырап жатқан осы ақ шаңқан киіз үйлер.

Осыбір кішкетай қаланың тарихы Монғолия көлемінде әйгілі екенін Төлеш жақсы біледі. Кезінде Мәнжі үкметінің батыс Моңғолдағы әкімшілігі орналасқан, көлемі шағын болса да бастан кешіргені көп, талай-талай тарихи оқиғалардың куәсі болған шежірелі қала. Әлгі өзінің ата-бабалары Бәлекең, Бітімші, Тырқай үкірдайлар бергісі Халел тәйжіге дейін Мәнжі үкметінен шен алып, шекпен киген қасиетті орын.Өзі пір тұтатын керейден шыққан ғұлама Ақыт Үлімжіұлы да осында біраз жыл хатшылық қызмет атқарған.

Талай жыр хиссаларын осында жазған. Сол заманнан бері осы қалада небір сұмдық шайқастардың ізі қалды. Ең бергісі өз ауылын қанжылатқан сұмырай Жалама да шерікті осы қаладан аттандырған. Орыстың ықпалымен жеңген Моңғолияның қызыл төңкерістің де батыстағы бесігі – осы қала. 1938-жылы Әддепбай бастаған аталары жазықсыз жапа шегіп, түрмеде шіріген, жалғыз оққа жалын жер. Негізгі халқы баяғы заманда қазақтарды қан жылатқан ойраттардың тұқымы болса да жан сақтау үшін арғысы Хотанның сарт-сауандары мен қазақтың мықашылары да ертеден бері осында арбаға жегілген өгіздей итшілеп тірлік кешкен, халқы қырық темірдің қылауындай қала екенін Төлеш Партя мектебінде тарихтан оқыды, ауылда көнекөз қарттардан естіп өсті.

Төлеш осы қалағы алғаш рет 1964 жылы болу керек шаһардың 200 жылдық мерей тойына әкесімен бірге келген. Әкесі бәйгеге өзінің күрең төбел жүйрігін қосқан. Аламан бәйгеге Моңғолияның түкпір-түкпірінен келген 500 ат қосылыпты деп, ел бір жыл бойы ауыздарынан тастамай айтып жүретіні есінде қалыпты. Күреңтөбелді ол кезде 6-сыныпта оқып жүрген ересек кезі болса да сегіз жастан бастап, бәйге сайын үстінен түспеген Төлеш сыралғылығы үшін мініп шапқан. Әрі шәкене денелі болғандықтан айтарлықтай ауырлығы да жоқ еді. Дәл қай жерден шапқаны есінде жоқ, әйтеуір жер қайысқан қалың сәйгүлік нөпірінің тұяғына ұшқан топырақ пен қиыршық тас аспанды жауып кеткені, көпке дейін еш нәрсені көру мүмкін емес, үйірілген қара құйынның арасында кетіп бара жатқаны ғана ойында. Күрең төбел тоғызыншы болып шылбыр ұстасқан. Тоғызды ең киелі сан деп, ерекше ырымдайтын моңғол жұрты жер-көкке сыйғызбай мақтаған еді-ау. Кейін студент кезінде де талай көрді. Бірақ қала ол кезде бүгінгідей көзіне ерекше ыстық көрінбесе керек. Өйткені ол кезде жүрегінің жартысы Сүнжээсі Дэлүүнде еді ғой.

Сүрэн ижийдің үйі қаланың бергі бүйіріндегі жарлы –жақыбайлар паналайтын кезінде қытайлар балшықтан құйған, қазір бүлініп әр жерде ғана жартылай қабырғалары қанқайып тұратын «Ескі шәһар» атты дуал қалдығының іргесіндегі ауылдардың ішінде дегенді Төлештің естігені бар. Көп қиналған жоқ, сұрастыра жүріп тауып алды. Есік алдына келіп тоқтаған машинаның дыбысымен сыртқа шыққан Сүрэн ижий Төлешті танып, баяғы « Е..Е..көркісіне» басып, құрақ ұша жүгірген. Құшақтап сүйіп жатыр. Сүрэн ижийдің құшағынан босанған Төлеш Зүлпай досына рақыметін айтып, «жұмысым біткен соң көлік тауып қайтармын. Жолыңнан қалма» деп қош айтысты.

Төлеш өзін ерекше еркін сезінді. Дәл өз үйіне келгендей ерекше бір көңіл күйде еді. Есіктен кіре аядай киіз үйді көзімен сүзіп, Сүнжээ мен Батырды іздеген. Оның көкейіндегі сұрақты жазбай таныған Сүрэн ижий: – Сүнжээ жұмысқа кірген, қазір келеді. Батырымыз өсіп қалды, анда ұйықтап жатыр деп төсекті нұсқады. Төлеш еппен ғана ұйықтап жатқан ұлының бетінен сүйді. Туадан Намчин атасының атына жазылып, Сүрэн ижийдің бауырында өскен Батырдың өзінің қанының бөлшегі екенін

білгенімен, бұрынды-соңды Төлештің ішкі сезімінде онша бір елжіреу, емірену жоқ сияқты еді. Бұл жолы тек Сүнжээ деп соғатын жүрегндегі құштарлық екіге бөлінгендей, тағы бір аялы жанға орын сайлағандай еді. Батырдың қызыл шырайлы, қоңырқай келген әдемі жүзі Сүнжээге ұқсағанымен, қазаққа ғана тән қоңқақ мұрны, қой көзі өзінен аумайтынын бірінші рет байқады. «Менің ұлым өсіп қалыпты» деп ойлады ішінен.

Бір шайқайнатым уақыттан соң Сүнжээ де келді. Есіктен Сүнжээ кіргенде Төлешке еңсесін басып тұрған қара лашық үйдің керегесі кеңіп, шаңырағы биіктеп, іші аппақ бір алау нұрға толғандай әсер қалдырды. Құшағына құлаған жарын екі бетінен кезек сүйді. Сүнжээнің демінен жүрегін жып-жылы, сүп сүйкімді қоңыр леп шарпығандай болды. Қашаннан махаббат мұңын шеккен, көзі жасты, көңілі қаяу Сүнжээ бұл жолы да жанарын жасқа шылап алды. Бірақ бұрынғыдай анасынан қысылыпқымтырылған жоқ. Шерін еркін тарқатты. Жас көзінен ағыл-тегіл аққан жоқ, жанарына мөлдірей іркіліп барып анда-санда ғана үзіліп түсіп, алма бетіне мөлдір тамшы болып құлады. Көз жасы қайғының әлде қуаныштың жасы екенін өзі де, Төлеш те айыра алған жоқ. Әйтеуір әлем-тапырақ алау сезімнің сыртқы көрінісі еді.

Төлештің осында Сүнжээмен бірге өткізген бір апта уақыты өмір бойы аңсаған сарыла күткен әрі жылдар бойы жүрегін сыздатқан сағышыштан ада, соншама ұзақ уақыттан соң сая тапқан, жанын соншалықты бір майда шуақпен жылытқан тамаша сәттер еді. Төлеш қызметтен босағанын, Кербез екеуінің арасындағы жан жылуы суынудың шегіне жетіп, бір жола мұзға айналар сәттің де алыс емесін, алда әке-шешсін Нұрбатқа қалдырып осында біржола келмек ойда екенінде айтқан. Тіпті, Батырдың болашағын ойлаған арманын да жеткізген. Бірақ, мұндағы достары әзірге пәлендей қызмет тауып бере алмағаны ғана көңілге кәдік еді. Төлеш болашағымызды жоспарлаған бұл ойыма Сүнжээ өлердей қуанар деп ойлаған еді. Бірақ, ол бәрін де салқын ғана тыңдады. Жүзінен болашақтағы бақытты күндерін көз алдына елестеткен нұрлы сезім сәулесінің нышаны бақалмады. Тек Төлеш айтып болған соң бір күрсініп алды да: – Кім біледі, – деген күманға толы жалғыз ауыз сөзбен жауап қайтарды. – Кім біледің қалай? Ендігі өмірімізді тек өзіміз ғана шешуге тиіспіз ғой. – Жоқ біз емес, тағдыр шешетін сияқты ғой. Тіпті, шешіпте қойғанға ұқсайды. Бізге құдай бірге бақыт кешуді жазбаған шығар. Маған солай сезіледі. – Олай деме, жаным, тәңір біздің басымызға ылғи да жамандығын жазып қоймаған шығар. – Ертең әке-шешең, ағайын-туысың, ел-жұртың не дейді? Әп-әдемі әйелін тастап, байдан қайтқан бір салдақы ұранқай қатынның артынан қаңғып кетті, бақытын басқа тепті деген сөз, саған да, ата-анаңа да оңай тимес. Жақсылап ойлан.

– Жоқ, Сүнжээ, мен де ойламай жүрген жоқпын. Бірақ мен үшін сенсіз өмір өмір емес. Екеуімізде адастық. Енді жол табатын кез келді. Әйтпесе кеш болады. – Жарайды оны уақыт көрсетер. Алдымен келіншегіңнен айырылысып ал. Жалғыз қызыңның тағдырын да ойла. Сосын қайдан болса да қызмет тауып орналас. Сонан кейін ғана қосылу мәселесін шешейік. Бірақ менің жалғыз тілегім Батыр екеуімізді ұмытпай келіп-кетіп жүр. Мен сені сағынамын, сол сағыныштың бұлтын анда-санда болса да бір серпілтіп, жаныма бір сәтке болса да сая бола білгейсің, – деді. Сүнжээнің айтқанының бәрі дұрыс еді. Оны Төлеш те мойындады. Кетерде Төлеш үшеуін де беттерінен сүйіп, қимай-қимай қоштасты. Сүнжээні тағы да құшағына қысып, шашынан сипады. Көзіндегі мөлдір тамшыны алақанымен сүртті.

Үш пақырдың қайғымұңын арқалаудан қабырғасы қайысқандай қаусап тұрған мына бір қараша үйге Төлеш бір апта ішінде соншалықты бауыр басып қалғандай еді, қимай-қимай аттанды.

Төлешке дүниенің мәңгі еместігін, «бір күн оңда, бір күн солада» екенін бала кезден санасына сіңген қазақтың ән-жыры-ақ түсіндірген. Алайда қоғамда да, өз өмірінде де айналасы үш-ақ жылда дәл осыншалықты жылдам өзгеріс болады деп ойламаған. Адамды қойшы, әлгі аңыз әңгімелерде айтылатындай иттен, есектен, маймылдан сұрап алған азғана ғұмыры өз-өз жөнімен өзгеріп, өкінішпен ғана аяқтамақ. Ал қоғамға, заманға таңы бар. Жалт етіп жанбай жатып, жалп етіп сөнетін найзағай ұшқыны емес, шарықтап бара жатып, қалбалақтап құлдырайтын сұр мерген көздеп атқан аққу емес. Капитализм атты арыстанмен жетпіс бойы жаралы жолбарыстай алысып дес бермей, төске өрлеген, мәңгі-бақи қарымы қайтпас деп ойлайтын Советтер одағы атты алып держабаның кәрі қасқырдай қиралаңдай бастағанына таң. Мәңгілік!!! Осы мәңгілік деген шынымен бола ма? Бірер жылдың алдында білімдар, тарихшы бір ағасының Моңғолия қазақтары жайлы бір кітабын оқығыны бар. Сондағы «…сөйтіп, Қобда беті аз қазақтың мәңгілік мекеніне айналды» деген мағынадығы ой түйіні есіне оралды. Сол жолдарды оқи отырып, күмәнданғаны бар еді. Осы философияның өзінде мәңгілік деген катогория бар ма еді дейді өз ойымен тайталасқан Төлеш. Иә, иә бар. Бірақ, “Материя мәңгілік жойылып кетпейді,бір формадан екінші формаға ауысады” демеуші ме еді!! Өйтсе, ол мәңгіліктің жөні басқа басқа болар. Өзгеріске ұшыраған мәңгілік, шынайы мәңгілік бола алмас. Соның ішінде жер дүние, қасиетті Алтай тауы да мәңгілік емес. Мүмкін, миллиондаған жылдардан соң топан судың астында қалған Алтайдың ақбас шыңдары мұқит түбіндегі құмқиыршықтарға айналатын шығар. Миллион жылға бармай-ақ қоялық. Осы теріскей Алтайды мыңдаған жылдардың алдында ғана мекендеген, анау

Сақсай өзеніне атын қалдырған сақтар қайда. Жүздеген жылдардың алдындағы осы өлкеге табанын берік тіреп тұрған Қарлық бабаларымыз қайда! Біз солардың әлгі философиялық заңдылық бойынша түртүсін, дінін, ділін тіпті тілін өзгерткен ұрпақтарымыз ба!? Онда бүгінгі қазақтардың ұрпағы мыңдаған жылдардан соң осы тауда ма, қайда, қандай атпен өмір сүріп, қандай дін ұстанып, кіммен жауласып, кіммен ауыз жаласып жүрері бір Алланың өзіне ғана аян шығар. Біз феодализмнен капитализімді аттап өтіп социализм деген қоғамға дік ете түстік. Енді аман болса, «желе жортып», аз жылда коммунизмге де жетіп барамыз дейтініміз қайда? Шынында солай сияқты емес пе еді. Өркеніміз толассыз алға жылжып келе жатқан сияқты еді ғой. Төңкерістің алғашқы жылдарында, тіпті, бірлестіктендіру қалаыптасқанға дейін халықтың күнкөрісі тым төмен болғанын Төлеш өзі көзімен көрмесе де әке-шешелері, аға-әпкелерінің аузынан талай естіген. Ішер ас, киер киімге тапшы, өлместің күнін көрген. Әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдары майданға жауынгер аттандырмаса да отар ел тұрғысында материалдық тауқыметті Совет Одағымен бірдей тартқаны, ат-тон, азық түлік жөнелтеміз деп сіңірі шыққанын тарихтан біледі. Ағалары соғыс жылдарында Өлгийде жатақханада тұрып сабақ оқығанда көжеге қатық еткен бір жапырақ құрттаған еттің өзін емес, сорпа бетіне шыққан құртын жегендерін, жазғы демалыстарында шақырымдағы ауылдарына бір түйеге төрт бала мінгесіп қайтатындарын, өзеуіреген балалардың соңғысы түйеден сыпырылып түсіп қалған да кез де болғанын жыр қып айтатын. Ішер асты қойып әжелеріміз бір қайнатым шай таппай, жайлаудан шөпшай дейтін өсімдікті теріп әкеліп, қайнатып ішкен кездерін өз көзімен көрді. Сонда әжелері қарнымыз ашты демейтін. Шіркін, бір шәугім қою шай болса, басымыздың сақинасы жазылар еді деп армандайтын ғой. Сауда агентіне айында-жылында келетін бір дана кірпіш шайды «жарты» деп екіге, «көзір» деп төртке, «дөре» деп сегізге бөліп үлестіретін.

1970 жылдардан бастап қана елдің тіршілігі біркелкі жақсарып сала бергені өзінің де көз алдында. Ең бастысы ел не ішіп, жеймін деп уайымдамайтын болған. Балалар ақ бауырсаққа тойған. Жайлауда әр бақтың* сауда агенттеріне келген ұн өтпей, тау төбе болып, брезентке ораулы тұратын. Ел етекке түскенде сол қымтаулы қалпы жұртта қала беретін. Бірен-саран жайлаудан жай көшкендер мен отарда қалғандар қажетті кезінде бір жапырақ қағазға “Мен бір қап ұн алдым. Пәленше” деп атын жазып, үюлі ұнның арасына қастырады да атқа, түйеге теңдп, алып кете беретін.

Алпысыншы жылдардың аяғында сұмын көлемінде небәрі екі-ақ адамда Чехославакияның “Ява” мотоциклі болса, жетпісінші жылдардың аяғында екі малшының бірі орыстың “ИЖ” мотоцикілін мініп, өтірік айтқан кісіге ер қанаты жүйрік аттың қадірі кете бастамап еді. Баяғыдағы 15 келі салмағы бар үш батериялы радтоқабылдағыштарын бармақтай батериялы транзисторлық қабылдағыштармен алмастырып, әр үйдің төрінен магнитафон мен күйсандық орын алған.

Ең бастысы ешкім баламды қалай оқытамын, оқып келсе, маманды жұмысы табыла ма, жоқ па немесе бала-шағамды қалай асыраймын дейтін уайым жоқ еді. Шынында да ойлап тұрса адамға басты қажеттілік осылар емес пе. Адамдардың тіршілігі негізінен біркелкі. Біреу-біреуден асамын деп тыраштанбайды. Тіпті, әр адамға Алладан берілетін пендешіліктің өзі күйкі тірлікте болмаса, қоғамдық өмірде қылаң беруін азайтқан сияқты көрінетін. Міне, осының бәрін атасында емес, ботасында көргендіктен халық коммунизімнің «жақындап қалғанына» имандай сенген. Партия мен үкмет аман болса, болашақ мұнан да жарқын болады деп ойлаған.

Сөйткен заман жалғаз жылда нілдей бұзылады деп ешкім де ойламаған еді-ау. Ел астанасында басталып, аймаққа ауысқан демократия дауылы араға айлар салып қана ауылға да жеткен. Екі адамның басы қосылса гу-гу әңгіме. Партия тақтан түсіпті, жастар бастаған демократиялық күш ел билігін қолына алыпты. Үкіметтік дәулетті, бірлестіктің малын халыққа бөліп береді екен, бақтың бастықтарнан бастап, барлық лауазым иелерін халық өздері сайлайтын көрінеді. Кім қайда өмір сүргісі келеді, өз қалауы, қытайда ма орыста ма. Тіпті моңғолдардың алды бұын социализмнің ата жауы оңтүстік Корейге кетіп жатқан көрінеді.

Бұл алып қашпа әңгіме өсек емес, нағыз шындық еді. Бұрынғы құдайдың құлағын ұстаған партиядан тағайындалған қозы қарын бастықтардан бастап, жұмсақ орындықтарға қонжиған «қошқарлар» сүзіспек түгіл ай мүйіздерін бір шайқауға шамалары келмей, тақтарынан сыпырылып жатты. Мәнсапты қойшы, ең сорақысы дүкендердің сөресі жылан жалағандай қаңырап қалды. Өндіріс орындары шошқа қораға айналды. Жұмысшылар жаппай жұмыссыз қалды. Баяғы 50-60 жылдардағы жоқшылық тағы да қылаң берді. «Коммунизмге асыққан» халықтың аз уақыт ішінде еңселері түсіп, жүндері жығылды. Бірақ, Төлеш қоғамдағы мұндай өзгеріске таңданғаны болмаса, өкіне қойған жоқ. Қайта өмірнде жаңа өзгеріс болар деп күткен.

Өйткені партия қатарынан шығарылып, қызметінен босаған соңғы жұмыссыз сандалғандықтан онсыз да көңіл күйден пәс еді. Қолайлы жұмыс *Бақ – сұмыннан кейінгі әкімшілік бірлігі, ауыл. іздеп, Қобда мен Баян-Өлгий аймағының орталығында талай есікті тоздырды. Партиядан қуылған адам кісі өлтірген қылмыскерден ары жек көрінішті. Жұмысқа қабылдамақ түгіл бір түрлі секем, сезікпен қарайтын сияқты. Тіпті сенген достарының өзі теріс айналып кеткен.

Төлештің көңілі құлазығалы қашан. Алғаш қызметінен босап, Қобдадағы Сүнжээге уәде беріп, сұмынға оралғанда-ақ Кербездің төркініне кетіп қалғанын естіген. Ешкім сен сөйтіпсің деп бетіне баспаса да өзінің туыстуғанынан бастап, барлық адам үрке қарағандай әсер қалдырған. Көп ұзамай аймақ орталығына қайтып келді де үш жыл бойы екі аймақтың арасында сандалумен күнін өткізді. Оған әзірге теріс айналмаған Сүнжээ ғана сияқты. Бір-ақ одан не пайда. Ендігі жерде Төлеш үшін «социализм» құламақтан күл болып жанып кетсе де бәрі бір еді. Осындай ой түйген Төлеш соңғы кездері демократия туын көтерген жастардың ісіннің дұрыстығын мойындағандай.

Төлештің демократияға бүйрегінің тағы бір бұрылатын тұсы өзінің бала күннен арманы болған Өр Алтайдағы ағайындармен араласатын мүмкіндік туа бастаған еді. Ит арқасы қиян, күдір жол болса да әзірге Моңғолияның батысында қытайға араласатын Тайкешкен кеден бекеті ашылғандықтан еті тірі азаматтар шекаралық сауда жасап, аш-жалаңаш қалған халыққа өлжал боларлықтай ұн-шай, киімкешек таси бастаған. Заман ыңғайына қарағанда қытайдағы туысқандармен араласу атты арманының орындалар сәтті күні жақындап қалғандай сезіліп еді. Ал бұрыннан қатынасы үзілмеген Қазақстандағы қандастармен енді еркін араласатынына күмән жоқ. Өйткені Советтер Одағы деген алпауыттың құрамындағы он бес Республиканың бірқаншасы орыстармен ат кекілін кесіскенін күделікті естіп отыр. Кезек Қазақстанға да келер, аждаһаның азуындағы Өр Алтайдан гөрі қоңыр аюдың қолтығындағы Төр Алтай жақындай түсер деген үмітте еді.

Қоғамдағы күн сайын болып жатқан өзгеріс Төлештің сезімін де селт еткізген. Өмірінде жаңа бір кезең басталатындай, үш елдің шекара шенінде бір-бірінен көз жазып, қасқырдан үріккен қойдай бөлініп қалған қандастар бір-бірімен еркін араласатын заманның басталғанына, қаласа, ата қонысқа бір жолата қоныс аударуға болатын заманның келе жатқанына соншалықты қуанған еді. Бар қазақтың бірі – менмін. Мен де кешікпей қазақ сахарасына жетемін, өзім ғана емес, Сүнжээні де ала барамын деп ойлағанда жүрегі қуаныштан алып ұшып, өзінен бұрын самғай жөнелетін.

Әсіресе, Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің Ұлан-Батыр қаласындағы қазақ зиялыларының ел көлеміндегі жұмыссыз қалған қазақтарды еңбек шартымен Қазақстанға шығару жөніндегі ұсынысын қабыл алғандығы туралы қуанышты хабар естігелі көңілі байыз таппайтын болды. Бұл жаңылықты оған алғаш он жылдықтағы сыныптасы Аман жеткізген болатын. – Сәлем, Төке, – деді кезіккен жерден ыржалақтай келіп қолын ұстанған ол, – кеше «тоғыздың хабарын» тыңдадың ба?- деді. (Күн сайын кешкі тоғыз бен он сағат арасында қазақ тілінде берілетін радио хабарды жергілікті халық уақытына байланысты осылай атап кеткен.) – Жоқ, – деді Төлеш таң қалған кейіпте, – соншалықты не айтты? – О, бәрекелді, онда сүйіншімді бер. Моңғолия үкіметі Қазақстанға жұмысшы жіберетін болыпты. Әуелі қандас қазақтарды жібемек. Оған

бастама көтергендер Ұлан-Батырдағы қазақ азаматтар, бастап жүрген Сағат деген апайымыз екен. Халыққа жұмыс тауып бере алмай басы қатып отырған үкмет рұқсат беріпті. Моңғолдардың өзі екі қолға бір күрек таппай Европаға, Кореяға қаңғып жатқанда қазақтардың Қазақстанға баруына неге қарсы болсын. Қайта құтылғанға асық шығар. Кешікпей Өлгийге комиссия келіп, барамын дегендерді тіркейтін көрінеді. – Сонда үй ішімен бе? – Әрине, барамын деушілердің өз қалауы. Әй, қуым-ай, әлгі ұранхай келіншегіңді де ала кетпексің-ау! Аман қуақы кейіппен көзін қысып, басын қылжың еткізді. Төлеш қуанғанынан: – Алақай! Аман болғыр Аман, аузыңа май, астыңа тай, қалағаныңды ал! – деп, құшақтай алғанын өзі де білмей қалған еді.

Сонан бері қиял құшағында, сезім жетегінде, жатса тұрса ойлайтыны ата жұрт болды. Сүнжээсін ертіп, Қазақстанға аттанар күнді асыға күтті. Күн сайын Өлгийдің радио хабарын үзбей тыңдайды. Ширек ғасыр бойы Партия мен үкмет саясатын ежелеп жаттатудан жалықпаған бұл радио соңғы бір жылдың жүзінде сол партияның ит терісін басына қаптап жамандап, демократиялық қоғамның артықшалығын жер-көкке сыйғызбайтын, одан қалса дін мен ұлттық құндылықтарды жағы талмай халық санасына құятын болған. Енді, міне, жаңа бір «әуен» қосылды. Ол – жергілікті қазақтардың Қазақстанға қоныс аудару мәселесі. «Қазақ халқы 300 жылдық орыстың бодандығынан құтылып, тәуелсіз ел болды. Енді кезінде тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарын ата жұртына шақырып жатыр. Бұл – анау-манау жел сөз емес, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы, ұлттық саясат. Шетелдердегі қазақтарға арнап, Назарбаевтың өзі «Ағайынға ақ тілек» атты ашық хат жолдапты. Ата жұртына ораламын, тәуелсіз қазақ елінің дамуына үлес қосамын деген қандас ағайындарға есігіміз ашық. Мемлекеттен көмек көрсетіледі.» Осы идеаны БаянӨлгий радиосы күн сайын тұрақты насихаттайтын болды. Тіпті, Назарбаевтың ашық хатының мәтіні әлденеше күн қайталады. Ашық хат мәтініндеге шет елдердегі қандастарға деген жүрекке жылы жолдар Төлештің санасында жатталып та қалғандай.

«1991 жыл қазақ елі үшін тарихта алтын әріппен жазылып қалатын жыл болды. ...Қазақ елі - ежелден еркіндікті аңсаған ел. Өз алдына дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді. Қазақстан Республикасы бұдан былай тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарына жатады.. Қазір көптеген елдер, оның ішінде Америка Құрама Штаттары, Туркия, Қытай секілді іргелес елдер, Қазақстан Республикасына мемлекеттік тәуелсіздігін танып отыр. Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтар алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні

ыстық дейді халқымыз. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын! Президенттің ашық хатынан кейін ел аузындағы әңгіме ауаны да өзгеріп сала берген. Бұрынғы демократия, жаңа заман, нарықтық қыспақ, халықтың тұрмыс-тіршілігі жайлы әңгіме енді екінші дәрежелі әңгімеге айналған. Баяғыдай Моңғолдың, Қазақстанның газет журналдары әр үйден табыла бермейтін осы кезде халыққа ақпар жеткізетін екі-ақ түрлі құрал бар еді. Оның біріншісі –халық арасындағы желдей ескен өсек, екіншісі осы «Тоғыздың хабары». ... Тағыда тосын жаңалықты «Тоғыздың хабары» таратты. «Қазақстанна жұмысшы алуға арнайы өкілдер келеді екен. Көшемін деген отбасылар осы адамдармен кездесіп, шарт жасасу керек.» деп халықты тағы да дүрліктіріп, көшкісі келетіндердің үміт отын онан әрі тұтандыра түскен. Кездесуге қатысуға Төлеш те асыққан еді.

...Ата жұрттан келген өкілдермен кездесуге жиналған жұрттың қарасы біршама еді. Қазақстандық екі өкіл өздерінің Семей облысы Абыралы ауданына келгендерін айтып, өз аудандарының орналасуы, халқының негізгі кәсібі, тұрмыс тіршілігі, отанына ораламын деушілерге берілетін көмек дегендей тәптештеп таныстырып жатыр. Барғандарға ұсынатын негізгі шаруа мал бағу екені де ашық айтылды. Қатысушылар сұрақты қарша боратты. – Қарағым, басқасын барған соң көре жатармыз. Ата жұрттағылар шақырып алып, қаңғыртып тастамас. Тек көлік мәселесін толық айтсаң. Оның «зардылын» (қаржысы дегені) кім, төлейді? – деп сұрады бір ақсақал. Бұл сауал кездесуге қатысушылардың әрқайсысының көкейінде отырған. Көлік болса, басқа нәрсе сұрамай кетуге көбі пейіл. – Шартқа қол қойсаңыздар, көліктің қаржысын Қазақстан көтереді. Үй мүліктеріңізді машинамен, адамдарды арнайы самолетпен жеткіземіз. – Мен жер жағдайын жақсы білмеймін. Дегенмен бұрын орысқа өткізген малымызды Көк іргеден Семейден келген малшылар айдап кететін. Содан ойлағанда Семей мына тұрған жер сияқты ғой, малымызды айдап кетуге болмай ма? – дейді тағы бір қарт. – Әрине, жер алыс емес. Бірақ мал асыру екі ел арасында жасалған келісім шартта көрсетілмеген. Сондықтан малдырыңызды сатып кеткендеріңіз жөн, – деді өкілдің бірі. Келесі кезекте орнынан тұрған аласа бойлы қара жігіт: – Менің аты-жөнім Қуанбай Жұмажанұлы. Моңғолия жазушылар одағының мүшесімін. «НевадаСемей» қозғалысының осы аймақтағы бөлімін басқарамын. – Қазақстандық өкілдер бір-біріне қарап, бірдемелер айтып үдірейісіп қалды. Қуанбай сөзін одан әрі жалғастырды. – Ағайындар, сіздердің қандастардың қамы үшін келгендеріңізге, қол ұшын беруге құлшынып отырғандарыңызға ризамыз. Бұл – мұндағы аз қазақтың ата-бабаларынан бері аңсаған армандары. Алайда, Моңғолияның

қазақтары шетінен сауатсыз екен деп ойламаңыздар. Әрине, мына ағайындардың көбі ауылдан келіп отыр. Сондықтан Қазақстан туралы жалпы түсінігі болғанымен, дәл Абыралы туралы біле бермейді. Сіздер не беттеріңізбен біздге Семей ядролық полигонының іргесінен орын ұсынып отырсыздар!? Енді шетелдегі қандастарыңызды қырғалы отырсыздар ма? – тапал қара тым ширақ, ашына сөйледі. – Кешіріңіз, полигон жабылып қалды ғой, қазір ешбір қауіп жоқ. Бұрын осы жерден көшкен ауылдардар қайта қоныстана бастады. Орталығы Қайнар қайта ашылды. – Жоқ, олай демеңіз, – қара жігіт папкісінен екі бет қағаз шығарып, жоғары көтерді. – Мынау Олжас Сүлейменовтың біздің бөлімшеге жолдаған ресми хаты, ал мынау медицина ғылымының докторы Сайын Балмұқановтың өткен айда Дегелең өңірінің радиация деңгейін өлшеген ақпарат қортындысы. Бұл жердің радиациядан тазаруына кемінде жарты ғасыр керек, – деген қортынды жасалған. Сондықтан қандастарды бұл өңірге апаруға қарсымын. Енді артына бұрылып, екі қолын көтеріп отырғандарға жар салды. – Ағайындар! Менің тілімді алсаңыздар Абыралыға бармаңыздар! Жиналған халық ду ете қалды. Қуанбай менің пікірімді қолдап жатыр екен деп ойлаған. Бірақ олай болмай шықты. – Жоқ, біз барамыз! – Қазақстанның топырағына жетсек болды. – Жолымызға бөгет болмаңдар! Айғай-шу ортасына бір қария орнынан көтерілді де, тура мінберге беттеді. – Қарақтарым-ау, не айтып тұрсыңдар, мұндай күннің туарын жеті атамыз армандап кетті емес пе! У ішсең руыңмен деген, ағайын шақырып жатса неге бармасқа!? Көпшілік тағы да шу ете қалды. – Қария дұрыс айтады. – Кісі жерінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген аталы сөз қайда? – Рас айтады. – Дұрыс, біз өзіміз білеміз! – Жолымызға бөгет болмаңдар! – Ата жұртқа жетсек болды. Тапал қара орнынан атып тұрды: – Білгендеріңді істеңдер! Қаңғырған қазақтар,

мен сендерді қандастарымыздан алыстатайын деп отырған жоқпын. Тек дұрыс жерге барсын деп отырмын. Қолын бір сілтеді де есікке беттеді. Төлеш аңырып қалды. Бұл жолы жазылмасам, қапы қалмаймын ба?! Басқа жерлерден де жұмысшы ілестірушілер келетін шығар. Әліптің артын бағу керек пе?! Кездесуден көңілі екі ұдай қайтты.

Өлгий әуе жайынан көтерілген «АН-24» ұшағы Алтайдың ақбас шыңдарының үстімен қалықтап келеді. Әйнекке телмірген Төлештің көз алдында бірінебірі иық тірескен қарлы таулар көлбеп емес тіп-тік көкке шаншылып, күн нұрымын күмістей жалтыраған бойда артқа сирылып қалып барады.Ұшақ солтүстік батысқа ойысқан сайын мұзарт шыңдар алыстай түсіп, кеудесі түкті апайтөс батырлардай қара орманға малшынған тау сілемдері көлеңдеді. Табан астындағы сай-саланы Алла әуелі ұланқайыр доңғал етіп жаратып, сосын зұлпықар қалышпен әдейі тілкім-тілкім етіп боршалап тастағандай. Жақпар таулар арасындағы тау өзендерінің сілемі шумағын тарқатып лақтыра салған өрмелі қайыс арқандай ирелеңдеп етекке құлап жатыр. Бірақ, сонау биіктен тастан-тасқа соғылған арыны, езуіндегі ақ көбігі көзге шалынбайды. Сай-саладан құлаған құлан жон өзендердің кесекөлделеңдеп жолын тосқан Шүй дариясының өзі зеңгір көктен тым момақан көрінеді. Алдынан жамырай жүгірген балаларын бауырына басқан мейірімді анадай маңғаз көсіліп жатыр. Анда-санда бір ышқынып барып, тау өзенінің гүріліндей бір сарынға көшетін ұшақ үнінен өзге барлық тірлік тым-тырыс мүлгіп тұрған сияқты.

Ұшақ шамасынша ентелеп алға жылжығанымен оның жылдамдығы Төлештің қиялынан әлдеқайда шабан сияқты. Терезеден үңіле түседі. Алды жеткізер емес, өн бойын қалың орман тұтқан қарабарқын қыраттар мен қойнау-қолаттар біріне соң бірі ұшақ табанына арқасын тосады. Шіркін, бұданда гөрі биік ұшса ғой. Мынау төрт емшегін төрт мемлекетттегі қазақтар мен басқа да ондаған ұлттар таласа еміп жатқан біртұтас Алтайды бүтін қалпында көрер ме еді! Оған мынау шегіртке ұшақтың қауқары қайдан жетсін! Болмағанда анау Мұзтаудың дәл төбесімен өтсе ғой! Онда Өр Алтайды, Ертістің сай-саласын, өзіне әжесі айтатын Буыршынды, Жеті Қабаны, Қаранор мен Үш Төгісті, Шеміршек пен Құйғанды, Қыранды бәрінбәрін көрер еді.

Қандай сұлу табиғат, төбелері найза ұшындай біздиіп, бірімен-бірі қара таласқан қарлы шыңдар, ұшы-қиырсыз жон-жота, өзен-су!

Ұшақтағы қырық шақты жолаушының көбінің жанары ботаның көзіндей ғана дөңгелек терезелерде. Екі жақ орындықтағы үшеу төртеуінің басы сыйып бермей, сүзісе телміріседі. Бәрінің де қиялы қасиетті Алтайдың құз шағылдары мен қара ормандарын кезіп жүргені белгілі. Ойлары да ортақ; арғы-бергі тарихты білетіндерінің көңіл түкпірінде сонау бағзы заманнан бергі қазақтың басынан өткен қиын-қыстау шақтар; Шыңғысхан шапқыншылығы, Жоңғардан көрген зомбылығы, қаңғып келген қара шекпенділер, аша тұяқ қалмаған ашаршылық. Ал тарихтан хабарсыздардың жүрек түкпірінде осы таудың күңгейінен басталатын қазақ деген ұлттың Ұлы Отаны – Қазақстан деген мемлекеттің жатқаны. Сол қара орман Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізіп, алыстағы ағайындарды шақырып жатқаны. Дегенмен бес саусақ тең емес қой, қалғып-шұлғып келе жатқан бәз

біреулерге Төлештің таңы бар. Неге бір селт етпейді екен пәтшағарлардың сезімі!

Осылайша санасы сан саққа жүгіріп, қазақ деген халықтың өткенкеткенін оймен тінтіп, қиял құшағында келе жатқан Төлештің жанарына Ертіс өзенінің қос сағасы мен айырықтары бойында жамырап жатқан Өскемен қаласы оттай басылды. Алла жазса қазақ даласына алғаш рет табаны тимек. Өкініштісі өзі аңсап келе жатқан, бабаларының басы жатқан осы өлкеге жетуін жетті-ау, бірақ, ұшақтан дәл осы қалаға, Төр Алайдың етегіне түсіп қалуға ұрықсат жоқ. Тәуелсіздігін кеше ғана алған жас мемлекет Өскемен қаласына кеден бекетін жасақтап үлгірмеген. Шетелден келе жатқан жолаушының баратын жері шекараның іргесі болса да тағы да мың шақырым жол жүріп, Алматы әуежайыдағы кедендік тексеруден өту керек. Төлеш сонан соң ғана автобусқа отырып, тағы бір тәулік жол жүріп, алдыңғы күні өзі түсіп аттанған Өскеменге жетпек.

...Ана жолы Абыралыға бармаңдар деген Қуанбайдың ақылын ата жұртқа аңсары ауғандардың ешкімі тыңдамаған. Қырық отбасы көшіп баруға уағдаласып, шарт жасақан. Төлеш те бармайын деген жоқ, сыйыспай қалған. Бұл жолы Төлеш енді өз бетімен жаңа қоныс іздеп келе жатыр еді.

Алтайдың арғы бетінен Алатауға дейінгі, қайтып Алатаудан төр Алтайға дейінгі үші мың шақырым ұзақ сапарды басынан өткізген ол ақыры Өскеменге жетті. Жол алыстығынан біраз шаршаса да ата жұрттан қоныс іздеп келе жатқан аз топ көңілді еді. Өйткені кең байтақ қазақ сақарасының біраз жерін шарлап, тамаша табиғатына көздерін сусындатты. Қазақстан десе шетелдегі қандастардың ойына алдымен оралып, көз алдарына бірден елестейтін қасиетті Алатауды, оның бауырындағы күллі қазақ ұлтының жүрегі іспетті әсем Алматыны көрді. Бұл жат жұртта өскен әр қазақтың арманы еді ғой.

Төлештер төрт адам еді. Бірі – марқұм ағасына құдай қоспаса да қимас жеңешесі ретінде жүрегінің бір түкпірінен орын алған Жиденің інісі Асқар, қалған екеуі – сапар мақсаты бір арнаға тоғыстырған, ата жұртқа ауылдарын көшіруге құлшынған азаматтар. Асқарды жолға шығарған Жиде еді. Күйеуімен дәм-тұзы жараспай ақыры айырылысып тынған Жиде аз күн бұрын Төлешке тағы да мұңын шаққан. Көз жасын төге отырып «Тағдыр мені жазықсыз жазалады. Жолдасымның көзсіз қызғаншақтығынан жалықтым. Жалығып қана қойған жоқпын, жапа шектім. Жоғары білімім бола тұрып, өзімді қорғауға қауқарсызбын. Ақыры айырылысып тындым. Бір жақсысы етекке оралғы болар, ержеткен соң еріксіз әкесін іздеп, көңілі налаға толар балам жоқ. Ал мен үшін басымның бостандығы олжа деген шешімге келдім. Енді мұнда досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүргенше Қазақстанға қоныс аударғаным жөн. Мамандық жұмыс табылар. Ағайын туыстардың барлығы да көшуге ынталы. Асқар сенімен ере барып, жер шалып қайтсын. Саған ұнаған жер маған да, туыстарыма да ұнар» деген болатын.

Төлеш болса тек Сүнжээмен қосылып бақытын ата жұрттан табу мақсатымен емес, қолы бос, әрі оқыған сауатты азамат ретінде өз ауылының аманатын арқалап келген. Өзінің соңғы кезде жолы болмағанын, оның үстіне қоғам өзгеріп, «заманақыр болғанда әркім жақынын табады» дегендей ұлтына, рухына тартып жатқанда өзі де Қазақстанға қоныс аударғысы келетінін айтып, әкесімен ақылдасқан. Әкесі «Қарағым, тағы бір қырланған заман келе жатыр. Моңғолдар да ұлы ел, мұндағылар да аштан өліп көштен қалмас. Дегенмен қазақтың «есің барда еліңді тап» деген мақалы да тегін айтылмаған болар. Ағайындар ішінде Қазақстанға көшкісі келіп отырғаны көп, тек кәрілер біздің аузымызға қарап отыр. Көшем деген туыс-туғандар бір жерде болатындай мекен қарастырып қайт. Бірақ, ауылдың жасы үлкендері осы бір 150 жыл мекендеген қонысымызды тастап, кәрі қойдың жасындай жасымыз қалғанда қайда бармақпыз. Өлсек сүйегіміз Бәлекең мен Бітекең бабамыз аманат еткен Жалғызағаш пен Ақұнтыда қалар. Ал болашақ – жастар сендердікі. Қазақстан елдік танытып, қандастарын шақырып жатса, беттеріңнен жарылқасын! Көшуге қамданыңдар» деген болатын.

...Төлеш бастаған топты Өскемен қаласындағы облыстық көші-қон департаментінің азаматтары жылы қабылдап, қаланың іргесіндегі Ұлан ауданына жолдама берді.

Облыстық көші-қон департементіндегілер алдын-ала хабарлап қойғандықтан аудандағы осы іске жауапты қызметкер Тайжан Қасымов оларды алдарынан күтіп тұр екен. – Ата жұрттарыңызға қош келдіңізде, құрметті ағайындар! – деп, құшақ жая қарсы алды. Алыстағы қандастардың қалдерін сұрап, аман-саулық біліскен соң әрқайсысының аты-жөндерін қағазға белгілеп алды, қай ауылға орналасқылары келетіндерін сұрап, аса бір ыждағаттылық танытып жатыр. Тайжан дене бітімі толық, дембелше келген орта жастағы азамат екен. Өскеменде болған екі күнде танысқан бірлі-жарым қазақ азаматтарының шүлдірлеген, тұтыққан тілдеріне қарап, таң қалған Төлеш ең әуелі мына азаматтың қазақшаға жеттік екеніне қуанды. Әрі жөн білетіндігі, сыпайылығы да байқалып тұр. – Біз барлығымыз да Қазақстанға бірінші рет аяқ басып отырмыз. Сондықтан қай ауылдың қандай ерекшелігі барынан бейхабармыз. Барлығымыз да керейлерміз. Атабабаларымыз Жоңғар күйре күйреп, иен қалған байырғы қара мекендері Өр Алтайға қайта қоныстанғанға дейін осы шығыстаЗайсан, Тарбағатай, Алтай өңірінде, Ертістің бойында мекен еткенін ғана білеміз. Сондықтан сол ата қоныстың бір пұшпағынан орын тисе болды. Ары қарай дәл қай жер қолайлы дегенді сіздер білесіздер, біз өздеріңізге сеніп келіп отырмыз, – деді, Төлеш. – Әрине, білеміз, керейлер бізде де бар. Әсіресе Аягөздің Шұбартауында, Тарбағатайда көп тұрады. Ата-бабаларыңыз Керей Жәнібек батырдың зираты

Жарма ауданының орталығына жақын Ортабұлақ деген жерде, зиарат етеміз десеңіздер апарып қайтуға да болады, – деді Тайжан. – Біздің Моңғолиядағы мекеніміз Алтай тауының теріскей беті, сай-саланың бәрі өзен су, мал жайлымына аса қолайлы өлке. Ауылдағы қарттарымыз да таулы, өзен суы мол, малға қолайлы жер таңдаңдар, – деген еді, – деді жолдастарының бірі. – Орыстар аз жер болса жақсы болар еді, – деді тағы бірі. Тайжан күліп алды. – Сіздер баратын ауылдарда көріп берейін десеңіз де орыс жоқ. Жалпы аудан көлемінде басқа ұлттар тым аз, – деді. – Өздеріңіз шет жағасын көрдіңіздер, біздің аудан тау мен өзеннен кенде емес. Біз сіздердің ауылдарыңыызды Скалск, Бозанбай, Ленинка, Тарғын ауылына қоныстандырсақ деп отырмыз. Ол жерлердің табиғатын сырттай мақтамай-ақ қояйын, өз көздеріңзбен көресіздер. Ұнатсаңыздар қайта келіп шартқа отырасыздар, – деді, Тайжан.

Сол күні олар Тайжанға еріп, аталған ауылдарды көріп қайтты. Тарған, Ленинка, Скалск, Бозанбай аулдары орналасқан тау жоталары мен өзен жағалауы Төлештің өзі туып өскен Жалғазағашты жалпы Дэлүүн өлкесін елестетеді. – Мына өзен қалай аталды? – деп сұрады Төлеш жолдағы жағасы үзік-үзік тал терекпен көмкерілген жіңішке өзенге жеткенде. – Бұл «Ұранқай» өзені деп аталды. Ұранқай деген жоңғарлардың бір табы екен. «Ақтабан шұбырынды» заманында осы өлкедегі қазақтарды қуып шығып, ұранқайлар тартып алған ғой. Төлештің көңілін бір сезім ұшқыны шарпып өтті. – О, Бәрекелді, – дей берді қапелімде аузына басқа сөз түспей. – Сол ұранхайларыңыздың біразы Моңғолияда бізбен көшілес тұрады, – деді Асқар. Жолдастары да қостап жатыр. Тайжан таңқалғандай болды. – Бәсе, Төкеңнің «бәрекелді» деуі тегін емес екен ғой. Сонда қалай, сіздер моңғолдардың ішінде ұранқайлармен бірге тұрасыздар ма? Төлеш әңгімені әріден қозғады. – Біздің ата –бабаларымыз Өр Алтайдан теріскей Алтайға 1860-жылдардың ортасында асып барған. Оған дейін теріскей Алтайды ұранқайлар макендеп тұрыпты. – Міне, қызық! Біз жоңғарларды қырып салдық деп жүрсек, олар қашып Алтайдың арғы бетіне өтіп кеткен екен ғой, – деді Тайжан әзілге басып. Бәрі қарқылдасып, күлісіп алды. – Солай, – деді Төлеш. – Соңында теріскей Алтайдан оларды сіздердің ата-бабаларыңыз қуып шыққан екен ғой. – Жоқ, қуып шыққан жоқпыз. Күні бүгін ауыл аралас, қой қоралас отырмыз, – деді, Төлештің серіктерінің бірі. – Бірақ, қазір ұранқайлардан қазақтар көппіз, – деп қостады екіншісі.

– Ауыл аралас, қой қоралас болса, қазақ атам айтқандай төскейде малдарыңыз, төсекте бастарыңыз да қосылған шығар? – Солай деуге болады. Бір кезде көп болған. Бірақ, неге екені белгісіз, соңғы кезде ұранқайдан келіншек алатындар азайып кетті. – Дегенмен осы төртеулеріңіздің біреулеріңіздің әйеліңіз ұранқай шығар, – деді Тайжан әзілдеп. Төлештің беті ду ете қалды. Бірақ, оны Сүнжээ жайлы әпкесінен естіген Асқар ғана аңғарды. – Ол да болуы мүмкін. Көшіп келген соң көресіздер. Бірақ, келіндеріңіз қазақша сайрағанда өзіңізді жаңылдырады. Бұлар не айтып кетті дегендей қастарындағы екі жігіт аң-таң Төлеш пен Асқарға қарады. ...Төлешке де, бірге жүрген серіктеріне де Тарғын ауылы қатты ұнады. Басында қарлы шыңдары жоқ демесеңіз Теріскей Алтайдан айнымайды. Қолтықтасқан қоңыр таулардың қойнулары – нағыз жасыл жайлау. Алтайдың теріскейіндегі өз ауылдарындай сол жайлау төрінде алты қанат ақ ордаларын қаз-қатар тігіп, мыңғыртып мал өргізіп, желілеп бие байлап отырған сән-салтанатты ауылдар ғана жоқ. Жігіттердің көзіне бірден-екіден отырған шопандардың жаз отардағы киіз үйлері сырттай қарағанда қазақтың малшы ауылдары деп айту қиын, көзге қораш, тым жұпыны көрінді. Отырықшылыққа дағдыланған ауыл орталығындағылардың шетінен мал ұстағанымен жаздың өзінде киіз үй тікпейтіндеріне таңданысты. «Шіркін біздегідей мына жұрттың бәрі жазда анау тау етегіндегі көк шалғын жағалауларға кигіз үй тігіп, бие байласа, қандай салтанатты болар еді» деп ойлады Төлеш. Ал ауылдың орталығы орналасқан өлкенің табиғат көркемдігінде мін жоқ. Батысындағы шатқалдан аңғарға құлап, ауыл іргесінен ағып жатқан суы мөп-мөлдір арынды өзен осы өлкеде тіршілік нәрінің үзілмейтінін аңғартқандай.

Барған төрт жігіттің әр қайсысының артында көшіп келетін 30-40 отбасы тұрғандықтан Төлеш ауылын Скалскге, Асқар Бозанбайға әкелмек болып, шарт жасасып қайтты. Азаматтар ауылдарының болашақ мекен етіп, ұрпақ өсірер адамға да, малға да жайлы Қалба тауының сай-саласы, ондағы байырғы халықтың аңқылдаған ақ көңілдері, ауыл тұрғындарының қазақшаға жаттықтығы көңілге қуаныш ұялатты.

Алайда Төлештің көңілінде болмашы түйткіл де жоқ емес еді. Ауыл әкімдерінен бастап, кезіккен ағайындардың көпшілігінің жөн сұраса келгенде «сонда сіздердің аталарыңыз Қытайға, Моңғолияға аштық, нәубет жылдары қашып кеткен бе?» деп сұрауы жүрегіне тікендей қадалған. Ашып айтпаса да ойларынан «сендер кеше ел басына күн туғанда шетелге қашып кетіп, енді қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткенде не беттерімен ұялмай келіп тұрсыңдар» деген жақтырмаған емеруін танығандай сезілген. Түбінде осындайлар бізден келгендерді «қашқынсыңдар, сатқынсыңдар» деп шеттетіп жүрмес пе екен. Құдай-ау, бұларғаға не болған. Тарихтан осынша мақұрым қалған ба? Өр Алтай мен теріскей Алтайдың ежелден қазақтың жері екенін, жоңғарлар жер жастанған соң керейлер мен наймандардың бір

жартысы ата қоныстарына қайта мекендегенін, тек озбыр екі держабаның бұдан бір ғасырдың алдында ғана біртұтас қазақтың арасын тікенек тормен бөліп тастағанын қалайша білмейді екен? Болмағанда бұлар Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» кітабын оқымаған ба!» деп қайран қалған.

Әрине, Өр Алтай мен Қобда бетінде аштық пен нәубеттен қашып барғандар да жоқ емес екенін Төлеш жақсы біледі. Бірақ, олардың да жазығы қанша? Олар сол кезде, үрім бұтағымен аштан қырылып қалуы керек пе еді я болмаса өздерін күтіп тұрған ату жазасы мен «ит жеккенге» айдалуға тұяқ серіппей көнулері керек пе еді. Жат жерде болса да ұрпақтарын сақтап қалды емес пе! Сол үшін қалай жазғырмақ деген ой келген. Ой үстінде келе жатқан Төлештен Тайжан: – Қалай, ел, жер ұнады ма? – деп сұрады. Төлеш көңіліндегі кірбіңді айтуға бір оқталды да, бүгіп қалды. Тайжанның ағайынға деген кіршіксіз көңіліне дық түсіргісі кемеді. – Тәкең аға, бәрі де жақсы. Қазақтың жері, қазақтың елі қазаққа ұнамағанда ше.

Өздерін қарсы алған Тайжан сияқты азаматтардың шеттегі ағайындарға деген кіршіксіз көңілдері, әсіресе Елбасының саясатын халықтың көпшілігі шын ниеттерімен қолдайтындықтары, келетін ағайындарды құшақ жая қарсы алуға дайын отырғаны Төлештің көңіл түкпірінен қылаң берген бөтен ойды жуып-шайып кете берген.

Жаз шыға аулаларына ақшаңқан киіз үйлерін тіккенде Өлгий қалашығы қазақы салт-сананы қайта жаңғыртқандай көңіліңе жайлы әсер қалдырады. Қалашықтың биылғы жазғы тірлігі тіптен ерекше қыза түскен. Соңғы бір ай бойында шағын қалашықтың тас жол төселмеген көшелерін шаңға бөктіріп, арлы берлі шұбаған Қазақстанның тіркемелі «КамАз» машиналарында есеп жоқ. Бір аптадан бері көк аспанды қалашық айналасындағы жақпар таулармен қоса қақырата жаңғыртқан «Ан-24» ұшақтарының үні сілкіндіріп тұр. Бұған қоса көше бойындағы сабылысқан жұртта есеп жоқ. Баян-Өлгий аймағындағы жүз мың халықтың тең жартысы осында жүрген сияқты. Әр үйдегі, тіпті, көшедегі кезіккен екі адамның әңгіме арқауы – біреу ғана; ата жұрт Қазақстанға көшу мәселесі. Ағайынның бірі көшіп бара жатса, екіншісі сәт сапар тілеп, шығарып салып жүр. Әр шаңырықта той тілеу, аруаққа мал айту, ақсарбас. – Көш байсалды болсын! – Өзіңнің де көшің көлікті болсын! – Қай облысқа баратын болдың? –Көлік келді ме? Сапарларың сәтті болсын! – Қашан қозғалғалы жатырсыңдар? – Малдарыңды сатып біттің бе? Үй өтті ме? Осылай жаттанды сұрақтар жалғаса береді.

Кешкісін әр шаңырақта көшкен ағайынға сәт сапар тілеген дастарқан басында ақ тілектер айтылып, Өлгий аспанын ән тербетеді. Ән қанатында ата жұртқа асыққан шалқыған қуаныш та, артта қалып бара жатқан туып өскен ел жерге деген қимастық сезім бәр-бәрі үйлесім тауып, тыңдаған жанды сансыз ойларға жетелейді. «...Барады аулым көшіп ата жұртқа», «...айта бар дұғай сәлем ағайынға», «...келгенше жыл айланып кім бар кім жоқ», «...беріп кет беторамал жыламасқа», «...кімге тастап барасың БаянӨлгий аймағын» тағысын тағы көңіл тебірентер өлең жолдары.

Иә, қазақ қай заманда да көші-қоннан кенде болмаған. Соның ішінде қыстаудан жайлауға көшу немесе жайлаудан ел етекке түсу емес, мыңдаған шақырымды артқа тастап, тайпа елдің үдере көшуі жаугершілік заманда ғана болған ғой. Ондай көш қашан да «елім-айлаған» зар-мұң мен тербетілетін. Ал мұндай үдере көшудің бейбіт те, көңілді, халықтың рия сезіміне толы болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, көрмек түгіл естімеген болар! Осындай ұлы дүрмек ішінде көңілі қаяу жалғыз адам Төлеш сияқты. Сүнжээсімен бірге ата жұртқа жетуге асыққаны, жүрегінің алып ұшқаны кеше ғана еді ғой. Енді бүгін сол көңіл су сепкендей басылған. Қандай тәтті арман еді. Көрген түстей ғана болып, елес берді де, құрдымға сіңіп кете барды. Ол көшуге бел буғанына өкініп жүрген жоқ. Өйткені Алтайдың арғы бетін әжесінің әңгімесіне еліте отырып, бала күннен аңсады ғой. Сол арманға жеткізген жаратушыға разы. Алайда оның жүрегін тілгілеген тек тағдырдың наласы еді.

Төлеш Қазақстаннан келе сала алақайлап, Қобда қаласындағы Сүнжээге барған. Сүйген сұлуы илтипатпен қарсы алғанымен қабағы түсіңкі, көңілі жадау көрінді. Бұрынғыдай жайраңдай алмады. – Құдай қаласа, бір айдан соң Қазақстанға көшетін болдық. Біздің баратын жер сенің де ата-бабаңның мекені болған жер. – Сонда қалай? – Сонда солай. Ұранқай өзенінің жағасы. Сүнжээ аң-таң. – Қазақстанда не қылған ұранқайдың ата мекені? Не қылған Ұранхай өзені? Сүнжээ қайдан білсін, Төлеш оған тәптештеп түсіндірген. – Ол үшін сен екеміз некелесуіміз керек. Неке куәлігін және шетелге шығытын паспорт алуымыз керек. Неке куәлігін жігіттермен жалғасып жаздырып та қойдым. Төлеш кеуде қалтасынан су жаңа жазылған неке куәлігі мен қалам шығарып келді. – Менің сұрағымды біздің некемізді куәландырушы мемлекеттік инспектордың сөзі деп ұқ, – деді,Төлеш жымиып: – Намчинқызы Сүнжээ, сіз Қабиұлы Төлешке жар болуға келісесіз бе? Сүнже сәл жымиды. Бағанадан бергі барқын реңінде болмашы ғана нұр ойнай қалды. Кәдімгі кинодағыдай Төлешті үздіктіре түскісі келгендей ойға батып, аз-кем іркіліп қалды.

– Иә, келісемін! – Онда мына жерге қолыңызды қойыңыз. Сүнжээ неке куәлігінің моңғол тілінде «Әйелдің қолы» деген сөзден кейінгі көп нүктенің үстіне маржандай етіп тізілтіп атын жазды. Төлеш Сүнжээнің ернінен сүйіп алды. – Екеуіміздің үйленуіміздің сәті бірбірімізге ғашық болған кезден 25 жыл өткен соң әзер түссе де тым оңай болды ғой. Тойымызды қалай жасаймыз. Төлеш күлді. – Дэлүүнге бармаймыз, уақыт жоқ. Үйлену тойын Өлгийде менің туыстарым мен достарымның арасында өткіземіз. Сосын...

Ұсыныстың бәрін де Сүнжээ бұрынғы келісім бойынша жылы қабылдаған. «Жарадың, Төлешжаным, Дэлүүнге, ата анаңа барып тезірек орал. Менің де Қазақстанға тезірек кеткім келеді. Неге екенін білмеймін бір нәрсеге алаңдаймын, асығамын. Мынау неке куәлігін түсімде көріп тұрғандаймын» деп, бетіне-бетін төсеп назданған. Бірақ қуана алмағаны көңіл күйінен аңғарылып тұрды. Неге екенін Сүнжээ өзі де нақты білмейді. Әйтеуір өзегінде өкініш, көңілі қобалжу бар. Жүрегі сыздағандай, төмен тартқандай, еңсесін батпан қара тас басып тұрғандай жайраңдауға құлықсыз, қанша тырысса да серпіле алмаған. Бүгін ғана емес, Төлеш Қазақстанға барамын деп, келіп кеткеннен бері солай еді. Асқа да тәбеті соқпайды. Сүнжээнің көңілінде бір мұң барын байқаған Төлеш: – Сүнжээ, жаным, сен апаң мен Батырды уайымдап отырмысың? Қазақстанға барған соң апамыз бен Батырға хабарласып тұрамыз. «Анаңнан сені тапқан айналайын» дейді біздің қазақ. Қандай тауып атқан сөз! Сүнжээмді тапқан анамнан мен де айналып өтемін. Батыр болса – менің бауыр етім. Сүнжээ, сен шамданба. Оның қаны – қазақтыкі. Оның да да Қазақстанның азаматы болатын күні алыс емес. Біз ыңғайланғанша тұра тұрсын. Шекара ашық, бұрынғыдай қиыншылық жоқ, келеміз деген кезде ұшақпен келе саламыз, – деп сүйіктісін құшағына қысқан. Бірақ Сүнжээден неге көңілсіз екенін қанша сұраса да, «өзім де білмеймін» дегеннен өзге жауап ала алмады.

Енді ойлап отырса Сүнжэге Төлеш армандаған бақытқа жетпейтіндерін жаратушы Алла ма, әйтеуір бір тылсым күш сездірген, көңіліне алғау салған екен ғой.

Өлгийге келген соң Дэлүүндегі ауылына, әке-шешесіне барып, ақ баталарын алып қайтқан. Басқа туыстарына Сүнжээ туралы тіс жарған жоқ. Артынан естісін деп ойлаған. Ақұнтыдағы Бітімші атасының, Жалғызағаштағы Тілеуді бабасының басына барып құран бағыштатқан. «Сіздер аманат еткен құтты қоныс Көксеркені, Жалғызағашты тастап барамын. Кешіресіздер! Заман өзгерді, біз сіздердің ата-бабаларыңыз орыстан өктемдік көріп, тентіреп кетуге мәжүбір болғанда, күндіз ойынан, түнде түсінен шықпаған қазақ жеріне, атажұртқа кетіп барамыз. Қазақ тәуелсіз ел болды. Сіздер жетпеген арманға біз жеттік. Қазақ елінің шаңырағын көтерісуге, уығын шаншысуға үлесімізді қосамыз. Бізді аруақтарыңыз қолдасын!» деп, ішкі ойын күбірлей сөйлеп, аруақтармен

бөліскен. Өлгийге қайтар жолда Жыраты бөктерінде кебіні жоқ, көрі жоқ сусыма құм астында қалған үш апасының басындағы өткен жылы ғана қойылған белгі тастың түбіне келіп, өзі білетін «Хухуалласын» үш қайырды. «Қош болыңдар қайран аналар»! деді күбірлеп.

Сол түнгі Төлештің көрген түсі де қызық. Төлеш Сүнжээні ертіп, «Алдияр, тақсыр!» деп Абылай ханның ордасына кірген екенмін дейді. «Мен Абақ керей ішінде қарақас Арқалық батырдың ұрпағы едім. Алтайдың арғы бетінен келдім. Мынау келініңіз – Арқалықтың досы Қоңқа батырдың ұрпағы. Қазақ жеке ел болды деп естіп, үлесімізді қосайық деп келдік. Батаңызды беріңіз» деп екеуі де басын иіп тұр. «Ата-бабаңның жолын қуып қалмақтан сұқсыр әкелген екенсің ғой. Жалғыз ұлы Шарышты өлтірген маған Галдансерен кешірім жасаған, сол үшін мен де Әмірсананы қолтығыма паналатқанмын. Киіз туырлықты екі халық бір-біріне қас дұшпан болуға тиіс емес. Күлтегін бабамыздың тасқа қашаған өсиетінен ғибрат алмай, түбіміз бір бола тұрып жауласқандықтан өзгелердің табанына түстік. Ол заман қайталанбасын! Бақытты болыңдар!» деп Хан қолын жайып, бата бере бастағанда Сүнжээ ұштыкүйді жоқ болып кетті. Төлеш Сүнжээні іздеп, таба алмай тауларды жаңғырықтыра айқайды, құзға өрмелеп бара жатып қайтадан етекке құлайды, әлгі құз бірде сусыған құм шағылға айналып кетеді де қолына еш нәрсн ілінбей төменге сырғиды. Сөйтіп, қаңғырығы түтеп, қиналып жатып, оянып кеткен.

Төлеш Дэлүүннен Өлгийге асығып жеткені күні Қобдадағы достарының бірінен кеше келген «Сүнжээ қатты ауырып жатыр. Тез кел!» деген телеграмманы алды. Құрақ ұшып ертеңінде Қобдаға жетті. Бірақ сүйіктісін ақырғы рет көруге Алла жазбапты. Көкірегі қарсы айырылып, көз жасы көл болып, Өлгийге оралды. Сүнжээден қалған дүние зиратынан алған біруыс топырық пен өмірден өтер алдында жазған бір жапырақ хаты ғана.

«Жаным Төлеш, мен саған жар болып, бақытты ғұмыр кешуді өмір бойы армандап едім. Тәңірім жазбапты. Ана жолы сен келгенде қатты ауырып жүргенмін. Жарық дүниемен қоштасар күннің таяп қалғанын сезгендей едім. Бірақ, сен уайыдамасын деп айтпадым. Кешір, жаным. Мен өмірде сені ғана сүйіп өттім. Әлде аз күндік су ішерім болса сенімен бірге Қазақстанға кетуге әзір едім. Қабірім сен көріп отырар жерде болса арманым жоқ еді. Сұм жалған оған жеткізбеді. Бір есептен сені әуреге салмай, осы да дұрыс болған шығар.Тағдырға болмаса саған ешбір өкпем жоқ. Саған деген махаббатымды қара жердің қойнына ала кетемін. Батырды өзіңе тапсырдым. Қазақстанға көшемін деген жолыңнан қалма. Өмірің алда, үйлен. Мен саған өзің аяныш сезімімен қарап, үнемі айтып жүретін Жиде серік болады деп ойлаймын. Бірақ мені ұмытпа, екеуіміздің бақытымыз о дүниеде шығар. Бетіңнен сүйдім. Қош! Өзіңнің Сүнжээң.» Төлеш ауыр күрсінді. Хатқа көзінің бір тамшы жасы тамды.

Төлештің және Жиденің ағайын-туыстары мінген ұшақ Өлгийлен түс әлетінде әуеге көтерілді. Ана жолғыдан да биік ұшқан сияқты. Алтай тауының ақбас шыңдары қолын бұлғап қалып жатыр. Қош бол туған жер, туған ел. Төлеш бұл сөзді күбірлеп қана айтты. Туған жерін қимай кетіп барады. Тек туған жердің қасиетті топырағын ғана емес, кешегі атабабаларының аруағы, өз ұлтын айтпағанда басқа ұлттан тапқан талай-талай қимас достары, сыйлас адамдары қалып барады. Толқынды толқын қуғандай ойды ой жетелейді.

Ұлттық отанында туған перзент үшін туған жер, туған ел, Отан дегендер біртұтас ұғым. Жүректің бір ғана түкпірінде. Ал басқа елде туған біз сияқты міскіндер екі шалғайдағы ұлттық Отаның, Атажұртың мен туған ел, туған жеріңді бір жүрекке сыйғыза алмай әлек. Сыймайды емес-ау, әлемді ақ пен қара екі-ақ түске бөліп, екеуін бір-біріне қарсы қоятын сыңар жақ түсініктегілер сыйғызбайды. Кіндігінің жас қаны тамған, жас дәурені өткен туған жерін ешкім де ұмытпақ емес.Туған жерін сүйген адам сол өлкеде өмір сүріп жатқан, өзіңе ұлтыңа зәбірі тимеген, байырғы халықты қалай жек көрмек. Жүрек түкпіріндегі осы асыл махаббатыңды ашық айтсаң, әлдекімдерге жек көрінішті болатының бар. Олар сен екі жүзді мүнафих деп ұғады.Тіпті Отанын сатқан сатқын дейтіндер де табылады. Жүрекке туған жер мен Атажұрт – ұлттық Отанды қатар сыйғызбайтын да – осылар. Әйтпегенде құйтақандай жүрекке бүкіл әлем – жер ана, онда өмір сүріп жатқан күллі сыяр еді. Мен үшін Моңғол елі, моңғол жері тіптен қымбат. Онда менің бабаларым Тілеудінің, Бітімшінің онан кейінгі бес атамның басы жатыр, менің сүйікті Сүнжээм жатыр. Тағы да іштей қайталады. Қош бол туған жер –Моңғолия, Баян-Өлгий, қош бол Жалғызағаш, Ақұнты, қош бол көгілдір Көксерке!!! Мен сендерді сағынып өмір сүретін боламын.

Аңсап келемін, құшағыңды аш, Ата жұртым, Ұлттық отаным, ҚАЗАҚСТАН! Мен өмір бойы АТАЖҰРТЫМДЫ, ҰЛТЫМДЫ сағынып өмір сүргенмін. Төлеш қол сөмкесін ашты. Өзінің және Сүнжээнің Моңғолия үкметі берген шетел асу паспорты, неке куәлігі, Сүнжээ Батыр үшеуінің бірге түскен суреті, сүйген жарының жалғыз жапырақ соңғы хаты. Сөңкесінің екінші бұрышында ата-бабасы Бәлекеңнің және сүікті Сүнжээссінің қабірнен алған кішкентай екі ақ дорбадағы бір-бір уыс топырақ.Туған жерде қалған барлық қимас дүниені сағынғанда мауқын басар асыл қазынасы осылар еді. Бодаухан Тоқанұлы Меркіттің мұңлық келіні Немесе Шыңғыс ханның анасының көз жасы (Повесть)

«Құлазиды кең жайлау ел көшкенде». Дәл солай, әдетте жайлау жаймашуақ жаз маусымы соңғы ширегіне ауысып,

алтын күн бұрынғысындай зеңгір көктің шырқау биігіне көтеріле алмай топшысы сынған сыңар қанат аққудай қалбалақтап, аспанның бел ортасымен жамбастай жылжитын қоңыр күзде құлазымақ. Күздің алғашқы айының өзінде желек бүркенген жас келіндей шырайлы да шұрайлы Түңкілік жайлауы биыл жаз ортасында-ақ ажарынан айырылып, мезгілсіз құлазыды. Құлазымасқа не шара, жылда кең алқапқа иінтіресе қонып, жаз бойы жоқ нәрседен сылтау тауып, той тойлап, тіпті алау атқан әлендік сәулесі астында «шім» арақтың қызуымен ән салып, түні бойы сауық-сайран салатын, көк майсаны көн тулақ болғанша текпілеп, «дөңес жер тегістелгенше, дымды жер керіштенгенше» билейтін бүкіл тайчууд ауылдары биыл жаз ортасында жылғыз күнде жаудан қашқандай үдере көшіп кетткен. Мыңғырған мал, бар байлықтан қалғаны – сол күні ауа жайлып, айдауға түспей қалған сегіз жирен мен Бэлгүтэйдің шолақ құйрық сұрысы ғана. Жайлау төрінде айналасы үшақ үй қалған. Кешегі ауыл ағасы, әулет батыры Есүкейдің екі әйелінің бірінен-бірі өткен өзінше сәулетті екі боз үйінің де бұрынғы ажары жоқ. Еңсесі түсіп кеткендей, құлазып тұр. Қораның екінші шетіне үркесоқтау тігілген сіңірі шыққан кедей Чирха шалдың қара лашығы ауыл сыртындағы манақай сынды тіптен ұсқынсыз, жұлым-жұлым құрым жамылғылы қараша үйдің қаусап тұрған уық керегесі түртіп қалсаң құлап кетердей. Жылдағыдай жайлау төрінде отар-отар ақтылы қой бырт-бырт күйсемейді, үйір-үйір алалы жылқы шұрқырай кісінемейді, табын-табын тарғыл сиыр азан-қазан мөңіремейді. Бұрынғы маңғаз манар таулар сүлкіні түсіп мүлгіпт тұрғандай. Тау арасындағы кең көсілген маңлық дала да меңірейіп жатыр. Тайчудтар дәстүр бойынша жыл сайын көктемде Бұрхан Халдун қайырғанның кіші биіктерінің біріндегі «Ұлылар мекені» атты өздерінің ата-бабаларының мүрдесі жатқан қасиетті мекенге келіп, тасаттық жасайтын. Бар пәле,тайчудтардың Есүкей баһадүр қаза болған сол жылғы тасаттыққа Өэлүннің шақырылмай қалып, кешігіп келуінен басталған еді.

Руына беделі асқан Есүкей баһадүр өмірден өткен соң артында ізін басар естияр баласы жоқтығын пайдаланып тайчудтарға ықпалын арттырғысы келетін пысықай ағайындары Өэлүннің тасаттықтан сыбаға қалтырмағаны үшін абысындарына айтқан орынды өкпесін теріске шығарып, сыныққа сылтау болдырған еді. – Шақырту күтіп шалқаятындай, сыбағаңды сақтатып қоятындай сен немене, Есүхейдің айттырып алған ақ некелі алғыншық қатыны ма едің. Тисе дәм татасың, тимесе аш қатасың! Амбығай хан өлсе де, өктемсіп үйренген Орбай бәйбіше осылай леп орғып сөйледі. – Ондай сыяпат көремін десең меркітіңмен кетпес пе едің, – деп қағытты Сохатай ханым.

Сол күннің етеңінде-ақ Таргудай-Хирилтуг, Тодой-Гиртэ бастаған тайчудттар Есүкей әулетін жұртқа тастап, Онон өзені сағасына қарай көшіп кете барған. ...Ағайындары жұртқа тастап кеткелі адал жардан бір, туғантуысқаннан екі айырылып, айдалада құлазып қалған Өэлүн мен Сочигэлдің көз жастары құрғаған жоқ. Әйтсе де екеулері де еңселерін түсірмей шиеттей-шиеттей алты ұл мен тұлымшағы желбіреген жалғыз қызТэмүлэнді асырап сақтап, тым құрығанда шикі өкпелердің ересеге Тэмүжин мен Бэктэрді ат жалын тартып мінгізу үшін түнде ұйқы, күндіз ұйқы көрмей тіршіліктің отын тұтатуға белдерін бекем буған еді.

Үйде үнсіз отырудан жалыққанда үлкен орданы ес тұтып, анда-санда кіріп шығатын Сочигэл ғана өкінішке толы әңгіме шертеді. – «Абысын тату болса, ас көп» деген қандай тауып айтқан сөз. Орбай мен Сохатайдың іштарлығы, ауылдың берекесін ойламаған ақылсыздығы болмаса, біз осылай қаңғырығымыз түтеп, жұртта қалар ма едік! Амбағай аға тірі болса, бұлай болмас еді ғой. – Е,е, ауылдан бас кеткен соң несін айтасың! Анау Таргудай мен Тодойдың ақылының жеткен жері осы болса, төменетектерден не қайыр. «Басқа түссе, баспақшыл».Тірі адам тіршілігін етеді, балалардың өзі жан бағу үшін тырбанып жүр. Аң аулауға шамалары келмесе де өзен судан қармақпен бірлі-жарым шабақ аулап, садақпен торғай атып, екеуіміздің таудан теріп әкелген жемісімізге қорымал болдырып жүр ғой. Бұрхан

теңгірдің бұл бергеніне де шүкіршілік етейік, осылар ер жетсе, ешкімнен кем-қор болмаспыз, – деп Өэлүн басу айтқан болады.

Әйткенмен Өэлүн ананың көңілі күпті еді. Әкелері бір болса да екі шешенің ұлдарының бір-біріне жыныстарын қоса бермейтіні, жиі жанжалдасатыны алаңдататын. Береке құрар ағайын анау, енді мына жүгірмектер бесіктен белдері шықпай жатып алакөздессе, жазған жесірлердің күні не болмақ! Жоқ нәрсе үшін жанжалдасып қырылысып жатады. Кеше ғана Тэмүжин мен Хасар «аулаған жалғыз балығымызды Бэлгүтэй мен Бэгтэр тартып алды» деп жылап келді. Мұндай келіспеушілік соңғы кезде жиі қайталанып жүр. «Алун ананың бес баласындай» сендерде тату болыңдар деп, білген ақылын талай айтқанымен ұлдарының ұғатын түрі жоқ. Әсіресе Тэмүжиннің мінезінен қорқады. Өжеттігін көріп үміт оты жанса да болмашы нәрсе үшін көзінен от шашып, өрекпіп кететін өлермендін, өркөкіректігін көргенде өзегі запыран татитын.

...Ана баласын айнымай таныған екен. Қасірет үстіне қасірет жамады. Алдыңғы кеште « атып түсірген торғайымды тағы да Бэгтэр мен Бэлгүтэй тартып алды деп ашудан терісіне сыймай келген Тэмүжинді қанша жұбатса да тоңтеріс қалпы киімін де шешпестен от басындағы тулақ үстіне құлай кеткен. Түн ортасында ұйқысырады ма, әлде ояу жатып, өзөзіне сөйледі ме, анасысы айыра алған жоқ. Ұйықтағанда ауық-ауық тісін қайрап жататын әдетімен тісін жүйкеге тиерліктей шақыр-шұқыр еткізді де аунап түсіп «Жоқ, жоқ, аямаймын»дегенін анық естіген. Сол күні түс ауа балық аулаймыз деп үйден шыққан Хасар мен Тэмүжиннің сегіз жиренді көздеуге кеткен Бэгтэрдің баспалап ізіне түскенін үйдегі екі ана да сезбеген еді.

Екі ұлыТэмүжин мен Хасар есіктен кіріп келген бетте-ақ ана жүргегі бір сұмдықтың болғанын сезе қойды. Жүзідері өрт өшінгендей екен. Тэмүжин анасының алдына шарт жүгініп отыра кетті. – Екеуін де жайраттың ба, тумай туа шөккір. Өэлүн бетін жырта ойбайға басты. Қаралы хабарды алдында сүлкіні түсіп отырған қарабет ұлы өзі жеткізді. – Бэлгүтэй тірі... – Қарғыс атқыр-ай! Қарғыс атқыр!!! Жатырымнан шыққанда, жын шеңгелдеп туып ең. Қанамнан шыққанда қан шеңгелдеп туып ең! Қарға

жүнді қаттасыңның қанын ішуге көрінген екен ғой. Жанына жан жуытпас, жолағанды жазым етер сұм болдың. Жақыныңды жалмаған жалмауыз болдың! Жабағы, тайын үйірден қуған, жемір айғыр болдың! Бота-тайлағын шайнаған, бозбас бура болдың! Қабырғадан қабатын қара ит болдың! Боранды күні қора торыған қорқау қасқыр болдың. Аузынан от шашқан аждаһа болдың. Көзің қиып, дәтің жетіп, туған ініңді оққа қалай байладың! Бэгтэрді ғана емес, Өэлүнді де өлтірдің. Тайчууд ағайындар жұртқа тастап кетіп, жар басындағы жарты лашықта қаңғып қалған түріміз мынау! Көлеңкеміздіден өзге пана болар жамшымыз жоқ, көсеуден өзге сес көрсетер қамшымыз жоқ, маңымызда жанашыр дос, қара тартар қос қалмаған мұңлықпыз. Соны неге ойламадың! Сен болсаң осындай сергелдең шақта бір әкеден туған қандасыңның басын жұттың, қан қақсаттың бәрімізді. Сочигэлдің бетін қалай көреміз! Не дейін енді саған!!! Өэлүн өксігін баса алмай, есінен танып құлады. Чилэдүден бір, Есүкейден екі, ел-жұртынан үш айырылған мұңлдық Өэлүн енді күндесі, күндесі деуге аузы бармайтын абысынындай тату Сочигэлдің алдында жүз қара күй кешті.

Бесіктен белі шықпаған он жасар Тэмүжин қан жалмасып, шу жалғаспаса да тамырларында бір әкенің қаны ойнаған жеті ағайынндының бірі Бэгтэрдің басын жұтты. Қайран ана Өэлүн Сочигэлден кем назалаған жоқ. Қайғыдан қан жұтты, өзегін өрт шалды. Мені меркіттен айырған тәңірідің кезекті «сыйы» осы болса, Чилэдүден тірі айырылмай өлі айырылсам нетті деп шашын жайып, зар еңіреді. ...Сөйткен ана Тэмүжиндіді өлтірмек болып келген Тарғутай бастаған Тайчудтардан қорқып, орманға тығылған сәтте, аяы кісендеулі жау қолында кеткен ұлын інісін өлтіргені үшін жер-жебіріне жетіп, қарғыс жаудырғанына өкінген де еді.

Күні бойы Онон өзені бойындағы қалың жыныс ішінен мойыл теріп қатты шаршап қайтқан Өэлүн басым жастыққа тие ұйықтап кетермін деп ойлаған. Әйтсе де мынау жадау тірлік, тағдырдың жазымышы ойын он саққа жүгіртіп, өткен-кеткенді есіне салып, ұйқысын үй ішіндегі қараңғы түкпірлерге қуалап әкетті. Ояу жатса да дәл түс сияқты сырлы суреттер бірде алыста күңгірт қана қол бұлғап, бірде көзіне оттай басылып, кезегімен өтіп жатты. Осындай ұйқысы қашқан түндердегі итіс-тартыс, қым-қуыт ойдың жез бұйдасының екі ұшында арыстай екі азаматтың бейнесі тұрады. Олар – сүйген жігіті, айттырған жары меркіт Чилэдү мен бес баласының әкесі, жаным деп бауырына тартқан жайсаң ер тайчуд Есүкей. Бүгін де солай. Алдымен Чилэдү келді көз алдына. Қайран Чилэдү, бақытымыз жанбады-ау! Оқтың қиюындай Есүкей кезікпегенде сенен де бес құрсақ көтерер ме едім! Қайран Есүкей! Маған сонша неге қызықтың екенсің! Сені де жазғыра алмаймын. Әйтсе де басқаның жарына көз сүзген өзімшілдігіңді тәңір қош көрмеді ме екен. Мені тағдыр тәлкегіне тастап кеттің-ау! Болмаса Тэмүжиніңнің ер жеткенін көріп, өзің айттырған сүйікті келінің Бөртөнің қолынан бір шыны шай ішпедің-ау! Күллі қоңырат ішіндегі беделіне, сөзге шешендігіне, ақылға кенендігіне, аруақ қонған көріпкелдігіне тәнті болып, пір тұтып қайтқан Дей құдаңмен екінші рет дидарласып, айызыңды қандырып әңгімелесе алмадың-ау!.

Аламан бәйгеде сулық тістескен қос жүйріктей санасында тайталасқан екі арыс төңірегіндегі сағыныштың салмағы алғашқы махаббаты Чилэлүге келгенде басым түсті.

... Өэлүн сол күні жат жұртқа келін болып, киелі шаңырақтың табалдырығын аттап, сүйген жігіті Чилэдүдің құшағында жұбайлық өмірдің гәусарына қанбақ еді ғой. Онон өзені бойындағы ойдым-ойлым орман алаңқайларымен екеуден екеу жортып келе жатты. Дәл осы сәт бір бүйірдегі белегірден өздеріне қарай шауып келе жатқан садақ асынған салт атты жақындай берді. Ат үстінде бір қырындай мығым отырған күдір денелі қапсағай жігіт қастарына келгенде екі жақ та тізгіндерін тежеді. Қысқа қайырылған аман-сәлемнен соң жөн сұрасты. – Ә, меркіт екенсің ғой. Мен қарғыс атқыр, қанпезер татарлардың бірі екен деп ойлап едім. Бейтаныс жігіт албарынды мінез танытқандай.

–Өзің қай жақтансың. –Біздің ауылдар алыс емес. Түңкілік бойындағы тайчудтарданмын. Ол осындай әңгіме барысында бейтаныс жігіт Өэлүнге әлсін-әлсін сұқтана көз тастаумен болды. «Қалыңдығың сұлу екен» болды соңғы сөзі. Сөйтті де қолындағы сабы жарты құлаш дойыр қамшыны атының санына сарт еткізіп, шаба жөнелді. Неге екені белгісіз Өэлүннің жүрегін үрей биледі. – Тезірек жүр, – деді, күймеге отырған соң Чилэдүге. Қос ғашық құйғыта жөнелді. Неге екенін өзі де білмейді, артына қайта-қайта қарап, үрей құшағында ғы Өүлүн көп ұзамайақ арттарына шаң жосылтып келе жатқан үш салт аттыны көрді. Зәресі ұшып кетті. – Чилэдү, тоқтат күймені, – деп бажылдады. Жігіт қосаятап келе жатқан атының тізгінін тежеп, әзер тоқтатып, аттан секіріп түсуі сол еді, күймеден жүгіре түскен Өэлүн Чилэдүдің мойнына асыла кетті. Үстіне камзолын жалаң етіне желең киіп алған, қос етек бүрмелі көйлегін қолының қарына іле салған. – Жаным, мен білсем, мына үшеуінің түрі жаман, сені тірі қоймас. Басым аман болсын десең, мені тастап, жан сауғала. Жігіт те абыржулы. Десе де жары алдында абыржуын сездіргісі келмеді. – Өэлүнім-ау, Өлеңім-ау! Сені қалай тастап қашпақпын. Жігіттік намысым қайда?! Меркіттің жігіттрі олай ете алмайды. Сен үшін жан пида, пиғылдары теріс болса, айқасып өлейін. – Жоқ, Чилэдү, Олай етпе. Оларлың қаруы бар. Садақ асынған. Ал сен болсаң құр қолсың. Көзсіз батырлық кімге керек! Мен сенің өлгеніңді қаламаймын. Тірі жүрсең саған қалыңдық табылар. Біздің олхонда күйме сайын қыз бар, «қаңқы» сайын қатын бар. Менен де сұлуына жолығарсың. Мені сағынсаң мынау жұпар иісім сіңген көйлегімді иіскеп жүр. «қаңқы» – қасақ арбаның бір түрі

Келесі қалыңдығыңды «Өэлүнім» деп еркелеткейсің. Қыз көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді. –Мен сені екі дүниеде ұмытпаймын. Меркіттің келіні болып қаламын. Қош, бол, жаным. Жігіттітің мойнына орай құшақтап, бетінен сүйіп, үздігіп барады. Чилэдүдің қолы қыздың аш беліне оралды. Ақ

тамағынан құшарлана сүйе берді. Бойы балқып барады. Осылай тұра бергісі келді. Оған уақыт жоқ. Артына қарап еді, жаңа өздері із жасыра бұрылған төбе жақтан шаң бората үш салт атты шауып келе жатыр екен. – Кет дедім ғой Чилэдү, кет, қаш! Маған қарама! Өэлүн жігітті тықыршып тұрған арғымағына қарай итермеледі. Сарт етіп атқа қонған Чилэдү қамшылар жақ үзеңгідегі аяғын босатты да ер қапталына еңкейіп, қалыңдығының бетінен сүйді де тізгінін босатты. Құйғыта жөнелген қарасұрдың үстіндегі Чилэдү артына бұрылып қарап: – Мен қайтып келемін. Сені алып қайтамын. Қош! –деп айқайлады. Шашы самалға желбіреп, орамалын бұлғап, ағыл-тегіл жылап тұрған Өэлүн бір қарағанда әлгі үш салт атты, қызда ісі жоқтай, садақтары сартылдап, Чилэдүдің соңынан тасырлата қуып бара жатты. Айдалада жарғыз қалып барады. Қыз жылап тұрып, қос бұрымын тарқатты. Қолаң шашын жайып жіберді де, сонау алыста орман алаңқайынан мұнарланып көрінген көз ұшындағы қырқаға жанарын қадаған бойда еңірей берді. Самал желдің лебімен еркелей ойнаған шашы, арудың аппақ тамағын қытықтады. Уататын пенде жоқ, ұзақ жылады. Өэлүннің қайғысына киелі қайырған* Кентау ғана ортақтасты. Сыңсыған самырсынды орманның жел тербеген жапырақтары сыбдыр-сыбдыр үн қатты. Онон өзені маңдайдағы қасірет ізіндей майда толқындарымен бедерленіп, ыңырана ағып жатты.

...Үш салт атты сүйх* арбаның түбінде бүрісіп, жылап отырған қызға бір ет асым уақыттан соң ғана орлды. Аттары қара тер. Жүздерінде бар шаруаны бітіргендей шаттық ізі бар. Манағы қапсағай жігіт күймені өз атына жегіп жатыр. Жігіттердің кішісі ғана анадайда үнсіз тұр.

Қайырған– түрік текті халықтардың көне түсінігіндегі жын, пері, тылсым күш иесі. Сүйх– күймелі арба

– Кеттік Есүкей.

Күймені жегіп болған Есүкей қызды қолтығынан көтеріп тұрғызды. – Кеттік, бикеш. – Мені өлтіріп кетіңдер. Үш жігіттің үлкені Нэгүн тайж қызды жұбата бастады. – Өз көзіңмен көрдің жігітіңді үш өзеннен өткізіп қудық, үш кезеңге жеткізіп қудық. Көз жасыңды көл қылғанмен ол жігітті енді қайтып көрмейсің. Іздесең ізін таппайсың, айғайлап дауысың жетпейді. Енді менің інім мына жігітке жар боласың. Аты – Есүкей. Ал ана жігіттің аты – Даридай. Кеже ініміз. Сенің қайының. Мынау Бурхан Халдун өлкесін ен жайлаған Тайчуд елінің иесі, ханы – біздің ағамыз Хотала. Әкеміз Бартан батыр ерлігімен елге танылған. Ешкімнен кем-қор болмайсың. – Жоқ, мен Меркіт деген елдің айттырған келіні, Чилэдү деген жігіттің некелі жарымын. Біздің олхон, қоңырат елінің салты бойынша күйеуім бір жыл бойы қайынжұртының қолында, менің жанымда болды. Ініңіз мені қалай жар етпек!? Бойдақ жігітке, бірудің ақ төсекте басы қосылған алғыншық жарынан өзге басы бос қыз табылмай қалып па! Өзіміз хан тұқымымыз дейсіңдер, намыстарың қайда? –Өэлүн ашуға беріліп айғай салды. Сөзге екі ағасына орынды уәз айтқан қыздың естілігін, батылдығын еріксіз мойындап, үнсіз тұрған Даридай араласты. – Есүкей аға, Сочигэл жеңгемдіді ренжітіп алмаймыз ба? Нэгүн айтарға болмаса қысылып қалды. Даридай бүлдірді деп ойлады. Некелі жары барын айтпу керек еді. Бірақ ол ойынан тез айныды. Жапан түздегі панасыз қыз қарсылық істеп, қайда бармақ. Шындығына көшкен де дұрыс сияқты. Бәрі бір барған соң көреді. Мынандай сұлу бикештен босқа айырылмау керек. Көп болса жүкті шығар. Аданхан ұранхайдың екі қабат әйелін тартып алған Бұдыншар бабамыз не жамандық көріпті. Жатсынған Жадран атамыздың ұрпақтары да бізге сүйеу болып жүр. Ал мына қыздың белі үзіліп кетердей бұралып тұр. Тал бойында бір мін жоқ, тұмса тұлғасы пәктіктің белгісі. – Кеттік, Есүкей. Қалыңдығыңды күймеге отырғыз.

Есүкей Өэлүнді күштеп, күймеге отырғызды. Ойламаған жерден олжалы болған үш жігіт Түңкілік бұлағына қарай тартты. Өэлүн қаңқы арбаның қиюы қашып қажыған дөңгелетерінің қиқылдақ үніне қосылып, зарлы үнмен еңіреп келеді.

Түні бойы әрнәрсні ойлаумен көз ілмеген Өэлүн бүгін ерте тұрды. Көңілі албұртып тоқтай алмай жүр. Тұрмыс қажытқан қамкөңіл ананың сынық жүзінде қуаныштың табы бар. Түс ауа Тэмүжиндер де кеп қалар деген үміт алып ұшып, бір орында отырғызар емес. Кешегі бал ашып, тиісті орындарға бірден, екіден, үштен жайғасқан үш қатардағы құмалықтардың әрқайсысын сұқ саусағымен нұсқай отырып, қолмен қойғандай сөйлеген көріпкел Тұрғыдайдың сөзі көңіліне медеу. «Балаң келіншегін алып келе жатыр екен. Бастары жастықта жоқ. Демек жолда келе жатыр» – деген алғашқы қатардағы үш бөліктің соңындағы үш құмалақты нұсқап. «Қараңыз, – деген, сөзін онан сайын бастырмалата, – алдыңғы қатардың ортасындағы жалғыз құмалақты шұқып, – жолы ашық деп тұр. Екі бүйрі тоқ. Өзі... ілесіп көп адам келе жатқан сияқты әлде көп көлікке жасау артқан ба? «Әйткенмен көңілдері сәл-пәл күпті, бір нәрсеге қатты алаңдайтын сияқты, кінәрат бар. Бірақ бұл жолы емес» деген үш қатар тоғыз бөліктің дәл ортасындағы жұп құмалақты көрсетіп. Сосын соңғы қатарды нұсқай отырып, «жолаушылар біздің босағаға оралып тұр. Мұндай құмалақты құмалақшылар «Шығып қара» деп атайды. Ол – ауылға таяп қалды деген сөз». Ары қарай ортасындағы үш құмалаққа саусағын тигізіп, «құйысқаны берік, бұл – балаларыңыздың бақытты боларының нышаны» деген.

Жүрегі алып ұшқан ана Түңкілік бұлағынан арғы үлкен белегірге түске дейін екі рет шығып қайтты. Маңдайын алақанымен көлегейлеп, сонау алысқа көз талдыра қарайды. «Жаратушы беттерінен жарылқап, жолдарын ашық қылса екен.Тұлабойым тұңғышымның тәңір кездестірген, марқұм әкесі ұнатқан қалыңдығна менің жуа біткен жолымды бермесе екен» деп тілейді. Ана «менің жуа біткен жолымды» деп бекер айтқан жоқ. Иә, ол бір – жүректен жуса да кетпейтін, күннің-күнінде жер қойнына бірге алып кіретін мәңгілік өкініш. Болмағанда сүйген жігіті, айттырып

алған азаматы Чилэдүмен бір жыл отасып, артында ұрпақ қалса көп арманның бір белесіне шыққан болар еді ғой! ...Өэлүн алғашқы құрсағы Тэмүжин дүниеге келгенше Чилэдүден күдерін үзген емес. Артымнан бір ізеп келіп қалар деп үміттенген. Үйге отыра алмай әрнәрсені сылтауыратып, қырға шығатын. Бүлдірген теріп, кейде орман ішінен отындық қу берек жинап, арқалап келетін. Сочигэлдің «Сен ел бастаған салауалы үлкен әулеттің келінісің. Отын-суға жүгірме, ана жалшылар не істейді»? деген ескертуі де есінен шығып кетеді. Жүрегін сыздатқан сағыныш, үзілмеген үміт еріксіз алып ұшып, қырға сүйрейтін. Сонау алыс жолдарға қарайды. Қырға қашан шықса да маң дала міз бақпай меңірейіп жатқаны. Көңіліне медеу тұтар, «анау Чилэдү емес пе екен» деп үміттендірер салт атты жолаушының да, тіпті әлдебір қараңқұраңның да бараны көрінбеген кезде еңіреп тұрып жылап алатын. Әбден түңілген сәттеріндң «сол жолы Есүкейлер артынан қуып кеткенде өлтіріп тастап,менен жасырған шығар» деп ойлайтын. Бірақ ойлауын ойласа да көңіл құрғыр өлді деуге қимайды. Келіп қалар деп үмітін үкілейді.

Ақыры алыс қырларға шығып, елеңдей күткен Чилэдүдің хабарын әр күнін екі-үш бұзау торпағының артында өткізіп, арқасынан шарбағы қолынан «сабыры»* түспей, қырат-қырқаларды кезіп тезек теріп, мал көзеп жүретін Чирханың кемпірі Барғужин жеткізген еді.

Аузын ашса әуелі «Е, көк теңгір, е,е, Бұрхын Халдун қайырқан, өзің сақта» деп бастайтын ақ көңіл, жоқ нәрседен зәредей қорқатын секемшіл кейуана құпия сырын Өэлүнге Чирха үйде жоқта әлде кімдер естіп қоймасын деп, сыбырлай сөйлеп, үзіп-үзіп әрең жеткізген. «Маған кеше тезек теріп жүргенімде үш салт аты келіп жолықты. Меркіттің жігіттері екен. Мені ұстап алып, өлтіреміз деп қорқытты. Сені сұрады. Сосын былай деді. Әлгі сені айттырған жігіт .... атын есіме сақтай алмай қалдым, сол жолы жаралы кетіп, еліне барған соң өліпті. Садақтың оғы өкпесіне қадалған. Қайтыс боларында «Сені қайтарып аламын» деп жігіттік уәде беріп едім. Сертіме жете алмадым. Менің өлгенімді Өэлүнге жеткізіңдер, оның мені іздеп келмеді, айтқанында тұрмады деп, маған ренжіп жүргені анық. Енді күдерін үзсін. Мына менің иісім сіңген беторамалды Өэлүнге апарып беріңдер. Мені сағынғанда осы орамалды иіскеп, мауқын бассын, сағынышын сейілсін деген еді» деп, жігіттердің бірі қойнынан шаршылап бүктелген орамал шығарып берді. Олардың айтуынша Чилэдү; меркіт екендерің шын болса, менің кегімді қайтарыңдар. Бірақ Өэлүн енді меркітке келіп бақытты бола алмайды,

оның орнына өз істегендерін өздеріне істеп,тайчудтың жас жігіттерінің бірінің жаңа түскен қалыңдығын менің інім Чилэгэрге тартып әперіңдер деген көрінеді. «Біз кегімізді асықпай қайтарамыз. Бұл жолы тек марқұмның аманатын орындап, Өэлүнге естіркелі келдік» депті. Осы аманатты сен Өэлүнге жеткіз. Егер бұл сөздерді басқа біреуге тісіңнен шығарсаң, қайта айналып келіп, тірідей соямыз» деді, қарғам, Өэлүн, басқаларға айта көрме» деп көзінің жасы көл болып еңіреген.

Сұмдық хабарды естіген сәтте басына ауыр соққы тигендей, пәңгіріп, құлап бара жатқан Өэлүннің басын Барғужин сүйеп, бет-аузын талқандаудан аман алып қалған. Есін жиған соң, өксігін әрең басып, екі көзі бұлаудай, сүйретіле келіп, төсегіне бүк түсіп жатып қалған жас келіннің бұл халіне ауылдағылар онша мән берген жоқ. Аяғының ауыр екенін білетін әйелдер жағы талғақтыққа жорыған. Мұнан соңғы көп күндерін Өэлүн сыздаған жүрегіне иен даладан сая іздеп, қырға шығып, жалғыз өзі жылап-сықтаумен, сыңсумен өткізген.Камзолының қалтасындағы мұқият бүктелген Чилэдүдің иісі сіңген орамалды шығарып, көз жасын сүртетін. Чилэдүді ойлаған сайын іші-бауыры елжіреп, аузына жылымшы қан келгендей болатын. Кейін Тэмүжин дүниеге келгенде уысындағы қанды көріп, сол кезде қайғыдан жатырыма да қан толған екен ғой деп ойлағаны бар. Қыр басына шығып, ұлы мен келінінің келер жолын қарауылдап тұрған Өэлүннің ойына құмалақшының «әйткенмен көңілдері сәл-пәл күпті, бір нәрсеге қатты алаңдайтын сияқты» деген сөзі түсті. Олар емес, өзі алаңдады. «Жаратқан Тәңір-ау, Барғужин кемпір әлгі меркіт жігіттері не деді деп еді! Менің екі құлынымның алдын тосқан жоқпа екен. Тәңір бетін әрі қылсын! Өэлүннің жүрегі дүрсілдер кетті. «Ап! Ап!» Өз жүрегін өз алақанымен аптады. ... Ой құшағындағы ана тағы да жанарын алысқа қадады. Әне, келе жатыр. Бурхан Халдунның ауылдың шығысындағы аласа жоталарының бірінің сүйірлен таусылар тұсындағы кейкеттен бір қара көрінді. Шамасы салт атты. Неге жалғаз! Ана жүрегі тағы лоблықты. Көп уақыт өтпей-ақ, келе жатқан Бэлгүтэй екенін астындағы ақ жиеннен таныды. Таяған сайын Шарбақ, сабыр*– тезек теруге арналған арқаға таңып алатын тоқыма шілік кебеже мен тезекті жерден іліп алатын қалақша

атына қамшы үстіне қамшы басып, ызғытып келеді.

– Сүйінші, апа, сүйінші! Келініңіз келе жатыр! – О, тәңірім, тілгімді берген екен! Сүйіншің тай болсын, тайлақ болсын! – Ат болсын, атан болсын, – демедіңзғой, апа. – Мейілі. Барым сенікі. Бэлгүтэй аттан секіріп түсіп, анасына жүгірді. Өэлүн де баласының құшақтап, бетінен сүйіп жатыр. Бір жеңін бос салып, жартылай киген қаусырма шапанының алқам-салқам кең қойнына тыға салған жұқа күләпарасын шығарыап келіп, тершіген маңдайын сүртті. – Таяп қалды ма? Ыстықта арба жүрісімен шаршаған шығарсыңдар. Келіннің жағдайы қалай? Құдалар жағынан кімдер бар? Өэлүн сұрақты бастырмалатып жатыр. – Құдалар жағы Бөртені салтанатпен шығарыа салды. Жасауын үш арбаға артты. Қоңыраттардың қыз ұзату салты қызық екен, Бөртені ақ бураға жеккен қазақ арбаның күймесіне мінгізіп, бұйдасын салт атты Тэмүжиннің қолына ұстаты. Дей құдаңыз ыстықтан шаршаған соң Керулен өзеніне жеткенде Ұрық шөл деген жерден қайтып кетті. Сіздерге сәлем айтты. Сотан құдағи мен Бөртенің сіңлісі Сеңгуір бұлаққа дейін еріп келді. Одан бері бір түстік қана жер ғой, ауылға барып қайтыңыздар деп едік, жүрмеді. «Тойға бірақ келеміз» деп қайтып кетті. Қоңыраттардың салттары солай екен. – Қоңыраттардың дейсің, біздің де дәсүр солай емес пе, Амбағай аталарың қызын татарларға ұзатқанда еріп барамын деп, қанішер құдаларының қолынан қаза тапқанда, бүкіл тайчудқа «қызын ұзатқанда құдалар жағына еріп барған соңғы тайчуд мен болайын. Бұдан былай бұл салт қайталанбасын» деп өсиет қалдырған. Қоңыраттар да солай істейді екен ғой.

Өэлүн көзінің жасын сүртіп, есін енді жиғандай. – Айтпақшы балалардың қасында енді кім бар? Келін ыңғайсызданып қалған жоқ па? – деп сұрады. –Ә, ұмытып барады екенмін, қайтқан жолда әлгі біздің сегіз жиренді барымташыларда құтқарған Наху байдың баласы, ағамның досы Борчиді ертіп алдық. Сол бірге келе жатыр. ... Сол күн мұңлық ана Өэлүннің тайчуд табалдырығын аттағаннан бергі он алты жылдағы алғашқы көл-көсір қуанышы еді. Келінінің бетіне сүйе тұпып, көз жасын төкті. Іші сарымайдай еріп барады. Екі бетінен кезек сүйіп, бауырына басты да құшағынан босатып, ажарына көз

тоқтатып еді, өзінің жас күніндегі нұрлы жамалын көрді. Жазық маңдайын жанай өтіп, қос бұрымға ұласқан сүмбіл шашы арқасына құлапты. Екі бетінің нұрымен сәулеленген қыр мұрыны айрықша жарасымды екен. Үш жаңасындағы айға ұқсаған қиғаш қасының астынан жәудірей қалған қара көзінен мейірім шуғы құйылып тұр. Олхон мен қоңырат іргелері ажырамаған ағайындар екенін айғақтағандай келінінің өзіне ұқсайтынын аңғарғанда көңілін мақтаныш сезімі билегендей болды. Мейірімі онан сайын төгілді. «Сүйікті сіңлім, аяулы келінім боласың» деп ойлады іштей.

Қос жанарынан құлаған жас моншақтары көңіліндегі мұң пердесін ыдыратып, көр көкірегіндегі шер шеменді еріткендей еді. «Тәңір тіл көзден сақтасын» деді күбілеп.

... Төбесі көкке шаншылған шың құздары болмаса да сонау ұшар басына дейін жасыл орман бүркенген көркіне көз тойғызысыз сұлу Кентаудың орқаш биіктері сібірлеген таң рауанында қарауыта көлбеп, мүлгіп тұр. Дәл осы орманды жоталардан құлай ағып, әуелі оңтүстікке бет түзейтін ақкөбік атқан Керулен өзені тау бөктеріндегі Бүрий эрэг жайлауы тұсына келгенде аптығын басып, сыңсыған орманға үн қосқандай ыңырана гүрілдейді. Бүри эрэг жайлауындағы Есүкей батырдың төрт-бес үйлі жұпыны ауылы әлі ұйқыдан ояна қоймаған. Ұйқыдан оянатын жөні де жоқ еді. Орталарында кеше ғана қонаққа келген досы Борчи бар үркердей ауылдың кәрі жасы түгелдей думан көрігін түн ортасына дейін қыздырған. Бөрте мен Тэмүжинді орталарына алып, ойын-сауық құрып, би билеп, үркер жамбасқа түскенде ғана талықсып барып құлаған.

Тек шеткері тігілген қара борша күркедегі Өэлүн қатынның құс ұйқылы жалшысы Хуагчин кемпір ғана күндегі әдетімен ерте оянды. Үй іші алакөлеңке. Түңліктің шаңырақ тоғынымен өбіспей қалған тұсы мен құрым кигіз есіктің босаға саңылауынан ғана сығалаған таңғы сәуле таң рауанынан хабар беріп тұр. Алыстан естілген бір қалыпты өзен гүріліне әредік ала торғайлардың шиқылы қосылып, ерекше күй әуенін шерткендей. Хуагчин кемпір тысқа шығып, мұнартқан орманды алқапқа көз салды. Қотандағы қойлар мен желі басындағы сиырлар да бырдай, бырт-бырт күйсеп, жусап жатыр. Дәл осы сәт құлағына жаңағы бірқалыпты ырғақты бұзып, ат дүбірі естілгендей болды. Баяғыдағы он жасар Тэмүжинді ата жауындай санап, соңынан түскен оспадар ағайындарының ауылды шапқан күнгі сұмдығы есіне түскен жалшы кемпірдің үрейі ұша айғайға басты.

– Ойбай, Өэлүн қатын, Бэлгүтей, Тэмүжин, тез тұрыңдар. Жау! Жау! Ат дүбірі естіледі. Бозала таңда басқа кім суыт жүрмек, арам ниетті айуан тайчудтар келе жатқан сияқты.

Төсектен ұшып тұрған Өэлүн қатын жалба-жан шырт ұйқыда жатқан балаларын оятты. Ауыл абыр-сабыр, ызғын шу. Хасар орман алаңқайында қарауытып көрінген сегіз жирен мен Бэлгүтэйдің шолақ құйрық құласына қарай жүгірді. Көзінен жас сорғалаған Өэлүн қатында зәре жоқ. – О, Тәңірім, қарғыс атқыр тайчудтар қырсоңымыздан бір қалмады-ау! Олардың қатынбалада шаруасы жоқ, Тэмүжин, сені өлтіреді, тез қаш! – деп бажалақтайды. – Шеше, абыржымаңыз, он жасымда көзімді құрта алмаған Таргудай мен Тодайдың торына он алты жасымда түспеспін. – Бөртені арбаның дүңгіршегіне жасырыңдар! Барлығы абыр-сабыр атқа қонғанда бүрісіп жылап тұрған Бөртені Тэмүжин алабүйрек өгізге жегілген бітеу арбаға отырғызып, Хуагчин кемпірге жетелетті де: – Түнхлэгке қарай қашыңдар, –деп тапсырды. Атты топ кішкентай Тэмүлүнді алдына алған Өэлүн қатынды қоршай Бурхан Халдун тауына қарай тартты.

«Алдырар күні жаздырар» дегендей орман арасының ойлы-шұқыр бытпылдық жолымен алабүйрек өгізін мимырттатып, қырқадан асқан Хуагчин кемпір Түнхлэгке қарай еңкейгенде арбасының бір дөгелегі сынбаса, әлде қалай болар еді. Сол сәт өзі жаңа ғана зорға асқан тік мойнақтағы таспа жол бойынан салт аттылардың тобы көрінді. Аттары қара терге малынған топтың басынан өз ағайындары Таргудай мен Тодайды көремін деп ойлаған. Таңқаларлығы аламан топтың ішінде танитын бір де бір жан жоқ. Тек топ соңындағы бір жігіт алдына өңгеріп алған Бэлгүтэйдің анасы Сочигэлді таныды. – Қайда қашып барасың мыстан кемпір? Жолың болмады. – Тэмүжин қайда? – Арба дүңгіршегінде не бар? Аламан топ сұрақты жаудыртып жатыр.

– Тэмүжин Наху байдың ауылына кеткен. Мен үлкен ауылдан қой қырқып алып, жүн тиеп барамын. Жүннен өзге ештеме жоқ, –Хуагчин кемпірдің үні дірілдей шықты. Топ басшысы жігіттерге «арба дүңгіршегінің есігін ашып тексеріңдер» деген бұйрық берді. Арба есігі ашылғанда шашы додырап кеткен, екі алақанымен бетін басып, ағыл-тегіл жылап отырған жас келіншекті көрген жігіттер «көктен іздегендеріі жерден табылғандай» шулап кетті. – Тэмүжиннің қалыңдығы дәу де болса осы болар. – Әй, мыстан, бұд кім? – ? – Салауалы әулеттен шыққаны киімінен-ақ көрініп тұр. Міңгестіріп алыңдар. Күйеуін тауып берсін. Кемпірді де тастамаңдар. – Өэлүн жеңешемнің бодауына келген сұлуды өзім міңгестіремін, – деді, бір дәу қара атын тебініп, Бөртеге жақындай берді. Хуагчин кемпір бұлардың тайчудтар емес, Тэмүжиннің үйленгенін естіп, Чилэдүдің айттырған қалыңдығы Өэлүннің есесін қайтаруға келген меркіттер екенін сонда ғана түсінген еді. Бұл істің арғы астарынан бейхабар бишара Бөрте болса зар жылап барады. – Тәңірім-ау, мен қыз емеспін ғой, біреудің айттырып алған жарымын ғой. Аясаңдаршы. Кімге, не үшін керекпін. Бетін жырта шыңғырған Бөртенің көз жасына меркіттерден көңілі босаған ешкім болған жоқ. Тек тәңірдің жазымышы ма әлде «кезек – екі, тәңір – бір» деген дүниенің десі ме, баяғыда Чилэдүден айырылып пенде болып, жатқа олжаланып бара жатқандағы шашын жайып, бетін жыртып еңіреген өзінің наласы Бөртенің басынан да өткенін сол күні Өэлүн ана ғана көз алдына елестеткен болатын.

Онон өзенінің өр басы. Кентаудың бірбірімен иық тірескен асқар жоталарының аңғарындағы жылдар бойы мал тұяғы тимей тусып жатқан Ботақан Боржы алқабы үш күннен бері дүбірге толы. Екі түмен шамасындағы атты әскер топ-топқа бөлініп, түс ауғанша садақ ату, найза шаншу, сойыл соғудан жаттығу өткізуде. Сәйгүліктердің табанына

жаншылған көк шалғын барқыт реңінен айырылып, қара топырқаты бүркей ұйысқан сары сіріктің өзі тозған күпідей жұлым-жұлымы шығып, жұтаң тартқан. Өзен бойындағы кең жазықта азық-түлік үшін қосынмен бірге айдалған отар-отар қой, табын-табын сиыр мамырлай жайылуда. Әскерлер күн еңкейе сонау алыс беткейлердегі сыңсыған самырсынды орман арасынан түнгі әлендікке қу ағаш дайындауға шығады Тек кешкі қараңғылық үйіріле әр ондық өздеріне тиесілі қыраттар мен орман алаңқайларына оба болып үйілге қу ағаштан алау жағып, әскрелер кешкі асқа отырады. Сосын отты айналып би билейді.

Бұлардың Ботақан бойына табан тірегеніне бүгін үшінші күн. Жібек шатырдың есік көзінде отырған қолбасы әлсін-әлсін оңтүстіктегі қарауытқан алыс қырларға көз тігеді. Шолғыншы топтан еш хабар жоқ. Сағымдана көлбеген тау қыраттары ойға батқандай меңіреу ғана мұнартады. Қолбасы тағы да тағатсызданып, алысқа көз тастады.

Көз ұшындағы белегірден қылт етіп шыға келген салт атты құйғыта шауып, әне-міне дегенше қосын шобырына да келіп жетті. – Жер қайысқан қалың қол келді, тақсыр әскербасы , – деді аттан секіріп түсіп, әскер басының алдына тізерлей кеткен шолғыншы жауынгер. – Тұғырыл мен Тэмүжиннің ұйқылары қанған екен ғой, әйтеуір. Әскер басы кекесін кейіппен мырс етті. Үш күн бойы сыбайластарын тықырши күткен екі түмен әскерлі бұл қосынның қолбасы Тэмүжиннің бала күннен бергі досы Жамуха еді.

Тэмүжин қалыңдығы Бөртені меркіттер тартып әкеткен соң бөлтірігін алдырған бөрідей ыза кекке булыққан. Бірақ «іш қазандай қайнағанмен, күресуге дәрмен жоқ». Үш меркіт оңай жау емес.Кешегі жұртына тастап, көшіп кеткен, онымен қоймай «тоқты жүні түледі, көрпеш жүні көтерілді» деп құртпақ болған тайчудтардың көмектеспейтіні анық. Тіпті сол жолы әуелі Тәңір, сосын мейірбан Сорхон шар қария болмаса бүгін жер басып жүрмейтіні де күмәнсіз шындық.? Олардан көмек сұрағанша, құдайдан өлім тілеу керек екенін жақсы біледі. Қайын атасы, тайпасына беделді Дөй шешнге бару керек пе!? Қайын жұртына «қыздарыңнан айырылып қалдым, меркіттер тартып әкетті» деп, не беті бетімен бармақ? Оның үстіне қоңыраттардың «сен тимесең, бадырақ көз, мен тимен» дегендей айналасындағыларға зәбірі жоқ, меркіттермен де ежелден сарысүйек құда жегжат, біртоға ел екенін, оларды бір-бірімен араздастырудан марқадам таппайтынын Тэмүжин жақсы біледі. Ол он ойланса да, омақ болар оңтайлы ешкім таппай тарыққан. Ақыры ақыл пайымы осыдан бір жыл бұрын Бөртенің китіне келген абдырасындағы жалғыз асыл бұйымы бұлғын ішігін сыйға тартып, разы қош қып қайтқан

әкесінің ескі досы Керей тайпасының ханы Тұғырылға тоқтаған. Қасына Хасар мен Бэлгүтэйді алып, үш күн, үш түн жол жүріп, Толы өзенінің Қара тоғайы бойына ордасын тіккен Тұғырылға амалсыздан тағы да жеткен. Хан «әке» өкіл ұлын бұл жолы да жылы қабылдаған-ды. – Қапыда қалған екенсіңдер, бірақ қапаланба, былтырғы «Бұлғын дақа сыйың үшін бүлінген еліңді жинап беремін» деген уәдем уәде, сол бұлғын дақа сыйың үшін үш меркітті үріккен қойдай тоз-тоз етіп, табаныңа саламын, Бөрте сұлуды қайтарып, қойныңа саламын» деп, дереу Қорқынық Жыбырды жайлап отырған Жамухаға «інісіне» жаушы жіберген. «Мен мұнан екі түмен әскермен маймана (оң қанат) болып аттанамын. Жамуха інім сен де екі түмен қолмен майсара (сол қанат) болып, жолға шық. Біздің қайда кездесетінімізді өзің белгіле» деп ұшпу сәлем айтқан. Ал туған інісі Жаха хамбыға дереу жар салып, екі түмен жауынгер жасақтауды тапсырған. Жамуха Тұғырыл ағасының сөзін жерге тастамай әрі құдай қосқан жары Бөртеден тірідей айырылып шарасыз күй кешкен бала күнгі досы Тэмүжинді аяп, екі түмен қолмен Ботақанға асығыс жеткен болатын. Өздері шақыртып алып, үш күн бойы күттірген Тұғырыл мен Тэмүжинге өкпесі де жоқ емес. «Ағасы» мен досына қатқылдау тіл қатты. – Ақ түтек болса да антты бұзба, сел жауса да серті бұзба» дейтін моңғол салтымен жаздың орта айының он жаңасында Ботақан Боржы аңғарында кездесуге уағдаласпап па едік. «Дескен екенсің, дер кезінде келмесең дестен шығасың» демеуші ме едік. Кешіккендеріңе жол болсын! Тұғырыл хан: – Жамуха інімнің айтқаны жөн. Кешіккенімізге кешірім ете ме, кесімді айып бұйыра ма, қадірлі інім өзі шешсін, –деп, үлкен басын кішірейтіп, ат үстінен қолын ұсынды. Осы сәт атынан секіріп түскен Тэмүжин екі қолын шынтағынан бүгіп, Жамуханың екі шынтағының астына тосып, бетіне бетін тосып, сәлем берді. Бұл – сыйлас адамға кішілік көрсетіп амандасу салты еді. Ағасы мен досы өз қателіктерін мойындап, кішірейген соң Жамуха да жадырап сала берді. Тұғырыл мен Жаха хамбының жиырма мың әскері, Борчи мен Зэлмэ бастаған Тэмүжиннің шағын жасағына қосылып, Жамуха қолына қатарласа келіп, сап түзеді. – Біз білетін үш меркіт болса, Тәңірім жарылқаса, бір айқстан асырмаспыз. Тіпті түн ортасында ұйқыда басармыз. Меркіт керей мен қоңыратқа моңғолдардан бір табан жақын, кәрі құдасы Ұди меркіттің Тоқтабегін «Хан ағамызға» қауыштырайық, құба меркіттің Дәр Үйсінін маған

тапсырыңдар, Хад меркіттің Хатай Дармаласын хан ұлы Тэмүжин досыма қалдырайық, –деді, Жамуха масаттана сөйлеп. – Жоқ, туған інісі Чилэдүдің кегі қалыңдығын тартып алған менің әкемде кеткен. Сондықтан Тоқтабекті маған тапсырыңдар, арманда кетпесін, –деді Тэмүжин, қолындағы қылышын жоғары көтеріп. – Болсын, болсын! Отқа жақын іс күйеді. – Дұрыс айтады. Киіз кімдікі болса, білек соныкі. Бәрі қарқылдасып күлісіп алды. Солтүстік батысқа бет түзеген қырық мың қолды қарақұрым жасақ Ботақан қойнауы мен Онон өзенің екі сағасын кернеп шаң шұбалтып жосылып бара жатты.

Бөрте түскеннен бері Өэлүн ананаң көіңлі орнығып, өткен-кеткен қасіретті күндер мен ойын онға бөлетін қайғы-мұң азабын аз да болса ұмытқандай еді. Тайчудтардың жұртында құлазып жалғыз үй қалғандағы қоралы жетімді асырау үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып тағдыр тауқыметін тартқан қиынқыстау шақтағы көрген бейнеті, бастан кешірген қасіретті күндер біртін-біртін көмескі тартқан. Тіпті, санадағы сарқылмас сағыныш – арманда сөнген алғашқы махаббаттың жүрекке салған жарасы да біржола жазылмағанмен аз-кем сейілгендей болатын. Чилэдүді бұрынғыдай есіне жиі ала бермейтін, түсіне жиі кірмейтін. Өз басы өліп талып, жан-тәнімент беріле сүймесе де жүрек жылуын сыйлап, бауырына басқан, құрсағынан шыққан бес перзентінің аяулы әкесі Есукейдің аруағын да сыйлағанымен көзден кеткен соң көңіле көмескіенгендей еді. Тек іштей өзі жасамаған жасын ұрпақтары жасасын, көрмеген қызығын солар көрсін дейтін. Бала дегеннен шығады, Бөрте түспей тұрғанда ананың бәрінен де салмақты қайғысы ұлдың үлкені Тэмүжиннің туған бауырын жер жастандырған қатыгездігі болғаны анық. Мен өлсем, інілері мен жалғыз қарындасына қамқор болып жарытпас, бесеуі бес жаққа тоз-тоз болып кетер, тайчудтардың текпісіне түсер дегенді ойлағанда шырт ұйқыдан шошып оянатын. Енді міне, ер жетіп, есін жиды, ат жалын тартып мінді. Қасында ақылды жары бар, адал дос-жарандары да маңайына топтаса бастады. Туадан қайсар ұлы бозбала шақтағы албырттықтан арылып, адуын мінезін ақылға жеңдіре бастағанын көріп, жүрегі жай тапқандай, көңіл шері орталағандай болатын.

Енді, міне, меркіттер Бөртені тартып әкеткелі жүрегіне тағы да запырана толды. Баяғыдағы Чирханың кемпірі Барғужин арқылы тіл жеткізген меркіттің жансыздарының «Біз кегімізді асықпай қайтарамыз» деген сөзінен соң көңілі алаңдаулы болғанмен, дәл осылай болар деп ойламаған. Өзінің жүрегіне Чилэдү арқылы сонша жақын болып кеткен меркіт жұртына бір сәт көңілі суығандай еді. Бірақ жүрек түкпіріне берік ұя салған Чилэдүдің жұртын жек көре де алмай екі оттың ортасында қалып, қиналатын. Меркіттің бәрін қаралап, топырақ шашқысы да келмейтін. Бүйрегін бұратын ішкі сезім «Олар да ел ғой, алты аласы бес бересі жоқ жайын жатқан жұрттың арыстай азаматын жазым етіп, айдай аруын тартып әкеткен тайчудтарға есесін қалай жібермек»! деп үн қатса, Ал өкпелі көңілді жақтаған екінші сезім «Тәңірім-ау, Тэмүжин тайчуд болғанмен, Чилэдүдің арманда айырылған сүйікті жарының туған ұлы ғой. Бөрте тайчудтың қалыңдығы болғанымен, менің жаныма балаған жалғыз келінім ғой. Егер Чилэдү тірі болса, олай істемес еді, менің жүрегімді жараламас еді. Тайчудтан тартып аларлық Бөртеден өзге қатын құрып қалып па» деп налитын. Іші удай ашып өзегі өртеніп бара жататын.

«Шығасыға иесі басшы» деген, сол күні Бөртені Тэмүжинмен бірге жіберіп, арбаға өзім неге жасырынбадым. Тәңірі төбесінен ұрғыр тайчудтар деп ойладым ғой. Амалым бар ма, амалым!!! Бар өшін екі көзінен алады.

Тэмүжин де қапалы. Анасын соншалықты аялағанмен тумысынан мінезі қатал, көп сөзі жоқ шорт сөйлейтін Тэмүжин Бөртеден айырылғалы бұрынғысынан да томаға-тұйық болып алғандай еді. Өкіл әкесіне барып қайтқаннан бері үйде байыз тауып отыра алмайтын болған. Уағдалы күнді асыға күткен. Күн сайын атына мінеді де қасиетті Бурхан Халдун тауына бет алады. Онда не істеп, не қойып жүргенін жүрегіндегі жараның аузын тырнамайын дегендей анасы да сұрап, мазалаған емес. Тек ертең жолға шығамыз деген күні ғана Тэмүжин:

– Анашым, көзіңнің жасын көл қылып, қам-күм болып жылай берме, аман болса, осы жолы Бөртені алып қайтамыз. Тәңір бетімізден жарылқасын! Мен күнде қасиетті Бурхан Халдун тауына неге бет алады дейсің? Ұлы таудың ұшар басына шыққан соң қолымды кеудеме қойып, белбеуімді мойныма салып, қасиетті қайырқанға жалбарынамын. «Ата жауым артымнан түскенде күйкентайдан қорыққан тоғайдай болып, сенің бұтаңды паналадым. Бурхан қайырқан, сен бауырыңа бастың, жауымнан жасырдың, Халдан қайрқан, сен қас жауымнан қорғадың, өзіңе таң сайын тәу етейін, күн сайын тасаттық жасайын, Бурхан иелі өзіңе, бөрі киелі бабаларыма тапсырдым, Бөртемді қайтарып беріңдер» деп тоғыз рет тізе

бүгіп, тәу етем. Сол тілегім қабыл боларына сенемін, алаң болмаңыз» деп ағынан жарылғанда анасы: – Е,е, қасиетті көк тәңір, көз жасымызды көр, қос құлынымды қайта табыстыр! деп – жылай отырып, қолын кеудесіне басқан. Тэмүжин өкіл әкесі Тұғырыл мен досы Жамуханың қолына қосылу үшін Бэлгүтэй, Хасар, Хайчун сияқты айналасындағы туысқан аз ағайыны мен Борчи, Зэлмэ бастаған дос-жарандарын,тіпті ат жалын енді ғана тартып мінген кенже інісі жас Тэмүгэні де соңынан ертіп, жорыққа атанған күні де шерлі ана Көк тәңіріне тәу етіп, жолына «цацыл» көтеріп* шығарып салды. Олар кеткен соң алаң көңілді ана бір орында байыз тауып отыра алмай алас ұрды. – Тэмүлэн, сен Бэлгүтэйдің шолақ құйрық сұрысына мін де Түңкліктегі Тұрғыдай құмалақшыны ертіп, кел, –деп, ауылда қалған жалғыз естияр қызын жұмсады. «Мен айтты ана жолы балаларымның жол сапарын қолмен қойғандай, көзбен көргендей айтып еді. Азаматтардың жолын ашып берсін» де. Тэмүлэн кеткеннен кейін де ана жүрегі тыныштық таппады. Құмалақшы не айтар екен? Ол бәрінде біледі. Тәңірі тегін жаратпаған адам. Ана жолы «Әйткенмен көңілдері сәл-пәл күпті, бір нәрсеге қатты алаңдайтын сияқты, кінәрат бар. Бірақ бұл жолы емес» деп еді. Балалаымның болашағын болжаған екен ғой. О,жаратқан ием, жар бола көр, Тұрғыдайдың құмалағы ақ сөйлесін», дейді іштей күбірлеп. Тәңіріне де, көріпкелдігін тәңір тұтқан Тұрғыдайға да жалбарынып, құмалақшы келгенше қайта-қайта тысқа шығып, жол көздеумен болды.

Есіктен кіре құрақ ұшып, қапалақтай сөйлеген құмалақшының көріпкелдік қаситі шабытқа енген сыңайлы. «Ойда жортқан он бөрі, Он бөрінің ішінде, Ононда жортқан көк бөрі. Қырда жортқан қырық бөрі, Қырық бөрінің ішінде Халданда жортқан бес бөрі, Бабамыз біздің Бөрте-чинуа–Қыдыр қонған нақ бөрі, Тэмүжинге жар болсын, Өэлүн қатын! –деп шұбырта жөнелген Тұрғыдай мықынынан буынған жаман шапанының салақтап тұрған алқам-салқам кең қойнынан көк дорбаға салған құмалағын шығарып, сырмақ үстіне шаша салды. Бұл жолы анадағыдай санап тартқан жоқ. Сол шашылып жатқан қалпына қарап сөйлей жөнелді.

«Цацыл» көтеру*– моңғолдардың көкке, жолға сүт шашып дәмнің алдын тәңірге бағыштау, жолаушыға ақ жол тілеу дәстүрі. – Тәңір тілеулерін беріп, жаратушы жар болып тұр, аруақтар жебеген екен, алдары ашық маңдайлары жарық боларында күмән жоқ. Маған ту көрініп тұр, ту!!!. Бәрекелді, қонақ келе жатыр ғой,өзі. Қонақ! – Қонақ дейсіз бе?! Кім болды екен!? Мүмкін тұтқын шығар. –Жоқ! Тұтқын қонақ емес қой. Кім екенін мен де айта алмаймын. Әйтеуір құтты қонақ. Ер тұлғалы қонақ. Өэлүн не қылған қонақ екенін бағамдай алған жоқ. Мүмкін, Тұғырыл хан мен Жамуханың бірі еріп келетін шығар, құмалағына сол түсіп тұр ма екен деп ойлады.

Жерқайысқан қол үш тәулік жолды артқа тастап, сәске түсте Қанқай тауының күңгейіндегі Хилго өзенінің сағасына құлады. Қалың жыныс арасымен көсіле аққан Хилго өзенінің ағысы салт аттыны сабау құрлы көрмей қақпақылдап әкетерліктей тым қатты еді. Өзеннен өтсе болды, арғы бет үш меркіттің ата қонысы. Басты мақсат – Тоқтабектің ауылын таң бозына жеткізбей ұйқының талма шағында басып алу.

Қосын әскелері қас қарайғанша орманнан қу сырғауыл тасып, сал буды. Бұл кезде азыққа деп айдаған сиыр мен қойдың да қарасы азайған. «Бөрі азығы мен, ер азығы жолда». Тәңірі жарылқаса, ендігі нәпақалары меркіттерден. Меркіт ауылдары қоралы қойдан, табынды сыйырдан кенде емес. Әр ондықтағы жауынгерлер қару-саймандарымен өз бастарын аман алып шықса болғаны. Бұл түні Тұғырыл мен Жамуха ойлағандай Тоқтабектің ауылы шырт ұйқыда болса да бар бәлені бастаған басты адамдарын қолға түсіре алмады. Хилго өзені бойындағы балық аулаумен күнкөрісін айыратын жатақ меркіттер қалың қол өзенге құлаған сәтте-ақ Тоқтабекке «Жау келді» деп хабаршы шаптырған.

Бірақ Тэмүжиннің бағы бар екен. Бөртені алып келгеннен бергі үш ай бойына қуғыншы жаудың шабуылын күтіп, қару-жарағын, ат-көлінін сайлаған меркіттердің жасағы соңғы күндері «күдерлерін үзіп» тарап кеткен. Солтүстігі Саян жотасына дейінгі ұланқайыр даланың сайсаласында сайғақтай жосып, мал қамымен кеткен көшпенді меркіттердің басын қосу бірер күндік шаруа емес.Ақыл таппай «байтал түгіл бас қайғы» болған Тоқтабек пен Дәр Үйсін айналасындағы аз топ – қарауыл жасақ әскерлерімен іштерінде Чилэдүдің інісі Бөртені үш ай бойы бауырына басқан Чилэгэр бар, жаудан жалтарып, шығысындағы ұлы өзен Селенгі бойына қарай сол күні кеште қашып кеткен болатын. Бұл

сұмдықтан бейхабар қатын-бала мен қараша хылық ғана ұйқы құшағында еді.

Буыр кер жайлауындағы сай-сайды бұлақ бойымен қуалай қоныстанған Тоқтабекке қарасты ондаған ауылдың шаңыратары шоқпар екпініне шыдамай айлы түн астында ортасына түсіп жатты. Күміс Ай сәулесін сіміріп масаң тартқан даланың көлгір тыныштығын ат дүбірі мен қатын баланың ұлар шу дауысы бұзып, сай-сала, самсаған қара орман күңірене жөнелді. Тэмүжин бастаған алдыңғы топ «Бөрте! Бөрте!» деп айғайлап, топ-топ болып орманға қашқан қатын-балалардың алдарын кескестеді. – Тэмүжин! Тэмүжин! Сүттей ай жарығыында өздеріне қарай жүгірген екі адамның бірі Бөрте екенін Тэмүжин таяп келгенде ғана таныды. Қасындағысы Хуагчин кемпір еді. Атынан секіріп түскен Тэмүжин Бөртені құшағына алды. Қашқан жауға қатын би. Білектерін жазып, қылыш сілей алмаған Тұғырыл мен Жамуханың әлекедей жаланған көп әскері арманда қалмайық деген сияқты, қатын –баланы шулатып, көбі бәдені түзу қыз-қырқынның соңында жүр. Енді біреулері төңкерліген ақ ордаладың үзік, туырлығын қылышпен тілгілеп, найзамен түрткілеп, үйінді астында қалған бай меркіттердің абдыра, сандықтарын аударып-теңкеруде. Арнайы топтың бір жартысы, қора-қора ақтылы қой отарларын қауымдап, екінші жартысы қыр басында қиқулап, үйір-үйір алалы жалқыны жөңкілтіп әлек. Тек Тэмүжиннің тобы Сочигэл ананы іздеп шарқұрып жүр. Оларды Бур хэр жайлауынан қозкөш жердегі шеткі ауылға ат басын тірегенде үркіп кеткен елдің қу моладай иен үйлері қарсы алды. Әр үйге кіріп, Сочигэлді іздеге топ жылай-жылай сілесі қатса да от басында қаздиып отырған бес жастар шамасындағы балаға тап болды. Басында бұлғын тымақ, үстінде бұлғын ішік, аяғында бұғы терісінен тігілген етік. Ауқатты отбасынан шыққаны көрініп тұр. Көзі оттай жанып, дидары нұр жайнайды. – Атың кім? – Күчү. – Әке-шешең қайда? – Білмеймін, ұйықтап жатқанмын. Оянсам жоқ. Өксігін басып, күрсінгенімен, қару құрсанған сұсты жауынгерлерде именіп, қымсынып тұрған жоқ. – Мынау тегін бала емес сияқты, алып кетйік, – деді топты бастап жүрген Хасар. Шешеме апарып берейін. Ол кісі мейірімін төгіп, асырап бағады. Байқаймын, мықты жігіт болады.

Осылай әр үйді тінтіп жүрген топ таң атып, күнайжайылғанда түнгі қырғынға ілікпеген алыс ауылдардың бірінен Хатай Дарымаланы қолға түсірді. Сочигэлдің де осы ауылда екенін естіді. Дәл осы сәтте ат дүбірі мен әлдекімдердің «Сочигэл! Сочигэл ана!» деп айқайлағанын естіген үстіне құрысқан тері тон киген Бэхтэрдің анасы шеткергі жақтағы құлағалы тұрған өрім-өрім қара борша үйден шығып, соншалықты аптыққан кейіп танытпай, жай басып өзін іздеп келген топқа жақындай берді. Жылап келеді. – Хан ұрпақтары, қайтыңдар! Мен енді хан әулетінің келіні Сочигэл емеспін. Дарымаланың күңі, жалшы меркіттің қатынымын. Асылымнан айырылдым, ақ төсімді кірлеттім, абыройым төгілді, қайран ел-жұртымды енді не бетіммен көрмекпін. Одан да өлген артық, жаным арымның садағасы болсын! Өлдіге санаңдар, –деді де орманға қарай жүгірді. Кейуана жылап барады. Іздей келген атты топ не істерін білмей қапелімде абдырап тұрып қалды. АртыншаХасырдың бұйрығымен ит тұмсығы батпайтын бітеу орманды әскерлер қанша тінтсе де Сочигэл ананы таба алмады. Қайран ана, ар алдында қандай таза, қандай намысты еді!!!

...Сол жолы өкіл әкесі мен досы Жамуханың көмегімен меркіттерден есесін қайырып Бөртені құтқарып келген, ауыл-аймағын жаудан түскен олжамен кенелткен Тэмүжинге боржығын әулетінде сүйінбеген, қуанбаған жан жоқ. Тек Өэлүн ананың ғана қуанышынан жүрегін сыздатқан қайғымұңы басымдау еді. Өэлүнді мазалаған – әуелі Сочигэлдің қайғылы тағдыры. Бәріне өзі кінәлі сияқты. Некелі ері Есүхейдің Сочигэлге деген махаббаты мен келген соң салқын тарты. Менен туған Тэмүжин бар бақытына санаған екі ұлының бірі , бауыр еті Бэхтэрді өлтірді. Енді, міне, менің келінім Бөртені меркіттер тартып әкетпесе, Сочигэл осындай жағдайға душар болар ма еді! Бишаре тірі ме екен, не күй кешіп жүр екен дегенді ойлағанда жаны жай таппайды. Өэлүннің ойын мазалаған тағы бір түйткіл жат төсектен оралған Бөртенің болашағына байланысты еді. Жанына бағалаған жалғыз келіні үйге қайта оралғанда жүрегі жарыла қуанған ана алдынан шығып, жылап тұрып бетінен сүйген. Сол сәт құшағындағы, келінінің денесіне денесі тигенде құрсағының өсіп қалғаны сезген еді. Әлгі құмалақшы, көріпкелдің меңзегені осы шығар. Әйел бола тұрып неге ойламғанмын. «Қонақ» дегені сол екен ғой. Әлде кішкентай Күчү ме екен. Жоқ ол қонақ емес, қапыда

қолға түскен, ата-анасына тірі айырылған сорлы жетімек. Ал анау іштегі бала нағыз сыйлы қонақ. Өз келініңнің құрсағында өссе, сыйлы болмай қайтпек! Бір жағы өз жүрегіне әрі жанындай жақын, әрі жауындай жат меркіттің тұқымы. Жай меркіт емес, тамырында өзін сүйген, өзі сүйген, отау тігіп, от жағып, ұрпақ сүюді қосыла армандаған Чилэдүдің әулетінің қаны бар, жүрегіне жақын «қонақ». Мұны бүгін болмаса да ертең Тэмүжиннің де білері анық. Бөрте екеуінің аралары суып кете ме деп қорқады.

Бірінен соң бірі туындап, жанын жаралған осындай жағдайлар Өэлүнді жасытып-ақ жіберген. Бұл күндері ішкені артында, ішпегені алдында, тірлігі оң болса да көңілі бір серпілмейді. Жүрегі сыздап, көкірек тұсы тас байлағандай ауырлап, төменге тартады да тұрады. Бір тәуірі әзірге ұлы мен келінінң арасында пәлендей салқындық байқалмайды. Айлалы тентек ұлының өз атын өзі шақырар көкек емес екенін де біледі. Ол да болса жүрекке тірек, көңлге медеу. Е,е, Көк тәңір, жаратқан ием, жазған құлыңды өзің жарылқа!

Бүгін Шыңғыс ханның қабағы қатулы еді.Ондай кездері жақын кішіктаналарды өзі ұрықсатсыз кіруден жасқанады. Дәл сол күні Меңлік әкенің есірген жеті ұлы бірігіп, Хасарды сабап кеткен еді. Олардың есіретін жөні де бар; Меркітті талқандап қайтқан соң рулас тайпалар Тэмүжиннің айналасына топтасып оған Шыңғыс атағын беріп, Хан көтерген. Сол күні қаған мың басы нояндарын тағайындау салтанатынан кейін жақын ағайндары мен дос жарандарынан біраз адамды шайқастарда көрсеткен ерліктеріне, өзіне танытқан жанашырлық қамқорлықтарына қарай марапаттап, әр түрлі құқық, сойырқал үлестірген. Сол адамдардың арасында Хонхатанның Меңлігі де бар еді. «Бірге туған, бірге өскен мейрімді ағайын Меңлік сіздің жақсылығыңызды санап тауыспаймын. Соның ішінде Уаң Хан әкем мен оның ұлы Сэнгүм андам екеуі мені алдап шақырған күні сіздің үйге қонбасам, сіз мені бармауға әрбілемесеңіз сол күні су түбіне батып, шарпыған өртке жанып, өлім құшатын едім. Осы қамқорлығыңызды ұрпағымның ұрпағы мәңгі ұмытпайтын болсын. Шапағатыңыз үшін мәртебелі орын ұсынамын. Ай сайын айнымай, жыл сайын жаңылмай тарту-таралғы ұсынамын, сый жасап, марқабат етемін» деп жарлық еткен еді. Сол марқаббатты Меңлік қария өз басы сабырмен қабылдаса да өркөкірек ұлдарының өкпесіне жел бітірген болатын. Айға дарбақтаған дарақы иттей Тэмүжиннің кіндіктес ағайындаына да дөңайбат

көрсете бастаған. Бүгінгі жабылып, Хасарды соққыға жығуы да сол желіктің, желөкпеліктің әсері болатын.

Алайда ашулы ағасы есіктен жылай кірген туған інісі Хасарға жанашырлық таныту орнына зекіре сөйлеп, дүрсе қоя берді. – «Тірі пендеге басындырмаймын» дейтінің қайда. Жеті сілімтікке әлің жетпесе, неменеңе жер басып жүрсің?! Сөзін тыңдамаған, орынсыз жазғырған ағасына өкпесі қара қазандай інісі ренжіп қайтқан. Үш күн бойы үйінен шықпай жатып алды. Ел ішінде ылпың-жылпыңдығымен сәуегей Дэв* Теңгір атанып кеткен Меңліктің жеті ұлының ортаншысы Хөхөчү осы сәтті ұтымды пайдаланып, Хасарды хан ағасынан алыстата түсуді мақсатымен Шыңғыс ханға келді. «Маған Тәңірім аян берді, періштесін жіберді. Періште «ұлыстың тізгінін бір кез Тэмүжин ұстайды, бір кез Хасар ұстайды» деді. Содықтан сақ болыңыз» деп «жанашырлықпен» ескертті. Бұлсөз табиғатынан көп адамға сене бермейтін сезік-секемшіл Шыңғысқанның жүрегі біз сұққандай шым еткізген еді.

Суретші уақыт жылыстап жылдар өткен сайын Өэлүн ананың көңіліндегі қара даққа сырлы бояуын қалыңдата жағып, қарабарқын тірлігіне әр бере бастағандай. Бәріне себепші –Тэмүжиннің ікімді ісәректтері. Бұрынғыдай әкеден жас қалған жетім ұл Тэмүжиннің емес, айналасындағы ондаған тайпаны өзінің соңынан ертіп, абыройын өсіп, мейманасын тасыған Шығыс ханның анасы. Ұлына қатысты көңілдегі көп түйткіл ретімен шешіліп жатқандай. Оның үстіне бәз біреудей Хан анасымын деп малшы-құсшы, жалшыжақыбайлармен жағаласып жүрген жоқ. Керісінше ұлдары мен келіндерінің ақылшы анасы. Ол аз десеңіз, Тэмүжиніме жал-құйрық, қолғанат болсын

деп әр жолғы шапқыншылықта жұртта қалған қара домалақтардың ішінен жетелі боларау деген төрт жетімекті аялап, асырап бақты. Ақ сүтін болмаса да аялы алақанын тосты, ақыл-парасат дарытты. Меркіт Күчү, тайчуд Хөхөчү, татар Чихихутаг, жүркін Борхул бәрі де аптал азамат болып ер жетіп келеді. Тэмүжиннің ағайын-туған інілері мен сенімді серіктерінен кейінгі бәрін тындырар тынысы болды. Кезінде көңіліндегі басты қаяудың бірі

Кішіктана – хан ордасын күзететін, қызмет көсететін топ Сойырқал – жоғарғы дәрежелі сыйлық. Дэв* қиянатшыл, адал емес, кесапат

болған түйткіл де сәтімен шешілдіп, кешегі Есүкей әулетіне «қонақ» болып келіп, уақыт өте Тэмүжиннің қоң етін кесіп беруге әзір, жанындай жақсы көретін тұңғыш ұлына айналған ақылды да алғыр, Жошы* да ананың мерейін үстем етті. Көзін ашып көрген, аузын асып сүйген алғашқы немересі болғандықтан ба әлде тегіне деген жүректегі сезімнің әсерінен бе өзге немерелерінен гөрі жанына тым жақын болды.

Әйткенмен ақылды ана өз жүрегінде ұйқыдағы жанар тау жатқанын жадынан шығар емес. Жанар тау жарылыссыз болған ба. Көңілдің терең түкпірінен анда-санда лып етіп ұшқын шашатын да жүрекке сыр бететін. Ал жай дүмпу емес, ыстық магмасын көке шашар жанар тау жарылысының білтесі баяғы қан уыстап туған қанпезер қатыгез ұлының қолындағыдай көрінетін де тұратын. Өштескен жау меркіт пен татардың, өзекке тепкен өз ағайыны тайчудтың жөні бөлек.Ұлының бұларға істеген қиянатына түсіністікпен қарауға болар. Бірақ қиянат мұнымен біткен жоқ. Кешегі жетім ұл атанған шағында қолын тізгінге, аяғын үзеңгіге жеткізген әке жолдас Керей ханы Тұғырылдың бас сүйегі Кербесудің қолындағы сырлы аяққа айналды. Жастайына жарысып, бірге ойнаған жан дегенде жалғыз досы Жамуханың жанын да жаһанамға жіберді. Батыстағы Ұйғырдан, түстіктегі Орман халқына дейінгі көсілген байтақ далада қанша жанның басы шабылып, қанша жесір мен жетім қан жылағаны жаратқан Тәңірге ғана аян. Осынша қан бодаусыз кетер ме екен. Ана жүргіндегіне жанартау дүмпуі осыны сездіреді. Көкірегін кернеген кіреуке ойдан құлазыған шақта кеудесін орталату үшін бір сәт жас күніндегі Чилэдүді аңсаған кездеріндегідей, қырға шығып, кеудесін дала самалының сүйкімді алақанына тосқысы келеді. Олда бір дәурен, ол да бір жанға дәркер көңіл қошы екен. Бұл күндері қайда қаңғымақ. Жат көзге дүниеде арманы, мұңмұқтажы жоқ көрінетін Ханның анасы қаңырып қыр төсінде жападанжалғыз «бошалап» бара жатса, ел-жұртқа масқар ғой. Оның үстіне Хан ордасы күндіз торғауыттардың, түнде кептеуілдердің күзетінде. Көзге түспеу, тіпті өз бетімен шығып кету мүмкін емес. Кірпік қақпайтын қарауылдың қыағы көздері қалт жібемейді. Дереу дабыл қағылдады. ... Түн ортасы. Өэлүн ой құшағында сасырып жатып, көзі жаңа ілінген-ді. – Апа! Апа! – деген Хүчүді дыбысынан шошып оянды. – Не болды, жарығым.

Жошы– көне моңғол тілінде қонақ деген мағына береді. Торғауыт – хан ордасының күндізгі қарауылы Кептеуіл* – хан ордасының түнгі күзеті

– Хан ағатай Хасар ағамды ұстауға кетіпті. Өэлүн ананың жүрегі зырқ етті. Қаны басына шапшып, аппақ шаштарының арасынан жарқылдаған найзағай оттары құйқасын тесіп өтіп, миына қадалып жатқандай зу-зу етеді. – Кептеуілдерге жүгір! Ақ атанды күймеге жексін! Ана жеті қараңғы түнде жаман ырымға бастамайын деп зарлы жүректің үнін тістенген тілімен тиектеп, үн шығармай келеді. Әйткенмен көз жасын ірке алмады. Көл-көсір жылап келеді.

Таң қылаң беріп, Бурхан Халдунның шығыс қырқаларынан болымсыз ақ сәле сығалағанда түні бойы тайраңдай желген ақ атан маңмаң басқан жүріске аусып, қиқылдаған қазақ арбаны ақ орданың алдына әкеліп тоқтатты. Хасар керегеге таңулы. Қолында дойыр қамшы, зікір салған бақсыдай, гөй-гөйге басып тұрған Тэмүжин анасын көріп ығыстай берді. «Тұтқын» ұлын өз қолымен босатқан Өэлүн белбеуімен қоса басындағы қалың шәлі орамалын Хасардың қолына ұстатты да төрге барып отырды. Қартайса да ажары қайтып, нұры таймаған ананың жүзі темір қаракөк болып, сазарып кеткен. Малдасын құрған бойда ақ жібек көйлегінің алдын дар еткізіп жыртқан кезде жортуылшының жанторсығындай екі омырауы екі тізесінің үстінде толықсып тұрды. Булыққан ызысын әрең тежеп, екі алақанын екі омырауының астына қойды да анадайда тайсап тұрған Шыңғыс ханға: – Тэмүжин, бері қара. Тар құрсағымнан шыққан төрт ұл, бір қыз осы екі емшегімді таласа еміп, тай құлындай тебісіп, ер жетіп едіңдер. Тэмүжин сен, мына бір бір омыраудың сүтін таусатынсың, Хайчун, Тэмүгэ отчигин екеуі бір омырауымның сүтін тауыспайтын. Ал Хасар екі омырауымның сүтін таусып, кеудемді орталатып, жанымды жай таптыратын. Кіндіктеріңді үзіскен кісәпірлер! Хасар саған не істеді? Қара нардай күшін берді, жасанған жауыңды жай оғымен жасқады, қашқан жауыңды, қайтарып, табаныңа салды. Енді жауласатын ешкім қалмады деп, астамсыдың ба?! Хасарға ісім түспес дедің бе!? Жоқ! Жауың көбеймесе азаймас, Өле-өлгенше өзге жұртпен жағаласып өтерсің, желкең қиылар, жеті мойның үзілер, жерде шірірсің! Көрде тұр, қорқаулық жетер түбіңе! Мына қылығыңды естіп, көзімнің жасы көл болды, көкірегім көр болды, еңсем түсіп жер болдым, жүрегім шемен шер болды. Көзің қанталаған аш қасқыр екенсің!

Тэмүжин қанша тас жүрек болса да, бұл жолы анасының ашуынан қатты қорықты.Сөзі сүйектен өтті, кірерге тесік таппай ұяттан өлердей болып, өзінің бұл жолғы қылығына өкінді. –Апа, апатай, сіздің ашуыңыздан соншалықты шошыдым, ұялғанымды айтып жеткізе алмай тұрмын. Ендігі әрі еш уақытта бұлай істемеймін, – деп, екі қолын кеудесіне қойып, анасының алдына тізерлеп отыра кетті.

...Бірақ шын мәнінде Шыңғыс хан бұл жағдайдан соншалықты сабақ алмаған еді. Бұрын Хасардың иелігіне берген 2000 адамның 400-ін Өэлүнге білдірмей қайтарып алды. Хасар ағасының әлі де өзіне бақталас санап, шеттететініне, бір тырнағы ішінде екеніне іштей ренжісе де анасының көңіліне қаяу түсірмес үшін бұл жөнінде тіс жарған жоқ еді. Алайда жамандық жатқан ба, бұл әрекетті басқалардың аузынан естіген Өэлүн ана ұлының осынша қаталдығынан түңіліп, елуге еркін жетпесе де қапамен күн санап қартайып бара жатты.

*** *** *** Бұл күндері жүрегі сан жылдар бойы ой тұтқынында қамалған кейуана Өэлүн әже төсек тартып жатып қалған. Бірақ санасы сәулелі ананың ойы сергек еді.

...Қытайдың Алтын ханын бағындырып елдің оңтүстік астанасы Нанжин қаласынан жуықта ғана оралған Шыңғыс хан сәудегер ұйғыр Хасаннан «сіздің Сартуылға (Түркістан) жіберген Ұқына бастаған жүз саудегер елшілеріңізді Мәлік сұлтан бірін де қалдырмай қырып салды» деген сұмдық хабарды естігелі мазасы кетті. Екі араға алтын арқау болсын деген ниетпен жіберген елшілерімді қырып салған сартуылдарды Шыңғыс хан басыммен қалайғана тегін қалдырмақпын! Төбелеріне қара аспан төндіремін деп мың басы нояндарын жинап алқалы құрылтай өткізді. Таңғұттың Бурханына елші жіберіп, «сартуылдарды бағындыруға аттанғалы жатырмын, уағдаластық бойынша әскерін алып, оң қол болып аттансын» деген сәлем айтты. Таңғұт Бурханын мен Еша Хамбадтың уәдесінен тайып, «өз әскерінің күші жетпесе несіне хан болып отыр» деген жауабын жіберген елшісінің аузынан естігенде Шыңғыс хан жарлып кетуге дәс қалды, ерін бауырына алып тулады. «Қазір ғана қол жіберіп шауып алу керек еді, сартуылдардың қорлығы Бурхан хан мен Аша

Хамбудтан да артық батып тұрғандықтан кейінге қалдырайық. Осы шайқастан қайтқан соң сазайын берерміз» деп жол қамына кірісті. Қыр-сырын жақсы білмейтін жеменайдың жер түбіндегі беймәлім дұшпанына қаһарын төккен Шыңғыс хан әскери күш-қуатын сарқып-ақ аттандырмақ. Алтын ордаға он мың адамдық кішіктана, торғауыт, кептеуіл, хорчи, бурч ыларға бас-көз етіп, от иесі Тэмүгэні ғана қалдырмақ. Ал әйлдері жағына Құлынның ғана еріп жүруіне рұқсат берді.

Ұлы Қағанның сан жорықтан аман-есен олжамен оралғанын көздерімен көріп жүрсе де бұл жолы артында қалып бара жатқан қатынбаланың жүректері күпті еді. Жасы алпысты алқымдаған қарт Қаған көз көріп, құлақ естімеген жат елде жазым болса, күндері не болмақ.

Құрылтай шешімінен соң өзіне ең жақын мың басы нояндары, төрт ұлы және әйелерімен ордада оңаша қалған сәтте Шыңғыс ханға қарап, Есүй ханым қаймықпай сөз бастады. – Хан ием, алыс сапарға аттанарда артта қалған ел-жұртыңызды кімге тапсырасыз, өмірге келмек барда кетпек бар.Қарқарадай басыңызға қапылат келсе, қалған жұртыңызға кім ие? Тіккен туыңызды жақпай кім ұстамақ, туған төрт ұлыңыздан төр-ұлысыңызға кім ие болмақ? Қалып бара жатқан қараша халқыңызға, ағайын туысыңызға, қатын балалрыңызға қатар жауабыңызды, айтар сөзіңізді естігіміз келеді, – деді де бүгіліп ізет көрсетіп орнына отырды. Есүйден мұндай сөз күтпенен хан іркіліп қалды. Өмір, өлім жайлы терең ойға кеткені толғанысты жүзінен анық аңғарылды. Екі қасының арасы жақындай түсіп, ашуланғанда шатынап шыға келетін ежірейген көкшіл көзі бұл жолы қабағы астынан шүңірейіп көрінді. Хағанның қашан да қасынан табылатын айналасындағылар оның дәл осындай ойлы жүзін, пәс көңілін бұрынды-соңды көрмеген тәрізді. Ойын жинақтаған қаған сәлден соң ғана сөз бастады: – Қатын да болса Есүйдің сөзі – есті сөз. Інілерім, ұлдарым, жанымда жүрген жақын достарым Борчи, Мұқали мұндай сөзді бұрынды-соңды ешқайсыларың айтпапсыңдар. Ата-бабаларымның жолымен мен де пәни дүниеден өтерімді есімнен шығарған екенмін-ау! Ажал мені айланып өтердей, аңдаусыз жүріппін ғой....Балаларымның тұңғышы Жошы, сен не дейсің? Хан әкесі әуелігі жауапты Жошыға сілтегенде қоншына от түскендей болған Шағатай орнынан ұшып тұрды. – «Жошы, сен не дейсің» деп, ұлысыңыздың тізгінін соған бермексіз бе? Сонда біз мына меркіттің шатасына бағынбақпыз ба?

Сол сәтте миы зырқ етіп, жүрегі өрекпи жөнелген Жошы да атып тұрып, Шағатайдың кеудесінен ала кетті. – Не оттайсың, Шағатай. Байқап сөйле! Мені хан әкем сыртқа теппегенде сен неге шеттетесің? Менен сенің қай білімің артық? Көп болса, ұрда жық, алкеуделігіңмен артық шығарсың. Жебе тартып, жеріне жеткізе алмасам, басбармағымды кесіп тастайын, Белдесіп астыңа түссем, жатқан орнымнан тұрмайын. Хан әкемнің жарлығы ғана білсін. Екеуі бір-бірінің жағасынан алып, тепектесіп тұр. Жошының бір қолына Борчи, Шағатайдың қолына Мұқали жармасты. Қаған үнсіз қалған. Есүйдің бас жағында отырған Бөрте көз жасына булығып сыртқа атып шықты. «Меркіттің шатасы» деп, қорлай, тиісе сөйлегені меркіт қызының да шамына тидіме, әлде күндесі емес, абысынындай болып, сыйласып кеткен Бөртені жұбатпақ болды ма, Құлын қатын да аяғын некей басып, сыртқа беттеді. Екі жақты ақылға шақырған бәтуа сөзді мыңбасы Хөхөчос шешен бастады. – Аз моңғолдың басынан не өтпеді, тозған елін елін топтастырамын деп, Хан ием не көрмеді. Көсіліп көрпеге жатпады. Ер жастанып, етегін жамылып, аспан астында аязға тоңды, аптапқа күйді. Сендерді ат жалын тартып мінгізіп, аяқтарыңды үзеңгіге, қолдарыңды қанжығаға жеткізді. Асқар таудай әкелерің алдарыңда сол үшін айыпты ма, бетінен неге аласың? Әкені қояйық, ақ сүтімен асыраған асыл анаңның көл-дария көңіліне, майдай еріген мейіріне неге дақ салып, аузыңа ақ ит кіріп, көк ит шығады, бетқара. Бәрің де Бөртенің құрсағынан шықпадыңдар ма! Жөнсіз сөзбен жер еттің! Жүргі жылы анаңның жүзіне қалай қарайсың? Орда ішіндегілердің бәрі де тым тырыс, өлім күзетінде отырғандай демдерін ішіне тартып үнсіз қалған. Хөхөчостың сөзі жүрегіне біздей қадалған Шағатай енді мүләйім күйге түскен. – Жошыға ондай сөзді қалай айтасың, Шағатай? – деді хан өлі тыныштықты бұзып. Ушыққан жайды ашумен емес, ақылмен шешкісі келгені көрініп тұр. –Ұлдарымның үлкені Жошы емес пе. Мұндай сөзді ендігі әрі естімейтін болайын. Отырғандардың бәрі Шағатайға қарады. – Тілмен өлтіргенді тиеп болмас, сөзбен өлтіргенді іреп болмас. Ауыздан шыққан абайсыз, ақылсыз сөзімді қайтарып ала алмаспын, бірақ кемістігімді мойындаймын. Хан әкемнің үлкені Жошы екеуіміз күшімізді берейік, қас дұшпанымызбен қасқайып күресейік, теріс айналғандарды

тезге салайық, жазым болсаңыз, жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң Өгедей (Үкітай) өзіңіздің орныңызды бассын. Ханның қабағы жазылғандай болды. – Не айтасың, Жошы? – Шағатай жөнге енді түсті. Екеуіміз Өгедейге серік болайық. Күшімізді қосайық. – Қосылмай-ақ қойыңдар! Жаһан кең, жер мен су жетеді. Бөтен жер, бөгде елдерді иелендіріп, жеке-жеке жіберейін. Өз иеліктеріңді кеңейтіп, билік құрыңдар. Тек Жошы, Шағатай екеулерің айтқандарыңда тұрып, береке құраңдар. Досқа күлкі, дұшпанға табы болмаңдар! Ендігі сөз Өгедейде. – Хан әкем ұйғарған екен мен не демекпін. «Қолымнан келмейді» деп қалай айтпақпын. Бар күш жігерімен тырысып бағамын. Тек ұрпақтарымыз «шөпке ораса, мал жемес, майға ораса, ит жемес» болып тумасы болды. Өз кезегі келген от иесі Толуй: – Мен хан әкем нұсқаған Өгедей ағамның қасында болып, ұмытқанын ойына салайын, ұйқысынан оятайын, ұран салса үнімді қосайын, ұмтыла шапқан арғымағына қамшы болайын, – деп орнына отырды. – Бәрің де енді ақылға келдіңдер. Мен өлсем Өгедей орнымды басады. Өгедей өзі айтқандай ұрпағы «шөпке ораса, мал жемес, майға ораса, ит жемес» ынжық, ез болып туса, басқаларыңның бірінен бір асыл туар. Хан тағына сол отырсын, – деп жарлық етті.

...Бұл бас қосудағы сөз аяғы пәтуалы болғанмен Бөрте ананың жүегіне жазылмас жара салды. Ал онсыз да өлім аузында жатқан кейуана Өэлүннің ақтық демін жақындата түскен еді. *** *** ***

Өэлүн ана сүйек пен тері арасындағы тарам-тарам өмір жолындай жосылған тамырлары буынтақталып, адырайып кеткен тарамыс қолымен жастығына басын салып, өкси түскен Бөртенің шашынан сипады. Кеудесі алқынып, өкпес сырылдап, үзіп-үзіп тіл қатты. – Мені осы күйге жеткізген әлдекімдердің басындағыдай тұрмыс тауқыметі– жоқшылық, тапшылық емес қой, Бөрте. Тэмүжиннің үйірдегі құлынын шайнап,құнанын қуған жемір айғыр сияқты бірге туғандарына көрсеткен жәбірі ғой мені жасытқан. Әйтпегенде өмірімнің көп бөлігін не ішем, не жеймін, балаларымды қалай асыраймын демей, үлде мен бүлдеге оранып, көл-көсір өткіздім. Неге керек еді ондай бақыт сыйлай алмайтын бейбақ байлық!

Сырт көз тон пішкендей қайғысыз, мұңсыз болсам, қара суға семірмес пе едім. Қайта Тэмүжиннің әукесі түсіп, әлпештеп өсірген Жошының бағы бар екенін ұмытпа. Осы бір сұмдық сөздің ерте ме, кеш пе сүйреңдеген бірудің аузына шығып, жүрегіңді жараларын баяғыда-ақ сезгенмін. Менің де жанымды жегедей жеген уаймымның бірі – Жошының тағдыры. Біреу бетіне басып, меселдесі қайтада-ау дегенде жүрегім сыздайтын. Әсіресе араз ағайын Алтын мен Құсардан қауіптенетінмін. Оларды да Тэмүжин жер жастандырды. Енді келіп, туған ұлыңның аузынан естіп отырсың. Тағдырыңа өкпелемесең, кімге өкпелейсің! Жылама, жаным. Жошы меркіт дегеннен кеміп қалмас, айтса, айта берсін. Біздің әулет меркіттен кенде емес қой. Құлын мен Хүчүді кім жат санапты. Меркіт менің де жүрегімнен...... Таусыла, тебірене көп сөйлеп шаршап қалды ма, әлде арғы жағын айтқысы келмеді ме, ол жағын Бөрте бағамдай алмады. Тек біраздан соң әгімесін қайта сабақтады. – Қай жаққа барады екен, алысқа ма? – Білмеймін, апа, естуімше алты айшылық жол дейді. – Е, е, мен оларды қайта көрмеспін. Алты айшылық жер болса, алты жылсыз оралмас. Тек Жошыға сақ жүр деп тапсыр.

Ана ауыр күрсінді. ...., –Неткен бітпейтін жорық! Жалпақ жаһанда шек болмаса, Тэмүжиннің жорығы да таусылмас. Тағы да жан,... тағы да қан!!! .... Сусын әкелші, Бөрте қызым. Кейуана қараңғы үңгір түбіндегі әлсіз жарықтай жасыған жанарын келініне қададаы. ...Асыл ана ертеңіне өзімен қоштасуға келген Тэмүжин бастаған балалары мен немерелеріне бір ауыз да тіл қатқан жоқ. Тек Жошы келіп қолынан ұстағанда иегі кемсеңдеп, «еңкей» деп ым қақандай болды. Бар дәрменін сарқа басын сәл-пәл көтеріп, қолынан ұстап, бүк түсіп тұрған алпамса денелі немересінің маңдайынан әлсіз ғана иіскеді. *** *** ***

...Ұлы Тэмүжин ат жалын тартып мінгеннен бері бар ғұмынында халқынан, ағайын-туғандарынан, бала-шағаларыннан көрген қадірқұрметінен айналасындағылар аңғара бермеген ішкі жан күйзелісі, мұңқайғысы мен шемен шері он есе асып түсетін жаралы жүректі асыл ананың мынау жарық дүниедегі ақырғы дәм тұзы Шыңғыс ханның жүз мың қолының алғашқы легі Ұлы Тұран даласының шығыс шетіне ілінген күні таусылды. Қасиетті Бурхан Халдун қайырқанның жотасынан жалқын сәулесін шашып, қып-қызыл күн көтеріле бергенде ақ түйеге жегілген қара күймедегі ана мүрдесі арғысы Бөрте-чинуа, бергісі Есүкей баһардүр жерленген бабалар қорымына келіп тоқтады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙