Мазмұнға өту
Home

Тірліктен теріп алғандар

Әлқанұлы Тұрсынқан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тірліктен теріп алғандар

Авторы: Әлқанұлы Тұрсынқан

АНАНЫҢ АРМАНЫ Аласа ғана тақыр төбедегі зираттыққа келгенде, Арман аяғын тік басып тұра алмады. Кесек тастардан қыр шығара жиналған, үстіне əлдеқашан шөп шығып үлгірген ана қабырын құша барып жығылды. – О, қайран анам! Бұл тірлікте тым болмаса бір рет бет көрісіп, дидарыңды көре алмадым-ау?! Оның күңірене шыққан зарлы дауысына тас бауыр қара жер жібіп, меңіреу мола тіл қататын емес. Үнсіз мелшиіп, сұлқ жатыр. Тіпті табиғат та бір сəт тынысынан тоқтағандай тұнжырап, құлазып тұр. Иə, дүниеде анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ қой! Бала үшін бұл тірлікте ананың дидарын бір көруге зар болып өту қаншалық ауыр арман болса, ана үшін баласынан айырылу қаншалық қасыретті десеңізші! Міне, Арман да осы бір ащы қасыреттің қайғылы құшағында жатыр. * Аудан қалашығының үлкен клубында салтанатты сауық кеші думанды түрде өтуде. Шатырлаған шапалақ үні ішінде, алуан түрлі шымылдықтар тартылып, электір шырақтары УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)7-44 Ə 54 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды

Əлқанұлы Тұрсынқан. Ə 54 «Тірліктен теріп алғандар»: Повестер жəне əңгімелер./ Т.Əлқанұлы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 384 бет.

ISBN 978-601-7023-45-4

«Тірліктен теріп алғандар» кітабындағы əңгіме, повестер шынайы, қарапайым өмірге жақындығымен, дəл де нəзік суреттелген кейіпкер бейнелерімен ерекшеленеді. Күнделікті өмірдегі көзге елене бермейтін үйреншікті құбылыстар Тұрсынқан шығармаларында өзгеше қырынан көрініп, мəн-маңызы ашыла түседі. Жазушы прозаның ықшам жанрларының ерекшеліктерін жақсы меңгерген.

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)7-44 ISBN 978-601-7023-45-4 © Дүйсебаев Б., 2012 © Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2012

жайнап тұрған кең сахнаға жылтыраған жылтыр жіптер өткермеленген сусылдаған жібек көйлек киген, алдына құлата тастаған жуан қос бұрымы тірсегін соққан, қыр мұрынды, керме иықты, бұлақ суындай мөлдіреген тұнық жанарлы жас əйел аяғын санап басып, жүрексіне шығып келеді. Қараңғылық үйірілген қарсы алдында анталаған қалың көздер оған қадала қарап қалыпты. Бұл оның бұндай сəнді де үлкен сахнаға тұңғыш рет шығуы еді. Үрей мен ұялу аралас бір түрлі күрделі сезім оны қас қаққанша соғып өтті де, буын-буыны қалтырап сала берді. Міне оркестір де құйқылжи көтеріліп, күңірене басталып кетті. Таныс сарын оны ұйқысынан оятқандай тез сергітіп, анталап келген үрейді əлдеқайда алысқа айдап əкетті. Ол баяу жылжып сахна ортасына қойылған микрофон алдына келді де, көрермендерге ілтипатты тəжім етіп, музыка үніне сəйкесе атақты халық əні «Елім-айды» қалтыраған қайғылы сарын, ерекше бір сезімдік леппен шырқай жөнелді: Қара таудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Туған жерден айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді. Əй, Елім-ай, жерім-ай! Күңіренген оркестр, күркіреген күндей топтық сүйемел, бүкіл əндегі мұңлы сарын бара-бара оны өз құшағына құлата тартып, көңіл аспанына көтеріп əкетті. Ол өзін шырқау көкте ақша бұлтқа мініп, əлем аясында қалықтап жүргендей сезінді де, айналасындағылардың бəрін есінен шығарды. Əн сарыны оны бір түрлі ашты ырғақпен тербей жөнеліп, қиял дүниесін алыс түкпірге қарай жетелей берді. Міне оның көз алдында жан алқымға алған жаугершілік заман, жат ұлттың табанында тапталған туған жердің қасиетті топырағы, жанталасқан қимыл, ары-бері сілтенген ақ сойыл мен бос мойын шоқпарлар, қан майданда қан құшқан ер азамат, атаның баладан, баланың анадан айырылып зар илеген жантүршігерлік сүркей көріністері, берекесі кетіп, «ақ табан шұбырынды» болып, алысқа ауған ел. Құлағында сатырлаған ат дүбірі, ақырған айғай, салған ұран, шыңылдаған сойылшоқпар үндері, ата-ананың бауыр еті баладан, тату жұбайлардың сүйген жарларынан мезгілсіз айырылып, қан жұтқан шерлері, тозған елдің «елім-ай», «жерім-ай» деп, ботадай боздаған қайғылы да қасыретті өксіктері... Біріне-бірі жалғаса тізбектеле өтіп жатыр. Ол осы əнді айтқанда, қалай екені белгісіз қай-қашанда бір өзгеше сезімге бөленетін. Көңіл əлемін лықсыған өксік пен булыққан қайғы-шердің қара тұманы тұмшалап, жүрек түкпірінде көміліп жатқан жан-жарасы жүрегін тырмалай беретін. Жазды күнгі нөсердей шатырлаған шапалақ дауысы мен алғысты алқау үндер көпке дейін толастамады. Өзінің тартымды əншілік өнері, ерекше орындау шеберлігімен көрермен көптің алқауына бөленген əнші бұлықси басып, сахнадан түсіп барады. Бұл кезде өзінің бұлбұл үні мен əншілік өнері арқылы көркемөнер сахнасын дүрілдетіп, жұрт алқауына бөленіп жүрген адам Арманның анасы Айжамал болатын. * Айжамал қазақ сахарасындағы орташа ғана дəулеті бар момын шаруаның басынан құс ұшырмай мəпелеп өсірген, жар дегенде жалғыз қызы еді. Ес біліп, етек жауып бой түзеген кезде тірлік заңы бойынша өлтірісі жүріліп, Қасым атты қарапайым ауыл жігітіне тұрмысқа шықты. Көп өтпей олардың жарасты көңілдерінің айғағы болған шикі өкпе бауыр етке де қолдары жетті. Оған бұлдыр болашақтың үмітіндей Арман деп ардақтап ат қойды. Оның сəби тіліне, былдырлаған бал тіліне мəз болып, тəй-тəйлаған жүрісін көрді. Жыл құстарының сан рет келіп-қайтуымен Арман да шыбықты ат қылып мініп, үй арасында тайраңдай бастады. Бірақ, тасбауыр тағдырдың адамдарды суық құшағында қатты шəйқап, біреуді бақыт шыңына шығарып, енді біреуді

сор құмына айдап жататыны бар емес пе?! 1940-жылдардың соңындағы кесек қоғамдық өзгерістердің аласапыран тасқыны Қытайдағы қазақ даласын көктемгі сеңдей соғып, дауылды күнгі қоғадай жапырып жатқан кез еді. Қарашаның қараңғылық басқан меңіреу бір түнінде Қасымның ауылын жаулар басып қалды да, қайтерлерін білмей сасқан ел жат ел, жат жерді бетке алып, босқын болып шұбыра жөнелді. Бес жасар Арман да сары атанның үстіне құндақталып, ауған елмен бірге шырылдап кете берді... Бұл кезде көрші аудандағы ауылына төркіншілеп кеткен Айжамал қасқыр ұлып, құзғындар сұңқылдаған ауылының орнын сипап, бауыр еті баласы мен сүйген жарынан тірідей айырылып, қанаты сынған қазша жұртта аңырап қала берді. Қатал тағдыр оны алғаш рет қасқа маңдайдан қағып өтіп, жүрегіне өшпейтін жара салды. Ал, туған жер, өскен елінен айырылып, «қайран елім», «туған жұртым» деп зар шегіп, запыран жұтып алысқа ауған ел жат ел топырағына қадам тастап, босқындық, сергелдеңдік тұрмыс ішінде жанталасып жатты. Аяуы жоқ ащы өмір белін бүгіп, еңсесін түсіріп кеткен Айжамалды ұзақ өтпей азаттықтың алтын таңы аймалады. Оның жаралы жүрегінен жарқын үміт ұшқыны жарқ етіп, көңілінің биігіне қонақтады. Сан ғасырдың шыңырауынан жиналып, сан сапардың шыңдауынан өткен Халықтың ұшан теңіз əн-күй өнері Айжамалды үкісі желбіреген бала шағынан бастап ынтықтырып баураған болатын. Өсе келе ауыл арасында халық күйлерін құйқылжыта шертіп, өлең өнерімен мен, мен деген жігіттерді өрелеп кетіп жүретін. Осы өнері Айжамалды азаттықтың алғашқы кезінде-ақ ауыл сахнасынан ауданға, онан аймақ сахнасына бір-ақ көтерді. Халық мұрасы оның он саусағынан сорғалай төгіліп, дəуір əні оның жез таңдайында бұлбұл боп тамылжыды. «Шын берілген көңілдің алып қалары болмайды» дегендей əн-музыка жасампаздығымен айналыса бастап, өнер өріне өршелене құлаш сермеген оның бара-бара творчество төрінен де төбесі көріне бастады. Халық мұрасы мен жасампаздық еңбегі мұңлы көңіліне медеу болған осындай күндерде ол ай сəулесі құйылып, жым-жырт қана мүлгіп тұрған табиғат кештерін жамылып, аулада жүріп, ұзақ-ұзақ ойға кететін. Бұл шақтарда өмірінің асқарындай Арман қайғысы мен сүйген жар сағынышы сəтке болса да үміт елесіне айналып, ана жүрегінің адал сезімі жалындай бұрқ етіп қоздана қалатын. Жүрегін əлде бір сағынышты сезім селі қытықтап, көз алдынан арман елестері тізбектеле өтіп жататын. Белгісіз бір сағыныш жыры көңілінде оянып, арман əні таңдайынан тасып төгілердей лекілдеп келіп қалатын. Өкпе-бауырын суырып алатындай əлде бір қайғылы өксік те жан дүниесін соғып өтетін. Ардақты ұлы Арман мен сүйген жары Қасым күндердің бірінде өзін іздеп келіп қалатындай сезілетін. Алайда, қанша мықты болғанымен де, тағдырдың құрығынан қашып құтылған бар ма?! Оның сан–сапалақ ой-қиялы ақыры осыған кеп тиянақ табатын. Қатал жылдар қадамын жəйімен аударып, жыйырыла жылжи берді. Бір кезде ардақты ана Айжамал дидарын бір көруді қол жетпес биіктей аңсап өткен Арманға міне бүгін жылдар керуенінің таңбасындай сақал-мұрт та əлдеқашан шығып үлгірген. Отан қақпасы сыртқа айқара ашылған шақта туған жеріне туысшылай келіп отыр. Бина терезесінен туған жердің əсем табиғатына құмарлана, ұзақ телміріп тұрған Арман қолындағы нота қағазына жасты көзімен қадала қарады да, дыбыс қабылдағыштың тетігін басты. Мұңлы музыка ғылым тілінің құдыретімен шығандай көтерілді. Бұл анасы Айжамалдың аналық асыл жүрегінен туған көп жылдық көңіл толғанысы, өмірінің соңында көз

майын сарқа жазған «Ананың арманы» атты күй еді. Күй сарыны бірде шапшыған толқынға ұқсап шарықтай көтерілсе, енді бірде жыртқыш түткен жаралы құстай шырылдайды. Бірде көңіл құсы болып көкке құлаш ұрса, бірде сезім семсері болып жарқылдайды. Бірде ана көңілінің ақ тілеуі болып құйқылжыса, енді бірде ана жүрегінің ырғағы болып соғады. Біресе тарыққан көңіл, сағынған сезімнің куəсі болып сыбырласа, тағы бірде асқардай арманның, болашақ үміттің жаршысы болып қанат қағады. Ана күйі Арманның сезім қылын қытықтап, жан дүниесін жалын болып шарпып, өзегін өртеп, кеңсірігін ашытып жіберді. Оның жүрегі төмен тартып, аяғы қалтырап барады. Бұл оның өне бойын ауыр салмақпен жаншыған, ардақты ананың асқардай арманының құдыреті еді. Көзінен жас төгілген Арман қайтадан терезе алдына барып тұрды. Туған жердің салқын самалы оның жүзін ананың алақанындай мейірлене сипап өтті. О, туған жер! Көлін аңсаған сарала қаздай күндіз күлкіні, түнде ұйқыны бұзып, сарғая аңсап келген туған жер! Сенің асыл топырағыңнан айналайын! – деп күбірледі Арман. 1984 жыл БІР ТҮРЛІ АДАМ Газет-журналдарда жəне радио-телевизор секілді үгіт апараттарында «басшылық алқасынан үш түрлі адамды аластау» саясаты үнемі үгіттеліп келе жатса да, өзімнің салақтығымнан ба, жоқ əлде қоғамдық-саяси өмірге онша көп ой бөліп, жінтіктей назар аударып кетпейтіндігімнен бе, əйтеуір, күні бүгінге дейін басшылық алқадан аласталатын «үш түрлі адамның» қандай адамдар екендігін əліге дейін ұққан емеспін. Алайда, осы заводта көптен бері істеп келе жатқандығымнан болар, өзіміздің заводтың бастығына əбден қанықпын. Қашан болмасын өзінің өзгеше мінезімен ол кісі маған «бір түрлі адам» болып көрініп, «бір түрлі адам» болып сезіледі де тұрады. Бұл кісінің əрқандай қызметте айғайсыз жүрмейтіндігі, кішігірім істерде де айғайға үйірлігі заводымыздың ер-əйел, кəрі-жасына көптен-ақ əйгілі. Тіпті семиялықтар бинасындағы естияр балаларға дейін ол кісі келе жатыр десе қарадай қорқып, қалшылдап тұрады. Əйелі мен басқа əйелдер əлдебір кір арзымайтын отбасылық ұсақ істерге бола түс шəйісіп, балаларымен басқа балалар ойнап жүріп қағысып қалса да, ол кісі сол отбасыларға ұялмай-ақ кіріп барып: – Бұның өзі басшылықты басынғандық! Принципті аяқасты етіп, ынтымақты бүлдіргендік. Бұдан кейін аяқтарыңды аңдып басып, көздеріңді ашып жүріңдер! – деген сияқты кесек кесімдер айтып, айбар шегіп, айғайлап шығатын. Бастығымыз сорайған ұзын бойлы, орта жастарға келіп қалса да киім-киіс, жүріс-тұрысқа өте ұқыпты қарайтын адам еді. Киімдеріне дақ түсірмей сəндеп киюді ерекше ұнататын. Жүргенде де денесін тік ұстап, көкірегін керіп, бір түрлі сымбатты да кербез жүріспен жүретін. Дегенмен бет-пішіні онша келісті емес еді. Аласы басым үлкен көздері бір түрлі сұсты ызғармен алақ-жұлақ етіп, еті қалың еріндері тістерін жабусыз ашық тастап, сыртқа қарай дүрдиіп тұратын да, айғайға үйір аузы əрқашан да ашық жүретін... Алғашқы күздің қара суық ызғары жүріп тұрған бір күні ол кісі біздің қырып-жону цехымызға аяқ-астынан келе қалды. Жарма есіктің биік баспалдағында тұрып, əр станокке бірден көз жүгіртіп, бажайлай қарап шықты да, менің жанымдағы көптен бері бүлініп, иесіз тұрған 3-нөмірлі станокке жетіп келіп, шыр айналып тықыршып кетті. Станокті басқарушы жас жігіт келісімен-ақ бүкіл залдағы гүріл үнін баса айғайлай жөнелді: – Не бітіріп жүрген адамсың сен? Машинаны қаңтарып тастап, қайда қаңғырып кеткенсің? Өстіп жүріп міндетті қайтып орындайсың? Дереу барып цех бастығыңды шақырып кел! Сенің осы айдағы еңбек ақың тартылып қалынады.

Жас жұмысшы оған шарасыздығын айтып, шағына тіл қатты: – Тегершіктің білігі сынған еді, қамба басқарушының əкелгені өлшемге толымсыз, жарамсыз материал екен. – Қара мынаның жалақорын! Енді бар пəлені қамба басқарушыға артып, өзің сүттен ақ, судан тұнық болып шыға келмексің ғой, баяғы нем кетті жауапкерсіздік емес пе?! Əйтпесе соны егеп-қырып болса да ілекерлеп сала салсаң болмай ма? Жас жұмысшы да енді əлдебір ыза буғандай сынған білікті қолына алып, қызына сөйледі: – Мынау егеп болса да ілекерлеп сала салатын баланың ойыншығы емес. Көрмейсіз бе, міне, жоғары сортты қоспа материалдан жасалған. Ешкінің құйрығы көкке жетсе де бұндай материал бұл арадан табылмайды. Мені қызметтен қазір-ақ айдап жіберсеңіз де бұған істер шарам жоқ! Жас жұмысшының дауы бастығымыздың жанына ауыр тиген болса керек, ол кісі бұлардың дауына аңтарыла қарап тұрған жұмысшыларға қатулана бұрылып, қос қолын көтерді де: – Тоқтатыңдар машинаны! Дереу жиын ашып, мəселені əл етеміз!– деп айғайлап жіберді. Міне осылайша цехымызда жарым күн жұмыс тоқтап, анау ананы айтып, мынау мынаны айтқан қып-қызыл дау, бітпейтін керіс болды. Мəселе жарамсыз бөлшек əкелген қамба басқарушыдан ба? Жоқ əлде машинасына жауапкерсіз қараған жұмысшыдан ба? Бұл мəселе бəрібір шешілмей қала берді. Біздің бастығымыз міне осындай адам. Бұл кісі «бір түрлі адам» ба? Жоқ əлде, əлгі айтылып жүрген «үш түрлі адамның» біреуі ме? Бұның шешімін саясатқа жүйрік жолдастар айта жатар?! 1984 жылы наурыз айында жазылды АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА Иə, «бала – адамның бауыр еті» деген сөз тым бекер айтылмаған ғой. Жер бетіне пенде болып келген адамның бала сүюді, бала қызығын көріп, артына ұрпақ қалдыруды армандамайтыны болмайды. Адам пендесі қашанда келешек көрер қызығын сол ұрпағына жүктеп, соның бойынан көруді аңсап отырады. Əлде тағдырдың жазмышы солай болар, Жəзира шешей бұл үйге келін болып түскеннен кейін 4-5 жылға дейін бала көтермеді. Өмір өткен сайын жұбайы Нұрман екеуі бала сүйіп, шикі өкпе көруді қаншама аңсады десеңізші! Бірақ, тағдыр ісіне не шара?! Жыл артынан жыл келіп, шұбатыла өтіп жатты. Олардың армандары да күн озған сайын алыстап, бұлдырлана берді. Дəтке қуат іздеп, көрінбеген доғдыр, бармаған аурухана, жасамаған ем-домы қалмады. Өстіп жүргенде бір жылы Жəзира өзінің жүкті екенін сезді. Бұған жүрегі жарыла қуанса да, əлде бір алдамшы сезім болып қала ма деп, бұл қуанышты Нұрманға білдіруге көпке дейін батылдық ете алмай жүрді. Жаз таңы тамылжи сызылып, үй алдындағы бақша құстары енді-енді ұйқыларынан оянғандай, жабыла сайрай бастағанда Нұрманның отбасынан шыр еткен бөбек үні шыға қалды да, дүниеге тағы бір ұрпақ келгенін хабарлағандай таң құшағын тіліп өтіп, алысқа тарап жатты. Ақыры Нұрман мен Жəзираның көп жылдар бойы көздері төрт болып, асыға аңсаған армандарына қолдары жетті. Бара-бара бұл бөбек осы бір аядай үйге таусылмас шаттық пен лəззəт, көтеріңкі күлкі мен қуаныш əкелді. Өзінің сəбилік қылығымен көп жылдар бала деп зарыққан ата-аналарының төбелерін көкке жекізді. Алайда, өмірде бақ пен сор қашанда егіз жүреді. Жақсылық пен жамандық та үнемі жыл құстарынша ауысып отырады. Көп ұзамай тірліктің қатал соққысы Жəзираны қасқа маңдайдан қағып өтіп, жүрегіне шер таңбасын басып, жарым жанын алып кетті. Дəл Бұлбұлқан екі жасқа шығып, үй

ішінде бірде еңбектеп, енді бірде тəлтіректеп жүре бастаған кезде, жұбайы Нұрман бір күні аяқ-астынан ауырды да, мəлімсіз дерттен мезгілсіз көз жұмды. Жылай-жылай көз жасы сарқылған Жəзира қолқа жүрегіне орнаған күйік пен өкінішті ауыр күрсініспен аттандыра берді. Бұл күндері ештемеден хабарсыз сəби Бұлбұлқан оған алданыш жəне медеу болды. Егер осы бір жұдырықтай сəби болмағанда, ол əлдеқашан жынданып кетер ме еді, қайтер еді?! Өмір соққысын ойлап, өзегін қайғы оты шалып өткенде, ол Бұбұлқанын құшырлана бауырына басып, оны ұзақ аймалап сүйетін де, көз жасын еріксіз ішке жұта беретін. Ауыр күндер міне осылайша табанын жайымен аудара берді. Бірер жылдан соң оған сөз салушылар да болды. Басқа салғаннан кейін адам баласының көрмейтіні, көмпіс болып көтермейтіні болмайды екен. Алғашында асау аттай алып қашып, ыңыршағын мойнына ала тулағанымен де, жүре келе бұндай сөздерге де құлағы үйірлесті. Жасы келіп, жұбына жетіп отырмағаннан соң оның тірлікте сүйеніш болатын біреудің етегінен ұстауына да болатын еді. Ойына оқыстан бұндай сезімдер орала қалғанда, Бұлбұлқанға бір қарасаақ болғаны, ондай сезімдер өрістемей өшіп жоғалатын да, оның сəбилік нұр ескен мөлдір көзіне қарап, ұзақ отырып қалатын. Жат босаға мен өгей əке алдында оны қайтып жаутаңдатып қоямын дегенді ойлайтын да, көз жасы бейне жібінен үзілген маржандай домалай жөнелетін. Ұзақ өтпей өмірдің ауыртпалығын баласына деген аналық махаббаты мен сүйіспеншілігі жеңген ана бар махаббаты мен тірлік қызығын баласына арнауға белін бекем байлады. Жылдар жылыстай жылжып, ұстатпай ұзай берді. Міне Жəзира ақыры Бұлбұлқанды жетелеп мектепке апарды. Бетінен ұзақ сүйіп, мұғаліміне қайта-қайта қадағалай тапсырды. Өзі теңдес балалар арасында тайраң қағып, асыр салып жүрген оған бейне бір айырылмас асыл құсы алысқа ұшып бара жатқандай қимастықпен ұзақ қарап тұрып қалды. Үйге келген соң да бір отырып, бір тұрып, орнығып отыра алмады. Қашан балалар оқудан тарағанша бұл дүниеде жападанжалғыз қалғандай қоңылтақси берді. Өмірде алғаш рет ауыр да азапты жалғызсырау сезімін басынан өткізді. Жылдар жылыстай жылжып, ұстатпай ұзай берді. Жыл өткен сайын Бұлбұлқан да бой жетіп, толыса түсті. Алайда, ол Жəзираға əлі де тұлымы желбіреген сəби баладай көрінетін де, оны бауырына басып, құшырлана сүйсе, көңілі көтеріліп, бір жасап қалатын. Міне Бұлбұлқан да орталау мектепті тауысқаннан кейін орта техникумға емтиқан беріп, облыс орталығына оқуға аттанатын болды. – Бұлбұлымды өз қасымнан ешқайда шығармаймын, оқып кəдір болмаса да көз алдымда жүргені артық,–деп Жəзира шешей алғашында бұлан-талан болғанымен де, туыс-туған, көңіл жетерлер ақыл айта жүріп, ақыры көндірді. Оған да көнбес еді, Бұлбұлқанның «оқимын» деген жалғыз ауыз тілегі таудан да ауыр тиді. Сонымен көз жасын көлдете жүріп, оны оқуына аттандырып салды. Бұлбұлқан оқуға кеткен алғашқы бір маусым Жəзира шешейге ғасыр өткендей өте ұзақ сезілді. Ол əркүні кешке жақын ауыл жанындағы жотаға шығып, күре жолға телміре ұзақ қарап тұратын. Тіпті аудандық қаладан бірер аттылы не арбалы, немесе машинамен адам келсе, оған екі өкпесін қолына ала жүгіріп баратын да, келген адамдарға жаутаңдай қарап, мұңая үйіне қайтатын. Бұлбұлқан тарауға жақын қалды деп хат жазған сайын ары өткен, бері өткендерден: – Қарағым, біздің Бұлбұлдар оқудан тарап па?– деп жан алқымға алып, жалпылдай сұрап жататын. Жылдар жылыстай жылжып, ұстатпай ұзай берді. Бұлбұлқан да екі жылдық оқуын ақыры тауысты. Əлдебір жасырын ойды ішіне бүккен ол сүйген жігітінің əкесінің көмегімен аудан қалашығына қызметке орналасып қалды. Бұл кезде Жəзира шешей: – Баламды өз қасыма жіберіңдер! – деп аудандық үкіметке көп рет барса да, ол арадағылардың: – Сіз тұрған жерде балаңыз істейтін кəсіп жоқ. Оның үстіне балаңыз да қалада қызмет істеуді қатты талап етеді,– деген жауаптарымен мүсеурей қайтып отырды.

Осылай болса да Бұлбұлқан апта сайын үйіне барып, шешесіне көрініп, көмектесіп қайтатын болды да, Жəзира шешей бұған да шүкіршілік етті. Кей жексенбілерде Бұлбұлқан əлдебір жұмыстармен айналысып, апасының жанына бара алмай қалатын болса, Жəзира шешей бірнеше шақырым шалғайдағы аудан қалашығына жаяу келіп, оған қолындағы бəр тəтті-дəмділерін апарып беретін-де, қызының жүзіне бүгін ғана көріп отырғандай ұзақ қарап отыратын. Бұлбұлқан қанша айтса да апасына бұл əдетін қойдыра алмай-ақ қойды. Ол үйіне бара алмай қалған шақтары шешесі табанынан тозып келе берді. Бұлбұлқан үйіне бара алмай қалған жəне бір жексенбі күні Жəзира шешей Бұлбұлқанның жатағына қаннен-қаперсіз кіріп келді де, есік көзінде сілейіп тұрып қалды. Оның қарсы алдында бейтаныс бір жас жігіт Бұлбұлқанды бауырына басып, тас қылып құшақтап отырған еді. 1984 жылы желтоқсан айында жазылды ОНЫҢ ОЙЫНДА Екі қолын артына айқастыра ұстаған, аласа бойлы, ай-күні толған əйелдің құрсағындай жуан қарны бар, екі беті шар табақтай Əмірбек көше шетінде ыңқылдай басып, мамырлап келеді. Ары-бері қайшыласа өтіп жатқан жүргіншілерге, тіпті өзіне сəлем беруге ұмсынған адамдарға мойын бұрып қарар емес. Екі көзін аяғының ұшынан алмай, жан дүниесін мазалаған ащы ойдың құрсауында келе жатса да, ежелден бері мансаптық салауатқа дағдыланған маңғаз жүрісінен жаңылған жоқ. Ой-қиялы əлгіндегі жиында оқылған жаңа құжат пен партком хатшысы қойған тың талаптарда. «Кадрлар қосынын жастандыру, білімдендіру, төңкерісшілдендіру» деген үндеулер санасынан өшпестей орын алған. Иə, деп ойлады ол, өмірімде мектеп есігін бір күн де аттап көрмесем де, құдайға шүкір, азаттықтың алғашқы кезінде əскери қосында сауат аштым. Бұны аз дегенде кейін келе талай рет аймақ, автоном тіпті орталықтарда ашылған саяси үйренулерге қатынастым. Астанаға, мемлекет басшыларының жанына барып үйренген адамды кім білімсіз дей алар?! Ал, төңкерісшілдікке келсек, сонау коллективтесу қозғалысының алғашқы кезінде-ақ аудан бойынша белсенді болдым. «Оңшылдарға қарсы тұру» күресінде мұқым коммунаны шырқ үйірдім. «Мəдениет төңкерісі» кезінде мұқым ауданға атағым жайылды. Сірə, осы күнгі аудандық партком мен аудандық үкіметтегі басшы кадрлар ішінде менен асқан төңкерісшілдер болмаса керек. Ал, осы жас құрғыры қалай болар екен? Бұнысы бір қолдан келмес қиын шарт болғалы тұр-ау! Жастарға сеніп, мансап беруге бола ма? – деп оның ойы асу бермес үлкен аңғарға түскендей болды да, сұқ саусағымен малақайын көтеріп, шашының арасын тырналай берді. Былтыр екі дəреже айлық алу əнкетін толтырғанда 55 жастамын деп тізімдеткен едім. Қап, əттеген-ай, бұндай боларын білсем, не болсада 10 жасты бір-ақ жасырып, 45-темін деп жазғыза салған болар едім

ғой! Əй, қу сорым! Осы Құдайдың күнін айға бөліп, жылға тізіп жүруді қандай тақуа ойлап шығарды екен деші?! Онсызда адамдар жер бетінде тірлік етіп, өздерінше жасай бермес пе еді! Осындай қалың ойдың қамауында келе жатқанда, оны біреу иығынан жұлқып қалды. – Ой, мынау Əмірбек əкім ғой, неғып иығың түсіп, сүрепетің кетіп қалған? Жоқ əлде, қызғыш болып қоритын мансабыңа бір тықыр таянып қалған ба? Қан көшеде жағасынан алғандай болып, омалып келе жатқан ойын бөлгені үшін Əмірбек оған ойып жіберердей одырая қарады. Бұл оның бес жылдың алдында зейнеткерлікке шығып кеткен Тоқтасын атты құрдасы еді. Таяу жылдардан бері онымен қалжыңдасудан қашқалақтайтын болып қалса да, кезіге қалғанда шарасыз жарбаңдаса қалатын. Дəл бүгін көңіл аспаны мұнарланып, сіркесі су көтермей тұрғандықтан қышыған жерін тап басқан оған ауыз ашып, қару қайтара алмады. Бірақ, Тоқтасын қоятын емес: – Екеуіміздің əкелеріміз саған Əмірбек, маған Тоқтасын деп ат қойғанда тектен-текке қоя салмаған сияқты ғой, сені əмірден тоқтасын деген өсиеттері екен емес пе, жылымыз тышқан, биыл міне 63-тен асып барамыз. Қатты ауырып тұрған жерін аямай шымшып алғандай болған оның бұл ашты əзіліне жарылып кете жаздаған Əмірбек айналасына сақсына қараған еді, маңайындағылардың бəрі оны мазақ еткендей қысыла күлісіп тұр екен. Тоқтасынға сені ме бəлем дегендей бір ерекше қырмен қарады да, бұрылып жүріп кетті. Ол арада қалғандар артынан қарқылдап, сықылдап деген секілді алуан əуенмен күлісіп жатыр. Осы қазақтың құрдаспен ойнайтын əдеті құрысын деп ойлады былай шыға бере Əмірбек, əй, жастықтың алды-артты ойлатпайтын албырт қызушылығы-ай десеңші! Бір кезде оны өзім де қалжыңға үйір қылып алдым-ау! Енді міне оның жүрген жерінде менің жасымды қуып, жылымды қайырып жүргені. Менің жасыма несі күйіп кетті екен деші?! Баяғы көре алмастықтың күндестігі ғой! Дəл осы араға келгенде Əмірбек Тоқтасынды ұрып жығатын мықты дəлел тапқандай басын көңілдене көтеріп, қарсы кезіккен біреулерге иегін изеп, күлімсіреп қойды да, көңіл дүниесін жаңа бір соныға салып тарта берді. Осы таяудан бері елдің бəрі менің жасыма неғып ауыздарының суы құрып қызыға қалды? Жоқ əлде, осы мəнсапты менен тартып алғысы келіп жүргендер бар ма? Құдай сақтасын, одан айырылу бастағы бақты, ыдыстағы асты алысқа тепкендік болмай ма? Енді оның басымдағы баянының бірден бір кілті жасым жазылып, тарихым түскен барлық қағаздарда қалып отыр-ау, əттең, біткен архивты қолға түсіріп, онда жазылған жастың бəрін өзгертіп жіберер ме еді?! Оның есіне архив бөлмесінде тұратын болат сандықтар түсе қалды да, басы айналып, көзі шұбартып, денесі теңселіп кетті. Ми шарында 45-55 деген арап сандары жəне архив үйіндегі болат сандықтар алма кезек айнала берді. 1984 жылы ақпан айының 18-күні жазылды ӨЗ ПІКІРІНДЕ ҚАЛУ Біздің мекемеде сөйлер болса сөздің түбін түсіретін Сағындық атты бір қарт қызметкер бар еді. Үлкен-кіші отырыстарда немесе екі адамның басы қосыла қалған жерлерде келсе-келмес көпіріп, жер-суға симай мақтанып отыратын. Тіпті мекемеде өтетін əдеттегі жиындарда да көпшілікке оңайлықпен сөз кезегін бере қоймаушы еді. Сырын білетіндер оны мазақ етіп, қайдағы-жайдағыларды есіне салып, жетектеп отырса, мұрнын тескен тайлақтай елпілдеп кететін. Бір күні мекемемізде аудандық үкіметтің ұқтыруы бойынша жоғары дəрежелі орынға «озат қызметкер» сайлап беру жиыны ашылды. Алғашында бірталай уақыт үнсіздікпен өтетін бұндай жиынның бара-бара өз-өзінен қызып сала беретін əдеті ғой, анау мынаны айтып, мынау ананы көрсетіп, ең соңында көпшіліктің пікір түйіні жас қызметкер

Оралжанға шоғырлана берді. Өйткені кімнің қандай қызмет істеп жүгені бір мекемеде бірге өмір кешіп жатқан адамдарға саусақтың саласындай өте айқын емес пе?! Бір кезде жұрт пікірі бірлікке келіп, ел жиыннан тарауға асыға бастағанда, көптен үнсіз отырған Сағындық екі қолын көтеріп: – Тоқта, тоқта! – деп орнынан ұшып тұрды да, алқына сөйлей жөнелді, – «сабыр түбі – сары алтын» деген, жолдастар, озат қызметкер əзірлеуге тиісті шарттарды бағанадан бері көңіл қоя бірнеше рет оқып шықтым. Ойлап отырсам, бұл шарттар маған бүкілдей ылайық келеді екен. Əлгіден бері көпшілік Оралжанды атап жатырсыңдар, шынында, ол да жаман істеп жүрген бала емес. Дегенмен, көпшілік кеше ғана қызметке шығып, белінен бесік табы, аузынан ана сүті кетпеген баланы менімен салыстырып байқар болсаңдар, менің еңбегім тау мая болғанда, оныкі кішкене ғана шөмеле емес пе. Оралжан ғой бір жас бала. Қызмет істегеніне оншалық ұзақ уақыт бола қойғаны жоқ. Ал, менің қызметке шыққаныма биыл тұп-тура 28 жыл болады. Осы 28 жылдан бері халық үшін тер төгіп келемін. Кейбіреулер мені сыртымнан ана жаман, мына жаман деседі екен. «Жаманды жақсы десе жалпаяды» деп жаңа Нұржамал да жақсы айтты. Шынына келгенде, осы жамандығым мен жуастығымнан басқа мінім жоқ. Сондықтан осы реткі озаттыққа менен басқа лайық келетін ешкім жоқ. Жастар əзірше тұра тұрсын, өйткені олар қарттарға жол беруге тиіс. Оларға бұдан кейін де сан рет кезек келмей ме?! Оның үстіне атақ пен абыройға таласып, қарттармен бəсекеге түсу жастарға ешқандай абырой əкелмейді. Сол үшін көпшіліктің қайта бастан талқылап көрулерін сұраймын. Егер менің сөзім ескерілмей қалады екен, онда ауданға немесе одан да жоғары орындарға арыз беремін. Өйткені менің өз пікірімде қалу құқығым бар. Ол сөйлеп болғанда жиын майданы бір мезет тым-тырыс бола қалды да, бара-бара əр-əр жерден гүбірлескен үндер мен сықылықтаған күлкі үндері шыға бастады. Жиын басқарушы орнынан тұрып: – Сағындық жолдас өз пікірін айтты ғой, кəне, онда қайтадан талқылап жатпай-ақ қол көтеріп дауысқа салсақ қайтеді?– деді көпшілікке қарап. Нəтижеде жиынға қатынасқан 27 адамның 24-інің Оралжанға, 3-еуінің Сағындыққа дауыс беруімен жиын аяқтады. Жиын аяқтап, ел тарап бара жатқанда жанымда отырған жолдасым құлағыма ақырын ғана: – Байқадың ба, Жарқын, жастар үшін үлкен оралғы, шырматылған шырмауық қой мына кісі, «Сақалын сатқан кəріден, еңбегін сатқан бала артық» дегенді кімнің айтқандығын білесің бе? – деді сыбырлап. Бұл сөзді естіген мен жиын майданынан шыққанша сықылықтап күле бердім. 1985 жылы қазан айында жазылды ЖАНЖАЛ Ұясына қонуға бейімделіп бара жатқан алтын күн жота төбесінен иегін арта қарап тұрған алакеуім кешкі шақ. Сай ішіндегі шаңы шығып жатқан борпылдақ арба жолмен екі қолын артына кезек сермеп, ашулы Шекен алыпұшып келеді. Ол бірде адымын алысқа тастап созыла жүрсе, енді бірде жаяу бүлкекке түседі. Анда-санда əлдебіреу қуалап келе жатқандай арт жағына жалтақжалтақ етіп, жасқана қарап қояды. Алғашқы көктемнің жанды жадыратып, рухты серпілтер жанға жəйлі кешкі самалы, енді-енді құлақтарын қылтита бастаған балауса көктер мен тастақты жота бетін сыпыра жауып тұрған ақ-сарысы аралас əдемі жауқазын гүлдері, кешкі самалмен бірге көтерілген кеңсірікті жарар жусан иісі, батар күннің соңғы нұрымен таласа шырқау биікке көтеріліп, тамылжыта, құйқылжыта сайраған дала жыршысы – бозторғай əні... Осының бəрі оның назарын аударып, көңілін бұратын емес. Май дақтары сіңіп, түймелері үзілген көк пенжегінің

желкесінен жұлынып, кеудесіне құлаған жағасы екі етегімен бірге екі жаққа салп-салп етеді. Май-май болған күректей алақанымен бет-аузын жапқан терін анда-санда сыпырып алады. Бұл кезде ақша беті мен қырлы мұрнының үстіне сойдақтаған қара дақ қалса, самайынан тер аралас аққан жылымшы қаннан алақанына қызғылтым қан таңбасы түседі. Бірінен-бірі қабындап, бірінен-бірі асып барып жығылып жатқан ашу мен ыза ми шарына тоқтаусыз кіріп, тасқындай құйылады... Биылғы қыс қар недəуір қалың түсті де, қыс соңы ұзаққа созылды. Алғашқы көктемнің өзі қатты қара суық болды. Оның үстіне бірнеше рет қар аралас жаңбыр жауып, терістіктен алай-дүлей боран тұрды. Осыдан барып қыстай мұз кеулеп жатқан егістік бұл күндерге дейін дегди қоймай, батпақ болып жатып алды да, егіс кезі күн өткен сайын ұзап барады. Диқандар жөнінен айтқанда, егіс уақытының бір күні бір кесек алтын емес пе?! Осыны ойлаған шаруақор жандар жер жырту уақыты ұзарған сайын тағатсызданбай қалай тұра алсын! Осыған ілесе ала қыстай тракторын күтіп, оны қайта-қайта жөндеп, зар күйіне келтіріп қойған Шекеннің де егістікке бұлық қойылуының созылуына байланысты сабыры таусылып, кеңірдегінен түйір дəн өтпеуге айналып барады. Тай қазан тұсында 1970-жылдардың соңына таман əтіретке бөліс етілген «Шығыс қызарды» маркалы 75 ат күшіне ие осы бір жыланбауыр тракторды 2 жылдың алдында Шекен жекелігіне сатып алған болатын. Коллектив кезінің өзіндеақ күтімінің аздығынан сыны кетіп шарқыш болуға айналған бұл трактордың екі күннің бірінде шағылып, қирап жататын ұзақтан бергі дағдысы еді. Былтыр оны жекелігіне сатып ала салып, көктем егісіне шыққан Шекеннің жолы болмағанды. Бірер күн əйтіп-бөйтіп ілекерлеп жүргенсымақ болған оның үшінші күнге жетпей, қолқа жүрегіндегі əлдебір бөлшектері шайнасып қалды да, егіс аяқтағанша өзгелерді тамашалағандай қаңқиып қарап тұрды. Осыдан барып басқа жерлерден андағайлап келген тракторшылар Шекеннің қалтасына түсуге тиісті мұқым бір қыстақтың «жер жырту ақысын» бөлісіп алып жөндеріне кетті. Бұған Шекеннің іші қара қазандай қайнағаннан басқа не амалы болсын! Ал, оның қыруар ақшаға қарызданып жүріп алған бұл «жануары» 360 күн өстіп қаңқиып тұра берсе, əркім өз қамын күйіттеп кеткен бұл заманда Шекеннің басынан «мына бейшараға обал болған екен» деп кім сипай қоймақ?! Осылай кете берсе, ол елден алған қарызын қайтарғанды қойып, енді бірер жыл өткеннен кейін барлық мал-мүлкінен жұрдай болып, қос қолын танауына тығып шыға берер əуелі! Осыны ойлаған Шекен қаншалық шығындалғанына қарамай қыс басында тракторын аудан қалашығына апарып, күрделі жөндеу жасатты. Қайтып оралғаннан кейін де бейне бір бəйгеге қосар атын баптап жүрген атбегідей ала қыстай оны айналсоқтап, ана-мынасын сүртіп-тазалап, шұқылаудан шыға алмады. Осымен бірге ол өзімен құдандалы болып келетін қыстақ бастығын бірнеше рет қонақ қылып, ет пен арағын кеңірдегіне тыға жүріп, əйтеуір, одан: – Көктем өндірісі кезінде басқа жақтан трактор шақырмаймын! – деген ант алып тынды. Егер биыл да былтырғы сияқты бұл қыстақтың алақандай егістік жеріне жан-жақтан қалың трактор қаптап кетер болса, Шекеннің бір жылдан бері бас қатыра жасаған «қазына меже есебінің» берекесі қашып кеткен болар еді. Дегенмен көпті көріп, əбден табаны майдаланып кеткен қыстақ бастығы: – Көңіліңе қарап, осы бір тілегіңді берейін, бірақ, бір аптаға жетпей тракторың тағы да шағылып қалар болса, онда маған өкпелеуші болма, онда ауданның біткен тракторын осы араға бір-ақ қаптататын боламын,– деп кесетіп те қойды. Обалы кəнеки, осылай деп Шекенге сес көрсетіп қойғанымен де қыстақ бастығы Шегенге берген уəдесін орындауы орындап шықты. Қыстақтағы əрбір үйге отбасы сайын кіре жүріп: – Биыл жерімізді өзіміздің Шекеннің тракторымен жыртайық,– деп диқандарды үгіттеп, оларды өз сөзіне көндіріп алды. Бұған бір жағынан Шекеннің «Жер жырту

ақысын» қолма-қол алмай, күзгі өнім жиналған соң бірақ алатыны да себепші болды. Осыдан барып егіс уақыты таяған сайын диқандар Шекен мен оның тракторына үмітті көзбен қарайтын болды. «Жұт – жеті ағайынды» деген осы-ау, тек осы азғантай ғана жерлеріне қарап, бар үміттерін осы жылғы егіннен алынатын өнімге ғана байлап отырған жандардың бір жылдық жан бағар табыстарына таласқандай алғаш бұлық қойылғаннан бастап, бірнеше тəулік бойы қатты жел мен құрғақ аңызғақ аңырап тұрып алды да, бүкіл егістікке құрғап кету қаупі төне бастады. Осыдан барып егістігіне əлі бұлық тісі тимеген диқандардың сабыр-тақаттары күн өткен сайын жеміріліп барады. Əйтеуір, сəтіне баққанда, Шекеннің тракторының жүрісінен қазірге дейін мəселе шыға қоймады. Оның өзі де жүдеп-жадап, арып-шаршағанына қарамай, күндіз-түні көмекші шоферінің қасында болып, бас-аяғы 4-5 күннің ішінде қыстақ егістігінің жарымына таяуын еңсеріп тастады да, шаруалар көңіліне тоқтық əкеліп, шүкіршілік ұялатты. Жұрт іші емес пе, есепқұмар біреулер топты жерлерде немесе екі адамның басы қосыла қалған кездері Шекеннің биылғы жылы тракторымен табар кірімін есептеп, шотқа сала жүруді де естерінен шығара қоймады. Осылайша жалпақ егістіктің бір шетінен қуа тиіскен Шекен бүгін күн бата Ғалымбектің атызына келіп тап салып шыққаннан кейін, тұңғыш рет өзіне бар үміттерін артып, телміре көз тігіп жүрген көп көзді алақандай етіп, уақсызуақта тоқтай қалды. Тракторын ары шұқылап, бері шұқылап, астына кіріп, үстіне шығып, көп тексерген Шекен мотордағы бір білік шəрігінің əбден қажалып, сынуға таяғандығын, енді бірер сағат жүрер болса, машинаның бүтіндей керектен шығатындығын айтып, көмекші шоферін атқа мінгізіп, аудандық қалаға сайман əкелуге енді ғана аттандырып тұр еді, қыстақ бойынша «бесті қырт» дейтін жанама аты бар, Ғалымбектің үлкен ағасы Нəзілбек келе қалды да, Шекеннің трактор жəйін қаншалық түсіндіргендігін ұқпастан: – Бүгін түнімен не қылсаң да Ғалымбектің жерін айдап бер! – деп Шекеннің соңынан қалмай, оны майлы ішекше айналдырып алды. Оған ары айтып, бері айтып, ештемені ұғындыра алмаған Шекеннің ызасы келіп: – Ұқсаң ұқ, ұқпасаң қой, ағайын, ауданнан сайман келгенше тракторды жүргізе алмайды екенмін,– деп кəбенке есігін тарс еткізе жауып, бұрылып жүре бергенде Нəзілбек: – О, əкеңнің! Бүкіл қыстақтың жерін айдап болғанша, шағылғырың шағылмайды деген сөзің қайда?! Иттің ғана баласы сол! Енді жол ортадан қайдан трактор іздейміз? Мына аңыраған аңызғақта жеріміз құрғап кететін болды ғой, бүгін қайтсең де шағылғырыңды жүргізесің! Əйтпесе, бұныңды от қойып өртеп жіберемін! – деп Шекеннің жағасына жармасқанда, оның жағасы дар етіп айырылып, еңсеріліп түсті. Осыдан кейін-ақ сарт-сұрт төбелес басталды да кетті. Бір кезде Шекен Нəзілбекті алып ұрып астына басқанда: – Ойбай-ай, ойбай! Өлтірді ғой мына иттің баласы! Қайдасыңдар, Ғалымбек, Жалынбек! – деген Нəзілбектің ащы айғайы басылмай-ақ бағанадан бері үнсіз сазарып, жанжалға жайбарақат қарап тұрған Нəзілбектің екі інісі: – Тападай-тал түсте кімді басынасың-ей, сен?!– деп Шекенді кергілеп ала жөнелді де, маңайдағы адамдар жетіп үлгіргенше, Шекенді келістіріп отырып сабап тынды. Ал, Шекеннің ашуы қаншалық асып-тасығанымен де жалғыз өзі «көпке топырақ шаша алмады» да, 5-6 шақырым қашықтықтағы ауылға қарай қаша жөнелді. Оның бағанағы ғажайып жүрісі міне осыдан кейін болған еді. Бір кезде ол Нəзілбектің өзіне неліктен қырын келе қалғандығының себебін де ойлап-ойлап тапқандай болды. Екі жылдың алдында Шекен тракторды жекелігіне сатып алғалы жүргенде, осы Нəзілбек: – Екеуміз ортақ болайық, менің үшінші інім Жалынбек те бұрын трактор айдаған ғой, – деп бірнеше рет қолқа салып, көп өтінген болатын. Сонда Шекен ары ойлап, бері ойлап, өздерінің «бесті қырт», «дөнен қырт», «құнан қырт» деген жанама аттары бар, əрі ел-жұртпен шығысымдылықтары аз

олармен ортақтасқысы келмеген болатын. Нəзілбектің осыны кеудесіне шемен етіп, бір бармағын ішіне бүгіп жүрерін кім білген?! Оның үстіне 6-7 күннен бері тракторым үзіліссіз жүріп, аударылған топырақпен бірге қалтама түсер кірімнің де барған сайын молайып бара жатқанын көрген Нəзілбектің көкірегін қызғаныш оты өртеп, күндестіктің ақ сайтаны екі бүйірінен түрткілеп, қасақана жанжал шығарған болды ғой, деп ойлады Шекен ауылға таяп қалғанда. Міне менің сіздерге əңгімелеп бермек болған жанжалымның жəйі осылай еді. Ал, іздеген бөлшегі табылып, тракторы түзелгеннен кейін Шекен оны жүргізе ме, жоқ па? Бұған автордың өзі де бірдеме деп анық кесім айта алмайды. Тек саналы оқырманның тайқазан тұсы мен көтереге беру кезін салыстырып көрер болса, бұның жауабын қиналмай-ақ тауып алатындығына кəміл сенеді.

1985 жылы мамыр айында жазылды БАСПАЛДАҚТА Жан-жағын қалың əйел қаумалап, екі қолтығынан екі келіншек ақырын ғана сүйемелдеп келе жатқан Гүлиза отбасындағылар бинасының екінші қабатына шығаратын баспалдақты аттай бере кеудесіне ұялаған күйініш жалынын сыртқа шығарғандай қатты бір өксіп қалды да, бұрын бастан кешпеген таңдану мен өкіну аралас бір түрлі ғажайып сезімге бөленді. Буын-буыны да қалтырап сала берді... Иə, деп ойлады ол екі аяғын біріне-бірі жалғасып, жоғары көтеріліп жатқан баспалдақтар тізбегіне кезек ауыстырып келе жатып, мен үшін тағы да бір тың тірліктің шымылдығы түріліп келеді. Əдетте көп айтыла беретін «Жат босағаны аттау» дегені осы ма еді?! Бүгіннен бастап мен де жаңа өмірдің биік баспалдағына шығып барамын-ау! Бұрын ойламаған екенмін, қыз баланың тұрмысқа шығып, ұзатылуы деген жаңа бір өмірге көшу екен ғой, хош енді, маңдайыма қақпай мəпелеп өсірген ата-анам мен мамық бесігінде тербеткен алтын ұям! О, қайран, ата-анам, етбауыр туыстарым! Мені əлпештеп-аялап, ақ сүті мен ақ батасын беріп, 20 жыл бағып-қаққан едіңдер-ау! Жат жұрттыққа жаралған ғазиз басым, неге ғана қыз болып тудым екен деші?! Бұл жалғанда қыз баладай дəрменсіз жан бар ма?! Оның көңіл-күйі мен қуаныш-қайғысын кім түсінер?! Осылайша екі оттың ортасында өртеніп өлеміз бе?! Ол неге ашуланады? Маған неге ренжиді? Өмір, өмір, енді маған нендей сыбаға тартар екенсің?!.. Ойы осы араға келгенде, əлгінде ғана шешесінің өзін қатты құшақтап, əлде бір зарлы сарын, қатты өксікпен дауыс айтып қоштасқаны, əкесінің өзін бауырына басып, маңдайынан құшырлана йіскегенде əжім айғыздаған жүзінен домалаған көз жастары жүрегіне қорғасын оқтай қадалғаны, ағасының кеңкілдеп жылап, жеңгесінің ботадай боздағаны, бауырларының етегінен тартып, білегіне оралғаны... Бəрібəрі көз алдынан тізбекті телевизор театріндей шұбап өте берді де, бір түрлі суық ағын денесін аралай жөнеліп, кеңсірігі удай ашып, көз жастары төгіліп-төгіліп кетті. Біздің қазақтың қыз ұзату салты да бір түрлі оғаш екенау! деп ойлады ол тағы да, қызды ұзатқанда шешесі мен жеңгесінің дауыс айтып қоштасатындығы, туыс-туғандарының жабыла жылайтындығы несі екен? Басқа ұлттар секілді дұмбақтарын ұрып, даптарын шалып, сыбызғыларын тартып, қағаз оқтарын атып, мəре-сəре би билеп, сырнайлатып, думандатып шығарып салса болмас па еді?!.. Кенет шілденің шіліңгір ыстығында аяқ-астынан құйып өткен нөсердей оның басына əлдебірдемелер жауа жөнелді де, ол еріксіз басын көтеріп, алдына қарады. Қарсы алдындағы кішкене ғана каридорда қолына гүлді табақ ұстаған ақ самайлы ана мəз бола күліп тұр. Иə, бұл ақтілектің шашуы, құтты қадамның ақсарбасы болатын. Осы кезде Гүлизаның көзі шашу теріп жатқан балалар мен əйелдердің артында өзіне күле қарап тұрған орта жастардағы адамның қуаныштың нұрын төккен жанарымен түйілісе қалды да,

əлде неден қатты қымсынып, ұяла төмен қарай берді. Бұл адам кеше ғана олардың үйіне бас құда болып барған еді. Ертеңінде таңертең күйеу жігіт пен жолдасы көршілерінің үйінде Гүлизамен оңаша кезігуді талап етті. Бұрын өзін көргенде көктем күніндей күлімдеп, əлде бір құмарлықпен оның жүзіне тоймағандай мейірлене қарайтын болашақ жарының жанарынан біртүрлі реніш пен кірбеңдік ұшқыны шашырап, олар оны салқын ғана қарсы алды. Сөйтсе, істің жөні былай екен: қоржын сөгіліп, жол-жоралғылар көрсетілгеннен кейін Гүлизаның отбасы мен туыс-туғандары, құдалар мен құдағиларға үлкен дау көтеріпті: – Əкеліңдер деген үш мың юан ақшаның бір мың юаны кем, онбір адамның киіті олқы, дыбыс алғыштың үшеуі де сапасыз, тойлық малдарың да жарамсыз. Егер түске дейін осы айтылғандарды толықтап əкелмесеңдер, қоржындарыңды мойындарыңа салып қайтадан қайтыңдар! Біздің сендерге тегін беретін қызымыз жоқ! – деп кесім жасапты. Тіпті бас құданы сабарманға айналып, жан алқымға алыпты. Сонымен жігіттің əкесі кешеден бері мекеме-мекемені кезіп, қарыз ақша сұрап жүріпті. Осыларды баяндай келіп, сүйген жігіті өзінің экономикалық жақтағы дəрменсіздігі мен əлсіздігіне намыстанғандай екі беті нарттай болып қызарып, қатты ширығып кетті де: – Үйімдегі бар дүниемді сатсам да, осы айтқандарын əкеліп бермесем, əкемнен тумай кетейін! Əйтпесе, ертең барып «некелену куəлігін» қайтарып береміз! – деп Гүлизаның сөзін де тоспастан есіктен шыға жөнелді. Не істердің жөнін таба алмаған Гүлиза біреу төбесіне бір шелек суық суды құйып жібергендей меңірейіп отырды да қалды. Міне осы жəйлар өне бойын тоқ соққандай шымырлатып, жүрегіне діріл ұласқан Гүлиза жат босағаның табалдырығын аттай бере сүрініп кетіп, қайта оңалғанша, болашақ енесі оны қапсыра құшақтап, маңдайынан сүйіп жатты. 1987 жылы қараша айында жазылды САЛМАҚТЫ СƏЛЕМ – Ассалаумағаликөм! Бейтаныс адамның дауысын көтере, созбақтата берген сəлемінен əлдебір кітапті құныға оқып, кəперсіз отырған Мұрат селк ете түсті де, орнынан дереу тұрып, ол кісімен ықыласты сəлемдесті. Келген адам Мұраттан үй-іші, балашаға, тіпті мал-жанының амандығына дейін қазбалай сұрады да, еңсесін көтеріп, төр алдына іркіліссіз тарта берді. Ат жақтылау келген, қызыл шырайлы, екі көзі ойнақшыған, елудің ішін еркін аралап кеткен бұл адамды Мұрат бір-екі жол сырттай көргендей болса да, бірақ, қашан, қай арада көргенін қапелімде анық есіне түсіре алмады. – Қалай, денсаулығың жақсы ма, шырағым? Шешең əлі де мықты шығар? – Төр алдына малдасын құрып, жəйланып отырған қонақ қайталай амандық сұрап, жақындық танытып отыр. Ал, өзін танып отырған үлкен адамнан жөн сұраудың ыңғайын таба алмай, сұраған амандықтарына шолақ-шолақ қана жауап қайтарып жүрген Мұрат бұл кісі біздің үйге адасып кіріп қалды ма екен деген ойдың əлегімен жүр. Біраз үнсіздіктен кейін қонақ сыртқы қаптал шапанын шешіп, жеңілтектеніп алды да, сөз тиегін ағытып, суырыла жөнелді: – Е, шырағым, «алты күн көрмесе ауыл үй жат» деген екен бұрынғылар, мені жақсы танымай отырғаныңа айып тақпаймын. Ата жөнін білмейтін жастарға бұрын келіп таныстық бермеген кінə бізде ғой. Менің атым – Нұралы. Мына Ақбұлақ ауылының Тасбастау қыстағында тұрамын. Ұлы əкеңді білетін боларсың, ол кісінің аты Тоқтамұрат қой, ал, ол кісінің əкесі Қажыкерей, одан ары Баймұрат, Малсақ, Нұрсолтан, Жамаушы... Осы сенің жетінші атаң Жамаушымен менің алтыншы атам Қайрақбай бірге туысады. Біз сондай қанымыз бір, аталас ағайындармыз, шырағым. «Барыспасаң таныспайсың» дегендей, үнемі араласып, барды-келді қылып тұрмағаннан кейін ағайын арасы суып кетеді екен. Ондағы айып шешең екеумізде. Қайныш барлығын əбден біледі.

Айтпақшы, ол кісі көрінбейді ғой өзі? – деп жан-жағына жалтақтай қарап, сұрау салмағын Мұратқа аудара салғанда қызметке кеткен келіншегінің тезірек оралуын тілеп отырған ол: – Бірнеше күннің алдында қырдағы кіші келіні босанып, ол кісі солай кеткен еді,– деп жауапты тағы да шолақ қайыра салды. – «Жас өсіп, жарлы байиды» деген осы, шырағым,– деп Нұралы жанқалтасынан жұмарланған түкті орамалын алып, маңдайының терін сыпыра сүртті де, əңгімесін онан ары жалғастыра берді, – əкеден жастай жетім қалсаңдар да мінеки партияның арқасында азамат болып, ел қатарына қосылдыңдар. Қайныш қаншалық миқынат шексе де, сендерді адам қылып, ел қатарына қосты ғой, əйтеуір. Жетім-жесір күндеріңде қол үшін беріп, қарайласуға біздің де шама-шарқымыз белгілі болды. «Ағайынның аразы болса да, безері болмайды» деген ғой, жасың кіші болса да жолың үлкен. Ұрпақтарды өзара таныстырып, білістіріп қою біздің борыш емес пе?! Ақ шайды сораптай тарта отырып, желпініп алған қонақ онан ары көсіліп, шешіліп алды. Мұраттың жеті атасын қайтадан бірден атап, түсіндіріп, одан ары бүтін руын бұтарлап таратып шықты. Тіпті Мұраттың келіншегі де жақын нағашыларының баласы екен. Ара-тұра ру жайын, ағайын-туыс жөнін ұқпайтын осы күнгінің жастарын да сыпыра кінəлап қояды. Аңғары əр жəйдан хабары күшті, көпті көрген, көпті білетін көшелі кісі тəрізді. Ертеңінде ол кісінің қайта-қайта қиыла өтінуімен, əсіресе «шақырғанға бар, шаққаннан қаш» дейтін ата жолымен Мұрат пен келіншегі екеуі аудан қалашығынан Ақбұлақ ауылдығына əркүні дерлік жүріп тұратын жолаушылар автобусына отырды да, ол кісінің үйіне барып, бір малдарын жеп, бірнеше күн қонақ болып қайтты. Қайтып келіп, осының бəрін естігеннен кейін Мұраттың шешесі: – Е, Нұралы деңдерші? Менің үйде жоқ кезімді əдейі аңдып келген ғой, ол жылым!– деп əлде нені ойланғандай аз бөгеліп отырды да, – баяғыдағы «мəдениет төңкерісінде» ол əкең байқұстың ақкөңілділігін пайдаланып, тілін безеп, қайдағы-жəйдағы өтірікті ойдан жасап, оны «бай малшы» қылып, өзі оның малайы болып шыға келіп, оның үстінен жапа дегенді ағыл-тегіл сөйлеп отырмаушы ма еді?! Бүгін неғып сүйекшіл, туысшыл бола қалды екен? – деді оған неге желп етіп ере жөнелдіңдер деген ренішін таныта. Ал, Мұрат ол кісіге Нұралының бір баласының биыл мемлекеттік емтиқанға қатынасып, келіншегінің ағасы қызмет істейтін мектепке талап білдіріп, кесте толтырғандығын айтқан да жоқ. 1992 жылы ақпан айында жазылды БƏРІМІЗ ДЕ ПЕНДЕМІЗ ҒОЙ Біздің бұл мекеме бірнеше жүз адамы, əлде неше басқарма, бөлімдері бар үлкен органдарға қарағанда, шағын орын есептелетін болса да, адамдары əр жерден келіп бас қосқан орын болғандықтан ба, жоқ əлде, кəсіптік ерекшеліктен бе? Əйтеуір, осы аумаққа белгілі айтулы орындардың бірі еді. Сəрсенбі күні болса керек, мекеме бастығының шақыртуымен ол кісінің бөліміне келіп, əлдебір жұмыстың жайынан өзімше баяндама беріп жатқан едім, Төлеген атты қызметтесім ай-шай жоқ кіріп келді де: – Осы сен-ақ қай-қашанда жершілдік істеп, жерлесіңе тартып жүреді екенсің. Алдыңғы айда менің екі күндік еңбек ақымды тартқызып тастаған едің, əділетін айтып, ақиқатын сөйлейтін адам болсаң, ана Əділдің еңбек ақысын неге тартқызбайсың? Ол да осы айда бірнеше күн қызмет қалдырды емес пе?! Оған əлде жерлесім деп жан басып отырсың ба? Осы төбе тіктеп, жершілдік істегенді қашан қоясыңдар? Жоқ əлде, мынау жекенің мекемесі ме еді?! – деп, мекеме бастығымызға дүрсе қоя берді. Ол кісі өзінің жəйшылықтағы сабырлы мінезімен:

– Əділ мен сенің қызмет қалдыру сипатың ұқсамайды. Сен себепсіз қызмет қалдырсаң, ана Əділ себепті қалған болатын,– деп істің жөнін түсіндіре бастаған еді, Төлеген бұнымен тоқтай қоймады. Өзі əлденеге белін буып, бекініп келген ұқсайды. – Бұл да болсын делік, онда ана Күлəшті ішкі өлкеге саяхатқа неге жіберіп отырсың? Ол да сенің жерлесің емес пе еді?! – деп тағы бір сұрақты көлденең тастай салды да, бұл арада не бітіріп отырсың дегендей маған оқты көзімен қарап қойды. Осы кезде мен «пəледен машайық қашыпты» дегеннің кебін кие бастықтың кеңсесінен қаша жөнелдім. Əділетін айту керек қой, біздің осы Нұрбек бастығымыз белгілі ұйымдастыру жəне басқару қабылеті бар, осы күнгі қазақтың маңдайға басар белді азаматтарының бірі еді. Біздің осы орынға келген бірнеше жылдан бері қарай кетеуі кетіп тұрған мекеме жұмыстарын да бірден оңап, оны белгілі арнаға салып та жіберген болатын. Мерекемейрам күндерінде де дем алмай, мекеме жұмыстарына бола алыс-жуықтарға шапқылап жүретін. Тіпті мекеменің ұсақ-түйек күнделік жұмыстарының барлығы да осы кісінің қол салуына қарап тұратын. Бірақ, солай болса да оның жұрттан мақтау естіп, алқау алғанын əлі күнге дейін көрген емеспін. Қашан болса да ол жөнінде даттау сөздері айтылып, тіпті орынбасарларының өздері де ол кісінің сыртынан арыз дегенді жоғарыға бұрқырата айдап жататын. Ал, қызметтестеріміз «əне жершілдік істеді», «міне ананы алдап өз жанына тартып жатыр» десіп, ол кісінің қия басқанын таразыға тартып, қарауылдай аңдып отыратын. Əлдебір сенбінің кешінде Төлеген үйіне қонаққа шақыра қалды. Дастарқан жəйіліп, тентек судан бірнеше құмыраны домалатып тастағаннан кейін мекеме бойынша жоғары дəрежелі ғылыми атағы бар, жасы үлкен ақсақалымыз Сəлім ұзын үстелді қоралай отырған бəрімізге жағалата көз қыдыртып шықты да: – Кəне, жолдастар,– деп дауысын көтере сөз бастады. Отырғандардың барлығы бұл кісі не айтар екен деп ол кісінің аузына қарай қалыстық, – осы отырған барлығымыз да бір таудың ауасымен тыныстап, бір бұлақтың суын бірге ішкен жерлестер екенбіз. Сондықтан астарлап, мақамдап жатпайақ сөзімді ашық айта берейін, өздерің де естіген болуларың керек, осы жақын арада жоғары орыннан арнаулы адамдар келіп, мекеме бастықтарымыз жəйінда жұрт райын байқау қимылын апарады екен. Сол кезде алды-алдымызға бытырап кетпей, ана өз жерімізден шыққан Мырзақанның мақтауын асырайық. «Өзіңнен би шықпай батаға жарымайсың» деп бұрынғылар айтқандай, бірінші қол бастығың өз жеріңнен болмаған күнді көріп жүрміз ғой, сол үшін барлығымыз бүгіннен бастап бірауызды болайық. Ал, кімде-кім жырылып шығады екен, оны туған жердің сатқыны есептейміз. Асқазанға барған ашты арақ қойсын ба, лепіріп отырған бəріміз жамырай дүрілдеп, оның сөзін екі айтқызбай қостап шыға келдік те, барлығымыздың ниетіміз бір арнаға тоғысып, отырысымыз өз биігіне көтеріле берді. Көп өтпей көбіміз қыза бастадық... Бəрімізден бұрын анда-санда өлең жазып жүретін Сабыр атты саптасымыз мас болып кетті. Ол бірталайға дейін өз алдына қара өлең айтып шұлғып отырды да, бір кезде əлде не есіне түскендей орнынан сенделектей ұшып тұрып: – Енді қазір ру басыларын сайлаймыз. Мен найманның əмбісі боламын. Бақыт, сен керейдің зəңгісі бол! Бəрің де оттапсыңдар, осы сендер ұлттық намыс, ұлттық қан дегенді білесіңдер ме?! Оңбағандар, көзімнен жоғалыңдар! «Жұтайтын кекілік бытырай жайылады». Жерлік патша... ха, ха, ха, – деп бірдің басын, енді бірдің аяғын айтып айғайға басты. Бағанағы қызуымыз жайына қалып, Сабырдың айғайының көршілердің құлағына шалынып қалуынан қорқып, енді бəріміз қаптап, оның аузын жабу үшін жанталасып жаттық. 1992 жылы ақпан айында жазылды

АДАМНЫҢ АЛАСЫ Айқын мекеме көлемінде көзге түсіп жүрген талантты да іскер жастардың бірі еді. Əрқашан да ың-дыңсыз ғана тыныш отырып қызмет істеуді ұнататын. Ол қызметтестер ара болатын жеңіл-желпі əңгімелерге де желп етіп араласа кетпейтін. Мінез-құлық жақта кішіпейіл де мүлəйім болғандықтан көптеген кəсіптестері оны жақсы көріп, жан тартып жүретін. Басшылықтың оған қаратқан іңкасы да біршама тəуір болатын. Бір кездері қайдан шыққаны белгісіз, «Айқын бөлім бастығы болады екен» деген сөз гу ете қалды да, мұқым мекемедегі қызметкерлердің негізгі сөз тақырыбы оның үстіне шоғырланып, біреу анадай, біреу мынадай деп, оған өздерінше баға берісіп жатты. Осылайша оның тыныш та ың-дыңсыз тірлігінің берекесі қаша бастады. Бір күні қызметтен түсер алдында ол кеңсесінде жалғыз отырып, əлде бір жұмыспен қарбалас шұғылданып жатқан еді, өзінен 4-5 жас үлкендігі бар қызметтесі Қадылқан кіріп келді де, онымен кеше кеште берілген телевизор фильмі жəйінда əңгімелесіп отырып қалды. Бір кезде Қадылқан бір нəрсені айтайын ба, айтпайын ба деген адамдай Айқынға жапақ-жапақ қарап отырды да: – Осы Жұманның сенде несі бар? Əруақыт сені сыртыңнан жамандап жүреді ғой. Кеше бір жерге қонаққа барған едік, сол қонағасы дастарқанында да Айқын анадай, Айқын мынадай деп ескеуілдеп, сенің жаман сөздеріңді айтып отырды. Осы қазақтың бірін-бірі жамандамаса, бастары ауыра ма?– деді əлдебір жақын тартқан жанашыр бейнемен. Айқын аз бөгеліп, үнсіз отырғаннан кейін: – Жұманның сыртымнан сөйлеп, менің ғайбатымды айтып жүретіндігін талай рет естіген едім, оған менің істеген қылдай қиянатым жоқ секілді еді, маған неге азуын басып жүргенін кім білсін?! Сырттай қарағанда екеуміз тəп-тəуір сияқтымыз. Араз ашты болатындай ортамызда ештеме де болған жоқ. Пікірі болса бетіме неге айтпайды? Егер бұдан кейін де бөйте беретін болса, мен де тыныш жүре қоймаспын! – деді Қадылқанға сұраулы əлпетпен қарап. – Əй, Айқын бауыр, əлі бала екенсің ғой?! Соны əліге дейін білмей жүрсің бе? – деді Қадылқан Айқынды бүгін ғана көріп отырғандай оған таңқала қарап, – ол сені, сенің бойыңдағы жақсылықтарыңды көре алмайды емес пе. Елдің мақтау сөздерін сенен қызғанатын шығар? Сен бөлім бастығы болады екен деген сөз шыққаннан бері оның ұйқысы қашып, ішкен асы бойына қонбайтын болып кетіпті. Бұрын осы орыннан өзі дəме қылып жүреді екен емес пе?! Баяғы көре алмастық, баяғы күндестік қой онікі... Осыдан көп өтпеген бір күні Айқын тағы бір жұмыспен өзінше əбігер болып жатыр еді, залдан əлдекімдердің даурыға айғайласқан үндері шыға қалды да, не болып қалды екен деп, каридорға шыққан еді, мекеме бастығы кеңсесінің алдына 3-4 адам топтаса қалған екен. Олардың жанына келіп, үй ішіне мойнын соза үңіле қараған еді, Жұман мен тағы бір қызметтесі Бақытқан біріне-бірі тебітіп, қызыл кеңірдектесіп жатыр екен. Жұманға қарай оң қолының сұқ саусағын безеген Бақытқан: – Иттің баласы сол! Кешке дейін елді жамандағанша, өз қызметіңді жөндеп істеп алсаңшы! Сыртымнан сөйлеп, бастықтарға мені неге жамандап келесің? – деп, тепең-тепең етсе, Жұман да: – Тарт ей, тіліңді, өкпе неме! Сені бастықтарға жамандап келген мен екенімді қайдан біле қойдың? Кəне, айта қойшы, оны саған кім айтты? – деп оған қарсы ұмтылған еді, Бақытқан: – Оны кімнің айтқанында сенің қанша қақың бар? Өз сөзіңді өзің білмей тұрсың ба, жағымпаз неме? – деп айғайлады. Екеуін де тас қылып құшақтап алғандар босатар емес. Егер босатып жіберер болса, осы қазір-ақ бірін-бірі жеп қоятын тəрізді. Айқынның есіне үстел үстінде шашылып қалған кітапматериалдары түсе қалып, кеңсесіне қарай аттай бергенде, анадай жерде Қадылқанның өз-өзінен мəз болып, біреулерге

бірдеме деп сыбырлап жатқанын көріп қалды да, осы пəлені шығарып жүрген кім екен деп, ішінен күбірлеп қойды. 1992 жыл КЕҢСЕДЕГІ КЕҢЕС Біз бір кеңседе төрт қызметкер отырушы едік. Бір күні түстен кейінгі жоқтамаға Сəлима қатынаса алмады. Оның қызметке не себептен келе алмай қалғандығын ешкім де білмейтін болып шықты. Сонымен бастығымыз Сəлиманың атының жанына шаңырақтай дөңгелегін қондырып алды да, кетіп қалды. Қалған үшеуміз жақында шыққан жаңа тізім бойынша Сəлиманың бір күндік еңбек ақысы тартылатын болды-ау деп оған қарадай жанымыз ашып отырғанда, ол кеңсеге асыға басып, алқын-жұлқын кіріп келді де, өз орнына отырар-отырмастан: – Жаңа қызметке шығып келе жатып, кітапханадағы Майраға жолығып қалдым да, ол екеуміз қайдағы-жайдағыны қыртысып, недəуір тұрып қалдық. Сөйтіп қызметтен кешігіп қалыппын. Əлгі жаңа бастығымыз менің бір күндік еңбек ақымды тарта қоятын болып, мəз болып отырған шығар? Қашан келіп, қашан кеткеніңді ешкім де тізімге алып отырмайтын бұрынғы жағдайымыз қандай жақсы еді. Қайран маубас Əлекеңнің күні өтетін болды ғой! Сап-сары шаяндай болып, осы неме бізге қалай бастық болып келе қалды деп жүрсем, жоғарыда отырған əлде бір дөкейдің рулас жақыны екен ғой?! Осы күнде кім жақынына тартпай жатыр? – деді бет орамалымен маңдай терін сүрте, бір құшақ сөзді дем алмастан бір-ақ айтып. Менің сол жақ жанымда отыратын əріп басушы Қалима өзінің қашанғы шапшаңдығына басып, сөзді іліп ала жөнелді: – Бұндай сөздің шет-жағасын басқалардан мен де естігенмін. Бұл бастығымыз бұрынғы орнында тұра алмайтын болған соң ылажсыз осы жерге алмасып келіпті ғой. Əйтеуір, бұрынғы орнында заңға томпақ бірдеме істеп қойған секілді. Не істегені қазірге дейін анық емес. Бұнысын біз білмейді деп жүр ме, өзі келмей жатып бізге қожаңдай бастапты. Кеше басып апарған мəтериялымның ана жері қате, мына жері қате екен деп, маған зірк-зірк етеді. Ит жыным түсіп бірдеме деп бетін қайтарып тастайын дедім де, жанында Уаң меңгеруші отырғаннан кейін, қойшы осы деп, үндемей шығып кеттім. – Бұл кісінің бұрынғы қызмет орнында ешкіммен шығыса алмай, содан кейін барып қызмет орнын алмастыруға мəжбүр болғандығына жүз юань бəс тіге аламын. Бейнесіне қарағанда, өзінікінен басқаны жөнге шығармайтын, өркөкірек адам сияқты. Бұрын Əлекеңді қолынан іс келмейтін маубас бірдеме деп сөгіп жатушы едіңдер, енді көресіні осы бастықтан көресіңдер! Бос кеткен тақымдарыңа қыл бұрауды осы салады,– дедім мен де қызметтестерімді қорқытқаным, əлде оларды жаңа бастығымызға егестіргенім белгісіз қарқылдай күліп. – Қойсаңшы, осы қалжыңды,– деді қарсы алдымда отыратын Бақытбек маған қулана көзін қысып, – əнеу күнгі жиында Нұрман жүйжаң (мекеме бастығы) осы кісіні ана жақсы, мына жақсы, қолынан іс келетін талантты зиялыларымыздың бірі деп, жер-көкке сиғызбай мақтай жөнелгенде-ақ, əкəу, сондай жақсы болғанда сол орнында неліктен тұра бермеген? Түбі бір шикілігі бар-ау! Өзі ішімдікке салынып кеткен арақкеш біреу емес пе екен деп ойлаған едім. Сонымен бір кеңседе отыратын төртеуіміз бір аптаның алдында ғана мекемемізге бастық болып, сырт орыннан жөткеліп келген жаңа бастығымыздың бұрынғы істеген орнында осалдық өткізуге мүмкіндігі бар деген тұстарын жиып-тере бастадық. Біреуіміз «үкімет ақшасына қиянат істеді ме екен» деп жорамал жасасақ, енді біреуміз «істің қателігін өткізді ме екен» дестік. Жəне біреуміз «қызмет мүддесінен шыға алмаған болуы керек» деп топшыласақ, тағы біреуміз «тəртіп шарасын алған ба екен» деп өкірештедік. Қойшы, əйтеуір,

«адам өлтіріп, түрмеге түскен» қылмыстан басқаның бəрін де айтыстық. Бірақ, қазір қызметтен түсе салысымызбен бұл сөздеріміздің бастығымыздың құлағына жетіп үлгеретіндігін, ертең-ақ бүкіл мекеме бойынша гулей жөнелетіндігін ешқайсымыз да ойымызға алған жоқпыз. 1992 жыл БІР КЕЗДЕ ОЛАР ДА... Бір күндік қызметімізді сəтімен ақырластырып, кешкі тамағымызға қарбалас дайындалып жатқан едік. Есігіміз аяқ астынан шарқ етіп ашылды да, алқын-жұлқын жетіп келген біреу ай-шай жоқ əйелімді бас салып құшақтай алды. Кəперсіз жүрген əйелімнің дауысы оқыс қатты шығып кетті де, артына қарай сенделектей шегініп барып, қос көзі шарасынан шыға тұрып қалды. Мен де отырған орнымнан оқыс ұшып тұрдым. Төр алдында ойнап отырған тұңғышымыз да шыр етіп қоя берді. Осы кезде қос өкпесін қолына алып, табалдырық аттаған жəне біреу үй ішінде үркердей болып жатқан бізге əлденені іздегендей асыға көз тастады да, босағада тұрып қалды. Мен оның есіктес отыратын көршіміз Мұқтар екенін көріп: – Ой, Мұқтар бауыр, кел жоғарылат?! – деп оған қарай аттай бердім. Осы кезде алғаш келген жан: – Ойбай-ай!– деп жан ұшыра шыңғырып жіберді де, ыршып келіп, менің артыма тығыла қалды. Сонда ғана Мұқтарға ой түскен болуы керек: – Əкеңнің!... неме сол, жүр үйге?! – деп ұмтыла келіп, оның шашынан шап етіп ұстай ұстай алды. Мен жаңа ғана байқадым, алғашқы келуші Мұқтардың келіншегі Əлия екен. Ол: – Ағатай-ай, ағатай, құтқара көріңіз мені?! – деп екі аяғымнан құшақтап, бүгіліп отыра кетті. Мен де жалма-жан Əлияның дудыраған қысқа шашынан шеңгелдей ұстаған Мұқтардың оң қолына жағаласып: – Қой, Мұқтар, бұларың не? Қолыңды қоя бер?! – дей бердім. Ол маған тіл қатар емес. Ырыс-ырыс етіп қалшылдаған күйі: – Мен бұны қыз екен деп жүрсем?! – деп Əлияның шашынан жұлқа тартып қалғанда, оның менің аяғымнан құшақтап тұрған қос қолы босап кетті де, шалқалай барып сүйретіліп қалды. Бұл кезде Мұқтар сол аяғымен оны кеудеге қарай бірнеше рет теуіп те жіберді. Дəл осы кезде ғана тұйықсыз шошынудан қимылсыз қатып қалған əйелім ұшып келіп, Мұқтардың сол аяғын құшақтап алды. Адам қорыққанда буыны құрып, əл-дəрмені кетіп қала ма, қалай? Мен Əлияның шашын шеңбектей, уыстай ұстаған Мұқтардың саусақтарын жаза алмай, жанталасып жүрмін. Ботадай боздап жылаған Əлия шалқалаған беті екі өкшесімен жер тіремек болып, тыпырлап жатыр. Ал, əйелім Мұқтардың сол аяғын тас қылып құшақтаған күйі тас мүсіндей қатып қалыпты. Мұқтар мен Əлияның екеуі де жоғары мектеп оқыған, мəдениет саласының қызметкерлері еді. Былтыр ғана думанды той жасап, бастарына отау көтерген болатын. Енді міне... СІРƏ, ЕҢБЕК КІМДІКІ? Шындықты айту керек қой, мектептегі кезімде мен тым алдыға да шығып кетпейтін, өте артта да қалып қоймайтын «жақсыға» жетеқабыл оқушылардың бірі едім. Маусым сайынғы емтиқан нəтижелерім де «жақсы» мен «ортаның» аралығында шығып отыратын. Былтыр мектеп бітіріп, дайындық емтиқанынан өттім де, мемлекеттік бір тұтас емтиқанға қатынастым. Бірақ, тағдырым тайқы келіп, орындаған нөмірім қабылдау шегіне жетпей қалды да, жоғарлап оқу арманым іске аспады. Бұған алғашында недəуір-ақ жасып, əлдебір қылмыс өткізіп қойған адамдай ата-анам мен

туыс-туған, ел-жұрттан қымсынып жүрсем де, дегенмен əлде бір сабақтастарым секілді ел бетін көруден именіп, тас бүркеніп, үйде жатып алмадым. Əке-шешем де үнемі: – Сары уайымға салынып қайтесің? Денің сау болып, аман-есен жүрсең болды. Оқымаған ел де өліп қалған жоқ қой! – десіп ақыл-кеңес айта беретін болды. Сөйтсе де аратұра болса да мен олардың қабағынан сонша жыл оқысаң да, үмітімізді ақтамадың дейтіндей реніштерін байқап қалып жүрдім де, енді өзімнің бұл отбасыға масыл, басы артық адам болып қалғандығымды сезіне бастадым. Келесі жылы жəне бір рет оқып, тəлейімді сынап көрейін деп, əке-шешеме жалына тілек айтып жүрдім де, олардан екі жүз юан ақша алып, былтырғы жылғы емтиқаннан өте алмай қалғандар үшін ашылған пысықтау класына түсіп оқыдым. Бір жыл болса да оқудың зары өтіп кетті ме, болмаса əлдебір намыс күші бунады ма? Жоқ əлде əке-шешемнің түнеріңкі қабақтарына егестім бе? Кім біледі, бұрынғыдай емес, үйренуге белсене кірістім. Ойын-тамаша мен жүріс-тұрысты да азайтып жібердім. Барлық назарымды өзімнің əлсіз сабақтарыма шоғырландырдым. Алдыңнан бұрын бір өткен нəрселер қайта алдыңа келгенде, өзіңнің жетерсіз жерлеріңді оп-оңай ұстап қалады екенсің. Өзімді былтырғыға қарағанда алға басып бара жатқандай сезіне бердім де, күнді-түнге жалғап, сабақ қарадым да жаттым. Ал, əке-шешем де менің дайындық емтиқанынан бөгелмей өтуімнің қамына бола ала қыстай оқу-ағарту мекемесіндегі қызметкерлерді жəне мен оқитын мектептің басшылары мен мұғалымдерін кезек-кезек қонақ қылып, өздерінше əбігер болып олар жүрді. Дайындық емтиқанында алдыңғы он баланың қатарынан жарқ етіп шыға келдім. Мен бұны кəміл сеніммен өз еңбегіме баласам да, əке-шешем оны қыстайғы қонақасыларының шарапатына тели берді. Мемлекеттік емтиқан жақындаған сайын əке-шешемнің мен жөніндегі əңгімелері молайып кетті. Отбасымыздағы жұмыс атаулының барлығы менің жоғарлап оқу мəселеме шоғырлана бастады. Бір күні кешкі тамақ үстінде шешем əкеме: – Осы сен Нұрланның болашағы жəйінда не ойлап жүрсің? Қазір артқы есік дегеннен өткен пəле бар ма? Көрмейсің бе, əне, былтыр Солтанның сабақта нашар баласының қабылданып кеткенін? Елдің айтуына қарағанда оның жақын бір жегжаты емтиқан дұрыстауға қатынасыпты емес пе?! Ал, анау Өмікейдің баласының емтиқаннан өтіп тұрып, көпе-көрнеу қалып қалғанын көрмей жүрсің бе? Баладан аяйтын неміз бар? Сен де бір тірі жан, тісті бақасың ғой, кешке дейін үйде омалып отыра бергенше, сол артқы есігін іздеп көрсеңші?! – деді əлдебір өтініш, немесе мəлім бір ақыл-кеңес айтқандай. Шешемнің бұл сөзіне əкем тіс жарып ештеме айтпады. Былтырғы түрім анадай болған соң мен де биыл сөз жоқ өтіп кетемін деп кеуде керіп шыға алмадым. Оның үстіне екі айланбай бұрқырап шыға келетін шеше мінезінен имендім. Əке-шешем əлдеқашан бір бекімге келіп алған болса керек, мен мемлекеттік емтиқанды тапсырып болып, үйге келген күннің ертеңінде менің «биылғы емтиқаным жақсы кетті» дегеніме қарамай, əкем қыстық соғымдарына арнап отырған екі қойын əлде қалай кез болған машинаға басып алды да, жолаушылап жүріп кетті. Ал, емтиқан нəтижесінің жариялануын тағатсыздана күтіп мен жүрмін. Барған жерінен бір аптадан аса уақытта қайта оралған əкем: – Нұрланды ана танысыма, мына тамырыма тапсырдым, олар да емтиқан сұрақтарын дұрыстаған кездері болсын, оқушы қабылдаған кезде болсын, көмегімізді аямаймыз. Балаңыз биыл сөзсіз өтіп кетеді деп сенімді уəделерін беріп қалды,– деп əлдебір үлкен шаруаны өз қолымен тындырып тастағандай насаттана əңгіме шертіп отыратын болды. Бейнесіне қарағанда, ол адамдары тым қара жаяу адамдар болмаса керек. Ұзақ өтпей сарыла күткен емтиқан нəтижесі де келді. Мен 263 нөмір орындаппын. Орындаған нөмірім биылғы жылғы жоғары мектепке оқушы қабылдау нөмір шегінен тұп-тура 13 нөмір жоғары екен. Енді қабылданып кететін болдым ғой деп, төбем көкке жете қуандым. Əке-шешемнің де əлде

қалай болып қала ма дейтін күдіктері жоғалып, қабақтары ашылып, жадырап қалды. Бұл кезде əкем: – Үйде отырса да осы менің кемпірім бірдеменің иісін білетін данышпан екен емес пе, біздің қазақ та «жүргенге жөргем ілінеді» деп бекер айтпаған екен ғой. Құрмаш құдамыз өз міндетін жақсы орындапты. Ендігі жұмыс əлгі Көсегенде қалды,– деп көсілетінді тауып алды. Мектепке қабылдау ұқтыруы да ұзақ күттірген жоқ. Қазір мен өнеркəсіп иниститутының механика факультетінде оқып жатырмын. Алайда, қанша ойламайын десем де «осы мен бұл оқу орайына қалайдан-қалай ие болдым» деген бір сұрау күні бүгінге дейін ойымнан шықпай келеді. Осы сұрақтың жауабын енді сіздер айта ма деген үміттемін. Еңбек, сірə, кімдікі болғаны? ӨМІР ДЕГЕН ОСЫ ҒОЙ Жақыпбек пен Сарқытбек жоғары мектептен бірге оқу тауысып, қоғамдық қызметті де бір мезгіл бір мекемеде бірге істеген, бір-бірінен ішкі сырларын жасырып жаппайтын бір кездегі сырлас достар болатын. Сондықтан да Жақыпбекке Сарқытбектің өмірге көзқарасы, қоғамдық идеологиясы, ой – арманы, көңіл-күйі секілді рухани дүниелері бес саусағындай қанық еді. Екі жылдың алдында Жақыпбек отбасылық жағдайына бола туған жеріне алмасып кетті. Ал, бұл кезде Сарқытбектің аты аудан көлемінде дабырайып шыға бастады да, Жақыпбек оның жан дүниесі мен өмірге көзқарастарын сырттай ғана бақылап, зерттеп жүретін. Міне бүгін Жақыпбек əлде бір жаққа туысшылай кетіп бара жатып, Сарқытбек тұрған қалашыққа келе қалды да, өздері отырған жолаушылар автобусының бұл арада екі сағатқа жуық дамылдайтынын білген соң, жанына ертіп жүрген үлкен ұлы Ердосты алып, дəл осы кезде қызметте боларсың деген оймен Сарқытбек қызмет істейтін мекемеге төте тартты. Олар келген кезде Сарқытбек қызмет істейтін мекемеде əлдебір жиын ашылып жатыпты да, мекеменің іші-сырты жымжылас құлаққа ұрған танадай болып тұр екен. Жиын залынан əлдеқалай шыға келген бір жас жігіт Сарқытбектің мəлім жұмыспен əлгінде ғана сыртқа шығып кеткендігін айтты да, оларды Сарқытбектің ашық тұрған кеңсесіне бастап келіп: – Бірер сағатта келіп қалар, оған дейін осы арада тоса тұрыңыз?! – деп қайтадан жиын залына кіріп кетті. Аты шығып, атақ-абыройы өскеннен кейін оның өмірінде нендей өзгерістер болды екен?– деген ой көптен бері Жақыпбекті мазалап та, қызықтырып та жүруші еді. Сондықтан да ол Сарқытбек кеңсесінің табалдырығын осы оймен аттап, кеңсе ішіне асыға көз жіберіп, есік көзінде тұрып қалды. Бұл кеңсенің де əдетте ол көп көріп жүретін кеңселерден ерекше айырмасы көрінбейді. Оң жақ қабырғасына жастай бірнеше биік шкаф қойылған кеңсенің терезе тұсына таяу көп тартпалы қоңыр сырлы қызмет үстелі тұр екен. Жақыпбек аяңдап келіп қызмет үстелінің жанында тұрған арқалы орындыққа отырды да, үстел үстіне еңкейе көз жіберді. Қызмет үстелінің бетіне ұзындығы 50 сантимердей, ені 40 сантиметрдей келетін əйнек тақта қойылыпты да, оның астына алуан түрлі графалар мен газет-журнал қиындылары бастырыла беріліпті. Тегі жақында ғана қойылған болса керек, əйнек тақтаның оң жағына Татардың дүниеге əйгілі ақыны Ғабдолла Тоқайдың «Дұшпандар» атты өлеңінен: Жан-жағымнан сумаңдайды жыландар, Жасаған-ау қандай ғана кінам бар?!... Тырнағыма татымайтын сорлылар, Түрлері бар басқа шығып қор қылар... деген екі шумағы, ал, сол жағына Балқар ақыны Қайсын Құлиевтің «Дұшпандық туралы жыр» деген өлеңінен: Құлқы жаман, қаны бұзық қауымның, Қабырғаңды қайыстырар ауыр мұң.

Сен запыран құсар болсаң қайғыдан, Жаны кірер жұмыр басты жауыңның.... Болсаңдағы жақсылықтың түлегі, Ол өзіңді тек дұшпан деп біледі. Сүрінгенің, жылағаның, өлгенің, Хас жауыңның ең негізгі тілегі.... деген екі шумағы көшіріліп қойылыпты. Бұл өлең шумақтарын қайта-қайта оқып, аузының дəмін алғандай тамсана отырып қалған Жақыпбек ол бұл өлең шумақтарын көшіріп, неліктен өз алдына қойып қойды екен деп, терең ойдың шүңетіне сүңги жөнелді. Бірдемеден қателесіп аяғын жаңылыс басып алды ма? Жоқ, бұл мүлде мүмкін емес. Болмаса қабылеті мойындалмай, шетке қағылып жүр ме екен? Бəлкім, арамыздағы көп «шылықтар» мазасын алып, діңкесін құртып бара жатқан болса керек... Осындай бір зілмауыр ойлар кеуде қуысын баса қалған Жақыпбектің өне бойын əлде бір жəйсіз сезім билеп, лықсып келген көз жастары көз шанағына тола қалды. Бір кезде бағанадан бері жат кеңсені тамашалап жүрген ұлы Ердос оның жанына келіп, үстел үстіне артыла қарады да, ол шұқшия қадалып отырған өлең шумақтарын дауыстай оқи жөнелді. Жақыпбек бірдеме есіне түскендей қалталарын ақтарып, алақандай қағаз тауып алды да, өзі де бұрын көп жаттаған Қайсын Құлиевтің жаңағы өлеңіндегі: Қолдан келсе ұмыт сондай жау барын, Қызғаныштан кебе берсін дəу қарын. Жемісті еңбек жолдас болсын сен үшін, Ұялмасын ары таза тауларың!.. деген шумақты асыға көшірді де, əйнек тақтаны еппен көтеріп, оны əлгі екі жақта тұрған өлең шумақтарының дəл ортасына бастырып қойды. Оның бұл əрекетіне аң-таң қалған ұлы: – Əке, бұл кісі де сен сияқты өлең жаза ма? Бұл кісі бұндай өлеңдерді неге бұл араға қойып қойған? – деп сұрады сəби жанарын оған қадай. Жақыпбек оған: – Балам, өмір деген осы ғой!– деп асыға жауап берді де, оны ертіп кеңседен шыға жөнелді. ТІРЛІКТЕ НЕ БОЛМАЙДЫ? – Осы жұмысқа бола бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады. Аудандағы бастықтарға да талай рет бардым. Алғашында анасы мынаған, мынасы анаған сілтеп, ат бойларын ала қашқан еді, Кейін келе «ақылдасып көрейікпен» жолға салатын болды. Оған да қоймаған едім, иман жүзді біреуі «бұл мəселе туралы бізде жоғарының арнаулы құжаты жоқ. Соның үшін арыз-арманыңызды жоғарыға барып айтыңыз» деп ақыл айтты. Сонымен неде болса барып қайтайын деп, жиған-тергенімді қалтама салып алдым да, осылай жүріп кеттім. Кеше осында біреулер бұл жұмысты сіз біледі дегеннен кейін өз алдыңызға келіп отырмын,– деп бет-жүзі күнге қарайып күйіп кеткен, жуан бөксесі есікке таяу қойылғын құрым сапаға əрең сиып отырған, жұпыны киімді, сарыкідір ауыл əйелі арыз-арманын ақтарып отыр. Қолындағы қарындашты ары-бері айналдыра ермек етіп, əлдебір жұмысқа асығып отырса да əйелдің арызын сабырмен тыңдап отырған Əрін, анда-санда бұл əйелдің қос жанарына қадала қарап, осы адамды қайдан көрдім деген ойдың əлегімен отыр. Көз жанарына қарағанда, бұл кісіні, əйтеуір, шырамытатын тəрізді. Бірақ, қашан, қай арада көргенін анық есіне түсіре алатын емес. Бір кезде ол неде болса тəуекел дегендей, оның сөзін бөліп, аты-жөнін, мекенін, бұрынғы оқыған мектебін сұраған еді, əйел бұның барлығына бірденбірден асыға жауап қайтарды. Əйелдің жауабын естігеннен кейін Əріннің есіне сонау жиырма жылдың алдындағы өмір үзінділері сап ете қалды да, «əкау, мына əйел бір кездегі сол Нүрила ма» деп, өз көзіне өзі сенбей отыр.

Ол шақта осы Нүрила аққұбаша келген, екі бұрымы тірсегін соққан, талдырмаш денелі, қоңыр қой көздері ботаның көзіндей жаудырап тұратын, шаруашылық мектебіндегі санаулы сылқымдардың бірі болатын. Ол кезде бұған сол мектепте оқитын қанша жігіттің ынтық болып, көңіл білдіргенін кім білсін! Əйтеуір, Əріннің мектеп тауысатын жылы оған құлай ғашық болып, жығыла жабысқаны, жастық шағының естен кетпес естелігі болып, көңілінің терең түкпірінде сақталып қалыпты. Алайда, сол бір сүйіспеншілікке толы жалынды жастық махаббатының Нүриладан алған сыбағасы «ерте туып, кеш қалған екенсіз» деген тілдей ғана қағаз болатын. Сөзіне қарағанда, мына Нүрила Əріндер мектеп бітіріп кеткеннен кейін сол кездегі көбедей көп себептердің бірімен мектепті толық тауыспай жатып, өз жеріне қайтып кеткен болды ғой! Ойы осы араға келгенде Əрін басын көтеріп, Нүрилаға қараған еді, оның қос көзінен аққан жас тамшылары екі бетін құлдай, іркес-тіркес домалап бара жатыр екен. Мына бейнесіне қарағанда, менің бір кездері өзін шын жүрегімен сүйген, артынан тілдей ғана қағаз арқылы сол сүйіспеншілігі құрдымға кеткен ғашығы екенім, Нүриланың миына кіріп-шығатын емес-ау деп ойлады Əрін. Енді қайтсем болады? Бір шақтағы сол бір тілдей қағаздағы өз сөзін өзіне айтып, кім екенімді есіне түсірейін бе? Жоқ əлде, жəйімді айтып, ашық таныстық білдірейін бе? Болмаса кім екенімді білдірмей-ақ қатысты құжаттардың рухы бойынша жұмысын бітіріп жолға салайын ба?... Міне осындай бірінің артынан бірі қамалап келген қалың сұрақтың қамауында қайтерін білмеген Əрін бірталайға дейін үнсіз отырып қалды. Ал, бұл кісі ендігі тағдырыма қандай үкім кесер екен деп жем тілеген құс балапанындай Əрінге жаутаңдай қарап отырған Нүриланың баяғыда өтіп кеткен жастық шағын ойлауға ойы барар емес. Кім біледі, бұл тірліктің таусылып бермес михынаттарымен алысып жүріп, бір шақтары жастық албырттықпен əлдекімдердің тағдырына қандай үкім айтқандығы Нүриланың да көңілінен əлдеқашан көтеріліп кеткен болар! БАЯНСЫЗ ДҮНИЕ Бұл ара менің кіндік қаным төгіліп, балғын балалық күндерім өткен, ата-анамның сүйегін құтты қойнына жасырып жатқан Қайрақты қыстағы. Қазір осы қыстақта нағашы атам Құнапиянікі тұрады. Бұл жерге 3 күннің алдында сонау өлке орталығынан арнайы ат терлетіп дегендей, бір жағы ата-анамның басына құран оқытып қайту, енді бір жағынан көрмегелі 7-8 жылдың жүзі болып қалған нағашым отбасына туысшылау үшін келген едім. Екі күннен бері үзбей келіп жатқан амандасушылардан қолым босап, нағашы атаммен де жөндеп əңгімелесе алмадым. Бүгін кеш амандасушылардың аяқтары сиреп, нағашы атамның екі немересі көрші үйлерге телевизор көруге кетіп, абыр-сабыр басыла қалған əредікте нағашы атам мен нағашы апам үшеуміз қаймақты шайды сораптай тартып, өткен-кеткендерді есімізге алып, қоңыр əңгіменің соңында отырғамыз. Бір кезде бүгін таңертең ғана көптен бері аудандық ауруханада жатқан жеңгесінің халын біліп келуге кеткен нағашы атамның екінші ұлы Орал қайтып келді. (Үлкен ұлдары келіншегін қарап жатыпты ). Ол үйге кіре салысымен бір бақыр суды түрегеліп тұрған беті салқ-сұлқ еткізіп жұта салды да, аяңдап келіп сəкі шетіне отырды. Мен оның демінен арақтың қаңсық иісі бұрқырап тұрғандығын сезе қойдым. Бағанадан бері оған тағатсыздана қарап отырған апам мен атам ол орнығып отырар-отырмастан-ақ: – Иə, қалай екен? Сауығып па? – деп жамырай сұрау тастады. Орал өзіне қойылған шыныны алып жатып: – Жазылыпты. Дəрігерлер ауруханадан бүгін шықсаңдар да болады деген екен, бірақ, əнеу күннен бергі дəрі-дəрмектің пұлын тапсырмағаннан кейін шыға алмапты,– деп, міңгірлей жауап қайтарды. Нағашы атам: – Онысы қанша болған екен?– деп сұраған еді, Орал: – 3000 юань,– деп дүңк ете түсті. Бұны естіген нағашы атам мен нағашы апам бір-біріне жалт қарасып, үн-түнсіз отырып қалды. Ал, Орал əлдебір жау түсіріп келген батыр-

дай көсіле отырып алып, ақ шайды асыға ішіп, бауырсақты жапыра сыпырып жатыр. Əлдеқашаннан осындай істің боларын мөлшерлеп, іштей дайындық жасап қойған болса керек, біраз үнсіздіктен кейін нағашы апам: – Япыр-ай, ə, дəл жаз ортасында бұның қиын болғанын қарашы?! Болмаса күзгі өнім жиналған уақыт емес. Қой шал, сен отырма, жүгіріп Сабырбайдікіне барып, қарызға 3000 юань сұрап əкеле қой, қарызын күзде қайтарармыз. Болмаса жалғыз сиырды сатармыз. Қарақтарым ол арада қиналып қалып жүрмесін! – деп бұйрық райда тіл қатты. Дəл осы кезде сенде ештеме жоқ па дегендей Орал маған көзінің астымен еміне қарап қойды. Айтарға болмаса мен де қысылып қалдым. Міне деп ұстата салатын жолаушыда қайдағы ақша болсын. Нағашы апамның əлгіндегі сөзі байлау болды білем, одан өзге ыңғайлы шара таба алмаған нағашы атам: – Барсам барып келейін,– деп жер таяна орнынан тұра берді. Ол кісі кеткеннен соң мен нағашы апамнан: – Сабырбай дегендеріңіз кім ол? – деп асыға сұраған едім, ол кісі: – Ұмытып қалғанбысың? Баяғыдағы сүйегі уақ Мəліктің ұлы Сабырбай емес пе, өзі біздің шалмен аталас ағайын болады. Қазір қыстақ бойынша ең байымыз сол кісі,– деп қысқа жауап берді де, «уһ белім» деп бір тізерлей орнынан əрең тұрды. Осы кезде: – Былтыр аудан бойынша «он мың юандық отбасы» болып силанған. Осы қыстақтың жаңа байы,– деп Орал да əлде нені мысқылдағандай сөз қыстырып қойды. Дəл осы шақта менің санама Сабырбайға қатысты бала кезде көңіліме естен кетпестей болып орнап қалған істер ойда-жоқта сап ете қалды да, бейне бір жақсы романның қызықты беттеріндей аударылып жүре берді. Ол шақта ата-анам əлі тірі болатын. Біздің үй осы қыстақта тұратын. Мен қыстақ мектебінде бастауыштың 5-сыныбында оқитынмын. Оқу-үйрену дегендер əлдеқашан бір жаққа қайырылып қалған ол кездері күніміздің көбі алыс-жұлыспен өтетін. Бір жақсысы, əтіреттің бұрынғы астық қоятын қоймасында күндіз-түні жиын ашылып, «бай малшы», «бұзық элемент» дегендерді күреске алып жататын. Олардың бастарына қағаздан жасалған шошақ қалпақтарды кигізіп, көше аралатып сазайы қылғанда ерекше жырғап қалатынбыз. Біздің күні-түнгі ермегіміз осындай дүрмегі күшті күрес жиындарын сағалау еді. Бірақ, көбінде үлкендер бізді «орын тар, симайсыңдар, одан да далаға барып ойнаңдар» десіп, жиынға кіргізбей қоятын. Ұзамай-ақ біздің ортамызда қызығы көп жиынға өздері кіріп алып, бізді кіргізбей қоятын үлкендерге қарата бір түрлі егес қалыптасты. Түн болысымен біз бір топ қара сирақтар қолымызға прожектор алып, əтіреттің ат қорасы мен өгіз қорасын аралап, матша-сырғауылдардың қуыстарында қонақтап отыратын торғайларды топ-тобымен ұстап алатын болдық та (қараңғыда көзіне тұйықсыз жарқ түскен торғай ештемені көре алмай қалатын болса керек) оларды есік-терезелерден жиын майданына кіргізіп жіберетін өнер шығардық. Сонымен жиын майданына ұшып кірген əлгі «батырларымыз» адамдардың төбесінен қайшыласа ұша жөнелетін де, жиын тəртібі қалаймақандасып сала беретін. Жарыққа қарай ұшқан əлгі «батырларымыздың» бірнешеуінің там қабырғаларының ойықтарына қойылған кəрəсін шамдарды қанаттарымен қағып өшіріп те кететін кездері кездесетін. Бұндайда біз төбеміз көкке жеткендей қуанып, жиынға кіргізбей қойған үлкендерден өшімізді келістіріп алғандай болып, тым-тырақай қаша жөнелетінбіз. Əлі есімде, бір күні мұғалімдеріміз бізді шоқтай қылып жинап алды да, мектеп залының есік алдына сынып бойынша ретімізбен отырғызып қойды. Бір уақта мектеп бастығы осы нағашы атамды қолтықтап əкеліп, алдымызға көлденең қойылған партаға сүйемелдеп отырғызды да, бізге қарап: – Сабақтастар, бүгін дүйіміздің (əтіретіміздің) пиңше журыны (кедей-кембағалдар ұйымының бастығы) Құнапия ақсақал бізге «өткенді еске түсіріп, қазіргі рақаттың қадіріне жету» сабағын өтеді. Тап жауы, бай малшы Сабырбай үстінен таптық жапа сөйлейді. Сондықтан бұл кісінің саба-

ғын тыныш отырып, жақсы тыңдайық?!– деп нағашы атамның құлағына бірдемелерді сыбырлады да, біздің жанымызға келіп отырды. Осы кезде мылтық асынған екі халық жасағы қос қолы кендір жіппен артына тас қылып байланған Сабырбайды дедектете алып келіп, біздің алдымызға басын идіріп тұрғызып қойды да, өздері мылтықтарын серте ұстап, екі жағына қаздиып тұра қалды. – Мен жеті атамның бəрі қайыршылықпен өткен нағыз кедейдің баласымын. Он бес жылдық өмірім осы Сабырбайдың босағасында өтті. Сол кездері мен осы Сабырбай жауыздан қаншалық қорлықтарды көрдім десеңші! – деп бастады нағашы атам сөзін, бəрімізге шола қарап шыққаннан кейін, – ол кезде бұның əкесі Мəлік осы аумаққа аты шыққан қара жүрек, қаныпезер, жауыз бай еді. Кедей-кембағалдардан зорлықпен тартып алған мың қойы, бес жүз жылқысы бар болатын. Менің əкем Жұртбай деген кісі осы байдың жылқысын бағып, биесін сауып, қойын жайып, отын-суын алып, оның босағасында қырық жылдық өмірін адам баласы шыдағысыз ит қорлықпен өткізіпті. Сонда да аузы асқа, иіні киімге жарымапты. Бір жылы отарда бір жабағысын қасқыр тартып кеткенде Мəлік оны əкемнен көріп, оны иен далада тепкілеп өтіріпті. – Нағашы атамның сөзі осы араға келгенде, Нұрбек деген мұғалымымыз орнынан ұшып тұрып, «Таптық күресті ешқашан да ұмытпайық!», «Тап жауларын жоғалтайық!», «Мау жуши (Мау төраға) жасасын!», «Гұңшандаң (комунистік партия) жасасын!» деп арт-артынан ұран шақырған еді, біз де кішкене жұдырықтарымызды тастай қылып түйіп алып, оған ілесе бар дауысымызбен айғай салыстық. Осы кезде бағанағы екі халық жасағы Сабырбайдың желкесінен екі жақтап тұқырта басып, басы жерге тиер-тимес етіп еңкейтіп қойды. Тіпті біреуі оның екі жаққа талтайып кеткен аяғын теуіп-теуіп жіберіп, бір-біріне тиістіре жұптап қойды. Ұран үні сап болысымен нағашы атам сабағын онан ары жалғастыра берді: – Əкем өлгеннен кейін шешем жəне інім Қанапия үшеумізді Мəлік жауыз бұрынғыдан ары езіп-қанай түсті. Шешем ол үйдің кірін жуып, қой-сиырын сауып, отын жағып, тамағын істеп сарала етек күң болса, мен ол үйдің мың қойын жалғыз өзім жəйдім. Алты жасқа енді ғана келген інім Қанапия қозы-лағын бақты. Сол кезде Мəлік байдың мына тұрған ұлы қурай басын сындырмайтын селтиген мырза болатын. Ол шақта бұл тап жауы кедей-кембағалдарға нелерді көрсетпеді?! Тамағы тоқ, киімі бүтін ол еріккеннен жорға құласын мініп алып, ауылдағы кедей-кембағалдарды қамшының астынан алып сабауды ермек ететін. Адам баласын хайуан орнында көретін. Мен кешке дейін қой жайып, арып-шаршап келгенде, үйіме де кіргізбестен ұстап алып, басыма тай-құнанның жүгенін кигізіп алатын да, мені ауыл ортасында ат қылып мінетін. Мен екі қолымды жерге тіреп, оны үстіме мінгізіп алып, ат болып шабатынмын. Əбден діңкем құрып жүре алмай қалған кездерімде бұл мені нəлілі етігімен бүйіріме тепкілеп, қамшының астынан алатын. Мен тағы да шарасыз шаба жөнелетінмін. Сөз осы араға келгенде жəне де «Тап жауы Сабырбайды жоғалтайық!», «Тап жауы Сабырбайдың ит басын шағайық!», «Ұлы пролетариат мəдениет зор төңкерісі жасасын!» деген ұрандар көтерілді. – Сол кезде бұл ит біз кедей-кембағалдарға адам айтқысыз қорлықтарды көрсетті ғой! Еріккен байлар ол кезде ойларына келгенін істейтін. Мені жарым түнге дейін ат қылып мінгеннен кейін босағасына əкеліп байлап тастайтын да, қарала төбеттің жанына жатқызып қоятын. Сол кезде бұл жауыз кедей-кембағалдарды иттен де төмен көретін. Өздері төрде шалқалап жатып, табақ-табақ еттерді қомағайлана жейтін де, оның сүйек-саяғын қарала төбет екеумізге лақтырып беріп, төбет екеуміздің сүйекке таласқанымызға қарап, мəз болысып отыратын. – Тағы да ұран шақырылып, екі халық жасағы Сабырбайды онан ары тұқыртып, нығарлап қойды. – Əлі есімде, бір жылы жазда жалғыз інім Қанапия қозылақ жəйіп жүргенде далада ұйықтап қалыпты да, байдың қозы-лағы қойға жамырап кетіпті. Бұны естіген осы Сабырбай жауыз бен əкесі Мəлік екеуі ауыл ортасында қалың елдің

көзінше інім Қанапияны шыңғыртып отырып көгала қойдай етіп сабады. Оған да ашулары тарамай ат үстінен адам алатын қарала төбеттеріне талатты. Ол кезде осы кездегі сияқты доғдыр қайда?! Көп өтпей сол інім осы Сабырбай жауыздың босағасында көгенделіп жатып, жарасы іріңдеп кетті де, құрттап өлді. Ой, қайран қарағым-ай! Жауыз байлардың зорлығынан қыршынынан қиылып, осы бақытты өмірді көре алмай арманда кетті ғой! – Сөзі осы жерге келгенде нағашы атам отырған орнынан сенделектей тұрып, көзін алақанымен басып, кеңк-кеңк етіп жылап жіберген еді, бүкіл жиын майданы гу ете түсіп, бағанағыдан да көп ұрандар шақырылды. Ұран үндері басылар-басылмастан бірнеше мұғалімдер мен ересек балалар атылып алдыға шығып, Сабырбайды жүн сабағандай төпештей жөнелді... Сарт ете түскен əлдебір дыбыстан селк ете түскен мен алысқа аттанып кеткен қиял тізгінін шумақтай жинап алып, басымды көтерген едім, нағашы атам есіктен кіріп келе жатыр екен. Бір метрге толмайтын таяғына сүйеніп, белі бүкірейіп, бүкшеңдей басып келе жатқан ол кісіге қарап отырған менің жан дүниемде бір түрлі аяу жəне мүсіркеу сезімі қылт ете түсті. Ал, Орал бағанағы орнында арақ иісін бұрқырата терлеп-тепшіп, əлі де ішіп-жеумен отыр. Өңінен бір түрлі алаңсыздық пен кəперсіздік байқалады. Дəл осы сəтте оны ішіп-жегеннен басқаны ойыңа да алмайтын бойкүйез немесің-ау деп іштей жек көріп қалдым да, нағашы атамнан: – Бірдеме ала алдыңыз ба?– деп асыға сұраған едім, ол кісі орнына қорбаңдап отырып жатып: – Иə, алдым, қанша айтқанмен дəм-тұзымыз араласқан, қанымыз бір сүйектес ағайын емеспіз бе?! Жəйімді айтып едім, екі айтқызбай сұрағанымды бере салды,– деп жауап берді. Мен əлденені толғанып отырып қалдым. ЖАЗЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӨТІНІШ Бір бет қағаздың ең басқы жолына көрнекті де айқын етіп «Аудандық парткомға өтініш» деп сүйкектете жаздым да, енді не жазу керектігін ойлап, толғана отырып қалдым. Бұл өтінішіме қалайда оқыған адамның мойнын толғауға келтірмейтін ең ұрымтал, дəлелі күшті сөздерді саралап жазуым керек-ті. Сонда ғана ол өскелең дəрежедегі иландыру қуатына ие болмақ! Көптен бері көңілімде көпіріп, ішіме симай жүрген сөздер көп-ақ еді, енді міне қолыма қалам алысыммен бытыра тиген торғайдай тоз-тоз болып кетіп отыр. Япыр-ай, ə, неден бастап, қалай жазсам жөн болар екен?... Жоғары мектеп бітіріп келгеннен бергі бірнеше жылда өзіме тиісті қызмет міндетімді ықыласты ынта, асқан жігермен істедім. Жұмыстан сыртқы уақыттарымды құр жібермей, кəсіпті құлшына зерттеп, бүкіл зейін-күшімді үйренуге жұмсадым. Осы бір тырысшаңдығымның нəтижесі болар, көп өтпей-ақ өзім істеп жүрген ортаға тіпті мұқым аудан көлеміне атағым шығып, ел аузына іліне бастадым. Бірнеше рет баспасөз бетінде мадақталып, теледидарда таныстырылдым. «Райондық озат қызметкер» деген даңққа да қолым жетті. Ұзақ өтпей «зиялылардың қоғамдық орнына мəн беру, кадрлар қосынын жастандыру» деген саясаттарға сай ойым түгіл түсіме де кіріп шықпаған мəнсап алып, ауданның оқу-ағарту, денсаулық жəне мəдениет істеріне жауапты орынбасар əкімі болып шыға келдім. «Қызыл басты құжат» шыққан соң да көп күндерге дейін «істей алмаймын» деп қасарысып көріп едім, партком басшылары «қызметтің талабы», «төңкерістің қажеті» деп сан рет ақыл айтып, көп рет идеялық қызмет істей жүріп, ақыры көндіріп тынды. Басшылық қызметінің бұндай жапалы да қиын болатындығын кім ойлаған дейсіз?! Əлдебір шағын мекеме емес, мұқым бір ауданның бірнеше маңызды саласының қызметі деген оңай ма? Олар сенің желкеңнен қара таудай болып басқанда, бүгежектеп, қайысып-ақ қалады екенсің. «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп», «Ауызбен орақ

орғанның белі ауырмайды» дегендей, əдетте қоғамдық өмірде көп санды адамдар басшы болғанды ұжымақтың төрінде отырғандай көріп, басшыларды сыртынан сөгіп, мінеп жататындығын үнемі ұшыратып жүреміз ғой. Егер сол адамдардың өзі бірер күн басшы болып, жұмыс басқарып көрсе, басшы болудың қиындығын сонда ғана түсініп жетер ме еді, қайтер еді?! Сонымен маған алғашқы кезіккен қиындық түгесіп бермес көбедей көп жиындар болды. Қалай екені белгісіз, қоғамдық қызметке араласқаннан бері жиын атаулыны жек көріп кеткен болатынмын. Мекемеде «жиын ашылады» дейтін сөз шықса болды, тыжырына қалатынмын. Əлде кімдердің газетжурналдарда жарияланып, радио-теледидарда сөйленіп жатқан сөздерді жартасша жаңғыртып, жұрттың бəріне қанық жосықтарды қайта-қайта қайталап, малта құртша езбелеп отырғанын естігенде отырған орнымнан тұрып кеткім келе қалатын. Енді міне əркүні дерлік ашылатын қаптаған қалың жиындардың қамауында қалдым. Кей-кездері баяндама тыңдап, құжат үйренсең, кей-шақтары жоғарыдан əлдебір тексерушілер мен басшылар келе қалады. Оларға қызметіңнен есеп жасап, нұсқау тыңдауыңа тура келеді. Ал, кей сəттері бүкіл ауданның əр сала қызметтеріне қатысты жоспар, межелерін талқылау жиынына қатынасасың. Бұлармен ғана тынса еді, əлдебір мекемеде əлдеқалай үлкенірек жиын ашыла қалар болса, олар сені жиындарына қатынасып, нұсқау беруге ұсыныс ете қалады. Сенің басқару көлеміңдегі жұмыс болғандықтан оған да шарасыз қатынасуға мəжүбір боласың. Жиын саханасында үн-түнсіз ғана отырып қайтпай, əлде бірдемелерді айтуыңа, əлденені сөйлеуіңе тура келеді. Қойшы, əйтеуір, ми жүйең əркүні дерлік осындай жиындармен қарбалас болып, алуан түрлі жиын мазмұндарына толып тұрады. Сөйлейтін сөзің мен беретін «нұсқауыңды» ойланумен күн өткізесің. Апта араламай-ақ ана жиын, мына жиын деп районға, облысқа, жəне аймаққа сапар шегіп жатасың. Онда да жол азабы мен көп жиыннан қажып, мұрттай ұшып зорға ораласың. Мекемеге келсең, төбе-төбе болып үйілген құжаттар мен материалдар сағынған жарыңдай сені күтіп тұрады. Көз майыңды тауысып, оларды бірден-бірден қадағалап оқып шығасың. Оларды оқымасаң, көрмесең тағы да болмайды. Қалайда кезектегі бағыт-саясаттар мен қатысты принцип-белгілемелерді бес саусағыңдай қанық біліп отыруың керек қой. Өйтпесең қызмет істей алмайсың. Өстіп отырғаныңда əлдебір жағдай, өтініш айтушылар келіп, мазаңды ала қояды. Олардың арыздарын тыңдайсың. Тек тыңдап қана қоймай, оларға бірдемелер деп кесім айтуға мəжбүр боласың. Халыққа қаншалық қайырымды болайын десең де, арыз-арман айта келушілердің барлығының бірдей көңілдерін таба қою қайдан болсын! Кейбіреулердің өтініштері қатысты белгілемелер мен принциптерге сай келе қоймайды. Кейбіреулерінікі сай келген күннің өзінде де, қазіргі ісжүзіндік жағдай көтермейді. Алдыңа келген адамдардың мінездері де алуан түрлі болады. Небір даукестер мен өркөкіректерге де тап боласың. Мына құлағынан айтсаң, ана құлағынан ағып кететін мыжымалар мен қырттарға да кез боласың. Əртүрлі көзқарастар мен мінездер арқаңа аяздай батады. Кейбіреулер «күле кіріп, күңірене шығады» да, табалдырықты аттай бере «қайырымсыз», «қолынан ештеме келмейтін өлез неме» деп сөгіп жатады. Тіпті сенің үстіңнен жоғарыға арыздана барудан да тайынбайды... Əлдебір тексеруге шығып, үйіңе сіркең су көтермей қажып келгеніңде, отбасыңды тағы да əлдекімдердің басып жатқанының үстінен түсесің. Олар өздерінің жағдайлары мен өтініштерін ел көзінен тасада, оңаша айтқылары келеді. Бұндайда оларға қабақ шытып, кейісті мінез танытсаң, «бюрократ, тəкəпар болып кетіпті» деген жаман атқа қаласың. Тіпті «үйінен бір ұрттам су да татырмады» деп сүйген жарыңа да сөгіс келеді. Сонымен қаншалық қажып келсең де, олармен сөйлесіп, əңгімелесуге еріксізденесің. Дастарқаныңды жəйып, оның үстіне бар дəміңді төгіп, оларды шарасыз күтесің. Кейбіреулердің «азғантай бол-

са да көңіліміз еді», «Келін мен балалардың сыбағасы еді» деп бірдемелерді көтере келетіндері де болады. Сонымен оларға идеялық қызмет істеп, тəрбие жұмысын жүргізуіңе тура келеді. Күн араламай-ақ сенің соңыңнан «пəленбайдан пəленбай, түгенбайдан түгенбай дүние алыпты» деген өсек сөздер гу ете түседі. Тіпті сол жандардың өзі күні ертең-ақ «мен бөйтіп ақыл таптым, мен сөйтіп айла істеттім» деп көрінген жерде көпіріп жүрмесіне кім кепіл?!... Екі күннің бірінде сені əлдекімдер қонаққа шақырып, «дəмнен үлкен емессің» деп қиыла тілек айтып, жығыла жабысып алады. Олардың көңілдерін жыққың келмейді, «шақырғанға бар, шаққаннан қаш» деп, дастарқан, дəм аттамайтын ата салтын ойлайсың. Сонымен көңілің сүйіп, идеяң қаламаса да, шақырған жерге барасың. Барғаннан кейін тағы да «дастарқанымызды менсінбеді», «сазырайып, қабаған ашпай отырып алды» дейтін сөздердің айтылуынан қорқып, шарасыз дүрмекке ілесіп, дыр-думанға араласасың. Əбден сілең қатқанда, түн ортасы ауа əрең бостандық аласың. Ертеңінде басың лықылдап, ұйқың қанбай, орныңнан зорлана тұрасың. Сені бүкіл аудандағы халықтың көз алдағы тұрмысына, болашақ өміріне қатысты маңызды да салмақты жұмыстар күтіп тұрады. Сенің осындай жəйіңді түсініп, осы байқұс біздер үшін арып-шаршап жүр-ау деп жанашырлық ететін пенде баласы кездесе қоймайды... Міне осылайша бара-бара үйрену мен кітап оқу, жазыпсызып, бірдемемен шұғылдану бір жаққа қайырылып қала береді. Тіпті аспиранттыққа емтиқан тапсыруға да орнығып отырып, бір күнде жүйелі дайындық жасай алмадым. Көп өтпей бұндай жүрістен əбден қажып, запы болып кеттім де, ішқұсталығым шегінен асып, төзімім таусыла берді. Басшылық қызметінен шегінуге белімді бекем байлап, қатты ниетке келіп алдым. Жаңағы өтінішім осындай оймен басталған болатын. Япыр-ай, енді нелерді жазып, қандай дəлелдерді көлденең тартсам жөн болар екен? Дəл қазір біреу-міреу келіп қалып, мазамды алып, ойымды бөле қоймаса екен, шіркін! Менің тілегімнің керісінше, дəл осы сəтте есігіміз тағы да тық-тық етіп қағыла қалды. Келген Аққайың ауылындағы қарт оқытушы Рақатбек екен. Бұл кісіні түнеу күні ол ауылға қызмет тексере барғанда көргемін. Оқу-ағарту саласында 30 жыл қызмет істесе де, орталау мектеп тауысқан екі баласы, толық орта оқыған бір баласы əлі де қызметке орналаса алмай жүрген жағдайын айтқанда, бұл кісіге «кейін көрейік» деп сөз ұстатып кеткен едім. Бүгін міне арнаулы іздеп келіпті. Сонымен қағаз бен қаламды жəне де жинастырып қоюға тура келді де, əлгі өтінішім сол беті жазусыз қалды. Ертеңінде қызметке барғанымда, аудандық парткомның секретары мені өз кеңсесіне шақырып алды да, қолыма бір қатынас қағазын ұстатты. «Май тілесең міне құйрық» дегендей, бұл менің мəнсабымды өсіріп, қызмет орнымды аймақтағы əлдебір басқармаға жөткеу жөніндегі жеркөм мен уəли мекемесінің ұқтыруы екен. Оны асыға оқып шықтым да, не айтып, не қоярымды білмей, үн-түнсіз мелшиіп қалдым. 1993 жыл ҚАЙТА КЕЗДЕСКЕНДЕ Аймақ бойынша ашылған «еңбек озаттары мəжілісіне» қатынасуға келген қарт оқытушы Қуандық жиналыстың ашылу мұрасымы аяқтай салысымен əлдебір жұмысын бітіре қоймақ болып, көшеге қарай асығыс тартып бара жатыр еді, арт жағынан: – Ассалаумағаликум! – деп көтере сəлем берген дауыс шыға қалды да, артына жалт қарады. Артындағы бір метрге таяу жерде ақ шеріштен кастюм-шалбар киіп, жасыл түсті галстук таққан, ұзын өскен шашын əдемі қып бұйралатып тастаған, отыздың ішін еркін аралап үлгірген жас жігіт оған күле қарап тұр екен. Маңайында өзінен басқа ешкім болмағаннан кейін Қуандық оның сəлемін асыға алды да, бұл жігітті қайдан көргенін қапелімде есіне түсіре алмай, қалт

тұрып қалды. Ал, ол жігіт оған қос қолын бере ықыласты амандасты да: – Қандай, мұғалім, денсаулығыңыз жақсы ма? Аман-есен жүрсіз бе? – деп қызу ниетпен амандық сұрады. Бұл жігітті, əйтеуір, бір жерден көргендей болып шырамытқандай болса да, нақ қайдан көргенін дəл есіне түсіре алмаған Қуандық оған селқостау ғана жауап қайтарып, бетіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Бұл кісінің өзін жақсы танымай тұрғанын сезе қойған əлгі жігіт: – Немене, мұғалым, мені де танымай қалдыңыз ба? Жаңа жиында арт жағыңызда ғана отырсам да, сəлем беріп, амандасудың ыңғайы болмады. Содан соң артыңыздан қуа келгенім ғой. Мені шын танымай тұрсыз ба? Қойыңызшы, баяғыда өз класыңызда оқитын жынды Мұқаметті расында ұмытып кеткенсіз бе?– деді де, дауысын көтере күліп жіберді. Бұл сөзді естіген Қуандық: – Ой, осы сен сол Мұқаметсің бе? – деп əлі де сенбей тұрғандай оған таңдана қарады. Ал, Мұқамет бұл кісіге рас дегендей басын изеді де, өзінен-өзі мəз болып күле берді. «Алдынан өткен оқушыларының ең озаттары мен ең тентектері ғана мұғалімнің есінде қалады» деген сөз тым бекер айтылмаса керек, Мұқаметтің өзін таныстырған «жынды Мұқамет» деген сөзінен соң Қуандықтың есіне Мұқаметке байланысты өткен күндер естелігі ап-айқын болып келе қалды. Сонау 18 жылдың алдында осы Мұқамет Қуандық сынып жетекшісі болған 7-B кластың оқушысы болатын. Ол кезде бұл Мұқамет мектеп бойынша ағаш басына шығып тұрған атышулы, атақты тентек еді. Екі күннің бірінде сабақтан қалып, кез-келген жерді қаңғылестеп жүретін. Көше содырларымен еріп, қайда кеткені белгісіз, бірнеше күндер бойына зым-зия жоғалып кететін. Темекі тартатын, класқа келді болды, алыс-жұлыстың туын тігіп, сынып ішінің ойран-топырын шығаратын. Өзінен кішілерді ұрып-соғып, қыз балаларды қан қақсататын. Сабақ беретін мұғалімдер ол дегенде қос қолдарын төбелеріне қоятын. Əне, Мұқамет өйтті, міне Мұқамет бөйтті деген арыз-шағымдар Қуандық пен мектеп меңгерушісіне қарша борап жататын. Ол шақта Қуандықтың оның соңынан күні-түні неше рет түскенін, қанша рет оған жалынып-жалпайғанын кім білсін! Ата-анасы да айта-айта əбден жалыққан болса керек, Қуандық олардың үйлеріне барған сайын «қайтеміз енді» десіп, шарасыздық қалып танытып отыратын. Əлі есінде, бір күні Қуандық сабаққа кіріп, дəрісін енді бастай бергенде, дəл жанынан қоқақтаған тауық дауысы шыға қалды да, кластағы бүкіл оқушылар қыран-топан күліп жіберді. Сөйтсе сабақ аралығындағы демалыста осы Мұқамет мектеп ауласында жүрген бір тауықты ұстап алып, мұғалім сабақ сөйлейтін сөренің астыңғы жағындағы қанатты шкафка кіргізіп жіберіпті. Өмір бойы дəл осы жолғыдай қатты ашуланып көрмеген Қуандық ақуалды ұққаннан кейін қалш-қалш етіп, Мұқамет отыратын партаға жетіп барды да, оның жағасынан бүрістіре ұстап, бетіне шапалақпен тартып-тартып жіберді. Одан кейін оны дырылдатып сүйреген бойы мектеп меңгерушісінің кеңсесіне алып келді де, меңгерушінің алдында: – Мынау адам болмайды! Адам болудан кеткен екен. Өмір бойы түрмеде отырмаса, мен басымды кесіп берейін! – деп, бұлан-талан болып, кеңседен шыға жөнелген-ді. Сондағы атышулы «жынды Мұқамет» бүгін міне сапсалауатты болып, бір кездегі клас мұғалымына сəлем беріп, жан тарта амандасып жатыр. Оның бас-аяғына таңқала қараған Қуандық: – Сап-салауатты жігіт болып кетіпсің ғой өзі, иə, қайдан жүрсің? Қазір не харекет істейсің? – деп одан жөн сұраған болды. – Өзіңізбен бірге осы озаттар жиынына мен де қатынасып жатырмын. Ауылдан кеше келгемін. Менің не істейтіндігімді түстен кейінгі жиында білесіз. Жүріңіз, анау асханаға барып, кең отырып əңгімелесейік?! – деген Мұқамет Қуандықтың əлденеден тартынып, ыңғайсызданғанына қарамай, оны қолтығынан алып ерте жөнелді.

Бұл да өмірден өз орнын тапқан екен-ау деп ойлаған Қуандық өне бойын əлдебір қуанышты сезім билеп, Мұқаметпен еріп бара жатты. ОЛАРҒА КЕРЕГІ... Біз бұл мекемеге бірінші қол бастықтарын демократиялық жолмен бағалау қимылын апару үшін келген едік. – Дəуітбектің қызмет істеу ақуалы негізінен болады. «Төрт негізгі принципке» қайшы, отанның тұтастығы мен ұлттардың ынтымағына зиян жеткізетін сөз əрекеттері жоқ. Алайда, басшылық ету əдісінде демократиялық стиль аздау, басқалардың ақыл-кеңестерін өте аз тыңдайды. Қандай мəселе болса да, өзі жалғыз үкім жасап, барлық істі жалғыз өзі басқарғысы келеді. Осыдан барып басшылар арасындағы ынтымағымызға да тəсір жетіп қалады. Бұның өзі айналып келгенде, басшылық əдісі мен басшылық іске барып тірелетін келелі мəселе ғой. Демократияны сəулелендіріп, коллектив басшылықты іске асыру партиямыздың бүгінгі таңдағы негізгі саясаттарының бірі емес пе? – деді орынбасар мекеме бастығы Дүйсен. – Дəуітбек жолдас мекемеміздегі кəсіпті қанық білетін, қабылетті де іскер зиялыларымыздың бірі. Қызметті өзі бастамашы бола отырып, батылдықпен істейді. Алайда, кейбір істерді арнаулы жауапты болып отырған басшыларға барыңдар деп, орынбасар басшыларға тастап қояды. Ал, ол кісілер Дəукеңнен асып кесім айта алмайды да, жаңағы істер тез арада шешім таппай, ортада сүйретіліп жүреді. Сондықтан да бірінші қол басшы болған адам принципсіз ынтымақты дəріптемей, əрқандай істі батылдықпен істесе деген ойдамын,– дейді бөлім бастығы Сайран. – Қызметті біршама жақсы істейді. Бұқара тұрмысына да күйініп жатады. Бірақ, кейде алдын ала айтып қоймай аяқ-астынан қызмет орналастыра қалады да, оны тез бітіре қоймадыңдар деп, барлығымызды бидайдай қуырып жібереді. Елдің бəрін бір қалыпқа салып, бір шыбықпен айдағысы келеді. Бұның өзі ғылыми басқару əдісі емес,– деді кеңсе меңгерушісі Сатай. – Əйелдерге қаратқан көзқарасы тым шіркін-ай емес. Көшеге тек əйелдер ғана шығатындай-ақ жиын сайын «қыдырмалар» деп əйелдерді сөгіп жатады. Бұның өзі əйел қызметкерлерді қорлағандық емес пе?! – дейді əйел қызметкер Жəзира. – Дəуітбектің ұйымдастыру қабылеті күшті, басшылық əдісі де біршама жақсы. Мекеме жұмыстарына бола демалыс күндерінде де дем алмай, жанжаққа шапқылап жүреді. Қызметті алға бастырсам дейтін ниетінде айтар жоқ. Бұл жақтарда оны өтірік жамандай алмаймын. Дегенмен мекемемізде қаржы өте тапшы болып отырған бұл күндерде ауыл арасында немесе сыртқа шыққанда болсын, көбінде жеңіл машинамен жүреді. Бұның өзі бұқарадан бөлектенгендік болады. Кейбір жерлерге жаяу, болмаса автобуспен барып келуге де болады ғой, – деді қарт қызметкер Жұматай. – Дəуітбек ағай басқа басшыларға қарағанда қызметті белсене істейді. Қызметке ерекше күйінеді. Алайда, кейкездері біз кішігірім кемшілік өткізіп қояр болсақ, немесе жаңа модыдағы киімдерді кие қалсақ, бет-жүзің демей жұрт алдында сындай жөнеледі. Жастардың ерекшеліктеріне құрмет етпейді. Жастарға қарттармен қатар мəміле жасайды,– деді жас қызметкер Жəйдар. – Бұл мекемеде біздің санымыз өте аз болғандықтан бізге көп көңіл бөлмейді. Бізден үнемі ақуал ұғысып тұрмайды. Бұның өзі ұлттар арасындағы ынтымаққа шынайы мəн бергендік емес,– деді ұйғыр қызметкер Мəжит. Міне осылайша біз бірнешеуіміз бірнеше күндік уақытымызды жұмсай отырып, осы мекемеде қызмет істейтін 30ға жуық қызметкерлерден бірінші қол басшылары жөнінде жеке-жеке пікір алып шықтық. Басқа жолдастарымның нелерді ойлағанын қайдан білейін, əйтеуір, өзім бұл мекемеден кетер алдында, «бұларға керегі бір машина адам екенау» деп ойладым.

БАСШЫЛЫҚ ӨНЕРІ Небəрі оннеше адам ғана қызмет істейтін біздің мекемеде Нұрақымет атты бір орынбасар бастығымыз бар еді. Ол кісінің денсаулық ақуалы тым шіркін-ай болмағандықтан екі күннің бірінде қызметтен қалып жататын. Тіпті ай бойында төбесін анда-мұнда бір көретін кездеріміз де болады. Ал, ол кісі қызметке шыққан күндері бейне ұйып тұрған айранды əлдебіреу оқыс шəйқап жібергендей немесе тыныш тұрған ара ұясын əлдебір тентек бала түртіп қалғандай сыбыр-гүбіріміз молайып, жанданып қалушы едік. Өйткені қапырық кеңседе күні бойы қамалып отырғаннан кейін негізгі ермегіміз басшылық пен бір-бірімізді аңдудан басқа не болмақ! Ал, басшылық не істегелі жатыр? Алдағы күндерде кімдерге нендей нəпақа тиеді? Тіпті партия ячейкасының жиынында нелер талқыланды? Осының бəрін, – біздер үшін аса құнды да елеулі ақпараттарды – біз ол кісіден естіп тұратынбыз. Егер ол кісі болмаса, біз əлдеқашан құлағы бар кереңдерге айналып кетер едік. Оның үстіне бұл кісі бірдемеге бел шешіп кіріскенде, ойға алған ойын орындамай қоймайтын бір беткей адам еді. Əйтеуір, ебін келтіріп, жұртшылық пікірін де қозғап жіберетін. Осыдан барып басқа басшылардың сөздері мен орналастырулары көп ұзамай өз құнын жойып алып жататын. Əлі есімде, жарым жылдың алдында мекемеміздегі Құмар атты кексе жігіт əлдебір жұмысына бола жырақтағы тусқандарына жолаушылап келмек болып, мекеме бастығымыздан рұқсат сұраған екен, ол кісі оған рұқсат бергенді қойып, қызметтің қарбалас кезінде жеке мүддесіне бола рұқсат сұраған оны қызметкерлердің жалпы жиынында недəуір-ақ сындап алған болатын. Осыдан көп өтпей Нұрақымет пен Құмар дəлізде үнемі гүбірлесіп тұратын болды да, аралары сондай жақын тату достарға айнала қалды. Ұзамай-ақ Құмар бір айға рұқсат алып, бет алған жағына жүріп те кетті. Бір күні таңертең қызметке шығып, орын-орнымызға енді ғана жайғасып, өз жұмыстарымызды қолға ала бергеніміз сол еді, дəлізден екілене даурыққан қатты дауыс шығып, Нұрақымет бастығымыз əлдекімге айғайлап жатты. Көп өтпей ол кісі біздің кеңсеге кіріп келді. Қара торы өңі күреңіте түтігіп кетіпті. Екі көзі алақ-жұлақ етіп, адамға жеп жіберердей қарайды. Кеуде қуысы сыр-сыр етіп, менің жанымдағы бос тұрған орындыққа жалп етіп отыра кеткеннен кейін: – Қорлығы-ай мына Жақанның! Кеше мен облысқа барайын дегенде, болмай отырып, Үрімжіге барып ақша сұрайтын адаммын деп кетіп еді. Енді бүгін машинаны далаға тастап, қаңғырып қайтып келіпті,– деп мекеме бастығымызды тістене сөге жөнелді. Бұл кісінің нені айтып, неге ашуланып отырғанын жақсы аңғара алмай, аузына аңыра қарап қалыппыз. Бір кезде əлдене есіне түсіп, орнынан ұшып тұрған бұл кісі есікке беттеп бара жатты да: – Еркін, бері келіп кетші?! – деп мені шақырды. Мен апылғұпыл орнымнан тұрып, далаға шықтым. Ол кісінің өңінен бағанағы ашу іздері əлдеқашан ғайып болыпты. Маған бір түрлі жылы ұшырай қарады да: – Сенің əнеу күнгі жұмысыңды басшылық алқада қайта қарайтын болдық. Жақанның сөзін не қыласың? Оның өзі кім, сөзі кім? Ол сені қызметтен қуып жіберетін де болыпты ғой, ондай ұқықты оған кім берген екен? Оны көре жатармыз. Бұдан кейін қандай жұмсың болса да мені ізде! – деді мүлəйім əуенмен. Сонда ғана мен бір аптаның алдында əлде бір жұмысқа бола мекеме бастығымен ерегесіп қалғанымды есіме алдым. Ал, бұл кісінің оны қалай ести қойғанын кім білсін! Енді бұл кісіге не айтудың жөнін таба алмай, тұрған орнымда əлдебір сақау адамша мелшиіп қалдым. ӨСІРСЕ БОЛА МА? – Иə, 1978 жылы толық ортаны бітіргемін. Кейін өздігімнен үйрену арқылы жоғары мектеп дипломын алғамын.

Одан кейін Үрімжіге барып, жарым жылдық кəсіптік үйрену курсіне қатынасқамын. – Жазу қабылетім бе? Қол тисе ара-тұра мақала, бірдемелер жазған боламын. Қазірге дейін баспасөз беттерінде жиырмаға тарта ғылыми мақалаларым жарық көрді. – Солай, бұл арада қызмет істегеніме 8 жылдай болып қалды. Алғашында заводта жұмысшы едім, кейін жоғары мектеп дипломын алған соң заводтың жобалау бөліміне ауысқамын. Қызмет жағдайымды басшылар толық білетін шығар, сол кісілерден сұрасаңыздар болады. – Жоқ, өмірімде екі адамға басшылық істеп көргемін жоқ. Өзімде ұйымдастыру қабылетінің бар-жоқ екендігін сынап көрген емеспін. – Дұрыс, ол машинаны мен өзгертіп жасағамын. Оған қарата техникалық өзгеріс жасау үшін жарым жылдай жұмыстан сыртқы уақытымды сарып еттім. Алғашында басшылар мен көптеген қызметтестерім қалай болар екен деп, күмəнді көзқараспен қараған еді, нəтижесі тым жаман болмады. Осы машине іске қосылғаннан кейін заводтың өнім құны бір есеге таяу жоғарлады. – Бұны сіздерге кім айтып жүр екен? Өзімде ондай өркеуде тəкəпарлығым жоқ секілді сезіледі. Əдетте маған дұрыс позиция ұстағандарға мен де жақын көңіл білдіремін. Ал, өзіме қаратқан көзқарастары тым жақсы еместерге мен де пысқырып қарамаймын. «Тəкəпар», «өзін жоғары ұстайды» десе дей бермей ме?! Жолдастар ара ынтымақ дейсіз бе? Бұған қарап жолдастарымен болған ынтымағы жақсы емес екен дейтін қортынды шығаруға болмайтын шығар. Əйтеуір, бұл тірлікте басқаларға зияным тимесе болды деп есептеймін. – Қызмет болғаннан кейін ондай істер болып тұрады ғой, кей-кездері басшыларымызбен де керісіп қаламын. Кейде олардікі дұрыс болса, кейде менікі дұрыс болып жатады. Олардың дұрыс болмаған жерлерін беттеріне тура айта саламын. Өйткені өзім елдің сыртынан сөйлеуді ұнатпайтын адаммын. Осыған бола басшылармен болған ынтымағы жақсы емес екен десе бола ма? Басшылардың ауыздарынан шыққандарының барлығы да дұрыс бола бермейтін шығар? – Рас, бұны да ести қойған екенсіздер ғой, сол кезде мекеме бастығымызды «дəуір талабынан артта қалған консерватип екенсіз» дегенім шын болатын. Оны неге айттың дейсіз бе? Өйткені ол кісі мен ортаға қойған бір ұсыныс жобаны жолға қойғысы келмеді. Ол кісінің неліктен қосылмағандығын мен қайдан білейін, əйтеуір, маған бұрын істеп көрмеген жұмысымыз екен. Тоқал ешкі сияқты мүйіз сұраймыз деп жүріп, құлақтан айырылып қаламыз дейді. Содан кейін мен ол кісіге əлгіндегі сөзді айтып, артынан ол ұсыныс-жобамды жоғары орынға жолдап жібергемін. – Жоқ, күні бүгінге дейін себепсіз қызмет қалдырып, заңдүзімдерге қиғаш істер істеп көргемін жоқ. – Арақ дейсіз бе? Оны анда-мұнда ішіп қоямын. Не себептен дейсіз бе? Оның себебі көп қой, кей-кездері үйіңе сабақтастарың немесе дос-жарандарың келе қалады. Кей шақтары отырыстар мен тойларға да барасың. Өз басым қалыпты арақ ішуді күнəлі іс деп есептемеймін. – Жоқ, неше рет мас болғанымды ешқашан да санаған емеспін. – Иə, бұны да жеткізе қойған екен ғой, былтырғы жылы бір қызметтесім қонаққа шақырғанда, Нұрлан екеуміз қызып отырып, əлденеге ерегесіп қалғамыз. – Жоқ, өтірік айтады. Ол үйді шағып кеткеміз жоқ. Басқалар бізді айырып, үйлерімізге əкеліп тастапты. Кейін ол екеуміз мас болғандағы қылығымызға көпке дейін күлісіп жүргеміз. – Мүлде мүмкін емес, мен осы күнге дейін отбасында ұрыс-қағыс шығарып көрген пенде емеспін. Сенбесеңіздер, көршілерімізден сұрап көріңіздер?! Əйеліміз екеуіміз махаббаттасып тұрмыс құрғамыз. Екеуіміздің арамыздағы сүйіспеншілікке самал кірмейді. Бұндай өтірікті сіздерге кім айтып жүр екен? – Ой, тəубе! Жастайыңнан бірге өсіп, бірге жүрген адамдармен араласу да жершілдік бола ма екен? Олармен

араласпағанда, енді кімдермен араласпақпын?! Жоқ əлде, өзіме қырын қарап жүргендердің аяқтарына жығылайын ба? .... – Жə, бағанадан бергі сұрауларыңызға қарағанда, менің сыртымнан тəуір-ақ материал жиған екенсіздер. Осының бəрін менен неге сұрап отырсыздар? Болмаса мен бір қылмыс өткізіп қойыппын ба? – Қызмет орныңды өсіреміз, мəнсап береміз дейсіздер ме? Жоқ, атамаңыздар, мəнсапқа отырып, тыныш та еркін өмірімнің берекесін шайқағым келмейді. Маған көңіл бөлгендеріңізге көптен-көп рақмет! – Қызметтің қажеті, төңкерістің талабы дейсіздер, осы күні істеп жүргендерім де халықтың қызметі емес пе?! Жоқ, болмайды! Мені əурелемей-ақ қойыңыздар, мəнсап алмай тұрып бұндай тергесеңіздер, мəнсап алғаннан кейін сотқа тапсырып берерсіздер. Осы күні мəнсап дəметіп жүргендер аз емес, солардың біріне берсеңіздер болды ғой! 1993 жыл, тамыз айында жазылды КӨҢІЛДЕГІ КӨЛЕҢКЕ Бір шақтары « атқа мінер азамат » атанып, өмірінің көбі ұқық тізгінімен жағаласумен өткен Базарбек ақсақалдың ем қонбас жаман ауыруға шалдығып, қалашықтағы шипаханада сар төсек болып, сарғайып жатқанына да үш айдан асып барады. Ол кісіден бұл сырқаттың шеті сезіле сала район орталығындағы атақты шипаханаларға дейін апарып, арнаулы мамандарға ота жасатқан бəйбішесі мен бала-шағалары бұл күндері табандарынан тік тұра қаншалық күтсе де, шипагерлер де қаншалық күйіне қараса да, осызаманғы озық ғылым-техниканың да шарасы болмай отырған дауасыз дертке не шара?! Осылайша рак өспесінің бүкіл денесіне біртіндеп таралуымен етінен арылып, қу сүйегі ғана қалған ол кісінің тамақ ішуден де қалып, тек укол-дəріге ғана сүйеніп жатқанына да оннеше күннің жүзі болып барады. Иə, рак атты осы бір жаман өспе адамға айтып келген ажал емес пе, оны түбегейлі жұлып алып тастайтын құдірет адам баласында болмай отыр ғой. Сонымен тағдыр ісіне шарасыз мойынсал болған Базарбек ақсақалдың бала-шаға, туыс-туған, дос-жарандары ішкі жақтан бұл кісінің ахіреттік жұмыстарын тілге алысып, алыстағы туыс-туғандарына хабар бере бастаған күндердің бірінде бірнеше күннен бері сөзден де қалып, тіл-ауызсыз жатқан ол кісі, бір күні түсте бар қайратын бойына жиып, басын жанталаса жастықтан сəл ғана көтеріп, ым-ишарамен кемпірін жанына шақырып алды да, сырылға жақын қырылдаған дауыспен: – Енді көп су ішерім қалмағанын өзім де сезіп жатырмын. Артқы жұмысым жəне балалар жəйінда айтар ештемем қалған жоқ. Енді тез арада менің жаныма Баймұратты шақырып əкеліп беріңдерші?! – деп қинала отырып, өтіне тіл қатты. Шалының бұл сөзіне аң-таң қалып, айран-асыр болған кемпірі оның қу сүйекке айналып кеткен арқасынан сүйей отырып: – Қайсы Баймұратты айтасың? – деп қайыра сұраған еді, Базарбек ақсақал: – Қайсы Баймұрат болушы еді? Баяғыда менімен бірге «Шығыс қызарды» Гүңшесінде (коммунасында) мұғалім болып істеген Баймұрат емес пе?! – деп ентіге дем алып, сырылдай отырып сөзін зорға бітірді де, бір міндеттен құтылдым ба деген адамша əрең қимылдап тұрған кірпігін жаба беріп, қайтадан жату ыңғайын білдірді. Өлім мен өмір арасында хал үстінде жатқан бұл кісінің Баймұратта не жұмысының бар екендігінің байыбына бара алмай, таң-тамаша болған кемпірі мен бала-шағалары қаншалық айран-асыр болып ойланып, анаған бір, мынаған бір жорып көрсе де дəл үстінен түсе алмай бастары қатты. Қалайда бүгін бе, ертең бе деп, өлім күтіп жатқан адамның соңғы тілегін орындамай тастап қоюдың орны жоқ. Сонымен балаларының кішісі əке өтініші бойынша Баймұратты шақыруға кетті.

Екі күннен соң арнайы шақырған адамы алыстан ат терлетіп келгенде ауру адам бұрынғыдан да төмендеп кеткен еді. Алпыстың ішін аралап кеткен, биік денелі, сүйекті келген Баймұрат ақсақал ауру бөлмесіне келіп, төсек шетіне тізе бүкті де, сырқат адамның еттен арылған қолын ұстап: – Бəке, əй, Бəке, қалай, тəуірсіз бе? Мен келдім, не айтарыңыз бар еді? – деп баяу ғана бірнеше рет дауыстаған еді, сұлқ жатқан сырқат көзін ашып, нұры тайған жанарын келген адамға көпке дейін қадап, үнсіз жатты да, бір кезде болар-болмас қимылдап, басын көтеруді ишара етті. Жанжағынан анталап, бұл кісі не айтар екен дегендей үдірейе қарасып тұрған кемпірі мен бала-шағалары жабал қимылдап, ол кісінің арқасына жастық қойып басын көтерген соң: – Е, ке..лдің.... бе? – деді де, осы сөзді бірнеше бөліп зорға айтып, – бір кездегі кінəм үшін кешір мені?! Ол дүниеге аттанар алдында сенің «кештім» деген бір ауыз сөзіңді ғана естігім келеді! – деп қинала отырып, үзіп-үзіп тіл қатты да, шаршағандай көзін жұма берді. Кірпігі əрең ғана қимылдап жатқан жанға қадала қарап: – Арысым-ай, бауырым-ай! – деп көз жасын сорғалата төгіп отырған Баймұрат: – Ой, қайран, Бəке-ай! Баяғыда өтіп кеткен ол істі есіңнен əлі шығармаған екенсің-ау! Оның барлығына қоғамдық өмір кінəлі ғой. Оны несіне көңіліңізге алып жатырсыз?! Сіз ауырғаннан бері көңіліңізді сұрап келе алмадым. Бұндағы айып менде, баяғы қу тірліктен қол босамай!–деп дауысын шығара еңіреп жылап жіберді де, – құдай кешсе кештім сізді! Алаңсыз болыңыз! – деп оның еті арылған оң қолын қос алақанына алып қыса берді. Бұл сөздерді естіген хал үстіндегі адам тағы да көзін зорға ашып, қарсы алдында жылап отырған Баймұратқа недəуірге дейін сүзіле қарап жатты да, жаны жəй тапқандай көзін жұма берді. Бірдеме айтайын деп, ернін жыбырлатқан еді, үні де шықпай қалды. Бағанадан бері осы бір көрініске аң-таң бола қарасып отырған Базарбектің кемпірі мен бала-шағалары екі адамның арасында лезде болып өткен бірнеше ауыз сөздердің байыбына барып, сырын ұға алмады. Біраздан соң төсек жанынан көтеріле берген Баймұрат ақсақал: – Ауырғаннан бері көңілін сұрап келе алмағанымды көңіліне алып жатқан болды ғой! – деп қалтасынан орамалшыт алып, көз жасын сүрте берді. Бұл кезде Базарбек ақсақалдың үлкен баласы: – Үлкен кісі, бұл не жағдай? – деп сұраған еді, Баймұрат: – Е, балам-ай, итшілеген қу тірлік деген осы ғой! Баяғы өмірдің жанға салған жарақаты болмай ма?! – деп сөзін шорт қайырды да, есікке қарай беттей берді. Расында, адам өмірі деген осы ғой, қанша адамдардың жан дүниесіне жара салып жатқанын оның өзі де білмесе керек! ПЕРДЕ АРТЫНДА – Кел, отыр! – деді бастық бөлме есігін баяу ашып кірген Еркешке босаға жаққа қойылған екі адамдық сапаны нұсқап. Əнеу күнгі жиында айтқан пікірінен соң өзіне оң қабақ танытпай жүрген бастық мені неге шақыра қалды екен, дəл осындай мұрныма су жетпей жүрген қарбалас кезде бір жаққа іссапарға жұмсамаса екен, дегенді іштей Алла тағаладан жалбарына тілек етіп келген Еркеш бастық нұсқаған сапаға ерінген адамдай отырды да, бұл кісі не айтады деген оймен оған қарай берді. Əдемі сырланған жоғары сортты кең үстелдің үстіне əлде қандай құжат-материалдарды жайып тастаған, аққұбаша, дембелшелеу келген, үстіне ашық сарыдан қатырып костюмшалбар киіп, əдемі галстук таққан бастық көзіндегі жоғары градусты көз əйнегін тұмсығына қарай түсіріп қойып, көз əйнек үстінен Еркешке əлдебір жақтыртпаған жанармен қарап қойды да, арқалы орындығына шалқалай отырып, сөзді неден бастасам болар екен деген адамша үй төбесіне əлденені іздегендей қарағыштай беріп:

– Қалай, жақыннан бері жұмысың қарбалас па? – деп немкеттілеу сұрау тастады. Бағанадан бері бұл кісі қайда жұмсар екен деген ойдың əлегінде отырған Еркеш: – Қалыпты,– деп қысқа қайыра жауап қатты да екі шынтағымен сапаның қос жақтауын баса берді. – Е, е,– деп қайтадан үстел үстіне əлденені іздегендей үңіле берген бастық – жақыннан бері отбасы тұрмыстарың қандай? – деп Еркеш күтпеген сұрау тастады. – Жақсы! – деді Еркеш тағы да қысқа қайыра жауап қатып əрі бұл кісі бұны неге сұрады дегендей бастыққа таң қала қарап. Еркештің жауабынан соң бастық əлдебір кекесінді күлкімен мырс ете түсті де, енді сенімен шындап сөйлесейін деген адамша айналмалы арқалы орындығын Еркешке қарай бұрып: – Естуге қарағанда, жақыннан бері отбасыларыңның берекесі кетіп, үйдегі келін баламен екі күннің бірінде төбелесетін болыпсың ғой, – деп қандауырдай қадала кетті. – Бұны сіздерге қайсы жел ауыз жеткізіп жүр? Отбасымызда ешқандай ұрыс-қағыс болған жоқ. Өз алдымызға тыптыныш тірлік кешіп жатырмыз,– деген Еркеш бастығына таңырқай қарады. – Өтірік айтқанда аузы-мұрындарың қисаймайды ғой сендердің,– деді бастық орнынан көтеріле отырып,– жақында əлдебір жақтан келген жел өкпе қызбен бірнеше күн бірге жүріпсің ғой, тіпті ол үйлеріңе де барып қонған ұқсайды. Осыдан кейін-ақ отбастарыңның берекесі кеткен екен. Бір балалы болған бүлдіршіндей келіншегіңнің көзіне шөп салып, əлгі қызбен қонақ үйінде де бірге болыпсың ғой! Бастықтың сөзі осы араға келгенде кеудесі қысылып, ашыну, ашулану сияқты əлдебір сезім өне бойын аралай жөнелген Еркеш: – Бұл өсекті кім шығарып жүр? Ол келген қыз менің дашуеде бірге оқыған сабақтасым болатын. Сонау алыстан арнайы іздеп келгенде бірнеше күн бірге болғаным шын. Ал, ол жатқан қонақ үйде бірнеше сабақтастар бірігіп бір түн отырыс жасағамыз. Ол күні Қайша да бірге болған болатын. Сіздің айтып отырғандарыңыз қып-қызыл жала ғой! – деп өне-бойы дір-дір етіп, тұтыға, булыға тіл қатқан еді, орындығынан ақырын тұрып, терезе алдындағы қызыл түсті кішкене үстелшеде тұрған төк күшімен су қайнататын термостан əдемі əйнек шоңкесіне қайнаған су құйып алып жатқан бастық: – Сенің ол қызбен қанша күн, қалай бірге жүргеніңді, қазір отбасыңда қандай шатақтардың болып жатқанын бүкіл мекемедегілер біліп болыпты ғой, мекеме бойынша гулеп жүрген сөзді өзің де естіген боларсың? «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бір негізі болмаса, бұндай сөз бекер шыға ма? Өзің жоғары мектеп оқыған, үкіметтің ортан қолдай кəдірісің. Өзіңді ойламасаң да анау шүлдірлеп жүрген сəбиіңді ойласаңшы! Партия мен үкіметтің бірнеше жылдық тəрбиесіне осындай жауап берушімедіңдер? – деп сөз жаңбырын бастырмалата төгіп жіберді де, қайтадан орындығына отырып, орындық арқалығына нығыздала шалқая берді. Бұл кісінің ойы тұрмақ түсіне де кіріп шықпаған алғашқы тосын сұрауынан кейін-ақ өне бойын əлдебір ашу бақсының жынындай құрсаулап, жүрегі атқалақтап ауызына келіп тығылып, бұл пəлені қайсы оңбаған ойлап тапты екен деген ой ми шарын шырық көбелек айнала берген Еркеш, бастықтың сөзі аяқтай бере: – Бұл өсекті сізге келіп кім айтты? Бұл қып-қызыл жала ғой, сіздер тексеріп-зерттеп, істің ақ-қарасын айырмай-ақ осындай жалған жалалармен өтірік-өсектерге сене бересіздер ме? – деп қап-қара болып тұтығып, асыға, аптыға тіл қатқан еді. Бастық оның бұл сұрауын бит шаққан құрлы да көрген жоқ. Қайта əлденеге сенімді адамша айналмалы орындығында ырғаңдай отырып: – Бұл істі маған келіп кім аңыс еткенін саған айта алмаймын. Ал, бұқараға сену, халық жұртшылығының пікіріне құлақ асу – біз, басшылардың негізгі міндеті. Жаңа ғана айтқанымдай, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» емес пе? Бұқараның сөзінің барлығын өтірік-өсек десек, онда шын сөзді кім айтады? Өздеріңнің де «басшылық өйт-

педі», «басшылық сүйтпеді» деп сөйлегенде ауыздарыңауыздарыңа тимей кетеді ғой. Сөзі осы араға келгенде бастық Еркешке қарап мырс етіп күліп жіберді де сөзін ары қарай жалғастыра берді – сондықтан бүгін өзіңді арнайы шақырып, ұйым атынан əңгімелесіп отырмын. Жақсылап ойланып, жүз берген істерді ақкөңілділікпен жайып салғаның жөн. Əйтпегенде, соңғы зардабы қиын болады. Отбасың бұзылады, əйелің жесір, балаң жетім болып қалады. Өзіңнің де болашағыңа жақсы болмайды. Тұйықсыз тиген соққыдан есеңгіреп қалған аң құсап, бағанадан бері бастықтың сөзіне айран-асыр, аң-таң болып, өне бойын ашу мен намыс құрыстап, қайтерін білмей дағдарып қалған Еркеш дəл осы араға келгенде «жағаласпай жан қалмайды» дегенді медеу тұтып, орнынан ұшып тұрды да дауысын көтере тіл қатты: – Бағанадан бері сіз айтқан сөздерге аң-таң болып, сенерімді де сенбесімді де білмей дал болып отырсам, «атамның шоты аса-аса тиеді» дегендей, сіз тіпті шындап келесіз ғой. Маған айтқандарыңыздың еш қисыны жоқ. Барлығы да жала мен өсек! Өзім сүйіп алған жарым мен одан туған кішкене сəбиіме опасыздық жасайтын мені жын соғып кетіп пе?! Бұл жағын ойлай алатын ми менде де бар. Сондықтан мен сіздерден бұл мəселені тексеріп, алдымен анығына жетулеріңізді, азаматтық арыма қол сұғып, өсек айтып, жала жабушыларды жазалап берулеріңізді қатаң талап етемін?! – Міне, міне! – деді бастық алдында қайнаған су құюлы тұрған əдемі əйнек стаканды қолына ала беріп, – сендерге бірдеме айтса, өстіп асау ат құсап, шапшуырлап шыға келесіңдер, өздеріңді сүттен ақ, судан таза етіп көрсете қоясыңдар! – Иə, ісіміз ақ болғаннан кейін ақиқатқа жүгінеміз. Арымыз таза болғаннан кейін ешкімнен қорықпаймыз! – Ақ болсаңдар, оны дəл қазір емес, артынан көреміз. Жаңа да айттым ғой деймін, мен бүгін ұйым атынан ахуал ұғысқалы отырмын. Сондықтан маған өз ахуалыңды жасырып-жаппай толық айтуың керек. «Болар іс болды» дегендей, маған қаншалық айғайлағаныңмен оныңнан ештеме шықпайды, айғаймен ешкімді де қорқыта алмайсың! – Мен біреуді қорқытайын деп айғайлап тұрғамын жоқ. Тек ақ тəніме қара күйе жағылған соң ар азабына шыдамай айғайлап тұрмын. Сондықтан ұйымнан істің ақ-қарасын айырып беруді қатаң талап етемін! – Жарайды онда, сенің талабыңа да болмайды демейік, біз де ұйым атынан тексеріп-зерттеп, ахуал ұғысайық. Бірақ, оның алдында сен өз жағдайыңды ұйымға адалдықпен тапсыруың керек. Əйтпегенде... Бастықтың сөзі дəл осы араға келгенде үстел үстінде бағанадан үнсіз тұрған телефон шыр ете қалды да, ол телефон тұтқасын құлағына апарып, – уай.... кім боласыз?... иə, иə, менмін ғой... – деп өз-өзінен жымыңдап, атасының алдында тұрған келіндей имене сөйлей бастады. – Сені танымай мені қара басты дейсің бе? Қазір бір жиын ашып жатқан едік... немене... өте шұғыл дейсің бе? Иə, иə,... онда болады... он минуттан соң өзім телефон соғайын,– деп тұтқаны тұғырына қондырды да, не істерін білмеген адамдай аз сілейіп барып, бетіндегі күлкі табы өшпеген беті сапа алдында түрегеп тұрған Еркешке қарап: – Міне, көрдің ғой, басшылық жұмысының əуресін, қазір маған аса шұғыл жұмыс шығып қалды, əлгінде айтылған іс жайында өзіңмен кейін əңгімелесейін, қазір қайтып бар да жақсырақ ойланып, бір тексеру материалын жазып əкел! Бұл мəселені қалай шешуді сен жазған тексеру материалына қарай көрерміз,– деп осымен сөз бітті дегендей, үстел үстіндегі қобырап жатқан қағаздарын жинастыра бастады. Ал, дəл осы арада əлдебір бекімге белін мықтап буып алған Еркеш бастығының жүзіне именбестен қадала қарап: – Мен өз пікірім мен талабымды сізге өте ашық айттым. Енді бұл мəселе жөнінде ешкіммен əңгімелеспеймін. Ешқандай тексеру де жазбаймын. Тек заңнан ғана əділдік іздеп, азаматтық атыма дақ түсірген өсек айтушылар мен жала жабушылар үстінен сотқа шағым беремін! – деді де есікті тарс еткізіп жауып, кете берді.

Тарс етіп жабылған есікке аңтарыла қарап қалған бастық бірталайдан соң барып «көрерміз» деп, өз-өзіне күбірледі де, əлде не кенет есіне түскендей, телефон тұтқасына асыға ұмтыла берді. Телефон нөмірлерін сондай бір сабырсыздықпен басқан ол кісі: –Уəй, уəй, сенбісің, жаным! – деді есік жаққа жалтақтай қарап, тұтқаға ауызын барынша жақындата түсіп, дауысын өте бəсең шығаруға тырысып, – жаңа ренжіп қалмаған шығарсың?! Жоқ, жоқ, жиын емес, əлгінде мекемеміздегі бір ойнасшыл жігітпен əңгімелесіп отырған едім, өз басыңа қара дейсің бе?... хы, хы, хы....біздікін бір жаратушыдан басқа ешкім де білмейді ғой, қатының дейсің бе? Қойшы ары, ол салаба сенің маң қараңды да көре алмайды... Жақыннан бері өзіңді қатты сағынып кеттім ғой, шын, шын айтамын. Құдайға рас, дəл қазір жүрегімді жұлып алып көрсетсем де болады. Иə, иə, бүгін əлгі жаман байың сыртқа шығып кететін болды ғой, көрім болғанын қарашы, өзіңді қатты сағынып, зарығып кеткен едім... Кешкі сағат онда дейсің бе? Болады, жаным, болады, дəл уағында жетіп барамын. Иə, иə, қалған əңгімені сол кезде айтамыз ғой, көріскенше сау бол, жаным... Міне, осылайша телефонда əлдебір сырлы да жұмбақ жанмен бірталай уақыт сыбырласа сөйлескен бастық телефон тұтқасын орнына қойғаннан кейін де, екі алақанын бірбіріне үйкелеп, аса зор қуанышты іс өзін күтіп тұрғандай жымыңдап күле берді. 2003 жыл ОРЫНДАЛМАҒАН УƏДЕ Шағын жиын залында мекеменің əлдебір бөліміне бөлім бастығын тағайындау жəйіндағы жиынның ашылып жатқанына бір талай уақыт болып барады. Мекеме жағынан бөлім бастығы етіп тағайындауға екі кандидат есімдігі ортаға қойылған. Жиынға қатынасқан жоралар жиын басталғаннан бері қарай осы екі кандидат жайындағы өздерінің көзқарастары мен пікірлерін арт-артынан ортаға қойып жатыр. Анау ананың артықшылығын айтса, мынау мынаның кемшілігін айтып, талас-тартыс барған сайын қызып келеді. Бұл жиын қаншалық ашылса да жоралардың пікірінің бір арнада тоғыса қалатын бейнесі байқалмайды. Əр қайсы жоралардың да өзіндік ішке бүккен есептері бар сияқты. Ешкім-ешкімге жол бермейтін сыңайлы. Сондықтан таластартыстың көпке дейін созылатын түрі бар. Бағанадан бері партком хатшысының «əлгі пікірді неге айтпай отырсың» дегендей қылып, өзіне қайта-қайта қарағыштай бергенін сезіп отырған қарны шығыңқы, орта бойлы, шашына ақ араласа бастаған мекеме ұйымдастыру бөлімінің бастығы, жоралардың бір сəт тыныстай қалған орайынан пайдаланып: – Жолдастар! – деп сөз кезегін іліп ала жөнелді – жиын басталғаннан бері жолдастар ортаға салынған екі кандидат жəйінда өз көзқарастарын тартынбастан айтып, жабал пікір қатынастырып жатыр. Тыңдап отырсам, ортаға қойылған екі кандидаттың да өздеріне тəн артықшылық жəне жетерсіздік орындары бар сияқты. Ал, бүйтіп талас-тартыс қып отырғанда, бұл жиынымыздың қашан аяқталарын кім білсін. Қазіргі күнде партиямыз басшы кадырларды өсіруде ашық-əшкере бəсекеге шақыруды дəріптеп отыр. Бүгінгі күнде көптеген орындар орта дəрежелі басшыларды бəсеке мен міндетке тағайындауды жолға қоя бастады. Бұл əдістің таланттылар мен жарамдыларды таңдап алуда жəне кадр өсірудегі бұрыс істерді шектеуде көптеген абзалдылықтары бар екендігі əмалиат барысында дəлелденіп келеді. Сондықтан мен мекеме парткомынан жоғарыда айтылған бөлімге бəсеке арқылы бөлім бастығын тағайындауды ұсыныс етемін. Бұның өзі қазіргі күндегі кадрлар түзімі реформасындағы бір жаңа бастама болмақ. Жиынға қатынасып отырған жоралардың менің бұл ұсынысымды жан-жақтылы ойласып көрулерін сұраймын.

Ұйымдастыру бөлімі бастығының бұл ұсынысынан соң жиынға қатынасып отырған жоралар бір-біріне жалтақтай қарасып, не айтарларын білмей қалды да, жиын кеңістігін недəуірге дейін жым-жырт үнсіздік тұмшалап тұрды. – Дұрыс, дұрыс,– деді маңдай шашы қасқалана түсіп, тек желке жағында ғана көнтек болған тоқтының жүніндей азғана шашы қалған ақ сұр өңді, сидиған арық, орсақ тісті келген мекеме парткомының орынбасар хатшысы сөзді жалғастырып, – ұйымдастыру бөлімі бастығы жаңа ғана жиынымызға аса тамаша, тың ұсыныс қойды. Мен бұл ұсынысты қос қолымды көтере құптаймын. Өйткені қазір біздің басшы кадрлар түзімімізге реформа жасайтын уақытымыз жетті. Басшы болатын адамды тек бірнеше адам ғана үстелде отырып тұрақтандыра салмай, оны бұқара арасына апарып, ашық бəсекеге салғанда қызмет мүддесінен ойдағыдай шыға алатын, мəдени өресі мен кəсіптік қабілеті шартқа үйлесімді, белгілі ұйымдастыру қабілеті бар жарамды кадрларды ойдағыдай таңдап алуға əрі бұқараның міндетке қойылғандарға разы болмай, «анау ананың жақыны», «мынау мынаның ағайыны» екен дейтін сөздерінен де ойдағыдай сақтануға болады. Сондықтан мен де бүгін талқыға салынып отырған бөлімге ашық бəсеке арқылы бөлім бастығын қоюды шын жүректен қуаттаймын. Жоғарыдағы екі адамның жаңа пікірі мен тың ұсыныстары ортаға қойылғаннан кейін жиын ауқымы күрт өзгеріп, əлгіден бері ортаға түскен екі кандидаттың бірін қоюға таласып отырған жоралардың көбі жүйелі сөзге жығылып, орта дəрежелі кадрларды бəсеке арқылы міндетке тағайындау ұсынысын қолдай бастады. Көп өтпей, көпшіліктің пікірі бір арнаға тоғысып, бейне топтық хор айтқан сияқты бір əуенде шыға бастады. Бұл жайды байқап отырған, қайратты қалың шашты, өңінен жастық нұры тамып тұрған, бұл мекемеге келіп міндет атқарғанына оншалық ұзақ уақыт бола қоймаған партком хатшысы: – Бүгін жолдастар мекемеміздің бір бөліміне бөлім бастығын тағайындау жайында көптеген құнды пікірлер мен тартымды ұсыныстар қойды,– деп қорытынды сөзге көше бастады – меніңше, бүгін ортаға қойылған екі кандидаттың екеуі де мекемеміз көлеміндегі жұрт ауызына ілініп жүрген жақсы жолдастар. Бұлар жайында ішінара партком жораларынан ішкі жақта пікір де алғамыз. Алайда, бүгінгі жиында көпшіліктің бұл екі жолдас жөніндегі пікірлері алғашында-ақ бір арадан шыға қоймады да, жиын соңында басым көп санды жолдастар орта дəрежелі кадрларды бəсекемен міндетке қою ұсынысын қызу қолдады. Бұл ұсынысқа мен де толық қосыламын. Өйткені қазір партия мен үкімет орындары басшы кадр өсіруге байланысты түрлі құжаттарында басшы кадрларды ашық əшкере, бəсеке арқылы міндетке қоюды қайта-қайта дəріптеп жатыр. Біз бұрын жолдастардан пікір алмағанымыз себепті бұл жұмысты жолға қоюды ойласпаған едік. Бүгінгі жиында бұл мəселе жəйінда жолдастардың ойы бір арнаға тоғысқандай болды. Бұл жəйінда арнаулы жиын ашып талқылап жатудың да жөні қалмады. Бұл бүгіннен бастап мекеме парткомы шығарған негізгі қарар есептеліп, құжат арқылы жұртшылыққа жеткізілсін. Сонымен бірге ұйымдастыру бөлімі бүгіннен бастап орта дəрежелі кадрларды бəсекемен міндетке тағайындау жөнінде нақты жоба алып шықсын. Соңынан бұл жобаны жоралар жиынында талқылап көрейік, басқалай ерекше пікір болмаса, жиынымызды осы арада аяқтайық... Ертеңінде кешке таяу елдің көбі қызметтен түсіп кеткен соң кешегі жиынға қатынасқан жоралардың бірі Мəуліт пен талқыға түскен кандидаттардың бірі Шəйнұр Мəуліттің кеңсесінде кездесіп, алғашында бірін-бірі қатты құшақтап, көпке дейін аймаласып, сүйісіп тұрды да, недəуірден соң үш адамдық сапада құшақтаса отырып, сыбырласа əңгімеге түсіп кетті. – Бірнеше күннен бері өзіңді қатты сағынып, ерекше зарығып кеттім ғой,– деді Мəуліт Шəйнұрдың қып-қызыл ернінен құшырлана сүйген соң – күйеуің жақыннан бері сыртқа шықпайтын болып алды ғой? – Əй, ол ынжықты қойшы, таяудан бері бас алмай əлдебірдемелерді жазып жатыр. Соның жазу жазып отырған бей-

несіне қарасам-ақ құсқым келеді,– деді Шəйнұр қолына ұстап отырған қол орамалымен ернін сүртіп жатып, – кеше қақпаның алдында сенің бəйбішеңмен кездесіп қалған едім, аман-сəлем жоқ, қайқаң қағып, қарамай өте шықты. Екеуміздің арамыздағы байланысты сезіп қойған жоқ па өзі? – Қайдағыны айтпашы, екеуміздің арамыздағы байланысты бір құдайдан басқа жан пəндесі білмейді,– деген Мəуліт Шəйнұрды құшақтап, тағы да өзіне қарай тарта берді. – Тұра тұршы, мені тіпті бүгін көргендей болып жабысып қалдың ғой,– деген Шəйнұр қос қолымен қобырап қалған шашын түзей беріп, –айтпақшы, əлгі жиындарыңды аштыңдар ма? Маған көптен бері беріп келе жатқан уəдеңді орындаған шығарсың? – деп наздана отырып сұрау тастады. Шəйнұрдың бұл сұрауынан соң өзінен-өзі сасқалақтап, арқасына ер батқан аттай қипыжықтай берген Мəуліт алақанын бір-біріне үйкелеп аз отырды да: – Бүгін өзіңді осы жұмысқа бола шақырған едім, кеше партком жиыны ашылып, сендердің жұмыстарыңды қараған едік. Алғашында тəп-тəуір кетіп бара жатқан жиынды əлдебіреулер жол ортада бұзып-ақ жібергені. – Е, сонда олар недейді? Маған қосылмай қойған жоқ шығар? Барлық жоралардың құлақтарына сыбырлап, сенің жұмысыңды туралап қойдым дегенің қайда? – Жоқ, жоқ, саған қарсы ешқандай пікір айтылған жоқ! – деді Мəуліт Шəйнұрға жалынышты жанармен қарап қойып, – бұдан кейін орта дəрежелі кадырларды бəсекемен міндетке қойсақ дейді. – Бəсекемен міндетке қойсақ дейді? – деді дəл осы кезде Мəулітке жаңа ғана көріп отырғандай тесірейе қараған Шəйнұр, – «мен ойнас қылғанда ай жарық болғанын қарашы» дегендей, бұны қайдан шығарып жүрсіңдер? Жиында неге мені болады деп тістей қатып отырып алмайсың?! Сен де менің үйдегі салбөксе күйеуім сияқты қолыңнан ештеме келмейтін ез бірдеме болдың ғой! – Ой, мені айтпады, сенің сөзіңді сөйлеп, жыртысыңды жыртпады дейсің бе? Тəуір-ақ айтып, қарысып көрдім. Алайда, « көп ит бір жақ, көк ит бір жақ » дегендей жағдай болмады ма? – Ал, бəсекемен міндетке қойғанда қалай істейтін болдыңдар? – Бұл жөнінде əлі де нақты жоба жасалған доқ. Баяғы емтиқан алып, жұртшылыққа талқылататын шығар? Бұның өзі де бір түрлі форма емес пе?! – Е, айтасың ғой,– деді əлдебір кекесінмен мырс ете түскен Шəйнұр, – бұл əлдекімдердің маған қарсы дайындаған қақпаны екенін білмей отырсың ба? Ертең-ақ бəсекеден өте алмай қалды деп, оп-оңай-ақ қағып тастайды. – Қойшы, ештеменің қарасы көрінбей тұрып, өзіңненөзің таусылмасаңшы?! Артыңда сүйеу болып мен отырғанда, ол бəсекесінен несіне қорқасың?–деген Мəуліт Шəйнұрды қапсыра құшақтай алып, өзіне қарай тарта бергені сол еді, өңі аяқ астынан бұзылып, жауатын күндей түнеріп кеткен Шəйнұр Мəуліттің кеудесінен бар пəрменімен итеріп қалды да: – Қатқаныңның басы сүйеу боласың! Сенің қолыңнан ештеме де келмейтіндігін баяғыда-ақ білгемін. Осы күнге дейін мəнсапқа іліндіріп, ұқық алып беремін деп өтірік алдап, арымды таптап келгенің де жетеді!–деп орнынан атып тұрды да, – егер осы жолы маған берген уəдеңді орындамайтын болсаң, ертең-ақ бүкіл елдің алдында арамыздағы байланысты жайып саламын. Мені алдап қолындағы құқықтың күшімен қорқытты деп, мекемеге арыз беремін. Сенің ұқығыңнан қорыққандықтан ғана «күйеуімнің көзіне шөп салуға» мəжбүр болдым деп жар саламын. Қатын-балаңа да осы сөзді айтып, отбасыңның берекесін аламын. Сонда елжұрттың сенің əйелдерді алдап, жолдан шығаратын əзəзіл екеніңе көздері əбден жетеді. Өз күйеуімді бос белбеу нашар ма деп ойлап жүрсем, қолынан боқ келмейтін анық ынжық сен екенсің! Саған сеніп, алдауыңа түсіп жүрген менде ми жоқ!–деп үстел үстіне қойып қойған қол сөмкесін іліп алып, алды-артына қарамай есіктен шыға жөнелді. Уақиғаның аяқ астынан өзгергені сонща, бұрындары «өзіңдей еркекке тие алмай қалған мен қандай сорлымын

десеңші» деп, көз жасын көлдететін Шəйнұрдың жаңағы сөздерінің байыбына бара алмай, сілейіп қалған Мəуліт, өңменінен оқ тиген аңша өз құлағына өзі сенбей, сол арада мелшиіп отырып қалды. БІР ƏЙЕЛДІҢ АЙЛАСЫ Адам баласына «ауыз» деген жеп-ішу мен сөйлеу үшін берілген ғой. Ал пенде атаулы осы «ауызды» екеуінің қайсысына көп істеді? Бұл бүгінгі күндегі өскелең дəрежеде дамып кеткен қоғамдық ғылымдар мен жаратылыстық ғылымдар саласында ғалымдар мен оқымыстылардың назарын аударып, ойларын бөле қоймаған, əлі де бүркеулі жатқан тың тақырып. Солай болса да, өзіміздің тірлік тəжірибемізден адам денесіндегі «ауыз» аталатын осы мүше ішіп-жеуден көрі сөз сөйлеуге көбірек жұмсала ма деп ойлай береміз. Ал, одан қандай, қанша түрлі сөздердің шығатындығы біздің тіл зерттеуші ғалымдарымыздың назарын қалайша аудармай келе жатқандығына күні бүгінге дейін қатты қайран қаламын. Егер «сөзден» айырылар болса, адамзат қоғамы қандай болып кетер екен деші?! Кей-кездері біз айтылған сөздің мағынасына оншалық бойлап жатпай-ақ «ауыздан шыққан жел сөз» деп, оп-оңай ғана айта саламыз. Иə, сөз атаулы алғашында бір ауыздан ғана «лебіз» болып шыққанымен, оған көп ауыз қосылар болса, онда əлгі «лебізіміз» дауыл болып гулей жөнеледі. Жақыннан бері əлдебір мекемеде істейтін өңді де сұлу келіншек əлде кіммен «тамыр» екен деген сөз бұрыш-бұрышты тімтіне, бейне оқыстан көтерілген құйынша ары-бері ұйтқып жүр . Міне бүгін сəтін салғанда, бұл сөз əлгі өсекке мұрындық болған əйелдің де құлағына жетіп үлгірді. Бұл хабарды ести сала өңі əппақ қудай болып қуарып, зəре-құты ұшып кеткен оның қол-аяғы дірілдеп, аузына мандымды сөз түспей қалды да, осы хабарды оған əдейі келіп, арнайы жеткізіп кеткен көңілі жақын қатын, қызмет бөлмесінен бөксесін бұраңдатып, қайқаң қағып шығып кеткен соң, орындығына жаны шығып кеткен адамдай сылқ етіп отыра кетті де, ұшы қиырына жетуге болмайтын азапты да ауыр ойдың тізгініне жағаласа берді. Бəсе, көптен бері елдің бəрі маған неге біртүрлі көзбен қарайды деп ойлап жүрсем, іс осылай екен де. Өзіме де обал жоқ, «бір күні туырдық, бір күні ши жасырғанмен де», жамандық жерде жата ма? Таяудан бері өзіміз де көп тартынуды білмей, асқынып кеткен едік. «Асқанға тосқан» деген осы ғой баяғы. Əлдебір қиырдан шалатын қыран көздер байқап қалған болды ғой. Болмаса əлдекімдер əдейілеп артымызға түсті ме, кім біледі? Айтылар сөз айтылып кеткеннен кейін енді кімнің барып аузын басасың? Əлгінің қолынан да ештеме келмейтін шығар, ол байқұс та қалың елдің қайсысының аузына қақпақ қоя алады? Оның үстіне оның бұл арадағы өш-қастары да аз емес қой! ... Япыр-ай, енді қайтсем болады? Бұл пəледен енді қайтып құтыламын? Бұл сөз күйеуімнің құлағына барып жетсе, онда бір-ақ құрыдым деші! Оның бір нəрсеге екі айланбайтын, қопал да дойыр мінезін менен басқа кім біледі? Əдетте шəйі уағында қайнамай қалса да, шыныны шағып, дастарқанды аспанға ататын ол, бұл сөзді естісе көпе-көрнеу пышақ салып алудан тайынбайды. Онда анау бүлдіршіндей Жұлдызым жетім қалып, көрінгенге жаутаң көз болады деші?! Осы бірнеше күннің ішінде əлдебір қу ауыз бұл хабарды оған сүйінші сұрағандай болып, жеткізе қоймасына кім кепіл! Ол естіген заман менің өмірім де аяқталды дей бер!... Ойы осы араға келгенде Мүнираның буын-буынынан дəрмен кетіп, бүкіл денесін қара тер басып кетті де, жүрегі аузына келіп тығылып, кеңсірігі удай ашып, қызмет үстеліне етбеттей барып құлап, ботадай боздап жылап жіберді. Мүнира өзінен басқа жан пендесі жоқ бөлмеде көз жасын көлдетіп, өкініш пен қорқыныш құрсауында қаншалық егіле жыласа да, оған қол үшін беріп, былай істе деп ақыл айтқан жан пендесі болмады. Жүрегі əлдебір үреймен кеудесін теп-

кілей ұрғылап, күйеуі осы қазір-ақ пышағын жалаңдатып, жетіп келетіндей сезіне берді. Ұшығына жетуге болмайтын тынымсыз ойлар ми шарында шырқ көбелек айналып, жан алқымға алып, жанын шырқырата қинай берді. Япырай, енді қайтсем болады, деп ойлады ол бір сəтте қараңғыда қармаланған адамша орнынан тұрып, сол кезде оның шырын сөздеріне неғып майдай еріп, оның құшағына ес-түссіз құлай берді екем деші?! Егер сол кезде оның талабын қатаң тойтарып тастаған болсам, бүгінгі мына күнге қалар ма едім? Қалай болса да басты кінə менде ғой. Япыр-ай енді қайтсем болады? Бұл сөз қызметтестерімнің құлағына баяғыда-ақ жетіп болған болса, осы кезде мұқым қалаға жайылып болды деші! Енді ел-жұртқа қай бетіммен қараймын? Ес біліп қалған балама қалай түсіндіремін? Күні ертең əлгінің сылқым қатыны естір болса, оның қандай шатақ шығарарын кім білсін! Мекемеге келіп шашымды жұлудан да тайынбас-ау! Қой енді, бүйтіп өз-өзімнен таусылып отырғаннан не түседі? Оданша істік те күймейтін, төстік те күймейтін бір шара табайын. «Бір əйелдің айласы қырық есекке жүк болыпты» деген сөз бекер айтылмаған болар. Япыр-ай, қандай айла тапсам болар екен? Бұны əлгімен орайын тауып жақсырақ əңгімелесіп көрейін. Маған қарағанда «бір көйлекті бұрын тоздырған» дейтін аты бар ғой?... – Жаным, – деді Мүнира қап-қараңғы үй ішінде жаңа ғана еркектік борышын өтеп, жанында ентіге дем алып жатқан күйеуі Жаппарды қапсыра құшақтай беріп, – шыныңды айтшы, сен мені, расында, жақсы көресің бе? – Бұл не дегенің?– деді Жаппар Мүнираның бетінен шөп еткізіп сүйген соң,– жақсы көрмесем, сені алар ма едім! – Əй, кім біледі,– деді дауысын наздана шығарған Мүнира – сенің сырттарда қандай əйелдермен ойнап-күліп жүргеніңді кім біледі? – Үй, саған бүгін не болған? Түсіңнен шошып оянғаннан саусың ба? – деді Жаппар оны құшағына тарта беріп,– өмір бойы сенен басқа əйелдің маңайына жолап көрген пенде емеспін. – Егер мен сенің көзіңе шөп салып, басқа еркектермен тамыр болып алсам, қайтер едің? – Онда сені екіленбестен-ақ өлтіре саламын. – Қойшы, түн ішінде қайдағы жаман сөзді айтпашы?! – деді Мүнира Жаппардың кеудесіне басын қойып, оның жүрегінің соғысын тыңдап жатып,– егер мені біреу зорласа, болмаса «тамыр болайық» деп соңыма түсіп алса қайтер едің? – Ондай иттің ертең-ақ аузы-басын қан жалата саламын. – Онда жарайды екенсің! – деген Мүнира Жаппардың кеудесінен басын ақырын ғана көтеріп, тағы да қылымси, наздана тіл қатты,– саған бір жүрек сырымды айтар болсам, сенесің бе, сенбейсың бе? – Қойнымда жатқан қатыныма сенбегенде кімге сенемін? – Ренжімейсің ғой? – Шыныңды айтсаң, ренжімеймін. – Жаным, көптен бері саған бір нəрсені айтайын, айтайын деп оқталып келсем де, бірақ, сен ренжи ме деп, айтуға батылдық ете алмай келген едім,– деген Мүнира қараңғы үйде екі қолымен бетін басып, қорс-қорс етіп жылап жіберді. – Үй, жеті қараңғы түнде саған не болды? Əлде біреуміреу бірдеме деді ме? – деген Жаппар да басын көтеріп, қараңғыда қатынына қадала қарады. – Біздің мекемедегі əлгі Сайланбек дегенді білесің емес пе? – Иə, білемін ғой, оны өзің де мекеме бойынша білері көп, білімді де, кішіпейіл азамат деп аузыңнан түсірмей мақтап отырушы едің ғой. Тіпті мекемеміздің білімсіз де алкеуде бастығымен шығыспайды. Екеуінің арасындағы қайшылық барған сайын өршеленіп, шиеленісіп келеді деп отыратынсың. – Ой, оның білімді де қабілетті болғаны құрып қалсын! Ол көптен бері маған сөз салып, артыма түсіп алды. Тіпті маған сені де жамандап, басқа адам құрып қалғандай, оған қалай тиіп қалғансың дейді . – Рас айтасың ба? – Рас емегенде. Мен оның талабына мақұл болмағаннан кейін ол менімен егесіп, басқалармен көңілдес екенсің деп

жала жабады. Аздап тиын-тебен түсіріп жүрген қызметімді тартып алуға сұқтанады. – Қап, мына иттің баласының қорлығын – ай! Қазір-ақ барып, оның көкесін көзіне көрсетіп келейін,– деген Жаппар апыл-ғұпыл төсектен түсе берген еді, жалма-жан оны құшақтай алған Мүнира: – Жаңа ғана ренжімеймін деп уəде бергенің қайда? Тек сен маған сенсең ғана болғаны, ол неменің қолынан не келеді ғой дейсің? – деп оны зорлағандай орнына жатқыза берді. Осылайша той жасап, бір жастыққа бас қойғандарына 7-8 жылдың жүзі болып қалған ер мен əйел түн ішінде гүбіргүбір сыбырласып, таң атқанша сырласып шықты. Осыдан көп өтпей, Мүнираның əлдебір қызметтесі жасаған сенбі күнгі сүндет той соңында Сайланбек пен Жаппар қызыл қырғын болып төбелесіп тынды. Осыдан кейінақ «Сайланбек мекемесіндегі бірге істейтін келіншектерге көңілдес болайық деп сөз салып, олар ұнамаса, түрлі тəсілдерден пайдаланып, өш алады екен» деген тың да жаңа хабар бүкіл мекеменің түкпір бұрышын, қала берді мұқым қаланың көше-көшесін бұралқы иттей сумаңдап кезе жөнелді де, Мүнира «жаман еркектердің аздыруына алданбаған» ақ періште болып шыға келді.

ӨКІНІШ ПЕН ҚОРҚЫНЫШ – Жаным,– деді Бисара Аралбекті тас қылып құшақтап жатқан құшағын жаза беріп,– мені расында сағынып кеттің бе? – Сағынбағанда,– деді Бисараға кірпік қақпай қадала қарап жатқан Аралбек оны қайтадан құшақтай беріп,– өзіңді бір сүю үшін қаншалық зарыққанымды тек бір Алла ғана біледі. – Əй, кім біледі? Ертең үйіңе барып, əлгі қатыныңды көргеннен кейін мені ұмытып шыға беретін боларсың? – деген Бисара екі аяғын салбырата төсектен түсе берген еді, оны ту сыртынан қапсыра құшақтап, қып-қызыл шиедей ерніне құныдай жабысып, құшырлана сүйген Аралбек: – Саған салыстырғанда, ол сенің қолыңа су құйып та бере алмайды! – деді иесіне еркелеген күшіктей арсалаң қағып. – Шын ба? – деді тағы да басын көтере берген Бисара оған қарақат көзін қадай күлімсірей қарап,– осы сен шыныңды айтшы?! Үйіңдегі өзің айтатын салабаң мен екеуміздің қайсымызды жақсы көресің? – Əлбетте, өзіңді жақсы көремін. Сені шын жүрегіммен сүйемін. Өзіңді өмірлік жар ете алмай қалғаныма осы күнге дейін ерекше өкінетінімді саған талай рет айтқан едім ғой. – Рас өкінесің бе? – Өкінбегенде. Осы бір өкініш ғұмыр бойыма жалғасатын шығар! – деді Бисараның арқасын сипалап отырған Аралбек үздіге сөйлеп,– өзіңдей ақылды да сұлу жар құша алмай қалған мен бейбақ, бұл өмірге тек өкініш арқалап өту үшін ғана келген сияқтымын. – Əй, қандай екен? – деді дудырай қобырап, ұйпа-тұйпасы шыққан шашын қос қолымен жинастыра берген Бисара мырс етіп күліп жіберіп,– елдің көбі еркектер жаңасын көргенде, ескісін ұмытып кетеді деп жатады ғой. Ертең-ақ үйіңе барғанда əлгіңді жаңа көргендей-ақ құшақтап, талақша жабыса қаларсың. – Ойбой,– деді Бисараны тағы да қапсыра құшақтап, өзіне қарай тарта берген Аралбек,– енді, бір отбасында бірге түтін түтетіп отырғаннан кейін анда-санда оны да құшақтап қоятын кездеріміз болады. Алайда, оны құшақтап жатқанда, көңілімде қай-қашанда сен тұрасың да, өзіңді құшақтап жатқандай сезімде боламын. – Тек, шын болсын де! «Мен сенбеймін бойыма, не сояды ойыма» дегендей, еркек атаулыға сенуге бола ма? Əйелді алдауға келгенде сендердің тілдеріңнен бал тамып кетеді ғой,– деді орнына оңалып жатып, оң білегімен Аралбекті құшақтай берген Бисара. – Не дейсің? – деді Бисараның бұл сөзінен əлде неден секем алғандай болған Аралбек басын жастықтан жұлып алып,– əлгіндегі сөзіңе қарағанда менен басқа да көңілдестерің бар ұқсамай ма?

– По, қызғанышың қоза қалды ма? – деді Аралбекті күшпен тартып жанына жатқызған Бисара жəне де сыңғырлай күліп. – Иə, қызғаныштың өзі жақсы көру емес пе? Жаңағы сөзіңді естігенде, еркектердің мінезіне недəуір қанық секілді сезіліп кеттің. – Қанық болмағанда. Əйел байқұстың бар баққан-күткені еркек болмай не болушы еді. Əлгіндегі сөздер басқа қатындардан естіген сөздер ғой, маған сенсең, осы уаққа дейін күйеуім мен сенен бөтен, етегімді ешкім де көтеріп көрген жоқ! – Е, бəсе! – деді көңілі енді орнына түскендей болған Аралбек Бисараны аймалап, аз үнсіз жатқан соң,– айтпақшы, əр жолы кездескен сайын маған күйеуің туралы мандытып ештеме айтпайсың ғой. Қазір екеуіңнің махаббаттарың қандай болып жүр? – Ой, ол бейшараны ауызға алып қайтесің? – деді Бисара жəне де орнынан көтеріле беріп,– оны көрсем-ақ болғаны ит жыным түсіп, құсқым келеді. Ол байқұстың ел секілді тауып жатқан артық табысы, не сен сияқты құқығы мен мəнсабы жоқ. Əйтеуір, бұл дүниеде пенде болып, қалқиып тірі жүр ғой. Үстіп жүріп күндердің бірінде үкімет ай сайын беріп жатқан даяр айлығынан да айырылып қала ма деп қорқа беремін. – Қойшы ары,– деді Бисараға жаңа көріп отырғандай таң қала қараған Аралбек,– бірнеше рет сыртынан көргенімде, тəп-тəуір, салауатты жігіт құсап көрініп еді ғой. Басқалардың да «қақ-соғы жоқ, жақсы жігіт» десіп, сыртынан мақтап отырғанын талай естігемін. Өзің де оған қыз кезіңде өлердей ғашық болып, қашып барып тиген екенсің ғой? – Ойбой, ол қай заман? – деді шаралы көзіне жас тола қалған Бисара түңіле тіл қатып,– «қыз күнінде қыздың бəрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» дегендей, жігіт кезінде бір көрмеге тəп-тəуір сияқты еді. Ол кезде оның қолынан ештеме де келмейтін босбелбеу боларын қайдан білейін. Қазіргі күнде елдің еркегі ойдан орып, қырдан қырып, жалғыз əйелін үлде мен бүлдеге орап жатса, ол бос уақыты бола қалса-ақ теледидарға тесіліп отыруды ғана біледі. Осындай салбөксеге қосақталып қалған менің маңдайымның соры бес елі болды емес пе?! – Жə, жə,– деді Аралбек Бисараны арқасынан қағып,– ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілікті тек ақша мен байлықпен ғана бағалауға бола ма? Ол салбөксең мен секілді арақ ішіп, ойнас істемейтін шығар? – Ол бейшара ойнас істегенді қойып, əйелдердің бетіне түзу қарай алар ма екен? Бір күн арақ ішсе, екі күн қатарынан ауырып, үйде илектеніп жатады да қояды. Елдің күйеуі сияқты еркектік мінезі болмаған байдан да қожырап кетеді екенсің,–деген Бисара қос қолымен Аралбектің екі шекесін қысып тұрып, оның маңдайынан шөп еткізіп сүйді де,– көп күндер ойланып, көп түндер толғану арқылы онымен ажырасып кету бекіміне келдім,– деді жас үйірілген жанарын Аралбектің көзінен алмай. – Не үшін? – деді Бисарадан бұндай сөзді күтпеген Аралбек төсек жанындағы кішкене шкаптың үстінде тұрған темекісіне қол соза беріп. – Не үшін болушы еді? Қолынан боқ та келмейтін ондай еркекпен қосақталып, қашанғы күн өткізе беремін? Байлығы мен мəнсаптары бар еркектердің қатындары тəрізді менің де жұрт алдында шалқып жүргім келеді. Қашанға дейін тұрмыстың тақаршылығын тартып, басқаларға көз сатып отырамыз? Мендегі мына сұлулық пен мынадай сымбат тек байлық пен барлыққа ғана жарасатын болар? – Онда балаларыңды қайтесіңдер? – деп сұрау тастады аузына тістеген темекісін тамыза берген Аралбек, мына қатын шын айта ма дегендей, оған күдіктене қарап. – Е, балалар ма? Балалардың екеуі де қазір естерін жинап, етектерін жауып қалды. Ендігі ары оларды əлгі жаман бірдеме қылып бағатын шығар? – деді əлдебір жай нəрсені айтып отырған адамдай, көңілін кеңге сала сөйлеген Бисара төсектен түсе беріп,– бала үшін өз басымды құрбандыққа шалғанда, олар мен өлгенде басыма мұнара орнатады дейсің бе? Кешке

дейін тапқан-таянғанымызды балалардың ауыздарына төсеп, өзіміз қалт-құлт етіп күн кешкенде, ондай тірліктің нендей мəні, қандай сəні болмақ! Бұл тірлікте адам өз бақыты үшін ғана жасамай ма? – Таң атпай қайда барасың? Əлі ерте ғой, жаныма біраз жата тұршы?!–деді Бисараның əлгі сөзінен соң қойнына жылан кіріп кеткендей тітіркене қалған Аралбек, темекісін қомағайлана сора отырып, – Сонда, расында, ажырасатын болдыңдар ма? Бұған күйеуің қалай қарайды? – деп асыға сұрау тастады. – Рас айтпағанда. Өтірік айтып отыр ғой дейсің бе? – деді қарсы қабырғада ілулі тұрған айнаға қарап, шашын түзеп жатқан Бисара, – ол ажырасуға қосыла ма, жоқ па? Онда менің нем бар? Ол бейшара мені бақытты етіп, қос қолымды жылы суға мала алмағаннан кейін ажырасуға қарсы болмайтын шығар? – Бұл іс жайында онымен əңгімелесіп көрген жоқсың ба? – Жоқ, онымен əңгімелесетін не бар? Ажырасамын дедім, бітті. Сол бір ауыз сөз де жетеді. Бұған ол қыңқ етіп, бір ауыз сөз де айта алмайды, – деп əдемі бөксесін бұраңдатып, қынай белін толғап, баяу басып келіп, Аралбекті құшақтай төсекке құлай берген Бисара, – оның үстіне сен де анда-санда кездескен сайын сенімен қосылып өмірлік жар бола алмағаныма ерекше өкінемін деп, зарлайсың да отырасың. Сүйген адамыңа өмірлік өкініш арқалатып қою адамгершілікке жата ма? Сонымен одан ажырасқаннан кейін саған тиіп, сенің өмірлік өкінішіңді аяқтату бекіміне келдім. Енді маған разы шығарсың? – деді Аралбектің қолындағы темекісін жұлып алып, – қойшы, осы немені бұрқыратпай, – деп оны күлсалғышқа нығарлап өшірді де, ернін ерніне төсей берді. – Разымын, – деген сөз шарасыз аузынан шығып кеткен Аралбек те оны аймалауға бейімделе берді. Осылайша бірінбірі құшырлана сүйіп, аялай аймаласып, недəуірге дейін үнсіз жатқаннан кейін Бисара: – Таң атайын деп қалды. Енді осындай қараңғыда ел көзіне түспей кетіп қал! – деді басын көтеріп, қымтала жабылған терезеге қараған соң,– бүгін əлгі салбөксе мен балалар үйде жоқ орайда өзіңді бір қуантайын деп, кездесу талабыңа мақұл болған едім. Онымен ажырасу бекімімді саған айттым. Ал, енді өзің қайтесің? Сенде əлгі салабаңды енді тастайтын шығарсың? Оны тастайтын болсаң, бүйтіп ұрланып-жырланып, қуыстанып, қорықпай-ақ екеуміз бір отбасылы болып алар едік. Бір аптадан қалдырмай маған байлауыңды айтатын бол! – Мақұл, мақұл, мен жақсырақ ойланып көрейін,– деп міңгірлей тіл қатты, «ойбай, енді бұл арадан қашпасам болмай қалды» деген ойға атбасын тіреген Аралбек, төсектің аяқ жағына тастаған сымын іздеп жатып. – Ойланатын не тұр? – деді Аралбектің сасқалақтап жасаған ебедейсіз қимылына қарап, жымия күлген Бисара, – өмір бойы менімен қосыла алмай қалдым деп, өкініш арқалағанша, əлгі салабаңнан ажырасып, мен секілді бақыт құсыңды қолыңа қондырмайсың ба? – Жарайды, жарайды. Осы бір аптаның ішінде өзіңе жақсы хабар айтамын, жаным,– деді Аралбек Бисараға ыржия қарап,– менің телефонымды тос, мақұл ма? – Мақұл, ендеше, осы бір аптада сенің телефоныңды зарыға тосамын деші! Оншақты жылға шыдаған басым енді қалған бір аптаға шыдамайды дейсің бе? – Ендеше, солай болсын! – деді киімдерін асыға, алқынжұлқын киіп болып, шапанының түймесін дегбірсіздене түймелеп жатқан Аралбек,– өзің айтқандай, жерге жарық түспей тұрғанда кетіп қалайын. Біреу-міреу көріп қалып жүрмесін. Есіктен алды-артына қарамай асығып шығып бара жатқан Аралбекке əлдебір сезім толқынысымен қарап тұрған Бисара «əй, еркектер-ай! Өтірікті шындай қылып соққанда, ауыздарың қисаймайды-ау! Сені бүгін бір састырдым ба, бəлем, мен білсем, енді қайтып жоламайтын шығарсың?!» деп ойлады да, өз-өзінен кекете мырс етіп, артына қарай бұрыла берді. Ал, Бисараның үйінен асыға шыққан Аралбек таң қараңғысында қонақ үйіне қарай үкідей ұшып, аш қасқырша желе жортып келеді. Құлағына əлгінде Бисараның айтқан сөздері

қайта-қайта жаңғырыға естіліп, үйінде қалған əйелі мен балалары өзіне қарай жан ұшыра жүгіріп келе жатқандай сезіле береді де, «жанұя» деген сөз қандай тауып қойылған атау деген бір ой ми шарында шырқ көбелек айналып келеді. 2003 жыл ҚЫЗМЕТ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ƏҢГІМЕ Кей-кездері бір кеңседе бірге отыратын қызметкерлердің ешкімнің ұйымдастыруынсыз-ақ белгілі бір тақырыптағы əңгімеге түсіп, ол жəйында талас-тартыстар жүргізіп кететін кездері де болады. Міне бүгін де күнде шұқылап əбден зеріккен жұмысымызға қолымыз бармай, ананы-мынаны айтып отырған едік, бір сəтте ойына қайдан түсе қалды екен: – Əй, Айташ, сенің əлгі аузыңнан тастамай үнемі мақтап отыратын, былтырғы жылы ғана мəдениет мекемесіне орынбасар бастық болған сабақтасың Нұрдəулет, барып тұрған алаяқтың өзі екен ғой,–деп тың əңгіме бастады, аузындағы сағызын былш-былш еткізіп шайнаңдап отырған, қас-қабағын қиылта бояп, ерніне баттастыра бояу жағып алған Сабира атты келіншек маған қадала қарап. Бұл сөзден кейін бөлмеде отырғандар оған жабыла қарай қалыстық. – Е, ол солғұрдайын не істепті? – деп қадала кеттім, əдетте Нұрдəулетпен жақын араласып жүретін мен. – Не істепті дерің бар ма? Бүкіл аудан қалашығы бойынша гулеп жүрген сөзді əліге дейін естімедіңдер ме? Ол барып тұрған жүргіштің өзі екен емес пе? – Жүргіш дейді? Онысы несі? – Ой, жүргіш демей, жезөкше деп ашығын айтпайсың ба?–деді сөзге киліге кеткен қоңқақ мұрын, алакөз Жеңіс. – Иə, жезөкше екен. – Қой ары,– дедім мен тағы да – күні-түні өз жұмысынан бас алмауды ғана білетін ол үндемес, жезөкшелік дегеннің не екенін біле ме екен? – По, шіркін! Айтасың ғой,– деді Сабира құтты өз қолымен ұстап алған адамдай, маған қарап шайнаңдай отырып,– «үндеместің ішінде үйдей пəле жатады» дегендей, пəленің барлығы сол секілді үндеместерден шығады. – Е, сонда ол үндемесің нені бүлдіріпті? Кімге барып қол салыпты? – деді орнынан көтеріле отырған Жеңіс. – Ойбой, нені бүлдіріпті дерің бар ма? – деді Сабира аузындағы шəйірін оң қолының сүйрік саусақтарына ала беріп,– ол мекемесіндегі Жанаргүл атты жас келіншекке сөз салып, ол талабына мақұл болмағаннан кейін оны қызметінен алып, жұмыссыз қалдырамын деп қысым көрсетіпті. Сонымен ол келіншек Нұрдəулеттің үстінен жоғарыға арыз айтамын деп шапқылап жүрген көрінеді. – Бұның барлығы қудай өтірік! – дедім сабақтасымды қалай ақтарымды білмеген мен,– ол Жанаргүл деген келіншекті əбден білемін. Бірнеше жылдың алдында оқу бітіріп келгенде, аудандағы бастықтардың біреуінің ұлымен махаббат байласып жүріп, соның шапағаты арқылы аудан қалашығына қызметке орналасып алғаннан кейін əлгі жігітті тастап шыға берген алаяқтың өзі болатын. – Ой, сен ол келіншектің бар сырына қанық ұқсамайсың ба? – деп сөзге араласты əлгіден бері құлақ молласы болып үндемей отырған, ақсұр өңді, жалпақ бет, жатып атар мысқылы бар Мұрат, – сен де оған сөз салып, тұмсығыңа жегеннен саусың ба? Ол келіншекті мен де танимын. Балдызыммен ілесіп, біздің үйге де бірнеше рет бас сұққан. Бір көрмеге өте өңді, əдемі келіншек тəрізді көрінген. – Иə, иə,– деді Сабира жітірмелете сөйлеп,– расында, ол өте өңді, сұлу келіншек. Ал, сұлуды көргенде еркектердің ауыздарының суы құрып, емешектері үзіліп тұратындары белгілі ғой. Əлгі бастығы да оның сұлулығына бола екпетінен түскен болар? – Мəселе міне осы арада, – деді əңгімеге енді мықтап араласу нысанын байқатқан Мұрат,– сұлу əйел – көздің құрты. Осындай сұлулық қашанда еркектерді жолдан аздырғыш келеді. Сұлулық алдында еркектер қай уақытта да дəрменсіз

болады. – «Алдынан сұлу əйел өткенде, оған 80-дегі шал да қадала қарап қалады» дейтін сөз бар. Сол сияқты əлгі айтып жатқан Нұрдəулеттерің де ол əйелдің сұлулығына жылан арбаған торғайдай топ ете түсті ме кім білсін! – Міне осы емес пе?–деді Мұраттың бұл сөзінен кейін айтқаным дұрыс болды ма дегендей, онан ары екілене түскен Сабира,– қазіргі еркектерге сенім жоқ. Олар жаңасын көрсе, ескісін ұмытып шыға береді. Үйлерінде бүлдіршіндей əйелі мен бала-шағалары отырса да, басқа əйелдердің соңынан түседі. Сондықтан да дүниені қашан да еркектер бүлдіріп жүреді. Қазіргі кезде көңілдес ұстау деген еркектер үшін бір сəн болып бара жатыр. – Сабира шын айтады,– деді Мұрат,– жақындағы бір журналдан оқуымша, қазір елімізде 80 пайыздан астам еркекте көңілдес бар екен. – Бірақ, осыған бола «дүниені еркектер бүлдіреді» деген қорытынды шығаруға болмайды, – деп дау айттым мен,– біздің ата-бабаларымыз ер мен əйелдің қалыпсыз қатынасы жəйында «буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» деп қортынды сипатты байлау айтса, орыстар да «қаншық көнбесе, төбет төнбейді» дейтін мақал айтады. Сондықтан əйелдер өздеріне мықты болса, еркектер оларға жолай алар ма еді? Еркектерге жағатсып, қиыла наздана жүріп, дүниені ең алдымен əйелдер бүлдіреді. – Дұрыс. Дұрыс,– деді сөзді іліп ала жөнелген Жеңіс,– дүниені əйелдердің бүлдіретіндігі араптардың дүниеге əйгілі классикалық романы «Мың бір түнде» баяғыда-ақ дəлелденіп болған шындық. Осы күні əйелдер қоғамдық қызмет барысында ерлерге жете алмайтын əлсіздігімен ерлердің алдында шарасыз қалады да, күндері үшін күлік жеп, ерлерге жағатсып, ерке наздары арқылы оларды аздыруға мəжбүр болады. Еркектерді сүйеніш қылып, арқа тұту үшін олармен көңілдес болып алады. Сүйтіп жүріп соңында барлық пəле-қазаны еркектерге жауып, өздері əппақ болып шыға келеді. Соның үшін əйелдерге ешқашан да сенім артуға болмайды. – Бұның қудай өтірік! – деді Жеңіске ішіп-жеп, алая қараған Сабира, – Бұның əйелдерге жапқан қып-қызыл жала! Дүниені еш уақытта да əйелдер бүлдірмейді. Өйткені бағана өздерің айтқандай, еркек атаулының бөтен əйелді көргенде, ауыздарының суы құриды. Өте-мөте сұлу əйелді көргенде өліп кете жаздайды. Əйелдердің əлсіздігі мен əлжуаздығынан пайдаланып, оларды басынып, қолжаулық еткілері келіп тұрады. Əйелдерді бір мезет ойнап тастай салатын ойыншық ретінде көреді. – Сабираның бұл сөзінің жаны бар, – деді Жеңіс екеумізге қарап, көзін қысып қойған Мұрат,– расында, əйелдер əлжуаз жаратылған пенде ғой, ал, əлжуазды кім бөзек етіп, əлсізді кім басынбайды дейсің? Сұлуды елдің бəрі сүйгісі, еркек атаулының барлығы құшақтағысы келеді. Тіпті Абай атамыз да «биені байлап, сұлуды жайлап... » деп жазған болатын. Сондықтан дүниені ең алдымен еркектер бүлдіреді. – Сонда ерлер əйелдерді пышақ оқтап тұрып сүйіп, қылышпен зорлап төсекке шығаратын болғаны ғой. Онда ол басқыншылық жасау қылмысы болып, еркектердің бəрі түрмеде шірімей ме? – деді өз-өзінен мырс етіп күлген Жеңіс. – Соны айтам,– дедім мен де, – жаңа Мұрат осы күнгі еркектердің 80 пайызы көңілдес ұстайды екен деді ғой, сонда олардың барлығы əйелдерді зорлап төсекке шығарып жүр ме екен? Осы кезде бөлме іші бір мезет тым-тырс бола қалған еді, бұл тыныштықты Мұрат бұзды: – Ары ойлап, бері ойлап көргенде, дүниені əйелдердің сұлулығы бұза ма екен деп ойлап отырмын. – Меніңше, мəселе тек қана сұлулықта емес,– деді Жеңіс, – өң-əлпеттегі сұлулық тек сыртқы көрініс қана. Ал, нағыз сұлулық адамның жан дүниесінде жатады. Сырты қаншалық сұлу болса да, жан дүниесі толыспаған адамның ішінде ит өліп жатады. – Дұрыс айтасың,– дедім мен тағы да басымды екілене шұлғып,– расында, адамның сұлулығы оның ішкі жан дүниесінде жатады. 5-6 жылдың алдында аудан бойынша сұлу атанған əлдебір келіншектің шешесін сабап жатқанын өз көзі-

мізбен көрдік деп, көршілері жағаларын ұстап отырушы еді. Осындай анасына қолы тиген əйелде қайдағы сұлулық болсын! Ал, күлді-көмеш болып, отбасын дұрыс ұстай алмай жүрген сұлу əйелдердің талайын көріп жүрміз ғой. – Былай десек, онда дүниедегі сұлулық пен көркемдікке қара шаптаған боламыз, – деді əлде нені ойлана қалған Мұрат,– меніңше, дүниені ер де, əйел де, сұлулық та бүлдірмейді. Қайта жер басып жүрген екі аяқты адам пендесі бүлдіреді. – Бұл не дегенің? – деді Жеңіс оған таңырқай қарап,– ер де, əйел де екі аяқты пенде емес пе? Сен дүниедегі əйгілі «Мың бір түнді» терістегелі отырған жоқсың ба? – Менің айтайын дегенім,– деді аз мүдіріп қалған Мұрат,– «Мың бір түн» жазылған кездегіге қарағанда қазір ер мен əйелдің парқы өте азайып кетті. Былайша айтқанда, кезекте ер мен əйел барған сайын парықталмайтын болып барады. – Мұрат өте дұрыс айтады! – деді екі алақанын бір-біріне шарт еткізіп ұрған Сабира қуанғанынан секіріп кете жаздап, – шынында, қазіргі күнде ер мен əйелдің ешқандай парқы қалмай бара жатыр. – Қалайша? – Қалайша дейсің ғой? Бұрынғы замандағы еркектер мен əйелдердің қандай болғанын білмеймін. Ал, қазір еркектер мен əйелдердің арасында ешқандай парық жоқ. Мəселен: ерлер істейтін қызметті əйелдер де істейді. Ерлер табатын табысты əйелдер де табады. Əйелдер айтатын өсекті ерлер де айтады,– деді Сабира қарамен боялған қас-қабағын ойната отырып. – Еркектер де өсек айтады? – дедім мен таңғалысымды жасыра алмай, – Ерлердің өсек айтқанын сен қашан естіп жүрсің? – Ендеше, сен айта қойшы, өсек деген не нəрсе? – деді Сабира маған қарсы сұрақ қойып. Мен қапелімде бұл сұраққа жауап бере алмай мүдіріп қалған едім, мені бұл тығырықтан Мұрат алып шықты: – Өсек дегеніміз – басқалар жайында негізсіз сөз сөйлеу. Немесе басқалардың сыртынан ғайбатын айту. – Бəрекелді! – деді Сабира қуанғандай болып,–бағанадан бері сендер басқалардың сыртынан өсек айтпағанда не айттыңдар? Бұрын өсекті тек əйелдер ғана айтады деуші еді, қазір оған еркектер де қосылатын болды. Сонда ер мен əйелдің арасында қайдағы парық қалды? – Япыр-ай, мына қатынның үшеуімізді бірдей тақырға отырғызып кеткенін қарашы?!–деді қарқылдай күлген Жеңіс, – расында, біз бағанадан бері елдің сыртынан өсек айтқан болдық па? – Ол қайдағы өсек болсын, əдеттегі қысыр əңгіме ғой. Бұндай қысыр кеңестердің барлығын да өсек деуге болмайды,– деді Мұрат тағы бір қиырға қиялай тартып,–дегенмен қазіргі ер мен əйелдің арасында парық қалмай барады дейтін сөздің азғантай болса да қисыны бар ма екен деп ойлай беремін. Өйткені осы күндегі көп санды еркектер əйелдерінің сөздерінен шықпайтын болып барады. – Рас айтасың! – деді осы арада əлде неге шарасыз мойынсал болғандай болған Жеңіс, – қарап отырсаң, бүгінгі күннің еркектерінде еркектік кесек мінездер барған сайын азайып, күн өткен сайын сұйықтап келеді... – деп жəне бір дауды бастай бергені сол еді, дəл осы кезде бөлмеге бастығымыз бас сұға қалды да, əңгімеміз осы арада үзіліп тынды. Осыдан көп өтпей, бір күні Нұрдəулетке кездесіп қалғанда, одан өзі туралы өріп жүрген өсектің жайын сұраған едім. – Бұны саған бастан-аяқ түсіндіру үшін бірталай əңгіме айтуға тура келеді, – деді ол жер жылжыса жылжымайтын мінезімен баяу сөйлеп,– ұзын сөздің қысқасы, мен жаңа қызмет орнына барғаннан кейін, бəлкім, мені сүйеніш қылып, тірек тұтпақ болған болар, ол əйел маған жалпаңдап, жағатси бастады. Мекемеге барсам болды, жылмия күліп, туған келінімдей сызылып тұратын əдет тапты. Тіпті бірнеше рет отбасына шақырып, əйеліме қымбат бағалы шетел пальтосын да кигізіп жіберді. Сонымен мекемеміздегі аз сандағы қазақтардың бірі ғой деген оймен мен де оған қолымнан келетін көмегім мен жəрдемімді көрсетіп, қызмет барысында білгендерімді оған үйретіп, қосарға алған аттай жетектеп

жүрдім. Тіпті көп ұзамай мекемеміздің өзім жауапты болған «шағын қазынасының» кəссірлік міндетін де алып бердім. Алайда, жарым жылдың айналасында оның бұл міндеттің үдесінен шыға алмайтындығы, тіпті ішінара қиянаттары да байқала бастады. Сонымен оны басқа жұмысқа ауыстыруға мəжбүр болдық. Осыдан кейін-ақ оның мекемеміз көлемінде қадыры кетіп, сүйкімсіз бола бастады. Мен де бұрынғыдай емес, одан атбойымды ала қашып, қашқалақтап жүретін болдым. Сонымен оған жасаған жақсылықтарымның соңы неге апарып соққанын өзің де біліп отырсың ғой. – Расында, бұл саған жабылған жала болса,– дедім мен оған күдіктене қарап,– қазір ол қатын көрінген жерде көйітіп, сен жөнінде алуан түрлі сөздер айтып жүрген көрінеді. Өзіңнің азамат басыңды осылайша жалған жалаға байлап қоясың ба? – Битке пышақ суырып, қатынмен бірге қатын болып қайтемін? Ол қатын көрінген жерде өтірігі мен өсегін айтып жүрсе, жұрт алдында өзінің қандай əйел екенін əшкерлеумен ғана тындым болады. Ондай надан, жан дүниесі пəле-қазаға толған əйелмен алысқанда маған не түседі? Арыстан қашан мысықпен алысушы еді?! – Онда жұрт пікірі мен ел сөзін қайтесің? – Ел айта-айта жалығып, жұрт дуылдай-дуылдай қоятын шығар? – деді Нұрдəулет əлденеге асығып тұрғандай сағатына қарап қойып,– «Өтірік сөз өрге баспайды» дегендей, жалғыз қатынның өсегі мені қайте қояр дейсің? Ол өзінше осындай өтірік-өсегі арқылы мені мұқатпақ болып жүрген болар? Солай ойласа, ойлай берсін! Өйткені ит өз алдына əупілдеп үре береді. Ал, керуен өз алдына көше береді емес пе?! 2003 жыл АҚША ТИЫННАН ҚҰРАЛАДЫ – Жақыннан бері ағаларың біртүрлі болып өзгеріп барады,– деп мұң шақты жексенбі орайымен қыдыра келген қайын сіңілісі Шолпан мен күйеу балалары Төкенге кезек қарап шəй құйып отырған, отыздың ортан беліне келіп қалған аққұба өңді, дөңгелек бетті, бетінің ұшы бояу жаққандай үнемі қызарып тұратын, басына Пəкістан жаулығын байлап алған Зейнеш,– екі күннің бірінде менімен жəне балалармен ұрысатын əдет тауып алды. Клет үйге салынған ағаш сəкінің ортасына қойылған дөңгелек ас үстелін қоралай шəй ішіп отырған Төкен мен Шолпан жеңгесінің бұл сөзінен кейін бұл кісі рас айтып отыр ма дегендейін, қолдарына шыныларын ұстаған беті оған аңтарыла қараса қалды. – Рас айтам,– деді олардың қарастарынан əлденені сезгендей болған Зейнеш тағы да мұңая тіл қатып,– сендерге бұл сөзді қалжыңдап айтып отырғаным жоқ. Анда-санда есігімізді бір ашқанда, өздеріңе бұл сөзді айтпасам да болатын еді. Алайда, жаныма батқандықтан шарасыз ауызға алып отырмын. – Сонда сіздерге не болды?–деп сұрау тастады жеңгесінің сөзіне сенер-сенбесін білмей отырған, өрілмеген ұзын қара шашын жауырынына төгілте жауып жіберген, қала келіншектерінше қасы-көзін бояп алған, ақсұр өңді, əдемі тікше кеңсірікті, толықша келген балтырын төр алдынан есікке қарай созып жіберіп шəй ішіп отырған Шолпан. – Не болушы еді? Баяғы ақшаның кеселі! – деп Зейнеш Төкен ұсынған шыныға қолын соза беріп жайбарақат тіл қатты. – Ақша дейсіз бе? – деді Зейнештің созған қолына босаған шынысын ұстата берген қоңырқай өңді, қою қасты, алакөздеу келген, дембелше денелі Төкен таң қала тіл қатып,– сіздерді бірнеше жылдан бері байып кетті деп əнеу күні радиода айғайлап жатқаны қайда? Тіпті газетке де жазып еді ғой!

– Ой, байығаны құрысын! Кеселдің бəрі осы баюдан шығып отырған жоқ па? – деді шəй құйған шынысына сүт қосып, Төкенге ұсына берген Зейнеш. – Ойбой, жеңге, не деп кеттіңіз өзі, айтқан сөзіңізден түк түсінсем бұйырмасын! – деді шəй үстеліне жақындай отырып, жеңгесіне бүгін көріп отырғандай қадала қараған Шолпан,– кеселдің бəрі баюдан шығып отыр деген не сөз? – Иə, кеселдің бəрі осы байлық пен барлықтан шығып отыр! Бүйтіп бай болғаның бар болсын, одан да бұрынғы кедейлігім мың артық екен! – Ой, Алла, не деп кеттіңіз жеңге? – деді жанындағы Шолпанға бұл не деп кетті деген кісіше қарап қойған Төкен,– «əкесі өлгенді де естіртеді» дейді екен ғой, не де болса ашалап, түсіндіріп айтыңызшы?! – Бұны сендерге қалай айтып, не деп түсіндірсем болар екен? – деді өз ойын бұларға қалай айтудың бабын таппағандай аз мүдіріп қалған Зейнеш, – қысқасын айтқанда, осы аз байлық біткеннен кейін ағаларың барған сайын сыған, барған сайын қарау болып өзгеріп барады. – Қалайша? – деді бұрын ағасының бұндай мінезін байқамаған Шолпан тағы да сұрау тастап. – Қалайша екенін кім білсін, əйтеуір, ақшамыз көбейген сайын ұрыс-қағысымыз да молайып, ағаларың бір тиын үшін тік тұрып, қалтасынан жарты жармақ шығарғысы келмейтін Шығайбай болып барады. – Ой, Алла! Атамыз қазақтың «жыланға түк біткен сайын қалтырауық » деген сөзі шын болғаны ма? – деген Төкен аяғы ұйып бара жатқан соң малдас құйып отырған аяғын жаза беріп. – Дəл айтасың! – деді Төкенге қарап қойып, алдындағы сүт құюлы тұрған шөңкедегі қаймақты қасықпен езе берген Зейнеш,– ағаларың барған сайын шық бермес Шығайбай болып барады. Екі сөзінің бірінде «ақша тиыннан құралады» деп, үйдегі керек-жарақтарға да ақша шығарғысы келмей тұрады. – Қойыңыз, бұл сөзіңіз құйдай өтірік! – деді ағасын ақтағысы келген Шолпан үстел жанынан шегіне отырып. – Үйбай, Шолпан, мен саған өтірік айтып не қыламын! – деді дəл осы арада көз шарасына жас тола қалған Зейнеш бұрыла беріп,– ағаңды саған жамандап отыр дейсің бе? Маған сенбесең, кешке оқудан келгенде Жəйнадан сұрап көрші, екі аптаның алдында Жəйна сабақтастарым анадай шапан, мынадай сым алды деп, құлақ етімді жей берген соң, есейіп қалған бала қатарына қарап бой түзегісі келетін шығар деген оймен, оны ағаңа айтып көрген едім. Ол: киіп жүрген шапаны бар, жалаңаш жүрмегеннен кейін болды емес пе деп, қолын бір-ақ сілтеді. Артынан Жəйна жаңа киім алып бермесеңдер оқуға бармаймын деп қиғылық салған еді, шапалақпен екі тартып тыныш болды. – Сонда ол кісі ақшаны неге істетемін дейді? – деп сұрау тастады Төкен артына бұрылып, көз шарасына үйіріле қалған жасты алақанымен сүртіп жатқан Зейнешке қарап қойып. – Неге істеткелі жүрген ит біле ме? – деді қайтадан орнына түзеліп отырған Зейнеш тағы да шағына сөйлеп,– бұрындары пəлен ақшамыз бар, түген ақшамыз бар деп, үй ішінде мақтанып отырушы еді. Бір жылдан бері ақша атаулыны бізге көрсетпей, өзі тыққыштап бəнкеге қоятын болып алды. Жақында нағашымның немересіне жасаған сүндет тойына барамын, тойға киіп баратын тəуір көйлек алуға ақша бер десем, маған «той сайын жаңа көйлек алып беретін менің ақшам далада шашылып жатыр ғой дейсің бе» деп, далаға сөйлейді. Тіпті, «той, той деп азғана ақшаны құртатын болдыңдар» деп, тойлыққа да ақша бергісі келмейді. Сонымен осы үйде екі күн қатарынан қырғын төбелес болды. Сонда басқа елдің қатындары сияқты үстімізге жөні түзу киім кие алмасақ, балалар да үсті-бастарынан жүдеп жүрсе, өздерің айтыңдаршы, барлық пен бардамдықтың не пайдасы болғаны? Зейнештің сөзі осы араға келгенде Төкен мен Шолпан бір-біріне қарап, не айтудың жөнін таппай үнсіз отырып қалған еді, бағанағыдай емес ашылып алған Зейнеш одан ары ашына сөйлеп кетті. – Расында, тірі кезіңде қолда бар байлықтың пайдасын көріп, ел секілді ішіп-жеп, ойнап-күлмесек, онда сол

байлықтан не марқадам табамыз? Осы күнде елдің бəрі бай болсам деп, сол байлыққа қолдары жете алмай жүрсе, ал, біз қолда бар азғантай байлықтың игілігін көре алмай отырмыз. Бүйтіп құраған байлығың мен ақшаң құрысын! Құдайдың құтты күні ақша үшін ұрысып, ақша үшін төбелесіп отырсақ, бұл өмірдің не қызығы қалды? Одан да бұрынғы кедейлігім əлдеқайда артық екен! – Сонда, ол кісі не айтады? – деді ұйыған оң аяғын қос қолымен сипалай берген Төкен, – ақшаны бірдемеге істеткелі жүрген шығар? – Не айтушы еді? Екі сөзінің бірінде «ақша тиыннан құралады» дегенді айтады да отырады. Міне өзі де келді ғой деймін, қалған жəйді, өзінен сұрай жатарсыңдар? Қайта келгендерің өте жақсы болды, осы рет ағаларыңа білген ақылдарыңды айтып кетіңдер?! – Ағасы,– деді Төкен шəй ішіліп болып Зейнеш пен Шолпан асжаулық жиып, ыдыс-аяқты жуу сияқты жұмыстармен ауыз үйге шығып кеткен орайда. Қырықтың қырқасына енді ғана ілінген, сырықтай ұзын бойлы, ұяң сары шашты, көгілдір көк көзді, əдеттегі көк кездемеден қолқылдаған кəстөм-шалбар киген қайынағасы Жақияға қарап,– жақында өзіңізді радиода тəуір-ақ мақтады, «Шиңжаң газетінде» сізді «Баю жолының бастамашысы» деп мақала жазыпты, көрген шығарсыз? – Иə, көрдім,– деді ұйпаланған сары шашын оң қолымен салалай тарап қойған Жақия,– бізде қайдағы ондай байлық дейсің? Баяғы жазғыштар көпіртіп жаза береді де. – «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, өзіңізде бірдеме болғаннан кейін жазатын шығар. Əйтпесе, жоқты жонып табу кімнің қолынан келеді дейсіз? – Иə, Құдайға шүкір, там-тұмдап жиған бірдемеміз бар екені өтірік емес. – Сонда ол байлықты неменеге істетпексіз? – Ойбой, «бар болып, байы өлгенге қайдан жетсін» дегендей, бар дүние қаша ма? – деді төр алдына шынтақтап жата берген Жақия,– маған қарағанда көздерің ашық, көкіректерің ояу үкіметтің кəдірісіңдер ғой, қайта бүгін жақсы келіпсіңдер, осы мəселе жəйінда Шолпан екеуіңнен арнайы барып ақыл сұраймын ба деп жүруші едім. – Қойыңызшы, үкіметтің берген азғантай тиын-тебеніне сүйеніп əрең жан бағып жүрген бізден байлық жəйінда не ақыл шығады ғой дейсіз? – деді ойына бір қулық түсе қалған Төкен,–бізге қарағанда, қайта сол байлықтың басы-қасында өзіңізбен бірге жүрген Зейнеш жеңгейден ақыл сұрағаныңыз жөн емес пе? – Қой оны! – деді шынтақтап жатқан жерінде басын шайқап мырс етіп күліп жіберген Жақия, – оған айтсаң қолдағы Құдайдың зорлығымен зорға жинаған азғантай байлықты ішіп-жеп, ойнап-күліп, шашып жіберуден басқаны білмейді. Оның ойынша барды киіп, бақанды қолға алып, тойдан-тойға барып жүрсе ғана болғаны. Маған бұл ойын орындату үшін көптен бері ол жанына балаларды да қосып алатын өнер тауып алды. Оған қанша айтсам да, əйтеу «ақша тиыннан құралады» деген бір ауыз сөзді ұқтыра алмай-ақ қойдым. – Ақша тиыннан құралады дейсіз бе? – Иə, ақша тиыннан құралмағанда аспаннан салбырап түсе қалушы ма еді? «Іше берсең көл де таусылады» дегендей, албаты бұзып-шаша берсең азғантай байлық қаншаға шыдайды дейсің? Сондықтан балаларыма үнемі үнемшіл, қажырлы-қарапайым болыңдар деп ақыл айтып отырамын. Мен емес тіпті дүниедегі ішінара атақты миллионерлер де ел қатары тамақ ішіп, жұрт секілді қарапайым киініп, балаларын да өз күштерімен жан бағуға тəрбиелеп отырады екен ғой! – Иə, дүниеде сондай қарапайым тұрмыс кешіретін миллионерлердің бар екенін газет-журналдардан оқып жүрміз ғой, сонда өз ойыңыз қалай? – Менің ойым ба? Менің ойым өте қарапайым, «ақша тиыннан құралады» дейтін принципте берік тұрып, бірталай қаржының басын құрап алған соң үлкен қалалардың біріне барып серіктік құрсам ба деймін. Денсау болса, онан ары халықаралық саудамен айналысамын ба деген ойым бар!

– Жəрəйді екенсіз, арманыңыз алыста жатыр екен! – Осы жолы келгендерің көрім болды, – деді басын көтеріп Төкеннің жанына таяу сырыла келген Жақия дауысын бəсеңдете шығарып,– Бұл арманды іске асырудың бірден-бір алғы шарты ана жеңгелерің мен балаларға «ақша тиыннан құралады» дейтін бір ауыз сөзді ұқтыру болып отыр. Сондықтан Шолпан екеуің осы рет жеңгелерің мен балаларға көптен ақыл айтып кетіңдер?! Жақияның осы бір өтінішін естіген Төкен «япыр-ай, енді кімге ақыл айту керек? Тағы да екі нардың арасында қысылып қалған шыбынның күнін көретін болдым-ау!» дегенді ойлап, үн-түнсіз отырып қалды. САУДАДА ДОСТЫҚ ЖОҚ – Арнайы келіп, көңілімді сұрағаныңа рахмет! – деді шипахананың темір төсегінде ақ жəйманың үстінде əппақ көрпе жамылып жатқан, қара торы өңін айғыз-айғыз əжім іздері шимайлаған, жүдеу өңді, екі білегінің көк тамырлары адырайып-адырайып тұрған, əлсін-əлі күрік-күрік етіп жөтеле беретін Шүленбай ақсақал қарсы алдында отырған Ережепке риза бола қарап. – Оған несіне рахмет айтасың? Қайта əнеу күннен бері арнайы келіп, көңіліңді сұрайтын жөнім бар еді,– деді өңірі мен етегіне май дақтары сіңіп, жып-жылтыр болып кеткен əскери сары ішік киіп, белін қоңыр қайыс белбеумен тартып алған, иегі мен екі жағын сақал-мұрт басқан, қызыл шырайлы, қисық ауыздау келген, болаты қайта бастаған екі көзі жасаурап тұратын, алпыстың алқымын алып қалған Ережеп ақсақал,–кеше мына ұлымыз екеуміз қолдағы біраз малды сойып, соның етін базарға сала қояйық деп, осы араға келген едік. Өзіңнің сырқаттанып ауруханаға жатып қалғаныңды түнде құданың үйінен естідім. Сонымен базар ашылғанша көңіліңді сұрап шыға қояйық деп тəңертең ерте келіп отырғанымыз ғой. – Рахмет, Ереке! – деді желкесіндегі биік қойылған жастыққа сүйеніп отырған, жас шамасы жағынан Ережеппен шамалас Шүленбай ақсақал төсектің аяқ жағында отырған Ережептің ұлы Өмірбекке қарап қойған соң ентіге дем алып,– е, мынау кенже ұлың ба? Биыл 22-23-терге келіп қалған шығар? Ой, шіркін! Кеше ғана жалаң бұт жүгіріп жүрген балалар да міне бүгін азамат болып қалыпты-ау, зырлап бара жатқан дүние деген осы ғой, баяғы! Азамат болды деген осы, өз жаныңа ертіп сауда-саттыққа баулып жүргенің жақсы болған екен. – Бұл да не жырғағаннан маған еріп жүр дейсің? Баяғы қу тірліктің қамы ғой,– деді Ережеп мүйізгек басқан оң алақанымен көптен бері алынбай қаулап өсіп бара жатқан сақалын сипап қойып,– əлгі орталауына дейін недəуір оқып келген еді, одан ары оқытуға шамамыз келмеді. Сонымен үйде бекер жатқанша деп, ауыл арасында ұсақ-түйек сауда істеп жүруші еді. Осы жолы мал базары мен қасап жағдайын байқайық деп мені бұл араға зорлағандай болып осы ертіп келіп отыр емеспін бе? Əйтпесе, пайғамбар жасына келгенде менің қайсы өнерім тасып бара жатыр дейсің? Ережептің сөзінен кейін жанындағы тумбочкада шыныға құюлы тұрған ақ шəйді қолына алып, бірер ұрттаған Шүленбай ақсақал: – Жөн, жөн, қазіргі заманың сауда заманы болып тұр ғой, малды баға бергенді ғана білмей, оны ақшаға айналдырудың да жолын табу керек. Талабың жақсы екен, қарағым, осы күні ай сайын үкімет беретін азғантай ақшаға телміріп отыратын кадырлардан сауда-саттық істегендер асып бара жатыр емес пе? – деп қолындағы шынысын қайтадан тумбочкаға қоя берді. – Иə, үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы, барлық нəрсені үйрен, біл деп мен де бұның құлақ етін жеп отырамын. – Дұрыс айтасың! – деді тағы да бірнеше рет жөтеліп, ентіге дем алған Шүленбай ақсақал Өмірбекке қарап қойып,– əкелерің сендерді қашанға дейін арқасына көтеріп жү-

реді дейсіңдер, қарағым, жаңа əкең айтқандай, үйренгенің өзіңе жақсы. Біз де міне өмірде талайды көрдік. Талай жыл қоғамдық қызмет істедік, елден алғыс та, қарғыс та естідік. Енді жатқан кейпіміз мынау! Əкеңмен қатар өскен атаң ретінде саған бір ақыл айтайын, балам, əр уақыт көкейіңде сақтап жүр?! – Айтыңыз, ақсақал, айтыңыз,– деді бағанадан бері екі шалдың əңгімесін тыңдап, екеуіне кезек қарап отырған Өмірбек Шүленбай қарттың ауызынан əлдебір асыл түсе қалатындай ынтыға қарап. Осы сəтте Өмірбекке бір, қарсы алдында отырған Ережепке бір қарап қойған Шүленбай əлденені ойланғандай аз үнсіз отырды да: – Жаңа да айттым ғой, бұл өмірде біз де аз болмаған жас жасап, аз болмаған нəрселерді көрдік. Осы күнге дейін өмірден бір қорытқан тəжірибем: адал жүріп, адал тіршілік кешу, адал болсаң қашан да атың арып, тоның тозбайды. Əкеңнің жаңағы сөзіне қарағанда сауда-саттықпен айналысып жүр екенсің, қарғам, меніңше сауда-саттықтың ең алдыңғы шарты адалдық. Тек адалдық болған жерде ғана сауда күсет бола ма деп ойлаймын. Осы сөзімді көкейіңде сақтай жүрерсің! – деп, төмен түсіп бара жатқан көрпесін кеудесіне қарай тарта берді. – Ой, жалған дүние-ай! – деді аурухана қақпасынан шығып келе жатқанда Ережеп ах ұра күрсініп, – алдамшы өмір деген осы ғой, енді қанша су ішері қалды екен? – Əке,– деді Ережеппен қатарласа беріп, əкесінің жас тола қалған жанарына жасқана қараған Өмірбек,– осы Шүленбай ақсақалды талай жақсылығы өткен адам деп, үнемі ауызыңыздан түсірмей отырушы едіңіз, бұл кісі сізге қандай жақсылықтар жасаған еді? Ұлының бұл сұрауына əдепкіде жауап бере қоймай əлде неге асыққандай құнжың қағып бара жатқан ширақ жүрісті Ережеп шал бірталайдан кейін барып: – Бұл кісінің қай жақсылығын айт дейсің маған? – деп ауыз ашты,– баяғыда бұл кісі біз тұрған фермаға ферма бастығы болып тұрғанда, талай жоқ-жітіктің басынан сипаған еді. Ол жақсылығын мен тұрмақ, бүкіл халық осы күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Ой, шіркін, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын жалған дүние-ай десеңші! Түнде құданың айтуына қарағанда, бұл кісінің өкпесіне жаман ауру ілінген сияқты, енді қанша су ішері қалғанын кім білсін! Əкесінің əлдебір сезім толқынына көміліп, əлдебір ой арпалысында келе жатқанын байқаған Өмірбек те əңгімені бұдан ары өрістете берудің пайдасыз екенін аңғарып, желе жортып бара жатқан əкесінің соңынан асыға адымдай берді. Бұлар қалашық шетіндегі мал базарына келгенде базар əлдеқашан ашылып қойған екен. Қараша айының соңғы кезі дəл соғым мезгілі болғандықтан да мал базарының саудасы ерекше күсет көрінеді. Сонымен олар да асығыс өз шаруаларына кірісіп кетті. – Ассалаумағаликөм! – деп дауысын көтере сəлем берген адамға жалт қараған Ережеп, алдындағы қарамен бояған ұзын тон, сусар малақай киген ақсұр жігіттің сəлемін асыға алды да, бұны қайдан көрдім деген адамша аңтарыла аз тұрып барып: – Ой, Қанатпысың, шырағым,– деді əлденеге қуанғандай даңғырлай сөйлеп, – қалай, дені-қарның сау ма? Келін мен балалар аман ба? – Аман, аман,–деді əлденені іздегендей жан-жағына қарағыштай берген жас жігіт,–иə, мен Қанатпын ғой, дегенмен əрең танығандай болдыңыз-ау! Өзіңіз қандай, күйлі-жəйлі жүрсіз бе? – Шүкірлік, шүкірлік,–деді не істеп, не қоярын білмеген адамша сасқалақтап қалған Ерепжеп,– жаман шалда немене көз қалды дейсің, шырағым, бүгін көрген адамды ертең танымай қаламын, иə, жəйшылық па? – Жайшылық болғанда,– деді дəл осы кезде олардың жанына келіп, «жақсысыз ба» деп, қол беріп амандасқан Өмірбекке қарап қойған Қанат, – таңертең біздің шалға кіріп шыққан екенсіз ғой, сонымен ол кісі қырдың етін сағындым, қазақы малдың сорпасын ішемін деп мені сізден ет алып келуге жіберіп отыр.

– Ой, жарықтық, қырдың етін сағынған болды ғой, қайтсін енді, қазіргі қолда баққан малдың еті жайлымда жүрген малдың етінің маң қарасын көре ме? Жəйлымға баққан малдың сорпасы осы кезде дəрі емес пе? Біз бүгін ылғай ірі қара малдың етін əкелген едік, көбі бағанадан бері сатылып кетті. Қалғаны мынау, өзің көре ғой,– деген Ережеп қастарындағы ағаш бағаналарда ілулі тұрған етті нұсқады. Ережеп нұсқаған жерге келіп, ілулі тұрған еттерге жағалата көз жіберген Қанат: – Қалада өскен біз етті қайдан таныймыз, оданша өзіңіз талдап, он-он бес кило ет өлшеп беріңіз?! Соғым сойғанша осы да жетіп қалар? – деген еді, оның сөзін іліп ала жөнелген Ережеп: – Рас, рас, сендерге ет таныған қайда? Жақсылары бағанадан бері сатылып кеткенін қарашы, міне, мына біреу атан шығар өгіздің еті, біраз қара кесектеу болғаны болмаса, нағыз жайлымда бағылған мал. Осыдан ала ғой,– деп құнжың қағып кетті де,– əй, Өмірбек, мына еттен Қанат ағаңа айтқанын өлшеп берші?! – деп дəл қасында өзіне аңтарыла қарап, меңіреу адамша меңірейіп тұрған ұлына əмір етті. – Əке, жаңағы жігітке атан өгіздің еті, өзі жаздай жайылымда бағылған деп өтірік айтып, оған түйенің етін бергеніңіз не? – деді, Қанат өлшеп берген етті алып, «Шалекең аңсап жатқан қырдың етін жеп бір жасап қалатын болды ғой» деп Ережеп пен баласын қайта-қайта үйіне шақырып, өз жолына түскен соң, əкесіне қарап ренжи тіл қатқан Өмірбек. – Əй, баламысың деген,– деді Ережеп мырс етіп күліп жіберіп,–оқу соққан қаланың кəдірі сиыр еті мен түйе етін қайдан айыра алады дейсің? – Баласы білмегенмен де əкесі біліп қойса қайтеміз? Бағана ол кісіні талай жақсылығы өткен адам деп ауызға алып едіңіз ғой, оның үстіне қыр етін сағындым деп баласын бізге əдейі жіберіп отырса. – Енді қайтеміз? – деді баласының бұл сөзінен кейін жан-жағына алақтай қарап дағдара тіл қатқан Ережеп шал,– жалғыз қоңыр құнажынның еті бағана өтіп кетті ғой, қалғанының барлығы түйенің еті болса не істейміз? Жоқ əлде, сиырдың еті деп түйенің етін сатып жатырмыз деп, бүкіл базарға жар салайық па? – Сонда да ауырып жатқан Шүленбай ақсақалды алдағанымыз ұят емес пе? – Барлығын да бір Алла кешіретін шығар, оның үстіне «саудада достық жоқ» деген сөз де бар. – Бұл сөзді кім айтқан екен? – Кім айтушы еді, баяғы атаң қазақ айтқан! САУДА САҚАЛ СИПАҒАНША Кешкі автобуста бірде ұйықтап, енді бірде оянып, мазасы май ішкендей кеткен Назарбек таң ата көздеген қаласына жетті де, ел орнынан тұрып, өз қарекеттерін бастағанша автобус ішінде тақатсыздана отырып, бекетте қыбыр-жыбыр басталғаннан кейін автобустан түсіп, бекет алаңқысының шетіне ол-пұлдарын жəйіп тастап, шəй мен нан сатып тұрған əлдекімнен бір нан алып, бір шыны шəй ішті де, таксиге отырып толайым сату базарына тартты. Үйінен шығарда балаларының қайта-қайта үйретуімен баратын жерінің атын ұмытпастай етіп жаттап, қағазға жаздырып алған ол базар қақпасы көзіне көрінісімен қуанып сала берді. Əнеу күндері ауылда сауда істеп жүргендермен ілесіп, бұл араға бірнеше рет келген ол базар маңайындағы үйлер мен бөгенайлы заттарды көкейіне мықтап түйіп алған-ды. Үйінен шығарда əйелі мен балаларының: –Үлкен қалада баратын жеріңді таба алмай адасып кетер ме екенсің. Оданша бірер күн тоса тұрып, басқалармен ілесіп барсаңшы?! – деген сөздеріне бой бермей: – Мені ол қалада қасқыр жеп кетеді дейсіңдер ме? Алдыңғы жолы бірнеше рет барғанда байқауымша, тек таксиге отырып, баратын жеріңді дұрыс айтсаң ғана болғаны дəл апарып тастайды екен. Ал, алған затыңды айтқан жеріңе апарып тастайтын үш дөңгелекті арбалар дегенің базар

ішінде толып жүр. Қашанғы бала сияқты басқалармен еріп жүремін. Оның үстіне басқалармен ергенде өзіңде ерік болмайды екен. Еркін сауда да жасай алмайды екенсің. Осы рет не де болса өзім жалғыз барып, қалаған затымды алып келемін. Тек Алла тағала əлгі тонаушыларынан сақтаса ғана болғаны! – деп əлдебір тəуекелмен шығып кеткен еді. Үйінен шығарын-шығып алса да жол бойы соншалық үлкен қалада əлгі базарын таба аламын ба, жоқ па деген күдікті ой бас қуысында шыр айналып, жүрегі қобалжып келген еді. Өзіне таныс базар қақпасы көрінгенде Назарбектің сол күдігі зымзия болып, бір түрлі ризашылық сезіміне бөлене берді. Орта бойлы, талқы аяқты, ұзынша келген сопақ жүзді, суағарының үстіне қою мұрт қойып, оның екі ұшын езуіне салбырата түсіріп қоятын, биылғы жылы отыз жеті мүшеліне шығатын Назарбек жаздай еккен азғантай егінін жинап алғаннан кейін ала қыстай бос жатқанша, ел сияқты сауда істеп көрейін деген оймен үйінің алдындағы кілетін босатып, оған покай жəне зат қоятын сөре сияқты бірдемелер жасатып, бір айдың алдында ауылда сауда істеп жүрген жігіттерге ілесіп, осы қаладағы толайым сату базарынан екі рет зат алып қайтқан болатын. Қарағанда сауда істеу деген де оншалық қиын іс көрінбейді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендейін, тек ынтамен қажыр-қайрат болса ғана болғаны, үйде отырып-ақ аз болмаған пайда көретін сияқты. Осылайша аз да болса ақшаның дəмін татып қалған Назарбектің зат алу үшін бүгін осы қалаға нар тəуекелмен өзі жалғыз келуі еді. Қақпа алдында таксиден түсіп қалған Назарбек нақ осы жер емес пе дегендей, өз көзіне өзі сенбеген адамша айналасына алаңдап қарап, базар ішіне кіріп келе жатқаны сол еді, бір кезде дəл жанынан шыға қалған: – Ассалаумағаликум! – деген дауыстан селк етіп, маған сəлем беріп тұр ма деген оймен оң жағына жалт қарап, өзіне күлімсірей қарап тұрған еңгезердей ұзын бойлы, қырма сақалды, басына əлдененің терісінен жүнін сыртына қаратып жасай салған малақайсымақты қисық қондырып алған, көк түсті шерістен ұзын палто киген, елудің жуан ішіндегі адамды көрді де, еріксіз тоқтап қалды. – Ой, ағайын, зат алғалы келдің бе? – деді жаңағы өзіне күлімсірей қарап тұрған адам жатық қазақ тілімен. – Иə, иə,– деді бұл сөздің ауызынан қалай шығып кеткенін аңғармай қалған Назарбек жанында тұрған адамға бұл менің зат алғалы келгенімді қайдан біліп қойды деген оймен күдіктене қарап. – Бері келіңізші?! – деді əлгі адам Назарбекті адамдар қайшыласа өтіп жатқан жолдан шеткері шығарып,– сонда не зат алғалы келдіңіз? Өзіңіз не сауда істейсіз? Бейтаныс жанның бұл сұрауынан соң, «əкəу, бұл адамның менің не сауда істейтінімде не шатағы бар? Əлде мені тонағалы тұр ма?» деген оймен жан-жағына қараған еді, əлде нелерді көтеріп, ары-бері қайшылыса өтіп жатқан адамдарды көріп, осынша көп адамның көзінше мені тонай алмайтын шығар деген оймен атқалақтай соғып кеткен жүрегін орнына түсіріп: – Ауылда магазин ашушы едім. Ішіп-жем, киер киім секілді ұсақ-түйектерді алғалы келдім,– деді əлгіндегідей емес оған батылдана қарап. – Əп, бəрəкелді! – деді əлденеге қуанғандай болған əлгі адам жымия күліп, –біздің дүкеннен сен іздеген заттың барлығы да табылады. Затымыз өте арзан, тіпті су тегінге сатқалы жатырмыз. – Неге? – Бағанадан бері бір мұсылман баласы кезігіп қалар деген оймен осы арада сақтап тұрған едім,– деді Назарбектің дəл қасына келіп, құлағына сыбырлағандай болған əлгі адам,– шетелге сауда істеуге шығатын болғандықтан, дүкеніміздегі заттарды тез арада өткізіп, дүкенімізді басқаларға майлап бергелі жатырмыз. Сондықтан «бір тамса да бикеме тамсын» деп, өздерің айтатын сияқты арзан затымызды мұсылман баласы алсын дегеніміз ғой. Осындай оймен тұрғанда өзіңнің кезіге қалғаның қандай жақсы болды! Енді біраз айлансаң, мен де кеткелі тұр едім. Əйтеуір, зат

алғалы келген екенсің, алдымен дүкенімізге барып біздің затты көр?! Осы базар бойынша ең арзанға береміз. Тіпті завод бағасынан да төмен, су тегінге береміз десек те болады. Əлде қалай кезіккен шапағатшыдай сап ете түскен бұл адамға шын айта ма, өтірік айта ма деп күдіктене қараған Назарбек: – Шын айтасыз ба? Мені алдап кетпейтін шығарсыз? – деп ыржия қараған еді, ол: – Мұсылман баласы бірін-бірі алдай ма екен? Алдымен дүкенге барып затымызды көр! Алғың келмесе сені зорламаймыз, – деп тағы да күлімсірей тіл қатты да,– өзің де байқаған шығарсың, мен қазақ ішінде өскемін. Қазақ ағайындардың адалдығы мен бауырмалдығын əбден білемін. Барлығымыз да түрік тектес халықтың нəсіліміз ғой. Оның үстіне Құдайға сенетін мұсылман баласымыз. Сені алдап қайтемін. Алдымен дүкенге барып затымызды көр! Дүкеніміз міне жақын жерде,–деп Назарбекті ерте жөнелді. Желе жорта жөнелген бейтаныс адамның соңынан ығыжығы орналасқан сауда дүкендерін аралай, асыға адымдап келе жатқан Назарбек маңайына алақ-жұлақ қарап келеді. Əйтеуір, мынадай қалың адамның арасында тонаушылықты істей алмайтын шығар дегенді ғана медеу тұтқан ол, қалың сауда орындарын аралай недəуір жүрген соң, əлгі адаммен ілесіп бір дүкенге қалай жүріп, қай жақтан кіріп келгенін өзі де білмей қалды. Дүкенде ер-əйелі аралас 3 адам бар екен. Əлгі адам есіктен кіре бере: – Бір қазақ ағайынды ертіп келдім! Бұл кісі ішпек-жемек, киім-кешек сияқты нəрселерді алады екен. Тез заттарыңды көрсетіңдер! – деді самбырлай сөйлеп. Осыдан кейін-ақ дүкенде отырғандар: – О, қазақ ағайын екен ғой! – Біздің де іздегеніміз мұсылман баласы еді! – Мұсылман баласына затымызды су тегінге береміз! – десіп, жамырай тіл қатып, Назарбектің алды-артына қарауға мұрсасын келтірмей, дедектетіп əкетті. Алдыңғы екі жолғыға қарағанда осы рет іздеген затын өте арзанға алған Назарбек мың юанға таяу сауда жасап болғанда, күн түске жармасып қалған болатын. Ол алған затын қара тер болып дағараларға салып, буып-түйіп жатқанда ақырын аяңдап жанына келген бағанағы адам: – Қалай, қазақ ағайын! – деді Назарбектің жауырынынан қағып, – бағана айтқан сөзім рас па екен? Дүкен жабу орайымен осы рет затымызды су тегінге беріп, өзіміз қатты зиян тартатын болдық. Əйтеуір, мұсылман баласы алғаннан кейін оған өкінішіміз жоқ! – Рахмет, ағасы! – деді басын көтеріп, маңдайынан бұршақтап тұрған терді жеңімен сүрте салған Назарбек,– маған ерекше көмек істедіңіз, бұл жақсылығыңыз менен қайтпаса Құдайдан қайтар? – Рахмет айтуға татымайды,– деді əлгі адам Назарбектің тер басып кеткен жүзіне қарап,– қазақтар айтатын «сауда сақал сипағанша» деген осы. Енді үш дөңгелекті арба шақыртып, затыңды барар жеріңе жеткізіп тастайық?! Əлгілердің көмегімен автобус бекетіне қиналмай-ақ жетіп алған Назарбек осы реткі саудасына қабағат разы болып, саудам осындай оңына басып тұрса, көп өтпей ақшаның астында қалармын деген тəтті қиялдың жетегінде автобус күту үйіндегі орындықта шалқалап жатқан еді. Бір кезде əлдебіреу иығынан қағып қалған соң шошына селк етіп, орнынан ұшып тұра жаздады. – Ассалаумағаликум, ағасы! – деді оны иығынан қаққан жиырмалардың ішіндегі дөңгелек жүзді, көз аясы ішіне кіріңкіреген, шүңірек көзді жас жігіт,– жеңгеміздің жанында жатқандай, алаңсыз жатырсыз ғой тіпті. – Əликісəлем, ой Талғатпысың? – деді өзінің шошып қалғанына қысыла қызарған Назарбек, алдыңғы жолы өзін осы араға ертіп келген, ауылда сауда істеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болып қалған Талғатқа бұл қайдан жүр дегендей таңғала қарап. Назарбектің жанындағы бос орындыққа асықпай отырып, Назарбектің бүгінгі саудасының жəйін ұққан Талғат: – Ағасы, «бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық» дегендей, тақыс саудагерлерге алданып қалған

жоқсыз ба? Кəне, алған заттарыңызды алып шығыңызшы, көрейін,– деп өтініш білдірді. Назарбектің жанында теңкиіп жатқан бірнеше дағардың ауызын ашып, ондағы заттарды бірден алып, асықпай үңіліп, байыптай тексеріп шыққан Талғат: – Ой, ағасы, алданыпсыз, алғаныңыздың барлығы уақыты өткен заттар екен! – деп Назарбекке қарап өкіне бас шайқады. Талғаттың бұл сөзінен соң біреу сойылмен маңдайына салып қалғандай селк ете түсіп, тұрған жерінде қазықтай қатып қалған Назарбектің: – Уақыты өткені несі? – дегенге тілі əрең келді. – Осыны да білмейсіз бе? – деді Назарбекке таң қала қарап қойған Талғат, – Əрқандай заттың тұтыну уақыты болады. Тұтыну уақыты өтіп кеткен соң ол заттар керексіз заттар қатарында басқарылады. Өте-мөте ішпек-жемекке қатысты заттар осындай болады. Əлгілер сізді уақыты өткен заттарды беріп, алдап соғып кетіпті. – Онда қайтеміз? – деді сол тұрған жерінде əлі де меңірейіп тұрған Назарбек бұл шын айта ма дегендей, маңдайынан бұрқ ете түскен терді жалпақ алақанымен сыпыра сүртіп. – Өздеріне қайтарып тастау керек! – Олар қайтарып ала қоя ма? – Алмаса, сол арадағы базар басқару комитеті мен тұтынушылар қоғамына арыз айтамыз. – «Сауда сақал сипағанша» деген сияқты бір қолдан енді бір қолға өтіп кеткен затты олар қайтарып алар ма? Біз сатқамыз жоқ деп мойындамай қойса қайтеміз? – Талон алған жоқ па едіңіз? – Жоқ, оны не қыламын? – Онда жұмыс қиынға айналған екен,– деді орындыққа желі шығып кеткендей жалп етіп отыра кеткен Талғат. Бағанадан бері «сауда сақал сипағанша» деген бір ой ми шарында шыр айналып тұрған Назарбектің ойына дəл осы кезде, осы неме менің затты арзанға алғанымды көре алмай тұрмасын деген бір арам ой аяқ астынан сайтандай сап ете қалды да, орындықта əлденені ойланып отырған Талғатқа күдіктене қарай берді. 2003 жыл ЖЫЛУ АТАУ ЖИЫНЫНДА Бүгін мектеп іші абыр-сабыр болып, сасқалақ күй кешіп жатыр. Оқушылар əрбір жылдықтар бойынша сапқа тізіліп, жиын майданына кірудің дайындығын істеп жатса, мұғалімдер мен жұмысшы-қызметшілер əр-əр жерде топтаса тұрып, əлденені əңгіме етуде. Мектеп алдына уақытша орналастырылған жиын майданының жанында керме ту іліп, жиын сахнасын жасап, əбігер болып жатқан əлдекімдер көрінеді. Жоғары дауысты лабада беріліп жатқан музыка үні мектеп кеңістігін бір түрлі шаттыққа бөлеп тұр. Мектеп ауласы орталықтан келетін əлдебір басшыны арнайы қарсы алатындай етіліп, айнадай сыпырылып, көлденең жатқан бір тал жапыраққа дейін тазаланған. Расында, аудан басшылары бүгінгі жиынды ерекше салтанатпен ашуды мектеп басшыларына қайта-қайта тапсырған. Өйткені бүгінгі жиынның бұрынғы жиындарға қарағанда мазмұны ерекше түс алады. Яғни, бұрын осы мектепте 5-6 жыл мұғалім болып істеп, 2 жылдың алдында ғана «штатын сақтап қойып, 3-кəсіппен шұғылдануға» шығып кеткен Сайлау бұл мектепке 40 дана компьютер, 100 мың юань жылу атамақшы. Сондықтан да аудандық оқу-ағарту мекемесі мен халық үкіметі бүгін түстен кейін сабақ тоқтатып, осы бір дабыралы жиынды ашуды ұйғарған. Міне, жиын ашу уақыты да барған сайын таяп келеді. Мектеп меңгерушісі Қуанбек өз бөлмесінде сағатына əлсін-əлі қарап қойып, жиынға қатынасатын аудан басшыларын тағатсыздана тосып отыр. Жиын да белгіленген уағында ашылып кетті. Жиын сахнасында аудандық үкімет пен оқу-ағарту мекемесінен келген басшылар мен мектеп бастықтары сығылыса қатар отыр.

Түрлі ақпарат орындарынан келген тілшілер жиын майданын суретке тартып, кескінге алып деген секілді өздеріменөздері қарбалас болып жүр. Қаз-қатар тізіліп, ретті отырған мыңға тарта оқушылардың жанары жиын сахнасына қадалып қалыпты. Ал, жиын майданының шетіне таяу отырған оқытушы-қызметкерлердің көз қиықтары қайта-қайта жиын сахнасында кеудесіне қызылгүл тағылып, басшылармен қатар байсалды да байыпты пішінде отырған, бұрын өздері «кері Сайлау» атандырып жіберген көне қызметтестері Сайлауға қадалып, біріне-бірі əлденелерді айтып, əлденелерді сыбырласып, ауыздарын баса күлісіп қояды. Ал, аудандық үкіметтің оқу-ағарту жəне мəдениет істеріне жауапты орынбасар əкімі Бақтияр Сайлауды жат та кеп мақтап, шабыттана сөйлеп жатыр. Жиын сахнасында осылардың бəрін байқап, бірнеше күннен бері соңынан қалмай қойған «əкау, бірнеше жылдың ішінде-ақ Сайлау қалайша бұндай тез байып шыға келді» деген сұрақтың тізгініне жағаласып отырған Қуанбек бір шақта мойнын созып, Сайлауға қарап қойған еді, Сайлау осы мектепте қызмет істеген кездегі өмір үзінділері көз алдынан жөңкіліп жүре берді. – Меңгеруші! – деді бір күні кеңсесіне алқын-жұлқын кіріп келген ғылыми мүдір Сетерқан əлдебір үлкен уақиға болғандай ентіге тіл қатып, – əлгі Сайлау менің сабағымды тыңдамайсыңдар, сендерді сабақ тыңдауға кіргізбеймін деп шатақ шығарып жатыр. – Қалайша? – деді көз əйнегінің үстінен Сетерқанға таңқала қараған Қуанбек, – мектеп жөнінен айтқанда оқытушылардың сабағын тыңдау деген қалыпты іс қой. – Ол қанша тыңдасаңдар да, бəрібір, менің сабағымды ұғып жатқан жоқсыңдар, сондықтан сендердің менің сабағымды тыңдау құқықтарың жоқ дейді. – Сабақ тыңдау деген тек оқытушы өткен сабақтың мазмұнына ғана қаратылған емес, онда оқытушының сабақ өту методикасы да бағаланады емес пе? Оның үстіне сабақ тыңдауға онымен бір топты істейтін мұғалімдер де кіретін шығар? Соның үшін сабақты жоспар бойынша тыңдай беріңдер! Ол мықтының сабағын мен де барып тыңдап келейін. Осылайша Қуанбек бастап, Сетерқан қостаған оншақты оқытушы Сайлаудың сабағын тыңдағалы кіргенде, Сайлау сол сағаттық сабақ жоспары бойынша жаңа сабақ өтпей, бір сағат уақыт оқушыларға есеп шығартып, жаттығу жасатып тұрып алды да, бұның соңы недəуір əңгіме болып басылған еді. Тағы бірде Қуанбектің бөлмесіне шала бүлініп кіріп келген Сайлау есіктен аттай бере-ақ: – Жəзира неліктен озат болады? – деп Қуанбекті тергей жөнелді. – Неге озат болушы еді? – деді өңі қап-қара түтек болып кеткен Сайлауға күлімсірей қарап, асықпай тіл қатқан Қуанбек, – Ол озаттардың шартына толғаннан кейін озат болады да. – Ылғи артқы есік істеп, адамдардың білім-қабілетіне қарамайсыңдар! – деді көзі жасаурап, тығыла тіл қатқан Сайлау, Қуанбектің жаңағы түсіндіруін пішту ғұрлы көрмей, – Маған қарағанда Жəзираның білім-қабілеті неге тұрады? Сенбесеңдер, екеуімізді сабақ өту бəсекесіне салып көріңдер?! Осы жолы қанша айтса да Сайлауға сөзін өткізе алмаған Қуанбек ең соңында тұлан-тұта ашуланып: – Жер шарында сенен басқа адам құрып қалып па? – деп онымен ұрсысып, айғайласып тынған болатын. Тағы біркүні мектеп бойынша оқытушы-қызметкерлерге ашылған жиын аяқталып, ел жиыннан тарауға айналғанда, арт жақта отырған Сайлау: – Көпшілік, тұра тұрыңыздар, мен бір-екі ауыз пікір айтайын, – деді орнынан ұшып тұрып, – оқу-ағарту реформасын барған сайын тереңдету дəріптеліп жатқан, үкіметтің адам істету механизімінде бұрылыстар жасалып отырған қазіргі кезде, біздің мектеп басшыларымыз оқытушыларды ұсыныспен істету дүзімін жолға қойып, оқушыларды неліктен сыныптар бойынша мұғалімдерге көтереге беру əдісін атқармайды? Неліктен тек көне қағидаларға жабысып алып, оқытушыларды күніне 8 сағат мектеп ауласына қамап алады? Мен бұл талабымды мектеп басшыларына бірнеше рет

айтсам да, олар бұл ара жоғары мектеп емес деген сылтаулармен бұл пікірлерімді құлақтарына қыстырмай келеді. Сіздер айтыңыздаршы, мына барлық істе өнімділік дəріптеліп жатқан базар шаруашылығы сынды жаңа жағдайда, мектеп басшыларының осындай істеуі дұрыс па, жоқ па? Сайлаудың осы сөзінен кейін тарағалы тұрған жиын біреу отқа май құйып жібергендей ду ете түсіп, тағы да бірнеше сағатқа созылған еді. Сайлаудың өшпестей болып санасына жатталып қалған осы бір өмір үзінділері көз алдынан қас-қаққанша сырғып өте шыққан Қуанбек бір шақтары мектепте «кері» деген атағы шығып, өзінің көңіліне жақпаған істе шатақ шығарып, дау қозғап жүретін, басқалардың сөзін оңайлықпен құлағына қыстыра қоймайтын бұл «кері» бір-екі жылдың ішінде қайтып бұншалық байып шыға келді? Жоқ əлде, ұрлық істеп тонаушылық жасады ма дегендерді ойлап ой теңізіне малтай бергені сол еді, орынбасар əкімнің сөзі аяқтап қойды да, жиын басқарып отырған аудандық оқу-ағарту мекемесінің бастығы Ысқақ: – Жиынның ендігі күн тəртібі бойынша мектеп меңгерушісі Қуанбек Сайлау жолдасқа «даңқ куəлігін» ұсынып, мектептегі барлық оқытушы – оқушылар мен жұмысшықызметкерлер атынан Сайлау жолдасқа рахмет айтады,– деген соң Қуанбек асыға орнынан тұрып, аспанды жарып кете жаздап соғылған ду қол шапалақ үні ішінде баяу аяңдап барып, қолындағы «Даңқ куəлігін» Сайлауға ұсынып, оның қолын жалпақ алақанының арасына ала берді. ЕКІ НАРДЫҢ АРАСЫНДА Орайы келіп қарттармен əңгімелесе қалсаң-ақ болғаны, олар осы күнгінің адамдары олай да былай, ой, шіркін, бұрынғының адамдары-ай, дегенде тамсана бас шайқасып, ауыздарының суы құрып отырады. Расында, осы заманғы адамдардың мəдениет сəуяларының жаппай көтеріліп, идеяларының біртіндеп азат болып кеткендіктерінен болар, бұл замандағы адамдарды басқару шынында қиын-ақ. Оларды тек ақша арқылы ғана тектеп, экономика арқылы ғана шаужайламаса, оңайлықпен бой бере қоймайды. Бұның өзі де «заманына қарай адамы» дегендейін, заманның өзіне тəн бір сұры мен қыры шығар, кім біледі?! Оны айтасың, осы күнгінің ес-ақылы толық үлкен адамдарын басқаруды былай қойғанда, бұл күндегі балаларды басқарудың өзі де бір қиямет болып барады. Бұрындары оқушы атаулы«мұғалім келе жатыр» дегенде құдай келе жатқандай-ақ мыштай болып, мысықты көріп ініне қашып кіретін тышқандай бола қалушы еді. Бүгінгінің балалары мұғалім атаулыдан да жасқанбайтын болып келеді. Сондықтан да мұғалімдермен əңгімелесе қалсаңыз, бүгінгі оқушыларды тəрбиелеу мен басқарудың қиындығын айтып, шер төгіп отырады. Өте-мөте оқушы атаулы бір жатақта жатып, бір орыннан тамақ ішетін жоғары мектептерде оқушы басқару дегеніңіз барған сайын күрделеніп, күн өткен сайын қиындап келеді. Осындай жоғары мектептерде бір күні пəленбай сыныптың оқушылары туған күн отырысын өткізіп, соңында біріне-бірі қырғидай тиіп, қызыл шеке болып төбелесіпті десе, енді бір күні түгенбай сыныптың оқушылары жаңадан қабылданған оқушыларға «жаңа оқушылар тəрбиесін жүргізіпті» деп ду ете түседі. Тағы бір күні əлдебір сыныптағы əлде кімдер көшеден арақ ішіп, мас болып келіпті дейтін хабар шыға қалса, жəне бір күні ана сынып пен мына сыныптың оқушылары төбелесіп, пəленшекең түгеншекеңе пышақ ала жүгіріпті деген хабар от тиген қамыстай дүрілдей жөнеледі. Осыдан кейін-ақ сынып жетекшілері мен оқушылар басқармасының қызметкерлері арасында қара сорпалары шығатын шапқылау басталады. Сонау ит арқасы қияннан арнайы шақыртумен келген атааналар да «бауыр еті – балалары» үшін оқушылар жатағы мен мектеп кеңсесі арасында табандарынан тозып сенделіп жүреді. Кей-кездері осындай уақиғалар тек мектеппен ғана шектеліп қалмай, арғысы аудан, бергісі облыс, қала

көлеміндегі əр дəрежелі басшыларды да атқа міндіретін кездері де болады. Бұндайда мектеп көлеміндегі атқа мінерлер мен қатысты адамдардың телефондары күндіз-түні тыным алмай, шырылдайды да тұрады. Міне осылардан-ақ осы заманғы «жоспарлы туудың» тумалары болған əрбір отбасының «кішкентай патшаларын» басқарудың қиындығы ап-айқын болып көрініп тұрады əрі ол онсыз да михынатты бала тəрбиелеу жұмысына жапа үстіне жапа үстей түседі. Кеше түнде əлдебір оқушының туған күнін тойлау отырысында ақ пен қызылды құмарлана жұтқан əлдекімдер көшедегі мəлім бір мейрамханада қызыл қырғын төбелес жасаған екен, ол төбелестің аяғы насырға шауып, оған асхана қожайынының шақыртуымен 110 шарлаушы сақшылары араласып қалыпты. Сонымен ел бір ұйықтап ояндыау дегенде безектей жөнелген телефон шырылынан шошып оянған мектеп оқушылар басқармасының бастығы Сағындық нақ майданға жетіп үлгергенде, сақшылардың араласуымен төбелес əлдеқашан тыншып қалыпты. Əлінен асқан бірнешеуін сақшылар машиналарына басып алып кеткен көрінеді. Сонымен ол да шақырту арқылы келген сынып жетекшісі Нұрлан екеуі оқушылардан ақуал ұғысып, болған істі тексеріп-тектеп, оқушыларды жатақтарына апарып жатқызғанда, таңның шеті сызылып, жерге жарық түсіп те қалған еді. Түнімен ұйықтамай қызмет істедім деп, түске дейін шалқалап жататын емес, екі көзі қып-қызыл болып, таңертеңгі қызметіне шығып, орнына отырар-отырмастан үстелдегі телефон қоңыраулай жөнелді де, мектеп бастығы Сағындықты дереу өз жанына келуге бұйырды. Сағындық мектеп бастығының бөлмесіне кіріп, түндегі болған уақиғаны бүге-шігесіне дейін баяндай келіп, соңында: – Жақыннан бергі жағдайдан қарағанда, оқушылар өте əлдерінен асып, шеңберден шығып барады. Соның үшін осындай орайда ағаш басына шығып тұрған мықтылардың бір-екеуін жазалап, оларды мектептен айдау керек! – деп сөзін ширыға отырып, ұсыныс жəне талаппен аяқтатқан еді. Бағанадан бері оның сөзін ықылас қоя тыңдап отырған ақсұр өңді, жағы мен иегіндегі сақал-мұртын тақырлай қырған орны көкбеңбек тотыяйындай болып көгеріп тұрған, құс мұрынды келген, сары шерістен қатырып кастөм-шалбар киген, елудің жуан ортасын еркін аралап кеткен мектеп бастығы: – Ондай асығыс қорытынды жасап, апалас-төпелес айдай салуға болмайды. Сезімнің жетегіне ере бермей, ақылға салып ойланған жөн. Қызмет істегенде қашан да сабырлы да салмақты болу керек! – деді байыпты да байсалды үнмен. – Сонда тиюсыз кеткен жүгенсіздерді осы беті еркін қоя беріп қоямыз ба? – деп қарсы сұрау тастады түні бойы əлденеге ширығып, сіркесі су көтермей отырған Сағындық. – Ойбой, бұның өзі біздің қызметімізге байланысты,– деді мектеп бастығы ағы дендеп кеткен буырыл шашын оң қолының саусақтарымен салалай тарап, – сендердің басқарып отырғандарың оқушы ғой, оқушының ішінде не болмайды дейсің? Бірімен-бірі соғысып қалу, бірімен-бірі ренжісе кету дегендер оқушылар арасында болып тұратын қалыпты құбылыс емес пе? Осындай өзара ренжісіп қалғандарды шетінен қойша көгендеп, мектептен айдай берсек, онда мектепте қандай оқушы қалады? Сондықтан оқушыларға қаратылған жұмыста қай-қашанда жазаны емес, тəрбиені 1-орынға қою керек. – Тəрбие, тəрбие дегенде, ол малғұндар сол тəрбиеңізді ұқпаса қайтеміз? – Мəселе, олар ұқпайды емес, біз ұқтыра алмай жатырмыз,– деді мектеп бастығы Сағындыққа қадала қарап, əлденеге кекете мырс етіп,– мектеп деген не? Меніңше, мектеп деген ең алдымен тəрбие орны, адам тəрбиелеу – оның ең негізгі міндеті. Ал, адам тəрбиелеуден артық машақатты да қиын жұмыс болмайды. Оқытушылық кəсіптің жапалылығы мен қиындығы дəл осы арада жатады. Соның үшін оқушылар қызметін істейтін адамдар қашанда байыпты да байсалды болып, оқушылар қызметінде тəрбиені 1-орынға қоюлары қажет. Сонда ғана қызметте белгілі нəтижелерді қолға келтіруге болады. Бұл үшін саяси идеялық тəрбие қызметін

күшейтіп, сынып жетекшілері жұмысын мықты ұстау керек! – Сынып жетекшілеріне аз айтылып, оларға аз жиын ашылып жатқан жоқ, – деді мектеп бастығының бұл сөздері идеясынан оншалық өте қоймаған Сағындық нар тəуекелге басып,– олар да ұшына шыққан бірнеше оқушыны қатаң жазаламаса, өздерінің оқушыларды басқаруға шарасыз қалғандықтарын айтады. – Екі сөздеріңнің бірі жазалау болып алған екен. Бұл дұрыс таным емес, – деді мектеп бастығы бағанадан бері саған не айтып отырмын деген адамша дауысын көтере шығарып,– тек жазалауды ғана біліп, тəрбиені бір жаққа қайырып тастағанда, сынып жетекшілері мен сендер не бітіресіңдер? «Бар сенген байталыма қасқыр шауыпты»дегендей, сендерге сеніп қызмет тапсырғанда айтатындарың осы ма? Мақұл, сендер айтқандай-ақ бірнеше оқушыны жазалап, оларды мектептен айдап жібердік дейік, сонда қалған оқушылар қойдан қоңыр бола қала ма? «Мен сенбеймін бойыма, не сояды тойыма» деп əлдебір қыз айтыпты деген сияқты мен де оған сене алмаймын. Сондықтан басқармаларыңда жақсырақ ақылдасып, факультет басшылары қатынасқан сынып жетекшілері жиынын ашып, оқушылар қызметін арнайы талқылаңдар. Оқушыларды қалай басқару жəйында нақты пікір мен жоба алып шығыңдар. Меніңше, көз алда сендер істейтін негізгі жұмыс осы болмақ! – Мақұл ендеше,– деді мектеп бастығының алдында шарасыз қалып, енді таласа беруді артық санаған Сағындық орнынан тұруға ыңғайланып жатып, – сонда оқушылар мектептің Құдайы болды деңізші! – Рас айтасың. «Тұтынушы – сауданың Құдайы» дегендей, кезектегі базар шаруашылығы (нарықтық экономика) жағдайында, оқушы, шынында, мектептің Құдайы! – деді мектеп бастығы осыны да білмейсің бе дегендей, Сағындыққа таң қала қарап,– өйткені барлық іске экономикалық өнімділік тұрғысынан қарау, қазіргі нарық шаруашылығы жағдайының ең негізгі талабы. Өзің ойлап көрші, бір оқушының бір жылдық оқу қаражатынан мектеп кассасына қанша ақша кіреді? Аз дегенде бір оқушыдан 5 мың юаннан (Қытайдың ақша бірлігі) дегенде, 4 оқушыдан 20 мың юань кіріс кіріп қояды. Ал, 20 мың юань деген бір мектеп үшін аз ақша ма? Онымен бірталай жұмысты тындырып алуға болады. Тіпті оны оқытушы-қызметкерлерге сыйлық ретінде таратар болса, өздеріңе зиян ба? Сондықтан мына нарық шаруашылығы жағдайында дүп келген іске ең алдымен экономикалық өнімділік тұрғысынан қарауды үйрену керек! Бұның өзі заманның талабы! Ал, кезекте біздің мектеп секілді мектептерде оқушы қайнарының күн өткен сайын азайып, оқушы қабылдау жоспарының жыл сайын орындалмай жатқандығын өзің де білесің. Осындай жағдайда мектеп ауласына өз аяғымен келген оқушыны қайтадан қуалап жіберсек, онда онсыз да қысылтаяң болып отырған қаржыны қайдан табамыз? Кім бізге ақша əкеліп бере қояды? Өздеріңе таратылатын жыл соңындағы сыйлық секілді қосымша қаражаттарды қайдан аламыз? Соның үшін қайтып барған соң менің əлгіндегі пікірлерімді жақсырақ ойланып көр! Мектеп бастығының кеңсесінен ойлағаны орындалмай шыққан Сағындық коридорда бір мезет дел-сал болып тұрды да, оқушылар қызметіне арнайы жауапты болып жүрген орынбасар мектеп бастығына кіре шығайын, ол кісі не дер екен деген оймен кеңсесіне қарай асыға адымдай жөнелді. Қалай дегенмен, ол кісінің кешке дейін баққан-күткені оқушылар қызметі ғой, Сағындық түнде болған уақиғаны тəптіштей баяндап, əлгінде ғана мектеп бастығына айтқан ұсынысын айтып көрген еді, өзінен бірнеше жас қана үлкен, ұзын бойлы, қушиған арық, дүрдиген қалың ерінді, көзіне жоғары градусты көз əйнек салған жас басшы ə дегенде-ақ оны құптай кетті де: – Рас, рас, қазіргі оқушыларды басқару, шындығында, барған сайын қиындап барады,– деді алдында қобырап жатқан қағаздарды ақтарыстыра отырып,– ендігі жерде «бірдің басын алып, мыңға сабақ беру» шарасын атқармасақ болмайтын тəрізді. Соның үшін сендер сынып жетекшілерінің

пікірін ала отырып, тез арада шара берілетін оқушылардың материалын əзірлеп, маған баян етіңдер! Орынбасар басшының бұл сөзін естіген Сағындық отырған орнында қипыжықтап, не де болса тəуекел деп мектеп басшысының əлгінде ғана өзіне айтқан пікірінің шетін шығарған еді, бұны естіп аз үнсіз отырып қалған орынбасар басшы: – Е, ол кісі солай айтты де,– деді үстел үстінде шашылып жатқан қағаздарды жалғасты ақтарыстыра отырып,– ол кісі солай айтқан болса, ол оның жекелік пікірі ғана болады. Оқушыны Құдай қылып төбемізге шығарып қойғанда, бұл арадағы оқытушылар не істейді? Біз бен сендер не бітіресіңдер? Тəрбие, тəрбие деп оқушыларды еркіне жіберіп қойғанда, оларды қалай басқарамыз? Оқушылар қызметінде олардың еркіне жүгіре берсек, мектептің түрлі тəртіп-ережелерін қалай тиянақтандырамыз? – Онда, мектеп бастығы, – деп Сағындық күмілжи тіл қатып, əлденелерді айтқалы келе жатыр еді: – Немене, қорқып отырсың ба? – деп орынбасар басшы оның сөзін үзіп тастап, кесіп-піше байлау жасады. – Кезекте əрқайсы орындарда демократиялық басқаруды жолға қою дəріптеліп жатыр ғой, үлкен істерде жеке адам емес, мектеп парткомы коллективтік қарар шығарады. Ал, мен сен айтқан ұсыныстарды қос қолдап қуаттаймын. Сондықтан жаңағы менің айтқаным бойынша шара берілетін оқушылардың материалын маған тез арада əкеліп беріңдер! Орынбасар бастықтың бөлмесінен зілдей ой арқалап шыққан Сағындық өз кеңсесіне қарай баяу аяңдап келе жатып, япыр-ай, деп өкіне ойлады ол, орынбасар басшыға бекер кіріп, əлгі ұсынысты ол кісіге бекер айтқанымды қарашы, екі басшының арасына өсек тасығандай болдым-ау! Енді бұл екеуінің арасында қалай қызмет істедім? Əй, осы орта дəрежелі басшы болғаның да құрып қалсын! Бірде анаған, енді бірде мынаған жақпай жүріп, бір күні екі нардың арасында қалған шыбынша бекер өлеміз деші! ӨСІРУ ОБЪЕКТІСІ – Лау қа, (лау – Қытайлардың үлкендерді құрметтеп атау дағдысы) – деді бағанадан бері мекеме бастығымен бірге бірталай жұмыстардың басын ашып, уһ деп тыныстағандай болған, қылшылдаған қырықтың етегіне ілініп қалған, аласа бойлы, дембелшелеу келген, аққұба өңді, орақ тістілеу, мекеме парткомының Шужиы (Партия ұйымының бас хатшысы немесе секратары) Сұң (Қытайлардың фамилиясы) шужи, – əлгіден бері бірталай жұмыстардың басын қайырып тастағандай болдық. Енді көз алда тез арада істемесе болмайтын бір ғана ісіміз қалып отыр. Хатшының бұл сөзінен соң жуан қарны көк шеріштен киген шапанының алдыңғы өңірін көтеріп тұрған, қара торы өңді, қоңыр қой көзді, елудің ішін əлдеқашан аралап кеткен, ақ араласқан шашын үнемі қарамен бояп, артына қарай шалқайта тарап тастайтын мекеме бастығы Қайдар əлде нені есіне түсіре алмағандай хатшыға қарады да: – Қайсы істі айтасыз? – деп қайыра сұрау тастады. – Əлгі бастығы алмасып кеткен бөлімге бөлім бастығын тағайындау жұмысын айтамын. – Е, соны айтасыз ба? – деді мекеме бастығы айтпағың осы ма еді дегендей, асықпай тіл қатып, – оған əлі де бір объекті тұрақтандыра алғамыз жоқ қой. – Неге? – деді жағасының сыртына шығып қалған көкшіл түсті галстугін шапанының ішіне сала берген шужи Қайдарға таң қала қарап, – екі-үш аптаның алдында сіз бұл орынға Ермектен басқа лайықты адам жоқ деп, бірнеше рет құлаққағыс етіп, оны маған бірталай мадақтап алған едіңіз ғой? – Ой, ол бір айта салған сөз ғой,– деді шужидың бұл сөзінен қалай жалтарарын білмей сасып қалған Қайдар,– қазір ол көз қарасымнан қайтып қалып отырмын. – Неліктен? – Осы сөз шыққаннан бері жұрттың оны қалайдан-қалай естіп алғанын білмеймін. Менің алдыма бірталай адамдар келіп, Ермектің ол орынға лайықсыз екенін дəлелдесіп

кетті. Тіпті кейбіреулер арнаулы үйіме келіп, телефон соғып дегендей, оның недəуір əлсіз жақтарын ашып та тастады. Мекеме бастығының бұл түсіндірмесінен кейін бұл кісі рас айтып отыр ма дегендей, үстел үстінде тұрған көз əйнегін кеңсірігінің үстіне қондырып, Қайдардың бетіне үңіле қараған Сұң шужи: – Сонда, жұрт ол жігіт турасында не деп, қандай пікірлер айтады? – деп тағы да сұрау тастады əлденеге қызыққандай болып. – Біздің қазақ «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегенді қандай тауып айтқан?! – деді бұл сөзді Ханьзушаға (Қытайшаға) зорға қиюластырған Қайдар,– сол секілді ол жігітіміз де сырттай қарағанда, зиялы əрі оқымыстысымақ болып жүргенімен де, пəле-қала атаулы ішінде қойша өріп жүр екен емес пе? Басқалардың аңыс етулеріне қарағанда, əдетте ол басшылардың сөзіне оңайлықпен құлақ аса қоймайтын, барлық істі өзім ғана білемін деп тұратын көрінеді. Мекеме бойынша өзі ғана білімді, өзі ғана қабілетті де іскер сияқты. Осыдан барып оның қызметтестерімен болған ынтымағы да тым шіркін-ай емес екен. Сондықтан да кейбіреулер ол бөлім бастығы болса, мекеме басшыларымен шығыспайды, қол астындағыларға күн де көрсетпейді деседі. – Өздеріңіз де көптен бері мекемемізде ұлттықтар ішінде ең білімді, ең қабілетті азамат осы Ермек деп оны жер-суға сиғызбай мақтап жүруші едіңіздер ғой, енді ол қалайша демнің арасында Сұнукүңше (Қытайдың «Батысқа саяхат» атты классикалық романындағы 72 түрлі құбыла білетін қияли кейіпкер) құбылып шыға келеді? – деді шужи Қайдардың алдындағы əдемі гүлді стаканға қайнаған су құйып жатып,– меніңше, білімді адамдарда қашанда бір өрлік пен паңдық болмай қоймайды. Бұның өзі оқымысты зиялылар мен іскер адамдарда болатын біртүрлі табиғи қасиет. Осыған бола оны басқалармен шығыса білмейді деп қортынды шығаруға болмайтын болар? – Бұның сыртында, – деді шужи жаңалап құйған қайнақ судан бір ұрттап қойған Қайдар,–ол əдетте үнемі бізді сыртымыздан сөгіп, «олай істемеді», «былай істемеді», «мен басшы болсам өйтер едім, бөйтер едім» деп əркез жамандап жүреді екен. Сонымен бірге ол əдетте адамдармен көп араласып та кетпейді екен. Бұның өзі оның жəйшылықта бұқарамен байланысының жақсы емес екенін де түсіндіреді. – Сонда, ол не істейтін көрінеді? – Кітап пен қағазға тесіліп отырғаннан басқаны білмейді дейді. Осындай оқу соққан адам бөлім бастығы болса, онда ол қол астындағыларды қайтып басқарады дегенді де ойлай беремін. – Бұлардан басқа бұқара тағы да нелерді айтады? – Елдің айтып жүргендері көп. Оның қайсыбірін санап тауысуға болады? Біреулер оны арақкеш десе, енді біреулер екі беткей дейді. Тағы біреулер оның отбасылық берекесі жақсы емес десе, жəне біреулер басқа əйелдермен шатағы бар деседі. – Оһо, бұндай болғанда оның айыптары аз емес екен ғой,–деді кеңк-кеңк етіп күліп алған Сұң шужи тағы да мекеме бастығына күлімсірей қарап, – жə, енді елдің сөзін қояйық, ол жолдас ұлттық жолдас болғаннан кейін маған қарағанда, оны сіз біршама қанық білесіз ғой. Сіздің оған деген көзқарасыңыз қандай? – Менің ойымша,– деді дəл осы арада əлде неден мүдіріп қалған мекеме бастығы Қайдар,– бұрын ол жөніндегі елдің бағасы көп-көрім болатын. Газет-журналдарда өз кəсібіне қатысты көптеген мақалалар жариялап жүрген болғандықтан, қоғамда да беделі недəуір жоғары секілді еді. Бірақ, ол таяудан бері бөлім бастығы болады екен деген сөз шыққаннан кейін, ол жайында бөтен пікірлер аяқ-астынан жауған қарша қапалақтап кетті ғой. Сондықтан мен де оның қайсысына сенерімді білмей отырмын. – Өзіңіз оны қанық білесіз бе? Былайша айтқанда, əңгімелесіп көрдіңіз бе? – Бір орында бірге істеп жатқаннан кейін өзгелерге қарағанда, қанық білеміз ғой. Алайда, жаңағы ел айтқан сияқты ол елмен, өте-мөте басшылармен көп араласып кетпейтін адам болғандықтан, нақты сырын ала алмаған сияқтымын.

– Кəсіптік қабілеті қандай? – Кəсіптік қабілеті ме? – деді өз ойын қалай жеткізуді білмеген адамдай аз үнсіз отырып қалған Қайдар,– меніңше, кəсіптік қабылетінде айтар жоқ. – Онда, жарайды екен ғой. – Алайда, кəсіптік адамдар басшылық қызметін істей алмайды деп, жұрт шуылдап жүрмей ме? – Тағы сондай сөз бар ма? – деді дəл осы арада Қайдарға таң қала қараған Сұң шужи,– кəсіптік адамдар басшылық қызметін істей алмайды деген не сөз? – Кəсіптік қызмет пен əкімшілік жұмыс екеуі екі басқа дүние дейтінді меңзеп айтатын шығар? – Е, солай ма? Бұл жұрттың да айтпайтыны болмайды екенау! – деді таңқалысын жасыра алмай, өз-өзінен сықылықтап күліп жіберген Сұң шужи, – ол жігітті мен де əбден білемін. Онымен бірнеше жол əңгімелесіп, жалпы қоғамдық өмір жəне мекеме жағдайы жөнінде ішкерлей сырласып көргемін. Бұл арада ол жайындағы жекелік көзқарасымды айтып отырмайақ қояйын. Оны алдағы партком жиынында толық айта жатармын. Енді менің сізге қояр ұсынысым: бұл бөлімге бөлім бастығын тағайындау жұмысын тездетпесек болмайды. Ендігəрі соза беретін болсақ, қызметке тəсір жетеді. Қызметкерлердің көңілдеріне алаң кіреді. Ал, ол бөлімнің бастығы міндетін бұрын ұлттық жолдастар істеп келген. Ол бөлімде істейтін ұлттық жолдастар біршама көп болғандықтан, бұдан кейін де солай бола береді. Ал, ұлттық жолдастардың қызметінде қашан да сізге сүйенеміз. Сіздің пікіріңізге құрмет етеміз. Сондықтан да бұл мəселе жəйында тезірек бір шешімге келуіңізді үміт етемін?! – Жарайды,– деді шужимен болған əңгіменің осы арада аяқталарын сезген Қайдар орнынан қозғала беріп,– мен жақсырақ ойланып көрейін. Қайдар шығып кеткен есікке недəуір уақыт үнсіз қарап отырып қалған Сұң шужи, бір кезде «əй, ұлттықтар-ай, егер бөлім бастығы емес, аймақ, өлке дəрежелі кəдір өсіретін болсақ қайтер едіңдер» деп басын шайқап қойды да, алдында жатқан құжатқа үңіле берді. ҚОНАҚАСЫДАҒЫ ƏҢГІМЕ Қонағына берер қонақасыны бөлінбейтін еншісі санайтын, ұлтымыздың қонақуарлығы мен меймандостығы айдай əлемге тегіннен аян ғой. Осы күні дүние жүзіндегі басқа елдер ұлтымызды қонақуарлығы сынды осы бір ерекшелігі арқылы таниды деп айтар болсақ, артық айтқан болмаспыз. Алайда, қазіргі мына барлық нəрсе астын-үстін болып, атам заманнан бері жалғасып келе жатқан үрдістерге шыт жаңа жаңалықтар кіріп келе жатқан реформа заманында, қазақтың осы дүниеге əйгілі қонақуарлық салтына да ақырын-ақырын болса да, аз болмаған өзгерістердің еніп келе жатқандығын сіз байқады ма екенсіз?! Бұл арада біз қонақ шақырып, қонақасы берудің немесе əлдебір құдайы қонақты күтіп алудың мазмұнын айтып отырғамыз жоқ. Қайта мəселе оның формасында жатыр. Басқаны айтпаған күннің өзінде бұрын қазақтар қонақ шақырғысы келгенде өз отбасына шақырып, бəр мəзірін сол қонақтарының алдыларына жайып, шама-шарқынша күтіп алушы еді. Ал, қазір көп сандағы адамдар мейлі арнайы қонақ шақырсын, əлде əлдебір жақтан іздеп келген танысбілістерін күтіп алсын, мейрамханалар мен асханаларға қарай дедектете сүйрей жөнелетін болды.Тіпті қадым заманнан бері қазақтар өз қонағын жалғыз өзі шақырып, жеке өзі күтіп болған соң, одан кейін шақырып дəм татқызғысы келгендер шіретке тұрып, бірінен кейін бірі қонақ етіп, ауылдың берекесін əйгілеп жатушы еді. Ал, кезекте бірталай адамдар бір қонақты бірнеше адамдар бірлесіп, коллектив күтетін əдетті тауып алды. Бəлкім, осылай істегенде қонақ шақыратын адамдардың уақыттары үнемделетін, болмаса қонақасыға жұмсалатын қаражат іркіліп қалатын болар. Əйтеуір, «əр заманда бір сұрқылтай» дегендейін, бұл да болса қазақтың қонақуарлық салтына қосқан бір жаңалығымыз шығар?! Көптен бері əлдебір мекемедегі үш қызметкер мекеме бастығын қонақ қылуды ойласып, көңілдеріне бүгіп жүруші

еді. «Қонақ та сəтімен»дегендей, бүгінгі жұма күннің кешінде олар бірнеше күн бұрын құлаққағыс етіп, жығыла жабысып жүріп, мекеме бастығы Қасен мен оның əйелі Күлəшты мəлім бір мейрмханаға əрең алып келді. Шақырған қонақтары көпке дейін сарылтып барып келіп, қонақтар мен қонақ иелері көздің құрты түсетін алуан түрлі ас пен қуырмаштар сығылыса иін тірескен он адамдық үстелге жағалай отырып, бірталайдан кейін арақтар мен сусындықтардың ауыздары ашылып, əркімнің тəбетіне қарай алдыларындағы рөмкелер мен стакандарға құйыла бастаған кезде, қонақасы берушілердің ішіндегі жас жағынан үлкені, су ағарының үстіне жуан етіп мұрт қойған, қызыл сары келген, əдетте өне-бойына шаң жұқтырмай қағынып-сілкініп жүретін Қасымқан орнынан тұрып, қолына рөмкесін алып сөз бастады: – Құрметті аға, аяулы жеңге! – деді ол тамағын кенеп алғаннан кейін суырыла сөйлеп,– көптен бері менімен Гүлбану, Əнуар мен Сағымгүл жəне Базарбек пен Бағила сынды інілеріңіз бен келіндеріңізден құралған 3 отбасы сіздерге бір шəугім шəй беруді ойласып жүруші едік. Соның орайы бүгін əрең келгендей болды. Əсілі 3 отбасы да отқа қарап отырмағаннан кейін сіздерді отбастарымызға айырым-айырым шақырып, үш бөлек шəй берсек болушы еді. Оған сіздердің уақыттарыңыз шықпайтын болды. Сонымен бүгін осы арада бірлікте бас қосуды жөн санадық. Ағамыз да халықтық қызмет соңында күні-түні арып-шаршап, ары-бері шапқылап жүр. Ал, ол кісіге ақыл-кеңес айтып, отбасына тірек болып отырған жеңгеміз сізге де оңай емес. Ертең демалыс қой, сондықтан асықпай отырып, тартынбай ішіпжеңіздер?! Кəне, мына алғашқы бір рөмкені ағамыз бен жеңгеміздің құтты қадамдары үшін көтеріп қояйық?! Қасымқанның сөзі аяқтай бере орындарынан жабыла көтерілген қонақ иелері алдарындағы рөмкелері мен стакандарын қолдарына алып, екі қонақпен кезек-кезек қағыстырғаннан кейін ішіндегі алуан түрлі сұйықтықтарды кеңірдектерінен ары асырып жіберіп, бірінен кейін бірі орындарына отыра бергендері сол еді: – Көңілдеріңе рахмет! Бұған бекер əуре болған екенсіңдер, мынағұрша тамақтар мен қуырмаштарды қашан жеп боламыз? Бұның барлығын жеп тауысамыз деп жүріп, ішіміз жарылып жүрмесін! – деді шашын үнемі қысқа қырықтырып, кірпік шешеннің түгіндей тікірейтіп жүретін, ел сырттай елудің жуан ішін аралап кетті деп жүрсе де, өңі қырықтың ішіндегі адамдай жас көрінетін, жалпақ мұрынды, қызыл шырайлы келген мекеме бастығы Қасен қарқылдай күліп. – О, не дегеніңіз! – Қайта дастарқанымыз олқы болып қалды ма деп қысылып отырмыз. – Асықпай отырып, тартынбай ішіп-жеңіздер?! – деп жанжақтан жамырай, жарыса сөйлеген қонақ иелері бастықтың əлгіндегі сөзіне қарқ бола күлісіп қалды. Осы кезде бұл араға келгеннен бері қонақ иелеріне кезек-кезек көз тастап, əлде біреуді жоқтап отырғандай болған, шашын осы қаладағы ең жаңа модымен жасатып, оң қолындағы саусақтарына алуан түрлі жүзіктер салып, орта жастан əлде қашан асып кетсе де, жас келіншектердей сылдырап, үлде мен бүлдеге оранып жүретін, жас кезінде сондай өңді қыз болғаны əлі де болаты қайта қоймаған қара көздерінен білініп тұратын бастықтың ханымы Күлəш: – Ой, іштеріңде Жанат пен Сəуле жоқ қой, осындайда олар сендердің қатарларыңнан қалмайтын секілді емес пе еді?–деп тосын сұрау тастады. – Жеңгеміз, расында, көреген екен,– деді іле-шала үн қатқан шашы қашан көрсең де тарау көрмей, ұйқы-тұйқы болып майласып жүретін, киім-киіс пен бой түзеуге мəн бермейтін, ақсұр өңді, жыпық көздеу келген Əнуəр,– Жанат екі-үш күннің алдында Үрімжіге жиынға кеткен. – Неге? – деді Күлəш жанында отырған Қасенге бұны мен неге білмей қалдым деген адамша қадала қарап,– қайдағы жиын екен ол? – Жақында оның жазған мақаласы ма, əлде өлеңі ме? Əйтеуір, бірдемесі район жағынан сыйланған екен. Соның

сыйлығын алуға барамын деп жүрген,– деді бастықтың əйелінің сұрауына асыға жауап берген Қасымқан. – Иə, əйтеу, солай деп естігендей болдық қой,– деді шашын қоңыр ма, қызғылтым ба, əлдебір бояумен бояп, қасын қиылта сызып алған Бағила. – Онда, Сəуле неге келмеген? – деп қадала сұрау тастады, бұл істің бүге-шігесіне дейін білгісі келген Күлəш. – Кім біледі? – деп күмілжи тіл қатты, кеше ғана бүгінгі қонақасыға киіп барамын деп əдейі сатып алған қымбат бағалы шапанының түймесін шұқылап отырған секпіл бетті, көзінің айналасына түсе бастаған əжім іздеріне бетмайды баттастыра жаққан Гүлбану,– екі күннің алдында, оған қатынасасың ба қайтесің деп айтып көрген едік, ол Жанаттың жоқтығын айтып, бізге ергісі келмеді. Оның үстіне олар сіздерге өкпелеп қалған ұқсайды. – Рас, солай сияқты,– деді оймақтай ернін қызылмен баттастыра бояп алған, қушық бетті, көзі шүңірейе ішіне кірген Сағымгүл қатардан қалғысы келмей, –көптен бері олардың сіздерге пікірі бір түрлі ғой, өзі. – Иə, иə, дəл солай,– деді сендерден қаламын ба дегендей Гүлбану мен Сағымгүлге қарап қойған Бағила,– əнеу күнгі жиыннан кейін олардың сіздерге болған көзқарастары бүтіндей өзгеріп кетіпті, тіпті Сəуле кеше бастық болса қайтейін дегендей емеурін білдіреді. – Ол қайдағы жиын? – деп қадала кетті Күлəш тағы да Қасеннің болды қойсаңшы дегендей қылып өзін шынтағымен нұқып қалғанына қарамай. – Ой, оны сіз əлі күнге дейін білмеуші ме едіңіз? – деді Күлəшқа күмəндана қараған Əнуəр екілене сөйлеп,– əнеу күні мекеме бойынша ашылған бір жиында Жанат ағамызға қарсы шығып, көптің көзінше бұл кісінің бетінен алып тастады емес пе? – Иə, солай болды, Жанат та ұялмайды екен? – деді бағанадан бері сөйлеушілердің ауыздарына жалтақ-жалтақ қарап отырған 30-дың ортан беліндегі, ұзын шашы құлағы мен желкесін жауып жүретін мекеме көлемінде «сіміргіш» деген аты бар, ат жақты, қысық көздеу келген Базарбек сөзге араласа кетіп,– ол өзін білімді санап, қай-қашанда кеудесін көтеріп жүреді. Əйтпесе, шырыштай елдің алдында ағамыздың бетінен алар ма еді? – Базарбек жөн айтады,– деді тағы да тамағын кенеп қойған Қасымқан, – осы ағамыздың арқасында шалқып жүргенімізді елдің бəрі біле бермейді. Егер ағамыз болмаса, мекемеміз қандай болып кетер еді? – Оған сөз бар ма?–деп қостай жөнелді Əнуəр,– бірақ, осы ағамыздың қадырын жаңағы секілді кеудемсоқтар біле бермейді ғой. – Қанша айтқанмен адам пендесі емес пе? Ағамыздың тағы мен бағын қызғанатын шығар? – деген еді Гүлбану. – Дұрыс, дұрыс, олар ағаның ел арасындағы беделі мен абыройын көре алмайды,– деп сөзді іліп ала жөнелді Сағымгүл. – Жанаттың сыйлық алғанына бола Сəуленің де кеудесі өсіп қалыпты,– деп енді бір қиырға тартты Бағила. – Бағила шындықты шырқыратып отырып айтты,– деді жаңа ғана тастап жіберген бір стаканнан кейін маңдай тері бұрқ ете түсіп, өне бойы балбырап, бір рахатты сезімге бөленіп отырған Базарбек жайшылықтағы ділмəрлығына басып,– ол өзінше мен білімдімін, мен қабілеттімін деп кеудесін көтергенімен де, айналып келгенде ағамыздың кең мінезі мен ақкөңілділігінен жəне жуастығы мен момындығынан пайдаланып жүр. Əйтпегенде, ағамыз болмай тебеген ат сияқты басқа қыршаңқы біреу болғанда, əнеу күнгі жиындаақ Жанаттың бет-аузын дал қылатын еді. – Ой, бүгін сендерге не болған? – деді əңгіме шарықтап осы жерге келгенде, енді бірдеме демесем бұлар қайда тартып барады деген ойға келген Қасен, күле орнынан көтеріліп, алдындағы стаканын қолына ала беріп,– бүгін сендер мына екеумізді мені мақтап, Жанатты даттау үшін шақырмаған боларсыңдар?! Жə, қызмет пен мекеменің жұмысы осы арада қалсын! Енді отырыстың өз əңгімесіне түсейік! Кəне, сендердің ақ ниетпен шақырған пəк көңілдерің үшін мына

бір рөмкені көтеріп қояйық?! Осыдан кейін-ақ стакандар толассыз сыңғырлап, қонақасы қызып ала жөнелді. – Сен қолыңнан ештеме де келмейтін барып тұрған ынжықсың! – деді əлгілер қауқалақтасып жүріп салып жіберген кіре машинасына отырып, отбастарына қайтып келе жатқанда, қонақасыда көңілі алабұртып, əлде неге жарылып кете жаздап, «қайтайық», «қайтайық» деп əлсін-əлі айта берген, ең соңында Қасенді зорлағандай болып, қонақасы майданынан алып шыққан Күлəш. – Ой, батырым, саған не болды? – деді қызара бөртіп алған Қасен, машинаның арт жағында отырған əйеліне таң қала қарап. – Не болды деуін,– деді машинаға шыға бере-ақ өзіненөзі тұлан тұта ашуланған Күлəш,– бұл дүниеде сенен артық иіс алмас адам бар ма екен? Қол астыңдағыларды бүйтіп құтыртып қойғанша, оларды қиқаң етуге шамасы келмейтіндей етіп, тұқыртып, басып ұстасаңшы?! – Ой, жаңағылардың сөзін айтасың ба? Олардікі баяғы қыздырманың қызыл тілі емес пе? Бүгін 3 отбасы бірлесіп, бізді неге шақыра қалғанын қайдан білесің? – Қалай шақырса да, əйтеуір, бағанағы сөздерінен олардың саған жаны ашитындықтары айқын білініп тұр емес пе. Ал, анау Жанат дегенді қолыңда ұқығың тұрғанда, неге жүндеп алмайсың? Шырыштай елдің алдында, көрінгеннен сөз естіп жүргенше өле қалсаңшы! – Ол Жанат дегенді сен білмейсің ғой,– деді тағы да арт жағына мойнын соза қараған Қасен,– ол мекемеміздегі қабілетті де іскер жігіттердің бірі. Ал, жақсыны көре алмау деген қазақтың қашаннан бергі қанына сіңген əдеті емес пе? – Өйтіп жақсы болғаны құрып қалсын! – деді дауысын көтере үн қатқан Күлəш,– ой, байқұс-ау! Əлгілердің сөзінен байқамадың ба? Оны осы беті қақпайсыз қоя берсең, күндердің бірінде ол сенің қолыңдағы ұқығыңды тартып алады. Сонда ғана оның жақсылығын əбден білетін боласың! – Тағы да бастадың ба? Енді апта бойы құлаққа маза жоқ деші! – деді əйелінің сырына əбден қанық Қасен аңтарыла тіл қатып, – осы саған біздің мекеменің жұмысына араласпашы деп қанша рет зарласам да, бір рет болса да ұқпадың ғой! Жə, үйге де келіп қалдық, түн ішінде дабырлап, балалардың мазасын алмайық, көршілерден ұят болып жүрмесін?! – Өз қойнында жатқан байына ақыл айтқан қаншалық айып болады? Өзің білмейсің, білгеннің тілін алмайсың. Сонда сен қайтып адам боласың? Осыдан тақ анау Жанат дегенді бір жүндеп қоймасаң, мені қояды екен деп ойлама? Сені басшым екен деп көзіне ілмесе, ел сияқты силамаса, оған неге жаның ашиды? Осындай қолда билік тұрғанда, ол секілділердің көзіне көк шыбын үймелетіп қою керек! Əйтпегенде олар басынып, өзіңді бөзек етіп, басыңа шығып алады,– деді машинаның есігін аша берген Күлəш. – Жə, жə, сенің айтқаның бойынша-ақ болсын! Қойшы енді, батыреке! – деді Күлəштың алдына түсіп, айдаған қойдай қайқаң қағып үйіне кіріп бара жатқан Қасен. 2003 жыл АПАМ НЕГЕ РЕНЖІДІ? Алыс жолды автобуста оннеше сағат ары-бері шайқалып, қаңырығы түтеп, басының қаны ұстап, күйісі кетіп келген Нұрғайша шешей үлкен қалада тұратын жалғыз ұлдарының отауының есігін аттаған соң, жол-жөнекей өзін мазалап келген уайымдарының барлығынан жұда болып, жадырап сала берді. Келіні құйған термоста дайын тұрған шайдан 5-6 шыныны ішкен соң, кешке дейін автобус соғып келген өне-бойы дел-сал болып, қонақ үйдегі ұзын сафаға қисайып, бірдемнің арасында көзі ілініп кеткен екен, бір кезде жанына келген ұлы Есбол: – Апа,– дегенде басын жұлып алған ол кісі, не боп қалды дегендей ұлына қараған еді, əлде неден қипыжықтап тұрған Есбол шешесіне:

– Несіне мал сойып əкеп, əуре болып жүрсіздер, енді сол əкелген етіңізді өзіңіз жөндеп, ыңғайлап бермесеңіз, келініңіз екеуіміздің қолымыздан келетін емес,– деп ыржыя тіл қатты.Ұлдары қалада көже-қатықтан тарығып отырған шығар деп ойлаған олар кеше ғана бір ісектерін сойып, бассирағын үйітіп, ішек-қарнына дейін қоржынына сап көтеріп келген еді. – Қайта етті бұзып əкелгеніңіз қандай жақсы болған, əйтпесе бұл маңайдан ет бұзатын адам да табылмас еді,– деді ас үйде келіні Нұржайнаға қарап тағы да ыржыңдаған ұлы. Бала күнінен оқу қуалап, қала жағалаған ұлының жағдайына қанық Нұрғайша шешей: – Келіннің хабары жоқ па еді? – деп ұлынан таңғала сұрағанда Есбол: – Ойбой, апа, жастайынан қалада бұла болып өскен келініңіз малды қайдан біледі? Əуелі асқан еттің жілігін де танымайды! – деп үлкен бір жаңалық жариялап тұрғандай сойған қасқырша ыржыңдап күле берді. Сонымен білегін түрініп, қолына осы үйдің жаман мұжық бəкісін алған Нұрғайша шешей, келіні Нұржайнаны жанына шақырып алды да, мынау мына жілік, анау ана жілік, мынаны мынандай қонақ келгенде, мына қоспалармен бірге асасың, анадай қонақ келгенде, ана жілікті мынадай асасың деп, ет асып, қонақ күтудің сабағын өтті де кетті. Соңында тіпті қойдың жіліктерін қоспаларымен қоса айырым-айырым суляу (пакет) дорбаларға салып, мұздатқышына əдемілеп отырып орналастырып, ұлының: – Бүгін апама ет асып, қонағасы береміз! – деген талабы бойынша бүгінгі асатын етіне дейін мескейіне салып берді. Осының бəрін тындырып болғанда, күн де ұясына отырып, кешкі қараңғылық түсіп кеткен еді. Қайтадан қонақ үйіне келіп сапаға отырған шешесіне Есбол: – Тамақ піскенше телевизор көре отырыңыз?! – деп əлденеге өліп-өшіп қуыршақ фильм көріп отырған кішкенесі Қайнардың қолындағы алыстан меңгергішті алып, қазақ тіліндегі каналға туралаған еді, онда əлдебір мерекеге арналған концерт беріліп жатыпты. Əлем-жəлем киінген бір əйел əнші əсем үнмен халық əнін айтып тұр екен. Бала күнінен құлағына қанық халық əні жанына сондай жақын сезілген Нұрғайша шешейдің назары əнге ауа бастағаны сол еді, былтырғы жылы ұлы мен келіні жайлауға ертіп барғанда, өзіне недəуір үйір болып, бауыр басып қалған, ал, отауының есігін аттағаннан бері өзін жатырқап, жанына жоламай жүрген, Нұрғайша шешей бауырына басып, тамағынан йіскеген сайын булыға бұлқынып, тепкілене өзін алып қашатын немересі Қайнар əкесіне əлденелерді айтып, жер тепкілеп, ботадай боздай жөнелді. Əкесі оның құлағына сыбырлап: – Апа, апа,– деп шешесін көрсетіп, Қытайша бірдемелерді түсіндірсе де, оның сөзіне құлақ қоймаған Қайнар онан ары боздап, еденге жатып алды да, ары-бері аунақши берді. Немересіне не болып қалғанын алғашында аңғармаған Нұрғайша, ұлына қарап: – Не дейді? Ол неге жылап жатыр? – деп сұраған еді, қайтерін білмеген ұлы: – Телевизордан қуыршақ фильм көремін дейді, – деп ұлын алдап-сулап жатты. Есболдың бұл сөзін жақсы түсінбеген шешесі: – Немене? Бұл қазақша кино көріп, қазақша əндерді тыңдамай ма? – дегенде ұлы тағы да: – Бұлар қазақша əндерді қайдан тыңдай қойсын, кешке дейін қуыршақ филімін көреді, одан қалса осы заманғы əндерді тыңдайды, – деп тіл қатты. Осы кезде ғана немересінің жылауы өзі көріп отырған концертпен байланысты екенін түсінгендей болған Нұрғайша: – Болды, тиме! Көрем дегенін көре берсін! – деп орнынан тұрып кетті. Алдарына ет келіп, Нұрғайша шешей ұлының амандығы мен отауының бақыты үшін тілек тілеп, ұзақ бата жасаған соң, бір үйлі жан қонақ үйдегі ұзын үстелді қоралай отырып, тамақ ішуге кірісті. Көп өтпей жандарында отырған немересі əке-шешесіне тағы бірдемелерді айтып қыңқылдаған еді, ор-

нынан тұрып, ас үйге кірген Нұржайна екі кішкене шыныға бықтырған күріш салып, бірін өз алдына, енді біреуін Қайнардың алдына қойғанда, Нұрғайша тағы да: – Немене, Қайнар ет жемей ме? – деп сұраған еді, алдындағы семіз етті жұлмалай əрең кесіп отырған Есбол: – Бұл екеуі де ет жемейді. Бұларға мифан (бықтырған күріш) болса болғаны, – деп Нұрғайшаға қарап күліп қойды. Əлгіден бері келіні мен немересінің табақтағы етке қол созбай отырғанын өзі де байқап отырған Нұрғайша шешей, «ой, алла! Ет жемегені несі? Ет жемесе бұлар қайтып адам болады?!... » дегендерді ойлап, табақтағы етке өзі де самарқау қол жүгірте бастады. Отауының табалдырығын аттай береақ ұлы мен келініне жағы сембей айтып отырған ауыл əңгімелерін де шорт тыйды. Табақ жиылған соң келініне: – Шаршап отырмын, ертерек жатайын, маған төсек салып берші, қарағым?! – деп өтініш білдірді. Шешелері жатып қалған соң Нұржайна Есболға қарап: – Апам неге ренжіді? – деп сұраған еді, Есбол: – Мен қайдан білейін! – деп басын шайқап, йығын қиқаң еткізіп қойды. ЖАРНАМА Бүгінгі мына барлығы да еркіне жіберілген нарықтық экономика жағдайында, алуан мазмұндағы, түрлі-түсті жарнама (реклама) дегеніңіз қапалақтап жауған қар секілді қаптап кетті ғой. Көшеге шықсаңыз, там қабырғалары мен арнаулы жасалған тақталарда ілініп тұрған қалың жарнамаларды көресіз. Автобусқа отыра қалсаңыз, онда да жарнамаларға көзіңіз түседі. Тіпті дəретқаналарда да жарнамаларға жолығасыз. Ал, үйге отырып телевизорды аша қалсаңыз болғаны, барлық каналдарда бəсекелесе беріліп жатқан жарнамаларды естисіз. Осы жарнамалардың ішіндегі ішінаралары адамдарды əбден зəтте қылып, 2-3 жылға дейін үзіліссіз беріледі. Радиолар да жалғасты жарнама жариялап, саңқылдайды да жатады. Қолыңа газетжурнал ала қалсаң да ондағы қаптап тұрған жарнамаларды көруге мəжбүр боласың. Солайымен біз қазір қайда барсақ та жарнамалар арасында жасайтын болдық. Əлде бір күні бір кеңседе басымыз қосыла қалған бірнешеуіміз қайдан-қалай шыққаны белгісіз, əйтеуір, жарнамалар жайында əңгімеге түстік те кеттік. Біреуіміз жарияланып жатқан жарнамалар шын десек, енді біреуіміз жарияланып жатқан жарнамалардың барлығы елдің қалтасындағы ақшаларын алдап алудан басқа түк те емес дестік. – Ой, қойыңдаршы! – деді бір кезде семізше төртбақ денелі, маңдай шашы жидіп түсіп қалғандай қасқа бас, негр түстес қоңырқай өңді, қай-қашанда қайдағы-жайдағы қитұрқы сөздерді жинап, маңайындағыларды мəз қылып жүретін Қуанбай, – жарнамалардың шын-өтірік екеніне несіне таласып жатырсыңдар? Оны айырудың əдісі өте оңай емес пе!? – Иə, айтшы?! – дестік оған жапырыла қарай қалған бəріміз уəделесіп алғандай жабыла тіл қатып. – Қазір қоғамда біреудің аузы-мұрнынан шыға тығыла байып, ақшаларын қайда істетерлерін білмей жүргені, ал, енді біреулердің сол ақша құрғырын таба алмай, жанталасып жатқаны шын ба? – Шын. – Ондай болса, – деді барлығымызға жағалата көз салып шыққан Қуанбай аспай-саспай баптана сөйлеп: – Мен сол ақшалары асып-төгіліп жатқандарға арнап «Артық ақшалары барлар сол артық ақшаларынан маған біраз көмек етіңдер», деген жарнама шығарып, телевизорда жариялар болсам, нəтижесі қандай болар еді?! – Онда ... Рас-ау, деп ойладым мен де, шындығында, осындай жарнама жарияланар болса, одан қандай нəтиже шығар еді?! 2004 жыл

ƏЙ, ƏТТЕГЕН-АЙ –Үш күннен соң жоғары орыннан басшылар келіп, мекемемізді көзден кешіретін болғандықтан, бүгіннен бастап мекеме бойынша басқа барлық жұмыстарды тоқтатып қойып, екі күн уақыт арнаулы тазалық істейміз, –деді əлденеге аптығып, екі иығынан дем алып тұрған, орта бойлы, дембелше денелі, 30-дың ішінде ойнақтап жүрген мекеме бастығы Салауат əлдебір бұйрық раймен нығыздала, қадай сөйлеп, – сондықтан осы екі күннің ішінде кімде-кімнің қызметтен қалуына, жəй келіп, ерте түсуіне болмайды! Тіпті ауырып қалдым, ана болды, мына болды деген сылтаулармен рұхсат сұрауларына да жол жоқ! Егер бұндай ахуалдарды кездестіретіндер болса, онда олардың еңбекақылары еселеп тартылады! – Са жүйжаңның (мекеме бастығының) орналастыруына бүтіндей қосыламын, – деді мекемемізге жақында ғана əлдебір жерден алмасып келген сидиған арық денелі, ұзын бойлылау келген, ақсұрдан кастөм-шалбар киіп, қоңырқай түсті галстук байлаған, 40-тың ішінде қылшылдап жүрген партком хатшысы Уаң жянго сөзді іліп əкетіп,– жолдастар осы реткі орналастыруға біртүрлі саяси міндет ретінде қараулары керек. Əсте немқұрайдылық жəне керанаулылық істеулеріне болмайды! Өйткені бұл мекемеміздің бұдан кейінгі болашағы мен абырой-беделіне қатысты ерекше маңызға ие жұмыс. Соның үшін жолдастар осы рет кім індетке өскелең саяси саналылықпен қараулары қажет! Өте шұғыл ашылып, аса тығыз орналастырулар жасаған жиын аяқтаған соң, мекемедегі 20 неше қызметкер топ-топқа бөлініп, қожалық бөліміне тазалық істеуге қажетті аспапсаймандар алуға, жамыраған қозы секілді жапатармағай шұбап бара жатқанымызда: – Əдеттегі кезде мекеменің тазалығына ешкім де көңіл бөлмеуші еді, бүгінгі жағдайдан қарағанда, мекемемізге жоғарыдан үнемі басшылар келіп тұрса жақсы екен ғой, – деді маңайындағыларға күле қараған, ашық мінезді, күлегеш қыз, мекеме кəссірі Ли ли. – Басшылардың бөйтіп ылаң-қада қылып, елді əуреге сап келгенінен келмей-ақ қойғаны жақсы ғой,– деді жалпақ бетті, су ағарының үстіне жіңішкелеп мұрт қойған, қайран жиырма бесті қайқайта мініп жүрген, кəсіптік бөлімдегі Қайсар əлденеге өкпелі адамдай мұңая сөйлеп, – қолымда осы бірнеше күн ішінде бітірмесем болмайтын, басқаларға қатысты аса тығыз жұмысым бар еді, енді олар осы екі күн ішінде құлағыма маза бермейді деші! – Дəл қазір сенің ондай бітпей жатқан жұмысыңа қарай қоятын басшылық қайда? Олар үшін кезекте жоғарыдан келген басшыларды күтіп алудан өзге маңызды шаруа жоқ. Менің де дəл бүгін қалалық қазына мекемесіне барып, есеп талонын өткізетін жұмысым бар еді, енді ол да жайына қалатын болды, – деді шашын желкесінен қидырып, көзіне жоғары градустық көзəйнек салған, елудің етегінен ұстауға таяп қалған мекеме бұғалтыры Го шяупиң қинала да тыжырына сөйлеп. – Ойбой, бастықтардың жоғарылап өсуіне қарағанда, сендер айтып келе жатқан жұмыс болып па? – деген еді осы арада əңгімеге қыстырыла қалған Статистика бөліміндегі шегір көзді, қалқан құлақты, қашанда қоғамда болып жатқан жаңалықтарды айтуға əуес, 40-тың қылышы болып, əр неге шабылып жүретін Қарқын. Оның аузынан осы сөздің шығуы мұң екен, бір араға топтаса, өз алдарына əңгіме соғып келе жатқандар оған сұрақ дегенді тұйықсыз құйған нөсердей жаудырта жөнелді: – Рас па? Шужи (хатшы) мен жұйжаңның (мекеме бастығының) қайсысы өсетін болыпты? – Жақыннан бері Са бастықтың мансабы өсіп, жоғары жаққа кетеді екен деген сыбыс шығып жүрген еді, онда ол сөз шын болғаны ғой? – Бəсе, ондай бірдеме болмаған болса, бізге бүйтіп үлкен тазалық істетпес еді. – Сонда бұнымыз үкімет жұмысы бола ма, əлде жеке жұмыс бола ма? Сонымен мекемедегі 20 неше қызметкер басшылардың орналастыруы бойынша жұдырықтай жұмылып, бір жағадан

бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жалпы халықтық тазалық істеу науқанын өрістеттік. Біреулеріміз кеңселермен зал қабырғаларын сүртіп, едендерді үңілген адамның беті көрінетіндей қып жарқыраттық. Енді біреулеріміз мекеме ауласы мен маңайын сыпырып тазалап, одан шыққан күресіндерді ағаш арасынан шұңқыр қазып, тепкілеп отырып, терең көмдік. Тіпті ағаштар арасында өскен жазықсыз шөптерге дейін жұлып, мекеме маңайында көлденең жатқан сынық сүйем бұрау қалдырмадық. Жəне біреулеріміз бүкіл мекеменің сыртқы қабырғасын əппақ қылып ақтап, оның қақ маңдайына «Жоғарыдан келген басшыларды қызу қарсы аламыз» деген сөз жазылған үлкен керме ту ілдік. ...Қойшы, əйтеуір, осылайша екі күннің ішінде мұрнымызға су жетпей, тұмсығымыздан шаншыла жүріп, бүкіл мекемені, мекеме ауласын, қылаяғы дəретханаға дейін айнадай етіп тазаладық. Дəл осы кезде біреу-міреу келіп мекемемізден тіс шұқитын ағаш іздесе де таба алмас еді. 3-күні белгіленген уақытта барлық қызметкерлер басшылардың бастауында мекеме қақпасының ішкі жағында екіге жарыла қатар тізіліп, жоғарыдан келетін басшыларды тағатсыздана күтіп тұрған едік, бақытымызға қарай олар да көп күттірмеді. Бір кезде бірімен-бірі құйрық тістескен алуан формадағы 4-5 кішкене машина мекеме қақпасының алдына тақау келе тоқтап, алдыңғы машинаның есігі енді ғана ашыла бергені сол еді, дəл осы сəтте тұтқиылда аяқ-астынан соққан қатты боран қайдан алып келгені белгісіз, құм араласқан топырақ пен қалың қағаз паршаларын төбемізге төкті де жіберді. Қатты желдің ойламаған жерден, табан астынан соққаны сондай, шартылдата шапалақ соға берген біз бір сəтке көзімізді де аша алмай қалдық. Біз көзімізді уқалап аша бергенде, əлгі машиналар бұл арадағы қатты боран мен шаң-топырақтан қашқандай тұмсықтарын дереу артқа қарай бұрып, келген іздерімен қайтып барады екен. Көзімізге тек үйіріле, айнала соққан құйын секілді қатты да ашулы желдің күшімен маңайымызда қалықтап ұшып жүрген қағаз паршалары мен сулияу (клионкі) қиқымдары ғана көрінді. Бұны көргенде қайтерін білмей, қатты сасқалақтаған мекеме бастығы Салауат: – Əй, əттеген-ай! – деп тұрған жерінде шөкет түсіп отыра кетті. МЕНІҢ ƏКЕМ ҚАЙДА? Себезгілеп жаңбыр жауып тұрған күз күндерінің бірі. Күн бесін болып қалған шақ. – Əй, Мөлдір, тыңдашы, бір жылаған баланың дауысы шыға ма қайтеді? – деді осы қазір ғана бесін намазын өтеп болып, жайнамазын өзі жататын бөлменің төріне іліп жатқан Бисара шешей қызы Мөлдірге жайбарақат тіл қатып. – Жоқ, ондай жылаған бала көрінбейді,– деді 3-қабаттың терезесінен сыртқа артыла қараған Мөлдір,– ондай жылаған баланың дауысын мен қалайша естімейін. – Сендер ондайды қашан естуші едіңдер? – деді қызы Мөлдірге ренжи сөйлеген Бисара жатын бөлмесінен шыға беріп,– əне, тыңдашы, бір баланың еңірей жылаған дауысы шығады ғой! Осы кезде еңірей, егіле жылаған баланың дауысы ап-анық естіліп, барған сайын жақындап келе жатады. – Əне, айтпадым ба, тез есікті ашып қарашы, сенің əлгі ұлың болып жүрмесін?! – Қойыңызшы, апа, бір бала жыласа болды, ол менің ұлым бола ма екен? – деген Мөлдір есікті енді ғана аша бергені сол еді, екі көзін қолымен басқан Бисараның 5-6 жастардағы жиені Ерен ботадай боздаған күйі үйге еңірей егіліп кіріп келді де, шешесінің төсегіне барып гүрс етіп құлай кетті. – Үйбай, мынау біздің Ерен ғой,– деді қайтерін білмей, тұрған жерінде қазықтай боп қақиып қалған Бисара шешей,– əй, Мөлдір, болсаңшы тез, не болғанын сұрашы ана баладан, біреу-міреу тиісіп жүрмесін! Төсекте солқылдай, ықылық ата, еңірей егіліп жатқан Ереннің жанына келген Мөлдір:

– Не болды, Ерен, біреу-міреу тиісті ме?–деп тіл қатқан еді, Ерен дауысын онан ары қатайтып, ара-тұра жүрек жара өксіп қойып, екі аяғымен төсек үстін тепкіленіп, кіпкішкентай екі қолымен төсек жапқышты шеңбектей берді. – Үйбай, мына баланың бүгінгі жылауы бір түрлі өзгеше ғой,– деді əлгіден бері оған қарап мелшиіп тұрған Бисара шешей, тағы да Мөлдірге бұйыра тіл қатып,– қарашы, бірер жері жараланып жүрмесін?! – Жоқ, ондай ештеме көрінбейді,– деді ұлының жанында оған тесіле қарап тұрған Мөлдір,–не болды дейсіз, балалардың біреуімен төбелесіп қалған шығар, баяғы. – Жоқ, оған ұқсамайды! – деген Бисара Ереннің үстіне төне келіп,– не болды, Ерен, қарғам, басыңды көтеріп, апаңа айта қойшы, апасының баласының ақылы бар өзі?! – деген еді, дəл осы сəтте жылауын тоқтата қойып, басын жұлып алған Ерен: – Менің əкем қайда? – деп жалғыз ауыз тіл қатты да, қайтадан төсек үстіне екпеттей құлап, егіле еңірей берді. – Үй, мынаның айтып жатқан əкесі несі?! – деді бір сəт дағдарып, Мөлдірге жалт етіп қарап қойған Бисара шешей кемсеңдей тіл қатып,– сен деген менің аузымнан түсіп қалған, апасының баласы емессің бе? – Онда, балалар мені неге тірі жетім дейді? – деді Ерен сол тұншыға жылап жатқан беті. – Саған ондай сөзді кім айтты? – деді қос көзіне лық етіп жас тола қалған Мөлдір сырт айналып бара жатып. – Балалар сенің əкең мен шешең ажырасып кеткен дейді ғой,–деді осы жолы да басын оқыс көтеріп алған Ерен, үйден шығып бара жатқан шешесінің ту сыртынан ата қарап қойды да, қайтадан жата қалып, жалғасты егіле еңірей берді. – Əй, бейшара бала-ай, жасыңа жетпей жаныңа жара түсіп жүр екен-ау! – деді əлгіндегі сөзді естігенде, біреу жүрегіне пышақ сұғып алғандай дір ете түскен Бисара шешей, екі көзін жаулығының ұшымен сүрте, қонақ үйінде қақиып тұрған Мөлдірдің жанына келіп,– ал, енді ана балаңды уатып ал! Екі жылдың алдында еш кінəсіз сəбидің жанын жаралайсыңдар, ажырасу дегенді қойсаң қайтеді деп жалынғанымда, менің сөзімді пішту ғұрлы көрмей қойып ең, сол сөзім дəл бүгін алдыңнан шықты ма, бəлем! Шешесінің бұл сөзіне ештеме деп қарымжы қайтара алмаған Мөлдірдің, екі көзінен аққан жас тамшылары əлгінде ғана тойға барам деп гримденген бет-аузын айғыз-айғыз қылып, жосыла сырғып бара жатты. 2006 жыл ОЛАР НЕГЕ КҮЛЕДІ? Қайырбек пен Дүйсенбек түнгі автобуста тұттай болып тоналып қалды. Кеше кешкісін олармен бірге түрліше себептермен тойға бара алмайтын болып қалған бірнеше сабақтастары, арнайы автобус бекетіне келіп, оларды ұзақ сапарға ақжол тілеп аттандырып салысқан еді. Автобус жүргенше бекеттегі шағын асханада бір мезет дүрілдесіп алған олар сабақтастарының: – Бірнеше стакан тартып алсаңдар, түнімен жайлы ұйықтап барасыңдар. – Тіпті өздеріңнің ол араға қалай жетіп барғандарыңды да білмей қаласыңдар,–десіп, кезек-кезек жан алқымға алып, қысауымен ақтан недəуір тартып алған еді. Айтып-айтпады, олар автобусқа шыға сала ұйқы құшағына сүңгіп кетіпті. Сонымен таң ата мəлім аудан қалашығындағы автобус бекетіне жеткен олар, маңайда бірер сағат айналсоқтап жүргеннен кейін, билет сату орны ашыла салысымен өздері баратын ауылдыққа билет ала қоймақ болып, қалталарына қол салған еді, біткен ақшаларынан тұттай болып айырылып қалған екен. Тойға апара жатқан тойлықтары да құрдымға кетіпті. «Ұйқымен өлі тең» дегендей кеше біраз нетіп алған олар автобус ішінде тұяқ серіппестен ұйықтап жатқанда, епті де кəнігі ұры олардың қалталарын армансыз-ақ ақтарған көрінеді. Тек Дүйсенбектің сымының артқы қалтасында ғана 10 юань ақ-

ша қалыпты. Сонымен бекет ішінде не болдымға ұшырап, қайда барарларын білмей сандалған олар не істерлерін білмеді. Баяғыда-ақ автобустан түсіп кеткен ұрыны олар енді қайдан табады? Сақшыға барып дело мəлімдегенмен де ақшаларын кім, қашан, қай жерде, қайтып алды дейді? Түнде талай жерде тоқтаған автобустан ұрының қай арадан түсіп қалғанын олар қайдан біледі? Осылайша қайтерлерін білмей автобус бекетінде ары-бері сенделген олар, арт жақтағы үйлеріне қайта телефон соғудан басқа шара таба алмады. «Ораза намаз тоқтықта» дегендей, баратын тойларын былай қойғанда, олардың қайтадан үйлеріне жетіп алулары керек қой! – Енді қайтеміз? – деді екі көзі қып-қызыл болып тұрған Дүйсенбек Қайырбекке мүсеурей қарап,– асқазан деген қыжылдап, шөл деген əкетіп барады. – Кеше ішпейміз деп азар да безер болсақ та, бізді зорлап осы күйге түсірген əлгілер емес пе?–деді шашының ұйпатұйпасы шығып, сүрепеті кетіп тұрған Қайырбек өкіне бас шайқап, – егер кеше ішпеген болсақ, осындай күйге түсер ме едік? – Ойбой, ол сөзді бағанадан бері сан рет айттық қой, оны қайталап айта бергеннен не шығады?–деді іштей əлденені көксеп тұрған Дүйсенбек, – Болмағанда бұл арада үйлеріне барып таңдай жібітетін таныс-біліс не ағайын-туғандарым да жоқ. Сенде бар ма? – Жоқ, – деді əлгіден бері əлденені ойлағандай болып тұрған Қайырбек қысқа қайырып. – Онда қайтеміз? – деді Дүйсенбек осы арада шыр көбелек айналып, – асқазан дегеннің қыжылдап əкетіп бара жатқаны мынау, ауызға сыймай тұрған тіл деген анау, енді артымыздан ақша келгенше өстіп жұртта қалған бұралқы итше күн кешеміз бе? Күнді қайтып батырамыз? – Ой, жарқыным, сен зарламай тұра тұршы!? – деді Қайырбек Дүйсенбекке күле қарап,– сені кешке дейін тегін тамаққа біртойғызсам қайтер едің? – «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» дегендей, далада жатқан ол қайдағы тамақ екен? – Үй, ұмытып қалдың ба? Əнеу күні Мұхиттар осы аудандағы денсаулық сақтау мекемесінің қызметін өткеріп аламыз деп отырған, – деді əдеттегі кездері қайдағы жоқты тауып жүретін қылжақпас Қайырбек сол қутыңдаған мінезін қайта тауып,– енді сол мекемеге барып, тегін күтімге белшемізден батпаймыз ба? – Əй, оның жөні келе қояр ма екен? – деді əлденеден үрейленгендей болып, көткеншек аттай тартына қалған Дүйсенбек,– олар біліп қойып, бір пəлеге қалып жүрмейік?! – Шұрқ етпе! Тамақ керек болса менімен еріп жүре берсең ғана болғаны, –деген Қайырбек Дүйсенбекті əй-шəйға қаратпай ертіп ала жөнелді. – Қарсы аламыз, қарсы аламыз,– деді денсаулық сақтау мекемесінің кеңсе меңгерушісі,– мекеме бастығы əлгінде ғана бір жаққа шығып кеткен еді, жаңа ол кісіге телефонда хабарластым, ол кісі сіздерді қонақжайға апарып орналастыра беруді тапсырды. Біраздан соң ол кісінің өзі де келеді, айтпақшы, таңертеңнен бері тамақ ішпеген боларсыздар? – Жоқ, ішпедік, машинадан түсе сала осылай қарай тартып кеттік, – деді Дүйсенбекке қарап көзін қысып қалған Қайырбек,–арт жақта жұмыс болғандықтан шофер бізді əкеліп тастады да, қайтадан асығып қайтып кетті. – Олай болса,–деді əлденені ойлана қалған жүзіктің көзінен өтердей жылпылдаған кеңсе меңгерушісі,–алдымен мейрамханаға барып тамақ ішіп алыңыздар!? Кеңсе меңгерушісінің аузынан осы сөз шығысымен-ақ Қайырбек пен Дүйсенбек біріне-бірі қарап жымыңдап күле берді. КӨРІМ БОЛҒАНЫН ҚАРАШЫ – Ана домбыраңызды қаншаға сатасыз? – деді Əсеннің шағын дүкеніне кіріп, сөредегі ағаштан жасалған түрлітүстегі отбасылық мүліктерге сыдырта көз салып шыққан Өрлеу атты, орта бойлы, бадырақ көз жігіт.

– 200 юань,– деді бір аяғының сылтымасы бар, өне бойына ағаш үгінділері жабысып жүрген дүкен иесі, 40-тың ішін қырқалап кеткен Əсен сылти басып, Өрлеудің алдына келген соң,– міне көрдің бе? Кілең қара ағаштан жасалған. – Дауысы жақсы шығар,– деді Өрлеу, Əсен ұсынған домбыраны қолына алып, оның қос ішегін өзінше тыңқылдатып,– 200 юаныңыз тым қымбат емес пе? – Түк те қымбат емес,– деді Əсен оның қолындағы домбыраны еппен алып, гүмбірлете шертіп жіберген соң,– міне көрмейсің бе? Əншейін шертетін адам іздегендей гүмбірлеп тұр. – Онда, осы домбыраны алайын,–деді омырау қалтасына қолын сала берген Өрлеу,–əйтеу, сізге сендім. – Мəселе жоқ, егер сөйлемей қойса, қайта əкеліп тастасаң да болады. – Əй, жігітім,– деді осы кезде сөзге араласа кеткен, бұл дүкенге бағана келіп, Əсенмен əгімелесіп отырған, елуді еңсеріп қалған, қызыл шырайлы, қаба сақалды Ақан орнынан тұрып,– немене, сендердің мекемелерің домбыра курсін ашатын болған ба? Бірнеше күннен бері домбыра алуларың əлей ғой, өзі? – Жоқ, а,– деді осы арада не айтарын білмей күмілжіп қалған Өрлеу. – Е, сен айтпасаң да білеміз,– деді күле сөйлеген Ақан,– жақында сендердің мекемелеріңе бір домбырашы бастық келіпті ғой, бəлкім, бұл домбыраны соған бола алып жатқан шығарсыңдар, солай ма? – Иə, солай,– деді шынына көшкен Өрлеу,–енді ол кісіні үйге шақырып жатсақ, керек болып қала ма дегендік қой. – Е, бəсе,– деді жүзінен күлкі табы əлі де өше қоймаған Ақан Өрлеудің арқасын қағып,– олай болса, сендердің мына домбыраларың болмайды. – Неге? – деді Ақанның сөзіне аң-таң бола аңырып қалған Өрлеу, қарсы сұрау қойып. – Өйткені, ол кісіні осы аумаққа аты шыққан атақты домбырашы деп естігенбіз. Сондықтан ондай аты шыққан атақты домбырашыға Қазақстанның анадай 1000 юаннан жоғары домбырасы болмаса, мынадай əдеттегі домбыралар жарамайды. – Ой, қойыңызшы?! – Рас айтам, сенімен қалжыңдасып тұрғамын жоқ,– деді Ақан осы арада шын айтып тұрғандай түсін салып,– андағы домбыраларың, расында, ол кісіге қол болмайды. Ақшаларың босқа ысырап болады. Сондықтан «Жығылсаң түйеден жығыл» дегендей неде болса тəуекел деп, қымбат домбырадан алғаның жақсы. – Онда,– деді осы сəтте қайтерін білмей ой соқты болып, аз тұрып қалған Өрлеу тəуекел қайығына қарғып мінгендей болып,– неде болса сол жақсы домбырадан алайын. – Е, міне, енді дұрыс болды,– деді Əсенге қарап көзін қысып қалған Ақан, – «Мұртына қарай іскегі» деген осы болады. – Міне көрдің бе? Əлгіні қалай қатырдым,– деді Өрлеу домбыраны алып дүкеннен шығып кеткеннен кейін, Əсенге қарап қарқылдап күліп жіберген Ақан,– сауда дегенді өстіп істеу керек! – Ой, Алла! Бұлар неге бөйтеді? – деді Əсен өзіне-өзі сөйлегендей болып, – Жақыннан бері саудам жақсы болмай жүр еді, көрім болғанын қарашы?! – Ой, олардың неге өйтетінінде не шатағың бар? – деді Ақан сол күлген беті, – тағы бір мекемеге қобызшы бастық келсе екен деп тілей бер! –Неге? – Негесі несі? Онда сенің ана тұрған қобыздарың да тоқталмастан өтіп кетпей ме? – Һа, һа, һа... –Хы, хы, хы...

ҚАЛАЙ ЕМДЕСЕ БОЛАДЫ? – Естідің бе? – деді Қарқын үстіндегі ақ халатын шешіп, оны бұрыш жақтағы киім ілгішке іліп жатып, – жақында бізге тексеру мекемесінен тексерушілер келеді екен ғой? – Иə, естідім, – деді үстелде əлде бір ауру тарихын қадағалай жазып отырған Еркін басын көтерместен жауап беріп. – Сонда олар неге келеді екен? – деп сұрады Еркіннің қасындағы орындыққа отырып жатқан Қарқын, қобырап қалған шашын оң жақ алақанымен баса беріп. – Елдің айтуына қарағанда,– деді осы кезде басын көтеріп, аласы басым көздерімен Қарқынға қарап қойған Еркін,– анау Серік пен Нұрлан арасындағы көне дауды тексеретін көрінеді. – Олардың арасындағы қайдағы дау еді? – деп қызықсына сұрады көз əйнегін қолына алып, оны баппен сүрте берген Қарқын. – Ой ұмытып қалдың ба? – деді қаламын үстел үстіне тық еткізіп қоя салған Еркін əлденеге ренжігендей əуенмен,– көптен бері ол екеуі бір-бірімен шығыса алмай жүр емес пе? Тіпті жақында олар бірінің үстінен енді бірі жоғарыға арыз жазған да көрінеді. – Қойшы ары, арыз жазды дейді!? – деді осы сəтте əлденеге аң-таңқалғандай болған Қарқын тəмпіштеу келген танауын тартып қойып, – Сонда ол екеуінің арасындағы əдеттегі кикілжіңнің өршіп, осындай дəрежеге барғаны ма? – Бармағанда,– деді Еркін күле,– өйткені біз қазақ емеспіз бе? – Япыр-ай, ə, «Екі қошқардың басы бірқазанға симайды» деуші еді, енді келіп екі қазақтың басы бір мекемеге симайтын болды деші?! – Солай, бұның өзі қазекемнің бойында ежелден бері сақталып келе жатқан, бір дауасы жоқ көне дерт емес пе?! – Ой, Алла! – деді тағы да бірдемеге қатты қайран қалғандай болған Қарқын, оң қолымен сарғылт шашын сипай беріп,– ол екеуі де оқыған десе оқыған, қалталарында жоғары мектеп тауысқан дипломдары бар, кісің қайсы десе, мынау дейтіндей салауаттарын ат көтере алмайтын жігіттер ғой, сонда оларға не жетпей барады? – Ештеме де жетпей бара жатқан жоқ! – деді кесіп-піше сөйлеген Еркін мойнындағы босап кеткен галустігін түзеп қойып, – «Ағаш тыныш тұрайын десе де, жел тыныш тұрғызбайды» деген секілді сол баяғы қандарына сіңіп қалған қазақшылықтары жандарына маза бермейтін болса керек! – Рас айтасың,– деді өзі де əлденені ойлана қалғандай болған Қарқын Еркінге қарап,– «Қандарына сіңіп қалған» деген сөзіңнің жаны бар. Əйтпесе сонау əлмисақтан бері қарай қаншалаған көздері ашық, көкіректері ояу адамдар ұлтымыз бойындағы осы бір «берекесіздік» атты көне сырқатты емдеу үшін нелер шара қолданбады?! – Тіпті ұлы Абайдың өзі де осы мəселе жайында қаншалаған ақылия сөздер жазбады дейсің?! Алайда, соларды ұққан қазақ болды ма? – Жоқ, болған жоқ! – Ендеше, бұның өзі қанымызға əбден сіңіп, дəрі де əсер етпейтін шекке барған бір ескілікті науқас деген сөз. – Олай болса, осы дертті қалай емдесе болады? – деді «Науқас» деген сөзден «кəсіптік ауруы» сап етіп ұстай қалған Қарқын,– бұның емі дүниеде бар ма екен деші?! – Жоқ! – деді тағы да кесіп-піше шорт жауап берген Еркін,– өйткені бұл бір үлкен қоғамдық дерт қой. – Меніңше, бар,– деді осы кезде əлденені ойланғандай болып сəл үнсіз тұрып қалған Қарқын,– екеуміз де дəрігерміз ғой, біраз ойланып көрші?! – Жоқ, таба алмадым,–деді Еркін басын шайқап. – Егер, қазақтың бойындағы «берекесіздік», «алауыздық» дегенгендерді «татулық», «силастық» дейтінгендерге ауыстыратын болса, қайтер еді? – Ой, сенің айтып тұрғаның болашақта ғана іске асуы мүмкін болған фантастика ғой,– деді сықылықтай күліп жіберген Еркін,– оған əлі қайда?! 2006 жыл

ЕРТЕК – Ой, Алла! Осы біздің əдебиетшілер қызық,– деді Орынбай жанында отырған Шеризатқа өзінше мұң шағып,– алдыңғы күні бір қонақасыға барған едім, сол арада бір жазушымыз, бізден шығып жатқан романдарды ертекке теңепті деп, əлдекімге қатты қаһарын төгіп отырды. – Неге? – деді Орынбайдың бұл сөзіне қатты таң қалғандай болған кем иек, көсе қара Шеризат. – Ол кісінің неге ренжіп отырғанын мен де анық білмедім. – деді қалқан құлақты, сопақ беттеу келген Орынбай,– сұрауға орай болмады. – Ой, тəубе! – деді жуантық келген сол қолының сұқ саусағымен құлағын шұқылап қойған Шеризат əлденеден түңілгендей болып,– осы əдебиетші аталатын халық бұл күндері барған сайын ашуланшақ əрі тырысқақ болып барады ғой, ашуланбайтын нəрсеге ашу шақырып шыға келеді. – Сол емес пе,– деді бадырақтау келген қой көздерінен əлдебір ой ұшқыны жылт ете түскендей болған Орынбай,– əйтпесе осы да ренжитін сөз болып па? Егер мен əдебиетші болып, біреу мен жазған шығармаларды ертекке теңер болса, оған қатты қуанған болар едім. – Неліктен? – Өйткені,– деді осы сəтте бірдемені ойлағандай болып, аз отырып қалған Орынбай жалпақтау келген мұрнымен мырс етіп,– ертек дегеніміз сонау атам заманнан бері ауызданауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан таңдаулы əдеби мұралар емес пе?! Осы күнгі жазғыштардың жазғандары сол ертек құсап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса ала ма, кім біледі? – Рас-ау,– деді үшбұрыштау келген жіпсік көздерімен Орынбайға қарап қойған Шеризат,– бұның өзі өздері əдебиет майданының адамдары бола тұрып, ерте замандағы əдеби мұраларға мұрын шүйіре қарау болмай ма? – Сол емес пе,– деді ұзын кірпіктерін жыпылықтата, қоңырқайлау келген қос көзін Шеризатқа қадаған Орынбай,– осының өзінен біздегі қазіргі əдебиетшілердің өздерін не деп ойлайтындықтары байқалып тұрады. – Иə, қазіргі біздің əдебиетшілеріміз көне дəстүрге барған сайын ошағанша жабысып барады, – деді Шеризат та Орынбайдың сөзін қостағандай болып, – əлдебіреу бұрынғыға ұқсамайтын бір жаңа пікір айта қалса, көп сандағы əдебиетшілеріміз шие бөріше шулап шыға келеді десіп, тағы да сол əдебиетшілердің өздері айтып жүрмей ме? Біздің ой-санасы ашық, халыққа бастамашы болады дейтін əдебиетшілеріміздің сұрқы осындай болғанда, біз басқалардың артында қалмай қайтеміз?! – Дұрыс айтасың, педагогім, кезекте біздің əдебиетшілерде жаңалық атаулыға өшіге қарайтындар барған сайын көбейіп келеді, – деді салпы ернін кемпірлерше сылп еткізіп қойған Орынбай,– мəселен, қазір бізде əдебиеттің бір түрі шетел тілімен «проза» деп аталып жүр ғой, егер оны қазақша «ертек» деп атайық дейтін болсақ, əдебиетшілеріміздің барлығы бақан көтеріп шыға келген болар еді. – Бұл сөзіңнің жаны бар,– деді кең маңдайын кере тыныс алғандай болған Шеризат,– жақында мен Қазақстаннан шығатын «Жұлдыз» журналын оқыған едім, олар осы күні біз «повесть» деп атап жүрген шығарма түрін «хикаят» деп басады екен емес пе? – Ой, олардың бұндай атағанына бірталай уақыт болып қалды,– деп түсінік жасады үлкендеу келген аузын аша есінеп қойған Орынбай,– егер біз де «əңгімені», «ертек» деп атар болсақ, қандай жарасып кетер еді?! – Ой, оған біздің... – дей берген еді ретсіз тістерін көрсете күле сөйлей берген Шеризат, осы кезде залдан: – Жиын, жиын! – деген айғай естіле қалды да, ол екеуінің əңгімесі жол ортада үзіліп қалды.

2006 жыл

БҮГІН ТАҒЫ ДА ТОЙ БАР МА? – Үй, сен кетіп барасың ба? – деді жатын бөлмесінен шыға келген Раушан, есік көзінде пальтосын киіп, мойнына шарпысын орап, есіктен шыққалы жатқан сорайған ұзын бойлы, ақсұр жүзді күйеуі Оңғарбекке қарап. – Иə, қызмет уақыты болып қалды ғой, оның үстіне түстен кейін тағы да жиын бар деген,– деді есіктің тұтқасына қол соза берген Оңғарбек нарау тіл қатып,– жиыннан кешігіп қалсам, бекер айлықтан тартады. – Кешке бір жаққа сып ете түспей, ертерек кел,– деді орта бойлы, нəзік денелі, ұзындау шашын желкесінен жауырынына қарай төгіп жіберген Раушан күйеуіне ескерту жасап. – Ой, қайда барады ғой дейсің? – деді пальтосының соңғы түймесін түймелей берген Оңғарбек жымың ете түсіп,– немене, кешке жақын жұмыс бар ма еді? – Үй, ұмытып қалдың ба? Бүгін кешке тойға барамыз емес пе? – деді Раушан соны да ұмытып қалдың ба дегендей бұртия қарап. – Ойбой, бүгін тағы да той бар ма еді?! – деді есік тұтқасына соза берген қолын қайта тартып ала қойған Оңғарбек, əлде неден қатты қажығандай ыңғай білдіріп,– бүгінгі тойға бармай-ақ қойсақ болмай ма? – Неге? – деп сұрады аққұбашалау келген жұқа өңіне наразылық белгісі ойнап шыға келген Раушан. – Өйткені, ертең жаңа сабағым бар еді,– деп түсінік жасады Оңғарбек, – Бүгін түстен кейін жиын ашылатын болса, кешке дайындық көрмесем болмайды. – Ой, ол сабағыңды қоя тұр! Бүгінгі тойға бармасақ болмайды, – деді Раушан жұп-жұқа ерні сып-сып етіп,–себебі олар былтырғы жылы Дананың сырға тойына келген болатын. Енді сол қарызды қайтарамыз. – Ойбой, онысы тағы бар ма еді? – деді есік тұтқасына соза берген қолы кеңістікте тұрып қалған Оңғарбек,– онда неде болса тəуекел, барайық. – Үй, саған бүгін бірдеме жеткен бе? Асығып қайда барасың? – деді жасыл түсті əдемі попайкасының етегін түсіріп қойған Раушан,– онда қалай барамыз? – Қалай барғаны несі? Соны да менен сұрайсың ба? – деді əлденеге тыжырына қалған Оңғарбек əбден мезі болғандай болып,– тойлыққа ел секілді 50 юань апара салсаң болды ғой. – По, онда қайтып болады? – деді жұп-жұқа ернін бұртита қалған Раушан, – Ерланның əйелі менің қызметтесім емес пе? Ертең біздің тойымызға əрең 50 юань ғана əкеліпті деп сөз қылады. Оның үстіне былтыр Дананың сырға тойына да өздері 100 юань қосқан болатын. – Онда қайтеміз? – деді асығып тұрған Оңғарбек сағатына қарап қойып. – Кем дегенде 150 юань апарайық. – Болады,– деді есіктің тұтқасын бұрай берген Оңғарбек, – апарсаң апара бер. – Үй, қайда барасың? Асықпай біттей тұра тұршы?! – деді Раушан аяғына сүйретпе шақай киіп жатып,– онда ақшаны қайдан аламыз? – Қайдан алғаны несі, өзіңдегі ақшалар бітіп кетті ме?– деді осы сəтте есік көзінде ары қараған беті аңтарыла тұрып қалған Оңғарбек. – Ол ақшадан 50 юандай ғана қалды ғой деймін,– деді Раушан Оңғарбекке еркелей қарап,– болмаса сенің əлгі ақшаңнан ала тұрсақ қайтеді? – Мендегі қайдағы ақша? – Сенің əлгі компьютер аламын деп жинап жүрген ақшаң ше. – Ойбой, оған тағы да ауыз салайын дедің бе? – деді кейісті үнмен тіл қатқан Оңғарбек қайтадан бері бұрылып,– бір компьютер аламын ба деп бір жылдан бері əрең 1000 юань ақша құраған едім, оның бəрі тойға кететін болды ғой! – Үй, бөйтіп қиналмашы?! Жан тірі болса ақша деген табылады, – деп Оңғарбектың көңілін аулады Раушан,– айлық алатын уақыт та таяп қалды ғой.

– Бөйтіп бір айда 10 неше рет тойға барғанда,– деді əлдебір кекесінмен мырс ете түскен Оңғарбек,– мен өмір бойы компьютер ала алмаспын! – Ол ақшалар да бекерге кетіп жатқан жоқ, тойға, қуанышқа жұмсалып жатыр, – деді күйеуінің өкпелі өңіне қарап қойған Раушан,– «Той дегенде қу бас домалайды» деген емес пе. – Ой, өйтіп қубас домалағаны құрысын! Той, той деп расында ақшадан қубас болып қалатын болдық,– деген Оңғарбек кімге ренжігені белгісіз, есікті серпе ашып қалды да, сыртқа шыға жөнелді. ЖАЗҒЫШТАР АРАСЫНДА – Иə, иə, ол мақаланы жазған мен едім,– деді телефон құндағына сүйіп алатындай болып жабысып, қарсы жағына айғайға бейім үнмен сөйлесіп тұрған, 30-дың ортан белінен аттап үлгірген, қызыл сары шашын қысқа қырықтырып, үнемі жалаңбас жүретін, тапал бойлы, семізше денелі Базар, – менікі тек əдеби жасампаздық барысында осы заман тақырыбын көптеп көтерейік дегендік қой. – Немене? Ұлттық əдебиетті жоққа шығарыпсың дейсіз бе? Ой, ақсақал, осы заман тақырыбын көптеп жазайық деген қайтып ұлттық əдебиетті жоққа шығарғандық болады? Ой, тəубе! Тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың ролін түсінбедің, тарихты білмейсің дейсіз бе? Сонда елдің бəрі тарихи тақырыптарды жазып кеткенде, осы заман тақырыбын, көз алдағы реалдықты кім жазады? – деді Базар осы кезде бөлмеге кіріп келген Талғатқа қарсы алдындағы орындықты нұсқап, соған отыра бер дегендей ишарат жасап қойған соң,– онда əдебиеттің ролі қайда қалады? Көркем əдебиеттің қоғамдық ролі оқырмандарын алға жетелейтін, оларға бастамашы болатын жағынан көзге түседі емес пе? Біздің ақын-жазушыларымыз көз алдымызда көрініп тұрған толғақты мəселелер мен қоламталы істерді жазбағанда енді не бітіреді? – Ойбой, осы сіздердің адамға оп-оңай қалпақ кидіре қоятындарыңыз-ай осы?! Жоқ, ақсақал, өйтіп мені қорқыта алмайсыз, қалай, нені жазу менің өз еркімдегі іс. Былайша айтқанда, ол менің азаматтық ұқығым, ал, онда көрсек көре жатармыз! – деген Базар қолындағы телефон тұтқасын құндағына тарс еткізіп қоя салды да, күп-күрең болып түтіккен беті орнына сылқ етіп отыра кетті. – Үй, не болды? Телефонда біреумен ұрсысып қалдың ба?– деп күле сұрау тастады, қалтасынан мөштекті темекісін алып тамыза берген бұйра шашты, сорайған ұзын бойлы, жас шамасы Базармен қарайлас, бүркіт тұмсықты келген Талғат,– соңында тіпті дауысың да қатты шығып кетті ғой? – Əлгі бір Əміре дейтін жазушы шал сонау қиырдан аяқ-астынан телефон соға қалыпты,–деді ашудан əлі де өрт сөндіріп келген адамша түтігіп, екі қолы дір-дір етіп отырған Базар. – Ол кісіні танушы ма едің? – Иə, танимын. Бірнеше реткі жиында бірге болғамыз. – Сонда ол кісі саған не қылмадың дейді? – деді темекісін асықпай баптана сорып, Базарға күле қарап отырған осы мектептің математика мұғалімі Талғат,– тіпті ашудан жарылардай болып отырсың ғой. – Не деуші еді? Жақында бір мақала жариялаған едім, сол мақалаңда сен ұлттық əдебиетті бүтіндей жоққа шығарыпсың дейді,– деді осы кезде ғана əлгіндегі алқымына тығылып тұрған ашуы біртіндеп қайтып, сабасына түсе бастаған Базар,– тіпті ол кісі телефонда маған бұдан былай байқап жүр дегендей қылып, қоқанлоқы да жасайды. Ішіне бір аяқ су симайтын осындай адамдар жазушы деген атты қайтып көтеріп жүр екен деші?! – Үй, сен онда əлгіндегі мақалаңда ол кісіні сынаған болдың ба? – деп қызыға сұрау тастады, əлденені іздегендей Базардың бетіне үңіле қарап қойған Талғат. – Жоқ, а, мен ол мақаламда тек қазір бізде тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар өте көбейіп кетті. Бұдан кейін осызаман тақырыбын да көптеп жазайық деген ойды ғана

айтқан болатынмын,– деді Базар түсіндіріп,– ол мақаламда ешкімнің де аты аталып, түсі түстелмеген еді. – Онда ол кісі оған неге бүйтіп шамданады? – Кім біледі? – деді осы арада шарасыздық қалып танытқандай болған Базар екі иығын қиқаң еткізіп, қос алақанын жайып қойған соң,– бұдан бұрында ол кісінің мені жиналыстар мен топтық орталарда ана-мына деп сөз етіп, жамандап жүргенін естіген едім. Тіпті кейбіреулер менен ол кісімен қандай өштігің бар деп те сұрайды. – Соны айтам,– деді бұл əңгімеге онан ары құмарта қалған Талғат, – Расында, ол кісімен араңда біз білмейтін бір өштігің болып жүрмесін? – Қойшы ары, ол кісі екеуміз екі далада жүрсек, арамызда қайдағы өштік болады? – Онда ол кісі саған неге телефон соғып, ренішін айтады? – Кім біледі? Бəлкім, ол кісі осы кезде тарихи тақырыптарға көптеп шығармалар жазып жүрген соң, менің мақалам өзінің жазғандарын жоққа шығарғандай болып сезілген шығар? – деді екі иығын тағы да қиқаң еткізіп, алдында шашылып жатқан қағаздарын жинастыра берген Базар,– оның үстіне қазір біздің əдебиетшілерімізде, баспа беттерінде бірер жаңа пікір көтерген мақалалар жариялана қалар болса, біріне-бірі телефон соғып, телефон арқылы ұйымдаса қалатын бір əдет жалпыласып келеді ғой. – Ойбой, осы əдебиетші атанған сендердің дауларың таусылмайды екен, – деді темекісінің тұқылын алдындағы күлсалғышқа нығарлап өшірген Талғат Базарға күле қарап,– онда мəселенің бəрі сенде екен. – Қалайша менде болады?–деді Талғаттың бұл сөзіне таңтамаша болғандай оған аңтарыла қараған Базар. – Өйткені не жазса да елдің өзі білмей ме, елге олай жаз, былай жаз деп ақыл айтып, жөн көрсететін сенің нең бар еді?! – Мынауың сол баяғы əдебиетті түсінбейтін адамдардың сөзі ғой,– деді мырс етіп күліп жіберген Базар осы сəтте ғана кең тыныстағандай болып, –Онда сен айта қойшы, əдебиеттің қоғамдық ролі деген не? – Оны қайдан білейін. – Міне, əдетте оқушының алдында математиканы жақсы үйреніңдер, оны жақсы үйренетін болсаңдар, ондай пайдасы бар, оның өмірде мынадай орны болады дегенде ауыз жаппайсыңдар,– деді Базар Талғатқа қабағын түйе қарап қойғаннан кейін,– сол секілді əдебиеттің де өзіне тəн қоғамдық міндеті болады. Осы ролін айтарлықтай сəулелендіргенде ғана əдебиет оқырмандар алдындағы əлеуметтік борышын ойдағыдай өтей алады. – Ойбой, тағы да бастадың ба? Осы сендерге жолап кетсе болғаны, дау мен сөзден құтыла алмай қаламыз ғой, əйтеу,– деді əлденеден əбден мезі болғандай болған Талғат,– ал, онда өзің айта қойшы, «құрғақ сөзбен қуырдақ қуыратын» сол əдебиетіңнің қандай ролі бар? – Əдебиеттің қоғамдық ролі ме? – деді аз ойланып қалған Базар,– оқырмандарын озық ойлармен қаруландырып, оларды алға бастау, өмірдің алдыңғы легінде жүріп, серкелік, бастамашылдық роль атқару. – Онда жаңа өзің айтып отырған тарихи шығармаларда да осындай роль болады ғой,– деді Талғат Базарға қарсы дау айтып,– ондай шығармаларды оқығанда, болмағанда өткен тарихты түсінесің емес пе? – Жоқ, ұқсамайды,– деді Базар осы арада шабыттана, көсіле сөйлеп,– тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар тек өткен өмірдің естелігі болу міндетін ғана атқарады. Ал, осы заман тақырыбында жазылған туындылар көз алдағы реалдықты бейнелеп, оқырмандарын заман ауқымына ілесіп, дəуір талабына сəйкесуге бастайды. Көз алда біздің ұлттық əдебиетімізде осындай осызаманғы өмірді бейнелейтін шығармалар кем болып отырмай ма? Біз екі жақтың бірін ғана ұстап, енді бірін тастап қойсақ болмайды, ондай болғанда тепе-теңдік бұзылады. Бір жаққа жабал ауытқып кету құбылысы келіп шығады. – Онда тарихи нəрселерді жазбау керек пе?

– Жоқ, менің əлгі сөзімнен тарихи тақырыптарды бүтіндей жазбай тастап қойыңдар дейтін мағына шықпайды, – деді саған қалай түсіндірсем болар екен деген адамша жəне де аз ойланып қалған Базар,– оны да жазу керек, алайда, бұл арада сапа дейтін мəселе тағы бар. Жазушының бəрі Мұхтар Əуезов емес қой. – Осы сендердің бірдеме айтсаңдар болды, «өлген атанның басымен тірі бураны қорқытыпты» дегендей, осы кісіні шоқпар қылып көтеріп шыға келетіндерің-ай! – деді алдына қарай ұмсына отырған Талғат,– жаңа ғана өзің айтқандай елдің бəрі Мұхтар Əуезов болып кеткен жоқ емес пе? Əркім өзінше жазбай ма? – Ой, сендердің əдебиет сынды өнердің құдіретін түсінбейтіндерің тағы да осы арадан шыға келеді,– деді бағанағы сап бола қалған ашуы қайтадан қоза бастаған Базар,– алдыңғы буындардан соңғы буындар озбаса, онда қоғам қайтып дамиды? – Ойбой, батырекеш, қойшы енді?! Осы сендер-ақ пəлесіңдер, сендер-ақ бəрін білесіңдер, біз түк те білмейміз,– деді егесе үн қатқан Талғат,– осы əлгінде ғана елдің бəрі Мұхтар Əуезов болып кеткен жоқ деген өзің емес пе едің? Енді міне өз сөзіңді өзің жоққа шығарып отырсың. – Ол бір мысал үшін айтыла салған сөз ғой. – Неге? – Өйткені қазақ əдебиетінде күні бүгінге дейін ол кісі жазған «Абай» жəне «Абай жолы» романдарындай тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар туған жоқ! – деді дəл осы арада сөзін кесіп-піше сөйлеп, қатаң қайырған Базар,– ешкім де мен Мұхтар Əуезовтан асып кеттім дей алмайды. – Əй, кім біледі? Мақтаншақ əдебиетшілер айтсаңдар айта салатын шығарсыңдар,–деді Базарды шапқа түрте сөйлеген Талғат,– сендерден не шықпайды? Сонымен əлгі осы заман тақырыбыңды айтшы?! – Е, оның түсінбейтін несі бар? – деді Талғатқа осыны да білмейсің бе дегендей қарап қойған Базар,– əр дəуірдің өз ақын-жазушысы болады. Ең қарапайым сөзбен айтқанда, өз дəуірінің жырын жырлап, əнін əндеу сол дəуірде өмір сүрген ақын-жазушылардың бас тарта алмайтын азаматтық борышы саналады. Сондықтан бүгінгі ұлттық əдебиетімізде осызаман тақырыбын көптеп көтерейік дейтін талап осыдан келіп шығады. – Бұндай болғанда, сенікі дұрыс секілді,– деді осы арада Базарға жол бергендей болған Талғат сағатына қарап қойып,– үйбай, уақыт та болып қалыпты ғой, 2-сағатта дəрісім бар еді. Əйтеу, сендердің жандарыңа келсек болғаны, бір дауға іліне кетеміз. Осы əдебиетшілер сендердің дауларың қашан таусылар екен деші?! – Ой, бұл құрғақ дау емес, ғылыми талас-тартыс болады,– деді осы сəтте салмақтана қалған Базар,– сендердің математикаларыңдағы қатып қалған формулаларың емес, əдебиет-көркемөнер қашанда дау-дамайлар ішінде дамиды. – Олай болса, өздеріңмен өздерің дауласа беріңдер, «Ол түйеде біздің жүгіміз жоқ»,– деді орнынан қозғала берген Талғат,– қай жеңгендерің біздікі. – Иə, кімдікінің дұрыс екенін уақыт əлі-ақ дəлелдейді! – деп Базар да орнынан тұра берді. 2006 жыл ЖАЗУШЫ МЕН КƏСІПКЕР Далада қар аралас жаңбыр жауып тұр. Кесек-кесек қар ұшқындары мен жауын тамшылары бір қалыпты жүйткіп келе жатқан машинаның терезесіне əлсін-əлі ұрылады. Машинаның алдыңғы терезесіне орнатылған сүрткіш, əйнекке жабыса қалған қар ұшқындары мен жаңбыр тамшыларын тоқтаусыз сыпырып, дамылсыз қозғалып келеді. Түнімен жауған жаңбырдың əлі де толастайтын түрі жоқ. Қайта əлдекімге егескендей онан ары өршеленіп, барған сайын құтырып барады. Бір қалыпты сырғанаған машинаның іші сондай жайлы да рақат екен. Егер машина терезесін ұрғылап

келе жатқан жаңбыр тамшылары мен қар ұшқындары болмағанда, табиғат ана дəл бүгін май тоңғысыз дəрежеде маужырап тұр деп қалатындайсың. Міне, машинаның алыс сапарға беттегеніне де жарым сағат болайын деп қалды. Машина жолға шыға сала алдыңғы орындықта нығыздала отырған Дүйсенмен анда-санда бір тіл айқастырып қойған Нысанбек əлденені ойлап, жақ кірісін ашпай үнсіз келе жатыр. Көп өтпей машинаның арт жағындағы 3 адам отыратын орында жалғыз көсіліп келе жатқан ол, машина ішіндегі жанға жəйлі жылымық пен дыбыс алғыштан төгілген баяу ритімді музыка үнінен маужырап, көзіне ұйқы тығыла бастады да, бір сəтте өзінің қалғып кеткенін де сезбей қалды. – Ой, Ақсақал, ұйықтап кеттіңіз бе? – деді осы кезде жуан мойнын бұрып, артына қарап қойған жалпақ бетті, қазанбас, төртпақ денелі келген Дүйсен күле үн қатып,– ұйқыны қайтесіз, одан да жол қысқарсын, əңгіме айта отырыңыз?! – Кешке дейін үйден шықпай, қағазға тесілгенді ғана білетін біздегі қайдағы əңгіме дейсің,– деді басына киіп отырған қоңыр түсті қалпағын қолына алып, əппақ болып ағарып кеткен сұйық шаштарын алақанымен артына қарай жатқыза сылап қойған Нысанбек,– қазақта «Көп жасаған білмейді, көп жортқан біледі» дейтін бір аталы сөз бар. Маған қарағанда дүниені көп аралап, жортып жүрсің ғой, қайта əңгімең болса өзің айта отыр?! – Ой, сіздей атақты жазушының алдында бізге əңгіме айтқан түсіп қалып па, – деді дауысын шығара күліп жіберген Дүйсен қақпақтай жауырынын қиқаң еткізіп. – Əй, інішек, біздің шабыт тек үстелге отырып, қолға қалам алғанда ғана келеді, – деді Дүйсеннің күжірейген желкесіне қарап, жымия сөйлеген Нысанбек,– əдетте жазғыштардың сөйлеу тіліне қарағанда, жазу тілі біршама дамыған болады. – Жөн, жөн,– деп қойды Дүйсен сəл үнсіз отырған соң,– осы сіздер бір шығарма жазсаңыздар, оған қанша ақша аласыздар? – Қайдағы ақша? – деп қайыра сұрады, Дүйсеннің бұл сұрауын жақсы түсінбей қалған Нысанбек. – Сіздер шығарма жазсаңыздар болды, қаламақы дегенді күреп алады екенсіздер ғой? – Ойбой, осы күнде күреп алатын қайдағы қаламақы дейсің? – деді үнінен біртүрлі реніш лебі біліне қалған Нысанбек,– осы күнде кейбір газет-журналдар тіпті қаламақы бергенді де қойып барады. – Неге? – Баяғы ақшамыз жоқ дейді. – Ой, қойыңызшы!? – деді Нысанбектің бұл сөзіне сенбегендей болған Дүйсен таң қалып,– шығарма жазудың өзі де біртүрлі еңбек қой, ендеше, оған ақы бермесе қайтып болады? – Оны кім біледі? Əйтеу, осы күні редакцияларға бас сұға қалсаң, онда отырғандар жұбына жеткен кедей үй құсап, «ақша жоқ» деп зарлайды да отырады,– деді Нысанбек өзінше түсінік жасап. – Ал, онда кітаптарыңызды қалай шығарасыздар? – Əй, осы күнде кітап шығарудың өзі де бір таусылмайтын жыр болып кетті ғой,– деді күрсіне дем алып қойған Нысанбек,– қазір кітабыңның тиражы 3000-ға толмаса, оны баспа орындары баса қоймайды. Сонымен толмай қалған 20001500 тиражды шарасыз өзің аласың да, оны өзің арқалап жүріп сатуға мəжбүр боласың. – Онда үкімет орындары не істейді? – Олар түк те істемейді.Тек алғашында кітабыңды жоспарға енгізіп, тираж жинап берген болады. – Сонда үкімет орындары қанша кітабыңызды сатып береді? – Ой, осы кезде халық кітап оқымайтын болып кетті ғой,– деді əлдекімге қатты ренжігендей болған Нысанбек,– кітап дүкендері кітапқа тираж жинаған кезде, қазақ тілінде шығатын кітаптарға мықтағанда 400-500, асып кетсе 1000 дана тираж əрең жиналады екен. – Былай болғанда, сіздер шығармаларыңызды бекерге жазатын болдыңыздар ғой,– деп сөз қыстырып қалды осы сəтте машина айдап отырған аққұбаша келген, сақал-мұрты енді-енді тебіндеп шығып келе жатқан боз бала Мұрат.

– Соны айтам, бір тиын да қаламақы бермесе қайтып болады? – деп қостап қойды өз алдына бір ой жүлгесін қуалап, сол ойдың қамауынан шыға алмай отырған Дүйсен. – Бүтіндей бермейді деп айтуға да келмейді,– деді бұлардың алдында бөрі арығын бідіргісі келмеген Нысанбек,– кейбір редакциялар шығармаңды басса, қаламақы беріп тұрады. – Сонда олар қанша қаламақы береді? – деп қызыға сұрау тастады Дүйсен. – Ол шығарманың көлеміне қарай болады ғой,– деді бұларға қалай түсіндірерін білмей сасып қалған Нысанбек,– мəселен: бір əңгіме болса, 50 де 100 юань, ал, бір повесть болса 300-де 500 юань айналасында береді. – Сол-ақ па?! Онда тым аз екен,– деді Дүйсен осыны да ақша деп айтып отырсыз ба деген əуенмен жымия күліп,– онда еңбектеріңіздің құны төленбейді екен. – Олай болса, сауда істеп жүрген өзің айына қанша ақша табасың? – деп сұрады Дүйсеннің өзін алымсынбай сөйлеген əуені жүрегіне найзадай шаншыла кеткен Нысанбек. – Мені айтасыз ба? – деді осы кезде бұқанікі секілді күжірейген мойнын артына қарай бұра берген Дүйсен,– бізде айлық деген болмайды. Біз бір рет сауда жасасақ, 10 мың юань, кей-кездері ораты келсе,100 мың юань кіріп те қояды. – Онда жарайды екен,– деп қойды менің алдымда жүніңді гүржитіп, мақтанып отырсың-ау деп ойлаған Нысанбек. – Ой. Ақсақал, сенбей отырсыз ба? – деді Дүйсен өзінің байлығын жазушының алдына жайып салғысы келіп,– сауда дегеніміз домалатқан сайын үлкейе беретін қар секілді ғой. Мəселен: мына өзіміз мініп келе жатқан Германиядан шыққан «Мерседес» маркалы машинаны мен 700 мың юанға таяу ақшаға алып отырмын. – Болса болар, іші сондай жəйлі екен,– деді Нысанбек Дүйсеннің көңіліне қарап,– тіпті жүрісі де білінбейді ғой өзінің. – Иə, бұл осы күні қолы жеткендер ғана отыратын машина,– деді мақтанышын жасыра алмаған Дүйсен,– əлгіндей болғанда, сіздердің жазушылықтарыңызға қарағанда, сауда жасау əлдеқайда артық екен. – Неліктен? – Өйткені, саудамен шұғылдансаңыз, көп ақша табасыз. Тіпті сауданың ебін келтіре алсаңыз, ақшаның астында қаласыз. – Əй, інішек,– деді осы кезде шыдамай кеткен Нысанбек,– əдебиет пен сауданы былай салыстыруға болмайды. – Қалайша? – Себебі біздің шұғылданып жүргеніміз рухани мəдениет те, сендердің шұғылданып жүргендерің заттық мəдениет болады. – Ой, ақсақал, сіздің айтып отырғаныңыз баяғы сол құрғақ сөз ғой,– деді Нысанбектің сөзіне тым мойынсал бола қоймаған Дүйсен,– қазір біздің жасап отырғанымыз базар шаруашылығы заманы. Ал, əрқандай нəрсеге экономикалық өнімділік тұрғысынан көз жіберу базар шаруашылығының негізгі ерекшелігі саналады. – Алайда, біз қолымызға қалам алғанда, ақша табуды басты мақсат етпейміз. – Онда неге шығарма жазып, көз майларыңызды тауысып əуре боласыздар? – деп сұрады бағанадан бері бұл екі кісінің əңгімесіне құлақ түріп келе жатқан Мұрат, алдыңғы жағынан көз айырмаған қалпы. – Біз шығарма жазғанда, негізінен халыққа рухани азық беруді басты мақсат етеміз,– деді Дүйсен мен шоферға кезек көз тастап қойған Нысанбек,– оқырмандардың сана-сезімін оятып, оларды алға жетектеу ақын-жазушылардың ең басты қоғамдық борышы саналады. – Онда сіздерге ақша керек жоқ па? – деді Дүйсен тағы да таң қала сұрау тастап, – мына барлығы да ақшаға барып тірелетін заманда, ақшасы жоқ адамдар қалай жан баға алады? – Е, қарағым, «Қанағат қарын тойғызады» деген,– деді үніне мысқыл мен кекесін сарынын жасырған Нысанбек,– бізге күнделік ішіп-жем болып, аш қалмасақ болғаны, сол да жетеді.

– Бұныңыз осы кезде үкімет əркүні сындап жатқан біртүрлі көне идея ғой, – деді орнынан нарау қозғалып қойған Дүйсен,– бірдеме біледі дейтін сіздердің өздеріңіз осындай кербақпа ойда болғанда, басқа елге не жорық? – Бұл не дегенің? – Бұл дегенім, кезекте басқа ұлт адамдарының көбі ақша табу жолын қуалап, базар шаруашылығына үйлесіп кетті,– деді Дүйсен іштегі ренішін жасыра алмай,– ал, біз қашан көрсең ақшаның керегі жоқ деп кергиміз де отырамыз. Бүйте берсек, біз заман ауқымына қайтып ілесе аламыз? – Айтқаның жөн ғой, інішек,– деді осы сəтте аузына мардымды сөз түспей қалған Нысанбек,– солайда елдің бəрін бір таяқпен ұрып жығуға келмейді ғой, əркімнің өз сүйген жұмысы бар емес пе? – Сөйтседе, осы сіздердің ақша дегенде ата жауын көргендей тыжырына қалатындарыңыз идеямнан өтпейді,– деді Дүйсен əлгіден бері ішіне бүгіп отырған ренішін сыртқа бұрқ еткізе шығарып,– өйткені, ақша деген де бұл өмірде кем болса болмайтын жан сақтаудың кепілі емес пе?! Осыны біле тұрып, кейбіреулердің өтірік монтаныси қалатынын көргенде, ит жыным ұстай қалады. – Ойбой, інішек, менікі əншейін айта салған бос сөз ғой,– деді осы арада Дүйсеннің ыңғайына жығыла сөйлеген Нысанбек,– «бар болып, байы өлгенге қайдан жетсін» деген сияқты ақшаны кім жек көрсін! Қазір ғана қалтамда 100 мың юань ақшам болса, мен оны желге шашып жібермес едім. – Е, енді мына сөзіңіз дұрыс болды,– деді сені осы арада бір жеңдім бе дегендей мырс ете түскен Дүйсен, – сіздердікі баяғы өздеріңізде жоқ болған соң айта салған құр сөз ғой. – Сонда да елдің бəрі ақша таба берсе, дүниедегі адамдардың барлығы миллионер болып кетпей ме? –деп қойды Нысанбек, аттан түссе де үзеңгіден түскісі келмей,– сол үшін əр кəсіптің өзіндік ерекшелігі болады. – Сөйтсе де сіздерде бұдан кейін жазушылықпен шұғылданғанда оның экономикалық өнімділігін көзде ұстағандарыңыз жөн,– деп кеңес берді Дүйсен,– себебі жаңа ғана айтқанымдай, барлық іске экономикалық өнімділігі тұрғысынан қарау, мына заманның ең негізгі талабы болып отырмай ма? Мəселен: сіздер кітапты көз майларыңызды тауысып, өздеріңіз жазсаңыздар, оны өздеріңіз ақша шығарып бастырсаңыздар, тағы да оны өздеріңіз көтеріп жүріп сатсаңыздар, онда қайдағы экономикалық өнімділік болғаны?! – Рас айтасың,– деді осы арада Дүйсенің бұл сөзіне ешқандай қарымжы қайтара алмай «Барлық нəрсені ақшамен өлшегенде, бұл дүниеде ақшадан артық нəрсе болмағаны ма» деген ой санасынан сағымдай болып өте шыққан Нысанбек. «Ой, Алла! Бұл жазушы деген халық та өте қызық қой» деп ойлады алдыңғы жағына үңіле қарап қойған Дүйсен, «Ақша десе қас дұшпанын көргендей кіржиіп шыға келеді. Сонда бұларға құрғақ атақ ас бола ма?...» Міне осылайша екі түрлі зілдей ауыр ой арқалаған жеңіл машина алға қарай дамылсыз тартып келеді. 2006 жыл ТЕМІР ТОР (деректі əңгіме) 1975 жылы толық ортаны тауысып, «кедей, төмен орта диқандардың қайталай берген тəрбиесін қабылдау» үшін ауылыма қайттым. Осы жылы10-айда аудандық мəдениет, оқу-ағарту мекемесінің ұйғарымы бойынша өз ауылым Шарықты қыстағындағы бастауыш мектепке «жалаңаяқ мұғалім» болып орналасып, мұғалім сынды дəртені мойныма іліп, оқу-ағарту саласындағы 30 неше жылға созылған қоғамдық қызмет сапарымды бастадым да кеттім. Ол кезде Жеменей ауданының Шығысқызарды комунасына қарайтын менің ауылым Шарықты қыстағы Совет одағымен аралығы небəрі 10 километрдей ғана келетін шек-

телген шекаралық аудан еді. Тіпті шекараға жақын орналасты дейтін менің ауылымды қойып, ол тұста біздің аудан секілді шекара аудандарға басқа жердің адамдары «жолхат» арқылы əрең кіретін. Өзіміз де ауылдан басқа жерлерге барар болсақ, «жолхат»алып жүретінбіз. Егер жаныңда осындай «жолхатың» болмаса, онда сені көрінген көк аттының өзі «Совет одағының шпионы» деп оп-оңай ұстап алатын. Ал, ол «жолхат» ауылдағы пайсұр (қоғам қауіпсіздік мекемесінің бөлімшесі) деген орын жағынан берілетін алақандай ғана таңбалы қағаз болатын. Мен ес білгеннен бастап біздің ауылда бір сақшы бөлімшесі бар болатын да, олар осы күнгі аудан қалашығынан басталып, ол кезде «көне Жеменей» аталатын шекараның тақ түбіне дейін созылып жататын əрі біздің ауылдың ортасын қақ жарып өтетін күре жолдан арыбері өткендердің «жолхаттарын» тексеруді негізгі міндет ететін. Расында, ол шақта «Совет Одағы социал жауынгерлігі» біздің елдің бірден-бір негізгі жауы саналатын да, Мау жушидың (төраға Маудың) «Шинжаңға басты қауіп Совет Одағы түзетімпаздарынан келеді» дейтін бір ауыз сөзі үнемі дəріптеліп жататын. Осыдан болар, ол кезде біз Совет Одағы түзетімпаздары дегенде екі қолымызды төбемізге қойып қатты қорқатынбыз. Өте-мөте Совет Одағы шекарасына жақын, оның үстіне екі елді бір-біріне тұтастырып жатқан күре жолдың бойына орналасқан ауылда күн кешіп жатқан біздердің үрейіміз ерекше еді. Совет Одағы социал жауынгерлігі қай күні басып кіріп қалады дегенде ішкен асымыз бойымызға батпай, күнде дерлік алаңдау мен қорқыныш ішінде жүруші едік. Аудан қалашығына барып, жатақта жатып орталау оқыған кезімізде Мау жушидың «үңгірді терең қазып, астықты мол жинау» дейтін «ең жоғары нұсқауына» жабал үн қосып, соғысқа дайындық көру үшін ала қыстай«дидау» (жер асты үңгірі) қаздық. «Путұң минбиң» (əдеттегі халық жасағы) болып, əскери машықтарға қатынастық. Толық ортаға шыққаннан бастап, дəрежеміз бір саты жоғарылап, «ужуаң минбиңдердің» (қарулы халық жасағы) қатарына қосылдық. Мойнымызға Жапоннан қалған жаман бесатарды асынып, нысана аттық, гранат лақтырдық ... Шындығында ол кездегі мектептер бір жағынан оқушыларға əскери тəлім-тəрбие жүргізетін казармаға да ұқсап қалатын. Сонымен əркүнімізді қашан соғыс басталып кетеді дейтін үрей мен қорқыныш ішінде жолға салатынбыз. Бұның сыртында ол кезде біздің енді бір үрейімізді алатын қорқыныш сол шақта ел ішінде қаптап жүргендей сезілетін «Совет Одағының шпиондары»болатын. Ел арасында «пəленбай жерде Совет Одағының бір шпионы дəретханада тісін қағып тұрған жерінен ұсталыпты», «түгенбай жерде Совет Одағының бір шпионы иен далада ұшып жүреді екен» деген сөздер жатақта жатып оқитын біздің зəремізді зəр түбіне жіберетін. Бұған отқа май құйғандай болып, сабақтастардың түнде төсекке жатқанда айтатын «сырлы терезе», «ғажайып көбелек» қатарлы əңгімелері қосылып, қорқынышымызды тағы да бір биікке көтеріп тастайтын. Оның үстіне бізбен бірге жатақта жатып оқитын қыз оқушылар түн ортасында бірнеше рет«жатаққа шпион кіріп кетті»деп жатақтарынан дүркіреп қашып шыққан соң əлгі қорқынышымыз онан ары шарықтап сала беретін. Бір жылдары біздің ауданның аяқ жағындағы құмды өңірге орналасқан «Бүркеу» деген жерде Совет Одағымен екі арада территория таласы келіп шыққаннан кейін, ауылымыздағы жінтікті деген азаматтар əтірет қорасына біртұтас бағылатын аттар ішінен маңдайға басар аттарды ерттеп мініп, мойындарына мылтықтарын асынып, əлгі жер таласы болып жатқан Бүркеуге қарай топтоп болып аттанғанда, бізге соғыс деген пəле осы таяу арадаақ бұрқ ете түсетіндей əсер беретін де, жанымыз шырқырапақ кететін. Мен «жалаңаяқ мұғалім» болып орналасқан Шарықты бастауыш мектебінде «үлкен торы» жəне «кішкене торы» деп аталатын екі торы ат бар еді де, оларды көбінде мектеп бастығымыз алмакезек мінетін. Кейде мектептің кəссірлік міндетін қосымша өтейтін мен де аудан қалашығынан ана-

мына керек-жарақ əкелу жəне айлық алу жұмыстарына бола, əлгі екі аттың бірін ерттеп алып мініп кете беретінмін. Оның біреуін жазда əтіреттің аттарына қосып, жайлауға шығарып жіберсек, біреуін қолда арқандап ұстайтынбыз. Ал, қыс түскенде осы екі аттың екеуі де қорада бағылады. Оларды қолда бағудағы ең бір қиын мəселе олардың кеңірдектеріне қажетті шөп табу жұмысы еді. Ол кезде арнаулы шаппалығы болмаған мектеп үшін осы екі атты қыстай қорада бағып шығу деген расында қиын болатын. Сонымен жаз келіп, əтіреттің шөп шабу науқаны басталғанда біздің мектеп бастығымыздың да əтірет бастықтарына жалбаңдап, шөп сұрауы басталатын. Ол тұстары 40 неше ғана отбастарынан құралатын біздің ауыл бір дадүй (үлкен əтірет), екі шияудүй (кішкене əтірет) болып құрыла қалған еді де, екі шияудүйдің шаппалығы ауыл маңайында, ал, дадүйдің шаппалығы ауылымыздан 10 неше километр шалғайдағы Қытай мен Совет Одағы шекарасы түбіндегі «Мойке»деген жерде болатын. Яғни 50-жылдарда аудан қалашығы болған, қазіргі күні «көне Жеменей» атанып, 186-туанның (полктің) штабы тұрған жерге барып, (бүгінгі Жеменей шекара өткелі) 10 минутқа таяу жол жүрген соң кез болатын, дəл шекарадағы темір тордың түбіндегі шағын түбек дадүйдың шаппалығы еді. 1976-жылы 8-айдағы шөп шабу науқаны кезінде біздің мектеп бастығымыз дадүй басшыларына барып, шөп сұраған екен, олар мектепке бір трактор шөп беруге мақұл болыпты əрі бұның қарымжысы ретінде өздеріне шөп шабысатын бір адам қосып беруді ортаға қойыпты. Ол кезде мектепте менен басқа сыртқа шығып жұмыс істей қоятын еңбеккүш жоқ болатын. Менен басқа екі мұғалима оған бара алмайтын. Сонымен мектеп бастығымыз оларға мені қосып беруге мақұл болыпты. Солайымен «жарлық қатты, жан тəтті» дегендей енді мен жүгімді буып алдым да, əтірет мүшелерімен бірге дадүйдың шөбі шабылатын жер Мойкеге қарай бет алдым. Үлкендердің айтуларына қарағанда, «Мойке» деген сөз орыс тілінен келген болып, жүн жуатын жер дейтін мағынаны береді екен, Бəлкім, азаттықтан бұрын екі елдің арасында сауда-саттық қатты қызған бір тұстары бұл арада саудаға салынатын жүн жуылған болса керек. Осы жерді құлдап жарым сағаттай жүргенде біздің ауылға қоныстанған Ителі руының көп санды тұрғындары 50-жылдары мекен еткен, «Ноябір» (тегіндегі аты Қутал) аталатын елді мекен бар еді де, қазір ол арада өндіріс-құрылыс биңтуаны (əрмия құрамасы) 186туанының 4-лияны (ротасы) тұратын. Ал, бұл арадан өрлеп, 10 неше минут жаяу жүргенде, бұрынғы аудан орталығы, қазіргі 186-туанның бас штабы «көне Жеменейге»жетіп барасың. Осы «көне Жеменей» қалашығы менің кіндік кесіп, кір жуған туған жерім болады. Өкінішке орай, 1962-жылы шекара уақиғасы туғанда біздің үй үкіметтің жарлығы бойынша шекара түбінен көшіп, бұл арадан оннеше километр жырақтағы кілең Ителі руының адамдары отырақтасқан Шарықты қыстағына барып қоныстаныпты. Бұл менің ес біліп, етек жапқаннан бері тұңғыш рет шекара түбіне келіп, кіндік кесіп, кір жуған туған жерімді көруім еді. Екі елдің шекарасында екі жақтағы таудың суынан құралатын бір құлақтай ғана суы бар өзенше болып, осы өзенше біздің ауданның батыс жағына орналасқан екі елдің бірден-бір шекарасы есептелетін. Бəлкім, екі елдің арасына шекара орнағаннан бері, өте-мөте 1960-жылдардың басында шекараға жақын орналасқан тұрғындар шекара маңайынан алыстатылғаннан кейін, адам қолы көп тимегендігінен болар, біз шөп шабуға келген Мойкедегі өзеншенің бойы тал мен теректерге сіресіп, сыңсып тұратын. Өзеншенің түбек-түбегінде белуардан келетін қалың шөп өсетін. Ол шақта мал бақпайтын биңтуан орындары шөп шаппайтын болғандықтан, осы бір тусып тұрған шаппалықты біздің дадүй жоғарыға айтып жүріп сұрап алған болса керек. Алғаш шекара түбіне келгенде маңайыма үдірейе де таңқала қарап қалдым. Дəл алдымыздағы тор темірдің аржағында бірнеше жылдан бері бізге қауіп төндіреді деп айғайлап, бірден-бір жауымыз санап келген Совет Одағының территориясы көсіліп жатыр. Мүмкін, ол жақта да құдды біздегі

секілді шекараға жақын орналасқан тұрғындарды шекара түбінен ары көшіріп жіберген болса керек, жақын маңайдан ұшқан құстан басқа қылт еткен жан иесі көзге түспейді. Жаздың шіліңгір ыстығында ұзыннан-ұзаққа созылған байтақ дала бұлыңғырлана мұнартады. Тек бізден 500 метрдей қашықтықта бір қарабас ағаш (ол кезде шекарадағы əскерлер күзет орны ететін, ағаштан биік етіп жасалған осындай күзет тұғырларын біз «қарабас ағаш» деп атайтынбыз) тұр. Онда күзетте тұрған əскер тинамдай ғана болып көрінеді. Ал, ол жақтың адамдары ол кезде біз сияқты шекара түбіне келіп шөп шаппайтын тəрізді. Шекараға орнатылған темір тордың аржағындағы шалғынды шөптер көптен бері шабылмағандықтан астыңғы жағы сап-сары сірік болып, жайқалып тұрады екен. Бұны көргенде шөбі біршама тапшы өңірде қылтиған шөп болсада қырып алатын біз «шіркін, шауып алар ма еді» деп, аузымыздың суы құрып-ақ кететін. Тек біз шөп шауып жатқан Мойкеден бірнеше жүз метр қашықтықта бір көлемді шаппалық бар секілді еді, бір күні тəңертең орнымыздан тұрсақ, кеше ғана жап-жасыл болып жайқалып тұрған шаппалықты қарсы жақ бір түнде-ақ шауып болып, əр-əр жерге шоқалақтатып үйіп кетіпті. Білетін үлкендердің айтуларына қарағанда, олар шөпті машинамен шауып, преске басып кететін сыңайлы. Ол престің астына екі ұзын дөңбек ағаш қойып, қыс түскенде оны машинамен сүйреп əкетеді екен. Бұны көрген біз олардың осындай машиналасып кеткен даму өресіне ішегімізді тарта қатты таң қалдық та, өзіміздің шөпті əлі де тартпамен шауып жүрген мешеулігімізге ерекше намыстанып кеткендей болдық. Өтемөте бірнеше күнге дейін үртіс тартпа тартып, күн бата ағаштан жасап алған жабайы лашығымызға келіп, астына шөп төселген төсегімізге сұлай кеткенде, бұл өкінішіміз шырқау биікке көтеріліп сала беретін. Бұндайда белімді көтере алмай дымым құрып, шаршап жатқан менің санама «шіркін, бізде де шөпті осындай машинамен шабатын күндер болса» дейтін бір тəп-тəтті қиял орала беретін. Алайда, бұны көптің ішінде ашық айтуға болмайтын, ашық айтар болсаң онда «Совет Одағы түзетімпаздарын мақтады» дейтін пəлеге қаласың. Сөйтсем, мен бірнеше күнге дейін таңқалып, таңырқай қарап жүрген ол жер осы күнгі Қазақстанның Зайсан ауданына қарасты жер екен емес пе?! 2003 жылы алғаш рет Қазақстанға саяхаттай барғанымда, Алматы қаласынан пойызбен шығып, «Жалғыз төбе» дейтін жерде пойыздан түсіп қалып, содан Зайсан ауданына таксимен келген едім. Бұл арада бір күн аялдаған соң оның бер жағындағы «Қаратал» деген жерге бір қонып кеткенім бар. Жалпы жағырапиялық тұрғыдан алғанда, осы Зайсан ауданының жер дүзілісі мен ауа арайы біздің Жеменейге қатты ұқсап кетеді екен.Тіпті Зайсан ауданынан бері шыға бергенде «Жеменей»дейтін шағын өзенше де бар екен. Біздің ауданның аты осы өзеншенің атынан келіп шықпасына кім кепіл?! Ал, ол жақтағылар осы күні біз «Жеменей өткелі» деп атап жүрген менің туған жерім «көне Жеменейді» «Майқапшағай өткелі» деп атайды екен де, екі елдің шекарасында майқапшағай дейтін қоңыр таудың көсіліп жататынын білетін сен бұған да қатты мойынсал болып қалады екенсің. Ол тұста, расында, Совет Одағы социал жауынгерлігі біздің бірден-бір жауымыз еді. Ес білгеннен бері қарай осындай «бізге қауіп төндіреді» деп айғайланып келе жатқан жау ел шекарасының дəл түбіне келіп, шөп шабу еңбегіне қатынасып жүрген мен алғашында ұдайы бірнеше күнге дейін өзімненөзім қатты қорқып, үрейлене елегізіп жүрдім. Жан дүниемде бір түрлі өзгеше қорқыныш пен əсіре үрей бұқпантайлап бұғынып жатты. Түнде ұйықтап жатқанда Совет Одағының шпиондары баспалап келіп, байлап алып кететіндей, болмаса олардың шпиондары ағаш-ағаштың арасында тығылып жатқандай елестеп, бірнеше күнге дейін жақсы ұйықтай да алмадым. Солайымен ұдайы бірнеше күнге дейін көлеңкемнен шошып, үрей мен қорқыныш ішінде алаңдадым да жүрдім. Санамда осы үрей мен қорқыныш атты пəле ойнақтап, асыр салды да жатты. Алайда, «адам баласы үш күннен кейін көрге де үйренеді»дегендей бірнеше күн өткен соң дəл шекара түбіндегі Мойкеге де бойым үйрене бастады. Санам-

да бұғынып жатқан үрей мен қорқыныш бұлты да ақырынақырын айыға берді. Бұл араға шөп шабуға келген бізді бассалып ұстап алатын шпион да, төніп тұрған ешқандай қауіп-қатер де жоқ ұқсайды. Осы иен даладағы шөп күркеде 3 аптаға таяу уақыт жатқанда, өзіміз жау санап жүрген Совет Одағының қылаяғы бір адамын да көре алмадық. Олар да құдды біз сияқты ет жүректі пенделер секілді. Ол тұста тартпа тарту сынды ауыр еңбектен қатты болдырып, ерекше шаршап жүрсем де, бірақ, көп адамдармен бірге дала қосына жатып, бірлікте еңбек істеудің де өзіндік қызықтары аз болмайтын. Мəселен: шөп шауып жүрген жігіттер шекараға орнатылған темір тордың тақ түбіне келгенде, темір тордың ар жағына аяқтарын алмакезек өткізіп, қарсы жақтың жерін табандарымен басатын да, «міне, мен де Совет Одағына бардым» еп өздерінше жырғап қалатын. Олардың қатарында мен де кейбір жерлері салақтап түсіп кеткен, ескі темір тордың ар жағына аяғымды өткізіп, Совет Одағының жері қандай болады екен деген адамша, олардың жерін бірнеше рет басып көрген едім, кəдімгі өзіміз күнде басып жүрген қара жерден ешқандай парқы жоқ, сол баяғы жер екен! Бəлкім, бұл менің тірлігімде алғаш рет басқа бір елдің территориясына табанмөрін түсіріп, оның жерін тұңғыш рет басқаным болар?! Шынында, осылай деп кесім жасауға бола ма, жоқ па? Бұған күні бүгінге дейін миым жетпей келеді. Əй, адамзаттың ата мекені аталатын жер шарын тілкім-тілкім етіп бөліп, оны темір торлармен қоршап алған адамдар-ай десеңші! 2007 жыл БІР БАУ ШӨП (деректі əңгіме) Осының келесі жылы, яғни, 1977 жылы 9-айда мен тағы да аудандық мəдениет, оқу-ағарту мекемесінің бұйрығы бойынша Сарөлең малшаруашылық жатақты орталау мектебіне алмасып бардым. Бұл мектеп осы жылы аудан, тіпті аймақ пен аудан көлемінде тұңғыш рет шаңырақ көтеріп, «жатақты мектептердің» туын тіккен, бұрын «көшпелі мектептерден» оқып келген малшы балаларының оқуына арнап салынған, малшаруашылық жатақты орталау мектебі болатын əрі ол бір кездері көптеп құрылып, «социалистік жаңа зат»деп марапатталып келген «көшпелі мектептерге» хош айтудың бастамасы еді. Сарөлең – менің кіндік кесіп туған жерім есептелетін, қазір өндіріс-құрлыс биңтуаны 186-туанының бас штабы тұрған «көне Жеменейдің» бас жағынан 5-6 километр қашықтыққа орналасқан, біздің ауыл Шарықтымен екі арасын Майқапшағай атты қоңыр тау бөліп жататын, шекара түбіндегі бір жердің аты болатын. Ашығырақ айтқанда, осы биыл ғана шаңырақ көтеріп, кереге жайған Сарөлең малшаруашылық жатақты орталау мектебі– Қытай мен Совет Одағының территориясын тау суларынан құрала ағатын бір құлақтан артық суы бар кішкене ғана өзенше бөліп жататын шекараның тақ түбіне, əлгі өзеншенің бойына салынған мектеп еді. Осы өзеншенің бойы адам қолы көп тие қоймағандықтан тал мен терекке сіресіп тұратын. Өзеншенің екі жағы ол кезде əбден ескіріп, даттасып кеткен, əуелдесең кей тұстары шіріп үзіліп қалған темір торлармен қоршалған. Мектеп салынған жердің қарсы жағында Совет Одағының арғы жағы Кішкене тау Маңыраққа ұласып кететін Сайқан атты тауы, оңтүстігінде еліміздің мұзтауға дейін сілемденіп кететін Қызыладыр дейтін тауы жататын. Шығыс тұсы Майқапшағай тауына дейін өркеш-өркеш болып жататын қырқа-жондар еді. Тек солтүстік жағы ғана ашық, үш жағы

да тау жəне қырқа-жондармен қоршалған құрлықтағы арал тəрізді шағын түбек болатын. Былайша айтқанда, бірнеше онжылдар бойына «бізге басты қауіп солардан келеді» деп айғайланып келе жатқан Совет Одағы түзетімпаздарымен аралығымыз небəрі 200-300 метрдей ғана келетін өте жақын көрші едік. Есіктен шыға келіп батыс жаққа қарасақ, Совет Одағының тегінде біздің ата-бабаларымыз бір мезет мекен еткен Сайқан атты тауы көз алдымызда қайқайып тұратын. Бала кезімізде үлкендердің аузынан«тегінде Кішкенетау Маңырақ пен Сайқаннан көшіп келгеміз»дейтін сөздерді көп еститінбіз. Ата-бабаларымыздың бір мезет мекен еткен сол байырғы мекені міне басқа бір елдің территориясы болып көз алдымызда көсіліп жатыр. Бір ғажабы осы таудың біз жаққа қараған бетінде алыстан жап-жасыл болып көзге ұрып тұратын қарағайлар мен самырсындар өсетін де, біз жақтың тауларында ондай самсап тұрған қарағайлар мен самырсындар болмайтын. Құдды өртке кеткен тау құсап тап-тақыр болып жататын. Біз ол кезде осыған қатты ғажаптанушы едік. Осы күні ойлап отырсам, бұл жаратылыстық ортаны қорғаудың ғаламаты екен ғой! Алғашқы күз мезгілінде Совет Одағына қарайтын сол тауға бір рет өрт кетіп, екі аптадай бықсып жанып, түтіні кемпірлер түткен шүйкедей шудалана көкке өрлеп жатқаны бар. Тіпті біздің отбасы аудан қалашығына көшіп барып , мен Жеменей аудандық 1-орта мектепте қызмет істеп жүрген 1980 жылдардың орталарында Совет Одағына қарасты осы тауға тағы да өрт кетіп, одан қашып шыққан бір қоңыр аюдың біздің аудан қалашығына кіріп кетіп, ондағы тұрғындарды ұлар-шу қылғаны бар. Артынан қалың əскерлер машинамен қуалап, əлгі аюды əрең атып алған еді. Атып алған аюды өз көздерімен көргендердің айтуларына қарағанда, оған қарата автоматтан атылған оқтар байқұс жануардың терісіне бейне сиырдың қанына тойған кене құсап қадалып-қадалып қалған ұқсайды. Бірнеше онжылдар бойы аяғы үзілмей жүрген үгіттің əсерінен болар, құдды былтырғы жылы Мойкеге шөп шабуға барғандағы секілді шекараның дəл түбіне орналасқан Сарөлең мектебіне келгеннен кейін мен жəне де бір мезет алаңдау мен алағызу тəрізді көңіл-күйде болып, бірнеше күнге дейін Совет Одағы дүзетімпаздарының шпиондары баспалап келіп, қашан ұстап кетер екен дейтін қорқыныш пен үрей ішінде əрі Совет Одағы социал жауынгерлері біз ұйықтап жатқан бір түнде білдірмей басып кіріп, бізді қашан ары қарай айдап кетеді дейтін шошыну мен үрку сезімінде жүрдім. Бір көрімі, бұл кезде Мау жуши атамыздың көзі жұмылуына байланысты «соғысқа жабал дайындалып, Совет Одағы социал жауынгерлігінің тұйықсыз шабуылынан сақтану» дейтін ұрандар бұрынғыдай көп озандалмайтын болып, екі ел арасында «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» дегендей бір мамыражай татулық орнаған-ды. Былайша айтқанда, мен дəл Сарөлең мектебіне барған кез Совет Одағы не біздің жауымыз емес, не құшағымыз айқасып кеткен досымыз емес, аралықтағы бір мемлекет сияқты болатын. Екі елдің шекарасына да салыстырмалы тыныштық орнай бастаған болатын. Біздің қарсы алдымызда 500 метрдей жырақтағы биіктеу келген төбенің басында ол жақтың бір қарабас ағашы болып, одан күні-түні үзілмейтін күзетшілер шекараны бақылайтын да тұратын. Түн баласында онда тұратын солдаттар жанжағына өте күшті тан жаудың (жарық шоғырландырғыш шырақ) жарығын түсіріп, шекара бойын сыпыра шолып бақылап отыратын. Осы танжаудыңның жарығы түскенде мұқым шекара бойы жер бетінде жорғалап бара жатқан тышқан да көрінетіндей сүттей əппақ болып кететін. Қарсы жағымыздың шекара бойында шекарадағы шағын өзеншені жағалап жататын, ені қанша екені белгісіз, бір күре жол болушы еді. Əдетте онымен көп нəрсе жүрмейтін. Тек ара-тұра ғана кішкене машиналар өрлеп-құлдап жататын. Құдіреттің мына əміріне қараңыз, күн батып, көз байлана бергенде осы күре жолдың аяқ жағынан жайшылықтағы жаңа жыртылған атызға салатын сүйрем секілді нəрсені сүйреген бір трактор шыға келетін де, күре жолды өрлеп, қайқайып

кете беретін. Құдайдың құтты күні осындай еді. Осы тракторды көргенде біз «əне, Совет Одағы жолға сүйрем салуды бастады»деп жататынбыз. Осылайша Совет Одағының шекара күзетшілері əр күні дерлік күн сайын күре жолға сүйрем салып отыратын. Осы күні ойлап отырсам, бұл да шекарадан жорғалаған тышқан өткізбеудің таптырмас тамаша тəсілі екен ғой. Өйткені шекарадан өткен (егер ол ұшып өтпейтін болса) əрқандай нəрсенің ізі əлгі сүйрем салынып тасталған күре жолға бадырая түсіп қалады екен емес пе. Осы күре жолды мұздай қаруланған оннеше солдат күніне екі рет бір өрлеп, бір құлдап, шарлап қайтып тұратын. Олардың бұл жүрістеріне біз тағы да аузымызды аша аңқайып қалушы едік. Себебі олар осындай күре жолмен жүріп, шекараны шарлағанда, біздің əскерлер тəрізді бірінің артынан бірі иықтарын тиістіре тізіліп алып жүрмейтін. Олар қашанда бірінің арасына енді бірі 10 метрдей бостық тастап, шұбатылып жүретін. Бұны көргенде мен бұлардың осындай жүріс формаларында да мəлім жосық бар екенау деп ойлаймын ғой, өйткені осындай кезде тұйықсыздан бір жау шыға келіп, оларға қарата гранат тастаса, болмаса зеңбірек оғын атса, онда олардың біреуі ғана өлген болар еді де, басқалары аман қалар еді. Ал, біздегі сияқты бірінебірі денелерін тиістіріп алып сапқа тұрар болса, онда бір гранаттың өзі көпшілігінің жанын жалмап кетер еді. Ол кезде біздің əскерлер де шекараны күзететін. Дегенмен, осы Сарөлең маңайында олардың Совет Одағының солдаттары секілді шекараны күндіз-түні қас қақпай бақылап отыратын арнаулы күзет орындары жоқ болатын. Тек аптасына бірекі рет аттарына мініп алып, шекара бойын өрлеп-құлдап жататын. Ал, шекара бойларына орнатып қойған жасырын бақылау аспаптары болса оны білмедім. Сонымен біз Совет Одағы сияқты шекараны минут-секунд сайын бақылап отыратын күзетшісі жоқ, иен далада ашық-шашық жатқандай күй кешетінбіз. Осындай болғандықтан да менің бұл араға алғаш келген кездері əлгіндей қорқыныш пен үрейлену сезімінде жүргенім орынды шығар деп ойлаймын. Осы шекараның дəл түбіне орналасқан Сарөлең мектебінде бір жылға таяу қызмет істеп, қайтып еліміз бойынша «мəдениет төңкерісінен» кейін тұңғыш рет алынған мемлекеттік емтиқанға қатынасып, жоғары мектеп табалдырығын аттағанша, мен шекара бұзып, ары не бері өткен адам пендесін көргемін жоқ. Бірақ, сиыр атты қарасанның халықаралық заңды көзге ілместен шекара бұзып, Совет Одағы шекарасына бірнеше рет өтіп кеткенін талайын өз көзіммен көруге ие болдым. Қара суық енді-енді түсе бастаған 10-айдың соңғы мезгілі болса керек, бір күні дəл түскі демалыс орайында «ауһау, ауһау» деген қатты шыққан дауысқа елегізіп, жатақтан далаға жүгіре шыққан едік, мектебіміздегі бізбен бірге қызмет істейтін жігіттің қарт əкесі біз жақ шекараның дəл түбіндегі темір тордың жанына барып алып, қолына ұстаған бір бау шөбін ары бір, бері бір бұлғап, шекараның арғы жағына өтіп кеткен сиырларын «ауһау, ауһаудың» астынан алып, жан ұшыра, жалына шақырып тұр. Сөйтсек, ішінде ол кісінің екі сиыры бар бір топ сиыр күнде жайылатын жерлерінің əбден тақырланып кеткен шөбіне қанағат етпей, Совет Одағы жақ күнде сүйрем салып тұратын күре жолдан ары өтіп, Совет Одағы территориясында маң-маң басып, баяу жəйіліп, алдыларындағы тауға қарай тартып барады. Олар шекараның бер жағында қолына бір бау шөбін алып, өздерін жалына шақырып тұрған иелерінің«ауһау, ауһау» деген жалынышты дауысына пысқырып та қарайтын емес. Совет Одағының мал тұяғы тимеген шөбі шүйгін жеріндегі қалың шөпке қарық болып, жайбарақат жайылып барады. Ал, «мал ашуы – жан ашуы» дегендей əлгі ақсақал темір тордан аттап өтіп, өзінен 20 неше метр ғана жерде жайылып жүрген сиырларын қайтадан айдап келейін десе, қарсы алдында қаздиып тұрған қарабас ағаштан сескенетін тəрізді. Осылайша қолына ұстаған бір бау шөбі бар ақсақал бер жақта тұрып, «ауһау, ауһау»деп сиырларын жалына шақырып, ол кісінің өздерін жалына шақырған дауысын пішту құрлы көрмеген сиырлар арғы жақтың қалың шөбіне қарқ болып жүргеніне жарым сағат мөлшері

болған соң, бəлкім, бір шалдың бағанадан бері арғы жақта тұрып, тамағы қаңсып, жағы кез бола сиырларын шақырған бейшаралық қаліне жандары ашыды ма, кім біледі?! Қарсы жақтың қарабас ағашында тұрған екі солдаттың бірі қарабас ағаштан түсті де, заңсыз шекара бұзған сиырларды қайтадан бергі жаққа тырқырата қуалап өткізіп жіберді. Дегенмен, «бұдан былай рұқсатсыз шекарадан өтіп, халықаралық заңды бұзбаңдар» деп, сиырларға жиын ашып, саяси үйрену жүргізетін, болмаса оларға ескерту беріп, шара көретін емес, енді қарсы жақтағы мұрты ойылмай тұрған соны шөпке əбден дəндеп, құнығып алған сиырлар тобы осыдан кейін де бірнеше рет шекара бұзып, Совет Одағы территориясына өтіп кетті де, əлгі ақсақалды тағы да əлгіндей сасқалақ күйге түсіріп қойды. Бір жақсысы қарсы жақтың шекара күзетінде тұрған солдаттары (мүмкін, мал баққан отбасында өскен қазақ шығар) осы бірнеше ретте де шекарадан рұқсатсыз өткен сиырларды бері қарай қуалап айдап жіберіп отырды. Көп өтпей қарсы жақтың шекара заставы біз жаққа «сендердің Сарөлең деген жердегі сиырларың бірнеше рет шекара бұзып, біздің елдің шөбін жеп кетті»деп қатаң наразылық білдірген болса керек, қайтсын-ай, күні бойы қарабас ағашта тікесінен тік тұрып, шекара күзететін ол байқұстар да заңсыз шекарадан өткен сиырларды қашанғы бері қуалап əуре болып жүрсін! Сиыршы болмағаннан кейін оларға да обал ғой! Бір күні біздің шекара күзетіндегі əскерлеріміз мектебімізге келіп, мұғалімдер мен отбасы адамдарының басын қосып жиын ашты да, бұдан кейін қолда баққан малдарға ие болуды қатаң да қадағалай тапсырды. Əрі бұдан кейін малдарына ие болмаған адамдарды қатаң жазалайтындықтарын айтысты. Осыдан кейін əлгі бейбастақ кеткен сиырлардың танаулары тартылып, мектептегі оқытушы-қызметкерлердің отбастарына қарасты малдары бұрынғыдай далаға, өріске қоя берілмей, қорада бағылатын болды. Содан оннеше жылдан кейін дүние тағы да астан-кестен болып, бұрын біздің көзімізге қадалған сүйелдей болып келген Совет Одағы ыдырап, мен жас кезімде екі рет барып үлгерген шекара түбінде, яғни, адамзаттың ата мекені болған жер шарында Қазақстан сынды шыт жаңа мемлекет дүниеге келді. Ал, осы күні адамдар бір кездері жорғалаған тышқан да өте алмайтын Қытай мен Қазақстан шекарасын «қауындықтың жолына айналып кетті» десіп жүр. 2007 жыл НƏПСІ Бұл мəлім бір ағайынымның маған айтып берген əңгімесі еді. – Бір күні қызмет аралығында бəнкіге барып, көптеп бері сарыла күткен еңбекақымды алып, көше шетіндегі жаяулар жүретін жолда осы айдағы айлығымды қалай істету жөнінде өзімше бас қатыра ойланып, тон пішіп келе жатыр едім,– деп бастады əңгімесін ол,–қанша ойланып, өзімше тарта да қыса есеп жасап көрсем де, үй алуға алған ұзақ мерзімді қарызды тартып қалғаннан кейін, қолыма тиген мардымсыз айлығым отбасымыздың осы айдағы шығымына жетпейтін сияқты сезіле берді. Алдыңғы айда əкем ауырып, ауруханаға жатып қалғанда көршімізден 500 юань қарыз алған едік, оның үстіне мына барған сайын тістеуіктей қысып келе жатқан бəсеке заманының талабынан шығу үшін, көптен бері отбасымызға бір компьютер алуды да көңіліме бүгіп жүруші едім. Əй, басына тартса аяғына жетпейтін, аяғына тартса басына жетпей қалатын кесіп-пішулі дүние-ай десеңізші! Өстіп өзімнен-өзім ой соқты болып келе жатқанымда, дəл жанымнан өте берген бір жігіт жерге еңкейе беріп, жолдың шетінде жатқан бір ақша қапшығын тауып алғандай болды да, менің көзімше қапшықты дереу ашып: – Оһо, іші толған ақша екен, көрмейсіз бе міне, ылғи жүз юандықтар екен, –деп маған қарап жымия күліп қойды. Мен ол ұстап тұрған ақша қапшығына көз қырымды салған едім, оның ішінде расында жүз юандықтар қатарластыра салынып

қойылыпты. Осы кезде мен қай сайтан түрткенін кім білсін, əлгі жігітке күле қарап: – Ой, жігіт, «олжа – ортақ» деген, андағы олжаңнан бізге де сыбаға бермейсің бе? – деген едім, ол жан-жағына қарап қойды да: – Болады, ағасы, мен мұны жалғыз иемденіп алғанда байып кетпеспін, жүріңіз, анау үйге барып бөлісіп алайық, мына жерде біреу-міреу көріп қойса, ұят болады, – демесі бар ма. Бұл кезде оның қолындағы ақша қапшығын көріп ес-ақылымды бүтіндей жоғалтқан мен өзімнің əлгімен ілесіп қалайдан-қалай жүріп кеткенімді білмей де қалыппын. Біз жанымызда ғана тұрған қабатты бинаның ашық тұрған есігінен кіріп, əлгі жігіт «тауып алған» қапшығын қалтасынан енді ала бергенде, алқын-жұлқын жүгіріп келген тағы бір жастау жігіт: – Айналайын, ағайлар, жаңа ғана ішінде 5000 юань ақшасы бар ақша қапшығымды түсіріп алыппын, біреулер сіздерді тауып алды деген соң, арттарыңыздан қуалап келіп тұрмын, – деді ентіге де сасқалақтай сөйлеп. Оның өңіне қарасам, өңі қатты шошыған, қайтерін білмей сасқалақтаған адамның бейнесіне кіріп, екі көзі алақандай болып кетіпті. Оның үстіне: – Шешем ауырып ауруханада жатыр еді, егер бұл ақшадан айырылып қалсам, ол кісінің дауалану қаражатын қайдан тауып беремін?! – деп жыларманға жетіп тұр. Оның бұл сөздерін естіп, енді айықпас бір пəлеге ұрынған екенмін деп қатты шошып кеткен мен, əлгі мені осы араға ертіп келген жігітке қарасам, ол да қатты қорқып, қайтерін білмеген адамның кейпіне кіре қойыпты. Ал, есіктен тұра қашайын десем, қуғыншы жігіт дəл есіктің көзіне тұрып алыпты. Мені өлсе жіберетін емес. Бір кезде ол менің жаныма таяп келді де: – Ағасы, ренжімесеңіз, қалтаңызды қарайыншы, – деп өтінгендей раймен тіл қатты да, менің жан қалталарым мен омырау қалталарыма қол сала бастады. Болмайды деуге ешқандай себеп таба алмаған мен, оның алдында жұпжуас болып, монтиып қана тұруға мəжбүр болдым. Тіпті сасқалақтап, қынжылғаным сонша, өзімнің дəл осы сəтте қалтамда тұрған бəнкіден алып шыққан азғантай айлығымды да есімнен шығарып жіберіппін. Менің қалталарымнан ақша қапшығын таба алмаған қуғыншы: – Сізде жоқ екен, енді сіздің қалтаңызды қарайын,– деп мені осы араға бастап келген жігіттің жанына барды да, оның қалтасынан ақша қапшығын суырып алып: – О, əкеңнің аузын! Сен алған екенсің ғой, бағанадан бері неге айтпай тұрсың?–деп айғайлап қалған еді, зəре-құты қаша шошып тұрғандай болған ол жалма-жан есіктен ата жөнелді. – Үй, əкеңнің аузын, қайда қашасың? – деген қуғыншы да оның артынан сатыр-сұтыр қуалай жөнелді. Ол екеуі бірінбірі қуып кеткен соң уһдеп кең тыныс алып, бойыма жан кіргендей болған мен дереу есіктің алдына шыққан едім, əлгі екеуінің қарасы да көрінбейді. Қайда кеткені белгісіз, зымзия жоқ болыпты. «Уһ, бір пəледен құтылғанымды қарашы, егер біреу-міреу біліп қойса, қатты ұят болатын еді» деп ойлаған мен де аяғымды жітірмелете басып, əлгі пəлелі жерден ұзай бердім. Көп өтпей аяқ-астынан қалтамдағы ақшам есіме түскен мен, кастөмімнің ішкі омырау қалтасына қолымды жүгірттім де, жүрегім тас төбеме шығып, селк ете түстім. Бағана өзім қалай ұстаудың байыбына бара алмай келе жатқан қалтамдағы 1000 неше юань ақшам бірдемнің арасында жоқ болыпты. Бұны білген мен қайтадан артыма қарай жан ұшыра жүгіріп, əлгі бинаға келсем, оның маңайында жан пендесі көрінбейді. Өзімше жүгіріп жүріп, оның айналасын шолған едім, əлгі екеуі бейне құмға батып, суға сіңіп кеткендей із-деректері білінбейді. «Не деген əртістер» деп ойладым мен көше шетінде қайтерімді білмей қақиып аз тұрған соң, «тіпті саханада ойын қоятын əртістер де бұндай келістіре алмас еді-ау»! 110-ға телефон берейін десем, оларға не деймін? Қан көшеде біреу тонап кетті деп өтірік айтайын ба? Немесе біреудің тауып алған ақшасын бөлісе қоймақ болып, оның

алдам қалтасына түстім дейін бе? Олар өзіңізде де бар екен десе, не демекпін? Оның үстіне нəпсінің жетегі мен үрейленудің əсерінде əлгілердің түр-түстеріне де нақтап сəп салмаған екенмін. Барлығынан да қиыны енді үйдегі кісіге не бетімді айтамын?... Осыларды ой елегінен өткізген мен көше шетіндегі жаяулар жолында аяғымды санап басып, «əй, өз алдыма кете бермей, онда нем бар еді» деген өкініштің соңында сенделіп келе жаттым. Ағайынымның бұл əңгімесін естіген мен, үндемей қалудың жөні жоқ: – Рас, əртіс екен, өзің де нəпсінің жетегіне бекер еріп кеткен екенсің,– деп қойдым. 2007жыл АЮДЫҢ ТЕРІСІ Біздің үйде бейне атан түйенің терісіндей, құдды былғарыша əдемі де жұмсақ иленген бір үлкен қоңыр аюдың терісі бар еді. Оны үйіміздің оң жақ қабырғасына іле қойғанда, қамқаға басылған гүл тəрізді қоңырқай ғана күйі бар үйіміздің реңін ашып, сəнін келтіріп тұратын. Отбасымызға бас сұққан адамдардың барлығы да сол біржақ қабырғаны бір-ақ алып тұратын аюдың терісін көріп, «по, өзі не деген үлкен, не деген тамаша иленген» десіп, оған көз сұқтарын қадап, ауыздарының суы құри мадақтаса жөнелетін. Тіпті оған көзі түскен біреулердің оны сатып ала қоймақ болып, маған жығыла жабысқан кездері де болған. Алайда, бұндайда олар қанша жоғары баға қойса да, мен оны оларға сатып бермей қойғамын. Өйткені бұл аю терісін осыдан 5-6 жыл бұрын ұзақ жерде тұратын нағашы атам: – Саған алдыңа салып айдата қоятын қырық серкешім жоқ, мынаны менің көзімдей көріп, тұсыңа іліп жүр,– деп əдейі сыйға берген болатын. Мен де оны жолдың ұзақтығына қарамастан сонау қиырдан осы араға алып келгемін. Дегенмен, адам баласына жоқшылық пен қолы жетпеушілік не істетпейді дейсіз? Былтырғы жылы əскери қосында 7-8 жыл міндет өтеп, рота бастығы дəрежесімен кəсіп алмастырып, жерлік орынға қайтып келген кенже інім бұл араға келгеннен кейін үкімет қызметіне орналасуға барлық шарты асыптөгіліп тұрса да, қалай екен, 2-3 айға дейін қызметке орналаса алмай, үйімізде бос жүріп қалды. Оның осы жайына бола аудандық кадрлар мекемесіне бірнеше рет барған едім, жылпыңдаған мекеме бастығы: – Əскерден кəсіп алмастырып келгендердің қызметке орналасу мəселесін қолымыз тиіп əлі де қарай алмай жатырмыз. Жəне де біраз уақыт асықпай тоса тұр, – деп арқамнан қағып шығарып салды. Бірақ, «Ел құлағы– елу» дегендей, ана-мына сыбыстарға қарағанда, ініммен бірге əскерден босап келгендердің көпшілігі, тіпті шарты оған жетпейтіндері де əлдеқашан бір-бір қызметтің құлағын ұстап кеткен тəрізді. Осы бір хабар құлағына тиісімен енді үйдегі кісі атқа мініп, мен үйге келген сайын: – Қолыңнан ештеме келмейтін босбелбеу неме сол, не елге сөзің өтпейді, не бірер істің ебін де жөндеп келтіре алмайсың! – деп отыратын əуенімен шығарып алды. Жəне бір күні ол маған: – Осы күнде құрғақ сөзбен жұмыс біте ме? Іс басында отырғандардың кеңірдегінен бірдеме өткізсек қайтеді?–деп ақыл салды. Оның бұл ақылы көкейіме қона кеткен мен «артқы есікті қайтып ашу» жөніне келгенде шідерлеген ат құсап өз-өзімнен тосыла бердім. Өйткені бір жанұяда жалғыз айлықшы болған, оның үстіне екі баламды оқытып отырған менің басқаларға бере қоятындай ақшам жоқ болатын. Ақша болғанда да біраз қомақтылау болмаса, осы күні қолынан іс келетіндер мардымсыз ақшаны ала қоймайды деп еститінбіз. Өстіп қайтерімді білмей дағдарып, басым əңкі-тəңкі болып жүргенде үйдегі əлгі сұңғыла əйелім маған тағы да: – Əлгі бастығыңа ана аюдың терісін апарып берсек болмай ма? Осы күні үйлеріне аң терілерін самсата іліп қою қолы жеткендер қуалайтын бір моды болып бара жа-

тыр емес пе?! – деп ақыл салмасы бар ма. Оның бұл ақылын естіген мен бірнеше күндерге дейін нағашымның көзіндей көретін аю терісін қимай, екі ойлы болып жүрдім де, бір күні күн бата не де болса тəуекел, кенже інімнің менде қарызы қалмасын деп, аюдың терісін əдемілеп бүктеп, велосипедімнің артына басып алдым да, кадрлар мекемесі бастығының үйіне апардым да тастадым. Жұмыстың жөні келейін десе оңай екен, осыдан 3 күн өткен соң інімнің қызметке орналасу мəселесі түбегейлі шешілді де, ол үкімет қазынасынан ай сайын ақша алып тұратын білікті кадр болып шыға келді. Осыдан бір айдай уақыт өткеннен кейін шаған мейрамы (қытайлардың ұлттық мейрамы) да келді. Осы шаған мерекесі орайында, бірнеше қызметтесімнің басы бір араға қосыла қалған еді, олар: – Ли шужидікіне (Ли хатшы) кіріп шығайық, бізден басқа елдің бəрі барып жатқан ұқсайды, біз бармай қалсақ ұят болар десіп, мені қатарларына қосып алды. Біз бір адам 50 юаннан ақша шығардық та, базардан өзімізше тəуір деген бірдемелер сатып алып, Ли шужидікі қайдасың деп тарттық та кеттік. Бір көрімі, біз барғанда ол кісінің үйі оңаша екен. Есіктен кіре бере-ақ менің көзім ол кісінің қонақ үйінің қабырғасында ілулі тұрған аю терісіне түсті де, өз көзіме өзім сенбегендей есік көзінде аз уақыт сілейіп тұрып қалдым. Дəл соның өзі! Əлгі біздің үйдегі үлкен қоңыр аюдың терісі көзіме оттай ыстық болып басылып барады. Бұны көріп менің жан дүнием иен қалған жайлаудай болып құлазып сала берді. Жолдастарымның ойларында ештеме жоқ, Ли шужи ұсынған темекіні тартып, тəрелкеде тұрған шекілдеуіктен шағып, өз алдыларына қарқ болып отыр. Ал, менің көзім қанша қарамайын десем де əлсін-əлі қабырғада ілулі тұрған аю терісіне қадала береді... Бəлкім, бұл күндері сол бір үлкен де тамаша иленген аю терісі аймақтағы, не обылыстағы əлде аудандағы мəлім бір басшының үйінде ілулі тұрған шығар?! 2007 жыл ҚОС АҚҚУ Ербол мен Шалқар бұл мекемедегі орда бұзар отызға енді-енді ілініп жүрген, екеуі де жоғары мектеп оқыған, онан салса мұнан шығады дейтіндей қайратты да қағілез, білімді де білікті пысық жігіттер еді. Осыдан бес жылдың алдында екеуі де бірін-бірі танымайтын. Танығанды қойып бірініңбірі бет ауыздарын да көрмеген. Шалқар бұл мекемеге сырттан алмасып келген кезде Ерболдың бұл арада қызмет істеп жатқанына 2 жылдан асып кетіпті. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей осы арада бірімен-бірі танысқаннан кейін екеуі құрбы шығып қалды. Былайша айтқанда, екеуі бір мезгілде тірлік есігін ашқан бір жылдың төлдері екен. «Құрдастың құдайы бір, жібектің түйіні бір» деп осы бір құрбыластық себебі болды ма, болмаса екеуінің мінезқұлқында біріне-бірі ұқсап кететін ұқсастық орындары көп пе? Əйтеуір, Шалқар бұл араға алмасып келіп көп өтпей, Ербол мен Шалқар бірімен-бірі ішек-қарындары араласқан тату дос болды да шыға келісті. Қашан көрсең екеуі қатарларын айырмай бірге жүреді, қызметке бірге барып, бірге қайтады. Той-томалақтар мен нəзір-құзырларға да бірге бара жатады. Тіпті тіктұрмаларға да екеуі қатарласып бірге тұра қалады. Қалай екен, екеуінің əңгімесі бір таусылмайды. Қашан болса да, бірдемелерді гүбір-гүбір етіп сыбырласады да жүреді. Қызметте əлдебір қиын мəселелерге жолыға қалғандарында бірін-бірі іздеп, біріне-бірі көмектесіп, өздерінше бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысады да жатады. Бəлкім, өздерімен бірге қызмет істейтін басқа қызметтестерінің барлығы көздеріне бөтен адам тəрізді көрініп тұра ма екен, қалай екен, өзгелерге көп жыныстарын қосып кетпейді. Қайда болса да екеуі бірін-бірі тауып ала қояды. Осыған сайма-сай келгендей екеуінің дене тұлғалары да сырттарынан біріне-бірі қатты ұқсап кетеді. Бой мөлшерлері де əлдекім өлшеп-пішіп қойғандай біріне-бірі тура келеді. Екеуі де ұзын бойлылау келген арықша, аққұба жігіттер. Екеуі қатар кетіп бара жатқанда, арттарынан қараған адамдар

оның қайсысы Ербол, қайсысы Шалқар екенін айыра алмай қалады. Бұндайда олардың аттарын атауға, болмаса алдыларына барып өңдеріне қарауға тура келеді. Ербол сопақша жүзді, қысық көздеу жігіт те, Шалқар жалпақ беттілеу келген, ала көз жігіт. Ерболдың иегінің астында көзге ұрып тұратын дардай қалы бар да, Шалқардың жүзінде ондай ерекше белгі жоқ. Ербол су ағарының үстіне əдемілеп отырып қиықшалап мұрт қойып алған болса, Шалқар бет-аузын əркүні қырғыштап, сақал-мұртын қылтан қалдырмай қырып тастап отырады. Сөйтсе де əркүні қатарласа бірге жүреді, қызметке бірге барып, бірге келе жатады. Не айтатындарын кім білсін, өздерінің гүбір-гүбір сөздері де таусылмайды. Кейде бірінің құлақтарына енді бірі келіп бірдемелерді сыбырлап жатса, енді бірде екеуі бірдемені даңғырлай айтып, дабырласа күліп, кетіп бара жатады. Осылай болғандықтан да олар өздерімен бір мекемеде бірге қызмет істейтін басқа қызметтестерімен көп араласып кетпейді. Əйтеуір, қайда болса да бірін-бірі тауып ала қояды да, егіз туған қозыдай жұптарын жазбайды. Үйлеріне барғанда қайтетіндерін кім білсін, əйтеуір, ел көзіне көп түсетін сыртта жүргендегі жүрістері осы. Осыдан болар, былтырдан бері біздің қазекемнің ат қойғыш ұрпақтары оларға «қос аққу» дейтін ат қойып алды да, оларды көбінде осы аттарымен шақыратын болды. Бұл атты олар да тым жек көріп кетпесе керек, оны естігендерінде екеуі де ақырын ғана жымиысып, жəй ғана күлісіп қояды. Расында олар «қос аққу» десе дегендей қашан көрсең де денелері бірбіріне жабысып қалғандай жұптарын жазбайды. Қызметке бірге барып, бірге келеді, тіпті тіктұрмаларға да бірге кіріп бара жатады. Бəлкім, күйеулерінің міне осындай араларынан қыл өтпейтін тату дос болғандығынан болар, олардың əйелдері де бір-бірімен өте жақын араласады. Қылаяғы балаларына дейін басқа балалармен ойнамай, бірге ойнап жүреді. Бір өкініштісі, ол екеуінің əйелдері өздері сияқты бір мекемеде бірге қызмет істемейді. Екеуі екі мекемеде жұмыс жасайды. Егер де ол екеуі де құдды күйеулері тəрізді бір мекемеде бірге қызмет істейтін болса, онда олар да Ербол мен Шалқар секілді қызметке бірге барып, бірге қайтып жүрер ме еді, кім біледі? Солай болса да екеуі үйлеріне келді болды, бейне иіссінген малдай бірін-бірі іздеп таба қояды. Бұндайда бір-бір шыны шəйді қолдарына алған олар өз мекемелерінде таяудан бері нендей жаңалықтар болды? Қайсы қатын қандай көйлек киді дегендерді біреуінің құлақтарына енді біреулері сыбырлайды да жатады. Осыдан барып екеуі біріне-бірі сорпасы қосылмайтын екі мекемеде қызмет істесе де, ол арада қандай жаңалықтар болғандығын бес саусақтарындай біліп отырады. Той-томалақ, нəзір-құзыр болғанда, екеуі ондай жерлерге бейне күйеулері сияқты бірге барып, бір үстелге отыра қалады. Ол арадан бірінен-бірі айырылып қалса бірдеме бола қалатындай-ақ қолтықтасып бірге қайтып келе жатады. Сонымен бұлармен онша таныстығы жоқ адамдар көбінде бұның қайсысы Ерболдың əйелі, қайсысы Шалқардың келіншегі деген мəселеде екеуін бір-біріне шатастырып, ауыстырып алады. Былайша айтқанда, Ерболдың əйелін Шалқардың əйелі, ал, Шалқардың келіншегін Ерболдың келіншегі екен деп те жаңылады. Бұндайда ауыздарын баса сықылықтай күлген ол екеуі сұрағандарға жөндерін де айтпай, өз алдыларына кете береді. Міне осылайша араларына ғайыптан түскен татулық берекесі Ербол мен Шалқар екеуіне ел-жұрттан «қос аққу» дейтін ат силап, отбастары бойынша орнаған ынтымақты бұзбай, тірлік теңізінде қос аққудай өздерінше малтап келе жатыр. Егер де мына бір уақиға болмағанда, бұлар ортасындағы қыл өтпейтін осы бір татулықтың берекесі өмір бойы жалғаса берер ме еді, қайтер еді?! Осы жақында ғана Ербол мен Шалқар бірге қызмет істейтін мекемеде қайдан шыққаны белгісіз, «Ербол мен Шалқардың бірі бөлім бастығы болып өседі екен» дейтін бір сөз гу ете түсті де, бұл сөз көп өтпей Ербол мен Шалқардың құлақтарына да тиіп үлгерді. Алғашында бұндай болары үш ұйықтаса да түсіне кірмеген Ербол «елдің өсегі шығар» деп, бұл сөзге тым сеніп кетпеген еді, əдеттегі күндері басшылықпен өте жақын жүретін бір қызметтесі:

– Рас айтам, бұл сөзді мекеме бастығының өз аузынан естідім, тек олар Шалқар екеуіңнің қайсыларыңды таңдау мəселесінде ғана тосылып отырған сияқты,– деп онан ары төндіре түсті. Бұл жайды кеше ғана əлдебір іссапардан қайтып келген Шалқардан сұрайын дегенде мына бір ғажапты көріңіз, бірер күннің ішінде аяқ-астынан бірдеме бола қалғандай, Шалқар бұған мойнын да бұрып қарамастан велосипедіне мініп кетті де қалды. «Əкəу, бұған не болған» деп ойлады оның артынан аңтарыла, таңғала қарап қалған Ербол «əлде біреулер бірдеме деді ме екен? Болмаса əлгі жұмысқа бола қыржиып қалды ма? Екеуіміздің қайсысымыздың бөлім бастығы болуымызды парткөм біледі емес пе?»... осы араға келгенде ойының ойран-ботқасы шыққан Ербол да бейне бірдемесінен айырылып қалған адамдай велосипедіне нараулау ғана міне берді. Осы күні кешке жақын отбастарына оралғанда Ербол Шалқардың бүгінгі қылығын əйелі Еркешке айтқан еді, орта бойлы, қара торы өңді, басындағы қалың да қою шашын 2-3 күннің алдында ғана жаңа модымен жасатқан ол: – Əй, дүниеде сендей иісалмас адам болмас-ау! – деді Ерболды кекеткендей мырс етіп,– оны сол бұрынғы Шалқар деп отырсың ба? Екеуіңнің бірің бөлім бастығы болып өседі екен дейтін сөз шыққаннан бері, олардың бізге деген позициялары бүтіндей өзгеріп кетті. – Қойшы ары,– деді əйелінің бұл сөзі біртүрлі ерсі естілген Ербол,– осыған бола олар бұндай тез өзгеріп кетпейтін шығар?! – Еһе,– деді танауынан əлде бір дыбыс шығарған Еркеш,– олар өзгеріп кетпеген болса, 5-6 күннен бері ана Бикен біздің есігімізді неге ашпай қойды? Бұрын бұл сөз шықпай тұрғанда, оның екі күннің бірінде біздің үйден шықпайтынын өзің де білесің ғой. – Ол осы үйге келмеген болса, əлдебір жұмыстан қолы тимей жүрген болар? – Е, ол қайдағы жұмыс екен? – деді Ерболға өңменінен атып жіберердей алая қараған Еркеш,– дəл қазір ол қатын анау мекеме бастығыңның əйелінің жанында отырған шығар өсек айтып. Алдыңғы күні біреулер оның қолына көтерген қомақты сумкасы бар сендердің Жау шужилеріңдікіне (хатшы) кіріп бара жатқандығын өз көздерімен көріпті. Елдің айтуына қарағанда, ол бір аптадан бері ана Ырсалдының жанынан шықпай жүр дейді. – Қайсы Ырсалды? – Қайсы Ырсалды болушы еді? Ол ана сендердің мекеме бастықтарыңның əйелі емес пе? – Онда несі бар екен? – Əй, осы сенің иісалмасың-ай десеңші! Топан су қаптап жатса да сырдың суы сирағыңнан келмейді,– деді күйіп кеткен Еркеш,–соған неге жалбаңдап жүр дейсің бе? Баяғы байының жұмысына бола жүгіріп жүрген шығар? – Қайсы жұмысына? – Пу, қайсы жұмыс болушы еді?– деді дəл осы арада күйеуін шапалақпен тартып жібергісі келіп кеткен Еркеш,– ол анау мəнсап алып, өсемін деп жүрген күйеуіне бола жүгіріп жүрмей ме?! – Е, онда жүгірсе жүгіре берсін,– деді немкеттілеу бейнемен үн қатқан Ербол,– «жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген. – Үй, бейшара сол! Айтып отырған сөзінің түрін қарашы,– деді қайтерін білмеген адамдай орнынан тұрып кеткен Еркеш,– мынау «артқы есік» деген қаптап тұрған заманда, бұйырған алады деп саған кім айтты? Анау бастықтардың кеңірдектерінен бірдеме өткізіп, құлақтарын бұрап қойса, олар ертең сенің сөзіңді сөйлей ме? Жоқ əлде Шалқардың əнін əндей ме? – Олардың кімнің сөзін сөйлеп, кімнің əнін əндейтінінде менің нем бар? – деді осы арада сөзді шорт кескендей болған Ербол,– маған осы күнім де болады. Бастық болмағанда да өліп қалғаным жоқ қой! – Ой, иісалмас бейшара сол! Алдыңа қойған асты біреу тартып алып жеп жатса да мыңқ етпейсің-ау сен байқұс! – деді қайтадан Ерболдың алдындағы орындыққа отыра бер-

ген Еркеш,– əсілі бөлім бастықтығына сені бекітіп қойған екен, кейін Шалқар мекеме бастықтарың мен шужилеріңе сенің үстіңнен арыз айтып кіріпті. – Менің үстімнен арыз айтыпты дейді?! – деді Еркештің бұл сөзі жүрегіне инедей болып қадала кеткен Ербол,– оны кім естіп тұрыпты? – Кім естіді дерің бар ма? Бағана бұны маған сендердің мекемелеріңдегі Сəуле өз аузымен айтты,–деді Еркеш əлдебіреу естіп қоймасын дегендей дауысын бəсеңдете беріп,–оған мекеме бастықтарыңның əйелі Ырсалды өз аузымен айтқан сияқты. Бүгінгі Шалқардың саған ұстаған бейнесінен қарағанда бұл сөз шын болды. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген. – Айтқаныңның жаны бар екен. Сонда мен не істесем болады? – Сен де анау Шалқар құсап атқа мін! – деді Еркеш ақыл сала сөйлеп, – «Жүргенге жөргем ілінеді» деген. Ертең сен де анау мекеме бастықтарың мен шужилеріңе кіріп шық! Жəйі келсе, Шалқарды жамандап арыз жаз! – Арыз жаз дейді? – деді əйелінің бұл ақылынан қатты тіксіне қалған Ербол, – Бірнеше жылдан бері онымен сондай жақын араласып жүріп, енді оның үстінен арыз жазатын болсам, елден ұят емес пе?! – Несі ұят екен? Біздің қазақ «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген сөзді бекер айтып па екен? Ел біліп қойып ұят болады десең, онда ол арызыңа атыңды жазбайақ қойсаң болды ғой! Бекерден-бекер бір орайдан айырылып қаласың ба? Əйелінің сөзі осы араға келгенде Ербол оған не айтарын білмей, төбеге ұрғандай болып отырды да қалды. Осыдан бірталайға дейін «олай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады» дегендей күйге бөленіп, не істеп, не қоюдың бапасын таба алмады. Күйеуінің бұл бейшаралық кеспірін көріп, «бəлем, қайрауың əбден жетті ме» дегендей əлденеге қатты разы болған бейнемен іштей күліп қойған Еркеш, Ерболды қонақ үйлеріне жалғыз тастап, ас үйлеріне кірді де кетті. Осыдан бір апта өткеннен кейін мекеме көлеміндегі барлық қызметкерлерге жиын ашыла қалған еді, жиын соңында Жау шужи: – Жиын соңында мынаны айта кетейін, жақыннан бері мекемеміз көлемінде түрлі өсектер өрбіп кеткен көрінеді. Осыдан барып кезекте кейбір адамдар бізге тыныштық бермейтін болып алды. Бірін-бірі келсе-келмес жамандап, бірінің үстінен енді бірі арыз айтатындар да пайда болды. Бұның өзі кезекте партиямыз қайта-қайта дəріптеп жатқан «тыныш, ынтымақты болып, берекелі қоғам құру» үндеуіне қайшы келетін аса залалды əрекет болып табылады. Сондықтан мен жолдастардан түрлі өсекаяңдарға сенбей, береке мен бірлікке ерекше көңіл бөліп, өз қызметтерін ойдағыдай істеулерін үміт етемін! Жау шужидің сөзі осы араға келгенде жиынға қатынасып отырғандардың бəрі мойындарын бұрып, Ербол мен Шалқарға кезек-кезек қараса берді. Тек осылардың ішіндегі əлдекім ғана «шоқ, шоқ» дегендей əлденеге қыбы қанып, ішінен қарқ-қарқ күлді де, өз орнында миземей отыра берді. 2007 жыл ДАУКЕС ДƏУРЕН Біздің аядай ғана шағын қалашығымызда Дəурен атты отызды орталап қалған бір жігіт бар еді. Өзі осыдан оннеше жылдың алдында ішкерідегі (ішкі қытайдағы ) əлдебір атақты дашуенің ( университеттің ) əдебиет кəсібін оқып келген. Дегенмен, осындай бір атақты дашуеден əдебиет кəсібін арнаулы оқыған болса да, оның осы күнге дейін баспа беттерінде бірер туынды жариялағанын көрмеген екенмін. Бəлкім, қолына қалам алмайтын болса керек. Алайда, ауызша сөзге келгенде жылқының майы сияқты жылып тұр. Онан салсаң, мұнан шығып, қара суды теріс ағызады. Айтпайтын сөзі, араласпайтын ісі жоқ. Екі адамның басы қосыла қалған кездері

сөз тізгіні көбінде соның қолында болады. Өте-мөте бірер даулы мəселелерге жолыққанда, түспесі бар адамдай жанып кетеді. Бұндайда ол анау үлкен, мынау кіші, анау бастық, мынау бұқара екен деп ешкімнің де бетіне қарап отырмайды. Əлдекімдер секілді өзгелердің көңілін ауыртып аламынау деп маймөңкелеуді де білмейді. Басқаларға жағымсып, жақсаттануды да ұқпайды. Аузына не келсе соны қойып қалып қарап отырады. Бір ғажабы ол қашанда əңгіме айтсын, не басқалармен даулассын, əлдекімдер сияқты аузына не келсе соны айтып, сыңар езу аттай далаға алып қашпайды. Болмаса ешқандай жөнсіз, қисыны жоқ сөздерді де сөйлемейді. Қайта нені айтса да, айтқан сөздері қай-қашанда қисынды да орынды болып келеді де, мəлім жосық пен жөнге табан тіреп жатады. Қашан болсын сөздерінде басқаларды иландыра қоятын күшті логикалық пен белгілі бір жүйе болады да, өзгелерді оп-оңай-ақ баурап əкетеді. Сонымен бірге ол əркез «дүние атаулы қашанда егіз екі жақтан құралады, оның бір жағын ғана еске алып, енді бір жағын ескерусіз тастауға болмайды» деп отырады да, біреу бірдеме айтар болса, сол сəттің өзінде əлгі айтылған нəрсенің қарсы жағына сайтандай болып сап ете түседі. Мəселен: сіз байлықты мақтап қалар болсаңыз, ол байлықты терістей жөнеледі. «Бұл заманда ақшасыз өмір сүруге болмайды» десеңіз, «дүниенің тұтқасы ақшада тұрған жоқ, қанағат қарын тойғызады» деп шыға келеді. Адамдар арасындағы достықты мақтай қалсаңыз, ол «адамдар арасында мəңгілік достық болмайды» деген уағызға басады. Қойшы əйтеуір, сіз не айтсаңыз да, ол оның қарсы жағынан бір ілгіш таппай қоймайды. Осыдан барып дау дегеніңіз ешкімнің қузауынсыз-ақ өздігінен өрбіп-өрістей жөнеледі. Осылайша мейлі қандай қиын дау болса да бұрынғының аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін марқасқа шешендері секілді ебін тауып бір жаққа сып етіп шыға келеді. Бұндайда оны əдейі сүріндіру үшін қайдағы бір қиын сұрақтарды қойып қалып отыратын қулар мен сұмдар да кездеседі. Бірақ, олар қанша жерден тұзақ құрып, ор қазса да, оны сөзден тосып, жүйеден алыстата алмайды. Бұндайда шытырманнан жол ашқан адам құсап, болмаса ноқтасын сыпырып тұра қашқан асау сияқты сытылып кетіп отырады. Егерде ол біздің ата-бабаларымыз жасаған ерте кезде өмір сүрген болса, аты алты алашқа жайылған мықты шешен, немесе ауылдың қара биі болар ма еді, қайтер еді?! Менің білуімше, барған сайын сөзден қадыр қашып бара жатқан мына заманда, осы күнге дейін оның жолы болған емес. Əйтпесе, өзі атақты дашуені бітірген, ортан қолдай бір мекемеде білікті кадр болып істейтін ол осы күні емен де, семен де, бала да, шаға да алып жатқан тырнақтай да мəнсапқа ие бола алмады. Мансапқа ие болғанды қойып, бастық атаулы оны иттің етінен де жек көреді. Жек көргенде де оның өзін емес, сөзін жек көреді. Турашылдығы мен əділеттілігінен именеді. Осылай болғандықтан да жоғары жақта отырғандар бұл байқұсқа бір мансаптың пұшпағын қалай қия қойсын! Қиғанды қойып, жайшылықта Дəурен дегенде атқа мінер атаулы одан мерезі жұғып кететіндей ат бойларын ала қашады. Солай болса да бұл да орайы келгенде тістеп, қыршып алуын қоймайды. Осыдан барып халық арасында «даукес Дəурен пəленбай бастыққа былай деп айтыпты, түгенбай бастыққа олай деп айтқан екен» деген сөздер өрлі-қырлы өріп жүреді де, əдеттегі əңгіменің тұздығы болып, күлкі мен мазақтың қайнарына айналып жатады. Мəселен: осыдан бірнеше жылдың алдында, аудан көлеміндегі басшылық алқада оннеше жыл мансапқа отырып, не өспеген, не өшпеген бір басшыға: – Мансап деген жан бағып отыратын жер емес, жанды мансапсыз да бағуға болады. Соның үшін істей алатын болса істеу керек, істей алмайтын болса сопиып отырып алмай, орынды босату керек! – деп айтыпты дейтін бір сөз халық ортасында бейне Қызжібек пен Төлегеннің ертегісіндей айтылып жүретін. Жəне бірде ол өз мекемесіндегі өзінен жасы кіші бастығымен бірге бір қызметтесінің үйіне соғым басына барғанда, үй иесі бастықты əспеттеп төрдің басына шығармақ болса керек, оның бұл ыңғылын сезген Дəурен:

– Қазақ жолында төрге қашан да жасы үлкендер отырады. Ол ешқашан да мансапты, бұқара деп айырмайды,–деп төрдің қақ басынан жылжымай қойыпты. Əрі: – Осы күні ұлы той думандарда халық ішінде сақалдары кеудесін жапқан небір ақсақалдар отырса да, көкқасқа тай мен ақсарбас қойға қашанда бастықтар бата жасап жатады. Осыдан өткен сорақылық болмас-ау! – деп өзін қонаққа шақырып отырған үй иесін недəуір-ақ сөгіп тастаған ұқсайды. Сонымен бірге: – Қазір бізде үлкенірек бір жиын болатын болса, бастық атаулы саханаға шығып тізіліп отырып алады. Ал, шетелде бұндай болмайды екен. Оларда жиын ашылатын болса сахнаға бір ғана мекрофон қойып қояды екен де, бастықтар төменде бұқарамен бірге отырады екен, – деп сөзді бір жерге апарып тастаған сыңайлы. Иə, осы күндері қалай екен, бұқара арасындағы екі сөздің бірі мансаптыларға барып тіреле қалатын бір əдет жабысты ғой, бəлкім, қазіргі заманда бастықтарды тілге тиек етпегенде, əңгіменің тұздығы да келмейтін болса керек, тағы бір жолы біздің Дəуреніміз əлдебір басшыдан: – Сіз неліктен мансапқа отырып, ұқық ұстадыңыз? – деп сұрағанда, əлгі: – Халық үшін,– деп жауап беріпті. Бұл сөзді естігенде Дəурен сол жердің өзінде-ақ бетің-жүзің деместен: – Өтірік айтасыз, сіз ол мансапқа халық үшін емес, ұлттың уəкілі болып отырдыңыз. Сондықтан қолыңызда ұқық тұрғанда ұлт мүддесі үшін бірдеме істеп қалыңыз?! Ал, халық үшін өзгелер-ақ қызмет істей береді, – деп салыпты. Міне осындай адамды бастық атаулы қалайша жарата қойсын! Жаратқанды қойып жайшылықта оған «ұлтшыл», «қырыс», «қайдағыны айтады» дегендей ат қойып, айдар тағып, одан мерезді көргендей қашып жүреді. «Қызыл тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегендей оны тек бастықтар ғана емес, қалашықтағы көп адамдар жек көреді. Осыдан болар, бірнеше жылдан бері қазақтың ат қойғыш ұрпақтары жағынан оған «даукес Дəурен» дейтін айдар тағылып, ат қойылып та үлгерді. Оны танитындардың барлығы да сыртынан «даукес» деп өздерінше сылтың етіп отырады. Ол жандарына таяп қалса-ақ болғаны, бірінің құлақтарына енді бірі сыбырлап, «əне, даукес келе жатыр» деп, ыржың-ыржың етісіп қалады. Алайда, бұл сөздерін оның көзіне, бетке айта алмайды. Айтар болса, ол өздерін тағы бір шақпа тілмен шағып, сайқымазақ етіп кетеді. Елдің бəрі оның тілінен именеді. Сөзінен қорқады. Солай болса да аядай қалашықта бірге жасап жатқандықтан да одан жəне де қашып құтыла алмайды. Тіпті кейде отырыс, жиын-топ бола қалған кездері құрбыластары «отырысымыздың сəнін келтірсін» деп, оны өз жандарына əдейі шақырып алатын шақтары да болады. Бір жақсысы ол бұндайда əлдекімдер тəрізді бұлданып та жатпайды. Кергіп те отырмайды. Осындай отырыс, жиындарды өзінің де жаны сүйетін болса керек, бірнеше адамның басы қосыла қалған жерден өзі де қалғысы келмейді. Ал, бұндайда арақ-шарап деген нəрсенің де қатардан қалмай, ілесе жүретіні бар емес пе, бұндайда ол əлдебіреулер сияқты «қойып кеткен едім», «денсаулығым келмейді» деп кергімейді. Алдына келген рөмкені тастай беріп, көшеде сенделектеп те жүрмейді. Болмаса көрінген жерде илектеніп те жатпайды. Бірге отырғандармен 4-5 рөмкені қағыстырады да, одан қайтып қанша зорласаң да арақты аузына алмай қояды. Бұл кезде оған қаншалық жалынып, өлердегіңді айтсаң да, оны қайтып арақ жаққа бастыра алмайсың. Қайта арақты артық ішудің зияны жөнінде маңайындағыларға ақыл айта бастайды да, сөзден-сөз туындап, дау деген өзінен-өзі басталып кетеді. Нəтижеде онымен бір үстелде отырғандар оны тағы да жаратпай қалады. Бізбен бірге жұта бермеді деп бұртиысады, өкпелерін айтып, өлердей жек көріседі. Кейде осындай отырыстардың соңы қызыл қырман соғысқа айналып кететін сəттер де ара-тұра болса да кездесіп қалады. Бұндайда біздің «даукес Дəуреніміз» бір орайын тауып, отырыстан лып ете түседі де, қайтып қарасын көрсетпей кетеді. Бірге отырғандар оның артынан жер-жебір, жекен суына жетіп қала береді.

Біздің бас кейіпкеріміз Дəурен міне осындай адам. Елдің көбі расында оны жек көреді. Сыртынан болса да «даукес Дəурен» деп сылтың етісіп жатады. Осы қатарда мен де бармын. Шынымды айтар болсам, мен де өзімше оны «басқаларға ақыл айтқыш, жаңашыл адам» деп тым жарата қоймаймын. Былтырғы жылы ғой деймін, бұрын оншалық араласы жоқ ол менімен көшеде кездесіп қалып: – Ағасы, осы əдебиет дегеннің пайдасы бар ма? – деп сұрай қалмасы бар ма. Оның түйеден түскендей қан көшеде дүрс еткізіп қоя салған бұл сұрауына қапелімде сасып қалған мен өзімше жол тауып: – Жігітім, естісем, өзің де əдебиет кəсібін оқыған екенсің ғой, егер оның пайдасы болмаса несіне оқып жүрсің? – деп қайыра сұрау тастаған едім, ол саспастан: – Осы əдебиет деген пəлені қалайдан-қалай оқып қалғанымды өзім де білмеймін, бұл қылығыма күні бүгінге дейін қатты өкінемін,–деп жауап берді. – Неге? – Бұл əдебиет дегеніңіз, не ішсе тамақ, не кисе киім болмайды. Қазіргі мына барлығы да ақшаға барып тіреле қалатын базар шаруашылығы заманында əдебиеттен не пайда дейсіз? Бүгінгі дəуір сөзден қадыр қашқан дəуір емес пе?! – дейді шімірікпестен. Оның бұл жауабын естіп, өзімше шамдана қалған мен: – Бұл дүниеде ақшадан артық нəрсе құрып қалып па екен?! Тəп-тəуір жоғары мектеп оқыған осы сендер қалай сөйлейсіңдер? Əдебиет деген ұлт рухының айнасы емес пе?! – деген едім, ол: – Дұрыс қой, ағасы,– деді тамағын кенеп алған соң шындап дауға түсетін адамның кейпіне еніп,– баяғыдағы Рим империясы заманында елдің бары əдебиетке əуестеніп, ақын бола бастапты. Тіпті қазіргі күнде біздің «бөгенайы бөлек ұлттық өнеріміз» деп əспеттеп жүрген ақындар айтысымыз да сол кезде пайда болған сияқты. Сонымен жұрттың бəрі əдебиетпен айналысып, басқа істерді істеуге адам қалмай бара жатқаннан кейін, Рим императоры бір кезде шарасыздан «бұдан кейін кімде-кім əдебиетке əуестеніп, ақындық жолға түседі екен, соның басын аламын» деп жарлық шашқан екен, осыдан бастап адамдар əдебиеттен жырақтап, басқа ғылым түрлерімен шұғылдана бастапты. Көп өтпей Европа құрлығында ғылым-техника орасан дамыған жаңа заман орнапты. Оның бұл сөзін сабырлылықпен тыңдаған мен: – Сенің бұл сөзің əдебиет пен басқа ғылым түрлерін бірбіріне қарсы қою ғой, меніңше, əдебиеттің дамуы басқа ғылым түрлерінің дамуына ешқашан да кесе-көлденең болмайды,– деген едім, ол: – Солайы солай ғой,– деді мұрнынан мырс ете күліп,– дегенмен бүгінгі күнде ұлтымыз зиялылары арасында əдебиетпен айналысатындардың қатары қалайша көп болып, басқа ғылым түрлерімен шұғылданушылар қалайша аз болады? – деп тосын сұрау тастады. Жөпелдемеде қойылған бұл сұрауға да қапелімде қалай жауап берерімді білмей сасып қалған мен: – Бұның бəрі əуестенуден, қызығудан болатын шығар, оның үстіне біз «түйеге мінген қазақ екі ауыз өлең біледі» деп санайтын ұлттың ұрпақтары емеспіз бе? – деген едім, ол: – Міне мəселенің түп-төркіні осы арадан шығады,– деді қалтасынан темекі алып, оны тамыза берген соң,– меніңше, əдебиет дегеніміз рухани өркениет категориясына тəуелді болады да, ол қашанда заттық өркениет үстіне құрылады. Ал, заттық өркениеті дамымаған ұлттың рухани өркениетінің де ересен дамып кетуі мүмкін емес. Соның үшін мына барлығы да ақшаға барып тіреле қалатын нарық шаруашылығы жағдайында бір ұлт үшін ең алдымен заттық өркениетті күш сала дамыту аса маңызды орында тұрады. Оның бұл сөзінен соң онымен қан көшеде дауласып, салғыласып тұрудың өзіме ешқандай абырой əпермесін сезген мен: – Жə, інішек, мен бір жаққа асығып бара жатыр едім, бұл мəселе жөнінде өзіңмен кейін тағы да əңгімелесе жатармын. Меніңше, рухани өркениет пен заттық өркениет ешқашан

да бірін-бірі шетке қақпайды. Қайта рухани өркениеті мен заттық өркениеті қатар дамыған ұлттар ғана дүниедегі дамыған, озық ұлттардың қатарына қосыла алады,– дедім де бұрылып жүріп кеттім. Менің артымнан оның: – Осы əдебиетшілердің ақша десе болғаны арттарының жүні тік тұра қалатыны несі екен?! – деген таңғалысты үні шығып қалды. Менің осы əңгімемдегі бас кейіпкерім болған Дəурен міне осындай адам. Расында, ол қыстырылмайтын іске қыстырылып алады. Араласпайтын іске араласа кетеді. Қашан көрсең де өзінше данышпансып, басқаларға ақыл айтып жатады. Нəтижеде елдің көбі оны жарата қоймайды. «Басқа пəле – тілден» дегендей пəле-қала атаулыны осы тілінен тауып жүреді. Бəлкім, «ақ найзасын ойнатып, батыр жігіт жауда ойнар, қызыл тілін сайратып, шешен жігіт дауда ойнар» деген осы болса керек! Бүгін сəтін салғанда Дəуренмен бір мекемеде бірге істейтін Нұрəлі атты жігіттің аймақ орталығында тұратын Нұрбек атты сабақтасы жанында тағы бір үрпек басы бар, ел кешкі қызметтен түсер алдында мекемеге оны іздеп келе қалды да, əйелі бүгін таңертең ғана жақын маңайдағы қыстақтардың біріне төркіншілеп кеткен Нұрəлі қайтерін білмей қатты сасып қалды. Сонымен шарасыз қалған ол қарсы алдындағы үстелде отыратын Дəуренді жанына ертіп алды да, көшедегі қалың асханалардың біріне қарай тартуға мəжбүр болды. Асханаға кірген соң Нұрəлі байқұс алыстан арнайы іздеп келген сабақтасының алдында «бөрі арығын білдірмейін» деді ме, тамақ бұйыртуда жомарттық жасады. Асхананың оңаша бөлмелерінің біріне кіріп алған олар алғашында бірімен-бірі танысып, бірімен-бірі жөн сұрап дегендей, недəуірге дейін сыпайысып отырған еді, бұйыртқан тамақтары алдыларына келіп, бөтелкенің аузы ашылысымен-ақ үстел басы қызып ала жөнелді. Нұрəлі байқұс осы арада үйі бола тұрса да, алыстан əдейі іздеп келген сабақтасын асханада күткеніне қысылғандай сабақтасынан əлсін-əлі кешірім сұрай берді. Алғашында: – Мен келген соң əйеліңді маған көрсетуден қорқып отырсың,– деп өзінше Нұрəліні қайта-қайта іліп-қаға берген сабақтасы Нұрбек, алдыға келген тамақтарды көргеннен кейін көңілі тоғайып қалды ғой деймін, енді бірде əуенін шорт өзгертіп: – Болды, болды, келіншегіңнің үйде жоқ бола қалғанына қысылма, «жасақты күні жау, жарақты күні дос келмейді» деген емес пе?! – деп бағанадан бері айтқан сөздерін жуыпшая жөнелді. Нұрəлі мен Нұрбектің бірін-бірі қалжың етіп, іліп-қаққан бұл əңгімелеріне араласпай, өзінше сабыр сақтап отырған Дəурен байқап отыр. Бұрын бет-аузын да көрмеген Нұрəлінің бұл сабақтасы өзінше пысық та сөзшең жігіт көрінеді. Ал, анау қасына оққағарындай ертіп жүрген өзі тұстас Қилым атты үрпек басы қой аузынан шөп алмайтын мылқиған біреу тəрізді, осы араға келгеннен бері Нұрəлі мен Нұрбектің əңгімесіне бір ауыз да сөз қоспай, оларға жұмыртқадан жаңа шыққан торғайдың балапанынша жапақ-жапақ қарап, өз алдына монтиып қана үнсіз отыр. Бір ерекшелігі алдына келген рөмкені тартынбастан тастай беретін сыңайлы. Алдыға ас келіп, бөтелкедегі арақ құйылғаннан кейін, оның беташарын қонақ иесі ретінде Нұрəлі ашқан еді, ендігі кезекте сөзді ешкімнің ылтипатынсыз Нұрбек қағып əкетті де, ұлтымыздың қонағуарлығы мен меймандостығы туралы көсіле сөйлей келіп: – Иə, қонақ шақырып, қонақасы беру қазақтың бөлінбейтін еншісі деген, осы бір ата салтымыздың құрметі үшін мына бір рөмкені алып қояйық?! – деп ұсыныс жасаған еді, осы кезде əлгіден бері аузын бағып, тып-тыныш қана отырған Дəуреннің «даукестік» дерті аяқ-астынан сап етіп ұстай қалды да: – Сонда, жігітім, сенше қазақтың осы қонағуарлық салты дұрыс па, қате ме ? – деп көлденеңінен қисынсыз сұрау тастады. Осы араға келгеннен бері өзінен 5-6 жас үлкендігі бар, дембелше денелі, ағы басымдау үлкен ала көзді бұл жігітті тек сабақтасының қызметтесі ретінде ғана силап отырған Нұрбек, оның түйеден түскендей дүрс еткізіп қоя салған бұл

сұрауын естіген соң, ол «бұл кісінің дені сау ма, жоқ па» дегендей Нұрəліге қарап қойды да: – Ой, ағасы, қалай сөйлейсіз өзі? – деді таңғалысын жасыра алмай,– қонағуарлық деген бізді мұқым дүниеге танытқан ұлттық ерекшелігіміз емес пе, сондықтан да осы басқа ұлттарда көп кездеспейтін ерекше бөгенайға ие ұлттық ерекшелігімізді қате деп айтуға кімнің батылы барсын! – Иə, бұрындары солай айтылып келген,– деді Дəурен Нұрбектің сарғыштау келген жалпақ бетіне немкеттілеу бейнемен қарап қойған соң, əдетінше саспай сөйлеп,– менің айтып отырғаным, дəл осы кезде қазаққа қонағуарлықтың пайдасы бар ма, жоқ па? – Неге пайдасы болмасын,– деді дауыстай күліп жіберген Нұрбек те қолына ұстап отырған рөмкедегі лепілдеп тұрған арақты кеңірдегінен ары асырып жіберіп,– бір ұлтты бұрынғы ұлт жəне қазіргі ұлт деп екіге жіктеуге келмейді ғой, қазақ бұрын да қазақ еді, қазір де қазақ. Бұдан былай да қазақ бола береді. Ал, ол қазақ болады екен, оның қонағуарлық сынды ерекше ұлттық салты да өзімен бірге мəңгі жасай береді. – Жоқ, өтірік айтасың! – деді Дəурен оның қонақ екені есінен шығып кеткендей-ақ – бұрынғы қазақтар мен қазіргі қазақтар бүтіндей ұқсамайды! – Неге? – Өйткені дəуір ұқсамайды, адам баласы деген қашан да өзі өмір сүрген дəуірге қарай құбылып, өзгеріп отырады. Соның үшін адам баласын өзі жасаған дəуір мен заман билеп кетеді. – Əй, мына сөзіңіз қалай болады екен? – деді «бұл адам қалай өзі» дегендей Нұрəліге тағы бір рет қарап қойған Нұрбек,– бұрынғы қазақтар мен қазіргі қазақтар бір-біріне бүтіндей ұқсамайды дейтін сөзіңіздің мəлім қисыны бар дей тұрсақта, бірақ, олар бəрі бір қазақ қой, ендеше, ол қазақ болады екен, онда олардың өздеріне тəн ұлттық ерекшеліктері болмай қоймайды. – Сонда сен қонағуарлық пен меймандостықты қазақпен мəңгі айырылмай бірге жүретін бірден-бір ұлттық ерекшелігі деп есептейтін болдың ғой, солай ма? – Иə, солай. – Бұл бүтіндей жаңсақ ұғым,– деді осы арада Дəурен кесіп-піше байлау жасап,–меніңше, ұлттық ерекшелік деген де қатып-семіп қалған нəрсе емес. Дəуірдің жаңаланып, заманның өзгеруіне сай ол да өзгеріп, дамып отырады. – Мəселен? – Мəселен дейсіз бе? – деді осы арада аз ойланып, сəл бөгеліп қалған Дəурен,– мысалы: бұрынғы қазақтар ат мінуші еді, қазіргі ауыл-қыстақтар мен малшаруашылық аудандарындағы қазақтар жабал мото мінетін болды. Тегінде «ат пен əн – қазақтың қос қанаты» деп мақтанушы едік, бүгінгі күнде қазақтың əнінің де барған сайын кетеуі кетіп барады. Тегіндегі халықтық сарында айтылатын əндерімізді қазір эстрадалық əндер, джаз музыкасы жəне рок əуендері дегендер басып барады. – Бұл айтқандарыңыз жөн,–деді Дəуреннен оп-оңай жеңіліп қалғысы келмеген Нұрбек қарсы шабуылға өтіп,– алайда, осыларға қарап, қазақтың бүкіл ұлттық болмысын құрып кетті деуге болмайды. Ұлт болады екен, ұлттық дəстүр, ұлттық салт-сана дегендер де өмір сүрмей қоймайды. Сондықтан да ұлтымыздың қонағуарлық сынды ұлттық ерекшелігін заманға үйлеспейді деп шетке қағуға ешқашан да болмайды. – Мəселен? – Бұның дəлелін алыстан іздемей-ақ, алдымызда тұрған дастарқанды айғақ етуге болады. – Бұл дəлел бола алмайды. – Неге? – Негесі сол, бұрын біздің қазақтың бір үйіне құдай айдаған бір қонақ келсе, оған бір малын сойып беріп, жатып жастық, иіліп төсек болып күтуші еді, нағыз қонағуарлық пен меймандостық деген сол болатын, – деді Дəурен Нұрəліге қарап, көзін қысып қойған соң,– қазір қалада отыратын біреудікіне қонақ келе қалса, оны мейрамханалар мен асханаларға қарай сүйрей жөнелетін болды. Осы да қонағуарлық, осы да меймандостық болып па?

– Əй, Нұрəлі, міне естідің бе? Мына ағамыз не деп отыр? – деді Дəуреннің бұл сөзін сап етіп ұстай алып, орайы келгенде опырып қалмақ болған Нұрбек Нұрəліге қарқылдай қарап,– сенің мынауың қонақасыға жатпайды екен. Ертең бізді қой сойып, үйіңе шақырмасаң болмай қалды. – Болады, болады,– деді лып ете түскен Нұрəлі күле орнынан көтеріле беріп. Əлгіден бері ол Дəурен мен Нұрбектің дауларына кезек құлақ түріп, «па, шіркін, бүгін сенің алдыңа бір тосқауыл қойдым ба? Бəлем!» деп іштей əлденеге қыбы қанып, жадырап отырған болатын. Өйткені Нұрбек атты бұл сабақтасы сонау жоғары мектеп оқып жүрген кездерінде өзінше ешкімді алдына түсірмейтін сөзшең де шешен болатын-ды. Сабақтастарының ішінде ешкім де оның алдына түсе алмайтын. Бағана ол өзін іздеп келгенде, онымен бір сайыстырып көру үшін Дəуренді əдейі ертіп алып, бұл «даукес» мына «сөзшеңді» бір сүріндіріп берсе екен дегенді ішіне бүгіп қойған. Ол кезде сөздің бір ұшығының өзіне тиіп кетерін бұл байқұс қайдан білсін. Енді міне бірдеме демесе болмай қалды. – «Ол түйеде менің жүгім жоқ» дегендей,– деді ол алдындағы рөмкені қолына ала беріп,– сендердің дауларың өз алдына, ал, менің міндетім сендерді күту ғана болады. Енді мына бір рөмкені алып жіберейік, дау соңына түсеміз деп таңдайларыңыз кеуіп қалмасын. – Ой, өйтіп сен қашқалақтай алмайсың,– деді орнынан көтеріле беріп, Нұрəлінің қолындағы рөмкесіне өз рөмкесін соғыстыра берген Нұрбек, – жаңа мына ағамыз айтқандай, мынауың бүгін бізге берген қонақасың есептелмейді. Сондықтан ұлтымыздың қонағуарлық салтын шын мəнінде əйгілеу үшін ертең бізді үйіңе шақырып, бір мал сойып бересің. – Болады, болады,– деді дəл осы арада сабақтасының алдына көлденең қоя қойған бұл тосқауылынан қалай аттап өтудің бабын таппай, арқасына ер батқан аттай қипақтап қалған Нұрəлі,– бір мал деген немене дейсің! Асықпасаң оны да жейсің. Алдымен мына дастарқанымызды бір əдемілеп жолға салып алайық?! – Міне, көрдіңіз бе, ағасы? – деді Дəуренге күле қараған Нұрбек,– ертең мынау үйіне шақырып, қойын сойып қонақ қылатын болды. Ұлтымыздың меймандостық сынды салтының шырайы енді кіретін шығар? – Ой, інішек,– деді дəл осы арада қызметтесі Нұрəліге жан баса сөйлемесе болмайтындығын аңғарған Дəурен, ішіне жұтып жіберген темекі түтінін аузынан бұрқ еткізе шығарып, – мəселе малда тұрған жоқ қой. – Онда неде тұр? – Пейілде тұр. Тек пейілі дұрыс болса ғана болғаны, қонақ бір шыны қара шайға да разы болып аттанады. – Енді дұрыс айттыңыз,– деді əлденеге қуанып кеткендей болған Нұрбек, – қазақтың көрінген көк аттыға жəйіла беретін ақ дастарқаны мен қонағуарлығы деген осы болады. – Əй, інішек,– деді темекісін қомағайлана сорып жіберген Дəурен Нұрбекке қарап,– мен саған қазақтың қонағуарлық салты жаман нəрсе деп қашан айттым? – Ой, ағасы,– деді осы сəтте əлденеге қатты таңғалғандай болып, тағы да қарқылдай күліп жіберген Нұрбек,– əлгінде осы əңгімені қазақтың қонағуарлық салты жақсы ма, жаман ба деп бастаған өзіңіз емес пе едіңіз? – Онда сен менің айтайын деген ойымды бүтіндей қате түсінген екенсің, – деді темекісінің тұқылын алдында тұрған күлсалғышқа нығарлап өшіре берген Дəурен,– менің айтайын дегенім, осы аста-төк қонағуарлықтың біздің қазаққа пайдасы бар ма, жоқ па дейтін мəселе болатын. – Пайдасы болмаса бұл арада неғып отырмыз? – деді бұны осы арада бір сүріндірдім бе дегендей Нұрəлі мен Қилымға масаттана қарап қойған Нұрбек, – осы дастарқанның берекесі үшін ғана бүгін осы жерде бас қосып отырмыз ғой. – Солайы солай, алайда, бұндай дастарқанды бізден басқа ұлттың адамдары да жая береді,– деді Дəурен ешқандай асып-сасудың жылтын сездірместен, – менің айтайын дегенім, мына барлығы да ақшаға барып тіреле қалатын базар шаруашылығы жағдайында бұрынғыдай қонағуарлық пен

көл-көсір ақкөңілділіктің біздің ұлтымызға пайдасы бар ма, жоқ па деген мəселе болатын. – Е, сіздің айтайын дегеніңіз енді түсінікті болды,– деді Нұрбек алдында тұрған қуырмашқа сақпысын жүгірте беріп, сіз базар шаруашылығы жағдайында қонағуарлықтың ұлтымыз үшін ешқандай пайдасы жоқ демексіз ғой, солай ма? – Иə, солай. – Неліктен? – Өйткені бағанадан бері өзің ерекше ұлттық ерекшелігіміз деп аузыңның суы құри мақтап отырған қонағуарлық сынды ұлттық салтымыз, қазіргі күнге келгенде біздің өзге ұлттардан кенже қалуымызға себеп болып отырған негізгі кедергілердің біріне айналып барады. – Қалайша? – Қалайша дейсің бе? Енді бұл өзінен-өзі түсінікті ғой,– деді ойына келгенін айтайын ба, айтпайын ба деп аңтарылып қалған адамша аз ойланып қалған Дəурен,– мəселен: қазақтар қолына қарға тышса болды, сол азғантай ақшасымен қонақ шақырып, қонақасы береді. Жағдайы келсе той жасап, аттарын шығару үшін орынсыз бəсекеге түсіп, көл-көсір ысырапшылдық істейді. Нəтижеде экономикалық жақта қай-қашан да қалталары тесік жүреді. – Сонда бізден басқа ұлттар қонақ шақырып, қонақасы бермей ме екен?– деп сұрады осы жерде əлдебір мысқылды бейнемен мырс етіп күліп жіберген Нұрбек. – Береді, алайда, олар тегіннен бері біз секілді қонағуар болмағандықтан тек анда-санда ғана береді, бергенде де мəлім істерін бітіріп алу үшін ғана береді. Есесіне қолдарына ақша-тиын түссе бəнкілерге қарай жүгіреді. Болмаса түрлі кəсіп жолдарын қуалап, ауқаттану жолына түседі. Ал, біздің қазақ болса «қазақтың бір тойғаны – шала байығаны» деп, қалталарындағы азғантай тиын-тебендерін қонақасыға қарай жүгірумен құртады. Сондықтан да осы қонағуарлықты ұлтымыздың ауқаттануына кедергі болып отырған бір фактор деп айтуға əбден-ақ болады. – Бұныңыз бүтіндей сыңар жақтылы көзқарас,–деді Нұрбек те осы кезде кесіп-піше байлау жасап,–қазіргі күнде ұлтымыздың өзге ұлттардан артта қалып бара жатуын тек қонағуарлық салтымыздан ғана көруге болмайды. Бұндай ойлайтын болсақ, бүтіндей қателескен боламыз. – Неге? – Себебі кезекте ұлтымызды басқа ұлттардан барған сайын кенже қалып барады деп мойындар болсақ, оған жасау шарт-жағдайы, тұрмыс дағдысы, жағырапиялық ортасы, басшылық қабілеті, мəдени білім өресі қатарлы сан-салалы факторлар кесе көлденең болып отыр. – Біз айтып отырған қонағуарлық та, өзің айтып отырған ұлтымыздың тұрмыс дағдысының кесіп тастауға келмейтін біртүрі ғой. – Солай, əйткенмен осыған бола қазақтың қонағуарлығын оның базар шаруашылығына сəйкесуіне кедергі болып отырған кесірлі факторлардың бірі деп, оны бүтіндей белінен сызып тастауға ешқашан да болмайды. – Қалайша? – Қалайша дейсіз бе? – деді осы арада шабыты келіп, ұзаққа тартудың бейнесін танытқан Нұрбек ашыла сөйлеп,–себебі қонағуарлық дегеніміз ұлтымыздың бойына кең байтақ дала силаған біртүрлі ерекше қасиет саналады. Ерте кезде қазақ даласын аралаған Европа саяхатшыларының өзі «егер дүние жүзінің барлық жеріне қазақтар қоныстанған болса, онда мұқым дүниені бір тиын да шығармай тегін аралауға болады екен» деп тамсанған екен. Нəтижеде ұлтымыздың бүкіл дүниеге «қонағуар ұлт» деген аты шыққан. Əлем халқы бізді осы қонағуарлығымыз арқылы ғана таниды. – Иə, бұны біз де білеміз,–деді осы бір дауға əбден əукесі түсіп, біткен назары шоғырланып алған Дəурен,– алайда, ол уақыты əлдеқашан өтіп кеткен көне заманның айтылымы ғой, егер де сол кезде дүниедегі дамыған озық ұлт есептелетін Европалықтар қазақтың осы бір қонағуарлық салтына шындап қызыққан болса, онда олар сол кезде біздің осы бір қастерлі салтымызды қалайша үйренбеген?

– Ой, ағасы, сіз де қызық адам екенсіз, егер олар ұлтымыздың бұл тұрмыс-салтын сол кезден бастап үйреніп, өздеріне сіңіріп əкеткен болса, онда бүгінгі мына дүниеде қазақ дейтін ұлт та болмас еді. – Сонда сен қонағуарлық пен меймандостық қазақты қазақ етіп тұрған ең басты белгі демексің ғой, солай ма? – Солай десе де болады, егер біздің қонағуарлық сынды ұлттық ерекшелігіміз жойылатын болса, онда бұл дүниеде қазақ аталатын ұлт та болмайды. – Бұл тұжырымың қызық екен, інішек,– деді осы жерде əлдебір мысқылды əуенмен күле берген Дəурен,– менің білуімше, қонағуарлық қасиет дегеніміз біздің тұрмыс-салтымыздың бір бөлімі ғана. Ал, тұрмыс-салт деген қашанда заманға қарай бейімделіп, өзгеріп отырады. Мəселен: ерте кездегі біздің ата-бабаларымыздың болмағанда екі күннің бірінде ет жемесе тістері қышып тұрады екен, ал, қазіргі балаларға ет асып берсең, оны жегісі келмей, мипанға (буға пісірілген күріш) қарай жүгіреді. Сонда да біз əлі де қазақпыз ғой. – Бұл арада сіз де тұрмыс-салт, əдет-дəстүр дегендердің ұлтты құраушы, кем болса болмайтын маңызды факторлардың бірі екенін есіңізден шығарып отырсыз, – деді бұл арада бұндай əріптеске кездесері үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпаған Нұрбек,– осы күні біздің ішінара зиялыларымыз ұлттық бөгенайларымыз барған сайын азайып барады деп айғайласып жүр. Енді келіп қанымызға сіңіп қалған қонағуарлығымыздан да айырылар болсақ, онда қазақ сынды ұлттың ешқандай қажеті қалмағаны ғой! – Жоқ, мен бұл арада ұлтты бүтіндей терістеп отырғаным жоқ,– деді саған қалай түсіндірсем болады екен дегендей тағы да аз тосылып қалған Дəурен, – менің айтайын дегенім, тек ішінара заман талабы мен дəуір ағымына үйлеспейтін əдет-ғұрыптарымызды өзгертсек деу ғана. – Онда сіздің ойыңызша болғанда, белгілі бір ұлттың ең басты белгісі саналатын ұлттық ерекшеліктің ешқандай қажеті жоқ болғаны ғой? – Солай деп түсінсең, бұның да жөні жоқ емес, өйткені ұлт дегеніміз қашанда жеке тұлғалардан құралады. Ал, сол жеке адамдарда қашанда өмір сүріп, жан сақтау қажеттілігі болмай қоймайды. Ал, адам баласында заманға бейімделу сынды икемділік болмайтын болса, онда оларға жан сақтай алмай қалу дейтін қауіп төнеді. – Бұл сөзіңізге қарағанда,– деді Нұрбек дəл осы арада шарасыздық қалып таныта кекесінді əуенмен,– сіз осы күнгі ғаламдануды дəріптейтін алғабасар адам екенсіз. – Иə, солай десе де болады, себебі кезекте адамзат қоғамы ғаламдану кезеңіне қарай аршынды адыммен қадам тастады деп социологтар əркүні айғайлап жатпай ма?! – Солай, сіздей алғабасар ойдағы зиялылары отырғанда, біз сол ғаламдану толқынына елдің алдымен көміліп кететін сияқтымыз. – Иə, болса болар, өйткені алғабасарлық деген қашанда консерватиптіктен жақсы болады. Ал, кербақпалық пен етектен тарту деген қашанда бізді басқалардың артында қалдырмай қоймайды. – Жə,– деді бұл екеуінің дауы шарықтап осы жерге келгенде, енді ілісу мен қағысуға қарай бет ала бастағандығын байқап, екеуі ренжісіп қалмасын дегенді көңіліне бүге қойған Нұрəлі, алдындағы рөмкені қолына ала беріп, – əлгіден бері сіздердің сөздеріңізді естіп, тамаша бір лекция тыңдағандай болдым, алайда, бүгін бұл араға сіздерді қызыл кеңірдек болып даулассын деп шақырып отырғаным жоқ қой, енді мына рөмкені алып жіберіп, өз отырысымызға келейік?! – Иə, сөйтейік,– деді бағанадан бері бір ауыз да тіл қатпай, тойған қозыдай монтиып қана отырған, ұзын бойлылау келген, денесіне шыр бітпеген дейтіндей арық, үрпекбас Қилым алғаш рет тіл қатып,– не деген қырт едіңіздер, бағанадан бері сіздердің не айтқандарыңыздан бір ауыз ұқсам бұйырмасын, тіпті басым ауырып кетті. Енді бір адам құсап сөйлеңіздерші?! – Үй, мына жігіт не дейді? – деді Қилымның соңғы сөзі көңіліне қанжардай болып қадала кеткен Дəурен шамда-

на қалып,– əлгіден бері біз адам құсап сөйлемей, ит болып үрдік пе? – Ой, ағасы, бұның сөзін қайтесіз, бұл өзі қытайша оқыған жігіт, қазақшаны оншалық түсінбейді. Жаңа ғана өзіңіз айтып өткен ғаламданудың алғашқы өнімдерінің бірі,– деп Дəуренді тағы бір шалып қалған Нұрбек сөзін ары қарай жалғастырып əкетті,– расында, бағанадан бері мына кісі екеуміз қыртысамыз деп, сендерді зеріктіріп қойған болсақ, оған ғапу етіңдер?! Нұрəлі, сенің де көлдей көңіліңе рақмет! Ал, ағасы, сіз де қатардан қалмай ала отырыңыз?! Осыдан кейін отырыс қалыпты арнаға түсіп, дастарқан басындағы ендігі əңгіменің тұздығы Нұрəлі мен Нұрбек екеуінің араларындағы өткенді еске алу мен əзіл-қалжыңдарға қарай аунай бастады. Өкінішке орай, осыдан көп өтпей Дəуреннің əдетте шақтап ішетін 5 рөмкелік нормасы толып қойды да, шатақ осыдан басталды да жүре берді. Бəлкім, Дəурен олардың қатарынан қалмай іше бергенде, бұндай əңгіме тумас па еді, кім біледі? Бəрі де осы Дəуреннің 5 рөмкеден артық арақ ішпейтін кеселінен туындады. Əй, қайда жүрсе де елді алатайдай бүлдіріп жүретін оның ел-жұртта жоқ осы қырыс мінезін-ай десеңші! Бұл кезде осы ауданға келген кешеден бері үртіс арақ ішіп жүрген, оның үстіне бұл араға келгеннен бері де 7-8 рөмкені тастап жіберген үрпекбас Қилымның алғашқы тойған қозыдай монтиған бейнесі жəйіна қалып, оның тілі де біртіндеп ұзарып келе жатты. Бір кезде ол орнынан ұшып тұрып, Дəуренге қарап, тілін шəйнай соқтыға тіл қатты: – Əй, ағай, бағанадан бері ішіп-ішіп алып, енді неге ішпей қалдыңыз? – Ғапу ет, інім, бұдан артық ішуге денсаулығым келмейді,– деді Дəурен оған өзінше түсінік жасап. – Еһе, ішпейтін адам болсаңыз, алғашында неге ішпей қоймайсыз, енді келіп ішпеймін дегеніңізге кім сенеді? Жоқ əлде бізді арақкеш деп отырсыз ба? – Əй, інішек, бұл кісінің əдеті осы, 5 рөмкеден кейін қайтып арақ ішпейді. Бұл сырын біз əбден білеміз. Сондықтан бұл кісіні енді араққа зорламай-ақ қой! –деді Нұрəлі өтіне тіл қатып,– енді қанша зорласаң да арақ ішпейді. – Е, бəсе, алғашында-ақ қазақтың меймандостық сынды жақсы қасиетін жоққа шығарған еді,– деді Қилым орнынан тəлтіректей тұра беріп,– енді неге ішпей қалдыңыз?! Жоқ əлде бізге бұл арақ артық кетіп қалады деп отырсыз ба? – Ой, інішек, ол кезде сенің сөз ұқпайтын мəңгүрт екеніңді қайдан білейін, – деді өзін сабырға əрең жеңдірген Дəурен,– жаңа мына Нұрəлі өзіңе əбден түсіндірді ғой, енді, расында, іше алмаймын. – Жаңа қайдағыны айтып, миымды ашытып жіберген еді,– деді қайтадан орындығына теңселе отыра берген Қилым,– əлгі немене ет, – е, «байдың асын байқұс қызғанады» деп, өз қалтаңыздан бір тиын ақша шықпаған соң оған неңіз күйіп кетті екен? – Əй, бауыр, адам деген арақты басына емес, асқазанына ішуі керек,– деді Дəурен күйіп кетіп,–қазақтың сендей азаматы болса, онда жырғаған екенбіз! – Қойшы, өзіңіз қайдағыны айтып басты ауыртпай, адам құсап неге түзу сөйлемейсіз? Бірдеме айтсаңыз болды, қайдағыжайдағыны айтып, басты ауыртып жібереді екенсіз,– деді Қилым тағы да тілін шəйнай үн қатып,– сондай қырттықтың не пайдасы бар екенін білмедім ғой. – Ойбой, мынау расында қызып қалған екен,– деді Дəурен мен Нұрəліден ұялып қалған Нұрбек күйгелектене сөйлеп,– бұрын мұндайы жоқ еді, бүгін бұған не бола қалды екен деші?! – Е, інішек, бұнікі қайдағы қызулық дейсің, баяғы мəңгүрттік емес пе?! – деген Дəурен де дəл осы арада қайтерін білмегендей күйзеле күліп қойды. – Немене сіз қайта-қайта мəңгүрт-сəңгүрт деген адам ұқпайтын бірдемелерді айтып, кісінің басын ауыртасыз? – деді орнынан қайтадан теңселе тұра берген Қилым Нұрəлінің алдында тұрған бөтелкеге қол соза беріп,– келіңіз, одан да арақ ішеміз. – Жоқ, мен іше алмаймын.

– Неге? – Денсаулығым келмейді. – Оданша мынаның арағын біз тауысып кетеді деп қызғанып отырмын десеңші, өзіңізден бір тиын да ақша шықпағаннан кейін елдің арағын неліктен қызғанасыз? – Япыр-ай, мен қашан елдің арағын қызғаныппын? – Қызғанбасаңыз, онда қазақтың қонағуарлығын неге жамандайсыз? Өйтетініңіз бар бұл араға неге келесіз? – Мені бұл араға сен емес, мына Нұрəлі шақырып келді. – Е, онда ол шақырған болса, біздің құрметіміз үшін бізбен бірге арақ ішесіз. – Жоқ, іше алмаймын. – Ішпесең бұл арада неғып отырсың? Көзіме көрінбей жоғал! – деп ақырып қалды Қилым қолымен есікті нұсқап. Осы сəтте орындарынан апыл-ғұпыл түрегелген Нұрəлі мен Нұрбек Қилымға: – Қойшы, інішек, бұның не? – Біреудің дастарқанының шырқын алсаң, ұят емес пе?! – деп оған өздерінше ақыл айта бастаған еді, олардың бұл жалыныштарын құлағына қыстыра қоймаған, орнында ары бір, бері бір сенделектеп тұрған Қилым алдында тұрған бөтелкені жұлып алды да: – Мə, ендеше, кетпесең! – деп қолындағы бөтелкемен Дəуренді басқа қарай қойып кеп жіберді. Осыдан кейін үстел басы апыр-топыр болды да, Дəуреннің бет-аузын қан жауып шыға келді. Осының ертеңінде біз Дəуренді ауруханада жатыр екен деп естідік. 2007 жыл ДАРЫНДЫЛАР БАЗАРЫ Жоғары мектеп саяси-нəзəрия кəсібінің арнаулы курсін бітіргеніме міне бір жылға таяп барады. Бірақ, қызметке орналасудан əлі де ешқандай үміт жоқ. Бұл жағын да өзім арнайы атқа мініп, қалалық кадрлар мекемесіне бірнеше рет барған едім, ол арадағылар: – Осы күні жоғары мектеп бітіріп келген оқушыларға бөліс жоқ, – деп кеудемнен итергендей болып жолға салған еді, осыдан бастап менің де тауым шағылып, тауаным қайтып қалғандай болды. Байқаймын, менің осы қызметке орналасу мəселем жайында дəл қазір əке-шешем де менен артық ділгер болып жүрсе керек, анда-санда болса да: – Сен бір қызметке орналасып кетсең көрім-ақ болар еді, – десіп аһ ұра күрсініп отырады. Қайтсын байқұстар-ай, қанша айтқанмен іштен шыққан шұбар жылан дегендей, бауыр еттері болған менің бір жылға таяу үйде бос жүріп қалуым жандарына ерекше бататын болар, оның үстіне барлығы да сатулы қалалы жерде отырған ол кісілердің пəленбай мың юань шығындап, мені ұдайы үш жыл бойы жоғары мектепте оқытуы деген оңай ма? Ол кезде ол кісілер мені жоғары мектеп ауысып келген соң бүйтіп қызметке орналаса алмай, бос жүріп қалады деп ешқашан да ойламаған болулары керек, қандай ата-ана өз балаларын жаман болсын деп ойлайды дейсің!? Сондықтан да олардың «осы қарғам бірер қызметке орналасып кетсе екен» деп менен артық асығып, менен артық ділгер болулары сөзсіз ғой. Осыны ойлағанда, мен əр қашан да мəлім бір кінə өткізіп қойғандай ата-анамның алдында жерге кіріп кете жаздаймын. Алайда, қаншалық бетіммен жер басқандай болып, жерге кіріп кете жаздасам да, өз қолыңнан келері болмағаннан кейін оған шара не?! Жақында ата-анам осы қаладағы өздері əбден танитын бірнеше атқамінерлерді жағалап, оларға жағдайларын айтып көрген екен, ол кісілер: – Қазір жоғары мектеп оқып келген оқушыларды қызметке орналастыра қоятын бұрынғыдай бөліс жоқ. Бөліс кеп жатса, қолымыздан келген көмегімізді аямайық,– десіп қайтарған көрінеді. Солайымен мен мектеп бітіріп келгеніме біржылға таяп бара жатса да, не анада жоқ, не мынада жоқ болып, далақтап бос жүрмін. Бейне əр күні сөзсіз орындама-

са болмайтын парызым секілді күніне көшеге бір рет шығып қоямын. Бұдан басқа жұмысым жоқ. Бүгін де міне көшеге шығып, мақсатсыз да нысанасыз қаңғылестеп келе жатыр едім, əлдебір бұрмадан өзіммен бірге жоғары мектеп оқыған сыныптасым Сайраның кездесе кетпесі бар ма. Екеуміз ананы айтып, мынаны айтып бірталай тұрғаннан кейін ол маған: – Осы жерде «дарындылар базары» деп аталатын бір жер бар екен, естуімше олар біз секілді қызмет таба алмай жүргендерге қызмет тауып беретін ұқсайды. Соларға барып талабымызды сынап көрмейміз бе? –деп тұйықсыз ұсыныс жасады. Оның бұл ұсынысын естіген мен: – Дарындылар базары дейсің бе? – дедім əлденеден қатты шошып кеткен кісідей болып,– оларға біз барсақ ұят болатын шығар? – Несі ұят екен? – деді Сайра менің бұл сөзіме аң-таң болған қалпын таныта, – бізден басқа оқу бітіріп келгендердің бəрі соларға барып, қызмет іздеп жүрген сияқты. – Қойшы, сонда да біреу-міреу көріп қойса ұят болады, – деп тартындым тегіннен бері «дарынды», «талантты» дейтін сөздерден қатты сескенетін мен,– оларда ылғи ғалымдар мен мамандар отырған шығар? – Кетші ары, оны саған кім айтты? – Ешкім де айтқан жоқ, солай болса да, дарындылар базары деген сөзден-ақ олар аның оңай-оспақ жер емес екені байқалып тұрмай ма?! – дедім, жоғары мектепте орташа ғана оқыған, оның үстіне бұрыннан бері өзімді дарындылар санатына қосып көрмегенмен күдігімді жасырмастан. – Ойбой, сенде қайдағыны ойлайды екенсің ғой,–деді Сайра, – оларда ылғи ғалымдар мен мамандар отырса да, олар адам жеп қоймайтын шығар? – Сөйтсе де, ел-жұрт мыналарға не жоқ деп күліп жүрсе қайтеміз? – По, осы сенің де айтпайтының жоқ екен, ол дарынды дегендер де аспаннан түсе қалған əулие емес, баяғы біз сияқты адам шығар? – деді əлденеге белін бекем буып тұрған Сайра,–жүр, неде болса барайық, «жүргенге жөргем ілінеді» деген. – Япыр-ай,–деп қипыжықтадым мен,–елден ұят емес пе?! – Несі ұят болады екен? Сендер дарынды емессіңдер деп қақпасынан кіргізбей жатса, оны бара көрмейміз бе. Жүр, нар тəуекел бара көрейік! Сыныптасымның бұл қолқасының алдында шарасыз қалған мен оның əлгінде ғана айтқан «дарынды дегендер де аспаннан түсе қалған əулие емес, баяғы біз сияқты адам шығар» деген сөзіне мойын сал болдым да, кегежем қаншалық кейін тартса да, жақсы көретін сыныптасымның көңілі үшін онымен ілесуге шарасыз мəжбүр болдым. Солай болса да дəл осы кезде менің ой-санамда, япырай, оларда ылғи ғалымдар мен мамандар, ығайлар мен сығайлар, қасқалар мен жайсаңдар отырса қайтеміз? Бізді көрген өзгелер сыртымыздан əліне қарамай əлек болған мыналардың дарындылар базарында нелері бар десіп мазақ қыла ма?... Дейтін күдік ойнақ салып келе жатты. Нəтижеде мен оларда қалтамда жүрген жүз юань ақшамды жұмсап, адам аламыз деген екі орынға тізімделіп шықтым да, «дарындылар базары» деген осы ма деген ауыр ойдың соңында келе жаттым. Əй, ат қойғыш адамдар-ай десеңші! Бұл араға «дарындылар базары» демей-ақ, «қызметке таныстыру орны», «жұмыссыздар базары» деген аттардың бірін қоя салса болмас па еді! 2007 жыл МІНСІЗ АДАМ Осы бір шағын мекеменің бастығы Қабікей жайшылықта қол астындағыларға өте қатаң талап қойғыш қазымырлау адам еді. Алда-жалда қыметкерлердің біреуі ойда-жоқ оқыс-

та бірер кемшілік өткізіп қоятын болса, өліп кете жаздайды. Жəйі келсе оның жер-жебір, жекен суына жетеді. Жиын сайын əлгі байқұстың атын атап, түсін түстейді де отырады. Осыдан барып қоластындағы қызметкерлер одан қатты именеді, оның төбесі көрінді болды, өз үстелдерінде тойған қозыдай болып томпиып қана отыра қалысады. Өте-мөте ол кісінің алдында абайсызда бірер қателік жіберіп қоюдан ерекше сақтанып, бөлекше абай болады. Егер ол кісі алда-жалда сенің бірер ағаттығыңды байқап қалды ма болды, саған ошағанша жабысып алады. Басқалардың көзінше айғайға басады, жиын сайын басқа сөз құрып қалғандай сені майлы ішекше айналдырып, атыңды атайды да жатады. Алайда, қаншама абай болайын десең де, ол кісі біреуді қырына алмақ болса болғаны, оның бойынан бірнеше кемшілікті оп-оңай суырып алады да, қазір-ақ қолма-қол санап бере салады. Соның үшін қоластындағылар бұл кісіден ерекше именеді, бөлекше сескенеді. Бейне жаңа түскен келіндей болып, ол кісінің алдында сызылады да тұрады. Ал, ол кісінің көзі тайып кетті болды, «қазымыр Қабікей», «қатынбатша Қабікей» деп, жерден алып, жерге салғандай болып, мазақ қылып жатысады. Жақыннан бері осы мекемедегі қожалық қызметіне жауапты болған Тасқын атты жас жігіт, неден жазғаны белгісіз, бұл кісінің қырына көп ілінетін болып жүр. Өйткені мекемедегі партия ячейкасының жиналысында «мекеме бинасының ішкі тазалығын істейтін бір уақыттық жұмысшы алып істету» қарары қабылданып, бұл міндет мойнына жүктелген Тасқын ары жүгіріп, бері жүгіріп, əрең дегенде елудің етегінен ұстап үлгірген бір қартамыс əйелді тауып келген еді, ол бұл арада толық екі күн істемей жатып Қабікей бастық: – Қартайып, əрекеті шабандап қалған адам екен, – деген мін тапты да, əлгі бейшараны бұл арадан қуалады да жіберді. Сонымен Тасқын байқұс тағы да ары жүгіріп, бері жүгіріп, өлдім-талдым деген де жиырманың ішін енді ғана аралай берген бір жас келіншекті тауып келген еді, ол бейшара да бұл арада бір апта істемей жатып, Қабікей оның бойынан жəне де: – Өте жеңілтек, тым күлегеш екен,–дейтін бір мін тауып, оны да қайтарды да жіберді. Солайымен Тасқынның тағы да табанынан тозып, ары-бері сандалып, адам іздеу жұмысы басталды да кетті. Бірақ, осы рет қаншалық сабыла іздесе де Тасқынға «мен істеймін» деп суырылып шыққан адам кездесе қоймады. «Дарындылар базарына» барды, көше-көшелерге шағын құлақтандырулар шаптады, таныс-білістеріне тапсырды. Солай болса да Қабікейдің көңіліне ұнайды-ау дейтіндей лайықты адам табыла қоймады. Бірнеше адам хабарласып көрген еді, олар Тасқынның көңіліне тола қоймады. Ал, олар Тасқынның көңіліне толмаған екен, Қабікейдің қатаң сүзгісінен қалай өте қойсын! Осылайша күндер біртіндеп алға жылжып, Тасқынның жар құлағы жастыққа тимей адам іздегеніне де міне бір аптаға таяп барады. – Сізді Қажүйжаң (мекеме бастығы) келіп кетсін деп шақырып жатыр! – деген хабар құлағына тиісімен Тасқын істеп жатқан жұмысын тастай салып, ол кісінің кеңсесіне имене кіргенде, қалың қабағы тастай болып түйілген Қабікей, үстелінде сыздана сазарып отыр екен. Тасқын ол кісінің алдындағы сафаға құйрығын қояр-қоймастан-ақ: – Əлгі тазалықшыны таптың ба? – деп тергей жөнелді. – Жоқ лайықты адам табылмай жатыр,– деп Тасқын төменшіктей жауап берген еді, Қабікей бастық ай-шəй жоқ дүрсе қоя берді: – Қолдарыңнан ештеме де келмейтін неткен босбелбеу боқташақ едіңдер! – деп айғайлады бастық,– осы сендер күні кешке дейін не істейтін адамсыңдар? – Табылмай жатса қайтеміз? – деді көптен бері бұл кісіге неден жаманатты болдым деп ойлап жүрген Тасқын міңгірлей үн қатып. – Əй, осы сендердің өтірікті айтқанда ауыздарың-ауыздарыңа тимей кетеді-ау! – деп Тасқынға атып жіберердей алая қараған Қабікей кейи сөйледі, – Осы күні ақша алуға адам табылмады деген сөзге кім сенеді? – Е, сіздің беріп отырғаныңыз қанша ақша ғой дейсіз? – деді осы сəтте аяқ астынан батылдығы ұстай қалған Тасқын, –

қазіргі күні айналдырған 300 юань ақшаға кім жанын жалдай қойсын. Оның сыртында тауып келген адамды өзіңіз жаратпасаңыз, енді қайтеміз? – Бұл ара деген қандай орын? – деп айғайға басты Қабікей,– бұл арада албаты адам істетуге болмайды! Осыны білесің бе? – Білеміз,– деді осы кезде əлгіндегі арынынан айырыла берген Тасқын күліп жібере жаздап. – Білсең болды,– деді Қабікей сол арындай шапқан беті,– бұл ара деген үкіметтің ортан қолдай белді мекемесі! Сондықтан да бұл арада істейтіндер сөзсіз саяси жақта кіршіксіз, моралдық жақта ақаусыз, мінсіз адам болулары керек! Ұқтың ба? – Ұқтым. – Ұқсаң бар онда! Бүгіннен қалдырмай тазалықшыны тауып келетін бол! – Табылмаса ше? – Онда сен бүгіннен бастап қызметтен тоқтайсың! Бір айлық еңбек ақың да тартылады! – Болады онда, тағы да іздеп көрейін. – Іздегенде де ешқандай нұқсаны жоқ, мінсіз адам табатын бол! Бастықтың кеңсесінен салыны суға кетіп, сүйретіле шыққан Тасқын өз бөлмесіне келіп біраз отырды да, бір кезде не де болса тəуекел деп ширақ қимылмен орнынан тұрды. Осыдан көп өтпей ол үйіне барып, туғанына бір жыл бола қоймаған баласын бесігінен шешіп алды да, оны жөргегіне орап көтерген бойы бастықтың кеңсесіне кіріп: – Міне, басеке, сіз тапсырған ешқандай нұқсаны жоқ, мінсіз адамды тауып əкелдім, – деп жөргектегі баланы Қабікейдің үстелінің үстіне еппен қоя берді. 2007 жыл БЕТІМ-АЙ – Уəй, Жəмішсің бе? Қал қалай, кешегіден тəуірсің бе? – Тəуір, əйтеу, Мүнирамысың? – Иə, менмін. – Кеше əне біреу қатын емес пе? Ішейік, ішейік деп үзіт бола қалған. Бір көрімі сен ішпедің ғой деймін, ə, дегенмен қусың ғой. – Неге ішпейді екем? Мен де сендерден қалыса қойғамын жоқ. Дəл қазір басым айналып, біртүрлі болып отырмын. – Онда қызметке шыққан болдың ғой? – Иə, бас көрсетіп қояйын деп келген болдым. – Ауырып тұрған болсаң, несіне шығып жүрсің? – Шықпағанда қайтем? Бізге жақында жаңадан бір бастық келген. Қазір қырамын, жоямын деп, суырдың айғырынша шақылдап тұр. Бір күн қызметке шықпай қалсаң, бір күндік мағашыңды тартып тастайды. Өзіңші? – Мен бе? Мен қызметке шыққам жоқ. Əлгінде ғана бастығыма аяқ астынан бір жұмысым шығып қалды деп телефон соға салғамын. – Е, бəсе, біздей емес, əйтеуір, сенің қызмет орныңда қорғаушың мен қолдаушың бар ғой. Əй, өзің де пəлесің-ау! Ол бастығыңды қайтып қолыңа қондырып алды екенсің? – Ой, жаман қатын, сен өзі қайда тартып барасың? Ол бастығымыз қатындардың бетіне қарағанды қойып, өз басын түзу алып жүре алмайтын салбөксе бірдеме. – По, қалжыңдағанды да шын көре қалдың ба? Сенің ол бастығыңның қандай адам екендігін біз де білеміз ғой. Үйдегі қатынының сызған сызығынан шыға алмайтын иісалмас, ынжық біреу емес пе. Əй, сондайларға қор болған қайран мансап-ай десеңші?! – Соны айтпайсың ба, шын болса, жақында мекеме бойынша бəсеке дей ме, бірдеме жүргізіліп, ол мансабынан қалады екен дейтін сөз шығып жүр. – Қалса қала бермей ме, өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ, ондай арамтамақтардың не керегі бар?

– Рас айтасың. – Əй, қатын, естідің бе? Ана Пəрида мен Еркін ажырасқалы жатыр екен. – Қойшы ары, ажыраса қоятындай оларға солғұрдайын не болыпты? – Мəссаған! Сен əлі естіген жоқсың ба? Олар ажырасады екен деп мұқым елдің гуілдесіп жүргеніне бір аптадай болып қалды емес пе. – Құдай ақына, естігемін жоқ. Сонда олар неге ажырасады екен? – Нақтылы ақуалды мен де толық білмедім. Елдің өсегіне қарағанда, Еркін Пəриданы бастығымен бірге жатқан жерінен ұстап алыпты. – Бетім-ай! Ұстап алыпты дейді? – Иə, шын, əлде өтірік екенін мен де анық білмеймін. Əйтеуір, ұстап алыпты. – Міне қызық, содан соң қайтыпті? – Одан соң олар ажыраса қоямыз деп бірін-бірі сүйреп, сотқа барыпты. – Сұмдық-ай, деші! Одан кейінші? – Одан кейін сот екеуін жарастырып қоя беріпті. – Көтек, онысы несі? Ол неме біреудің қойнынан суырып алған қатынымен қайтып жараса қояды екен? – Соны айтпайсың ба, осы күнгі еркектерде ми жоқ. Ми болса ондай қатынмен қайтадан жараса қоя ма? – Рас айтасың. Шындығында ми жоқ екен. – Əй, Жəміш, сенесің бе? Ол қатынның бастығымен көңілдес екендігін мен баяғыдан білетінмін. – Кетші ары, солғұрдайын сен оларды ұстап алып па едің? – Ұстап алмасам да, «Жамандық жерде жатпайды» дейтін сөз бар емес пе. Мен де елден естігемін. – По, қайтер екен десе, соған да шамдана қалдың ба? Содан кейін қайтіпті? – Қайтушы еді, үйлеріне қол ұстаса қайтып кетіпті. – Пу, онда ана Еркін деген де нағыз иісалмас, ынжық неменің өзі екен. Қойнында жатқан қатынына ие болмаса, оны қайтып еркек деуге болады? – Соны демейсің бе? Расында, осы күнгі еркектерде ми жоқ. Оның үстіне «Бір əйелдің айласы қырық есекке жүк болады» дегендей, ана қайлақы да нендей сұмдық істегенін қайдан білеміз? – Ой, əйел бейшараны қойшы, қолдарынан басқа ештеме келмеген соң енді олар қайтушы еді? Жамандықтың барлығы да еркектерден шығады. Оның үстіне осы күнгі еркектер еркектік намыс дегендерден айырылып, барған сайын қатынға ұқсап келеді. – Е, айтасың ғой, ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды» деген. Осы күні еркек байқұстарға да не сын бар? Анау Еркін байқұс та қатынының ай сайын алып отырған мың неше юань мағашын қимаған болар? – Ой, өйткен ақшасы құрысын! Оданша аспаққа асылып өле қалғаны жақсы емес пе еді?! – Əй, оны өлтіргенде саған не түседі? Сен де байқа тегінде. Ана байың бір күні əлгіңнің қойнынан суырып алып жүрмесін, хы... хы... – Кімді айтасың? – Кім болушы еді? Кім тамырың болса соны айтамын. – Кетші ары, осы сен де түртіншек қозыдай болып, тыныш жүрмейді екенсің. Менде тамыр бар деп біреу сенің құлағыңа сыбырлай қойды ма? – Ешкім де сыбырлаған жоқ. Бірақ, «Ел құлағы – елу» деген сөз бар емес пе. Қазір оған мына телефон деген пəле қосылып, елдің құлағы елу емес, жүз болып барады. – Рас айтасың. Осы телефон деген де өсек үстіне өсек жамайтын бір пəле болды ғой. Əй, андағы сөзді біреу-міреуге айтып жүрме, тегінде. – Не болды? – Өсек болып кетіп, бекер пəле болады. Елдің бəрі осы күні өсекке сенетін болды ғой. – Ой, одан алаңсыз бол, мен оны кімге айта қояды дейсің? Сені өзімсініп қалжыңдағаным емес пе. – Сөйтсе де «бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген. Алдажалда бұндай сөздердің шетін күйеуімнің құлағы шалып қалар болса, ол мені өлтіре салудан тайынбайды.

– Ойбой, сен қатын да қорықпайтын нəрседен қорқады екенсің. Ешкімге де айтпаймын дедім ғой, алаңсыз бол. – Онда болды, əйтеуір, өзіңе сендім. – Əй, қатын, естіп тұрсың ба? Бір аптаның алдында ана Құндыздар баласына сырға той жасаған емес пе еді, сол тойға жиналған тойлық ақшаның жарымынан артығы жалған ақша болып шығыпты. – Ой, Алла! Шын айтасың ба, ей? – Шын емегенде. Саған біреу өтірікті ойдан қиыстырып айтып тұр ғой деп пе едің? – Бетім-ай! Не деген ұялмағыр еді?! Тойға жалған ақша апарып жүрген кім екен деші?! – Соны айтпайсың ба, осы күнгі адамдардан не секілді сұмдықтар шығатын болды ғой. Ол ақшаларда сенің де бір кісілік үлесің бар шығар? – Қойшы ары, мені солғұрдайын... Уəй, уəй, уəй, мынаған не бола қалды? Қап, əттеген-ай! Мына құрғырдың дəл осы арада төгінің таусыла қалғанын қарашы?! 2008 жыл ОЛ БІЗДІҢ АДАМ ЕМЕС – Ассалаумағаликом, аға! – Əликісалам. – Қандай, денсаулығыңыз жақсы, қызметіңіз табысты, үй-іш, бала-шағаларыңыз тегіс аман ба? – Аман, аман, өзіңіз кім боласыз? – Дауысымнан танымадыңыз ба? Мен Нұрлан ініңізбін ғой. – Е, Нұрлан інішек екенсің ғой, қандай, өзің де аман-есен жүріп жатырсың ба? Бірталайдан бері төбеңді көрсетпей кеттің ғой? – Бір аптаның алдында Үрімжіге іссапарға барған едім. Содан кеше кеште ғана қайта оралдым. – Е, бəсе, қалай, жайшылық па? – Жайшылық, жайшылық. Таңертең өзіңізге кіріп, сəлем беріп шығайын деген едім,оған бастықтарымыз таң атпай жиын аша қалды. Содан жаңа ғана шығып тұрмыз. Сонымен сізге телефонда болса да сəлем беріп қояйын дегенім ғой. – Рақмет, ол таң атпай ашылып жүрген не қылған жиын екен? – Менің сізге құлаққағыс қылып қояйын дегенім де осы жиынның жайы еді. Жаныңызда бөтен бастақ ешкім жоқ па? – Жоқ, жоқ, айтарың болса алаңдамай айта бер. – Əлгінде біздің бастықсымақтар халық райын байқаймыз деп, қолымызға бір-бір грапа берді де, əлгі Оңдасын деген неме жөнінде пікір алғандай болды. Бұдан сіздің хабарыңыз бар шығар? – Иə, хабарым бар, алдыңғы рет партком жиынында солай деп қарар алғамыз. – Сонда оған мансап беріп, өсірмексіздер ме? – Солай десе де болады. Алайда, бұл ең соңғы қортынды емес. Алдымен мекеме көлеміндегі көпшіліктен пікір алып, жұрт райын байқап көрмекпіз. Немене, інішек, сенің бұған пікірің бар сияқты ғой? – Пікір болғанда... – Ой, бүгін саған не болған? Қарадан қарап тіліңді шайнай қалыпсың ғой. Нендей ойың болса да тартынбастан айта бер. Болмаса жаныңда біреу тұр ма? – Жоқ, ешкім жоқ. – Онда неге күмілжіп тұрсың? Айтарыңды жігіт адамша ашық айтпайсың ба? – Сіз айт десеңіз, онда мен де тартынбастан айта берейін, менің ойымша, ана Оңдасын деген немені өсіруге əсте болмайды. – Неге? – Өйткені, ол əдетте өзін білімді де қабылетті санап, кеудесін көтеріп жүретін өр кеуде жігіт. Егер ол басшы болып өсе қалатын болса, онда ең алдымен сіздің тіліңізді алмайды. Тіпті сізбен жағаласудан да, жағаңыздан алудан да тайынбайды.

– Ой, ол расында сондай қиын адам ба? – Солай, шындығында өте қиын адам. Сіз білмейсіз ғой, оның бір бармағы қашанда ішіне қарай бүгулі жүреді. Былайша оны жалпақ тілмен арамза десе де болады. – Е, былай де. Сендер құсап үнемі бірге араласып жүрмегеннен кейін онысын қайдан білейін. Əйтеуір, сыртынан қарағанда, біртоға түзу жігіт секілді болып көрінеді. – Міне, оның асқан арамзалығы деген осындайдан белгі береді. Қашан болса да ішімдегіні тап деп тымырайып жүреді де, орайы келе қалғанда, сол ішіндегі барлық пəлесін лақ еткізіп төге салады. Егер бұндай адам мансап алып өсетін болса, ол түптің түбінде сізге ор қазбай қоймайды. Əуелдесең, күндердің бірінде өзіңіздің орныңызды да тартып алуы мүмкін. – Ойбой, сен тіпті қара қазанды басыма бір-ақ төңкеріп, төндіріп жібердің ғой. Ол шындығында сондай қиын адам ба? – Қиын болғанда қандай? Мен сізге өтірік айтады ғой деп пе едіңіз?Алда-жалда ол мансап алып өсе қалатын болса, оның қиындығын сонда көрер едіңіз. Соның үшін «пəледен машайық қашыпты» дегендей, ондай пəлені осы күннен бастап маңайыңызға жолатпағаныңыз жақсы. – Е, былай де. Баяғы «жау жоқ деме жарастында» демексің ғой. – Дəл солай, менің ойымның тақ төбесінен түстіңіз. Оның үстіне ол неме əдетте екі адамның бастары қосыла қалған орталарда сіздің ғайбатыңызды айтып, сыртыңыздан жамандайды да жүреді. – Сонда ол мені сыртымнан не деп жамандайды? – Не деп жамандайды деріңіз бар ма? Сізді мекемені жақсы басқара алмады. Реформа қадамына ілесіп, жаңалық жарата алмады дегенде, аузы-аузына тимей кетеді. – Міне қызық, бұндай пəлесі тағы бар ма еді? – Иə, иə, бар, «арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» деген секілді оның қойны қонышынан пəле-қала деген қойша өріп жүреді деп жаңа ғана айтпадым ба?! Ол əлден бөйтіп жүрсе, мансапқа бір ілініп алды болды, сізге бой бермей кетеді. – Сөйте қояр ма? – Сөйтеді, сөзсіз сөйтеді. Бұны мен сізге ініңіз ретінде өте бір жанашырлықпен айтып тұрмын. Əйтпесе, басқа біреу болса, ол өсе ме, қоя ма, онда нем бар еді? – Сенің маған бұл сөздерді жақсы көңілмен айтып тұрғаныңды мен де біліп отырмын. Қанша айтқанмен, бірге туыспасақ та қанжаласқан қандас ағайын емеспіз бе? Əйтпесе басқа біреу болатын болса, бұндай сөздерді маған батылы барып, төтесінен ашық айта алар ма еді?! – Иə, иə, менікі де сол баяғы сіздің қамыңызды ойлаған жанашырлықтан өзге не дейсіз?! Оның үстіне ол артына қарамай, əдетте өте жершіл, рушыл неме. Біттей бірдеме бола қалса болғаны, жерге, руға бөлініп шыға келеді. Өздері ғана ауашаланып, сыбырласып жатады. Егерде ол дұрыс ниеттегі адам болса бөйтер ме еді!? – Ой, құрып қалғыр, оның басқа жердің адамы, бөтен рудың мүшесі екендігін мен бастабында қалай ойламай қалды екем деші?! – Міне сол емес пе, əдетте сіздер халық ісі деп жар құлақтарыңыз жастыққа тимей, өте қарбалас жүресіздер де, бұндай нəзік буындарды көпес көре қоймайсыздар. – Солай, солай. – Қысқасын айтқанда, ол біздің адам емес! – Е, біздің адам емес де. Бұл сөзің жақсырақ ойланып көруге татиды екен. – Айтпақшы, ағасы, кеште үйде боласыз ба? – Е, оны қайтейін деген едің? – Осы жолы Үрімжіден сізге арнап бір сəлемдеме ала келген едім. Соны бере салайын дегенім ғой. – Ой, оған несін əуре болып жүрсің? Ана жеңгеңмен хабарласып көрші?! Дегенмен, біреу-міреудің көзі шалып қалып жүрмесін. Қазір мынау «шіріктесуге қарсы тұру» деген де кім кезігер екен деп жұлқынып тұр емес пе. – Ол жағынан алаңсыз болыңыз.

– Ойбой, міне белбеуімдегі қолфоным да шыр-шыр етіп, безектеп жатыр. Əлгі Ли шужи (Ли хатшы) іздеп қалды ма екен, кім біледі?... дыт... дыт... 2008 жыл СОҒЫМБАСЫ ДАСТАРҚАНЫНДА Қаңтар айының ту деген түкірік жерге түспейтін сар шұнақ аязы сақылдап тұрған бір күні, кешке жақын Əнуар атты қызметтесіміз соғымбасына шақыра қалды. Əйеліміз екеуміз барды киіп, бақанды қолға алып деген сияқты сыланып, сипанып жүріп Əнуардікіне жеткенде, бізден өзге дəмге шақырылғандар да жинала бастаған екен. Көп өтпей қонақ үйлеріндегі ұзын үстелге арнайы жасалған дастарқанға жабылып қойылған газеттер алынып, үй иелерінің ыстық ықыласқа толы күтімдері басталды да кетті. Соғымбасы дастарқанына бізден басқа да 5 отбасы шақырылған екен. Бұның үшеуі Əнуар екеумізбен бірге істейтін қызметтесімізде, қалған екеуі осы жердегі əр орыннан зейнетке шыққан қарт адамдар екен. Иə, қалалы жерде жылына бір-ақ рет болатын осындай бас қосуларда, үй иелерінің қолда бар бəр мəзіреттерін аямастан дастарқанға салатындары болады ғой. Осы қатарда Əнуар отбасының да бүгінгі дайындықтары ерекше екен. Əдетте əйелдер қауымы анасы бар, мынасы жоқ екен деп түгендеп отыратын, бірінің үстіне бірі шығып, иін тіресіп тұрған дастарқанға ең алдымен 7-8 түрлі суық сəй (көкөніс қуырмашы) қойылды. Одан соң ыстық сəйдің де неше алуан түрлері келді. Осы сəйлермен қатар қымбат бағалы ақ арақ пен қызыл арақ жəне сыра бөтелкелерінің де ауыздары ашылды. Көпшілік жиналған ортада біреу ананы айтып, енді біреу мынаны айтып дегендей əңгіме дегеннің өз-өзінен қызып кететіні бар ғой, сөз тізгіні көбінде төрде отырған екі зейнеткерге тиді. Ол екі кісі бірін-бірі іліп-қағып, езуімізді жидырмады. Бір кезде қай сайтан түрткенін кім білсін, шақырған қонақтардың ішіндегі ұрт тілді, бірдемені ойласа болды, оны қойып қалып қарап отыратын қызметтесіміз Аман, бəлкім, үлкендердің əңгімелерінен жалыққан болса керек, үй иесі Əнуарға қарап: – Əй, Əнеш, Анаргүл екеулерің бүгінгі дастарқандарыңды тəуір-ақ жасаған екенсіңдер, бұған қанша ақша жұмсадыңдар? – деп қойып қалмасы бар ма. Оның түйеден түскендей қылып топ ортасына топ еткізіп тастай салған бұл сөзіне шамырқана қалған Əнуар: – Е, оны сұрап қайтейін деген едің? Қайсы қазақ біреудікінде қонақ болып отырып, өзіне жайылған дастарқанның құнын сұраушы еді? Одан да «алдыңа ас қойдық, екі қолыңды бос қойдық» дегендей алдыңа қойылған астан ала берсең болды емес пе?! – деді үніне аздап зілді сыз танытып. – По, қайтер екен десе, шамдана қалдың ба? – деді дастарқан ашылғаннан бері кеңірдегінен 5-6 рөмке арақты ары асырып үлгірген Аман,– менікі сен не айтар екен деп қалжыңдағандық қой. – Қалжың болса, онда алдыңа қойылған астан тартынбастан ала бер! Əйтеуір, кетерде сенен ақша сұрамаймын. – Əй, осы күнгі жастар-ай,– деп сөзге араласты бағанадан бері əңгіменің көрігін гулете басып отырған екі зейнеткердің бірі Сабырбай ақсақал, енді-енді мəпелеп өсіре бастаған буырыл сақалын сипай беріп,– тым болмағанда, сөзді де жөндеп сөйлей алмайсыңдар. Айтып айтпады, біреудікіне соғым басына келіп отырып, оның дастарқанының құнын сұрағанды қай атаңнан көріп едің? – Ой, ақсақал, жаңа айттым ғой, менікі жай əншейін қалжың болатын. – Е, «Қорқыт дегенде өстіп қорқытушы ме едің» дегендей өстіп те қалжыңдаған бар ма? «Ойыннан от шығады» дегенді білмеуші ме едің? – Иə, солайы солай ғой,–деп осы жерде қоя салмай от үстіне май құйғандай болды Аман,– дегенмен, тереңірек үңілер болсаңыз, менің бұл қалжыңымның астарында да үлкен мəн жатыр.

– Міне қызық, ол қалжыңыңда нендей мəн бар екен? – деді Аманның сөзіне қатты қызыққандай қалып танытқан Сакең дастарқан басынан шегіне беріп. – Менің айтайын дегенім,–деді аз мүдіріп қалған Аман тəуекел қайығына қарғып мінгендей бейнемен,– қазіргі мына қиянкескі базар шаруашылығы заманында, қазақтың осы көлкөсір дастарқаны заман сұрқына сай келе ме, жоқ па дегенге барып саяды. – Заман сұрқына сай келе ме деген не сөз екен? Енді келіп қазағымның бөлінбеген еншісі болған дастарқанына да жағаласайын дедіңдер ме? – деді Əнуар мен Аман арасындағы дауды ешкім ұрмай-соқпай-ақ сатып алғандай болған Сакең. – Мəселенің ең негізгі түйіні міне осы жерде,– деді өзін жайшылықтағысынша қатарластарымен дауласып отырмын деп сезінген Аман алды-артын байқамай,– бізді үнемі басқалардың артында қалдырып, көктетпей келе жатқан да қазағымның осы көлкөсір дастарқаны. – Мəссаған! Сен өзі қалай сөйлейтін жігітсің? – деп қайтадан дастарқанға қарай ұмсына берді Сакең,– «бір шəугім шай – қазақтың бөлінбеген еншісі» дегендей қыс кезінде осындай соғымбасына шақырып, көрші-қолаңдар жылына бір рет бас қосып тұру деген қазағымның атамұра дəстүрі емес пе. – Сіздің айтып отырғаныңыз уақыты баяғыда өтіп кеткен дəстүрлі көне көзқарас,– деп бас шайқады Аман,– ал, ол бүгінгі мына қиян-кескі бəсекеге толы базар шаруашылығы жағдайына сай келмейді. – Ой, тəубе! Біреудің жайған дастарқанында отырып, оның құнын сұрайтын сенің жаңаша көзқарасыңның түрі осы ма? – деді қызыл шырайлы өңі күреңіте қалған Сабырбай,– онда біздің өзгелерге ұқсамайтын тамаша ұлттық дəстүрлеріміз қайда қалады? – Ондай заманға үйлеспейтін, керісінше, дəуірге ілесуімізге кедергі болатын көне дəстүрлердің көзін құрту керек! – Ондай болатын болса, сол көне дəстүрлеріміздің бірін жалғастырып, соғымбасын беріп отырған бұл дастарқанда неғып отырсың?! – деді Аманға қарай сұқ саусағын безеп, дауыстап қалған Сабырбай,– шық үйден! – Үй, ағай сіз... – Егер сен кетпесең, бұл үйден мен кетемін,– деп орнынан қарғып тұрды Сакең,– жүр-ей, кемпір, мына бойында бір тамшы да ұлттық қаны жоқ немемен бірге отыра алмайды екенмін! Осыдан кейін-ақ үй иесі бар барлығымыз орнымыздан өре түрегеліп, Сабырбай ағайды сабырға шақырып, жанжақтан басу айта бастадық. Аманның келіншегі Күлшира да күйеуіне жатып келіп ұрсып, оны жатын үйлердің біріне кіргізіп əкетті. Осылайша соғымбасы дастарқанында аяқ астынан көтерілген құйын ұйтқып барып, зорға басылғандай болды. Дегенмен, бұл құйын дастарқанның берекесін қашырып, оған суық су құйып кеткендей болды. Осындай тосын уақиғалар басқа жерлерде де болды ма, кім біледі? Əйтеуір, бұл күндері қаладағы қазақтар арасында соғымбасын беру бұрынғыдай емес, барған сайын азайып келеді. 2008 жыл ҮЙ ҰСТАЙДЫ Толқын асығыс бір шаруасын бітіріп, кеңсеге қайта оралғанда, əлгінде ғана жап-жайдары отырған қызметтесі Шалғын көңілі алабұрттанып, өзінен-өзі күйіп-пісіп отыр екен. – Ой, Шəке, не болды? – деп сұрау тастады, қараторы өңіне күлкі табын орната қойған Толқын, қызметтесінің күреңіте қалған ақсұр жүзіне жайымен қарап қойып,– əлгінде ғана ашық күндей нұрланып отыр едің. Енді əбсеттің арасында жауатын күндей түнере қалыпсың ғой. Немене, көрші бөлмедегі келіншектердің бірі келіп түртіп кетті ме? – Қайдағы келіншек болсын,– деді Шалғын əдеті бойынша жалпақтау келген алақанымен бет-аузын сипай беріп, –

жаңа сен шығып кеткен соң алыс ауылда тұратын інімнен телефон келген еді. Соған ыза болып отырмын. – Қайсы інің? Əлгі былтыр той жасаған інің бе? – Иə, сол. – Сонда ол сен ыза болатындай не дейді? – Не деуші еді? Баяғы ақша сұрайды. – Ақша сұрағаны несі? Оны қайтеді екен? – Қайын апасы ауырып, ауруханаға жатып қалған ұқсайды. – Е, онда ініңнің жағдайы тым шіркін-ай болмады ғой,– деді Толқын жақын адамдар арасындағы істерді қазбалай сұрап жатуды ерсі көрсе де, ептеп қана сыр тартып. – Қайтып шіркін-ай бола қойсын, – деді аздап сабасына түскендей болса да, ашуы əлі де толық қайта қоймаған Шалғын түсінік жасап, – жыл он екі ай үйінде босқа қарап жатқан адамның жағдайы қайтып шіркін-ай бола қояды? – Немене, інің егін салмаушы ма еді? – Салмайды. Биылғы жылы өзіне тисті егістік жерін қытай қожайындарға майлап беріпті. – Майлап беріпті дейді? Онда өз жандарын қайтып бағады? – Соны айтпайсың ба? Көптен бері сыртқа шығып жұмыс істеп ақша табыңдар десем, тілімді алмайды. Ал, қыстақтарында істей қоятын жұмыс жоқ. Сонымен қит етсе болды, бізге қарай қызыл шақа балапанша ауыздарын ашып, дəметеді де отырады. Бізде кешке дейін оған ұстата беретін қайдағы ақша дейсің? Оның үстіне анау үйдегі құрбың да сендердің туыстарыңды біз баға береміз бе деп құлақ етімді жейді. – Онда расында қиын екен. Келін балаң да үйде болды ғой? – Иə, үйде, азамат басымен інім жұмыс таба алмай отырғанда, оған дайын тұрған қайдағы жұмыс дейсің? – деді осы арада қинала күрсініп қалған Шалғын, – сонымен екеуің де тепсе темір үзетін жассыңдар, бүйтіп кешке дейін үйге қамалып бос отырғанша, сыртқа шығып жұмыс бірдеме істесеңдерші деп қаншалық үзіт бола үгіттеп көрсем де, тілімді алдыра алмай-ақ қойдым. – Сонда олар не айтады? – Бар айтатыны келін балаң үй ұстайды дейді. – Үй ұстайды дейді? – Иə, үй ұстайды екен,– деді сап бола бастаған ашу дүлділі қайтадан арындай бастаған Шалғын, – əкау, ол балаға үй ұстап не керек? Сендердің үйлеріңді біреу тонап кете ме? Үйлеріңде солғұрдайын қаншалық нəрсе бар еді? Тонаса тонай берсін. Қайта сыртқа шығып жұмыс істейтін болсаңдар, одан да көп ақша тауып аласыңдар. Көздерің де ашылады десем, бұл ақылым құлақтарына кірмейді. – Рас, айтқаныңның жөні бар екен, – дедім мен қызметтесімнің көңілі үшін болса да,– шындығында, осындай жас кездерінде жұмыс істеп, ақша құрап алатын болса, үй деген қайдан болса да табылмай ма?! – Соны демейсің бе, бір үйлі жанның сонау итарқасы Сцуаннан Шинжаңға келіп, түрлі жұмыстармен айналысып, ақша тауып жүргендіктерін көріп те жүрміз ғой. Ал, біздің қазақ қашан болсын үй, үй деп үйлерінен қарыс жер аттап шыққылары келмейді. – Солай, дегенмен адам баласы үшін басына бас қалқа болатын үй де керек. – Қолдарында ақша болмаса, сол үйлерінде отырып-ақ аштан өлмей ме? – деді əлдебір ашумен орнынан атып тұрған Шалғын қолындағы кітабін үстел үстіне тарс еткізіп тастай беріп, – баяғы идеяның азат болмауы деген осы емес пе?! Шалғынның бұл сөзінен соң мен де əлденені ойлағандай болып, толғана отырып қалдым. 2008 жыл

ҚҰРАУЫЗ КЕТЕТІН БОЛДЫ-АУ – Əй, Қайрат қарағым, –деді жайлаудың тізеден келетін соны шалғынына тігілген киіз үйдің төріне салынған сырмақта жамбастай жатып, босаға жақта ер-тұрманын жөндестіріп жатқан баласы Қайратқа көз тоқтата қарап қойған Машан ақсақал,– немене, бір жаққа барайын деп жатырсың ба? – Иə, ана көрші ауылға бір мал алатын саудагерлер келген екен. Соларға барып қайтайын деп жатырмын. – Е, жөн, кеше кеште анау əтірет бастығы Тоқтағанның айтып кеткен сөзін естідің ғой, егер олар келіп жататын болса, ол қонақтарыңды қалай күтетіндеріңді анау келін балаға құлаққағыс еттің бе? – Иə, айттым, ол кісілер келіп жататын болса, онда шайы мен қымызын құйып береді ғой. – Оған дейін өзің де қайта оралып қаларсың,– деді осы арада есіне кенет бір нəрсе түсе қалған Машан қария басын көтере беріп,– немене, қонаққа мал соймайсыңдар ма? – Жоқ, мал соймаймыз. – Неге? Ол келетін қонағыңды анау автономнан келетін дөкей бастықтардың бірі деп жатқан сияқты еді ғой. – Дөкей бастық болса қайтейін, одан бізге түсетін бір тиын пайда бар ма? – деді орта бойлы, тығыршықтай денелі, екі бетінен қаны тамып тұрған Қайрат орнынан тұрып, үстібасын қағып жатып,– баяғы жайлауға шығып, қымыз ішіп, ерігіп жүрген біреу шығар? – Сонда да кеше анау əтіретіңнің қонақтың көңілін қалдырмай, əйбеттеп күтіп, риза етіп жолға салыңдар деп жатқаны қайда? – Ой, ол айта береді, мықты болса өз үйіне неге ертіп бармайды? – деді төр алдында өзіне жас балаша жаутаң қаға қарап отырған əкесіне көз салып қойып, жəне де жерге еңкейе берген Қайрат, – оның үстіне биылғы жылы мал бағасының да шырқап өсетін түрі бар. Қазірдің өзінде жуан қойларыңның өзі 1000 юаннан асып барады екен. – Е, солай де, – деді дəл осы сəтте ұлының ниетін аңғара қойған Машан ақсақал қайтерін білмегендей жанжағын сипаланып, – сонда да мынау жайылған жайлау үстінде үйге келген қонақты құр ауыз қайтару деген қиын ғой. – Қалайша құрауыз болады екен? – деді басын көтеріп, əкесіне таң қалғандай қарап қойған Қайрат, енді жанында жатқан қайыс арқанға қол соза беріп,– алдыларына тау мая қылып бауырсақ пен құрт, сары май мен ірімшіктерін қоямыз. Шайы мен қымызын да қанғандарынша құйып береміз. Ал, қалаға бара қалсаңыз, олар бұның барлығын да қып-қызыл ақшаға сатып береді. – Сонда да жайлау үстінде мал соймағанымыз ұят бола ма дегенім ғой. – Түк те ұяттығы жоқ,– деп кесіп-піше байлау түйгендей болды, қолына алған арқанның шумағын жаза берген Қайрат,– былтыр осында ойбай, анадай, ойбай мынадай деп тағы да ауданнан келген бір бастықты ертіп келгенде, оған бір малымызды сойып беріп, өзімізше жатып жастық, иіліп төсек болғанымыз есіңізде ме? Күзде бір жұмыспен аудан қалашығына барғанымда, əлгі бастықпен көшеде кездесіп қалып, сəлем берсем, сəлемімді жөндеп алмайды. Тіпті мені танымай қалған ұқсайды. Сонда ит жынымның түскені-ай! – Е, біздей емес, ондай үлкен бастықтардың күнде көретін адамдары көп болады. Қайсы бірі естерінде қалады дейсің? – Естерінде қалмаса, онда оларға мал сойып, жарбақтаудың ешқандай қажеті жоқ! – деді ер тоқымын жерден лып еткізіп көтеріп алған Қайрат есіктен шығып бара жатып, – біздің малымыз да далада иесіз жайылып жатқан Қарымбайдың малы емес. Ер-тұрманын көтерген беті есіктен шығып кеткен ұлының артынан недəуірге дейін тесіле қарап қалған Машан ақсақалдың санасын, е, қолдан билік кеткен деген осы екен-ау дейтін бір сұмдық ой қас қаққанша соғып өте шықты да:

– Қонақтар құрауыз кететін болды-ау! – деп гүбірлеп, жер таяна орнынан тұра берді. 2008 жыл ЖАРАТҚАННЫҢ ЫРЫЗДЫҒЫ Мамырбай ақсақалдың отбасы күндегі əдеттерінше таңертең орындарынан ерте тұрып, бір күндік тірліктерін бастар алдында үлкен үйлеріне салынған ағаш сəкінің төріне жайылған дастарқанды қоралай, ертеңгі шайға отырған болатын. Шəй недəуірге дейін үнсіз ішілді. Үйдің ішінен бір мезет шыныдағы шəйді сораптаған, ұрттаған дыбыстар ғана естіліп тұрды. Бұл тыныштықты ең алдымен Мамырбай ақсақалдың 8-9-дарға келіп қалған немересі бұзды. Ол екі шыны шайды асыға ішті де, дастарқаннан бір жапырақ нанды алған беті оқуына жөнелді. Осыдан кейін-ақ əлгіден бері жым-жырт болып тұрған дастарқан басында қимыл көбейе бастады. Ұлы Сейтқанның да дастарқан басынан қозғалу ыңғайын байқаған Мамырбай ақсақал: – Тұра тұршы, қарағым, – деп жинала бастаған ұлына қарап сөз бастады, – Биыл жерлеріңді қайтетін болдыңдар? – Қайткені несі? – деп қайыра сұрады əкесінің сөзін жақсы ұқпай қалғандай қалып танытқан, сарғыш ұяң шашты, ұзын бойлылау келген Сейтқан орнына қайтадан басылып отыра беріп. – Егістік жерлеріңе биыл бірдеме саласыңдар ма, жоқ əлде, былтырғы құсап елге майлап бересіңдер ме деп отырмын,– деді өзінің тізесін баса отырған қудай арық кемпіріне қарап қойған Мамырбай шал. – Былтырғы секілді майға берейін деп жүрмін, – деп жауап берді Сейтқан, е, осы ма еді дегендей əкесіне қарап қойып, – бізден басқалар да сөйтетін сияқты. – Е,– деп орнынан ыңырана қозғалып қойды, бет-аузына айқұш-ұйқыш əжім іздері қалағанынша өрнек салған Мамырбай ақсақал, – биыл тағы да салмаймын де. – Иə, солай, осы күні егін салып əуре болған мен де бекер еңбек төленбейді, одан шамайлап қана тыныш болған жақсы. – Сонда өзің ала жаздай не істемексің? – Мен бе? Оны уағында көреміз ғой. – Əй, қарағым, – деп сөзге араласты осы сəтте қоңырқай өңді, басына салып отырған жаулығының шетінен əппақ шаштары көрініп тұрған Сейтқанның шешесі Бəдижамал,– елге майлап берсең де, 2-3 му (қытайша көлем өлшемі) жерге бидай салып қойсаң қайтеді? – Ой, апа, оны қайтейін деген едіңіз? – деді шешесінің бұл сөзіне қатты таңқалғандай қалып танытқан Сейтқан. – Қайтушы едім,– деді көзінің қырымен шалына қарап қойған шешесі, – Оны өзімізге бір жылдық азық етпейміз бе. Анда-санда болса да күнделік ішіп-жемнен тарығып қалған деген қиын екен. – Кемпір дұрыс айтады,– деп кемпірінің сөзін іліп ала жөнелді Мамырбай ақсақал,– болмағанда күнделік ішіп-жемге лайықтап бірдеме салып алыңдар. – Ойбой, осы сіздер де қызық екенсіздер,– деп кейіді Сейтқан,– қазіргі күнде қанша жер салғаныңмен де ол гұң (қытайша еңбек) көтермейді деп сіздерге үнемі айтып келе жатырмын ғой. Осы күні жерді түртіп қалдың болды, бəріне ақша керек болады. Жер жырту ақысы, хуапи (химиялық тыңайтқыш) ақысы, суақысы, тасуақысы дегендер анталап алдыңнан шыға келгенде, алған өніміңнен неше есе асып кетеді. Соның үшін жерді салғаннан да салмаған жақсы. – Онда күнделік ішіп-жемді қайтеміз? – Базардан сатып аламыз. – Жер жыртып егін салу деген диқандардың маңдайларына жазылған шаруа еді ғой,– деді үнінен ыза лебі есе қалған Мамырбай шал, – оның үстіне сен үкіметтен ай сайын айлық алып отырған кəдір ме едің? – Кəдір болмасақ та, ептеп бірдеме қылармыз. – Əй, балам-ай, осы сен менің жер деген тіршіліктің тірегі, жаратқанның жан пендесіне берген ырыздығы дейтін

сөзімді бір ұқпай-ақ қойдың ғой,– деді ұлының алдында шарасыз қалғандай кейіп танытқан Мамырбай шал, – үкімет берген азғантай жерлеріңнен айырылатын болсаңдар, онда жандарыңды қайтып бағасыңдар? – Ойбай, əке, көне жарапазаныңызды тағы да бастайын дедіңіз бе? – деді əкесінің бұл кейісін тыжырына тыңдағандай болған Сейтқан орнынан тұра беріп,– одан да алдарыңызға нендей ас қойылса, соны ішіп-жеп, тып-тыныш қана отырмайсыздар ма?! 2008 жыл МАНСАБЫН ТАСТАҒАН АДАМ – Жеңісқан мансабы мен қызметін тастап, жеке кəсіппен шұғылданып кетіпті, – деген жаңа да тың хабар қаңтар айындағы аяз құрсап, үскірік буып тұрған, маусымдық емтихан алу жұмысымен қарбалас болып жатқан аудандық 1-орта мектептің түкпір-түкпірін тінте келіп, əдебиет сабағын оқыту группасының кеңсесіне келіп тұмсық тіреді. Бұл бөлмеде асыға емтихан дұрыстап жатқан мұғалімдердің кейбіреуі бұл хабарды естігеннен кейін: – Шын ба? – деп таңдайларын қаға тамсана тіл қатса, енді біреулері: – Қойшы-ей, өтірік шығар? – деп сенбегендей күдікті позиция ұстады. – Шын айтам, – деді бұл хабарды осы бөлімге алып келген, көк көз, сары шашты, сорайған ұзын бойлы Жанат мұғалім, қара қоңыр түсті тері палтосын киім ілгішке іліп жатып. Бүгін түсте Жиделі ауылдығында шипагер болып істейтін жездеміз үйге келген еді, бұл хабарды соның аузынан естідім. – Ой, алла! – деді Сəулегүл атты мұғалима ішегін тарта үн қатып, – қызметі мен мансабын тастап, жеке кəсіппен шұғылданып кететін оны жын қағып кетіп пе? Сəулегүлдің осы сөзінен кейін-ақ бөлмеде отырған мұғалімдер жан-жақтан жамырай əңгімеге араласып, бұл мəселе жайындағы өз көзқарастарын жабал білдіре бастады. ПОВЕСТЕР

– Ой, ол атышулы «қырсық Жеңісқан», «қисық Жеңісқан», емес пе? Тағы да сол қырсығы ұстап қалған шығар? – Əй, кім біледі? Бұған ешқашан да сенбеймін. Қанша қырсық болса да, ай сайын алып отырған айлығы мен əрең тиген мансабын тастап кететін оның мыйы ауысып қалмаған болар? – Бұған сенбейтін ештеме де жоқ. Баяғы Жеңісқан екені шын болса, қызмет пен мəнсабыңа пысқырып та қарамайды. – Мансабын қойшы, қызметін тастап кетер болса, бұдан кейін ол қайтып жан бағады? – Сауда істейтін шығар? Ақша мол түсетін бір кəсіп тауып қойды ма қайдан білесің? – Рас, рас, «жындының бір аяғы – сегіз, бір аяғы – тоғыз», деген. Ол қырсық, ақша түсетін бірдеменің шетін көріп те қойған шығар. Ертең-ақ лап етіп байып, өкімет беретін айлықтан əлде қайда артық ақша тауып жүрмесіне кім кепіл? – Иə деші, бұның жөні бар екен. Ертең-ақ қазақтан шыққан миллионер болып жүрмесін! – Əй, кім біледі? Далада жатқан қайдағы ақша дейсіңдер? Ондай оңай теріп алатын ақша болса, бəріміз бұл арада не қып отырмыз. – Соны айтам, бұл заманда ақша табу да оңай емес қой! – Ой, осы хабардың өзі өсек болып жүрмесін, əй, Жанат, сенің əлгі жездең Жеңісқанмен қалжыңдаспайтын шығар? – Сендер де адам баласына сенбейді екенсіңдер! – деді «өсек», деген сөзге шамдана қалған Жанат,– мені ауылдың отбасындағы əйел деп пе едіңдер, ол екеуі ешқашан қалжыңдаспайды. Жездеміздің өзі де оның бұл қылығына таң қалып, айран-асыр болып отыр. Тіпті бүкіл ауылдықта бұның байыбына бара алмай жатыр дейді. Жеңісқанға жаны ашитын кейбір таныс-білістері «болмағанда штатыңды сақтап қойсаңшы», деп ақыл айтқан екен, Жеңісқан оларға керегі жоқ деп, жалғыз ауыз тіл қатыпты. – Онда үкіметтен біржолата қол үзген болды ғой, сонда ол не істемекші екен, ə? – Соны айтпайсың ба? Штатын да керек қылмаса, онда ол диқан болып егін сала ма? Жоқ əлде, малшы болып мал баға ма? – Расында, ғажайып екен! Ой, Сəке, бағанадан ештеме айтпай, «аузын буған өгіздей, болып отырсыз ғой, бір кездегі ақын, шəкіртіңіздің мына қылығына бір көзқарас айтсаңызшы? Осы сөзден кейін ғана бағанадан бері əңгіме көрігін гулете басып отырған мұғалімдердің барлығы бұрыш жақтағы үстелде емтихан қағазына тесіліп, өз алдына толғанып отырған, қытай қазақтары арасында дардай ақын, деген атағы бар Сəрсен мұғалімге бұл кісі не айтар екен дегендей жапырыла қарай қалысты. – Бағанадан бері дүрілдеген əңгімелеріңнің барлығын естіп отырмын, – деді елудің жуан ішін аралап кеткен ақбұйра шашты, аласа бойлы, Сəрсен мұғалім қызыл сиялы қаламын қолына ойнатып отырып,– Жеңісқанның қызметі мен мансабын тастап кеткеніне несіне таң қалып отырсыңдар? Жаңа өздерің айтып жатқан қырсық мінезіне қарағанда, ол Жиделі ауылына барып, ауыл бастығы болғанда да, ол арадағы басқа басшылармен шығыса алмағандығы сөзсіз. Осындай шығыса алмаушылықтан оның бір жылдың ішінде екі рет қызмет ауыстырғанын өздерің де білесіңдер. Сондықтан «аш құлақ та тыныш құлақ, өз қотырымды өзім қасиын», деген бекімге келген ғой. Қазіргі мына барлық жерде реформа жасалып жатқан нарықтық экономика заманында оның осы қылығының өзі дəуір тасқынына сай келетін бір түрлі жаңа бастама емес пе? Оның сыртында, қазақтың небір оқығандары мен кəсіптік негізі күшті зиялылары өздерінің кəсіптерін тастап, шолақ-шолтыраң мəнсап қуалап кеткен осы күндерде, Жеңісқанның бұл ісін бір түрлі ерлік пен батылдық деуге болады. Ал, қолынан ештеме келмейтін шолақ мансапты болғаннан өз қотырын өзі қасыған, əлдеқайда жақсы емес пе? Соның үшін бұны Жеңісқанның қырсығы мен қисығы, дегенше, оның батырлығы мен ерлігі деп, мадақтап марапаттау керек! Сəрсен мұғалімнің осы сөзінен соң, бөлме іші

бір сəт шыбын ұшса естілердей тым-тырыс бола қалды да, аздан соң оқытушылар тағы да дүрілдеген əңгімеге түсіп, Жеңісқанның осы мектепте істеген кездері мен өткен өмір көшірмелерін тілдеріне тиек ете бастады. * Жеңісқан осы ауданның Аршалы ауылында қарапайым егіншінің отбасында туып өскен, осы аумақтың төл тумасы болатын. 8 Жылдың алдында ішкі Қытайдағы əлде бір атақты университеттің қытай əдебиеті кəсібінен оқу тауысып, аудан бойынша ең үлкен білім ордасы саналатын аудандық 1-орта мектепке əдебиет оқытушысы болып орналасқан-ды. Мектеп бітіргеннен кейін алғашында туған жеріне қайтып келуді оншалық қалап кетпеген ол, жарым жылға дейін район (өлке) мен аймақ орталығында сандалып жүріп, өзіне қызмет орнын өздеген болатын. Бір кезде район орталығындағы əлде бір мекеме оның архивін ақтарыстырып көрген соң, оны қызметке аламыз деп тəуір-ақ дəмелендірген еді. Көп өтпей ол орынды əлде бір тірегі бар, мықты біреудің баласы қағып кетіпті де, қатты ашуланған өрт мінезді ол əлгі мекеме бастығының алдына тайсалмастан барып: – Қазір заң алдында барлық адам тең болып отырған жағдайда, осы сіздер артқы есікпен жүріп, бармақ басты, көз қысты болуды қашан қоясыздар? Бастықтардың балалары мен туыс-туғандары ылғай жақсы орынды иелеп алғанда, егінші-малшылардың балалары қайдағы қызметті табады? – депті де, есікті тарс еткізе жауып шығып кетіпті. Осыдан соң аймақ орталығына келіп, қызмет орнын іздеп бірталай жүрген ол, бір күні əлдебір басшының алдына кіріп: – Бастықтардың балалары мен құда-жекжаттарынан асқан орын болса, бізге де қайран етсеңіздер, – деп өтініш айтыпты. Сонымен жарым жылға дейін район мен аймақ орталығында қан жілік болып, қызмет орнын іздеп сабылған ол əбден түңіліп, күдері үзілгеннен кейін өз туған жеріне қайтып келіпті. Бұл араға келгеннен кейін де ауылдық мектептерінің біріне бөлініп кете жаздаған оны, ауданда басшылық қызметіне араласып жүрген немере ағасы араға жүріп, əрең алып қалыпты. Қазір Жеңісқанның 1-орта мектепке əдебиет оқытушысы болып орналасқанына да екі жылдан асып барады. Осы екі жыл ішінде ол оқытушылық кəсібінің қырсырына қанып, тəжірибе-сабақтар топтап, өзінің дарыны мен қабілетінің арқасында ел көзіне түсіп, жұрт алқауын ала бастады. Сабақ өту, клас жетекшілік қызметін істеу сынды қызмет уақыттарынан басқа кездерде, мектептегі əдебиетке əуес оқушылардың басын қосып, түрлі үйірмелер ашады. Оқушыларды сабақтан сыртқы алуан түрлі қимылдарға ұйымдастырады. Бір жылдан бері өзі де өлең жазумен айналысып, аудан көлеміндегі түрлі газет-журналдарда алуан тақырыптағы өлеңдерін жариялай бастады. Ашық-жарқын, жайдары мінезімен көп оқытушылардың көңілдерінен орын алып, олармен балдай батып, судай араласып кетсе, бірдемені беті-жүзің демей айта салатын, өз айтқанынан оңайлықпен қайта қоймайтын, туада сүйегіне біткен қырсық, мінезімен де аз болмаған қызметтестерінің көңілдерін ауыртып алып та жүр. Өте-мөте сабақ мазмұны жəне сабақ өту секілді кəсіптік жұмыстарға келгенде, ол өзі жетерсіздік, кемшілік деп тапқан мəселелерді кім болуына қарамай, бетіне баттитып айта салады да, оның соңы қып-қызыл дау мен егес-араздыққа ұласып жатады. Адам пендесінің айтқандары мен істегендерінің барлығы көптің көңілдерінен шыға бермейді ғой, кей-кездері оның айтқандары қаншалық жөнсіз, орынсыз болып тұрса да, бір мойындыққа басып, оңайлықпен иліге де қоймайды. Қай-қашанда өзінікін ғана жөн санап, басқаларды терістегісі келіп тұрады. Осыдан барып құрбылас-құрдастары мен замандас-тұрғыластары оны сыртынан «қырсық Жеңісқан», «қисық Жеңісқан», деп сылтың етеді. Бұл мектепте ол қай-қашанда тура сөйлеп, əділдікке жақшы болып жүретін Сəрсен мұғалімді ғана ерекше силап, құрмет етеді. Оны қытай қазақтарындағы белді де мықты

ақындардың қатарына қосып, өзіне ұстаз, өнеге тұтады. Ол кісімен əдебиет, оқу-ағарту жəне түрлі əлеуметтік мəселелер туралы əңгімелесіп, үнемі сырласып тұрады. Жазған өлеңдерін көрсетіп пікір алып отырады. Бүгін де міне мұғалімдердің сабаққа кіретіндері сабаққа кіріп, көшеге шығатындары көшеге шығып кетіп, бөлмеде Сəрсен екеуі ғана қалған орайда, Жеңісқан сабақ дайындығы дəптерін жауып тастады да: – Сəрсен мұғалім, жақында əлгі бір жас сыншының «Шинжаң» газетінде, жарияланған мақаласын оқыдыңыз ба? Ол мақаласында қазіргі əдебиетіміздің хал-күйі жайында недəуір тартымды пікірлер айтыпты ғой? – деп сөз бастады, Сəрсен мұғалімнің жанындағы орындыққа отырып жатып. – Иə, оқыдым, – деді Сəрсен мұғалім де көзілдірігін алып, үстел үстіне қойған соң, – ұлттық əдебиетіміз жайында біршама жақсы талдаулар жасап, недəуір да əділ пікірлер айтыпты. – Ұлттық əдебиет деген сөзден шығады, – деді Сəрсен мұғалімнің сөзінен кейін əлдене есіне түсе қалған Жеңісқан, қысқа қырықтырған шашын оң қолымен сипап қойып, – осы кезде əлдекімдер «поэзиялық ұлттан философиялық ұлтқа өту» деген бір əуенді шығарып алыпты. Оларша болғанда, біз тегіннен өлеңмен, яғни, əдебиет-көркемөнермен ғана шұғылданып, экономика жəне ғылым-техника істерімен айналыспаған ұлт секілдіміз. Ал, дүние жүзіндегі ұлттарды «поэзиялық ұлт», «философиялық ұлт» немесе «көркемөнерлік ұлт», «экономикалық ұлт» деген сияқты жіктерге жіктеуді дүние тарихы мен ұлттар тарихынан осы күнге дейін оқымаған екенмін. Осы мəселе жайында жақында біздің қазақ тіліндегі телевизиямызда бір топ қазақ оқығандары жиналып алып, талқы жасап жатыр. Маған осы бір айтылымның астарында «түйеге мінсе екі ауыз өлең айтатын қазаққа енді поэзияның қажеті жоқ, өлеңді қойып, басқа істермен айналысу керек», деген мазмұн жасырынып жатқан сиқты болып сезіле береді. – Дұрыс айтасың, – деді Сəрсен мұғалім Жеңісқанның сөзі аяқтаған соң, темекі тұқылын күлсалғышқа нығарлай отырып, түтінмен жасаураған көзін қолының сыртымен сипай сүрткен соң, – «поэзиялық ұлттан философиялық ұлтқа өту», дейтін осы бір айтылым жөнінде мен де көп рет ойланып, көп рет толғанып көрдім. Бірақ, қанша ойлансам да оның қалайдан-қалай қойылған қойылым екендігінің байыбына бара алмадым. Сен айтқандай, əнеу күні біздің қазақ тіліндегі телевизиямызда тағы да біздің бір топ оқығандарымыз жиналып алып, «бізге əдебиет керек пе, жоқ па», деген мəселе үстінде талқы өткізіп жатыр екен. Осыны көргенде, өзімненөзім қатты намыстанып кеттім. Осы да көптің алдында телевизорда талқылайтын мəселе болып па? Бұны басқа ұлт адамдарына қойып берер болсаң, олар ішектері қатқанша күледі ғой! Əдебиетінен айырылған ұлт, қайтып ұлт болып өмір сүре алады? Олардың жалпы рухани өркениеті қалай өркендейді? Ұлттық рухтары қайтып оянады? Осы бір қарапайым ғана сауатты білмесек, онда біз қайтып ұлт болып өмір сүрмекпіз? Естулерге қарағанда, еврейлердің үйлерінде бірден «Таурат» болады екен де, олар жұма күндері ешқайда аттап шықпай, ештеме де істемей, осы «Тауратты» оқиды екен ғой. Ал, «Таураттың» өзі осыдан бірнеше он ғасыр бұрын жазылған көркем əдебиет емес пе? – Расында, қазір бізде күлкілі істер өте көбейіп барады, – деді Жеңісқан да əңгімеге онан ары ынталана түсіп, – бүгінгі күнде көптеген зиялыларымыз екі сөздерінің бірінде «бізде əдебиетшілер өте көп, жаратылыстық ғылыммен шұғылданушылар өте аз», дейтін болып алды. Тіпті кейбіреулер «Нарықтық экономика заманында қолма-қол экономикалық құн жарата алмайтын болғандықтан бізге əдебиеттің қажеті жоқ», дегенді де ашық-əшкере айтып жүр. Міне осылардан-ақ «əдебиеттің күні өтті, қазаққа əдебиеттің керегі жоқ», дейтін ойлардың ауа жəйіліп бара жатқандығын өте айқын көріп алуға болады. – Бұндай айтылымдардың қоғамдық өмірде барған сайын ауа жайылып бара жатқаны рас, іс жүзінде жаратылыс-

тық ғылыммен шұғылданушылардың аздығын əдебиетшілердің көптігінен көру өмір философиясына сай келмейді. Өйткені жаратылыстық ғылыммен шұғылдану мен қоғамдық ғылыммен шұғылданудың бір-біріне жасайтын ықпалы жоқтың қасы. Қоғамдық өмірде əркім өзі сүйген кəсібін талдап, сол кəсіптен нəтиже жаратуды ойлайды. Сен былай істе, сен олай істе, анамен шұғылдан, мынамен шұғылданба деп, ешкім де бұйрық соға алмайды. Ал, əдебиет-көркемөнерінен айырылған ұлт қашанда ұлттық рухынан, ұлттық сезімінен айырылмай қоймайды да, бара-бара дербес ұлт болып тұру шартын да жоғалтып алады. Бұл жайында жақында «Шинжаң» газетінде «Ұлттық бөгенайларымыз қақында» атты бір тамаша мақала жарияланды ғой, мақаланың авторы мақаласында қазір біздің күнделік тұрмыс жəне басқа жақтардағы ұлттық белгілеріміз барған сайын азайып, тек əдебиет-көркемөнеріміз ғана қалып отыр дегенді өте жақсы айтыпты. Ал, енді осы екеуінен де айырылар болсақ, онда ұлтымыз қайтып дербес ұлт болып өмір сүріп тұра алады? – Ол мақаланы мен де бірнеше рет құмарта оқып шықтым. Алайда, осындай мақалаларды бізде оқитын адамдардың саны өте аз ғой. Көп адамдар жазу-сызумен шұғылданушыларды көргенде, «құрғақ сөзді көпірте жазғандарыңмен де, қолдарыңнан ештеме келмейді», деп қыжырта қарайды. Олар газет-журналға басылғандардың барлығын құрғақ сөз есептейді. Сондықтан кітап оқып, газет-журнал көрмеу осы заманғы қазақ оқығандарына тиген ең ауыр дерт болып отыр. Олар газет-журнал көрмейді, кітап оқымайды. Осыдан барып мен қазақтың оқыған азаматтарына кітап оқытудың қандай əдісі бар дегенді көп ойлана беремін. – Бұл мəселені ең алдымен осы өзіміз істеп отырған мектептен бастап шешуге тура келеді, – деді Жеңісқанға жымия қараған Сəрсен мұғалім, – мəселен: өзіміз істеп отырған осы ұлттық орта мектепте 80 неше оқытушы-қызметкер бар ғой. Осылардың көбі университет оқыған жоғары дипломды зиялылар емес пе? Осылардың қанша газет-журналға жазылғандығын ертең тарату бөліміне барып ұғыссаң, опоңай біле қоясың. Газет-журналға жазылғандар 10-ға барар ма екен, бармас па екен, кім біледі?! Ал, үкімет орындары қазынадан айлық алатын қызметкерлерге ай сайын «газетжурналға жазылу қосымша ақысын» беріп отырған жағдайда, біздің осы мұғалімдеріміз газет-журналға неге жазылмайды? Меніңше, бұның бірден-бір əдісі құдды Абайдың «егер мен қолымда құқық-мөрім бар адам болсам...», деп келетін бір айғақлиясында айтылғандай, басшылық жағынан басым істетіп, қысым түсіру керек. Бұл заманда қазаққа басым мен қысым болғанда ғана заман ауқымына ілесе ала ма деп ойлай беремін. Сондықтан өзің сияқты көзі ашық, жаңаша ойлай алатын қазақ азаматтары билік алып, құқық басына шығулары керек. Сонда ғана... Сəрсеннің сөзі осы араға келгенде, олар отырған бөлмеге Нұрлан атты қақпа қараушы жігіт кіріп келіп: – Ой, елдің бəрі қайтып кеткенде, екеулеріңіз не қылып отырсыздар? Енді болмаса қызмет бинасының сыртқы есігін құлыптап кете жаздаған екенмін, – дегенде ғана қол сағаттарына асыға қарасқан Сəрсен мен Жеңісқан: – Əңгімемен отырып, уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппыз-ау! – десіп орындарынан асығыс тұра берді. * Сəрсен мен Жеңісқан арасында болған осы əңгімеден кейін бір апта өткен соң, бір күні түстен кейін Жеңісқан бөлмеде жалғыз отырып, ертеңгі өтетін сабағына қарбалас дайындық жасап жатқан еді. Ол отырған бөлмеге осы мектепте дене-тəрбие мұғалімі болып істегеніне 5-6 жыл болып қалған, үнемі «ұрттап алып» шатақ іздеп жүретін Нұрман атты жігіт пен осы бөлмеде Жеңісқанмен бірге отыратын əдебиет мұғалімі Жалынбек кіріп келді де, Жалынбек өз орнына барып отырған соң, Нұрман Жеңісқанның үстеліне қатарластыра қойылған арқалы орындыққа отыра беріп:

– О, ақын жігітім, тағы да ақ қағазға тесіле қалыпсың ғой. Осы кешке дейін аққағазға тесілгенде одан не шығады? Оданша, «оралыңның барында, ойна да күл», дегендей, жастық шақта қанғанша ойнап-күліп алмайсың ба? – деп соқтыға тіл қатты. Ол жанына жақындай бергенде-ақ өне бойынан бұрқ ете түскен арақ иісін сезе қойған, оның үстіне бұрыннан бері бұл жігітті суқаны сүймейтін Жеңісқан: – Е, ертеңгі сабақ дайындығы ғой, осымен нан тауып жеп жүргеннен кейін аққағазға тесілмегенде қайтеміз? – деп немқұрайдылау жауап беріп, бүгін тағы ішіп келген секілді, бұл пəлемен тағы да шармайақтасып қалмайын деген ойға келіп, кітаптарын жинап, суырмасына сала берген еді, Нұрман өз үстелінде əлденені шұқыланып отырған Жалынбекке қарап қойып: – Бізбен араласқың келмей, қай-қашанда бойыңды алып қашып жүресің. Өзіңше ақынмын деп бізді көзге ілмейсің ғой, ə,– деді жанқалтасынан темекісін алып, қолы дір-дір ете оны тамыза бастап. – Қойыңызшы, Нүке,– деді Жеңісқан орнынан тұруға ыңғайланып жатып, – «тең-теңімен, тезек қабымен», деген емес пе? – Е, бəсе бізді көзге ілмейсің, ə? – Ой, бұл сөзді арамыздағы жас парқын меңзеп айтып тұрмын. Осы кезде əлгіден бері өз алдына шұқыланып отырған Жалынбек сөзге киліге кетті де: – Қайдағы жас парқы дейсің? Оданша мен кəсіпте мықтымын, барлығын да білемін деп, кеудеңді көтергенің шығар? – деп қарқылдап күліп жіберді. Расында, əдеттегі кездері кəсіптік негізі қатты əлсіз, кітап атаулыны қолына да алып қоймайтын, бұл жігітпен Жеңісқан кəсіптік мəселелер туралы үнемі ұстаса беретін де, оның осал жерлерін көбірек қазбалап жүретін еді. Оның бұл сөзі мыйына шақ ете түсіп, шамдана қалған ол: – Ой, бүгін сендерге не болған? Өздерің бөртіп алыпсыңдар ғой? Мені сұраққа тартқалы келгеннен саусыңдар ма? – деп сұраған еді, Нұрман тағы да: – Ішсек, өз ақшамызға іштік, сенің ақшаңа ішпегеннен кейін оған сенің нең шығып кетті? Енді сен біздің үкімет беріп жатқан айлығымызға да жағаласайын дедің бе? – деп тілін шəйнай тіл қатқан еді, Жалынбек те: – Сен жақында мектеп басшыларына барып, мұғалімдердің еңбек ақысын тартып, ол ақшаға газет-журналға жазылу жайында ұсыныс қойыпсың ғой, осы шын ба, өтірік пе? Бүгін өзіңнен осыны сұрағалы келіп отырмыз, – деп қадала сұрау тастады. Е, бұлар бүгін мені бекерге іздеп келмеген болды. Бірнеше күннің алдында мектеп басшыларына айтқан ұсынысым бұлардың да құлақтарына жетіп үлгірген екен деп ойлаған Жеңісқан, бұлар недеп жауап берер екен дегендей, өзіне тесірейе қарап қалған оларға кезек көз тастап: – Рас айтасыңдар, екі күннің алдында мектеп басшыларына оқытушы-қызметкерлерге берілетін газет-журналға жазылу қаражатын бір тұтас тартып қалу жайында ұсыныс бергемін, – деді де қайтадан орнына орнығып отыра берді. Жеңісқанның бұл жауабын естіген олар: – Неге? – Басқаның бəрі құрып қалғандай, енді мұғалімдердің жалақысына жағаласайын дедің бе? – деп жарыса сұрау тастады. – Неге болушы еді? – деді Жеңісқан, – ол ақшаға мектеп бойынша біртұтас газет-журналдарға жазылады. – Ой, бұл қайдан шыққан зəкүн екен? Газет-журналдарға əркім ерікті түрде жазылмай ма? – деп еді Нұрман, Жалынбек те: – Газет-журналға жазылуға неғып емешегің үзіле қалды? Бұл айналып келіп, мұғалімдердің нан тауып жеп отырған мардымсыз мағашына жағаласқаның емес пе? – деп бастырмалата сұрау тастап, өзі қызып отырған Нұрманды шапқа түртіп қалды. Бұл сөзден соң саусағын күйдіріп бара жатқан темекі тұқылын табанына сап таптай берген Нұрман да: – Елдің ойында жоқ қайдағы пəлені шығарып, өкіметке жақсаттанайын деген екенсің. Басқалардың айлығына жаға-

ласудан басқа жақсаттанудың жолы құрып қалып па? – деп шап ете түсті. – Ой, айналайындар-ау, – деді бұл сөзге күйіп кеткен Жеңісқан, – Менің ойлағаным да бүкіл ұлттың мүддесі ғой, қазіргі күнде қазақ зиялылары кітап оқып, газет-журнал көрмейтін болып барады. Сондықтан ұлт мүддесіне пайдалы болар ма деп, осы ұсынысты айтқан едім. Ол қайдағы айлыққа жағаласу болсын! Менің көздегенім кітап-материалға жазылу қосымшасы ғана. Ол айына оннеше юаннан (Қытайдың ақша бірлігі) ғана тура келеді. Оны тартып қалғанда өкімет кадрлары аштан өліп қалмайды. – Ой, қайдағы ұлттың мүддесі дейсің? – деді Жалынбек Жеңісқанның сөзі аяқтай бере,– өздерің сияқтылар шимайлап жүрген, ешкім оқымайтын өлең жинақтарын өткізу ғой баяғы. – Рас, рас, – деп басын шұлғып жіберген Нұрман да, – ол кисе киім, жесе тамақ болмайтын бірдемелеріңді жазатын болсаңдар, өз алдыларыңа жазбай, енді үкімет берген азғантай ақшаға жағаласқаның қайткенің-ей! Осы заманда өлең дегеннің кімге керегі бар? – деп дүрсе қоя берді. Нұрманның бұл сөзінен кейін қаны басына бірақ шапшып, ашуы алқымына келіп тығылған Жеңісқан да: – Ой, ағасы қазақтың қасиетті поэзиясына тіл тигізбей, сөзіңіз болса жөніңізбен айтыңыз, – деді де орнынан атып тұрып, айғайлап жіберді, – қазақтың мəдениеті мен əдебиетінің не екенін білмей тұрып, көрінгеннің айтағына ере бермеңіз?! – Əне, айттым ғой, – деп Жалынбек, – қазаққа жаны ашитын осы ғана, өзі данышпан, өзі білгіш, басқаның бəрі айтаққа еретін ит секілді, – дей берген еді, жаны күйіп тұрған Жеңісқан: – Əй, Жалынбек! Бүйтіп тасада тұрып елді қайрама, сөзің болса жігіт адамша ашық айт! – деп оған қарай тебіте жүре берген еді, орнынан қарғып тұрған Нұрман: – Əкеңнің аузын... жалған белсенді! Кім айтаққа үретін ит екен? – деп Жеңісқанның жағасынан ала түсті де, жағына қарай қойып-қойып кеткен еді, орнынан ұшып тұрған Жалынбек те: – Ой, иттің ғана баласы! Бұл дүниеде білімді де жақсы адам сен ғана ма едің? – деп атылып келіп, Жеңісқанды арт жағынан теуіп-теуіп жіберді. Осы кезде айғай-шуды естіп, көрші бөлмелерден жетіп келген басқа мұғалімдер бөлме ішінде арсы-гүрсі болып, алысып жүрген оларды зорға ажыратып, Нұрман мен Жалынбекті алдап-сулап сыртқа шығара берді. Ал, шала мас Нұрман: – Əкеңнің аузын!..., сенің қазаққа тұтқа болғаныңды көрермін əлі! – деп, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып бара жатты. Ертеңінде мектеп меңгерушісін арнайы іздеп барған Жеңісқан кешегі болған уақиғаны бастан-аяқ баяндап болған соң: – Заң-дүзім дəріптеліп жатқан қазіргі заманда олардың əдейі келіп, былай істеуі менің азаматтық ұқығыма қол сұққандық. Кісілік абыройымды қорлағандық! Сондықтан мен сіздерден бұл істің анық-қанығына жете тексеріп, білім ордасы болған мектепке арақ ішіп келіп, сойқан шығарушыларды қатаң жазалауды талап етемін! – деген еді, елудің ішін еркін аралап, шаш-сақалына ақ араласа бастаған қарт меңгеруші Жеңісқанға мүсіркей қарап отырып: – Əй, жастар-ай! – деп басын шайқап қойды да, – бұл істі кеше мен де естіген едім, бүгін өзің де арнайы келіп айтып отырсың. «Өткен іс орнына келмейді», дегендейін, бір келіспестік өтті де кетті. Енді оның соңына құлғанадай түсіп қайтесің? Барлығың да жас емессіңдер ме, жастықта адам баласының басынан нелер өтпейді? Сондықтан біріңді-бірің жазалатып қайтесіңдер? Өзара кешіре салсаңдар болды емес пе?– деді Жеңісқанның өзіне ақыл айтып. – Жоқ, болмайды! Мен ондай кешірімшіл бола алмаймын, – деді Жеңісқан дауысын көтере үн қатып, – «Бар жазығым сығалай қашқаным ба», деген секілді бар айыбым ұлт мəдениетінің қамын жегенім бе? Осыған бола арақ ішіп келіп, адам сабаса, бұл қайсы заңға сияды? Мектепке

арақ ішіп келіп, басқалармен төбелесіп жүрсе, олар қайтып оқытушы болып, адам тəрбиелейді? Бұның өзі өте асып кеткендік болмай ма? Сондықтан мен сіздерден бұл іске əдеттегідей қарамай, мектептің қатысты тəртіп-ережелері бойынша оларға қатаң əкімшілік шара беруді тағы бір рет талап етемін! – Айтқаның жөн,– деді меңгеруші Жеңісқанның бұл сөзінен кейін сағатына қарап қойып, – оқытушылық тұрғыдан алғанда олардың арақ ішіп келіп, мектепте төбелес шығарулары оқытушылық моралға үйлеспейді, мектептің тəртіп-ережесіне де қайшы келеді. Алайда, «кемшіліксіз адам болмайды» , дегендей, адам баласының барлығы сүттен ақ, судан таза болып жүре алмайды ғой. Ал, кемшілік өткізді болды, оларды тарпа бас салып жазалай берсек, онда тəрбие қайда қалады? Сондықтан біз оларды шақырып келіп, ақыл айтып, тəрбие беріп көрейік. Сендерді татуластырып қояйық. Өйкені мектептің өзі тəрбие орны емес пе? – Ақыл айтып, тəрбие беретін олар бастауыштың оқушысы емес, қайта жоғары мектеп оқыған халық оқытушылары ғой, – деді меңгерушінің бұл сөзінен соң əлдебір ашу өне бойын құрсаулап, қол-аяғы дірілдеп ала жөнелген Жеңісқан тағы да ашулана үн қатып, – осы бір рет болса бір сəрі, Нұрманның алдыңғы жолы тағы да арақ ішіп келіп Са көйжимен (Қытайша Са... бухгалтер деген мағынаны білдіреді) төбелескенін ұмытып қалмаған шығарсыздар. Мұғалімдеріміз осы беті басқарусыз кете берсе, онда мектебіміз қайтып білім ордасы болып тұра алады? Оқытушыларын басқара алмағанда, оқушыларын қайтып басқара алады? Жеңісқанның сөзі осы араға келгенде, бағанадан бері оның сөзін сабырмен тыңдап отырған меңгерушінің де түсі бұзылып: – Енді келіп, басқаруға жағаласайын дедің бе? Бұған қарағанда, елдің сені көрінген іске жағаласады деген сөздерінің де жаны бар екен емес пе?– деді сөз əуенін қатаңдатып, – Бұл араға өкімет бізді қурай қылып шаншып қойған жоқ. Мектепті қалай басқаруды сен айтпасаң да біз əбден білеміз. Бұл жағында бас ауыртуыңның ешқандай қажеті жоқ. Сондықтан бұдан кейін көрінген іске қыстырылмай, өз жұмыстарыңды істеуді ғана білсеңдер болады, – деп енді қайтесің дегендей, орындығына нығыздала отыра берді. Осы сөзден кейін бағанадан бері ашу қысып, өзінен-өзі булығып отырған Жеңісқан орнынан қарғып тұрды да: – Е, былай деңіз, бұл Нұрман неліктен шектеу көрмейді десем, оны сіздер де қолтықтарыңыздың астына алады екенсіздер ғой, бəлкім, оның əкесі ауданда мықты құқық ұстап отырғаннан кейін де осылай болатын шығар? Ал, мен өзімнің кісілік қадыр-қымбатымды ешкімге қолжаулық ете алмаймын. Азаматтық құқығымды қорғау үшін қазір-ақ заң орындарына барып, шағым беремін. Сіздер жақтамасаңыздар да заң орындары əділдікті жақтайтын шығар? – деп алқын-жұлқын есіктен шыға жөнелді. Жеңісқан шығып кеткен есікке қарап сілейіп отырып қалған меңгеруші, қап, мынаның қорлығын-ай! Енді тағы бір пəле шығарады деші, қырсық десе, қырсық-ақ екен өзі, дегенді ойлап отырып қалды. * Өмір тоқтау су тəрізді бір арада тоқтап тұрмай, қайта жөңкіле аққан дариядай тынымсыз алға тартып барады. Міне, Жеңісқанның да бұл ортада қызмет істегеніне 7 жылға аяқ басып келеді. Бұл кезде ол аудандық жерлік бажы мекемесінде істейтін Гаусар атты қызбен некеленіп, бір баланың əкесі де болып үлгерді. Оқытушылық кəсіптің қыры мен сырына қанып, кəсіпке онан ары төселе бастаған ол осы мектептің ғылыми меңгерушісі болу міндетін де арқалады. Қаламға да барған сайын жатылып, жазу-сызуға əбден əуестеніп алған оның өлеңдері мен оқу-оқытуға қатысты жазған педагогикалық мақалалары аудан көлеміндегі баспасөз беттерінде көптеп жарық көріп, оқырмандарының жақсы бағасын алып та келеді. Əрқандай адамның өмір сапарында жарқын бір белес болады десек, Жеңісқан дəл қазір осы жарқын бір белесте баяу ғана қалықтап ұшып барады.

Бүгін міне мектеп істер жиыны ашылып, оған мектеп басшылары мен орта дəрежелі кадрлар қатынасып отыр. Жиында алғашында аймақтық уəли мекемесі жағынан шығарылған «Ұлттық орта-бастауыш мектептерде оқыту сапасын жоғарлату жайындағы бірқанша пікірлер» атты құжат оқылды да, соңынан осы құжатты іс жүзінде қалай тиянақтандыру туралы талқы өз-өзінен өрістеп кетті. – Қазір ұлттық мектептердегі оқыту сапасы мəселесі ұлттық ағартуымыздағы ең бір қоламталы мəселеге айналып отыр, – деп сөз бастады, бұрын Сарбұлақ ауылдығында ұзақ уақыт жатақты мектептің меңгерушісі болып істеп, жарым жылдың алдында ғана бұл мектепке меңгеруші болып алмасып келген, қырықтың қырқасына енді шыға бастаған, қызыл шырайлы, қырықпа шашты, семізше келген Тоқтар меңгеруші, – бүгінгі күнде оқу-ағартуға қатысты газет-журналдарды ашып қарасаң-ақ болғаны, «ұлттық мектептердің оқыту сапасы төмен» деген мəселеге кез болатын болдық. Ал, ұлттық мектептердегі оқыту сапасының төмен болуындағы түп себеп неде? Бұл мəселе жайында күні бүгінге дейін бір ауызды пікір жоқ. Кейбіреулер «осы күнгі оқушылар жақсы оқымайды», деп оқушылардан көрсе, кейбіреулер ұлттық тілде шыққан қосымша пайдаланатын материалдардың тапшылығынан көреді. Ал, енді біреулер оны ұлттық мектептердің шартжағдайының төмендігіне аударса, жəне біреулер оның себебін оқытушылар қосынымыздың əлсіздігі дейді. Мейлі қалай айтылып, қалай қойылса да, əйтеуір, ұлттық мектептерімізде оқыту сапасының төмен болып отырғандығы дау жүрмейтін шындық болып отыр. Бұл мəселе əлгінде ғана оқылып өтілген аймақтың құжатында да айқын ортаға қойылған. Ендеше, бұл мəселені қалай шешеміз? Аймақ жағынан шығарылған құжат рухын мектебіміздің іс жүзіндік əмəлиятымен қалай бірлестіреміз? Осы мəселелер жайында алғашқы адымдағы пікір бірлігіне келу үшін жолдастардың басын қосып, бүгінгі жиынды ашып отырмыз. Жолдастардың құнды пікірлері мен тартымды ұсыныстары болса, тартынбай ортаға қоюларын үміт етемін. Меңгерушінің бұл сөзінен кейін ұзын бойлы, қырма сақалды, жағына пышақ жанығандай бет-аузы қушиған, елудің етегінен ұстап қалуға таяп қалған, мектеп партия ячейкасының хатшысы Жұмабек ендігі кезек менікі шығар дегендей, сөзді іліп ала жөнелді: – Расында,– деді ол бағанадан бері бірдемелер жазып отырған естелік дəптерін жаба беріп, – бүгінгі күнде ұлттық мектептеріміздің оқыту сапасы нашар дейтін осы мəселе қайда барсақ та қыр соңымыздан қалмайтын болып барады. Ал, шынында, ұлттық мектептеріміздің оқыту сапасы ел айтып жүргендей өте төмен бе? Бұған адамның сенгісі келмейді. Неліктен? Өйткені қазір ұлттық мектептерімізде əдебиет сабағынан басқа сабақтарда мемлекет бойынша бір тұтас қолданылатын оқулық істетіледі. Оқытушыларымыздың мүлде басым көп сандысы жоғары мектеп дипломына ие болып отыр. Қарап отырсақ, мұғалімдеріміз де шамасына қарай жанталаса сабақ дайындап, құлшына сабақ өтіп жатады. Ендеше, бұл мəселе қайдан шығып жүр? Мен осы бір мəселені ең алдымен өзіміздің қазақтан шыққан жазғыштарымыз шығарып жүр ме деп ойлай беремін, – деді де көзінің астымен Жеңісқанға қарап қойып, сөзін онан ары жалғастырып əкетті, – осы күні қазақ тілінде шығатын оқу-ағартуға қатысты газет-журналдарды оқи қалсақ болғаны, «Ұлттық ағартуымыз сапасыз», дейтін сөздерге кез бола береміз. Осыларды жазып жүрген кім десең, осы өзіміздің қазақ жазғыштары. Ал, өзіміз осылай деп аттан сап, айғайлаған соң, оған басқалар мен басшылар сене кетеді де, оны онан ары гулетіп, ұлғайтып əкетеді. Сондықтан мен ең алдымен зады біздің оқытуымыз сапалы ма, сапасыз ба, деген мəселенің басын ашып алуды ұсыныс етемін. Хатшының сөзі аяқтағаннан кейін жиынға қатынасып отырған аз ғана адам біріне-бірі қарасып, енді не айтамыз дегендей аңтарылып қалды да, жиын майданын бір сəт үнсіздік бұлты тұмшалап, недəуірдан соң барып, ұзын да бұйра шашы желкесі мен құлағын жауып жүретін, аққұбаша келген, қоңыр қой көздері үнемі күлімдеп тұратын, отыздың

жуан ішіндегі, орынбасар мектеп меңгерушісі болып істеп келе жатқанына 4-5 жылдың жүзі болып қалған Сəулетбек сөз тізгінін қолына алды: – Бір мектептің немесе бірер ұлттың оқыту сапасының жоғары əлде төмен болуы, басқару, басшылық өресі, мектептің объектив шарт-жағдайы, оқулық-материал, аспапсайман, оқушылардың үйрену ауқымы, оқытушылар қосынының білім өресі қатарлы сан-салалы факторларға қатысты болады. Қазіргі жағдайдан қарағанда, ұлттық мектептеріміздің оқыту шарт-жағдайлары ойдағыдай əзірленбеген. Бұны ауыл-қыстақтар мен малшаруашылық аудандарындағы мектептерге бара қалсаңыз, өте айқын көре аласыз. Ондағы мектептердің көбінде тəжірибехана жоқ, оқытуға істетілетін аспап-саймандар жетіспейді. Тіпті кейбір мектептер құлағалы тұрған қауіпті үйлерде сабақ оқиды. Осындай жағдайда біздің оқыту сапамыздан қайтып ауыз ашуға болады? Бұл бір жағы. Енді бір жағынан: қазір көп айтылып жүрген сөз бойынша айтқанда, біздің оқытушылар қосынымызда аз болмаған мəселелер өмір сүріп отыр. Кезекте біздің көп сандағы оқытушыларымыз үздіксіз үйреніп, жалғасты білім толықтамайды, баяғыда мектепте үйренген азғантай білімдерін малданып жүре береді. Осыдан барып дамыған дəуір мен алға кеткен заманның артында қалады. Бұл құбылыстардың ұлттық мектептеріміздің оқыту сапасына аса зор ықпал тигізіп отырған жақтары жоқ емес. Қорытып айтқанда, бүгінгі таңдағы ұлттық мектептеріміздің оқыту-оқу жұмысында ішінара сапасыздықтардың төбе көрсетіп отырғандығы шындық. Алайда, осыған бола «ұлттық мектептеріміздің оқытуы сапасыз», деп оны бірақ сызып тастауға жəне оны əсірелеп таудай етіп көрсетуге болмайды. Мəселеге бірдің екіге бөлінуі бойынша қарау марксизімнің негізгі қағидасы емес пе? Сондықтан мен де «ұлттық мектептердің оқытуы сапасыз», деген сөздерге еліп етіп ере жөнелмеуді дəріптеймін. – Мен өз көзқарастарымды айтып көрейін, – деп сөз кезегін алды Жеңісқан, – əлгінде ғана мектеп басшылары оқыту сапасы мəселесі жөнінде өз пікірлерін баяндап өтті. Меніңше, бұл əлде кімдердің, болмаса қолына қалам алып, жазыпсызумен шұғылданып жүргендердің ойларынан шығарып жүрген негізсіз сөздері емес, қайта бір түрлі объектив өмір сүріп отырған шындық. Ал, біздің ұлттық мектептеріміздің оқыту сапасы шынында қандай? Сапалы ма, əлде сапасыз ба? Меніңше, бұған таласып отырудың ешқандай жөні жоқ. Менің жеке ойымша, дүниедегі озық ұлттар мен ірі мемлекеттердің оқытуына салыстыра айтқанда, ұлттық мектептеріміздің, өте-мөте өзіміздің қазақ тілінде сабақ өтілетін мектептердің оқытуын заман талабы мен дəуір ауқымына сай келмейтін, қоғамдық өмірдің кезектегі талабынан шыға алмайтын, сапасыз ағарту деуге əбден болады, – деген Жеңісқан аз тыныстап, маңайындағыларға қарап қойды да, тамағын тағы бір кенеп алып, сөзін онан ары жалғастыра берді, – Ал, ұлттық тілдегі ағартуды неліктен сапасыз дейміз? Бұған дəлел керек пе? Дəлел керек болса, бұл сөзімізге бірден-бірден дəлел келтіріп көрейік. Біріншіден: оқыту программасы ұқсас, қолданып отырған оқулықтарымыз бірдей болып отырған жағдайда, біздің жоғары мектептердің мемлекеттік бір тұтас емтиханына қатынасқан оқушыларымыздың жаратылыстық пəндердегі емтихан нəтижелері неліктен қытай тілінде оқитын оқушылардың емтихан нəтижелерінен көп төмен болады? Екіншіден: біздің оқушылардың жазып-сызылу өресі өте төмен болып, неліктен осы заманғы кеңсе тұрмысына үйлесе алмайды? Өз тіліміздегі жазуды емле ережесі бойынша қалайша дұрыс жаза алмайды? Үшіншіден: неліктен ұлттық мектептеріміздегі оқушылардың көбі Қытай мектептерінен оқуға ауып, ұлттық тілде сабақ өтілетін мектептерде оқушы қалмай қалу ауқымы төбе көрсетеді? Төртіншіден: əр дəрежелі жоғары мектептер мен кəсіптік мектептен оқу тауысқан оқушыларымыздан əр саланың дарындылары, мəселен: ғылыми зерттеумен арнайы шұғылданатын кəсіп иелері неліктен өте аз шығады? Өте-мөте жаратылыстық ғылым саласында қалайша басқалардан көш құлаш артта қаламыз? Бесіншіден: жоғары мектептер мен арнаулы

кəсіптік мектептерді бітіріп, қоғамдық қызметке араласқан оқушыларымыз бірер жылдан кейін-ақ неліктен қызмет үдесінен ойдағыдай шыға алмай, қоғамдық өмірдің қажетінен кенжелеп қала береді? Міне бұлар кезекте біздің ұлттық орта-бастауыш мектептерімізде оқыту сапасының төмен екендігін, оқушыларымыздың міндетті ағарту сатысындағы іргетастарының бос, негіздерінің нашар екендігін дəлелдейді. Бұл жағдай іргесі жақсы қаланбаған биік ғимарат салғанға ұқсайды. Негізі жақсы болмаған оқушыдан қаншалық өрлеп оқыса да ештеме шықпайды. Сондықтан мен кезектегі ұлттық орта-бастауыш мектептеріміздегі оқыту сапасы төмен деген пікірлерге бүкілдей қосыламын. – Сенше, шындық осылай екен, ендеше бұның себебі неде деп ойлайсың? – деп сұрау тастады Тоқтар меңгеруші. – Бұның себебі, – деді Жеңісқан, – біздің оқытушылар қосынымыз бен оқу-ағарту құрылымымызда деп ойлаймын. – Бұл пікіріңді ашалап, жінтіктей түсіндіруге болмас па? – Əбден болады. «Оқытушы – мектептің жүрегі», деген екен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Қазіргі күнде біздің оқыту сапамыздың төмендігіне жоғарыда жолдастар айтып өткен тəрізді əр алуан жағдайлар мен түрлі факторлар əсер жасап отырса да, бірақ, түп мəнінен алғанда, оқытушылар қосынымыздың сапасыз болуы негізгі себеп болып отыр. Бұл философиядағы басты қайшылық пен жанама қайшылық дейтін ұғымға барып саяды. Басты қайшылық шешілмесе, жанама қайшылықтар ешқашан да шешім таппайды. Бұның сыртында, кезектегі біздің оқу-ағарту құрылымымыз үйлесімсіз теңгермешілдік үстіне құрылған. Қабілеттілер мен қабілетсіздер, білімділер мен білімсіздер, жарамдылар мен жарамсыздар парықталмайды. Əйтеуір, үкіметтің штатына кірсе болғаны, тай қазаннан тамақтанып, үкімет қазынасынан ай сайын айлық ала береді. Оларда жарамды болсын, жарамсыз болсын, жалақымнан айырылып қаламын-ау дейтін қорқыныш ешқашан да болмайды. Жеңісқанның сөзі осы араға келгенде, жиын майданы тағы бір рет шыбын ұшса естілердей жым-жырт бола қалды да, ендігі сұрауды тосылатын жерің осы болар, деген оймен хатшы Жұмабек тастады: – Сенің сөзің бойынша, айтқаныңның барлығы шындық деп мойындай тұрайық, ендеше осы бір объектив өмір сүріп отырған шындықты өзгерту үшін сенше қайту керек? Бізге соны айтшы? – Бұның жауабы өте қарапайым ғой, – деді Жеңісқан осыны да білмейсің бе дегендей Жұмабекке қарап қойып, – оқу-ағарту құрылымына үзілді-кесілді реформа жасап, оқытушыларды ұсыныспен істету дүзімін жолға қою керек. – Сен оқу-ағарту министірлігінің министрі болсаң болғандай екен, – деді бағанадан бері сөзге араласпай, əлде бір тəтті қиялдың жетегінде отырған, саяси тəлім-тəрбие басқармасының бастығы Қайшагүл атты аққұбаша келген, таңқы танау келіншек сыңқ етіп күліп жіберіп. Осыдан кейін-ақ жиын майданы əлде кім түртіп қалған араның ұясы секілді жанданып сала берді де, жиынға қатынасушылар жан-жақтан жамырай пікір бере бастады. Осылайша анау ананы айтып, мынау мынаны айтып, қызыл кеңірдек дауға айналып кеткен жиын бірнеше сағаттан соң, мектеп бойынша оқытушылардан жалпы беттік сабақ тыңдап, олардың сабақ жоспарлары мен күнделік сабақ дайындықтарын қатаң тексеріп, сүзгіден өткізу керек деген қарар шығарып зорға аяқтады. * Бір күні Жеңісқан аудандық оқу-ағарту мекемесінен келген телефонды алды да, аялдамастан жетіп келіп, мекеме бастығының есігін қақты. – Кел, Жеңісқан, кел отыр! – деді сырттай сан рет көріп жүрсе де, оншалық араластығы жоқ, қырықтың жуан ішіндегі, əлі де қылау түспеген қара шашын артына қарай қайқайта тараған, қоңыр түсті əдемі кастөм киіп, ақсарыдан галстук байлаған, қарны шығыңқы, қара торы өңді, мекеме бастығы Қабден, Жеңісқанға қол беріп амандасқаннан кейін босаға

жаққа қойылған бірнеше кісілік сафаны нұсқап, – қалай, бауыр, денсаулық жақсы ма? Қызмет қарбалас шығар? – Жақсы, – деді Жеңісқан ол кісі нұсқаған сафаға отырып жатып. – Е, жақсы болғанға не жетсін! Осы кез қызметті апырыпжапырып істейтін, дəл тепсе темір үзетін кездерің ғой, – деді мекеме бастығы да орындығына отырып болғаннан кейін, Жеңісқанның бас-аяғына шола көз жіберіп, – қалай, жақыннан бері өлең жазуды қойып барасың ба? Газет-журнал бетінен көрмейтін болып кеттік қой? Мекеме бастығының бұл сұрауынан соң, е, бұл кісінің менің өлең жазатынымды білетін болғанына қарағанда, газетжурнал оқитын болғаны ғой деп, оған таңырқай қараған Жеңісқан: – Əйтеуір, анша-мұнша жазған боламыз. Алайда, көптен бері қызметбасты болып, жазып-сызуға көп уақыт шығара алмай жүрмін. Кешке дейін тышқан аңдыған мысық секілді оқытушылардың сабаққа кіріп-шығуын бақылаумен боламыз, – деп əзіл-шыны аралас жауап берді. Жеңісқанның бұл жауабын естіп, қарқылдай күліп жіберген Қабден: – Бұл теңеуің өте жақсы болды. Қанша айтқанмен əдебиет мұғалімі деген əдебиет мұғалімі ғой, мен де мектепте ғылыми меңгеруші болып істеп көргемін. Ғылыми меңгеруші деген мектептердегі ең қарбалас адам есептеледі,– деп аз бөгеліп отырды да, білек сағатына қарап қойып,– Сенің оқу-ағарту мəселелеріне арнап жазған мақалаларыңды оқып жүрмін. Кейбір жақсы ойларды да ортаға салып жүрсің. Жақында мекемемізге жазған «оқытушыларды ұсыныспен істетуді жолға қою» жөніндегі ұсынысыңды да тапсырып алдық. Бүгін өзіңді осы мəселе жайында əңгімелесуге шақырған едім, – деді негізгі тақырыпқа көшіп. Е, бəсе, осы жұмысқа бола шақырған екен де деген ой санасынан қас қаққанша сырғып өте шыққан Жеңісқан: – Біздікі, əйтеуір, ішке симаған кейбір істерді жазған ғой, – деді де, не айтар екен дегендей, мекеме бастығына қадала қарай қалды. Жеңісқанның бұл сөзі аяқтай бере үстел үстіндегі үйюлі тұрған қағаздарды ақтарыстырып, оның арасынан бес-алты беттік түптелген оргиналды алып шыққан мекеме бастығы: – Жарайды, жарайды, ішімдегіні тап деп тымпиып жүргенше, ішке симаған істерді ашыққа шығарып айтқан жақсы, – деді алдында тұрған көз əйнегін тұмсығының ұшына қондырып, қолындағы қағазға үңіле қарап, – сен жазған мына «оқытушыларды ұсыныспен істетуді жолға қою» жайындағы талап хатыңды бастан аяқ бірнеше рет оқып шықтым. Бұны ерекше жақсы жазған екенсің. Мазмұнына жəне келтірген дəлелдеріңе ешқандай самал кіретін емес. Расында, сен ортаға қойған бұл əдіс іс жүзінде атқарылар болса, онда ол біздің оқу-ағарту істеріміздің дамуы үшін қаншалық пайдалы болар еді. Алайда, өкінішке орай, дəл қазір бұны іске асыру мүмкін емес. – Қалайша? – деп ол кісінің аузына қарай қалған Жеңісқан, – егер бұл əдіс жолға қойылар болса, онда оқу-ағарту шебіндегі теңгермешілдікті жойып, тай қазанды талқандауға, осы арқылы жарамдыларды екшеп алып, оқытушылар қосынының сапасын жоғарлатуға əбден болады. Осы негізде оқыту сапасы да көтеріліп кетер еді,– деді жітірмелете сөйлеп. – Дұрыс, дұрыс, əбден дұрыс айтасың. Оның бəрін мына ұсынысыңда толық жазған екенсің,– деді мекеме бастығы қолындағы қағазды Жеңісқанға көрсетіп, – алайда, жаңа ғана айтып өткенімдей, бұл шараны жолға қойуға қазіргі жағдай жар бермейді. Бұнда қандай себептер бар дейсің ғой? Оны мен саған ашалап түсіндірейін, біріншіден: бұл жұмыс жөнінде жоғарының арнаулы қаулысы жоқ. Екіншіден: қазір мектептердің, өте-мөте ұлттық мектептердің штат саны зор дəрежеде асып кетіп отырған жағдайда, ұсыныс етілмей қалған оқытушылар жұмысын қалай бір жайлы етеміз? Үшіншіден: Бұл шараны жолға қойған күннің өзінде де, оны аудандық партком мен үкіметке жолдап, бекім алуға тура келеді. – Қазіргі күнде партия мен үкімет оқу-ағарту реформасын ішкерлей тереңдетуді қайта-қайта дəріптеп жатыр ғой,

оқытушыларды ұсыныспен істетудің өзі де бір түрлі реформа емес пе? – Жалпылық жақтан айтқанда, солайы солай, – деді Жеңісқанның бұл сұрағына оншалық тосыла қалмаған Қабден, – алайда, бұл іс жайында жоғарының нақты қаулысы мен белгілемесі жоқ болып отырмай ма? – Біз үшін сіздер жоғары орын саналасыздар, кейбір істерді жоғарының аузына қарап отырмай-ақ алдын-ала істей беруге болатын шығар? Бұның өзі қазіргі реформа заманының талабы ғой. Ал, реформа деген сөздің мағынасы қазақша жалпақ тілмен айтқанда, бұрынғы істерді өзгерту жəне оған өзгеріс жасау емес пе? Жеңісқанның бұл сұрағынан кейін сені қайтсем жеңемін деген адамша əлде нені ойланып, аз отырып қалған Қабден: – Ал, сен айтқандай-ақ оқытушыларды қызметке қою тізіміне реформа жасаған-ақ болайық, – деді көз əйнегін қолына ала беріп, – сонда ұсыныс етілмей қалған оқытушылардың жұмысын қалай біржəйлі етеміз? – Сонда сіздер ұсыныс етілмей қалған жарамсыз оқытушылар қызметсіз қалады деп қорқып отырған болдыңыздар ғой, – деді Жеңісқан, – қазіргі күнде оқу-ағарту саласынан басқа салаларда қызмет орнынан қалып жатқан қызметкерлер аз емес қой, солар қалай күн кешсе, жарамсыз оқытушылар да солай күн кешеді. – Ой, қоғамдық қызмет тəжрибелеріңнің аздығы осы ғой, дүниенің барлығы оп-оңай жолға түсе қалады деп ойлайсыңдар, – деді көз əйнегін қайтадан тұмсығының ұшына қондыра берген Қабден, – кезекте үкімет орындары «орнықтылық – барлығынан маңызды», деп отыр. Ал, сен ортаға қойған əдіс жолға қойылар болса, аз болмаған оқытушылар жұмыссыз қалады да, үкімет орындарының басын ауыртады. Нəтижеде орнықтылыққа, тыныш-ынтымақты жағдайға зиян жетеді. – Анау қалай болады, мынау қалай болады деп, анадан да, мынадан да қорқа берсек, онда оқу-ағарту саласындағы реформа қай күні жолға қойылады? Ұлттық ағартуымыздың сапасы қай күні жоғарылайды? – Бес саусақты ауызға бір-ақ тығатын болсаң, онда қақалып қаласың. Реформа деген де ақырын-ақырын болады, біртіндеп іске асады. Асығып-аптығу қашанда бірдемеге ұрындырмай қоймайды. Бұның сыртында, ұлттық ағартуымыздағы сапасыздықтар тек оқытушыларды ұсыныс ету əдісін жолға қоюмен ғана шешіліп кетпейді. – Неліктен? – Өйткені, кезекте біздің ұлттық ағартуымызда сапасыздық бар деп мойындайтын болсақ, бұл сапасыздықты бір ғана оқытушылар қосыны емес, басқарудың дəрменсіздігі, шартжағдайдың жетерсіз болуы, пайдалану материалдарының тапшылығы, оқушылар мен ата-аналардың оқудан суынуы қатарлы сан-салалы факторлар тудырып отыр. Ал, бұларды жөнге салу бірер күннің ғана жұмысы емес, ұзақ болашақтың міндеті. Мекеме бастығының бұл түсіндірмесінен кейін бұл кісілер оқытушылар қосынының мектептердегі ең шешуші мəселе екендігін неліктен ескермейді дегенді ойлаған Жеңісқан: – Оқытушы – мектептің қолқа жүрегі. Осы мəселені шешпей тұрып, басқа шарт-жағдайдың барлығы да даяр болған күннің өзінде де, оқыту сапасындағы мəселені əл етуге болмайды. Ал, шарт-жағдай деп қарап отыра берер болсақ, ол шарт-жағдайлардың қашан даяр болатындығын кім білсін! – деп мекеме бастығына қарап жымия күліп қойды. – Дүниедегі істер қашанда бірімен-бірі байланысты болады. Қызмет əр алуан қайшылықтарға толы келеді. Бір жағын ғана ұстап, енді бір жағына елеусіз қарау сəтсіздікке душар етпей қоймайды. – Солайда, қайшылықтың ішінде де алдымен шешуге тиісті басты қайшылық, соңынан шешілуге тиісті жанама қайшылықтар да болады. Басты қайшылық шешілмесе, жанама қайшылықты шешудің ешқандай да ролы болмайды. – Сонда, сенше оқытушылар қосынының мəселесін шешу басты қайшылықты шешу болды ғой, бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл қайшылықты шешудің орайы дəл қазір пісіп жетілген жоқ. Дүниедегі істер белгілі уақыт

пен кеңістік ішінде өмір сүреді. Уақыт пен орай қашанда 1-орында тұрады. Ай-күні толмай тұрып туған бала «шала туған бала» аталады. Бастықтың сөзі дəл осы араға келгенде, бөлмеге Жарқын атты шофер жігіт кіріп келді де, Қабденге қарап: – Қашан жүреміз? – деп нұсқау сұрай тіл қатты. – Барлығы дайын болды ма? Осы қазір жүріп кетпесек түнге қаламыз. – Е, онда болады, – деген Жарқын Жеңісқанға қарап иек көтеріп қойды да, – онда мен басқаларға хабарлай берейін деп бөлмеден шығып кетті. – Сенің бізге жазған ұсынысыңды оқып көрдім əрі бұл мəселе жайында өзіңмен арнайы əңгімелестім. Айтылыр сөздің барлығы айтылып болғандай болды. Қазір Қаражыра фермасына жүргелі отырмын. Уақыт болса, бұл мəселелер жəйында тағы да əңгімелесе жатармыз. Мына ұсынысыңды өзің алып қайт! Шарт-жағдай жар бергенде бұл туралы ойласа жатармыз, – деді мекеме бастығы, Жеңісқан жазған ұсынысты өзіне қайтарып беріп жатып, – əңгімеміздің соңында саған айтар ақылым: бұдан кейін өзіңе қатысы жоқ істерге басыңды ауыртпай-ақ өз жұмысыңды ойдағыдай істе! Ал, реформа секілді үлкен істерді жоғарғы орындағы басшылар бізсіз де ойлай алатын болар?! Уақытың болса, Лениннің «Коммунизм қозғалысындағы солшылдықтың балалық ауруы» деген кітабін оқып көр! – «Қайтқан малда береке бар» деген, – деді Жеңісқан өзі жазған ұсынысты бастықтың қолынан алып жатып, – бұқараның пікірін сіздер тыңдамайтын болсаңыздар, тыңдайтын орын табылатын шығар? Сіз де уақытыңыз болса, Гоууюанның (қытайша, мемлекет істер кеңсесі) «оқу-ағартуға реформа жасау жəйіндағы қаулысын» жақсырақ оқып көріңіз?! – деп есіктен шыға берді. Осыдан екі күн өткен соң өзі жазған əлгі ұсынысты əйбеттеп отырып, екі дана көшірген Жеңісқан оның бірін аймақтық оқу-ағарту басқармасына, енді бірін аудандық оқуағарту меңгермесіне почта арқылы салып жіберді. * Бүгін түстен кейінгі кəсіптік үйрену уақытында мектеп жағынан жалпы оқытушылар қатынасқан мұғалімдерден сабақ тыңдау ақуалынан қорытынды жасау жиыны ашылды да, мектеп меңгерушісі Тоқтар мен ячейка хатшысы Жұмабек сөйлеп болғаннан кейін, сөз кезегі Жеңісқанға берілді: – Жоғарыда мектеп меңгерушісі мен хатшы осы реткі сабақ тыңдау ақуалының жалпы барысы мен ішінара нақтылы мəселелер жайында өз көзқарастарын айтып өтті, – деді Жеңісқан алдын-ала дайындап алған сөз тезисіне қарап қойып, – осы рет бірнеше апта уақытты жұмсай отырып, əрқайсы оқыту топтары бойынша мектебіміздегі жалпы оқытушылардың сабақ жоспарлары мен сағаттық сабақ дайындықтарын бір рет көзден кешіріп, арнаулы уақыт шығара отырып, жалпы оқытушылардың сабақтарын түгелдей тыңдап шықтық. Сабақ тыңдап болғаннан кейін сабағы тыңдалған оқытушылар қатынасқан шағын топ жиынында ол оқытушылардың сабақ өту барысындағы артықшылық жəне жетерсіздік орындары өздеріне айтылды. Бұл арада оның бəрін қайталап отырмай-ақ осы рет байқалған өзіміз жетерсіз деп санаған кейбір типтік мəселелерді айта кетейік. Осы рет сабақ тыңдау барысында байқалған мəселелер: 1-Ішінара мұғалімдердің сабақ өту жоспарлары орындалмаған. Сабақ жоспары мен өтілген сабақ мазмұны қабыспайды. Тіпті кейбір оқытушыларымыздың сабақ жоспарлары екі аптаға дейін артта қалған. 2-Айырым оқытушыларымыздың сағаттық сабақ дайындықтары жақсы емес. Сабақ дайындауда жауапкерсіздік, немқұрайдылық бар. Көп сандағы оқытушылар сабақ өту барысында тұсап қоя берген ат секілді оқулық көлемінен шыға алмаса, ішінара оқытушыларымыздың сағаттық сабақ дайындықтары үстірт жасалғандықтан, олардың өткен сабақтарынан бірсыпыра мазмұндық қателіктер де көрінді. Тіпті өзі сабақ өтетін оқулыққа қанық болмаған айырым оқытушыларымыз да байқалды. 3-Аз сандағы оқытушыларымызда сабақ сөйлеу

барысында көніспек пен оқулықтан айырыла алмайтын, тіпті оқулық пен көніспекті бастан-аяқ судыратып оқып беретін жəйларды да көзіміз көрді. Бұл құбылыс өте-мөте теориялық сабақтарды өтетін мұғалімдерімізден көбірек кездесті. 4-Көп сандағы оқытушыларымыз сапа ағартуының талабы мен нысаналы оқытудың ерекшеліктерін əлі де толық игермегендіктен, сабақ өту барысында оқушыларды біржаққа қайырып тастап, бас асауы бар ат құсап, өз алдарына шауып кетті. Өзі сөйлеген сабақ мазмұнын оқушылардың ұққан-ұқпағанымен шатақтары болмады. 5-Сабақ өту барысындағы əдеттегі техникалық мəселелерден алып айтқанда, аз болмаған оқытушыларымыз сабақ сөйлеу барысында, тақтадан толық пайдалана алмаса, недəуір сандағы оқытушыларымызда жазудың көріктілігін айтпағанда, тақтаға жазған жазуды да емле ережесі бойынша дұрыс жаза алмады. Тіпті сабақ мазмұнын дұрыс баяндап, тура жеткізе алмайтын, сөз сөйлеуде қатты орашолақ, бірдің басын, енді бірдің аяғын айтатын, қазақ тілін дұрыс нормада сөйлей алмайтын жайттер де кездесті. Осы реткі сабақ тыңдау барысында байқалған мəселелерді жіңішкелікпен талдап, оларды бірден тізе беретін болсақ, жоғардағылардан да көп олқылықтарды айтуға болар еді, бірақ, олардың бəрін бірденбірден жіпселеп тізіп жатуды басы артық жұмыс санап отырмыз. Бір аудандағы ұлттық ағартудың қара шаңырағы болған орта мектеп жөнінен айтқанда, əлгінде тілге алып өткен кемістіктер де аздық етпес деп ойлаймыз. – Ендеше, осы кемістіктер нені түсіндіреді? – деді Жеңісқан тамағын кеней ақырын ғана жөтеліп қойғаннан кейін сөзін онан ары жалғастырып, – Ол біздің оқытушыларымыздың қызмет жауапкершіліктерінің өте төмен екендіктерін, сабақ дайындығына немқұрайды қарап, өзі өтетін сабаққа мұқияттылықпен дайындық жасамайтындықтарын, сонымен бірге үздіксіз үйренуге сəл қарап, баяғыда мектепте оқыған азғантай білімдерін қанағат етіп жүргендіктерін түсіндіреді. Мектебіміздің оқытушылар қосыны сапасында аз болмаған мəселелердің сақталып отырғандығын дəлелдейді. Ал, мына ғылыми білімдердің мерзімдік айналысы өте шапшаң болып отырған электрон заманы мен оқу-ағарту реформасы барған сайын тереңдеп келе жатқан жаңа дəуірде, өте-мөте «ұлттық мектептердің оқытуы сапасыз» дейтін сөздер гулеп жүрген қоғамдық жағдайда, біздің оқытушылар қосынымыздың арасына да көрінбеуге тиісті осындай кемістіктердің көзге түсуі адамды қатты ашындырады. Осыдан барып мен «оқытушыларды ұсыныспен міндетке қою сынды жаңа да тың шаралар ауызға алынып жатқан мына реформа заманында, біздің ұлттық оқытушыларымыздың өздерінің болашақ тағдырларын қалайша ойламайтындығына қатты қайран қаламын! Қазақтың əдеттегі қарапайым түсінігі бойынша айтқанда, оқытушылық деген сіздің нан тауып жейтін кəсібіңіз ғой! Ал, осы заманғы оқытушылар оқытушылық кəсіппен шұғылдану үшін қандай шарттарды əзірлеуге тиіс екендігі газет-журналдарда күнде басылып, радиотелевизорларда əркүні айтылып жатыр. Мектеп басшылары жағынан жиын сайын дəріптеледі. Осындай жағдайда, өзіміздің нан тауып жейтін кəсібіміз жайында, ашығырақ айтқанда, келешекте қайтып жан бағатынымызды неліктен ескермейтіндігімізді ойлағанда, ішім қатты ашып кетеді! – Бұл арада мен мектебіміздегі оқытушылардың барлығы дерлік зымыран заманның қажетінен шыға алмай жатқан сапасыз оқытушылар дегелі отырғамын жоқ. Мектебімізде кəсіптік қабылеті жақсы, оқыту өресі жоғары, қызмет жауапкершіліктері күшті оқытушыларымыз да жоқ емес. Өкінішке орай, бұндай жақсы оқытушыларымыз саусақпен санарлықтай өте аз болып отыр. Бұның өзі біздің оқытушылар қосынымыздың ішіне недəуір сандағы оқытушы болуға ылайық емес адамдардың кіріп алғандығын, осыдан барып оқытушыларымыздың штаты (саны) зор мөлшерде асып кетіп, жарамды оқытушылардың мектепке кіру қақпасы бекітіліп қалып отырғандығын айғақтайды. Оқытушылар қосынымызды реттемей тұрып, оқыту сапасының жоғары өреге көтерілмейтіндігін түсіндіреді. Сондықтан мен бұдан кейін мектептерде оқытушыларды ұсыныспен істету шара-

сын жолға қоюды ерекше дəріптеймін. Бұл пікірімді мектеп басшыларына əлде неше рет айтып, аудандық оқу-ағарту мекемесіне де тапсырып бергемін. – Қорытып айқанда, – деді Жеңісқан қолындағы естелік дəптеріне қарап қойып, аз тыныстап алған соң, – біз оқытушыларымыздың жоспар-дайындықтарын қанша рет тексеріп, олардың сабағын қанша мəрте тыңдағанымызбен де ұлттық ағартуымыздағы сапасыздықтардың тамырына балта шауып, оның көзін құрта алмаймыз. Бұның бірден-бір шарасы оқу-ағарту құрылымына жүректілікпен реформа жасау болмақ! Сонда ғана біз көздері мөлдіреп алдымызда отырған болашақ ұрпақтар алдында ұялмайтын боламыз. Əйтпегенде, ұрпақтар алдында күнаға батып, ауыр қылмыс арқалаймыз! Жеңісқанның сөзі аяқтағаннан кейін жиынға қатынасып отырған мұғалімдер бірден қобырасып, жиын майданында гүбір-сыбыр молайып кетті де, көп өтпей талқы жиыны өздігінен қыза жөнелді. Біреулер Жеңісқанның сөзін құптаса, енді біреулер оны бүтіндей теріске шығарып, қызыл кеңірдек дауға түсті де кетті. Осылайша, алғашында бір сағат мөлшерінде ғана ашылады деп жобаланған жиын екі жарым сағатқа дейін созылып барып, əрең аяқтады. * Ертеңінде тəңертең оқытушылар 1-сағаттық сабаққа кіріп кеткен соң, Жеңісқан əлдебір жұмысын бітіріп ала қоймақ болып, алдына бірнеше графаны жая бергені сол еді, оқу бөлімінің кеңсесіне екі мұғалима алқын-жұлқын кіріп келді де, қырықтың қырқасына ілініп қалған, сары шашты, көк көз, бетіне пышақ жанығандай, денесіне шыр бітпеген, аласа бойлы Қалима атты мұғалима есіктен кіре бере-ақ: – Əй, Жеңісқан, сен мені оқытушы болуға жарамайтын жарамсыз адам деп жүр дейді ғой, осы сөз рас па? – деп шаптыға тіл қатқан еді,оның қасына еріп келген, ұзын шашын иығына қарай жауып жіберген, қарақат көзді, оймақ ауыз, үнемі жасанып-сыланып, үсті-басына шаң жуытпай жүретін, сұлу өңді жас келіншек Маржан да: – Мені де жарамсыз мұғалім қатарына шығарыпсың ғой, саған бұндай құқықты кім берді? – деп дүрсе қоя берді. Тұйықсыз келген бұл екі мұғалімге алғашында аң-таң бола қараған Жеңісқан олардың бет əлпеттеріне үрке көз жіберген еді, Қалиманың өңі өрт өшіргендей түтігіп кетіпті де, Маржанның бота көздеріне жас тола қалыпты. Екеуі де Жеңісқанды қазір-ақ жұлып тастайтындай өшіге қарайды. Олардың бұл сұрақтарына қарап, бұлармен айтысып марқадам таппасын сезе қойған Жеңісқан, алдындағы графасын жаба беріп: – Ой, апайлар, сіздерге бұл өсекті кім айтып жүр? Пікірлеріңіз болса, орындыққа отырып, асықпай айтыңыздар?! – деген еді, Жеңісқанды жеп жіберердей болып көкпеңбек көзімен ішіп-жей қарап тұрған Қалима: – Кімнің айтқанында сенің нең бар? Артыңды қысып, тыныш жүрмей, осы сенің елде қақың не? – деп тағы да Ебінің боранындай бұрқылдай жөнелген еді. Оның ұзын көлеңкесіндей болып жанында қалқиып тұрған Маржан да көз шанағына үйіріліп тұрған жас тамшыларын төгіп жіберіп: – Осы қазақ бірін-бірі шұқымаса, жан баға алмай қала ма? Бізді осы кəсіпке сен орналастырып па едің? Біздің жан бағып жүрген айлығымызды тартып алғанда саған не түседі? Жоқ əлде, біздің алатын ақшамызды сен жанқалтаңнан беруші ме едің? – деп қос алақанымен бетін баса берді. – Соны айтам, – деді сөзді іліп ала жөнелген Қалима тағы да таласатын əтешше шаптыға тіл қатып, – Кішкене ғана мансап тигенге, Құдайдың құлағын ұстағандай бола қалыпсың ғой, алсақ, үкіметтің ақшасын алып жатырмыз. Өз қалтаңнан шықпағаннан кейін оған сенің нең күйіп кетті? – Ой, ой, сіздер өзі недеп барасыздар? – деді Жеңісқан, – мен сіздердің айлықтарыңызды тартып аламын деп қашан айтыппын? Оқытушы бастарыңызбен ылғи елдің өсегіне сенеді екенсіздер?!

– Қатқаныңның басы өсек! – деді Қалима бағанағыдан да долдана түсіп, – сенің мектептен тартып үкіметке дейін барып жүргеніңді кім білмейді? Үкіметтің бізге беріп жатқан азғантай ақшасын қызғанғанда саған не түседі? Онымен қатыныңа көйлек алып берейін деп пе едің, жармағыр! Қалиманың сөзі осы араға келгенде, Жеңісқанның да қырсық мінезі сап ете түсіп, ашуы атылып келіп аузына тығылса да, өзін зорға тежеп: – Адамға тіл тигізбей байқап сөйлеңіз, тегінде! Мынау деген білім орны, пікіріңіз болса, айғайламай айтыңыз?! – деді дауысын көтере шығарып, – үкіметке барып талап айтсам, ол менің азаматтық ұқығым! Ал, сіздер, расында, толымды оқытушы болсаңыздар, ұсыныс етіп істетуден несіне қорқасыздар? – Ұсыныс етіп істете ме, жоқ əлде, осы беті қоя бере ме? Ол сенің қолыңнан келетін жұмыс емес,– деді көз жасын қолының сыртымен сүртіп, солқылдай тұрып тіл қатқан Маржан, – Тинамдай ғана мəнсап тигенде бүйтсең, қолыңа үлкен мансап түсе қалса, бүкіл қазақты қырғызып тастаудан тайынбассың-ау! – Соны айтам! – деді сөзді жұлып алған Қалима, – өкіметтің қадірін қайтып істететінінде сенің нең бар? Біз толымды боламыз ба, толымсыз боламыз ба? Онда сенің шатағың не? Бұл дүниеде сен ғана толымды ма едің? Бірнеше ауыз өлең жазғанға өзін құдай санап алыпты ғой! – Адамның қара басына соқтықпай, айтарыңызды жөндеп айтыңыз, – деді Жеңісқан, – мен пікір айтсам, ұлттық ағартуымыздың болашағы үшін айттым, қазақтың қара көз ұрпақтары үшін сөйледім. – По, шіркіннің пысығын, қазақтың қамын жей қалуын! Сонда біз қазақ емес екенбіз де? – деді мырс етіп кекете күліп жіберген Қалима, – сен қашаннан бері қазақтың қамын жей қалатын болғансың? Қазақтың қамын жеуден садаға кет! Оданша артыңа жақсырақ қарасаңшы?! – Осы сөзіңіздің өзі сіздің толымсыз оқытушы екеніңізді айғақтап тұрмай ма? – деді өзі де байқамастан күліп жіберген Жеңісқан, – мектеп ауласында аузыңызға ақ ит кіріп, көк ит шығып тұрса, сіз қайтып толымды оқытушы боласыз? – Мен-ақ толымсыз оқытушы болайын, сонда сен маған не істей аласың? Артыңа қарамай, елмен жағаласқан неңді алған? Оданша ел қатарында жаныңды бақсаңшы?! – Менің жанымды сіз бағып беріп жүрген жоқсыз. Сіз де артыңызға қарап сөйлесеңіз қайтеді? Мықтағанда бастықтың туысы боларсыз? – Иə, бастықтың туысы екенімді білсең, артыңды неге қысып жүрмейсің? « Айғырмен ойнаған ат, арқасын алдырады», дегенді білсең болады! Осы сəтте əлгіден бері үнсіз тұрып қалған Маржан да: – «Кəрі жілік елді амандағанша, өз басын сақтап алсын», дегендей, бұдан кейін елмен жағаласқанды қойып, көзіңді ашып жүр! Қазір елдің сыртыңнан недеп жүргенін білесің бе? Елді айдаймын деп жүргенде, өз орныңнан айырылып қалып жүрме? – деген еді, Қалима: – Соны айтам, «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген тəрізді, басқаларды қойып, алдымен өз қамыңды жақсырақ ойланып ал! Жə, жүр енді, Маржан, кетейік, бұның мыжыма ақыл-өсиетін тыңдап тұратын уақытымыз жоқ, – деді де, алды-арттарына қарамай есіктен шыға жөнелісті. Олар шығып кеткеннен кейін өз-өзінен қалшылдап-дірілдеп, ашу отына өртенген Жеңісқанның өзегін əлде бір өкініш от болып күйдіріп, жан алқымға ала берді де, мый шарында осындай адамдар оқытушы деген ардақты атты иелеп алғанда, біздің оқу-ағартуымыздың болашақ тағдыры қалай болады? Жас ұрпақтарымыз қалай тəрбие алады? Оқыту істерімізде сапасыздықтар қайтып жоғалады, дегендерді ойлап, өзінен-өзі арпалысып, əлде бір ашты сезім қолқа жүрегін кеміре мұжып, көпке дейін өз-өзіне келіп тыныштала алмай, бірінен кейін бірі келген ой ағындарымен жағаласып отырып қалды.

ОСЫДАН КӨП ӨТПЕГЕН БІР КҮНІ Түстен кейін ана-мына жұмыстарға айналып, қызметтен жайырақ түскен Жеңісқан көз байлана, салып ұрып отауына келген еді, күнде өзінің тəтті тілімен былдырлап алдынан шығатын баласы Тілек ұйықтап қалғанға ұқсайды. Ал, əр күні ашық-жарқын жүзбен оны қарсы алатын жан жары Гаусар да бүгін бірдеме болғандай, оған онша ашық қабақ танытпады. Тек келдің бе дегендей қылып, оған нəумез ғана қарап қойды. Осыдан барып күнде өзінің қызметтен шаршап келгенде, жанұясынан бір түрлі бақыт пен шаттық лебін сезетін Жеңісқан, бүгін өз отауын бір түрлі көңілсіздік пен сүреңсіздік басып тұрғандай сезді де, киімін шешіп болған соң келіншегіне: – Тілек қайда? – деп сұрау тастаған еді, Гаусар: – Ұйықтап қалды, – деп шорт жауап қайырды да, ас үйіне кіріп, өз жұмысымен күйбеңдей берді. Үйіне кіре бере-ақ келіншегінің қабағынан біртүрлі кірбеңдікті сезген Жеңісқан, əкау, бүгін бұған не болды екен, ə, деген ойдың дізгінімен жағаласып, қонақ үйдің төріне қойылған ұзын сафаға гүрс етіп отыра кетіп, телевизорды ашты. Телевизордың қазақ тіліндегі каналында Жеңісқан қалт жібермей ұнатып көретін «Шарапат» айдары беріліп жатыр екен де, тілші Шинжаң көлеміндегі əлде бір белді ақынмен сұхбат өткізіп жатыпты. – Қап, кешігіп қалғаным-ай! – деп өзіне-өзі гүбірлеген Жеңісқанның бар назары телевизорда жүріліп жатқан сұхбатқа ауды да кетті. Бір кезде Гаусар: – Тамақ ішейік, – деп дыбыстамаған болса, оның телевизорға телмірген беті қаншалық отырарын кім білсін! Ол ұйқысынан оянғандай жан-жағына қараған еді, келіншегі алдындағы аласа үстелге дастарханын жəйіп, шайды да құйып үлгіріпті. Жеңісқан алдында тұрған шыныны қолына ала беріп: – Немене, бүгін өзі бір түрлі көңілсізсің ғой, мен жоқта біреу-міреу келіп, сөз салып кеткеннен саусың ба? – деп əзілдей тіл қатып, мырс-мырс етіп күле берді. – Кетші ары, бір балаға шеше болған маған енді кім сөз салады ғой дейсің? Баяғы сенің ісің болмай ма? – деді Жеңісқанға əлде бір айыптау сыңайымен қадала қараған Гаусар. Əдетте сапылдап көп сөйлеуді жаратпайтын, жасанып-сыланумен əуестігі жоқ, қай-қашанда өзінің табиғи қалпында жүруді ұнататын, сұңғақ бойлы, ақсұр өңді, бота көзді, тек қысқа шашын анда-санда бір бұйралатып жүретін келішегін Жеңісқан осындай қарапайымдылығы мен біртоға мінезі үшін айырықша жақсы көретін. Оның жаңағы «баяғы сен үшін болмай ма» деген сөзі жүрегін солқ еткізе аунатып жіберген ол: – Мен үшін дейсің бе? Маған сонда не бопты? – деп қайта сұраған еді, Гаусар: – Бүкіл аудан қалашығында боран болып гулеп жүрген сөзді əліге дейін естімедің бе? – деп Жеңісқанды бүгін ғана көріп отырғандай оған таң қала қарады. Келіншегінің бұл сөзінен кейін онан ары айран-асыр болып таңырқаған Жеңісқан: – Жұмбақтамай ашығын айтшы, ол не сөз екен? – деген еді, Гаусар: – Сені бір ауылдыққа ауыстыратын болыпты ғой, елмен жағаласпай жүр деп баяғыда-ақ айтып едім, тілді алдың ба? Енді міне қырға барып тыныш болатын болыпсың! – деді бота көзіне жас үйіріліп. – Қойшы-ей, – деді бұл сөзді естіп, жүрегі зырқ ете түскен Жеңісқан, – бұны саған кім айтып жүр? – Кім айтты дерің бар ма? Біздің мекемедегілердің барлығы да біліп болыпты. Əуелдесең, қашан көшесіңдер деп сұрайды. – Ой, алла! – деді Жеңісқан келіншегінің бұл сөзінен соң қолындағы шынысын дастархан шетіне қоя беріп, – рас айтасың ба-ей? Сонда қайда, не істеуге барады дейді? – Рас айтпай, саған қалжыңдап отыр дейсің бе? – деді Гаусар осы араға келгенде, көз шанағына үйіріліп тұрған жас моншағын төгіп жіберіп, – баратын жерің аудан қалашығынан ең алыс Ақтөбе ауылдығы дейді. Ол арадағы жатақты мек-

тепке меңгеруші болатын болыпсың. Мансабың құтты болсын! Ал, ол араға баратын болсаң, өзің ғана бар! Тілек екеуміз осы арадан ешқайда да қозғалмаймыз! – деп орнынан тұрды да, ас үй жаққа қарай аяңдай берді. Келіншегінің бұл хабарынан соң бағанадан бері шын ба, өтірік пе деп, айранасыр болып отырған Жеңісқан да бұл сөз бекер шықпаған болды. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдай ма», дегендей, əйелдердің құлағы ұзын ғой. Осындай алып-қашпа хабарлар соңында шынға айналып жатушы еді дегенді ойлап, не істеп, не қоярын білмей, отырған жерінде мелшиген бойы отырып қалды. Біраз уақыттан кейін кешкі тамағын алып, дастархан басына қайта оралған Гаусар ой үстінде тұнжырап отырған Жеңісқанға алая қарап қойды да: – Баяғыдан бері қолыңнан келмейтін істерге жағаласпасаңшы, оны үкімет орындарының өздері жөндейді деп, талай рет ақыл қылып айтсам да, менің сөзімді құлағыңа да қыстырмай, көп адамдармен қайшылықтасып алған едің. Міне солар қайтадан қайырылып келіп, өш алыпты. Сенің үстіңнен мектептеріңдегі оннеше адам бірлесіп, ауданға арыз жазыпты, – деді тағы да бір сырдың шетін шығарып. Бұны естіп, Гаусарға жалт қараған Жеңісқан: – Ой, тəубе! Менің үстімнен арыз жазыпты дейді? Бұны саған тағы да кім сыбырлай қойды? Сонда олар мен жөнінде не деп арыз жазған екен? –деп таңғала да таңырқай сұраған еді, Гаусар: – Олардың не деп арыз жазып жүргендерін мен қайдан білейін? Сендердің мектептеріңде істейтін Маржан деген келіншек біздің мекемедегі сіңлісіне айтыпты. Содан естідім. Баяғы сені елмен шығыспайды, ойына не келсе соны істегісі келеді деп жазған шығар? – деп қаперсіз жауап берді. Келіншегінің бұл жауабынан кейін осы əңгіме басталғаннан бері мыйшарын шырқ көбелек айналып жүрген ашуы атылып аузына келген Жеңісқан: – Мен олармен алыссам, əділдік пен шындық үшін алыстым. Ұлттық ағартуымыздың болашағы үшін пікірталаптарымды ортаға қойдым. Ол пікірлерімнің жүзде-жүз пайыз дұрыс екеніне өзім де кəміл сенемін. Бұның ақ-қарасын өкімет орындары айыратын шығар? – деп кімге ашуланғаны белгісіз дауысын көтере сөйлеген еді, Гаусар: – Ақырын сөйле! Тілек оянып кетеді. Мен бүгін сенімен ұрысайын деп отырғамын жоқ. Тек жылы орнымыздың суыйтын болғанына ғана ішім ашып отыр. Аудан қалашығына тұра алмасақ, сонау қиыр шеттегі ауылға барып қалай күн көреміз? – деп тағы да көз жасын төгіп жіберді де, – айналаңдағылар ордалы жылан секілді, көбінің туыс-туған, құдажегжаттары үкіметпен қатысты мықты орындарда істейді. Олар солардың шапағатымен бұл араға орналасып қалған. Біреуін түртіп қалсаң, барлығы бірдей бас көтеріп шыға келеді дегенімде, менің сөзімді қашан тыңдаған едің? Анау Қалима аудан əкімінің туған құдағыйы болса, Маржан орынбасар хатшының немере келіні емес пе? Ал, анау өзің үнемі мұғалым болуға толымдылығы жоқ деп аузыңнан тастамай отыратын арақкеш Нұрманның аудандағы қай бастықтың туысы екендігін өзің де əбден білесің ғой? Сонда сен бір-бірімен шырмауықтай шырматылып жатқан ордалы жыланға соқтықпағанда кімге соқтығып жүрсің? – деп бір құшақ сөзді бір-ақ айтып тастағанда, келіншегінің бұл босағаны аттағаннан бері мұншалық ұзақ сөйлегенін бүгін ғана көрген Жеңісқан, бұл да қоғамдық қатынасты недəуір-ақ зерттеген екен ғой, дегенді ой елегінен өткізіп: – Бастықтың туысы болса қайтеді екен? Бастықтың туысына сот жүрмей ме? – деп Гаусарға қарап, қызарақтай тіл қатты, – бастықтар осындай жарамсыз мұғалімдерді қашанға дейін қорғай алады дейсің? Ақыр соңында əділдік пен əділет жеңбей қоймайды! – По, шіркін! Əділдіктің жеңетіні осы ма? – деді Гаусар мырс етіп күліп жіберіп, – сен айтып отырған əділдік шындығында бар болып, сенің айтып жүргендерің шын болса, анау қиыр шеттегі ит байласа тоқтамайтын жерге сол сияқты жарамсыз мұғалімдерді апармай, текедей таңдап сені апаратыны қалай? – Ой, мені ол араға өсіріп апарғалы жатыр ғой, ол жарамсыздарға қайтып мəнсап беріп өсіреді? Бұл бір, екіншіден: ол

арада бастықтармен байланысы күшті біреуді бұл араға ауыстырып алып келетін болар? – деген сөзді өзі де байқамастан айтып қалған еді, Гаусар: – Дұрыс айтасың, ол арадағы мектеп мүдірі оқу-ағарту мекемесі бастығының туған жиені екен. Ол аудандық 2-бастауыш мектепке мүдір болып алмасып келетін болыпты, – деп жəне бір тың хабарды жылтың еткізді. – Ой, тəубе! – деді Гаусардың бұл сөзін естіп, оған тағы да аң-таң бола қараған Жеңісқан, – сен өзі жақыннан бері əкімнің хатшысы болып алғаннан саусың ба? Мен сені оқуағарту саласынан ештеме де білмейтін шығар деп ойлап жүрсем, тіпті бұл саланың кəдір жөткеу маманы екенсің ғой, мені де мүдірлік мəнсапқа сен іліндіріп жүргеннен саусың ба? – деп жымыя берген болып еді, Гаусар: – «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген. Сен жөніндегі бұл сөздер бекерден-бекер шығып жүрген жоқ. Бастықтардың біреуі əйеліне айтып қойып, содан тарап кетіп отыр. Ертеңнен қалмай, сен де бастықтарға барып, ол араға бара алмайтындығыңды айт! Тағы да қырыс мінезің ұстап, олармен егесіп қалып жүрме!– деп шегелей тіл қатты. – Жоқ, мен ешкімнің алдына барып, жалынып-жалбарына алмаймын. Мəнсап беріп, ол араға бар десе бара беремін. Мен де бір 1-қол деген мəнсаптың құлағын ұстап, елді басқарып көрейін. Ойға алғандарым орындала ма екен?! – деді əлде неге белін бекем буғандай болған Жеңісқанның қырсық мінезі тағы да ұстай қалып, – Ол арада да халық бар шығар? Халық бар жерде біздің неге жасауымызға болмайды екен? – Малшылық мектептің мүдірі деген тырнақтай ғана мəнсап үшін барамын десең өзің бара бер! Əйтеуір, Тілек екеуміз ол араға аттап баспаймыз! – Өмірлікке Құдай қосқан қосағым болған соң, мен барсам сен де барасың. Мен сенен айырылып күн кеше алмаймын. – Жоқ дедім болды, бұны енді қайтып ауызға алмай-ақ қой, ол ит байласа тоқтамайтын қу медиян далаңа барамын деп өтірік айта алмаймын. Оның сыртында, ол арада мен істейтін кəсіп те жоқ болар? Менен шынында айырылғың келмесе, онда ертең бастықтарды іздеп, өзіңнің ешқайда да бармайтындығыңды айтып қой! Ал, титімдей мансаптың соңынан кетемін десең онда да өзің біл! – Жоқ деген соң жоқ! Мен де ешкімнің алдына жалынып барып, қатын сияқты күн кеше алмаймын! – Жағдай айтқанға бола қатын болып кетпейсің. Отбасыңның қамы мен Тілектің болашағын ойласаң барасың! Ал, отбасы қажет емес болса, білгеніңді істей бер! Міне, осылайша той жасап, бастарына отау көтергеннен бері қарай тұңғыш рет ренжісіп қалған Жеңісқан мен Гаусар бір-бірімен сөз таластырып, көпке дейін ерегесіп жатты. Осыдан көп өтпей аудандық оқу-ағарту мекемесі Жеңісқанның Ақтөбе ауылдық малшаруашылық жатақты мектебіне меңгеруші болып тағайындалғандығы жөніндегі ұқтыруды да шығарып үлгірді. Оның алдында Жеңісқанды шақырып алып, оның пікірін алып көрген аудандық оқуағарту мекемесінің бастығы Қабден, Жеңісқан «бармасам қайтеді», деп көткеншек аттай тартынып көргенде: – Партия мен үкімет өзіңдей дарынды да арынды, білімді де қолынан іс келетін жас кəдірлардан ерекше үміт күтіп отыр. Ол араның мектебі бұрыннан жақсы басқарылмай келе жатқандықтан, бір оңаса, сен оңай ма деп дəмеленіп отырмыз. Жас кезде қиыншылығы бар жерлерге барып істеген жақсы. Шынығып пысасыңдар. Ұлттық ағартуымыздың негізгі базасы болған ауылқыстақтар мен малшаруашылық аудандарында оқыту сапасын жоғары көтеру – біздің көз алдағы негізгі міндетіміз. Ұлттық мəдениеттің сапасын өсіру ең алдымен негізгі саты орындарынан басталады, – деген жосықтарды көлденең тартып, Жеңісқанның алдын бөгей берді де, көп күш жұмсамай-ақ, оны бас июге мəжбүр етті. * Ақтөбе ауылдығы аудан қалашығынан ең шалғайға орналасқан, 3 ауылшаруашылығы, 2 малшаруашылығы қыстағы-

нан құралған, жерінің көбі таулы болып келетін, қатынасы қолайсыз, экономикалық қуаты əлсіз, тұрғындарының тұрмыс күйі төмен, осы заман ақпарат ағынынан жырақ, қоныстанушыларының 90 пайыздан астамы қазақ ұлты болып келетін, əлі де орта ғасырлық шаруашылықпен айналысатын, тұйық күйдегі ауылдық болатын. 3 Егіншілік қыстағының үшеуінде 8-9 мұғалімі, 20-30 оқушысы бар бастауыш мектеп, ал, ауылдық орталығы саналатын Ақтөбеде бастауыш пен орталау бірге оқитын «малшаруашылық жатақты мектебі» бар еді. Жеңісқанның осы малшаруашылық жатақты мектебіне меңгеруші болып келгеніне де бір айдан асып барады. Гаусар алғашындағы айтуы бойынша бұл араға келуге бастан-аяқ ұнамай қойғандықтан, Жеңісқан оқытушылар жатағының бірінде салт жатып қызмет істейді. Алғаш бұл араға келгенде иен далаға келгендей болып қатты құлазыса да, «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді», дегендей, бара-бара қызметтестерімен таныса, ортаға үйлесе келе, бұл араға да бойы үйреніп келеді. Ауылдық орталығы саналатын бұл жерде оннеше жылдың алдында, яғни, бір кезде жатақты мектеп құру ауқымы дүрілдеп кеткен тұстары қызыл кірпіштен осы заманға бейімдеп, 15 бөлмелі сынып, 20 неше ауызды оқушылар жатағы жəне 5 бөлмелі оқытушылар кеңсесі салыныпты. Оннеше мулық ( Му – қытайша көлем, аумақ өлшемі) мектеп ауласы қара кірпішпен қоршалып, қорған жағалай ағаштар егіліпті. Бұл күндері сол кезде егілген ағаштар бой тарта өсіп, материалға да жарап қалыпты. Бұл мектепте осы қыстақ тұрғындарының балалары жəне басқа екі қыстақтың орталау мектепке түскен оқушылары жатақта жатып оқиды екен. Бір кездері бұл мектептің оқушылары қауырт көбейіп, 150-ден асып жығылса, бұл күндері оқушы қайнары күрт азайып, 60-қа жетер-жетпес оқушы ғана қалыпты. Осы арада ұзақ уақыт істеп келе жатқан мұғалімдердің айтуына қарағанда, өте-мөте орталау оқитын оқушылардың қатары бұрынғыдан көп сиреп кетіпті де, оқушылардың мүлде басым көп сандысын бастауышта оқитын оқушылар ұстайды екен. Осылай болса да, бастауышта оқитын оқушылардың саны да тұрақты болмай, бірде азайып, енді бірде көбейіп тұратын көрінеді. Ал, бүкіл мектепте қазір 12 оқытушы, 5 қызметкер, уақыттық істеп жатқан күтушілерді қосқанда 7 жұмысшы қызмет істеп жатыпты. Бастауыш сыныптарында ең көп болғанда 20-ға тарта оқушы оқыса, орталау жылдықтарында ең көп болғанда 7-8 ғана оқушы оқиды екен. Бұл арада істейтін оқытушы-қызметкерлер еңбек ақыны үкімет қазынасынан бір тұтас алса, күтушілер мен жұмысшылардың көбі уақыттық істеп жатқандар болып, олардың еңбек ақыларын ауылдық қазынасы көтеретін көрінеді. Мектепке үкімет жағынан берілетін қаражат өте аз əрі ауылдық жағынан берілетін қосымша қаражат уағында берілмейтін болғандықтан, жатақта жатып оқитын оқушылардың тұрмыс күйлері өте төмен болып, олар əркүнін қалтқұлт етіп, əрең жолға салып жатыпты. Олар күні кешке дейін мектеп ауласында қамалып, сынып пен мектеп ауласында жетімсіреп, құлазу, зерігу ішінде күн өкізетін тəрізді. Əсіресе, адамды қатты алаңдататындығы, кезекте ауылқыстақтар мен малшаруашылық аудандарында балалардың орта жолда оқудан қол үзіп кетуі бір түрлі ауқымға айналып бара жатыпты. Күз бен көктем кезіндегі оқушылардың мектепке жиналатын уағында, оқытушылардың көп уақыттары қыстақтар мен отбастарын аралап, «Балаларыңды оқыта көріңдер» деп, ата-аналарға жалынумен өтетін тəрізді. Міне, бүгін Жеңісқан жанына 5-6 жылдан бері осы мектептің ғылыми меңгерушісі болып істеп келе жатқан Нұрбай атты жігітті ертіп, ауылдықтан 7-8 шақырым шалғайдағы Қайрақты қыстағына алдыңғы оқу маусымынан бастап, оқуға келмей қалған оқушылардың жағдайдарын ұғысуға келе жатыр. Жеңісқаннан 2-3 жас қана үлкендігі бар, Нұрбай атты бұл жігіттің осы арада оқытушы болып істеп келе жатқанына 10 жылдан асып барады екен. 10 жылдың алдында Аймақтық педагогика мектебінің қоғамдық ғылымдар сыныбын бітірген ол, бұйрық бойынша осы мектепке бөлініп келіпті де, көп өтпей бұл арада отау көтеріп, балалы-

шағалы болыпты. Əйелі Күлімқан осы мектепте математика мұғалімі болып істеп жатыпты. Ал, əдебиет сабағын беретін Нұрбай осы мектептегі таңдаулы да тіректі мұғалімдердің бірі екен. Жеңісқан алғаш бұл араға келіп, ерігіп, іші пысып жүргенде, бір күні оның үйінен недəуір көлемді кітап шкафында сығыла тізіліп тұрған кітаптарды көріп, «қырда отырып та осындай көп кітап жиятын адам болады екен-ау,» деп қатты таң қалғаны бар еді. Бұл арада кітап сататын кітап дүкенін көре алмаған Жеңісқан, бір жолы оның кітаптарын ақтарыстырып отырып, сөз салты ретінде: – Бұл кітаптарды қайдан жинап алғансың? – деп сұрағанда, ол: – Анда-санда аудан қалашығына барғанда, əйелдер базарға қарай жүгірсе, мен кітап дүкеніне барып, жаңа шыққан кітаптарды көтеріп келемін, – деп қалжың-шыны аралас жауап берген болатын. Осындай кітапқұмарлығынан болар, кейбір мəселелер жайында əңгімелесе қалғанда, Жеңісқан оның ой-санасы ашық, көп мəселелерге жаңа заман тұрғысынан қарайтын, аңғарлы да алымды азамат екенін байқап қалатын. Осыдан барып бұл араға келіп жатсырап, жатырқап жүргенде, Жеңісқан оны өзіне сүйеніш тұтып, бірер жастың үлкендігі болмаса, заманымыз бір ғой деп, онымен құрдастарша қалжыңдасып жүретін. Сонымен бірге баспа беттерінде тартымды да қысқа əңгімелер мен оқытуға қатысты недəуір озық өрелі мақалаларды жазып жүретін Нұрбай Жанақыметұлы деген автордың осы Нұрбай екенін білгенде, жоғалып кеткен туысын тауып алғандай, бұл арада əдебиет туралы əңгімелесіп, көзқарас тоғыстырып тұратын адамның болғанына ерекше қуанған-ды. – Əне, анау бұлдырап қана көрінген Қайрақты қыстағы! – деді Нұрбай тастақты белегірге шыға бергенде, қамшысымен алдыңғы жақты нұсқап, – бұл ауылдық орталығынан ең шалғайдағы, жартылай егіншілікпен, жартылай малшаруашылығымен шұғылданатын қыстақ. Бұрындары бұл арада мал ұрықтандыратын пункт қана бар екен. Кейіндері малшыларды отырықтандыру түйініне айналып, көлемі барған сайын кеңейіп, бір əкімшілік қыстағына айналды. Жерлік адамдар осы күні де ол араның Қайрақты дейтін атын айтпай-ақ «Фонкит» дей салады. Бұл кез қазан мен қарашаның өларасындағы күз мезгілі болатын. Жолға шыққаннан бері айналасындағы сарғая қураған селдір селеулер мен қурай-жусандарға, бірінен ассаң, енді бірі көлденеңдеп шыға келетін тастақты жоталарға, сай ішіндегі бұлақ бойларында күзеуде отырған киіз үйлерге, олардың маңында өріп жүрген əр түлік малдарға, қыл аяғы жалғыз аяқты соқпақ жолда анда-санда алдыларынан жортып өте шығатын қосаяқтар мен саршұнақ тышқандарға қызыға қарап, көптен бері қалашық пен төрт тамға қамалып, табиғаттың əсем көріністерінен бейхабар қалыппын-ау! Табиғат дегеннің өзі адамның сезімі мен қиялын шарықтататын, қандай бір ұлы сызушы да сызып шыға алмайтын əсем картина екен емес пе? Ал, қалада болсақ, бір үйден шығып, бір үйге кіріп, көшедегі қайшыласқан адамдар мен алуан түрлі машиналардан басқа не көресің? Бір есептен бұл араға алмасып келуімнің өзі өмір үйренуімнің тамаша орайы болған екен ғой дегендерді ойлап, əлде бір сезімнің жетегінде елітіп келе жатқан Жеңісқан Нұрбайдың əлгіндегі сөзінен кейін қиянға шарықтап кеткен қиял жібін шумақтап жинап алып, əсем жорғасымен тайпалып келе жатқан қоңыр төбелдің тізгінін тарта беріп, Нұрбай нұсқаған тұсқа қадала қарады да: – Сонда бұл қыстақтың тұрғындарының көбі малшылықтан келген болды ғой, олар не харекет істейді? – деп қыр тұрмысын білмейтін адамның əуенімен сұрау тастады. – Иə, көп сандысы малшылықтың тұрғындары. Олар жазда бұл араға көп отырмай, жайлауға шығып кетеді де, қыста кемпір-шал, ауыру-сырқаулары балаларын қыстауға шығарып жіберіп, өздері осы араны қыстап шығады. Ал, көп сандысы малдарын бір-біріне қосып, бір отбасына көтертеді де, оларға лайықты бағым ақысын беріп, өздері осы арада қалады. Малдары жоқ азғана бөлегі қыстақтың аяқ жағындағы Шиліөзек деген жерге аздап егін салған болады.

Сондықтан қыстақ тұрғындарының көп сандысы өздерін «жан баққандар» атайды, – деді бағанадан бері ақтангер атымен желе жортып, Жеңісқаннан қамшы салым алда келе жатқан Нұрбай атының басын тартып, Жеңісқанмен қатарласа беріп. – Əй, қазекем-ай, – деді осы кезде ойына əлде не түсе қалған Жеңісқан қоңыртөбелді тебіне беріп,– өздерін «жан баққандар» деп атайды деші, бұл баяғы Мұхтар Əуезовтың «Абай» эпопеясында суреттелетін «жатақ ауылы» емес пе? – Дəл айтасың! Бұл теңеуің өте орынды болды, – деді ат үстіндегі Нұрбай дауысын шығара күліп жіберіп, – жартылай көшпенді, жартылай отырықшы десе де болады. – Ой, алла! Мына əркүнінде бір жаңалық туындап жатқан электрондық зымыран заманда, біздің қазақ көшіп-қонуын неге қоймайды екен, ə,–деді Жеңісқан өзінен əлде Нұрбайдан сұрағаны белгісіз күрсіне тіл қатып, – мынау иен дала мен тау арасында ары-бері көшіп жүрудің өзі қаншалық əурешілік десеңші!? – Кім біледі, олармен отырықтану, қалаға қоныстану жөнінде əңгімелесе қалсаң-ақ болғаны «төрт қабырғаның ішінде қамалып, тұншығып отырар жайымыз жоқ» деп шыға келеді, – деді ат жалына еңкейіп, салақтап түсіп кеткен шылбырын жинай берген Нұрбай. – Бəлкім, «қазақ пен табиғат бір тұлға боп бірігіп кеткен» деп, біздің ақын-жазушыларымыз жазып жүрген секілді, бұның өзі де біртүрлі табиғатқа жақындық шығар? – деді Жеңісқан өз сұрауына өзі жауап бергендей болып. Жеңісқанның бұл сөзінен кейін ат үстінен айналасына қарап қойған Нұрбай: – Бұл күндері маған табиғат та тозып, барған сайын кəртейіп бара жатқандай сезіледі, – деді мұңая үн қатып, – үлкендердің айтуларына қарағанда, елу неше жылдың алдында біз келе жатқан осы аумақтың өзі тобылғы мен қарағанға сіресіп тұрса, ал, анау көрініп тұрған қара таудың қапталы мен одан бергі өзеншенің бойы «Қайыңды қаптал» жəне «Талдысай» аталады екен. Қазір ол арадан күрек саптайтын ағаш та таба алмайсың. Тіпті оннеше жылдың алдында өзіміз бара жатқан Қайрақты қыстағының аяғы «Шиліөзек» аталып, төңкеріліп тұрушы еді, осы 5-6 жылдан бері «малшыларды отырықтандыру» деген желеумен егіндікке айналып кетті. – Сен айтқандай, табиғат та бұрынғы көркі мен сəнінен айырылып, барған сайын тозып бара жатса, онда біздің қазекем əліге дейін неліктен көшіп-қонып жүруді қоймайды? – деді Жеңісқан бағанадан бері өзін майлы ішекше айналдырып алған толғақты ойдан құтыла алмай, – үлкендерін қойшы деген күннің өзінде, өздерінен кейінгі ұрпақтарының қамын неліктен ойламайды? – Е, иен тау қуысында 5-6 малының соңында салпақтап жүрген қазекемде ұрпақтарының қамы мен ұлтының болашақ тағдырын ойлайтын сана қайдан болсын! – Айтпақшы, – деді Нұрбайдың бұл түңіліске толы сөзі есіне əлденені түсірген Жеңісқан, атының басын Нұрбайға қарай жақындата бұра беріп, – мен осы араға келгеннен бері «қазір қазақтар баласын оқытпайтын болып барады. Сондықтан оқушы қайнарымыз жыл сайын азайып келеді», деп зарлайсыңдар да отырасыңдар. Осының себебін айтшы? – деп өтіне тіл қатты. – Е, бұны айтар болсақ, таусылмайтын жыр ғой. Осы араға келгеннен бері сенің біздің бұл сөзімізге күмандана қарап келе жатқаныңды мен де байқап келемін. Сондықтан бүгін өз көзіңмен көріп, ет құлағыңмен естісін деп, бұл араға əдейі ертіп келемін. Қазақтардың балаларын неліктен оқытқылары келмейтіндігінің себебін ол араға барып, бірнеше отбасына кіргеннен кейін өзің де ап-анық түсіне қоясың, – деді Нұрбай да күн қақтап, жел қаққан қара торы өңіне əлде бір уайым бұлты шөге қалғандай тұнжырап. – Сонда да «маған қарағанда бір көйлекті бұрын тоздырғансың» дегендей, бұл жақтың қыр-сырына қанықсың ғой, өз ойыңды айтып көрші?! – Айт десең, айтып көрейін, менің ойымша, қазақ балаларының жол ортада оқудан қол үзуінде төмендегідей бір-

неше себептер бар ма деп ойлаймын. Біріншіден: жоғарлап оқығандар мектеп бітірген соң, оларды бір тұтас бөліс арқылы қызметке орналастыратын бөліс дүзімі күшінен қалғаннан кейін, көп сандағы ата-аналар «ақша шашып қанша оқысаң да, бəрібір өкімет қазынасынан ай сайын ақша алатын кадр бола алмайсың, оданша бізге қолғанат бол» деп балаларын оқудан шығарып алатын болды. Екіншіден: расында, осы күнгі көп сандағы қазақ отбасыларының қалкүйлері өте төмен. Қыл аяғы олар балаларының оқулық қаражатын да бере алмайды. Жаз ортасында ішіп-жемнен тарығып, қара шай ішіп отыратын отбасылар бұл арада аз емес. Үшіншіден: мектеп арасының жырақ болуы да оқушылар мен ата-аналарға аз ауыртпалық əкелмейді. Мəселен: жаз жайлау мен қыс қыстауға шығып кеткенде, ата-аналар мен оқушылар бір-бірімен ұлан қыс, ала жаздай хабарласа алмай қалады. Төртіншіден: жатақта жатып оқитын оқушылардың тұрмыс күйлері дегендей емес. Өкімет беретін қосымша қаражат мардымсыз болғандықтан əрі ол уақытында қолымызға тимейтіндіктен, оқушылардың тұрмыс қаражаттарының көбі ата-аналардың мойындарына мінеді. Ал, көп сандағы отбасылар бұндай ауыр салмақты көтере алмайды. Бесіншіден: бұл жақтың тұрғындары жалаң шаруашылықпен шұғылданады. Басқалай істейтін кəсіптері жоқ. Сондықтан экономикалық жақта тұралаған күй кешіп отыр. Алтыншыдан: көп сандағы ата-аналардың мəдениет сауаты өте төмен. Сондықтан да олар ұзақ болашақты ойламай, көз алдындағы мүдделерін ғана ойлайды. Міне осындай себептерден кезекте қырдағы оқушылардың оқу-тоқуы барған сайын азайып бара жатыр. Қайта, қалаларда бұндай ақуалдар жоқ шығар? – Қалада да жырғап тұрған жоқ! – деді Нұрбайдың соңғы сұрағы денесіндегі шиқанына тиіп кеткендей болған Жеңісқан дізгінді қымтый ұстап, қоңыр төбелге тебіне қамшы басып, – есіктерінің алдында қазақ тілінде оқытатын мектеп ашық тұрса да, қалалардағы қазақ балаларының көбі қытай мектептерінен оқуға ауып барады. Ал, олардың атааналарымен сөйлесе қалсаң, олар «баламыз қытай мектебінен оқымаса, болашақта жан баға алмай қалады. Оның үстіне ұлттық мектептердің оқыту сапасы өте нашар» деп шыға келеді, – деді де, қоңыр төбелді тайпалата жорғалатып, Нұрбайдың алдына түсе берді. * Жеңісқан мен Нұрбай топырақ дуалдан соғылып, үстіңгі жағына қара кірпіштен 4-5 қатар дөдеге жиналған, жаңбырдың шəйуі, желдің мұжуымен сыртқы сылақтары түсіп, кетеуі кетіп тұрған ескі үйдің алдындағы атағашқа аттарын байлап, бірінің артынан бірі қамшыларын сүйрете: – Асалаумағаликом! – деп жарыса, озандата сəлем беріп, ала көлеңке үй ішіне кіріп келгенде, бағанадан бері оларды терезеден көріп отырған, елудің жуан ішіндегі, шашын тақырлай қырдырып тастаған, кесек мұрынды, жайын ауыз келген, бұтына балшық жабысқан қара шибарқыттан сым, кеудесіне жеңі мен етегінің бірнеше жеріне жамау түскен жүн бопайка киіп отырған Базарбек атты отағасы: – Əликісəлем, қамшыларыңды көтеріп, мені сабағалы келдіңдер ме? Кəне, сəлемші болсаңдар төрлетіңдер! – деп бұл үйге бейне Гоминдаңның ( 20-ғасырдың 50-жылдарынан бұрын бүкіл Қытайды бір мезет билеген партия ) салық жинаушылары кіріп келгендей, екеуіне жақтырмаған жанармен тесіле қарап қойды. Отағасының бұл емеуірінен соң қолдарындағы қамшыларын жалма-жан бұрыш жаққа тастай салған Жеңісқан мен Нұрбай ақырын аяңдап барып, төр алдына тақтайдан салынған сəкінің шетіне тізелерін бүкті. Аздан кейін ала көлеңке үй ішіне көзі үйренген Жеңісқан отбасына жағалата көз салған еді, отбасынан бір түрлі жүдеулік пен сүреңсіздікті сезді. Сəкі үстіне шаңы шыққан бірнеше ескі сырмақ тасталып, төр жақтағы тамға сүйей жиналған көрпе-жастықтарға көнетоз одеял жабылыпты, үйдің оң жақ қабырғасына қара кірпіштен пеш салынып, оның алдына қаңылтырдан жасалған оттық орнатылыпты.

Ағаш сəкінің сол жақ аяқ тұсына қиуы қашқан ескі ағаш кереует қойылыпты да, оның шетіне құйрығын қойып отырған отағасы қозғалған сайын шиқ-шиқ етіп, қазір-ақ құлап кететіндей ыңырси дауыс шығарады. Бұлардың келгеніне бірталай уақыт болса да, отағасы бұларға көз қырын да салмай, өз алдына сазырайып отыр. Ал, сөзді неден бастарын білмей өз-өзінен қысылып, тұншыққандай болып бара жатқан Жеңісқан Нұрбайға қарағыштай берген еді, ол сасатын емес. «Хұңшуелиян» (Қытыйша, қызыл қарғалдақ ) маркалы темекісін құшырлана сорып, жайында отыр. Бір кезде гүлді шыттан ұзын көйлек, оның сыртынан сырмалы қалың күрме киіп алған, қырықтың жуан орталарындағы, бауырсақ мұрынды, енді-енді əжім іздері түсе бастаған секпіл бетті, ақсұр өңді əйел кіріп келді де: – Е, кім екен десем, Нұрбай бауырым екенсің ғой, қалай, денсаулығың жақсы ма? Келін мен балалар аман ба? – деп Нұрбайға жалбырақтай амандасып, Жеңісқанға қарап ернін жыбырлатып қойды да, ағаш сəкінің есік жақ тұсына отыра берді. Əйел мен Нұрбайдың аман-сəлемі аяқтаған соң үй ішін тағы да үнсіздік басып, бір түрлі құлазушылық торлай қалды. Недəуірдан кейін темекі тұқылын табанына сап таптай салған Нұрбай: – Бəке, – деп отағасыға қарап тіл қатты, – мына жігіт жақында мектебімізге меңгеруші болып алмасып келген Жеңісқан деген азамат болады. Бақыт оқу басталғаннан бері мектепке барып, тізімге алынбады ғой? Бүгін меңгеруші екеуміз соның жайын білейік деп, отбасыңызға арнайы келіп отырмыз. Нұрбайдың сөзі аяқтаған соң меңгеруші болсаң қайтейін деген адамша, Жеңісқанға көзінің қырымен қарап қойған отағасы: – Неге келгендеріңді мен де біліп отырмын. Жемтік аңдыған құзғын сияқты осы күнгінің мұғалімдері кешке дейін елдің баласын аңдитын болып алды ғой, Бақыт енді оқи алмайтын болды, – деді ескі төсекті шиқылдата қозғалып қойып. – Неге? – Е, оның жағдайын ана шешесі айтсын! – деді отағасы сəкінің шетінде отырған əйелді иегімен нұсқап. – Əй, бауырым-ай, – деді əйел аузы-аузына тимей бастырмалата сөйлеп, – неге болушы еді? Баяғы жағдай келмейді. Ана отырған ағаңның ала жаздай денсаулығы болмай жүр. Менің де бір күн өтім, бір күн жүрегім ұстап қалады. Бақыттан үлкен ұл биыл елдің малын көтереге алып, тауға барып қыстайтын болып отыр. Сайраш болса əлі кішкене, жұмысқа жарай қойған жоқ. Сондықтан Бақытты енді оқытпай-ақ қолқанат қылып алайық деп отырмыз. – Сонда, оның болашағын ойламайсыздар ма? – Е, қайдағы болашақ дейсің? – деді сөзді қағып əкеткен Базарбек, – осы күнде 5-6 жыл дашуеде (Қытайша, университет) оқып, қайтып келгеннен кейін қызмет таба алмай, сенделіп жүрген талай елдің баласын көріп жүрміз ғой, Қазіргі заман «бəрінен де қой жайып, көтен жеген озатын» заман болды емес пе? – Бақыт сабаққа ерекше алғыр, озат оқып жатқан оқушы еді. 7-сыныпты бітірмей жатып, жол ортада оқудан шығарып алып, қабырғасы қатпай мал соңына салып қойсаңыздар, оған өте обал болмай ма? Бұл жағын ойладыңыздар ма? – Ой, несіне обал болады дейсің? Əйтеуір, оқып кадр болмағаннан кейін осы бастан жұмысқа пысып-қатып шыныға бергені жақсы. Осыншалық оқығаны да жетер, əйтеуір, хат таныды ғой. Одан ары оқи берсе, менің басыма мұнара орнатады дейсіңдер ме? – деді отағасы Нұрбайдың əлгіндегі сөзін пішту құрлы көрмей. – Ол оқыса, – деді осы арада аз бөгеліп қалған Нұрбай,– кадр болу үшін, болмаса сіздің басыңызға мұнара орнату үшін оқымайды. Қайта, өзінің болашағы үшін оқиды. – Ой, бауырым – ай, – деді сөзге киліге кеткен үй иесі əйелі тағы да жітірмелете сөйлеп, – осы күнгі балаларда қайдағы болашақ десің? Айлық алып, кадр болу бастықтар мен өздерің секілді кадрлердің балаларынан аспай жатқан заман ғой, біз сияқты жоғарыда отырған сүйеніші жоқ, қара халықтың баласында қайдағы болашақ дейсің? Қанша оқыса

да, ертең ауылға келіп, қызмет таба алмадым деп қаңғырып жүрсе, бізге оңай ма? Тіпті үлкен қалаларға барып оқимын деп жүріп бұзылып келсе қайтеміз? Сондықтан «есің барда, еліңді тап» дегендей, осындай бұзылып кетпей тұрғанында оқудан шығарып алуды жөн көріп отырмыз. – Қатын дұрыс айтады! – деді отағасы тағы да отырған төсегін шиқылдата алдыға қарай ұмсынып қойып, – осы күнгі балалар оқып кадр болып, өздерің секілді ай сайын өкіметтен сытырлатып ақша санап алмағаннан кейін, несіне оқу-оқып əуре болады? Одан да жас кезінен бастап, жан бағудың жолын үйренгені жақсы емес пе? Жаңа ғана біздің мына қатын айтқан сияқты оқып-оқып келіп, қызмет таба алмағаннан кейін үйге келіп, маған қызмет тауып бермедіңдер деп бұлданып отырса, болмаса «алма піс, аузыма түс» деп шалқалап жатса, кəртейгенде оны біз қайтып бағамыз? – Оқығандар келешекте жандарын баға алмайды деп сіздерге кім айтып жүр? – деді отағасы мен əйелінің бұл сөздеріне күйіп кеткен Нұрбай, – қайта оқып-үйреніп, ғылыми-техникалық білімдерді игерсе, сіздерден де жақсы күн көретін шығар? Сондықтан тұмсықтарыңыздың ұшын ғана ойламай, балаларыңыздың келешегін ойлаңыздар, оның бағын байламай, оқуына жіберіңіздер?! – Жарайды, сенің айтқаның бойынша оны оқуына жіберейік, – деді Базарбек дəл осы арада Нұрбайға қандауырдай қадала кетіп, – онда қолыңнан «болашақта үкіметтен айлық алып тұратын кадр қылып беремін» деген қағаз бер! Қазір-ақ артыңа мінгестіріп жіберейін. Қолыңнан қағаз бере аласың ба, жоқ па? – Жоқ, бере алмаймын! – Ендеше, «құрғақ сөзбен қуырдақ қуырып» басымды ауыртпай-ақ қойыңдар, бағана айтқанымдай Бақыт енді оқи алмайды! Əңгіме басталғаннан бері бір ауыз да тіл қатпай, отағасы мен əйелінің жоғарыда айтқан сөздеріне не күлерін, не жыларын білмей, ашты бір өксік тамағына келіп кептеліп, опықты да өкінішті оймен жағаласып, іштей қатты арпалысып отырған Жеңісқан дəл осы арада шыдай алмай кетті де: – Ой, отағасы! – деді дауысын қаттырақ шығарып, – балалар – ұлтымыздың болашағы, келешек өмірдің иелері. Біз оларды кадр қылып, үкіметтен ай сайын айлық беру үшін ғана оқытпаймыз. Қайта ұлтымыздың келешек дамуы мен ғылым-техника жəне мəдениетті өркендету үшін оқытамыз. Ал, міндетті ағарту (Қытайда орталауға дейін оқу міндетті ағарту аталады да, оны сөзсіз оқу талап етіледі ) сатысында білім алып жатқан оқушыларды жол ортада оқудан шығарып алу «ҚХР-дың міндетті ағарту заңына» қайшы қылмыстық əрекет саналады. Сондықтан бұл мəселені жақсырақ ойланып көргендеріңіз жөн, – деп не дер екен дегендей, өздері осы отбасының табалдырығын аттағаннан бері қарадан-қарап түтігіп, жарылып кеткелі отырған Базарбекке қадала қараған еді, орнынан атып тұрған ол кісі: – Бұл баланы мен шидің түбінен немесе күресіннен тауып алғамын жоқ! Шешесі тоғыз ай көтеріп, толғағы жетіп туған. Ол өз белімнен шыққан сідігім болады екен, оны оқытамын ба, жоқ па? Оны өзім білемін. Өз баласын өзі басқара алмайтын жосық қайда бар екен? Мықты болсаңдар, ана заң, мына заң деп мені қорқытпай-ақ ертеңақ сақшыларыңды бастап келіп, мені түрмеге жаптырып тастаңдар! Енді, үкіметтің ай сайын беріп жатқан тегін айлығына буланып, ерігіп жүрген сендермен қыртысып отыратын жайым жоқ. Жүр-ей, қатын, қораның қиын ойып тастайық?! – деп əйелін ертіп алды да, Жеңісқандарға қарап та қоймастан есіктен шыға жөнелді. * Жеңісқан мен Нұрбай бейне қайыр тілеп, садақа сұраған адамша міне жəне бір отбасына келіп отыр. Бұл отбасының халы əлгіндегі үйден де төмен, ерекше жүдеңкі көрінеді. Жампырайып тұрған аласа там үйдің қабырғалары көптен бері ағартылмағандықтан қарақоңыр болып кетіпті. Үй

төбесінің бірнеше жерлері қарын болып түсіп, одан үнемі топырақ сауылдап тұатын секілді. Ешқандай сəкі немесе төсек қойылмаған үйдің топырақ еденіне əбден ескіріп, үтетүтесі шыққан недəуір үлкен текемет жайылып, оның үстіне бірнеше жерден тулақ тасталыпты. Алғаш үйге кіріп келгенде, Жеңісқан қайда отырарын білмей сұстыйып тұрып қалған еді, бұндайдың талайын көріп жүрген Нұрбай тартынбастан барып, төр алдына таяу тасталған тулақтың үстіне малдасын құрып отыра кеткен соң, Жеңісқан да қынжыла барып, оның жанына құдайдың зорлығындай отыра берді. Жеңісқанның осындай əбден кедейлесіп, жұбына жеткен жүдеу үйді тумысында көргені осы. Есіктің қарсы бұрышына, бəлкім, той жасаған кезде əйелі төркінінен алып келген болар, сыры көшкен абажадай үлкен сандық қойылып, оның үстіне əр-əр жерден жүні сыртына шыққан бірнеше көрпелер мен ескі одеял жəне қалың шапандар жиналыпты. Есікке таяу қара кірпіштен жиналған оттықтың аузы күлге көміліп жатыр. Бірнеше əйнегі сынып, оған қатты қағаз шегелеп қойған терезенің алдына тамақтың нілі əбден сіңген қара қоңыр түсті төртбұрыш шай тақтайы қойылыпты. Ал, үйдің оң жақ бұрышында киім-кешек пе, əлде тон-шалбар ма бірдемелер үйіліп жатыр. Осындай да жұбына жеткен кедей отбасы болады екен-ау! деп ойлады үй ішіне жағалата көз салып отырған Жеңісқан тамсанып қойып. Сонда бұл отбасы осы күйімен қайтып жан бағып отыр екен? «Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңіл» дегендейін, мынадай күйдегі отбасы баласын қайтып оқыта алсын! Бұдан да үміт жоқ деші. Осындай күн кешіп жатқан отбасыларының да бар екені бұрындары ойым тұрмақ, түсіме де кіріп шықпады-ау! Бұл отбасы қалайша осыншалық кедей болып қалды екен? Болмаса үй иесі төсек тартып жатқан сырқат па, деп өз көзіне өзі сенбегендей, тағы да айналасына тінте қараған еді, үй ішінен ондай сартөсек болып ауырып жатқан адам көзге түспеді. Кім біледі, қазекемнің ішіндегі жатып ішер жалқаулардың бірі болып жүрмесін? Жеңісқанның ойы осы араға келгенде, əбден қиуы қашып, қайыс таспамен бірнеше жерінен ілекерлеп шандып тастаған ағаш есік шиқылдай ашылды да, басына қоңыр түсті өңі түскен жаулық байлап, майласып кеткен қоңыр ала торғыннан көлбірете көйлек киіп, оның сыртынан ерлердің бірнеше жерінен жамау түскен сары шапанын жамылып алған, белін арқанның үзігімен байлап, аяғына жемтірі шыққан қысқа қонышты етікті сұға салған, күнге күйіп тотыққан қараторы өңін айғыз-айғыз əжім іздері шимайлаған қартаң əйел кіріп келді де: – Е, Нұрбай қарағымсың ба? Есен-сау жүрсіңдер ме? – деп есендік сұрады да, олардың аяқ жағына таяу шаңы шыққан текеметтің үстіне жалп етіп отыра кетті. – Иə, шешей, мен ғой, – деді Нұрбай да орнынан қозғала, алдыға қарай ұмсынып қойып, – қалай, өзіңіз аман-сау жүріп жатырсыз ба? – Құдайға шүкір, партияның басшылығында қалт-құлт етіп жүріп жатырмыз, – деп еді əлгі əйел, дəл осы кезде есіктен іркес-тіркес кіріп келген жүдеу өңді, тозыңқы киімді, 7-8 жастардағы селдір сары шашты қыз бала мен 5-6 жас мөлшеріндегі қара домалақ ұл бала кіріп келді де, ол кісінің екі жағына тұра қалып, төрде отырған Жеңісқандарға əлденені дəметкендей, көздері мөлдіреп, жаутаң қағып қарай берді. – Иə, немерелеріңіз де азамат болып қалыпты ғой, – деді Нұрбай бұл кісінің хал-жəйіна таныстығын білдіріп, – бүгін бір жағы өзіңізге амандасқалы, енді бір жағы Нұрсəуленің неліктен оқуға бармағанын ұғысқалы келдік. Мына кісі жақында мектебімізге бастық болып келген Жеңісқан деген жігіт болады, – деген еді, бастық деген сөзге елең ете түскен Күлайша атты бұл əйел Жеңісқанға недəуірға дейін телміре қарап отырды да: – Е, бұл баланы бастық де, – деді əлде неге қуанғандай асыға сөйлеп, – біздің бұл үйге бастықтардың бас сұқпағанына қанша уақыт болғанын өзім де білмеймін. Бұрындары шəйпəй, ақша-пақшаларын көтеріп келіп, хал сұрап жатушы еді, қазір оны да қойды ғой, – деп бірдеме алып келген жоқсыңдар ма дегендей екеуіне еміне қарады.

– Ой, шешей, біз сізден хал сұрап келіп отырғамыз жоқ, – деді Нұрбай күлкісін зорға тежеп, – Нұрсəуле неліктен оқуға бармады? Соның жайын білейік деп келіп отырмыз. – Е, Нұрсəулені айтасыңдар ма? – деді Нұрбайдың сөзін енді ғана түсінгендей болған бұл адам, – бой жетіп қалған əйел бала бұдан ары оқып қайтеді? Хат таныса болды ғой. Енді оны құтты орнына қондырып, ел секілді құдалардан қалың мал алып, қорамызға мал салып байыйық деп отырмыз. Өйтпесек, бір күні қашып кетіп, орнын сипап қалмайық деп, əлгі ұл да құлақ етімді жей береді. – Үй, шешей, ол əлі неке жасына толмаған бала ғой, – деді əйелдің бұл сөзінен шошып қалған Нұрбай, – бұндай ойласаңыздар қате болады. Бүгін біз оны оқуға алып кеткелі келіп отырмыз. – Оны біз де оқытпайық деп отырғамыз жоқ. Бірақ, қарағым, ашығын айтқанда, соны оқытатын тиын-тебеннің ыңғайы келмеді. Жазда оқудан тарап келгенде, немене, оқулық ақшасы дей ме, 120 юанның (Қытайдың ақша бірлігі ) қағазын алып келген екен, оны біз тауып бере алмадық. Сонымен оқуға бара алмай қалды ғой, жарығым. «Бар болып, байы өлгенге қайдан жетсін» дегендей, бар болып жатса, сүт кенжемнен аяйтын неміз бар еді, баяғы қу жоқшылық қолды байлап отырмай ма? – деді əлде неге айыпты адамдай мүсеурей тіл қатып. – Тепсе темір үзетін Қадыл тұрғанда, сіздерді басып тұрған қайдағы жоқшылық? – деді Нұрбай да бұл кісі не дер екен дегендей. – Ой, ол жалғыз ұлдан қайыр кетті ғой, күнде əлгі ашты суын ішіп алып, далада күлге аунап жатады. Ол жақсы болса, отбасымыздың тірегі болып отырған келін баламен ажырасып, мына екеуін тірі жетім етіп қоя ма? – деп артында мөлтеңдеп тұрған немерелеріне қарап, көз жасын сығымдай берген əйел, – болмаса үйдегі əлгі шал да осы уақытқа дейін тірі жасамады. Арақкеш болып кеткен жалғыз ұлының күйігінен ерте көз жұмды ғой, байқұс! Сөз осы араға келгенде, осы отбасының табалдырығын аттағаннан бері бұл жанұяның тірлігіне көңілі толмай, əлде бір ой арпалысында отырған Жеңісқан шешейдің бұл сөзінен кейін бұл жүдеуліктің себебін ұққандай болды да: – Сонда, қыстақ кадрлары мен ауылдық қарайласпай ма? деп сұраған еді: – Ой, қарағым, ондай атты күн қайда? – деді əйел соза күрсініп,– қайта өзің де бастық екенсің. Осы қыстақтың бастықтарын тауып, ұрсып кетші, шырағым?! Екі жылдың алдында ма «кедейлерді сүйемелдейтін болдық» деп бір келген еді, одан қайтып төбелерін де көрсеткен жоқ. Баяғыда өзіміз тап жауларының үстінен көтеріліс жасап жүрген Маужуши (Мау төраға ) атамыздың тұсында, бастық атаулы кедейлерге қатты күйінуші еді, осы күні оның бірі де қалмады ғой! Қайта ананы бер, мынаны тапсыр деп өзіңе алақан жаяды да отырады. Бұрын біз оқыған кезде оқушылардан бір тиын да ақша алмай, кедей оқушыларды үкімет қамдап оқытатын. Ал, қазір үкімет оқушылардан да ақша сұрайтын болып алды ғой. Бұл заманның не боп кеткенін қайдан білейін? Елдің аузынан ақша түспейтін болып барады, тек түбі қайырлы болсын! – «Əр заманда бір сұрқылтай» дегендей, ол заманмен бұл заман ұқсамайды, – деді Нұрбай ауыл əйеліне түсінік жасағысы келіп, – қазіргі заманды базар шаруашылығы (Нарықтық экономика) заманы дейді. Ал, нарықтық экономикада барлық нəрсе ақшамен шешіледі. – Е, оларыңды мен қайдан білейін, сол ақша құрғырың бізде болмай отыр ғой, қайта өздерің жақсы келіпсіңдер, партия кедей-кепшіктерді далаға тастаңдар деп айтпаған шығар? Екеуің де үкіметтен ай сайын айлық алатын кадр екенсіңдер, сол үкіметтеріңе айтып, кенжемді оқытатын ақша алып беріңдерші?! Оның көз жасына қалмай оқыта берейін. Өзі де оқимын деп еңірегенде екі етегі жасқа толады. Енді міне қолдың қысқалығынан оның обалына қалатын болып отырмын. Ал, бізді бағып-қағады дейтін ұлдың кейпі анау, етегімнен алып, жаутаңдап тұрған тірі жетім немерелерім мынау! – деген Күлайша шешей тағы да көз жасын төгіптөгіп жіберді де, жаулығының ұшымен көз жасын сүрте

берді. Бұл кісінің осындай дəрменсіздік басқан бейшаралық қаліне қарап отырған Жеңісқанның да қабырғасы қайысып, көз шанағына жас үйіріле қалды да, қалтасына салып шыққан 50 юань ақшасын алып шығып, ол кісіге ұсынып: – Шешей, кедейлікке бола жаси бермеңіз, «орнында бар оңалады» дегендей, мына немерелеріңіздің тілеуін тілеңіз?! Ал, Нұрсəуленің оқу жайын тағы бірде сөйлесе жатармыз. Нұрбай, енді жүрейік, – деп есікке қарай аяңдай берді. – Ой, қарақтарым, шəй ішсеңдер болатын еді, бірақ, қараң қалғыр бұл моладан бір қайнатым шай да табылмайды, – деген шешей екі қолымен жер таянып орнынан əрең тұрды да, ақша атаулыны бүгін ғана көріп тұрғандай Жеңісқан берген ақшаға қадала қарай берді. Осыдан кейін жəне де бірнеше отбасына кірсе де, олардан да жолы болмаған Жеңісқан мен Нұрбай бұл қыстақтың бастауыш мектебінде мұғалім болып істейтін Нұрбайдың бір сабақтасынікіне қонды да, ол арада қазіргі ұлттық ағартудың хал-күйі, егінші-малшылардың əл-ауқаты əрі бұндағы себептер туралы түннің бір уағына дейін əңгіме шертіп, бірнеше бөтелке арақты құлатып тастады. Бұл араға аяқ басқаннан бері қолқа жүрегін удай ашты өксік аралап, осы жердегі тұрғындардың мəдени мағұлыматы мен тұрмыстық күйлеріне жаны ашыған Жеңісқан отырыс соңында өзінің мас болып қалғанын сезбей де қалды. * Жеңісқанның Ақтөбеге келіп, мектеп меңгерушісі болғанына да жарым жылдан асып барады. Осы жарым жыл ішінде Жеңісқан бұл мектепті жіпке тізгендей етіп, ретке салып жіберді. Ең алдымен оқытушы-қызметкерлердің тəртіпдүзімін оңады. Бұндағы оқытушы-қызметкерлердің қызметке келсе келіп, келгісі келмесе ана сылтау, мына сылтаулармен той-томалақ қуалап, сабақ пен қызметті тастап кете беретін, қызметке жай келіп, ерте қайтатын, қызмет уағында жеке жұмыстарымен шұғылданатын бассыздықтарының аяғын тыйды. Қызметке бес минут кешігіп келетіндерді қызметтен тоқтатып қойу дүзімін орнатты да, оқытушықызметкерлерді қатаң əскери тəртіпке үйретті. Осыдан соң оқытушылардың сабақ жоспарлары мен сағаттық сабақ дайындығын жасау ережесін жасап, сабақ өтуде қылдай қиянаттың болуына жол бермеді. Алғашқы адымдағы сабақ тыңдау барысында, өзі толымсыз деп есептеген 4 оқытушыны сабақ өтуден тоқтатып, оларды уақыттық істеп жатқан күтушілердің орнына күтушілік жұмысына қойды. Енді бірнеше мұғалімдерге ескерту беріп, шекті сынақ мерзімін белгіледі. Мектептің жатақ пен асхана басқару дүзіміне шарт-жағдайдың жар бергенінше қажетті реформалар жасады. «Барлығы да сапа үшін» деген ұранды мектеп қызметінің жолбасшы туы ретінде ортаға қойды. Осы арқылы жалпы мектеп қызметі мен оқыту-оқу жұмысында жаңа бейнелерді жарыққа шығарды. Алдыңғы бір жолы аудан қалашығына түсіп, оқу-ағарту мекемесіне барғанында, залдан кезіге кеткен əлдебір танысы оны оңаша бір бұрышқа ертіп апарып: – Жеңісқан, ол жерде сенің жақсы істеп жатқаның, бұл жаққа да дақпырт болып жетіп жатыр. Алайда, жақында анау мектептеріңде істейтін Қалияш дейтін келіншек пен Жəлелқан атты жігіт осы араға бірнеше рет келіп кетті. Байқаймын, сенің сыртыңнан арыз айтып жүрген тəрізді. Сондықтан ерекше абай боларсың?! – деп еді, Жеңісқан оған: – Маған бөлген көңіліңе рахмет! Олардың арыз айтқанынан несіне қорқамын?! Мықтағанда меңгеруші деген қалпақтарын алып, ол арадан мені тағы да жөткеп əкетер! – деді де, өз жұмысына кете берді. Кеште жанұясына барғанда, көптен бері оған өкпелі болып жүрген Гаусар да: – Ол араға барып тағы да елмен жағаласа бастапсың ғой, үкіметтің қызметіне неге сонша басыңды қатырасың? Осы күні көп адамдар, əйтеуір, қызметтеріне барып-қайтып, жан сақтаудың қамына кірісіп кетпеді ме? Елдің гүбір-сыбырына қарағанда, ол арадағы бірнеше мұғалімдер сенің үстіңнен партком мен үкіметке барып арыз айтып жүріпті. Жақында оқу-ағарту мекемесі мектептеріңе тексеру тобын жіберетін

болыпты, – деді қайдан естігені белгісіз бір сырды бүлк еткізіп. Бұл сөзді естіген Жеңісқан: – Тексеру тобы барса бара бермей ме? Одан несіне қорқамын? Мықтағанда меңгеруші деген қалпақтарын қайтарып алар. Мен біреуге жалбарынып жан бағатын жан сақтау философиясын қуаттай алмаймын, – деп жауап берді де, көптен бері сағынып қалған баласы Тілекті алдына алып, үйіріле берді. Расында, Жеңісқан сабақ өтуден тоқтатып, ескерту берген бірнеше мұғалімдердің өзіне қырын қарап, тістерін басып жүргенін сезетін-ді. Бірақ, оларды ұялмай-қызармай жоғарыға барып арыз айтады деп еш ойламаған болатын. Əкау, өздерінің кемістіктері мен міндерін мойындамайтын бұлар қандай ғажап адамдар деп ойлады ол Гаусар тамақ істеп, Тілек өз алдына ойын қуып кеткен бір орайда, телевизордың алыстан меңгергішін (Төк дізгінін) қолына ұстап отырып. Өздерінің білім-қабілеттерінің қаншалық екендігін түсінбегенде, бұлар қайтып мұғалім болады деші! Анау алдыларында жем тілеген балапандай жаудырап отырған балалардың ауыздарына дəн салып бере алмайтындықтарын, осыдан барып олардың обалдарына қалатындықтарын неліктен ойламайды? Сонда осы күнгі адамдардың асқан жекешіл болып кеткені ме?.. Оның ойы шарықтап осы араға келгенде үстел үстіне дастархан жайып, шəй құюға келген Гаусар оның тізгінсіз кетіп бара жатқан ойын бөліп жіберді де, отбасының өздеріне тəн қызығы оны өз құшағына қарай құлата тарта берді. Мектепке қайтып барған соң бір күні кешке Нұрбай оны жатағына əдейі іздеп келді де, ана-мынаны айтып бірталай отырғаннан кейін: – Жеңісқан, – деді басқа біреу естіп қоймасын деген адамша сыбырлай тіл қатып, – жалғыз-жарым жүргенде өзіңе ерекше абай болғайсың! Өте-мөте кешке жақын айырықша сақтық жаса?! Өйткені бұл арадағы бірнеше жігіттер сені өйтеміз-бөйтеміз деп жүрген көрінеді. – Қойшы-ей,– деді Жеңісқан қарқылдай күліп жіберіп, – мені өйтемізбөйтеміз дегенде қайтеді екен? – Қайткені несі? Сені сабап кетуден, жəйі келсе зақымдап кетуден тайынбайды. Өзің де байқаған боларсың, мектептегі сенен сын естіген, еңбек ақылары тартылған, сабақтан тоқтатылған бірнеше мұғалімдер саған тістерін қатты басып жүр. Ал, бұл араның тұрғындарының көп сандысы бірімен-бірі рулас, құда тамырлы, жегжат-жиенді келеді. Бейне құмырысқаның илеуі тəрізді біреуін түртіп қалсаң, басқалары бастарын қақшаңдатып шыға келеді. Сондықтан саған абай болуды ерекше ескертіп отырмын. Өйткені осы күнгі адамдардан не жамандықты да күтуге болады. Нұрбайдың осы бір жанашырлық кеңесінен кейін əлденені түсінгендей болған Жеңісқан: – «Қайшылықсыз қоғам дамымайды» дегендей, қызмет болады екен, қайшылық та болады. Ал, бұл қайшылықты олар онан ары насырға шаптырмайтын шығар? Тек, түк істемейтін адам ғана ана-мына пікірге кездеспейді, – деп қаперсіз раймен бойын кеңге сала жауап берген еді, Нұрбай: – Сен тұрмақ ұлы Абайға да қамшы сілтеген қазақ емеспіз бе? Жалақорлық пен қастандыққа келгенде, біздің Қазақ алдыларына жан салмайды. Өзіңнің алдыңа келіп, ағайындық парызымды өтеген болдым. Ұқсаң ұқ, ұқпасаң өзің біл! Əйтеуір, ерекше абай болғаның жақсы! – деді де, əлдебір жұмысына асыққандай жатақтан шығып кетті. Рас-ау, деп ойлады Жеңісқан Нұрбай шығып кеткен есікке аңыра қарап отырып, əлгінің «ұлы Абайға да қамшы сілтеген қазақпыз» дегені өте орынды айтылған сөз болды-ау! Нұрбайдың сөзіне қарағанда, екі күннің алдында оқу-ағарту мекемесіндегі Ғалым мен жан жарым Гаусардың айтқандары да шын болғаны ма? Олар мені сыртымнан жамандап, жоғарыға арыз айтса айтар, бірақ, мына «мемлекетті заң арқылы басқару» дəріптеліп жатқан заманда қол жұмсауға бара қоймас. Əлдекімдердің мені қорқыту үшін айтып жүрген желөкпе сөздері болар? «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, бұл сөздерді құлағы шалып қалған Нұрбай оған сеніп қалған шығар? Ал, олар шынымен келіп мені сабаса, сабайтын да шығар? Бұндай бекімге келген болса, қанша сақтанғаныммен де

менің қолымнан не келеді? Жоқ əлде, кешке дейін үйден шықпай отырайын ба? Болмаса қолыма күні бойы шоқпар алып жүрейін бе? Қой, оның бəрін ойлай бергенмен де, оған ой жете ме? Оданша əлгі өтінішімді жазып алайын деп, төсегінің жанына қойған партаға қағаздарын жайып, оған төмендегі сөздерді сыпыртып жаза бастады: Аудандық парткомға: Мен бұрын аудандық 1-орта мектепте қызмет істеп келген едім. Аудандық оқу-ағарту мекемесінің ұйғарымы бойынша Ақтөбе ауылдығы жатақты мектебінің меңгерушісі болып, бұл араға алмасып келіп істеп жатқаныма да жарым жылға таяп барады. Осы жарым жыл ішінде өз қолымнан келетін бірнеше істерді істесем де, кейбір қолымнан келмейтін істер жөнінде аудандық оқу-ағарту мекемесіне барып, бірнеше рет құлақ қағыс еткен болсам да, олар жағынан ешқандай шешім болмағаннан кейін, сіздерге бұл пікірлерімді шарасыз доклад етіп, өзімнің кейбір көзқарастарымды жеткізіп қойуды жөн көріп отырмын. Бұнда сіздерге айтайын деп отырған негізгі мəселем: кезекте ауыл-қыстақтар мен малшаруашылық аудандарындағы оқушылардың оқудан қол үзуі мəселесі. Менің бұл араға келгеннен кейін жолыққан ең үлкен қиыншылығым оқу жасындағы балалардың өз беттерімен оқудан қол үзіп кету мəселесі болды. Бұл жөнінде біз қыстақ сайын аралап, малшылардың отбастарына дейін барып, көптеген үгіт-тəрбие жұмыстарын істеген болсақ та, бұл мəселені түбегейлі шеше алмадық. Оқудан суыну, оқу жасындағы оқушылардың жол ортада оқудан қол үзуі, кезекте негізгі саты орындарында бір түрлі ауқымға айналып кетіпті. Осы ауқымның тууына бастысы оқу-ағарту реформасының барған сайын тереңдеп, бұрынғы мектеп бітірген оқушыларды бір тұтас қызметке орналастыратын бөліс тізімінің күшінен қалуы негізгі себеп болып отырса да, бұдан сырт төмендегі жағдайлар да қосымша себеп болатын тəрізді: Біріншіден: Қазір ауыл-қыстақтардағы өте-мөте қиыр қонып, шет жайлаған малшаруашылық аудандарындағы отбасылардың тұрмыс күйлері өте төмен болғандықтан, олар экономикалық жақта балаларын жалғасты оқытуға шарасыз қалып, дəрменсіз күй кешіп отыр. Екіншіден: Төменде қыстақ басшылары мен ауыл басшылары оқу-ағарту істеріне дерліктей мəн бермейді екен. Оқушылардың жол ортада оқудан шегініп кету мəселесі жайында бірнеше қыстақ басшыларымен əңгімелесіп, ауыл басшыларына айтып көрген едім олар: – Оқушыны оқыту мектептердің ісі. Біз оған араласа алмаймыз. Өздерің ылаждап шешім етіңдер – деп жауап береді. Үшіншіден: біздің мектебіміз малшы перзенттеріне арнап салынған жатақты мектеп болғандықтан оқушыларымыздың көбі жатақта жатып оқиды. Оларға аудандық үкімет пен ауылдық қазынасы жағынан қосымша қаражат берілуге тиіс болса да, ол уағында қолымызға тимейді. Олар көп жағдайда бұл қаражатты басқа орындарға істетіп қоятын тəрізді. Сондықтан да жатақта жататын оқушылардың тұрмыста қиналып қалатын кездері көп кездеседі. Төртіншіден: Бұл араға келіп қызмет істеген жарым жылдан бері мен істеп отырған осы ауылдықтың экономикалық негізінің өте əлсіз, кедей ауыл екенін байқап келе жатсам да, алайда, бұл ауыл аудан жағынан бай ауылдықтардың қатарына қосылады екен. Нəтижеде жоғарыдан берілетін оқу-ағартуға көмек қаражатынан құр қалып келе жатыпты. Бұның өзі қыстақ бастықтары мен ауыл басшыларының өздерінің аттарын шығару үшін жоғарыға жалған мəлімет жолдайтындығын түсіндіреді. Ал, осы жалған мəліметтің зардабын айналып келіп біздің ештемеге де кінəсіз жас ұрпақтарымыз тартып жатыр. Бесіншіден: қазіргі күнде бұқара арасына заң сауатын жалпыластыру бұрыннан бері дəріптеліп келе жатса да, ауыл-қыстақтар мен малшаруашылық аудандарында заң жалпыластыру жұмысы мүлдемге істелмеген. Көптеген атааналар өздерінің балаларын оқудан шығарып алуларының «ҚХРдың міндетті ағарту заңына» қайшы екенін бүтіндей білмейді. Бұл жағында негізгі сатыдағы үкімет орындары жағынан ешқандай жұмыс істелмейді. Осыдан барып

ата-аналар өз білермендіктерімен балаларын оқудан келсекелмес шығарып алып жатыр. Кезекте біртүрлі жаман ауқымға айналып, барған сайын өршіп бара жатқан қазақ балаларының жол ортада оқудан қол үзуі сынды осы бір құбылысқа көптеген қоғамдық факторлар себеп болып отыр десек те, бірақ, оның ішіндегі алдымен шешім табуға тиісті ең бастылары жоғарыда жазып өткендеріміз бе деп ойлаймыз. Осының ішіндегі ең түйінді бір себеп халықтың сана-сезімінің төмендігі мен экономикалық əл-қуатының нашарлығы болып отыр. Бұл жағында негізгі саты орындарында реформа талабына сай келетін тың жұмыстар көп істелмейтін сияқты. Бұл біздің негізгі сатыларда істеп отырған басшыларымыздың дəрменсіздігі мен реформа талабына сай жұмыс жүргізе алмай отырғандығын дəлелдейді. Мəселен: біздің ауылдықтың «Тастөбе» деген қыстағында сирек кездесетін кен өнімдері байлығы болса да, ол əліге дейін ашылмай, халықтың қажетіне жарамай жатыпты. Ал, осы кен ашылар болса, онда қаншалаған адамдар жұмысқа орналасып, ауылдық қазынасына қаншалық кірім қосылар еді десеңші! Жоғарыда, кезекте біздің ұлттық оқу-ағарту істерімізде төбе көрсетіп отырған оқу жасындағы оқушылардың жол ортада оқудан қол үзуі мəселесі жəне оның себептері жайында өзімнің ішінара көзқарастарымды жазып өткен болдым. Бұл мəселе шешім болмай осы беті кете беретін болса, онда ол келешекте біздің ұлттық ағартуымызға орны толмас ойрандар əкеледі. Ал, «ҚХРдың ұлттық территориялы автономия заңында» аз ұлттар шоғырлы қоныстанған аудандарда ұлттық ағартуға мəн беру жəне дамыту ерекше атап көрсетілген. Сондықтан сіздерден менің жоғарыдағы пікірлерімді ойласып, мен ауызға алған мəселелер жөнінде нақты шешім жасауларыңызды сұраймын! Құрметпен! Ақтөбе ауылдық малшаруашылық жатақты мектебіндегі: Жеңісқан Нұрқасымұлы 2002 жыл * Ғалым мен Гаусардың Жеңісқанға құлақ қағыс еткен хабарлары бір айға бармай-ақ шынға айналды. Міне соның дəлеліндей жанына бірнеше қызметкерін ертіп, бұл араға арнаулы машинемен келген аудандық оқу-ағарту мекемесінің бастығы Қабден, түске дейін жанындағы адамдарымен бірге мектептің жалпы қызметі жайында баяндама тыңдаған еді, енді міне түстен кейін Жеңісқанның кеңсесінде онымен ауаша əңгімелесіп отыр. А дегенде: – Сенің білім-қабілетіңе сеніп, бұл арада жақсы қызмет істей ме деп жіберген едік, енді міне жарым жылға бармай жатып, бұл араның берекесін қашырыпсың, – деп сөз бастады Қабден əлдебір өкінішін жасыра алмаған адамша тамағын кенеп қойып, – бұл араға келіп оқытушы-қызметкерлерді бір адамдай бірлестіргенді қойып, олардың тоз-тозын шығарыпсың. Олар күнде сенің үстіңнен арыз айтып, біздің басымызды ауыртады. – Сонда олар менің үстімнен не деп арыз айтады? – деді олардың недеп арыз айтатындығын іштей біліп отырса да, бұл кісі қалай жауап берер екен деген оймен, – бұл арадағылардың берекесін қашыратындай солғұрлы мен не істеппін? – Қол астыңдағы оқытушыларды өз білгеніңше сабақтан тоқтатып, олардың еңбек ақыларын қалаймақан тартыпсың. Басқалардың тілін алмай, дара билік жүргізіпсің. – Ондай ұқығым болмаса, онда мені бұл жерге несіне меңгеруші етіп əкеліп қойдыңыздар? Жоқ əлде, қурай қылып шаншып қойған ба едіңіздер? – Құқық болғанда да оны жөнімен істету керек шығар? Мен білгенде қазірге дейін əрқандай мектептің меңгерушісіне оқытушыларды сабақтан тоқтату құқығы берілмеген. Тоқтатқанда да алдымен жоғарыға баяндама жазып, олар бекіткеннен кейін барып істеу керек емес пе? Заң бойынша айтқанда, былай істеу оқытушылардың ұқығына қол сұққандық есептеледі. – Барлық істе жоғарыға баяндама жазып, сіздерден нұсқау сұрап отырсам, онда бұл мектепке несіне меңгеруші боламын?

– Бұл деген ұйымдық тəртіп, – деді Жеңісқанның бұл сөзінен соң осыны да білмейсің бе дегендей, оған тесіле қараған Қабден, – кішігірім істерде нұсқау алып жатпасаң да, адам істету секілді үлкен істерде баяндама жазып, нұсқау сұрауға əлбетте қақылысың. Міне осындай рəсімияттың кем болуы сенің үстіңнен арызданушыларға сені жеңетін орай беріп отыр. Олар тіпті аудандық партком мен аудандық үкіметке дейін арыз кіргізіпті. – Кіргізсе кіргізе берсін! – деді мекеме бастығының бұл хабарынан оншалық қорқып, сасқалақтап кетпеген Жеңісқан, – істеген істерімнің дұрыс екендігіне көзім əбден жетеді. Сондықтан сот алдына барсам да олардан қорқар шамам жоқ! – Ой, сенің бұл істерің қалайша дұрыс болады? – Қалайша дейсіз бе? Мен оларды сабақ өтуден тоқтатқанда, оқыту сапасының өсуі үшін тоқтаттым. Еңбек ақыларын тартсам, тəртіп-дүзімдерді күшейту үшін тарттым. Бұның қай жері саясат пен заңға қайшы екен? Бір наданды енді бір надан оқытса, одан қандай нəтиже шығады? Ұлттық ағартуымыздағы сапасыздықтар осындай кəсіптік қабілеттен жұрдай, жарамсыз оқытушылардың кесірінен туып отырғанда, мен оны көріп тұрып, қол қусырып отыра алмаймын! – Олардың жарамсыз оқытушы екенін қайдан біле қойдың? – Бұл өте оңай ғой, олардың сабақ дайындықтарын тексердім. Бірнеше рет сабақтарын тыңдадым. – Сонда бұл арада сенің ғана айтқаның есеп болды ғой, – деді Қабден қара былғарыдан жасалған қол сөмкесін ақтара отырып, – əрқайсы мектептер өстіп бас-басына би болып алатын болса, онда біз не істейміз? – Оны мен қайдан білейін, – деді Жеңісқан аузына келіп қалған «оны аудандық үкіметтен сұраңыз» деген сөзді ары жұтып,– əйтеуір, мені бұл мектепке меңгеруші етіп қойғандарыңыз шын болса, онда осындай істегеннен басқа шарам жоқ! – Басқа да шара табылады. Бір орынның бастығы болған адам а дегенде шоқпар ала жүгірмей, тəрбиелеу мен жетектеуді негізгі орынға қою керек. Əйтпегенде, анаған да, мынаған да соқтығып, ұқығыңа арқаланып, қоқаңдай берсең, бұл арада қалай қызмет істейсің? – Бұл қызметті істей алмайтын болсам, онда қайта айналып мұғалім болатын шығармын? Əйтеу, өзімнің қайда барсам да бір жарамды оқытушы бола алатындығыма сенімім кəміл! – Енді бұл араға жалғасты меңгеруші боласың ба? Жоқ əлде, əдеттегі мұғалім боласың ба? Ол басқа əңгіме, – деді қол сөмкесінен алып шыққан қағазын Жеңісқанның алдына тастай салған Қабден, – мынау, мекеме парткомының қарары, ертеңнен бастап қызметтен тоқтатылған оқытушыларға қайтадан сабақ орналастыр! Ал олар, расында, жарамсыз болып жатса, мекемеге арнаулы баяндама жаз! Дəлел фактің толық болсын! Бұл жұмысты содан кейін көреміз. – Бұл қарарларыңызды атқара алмайды екенмін, – деді Жеңісқан ол кісі алдына тастаған қағазға көзінің қырын да салмастан, – одан да мені қазір-ақ меңгеруші деген мансабымнан алып тастаңыз?! – Өзіңді саналы да мəдениетті жігіт деп ойлап жүсем, ел айтқандай барып тұрған «қырсық» екенсің, – деді Қабден ашулана түтігіп, – баяғыда жоғарыға ұсыныс қоямын деп, бүкіл ауданды дүрілдетіп едің. Осы жолы да бізді жақсы қызмет істей алмады деп арыз жазыпсың ғой. Сонда өзіңнен басқа бұл дүниеде дұрыс қызмет істейтін адамдардың болмағаны ма? Қолдарында бір-бір шиі жүретін осы қазақтың бірінің үстінен енді бірі арыз айтатын əдеті қашан қалады? – Менің жазғаным əлдекімдердің үстінен жазған арыз емес, тек парткомға жазылған ұсыныс пікір ғана. Ал, арыз жазғандарды тектеп алатын болсаңыз, бұл араға неге келіп отырсыз? Одан да сол өтірік арыз жазып, қолындағы шиімен елді шұқып жүргендердің аяғын тыйып алыңыз?! Олардың өтірік пен өсегіне сене бермеңіз?! Ал, мен «қырсық» болып ешкімнің қазанына түсіп кеткен жоқпын! Бір емес, екі емес,

маған неге құлғанадай қадалып, жабыса бересіздер осы? «Бар жазығым сығалай қашқаным ба» дегендей, ұлтымыздың ағарту істері гүлденіп-дамыса дегенім де айып болды ма? Маған өз пікірлеріңізді қашанғы зорлықпен атқарта бересіздер!? – деген Жеңісқан ашулана сөйлеп, дауысын көтере тіл қатты. – Бұл зорлықпен атқарту емес, мекеме парткомының қарары. Оны сөзсіз атқаруың керек! «Төмен жоғарыға бойсынады» деген принципті өзің де əбден білетін боларсың? – Жоғарының қарарының барлығы дұрыс бола бермейді. Мен де баратын жеріме бара аламын! – Барсаң бар! Сенің қолыңнан не келетінін мен де бір көріп алайын! – Көрсеңіз, көп ұзамай-ақ көретін боласыз! Осылайша, басқа жан пендесі жоқ иен бөлмеде мекеме бастығымен бет жыртысып қалған Жеңісқан, ол кісімен недəуірге дейін айғайласып, ерегесіп жатты. * Осының ертеңінде-ақ əлдебір ашу жанын жеп, өкініш пен опық іші бауырын өрт болып өртеген Жеңісқан ауылға цемент тасып жатқан жүк машинасына отыра салды да, аудан қалашығына қарай тартты. Бұл күні кешке таяу отбасына өліп-талып зорға жеткен ол, түн бойы Гаусардың баяғы өкпесі мен ренішін естіп шықты да, таңертеңгі ел қызметке шығатын мезгілде, аудандық парткомға қарай жол алды. Жол бойы Ли (Қытайлардың фамилиясы) шужи (хатшы немесе аудандық партия комитетінің бас хатшысы) бір жаққа шығып, болмаса əлде бір жиынға кетіп қалмай, мекемесінде болса екен деген тілекті алла тағаладан жалына тілек етіп келген ол салып ұрып келіп, шужи кеңсесінің есігін қаққан еді, талайы оңынан келіп, ол кісі, əйтеуір, кеңсесінде бар екен. Жеңісқан бұл кісінің атына бұрыннан бері қанық болса да, бірақ, бет екі кездесіп, сөйлесіп көрмеген-ді. Алғашында сөзді неден бастарын білмей, недəуірға дейін түйткілісіп қалған оны көзіне жоғары градусті көз əйнек салған, көк түсті шеріштен жағымды етіп кастөм-шалбар киіп, ақсары түсті галстук таққан, аласа бойлы, арық денелі, ақсұр өңі қушиғандау келген Лишаңшұн аталатын, бұл арада аудандық парткомның бас хатшысы болып міндет атқарғанына 5 жылдан асып бара жатқан ол кісі Жеңісқанның тартынып, қысылып қалғанын сезсе керек, орнынан тұрып стаканға қайнаған су құйып, оны Жеңісқанның алдына қойды да, танысып, хал-жəй сұраудан бастап, оны əңгімеге тартып əкетті. А дегенде өзінің өмір жолы мен қызмет тарихынан бастап сөйлеген Жеңісқан, көп өтпей бұл кісімен қазіргі ұлттық ағартудың хал-күйі, оқытушылар қосынының ақуалы жəне ауыл-қыстақтар мен малшаруашылық мектептерінің кезектегі жағдайы жайында ақтарыла əңгімелесіп, соңында өзінің Қабден Жүйжаңмен (Қытайша, мекеме бастығы) ерегесіп қалу жайын да бүкпесіз ортаға қойды. Бағанадан бері сан адам келіп, есікті қақса да оларды: – Тоса тұрыңдар! – деген бір ауыз сөзбен қайтарып отырған шужи анда-санда ғана сөз қыстырып, кейбір істерді қадағалай сұрап отырды да, көптен бері ішіне шемен болып қатып, түйнек болып жабысқан дертін Жеңісқан армансызақ ақтарып, ішін босатып алған соң: – Қытай тілін жақсы сөйлейді екенсіз,– деді Жеңісқанға əлдебір ойлы жанармен күлімсірей қарап қойып, – кеше Қабден жүйжаң келіп, сіздің жағдайыңыздан баяндама жасағанда, мен сені ұр да жық, алкеуде біреу болар деп ойлаған едім. Бүгін өзіңді көріп, бетпе-бет əңгімелескеннен кейін ол ойымнан қайтып қалып отырмын. Қазір аудан көлеміндегі ұлттық кадрлар ішінде өзің сияқты идеясы азат болған, қауырт ілгерлеп бара жатқан реформа толқынына ілесе алатын, жарамды кадрлар өте тапшы болып отыр. Айтқан əңгімелеріңе қарағанда, сен өз ұлтыңның оқу-ағарту істері мен ұлттық мəдениетке өте көңіл бөліп, жан сала күйініп жүрген жақсы азамат екенсің. Ауданымызда қазақ ұлты шоғырлы қоныстанған. Қазақтардың ұлттық ағартуы

да тұтас ҚХР ағартуының құрамдас бір бөлігі саналады. Солай болса да біздің, өте-мөте аудандық парткомның 1-қол басшысы болып отырған менің ұлттық ағартуға мəн беруім дерліктей болмады. Бұл жағында ұлттық жолдастардан кешірім сұраймын! – Жоқ, жоқ, ол не дегеніңіз?! – деді шужи басымен өзінен кешірім сұрап отырған адамның алдында не айтарын білмей сасқалақтап қалған Жеңісқан, – мəселе бізде, өзіміздің ұлттық жолдастарда! Біздің көп санды адамдарымыз көз алда дəуір тасқынына ілесе алмай, реформаның артында қалып барады. – Дұрыс айтасың! – деді орнынан тұрып үстелінің жанына баяу аяңдап барған шужи Жеңісқанға қарап, – бұл менің ұлттық жолдастарды жамандағаным емес, кезекте көп сандағы ұлттық кадрлар үйренуге, тексеріп-зерттеуге мəн бермейді екен. Осыдан барып олар жаңа мəселелер мен тың қайшылықтарға баяғы қатып-семіп қалған көне көзқараспен қарап, оны бұрынғы ойлау жүйесі бойынша шешкілері келеді. Мəселен: сенің жатақты мектепке барып, ол араның тəртіп-дүзімін күшейтіп, толымсыз оқытушыларды сабақтан тоқтатуыңның қазіргі кезде еш оғаштығы жоқ қой. Егер бұған да жол бермесе, онда негізгі сатыдағы жолдастар қайтып қызмет істейді? – деді де, əлденені ойлағандай тұрып қалды. Қанша айтқанмен ой-санасы ашық аға ұлттың өкілі ғой, басшы болсаң осындай бол деп, іштей бұл кісінің ой-толғамына сүйсініп отырған Жеңісқан: – Менікі баяғы ұлттық ағартудың қамын жегендік қой, бірақ, осыншалық қарапайым мəселені біздің ұлттық жолдастардың қалайша түсінбейтіндігіне қайран қаламын! – деді ой үстіндегі шужиға қарап қойып. – Бұл идеяны азат етіп, көзқараста бұрылыс жасау мəселесі, – деді Ли шужи ақырын аяңдап келіп, Жеңісқанның жанындағы креслоға отырып жатып, – Жаңа қазақ балаларының жол ортада оқудан шегінуі жайында аудандық парткомға ұсыныс жаздым дедің бе? Ол ұсынысыңды мен көрмеген екенмін. Біраздан кейін хатшыма айтып, тапқызып оқып көрейін. Бұл бір тексеруге, зерттеуге жəне шешім жасауға тиісті үлкен мəселе екен. Бұл жайында бұрын кейбір емісеміс пікірлерді естісем де, толық хабарым жоқ екен. Бұның өзі де біздің қызметтегі бюрократтығымыз болар?! Оның үстіне ұлттықтарға қатысты істерді көп жағдайда ұлттық басшылардың бір жайлы етуіне тапсырамыз. Ұлттықтардың төл мүддесіне барып саятын мəселелерге араласа беруді ыңғайсыз санаймыз. Бұның сыртында, бəлкім, тіл шектемесінен болар, ұлттық жолдастардың көбі бізді іздемей, ұлттық басшыларды іздейді. – Солай, солай, – деді Жеңісқан да, – тіл шектемесі деген де үлкен кедергі ғой, бүгін сіздің алдыңызға келерде мен де кейбір ойларымды толық жекізіп бере алмай қаламын ба деген қорқыныш пен күдік ішінде келген едім. – Міне, сондықтан да ұлттық ағарту істерінде «қос тілді оқытуды» (қазақша жəне қытайша екі тілде оқытуды айтады) мықты ұстау керек, – деді сағатына қарап қойған Ли шужи, – Қазір бір жиынға бармақшы едім. Бүгін өзіңмен əңгімелесіп, көптеген істерден хабар тауып қалдым. Бұдан кейін де үнемі келіп, жұмысың болса айтып тұр! Ал, қызметің жөнінен алғанда, анаған да, мынаған да жалтақтамай, өз жұмысыңды батылдықпен істей бер! Батыл болмаған адам басшылық қызметінде ешқандай нəтиже жарата алмайды. Оның үстіне қызметте батылдықты 1-орынға қойып, Жаңалық жəне жасампаздық жасауға ұмтылу – қазіргі реформа заманының бірден-бір талабы. Ал, оқу-ағарту мекемесінің əлгі қарары жөнінде мекеме басшыларымен мен сөйлесіп көрейін, – деп орнынан тұра берген Жеңісқанның арқасынан бірнеше рет қақты да, оны есіктен шығарып қойды. Лишужидің кеңсесінен көңілі алып ұшып, əлденеге мəз болып, жеңіс лəззатына бөленіп шыққан Жеңісқан, бүгін көлік бірдеме кезіксе, мектебіне қайтып кетпек болып, жанұясына келген еді, отбасында осы ауданда ұзақ жылдар басшылық қызметінде болып, бірнеше жылдың алдында зейнеткерлікке шыққан, баяғыда алғаш оқу бітіріп келген кезде, өзін аудандық 1-орта мектепке орналастыра-

тын немере ағасы отыр екен. Ол кісіге асыға сəлем берген Жеңісқан бұл кісі неге келді дегенді таңырқай ойлап, босаға жақта аяқ киімін асыға шешіп жатқан еді, ас үйден Гаусар да шыға келді. Бейнесі бүгін қызметіне бармаған көрінеді. Бұл күндері 60-тың асуынан əлде қашан асып, кəріліктің табалдырығын аттаған, сонда да жуан қарны мен толық етінен əлі де арыла қоймаған, шашы əппақ күмістей ағарып, белі еңкейе бастаған, қараторы өңді, қысықтау қоңыр көзді немере ағасы Жеңісқан жанына келіп отыра бере-ақ: – Келін баланың айтуына қарағанда, сен аудандық парткомдағы Лишужиді іздеп кетіпсің ғой, кездесе алдың ба? – деп сөз бастады. Ағасының бұл сөзінен соң-ақ бұл кісіні өзіне ақыл айтқызбақ боп, Гаусардың арнайы шақырып келгенін сезе қойған Жеңісқан: – Иə, кездестім, ол кісі мені қолдайтындығын ашық білдірді, – деп насаттанған сезіммен жауап қайтарды да, бұның не дегендей Гаусарға қарап қойды. – Е, онда жырғатқан екенсің! – деді əлденеге мырс ете қалған ағасы,– өзі асқынып тұрған қайшылықты онан ары шиелендіріп, насырға шаптырып келдім деші? Шужи бүгін солай айтқанымен де, ауданның басқа басшылары тіпті анау Қабден Жүйжаңның (Қабден мекеме бастығының) не ойлайтынын ойладың ба? Енді олар саған қалай қарайды? – Соны айтам, – деді үстел үстіне дастархан жəйіп, шəй құюға қамданып жүрген Гаусар, – таңертең бармай-ақ қой деп қаншалық жалынсам да тілімді алмай қойып едің. Өзіңнің тіке бастығың болып отырған жүйжаңды шужиге барып жамандасаң, бұдан кейін қызметті қайтып істейсің? Осы басқалармен алысқанды қойсаңшы деп талай рет айтсам да, менің тілімді бір алмадың ғой, – деп көз жанарына үйіріле қалған жас тамшысын көрсетпейін дегендей артына бұрыла берді. – Міне, келін бала өте дұрыс айтады, – деді ас үйге қарай кетіп бара жатқан Гаусарға қарап қойған немере ағасы, – шужи мені қолдады, мен жеңдім дегендей өзіңше масайрап отырсың. Ал, шужи үнемі сенің қасыңда жүре ме? Ертең бірер жұмыс болғанда, Қабденнің алдына қалай барасың? – деп Жеңісқанға қарап тағы да сұрау тастады. – Рас, ол кісімен ерегесіп, айғайласып қалдым. Соңында ол кісі маған бұйрық соғып, күш көрсеткеннен кейін мен де бүгін шарасыздан шужидің алдына бардым, – деді Жеңісқан дастарқанға Гаусар əкеп қойған нанды турап жатып. – Сонда не туралы ерегесіп жүрсіңдер? – Баяғы қызмет туралы. Ол арада сабақ өте алмайтын, оқытушы болуға жарамсыз бірнеше мұғалімді сабақ өтуден тоқтатып тастаған едім, соларға қайтадан сабақ орналастырасың деп күш көрсетеді. – Иə, орналастыр десе, орналастыра салсаң болмай ма? Ол араға барып қол астыңдағы мұғалімдердің азғантай айлығына жағаласқанда саған не түседі? – Маған ештеме де түспейді. Бірақ, ұлттық ағартудың сапасын ойлағанда, өз істегендерімді дұрыс деп есептеймін. Жаңа шужи де оны дұрыс істепсің деп мені қатты мақтады. – Міне, екі сөзіңнің бірінде ұлттық ағарту, ұлттық мəдениет деп шыға келесің, – деді шəй құйып жатқан Гаусар, – кешке дейін қазақтың қамын жегенде саған не түседі? – деп Жеңісқанға жаратпай қарады. Келіншегінің бұл сөзінен кейін қылаяғы қойнымда жатқан қатыным да мені түсінбейтін болды-ау деп жаны күйіп кеткен Жеңісқан: – Ой, сен сандалмай тыныш отыршы! – деді ағасының көзінше келіншегіне тік келіп, – Қазақтың қамын жемесем, «қазақ» деген атты несіне көтеріп жүремін? – Жə, жə,– деді ағасы інісі мен келініне кезек қарап, оларды сабырға шақырғандай, – Қазақтың қамын жегенің дұрысақ болсын! Сонда да қызмет əдісіне көңіл бөлу керек емес пе? Өстіп көрінгенмен жағаласып, елдің бəрін өзіңе жау ете берсең, бұдан кейін қызметті қалай істейсің? Сендей кезімізде біз де қызмет істегеміз. Алайда, ол кезде біз қызмет барысында береке мен бірлікке ерекше көңіл бөлетінбіз. Ал, сенің қылып жүрген қылығың мынау, елмен алысамын деп жүріп жылы орныңды суытып, қияндағы қырға бардың. Бүгінгі қылығың анау, таңертең шужиға бармай-ақ Қабден

жүйжаңға барып, жаздым-жаңылдым деп кішілік ете салсаң болмай ма? – Жоқ, ондай істеуді менің арым көтермейді! – деді Гаусардың қолындағы шыныны алып, ағасының алдына қойып жатқан Жеңісқан,– өзімдікі дұрыс болғаннан кейін елдің алдына барып қалайша жалбарынамын? Бұл менің қолымнан келмейді. Мықтағанда менің басымдағы шияужаң (қытайша мектеп меңгерушісі) деген қалпақтарын қайтарып алар?! Өзің біліп ештеме істей алмасаң, ондай құрғақ атақтың маған не керегі бар? – Ойбой,– деді ағасы Жеңісқан ұсынған шыныны қолына ала беріп, – мен сені бірнеше жылдан бері есейіп-ержетіп қалған болар деп ойлап жүрсем, əлі аузыңнан ана сүті кетпеген бала екенсің ғой, осы күні кім қызметті принциіп бойынша істеп жатыр? Барлығы да бармақ басты, көз қыстымен кетіп барады. Бұл күндері елдің көбі сен айтқан ұлт қамы емес, өз қамдарын ғана ойлайды. Ақылды өз басын қорғайды деп есептейді. Ал, осы күні қоғамдық өмірде жамырап кеткен əр алуан жаман əдеттер мен нашар құбылыстарды жөнге салу сенің қолыңнан мəңгі келмейді! Осыны да білмесең, онда несіне дашуе (университет) оқып жүрсің? – деп Жеңісқанмен жаңа танысып отырғандай, оған тесіле қарай берген еді, Гаусар тағы да: – Сол емес пе, – деді əңгімеге қыстырыла кетіп, – ел істей ме, істемей ме, істесе қалай істейді? Оған сенің нең күйіп барады? Осы қылығыңды қоймасаң, бір күні қызметтің өзінен айырылып қаласың ба деп қорқа беремін. – Міне, келін бала тағы да дұрыс айтады, – деді ағасы шынысын үстелге қоя беріп, – бұл заманда бұрынғыдай емес, адамдардың пиғылы барған сайын бұзылып барады. Мен де міне 40 неше жыл атқа мініп, үкімет қызметіне араластым ғой, содан қорытқан бір тəжірибем: Біздің қазақ бетке келгенде көлкектеп тұрғанымен де, астыртын ор қазуға, білдіртпей аяқтан шалуға өте шебер келеді. Міне, сен де шалғайдағы ауылға өзіңнің қалайдан-қалай барып қалғаныңды білмей де қалдың емес пе? Оның үстіне бұл заманда өзіне жақпағандарды «өсіру» деген атпен басқа жаққа алмастырып жіберу біртүрлі салтқа айналып барады. Сондықтан бұл күнге де зар болып қалмау үшін, ақыл білсең, бұдан кейін елмен жағаласуды қойғаның жақсы. Бүйте берсең жұрт та сені жақсы көрмейді. Міне соның бір белгісі сені сыртыңнан құрдастарың «қырсық Жеңісқан» атандырып жіберіпті ғой. Бұл қылығыңды енді қоймасаң, ертеңақ қойға кірген қотыр ешкі сияқты ел-жұрттан бөлектеніп қаласың. «Біз қарға тамырлы қазақ» атанған, бір-бірімен ұялы теректей матаса шырмалған халықпыз. «Тауда текенің мүйізі сырқыраса, ойда ешкінің мүйізі ауырады» дегендей, біреуіміздің шиқанымызды түртіп қалсақ, енді біреуіміздің сыздауығымыз сыздай жөнелді. Əлгіден бері, япырай, енді бұларға қалай түсіндірсем болар екен деп өз-өзінен қиналып, жан дүниесі алай-дүлей, аласапыран болып отырған Жеңісқан: – Күні кешке дейін ынтымақ жəне береке дей бергенде, қызметті кім істейді? Ал, қызмет істеген адамға қашан да пікір болмай қоймайды,– дей бергені сол еді, үйге көрші отбасындағы Гаусардың қызметтесі кіріп келді де, Жеңісқанның сөзі жол ортада шорт үзіліп, айтып келе жатқан ойы аяқтамай қалды. * Өмір құдды бір бетін оқысаң, екінші бетінде басқа бір уақиға баяндалатын шырма-шату қайшылыққа толы, қызықты романға ұқсайды. Қоғамдық өмірде титтей болса да мансабы бар, өкімет қазынасынан ақша алатын, кадр атты адамдардың тізгіні көп жағдайда өз қолдарында бола бермейді. Ол тізгінді өзінен жоғары отырғандар ұстап, оларды бейне арбаға жеккен ат секілді басқарып отырады. Бүгін бұл арада істеп жүрсең, ертең қай араға барып жұмысқа шегілетініңді өзің де білмей қаласың. Бұл арада сенің бітіретін қандай жұмыстарың, ойға алған нендей жоба-жоспарларың бар? Онымен ешкім де есептесіп жатпайды. Өкімет орында-

ры пəленбай жерге бар деді ме болды, жүгіңді көтеріп алып, болмаса отбасыңды көшіріп, ол араға бара бересің. Бұны үкімет орындары «қызметтің қажеті», «ұйымның орналастыруы» деп, сенің мойын толғауға мұрсаңды келтірмейді. Ал, бұл дүниеде «армансыз адам болмайды» дегенді біздің қазақ қандай тауып айтқан деші! Бірдемені істейін деп оны енді ғана қолға ала бастасаң, оған өзің де ойламаған алуан түрлі факторлар кедергі болып шыға келеді де, сенің алдыңа өтпес асудай көлденеңдеп жатып алады. Оның біреуін алып тастасаң, енді бірі жерден өніп шыққандай тағы да қылтыйып төбе көрсете қояды. Осыдан барып жəне де амалсыз қаласың. Тісіңді-тісіңе басып өкінесің, дүниені күлталқан қылардай болып ашуланасың, зəр жұтып, запыран құсасың. Бірақ, оныңа ешкім де құлақ түрмейді. Ой, мына байқұстың мына арманы орындалмай қалыпты-ау деп ешкім де айналайын деп басыңнан сипап, мынаған обал болыпты-ау деп есіркей қоймайды. Қайта адамзат өмірі ештемені көріп, ештемені білмегендей, сенің ойға алған армандарыңды басып-жаншып, өз жолымен алға жылжи береді. Сенсіз де ай туып, күн шығып тұрады. Міне, «жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» дегендей, бірнеше айдың алдында Гаусар мен немере ағасының айтқан сəуегейліктері тағы да дəл келді. Жеңісқанның малшаруашылық жатақты мектебіне меңгеруші болып алмасып келгеніне жылға толмай жатып, ол аудан бойынша «іскер де дарынды жас кадрларды өсіру» объектілерінің бірі болды да, екі айдың алдында ғана аудандағы жəне бір Жиделі аталатын ауылға ауыл бастығы болып тағайындалып, бұл арада жəне де салт басты, сабау қамшылы күй кешіп жатқанына бір жарым айдың жүзі болып барады. Алғашында аудандық ұйымдастыру бөліміне барып: – Бұл менің істеп көрмеген кəсібім екен. Өзіме қанық оқуағарту саласында істей берейін, – деп айтып көрген еді, олар: – Қызметтің қажеті, ұйымның ұйғарымы осындай, – деген сөздерді көлденең тартып шығарып салды. Ал, Ли шужижі іздеп көрген еді, ол кісі де: – Сені алғашында аудандық 1-орта мектепке меңгеруші етіп қоямыз ба деп ойлаған едім, Алайда, қалай екені белгісіз, парткомдағы көп сандағы ұлттық жоралар қосылмай қойды, – деп əлде бір сыр ұшығын жылт еткізді де, артынан бұны неге айтып отырмын деген кісіше сөз əуенін кілт өзгертіп, – негізгі сатыға барып шыныққаның жақсы, өмір үйреніп, құнды тəжірибелер топтайсың. Аудандық партком осы жолы өсірілген өзің секілді бір топ жастарға ерекше үміт артып отыр. Сенің қабілетің мен ой-санаңа қарап, бұл қызметті дөңгелек айналдырып кететіндігіңе мен де кəміл сеніп отырмын. Келешекте осы ауданның тұтқасын өздерің ұстайтын боласыңдар. Сондықтан партия мен өкімет сенім артып отырғаннан кейін, бұл қызметтен бас тартпай, ол араға барып істегенің жақсы. Қызметті қол сала батылдықпен істе! Əурешілдік пен қиыншылыққа жолықсаң, мені ізде! – деп ақыл айтты. Осылайша Жеңісқанның Жиделі ауылына келіп, ауыл бастығы болып істей бастағанына да міне бір жарым айдың жүзі болып барады. Ауылдық қызметінен мүлде хабарсыз ол, бұл күндері партком хатшысы мен орынбасар ауыл басшыларының жетегінде желіп келеді. Əйтеуір, бір қолайлысы ауылдықта екі жеңіл машина бар екен де, көліктен қысылмайды екенсің. Жеңісқанның көп жағдайда мектептерге бүйрегі бұрылып тұрады. Осы араға келгеннен бері 5 қыстақтағы мектептердің барлығын да аралап шықты. Ауылдың орталығындағы мектепке де үнемі барып тұрады. Бұл араға келіп көп өтпей, бұл жердің жағдайына да біртіндеп қанығып, маңайын бажайлай бастады. Бұл араның 80 пайыздан астам тұрғынын құрайтын қазақтардың ішінде рушылдық өте күшті тəрізді. Осы аумақтағы негізгі жан санын құрайтын руынан басқа, сырт орындардан келген басшылар бұл араға көп тұрақтай алмайтын да көрінеді. Тіпті мандытып қызмет істей алмайтын да секілді. Жеңісқанға бұл арада бұрыннан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан басшылық алқасы да ішінен қырық пышақ болып, быт-шыты шығып жүрген берекесіз басшылық алқасы секілді сезіледі. Бірінің

айтқанына енді бірі бой бермей, əркім өз алдына шаба береді екен. Осыдан барып Жеңісқанның ауылдықта істеліп жатқан көп жұмыстарға көңілі толмай жүр. Ал, «бақан жаққан баста бар» дегендейін, бұларға соқтығар болса, өзінің тағы да таусылып бермес дау мен қайшылықтың арасында қалатындығын əбден біледі. Сонда қайту керек? Жақыннан бері осы бір сұрау Жеңісқанның мыйын айналдырып, басын əбден қатырып келеді. Қаншалық мың ойланып, жүз толғанса да, бұл сұраудың шешімін таппай қиналады. Қапасқа қамалған қасқырдай аласұрады. Кей күндері тіпті көрер таңды көз ілмей атырады. Осындай кезде Ақтөбе ауылындағы Қайрақты қыстағынан көрген малшылардың жүдеу тұрмыстары жəне ол арадағы Тастөбе деген қыстақтың жанында əліге дейін ашылмай, көмулі жатқан жер асты байлығы көз алдына елестей береді. Міне, бүгін де орынбасар ауыл бастығы Дəурен екеуі малшылар қыстайтын қыстауға барып, ол араның биылғы шөп шығымын көзден кешіріп, жатағына жайырақ оралған Жеңісқан, төсегінде ой толғағында аласата дөңбекшіп, мазасыз ойлардың құрсауында жатыр. Мен секілді бір кəсіптік адам жөнінен алғанда, əркүні дерлік жиынға қатынасып, малшылардың жем-шөбі, егіншілердің егіндік ұрығы деп шапқылағанда бұдан не өнеді деп ойлады ол, жасыл түсті панеркемен безелген жатақ төбесіне қарап жатып. Оның үстіне өз тізгінің өз қолыңа толық тимейді де екен. Жоғарыда аудан басшыларына жалтақтасаң, төменде өзіңнен кейінгілердің аузына қарайды екенсің. Əдеттегі кішігірім істерде партком жиынында қаралып шешім жасалады екен. Ал, бұл арадағылардың айтқандарына көніп, айдағандарына жүрмесең, тағы да қаптаған қалың қайшылық алдыңнан шыға келеді де, көп уақытың олармен айтысып-тартысуға жұмсалады. Халқымыздың ағарту істері үшін аз да болса бірдеме істеймін бе деген ниетке белімді бекем бусам да, бірталай елге жеккөрінішті болып, боқтық пен лағынат естуден басқа не шығара алдым. Ал, бұл арадағы бірнеше таныс мұғалімдердің айтуларына қарағанда, бұл жер рушылдық нысайы ерекше асқынып тұрған, біреуіне соқтықсаң, басқалары бақан көтеріп, бөрінің артынша шулап шыға келетін орта көрінеді. Қазақ арасында тамырын тереңге жайған талайлаған боздақтардың алдына көлденең болып, олардың адымын тұсаған бұл рушылдықты жою менің қолымнан келер ме? Бұны қойғанда анау көтерем малша кетеуі кетіп, оқушылары барған сайын азайып бара жатқан, оқытушыларының бірталайы мəлкілдеп əрең жүрген мектептердің халын оңай аламын ба? Оған онсыз да тақырланып, ашпа-жалап болып тұрған ауылдық қазынасынан қайдағы ақшаны шығарамын? Тіпті мектептерге көмек ақша бергенді қойып, ауылдықтың желкесіне мініп тұрған қалың қарызды қайтемін? Мұның сыртында, мектептердің қызметіне барып соқтығар болсам, аудандық оқу-ағарту мекемесі недеп, қандай патуə шығарады? Ал, сонда ана жерге барып нұсқау беріп, мына жерге барып қызмет тексеруден, жəйі келсе, той-томалақ қуалап, қонақ болып, қонақасы жеумен күн өткізсем, бұл тірліктің не мəнісі қалады? Ондай өмірдің қандай мазмұны болады? Ойы шарықтап осы араға келгенде, Жеңісқанның көз алдына тағы да Тастөбе қыстағындағы əлі де ашылмай, жер астында бүркеулі жатқан кен байлығы елестей қалды да, осы əуренің барлығын қойып, сол араға барып кен ашсам қайтеді? Ондай атты күн болса, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, өз тізгінің өзіңе тиер еді-ау! Бұл қазақ ондай кəсіпті істей алмайды деп кім айтады? «Көз қорқақ, қол батыр» деген секілді батылдықпен істеп кетсе, адам баласының игермейтіні бола ма? Сондықтан да аталарымыз «тəуекел ет те, тас жұт» деп ақылия айтады емес пе? Үкіметтің ай сайын беретін мардымсыз айлығынан айырылғанда өліп қалмаспын! Тіпті айлық алмайтын адамдар да жер бетінде өздерінше тірлік етіп жатыр емес пе? Ал, кəсіп істеу деген қашан да тыңнан басталады. Оған жүректілік пен тəуекел қажет болады. Дүниедегі миллиардтаған доллары бар кəсіп иелерінің көбі алғашында сол кəсіпті тəуекелмен бастаған ғой. Əйтеуір, кəсіп істесең, ең жақсысы басқаларға жалтақтамай, өз тізгінің өзіңде болады емес пе? Сонда

қайтсем болады? Неде болса, тəуекел қайығына қарғып мінейін бе? Осы біздің ата-бабаларымыз «Тəуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, Уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің» деген сөзді неліктен айтты екен деші?! Жеңісқанның ой арпалысындағы кемесі баяу жүзіп осы араға келгенде, алдындағы алып құзға соғылғандай болды да, оның көз алдына тағы да Ақтөбе ауылдығының Қайрақты қыстағынан көрген кедейлік басып, жүдеулік орнаған тозыңқы отбасылар елестей берді. Иə, қоғамдық қызметке араласқан бірнеше жылдан бері түзеген ой кемесін тағы да шалқар айдынға сала берді, Жеңісқан ұлтымыздың оқу-ағартуы мен мəдениеті деп, жарғақ құлағым жастыққа тимей, көп жұмыстарды істемек болсам да, көп жағдайда тұмсығым тасқа тиіп, əлдебір жарқабақтарға тіреле бердім. Бұның көп сандысы адамдардың мүддесіне тіке барып тірелетін экононика жəне ақшамен қатысты болды. Осыдан барып көп адамдар маған қарсы келді. Міне бұның өзі баяғыда орта мектепте «Саяси экономика» сабағын оқығанымызда «Əрқандай қондырма белгілі бір базис үстіне құрылады. Базис қондырманы билейді» дейтін сөздердің өмірден алынған шындық екендігін, өте-мөте барлық нəрсе ақшаға барып тірелетін мына нарықтық экономика заманында ұлтымыздың оқу-ағарту жəне мəдениет істерін гүлдендіру үшін белгілі экономикалық негіздің қажет екендігін, бұндай негіз болмағанда, қаншалық жақсы ой мен əдемі арман болса да, олардың құрғақ қиялға айналатындығын дəлелдейді. Бұл бейне тамақ істеу үшін сол тамақты істеуге қажет болатын түрлі материалдардың дайын болуы керектігіне, қандай ыспар да пысық əйел болса да, көкеніссіз қуырмаш қуыра алмайтындығына ұқсайды. Сол секілді ұлтымыздың оқу-ағарту мəдениет істерін дамытып-гүлдендіруде белгілі экономикалық негізге сүйенеді, атап айтқанда, ақшаға барып табан тірейді. Ақшасы көп адам дүниеден көп алаңдап кетпейді. Мəселен: егінші-малшылардың қолында ақшалары төгіліп жатса, сол ақшаға балаларын оқытпағанда, енді неге істетеді? Сол сияқты халықтың қолында ақшасы болса, олар сол ақшаны ешкімнің қузауынсыз-ақ өздерінің мəдени тұрмыстарын байытып, рухани жақтағы қажеттерін қанағаттандыру үшін жұмсар еді! Міне бұның өзі кезектегі нарықтық экономика заманында рухани өркениетті өркендету үшін алдымен заттық өркениетті дамытудың қажет екендігін айпарадай айғақтайды. Ал, заттық өркениеттің негізі ақша ғой, сонда ол ақша қайдан табылады? Қалайдан-қалай құралады?... Жеңісқанның баяу қалықтаған қиял құсы осы араға келгенде, оқыстан аңшының қаңғыған оғына кез болғандай болды да, көп ұзамай оны да айналып өте берді. Дүние жүзіндегі миллионер аталатын қалталы адамдардың өмір тəжірибесіне қарағанда, ақша кəсіп істеуден табылады. Тиыннан жиналып, тиыннан құралады. Ал, кəсіп істеу қашанда тəуекелмен басталады. Мəселен: қазіргі күнде жалпы капиталы 150 миллиард Америка долларынан асып, жеке бір өзінің байлығы дүние жүзіндегі отыз неше кедей елдің бір жылдық мемлекеттік кірісіне тең келетін, компьютердің жұмсақ бөлшегін өндіруші Америкалық миллиардер Билл Гейтс те өзінің кəсібін дашуенің (Университеттің) 1-жылдығын оқып жүріп-ақ тəуекелмен бастаған емес пе еді? Гужүн жазған «Еврей саудагерлері» атты кітаптан да бұндай мысалдарды көптеп тауып алуға болады ғой. «Дүниенің 1-саудагерлері» аталған Еврей ұлтында осындай кəсіп істеу рухы болғандықтан, олар дүниенің алтын базарларын шеңгелдеріне алып, экономикалық қуаттарын күрт көтергендіктен де, бірнеше ғасырлар бойы дүниенің жер-жерлеріне бытырап, тозып кеткен ұлттың басын қосып Израйыл мемлекетін құра алды əрі «Еврейлер бір түшкірсе, дүниенің алтын базарына тұмау тиеді» дейтін атқа да ие болды. Дүние тіл мамандары жағынан «өлдіге» шығарылған Ыбырай тілін қайтадан тірілдіріп, оны өз елдерінің мемлекет тілі етті. Оқу-ағарту, мəдениет істерін қауырт дамытып, дүниенің алдынғы легіне өтіп, «Нобель сыйлығы – Еврейлердің сыйлығы» деген атты еншіледі. Міне бұның өзі экономикалық негіздің оқу-ағарту мен ғылым-техниканы дамытудың жан тамыры екендігін

дəлелдеп тұрмай ма? Бұны біздің ата-бабаларымыз да «аузы қисық болсада, бай баласы сөйлесін» деген жалғыз ауыз сөзбен бейнелеген емес пе еді? Ал, кəсіп істеп, ақша табу да оп-оңай қолға келе қоймайды. Ол үшін жарғақ құлағың жастыққа тимей жұмыс істеуге, небір жапа-машахаттар мен қиыншылықтарды бастан өткізуге, небір қайшылықтар мен алуан түрлі кедергілерді жеңуге тура келеді. Бұндай қайшылықтар мен кедергілер алдымен өз қара басың мен отбасыңнан басталады... Жеңісқанның қиялдың зеңгір көгіне шарықтап кеткен ой құсы дəл осы араға келгенде, «бұған Гаусар жəне басқа да туыс-туғандарым не дейді? Олар қалай ойлап, тағы қандай пəлелерді шығарады?» деген қара үңгірге жолықты да, жастықтан басын көтеріп, қиял құсын тағы да алысқа ұшыра берді. Қалай екен, бұл күндері елдің көбінің аңсары мансапқа ауып алды ғой, кейбір зиялы аталатын, ұлт қамын жейді дейтін азаматтарымыздың «бастық болуды баюдың жолы ретінде қарап», шолақ-шолтыраң мансаптың соңынан түсіп кеткенін, тіпті кейбіреулерінің беттерінің арын белбеулеріне түйіп, ұялмай-қызармай бастықтарға жағатсып, алақандарын жайып мансап сұрап жүргенін көргенде, жерге кіріп кете жаздайсың. Мансап деген де жуса кетіп қалатын, қолдың кірі секілді нəрсе ғой. Ол қашанғы сенің алақаныңда мəңгі бақи тұра береді дейсің? Мансабы жоқ адам қашан өліп қалған еді? Ертең-ақ мен осы ауыл бастығы деген мəнсабымды тастап, жүгеннен құтылған ат сияқты ойнақтап шыға келсем, ел-жұрт не дер екен? «Жеңісқан көтеріліпті», «жынданып ауырыпты» дегеннен тайынбайды-ау! Тіпті өмірде сүйіп қосылған анау Гаусардың да не деп ақыл айтарын кім білсін! Қойшы, бұларды несіне ойлай беремін? «Ел не демейді, менің артым шөп жемейді» деп жүре бермеймін бе?!» деп қиял құсын алыс аспаннан піштактап шақырып алған Жеңісқан шырақты жағып, көптен бері құныға оқып жүрген Жапониялық осы заманғы əйгілі кəсіпкер Тоденден жазған «Еврейлердің ақша табу айласы» атты кітапқа үңіле берді. Осылайша талай күндерге дейін ой соңында жанталаса толғатқан Жеңісқан, міне бүгін өзінің қызметтен шегіну өтінішін қалтасына салып алып, аудандық үкіметке қарай келе жатыр. Хикаятымыздың басында жазылған «Жеңісқан қызметі мен мансабын тастап, жеке кəсіппен шұғылданып кетіпті» деген хабар осыдан кейін таралған-ды. БЕС ЖЫЛДАН КЕЙІН Қалың қар қапалақтап жауып тұрған алғашқы қыс күндерінің бірінде, аудан қалашығының тұрғындары «Жеңісқан аудандық 1-орта мектепке 40 дана компьютер, Ақтөбе жатақты мектебіне 100 мың юань ақша атапты. Аудандық партком мен үкімет бүгін сол жəрдемдерді тапсырып алу зор жиынын ашады екен» деген хабардың жетегімен топ-топ болып, аудан қалашығындағы жар дегенде жалғыз кино қоятын клубқа қарай əлде нені гуілдей əңгіме етіп, асыға кетіп бара жатыр. Кейбіреулер: – Бұл Жеңісқан 4-5 жылдың ішінде қалайша тез байып кетті екен? – деп тамсана таңдай қақса, енді біреулер: – Осы күнде кəсіп істеп байыймын деген адамға жол ашық қой, тек тəуекелге бел байласаң ғана болғаны! – дейді өз басынан өткізгендей байлау жасап. Ал, Жеңісқанның өмір жолына қанық жəне біреу: – Баяғыда осы Жеңісқанды «қырсық Жеңісқан», « қисық Жеңісқан» атап, 1-орта мектепке сиғызбай қуып шыққан еді, енді оның берген жəрдемін ұялмай-қызармай қайтып алады? – деп күліп қойса, оның жанында келе жатқан тағы біреу: – Біздің қазақ «жындының бір аяғы – сегіз, бір аяғы – тоғыз» деп бекер айтпаған ғой, бастықтардың сол кездегі кінəларын беттеріне басқалы отыр ма, кім біледі? – деп өзінше көсемсиді. «Расында, Жеңісқан бес жылдың ішінде қалайша бұншалық тез байып кетті? Қысқа ғана уақыт ішінде 100 мыңдап

жəрдем атайтын бұншалық көп ақшаны қайдан, қалай тапты?» деген сияқты оқырмандардың сұрауына біздің бұл хикаятымыз да əзірше жауап бере алмайды. Ал, зерделі оқырманның газет-журналдар мен радио-телевизорларда əр күні дерлік беріліп жататын хабар-ошарлардан бұл сұраудың жауабын қиналмай-ақ тауып алтындығына кəміл сенеміз. 2003 жыл АПАМ ҚАШЫП КЕТІПТІ І – Апам қайда кеткен? – деп сұрады кеше түстен кейін су кезегі келіп, түннің бір уағына дейін атыз басында су ұстап, ұйқысынан түске таласа оянған, отыздың ортасын оя бастаған, кең иықты, кеуделі келген, сопақшалау бетті, қалың кірпікті, үшкіл көзді, өңі əбден тотығып кеткен, жағы мен иегінде қалың қылтандар қарағайдай қаптап тұрған Асан орнынан асыға тұрып жатып. – Е, қайда кетеді ғой дейсің? Жүрген шығар бір жерде,–деді Асанның келіншегі алқызыл өңді, сəл бүкірлеу келген ұзын бойлы, сарқылтым қастары сиректеу біткен, дөңгелектеу шүңірек көздері шыңыраудағы суша жылтылдап көрінетін, басына көгала түсті ескі жаулық байлап алған Күлашқан төрге жастай қойылған диванның алдындағы ұзын үстелге дастарқан жасап жатып. – Ой, Алла! Күнде таңертең орнынан ерте тұрып, үй ішінде бəкіншүкінмен айналысып жүретін ол кісі көп ешқайда бармай, үйде болушы еді ғой, бүгін қайда кете қалды екен,ə? – деді киімдерін киіп жатқан Асан əлде неге таңырқағандай Күлашқанға қарап, – қарашы, ол кісі орнынан тұрды ма екен? Алда-жалда ауырып қалып жүрмесін. – Қарадым, жоқ екен. Ол кісі қашан осы уаққа дейін ұйықтап жатушы еді? – деді Асанға бұл неге шешесін іздей қалды деген адамша тесірейе қарай қалған Күлашқан қолындағы шынының сыртын сүрткіш бұлмен сүртіп жатып, – бүгін неғып шешеңді сағына қалғансың ? – Қайдан білейін, түнімен бір шым-шытырық түстер көріп, жақсы ұйықтай алмай шықтым. Əлде бірдеме болатындай өзімнен-өзім алағызып, қобалжып тұрғанымды қарашы!? – деді сол жақ іргедегі екі адамдық темір кереуеттен түсе берген Асан – оның үстіне бүгін ол кісіден əлде бір нəрсенің жайын сұрайын ба деген едім. – Ол не нəрсе? – деді бұл жолы да күйеуіне таңқала қараған Күлашқан қолындағы шыныны үстел үстіне қоя беріп . – Е, кеше осы арада бір мал алып жүрген саудагерге кезігіп қалған едім, сұраса, мал бағасы тəп-тəуір секілді, – деді төсектен түсіп, қылтан қаптап кеткен бет аузын жалпақ алақанымен сипап қойған Асан – сонымен апамды ағамдардікіне жіберіп, сататын малдары бар ма екен білейін деген едім. – Ойбой, осы сен де өз алдыңа тыныш жүрмей, қайдағыны шұқылап жүреді екенсің,–деді Асанға бұртия қарап қойған Күлашқан – олар малдарын сата ма, сатпай ма онда нең бар? Бекер алдыңғы жылғы сияқты тағы да пəлеге қаласың. Ана шайпау мінез абысыным жəне де малымызды арзанға сатқызды деп шыға келеді. – Жөн, жөн, – деді əйеліне қарап қойған Асан былшық басқан көзін уқалай есікке қарай бет алып бара жатып, – ол кісіні іздегендегі тағы бір шаруа, елдің айтуларына қарағанда, біздің Алтай жақта тұратын бір туыстарымыз бар екен. Соның жайын сұрайын деген едім . – Ойбой, сен неғып бүгін аяқ-астынан туысшыл, қаншыл бола қалғансың? – деді Күлашқан Асанның ту сыртынан мысқылдай қарап, – осы жақтағы туыстарыңды қарқ қылып алсаң да жетер ... – Апам əлі жоқ па? – деді таңертеңгі шəйін ішіп алып, əлде бір жұмысқа бола қыстақ бастығына барып келген Асан – клет үйлерінде бірдемелерін шұқылап жүрген Күлашқанға дауыстап.

– Жоқ,– деді қысқа қайырған Күлашқан – Бақанға бардың ба? Əлгі жұмысты не дейді? – Əйтеу, ары айтып, бері айтып жүріп, зорға бітіргендей болды. Ақысын күзде өнім жиналғанда есептесетін болдық. – Е, онда көрім болған екен ... – Апам əлі келген жоқ па ? – деді клет үйдегі дөңгелек үстелге түскі шəйға отырып жатқан Асан . – Келген жоқ,– деп шорт қайырды Асанның таңертеңнен бері бірнеше қайтара сұраған бұл сұрауынан əбден мезі болғандай бейне танытқан Күлашқан тыжырына тіл қатып. – Ой, Алла! Бүйтіп жоғалмаушы еді ғой, – деді əлде неге ғажаптанғандай қолына шынысын ала берген Асан, бастауыштың жоғары жылдығында оқып жатқан ұлы Қастерге қарап – сен көрген жоқсың ба-ей? – Жоқ,– деді алдында тураулы тұрған тонардың нанын жау түсіріп келгендей қарбыта асап жатқан Қастер асыға сөйлеп, – таңертең мен орнымнан тұрғанда ол кісі жоқ болатын. – Онда сенші? – деді Асан ендігі сұрауды дастарқан басында монтиып қана шəйін ішіп отырған бастауыштың 1класында оқып жүрген сары шашты қызы Сəулеге қарап . – Жоқ, мен де көргем жоқ. Мен тұрғанда да апамның төсек-орны жинаулы тұр екен . – Ой, тəубе! Мынау бір қызық болды ғой, ол кісі бір жаққа шықса, бүйтіп үн-түнсіз кетіп қалмаушы еді ғой,– деді Асан бірдемеге айранасыр бола таңырқағандай таңдайын тақылдатып. – Ойбой, бүгін шешеңді неғып сағына қалдың? – деді шəй құйып жатқан Күлашқан бұл жолы да қаперсіз сөйлеп, – отырған шығар осы арадағы бір кемпірдің жанында өсек айтып. – Ой, қойшы сен де қайдағыны айтпа, əдетте үйден көп шықпайтын адам жоқ болса, көңілің бір түрлі болып алаңдап тұрады екен,–деді қолындағы шыныны Күлашқанға ұсына берген Асан тырсылдай тіл қатып, – кеше ол кісі бізге қатты ренжігендей болып еді, соған көңілім қатты қобалжып отырғанын қарашы ?! – Үйбай, ол кісінің бізге ренжігені жалғыз осы рет емес қой, – деді Күлашқан Асанның шынысын қолынан жұлып алып, – мен осы үйдің босағасын аттағаннан бері ол кісінің бірдемені шұқыламай, тыныш отырған күні болды ма? Қашан көрсең де анау былай болмады, мынау олай болмады деп күңкілдейді де жүреді. Осыдан барып осы үйде бір күн тыныш, жайбарақат күн кеше алдық па? – Əлаулəйіңді тағы да бастадың ба? Сенің кешке дейін апаммен неге алыса беретініңді бір түсінбей-ақ қойдым ғой,– деді əлде неге дағдара, кейи тіл қатқан Асан Күлашқанға едірейе қарап. – Мен қашан ол кісімен алысыппын? Өзі емес пе, өйте ғой, бөйте ғой деп қайдағыны қоқсытып отыратын, деді Күлашқан дауысын көтере, – тып-тыныш қана отырса, ол кісінің аузына кім қағыпты ? – «Сөйлеп үйренген ауыз жыбырын қоймайды » дегендей, ол кісінікі де бойына əбден сіңісті болып қалған əдет емес пе? – Е, немен, «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей құдай тəубең енді есіңе түсіп отыр ма?–деді Күлашқан Асанға қарап мырс етіп,– бүгін не қып «апа », «апа» дей қалғансың? Əлде түсіңнен шошып ояндың ба? – Қойшы енді, бір тыныш отырып шəй ішейікші?! Бірдеме айтса болды, өстіп өкірештеп шыға келетінің-ай, осы сенің, – деді бұл кезде əке-шешесіне жақтыртпаған жанармен кезек-кезек қарап, қолына бір жапырақ нанды ала орнынан тұрып бара жатқан ұлы Қастерге қарап қойған Асан. – Өзің емес пе? Бүгін көзіңе бірдеме көрінгендей, қарадан қарап шешеңді сағынып, қақылдай қалған. – Ойбой, шешесін сұраса да болмай ма екен? Қойшы енді, батыреш, ішкенді ірің, жегенді желім қылмай, – деді қайтерін білмеген Асан жеңілген боксерше алыс майданынан шегініп шығып, – жоқ əлде, бүгін жəне де шай емес, зəр ішкізейін деп отырсың ба? – Өзің емес пе, «апам», «апам» деп қақсай қалған.

– Ал, қойдық, қойшы енді, батырекеш, – деді осы сəтте Күлашқанға қарап мырс етіп күліп жіберген Асан, – тыныш отырып шай ішейікші, кемпошка! ІІ – Апам келді ме? – деп сұрады мотомен жақын маңайдағы бидай атызына барып құлақ байлап келген Асан есік алдында кездескен Күлашқанға асыға сұрау тастап. – Үй, бүгін саған не болған? – деді Күлашқан тауыққа жем шашу үшін клет үйінен алып шыққан тегенесін ұстаған беті, – қайта-қайта «апам», «апам» деп қақылдадың да қалдың ғой, ол кісі қайда кетеді дейсің? Жүрген шығар бір жерде . – Ə, осы сенің су миың-ай, дүние деген қəперіңе кіріп шықсашы! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ол кісіге бірдеме болып қалса қайтеміз? – деді мотосын сүйретіп, лапастың астына кіргізіп жатқан Асан – бір жаққа кетсе де айтып кететін ол кісі бүйтіп үн-түнсіз жоғалмаушы еді ғой, оқыстан бірдемеге ұшырап қалса, ертең ел-жүртқа не бетімізді айтамыз? – Рас-ау,– деді осы кезде ғана ойына əлде не түсіп, Асанға қорқа да үрке қараған Күлашқан – расында, бірдеме болып қалмасын! – Міне сол емес пе? Таңертеңнен бері қанша рет қақсасам да менің сөзімді артыңа да қыстырмай қойған едің,– деді қолына кілтін ұстап, лапастан бері шыға берген Асан дегбірсіздене, асыға сөйлеп, – енді неге қаққан қазықтай қақиып тұрсың? Андағыңды тастап, іздеп келсеңші?! – Қайдан іздеймін? – Қайдан іздегені несі? Осы қыстақтағы барады-барадыау деген үйлерден іздеп келмейсің бе?... – Бар ма, табылды ма? – деді жарым сағат айналасында екі өкпесін қолына алып, жүгіре, ентіге қайта оралған Күлашқанның əлде неден үрейленгендей болып, өңі құп-қу болып кеткен жүзіне қарап қойған Асан. – Ол кісі барады-барады-ау деген 7-8 үйдің барлығына да кіріп шықтым. олардың бəрі де көргеміз жоқ, келген жоқ деседі,– деді белгісіз қорқыныштан екі көзі алақандай болып алайып кеткен Күлашқан. – Ой, тəубе! Онда ол кісі қайда кетіп қалады? – деді тұрған жерінде сілейіп аз тұрып қалған Асан, – Тасқын құданікіне бардың ба? – Бардым, ол үйде де жоқ екен. – Апыр-а, онда ол кісі қайда кете қалады? – Таудағы ағаңдыкі мен ауылдықтағы əпекеңдікіне кетіп қалып жүрмесін? – Жоқ, олар жаққа кетсе, онда айтып кетпей ме? – Кім біледі, кешегі өкпесімен бізге ренжіп, соларға кетіп қалған шығар? – Бəлкім, бірақ, сонда да айтып кетсе керек еді. Таудағы үйлер осы кезде жайлауға шығып кеткен. Оларға арнаулы көлік болмаса бара алмайды. – деді əлде нені ойлағандай бір сəт үнсіз тұрып қалған Асан, – ауылдықтағы қызынікіне кетіп қалған болмасын, тез барып Шалқардың магазинінен олардың үйіне телефон соғып келе қойшы ?! – Жоқ, ол жаққа да бармапты,–деді бірдемнің арасында қайта оралған Күлашқан аптыға сөйлеп, – үйлерінде балалары Қайнар бар екен,бұл үйге келген жоқ дейді. – Ой, Алла! Онда ол кісі қайда кете қалады, ə,–деп қайрандап аз тұрған Асан бір кезде ойына оқыс бірдеме оралғандай өзінен-өзі селк ете түсті де, – əлде кешегі ашуына шыдамай, бірдемеге ұшырап қалған болмасын!– деді өзінеөзі сөйлегендей болып, – бəсе,таңертеңнен бері көңілімнің бір түрлі болып, алағызып, қобалжуы жаман еді ! – Қойшы, қайдағыны айтпай! – деді Күлашқан Асанның көңілін аулай үн қатып, – неменеге ұшырап қалады дейсің? Жүрген шығар бір жерде. – Жүрсе тауып келе қойшы, сайтанның сапалағы! – деді ашу қатты алып қашпа жыны аяқ-астынан сап ете түскен Асан долыра айғайға басып, – тап осыдан шешеме бірдеме бола қалса, көресіңді менен көресің !

– Үйбай, қайтеді? – деді əлгіден бері өзінің ішіне де белгісіз қорқыныш ұялап, əлде бір күдік ұя сала бастаған Күлашқан, – бірдеме бола қалса, оны менен көріп шыға келетінің не осы? – Сенен көрмегенде кімннен көремін? – деді ашу тұлпарына онан ары қамшы басқан Асан, – кеше шешеме не айтқаныңды ұмыта қалдың ба? Сенің сол сөзіңе қорланған шешем ашуға шыдамай, бірдемеге жолығып отыр. – По, шіркіннің пысығы-ай! – деді əдеттегі кездегі бұрқсарқ мінезіне басқан Күлашқан да дауысын көтере, қыстыға сөйлеп, – сонда шешеңді бұл үйден мен қуалап жіберді ғой деп тұрсың ба? – Сен қуаламағанда мен қуалады дейсің бе? Қашан көрсеңде, екі күннің бірінде ол кісімен алысасың да отырасың. – Ой, шіркіннің, айтып тұрған сөзін қарашы?! – деді ашу атты арынды дүлдүлдің тізгінін еркіне қоя берген Күлашқан да Асанға шəлкем-шалыс келіп, – сен де кеше өзіңнің шешеңе не айтқаныңды ұмытып тұрсың ба? Тақ осыдан шешеңе бірдеме болса, менің сөзіме емес, сенің сөзіңе ашуланып кетіп отыр . – Не дейді-е, мынау! – деді тістен, ысылдай сөйлеген Асан, – егер саған жан баспасам, ол сөзді айтар ма едім. – По, шіркін, бүгін не қып опалы ұл бола қалғансың? – деді Күлашқан танауынан кекете мырс етіп, – шешеңе айтарыңды айтып алып, бүгін соған опық жеп тұр екенсің де. – Япыр-ай, мына салдақының қорлығын-ай,ə! Мені қайрап қайрап шешеме қарсы айдап салған тап сенсің ! – Ой, жүн жеп, жабағы тышқан жетесіз неме сол! – деді аузын шүршите бүрістіріп, Асанға ернін шығара қараған Күлашқан,– шешесіне айтарын айтып алып, енді біткен пəлені маған жауып тұрғанын қарашы жаман неменің. Мен үшін солай айтқан болсаң, онда баяғыдан бері қаншалық қақсасам да шешеңді ағаңның үйіне жібермей, айға бата қылып жүрсің бе? – Япыр-ай, мына қатын үрген итше шəбелеңдеп, аузына келгенін оттап, қайтеді-ей! – деген Асан осы сəтте зəрін шаша ысылдаған жыланша Күлашқанның сұйық та селдір шашынан уыстай, шеңгелдей ұстай алды да, оны алдына қарай жұлқа тартып қалды . – Ойбай, өлтірді! – деді жан дауысы шыға айғайды салған Күлашқан – «Жаманның əлі жапалаққа жетеді» дегенде, енді келіп бəр пəлені маған итеруін қарашы, ез неменің! – Мə, ендеше, əкеңнің! – деді Асан тістене тұрып, Күлашқанды шапалақпен тартып кеткен соң, – осыдан апама бірдеме болса, бəлем, көресіңді сонда көресің, сапылдақ неме – Ойбай, өлтірді! – деді тағы бір рет жан дауысы шыға бақырып жіберген Күлашқан Асанның шашын шеңгелдей ұстап тұрған қолы босап кетісімен далаға қарай ата жөнеліп, «Өлтірді! Өлтірді!» деп аттандап бара жатты. ІІІ Маңайдағы көршілер жиналып, мəн-жайға қанған соң олар да Асанның шешесінің ұшты-күйлі жоғалып кетуін сансаққа жүгіртіп, өздерінше долбар жəне тұспал жасап, Асанға жан-жақтан жамырап ақыл айта бастады. Əрі бірнеше жас əйелдер мен жігіттерді үй-үйге шапқылатып, іздеу мен сұрау салуға жіберді. – Шөпке байлап қойған мал болмағаннан кейін екі аяқты адам пендесі бір арада жүрген немесе бір үйде отырған шығар. Оған бола несіне қызыл шеке боласыңдар?–деді көршілерінің бірі қырма сақалды, ұзын бойлы Байтұрсын Асан мен Күлашқанға кезек қарап . – Соны айтам,–деді оның əйелі Нағима ернін сылп еткізіп, – оған бола несіне шармаяқтасып, бүкіл қыстақты ылаңқада қылып жүрсіңдер. Ел жұрттан ұят емес пе? – Қайдан білейін, шешесінен дəл бүгін туғандай, орнынан тұра бере «апам»,«апам» деп қақылдады да қалды,– деді анда-санда өксік атып, ықылық тиген адамдай бүгіліп отырған

Күлашқан Асанға атып жіберердей алая қарап, – күнде шешесі алдында жүргенде, оны көзіне шыққан сүйелдей көруші еді. Бүгін неқып əукесі түсе қалғанын кім білсін! – Əй, оттамай тыныш отыр, тақ менен көретініңді көре қаласың – деді Күлашқанға қарап ақыра сөйлеген Асан, – шешемді көзіне шыққан сүйелдей көретін мен бе, жоқ əлде сен бе? – По, олғұрдайын мен не қыппын! «Бар жазығым сығалай қашқаным ба» дегендей, бар айыбым күнде шəйін қайнатып, тамағын істеп, кірін жуып бергенім бе? – деді Күлашқан да Асанмен тайталаса кетіп, – болмаса «апа», «апа» деп, алдынан қия өтпегеніме жазықтымын ба? – Елдің алдында өтірік монтансуын қарашы, сапылдақ неменің! – деді тісін шықырлата қайраған Асан, – тап осыдан апам бірдемеге ұшырар болса, көресіңді сонда көресің! – Жə, қойыңдар енді! – деді осы кезде шыдамай кетіп Асан мен Күлашқанның арасына түсе сөйлеген тағы бір көршісі, қарны сəл-пəл шығыңқы аласа бойлы, семізше домалақ денелі жас жағынан Асанмен шамалас, əдеттегі кездері екеуі құрдаспыз деп қатты қалжыңдасып жүретін Сақан, – Асан, сен бала болып кеттің бе? Бір уақ мына елдің тілін алып, тыныш отырсаңшы?! Шешең жарым күн көзіңе көрінбегенге, оны неге қайта-қайта жамандыққа жори бересің? – Қой, Асан, ашуыңды басып, ақылға кел! – деді осы сəтте бағанадан бері үндемей отырған Асандарға құданың-құдасы болып келетін, осы қыстақтағы санамалы қарттардың бірі Орынбай ақсақал сөзге араласып, – əлгінде мына Байтұрсын айтқан секілді екі аяқты пенде болғаннан кейін бір жерде қыдырып жүрген болар, болмаса біреумен əңгімелесіп отырып қалған шығар, оған несіне дегбірсізденесің? «Ыдысаяғы сылдырламайтын отбасы болмайды» дегендей, бəсеке деген тепершікке алып тұрған мына заманда кімнің отбасы тыныш қой дейсің? Келін балада бір сөзді айтса ашу үстінде айтып қалған шығар. Оған бола енді қайта-қайта айғайлап, оған неге ұрса бересің? «Оң қолыңа сол қолың арашашы болсын» дейтін сөз бар. Қайта-қайта ашуға тізгін бермей, сабырлық ет! Əрқандай істің артын тосқан жақсы. Əйтпесе, апаң казір жетіп келер болса, бекер опық жеп қаласыңдар. – Ақсақал дұрыс айтады. – Асан, ашуыңды басып, ақылға кел ! – «Ашу алды, ақыл соңы» деген . – Күлашқан, сен де сабырлы бол! – десіп, үйде отырғандар кезеккезек Асан мен Күлашқанды сабырға шақыра бастады. Осы кезде жанжақтан Асанның апасын іздеп кеткендер де бірден-екіден қайта оралып жатты. Алайда, үйде оларды сабырсыздана тосып отырғандар олардың ауыздарына қаншалық тақатсыздана қараса да, «жоқ»,«жоқ» дегендерден басқа сөз естімеді. Сұрау салушылар қайтып келген сайын оларды тосып отырғандар «Пəленбайдыкіне бардың ба», «Түгенбайдыкінен сұрадың ба» десіп, жамырай сұрай берді де, алақандай қыстақта отыратын санаулы отбасылары да біртіндеп таусылуға айналды. Бас-аяғы дауыс жетер қыстақта Асанның шешесі сұралмаған үйлер де барған сайын азайып, барған сайын таусылып барады. Қыстақтың басы мен аяғына кеткен ең соңғы екі жігіт келіп, «жоқ екен» деген сөзді айтқаннан кейін : – Əне, бағанадан бері айтпадым ба? Ол кісіге сөзсіз бірдеме болды! – деді Асан осы кезде аласата, шиыршық ата орнынан тұрып, тағы да Күлашқанға қарай тепсіне тебітіп, – тап осыдан апама бірдеме болса, менен көретініңді қайтып көреді екенсің! – Ойбой, Асан сен де бір жағы жінікпей тұра тұршы?! – деді осы арада Асанды аузынан қаққан Сақан, – қайта-қайта Күлашқанды неге тепершікке ала бересің? Мықты болсаң оныңды артынан көріп алмайсың ба? Дəл казір алдымен ақыл құрап алайық. Бағана ауылдықтағы əпекеңдікіне телефон соқтық дедіңдер ме? Одан бері де бірталай уақыт өтіп кетті ғой. Күлашқан, сен барып, тағы бір рет телефон соғып келші!? Ол кісі ол араға барып па екен?

– Сүйтіңдер, қарақтарым, бекер ашулана бергенше ақылға келіңдер!? – деп қойды ағаш сəкінің төрінде шынтақтап жатқан Орынбай ақсақал. – Ауылдықта жəне маңайдағы басқа қыстақтарда ол кісі барады дейтін басқа да туыстарың жоқ па?–деп сұрады Асанға қарап қойған Байтұрсын. – Менің тіке туыс дегенде жалғыз ағам мен жалғыз əпкемнің ғана бар екенін өздеріңіз де білесіздер ғой, – деді əлгіден бері жерге қарап, мөлиіп отырған Асан, – ал, олардан басқа таныс-біліс, құда-жегжат дегендер толып жатпай ма, Олардың қайсы бірін айтып отырайын. – Сонда да солардың ішінде өте бір жақын араласатындарың жоқ па еді? – Ауылдықтағы Қайсар мен көрші қыстақтағы Тұрғанның үйіне бармас . – Дұрыс, ол кісінің бұларға өкпелеп, ренжіп кеткені шын болса, сондай бір қалтарыс жерге барып, тығылып жатпаса. Мүмкіндік болса, олармен де хабарласып көріңдер! – дей берген еді басын көтере берген Орынбай ақсақал дəл осы сəтте əлгінде ғана ауылдықтағы Асанның əпекесінікіне телефон соғуға кеткен Күлашқан қайтып келіп, оған жапа тармағай қараса қалған отырғандарға жоқ дегендей басын шайқап қойды да, босаға жаққа қойылған ұзын орындыққа жаны шығып кеткен адамдай сылқ етіп отыра кетті. – Япыр-ай, бұл кісі қайда кетті екен? – деді үй ішінде жағалай отырғандарға жағалата көз салып шыққан Сақан, – енді қайдан іздесек болады? ІV

– Аға, аға! – деді бір кезде түстен кейінгі оқуларынан тарап, үйге алқынжұлқын кіріп келген Асанның ұлы Қастер иығына асып алған боқшасын алып жатып, үй ішінде тымтырс жағалай отырғандарға үрке көз тастап, – апам қашып кетіпті! – Көтек-ау, мына түйнек не дейді! – деді əлде неден шошып қалған Нағима. – Тек ары, аузыңа келгенді көкімей! – деді Қастерге күле қараған Байтұрсын. – Апаң қашып кететін қыз ба еді ? – деді осы үйге əлгінде ғана бас сұққан жəне бір көршісі Сəния атты жас келіншек. – Рас айтам, апам рас қашып кетіпті! – деді бұл кісілер менің сөзіме неге сенбейді дегендей, үй ішіндегі үлкендерге алақ-жұлақ ете аңтарыла қараған Қастер ентіге дем алып. – Не дейді, мына жұлының үзілгір! – деді осы кезде тағы да шапшаңдық жасаған Күлашқан, – ел аман, жұрт тынышта қашып кеткені несі? – Соны айтам. – Əй, баламысың деген-ай, бірге оқитын жүгірмектердің бірі бірдеме деп қалжыңдаған ғой тегі. – Ия, солай, «бала, баланың ісі – шала» деген осы ғой баяғы,– дескен отырғандар өз алдыларына қобырасып, гүбірлесе күлісе бергендері сол еді, орнынан ұшып тұрған Асан: – «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» деп, қайдағыны оттап тұрғаны несі? Оттамай шық үйден! Сенсіз де басымыз қатып, қайтерімізді білмей отырмыз, – деп ақырып қалды. – Қайтеді өзі, мен шын айтып тұрсам,– деп бұртия қалған Қастер қолындағы сөмкесін төр алдына таман лақтыра салып, есікке қарай бұрыла бергенде, əлгіден бері оған қарап əлденені ойланып отырған Орынбай ақсақал: – Ой, бөрінің артынша шуламай тұра тұрыңдаршы?! Тегі не жағдай екен, баладан анығын сұрап көрейік, – деді де, Қастерді қасына шақырып алып,– балам, жаңа апам қашып кетіпті дедің бе? Оны саған кім айтты? – деді жайлап қана сұрау тастап. – Бүгін сабақтасым Гүлнар ауырып қалып, ауылдыққа доғдырға барған екен, ол арада ол апама кездесіп қалыпты,– деді Қастер таңдайы тақылдай жітірмелете сөйлеп, – апам

оған өзінің біз танымайтын бір кісіге тұрмысқа шығып бара жатқанын, бұдан кейін сол кісінікінде тұратындығын біздікіне айта баруды тапсырыпты. Сонымен Гүлнар мені «апаң қашып кетіпті» деп мазақ қылады əуелі . Қастердің сөзі осы араға келгенде, үй іші құдды иен қалған қыстаудай тым-тырс бола қалды да, аздан соң Нағиманың: – Ой, Алла! Кемпір де қашады екен-ау! – деп ішегін тарта, ышқына айтқан сөзінен соң барып, отырғандар қайтадан жанданып: – Соны айтам, мынау бір сұмдық қой ! – «Естімеген елде көп» деген осы да баяғы. – Əй, өтірік шығар, баланың сөзіне сеніп бола ма? – Əлде кімдер Қастерге қалжыңдап жүрмесін, – десіп, араның ұясынша гуілдей жөнелісті. Аздан соң барып есін жинағандай болған Байтұрсын Қастерге қарап: – Ол Гүлнар деген бала кімнің баласы ? – деп сұрау тастаған еді, Қастер тағы да: – Осы арадағы Көшербайдың баласы. Менімен бірге оқиды, – деп тақ ете түсті. – Онда ол баланы шақырып, мəн-жайды сұрап көрсек болады екен,– деді Байтұрсын төр алдында үн-түнсіз отырып қалған Орынбай ақсақалға қарап. – Е, оның несін сұрайсың? Зейнеп құдағиға кəртейгенде бір желік табан астынан жабысқан болды,– деді Орынбай ақсақал иегі мен жағындағы бір-бірімен тұтасып кеткен əппақ сақалын салалай тарай беріп,–бала деген үлкендердің сөзін айнытпай, дəл қалпында жеткізетін адал хабаршы ғой, осыған қарағанда ол баланың айтқан сөзінде ешқандай жалғандық жоқ. Біздің құдағи қартайғанда өзіне сүйеніш, серік болатын əлде біреудің етегінен ұстап кеткен болды. Ал, Асан, шырағым, шешең тірі екен, енді көңілің орныққан шығар? – Бөйтіп тірі болғаны құрысын! – деді бет-аузы адам көргісіз дəрежеде өзгеріп, көптің алдында жер болып отырып қалған Асан тұйықсыз желік ауыруына душар болған адамдай аласата айғайлап, – бізді тірідей өлтіріп кетті емес пе, ол қақпас! – Е, қайтеді енді, ол заманда бұл заман, кемпірдің қашып кеткені деген не сұмдық! – деп қалды Нағима жəне де ішегін тарта, шошына сөйлеп. – Соны айтам,– деді осы кезде ғана ұйқысынан шошып оянғандай болған Күлашқан ойбайды салып, – бір аяғы төрге шығып, енді бір аяғы көрге кіргенде бізді ұятқа қалдырып кететін ол кісіге біз солғұрдайын не қылған едік?! Қайтейін енді, өлім ғой мынау, өлім ғой! – Қойыңдар, балалар, қойыңдар,– деді Орынбай ақсақал үй ішінде не айтарларын білмей томсырайып отырғандарға жағалата көз салып шыққан соң,– «Адамның басы – алланың добы» деген. Əркімнің не көретіндігі туғанда пешенесіне жазылып қойылады. Сол секілді біздің Зейнеп құдағиымыздың маңдайына жазылғаны да сол шығар. Бұл тірлікте пенде атаулы маңдайына жазылғаннан қашып құтыла алмайды. Бұл да болса, тағдырдың бұйрығы ғой. Оның сыртында біздің құдағиымыз да кəртейгенде өзіне сүйеніш болатын біреуді тауып алған болар. Жесір кемпір аталып жалғыз отырғаннан ол да жақсы емес пе?! Біздің қазақ «Екі жарты қосылып, бір бүтін болады» дегенді де бекер айтпаған. Қартайғанда біріне-бірі сүйеу болады. Бұның ешқандай да оғаштығы жоқ. – Ақсақал дұрыс айтады,– деді осы арада сөзге араласып, өзінше Асанға ақыл айта сөйлеген Сақан, – жақында радиодан қартайғанда үйлену үлкен адамдардың жалғызсырап, құлазуын азайтады. Соңғы өмірлерін тыныш та алаңсыз өткізеді. Бұл олардың ұзақ өмір көрулеріне де пайдалы деп жатқан сөзді естіп қалған еді. Сондықтан, Асан, бұл іс шешең жөнінен тым жаман іс есептелмейді. – Ой, əкеңнің! – деді орнынан ұшып тұрған Асан Сақанға қарай қолын сермеп,– көптің алдында сен мені əдейі табалайын дедің бе? Картайғанда тұрмыс құру жақсы болса, онда анау үйіңде отырған шешеңді сен де ұзатып жібер!

– Үй, мынау қайтеді-ей, мынау қайтеді-ей,– деді Асанға недеп қару қайтарудың жөнін таппай, кекештеп қалған Сақан, – менікі тек айтқан сөз ғой. – Əй, сорлатқан құдай, сорымның қалыңын-ай! – деді дауысын шығара еңіреп жіберген Күлашқан,–енді екі жастың біріне келгенде енесін сиғызбай, үйінен қуалап жіберген деген жаманатқа қалатын болғанымды қарашы?! – Үй, көзіңнен қан ағып, көзің шыққыр сол! – деді Асан Күлашқанға қарап ақыра тіл қатып, – осының бəрі сенің кеселің! Күнде мыжыңмыжың етіп, апама тыныштық бермеуші едің. Енді жерің кеңитін болды, сапылдақ! – Үйбай, қайтеді-ей, мынау! – деді Асанға тағы да шаппашұп келе кеткен Күлашқан, – соғұрдайын, кəртейгенде байсыраған шешеңді мен жетелеп байға апарып берді ғой дейсің бе? – Əй, тарт-ей ,тіліңді, бекер жағыңды айырып жіберемін! – деді одан ары долдана, аласұра айғайға басқай Асан, – бағана айтқан осыдан апама бірдеме болса, менен көресіңді көре қаласың деген сөзім есіңнен шығып кеткен бе ? – Ой, жаман неменің айтып тұрған сөзін қарашы, «Өзі кəртейсе де мұрны кəртеймеген» шешеңді бұқаға апарып ұстап берген мен бе екем? Ал, өле қал, ендеше! – Япыр-ай, мына салдақының айтып тұрған сөзін қарашы?! Енді маған естіртпегің осы ма еді, қу құдай! – деп жанұшыра айғайлаған Асан атылып барып, Күлашқанды бірнеше рет қойып кеткен еді, орындарынан жапа тармағай ұшып тұрған үлкендер: – Қой, Асан бүйтпе?! – Бұларың не, бала болып кеттіңдер ме? – Оданша ақылға келіңдер, екеуің бөйтіп қаншалық шармаяқтасқандарыңмен де өткен іс орнына келмейді,– десіп, апыр-топыр жағаласып жатқан оларды арашалап, араларына түсе берді. V Жер əлем қап-қараңғы түн құшағында маужырап, балбырап ұйқыға кеткен. Мұқым қыстақ қараңғы көрпесін жамылып, жым-жырт қана мүлгіп жатыр. Айнадай тұнық аспанда жамыраған жұлдыздар қамқаға қадаған меруерттей жылтылдап көзге түседі. Маусым айының түнгі салқын самалы байтақ даланы жұлқына кезіп, арлы-берлі төңкеріледі. Қыстақ ішінен анда-санда абалап үрген ит дауысы ғана естіліп қалады. Қыстақ тұрғындары баяғыдаақ ұйқы құшағына сүңгіген. Қылаяғы бырт-бырт күйсеген сиырлар мен тұмсықтарын жерге салған қойлар да қалың ұйқы құшағында пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Бүкіл қыстақ бойынша тек Асан ғана ұйықтайын деп қаншалық қарманып көрсе де кірпігіне əлде біреу тіреу тіреп қойғандай көзін іліндіре алмай, ары бір, бері бір дөңбекшіп, аласата аунақшып жатыр. Бірде мына қырынан жатса, енді бірде ана қырына аунап түседі. Солайда ұйқы перісі əлде қайда алысқа ұшып кеткендей көзіне ұйқы жоламайды. Бірде ана қырынан, енді бірде мына қырынан келген сан-сапалақ ойлар толқыны жан дүниесін дамылсыз соққылап, маужырап бара жатқан мазасын шұқылап оятып, рухани əлемін астан-кестен етеді. Жанына тыныштық бермей, ми жүйесін темір құрсаудай қыса береді. Бірде екі қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатса, енді бірде екі қолын жазып жіберіп, етпетінен түседі. Сонда да бірін-бірі жарыса қуалаған ойлар толқыны бас қуысына тоқтаусыз құйылады. Жанын жегідей жеп, көңіл əлемінің берекесін алады. Көзіне тіреу қойып, ұйқы пірін алысқа үркіте қуалайды. Сонымен жамбасына тас батып жатқандай ары бір, бері бір аунап, ары бір, бері бір дөңбекшіп, мүлгіген түн мен көрдей қараңғы үй ішінде жаралы жолбарыстай аласұрады. Япыр-ай, сұмдық қой мынау, деп ойлады ол екі қолын желкесіне қойып, тас қараңғы үй ішіне тесіле қарап жатып, осы уаққа дейін мұқым қыстақтағылардың барлығы да естіп болған шығар, ертең олардың бетіне қалай қараймын. Олар-

ға не бетімді айтамын? Олардың осы кезге дейін нелерді айтып, нелерді шығарғанын кім білсін? Ертең-ақ олар 60-тағы кемпірдің қашып кеткені не сұмдық деп, жағаларын ұстап, арттарын ашып күледі-ау. Қайсы елдің аузына қақпақ болып, кімдердің аузына құлып саласың. Олардың біреулері 60-тағы кемпір аяқ-астынан желігіп, шалға қашып кетіпті десе, енді біреулері ұлы мен келіні күн көрсетпеген соң шарасыз шал тауып алыпты дейді ғой. Тіпті сүйтіп қана қоймай оны сан-саққа жүгіртіп, алуан бояумен түрлендіре бояп жібереді деші. «Ерікті ауызға бөрікті бас» деген секілді олардың қандай сөздер мен нендей өсектерді боран қылып гулетерін құдай білсін. Сонда ертең орнымнан тұрғанда ел бетіне қалай қарап, оларға нелерді айтамын! «Расында, өлім ғой мынау, өлім ғой!» деп ой шүңетіне сүңгіді тағы да оң жақ қырына аунап түскен Асан. 60-тағы кемпірдің қашып кетуі деген не сұмдық! Ол кісі бұндай жолға неге түсті екен деші? Бəлкім, кеше Күлашқанмен ұрысып, менің зекіп қалғаныма бола ол екеумізге қатты ренжіп, көңілі қалған болуы керек. Сонда да Күлашқан екеуінің ұрысып қалуы деген сол бір ғана рет емес, күнде болып тұратын қалыпты құбылыс сияқты үйреншікті нəрсе ғой, дүние асты-үстіне түсіп аударылып кетпегеннен кейін балаларының қамын неліктен ойламайды. Бізден өткен ағаттықты неліктен кешіре салмайды? Бізді қалайша елдің табасына қияды? Сонда «іштен шыққан шұбар жыланы» болған бізден əлде қайда қаңғырып жүрген жетім шалдың артық болғаны ма? Ол кісі қалайша бұл дүниені шолақ ойлап, келте тон пішті екен деші?! «Ыдыс-аяғы сылдырламайтын отбасы болмайды» дегендей, осы күні қай отбасында ұрысқағыс пен егестер болмай, тып-тыныш қана күн көріп жатыпты.Бұл күндері кімнің 4 құбыласы түгел, 4 тұрманы сай дейсің? 60-тың асуынан асқанда осыны да білмесе, ол кісіге не жорық. Біз ол кісінің «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын», 9 ай көтеріп, белі үзіліп тапқан балалары емес пе едік. Əдетте адамдар аузынан тастамайтын «бала – адамның бауыр еті» деген сөз қайда қалады? Жоқ əлде, өзінің бұл қылығының балалары бізді ұятқа жолдас қыларын ойламады ма екен. Болмаса əлде кім ол кісіні оқытып-оқытып, жадылап тастады ма, кім біледі? Əй, болса бола, осы күні кімкімге жақсы болсын деп ойлай қояды дейсің! Қайта қолдарынан келсе, араға от жағып, араздық өртін тұтандыратын, жəйі келсе əрбилеп əлде нелерді айтып, бір отбасын бұзып жіберетін, осы арқылы отбасы мүшелерін теріс қағыс жолға бастайтын арамза да қылғұрт адамдар аз дейсің бе? Дəл осы арадағы осындай адамдардың біреуі ол кісінің басын айналдырып, атқа мінгізіп жіберді ме кім біледі. Əй, сөзсіз дəл сондай болды. Əлде кім бізге қастық сайлап, ол кісіні осы жолға əдейі түсіріп отыр. Əйтпесе, бұрыннан сондай бірдеменің ештемесі болмаса, ол кісі бүйтіп аяқ-астынан зым-зия болып жоғалып кете ме? Сонда ол адам кім екен деші? Əй, тасада тұрып тас ататын ондай адамдар мен едім деп ашыққа қайдан шыға қойсын! Осы кезде сол баяғы қалтарыста тұрып, қарқылдап күліп отырған шығар. Шіркін, сол адамның кім екенін білер болса, ертең-ақ басын жұлып, ішек-қарнын суырып алып қолына ұстатар едім. Осындай қанпезер біреу қалтарыста тұрып қастық қанжарын сілтемесе, онда апам бізді ұятқа жолдас қылып, бүйтіп ел алдында бетімізбен жер бастырып кетпес еді-ау! Япыр-ай бұл кісі неге бүйтеді? Кəртейгенде тып-тыныш қана жанын бағып үйде отырмай, бізді неліктен ұятқа жолдас қылады?... деп назалана, қинала ойлады Асан жастыққа маңдайын тіреп, етпетінен жатқан соң, болмаса біз ол кісіге қарамай қойдық па? Тамағын аш, киімін жыртық қылдық па? Яки, бұл үйден кетіп, өз жаныңды өзің бақ деп қысадық па? Қайта бұл үйде тəп-тəуір жанын бағып, əп-əдемі ғана күн көріп жүр емес пе еді. Сөйте тұра ол кісі қалайша бүйтеді? Ештеме ұқпайтын сəби бала емес, 60-тың асуынан асқан адам да өстіп адасады екен-ау! Адасса да жеке өзі ғана адаспай, неліктен бізді де ұятқа қалдырып, өлімге жолдас қылып кетеді? Болмаса ол кісінің тегіннен бері бізге деген қара қазандай өкпесі мен Алатаудай реніші болғаны ма?... Тоқтаусыз құйған нөсердей бірін-бірі жарыса қуалаған ой

тасқыны осы жерге келгенде Асанның көз алдына келіншегі Күлашқан келе қалды да, тағы да бір қырына аунап түсіп, алдыға қарай аласұра шапқылаған ой тасқынын үріккен қойды жандəрмен қуалаған қойшы секілді жалбаңдап қуа жөнелді. Барлығы да осы қатынның кеселі деп ойлады ол əлде бір қоғамдық мəселенің соңына шырақ алып түскен философтай толғатып, қашан көрсең де «апаң бүйтті»,«апаң сүйтті»,«енді кəртейгенде бізбен жағаласпай, неге тыныш отырмайды» деп мыжыңдайды да отырады. Қашан болсада ол кісінің бір ісін жаратпай, анасы анадай, мынасы мынадай деп сапылдайды да жүреді. «Олай жүрсе салпы аяқ, былай жүрсе шаңды аяқ» атандырады. Сонда бұл қатын ол кісіні қалайша жаратпайды? Неліктен маңдайына қадалған тікен, табанына кірген шөгірдей көреді. Бəлкім, өзінің туған шешесі болмағаннан кейін сүйте ме екен, кім біледі? Əйтеуір, қашан болса да көзіне қадалған инедей көз түрткі етеді де отырады. Сонда ол өзін де осындай шешенің тапқанын неліктен ойламайды екен деші! Анда-санда болса да бір уақ жылы қабақ танытып, жылы сөз сөйлей салса, хандығынан тайып кетер ме еді. Немесе ара-тұра болса да алдай салса нетер еді? Оның бірі жоқ, қай – қашанда тышқан аңдыған мысық құсап, сар ізіне шөп салудан жалықпайды. Əй, кім біледі, «Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы шығар баяғы. «Апама жездем сай, сасыған етке борсыған май» дегендей, өзімде де ми жоқ. Ол алғаш шешеммен алысып, ол кісіні маған жамандай бастағанда-ақ қалайша оның аузына қағып, көмейіне қақпан құрып тастамадым екен деші! Əй, өзімде де обал жоқ. Ол шешемді маған бірер жол жамандаған соң «ондай шеше өзіңде де бар ғой, бұдан былай ол кісімен жағаласпай тыныш жүр. Əйтпесе, менен көретініңді көре қаласың» деп, тиып тастаған болса, ол кісі бүйтіп қашып кетпес пе еді, кім біледі. Əй, осы қойныңда жатқан қатын деген қатып қалғыр да қайдағыны ойлап табады-ау! Бұлардың айтпайтын сөзі, байқамайтын істері болсашы. Егер алғаш шешеммен алыса бастағанда–ақ Күлашқанның аузына қақпақ салған болсам, онда іс ұлғайып бұндай насырға шабар ма еді, қайтер еді!? Тіпті оның аузына қақпақ қойғанды қойып, кей-кездері оның жырын жырлап, сөзін сөйлегенімді көрмейсің бе? Мен келінінің сөзін сөйлеп, оның жыртысын жыртып тұрған сол сəттері шешем нелерді ойлап, қандай қиналып, қайтып күйзелді екен деші?! Əй, өзімде де адам сүйер қылық жоқ қой, тіпті басқаны айтпаған күнде де кеше апам мен Күлашқан ұрысып жатқанда, қатынымның сөзін сөйлеп, апама «өзіңіз тауып жатқан бір тиын табыс болмағаннан кейін, кешке дейін ойын-той деп секектеп, от басының шырқын бұзғанша, өз алдыңызға неге тыныш отырмайсыз» деген сөзді неге айтты екем деші?! Əй, қаңғыртқан құдай-ай, менің осы сөзімді естігенде апам қандай күйзеліп, нелерді ойлағанын кім білсін! Барлығы да осы күні қаптап кеткен той дегеннен шықты ғой, апам көрші қыстақтағы біреудің тойына барып келейін дегенде келін болған Күлашқан ол кісіге бірнеше шаршы бұлы мен бірер бау тəттісін бере салған болса, онда бұндай іс туар ма еді. Сол кезде менің де неғып пейілім тарайып, сараңдығым ұстай қалды екен. Əйтпесе, бірер метр бұл, бірер бау тəттімен біз де аштан өліп, көштен қалмас едік-ау! Əй, өзімде де ми жоқ. Туған анамды қорғап, оны қатынымның қорлауынан арашалай алмаған неткен ез, неткен ынжық едім деші?! Сол сəтте пейілімді тарайтып, қатынымның сөзін сөйлегенше, «сұрағанын бере сал» деп бұйрық соққан болсам, бұндай іс болмас па еді, қайтер еді?! Əй, осы қатын дегенде тыныш жүрмей, ойда-түсте жоқ қайдағыны шығарады. Осы күнгі келіндер ата-енесін қалайша силамайды екен деші!? Тіпті силағанды қойып, оларға ауыздарына келгенді айтудан тайынбайды. Сонда олар анадан туып, ана тəрбиесін алмаған ба? Жоқ əлде, ене дегенді өзінің бəр ісіне кедергі көре ме? Əйтпесе, Күлашқан кешке дейін «сенің шешең үйтті», «сенің шешең бүйтті» деп, ол кісіні неліктен жамандайды да отырады. Басқасын қойғанда, бағана ол қатынның көптің көзінше маған айтып тұрған сөзін көрмейсің ба? Əй, қатын деген қатып қалғырлар осы сендер-ақ қашанда дүниенің бəрін бүлдіресіңдер де

жүресіңдер. Ойы осы араға келгенде Асанның көз алдына бүгін қарсы үйге өзінен бөлек жатқан Күлашқан елестей қалды да, орнынан тұрып барып, оны жатқан жерінде қылқындырып өлтіргісі келіп кетті. Əрі көп ұзамай екі баласын қасына алып жатқан оны егер күндердің бірінде сол жанында жатқан екі баласы мен секілді тас жүрек болып, өзіне менің шешеме көрсеткенін көрсетер болса, қайтер еді. «Тау айланбаса, тас айналады», «Кезек екі, тəңір бір» деген сөздер бар емес пе, дегенді де ойлап қойды. «Апа-ай, енді қайтсем болады, ертең не істеуім керек?» деп ойлады ұйқының ауылы əлдеқашан алыстап, сан-сапалақ ойлардың құрсауында жатқан Асан жəне де екі қолын желкесіне қоя шалқасынан түсіп. Ертең орнымнан тұра сала апамды іздеп, ол кісі жердің түбіне кіріп кетсе де тауып алып келейін бе? Сонда ол кісіні қайдан, қай арадан іздесем болады? Қайда барып, қай арадан сұрау саламын? Кімнен сұрап, «кемпір жоғалттым көрдіңдер ме» деп жүремін? Немесе сақшы мен үкімет орындарына барып, «шешемді əлде біреу алдап алып кетіпті» деп арыз айтамын ба? Ол арадағылар «шешең үйіңнен неліктен кетіп қалады?» деп сұрар болса, оларға недеп жауап беремін? Апам табылған күннің өзінде де сенің үйіңе енді қайтып басымды сұқпаймын деп, келмей қояр болса, онда қайтемін? Болмаса алдымен ағам мен əпекеме айтып, олармен бірге ақыл құрап алғаннан кейін бірдеме істегенім жөн бола ма? Осылайша жүре жайылған түйе құсап, алуан ойдың басын бір шалып, сан қилы қиял кешкен Асан қайтерін білмей тышқаншық болған аттай аласатып, төсегінде ары аунап, бері дөңбекшіді де жатты. Көзін жұмса болды, көз алдына апасы елестей берді. Бірде ол кісі Асанның жанына тақау келіп «Асан балам, күн түс болды. Тұр орныңнан» дегендей болса, енді бірде «Асан, қарағым, сендерге қатты ренжідім. 30 неше жыл арқама көтеріп, аузыма тістеп баққанда, бірер метр бұлдарыңды да қимадыңдар ғой, енді сендердің жандарыңнан кетемін, хош болыңдар» деп баяу басып, есікке беттеп бара жатқандай сезіледі. Жəне бірде «сендерді қайтер екен деп қорқытайын деген едім, оған шыдамай үйге қайтып келдім» деп қарсы алдында күлімсіреп тұра қалады. Осылайша сан-сапалақ ойлармен алысып, көз алдына əлсін-əлі шешесінің сұлбасы елестеп жатқан Асанға шешесі ертең таңертең-ақ қайтып келетіндей сезіле берді. VІ

Бірінен ассаң, енді бірі қарсы алдыңнан көлденеңдеп шыға келетін бірнен-бірі биік, бірінен-бірі аласа көрінетін тастақты тақыр жоталарды артқа тастаған автобус ,андасанда ғана топ-топ болып өскен сексеуілі алдынан шыға келетін ұлан қайыр жазық даладағы таспадай тартылған асфальт жолға келіп түскенде, автобустың орта тұсына таяу терезенің түбінде бағанадан бері қарсы алдынан заулап өтіп, арт жақта қалып жатқан жаратылыстық көріністерге тамсана қарап отырған, адам өміріндегі біреу жетіп, енді біреу жете алмайтын биік белестердің бірі болған 60 атты асудың етегінен ұстап үлгірген, қара торы өңді, маңдайына қатпар-қатпар əжім іздері түсіп, көзінің құйрығынан тартып самайына дейін жарыса құлдап келе жатқан, əлде нені қатты ойланып, рухани жақтан арпалысқа түсіп келе жатқаны жүдеу өңінен-ақ мен мұндалап көрініп тұрған, құйрық жағы үшкілдене біткен көзінің ішіндегі жанарының оты өшкіндеп, оның орнын тамып кетуге əзір тұрған жас моншақтары иелеп алған, əдеміше келген қыр мұрынды, осы күнге дейін құдайдың құдыретінше ақау түспеген маржандай тістері аузы ашылған сайын əппақ болып көзге түсетін, басына байлаған қоңыр түсті жаулығының шетінен əппақ болып ағарған самай шаштарын автобустың ашық тұрған терезесінен саулай кірген жел желбірете желкілдетіп келе жатқан, қоңыр түсті модадан қалған көне тоз шапан киген Зейнеп, жазық далаға шыға бере автобус қарқынын жылдамдата бастаған соң жылжымалы терезеден сауылдай құйылған қатты желді тосу үшін терезені кішірейте жауып қойды да, алдыңғы орындықтың арқалығына шынтақтап, осы автобусқа отырғаннан бері өзін

майлы ішекше айналдырып алған ұшығына жетуге болмайтын қалың ойдың қатпарын тағы да аралай жөнелді. Дəл осы сəтте балаларым мен туралы нелерді ойлап жатыр екен деп толғанды ол кісі терезеден кірген желмен қобырап, əлсін-əлі дудырап кететін əппақ самай шаштарын қайтадан жаулығының ішіне тыға беріп, бəлкім, осы сəтте олар менің қайда кеткенімді білмей, мұқым қыстақтан айнала іздеп жүрген болар, немесе, əлде бір жерден қайтып келіп қалар деп тақатсыздана, асыға тосып отыр ма кім біледі. Бағана ауылдықтан кездесіп сəлем айтқан бала ол сəлемімді жеткізгенде олар не деді екен деші! Асанның бір нəрсеге екі айланбайтын шорт та кескін мінезінен қарағанда, ол сөз жоқ, тас-талқан болып бүлініп, бүкіл отбасының тынышын алып жатыр-ау! Анау келінім Күлашқан, ой, шіркін, ол қақпастың осы арадан жоғалғаны қандай жақсы болды деп, ерекше қуанып жырғап қалған болар. Анау əлі де балалық құшағындағы балдырған немерелерім дəл қазір ештемені де ойлап, ештемені де уайымдай қоймайтын шығар. Тек мықтағанда «апам қашып кетіпті» деп, өздері құралпы балаларға əлде нені мақтан қып айтып жүр ме, кім біледі. Ал, менің бұл қылығымды басқа да ел-жұрт, ағайын-туған, құда-жегжаттар естігенде, олар недеп ойлайды? Олардың кейбіреулері «бетім-ай, кəртейгенде зауық біткен Зейнеп балалары мен немерелерін ұятқа қалдырып, байға қашып кетіпті», «Бұқаның өзі кəртейсе де мұрны кəртеймейді» деген осы ғой » десе, енді біреулері «көтек-ай, жасы жетпей алжыған деген осы ғой, байға қашып кететіндей ол қақпастың басына не зор күн туды екен, анау балаларының беттерін ойласашы » деп, еріндерін шығаратын шығар. Ал, оның осы бір қылығын «кешке дейін келінінің қабағына қарап, жаутаң көз болып отырғанша, өзіне қартайғанда сүйеніш жəне демеу болатын адам іздеп, дұрыс істепті» деп кім дұрыс түсіне қояды дейсің? «Қартайғанда бала-шағаларына татын жұқтырмай, өз алдына тыныш тірлік кешудің жақсы жолын тауыпты» деп марапаттап, қолдай қоятын адам шыға ма шықпас па, əй, қайда? Осы кезде балаларым мұқым қыстақтан таба алмаған соң, енді қайтерлерін білмей, көздері алақандай болып, шошығаннан зəрелері кетіп отыр ма, кім біледі? Əй, құдай-ай, бір мезеттік буа қалған ашуға шыдамай, шолақ ой мен келте кесімнің жетегінде автобусқа шығып, қартайғанда қаңғырып қашып кеткенімді қарашы. «Біреуді құдай қаңғыртады, енді біреу құдайға бой бермей өзі қаңғырады», деген осы ғой баяғы. Қой, бүйтіп отыра бергенше əлі де автобустан түсіп қалар болсам кеш емес, деп ойлаған Зейнеп автобус терезесінен үңіліп, маңайына қараған еді, қылтан өспеген иен жазықта келе жатыр екен. Бұны көргенде көңілі дереу қайтып, автобустан түсіп қалғанда мына жан пендесі жоқ иен далада босқа қаңғырып өлермін деген үрей алдын кес-кестей берген ол кісі қайтадан орнына басылып отыра берді. Өзінің осы автобусқа шыққаннан бері қанша рет автобустан түсіп қалуға ниеттенгенін есіне алып. Əй, адамның басын бірде олай, бірде былай доп қылып теуіп, ойыншық ететін қу өмір, тəлкек тағдыр-ай, деп ойлады алдыңғы орындықтың арқалығына екі қолын қойып, оған маңдайын сүйей, маңайындағы жұрттан жасыра көз жасын бұршақтай төгіп отырған Зейнеп, бұл тағдыр дегеннің тəлкегін қойсаңшы, адам баласы бұл тірлікте көзін ашқаннан кейін сол тағдырдың тəлкегіне шарасыз мойын ұсынып, сол тағдырдың ойыншығы болады екен ғой. Міне мен де 60 атты асудың етегінен ұстағанша не көрмедім?! Не ел секілді мандытып оқу оқи алмадым, не болмаса осы күнге дейін тірліктің қызығын көре алмадым. Ес біліп, етек жапқаннан бері бұл тірлікке бейне сор кешуге келген адамдай-ақ өмірдің михынаты мен жапасына жегіліп келемін. Жастық шақта бір мезет тірлік қызығын қуғандай болсам да, ол да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Тіпті оның лəззатына қанып та үлгірмедім. Кейін келе бұл дүниенің барлық михынаты мен бар жапасына мені тастап, о дүниеге жолаушылап кеткен шалымның етегінен ұстадым. Оның етегінен ұстаған соңақ балалы-шағалы болдым. Осыдан кейін бойымда бардың барлығын, біткен махаббатым мен сүйіспеншілігімді, барлық қажыр-қайратым мен күш-жігерімді, сол балаларыма арна-

дым. Осы жолда не бір қиындықтар мен қиыншылықтарды, мың бір тауқыметтер мен кедергі кеселдерді басымнан өткіздім. Қылаяғы бір түйір дəн болса, балаларым жесе екен деп тұрдым. Өте-мөте шалым қайтыс болған екі жылдан бері көрген қорлықтарым мен басыма түскен бейнеттерді айтсайшы, солардың бəріне төздім, солардың бəрін жансебілдікпен көтердім. Тісімді-тісіме басып, бұл тірліктің басыма түскен біткен ауыртпалықтарын атан түйедей-ақ көтере білдім. Алайда, содан не шықты? Міне қартайғанда асырап-бағады деген «бауыр етім» болған балаларымның қылығы мынау. Үлкен ұлым жасына жетпей жатып үйленді де, өзі де бірнеше баланың əкесі болып, мал соңындағы күйкі тірліктің күйбеңдерін қуалап, жүн жеп, жабағы тышып, жасына жетпей кəртейіп, мыжым-мыжғау болып кетті. «Теңтеңімен, тезек қабымен» дегендей, оған да өзінен асқан шарқая, өзінен асқан мыжғау біреу кез болып, «іздегенге сұраған» болып табысты. Үйіне бара қалсаң екеуі «анау жоқ», «мынау жоқ» деп тартысыды да жатады. Ал, екі ұлдың арасындағы маңдайына қақпай өсірген жалғыз қыздың кейпі анау, қашан көрсең маскүнем күйеуінің əлегімен алысады да жүреді. Өзі де бошалаң, босбелбеу болып жаратылған бейшара екі бала таппай жатып-ақ шуаяқ болып шыға келді. Не отбасының жұмысына, не сыртқы жұмысқа ебі жоқ, жан бағудың бабын білмейтін, ашты арақтан аузы құрғамайтын маскүнем күйеуімен алысады да отырады. Кəртейгенде мені бақпақ тұрмақ анда-санда үйіне бара қалсаң, жөні түзу бір шəугім шəй да бере алмайды. Ал, анау жасынан ашты сумен ауызданған күйеу бала онысын ұрттап келген күні ол бейшараның басына əңгір таяқ ойнатады да жатады. Біреуі маскүнем, енді біреуі шуаяқ болған олар осы кезде мені бақпақ түгіл өздерінің екі баласын зорға бағып, қалт-құлт етіп əрең күн көріп отыр. Олардың дірілдеп-қалшылдап тұрған шаңырақтарының қашан құлап кетерін кім білсін! Енді мынау үлкен шаңырақты басып, жол жəне жосын бойынша кəртейгенде мені асырап-бағады дейтін, өзінің де еті тірі, ауқаты да біршама тəуір болып отырған, қара шаңырақтың иесі Асанның қылығы мынау. Кешке дейін шық бермес шығайбай, дүниеқор қатынының айтқанынан аса алмай, қашан көрсең жалғыз жармағым екеу болса екен деумен шот соғып, есеп жасаумен болады. «Сасыған етке борсыған май» дегендей оның келіншегі Күлашқан да мені бейне бір көзіне шыққан сүйелдей көріп, «алай жүрсем шаңды аяқ, былай жүрсем салпы аяқ» атап, басқан ізіме дейін аңдиды да жүреді. Оның ойынша мен сол үйде «ас ішіп, аяқ босататын» артық адам сияқтымын. Бұл қақпас ас пен ақшаға ортақ болғанша неге өліп, немесе басқа жаққа кетіп тыныш болмайды дегеннен басқаны ойламайтын сыңайлы. Бір жапырақ нан жеп, бір шыны шəй ішсем де ол мені ала көзімен атып қарауылға алады да отырады. Ал, оған бірдеме деп ақыл айтар болсаң болғаны, «қу қақпас, сенің бұл үйде не шатағың бар? Оданша жаныңды бағып, тыныш отырсаңшы» деп шаптығып шыға келеді. Сонымен келіннің алдында қарадан-қарап жаутаңкөз болған сен келінді тастай салып ұлға қарайсың. Ал, «бар сенген байталыма қасқыр шауыпты» дегендей, айтқан сөзің қаншама орынды, қисынды да жүйелі болып тұрса да, үміт күткен «іштен шыққан шұбар жыланың» айналып келіп қатынының сөзінен шыға алмайды. Қашан болсын қатынының əнін əндеп, сөзін сөйлеп шыға келеді. Тіпті кейде құтырған қасқырша арс етіп, сені қатты қауып алудан да тайынбайды. Мынау мені 9 ай көтеріп тапқан, бар михынатымды тартып ержеткізген анам екен-ау деп жатпайды. Сенің жəй-күйіңмен шатағы болмай, жан дүниеңе жара салады. Жүрегіңді пышақпен тілгілеп, көңіл-əлеміңді қанжармен осқылайды. Осыдан барып тағы да жетім баладай жаутаңкөз күй кешесің. Өз балаңның алдында мүсəпір болып, қайыршының қалінде қаласың. Өзіңді, расында, бұл дүниеде артық жасап жатқан адамдай көресің. Уайымның құйына батып, өкініштің теңізіне тоғытыласың. Сенің бұлайша жабырқаған жандүниең мен жасыған көңіліңмен балаларыңның ешқашанда шатақтары болмайды. Қайта сені өз есігінде қалған-құтқанды жеп, күн көріп жүрген малайындай санайды. Мені тапқан шешем, бағып-қағып өсірген анам

екен, бірде болмаса енді бірде бұл кісінің жайына да қарап қояйыншы дегенді қəперлеріне де алып қоймайды. Қайта өздерін аспаннан екі аяқтары салбырап түсе қалғандай көреді. Бұл кісі жастайымыздан біздің жапамызға шыдап, бағып-қағып ержеткізді ғой, енді кəртейгенде бұл кісі де екі қолын жылы суға малып, өмірдің рахатын көрсінші деген ой миларына да кіріп шықпайды. Қайта өздерін сол қатындары тапқандай, сол қатындары бағып-қағып қатарға қосқандай, қойындарында жатқан қатындарының сызған сызықтарынан шыға алмай, сол қатындарының алдында жаутаңдайды да отырады. Осыларға қарағанда «Бір қатынның айласы қырық есекке жүк болыпты» дегендей, Күлашқан оңашада Асанды оқытыпоқытып, жадылап қоя ма деп те ойлайсың. Əйтпесе, осының табанына кірген шөгір, менің маңдайыма қадалса екен деп, құдайдан үш уақыт тілеуін тілеп отыратын балаң қалайша бүйтіп безбүйректік істейді? Неліктен бұндай қатыгездікке барады? Болмаса өздеріне бала күндерінде оқу да қонбады, қалай екен оқуға еш ынталары болмады. Үшеуі де оқу əбден түптеріне жеткен жанша, оқудан запы боп, «ана болды», «мына болды» деп жүріп орталауды бітірмейақ оқудан қашып шығып алды. Əйтпегенде, тым құрығанда біреуі болса да елдің балалары секілді кадр болып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айқын біліп жүрер ме еді қайтер еді. Иə, əдетте адамдар «бала – адамның бауыр еті» деген сөзді үнемі ауыздарынан тастамайды. Бала үшін өмір бойы шырылдап, от пен суға түсуге дайын тұрады. Алайда, «баланың жақсысы – бала, жаманы – күйік» дегендей, сол баланың ішінде неше қилысы бар екенін аңдамайды. Оның үстіне сол өзі бағып-қағып, ержеткізген балалары ес біліп, етек жапқан соң ата-анасының көңіл күйіне үңілмей, олардың жандүниелерін ұқпай, өз алдыларына тірлік жолын қуалап, күнделік тырбыңның жырын жырлап, əнін əндеп кетеді. Осыдан барып олардың қартайған ата-анасы бұл өмірде енді жасаудың ешқандай мəні мен мағынасы қалмағандай зерігу мен құлазу ішінде күн кешеді. Өтемөте өмірлік қосақтарынан айырылып қалғаннан кейін олар күндерін жетімсіреу мен алаңдау, сағыну мен сарғаю ішінде жолға салып, балаларының бетіне жалына қарайтын жаутаңкөз, мүсəпір болып қалады. Өздерін бұл дүниеде енді жасай берулерінің қажеті қалмаған артық адамдай сезінеді. Ендігі жерде бұл өмірден тезірек қарамды батырсам дегенді ғана арман етеді. Ал, олардың бұндай көңілдерімен санасып, оны ұғып-біліп жатқан бала болмайды. Сонымен сен күнделік тірлігіңді жабырқау мен құлазу, əлде нені күтіп, əлде нені аңсау ішінде жолға саласың. Өзіңнің о дүниеге сапар шегіп кеткен қосағыңды ойлаумен, өзіңе қартайғанда сүйеніш жəне медеу болатын, жан сезімің мен көңіл-күйіңді аз да болса ұғатын адамның қасыңда болуын аңсайсың. Бұл дүниеде мені түсінетін, менің жəй-күйімді ұғатын адам болса екен дегенді армандап отырасың. Міне осы рет мен де осындай көңіл-күй мен сезімнің жетегінде үйден шығып барамын ғой. Кешке дейін балаларымның бетіне жаутаңдап, ананы істесем олар не дейді, мынаны істесем бұлар не дейді деп қобалжып жүргенше, соңғы өмірімді өзіме серік болатын адаммен бірге өткізгенім əлдеқайда қолайлы əрі əлдеқайда жайлы емес пе!? Бұл жайында біздің ата-бабаларымыз да «отыз ұлым болғанша, осырақ шалым болсын» дегенді тым бекер айтпаған ғой! Ал, балаларым үшін несіне алаңдаймын. Бүкіл өмір бойы тырбыңдап, оларды бағып-қағып, есейтіпер жеткіздім. Бастарына отау тігіп, бауырларына қазан асып бердім. Менің енді балаларым үшін өтейтін ешқандай қарызым да, титтей де борышым қалған жоқ. Өтейтін қарызымды əлдеқашан өтеп, борышымды баяғыда-ақ түгетіп болдым. Енді олар маған несіне ренжиді? Маған неменеге өкпелейді, қартайғанда мен өзімнің жан тыныштығым мен алаңсыз тұрмысымды ойласам не болыпты? Оның қандай оғаштығы болсын?! Əдетте бір аңызда «темір басты əулие, кімнің ауру, кімнің сау екенін өзің əбден білесің ғой» деп айтылатыны тəрізді адам баласының жаны тек өзіне ғана тəтті ғой! Бұл өмірде кім өзінің тірлігін мəнді де сəнді өткізіп, бақытты тұрмыс

кешіруді, болмағанда өзіне жайлы күн көруді ойламайды дейсің. Осыған қарағанда біздің қазекең айтатын əлгі бір «отыз ұлым болғанша, осырақ шалым болсын» деген сөздің де қисыны келіп тұр-ау. Сондықтан мен несіне артта қалған балаларымды ойлап, олардан неге алаңдай беремін? Осы арада автобустан түсіп қалып қайтып үйге барғанда да көретін күнім баяғы сол жаутаңкөздік пен мүсəпірлік емес пе?! Тіпті олардың бір мезет бізді ұятқа қалдырып қашып кеттің деп, бұрынғыдан ары қырын қарамастарына кім кепіл? Адам пендесі бұл тірліктің есігін ашқан кезде Алла тағала олардың маңдайына өз пешенелерін жазып қояды екен ғой, ендеше, менің бұл қалым де туада маңдайыма жазылып қойылған тағдырым шығар? «Бір төл артық туса, бір шөптің басы айыр шығады» дегендей, тірлікте əркімнің өзіне бұйырған рыздығы бар емес пе!? Əркім өз несібесін өзі теріп жейді ғой, менің бұл сапарымда өзіме бұйырылған сол ырыздықты іздеп, өзіме тиісті болған сол бір кісілік несібемді теріп жеу болмас па ?... Міне осылайша зырлап бара жатқан автобус ішінде отырып, алуан түрлі ойлардың басын шалып, сан қиялдың қиясын шарлаған Зейнеп бірде олай толқып, енді бірде былай толқып, теңіз суы ары-бері шайқаған қайықтың үстінде келе жатқан адамша жанын мазалаған екіұдай күй кешті. Бірде балаларын ойлап, олар ел алдында күлкіге қалмасын деп, автобустан түсіп қалуға талпынса, енді бірде қартайғандағы өзінің күй-жайын таразыға тартып, қара басының тыныштығы үшін ойына алған ниетінен қайтқысы келмеді. Неде болса тəуекел деп, тағдырдың өзіне тартқан бұл сиынан татып көруге аңсары ауа берді. Осылайша əрісəрілік ішінде ары бір, бері бір толқыған, екі ұдайылық ішінде жан сезімі арпалысқа түсіп, жанын жегідей жеген ойлардың əлегінде, ары-бері теңселген автобус ішінде ары да, бері де шайқалып келе жатты. VІІ Осыдан бір айдың алдында бір күні Зейнеп күндегі дағдысынша үй ішінде ананы жинап, мынаны реттеп, күйбеңдеп жүрген еді, бір кезде үйге кекіл шашы ботаның жүніндей үрпиген бір кішкене бала кіріп келіп : – Апа, сізді апам үйге келіп кетсін деп шақырып жатыр,– деді де, қолын аузына салған беті қайтадан артына қарай бұрыла берді. Осы кезде ол балаға көз тоқтата қадала қараған Зейнеп: – Əй, қарағым, біттей тоқтай тұршы, сен кімнің баласысың? – деп сұраған еді, əлгі бала: – Құрмаштың баласымын,– деп асыға жауап беріп, есіктен шыға жөнелді. Осы кезде ғана əлде не есіне түскендей болған Зейнеп: – Е, онда бұл бала Қалиман кемпірдің немересі болды ғой, ол кемпір мені неге сағына қалды екен? Барсам барып келейінші,– деп күбірлеп қойды. Зейнеп аяңдап отырып Құрмаштікіне келгенде, Қалиман есік алдында күйбеңдеп, далаға салынған оттыққа шəй қайнатып жүр екен. Екеуі қысқа қайыра аман-сəлем жасасқан соң Қалиман: – Сен үйге кіре бер! Балалардың бəрі өз шаруаларына кетіп қалды,– деді де, өз күйбеңімен жалғасты айналыса берді. Зейнеп ол кісілердің төргі үйлеріне кіріп, ол үйдегі ағаш сəкінің төрінде отырған қартаң ер адамды көріп, алғашында қайтерін білмей сасып қалды да, аздан кейін барып, е, үйлерінде қонақ бар болды ғой, бəлкім, сырттан келген туыстары болар деп, ол кісіге аузын жыбырлата амандасып, ағаш сəкінің шетіне барып тізесін бүкті. Ол есіктен кіріп келгеннен бастап, əлі де болаты қайта қоймаған өткір жанарымен оған тесіле де тесірейе қарап қалған қонақ ол сəкі шетіне тізесін бүккеннен кейін де оған əлсін-əлі қарағыштай берді. Бір кезде ол кісімен көзі түйілісіп қалған Зейнеп, ой Алла, бұл кісінің көзі таныс секілді ғой, қайдан көрген едім дегенді ойлай бергені сол еді, төрде отырған қонақ орнынан баяу қозғалып қойды да:

– Ау, Зейнеп! Жəй-күйің қалай, денсаулығың жақсы ма? – деп алғаш рет сұрау тастады оған əлденені іздеген кісіше тесірейе қарап отырып. – Шүкір,– деді Зейнеп, бұл адам менің атымды қайдан біледі дегендей қонаққа аң-таң бола қарап. – Əй, Зейнеп,– деді қонақ жөткірініп қойған соң, – шамасы, мені танымай отырсың-ау деймін. Осыған қарағанда сен де əбден қартайған сияқтысың. Мен Байқара емеспін бе. Қонақтың аузынан осы сөз шығысымен əлде кім бір жеріне біз сұғып алғандай селк ете түскен Зейнеп: – Байқара дейді? Қайсы Байқара? – деп қайыра сұрау тастады, оның көзіне қадала қарай отырып. – Ойбой, расында, кəртейген екенсің. Қайсы Байқара болушы еді, қыз кезіңді ұмытып қалғансың ба? – деді қонақ Зейнепке қарап қарқылдай күліп жіберген соң отырған орнына шалқалай беріп. – Ой, Алла! – деді бұл сөзді естіген Зейнеп біреу төбесіне тоқпақпен бір қойғандай төрде отырған қонаққа қадала қарап, – сен, расында, Байқарасың ба? – Рас емегенде, саған өтірік айтып отыр ғой дейсің бе? – деді бұл жолы да дауысын көтере күлген ол кісі жəне де Зейнептің бас-аяғына қарап қойып, – расында, танымай қалдың ба? Жоқ əлде, өтірік монтанысып отырсың ба? Мен соншалық өзгеріп кеткен бе екем? – Иə,– деді осы арада не айтарын білмей қысылып қалған Зейнеп, – ой, Алла! Ол деген қай заман! – Жөн, жөн, рас айтасың, ол деген қай заман?! Содан бері есептеп отырсам, тұп-тура 40 неше жыл болып қойған екен,– деді əлде неге өкіне басын шайқап қойған қонақ. – Рас-ау,– деп өзі де əлде неге қатты қайран қалған Зейнеп осы жолы ғана төрде отырған қонақтың бас-аяғына көз тоқтата бажайлай қарады. 40 жылдың алдындағы жалпақтау келген өңі сол баяғысынша аққұба болып көзге түседі. Бұрынғыға қарағанда бет ажары сəл қушық тартып, қушия түссе де, қатпарланған мойны сол баяғысынша бұқаның мойнындай жұпжуан болып көрінеді. Маңдайы мен көзінің айналасында өрмекшінің торындай айқұш-ұйқұш болып, шимайлана түскен əжім іздері мен мұндалайды. Ағы басымдау келген ала көздері сол бұрынғыша адамға арбай да сұқтана қарайды. Басына киіп отырған жасыл түсті гүл шеккен тақиясының айналасынан қылтия шығып тұрған қысқа шаштары əппақ болып көзге түсіп қалады. Бəлкім, сақалмұртын осы күнге дейін өсірмей, əр күні мұнтаздай етіп қырып жүретін болса керек, жағы мен иегінен қылтиып тұрған қылтандар ақбуырыл болып бұлыңғырланады. Жалпақтау келген үлкен мұрнының сəнін тек дөңестеу жаралған үстіңгі ерні бұзып тұрған тəрізді. Сөйлегенде кетиіп қалған азу тістері андасанда жылтыңдап қалады. Құлақ шекесінен құлдай түскен əлде қандай тыртық ізі иегіне қарай сұлап жатыр. Оң жақ езуінен сəл төмен мен мұндалап тұратын түймедей қалы сол баяғысынша көзге оттай болып басылады. Кеудесіне жағасын кір шалмаған əппақ көйлек, оның сыртынан қара көк түсті тік жағалы жұқа шапан киіп алыпты. Денесі бұрынғыша сергек те серпімді көрінеді. Орнынан қозғалғанда 60-тан аттап кеткен адам емес, əлі де жас жігіттерше жеп-жеңіл əрі ширақ қозғалады. Танымайтын адам оны əлі де 50 -дің етегінен ұстап жүрген адам деп қалатындай. Өне бойынан бір түрлі реттілік пен тазалық, ширақылық пен сергектік көзге ұрады. Адамға сол баяғысынша күлімсірей, жақын тарта, ойнақтай да арбай көз салады. Едемнің арасынша осыларды байқап үлгірген Зейнеп Байқараға қадала қараған беті аз үнсіз отырды да: – Бəсе, есіктен кіріп келгенімде-ақ көзіме жылы ұшырай кеткен едің. Маған қарағанда көп кəртеймеген екенсің,– деді осы рет Байқараға батылдау үн қатып. – Қайдағы, əбден жұбымызға жете кəртейдік қой, бұрынғы күй қайда? – деп қойды Байқара жалпақ алақанымен басындағы тақиясын желкесіне қарай сыра беріп. – Рас-ау, қу тірлік кімді тоздырмайды дейсің! –деп қойды жан дүниесінде жастық шаққа деген біртүрлі ынтызарлық сезім баяу оянып келе жатқан Зейнеп те Байқараға тағы бір рет көз тоқтатып қарап қойған соң.

– Иə, солай, қазір қандай, күй-жайың жақсы ма? Денсаулығың мықты болар? – Құдайға шүкір, бір жақсысы денсаулығымнан əлі де ақау шыға қойған жоқ, – деді əлде неге разы болғандай жымия күліп қойған Зейнеп. – Оның жақсы екен. Кəртейгенде денің сау болғанына не жетсін! – Соны айтпайсың ба, екі жастың біріне келгенде ауру азабын тартқызғанша, Алла тағала үн-түнсіз ғана алып кет деп, құдайдан үш уақ тілек тілеп отырамын. – Иə, иə, оның да жөн. Дегенмен, əркімнің өз маңдайына жазылған жазуы бар ғой,– деді бірдемені ойлана қалғандай болған Байқара – алдымен ауыру өлерін, сау өлерін кім білсін! – Солай, менікі əйтеу айтқан сөз ғой,– деді жерге қарап күліп қойған Зейнеп, – жə, өзің қайда тұрасың? Бұл жаққа неге келіп жүрсің? – деп жөн сұрауға көшті. – Е, мені айтасың ба? Мен казір мына көрші аудандағы Мыңбұлақ деген ауылда тұрамын. Мына Қалиман бізге алысырақ барып қиылысатын жиеншар болып келеді, – деді Байқара Зейнепке түсінік бере сөйлеп, 3-4 жылдың алдында жолай бір соғып кеткен едім, осы жолы бұл жерге өзіңді іздеп əдейі келіп отырмын. – Мені іздеп дейді? – деді ойында ештеме жоқ Зейнеп Байқараға аңтарыла қарап, – неге? – Неге болушы еді? Өзіңді сағынған соң, бір көріп қайтайын деп келдім, – деді қарқылдап күліп жіберген Байқара тағы да орнынан жеңіл қозғалып, ойнақтаған көзімен Зейнепке қадала қарап, – жастық шақтағы сол бір бал шырынды күндерді сен ұмытқаныңмен мен əлі де ұмыта қойғамын жоқ! – Қойшы ары, ол қай заман! – деді ұялғандай болған Зейнеп жəне де төмен қарап . – Иə, оның 40 жылдың артында қалған іс екенін мен де анық білемін, – деді осы жолы байсалды кейіпке ауысып, басылып отыра берген Байқара – дегенмен жастық шақта бастан кешкен сол істер кеше ғана болған уақиғадай болып, адамның санасынан ешқашан да көтерілмейді екен. «Адамға тұңғыш махаббат ыстық болады. Ол өле-өлгеніңше есіңнен көтерілмейді» дейтін сөздер рас болса керек! – Ой, қойшы,– деді осы сəтте өне бойын бір ыстық сезім аралай жөнелген Зейнеп толқи сөйлеп, – осы күнге дейін «өзің кəртейсең де, мұрның кəртеймеген» болды ғой? – Тауып айттың, менің дəл бүгінге дейін өзім кəртейсем де, мұрным əлі кəртейе қойған жоқ, – деді Зейнепке қарай ұмсына қозғалып қойған Байқара – адам қаншалық қартайса да, бірақ, адамның сезімі мен көңілі мəңгі қартаймайтын секілді ғой, күні бүгінге дейін жастық шақты ойласам-ақ болғаны көз алдыма сен көлденеңдейсің де тұрасың. – Ойбой, қойшы ары, қайдағыны айтпай, сол баяғы қылығыңды əлі де қоймаған екенсің ғой,–дей бергені сол еді Зейнептің, осы кезде қолтығына дастарқанын қыстырып, оң қолымен шəугімін көтерген Қалиман үйге кіріп келді де: – По, мына қыз бен жігіттің əзілдері жараса қалған екен ғой, тек соңы қайырлы болсын! – деді де шəугімін жерге қойып, дастарқанын төр алдына баппен жая бастады. Бұл кезде екі беті ду ете түсіп, қысылып қалған Зейнеп те орнынан шапшаң қозғалып, оның дастарқан жаюына көмектесе жөнелді. – Мына Байқара біздің үймен байланысын саған айтқан шығар? Кеше осы араға келе салып, сені шақырып бер деп жан алқымға алғаннан кейін шарасыз өзіңді шақырып отырмын,– деді Қалиман шəй құйылып болған соң Зейнепке түсінік жасағандай болып, – оған ренжімейтін боларсың? – Е, оған несіне ренжимін. Мені бой жетіп, оң жақта отырған, əлі де беті ашылмаған қыз ғой деп пе едің? – деді алдына қойылған шыныны қолына ала берген Зейнеп күле сөйлеп. – Е, онда жарайды. Тіршілікте барлығы да қызық емес пе. Құдайым сол қызықтан айырмасын! – деді Қалиман орнынан көтеріле ұмсынып, кішкене қалақпен Байқараның шы-

нысына сары май салып жатып, – бұл кісі 3 жылдың алдында осында бір келіп, қонып қайтқан еді. Сол кезде де маған сені шақырып бер деп жығыла жабысқанда мен ұнамай қойған едім. Өйткені ол кезде шалың тірі болатын. – Иə, – деді сары май салынған шынысын аузына апарып, «пісімілла » деп ұрттай берген Байқара да күле сөйлеп, – сол кезде Зейнепті шақырып берген болсаң, бұдан да жас көрінеді екем. Ол күні өзіңмен кездесе алмаған соң осы жерде бір айырылмас асыл дүнием қалып бара жатқандай əрең аттанған болатынмын. – Солай «өмір аққан су тəрізді» дегендей, бұл тірлікке тоқтау болған ба?! – деп қойды бірдемені есіне алғандай болып дірілдей сөйлеген Қалиман, – бұл жалғанда адамның басынан нелер өтпейді дейсің, ойлап отырсаң солардың барлығы да қызық, бəрі де алданыш сияқты. – Дұрыс айтасың, жиенжан, адам баласы бұл өмірде нелерді көрмейді? Бірақ, солардың кейбіреулері көп ұзамай адамның есінен көтеріліп кетсе, енді біреулері адамның жадында мəңгілік жатталып қалады екен, – деді осы арада Зейнепке көзінің қырымен қарап қойған Байқара. – Иə, «өткен күнде белгі жоқ» деген осы ғой,– деп қойды осы шақта үнсіз қалуды ыңғайсыз көрген Зейнеп. – Өткен күнде неге белгі жоқ болады екен? Белгі бар,– деді Байқара. – Сонда ол белгі қайда тұр екен ? – Көңіліңнің қатпарын асықпай ақтарар болсаң табылады, – деді Байқара кесіп-піше сөйлеп, – адамның көңілі деген қатпары қалың қарын секілді ғой, болмағанда соның бір құрышында өткен күннен бір белгі қалады. – Байқара дұрыс айтады, адам өмірінде өткен күннен қалайда бір белгі болады. Оны өзіміздің алжа-алжамыз шыққан осы кейпімізге қарасақ, опоңай біле қоямыз. Баяғыдағы жас кезімізде қандай еді, енді қайтып отырмыз? – деді осы кезде бір шыны шайды асығыс-үсігіс ішіп болған Қалиман – жə, Зейнеп, мына шайды сен құя отыр! Мен кешегіден қалған тамақты жылытып əкеле қояйын. – Ə, Зейнеп, сонымен мені əрең танығандай болдыңау, əйтеу, өткен күндер енді есіңе түскен шығар? – деді Байқара Қалиман шығып кеткен соң тағы да Зейнепке қадала қарап. – Өткен күндерді еске түсірдің не, түсірмедің не, қазір одан не пайда? –деді Зейнеп өз шынысына шай құйып жатып, – өткен күндер бейне соққан жел, көрген түс секілді, өтті де кетті ғой ! – Сонда да одан жадыңда бір белгі қалған болар, мен есіңе түскен шығармын ? – Иə, түстің. Əлгінде өзің айтқандай адам өміріндегі алғашқы махаббат тірлік бойы есіңнен шықпайды емес пе?! – деді Зейнеп шынысын алдына қойып жатып, – содан қалған бір елес дəл қазір менің көңілімде бүршік жарып, тіріліп келе жатқан тəрізді. – Ал, сен сол айырылысқаннан бері қалай екені белгісіз, менің есімнен екі елі көтерілмей келе жатырсың! – деді Байқара шынысының түбіндегі шəйды қауып ұрттап, босаған шыныны Зейнепке қарай ұсынып жатып, – жастық шақтағы сол бір өкініш күні бүгінге дейін менің жүрегімнен өшкен емес. Бəрі де желі теріс соққан сол заманның кесірі, сол дəуірдің арамызға салған кедергісі ғой. Əйтпесе, дəл бүгін екеуміз бір отбасында отырып, бір дастарқаннан шəй ішіп отырған болар едік. – Ойбой, оның бəрін несін қайта-қайта қоқсытып айта бересің? Жоқ əлде, дəл қазір алдыңда біреудің алақанына салып əлпештеп отырған бұла қызы Зейнеп отыр ғой деп пе едің? – Сонда да дəл қазір менің көзіме сол кездегі қыпша белді, талшыбықтай бұраң қағып жүрген бойжеткен құсап елестеп отырсың. – О, шіркін деген, ол қай заман! – деді Зейнеп осы жолы терең тыныс алғандай соза күрсініп, – ол дəурен де бір күнгідей білінбей, өте шықты ғой, қазір алдыңда сол кездегі уылжыған жас бойжеткен емес, арса-арсасы шығып, бетаузын əжім басқан қайыстай қатқан қара кемпір отыр.

– Иə, сол кезде сені менен тартып алған Қуанбай марқұм қандай бақытты еді десеңші! – деді Байқара өкінішті сарынмен назалана да мұңдана сөйлеп, – ол шақта «құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, заман желі де ол марқұм үшін оңынан соғып, талайына дəл келе кетті ғой. Егер сол кезде заман аяқ-астынан кедейлердің заманы болып, бір-ақ түнде құбыла қалмаған болса, онда сен сөз жоқ менің қосағым болар едің! – Е, оны өзіңнің жамандығыңнан көрмесең, кімнен көруші едің?! – Жоқ, ол менің жамандығымнан емес, əлгі бір «мəдениет төңкерісі» дегеннің кесапатынан болды,– деді Байқара қолына ұстап отырған бауырсаққа кішкене қасықпен іліп алған сары майды жағып жатып, – егер сол кезде елдің бəрі «бай малшы» дегеннен құбыжық көргендей қашып, үрке жөнелмеген болса, онда екеуміз осы кезде бір дастарқанда шəй ішіп отырар едік. – Ойбой, өткен күнді қоңырсытып, қайта-қайта айта беріп қайтесің? Енді оны айта бергеннен не түседі? – Əншейін, бұл менің саған деген бір кездегі өкінішім мен өкпемді айтқаным ғой,– деді аз ойланып, бір сəт үнсіз отырып қалған Байқара – марқұм шалың ол кезде кедейдің баласымын деп, кердең басып, кекиіп жүрген еді. Кейін əтірет бастығы болды деп естігемін. Онымен отасқаннан кейін бақытты бола алдың ба? – Иə, қара жер құлағына жеткізбесін, марқұмның бір кездері тақыр кедейдің баласы болғанына буланып, асыптасып жүргені шын. Менімен отасқан алғашқы жылдары бірнеше жыл əтірет бастығы да болды, – деді Зейнеп өткен өмір үзінділерін бір сəтке болса да көз алдына əкелуге тырысып, ол екеуміз отбасылы болған алғашқы жылдары ол маған «байдың құйыршығынан қалған салаба неме » деп, аларын алып алса да тым түзу қабақ танытпай жүруші еді. Кейін балалы-шағалы болғаннан соң ол мінезін қойып кетті. Бір үйде отырып, бірге күн көргеннен кейін, шыны-аяғымыз сылдырламады деп айта алмаймын. Сонда да марқұм маған өле-өлгенше қолын көтеріп, саусағын тигізіп көрген жоқ. Баяғы ел қатары күйкі тұрмыстың əлегімен күн көрдік. Өзің айтып отырған бақытты күн көру тек жастық шақтағы құр арман екен ғой. Қиял мен тірліктің екі айырылып аққан өзен секілді екенін кім білген ! – Қалиманның айтуына қарағанда, шалыңның қайтыс болғанына екі жыл болып та қалған екен. Сонда да ол кісі қалай қайтыс болды? – деп сұрады Байқара. – Иə, енді бір айдан кейін ол марқұмның көз жұмғанына да тұп-тура екі жыл болады. Рəк сынды дауасыз дерттен кетті. Үлкен жерлерге апарып дауалатуға шамамыз келмеді. Сонымен үйде жарым жылдай сартөсек болып, аурумен алысып жатып, етінен əбден айырылып, қу сүйек болып қалды да, тынысының соңында бір қалақ су ішуге де зар болып, көпе-көрнеу аштан өлді ғой, байқұс! – деді Зейнеп көзіне жас ала кемсеңдей сөйлеп. – Қалиманның айтуынша, ол кісіден үш бала қалған екен, қазіргі күйжайың жақсы шығар? – Құдайға шүкір, болады əйтеу, – деді Зейнеп осы арада кібіртіктей қалып, – қазір кенже ұлымның қолында күн көріп жатырмын. Ал, өзіңнің жағдайың қандай? – Е, менен не жағдай сұрайсың? Баяғыда өзіңнен шарасыз айырылғаннан кейін «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендейін, сол кезде өзім сияқты «қасқырдың бөлтірігі», «бай малшының ұрпағы» атанып, көзге түрткі болып жүрген Нұрсара атты қызбен үйленгемін. Байқұс, тым жаман адам болып кездеспеді. Екеуміз тұп-тура 40 жыл бір отбасында құдай қосқан қосақ болып күн кештік. Өмірдің нелер ыстығы мен суығын бірге жолға салдық, – деді осы жолы Байқара да əлде нені ойлағандай аз тосылып барып, – қазір 2 ұл, 2 қыз, 4 балам бар. Барлығы да үйленіп, өз алдарына отау тігіп кетті. Қазір мен де өзің секілді кіші ұлдың қолында тұрып жатырмын. – Онда, кемпірің қайда? – Е, ол да бір жылдың алдында марқұм болып кетті. Бейшараның жас күнінде жабысқан өкпе сырқаты бар еді, оның

кеселінен көз жұмды. Сонымен мен де əзір «жетім шал» атанып жүрмін. – Е, былай де, онда сенің жайың да тым жырғап тұрмаған екен! – деді өзінен-өзі сөйлегендей болған Зейнеп, енді Байқарадан сыр тарта сөйлеуге көшіп, – қазір балаларың мен келіндерің жақсы қарап жатқан шығар? – Болады, əйтеу, шамаларынша қабағыма қараған болады. Сонда да өз жайыңды əбден білетін кемпіріңдей қайдан болсын! – деді осы арада күдірге кезіккен аттай кібіртіктей, жасқана үн қатқан Байқара,– олар қаншама бəйек болса да, өзімнің көңілімді қас-қабағымнан айтқызбай-ақ түсіне қоятын, қара жон, қара кемпірімдей қайдан болсын! Кемпірім қайтыс болған бір жылдан бері байқағаным, адам баласы үшін қартайғанда қосағынан айырылған бəрінен де қиын болады екен. Бұрынғыдай жаныңды түсінетін жақын адамың болмағаннан кейін адам қарадан-қарап, жаутаңкөз болып, мүсəпірдің қаліне түсіп қалатын сияқты ғой. Осыған қарағанда бұрынғылар «Жол ортасына келгенде атың өлмесін, жер ортасына келгенде қатының өлмесін» дегенді тым бекер айтпаған секілді. – Е, онда бір жылдан бері марқұм кемпіріңді сағынып, зорға жүрген болдың ғой, – деді Зейнеп əңгімені қалжыңға қарай бұрғысы келіп. – Əлбетте, сағынамыз ғой, 40-жыл бойы бір отбасында бірге өмір кешкен кемпірімді сағынбадым десем өтірік болар,– деді осы жерде кеңккеңк етіп күліп жіберген Байқара, – өзің де əр күні кеште марқұм шалыңды сағынатын шығарсың? – Қойшы ары, шалын сағынғаны несі айтып отырған, – деді өзі де жымия күліп қойған Зейнеп, – солғұрдайын мені шымылдығы желбіреп тұрған жаңа түскен келіншек қой деп пе едің? – Е, айтасың ғой, баяғыда бір жас жігіт жолай кезіккен əлде бір шалдан «Ата, казір үйлеріңізде неше жан барсыздар?» деп сұраған екен, əлгі шал: «күндіз екеуміз, түнде төртеуміз» деп жауап беріпті де, бұл жауабын толық түсіне қоймаған жігітке «күндіз екеуміз дегенім үйде кемпіріміз екеуміз ғана бармыз, ал, түнде төртеуміз дегенім төсекке жатқан соң ол бұрынғы шалын, мен бұрынғы кемпірімді ойлаймын. Сонымен төртеу боламыз» деп шешіп беріпті. Сол секілді бұрынғы шалыңды ойламаймын дегенің өтірік болар? – Е, енді көз жұмар шаққа таяғанда маған шалдың не керегі бар? – деді Зейнеп мұңайыңқы үнмен, – ендігі Алладан тілейтін жалғыз ғана тілегім – балаларымның жамандығын көрмей, солардың алдында көз жұмсам ғана болғаны! – Қой, өйтіп жаман сөз айтушы болма?! – деді Байқара Зейнепке қарап, – адам баласы бұл дүниенің қызығына тойған ба? Пенде атаулы қашан көз жұмып, бұл дүниеден аттанғанша қызық пен қуаныш іздеумен өтеді. Қашанда өз өмірім бақытты болса екен деумен күн кешеді. – Е, «таздан тарақ қалғалы қашан» дегендей, бізден қызық пен қуаныштың əдіра қалғаны қашан! – дей берген еді Зейнеп осы кезде қолына табақ көтеріп, үйге кірген Қалиман: – Ал, қыз бен жігіт, бағанадан бері аз сырласпаған боларсыңдар?! – деп, екеуіне кезек қарап, алдыларындағы дастарқанға табағын тарта бастады.

VІІІ Ой Алла! Бүгін маған не болды, қалайша ұйқым келмейді, деп ойлады Зейнеп жанындағы немерелері баяғыда-ақ пысылдеп ұйықтап қалған соң түн ішіндегі жым-жырттыққа құлақ түріп жатып, бүгін денем қалайша жеп-жеңіл болып қалғандай сезіледі. Жүрегі түскірі бүгін неліктен аласата, аунақши соғады? Неге қайта-қайта алағыза беремін. Бүгін маған, расында, не болды? Жоқ əлде, бағана Байқарамен кездесіп, оңаша əңгімелескеннен кейін жүрегімде жастық шақтан жасырынып қалған түйірдей ғана бір ұрық қайтадан көктеп, бүршік жарып келе ме? Болмаса, Байқараның айырылысар кезде айтқан əлгі талабы көңіліме тыныштық бер-

мей жатыр ма? Əйтпесе, неге ұйықтай алмаймын? Неліктен əлсін-əлі алағыза қобалжи беремін? Шындығында оның бойында бір сиқыры болып, жүрегімнің қатпарына жасырып тастаған сырымды түртіп оятып кетті ме? Неліктен көзімді жұмсам болды, көз алдыма жастық шақтағы Байқара елестей кетеді? Бəлкім, оның мені осы уаққа дейін ұмыта алмай келе жатқаны да шын шығар? Адамдар өміріндегі тұңғыш махаббат сол адамдармен бірге жасап, бірге өледі дейтін сөздің жаны болғаны ма? Сонда ол мені осы күнге дейін ұмыта алмай келген болды ғой!... Қатты жауған қарша қапалақтап, бірінен соң енді бірі туындап жатқан қалың сұрақ бір топ анталаған аш қасқырдай қамалап отырып осы араға келгенде Зейнеп бұл ойымды əлдебіреу сезіп қойды ма деген адамша жан-жағына ұрлана қарап қойған еді, тас қараңғы түнде көзіне ештеме де көрінбеді. Тек жанында жатқан немерелері ғана алаңсыз түрде қалың ұйқы құшағында пысылдап ұйықтап жатыр. Қойшы ары, адамның ойына қайдағы түседі екен ғой, енді кəртейгенде ойға оралып жатқан махаббаты несі?! Бұл ойымды ел-жұрт біліп қойса, мына қақпас, жасына жетпей алжиын деген екен деп арттарын ашып күлмей ме? Ал, анау балаларым сезіп қояр болса, олардың бетіне қалай қараймын. Қойшы осы «тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей, адамның ойына қайдағы жоқ қиялдар келеді екен! Иə болмаса жастық шақтағы сол бір алғашқы махаббат желігінен мыйымда түйірдей ғана қалдық қалып, сол желік қысқы ұйқысынан оянған аюша ақырын-ақырын басын көтеріп келе жатыр ма? Байқараның бірнеше жол айтқан «сені осы күнге дейін ұмыта алмай келемін» деген сөздері тек көңіл үшін ғана айта салған өтірігі болар?! Əйтпегенде ол деген қай уақ! Менің оны ұмытып кеткенім қашан?! Бұның сыртында оның кетерімде маған: – Зейнеп, сенің жағдайыңды былтырдан бері сырттай естіпбіліп жүруші едім. Осы жолы бұл араға сен үшін арнайы келіп отырмын. Менің сен жөнінде бір ойлаған ойым бар еді, осы жерге келіп сенің жай-күйіңе қанған соң бұл ойыма онан ары белімді бекем буғандай болып отырмын. «Екі жарты қосылып, бір бүтін болады» дегендей, енді екеуміз бас құрап қайтадан шаңырақ көтерсек қайтеді? – Осы рет сені менімен тұрмыстана қой деп қысамаймын. Өзің де жақсырақ ойланып көр! Мен ары кетсе бір айда, бері болғанда екі аптаның ішінде бұл араға қайта айналып келемін. Сол кезде маған тиянақты бір жауабыңды беретін бол! – деп қиыла өтінуін қарамайсың ба? Сонда мен қайтсем болады? Неде болса тəуекел деп оның етегінен ұстап кете берейін бе? Əйтеуір, танымайтын, білмейтін адам емес, жастық шақта бір мезет болса да махаббаттасып, жақын өткен адамым ғой, өзі де «содан бері сені есімнен екі елі шығара алмай келемін» деп өзеленіп отырмай ма? Егер ондай атты күн болса, келіннің қабағы мен ұлдың аузына қарап отыратын мүсəпірлік қалден құтылып, қалған өмірімді алаңсыз да тыныш өткізер едім-ау! Ой, қойшы, қақпас неме, кəртейгенде шал іздеген деген не сұмдық! Егер ертең бұл шалдың етегінен ұстап кетер болсаң, онда ана балаларың қайтеді? Олар елжұрттың бетіне қайтып қарайды? Таныс-біліс, ағайын-туған не дейді? Əй, осылайша екі оттың арасында өртеп қойған тағдыр-ай десеңші! Егер шалым осы уаққа дейін тірі болса, бұндай күйге қалар ма едім? Онда Байқара да мені бөйтіп басына алмас еді ғой. Осының барлығы да маңдайымның тайқылығы мен сормаңдай болып жаратылған жазмышымнан емес пе?! Əйтпесе, бақыт пен қуаныш атаулы менен əдіра қалғаны қай уақ! Менің осындай екі ойлы болып толқыған көңіл-күйімді марқұм шалым білер болса, оның аруағы қараңғы көр ішінде де тыныш жата алмас-ау! Əй, отқа да, суға да түсірген қу тірлік, қу тағдыр-ай десеңші! Бүгін құдай айдағандай болып Байқараны қайдан кездестіре қойдың? Бағана əлгі бала шақырып келгенде неқып желп ете түстім екен деші! Сол кезде ол үйге бармай қойған болсам, бұндай күйге түспес едім ғой. Əй, адамның басын тауға да, тасқа да ұратын ойнамалы тағдыр-ай! «Көргеніңнен көрмегенің көп əлі» дегендей, енді көрсетпегеніңнен осы қалып па еді. Сонда қайтсем болады? Бағана Байқараның əлгі талабын естігенде, «оттама» деген бір ауыз сөзбен бетін қайтарып, ол

үйден тас-талқан бола ашуланып неге шығып кетпедім екем деші! Сонда ғана оның беті қайтып, меселі кеміп қалмас па еді. Оның жастық шақты көлденең тартып айтып отырған шырын да тəтті сөздеріне алданып, жадыланып қалдым ба, болмаса ол айтқан сөздер менің жаныма да жағып кетті ме, немесе оның əлде бір жадысына жадыланып, сиқырланып қалдым ба? Енді о дүниеде қиямет маһшарда шалыммен кездескенде оған не бетімді айтамын? Оған қалай түсіндіремін? Жаздым, жаңылдым, кешіре көр дейін бе, жоқ əлде баяғыда мені одан сен тартып алғансың, əйтпесе, бұрыннан-ақ мен сондық едім деп өкпе-назымды білдірейін бе? Əй, Байқара, бүгін мені екі оттың ортасында өртеп, бұл араға сайтандай сап етіп қайдан ғана келе қалды, егер ол келмесе, менің көңілімдегі əлдеқашан ұмытылуға айналған сезім қоламтасы бүйтіп бықсып тұтамай, сол беті өле-өлгенше көміліп қалар ма еді кім біледі?! Осылайша жас күнінде бір мезет ғашық болып, аз уақыт болса да махаббат қызығына мастандырған Байқарамен кездейсоқ кездескен соң жан-жақтан анталай қаптаған қалың сұрақтардың қамауында қалып, оның мықты құрсалған құрсауынан шыға алмай жатқан Зейнеп, міне түннің бір уағы болса да əлі де көзін іліндіріп, ұйқы құшағына кіре алмай, бірінің артынан бірі келіп шіретке тұрған ойлардың қамауында жатыр. Көзін жұма берсе болды, көз алдына жастық шақтағы өзі мен Байқараның сұлбасы елестей қалады да, қайтадан көзін ашып ала қояды. Бұндайда ойына орала қалатын Байқараны санасынан қуып шыға алмай, əуреге түседі. Өстіп жатады да өзінен өзі «ол қай уақ» деп күрсіне күбірлеп қояды. Ол кез Зейнептің 17-ден 18-ге шығатын тал шыбықтай бұралған бойжеткен шағы еді. Қара торылау келген əдемі өңді, сымбатты да сындарлы, қалың шашын қос бұрым етіп өріп, артына сала салғанда қылтасына дейін баратын, 3 жылдың алдында там-тұмдап жүріп бастауышты тауысқаннан кейін жақын маңайда өрлеп оқи қоятын басқа мектеп болмаған соң, ауыл арасында былғақтап жүретін оған ауылдағы көп жігіттер сырттай ғашық еді. Көп өтпей сол жігіттердің арасынан Байқараның талап тайы оза шауып, бірнеше ай соңынан қалмай жүріп, Зейнепті мақұл деген жауапқа əрең басын изеткендей болған-ды. Ол шақтар Байқара 20-ға енді ғана іліне берген, аққұбаша өңді, сақалмұрты енді-енді тебіндеп шыға бастаған, керме иықты, қолаяғы балғаның сабындай жұп-жұмыр, ауыл ішіндегі қайдан салсаң содан шығатын, сен тұр, мен атайын дейтін, қырпулы да пысық жігіт еді. Өзі аздап домбыра тартып, əн салып дегендей ауыл арасындағы той-думан мен сауық-сайранның асабасы тəрізді болып жүретін. Зейнептің ата-анасы мен ауыл адамдары да оны тым жек көрмейтін. Қайта əр уақыт оның құмалағын 4-тен қойып, «қағылез де елпек, пысық та елгезек, бір отбасының жұмысын шырқ көбелек айналдырып кететін жігіт қой» десіп мадақтасып жататын. Маусым айының бір күні. Аспанда дөңгелене толысқан ай баяу ғана жүзіп, самаладай самсыған қалың жұлдыздар шоғырынан құралған құс жолы жүйесі оңтүстіктен солтүстікке қарай созыла көсіліп жатқан болатын. Мұқым аумақты маусым айының кешкі салқын самалы біртүрлі рахатты да маужыраған күйге бөлеп тұрған еді. Зейнеп қылтасын соққан қос бұрымын алдына қарай асыра тастап, кешегі уəдесі бойынша ауыл жанындағы қалың шілік өскен бұлақ жағасына қорқа да ентіге жеткенде бағанадан бері осы арада оны «келмей қоя ма» дейтін қорқынышпен сабырсыздана тосып тұрған Байқара: – Келдің бе, жаным, – деп құшақтай алғанда, өмірінде алғаш рет жігіт құшағына құлаған Зейнептің жүрегі атылып кетердей болып аузына кептеліп, сиқырлы да сырлы сезім өне бойын шырмап ала қойды. Табанынан қайқая өрлеген жылы да ыстық ағын тақ төбесіне дейін ұмтыла шауып, буын-буыны құрып, əл-дəрмені кетіп қалғанын өзі де сезбей қалған-ды. Осылайша оның жып-жылы жігіт құшағында сезім қазанында қайнап, балбырап балқып қанша уақыт тұрғанын кім білсін! Бір сəтте ыстық жалын бүріккен ыпыстық еріннің өзінің бетінен шөп еткізіп сүйіп алғанын сезді де, есін енді жиғандай болып:

– Қойшы, қайтесің өзі! Біреу-міреу көріп қойса ұят емес пе, – деп оның құшағынан бұлқына шықты да, жап-жаңа ғана жігіттің ыстық ерні тиген бетін қос алақанымен басып, ақырын ғана баяу сылдырлап ағып жатқан бұлақ бойындағы қойтасқа отыра кетті. Əлгінде ғана жігіт ерні тиген беті бейне біреу от жағып жібергендей дуылдай өртеніп барады. Ал, Зейнеп осы бір лап еткен отты өшірейін деген адамша екі бетін əлсін-əлі алақанымен баса береді. – Не болды, жаным! – деді үздіге сыбырлап, Зейнептің мойнына білегін арта берген Байқара, – ақ тілегімді аттамай, жүрегімді қабыл көргеніңе шын жүректен рахмет! – Қойшы, сумақы қолыңды сумаңдатпай, ары тартшы! – деді Зейнеп мойнына артыла қалған Байқараның білегін ары сырып, наздана да бұлдана – біреу-міреу көріп қойса ұят емес пе? – Бұл жерде бізді көре қоятын адам тұрмақ сайтан да жоқ,– деді баяу үнмен тіл қатқан Байқара Зейнептің жанына отырып жатып, – оның үстіне екеуміздің көңіліміз қосылғаннан кейін елден несіне ұяласың. Көрсе көре бермей ме? – По, екеуміздің көңіліміз қосылды деп кім айтады? – Алдыңғы күні маған жазған тілдей ғана хатыңда «өзіңе өмір бойы серік болуға қосыламын» деген сөзді жазыпсың ғой,– деді Зейнептің бұл сөзінен жүрегі құрғыры бұлқына аунап қалған Байқара, – жоқ əлде, ол қағазды сен жазған жоқсың ба? Бірақ, ондағы жазу сенікі ғой! – А, сөйтіп пе екем? – деді Зейнеп бірдемеге аң-таң болған кісіше Байқараға аңқауси қарап. – Қойшы, өмірлік істе де өстіп қалжыңдай ма екен? Адамды бекер қорқытып! – деді бұлқына аунап кеткен жүрегі енді орнына түскендей болған Байқара Зейнепті тағы да құшақтай беріп,– жаным, күнім, ақмаңдайым сол, өзіңді өмір бойы сүйіп өтемін!... Осыдан кейін ай сəулесі мұқым маңайды əппақ нұрға бөлеген, тыптыныш, жым-жырт түн құшағыңда, сылдырай ағып жатқан бұлақ бойында Байқара мен Зейнеп бір-бірімен құшақтаса қауышып, өздерінің махаббаттары туралы, келешек өмір мен болашақ тірлік жайында көпке дейін əңгімелесіп, сырласып отырды. Өмірінде алғаш рет жігіт құшағына кіріп оның өне бойын жалын боп шарпыған ыпыстық ерніне кез болған Зейнеп осы сəтте қорғасын боп ери балқып, əлде бір адам байыбына бара алмайтын тылсымды сезімнің құшағында езіліп бара жатты. Жүйке-жүйесін лəззатты да тəтті сезім аралап, мұқым денесі пар моншаға түскендей бусанып, өне бойы шоқ болып күйіп, лапылдап жанып бара жатқандай сезінді ... Осылайша сонау тау бөктеріндегі ауылда тағдырдың маңдайына жазған жазулары бойынша табысқан екі жас бір мезет махаббаттың бал шырынды теңізінде бірге малтып, жастық шақтағы сүйіспеншілік сынды лəззəттің тəтті дəмін бірге сорды. Аз ғұмырларын тірлік бойы осындай бір кемеде өткізуге серттесіп, анттасып жүрді. Алайда, бұл дүниеде адам баласының ойға алған армандарының барлығы ешқандай кедергісіз орындала қойғаны қайда? Ондай болса, бұл дүниедегі адамдар арасында өкініш пен бақытсыздық атаулы да болмас еді-ау! Байқара мен Зейнеп табысып көп өтпей, бүкіл Жұңго (Қытай) қоғамында «тап талдау» деген қозғалыс жүрді де, сорына бола əкесі «бай малшы », «феодал қанаушы» деген қалпақ киіп шыға келген Байқара да осы аумақтағы адамдарға қарадан-қарап жек көрінішті болып, «байдың баласы», «қасқырдың күшігі» аталып, көз түрткі бола бастады. Бұрын өзін сондай жақсы көретін достары мен бала күнінен бірге өскен ауылдастары ол келе жатса, бейне бір жолап кетсе, жұғып кететін іріңді сырқаты бар адамды көргендей, одан ат бойларын ала қашысты. Құдды осы араға əлде бір қауіпті дұшпан кіріп кеткендей оған ала көздерімен ата қарап, сөйлеспестен-ақ өте шығатын болды. Көп өтпей қозғалыстың барған сайын тереңдеп, күн өткен сайын ішкерлеуіне байланысты адамдардың Байқараға деген позициялары жылығанды қойып, онан ары салқын тартып, мұз болып қатып бара жатты. Осыдан барып күн санап елжұрттан оңашаланып бара жатқан Байқара да жапан далада жалғыз қалғандай халге түсті.

Бұл кезде сол заманның суық та сұрқай сұрқына сай Зейнеп те қайтерін білмей аласатып, екі нардың арасындағы шыбындай күй кешті. Жас жүрегінде арпалысқан сезім толқындары бірде махаббат атты құштарлық сезім арнасында, енді бірде «бай малшы» дейтін сүркейлі аттың арасында жөңкіліп жатты. «Былай тартса өгіз өледі, олай тартса арба сынады» дейтін қыспақта қалды. Оның сыртында Байқараның осында жиі келіп-кетіп жүруінен көңілдеріне күдік түскен ата-анасы да, енді хамелеонша құбылыс, бұрынғы Байқараны мақтап отыратын сөздерін ұмытып қалғандай-ақ күнде дерлік: – «Бай малшы», «жуан жұдырықтың» баласында нең бар? Одан тезірек шекараңды ажырат! – Байқарамен тұрмыс құрар болса, ертең-ақ «тап жауының келіні» аталып, күреске алынасың, – деп мыжыңдап отыратын болды. Барабара тіпті: – Осы күні анау актив болып, жұрт алдына шығып жүрген қып-қызыл кедейдің баласы Қуанбайдан жігіт өте ме? Оған барсаң, келешегің жарқын, болашағың ашық болады. – Қазіргі ел алдына шығып жүрген бейнесінен қарағанда оның алдағы күндерінен үлкен үміт күтуге болады, – десіп, оны əлде қайда күргейлейтін болып алды. Сонымен лаулай жанған екі оттың ортасында шоқ бола өртеніп, бірінебірі сүйкенген екі нардың арасына жаны шырқырай қысылып қалған Зейнеп те Байқарадан қашқалақтап, кездесе қалса болды, алдында бүкіл қоғамға зиянын тигізетіп, аса залалды жау тұрғандай оған шошына да үрке қарайтын əдетті тауып алды. Сонымен иен тау қуысында жасап жатқан көз аясы тар, көрген-білгені аз, ойсанасы ашылмаған жас бойжеткен Зейнеп, бірталайға дейін қайтерін білмей толқып, ары тарт, бері тарттың ішінде қалған жандүниесімен арпалыса алысып жүрді де, көп өтпей көптен бері артынан қалмай, қыр соңынан құлғанадай түсіп жүрген, осы арадағы «кедей кембағалдар ұйымының» бастығы болып, бір мезет тасы өрге домалай қалған Жəнімқанның ұлы Байтуғанға қарай бейімделе берді де, өзінің тұңғыш махаббатына опасыздық жасап тынды. Осыдан жыл айнала бере Қуанбаймен тұрмыс құрып, басына отау көтерген Зейнеп бұл кезде өне бойынан ірің саулап тұратын кеселді дертке кез болған адамдай ел көзіне түрткі болып, күрес объектісіне айналған Байқараны бүтіндей есінен шығарып жіберді. Зейнеп тұрмысқа шығып жарым жылдан соң отбасылары əлде бір себептермен бұл арадан басқа жаққа алмасып кеткен Байқара содан қайтып Зейнептің көз алдына көрінбеген еді. Ал, өз қалауы бойынша Қуанбаймен некеленген Зейнеп те бұл тірлікте бала шақта қиялдайтын тəтті армандарына кез болып, күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын мұратына жете алғаны жоқ.Тағдыр ноқтасы оларды олай да, былай да сүйреді. Сан өзгеріп, мың құбылған қоғамдық өмір шындығы оларды олай да, былай да апарды, ең соңында міне Зейнеп күнделік күн көрістің күйбеңі мен балаларын бағып-қағудың əлегінде жүріп, құдай қосқан қосағы Қуанбайдан да айырылып, 60 атты асудың табалдырығын аттап отыр. Кей кездері ол олай бір, былай бір алып қашатын ой соңында жатып, ой-қиялы жастық шағына сүйреп апарғанда Байқараны еріксіз есіне алып қоятын. Бұндайда белгісіз бір сиқырлы сезім оның өне бойын ду еткізіп, жүрегі түскірін ары-бері аунатып жіберетін. Егер сол кезде Байқарамен бас құраған болсам, қандай күн кешер едім дегенді де ойлап қоятын. Дегенмен бұндай сезім тым тез де өте шұғыл еді. Бейне өткінші жаңбырдай сар етіп қана өте шығатын да, ол тірлік күйбеңдерімен тырбаңдап жүріп, Байқараны тағы да ұмытып кететін. Енді міне кəрілік атты соңғы өмірдің табалдырығын аттап, қосағынан айырылып, «жетім кемпір» аталып жүргенде жастық шағында бір мезет болса да махаббат балзəмын бірге ішкен Байқараның алдынан шыға келерін кім ойлаған?! Бұл да болса Алланың бұйрығы, жазымыштың жазуы ғой, деп ойлаған Зейнеп бұл жолы да «ту, ол қай заман!» деп күбірлеп қойды, тас қараңғы үйге тесіле қарап жатып.

ІХ – Қалай, ойландың ба, Зейнеп? – деп сұрады екі аптадан соң Қалимандыкінде қайта кездескен Байқара əнеу күнгі төр алдында малдас құрып отырып. – Нені? – деді Зейнеп түк білмегендей монтанысып. – Нені болушы еді, алдыңғы рет айтқан талабымды ? – Ой, қойшы, расында, сенің «өзің кəртейсең де, мұрның кəртеймеген» екен, – деді Зейнеп сəкі шетінде төмен қарап отырып, – ел-жұрт біліп қояр болса ұят емес пе? Сен өзі кəртейгенде мені қайдан тауып алдың? Басымды айналдырмай аулақ жүрсең қайтеді? – Жоқ, мен сенен енді аулақ жүре алмаймын. Əнеу күні айтқанымдай, сен менің есімнен əліге дейін екі елі шықпай келесің! – деді осы рет киіп келген қара түсті тақиясын маңдайынан ары көтеріп қойған Байқара, – жас күнімізде арманымыз іске аспай тағдырдың тəлкегі болып, шарасыз айырылысып кеткен едік. Енді кəртейгенде сол арманымызға жетіп, қалған өмірімізді бақытты өткізсек не бопты?! – Е, қайдағы бақыт дейсің? Бақыттың бізден ат басын ала қашқаны қашан!? – деді Зейнеп біртүрлі мұңайыңқы да мұңлы əуенмен – оданша, жас кезінде маған опасыздық жасап, далаға тастап кеткен еді, енді кəртейгенде ел-жұртқа күлкі қылып, сол өшімді алайын деп жүрген шығарсың? – Жоқ, ондай емес, олай деп тон пішсең, онда адасқаның! – деді Байқара шын ниетін танытқандай толқи сөйлеп, – сол кездегі ісіңе бола мен сені күні бүгінге дейін шəжылы етіп көргемін жоқ. Ол кездегінің бəріне де бір мезет құйын болып соққан заман кінəлі ғой. Расында, ол шақтары «бай малшы»,«бай малшының бөлтірігі» дегендер, көзге шыққан сүйелдей, қойдың арасына кірген қотыр ешкідей көрінетін бір заман болды ғой. Елдің бəрі, қылаяғы, туыс-туған, құда-жегжаттарға дейін бізден іргесін айырып жатқанда сен қайтушы едің?! Сондықтан ол істі ешқашан да сенен көрмеймін. Қайта бір мезет сайтанның отынша құбыла қалған заманнан көремін. Марқұм, Байтуғанға да өкпем жоқ! Оның да сол кезде кедей болғаны себепті бір мезгіл тасы өрге домалап, менен жұлдызы артық бола қалды емес пе?! – Əй, бұныңа кім сенеді?! Осы күнге дейін маған кектенетін шығарсың? Тіпті қазір де шайнап жеп, бүркіп жібергің келіп отыр ма, кім біледі? – Қойшы ары, сенде қайдағыны айтып, қайдағы жоқты ойлайды екенсің, – деді Зейнепке күле қараған Байқара көк түсті шапанының тамақ түймесін ағытып жатып, – əлгінде ғана осы күнге дейін саған кектеніп көргемін жоқ, оның бəріне заман кіналы демедім бе. «Байтал түгіл бас қайғы» болған ол кезде сені алмақ тұрмақ, жер бетінде пенде болып əрең күн көргенімізді сен қайдан білесің! «Тап жауы» болып, 10 неше жыл соғылып, ит көрмегенді көрдік қой! Мынау тыртық та сол кезде түскен еді. Ол кезде көрген қорлығымды айта берсем, таңға таусылмайды. Егер жазатын біреу болса, үлкен бір кітап жазуға да болар еді. Соны біліп отырып мен Байтуған екеуіңе несін ренжимін! Рас, оның бəріне де заман кінəлі! Сол кезде бізді «тап жауы» қып қойған сен емессің ғой. – Онда басыңа сондай ауыр күндер түскенде өзіңе опасыздық жасап кеткен мені несіне іздеп келіп отырсың? – деді Байқараның сөзі аяқтаған соң бірталайға дейін не айтарын білмей, үнсіз отырып қалған Зейнеп оған əлі де күдіктене қарап, – шынында, бас құрағың келсе, менен басқа да жас адам табылмай ма? – Ол айтқаның жөн ғой, бірақ, осы 60 неше жылдық өмірімде бір байқағаным, адамның өзі кəртейсе де, сезімі мен көңілі кəртеймейді екен,– деді Байқара дауысын баяулата мамырлай сөйлеп, – Өзіңе кездескеннен бері айтып келе жатқанымдай, өзіңді жəне жас күнімдегі тұңғыш махаббатымды əліге дейін ұмыта алмай келемін. Оның сыртында сенің шалың қайтыс болғаннан бергі жəй-күйіңді естіп, өзіңе жаным ашығандықтан сені іздеуге бел байладым. Əйтпесе, өзің айтқандай, бас құраймын деп ат сабылтып іздер болсам, сенен басқа да лайықты адам табылатын еді. – Сонда сен менің жайымды қайдан естіп жүрсің? – деді осы жолы Байқараға тағы да таңқала қараған Зейнеп.

– Ойбой, кімнен естідің дерің бар ма? «Ел құлағы – елу» дегендей, осы үйдегі Қалиманнан естімеймін бе баяғы. Бұл кісімен телефонда үзбей хабарласып тұрамын, – деді Байқара алдыға қарай құйрығымен жылжи отырып, – оның үстіне өзің де бұл кісіге қал-жайыңды үнемі жасырмай айтып тұрады екен емессің бе? – Онда балаларың сенің қайтадан басқұрауыңа қалай қарайды? – деп сұрады Зейнеп осы рет тосын сұрау тастап . – Е, балаларды айтасың ба? – деді аз бөгеліп қалған Байқара бұны саған қалай түсіндірсем болады екен деген адамша Зейнепке қарап,– «Бала – адамның бауыр еті» дегендей, адам баласы отбасылы болып, отау көтергеннен кейін, өте-мөте бірер бала жүзін көргеннен соң өзінде бардың барлығын сол балалары үшін риясыз түрде арнап, сол балалары от пен суға түсіп кетпесін деумен күн кешіп жүріп өз өмірлерінің қалай өтіп кеткендігін де білмей қалады екен ғой. Ал, сол балапанын қорғаған мекиенше шырылдап жүріп өсірген балаларың есейіп ес біліп, бастарына отау көтеріп, бауырларына қазан асқан соң көп жағдайда сол өздерін аялап бағып, мəпелеп өсірген ата-аналарын естерінен шығарып, өз қамдарын қамдап, өз алдыларына кетеді екен емес пе? Бұрынғылар да «Əкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөздерді бекер айтпаған сияқты! – Сонда кемпірің кеткен соң балаларың жақсы қарамайтын болған ғой, шамасы, – деп қойды Зейнеп не дер екен дегендей Байқарадан сыр тартып. – Бүтіндей қарамай қойды деп айтуға да келмейді, – деді Байқара – солай болса да өздері де балалы-шағалы болып, өз алдарына түтін түтетіп отырған олардың да өз алдыларына тірліктері, өз алдыларына ойлаған ойлары мен армантілектері бар. Сондықтан олардың көп жағдайда саған қарауға мұрсалары тимей қалатын кездері де болады. «Адам көңілден азып, көңілден семіреді» дегендей өте-мөте сенің көңіліңді шынайы түсінетін адамның болмай қалуы жаныңа қатты батады екен. Бұл жай өз басыңда да бар шығар? Оның үстіне қартайғанда келін баланың қолына қарап қалу да қиын екен. Құдды əкесі жоқ жетім балаша оларға жаутаңдап кеп отырасың. Ал, олар сенің жəйіңді түсінсе жақсы, түсінбесе оның өзі де бір азап. Істеген істеріне көңілің толмай, бірдеме деп ақыл айтып, жол көрсете қалсаң, олар айтқан ақылыңды ала қойса жақсы, ақылыңды алмай адыраңдап шыға келсе, жаның жасып, мүсəпір боласың да шыға келесің . – «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, құдай салды, мен көндім деп, тып-тыныш қана отыра берсең болмай ма? – Ой, оған саудың тамағын ішіп отырып, қайтіп шыдайсың? Екі қолың алдыңа симайды. – Е, онда кəртейгенде қазан-ошақпен жағаласатын қатынбатша, қазымыр еркек болдың ғой? – деді мырс ете күле, басындағы жаулығын қайта тартып байлай берген Зейнеп, – баяғы балаларыңмен алысып, тыныш отыра алмаймын десеңші! – Ондай қазан-ошақпен жағаласатын оғаш əдет менде бұрыннан болған емес, – деді Байқара ақтала сөйлеп, – сөйтсе де балаларыңның кейбір істері ішіңе симай кетеді. Тіпті оны айтпаған күннің өзінде менің үлкен ұлым мен үлкен қызым аудан қаласында қабатта отырады. Анда-санда бір бара қалсам, өзімді қапасқа қамалғандай сезінемін де, қайтадан ауылға қарай тұра қашамын. – Келін балаларың қандай? Олар сені күте ме? – деп сұрады осы жерде Зейнеп бейне қолға түскен қылмыскерді тергеп отырған тергеушідей сұрақ дегенді арт-артынан бастырмалата жаудырып. – Шамаларынша күтеді. Өздерінше бəйек болған болады,– деп жауап берді Байқара – алайда, олар қаншалық жақсы қарағандарымен де, сенің барлық күй-жайыңа қанық, не айтқалы отырғаныңды қабағыңнан-ақ тани қоятын, құдай қосқан қосағыңдай болған қайда? Өте-мөте «шикі ет ауырмақ үшін», «жаман айтпай жақсы жоқ» деген секілді алдажалда ауырып-сырқап, төсек тартып жатып қалар болсам, өзімді келін балаға қалай қаратамын дегенді ойлағанда жаным шығып кете жаздайды. Сондықтан ғой менің сені ат терлетіп, арнайы іздеп келіп жүргенім. Қанша айтқанмен бұрын бір

рет махаббаттасып, мені бір мезет болса да жақсы көрген, көз көрген адам емессің бе? Танымайтын, білмейтін біреуге қарағанда жайлы болар деп ойлаймын. Өйткені баяғыда мені жақсы көрген сезіміңнен жүрегіңнің бір бұрышында болса да бірдеме қалған болар? – Қартайғанда жанымда өзімді күтетін адам болса деген ойың ғой, онда болады екен,– деді Зейнеп Байқараның соңғы сөзіне мəн бермегендей емеуірін танытып,– сонда қайта бас құрауыңа балаларың қосыла ма? – Олар қосылады, алдыңғы жолы келгенде олардың барлығының алдынан өтіп, разылықтарын алып келгемін, – деді қос көзі ойнақ қағып, мəз бола жымиып қойған Байқара, – тіпті осы ойды есіме салған олардың өздері болатын. Бір айдың алдында қалада тұратын үлкен ұлымның үйіне барып 4-5 күн жатып қайтқан едім. Сол арадағы аудандық орта мектепте мұғалім болып істейтін үлкен ұлым, байқаймын, бірнеше күн менің қасқабағыма қарап, жайымды бақылап жүрді ғой деймін, бір күні шəй үстінде «ата, байқаймын, апам қайтыс болғаннан кейін бұрынғыдай емес, тез кəртейіп, барған сайын жүдеп бара жатқан секілдісіз, жағдайыңыз келмей жүр ме қалай? Егер жайыңыз жараспай жүрсе, өзіңізге жайлы, бір адам тауып, қайтадан бас құрап алыңыз» дейді жымия отырып, мен күтпеген тосын əңгіменің шетін шығарып. Мен бұл мені мазақ қылып отырмасын деген оймен «Тек ары, енді кəртейгенде əкеңді мазақ қылайын дедің бе» деген едім ол «Ой ата, бұл сізді мазақ қылғаным емес, көңілімдегі шын сөзді айтып отырмын. Газет-журналдан оқуымша, қартайғанда қосағынан айырылып қалған адамдар балашағалары қаншалық жақсы қараса да, бұрынғыдай жандарын жақсы түсінетін қосақтары қастарында болмағаннан кейін күндерін құлазу мен зерігу ішінде өткізеді. Бұл олардың денсаулығы мен рухани дүниесіне тым жақсы əсер етпейді. Сондықтан қартайған адамдар қайтадан некеленіп, бас құрар болса, олардың көңілдері орнына түсіп, өмірлері қайтадан қуанышқа кенеледі дейді. Соның үшін қазір елімізде қартайған адамдардың қайтадан қосақ іздеп, жаңа бастан некеленулері біртүрлі салтқа айналып бара жатыр. Тіпті ішкі өлкелерде қарттарды өзара таныстыратын арнаулы орындар да арт-артынан құрылып жатыпты. Ал, шетелдерде бұл ауқым бұрыннан-ақ бар екен. Тіпті оларда 80-ге келген шал-кемпірлер де өзара некеленіп жататын көрінеді. Дамыған елдерде қарттар əуелі балаларының қолдарында тұрмайтын да секілді. Олар балаларымызға ауыртпалық əкелеміз десіп, қосақ таба алмаған жағдайда «Қарттарды күту үйі»деп аталатын үйлерге барып тұрады екен. Міне осыған қарағанда ,сіздің де жайыңыз жарасып, жағдайыңыз келмей жүрсе, өзіңізге қолайлы адам тауып, қайтадан бас құрап алғаныңыз дұрыс. Өзіңіз таба алмасаңыз, біз тауып берейік» демесі бар ма? Ұлымның бұл сөзіне сенер-сенбесімді білмей отырған мен «Онда сендерден ұят болмай ма» деп сұраған едім, ол тағы да «Ойбой, сіз өмір бойы бізді бағыпқағу жолында маңдай теріңізді төгіп, самай шашыңызды ағарттыңыз. Енді міне сол сіз баққан бəріміз де азамат болып, ел қатарына қосылдық. Енді өміріңіздің соңында сіз де басқаларға жаутаңкөз, жалынышты болмай, алаңсыз да еркін тұрмыс кешуіңіз керек. Қалай тұрмыс кешуді таңдау өз еркіңізде. Біз оған ешқашанда қарсы болмаймыз. Қайта сіздің талғамыңызға ерекше құрмет етеміз. Өйткені сізді кəртейгенде алаңсыз да қамсыз тұрмысқа кенелту – біздің сөзсіз өтеуге тиісті балалық борышымыз. Соның үшін қалай өмір сүргіңіз келсе, солай өмір сүре беріңіз. Оған басқа балаларыңыз қарсы болса, оларға мен жауапты боламын» деп суырылады. – Онда ол балаң неткен ақылды бала еді!– деді Байқараның əңгімесіне ықыластана құлақ қойып отырған Зейнеп ішінен жалын атқылағандай күрсініп қалып. – Балаларымның ішінде ең ұзақ оқығаны, оқуға ынталысы да сол еді,– деді Байқара əңгімесін онан ары жалғастырып, – оның айтуына қарағанда, адам пендесі бұл дүниеге келген соң ең алдымен өзінің қамын қамдап, өзінің жөнін жөндеуі керек секілді. Осыны білетін əлгі шетелдегі сары шаштылардың кейбіреулері отбасының ауыртпалығын кө-

термейміз деп, өмір бойы үйленбей, салт басты, сабау қамшылы болып өтсе, енді біреулері өмір бойы бала бағудың жапасын тартар жайымыз жоқ деп, балалы болуды тым жаратып кетпейді екен емес пе? Ал, біз болсақ, сол балалар кəртейгенде бізді ұшпаққа шығаратындай-ақ тұрмыс құра салып, балалы болуға асығамыз да, алдыартымызға қарамай бірнеше балалы болған соң сол баланы бағып-қағудың əлегінде өз тірлігімізді бекер құрбандыққа шалады екенбіз. Бұл жайды ұлым «Көне қазақи идея, көне жосын, баяғы əдет» деп сөгіп отыр. Ұлымның осы сөздерін тыңдағаннан кейін маған, расында, ой түсті. Балаларымның қабағына жетім боташа жаутаң қағып қарап жүргенше, кəртейгенде өзіме серік болатын қосақ тауып алмаймын ба деген ойға келіп табан тіредім. – Сонымен не болды ? – Сонымен не болушы еді? – деді Байқара тамағын қатты кенеп, жөткірініп қойғаннан кейін, – тағы бір күні бұл ниетімді үлкен ұлыма барып айтқан едім, ол құрбан айт орайында қарындастарын кіші ұлымның үйіне шақырып жинап алды да, оларға менің ойымды түсіндіріп, ақыл сала отырып, разылықтарын алып берді. Дау да, дамай да болған жоқ. Сонымен мен де тартынбастан атқа мініп, бұл араға өзіңді іздеп келіп отырмаймын ба? – Е, бұндай болғанда сенің балаларың менің балаларымнан əлде қайда жетелі екен,– деді Зейнеп бұл жолы да соза күрсініп, – егер қайта бас құраймын деген сөз менің аузымнан шыға қалар болса, онда менің балаларым өз жандарын жөндеп баға алмай жүргендері есте жоқ, сені өзіміз бағамыз десіп шыға келер еді. – Əй, Зейнеп-ай,– деді осы арада өзі де байқамастан күрсіне дем алған Байқара, – жаңа айтқанымдай өмір бойы тыртыңдап, бала-бала деп зар қақтық. Сол балалар үшін отқа күйіп, суға түсуден де тайынбадық. Енді болды. Қазір олар да ержетіп, өз жандарын өздері бағатын ересек адам қатарына қосылды. Енді біздің өміріміздің соңында өз қалауымызша өмір сүруімізге неге болмайды екен? Менің айтарым сол əнеу күнгі сөз. «Екі жарты қосылып бір бүтін болады» дегендей, қайтадан бас құрап, өз алдымызға күн кешейік. Жас күнімізде қосыла алмай, бір-бірімізден арманда айырылған едік. Соны білгендей алла тағала да екеуі қайта қосылып, мұраттарына жетсін дегендей менің кемпірім мен сенің шалыңды екеумізден бұрын алып кетіпті. Бойымда əлқуатым болып, осы денсаулығым тұрса, сені өле-өлгенше бағуға менің шамам да, ауқатым да қаптал жетеді. – Е, Байқара, айтқаның жөн ғой, əнеу күні сенен осы сөзді естігенде мені басынып, бір кездегі өшін алғалы, мазақ қылып жүр ме деп қатты шамданып қалған едім. Бағанадан бері айтқандарыңды тыңдап отырсам, сенікі де жөн сияқты сезіледі,– деді Зейнеп көзі жасаурай кемсеңдеп отырып, – осының бəрі де шалымның менен бұрын кетіп қалғандығының кесірі ғой, əйтпесе сен де мені ат терлетіп, алыстан іздеп келмес едің. Мені əзірше қысамай тұра тұр! Қабырғаммен кеңесіп, жақсырақ ойланып көрейін. Оның сыртында ебін тауып, балаларыма да құлақ қағыс етейін. Олар недер екен? – Əй, Зейнеп-ай, мен несіне асығады дейсің? «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба» дегендей, өзіңді іштей аңсаумен болып, 40 жылға шыдаған мен енді бірер айға шыдамайды дейсің бе? – деді Байқара орнынан көтеріле отырып, ішкі омырау қалтасына қолын сала беріп, – кіші ұлымның үйінде телефон бар. Оның нөмірін жəне қалай хабарласуды мына Қалиман əбден біледі. Бірер жұмыс болса, телефон соқсаң болғаны мен ертеңінде-ақ жетіп келемін. Болмаса қалай істеудің жөнін айтамын. Мə, мынау 300 юан ақша. Алда-жалда керек болып жатса, қажетіңе жұмсарсың! – Ой, бұның не? – деді Байқараның қолындағы ақшаны көріп, шошып қалған Зейнеп, – мені солғұрдайын қайыршылық қалге түсіп қалды ғой деп пе едің? – Жоқ, олай ойлағаным емес, алда-жалда бірер жұмыс болып керек болып қала ма деген ойым ғой,– деді өзі де сасқалақтап, не айтудың жөнін таппай қалған Байқара сөзінің соңын əзілге айналдырып, – есік көріп, үкі тағып келетін,

болмаса құда болып, құйрық-бауыр жесетін баяғыдағы қыз кезің емес, құдалық өтеп, қалың мал беріп жатудың да жөні жоқ. Сондықтан мынау өзіңе силаған қарғыбауым болсын! – Е, маған қалың мал бергің келсе, казір-ақ үйге құда болып барсаң болды ғой? – Оған əлі де ертерек қой, мына алжыған қақпас қайдан қаңғырып жүр деп, балаларың үйден қуып шықса қайтемін? Оданша, қазір қашып жатқан қыздар құсап, менімен еріп қашып кетпейсің бе?... Байқара екеуінің арасында болған, басқа адам пендесі білмейтін, сырт көзден таса, осы бір əңгімеден соң Зейнеп бірнеше күнге дейін арпалысқа түскен жандүниелік тартыстың қыспағында қалды. Таразының бір басында балалары, енді бір басында Байқара отырып алып, таразының басын бірде балалары, енді бірде Байқара баса берді. Өзінің жас шамасын жəне балаларын ойлағанда, таразының балалар жақ басы ауыр келсе, ал, өзінің соңғы өмірі мен алаңсыз да қамсыз тірлігін ойлағанда таразының Байқара отырған жағы баса берді. Осылайша тағы да екі оттың ортасында өртеніп, екі нардың арасына қысылып, жан дүниесі шырқыраған Зейнеп, бірнеше күндер бойы үртіс ары бір бері бір толқып, қайтерін білмеген адамның күнін кешті де, бір күні неде болса тəуекел, алдымен үлкен ұлым мен қызыма барып, солардың аңысын аңдап қайтайын деген оймен «қызыма барып келейін» деп, Асаннан 10 юань ақша сұрап алды да, жолаушылап жүріп кетті. Алдымен осы кезде əлі де жайлауға көше қоймай, ауылдың маңындағы көктеуліктерінде отырған үлкен ұлыныкіне барған еді, ұлы мен келіні сол баяғыларынша «ана жоқ», «мына жоқ» десіп, жұттан шыққандай жұтаған тұрмыстың əлегінде отыр екен. Зейнеп үй ішіне кіріп барғанда-ақ бұл қақпас қайдан келді деген адамша қабағын қарс түйіп ала қойған келіні үйін бұрқылдата сыпырып, ыдыс-аяқтарын шарқылдатып ала жөнелді. Ал, ештемені де қəперіне алмайтын иіс алмас ұлы шешесі кіргеннен бастап-ақ өздерінің қолдарының қысқалылығы мен жоқшылықтарын, биылғы қуаңшылық пен қыстан көтерем болып зорға шыққан малдарының арықтығын айтып, мыжыңдады да отырды. Тіпті сөзінің арасында бірер ауыз болса да шешесінің күйжайын сұрап та қойған жоқ. Осы күні ұлының үйіне қатқан нан жеп қонған Зейнеп, түнімен ойланып, таңертең айтайын деп, белін буып шыққан еді, ұлы таң бозынан-ақ бес садырасының артынан еріп кетіпті. Ол келгенде-ақ қабағы қарс түйіле қалған үлкен келіні кешегідей ыдыс-аяғын жалғасты шарқылдатып, үйіне бір кіріп, бір шығып, жүріп алды. Тіпті Зейнеппен бірге отырып, бір шыны шəй ішуге де жарамады. Солайымен бекер-ақ келген екемін деп, бұл арада жата беруге дəті шыдамаған Зейнеп 5-6 шақырымдық жерді қайтадан жаяу басып, ауылдықта отыратын қызының үйіне келген еді, қызының қақпасына қара құлып салынып, тарс бекітулі тұр екен. Сонымен шөлден қаталап, бұл араға қаны кеуіп, дымы құрып əрең жеткен ол тағы да қызының үйінің қақпасының алдында күнге күйіп, бірнеше сағат отыруына тура келді. Күн еңкейе қызы келіп, оның клет үйінде қара шəймен таңдайын жібіткен соң қызының күйеуінің маскүнемдігі мен өзінің бақытсыздығы жөнінде төккен шеріне құлақ қойып отырғаны сол еді, бір кезде теңселе басып, қиқаңдап келген күйеу баласы үйіне келіп отырған енесін көрді де, оған амандаспастан-ақ жатын үйлеріне кіріп кетті. Күйеу баласының артынан бір мезет аңтарыла қарап қалған Зейнеп: – Немене, Сағындық бүгін де ашты суын ұрттап алған ба?– деп сұраған еді қызы Қалия : – Е, оған несіне таңырқап отырсыз? Оның күндегі қылығы осы емес пе? Таңертең үйден шығып кетеді де, тамақ уағында сенделіп жетіп келеді. Осы арақ деген пəлені қайдан ішіп келетініне миым жетпей-ақ қойды. Мына елдің бəрінің жан бағудың қамымен жанталасып жатқандары бұның кəперіне де кірмейді. Осы жақыннан бері жан баға алмай қалуға айналдық. Қайтсем болады? Осыған өзімнің де басым əбден қатып кетті. Болмаса не де болса ажырасып тыныш болайын ба? – деп көне жарапазанын қайталап, өз дертін айта

жөнелді. Осылайша осы үйдің босағасын аттағаннан бері өзінің көрген қорлығын айтып, күйеуінің үстінен шер төге бастаған қызына лəм-мим деп жақ кірісін ашпаған Зейнеп бірер шыны қара шəй ішіп таңдайын жібіткен соң клет үйдегі төсекке жантайып жатқан еді, кешеден бері жүрген жəяу жүріс бойын əбден алып, шаршатып тастаған ба жастыққа басы тиісімен-ақ шұр етіп ұйықтап кетті. Осыдан қанша уақыт жатқанын кім білсін, бір кезде əлде бір даңғырлаған үннен шошып ояна келген еді, қызы мен күйеу баласы жатын үйлерінде əлде неге дарылдасып, егесіп жатыр екен. Бұлар неге бола ұрысып жатыр екен деп, құлағын тігіп аз отырған еді, олардың сөздерін анық естіп, нақтап ұға алмады. Сонымен төсекке қайтадан жантайып, бақытсыз балаларының халын ойлап, тағы да ой шүңетіне көміліп, əлде бір өкінішпен шықылықтай басын шайқап жатқан еді, бір сəтте екі бетінен көз жасы сорғалай төгілген қызы шешесі жатқан үйге долдана кіріп келді де: – Қап, мына маскүнемнің қорлығын-ай, осыдан тап сені қаңғыртып тастап кетпесем бе, бəлем! – деп өзінен-өзі сөйлеп, бұлан-талан болды да жүрді. – Е, не бола қалды? Тағы да ренжісіп қалдыңдар ма? – деп сұрады Зейнеп екі бетін көз жасы жуып жүрген қызына аңтарыла қарап. – Ана маскүнем неме жаңа ұялмай-қызармай-ақ шешең қайта-қайта біздікіне неге келе береді деген соң оның ит терісін басына қаптап келдім,–деді өзінен-өзі долданып жүрген қызы. Бұл сөзді естігенде Зейнеп жүрегіне біреу ине шаншып алғандай дір ете түсті де, «сідігіңді ішкір маскүнем неме» «тап осыдан сенен ажырасып кетпесем бе, бəлем» деп өз алдына бұрқ-сарқ етіп, жарқылдап жүрген қызына мүсеурей қарады да жатты. Осы сəтте өзінен-өзі қазандағы қайнап жатқан құрттай бұрқылдап, тұлан тұта ашуланып жүрген қызына қарап жантайып жатқан Зейнептің жан дүниесінде алай-дүлей боран соғып, өкініштен бармағын тістелеп, азап отына күйіп жатқанын қызы білмек тұрмақ сезген де жоқ. Көптен кейін жатын үйлерінің есігін тарс еткізіп қатты жапқан күйеу баласы тағы да теңселе басып, қақпадан шығып кетті де, осыдан таң атқанша қайтып келмеді. Ал, кешке жақын жəне де қатқан нан мен қара шайға қамалған Зейнеп түннің бір уағына дейін қызының маскүнем күйеуінен көрген қорлықтарын айтып төккен шерін тыңдауына тура келді. Өз ойын бірнеше рет айтайын деп оқталса да қызы оған сөз кезегін де бермеді. Қаңғырып кеткен күйеуін сыртынан қарғап-сілеп, сыбағасын берді де отырды. Ара-арасында «ажырасып кетсем қайтеді» деп, шешесінен ақыл сұрап та қояды. Сонымен қызы мен күйеу баласынан да əбден түңіліп, «мені қойып өздерін жөндеп алсын» деп көңілі қалған Зейнеп, ертеңінде қайтадан Асандікіне қайтып келуге мəжүбір болды. Егер кеше ғана келіні Күлашқанмен ұрысып қалмаған болса, онда Зейнеп тəуекел қайығына бұншалық өте тез қарғып мініп, бұндай жолға түспес пе еді, қайтер еді?! Х

Барлығы да бұл күндері көбедей көбейіп, қапалақтап жауған қардай қаптап кеткен той дегеннің əлегінен шықты. Бұрын Зейнептермен бір қыстақта бірге отырып, кейін əлде не себеппен көрші қыстаққа ауысып кеткен, осы қыстақта отырған кездерінде бұл арадағылармен ерекше силасып, бір адамдай жақын өткен Нүкеш атты əйел немересіне «сырға тойын» жасап, бұл арадағы Зейнеп ішінде егде əйелдердің бірнешеуін тойына шақырған екен. Олар қаптап жүріп Қалиманның баласының қол тракторын қалап алыпты да, Зейнепті де «барып келейік» деп əрбилей жөнелісті. Бұрын бұл арада тұрғанда бірталай да жақсы араласып өткен таныс адамдары болған соң, оның үстіне ол араға апарып-алып келетін дайын көлік болғасын Зейнептің де бəйгеге қосылар аттай қатындардың қатарынан қалғысы келмеген еді, алайда, əйел адам болған соң біреудің қуанышына құр қол барудың жөні жоқ. Сонымен елден қалмай неде болса барып келейін деп ойлаған Зейнеп үйіне келіп, келіні Күлашқаннан жасқа-

на тұрып, бірер метр бұл мен бір бау тəтті сұраған еді, барлық пəле осыдан өрбіді де жүре берді. – Оны қайтесіз? – деп сұрады Күлашқан жатын үйлерінде əлде нені тасыр-тұсыр жиып жатып. – Мына көрші қыстақтағы тойға барып келейін деген едім,– деді Зейнеп күмілжи тіл қатып. – Осы сіздің-ақ жұмысыңыз таусылмайды екен? – деді Күлашқан өзінен-өзі кірпідей жиырылып, – кешке дейін көгалды қуған шегірткеше секеңдейсіз де жүресіз. – Ой, қарағым,– деді алдында тұрған келініне не айтарын білмей аңтарыла қарап аз тұрып қалған Зейнеп, – мен қашан көгалды қуған шегірткеше секеңдеген едім. Осы жердегі бірнеше қатындар барып келейік деп жанымды қоймағаннан кейін мен де барып келейін дегенім ғой, тегінде осы арада отырғанда тəуір араласқан адамдар еді. – Ақшалары қалталарына симай жүрген ол еріккен қатындарда неңіз бар еді? – деді Күлашқан, – төсек үстінен бірдемені еңкейіп алып жатып, тыжырына тіл қатып, – осы күні тойға бару деген оңай ма? – Бірер метр бұл, бір бау тəтті апарсам болды ғой, оған несіне тарыла қалдың, қарағым. – Оған несіне тарыла қалдың дейсіз бе? – деді басын көтеріп Зейнепке атып жіберердей алая қараған Күлашқан, – осы күнде ақшасыз дүние бар ма? Бір бау шекерді қойып, бір тал кəмпитті де ақшамен сатып аласыз. – Мен сенен ақша сұрап тұрғамын жоқ қой,– деді əлгі қатындар тосып қалатын болды ғой дегенді ойлап, асығып тұрған Зейнеп, – ол араға бізді Қалиманның баласы трактормен апарып келетін болды. – Сіз сұрап тұрған дүниелер де ақшамен келеді. Осы күні ақшасыз далада тегін жатқан дүние қайда? – деді жын тигендей бұрқылдай жөнелген Күлашқан – оның үстіне жақында ғана қызыма барып келемін деп, 10 юань ақша жұмсап келдіңіз. – Е, сол 10 юань ақшаны маған қимай тұр екенсің ғой,– деді тұйықсызда сайтандай сап ете түскен ашу кеуде қуысын қыса бастаған Зейнеп үнін көтере, – осы сендердің пейілдерің неліктен барған сайын тарайып барады? Əйтпесе, осы күні 10 юань деген неге тұрады?! – 10 юань деген неге тұрады дейсіз бе? – деді құдды сүзісетін текеше Зейнептің қарсы алдына тұра қалған Күлашқан, – жыл он екі ай қара топырақпен алысып, күн көріп отырған біз үшін 10 юань дегенің аз ақша ма? Онымен бір айға жететін шай-тұз алуға болады. Оны кешке дейін үйде бекер қарап отырған сіз қайдан білесіз? – Сонда мен бұл үйде тамаққа ортақ болып, бекер қарап отырған артық адам болғаным ғой?! – деді ашу өрті мұқым денесін аралай жөнелген Зейнеп күңірене сөйлеп. – Е, оны білсеңіз болды, əйтпесе, кемпір басыңызбен кешке дейін секеңдеп ойын-тамаша қуған не теңіңіз. Бір уақ болса да мына балаларыңыздың қамын ойласаңызшы?! – деді «орайы келгенде опырып қалмақ болып» іштегі барлық зəрін сыртқа төккен Күлашқан, – осы кезде үкіметтің алып жатқан алым-салықтары да аз емес. Ол аз болғандай енді оған сіз қосылайын дедіңіз бе? – Ақша тапса, оны Асан тауып жатыр. Оған сенің нең шығып кетті? – деді көптеп бері өне бойын құрсаулап, жанын жай таптырмай келген ашу оғы аузынан атылып шыққан Зейнеп, – сен де үйде босқа қарап отырсың ғой. – Міне бірдеме айтса болды, байыңды мен тапқамын деп шыға келесіз,– деді шарқылға көшкен Күлашқан алдында жатқан киім-кешектерді алай бір, былай бір лақтырып, – мені үйде бос отырып, ақша таппады дейді екенсіз де. Онда осы үйдің тамағын істеп, кірін жуып, жалдап алған малай сияқты отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кім? Қылаяғы осы үйдің малына дейін мен жүгіремін. Бір топ арамтамақтарды да мен бағамын. Егер мен болмасам, осы үйдің шаңырағы баяғыда-ақ ортасына түсер еді! – По, шіркін-ай, сонда осы үйді тіреп тұрған діңгек сен болдың ғой? – деді осы арада келініне қарсы шындап айқасқа шыққан Зейнеп, – өзінің ұялмай-қызармай айтып тұрған сөзін қарашы!? Сенің байыңды мен таппағанда, оны

бағып-қағып осы күнге мен жеткізбегенде кім жеткізді деп едің? «Байдың асын байқұс қызғанады» дегендей, енді келіп айтып тұрған сөзін қарашы, дүзқараның! – По, өзіңіз бүгін тəуірсіз ғой, тіліңіз де недəуір ұзарып қалған екен! Бəсе, бұл қалай десем, ұлыңызға арқаланып тұрмын деңізші?! – Иə, арқалансақ, арқаланамыз. Өйткені оны белдемемді үзіп, тоғыз ай көтерген, барлық михынаты мен азабын көтеріп жүріп баққан менмін!– деді Зейнеп ашу тұлпарына онан ары қамшы басып, – сондықтан бұл үй сенің үйің емес, менің ұлым Асанның үйі. Тіпті шындап келсем, бұл үй менің шалым Қуанбайдан қалған. Сондықтан бұл үйде менің де алуға тиісті бір кісілік еншім бар. – Е, бəсе, енді шыныңызға көштіңіз бе? Баяғыдан бері барлығын ішіңізге бүгіп тымпиып жүргенше, осы сөзді неге айтпайсыз? – деді Күлашқан долданғаннан екі беті қыпқызыл болып, еліре де есіре сөйлеп, – бұныңыз, бұл үй менікі, бұл арадан көшіп кетіңдер дегеніңіз ғой. Əй, қаңғыртқан құдай-ай, қайдағы жарымаған біреудің босағасына əкеліп, телмеңдетіп қойғаныңды қарашы?! Енді естімегенімнен осы сөз қалған екен ғой. – Мен сендерге үй менікі одан көшіп кетіңдер деп отырғамын жоқ. Бар жазығым ел барып жатқан тойға барып келейін деп, бірер метр бұл сұрадым. – деді осы сəтте өзін сабырға шақырып, дауысын бəсеңдете сөйлеген Зейнеп, – анау сандығыңның ішінде бұл деген жатыр ғой əне құрт жеп! Содан бірер метрін бере салсаң, жаның шығып кете ме? – Е, ол дүниелер осында тегін келді ғой дейсіз бе? Барлығы да қып-қызыл ақшамен келген. Ондай тегін жатқан дүние болса, даладан неге тауып алмайсыз. Енді келіп бүгін үй менікі деп шыға келіпті ғой. Бұл үйді қашан сіз салған едіңіз? Асан өзім салғам деп отыратын. – Ой, көкайыл, көкбет сол! – деді əлгінде ғана бір сəт сап бола қалған ашуы қайтадан арнасынан аса бастаған Зейнеп, – бұл үйді кімнің салғанында сенің нең бар? Осы сенің пейілің неліктен барған сайын тарайып, пиғылың қалайша бұзылып барады? Сенікі жөн, сенікі жөн деген сайын өзің басқа шығып барасың ғой. Жоқ əлде, сен шешеден тумай, иттен туып, іннен шығып па едің? – Өйтіп шешеме тіл тигізбей, жайыңызға отырыңыз?! «Түк таппаған тұз жалайды» дегендей, енді келіп айдалада жатқан менің шешеммен алысайын дедіңіз бе? – деді көз жасын төгіп жіберген Күлашқан, – өзіңіздің осы күні тамақты қайдан ішіп, киімді қалай киіп жатқаныңызды ойласаңыз болады. Өзіңіздің тауып жатқан бір тиын табысыңыз болмағаннан кейін бізбен жағаласып, отбасының шырқын бұзбай тып-тыныш қана отырғаныңыз жөн болар ма екен?! – Е, сонда осы үйдің берекесін кетіретін «қойға кірген қотыр ешкі» мен болдым ғой! Дұзқараның айтып тұрған сөзін қарашы!? Бұл үй сенің үйің емес, Асанның үйі болады екен, бұл үйде менің де сөйлеу құқығым бар. Менің аузыма сен қақпақ бола алмайсың! – Бүгін неқып қайта-қайта бұл үй Асанның үйі дей қалғансыз? – деді осы арада енді бір қырына аунап түсе қалған Күлашқан – Асанның үйі екенін білсеңіз, онда кешке дейін алақан жайып ақша сұрамай, сол ұлыңыздың қамын да бір уақ болса да ойлап қойыңыз?! Осы күні ол үшін де ақша тауып, бір үйдегі 5 адамды бағу деген де оңай болып па? Сізді қойып, ана екі баламызды əрең оқытып отырмыз. – Ой, мен сендерден қашан алақан жайып ақша сұраппын?... – дей бергені сол еді Зейнептің дəл осы сəтте үйге кіріп келген Асан: –Үй, сендерге не болған? Дауыстарың тіпті көш жерден естіледі ғой, – деп Күлашқанға қараған еді, ол: – Оны ана шешеңнен сұра! – деді де қос қолымен бетін басып,– бағанадан бері бұл кісінің маған айтпаған сөзі жоқ. Біресе бұл үй менікі, бұл арадан көшіп кетіңдер десе, енді бірде бұл үйді мен басқаратын адаммын деп əкіреңдейді. Тіпті сонау қиырда жатқан менің шешеме де тілін тигізеді,– деп құдды басына заман ақыр бұлты төнгендей еңіреп жіберді.

– Əй, қарағым, бүйтіп бірді екі қылып, өтірік айтпа! Тойға барып келейін деп бірер метр бұл сұрасам, өзің емес пе шаптығып шыға келген,– деді осы жерде ұлынан араша сұрағандай болып, оған жаутаңдай қарап қойған Зейнеп. – Ой, апа, сізде бір кəртейгенде секеңдеп тыныш отырмайды екенсіз, отбасының шырқын бұзып! – деді Асан шешесіне ренжи тіл қатып, – осы күні ақша тауып, дүние-мүлік құрау дегендер оңай ма?! Өзіңіз тауып жатқан бір тиын табыс болмағаннан кейін, кешке дейін ойын-той деп секеңдегенше, үйде тып-тыныш қана отырсаңыз болмай ма? Ұлының аузынан осы сөздің шығуы мұң екен, жан дүниесі жасып, рухани əлемі күйреп сала берген Зейнептің өне бойын бақсының жынындай буып тұрған ашуы сап болып басылып, көзінен екі тамшы жас атылып шықты да, көңіл əлемі иен қалған жұрттай құлазып сала берді. Ұлы мен келініне қайтып лəм-мем деп аузын ашпастан қарсы үйдегі өз төсегіне келіп, жəй түсіп құлаған қарағайдай гүрс етіп, бүктетіле құлап кетті. Е, қу жалған-ай! Аузыма тістеп, арқама көтеріп баққан ұлдан естіген сөзім əлгі болса, онда бұл үйде, шынында, артық адамға айналған екенмін деп ойлады ол іші-бауырын əлде біреу суырып алып бара жатқандай солқылдай, өксік ата жылап жатып. «Бар сенген текем сен болсаң, мүйізіңе ұрайын» дегендей, енді келіп, бар сенген кіші ұлдан да ақыр аяғы осы сөзді естідімау! Əу, осы құлағы құрғырдың естімейтін сөзі болсашы?! Баяғыда осы ұлым 5 жастағы кезінде қатты ауырып, күйіп-жанып өліп қала жаздағанда оны ауылдан 7-8 шақырым жырақтағы Гүңші (Қытайша, Комуна) ауруханасына жаяу арқалап апарған едім ғой. Өзім де осы ұлым басқа балаларыма қарағанда əлде қайда жінтікті, аз да болса ойламы бар, мені кəртейгенде бір бақса, осы бағады ғой деп ойлаушы еді. Енді келіп міне қатынының екі ауыз өтірігіне сеніп, істің ақ-қарасын айырмай-ақ маған айтып тұрған сөзін қарашы?! Осыған қарағанда мен, расында, бұл үйде ас ішіп, аяқ босататын артық адамға айналып қалған екенмін. Əй, құдай, қу сорым-ай десеңші! Енді қартайғанда шалымның алдында кетіп қалмай, бұндай күйге неге түстім екен деші. Бұндай қорлықты көргенше сол шалыммен бірге өліп тыныш болғаным баяғыда артық емес пе еді. Енді келіп маған «қойдың арасына кірген қотыр ешкінің» күнін көрсетіп қойғаныңды қарашы!? Бұрынғылар «А, құдай, жас күніңде бейнет бер, кəртейгенде зейнет бер» деген сөзді неліктен ауыздарынан тастамайды деп ойлаушы едім, осындайдан айтады екен емес пе?! Енді қайтсем болады? Білімсіз ұл мен надан келіннің алдында көз түрткі болып жүре берейін бе? Жоқ əлде,... үлкен ұл мен қыздың кейпі анау,... Осылайша аузына дəн салмастан төсегінде бүктетіле бүрісіп, көз жасын жібінен үзілген маржандай төгіп жатып, алуан ойлар мен сан қилы қиялдардың басын шалып, ми шарында арпалыса жөңкілген ойлар тасқынымен жанталаса алысқан, тағы да екі оттың ортасында қалып, екі нардың арасында шыбыны шырқыраған Зейнеп, таң ағара орнынан тұрып, Қалимандікіне қарай асыға адымдап бара жатты.

ХІ Зейнеп отырған ауыл мен аудан орталығына қатынайтын автобус барар жеріне тез жетуге асыққандай жазық даладағы таспадай тартылған тас жолда зырлап келеді. Автобусқа қарсы кездескен алуан түрлі машиналар оның сол жағынан əлсін-əлі зу-зу етіп өте шығады. Жолдың екі жағында анда-санда кездесе қалатын топ-топ қарағандар мен түп-түп шеңгелдер де лып-лып етіп артта қалып барады. Автобустың ортанғы орындарының бірінде терезеден саулай құйылған күшті жел жаулығының шетінен үрпие шығып тұрған əппақ самай шаштарын үлпілдете желбіреткен Зейнеп əлі де баяғы сол таусылып бермес қалың ой мен қаптаған қалың сұрақтардың қамауында қамалып отыр. Ол бірде артында қалып бара жатқан ел-жұрты мен балаларын ойласа, енді бірде марқұм болып кеткен шалын ойлайды. Олардың барлығы да өзін «қартайғанда қағынған қақпас»

деп айыптап жатқандай сезінеді. Тағы бірде баяғыда өтіп кеткен жастық шағын, сол жастық шағында бір мезет болса да басынан өткізген тұңғыш махаббатын есіне алады. Есіне алады да өзін аудан қалашығының жолаушылар бекетінде тақатсыздана тосып тұрған Байқараны көз алдына елестетеді. Автобус аудан қалашығына жақындаған сайын енді Зейнептің көңіл əлемін ол жерге барғанда ол араның елжұрты не дейді? Байқараның балалары нелерді айтып, оны қалай қарсы алады? Байқара балаларым қайтадан бас құрауыма қосылды деген күннің өзінде де балалары бұны көрген соң жанын баға алмай далада қаңғырып қалған жаман кемпір екен демесіне кім кепіл!... деген ойлар мен күдіктер жанын жегі құрттай кеміре мұжыса, жəне бірде осы Байқараның «Сені өмір бойы есімнен шығара алмай келемін. Жастық шақта басымыз қосылмай бір-бірімізден арманда айырылған едік. Енді кəртейгенде қайтадан басымызды құрап, арманымызға жетіп, соңғы өмірімізді алаңсыз өткізейік» деген сөздері шын ба, өтірік пе? Болмаса ол меннен «жастық шақта тұңғыш махаббатына опасыздық жасап, мені тастап кетіп еді. Сол өшімді кəртейгенде қайтарып алайын» деп отыр ма дейтін бір қорқынышты да аса үрейлі күдік ми шарында ойнақтап, асыр сала қалады. Осылайша зымырап келе жатқан автобус ішінде ұшығына жетуге болмайтын сан-сапалақ ойлар мен шешуі қиын қаптаған қалың сұрақтардың арасына қамалып келе жатқан Зейнептің жан дүниесі аласұрып, рухани əлемі сынған айнадай быт-шыт болып келе жатыр. Тек Қалиманның үйінде Байқарамен екі рет құпия кездескенін, сол кездесуде Байқараның өзіне айтқан сөздерін есіне алған сайын көңіліне бір қуаныш сəулесі төгілгендей болып, алда өзінің енді қалған азғантай ғұмырын алаңсыз да тыныш өткізетін бір бақыт күтіп тұрғандай сезіне береді. 2005 жыл МАЗМҰНЫ Ананың арманы...................................................................................3 Бір түрлі адам.......................................................................................8 Ананың көңілі балада........................................................................11 Оның ойында.....................................................................................15 Өз пікірінде қалу................................................................................17 Жанжал...............................................................................................19 Баспалдақта........................................................................................24 Салмақты сəлем.................................................................................27 Бəріміз де пендеміз ғой.....................................................................29 Адамның аласы..................................................................................33 Кеңседегі кеңес..................................................................................34 Бір кезде олар да... ...........................................................................36 Сірə, еңбек кімдікі?...........................................................................37 Өмір деген осы ғой............................................................................40 Тірлікте не болмайды?......................................................................43 Баянсыз дүние....................................................................................45 Жазылмай қалған өтініш...................................................................51 Қайта кездескенде.............................................................................55 Оларға керегі... .................................................................................58 Басшылық өнері.................................................................................60 Өсірсе бола ма?..................................................................................61 Көңілдегі көлеңке..............................................................................64 Перде артында...................................................................................67 Орындалмаған уəде...........................................................................72 Бір əйелдің айласы............................................................................78 Өкініш пен қорқыныш......................................................................82 Қызмет аралығындағы əңгіме..........................................................89 Ақша тиыннан құралады..................................................................95 Саудада достық жоқ........................................................................100 Сауда сақал сипағанша....................................................................105

Жылу атау жиынында......................................................................111 Екі нардың арасында.......................................................................114 Өсіру объектісі.................................................................................121 Қонақасыдағы əңгіме......................................................................125 Апам неге ренжіді?..........................................................................131 Жарнама...........................................................................................134 Əй, əттеген-ай..................................................................................136 Менің əкем қайда?...........................................................................139 Олар неге күледі?............................................................................141 Көрім болғанын қарашы.................................................................143 Қалай емдесе болады?.....................................................................146 Ертек.................................................................................................148 Бүгін тағы да той бар ма?...............................................................150 Жазғыштар арасында......................................................................152 Жазушы мен кəсіпкер......................................................................157 Темір тор...........................................................................................163 Бір бау шөп.......................................................................................171 Нəпсі.................................................................................................177 Аюдың терісі....................................................................................180 Қос аққу............................................................................................183 Даукес Дəурен..................................................................................189 Дарындылар базары........................................................................208 Мінсіз адам.......................................................................................211 Бетім-ай............................................................................................215 Ол біздің адам емес.........................................................................218 Соғымбасы дастарқанында.............................................................222 Үй ұстайды.......................................................................................225 Құрауыз кететін болды-ау...............................................................228 Жаратқанның ырыздығы.................................................................230 ПОВЕСТЕР Мансабын тастаған адам................................................................233 Осыдан көп өтпеген бір күні..........................................................266 Бес жылдан кейін.............................................................................313 Апам қашып кетіпті.........................................................................314 Тұрсынқан ƏЛҚАНҰЛЫ ТІРЛІКТЕН ТЕРІП АЛҒАНДАР Əңгімелер Повестер Редакторы Серік РƏСІЛОВ Көркемдеуші редакторы Бейсен СЕРІКБАЙ Корректоры Жанар ЖАНАПИЯНОВА Беттеген Ниязбай ОРАЗЫМБЕТОВ Теруге жіберілді 28.07.2012 Басуға қол қойылды 21.09.2012. Қалыбы 84х108 1/32. Офсеттік басылыс. Қаріп түрі «Times New Roman». Шартты баспа табағы 20,0. Есептiк баспа табағы 24,0. Таралымы 2000 дана.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, Алматы қаласы, Ш.Уəлиханов көшесі, 43 А

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙