Бекет. Қазақша нұсқасы
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
БЕКЕТ
(пьеса)
Төрт актылы, бес суретті, күйлі драма
Адамдары
Б е к е т — батыр, 27 жаста.
Зере— қалыңдығы.
Қ а м а р — Зеренің шешесі.
С е р ж а н — ақын, әнші. Бекеттің досы.
Ш ы н а с ы л — Зеренің досы, ақын қыз. Жанғазы — қашқын, атақты ақын.
Қ а р а ш о р
О л ж а й } Бекеттің батырлары.
Арыстан — Сұлтан - правитель.
Т ә й т і к — Сұлтанның туысқаны.
К ө к ж а л — песір.
Ш е м е н — жандаралдың советнигі.
Самалдық — Зеренің ағайын, аз елдің бас адамы.
Шернияз — Шынасылдың күйеуі.
Қыздар, жігіттер, әскер, каторжандар. Мезгіл XІX ғасырдың орта кезі.
І АКТ
Бірінші сурет Сахнада кестелі отаулар, керме. Үй - үйлердің арасынан жастардың сәнді топтары шығады. Ортада есігі түрулі жаңа отау. Ішінде торғын шымылдық толқынады. Күйеу өз нөкерлерімен сол үйден шығады.
Қыздар мен жігіттер хоры
Жем бойында еркін желдей,
Шалқи соқсын біздің ән,
Әннен шашу сізге, жездей,
Құтты болсын сіздің сән...
Батыр жар,
Бағың бар
Ақ маңдай
Жарың бар.
Оң - солынан осы өлкенің,
Ой-қырынан келдік біз.
Асыл жастар бақ
Біз де бірге тілейміз.
Батыр жар,
Бағың бар
Ақ маңдай,
Бағың бар.
Қызық қайда?
Осы тойда,
Бақыт қайда?
Осы бойда.
Бас қияға, күл де ойна,
Қақ қанатты, ойна, жайна.
Батыр жар,
Бағың бар
Ақ маңдай
Жарың бар.
Жас дәуреннің жарастығы,
Ал қызыл гүл жырменен.
Сый - сипаттың жарастығы,
Шекер, шербет, балменен.
Жарық ерке елдің ері,
Дабыл соқса самғаған.
Сол қыранның сен сыңары.
Арманым жоқ.
Ду қуаныш, шашу.
Б е к е т (Сержанға).
Тақты ғой әннен тана бер қарашы,
Қуанған шын тілеулес ел баласы.
Сорлы, әнді мұнда айтпаған қайда айтасың,
"Сыйға — сый, сыраға — бал" жұрт жорасы.
С е р ж а н (халыққа).
Қош уақыт, құтты қадам, елім кепсің,
Аға, іні, құрбы-құрдас, келін - кепшік.
Айналдым аузындағы ақ тілеуден,
Батырға бақ тілепсің, өрле депсің...
Алтын тақ,
Асыл шақ,
Жастық шақ
Болсын шат.
Кім іркер халық ұйғарса бойда барын,
Аталсын ең алдымен менің барым.
Шашқанда әннен шашу жақсы жиын,
Өлеңнен жыртыс жыртсын ақындарың.
Алтын тақ,
Асыл шақ,
Жастық шақ
Болсын шат...
Қ а р а ш о р
Ендеше сол дегенің деген болсын,
Айта бер мына жиын көнді толсын!..
Хор
Ақыннан біз тілейтін бұйымтай сол,
Өзге сый мұнымен тең қайдан болсын...
О л ж а й
Қойыңдар, жалғыз айтып құтырып па?
Жастар тұр қарызынан құтылып па?
Шығарсын қарсы айтарлық тең ақынды,
Болмаса мөңірей ме, құр тұлыпқа?
Қ а р а ш о р
Ақ сөйле, тап осы жол тауып айттың.
О л ж а й
Жол болсын, лағып барып сен де қайттың,
Қалайық, әділетін өзің айтшы,
Айтысты көп құптар деп әдейі айттым...
Хор
Сауықтан сауық ассын салған сайын,
Жаңа айттың жиын сүйер өнер жайын,
Тойда айтпай қайда айтады дәмелі жас,
Ер қайда, сынға түсер бол сын дайын...
Ақындар,
Шалқыңдар,
Тілектес
Халқың бар...(Ешкім шықпайды.)
Шығып тұр ән ұраны мен мұндалап,
Шаппас ба өнер кернеп жаңа талап,
Қалың ел қатарынан ақын таппай
Шынымен қаламыз ба жерге қарап.
Шынасыл,
Қайдасың,
Өзің тап
Айласын...
Дауыстар
Қайда отыр Шынасыл?
Зеремен бірге екен,
Қысылып жиын тұр,
Келсе екен Шынасыл!
К ө р і н і с
1-қыз
Шынасыл, барлық жиын сені күтті!
2-қыз
Ақынмен айтысар деп жұрт үмітті.
1-қыз
Сен емес әншейінде ауыз жаппас.
2-қыз
Сен емес той дегенде өлең таппас,
Тайсалма, шықта мүдірт өр жігітті.
З е р е
Асыл дос, егіз өскен сыңарымдай,
Ер едің өр тепсеңнің шынарыңдай,
Кетейін кетерімде жадыма алып,
Айтшы бір тарқатқандай құмарымды - ай.
Сенбедің қарсы бармай бос қалатын,
Бой тартып әлде кімнен жасқанатын.
Ағайын, асылыңның асқанын көр,
Асқардан кезек сілтеп қос қанатын.
Ш ы н а с ы л
Жан құрбым, тастадың - ау ауыр салмақ,
Ән шырқап белге шығар кезім бе еді.
Самалдық
Қарағым, елім көркі, егіз еркем,
Тобыңды кім бастайды сенсіз, серкем.
Сен барда ұйлыққаны осы болса,
Сен жоқта не болмақшы бұлар ертең.
Хор қ о с ы л а
Ағайын ел тілегі, ата аруағы,
Кешпейміз кезбе ақынға ірге берсең.
С е р ж а н (айтысты бастап жөнеліп).
Мыңнан бір, шыңнан шынар шықпай ма екен,
Жез қанат сұңқар бар деп ықтай ма екен.
Қарсы үш деп көппен бірге тілек етсем,
Мұнымды асылзада жақтай ма екен?
(Пауза.)
Сен кеткен талайларға, талай мекен,
Шынымен бір орайы болмай ма екен.
Көз тартты шұғыласы күн құшқанда,
Айдынның жалғыз қуы болжай ма екен?
Шынасыл (іле жөнеліп).
Әнім бар шырқағанда шарқ ұратын,
Шаттықта, зарлықта да жан суатым.
Өз әнім, қолқасыз - ақ өзім айтам,
Жасымнан қос қанатым, әл-қуатым.
Шалқыған көк жойқын аққу қандай!
Талайлар тек тұра алмас назар салмай.
Телмірген сол талай көз бос қалатын,
Аққуды кім күнәлар жазық бардай.
Сержан - ай, бұл қалай?
С е р ж а н
Ерке өскен сұлу көрдім, құрбым, сіздей,
Кім білер жүрмесімді дәл сізді іздей.
Десең де көптің бірі қатал еркеш,
Өзіңді мыңға балар жыршың біздей.
Шынасыл
Мен бұлбұл өз жырымен өзі болған,
Сәт күткен сіз жолаушы кезбе жолдан.
Гүліңдей Иран бағы ғайыптамын,
Толса гүл, солса да гүл келмес қолдан...
Қыздар хоры
Тең сөз айтты ақынға,
Түйін тастап сөйлеп тұр
Алысқа да жақынға.
Жігіттер хоры
Оңай емес қиынға,
Шырай топты жиынға,
Шалқи сермеп шаң берді,
Ақын жігіт, қайрат қыл
Аруағыңа сыйын да.
С е р ж а н
Асыл заттан сегіз қырлы,
Нұр көргендей боламын.
Бақ Иран деп бүккен сырды
Сезіп дертке толамын.
Аққу деп ем аспандағы
Азат әні шырқаған,
Бұлбүл ма едің қапастағы
Матауы бар шырмаған...
Шынасыл
Қапас емес, күншуақта,
Кермаралдай ойнаймын,
Кергіп соққан осы уақта
Ән кепіл деп ойлаймын.
Жақын деуге мен алыспын,
Ғайыпта деп соны айтам,
Дос емес құр жай таныспын,
Бақ Иран деп соны айтам.
С е р ж а н
Асыл зат, олай емес қаштың шыннан,
Тек емес тілеп ұштым мен де шыңнан.
Шыныңды айт, көптің бірі сен емессің,
Өзіңсің жүзден жүйрік, тұлпар мыңнан.
Шынасыл
Өлең деп жамау-жасқау құрағандай,
Мен үшін құрақ ұшып, құлағандай. (Күліп.)
Нең бар еді, жабысарлық кімің едім
Көз ақы көрінгеннен сұрағандай?
С е р ж а н
Көрінген көптің бірі сен емессің,
Жат санап, жау деп білсе өзге егессін.
Әрі ақын, әрі құрбым намысым бір,
Дейтұғын өл де омақа мен емеспін.
Өлеңнің төбедегі жүлдесі сен,
Маңдайға бақ боп бітер құндызы сен,
Еліңнің тандап қосқан теңі бар ғой,
Көрсетші қандай ердің жұлдызы сен?
Жастар хоры
Не дейді, бұл пәлені қайдан айтты?
Көрдің бе Шынасылдың беті қайтты,
Бетіне шіркеу болды сұмпайы күйеу,
Шернияз, көрінде өкір өлсең етті.
Жүйрікке томар кесір болған талай,
Қамауда әннің үні шықсын қалай,
Сұңқарды саудаға сап, наз сұлуды
Қор етіп отқа салған арам мал - ай!
С е р ж а н
Шынасыл, ренжідің бе, абзал құрбым,
Кеше гөр оған кетті өлең құрғыр.
Б е к е т
Шыншыл ән тәтті айтам деп қатты айтты ғой,
Жарасы Шернияз ғой құдай ұрғыр...
З е р е (Сержанға).
Ойын деп андамастан от тастадың,
Мазағы жетпеп пе еді жат басқаның. (Шынасылға.)
Асыл дос, жаным бірге, дертің ортақ,
Жалғыз-ақ неге қалдың бос жасқанып.
Ш ы н а с ы л
Өлеңде менің сірә нем бар еді,
Сұм дәурен мен дегенде кемтар еді.
Көрсетем қандай сиқын, қай тұрпатын,
Тілде тұсау, көңілім енжар еді.
Шер-шемені арылмай,
Көкірек болса зарымай.
Шыдармын ба налымай,
Айтатын әнім емес зарым еді.
Аспанға азат болсам ән айтпас па ем?
Ақынға әзіл ажар сөз қатпас па ем?
Бұйдалы бозша тайлық жоқта құлы,
Болмаса тоқтамастан көп шаппас па ем?
Ақты бозды асылдан,
Сыр қалмасын жасырған.
Барып айтар ашынған,
Айтатын әнім емес зарым еді.
Жастар хоры
Садаға жас басынан кетсін малы,
Көкейден сірә кетпес өшкен әні.
Тоқтатқан ақын емес, өмір торы
Сол ғана көп ұйғарған шыны дәлі.
Шернияз құтырып шығады.
Шернияз
Қандай тор, нені тұспал етесіңдер,
Ел емес, намысы жоқ жетесіздер,
Байы мен, мен Шернияз, не қыл дейсің,
Кәнеки кімің асып кетесіңдер?
(Жұртта үн жоқ. Көп жас теріс айналады.)
А, а... Солай ма? Жек көресің, жиренесің...
Шернияз жары деуге именесің...
Білемін, білдім бәрін, зіл жатыр.
Қайын жұрт, досым емес қассың ақыр,
Асқақ қыз жардан безіп жатқа қарап
Түңілген, мен болыппын оған кәпір,
Бар үлгі елі үйреткен осы бопты. (Бекешке.)
Және сый ұсыныпты күйеу батыр,
Кеше гөр сөзім болса құр тез қатыр.
Көксеп ем мен өмірлік алтын шатыр,
Ақының мерген екен дәл көздепті,
Атқан оқ маған аумай тиіп жатыр...
О л ж а й
Омақтап, оқ тигені рас болса
Болды той, арманы не көңілің толса,
Ол емес, құбылғанда есебің бар
Дейсің ғой өзі тілеп қолға қонса...
Хор
Еркімен кім ереді Шерниязға,
Құтқар деп тілеп аққан жастар аз ба?
Қақ жарған қара өзекті қалың арман,
Дерті сол болмағанда құрғақ наз ба?
Шернияз
Қайран ел өртесе де халқым сенсің,
Тепкенде өз енесі құлын көнсін.
Секірер біреу тойып, біреу тоңып,
Одан да анау елдің жасын көрсін.
Ел-елдің сен талайдан көрген кемшін,
Тістіге, тырнақтыға оңай жемсің,
Мекеннен хан Арыстан әне қуды,
Қалың ел қан жылаумен босты дерсің.
Хор
Не дейді, не сұмдықты ала келдің,
Айтқаның мәні - жайы қандай елдің?
Шернияз (биікке шығып, нұсқап тұрады. Босқан ел, кәрі-жасы жылау, күңіренумен шұбырып сахнаға шыға береді. Өтіп кетіп жатқандар да бар).
Көріңдер мынау жатқан сор даласын,
Арыстан қан жылатты ел баласын.
Жемді алып, жерден қуып, шөлге айдады,
Көрсеңші сел боп аққан көздің жасын...
Босқындар (Бекеттерге).
Кім табар бізге келген дерт айласын,
Ер болса елдің қамын тез ойласын.
Хан - төре қастық етті аямады,
Қайдасың, ара түсер ер, қайдасың?!
Ер жігіт тигізбесе бір пайдасын,
Мынау ел өлдім десін көр сайласын.
Кемпір-шал күңіренеді, бала боздай,
Бармысың, адал туған ер, қайдасың...
Жастар хоры
Ойпыр-ай, неткен сұмдық, неткен қорлық!
Жұрт көрген аз боп па еді өзге зорлық!
Тым құрса тұяқ серппей өлеміз бе,
Адыра бұл тіршілік, берген қор қып...
Т ә й т і к (нөкермен елді ығыстырып, тықсыра шығады).
Бұл той, топалаңның тойы ма екен?
Жыламай күліп кетіп бара ма екен...
К ө к ж а л (күліп).
Мекенсіз қаңбақ болып өскен ылғи,
Хан-сұлтан алар елін білген екен...
(Нөкерлер күледі.)
Б а р л ы ғ ы (елге).
Бөгелме, жөнел жылдам, жөніңді тап. Бас жылдам, құм менен шөл саған мекен! (Елді тықсырады.)
Б е к е т
Ей, мырза, мазақ етпе мерекемді,
Ел берген, сен ескерткен берекеңді.
Қорлама онсыз дағы қайғы-зар көп,
Кім білсін не боларын күні ертеңді.
Т ө р е л е р
Ендеше оны да біл тағы айтайын,
Бұл жер де осы ауылдан кетер тайып.
Намысқор ара түсер күйеу болса,
Оның да күні болар алмағайып.
Б е к е т
Қап бәлем, асқақ төре, мен көрермін,
Өлмесем сыбағанды шын берермін!
Т ө р е л е р (кетіп бара жатып).
Сол, солай, айда тегіс,
Егескенді байлап тегіс... (Кетіседі.)
X а л ы қ (Бекешке).
Пана бол, азаматым, елің келді,
Шулатқан көріп тұрсың мынау селді.
Езгіде еңіреумен күн кешерміз,
Шынымен ел таппас па намысты ерді.
Қ ы з д а р (Бекешке).
Пана бол, зар илеген ел анаңа,
Пана бол, жөргектегі жас балаға.
Ел зары — намысы бар ердің зары,
Пана бол, тентіретпе қудала!
З е р е (Бекешке).
Ойын-той, сауық-сайран кезі бітті,
Жас-кәрі ер қайратын сенен күтті.
Жолыңа өз басымды еттім құрбан,
Пана бол, ел-жұртыңды етпе күпті.
Қарашор — Олжай (Бекешке).
Ежелде екі өлмек жоқ, екі тумақ,
Келіп тұр ақ тілеумен елің шулап.
Бер уәде, нар тәуекел, міндік атқа,
Ер болсақ бізге қарыз намыс қумақ.
Б е к е т
Қайран ел, алтын бесік ішінде өстім,
Танымас қадіріңді мен емеспін. (Семсерін суырып.)
Жолыңа күшім құрбан, семсер кепіл,
Көр міне хан-сұлтанмен кекіл кестім.
Жауыңмен сені еңіреткен ұзында өшпін,
Қайтпасын етімнен де етті кессін.
Ал найза, ерлер қайда, ер соңымнан,
Теңселтер хан ордасын бізбіз көшкін!
(Тарта береді, жігіттер қаптай береді.)
X а л ы қ
Бағын аш, батыр ердің бата бердік,
Бағын аш, ақ тілеумен соңына ердік.
Бағын аш, жас жолбарыс жорытқанда,
Бағын аш, келген керді бірге көрдік.
(Артынан кете береді.)
С е р ж а н (бір шетте, екінші жақта Шынасыл мен Зере).
Суды атқан қуды атам деп аңғал мерген,
Өмірде алтын сәулең осы көрген.
Жеңілдің жеңіп тұрып, қайтқан оқтан,
Жарадар жүрегің бар сыйы берген.
Мәңгілік наз сұлуды, аз өмірді,
Ұмытпан, өзге жанға көңіл бермен...
Ш ы н а с ы л (Зереге).
Жарың бар жарқыраған шын сүйікті,
Зынданда менің басым, сен биікте.
Жан досым, жалғыз ауыз шын тілегім,
Сақтай біл шаттықта да, зар күйікте.
Ер білер ер қадірін деген анық,
Қауіпте қасында бол, кетпе танып,
Ақтай көр сүйгеніңді ер қайратпен,
Арман жоқ, бірге өле біл, бірге жанып.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
ІІ АКТ
Екінші сурет
Қалың ауылдың ортасы. Төрелерге арнап, қанаттастыра тігілген үш үйдің іші көрінеді. Кілем, көрпе, жібекпен шымқап тасталған үйлер. Әр жерде биік столдарға қағаз жазған писарьлар. Ортада биік орынды советник Шемен, жанында Тәйтік. Мойындарына знак салған ұлықтар. Сөмке асынған старшын, шабармандар. Елдің жерін хаттап алып жатыр. Арызшы халық келіп жатады.
X а л ы қ (Шеменге).
Ей, төрелер, төрелер,
Арыз айта ел келер,
Тыңдайды деп олар келер,
Тыңдамаса тілегін
Жанашыр деп келгенде,
Тілгілесең жүрегін,
Қайсы сенің білгенің?
Қан жылатып халықты,
Қара орынын айырған,
Асқақ төре бір күні,
Жерге жығар желегін.
Алғанында малдарын
Алдыңнан шыққан жері жоқ,
Аһ ұрғыздың шалдарын,
Елің аш та, сендер тоқ.
Жоның шықты, төрелер,
Мың асқанға бір тосқын,
Зауалы болар күн келер.
Қатуланса қалың ел,
Хан - төремен шекісер,
Тілегенің сол болса
Қан төгілер, ер өлер...
Ш е м е н
Тоқтат, өшір үніңді,
Тар қылармын күніңді.
Бел қыласың кіміңе?
Ұмытқансың еркіндеп
Қарын шашың алынбай
Құдайыңды, дініңді.
Ханы сұңқар болғанда,
Халқы болар тұғыры,
Өтсе - дағы зығыры
Бүлк етпестен көнесің.
Көшесің тегіс қазір-ақ
Хан Арыстан бұйрығы!
X а л ы қ
Шыныменен осынша
Кеткені ме далаға
Ежегейдей ел тозып?
Т ә й т і к
Елде қандай ақың бар,
Ел иесі хандар бар
Тауқыметі соларда,
Тоқтат сөзді осымен!
Көш те босат орынды,
Енді қайтіп бөгелсең
Тар қылармын күніңді,
Қаздырармын өзіңе
Өзің жатар көрінді.
(Әскерге бұйырып.)
Тарт шетінен шұбыртып,
Арыстан сұлтан бұйрығы!
Босқындарды бір шеттен тықсырып жүргізеді. Әйелдер, қарттар, араларында Қамар, Зере, Шынасыл, Самалдық.
Босқындар Еңіреткен елімді
Мәнет болсын хан, сұлтан,
Сындырдың тағы белімді,
Қарғыс алдың ел-жұрттан.
Кіндік кескен қайран жер
Жемнің бойы, аман бол!
Кетейін деп кетпедік,
Зар жылатқан заман сол,
Есіл жерлер қарашы,
Өлке, жота саласы
Қадірлі ата-ананың
Құлазып қалар моласы.
Жерім, менің суларым,
Бізден кеттің аман бол.
Берекелі көлдерде
Сұңқылдаған қуларым,
Сен де қалдың аман бол...
Ш е м е н
Шығартпа қарғыс үндерін,
Сүйретіп жүріп сүлдерін,
Қарашы, бұлар не дейді
Түн етермін күндерін!..
Қ а м а р (жылаған Зерені уатып).
Жасын төккен мен ана,
Қойынымда зарлы бір бала.
Ана мен бала зарына
Құлақ қақпас қаскүнем
Ханың қайсы жүз қара!
Т ә й т і к
Ханға тілін тигізген,
Сен не қылған қақпас ең. (Ұмтылып.)
Ит болайын осыдан
Қасқайта қылыш шаппасам...
3 е р е (төрелерге)
Оны шаппа, мені шап,
Ер екенің білейін.
Қанға тойған ит құсап
Жемге тойып көмейің.
Құтырыпсың, сұм төре!
Қарысыңа сенің ер шығар,
Келер сыйға сый бере,
Тілеуін елдің тілеген
Ел қызымын мен Зере.
Қылышын тасқа білеген,
Ақ сұңқардай түлеген
Жарымын ердің, қорқа алман.
Жылаған, ығып көрмеген,
Халқымда бар қасиет,
Бақ қарап, қыдыр түнеген
Тарт қолыңды анамнан,
Тарт қолыңды халқымнан.
Ш е м е н (Шернияз шыққанда соған).
Кімнің қызы мына қыз? Шернияз
Әкесі жоқ жетім қыз,
Бірақ сенген жары бар,
Бекет деген ері бар.
Ш е м е н
Елден шыққан Бекеттің
Желік берген жері екен.
Мына сөзді айтқызған
Мұны түрткен соры екен.
Құдай емес бұлардың
Бекет екен сенгені,
Ал тұтқынға бұл қызды.
(Зере мен Қамарды ұстасады.)
Өзі қашқын, бұл тұтқын,
Осы болар Бекеттің
Қара жер боп өлгені!
Самалдық (Зере мен Қамарды қорғап).
Тарт қолыңды бұлардан!
Ерде намыс болғанда
Есі шықпай сірә да
Есіз үйге шабар ма?
Қаңыратып алдың даласын,
Боздаттың елдің баласын,
Шулаттың міне ұлардай,
Басынан алып панасын,
Сарғайтқандай санасын,
Не қылып еді ел саған?
Тырнағыңа бұларды
Жем қып бермен тіріде,
Қыларың болса қыл маған?
Ш е м е н
Ұста, байла ендеше!
Ер шығатын неме екен,
Құтырған елдің, бір саған,
Жаптым міне жаласын!
Самалдық
Сенің де болар боласың!
Т ә й т і к
Байла қолын, кес тілін!
(Байлап алысады.)
Ш е м е н
Жер астынан жік шығып, (Шерниязға)
Осылар неден құтырды?
Сенгені не айтшы әзір,
Қоюың жетті күпті қып!
Шернияз (Шемендерге).
Алдияр, олай болса құлағың сал,
Бәрінің пана көрген Бекеті бар.
Ол бүгін қолын жиып, қару қамдап,
Жатыр дейді жаңа содан алдым хабар!
Тек қалмас, соқтыққалы мұнда шабар,
Естісе мынау жайды жанын салар.
Қарайған ханға көңіл кескекті жау,
Білемін қас дұшпан сол жайын табар...
Ш е м е н
Ендеше мен көрейін ер немені,
Байқайсың жерді ханға бермегенін.
Қайын ене, қалың жұртың шұбыртайын
Тұтқынға ал нөкерімен қыз Зерені!
3 е р е (тұтқын).
Жолыңа жаным құрбан, қайран жұртым,
Тар түнде таянышым сенсің, барым,
Садағаң, шәуілдеген көп бөрі ала,
Ер ұлан сен басасың елдің зарын...
Т ә й т і к
Байлат, өшір үндерін. (Байлап жатады.)
Шернияз (Шеменге).
Алдияр хан-сұлтаным, қолы мығым,
Арам тер жөн білместің қаны шығын,
Бар тілек мен айтайын, сауға, тақсыр,
Тигізбе Шынасылға, қалыңдығым.
Шемен
Босаттыр қалыңдығын Шернияздың!
(Шынасылға.)
Өзгелер бола берсін өңшең азғын.
Жарың кеп жақсы қызмет еткені үшін,
Босайсың, қадірін біл Шернияздың.
Ш ы н а с ы л
Шықпаймын, бірге болам елімменен,
Аулақ бол азғын етпе көбіңмен.
Берсеңші ер өлімін қор еткенше,
Сұм жалған бұл өмірге келдім неден?
(Тобында қалады.) Төрелер, болыстар
Хан келеді, хан-сұлтан,
Келіп қалды алдияр.
Келді алдияр Арыстан,
Алдияр, сұлтан, алдияр!
Хан келеді, нөкерлері мол, жиын орын береді.
А р ы с т а н
Босатпастан Жем бойын,
Әлі отырған емініп,
Айтыңдаршы ел ойын?
Жиналып ап көп ұлық
Саудаға сап өмірді,
Бұл қылығың қай қылық?
Ырқыңа көнсе ел азат,
Екі етілмес жарлықты
Ақ патша мен хан жазады,
Көрсет қазір көзіме
Айтқанымды екі етіп,
Қарысатын қай қазақ!
Ұлықтар да, ел де ұйлығады.
Қамар
Халықты көр шулаған,
Еңіреген ел зарын,
Тыяр ұл тумаған,
Ерге қысым, елге әлек,
Күнің бар ма салмаған.
Аңыраған анамын,
Бас кессең де айтамын,
Қан жылатқан халықты
Қарғыс тисін, хан, саған!
А р ы с т а н
Алатын кім бетімнен,
Ажалына асығып. (Төрелерге.)
Айтқыз дереу аты-жөнін,
Ет кесейін етінен...
Т ә й т і к
Алдияр, әміріңнен кетсін зекет,
Бұйырсаң бұл қатын да марғау кетеді.
Қызымен қасындағы, қайнысымен,
Күш қылған күйеулері қашқын Бекет!
А р ы с т а н (қайнап).
Бекет қашқын жайлаған,
Қарсылықты сайлаған.
Қастың елі бұл екен!
Кінә өзіңде ендеше,
Қатыныңды күң етем,
Жарық күнді түн етем.
Ал қамдауға бәрін де,
Айдат қазір қалаға,
Кепілге ұстап жақыннан,
Кескілескен жауымды
Осыменен жау етем!
(Қамарларды тұтқынға алады.)
Айдат қазір қалаға!
Жөнелте бергенде сау етіп Олжай,
Жанғазылар кіреді. Аңтарылып.
О л ж а й
Егессең егес елменен,
Нең бар, тиме оларға!
А р ы с т а н
Сен кім едің өлермен?
Шернияз
Жан жолдасы Бекеттің,
Олжай деген батыры...
Аусарланып елірген.
Арыстан
Неге келдің, не керек?
Шернияз
Қасындағы белгілі
Жайықтан қашқан Жанғазы.
Ш е м е н
Өңкей қашақ жиылып,
Елді ел ертпек аңғары...
А р ы с т а н
Елші салып сөйлесер,
Бекет маған тең емес!
Салғыласып теңесер
Қашқын, пысқын сен емес,
Ұлықтың өші Жанғазы
Аяп қалар мен емес! ( Олжайға.)
Ең әуелі бұйрығым:
Қасыңдағы қашқынды
Қазір тапсыр ұлыққа!
Сонан соңғы бұйрығым:
Бекетіңе айта бар,
Қарсылықты доғарып
Алдыма келсін жуықта!..
О л ж а й
Елшіге өлім жоғын біл...
Жанындағы Жанғазы
Беремін деп келгем жоқ,
Хан жарлығын таситын
Құлақ кесті құлындай
Ант пен сертім бергем жоқ,
Сәлемін ғана әкелдім,
Бекетімдей ерімнің:
"Бұзбасын дейді хан-сұлтан
Тыныштық шырқын елімнің,
Қараймаса ханына
Қайтсын дейді Арыстан,
Төстіктейін бермен дейді
Елім жайлар жайымның!.."
Хан емес, қарақшы боп елге тиген,
Талай хан өз отына өзі күйген.
Ер сертімен салдым хабар,
Айбалтам бар жәйін табар.
А р ы с т а н
Ал қамауға бәрін де,
Көремін күшін көбіңнің... (Қамауға алысады.)
Ж а н ғ а з ы
Ей, Арыстан, асарсың,
Асып барып бір күні
Аптығыңды басарсың,
Талай-талай күн өткен,
Хан Жәңгір де алдында
Ұлы, қызын халықтың
Обалсынбай күң еткен,
Қалың елін күңіренткен,
Елдің зары ақыры
Ер ұлдарын тебіренткен,
Есінде шығар Исатай?
Бүгін Бекет қарысында
Белін бекем буып тұр,
Ел бағына туып тұр,
Есіңде болсын жалғыз-ақ,
Бекет тиер бекемі,
Хан баласы әрдайым
Құтыла бермес жабылып!
Ш е м е н
Тоқтат, өшір үндерін,
Хан бетінен алғызып,
Қояр бізді кім дедің,
Зармен өтер күндерің.
Әкет тегіс айдатып,
Тілін кесіп бұлардың,
Өшіртермін үндерін...
Барлық елшілер мен әйелдерді байлатып алады.
А р ы с т а н
Ду бітіріп бұларға,
Қарсыма салған барлығын,
Құлақ кесті құлдарға
Жетсін тегіс жарлығым.
Қашқын Бекет, басыңа
Салармын дүние тарлығын,
Ит қосақтап қасыңа,
Ит кешуге салармын,
Татарсың өмір зарлығын.
Қашқын құлды алдыма
Тірідей алып келіңдер,
Әпкел, осы жарлығым!
ШЫМЫЛДЫҚ
Үшінші сурет
Арыстан сұлтанның ордасы. Түн. Есікте жасауылдар, Тәйтік кіреді.
А р ы с т а н
Не хабар бүлік елден,
Жансыз бар ма біліп келген?
Т ә й т і к
Алдияр, жаман хабар бар,
Шернияз жансыз жіберген.
А р ы с т а н
Айтшы жылдам не хабар,
Тыныштық ұйқы бұзылды,
Ойы бар ма ел шабар?
Т ә й т і к
Алдияр, қайрат жиыңыз!
Құл құтырса құдыққа,
Түкіреді дегендей
Өрт алғандай жайлауды...
Қақ жарылып қара аспан,
От төккендей нажағай
Құтырып құйын келеді,
Алды-артына қарамай,
Ел де толқып талап тұр,
Бегін бекке баламай.
Туы аспандап Бекет тұр
Келмесі еді қамалай.
Алдыңнан кеткен аз құлың
Қайтып келді ордаға
Қағысуға жарамай!
А р ы с т а н
Тапшы қандай айла бар,
Келетін әскер қайда жүр?
Алмадың ба хат-хабар?
Т ә й т і к
Жалғыз үміт соларда.
А р ы с т а н
Пай-пай, әттең!!.
Т ә й т і к
Қысылғанда хан басы
Осынша шабан болар ма?
Д а у ы с т а р (сырттан).
Әскер келді, көп әскер!
Әскер келді, сүйінші.
Т ә й т і к (қарап).
Көк сауытын киінген,
Көк мылтығын асынған,
Ерлер келді дәулескер,
Болады жол, келді әскер!
Шемен, офицер кіреді.
А р ы с т а н
Қайда жүрсің, Шемен - ау!
Қаптады ғой қалың жау!
Ш е м е н
Жеткенім осы-ақ, алдияр!
О ф и ц е р
Қаруы сай қолым бар,
Жіберді сізге жандарал,
Ел бүлігін емдейміз,
Бұйрығыңыз, хан-сұлтан,
Бағынады бар күшім,
Енді сізге ықтияр!..
А р ы с т а н
Алғыс айтам, ақ патша,
Жат жаныма оқ атса,
Менде қандай арман бар?
Шап ендеше қалың қол,
Бет қаратпас жалын қол!
Өрте өлке, ой-қырын,
Бекетке еріп құтырған,
Тартсын тегіс зарын мол!
Тәйтік билер, еріндер,
Жиналып жатқан қорданы
Өртеп жояр ерлерге
Кездестіріп беріңдер.
Елді есінен тандырып,
Бүлік басы Бекеттің
Бауыр сыртын көріңдер!
Асқақ басын иілтіп,
Табанын тіліп құл етіп,
Алдыма алып келіндер!
Әскер, Тәйтік кіреді.
Ақылыңды айт, Шемен,
Жандаралдан бұйрық
Бар ма тағы әкелген?
Ш е м е н
Шақыртыңыз көкжалды,
Келтірсін бар тұтқынды.
А р ы с т а н
Е, Көкжал, келсін Көкжал!..
Көкжал кіреді.
К ө к ж а л
Алдияр, тақсыр, сұлтаным.
А р ы с т а н
Әзір ме бар тұтқынның?
К ө к ж а л
Бас үстіне, алдияр
Әміріңе тұр даяр!
А р ы с т а н
Алып кел!
Көкжал кетеді.
Шемен (ханымен күбірлесіп).
Түссе түсті осы жол,
Болмаса жалғыз айла сол...
Көкжал тұтқындарды алып шығады:
Қамар, Зере, Жанғазы, Самалдық.
А р ы с т а н
Жан күйерден айырылса,
Ол үшін отқа күйгенді,
Босатам деп ер жігіт,
Керек еді қайырылса,
Оны Бекет білмеді!
Кепіл етіп сендерді
Кәріне алып закон тұр.
(Зереге.)
Су түбіне сен кеттің,
Сен көрерлік күн бе еді?
Ш е м е н
Жарық болды жетесіз,
Ит жеккенге кетесіз.
А р ы с т а н
Ер болса сені босатып,
Өзі келсін орныңа.
(Хатты ұстап тұрып.)
Осы тұрған тобыңнан
Біреуіңді босатам,
Айт сәлемді байыңа,
Таратсын елді жайына,
Мынау сенің хатыңмен
Жөнге келіп жуасып
Ерің келсін алдыма!
(Зереден жауап жоқ.)
К ө к ж а л (хатты ұсынып тұрып).
Самалдық алып барады
Айтып тұрып сәлемді,
Өз қолыңмен табыс ет,
Аямасаң өзгені,
Аярсың мынау анаңды,
Қапастағы Қамарды...
3 е р е (хатты алып, тұрып).
Кеше гөр, анам, баланды,
Ер бұзарда қамалды
Ере алмасам нем кісі,
Қасиеттен не қалды?
Қ а м а р
Сорлы балам, налыма,
Қарама менің басыма.
Ақтар болсаң ақ сүтім,
Қорлыққа көнбе, жасыма!
3 е р е (Сұлтанға).
Айналдым, анам, сөзіңнен!
Бекет емес ендеше
Ал жауапты өзімнен!
Аулақ тарт қорлық кебінді.
Шенге сатсаң өзің сат
Ата-анаңды, тегіңді,
Ұстап берер мен емес
Бекетімдей ерімді.
Жолыңа құрбан жас жаным,
Садаға кет ізінен,
Көрсете ғой керінді!
(Хатты лақтырып жібереді)
К ө к ж а л
Тоқтат, өшір үніңді...
Ш е м е н
Келтірдің бұл күң жынымды,
Тас қамауда шірітіп
Құрытайын дымыңды...
А р ы с т а н (Самалдыққа хатты қайта ұсынып).
Басына жетер бұл сөзі,
Қан жылаумен суалар
Суалғырдың бұл көзі,
Ол ақылсыз болды деп
Сен жіберме еркіне,
Қыз тілегі осы деп,
Сен алып бар бұл хатты,
Сенемін берсең сертіңе...
С а м а л д ы қ
Әкет аулақ хатыңды,
Қор етпесін затымды,
Кәріңнен қорыққан көрдің бе
Керек десең хатыңды?
Ұсынсаң қолың жетпестей
Бәйтеректей батырды
Ұстап беріп ит болар
Мен емеспін, Арыстан,
Ол сұмдықты істейтін
Елден шыққан жалғыз-ақ,
Хан-сұлтан болар сатынды...
А р ы с т а н
Тоқтат!..
Ш е м е н
Доғар!
К ө к ж а л
Әкет!
Жендеттер кіреді.
А р ы с т а н
Бер сазайын ендеше,
Тарт көзімше дарға.
Ш е м е н
Тарт, танысын тәңірісін,
Бас асауға жез ноқта,
Көрсін тегіс хан күшін!
Тарт!
Әскер Самалдықты дарға аса береді. Шетте, алыста көлеңкемен силуэтпен дарға асылған адам денесі қарауытып шығады.
3 е р е (тізесін дар жаққа иіп, бата қып, қол жайып тұрып).
Қош, ағатай, қайран ер!
Қайғың болар қалың шер,
Асыл басын ағамның
Жұтты - ау тағы қара жер,
Жерден де обыр хан-сұлтан,
Сазайыңды ел берсін.
Ел деп өскен ер берсін,
Қалың елім қан жылап,
Саған лағнет болсын дер,
Иә, тәңір, жалғыз тілегім —
Қор ете көрме дұшпанға
Ер боп өлер өлім бер.
А р ы с т а н (дардан бұрылып, Зерені көріп).
Әкет алып мынаны,
Айдат қазір қалаға,
Кепіл боп жатқан бәрін де
Алсын ұлық кәріне,
Абақтыда шірітсін,
Өзім жауап беремін
Осыдан келген жалаға..
Көкжал!
К ө к ж а л
Алдияр!
А р ы с т а н
Тарт, айдат далаға.
К ө к ж а л
Бас үстіне, алдияр! (Әскерге.) Алып жүр! Жөнелте береді. Тыстан орданың қақпасын шалқасынан ашып, аз ғана топпен Бекет кеп кіреді.
Алдияр, қаш, жан сақта,
Жетті Бекет, мынау сол...
Шемен қашып, тығылып кетеді.
Ш е м е н
Қапта - қапта хандарға,
Қанға бөккен қас орда.
Жоғал көзден, жат орда,
Бағын аш батыр ердің соңына ердік.
А р ы с т а н
Не дейді бұл, не сұмдық!
(Қашпақ болады.)
Б е к е т
Тоқта, қанқор Арыстан,
Ел кегімен келемін,
Аңсап ұштым алыстан,
Қасқайып ұшқан қарысыңа
Мен — Бекетпін, сен — сұлтан,
Белдескен жаумыз алысқан,
Көрсет маған кәріңді!
А р ы с т а н
Бекет, ерік өзінде,
Ер болсаң жалғыз арманым —
Қапыда бастың белімнен
Келмедің сайлы кезімде.
Ж а н ғ а з ы (Бекешке).
Бекет, ерім, құлақ сал,
Атадан ұл туғандай,
Ата жолын қуғандай,
Ер Исатай өлгелі
Елмен бірге егіліп
Қан тамырым суалды,
Сені көріп жалғыз-ақ
Шер жүрегім дәл бүгін
Жарылғандай қуанды,
Кейіс кетті қабақтан,
Тұсау түсті тілімнен,
Есінде болсын жалғыз-ақ,
Арбаған ханға алданып,
Қапыда кетті Исатай.
Апат боп арты бүлінген
Содан бері ел шерін,
Көтере белім бүгілген.
Ел тілімін ескіден
Саған сәлем әкелген.
Аяр болсаң дұшпанды,
Тарқатпасаң құстан,
Жылап кеткен жаныңнан
Үн өшкенше өкініш
Сірә де кетпес жадымнан...
З е р е
Өзгені қой, көр әне,
Ер Самалдық досың да
Қаза тапты жауыңнан...
Б е к е т (тап беріп көріп).
Самалдық, досым Самалдық?!
(Арыстанға.)
Қара жүзді хан-сұлтан,
Қайтіп жауап айтарсың,
Қара ордаңды қан қылсам!?
Қан жылаған ел үшін,
(Самалдықты жұрт алады.)
Қастан өлген ер үшін,
Жанға түскен шер үшін,
Санадан солып сарғайған
Ата-анаңның шері үшін,
Арттағы ұрпақ бағы үшін,
Арналсын бойда бар күшім.
Сел күшіңдей сол күшім
Салсын ханға тар қысым!
Өз дарынның қызығы
Өзі көрсін жақсылап,
Сал мойнына қарғысын!
Тарт!
Жұрт алып дарға апарады.
Ж а н ғ а з ы
Ер бағына туыпсың,
Өркенің өссін, батырым!
Келер заман ұл, қызға
Атой болсын осы ерлік,
Құртсын ханның ақырын.
Ел шулап, бата қылады.
С е р ж а н
Ақиық аңсап ұшты алға қарай,
Ер ұлан, ере шаптық жауды қамай!
Соққандай қарсы алдыңнан таң салқыны
Күн туар, сәуле көрдік алтын арай,
Ер көрдім топқа тиген лашындай,
Әсем ән баққа жайған құлашыңдай,
Көксеймін елімдей боп ынтызармын,
Алдымда жарық жұлдыз Шынасылдай!..
Б е к е т
Кек бітті, бірақ майдан жаңа қызды,
Құлаттық бір ордада қанды құзды.
Ақ жүзді ақ балтаны қайта сілте,
Алды осы, деген осы қамал бұзды...
Жөнеле беріседі.
X о р
Бағын аш, батыр ердің бата бердік,
Бағын аш, ақ тілеумен соңынан ердік.
Бағын аш, жас жолбарыс жорытқанда,
Бағын аш, келген керді бірге көрдік.
Тегіс кетіседі. Әр бұрыштан хан қызметшілері шығады. Шемен талықсып келеді. Қасында Көкжал, Шернияз.
Ш е м е н (Көкжалға).
Шап қалаға, ұлыққа!
Шапқыз әскер соңынан!
(Көкжал хабаршыларды жөнелтіп жатады, Шерниязға.)
Қайда қалдың қуарған,
Нені көрді жансыз боп,
Сұмырай көзің суалған?!
Айт жаныңның барында!
К ө к ж а л
Қайда қалдың білдірмей,
Ханның құны, Шернияз,
Енді сенің мойнында.
Ш е м е н (Шерниязды жағадан алып).
Кесер сөзім тыңдап ал,
Тірідей ұстап Бекетті
Әкелмесең осыдан
Деме үйірге қосылам.
Ш е р н и я з
Алдияр, олай болса жаным құрбан,
Бекетті мен ұстайын ханды қырған.
Сен емес менің - дағы қас дұшпаным,
Етейін барлық елім қызыл - қырман,
"Қарақшы ұрыны ұрған" айла табам,
Басына ұмытпастай пәле жабам.
Білерсің қонды қақпан Шерниязды,
Қолдай гөр, жолымды оңғар, ата-бабам!
ІІІ АКТ
Төртінші сурет
Шернияздың аулы. Үйде Шынасыл жалғыз.
Ш ы н а с ы л (қонақты тосып, үй ішін жасау, жабдықпен әсемдеп жүріп ән салады).
Зарға айналды айықпас,
Ашылмады ән бағы.
Ұзап кетті оралмай
Өмірінің жас шағы.
Ендігі тілек не тілек?
Неткен үміт бұл тағы?
Іште сөнген шырақтың
Болымсыз елес бер жағы,
Келдің... көндім не дейін?
Зар өмірдің бейуағы...
Шернияз тыңдап кеп тұрған.
Ш е р н и я з
Қашан сөніп біткен ән,
Не қып бүгін оянды? (Шынасылға.)
Айтшы тағы көрейін
Сый бергендей баянды...
Ш ы н а с ы л
Ән емес бір толғауым,
Менен не алсын ән бүгін,
Айтарды айтып болғанмын.
Ш е р н и я з
Білемін, сен айтпайсың,
Әлі көзің жатта ғой.
Сол санадан солғаның!..
Ш ы н а с ы л
Қойшы тағы азапты...
Ш е р н и я з
Шынасыл, менде саған бір тілек бар,
Мазақтан құса болып шегіп ем зар.
Тым құрса жалғыз-ақ күн жат көзінше
Шырай бер, онсыз - дағы дүнием тар...
Ш ы н а с ы л
Жас дәурен жарқылдаған шағым қайда?
Жаныма сая болған әнім қайда?
Ажалдай құшағыңа сен алғалы
Айрылдым, ардақтаған барым қайда?
Алдамыш жалған үміт бермес пайда,
Кеткен бақ қайта оралмақ заман қайда?
Сағынам, сағымданып кетті алысқа,
Асыл ән мен деп қайта келмек қайда?
(Мұңайып шығып кетеді.)
Ш е р н и я з
Тағы сол, қатал жүзі маған бөтен,
Аяма, амандығын жаттың не етем?
Қарайған менің көңілім осындайдан,
Жайратам дүниесін талақ етем...
(Есікке ұмтылып, Көкжалды ертіп келе беріп.)
Кел, Көкжал, қайдасың сен, келші мұнда,
Ант етем, көзді жұмып, бастым шыңға.
Хан кегі, ханға қоса өзім кегім,
Балаган болар мені бастан сұмға...
Шақырттым Шынасылдан сәлем айтып,
Бекетті мен сыйлаймын барды тартып.
Қайрай көр қимасты тілегім сол,
Айрылма, бұдан кетсе түспес қайтып...
К ө к ж а л
Сертің осы, нық ұста,
Шық уәделі сөзіңнен.
Әскер әзір ауылда,
Белгі болсын өзіңнен...
Ш е р н и я з
Белгі өзімнен, жүре бер,
Қайра қайқы болатты.
Аямасты біле бер!
Көк жендеттей Көкжалым,
Томағаңды тұрғыдан
Тартам, таймай іле көр...
К ө к ж а л
Жақтамастан хан құнын,
Аярмын ба жау жанын.
Тірі ұстасақ Бекетті,
Басына кескен сомамен
Шенді шекпен әзір тұр,
Сол емес пе арманым...
Көрсет жалғыз көзіме,
Танырсың содан арғыны,
Шыбының Көкжал салғанын...
Ш е р н и я з
Жолың болсын ендеше.
К ө к ж а л
Дер кезін өзің айтарсың...
Ш е р н и я з
Қабағымды аңди бер,
Белгіні дәл байқарсың.
(Айналаға қарап ап Көкжал кетеді.)
Асауға ноқта болғанда,
Жүйрікке де томар бар,
Сенде қайрат болғанда,
Шерниязда амал бар.
Түз құсындай батырға
Торға түсер заман бар,
Асқақтаған аруда
Өкінерлік зауал бар.
Бақ пен атақ жолында
Барлық жауың босарлық
Шеріңе серік қамал бар!
(Қарап.)
Келе ме екен, қайда жүр?
Келіп сірә құтылса
Сорым - дағы не амал бар?
(Көріп.)
Келе жатыр, келіпті,
Асылға көңіл бөліпті...
Бекеттер шығады, қонақты қоршаған қалың топ, ортада Шынасыл, Шернияз қол қусырып құрметтеп.
Қадірлесім, сыйласым,
Біліп едім құрбының
Бір сәлемін қимасын!
Түзден тоят тілеген
Ерім едің еңіреген,
Жолыңа құрбан мал басым!..
(Көріседі, қонақтар отырады.)
Б е к е т (Шынасылға қарап).
Қуанамын көргенде,
Асыл құрбым, Шынасыл,
Үйі түздей жат болған
Қашқылық құрдасың.
Өкінбеймін, білемін,
Аума-төкпе күндердің,
Бір қалыпты тұрмасын.
Есімде бар Жем бойы,
Күндер еді сол асыл.
Жастық дәурен ыстық шақ
Әсіресе қимасым.
(Сержанға.)
Еске алсаңшы жақсы әнмен,
Аз да болса ғанибет
Сондағы әсем әнімен
Шынасыл да сыйласын.
Ш ы н а с ы л
Ол бір алыс күн еді,
Онда құрбың кім еді?
Өтті-кетті оралмай,
Оты сөніп сүр тартқан.
Ендігі күні күл еді...
Есіме алсам шерленем,
Қалды бізден сорлы өлең,
Мұңым шағып айтамын,
Бұрынғы құрбың бұл емес,
Жарасын ашпа шерлі,
Менің басым бұл күнде
Тең болды ғой жерменен.
С е р ж а н
Қалқам-ай, неге мұнша налыдың сен?
Емес пе ең қара түнде жарығым сен?
Жаныма бір көргенім демеу деп ем,
Осынша қамыққандай не қылып ең?
Көрем деп ойламап ем көз жасынды,
Көруші ем күннен нұрлы өз басыңды.
Көп сақтап әкеліп ем жаным сырын,
Ірке алмас, кешіксе де ән ашынды.
Ш ы н а с ы л
Асыл дос, әннің сөзін ұмытқан ем,
Қайғы мен қасіретке шыныққан ем.
Оятты қайдағы жанның сөзі,
Жат десем жан күйердей жуықта мең?
Қапастағы қаралы,
Омырауы жаралы,
Ұяларың мен едім.
Есітіп азат үнің сергідім ғой,
Өзгеге бөтен болған ет жүрегім,
Дәт қылмас айтып тұрса ән тілегім,
Кешіріп кешіксе де өз сыңарын,
Ұстар бір ұстаса ер білегін.
Өкінемін жалғыз-ақ,
Жалғыз жарық көріп ем,
Несіне бұрын жасырдым,
Соры да бұ да болса Шынасылдың.
Ұмытқан ем ән сөзін,
Емірентіп оятқан
Есіттім бе жан сөзін?..
Қапастағы қаралы,
Омырауы жаралы,
Естігенде бір сәтте
Азат үні аспаннан,
Ұяластың назалы,
Неғып шығып тұра алар?
Өзгеге бөтен жүрегі,
Ән айтқанда тілегін
Кешіксе де кешіріп,
Сағынар да құп алар!..
С е р ж а н
Арманым жоқ, Асылым,
Бар тілегім жолында,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Ш ы н а с ы л
Өкінемін қайтейін,
Жалғыз жарық көріп ем,
Несіне бұрын жасырдым.
(Пауза.)
Мезгіл өтті жалғыз-ақ,
Осыдан әрі бұйрық жоқ,
Дәурені өткен Асылдың...
Б е к е т
Жасыма, Шынасыл!
Естен кетпес әсем ән,
Мыңға рауа бір басың,
Қажыма жалғыз-ақ.
Ш ы н а с ы л
Жарайды, құлдық, ер досым,
Қуаныш, үміт өзіңсің,
Жолыңда тегіс ел досың,
Жаңа тілеу, жас жүрек
Барлығында бір тілек,
Қайта көрме жолыңнан,
Дәйімі саған жол болсын.
Тілеуім сенің жолында,
Жағаласқан дұшпаның
Жығылсын ұдай, жер бол сын...
Ш е р н и я з
Айналайын аузыңнан,
Ел тілегі бұл тілек.
Батырды көріп аман, сау,
Бой жасадым бір түлеп.
Бекетжан, жалғыз қауібім
Жау ниеті түн-түнек.
Өштескелі өз елі,
Арманы сен ер жүрек.
Сақтана жүр, батырым,
Жабылсам жеп жау жүреді...
Ал бұл жерде қауіп жоқ
Оған кепілмін,
Ойнақ, сауық салайық,
Соны тұрмыз біз тілеп!
(Бекеттің сауыт-сайманын ала береді.)
Б е к е т
Бәрекелде, Шернияз,
Ойын десең әзірмін.
Баста, кәне құлаш жаз.
(Бекет қаруынан арылады).
Ш е р н и я з
Баста сауық-сайранды!
Көрсет Бекет еріме.
Көрсет барлық өнерді...
Жиыл, жастар, келе бер...
Д а у ы с т а р (халық үйді кернеп толады, би, ойын).
Жолы болсын Бекеттің,
Абыройы ассын Бекеттің,
Сал сайранды аянба!
Қатты, қызу қалың жұрттың би - сауығы ортаға Бекетті қоршап алысқан.
Хормен бидің әні
Жолың болсын, Бекет ерім,
Әруағың ассын жаудан.
Өктем шыққан ақтан керім,
Ассын атың асқар таудан.
Сенің атың бар қуатың,
Елге берер бақ-береке.
Шөлде таптың ел суатын,
Тап бетіңнен төл мереке.
Саған арнап келдік біз,
Осы сауық ойынды,
Қайда жүрсең сендік.
Ойлай жүр қайда жүрсең жау жатқанын,
Аямас, ісімнен аяр хан қақпаның.
Ойында, шыңдағы сақтағайсың,
Елімнің от төгетін көк шоқпарын,
Елімнің от төгетін көк шоқпарын.
Соқ сауықты,
Бас қызуға,
Айда, айда!
Ш е р н и я з (би үстінде Тәйтік, Көкжалмен қабақ қағысады. Ананың екеуі де өзгеріп киініп алған).
Сайла, сайла!
Т ө й т і к
Байла, ұста!
Ұста, байла!
Билеп жүргендердің көпшілігі әдейі құбылып киініп келген әскер, атамандар Бекетке жабыла - жабыса түседі.
Б е к е т
Қап бәлем, қас екенін білмедім ғой,
Сен қолды жан деп көзге ілмедім ғой.
Тарпысам табанымда жатар едің,
Арам без, адалымды күндедің ғой.
Қара бет, садаға кет ақ жолымнан,
Бөрі ала қамап тұрған оң-солымнан.
Айтарым, бәріңе де бір-ақ сертім,
Бөрідей бір тартармын аш қоңыңнан.
Жалғанда қор өмірге көнбе дегем,
Бойсұнып жорға құл боп көрмен дегем,
Өлермін елім үшін арманым жоқ,
Құрбандық өзге тілек көнгем дегем,
Керегі жоқ жоқшының,
Тегіс білдім сыныңды...
(Шерниязға.)
Қор ғып қойған тірліктен
Ер өлімін бер дегем...
Ар-намыс жоқ қара жүз!
Берсе - дағы алмаспын
Сендей сұмды наз қылған
Итшілеген күніңді...
Т ә й т і к
Жүр, алып жүр, тезірек,
Арыстандай хан үшін
Қағармын барлық жыныңды?..
Бекетті алып кетеді.
Үйде байлаулы
Сержан қалады.
Есі ауып сүлдері ғана қалған Шынасыл.
Ш ы н а с ы л
Қандай сұмдық іс көрдім,
Бір өлмедім екі өлдім...
Қуарған дүние, неңді алдым?
Бар қорлыққа мен көндім...
Арым еді ардақтым,
Былғадың міне, кір жақтың...
Кімге керек тірлігі
Шынасылдай бейбақтың?
Бірнеше жігіттер мен еркекше киінген, қару асынған Зере шыға келеді.
Құс боп - шыққан елімнен,
Садаға кеткір ерімнен.
Итке турап тастайын,
Құтылып көрсін өлімнен.
Ұстатқан кім? (Шынасылға.)
Айт жөнін?
Ш ы н а с ы л (ақырын, әлсіз).
Зережан, мен садағаң!
(Жалғыз.)
Аспанда азат ұшқан сендер едің,
Ел бастап, баққа құлаш сермеп едің.
Не көрдім, не сұмдыққа душар болдым,
Ендігі осы ма еді көрмегенім.
Қапастағы қаралы,
Омырауы жаралы
Дос, бауырың мен едім.
Қор болып қара жер болып қалғаным ғой,
Өзгеге бөтен болған ет жүрегім,
Арнағам ақ жолыңа ақ тілегім,
Намыс жоқ өз боп өткен өмір адыра,
Жауыңа арам болар ақ тілегім.
Білсем бұлай етпес ем,
Кеш күнәмді, ер ұлан.
Жау мұратқа жетпесін,
Азамат қолда, я жасаған.
З е р е (қылышын ұстай алып).
Құлақ салма үніңе,
Қайтіп қана қарарсың
Жерге кірмей жүзіме?
Шынасыл (әлсіз, тізе бүгіп, жалына жабысып Зеренің аяғын құшақтап).
Аяма мені, Зережан,
Жүзім қара, қолым қан.
Аяма, барым адыра,
Күнімді көрге санағам!
Бар тілеуім Бекетте,
Жолыңа жаным садағаң!
(Зеренің қылышын алып өз жүрегіне салып жібереді, құлап түседі.)
3 е р е (шошып).
Шынасыл?!
С е р ж а н
Асылым - ай, не болдың?
Шыққыр көзім не көрдің?
Майысқан гүл шан солдың?
Не болдым, ай - хай, не болдым...
Өлейін мен де бірге өзім...
(Бұлқынады, жынданады.)
Шынасыл (өлеусіреп).
Зережан, жалғыз арызым,
Достықпен ақта ер болып
Махаббаттың қарызын. (Өледі.)
З е р е
Асыл жар, ант етемін барым сенсің,
Жоқшың бар текке қалма жарым сенсің,
Отырма босқа жылап, жолында өлем,
Тоқтама көрсем - дағы жаудан кемшін.
Асыл жар, ант етемін қуатым сен,
Жан саям, шел жанында суатым сен,
Айқасып жатыр денем сеніменен,
Өлсем де антым осы, сен, маған сен!
Ант етемін, асыл жар,
Бекетім, сенің жоқшың бар.
Ант етемін артыңнан,
Босқа қалма шегіп зар.
Сенсіз маған дүние тар,
Барды берем жолыңа
Антым анық тартыңдар!
Лаулап кетіседі.
С е р ж а н (жынданған).
Құрсау батты денеме.
(Шынасылға ұмтылып.)
Ай - хай... бұ не! Жаным ба?
Өзімді іздеп келе ме?
Ай - хай, ай - хай,
Мынау менің қаным ба?
Не болдым,
Не болдым.
Ай - хай, таптым.
(Құшақтап құлап түседі.)
Таптым!..
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ
ІV АКТ
Бесінші сурет Қыс. Қалың қар. Күн лайсаң. Каторгі. Темір бұғаулары шылдырап ақырын басып, жүдеу каторжандар тобы өтіп жатыр, бір шеттен жүгіре басып Зере шығады. Тұтқындарға алыстан телміре қарап тұрып қалады.
К а т о р ж а н д а р
Өмір өгей анадай
Ашулы зарын аямай,
Тас қабағын түйіп тұр,
Арман айтар адам жоқ.
Айнала меңіреу қарағай,
Күні боран, киім сұр...
Шылдыр, шылдыр қу шынжыр...
Тас қапас та ашылмас,
Жан жанады шырақта,
Қыстың зәрі қайту жоқ,
Барыңды алмай басылмас
Қиял ғана пырақтай,
Жалғыз жары тұтқынның
Ұйқысын бөліп оятса,
Бірқалыпты тас қамау
Шылдыр, шылдыр қу шынжыр.
З е р е
Суық жақта жұмақтай
Жат сыры бар сұм дүние!
Ерім қайда, не күйде,
Жанның бәрі аруақтай,
Аңсап келдім алыстан,
Асыл жарым, бармысың,
Тылсым дүние жауап қат,
Сұм сырыңа кім ие?
Жарым, жаным, Бекетім,
Жолыңа барым зекетің,
Қайдасың, жарым, бармысың?..
Тұтқындарды қарап өтіп кетеді. Каторжандардың екінші тобы шығады. Ортасында ақ сақалды Осип.
О с и п
Өшпес ашу ойнаған,
Сөнбес шырақ бір жанған,
Алда майдан ту бұлғап,
Шақырарда ер ұлан.
Өлім болар құр қалған,
Жолың болсын, жет соған!
Ортаға жас каторжанды алып, Осипке қосылып, әлгі жасты қоршап.
К а т о р ж а н д а р
Жолың болсын, аман қайт!
Елге, жерге біздерден
Жалындаған сәлем айт!
Өкінгендер жоқ деп айт!
Қандай қысым болса да,
Қарсы қайрат көп деп айт.
О с и п
Айттым жолдың төтесін,
Алдыңда ауыр бейнет бар.
Оны жалғыз жеңгізер
Жауға деген ішінде
Нөсерге сөнбес кекесін.
Достарға аман жетіп бақ,
Қамдан, қазір кетесің...
Ж а с к а т о р ж а н
Амандық іздеп кетпеймін,
Қорлықты қорек етпеймін.
Қараңғы меңіреу түндерде
Маңдайды қойып жұлдызға
Зор мұратқа беттеймін...
Сүйісе береді. Сол кезде Бекетті бұлар тобының ішінен іздеп Зере шығады. Бекетті таппағанға талғандай.
З е р е
Қайдасың, жарым, жалғызым!
Алысты жақын еткізген,
Ауырды жеңіл еткізген.
Сен емес пе ең жолдасым!
Қайда, жарым, бармысың?!
Осип (жолдастарын токтатып).
Кім едің сен, шырағым?
Жоқтағаның кім еді?
З е р е
Жоқтағаным жарым еді,
Жаралы болған өмірде,
Бір де болса барым еді...
О с и п
Жөнін айтшы жарыңның
Қай қылмыспен кетіп еді?
І к а т о р ж а н
Ел талаумен кетіп еді?
ІІ к а т о р ж а н
Әлде ұрлық-қарлығы
Түбіне бұлай жетіп пе еді?
3 е р е (Осипке).
Ата, тыңда шерімді.
Ерім ердің сойы еді,
Қатарға қосар елімді,
Сахараны сарғайған
Сан қайғыдан арылтар
Шалқып соққан желімді,
Жау қолына жас түсіп,
Елмен бірге менің де
Сындырып тұр белімді.
Ерім ердің сойы еді,
Жоқтағаны ананың
Бесігіне сүйеніп,
Жалғыз ері сол еді,
Сахарада, кешкі тілеуде
Барлық ата, әженің
Тілінде жалғыз сол еді.
Сахарада, елімде,
Барлық әнші, ақынның
Сыбызғы мен қобызы
Жоқтағаны сол еді...
Ел тілеуін ес қылып
Жарымды іздеп кездім көп,
Жөнін айтшы, ағатай,
Сенемін де, табамын:
Ондай елдің қыраны
Қапаста өлмек мезгіл жоқ...
О с и п
Қызым, кебің келісті,
Ел тілегін толғайды,
Ендеше ерің іздеген
Біздің Бекет болғай...
З е р е (қуанып, Осипке жабысып).
Айналайын атай!
Не қып тұрсың сол атты
Сүйіншілеп атамай?
Осип (жолдасына).
Шақырып кел Бекетті...
(Кісі кетеді, Зереге.)
Көрген жерде киын жол
Өкінбестен өттің бе?
Ойында қандай ниет бар,
Құр көрмекке жеттің бе?
3 е р е
Бейнет көрген өзіңсің,
Білесің ғой, атай,
Беттеген тілеу ақ болса,
Қиын оңай көрінеді...
Шын ниетім зор ниет.
Қандай көмек берер ең,
Босатам деген ерімді?
Осип ойланып, кәрі жолдастарымен ақылдасып қалады. Бекет шығады. Екеуі ұмтылысып табысады. Зере құшағына кіріп босаңсиды.
Б е к е т (Зерені құшақтап, уатады).
Зережан, амансың ба, асыл жарым?
Сен кетіп айықты ғой бар арманым.
Тас өткел, тар босаға бөгеттемей,
Жар сүйсе сендей сүйсін бағыланын.
Сен өктеп қиын тордан өткен кезде,
Қапаста ғана кім мен қалам ба?
Барамын, жасын тыямын жәйін айтшы?
Зережан, бойыңды жи көп ойланба.
Артымда аңырап қалған ел аман ба?
Еліммен ере шыққан ер аман ба?
Қайрап ап қайта салсам нар кесетін
Елімнің кекпен аққан селі аман ба?
Басында бұлаңдатып ту тігетін
Қайыспас қалың сауыр бел аман ба?
З е р е
Бел аман, белге шығар елің де аман,
Жалғыз – ақ ер басында қара заман.
Сонда да сиынғаның сенің жолың,
Артыңнан қалар жан жоқ барсаң аман...
Халқыңның жыры да сен, сыры да сен,
Кеп тұрмын еліңе ертіп әкетем деп
Бәрінен осы арада қалсаң жаман...
Б е к е т (Осипке).
Ал, досым, танып тұрсың ел тілегін,
Есітіп ел сарынын шын тіледім.
Саламын тағы барып, тағы ойнақы,
Бас құрбан, алысқа әзір қос білегім...
Осип (каторжандармен тегіс Бекеттерге келіп).
Айында бір айналып
Келгенінде бір тұтқын,
Қашарлықтай күн осы.
І к а т о р ж а н
Қашсын деп - ек тұтқының
Ішіндегі бір жасы...
Ж а с к а т о р ж а н
Алғыс айтам, достарым,
Маған ерік беріп ең,
Есітіп бірақ дастанын
Сахарада сарғайған
Ерін күткен шерлі елдің.
Өзіме тиген ерікті
Еркімменен қиямын,
Бекетке мен жол бердім...
О с и п
Жақсы айтады, байлау сол,
Жолы болсын Бекеттің
Кес шынжырын, жылдам бол!..
Жас тұтқын өзі келіп, Бекеттің шынжырын кесе бастайды.
К а т о р ж а н д а р (Бекетті қоршап тұрып).
Алып бар бізден сәлем кең далаға,
Ерікті қиял еткен ел данаға.
Ұшқындай үміт-қиял каторгіден
Алып бар келер ұрпақ жас балаға.
Ерік деп басы кеткен жау - жалаға,
Қош айтам әке - бауыр, баспанаға,
Тілейміз тан, атсын деп ел басына
Алып бар сол сәлемді кең далаңа.
Б е к е т
Ұмытпа, достық көрдім естен кетпес,
Жауымды таныттыңдар сірә кешпес.
Ер өлсе, егер болар қандар ағар,
Сонда да ер ұланның аттары өшпес.
Ұмытпа кек жолында көзімді аштың,
Сендермен тілеуім бір қарындаспын.
Халық үшін қара үңгірде сендер қалсаң,
Барымды бара сілтеп араластым.
3 е р е
Жат деп ем, жанды қиған достық таптым,
Жақсы ата, үлкен туды сен ұстаттың.
Еліме ерлер жайын баян етіп,
Өлгенше осыныңды ұмытпаспын...
Қоштасып кете беріседі. Қарауылды каторжандар бөгеп қалады. Алғашқы каторжандар қайта өтеді. Барлық тұтқындар бірге әндетеді.
X о р
Шылдыр, шылдыр қу шынжыр...
Тас қапаста ашылмас,
Жан жанады шырақтай,
Қыстың зәрі қайту жоқ,
Барыңды алмай басылмас!
Қиял ғана шарықтай,
Жалғыз жары тұтқынның
Ұйқысын бөліп оятса,
Бір қалыпта тас қамау,
Шылдыр, шылдыр қу шынжыр...
Өте беріседі. Қоңырау.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру